TELEGEI

Home

Абай

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Абай

Мұхтар Әуезовтің ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының ғұмырнамасы мен өнегелі мұрасына арналған көлемді романы.

1845-1904

Абай 1845 жылы осы күнгі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыстау ауданында туған. Ата тегі үстемдік етіп келген тұқым. Үлкен әкесі Өскембай өмір бойы би болып өткен. Өз әкесі Құнанбай көп заман Тобықты баласына старший (ол уақыттың дәреже ретінен қарағанда болыс) боп кеп, бір уақыт Қарқаралы өкірігіне аға султан да болады. Абай әкесінің алты баласының ішінде ертеден дәме қылғаны болды. Сол себепті оны әкесі жас күнінде Семейге апарып, Ақымет-Риза деген имамның медресесіне оқуға береді. Бірнеше жыл сонда мұсылманша оқып жүріп, әредікте 3-4 ай орысша да оқиды. Мұсылманша оқудан алғаны: арап, парсы ақындары мен шағатай үлгісіндегі түрік әдебиетімен танысу болған. Бірақ оқуы ұзаққа бармаған, 13 жасынан ары, сол шала сүрлеу оқудың да есігі жабылады. Ру тартысында жаңғыздық сезе бастаған әкесі, мұны оқудан алып, өзге жұмысқа қосады. Ол жұмысы: ел сөзі, ел билеу жұмысы. Осындай тартыс-даудың қалың ішіне кіріп, белшесінен батып жүрген уақытта Абай, қара күш, айламен қатар, тіл безеуді, шешендік жүйріктікті де үлкен құрал қылған. Естімеген шешені, ақыны, ескі сөзі кемде-кем болады. Уақытындағы не жүйрік, білгір, ділмар болса, соның ешқайсысынан кем түспей, асып түсіп отыратын болады. Көн жерде өзі де өлеңдетіп, тақпақтап сырлап, сымбаттап сөйлейтін болады. Өлең жас күнінен білінген өнері болса да, дәл жаңағы қызу тартыс кезінде, жас шағында өріс ала алмайды. Ақындықты бойына ылайық өнер деп білмейді. Ол кезде ақындық: тіл безеген, соны кәсіп қылған әлсіздің, құнсыздың ісі сияқты болғандықтан, Абай өзі де солай қараған. Сол себепті ерте уақытының өлеңі әлдеқалай, суырын салу ретінде айтылып, сол айтылған жерінде қала берген болатын. Өлеңге Абай бері келіп, орта жасқа іліне беріп қана ауысады. Бұған бірнеше себептер бар. Қалада жатсын, елде жүрсін, кітапханамен байланыс жасап ап, ұдайы іздену, тінтінумен болады. Сүйтіп, кітап қарастырып жүргенде Семей кітапханасында Михайлиспен тамыс болады. Бұл Семейге Петербургтан айдалып келген жылдың социалистерінің бірі болатын. Патша үкіметіне қарсы алысқан, бұқарашыл-халықшыл социалистер еді. Саяси басшысы, санашыл Чернышевскийлер болатын. Михайлис өзін Чернышевскийдің шәкіртімін деп санаған. Абай: "Дүниеге көзімді ашушы Михайлис" деген. Осы достары берген көп кітапты оқу — Абайдың ішкі дүниесін де қатты өзгерткен сияқты, "күншығысым — күнбатыс, күнбатысым — күншығыс боп өзгеріп кетті" — деп өзі айтқан екен. Міне, оқу, өсу арқылы ой өрісі осындай болып, сыртқы орын дәрежесі, әдеті бұрынғыша боп, Абай бір қос қыртыстық, қайшылыққа ұшырайды. 20 жыл бойына созылған әдебиет қызметі Абай ішіндегі сол мол қайшылық, екі ұдайылықты баян етеді. Анығында, бұл қайшылық Абайдың өз басының ғана қайшылығы емес. Оның табының қайшылығы. Мұны шығарған таптың сол күнгі, сол XІX ғасыр аяғындағы шаруашылық әлеуметтік, тарихи жолындағы қайшылықтың салдары еді. Жылдан жыл асқан сайын Абай оқи-оқи үдей береді. Оқыған сайын білімге құмарлығы артады. Семей қаласынан 250 шақырым жерде жатқан қыстауынан, қалаға әдейі кісі жіберіп, оқып бітірген кітаптарын жеткізіп, екінші тың кітаптар алғызып оқитын болған. Көп оқығаны әдебиет, әсіресе, орыстың классик әдебиетін түгел зерттеп, тексеріп шыққан. Содан ары жалпы тарих, табиғат ғылымы, философия кітаптарын оқыған. Бұл оқыған кітаптардың ішінде Дарвин, Спенсер, Дреперлер де бар. Оқуы тегінде жалғыз орысша емес, мұсылман ғұлама шайырларын да (ақындарын) тастамаған сияқты. Ғылым іздеуді жалғыз өз басына ғана алмай, балаларын да оқытқан. Ең көп оқыған баласы Абдырахман 90-жылдарда күрт аурудан өледі. Оның артынан, сүйеніш боп жүрген мықты інісі Оспан өледі. Осы екі өлім Абайға бас қайғысының ішіндегі үлкен қаза боп тиеді. Екеуінің өліміне арнап шығарған күйініш, қаза өлеңі ақынның көңіл лирикасының ішіндегі ең бір күшті сөздері. Абай осы сияқты әралуан соққылармен шөгіп келе жатқанда, 1904 жылы ең жақсы көрген өнерлі баласы Мағауия өліп, соның артынан қырық күннен соң өзі де өледі. Абайдың жиырма жылдық ақындық еңбегінің ішінде көптен көп жазғаны қоғамдық тақырыптар болады. Бір өлеңінде үйрен, ұғын, түзел деп, ұстаздық етіп жетектеймін десе, басқа бір топ өлеңінде түзелмегенге күйініп, қиналып, ызамен сөйлеп, ұрсып, жерлеп, шенеп айтады. Тағы бір топ өлеңінде: неше түрлі қып айтқан жұмсақ үгіт өсиетке де, ұрсып айтқан ашу сөзге, сынға да түзелмеген соң — енді қайғырып, күңіреніп, "жалғыз түзеуші мен ғана болдым, сендер ұғымсыз, меңіреу топ, көп болдың, дегенімді істей алмадым, пайдаңды түсіндіре алмадым" — деп әлсіз басшы болғанын білдіріп, өкініп сөйлейді. Міні, бір алуан өлеңі осындай жайға арналған. Осы сияқты шығармаларының ішінде: "оқу, білімге жармас, баланды оқыт", "еріншек болмай, орнықты кәсіпке салын, сауда қыл, шаруаңды мықты ұста" - дейді. Бұрынғы "қалғыған, еңбексіз, өнерсіз тіршіліктің мезгілі кетті; енді жаңғырған дәуірге бейімделіп, өнерлі бол, мағыналы қайрат тап" — дейді. Барлық шығармаларының нәтижесінде Абай: өз дәуірінің барлық болмысын алып, соны өте үлкен, айқын сурет қып тегіс көрсетеді. Ақын айнасы арқылы сол кезде болған атқамінер тобының неше алуан сорақы, қыңыр, жиренішті пішінін түгел тануға болады. Абай өз дәуірінің айнасы, өз тұсының қайшылығын тереңнен қамтып, көркем сөзбен, жанды образбен суреттейді. Қоғамның ілгері басуына, еркін өсуіне бөгет жасап, аяқтан алып отырған реакцияшыл бектерді қатты сынайды, кекетеді. Патшаның қазақ даласындағы өкілдері болған болыстарды, сұрқия, сұм қуларды қатты шенейді, өзінің реалистік сыныменен ол сияқты кедергілерді жойғысы келеді. Қоғамды ілгері сүйрейді. Мәдениетті боп өсу жолын арман етеді. Ол үшін қоғамына оқы, үйрен, еңбек қыл, өнер тап, шаруа өсірудің жолын меңгер, деп үндейді. Бірақ осы айтылғандардың барлығын да бейбітшілік жолымен, үгіт арқылы жүзеге асырғысы келеді. Өжет күш, тап күресі арқылы қоғам тұрмысын құруды айтпайды. Қоғам тұрмысын ақыл айтып, үгіт үшін негізінде қайта құрғысы келеді. Бұл Абайдың екендігін, революцияшылдыққа жетпегенін білдіреді. Абай — қазақ әдебиетінің атасы, жаңа әдебиеттің басы. Міне қазақ әдебиетіне Еуропа әдебиетінің үлгісін ендірді, байытты, поэзия тілін жасады. Қысқа өлеңдермен көп берерлік, бас-аяғы жұмырланып теп-тегіс келген өлеңді жасады. Өлеңнің лирика түрін туғызды. Қысқасы, қазақ кең жолға шығарды. Сондықтан, Абайдың қазақ өжетіндегі еңбегін бағалап, Қазақстан үкіметі 1934 жылы жылдың юбилейін өткізді. Абайдың поэзиясын сын көзімен оқысақ, оның бүкіл бірақ әдебиетіндегі ролін дұрыс танитын боламыз.

МӘЗ БОЛАДЫ БОЛЫСЫҢ

Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Жылтыратып орысың

Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?
Күлмең қағып қасқайып,

Салынып ап мақтанға.

Таң қаламын қампайып,

Жоқты-барды шатқанға.

Үйі мәз боп қой сойды,

Сүйіншіге шапқанға.

Әуре қылды, салды ойды,
Үйдегі тыныш жатқанға,
Еш нәрсе емес жұбанар,

Ақыл көзбен баққанға.

Жас баладай қуанар

Бір дәмдіні татқанға.

Көзі барлар осының
Күлер, етегін ашқанға,
Қасиетін бойының

Бекер төгіп шашқанға.

Қуанарлық қыз емес,
Жылтырауық таққанға,
Өзгелерді біз емес,

Түсірмекші қақпанға.

Осы да есеп бола ма,
Аз абырой тапқанға?
Миың болса жолама,
Бос елігіп шапқанға!
Бір бес надан оңбассың,
Нансаң үнін қосқанға,
Жасық жаман болмассың,

Жамандықтан қашқанға.

Ол "болдым-ақ" дей берер
Бұлғақ қағып басқанға,
Елең қағып елірер,
Еліртіп көзді аспанға,
Жайы мәлім шошқаның,
Түрткенінен жасқанба!
Бір ғылымнан басқаның
Кеселі көп асқанға,
Одан үміт кім қылар
Жол табар деп сасқанда,
Үйтіп асқан жолығар

Кешікпей-ақ тосқанға.

1889 жыл

БОЛЫС БОЛДЫМ, МІНЕКИ

Болыс болдым, мінеки,
Бар малымды шығындап,
Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сүйтсе дағы елімді
Ұстай алмадым сығымдап,
Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап.

Съез бар десе жүрегім,

Орнықпайды зуылдап.

Сыртқыларға сыр бермей,

Құр күлемін жымыңдап.

Жай жүргенде бір күні
Атшабар келді лепілдеп,
Уез шықты, съез бар,

Ылау деп, үй деп дікілдеп.

Сасып қалдым, күн тығыз,

Жүрек кетті дүпілдеп.

Тың тұяқ күнім сүйтсе де,
Қарбаңдадым әкім деп,
Старшын биді жиғыздым,
"Береке қыл, бекін" — деп,
"Ат жарамды, үй жақсы

Болсын, бәрің түгін" — деп.

Қайраттанып халқыма,
Сөз айтамын күпілдеп,
"Құдай қосса, жұртымның
Ақтармын осы жол сүтін" - деп
Қайраттанып қамқорсып,

Сайманымды бүтіндеп.

Оңашада уезге,
Мақтамаймын елімді,
Өз еліме айтамын:

"Бергем жоқ, — деп - белімді..

Мақтанамын кісімсіп,
Уезге сөзім сенімді,
Көрсетемін, ымдаймын

Кәдік қылар жерімді.

Сөз көбейді, ұлғайды,

Мақтанның арты көрінді.

Қазақты жеген қайратты ер,
Ұрыңды да, беріңді,
Әрлі-берлі тартысып,

Ісі арамы жеңілді.

Алқыны күшті асаулар

Ноқтаға басы керілді.

Үлкен, кіші ақының

Бәрі сөз боп терілді.

Қайрауы жеткен қатты би,
Қайрылып нетсін көңілді,

Өз малым деп қойған мал Иесіне берілді.

Ақылды жандар қамалап,

Кептірді сонда ерінді.

Арызшылар көбейді,
Болыстың арты шөмейді,
Қайтсын байғұс демейді,

Бір кептірмей терімді.

Күн батқанша шабамын
Әрлі-берлі далпылдап,
Етек кеткен жайылып,
Ат сауырында жалпылдап,
Уезге жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап.

Кейбіреуге таяғым

Тиіп те кетті бартылдап.

Пысықтың көбі бұғып жүр,
Беттесе алмай шаңқылдап,
Ашылып омырау, күн ыстық,

Қойын кетті алқылдап.

Елі жөнді болыстар
Мақтанып жүр тарқылдап,
Күлкісі жақсы қарқылдап,
Үні бөлек сартылдап,
Сөйлесе кетсе бір жерде
Ағыны қатты аңқылдап,
Уезге кірсе өзгеден
Мерейі үстем жарқылдап,
Елің бұзық болған соң,
Уез жатыр шартылдап,
Табаныңнан тозасың

Құр жүгіріп тарпылдап.

Ант ұрғанмын өзім де,
Бір мінезбен өтпейін,
Момындық күшті екенін
Көрсем дағы күтпеймін,
Съезден соң елімді
Қысып алып кетпеймін,
Әуелде артым бос көпір,
Мықтыға не қып беттеймін,
Жуанды қойып, жуасты
Біраз ғана шеттеймін,
Уез бардағы қылықты
Уез жоқта етпеймін,
Кәкір-шүкір, көр-жерді,
Пайда көріп ептеймін,
"Өзімдік" — бол деп ел жиып,
Құрастырып септеймін,
Бұзақының билігін

Жақсы ақыл деп күп деймін.

Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар;
Айлам құрсын, білемін,
Болыстықтың жолы тар,
Қайтіп көмек болады,
Ант ұрған өңкей ұры-қар?
Көргенім әлгі, ойлашы,
Ұят-намыс, қалды ма ар?
Ендігі сайлау болғанда,
Түсе ме деп тағы шар,
Бұл күніме бір күні

Боламын ғой деймін зар.

Ақыл айтар туғандар,
Бұл сөзімді ойлаңдар,
Каталашке көбейді,

Сөгіс естіп тозды ажар.

Мынау елді ұстарлық

Кісі емеспін, кел, құтқар.

Қолдан келмес қорлыққа

Неге болдым мұнша іңкәр.

Ел жайында жетпей ме
Уезге де бір хабар,
Тағы бүйтіп кеттің деп,
Қозғау салар, қолға алар,
Қатты қысым қылған соң,

Басым сотқа айналар.

Кірлі болып түскен соң
Көрген күнім не болар?
Өзіме мәлім тентектер,

Өз бетімен не табар.

Қағаз берер, қарманар,

Аяғында сандалар.

Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды,
Өтірік берген қағаздың,
Алды-артына қарайды,
Өз қағазы, өз көзін
Жоғалтуға жарайды,
Тауып алып жалғанын,
Қылмысыңды санайды,
Өзі залым закөншік,
Танып алды талайды,
Көрмей тұрып құсамын,

Темір көзді сарайды.

1889 жыл

ӘСЕМПАЗ БОЛМА

Әсемпаз болма әр неге,

Өнерпаз болсаң, аркалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан.

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,
Біте қалса қазаққа,
Алдың — жалын, артың — мұз,
Барар едің қай жаққа?
Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей, бәйге алма.

Өзінде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма өзгеден.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға.

1894 жыл

ИНТЕРНАТТА ОҚЫП ЖҮР

Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы,
Жаңа өспірім, көк өрім,

Бейне қолдың сал асы.

"Балам закон білді" деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың

Шариғатқа шаласы.

Орыс тілі, жазуы
Білсем деген тал асы,
Прощение жазуға

Тырысар, келсе шамасы.

Ынсапсызға не керек
Істің ақ пен қарасы!
"Нан таппаймыз" демейді,
Бүлінсе елдің арасы,
Ыждағатсыз, меннатсыз

Табылмас ғылым сарасы.

Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Орыс теріс айтпайды,
"Жаман бол" деп оларды,
Қаны бұзық өзі ойлар
Қу менен сұм боларды,

Орыста қалар жал асы.

Бұл іске кім виноват,
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой,

Көңілінде жоқ санасы.

Ақылы кімнің бар болса,

Демес мұны тілі ащы.

Айтыңызшы, болсаңыз
Здравомыслящий,
Ақыл айтпай ма ағасы,
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қып артық білуге,
Артық ғылым кітапта
Ерінбей оқып көруге,
Оқалы киім киюге,
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге,
Қызмет қылма уезге,
Жанбай жатып сөнуге!
Қалай сабыр қыласың,

Жазықсыз күнде сөгуге.

Өнерсіздің қылығы:
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге,
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,

Жол таба алмай жүруге.

Алыс та болса іздеп тап,

Корены ойға кіруге.

Талапты ерге нұр жауар,
Жүріп өмір сүруге,
Адал жүріп, адал тұр,
Счетің тура келуге,
Жаныңа жақса, соңынан

Жалқауланба еруге.

Я өз бетіңмен, тәуекел,

Занимайся промыслом.

Жеңіл көрме, бек керек,
Оған да ғылым, оған да ой,

Қалайша қайда енуге.

АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗІ

Қырқын мінсе, қыры артылмайтын осы бір қырт мақтан деген бір мақтан бар. Сол неге керек? Неге жарайды? Ол әpі істі білмейді. Намысты білмейді. Кең толғау, үлкен ой жоқ. Не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не адамдығы жоқ не ақылдылығы жоқ, не арлылығы жоқ. Мойнын бұрып қойып: "ой, тәйірі-ай, қойшы әрі, кімнен кім артық дейсің", "кімнің басы кімнің қанжығасында жүр", "менің қазаныма ас салып беріп жүр ме?", "мен одан сауын сауып отырмын ба?" — деп бұлғақтап, немесе: "аяғаным жаным ба, ой, тәйір-ай, өліп кетпей неге керек?", "азар болса, осы үшін атылып, айдалып кетсем де көнгенім-ақ", "әйтеуір бір өлім бар ма?" - деп қалшылдайтын кісі көп қой. Өздерің көріп жүрсіңдер, осы айтқан сөз бойына лайық қазақ көрдіңдер ме? Өлімге шыдайтұғын қазақ көргенім жоқ. Өлімге шыдаймын деген де қазақ көргенім жоқ. Аз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау, "қиылып қана қалайын" деп. Егер осы сөз бойына лайық кісі көрінсе, ақылы жоқ болса да, қайратыменен кісі айбындыратын адам болғаны ғой. Егер де шын айғайды көргенде кірер жерін таба алмайтын дарақы, жұртты осы сөзімен "айбындырамын", "мына кәпірден кісі шошитұғын екен" — дегізіп, айбындырайын деп айтып отырған құр домпытпасы болып, босқа қоқиып отырса, соны не дейміз? Ей, жанға мырзалық қылатын ердің жадағайда-ақ: сертке тұрыштық, малға мырзалық, дүниені бір тиын есеп көрмейтін жомарттық сияқты, әртүрлі белгілері бойында тұрмас па еді? "Ұялмас бетке талмас жақ береді" деп, көп мылжыңдаған арсыз ұятсыздықтың бірі дағы!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙