TELEGEI

Home

Көк түріктер сарыны. 2 - том

Темірхан Медетбек

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Көк түріктер сарыны. 2 - том

Әйгілі ақын Темірхан Медетбектің өлеңдер топтамасына «Айтыс», «Жота басындағы домбыра», «Ордабасы», «Саған» өлеңдері енгізілген. «Айтыс», «Жота басындағы домбыра» өлеңдері тұғыры биік өнерге арналған болса, «Ордасы» өлеңі қым-қиғаш ұлт тарихындағы осы жердің айрықша орнын әспеттейді. «Саған» туын...

ҮШ ТОМДЫҚ ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫ

Бұл еңбегімді өзіме де, өнеріме де көп қамқор болған досым
Меңдеш Халелұлы САЛИХОВҚА арнаймын

қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын темірхан медетбектің үш томдық таңдамалы шығармаларына автордың ұзақ жылдардан бері талмай еткен еңбегінің ең үздіктері енгізіліп отыр.

ТОНЫКӨК ПЕН ТЕМІРХАН

“Жас Алаш”, № 95 2009 ж.
Елтеріс қаған
Қатулана атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,

Түрік елі құм астында қалар еді.
Күл астында қалар еді.
Шүкір!
Елім– ел болды.

Жерім– жер болды.
Ерлерімді былай қойғанда,
Құлыма дейін өр болды!
Тоныкөк

Алшайып жүрдім.
Талтайып тұрдым.
Темірхан

Ұлы Гомер “Илиада” мен “Одиссея” дастанын қауырсын қаламмен қағазға түсірсе, көне түркі жырының бастауында тұрған Тоныкөк өз өлеңін тасқа қашап жазған. Мұнда әр сөз, әр буын өлшеулі. Әрі қысқа, әрі нұсқа. Жарықтай жеңіл, табыттай ауыр. Кеңістік кең болғанмен, көбейтуге уақыт болмаған. Қолда қалам емес– қашау, алдында қағаз емес– қара тас. Гомердің өлеңі мұхит сынды арнасынан асып, төгіліп жатса, Тоныкөк жыры арғымақтың тұяғындай асау түркі жүрегінің нотасын дәл басады. Темірхан Медетбек ақын да әр өлеңін Тоныкөк атасындай ақ параққа қаламмен емес, қара тасқа қайламен қашағандай жазады. “Қазір менің сыртым– бүтін, ішім– түтін. Сол түтін бықсып жанып, жан жүрегімді қамап, өкпе қолқамды қауып тұр.Ішкі әлемім одан сайын көкала түтін боп бықсып кетеді.Демім жетпей, алқынып қалам. Қайрат, қуаттан сарқылып барам. Мәртебелі мемлекет басшылары! Түтін астында қозданып жатқан шоқ болады, ал шоқта ертең лап ете түсетін от болады! Соны түсінсеңдерші!” Cүйегіне қына шыққан Тоныкөк пен небір Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, орыс отаршылдығының ойраны, аштық пен революция, репрессияларды көріп, қазақ дейтін халықтың қара шаңырағын құлатпай ұстап отырған елдің шері мен уайымы әлі бар; арада қаншама ғасыр өтсе де өзгермеген қалпында қалған. Ең өкініштісі– осы! Таңдайына татыған тарихи қасіреттен татымды тағылым ала алмаған не деген ел едік?! “Ұшсам– атты. Жүзсем– ау құрды. Жатсам– аттан салды. Жүрсем– қақпан салды... Содан бері күнімді санап жатырмын. Жарамды жалап жатырмын. Жұлқынып жатырмын, құрған аудан шыға алмай—жайындай– бұлқынып жатырмын. Амалым бітіп, құрып тұрмын. Ақ қар көк мұзда қақпаннан босай алмай, жүзінде қан сөлі жоқ боп- боз Айға қарап, Бөрідей ұлып тұрмын.” Кешегі көк түркінің нәсілі ұшты- күйлі құрып кеткен жоқ. Темірхан жырының басқамыздан гөрі тегеуірінділігі түп- төркіні осы ақиқатты алақанға салғандай алдымызға жайып салуында жатыр. “Орнында бар оңалар”, тұқымсыз қалсақ не істейміз: “Қабағы жауар бұлттай түйіліп, қастары адырнадай иіліп,әрі сөзін жебедей қадап сөйлесе, мүлгіген жұртты дауылдай сілкілеп кеткен, әр сөзін еменнің шор көзіне шегедей қадап сөйлесе, естіген жұрт Күндей күркіреп кеткен. Шерхан Мұртаза! Сен жел құсап, есіп сөйлейсің. Қылыш құсап кесіп сөйлейсің. Сен көктегі бұлттардай көшіп сөйлейсің. Сен сеңдей соқтығысып жатқан асау ағысқа омыраулап кіріп, кешіп сөйлейсің. Сен кейде жауға соғыласың, жау да теңселеді. Сен де теңселесің. Сен кейде тауға соғыласың. Тау да теңселеді. Сен де теңселесің. Опасызды көріп, күйініп тұрасың. Сондай кездерде жұдырықтай түйіліп, қаршығадай шүйіліп тұрасың. Ессізді көргенде, ашудан қабынып кетесің. Халқың сені арда туған арысым дейді. Жонына қол тигізбейтін барысым,– дейді, Шерхан Мұртаза!” Темірхсанның тай- құлындай тебісіп өскен құрбы- құрдастарын жоқтауына қараңыз: Көк Түріктің қандай оғландары қасымызда жүрген! Оны біз байқамай қалыппыз, Темірханның қыран көзі ғана қиядан шалыпты: “Кеңшілік, сен бәрімізден басқа, бәрімізден бөлек едің. Ерек едің! Сен бірде екпін, бірде серпін болатынсың. Сахнада тұрғанда да, көшеде тұрғандай, еркін болатынсың. Сен ешуақытта біреуге жақсам деп ойланбайтынсың. Содан ба, кейбір тымырсық отырыстарды бомба жарғандай ойрандайтынсың... Жамандықты да, жақсылықты да көңілге тоқитын едің. Өлең оқығанда да, мына лас тіршілікке қарағың келмейтіндей, көзіңді тарс жұмып оқитын едің. Сен иілмейтін едің. Сен қырқылатынсың. Біз именіп ұмтылған жерлерге, сен кимелеп ұмтылатынсың. Күлсең де мына өмірді мазақ етіп күлгендей күлетінсің. Жүрсең де, мына өмірді иығымен қағып жіберетіндей, қайқаң-қайқаң етіп жүретінсің. Өзге емес, өзіңді- өзің тар жол, тар қыспаққа салып, қинайтын едің. Біз сыйған мына өмірге Сен сымайтын едің. Ақыры симай кеттің.” Темірхан Медетбек – қазақ жырындағы соны құбылыс! Ерен әрі ерек құбылыс. Кейбіреулер “Темірхан айтарын айтты, енді осы жерден тоқтай қалса” деседі. Бұл– ішегіне май айналмайтын іштар пенденің өксігі. Қазақ жыры нотасындағы Темірхан Медетбектің Көк Түріктерден қуат алып, Көк Бөрімен шар болаттай шарпысқан “Көк Түріктер сарыны” адамзат тарихында үш мың жылдай асыр салған көшпелі салт аттылар тұяғының салқар симфониясына ұласты. Қазақ поэзиясында көне Көк Түріктер сарынымен алғаш рет бетпе- бет келген ақын– осы Темірхан Медетбек, сол симфонияны да оның өзі тамамдап кетуі керек. Оған орта жолдан килігуге ешқайсымыздың моральдық қақымыз жоқ. Ақын – ат үстінде! Ат жалын тартып мінген жұмыр басты пенденің өзі жаяу- жалпылы адамзаттан бөлініп, аруақтанып кетеді. Ал ат үстінде айдарынан жел ескен Ақын тұрса, оның өзі бір кезде төрткүл дүниені өзіне жалт қаратқан түркі ақыны болса, әңгіме мүлде басқа: ‘Еңкіп- еңкіп соққанда таудың денесінен тастар бұршақ боп құйылды. Серпіп-серпіп соққанда, үзіп жібердім– шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген түйінді. Күрсінгенімде, Күн күркіреді. Сілкінгенімде, Жер тітіренді. Хахахулап жар салғанымда, аспандағы бұлттар жерге қонды. Ахахулап ән салғанымда, аспандағы құс біткен көлге қонды. Еңкейгенге – еңкейдім, Шалқайғанға– шалқайдым. Асқанның орманын отындай өртедім. Тасқанның көлдерін астаудай төңкердім. Қысқанда қу ағаштан бу шығардым. Сыққанда қара тастан су шығардым. Атанды асықтай аттым. Қарсы келгенді қазықтай қақтым.Алшайып жүрдім. Талтайып тұрдым.” Көк Түріктің қара шаңырағы біздің қазақ екеніне көз жеткізу үшін археологиялық қазба, генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, шаң басқан көне тарихи мұрағаттарды ақтарып, төңкерудің қажеті жоқ. Темірхан Медетбектің “Көк Түріктер сарынын” оқып шықcаңыз жеткілікті.Түркінің бір кезде бәрі текті бекзат болғанымен, біздің қазақтың генетикалық болмыс- бітімі соның бәрінен мықты болып шықты. Сол қуаттың арқасында VІІІ ғасырда сүйегі қурап қалған Тоныкөк арқасына аруақ бітіп, XXІ ғасырдың басында Көк Тәңіріне қарап, Көк Түркінің нәсіліне қайта сөйледі. Қалай сөйледі десеңізші. “Aлатайды бесік қылып тербеткен, жарқылдаған от пен сарқыраған судың ішінде ер жеткен Көк Тәңірінің оғландары, бүкіл түрік жұртының арландары мен қабыландары– Бумын қаған мен Істеми қаған таққа қонды. Елімді ел етемін деп, жерімді көгертемін деп, оттай асау, оқтай ұшқыр атқа қонды... Қадырхан жерін басып жатқан жұртқа айналдық. Сілекейі бал болып аққан құтқа айналдық. Кену тарманға дейін ел қонды. Суы сарқырап аққан, көлі жарқырап жатқан жер болды. Құлының өзі құл жұмсайтын болды. Күңінің өзі күң жұмсайтын болды...” Бұл– Иоллаһ Тегіннің Күлтегін Жыры.Оны Темірханға дейін де небір марғасқа осы заман тіліне тәржімаламақ болған. “Күлтегін” аудармашыларының алтын бастауында орыс әскерінің тұтқыны, швед офицері Филипп Иоганний Страленберг тұр. Күлтегін жазуы биіктігі–3,5 , төменгі ені–1,32 , жоғарғы жағының ені—1,22 метр зәулім тасқа қашалып жазылған. Филипп Иоганний Страленберг осынау жұмбақ тастарға кез болғанда тарих парағының беті–XYІІІ ғасырдың басын көрсетіп тұрғанды. Cодан бері үш жүз жылдай уақыт өткен екен. Сол меңіреу тас шежіре Орхон ескерткіштері деген айдарға ие болып, дүние жүзінің ғалымдарының отырса– ойы, жатса– түсінен шығар емес. Ғалымдар үшін ол түркі халықтарының тасқа қашалған құпия шежіресі болғанмен, кейінде оның әлемдік поэзияның классикалық озық үлгісі екені көзі қарақты жұртқа белгілі бола бастады. Қазақ лингвист әдебиеттанушылары Филипп Иоганний Страленберг нұсқасынан жолма- жол аударма жасап шыққаннан кейін Қадыр Мырза Әли 1970 жылы “Жұлдыз” журналында оның алғашқы әдеби нұсқасын жариялады. Бірақ, ол нұсқалардың бәрі де қазақ оқырманын Күлтегіннің поэтикалық рухына кенелте алған жоқ. Ұлы шығарманы осы заманғы әдеби тілге қотару үшін аяқтан бұғау, қолдан кісен түсуі керек екен. “Игорь жасағы туралы жырдың”1800 жылғы Мусин Пушкин жасаған тәржімасы мен Игорь Шкляревскийдің қолынан шыққан 1980 жылғы аударманың аралығында 50-ден астам тәржіма тәжірибе дүниеге келген екен. Аудармашылардың атына қарасаң, атақ даңқынан ат үркердей өңшең аузы дуалы шебер: Т. Шевченко, А. Прокофьев, Н. А. Заболоцкий, Е. Евтушенко сынды ақындар. А. С. Орлов, Б. А. Рыбаков, Д. С. Лихачев сынды ғұламалар бар. Бірақ орыс халқы “Игорь жасағы туралы жырдың” әлемдік деңгейдегі әдеби нұсқасын әлі жасап біткен жоқ... Темірхан Медетбек Күлтегін жырының көне түркі тіліндегі нұсқасынан осы заманғы қазақ тіліндегі әдеби нұсқасының алғашқы һәм кемел үлгісін жасап шықты. Бұл әлем әдебиет шежіресіндегі атап айтарлықтай ұлы оқиға десе де болады. Алаш жұртының азаттық алуы қазақ ақынының арқасына аруақ қондырып, адамзаттық поэзияның аламан бәйгесінің алдына алып шықты. Бірақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сыны қазақ әдебиетінде ел құлағын елеңдетерлік түк бомағандай әлі күнге дейін енжар, есінеп отыр... Түрік Күлтегін XXІ ғасырдың елең алаңында өзбекше, қырғызша, қарақалпақша, тіпті түрікше де сөйлеген жоқ. Қазақша сөйледі! Қалай сөйледі десеңізші: “Kөк Тәңірінің өзі әкем Ілтеріс қағанды қуатты болсын деп, қара бұлтқа орап төбесіне көтерген... Шешем Ілбілге қатынды шуақты болсын деп, ақ бұлтқа орап, төбесіне көтерген... Жаулары табандарына таптап, мал қып кеткен халықты, қағанынан айрылып қаңғып кеткен халықты күлді көмеш күң боп кеткен халықты, құлағы кесік құл боп кеткен халықты азат еткен. Күні кеше билік құрған жауларын белдерінен бүгілдіріп, мойындарынан иілдіріп, мазақ еткен. Көнбегендерін күлге аунатып, құм асатып, жер еткен. Тентіреп кеткен төлін, тардауышты ел еткен. Ағам таққа отырып, Қаған болды. Елі мен жеріне қара жартастан соққандай қамал болды. Ерлерінің намысын үрлеп, өрт қылды. Кедейін– бай, азын– көп қылды.” Қазақ поэзиясы қазақ халқына қара үздіріп барады. Еуразияны салт аттылар тұяғының шаңына көміп, төрткүл дүниені тітіреткен, Әл- Фарабидей дананы, Абайдай ақынды, Хан Кенедей батырды туған қазақ елі өзінің поэзиясынан 300- 400 жыл кейін қалып қойды...”Арғымақтар мінетін, тозбас тондар киетін, қара тастарды қақ жарып. Қарағайдай қаптап өсетін, қара нарлары шудалары желкілдеп, қара бұлттардай көшетін, айғырлары Күнге қарап кісінеп, биелері Айға құрап құлындаған; Кетіссе– бұрылмаған; Сөздерін тасқа қашаған, алыпсоқтарының итаяғын оюлап, жезден жасаған; Алтайды жастанып жатса, аяғы Үрімге жеткен, керілсе– Үрімнен де өткен; Кермелеріне Тайбурыл мен Керқұла байлаған, Алты айшылық жолдарды, алты күнде айналған; Қамалдары құлжалар шыға алмас ақар-шақар құз болған, қағандары Күн астындағы Күнікей қызды алған; Күн жағы күміс діңгекті, Ай жағы алтын діңгекті ордада отырған, сол жақтан келгенді жапырған, оң жақтан келгенді опырған; желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтін, даладай кең, таудай биік халық едік. Алып едік!” Ұлт жер бауырлап, Ұлттық Рух аспанға жөнеп барады! Өткен ғасырдың жылдары Азия, Африка елдерінде де ұлттық рух– ұлттық поэзияның аламан бәйгесі көзге айқұлақтана көрініп еді. Қазір сол ұлттық Ренессанс дәуірі қазақ жұртының шаңрағына да қасқая қарап тұр. Елді қыл тамағынан буындырған сайын, оның ақындарының аузынан от шығады. Тоныкөк жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Ақтанберді, Доспанбет, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, бәрімізді қыдыра шолып, Темірханның қасына келіп, кілт тоқтады! Темірхан Медетбек жырының жұлын жүйесі осы күнгі қазақ поэзиясынан мүлде бөлек. Күлтегін жырының ғасырдағы соны сорабы, жаңа жаңғырығы секілді. Темірхан Медетбек– мына жарық дүниенің есігін екі мәрте жұлып ашқан адам. Бірінші рет өз анасының құрсағынан ақын болып туып, 70 жылдары қазақ поэзиясының босағасын аттағанда қара өлеңге еуропалық озық өлең мәдениетін еселеп енгізіп, ғылыми-техникалық прогрестің әуен, ырғағын алып келсе, ел жұрты егемен болғанда Алаш Анасының құрсағынан қайта туып, қазақ жырын көне түркіде қалған ата жұртымен қайта табыстады. Дәл бүгін түркі дүниесінде Темірханмен қанжығаласып қатар тұратын ақынның қарасы көрінбей тұр. Абай Алланың хикметі– махаббат пен ғаділет сезім, біреуден біреу сол хикметті анығырақ сезінуімен артылады деген. Күндердің күні адам баласы сол Абай ақиқатына ат басын шалдырмай қоймайды. Қазір дүниенің көзін шел басып тұр. Ұлылық пен сұлулыққа тұщынып, оны орнымен саралау жайына қалғалы қашан. Адамзаттық рухтан материялдық игілікті жоғары қойған ашкөз Батысты орнына қою үшін абыройы айрандай төгілген Нобельмен парапар немесе одан да биік бір беделді сыйлық ойлап тапса, оның алғашқы иегері осы Темірхан болуы керек. Түркі жұртының Тәңіріне ғана тән бекзат болмыс-бітімін төрткүл дүниеге паш еткен осы Темірхан жыры! Сонау В. Белинскийден өзіміздің М. Қаратаевқа дейінгі аралықта “Ақын деген кім?”-деген сауалға қолына шырақ алып, жауап іздегендердің ұзын қарасын түгендеп жатпайық. Меніңше Ақын деген абайша айтқанда, махаббат пен ғаділет сезімді басқа пендеден анығырақ сезінетін адам, Гомо Сапиенстің ең шыңырау шыңына шыққан Адамзат болса керек-ті. Қазақстан Жазушылар одағында 700-ден астам ақын жазушы бар. Солардың жүріс тұрысына қарасаң, қазақ елінде 700-ден астам тірі классик жүргендей әсер қалдырады. Бірақ соның қайсысы Алланың хикметін Абайша сезініп жатыр?! “Айтып өткен ақында арман бар ма?!” Бұл– Алаш жұртының арқасына аруақ біткен адуынды бір ұлы Мұқағалидың сөзі. Ұлттың өзегіндегі өксік өлеңге айналғанда жалғанның жарығына өлмес өнер туындысы келеді. Адамзаттың ақтық сөзін Ақын ғана айтады. Халтурщик оны Құранның сүрелерін құлықсыз жаттап, дойыр догмаға салатын дүмше молдадай, халықтың миын ашытып, құлағын сарсылтады. Ақынын сүйген ел ұлтқа, халтуршигін төбесіне көтеретіндер қыртқа айналып жатыр. Соның бәрі Алланың хикметін махаббат пен ғаділет сезімді терең сезіне алмаудың әлегі. Алла маңдайға не жазса, сол болады. Орыс өлеңі “Игорь жасағы туралы жырдан” бастау алады. Қазақ поэзиясының бастау көзі Күлтегін жырында жатыр.Баян атты қыпшақ жырауының көкірегінен туып, орыс әдебиеті мен мәдениетінің алтын қазығына айналған “Игорь жасағы туралы жырмен” көзін ашқан орман елі бүгінде төрткүл дүниенің төбесінен қарап, ұлы держава атанса, поэтикалық потенциялы мен көркемдік қуаты одан әлдеқайда әлеуетті Күлтегін жырының әулеті әлі күнге шейін соның бодандығынан құтыла алмай тұр. Бұл да– тарихи парадокс! Алла Тағала адамзат тарихында айрықша орны бар Ата жұртынан асқақ биікте самғау үшін жаратқан. Тобырдың тілін тауып, билік пен қазы қарта асайтын демиян бедный шылдықтың Ұлы Мәртебелі Поэзияға үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны содан. Ресей қанша ұлы держава болып, жер шарының жартысының төбесінен қамшы ойнатса да, әлі күнге дейін Пушкиннің адамдық-азаматтық деңгейіне жете алған жоқ. Алаштың Абайға жетуіне де қанша уақыт бар?! Әлемдік империя атанған Ұлыбританияның бүкіл қаракет тірлігі Шекспирге мүлдем кереғар. Американың Уйтменді түсінуден қалғаны қашан?! Ұлт пен ұлыс жер бауырлағанда Поэзияның көкала бұлттарға сүңгіп, көк аспанда көлбей жүзуі Алла Тағаланың бір тезі болуы мүмкін. Құранның “Әл Баһар” сүресінде “Алеф Льям Мим” деген сөз бар. Мағынасын бір Алла ғана біледі. Теологтар оның мәнін түсіне алмай әлі күнге күнге дейін әуре сарсаңға түсіп жүр. Халықтың рухынан жаралған поэзия жарықтықтың сол елдің болмыс бітімінен биік қанат қағуы да осыған ұқсас құбылыс. Мұның да құпиясын бір Алла ғана біледі...

Серік Ақсұңқарұлы
“КӨК ТҮРІКТЕР САРЫНЫНА” АЙТЫЛҒАН ҮЗІК-ҮЗІК ПІКІРЛЕР

ПЛЕТЕНЬЕ ЧЕПУХИ

Газета “Дат”, № 24- 25. 2011г.
Из 12- 13 тетради

За своеобразным поэтическим и публицистическим творчеством Темирхана Медетбека я слежу давно. Не однажды высказывался его раскаленных, распаленных, неукротимо-дерзких, напористо- бунтарских строк, пронизанных ширью степей и номадической вольностью по поводу его ностальгии- тоске по героическим, непокорным предкам, вскормленным бесстрашной волчицей—проматерью голубых тюрков, обитавшей под безбрежным небом тюркского эля. То, что происходит в нашем меркантильно- торгашеском времени, на огромном, мнимо-независимом пространстве, всеместная деградация национального духа, лобовая, примитивная ложь, беззастенчиво культивируемая мелкотравчатыми популистами всех мастей, неистребимое рабство и покорность, изуродовавшие людские души—все это поэта Темирхана (напоню: лауреата Государственной премии Республики Казахстан) не только волнует, тяготит, унижает и угнетает, но и содрогает, возмущает. Рождает в нем активное неприятие и яростные, махамбетовские метафоры. Он Темирхан Медетбек – яркий представитель махамбетовской школы казахской поэзии. Точнее, его твочество зиждется на диковинном синтезе традиции древних казахскпх жырау- сказителей, а также поэтических школ Абая и Махамбета. По форме, по манере выражения, по ритмическому рисунку, по вольности и меткости его стихострел в Темирхане, на мой взгляд преобладает влияние последнего. Об этом мне еще раз подумалось, когда я несколько дней вчитывался в большую (на всю газетную полосу) подборку его новых стихов в “Жас Алаше”. Наше настоящее неприемлемо для поэта. Он остро ощущает, видит его изьяны, его несовершенство, его вопиющую дисгармонию. Он задается вопросом. “Что за жизнь? Хожу—падаю. Смеюсь—плачу. О, Создатель, в чем же дело. Ведь я вроде бы здоров. Грех жаловаться. Ну почему душа горит? Почему мое дыхание – дым удушливый?” Огромная страна “Ғажапстан” (Страна- чудо) воспринимается им страшным, гигантским театром. Все привратились в актеров. Хитрые. Коварные. Грозные. Именитые. Лицедеи-фарисеи. Идет нескончаемый трагикомический спектакль. Один актер рыдает. Другой хохочет. Третий мычит коровой. Четвертый скулит собакой. Еще один, чувствуя себя тримфатором грабит свою страну. Толпа в массовках мечется туда- сюда. Главный актер произносит бесконечный монолог. И никто ему не внимает. Никто не слушает. И спектакль продолжается. Еще в одном стихотворении поэт сетует на бестолковость нашего повседневного бытия. Ах, как мы любим шуметь- галдеть- трубить на весь белый свет о наших делах- деяниях, которых и в помине нет! Ах, как мы суетимся, взбиваем мутовкой словесную пену! Ах, как мы из кожи лезем чтобы всех вокруг удивить, поразить, околпачить, пыль в глаза пустить. Ах, как мы потом, опозорившись, кусаем себе локти!.. Или еще у Темирхана Медетбека: в позолоченном- посеребренном дворце восседают люди и принимают охапками решения- постоновления, заботясь о простом народе. Глянь на парламент тоже все денно- нощно пекутся о благоденствии страны. А в министерствах, говоря о бедном люде, слезы льют, от боли и любви к нему корчатся, сохнут- томятся, в муках пребывая. А почему народ не ест досыта? Почему он ходит в рваных курточках? Подобными мотивами пронизана вся поэтическая подборка. Поэт кричит- вопит от боли, от стыда, от обиды, негодует, разоблачает, неистовствует, изнывает, взыскует, возмущается. Я лишь веьма прозаически пересказываю содержание иных стихотворений Темирхана. Читатель может подумать, что это декларация, плакат, публицистика, злоба дня. Это не так. Это стихи. Это поэзия. Со всеми ее приметами, достоинствами, ньюансами, то есть метафорами, сравнениями,ритмом, рифмами, инверсиями, эмоциональными фигурами,проникновенными словами, идущему от изболевшей души, от сердца. Жаль, что они не переведены адекватно на русский язык. Из всех пор моих стихов сочится кровь,– утверждает поэт. Так названа и сама подборка.

Герольд Бельгер

“АР-ҰЯТТЫҢ ТЕПСЕҢІ” МАҚАЛАСЫНАН

“Жас Алаш”, № 57- 58, 2010 ж.

Соңғы жылдары Темірхан Медетбек “Көк түріктер сарыны” атты бұрынғы өлеңдеріне мүлде ұқсамайтын, жаңа формада жазылған жырларын оқырман қауымға ұсынды. Міне осы сарында жазылған жырларында Темірхан Медетбектің күрескерлік рухы мейлінше шынайы әрі табиғи көрінді. Осылайша ол поэзиямыздағы көк түріктердің рухын тірілтіп әдебиетімізге үлкен олжа әкелді.

Еңкіп- еңкіп соққанда
Таудың денесінен
Тастар бұршақ боп құйылды,
Серпіп – серпіп соққанда

Үзіп жібердім
Шынжыр боп шырмалған
Бұғау боп күрмелген түйінді.
Күсінгенімде –

Күн күркіреді.
Сілкінгенімде –
Жер тітіренді.
Хахахулап

Жар салғанымда
Аспандағы бұлттар
Жерге қонды.
Ахахулап

Ән салғанымда
Аспандағы құс біткен
Көлге қонды.
Еңкейгенге еңкейдім

Шалқайғанға шалқайдым.
Асқанның орманын
Отындай өртедім,
Тасқанның көлдерін

Астаудай төңкердім.
Қысқанда қу ағаштан бу шығардым.
Сыққанда
Қара тастан су шығардым.

Атанды асықтай аттым
Қарсы келгенді
Қазықтай қақтым.
Алшайып жүрдім.

Талтайып тұрдым.

Әділін айтсақ, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары поэзиямызда қазақтың шегіп жатқан қасіреті мен қайғысын дәл Темірхан секілді жеріне жеткізіп, әрі терең, әрі батыл жырлаған ақын некен- саяқ. Ақынның ұлты үшін қабырғасы қайысып, жүрегінен төгілген жырларын оқығанда, көзіңе жас тығылып, сүйегің сырқырайды. Ұлтының табанына шөңге кірсе, ол қазағын шын жүрегімен сүйетін Темірханның жүрегіне тікен болып қадалады. Ақынның “Көк түріктер сарыны” жинағын оқи отырып, мұны сезінбеу мүмкін емес. Тыңдап көріңізші:

Елемнің іргесінде
Өрт болып жатыр...
Жанымның ішіне
Дерт толып жатыр.

Заманның қабағынан
Қар жауып тұр.
Қар емес
Қан жауып тұр.

Қатерлі сөздер
Ауғанды бомбылағандай
Жүрегімді! –
Бомбылап жатыр.

Арман, тілегім
Қасат қарды бұза алмай
Омбылап жатыр.
Суларыма

У қосып жатқандай.
Елімді-
Бүлікке салам деп! –
Жын басып жатқандай...

Поэзиядағы нағыз азаматтық үн дегеніміз – осы. Қоғамдық белсенділігі жоғары, азаматтық позициясына берік ақын еліміз бен жеріміз тоналып жатқанда үнсіз қала алмай, өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отырған қазағының көз жасын өлең орамалымен сүртіп, жүрегі қан жылайды. Құлақ салыңызшы:

Әлденелер
Жалмаңдап кезіп жүр.
Әлденелер
Жалбаңдап безіп жүр.

Шамым мен шырағым
Өшіп бара жатқандай,
Ормандарым
Жерімді тастап

Көшіп бара жатқандай.
Өзекке түскен от
Жолымды қуырып тұр.
Көз жасым

Жүзімді кесіп,
Омырауымды орып
Құйылып тұр.
Бауларым

Қурап қалардай,
Тауларым
Құлап қалардай
Қорқамын.

Амангелді Кеңшілікұлы

БІРІНШІ БӨЛІМ

ҚУАТ ЖЫРЫ

Еңкіп-еңкіп соққанда
Таудың денесінен
Тастар бұршақ боп құйылды.
Серпіп-серпіп соққанда

Үзіп жібердім
Шынжыр боп шырмалған
Бұғау боп күрмелген түйінді.
Күрсінгенімде –

Күн күркіреді.
Сілкінгенімде –
Жер тітіренді.
Хахахулап

Жар салғанымда
Аспандағы бұлттар
Жерге қонды.
Ахахулап

Ән салғанымда
Аспандағы құс біткен
Көлге қонды.
Еңкейгенге еңкейдім

Шалқайғанға шалқайдым.
Асқанның орманын
Отындай өртедім.
Тасқанның көлдерін

Астаудай төңкердім.
Қысқанда
Қу ағаштан бу шығардым.
Сыққанда

қара тастан су шығардым.
Атанды асықтай аттым.
Қарсы келгенді
Қазықтай қақтым

Алшайып жүрдім.
Талтайып тұрдым.

ТАБЫТТЫ ҚАЙЫҚ,

КЕБІНДІ ЖЕЛКЕН ЕТТІМ

Алып едім,
Таудай биік,
Даладай кең едім.
Жұлдызы құйылып жатқан

Көк аспанмен тең едім.
Жауларым
Айтқанына жүргізіп,
Айдауына көндірмек болды

Мені өлтірмек болды.
Ернеуі таудай биік,
Даладай үлкен
Табыт жасады.

Басымды жерге тигізді
Үстіме кебін кигізді.
Бірақ мен көнбедім.
Өлтірем десе де

Өлмедім.
Табытты қайық еттім.
Кебінін жыртып
Желкен еттім.

Тәлкек еттім.
Әлі күнге мен
Табыт-қайықпен
Жүзіп келемін.

Кебінімді желкен етіп
Албастыдай өкірген,
Жындай көпірген
Арасат толқындарын

Бұзып келемін.
Е, Тәңірі,
Жолымды оңғара көр!

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

Майлы тоқ ішектей
Толып ағатын өзендерім
Арық қойдың
Аш ішегіндей шұбатылып

Тартылып қалды.
Күміс құйғандай
Жарқырап жататын көлдерім
Қайнап-қайнап

Суалған қазандай
Сарқылып қалды.
Кілем жабылған керуендей
Созылып жататын жоталарым –

Үйелеп қалған түйелердей –
Жұлым-жұлым болды.
Кеуіп қалған
Өзек пен сайларым

Тілінген шүберектей
Жырым-жырым болды.
Далам қурап жатыр!
Орманымды

Ара мен балталар
жіліктей сындырып,
Шұжықтай
Турап жатыр.

Кешегі
Егістік алқабым
Малайдың ерініндей,
Құлдың табанындай

Тілінген.
Кешегі жайлауым
Ібіліс аунағандай
Бүлінген.

Құлпырып жататын
Шалғын-сырмақтарым
Лас аяққа
Басылып қалғандай.

Даламның
Алтын алқасы үзіліп,
Маржан моншақтары
Шашылып қалғандай.

Иесіз қалған ауылдар
Аралдың
Жағаға шығып қалған
Кемесіндей.

Сор басқан жерлерім
Алапес адамның
Денесіндей.
Елімнің іргесін

Өріп кеткен бәлелер
Талап тұр...
Аждаhаның деміндей
Оттай жел шығып

Жерімді жалап тұр.

БҰҒАН ЕНДІ НЕ ДЕРСІҢ?

Қонақ көрсем
Түңліктей
Желпілдеп тұратын халық ем.
Туыс көрсем

Желді күнгі ағаштай
Елпілдеп тұратын халық ем.
Досым өлсе
Ақ таяқ ұстап,

Ақ шүберек буынып
Еңкілдеп тұратын халық ем.
Менің еліме,
Менің жеріме

Көн етіктері қорпылдап,
Көне етектері салпылдап
Біреулер келді.
Желпілдеген түңлігімді

Кесіп-кесіп
Ұлтарақ етті.
Елпілдеген көңілімді
Көсіп-көсіп

Күлпара етті.
Қолыма ұстаған
Қазалы таяғыммен
Өзімді сабады

(Тәңірі оны
Түбінде табады).
Қасыма
Мола қазып қойды.

Беліме буынған
Азалы ақ шүберекпен
Өзімді асып қойды.
Бұған енді не дерсің?!

ҚЫЗҒАНЫШ

Қашан көрсең де
Су тиген қарақұрттай
Бүрісіп тұрады.
Зұлымдық ойлаған,

Мыстан кемпірдей
Тырысып тұрады.
Өзі алтын табақпен
Ас ішіп отырып

Сенің
Күміс қасығыңды
Көре алмайды.
Көне алмайды!

Шаттансаң –
Тасқа түскен
Шыныдай быт-шыт боп
Шашылып қалардай болады.

Мақтансаң –
Тұрған жерінде
Асылып қалардай болады.
Айналаға зәрін құйып

Былғап жатыр.
Ішіне мысық кіріп –
Мияулап! –
Тырнап жатыр.

Қызғаныштың уы
Жатқызбайды, –
Кешін батырып,
Таңын атқызбайды.

Биікке шықсаң –
Қан жауатын бұлттай! –
Түйіліп қалады.
Күйікке батсаң –

Бұл дүниеде көрмеген
Рахатқа кіріп –
Сүйініп қалады.
Жүретін жеріңе

Тікен төсеп,
Отыратын жеріңе
Шоқ төсеп
Тастағысы келеді.

Әйтеуір бір сұмдықты
Бастағысы келеді.
Қуанышыңда да –
Жыландай! –

Ысқырып тұрады.
Құшақтап тұрып –
Бүйіріңе! –
Біз сұғып тұрады.

Осы бір жан
Дүниеге жат сияқты,
Ішіне
Бәле-жаланы

Толтырып алған
Екі аяқты
Қап сияқты.

АШАРШЫЛЫҚ ЖЫЛДАР СУРЕТТЕРІ

Ашаршылық
Алдымен талғап жұтты.
Соңынан
түк қалдырмай

Жалмап жұтты.
Жұтты,
Жұтты,
Жұтты!

Құртты!
Ақылдасатын
Дана қалдырмады.
Құшақтасатын

Бала қалдырмады.
Алатау мен Арқаның,
Алтай мен
Атыраудың арасы

Қынадай қырылды,
Шалғындай жапырылып,
Шөптей жұлынды.
Жад пен ойымда

Қайғы мен қасірет
Желдай ағылысты.
Ертіс пен Жайық,
Есіл мен Ойылда

Ісінген өліктер
Сеңдей соғылысты.
Құзғындар
Қара бұлттай қаптады.

Атқан күн батпады,
батқан күн атпады.
Біздің жеріміздегідей
Еш жерде

Құзғындар
Көп болған емес.
Біздің жеріміздегідей
Еш жерде

Құзғындар
Тоқ болған емес.
Шашылып жатты
Шоқыған, жегені...

Содан ба елімде
Құзғындар көп әлі.

ҚИЫН ШАҚ

Дүниені
Түстеп-танып
Ұға алмай жатырмыз
Кеңес Одағының

Ми батпағына
Кеңірдектен батқан екенбіз –
Ұмтылып
Шыға алмай жатырмыз.

Біреулер одан сайын
Төбемнен басып,
Иығыма мініп тұр.
Үмітімді

Жіптей қырқып,
Тілегімді
Таспадай тіліп тұр.
Басымды –

Күлі бұрқырап жатқан –
Ошағыма
Қайтадан тыққысы келеді.
Біреуі шығысқа,

Біреуі батысқа,
Біреуі теріскей,
Біреуі түстікке
Тартқысы келеді.

Мама бие дей ме екен?!
Бұттарын
Қазақстаныма
Артқысы келеді.

Лағынет атқырлар-ай!
Әбілет қаққырлар-ай!
Ісімді
Тындыра алмай жатырмын.

Тілімді,
Сындыра алмай жатырмын.
Бірде сөгіліп,
Бірде өріліп тұрмын.

Осы бір кезеңнен
Өтіп кетемін деп
Атымды қамшылап
Тебініп тұрмын.

Біреулер –
Өлексеге тойған иттей
Жүндері жылтырап –
Семіріп жатыр.

Біреулер –
Жоқшылықтан! –
Өз сүйегін өзі
Кеміріп жатыр.

Бірде –
Салмағы жоқ! –
Ұранның ішінде жүргендеймін.
Таласып кетпесем игі еді.

Бірде –
Бағдары жоқ! –
Тұманның ішінде жүргендеймін.
Адасып кетпесем игі еді.

Осы бір кезеңнің
Көктайғақ белеңі-ай!
Осы бір кезеңнің
Ақ түтек әлегі-ай!

МАДАҚ ЖЫРЫ

Балпаң-балпаң басқанда
Қара жер қайысты.
Алшаң-алшаң басқанда
Қара тас майысты.

Керуендерімнің салмағынан
Жоталар
Жаншылып қалды.
Жылқыларым

Суатқа құлағанда
Көлдер суалып,
Таусылып қалды.
Жауларым

Маған құл болуға
Зар боп жатты.
Сіңбірігім – қаймақ,
Сілекейім бал боп ақты.

Күбілерім
Күрпілдеп пісілді.
Сабаларым
Күркілдеп ісінді.

Астауым емен,
Шыңырауым
Шегем болды.
Төбемде құндыз,

Маңдайымда
Жұлдыз жанып тұрды.
Құсымның текпіні
Арлан қасқырды өлтірді.

Садағымның екпіні
Алты қырды төңкерді.
Қара тасты
Қара балшықтай иледім.

Жауымның жерін
Тулақ қып сүйредім.
Сөйлесем
Тілім қылыш болды.

Қақырығым – алтын,
Түкірігім – күміс болды.
Өткен заман-ай!

ҚОРҚАМЫН!

Елімнің іргесінде
Өрт болып жатыр...
Жанымның ішіне
Дерт толып жатыр.

Заманның қабағынан
Қар жауып тұр.
Қар емес.
Қан жауып тұр.

Қатерлі сөздер
Ауғанды бомбылағандай –
Жүрегімді! –
Бомбылап жатыр.

Арман, тілегім
Қасат қарды бұза алмай
Омбылап жатыр.
Суларыма

У қосып жатқандай.
Елімді –
Бүлікке салам деп! –
Жын басып жатқандай.

Әлденелер
Жалмаңдап кезіп жүр.
Әлденелер
Жалбаңдап безіп жүр.

Шамым мен шырағым
Өшіп бара жатқандай.
Ормандарым
Жерімді тастап

Көшіп бара жатқандай.
Өзекке түскен от
Жолымды қуырып тұр.
Көз жасым

Жүзімді кесіп,
Омырауымды орып
Құйылып тұр.
Бауларым

Қурап қалардай,
Тауларым
Құлап қалардай –
Қорқамын!

СОНДА ДА ЖАҚПАДЫМ

Алтын ыдысты
Балқашты көтеріп
Алдына тостым.
Алтын балықты

Аралды бердім.
Алтын айдынды
Атырауды
Алдына жайып тастадым.

Отыз тісімді опырғыздым.
Отыз елімді көндірдім.
Сарыарқаның
Төріне отырғыздым.

Алтын оқалы
Шапан кигіздім.
Арғымақ ат мінгіздім.
Қызымды күң қылдым.

Ұлымды құл қылдым.
Сонда да жақпадым.

АЙТ, ЕМІН!

Жан-жүрегімді күйдіріп,
Намысыма тисе –
Білемін! –
Өліспей беріспеймін.

Бірақ та
Аяқ-қолымды матап, –
Тік тұрғызып! –
Бауыздаймын деп тұрса

Не істеймін!
Желкеме мылтығын қадап
Қара жартасты –
Жалаңаш қолыңмен! –

Үңгі деп тұрса
Қайтемін?!
Қара жерге
Сүңгі деп тұрса

Қайтемін?!
Айт, емін!

ШОЛПАН

Шолпан!
Сен маған –
Қайда барсам да!
Көлеңкем құсап

Еріп жүрдің.
Не істесем де
Көніп жүрдің.
Омыртқам сынғандай

Ойсырап қалған кезімде
Жебедің.
Қаңсырап қалған кезімде
Демедің.

Тәнтімін!
Сен мені жаныңдай
Жақын көрдің.
Теңдесі некен-саяқ

Ақын көрдің.
Арыстандай ақырып,
Жолбарыстай бүктетіліп
Ширыққан кезімде

Сен маған басу айттың.
Адасқан кезімде
Бетіме шыжғырып
Ашып айттың.

От пен ошағыма,
Сендей қосағыма –
Екі дүниеде ризамын.

МАҒАН НЕ ІСТЕМЕДІ,

МАҒАН НЕ ЖАСАМАДЫ?

Маған не істемеді?!
Маған не жасамады?!
Тілімді
Ұлтарақ қып кесті.

Жүрегімді
Құлдың құлағындай кесті.
Қызылқұм мен Қарақұмды –
Үндемесін деп! –

Көмейіме құйды.
Үмітімді жіптей қиды.
Маған не істемеді?!
Маған не жасамады?!

Жүрсем – құлатты.
Тұрсам – сұлатты.
Өз елімде,
Өз жерімде

Кеудемді
Алатау, Қаратаумен бастырды.
Басымды көтерсем
Сойылмен басқа ұрды.

Ой, дүние-ай!
Маған не істемеді?!
Маған не жасамады?!

ЕКІЖҮЗДІ

Басыңа бақ қонса
Көлеңке сияқты қалмастан
Еріп жүреді.
Сен дегенде

Жанын берердей боп
Өліп жүреді.
Жаудан қорғайтын
Қамалдай болады.

Табаныңды
Жалардай болады.
«Жат!» десең
жатады

«Қап!» десең
қабады.
Қолды-аяққа тұрмай
Сыныптай

Сырғып тұрады.
Жүн-жұрқаңа дейін мақтап
Жыр қып тұрады.
Қаласаң –

Иненің көзінен өтетін
Жіп болады.
«Бүк!» десең «бүк»,
«Шік!» десең «шік» болады.

Басыңнан бақ тайса –
Тезегіне қарағандай
Айналып қарамайды.
Өмірі көрмегендей

Сәлемге жарамайды.
Құласаң –
Басыңнан аттап кетеді.
Темекінің тұқылындай

Таптап кетеді...
Қайтадан тұрып кетсең
Жайраңдап
Күліп келеді...

Бұл адам –
Адамды! –
Оп-оңай сата салатын
Мүлік көреді.

МЕН СОНДАЙ БОЛДЫМ

Шәкір Ыбыраевқа
Елімді
Ел етемін деп,
Жерімді

Кеңейтемін деп
Байыз таппадым!
Қылышымды
Қылдай жұқарғанша сермедім.

Найзамды
Тебендей жіңішкергенше сілтедім.
Жер қаптым.
Омалдым.

Дұшпанның мойнына
Жылан боп оралдым.
Тұман боп тұтасып,
Бұлт боп көштім мен.

Күнді де кештім мен.
Түнді де кештім мен.
Дәрмен күткем жоқ
Ешкімнен!

Қағып-қағып
Қанымды ішті.
Соғып-соғып
Сөлімді ішті.

Қайтпадым!
Омыртқамды
Күтірлетіп үзді.
Қабырғаларымды

Біртіндеп үзді.
Бірақ ештеңе айтпадым.
Қарыстым!
Өліп бара жатып та

Бөрідей алыстым.
Мен сондай болдым!

СЕРГЕЛДЕҢ

Дүние сұп-суық
Тоңдым!
Аспандағы Ай
Балқып кетердей етіп

От жақтым!
Бәрібір жылынбадым.
Мұңымды айтып –
Жата қап –

Шөптердің
Құлағына сыбырладым.
Жер-Ана селт етпеді.
(Апыр-ай,

Бұрынғылардың айтып жүргені
Ертек пе еді?!)
Шың-құздардың
Ішіне кіріп

Айқай салдым.
«Одан да шықты жаңғырық,
Бұдан да шықты жаңғырық».
Ақырында дауысым

Қаңғып кетті.
Қара қарға мазақ етіп
Қарқ-қарқ күліп
Басыма саңғып кетті.

ҚУАНҒАНДА

Төбем –
Қуанғанда! – көкке жетті.
Тамырым –
Қуанғанда! –

Жеті қат жердің астына кетті.
Аспаннан
Бір бұлт алдым да
Төсек қып шалқайдым.

Алатаудан
Бір жартасты алдым да
Жастық қып жантайдым.
Неткен қуаныш!

ГӨЙ-ГӨЙ!

Таусылмайды жыры гөй-гөйдің.
Алтай шөгіп,
Алатау көшкенше сөйлеймін.
Атырау суалып,

Қаратау өшкенше сөйлеймін.
Аспанда Ай лағып,
Жұлдыздар сөнгенше сөйлеймін.
Тіршілік таусылып,

Түріктер өлгенше сөйлеймін.
Таусылмайды гөй-гөйім!

ҰҚПАУ

Мен осы
Кімдермен жүрмін?!
Аға дегенім
Аға емес, –

Өзін өзі бұлдау сияқты.
Жаға дегенім –
Жаға емес, –
Шуаш сіңген

Шұлғау сияқты.
Ірі дегенім –
Ірі емес, –
Шөгіп кеткендей.

Тірі дегенім –
Тірі емес, –
Өліп кеткендей.
Сонда

Бұл тірліктің
Осымен қурап,
Солғаны ма?!
Немесе –

Бұл лағнет тірліктің
Ағасы, жағасы жоқ,
Ірісі, тірісі жоқ,
Сойқан мен содыр,

Обыр мен тобыр
Болғаны ма?!
Ұқпадым.

ЖАҢБЫР ҚҰДІРЕТІ

Дүние
қап-қара боп түнерді.
Дүлейлі құйын соқты.
Әлдене сұранды...

Әлдене тіленді...
Айнала түгел
Алау-далау,
Әлем-жәлем,

Ерең-серең болды.
Аласаң биік,
Биігің төмен болды.
Тіршілік

Тұншығып құрысты.
Қара нарлардай
Ап-ауыр қара бұлттар
Төмендеп кеп

Теңізден су ішті.
Көп ішті
Ырғалып...
Қарындары қампиып

Көкке көтерілді
Ыңыранып.
Жасындар жалтылдап ойнады.
Қара жаңбырдан

Көлдердің беті
Қара қазандай
Сақылдап қайнады.
Тамшыларымен

Тепкілеп тоқтатты
Есірген құйынды.
Аспаннан
Әуен,

саз,
өлеңдер құйылды.
Найзағайлар шатырлап
Қайта-қайта жанды –

Қара бұлттардың
Қампайған қарынын
Қайта-қайта жарды.
Құтқа толтырды

Сусырап жатқан жерімді.
Бұтқа толтырды –
Құрғақшылықтан! –
Қансырап жатқан елімді.

ТАУСЫЛУ

Ақтарылып тасыдым! –
Қара жартасты
Алып кете алмадым.
Көлденең жатқан

Құздарды
Жарып кете алмадым.
Ештеңе бітірмедім!
Жүріп жатқан

Сеңдердей күтірледім.
Қара қазандай қайнадым.
Келеге келген бурадай
Жынымды бүркіп.

Тісімді
Қышыр-қышыр қайрадым.
Болмады.
Жаншылдым!

Таусылдым!

ҚУҒЫН-СҮРГІН ЗАМАНЫ

Ұлы Далам,
Ұлы Елімді қуғынға салды.
Көз көріп,
Құлақ естімеген

Қырғынға салды.
Тұла бойын түгел тінтіді.
Киіздей қақты,
Тулақтай сілкіді.

Адамдарын
Бірін-біріне айтақтап,
Бірін біріне
Қан жоса қып қаптырды.

Бірін біріне
Мал құсап бақтырды.
Жайқалған шалғыным
Дөңкиген тасқа толды.

Елімнің омырауы
Қып-қызыл қанға боялып,
Етегі жасқа толды.
Құтырып алды!

Арыстарымның терісін –
Тірідей! –
Сыпырып алды.
Әруақтарымды күңірентіп –

Аяғынан сүйреп! –
Моладан шығарды.
Неткен халық ек шыдамды?!
Көген қырқылып,

Керме мен желі үзілді...
Қара нарларымның –
Омақасып! –
Белі үзілді.

Қазанаттарымды
Қыл бұрау салып
Шырқыратты.
Сай-сүйекті сырқыратты.

Жүрмесін деп
Табанымды тіліп
Жылқының қылын
Қиып салды.

Басын көтермесін деп
Мойныма құрық салды.
Сөйлемесін деп –
Аузыма! –

Кірдің тасындай ап-ауыр
Құлып салды.

АБАЙҒА ШАҒЫНУ

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...»
Күмәнім жоқ, Данышпан!
Рас! Рас! Рас!
Не істеймін бірақ та

Бұл өмірдің бәрі лас!
Лас! Лас! Лас!
Мен қазір
Қоқыста жүргендеймін.

Бастар жарылып,
Қарындар ақтарылып жатқан
Тартыста жүргендеймін.
Бастар жарылып,

Қарындар ақтарылып жатқан –
Дүниенің! –
Өкпе-бауырын жеп
Құзғындар ұшып жатыр...

Қаңғыбас ит біткен
Сол дүниенің
Қанын жалап
Ішіп жатыр.

Тойынғаны соншама –
Лобылып –
Құсып жатыр...
Рас! Рас! –

Дінім-ай!
Лас! Лас! –
Дүние-ай!

СЫПЫРА ЖЫРАУ

Басына
Қара бұлт бүркеніп
Қаратау болып теңселді.
Төбесіне

Жасын ойнатып
Алатау болып қозғалды.
Гулеген сайын желпінді,
Үрлеген сайын қозданды.

Жүрегі
Сарнап жылады.
Қобызы
Аңырап жылады.

Қазандай қайнады.
Хазардай көпірді.
Отқа түсіп қақталған,
Төске түсіп тапталған

Алтын балдақты ақ семсердей
Сілтеген сайын жетілді.
Құйып төккенде
Данамен де мұңдасты,

Даламен де мұңдасты.
Қышырлатып тісін қайраған,
Қарпып шайнаған
Қарт бурадай

Жын шашты.
Шерді қозғады.
Қамаулы
Жылқыдай кісінеп,

Ботасы өлген
Інгендей боздады.
Біреуді шақырды,
Біреуді батырды...

Құйрығымен жұр ұрған
Арыстандай ақырды.
Садақтайын иілді.
Жолбарыстай бүгілді.

Дауылды күнгі
Теңіздей тулады.
Жауынды күнгі
Ормандай шулады.

МЕЙІРІМ

Кенезесі кеуіп келгеннің
Таңдайын жібітетін
Бұлақсың.
Қара түнекте қалғанның –

Кеудесінде –
Үміт боп жанатын
Шырақсың.
Аспан астындағы,

Жер бетіндегі
Жұмақсың.
Панамызсың!
Анамызсың!

Жесірді есіркеп –
Бауырыңа бассаң –
Жанына
Тамшыдай мөп-мөлдір

Сыр құйып жібересің.
Жетімді мүсіркеп –
Маңдайынан сүйсең –
Қанына

Нұр құйып жібересің.
Сенің жарығың түскенде
Тондар жібіп,
Мұз біткен

Еріп жатады.
Бұл дүние
Ананың бауырындағы
Баладай балбырап

Омырауыңды
Еміп жатады.

Сен

Тамырдың ішіндегі
Құнардай нәрлісің.
Мәңгісің!
Сен Алланың

Шапағатынан құйылған
Сәулесің!
Сәулені
Оқ атып

Құрта алмайсың!
Сәуле – тесілмейді.
Сәулені
Қылыш сілтеп

Қырқа алмайсың!
Сәуле – кесілмейді.

ШЕРХАН МҰРТАЗА

Қабағы
Жауар бұлттай түйіліп,
Қастары
Адырнадай иіліп

Әр сөзін
Жебедей қадап сөйлесе
Мүлгіген жұртты
Дауылдай сілкілеп кеткен.

Әр сөзін
Еменнің шор көзіне
Шегедей қадап сөйлесе
Естіген жұрт

Күндей күркіреп кеткен.
Шерхан Мұртаза!

Сен

Жел құсап
Есіп сөйлемейсің.

Сен

Қылыш құсап
Кесіп сөйлейсің.

Сен

Көктегі бұлттардай
Көшіп сөйлемейсің.

Сен

Сеңдер соқтығысып жатқан
Асау ағысқа
Омыраулап кіріп
Кешіп сөйлейсің.

Сен кейде
Жауға соғыласың.
Жау да теңселеді.
Сен де теңселесің.

Сен кейде
Тауға соғыласың
Тау да теңселеді,
Сен де теңселесің.

Опасызды көріп
Күйініп тұрасың.
Сондай кездерде
Жұдырықтай түйіліп,

Қаршығадай
Шүйіліп тұрасың.
Ессізді көргенде
Ашудан

Қабынып кетесің.
Толқын ұрған жартастай
Тас-талқан боп
Жарылып кетесің.

Халқың сені
Арда туған
Арысым дейді.
Жонына қол тигізбейтін

Барысым дейді.
Шерхан Мұртаза!

ТҮРМЕ

Елімнің үстіне
Елдерді көшіріп төкті.
Ерегесіп ем
Өшігіп кетті.

Қолымдағыны
Тартып алып ішті.
Аузымдағыны
Қарпып алып асады.

Ұлт пен ұлтты
Араластырып бұлғап,
Даламды алып астау қып
Қойыртпақ жасады.

Тілімді бұзды.
Дінімді үзді.
Өліп жаттық тіл қатпай.
Өлігімізді

Сүйреп тастады
Ит тартқан тулақтай.
Өз елім өзіне
Кірме болды.

Түрмелердің
Арғы жағы да түрме,
Бергі жағы да түрме болды.

АЙЫҒЫП КЕТЕР МЕ ЕКЕН?!

Дәл қазір
Жерім де ауру,
Елім де ауру.
Жерім –

Ауру болмай қайтсін?!–
Тұла бойы
Жара.
Елім –

Ауру болмай қайтсін?! –
Тұрған бойы
Нала.
Қыс-тәуіп келіп

Жерімнің жарасын –
Үш ай бойы! –
Ақ дәкемен
Таңып шығады.

Ай менен Күнім –
Жыл он екі ай! –
Кезекпенен
Дертті елімді

Бағып шығады.
Көктем мен жаз –
Жерімді –
Жасыл көрпемен

Жауып қояды.
Аспаным
Түнімен елімді күзетіп –
Шырақтарын! –

Жағып қояды.
Бұлттарым –
Жаңбырын төгіп! –
Жерімнің жарасын

Жуып тұрғандай.
Соққан желдерім –
Елімді торыған! –
Бәле-жаланы аластап

Қуып тұрғандай.
Айығып кетер ме екен?!

НАЛА

Жері құт қайнатқан,
Ошағы құрт қайнатқан;
Ібілісіңді іреп,
Албастыңды

Алып ұрып жайратқан;
Бөрігін шекелеп киіп,
Осқыра қарайтын;
Шайқап төгіп,

Шалқалап ішетін;
Сөйлесе –
Көмейі көріктей керіліп,
Ауызы астаудай толып,

Алқымы сабадай істетін
Еңсесі биік
Ел болам деп ем!
Өркеші биік

Ел болам деп ем!
Өзімнің қандастарым,
Үйрек жүнді оттастарым,
Қарға жүнді қаттастарым –

Біреуі жағамнан,
Біреуі балағымнан алды.
Қағыстым!
Алыстым!

Күн етем деп мен
Қараңғы түнді.
Өз сауысқандарым
Шықылықтап,

Өз қарғаларым
Қарқылдап күлді.
Өз иттерім
Арпылдап үрді.

ҚОРЛАНУ

Табанға салды.
Талауға түсірді.
Тазы қуған түлкі етті.
Күлкі етті.

Қаратауға
Сүйеніп жылап ем –
Қайғымнан! –
Қаратау шөгіп кетті.

Алтай тауға
Сүйеніп жылап ем –
Қасіретімнен! –
Алтай таудың мұң-зары

Кеудесін керіп кетті.
Алатауға
Сүйеніп жылап ем –
Күйігімнен! –

Алатаудың мұз-қары
Қорғасындай еріп кетті.
Атырауға
Төгіліп жылап ем,

Ол менімен қоса жылады.
Сарыарқаға
Егіліп жылап ем,
Ол менен аса жылады.

Ешкім жұбатпады!

КІМ ЕКЕНІМДІ БІЛДІМ

Құшағым –
Тауды құшақтайтындай –
Кең еді.
Көңілім –

Шалқып жатқан
Көл еді.
Өлдім.
Сөзім –

Жартасты жарып жіберетін.
Көзім –
Тік қарасам! –
Кімді болсын

Жағып жіберетін.
Сөндім.
Қазір кіммін?
Кім екенімді білдім! –

Үмітімді күте-күте
Мойным
Қайырылып қалды;
Қазанға түсетін бастай

Жағым
Айырылып қалды.

АЙБАТ

Мұхтар Құл-Мұхамедке
Қаhарландым! –
Бір қолыммен
Тау шайқадым.

Бір қолыммен
Теңіз сапырдым.
Жалын шашып,
Орман жапырдым.

Әруақтарымды шақырдым!
Бәйтеректерді
Түп-тамырымен суырып алдым.
Арыстанның аузындағысын

Жағын айырып
Жұлып алдым.
Шаптырғанда
Шүмегін жарып жіберетін

Балпанақтай
Ұлдар таптырдым.
Ібіліс, жындарды
Ешкідей бақыртып

Таудан асырып лақтырдым.
Сатқынды
Жерден алып,
Жерге тығып жібердім.

Қатыгез қаттыңды
Құмдай етіп
Үгіп жібердім.
Найзағайлар да долданып

Қара бұлттарды
Жарқылдап тіліп жатты...
Әруақтардың сүйектері
Жердің астында

Шартылдап сынып жатты...

ОПЫНУ

Өз тілін,
Өз дінін білмейтін
Біреулер –
Аспаннан түскендей! –

Шалқалап жүр.
Әйелдерім –
Албастының шапанындай! –
Ала қапшықты

Арқалап жүр.
Намысым –
Еден жуатын шүберектей! –
Босағада қалып

Тапталып жатыр.
Өзге елдер
Улы қоқысын –
Менің жерімді

Шылапшындай көріп
Ақтарып жатыр.
Мен қазір
Мәңгіге сөнбейтін

Өрт жұтып отырмын.
Мен қазір
Емге көнбейтін
Дерт жұтып отырмын.

МЫСТАН КЕМПІР

Алтын сақамды алам деп
«Отырса тұра алмайтын,
Тұрса отыра алмайтын»
Мыстан кемпірмен алыстым.

Ол да қарысты,
Мен де қарыстым...
Бір тісін жұлып ап
Тауға лақтырдым.

Тау қозғалып,
Теңселіп кетті,
Жота-төбелер
Жер шөгіп кетті.

Шыңдардың
Тоқсандағы шалдардай
Шашы ағарды
Тастары

Кесілген бастардай домаланды.
Бір тісін жұлып ап
Мұхитқа лақтырдым.
Мұхит

Тоқсан жыл қорланды.
Тоқсан жыл долданды.
Жағалаудан сарқырап төгілді.
Кемелерің

Қақырып сөгілді...
Жеңіске жеттім!
Жаным марқайып қанды.
Күн қайта шықты.

Жұлдыздар қайта жанды.

НАУРЫЗ КЕЛДІ

Наурыз келді!
Қара жер семіріп
Бөгіп жатыр.
Төрт түлік малым

Даламның
Көлдей етегін толтырып
Төлдерін төгіп жатыр.
Өрісім у-шу болып

Көңілімді қозғап тұр.
Қошақандарым
Сыбызғыдай ән салып,
Құлыншақтарым

Күміс қоңыраудай жар салып,
Ботақандарым
Иір мойынды қобыздай
Боздап тұр.

Көкпеңбек мұздары
Тасқа түскен шыныдай
Шатырлап сынып жатыр.
Жап-жасыл көктері

Жерді көктеген инедей
Жапырлап шығып жатыр.
Алған демі
Көріктен шыққан ауадай

Аңқылдаған;
Қаздары
Қауырсындарын
Гармондай созып қаңқылдаған;

Бұлттарының
Дертіп тұрған желіндері
Сыздап иіп кеткен;
Аққулары

Аспанның аппақ
Қанатты домбырасындай
Күйлерін құйып төккен;
Ісініп толған

Саба мен местерде
Қымызын пісіп жатқан;
Батпақтай қою,
Балдай маңызды

Уызын ішіп жатқан
Наурыз келді.
Сөйлесе –
Жыланды іннен шығарған,

Көңіліңді суарған
Азаматын
Айдай әлемге жарқыратып;
Түңілікпенен дем берген,

Түтікпенен жем берген
Қазанатын арқыратып
Наурыз келді!

ЖЕР ШАРЫ

Сені біз
Анамыз дейміз.
Сен үшін
Күйеміз, жанамыз дейміз.

Сөйте тұра
Жаншып, таптаймыз.
Отқа қақтаймыз.
Адамдар сені

Ендік пен бойлықтың
Жіптерімен
Байлап тастаған:
Торға түскендейсің!

Маңдайың ашылмайтын
Сорға түскендейсің.
Неткен
Тентек, тасырмыз:

Бір бүйіріңді тесіп,
Бір бүйіріңді
Кесіп жатырмыз.
Сені қайғы-қасірет

Шырмауға айналды.
Барқыттай
Жасыл көйлегің
Шұлғауға айналды.

Жалмаңдаған
Болат темірлер
Сені қаршылдатып шайнап
Кеміріп жатыр.

Содан біреулер
Борсықтай болып
Семіріп жатыр.
Кеңістігіңнің

Беті тілініп
Кесік-кесік болды.
Орман-өкпелерің
Құрт түскендей

Тесік-тесік болды.
Сор басқан жерлерің
Төгілген жының сияқты.
У құйылған өзендерің

Жарадан аққан
Ірің сияқты.
Пана іздегендей
Кеңістіктің ішін

Аралап барасың.
Тебілген доптай боп
Домалап барасың!
Жер шарым-ау!

Шаршадың-ау!

МАҒАН ЕНДІ НЕ ДЕЙСІҢ?!

Жерге қолымды салсам
Байлық ұстадым.
Көкке қолымды созсам
Айды ұстадым.

Адамдары құшақтаса
Балаға айналдым.
Сөйлессе данаға айналдым.
Толқын кеп қақса

Азан да қазан болдым.
Қайтадан көктедім.
Дауыл кеп соқса
Күлтопырақ, тозаң болдым.

Жоғалып кетпедім.
Кетілсем,
Жетіліп жаттым.
Тірідей молаға көмді.

Елімді ойлап
Моламда да
Өкіріп жаттым!
Маған енді не дейсің?!

СӨЗДІҢ АТАСЫ ӨЛГЕН КҮН

Бүгін тал түсте
Шындықты айта алмаған
Сөздің
Атасы өлді.

Елдің
Батасы өлді.
Сөздің киесі –
Сөздің шырқыраған –

Жанындай болып
Ұшып кетті.
Сол, сол-ақ екен
Өтірік пен өсектер

Күмпілдеп
Ісіп-кепті.
Жалалар –
Қарғадай қаптап –

Жалпылдап ұшып,
Қарқылдап жатты.
Дарақы сөздер –
Жазықсыз жандарды –

Арпылдап қапты.
Жансыз сөздер
Желдей есті.
Арсыз сөздер

Сеңдей көшті.
Қадір-қасиет
Безіп кетті.
Елімді

Жыландай сумаңдаған
Зымиян сөздер
Кезіп кетті.
Сөздің атасы өлді!

ҰЛЫ АДАМНЫҢ ҚАБІРІ БАСЫНДА

Арқырап жатқан
Таудай қара тасқынға
Қасқайып қарсы жүретін
Қайығым едің.

Қайығыңды
Құйрығымен бір қағып
Астаудай аударып тастайтын
Жайыным едің.

Ертісім едің,
Еділім едің.
Жайығым едің.
Ойымыздың –

Бұлтты көкпен таласқан! –
Алатауы болдың.
Маңдайымызды сипаған
Періштенің

Алақаны болдың.
Сарқырамадай –
Бұрқырап төгіліп –
Қайнап тұратын едің.

Атылатын айдаhарды да –
Сөзбен арбап! –
Байлап тұратын едің.
Нұрға шомылып,

Жап-жарық сәуле ішкендей
Аппақ едің.
Ашулансаң –
Аяз,

Қуансаң –
Аптап едің.
Еміренсең –
Еліңді теңіздей шалқытып,

Тебіренсең –
Жеріңді
Балқытып жіберетін едің.
Қара жерге

Қалай сиып жатырсың?!
Қара ормандай халқыңды
Қалай қиып жатырсың?!

ҚОБЫЛАНДЫМ ҚОЛБАЛА БОЛДЫ

Сойым мен кескегім
Жыртылған қайыққа
Ескек болды.
Қобыландым қолбала,

Құртқам күң,
Тайбурыл мәстек болды.
Қасиетті жерім –
Аяғын сүртпестен! –

Әркім кеп отыратын
Бөстек болды.
Отын жақтырды.
Доңызын бақтырды.

Қорасын қалатқызды.
Табанымды жалағандар
Табанын жалатқызды...

ЖАЛҒАН АРМАН

Шіркін-ай!
Парықсызды –
Құлақшекесінен! –
Құлаштап тұрып ұрсам.

Оспадарды –
Тыр жалаңаш шешіндіріп –
Тікенек, шеңгелдің арасымен
Бақсыдан қашқан

Жындай етіп қусам.
Қатыгезді –
Кеспек құсатып! –
Балтамен

Қақ жарып тастасам.
Обырлардың қарнын
Ақ семсермен
Ақтарып тастасам.

Елімді басып жатқан
Уайым-қайғыны –
Жел болып соғып
Алып кетсем;

Өшкен ошақтарды
Қайтадан жағып кетсем.
Сатқынды
Табаныма салып

Балшықтай
Илеп тастасам.
Сұм мен сұрқияны –
Сирақтарынан ұстап! –

Елсіз шөлге
Сүйреп тастасам.
Бірақ
Мұның бәрі арман ғой!

Жалған өмірдің
Арманы да
Жалған ғой!

ЕРТЕГІ ӘЛЕМІМ

Ертегі әлемім!
Сені еске алып ем
Күндей күркіреп,
Айдаhардай бүктеліп

Долданды тереңім...
Көзді ашық-жұмғанша
Аяқтарына
Тас байлап жүгірген,

Табандары тілінген
Желаяқтарым жетіп келді.
Көлтауысарларың
Бір шара қымыздай

Бір көлді басына
Бір-ақ төңкерді.
Дәулерім
Тауларды қақпақыл қып

Ойнап отырды.
Төбелері бұлттардан асып
Бойлап отырды.
Отқа салса күймейтін,

Суға салса батпайтын
Батырларым
Бұғауларын быт-шыт қып
Қаhарланып жетті.

(Түңлікпенен дем берген,
Түтікпенен жем берген
Тұлпарларым
Тас қамауды

Тас-талқан етті.
Отыз күн ойындар,
Қырық күн тойлар өтті...
Мен сонда қайраттандым.

Мен сонда айбаттандым.
Бойыма күшім сыймай
Тасыған өзендей болдым.
Асу бермейтін

Кезеңдей болдым.
Қарсы келгенді
Қақ айырып жайраттым!..
Сонан кейін дамылдап

Найзағайлардың бұтақтарын
Отын қып сындырып
Қазан қайнаттым.

ҚАЙДА? НЕГЕ?

Бәрі де тарыдай ұсақ
Құмдай майда.
Бір кездегі
Таудай зорайып жататын

Ірілігім қайда?
Қайда?
Жауынды күнде де
Ағашпен ағашты ысқылап

Шырақ жағатыным қайда?
Қотанға түскен қасқырды
Қуып жетіп –
Тірідей! –

Тақымыма
Бір-ақ басатыным қайда?
Сыздықтатып, тамшылатпай
Тасты сойып

Шаптыратыным қайда?
Іштен шалып,
Оң жамбасыма салып,
Шалқая беріп

Лақтыратыным қайда?
Қайда?
Енді бүгін
Өрт тартқан ебелектей

Неге жалпылдап құлаймын?
Дауылды күнгі
Киіз үйдей боп
Бүкіл денеммен селкілдеп

Неге солқылдап жылаймын.
Неге?

ЖАҚСЫ АДАМ

Жәрдем Кейкінге
Мен сенің
Қасыңа барсам –
Мәуелеп піскен

Баққа кіргендеймін.
Мен сенің
Қасыңа барсам –
Тақсіреті жоқ! –

Таққа мінгендеймін.
Мен сенің
Жаныңда тұрсам –
Шалғын толқып жатқандай.

Мен сенің
Жаныңда тұрсам –
Теңіз шалқып жатқандай.
Сенімен сөйлессем –

Жанымның ішінде! –
Бір демде
Бау өсіп шыққандай.
Сенімен кездессем –

Іргемнен! –
Тау өсіп шыққандай.

ЕНДІ НЕ БОЛДЫ?

Жалына қол тимеген,
Мойнына бұғау түспеген
Тарпаң едім.
Құмырсқадай қыбырлап,

Үні шықпай сыбырлап
Кішірейіп келсе –
Жауыма да! –
Дарқан едім.

Қапалансам –
Тұңғиыққа
Батырып жібердім.
Қаhарлансам –

Теңізіңнің өзін
Сапырып жібердім.
Мейірімім
Қара темірді балқытып,

Қара тасыңды идірді.
Аптабым –
Жер түгіл –
Судағы балықты күйдірді.

Енді не болды?
Аптығым басылып қалды.
Шаттығым таусылып қалды.
Қазір мен –

Тұяғы жарылған
Тұлпармын.
Мүйізі сынған құлжа,
Қанаты сынған

Сұңқармын.

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ

Ұлықбек!
Өлеңдегі серігімсің!
Қып-қызыл
Сөздердің шоғын үрлеп

Күрсініп жатқан
Көрігімсің.
Жерімнің үстінен
Бұрқыраған дауыл өтсе –

Сенің жаның
Алай-дүлейлі
Шаңға айналады.
Елің жараланса

Сенің сөздерің –
Сорғалаған –
Қанға айналады.
Жарылыстардан

Далам
Айырылып, жыртылып жатқанда;
Үмітім
Кесіліп, қырқылып жатқанда –

Айтып жыладың
Қиянат, зорлықты.
«Заман-ай» деп зарлаған
Алтайдан шыққан дауысың

Алатауды жылатып,
Атырауды толқытты.
Шемен боп қатқан
Шердің түйінін

Шешіп жүргендейсің.
Аспандағы
Бұлттармен бірге
Көшіп жүргендейсің.

Сөніп қалған оттарды
Жағып жатқандайсың.
Ертіс пен Еділге қосылып
Ағып жатқандайсың.

Жалалы сөз күні
Қайғыдай боп
Қабарып тұрасың.
Жауыңның қылта тұсына

Жебедей болып
Қадалып тұрасың.
Оңаша қалсаң
Лапылдап жатқан жалын мен

От лақтырып жатқан
Жарқылға толасың.
Шарқ ұрып ұшасың!
Қонсаң да –

Томарға емес –
Шағала құс құсап
Толқынға қонасың.
Күлсең де

Күрсініп күлесің!
Жүрсең де
Жердің шетінде,
Желдің өтінде жүресің!

Өйткені заманың
Орай да борай соғып тұр.
Тағдырың солай болып тұр,
Ұлықбек!

ҚАТЫГЕЗ

Қарап тұр әлемге –
Көзі қанталап,
Адам біткенді –
Бұтын бұт,

Қолын қол етіп! –
Тастайды
Ағаштай жаңқалап.
Адалды арам аяғымен

Былғап
Кешіп тастады.
Әйелді аңыратып
Қос емшегін қылышпен

Кесіп тастады.
Атамның басына тепті.
Уын өзегіме құйды.
Зәрін өзеніме төкті.

Бомба боп жарылып
Жерімді
Қақыратып жыртты.
Ұрпағымды –

Құрсақта! –
Тұншықтырып құртты.
Жерімнің үстіне –
Қабағынан! –

Қар жауды.
Елімнің үстіне –
Күннің шапағынан
Өртеніп жатқан бұлттардан –

Қан сауды.

ТІЛЕК

Аллатағала!
Мен қазір
Жалғыз қалғандаймын!
Тілейтінім:

Дауыл соғып аударылсам –
Өзімнің жел қайығымда –
Аударылайын.
Суға кетсем –

Өзімнің Жайығымда,
Өзімнің Ертіс пен Ілемде
Суға кетейін.
Жауларым қуансын.

Мүрдем кетейін!
Егер құздан құласам,
Өзімнің құзымнан
Құлайын.

Егіліп, еңреп жыласам –
Өзгенің емес! –
Өзімнің үйімде
Жылайын.

Осы тілегімді
Бере гөр, құдайым!
Мені аралап кессе –
Өзгенің емес! –

Өзімнің арам кессін.
Мен де бір түйінмін! –
Мені шешсе –
Өзгенің емес! –

Өзімнің балам шешсін.
Күлге айналып сөнсем –
Оттай намысымды
Жаудың алдында

Асырып сөнейін.
Егер мен асылып өлсем –
Өзгенің арқанына емес –
Өзімнің арқаныма

Асылып өлейін.
Тілейтінім:
Жала жапса да
Жала іздемейін.

Дүние
Астаң-кестең болса да –
Басқа елден! –
Пана іздемейін!

БАҚСЫ

Елім текті еді.
Бірақ
Орнынан тұра алмайтын
Дертті еді...

Көзі шоқтай қанталап,
Айналасын
Азан да қазан етіп,
Жын мен перісін шулатып

Дабыл мен қобызын арқалап, –
Қалшылдап құтырған,
Оттың үстінен секірген,
Өгіздей өкірген,

Бұлтпен көшіп,
Желге мінген
Жалба-жұлба бақсы жетіп келді.
Буырқанған теңізді

Құмның үстімен жүргендей
Кешіп келді.
Шоқ түкірді,
От бүркіді.

Өзін
Қылышпен тіліп жіберді.
Денесін сығып,
Бүркіттей бүріп жіберді.

Дүниедегі
Бүкіл жынын жиды.
Қайнап тұрған суды
Үстіне құйды.

Аусыл бұқадай пысқырды.
Жыландай ысқырды.
Өңешін жыртып қышқырды.
Жын ұрғандай жылады,

Пері соққандай күлді.
Бөрідей ұлыды.
Бөрібасардай үрді.
Қып-қызыл қанжар жұтты.

Темірді матадай жыртты.
Жауырын қақтырды.
Өзін өзі
Жерге соқты.

Аспанға лақтырды.
Басын тасқа ұрды.
Шашын
Бытырлатып жұлды.

...Жерім
Селт етіп қаймықпады.
Елім дертінен
Айықпады.

ДАҒДАРЫС

Мен қазір –
Қабарып батып отырмын! –
Мұң мен қапаға.
Ақылым – айран,

Миым – атала.
Үмітім –
Шіріген жіп құсап! –
Бырт-бырт үзіліп жатыр.

Ойларым
Ойран болып –
Бомба түскен үйлердей
Бұзылып жатыр.

Тауды басып жатқан
Қара бұлттарға
Көміліп қалғандаймын.
Пойыздың астына түсіп,

Кіндік тұсымнан кесіліп
Бөлініп қалғандаймын.

НЕ КЕРЕК?

Жоқ кезімде бермей
Бар кезімде бергенің
Не керек?
Тар кезімде көрмей

Нар кезімде көргенің
Не керек?
Не керек?
Жыртылған қайықтай

Тозғанымда
Демемей,
Кемедей озғанымда
Демегенің не керек?

Қайырылған шегедей
Болғанымда
Жебемей,
Жебедей атылғанымда

Жебегенің не керек?
Не керек?
Бар кезімде сұрамай
Жоқ кезімде

Өтініп сұрағаның
Не керек?
Тірімде жерге тығып,
Өлгенімде

Өкіріп жылағаның
Не керек?
Не керек?

ҚАСКӨЙ

Мен сенің
Қолыңа түссем –
Терімді! –
Тірідей сыпырып аласың.

Сыпырып алған терімді
Шүберек құсатып
Шеңгелге жайып қоясың.
Қолыңа түссем

Дарға асасың.
Асып қана қоймайсың –
Буынып тұрған кезімде –
Астына от жағасың.

(Сол кезде мені –
Білемін –
Ешкімнің жоқтамасын!)
Сенің жаның сайтанда –

Шапсам да!
Шабылмайсың.
Сен –
Қаралы үйдің! –

Қызын зорлаудан
Тайынбайсың.
Сен! –
Өтірік, өсексің.

Есексің.
Қара бәлесің,
Қара жаласың.
Егер мен өлсем –

Қабіріме –
Бір уыс топырақ емес,
Бір уыс тікен саласың.

ШАРАСЫЗДЫҚ

Ұшсам –
Атты.
Жүзсем –
Ау құрды.

Жатсам –
Аттан салды.
Жүрсем –
Қақпан салды...

Содан бері
Күнімді санап жатырмын.
Жарамды жалап жатырмын.
Жұлқынып жатырмын, –

Құрған аудан шыға алмай
Жайындай
Бұлқынып жатырмын.
Амалым бітіп

Құрып тұрмын.
Ақ қар, көк мұзда
Қақпаннан босай алмай
Жүзінде қан-сөлі жоқ

Боп-боз Айға қарап
Бөрідей ұлып тұрмын.

БАЛАСЫН ҚҰТҚАРҒАН ӘЙЕЛ ТУРАЛЫ

Аңыз
Ерте, ерте, ертеде
Қойының үстіне
Бозторғай жұмыртқалап,

Итінің басына
Іркіт төгілген
Байтақ өлкеме –
Соңынан

Қып-қызыл өрт ерткен,
Демімен
Дүниені дертті еткен
Жауыздар тап берді.

Жасылымды құртты,
Асылымды жұтты.
Күйреген қала қалды
Бүлінген дала қалды...

Бір тайпа елден
Бір әйел мен
Бір ғана бала қалды.
Әйел текті еді.

Қаны қатқан кекті еді.
Баласын атқа мінгізіп
Алып қашты.
Қаптаған жауды

Қылыштай тіліп
Жарып қашты.
Қалың жау соңына түсті.
Әйел текті еді

Қанына қатқан кекті еді.
Аспан түнеріп
Найзағай шатырлады.
Жау жақындады.

Ажал боп алқымдады.
Әйел тарағын лақтырды.
Тарақ түскен жерге
Ну орман өсіп шықты, –

Бәйтеректер мен емендер
Көзді ашып-жұмғанша
Қара жерді тесіп шықты...
Дұшпан біткен

Орманда адасып кетті.
Бір-бірінен көз жазып
Жан-жаққа тарасып кетті...
Орманнан шығып.

Тағы да қуды.
Әйел текті еді.
Қанына қатқан кекті еді.
Семсердей жарқылдап,

Қылыштай қайралды.
Ол енді айнасын лақтырды.
Айна түскен жер
Өзенге айналды.

Жау бірақ одан да өтті.
Дүние қабарып
Тіршілік түнеріп кетті.
Ол енді қанжар лақтырды.

Қанжар түскен жер
Ақар-шақар тауға айналды.
Жау таудан өте алмады.
Әйелге жете алмады.

Дүние жел боп есті.
Замана бұлт боп көшті...
Сол баладан
Бір дүйім ел өсті.

Ол біздер едік.

ЖАНТАЛАС

Даламның үстін
Түндей қап-қара бұлт басты.
Біреулер олай қашты,
Біреулер бұлай қашты...

Жанталасып
Найзағайдың бұтағын ұстап ем
Олар сынып кетті...
Бәйтеректің бұтағын ұстап ем

Жел соғып
Жапырақтай жұлып кетті.
Тастарға жармасып ем
Тастар

Менімен бірге домалады.
Қолымды
Күн-түні балталады.
Жанымды

Күн-түні жаралады.
Мойнымды
Күн-түні аралады.
Сонда да болмадым.

АЯР

Сен мені
Алдап, арбап
Күліп тұрасың.
Ішіңнен –

Мақау иттей! –
Үн шығармай
Үріп тұрасың.
Баратын жерімнің бәріне

Торыңды жазып қойғансың.
Басатын жерімнің бәріне
Орыңды қазып қойғансың.
Тіктеп келсем –

Жықпыл-жықпылға кіріп
Түлкідей
Сырт қашасың.
Бұрылсам –

Соңыма арпылдаған
Ит қосасың.
Адамды адамға
Айдап саласың,

Қайта-қайта
Қайрап саласың.
Шіркін-ай, –
Күндердің күнінде! –

Мазақ етіп
Күндей күркіреп күлсем ғой.
Қара бұлттардың ішінде
Сілкініп жатқан

Найзағайлардың бұтақтарын
Суырып алып
Жоныңнан таспа тілсем ғой.
Айызым қанар еді.

БОСТАНДЫҚҚА ЖОЛ

Ғасырлардың түбінен
Бостандығымды іздеп шықтым.
Садағымды алдым,
Найзамды ұштадым.

Жолға шығарда
Қотыр тай ұстадым.
Қолым тигенде ол –
Құнан,

Жүген салғанда –
Дөнен,
Ер салғанда –
Бесті болды.

Екі аяқтыдан есті болды.
Асу-асу тауларда
Темір таяқ алдым.
Темір етік кидім.

Аязға тоңдым.
Аптапқа күйдім.
Жеті басты
Жалмауызға жолықтым.

Құлдай қиналдым,
Күндей торықтым.
От дариясын кештім.
Шыңдардың үстімен

Бұлт боп көштім.
Арсы-гүрсі шулаған
Теңіздерден өттім.
Қанымды төктім,

Қабырғамды сөктім.
Жол ұзақ болды, –
Артым құз,
Алдым мұзарт болды.

Замана суығы
Жүрегімді сығып,
Жанымды қарыды.
Астымдағы тұлпарым

Тулақтай арыды.
Темір етігім
Теңгедей болды.
Темір таяғым

Тебендей болды.
Мен оған зорға жеттім.

МАСКҮНЕМ

Арақты –
Көк теңізде жүзгендей! –
Жүзіп ішті.
Албастыдай арқырап,

Жын сияқты бұрқырап
Қызып ішті.
Шөлден кенезесі кепкендей
Жұтынып ішті.

Сабалақ жүнді сайтандай
Құтырып ішті.
Арын арбап ішті
Жанын жалдап ішті.

Теректей тіп-тік азамат
Қисалаңдап
Теңселіп кетті.
Таудай биік азамат

Шөмейіп
Жер шөгіп кетті.
Қылыштай өткір,
Құрыштай берік жігітім –

Былжыраған! –
Бір шайнам
Сағызға айналды.
Қыпшақ пен

Оғыздың ұрпағы,
Қорқыттай зарлы
Қобыздың ұрпағы,
Асанқайғыдай

Абыздың ұрпағы, –
Дөңкиіп
Шалшықта жататын
Доңызға айналды.

БАЛУАНДАР КҮРЕСІ

Белдеріне
Алты құлаш арқан ораған
Демдерінен бұрқырап
Дауыл бораған.

Денелерін матаған шынжырды
Он жігіт шіреп тартқан.
Табандарын тасқа қойып
Тіреп тартқан,

Жын ұрғандай аласұрған
Екі балуан ортаға шықты.
Бірін бірі көргенде
Көздері қанталап

Жалба-жұлба түктері
Тікендердей тікірейіп кетті;
Атылатын аңдардай
Жауырындары бүгіліп

Бүкірейіп кетті.
Біреуі
Бұқадай басын шайқап
Айқай салды.

Біреуі
Құтырған бурадай
Жер тарпып
Сойқан салды.

Жұрт азан да қазан боп
Шулап жатты.
Қос балуанның
Бұлшық еттері

Толқындардай бүктетіліп
Тулап жатты...
Біріне бірі тап берді.
Екі жартас

Соғысқандай болды.
Екі бұлт
Қағысқандай болды.
Дөң жер ойпаңға,

Ойпаң жер
Дөңге айналды.
Алқынған демдері
Жалын болды.

Құйылған терлері
Жауын болды.
Біреуі булықты,
Біреуі тұншықты...

Ошақтан шыққан түтіндей
Денелерінен
Будақ-будақ бу шықты.
«Әуп» деп көтергенде

Бір жартасты бір жартас
Алып бара жатты.
(Дүние төңкеріліп
Ауып бара жатты).

Бір бұлтты бір бұлт
Сүйрегендей болды.
Қабырғалар күтірлеп
Күйрегендей болды...

Екі балуан күресіп жатты.
Тіршілік
Дәл солардай
Бірін бірі ала алмай

Тіресіп жатты...

ӨКТЕМГЕ

Мені «үп» деп
Ұшырып жібергің келеді, –
Қураған
Жапырақ деймісің.

Мені
Жермен жексен қып
Тегістеп тастағың келеді, –
Үйілген

Топырақ деймісің.
Байқа!
Ұмтылсаң –
Жерге «бұрқ» еткізіп

Тындыра саламын.
Сілтеген қолыңды
Шырпыдай «бырт» еткізіп
Сындыра саламын.

ОЙ, ТОБА-АЙ!

Таулар
Түйелердей тулап;
Ормандар
Жесірлердей шулап;

Қара жер
Селебе тілген
Қарындай қақ айырылып;
Дүние

Асты үстіне шығып,
Үсті астына түскен
Замандар болған...
Сонан кейін де

Тәубаға келмеген
Адамдар болған.
Ой, тоба-ай!

ТАЛАНУ

Жан-жағымнан талады.
Талады!
Біреуі –
Жүрегімнің тұсынан! –

Инесін тықты.
Біреуі –
Аш бүйірімнен! –
Бізін сұқты.

Сонан кейін
Тілін сұқты.
(Тілін сұққан жерден –
Қан аралас –

Ірің шықты).
Біреулер –
Сұп-суық
Тікенек көздерімен! –

Шабақтап кетті.
Тілім аузыма сыймай
Салақтап кетті.
Қаштым!

Алдымдағы ағаштарды –
Шыбық құрлы көрмей! –
Жапырып қаштым.
Дүниені

Басыма көтеріп –
Бар даусыммен! –
Ақырып қаштым.
Жан дүнием –

Шырқырап! –
Зар қақты.
Тұла бойымды –
Жауындай сорғалаған –

Қан жапты.
Аяғымның
Астына қарамай –
Шоқ пенен шөңге демей! –

Басып келемін.
Ара талаған
Аюдай қорбаңдап
Қашып келемін!

ШЕТЕЛДІК АЛПАУЫТ

Несін жасырамыз!
Түңіліп тұрмыз.
Сонда да алдында
Желді күнгі ағаштай иіліп,

Бүгіліп тұрмыз.
Әлі піспеген бордай боп
Үгіліп тұрмыз.
Сен болсаң

Желдеген түйе құсап –
Танауың делдиіп! –
Қарамайсың.
Тек тұрмай

Жалаңды жағып
Қаралайсың.
Қорлап жатырсың!
Барымды да,

Жанымды да
Алтайдан Атырауға дейін
Алып ау құрып
Торлап жатырсың.

Біреуіміз
Ауаға тұншығып
Жағада аласұрып жатқан
Балықтаймыз.

Біреуіміз
Көлденең көсіліп жатқан
Қаралы табыттаймыз.
Қазір елім

Алақапшық көтерген
Ала шапқын.
Сен болсаң
Сол момын елге де –

Жерімде тұрып,
Төрімде отырып –
Майлы қара күйедей
Жала жаптың.

Бір тамшысын
Тамызбай
Балымды ішіп тұрсың.
Бір тамшысын

Ағызбай
Қанымды ішіп тұрсың.
Жерімді
Бүлдіріп бітірдің

Асымды ішіп
Аяғыма түкірдің.
Бетпе-бет кездесуге
Елден қашасың.

Кекірейіп
Кердең басасың.
Басындың.
Ашындым!

ҚИЯЛДАҒЫ БАҚЫТТЫ КҮН

Бүгін мен
Дүниеге симай
Шалқып тұрмын.
Қорғасындай еріп,

Балқып тұрмын.
Бір қолыммен
Сарыарқаның жонын сипап,
Бір қолымды

Алатаудың иығына
Артып тұрмын.
Аспанға зорға сиып, –
Қанатыммен жел тұрғызып

Ұштым.
Атырауды көтеріп ап
Жуындым.
Балқашты көтеріп ап

Іштім.
Аспанның шамдарын
Жеріме әкеліп
Жағып қойдым.

Ауыл мен қалаларымды
Орден мен медальдардай –
Жарқыратып! –
Даламның омырауына

Тағып қойдым.
Алтын Күн мен
Күміс Ай
Бойыма нұрларын

Құйып тұрды.
Ақша бұлттар
Сүттей аппақ боп –
Дәл төбемде! –

Ұйып тұрды.

КӨК ТҮРІК БАТЫРЫ ӨЛГЕНДЕ

ӘЙЕЛІНІҢ АЙТҚАН ЖОҚТАУЫ

Оң жақтағы
Айым құлады.
Сол жақтығы
Күнім тұтылды.

Маңдайымдағы
Жұлдызым сөнді.
Арыстаным жығылды.
Арысым өлді.

Неден мерт болдың, батырым?
Зулап ұшқан жебені
Ауада ұстап ап
Тізеге сап

Сындыратының қайда?!
Жауыңды
Көжектей алқымынан сығып
Тұншықтырып

Тындыратының қайда?!
Жолбарысты
Құйрығынан ұстап
Басыңнан асырып

Лақтыратын едің.
Ішіңдегі оттың қызуынан –
Аласұрып! –
Аптығатын едің.

Өртеніп кеттің бе?!
Жатсаң – төбедей,
Тұрсаң емендей едің.
Тасқын аса алмас

Көлдегі кемердей едің.
Неден мерт болдың, батырым?
Елің егіліп тұр, –
Көзден аққан жастары

Нөсер боп төгіліп тұр.
Бәйтерекке байлап қойғанда
Бәйтеректі қопарып
Арқалап кететінің қайда?!

Темір торларды
Ағаштай сындырып,
Отындай бұтарлап
Жаңқалап кететінің қайда?!

Неден мерт болдың, батырым?
Ақылың
Інжу-маржанға толы
Сандықтай еді.

Ақырып шыққан дауысың
Жапырып жіберетін
Қаған айтқан
Жарлықтай еді.

Алтай тауға
Қара бұлттар ағылды...
Шынардан иген шаңырағың
Қара жамылды.

Неден мерт болдың, батырым?
Сенің
Алтын құтыңның қуатын
Күміс құрсағыма құйып,

Арыстанның жүрегімен
Жерігімді басып
Он бала таптым. –
Байлыққа кенелдім,

Бақытқа баттым.
Сол он балаңды
Жауыңа
Ертең аттандырам.

Сенің кегіңді алады!
Кегіңді алмаса
Сол жерде өлім табады!
Өмірем қабады!

КҮМӘН МЕН КҮДІК БАСҚАН КҮН

Бүгін мені
От жағып
Құрта алмайтын,
Оқ атып тесе алмайтын,

Семсер сілтеп
Жырта алмайтын
Күмән мен күдік
Басып тұр.

Жаным жасып тұр!
Алатауымның шыңдары
Арық атанның
Өркешіндей боп

Құлап қалғандай.
Көлім суалып,
Шалғыным
Қурап қалғандай.

Әлдекімдер,
Жасыл жайлауымды
Түкті кілемдей орап
Иықтарына сап –

Алып кеткендей.
Ормандарымның
Бұтақтарын турап,
Діңгек-жіліктерін

Шағып кеткендей.
Аққуларымның ұясы,
Бұзылып жатқандай.
Аспанымның алқасы –

Тырналардың тізбегі –
Быт-шыты шығып
Үзіліп жатқандай.
Арманым мерт болып

Үмітім жанып кеткендей.
Көктегі күнім тайып,
Айым ауып кеткендей.

БІЗ ҚАНДАЙ ЕДІК?

Арымас аттар мінетін,
Тозбас тондар киетін;
Қара тастарды қақ жарып
Қарағайлардай

Қаптап өсетін;
Қара нарлары
Шудалары желкілдеп
Қара бұлттардай көшетін;

Айғырлары
Күнге қарап кісінеп,
Биелері
Айға қарап құлындаған;

Кетіссе –
Бұрылмаған.
Сөздерін
Тасқа қашаған;

Алыпсоқтарының итаяғын
Оюлап
Жезден жасаған;
Алтайды жастанып жатса

Аяғы Үрімге жеткен,
Керілсе
Үрімнен де өткен;
Кермелеріне

Тайбурыл мен
Керқұла байланған;
Алты айшылық жолдарды
Алты күнде айналған;

Қамалдары
Құлжалар шыға алмас
Ақар-шақар құз болған;
Қағандары

Күн астындағы
Күнікей қызды алған;
Тәңірден басқа
Қайтпаған ешкімнен;

Ібіліс, жындарға
Қара тастарды түттіріп,
Дию мен періге
Құмнан арқан естірген;

Күн жағы
Күміс діңгекті,
Ай жағы
Алтын діңгекті

Ордада отырған;
Сол жақтан келгенді
Жапырған;
Оң жақтан келгенді

Опырған;
Желдей аңқылдап,
Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін,
Даладай кең,

Таудай биік халық едік.
Алып едік!
Сол елді
Алқымынан сыға-сыға

Шымшық торғайдай
Шиқылдап сөйлейтін
Төменшік етті.
Төбесінен ұра-ұра

Таудай денесін шөктіріп
Төбешік етті.
Шүкір!
Қайтадан көтеріліп келем!

Баяғы Айым
Қайта туардай!
Баяғы күнім
Қайта шығардай!

КЕШЕ МЕН БҮГІН

Менің кеше –
Аяғыма! –
Қара тас байлап қойды.
Алшаңдап

Жүре алмадым.
Төбеге шығып
Туымды тіге алмадым.
Менің кеше –

Аузымды! –
Буып қойды.
Айтарымды айтқызбай
Таспамен тігіп қойды.

Менің кеше –
Көзімді таңып қойды.
Көрсең –
Көзіңді жоямын деп

Қасыма табыт қойды.
Менің кеше –
Қолдарым бұғаулы болды.
Бұлқынсам –

Сұраулы болды.
Соның бәрін көрдім.
Соның бәріне көндім.
Бүгін –

Тас алынды.
Бұғау шабылды.
Таспа кесілді.
Ауыз шешілді.

Бірақ
Аяғымыз
Бағымызға қарай емес,
Сорымызға қарай

Бастайтыны несі?
Аузымыз
Жақсылықты айтпай
Бәле-жаланы айтып

Қақсайтыны несі?
Көзіміз –
Өзгені емес! –
Өзімізді аңдып,

Бағып тұрғаны қалай?
Қолымыз
Құшақтаудың орнына
Өзімізді жағадан

Алып тұрғаны қалай!

ҚАРҒЫС

Сонау ерте заманда
Аңдаусыз жатқан
Аңқау елімді,
Аттан түсіп

Семіріп кеткен
Жалқау елімді, –
Жау шапты.
Қара құрымдай қаптады.

Талауға түсірді.
Табанға салып таптады.
Аяғына бұғау,
Мойнына құрық салды.

Еркек кіндікті
Түк қалдырмай
Қырып салды.
Әйел біткен сұңқылдап

Шаштарын жұлып,
Беттерін
Қанжоса қып осып,
Күл шашып,

Топырақ лақтырып сарнады.
Маңдайын
Қос қолдап ұрып,
Қара жерді тоқпақтап

Қанішер сол елді
Күнімен,
Түнімен қарғады.
Таңға қарап қарғады,

Қанға қарап қарғады,
Айға қарап қарғады,
Күнге қарап қарғады,
Отқа қарап қарғады

Оққа қарап қарғады.
Орындарына қарғап жатты.
Орындарынан қарғап тұрды.
Жердің үсті

Талақтай түрге еніп,
Аспан асты
Әруақтай күңіреніп
Зарлап тұрды.

Айнала
Алағай да бұлағай боп
Ібіліс, жындармен
Өшіккендей болды.

Тәңірі ием
Қарғысты
Есіткендей болды.
Дүние түнерді.

Аспанға
Талақтай қағынып,
Өкпедей ісінген,
Жай атып,

Жасын лақтырған
Қап-қара бұлттар шықты.
Бір жұртты қырып салған
Елдің үстіне

Сол бұлттар
Ағылып жетті.
Самұрық құстың қанатындай
Бауырынан

Дауыл соқтырып
Сабылып жетті.
Аспан қақырып жарылды.
Әлдене есірді,

Әлдене қабынды...
Сол елдің үстіне
Қара бұлттардан
Қара шұбар жыландар

Жауып тұрды.
Аспаннан ирелеңдеп
Күндіз-түні ағып тұрды.
Сумаңдап түсіп

Қанішер елдің
Есігінен де кірді,
Тесігінен де кірді,
Бесігіне де кірді.

Уын шашты.
Қанын сорды.
Сол ел
Қынадай қырылды.

Көктей солды.

ТАЛҚЫ

Өткен заманда –
Елімді –
Тауға апарып бір соқты.
Тасқа апарып бір соқты.

Дүниені жын соқты.
Қанын сорды.
Жалаңдаған орағымен
түп-тұқиянымен орды.

Асты, атты.
Қалғандарын
Балғасымен ұрып
Еменнің көзіне сіңіріп

Шеге етіп қақты.
Елімді –
Зорлық пен зомбылық! –
Қолындағы ұршық қылды.

Доңыз сарыған
Суға тығып
Тұншықтырды.
Апыр-ай!

Тау-тасқа соққанда да –
Ондырмай соққан екен –
Әлі күнге
Есімді жия алмай отырмын.

Жасымды тыя алмай отырмын.
Орғанда да
Түбімнен орған екен
Қаулап

Кете алмай тұрмын.
Бүгінімді ертеңге
Жалғап
Кете алмай тұрмын.

Жан-жағыма
Бұрылмай жатырмын.
Еменнің көзіне –
Қаққанда да! –

Сіңіріп қаққан екен
Суырылмай жатырмын.
Көзіме
Жас алып тұрмын.

Тұншықтырғанда да –
Буындырып
Тұншықтырған екен! –
Жөндеп сөйлей алмай

Тұтығып, шашалып тұрмын.

АЙДАУДАҒЫ АРЫСТАР

Еліне теңдік сұраған
Арыстарымның
Мойнына бұғау түсіп,
Аяқ-қолдары

Матап байланды.
Жат ел, жат өлкеге –
Ібір-сібірге, –
Одан да әріге

Малша айдалды.
Төбедей арыстарым
Бір уыс болып,
Түймедей түйіліп қалды.

Тілерсектері қанжоса боп –
Көк мұзға!
Қиылып қалды.
Оппа қардан

Омыраулап шыға алмай
Құлап жатты.
Тастардай шашылып
Сұлап жатты.

Арып, ашыды.
Биттеп құрттады.
Зәр ішіп,
Запыран ұрттады.

Азап пен қорлықтың
Бәрін көрді.
Сонда да
Ұйықтаса – түсінде,

Оянса – есінде
Елін көрді.
Елінің жерін көрді.
Иілген шөптей болып

Бүгіліп тұрса да,
Терілері
Сүйегіне жабысып,
Жіптей жіңішке сіңірлері –

Үзіліп кетердей! –
Ілініп тұрса да –
Елін ойлап егілді,
Жерін ойлап сөгілді.

ҚАРЛЫ БОРАСЫН

Ақ түтек борасын
Аспанның астын толтырып
Ышқынып соғып тұр;
Бет қаратпастан

Ысқырып соғып тұр.
Жер үстін жалмап
Сыпырып кеткендей,
Дүние жұтылып кеткендей.

Астыққа толып
Қампиып жататын
Алып қамбалардай,
Қап пен қанарлардай

Жота мен белдер де
Көрінбейді.
Дөңес пен дөңдер де
Көрінбейді.

Көк пен жердің арасында
Көзге көрінбейтін
Ғаламат шеңбер-доңғалақтар
Зырқырап, зуылдап,

Шуылдап айналып –
Көмейінен! –
Ұйтқыған ақ қарды
Құйып жатыр.

Қайқаң жерлерден сыпырып,
Ойпаң жерлерге
Қуып жатыр.
Жын қаққандай

Бұрқырап жатқан,
Әбілет соққандай
Жұлқылап жатқан
Сойқан дүниенің

Тегершік, тұтқасындай –
Тал менен теректер! –
Дір-дір етіп тұр.
Дүлейлі алапат қуат

Жер үстін
Сүргін етіп тұр.
Сұрапыл құдіретті күш
Дүниені

Тарпып жатқандай;
Аптыға асап
Қарпып жатқандай;
Астыққа толы

Қап пен қанарлардай
Дөңкиген
Жота мен белдерді
Диірменге салып

Тартып жатқандай.

БЕРІКТІК

Жұмағали Әбуұлына
Мені, қазақты, –
Жан-жағымнан анталап! –
Құртқысы келді.

Дүкендегі матадай –
Дар еткізіп! –
Жыртқысы келді.
Су шүберектей

Сығып тастағысы келді.
Шөлдегі құмдай
Үгіп тастағысы келді.
Білемін:

Жұғымым аз,
Жатқа мұздаймын.
Бірақ мұз емеспін!
Жел үңгіп,

Күн кеміріп,
Жаңбырлар тамшыларымен
Мүжіп жатса да
Құламайтын құздаймын!

ҰСАҚ АДАМ

Сен

Ұсақсың, майдасың, күйкісің.
Әлдекімдердің –
Балағында жүрген! –
Битісің.

Жүн-жұрқа мен
Қоқыстың ішінде
Қыбырлап жатқан
Құртсың.

Қыртсың!
Жоқ нәрсені теріп
Байбаламға саласың.
Айтпады деме –

Түбінде! –
Айдалада қаласың.
Қоймайсың!
Өсек-жалаға тоймайсың.

Мен сені
Биттей сығып тастар ем –
Асыл тырнағым! –
Қан болады ғой.

Құрттай мыжып тастар ем –
Асыл аяғым! –
Былғанады ғой.

ӨМІР

Сен, өмір,
Қаталсың, қаттысың.
Ащысың!
Сонда да тәттісің.

Бірде жазамсың.
Бірде қазамсың.
Сонда да базарсың.
Мен сенен –

Қаншама рет! –
Опық жедім.
Қырқылып қарайдым.
Сонда да мен саған –

Түрменің тесігінен! –
Сығалап қараған жандай
Ынтығып қараймын.

ӘКІМ ІНІЛЕРІМЕ

Ислам, Әли, Әуелхандарға
Сендер бізді
Жотаның үстімен жүргіздіңдер,
Таулардың үстіне мінгіздіңдер.

Қазақтың талай ақыны кірмеген
Бұлттардың ішіне кіргіздіңдер.
Күндей күркіретіп күлгіздіңдер,
Талай-талай тарихты білгіздіңдер!

(Әкім інілерім мен
Ақын інілерім
Шұрқырап табысты.
Өзен мен өзен қосылғандай

Бұрқырап табысты).
Ормандарға кіріп
Қайындардай болдық.
Өзендерге түсіп

Жайындардай болдық.
Өгемдей сарқырадық.
Бөгендей жарқырадық.
Шардараны шайқап іштік.

Қызылкөлді – рас! –
Тұзды екен
Байқап іштік...
Күн де жанып тұрды.

Сендер де жанып тұрдыңдар
Жанымызды алау етіп
Жағып тұрдыңдар.
Араларыңда

Ақ жүрекпен ақтарылып
Жарылып жүрдік.
Ағаштардың жапырақтарын –
Күн өтпесін деп! –

Жамылып жүрдік.
Адамдармен кездесіп
Алыптарға айналдық.
Бұрқырап тасыған

Ақ жал толқынды
Шабыттарға айналдық.
Мыңжылқыдай марқайдық,
Қазығұрттай қартайдық.

НАРМАХАН БЕГАЛЫ

Қара күштің иесі
Қажымұқанның жерлесі,
Бегалыұлы Нармахан,
Саған тұғыр екен

Әр тауың мен әр жотаң.
Сен Қажымұқандай
Тас көтере алмайсың.
Сен Қажымұқандай

Темір ие алмайсың.
Сен тіпті
Қыбырлаған құмырсқаға да
Тие алмайсың.

Бірақ сен сөйлесең
Ордабасы, Өгем де,
Қазығұрт пен Бөген де
Сөйлеп тұрады –

Сол кезде адамның басына
Тауға жиналған бұлттай
Ой кеп тұрады.
Сен темір түгілі

Бұтақ та сындырмайсың.
Бұтақ түгілі – өзгеге! –
Туған жеріңнен
Жапырақ жұлдырмайсың.

Сен бірақ
Ерсініп келгенді –
Тоңқалаң асырып! –
Сөзбенен түйреп жібересің.

Пәлсініп келгенді –
Қара балшық қып
Сөзбенен илеп жібересің.
Илеп жібересің де

Кесек қып құйып –
Ит саритын! –
Қораның бұрышына
Қалап тастайсың,

Немесе,
Сөздердің дойырымен
Қанжоса қып
Сабап тастайсың...

УӘЖ

«Бас жарылса – бөрік ішінде,
Қол сынса – жең ішінде».
Осылай жұбатасың.
Жұбатамын деп

Жылатасың.
Осы сөзіңнен шошынам.
Бөрігім мен тонымды
Қорқаулар алып кетсе –

Жарылған басым мен
Сынған қолымды
Немен жасырам?!

БҮГІНГІ ЕРТЕГІ

Айдалада
Жалғыз қап –
Жабығып тұр едім.
Өрт шалған ағаштай

Қамығып тұр едім.
Аспаннан
Үйдің орынындай
Мұнтаздай бұлт түсіп

Мамығына орап
Мені
Көкке алып кетті.
(Байқадым,

Мені танып кепті).
Аспанға шықтым.
Бір сәтте жеп-жеңіл
Аппақ түбіттей болдым.

Уайым, қайғысыз
Аппақ үміттей болдым.
Періште қыз іздеген
Жігіттей болдым.

Ақ бұлттарға
Армансыз шомылдым...
Содан кейін
Қара жартастай

Қара бұлттарға
Соғылдым.
Соғылдым!
Қара бұлттардан

Қып-қызыл
Найзағайлар шығып
Шатырлап кетті.
Аспан

Күркіреп, күтірлеп
Сеңдер соғылғандай
Сатырлап кетті...
Сонда ғана

Талықсып жатқан елімді,
Сусырап жатқан жерімді
Есіме алдым.
Найзағайлардың бір бұтағын

сындырып алып
Таудан асып бара жатқан
Бұлттарды
Сауырынан сабалап жүріп

Қайырдым.
Аңғар-аңғарларда
Қосақталып жатқан
Бұлттарды

Бауырынан – жағалап жүріп –
Айырдым.
Отығып жатқан
Отар-отар қойлардай,

Құйрық-жалдары желбіреген
Табын-табын жылқылардай,
Шудалары желкілдеген
Иір мойын түйелердей –

Бұлттарды! –
Ыққа қарай
Жөңкілтіп қудым.
Желге қарай

Желпінтіп қудым.
Біразын
Маңғыстау құлатып,
Біразын

Торғайға тоғытып,
Біразын
Шыңғыстау асырдым.
Шексіз қуандым.

Шексіз тасындым.
Жерге түстім...
Қайтадан қамықтым.
Қайтадан жабықтым.

ӨТКЕН КҮНГЕ ЭКСПРОМТ

Қайық деп мінгенім
Табыт болды.
Гүлтәж деп кигенім
Қамыт болды.

Бал деп жегенім
Желім болды.
Көргенім –
Өлім болды.

Қараған тесігім
Көрдің тесігі болды.
Қаққан есігім
Түрменің есігі болды.

КӨКПАР

Ортаға көкпар тасталды.
Сұрапыл дода басталды.
Жұрт біткен
Көкпарға лап қойды.

Біреулер еліріп
Тебініп жатты.
Үріккен аттар
Қамшыға көміліп жатты.

Шаң-тозаңдар
Күн көзін көмгендей болды.
Тұйыққа тіреліп –
Шақыр да шұқыр,

Үйме де, жүйме боп –
Айқасқан сендердей болды.
Бір шабандоз
Жолыңдағының маңдайын

Қақ айырып жарып кетті.
Оның басына
Ауаны тілген қамшылар
Жыландай ысқырып

Жауып кетті.
Біреу кеп
Біреудің өңменінен
Түйіп жіберді.

Оның атының айылын
Басқа біреу
Кездігімен қиып жіберді...
Аттардың

Деміккен өкпесі
Сенектей болды.
Делдиген танаулары
Шелектей болды.

Додаға бірі шығып,
Бірі кірді.
Тұяқ тураған жусаңдар
Құмдай иленіп,

Күлдей үгітілді.
Қиқу мен
Шудан шошыған
Құс біткен

Бұлттардың ар жағына асты.
Бұлттар
Оқ тиген
Алып мақұлықтай күркіреп

Тауларға қашты...
...Атының сауыры
Төңкерілген қазандай;
Дауысы

Шақырған азандай;
Ердің үстіне
Құйылған шойындай;
Мойыны

Бұқаның мойнындай;
Түсі
Қара көмірдей;
Білектері

Белтемірдей, —
Бір шабандоз
Сұрапыл доданы
Сендей қақыратып кеп

Көкпарды көтеріп алды.
Жанына жан жолатпас
Оттай боп
Өртеніп алды.

Біреулер
Құм қапты.
Біреулер
Жер жастанды.

Өңмеңдеп ұмтылып,
Едіреңдеп жұлқынған
Алапат тартыс басталды...

ТӨБЕЛЕС

Қаланың қақ ортасында
Алаңның
Тап ортасында
Екі қазақ төбелесіп жатыр.

Біреуі біреуін
Баспен соқты,
Жерде жатқан
Таспен соқты.

Біреуі біреуін –
Тепкілеп! –
Қамырдай иледі.
Біреуі біреуін –

Арам қатқан! –
Малындай сүйреді.
Еттері –
Жыртылған шүберектей! –

Жалбырап сөгілді.
Тістері –
Жүгерідей! -
Cаудырап төгілді.

Өшігіп, ашынып соқты.
Бұғып қалып –
Бастарынан! –
Асырып соқты.

Бірін бірі –
Қырқылған! –
Кеспектей етті.
Ит тартып –

Жыртылған! –
Бөстектей етті.
Гүрзідей соққыдан
Беттері быт-шыт боп

Бұзылып жатты.
Шықшыттары – ілмешектей! –
Үзіліп жатты.
...Құдай-ау,

Бұл дүние не боп барады?!
Айнала қарасаң
Бір қазақты бір қазақ –
Аямай! –

Тонап жатыр.
Бір қазақты бір қазақ –
Аямай! –
Сабап жатыр.

КЕШЕГІ КҮН ҚАСІРЕТІ

Өзгені айтсам
Қол жетпейтін
Аспан мен таудай еттім.
Өзімді айтсам

Өңменінен итеріп,
Өзегінен теуіп
Жаудай еттім.
«Ағамыз» ақырса

Бақшадағы
Шоқпыт қарақшыдай
Жалбаң қақтым.
Шақырса

Боқтық көрген қарғадай
Қалбаң қақтым.
Арқамнан қақса
Туысымды ұстап бердім.

Кеудеме
Темірін тақса
Қойнына қыз сап бердім.
Жасыл жайлауым

Сортаң мен сораң болды.
Қазғаным –
Өзімнің көрім,
Көмгенім –

Өзімнің молам болды.

САҒАН

Бұқадай басыңды шайқап
Жұлқынып тұрғаныңа қарап,
Ұмтылып тұрғаныңа қарап
Қорқатын едім.

Жарып тастай ма деп
Аяғымды тартатын едім, –
Ұқтым:
Мүйізің

Киіз боп шықты.
Күнге шағылысып
Жарқырап тұрғаныңа қарап
Кемел деп ойлап ем,

Терең деп ойлап ем, –
Ұқтым:
Тобықтан келмейтін
Тайыз боп шықтың.

Талтайып тұрғаныңа қарап
Тұлғаңа тоймайтын едім.
Жартас деп ойлайтын едім, –
Ұқтым:

Жүн толтырған
Қанар боп шықтың.

ЖАРЫЛЫСТАР

Ұлы далам
Жерге ұрған қарбыздай
Қақырап жарылды.
Күннің көзі

Өлік шыққан үйдегі айнадай
Қара жамылды.
Жердің астынан
Жетіқат аспанға жететін

Өттей улы
Саңырауқұлақтар өсіп шықты.
Жер-ананың омырауын
Ойран қып тесіп шықты.

Дүние күл болып өшті.
Шаң-тозаңдар
Бұлт болып көшті.
Тіршілік

Тұншығып бүрісіп қалды.
Алып далам
Кепкен терідей
Бір уыс боп

тырысып қалды.
Дөңкиген тастарың
Жарылған ірінді жарадай боп
Ағып кетті.

Көк тіреген теректер
Өрт тиген шырпыдай боп
Жанып кетті.
Бауыр езіліп

Өкпе-өзек қағынды.
Абайдың сүйегі
Сүйменмен ұрғандай шағылды.
Ішкенім ірің,

Жегенім желім болды.
Татқаным у,
Тапқаным өлім болды.
Жан біткен

Елес боп көшіп,
Сұлба боп шұбырды.
Мал біткен
Шыбындай қырылды.

Тілектерім
Пышақ кескен тоқымдай
Тілім-тілім болды.
Жүректерім

Ит тартқан балақтай
Жұлым-жұлым болды.
Жұмыртқалар іріп
Су болып ағып жатты.

Жапырақтар шіріп
У болып тамып жатты.
Қаңқасы қалған қарттарым
Қалақтай боп

Қалқайып тұрды.
Балаларым
Алпыстағы шалдардай
Шашы ағарып

Қартайып туды.

АЛАЯҚ

Мұңайып сөйлесең –
Өмірден тәшпіш көріп! –
Жүрегіңнен
Қан сорғалап тұрғандай.

Тыңайып сөйлесең –
Тіліңнен –
Бал сорғалап тұрғандай.
Кімді болса да

Алдап аласың.
Арбап аласың.
Жең ұшымен жалғасып
Жалдап аласың.

Күл астындағы судай
Білдірмей бүлдіретін
Бұзықсың.
Май табанында –

Жасырынып жатқан –
Алмас тырнағы бар
Мысықсың.
Ішіңде! –

Үйдей үлкен
Бәле жатыр.
Сол бәлені мекендеген
Ірің ішетін құрт пенен

Қан сорғыш
Кене жатыр.
Кездескен жанға –
Жалтылдап,

Құбылып ойнаған
Қылықтысың.
Бірақ та
Ұйығанды ірітетін

Іріткісің.
Екі адамды жау қылсаң –
Білдірмей мәз болып –
Күпсіп тұрасың.

Қашан көрсем де
Ішіңде – сөнбейтін! –
Шала жатқандай
Бықсып тұрасың.

Мен сенімен –
Жан беріп,
Жан алысардай
Жағаластым.

Жеңе алмадым!
Өйткені сен
Ібіліспен кіндіктес,
Албастымен аталассың.

ҚАРА НӨСЕР

Көктем-ай!
Қара нөсердің төккені-ай!
Бүкіл бұлттарды
Осы жерге

Жиып жатқандай.
Төбемізден суды –
Жаңбырмен емес –
Күбі, шелекпен

Құйып жатқандай.
Аспанның түбі
Тесіліп кеткендей
Күрпілдеп пісіліп жатқан

Сабалардың аузы
Шешіліп кеткендей.
Қара нөсер –
Сел жүргендей! –

Таудың өзіне
Ауыз сап тұр.
Сарқыраған сулар –
Шөккен түйелердей

Жоталарды –
Қорқыратып! –
Бауыздап тұр.
...Сонау бір қайыңның

Тұла бойынан
Су шүмектеп
Сорғалап тұр –
Қара нөсерде –

Баласын күткен анадай –
Жол қарап тұр.

ТӨЗІМ

Уақыт-ай,
Менен қаншама рет! –
Сырт айналып бездің.
Темір екенмін!

Төздім.
Дүниені жапырып
Дауыл соққан заманға да –
Құздай қымтанып

Төздім.
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне
Мұз қатқан заманға да –

Мұздай құрсанып
Төздім.
Арыстарым
Малша тоғытылып

Қамалған заманға да –
Төздім.
Сәбидің шашы,
Кәрінің көзі

Ағарған заманға да –
Төздім.
Ақырып сөйлеген,
Бақырып қайырған

Ақи көз заманға да –
Төздім.
Төбемді ойып,
Желкемді қиған

Қатыгез заманға да
Төздім.
Төзіп жүріп
Теңдікке жеттім.

Төзіп жүріп
Елдікке жеттім.
Шіркін-ай,
Бұдан былай –

Зарлай бермей! –
Шерді қойсам ғой.
Алатаудың бір шыңын
Даламның ортасына апарып –

Төзіміме! –
Белгі қойсам ғой.

ҚАУІПТІ ЖАН

Қай заманда да
Шындықты айтқан адам
Қауіпті ғой.
(Қай заманда да

Шындықты айтқан адаммен
Жауықты ғой).
Ондай жанның
Жағын айырып, –

Көмейіне! –
Тас сап жіберген.
Ондай жанды –
Бұрқылдап! –

Қайнап жатқан қазанға
Тастап жіберген.
Бұзылған құдыққа салып,
Талтайып тұрып, –

Басына! –
Шаптырған.
Аяқ, қолын буып
Ордалы жылан жатқан –

Шұңқырға! –
Лақтырған.

МЕШКЕЙЛЕР ЖАРЫСЫ

Құлқындары
Қырық құлаш терең.
Арандары
Алпыс кез апандай

Мешкей біткен
Жарысқа түсті.
Жан берісіп,
Жан алысатындай

Сайысқа түсті.
Түйені түгімен,
Биені бүгімен жұтатын
Баяғы мешкейлер

Далада қалды –
Бір сүйем шабақтай боп
Жағада қалды.
Келген бойда

Қора-қора қойларды
Қотанымен жұтты,
Табын-табын сиырды
Бұқаларымен қосып

Торпағымен жұтты.
Үйір-үйір жылқыларыңды
Сыпырып алып
Уысына қысып шыңғыртты.

Көмейіне
Бір-ақ қылғытты.
Шұбалып, шұбырып жатқан
Эшалон-эшалондарыңды

Білем-білем
Қазы мен қарта құрлы
Көрмеді.
Жұтқан сайын елірді.

Жеген сайын өрледі.
Қара жерімді
Доңыздай қопарды.
Өзен, көлімді

Сорпадай қотарды.
Темір-терсектерді
Өлексенің қанқаларына
Қонған құзғындай

Шашып жеді.
Алтын, күмістерді
Бауырына басып жеді.
Теңгелеріңді

Тең-теңімен,
Долларларыңды
Дорба-қабымен асады.
(Құдай-ау,

Тәбетін қашан басады).
Жердің үстінен де,
Астынан да түк қоймады.
Бәрібір тоймады!

Жарыс жалғасып жатты...

ТОЗАҚТЫ ҚАЗАҚ КӨП КӨРДІ

Тозақты қазақ көп көрді.
Бастарынан
Зұлматтан
Зұлмат өткерді.

Тірідей отқа қақтады.
Күлге аунатып таптады.
Әзірейілдер жеріме
Сұқтанып

Сұғынып алды.
Жендет қолдарын
Кеуделеріне тығып жіберіп
Шыбын жандарын –

Шырқыратып! –
Суырып алды.
Қоңыраулы гүрзілерін шулатып
Мүңкір-нәңкүрлер

Төбесін ойды,
Маңдайын жарды.
Сорғалаған қанын
Сораптап ішіп қанды.

Таудың үстіне
Тас арқалатып айдады –
Азапқа салды.
Отқа шыжғырды,

Тозаққа салды.
Көз жасын,
Бұршақтай төккізді.
Қылдай көпірден өткізді.

Уа, жаратқан ием!
Қасіретті
Көп көрген еліме
Мәртебе, мерей бер.

Мейіріміңді төгіп,
Рахымыңды түсіріп
Желеп-жебей гөр!
Әумин.

КӨК ТҮРІК АБЫЗЫНЫҢ ТІЛЕГІ

Уа, құдіреттің Құдіреті,
Көк тәңірі,
Алдымен өзіңнен тілеймін.
Жеріме

Жылуы мен Нұрын құйған
Күн менен Айдан тілеймін,
Төбемде
Шатырлап жатқан

Жасын мен жайдан тілеймін,
Судан тілеймін,
Оттан тілеймін!
Еліме

Таулардың жасындай өмір бер.
Ата-бабалардың
Аңсап өткен
Арман-шерін бер,

Сертінен таймайтын
Сенім бер!
Айбынымыз асып тұрсын!
Кімнің болсын

Меселін қайтарып,
Мысын басып тұрсын.
Төрт түлік малымыз
Жерімізге сыймай

Жыртылып айырылсын.
Байлығымыздың
О шетімен
Бұл шетіне жете алмай

Шаты жыртылып,
Мойны қайырылсын.
Еркектерім
Көк тіреген емендей болсын,

Ақылдары
айдын көлдердегі
Тереңдей болсын!
Әйелдеріміздің

Саба мен местердей
Қарындары қампиып
Құрсағы кеппесін.
Сұқ сөздің сұғы,

Зымиян тілдің
Оғы өтпесін.
Бірлігіміз
Шаңырақ көтеріп тұрған

Қарағайдан иілген
Уықтай болсын.
Сыйластығымыз
Бетін жел сипамаған

Тұнықтай болсын.
Ұлдарымыз
Алшаң-алшаң жүретін,
Балпаң-балпаң басатын,

Ханшалардың шымылдығын
Найзасының ұшымен ашатын,
Жолбарыстарды алып ұрып
Сүтін ішетін,

Сөйтіп шөлін басатын, –
Арда болсын.
Түңлігімізді
Қыдыр Ата қорғасын.

Тірлігімізді
Әулие-әмбиелер,
Қамбар ата,
Шопан ата,

Зеңгі баба,
Ойсылқара,
Сексек ата қолдасын!
Бізге қас қылғандардың

шаңырақтары шартылдап
Босағалары партылдап сынсын.
Тәңірінің өзі оларды
Тас төбелерінен

Қос қолдап ұрсын.
Көк тәңірі,
Тілегімді қабыл ет!

БАЙШЫКЕШ

Мына кісі
Болған екен.
Толған екен.
Найқалып

Жүре алмай қалыпты.
Шайқалып
Күле алмай қалыпты.
Қарамайды.

Ештеңені қаламайды.
Қалқиған неменің
Бәлсінген жүрісін-ай.
Шәлтиген неменің

Тәштиген тұрысын-ай.
Күлге аунаған тауықтай –
Сілкінсе! –
Балағынан домалап

Бит түсіп тұр.
Түшкірсе! –
Мұрнынан сорғалап
Құрт түсіп тұр.

Болған екен.
Толған екен.

ҚАРАП ТҰР!

Менің еліме,
Менің жеріме –
Біреулер
Теңіздердің ар жағынан

Байлығымды басып алғысы кеп,
Кемелерімен тасып алғысы кеп –
Бәлені басыма! –
Төндіріп қарап тұр.

Біреулер
Ормандардың
Жасыл көрпесінің астынан –
Алтын сақаға көз тіккен

Мыстан кемпірдей –
Телміріп қарап тұр.
Біреулер
Даланың ар жағынан –

Сай-салаға бойын жасырып
Санама қарап тұр.
Біреулер –
Дуалға асылып

Аулаға қараған ұрыдай –
Алатаудың – ар жағынан! – асылып
Далама қарап тұр!

БІЛІП КЕЛЕМІН

Ұзақ жол жүрдім
Арып-ашыдым.
Жадап-жүдедім.
Жасыдым...

Алдымнан
Ата-бабаларым сияқты
Алып бәйтеректер шықты.
Иір-иір бұтақтарын созды.

Арқасына мінгізді.
Алысты көрсетті,
Жақынды білгізді.
Тағы да жолға шықтым.

Тақырдай қабарып кептім.
Тандырдай қаталап шөлдедім.
Әйтеуір өлмедім.
Алдымнан

Ақ шалмалы таулар шықты
Жартастарын сығып
Бұлағын емізді.
Шалғынын төсеп,

Жемісін жегізді.
Қаныма қайрат кірді,
Жаныма айбат кірді.
Сапар таусылмады.

Сансыз белдерден өттім.
Сахара шөлдерден өттім.
Дегеніме жете алмай
Құм қауып құладым.

Құм шашып жыладым.
Аспаннан
Қап-қара ауыр бұлттар
Төмендеп кеп

Етегіне мені орап алды.
Намысымды оятып
Найзағайларымен
Сабап алды!

Аспанның нұрын,
Жасынның отын
Қарпып іштім.
Түк қалдырмай

Сарқып іштім.
Құйылған
Құрыштай болдым.
Қайралған

Қылыштай болдым.
Әлі де жүріп келемін.
Алдымда
Қауіп пен қатер бар екенін

Біліп келемін!

ОРМАНДАҒЫ ӨРТ

Барым өртеніп жатқандай,
Жаным өртеніп жатқандай
Орман өртеніп жатыр.
Қараған сайын

Жүрегім – тірліктен! –
Түңіліп барады.
Қан ішіп алғандай –
Қып-қызыл өрт –

Ағаштардың үстімен
Алау-далау боп
Жүгіріп барады.
Сатырлап, шатырлап

Жасыл жапырақтарды
Жалмап, жұтып
Обып барады.
Бұтақтарды! –

Күтірлетіп сындырып
Орып барады.
Отқа айналған
Айдаhар секілді

Ысқырып, суылдап,
Дауылдай ұйтқып,
Борап тұр.
Дүниені қып-қызыл өрт

Орап тұр.
Бірде –
Жыландай жиырылып
Қалың жынысқа

Жұтылып кетеді.
Бірде –
Аспанға шапшып –
Бұлттарды шарпып,

Құйындай үйіріліп
Құтырып кетеді.
Айнала
Темір балқытып,

Суды бу етіп жібергендей
Ысып кетті.
Бықсыған шала мен
Көк түтін

Аспанның қолқасын қауып
Қысып кетті.
Өрт өткен жерлерде
Жаңа өскен шыбықтардың –

От шайнаған! –
Жаңқасы қалды.
Жаладан күйіп кеткен
Кешегі Арыстарымдай –

Ағаштардың! –
Қап-қара қаңқасы қалды.

ӨТІНІШ

Қозғама мені, қарағым!
Мені қозғасаң
Мұз сөгіліп
Сең қозғалады.

Топырақ суырып
Жел қозғалады.
Іште жатқан
Шер қозғалады.

Шер қозғалса
Ел қозғалады.
Ел қозғалса
Жер қозғалады.

Қозғама мені, қарағым!

АЛМАТЫ

Ұлы қалам!
Басыңнан не өтпеді?!
Не көрмедің?!
Өлмедің!

Қаншама қараң қалдың...
Көрер жарығың бар екен
Аман қалдың.
Жер сілкініп

Желді күнгі
Құстың ұясындай
Шаңырағыңды шайқап кетті.
Ағаштарыңды қопарып,

Үйлеріңді жапырып.
Жермен-жексен қып
Жайпап кетті.
Қаншама отқа өртеніп

Қаралы болдың.
Опасыз оқтар тиіп
Жаралы болдың.
Атан жілігің сынып

Омақасып
Құлап жатқан
Кездерің болды.
Бүкіл еліңді еңіретіп

Ебіл-дебіл боп
Жылап жатқан
Кездерің болды.
Әлі де өсек-жаладан

Өртеніп жатасың.
Қиянат-сұмдықтан
Жиырылып
Жиіркеніп жатасың.

Улы сөздер шаққанда
Алып денеңмен –
Шыдай алмастан! –
Аунап тұрасың.

Суық көздер баққанда –
Балапандай бүрісіп! –
Алатаудың аңғарына тығылып
Жаурап тұрасың.

Көшелеріңде
Ұрпағымның төккен қанын –
Күректермен! –
Қырып кетіре алмады.

Борасындар сыпырып,
Нөсер-жаңбырлар
Айлап, апталап жауып
Жуып кетіре алмады...

Бойыңды тіктедің.
Еңсеңді көтердің.
Енді сенің
Алып үйлеріңді

Алып омартадай көріп
Аюлар таптап кетпесін.
Алатауыңды
Құмырсқаның илеуіндей көріп

Құмырсқалар қаптап кетпесін.
Абай бол!

ҚАЛАЙ АДАСПАЙСЫҢ?

Қарыс жер көрсетпей –
Тұмшалаған! –
Тұманның ішінде қалсаң
Қалай адаспайсың?

Не сенеріңді білмей,
Не сенбесіңді білмей,
Не көнеріңді білмей,
Не көнбесіңді білмей

Күмәннің ішінде қалсаң
Қалай адаспайсың?
Қалай адаспайсың?
Қара бұлт басып

Қара түнек болған
Түнде қалсаң;
Айтарыңды
Қақыратып айтатын

Тілден қалсаң –
Қалай адаспайсың?
Құжынаған
Өтірік пен өсек

Ортасына алып
Ібіліс пен жын
Жан-жағыңнан қамап жатса
Қалай адаспайсың?

Білсең айтшы! –
Қаптаған
Тұман мен түнді
Өтірік пен өсекті,

Ібіліс пен жынды
Бұл тірліктен
Қалай аластайсың?
Аластай алмасаң

Қалай адаспайсың?

ДҮНИЕ НЕ БОП БАРАДЫ?

Менің осы жеріме
Ойсылқара бабамыз
Қасиетін арттырып
Қара нарын шөктірген;

Шопан атам аяңдап
Көк қошқарын алға сап,
Саулықтарын қаптатып
Әр жусанның түбінде

Егізден төлін төктірген;
Зеңгі бабам өзі кеп
Желіндері жер сызған
Ай мүйізді сиырын

Мама ағашқа байлаған;
Қамбар атам құраулап
Қолына алып құрығын
Көшкен тоғай секілді

Қаптатып жылқы айдаған, –
Бір кездерде бұл жерім
Қасиеті артқан жер еді.
Қазаны түспей ошақтан,

Ошағы оттан сөнбейтін,
Төрт жастағы баласы
Дөнен аттың үстінде
Шіреніп тұрып сөйлейтін;

Жаулары келіп
Толғап бір толғап атқанда
Қозы жауырын жебелер
Сауытын жарып өтпеген;

«Тақымы терден кеппеген».
Әулиелерге жол берген
Әмбилерге қол берген, –
Қасиетті ел едім.

«Кімдерден осы кем едім».
Дүние не боп барады?

МАХАББАТ

Сен дегенде –
Талай-талай адамдар –
Дүниеден баз кешіп
Безіп кеткен.

Ғұмырларын мансұқ етіп
Жаhанды
Кезіп кеткен.
Алдынан –

Тау өсіп шықса да! –
Жанталасып
Асып өткен.
Жолына –

Ақ қар, көк мұзды
Төсеп тастаса да
Басып өткен.
Құммен бірге көшкен.

От дариясын кешкен.
Сен үшін –
Екі елдің
Іргесі сөгіліп

Дауласқан.
Сен үшін –
Мемлекеттер
Қылыш суырысып

Жауласқан.
Жолың – азап! –
Айналаң түн болған.
Сен үшін –

Төлегендер өліп,
Мәжнүн, Қарагөздер
Жынданған.
Сен егер –

Жақұт болсаң –
Қолға ұстауға болмайтын –
Қасиетті жақұтсың.
Сен егер –

Бақыт болсаң –
Қасіретті бақытсың.

БАТЫРЛЫҚҚА ТІЛЕК

Өлсең де – өзіңді емес! –
Еліңді ойлап
Күйіктен өлсең ғой.
Өліп бара жатып та

Жауыңды мұқатып
Биіктеп өлсең ғой.
Оң қолың кесілсе,
Сол қолыңмен

Шабысып өлсең ғой.
Қажымұрат секілді
Оқ тескен жеріңе
Мақта тығып

Алысып өлсең ғой.
Байлап қойса да
Жұлқынып өлсең ғой.
Ақ қарға ақтарылған

Ішек-қарныңды
Қайтадан ішіңе салып –
Нарсұтбай секілді
Ұмтылып өлсең ғой.

Айтарыңды айтып
Жауыңның бетін
Тіліп өлсең ғой.
Найзаларға шаншып

Көтерген кезде де –
Мен сендерден биікпін деп! –
Кенесары секілді
Күліп өлсең ғой.

ҚЫЛ КӨПІР

О дүниеге барғанда
Қыл көпірден өтесің.
Өтсең – өтесің!
Өтпесең –

Тозақтың отына түсіп
Күл болып кетесің.
Көкке ұшқан жаның
Аспан астына симай

Шырқырап тұрады.
Қабіріңнің топырағы
бұрқырап тұрады.
Бірақ мен

Қыл көпірден қорықпаймын.
Солай болады екен деп
Торықпаймын.
Алланың

Жазғанын көрем.
Не көрсетсе де көнем.
Өйткені – тірлікте де! –
Қыл көпірдің

Үстінде жүрмін.
Қыл көпірден
Талай рет құлап
Қып-қызыл отқа түскем.

Қуырылып
Шоққа түскем...

ШАБЫТ ҮСТІНДЕГІ АҚЫН

Мына ақынның
Желді күнгі өрттей
Бұрқырауын-ай.
Елін ойлап

Жан жүрегінің
Шырқырауын-ай.
Жерін ойлап
Сай-сүйегінің

Сырқырауын-ай.
Көздері – шоқ секілді! –
Сөздері – от секілді! –
Жанып тұр.

Неткен шабыт бұл.
Бауырынан
Нөсер құйғызып,
Жел тұрғызған

Бұлт секілді.
Бір өзі –
Азап пен сор көріп
Намысын жаныған

Тұтас бір
Ұлт секілді.

ҚИЯНАТ СОҒЫС

Тағы да жер үстін
Зұлмат басты.
Әлемді
Шешуі де жоқ,

Шешімі де жоқ –
Қап-қара! –
Жұмбақ басты.
Дүниенің

Ұнжырғасы түсіп,
Басы кеудесіне құлап
Салбырап қалды.
Піл сауырлы жерімнің

Қоң еті кесіліп.
Қып-қызыл қан сорғалап
Жалбырап қалды.
Жерді

Бомбымен төмпештеп жатқан
Дүрсіл мен гүрсілден
Күрсінген тіршілік
Қартайып кетті.

Тауларым
Шайқалып кетті, –
Денесінен тас біткен
Қарбыздай домалап

Төгіліп жатты.
Тал-теректер
Шаштарын жайып жіберіп –
Желмен алысып

Егіліп жатты.
Көлдерімнің көздері! –
Қорыққанынан
Аларып кетті.

Таулардың шашы –
Торыққанынан! –
Ағарып кетті.

ЖҰТ

Арттағысын көмген,
Алдағысын жапырған,
Алып даламды
Алып астаудай етіп

Астаң-кестең қып сапырған
Ақ түтек боран соқты.
Атан өте алмас,
Адам жүре алмас

Қасат қарлардан
Қамал соқты.
Көз көріп,
Құлақ естімеген

Бүлік кірді.
Дүние ішін тартып
Қасқырдай ұлып тұрды.
Боран долданып

Алып сыпырғыштай
Жолдағының бәрін
Сыпырып жатты.
Кең далам

Безгек тигендей қалшылдап
Құтырып жатты.
Тебінсіз қалған жылқылар
Бірінің қылын бірі қармады.

Қорадағы қойларым
Бірінің жүнін бірі жалмады.
Дүние азынап
Сарнап жатты.

Ыққан малдарды
Жапырақ құрлы көрместен
Жалмап жатты.
Ақ кебінді құйындар

Ажалдай ысқырып
Ауыл-ауылды орап алды.
Сықырлатып күйретіп
Сумаңдаған

Суық қолдарымен
Ішін тонап алды.
Айнала күңіреніп
Аңырап тұрды.

Үйлер үңірейіп
Қаңырап тұрды.
Дүние
Кепкен тулақтай болды.

Адамдар әруақтай болды.
Бәрін жалмады.
Тігерге тұяқ қалмады.
Жұрт итін жеді.

Бөстегін үйітіп жеді.
Тісі батпаса
Суға қайнатып
Жібітіп жеді...

Жан біткен
Маңып кетті.
Беті ауған жағына
Қаңғып кетті...

Біреуі
Қарға көміліп,
Біреуі
Қардан ашылып жатты, –

Алып даламның үстінде
Бауланған шөптердей боп
Шашылып жатты...

МЕНМЕН

Мен, мен деген дауысы
Дүниені жаңғыртып
Алып барады.
Миымды – жаңғақтай! –

Шағып барады.
Апыр-ай, қайтсем екен?!
Зәмзәм суын
Алтын көзеге

Құйып әкелсем бе екен?!
Асыл тастарды
Алтын табаққа салып
Үйіп әкелсем бе екен?!

Одан басқа – ешкім! –
Кітап жазбағандай
Шалқайып тұр ғой.
Бір тұтам безі

Ісіп кеткендей
Талтайып тұр ғой...
Есімін –
Риза болсын деп! –

Алатаудың алып үстіне
Жарқыратып
Жазып қойсам ба екен?!
Құмырсқадай боп

Қалай жүрем
Бір күні басып кетер –
Қасынан! –
Қашық қонсам ба екен?!

Бәрібір
Тым алыс кете алмаспын
(Құмырсқамын ғой).
Бәрібір

Риза ете алмаспын.
(Тырысқаным ғой).
Осы кісі –
Не айтса да! –

Көнеміз ғой.
Өйткені бұл кісі –
Қара жерді! –
Мүйізімен ұстап тұрған

Көк өгіз ғой!
Байқайық.

ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ

Демесек те:
Қаралы тізімде тұр,
Қазақтың тағдыры
Қылпылдап тұрған

Пышақтың жүзінде тұр.
Оның тағдыры –
Маңдайына жазылған
Жөргегінде:

Ұшпадай биік
Құздардың ернеуінде.
Төбесінде
Жай оғы жарқылдап тұр.

Қазақтың тағдыры
Аласұрған теңізде
Қайықтай қалтылдап тұр.
Тағы да – қарашы! –

Дүние бүлініп тұр.
Қазақтың тағдыры –
Бір тал шашқа
Ілініп тұр.

ЖАБЫҚҚАНДА

Мен кіретін
Есік қалмағандай.
Тіпті-сығалайтын! –
Тесік қалмағандай.

Дүние – мен дегенде! –
Тұқшиып
Қымтанып алғандай.
Мен шығатын төбелер

Көктайғақ көк мұзға
Құрсанып алғандай.
Туым құлап,
Жыртылып қалғандай.

Телефонның тілі
Қырқылып қалғандай.
Мен қазір –
Иықтан! –

Жұлынған пагондаймын.
Істен шығып –
Тұйыққа! –
Қуылған вагондаймын.

КІМ БІЛСІН?

Батырларым жорықтан қайтқанда, –
Ортадан жолдарын тосып,
Алдарынан
Қырық қиылып,

Отыз ойылып,
Сексен иіліп,
Тоқсан түрленген;
Он бір рет бүгіліп,

Он екі рет бұралған,
Тоты құстай сыланған
Перінің қыздары шыққан.
Желдей жылжып,

Судай сылаңдап кеп
Аттан түсірген.
Сандал ағашты Сарайға,
Емен ағашты Ордаға кіргізген.

Көлдей жібек көрпеге
Көсілдіріп жатқызған.
Саңқылдатып сөйлеткен,
Шалқалатып күлгізген...

Еркектері далада
Улап-шулап,
Мысық боп мияулап,
Ит болып үріп

Малдарын бағып жүрген.
Қазандарын пісіріп,
Оттарын жағып жүрген...
Перінің қыздары

Күміс кесемен шәрбат,
Алтын астаумен дәм берген.
Тіліменен бал берген.
Төсегіне жатқызып,

Қасына қонғызған.
Төңкерілген кеседей
Төсін сорғызған.
Батырларым түнімен

Алысқан барыстай,
Құтырған лөктей болған.
Желді күнгі өрттей болған.
Күтір-күтір жайпаған.

Бұрқ-сарқ етіп қайнаған.
Қышыр-қышыр шайнаған.
Таң атқанша ойнаған!..
Аңғал батырлардың

Көздері ілініп кеткен.
Ояна сап
Түңіліп кеткен.
Түндегі қызықтың бірі де қалмаған.

Пері қыздары
Көшіп кеткен.
Бірақ та
Кесапат-кесірін тастамай

Мойындарына қарыз қалдырмай
Кешіп кеткен.
Тоғыз ай,
Тоғыз күн толғанда

Нәрестелері бар
Аспаннан бесіктер түскен.
Ел күтпеген
Нәсіптер түскен...

Біздердің кейде
Батырлардай
Аңғалдығымыз содан ба?!
Перілердей

Жалғандығымыз содан ба?!
Кім білсін?

ДАУЫЛДЫ КҮНГІ ТЕҢІЗ

Аспандағы
Ай, Күнді өшірердей,
Жерді көшірердей
Алапат дауыл соқты.

Айнала
Дем жетпей тұншықты
Теңіздің тереңінен
Уілдеп шулаған

Сұрапыл үн шықты.
Бірін бірі жапырған,
Бірін бірі батырған,
Демдерінен суық соқтырып

Шуылдап аспанға атылған,
Гүрс етіп құлаған,
Қайтадан күркіреп
Басын көтерген,

Мың жазылған,
Мың жиырылған
Мың-миллион толқындар
Айдаhарлардай тулап жатты.

Теңіз үсті
Ақырзаман келгендей күңіреніп
Шулап жатты.
Долданған толқындар

Теңіздегі кемелерді
Астаудай көтеріп ап
Тұңғиыққа лақтырып жіберді.
Болат құрсауларын

Жіп құрлы көрмей
Қақ тіліп жіберді.
Шынжырлармен байлаулы тұрған
Айлақтағы кемелер

Алып мақұлықтардай
Аласұрды.
Қақпақыл қып
Біреуін әрі асырды.

Біреуін бері асырды.
Біреуін біреуіне соқты.
Кеме біткен
Шынжырларын үзіп жіберердей

Бұлқынды.
Жын ұрғандай жұлқынды.
Өгіздей өкірді,
Атандай боздады.

(Дүниені қозғады).
Аспаннан атылған
Қып-қызыл найзағайлар
Көк теңізге сүңгіп жатты.

Айдаhар толқындар
Оларды
Шырпы құрлы көрмей
Қылғып жатты.

Ысылдап
Ісініп көтеріліп
Көктегі бұлттарыңды
Түңліктей ұшырып,

Киіздей қағып жіберді.
Жартастарды
Кеудесімен соғып
Жаңғақтай шағып жіберді...

Теңіз бұрқырап долданып жатты.

ЛАС АДАМ

Аузының ласын-ай!
Лас сөздеріне үндемей
Көпшіліктің шыдасын-ай!
Айнала мүңкіп кетті.

Жүрегім лобылып,
Кеудем кілкіп кетті.
Кім болса да
Былапыт, былғанышын –

Аямай! –
Жағып жатыр.
Еден жуатын шүберектей
Лас сөздерге – шолпытып –

Малып жатыр.
Аппақ дегеніңді
Жапаға құлатып
Сатпақ етеді.

Қатқақ дегеніңді –
Қоймалжың! –
Батпақ етеді.
Бұл адам

Сасыған қан-жынды –
Одан сайын мүңкітіп! –
Түртіп отырғандай.
Бет-аузын

Шуаш сіңген шұлғаумен
Сүртіп отырғандай.

ТАБАЛАУ

Әлдекімдермен
Әділдік үшін тіресіп едім,
Әділдік үшін күресіп едім.
Жеңілдім!

Қақырап сөгілген
Жартас құсап
Құлап түстім.
Дауылды күні

Қопарылған бәйтеректей
Сұлап түстім.
Сол, сол-ақ екен
Біреулер – естері шығып! –

Далақтап күлді.
Біреулер – арттарын ашып! –
Шайтаннан бес бетер
Сандарын соғып,

Шапаттап күлді.
Біреулер сықсиып –
Ішіне сұмдық жасырып! –
Жымсиып күлді.

Сойған түлкідей
Ырсиып күлді.
Күлмегендері –
Көзінің астымен қарап

Түксиіп тұрды.
Мен жаққа – әйелдері! –
Етектей еріндерін шығарып,
Сұқ саусақтарын! –

Жыбыршыған
Ешкінің құйрығындай
Шошайтып тұрды.
Байлары банкеттерде

Күйекке түсетін бұқадай
Бұттарына толып
Тост айтып тұрды.
Табалап күлді.

Абалап үрді.
Күліп жатты!
Күлкілері алмастай боп
Жүрегімді тіліп жатты.

Жарам –
Тұз басқандай! –
Ырсиып кетті.
Жаным –

Мұз басқандай! –
Түршігіп кетті.

ҚОЖАНАСЫРДЫҢ ЕСЕГІ

Қожанасыр о баста-ақ
Құйтырқы айласы көп
Есепті білген.
Білген де

Ат пен түйені емес,
Есекті мінген.
Мінем десе,
Мінетін көлік көп қой.

Бірақ та
Есектей малғұн,
Есектей топас,
Есектей арам

Жануар жоқ қой.
Қожанасыр –
Қара тастай қансыз,
Кепкен ағаштай жансыз

Надандықты мазақтап
Күліп жүрген.
Сондықтан да
Сипағанды білмейтін,

Жетегіне жүрмейтін,
Айдауына көнбейтін –
Дүниенің өзіндей миғұла
Есекті – әдейі! –

Мініп жүрген.

ЫЗАЛЫ АДАМ

Бұлтты түндей боп
Тұнжырайды да отырады.
Қабағын түйіп,
Тісін шықырлатып

Қынжылады да отырады.
Ызаның құмы қуырып
Еріні! –
Кезеріп кеткен.

Ызаның уы құйылып
Беті! –
Безеріп кеткен.
Айдалада тұрып

Кіжініп тұрады.
Қуаныш көрсе де
Әлем-жәлем боп
Бұзылып тұрады.

Тісін басса –
Кеңірдегіңді! –
Жіп құрлы көрмей
Қырқып жіберердей.

Тырнағын салса –
Төс етіңді!
Терідей айырып
Жыртып жіберердей.

Абайсыз сөйлесең
Сойылы – қақ басыңа! –
Сарт ете түсетіндей.
Жарасына қол тиген –

Ит құсап! –
«Арп» ете түсетіндей.
Осы адамнан қорқам.

ШАПҚЫНШЫЛЫҚ

Аңдаусызда жау шапты.
Омыртқаларымды бордай үкті.
Қабырғаларымды
Қураған қамыстай

Күтірлетіп қаусатты.
Есіл елім
Таудан құлағандай
Тасқында қалды.

Жасыл жерім
Пышақтай өткір
Тұяқтардың астында қалды.
Үзіктерімді үзіп,

Кермелерімді қиды.
Емендерім бүгілді.
Бәйтеректерімнің басы иіліп
Жерге тиді.

Сойылдарымен ұрып
Уықтарымды сындырды.
Шаңырақтарымды
Опырып ортасына түсірді.

Қаныма тойып
Иттей құтырды.
Етіме тойып
Доңыздай ісінді.

Өз үйімді
Өзіме жақтырды.
Бесіктегі баланы
Найзаларына шаншып ап

Шырылдатып
Отқа лақтырды.
Ошағымды жапырып құлатты.
Күлімді жындай шашты.

Арда ұлдарымды
Малша бауыздап
Мойнына арқан сап асты.
Кескілеп шауып,

Шаншып түйреді.
Шеңгел, тікеннің үстімен –
Шырқыратып! –
Тыр жалаңаш сүйреді.

Қалғандарын
Бастарына кепеш кигізіп
Байлап алып кетті.
Малдарымды

Алдарына сап
Айдап алып кетті.
Ханның баласына бермейтін
Қыздарыма

Шұлғауларын жуғызды, –
Қара құлдарына қосып
Бақа бас бәлелер туғызды.
Қаңырап қалған жұртта

Сүйектері саудыраған
Кәрі-құртаңдар қалды, –
Көз жастары қан боп ағып
У боп тамды.

Күйреген шаңырағыма
Байғыз қонды.
Қазаныма
Топырақ толды.

Сондай да заман болған.

КҮНДЕРДІҢ КҮНІНДЕ

Өмірге құштар ақын,
Жан-жүрегін
Қайғы-мұң қысқан ақын,
Күндердің күнінде –

Өлең дәптерін –
Сыртқа шығарып
Қағып тұрды.
(Көз жасы сорғалап

Ағып тұрды).
Өлеңнің әріптері –
Дәндер секілді! –
Ақ қағаздың бетінен

Сауылдап төгілді.
Ақынның –
Асылын жоғалтқандай –
Омыртқасы опырылып, –

Қабырғалары
Қақырап сөгілді.
Өлең дәптерін –
Тағы да, тағы да –

Күйініп қақты.
Ақынның
Жанының жылуын,
Қанының қызуын

Сіңірген әріптер
Құйылып жатты.
Дүние –
Найзағай жарқылына,

Аққудың сұңқылына,
Қаздардың қаңқылына,
Тұяқтың дүбіріне,
Шөптердің діріліне,

Желдердің гуіліне
Толып кеткендей болды.
Тасқындар сарқырап
Соғып кеткендей болды.

Тіршілік қалтырап
Тоңып кеткендей болды.
Күн күркіреді.
Жер тітіренді.

Ақын жылап тұрды.

ЖАҚСЫ СӨЗ

Жақан Әзіретбергеновке
Мен бүгін
Жанымды майдай еріткен
Жақсы сөз естідім.

Сол сөзден
Тұла бойымды
Құрсаған көк мұз
Сеңдердей сөгіліп

Сатырлап түсті.
Достарым
Көңілімнің суын –
Кермек болса да! –

Жапырлап ішті.
Сол сөзден
Өн бойым босап –
Жерге түскен дәндей боп –

Дертіп тұрдым.
Аршаның күлі қосылған
Насыбай атқандай –
Манаурап! –

Елтіп тұрдым.

МЕНІҢ ӨЛЕҢІМ

Біреулер – өлеңнің –
Ұйқасын кірпіштей қалап.
Сылағын қаймақтай жалап,
Мұнтаздай етіп,

Майлап жатыр.
Менің өлеңім
Өмірдің өзіндей боп
Талқаны шығып,

Ішек-қарыны ақтарылып
Жайрап жатыр.

ӨКІНІШ

Менің тілім
Көктей биік,
Теңіздей терең
Даладай кең еді.

Кімдердің тілінен кем еді?!
Салтанаты келісіп
Үкілі құндыз бөріктей
Құлпырып тұратын;

Бәйгеден келген тұлпардай,
Ет қызуын баса алмай,
Ауыздығын
Қарш-қарш шайнап

Жұлқынып тұратын;
Дауысын –
Найзадай көкке шаншылтып –
Шамырқанып сөйлесе

Аспанның асты
Толып кететін;
Таспен қалаған қамалыңды
Тоған құрлы көрмей

Орып кететін.
Оның екпіні –
Қанатымен дауыл тұрғызып,
Нөсер төктіретін

Самұрық құстың
Екпініндей еді.
Оның тепкіні –
Арланға түскен бүркіттің

Тепкініндей еді.
Сөйлеп-сөйлеп кеткенде
Мұхиттай тебірентіп,
Теңіздей толқытатын.

Шіреніп келген жауыңды
Қоянның көжегіндей бұқтырып,
Жапырақтай қалтыратып
Қорқытатын.

Қайда қазір сол тілім?
Жолбарыстай
Шиыршық атқан тіліміз
Мияулаған мысық болды.

Бөрідей
Сұсты тіліміз
Қанден-күшік болды.
Босағада қалды.

Жүн-жұрқа жататын
Тасаларда қалды.
Өкінгенімде
Өзегім өртеніп,

Жан-жүрегім
Егіліп жатады.
Көзімнің жасы
Балқыған қорғасындай боп

Омырауымды
Тілім-тілім етіп
Төгіліп жатады.

ҚОРҚЫНЫШ

Жаным жасып,
Көңілім қобалжып қалған.
Не нәрседен де
Жасқанатындай.

Аңдаусыз қалсам
Түу сыртымнан
Қап-қара бәле
Бассалатындай.

Біреулер –
Қанша жыртсам да! –
Торларын жолыма
Құра беретіндей.

Бұрыштан айналсам –
Алдымнан әлдене
Шыға келетіндей.
Аяғымды бассам

Табанымның асты
Ойылып кететіндей.
Көзімді жұмсам –
Дүние қараусыз қалып!–

Жойылып кететіндей.

СОНШАЛЫҚТЫ НЕ ЖАЗДЫМ?

Ешкімнің
Әруағын аттаған жоқ едім.
Ешкімді –
Атасына тіл тигізіп! –

Даттаған жоқ едім.
Сонда да
Тыныш жатқызбады,
Таңымды тыныш атқызбады.

Өзім түгіл –
Тұрып кетер деп қорықты ма –
Молама дейін бақты.
Майлы күйедей

Жаласын жақты.
Сүртінсем –
Одан сайын былғандым.
Құтылатын

Айла таба алмай
Аласұрып жындандым.
Еңсемді көтерсем,
Өсегі жыландай ирелеңдеп

Жеңімнен кіріп,
Қойнымнан шықты.
Қойнымнан кіріп,
Қонышымнан шықты.

Мойныма оратылып
Буындырды.
Жүрегімнің
Дәл басынан шағып

Уын құйды.
Соншалықты не жаздым?

ЕРЖҮРЕК КЕМЕЛЕР

Көк долы көк теңіз
Ақ жал толқындарын
Аждаhадай көтеріп
Аспанға атқан кезде;

Опырып жіберердей
Жартастарды – арқырап кеп! –
Соққан кезде;
Гаваньдағы

Шынжырлармен
Байлаулы тұрған кемелер
Мөңкіп, тулап кеткенде;
Аспан жарқылдап,

Дүние түнеріп,
Шулап кеткенде;
Қатар тұрған кемелер
Астаулардай – бір-бірімен –

Соғысатындай болғанда;
Жартастардай
Қағысатындай болғанда;
Қапталдан соққан

Таудай толқындар
Қабырғаларын қақыратып
Сөгіп кететіндей болғанда;
Кемелер – тұңғиыққа! –

Шөгіп кететіндей болғанда, –
Бір-бірімен
Соғысып қалмас үшін;
Жартастардай

Қағысып қалмас үшін;
Қапталдан соққан
Таудай толқындар –
Қабырғаларын! –

Сөгіп кетпес үшін;
Тұңғиыққа
Шөгіп кетпес үшін –
Кеме біткен

Шынжырларынан босанып
Арқырап жатқан
Теңіздің үстіне
Шығып кетеді.

Олай етпесе
Бір-бірімен соқтығысып,
Құрдымға батып
Құрып кетеді.

Таудай толқындарды –
Бүйірінен соқтырмай! –
Тұмсығымен қақ айырып
Тіліп тұрады.

Жандарын шүберекке
Түйіп тұрады.
Кеме біткен
Ботасынан айырылған

Түйелердей күңіреніп
Боздап жатады.
Жаң-жүргіңді жылатып
Қозғап жатады.

Ержүрек кемелер
Толқындармен бетпе-бет
Күн тұрады, түн тұрады.
Апта тұрады.

Қапталын бермей –
Тұмсығымен тіліп! –
Қайтпай тұрады.
Шіркін-ай,

Астаң-кестең дүниенің
Алапат толқындары –
Қай жақтан соғатынын –
Біліп тұрсақ қой!

Бүгіжіктеп бұқпастан
Сол толқындарды
Ержүрек кемелердей
Қақ айырып

Тіліп тұрсақ қой.

НИЕТ

Алып жерім
Мұңданып жатыр.
Асыл көлдерім
Жуынды құйылған итаяқтай

Былғанып жатыр.
Кілемдей құлпырған Даламды
Күйе жалап,
Шегіртке жалмады.

Сау жері қалмады!
Менің кейде
Көлдерімнің бетін
Аспандағы бұлттармен

Сүртіп алғым келеді.
Менің кейде
Ұлы Даламды
Шегіртке, күйеден

Тазартамын деп
Кілемдей қағып
Сілкіп алғым келеді!

ӨЛАРА ШАҚ

Өлара шақ
Менімен – әлі де –
Алысамын деп тұр.
Дүние,

Не анда жоқ,
Не мұнда жоқ
Әрі-сәрі боп тұр.
Санам – құрт жалағандай –

Ірің бүгін.
Ішім ит талағандай
Жұлым-жұлым.
Дұрыс дегенім

Бұрыс болып тұр.
Тыныш дегенім
Ұрыс болып тұр.
Айнала –

Бұлың-бұлың,
Ырың-жырың.
Аспанға қарап ем,
Аспанның түндігінде –

Ай жоқ.
Жілігімді
Шағып қарап ем,
Жілігімде –

Май жоқ.
Өлара шақ.

МҰҢҒА БАТАМЫН

Неткен қатал ең, Адамдар?!
Өздеріңе деген
Көлдей көңілімді
Судай суалтып

Құм қылып жібересің.
Отқа жағатын секілді
Қабырғаларымды
Ағаштың

бұтақтарындай бұтарлап
Сындырып жібересің.
Өзіңнен өзің тұлданып
Шалаңды шашып,

От күреп жатасың.
Менде өшің кеткендей
Ауызы буылған қапқа тығып
Тепкілеп жатасың.

Жығылсам –
Мәз болып қарап тұрасың.
Атып жіберердей
Өңмеңіме

Сұқ саусағыңды –
Пистолет сияқты! –
Қадап тұрасың.
Құрған торыңа шырматылып

Арпалысып жатамын.
Мұңға батамын...
Не істесең, ол істе!
Тек әйтеуір

Өзімді өзім
Құртып алмасам болды.
Көрер көзімді
Ағызып жібермей,

Сөйлер тілімді
Қырқып алмасаң болды.

ӘЙ, ҚОРЛЫҚ-АЙ!

Менің алып Далам
Біреулердің
Күндіз күлкісінен,
Түнде ұйқысынан айырған.

Сұқтанып
Сұғын қадаған
Қолға түсірем деп
Түлкідей алдаған,

Жыландай арбаған.
Ақырында
Бұғау сап буындырып,
Құрсаудай қысып

Қамап тастаған.
Зеңбіректері әупілдеп үріп, –
Көмейлерінен доп лақтырып! –
Қамалдарымды

Қан жоса қып
Талап тастаған.
Жусаң кетпейтін,
Жайсаң кеппейтін

Жала жапқан.
Он екі қанат
Киіз үйлерімді
Сүйектерін саудыратып

Қаңбақша домалатқан.
Бойымды тіктесем
Басқа ұрған.
Ақ отауда отырған

Ақ жұмыртқадай қыздарыма
Тезек тергізіп,
Жапа бастырған.
«Еңку-еңку жер шалған,

Егеулі найза қолға алған»
Батырларымның
Бастарын шауып алған.
Қанын сорғалатып, –

Сағағынан үзілген
Қарбыздай домалатып! –
Қаптарына салып алған.
Сонан кейін

Отырсам опақ болғам,
Тұрсам сопақ болғам.
Өз елімде
Құлақ кесті құл болып

Өз жерімде
Қайыршы болып қаңғығам.
Ішкен-жегеніме дейін бағып,
Түзге шыққаныма дейін аңдыған.

Әй, қорлық-ай!

ӘРІПТЕРІ ДЕ ҚАРУ-ЖАРАҚТАЙ

Көк түріктер жазбалары,
Көк түріктер әріптері –
Қандай айбатты еді,
Қандай қайратты еді.

Жер үстінде жоқ
Ірілік неткен!
Жазуларын –
Қара тастарға

Сіңіріп кеткен.
Бір әріптері
Шашақты найзадай үшкір.
Бір әріптері

Көбе сөгетін –
Қозы жауырынды! –
Жебедей ұшқыр.
Біреулері

Еменнің бұтағынан иілген
Адырнадай керіліп тұр.
Біреулері –
Тастың ішінде! –

Тұлпардың тұяғындай
Тебініп тұр...
Біреуі
Қалқанның шеңберіндей

Біреуі
Тасты бүріп тұрған! –
Бүркіттің шеңгеліндей.
Біреуі

Ту көтеретін сырықтай.
Біреуі
Асау ұстайтын құрықтай.
Біреуі –

Неткен тәкәппар! –
шалқайып тұр.
Біреуі –
Қиып түсемін деп! –

Қылыштай қайқайып тұр.
Осының бәрі –
Біз үшін! –
Тәлім, сабақтай:

Көк түріктердің –
Әріптері де! –
Елін қорғайтын
Қару-жарақтай!

АУЫРҒАН КЕЗДЕ

Отқа тастағандай
Денем күйіп барады.
Байлап қойғандай
Аяқ-қолдарым

Киіздей болып ұйып барады.
Аспан аунап,
Қара жер
Аударылып бара жатқандай.

Күн дегенің
Батыс жақтан шығып,
Шығыс жаққа батқандай.
Көзімді жұмсам

Қорқынышты елес көремін:
Домалап бара жатқан
Дөңдер мен дөңес көремін.
...Бұл сырымды

Ешкімге ашпаған едім, –
Арқан-жолдармен
Ұлы Даламды
Шаңдып тастаған едім.

Қаптаған біреулер кеп
Сол арқандарымның
Түйінін шешіп жатыр.
Шешілмегендерін

пышақтарын жалаңдатып
Кесіп жатыр.
Құртып жатыр.
Қырқып жатыр.

Даламды жалба-жұлба қып
Жыртып жатыр.
Құдай-ау,
Ара түсетін

Ешкімнің жоқ болғаны ма?!
Денем күйіп барады.
Суық дүниенің –
Кенеттен! –

От болғаны ма?!
Тағы да не боп кетті?
Қаптаған біреулер шығып
Тауларымды төңкеріп

Қазынасын
Тонап алып жатты.
Құмырсқадай қаптап
Талап алып жатты.

Ешкімнің үндемейтіні несі?
Тұсауы жоғалса
Сыбап жататын адамдардың
Ең болмаса

Тілдемейтіні несі?!
Тырнақтарынан
Қан сорғалаған біреулер
Өзендерімнің

Алқымынан қысып
Буындырып жатыр.
Тырп еткізбей
Қылғындырып жатыр.

Мен де буынып тұрмын.
Мен де қылғынып тұрмын.
Денем күйіп барады.

МОЛШЫЛЫҚ ЖЫРЫ

Тоғайларым – аспаннан! –
Жерге қонған
Бұлт секілді.
Шалшығымның өзі

Зәмзәм суынан
Тұнық секілді.
Кешегі ақ тақыр
Кілем жапқандай

Жайқалып тұр.
Ат аунаған жерлерде
Түк емес – шылқыған! –
Май қалып тұр.

Шоршыған балықтардан
Айдын көлдерім – бұрқылдап! –
Қайнап жатқандай.
Қара судың бетіне

Кілегей тұрып,
Қаймақ қатқандай.
Қаптаған гүлдер
Төгіліп қалған

Жырым секілді.
Егіннің масағы
Тоқпақтай бұрым секілді.
Дүние құтқа

Белшесінен бөгіп,
Батып қалған.
Бесті қойларым
Қазандай құйрықтарын

Көтере алмастан
Жатып қалған.
Тасбақаға дейін
Желігіп кеткендей...

Сөздерім де
Майға малтығып
Семіріп кеткендей.
Аңғарлардың танаулары

Бұлттармен дем алып
Делдиіп тұр...
Жота-қырларым
Босанатын әйелдердің –

Қарынындай –
Шермиіп тұр.

ҚҰДАЙДЫҢ ҰРҒАНЫ-АЙ!

«Ешкіні апа,
Текені жезде» дегізген
Замандар болған.
Қоңыздай тоңқаңдап,

Доңыздай қорсылдап кеткен
Адамдар болған.
Сұмпайылар атқа,
Сұмырайлар таққа отырған

Кезеңдер өткен.
Елімді жемтікке балап
Ит-құсқа тастаған
Көсемдер өткен.

Інісі ағасының
Жағасынан алған,
Әкесі баласының
Жаласына қалған

Мезгілдер туған.
Ұлықтың дәретіне
Бас киімін
Тосатындар шыққан.

Төбеттей боп тұрып
Шәуілдеген қанденнен
Қашатындар шыққан.
Сол заманнан

Зорға құтылғанда, –
Әне бір шотмаңдайдың
Миына құрт түскен
Азбан қошқардай

Өткенін аңсап
Маңырап тұрғаны-ай.
Әне бір шәлтіктің
Тентек щөп жеген

Текешік құсап
Батысқа қарап бақылдап
Зарлап тұрғаны-ай...
Құдайдың ұрғаны-ай!

ӘЛСІЗДІК

Әл жоқ,
Бойымдағы –
Тастарды жаңғақтай шағатын! –
Күш, қуатым

Ағып кеткен бе?!
Ішімдегі
Лапылдап тұрған оттарым
Жанып біткен бе?!

Шөгіп,
Шөмейіп қалдым.
Қабырғам омыртқамнан,
Омыртқам ортасынан бөлініп

Сөгіліп қалдым.
Дел-салмын.
Сарсаңмын.
Тамырларым – жіптердей! –

Қырқылып қалыпты.
Кеудем – шүберектей! –
Жыртылып қалыпты.
Алмастай тісім

Алыс-жұлыстың
Арасында кетті.
Күпшектей қолым –
Ұстасқанның! –

Жағасында кетті.
Әл жоқ.

ОПЫНҒАНДА

Мені бір досым
Соқыр тиынға баламай
Сатып кетті.
Сонысы

Жүрегіме пышақ сұққандай
Батып кетті.
Тағы бір досым
Күлдің үстіне

Шалып құлатты.
Бетіме күйесін
Жағып құлатты.
Опынып қалдым.

Жұртта қалғандай
Отырып қалдым...
Біреулер абалап жатты.
Біреулер табалап жатты.

Ібіліс, жын біткен, –
Мені мазақтап! –
Салақтаған тілдерімен
Құйрықтарын сабалап

Етектерін түріп бара жатты.
Перілер мен сайтандар
Қара бұлттарды жамылып,
Аспаның астын шулатып, –

Сақылдап! –
Күліп бара жатты...

ЖАҒЫМПАЗ

Сөзбенен! –
Айдың сәулесінен
Ақ шатыр тігіп береді.
Өзендерді бұрып әкеп –

Аяғыңды жуып береді.
Тағы да сөзбенен! –
Таққа отырғызып,
Баққа кіргізеді.

Тауларды түйедей жетектеп әкеп
Үстіне мінгізеді.
Тілімен
Ерітіп, балқытып қояды.

Аспандағы ақ бұлттардың
Ішіне кіргізіп –
Жерге аяғыңды тигізбей! –
Қалқытып қояды.

Ол айтса –
Үстіңнен шыбын ұшпайды.
(Осыған жының ұстайды.)
Бүксең бүгіліп,

Исең иіліп тұрады.
Сындырсаң –
Сынып тұрады.
Тесіктеріңнің бәрінен кіріп,

Тесіктеріңнің бәрінен
Шығып тұрады.
Айнала мүңкіп кетеді.
Осы адамнан

Жүрегің лобылып,
Кілкіп кетеді.

ҚАЙРАН ҚАЗЫ-БИЛЕРІМ

Біреулер атқақтап кеп
Оларды
Тоқтатпақ болған.
Сол кезде билерім

Теңіз ұрттап алғандай
Арнасынан шығып
Тасып кеткен.
Толқындарымен соғып –

Менменсінген дұшпанды! –
Төбесінен басып кеткен.
Жел ұрттап алғандай
Құйындай үйіріліп

Құтырынып соғып кеткен.
Өрт ұрттап алғандай
Орындарында күл қалдырмай
Жағып кеткен.

Бойларына
Сөздердің бүкіл
Қару-жарағын таққан.
Бұлт оранып алғандай –

Жарқылдатып! –
Жай оғын атқан.
Жерге тығып,
Жерден суырып алған.

Табаға салып
Шыжғырып қуырып алған.
Қайран қазы-билерім!

ТІЛІМЕ ТИІСКЕН ТЕКСІЗГЕ

Өз тіліңді өзің
Білмегенің үшін
Жерге
Кіріп кетудің орнына,

Көрге
Кіріп кетудің орнына
Қорлайсың! –
Әруақ болса –

Екі дүниеде оңбайсың.
Тілімді білмейсің ғой!
Ол долданса! –
Сен сорлыны – бір уыс қып! –

Тыпырлатып
Байлап тастайды.
Құтырған бурадай
Желкеңнен алып

Шайнап тастайды.
Сонан соң –
Сендей сасықты неғылсын! –
Жынымен бірге

Түкіре салады.
Табанымен таптап
Мылжа-мылжаңды шығарып
Бітіре салады.

Оған тас атпа!
Марқұм боп
Мақұрымға кетесің, –
Лақтай бақырып

Тақымында кетесің.
Түбінде – дәл сенің! –
Керегің де болмайды.
Диірменмен тартса

Кебегің де қалмайды.
Сендей-сендейлерді
Жаңғақ құрлы көрмей
Шағып тастайды.

Сендей-сендейлердің –
Көк бөрі тілім! –
Таңын айырып
Жарып тастайды.

Ар мен ожданым
Күш пен қуатым –
Тілім бұл.
Осыны біліп ал,

Бетің тіліңгір!
Тіліме тиіспе! –
Шіріген шелектей –
Түбің тесілгір!

Тіліме тиіспе,
Тілің кесілгір!

ЖАНЫ ЖОМАРТ ЖАН

Әттең қолыңда жоқ!
Әйтпесе,
Басыңа жақсылық
Үйіп-төгер еді.

Алдыңа бәрін қойып,
Бал менен шырынын
Құйып берер еді.
Қай кезде де –

Қасыңнан! –
Табылғысы келеді.
Сенің дертіңді –
Өзіне алып –

Ауырғысы келеді.
Көз жасыңды сүртетін
Орамалың секілді.
Қайғыңды көтеретін

Қара нарың секілді.
Бірдеңе тындырсаң
Сені мақтап – ғұмыры! –
Тамсанып кетуге бар.

Бірдеңе бүлдірсең
Сені ақтап – ғұмыры! –
Жар салып өтуге бар.
Жанының жайсаңын-ай!

Жанының аңсарын-ай!
Әттең қолыңда жоқ.
Әйтпесе,
Үлде мен бүлдеге

Малындырып қояр еді.
Күннің нұрына
Шомылдырып қояр еді.
Төбеңді көкке

Тигізіп қояр еді.
Басыңа – ақ бұлттан! –
Бөрік жасап,
Оқшырайтып

Кигізіп қояр еді.

БӘЛЕ-ЖАЛА

Ұйтқыған сөздерден
Қазақстанымның өзегі
Күйіп жатады.
Әлдекімдер жиылып

Басына бәле-жаланы –
Дүние жүзінен жиып ап –
Үйіп жатады.
Сөздердің

Жаңбырдай жауған тастары
Маңдайыма тиіп
Теңселіп кетемін.
Беліне

Құрт түскен түйедей
Жер шөгіп кетемін.
Сөздердің топырағымен
Мені тірідей көмеді.

Атылып тұрып кетсем
Үстіме бұрқыратып
Күлін төгеді.
Білместен –

Дал боламын! –
Мұның немен тынарын.
Есімді жия алмай –
Есеңгіреп! –

Сүзектен тұрғандай
Әрең тұрамын.

ОБАЛЫ КІМГЕ?

Алма ағаштарымды
Көгертпей, көктей солдырып
Қырқып жатыр.
Құртып жатыр.

Жасыл бағымды
Жүндей жалмап –
Жер жетпегендей! –
Осы жерге

Үйлер салмақ.
Адамдар-ау,
Обал ғой.
Бұл да бір

Талау мен тонау ғой.
Түбін
Тамырымен қосып
Қопарып тастадыңдар.

Өз қолдырыңмен өлтіріп
Айдалаға –
Апарып тастадыңдар.
Ағаштар да

Балаларың мен
Балапандарың емес пе?!
Саусақтарымен
Құт көтеріп тұрған

Алақандарың емес пе?!
Өскендеріңді
Неге өшіресіңдер?!
Өздеріңе өздерің

Неше өшігесіңдер?!
Айтып, айтып
Жанымды шүберекке түйіп
Сығымдап тұрмын.

Ұясын – жыланнан қорғаған! –
Бозторғайдай
Шырылдап тұрмын.
Бірақ естімейсіңдер! –

Тас кереңсіңдер!
Жерінің қанын сорған
Аш кенесіңдер.
...Бәрібір тыңдамай

Алма ағаштарымды
Тамырымен қопарып
Жұлып жатыр.
Көгертпей,

Көктей солдырып
Қырып жатыр.
Обалы кімге?!

ӨЛІМ

Астыңа
Сынған шыны төсеп,
Басыңа
Тас қойса да –

Өлімнің төсегіндей мамық,
Өлімнің жастығындай жайлы
Ештеңе жоқ!
Ештеңе!

НЕМЕРЕЛЕРІМЕ

Немерелерім Іңкәр мен Нұриланың
мектепке баратын күні жазылған өлең
Құлдыраңдаған
Құлыншақтарым-ай!

Желмен желбіреген
Тұлымшақтарым-ай!
Омырауымнан төгілген
Бұлақтарым-ау,

Жанымнан өсіп шыққан
Құрақтарым-ау.
Ішімде жанып тұрған
Шырақтарым-ау.

Әліппелер мен
Әріптеріңді арқалап
Кетіп барасыңдар!
Құлыншақтарым-ау, –

Күні ертең-ақ! –
Биік-биік белеске
Жетіп барасыңдар...
Тоңы қалыңдау

Жеріңді жібітіп –
Гүлім боп өсіңдер!
Жолы ауырлау
Еліңді ерітіп

Тілім боп өсіңдер.
Әумин!

ҚАЙТЕЙІН, ҚОЛЫМНАН КЕЛМЕЙДІ

Қазағымның
Жүретін жолының бәріне
Айдың сәулесін төсеп
Жарық етіп қояр ем;

Олардың бәрін
Алысқандарын алып ұратын –
Бәйтеректей! –
Алып етіп қояр ем.

Қайтейін, қолымнан келмейді.
Бір-бір ақша бұлтты
Аспаннан аударып алып –
Әрқайсысының басына! –

Жастар ем;
Қотан-қотан
Қойларының үстіне
Бозторғай жұмыртқалатып

Тастар ем.
Қайтейін, қолымнан келмейді.
Әрбіріне
Бозкөде жеген

Боз бие әкеліп
Сояр ем;
Шөміштерін
Сорпаға малтықтырып,

Қасықтарын
Балға батпақтатып
Қояр ем.
Қайтейін, қолымнан келмейді.

Көңілімнің суын –
Жұрттың мейірін қандыратын! –
Көл етер ем;
Төменін –

Ханның баласы
Именіп зорға шығатын
Төр етер ем,
Қайтейін, қолымнан келмейді.

Көкірегін керген
Алпауыттардың алдында –
Талтайтып! –
Тұрғызып қояр ем;

Табалдырығы күміс,
Босағасы алтын
Сарайлардың ішіне –
Шалқайтып! –

Кіргізіп қояр ем.
Қайтейін, қолымнан келмейді.

ЕРЕГЕС

Айтпаймын!
Айтсам –
Дегенімнен қайтпаймын.
Мейлі

Диірменге салып
Ұн қылып мені тарт.
Үстіме
Зіл батпан

Қара тасыңды арт.
Құлдай мұрнымды тесіп,
Одан қалса
Ұрығымды кесіп

Құртып жібер;
Қолыңнан келсе
Құмдай үгіп,
Жүндей етіп

Түтіп жібер.
Жеті қат жердің астына
Түсіріп,
Жеті қат көктің ішіне

Ұшырып жібер.
Шойын етік киіп
Күлге аунатып
Тапта!

Істікке шаншып ап
Отқа ұстап қақта...
Айтпаймын!
Айтсам –

Қайтпаймын!

ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮС

Қорқынышты түс көрдім.
Тіршілік
Әлем-жәлем боп,
Теріс қарай

Айланып кетіпті.
Адам біткен
Маймылға
Айналып кетіпті.

Бір-бірінің
Құйрығынан тартып,
Бір-бірінің
Үстіне шығып

Анталап тұр.
(Арттары –
Қып-қызыл помидордай –
Қанталап тұр).

Дүние –
Ақ та емес, көк те емес,
Күл түстес
Күлгін секілді.

Көшелер – қап-қараңғы –
Үңгір секілді.
Сол үңгірде
Байғыздар –

Бажылдап жылап,
Жарқанаттар –
Қалбаңдап ұшып жатыр.
Қаңғыбас ит біткен

Қан-жынымды
Жалмаңдап ішіп жатыр.
Ұзын-ұзын мұнаралар –
Мүңкір-нәңкүрдің

Шоқпары мен сүйменіндей.
Жасыл жерімнен әр кетіп
Тікен мен шөңгеге
Таланып тұр...

Табақтай Айдың бетінен
Сора-сора боп
Қан ағып тұр...
Тіршілік бүк түсіп

Тұқшиып кеткен.
Машиналардың үстіне –
Құбыжық секілді! –
Жүн шығып кеткен...

Шошып ояндым.

МЕН ҚАЗІР КІММІН?

Мен қазір
Қоғамның омырауынан
Үзіліп түскен түймемін.
Көзі сынған инемін.

Тессем де – тікпеймін.
Шиырып иірсе де –
Алшы тұра алмай –
Жата қалатын

Бүк пенен шіктеймін.
Арса-арса арбаңмын.
Айдалада қалғанмын.
Тозығы жеткен

Көнемін.
Солтүстік мұзды мұхитта
Мұз ұстап қалған
Кемемін.

АШУ

Елімнің бойына
Алапат ашу кірді.
Шартылдап сілкінген
Жасын кірді.

Ормандар
Даланың түгіндей тікірейді.
Жота-қырларым
Атылатын айдаhардай

Бүкірейді.
Толқындарым
Арқырап көтеріліп
Сарқырап төгілді.

Даламның көбесі
Қақырап сөгілді.
Қаратауым орнынан –
Үстінен тастар домалап! –

Тұрып кеткендей болды.
Дауылдар бәйтеректерді
Тамырымен қопарып
Жұлып кекендей болды.

Қара бұлттар
Өгіздей өкіріп
Күркіреп жатты,
Найзағайлардың

Иір-иір мүйіздері
Алатауды жарып жіберердей
Сүзгілеп жатты.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢЫЛТПАШ

Әшкерленгенің
Әшкере болмайды.
Әшкерелеуші
Әшкере болады.

Аш кене дегенің
Бас кеме болмайды.
Бас кеме дегенің
Аш кене болады.

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Шалқып ағатын өзендерім
Тартыла-тартыла
Инедей болып қалды.
Оқалы шапандай

Жайып тастаған
Шалқар көлдерім –
Сарқыла-сарқыла
Түймедей болып қалды.

Далам –
От шарпыған киіздей –
Құрым-құрым.
Жайқалып тұратын

Жасыл теректерім
Диуананың
Ит тартқан шекпеніндей
Жұлым-жұлым .

Шөп біткен
Тозаң боп ұшып кетті.
Елдің еңсесі
Мойнына ібіліс сарығандай

Түсіп кетті.
Шыңырауларым
Ағып түскен көздей
Үңірейіп қалды.

Тіршілік
Желкесінен келсаппен ұрғандай
Сүмірейіп қалды.
Кепкен тандырдай денемнен

Деміммен бірге
Жан шықты.
Сауған желіннен
Сүт орнына

Қан шықты.
Құйын біткендер
Шайтанның
Шашындай жалбырап,

Дөңкиген жоталар
Таздың басындай болды.
Күнім –
Ғасырдай болды!

Құм біткен
Жасылымды жалмап,
Жыландай ысқырып,
Ирелеңдеп көшіп жатты.

Ошағымның оты
Өшіп жатты.
Далам
Отқа ұстаған

Табаға айналды.
Аптаптан
Дүниенің миы айналды.
Еңсесін көтеріп,

Есін жия алмады.
Құладым.
Жыладым.
Бірақ та

Көзімнен
Бір тамшы жас шықпады!
Кеуіп қалыпты!
Құрғақшылықтың құмы

Көзімді де көміп қалыпты.

ШҮКІР ДЕЙІК

Шашылып
Шақшаңдай бермей
Жан-жағымызды бүтіндейік.
Ашынып

Қақшаңдай бермей
Шүкір дейік.
Мүйізіміз шықса –
Бірімізді біріміз

Жарақаттап біттік қой.
Бірімізді біріміз
Балғаттап біттік қой.
Бір біріміздің

Төс етімізді айырдық.
Қанатымызды қайырдық.
Содан не шықты?!
Арсыз сөздерден

Жанымыз түршікті.
Кеше ғана
Тұр десе тұрып,
Жүр десе жүрдік қой.

Күлсек те –
Жан-жағымызға қарап ап –
Күлдік қой.
Енді бүгін

Өз ауамызды бүлдіріп
Бықсыған
Шаладай болатынымыз не?
Күпсіп көтеріліп

Бұтымызға толатынымыз не?
Үш әріптің
Тергеуінде жүрдік
Құз-жартастардың

Ернеуінде жүрдік.
Сол заманнан біз
Зарлап қаштық қой.
Сол заманда біз

Мина көміп тастаған
Жерде жүргендей
Аңлап бастық қой.
Ұмытпайық!

ӨЛЕҢ ЖАЗЫП ОТЫРМЫН

Өлең жазып отырмын.
Қаламымды
Көкпеңбек көлдерге
Малып алып

Жазып отырмын.
Тамшы-әріптерді –
Аспаннан!
Қағып алып

Жазып отырмын.
Сызып тастаған жолдарым
Темірмен бастырып тастаған
Шөптер секілді.

Басқа бір жолдарым
Сымдарға қонған
Кептер секілді.
Арасына кіріп кеткен

Жылусыз сөздерді.
Ұғымсыз сөздерді
Бұлттардан
Бір шымщым үзіп ап

Өшіріп тастаймын.
Қағаздың бетінен қуалап
Көшіріп тастаймын.
Бір сөздерімнің

Қызуы көтеріліп
Жанып бара жатады.
Көз алдымда
Талып бара жатады.

Сол кезде – Алатаудан! –
Бір уыс қар алып
Маңдайына басам.
Бұлағының суын

Таңдайына тосам.
Бір сөздерім
Ауаға толып
Ісіп-кебеді.

(Жібінен қырқып жіберсем
Өздері-ақ
Ұшып кетеді).
Бір сөздерім

Өшіп жатады.
Бір сөздерім
Өсіп жатады.
Біреулері қан болып

Ағып жатады.
Біреулері шам болып
Жанып жатады.
Долданам!

Толғанам!
Сонан кейін мен –
Астына –
Темірхан Медетбек деп

Найзағайлармен шиырып
Қол қоям.

ЖЕЛДІ КҮНГІ ОРМАН

Орман іші – гуілдеген! –
Сарынға толып кетті.
Уілдеген!
Ағынға толып кетті.

Ағаштар – баса көктеп! –
Бір-бірін жұлқылап жатыр.
Сарыала жапырақтары
Шашылған шоқтай боп

Бұрқырап жатыр.
Бұтақтарын көкке кезеніп
Сермеп қалады.
Ашу мен ызасы –

Тұла бойын
Кернеп барады.
Бұлттар да осы жерге
Жиылып қалған.

Қап-қара боп
Түйіліп қалған.
Ағаш біткен
Бойларын жинай алмай

Еңкілдеп тұр.
Бойларын жинай алмай
Селкілдеп тұр.
Оларда жазылмас

Азап жатқандай:
Балта, арамен
Кескендерге қарсы,
Өкпесін ойып

Тескендерге қарсы
Бүкіл ағаштар
наразылық білдіріп
Митингі жасап жатқандай.

АЙ, ДҮНИЕ-АЙ

Ай, дүние-ай!
Кейде
Ақ көбік қарға аунаған
Алтайы түлкідей

Құлпырып тұрасың,
Кейде
Жолың кесіліп
Қырқылып тұрасың.

Бір кезде
Тай қазандағы
Бесті қойдың құйрығындай
Туырылып жатасың.

Бір кезде
Табаға түскен тарыдай
Қуырылып жатасың.
Ай, дүние-ай!

Аяқ астынан
Есек аунап жатқан күл құсап
Бұрқырайтының-ай!
Ал бірде

Біреудің
Есігінің алдына тастаған
Аш нәресте боп
Шырқырайтының-ай!

Кейде сен
Лапылдап жанған
Оттан шыққандайсың.
Кейде сен

Мүңкіп жатқан
Боқтан шыққандайсың.
Бірде
Тұлымшағы желбіреген

Құлыншақсың.
Бірде
Әлдекімдердің қолындағы
Қуыршақсың.

Бірде
Кемені аударып тастайтын
Киттейсің.
Енді бірде

Бүкшең қаққан
Бұралқы иттейсің.
Ай, дүние-ай!

ӘУРЕШІЛІК

Ұмтылдым.
Жұлқындым.
Пайда таппадым.
Басқаша

Айла таппадым.
Қаншама бекінсем де
Қайтадан – көктайғаққа! –
Орнымнан тұра алмай

Жалп ете түсемін.
Қаншама секірсем де
Резеңкемен – аяғынан! –
Байлап қойған шегірткедей

Бұрынғы орныма
Сарт ете түсемін.

ҰМЫТҚАН ЖОҚСЫҢ БА?

Ұмытқан жоқсың ба?
Алдыңа гүл біткенді –
Шам құсатып! –
Жағып қоятын едім ғой.

Жұлып ап – омырауыңа! –
Тағып қоятын едім ғой.
Мен сені
Айдың сәулесімен

Табатын едім ғой.
Айдың сәулесін ішіп
Қанатын едің ғой.
Ұмытқан жоқсың ба?

Мен саған
Бұлт жамылып
Баратын едім ғой.
Бұлттың саусақтарымен

Терезеңді
Қағатын едім ғой.
Ұмытқан жоқсың ба?

ШОЛПАНҒА ӨТІНІШ

Шолпан,
Бүкіл Қазақстанның
Арақ-шарабын
Жиып әкелші.

Бүкіл Қазақстанның
Сырасын
Құйып әкелші! –
Өлгенше ішейін.

Ай аунап,
Күн түнге кіріп
Сөнгенше ішейін.
Ішейін!

Бұзық дүниеге қарап
Күйініп ішейін.
Қызық дүниеге қарап
Сүйініп ішейін.

Мас болайын! –
Ат құйрығын кесісейін:
Дос пен дос,
Қас пен қас болайын.

Несіне қорқам! –
Шайқалсам! –
Сүйеп қалатын
Алатауым тұр ғой.

Одан қалса
Қаратауым тұр ғой.
Несіне қорқам! –
Шүкір! –

Жапырағым бар ғой.
Құласам –
Шалқайып жататын
Сарыарқам,

Былғансам –
Жуындырып алатын
Атырауым бар ғой.
Шолпан, әкелші!

Тояйын,
Сонан кейін қояйын.

НЕ БОП КЕТТІ ДҮНИЕ?

Дүние алжасты.
Елдер мен елдер
Бірін бірі
Тозақтың ішіне тығып

Қамап жатыр.
Бірін бірі
Қанжоса қып
Талап жатыр.

Есінен адасқан-сынды
Байыпты да!
Біреуі
Алтын жалатқан бокалы үшін,

Біреуі
Беліне түскен сақалы үшін
Айыпты ма?!
Не боп кетті дүние?

Әлем
Тас-талқан боп
Бұзылып жатыр.
Жерді шаңдып тұрған

Ендік пен бойлықтарым –
Дауылды күнгі
Керме мен белдеулердей! –
Үзіліп жатыр.

Не боп кетті дүние?
Бірін-бірі
Топыраққа қанын қосып
Балшықтай илеп жатыр.

Сенімдер жапырақтай солып,
Үміттің уықтары
Партылдап сынып
Күйреп жатыр.

Бойыңды тіктесең –
Даурығып жатқан
Аттанға түсердейсің.
Аяғыңды бассаң –

Тоқпан жілігіңнен! –
Қақпанға түсердейсің.
Қозғалсаң –
Құлап кеткелі тұрған

Қара жарға
Басылып қалардайсың.
Орныңда тұрсаң –
Дарға ілініп

Асылып қалардайсың.
Не боп кетті дүние?
Адамдардың
Алайып кеткен

Үрейлі көздері
Әлі де
Жол қарап тұр...
Жер – анамның

Көзінен – жас,
Тұла бойынан қан
Сорғалап тұр.
Не боп кетті дүние?

АСТАМҒА

Жұрт жемегенді жеп,
Жұрт ішпегенді ішкендей;
Аллатағаланың
Кіндігінен

Домалап түскендей
Неге астам сөйлейсің?
Бұл байлық
Қай атаңнан қалып еді?

Қай атаң
Мұның бәрін
Үрім мен Қырымнан
Алып еді.

Басқаны көзіңе ілмей
Адыраң-адыраң қарап,
Одыраң-одыраң етесің.
Бұтыңды бұт,

Қолыңды қол етіп, –
Қағаздай қиқалап
Жыртып тастаса
Не етесің?

Құрып кетесің!
Көзіңе қара!

МҰҢ

Дүние жалғанның
Қаны қарайды.
(Қысылғаным-ай).
Күмән мен күдіктің

Қара жыландай
Ысылдауын-ай.
Жерімнің жан-жағынан
Әлдекімдердің

Ұлып тұрғаны-ай.
Елімнің жан-жағынан
Сілекей торларын
Құрып тұрғаны-ай.

Зымиян, сұмдықтың
Аранын ашып
Құтырғанын-ай.
Опасыз мына тірліктің

Тозған арбадай
Сықырлауын-ай.

АЛЫС-ЖҰЛЫС ДҮНИЕ

Дүние алыс-жұлыс.
Досыңның өзі
Шатақ іздеп
Шадырайып шыға келеді, –

Тамырлары
Білем-білем боп
Адырайып шыға келеді.
Көзі бақырайған

Қорқағың да
Бұзылып тұр.
Ынжығың да
Кіжініп тұр.

Айнала түгел
Шап берсең
Тап бергелі тұр, –
Маңдайыңды айырып

Қақ бөлгелі тұр.
Мүсәпірің де
Кісәпір сияқты, –
Қолына түссең

Жаныңды шырқыратып
Қысатын сияқты.
Дүние алыс-жұлыс.
Құдайдың құдіреті-ай! –

Ең жақының да
Сенен жырылып
Қиыс шығып кеткендей...
Құмырсқаға дейін

Сойыл көтеріп,
Көбелекке дейін
Мүйіз шығып кеткендей.

ҚҰЛАҒАН ЖАРТАС

Теңіз жағасында
Ғсырлар бойы тұрған
Жартас құлады.
Бұлттың астынан

Жел соқтырып,
Тереңнің түбінен
Шер соқтырып
Дүние жылады.

Қара жартас
Төзімнің табытындай
Судың астында
Шөгіп жатты.

Көк теңіз улап-шулап
Толқындарын –
Арқыратып-сарқыратып –
Көтеріп әкеп

Жартас-табытты
Көміп жатты.

КОЛБИННІҢ КЕЗІНДЕ

Брежнев алаңында
Ұл-қыздарымды
Қанжоса қып
Жығып салғаннан кейін;

Қолдарына бұғау,
Мойындарына
Құрық салғаннан кейін –
Әне бір ақ бас

Бақа құсап тарбаңдап
Колбинмен
Жылап көріскен.
Әне бір қақбас

Қоңыз құсап тоңқаңдап
Колбиннің аяғына жығылып
Құлап көріскен.
Бір-бірінің үстінен

Қаптап, қанарлап
Өсек тасыған, –
Бірі шықса,
Екіншісі кіріп –

Толассыз! –
Кезек тасыған.
Есті еркек деп жүргеніміз
Ебелек құсап

Елпең қаққан.
Текті тентек деп жүргеніміз
Тексіз боп шығып
Шелтең қаққан.

Біреулері
Күйіктен
Ішіп кеткен.
Біреулері

Кәрі төбеттей
Арпылдап үріп
Ісіп-кепкен.
Біреуі

Аузынан жын шашқан
Лаңға айналған.
Біреуі
Ұрты уға толы

Жыланға айналған.
Айтатынын
Қақыратып айтқан
Азаматтарым да болған.

Ауыздығын
Қарш-қарш шайнап
Жер тарпыған
Қазанаттарым да болған.

Болған!
Бәрі де болған –
Колбиннің кезінде.

МҰХТАР ШАХАНОВ АЛПЫСҚА КЕЛДІ

Маңдайында – Желтоқсанның! –
Ұйып қалған қаны бар
Горбачевпен айқасқан,
Талай-талай әңгүдік

Жандайшаппен шайқасқан
Мұхтар Шаханов
Алпысқа келді.
Елі мен жері үшін

Шіреніп жатқан —
Шынжырларыңды! —
Үзіп кететін;
Шалқайып жатқан

Шың-құздарыңды
Бұзып кететін;
Жалғыз жалау боп
Топқа кіретін;

Алау-далау боп
Отқа кіретін
Мұхтар Шаханов
Алпысқа келді.

Халқын ойлаған кезде
Бұрқырап.
Тасып кететін;
Арнасынан асып кететін;

Өлеңдері!
Таудан аққан – селдей боп! –
Жүйткіп жататын;
Аңғардан соққан –

Желдей боп! –
Ұйытқып жататын
Мұхтар Шаханов
Алпысқа келді.

Күшінде – өлмейтін! –
Айқасы бар;
Ішінде – сөнбейтін! –
Жайтасы бар;

Әлемді аралап
Самғап жүрген;
Отырарын –
Қайырхан бабасындай

Шыңғысханнан! –
Қорғап жүрген
Мұхтар Шаханов
Алпысқа келді.

Жаны жақсылыққа
Елжіреп тұратын;

Елі

Ержүрек тұтатын
Мұхтар Шаханов
Алпысқа келді.

ІНІЛЕРІМЕ

Жақын күндерді бітіріп
Алыс күндерге кетіп барамын.
Сендерді сол күндерге
Ертіп барамын.

Айналайындарым,
Қиын күндерде
Мені ортаға ап
Айналғандарым.

(Ағаларым бар болсын! –
Оларға енді
Аллатағала
Жар болсын)

Сөздеріңді тыңдап
Сан тебірендім, –
Қашқан бұлтты ұстаған –
Болашақ –

Найзақаралар мен
Хантәңірлерім.
Жас болса да
Көкіректері қазына

Көнелерсіңдер...
Өкіріп жатқан теңізде
Боздап жүрген
Кемелерсіңдер.

ӨСЕКШІГЕ

Бәрін де естисің.
Бәрін де көресің.
Естіп, көрмесең –
Өлесің.

Жетпей желкең қиылғыр-ай.
Көзіңе – құм,
Құлағыңа балқыған
Қорғасын құйылғыр-ай.

Жұрттың басына қаншама
Бұлт үйіріп
Едірең қақтың-ай!
Қарның ақтарылып,

Ішегіңе оратылып
Өмірем қапқыр-ай!

КҮМӘННІҢ ШЫБЫНЫ

Жаным
Ашу мен ызаға
Қыжылға толып кетті, –
Миымның ішіне

Күмәннің шыбыны кіріп
Басым
Ызыңға толып кетті.
Сол бір шыбын

Қураған қамыстай
Ызыңдайды да тұрады.
Тесіктен кірген желдей
Ызылдайды да тұрады.

Не деген жауыз шыбын?!
Төзімнен
Неге қыңбайды?!
Ойларым қайда кеткен?

Торларын неге құрмайды?
Қағып ап
Қамап тастамай ма?!
Сілекей жіптерімен

Орап тастамай ма?!
Құдай-ау,
Жүйкені жеп жатқан
Мынау ызыңнан

Жарылып кетердеймін.
Жын қағып
Қағынып кетердеймін.
Басымды

Тасқа соқсам ба екен?
Соққанда – бас емес! –
Тас жарылса қайтем?!
Бұл ызыңнан

Жетер жеріме
Жетпей құтылмаспын –
Бұл дүниеден
Өтпей құтылмаспын.

Ызың-ызың.
Ызың-ызың...

БІЗДІ БИЛЕП ҮЙРЕНГЕНДЕРГЕ

Сендер бізді
Табанға сап илегенсіңдер.
Соған үйренгенсіңдер.
Сен енді біліп ал! –

Түк айта алмай
Именшіктеп
Бұққанды қойғам.
Жүзіңе қарай алмай

Төменшіктеп
Ыққанды қойғам.
Кезінде сен
Бұтымды бұт,

Қолымды қол еттің ғой.
Балымды желім,
Жолымды сор еттің ғой.
Тәуелсізбін!

Мен енді зорлығыңа
Көне алмаспын.
Айтарымды айтпай
Өле алмаспын.

Мен енді сенімен
Бұрқыраған Атырауды
Көкірек көңіліме
Құйып алып сөйлесем.

Мен енді сенімен
Алатаудың бір шыңын
Басыма бөрік қып
Киіп алып сөйлесем.

Шамырқансам! –
Көңілімнен теңіз ақтарып
Тасқында қалдырам.
Бөрігімнен тас құлатып

Астында қалдырам.

КӨРДІМ!

Әлі бодан кезімде –
Менің жеріме –
Ғылыми-техникалық революция
Басып кірді.

Жасылымды айтақыр етіп,
Құмымды күлдей бұрқыратып
Шашып кірді.
Бізді көзіне де ілмей

Қойдың құмалағындай көрмей
Одыраңдап
Асып-тасып кірді.
Еппен кірмей

Өртпен кірді.
Дертпен кірді.
Халқымды шетке
Ысырып тастап

Эшалон-эшалон болып
Қаптады.
Намысыма тиді,
Арымды таптады.

Өріп кеткен қара темірлер
Алып құбыжықтардың
Қаңқалары құсап
Арбаңдап жүрді.

Келімсек бәлелер
Жерімнің қойын-қонышын
Түгел тінтіп
Жалмаңдап жүрді.

Сол оңбағандардың
Маңқиған түйелерімді
Маңдайынан
Атқанын көрдім ;

Аруларымның
Абыройын шашып
Жатқанын көрдім.
Алтын іздеп

Молаларымды
Ашқанын көрдім;
Әулие-әмбилерімнің
Сүйектерін

Шашқанын көрдім.
Шыдай алмастан
Елім көтерілген кезде –
Ініне су кірген суырдай боп! –

Сол сілімтіктердің
Қашқанын көрдім.
Көрдім!
(Ақын Жаңа Өзен оқиғасын айтып отыр).

ҚАЖЫДЫМ

Бәле жайлаған елдей
Қажыдым.
Құзғын саңғыған жердей
Қажыдым

Ит сарыған көлдей
Қажыдым.
Қажыдым.

МІНЕЗ

«Түнде ұйықтамаған,
Күндіз отырмаған,
Қызыл қанын төккен,
Қара терін жүгірткен»

Қайран бабаларым-ай!
Қара нарларым-ай!
Сүйсе де –
Ботасын сүйген түйедей –

Тарпа бассалып,
Қарпып сүйетін;
Қас дұшпанның –
Шауып бара жатып –

Кіреукесін
Тартып киетін;
Болаттан
Жарақ асынып,

Темірден
Құрсау киген жауынды
Қамырдай илеп тастайтын;–
Көкірегін аяққаптай керіп

Асқақтап келген дұшпанды
Ұзынынан сұлатып
Ағаштай сүйреп тастайтын;
Құланның етін

Бұзбай асатын;
Көк сүңгі мұздарды
Қаршылдатып шайнап
Шөлін басатын;

Сілтеген қылышы
Қылтадан қиып,
Атқан жебесі
Тар қолтықтан қадалған;

Демалса да –
Дұшпанын аттың үстінен
Тулақтай жұлып ап
Астына басып отырып

Демалған, –
Қайран бабаларым-ай!

ОПАСЫЗҒА

Тілімді қырқып,
Дінімді құртып
Жоқ еткің келеді.
Өзіңді

Өз ұлтыңа атылатын
Оқ еткің келеді.
Сенің сөзіңді естіп
Су тиген кесектей езілдім.

Қаныңа қан,
Жаныңа жан берген,
Омырауын емізген
Ұлтыңнан неге безіндің?!

Опасыз!
Опасыз –
Қашан да Отансыз.
Жартасты

Итеріп құлатып
Мен сені
Бастырып тастағым келеді.
Немесе қатырып

Тас қылып тастағым келеді.
Күл-қоқысты
Сенің басыңа
Үйгім келеді.

Көлдерді алып қазандардай
Сақылдатып қайнатып
Төбеңе
Құйғым келеді.

Емен, бәйтеректер –
Астына бүктеп! –
Адырайған тамырларымен
Сүйегіңді күтірлетіп сындырып

Қысса екен деймін!
Сені
Самұрық құстар –
Қара құсыңнан бүріп! –

Алып ұшса екен деймін.

ТАЛАС

Еліме қорған болатындай
Арқар мүйізді,
Атан жілікті азаматтарым
Таласып жатыр.

Ашық күнде –
Тұман ішінде жүргендей
Адасып жатыр.
Бірін бірі

Жағадан алуда.
Біреулері
Қараптан қарап жүріп
Жалаға қалуда.

Біреулері бұғып,
Біреулері күпсіп жатыр.
Алып далам
Шоқ түскен киіздей боп –

Өтірік пен өсектен! –
Бықсып жатыр.
Не жетпей қалды?!
Билік пен байлыққа

Кеңірдектеріңнен келіп,
Кекірелеп тойып
Бөгіп отырсыңдар.
Жұрт жемегенді жеп,

Жұрт ембегенді
Еміп отырсыңдар.
Одан да
Иілгенде

Үзіліп кетердей,
Бүгілгенде
Басы жерге тиердей
Алақапшық көтерген

Аналарды ойласаңдар нетті.
Ызғардың өтінде
Жалаңбас,
Жалаңаяқ жүріп

Тесік өкпе болған
Балаларды ойласаңдар нетті.
Есімдерің Айға жетіп
Күндей күркіреп

Дүрілдеп тұр.
Еңсесін
Енді көтерген еліңнің
Тізесі

Дірілдеп тұр.
Ділің мен тілің
Тілім-тілім боп кеуіп
Кезеріп тұрған жоқ па?!

Аңласаңдар нетті.
Оң мен солыңда
Біреулер безеріп,
Біреулер қолдарын шошайтып

Кезеніп тұрған жоқ па?!
Байқасаңдар нетті.
Таласып жатырсыңдар, –
Адасып жатырсыңдар.

ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ

Жылқы жылы келді.
Көсіліп шапқанда
Жерді қуырып жіберген, –
Шаңын көкке көтеріп

Кебектей суырып жіберген;
Бауыры
Даладай жазылған;
Тұяғы түскен жерлері

Құланның етін асатын
Ошақтай қазылған;
Алтайда кісінеген дауысы
Атырауға жеткен;

Тіпті
Атыраудан да өткен;
Оттай лапылдап,
Оқтай зулаған;

Мойнына
Құрық салдырмай тулаған;
Болат тұяқтары
Қарсы жатқан тастарды

Қамырдай илеп,
Бауырдай тураған;
Құйрығы
Өзендей созылып,

Жалы
Ормандай шулаған;
Қарсы келгеннің
Құтын қашырам деп,

Атыңды асқақтатып,
Абыройыңды асырам деп, –
Жерімді
Дүбірге толтырып,

Кеудемді
Мың үнге толтырып, –
Жылқы жылы келді!
Құт болсын!

ҚАСІРЕТІМ

Қара тасқа –
Маңдайымды! –
Елімнің қасіретін
Айта-айта соқтым.

Жоса-жоса боп аққан
Қанға қарамай
Қайта-қайта соқтым.
Соқтым!

Қасіретімнің салмағынан
Қара тас
Үгіліп кетті.
Түбіттей түтіліп кетті.

Шыдай алмастан
Қара жерді қос қолдап ұрдым!
Қара жер қақ айырылды.
Көтеріле алмадым! –

Қайратым майырылды.
Қасіреттің
Өртеп бара жатқан күйігіне
Шыдамай

Көлге сүңгідім.
Көл дегенің
Қасіретімнің аптабынан
Бу болып ұшып кетті.

Дүние
Тозақтың отындай лапылдап
Ысып кетті.
Қасіретім-ай!

КӨКТЕМГІ СУРЕТ

Аспанымды –
Жүндей қопсыған –
Қара бұлттар
Қамап жатты.

Қып-қызыл жыңғылдардай
Қып-қызыл найзағай-сабаулар
Қара бұлттарды
Жүндей түтіп

Сабап жатты.
Қайта-қайта күркіреп
Қақ жарып сабады.
Желмен төңкеріп

Аударып сабады.
Қаратауға
Жайып сабады.
Алатауға

Салып сабады.

ДАУ

Менің еліме
Қызыл көз,
Қызыл кеңірдекті
Даулар кірген.

Ақыл-есін адастырып,
Бір-бірін иттей таластырып,
Іштен ірітіп,
Тоз-тоз ететін

«Жаулар» кірген.
Жұрт біткен
Қара ниет пен
Қара түнектің ішіне

Шым батқан.
Адамдар
Ібілістің зәрін ішіп,
Албастының дәретін жегендей

Жын қаққан.
Сайтандар
Адам кейпіне кіріп
Жылмаңдап жүрген.

Зымиян сөздер
Елдің ішіне –
Жыландай ирелеңдеп –
Сумаңдап кірген.

Адам біткен
Бір-бірін
Қазықтай қаққан.
Қақпандай қапқан.

Бір-бірін
Местей домалатып,
Киіздей сілкіген.
Сұрқия көздер

Босағадан аңдып
Тіміскілеп тінтіген.
Қарғалар сияқты қалбаңдаған
Қап-қара жалалар

Ағайын мен ағайынға
Қарқылдап келіп,
Қарқылдап барған.
Ел іші

Өсектің өртінен
Қураған қамыстай
Сатырлап жанған.
Бір-бірін көрместей болған,

Өліміне келместей болған.
Осылай
Қызыл көз,
Қызыл кеңірдекті

Даулар басталған.
Сол кезде елімді
Іргеде аңдып отырған
Жаулар бас салған!

Жоңғар бас салған!

СҰЛУ

Ғажабын-ай!
Көрген кезде
Жүрегіңді жарып жіберердей,
От қылып жағып жіберердей

Мынау сұлулықтың
Азабын-ай!..
Неткен сиқыр бұл?!
Дуалап, арбамай-ақ

Жан алғандай...
Айдың нұрынан,
Ақынның жырынан,
Ақ гүлдің кекілі мен

Тереңнің тұнығынан
Жаралғандай!
Есің шығып,
Ойың шатасып

Қасына
Барып қалардайсың.
Қасын керіп,
Кірпігін қаққанда

Талып қалардайсың.
Қаласа! –
Құздан қарғып кетердейсің.
Мәжнүн боп мәңгіп,

Қаңғып кетердейсің.
Дүниені ұмытып
Сүйіп қалардайсың.
Жел үрлеген шоқтай

Қып-қызыл ерініне
Күйіп қалардайсың.
Ғажабын-ай!
Азабын-ай!

Демі тисе –
Алтынмен
Апталып қалардайсың,
Күлкісінің

Лебі тисе –
Күміспен
Қапталып қалардайсың.
Аққудай сыланып

Тал шыбықтай бұралып
Үкідей
Үлпілдеп тұрғаны-ай!
Сөйлесе –

Ақ тамағы
Сайраған бұлбұлдың көмейіндей
Бүлкілдеп тұрғаны-ай.
Ғажабын-ай!

Азабын-ай!

ШАРШАУ

Мен қазір
Әлдекімдермен күресе-күресе –
Таудың басына
Тас арқалап шыққандай –

Борша-боршамын,
Арса-арсамын.
Мен қазір
Әлдекімдермен тіресе-тіресе

Аспаннан – күркіреп жатқан! –
Қорғасындай ап-ауыр
Қара бұлттарды
Жерге сүйреп түсіргендей

Қажып шаршадым.
Шаршадым!

БОДАН ЗАМАНЫ

Иен далада
Ұшқан құстай
Азат едім.
Көлге шомылып,

Желге сүртінген
Қазақ едім.
Дауыл құлатқан үйдей
Заман төңкеріліп

Мойныма
Қамыт кидім.
Маңдайым –
Ұрған соққыдан! –

Қақ жарылып қалды, –
Миым
Айрандай төгіліп
Ақтарылып қалды.

Зорлығы
Асқына түсті
Желкем үзіліп,
Мойным қайырылып

Астына түсті.
Қара балтасымен –
Тамырымды –
«Қарш» еткізіп шапты.

Қара мылтығын –
Өңменіме қадап –
«Тарс» еткізіп атты.
Араша түскенді –

Дойырдың астына алып –
Керегеге
Таңып қойды.
Еліме жарық көрсетпей, –

Құрым киіздей! –
Қараңғылықпен тұмшалап
Жауып қойды.
Еркектерімді тұрғызбай

Шалғайынан басты.
Әйелдерімнің
Етегін ашты.
Балақтағы биттей етті.

Ине жұтқан иттей етті.

ӨТІРІК БОЛҒАНЫ МА?

Айтқан сөзіме
Тоймайсың!
Сол сөзіме
Сіңірің тартылып,

Қаның кеуіп қалса да
Қоймайсың!
Несін жасырам –
Қабырғаларыңды

Бұтарлап сындырып,
Омыртқаларыңды
Біртіндеп бұзып тастар ем
Заңнан қорқам!

Бүйіріңді тесіп,
Өкпе-өзегіңді
Кеңірдек-қолқаңмен қосып
Суырып алар ем

Айнала отырған
Жаннан қорқам!
Бірақ та сен
Хайуан ішпейтін суды ішіп

Аузыңа келгенді
Оттайсың.
У жағылған
Қаңғыған оқтайсың.

Егер сен жеке келсең
Шайнап-шайнап –
Қоқыстың ішіне! –
«Түпә» деп

Түкіріп тастар ем.
Қайта тұрмайтындай етіп
Бітіріп тастар ем.
Амалым жоқ!

...Соны біліп
Бұл шіріктің
Есіріп-толғаны ма?
Әлде

Арланның
Сарып кеткен жеріне
Қоянның
Қырық күн бара алмайтыны

Өтірік болғаны ма?!

ДАУКЕС

Дабысы
Дүниені алып барады.
Дауысы
Құлақты жарып барады.

Қай кезде көрсем де
Шабынып тұрасың.
Даудан дауыл тұрғызып
Қағынып тұрасың.

Жай жүре алмайсың!
Соқтығасың!
Қақтығасың!
Бұлан-талан бүлініп –

Күл шашып,
Топырақ уыстап
Лақтырасың.
Бит шақса

Ит қапты дейсің.
Шабақ тисе,
Мұхиттан шығып кеп
Кит қақты дейсің.

Айналаны азан-қазан қып
Тұнықты лайлап
Сапыратының-ай.
Адам түгілі! –

Шайтанның өзіне
Бала тастатып
Бақыратының-ай.

ТОРЫҒУ

Қыздарымның
Аярлығын көрген
Қос көзім
Неге ағып кетпей тұр?!

Ұлдарымның
Инеге байланғанын білген
Жаным
Неге жанып кетпей тұр?!

Осыларды
Көре-көре безініп, –
Құйынның ішіне кіріп! –
Айдалаға

Маңғып кеткім келеді.
Қара бұлт бүркеніп
Тау-тасты кезіп
Қаңғып кеткім келеді.

ДҮНИЕДЕ ҮШЕУ ЖҮР

Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков,
Ақселеу Сейдімбековтерге
Дүниеде үшеу жүр.
Біреуі

Өзінің ішіне кіріп,
Біреуі
Сөйлеген сайын күшіне кіріп,
Біреуі

Шайтанның түсіне кіріп
Үшеу жүр.
Біреуі жұртты
Өзіне магниттей тартып,

Біреуі қыртты
От пен өрттей шарпып,
Біреуі құтыртып
Қобызын тартып

Үшеу жүр.
Біреуі шынардай,
Біреуі қырандай,
Біреуі ұрандай

Қалай тұрамын
Оларды құп алмай.
Уақыт-заман деген де
Аяқ пен қолға ғана емес

Сана мен тілге түсетін
Кісен ғой.
Сол кісен қиған сөздерден
Қан сорғалатқан

Үшеу ғой.
Ойлары өрттей
Үшеу бұл.
Үш рет қайталанатын

Ант пен серттей
Үшеу бұл.
Жердің құнары
Елдің құтындай

Үшеу бұл.
Рухтың ырысын қайнатқан
Ошақтың бұтындай
Үшеу бұл.

Дүниеде үшеу жүр.

САРЫАРҚА

Ғалым Жайлыбаевқа
Үстіне күркіреген бұлттардан
Береке құйылып жататын,
Жазығына дүркіреген

Той мен салтанат
Мереке жиылып жататын –
Аспанның астына жайылған
Жомарттың дастарқанындай

Дарқансың.
Ауыл мен қалаларды
Арқан-жолдармен –
Шандып байлап –

Жауырыныңа салып алған
Арқамсың!
Сөйлеп-сөйлеп кеткенде –
Арнасын керіп! –

Толқып ағатын өзендердей
Толы тарих,
Толы сырсың.
Шаңырағы

Сандал ағаштан,
Табалдырығы
Емен ағаштан қиылған,
Уығын алтынмен аптаған

Керегесін күміспен қаптаған
Қонысымсың.
Сарыала қазы біткен
Қабырғалар секілді

Өзендеріңді –
Әлдекімдер келіп –
Күтірлетіп
Сындырып кетті ғой.

Түгін тартса май шығатын
Жасыл жайлауыңды
Жындай түтіп
Жүн қылып кетті ғой.

Үстіңе – көк темірлерден! –
Жүк артты.
Созылып жатқан
Жота-омыртқаларыңның

Тоқпақтай жұлынын
Шіріген жіптей етіп
Жұқартты.
(Ақылым алжасты,

Көзім мұнартты).
Албастыдай бүлік сап,
Ібілістей құтырды.
Құйқанды жыртты

Теріңді сыпырды.
Жаным –
Үн шығара алмай! –
Өзін өзі талап

Жағаласып жатты.
Сенің алып арқаңды
Тұздай сұп-сұр
Теміреткі мен

Қан мен ірің сорғалаған
Жара басып жатты.
Енді, міне, –
Тәуелсіз теңдігің,

Бостан күнің туды.
Абырой мен даңқың
Асқан күнің туды.
Бойыңа – қайтадан! –

Қайрат құйылып жатыр
Жаныңа – қайтадан! –
Айбат жиылып жатыр.
Ұлы Сарыарқам менің!

Тірлігің – ұласқан! –
Армандай болсын.
Бірлігің – тұтасқан! –
Ормандай болсын.

Жаныңа жақсылық жиылсын.
Әндерің алтындай төгіліп,
Күйлерің
Күмістей құйылсын.

Қазаның
Жай күндердің өзінде
Тойдың қазанындай
Асып-төгіліп

Қайнап тұрсын.
Қара суыңның өзіне
Қалқыған шөміштің
Күші жетпей! –

Сабы сынатын
Бес елі қаймақ тұрсын!
Сарыарқам менің!

ҚАЗАҚСТАНЫМ МЕНІҢ

Жер шарының қартасында –
Еуропа мен Азия ортасында
Алтын астаудай боп
Орын алып тұрған;

Дүниенің
Керуен сарайындай боп
Батыс пен шығыстың да,
Теріскей, түстіктің де

Жолын бағып тұрған
Қазақстаным менің!
Күнінің астында
Құт пен береке үйіліп,

Айының астында
Періштелер
Жолығып жататын;
Көлдеріне

Алтын кебісті қаздар қонып,
Иір мойынды, күміс қанатты
Қасиетті аққулар
Шомылып жататын

Қазақстаным менің!
Далада жатқан
Әр тасының тарихы
Томға жететін;

Бір шеті мен бір шетіне
Дауыл қуалаған бұлттар –
Апталап! –
Зорға жететін

Қазақстаным менің!
Зауыттарының тұрбалары
Найзағайға шырпы жақтырып
Темекі шегіп жатқан;

Төсіне –
Шудалары бұлттардай
Алп-алп басқан
Қара нарлар шөгіп жатқан

Қазақстаным менің!
Дүниедегі қазақтарды
Керуен-керуен етіп
Көшіріп жатқан;

Қажымұқанды ата қып
Болашақ
Әбдісалан Нұрмаханов пен
Әбілсейіт Айхановтарды,

Октябрь Жарылғапов пен
Әмин Тұяқовтарды
Өсіріп жатқан
Қазақстаным менің!

Келешегінің шамдары
Самаладай боп
Жанып тұрған;
Үстіне

Қуырылған жүгерідей боп
Баданадай-баданадай
Жұлдыздар жауып тұрған
Қазақстаным менің!

ҚАПАЛАНУ

Арал теңізім –
Тұз сеуіп
Жиналмай қалған терідей
Тырысып

Кеуіп барады.
Өліп барады!
Өзендерім
Өлетін жанның тамырындай –

Мәшине жіптей боп! –
Семіп барады.
Атырауымның бекіре көздері –
Майы таусылған шамдай боп! –

Сөніп барады.
Сарыарқаның арқасы
Арса-арса боп –
Қабырғалары кеуіп

Қатып барады.
Омыртқалары шодырайып
Табаныма
Батып барады!

АЗҒЫННЫҢ ТӘБЕТІ

Адам біткеннің
Бұтын бұтарлап,
Қолын қоғадай
Қайырып жеді;

Жағын қақыратып
Айырып жеді.
Іріңді
Сорпылдатып ішті,

Темірді
Қаршылдатып кемірді,
Тезек салынған
Қанардай толды,

Доңыздай семірді.

ҚАЙРАН ТІЛІМ МЕНІҢ!

Өзге жұрттардың
Кеткен еселері
Өтеліп жатыр, –
Кешегі күні

Қор болған тілдерін
Ту етіп көтеріп жатыр!
Менің тілім
Еріні тілім-тілім боп

Шошалада қалды.
Ұйқылы түнге қуылып
Көзі жаутаңдап
Босағада қалды.

«Даусын
Найзадай көкке шаншылтып
Шамырқанып сөйлесе
Аспанның асты

Толып кететін;
Таспен қалаған қамалыңды
Тоған құрлы көрмей
Орып кететін»

Қайран тілімнің
Көштен кейін қап
Ыбылжып тұрғаны-ай;
Басына тазкепеш киіп,

Айтарын айта алмай
Күмілжіп тұрғаны-ай!
Қайран тілім менің!
Өз жер, өз елінде

Қолын жайып тіленген
Қайыршыға айналды-ау;
Құйрығы бұлаңдап
Құбылған қу саясаттың

Ойыншығына айналды-ау!
Не істесем екен?
Өртеген намысқа шыдамай
Оқылып біткен кітаптың

Соңғы парағындай боп
Жабылып кетсем бе екен?!
Қара бұлттардың ішіне кіріп
Сілкініп құтырып жатқан

Найзағайларға соғылып
Жарылып кетсем бе екен?!

ТҮС

Мен бүгін түсімде
Күлтегінді көрдім:
Алтай таудың басынан
Бұлттарға оранып

Түсіп келе жатты;
Сол бұлттардың суын
Сіміріп
Ішіп келе жатты.

Оң қолындағы найзағайымен
Айналасын
Тіліп-тіліп жіберді;
Сол қолымен

Қара тастарды —
Кепкен тезектей етіп! —
Үгіп-үгіп жіберді.
Алдында жортқан—

Күміс жалды,
Азу тісі пышақтай
Арланы бар екен...
(Арланы бар жанның,

Құдай-ау,
Қандай арманы бар екен)...
Жанымнан
Өтіп бара жатты,

Қайырылмай
Кетіп бара жатты.
Күлтегін! – дедім, –
Күлтегін! —

Арланыңды маған
Тастап кет,
Тастап кет,
Тастап кет, — дедім;

Ертеңіме ап барар
Соқпақ-сүрлеуге
Бастап кет,
Бастап кет,

Бастап кет, – дедім…
Күлтегін де
Қайырылып қарады.
Арлан да

Қайырылып қарады...
(Жан-жүрегім –
Не болар екен деп! —
Дегбірінен

Айырылып барады)...
... Әттең-ай,
Оянып кеттім.

КҮЙІНГЕНДЕ

Құдай-ау,
Не айтып отырсың?!.
Мен саған сүйеніп едім ғой,
Әулие-әмбиелердей

Киелім едің ғой.
Мен сені енді, —
Дауыл болып! —
Қара бұлттардай алдыма сап

Қуып кетсем бе екен?!
Сел болып ағып
Орныңнан түк қалдырмай
Жуып кетсем бе екен?!

Шайнамай
Жұтып жіберсем бе екен,
Құмдай үгіп
Құртып жіберсем бе екен?!

Жанымды жаралап,
Ұлтыңды қаралап
Не айтып отырсың?!
Тауды –

Дию сілкігендей! —
Сілкіп жіберсем бе екен?!
Бетіңе —
Аралды ұрттап ап

Бүркіп жіберсем бе екен?!
Есіңді жи!

КЕШЕГІ КӨСЕМДЕР ЖӘНЕ...

Қақ төрімізде ілулі тұратын
Кешегі көсемдердің портреттерін
Сыпырып-сиырып ап
Қоқыстарға лақтырдық.

Қалғандарын отқа жақтырдық.
Құдайсыз мұрттысын
Мұртын сындырып жазалы еттік.
Құдайсыз сақалдыларын

Сақалдарынан тартып
Мазақ еттік.
Өзендерге көпір болардай,
Арқаларынан арба өтердей

Тонналаған алып ескерткіштерін
Трос салып құлаттық.
Сонымызбен –
Әкесі өлсе жыламайтын! –

Тірі жүрген құдайсыз біреулерді
Етектерін жасқа толтырып
Еңкілдетіп жылаттық.
Айдауларда,

Қуғын-сүргіндерде жүрген
Өзіміздің шалдар
Қайтып оралды.
Көміліп қалған сөздерін

Айтып оралды.
Сөздері –
Ұғымға кірді.
Өздері –

Тасқа айналып
Тұғырға мінді.
Соларға қарашы!
Біреулері –

Түйе қарап шыққандай! –
Аттардың үстінде
Қоқиып-қоқиып отыр.
Қалғандары

Бір-бір тастың үстінде –
Түзге шыққандай! –
Шоқиып-шоқиып отыр...
Ұят-ай!

АТЫЛҒАН АРҚАР

Ай-күннің аманында,
Ел бүтін, жұрт тынышта,
Ақар-шақар таудың ішінде,
Жақпар -жақпар

Жартастың үстінде —
Кеудесін керіп
Шалқайып тұрған,
Талыстай танауымен

Қорқыратып иіс тартып,
Дүниенің
Төрт бұрышын басқандай
Талтайып тұрған

Арқар атылды.
Тау қозғалды,
Көл толқыды,
Жел жылады, —

Дүние аһ ұрды.
Мұндай үкімге
Не үшін кесілді?
Биіктегі бұлттарды

Мүйізімен қозғап,
Шайқайтыны үшін бе?
Сол бұлттар ішіндегі
Жасынның өзін

Жасқап-жайқайтыны үшін бе?
Өзін-өзі
Бір тастан бір тасқа
Лақтыратыны үшін бе?

Сол биікте тұрып ап
Бәкене тірліктің басына
Бұтын керіп
Шаптыратыны үшін бе?

Шаң түгілі,
Тозаң қонбайтын
Шүйгіндердің өзіне
Тандап түсетін;

Мөлдір бұлақтардың өзін
Талғап ішетін —
Қайран арқар!
Жартас үстін қанға бөктіріп

Дара жатыр...
Қолдағы қаптары далақтаған,
Пышақтары жалақтаған
Қорқау қомағайлық —

Есі шығып,
Еліре ұмтылып —
Өлген арқарға
Бара жатыр...

Дүние деген осы...

МАХАМБЕТШЕ ШАМЫРҚАНУ

Сен менімен
Тепсініп келіп,
Тебінгі қағысып
Теңескің келеді.

Сен менімен
Жаға жыртысып
Егескің келеді.
Құдай-ау,

Жөндеп қарасайшы!
Сен болсаң
Көңірсіп, бықсып,
Түтіндеп сөйлейсің ғой;

Жүрегіңді май қапқандай, –
Бүгежектеп, —
Кілкілдеп сөйлейсің ғой;
Мен болсам

Айналаны ақ түтек қып,
Астаң-кестеңін шығарып
Қопарып сөйлеймін ғой,
Күндей күркіреп,

Найзағайлармен тұтанып,
Оталып сөйлеймін ғой!
Менің иірген асығым —
Алшайып! —

Құзда тұрған құлжадай
Алшысынан тік түседі.
Сенің иірген асығың,
Не бүкшиіп бүк,

Не сықсиып шік түседі.
Айырма қайда?!

ҚАРЛЫҒАШ ҚҰС

Қарлығашым-ау,
Құстардың ішіндегі
Құйтақандай
Қанатты қарындасым-ау.

Ауада жалт-жұлт етіп,
Мың құбылып ұшып,
Көзге көрінбейтін жіптерді
Бірде байлап,

Бірде шешіп жүргендейсің;
Қанатты қайшы құсап
Көзге көрінбейтін маталарды
Бірде пішіп

Бірде кесіп жүргендейсің...
Қанатыңның сусылы
Менің көңілімнің
Желпініп, еліккеніндей...

Ұяңа қаланып жатқан
Саз-балшықтың әр түйірі
Өлеңнің әріптеріндей...
Бір тынбайтын,

Қарлығашым-ау,
Құстардың ішіндегі,
Құйтақандай
Қанатты қарындасым-ау!

ҚҰДАЙ-АЙ, НЕ ІСТЕЙІН?

Мынау дүние
Шоу жасап
Неменеге қуанып тұр?!
Дінім суалып тұр,

Тілім қуарып тұр.
Мына дүние
Шоу жасап
Неменеге куанып түр?!

Мынау заман
Ерең-серең,
Қалбаң-құлбаң
Көлеңкелер мен

Елестердің заманы ма?!
Мынау алаң
Ерең-серең,
Қалбаң-құлбаң

Көлеңке мен
Елестердің алаңы ма?
Бататын күн сияқты
Түңіліп барам;

Құйылған құм сияқты
Үгіліп барам.
Азуы алмас,
Аяғы орақ, —

Әлдебір пәлелер
Шегірткедей қаптап
Жасылымды орып барады...
Елімнің іші

Ерең-серең,
Қалбаң-құлбаң
Көленкелер мен
Елестерге

Толып барады.
Құдай-ай, не істеймін?

СЕНІ КӨРСЕМ!

Сені көрсем! —
Жан жүрегімнің шамдары
Тас атып сындырғандай
Өшетіні несі;

Сені көрсем! —
Тұла бойымнан тікірейіп
Шөңге мен тікендер өсетіні несі?!
Сені көрсем —

Көңілімнің көлінде
Мұздар қататыны қалай?!
Сені көрсем! —
Сөзімде

Ызғар жататыны қалай?!
Сені көрсем! —
Өзімді-өзім
Бомба қып жарғым келеді;

Сенің аяғың тиген жерді —
Киіз сияқты жинап ап! —
Қағып-қағып
Қайта салғым келеді...

КҮШІМ ЖЕТПЕДІ

Аспанға шығып
Бұлттың суын
Ішейін деп едім;
Алатаудың

Ақ басын құшақтап
Суретке түсейін деп едім.
Күшім жетпеді,
Құдіретім жетпеді!

Ормандарды соңыма
Ертіп кетейін деп едім;
Сол ормандардың лебімен
Қуарып жатқан шөлдерді

Желпіп кетейін деп едім.
Күшім жетпеді,
Құдіретім жетпеді!
Елдің шерін өлең қып

Селдетейін деп едім;
Толқып, тебіреніп жатқан
Атыраудың үстіне –
Сары уайымнан

сарғайған! –
Сарыарқаны салып ап
Тербетейін деп едім.
Күшім жетпеді,

Құдіретім жетпеді!

ҚАЛАЙ БАЙҚАМАЙСЫҢДАР?!

Қалай байқамайсыңдар?! —
Мен кілең
Бұлттың ішінде жүрем ғой.
Жыласам,

Бұлттың ішіңде жылап,
Күлсем,
Бұлттың ішінде күлем ғой...
Мені күн-түні —

Жан-жағымнан жосылған! -
Қып-қызыл найзағайлар
Сабалайды да жатады;
Сол найзағайлар

Жан-жүрегімді
Қан жоса қып
Жаралайды да жатады.
Содан жырым-жырыммын,

Содан жұлым-жұлыммын.

БҰЛТТАРҒА ӨТІНІШ

Қара бұлттар,
Найзағайларыңды жақшы, –
Әнебір жан
Кебісін тауып алсын,

Әнебір мал
Өрісін тауып алсын.
Қара бұлттар,
Найзағайларыңды жақшы, –

Әнебір қыз
Шелегін тауып алсын,
Әнебір ақын
Өлеңін тауып алсын.

Қара бұлттар,
Найзағайларыңды жақшы, –
Сенен бір шырақ
Жағып алайын, –

Дүниенің түрі жаман ғой –
Моласыз қалармын! –
Моламды тауып алайын.

ЕҢСЕҢДІ КӨТЕРШІ

Қазағым!
Алтай тауын
Саңдықтай ақтарып
Кек түріктерден қалған

Оқ тауып берейін.
Аспандағы айды ұстап —
Сәуле,
Жұлдыздарды ұстап -

Қаныңа сіңетін! —
От сауып берейін.
Еңсеңді көтерші.
Отансызыңды

Суға лақтырып,
Отқа салайын;
Опасызыңды
Темірқазық-жұлдызға

Салбыратып байлап —
Көкесін көзіне көрсетіп! -
Сабайын.
Қара бұлттарды

Шүберектей сығып
Суын ағызайын;
Жасынның нұры сіңген
Аспанның сол суларын-

Көзің ашылсын деп! —
Көзіңе тамызайын.
Еңсеңді көтерші!

ЕНДІ ҚАЙТПЕКПІН?

Мен дәл казір
Кұлдық заманы көмген
Көрден шығып кеткен
Өлікпін!

(Жұлым-жұлым қара аспан
Тас төбемнен
Төніп тұр).
Жер асты — апыр-ай! —

Қалжыратты.
Жалба-жұлба боп ілініп тұрған
Етім сүйегімнен
Ажырапты.

Мені мазақ қып
Санын шапаттаған,
Тілі салақтаған
Жын жиылады.

Жыласам —
Көзімнен құм кұйылады.
Сордың суымен жуынып,
Дертті бұлтпен сүртінсем —

Әлдене жер сияқты
Қақырап сөгіледі.
Сілкінсем —
Үстімнен! —

Бұрқырап
Топырақ төгіледі.
Көрейін десем
Дүние маған

Ту сыртын беріп
Сырт кеп қонған;
Сөйлейін десем —
Тілімді! —

Құрт жеп қойған...
Енді қайтпекпін?!

БҰЛ ДҮНИЕГЕ ҚАРАСАМ

Бұл дүниеге карасам
Ойым онға,
Санам санға бөлінеді.
Кеудемдегі жүрегім

Қауіпті тозаң мен
Қатерлі шаңға көміледі.
Жап-жасыл уы ақтарылып
Өтім жарылады.

Күйедей қап-қара боп
Өкпем қабынады.
Өзегімнен өрт шығады.
Сол өрттен

Жазылмайтын дерт шығады.
Бұл дүние
Қабырғамды қаусатып,
Омыртқамды опырғандай болады.

Үмітім мен арманым
Ұшар жері де жоқ,
Ұшса,
Қонар жері де жоқ

Абақтыда отырғандай болады.
Бұл дүниеге қарасам —
Жаным шошып,
Ұшынып кетеді.

Балаларымнан басқа
Бауыры жоқ — бауырым! —
Күптей боп
Ісініп кетеді.

Қайсарлығым да зарланып
Аш қасқырдай
Ұлып тұрады.
... Сонда да — лағнет атқыр! –

Бұл дүниеге
Бүйрегім бұрып тұрады.

ЕСАЛАҢ ШАҚ

Іздеп шыққан —
Бір кездегі! —
Жерұйығым да жоқ,
Кермиығым да жоқ,

Шалқұйрығым да жоқ,
Бай қиырым да жоқ.
Жылан жалағандай
Тап-такыр

Айдалада тұрмын.
Аспандағы ай
Омырылып сынып
Шашылып жатты.

Көне қорымдағы
Қаптаған молалар —
Күңіреніп! —
Көтеріліп-басылып жатты.

Инедей суық
Әлдебір ызыңнан
Миым шаншып,
Құлағым тұнады...

Көне қыстау жақтан
Кәрі байғыз жылады...
Аспаннан
Әлдебір мүнкіген нәрсе

Жапалақтап түсті.
Күйген жапырақтар құсап
Қап-қара
Жарқанаттар ұшты.

Табанымның асты –
Мені көмгісі кеп
Аяғыма оратылған
Құм сияқты.

Дәл қасымнан
Тұяқтары сыртылдап
Бақылдаған әлдене өтті.
Өзі көрінбейді.

Жын сияқты...

СУЫҚ ЗАМАН

Мына заман —
Түкірігім
Жерге мұз боп түсетін
Күндей суық;

Көрдің ішінен
Құмығып шығатын
Үндей суық.
Қас-қабағы

Солтүстік Мұзды мұхиттай
Қатып жатыр.
Содан да дүние
Қайғы мен қасіретке

Батып жатыр.
Ақ түтек бораны —
Ішіме кіріп! —
Жан-жүрегімді

Алай-дүлей етіп
Орап алады;
Дірдектеп кететінім сонша
Тұмсығымнан су,

Көзімнен сорам ағады.
Не болғанда да,
Түңілмеуім керек.
Не болғанда да,

Бүгілмеуім керек.
Мына заманның
Қабағын жапқан қара түн
Жерді көмгендей...

Біздер ушін
Үскірікпен дем алып,
Қарды қарпып асап,
Мұзды қашырлатып шайнап

Күресетін шақ
Енді келгендей.

БАҚЫТ ҚҰСЫ

Біз осы
Төбемізде айналып ұшқан
Бакыт құсымызды
Қондырмай жүрген жоқпыз ба?!

Сонымызбен —
Өзімізді-өзіміз
Оңдырмай жүрген жоқпыз ба?!
Мұнымыз қалай?

Әлде біз – адасып! –
Басқа бір нәрсені
Пір тұтып қалдық па?!
Өзіміздің тасырлығымызбен,

Өзіміздін басырлығымызбен
Бақыт құсымызды
Үркітіп алдық па?!
Алла тағала

Осымызға зауал жіберіп
Жанымызды құрсаулап
Қысып кетсе қайтеміз?!
Бакыт құсымыз — біздерді! —

Канатымен сабап,
Тұмсығымен шоқып,
Аяғымен теуіп,
Басымызға бір саңғып –

Кайырылмастан! —
Ұшып кетсе кайтеміз?!

ШОШЫНУ

Аурумын!
Алтайым да ауру,
Сарыарқам да ауру,
Қаратауым да ауру,

Алатауым да ауру,
Атырауым да ауру.
Ауру!
Ертістің тамырын ұстадым,

Жайықтың тамырын ұстадым,
Сырдарияның тамырын ұстадым,
Тобылдың тамырын ұстадым,
Есілдін тамырын ұстадым,

Іленің тамырын ұстадым, —
Апыр-ай!
Дертті жанның тамырындай
Соғып тұр! —

Бірде тартылып,
Бірде талып тұр.
Сонда да көнбестен
Биікке өрлеп ем, —

Топан су сарқырап құйылып
Құлатты.
Байқайсың ба,
Аспандағы қара бүлттар

Мені көміп тастайтын
Күздегі қап-қара
Топырақ сияқты.

БҮГІНГІ ИМАНДЫЛЫҚ ГЕОГРАФИЯСЫ

Қатал заман келіп
Мейірім деген көлім
Сарқылды.
Қайырым деген өзенім

Тартылды.
Сол көл мен өзеніме
Арман мен үміттерім
Аққу мен қаздардай

Аңсап қонушы еді.
Сол көл мен өзенімді
Аққайыңдай аппақ тілектерім
Сұрқия көзден,

Зымиян сөзден
Қоршап, қорушы еді.
Қорқау қомағайлық
Көзімді без қылып жіберді:

Аққу мен қаздардай
Арман мен үміттерімді
Қара мылтықтарымен
Бездіріп жіберді.

Аққайың – ақ тілектерім
Қатігездіктің
Балтасымен
Оталып кетті;

Қалғандарын
Түп-тамырымен
Қопарып кетті.
Мейірім деген көлім

Доңыз аунайтын
Балшыққа айналып
Сарқылып қалды;
Қайырым деген өзенім

Көк есек кешіп өтетін
Жылға боп
Тартылып қалды...

ӘБУ СӘРСЕНБАЕВ

Адамдар да бұлттар сияқты...
Бірақ сен, Әбу аға!
Біреулер сияқты
Бауырынан дауыл тұрғызып,

Жай лақтырып,
Жасын ойнатып жататын
Қара бұлт емессің;
Аспан кеңістігінде

Шөмеле-шөмеле боп жататын
Ала бұлт емессің;
Алқын-жұлқын боп
Асығыс өте шығатын

Тасыр бұлт та емессің;
Мына бұзық заманның
Іріңді уын жинаған
Жасыл бұлт та емессің!

Сен мүлде
Басқа бұлтсың! –
Аспандағы аппақ періштелер
Асыр сап

Шомылып жататын
Ақша бұлтсың!
Әлі күнге сенің әруағың
Аспанда қалқыған

Ақша бұлтыңа –
Тозаң қонса! –
Таулардың үстіне апарып
Қағып,

Сілкіп алады.
Кір болған жан менен
Шаң қонған жүректерді
Аққудың мамығындай

Үлбіреген,
Мақтадай аппақ
Сол Ақша бұлттарың
Сүртіп алады.

Әбу аға,
Қанын ішіне тартып
Сазарып тұрған
Мына заманнан безініп,

Тазарып алу үшін
Сенің Ақша бұлттарыңа
Барғым келеді.
Асыр сап шомылып жатқан

Періштелермен бірге
Сол ақша бұлттарыңа
Аунап,
Аунап,

Аунап
Алғым келеді.

САНСЫРАҒАН ХАЛ

Бүгінде
Өз жері мен өз елінде
Тілім мен ділім
Екі бүктеліп

Бүкшиіп тұр.
Озбыр пейіл мен
Зұлым пәрменнен
Жан-жүрек шошынып

Тіксініп тұр.
Әне біреулер –
Өтірікті
Қардай боратып

Сапырып жатыр.
Құдай-ай,
Құдай-ай! –
Арыстай азаматтар

Оққа байланып
Атылып жатыр.
Соларды ойласам
Санам сарсылып,

Жан-жүрегім
Ала-құйын
Дауыл боп кетеді...
Бәрінен безініп

Төсегіме құласам –
Жамылған мамық көрпем
Қабірдің топырағынан да
Ауыр боп кетеді.

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚ

Неге бұлай,
Неге бұлай,
Неге бұлай? – деп
Бағдаршамдардың көздері

Жыпылық-жыпылық етеді;
Неге бұлай,
Неге бұлай,
Неге бұлай? – деп

Желдер уілдеп,
Құйындар
Құтырып-құтырып кетеді.
Алдымен тыңда Сен,

Құлақ түр:
Неге бұлай,
Неге бұлай,
Неге бұлай? – деп

Телефондар безілдеп,
Жесір әйелдердей
Жылап тұр.
Неге бұлай,

Неге бұлай,
Неге бұлай? – деп
Қазақ біткен
Бір-біріне

Өртеніп қарады;
Неге бұлай,
Неге бұлай,
Неге бұлай? – деп

Тролейбустар
Аспанға қолдарын жайып,
Трамвайлар –
Қалшылдап! –

Жер теуіп барады...

ХАЛЫҚ ҚАҺАРЫ

Қабат-қабат – үстіңе! –
Шойын киіп алсаң да,
Сол шойыннан
Қолыңа

Сойыл құйып алсаң да –
Халық қаһары
Тозған шүберектей етіп
Жыртып тастайды,

Бұта құрлы көрместен
Қырқып тастайды.
Біліп ал қуатын:
Күркіреп, күрпілдеп жатқан

Көктің ішінен –
Қақ айырып! –
От лақтырып ұратын
Халық қаһары! –

Сұрапыл.
Шойын кисең де
Мақтадай лап етіп
Жанып кетесің,

Қуыс-қуысты қуалап
Сынап боп ағып кетесің.
Халық қаһарланса
Ештеңең қалмайды!

Қалса,
Қара ниетті
Пиғылың ғана қалады;
Арланға ұмтылған

Төбет сияқты
Қарға шаншылып
Құйрығың ғана қалады.

БАС ТУРАЛЫ ЖЫР

Аспан астындағы
Бүкіл мына тіршіліктің
Бұл енді
Барып тұрған соры болды:

Адамның басы –
Алланың ғана емес! –
Адамның да
Добы болды.

Қарашы!
Бар жер,
Бар тұста да
Бірінің басын

Бірі теуіп жүр!
Содан ләззат алып
Ісіп-кеуіп жүр.
Соны көріп тұрған

Аспан төсіндегі
Баданадай-баданадай жұлдыздар
Көз жасындай боп
Сорғалап ағады;

Бір жағы өрт
Бір жағы мұз
Қайран Жер Шары да
Махамбеттің

Кесілген басындай боп
Тұңғиық кеңістік ішінде
Домалап барады...

ӨТІРІК АЙТЫЛҒАН КҮНІ

Мына өтіріктен –
Қазақстан қалаларының
Бүкіл көшелеріндегі
Бағдаршамдардың

Қызыл,
Сары,
Жасыл көздері
Ағып түсті.

(Сол бір өтірік
Жұрттың жан-жүрегін
Аяздай қарып түсті).
Бұрылыстар мен қиылыстар

Күрмеп байланған
Жіптей боп қалды.
Машиналар –
Ханталапай кезіндегі

Үйме-жүйме асықтардай –
Шік пенен бүктей боп қалды.
Айқай-шу.
Боқтық.

Газ иісі.
Боздаған машина...
(Өркениет деген осы ма?!)
... Қазақстан қалаларындағы

Бағдаршамдар
Қайтадан жанар ма екен?!
Заманның
Бұрылыстары мен қиылыстарына

Алаң боп –
Қызыл,
Сары,
Жасыл көздерімен –

Қайтадан! –
Қарар ма екен?!
Білмедім!

ТОРЫҒУ

Өліп тұрамын,
Өліп жатамын.
Елес сияқты
Өлік-сұлбамын.

Арқырап-сарқырап жататын
Өзен ем,
Енді бүгін
Жылап ағатын жылғамын.

Жолдарым қырық жерден
Кесіліп қалған.
Кеудем –
Ұн елейтін електей!–

Шұрқ-шұрқ боп
Тесіліп қалған.
Шұрқ-шұрқ денемнен
Қан ағып тұр.

(Біреулер
Денесінен қан ағып тұрса да
Жан бағып тұр).
Өзге емес

Өзімді өзім
Жер қылып жатырмын.
Өзімді өзім көміп,
Өзімді өзім

Өлтіріп жатырмын.
Мен қазір –
Айналамнан
Өріп шыққан –

Өзім сияқты
Көп өлік көрем...
Заманның түрінен қорқып
Өз кебінімді өзім тігіп,

Өз табытымды өзім
Көтеріп келем.

ЗООПАРКТЕГІ ӨЛІМ АЛДЫНДАҒЫ ҚАСҚЫР

Арлан қасқырдың
Көз алдында
Жалған дүние –
Баяғыдай! –

Құбылып жатты;
Ал тұла бойынан
Бөрілік қуат қайтып,
Болат сымдардай түгі

Шіріген шөптей боп
Жығылып қапты.
Өліп барады!
Құдай-ау,

Қасқыр деген
Мұндай өлімге
Көнбейтін еді ғой...
Қасқыр деген –

Қақпанға түссе де!–
Арпалыспай
Өлмейтін еді ғой.
Қасқыр

Өз өлімінен өлсе
Көзге көрінбей
Құриды дейтіні қайда?!
Алыспай өлгеніне намыстанып

Айға қарап
Ұлиды дейтіні қайда?!
Енді, міне,
Соңғы рет

Мына дүниеге
Азуын ақситып,
Көзі қанталап
Жеріп қарады.

Қайран,
Көк бөрінің ұрпағы
Темір тордың ішінде –
Ұлуға да жарамай! –

Өліп барады...

БАБАЙ ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗИЗ

Алдымен –
Тылсым бір! –
Күмбірлер мен күңгірлер шықты.
Сонан кейін

Мыңдаған жылдар жатқан
Бабай түкті шашты әзиз
Сақал-шашы қобырап,
Бурыл түктері көтеріліп,

Көздері қып-қызыл боп
Үңгірден шықты.
Қараса –
Дүние! –

Баяғыдай емес екен.
Адамдарының адам сиқы жоқ
Сұлба мен елес екен.
Біреулері

Қарғалар құсап
Қалбаң-қалбаң етеді.
Енді біреулері
Өрмекшілер құсап

Арбаң-арбаң етеді.
Бір кездегі
Тәңірінің өзі отыратын –
Ордадай! –

Оқшырайған таулары
Омалып шөгіп қалыпты.
Құшақ жетпейтін
Бұлақтардың

Күбідей желіндері
Түбірдей болып
Семіп қалыпты.
Айналаға

Қыр барып қарады,
Тау барып қарады.
Көктегі
Өттей жасыл бұлттарды –

Таяғымен! –
Олай-бұлай
Жабағы жүндей төңкеріп
Аударып қарады.

Күмістей жалтырап жататын
Суаттарының үстінде
Мыстан кемпірдің дәретіндей
Сарыала дақтар

Кілкіп ағып барады.
Алып даланың үстінен
Жидіген терінің иісі
Мүңкіп алып барады.

Сол жағында
Сақырлаған темірлер
Жер кеміріп,
Жер теуіп жатты.

... Оң жағында
Қалың қара орманы
Қып-қызыл отқа оранып
Өртеніп жатты.

Сол өртті басқа жаққа
Аударып жібермек боп
Аңғарларға тығып тастаған
Желіне барып еді,

Аңғарларда желі жоқ.
Өрттің үстіне
Қотара салмақ боп
Тәңірі сыйлаған

Шатқалдағы көліне барып еді,
Шатқалында көлі жоқ.
Бабай түкті шашты әзиздің –
Басы айналып! –

Мәңгіп бара жатты.
Беті ауған жаққа
Қаңғып бара жатты...

ӨЛЕҢІММЕН КЕЗДЕСУ

Көшемен келе жатып
Бір бұрышта
Өзімнің Өлеңімді көрдім.
Жүзі өрт жалағандай

Қабарып кетіпті.
Көздері түрмеден шыққандай
Аларып кетіпті.
Енді бір қозғалса –

Жүрегімнің қаны сіңген! –
Әріптері төгіліп кетердей.
Буын-бунақтары
Тігістерінен қақырап

Сөгіліп кетердей.
Өлеңім-ау, саған не болды?!
Ел туралы жыр едің ғой,
Жер туралы жыр едің ғой,

Сол ел мен жердің
Қамын ойлап жылаған
Шер туралы жыр едің ғой.
Саған не болды?

Жақындап ем
Өн бойы ширыққан
Назаға толып тұр екен.
Өн бойы булыққан

Азаға толып тұр екен.
Мені танымады.
Кенет тұла бойын
Сорғалап төгілген

Қан басып кетті.
Айналасында үйірілген
Құм мен күл,
От пен су,

Құйын мен найзағай
Бір-бірімен арпалысып,
Арбасып кетті.
Мынадай

Дүлей дүниеден
Өлеңімді құтқарғым кеп
Ұмтылдым.
Дариядағы

Сеңдей сөгіліп,
Зілзала кезіндегі
Жердей жыртылдым...
Құтқара алмадым.

Үйіріліп құтырған
Бір құйын кеп
Өзімді ұшырып
Алып кетті.

Бір бұлт кеп
Найзағайымен
Мені қақ айырып
Жарып кетті.

Көшеде жайрап жаттым...

ҚАРА ТҮНДЕЙ ҚАРА АДАМ

Екі кештің арасында
Қара киінген
Қара түндей қара адам
Көшені бойлап

Сөйлеп бара жатты.
Дүниені қарғап-сілеп
«Үй» деп, «бүй» деп бара жатты.
Тістері

Тас шайнағандай
Шықыр-шықыр етеді.
Аяғының астындағы
Қара жер

(Ой, тоба-ай!)
Тозған едендей
Сықыр-сықыр етеді.
Көздері –

Байғыздың көздеріндей
Шатынап
Бадырайып кеткен.
Самай тамырлары

Шіріген жіптей
Көкпеңбек боп
Адырайып кеткен.
Күбірлеп барып

Ағашты ұстап еді, –
Ағаш! –
Құбыжық келіп ұстағандай
Діріл қағып тұрды.

Жапырақ-шаштарынан
Өттей жап-жасыл
Ірің ағып тұрды.
Көк төсінде

Бір жұлдыз
Көзін ашты да
Сөнді.
Жанымның ішінде

Бір үміт
Жылт етті де
Өлді.
Мысықтар бүкшиіп

Жүре алмай қалды.
Апайтөс иттер
Құйрығын бұтына қысып
Үре алмай қалды.

Көзге көрінбейтін әлдене
Дәл құлағымның түбінде
Қайта-қайта уһлеп
Күрсініп кетті.

Дүние бір уыс боп
Жиырылып
Түршігіп кетті...

БЕЙБАРЫС ҚАЙТЫП ОРАЛҒАНДА

Иманғали Тасмағамбетовке
Ақша бұлттай
Ақ тастан шапан киген
Алып Бейбарыс

Өткен замандар ішінен
Жайық жағасына
Келіп тоқтады.
Кеудесін керіп тоқтады.

Ақ Жайық
Жайбарақат ағып жатты.
Перзентін танып жатты.
Туған топырағын көрген

Бейбарыстың
Тұла бойы күйіп
Ысып бара жатты.
Терісіне сыймай тулаған

Бұлшық еттерін
Ақ тас шапан –
Құрсаудай! –
Қысып бара жатты.

Көкірегін толтырып
Күрсінгенінде
Демінен ақ бұлт ұшты.
Тас төбесіне жиналған

Қара бұлттардан
Найзағайлар зырқырап кеп
Сол ақ бұлтты
Қақ тіліп түсті.

Аласапыранды
Алағай да бұлағай басталды.
Дауыл соқты.
Жайық көтерілді.

Аспан күңіреніп,
Күркіреп кетті.
Қара жер сілкініп
Тітіреп кетті.

Шағалалар
Шаңқылдап ұшты, –
Шашырап атылған
Күміс жебелердей

Жарқылдап ұшты.
Алла тағаланың өзі
Атырау теңізін
Сапырғандай болды.

Дүниенің
Көкірегі қақ айырылып
Аһ ұрғандай болды.
Құдіретті рух кірді.

Алыста жатқан
Алатау да теңселіп кетті,
Қаратау да теңселіп кетті,
Шыңғыстау да теңселіп кетті,

Көкшетау да теңселіп кетті.
Кеше ғана
Кекірейіп қарағандар
Мыштай боп

Жер шөгіп кетті.
Алай-дүлей боп
Дүние ісініп толды.
... Әйтеуір

Бейбарыс қайта оралғанда
Осылай болды.
Осылай болмаса да,
Болды.

Болды!

ҚОРҚАУҒА

Адам біткеннің
Бұтын бұтарлап,
Қолын қоғадай
Қайырып жедің.

Жағын балталап
Айырып жедің.
Тезек салынған
Қанардай толдың,

Доңыздай семірдің.
Іріңді
Сорпылдатып іштің,
Темірді

Қаршылдатып кемірдің.
... Әзірше
Айылың жиылмай тұр.
Әзірше

Желкең қиылмай тұр...

ЕШКІМ ЕСТІМЕДІ

Мен өліп жатқалы
Қаншама заман өтті, –
Тоқсан тоғыз құйын,
Тоқсан тоғыз амал өтті.

Тұла бойымды
Құрт-құмырсқалар
Талап жеп жатыр, –
Біреулері тойса,

Екіншілері қаптап
Кеп жатыр.
Жеп жатыр.
Айналамда –

Үскірік тұр...
Кеудемнің ішіне
Кіріп алған жылан
Ысқырып тұр...

Сүйектерім
Көкпеңбек
Мүк болып қалыпты.
Ішектерім кеуіп

Шектей жіңішкеріп
Жіп болып қалыпты.
Өзім қобыз сияқты
Бүкшиіп алғам.

Қап-қара боп
Түксиіп алғам.
Бір қабырғамды
Сындырып ап

Жіптей жіңішкерген
Ішек-шектерімді ысып
Сарнатып тарттым,
Зарлатып тарттым.

Ол үндер –
Қайғы мен мұң боп
Сарқырап аққан
Үндердің көшкіні еді...

Бірақ оны
Ешкім естімеді.

ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ

Өз еркімізбен
Кірер түндерді көбейтіп,
Көрер күндерді азайтып
Өмір сүріп жатырмыз.

Біріміздің етімізді
Біріміз жеп отырып
Ар-иман жайлы сөз айтып
Өмір сүріп жатырмыз.

Ертеңгі ұрпақтың
Жүрер жолдарын
Апан мен ор қып
Өмір сүріп жатырмыз.

Өмірді қарғап-сілеп,
Өлімнен өлердей қорқып
Өмір сүріп жатырмыз.

ЫЗАЛЫ ТОП

Ызалы топ көрдім.
Тістері –
Тас шайнағандай! –
Шықыр-шықыр етеді.

Сүйектері сынып кетердей
Күтір-күтір етеді.
Өз сирағын өзі шайнаған
Қақпандағы қасқыр секілді.

Енді сәл болса –
Оңбаған біреулер үшін! –
Құтырып кететін
Албасты басқыр секілді.

Дегендері болмаса
Не асылып қалардай,
Не шашылып қалардай.
Опасыз бұл дүниені

Тергеп-тексеріп
Әбден ұққандай.
Қандарын ішіне тартқан,
Түстері әлемтапырық

Көрден шыққандай.
Тілдері қып-қызыл! –
Жүректі өртеген
Шерге күйгендей.

Қолыңды созсаң,
Қолыңнан шап беріп
Көрге сүйрердей.

ӨЗІМДІ ӨЗІМ ЖЕП ЖАТЫРМЫН

Қазақтардың
Бірін бірі жеп жатқанындай
Мен де өзімді өзім
Жеп жатырмын.

Өзімді-өзім жеп –
Рахаттанып! –
Ісіп жатырмын.
Өз қанымды өзім

Сораптап
Ішіп жатырмын.
Өзімді-өзім –
Бұралақтап! –

Асап жатырмын.
Пай-пай-пай! –
Өз қаныма өзім тойып
Жасап жатырмын.

... Осы бір сәт
Менің сүйегімді үгітіп,
Қайрат, қуатымды
Уатып тынар...

Енді менен
Өлең туса –
Үстінен қан сорғалаған
Өлең туатын шығар...

САНДЫРАҚТАП ЖАТҚАНДА

... Мына бір
Қара шұбар жыландардың
Шиыршық атып
Ысқыруын-ай.

Мына бір
Сұмпайы желдің
Қай-қайдағыны жеткізіп,
Ішін тартып

Ышқынуын-ай!
Апыр-ау,
Қаптаған қалың гүлдердің
Кекілдерінен

Қан тамып жатқаны несі?!
Дөңбектей-дөңбектей
Қап-қара тастардың –
Аунақшып! –

Зар қағып жатқаны несі?!
Өрмекшіні өрмекші
Тыпыр еткізбей
Торлап жатқаны қалай?!

Ібілісті ібіліс –
Шыңғыртып! –
Зорлап жатқаны қалай?!
Бұл не сұмдық? –

Көзімді ашсам
Күйедей қап-қара
Бәлені көрем.
Арса-арса боп

Төңкеріліп жатқан
Төбені көрем.
Әйтеуір бұл тіршіліктің
Үні де бөтен,

Тілі де бөтен,
Түрі де бөтен...
... Сонан кейін –
Аңлап байқасам! –

Сандырақтап жатқан
Мен емес,
Сандырақтап жатқан
Мына жалған

Дүние екен!

СОҢҒЫ СӨЗ АЛДЫНДАҒЫ СОҢҒЫ СӨЗ

Майы таусылған шамдай боп
Сөніп барамын.
Иесіз қалған тамдай боп
Шөгіп барамын.

Қай жаққа жүрсем де
Жұрт көріп-білмеген
Сүргін тұрады.
Қай жаққа қарасам да

Қап-қараңғы үңгір тұрады.
(Үңгір іші, құдай-ау,
Толы шайтан,
Үңгір іші, құдай-ау,

Толы сайқал).
Не істейін?!
Амалым жоқ!
Бұлттың астынан

Бір рет көріне алмаған
Ай сияқты
Дүниеден озып барамын!
Күн жеп,

Жел мұжып,
Құрт-құмырсқа үңгіген –
Төмпешіктей! –
Тозып барамын.

ПЕЙЗАЖ

Ұлы Алатаудың –
Ұлы керуендей! –
Ауқым-ауқым бұлттарды
Үстіне

Теңдеп алғанын қарашы.
Сұқ көз бен
Сұм сөз сұқтанатындай
Сәндеп алғанын қарашы.

Тіпә-тіпә!
Енді, міне,
Жалаңдаған дойыр найзағайлар
Оның сауырынан

Тартып-тартып жіберердей.
Сол кезде Алатау
Шудалары желкілдеп
Бұлт-теңдерін артып ап

Қиыр алыстарға
Тартып жөнелердей.
Не істесем екен?
Осы бір көрініске

Телміріп қадалып
Тұрған орнымда
Таңқалып қалсам ба екен?!
Жоқ әлде –

Керуендерге қапталдан тиетін,
Көшпелілер ұрпағымын ғой! –
Дөңкиген бір бұлтты
Алатаудың үстінен –

Домалатып! –
Аударып алсам ба екен?!

КӨКТЕМ ЖЕЛІ

Сақылдаған сары аяз,
Боран мен борасын,
Омбы қар...
Бәрі де, бәрі де кетті-ау;

Аспанмен
Отар-отар
Табын-табын бұлттарын айдап
Көктемнің желі де жетті-ау.

Күйреген қатал қыстың
Қираған дүние-мүлкі құсап
Өзендерде
Сең ағып жатыр.

Алып Қазақстаным
Майданнан шыққан батырдай
Көктемгі желмен
Кеудесін толтырып

Дем алып жатыр.
Таулардың
Сауыс-сауыс етектеріндегі
Қасат қарлар мен

Көкпеңбек мұздардың
Күтір-күтір сөгілуін-ай...
Құс біткеннің
Көлдер мен тоғайларға

Қанатты телеграммалар құсап
Аспаннан сауылдап
Төгілуін-ай!
Пай-пай-пай!

Көтемгі жел әкелген
Осынау
Шабытты шақ қандай:
Бір әрі, бір бері бұлғақтаған

Ағаштардың жалаңаш бұтақтары
Ақындардың қолдары секілді
Ауаға иректеп
Жыр жазып жатқандай.

ТАУҒА ШЫҚҚАНДА

Тауға шығу арманым еді.
Тауға шықтым.
Таудың кереметін –
Мейлі сен,

Мейлі сенбе!
Алғаш ұқтым.
Көкпеңбек өзенді
Әне бір сарқырама

Ақ түбітке айналдырып
Түтіп тұрғандай.
Әне бір
Бұтақтары сойдиған

Кеуіп қалған қарағай
Киім ілгіш сияқты
Келер қонақты
Күтіп тұрғандай.

Қ иналсам –
Ағаш біткен
Қолдарын созып,
Қап-қара тастары

Жап-жалпақ жауырындарын
Тосып жатыр.
... Түу сонау тұста
Бір бұлтты

Жартасқа тіреп қойып
Қып-қызыл найзағайлар
Жалба-жұлбасын шығарып
Осып жатыр.

Алып тауым-ау,
Мен енді сенің
Жыршым десең жыршыңмын,
Күйшім десең күйшіңмін!

Тап-таза ауаңа да,
Күш-қуат құйған
Дауаңа да сүйсіндім!
Сүйсінбей қайтейін,

Мен қаншама биіктеп,
Жердегі тіршілік
Қаншама аласарды.
... Тау дегенің де –

Қазақ сияқты жомарт екен! –
Қара нардай бір шыңын
Алдыма тосып,
Бір бұлтын – иығыма! –

Жаба салды.

АЙТА АЛМАҒАН СӨЗДЕРІМ

Айтам деп
Айта алмаған сөздерім
Алматының кешкі көшелеріндегі
Машиналар секілді –

Алқымымда! –
Кептеліп қалды.
Көзім –
Бағдаршамның қызыл көзіндей

Шатынап
Кектеніп жанды.
Денем түршігіп кетті.
Шерге толы кеудем

Ісініп-кепті.
Кеудемдегі
Сол шерлі,
Улы сөздерім

Ордалы жыландардай
Шиыршық атып
Ышқынып тулады.
Сыртқа шығамын деп

Бастарын көтеріп ап
Ысқырып шулады.
Шыға алмады!
(Шығаруға батылым жетпеді.

Өйткені ол сөздер
Қатерлі, кекті еді).
Тамырларымдағы қан
Науаға құйылған

Балқыған темірлердей боп
Жанып ақты.
... Ақырында шыға алмаған,
Жыландардай шиыршық атқан

Сол улы сөздерім
Өзімнің жанымды –
Шырқыратып! –
Шағып жатты.

АДАМ ӨЛТІРГЕН АДАМДЫ ІЗДЕУ

Адам өлтірген адам
Табылмады.
Іздеушілер де,
Із кесушіер де

Өтірік-шыны аралас
Барын салды.
Бәрібір табылмады.
Бу болып

Аспанға ұшып кеткендей,
Тас болып
Суға түсіп кеткендей,
Жоқ! Жоқ! Жоқ!

Қаратаудың қуыс-қуысын
Ашып қарады;
Алатаудың
Тасы мен жартастарын

Олай-бұлай лақтырып
Шашып қарады;
Арқырап жатқан
Атырау толқындарының

Бүктеулерін
Матадай жазып қарады;
Жерге кіріп кетті деді ме -
Сарыарқаның арқасын

Бұрқыратып ! -
Қазып қарады!
Табылмады!
Олар енді

Аспанда жөңкіп көшкен
Бұлттарды ақтарып жатыр.
... Көздерінде қауіп бар:
Бәрін көріп тұрған

Алла тағала
Жасын-оғымен
Жайратып сала ма деп
Ақтарып жатып

Сақтанып жатыр.

ІШТЕН ТЫНУ

Дәл қазір
Көп-көп адам,
Көп адам
Іштен тынып жүр.

Долы қуатын,
Бұла қайратын,
Сұрапыл сөздерін
Сыртқа шығармай

Тығып жүр.
Іштен тынып жүр.
Мына өмірде
Біреулердің асқаны,

Біреулердің тасқаны,
Біреулердің қорлығы,
Біреулердің зорлығы,
Біреулердің аузынан

Нанын тартып алғаны,
Біреулердің мойнына
Бұтын артып алғаны,
Біреулердің – ақ әділ! –

Үнін құртып жатқаны,
Біреулердің – қастерлі! –
Тілін қырқып жатқаны
Шыдатпай бара жатса да

Түптің түбі – ертең-ақ! –
Келеді деп кезек бір
Өз-өзіне құрық сап,
Өзін-өзі тежеп жүр.

Көп-көп адам,
Көп адам
Іштен тынуда.
Олардың намысы –

Ертең-ақ!
Жарқ етіп шығамын деп
Қылыш боп
Қайралып жатыр.

Олардың ашу мен ызасы –
Ертең-ақ! –
Бұрқ етіп жарыламын деп
Оқ-дәріге

Айналып жатыр...
Көп-көп адам,
Көп адам
Іштен тынуда!

ШАТТАНҒАНДА

Шаттандым!
Шалшықтың өзі
Тұңғиық терең боп кетті.
Жаңқаңның өзі

Алып бір
Кемем боп кетті.
Шалқығаным сонша
Даламның өзі

Тарының қауызындай
Тар болды.
Қара суың
Бал болды.

Мені көріп тұрған –
(Сүйсінгеннен) –
Ап-арық адам
Жүн салған қанардай ісініп

Толғандай болды.
Үстіме қонған
Қара шыбынның –
Тойынғаны сонша! –

Торғайдай болды.
Үйімнен
Алапат күшке еніп –
Ұшып шықтым.

Мелдектетіп от құйылған
Көшедегі шамдарды –
Шампан құйылған бокалдардай! –
Түк қалдырмай

Ішіп шықтым...

ОСЫ БІР ЖАН

Аһ ұрса – көкірегінен! –
Қопарылыстар мен жарылыстардан
Күйзелген Семейдің
Күл-топырақ

Демі шығады.
Шағынса –
Қара тас қақ айырылатын
Шері шығады.

Жыласа – көзінен!
Жас емес! –
Аралдың ап-ащы
Тамшысы тамады.

... Осындай жанды да
Келімсектің қанден иті
Балағынан қабады.

НЕ АМАЛ БАР?

Бұл дүниедегі
Қомағайлық пен
Тойымсыздықтан қашып
Безіп кеттім;

Табиғат анам ғой деп,
Анам панам ғой деп
Тау-тасты,
Құм-шөлді аралап

кезіп кеттім.
Атаңа ғана лағнет! –
Қу қомағайлық! –
Мұнда да! –

Әр тастың тасасы мен
Әр бұтаның астында
Бұғып жатыр екен.
Көзім түсіп кетті:

Қамшыдай жіңішке
Қара жылан
Қолдың басындай
Аппақ жұмыртқаны

Жұтып жатыр екен.
Не амал бар?!

ШЕР МЕН ЖЕЛ

Әзір жазуға болмайтын
Бір жырым бар еді, –
Кеудемнің түбіне тығып
Сабырымды тас етіп

Бастырып тастадым.
(Бірақ оны бәрібір
Шер көтеріп кетеді).
Әзір айтуға болмайтын

Бір сырым бар еді, –
Әне бір
Ақ бұлтқа орап
Алатаудың аңғарына

Жасырып тастадым.
(Бірақ оны бәрібір
Жел көтеріп кетеді).

ҚАЙДАН ПАНА ТАБАМ?

Желдің ішіне кіріп барып ем
Жел мені қағаздай қиқалап
Жырта бастады;
Ормандарға тығылып ем –

Ағаш деп ойлады ма? –
Балта мен аралар
Қырқа бастады.
Далама тығылып ем,

Далам менің –
Жүрмесін деді ме! –
Жолдарын матадай
Орап жатты.

Тауларға тығылып ем
Таулар төбеме
Тастарын допша домалатты.
Теңіздерге тығылып ем

Теңіздің толқындары
Кеудемнен бір тепті.
Адамдарға тығылып ем
Адамдар басымнан –

Бұрқыратып! –
Күл төкті.
Қайдан пана табам?!

АРМАНДЫ ӨКІНІШ ЖЫРЫ

Жаңа сойылған еттей боп
Қып-қызыл күннің
Батқанын көргенде;
Көктегі жұлдыздардың

Менің көз жасымдай боп
Аққанын көргенде;
Ұлы даламның
Абайдың жүрегіндей

Қырық жамау боп
Жатқанын көргенде, –
Мені өкініш
Жайлап алады.

Өрмекшінің торындай
Торларымен шырмап
Байлап алады.
Күні кеше ғана

Кез-келген біреулер кеп
Майсамды майқандап,
Жасылымды жайпап
Кешіп кетті ғой;

Асылымды былғап,
Түңлік пен белдеуімді
Кесіп кетті ғой.
Сол сілімтіктермен

Күресе-күресе
Ата-бабаларым
Шаршап-шалдығып қалғанда;
Атандай дауысы

Көтерем жарбай даусындай
Барлығып қалғанда, –
Жоныңнан талай сипаған,
Жоталарым-ау,

Соларды неге? –
Үстеріңнен! –
Сілкіп тастамадыңдар!
Дауылдарым-ау,

Соларды неге! –
Сүртіп тастамадыңдар!
Көлдер мен теңіздерім-ау, –
Толқындарыңмен! –

Соларды неге
Кеуделерінен теппедіңдер,
Тепкенге де көнбесе
Төбесінен құйылып

Сарқырап төкпедіңдер.
Жел тұрса
Шудалары желпілдеп
Желе жөнелетін,

Ормандарым-ау,
Неге өре тұрмадыңдар! –
Біз есімізді жиғанша –
Жолдарын кесіп! –

Сіңір-сіңір білектеріңді
Неге кере тұрмадыңдар!
Найзағайларым-ау,
Көкте ойнақтағанша

Таулардың сауырына
Неге қайралмадыңдар;
Аспаннан төгілген,
Нөсерлерім-ау,

Мың-миллион сызық боп –
Ешкімді өткізбейтін! –
Болат сымдарға
Неге айналмадыңдар!

Кейде осылай
Армандап өкінем.

ЭТЮД

Ақ ұлпа қар жауған күні
Торғай боп ұшып жүрген
Өлең көрдім.
(Өлең іздеп шыққам.

Іздемесем –
Көрер ме едім?)
Жақындап ем, –
Торғайым, –

Ақ көбік қарға сүңгіп
Үлпілдеген гүлге айналды.
Қолымды созып ем –
Гүлім

Күмістей мұзға айналды...
Мұзым –
Бу боп ұшып
Мұңға айналды.

Мұң аралас бу жұттым.
Сонан кейін ол –
Ысытып тоңдырған! –
Жырға айналды.

ӨЗІМДІ ЖЕК КӨРГЕНДЕ

Мен өзімді кейде жек көрем.
Ондай сәтте
Күркіреп жатқан
Бүктетілген толқындардың арасына

Өзімді апарып
Салып жібергім келеді;
Қап-қара боп түнерген
Қара бұлттардың арасына

Өзімді өзім
Найзағайлармен
Жарып жібергім келеді;
Қара мұзды ойғандай

Төбемді ойғым келеді;
Алатауға апарып
Тас көтертіп қойғым келеді;
Өзімді өзім

Қырқып жібергім келеді;
Тулақтай тартып
Дар еткізіп
Жыртып жібергім келеді.

Кейде осылай
Азапта жатам,
Кейде осылай
Тозақта жатам.

ТЫМАУРАТҚАН АЛМАТЫ

Әлемнің басқа қалаларынан
Тұмау жұқтырып алған Алматы
Күрк-күрк жөтеледі.
(Менің ойымша:

Стадион-бокалдарды
Толтырып ап
Тартып-тартып жіберсе
Жазылып кетер еді).

Айнала іріп кетердей
Ылжырап тұр.
Айна шіріп кетердей
Былжырап тұр.

Алматы түнімен
Бірде ыңырсып,
Бірде тістенеді.
Әлем-жәлем жарнамаларымен

Әлем-жәлем түс көреді.
Тұман ішіндегі шамдар
Бұйығып,
Өлеусіреп жанып тұр.

Тершіген терезелер
Картаға салынған
Өзендердің жолақтарындай
Тарам-тарам боп ағып тұр...

Алматы тымауратып жатыр.

БӨСПЕ

Көкжиекті толтырып жатқан
Көлдей көсіліп,
Бұрқыраған желдей есіп отыр.
Дүниені

Ол жағынан бір,
Бұл жағынан бір
Кешіп отыр.
Бөсіп отыр.

Байқасаң –
Осы кісі! –
Жер дүниені қорғап,
Қалқалап тұрғандай.

Қаратауды қолтығына қысып,
Алатауды арқалап тұрғандай.
Тыңдасаң –
Бұл кісінің алдында –

Мемлекет басшылары
Құрдай жорғалап
Жүгіріп тұрады екен;
Қоғадай жапырылып,

Құрақтай иіліп,
Бүгіліп тұрады екен.
Ойпыр-ай,
Мына кісінің жойқыны-ай!

Алтайы түлкіге түскен
Бүркіттей болып
Жер-дүниені
Бауырына басып отыр;

Көктемгі бұлттай ісініп,
Дауылды күнгі теңіздей күркіреп
Тасып отыр.
Ойпыр-ай,

Мына кісінің жойқыны-ай!

ЖАҢБЫРЛЫ КҮНІ

Аспан тамшысымен
Маңдайымнан шертті.
Бір шертті,
Екі шертті...

Жеті шертті...
Шертті, шертті
Жүрегімдегі дертті.
Домбыра емес едім.

Бірақ домбырадай
Шерлі-шемен едім.
Дерт толы өлең едім.
Шерткен сайын

Сөздер мен сөздер
Желді күнгі теңіздей жапырылып
Жанымды керіп бара жатты.
Жүйкем мен тамырларым

Пернелер мен шектердей
Егіліп еріп бара жатты.

ОПАСЫЗ ЖАНҒА

Мен сені өзгелерден
Тосын дейтін едім.
Асыл дейтін едім.
Сөйтсем,

Түк те емес екенсің ғой;
Не үтір,
Не нүкте емес екенсің ғой.
Қабатын

Ит те емес екенсің;
Қаныма қанатын
Бит те емес екенсің.
Бізге кекірейгенмен

Өзгелерге үнің шықпайтын
Ынжық екенсің ғой;
Қоқысқа
Кететін

Жүн-жұрқа мен
Қылшық екенсің ғой.
Бір кезде саған сенгенімізге
Сенгім келмейді.

Тәйт, пәлекет! –
Бетіңді көргім келмейді.
Бетіңе қарасам
Өзімді жерге

Тірідей көметіндеймін, –
Өйткені бетіңді емес
Кәрі сиырдың
Сатал-сатал

Сарпайын көретіндеймін.

БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ

Біреулер
«Болашағымыз нұрлы» деп
Лағып кетеді.
Сол сөздерімен

Жүрегіңді тілшелеп,
Миыңды жаңғақтай
Шағып кетеді.
Олар – немене?! –

Болашақты барып
Көріп келіп пе?!
Адамдардың тағдырын –
Таразылап! –

Бөліп беріп пе?!
Құдайым-ау,
Болашақ дегенің –
Белгісіз! –

Қараңғы түнек,
Құрдым ғой.
Қайда алып барары белгісіз
Ауызы үңірейген

Үңгір ғой.
Қайдағы нұрлы болашақ?!
Болашақтың
Тамыры мен жолдарын

Өз қолдарыңмен
Қиып жатқан жоқсыңдар ма?!
Болашақтың алдына
Лас, қоқыстарыңды

Тау қылып
Үйіп жатқан жоқсыңдар ма?!
Болашақты –
Құрсағыңда! –

Тұншықтырып жатсыңдар ғой.
Ауыл-үй арасы емес
Планетааралық
Ұрыс-жанжалдарды

Ушықтырып жатсыңдар ғой.
Қайдағы нұрлы болашақ?!
Аңғал адамзат баласы-ай,
Бәрін де кеш ұғып,

Бәрін де кеш білесің!
Сондықтан
«Болашағымыз нұрлы» дегенді
Сендер айтпаңдар,

Жаратқан жалғыз құдай
Естімесін!
Күнә болады!

СҰРАПЫЛ ЖЕЛ

Менің жанымның
Ойран-ботқасын шығарып –
Сұрапыл! –
Жел соқты.

Оған қарсы тұруға
Дәрмені жетпеген –
Қуатым! –
Жер соқты.

Арман мен үміттерімнің
Үстіне
Қара бұлттарын әкеп
Иіріліп соқты.

Жүрегімнің
Түпкір-түкпірлерін тіміскілеп
Үйіріліп соқты.
Көңілімнің көкжиегі

Дал-дұл болып
Жыртылып жатты.
Алқым-көмейім
Желге тұншығып –

Сөйлей алмастан! –
Қылқынып жатты.
Сол сұрапыл желден
Өлеңімнің

Буын-бунақтары мен әріптері
Жемістер құсап
Үсіп кетті.
Әуен-әуезімнің

Ноталары
Бұрқыраған жапырақтар құсап
Ұшып кетті...

БІР ҮМІТ, БІР ӨКНІШ

Саба-саба
Ақ бұлттар жатқан
Алатауға
Ұшқым келіп тұрғаны-ай

Сол ақ бұлттардың
Бауырына
Тұмсығымды тығып жіберіп
Зәмзам суларын

Ішкім келіп тұрғаны-ай.
Қампиған
Қарындарын жарып
Қақ тіліп ішсем ғой;

Шөлім қанбай қалардай
Шашалып-қақалып,
Аптығып ішсем ғой.
Ішіп-ішіп –

Жаным мен көңілімді! –
Көл қылып тастасам.
Менің жаным
Туғаннан өрт қой,

Сол өртті
Бұлттардың суымен
Сөндіріп тастасам.
... Бірақ мен бәрі бір

Ұша алмай өтем ғой.
Таудағы бұлттардың суын –
Бұл ғұмырда! –
Іше алмай өтем ғой.

Өкінішті!

ИНТЕРНАЦИОНАЛДЫҚ КӨКПАР

Қазір
Алып Қазақстанды
Көкпар қып
Бірі әрі тартып жатыр,

Бірі бері тартып жатыр,
Енді бірі – мүлде! –
Кері тартып жатыр.
Мұхиттың

Арғы жағында тұрып та
Тартып жатыр,
Бергі жағында тұрып та
Тартып жатыр.

Тартып жатыр!
Бірі сирағынан,
Бірі қара санынан,
Бірі мойнынан,

Бірі бұтынан
Жармасуын-ай.
Бірінен бірі
Айлаларын асыра алмай

Арбасуын-ай.
Құдай-ау,
Азап па бұл,
Мазақ па бұл:

Қарашы,
Сол көкпардың ішінде
Еврей де,
Орыс та,

Кәріс те,
Қытай да,
Ұйғыр да,
Шет жағында

Жабысын қамшылап
Қазақ та жүр.
Интерноционалдық көкпар бұл!
Биліктегілер

Өзге тілде айқайлап
(Әрине, қазақша емес)
Біреулерге дем беріп қояды.
Сонысымен

Оларды –
Одан сайын желпіндіріп! –
Жел беріп қояды.
(Сол сөздер менің жаныма

Шер болып қонады).
Дәл қазір мені
Жан-жағымнан қысып
Қауіп пен қатер

Қамап тұр.
Қайран Қазақстан
Кімнің тақымында кетер екен деп
Қалың қазақ

Интерноционалдық көкпарға
Қан жылап
Қарап тұр!

ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ

Қазақтың тағдырын
Ойлап қарасаң
Өз өзіңнен түршігіп,
Өз өзіңнен тоңасың:

Оның өткен жолы да,
Бүгінгі жолы да,
Тіпті ертеңгі жолы да
Тар жол тайғақ кешулі

Боран мен борасын.
Зорға ашасың
Тарихтың әр бет,
Әр бір парағын, –

Өйткені оның
Әр бет, әр бір парағы
Тонна-тонна
Ап-ауыр

Қайғы мен
Тонна-тонна
Ап-ауыр нала, мұң.
Мына қу тағдыр

Бұл халықты
Балшықтай езіп,
Жүндей түтіп
Жасытқан секілді...

Тіпті оның–
Жейтін нанын да! –
Жаңбырдай сорғалаған
Көз жасына илеп,

Булыққан
Ашу мен ызасына
Ашытқан секілді.

КҮЗДЕГІ АЛАҢ-КӨҢІЛ

Сарыала жапырақтардың
Жыртып-жыртып лақтырған
Сарыала қағаздардай боп
Бұрқырап ұшуын-ай.

Әлдебір
Мұң мен шерлердің
Талма тұсымнан
Қысқаштай тістеп

Жібермей қысуын-ай.
Қалада жүрсем де
Далада қалғандай
Көңілім ырың-жырың.

Мына дүние
Қасқыр тартып кеткендей
Жырым-жырым.
Ту сыртымнан аңдып

Жымып жүгірген
Тұла бойы жүн-жүн
Ібіліс пен Дүлей жүргендей.
Әйтеуір айналамда

Көздері алақтаған
Қаптаған Үрей жүргендей.
Апыр-ау,
Ұйтқыған мына желдің

Жағымнан
Тартып-тартып жіберіп
Ұрып қашатыны несі?
Алматымның үстін

Қайта-қайта кеп
Жалба-жұлба
Бұлт басатыны несі?!

ТҮРМЕГЕ ҰЯ САЛҒАН ҚАРЛЫҒАШ

Құдай-ау,
Азат қарлығаштың
Түрмеге ұя салғаны несі?
Бостан еркіндігін

Қапасқа
Қия салғаны несі?
Әлде байғұс қарлығаш
Түрмедегілердей

Шерлі ме екен?
Жоқ әлде оларға
Азаттықтың қадірін
Ұқтырғысы келді ме екен?

Тікенекті сымдардың арасынан
Жалт етіп
Ұшып кіріп,
Жалт етіп

Ұшып кетеді.
(Сол кезде
Мына сұп-сұр
Суық дүние

Алабұртып ысып кетеді).
Сонда да, құдай-ау,
Азат қарлығаштың
Түрмеге ұя салғаны несі?

Бостан еркіндігін
Қапасқа қия салғаны несі?
Әлде
Байғұс қарлығаш

Мына өмірден безініп
Қапа болды ма екен?
Жоқ әлде
Түрме сыртындағы

Азат тіршілік
Түрмеден де
Қатал болды ма екен?..

МАҒЫНАЛЫ-МАҒЫНАСЫЗ ХАЛ

Мен қазір
Мелшиген тас сияқты
Күле алмай қалдым.
Ұйықтасам оянатынымды,

Оянсам ұйықтайтынымды
Біле алмай далмын.
Жалба-жұлба киінген
Үрей мен қорқыныштар

Мені жағамнан алып
Қараңғыға
Сүйрелеп жатыр.
Жүрегіме

Күдік-шыбындар –
Өлексеге жиналғандай! –
Үймелеп жатыр.
Апыр-ау,

Сөйлесем
Дауысым шықпайтыны қалай?
Даусым шықса
Сөзімді ешкім

Ұқпайтыны қалай?
... Ал санамда (бұл кезде)
Жүздеген жылдар бойы
Өскен

Рух-ағаштарым
Түбірінен шабылып жатты.
Ойларым
Отқа тасталған жыландар сияқты

Шиыршық атып бұлқынып,
Сонан кейін күптей боп ісініп
Тарс етіп
Жарылып жатты.

ТҮСІНСЕҢДЕРШІ

Қазір менің
Сыртым – бүтін
Ішім – түтін.
Сол түтін

Бықсып жанып
Жан-жүрегімді қамап,
Өкпе-қолқамды қауып тұр.
... Сол түтінде,

Мен білсем,
Қатерлі қауіп тұр.
Ішкі әлемім
Одан сайын

Көкала түтін боп
Бықсып кетеді.
Көзімнен жас
Ыршып кетеді.

Демім жетпей
Алқынып қалам.
Қайрат, қуаттан
Сарқылып барам.

Мәртебелі
Мемлекет басшылары! –
Түтін астында
Қозданып жатқан

Шоқ болады,
Ал шоқта
Ертең лап ете түсетін
От болады!

Соны түсінсеңдерші!

БҮГІНГІ КӨРІНІС

Қазақстанның денесін
Қаптаған сөздер
Талап жатыр.
Таланған жерлері

Сорғалап қанап жатыр.
Қазақстанның денесін
Ит-сөздер
Талауда.

Қазақстанның денесін
Бит-сөздер
Талауда.
Ит-сөздер

Абалап үріп
Жанын салуда;
Бит-сөздер
Қадалып кіріп

Қанын соруда.
Ит-сөздер
Қазақстанның
Ең бір жұмсақ жерін

Жалбыратып ойып алыпты.
Бит-сөздер
Қазақстанның
Қып-қызыл ыстық қанына

Ісініп тойып алыпты.
Қайран Қазақстан
Таланып жатыр!
АУРУ Қазақстан

(экологиялық жыр)
Сынап бағаналары
Шегіне жетіп
Дәл қазір

Қазақстанның қызуы
Көтеріліп тұр.
(Менің сөздерім де
Ып-ыстық боп

Өн бойына
От өріліп тұр).
Қазақстанның ауруы
Асқынып кетті-ау.

(Мына қатыгез заман
Жігерін құм,
Жанын тас қылып кетті-ау).
Орман-өкпелеріне

Құрт түсіпті.
Жеті жұрт келіп,
Жеті жұрт көшкен
Маңғыстау мен Атырауға

Бізге жат –
Сегізінші! –
Жұрт келіп түсіпті.
Деміккен Қазақстанның –

Көзіне! –
Мөлтеңдеп жас толып кеткен.
Арал мен Балқаштай
Екі бүйрегіне

Тұз бенен тас толып кеткен.
Тұла бойы күйіп барады.
Аяқ-қолы
Ұйып барады.

Құтқаратын кім бар?
Айнала
Дауыл күткендей
Абыр-сабыр.

Піскен нандай боп
Сап-сары боп жататын
Алып Сарыарқа
Сауысқан шоқып тастаған

Көтерем сиырдың арқасындай
Жауыр-жауыр.
Дәл қазір Ол
Жоқты – жоқтап,

Барды – даттап жатыр.
... Ауру Қазақстан
Анда-санда
Қазақша бірдеңе деп

Орысша
Сандырақтап жатыр.

ЛАС УАҚЫТ

Мына Уақыттың,
Апыр-ай,
Ласын-ай!
Аждаһаның ауызындай

Үңірейген
Апаны мен ұрасын-ай.
Қаптаған
Қарақұрт пен өрмекшілер

Қап-қара торларын
Құрып алған.
Дүниені
Қап-қара

Жүн-жүн аяқтарымен
Бүріп алған.
Әне біреулер
Өтірікті судай сапырып

Соғып жатыр.
Өтірікті соғып
Қара халықтың
Қып-қызыл қанын

Кенедей жабысып
Сорып жатыр.
Қарашы,
Адам біткен

Бір-бірін аңдып,
Бір-бірін бағып тұр.
Сөйлеген сөздерінен
Өттей жап-жасыл

Ірің ағып тұр.
Бұл жылың
Бұл жыл еместей.
Бұл күнің

Бұл күн еместей.
Жан-жүрегіңді
Күл-қоқыстан тазарту
Мүмкін еместей.

Айналаң түгел
Жалтақ-жалтақ еткен
Күйгелек үміт пен
Күйреген арман.

Ішек-қарны шашылып,
Ақтарылып жатқан
Мына дүниеге
Қара құзғын қаптап,

Қара шыбын
Үймелеп алған.
Галстук таққан
Адамдарына дейін

Бір-бірімен
Боқтасып жатыр.
... Сағатының тіліне дейін –
Күресінде қалғандай! –

Тот басып жатыр.
Лас Уақыт!

АУЫР СӨЗ

Халықтың атына
Ауыр сөз айтылды!
Шойын балғамен
Құлаштап төске соққандай,

Найзағай қақ айырып
Құлатқан қара жартастай,
Панасыз жетімнің
Көз жасындай,

Қатаң үкім шығарып
Үстелді ұрған
Соттың балғасындай,
Қайықты соққан

Алып толқындай,
Қап-қара түндей,
Пілдей,
Зілдей

Ауыр сөз айтылды!
Сонан кейін
Әлдене түтеп,
Әлдене ыңырсып,

Әлдене қалбаңдап,
Әлдене бұрқырап,
Әлдене зарлап,
Әлдене сарқырап,

Әлдене арқырап ұшты...
Сол бір ауыр сөзден
Мына дүние
Төңкеріліп барып,

Төңкеріліп барып,
Төңкеріліп барып
Әйтеуір әупіріммен
Қайтадан қалпына түсті!

ТЕКТІЛІК

Зейнолла Қабдоловтың рухына
Зейнолла аға!
Бергені аз,
Алғаны көп

Әлдекімдердей
Күпсініп, ісінбедің.
Неткен тектілік! –
Шаңы

Аспанға шығып жатқан
Мына өмірде,
Сөзіңе де бір тозаң түсірмедің.
Бипаз жүрдің,

Бипаз күлдің!
Дүлей бетпақтық пен
Долы дөрекілікті көргенде
Үнсіз түнеретінсің.

Ал сөйлеп кеткенде
Қара тастарды
Қамырдай илеп,
Қара темірлерді –

Судай ағызып! –
Балқытып жіберетінсің.
Ет-жүрегің
Езіліп кеткенде

Еліңді сүйдің.
Еліңнің
Шетсіз-шексіз жерін сүйдің.
Жеріңнің көлін сүйдің,

Желін сүйдің,
Белін сүйдің!
Жаман жерді баспайтын
Текті арғымақтай

Әдемі өмір сүрдің.
Жаман көлге қонбайтын
Текті аққудай
Сұлу өмір сүрдің!

КЕҢШІЛІК МЫРЗАБЕКОВ

Кеңшілік!
Сен бәрімізден басқа,
Бәрімізден бөлек едің.
Ерек едің!

Сен бірде екпін,
Бірде серпін болатынсың.
Сахнада тұрғанда да
Көшеде тұрғандай

Еркін болатынсың.
Сен ешуақта да
Біреуге жақсам деп
Ойланбайтынсың.

Содан ба,
Кейбір тымырсық отырыстарды
Бомба жарылғандаай
Ойраңдайтынсың.

Жамандықты да
Жақсылықты да
Көңілге тоқитын едің.
Өлең оқығанда да

Мына лас тіршілікке
Қарағың келмейтіндей
Көзіңді тарс жұмып
Оқитын едің.

Сен иілмейтін едің,
Сен қырқылатынсың.
Біз именіп
Ұмтылатын жерлерге

Сен

Кимелеп ұмтылатынсың.
Күлсең де
мына өмірді
Мазақ етіп күлгендей

Күлетінсің.
Жүрсең де
Мына өмірді
Иығыңмен қағып жіберердей

Қайқаң-қайқаң етіп
Жүретінсің.
Өзге емес,
Өзіңді өзің

Тар жол,
Тар қыспаққа салып
Қинайтын едің.
Біз сиған мына өмірге

Бірақ сен симайтын едің.
Ақыры симай кеттің.

ӨРМЕКШІ БОЛҒАНДА

Өрмекші болғым келді.
Өрмекші болдым,
Өрмекшінің тірлігін
Көрмекші болдым.

Бүкіл қалалардың
Бұрыш-бұрышына,
Ұлы даламның
Қуыс-қуысына

Тор құрдым.
(Әй, осы жолы –
Байқаймын! –
Тор құрып

Өзімді өзім сор қылдым!)
О баста
Ниетім дұрыс еді.
Сол торлармен

Халықтың
Қанын сорып жатқан,
Жанын соғып жатқан
Алпауыт-иттерді

Ұстайын деп едім,
Шырмап буып –
Жанын көзіне көрсетіп! –
Қыстайын деп едім.

Торларыма
Алпауыттар түгілі
Бір шыбын түспеді.
(Құдайым-ау,

Осы ісім
Абыройлы іс пе еді?!)
Ақыры сол торға
Өзім түстім.

Енді, міне,
Алпауытқа құрған торға –
Өзім шырматылып! –
Шыға алмай жатырмын.

Атаңа ғана лағнет
Мына қу жалғанның
Осы бір опасыз ісін –
Біліп тұрсам да! –

Бәрі бір
Ұға алмай жатырмын!

ҚАРАЛЫ ҚАРАОЙДА БОЛҒАН ТҮНГІ ОҚИҒА

Мәңгілік қаралы
Қаройдың үстін
Қап-қара қалың
Қара бұлттар басқан кезде;

Қараң-құраң
Қалбаңдаған көлеңкелерден шошынып
Байғыз біткен
Бажылдап қашқан кезде

Қара топырақты қопарып
Үстінде жатқан
Шабылған басын
Қолына ұстап

Қапалы Махамбет
Қабірден шықты.
Сол кезде
Айналаны бөрліктіріп жіберген

Сан дыбыстар мен
Сан үндер шықты.
Көзге көрінбейтін
Алыс-шабыс,

Апыр-топыр басталды:
Біреуі өлді,
Біреуі өлмеді...
Көзге көрінбейтін жебелер

Жыландай ысқырып ұшып,
Көзге көрінбейтін адырналар
Ала өгіздердей мөңіреді.
Қараң қалған

Мына дүние
Шарт етіп сынардай болды,
Көктегі бұлттар
Аударылып-төңкеріліп –

Будақ-будақ боп
Бірде аспанға шапшып,
Енді бірде
Қара жерге

Бүкіл салмақ-аумағымен
Жалп етіп құлардай болды.
Қаройдың үстіне
Қара жалын сияқты

Қара құйын үйірілді.
Созылып жатқан қара жер
Кепкен терідей жиырылды.
Көзге көрінбейтін

Адамдардың қиқуы мен
Көзге көрінбейтін
Аттардың тұяқтары
Қаройдың үстін

Дүрліктіріп жіберді.
Сол үндер мен дыбыстар
Адамның жанын
Әбден діңкелетіп

Сүрліктіріп жіберді.
... Басын қолына ұстаған
Қапалы Махамбет
Қаройдың жотасына шығып

Аялдады.
Сонан кейін
Басын орнына қойғысы кеп
Әрі әрекет етті,

Бері әрекет етті.
Қоя алмады...
Сол кезде
Аспанның түкпірінен шыққан

«Ей, Махамбет,
Мына бассыз дүниеге
Бастың керегі не?: – деген сөз
Қароайды толтырып

Жаңғырып жатты.
(Сол күні
Бұлт астындағы Ай
Бағыт-бағдарсыз

Қаңғырып батты.)
Сол сөзді естіген
Мына сұм дүние –
Үстінен

Топырақ саулап! –
Сүмірейіп тұрды.
Тұла бойын
Ыза мен кек,

Ашу мен намыс буған
Қайран Махамбеттің
Бассыз мойыны
От құсатын

Вулканның өңешіндей боп
Үңірейіп тұрды...
Қайран батырдың
Амалы таусылды.

Тұла бойындағы
Ыза мен кек,
Ашу мен Намыс
Кеудесін қышқаштай қысып

Бүріп бара жатты.
Сонан кейін
Қапалы Махамбет
Басын кеудесіне қысып

Қабіріне қайтадан
Кіріп бара жатты.
Айнала тым-тырыс,
Тып-тыныш боп

Ішінен тына қалды.
(Асау өлеңдерім ғана
Жүрегіме тығылып
Солқылдап

Жылап алды).
Әлдене құбылды,
Әлдене құрыды.
Тек қана сонау алыста

Қасқыр ұлыды.
Ішін тартып,
Ішегін үзіп
Ұзақ-ұзақ ұлыды.

АЛЛА ТАҒАЛА ҚҰДІРЕТІ

Алла тағала
Көзге түртсе көргісіз
Түттей қараңғы түндерде
Жасалынып жатқан бәлелерді

Шырпы жақпай-ақ көреді.
Есік-терезелері тас бекітулі
Тас қамал мен тас үйлердегі,
Ақ қорған мен ақ үйлердегі

Жасалынып жатқан сұмдықтарды
Құлпын ашпай-ақ көреді.
Қажет болса,
Алла тағала

Күнәға батқан
Кім-кімді де
Өмірден бездіріп,
Жанынан түңілтіп қояды;

Бірінің артына бірін
Үңілтіп қояды;
Шалқақтап кеткендерді
Қайыршыдан бетер

Бүгілтіп қояды;
Алтын астаулардан
Ас ішкендерді
Қолдарына итаяқ ұстатып

Жүгіртіп қояды...

ҚОРҚЫТТЫҢ КӨРІ

Келіп қалған ажалдан
Зәре-құты қалмаған
Жазған Қорқыт
Нар маясына

Керек-жарағын
Асығыс-үсігіс
Артып қашты.
Үйеңкінің түбінен

Үйіріп алған қобызын
Жесірлердей зарлатып
Тартып қашты.
Қашты, қашты!

Керіліп жатқан көлдерді
Кешіп қашты.
Көлденең жатқан белдерді
Кесіп қашты.

(Қарақұрттай қап-қара
Бір жапырақ бұлт
Тас төбесінен
Кетпей қойды.

Сол бұлттың қап-қара
Көлеңкесі түскен
Шөп пен жапырақ
Қазан ұрғандай

Көктей солды.)
Апыр-ай,
Анда барса да
Көрі қазулы,

Мында барса да
Көрі қазулы.
Қылар амалы да жоқ,
Тығылар қамалы да жоқ.

Қап-қара түнек жапқан
Түн еліне де барды,
Сәулеге шомылып жатқан
Күн еліне де барды,

Көлдері күмістей жарқыраған
Су еліне де барды.
Таулары көк тіреген
Шың еліне де барды.

Барлық жерден де
Тісі ақсиған
Өлім көрді.
Қазулы тұрған

Көрін көрді.
Осыны көріп тұрған
Түн елі де жабықты,
Күн елі де жабықты,

Су елі де жабықты,
Шың елі де жабықты.
Қыс пенен күз де жабықты,
Түз де жабықты.

...Қорқыт та дүниеден өтті.
Заманалар ауысты.
Қорқыт өткенмен
Оның тағдыры

Бізге ауыпты.
Сенбесең қарашы:
Түр түсі
Ажалдан да жаман

Сумаңдаған әнебіреулер –
Қолын күміске толтырып,
Аузына алтын асатсам да! –
Тояр емес.

Тас төбеме
Қарақұрттай қап-қара
Бұлтын үйіріп
Жүрер жолымның бәріне

Көр қазуын қояр емес.

ҚАРТАЙҒАН ҚАРА ҚАБАҚ БАТЫРДЫҢ МҰҢЫ

Қайран өткен дүние-ай!
Күнім өтті.
Гүлін төкті.
Қаным тартылды.

Қайратым сарқылды.
Пай-пай-пай!
Кеше қандай едім! –
Ғұмыры қартайып,

Ғұмыры
Өлмейтін жандай едім.
Алпыс тұтам
Ала сапты найзаны

Сермеп ұрғанымда
Жеті қабат көбені
Айырып түсетін едім.
Дұшпанымның қанын

Кеудесін шүберектей жыртып,
Қабырғаларын күтірлетіп сындырып
Қара төсін
Қайырып ішетінмін.

Ұшып келе жатқан оқты
Қарсы атылған оғым
Ауада қақ жарып жіберетін.
Жарып жіберіп,

Зырқырап ұшқан бойда
Сол оқты атқан адамның
Қақ жүрегін тесіп өтіп
Омыртқасына барып тірелетін.

Жердегі асау түгілі
Аспандағы құстың өзіне
Құрық салатынмын.
Атымның жалына қонған қар

Еріп біткенше
Қаптаған жауды
Қырып салатынмын.
Көктің бұйрығы,

Тәңірінің жолымен жүрдім.
Көктің бұйрығы,
Тәңірінің жолымен жүрмегендерді
Жарқабақтағы шөптей етіп

Тамырымен қопарып
Қолыммен жұлдым.
Желге – жел,
Шерге шер болдым.

Кешірімге кешірімшіл
Кең болдым.
Жылағанды жұбатып,
Жабыққанды күлгіздім.

Басын иіп
Пана сұрағандарды
Кең шалғайымнан енгізіп,
Тар қолтығыма кіргіздім.

Қайсысын айтайын!
Қалыңдығымның қалың малына
Келеге түспеген мың үлек пен
Биеге түспеген мың айғыр беріп

Асып-тасып едім-ау!
Бағдат пен Мысырдан әкелген
Алтын ділдаларды
Күздегі сарыала жапырақтардай

Бұрқыратып шашып едім-ау!
Енді міне! –
Сырты күмпигенмен
Іші кеуек ағаштай

Қажыр-қайраттан
Тоналып отырмын.
Қотыр ешкінің
Бөстегінің үстінде

Ошақ күзетіп
Омалып отырмын!
Қайран, өткен дүние-ай!

ТҰТҚЫНҒА ТҮСКЕН КӨК ТҮРІК АРУЫНЫҢ ЗАРЫ

Ой, Тәңірі-ай!
Күні кеше ғана
Таудың тас емшегін иітіп
Алтын шайып ағатын

Бұлақтың жағасында өскен
Құрақ едім ғой.
Бүкіл бір елдің
Алтын тұғырында

Алтын сәулелер жамыратып
Жарқырап жанып тұрған
Шырақ едім ғой.
Апыр-ай,

Орақ қиған құрақтай –
Шынымен! –
Өлгенім бе?!
Албасытының демі тиіп

Жалп етіп өшкен шырақтай –
Шынымен! –
Сөнгенім бе?!
Қарға түстес қара шашымды

Алдыма жайып
Зарлап отырмын.
Қураған қамыс ішінде
Уілдеген желдей боп

Сарнап отырмын.
Түйелері
Жынын шашып бақырып,
Жылқылары

Жаны шырқырап кісінеп,
Бұқалары
Күлін шашып мөңіреп,
Қошқарлары

Басын шайқап азынап,
Азан-қазан боп
Босып кеткір
Қараң қалғыр қаскөй елдің

Қолына түскенім-ай.
Өзеннің тұнығында
Аппақ сазандай
Асыр сап ойнап жүріп

Аңдаусызда
Торына түскенім-ай.
Жүрегіме мұз басқандай
Түршігіп кеттім.

Сандық тастың астынан
Ысқырып шығатын
Сары жылан шақпай-ақ
Ыза мен күйіктен

Ісініп кеттім.
Үстіме күн түсірмей
Мәпелеп өсірген
Ағайын туыс пен

Туған ағамдай
Жақыным бар еді.
Сол жақыным, қайдасың?!
Серттен берік сөз беріскен,

Тәтті тілмен бал беріскен
Батырым бар еді.
Сол батырым, қайдасың?!
Ей, Тәңірім,

Осы тілегімді берші:
Сол жақынымнан айырған,
Сол батырымнан айырған
Құрып кеткір мына елдің

Іші-сыртын түп-түгел
Бақа-шаяндар басып,
Шұбар жыландар жайласын.
Қазір менің

Көзімнен төгіліп
Көлдей болған жасым
Аспанға бу боп ұшып
Бұлтқа айналып,

Төбемнен қайта
Жаңбыр болып жауып тұр.
Ей, Тәңірі,
Маған азаттық бермесең де, –

Егер бар болсаң! –
Мына қас жауымның
Әрбір көрген күнін
Азап пен тамұқ қыл!

Жайқалған жасыл шалғынын
Қыл менен қылтанақ етіп,
Аспандап өскен ағаштарын
Бесік етпей,

Табыт қыл!
Ей, Тәңірі,
Бер осы тілегімді.

ҚАҒАН ЖАРШЫСЫНЫҢ КӨК ТҮРІК БАТЫРЛАРЫН

ЖОРЫҚҚА ШАҚЫРУЫ

Ей, көк түріктің
Көк бөрілері!
Неменеге масайрап
Мастанып жатырсыңдар?!

Аяқтарыңды
Хазардың толқынына орап,
Алтай таудың
Ақ ұлпа бұлттарын

Бастарыңа салып
Жастанып жатырсыңдар?!
Көздерің көрмейтін
Көр болып қалды ма?!

Құлақтарың естімейтін
Көн болып қалды ма?!
Жау дегенің
Жардың астында

Күңнің басындағы
Бүргедей қаптап тұр ғой.
Аттарының тұяқтары
Іргеңді басып

Таптап тұр ғой.
Жаудың батырын
Ақ найзасына
Аттың үстінен

Құмалақтай іліп ап
Ендігәрі
Атқа қонбайтындай еткізетін,
Қолға түскендерін

Қотандағы қойдай иіріп,
Ошағының күйесін жалатып,
Қылышының астынан өткізетін
Қара Бура батыр,

Сен немене,
Сал болып қалдың ба,
Немесе,
Күніңе жетпей

Шал болып қалдың ба?!
Шық, қәне, шатырыңнан!
Шаппа-шұп кеп
Қоян қолтық алысқанда

Екі аяқты
Мақұлықтардың
Бірі де жеңе алмайтын,
Шаңырақтай садағына

Қатарынан екі оқ байлап
Бірін оңға, бірін солға ататын,
Атқан оқтарының
Қай жерге түскенін

Аспандағы құстар болмаса
Жердегі адам баласы
Көре алмайтын,
Сеңгір жоталы Ерен батыр,

Немене,
Жас тоқалыңды
Еміп жатырсың ба,
Төбең ойылғыр,

Төбең көрінбей қалды ғой,
Құтысы құтырған
Айғыр болып кетпесең
Қанатын бәлең қанды ғой.

Шық, қәне, шатырыңнан!
Қағанның алдында
Қазандай басын
Тәкәппар арғымақтай

Кекжитіп зорға иетін,
Көлдегі қаз, үйректерді
Бытырлатып қырып,
Жапырақтай шашатын

Көк тырнақ сұңқардай
Қарсы келген жауларға
Шүйіліп тиетін,
Күп денелі Көбек батыр,

Мес-мес қымыз қотарып
Кекіректеп
Тойып отырғаның жетер,
Жан-жағыңа шекелеп қарап

Бұтыңа сыймай
Толып отырғаның жетер
Шық,
қәне, шатырыңнан!

Шықпасаңдар
Алтын айдарлы ұлдарың
Құл болады.
Алтын тұлымды қыздарың

Күң болады.
Нардай-нардай сарбаздарың
Құлағы салпиған
Есек болады.

Шал-сауан мен бала-шағалар
Аяққа тапталып
Тезек болады.
Шығыңдар, қәне!

КӨК ТҮРІК ҚАҒАНЫНА ҚАРТ АБЫЗДЫҢ АЙТҚАНЫ

Уа, Аспанның суына,
Тәңірінің нұрына
Шомылып отырған
Ұлы Қағаным,

Алдыңа кеп
Белімді бүгіп,
Басымды иіп тұрмын.
Аяғыңа жығылып

Сүйрік саусақтарыңды
Сүйіп тұрмын.
Мен сені бүгін
Мақтайын деп те тұрғаным жоқ.

Ақиқатты аттап
Бәле-жаладан
Ақтайын деп те тұрғаным жоқ.
Тәңіріңнің дәргейі мен

Пәрмені арқасында
Мұртыңнан май,
Сақалыңнан бал ағып тұр ғой.
Ал халқыңа қарашы,

Жаман-жәутікке айналып
Жан бағып тұр ғой.
Қатын, балалары
Зар қағып тұр ғой.

Соларға көз салсаң қайтеді
Әлде күндей көзіңді
Шел басып қалды ма?!
Көлдей көңіліңді

Шөл басып қалды ма?!
Ел басына күн туса
Шоқпыт киген
Кілең жаман-жәутіктер

Сілтеп қылыш сермеп,
Шіреп найза ұра ала ма?!
Сенің алтын тағың мен
Алтын шатырыңды

Қорғап тұра ала ма?!
Ойлансаң қайтеді!
Сен сенген
Уәзірлер мен бектерің

Шексіз қазынаңның
Алтынын дорбалап,
Күмісін арбалап
Тасып жатыр.

Қырық күн ойын,
Қырық күн тойын жасап
Асып-тасып жатыр.
Тиым болмай ма?

Күн дидарлы Ханым,
Ай дидарлы Ханшалар мен
Нұр дидарлы Ханзадалар
Елді ит құрлы көрмей,

Сөзін бит құрлы көрмей
Басынып барады.
Уа, Ұлы Қағаным,
Халқың ыза мен намыстан

Жарылардай боп
Ашынып барады.
Ай дидарлы ханшалар мен
Нұр дидарлы ханзадалардың

Мойындарына қыл шылбырлы
Құрық салмайсың ба?!
Ауыздарына
Қара тастай ауыр

Құлып салмайсың ба?!
Цин елінен келгендердің де,
Сұм елінен келгендердің де
Көңілін табамын деп

Біреуіне иіліп,
Біреуіне бүгіліп барасың.
Неге сен бірақ
Өзіңді ақ киізге орап,

Ақ сүтке шомылдырып,
Ақ түйесін сойып
Қаған еткен еліңнен
Түңіліп барасың?!

Шалқайғанға шалқайып,
Еңкейгенге еңкейіп
Тік келгенге
Тік келсең қайтеді?!

Шік келгенге – шік,
Бүк келгенге
Бүк келсең қайтеді.
Бәрі де –

Жел сияқты! –
Келеді, кетеді.
Уа, Ұлы Қағаным,
Суы мен ауасын жұтқызып

Саған қуат берген
Жеріңмен бірге бол.
Сені Қаған етіп
Алтын таққа отырғызған

Еліңмен бірге бол.

КӨК ТҮРІК БАТЫРЫНЫҢ ЖЫНҚҰРТ

ЕЛІНІҢ БАТЫРЫН ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРУЫ

Күлдің үстіне туған
Тексіз неме!
Көзіңнің еті өсіп,
Кеудеңе нан піскен екен,

Жалың көтеріліп,
Қаныңа! –
Қойдың құмалағындай
Жай түскен екен.

Соны көтере алмай
Бұты сасық текедей
Бұтыңа толып қалыпсың,
Қомпитып тон кидім деп

Болып қалыпсың.
Басыңды үгіп
Бордай етейін бе?!
Кеудеңді жыртып –

Жайын айырған! –
Тордай етейін бе?!
Айт, қане,
Қалауың білсін –

Құс қанаты қадалған
Шыбық оғымды
Қанды өзегіңнен өткізейін бе?!
Жоқ әлде,

Тасқа тисе,
Тасты да
Торсықтай жарып жіберетін
Қорамсақтағы тоқсан оғымды

Тоқсан торабыңа жеткізейін бе.
Жекпе-жек!
Жекпе-жек!
Тұзаққа түскен

Қаншық қасқырдай
Тарамыс бауларымды
Тартқылатып қояйын ба?!
Жоқ әлде,

Жеті бірдей ұста
Жеті күн бойы соққан
Қанды қылышыммен
Басыңды қағып алып

Бұқа мойыныңнан
Қып-қызыл қаныңды
Түтікпен үрлегендей
Аспанға атқылатып қояйын ба?!

Жекпе-жек!
Жекпе-жек!
Оны қолай көрмесең,
Босағама байлап,

Құлыма тепкізіп,
Күңіме көзіңді шұқытып
Зар жылатайын ба?!
Жоқ әлде,

Аяқ-қолыңды кесіп,
Күлдің үстіне тастап
Мысықтай мияулатып,
Иттей қыңсылатайын ба?!

Сасық құмалақ түскен
Местегі қымыздай
Бүлінген екенсің!
Жаныңнан түңілген екенсің!

Күні кеше ғана
Менің алдымда
Кесірткідей жорғалап
Қоңыздай тоңқаңдап

Жүрмейтін бе едің.
Сен сорлы,
Мен ашулансам,
Ашуымның

Тауға тұман,
Жауға бұлт болып түсетінін
Білмейтін бе едің?
Осы сөздерден кейін жыңқұрт батыры ұрыс даласын тастап қашып кетіпті.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

КҮЛТЕГІН

(Еркін әдеби нұсқа)
Алдымен
Тұла бойынан
Бу менен дым бүріккен

Алай-дүлей жел тұрды.
Дүниені басып жатқан
Қара балшықтай қою,
Күйедей қап-қара,

Түнек серпілді.
Жоғарыда
Ішіне жұлдыздар жапсырған,
Алып қазандай төңкерілген,

Төсіне Ай ілген,
Омырауына Күн таққан
Аспан пайда болды;
Күркіреп, күркілдеп

От шашып жатқан;
Алып денесінен
Қып-қызыл болып
Өрт қашып жатқан

Тау менен тастар пайда балды.
Жел алып келген
Дым менен будан
Бұрқырап тасып жатқан Ј

Сулар пайда болды.
Найқалған нулар пайда болды.
Сонан кейін Адам шықты.
Ашыған қамырдай боп

Көтеріліп деміккен
Қара жерді басып көрді,
Жүндей боп ұйысқан
Қара бұлттарды

Қолымен олай-бұлай аударып
Ашып көрді.
Алтай тауым
Бесік болып тербеткен,

Жарқылдаған от пен
Сарқыраған судың ішінде
Ержеткен —
Көк тәңірінің оғландары

Бүкіл түрік жұртының
Арландары мен қабыландары
Бумын қаған мен
Істемі қаған таққа қонды.

Елімді ел етемін деп,
Жерімді көгертемін деп
Оттай асау,
Оқтай ұшқыр

Атқа қонды.
Ормандар аңға толды.
Өрісі малға толды.
Жерінің түгінен

Май ағып тұрған,
Ағаштарының балағынан
Бал ағып тұрған
Ел болды.

Құнары асыл
Жер болды.
Сол елдің
Айналасы түгел —

Бұзылған сеңдей
Жапырып кеткісі кеп тұрған;
Көшкен селдей
Түп-тамырымен қопарып

Батырып кеткісі кеп тұрған
Дұшпан екен.
Күндердің күнінде
Жан-жағынан олар

Құрсаудай бүріп
Қысқан екен.
Сол кезде
Көк түріктердің кеуделері

Көріктей ісінген.
Жаяулыны — құмалақтай! –
Найзасының ұшына іліп,
Аттылыны — қуалап жүріп! —

Бөріктей түсірген.
Бастыны —
Бастары жерге тигенше
Идірген, —

Табанын жалатып
Арттарын сүйдірген.
Тізеліні —
Тізелерін дірілдетіп

Түйедей бақыртып
Шөгерген.
Қалғандары
Оқ тиген мақұлықтай қашып,

Тау менен тастардан асып
Алды-артына қарамай
Жөнелген.
Халқына

Ілгеріде жатқан
(Күн шығыстағы)
Қадырқан қойнауын сыйлап,
Керіде жатқан

(Күн батыстағы)
Темір қақпаны жайлатқан.
Жеңіспенен желпіндіріп
Отыз күн бойы ойнатқан,

Кырық күн бойы тойлатқан.
Екі қаған да
Емендей берік,
Бәйтеректей зор,

Төбені сүйреп әкетердей
Алып болған.
Сол екеуінің тұсында
Ел-жұрты

Молшылыққа малтығып жүзіп,
Ырыс пен құтқа
Кеңірдектерінен келіп
Карық болған!

Сарбаздары
Кара жартастардан
Қамал қалап жатқан.
Ал екі қаған

Таулардың иығына шығып,
Бұлттарды бауырына басып
Соларға қарап жатқан.
Халқы

Үйірін іздеген,
Айғырлардай кісінеп,
Ботасын іздеген
Аруаналардай боздап —

Жыр толғаса! —
Көлдерді тасытып
Тауларды қозғаған екен;
Бірін бірі тыңдаған,

Өздеріне ақырып сөйлемеген,
Ақырып сөйлесе де,
Арына тиетіндей етіп
Бақырып сөйлемеген

Азып-тазбаған екен.
Аярлық пен
Опасыздықты көргенде —
Орай да борай —

Қабағына қар жауған!
Әділ жарғылары
Қара тастарды турап,
Қара қылды қақ жарған!

Сонан кейін олар
Демдері бітіп
Өмірден өткен.
Рухтары

Алтай таудың үстінде
Оқшырайып отырған
Көк тәңіріне кеткен.
Олардың өлімін естіген

Дүние теңселіп кеткен,
Ойпаң жер опырайып құлап,
Қақырайып тұратын жоталар
Жер шөгіп кеткен.

Ормандар шулап жылаған,
Көлдер тулап жылаган.
Күн шығыстағы
Бөклі шөлдің ел-жүрты

Құм шашып еңіреген.
Ортадағы татарлар,
Күл шашып еңіреген.
Алтай таудың айналасын

Азан-қазан етіп,
Күңіреніп, егілген
Қабырғалары сөгілген
Жоқтаулар басталган;

Іргедегі табғаштар
Бастарын
Тау менен тасқа ұрған.
Күні тұтылғандай,

Айы құлағандай
Шошып жылаған.
Түпіт, апар, пурум, қырқызың,
Учқурықан, қытаң, татабың

Шаштарын ормандай жайып,
Беттерін тырнақтарымен! —
Тасты орған тау өзендеріндей!
Осып жылаған.

ІІ

Олардың орнына отырған
Інілері мен балалары
Бастарында
Торғайдың миындай ми жоқ

Жаман-жәутік екен.
Бойлары бір қарыс,
Ойлары бір тұтам
Шәлтік екен.

Есігінде жүрген
Кара құлды да
Қарпып тастай алмаған;
Төріне шығып тайраңдағанды

Ең болмаса —
Ит құсап — балағынан! —
Тартып тастай алмаган.
Бұрқырап тасуды білмейтін —

Бұралкы ит сарып,
Жетім лақ секіріп өтетін —
Жылға боп шыққан.
Өздері түгіл

Келеңкелеріне дейін сұйық,
Мұрындарынан су сорғалаған
Сүмелек, сұлба боп шыққан.
Көк тіреп жүретін

Көк түрік елінің
Тот басқан қылыштай
Айбаты өлген.
Жұртта қалған ошақтай

Қайраты сөнген.
Бойкүйездіктері сондай
Отырған жерлерінде омалып,
Жатқан жерлерінен

Бұтына жібергенше тұрмаған.
Дұшпанның тісінің
Қайралған қышырын емес,
Жуылған ыдыстың

Тықырын тыңдаған.
Естілерден іргесін
Жырақ салған.
Алдамшы табғаштардың

Зымиян сөздеріне
Естері кетіп құлақ салған.
Елдің жайсаңдарын
Жау көріп —

Ұрсып қалған.
Сұрқия сөздерден
Шоқ түскен киіздей боп
Бықсып жанған.

Сонан кейін
Өздерімен өздері
Жағаласып кеткен,
Өздерімен өздері

Шабалаңдап үрісіп,
Абаласып кеткен.
Біріне бірі!
Қақпан құрған.

Бірін бірі
Тақтан қуған.
Бесті бұқаның терісіндей
Берік ел —

Бөстекке жарамайтын
Қотыр шыбыштың терісіндей боп
Іріп кеткен.
Қылыш пен найза түгілі

Кездік қайрап,
Істік ұштай алмай
Далада қалған бұл елді
Көк тәңірі тас төбелерінен

Ұрып кеткен.
Сол ел — ел бола алмай
Құрып кеткен.

ІІІ

Табғаш жұртына
Көк түріктердің
Арыстай-арыстай ұлдары
Қамыстай жапырылып

Күс табан, жалақ ерін
Құл болған.
Күн десе көзі,
Ай десе аузы бар

Ару қыздары
Күлді-көмеш күң болған.
Аттан түсіп
Солардың қойы мен

Қабағын баққан.
Күлімен кіріп,
Отымен шығып,
Қазанын жаққан.

(Өзектерінде оттары барлар
Намыстан өлердей боп
Қабарып жатқан.)
Мұрындық салған атандай

Солардың жетегінде жүрген.
Дүниеге жөндеп қарай алмай
Жота мен төбенің
Етегінде жүрген.

От жақса —
Шақпағына айналған,
Қол сүртсе —
Қол жаулығына,

Сілтесе —
Шоқпарына айналған.
Өзінің емес
Табғаш жұртының

Жерін кеңейткен.
Табғаш жұртының
Елін көбейткен.
Күн шығыстағы

Бөкей қағанға дейін
Әскер жүргізген.
Күн батыстағы
Темір қақпаға дейін

Әскер кіргізген.
Айтқанына көнген,
Айдауына жүрген.
Өзінің билігінен айырылып,

Сұңқардай қанатынан
қайырылып
Елдіктен қалған.
Бір кездегі күндей күркіреген,

От бүркіп, шоқ шайнаса
Дүние тітіренген
Ерліктен қалган.

ІV

Мұндай қорлықтан,
Мұндай зорлықтан
Көктүріктердің ашу-ызасы
Кара бұлттарды қақ жарған,

Қып-қызыл найзағайлардай
Жарқылдап ойнаған!
Ішіне жай тасы түскен
Қара қазандай

Сақылдап қайнаған!
Өзегіндегі оты
Өртке айналған.
Көмейіндегі сөзі

Сертке айналған.
Күні кеше
Болағымда жүрген бит
Басыма шықты деген,

Күні кеше
Жуындымды ішкен ит
Асыма құсты деген.
Күні кеше

Өзге елдің жандары
Іргесінен жүре алмайтын
Елім бар еді ғой.
Күні кеше

Өзге елдің малдары
Көлім түгіл,
Шалшығын іше алмайтын
Жерім бар еді ғой.

Тас төбемде
Күнім жанып тұратын.
Сол күндерім қайда?
Тас төбемде

Айым толып туатын.
Сол түндерім қайда?
Қағанды халық едім ғой.
Қағаным қайда?

Қаhарлы халық едім ғой.
Қаhарым қайда?
...Бірақ олар
Бастары бірігіп

Ормандардай болып
Орындарынан түгелдей
Бір тұрып кете алмаған.
Бұрқыраған борасындай соғып

Табғашты құмдай етіп
Сыпырып кете алмаған.
Бектері
Белдесуге жарамаған,

Қиын тұстарда
Жанын қиып
«Кел» десуге жарамаған.
Сонан кейін-ақ

Қайқы қылыштары —
Ортасынан! –
Сынып түскен.
Асау мойнына қайтадан

Қыл шылбырлы
Құрық түскен.
Түрік халқы қан жылап:
Асыл қуатым

Өліп барады деген,
Асыл ұрығым
Семіп барады деген.

V

Алдымен
Жоғарыдағы
Көк Тәңірі
Күндей күркіреп;

Сонан кейін
Жердің Иесі қозғалып,
Судың Иесі толғанып;
Түрік халқы жоғалмасын деген!

Құлдықта қамалмасын деген!
Ел болсын деген!
Басқа жұрт аса алмайтын
Бел болсын деген!

Көк Тәңірінің өзі
Әкем Ілтеріс қағанды —
Қуатты болсын деп! —
Қара бұлтқа орап

Төбесіне көтерген.
Шешем Ілбілге қатынды —
Шуақты болсын деп! –
Ақ бұлтқа орап

Төбесіне көтерген.
Сол-сол-ақ екен
Қаған әкем
Он жеті ерді ертіп ап,

Елдің намысы боп жанған
Будақ-будақ, өртін ап
Жортып жөнелген.
Қарсы келгенді

Азу тісімен
Қарпып тастаған.
Атының алмас тұяқтарымен
Тарпып тастаған.

Таудағы түріктер
Еңіске құйылған,
Еңістегі түріктер
Тауға жиылған, —

Көк Тәңірге сыйынған! —
Бір-бірімен
Бұрқырап қауышқан.
Бір-бірімен

Шұрқырап табысқан.
Ерлер жетпіске жеткен, —
Тұтасқан қолга айналған.
Әрқайсысы

Жартас өңгеріп кетердей
Зорға айналған.
Көк тәңірінің өзі
Қуат бергеннен кейін,

Ұлы мақсат пен
Мұрат бергеннен кейін —
Жауларын! –
Қойлардай бөрліктірген

Бөрілердей болған.
Әрқайсысы бір-бір жота боп
Көрінердей болған.
Жеті жүзі

Қатар құйылғанда
Жауларын! —
Сеңдердей сапырған.
Таулардан құлаған

Селдердей жапырған.
Ілгері-кейін
Әскер жүргізіп —
Желдердей ескен.

Бұлттардай көшкен.
Жауларын
Табандарына салып таптап
Мал қып кеткен халықты,

Қағанынан айырылып
Қаңғып кеткен халықты,
Күлді-көмеш
Күң боп кеткен халықты,

Құлағы кесік
Құл боп кеткен халықты
Азат еткен.
Күні кеше

Билік құрған жауларын
Белдерінен бүгілдіріп,
Мойындарынан иілдіріп
Мазақ еткен.

Көнбегендерін
Күлге аунатып,
Құм асатып жер еткен.
Тентіреп кеткен

Төліс, тардаушты
Ел еткен.

VІ

Оң жағында
Табғаш жұрты
Табанға түспеймін деп
Есірген.

Сол жағында
Баз қаған
Талауға түспеймін деп
Көсілген.

Қырқыз, құрықан, отуз татар,
Қытаң менен татандар
Жан-жағынан
Қамап тұрған.

Қалғыса — бас салғысы кеп,
Карап тұрған.
Қырық жеті рет
Жорыққа шыққан

Каған әкем —
Ас-суын
Атынан түсіп ішпеген.
Қылышы

Қынына түспеген.
Жиырма рет
Соғысқа кірген.
Бетпе-бет келіп

Шөптердей қырқып,
Ағаштардай кесетін
Шабысқа кірген.
Елді болғанды

Елдігінен айырған,
Қағанды болғанды
Қанатынан қайырған.
Байлыққа батқан,

Бақытқа кенелген.
Бұлықсынғанын
Бұтадай сындырып,
Тізелісін

Түйедей шөгерген.
Қаттысын
Балшықтай илеп
Бастысын

Басы жерге тигенше
Идірген —
Табанын жалатып,
Табалдырығын сүйдірген.

Осылай
Мақсатына жеткен.
Дүниеден өткен.

VІІ

Ағам таққа отырып
Каған болды.
Елі мен жеріне
Қара жартастардан соққандай

Қамал болды.
Ерлерінің
Намысын үрлеп
Өрт қылды.

Кедейін бай етті,
Азын көп қылды.
Мен өзім
Тардуш халқын

Жатқызып-өргізетін
Шад болдым.
Бейшараға қорған,
Байғұсқа бақ болдым.

Ағам екеуміз
Жасыл өзенді
Шантун жазығына дейін,
Батыстағы қақпаға дейін,

Көгмен асып
Қырқыз жеріне дейін
Әскер жүргіздік.
Басын көтергенін

Басын жерге тигіздік.
Інінен шыққанын
Ініне қайта кіргіздік.
Он үш жыл қағыстық,

Он үш жыл соғыстық.
Кеңдік құрғанды
Кеңдігінен айырдық,
Елдік құрғанды

Елдігінен айырдық.
Көкірек керіп келгенді
Кейін шегердік,
Бастыны жүгіндірдік,

Тізеліні шөгердік
Түргіш қаған
Туысымыз болатын.
Іргеде жатқан

Ұлысымыз болатын.
Тасып кеткен екен.
Ернеуінен шығып
Асып кеткен екен.

Шөптей жұлдық
Қынадай қырдық.
Арғы қандасымыз
Он-оқ халқын

Жақынның
Мазағынан құтқардық.
Дұшпанның
Азабынан құтқардық.

Барс бекке
Қарындасымызды
Ханшалыққа берсек,
Ол бізге жонын көрсетті.

Жонынан таспа тілдік!
Басынан жағын айырып
Қасқа қылдық.
Ұлдарын құл еттік,

Қыздарын күң еттік.
Құмалақтай
Шашылып кеткен қырқызды
Біртіндеп жинап

Жұрт еттік.
Қайтадан
Түрік еттік.
Кезіндегісін кешірдік,

Жесірінің
Құрсағын қампайтып,
Жетімін
Желкілдетіп өсірдік.

VІІІ

Қадырқан жерін
Басып жатқан
Жұртқа айналдық.
Сілекейі бал боп аққан

Құтқа айналдық.
Кеңу тарманға дейін
Ел қонды.
Суы сарқырап аққан,

Көлі жарқырап жатқан
Жер болды.
Құлымның өзі
Құл жұмсайтын болды.

Күңімнің езі
Күң жумсайтын болды.
Көптігіміз сондай
Ағалары інілерінің,

Інілері ағаларының,
Әкелері
Қаптаған балаларының
Аттарын шатастыратын.

Біз сондай көп болдық.

ІX

Түрік, оғуз бектері!
Құлақ түр!
Менің қазір жаным
Қанжылап тұр.

Үстіңе көк Тәңірі
Тау құлатпаса,
Қара жер Қақ айырылмаса
Сені кім алатын еді?

Арыстандай ақырып тұрсаң,
Сенің қасыңа
Кім баратын еді?
Енді маңдайыңды

Тасқа ұр!
Ібіліс иектеп,
Албасты басқыр!
Өзегіңді

Өрт етіп, өкін!
Жер сабалап жыла!
Жарылған жартастай опырыл!
Дауылды күнгі

Емендей құла!
Асып-төгіліп
Қағындың.
Тәңірінің алдында

Жазып -жаңылдың.
Еліңді көзге ілмедің,
Қағаныңа
Қарсы шығып бүліндің!

Түңілдім!
Жарақты жау сені
Қаңбақтай қуып әкетті.
Сүңгілі жау сені

Жапырақтай жұлып әкетті.
Жеріңді тастап қаштың.
Зар илеп,
Кақсап қаштың.

Айтшы,
Барған жеріңнен
Пана таптың ба?!
Сені корғайтын

Қара таптың ба?!
Қарағайдай бойың
Шыбықтай иілді.
Қаның судай ақты.

Сүйегің тау боп үйілді.
Алтын айдарлы ұлың
Құл болды.
Күміс тұлымды қызың

Күң болды.

Х

Түрік халқының аты
Құмға сіңген судай
Құрымасын деп
Асып тұрған айбыны

Шөптей жұлынбасын деп
Әкемді қаған,
Шешемді
Ханыша еткен Тәңірі

Мені де қаған етті.
Жеріме қорған,
Еліме қамал етті.

Мен

Атағы асқақтап жатқан
Елге
Қаған болғам жоқ;
Байлыққа батпақтап жатқан

Елге
Каған болғам жоқ.

Мен

Киерге тоны жоқ,
Ішерге асы жоқ,
Шығатын жолы жоқ
Жәутік елге қаған болдым.

Інім Күлтегін екеуміз
Әкеміз бен ағамыз
Ел еткен елді,
Жер еткен жерді

Сақтап қаламыз деп
Түнде ұйықтамадық
Күндіз отырмадық
Қызыл қанымызды төктік,

Қара терімізді жүгірттік.
Сеңдердей сатырладық,
Сарыаяздай сақылдадық.
Күлтегін екеуміз

Өліп-өшіп жүріп
Дұшпанның қанын
Белуардан кешіп жүріп
Елді — қайтадан! —

Ел еттік,
Жерді — қайтадан! —
Жер еттік.
Елімді

Суға батырмадым,
Отқа күйдірмедім.
Ешкімге
Бастарын идірмедім!

Ойға босқан халқым
Қандастығын айта келді,
Қырға қашқан халқым
Бауырым деп қайта келді.

Халқымды
Тойдырайын деп,
Жылап-сықтағанын
Койдырайын деп

Теріскейдегі
Оғыз тарапқа,
Шығыс қытаңға,
Татабы тарапқа,

Түстіктегі
Табғаш тарапқа
Он екі рет қол кіргіздім.
Бастарына

Қап-қара бұлт үйіріп,
Еңселерін езген
Сор кіргіздім.
Тәңірім жарылқап

Таусылған құтым
Қайтадан құйылды.
Шашылған ырысым
Қайтадан жиылды.

Азды көп қылдым
Кедейді бай еттім.
Көріксізін Күн,
Ажарсызын Ай еттім.

Төрт тарап түгелімен
Аяғыма келіп
Бас ұрып жатты.
Елімнің даңқын көтеріп

Айбынын асырып жатты.
Қазаным құтқа толды,
Ел-жұртым бұтқа толды!

XІ

Әкем қайтыс болғанда
Інім Күлтегін
Жетіге енді толган еді.
Сол кездің өзінде-ақ.

Көркіне елі тойған еді.
Шешем Ұмай қатын
Күлтегінді батыр етті.
Сонысымен

Елі мен жұртына
Жақын етті.
Он алтыға толғанда
Каған ағамның

Құрған елін зорайтты.
Ырысын тасытып,
Несібесін молайтты.
Алты Шуб Сағдат тарапты

Талқандап бұздық.
Адамдарын
Мал сияқты иіріп,
Арқандап тіздік.

Тағбаш, Оң тұтық
Қаптап келді.
Шалғынымды жапырып,
Өрісімді таптап келді.

Күлтегін жаяу әскерімен
Жалын боп тиді.
Тастай үкті,
Тарыдай түйді.

Күл-талқан боп қирады.
Күлтегін інім
Қолға түскендерін
Көгендеп тұрып

Қағанға сыйлады.
Жиырма бір жасында
Білегі келсаптай,
Балтыры

Келідей болып толысты.
Құланның етін
Аспай асайтын
Чача Сенуіңмен соғысты.

Ә дегенде
Тадықтың Чуры Бозына
Қарғып мінді.
Ол ат мерт болды.

Сонан кейін
Ышбара Жамтар Боз атты
Мініп шапты.
Қапталдағыны қаймықтырып,

Қарсы келгендерін
Түріп шапты.
Ол ат та мерт болды.
Үшінші рет

Жегін Селік-Бектің
Торы атын мінді.
Жауын найза боп жыртып,
Қылыш болып тілді.

Ол ат та мерт болды.
Қарап тұрган жұрттың
Кеудесіне дерт толды.
Күлтегін інім

Ашу-ызадан өрт болды.
Сауытына
Ауаны тіліп
Жыландай ысқырып ұшқан

Жүзден астам оқ тиді.
Сонда да қайтпады.
Жауларын
Бұталардай бұрап сындырып

Жоқ қылды.
Жер Байырқының
Ұлығ Іркіңі
Біздерге қас болды.

Қаны қатқан тас болды.
Оларды да қуып
Түргі Жарғұн көліне
Батырдық.

Көлінің өзін
Қайнаған қазандай етіп
Сапырдық.
Ұлығ Іркің

Қуғынға түскен
Түлкідей састы.
Әйтеуір сытылып шығып
Алды-артына

Қарамай қашты.
Күлтегін отызға толды.
Тұла бойы
Тау өзендеріндей

Бұрқыраған ағысқа толды.
Қырқызға аттандық.
Жол-жөнекей
Сүңгі бойламайтын

Қасат қарды
Қақ айырып өттік.
Көгмен тауынан астық.
Кырқыз халқын

Ұйқыда бастық.
Олардың қағанымен
Суңа жышта жолығыстық.
Қарсы тұрған таулардан

Домалаған тастардай
Бір бірімізбен
Сатұр-сұтыр соғылыстық.
Күлтегін

Байырқының
Ақ Айғырын мініп шықты.
Қылыштай боп
Ортамызды тіліп шықты.

Бір батырын
Көлден көтеріле берген
Қаздай етіп
Атып түсірді.

Екі батырын
Аттың үстінен
Бөріктей етіп
Найзасымен қағып түсірді.

Тебінгенінде
Ақ Айғырдың қабырғалары
Күтірлеп
Сынып кеткендей болды.

Түйілгенінде
Қара тастың
Суын соргалатып
Сығып кеткендей болды.

Сол жылы
Түргіс тарап жаққа
Алтын жышты
Пышақтай тіліп

Кесе жорттық.
Қап-қара боп аққан
Ертіс өзенін
Омыраулап кеше жорттық.

Тағы да
Талай-талай
Таулардан астық.
Түргіс халқын

Ұйқыда бастық.
Түргіс Болчуда
Оттай бұрқырап,
Құйындай құтырып келді.

Жолындағысын
Қара жауындай жапырып,
Алдындағысын
Қара дауылдай

Сыпырып келді.
Күлтегін
Башгу Боз атқа қонды.
Көкірегі

Ісіп кеткен ашуға,
Кеудесі
Ысып кеткен ызаға толды.
Жандарын алып,

Жанымызды беріп соғыстық.
Аппақ қарға
Қызыл қанымызды төгіп
Барымызды салып алыстық.

Ырғап соққан найзамыз
Сауыттарын
Киіздей тесті.
Сілтеген қылышымыз

Мойындарын
Мүйіздей кесті.
Қалғанын сол жерде
Лақтай бақыртып

Бауыздадық.
Бетімен кеткен елін
Шідер салып
Ауыздадық.

Тағы да
Жорыққа шықтық.
Алысқанды
Алып ұрып жықтық.

Інжу өзенін кешіп
Темір қапыға
Әскер жүргіздік.
Оларды

Бұралқы иттей етіп
Қыңсылатып, үргіздік.
Түргіс халқы жау болып
Кенерес тарапқа тартты.

Біздің әскеріміз
Шаршап-шалдыққан
Арық-тұрық еді.
Азығы құрып еді.

Аз қолды ертіп
Күлтегін батыр
Алға кетті.
Ақ қар, көк мұз

Асудан
Жанын жалдап өтті.
Алып Шалчы Ақ атын
Мініп шығыпты.

Карсы келген дұшпанын
Өрт тиген ормандағы
Аңдардай етіп
Түріп шығыпты.

Одан әрі
Күшу тутуқпен
Соғысқан екен.
Найза сермесіп,

Қылыш сілтесіп
Қағысқан екен.
Батырларын
Түгел жарып кетіпті.

Үйлерін тонап,
Қалғанын жағып кетіпті.
Тамақ Ыдық Баста
Тағы да соғыс болды.

Күлтегін отыз жаста еді.
Бойындағы күші
Терісіне сыймайтын,
Күйекке түскен бұқадай

Өрісіне сыймайтын
Басқа еді.
Алып Шалчы Ақ атына мініп
Есі шығып

Ебіне тиісті.
Екі аяғымен
Аттың өкпесін ұрып
Тебіне тиісті.

Екі батырын
Қояндай етіп
Куып жүріп түйреді.
Жері қанға бөкті,

Елі күтірлеп сынған
Қамыстай күйреді.
Күлтегін отыз бірге келді.
Бет қаратпайтын

Оттай болды.
Қозы жауырынды
Оқтай болды.
Азды батырды,

Көпті жапырды.
Күлтегін
Алып Шалчы Ақ атқа
Тағы да мініп

Езгіл халқын шапты.
Қарсы келгенін
Қалпақтай қақты.
Қашқанын

Қарақұсынан атты.
Алып Шалчы Ақ аты
Сол жерде мерт болды.
Күлтегіннің кеудесіне

Дерт толды.
Тоғуз Оғуз халқы
Өзімнің бауырым еді.
Жеңсем

Жарқырап тұратын маңдайым,
Жеңілсем
Сыз өткізбейтін жауырыным еді.
Түлен түртіп

Ол да маған қас болды.
Тамағыма кептеліп қалған
Тас болды.
Олармен

Бес рет соғыстық.
Алдымен
Тоғу Балықта кездестік.
Сойыл сермесіп,

Найза кезестік.
Күлтегін
Азбан атын арқыратып,
Қылышын жарқыратып

Тағы да ебіне тиді.
Тағы да тебіне тиді.
Алты батырын шаншып,
Жетінші батырын

Қылышымен
Құланның етіндей етіп
Турап тастады.
Қалғандарын

Шыбық құрлы көрмей.
Мойындарын
Бұрап тастады.
Екінші,

Құшлағақта
Едізге жолықтық.
Шаршап-шалдықтық,
Торықтық.

Күлтегін
Аз Жағызды мініп
Бір батырын
Түйреп түсірді.

Тоғыз батырын
Аттың үстінен
Сүйреп түсірді.
Үшінші

Оғузбенен қағыстық.
Күлтегіннің астында
Азбан Ақ бар еді,
Әскерін

Тас-талқан еттік.
Елін
Тұзаққа түскен
Қасқалдақ еттік.

Төртінші,
Чуш басында соғыстық.
Еліріп келген жауларды
Нудай жапырып жібердік.

Судай сапырып жібердік.
Алыбын —
Маңдайын қақ айырып —
Ұрдық.

Қалғанын қойдай иіріп
Қырдық.
Бесінші,
Ергені Қадазда

Оғузға кез болдық.
Күлтегіннің астында
Аз Жағызы бар еді.
Аты жар,

Өзі нар еді.
Олардың екі батырын
Шабақтай етіп
Шаншып тастады.

Атының тұяғымен
Жаншып тастады.
Мағы Қурғанды қыстап
Жаз шыға

Оғузды тағы шаптық.
Қағатынын қақтық,
Ататынын аттық.
Күлтегін ордада қалған.

Оғуз жау
Орданы алмақ болды.
Табанға салмақ болды.
Күлтегін

Өгсіз Атын мініп
Өшігіп кетті.
Жын ұргандай қалшылдап
Есіріп кетті.

Орданы бермеді.

XІІ

Ханым-шешем,
Апаларым,
Келіндерім,
Күнікей-қанекейлерім,

Тірі қалған барша жұрт,
Құлақ салыңдар! —
Күлтегін болмаса
Жаудың қолына түсіп

Тезек теріп,
Жапа басатын
Күң болатын едіңдер,
Құлағы кесік

Құл болатын едіңдер,
Көнбесеңдер
Күл болатын едіңдер.
Соны біліп алыңдар!

ХІІІ

Күлтегін інім
Қайтыс болды.
Тауым құлады
Жауым қуанды.

Қайғыдан —
Өрт шалған қарағайдай —
Қап-қара боп кеттім.
Көрер көзім

Көрместей болды.
Білер білігім
Білместей болды.
Сөзімнен зар төгілді.

Адам деген
Өлмес үшін туар ма?!
Ащы-тұщыны
Көрмек үшін туар ма?!

Қайғырдым!
Күнімді құлаттым,
Айымнан айрылдым!
Көзімнен

Жөңкіген селдей
Жас құйылса,
Кеудеме
Дауылды желдей

Өксік толса
Тағы да қайғырдым.
Қатты қайғырдым!
Екі шад пенен

Ізбасар іні-жиенім,
Оғланым, бектерім,
Қалың халқым,
Бүгінің мұнар,

Ертеңің
Түн бола ма деп
Қайғырдым.
Көрөр күнің

Мұң бола ма деп
Кайғырдым!

XІV

Еңіреп егілген
Қытаң, татабын бастап
Удар Сенуң келді.
Қайғыдан

Қабырғалары сөгілген
Табғаш қағаннан
Ісиі Лекең келді.
Байлықтарының ауызын

Ашып тастады —
Алтын, күмісті
Шашып тастады.
Түпіт қағаннан

Бөлек келді.
Ол да ерек келді.
Күн батыстағы
Соғуд, Берчекер,

Бұқарақ жұрттарынан
Нең Сеуң,
Оғыл Тарқан жетті.
Олар да тартынбай

Дарқан жетті.
Он оқ оғлым,
Түргіс қағаннан
Мақраш тамғашы,

Оғыз елінен
Білге тамғашы
Аңырап келді.
Қырқыз қағаннан

Тардуш Ынанчу Чур
Зарлап келді.
Қара тастарға
Құмның бетіне

Сызғандай етіп
Өрнек салатын,
Бояулы жіп төккендей
Әрлеп салатын

Табгаш Қаған жиені
Чан Сеңуң келді.

XV

Күлтегін батыр
Он жетінші күні
Қаза болды.
Жердің үстіне қайғы,

Аспанның астына
Аза толды.
Қой жылының
Тоғызыншы айында,

Жиырма жетінші күні
Асын бердік.
Балбал тасы мен
Бітіг тасын

Мешін жылының
Жетінші айында
Жиырма жетінші күні
Бағыштадық.

Күлтегін жанын
Көк Тәңірге табыстадық.
Күлтегін бұл дүниеден
Қырық жеті жасында өтті.

Бітіг тас,
Бәдіз тас жасауға
Қаншама тойғұн,
Елтеберлер жетті.

ТОНЫКӨК

(Еркін әдеби нұсқа) 1.

Мен, Білге Тоныкөкпін, Елі

Табғаш жұртына бағынған
Көкірегінде
Соры көппін.

2.

Түрік жұрты
Табғаштың табанында жатты
Талауында жатты.
Күндердің күнінде

Естері кіргендей
Табғаштан бөлініп шықты,
Қалың нуды жарғандай
Аттарын тебініп шықты.

Сонан кейін
Жігерін қайтадан құм басты.
Намысын қайтадан күл басты.
Өз қағанынан

Өздері жерінген
Сұмдық бір құлықтар болды.
Табғашқа қайтадан –
Бұғауына басын сұғып! –

Кіріптар болды. 3.

Көк тәңірі қаһарланып
Күндей күркіреп кетті.
Даусынан дүние
Тітіреп кетті.

«Ел болсын деп
Қаған беріп едім,
Қағаныңнан бас тартып
Қағындың.

Қайтадан
Табғашқа бағындың.
Көрер күнің күн болмасын,
Түн болсын.

Басқан жерің гүл болмасын,
Күл болсын».
Сол-сол екен,
Түрік жұрты

Тұяқ кешіп тастаған
Топырақтай болды.
Суық ұрған жапырақтай солды.

4.

Түрік жұрты
Көктемгі қардай еріді.
Алқындыдай кеміді.
Түрік-сір елінде

Арқа сүйер тұтқа қалмады.
Қоныс ететін,
Жайлау түгілі,
Қу тақыр жұрт та калмады.

5.

Тау-тастың арасы мен
Шөл-шөлейтке қуылды.
Қалғанын отқа қақтап,
Күлге аунатып қуырды.

Бар болғаны
Жеті жүз адам еді.
Серкесі де жоқ,
Еркесі де жоқ

Жәутік, жаман еді.
Екі бөлегі атқа мініп,
Бір бөлегі
Жаяу-жалпы қалған еді.

Күндердің күнінде
Үлкен шад
Ақылға кіріп:
«Бірігіңдер!» – деді.

«Өле бермей,
Тіріліңдер!» – деді.
Мен, Білге Тоныкөк,
Сол сөзге бағындым.

Шадтың қасынан табылдым. 6.

Мен сонда
Тау сияқты көтеріліп
Асып тұрдым.
Су сияқты көтеріліп

Тасып тұрдым.
Шадты асықтырдым.
Табғаштың,
Аяғының астында жатқанға

Қорландым.
Басымды тауға да соғып,
Тасқа да соғып,
Уайым жеп толғандым.

Шадқа айттым:
«Еліңнің ішінде
Арық бұқа да,
Семіз бұқа да бар дедім.

Біреуі қыл-қыбыр,
Біреуі жал дедім».
Бірақ қаған
Оны ұқпады.

«Арық бұқа мен
Семіз бұқаны»
Айыра алмады.
Бетімен кеткен елін.

Ел етіп жинап
Қайыра алмады.
Қанатымнан қайрылдым.
Топырақ асап қайғырдым.

7.

Көкірегім
Аяқ баспаған таудай
Өр еді.
Тәңір берген білігім

Тасыған судай мол еді.
Өзім-ақ
Қаған болайын дедім.
Өзім-ақ

Қамал болайын дедім. 8.

Сонда Ілтеріс айтты:
«Білге Тоныкөк,
Мен, Ілтеріс,
Қаған болайын» - деді.

Содан соң Ілтеріс
Түстікте Табғашты
Көктей жұлды.
Шығыста Қытаңды

Түяқтың астындағы
Тезектей қылды.
Терістікте Оғузды
Көжектей қырды.

9.

Ілтеріс қағанның
Ақылы да мен болдым,
Жақыны да мен болдым.
Шұғай Құз бен

Қарақұмды жайладық.
Қара жердің үстінде жортып
Аспан астында айналдық.
Киіктерді сатырлатып қуып,

Аттың бауырымен
Жаншып жедік.
Қояндарды
топырлатып қуып,

Сүңгінің, ұшымен
Шаншып жедік.
Тамағымыз тоқ болды.
Кіреукеміз көк болды.

Мұң-қайғымыз жоқ болды.
Бірақ жауларымыз
Төбемізде де,
Төңірегімізде де

Жыртқыш құстардай
Қаптап ұшты.
Сонысы қанымды
Қақтап ішті.

Олар бізді
Жемтіктей көрді.
Өткен замандағы
Жәутіктей көрді.

Сонда да қорықпадық.
Сонда да торықпадық.

10.

Күндердің күнінде
Оғуз жұртынан
Жансыз кеп былай деді:
«Оғуз халқынын тағына

Қаған қонды,
Қағаны
Елден ерек дара болды.
Ол Табғаш қағанға

Қуны Сеңунді,
Қытаң қағанға
Тоңра Семді жіберді».
Соны естіп

Көңілім түздей құлазып,
Жаным түндей түнерді.
Тағы да оларға
Мынадай сөздер айтқан:

«Қағаны дара,
Ақылшысы дана
Іргеміздегі Түрік елі
Қуатты ел боп барады.

Асу бермейтін бел боп барады.
Ол күні ертең
Табғаш сені қырады.
Шығыстағы Қытаңды

Көктен атылған
Жасын боп ұрады.
Сонсоң мені, Оғузды,
Ит тартқан

Тулақтай қылады.
Табғаш, сен, тірімін десең,
Онын,
Түстік жағынан ти

Қытаң, сен, ірімін десең,
Оның
Шығыс жағынан ти.
Мен оның

Терістігінен тиейін.
Өлігін отын қып үйейін.
Түрік-сір жері
Иесіз қалсын.

Жын-шайтан жайлап
Киесіз қалсын.
Топырағын шығарып
Тоздырып жіберейік.

Топанын шығарып
Аздырып жіберейік».

11.

Осыны естіп
Түнде ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым.
Ашуым от боп жанып

Қайнаған судай сақылдадым.
Омырылып опындым,
Қамырылып өкіндім.
Қағанымнан өтіндім:

«Табғаш, Оғуз, Қытаң қосылса
Қабырғалы ел болады.
Қаптап жөңкілген сел болады.
Бізді судай сапырады,

Қоғадай жапырады.
Тозған жұқаны
Жәндік те таптап кетеді.
Тозған жіңішкені

Жәутік те үзіп,
Қаптап кетеді.
Жіңішке жуан болса
Алыптың өзі шауып,

Қырқа алмайды.
Жұқа қалың болса
Алыптың өзі тартып
Жырта алмайды.

Шығыстағы Қытаңға,
Түстіктегі Табғашқа,
Батыстағы Құрданға,
Терістегі Оғузға

Қарсы қоятын
Екі-ақ мың әскерлі
Ел бар.
Басқа нең бар.

Қағаным,
Сөзіме құлақ сал»...

12.

Ойдағымды түгел айттым.
Өтініп, тілеп айттым.
Қағаным:
өзің біл деді.

Рұқсат берген
Сөзім бұл деді.
Сол-сол екен
Көк Өңірді

Көктей өрледім.
Өтукен қалыңын
Қақ жарып өтем деп
Сорғалаған

Жаңбырдай терледім.
Асу-белдерден өткенде
Тоғлаға жеткенде
Сиырларға мініп

Алты мың әскерлі
Оғуздар келді.
Орманның ағашындай
көп екен,

Алынбастай шеп екен.
Біз екі мың едік.

13.

Тәңір жарылқады...
Жерде тұрып соғыстық,
Жеңдік.
Көлге түсіп соғыстық,

Жеңдік.
Жонның үстінде қырдық.
Жолдың үстінде қырдық.
Оғуз түгел бағынды.

14.

Біз енді шығандап
Алыс кеттік.
Қалың Түрік жұрты да,
Білге Тоныкөк –

Мен өзім де
Өтукен жерін қоныс еттік.
Түстіктен де,
Батыстан да

Терістен де,
Шығыстан да
Жұрт деген шұбырып
Келіп жатты.

Соңыма еріп жатты.
Екі мың едік,
Екі әскерлі қол болдық.
Өзгелерден иығымыз асқан

Зор болдық. 15.

Түрік
Түрік боп туғалы,
Түрік қағаны
Түрік қағаны болғалы, –

Ормандардай қаптап,
Тасыған судай
Көтеріліп толғалы
Саңтуң қаласына

Жетпеген екен.
Теңіз суына
Омыраулап түсіп
Аттарымен кешпеген екен.

Қағаныма айттым да,
Әскер шығардым.
Саңтуң қаласын
Түлкіге түскен

Қырандай бүрдім.
Теңіз суын
Қылыштай тілдім.
Әскерім

Аш қасқырдай шапты.
Жиырма үш қала қирап
Аяғымның астында жатты.

16.

Үйсін өз қонысын
Ешкімге көз алартпай! –
Жайлап жатқан ел болды.
Қымызын сапырып,

Биесін шүйгінге
Байлап жатқан ел бодды.
Табғаш қағаны
Қас жауымыз еді.

Он Оқ қағаны
Қас жауымыз еді.
Солардың ішінде
Ең күшті Қырқыз қағаны

Бас жауымыз еді.
Бұл үш қаған
Ошақтың үш бұтындай
Бізге қарсы

Бірігіп алды.
Бізді құртамыз деп
Білектерін түрініп алды.
Сонан соң Алтынжысқа

Шұғыл да тез келген,
Бір-бірімен төс қағысып,
Бір-біріне сөз берген:
«Шығыста жатқан

Түрік еліне
Әскер жүргізбесек
Жеріне елімізді кіргізбесек,
Бұтыңа толып

Қанша күпсінсең де
Олар ертең бізді
Жер қаптырып,
Өз тезегімізді өзімізге

Асаттырады.
Өзімізді өзімізге айдап
Бір-бірімізге
Тас аттырады.

Қағаны дара,
Ақылшысы дана.
Шөп боп көтерілгенін
Көктей солдырайық.

Елін кесектей езіп
Қор қылайық.
Киелері жатқан молаларын
Шұбырып жатқан

Жол қылайық».
Тұргеш қаған айтты:
«Менің халқым
Сол жаққа аттанып кеткен...

Оның үстіне
Түрік елінің өз ішінде
Толқу бар.
Оғуз елінің ішінде

Ертеңіміз не болар деген
Қорқу бар».

17.

Соны естігенде
Аспандағы қара бұлт
Бетіме су бүркіп тұрғандай
Ұйықтай алмадым.

Астымдағы қара жер
Қозғалып тұрғандай
Отыра алмадым.
Қанымды тасытып,

Жанымды жалдадым.
«Басқа амал жоқ,
Кері жүретін жолымыз
Кесілген дедім.

Оны қар басып,
Боран сыпырып
Өшірген дедім.
«Қағысамыз» дедім.

«Соғысамыз» дедім. 18.

Көгменге барар жол
Жалғыз-ақ еді.
Ол жол қыс түсіп
Жабылып қалды.

Әскерім не істерін білмей
Адасқан малдай
Сабылып қалды.
Шөлді Аз жерінен

Айсыз қара түнде де
Күндіздей жүре беретін,
Ас-суын
Жердегі аң менен

Көктегі құстан тауып
Өмірін сүре беретін
Кісі таптым:
«Ану өзеніне қарай

Бетіңді бұрып көр деді.
Одан өтсең
Арғы жағы
Ат шаптырым жер» деді.

Айтқандарын мақұл көрдім.
Жаныма жақын көрдім.
Байрағымды
құрыққа ілгіздім.

Әскерімді жүргіздім. 19.

Ақтермелден өттік
Атпен омыраулап жүріп
Қар бұздық.
Жараулыны демеп,

Қалжырағанды қалғыздық.
Асуларға қарай
Аттан түсіп,
Таяққа сүйеніп өрледік.

Сорғалап құйған
Жаңбырлардай терледік.
Боран жалаған қасат қар
Тапталып жатып қалыпты,

Терідей боп қатып қалыпты.
Екі жақтан
тартқандай сөктік.
Етекке он күн дегенде

Шұбатылып, шұбырып жүріп
Зорға жеттік.

20.

Жерші жолдан жаңылып,
Берген сөзінде тұрмай
Мойнында қарыз калды.
Басы тауға қаратылып

Қорқырап бауыздалды.
Қағаным қиналып, жабықты,
Қабаржып қамықты.
Өзің бастай бер деді.

Күдік, күмәнді
Тастай гөр деді.
Ану суды бойлап барып,
Әскерді аттан түсіріп

Санадық.
Сабырға келіп,
Жан-жағымызға қарадық.
Қайтадан атқа қонып

Жортып жөнелдік.
Қабағымызға қатқан мұз
Екі елі болды
Сақалымызға қатқан мұз

Жеті елі болды.
Қырқызды –
ұйқы-тұйқы етіп! –
Ұйқыда бастық.

Киізін қылышпен турап,
Түңлігін
Сүңгімен аштық.
Керегесі қирап,

Кермесі үзілді.
Асығыс әскері тізілді.
Қарсы келгенін
Кесілген ағаштай сүйредік.

Қашқанын
Желкеден шаншып түйредік.
Қырқыз жұрты
Күңім боп бүгілді

Құлым боп жүгінді.
Сонан соң марқайып
Көгімен тауын орағытып
Айналып қайттық.

Көңіліміз көктей өсіп
Жайланып қайттық.

21.

Түргеш қағаннан
Жанұшырып жансыз жетті.
Хабары күйедей қара екен:
«Түрік жұртына

Әскер жүргізейік
Кімнің кім екенін білгізейік.
Олардың қағаны дара,
Ақылшысы дана.

Кешіксек,
Бізді құртады.
Талшығымызды да
қалдырмай

Тамырымыздан қырқады».
Жансыз тағы айтты:
«Түргеш қағаны
Атқа қоңды.

Он Оқ халқы да
Атқа қоңды.
Жүздері өрт сөндіргендей
Көктеніп алған.

Түрік жұртын
Баласынан бабасына дейін
Жек көріп алған».
Мүны естіген қағаным

Жаралы арыстандай болды.
Терісіне сыймай
Өзімен өзі алысқандай болды.
Түндей түнеріп тұрып:

«Қатыным қайтыс болыпты,
Мен үйіме барайын.
Жанын тәңірге тапсырып,
Тәнін қара жерге салайын.

Сендер аттаныңдар.
Алтынжыста аял етіңдер.
Әскер басы
Инел қаған Тардус Шад болсын.

Түлкідей айлалы,
Күзендей сақ болсын», – деді.
Маған, Тоныкөкке,
Қарап тұрып

Көзін өңменіме
Қадап тұрып:
«Әскерді өзің алып жүр.
Әр жанның ізін аңдып,

Әр жанның
Қабағын бағып жүр,
Тәңір қолдаса
Қатарымыз өсер

Айбынымыз асып
Атағымыз өсер» деді.

22.

Алтынжыста
Тікеннің үстінде отырғандай
Әрең отырдық, –
Күнді әрең шығарып,

Әрең батырдық.
Үш жансыз келді:
«Түргеш қағаны
Қаптап келеді,

Он Оқ әскері
Жолдағысын
Таптап келеді» деді.
Қағанға хабар жібердім.

Қағаным:
«Қозғалмаңдар!
Тастай берік,
Құстай сақ болыңдар.

Амал таусылғанда
Мың кісі
Бір кісіге айналғандай
Тұтас аттаныңдар» депті.

Сөйтіпті де
Апа тарқанға
былай деп сөз жіберген:
«Тоныкөк алпыс айлалы,

Қырық қатпарлы қу.
Күткенге шыдамайық
Әскерді жолға
шығарайық, десе,

Келіспе!
Мұның теріс де!»

23.

Бұл сезді естігенде
Қаным тасыған өзендей
Тулап кетті.
Жаным

Желді күнгі ормандай
Шулап кетті.
Ерегісіп әскер жүргіздім.
Алтынжыс асуын

Жолсыз кесіп өттім.
Ертіс суын
Өткелсіз кешіп өттім.
Түн қатып,

Түс қашып жүріп
Таң ата
Болшыға жеттік.
Тағы да жансыз келді:

«Жарыс жазығында
Қойнауға жиылған
Нудай көп,
Сайларға жиылған

Судай көп
Он мың әскер тұр».
Соны естігенде
Өзімменен

Тең көріп жүрген бектерім.
Сүйенетін
Бел көріп жүрген бектерім.
Қасқыр көрген қояндай болды.

«Жау көп екен
Қайта тұрмастай жығыламыз.
Тоз-тозымыз шығып
Босқа қырыламыз.

Арандап қалмай
Байқайық деді.
Аялдап қалмай
Қайтайық» деді.

Мен былай дедім:
«Мен, Білге Тоныкөкпін,
Алтынжыс асуын
Төтелеп кесіп келдік.

Ертістің суын
Көлденең кешіп келдік.
Тәңірі ием мен
Ұмай анам

Жар болып тұр емес пе?!
Жер мен суым
Бізге жайылып жазық,
Жауымның жолында

Алынбайтындай
Жал болып тұр емес пе?!
Көп екен деп
Неге қашамыз?!

Көп екен деп
Неге сасамыз?!
Аз екенбіз деп
Неге қорқамыз?!

Өз жанымызды өзіміз
Неге ашындырамыз?!
Оларды неге
басындырамыз?!

Бүйірін бұзып кірейік.
Түйінін үзіп кірейік!»
Содан кейін-ақ
Жөңкіліп лап қойдық.

Желкелерінен шенбелдеп
Бүріп жібердік.
Құмдай етіп
Үгіп жібердік.

24.

Ертеңіне тағы келдік.
Жауларымыз
Орманға тиген өрттей боп
Лапылдап тұр екен.

Сүңгілерімен
Бұлттарды түйреп,
Қылыштарымен
Ауаны турап

Жарқылдап тұр екен.
Жауларымыз бізді
Екі орап алардай көп екен.
Тұтасып алған шеп екен.

Тәңірі ием бойымызға
Қайрат құйып жіберіпті.
Тәңірі ием ойымызға
Айбат құйып жіберіпті.

Қайтпай соғыстық.
Тардус шад қолын бастап
Бүйірден тап берді.
Жаудың шебін

Қасат қарды бұзғандай
Қақ бөлді.
Күйе түскен терідей
жырттық.

Қашқаны қашты,
Тірескенін құрттық.
Қалғанын тұтқын еттік.
Жабғұсын жарып өлтірдік.

Шадын шауып өлтірдік.
Елуі қолға түсті, –
Емпең қағып
Алдымыздағы жолға түсті.

25.

Жеңісімізді тойладық.
Дабылымызды қақтырдық.
Сол түні-ақ
Жан-жақтағы елдерге

Жаушы шаптырдық.
Алдымен
Он Оқ бектері келді.
Қолдарын қусырып

Қолтығымызға тығылды.
Бастары
Жерге тигенше еңкейіп,
Аяғымызға жығылды.

26.

Бізге бағынып
Белі бүгілген жұрт,
Быт-шыты шығып
Бүлінген жұрт, –

Жан-жақтан ағылып
Абыр-сабыр боп жатқанда
Біраз ел қашып кетіпті.
Қалыңнан өтіп,

Асудан асып кетіпті.
Қабағыма бұлт қонғандай
Қатты түнердім.
Соңдарынан

Өзімізден қосып
Он Оқтын, әскерін жібердім.
Өкшелеп қудық.
Інжу өзенін

Омыраулап кешіп өттік,
Тінесі ұлы жайлаған
Беңгшлек тауын
Жолсыз-ақ кесіп өттік.

Қуғанымыз сондай
Жандарын шүберекке түйіп
Қусырып қуырып жібердік.
Қураған шөптің қоқымындай

Суырып жібердік.
Сол жерден қайтардық.

27.

Тәңірі ием Түрік еліне
Таудай қайрат берді.
Інелдей қағаны бар
Тәжік, Тоқырсын

Қолдарын қусырып келді.
Сұқ бастаған Соғда елі
Табалдырығымды сүйіп,
Босағама

Маңдайларын тигізіп
Бастарын ұмсынып келді.
Түрік елі
Сол кезге дейін

Иесіз жатқан
Темір қақпаға,
Тінес ұлы жайлаған
Ақар-шақар тауларға

Жетпеген екен.
Ол жерлермен
Көшіп те өтпеген екен.
Кесіп те өтпеген екен.

Мен, Білге Тоныкөк,
Сол жерлерге жеттім.
Сол үшін менің үстіме
Сары алтындарды

Құйып тастады.
Ақ күмістерді алдыма
Үйіп тастады.
Қойным қырық күн бойы

Ойнап тауыса алмайтын
Қыз-қырқынға толды.
Оң жағым да қазына,
Сол жағым да қазына,

Артым да қазына,
Алдым да қазына болды.

28.

Ақылы теңіздей мол,
Ай маңдайлы,
Күн таңдайлы Ілтеріс қаған
Табғаштармен

Он жеті рет соғысты.
Қытаңдармен
Жеті рет соғысты
Оғуздармен

Бес рет соғысты.
Кім-кімнің де
Мысын басып тұрды.
Бұлт жамылып алған

Таулар секілді
Абыройы асып тұрды.
Мен, Білге Тоныкөк,
Түрік Бөгу қағанның,

Түрік Білге қағанның,
Қапаған қағанның
Серігі болдым.
Қиын-қыстау кездерде

Солардың қасында болдым.
Сүңгі де болдым,
Қылыш та болдым.
Аспаннан түсетін

Жасын да болдым.
Түнде ұйықтамадым.
Күндіз отырмадым.
Қызыл қанымды төктім,

Қара терімді ағыздым.
Барыстай жұлқыстым,
Көк бөрідей алыстым.
Суға түсіп тоңдым,

Отқа түсіп күйдім.
Түрік жұрты үшін
Ойымдағы ойлаған ісімді
Бойымдағы қайрат, күшімді

Сарқып құйдым.
Түрік жұртының
Бағын өсірдім.
Аркуй күзетшілерінің

Санын өсірдім.
Түріктердің алдында
Қас жаулардың көз жасын
Сорғалатып төктірдім.

Түйелердей бақыртып
Тізіп қойып шөктірдім.
Тәңірім жарылқады!
Түрік еліне

Жарақты жау келтірмедім.
Өзге елдің
Құсын да қоңдырмадым.
Қазынасы түгілі,

Жерінен бір уыс
топырақ алдырмадым.
Марқайып
Күндей күркіреп тұрдым.

Жердегі суларды сапырып,
Көктегі бұлттарды
Сілкілеп тұрдым.

29.

Ілтеріс қаған
Қатуланып атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрік елі

Құм астында қалар еді.
Күл астында қалар еді.
Шүкір!
Елім ел болды,

Жерім жер болды.
Ерлерімді былай қойғанда,
Құлыма дейін өр болды!

30.

Мен енді
Жел мүжіп, су жеген
Құздай қартайдым.
Қаншама қиналдым,

Қаншама марқайдым.
Ұққаным:
Қағанат ішінде
Ойларын зұлымдық жайлаған

Оңбағандар көп болса,
Көңілдеріне сұмдықты
Торлағандар көп болса.
Онда ол қағанаттың

Керегесі берік емес.
Онда ол қағанат
Ел бола алмайды.
Онда ол қағанат

Өр бола алмайды. 31.

Мен, Білге Тоныкөк,
Бүл сөздерді
Түрік Білге қаған елінің
Атын шығарып,

Өткен күндерге
Қарап жаздырдым.
Құрыштай қатты тастардың
Отын шығарып

Қашап жаздырдым. 32.

Ілтеріс каған
Атқа қонбаса,
Егер ол жоқ болса!
Мен, Білге Тоныкөк,

Атқа қонбасам,
Егер мен жоқ болсам! –
Онда Қапаған қағанның
Түрік-сір елінің жерінде

Ел де, ер де болмас еді.
Қаған отырар
Тақ та болмас еді.
Ол елге

Бақ та қонбас еді!
Ілтеріс қаған және
Мен, Білге Тоныкөк,
Бар болғандықтан

Қапаған қаған мен
Түрік-сір халқы
Бар болып отыр.
Тәңірінің өзі соларға

Жар болып отыр. 33.

Түрік Білге қағанның
Қол астындағы
Түрік-сір халқы мен
Оғуз халқы

Асу-асу белдерді
Көктеп өтсін!
Керегелері
Көкжиекке дейін кеңіп,

Шаңырақтары
Көкке жетсін!

ҮШІНШІ БӨЛІМ

КӨКТЕМГІ СУРЕТ

Түнімен жауған жаңбырдан
Дүние салбырап,
Басылып қалыпты...
Жердегі шалшықтар—

Жыртып- жыртып тастаған
Фотосуреттер секілді, –
Жапырақ- жапырақ боп,–
Шашылып қалыпты.

Жапырақ- жапырақ
Шалшықтың біреуінде
Төңкерілген аспан
Тұнып жатыр;

Біреуінде
Селтиіп тұрған
Шыбық жатыр;
Біреуінде

Бұтақта бүрісіп отырған
Торғай тұр;
Біреуінен
Тоқтап тұрған

Машинаның бейнесі көрінеді;
Біреуінен
Керілген жіптен алынбай қалған
Әлдекімнің жейдесі көрінеді.

...Бұлт түріліп
Аспанның бір шеті
Ашылып жатыр...
Жапырақ- жапырақ шалшықтар

Жыртылған фотосуреттер құсап
Қара жердің бетінде
Шашылып жатыр.

БАЙҚА

Тау- тау толқындарды
Қос қолыңмен тіреп
Тоқтата аласың ба?—
Лақтырып жібереді.

Қап- қара бұлттарды
Сырықтармен тіреп
Ұстап тұра аласың ба?—
Найзағайлары!—

Қақ тіліп жібереді.
Байқа!

ТҮСІНІКСІЗ ХАЛ

Мен қазір
Не анда жоқ
Не мұнда жоқ
Әрі- сәрімін.

Бірде нәрестедей жас,
Бірде
Мыстан кемпірден де кәрімін.
Мен қазір

Өліп жатырмын.
( О, құдірет,– бұл не пәле!—
Өліп жатып та
Бәрін көріп жатырмын).

Бұл не сұмдық!—
Алға жүрген сайын
Кері кетем;
Адаммен жүрген сайын

Сайтанды серік етем...

МЕРЕЗ

Мына жанның
Қара темірдей сірескен
Жұлынын- ай.
Күн нұры түскенде—

Ең болмаса!—
Қара тастай жылымайтын
Суығын- ай.
Кім- кімді де

Бір үрлеп өшіріп тастайтын
Шам сияқты көреді;
Кім-кімді де
Жайылып жүрген

Мал сияқты көреді.
Мұздан жаралғандай
Сырты ызбар,–
Іші ызғар,–

Бетіңді қарып жібереді;
Ұшпаның ернеуінде тұрсаң—
Жазығың болмаса да—
Құрдымға қағып жібереді.

Осы бір адам—
Елімнің денесіне шыққан
Жазылмайтын жарам сияқты;
Ғұмыры

Көк майсаға аунап көрмеген
Арам шөптің арасында өскен
Адам сияқты.

АСТАҢ- КЕСТЕҢ ДҮНИЕ

Бір елдер
Қапыда опық жеп
Опырылып жатыр;
Бір елдер

Көзінен қан ағып
Жапырылып жатыр;
Біреуі біреуіне
Атырылып жатыр...

Лағнет атқыр дүние
Сеңдей соғылысып,
Желдей ағылысып,
Қара жиын боп,

Ала құйын боп
Сапырылысып жатыр!
Қасиетті Жер- Анамның
Жүзіне

Ібіліс пен Жын
Шапалақпен салып жібергендей,
Жұлынын үзіп,
Жілігін қақ бөліп

Шағып жібергендей;
Орманын өртеп
Жағып жібергендей;
Көлдерін шашып,

Тауларын иықпен
Қағып жібергендей...
Талай сұмдықты
Бастан кешкен

Дүние тағы да
Астаң- кестең.
Осы бір астаң- кестең
Дүниенің ішінде

Тілі
Енді шығып келе жатқан;
Үнін енді біліп келе жатқан;
Дінін

Енді ұғып келе жатқан
Қазағымның
Бүгінгі халін ойлағанда;
Ертеңгі

Қамын ойлағанда;
Жауқазындай жаңа көктеген
Жанын ойлағанда—
Сүйменмен ұрған тастай

Қақ опырылып жарылам;
Жетімнің кеудесін керген
Шердей қабынам;
Жерді тулақтай қаққан

Желдей қағынам...
Тілейтінім
Опасыз мынау өмірде
Ілініп тұрған Бірлігімнің

Тіні үзілмесе екен!
Төбеге шығып
Құлындай кісінеп,
Төменге түсіп

Қозыдай маңырап
Алаөкпе боп жүгірген
Тәуелсіз тірлігімнің
Үні үзілмесе екен!

ЭКСПРОМТ

Тұла бойым көл,–
Дауылды күндей
Арсы- күрсі боп
Ышқынам да жатам.

Тұла бойым шөл,–
Дауылды күндей – ыңырсып!—
Ысқырам да жатам.

ҚАСКӨЙГЕ

Сен—лаңсың!
Бірақ бәрі- бір
Қанша жұлқынсаң да
Тісіңмен тістеп

Қара жердің сауырын–
Жалбыратып!—
Жұлып кете алмайсың;
Қанша ұмтылсаң да

Арқыраған айғыр толқындарды
Бұрып кете алмайсың;
Қанша бұлқынсаң да
Жаға- жиегі жоқ өңірден

Шығып кете алмайсың.
Сен—қаскөйсің!
Бұл тірліктің
Ащы- тұщысын

Ұғып кете алмайсың!
Аспан терезе емес
Оған тас лақтырып
Сындыра алмайсың.

Бәрі бір
Ештеңе тындыра алмайсың.
Ақырыңда көресіңді көресің:
Көтерем ешкідей

Бақырып- бақылдап
Итжемеде өлесің.

РАҚЫМЖАН ОТАРБАЕВ

Рақымжан,
Рельстей жіңішке болсаң да
Шойыннан құйылған
Құрыш інімсің,

Ғұмыры қынға түспестен
Сілтеніп өтетін
Қылыш інімсің.
Кей- кей кезде

Кей кезде
Атыраудың толқынындай
Көтеріліп ісініп
Өсіп бара жатасың,

Дүниені жындай жұлқылап!—
Бірде тарқатып,
Бірде есіп бара жатасың.
Дауылды күнгі құмдай бұрқырап

Алай- дүлей боп
Көшіп бара жатасың.
Сырдың суы сирағыңнан,
Жайықтың суы жұлығыңнан келмей

Кешіп бара жатасың.
Ондай кезіңде,
Рақымжан айналайын,
Сенімен жүру

Кім- кімге де қиын болады.
Айналаң түгел
Үйіріліп, иірілген
Алау- далау

Құйын болады.
Сонан соң
Сабаңа түскен кезіңде
Сызылып тұратының- ай.

Майға піскен нан құсап
Жұп-жұмсақ боп
Үзіліп тұратының- ай.
Рақымжан, қарағым- ай!

Бірде тынығар тынысым,
Бірде асынып алатын
Қару- жарағым-ай!
Рақымжан,

Атырауда тұрып
Алатауға
Ат шалып қарай алатын
Айбатты азаматым,

Еліңнің қандай жүгін де
Көтеріп кетуге
Жарай алатын
Қайратты азаматсың

Бар бол, айналайын,
Нар бол, айналайын!

СУЫҚТЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Мына суықтың
Түрінің жаманын-ай!
Сәл тұрсаң
Денеңді ағаштай қатырып,

Сүйегіңді
Жаңғақтай шағып жібереді.
Үйіріліп,
Ұйтқыған желі

Қалпақтай қағып жібереді.
Құдайым- ай,
Арманымыздың ақ гүлі мен
Үмітіміздің қызыл гүлі

Үсіп,
Солып қалмаса екен.
Ақ түтек астында қалған
Қазақстанымның

Бір жері ашық қап
Тоңып қалмаса екен!

КҮЗДЕГІ ҚҰЛАЗУ

Өтіп кеткен секілді
Жалынды өрт күнім.
Жаным жаралы,
Дерттімін!

Түсінгің келсе егер
Сен мені аш та, кір!
Жүректің үстінде
Қап- қара тас жатыр.

Жүйкем жұқарып
Діңкем құрып тұр...
Бұл не пәле:
Жарық күндерім—

Қандай жалынсыз!—
Қараңғы түндерімдей;
Біреудің күлгені—
Қандай жағымсыз!—

Иттің үргеніндей.
Шағала шаңқылын естісем
Әлдекім
Шашалып жатқандай.

Қарғаның қарқылын естісем
Әлдекім
Қақалып жатқандай.
Еркіндікте де

Арман мен үмітім—
Тар қапасқа!—қамаулы сияқты.
Күздегі сарала табиғат
Дәл қазір мен үшін

Сары ауру сияқты.

ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАНДА

Енді менің өмірімде
Жаз басталмай
Күз келетіндей;
Енді мені ғұмыры

Адам баласы
Іздемейтіндей.
Енді дүние
Солтүстік мұзды мұхиттай

Суып кететіндей;
Онсыз да
Балшықта қалған басымды
Тағы біреу кеп

Қайта- қайта тебетіндей.
Тек табиғат қана
Менен безінбейтіндей;
Тек табиғат қана

Мені ойлап
Көз ілмейтіндей.
Өліп жатқан
Менің үстімде

Аққулар сұңқылдап,
Қаздар
Алты айналып ұшып
Түстікке қайтатындай;

Денеме
Мейірімді жыландар оратылып,
Басымда
Қайырымды байғыздар

Жоқтау айтатындай.

АЛМАТЫ. ТҰМАН. ЖАҢБЫР МЕН ЖЕЛ

Табиғат
Бу қазанының
Қақпағын ашып тастаған ба?—
Алматының үстін

Тұман басыпты.
(Менің де жанымды
Сол тұмандай қап- қалың
Күдік пен күмән басыпты)

Дәл қазір Алматыға
Аңлап басып, жөндеп кір...
Үйлер мен ағаштар
Ақ бу ішінде

Моншаға түсіп
Ағыл- тегіл
Терлеп тұр...
Қатал уақыттың

Қаншама
Күдік пен күмәнін
Көрген Алматы;
Қатал уақыттың

Қаншама
Тұманын көрген Алматы
Кенеттен
Моншадан шыға кеп,

Көзімді арбап
Құлпырып тұрды,–
Аспанның жаңбырына жуынып,
Даламның желімен—рахаттанып!—

Сүртініп тұрды.

БҮГІНГІ ПСИХОЛОГИЯ

Олай деймін,
Бұлай деймін, –
Өзімді кіл алдаймын.
Апыр-ай! –

Мұнысы қалай?!
Кірген жерімнен
Шыға алмаймын.
Шыққан жеріме

Кіре алмаймын.
Қаным қарайып,
Жаным қайғырады.
Өртеніп жатсам,

Біреулер
Бір қолымен –
Шығарып алмақ боп –
Тартып тұрып,

Екінші қолымен
Май құяды.
Түсінбей дал боласың,
Не анда жоқ,

Не мұнда жоқ
Сансырап сандаласың.
Бүгінде
Артық болсам да,

Кеммін.
Жақсы болсам да,
Жаманмын.
Өйткені

Жезөкшелері бір-біріне
“Бұзылғансың“ деп,
Ұрылары бір-біріне
“Ұятсызсың“ дейтін

Аяр заман бұл!

ДҮНИЕ БІР СӘТТІК

Бір қолымды
Каспийге малып,
Бір қолымды
Зайсанға салып,

Сарыарқада шалқайып
Жатыр ем;
Бір Алатауға қарап,
Бір Қаратауға қарап,

Бір Маңғыстауға қарап,
Бір Көкшетауға қарап
Қиялға батып ем...
Кенет,

Әп-сәтте
Ісініп тұрғандардың
Жіптей боп
Жіңішкеріп кеткені,

Жіңішкеріп тұрғандардың
Күптей боп
Ісініп- кепкені...
Қайырсыз тірліктің

Ұғып тұрған нәрсесін
Ұқпай қалғаны.
Ішке тартқан демімнің
Шықпай қалғаны...

Дүние бір сәттік.

ДАҒДАРЫС СУРЕТТЕРІ

Күздің қара желіне
Заманның қара желі қосылып
Дүниені жүндей түтуде,.
(Қатыгез уақыт

Қатыгез сот құсап
Қол қойып жатқандай
Қатал үкімге).
Жұрт біткен жабықты,

Жұрт біткен қамықты...
Қаланың биік- биік үйлері
Омырауы мен арқасына
Диуананың шапанындағы

Әлем- жәлем жамаулар секілді
Әлем- жәлем жарнамалар
Жапсырып алыпты.
Тірліктің кеткен бе кетеуі?..

Ұйтқыған мына жел
Ұры иттер мен
Сұқ иттер секілді
Қуыс-қуысты тіміскілеп

Сумаң-сумаң етеді.
Тас жарып, тау бұзатын
Әне бір азаматтың
Бүк түсіп

Зар қағуын-ай...
Мына адамдардың
Бірде ол жаққа,
Бірде бұл жаққа жүгірген

Қаңбақтар құсап
Сенделіп, сандалуын-ай...
Әне бір әйелдің
Шарасыздық буып

Шыңғырғанынан
Құлақ тұнғандай.
...Желменен иіліп-бүгілген
Көше бойындағы ағаштар

Арық бұтақтарын созып
Өткен-кеткеннен
Қайыр-садақа
Сұрап тұрғандай!..

КІСӘПІРДІҢ СӨЗІ

Құлқыны —
Қырық құлаш шыңырау,
Араны —
Алпыс кез апан

Тойымсыз бір адам
“Елді тонағандардың
Желкесі қырқылсын” деді.
“Таза жүрейік,

Таза тұрайық,
Еліміз құлпырсын” деді.
Сол сөзді тыңдап
Біреулердің —

Есі шықты.
Біреулердің —
Есі кірді.
Ал маған

Сол бір сөз
Үлкен дәретте отырып
Бұралақтап нан жейтін
Қомағай адамның

Тазалық туралы
Айтқан сөзіндей есітілді.

АСПАНДАҒЫ САЯХАТ

(қиял-өлең)
...Құтырып құбылған
Бір құбылыс —
Қақыратып! –

Жарып көкті
Мені Темірқазық жаққа
Алып кетті...
Темірқазықта көрген

Қиындықтарым мен
Сән- салтанатым- ай.
(Сол күндерге
Әлі күн таңқалатыным-ай).

Темірқазықты айналған
Ақбоз атқа міндім,
Ақбоз аттан түсіп
Көкбоз атқа міндім.

Ғажапты да көрдім,
Азапты да көрдім,
Талай нәрсені ұқтым,
Талай нәрсені білдім.

Ақбоз атқа мінгенде
Айыңды алдыма өңгеріп
Алып қаштым.
Көкбоз атқа мінгенде

Құс жолын шаң қылып
Жарып қаштым.
Ғаламшарларыңның
Құпияларын аштым,

Жұлдыздарыңды
Оңды- солды шаштым.
Үркермен де таныстым,
Шолпанмен де таныстым.

Жеті қарақшыны
Жеті атамдай көріп
Қауышып табыстым.
(Аққан жұлдыздардан —

Сұп-суық! –
Сездім өлімді...)
Төменде қалқыған
Космос кемелерің

Әншейін бір
Өгіз арбадай көрінді.
Ақбоз ат пен
Көкбоз аттан түсіп

Құс жолын бойлап
Олай-бұлай жүгірдім.
...Бүгіннен түңілдім,
Ертеңге үңілдім.

Түңілдім,
Үңілдім.
Өзімді өзім қинадым.
Шынымды айтсам —

Бәрібір! —
Шетсіз-шексіз
Аспанға симадым...
Сол аспанда

Көз жасындай кермек
Мұң да іштім.
Зәр суындай ащы
Шер де іштім.

... Ақыры
Аспаннан безіп
Тынымбай мен Мархабат
Бақтыгерей мен

Қайырбек жүрген
Жерге түстім...

КҮМӘН МЕН КҮДІК КЕЗЕҢІ

Ертеңнің есігінде
Кірдің тасындай
Ап-ауыр құлып тұрды...
Елдің ішіне

Құзғындай қаптаған
Күмән мен күдік кірді.
Бүкіл ел, қарашы,
Күмән мен күдікке

Таланып тұр, –
Жаралы жанынан
Қып-қызыл қан ағып тұр.
Елдің қазір

Арманы — мұң,
Үміті — шер боп кеткен.
Сенімі
Құзғындай қаптаған

Күмән мен күдікке
Жем боп кеткен.
Біреулер олай деп,
Біреулер бұлай деп

Езулерінен
Көпіріп жын ақты...
Осы кезеңде
Қолмен ұстап,

Көзбен көріп тұрған
Шындығыңның өзі
Өтірік сияқты.
Осы кезеңде

Әр адам
Өзіне тығылып,
Өзін қанайтындай...
Тіпті дәл қазір

Бір адам—
Қасында жүрген
Бір адамның
Тірі жүргеніне

Күмәнмен үңіліп,
Күдікпен қарайтындай...

ӨМІРБАЯННАН ҮЗІНДІ НЕМЕСЕ

ШАРАСЫЗДЫК ТУРАЛЫ ЖЫР

Сыр суының бойында,
Қаратаудың ойында
Медетбек деген шалдың
Дүниеге келген –

Еркек кіндіктен —
Жалғыз баласы едім.
Көзінің ағы мен
Қарасы едім.

Бірақ мен —
Ертегідегідей! —
Керқұла атты Кендебай
Бола алмадым.

Ай сайын емес,
Күн сайын өсіп,
Алты күнде күліп,
Алпыс күнде жүріп кетпедім.

Толысып, тола алмадым.
Алты жасымда
Алпамсадай
Жігіт болмақ түгілі,

Кенеп дорбамды
Зорға арқалап
Мектепке бардым.
Біреуге пана болмақ түгілі

Талай – талай жерлерден
Өз басымды
Алып жүре алмай
Шеттеп те қалдым.

Аязға тоңдым,
Аптапты өкпекке жандым.
Төбемнен
Алты қаз айналып ұшып:

“Темірхан сал мұнда ма?
Керқұла аты қолда ма?
Бауда нұры балқи ма?
Балақ жүні шалқи ма?” —

деп сұраған жоқ.
Неге сұрамады деп
Күйініп, жылағам жоқ.
Төбемнен

Алты қаз айналып ұшпаған соң
Керқұла атты Кендебай құсап
Мен олардың алтын кебісін
Алып қала алмадым.

Жаяу-жалпылап жүріп
Әйтеуір тірлік, тіршілігімді
Өзімше амалдадым.
Қайтейін, көп нәрсе

Қолымнан келмеді.
Қолымнан келгенді —
Жолымды кесіп! —
Қолыма бермеді.

Бір күні
Шарасыздығыма пұшайман боп
Дидары солған,
Нұры қуарған,

Желіні суалған
Мына заманға қарап
Көзімді кезеп отыр ем,
Сөзімді безеп отыр ем, –

Төбемнен қарқ-қарқ етіп
Қалбаңдаған
Алты қарға ұшып өтті.
...Сонадай жерде

Отырған біреу —
Менің жаназамды шығарғандай! —
Бетін сипап,
Әлдене деп сып-сып етті...

Төбемнен қарқ-қарқ етіп
Қалбаңдаған
Алты қарға ұшып өтті.

СУЫҚТЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Солтүстіктегі
Көрші елден соққан
Суық циклондар
Қазақстанның бүйіріне

Шаншудай қадалып тұр.
Сол суықта
Ауыл, қалалар
Белшесінен қарға көміліп

Тұтқынға түскендей
Қамалып тұр.
Дүние
Қанын ішіне тартып,

Қабарып тұр.
Мына суықтың
Сұрапылын-ай!
Борасын, борандарының

Бірде оң жақтан,
Бірде сол жақтан
Үйіріліп соғып
Ұратынын-ай.

Жатып қалған малдар
Сол бойында
Серейіп қатып қалады.
(Құдай-ау,

Мына суықтан
Адам түгілі
Жын- шайтандарыңыздың өзі
Естен ауысып

Әлденелерді айтып
Шатып барады).
Ұшып бара жатқан құстар
Дәл аяғыңның астына

Лақтырған тастай боп
Топ ете түседі.
Дірдектеп тұрсаң да
Жүрегің

Солқ ете түседі…
Басқаны былай қойғанда
Үстіне
Қырау мен қардан

Тон киіп алған
Мәшиналарыңның өзі
Жүріп бара жатып
Тұрып қалады.

Әйтеуір мына дүние
Дәл қазір
Халыққа қараған
Үкіметтің қабағындай боп

Суып барады.
Алла жар болсын!

ЖЫРТҚЫШ ЗАМАН

Қайран
Елім мен жерім
Түсіп шықты ғой
Қаншама қанауға,

Қаншама талауға!..
Енді, міне,
Елімді бітірген,
Жерімді бітірген

Ұрылар –
Өзі сияқты! –
Ұрыны тонауда.
Уақыт жоқ қазір

Ұйқы түгілі,
Қалғуға:
Қарақшылар
Қарақшыларды өлтіріп,

Жемқорлар
Жемқорларды аңдуда.
Елді тонап боп
Өзді өзі қырқысқан

Шенеуніктерің
Бір бірінің
Қанын ішердей.
Олардың тартысынан

Банктердің
Темірбетонды
Қалың қабырғалары
Күн жеген шүберектей

Айырылып түсердей...
Соларға қарап
Көзден – сора,
Жаннан сор ақты...

Ең сұмдығы сол! –
Жақында ғана —
Қайыршы
Қайыршыны тонапты!

ТҮСІНІКСІЗ ҚҰБЫЛЫС

Басым мең-зең.
...Көзіме үйқы тығылып
Қалғып кетіппін...
Бір қарасам,

Қызылқұмның ішіне
Қаңғып кетіппін...
Енді міне
Мәңгіріп тұрмын —

Басына шыға алмай
Қайқаң белдің...
Қасымнан өткен
Құйын ішінен

Тұла бойы жүн-жүн
Көзі қып-қызыл
Шайтан көрдім.
Бисмилла Рахман раһим!

Пышақ лақтырмақ ем
Бар пышағым
Жоқ боп шықты.
Сол екі ортада

Әлгі құйыным
Айналып үйірілген
От боп шықты...
Бір түп

Жыңғылдың қасында
Перінің қызы кездесіп
Сығаннан бес-бетер
Арбады.

Бір бұл жағыма,
Бір бұл жағыма шығып
Алдады.
Одан сытылып

Тұра қаштым!
Менің мұныма
299 жыл жасаған
Мыстан қарға

(Туберкулез болса керек)
Қарқылдап күле алмай
Қан түкіріп,
Қақырып күлді...

Сексеуілдің жанында
Тіп- тік шаншылған
Сұп- сұр жылан
Мені өзіне –

Ысқырып —
Шақырып тұрды...
Басым мең-зең.

МЕН СЕНІ САҒЫНДЫМ

Жұмекен аға,
Мен сені сағындым.
Өзің кеткелі
Сан рет өштім.

Сан рет жағылдым.
Сан рет ашылып,
Сан рет жабылдым...
Жұмекен аға,

Мен сені сағындым...
Бірге отырсақ та
Бөлек-бөлек отырғандай
Үн-түнсіз ғана

Ішетін едік...
Өзімізге өзіміз тығылып
Қилы-қилы ойларға
Түсетін едік.

Жұмекен аға,
Мен сені сағындым!
Ғұмыр бойы
Бір рет

Артық сөз айтпай-ақ
Шеріңді өлеңмен
Тарқатып едің...
Мен “Прима” сорсам,

Ал сен
Оқшантайдан оқ суырғандай
“Беломорды” суырып
Тартатын едің.

Сен ғұмыры
Ұсақталған емессің.
Тіпті —
Ең болмаса бір рет! —

Мені бауырыңа тартып
Құшақтаған емессің.
Тек бірер ғана
Тайыр Жароковтың

Кейіпкерінің атымен
“Балабас” деп
Арқамнан қаққаның бар.
Сонан соң

Қараптан-қарап отырып
Қалың бір мұңға
Батқаның бар.
Жұмекен аға,

Мен сені сағындым!
Мен қазір – өзімше! –
Жүрсем де ғалам боп,
Мына тұйықтан

Шығатын амал жоқ.
Жұмекен аға,
Бүгінде маған —
Арқамнан қағатын

Адам түгілі! —
Ұрсатын да адам жоқ.
Жұмекен аға,
Мен сені сағындым!

ТҮҢІЛГЕНДЕ

Жер шарын
Құшақтай алатын
Алып құшағым
Тарының қауызындай боп

Тарылды.
Дүние ісініп қабынды.
Бүкіл үмітім
Суға батқандай.

Әлемтапырық
Дауыс шығады:
Біреуді біреу
Бауыздап жатқандай.

Қасіреттерім
Абайдың өлеңіндей.
Мен үшін
Дәл қазір

Қалың орманың
Түнектің әлеміндей.
Ең сұлу сарайларың
Жын-шайтан ұрасындай.

Бүкіл дарияларың
Өткел бермейтін
От дариясындай.
Басқаны айтпағанда —

Санамның өзі —
Қасірет санасындай.
Көшедегі
Ағаштардың өзі —

Мені күтіп тұрған—
Дар ағашындай!

ДАУЫЛДАН СОҢҒЫ КӨРІНІС

Дауылдан кейін
Алып Қаламыз
Айра-жайра боп
Шашылып қалған...

... Бір бағана
Бір бағанаға ілініп
Асылып қалған.
Қара дауыл

Темір денелі
Антенналар мен
Жайтартқыштарды
Жер қаптырған.

Бір ағаштарды
Олай лақтырған,
Бір ағаштарды
Былай лақтырған.

Кеше ғана
Жарқырап тұрған
Қайран шатыр,
Енді, міне

Жерге құлап,
Қамырдай иленіп,
Жайрап жатыр.
Қисайып қалған

Мұнараларың
Бейшара құсап
Сүмірейіп тұр.
Быт-шыты шыққан

Терезе, есіктерің
Үрейлі үңгірлердей
Үңірейіп тұр.
Құтырған дауыл

Қаланы – аяусыз! –
Қақ жарып, тілгендей, –
Бір жерін қайырып,
Бір жерін түргенлей...

...Әйтеуір қалаға —
Неге екені белгісіз —
Астын үстіне шығарып,
Үстін астына түсірген

Аса дөрекі
Тінту жүргендей.

ТҮНГІ ТҰМАН

Қалың тұман ішіндегі
Алып Алматы
Алатауды жастанып
Түс көруде.

Саңлау, тесіктерден
Сырадай қою
Тұманның дымқыл демі
Ішке енуде.

Қоюлығы сондай
Жуардай бетіңді.
Тұманнан шығып,
Тұманға кіріп жатқан,

Анда- санда көрінген,
Елес сияқты адамдар
Сол бір түстің
Кейіпкерлері секілді.

Қарашы,
Тұман да шебер-ақ:
Бағанадағы шамдар
Кішкентай бүлдіршіндердің

Қағазға салатын
Кішкентай- кішкентай
Сарыала күні сияқты
Әдемі-ақ.

Ілуде бір-ақ болатын
Ғажап түн еді!
Түс көрген Алматы
Арықтардағы

Сулардың даусымен
Сылқ- сылқ күледі.
Қаншама жылдар
Шаршап-шалдыққан

Айқай, шулар мен
Әрнеден —
Алматының
Мұндай ұйқысын

Көптен көрмеп ем.
Алматы осылай
Алаңсыз тыныстап жатса
Мына тірліктен

Риза болып кетермін.
... Сонан соң
Ұйқыдағы алып Алматы
Оянып кетпесін деп

Ақырын ғана жатып
Көрпемді бүркеніп жөтелдім.

ТІРШІЛІК НЕ БОП БАРАДЫ?

Кереметпіз деп
Аузымызды айға білесек те,
Өмірдің иманды болмысы
Алға жүрмеді,

Алға баспады...
Қансонарда екі аңшы
“Менің оғым тиді” деп,
« Жоқ, менің оғым тиді” деп

Сұлап жатқан қоянға таласып
Бірін- бірі атып тастады...
Сұмдықтар
Жайлады не түрлі:

Бір жерде
Анасы баласынан безіп,
Бір жерде
Баласы әкесін өлтірді...

Бүгінде арманың солып,
Үмітің сөніп тұр...
...Әне бір полицей
Аязда қатып қалған

Бомжының қалтасынан
Шылым алып шегіп тұр...
Өзенің суалып,
Өзегің күтірлеп сынуда...

...Айдаладағы екі әйел
“Бұл–
Менің сиырымның жапасы” ,
“Жоқ,бұл –

Менің сиырымның жапасы” деп
Кеуіп қалған тезекке таласып
Бір- бірінің шашын жұлуда!..
Тіршілік не боп барады?!

БІЛСЕҢ АЙТШЫ…

Айнала тып-тыныш.
Әдеттегідей
Бірде күн шығып,
Бірде жауын жауып тұр...

Осы бір тыныштықтың
Шырынын сорғандай
Сағат біткен тамсанып
Таңдайларын қағып тұр...

Айнала тып-тыныш.
Бірде тымырсық,
Бірде жел соғады...
Әне бір қария

Қырға шығып ап
Жер шолады...
Айнала тып-тыныш.
Орнында тау-тас та,

Орнында жал-құм да...
Қалалардағы
Жезөкшелер де орнында,
Қайыршылар да орнында.

Айнала тып-тыныш.
Домбыра да үнсіз,
Үнсіз қобыз да...
Алматының кәрі ақындары

Тізелері дірілдеп,
Тұмсықтарынан су ағып
Махаббат туралы жырларын
Жарысып жазуда.

Айнала тып-тыныш.
Ішетіндер ішуде,
Ішпейтіндер ішпеуде.
Жоғарыдағы билік —

Айтулы! —
Құрама Командасымен
(Әдеттегідей
Алдымен өздерін ойлап)

Жұмысын істеуде.
Айнала тып-тыныш.
Жоқ қазір
Жамандық дерегі.

... Бірақ та бәрі-бір
Ызалы кекті ойлар
Беті жабулы
Ашыған қамырдай боп

Ақырын
Көтеріліп келеді.
Білсең айтшы! —
Неге?

САТҚЫНҒА

Еліңнің рухын саттың —
Өмірдің ұрығын саттың.
Дініңді саттың,
Тіліңді саттың,

Саттың!
Лас пен балшыққа
Белшеңнен баттың.
Дәл қазір

Сенің атың аталса,
Кім-кімнің де
Көк ала түтінге
Іші тұнады.

Дәл қазір
Сенің атың аталса,
Ашулы сөздерден
Оқ- дәрілердің

Иісі щығады!

КӨНЕ ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ СУРЕТ

Үстірттегі
Сисем ата қорымында
Шеттеу тұрған
Құлпытастың бетіне

Ұшып бара жатып
Қақ бөлінген
Сынған жебенің
Суретін салыпты.

Соны көрген
Жүрегім жарадай сыздап,
Жаным жабықты.
Омыртқа қайысып,

Қабырға сөгіліп тұр...
Елі үшін опат болған
Қайран боздақтың
Қабірі екені көрініп тұр.

Көзім мұнартты.
Айнала тірлікте
Жалт етіп
Әлдене аққандай,

Жарқ етіп
Әлдене батқандай...
Сынған шырпыдай ғана
Сол бір суретте

Аспаннан шатырлап
Омырылып түсетін
Отты найзағайдың
Қуаты жатқандай.

Иықтан басып алған
Қара бұлттай
Ап-ауыр мұң қандай...
Мейлі ол,

Көне қабір болса да,
Дәл осы жерде,
Дәл осы сәтте
Тағы бір

Арман опырылып,
Тағы бір
Үміт сынғандай!..
Орнымнан зорға тұрдым.

АЯҒЫ ҚЫРҚЫЛҒАН КЕПТЕР ТУРАЛЫ ЖЫР

Сол бір көріністі
Еске алсам
Күйреп қирағандай
Боламын тас-талқан:

Көгілдір кептердің аяғы
Бір оңбағанның қолымен
Қырқылып тасталған.
Көгілдір кептерім-ай!

Сен үшін
Кеп-кең дүниенің
Бір уыс боп
Тарылып кеткенін-ай!

Сол бір кептерді
Құрып кеткір бұл тағдыр
Бір пәсте сан алдайды:
Бейшара кептер

Телеграф сымдарына да,
Ағаш бұтақтарына да,
Үйлердің шатырларына да
Қона алмайды.

Қона алмайды!
Қонбақ болады –
Бірақ амал не?! –
Қалбаң етіп

Құлап бара жатады.
Бейшара байғұс
Жылап бара жатады...
Қандай ауыр! —

Ірітіп жатқандай
Азаптың уыты етімді.
Сол бір кептер
Өз жеріне қона алмай

Аласұрып жүрген
Қазақтың рухы секілді.

ПАЙҒАМБАР ЖАСЫ

Шүкір,
Көп нәрсені білдім,
Көп нәрсені көрдім...
Пайғамбар жасына да келдім.

Жайқалып кетем бе деп едім .
Найқалып кетем бе деп едім.
Оның орнына
Бойымның

Бір тұсы қуарды
Ойымның
Бір тұсы суалды.
Қожа Ахмет Иассауи секілді

Қылуетке кірсін деді ме
Нұрлан Оразалин мені –
Қамқорлығына рахмет! –
Жұмыстан шығарды.

Бірақ менің
Қылуетім жоқ қой.
Тіпті қылуетке кірердей
Қожа Ахмет Иассауи секілді

Құдіретім жоқ қой.
Сонан кейін
Өзімді өзім қылует етіп
Өзіме өзім тығылдым...

Содан бері
Ауызы бекітілген
Өзіме өзім тығынмын.
Бірақ мен

Мүлде
Тығылып қалғам жоқ.
Мүлде
Бұғынып қалғам жоқ.

Бәрі-бір
Ел ішіндемін,
Бәрі бір
Жер үстіндемін.

Кейде мен
Мына дүниенің
Бастан асқан
Зорлығын көре-көре,

Асып-тасқан
Қорлығын көре-көре
Құтырып
Қағынардай болам,

Бұрқ етіп
Жарылардай болам.
Білемін:
Бұдан былай да

Отқа түскендей
Күйіп өтем!
Пайғамбар жасында –
Иассауи болмасам да! —

Жер үстінде жүру
Бұрынғы кездерден
Әлдеқайда қиын екен.

АЙЛАКЕР

Мына кісінің
(Тағы да!)
Жібектей есілтіп,
Желдей көсілтіп,

“Өй ” деуін-ай,
“Бүй” деуін-ай.
Қара кесектен
Қайрақ жасап,

Қара судан
Қаймақ жасап
Құбылтып сөйлеуін-ай.
Әр сөзі —

Май жаққандай! –
Иіліп, бүгіліп тұр.
Ал көздері
Бір іннен бір інге кірген

Тышқандар сияқты
Жүгіріп тұр.
Оны тыңдасаң –
Сіңірі шыққан кедейің

Домалап келіп бай болады.
Жұртта қалған тулағың
Тулап келіп тай болады.
Оны тыңдасаң –

Жоқ болар
Өкпе, наз –
Қайдағы-жайдағың.
Көдеден жіп ширатып,

Селеуден ине жасап,
Ебелектен тон тіккен
Неткен айла бұл?!

ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ

Мына дүние
Лапылдаған
Отқа түскендей.
Ыстықтығы сондай –

Отын-ошақсыз-ақ
Ботқа піскендей.
Аптап ыстықтан
Шөгіп қалған таулардың –

Қарашы! –
Жылан жалағандай
Күлгін етегі.
Бұрқан-талқан боп

Тасып ағатын өзендер
Жіптей жіңішкеріп –
Үзіліп кетердей! –
Дір-дір етеді.

Жапырақтардың
Көнерген жамау секілді
Жалбырауын-ай.
Ағаш біткеннің

Жадап-жүдеген
Бейшаралар секілді
Сүмірейіп салбырауын-ай.
Құрғақшылық та

Елдің еңсесін езер
Күйік бір.
Биік-биік үйлердің
Бетон қабырғалары

Токка қосылғандай
Күйіп тұр.
Бұл өмірдің
Қаны тартылып

Кеткендей кетеуі.
Сөйлейін десем –
Сөздерім! –
Кеуіп қалған

Жапырақтар секілді
Судыр-судыр етеді.
Құрғақшылық!

ХАЛ

Білмедім:
Кім ұтылып,
Кім ұтуда?
Білгенім:

Мені күндер кеміріп,
Айлар асап,
Жылдар жұтуда .
Мен қазір

Үкісі шығып кеткен
Көнерген көндеймін.
Бұл не пәле, –
Көлде жатсам да

Шөлде жүргендей
Шөлдеймін.
Уақыт
Озып бара жатқандай,

Дүние
Тозып бара жатқандай .
Кейде мен өзімді –
Әруақтай көріп! –

Өзіме-өзім түнеймін.
Кейде мен
Тойдан шықсам да
Жұттан шыққандай жүдеймін.

ДАУАСЫЗДЫҚ

Дүние аласапыран.
Астаң-кестең.
(Бұл әлем
Талай-талай аласапыран мен

Талай-талай астаң-кестеңді
Бұдан бұрын да
Талай-талай бастан кешкен).
Бірақ бүгінгі аласапыранның

Түрі жаман.
Үңіліп қарасаң
Үңірейіп тұрған
Түбі қараң.

Түрі жаман.
Тірліктің Күні құлап
Ал Айы
Күл менен қоқысқа

Көміліп батқандай.
Жер шарының ендіктері
Дауылды күнгі
Белдеудей үзіліп,

Бойлықтары
Басқұрдай сөгіліп жатқандай.
Тынық мүхит
Буға айналып,

Солтүстік мұзды мұхит
Суға айналып кетердей.
Сонысымен
Түбімізге жетердей.

Төбемізден
Құдай ұрғандай.
Бүкіл әлемдік сойқан мен
Бүкіл әлемдік дүрбелең

Бүгін-ертең
Басталғалы тұрғандай.
Сондай кезеңде де
Мына адамдар

Басына не келсе
Соны шатып тұр, –
Бір-бірін
Сөздерімен кесектеп,

Бір-бірін –
Жеп қоярдай! –
Көздерімен атып тұр.

ШАҒЫН ЕСТЕЛІК

Сонау бір жастық жылдары
Ашудың уын,
Ызаның суын ішкенде;
Бір қазақты жұдырығыммен

Қорғаймын деп
Он бес күндік
Түрмеге түскенде –
Сен сонда, Шолпан,

Көйлексіз қалған маған
Көйлек әкеп беріп ең.
Мен сол бір көйлекті
Қозы жауырын

Жебе де сөге алмас
Көбедей көріп ем.
Ұмытып қиынды
Сен әкелген

Сол бір көйлектен
Ойыма – нұр,
Бойыма қуат құйылды.
Тасынып, толғам,

Сол бір көйлектен
Толағайдай болғам.
Әйтеуір, білмеймін,
Өткенді қозғарда

Көбіне кеш қалам...
Мейлі сен түсін,
Мейлі сен түсінбе,
Мен бүгінде

Сол бір түрмені
Сүйіспеншілікпен еске алам!

ҚАЛАЙ ?

Мына жандардың
Қасиетті кісі жатқан
Қабірлердің қасынан
Аял етіп аят оқымай

Қапылып өтетіні қалай?
Адамның есін алардай
Ғажап сұлулық көтеріп
Көзді арбап тұрған

Алқызыл гүлдерге
Қақырып кететіні қалай?
Алып жартастарға
Ғасырларға кететін

Жасын-сөздерді қашамай
Былапыт сөздерді
Қашайтыны қалай?
Кеме жасайтын

Сүйегі берік
Асыл ағаштан
Ұры мен сұқ иттерге
Итаяқ жасайтыны қалай?

ӨМІР ТУРАЛЫ ЖЫР

Білгенім,
Мына өмірде
Сан рет өлесің,
Сан рет тірілесің.

Өзіңе үңілесің,
Өзгеге үңілесің.
Ақырында —
Бәрін де көре-көре! —

Ғұмыры жуылып-тазармайтын
Одан сен түңілесің!
Бірде қақырап сөгілесің,
Бірде қақ айырылып жыртыласың,

Жаныңды
Тозаққа сап қинайсың.
Бірақ бәрі бір
Оны сен қимайсың.

Түңілсең,
Ол сені қайтадан
Сиқырдай алдайды,
Әзәзілдей арбайды.

Безінсең,
Соңыңнан қалмайды.
Бұл тірліктің
Бір жері ойпаң,

Бір жері қайқаң екен.
Әйтеуір білгенім,
Мынау өмір
Біреуден жүкті болып,

Оны аборт жасатып,
Сонан кейін
Қайтадан қыздай қылымсып
Басқа біреуге тұрмысқа шығатын

Сайқал екен.

КҮЗДЕГІ ЖЕЛДІ КҮНГІ

ҚАРА ЖАҢБЫР

Жын менен
Пері соққандай
Неткен
Дүлейлі шабыт бұл!—

Қарсы бетімнен
Желмен ұйтқыған
Қап-қара жаңбыр
Жауып тұр.

Айнала тіршілік
Бүк түсіп
Есінен таныпты, –
Мойынын ішіне тығып,

Бейшара хал кешіп
Бүрісіп қалыпты.
Әне бір ағаш
Жұлым-жұлым

Тұлдыр етегі –
Жаурап тоңған
Қайыршы секілді
Дір-дір етеді.

Үдеген сайын үдеріп
Сатырлап құтыруын-ай!
Мына жаңбырдың
Долы әйелдің қолындағы

Сояу-сояу
Сулы сыпырғыш құсап
Лас қаланы
Шуылдап сыпыруын-ай!

БҮГІНГІ ҚОҒАМ ПОРТРЕТІ

Герольд Бельгерге
Оңға жүрсең –
Әне бір алаяқтар
Шалып қап құлатады.

Солға жүрсең –
Әне бір қаратаяқтар
Қақ маңдайыңнан
Салып қап сұлатады.

Жылатады!
Алға жүрсең –
Өрмекшінің торындай
Өтіріктің торына

Шырмаласың.
(Соларға қосылып
Өтірік айтпасаң
Онда сен

Бәрінен құр қаласың)
Мына қоғам
Қайтып шыға алмайтындай
Тұйыққа тірелген бір:

Қарашы,
Жерім мен елімді
Қандаладай талап
Быртиып семірген

Біреулер жүр.
Осының бәрін
Көре-көре
Үмітің сөне бастайды.

Сонан соң көрмейін деп
Көзіңді жұмсаң
Онда сені
Өліп қалған екен деп

Көме бастайды...
Парасатты,
Байыпты сөз айтсаң
Сені жынды санайды.

Сонан соң шыдамай
Шындықты айтсаң,
Онда саған
Қатал режимде отырған

Қылмыскерге қарағандай
Шошына қарайды.

ӨМІР ДЕГЕН ОСЫ

Каспийдің
Құмдақ жағалауында
Еңгезердей екі жігіт
Еңгезердей бір жігітті

Сабап жатты.
Жұрт біткен
Зорлық-зомбылықты емес
Цирк көргендей

Аңтарылып қарап қапты.
( Мұндайға мен деген
Ежелден әзір-ақпын)
Шыдай алмастан

Байғұс жігітті
Ұрып-соғудан
Ажыраттым.
Екеуі

“Жемтігін” тастай сап
Маған ұмтылды.
“Ой-ой” деген дауысым
Қылқынды.

“Қой-қой” деген дауысым
Қырқылды...
Енді бір қарасам:
Жаңа ғана

Мен араша түсіп
Таяқ жеп жатқан
Әлгі жігіт –
Өші кеткендей өршеленіп!—

Мені
Таспен соққаны!
Орнымнан есеңгіреп
Енді тұра бергенде

Баспен соққаны...
Мен араша түскен
Сол бір жігіт
Өзін сабаған

Екеуінен асырып
Бетімнен періп жатты.
Жығылып қалған мені
Бас-көзіме қарамай

Теуіп жатты...
Өмір деген осы...

ЗАЛЫМ

Мына бір жігіттің —
Қулығына ғана емес,
Залымдығына да! —
Құрық бойламайды.

Сол құрыққа
Сырық жалғасаң
Ол да бойламайды.
Жасаған қиянатын —

Ешуақта! —
Қиянат деп ойламайды.
Қырық қулығы,
Алпыс айласы,

Сексен сұмдығы бар.
Аспан асты,
Жер үстінде
Жұрт білмейтін

Құпия аралдары мен
Құпия құрлығы бар...
Жақындасаң! —
Зып етіп ішіңе кіріп

Істіктерімен
Жаныңды піседі.
Сөйтіп
Қаныңды ішеді.

Әп-сәтте
Тамырларыңның суалып
Тартылып кепкенін
Білмей қаласың.

Сонан соң
Тастап кеткен шоғынан
Иесіз
Үйдей жанасың!

Оп-оңай
Жаныңды бүлдіріп
Апыр-топыр етеді.
Бетіңе күліп тұрып

Көзіңді шұқып
Соқыр етеді.
Енді бір кездессең —
Білдірмей-ақ

Етіңді сылып
Теріңді тірідей сыпырады
(Сол кезде ол —
Масаттанып! —

Желді күнгі
Құйындай құтырады).
Мойныңды ырғайдай
Битіңді торғайдай етіп

Өзіңді мүлде
Мініп жүретін
Түйе қып алады.
…Ақырында сенің —

Саудыраған! —
Сүйегің ғана қалады.

КҮМПІЛДЕКТЕР

Ертеде
Қайынсақ бір күйеу
“Шіркін,
Қолымда қалайы кетпен,

Шапқаным күл болып
Бұрқыра- ты- ып
Лақтырып жатқанда
Қайын жұртым

Қарап тұрса” —деп
Арман етіпті.
Сонан кейін
Оң жағына қарап

Қорбаң-қорбаң,
Сол жағына қарап
Арбаң-арбаң етіпті.
Қазір армандамайды!

Сенбесең қарашы,
Шөп басын сындырмайтын
Әне біреу
Тау бұзып,

Тас жарғандай,
Аспандағы бұлтты
Арқалап әкеп
Текемет құсатып

Шөлдің үстіне жайғандай
Ісініп тұр.
Айды аспанға шығарып
Жұлдыздарды топырлатып

Қара жерге түсіріп тұр.
... Бір кезде
Қабағын түйіп.,
Ызадан өртенердей боп

Ел налып қарады:
Не болды десем,
Бес ешкі айдаған
Мына бір пақырдың

Ысқырығы! —
Жер жарып барады.
Қолынан ештеңе келмейтін
Мына бір пенденің

Өзін-өзі жұлып жеп,
Айналасын түтіп жеп
Жұлқылауын-ай!
Есек арба сүйреуге

Шамасы келмейтін
Мына бір сорлының
Ентігін баса алмай тұрған
Паровоз құсап

Ақ буын бұлттай будақтатып
Бұрқырауын-ай!
... Осылардың бәріне
Әне бір қария

Иіні түсіп,
Жүрегі сазып қарады.
Енді қайтсін,
Жер тозып барады,

Ел азып барады.

ТАҚЫРЫПСЫЗ ӨЛЕҢ

Ендіктерді
Ендеп жүгірдім,
Бойлықтарды
Бойлап жүгірдім.

Бүгінге үңілдім
Ертеңнен түңілдім.
Айды алпыс рет,
Жерді

Жетпіс рет айналдым,
(Сол ортада
Жоғалып кетпегеніме
Қайранмын)

Таулардың үстінен
Мұхиттарға секірдім...
Бірде кетілдім,
Бірде жетілдім.

Соның бәріне
Қайырылып қарап,
Соның бәрін
Қамығып ойладым.

Сонан кейін
Аспандағы айыңды
Дауылпаз қып қағып,
Жұлдыздарыңды түймедей көріп

Түртіп ойнадым.
Түннен шығып,
Күндізге кірдім.
Бірде

Аққудай сұңқылдап,
Бірде
Қасқырдай ұлыдым.
(Бірде сорлымын,

Бірде ұлымын)
Бірде нысана,
Бірде оқпын.
Бірде бармын,

Бірде жоқпын.
Бірде жер үстіндемін,
Бірде көр ішіндемін.

АҚИҚАТТЫ СОТТАУ

Сүттей аппақ,
Сәуледей нұрлы Ақиқат
Қамауға түсті.
... Сол кезде

Әне бір оңбаған
Мас болып
Елтаңбаны былғап,
Жалауға құсты...

Бірақ оған —
Мынаусы сұмдық қой! – деп
Ешкім де мән бермеді.
(Өйткені жұрттың

Ол бір сәтте
Ары мен намысы
Өлген еді).
Бәрі жабылып

Ақиқатты ортаға ап
Сабап жатты:
Қолын қайырып сабады,
Жағын айырып сабады,

Жындай құтырып сабады,
Терісін сыпырып сабады.
Бірақ Ақиқат,
Тұла бойынан

Қып-қызыл қан
Сорғалап тұрса да,
Айтқанынан қайтпай қойды.
Күткен сөздерін

Айтпай қойды.
Сонда да – Оған! –
Сүйрелеп апарып
Соттың алдында

Жала жапты...
... Қанаттарын
Өрт шарпыған,
Көздерінен

Жас сорғалаған
Аппақ періштелер
Осы бір елден –
Сыңсып жылап! –

Безіп бара жатты.

ЕРТЕ ҚУАРҒАН АҒАШ

Соған қарап мен
Сан ойлар торабында
Адастым:
Жапырағы желбіреп

Толысып толған
Бір топ ағаш ішінде
Тамыры суалған,
Бұтағы қуарған

Ағаш тұр.
Өзгелер үшін
Өзін өлімге қиып
Бейшара сол ағаш

Босқа күйді ме?!
Әлде күре тамыры
Жер астындағы
Тасқа тиді ме?!

Жоқ әлде,
Сол бір ағаштың
Өзегінде –
Көзге көрінбейтін!—

Өрт жанды ма?!
Жоқ болмаса,
Сол бір ағашты
Қайғыдай

Дерт шалды ма?!
Дәл қазір
Оның тағдырын
Көз алдыма

Ғапыл елестетем:
Сол бір ағаш
Тезірек отынға айналып
Отқа түсіп

Жанып кеткісі келген
Ағаштардың ішіндегі
Ақын емес пе екен?!

ИТТЕРДІҢ ТАЛАСЫ

Алып Қазақстанның
Түкпір-түкпірінен келген
Алпауыт иттер
Үлкен Шаһардың ішінде

Таласуда !
Соларды қарап тұрып
Ақ тер, көк тер боп
Түсесің қара суға !

Иттер таласуда !
Біздің
Алыпсоқ , Бөрібасарларға
Түрлері келгенмен

Үргені мүлде бөтен
Ит біткен қаптап жүр.
Оларды қоңқақ тұмсық,
Қиық көз жат жұрттықтар

Арқаларынан қағып,
Бастарынан сипап баптап жүр.
Талас басталды !
Ортаға щыққан екі төбет

Көздері қып- қызыл боп,
Тістері сақ- сақ етіп
Бір- бірін бас салды.
Қарш-қарш !

Арс-арс !
Тістескен қос төбет –
Сұмдық-ай ! –
Қап-қара құйынға айналып

Құтырып барады.
Мына дүние
Апалаң-топалаң
Сұрапыл шайқасқа

Жұтылып барады.
Біреуі желкеден алып,
Біреуі қасадан қапты.
Қып-қызыл қан

Жоса боп ақты.
Атаңа ғана лағынет –
Мына бір сұр төбет ! –
Жерге қаратты-ау

Дүйім бір елді !
Олай демей не дерсің ! –
Оны әне бір
Күйедей қара төбет

Адырнадан ұшқан
Жебедей атылып кеп
Алқымынан алып
Кеңірдегін қиып жіберді.

Жұрт біткен
Дуылдап кетті.
Дауылды күнгі
Ормандай боп

Шуылдап кетті.
Тағы да
Талас басталды !
Қанқызыл төбет пен

Ақ ала төбет
Бір-бірін бас салды.
Құдай-ау,
Неткен долылық,

Неткен бетпақтық,
Неткен өшпенділік ! –
Қанқызыл төбет
Сұрапыл екен ! –

Әп дегенннен
Ала төбетті
Алмас тырнақтарымен
Төстен бүріп

Болаттай азу тістерімен
Шақыр-р-р еткізіп
Жағын
Айырып тастады.

Сонан соң
Күтір-р-р еткізіп
Мойынын
Қайырып тастады...

Талас
Тағы да басталды.
Тағы да,
Тағы да,

Тағы да ! –
Талай төбеттің
Соры мен бағына...
...Дәл қазір

Алып Қазақстанда
Алпауыт иттер
Жан беріп,
Жан алып таласуда !

Дүние адасуда !
Адасуда !

АУЗЫМНАН ӨСІП ШЫҚҚАН

ҮШ ТІЛ ТУРАЛЫ ТҮС

Түсімде
Аузымнан
Үш тіл өсіп шығыпты.
Құнарлы топырақты жерді

Сор топырақ басып
Арамшөптер шыққандай
Өз тілімнің
Түп-тамырын қопарып

Тағы да екі тіл
Тесіп шығыпты.
Құдай-ау,
Сол екі тілдің ортасында

Өз тілім
Құлдың ұлтарағындай болып
Шолтиып қалған.
Солып,

Солпиып қалған.
Бірі жындай сұр,
Бірі удай жасыл
Сол бір екі тілдің—

Аузыма симай!—
Тіземе дейін түсіп
Салақтауын-ай—
Бірде жиырылып,

Бірде созылып,
Шиыршық атып
Жалақтауын–ай !
Бірі сұп-сұр ,

Бірі жап-жасыл
Сол екі тіл
Менің шыбын жанымды
Шырқыратуға құмар секілді ,–

Бірі сұп-сұр ,
Бірі жап–жасыл
Сол екі тіл
Бір бүктеліп ,

Бір жиырылған
Жылан секілді.
Екеуінің ортасындағы
Шолтиып қалған

Молақ тіліммен
Әлдене айтпақ болсам ,–
Сұмдық-ай !—
Осал жерімді тауып алады .—

Жиырылып келіп
Қос шабымнан
Шағып алады.
Талықсып

Талып қалам.
( Апыр-ай ,
Өртеніп жанып барам !)
Өз аузымнан

Өсіп шыққан
Жыландай сумаңдаған
Сол бір екі тілді
Шошытамын деп

Абай мен Махамбеттің
Жырларын
Оқымақ болам.
(Сөйтіп ақымақ болам ! )

Сонан соң
Көшеге шығам.
Өзімнің молақ ,
Шолақ тіліммен

Алқалы жұртқа
Әлдене айтпақ болам ,–
Сөйтіп шерімді тарқатып
Қайтпақ болам.

Әдіре қалған
Шолтиған шолақ ,
Монтиған молақ тілді
Жұрт деген не қылсын?!—

Көзіне де ілмейді
Түсінбек түгілі
Сезіне де білмейді.
Ол тілмен

Ешкім де сөйлеспейді.
Сөйлеспек түгілі
Халың қалай деп
Өй деспейді.

Өкінем,
Жылқыдай кісінеп,
Түйедей боздап,
Бұқадай өкірем.

Күлдей қабарып,
Құл менен күңдей күрсінем!
Қаратаудың басындағы
Қара бұлттай түйілем.

Өз аузымнан шыққан
Бірі сұп- сұр,
Бірі жап- жасыл
Сумаңдаған екі тіл

Жыландай ширатылып
Бүкіл денемді
Шырмап буып барады.
Өн бойымның қуат- қайратын

Тамыр- талшығымен қосып
Сығып барады.
(Қазақтар- ай,
Кеуделеріңде жан болса,--

Құтқарыңдаршы!—
Денем суып барады.)
Тыныс жетпей
Алқынып барам.

Қаным семіп
Тартылып барам.
Жаным сөніп
Сарқылып барам...

... Шошып ояндым.
Әлгі жан- тәсілім хал
Тұмандай сейіліп,
Будай көтеріліп

Ұшып кетіпті...
Тек қана
Қайран тілім—
Жылан шаққандай!—

Аузыма симай
Ісіп кетіпті...

ТҮРМЕДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН НӘРЕСТЕ

Сұм өмір абақты ғой саналыға
Мағжан
Тебіреніп кетсең
Тастарыңды допша домалататын,

Асқар таулар,
Сендер де үндеме,
Еміреніп кетсең,
Жасыл жапырақты бұтақтарыңды

Қанаттардай қағатын,
Жасыл баулар,
Сендер де үндеме.
Қараңдаршы,

Мен тудым деп
Жапан дүниеге жар салып
Жас нәресте өмірге келді...
Түрмеде.

Әй, құдай-ай,
Бұл өмір қатігез,
Ғапыл екен-ау.
Қып-қызыл шаранам-ай,

Бұдан былай
Мына керілген
Тікенекті сымдар
Тәніңе ғана емес —

Жаныңа да! —
Ғұмыр бойы батып өтеді-ау.
Бірақ сен,
Жасыма, Бал бөбек !

Шілдехана күні де
Мына біздер —
Аталарың мен бабаларың! —
Қасіретті суға

Жуынғанбыз.
Өйткені біздер
Кеңес Одағы деп аталатын
Темір бетонды

Алып түрмеде туылғанбыз.
Опыр-ай,
Былайша қарасаң
Шетімізден ақынбыз,

Шетімізден батырмыз...
Бірақ бәрі-бір
Құлдық түрмесінен —
Әлі күнге! —

Шыға алмай жатырмыз.
Сондықтан, қарағым,
Бұл өмірден алатын
Қазір-ақ белгілі

Сенің үлесің:
Күндердің күнінде
Осы бір лағнет атқыр
Түрмеден шығып,

Біз жүрген —
Әбілет қаққыр! —
Түрмеге кіресің!
Соған дайын бол!

ӨЛЕҢІМ

Өлеңім-ау !
Дүниенің түрі жаман !
Түптің-түбінде қалжырап
Сен де өлесің ,

Мен де өлемін-ау !
Мен сенімен
Тоғызыншы класта кездесіп
“ Қабырғада сұр шеге

Ұстап тұр ғой киімді
Мен де сондай өмірге
Болсам деп ем тиімді .”
Деген едім .

Ол кезде мен
Көк жасық көбең едім .
Сол кездегі арманым
Әдіре қалды .

Тілек–үміттерімнің бәрі
Қоқыстай қобырап жанды .
Енді , міне ,
Заманның түріне қарап

Жаным қабарып тұр .
Қазір менің өлеңімнің –
Ұрыстан шыққан сарбаздай –
Тұла бойынан

Қып-қызыл
Қан ағып тұр !

ШЫРАҚ

Осы бір құбылысқа
Ежелден қанықпын :
Жанымның
Алыс бір түкпірінде—

Қалтылдаған !—
Бір шырақ жанып тұр .
Сол шырақ
Аман тұрғанда

Мен әлі талай-талай
Жүректе жанамын .
Егер ол шырақ
Сөнер болса ,

Мен онда мәңгілік
Түнекте қаламын .
Сол шырақ
Аман тұрғанда

Елім мен жеріме
Тер төгіп өтемін .
Сол шырақты ,
Көңліме бұзықтық кіріп ,

Отқа айналдырсам ,
Онда мен—
Күлім де қалмай !—
Өртеніп кетемін .

ЖИІРКЕНІШТІ ЖАН

Жүре берсең ,
Көре бересің деген
Рас екен .
Мына бір жанның –

Күресіннен шыққандай –
Тәні де ,
Жаны да лас екен .
Сөздері

Шайтанның
Дәретіне суғарылғандай
Қашыр да құшыр .
Жүріс- тұрысы

Бақсылардың
Жын-перілерді қуғандарындай
Тасыр да түсыр .
Тыңдап отырып

Қаның тасып кетеді .
Миың ашып кетеді .
Тыңдап отырып
Бірде қызарып ,

Бірде бозарып
Сан түсті түрге енесің .
Ақырында ,
Сол бір адамнан –

Ібіліс түкіріп кеткендей
Жиіркенесің.

НАЗА ШЕРУІ

Алла тағала құдіретімен,
Әулие-әмбиелер жебеуімен
Азат болғанына қарамай
Не тіліне ие бола алмай,

Не діліне ие бола алмай,
Не дініне ие бола алмай
Мүсәпір күй кешкен
Міскін ұрпақтарына күйініп

Күндердің күнінде
Жер астындағы әруақтар
Шамырқанып шарт кетті.
Дүние алағай да бұлағай болды,

Аспан күңіренді,
Жер тітіренді,
Әлдене жалп етті,
Әлдене жарқ етті.

Қазақ даласындағы
Қарауыл төбелердің барлығында
Тірілер көре алмайтын
Тек әруақтар ғана көретін

Оттар лаулады.
Ауаны тіліп ысқырған
Көзге көрінбейтін
Оқтар заулады.

Сонан кейін-ақ
Кеуіп қалған
Қаңқалары қаңғырлап,
Үстерінен топырақ саулап

Өлі әруақтар жер үстіне шықты.
Даланың үсті
Сұп-сұр боп
Бұзылып бара жатты.

Ай тайғанап,
Жұлдыздар
Түймедей боп үзіліп бара жатты.
Сүйектері әлдеқашан

Күлге айналған әруақтар
Күлгін елеске айналды.
Біреуі қайғы алды,
Біреуі қайралды.

Өлі әруақтар
Алып дала үстіңде
Шеру тартып
Өріп бара жатты.

Көкжиектің кенере-керегесін
Керіп бара жатты.
Дінінен безгендерді
Дініне қайтарамын деген

Біреуінің қолында
Құраны бар,
Тілден безгендерді
Тіліне қайтарамын деген

Біреуінің аузында
Ұраны бар,
Ділсіз адасқандарды
Діліне қайтарамын деген

Біреуінің қолында
Шырағы бар...
Қаңқалары қаңғырлап
Үстерінен топырақ саулап

Өлі әруақтар
Алып дала үстінде
Өріп барады,
Көкжиекті керіп барады.

Алып далам
Қаңғыр-қаңғыр,
Күтір-күтір,
Сықыр-сықыр,

Шақұр-шұқыр
Дыбыстарға толды.
Қарашы,
Ұрпағын құтқарамын деп

Ұлы әруақтар
Бірін-бірі сүйеп келеді.
Жүре алмағандарын
Ағаштай

Сүйреп келеді.
Намыстан күйініп,
Қайғыдан күйреп келеді.
Мынадай

Сұмдық көріністі көрген
Ормандардың шашы
Аппақ боп ағарып кетті.
Көлдердің көздері

Есінен ауысқан
Жандардың көздеріндей боп
Аларып кетті.
Онсыз да

Қабарып жатқан
Шөлдердің жүзі
Бұрынғыдан да
Қабарып кепті.

Аспан күңіренді,
Жер тітіренді.
Мынадай залым заманнан
Өлі аруақтар –

Қалайша?! –
Ашынбай қалады.
...Әрине, біліп отырсың,
Бұлай болған жоқ.

Бірақ та
Осылай кете берсе
Түптің түбінде
Осылай болады!

Болады!

ЖЫЛАУ

Ішек-қарыны ақтарылып,
Тұла бойына у құйылған, –
«Елім-айлап» ! —
Ғаріп Қаратау жылады.

Ұры-қарақшысы көп
Мына бір қаскөй заманнан
Қорқып кеткен —
Үстіндегі

Бұлт-теңдерін қайтерін білмей ! —
Алып Алатау жылады.
Жылады!
Етек-жеңдері

Қара майдан
Сауыс-сауыс
Кәрі Атырау жылады.
( Көрде тұр,

Жылаудың
Соңы емес бұл әлі).
Жылады!
Жылады!

Діңгегі құлап,
Жапырағы шашылып
Жұлым-жұлым болған
Көкшетаудың кеудесінен

Кемпірбайдың көк ала үйрегі
Ұшып кетті.
Дүние бір демде суып,
Бір демде ысып кетті.

Өр Алтайым
Жетпіс жеті қабат
Қара бұлттай қайғы алды.
Дінім түнеріп,

Тілім
Тірі өлікке айналды.
Сарыарқаның
Омыртқа-белдері

Күтір-күтір етті.
Аспаннан
Әлдене бүркіп өтті.
Артынша

Әлдене сілкіп өтті.
(Мұндайда
Сезбеуің мүмкін емес
Жаратқан құдіретті).

Есілім егіліп ақты,
Ертісім сөгіліп ақты.
Жайығым қамығып ақты,
Сырдария жабығып жатты.

Боздағы атылды,
Сәбиі зорланды!
Бүкіл қазақ қорланды!
Оу, құдай-ау,

Бұл қалай деп
Алқалы топ пен
Аламан жұрттан сұрадым.
Жауап ала алмадым!

Сонан кейін
Алатау мен Каратау сияқты
Өр Алтай мен Көкшетау сияқты
Мен де еңіреп,

Егіліп жыладым!
Жыладым!

ТЫНЫШТЫҚ ТУРАЛЫ ОЙ

Неткен тыныштық!
Торғайдың
Дәнді шоқығаны,
Өрмекшілердің

Торларын тоқығаны,
Тіпті ағаш тамырларының
Жердің астында
Топырақтың құнарын

Сорғаны,
Гүл қауыздарының ашылғаны,
Инеліктердің
Шөптердің сабағына

Қонғаны естілетіндей
Тыныштық.
Құлаққа ұрған
Танадай тыныштық!

Тірліктен адыра қап
Ұйықтап қалған
Санадай тыныштық.
Тыныштық!

Көктегі жұлдыз
Үзілген түймедей боп
Тірлігін доғарды.
Сонау көкжиектің

Етегінен көрінген
Реактивті ұшағың
Сабақты инедей боп жоғалды...
Қаққан кірпігіңнің

Дыбысы естілетіндей,
Көбелектің
Тынысы естілетіндей,
Құмырсқаның

Жүрісі естілетіндей
Тыныштық.
Тыныштық!
Осы бір тыныштықтан да

Байыз табар емеспін, –
Көңілім күпті,
Әлденеге алаңмын.
Неге сұрландым,

Неге қабардым?!
Мына тыныштықтан шошынып
Соншалықты торыққаным қалай?!
Мына тыныштықтан секем ап

Соншалықты қорыққаным қалай?!
Айнала тып-тыныш.
Ал бірақ ішімде
Сұп-суық

Жел тұрды өкпекті.
Қорықпай қайтесің?! —
Өйткені мына Тыныштық
Жалмайтынын жалмап ап,

Тістерін құстарға тазалатып
Бір-ақ сәтке дамылдап жатқан
Қорқау, тойымсыз
Қолтырауын сияқты боп кетті.

Ауызым әбден күйген ғой.

БҮГІНГІ МЕТАМАРФОЗА

Құдай-ау,
Біз қазір
Нені ұғып,
Нені білгендейміз...

Өйткені бәріміз де
Ібіліс, жындар мен
Албасты,шайтандардың
Ішінде жүргендейміз.

Біреуі
Оң жағыңнан келіп
Арбайды.
Біреуі

Сол жағыңнан келіп
Алдайды.
Албастысы
Жалба-жұлба боп

Түсіңе енеді.
Қолыңа таяқ ап
Бассалып ұра бастасаң
Ол бәле —

Сақ-сақ күліп! —
Бұрынғысынан да ұлғайып
Ісіне береді...
Шайтаны асып-тасады.

Ібілісі
Құшағын ашады.
Жын-перісі
Қылығымен арбап

Бауырына басады.
Ақырында өзің де
Сол жын менен ібілістерге,
Албасты, жын-перілерге

Еріп бара жатасың.
Сұмдығына да,
Зымияндығына да
Көніп бара жатасың.

Сонан кейін-ақ
Бірде жынға,
Бірде періге,
Бірде албастыға айналасың.

Көздері қып-қызыл
Құтырған иттей ырылдап,
Шаң менен қоқысты
Жиып алған құйындай

Шыр көбелек айналасың.
Шырағың сөнеді,
Құрағың семеді.
Сақ-сақ күліп

Өзіңді өзің
Кеміріп жатасың.
Өз жақыныңды өзің жеп
Күптей боп

Семіріп жатасың.
Тұла бойыңды жайлаған
Небір бәлелер мен
Небір бәлекеттер

Дүлейлі күшке еніп
Талақтай көгеріп
Тұлданып тұрады.
Көзіңнен

Сұмдықтың сілтісі ағып,
Сөзіңнен у тамып тұрады.
Сұрқия, зымияндығың
Шектен шығып

Асып бара жатады...
Соны көріп тұрған
Ібіліс, албастылар,
Шайтан мен

Жын-перілердің өзі
Сенен шошынып., –
Зәре-құты қалмай! —
Қашып бара жатады.

Ой, сұмдық-ай!

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ

Халықтың алақанында отырғандай
Сахнада отырған, ей, Әшірбек,
Әлі сен талай
Елің мен жеріңді ойлап

Сенделіп сарсыларсың.
Өйткені сен
Төрт қақпалы Түркістанның
Топырағынан жаратылып,

Қаратаудың ақар- шақар
Шатқалындағы ұядан
Ұшып шыққан
Қанжар тырнақты қаршығамсың.

Сен бүгінде
Жан- жүрегіңде
Айқасы мен шайқасы бар,
Өзегінде жайтасы бар

Сорғалап аққан жасынсың.
Сен өйткені
Қаратаудың тасындай қатты,
Қаратаудың тасындай шымыр,

Қаратаудың тасындай асылсың.
Ашынған кезіңде
Томаршадай тұрқың
Таудай тасқынға айналып

Арқырап келіп
Соғып жібересің.
Алмастай өткір
Тіліңнің орағы бар,

Түбінен қырқып
Орып жібересің.
Сондықтан, –
Несін жасырамыз! –

Сенімен бірге жүру
Диюмен
Бірге жүргеннен де ауыр, –
Кім- кімнің де

Аяқ- қолын матап
Байлап тастайсың.
Кім- кімді де
Бурадай шайнап тастайсың.

Ей, Әшірбек,
Сен сөйлесең
Жүрегіңде түк қалдырмай
Өзіңді өзің тонап сөйлейсің;

Ұлтыңа жасалып жатқан
Қиянатты көрген кезіңде
Түркістан мен Отырардың
Арыстанды- Қарабас желіндей

Бұрқырап борап сөйлейсің;
Ішінде сайтаны бар
Қара құйындай үйріліп
Алды- артын қамап

Орап сөйлейсің.
Қайратың қайтпасын,
Айбатың қайтпасын!
Бар бол, Әшірбек!

СҮЙІЛІШ БАБА РУХЫНА

Сүйіліш баба!
Сен ғасырлардың
Ар жағындасың.
Біз бер жағындамыз.

С ен тау жағындасың.
Сенен төмен болсақ та
Төменшіктеп кеткен жоқпыз
Біз де өр жағындамыз.

Сүйіліш баба!
Бүкіл ұрпақтарың болып
Өзіңе сүйініп тұрмыз.
Өзіңнен таралған

Бүкіл тамыр- талшықтарың
Өзендердей болып құйылып
Жиылып тұрмыз.
Алдымен Алла тағалаға,

Сонан кейін
Қожа Ахмет Яссауи мен
Өзіңе сыйынып тұрмыз.
Алтын құтың қамбадай

Құтты екен.
Белің емендей
Мықты екен.
Қаратау мен

Дарияның бойына
Төгілген төлдерің
Бірі құлжаға,
Бірі тұлпарға,

Бірі сұңқарға айналды.
Олардың бірі айбарлы,
Бірі айдарлы.
Олардың ішінде

Ормандарды жапырардай
Дауылы да бар.
Сол дауылың
Итеріп құлата алмайтын

Ауыры да бар.
Теңіздердің толқындары
Жиылып келіп
Қозғалта алмайтын

Жартасы бар.
Құдай- ау,
Сенің ұрпақтарыңның
Ең жаманының да

Құтырып кететін арқасы бар.
Есек мініп жүрген
Сол жаманыңың өзі
Арғымақ мінген азаматтың

Сәлемін
Шіреніп тұрып
Зорға алады.
Сол жаманыңның өзінен

Талай мықты қорғанады.
Сен еліңді қорғадың
Жеріңді қорғадың.
Жердің жеті қабатына

Жеткен тамырың
Асыл болды.
Намысың көкте
Қып- қызыл болып шатырлаған

Жасын болды.
Ақырып келгендерді
Атынан қалпақтай ұшырып
Мықшитып жібердің.

Түндей боп түнеріп келгендерді
Қырандай шүйіліп
Бұтаның тасасына тығылған
Қояндай етіп

Бүкшитіп жібердің.
Бүгінде
Сенің ұрпақтарың
Өзің аңсаған

Тәуелсіз қазақ елінің
Азаматтары.
Өрге салса төске озған
Қазан аттары!

Қазаққа
Өпіремдеп ұмтылғандардың
Өкпе, қолқасын қосып
Жұлып аламыз.

Сенің басыңда тұрып
Өзіңнен кескекті
Рух аламыз.
Сүйіліш баба!

Аруғың бізді
Қолдай берсін.
Бәле- жаладан
Қорғай берсін!

Әумин!

ЖЕЛ

Сергек түгіл
Селк еткізер селсоқты
Жел соқты.
Жібектей сусылдаған

Сол бір жел
Жұп- жұмсақ
Әдемі жел еді.
Жаңбырлардың озонын

Гүл біткеннің тозаңын
Алып келе жатқан
Мәуелі жел еді.
Сол бір желден

Кеудесін кере толтырып
Дем алды
Қасіретті көп көрген
Қайран елім.

... мен бірақ ол кезде
Өліп қалған едім.

ҚҰЛАЗУ

Жүздеген жылдар бойы
Жыладым!
Ғасырлар бойы
Жыладым!

Жыладым!
Отқа жағылды Құраным!
Оққа байланды Ұраным!
Жыладым!

Ғасырлар бойы
Алатау мен Қаратаудың
Ұлытау мен Көкшетаудың
Маңғыстау мен Алтайдың

Бауырын жібітіп аққан
Қаншама бұлақтар
Суалды.
Қаншама көлдерім

Аптапты күнгі
Кепкен көнектей
Құмға батқан
Шөккен сенектей

Қуарды.
Бұлақтар суалса да,
Көлдер қуарса да
Ағылған көз жасым

Семіп тоқтамайтындай.
Бүлкілдеп соғып тұрған
Жүрегімнің үстіне
Уыс- уыс

Қып- қызыл
Шоқ таматындай.
Апыр- ай,
Бүкіл байлығы тоналған

Қайран Қазақстанның
Маскүнем ұстаған
Қалайы қалақтай
Қалтылдауын-ай.

(Бізді мазақ етіп
Қара құзғындардың—
Бораттың даусымен!
Дәл төбемізден.

Қарқылдауын-ай! )

ЭФИР

«Көзге көрінбейтін
Эфирлердің толқындары
Өрмекшінің торлары құсап
Алып Қазақстанды

Буып барады.”
Осылай сөз айтып ем
Әлдекімдер
Бетімді аяздай қарып,

Ызбарын өңменімнен өткізіп
Суық қарады.
Амал не,
Шындығы солай! –

Бажылдап ажылдаған,
Ділімді үзген,
Дінімді бұзған
Эфирдің торларына

Өңкиген “пірлерің” де,
Дөңкиген пілдерің де,
Шыбын құрлы болмай
Оралып қалған.

Бар әрекет,
Күш- қуатынан
Тоналып қалған.
Жанын жонып алған

Қанын сорып алған.
Қазір Қазақстан
Босанамын деп
Не бұлқына алмайды,

Не жұлқына алмайды.
Әйтеуір– анда- санда! –
Әлдене деп
Бақшадағы қарақшы құсап

Қалбаң- қалбаң етеді...
... қамығып аспанға қарасам
Жат жұрттық тік ұшақ
Эфирлердің торларының ішінде

Алып өрмекшілердей
Арбаң- арбаң етеді.

ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ҚАРАЛЫ КҮНІНДЕ

ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ

Азаматтарынан айрылған
Алып Қарағанды
Қаралы!
Қайғы ішіп, қан жылаған

Жаны жаралы!
Қаралы!
Қайғылы хабарды естігенде
Онсыз да

Төгілген гептилден
Тұла бойы жара- жара
Алып Сарыарқа
Кепкен терідей жиырылып

Түршігіп бара жатты.
Аспандағы
Жалба- жұлба бұлттар
Өн бойынан жас сорғалап

Аһ ұрып
Күрсініп бара жатты.
Жұлын- жүйкеңді
Үзіп- жіберердей

Сиреналардың күңренуін-ай.
(Осындай қаралы күндерде де
Әлдекімдердің
Бірде олай,

Бірде былай деп құбылып
Түрленуін-ай.)
Батыс жақ
Күннің шапағынан—

Қып- қызыл! –
Қан ішіп алғандай.
Шойын жолдардағы
Шпалдардың

Май менен көмір сіңген тістері—
Ашылмастай боп! –
Жер тістеп
Қарысып қалғандай.

Мына қайғыны
Көтере алмастан
Көшелердегі
Бағана біткен

Бірін- бірі жетектеп,
Бірін- бірі
Сүйреп келе жатқандай.
Боздап жылаған пойыздар—

Қарағандының
Көмірін емес, –
Қарағандының қайғысын
Тиеп келе жатқандай...

МҰНДАЙ АДАМНАН

НЕ СҰРАЙСЫҢ

Қалқам- ау,
сен менен не сұрайсың?
Қандай сұрағыңды да—
Өкпелесең өкпеле! –

Хош алмаймын.
Қазір мен—
Сондай халдемін! –
Бірді екіге қоса алмаймын.

Қалқам- ау,
Мұндай адамнан не сұрайсың?!
Дүниеден түңіліп барам.
Бордай үгіліп барам.

Тілім де басқа,
Дінім де басқа!
Бағдарым жоқ,
Барар жерім жоқ,–

Алдыма бір,
Артыма бір қарап,
Оңыма бір, солыма бір қарап—
Алаңдаймын!

Мен тіпті қазір—
Өз елімді
Танымай қалғаным сонша! –
Қазақстанда тұрып

Қазақстанды картадан
Таба алмаймын!
Қалқам- ау,
Мұндай адамнан

Не сұрайсың?!

АҢЫЗ

Патша
Аң аулап келе жатты.
Бір кезде ол—
(Таңалакеуім бе,

Әлде кеш пе еді) –
Қалың жыныстың ішінде
Дөңкиіп жатқан
Талақтай қап- қара Мес көрді.

Жандайшаптары
Аттарынан түсе- түсе қап
Әлгі қап- қара Месті
Теуіп- теуіп қалғанда,–

Мұндай сұмдықты
Ешкім көрген жоқ
Жалғанда! —
Қап- қара мес қақ айырылып

Ішінен
Бақа басты,
Қолтырауын терілі,
Көзі шүңірейген,

Аузы үңірейген
Бір бала шыға келгені.
Апыр-ай,
Тұрған жұртты тұра бездірмей,

Алла тағаланың өзі –
Оларға! –
Сабыр мен шыдам бергені.
Патша айтты:

“Мұны бізге
Тәңрінің өзі
Кездестірген шығар,
Елімізге алып барайық—деді

Қалған кереметін
Барып қарайық” – деді.
...Әкелген бойда
Жаңа босанған әйелдің

Омырауына салып еді, –
Бір сорғанда сүтін тауысты.
Екі сорғанда қанын тауысты.
Үш сорғанда –

Әлгі әйелдің! –
Жаны шырқырап шығып кетті.
Ал бала болса
Бұқадай мөңіреп,

Доңыздай қорсылдап
Тоймай қалдым дегендей
Орнынан тұрып кетті.
Сол- сол- ақ екен

Қазан- қазан ет асылды,
Қазан- қазан сүт пісірілді.
Оларды асып- пісіруге
Арба- арба отын түсірілді.

Құдай- ау,құлқынын қашан басады! –
Алдына келгеннің бәрін
Қотарып ішіп,
Қопарып асады.

Күн сайын емес,
Сағат сайын өсті.
Мұндай алапат жалмауыздан
Қорыққан жұрттың

Көшетіні көшті,
Ошақтардың
Өшетіні өшті.
Неткен кесапат! –

Отыратын жеріне кілем,
Жүретін жерінің бәріне
Киіз төсетіп –
Жер баспады!

Араны одан сайын ашылып –
Адамның еті тәтті ме деймін –
Адамдарды жей бастады.
Сүттей ұйып отырған ел

Әп- сәтте әре-тәре болды.
Сол бала – бала емес—
Елдің сорына келген! –
Бәле болды.

(Есітіп қоймасын,
Сыбырлап айтайын:
Ол әлі арамызда.
Не қаламызда,

Не даламызда,
Не солымызда,
Не оңымызда.
Туған ол сорымызға.)

САҒАН

Күптей ісіндің,
Кемеріңе сыймай
Тасындың.
Иманнан безіп,

Шайтанға бас ұрдың.
Ешкімді көзге ілмей
Басындың.
Ашындым!

Бойыңдағы
Күл- қоқысыңды
Бұрқыратып шаштың.
Өзіңді тонап,

Өзіңді ұрладың.
Жұрттың
Жанын жаралап
Арын былғадың.

Ұяттан безген
Неткен өктем ең,
Сондықтан мен сені—
Үстіме! –

Жұлдыздардан шашу шашып,–
Алдыма! –
Айдың күміс табағымен
Бас тартсаң да

Жек көрем.

КӨРШІЛЕРІМ

Ертеректе
Каспиймен көрші болдым.
Енді қазір
Алатаумен көршімін.

Содан ба,
Бірде ашулы,
Бірде өршілмін.
Біреуі айдынды,

Біреуі айбынды.
Каспий теңізім,
Мен барғанда,
Жал- жал толқындарының

Жалынан сипатып,
Шағалаларын
Шашудай шашып
Тас төбемде

Ұшырып қоятыны бар.
(Сонан соң
Соншама алып басымен
Арқырап- сарқырап кеткеніне

Өз- өзінен
Қысылып қалатыны бар).
Пенде болған соң
Көңіл дегенің

Бірде мынадан,
Бірде анадан қалады.
Сондайда
Алып Алатау

Мені бауырына басып
Аппақ бұлттарына
Аунатып,
Аунатып алады.

Әйтеуір осылай,
(Сенбесеңіз
Сол екеуінен сұраңыз).
Біреуімен анда- санда,

Біреуімен жиі- жиі
Қатысып тұрамыз...

БОЛАТЫН ОҚИҒА

Психологиялық өлең
Осы бір зұлым
Жасарын жасады,
Асарын асады...

Ғұмырында
Қаншама қиянат пен
Қаншама зорлық жасады.
Қоймады!

Тоймады!
Ойласа—
Қарақан басы мен
Жаны үшін ойлады.

Тойласа—
Қан ішіп тойлады.
Зорлықтан
Жұрт біткен қорықты.

Жұрт біткен торықты.
Сол жанға
Бір сөз айтуға
Бүкіл ел қорықты.

Мына дүние
Кепкен терідей
Тырысып барады...
... Күндердің күнінде

Сол бір жан
Тағы бір
Зұлымдық жасап—
Масаттанып! –

Айнаға қарады.
Дүние дүрлігіп,
Азынап жел тұрды.
Сол сәтте

Өзінің айнадағы бейнесі
Оның зұлымдығына
Шыдай алмастан
Айнадан атып шығып

Оны бассалып
Буындырып өлтірді.

ҚЫСҚЫ СЕРУЕНДЕ

Маң- маң басқан
Бір кісінің жетегінен
Кішкентай ит көрдім:
Алматыда мұндайдың

Не түрі бар.
Әлгі қанденнің
Үстінде—
Қымбат камзол,

Аяғында етігі бар.
(О, жаратқан құдірет!
Итке көрсетілген
Бұл неткен құрмет?!)

Осы сұраққа жауап таба алмай
Жан- жүрек
Сансырап тұр.
Алтын жалатқан

Шынжыры
Көздің жауын ап
Жарқырап тұр.
Құдай- ау,

Адамға емес,
Итке көрсетілген
Мұндай
Құрметті көргенше

Өлсең нетеді?!
... “Митингіге” жиналып
Жатыр деп қорқа ма
Үйсіз, күйсіз

Бір топ қаңғыбас иттерге
Әлгі қанден
Шәу- шәу етеді.
Дауысы қандай ащы!

Кісәпірдің
Жағымсыз естілер
Үкімі секілді.
... Осы бір ит

Биліктің жетегіндегі
“Зиялы қауымның”
Шәуілдеп үретін
Өкілі секілді.

ҚАЙРАУ

Егер сен
Шаншылып қарап,
Кеудеңді керіп
Айтарыңды

Айта алмасаң;
Бетіңе
Тиген жұдырықты
Жұдырықпен қайтармасаң;

Бұлттай түнергенге
Бұлттай түнермесең,
Жағыңды айырып жібергісі келгеннің
Жағын

Шықшытымен қосып
Айырып жібермесең;
Оңбағанның
Ойран етпесең ой- санасын! –

Онда сен,
Әйелді шешіндіріп ап
Еркектік көрсете алмаған
Жігіттей бейшарасың!

ДЕРТТІ УАҚЫТ

Бүгінгі тірлік
Жанымды
Жаралап тілгендей:
Қатерлі бір дерт

Албасты түріне еніп
Елімнің ішін
Аралап жүргендей.
Соның демінен шыққан

Мүңкіген бір иіс
Айналаны
Алып барады.
... Әбден қажыған

Қайран тіршілік
Ауық-ауық
Талып қалады...
Оның бүгінде

Айығып кете қойуы
Арманды сағым боп тұр.
Әйтеуір дәл қазір
Уақыт ауасы—

Кім- кімге де! –
Аурухана ауасындай
Ауыр боп тұр!

КӨКТЕМДЕ

Көптен күткен
Көктемім-ай!
Тыныстың кеңейіп,
Шуақтың молайып

Кеткенін-ай!
Нәп- нәзік көктемім
Келе сап
Өзен- көлдегі

Сіресіп жатқан
Көкпеңбек мұздарды
Сөгіп тастады.
Жота- қырларға

Аспанның
Жіңішке жіптерімен
Кестесін төгіп тастады.
Дүние жаңғырып

Сұлу бір әуенмен
Ән құрауын- ай.
Мына тірліктің
Жаңа босанған

Анадай балбырауын- ай!
Қылықты самалың
Жастық шағыңды
Есіңе түсіріп

Қытықтар бетіңді...
Аппақ боп гүлдеген
Алма бақтарың
Жерге кеп қонған

Мақтадай аппақ
Бұлттар секілді.
Қанатты құстардың
Қызып тұр жыр, әні.

Апыр-ай,
Сырлы жырым түгілі,
Мұңлы жырымның өзінен
Жаңбыр мен гүлдердің

Аңқып бұрқыраған
Иісі шығады.
Жалтылдаған
Алтын сәулелер

Шалшық суларды
Сүзгіден өткізіп
Тұнық етердей...
Басқаны былай қойғанда—

Көктемге шаттанған! –
Ескерткіштердің
Тік тұрғандары жүріп,
Отырғандары

Тұрып кетердей...

БИІК ҮЙЛЕРГЕ ҚАРАП

Көк тіреген
Шыңдардың бәстесіндей
Биік- биік үйлерім
Есеп шешетін

Торкөз дәптердің
Сыртқы бетіндегі
Көбейту кестесіндей.
Үстінен будақтап

Ойдай ап- ауыр
Бұлттар көшеді...
Мына заманда
Олардың жетеді

Қым- қуыт тірлігі,
Қым- қиғаш есебі.
Білеміз бәріміз:
Осынау үйлерде

Жатыр ғой қаншама
Тірліктің дүрмегі.
Бүгінде олардың
Өмір, тағдыры

Күрделі есептерден де
Күрделі...

ШҮКІР!

Аяғымның астында—
Алып жер.
Кеудемде—теңіз.
Ал басымда—

Будақ- будақ бұлт тұр.
... Сонан соң
Ақырын барып
Маңқиып жатқан

Алатауды сүйдім.
(Ежелден белгілі
Ғұрып бұл.)
Ымырт үйірілді.

Аспан әлемі
Оң жағыма
Айды ілуде.
Аққан жұлдыздар

Мені тесіп өтіп
Құрдымға сіңуде.
Аспанның
Алыс түкпірінен

Бетімді шарпыған
Жалын есті...
Табанымнан
Жерге тараған

Тамыр өсті.
Таң атты.
Айнала тып- тыныш.
Үнсіздіктің өзін

Керемет үнге баладым.
Сонан соң
Басыма киілген
Будақ- будақ бұлтты

Желкеме қарай
Сәл ысырып
Күнге қарадым.
Шүкір!

НЕГЕ ЕКЕНІН БІЛМЕЙМІН

Жалаңаш қолыммен
Аспанда
Шатырлап жатқан
Найзағайлардың бұтақтарын

Ұстап алғандай
Сілкініп тұрмын.
(Мына өмірдің
Ыбын да,

Қыбын да табам деу
Түлкілік ұғым.)
Мен қазір
Сілкініп тұрмын!

Сонан кейін- ақ
Өзімді өзім
Бұтарлап, бұтарлап
Отқа жақтым:

Пышыр- пышыр етіп
Қып- қызыл
Шоқта жаттым.
Оттан шықтым да

Анамен де шабыстым,
Мынамен де шабыстым.
Оларды қоя сап
Албастымен де алыстым,

Жындармен де алыстым.
Кенеттен
Дүниенің
Алапат күркірінен

Құлақ тұнды.
Ал жаным—
Неге екенін білмеймін—
Жаңбырдай егіліп

Жылап тұрды.

БҰЛТПЕН СОҚТЫҒЫСҚАНДА

Мен кенеттен
Алатаудың басында
Қап- қара бұлтпен
Соқтығысып қалғаным.

Адам айтқысыз
Алапат болды.
Мен де жарақат алдым,
Бұлт та жарақат алды.

Соқтығыстың
Қатты болғаны сонша
Қара бұлттардың—
Найзағайлардан! –

Қақырап! –
Жарылып кеткені.
Дүниенің
Қағынып кеткені...

Сол- сол екен
Найзағайларың
Жарқ- жұрқ еткен
Жай болып

Жерге түсті.
Жалба- жұлбасы шығып
Жыртылған бұлттарың
Шыңдарды

Өрлеп ұшты.
Сол бұлттарды
Ұшына іліп алған
Алып шыңдарым

Кеудесін керіп
Асып қарады.
Жай түсіп
Жанып жатқан

Емен, қарағайлар
Алау- далау боп—
Дүниеден безініп—
Далаға қарай

Қашып барады!
Бұлтпен
Соқтығыспауым керек еді.

ЖҮЗШІЛ БІРЕУГЕ

Ақылға кір!
Құдай сақтасын» –
Алатау
Алтаймен соқтығысып;

Атырау
Балқашпен қақтығысып;
Қаратау
Көкшетаумен

Лақтырысып;
Ағаштар
Бір- бірімен
Шаш жұлысып

Кетсе қайтесің?!
Кіретін інің қалмайды
Түгің қалмайды!
Ақылға кір!

ФАНТАЗИЯ

Күн ыстық еді.
Алатауға барып
Бір арқа бұлтты
Алып кеп

Балконымның үстіне
Іліп қойдым.
Сендердің енді
Керектерің жоқ деп

Перделердің бәрін
Түріп қойдым.
Тамаша!
Сол бір бұлтты

Көрген біреулер
Пұшайман болып
Қорынып өтеді.
(Біліп жатам:

Таңалакеуімде
Аппақ періштелер
Сол бір бұлтқа
Асыр сап

Шомылып кетеді.)
Асты- үстімдегі
Бейсенбай,
Сейсенбайлар мәз болады.

Тіпті сол бұлтқа
Көл деп ойлап қала ма? –
Кейбір кездері
Аққу мен қаз қонады...

Қандай керемет:
Сол бір бұлт
Шырпыдай ғана
Жасын- найзағайларын

Ауық- ауық
Жағып тұрады.
Сонан соң оны—
Қолыммен! –

Жайлап қана
Сілкіп қалсам
Сіркіреп
Жауып тұрады...

ЖАУАБЫН СІЗГЕ ҚАЛДЫРДЫМ

Бәріміз білеміз:
“Шеше көрген тон пішеді.
Әке көрген оқ жонады”,
Көсілген көсемді,

Шешілген шешенді
Көрген балаңыз
Ертең- ақ топ жарады.
Жердің сырын,

Елдің мұңын ұғатын
Зерек балаңыз
Өзгеден
Артып тумас па?!

Желмен жарысқан
Құлыншақтармен
Ойнап өскен ұланың
Ертең- ақ

Қазанаттардай
Қара жеріңізді
Айырардай болып
Тарпып тұрмас па?!

Ал бірақ
Жаттан келгендей боп
Өз елінен
Іргесін аулақ салатын

Безбүйрек үйге
Кім кіріп,
Кім қонбақ?!
Әкесі доңыз бағып,

Есіл- дерті жеу болған
Торайлармен
Ойнап өскен балаңыз
Өскенде кім болмақ?

Жауабын сізге қалдырдым.

ЖЕР- АНА МЕН АСПАН- АТАҒА ӨТІНІШ

О, Жер- Ана,
Мына бір адам
Жер үстіне
Сыймай бара жатыр ғой.

Түйіліп, түнермейсің бе?!
Теңіздеріңнің
Толқынымен соғып,
Тауларыңның

Тастарымен атып
Жоқ қылып жібермейсің бе?!
О, Аспан- Ата,
Мына бір адам

Аспан астына
Сыймай бара жатыр ғой.
Бір “бүлікті” бастамайсың ба?!
Қара бұлттардың

Ішінде ойнап,
Жарқылдап жатқан
Қып- қызыл найзағайлармен—
Қақ айырып! –

Жарып тастамайсың ба?
Осындай карекет
Керек деп
Сендерден

Күн- түні сұрайтын—
Өтініш иесі:
Темірхан Медетбек.

УЛАНҒАНМЫН!

Уланғанмын!
Полигоннан уланғанмын!
Тар ұғымнан уланғанмын!
Өтіріктен уланғанмын!

Көпіріктен уланғанмын!
Құлдықтан уланғанмын!
Ұрлықтан уланғанмын!
Улана- улана

Бәрінен құр қалғанмын.
Улана- улана
Үнім шекемнен,
Тілім

Желкемнен шығып,
Сабадай бауырым
Сағыздай шайналып,
Ішегім

Шығыршықтай айналып,
Көріктей қос өкпем
Кепкен қуықтай
Сығылып қалған.

(Уланған қай оңсын! –
Тірліктен шығынып барам!)
Содан ба
Өзімнен де у тамады,

Сөзімнен де у тамады,
Ең қиыны—
Аппақ махаббаттың
Аппақ көліне

Шомылып шықты деген
Сезімнен де у тамады...
Уланғанмын!

ҚАТЕРЛІ ОЙДАН ШОШЫНУ

Мына бір адам
Ел мен жерге
Азап әкелер
Күйедей қап- қара

Қатерлі ой ойлады.
Жанының түкпірінен
Бір түйсік оянып
Қой- қойлады

Түйсігін тыңдаған жоқ!
Қатерлі сол ойды
Сезінген Даламның—
Шошынғаны сонша! –

Кеудесі керіліп
Көтеріліп- басылды.
Шаңды жел азынап,
Құйындар құтырып,

Теңіздер шулап, –
Дүние әп- сәтте
Долданып ашынды.
Қатерлі сол ойдан

Шошынған бұлттар
Қып- қызыл найзағайлармен
Өзін- өзі тілгілеп,
Өзін- өзі

Дал- дұл етті...
Басымнан әлдене—
Жүн- жүн албасты сияқты—
Алау- далау боп

Қарғып өтті.
Қатерлі сол ойдан—
Сескенгені сонша
Маңқиған тауларың

Жан- жағына
Шошып қарады.
Алып жоталарың
Алып тасбақалардай

Тоңқаң- тоңқаң етіп,
Иір- иір жолдарың
Ирелеңдеген жыландар құсап
Қалыңға қарай

Қашып барады...
Е, Алла сақтай гөр!

ҰЛЫ МӘРТЕБЕЛІ ӨТІРІК

Дәл қазір
Жоғарыда жүргендер де,
Төменде жүргендер де
Газет беттерінен,

Теледидардан
Жұздері бүлк етпей
Өтірікті
Соға береді.

Олар бүгінде
Ұлы мәртебелі Өтірікті
Мәңгілік ұлық,
Мәңгілік Дара көреді.

Өтірік дегенің
Сүйекке түскен
Құрт аурудай
Бүкіл Қазақстанды

Кеміруде.
Сол бір құрттар
Өтіріктен ісініп,
Өтірікпен семіруде.

Оранған
Үлде мен бүлдеге
Дәл қазір
Өтірік дегенің

Ең биік мінбеде.
Бейшара Шындығың
Қайыршыдай боп
Көше- көшені кезіп

Қаңғып жүр.
Ал өтірігің
Борсықтай толысып
Басымызға

Құзғындай саңғып жүр...
Апыр- ай,
Күн- түн демей
Ұлы мәртебелі

Өтірікті мақтап—
Әлемді жаңғыртып! –
Жар саламыз.
Күн- түн демей

Ұлы мәртебелі
Өтірікті жақтап—
Әлемді жаңғыртып!—
Қол соғамыз.

Біз енді
Бұдан былай
Қандай бір шындықты да
Өтірік көретіндейміз.

Біз енді
Бұдан былай
Шынымен өлсек те
Өтірік өлетіндейміз...

Құдай ақырын берсін!

ҚАЛЫҢ ҰЙҚЫ

Сонау- сонау
Өткен ғасырдың басында
Міржақып Дулатов
“Оян, Қазақ” деді.

Оянбады.
Ұйқы тәтті екен.
Ұйқыға тоя алмады.
Қайран қазақ

Әлі күн—
Ұйқыға! –
Тоя алар емес.
Құлағының түбінен

Бомба жарып,
Зеңбірек атсаң да
Оянар емес!
Қалың ұйқы.

БҰЛ НЕ ПӘЛЕ!

Жылаған сайын
Күлдім.
Күлген сайын
Жыладым.

Құлаған сайын
Тұрдым.
Тұрған сайын
Құладым.

Түйілген сайын
Көсілдім.
Киінген сайын
Шешіндім.

Жеткен сайын
Айрылдым.
Өткен сайын
Қайрылдым.

От болған сайын
Өштім де,
Өшірген сайын
От болдым.

Жоқ болған сайын
Бар болдым.
Бар болған сайын
Жоқ болдым.

Бұл не пәле?!

ЖАЛҒЫЗ АҒАШ

Апыр- ау,
Неткен қуат,
Неткен қайрат бұл!
Діңгегі отау үйдей,

Бұтақтары бақандай,
Жапырақтары
Палуанның алақанындай
Алып ағаш

Иен даланы
Жалғыз өзі
Жайлап тұр!
(Құдай берген

Айбат бұл!)
Бір өзі
Тұтас бір әлем,
Тұтас бір тірлік,

Тұтас бір жалған сияқты.
Күн менен Айды да,
Төбе мен сайды да,
Көктегі бұлттарды да,

Желдерді де,
Еңіс пен өрлерді де
Бір өзі меншіктеп
Алған сияқты.

Кеш болса
Өзінің алып бойына
Бар құсты
Жиып алады...

... қыста—аппақ тон.
Ал жазда—
Жап- жасыл шапан
Киіп алады.

Жауынды күндері
Тұла бойынан
Су сорғалап
Теңселіп,

Теңселіп,
Теңселіп,
Уылдап- шуылдап
Дабыл қағады.

Дауылды күндері
Қанаттарын жайып жіберіп
Бүкіл даланы
Көтеріп алып кетердей

Қомданып,
Қомданып,
Қомданып
Қайтадан дамыл табады.

... Осы бір ағашқа
Тәнті боп
Сан жанып,
Сан қыздық...

... Апыр- ай,
Неткен ірі,
Неткен
Ұлы жалғыздық!

БАЗАРҒА БАРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ

Шолпан, қинама! –
Сен, сенбе,
Сен мейлі,
Менің базарға

Барғым келмейді.
Базардан не көрем! –
Қазақты көрем,
Қазақты көріп

Азапты көрем;
Дорба сүйреткендер де
Қазағым,
Арба сүйреткендер де

Қазағым,
Құлап жатқандар да
Қазағым,
Жылап жатқандар да

Қазағым,
Сұрап жатқандар да
Қазағым...
Қазағым,

Қазағым,
Қазағым, –
Азабым!
Шолпан, қинама! –

Сен, сенбе,
Сен мейлі, –
Менің базарға
Барғым келмейді.

Қазақтың азабын
Көргім келмейді...

ӘБЕСТІК

Ашулы едім.
Қарағайдың
Қарсы біткен
Қайсар бұтағынан жасаған

Садағымның жағын
Құлдың мойнындай еңкейтіп,
Адырнасын
Махамбет айтқандай

Алаөгіздей мөңіретіп,
Қозы жауырын жебемді
Қорамсақтан алып
Ашу- ызамның

Уытына малып,
Аспанға қарай
Атып жібердім.
(Күлдей қабардым,

Түндей түнердім.)
Атып жібердім!
Жыландай созылып
Ысқырған жебем

Заулаған бойда
Аспанда қалқыған
Бір шөкім
Аппақ бұлтқа

Денеге кіргендей
Кірш етіп қадалды.
Мұндайды күтпеген
Әп- сәтте

Өрт шалып санамды,
Ойым шырмалды,
Жаным қиналды.
Көзімді

Ашып- жұмғанша
Бір шөкім
Сол бір
Аппақ бұлтты

Қып- қызыл
Қан жауып кетті.
Онсыз да
Қабарған бетті

Өрт- жалын өпті.
Бір сәтте
Жүндей түтіліп,
Балшықтай езілдім.

Сұмдық бір
Үрей сезіндім...
... Құдай- ау,
Не істеп, не қойдың,

Сор басым! –
Қанға боялған
Қалқыған ақ бұлт
Өзімнің

Үмітім болмасын!

ӨТКЕННЕН ӘҢГІМЕ

Түркістанның
Темір жол мектебінде
Оқып едім.
Оқуды қатырмасам да,

Көңліме
Көп нәрсе тоқып едім...
Ағылып жатқан
Пойыздардың үстіне

Шығып алып
Төбелес іздеп
Арысқа,
Ташкенге баратынбыз.

Әй, балалық- ай,
Содан біз
Рахат табатынбыз.
... Бір күні

Сондай бір сапарда
Пойыздың үстінде
(Құдай- ау,
Жанбастан– өштім бе)

Жүгіріп келе жаттым да,
Бұрылыс бір тұста
Пойыздың үстінен ұштым да
(Құдайым сақтап)

Телеграф сымына
Ілініп қалғаным.
(Бар екен
Көрер жарығым,

Көрер жалғаным.)
Сол сымның бойымен
Сырғанап барып
Ақ құлақ бағанға

Жетіп тоқтадым...
Мұны көрмесем,
Мына тірліктің қадірін
Қалай білермін.

... Бағана бойымен
“Сыр- р” етіп түстім де
Өкіріп
Жылап жібердім.

Бір тұрып,
Қайта құладым.
Әйтеуір мен сонда
Тірі қалғаныма

Қуанып емес,
Жойқын бір төбелестен
Құр қалғаныма
Өкініп жыладым!

ДОП

Бұл заман—
Доптың заманы!
Бүкіл әлемде
Доптың ойыны

Қызып тұр.
Африка мен Еуропаны,
Еуропа мен Американы,
Америка мен Азияны

Бір- бірімен қағыстырып,
Бір- бірімен
Жарыстырып қойған
Алапат қызық бұл.

Шығыс пен Батысың,
Оңың мен солың да
Дәл қазір
Доптың соңында!

Соларға қараған
Таудағы аңғарлардың
Жайдақ қиясындай
Алып стадиондар

Гуілдеп тұрған
Араның ұясындай.
... Біреулер допты
Қақпаға қарай

Қуып барады;
Біреулер допты
Жерге соққылап ұрып барады;
Біреулер допты

Торларға салып
Аулап барады;
Біреулер допты
Қолтығына қысып

Заулап барады... –
Суда да доп,
Жерде де доп,
Доп,

Доп,
Доп...
Неткен сиқыр бұл!
Соларға көз тіккен

Бүкіл Жер Шары
Дүрлігіп,
Уілдеп тұр.
Құдіреттің алдында

Бар әлем дірілдеп тұр.
Алапат дүрмекке
Жұтылған
Мына дүниең

Жоқ боп кеткен...
... Несін айтасың,
Әлдекімдер!
Бірде теуіп,

Бірде ұрып,
Бірде жұлып,
Бірде қуып ойнайтын
Басымыз да

Доп боп кеткен...

МІНЕЗ

Осы бір қарттың
Шар болаттай берік
Сүйегі асыл еді.
Сөздері

Қарағайды
Қақ жарып жіберердей
Жасын еді.
Мінезі:

Қарлы күнгі дауылдай,
Желді күнгі жауындай,
Қауіпті
Тау өзендеріндей

Ағысты болатын.
Қалыңына кім кірсе де
Қабыландай атылатын
Намысты болатын.

... Сондай жан
Бір күннің ішінде
Дауылдан құлаған
Кәрі емен құсап

Төрдегі төсегінде сұлап жатты...
(Тағдырға амал бар ма?)
Әп- сәтте бір тірлікті
Қырау жапты.

Кешегі күні
Жалындай тілетін
Тіл де жоқ.
Күндей күркірер

Үн де жоқ.
Бойынан да,
Ойынан да
Ерік кетті.

Соны сезген қария
Мына тірліктен—
Теріс қарап! –
Жеріп кетті.

Сонан кейін ол
Өзінің мүсәпір халіне
Намыстанғаны сонша
Бар күшін жинап

Өліп кетті!

ТАРТЫС ТУРАЛЫ

Білесің,
сені
Өмірдің тартысында
Боксерлер мен штангист,

Палуандар сияқты
Таразыға тартпайды.
Дауылды күнгі
Теңізге кіргендей

Аласапыран тартысқа
Бірден кіріп барасың!
Бір ғана демеу:
Әділдік бар ғой деп

Рухтанасың!
Мұздай қатайып,
Тастай түйіліп,
Қырандай шүйіліп,

Аллаға сиынып
Беттейсің...
Бірақ бәрі- бір
Жеңіске жетпейсің.

Егіліп, сөгілесің—
Жеңсең де, жеңілесің!
Өйткені мен оның
Талайын біліп,

Талайын көріп
Қан жылап жаттым ғой...
Өйткені бүгінде
Әділін айтар

Төреші дегенің
Сатқын ғой!..

ОРАҚ ПЕН БАЛҒА ТУРАЛЫ ЖЫР

Кешегі ұранымыз—
Өткеніңе қаратпайтын! –
“Алға!” “Алға!” болды.
Елдік таңбамыз

Орақ пен балға болды.
Сол үшін мақтандық!
Мақтанғанымыз сонша
Кеңес Одағының

Кеңістігіне симай
Жарылуға шақ қалдық...
Әлбетте,
Қару- жарақпен емес,

Еңбек құралдарымен
Мақтанғаның дұрыс қой.
(Еңбек дегенің ең асыл,
Қастерлі ұлы іс қой.)

... Дегенмен,
Өткір орағымен! –
Шөп пен астықты емес,
Адамдарды

Орып жатты.
(Судай төгілген
Қып- қызыл қанымды
Сорып жатты.)

Балғасымен
Тас- төбемнен ұрып
Қағып жіберді.
Омыртқаны опырып,

Жілігімді шағып жіберді...
... Біз осы
Анау деп, мынау деп
Өзімізді өзіміз

Неге алдай береміз?! –
Орағымен! –
Орғанда да
Қырнап орған екен—

Әлі де
Өсе алмай келеміз.
Бүгінде сөйлесек,
Түгелдей ержүрек,

Түгелдей батырмыз...
Апыр- ай
Балғасымен! –
Қақақанда да

Сіңіріп қаққан екен—
Әлі де!—
Суырылмай жатырмыз...

ТАУДАҒЫ ТҮНГІ ҮРЕЙ

Тауда адастым.
Ұзамай түн басты.
Түнмен бірге
Үрей де келді:

Қарсы алдым—
Қаптаған ібіліс,
Ту сыртым
Із кескен албасты...

Тікенді бұтақтар
Жезтырнақтардың
Қолы сияқты.
Мен жүрген жол

(Егер жол болса)
Азаптың жолы сияқты.
Бойымды мұздай қып—
Бүйірімнен! –

Жын түртіп тұр...
Төбеме төніп алған
Қап- қара бір бұлт
Жалмауыздың демі сияқты

Сұп- суық
Дым бүркіп тұр.
Ту- у алыстан
Бір құстар

Сұңқылдап хабар салды,
Дегендей “тірісің бе- ей”
Шөптер мен бұталарды
Сыбдырлатқан

Желдің жүрісі
Мыстанның жүрісіндей.
Әлдене құбылып,
Әлдене қағынып тұр...

Алып жартастар
Диюлар мекеніндегі
Алып қақпалар құсап
Сықырлап ашылып,

Сықырлап жабылып тұр...

МҰҢДАС

Өткен өкініштерім мен
Күйреген бекіністерімді
Ойыма түсіріп
Санам сарсылып,

Ауырып жүрегім, –
Күн жеп, жел жұлып
Әбден қажыған
Кәрі ағаштың

Қасында тұр едім...
О, тоба,
Кенет мен
Тұла бой денеммен! –

Сәт сездім шипалы:
Әлгі кәрі ағаш,
Мұңдасым секілді,
Бұтақтарын иығыма артып,

Жапырақтарымен
Басымнан сипады...

ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТУРАЛЫ ЖЫР

Дүние дегенің
Қақ- қақ бөлініп
Сөгілген сеңдей боп
Жарылып барады...

Апыр- ау,
Дүние түгілі,
Менің де айналам
Кепкен терідей

Тарылып барады...
Кейде күйінем,
Кейде опынам!
Е, жаратқан,

Өзің кеше гөр! –
Бала- шағамның
Ортасында да
Кей- кезде

Жалғызсырап отырам.
Опынбай қайтем! –
Бүгінгі досым
Күні ертең

Қас болады.
(Санам сарсылып,
Өзегім өртеніп,
Көзіме жас толады.)

Тілерім тек қана:
Арманым, өлмеші,
Үмітім, сөнбеші!
Е, Алла тағала,

Қапаста отырған
Тұтқынның
Жалғыздығын берсең де,
Тақта отырып

Ешкімге сенбейтін
Үргелек патшаның
Жалғыздығын бермеші!

ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ТУРАЛЫ

Алтынмен апталып,
Күміспен күптелген
Үкімет үйінің
Есігі жабылмайды:

Қарапайым халықтың
Қамын ойлап
Құлаш- құлаш
Шешімдер мен

Құшақ- құшақ қаулылар
Қабылдайды.
Барлығын санауға
Жетпес-ау шыдамың да:

Парламент депутаттары
Қарапайым халықтың
Қамын ойлап—
Тонналаған—

Заңдарын шығаруда.
Министрлердің—қарашы! –
Қиналғандары сезіліп тұр:
Қарапайым халықтың

Қамын ойлап
Сөйлеген кездерінде
Сүйектері үгітіліп,
Еттері езіліп тұр.

Бірақ сонда да
Қарапайым халықтың—
Жарытып! –
Ас ішпейтіні қалай?

Бірақ сонда да
Қарапайым халықтың
Жыртық күртесі
Үстінен түспейтіні қалай?..

ОРУЛАРЫН- АЙ, СОРУЛАРЫН- АЙ!

Арбаң- арбаң еткен
Алып өрмекші
Өзінің
Улы сілекейлерімен

Бүкіл елімді
Торлап алды,
Шырмап буып,
Шырғалаңға салып

Сорға малды.
Өрмекшілердің
Жалаңдап тұрған
Алпыс мың өткір

Алмас аяқтарымен
Кез келген жанды
Қылқадан қиып
Оруларын-ай;

Тоғыз мың
Тоқсан тоғыз тұмсықтарымен
Елімнің қанын
Насостай тартып

Солқылдатып
Соруларын- ай!
Оруларын- ай,
Соруларын- ай!

КҮМӘН МЕН КҮДІК

Бұрын мен
Күмәнға жат едім.
Бұрын мен
Күдікке қас едім.

Достыққа
Қамалдай берік
Тас едім.
Бүгінде мен,

Е, Алла тағала,
Өзің кешіре гөр, –
Қым- қиғаш
Жолдарым-ай! –

Күмән мен күдікпен
Дос болғаным-ай!
Қайтейін,
Шын досым

Дүниеге алданып
Сатып кетті ғой, –
Сенімім шүңетке
Батып кетті ғой.

Дәл қазір
Күмәнім сылаңдап—
Тәтті сорғандай! –
Құлағымның түбінде

Күбір- күбір етеді;
Күдігім бұлаңдап—
Бал жалағандай! –
Сыбыр- сыбыр етеді.

Бүгінде маған
Күмәнім—тоқал,
Күдігім—ойнас...
... Ақыры екеуі

Менің түбіме
Жетпестен қоймас!

ШЕРТОЛҒАУ

Бір күні мен
Өзіме өзім
Сыйыса алмастан
Қақ бөліндім:

Сол- сол екен
Өзіме өзім
Жат көріндім.
Біреуі

Олай дейді,
Біреуі
Былай дейді.
Астапыралла! –

Е, Алла тағала,
Өзің кешіре гөр,
Әр қайсысы
Өзін өзі

Құдай көреді.
Аяғын біреуі—
Иығыма! –
Орай артады.

Аяғын біреуі—
Иығыма
Бұрай артады...
Біреуі

Олай тартады,
Біреуі
Былай тартады;
Біреуі жынды,

Біреуі мұңлы...
Ақыры екеуі
Бір- бірімен
Сыйыса алмастан

Мені өлтіріп тынды!..

НЕТКЕН ӨМІР БҰЛ

Бұл не тіршілік:
Жүрсем—құлаймын,
Күлсем—жылаймын.
Құдай- ау,

Басым аман,
Бауырым бүтін ғой.
Сонда да... сонда да...
Жаным—от,

Демім—түтін ғой.
Нан сұрап
Жатқан жоқпын ғой
Наным өзімде;

Қансырап
Жатқан жоқпын ғой
Қаным өзімде.
Неге құлаймын,

Неге жылаймын?
Сонда да... сонда да...
Отпенен бғрге
Өшіп кеткім

Келетіні несі;
Бұлтпенен бірге
Көшіп кеткім
Келетіні несі?!

Дүниені
Түсінбейтінім- ай;
Қайғының
Коньяктай ішілмейтінін- ай!

Неткен өмір бұл:
Жүрсем—құлайтыным- ай,
Күлсем—жылайтыным- ай!

ӨКІНІШ ПОЙЫЗЫ

Мені кейде
Сұм Өкініш пойызы
Өткен күнге—мезгілдің
Перронынан

Жұлып алып кетеді;
Өткен күнге ентелеп—
Кіре- кіре
Ақыры

Өрттей ыстық өкініш
Жанды қарып кетеді.
... Қарашы енді,
Осы ғана жерде бір,

Қайран Уақыт
Өліп қалыпты,
Мына жерде
Зат есім,

Мына жерде
Сын есім,
Әне жерде
Жалғыз- ақ

Әріп қалыпты.
Әне жерде Шылауың,
Әне жерде Одағай,
Әне жерде шалағай...

... Қайта түзеп кетуге
Қайда менің шамам- ай...
Шпалдардың тістерін
Опырып- ақ жіберер

Мына жерде айтылған
Зілдей ауыр кетті сөз;
Жүрегімді айнытар
Мына жерде айтылған

Сол бір сұмпай
Тәтті сөз.
... Құдайым- ай, құдай- ай,
Мына жерде құйылып

Қалай- қалай сайраймын, –
Соны есітіп—
Ұяттан! –
Бармағымды шайнаймын...

... Қарап тұрсам бәріне
Досың жылап,
Күншілдің
Қанады ғой айызы:

Ақ боран мен борасын,
Сақылдаған аяздың
Арасынан өтетін
Жылуы жоқ ешқандай

Қандай суық еді бұл
Өкініштің пойызы...

КӨҢІЛ КҮЙІ

Білмедім –
Сол кезде шабыт кеп пе еді?
Әйтеуір
Далаға шығып ем

Бұлт астынан соққан жел
Мені ұршықтай иіріп
Аспанға алып кеткені.
Сол- сол екен

Қара бұлттардың
Жан- жақтан қамағанын- ай!
Сумаңдаған
Қып- қызыл найзағайлардың

Мені ортасына алып
Жүндей түтіп сабағанын- ай!
Жындай жұлқындым.
Құлдай бұлқындым.

Бірақ мен
Құлдық шынжырын
Үзе алмадым.
Жындай жұлқынып

Қара бұлт қамалын
Бұза алмадым.
... Ақырында мені
Жел көтерген

Қара бұлттар
Қара жартасқа соғып
Қалдырып кетті...
Сол кезде

Аспан асты күңреніп
Тау дегенің
Жаңғырып кетті.
Бейне бір

Өлең жоғалтқандай...

АЛТАЙМЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ

Дәл қазір
Жан- жүрегімнің
Ғажап бір күйді
Кешуін-ай...

Алдымнан шыға келді ғой
Арқар шүмекті
Күміс түбекті
Қарағай сүйекті

Көк түрікті тербеткен
Алтайдай бесігім- ай!
Осы бір кездесу
Іштегі шеменді

Қозғауын- ай:
Ерте- ерте ертеден
Ешкі жүні бөртеден
Келе жатқан шерімнің

Енесімен табысқан
Қозыдай маңрап,
Құлындай кісінеп,
Ботадай боздауын- ай...

ПЕНДЕШІЛІК ҚОРҚЫНЫШ

Өзіңді өзің
Тығырыққа тіреп
Өкінішіңді ойласаң
Көп күн өледі...

Кей кезде менің
Тәнімді жерге қалдырып
Жаныммен бірге
Аспанға ұшып

Кеткім келеді.
Кеткім келеді! –
(Қорлық пен зорлыққа
Қандай бір

Жан шыдапты) –
Бірақ та
Аспан жақта да
Мені сыйғызбай

Қуып жіберер
Тағы бір оңбаған
Бар сияқты...
Е, Құдай, кешіре гөр,

Қорқып қалғам ғой.

КЕМПІРҚОСАҚТАН ҚҰЛАУ

Мейлі сен,
Мейлі сенбе сен! –
Өрмелеп шықтым мен
Кемпірқосаққа көктегі...

Сол кезде, құдай- ай,
Қайтадан бұлттар шығып
Кемпірқосақтың
Шарт етіп

Үзіліп кеткені...
Аласұру басталды!
Жұрнақ бұлтқа құлап
Жұлынымды

Үзіп ала жаздадым.
Ою- ою
Сырмақ бұлтқа құлап
Ұрығымды

Бұзып ала жаздадым.
Аунап- аунап кеп
Ала бұлтқа түсіп ем,
Ала бұлт мені

Алатаудан
Алтай жаққа
Алып кетті.
(Қасымнан әлдене

Жарқылдап
Жанып өтті.
Басымнан әлдене
Жалтылдап

Ағып өтті.)
Одан сырғанап
Қара бұлтқа құлап
Қара жамбасымды

Ауырттым.
Соған қамықтым!
Сонсоң солқ етіп
Туған жерімнің

Қара тасына түстім.
(Көретін жарығым- ай!) ...
Туған жерімнің
Қара тасының

Түбіттей жұп- жұмсақ
Мамығын-ай...

МЕҢДЕШ САЛИХОВ

Меңдеш,
Мен үшін сен
Жұрттан бөлек,
Елден ерек

Тосынсың.
Өйткені
Сен менің
Ең асыл

Ең жақын
Досымсың!
Сен, Меңдеш,
Өмірге,

Өнерге,
Өлеңге
Ғашық тұлғасың.
Мен үшін сен

Қаптаған көп жұрттан
Оқ бойы озық
Асып туғансың.
Сен қашанда

Үн- түнсіз
Жүре алмайсың.
Мен сені білемін,
Мойынын ішіне тыққан

Момақан өмірді--
Тіпті де!--
Сүре алмайсың.
Сондықтан

Сен кілең
Намыстан өртеніп
Дау менен дамайға
Алау- далау боп

Білекті сыбанып
Кіріп барасың!
Кіріп барасың--
Шындықты қорғап

Бітіспес
Бүлік саласың!
Сен күлсең де,
Ескен желдей боп

Аңқылдап күлесің.
Мен сені
Қашан көрсем де
Бойыңнан

Нұрың құйылып,
Сәулең төгіліп,
Шуағың шашылып
Жарқылдап жүресің!

Мен сені
Жақсылық туы тігілген
Ордалым дер едім.
Мен сені

Арқа сүйер тірегім,
Қамқор болар
Қорғаным дер едім.
Бар бол, Меңдеш!

БІР МАШИНА БҰЛТ

Түсімде кілең
Аталас досым
(Сүйілшіш бабадан тараймыз),
Парталас досым

Өзімнің Сеңгірбайым
Шөп сияқты артып
Бір машина
Бұлт алып келеді.

(О, құданың құдіреті,
Сол кезде маған
Сиқырлы бір
Шабыт келеді.)

Сонда да бәрі бір
Сеңгірбайды—
Мынауың не деп! –
Сөзбен қағытып

Түйреп күлем.
Сеңгірбай сұстанып:
Былай дейді:
“Бұл бұлтты

Нұртас ауылы
Аспаннан аударып
Сен үшін
Тиеп берген.”

Сонан соң мен
Сеңгірбай әкелген
Бір машина бұлтты
Үйіме тасып жатамын.

Арасынан шыққан
Бұлқынған
Қып- қызыл найзағайларды
Бауырыма

Басып жатамын...
Ауылдан келген
Бір машина бұлт...

СЫРДАРИЯДА СУҒА КЕТУ

Мына өмірде
Көргенім көп менің...
Бала кезімде
Сырдарияға

Суға кеткенмін.
Сол күні мені
Ауға түскен балықтай
Ажал торлаған:

Бойымнан әл кетіп
Бір батып,
Бір шығып
Жағаға жете алмай

Сорлағам...
Қаншама жыл өтті.
Бірақ мен бәрі- бір
Түншығам—

Сол судан мені
Ешкім де құтқармағандай.
Өйткені әлі күн
Мына өмірде

Жағаға жете алмай
Бір батып,
Бір шығам...

АЛАТАУ БАУРАЙЫ

ӘМІРХАН МЕҢДЕКЕГЕ

Омырауынан
Құт саулаған
Ауқым- ауқым бұлттары
Желін ғой бұл...

Биыл кеп
Терте шаншысаң,
Келесі жылы
Арбиған- арбиған

Арба өсіп шығатын
Құнарлы жерім ғой бұл.
Ғажабын-ай!
Жонының түгін тартсаң—

Қоңдылығы сондай! –
Қоп- қою май аласың.
Саф ауасын
Кеудеңді керіп

Сіміріп жұтсаң
Қара тасты қақ жарған
Қарағайға айналасың.
Иілсең– садақ,

Атылсаң—жебедейсің.
Көліне түссең
Тау- тау толқындарды
Туырлықтай турайтын

Кемедейсің.
Қара тышқанына дейін—
Алдыңнан! –
Балп- балп басып

Керіліп өтетінін- ай.
О, құданың құдіреті,
Шалғынға құлаған
Көлеңкеңнің өзі

Күптей боп
Семіріп кететінін- ай.
Тіпә- тіпә! –
Тіл- көзден сақтай гөр,

Неткен Жерүйық бұл:
Берекенің беліне
Белбеу жетпей,
Құттың құрсағы

Бүгін- ертең босанар
Жүкті әйелдей
Шермиіп тұр...

ТҮЙСІК ЖЫРЫ

Түн іші.
Көктегі Ай
Маған қарады.
Мен Айға қарадым.

Тылсым бір күштен
Алабұртып барамын.
Аспанға ілінген
Шам- шырақ бұл.

Сол шамнан—
Көзге көрінбей—
Күміс сәулелер
Жаныма тамшылап тұр.

... Бір кезде біреу
Байғыздай баж етіп
Шамыңды сындырам деп
Аспанға тас лақтырды.

Сонысымен
Сүртілген терезедей
Жарқырап тұрған
Менің жанымды

Сатпақ қылды.
Тап- таза дүние
Әп- сәтте бүлінді.
Көлеңкелер көлбеңдеп.

Елес біткен
Ербеңдеп жүгірді...
Өкініш, өксіктен
Өртеніп барамын...

Түкке де түсінбей
Көктегі Айым
Тағы да
Маған қарады.

Мен жерге қарадым.

...АЙ- АЙ, ... АЙ- АЙ.

Әне біреудің
Үрмелі аспаптай
Өңешін созып дүңкілдеуін- ай,
Мына біреудің

Барабан құсап
Ұртын толтырып күмпілдеуін-ай;
Әне біреудің
Жарықшақ түскен

Қоңыраудай шіңкілдеуін-ай,
Мына біреудің
Мұрнының астымен
Торсаңдап күңкілдеуін-ай;

Әне біреудің
Тепсініп зіркілдеуін- ай,
Мына біреудің
Жүрекке тиетін

Май құсап кілкілдеуін-ай;
Әне біреудің
Семіздіктен жүре алмай
Іркілдеуін-ай,

Мына біреудің
Алқымы ісініп
Күрке тауықтай күркілдеуін- ай;
Әне біреудің

Құлдан бес бетер
Бүлкілдеуін- ай.
Мына біреудің
Жонынан таспа тілсең де

Басын көтеріп сілкінбеуін- ай.
... ай- ай- ай,
... ай- ай- ай...

ЖЕЛ

Шалғыдай өткір
Мына бір жел
Ызбарлы жүзімен
Кетердей орып бір...

Бірде теріскей,
Бірде батыстан
Толассыз соғып тұр.
Метеорологтарға да

Белгісіз—
Бұл желдің
Шыққан тегі мен
Анық дерегі.

Әйтеуір күн сайын
Өте қатерлі
Бір циклон соңынан
Бір циклон

Алып келеді.
Дала мен тауларым
Шаңға көміліп
Жұтылып барады.

Ормандарымның
Шаштарын жұлып,
Өзен- көлдерімнің
Беттерін тырнап

Күн өткен сайын
Құтырып барады...
Дүние
Бұйығып алыпты

Басын көтермей!
Осы бір жел
Онсыз да айра- жайра
Алып Қазақстанның—

Етегін көтеріп! –
Ұятты бір жерін
Ашып кетердей...
Қалай қымтасам екен?

ЖАРЫСТАР

Дәл қазір
Дос- жаран, танысың да,
Жақының, алысың да
Мына дүниені

Ала шапқын етіп
Бұттары божып,
Шаттары айырылып
Жарысуда!

Жарысуда!
Бірін- бірі
Ала алмай алысуда.
Бірін- бірі

Шала алмай қарысуда...
Иттер де жарысуда,
Киттер де жарысуда.
Шудалары желкілдеп

Түйелер де жарысуда.
Қарындары шермиіп
Биелер де жарысуда..
Сорлылар да жарысуда,

Долларлар да жарысуда.
Тарақандар да жарысуда.
Президенттер де жарысуда.
Жарысуда!

Біреулері
Қызынып жатыр.
Біреулері
Үзігіп жатыр.

Біреулері
Қызығып жатыр...
Басқа біреулердің
Жарыс жолында

Желкелері қиылып,
Мойындары
Үзіліп жатыр!
Енді біреулері

Жолда қалып,
Шаң қабуда.
Енді біреулері
Әйтеуір ілдалап

Жан бағуда...
... Ала шапқын
Сол жарыстардың
Екпінінен құлап,

Аяғына жаншылған
Мына дүние
Зар қағуда!..

ҚАНТ ДИАБЕТІ

Не пәле деп
Кейде өзімді
Жерлеп тұрам.
Жерлемей қайтейін,

Құйған
Жаңбыр астында да,
Көл- көсір
Судың ішінде де—

Қаталап! –
Шөлдеп тұрам.
Шөлім қанбайды!
Апыр-ай,

Көбігі тасып жатқан
Жез түсті, жел мінезді
Сыраларымды
Кеспек- кеспегімен

Бөшке- бөшкесімен
Ішкім келеді!—
Сыраға
Кеңірдектен келіп

Бөшкедей боп
Іскім келеді.
Шіркін-ай,
Атағымды осымен

Мәңгілік қалдырсам ғой:
Алдымда көл жатып,
Өзім түйеге айналып,
Күн- түні сораптап

Шөлімді бір
Қандырсам ғой.
(Арман ғой бұл).
Бүгінде

Жақыным да,
Жан- жарым да,
Дәрігерлер де
Ем- домын жасап

Дамыл алмайды.
Әурешілік! –
Өйткені менің
Тірлікке деген

Өлеңімнің де,
Өмірімнің де
Бәрі бір
Шөлі қанбайды!

ТАҚТА ОТЫРҒАН ТҰТҚЫН

(Диктаторлар мен деспоттарға)
Алдап сөйлейсің,
Жаныңды
Жалдап сөйлейсің.

Халқыңды
Құтандай көріп
Байлап сөйлейсің.
Не деген ұтқырсың!

Бірақ бәрі – бір
(Жұрт біліп отыр ғой)
Тақта отырсаң да
Тұтқынсың!

Сенің бар жағың
Барқытпен қапталып,
Мақпалмен түптелген.
Алтынмен апталып

Күміспен күптелген.
Жан- жағың алдау,
Жан- жағың қанау,
Жан- жағың қамау,

Жан- жағың...
Алау да далау.
(Сен бәрі- бір
Кетіп барасың,

Жұлдызың сөніп,
Айың жылжып
Өтіп барасың).
Бірақ сен оны

Құлаққа ілмейсің,–
Қаншама айтса да
Білгіштер...
... Тақта отыр ғой,

Тақта отыр ғой,
Сол тақтың тұтқыны
Ең басты қылмыскер.

ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА

Фариза- ақын,
Сен ешуқта да
Жай сөйлей алмайсың.
Сен қашанда

Дауылды күнгі
Шөл дала құсап
Бұрқырап сөйлейсің.
Жай күннің өзінде

Жесір мен жетімің
Жау қолында кеткендей
Жан- жүрегіңмен
Шырқырап сөйлейсің.

Лап ете түсесің!
Жарқ ете түсесің!
Сынсаң да
Майысып сынбай,

Морт кетіп
Шатырлап сынасың,
Өз- өзіңнен қайнап
Астаң- кестең төгіліп

Сақылдап тұрасың.
Маужырап
Қалғып кеткен
Мына қоғамды

Бірде кеп шауып,
Бірде кеп найзалайсың.
Сен егер
Найзағай болсаң да

Қара жартасты
Қақ айырып жіберер
Найзағайсың!
Сондықтан да сен

Бықсық сөз,
Бұқпантай тірлікті
Ұға алмайсың.
Сондықтан да саған

Ер адамның өзі
Тұрмысқа шықпаса,
Ер адамға сен
Тұрмысқа шыға алмайсың.

Кей- кей кезде
Атырау теңізінен
Үзіліп шыққан
Долы бір толқын құсап

Өтетінің- ай...
Намыс кеп
Буған кезде—
Нақақтан нақақ

Қолыңа—кісен,
Аяғыңа—бұғау түскендей—
Бұлқынып кететінің- ай.
Білемін:

Саған бүгінде
Бір пәле жабысам дейді,
Сенімен алысам дейді.
Сенемін:

Сен оған да
Бір “бүлік” бастайсың.
Сен оның
Мойынын қайырып,

Жағын,
Аузымен қосып
Айырып тастайсың!..
Фариза- ақын,

Алла тағала
Бойыңа қуат,
Ойыңа шуақ берсін!

ЖАТАЙЫН

Былай жүрсем—
Қаптаған
Алдау мен арбау.
Олай жүрсем—

Ұсақ- түйек,
Жұрнақ пен жалғау.
Былай жүрсем—
Апан мен шұңқыр.

Олай жүрсем—
Зар менен сүңқыл.
Қой болмас!
Суға батқандай

Өзіме өзім батайын—
Етімді құжынаған
Құрт біткен талап,
Сүйегімді көкпеңбек

Мүк басқанша жатайын.

ОҚИҒАЛЫ ӨЛЕҢ

Маңғыстаудың
Өңменіңнен өтетін
Ақ түтек
Үскірік бораны

Соғып тұр.
Алды- артын
Түгел жапырып
Орып тұр...

...Бір топ жылқышы
Бір үйір жылқыны
Қақпақылдап қуып
Қарысып келеді.

Ұйтқыған боранмен
Алысып келеді...
Бір кезде
Иесіз

Қара қора көрінді.
Үміттің оты жылтырап,
Қатердің бұлты сөгілді.
Құрықтарын сермеп,

Қиқулап жүріп
Сол бір үйірді
Қара қораның ығына иірді.
... Күреңіткен

Кеш те боп қапты.
Жігіттер жиылып
Көң қопарып
От жақты.

Сол кезде бір жігіт
Көңнің астынан
Қамшыдай созылған
Сұп- сұр бір жылан

Тауып алды.
Отқа қыздырды.
Қайтадан
Бауырына басты...

Жан- тәнін салып
Тізесін бүктіріп
Қолын талдырды.
... Бір кезде

Жыланға
Жан кірді!
Басы қайқаңдап,
Бұлғақ- бұлғақ етті.

Сол сәтте жігіт
Аһ ұрды...
... Жанданған жылан—
Отқа қыздырып,

Бауырына басып!—
Жылытқан жігітті
Тамырынан шағып
Сеспей қатырды...

Қазақтың тағдыры осы.

ТЕАТР

Бүгінде
Бүкіл Ғажапстан елі
Алып бір
Театрға айналды.

Елдегі жұрттың
Бәрі де актер:
Біреуі айлалы,
Біреуі байлаулы,

Біреуі қайраулы,
Біреуі айдарлы,
Біреуі айбарлы...
Тағы да біреулер жүр—

Қайдағы- жайдағы...
Басы басталып,
Аяғы бітпейтін
Траги- комедиялық

Спектакль жүріп жатыр.
Бір актер жылап,
Бір актер күліп жатыр;
Біреуі сиыр боп мөңіреп;

Біреуі
Ит болып үріп жатыр;
Біреуі
Қоқыс ақтарған бейшара,

Біреуі
Өз жерін өзі жаулап
Тоз- тозын шығарған
Триумфатор.

Көздері алақтап
Шетелдік біреулер жүр—
Спектакльге
Өлермен боп...

Апыр- ай,
Жұрттың бәрі де
Актер боп кеткен.
Бірақ та

Бір түйір
Көрермен жоқ!
Декорациясы:
Асты- үстіне шығып

Шашылып жатқан
Тоналған жер;
Тартылған көл,
Қуарған шөл,

Өртенген
Орман мен бел...
Массовкадағы миллиондаған актерлар
Бірде олай жүгіріп,

Бірде былай жүгіріп
Кеткендей—
Көктегі бұлт пен
Таудағы көшкін боп...

Басты рольдегі
Ең басты Актерің
Таңнан кешке дейін
Монолог айтады...

Бірақ бәрібір
Оны тыңдайтын ешкім жоқ.
Спектакль тоқтар емес...

БІР СӨЗДІҢ ТАҒДЫРЫ

Ап- ауыр
Ой арқалаған
Бір сөзім
Шырқау биікке көтерілді.

Зырқырап ұшқаны сонша
Соңынан
Тіндей жіңішке
От өрілді.

Зырқырап барады!—
Оң жағында
Жұлдыздар,
Сол жағында

Ай қалып кетті.
Бұлттарыңды
Тесіп өткен ол
Жердің құйтақандай

Табиғи серігіне
Айналып кетті.
Сол сөздің
Ертеңіне алаң

Сан түрлі ойлар
Еңсеңді езіп
Басып жатады.
Сол ойлардың

Түбіне жете алмай
Басым қатады.
Құйтақандай
Сол бір сөз

Аспанға бір жұлдыз
Тағып кетер ме екен?!
Жоқ әлде
Түймедей үзіліп

Ағып кетер ме екен?!

ӨЛІ ТЫНЫШТЫҚ

Өлі тыныштық.
Ес- түссіз тіршілік
Осы жерде ұйысып,
Бөгіп қалғандай...

Сыбдыр еткен шөп,
Сыбыр еткен жел де жоқ.
Басқаны былай қойғанда
Уақыттың өзі де

Өліп қалғандай.
Өлі тыныштық дегенің
Адамның жанын—
Пышақсыз- ақ!—

Ірейді екен ғой:
Мына дүние
Демін шығармай
Үндемей қалса да

Үрейлі екен ғой...
Селдір жапырақтар
Тозған жамаудай—
Қимылсыз!—

Жалбырап тұр...
Мұнара басындағы
Бұзылған сағаттың
Ұзын- ұзын тілдері

Өлі тыныштыққа
Шыдай алмастан
Асылып өлгендей
Салбырап тұр.

Осы бір
Өлі тыныштық
Сүйегімді шағып
Езердей етімді...

Аспандағы айдың өзі
Цифрлары оңып,
Тілдері түсіп қалған
Тозған сағаттың

Беті секілді...
Өлі тыныштық.

ӘУПІЛДЕК

Жылдарым—жадау,
Айларым– жүдеу,
Кім келіп
Қолтықтан демейді?!...

Бүгінде
Елім мен жерімде
Күшеншек, тыраш
Әупілдек көбейді.

Олардың дәл қазір
Әлемді аралап
Кеткен атағы.
Күн- түні әйтеуір,

Ауыр бір нәрсені
Көтере алмастан
Қиналып жатқандай
Әуп- Әуп- Әуп деп

Әупілдейді де жатады.
Бұл неткен
Күшті деп
Бостан- бос егеспе?

Әупілдек дегенің
Дауысы ғана зор,
Әлсіз, әлжуаз
Шынашақтай ғана

Құсың емес пе?!
Дәл қазір сол құстың
Әуп- Әуп- Әуп дейтұғын
Дауысын есітіп

Қаның қайнайды,
Жаның жанады...
Бірақ, қайтесің,
Бұл заман—

Күшеншек, тыраш
Әупілдектің заманы.

ҚАПАЛАНУ

Мына Уақыттың
Қара суықтай
Қысуын- ай...
Жанымды қозғап,

Жүрегімді суырып
Айтқан сөздерімнің
Қураған жапырақтардай
Желменен ұшуын- ай.

Ол сөздер
Білгенге!—
Кіретін сөздер еді
Кісілік баптарына...

Қайтейін!—
Енді, міне,
Қураған жапырақтардай
Аяққа тапталуда.

Ол сөздер—
Өртең жерімнен
Өніп шыққан
Желкілдеген

Өркен еді...
Енді олар
Қураған жапырақтармен,
Қоқыстармен,

Қоқымдармен бірге
Өртенеді...

БҰЗЫҚ КӨШЕ

Тірліктеріне
Қарап тұрсам,
Көп адам—
Дәл қазір

Айқай- сүреңді,
Ырду да дырду,
Дарақы даңғаза
Қызыққа бататын;

Қанжары жалақтап,
Гүрсітіп
Мылтық ататын;
Айбақ- сайбақ ағашы

Төбеңнен
Іріңдей жап- жасыл
Бұлт боп төнетін;
Түндей біреулер

Албастының омырауын
Қақ айырып
Ындыны кепкен қара төбеттей
Ыңырсып еметін;

Ұры- қарасы
Көздері қызарып
Асып- тасатын;
Қарақшы, бұзығы—

Құтырған кезінде!—
Жазықсыз жандардың
Қандарын
Судай шашатын;

Төсегінде
Сайқал ойнақ сап,
Көшесінде
Шашы жалбырап

Сайтан жүгірген—
Шыққандай
Бұзық көшеден.

ҚҰБЫЛЫСТАР МЕН БҰРЫЛЫСТАР

Құбылыстары мен
Бұрылыстары көп
Заман бұл.
Шиыр- шиыр

Құбылыстарына
Шырматылып
Қамалдым.
Жықпыл- жықпыл

Бұрылыстарында
Тоналдым...
Шиыр- шиыр
Құбылыстарының

Шырғалаңын- ай.
Жықпыл- жықпыл
Бұрылыстарының
Бұралаңын-ай.

Тапсаңшы,
Бір амалын-ай!..
Шым- шытырық
Құбылыстардан

Қап – қара бәле шығып
Үстіме төніп
Түйіліп тұр ғой.
Жықпыл- жықпыл

Бұрылыстардан
Құтырған құйын шығып
Жіптей есіп
Иіріп тұр ғой.

Үстіме төнген
Сол бәле иісінен
Құрт түскен еттей
Бұзылып кетердеймін.

Ұршықтай
Құтырып айналған
Қара құйыннан
Үзіліп кетердеймін.

Шиыр- шиыр
Шырматылған
Құбылыстардан
Шыға алар емеспін.

Жықпыл- жықпыл
Қара құйынды
Бұрылыстарды
Ұға алар емеспін.

Мен қазір
Сұлба мен елеспін!

ҚАРА ЖЕР

Қара Жер астаң- кестең:
Бір жағы бақандасып,
Бір жағын топан басып;
Бір жағын өрт шалып;

Бір жағын
Айықпас дерт шалып;
Қан ағып,
Жан алып,

Атысып,
Шабысып;
Бір жағы босып,
Бір жағы шошып жатқан

Қара Жер астаң- кестең.
Тағдырың талқан болардай
Тағдырын ойласаң
Қара Жер бастан кешкен.

Бүгінде мұң- зары
Еттен өтіп,
Сүйекке жеткендей...
... Ұлы Қара Жер

Құрдымға лағып барады,–
Бойлықтары қиылып,
Ендіктері
Үзііп кеткендей...

САПАРДАН СОҢ

Мен

Кейінгі кезде
Бір тыным таппаймын.
Саудагерлердей
Көп жүріп кеттім.

Іштегі бір дауыс
Айқай салды:
Өзіңді бүйтіп кемітпе,
Көк түрік тектім!

Мен шынында
Кейінгі кезде
Көп жүріп кеттім.
Алтайға барып ем,

Алтай тауым
Бауырында жатқан
Бұлттың бәрін
Сыпырып тастап

Келдің бе! деп
Жар салды.
Маңғыстауға барып ем
Маңғыстауым

Кәрі Каспийдің
Толқындарымен бірге
Қол соғып қарсы алды.
Оңтүстікке барып ем,

Оңтүстігім
Қара суыма
Бал салды.
Теріскейге барып ем,

Теріскейімнің
Топ- топ боп тұрған
Қарағай, қайыңдары
Құрметіме ән салды.

Менің сонда
Ойыма
Өрттей от толды.
Жаным жаралы болатын,

Жарасы жоқ болды.
Қайтадан
Қабыландай айбаттандым,
Қара нардай қайраттандым.

Тартысқандарды
Ту- талақай етіп
Шалып жығатындай,
Алысқандарды

Ит сілікпесін шығарып
Алып ұратындай болдым.
Болдым,
Толдым!

СУРЕТ

Тау бөктері.
Желпиді
Салқын леп бетімді...
... Жасыл шыршалар

Қанаты жиналып
Тауға шаншыған
Алып бір
Қолшатырлар секілді.

Бұлт шықты.
Сәлден кейін- ақ
Дүние қабарып
Түнерердей...

... Жауын басталса,
Дәулер шығып
Тауға шаншылған
Жап- жасыл қолшатырлардың

Жиналған қанаттарын
Жайып кеп жіберердей...

ІЗДЕЙМІН

Мен қазір
Сөздері де келіскен,
Өздері де келіскен.
Елі мен жері үшін

Билік таластырмай,
Билік бөліскен
Керей мен Жәнібектей
Көсемдерімді іздеймін.

Мен қазір
Қарсы келгенді
Жасындай жасқайтын;
Перідей бүлік,

Жындай бұзықтың өзін
Сөзбенен буып,
Сөзбенен матап тастайтын
Төле мен Қазыбек,

Әйтеке сынды
Шешендерімді іздеймін.
Мен қазір
Шапқан сайын үдеп

Мына тірліктен
Азат табатын;
Тіктеп түскен тұяқтан
Кішігірім қазан асатын

Ошақ қалатын
Тайбурыл секілді
Қазанаттарымды іздеймін.
Мен қазір

Тау қопарып,
Тас жарып кеп
Шалқасынан жатса—
Құшағына!—

Бір аумақ бұлт толатындай;
Етпетінен жатса—
Арқасына!—
Айырплан қонатындай

Қажымұқан тектес
Азаматтарымды іздеймін.
Үмітімді үзбеймін.

ЖЫЛАНМЕН АРБАСУ

Түркістан аймағына
Әйгілі Әубәкір қари
Қаратаудың қойнауында
Сала құлаш

Қара жыланмен арбасты.
Жындарын шақырып,
Перілеріне ақырып,
Бірде қылғынып,

Бірде аһ ұрып
Күңрентіп тау- тасты,
Ала көзін қан басты.
Арбасты!

Арбасты!
Жылан да берілмеді,
Қари да берілмеді.
Ауаны аралап жүгірген

Бір сыбыс өлім деді;
Ауаны аралап жүгірген
Бір сыбыс тәңір деді.
Бір- бірін ала алмады!

Қара жылан да
Бірде—
Үзіліп кетердей!—
Жіптей жіңішкеріп,

Бірде
Шоқпардай болып
Ісініп кетеді.
Әубәкір қари да

Бірде—
Сынып кетердей!—
Таяқтай жіңішкеріп,
Бірде

Күптей боп
Ісініп кетеді...
Апыр- ай,
Қара жыланның

Айыр тілінің
Жалаңдауын- ай!
Әубәкір қаридың
Қып- қызыл көзінің

Алаңдауын- ай...
Екеуінің де
Қысылуын- ай,
Бірін- бірі

Ала алмай қарысып—
Тартыстың—
Ушығуын-ай!
Жоқ болды

Сол кезде
Сұмпайы бір дыбыс—
Қағынған
Сабалап көкті...

Ақыр соңында
Қара жыланың
Ісініп- ісініп- ісініп...
Пышақ тиген местей боп

Айра- жайрасы шығып
Жарылып кетті...
Әубәкір қари
Орнынан зорға тұрды...

... Бірде оңға жүрді,
Бірде солға жүрді...
... Біз дағы
Қатерлі жыланмен

Арбасып,
Қарысып жатырмыз;
Алысып жатырмыз...
Ала алмай жатырмыз

Амалын
Таба алмай жатырмыз...

КҮЗГІ ЖЕЛ ЖӘНЕ АҒАШТАР

Күзгі қара жел
Үйіре ұйтқытып
Оңын да, солын да
Бұрқырап соғуда.

Сол желден
Алау- далау боп
Бұлқынған ағаштар
Мына заманның

Қатерін ұққандай.
Ақыры
Шыдай алмастан
Ереуіл жасап

Шеруге шыққандай.
Осы бір желдің қала мен
Қара жер үстін
Қарала шаңға

Көмгендерін- ай...
Ызаға булығып
Шеруге шыққан
Тізілген ағаштардың

Иір- иір білектерін
Оңды- солды
Сермеулерін- ай...
Қара жел суығы

Сүйекті шағып,
Өңменнен өтіп барады...
Шұбырған ағаштар
Көше бойымен,

Қолдарын сермелеп
Орталық алаңға
Алау- далау боп
Жұлқынып кетіп барады...

ӘРІ ТҮСІНІКТІ, ӘРІ ТҮСІНІКСІЗ

КӨРІНІС

Әне бір жан
Қапаға батып,,
Биік құздың
Басына шығып

Ұзақ отырды.
Бірде күйінді,
Бірде опынды.
Ұзақ отырды.

Қалың бір ойлар
Бойын жүдетіп,
Жанын жұтатты...
... Қараңғы көктен

Қып- қызыл шоқтай
Ағып түскен жұлдызды
Қағып ап
Шылымын тұтатты...

Көңілі қабаржып
Шылымын
Құныға сорады...
Ұзақ сонар

Мына тірліктің
Көрінбей сорабы
Жанары
Жасқа толады...

Бір кезде көзі
Өзі отырған
Құз шетіндегі
Үрейлі құрдым

Тереңге түсті...
Сонан соң асығыс
Шылымның тұқылын—
Деді ме

Күлсалғыш?!__
Айдың бетіне
Баса салды да,
Төменге түсті...

АЛАҢ КӨҢІЛ

Заманның лебі
Суып барады.
Құдай- ау,
Қашан ол

Құрықталады.
Мен де қазір
Әрбір күнімді
Басқа жұрт құсап

Амалдап құрам.
Тағы да
Не болар екен деп
Таңертең төсектен

Алаңдап тұрам.
Алаңдай,
Алаңдай—
Жүгіріп келгендей—

Демімнің алқынуын- ай.
Жанымның
Кеудеме симастан
Суықтың

Келерін сезінген
Күздегі
Шыбын сияқты
Шарқ ұруын- ай.

Апыр- ай,
Күндердің күнінде
Қатыгез заман
Құрсаудай сығып

Қысып кетеді- ау...
Шыбын- жан сонсоң
Шыдай алмастан
Аспанға зың етіп

Ұшып кетеді- ау...

КІЛЕҢ СОЛАЙ ҒОЙ!

Даңғаза аңшы:
Мына қоянды
Атсам;
Атып,

Базарға сатсам;
Ақшасына
Қатын алсам,
Қатыным

Күндей жарқырап,
Гүлдей құлпырса,
Онан соң одан
Балпанақтай ұл туса,

Атын Рахметолла қойсам
Шілдеқанасына
Түйе сойсам деп
Айқай салғанда,

Отырған қоян
Бір- ақ орғып
Қашқан да кеткен;
Құйрығын ғана көрсетіп

Бір белден
Асқан да кеткен...
Кілең солай ғой!
Болмаған іске

Айқайға басып
Әлемді шулатып,
Әлемді шақыратынымыз- ай,
Қапылатынымыз- ай.

Сөздерді көпіртіп
Сапыратынымыз- ай.
Жапырмасақ та
Жапыратынымыз- ай.

Ақырында
Масқара болып
Аһ ұратынымыз- ай.

БҮГІНГІ ХАЛ

Қатал қыстағы
Алатаудың шыңдарын
Қатпар- қатпар
Мұз басқандай,

Менің де жанымды
Құрсаулап мұз басуда;
Балқаш көлімнің
Бүкіл денесін

Тұз басып бара жатқандай
Менің де
Буын- буынымды
Тұз басуда.

(Арман, Үміт
Дәл қазір—
Қауіпті құз басында.)
Сексеуіл,жыңғылы

Қырқылған даланы
Құм басқандай,
Бүйрек пен бауырдың
Қуыс- қуысын толтырып

Құм басуда.
Құрғақшылық пен өртке
Шарпылған орманды
Мұң басқандай,

Ойымды мұң басуда.
(Қол ұшын берер деп
Қоғамға қарап ем—
Қоғамым—

Құтырған бурадай!—
Жын шашуда.)
Жүдеу Каспийім,
Жадау Аралым...

Мұндай хал- күйде
Қалай мен
Жарқырап жанамын...
Бірақ та

Жоқ қой амалым.
... Мен қазір
Қайран табиғат құсап
Кеуіп, қансырап,

Тарылып,
Тартылып барамын.

АСПАНДАҒЫ АЛАСАПЫРАН

Бәрі тыныш болатын
Аспандағы
Ақ боз атпен
Көк боз ат—

Әдеттегідей!—
Темірқазыққа
Байланып тұрған;
Оларды қалайда алам деп

Жеті қарақшы—
Әдеттегідей!—
Айналып тұрған...
Бір кезде

Сұрапыл бір үндер
Тілгілеп көкті
Дүбірлеп кетті.
Жеті қарақшыдан емес

Жердегі сұмдықтардан
Үркіп шошыған
Көк боз ат
Темірқазыққа байлаулы

Шылбырын үзердей боп
Көкке қарап
Кісінеп тұрды.
Үркіп шошыған

Ақ боз ат
Темірқазыққа байланған
Шылбырын үзердей боп
Жерге қарап

Кісінеп тұрды.
Алапат құдірет көрді!
Ақ боз ат пен
Көк боз ат

Жердегі сұмдықтан үркіп
Шапшыған кезде
Темірқазықты
Жұлып кете жаздады...

Осы бір сәтте
Ақ боз ат пен
Көк боз ат қана емес,
Темірқазыққа

Байлаулы тұрған
Бүкіл дүние
Құрып кете жаздады...
Әйтеуір бұл жолы

Құдай сақтады.

ЖАҒЫМПАЗДЫҢ ЕКІ МОНОЛОГЫ

1.ТІРІ КЕЗІНДЕ

Сіз кетпеңіз!
Сіз кетсеңіз—
Мына дүние
Қақ жарылады ғой.

Сіз кетпеңіз—
Солтүстік Мұзды Мұхит
Жер шарына
Топан боп жайылады ғой.

Құдай басқа бермесін
Тынық мұхит
Тыныштығынан айрылады ғой.
Бүкіл Африка,

Бүкіл Америка,
Бүкіл Азия,
Бүкіл Еуропа
Қара жамылады ғой.

Сіз кетпеңіз!
Жер жүзі дәл қазір
Күнді емес,
Сізді айналып тұр ғой.

Сіз қазір
Аспан астындағы
Темірқазықсыз!
Сол қазыққа

Дүние байланып тұр ғой!
Сіз кетпеңіз!

2. ӨЛГЕННЕН СОҢ

Атаңа ғана лағынет!
Ақыры кеттің бе!—
Бәрін бүлдіріп,
Бәрін тындырып

Өттің бе!
Бүге- бүге
Екі тізем
Күс болды ғой.

Қайтадан тіктеп тұруым
Күш болды ғой.
Күйіне- күйіне
Мына дүние

Бұзылып кете жаздады ғой.
Иіле- иіле
Бел омыртқам
Үзіліп кете жаздады ғой.

Енді сен
О дүниеде
Пейіштің нұрын емес
Құрт пен құмрысқаны

Іріңдей былжыратып
Сорып жатасың!
Аптапты күнде де
Көріңнің ішінде—

Қалшылдап!—
Тоңып жатасың.
Енді мен
Жағынуды аңсап

Басқаша адам,
Басқаша атырап табам!
Мен саған енді
Топырақ салсам да

Доңыз сарыған
Топырақ салам!
Атаңа ғана лағынет!

СЕН ОНЫ СЕЗЕСІҢ БЕ?

Елестей ербеңдеген
Әне бір жүргендер
Жанымды
Аязды күндей

Қатырғалы тұр.
Ерең- серең еткен
Әне біреулер
Тұнық көлдерімді

Итаяқтағы жуындыдай
Сапырғалы тұр.
Сен оны сезесің бе?!
Тағы да әне біреулер

Желді күнгі дауылдай—
Өз елін!—
Қамыстай құлатып,
Қоғадай жапырғалы тұр.

Ең сұмдығы!—
Кеудесін күнде тоқпақтап
Мақтанып жатқан
Бейшара Қазақстанға

Болат азулы,
Жез тырнақты біреулер
Атылғалы тұр.
Сен оны сезесің бе?!

АЗҒАН ЗАМАН

... Азған заманда
Шындық дегенің—
Үзіліп кетердей
Жіптей жіңішкеріп,

Өтірік дегенің
Қорсылдаған
Доңыздай семіреді.
Қыраның қырын ұшып,

Итің кері үреді.
(Үргенде де,
Темірді темірге соққандай—
Шақылдап!—

Миыңды кеміреді.)
Қулық дегенің
Жезөкшеден бетер
Қырық құбылып

Жымың қағады.
Сұмдық дегенің
Сұр жыланнан бетер
Сумаң қағады.

Түсінер, ұғар деп
Іс айтқан адамың
Тоғыз күн шіреніп,
Он күн керіледі...

Әділдікке—
Тозақтың есігіндей—
Түрменің
Есігі ашылып,

Қылмыскер қарақшыға
Салтанатты залдарда
Орден беріледі...

ӨТКЕН МЕН БҮГІНГІ КҮН

Сонау бір
Қиыр алыстағы
Өткен заманда—
“Май болса,

Бауырсақ пісірер ем,
Көрші ауылдан
Қазан әкеп,
Апыр- ай, ұн да жоқ,

Дым да жоқ”—деп,
Күңдей күйініп,
Түндей түйіліп
Отырған

Шарасыз әйелдей
Бүгінгі Күн де
Не істерін білмей—
Дал болып!—

Есін жия алар емес,
Жасын тия алар емес...

ДАҒДАРУ

Асау арманың
Қылша мойнына
Қыл шылбырлы
Тұзақпен

Асау аттай құрықтаулы.
Шығар есігің де,
Кірер тесігің де
Құлыптаулы.

Күн- тұні
Есітіп жатасың—
Құлақты сарсылтқан!—
Толассыз сандырақ бір...

Үстіне албасты
Мініп алғандай
Мына тірліктің
Иіні салбырап тұр.

Алдың да қараңғы,
Артың да қараңғы...
(Таба алмай амалды
Сол бір түнекке

Дүние қамалды.)
Әйтеуір ,
Жан- жаққа,
Қарасаң,

Аңғарып бір:
Жұрт біткен—
Бәрін жоғалтқан!—
Түрмеден шыққан адамдай

Қай жаққа
Жүрерін білмей
Дағдарып тұр!

ӘЙ, ОПАСЫЗ УАҚЫТ- АЙ!

Күні еше ғана—
Басына таңертең
Өрмелеп кеткен адам
Кешке бір- ақ түсетін—

Сөйтіп—сусынын!—
Қаталап ішетін,–
Алып бәйтеректің
Ұшар басына салған

Ұядағы
Отаудай- отаудай
Самұрықтың балапандарын
Жұтамын деген,

Мүлде құртамын деген,–
Жуандығы атан түйедей,
Ұзындығы—
Екі арқан бойы—

Айдаһарды,–оғының басы
Бір пұт келетін
Садақпен атып құлататын
Ақыры елін де, жерін де жұбататын

Батырлар туралы
Ертегілерді оқып
Өсіп едім,
Соларға еліктеп

Не бір қиял- ғажайыптарды
Басымнан кешіп едім...
Содан ба,
Мына бір

Күйкі тірлікті
Көре алар емеспін.
Мына бір
Күйкі тірлікке

Көне алар емеспін!
Әй, опасыз уақыт- ай!

ҚАЛАЙ ?

Тұлпарларым
Кермелерде
Тықыршып тұра алмайтын;
Сұңқарларым

Саңқылдап ұрандайтын;
Бір жағында—Саққұлақ,
Бір жағында—Таусоғар,
Алдында—Желаяқ,

Соңында—
Көлтауысар тұратын
Тұтас елім бар еді!
Сол елімнің,

Құдай- ау—
Жарылып!—
Бара жатқаны қалай?
Қыранның өзі

Бір шетінен
Екінші шетіне
Апталап жете алмайтын;
Аспандағы бұлттың өзі

Бір тауынан
Екінші тауына
Өте алмайтын
Шетсіз- шексіз

Жерім бар еді.
Сол жерімнің
Әркімге қолды боп
Тарылып

Бара жатқаны қалай?
Қалай?

АПАЛАРЫМ ДӘМЕШ ПЕН ҰЛПАШҚА

Біріңді бірің
Жетелегендей болып,
Біріңнен соң бірің
Кетіп қалғандарың- ай!

Қай бір күнде де
Қай бір кезде де
Мені іздеп
Мені күтіп

Өзегі талғандарым- ай!
Енді сендер жоқсыңдар!
Кішкентай кезімде
Қара суықтарда

Ықтасын болып
Қалқалап бағатын едіңдер.
Жер лайсаң,
Аласапыраңдарда

Мектепке дейін
Арқалап баратын едіңдер.
Енді сендер жоқсыңдар!
Қандай бір

Қатты болсам да
Сендердің құшақтарыңда
От тиген
Қорғасындай болып

Балқып кететін едім.
Қаншама
Жадап жүрсем де
Сендерді көріп

Шалқып кететін едім .
Енді сендер жоқсыңдар!
Біздерді
Қу тірлікке тастап

Қара жерге
Мәңгілік жайланғандарың- ай.
Әр көрген сайын
Жүрегі елжіреп,

Бауыры езіліп
Айналып- толғанатын,
Айналайындарым- ай.
Енді сендер жоқсыңдар!

ЖИІРКЕНІШТІ

Ақыл айтатын
Ақсақалдарының
Милары
Шалап боп кеткен;

Табағы итаяқ,
Итаяғы
Табақ боп кеткен
Заман бұл.

Азамат деп жүргенің
Азалы үйде отырып
Қарқылдап күлетін;
Ит жоқта емес,

Ит барда да—
Шошқасы үретін
Заман бұл.
Құласаң—

Досың да бұрылмайтын;
Аппақ шашты
Қайнағалары
Келіндеріне қырындайтын

Заман бұл.
Жиіркенішті!

ОСЫЛАЙ КЕТЕ БЕРСЕК...

Осылай кете берсек—
Жіңішкеміз ұзіліп,
Жуанымыз қылдай болады;
Қызымыз күңдей,

Ұлымыз құлдай болады.
Осылай кете берсек...
Ойласам;
Өзегім өртеніп,

Жаным тұншығып,
Демім алқынады.
Осылай кете берсек—
Ойдағы суат тартылып,

Бойдағы қуат сарқылады...
Осылай кете берсек—
Түптің түбінде
Не болып,

Не қоярын—
Кәміл білеміз:
Киім таңдамайтын
Диуанадай,

Тиын талғамайтын
Қайыршыдай
Өмір сүреміз.
Осылай кете берсек...

САРЫАРҚАДАҒЫ САҚЫЛДАҒАН САРЫ АЯЗ

Мына сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын- ай.
(Апыр- ай,

Осындай суықта да—
Тамағыңа тас тығылғыр!—
Әне бір қақсауық
Идеолог- шенеуніктің

Қарғадан бетер
Қарқылдауын- ай.)
Ұстарадан да өткір
Мына сары аяз

Тіліп тұр бетіңді.
Ауыздарынан
Будақ- будақ
Бу атқылаған

Адамдардың әр қайсысы
Қайнап бара жатқан
Самаурын секілді.
Осы бір аяздан

Бағандардағы шамдардың
Қып- қызыл құлағы.
Аяз сорып
Кептіріп жіберген

Аппақ қар—
Басып қалсаң!—
Шыны сияқты
Күтір- күтір сынады.

Неткен суық бұл!
Солтүстік Мұзды Мұқхитың
Бізге де жеткендей.
Мына суықтан

Жын- шайтан,
Ібіліс, диюларға дейін
Жылу қазандықтарының
Алып мұржаларына

Кіріп кеткендей.
Осы бір суықтан
Онсыз да жаны жаралы
Мына жұрт—

Тұтқынға түскендей
Бүгежең- бүгежең етіп
Тартып барады...
Сарыарқадағы

Сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын- ай.
(Осындай суықта да,–

Тамағына тас тығылғыр!—
Қақсауық идеологтың
Қарғадан бетер
Қарқылдауын- ай!)

ТАМБУРДАҒЫ ӘН

“Отырар” поезының
Тамбурында—
Басқа жер
Құрып қалғандай!—

Есмұхан Обаев пен
Әшірбек Сығай
Ән салды.
(Вагоннан

Вагонға өткендер
Алайып қарайды
Көргендей!—
Әумесер, аусарды.)

Екеуі әндерді
Көсіліп айтты,
Шешіліп айтты.
Әнде бір өші кеткендей

Көмейлерін
Көріктей керіп,
Өңештерін
Кернейдей созып

Өшігіп айтты.
Онсыз да екеуі
Қайбір “оңған”
Көздері қанталап,

Тамырлары
Білеудей ісініп
Жын ұрғандай
Есіріп айтты.

Айтты,
Айтты,
Айтты.
(Сол бір кездерде

Дүниеге біреулер келіп,
Дүниеден
Біреулер қайтты.)
… Көкжиекте

Күннің жалқыны
Өшіп бара жатты;
Аспандағы бұлттар
Алау- далау боп

Көшіп бара жатты;
Заулаған пойыз
Екі кеш арасын
Кешіп бара жатты...

Сол бір әндерден
Аспандағы бұлттар—
Не күннің жалқынынан,
Не әннің жалқынынан,–

Өртеніп кетті...
Сол бір әндерден
Мен де теңселіп кеттім.
Пойыз да теңселіп кетті.

Сол бір әндерден—
Жанымда!—
Өшпестей боп
Мұң қалғанын- ай:

Шетсіз- шексіз
Далада туған
Сол бір әндердің
Тар қапас—

Тамбурда!—
Құрыққа түскен асаудай
Бұлқынып шырқалғанын- ай.

МАРҚАЮ

...Жемтік іздеген
Қара құс—
Тас төбемде
Шүйіліп жүр...

Әне бір бұлт
Қарынға жабысқан
Қара талақтай боп
Түйіліп тұр.

Жан- жағынан салбыраған
Ұзын- ұзын
Түкті сирақтарымен
Мені бүріп

Алып кетердей;
Не болмаса
Бойына жасырған
Жай оқтарымен

Қақ айырып
Жарып кетердей...
... Кенет,
Бір кезде

Қап- қара бүлт
Іріп кеткендей
Өліп бара жатты.
Бүкіл

Қаһарынан айырылып
Семіп бара жатты.
... Өкпек жел шығып
Әлгі бұлтты

Ит тартқан
Тулақтай етіп
Сүйрегенін- ай.
Көз алдымда

Әлгі бұлттың
Күл- паршасы шығып
Күйрегенін- ай...
Соны көрген мен

Алдыма
Сарыарқаны жайып
Марқайдым.
Арқамды

Алатауға тіреп
Шалқайдым...

САҚИДЫҢ ТІЛЕГІ

Сол бір жан
Маңдай тер,
Табан ақысымен тапқан
Ақшасын—

Көшеде—
Жоғалтып алды.
Өзі тас кедей еді,
Сорына

Сор артып алды.
Бірақ ол
Өкінген жоқ.
Ақшамды

Қайтара гөр деп
Аллатағалаға жалбарынып
Өтінген жоқ.
Ол жанның

Жаны жайсаң,
Санасы өткір еді...
Бар болғаны,
Ақшамды,

Ақшаға қақалған
Әлдекім емес,
Ақшаға зәру
Бір бейшара

Тауып алса екен
Деп тіледі.

АСТАПЫРАЛЛА!

Қазанның күйесіндей
Қап- қара түн.
Бір кезде
Бүйірімнен біреу

Шаншудан бес бетер
Бір түртті.
Сонысымен
Денемді

Аяздай қарып
Жан- дүниемді
Үркітті.
Шап беріп

Ұстай алдым.
Үп- үшкір темір екен.
... Жарқ еткен жанарынан
Найзағай

Байқап қалдым:
Шаштары
Қырық жыланды
Өрім екен.

Алыса кеттік.
Денесі
Су сияқты
Сұйық боп шықты.

Апыр- ай,
Ұстағанмен
Жұлып ала алмайсың.
Соққанмен

Ұрып ала алмайсың.
Басындағы
Қырық жыланы
Тілдерін сумаңдатып

Ысқырып тұр.
Сонысымен- ақ мені
Жайпап жіберердей
Тықсырып тұр.

Басында
Қырық жылан шулаған
Сол бір сұйық бәлеге
Сіңіп кеткендей болдым;

Тұла бойым жидіп
Іріп кеткендей болдым.
Жұлқындым,
Бұлқындым.

Жағаласып
Алысып бақтым,
Табандасып
Қарысып бақтым.

Таудың бөктері болатын.
Сатұр- сұтыр етіп
Тастар шашылды.
Бір кезде жұлдыз көрініп

Аспан ашылды.
Мен алысқан
Сұйық денеңіз
Су құсап

Қара жерге
Сіңіп кетті.
Ысқырып түрған
Қырық жыланың

Тозған шүберектей
Іріп кетті.
Қарасам:
Астымдағы атым

Қан сиіп
Жер табандап қапты.
Келе жатқан соқпағым
Шекараның ар жағындағы

Айдаһардың құйрығындай
Ширатылып
Жер сабалап жатты.
Астапыралла!

ЕРТЕГІСІЗ ШЫНДЫҚ

Мына біреу келді де
Тып- тыныш күнімді
Ұмар да жұмар қылды.
Жарқырап тұрған күнімді

Түртсе көргісіз
Тұман қылды.
Сол- сол екен
Оңға жүрсем

Солға кеттім,
Солға жүрсем
Оңға кеттім...
Бүгініме

Зорға жеттім.
Жер астынан шыққандай
Қасыма келген
Ербиген біреу

Мені бір
Жансыз зат сияқты
Олай- бұлай
Қарап алды.

Сонан кейін
Өз- өзінен ашылған
Қара жер астынан
Қару- жарақ алды.

Далама ілінген
Айна сияқты
Атырауым мен
Балқашымның,

Аралым мен
Алакөлімнің беттерін
Бір- бірден ұрып
Быт- шытын шығарды.

Ербиген сол жанның
Түр- түсін
Анықтап!—
Біле алмай қалдым.

Дүние тұман- ды.
Сонан соң ол
Алдаспанымен
Тауларымның

Сүбелі жерлерін
Жонып алды.
Жерімнің
Түпсіз тереңіне

Түтіктерін жіберіп
Бар қанын
Сорып алды.
Бұл ісіне ол

Асып- саспады.
Шыдай алмастан
Айқай сап жүгіріп ем,
Басымды—

Доптай домалатып!—
Шауып тастады.

ӨЗГЕРІС

Бір кезде көз көрген
Бәрі де өзгерген.
Бір пәле келген сияқты
Ұрланып бір:

Бүгінде
Қызылқұмымның
Қып- қызыл беті—
Теміреткі түскендей!—

Сұрланып тұр.
Алатауымның,
Алтай тауларымның
Аппақ сақалдарынан

Тарам- тарам
Жас ағуын- ай.
(Әне бір оңбағанның
Соны да

Шырын деп ойлап,
Таңдайы тақылдап
Тамсануын- ай!)
Өзендерім

Домбыра мен
Қобыздың
Шектеріндей болып
Жіңішкерген.

Үзіліп кетер ме екен?!
(Бұл жылы да
Қайтқан құстар—
Төбемнен

Тізіліп өтер ме екен?!)
Қайран , дүние- ай!

СОҢЫМА ТҮСКЕН БҰЛТ

Өгем тауының басында
Құрттап кеткен
Қар көрдім.
Сол бір

Құжынаған құрттарды
Бұл бір ем ғой деп
Теріп жеген жан көрдім...
Айтпағым бұл емес.

Сол таудың басында
Шөмеледей бір бұлт
Соңыма түсіп берді:
Оңға жүрсем,

Оңға жібермейді;
Солға жүрсем,
Солға жібермейді.
Алып еменнің

Бұтақтарындай
Ұзын- ұзын
Найзағайларымен
Жон арқамнан

Тілем дейді.
Мен бұған—
Темірхан басыммен—
Қалай көнермін.

Таудың төбесінен
Салбырап тұрған
Арқан- жолдан
Ұстап ап

Төменге жөнелдім...
Ашу- ызадан
Ісініп кеткен
Сол бір бұлт

Түндей түнерді.
Суығы мен дымқылын
Менің үстіме
Дем салғандай

Бүркіп- бүркіп жіберді...
Білемін:
Сол сәтте мен
Қатерлі сорға тұтылдым...

... Әупірімдеп жүріп
Сол бір
Найзағайлы бұлттан
Әйтеуір

Зорға құтылдым...
Құтылдым ба ?..

КӨКТАЙҒАҚ

Жердің үсті
Шыны қаптағандай
Көкпеңбек.
Аяз қысып тұрса да—

Қарысып жүрем деп—
Кетесің көк тер боп.
Дәл алдыңда
Бара жатқан жан—

Кенеттен!—
Оқ тигендей
Жалп ете түседі.
(Жол шетінде отырған

Ала қарға
Жемтік көргендей
Қарқ ете түседі.)
Аспаның да,

Жерің де
Көкбет әйелдің
Бетіндей
Көкпеңбек...

(Апыр- ай,
Мына қу өмір
Жүргізер емес қой
Бәрінен өктем кеп.)

Аспанның
Бір шетінде
Қып- қызыл Күн,
Бір шетінде

Тышқан кемірген
Кепкен нандай боп
Ай қарап тұр...
Әйтеуір, дәл қазір

Көктайғақ
Көкбет дүние
Бейшара құсап
Ілбіп жүрмесең

Жалп еткіземін деп
Сырғанап,
Тайғанап тұр...

ӨСЕККЕ ОДА

Оған тең келмес
Қандай бір таралым да...
Ол бүгінде—
Ешқандай құралсыз- ақ!—

Ауызекі, ауызша
Миллиондаған
“Тиражбен” таралуда.
Оған түк емес,

Жапан түз, қиырың да...
Автобустарыңа да,
Пойыздарыңа да,
Ұшақтарыңа да

Кірген- шыққанмен,
Ұялы телефондармен
Үздіксіз құйылуда.
Ең бір күштімен де

Тең тұрып
Сөйлесе беретін
Өрелісін- ай,
Кім- кімді де

Арбап жіберетін
Қызыл- жасылды әлемішін- ай...
... Мына бір өсектің
Күніңді қараң етердей

Қап- қара бұлттай
Түйілуін-ай.
Мына бір өсектің—
Тәттілігі сондай!—

Таңдайыңды тамсантып
Үйіруін- ай.
Мына біреуінің
Бұзығын- ай...

Әне біреуінің
Қызығын- ай...
Әне біреуі—
Оқ сияқты—

Әлдекімдерді жаралап жүр.
Мына біреуі—
Үкімнен бетер!—
Ақ адал адамды

Қаралап жүр.
Ұлы мәртебелі
Өсек ханымға
Бар есік ашық қой:

Парламент дәліздерін де,
Ақорда кабинеттерін де
Сылаңдап аралап жүр.
Аты Өсек болған соң

Бәленің бәрін
Ұғып тұрады.
Бәленің бәрін
Біліп тұрады.

Басқасын былай қойғанда
Темірбетонды!—
Түрмелеріңе де—
Ешқандай кедергісіз!—

Кіріп- шығады.
Апыр- ай,
Оның да соңынан—
Сығалап!—

Күдік пен Сезік жүреді.
Өсек оны неғылсын!
Өйткені ол
Сөз бостандығы тұсаулы

Елдердің де
Қуыс- қуысына кіріп,
Тамыр- тамырларын қуалап
Желдей есіп

Кезіп жүреді.
Неткен еркіндік!

АУА РАЙЫ

Долы бір жел
Түс- әлпеті
Әлемтапырық
Қан- сөлсіз бұлттарды

Алдына сап
Қуып келеді.
... Біліп тұрмын:
Әне- міне дегенше

Елімнің ішіне
Жансыздай сумаңдап
Суық кіреді.
Жұлым- жұлым болған

Мына бір ағаш
Кеп- кеше ғана
Көк өрім еді...
... Қазір- ақ

Әне бір жақтан
Үскірік аязды
Циклондар шығып,
Басқа бір жақтан

Оларға қарсы
Алау- далау боп
Антициклондар
Көтеріледі.

Сарыарқаның үстін
Сапырып
Сыпырып жатқан
Ақ түтек боранның

Сұрапылын- ай,–
Алып даланың
Шөп пенен бұталарын
Бастарын жерге тигізіп

Еңретіп жылатуын- ай.
Көл менен теңіздерім
Арналарына
Сия алмай

Бұрқ- сарқ қайнап
Аласұруда.
Манағы долы жел
Келген бұлттарды

Қаңбақ құрлы еөрмей
Алатаудан
Әрі асыруда...
Қабағынан қар жауған

Аспан әлемі
Бұйыққан тірлікке
Түйіліп қарады...
... Әйтеуір бүгінде

Ауа райы да
Қысастық көрген
Жан дүниесіндей
Аласапыран боп

Бүлініп барады...

СҰРАҚ БЕЛГІЛЕРІНІҢ КӨТЕРІЛІСІ

Сұрақтарына
Жауап ала алмай
Таусылған
Әбден шыдамы—

Күндердің күнінде
Сұрақ белгілер
Көтеріліс шығарды.
Мына дүние

Әп- сәтте
Апалаң- топалаң болды.
Адам айтқысыз
Зобалаң болды.

Сонан кейін- ақ
Салды кеп
Сойқан бір сайранды:
Қайқиған

Сұрақ белгілердің
Біреулері шәңгекке,
Біреулері
Қармаққа айналды.

Осы бір
Сойқанды көрген
Әне бір оңбағанның
Не болғанын білмей

Көздері жүгіріп
Алақтап тұр.
Кейбір сұрақ белгілер
Қайраудан шыққан

Орақ сияқты
Жалақтап тұр...
Не деген майдан,
Не деген жөңкіліс:

Қармақ сұрақтар
Әлдекімдерді—
Жайын деместен
Іліп кетіп барады.

Шәңгек сұрақтар
Әлдекімдерді—
Қауғадай көрмей!—
Жұлып кетіп барады.

Әне бір сұрақтар
Тас пен тасты соққандай
Соғып кетіп барады.
Орақ сұрақтар

Әлдекімдерді
Қоға мен қамыстай
Орып кетіп барады...
Сол бір сәтте

Полицейлердің
Серіппе таяқшаларындай
Леп белгілері
Сұрақ белгілердің басына

Жаңбырдай
Жауып кетті дейсің.
Көз ашып,
Көз жұмғанша

Олардың бәрін
Бұршақ соққан
Егіндей етіп
Жапырып өтті дейсің.

Ауыл мен қалаларда
Тойып- тоғайған
Леп белгілердің
Қанды ізі

Сайрап жатты.
... Әлдекімдерден
Жауап күткен
Сұрақ белгілер

Аштық пен
Суықтан өлгендей
Бүктетіліп- бүктетіліп
Жайрап жатты...

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

Мен қазір—
Басқаны түгіл!—
Әзімді өзім
Естімейтін

Тосаңдаймын.
Мен қазір—
Сенсеңіз!—
Өзіме өзім

Кіре алмай,
Өзімді өзім
Аша алмаймын.
Әйтеуір

Ішімде отырған
Бір пәле
Өзімді өзіме
Кіргізбейді.

Бұл не сұмдық,
Не күлгізбейді,
Не жүргізбейді.
Тозған шүберектей

Тозған ойларымды
Олай сүйретем,
Былай сүйретем...
Өзіме кірем деп—

Тарс бекітулі!—
Өзімді өзім
Қалай сындырам,
Қалай күйретем.

Айнала қарасам,
Мені ұққысы,
Мені білгісі кеп
Жұрт келіп тұр...

Құдай-ау,
Оларға не деймін,
Бүгінде
Өзім

Өзіммен егесіп—
Бір- біріне!—
Сырт беріп тұр.

НОВЕЛЛА

Сәулелер мен
Нұр сіңірген
Кешіп күнді,
Үйдің іргесінде

Тауықтың балапанындай
Үрпиген
Жап- жасыл шырша
Өсіп тұрды...

Қыс түсті.
Суық кірді.
Көкпеңбек мұздардан
Қамал соқты.

Аяз қысты.
Бұрқыраған
Боран соқты.
... Үй иесі

Ертеңіне
Қар аршыды...
Балапандай ғана
Үрпиген

Шыршаны көріп
Жаны ашыды...
Сонан кейін ол
Ас үйге қарай

Асығыс- үсігіс
Ентелеп барды.
Шелек алып кеп
Балапан шыршаға

Төңкере салды.
Көктем шықты.
Айнала түгел
Желпінген

Желік тауыпты...
Үйдің иесі
Шелекті алып тастап ед,
Балапан шырша—

Сол бір қамқорлықтан!—
Тұншығып
Өліп қалыпты...

АЛДАНҒАН ҮМІТ

Ертеңгі күнге
Мойынын соза- соза
Бүкіл елім
Мұңға бөкті.

Өйткені
Әне бір кісінің
Керемет ойлары—
Табаны тасқа тиген

Кемедей боп
Суға кетті.
Ертеңгі күнге
Телмірген бүкіл елім

Ақырғы үмітін
Үзіп тастады.
Өйткені
Әне бір кісінің

Керемет ойлары—
Құрсағында бүрі жоқ
Кемпір құсап
Түсік тастады.

Ертеңгі күннен
Әбден безінген
Бүкіл елім
Зар жылады.

Өйткені
Әне бір кісінің
Керемет ойлары—
Істен шығып

Космостық
Қоқысқа айналған
Спутник секілді
Түкке де арзымады!..

ЖАЛБАРЫНУ

Бүкіл
Мұсылман қауымындай
Біздің де
Қасиетті сөзіміз—Алла,

Қасиетті кітабымыз—Құран.
Сондықтан да мен
Ләйлаһа илалла,
Мұхамедін Расул Алла,

Ләйлаһа илалла,
Мұхамедін Расул Алла,
Ләйлаһа илалла,
Мұхамедін Расул Алла—

Осылай деп жатам.
Осылай деп тұрам.
Содан кейін
Мына дүниенің

Кеспірсіз
Бет- бейнесін көріп
Жұмыр басымды
Тауға да ұрам,

Жарға да ұрам.
Е, Алла тағала,
Азап пен мехнатты
Көп көрген

Елімнің рухын
Асқақтата көр деп
Жалбарынам.
Мына дүние

Дауылды күнгі
Қара бұлттардай
Төңкеріліп, аударылуда.
Төңкеріліп, аударылған

Сол бір бұлттарға
Менің ел- жұртым
Жабысып жан бағуда.
Е, Алла тағала,

Жан бағып
Жанталасқан еліме
Қайрат пен қуат
Бере гөр;

Шуағыңа шомылдырып,
Аппақ бұлтыңа орап
Қайырым мен
Мейіріміңді төге гөр!

Е, Алла тағала,
Тілегімді қабыл ет!

ШОЙЫНБАЙ ҚАРИЯНЫҢ ҚҰШНАШ

КЕМПІРГЕ ТҮСІН ЖОРЫТУЫ

- Түс көрдім,

Түрі жаман іс көрдім.
Бет- жүзі
Мұз сияқты жып- жылтыр,
Тұла бойын түк басқан

Бір Пәле келіп
Қолындағы темір таяғымен
Құтымның басы
Ақмаямды

Қақ маңдайынан салып қап
Омақаса түсірді.
Сонан соң
Жүндері жалбырап,

Жын қаққандай
Сақылдап күліп
Әп- сәтте
Күптей боп ісінді.

Арпылдап үріп
Иығына жабысқан
Өгізшедей итімді
Тулақ құрлы көрмей

Қағып тастады.
Ай маңдайлы
Болат тұяқты,
Күміс жалды

Арғымағымды
Жалаңдаған қанжарымен
Жарып тастады.
Әукесі аяққаптай салбыраған,

Желіні
Тай қазандай жер сызған
Ақ бас сиырымды
Бір теуіп домалатты.

Иір- иір мүйіздері
Бұратылып ширатылған
Көк қошқарларымды асықтай бір-ақ атты.
Үйіме кіріп

Сол босағамды екі,
Оң босағамды
Үш ұрды.
Зәремді ұшырды.

Ентелеп келіп
Ошағымды төңкеріп
Отымды
Өшіріп жатқанда...

Оянып кеткенім.
Не болғанымды білмей
Сүлдерімді сүйретіп
Өзіңе жеткенім...

Құшынаш кемпір
Көзін жұмып ойланып қалды.
Сонан соң
Үйдің ортасындағы

Ұстын ағашты
Айналып алды.
Бет- жүзі
Бірде

Күн тиген
Көндей көнерді.
Бірде
Қарынға жабысқан

Талақтай көгерді:

–Еліңе

Бір сұмдық
Келгелі тұр екен.
Артың—тұман,
Алдың—түн екен.

Айналаң толы
Жын екен.
Ол пәле барда
Үйіңнің іші

Үйріліп құтырған
Құйын болады.
Алла тағаланың өзі
Алып кетпесе

Ол пәледен құтылу
Қиын болады...
... Шойынбай қария
Сыртқа шықты.

Жүретін жол қарады.
Оңға барды.
Солға барды.
Аспанға көз тікті.

Ал аспаннан
Қарияның
Көз жасына қосылып
Жұлдыздар сорғалады...

АСТАНА ҚЫСЫ

Түкірген түкірігің
Қара жерге
Мұз боп тұсетін,
Суықтан бетің

Асқабақтай боп
Домбығып ісетін,
Ашық қалған құлағың
Тоттанған қаңылтырдай

Қаудырлап үсетін
Мына суықтың
Сұрапылын- ай!
Ұйтқыған боранның

Бетіңді оңға бұрсаң
Оң жақтан,
Солға бұрсаң
Сол жақтан,

Бүкшисең—
Жердің астынан
Суырылып ұратынын- ай.
Айналаң түгел

Үйіріліп
Ұйтқып тұр—
Шайтан- бәлелердің
Жын салғанындай.

Апыр- ай,
Мына сукықтың
Дүние тірлікті
Темір торлардай

Құрсаулауын- ай.
Суықтан
Құмдай боп кеуіп қалған
Ақ қарды бассаң—

Аш адамның
Кепкен нан шайнағанындай
Қаршылдауын- ай.
Ағаш біткеннің

Тұла бойларына
Діріл кіріп
Қалшылдауын- ай.
Мына суңықтан

Есім адасты–- ау:
Етегі алау- далау
Боранға оранып
Жатқым келеді;

Бәрінен бұрын,
Желең киінген
Ескерткіштердің үстіне—
Біреуінен басқасына—

Тоңып қалды- ау деп
Тон апарып
Жапқым келеді.

ЕСКЕРТУ

Сенің соншама
Менің алдымда
Шегірткенің
Кәрі айғырындай

Шіренетінің не?!
Қабағыңды қарс түйіп
Мені шауып алардай
Түндей боп

Түнеретінің не?!
Қозбай тұрғанда
Кәрі жын,
Қарағым,

Әрі жүр.
Кімсің сен?
Үрлемей- ақ,
Жай ғана күрсінсем,

Соның демімен- ақ,
Күлдей боп
Ұшып кетесің.
Ұшып кетпесең,

Мені жеңе алмағаныңа
Пұшайман болып,
Әбден күйініп
Ішіп кетесің.

Әрі жүр!

ҮРЕЙ

Өрттей тұтанды—
Қайдағы- жайдағы...
Бір елді түп- түгел
Үрей жайлады.

Үміттің
Күні тұтылды.
Әлдене құтырды.
Әлдене жұтылды.

Аспандағы бұлттар
О, тоба,
Ақырын бере гөр,
Жұрттың

Тас төбесінде
Бірде сатырлап,
Бірде күтірлеп
Сеңдей көшті.

Түрі де,
Түсі де сұп- сұйық
Қауесет сөз біткен
Желдей есті:

Еліңнің
Қазына- байлығын
Басып алыпты.
Қарсы келгендердің

Қылтадан қиып
Басын шауыпты...
Сонан кейін- ақ
Сол елге Үрей үстіне

Үрей кірді.
Солардың бәрін басқарып
Үстіне
Қара кастюм,

Мойнына
Галстук таққан
Бір әлемет
Дүлей жүрді.

Сол бір Дүлей
Басын көтергендердің
Басынан ұрады.
Жанын

Көзіне көрсетіп
Тізесін батырып
Кеудесін сығады.
Міне тағы да

Ел- жұрттың алдында
Біреуді
Қамырдай иледі,
Біреуді

Ағаштай сүйреді.
Ұміт үзілді,
Сенім күйреді.
Ақырында

Сол елді—
Тізесін дірілдетіп,
Белін бүктірген
Бордай үктірген—

Ұлы мәртебелі
Үрей биледі!

КЕРЕҒАР ТІРШІЛІК

Кейде
Бұрғылау
Мұнараларындағы
Алып дизельдердің

Білектей- білектей—
Алма- кезек тепкілеген!—
Поршеньдардай
Алқынып тұрам.

Кейде алау- далау боп
Жартастарды
Соққылап- соққылап
Түк шығара алмастан

Жуасып тынған
Толқындардай
Тартылып тұрам.
Бірде олаймын,

Бірде былаймын,
Бірде пенде
Е, жаратқан,
Өзің кешіре гөр

Бірде құдаймын.
Басымда—
Түсініксіз!—
Уіл тұрады.

Жердің астынан—
Үрейлі!—
Гуіл шығады.
Кейде

Айнала дүние
Жер сілкінбесе де
Сілкінеді;
Қара бұлттар

Қара тастардай қатайып,
Қара жартастар
Түбіттей түтіледі...
Кереғар тіршілік.

ЖҰМБАҚ

Бір жұмбақ айтайын—
Шешсең—
Мына менен
Қалайтыныңды ал.

... Менің кейде
Космосқа шығып
Қарайтыным бар:
Жердің сонау шетінде

Жалды бір арыстан
Құйрығымен
Жер сабалап
Шабынып тұр.

Біреулер оған
Мән бермей,
Ал біреулер
Жағынып тұр.

Әне бір елде
Үстінде—
Қару- жарағы,
Қасында есегі,

Балп- балп басып
Сауырлы піл барады.
Сол бір кезде
Мына бір шеттен

Қоңыр аюдың
Омартаға қарай
Мойынын бұра бергені...
Осыны күткендей

Алып айджаһардың
Жыныс ішінен
Аранын ашып
Шыға келгені...

Әне бір жақта
Өзін өзі
Керемет көріп
Сиыр жүр...

... Осылардың
Аяқтарына оратылып
Кішкентай бір қанден
Бір олай жүгіріп,

Бір былай жүгіріп
Шәуілдеп үріп жүр...
Шешуін тап!

КӨКТЕМГІ КӨҢІЛ- КҮЙ

Көктем.
Аялдама.
Жалғызбын.
Үміттің

Біреуін көктетіп,
Біреуін жанғыздым.
Жалғызбын.
Келіп ем—

Шөптерде сусылдап
Моншақтай мөлдіреген
Кешіп шықты.
... бір кезде

Тұла бойымнан
Жап – жасыл
Жапырақтар
Өсіп шықты.

Табанымның астынан
Тамырлар таралып
Қара жерге
Сіңіп бара жатты.

Бір қапталымда
Алатау,
Бір қапталымда
Қаратау,

Бір қапталымда
Алтай тау,
Ал алдымда
Маңғыстау,

Көкшетауды көтерген
Дала жатты.
Қозғалсам—
Жапырақтарым

Сыбдыр- сыбдыр етеді.
Саумал самалдар
Желпіп- желпіп өтеді.
Айқай, көктем- ай,–

Шуаққа шомылып
Маужыраған қалпында
Аспады да саспады.
... мені бір

Жапырағы төгілген
Ағаш деп ойлаған
Бір топ құстар
Жапырлап

Кеудеме қонып
Ұя сала бастады...

МОЙЫНДАУ

Құдайға шүкір
Жат жерге
Көшет боп
Егілгем жоқ.

Өз арбамды өзім
Сүйреп келем.
Басқа бір арбаға
Жегілгем жоқ.

Көрдім мен
Өмірдің
Қиырын да,
Қиынын да.

Әйтеуір
Әлі де—
Өз арбамды өзім
Сүйреп келем.

Иық күс,
Мойын жауыр.
Лағнет атқыр
Осы бір өмір

Неткен күрделі,
Неткен ауыр!

ӨТКЕН КҮН МЕН КЕЛЕР КҮН

Елімнің
Өткен күндеріне
Көз салсам—
Жою мен қырғын,

Ату мен асу,
Қуғын мен сүргін.
Сол бір
Қатыгез

Өткен күндерден
Жаралы ем.
Солардан безініп
Келер күндерге

Қарап ем.
Тарс бекітулі
Келер күндердің
Қақпасы алдында

Бәрінен күдер үзіп
Әбден азып – тозған
Бейшара Үмітім
Жадап- жүдеп отыр.

Қанаты қырқылып
Сорлап қалған Арманым—
Қайыршыдай!—
Өткен- кеткеннен

Қайыр- садақа
Тілеп отыр...

ҚАУҚАРСЫЗДЫҚ

Мына жақтан
Алба- жұлба боп
Біреу келді.
Ана жақтан

Алау- далау боп
Біреу келді.
Біліп тұрмын
Мені пана,

Тіреу көрді.
Оларға
Қол ұшын
Бере алмағаныма—

Қайтейін!—
Өкінемін.
Өйткені өзім—
Сол бір сәтте

Маң далаға
Қаңғып кетерімді білмей,
Я болмаса
Жартастан шыңырауға

Қарғып кетерімді білмей
Отыр едім...

ЕСАЛАҢ ӨЛЕҢ

...Сонадай жерде
Күркілдеп бара жатқан
Нән бір тракторды
Құтырған ит келіп

Бір қауып өткені.
Сол кезде
Байғұс трактор
Басына ие бола алмай

Дарылдап, парылдап
Жынданып кеткені...
Апыр- ай,
Құдайдың атқаны- ай:

Үп еткен желі жоқ
Тып- тыныш күні
Әне бір қос ағаштың
Бір- бірінің

Шашын жұлып,
Бір- бірін
Сабалап жатқаны- ай...
Көріп тұрмын

Бір сұр тышқан
Бүкіл әлемге
Көктөбенің үстіндегі
Алып мұнараға

Шығып қарады...
Кран біткендер
Шәңгектерімен
Іліп ап

Лақтырғысы кеп
Бір- бірін
Қуып барады...
Қаладан безініп

Далаға шығып ем,
Үйір- үйір жылқыларды
Шашау шығармай
Ақырып жинаған

Есек бастап тұр...
Төбе басында
Семіз бір шошқа
Кесек- кесек

Алтын асап,
Күмістен
Тезек тастап тұр...
Есалаң әлем бұл—

Есалаң өлең бұл...

ҚАЙДА ТЫҒЫЛАМ?

Жерден көтеріліп
Ұшайын деп ем
Бір пәлелер
Қанатымнан басып

Ұшырмай тастады.
Шөлдерді кезіп
Безіп кетіп ем
Жан- жағымнан

Жыландар шығып
Ысылдай бастады.
Одан құтылып
Тауларды жастанған

Бұлттарға сүңгіп ем,
Найзағайлар
Жон арқамнан
Тіліп жіберді.

Орманға барып
Апанға кіріп ем
Айбақ- саймақ
Ағаштардың тамырлары

Сүйектерімді күтірлетіп
Сығып жіберді.
Қайда тығылам?

МЕНІ ІЗДЕУ

Ондаған жылдар өтіп
Мені іздеген біреулер
Таба алмады.
Таба алмастан

Арандады:
Бұлттарды
Аударып қарап еді
Құтырып шатырлаған

Қып- қызыл найзағайларға
Қолдарын
Пісіріп алды.
Сонан кейін

Көзелерге
Үңіліп қарап еді
Көзелерді—
Қолдарынан!—

Түсіріп алды...
Енді олар
Суға кірді.
Су біткен

Бу болып
Ұшып кетті.
Мұнысы не деп
Біреулер

Жіптей жіңішкеріп,
Біреулер
Күптей боп
Ісіп- кепті...

Іздеп- іздеп
Биік- биік
Қамалдарға барды.
Тапсақ

Осыдан табамыз деп
Ақ ордаға барды.
Таба алмады.
Шаршап- шалдығып

Айдаладағы
Бір үйге келді.
Жапырайған,
Сырты сыланбаған

Қотыр екен.
Мен сол үйдің
Босағасында
Отыр екем...

САНСЫРАУ

Бір күні мен
Өмірден безініп
Өзімді өзім
Жерледім.

Бұл өмірді көрдің ғой
Енді сен о дүниені көр дедім.
О, тоба,
Өзімді өзім

Жерлеп тұрып,
Бүршіктеп
Жапырақ жардым...
Сонан соң өзіме--

Топырақ салдым!
Сансырағаным- ай!..—
Мені қоршап тұр
Сан сұрақ бүгін;

Мен қазір
Мына өмірде
Бірде
Жоқ сияқтымын,

Бірде
Бар сияқтымын..

СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Сен,
Серік Ақсұңқарұлы,
Өлеңге—
Менен бұрын!—

Қасқыр боп
Ұлып келіп ең.
Сені сол кезде
Алтайдың бесігінен

Аунап түсіп
Әлемге жар салған
Көне заманғы
Түрік көріп ем.

Анттай адал,
Серттей берік,
Ақсұңқарұлы,
Тап қазір сен

Айдары өрттей
Айбатсың.
Жігерді жанып,
Қарқаралының

Шыңырау түбінен
Қазып алынған
Қайрақсың.
Үміті тұлдыр,

Беті бұлыңғыр
Мына заманда
Бәрін де, бәрін
Ұғынғансың.

... Сені пәкене дейді!
Пәкене емессің!—
Бар болғаны–
Күндердің күнінде

Кім- кімді де
Лақтырып жіберер
Серіппедей сығылғансың!
Серік, інім-ау,

Мен сенен
Немді аяйын!—
Жырдағы құбылыссың.
Әділетсіздік пен

Аярлықтың
Бет- ауыздарын
Быт- шытын шығарар
Жұп- жұмыр

Жұдырықсың!
Ақсұңқарұлы,
Бүгінде сен
Ұлтыңның

Ар- ұяты үшін
Басыңды бәйгеге тігер
Рухтысың!
Содан да сен

Қанды қақпаннан
Аяғын шайнап үзіп
Босап шыққан
Ызалы қасқырдай

Сарыарқаның төсінде
Заманның зарын айтып
Ұлып тұрсың!

АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ҚАБІРІ БАСЫНДА

Бұл жерге
Тізеңді бүгіп,
Бас ұрып келсең де
Тасынып келме!

Өйткені
Талай сырды
Ішіне бүккен
Осы бір жерде –

Жау келсе
Қашау батпайтын
Тұтас жартастай
Орнынан

Қопарылып тұрып
Тап беретін;
Қарсы келгенді
Аспаннан

Зырқырап ұшып кеп
Жайтастай
Тас-талқан қып
Қақ бөлетін;

Долданса –
Жолына тұрғандарды
Селтиген
Шөп құрлы көрмей

Қара дүлейлі
Дауылдай сыпыратын;
Табақтай-табақтай
Күс-күс табандарымен

Қара тастарды
Қамырдай илеп,
Аузынан жын шашып
Келеге түсетін

Бурадай құтыратын;
Сондай бір кездерде
Қас дұшпанның –
Шіренгенде

Төрт қабат
Таралғысын
Үзіп жіберердей
Асып-тасатын –

Өгіздей батырын
Көзін алақтатып,
Тілін салақтатып,
Тақымға бірақ басатын;

Қара бұлттай
Қаптаған жауларды
Жарқ-жұрқ еткен
Қайқы қылышы

Найзағайдай
Тілгілейтін;
Түнерсе –
Түндей қабарып,

Айқайласа –
Күндей күркірейтін –
Алатау батырдан
Жүздеген

Жылдар өтсе де
Қалай біз алыстайық?!
...Дәл осы жерде
Қазақтың

Қамалындай болған
Бесайдар баласы
Алып Алатау
Дамылдап жатыр.

Тіземізді бүгіп
Дұға бағыштайық!

АЛАТАУ БАТЫРҒА

АНАСЫНЫҢ АЙТҚАНЫ

Ей, балам!
Әкең өлгенде
Ішімде қалып ең.
Күйіктен өртеніп,

Күйіктен жанып ем.
...Әркімдер
Көзінің сұғын
Қадай берген соң

Төркініме кеткенмін.
Талай-талай
Табалаудан,
Талай-талай

Қаралаудан өткенмін.
...Мен сені
Әулиенің басында
Қос шеңгелдің қасында

Туып ем.
Кіндігіңді
Тісіммен кесіп,
Арланын аңсаған

Қаншық қасқырдай
Көкке қарап ұлып ем...
Сенің әкең
Бесайдар

Тәуекел ханның
Сардары болатын.
Солға жүрсе
Сол қолы,

Оңға жүрсе
Оң қолы болатын.
Әкең Бесайдар
Өзгелерден ерек,

Дара болған.
...Қанды шайқаста
Омыртқасынан оқ тиіп
Жараланған.

Сол кезде
Жорық туының
Жау қолында
Қалғанын біліп

Қайта шапқан.
Әруағын шақырып,
Ұранын айқайлап
Айта шапқан.

Ортасынан омырылған
Тудың түбін алып,
Көйлегін жыртып
Қанына малып

Сол түпке
Ту етіп байлаған.
Туынан айырылып,
Ұнжырғасы түсіп

Қамыққан елдің –
Қайтадан! –
Намысын жанып,
Жігерін қайраған.

Әкең
Көзінің тірісінде
Ешкімнен қаймықпады.
...Әттең, амал не,

Сол бір дертті
Жарақатынан
Айықпады.
Саған айтарым:

Еліңе қамқор бол,
Жесірді мұңайтып,
Жетімді жылатып алма.
Әкеңнің

Жорық туың
Құлатып алма!
Әумин!

АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ШАЙҚАСҚА

ТҮСЕР АЛДЫНДАҒЫ СӘТІ

Алатау батыр
Кеше түнде
Түс көріп еді.
Түсінде

Бір түрлі іс көріп еді:
Бас жағы
Үрлеген шоқтай
Қып-қызыл

Ұзын сұр жылан
Ақ қалпағын
Орап алыпты...
Қыбырлаған

Құрт-құмырсқалар
Жан-жағынан
Қамап алыпты...
...Шошып оянған батыр

Бір смұмдықтың
Келгенін біліп,
Белін буып
Бес қаруын асынды.

Әруқтарға сиынып,
Алла тағалаға
Бас ұрды.
Жер тарпып тұрған

Наршолағына ер салды.
Жан-жағына қарап
Жар салды:
“Ал Көкті!” дегенде

Сол жағы жеңілдеді.
“Сүмбіле сыңарсыз
Қоңыр ата” дегенде
Оң жағы жеңілдеді.

Наршолаққа мінгенде
Қос иығы
Қунап сала берді.
Жан-жағына

Қарап еді...
Қаптаған халықты
Жаңа көрді...
Сонан кейін

“Ұрқа Сабулай
Білекті Шыңғыс қаған” деп
Ұрандады.
Сол ұранды есіткен

Қалың жұрт
Толқып теңселіп
Орындарында
Тұра алмады...

Сол бір кезде
Алапат
Құйын көтеріліп
Кілт басылды.

Көк дабыл семсерін
Қаратаудың
Қара тасына
Жанып еді –

Алды ашылды.
“Ия, әруақ,”
Деген кезінде
Қаптаған қалың жау

Аласарып бара жатты...
...Алатау батыр
Наршолақтың үстінде –
Өз жолын! –

Елден ерекше
Дара салып бара жатты.
...Е, Алла тағала,
Жолын бере гөр!

АЛАТАУ БАТЫРДЫҢ ТҰТҚЫННАН

ҚАШЫП ШЫҒУЫ

Алатау батыр
Шағын қолмен
Келе жатып –
Қапыда! –

Қызылбастардың
Қолына
Түсіп қалады.
Ашу мен ызадан

Жарылардай болып
Ісіп-қабады.
Батырды сонсоң
Қолдарын шандып,

Аяқтарына
Қойтастар байлап
Жардың қуысына
Қамап тастайды...

Алатау батыр
Ашуын басып
Жан-жағына
Зер салып

Қарап бастайды.
Қай жаққа қараса да, –
Қуыс аузынан басқа –
Құлама құз бенен

Өрді көреді.
Амалы бітіп,
Айласы таусылып
Отырған кезінде –

Өзінің Шолақ Жамбасы
Кісінеп белгі береді.
Шөп жеп,
Тезек тастайтын

Төрт аяқты
Сол жануар
Неткен жетелі...
Алатау батыр

Қолы байлаулы,
Аяқтағы қойтастарымен
Қабыландай атылып
Қуыс аузына

Бір-ақ келеді.
Бұл кезде
Шаршап-шалдыққан
Бірер күзетші

Қалғып тұр еді.
Алатау батыр
Көлденеңдеп кеп
Тұра қалған атына

Қарғып мінеді.
Текті жануар
Құйғытып
Тартып кетеді.

Абыр-сабырда
Жармасқан біреулерді
Болат тұяқтарымен
Омыраулап

Тарпып кетеді.
Сол кезде алдынан
Апанды жыра
Шыға келеді.

Айдан анық болатын
Алатау батырдың
Мойыны үзіліп
Құлап өлері.

Апыр-ай,
Неткен қуат,
Неткен күш еді?! –
Қайран жануар

Керіле созылып
Апанды жыраның
Арғы бетіне
Топ ете түседі.

Жаудың сарбаздары
Садақтарына жармасып
Атпақ болғанда,
Бас сардар

Оларға
“Атпаңдар” – дейді, –
Жолынан
Қақпаңдар – дейді –

Мұндай батыры бар
Бұл елді біз
Ала алмаймыз.
Ала алсақ та

Ұзаққа бара алмаймыз”.
...Алатау батырдың
Жанкештілік көрсетіп
Қашқанының өзінен

Бас сардардың
Бойына үрей кіріп,
Жүрегі тайқыпты...
Атының басын бұрып

Еліне қайтыпты...

АЛАТАУДЫҢ МӘРТТІГІ

Алатау батыр
Күндердің күнінде
Мінәйі бір себептермен
Қалмақ қоңтайшысының

Қонағы болады.
Ел арасы
Қабақ шытысып
Аңдысып тұрса да

Бір-біріне
Көңілі толады.
...Қоңтайшының
Күнге қарап сыланып,

Айға қарап таранған
Гүлбаһрам деген
Қызы бар екен.
Бетіне жел тимей

Бұла боп өскендіктен
Айтатынын
Айта салатын
Бір беткей жан екен.

Көркіне ақылы сай
Гүлбаһрам ару
Жамандық атаулыдан
Жеріп өседі.

...Нар тұлғалы
Алатау батырды
Бір көргеннен
Ғашық боп

Өліп-өшеді.
Күнімен ойлап,
Түнімен ойлап
Батырды

Көргісі келеді...
Ғашық болғаны сонша
Соның жолында
Өзін

Құрбандыққа шалып
Өлгісі келеді.
...Батыр жатқан үйді
Қалмақ жағынан да

Қазақ жағынан да
Сарбаздар шығып
Күзетіп жүреді.
...Гүлбаһрам ару

Бәрі бір
Амалын тауып
Келесі түні
Батырдың

Үйіне кіреді.
Алатау батыр –
Қапелімде! –
Түкке де түсінбей

Аң-таң боп тұрады...
Әлден соң
Есін жиып
Бұл келістің

Мәнін сұрады.
Гүлбаһрам батырға:

– Алатау батыр,

Сызылып тұратын
Уақыт жоқ.
Көңілің соқса
Мені осы түнде

Алып қашып кет,
Ия, болмаса,
Өзіңдей нар тұлғалы
Ұл туайын,

Менімен бірге боп
Мауқыңды басып кет!
Алатау батыр
Былай деді:

Гүлбаһрам ару,
Мен сені
Алып қашсам
Елдің арасы

Бітіспес дау болады.
Ал егер
Нәпсінің құлы боп,
Оған қоса

Ұл қалсын деп
Сенімен бірге болсам,
Менен туған ол бала
Күні ертең

Өзіме жау болады!..
...Алатау батыр
Сол түні аттанып кеткен.

ГОЛОЩЕКИННІҢ АЛАТАУ БАТЫРҒА

ЖАСАҒАН ҚАСТАНДЫҒЫ

Алатау батыр басына
Дәрмені құрып,
Кенезесі кеуіп
Шөлдеп келгендер

Ойларына –
Суат табатын.
Діңкесі бітіп,
Қалжырап келгендер

Бойларына –
Қуат табатын.
Голощекиннің
Қатыгез заманы-ай! –

Біреудің бетіне
Тіктеп қарасаң,
Жусаң кетпейтін
Жала жабатын.

Сонда да
Қалың жұрт
Алатау батырға
Мінәжат етуге

Бара жататын.
Күндердің күнінде
Тұратын
Жанып жігерді –

Сол бір
Кесене-белгіні
Қып-қызыл біреулер –
Динамит қойып! –

Жарып жіберді...
Алатау батырдың
Рух күшінен
Қорыққан олар

Неткен үргелек еді?!
Бірақ та олар
Батырға деген
Махаббаттың

Ешқашан
Жойылмайтынын
Білмеген еді...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙