Жантаза
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Бегабат Ұзақов
УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз)-44 Ұ 25 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Ұзақов Бегабат. Ұ 25 Жантаза. Əңгімелер. / Бегабат Ұзақов. Алматы: «Қазығұрт» баспасы. – 2014. – 168 бет.
ISBN 978-9965-22-480-5
Жазушы Бегабат Ұзақов «Жантаза» атты бұл кітабына енген шығармаларымен адамның жан-дүниесіндегі буырқаныс, толғаныстардың жұмбағына үңіліп, өмірдегі сан түрлі қайшылықтарды суреттеу арқылы пəлсапалық ой түйіп, рухани ізгілік пен адалдыққа шақырады. Шығармалардың тілі шұрайлы, ойы орнықты. Əртүрлі стильде жазыла тұрып, ортақ парасат арнасында тоғысатын əңгімелердің болмысынан жазушының бөлекше қолтаңбасы айқын танылады.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 Қаз)-44 ISBN 978-9965-22-480-5 © Ұзақов Б., 2014 © «Қазығұрт» баспасы, 2014
БАЛУАН ҚЫЗ ...Бəтима балуан бойын ыза мен кек кернеп, бұл күнді жарты жыл күтті. Күткенде уақыт шіркін тасбақа жүріске салынып, мəңгі өтпейтіндей көрінеді. Жүйкеге салмақ салар сəттерде үміт қана жабырқаған көңілге медеу. Сол үміттің шырағына кек май құйып тұрса, лаулай бермек. Бұл от шарпуынан көз байланып, бар дүние əдіра қалады. Жарты жыл бойы ол жалқы мақсатпен өмір сүрді. Ол да болса, ар-намысты көзінің қарашығындай сақтайтын балуан затына жараспайтын қылық істеген Алдағұлды күресте алып ұрып, басынан аттап өту. Əдетте, жығылған балуанның басынан аттауға болмайды. Бұл жеңілген жақ үшін өліммен тең əрекет. Кейде ездік қылған балуан осылай жазаланады. Мəрттікті ту етіп көтерген елдің жазылмаған заңы осы. Бəтима балуан осылай істеуге бекінген. Сонда ғана нəмəрттіктің құрбаны болған ағасы Абылай балуан көрінде тыныш жатпақ, сонда ғана күреске адалдық қайтады. Міне, бүгін оның іздеген жауы алдынан шықты. Ауылдағы Мергенбай шопанның келін түсірген тойына Алдағұл балуан өз аяғымен келіп тұр. Салт бойынша, келіннің беті ашылған соң немесе одан бұрын ас тартылады. Сосын адамдар құрға жиналады. Құр деген сахна іспетті нəрсе. Ортаға кілем төселіп, жан-жағында халық қаумалап тұрады. Əуелі жыршы-жыраулар өнерін көрсетеді. Əн-күй, терметолғаулармен əлеуметтің құлағының құрышын қандырған соң өнерпаздар құрды балуандарға босатып береді. Күрес біткеннен кейін тойға жиылған халық ауылдың сыртына шығып бəйге, көкпар тамашалайды.
«Иттүйнек те уақытында бір гүлдейді» демекші, жұрт мұрнын шүйіріп менсінбейтін Мергенбай шопанның тасы өрге домалап тұр. Қырық-елу түйе, жүз шақты жылқы, үш мыңға тарта қойы бар. «Мұрным барда бір сіңбірейін» деген-ау, шамасы, дүниесін шашудай-ақ шашыпты. Дастархан – ағыл-тегіл. Жақын маңайдағы Жайық аздық еткендей, Бесқаланың батысында тұратын Ақпанбет пен Тауелібайдан Алдашты да алдырған. Жайық аруақты батырлар Кəдір мен Сəдір, Дабыл жайлы жырларын селдей ағызды. Домбырасының күмбірі ерекше. Шауып бара жатқан мың тұлпардың тұяғының дүбірі естіліп тұрған сияқты. Отты жырдың əсері соншалық, өзіңді Кəдір мен Сəдір, Дабыл батырлардай сезініп, тұлпарға қарғып мініп, бес қаруыңды асынып жауға шапқың келеді. «Ендігі кезек – Алдаш жыраудікі», – деп тоғашы дүйім жұртқа жариялаған кезде сұңғақ бойлы жігіт ағасы ортаға қалтақтаған соқыр шалды жетектеп шықты. Жайықтың көркіне көзі тойып отырған жұрттың көңілі қоңылтақсып қалды. «Ойбай-ау, атағы жер жарған Алдаш осы ма, не?» – деген ой жырауды бұрын-соңды көрмеген елдің санасында қылаң бере аңтарылды. Мұндай таңданыстың талайын көрген болар, ештеңені елемей құрдың дəл ортасындағы құрақ көрпешеге жайғасып отырып алған Алдаш домбырасын сол қолымен қағып-қағып жіберіп əндете жөнелді. Алдаш домбырасы ‒ нағыз əннің домбырасы екен. Бейтаныс əуен лезде баурап алды. Тауелібайдың тамылжыған əндеріне елтіген жұрт жыраудың табиғи кемістігін ұмытып та кетті. Ашық əуез, асқақ дауыс Қаратаудың етегінде орналасқан ұядай ауылды жаңғыртып жіберді. Бұл елдің бір қасиеті – əшейінде абырсабыр боп жатса да, құрда отырғанда сабырлы келеді. Тіпті, тентек суға тойып алғандар да сілтідей тынып, шырқалып жатқан əн-жырдан басқаны ұмытады. Тек ара-тұра айтушыны қолпаштау, рухын жани түсу үшін «бəрекелді!», «шап!» деген сөздер ғана естіледі. Алдаштың əні əуелей барып үзілген кезде маймаңдап басып Ақпанбет шықты. Көзі көреді демесең, мұның да Алдаштан артықтығы шамалы екен. Қисық-қисық бірдеңе. Бірақ, дене бітіміне мəн беріп жатқан ешкім жоқ. Жаңа ғана Алдаштың қораш түрін көріп көзі үйренген ел бұл жыраудың одан да асқан дүлей екенін өте жақсы біледі. Өзін енді көріп
тұрса да үнтаспалары əрбір үйде бар. Жайық пен Алдаштың жанына отырған Ақпанбет Орынбай ақынның Жанқожа батыр жайлы дастанын жырлады. Бұл жырау нөсерге ұқсайды екен. Төкпелеп-төкпелеп бір қайырғанда манағы сабырлы халық ду қол соққанын білмей де қалды. Əйел-қыздардың арасында отырған Бəтиманың ойынан жыраудың кейбір сөздері кетпей қойды: Абырой менен ар ойла, Адамдық түссе ойыңа! Ол бұл жолдарды іштей қайталай берді, қайталай берді. Қолын түйіп ап, қалшылдап кетті. Ердің құны бітпейді, Төрт түлік малдың құнымен. Қандасқан жауға қан кетсе, Құрығаны шынымен. Жампоз жырау балуан қыздың жанды жеріне тиіп, ширықтырып жіберді. Тұла бойында қан тулап, көз алды қараңғыланып кетті. Ашу мен ызадан бірер сəт есеңгіреп тұрды да мұнан əрі тыңдауға дəті жетпей ақырын жылыстап, əйелдер арасынан шығып кетті. Артына бір қайырылып, ерлер жаққа көз жіберді. Қарақұрым адамның ішінен хас жауы Алдағұл көрінбеді. «Бір жерде отырған шығарсың, əйтеуір, келгенің анық қой, – деп күбірледі ол. – Тоқал ешкіден басқаның кегі о дүниеге кетпейді. Дəл бүгін сазайыңды тартасың». – Кілт бұрылды да бойына бұла күш енгендей ақыл-ойын бірден жиып алып, жылдам қадам тастап Мергенбай шопанның көршісінің үйіне бет алды. Ауылдың балуандарының шəй-суын беру осы үйге жүктелген. Киімін ауыстырып, алда болар күреске сақадай-сай тұруы керек. Ақпанбет те жырын бітірді. Жұрт дуылдап-шуылдап үш жырауға қошамет көрсетіп жатыр. Жыраулардың алдына жайылған орамалға ақша деген үйіліп қалды. Жеті жасардан жетпіс жасарға дейінгінің бəрі көңілінен шыққанын тастап жатыр. Жоралғы солай. Үш жырау да маңғаз қалпында орнынан тұрып кезектесіп бата берді. Ақшаға көзінің қиығын да салған жоқ. Тоғашы орамалды жинап алды. Той тарқаған
соң бұл ақшаны оларға береді, əрине. Жыраулар ортаны босатып, шетке ығысты. Елмен бірге күрес тамашалайды. Төрт-бес адам жүгіріп шығып, көрпешелерді алды. Құрды кеңейтіп кілем төседі. Енді балуандар шықпақ. Манағы сыпайылықтан жұрнақ та қалмады. Нағыз ырду-дырду басталды. – Қай балуандар келген екен? – Кім жеңеді екен? – Атаңның басы, сəл шыда, қазір көресің ғой! – Сұрауға болмай ма, не?... – Тынышталыңыздар, – деп сабырға шақырды ақ сақалды, ірі денелі кісі құрға шығып. – Күресті бастаймыз. Танымайтындар үшін айтып өтейін, мен Артықбай балуанмын. Бүгінгі күреске мен төрешілік етемін. – Əй, Артықбай, – деп саңқ ете қалды жеті-сегіз балуанның қасында тұрған бұжыр бет шал. – Балуандықты қатырғандай енді елге төрелік айтайын дедің бе? Байқа, төреші болсаң, адал бол. Ауылдас бауырларыңа бұра тартып, масқара болып жүрме. Белінде белбеуі бар жігіт бар ма өзі ауылыңда? – Əй, байғұс Бақберген, – деп жауап қатты Артықбай пəленбай жыл бəсекелескен балуан құрдасына. – Жиырма бес жыл күресіп саған есе жіберген жерім жоқ. Қайратымыздың барында шап бергенге тап бердік. Жеңсек, ел көтерді, жеңілсек, жер көтерді. Адалдығыма күмəнің болса айт! – Енді бұл бір сөздің салты ғой, – деп бəсең тартты əлгі кісі. Артықбай ішінен не өткенін өзі біледі. Өмірінде Бақберген балуаннан бір рет те жеңілмегені ақиқат. Алайда, қазір Бақбергеннің түйе балуан атанып жүрген Алдағұл деген шəкірті бар. Сондықтан, шаршы топта ірі-ірі сөйлейді. Негізінде, Бақберген балуан сөзден қалатын адам емес. Қазір тайқып шыға келгенінде гəп бар. Өткен жолғы қанды оқиғадан соң ел дүрлігіп кетпесін деген болар. Ал, Артықбай балуанның дəл қазір мұндай шəкірті жоқ. Бұл дайындап жүрген өз баласы Ниет пен ауылдың төрт-бес жігіті əлі шалалау. Бір қыз балуан бар. Бірақ, ол өз бетінше жаттығып жүр. Жаңа Бақбергенге «пəлен балуаным бар» деп айта алмағаны да сол себепті. – Міне, ініміз Мергенбай той жасап елдің батасын алып жатыр, – деп сөзін жалғастырды Артықбай. – Əрине, тойдың
сəні – əн-жыр, бəйге, көкпар. Ал, күрестің орны мүлде бөлек. Елдің еңсесін көтеріп, қайсар рухын сақтау – ұрпақ парызы. Бүгінгі күрес əдеттегідей бірнеше топқа бөлінеді. Ең алғаш құрға түйе балуандар шығады. Жеңгеніне – Мергенбай ініміз төрт жасар түйе тіккен. Екінші өгіз балуандар сайысы. Үшінші қошқар балуандар бəсекесі. Əр балуан өз қайратына қарай қай топта күресетінін өзі таңдайды. Тігілген жүлделер үшін той иесіне алғысымыз шексіз. Алайда, балуан жүлде үшін емес, ар үшін күреседі. Балуандық – өз нəпсіңді жеңу деген сөз. Жүлдеге қызығып, топ таңдауда адаспаңдар. – Ол сəл тыныстап алды да жан-жағына қарады. – Рұқсат болса, бас жүлде үшін күресті бастаймыз. – Рұқсат. Рұқсат. – Тезірек бастаңдар, – деген дауыс шықты əр жерден. – Ал, онда білегіне сенгендер ортаға шықсын. Сол жақ бұрыштан еңгезердей жігітті ертіп Бақберген балуан шықты. – Уа, халайық, мынау біздің Ақшакөлдің Алдағұл деген балуаны. Талапкер бар ма, əлде бас жүлдені күрестірмей бересіңдер ме? – Ой, əкеңнің... мынау баяғы қанішер ғой, – деп Қызылқаланың бір жігіті жұлқына кетті. – Қақ басынан атайын ба, осы? – Тоқтат былшылды! – Ақырды Артықбай балуан. – Көне дауды қозғап қайтесің? Арлы болсаң күреске түс. Сірə, жақындары болуы керек, əлгі жігітті екі кісі сүйрелектеп əрі əкетті. Алдағұл балуан қос қолын бүйіріне таянып, ортада қасқайып тұр. Езуінде мысқыл ойнайды. Белдесуге жарайтын балуанның жоқтығына сеніп тұрған сыңайлы. – Назархандықтардың ішінде Алдағұл балуанмен күресетін бар ма? – деп айқайлап сұрады Артықбай балуан. Ешкім селт еткен жоқ. Пірназар шойыншыдан тəлім алғандар шау тартқан соң бұл өңірдің балуандарының жүні жығылып қалған-ау, шамасы. Бұрын бұлар ешкімге дес бермеуші еді. Назархандықтардың басынан бағы таяр деп кім ойлаған? Жерлестерінің мына мүшкіл халін көргенде жауырыны жер иіскемеген балуан Пірназар шойыншы арыстандай ақырып шығар еді-ау! Əттең, бақилық боп кетті. – Талдының балуандары, сендер не дейсіңдер?
– Біз кейінгі топта бақ сынасақ па дейміз, – деп күмілжіп тіл қатты Талдылықтарды бастап келген балуан. – Аязқалалықтар, талапкерлерің бар ма? – ... – Əй, басқаның басын ауыртып қайтесің? – Ретті жері келгенін біліп Бақберген балуан іле түсті. – Өзіңнің Қызылқалаңда белдесер балуаның бар ма? Жоқ болса, жұрттың уақытын алмай бер жүлдені. Қап, мынаның қорлығын-ай? Шəкіртінің үстемдегіне сеніп құтыруын қарашы. Ғұмыр бойы мұны жеңе алмай өткендігінің ызасын осы сəтте алып тұрған сыңайлы. Артықбай балуан шынымен тығырыққа тірелді. Дегенмен, салт бойынша өз ауылдастарын да күреске шақыруға тиісті. Жүлдені күреспей беру – балуандыққа сын. Бəлкім бір шəкірті тəуекелге бел байлар. – Ауылдастар, – деді ол оң жақтағы бұрышқа қарай. – Сын сəті келіп жетті. Нағыз күшті құрда білінеді. Мына тұрған Алдағұл балуан ана жолы ауылдасымыз Бейімбеттің тойында беткеұстар арысымыз Абылай балуанды жеңді. Күрестің соңы қайғылы аяқталғаны да баршамыздың есімізде. Шейіт кеткен боздақтың ары үшін күресер сəт туды. Мына Алдағұл балуанмен алысатын кім бар? Қызылқалалықтардың да үскініне су құйылған тəрізді. Ешкім белсене шыға қоймады. Мұны көрген Артықбай балуанның қаны миына шапшыды: – Неге үндерің шықпай қалды? Қызылқаланың қатындары еркеккіндік тууды қойған ба? Сақалым сарбиып өзім алысайын ба, алде бас жүлдені күреспей-ақ бере салайық па? – Жоқ! – деген дауыс құрды селт еткізді. Оң жақ бұрышты қақ жарып, ақ жейде киген Бəтима балуан құрға кіріп келді. – Ер өлсе де, ел өлген жоқ. Міне, мен бармын! Артықбай балуанның көзі жасаурап, дауысы дірілдеп кетті: – Айналайын-ай, бар екенсің ғой!.. Ақшакөлдіктердің бірнешеуі қарқылдап күліп жіберді. Қағытып қалу үшін Бақбергенге тағы бір сылтау табылды. – Түйе балуанмен күреске қыз шыққанын алғаш көруім. Бəтиманың балуан екенін көріп-біліп жүрміз ғой, дегенмен ыңғайсыздау екен. Жігітпен ұстасқанда денесі балқып кетіп, астына түсіп қалса... – деп ыржалақтады Бақберген балуан.
Кезінде ортанқолдау балуан болған, бүгінде ақсақалдыққа жетіп, ауылының жастарын күреске баулып жүрген Бақберген балуанның келекесі қызылқалалықтардың шамына тиіп кетті. – Əй, алжыған қырт, сені де жұрт балуан дейді-ау!.. – Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. – Біздің қызға төтеп берер қауқары бар ма Алдағұлыңның? Артықбай балуан сөз тізгінін қайт қолға алды: – Құрда тұрған балуан кез келген талапкермен күресуге міндетті. Бас тарту – жеңілу, – деп бір қайырды да Алдағұлдан сұрады: – Бəтима балуанмен белдесе аласың ба? – Белдесе алмай Құдай ұрып па?... * ...Қызылқала ‒ көне қала. Есте жоқ ескі дəуірдің ескерткіші боп қызғыш лайдан соғылған қорған күн нұрына шағылыса қызыл жалын шашып тұрғандай. Ертеде бұл жерде ел жасағаны анық. Алайда, осы қаланы салып, абат өмір сүрген елдің қайда кеткенін ешкім айтып бере алмайды. Талай ғасырлардан бері қаңырап жатқан қала тілсіз. Қала деген аты ғана. Уақыт деген ұлы əміршінің тегеурініне төтеп бере алмай айналасы түгел қирап, аман қалған жалғыз қорған аспанмен таласып, өткендердің өр рухын еске түсіреді. Соңғы жүз жылдықта бұл өңірге ел қоныстана бастаған. Суы мол, жері құнарлы. Шаруашылықпен шұғылдануға қолайлы. Бірте-бірте көбейген ел əжептəуір ауылға айналған. Мал бағумен айналысады. Ауыл атауы да осы ескі қаланың атынан алынған. Ауылдың теріскейінде шөккен нардай боп Қаратау созылып жатыр. Дəл іргеде Кесіктау бар. Аты затына сай. Қаратаудың құдды кесіп алынғандай бір сілемі. Омарқұлдың үйі Кесіктаудың етегінде. Бар ғұмыры осында өткен. Жалындаған жиырма бес жасында Гүлдəуренге үйленген соң біразға дейін бала сүйе алмады. Жары үш рет түсік тастады. Əулие Сұлтан бабаға барып, Жаратқанға жалбарынды. Жолбарысаттағанға түнеді. Сөйтіп жүргенде Алланың шапағаты түсіп, қошқардай ұлды болды. Қуанышы қойнына
сыймай ат шаптырып, құр құрып той жасады. Арада тағы екі жыл өткен соң қызды болды. Сірə, нағашысы Сəлімбай балуанға тартқан болуы керек, екеуі де ірі сүйекті. Гүлдəурен тіл-көзден аман болсын деп, тұмар тағып қойды. Уақыт шіркінде тоқтау бар ма? Тəспісінен жаңылмай күндер, айлар, жылдар өте берді. Қос перзент есейе бастады. Зарығып көргендіктен бе, бетінен қақпағасын екеуі де сотқар. Ауылдың маңайлап кеткен баласын ұрып-соғып, жылатады да жүреді. Сосын таяқ жеген балалардың шешелері Омарқұлдың үйіне келіп, қиғылықты салады. Ашуланған Гүлдəурен ұрысқан кейіп танытады. Алайда, иі бос, сабауға қолы бармайды. Жайдары мінезді Омарқұл миығынан күлуден танбайды: – Балам мықты екен деп жүрсем, қызым да осал емес екен ғой. Бұған бірдеңені біліп ер баланың киімін кигізіп қойғансың ба, деймін? ‒ Ой, кигені құрысын! – деп бұрқан-талқан болады Гүлдəурен. ‒ Көршілерде мұнымен тең қыз жоқ. Жалғызсырап жүрмесін деген оймен ер балаша киіндіре салғам. Бұл балдармен қосылып ойнаудың орнына алысып-жұлысады да жүреді. Ағасының сотқарлығы аздай. Перзенттерінің есесін біреуге жібермейтін боп өсіп келе жатқанына іштей марқайып қалған Омарқұл сезімін сыртқа шығармай, ұлы мен қызын жанына шақырып алады да сес көрсетеді: – Мына шешелеріңнің шашын ағартатын болдыңдар ғой. Ендігіден былай тыныш жүріңдер. Əйтпесе, таяқтың көкесін менен жейсіңдер. – Мақұл! – деп жарыса уəде береді ұл мен қыз. Өкінішке орай, былай шыққасын уəдесін ұмытып кетеді. Əр сапар осындай жағдай жалғаса береді. Омарқұл бір рет те қол көтермейді. Күйгелектенген əйеліне басу айтады: – Əлі екеуі де жас қой. Бала балалығын қылмай қоя ма? Несіне күйіп-пісесің? Абылай ұлымыз мұрнына самал еніп, қызға қырындайтын болғанда, Бəтима қызымыз бойжеткенде ақыл тоқтатып, тентектігін қойып кетеді. – Əй, қайдам, – дейді Гүлдəурен. – Нағашыларына тартқан болса, əлі біраз жерге барар. Жеті атамнан келе жатқан
балуандық бұла күш бұларға да жұққан болса, тегіндікте басыла қоймас. Əкеме көп барғыштайды. Ол кісі де қартайғанда баламен бала боп бұлармен арпалысады да жүреді. Бірдеңені үйрете ме-ау... – Е, Сəкеңе барса несі бар. Нағашы атасынан əдіс-тəсіл үйреніп балуан болса, бағыңның жанғаны емес пе? – деп мырс етеді Омарқұл. Сəкең деп отырғаны – Гүлдəуреннің əкесі, атақты Сəлімбай балуан. Алысқанды алып ұрған алапат күш иелерінің жетінші ұрпағы. Ерте жетім қалып əйгілі балуан Пірназар шойыншыға шəкірт түскен. Ұстазы да, өзі де темірші ұста. Орақ, кетпен, күрек, қазық, сүймен сияқты заттарды жасаумен айналысады. Кезінде жауырыны жерге тимеген. Бұл кісінің есімі аталған жерде жұрттың езуіне еріксіз күлкі үйіріледі. Ертедегі бір қызық жағдай əлі естен кетпеген. Ақжазықта бір той болған көрінеді. Тұрмыс тауқыметі еңсені езіп, жоқшылық жомарттың қолын байлап тұрған кезең болса керек. Сонда да қазақтың салты қалсын ба, кішігірім жүлде тігіліп, күрес ұйымдастырылыпты. Талдыдан келген балуандар шыққанның шаңын қағып, əбден састырыпты. Ақжазықтықтар аласұрып Сəлімбай балуанды іздепті. Əшейінде мұндайды құр жібермейтін балуан көрпеге оранып үйінде жатқан-мыс. Бүкіл ауылдың намысы тапталып жатқанына шыдамаған шалдар «Сəлімбайды шақырып кел» деп бір баланы жүгірте салыпты. Балуан келмепті. Тағы біреуді жіберген екен, балуан үзілдікесілді «бармаймын» деп айтып жіберіпті. Ең беделді екі шал «Сəлімбайдың ел намысы сынға түскенде бұра тартар əдеті жоқ еді ғой, бірдеңеге ренжіп қалды ма екен? Өзіміз барсақ, сақалымызды сыйлағандықтан еріп келер» деп, қалғандарына амалдап уақытты соза тұруын өтініп, балуанның үйіне бет алыпты. Үйіне абыр-сабыр екі шалдың кіріп келгенін көрген Сəлімбай балуан сөзге келместен оранып жатқан көрпесін лақтырып жіберіп, үстіндегі жадағай шапанымен шалдарға ере шыққан екен. Келген бойда құрға шығып, Талдының беткеұстар балуанымен айқаса кетеді. Біраз салғыласа жүріп, қарсыласының белінен мықтап ұстап алған Сəлімбай балуан оны бар күшімен өзіне тартып қап, лезде талдылықтың аяғының артына аяғын қойып, кейінге сілтеп жіберіп, үстінен баса құлайды. Сол сəтте шапаны құрғырдың түріліп кетпесі бар ма, жалаңаш құйрығы жарқ
ете қалады. Алғашында не болғанын түсінбей аң-таң болған жұрт дереу мəселенің байыбына барады да, қыран-топан күлкіге батады. Арлы балуан «ел артымды көрсе де бетімді көрмесін» деп, жығылған балуанның үстінен атып тұрып, шапанын басына бүркеп тұра қашыпты. Түнде əйелімен əлденеге бола тəжікелесіп қалған балуан бұтындағы жалғыз дамбалын таңертең жуғызып, кеппегесін көрпеге оранып жатқан ғой. Шалдар барғанда намысқа шыдамай кетіп, тобығына түсетін ұзын шапанды кие сап, жалаңбұт ере шыққан... Гүлдəурен ұл-қызының тентектігін айтып, Омарқұлға қанша шағымданғанымен əңгіменің соңы перзенттерінің нағашы атасы Сəлімбай балуанға тіреледі де, ылғи жадыраңқы кейіпке еніп, мəселені жылы жауып қоя салады. Сөйтіп жүргенде Абылай он алтыға, Бəтима он төртке келді. Түске дейін мектепке барады. Түстен соң мал жаюға кетеді. Бұлар барысымен Омарқұл үйіне қайтады. Кесіктаудың батыс жағында тас көп. Оны ауылдың жігіттері жинап, машинаға артып жібереді. Там тұрғызбақшы болған көрші ауылдың адамдары сатып алады. Əкесі кеткен соң бұлар да кезек-кезек тас қопаратындарға көмектеседі. Алғашында «жап-жас боп ауыр жұмысқа аралассаңдар майып боп қаласыңдар» деп, олар қарсылық танытқан. Бұлар алған бетінен қайтпаған соң еріксіз келісім берген. Бастапқыда қиындау тигенімен қазір екеуі де ысылып қалды. Тас қопарушылармен түскен ақшаны теңдей бөліседі. Бұл ісін əке-шешесі білсе, аштан өлсе де тасқа жолатпайды. Сондықтан, нағашы атасына барғанда «кетпен, күрек жасауға көмектескеніміз үшін атам берді» деп жиылып қалған ақшаны шешесіне ұстата салады. Əрине, атасы да ақша береді. Бірақ, теміршіліктен түскен ақша тас қопарғандағы ақшадай көп болмайды ғой. Соның өзіне «теміршілік оңай кəсіп емес, жарақаттанып қаласыңдар» деп əке-шешесі азар да безер болады. «Біз ананы əперіп, мынаны əперіп атама жай көмектесіп жүрміз» деп құтылады ондайда. Нағашы атасының екеуін күрестіріп, ерінбей əрбір əдісті үйрететінін айтпайды. Əйтеуір, екеуі де ата-анасының аузына ертерек нан салғанына мəз. Бір күні Абылай мен Бəтима мал жаюға барған соң Омарқұл митыңдап Кесіктаудың ұшар басына шықты. Осы шоқыдан асып өтсе тура үйіне баратын төте жолға түседі.
Шоқыны айналып өтіп, мал айдайтын жолдан жүруді ұзақсынды. Төмен қарай бір-екі адым жүргенде сүйір тасқа сүрініп кетті. Құлауға шақ қап, тəлтіректеп барып бойын əрең жиып алды. Бірақ, əлгі сүйір тастың кесірінен сол аяғындағы етігінің табаны түсіп қалды. Шоқының жазықтау жеріне отырды да, сол аяғындағы етігін шешті. Сосын түсіп қалған табанды етігінің астына жабыстырып ұстаған күйі бір қолымен қалтасынан жіп алды да, байлауға кірісті. Амалдап үйіне жетіп алса болды. Қалғанын көре жатар. Етігін киіп, орнынан көтерілді. Кенет мал жаққа көз тастап есінен танып қала жаздады. Қос тайлақты екі құбыжық көтеріп ап, аяңдап бара жатыр екен. Қорыққаннан көзі шарасынан шығып кетті. «Ла Илаһа Илалла, Мұхаммадүр расул Алла», – деп күбірлеп кəлима қайтарды. Балалары есіне түсіп, айқайға басты: – Абылай, Бəтима, қайдасыңдар? Ойбай, құрыдық! Қашыңдар! Көтеріп бара жатқан тайлақтарын жерге қоя салды да, Абылай мен Бəтима шоқыға жүгіріп шығып, əкесінің қасына жетіп келді: – Не... боп... қалды? – деді ентігіп Абылай. – Не...ге ай...ғай...ла...дыңыз? – деп сұрады аптыға жеткен Бəтима.Омарқұлдың тілі күрмеліп үнсіз қалды. Реңінде қан жоқ. Бірер сəттен соң «уһ» деп суық демін алды. – С-сендер ме, тайлақтарды көтеріп бара жатқан? Б-бұларың не? – Ол қасында тұрған өзінің ұл-қызы екеніне күмəнданып, бейне бір өң мен түстің арасында жатқан адам сияқты олардың қолдарынан ұстап, шымшып көрді. Қорқынышы əлі басылар емес. Қалш-қалш етеді. – Біз ғой, – деді Абылай. – Сайтан болушы ма еді, – деп жайбарақат күлімдеді Бəтима. – Сонша үрейленгеніңіз не?... Омарқұл үйіне қайту ниетінен айнып, кешке дейін бұлардың қасында жүрді де қойды. Қиялы сан-саққа жүгірді. Перзенттерінің қатарластарынан күшті екенін іштей сезгенімен тайлақ көтеретін дəрежеге жетіп қалғанын байқамаған. «Жаратқанның шапағаты мол-ау, – деп ойлады. – Сүйген пенделерінен ештеңені аямайды. Қаншама балуандар ерен күшке ие болу үшін жылдар бойы шұғылданады. Сонда да санаулылары ғана кемелдікке жетеді. Мына қаршадай балалардың істеп жүрген қылығын біреуге айтсаң сенбейді». Əрине, аңғал əке Абылай мен Бəтиманың нағашы атасынан
əр барған сайын əдіс үйренетінін, мал жайылып жүргенде күреспен шұғылданатынын, тіпті ауыл жігіттеріне қосылып тас қопаратынын білмейді. Кеште отбасында төрт көз түгелденіп, тамақ ішуге отырғанда Омарқұл көргенін ағызбай-тамызбай əйеліне айтып берді. – Көз тиіп кетіп жүрер. Жеті шелпек пісіріп тарат, – деп нығарлауды да ұмытпады. – Не дейсің, ойбай-ау, шалықтағаннан саумысың? – деп шыр-пыр болды Гүлдəурен. – Көзіңе елестеген шығар. Он алтыдағы бала мен он төрттегі қыздың қолынан сондай іс келуші ме еді?! – Мұның таңданатын түгі де жоқ, – деп тайлақты өзі көтергендей қоқиланып қойды Омарқұл манағы ахуалын ұмытып. – Бұлар дүниеге келгенде сенің шешең екеуін де қасқырдың терісіне орап алған. Соның шарапаты ма, əлде сенің балуан бабаларыңның аруағы қонды ма, балалар елден ерекше. Əйтеуір тіл-сұқтан аман болсын. Ешкімге айтып жүрме. – Мына шал не деп сандырақтап отыр? – Гүлдəурен балаларына қарады. – Зақымданып қалған жоқсыңдар ма? – Ой, бізге не болушы еді? – Қолын жəй ғана сілтей салды Абылай. – Үйреншікті əдет қой. Гүлдəурен ыршып кетті: – Не дейсің, күнде өстіп жүрсіңдер ме? Сенікі жөн-ақ делік, қыз басымен мынаған не жоқ? Тынышыңа жүрмей бұған да үйреттің бе? Мертігіп қалса, қайтесің? – Бар пəле Бəтиманың өзінен шыққан. Оның айтуынша, жер жүзінің атақты балуандарының бірі жас кезінде мал бағып жүріп, жетім бұзауды өткелден көтеріп өтеді екен. Бұзау да өсіп бара беріпті, əлгі жігіт те оны көтеруін қоймапты. Сөйтіп, ол мықты балуан боп кеткен көрінеді. Біз де солай істедік. Бұл екі тайлақты бота кезінен бастап көтереміз. Əдепкіде əліміз жетпей əуреленгеніміз рас. Бірақ, кейін көтере алатын болдық... Осы жолы Омарқұл мен Гүлдəурен балаларымен ұзақ сөйлесіп, болашақ жайлы ой бөлісті. Балуандыққа құлшынып тұрғандығын біліп, кедергі жасамауға бел буды. Тек Бəтима мəселесі шешімін таппаған күйінде қалды. Бұл өңірде қыз балуан жоқ. Ол кіммен күреседі? Қарсылас табылмағасын
өзі-ақ бір күні райынан қайтар. Əзірге көңілін қалдырмау үшін оған да разылық бере салды. Енді екеуі еркінсіп Ақжазыққа жиі баратын болды. Нағашы атасы Сəлімбай балуан бұлардың тəрбиесін шындап қолға алды. Белден ұстау, жамбасқа алу, ішке кіріп кері жығу, қарсыласты белден тартып еңкейтіп, жылдам үстіне шығып, қапсыра құшақтап лақтыру сияқты көптеген əдістерді мұқияттап үйрете бастады. Көбіне құм салынған қапты арқалатып жүгіртеді... Сол жылғы тамыз айының тамылжыған күндерінің бірінде бұлардың өмірінде елеулі оқиға орын алды. Осы айда елде той-томалақ көбейеді. Əсем көңіл-күймен жадырап жүргенде жайдары жазбен қоштасып, салқын қабақты күздің құшағына еніп кеткеніңді аңғармай да қаласың. Елмен жарыса Бисенбай түйеші де той берді. Қара күшіне сенген алып балуандар түйеге таласты. Былайғылары өгізден дəмелі боп құрдың шаңын шығарды. Ең соңында жас балуандарды ынталандыру үшін қошқар тігілді. Жұрт жүлдесіне орай жастарды «қошқар балуан» деп атай салады. Ел назарына түсу осы сəттен басталады. Болашақта балуан болу, болмауың айқындалады. Абылай күреске шықты. Ізді-ізінен бес-алты жігітті жығып, қошқарды көтеріп əкетіп бара жатқан Абылайдың құлағына құрда төрешілік жасап жүрген Артықбай балуан сыбырлады: – Біздің кемпірмен алысар қауқар қалмады. Түптің түбінде осы ауылдың бас балуаны өзің боларсың-ау. Ерінбей еңбектене бер. Ұлының күресін тамашалаған Омарқұл мен Гүлдəуреннің қуаныштан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. – Əй, Бисенбай түйешінің де пейілі тарылған екен. Тіккен түйесі мен өгізіне дауымыз жоқ. Ал, өлейін деп тұрған жалғыз қошқар тіккені несі? – деп айқайлады біреу. – Күресетін жігіт көп. Оларға не береді? Тойға сəл кештеу жетіп, құрдың бір шетінде тұрған оншақты жігітті көрген Артықбай балуан үндемей қалса, ауылдың беделіне нұқсан келерін түсінді. Бисенбай түйеші сараңдау кісі. Бір түйе, бір өгіз, бір қошқармен күресті өткізіп бересің деген. Оған қайта қолқа салудың реті жоқ. – Ау, халайық, абыржымаңдар! Абырой баршаға ортақ. Бір қошқар бізден. Күресем дейтіндерге кедергі жоқ. Көрсетсін қайратын!
Манағы қошқарын əлдебір жерге апарып қойған болар, құрға қайта келген Абылай Артықбай балуанның жеңінен тартып, шетірекке шығарды да ақырын ғана өтініш білдірді: ‒ Менің қарындасым Бəтима да күреспекші. Оны да шығарыңызшы. – Не дейсің? – Селк ете қалды Артықбай балуан. – Мынауың зор жаңалың қой! Баяғыда атам қазақтың қыздары атқа қонып жауға шапқан деуші еді, ерліктің орнын ездік иелеп бара жатқан мына заманда да бір қыз балуан шыққаны ма? Шақыр қане! Абылай қолын көтерісімен Бəтима жетіп келді. Қысқа шашты, сұңғақ бойлы, ірі сүйекті ақ жейде киген қыздың дене бітіміне бір қарағаннан-ақ көңілі толған Артықбай балуан оны ортаға жетектеп шықты. – Уа, халайық, қазақтың бойындағы ерен күш əлі де өлмеген екен! Сайтанның дəретіндей ащы суды сіміріп, шылым тартып халқым ұсақталып кетті-ау деп едім. Көне салтымызды жалғастырып мына қыз күреспен шұғылданып жүр екен. Бұл қыз жаңағы Абылайдың қарындасы. Əрірегін айтсақ, əйгілі Сəлімбай балуанның жиені. Осы қызбен күресетіндерің бар ма? Манағы білегін сыбанып тұрған жігіттер қапелімде абыржып қалды. Сосын біреулері күңкілдеді: «Байтал шауып бəйге алмас! Енді қалғаны қызбен күресу ме еді? Жеңілсең – сорлағаның, жеңсең де мерейің өсе қоймайды». Ұрыста тұрыс жоқ демекші, олар бір байламға келген болу керек, ортаға шымыр денелі, аласалау жігіт шықты. – Қарындастың аужайын мен байқап көрейін. Мұндай ару қыздың белінен ұстау да бір ғанибет қой! Оның кекесін толы сөзіне Артықбай балуан мəн берген жоқ. Күресті бастауға белгі берді. Олар белдесіп ұзақ жүрмеді. Бəтима ұрымтал сəтті пайдаланып, менменшілдікпен əлі жағдайға бейімделе қоймаған жігіттің оң қолынан ұстап, шапшаң қимылмен бауырына кірді де жамбасқа алып, иығынан асыра лақтырды. Оңбай түскен жігіт орнынан тұра алмады. Əліптің артын бағып отырған жұрт шу ете қалды: – Мына қыздың пəлесін қарай гөр. – Орынбайды орнынан тұрмастай қылды. – Біздің Қызылқаланың қыздары да мықты ғой, шіркін!
– Деміне нан пісіп жүрген жігіттер қайтер екен енді? Екі жігіт Орынбайды көтеріп əкетті. Бəтима мұнан соң да үш жігіттің жауырынын жерге тигізді. Сосын ешкім беттей алмады. Артықбай балуан жүлдені берер сəтте Абылайды да жанына шақырып алды: – Бүгінгі той ерекше өтті. Тағдырдың тосын сыйына жолыққандай болдық. Осындай дарынды жастарды кезіктіргеніміз тағдырдың сыйы емей не? Ендігіден былай бұларды балуан деп атайтын боламыз. – Абылай балуан, Абылай балуан! – Бəтима балуан, Бəтима балуан! – десіп қалың қауым оның сөзін іліп əкетті... Омарқұл мен Гүлдəурен балаларын ертіп, қос қошқарды айдап Ақжазыққа тартты. Он шақты күннен бері төсек тартып, жатып қалған Сəлімбай балуанның батасын алды. Мына қызығы мен шыжығы мол өмірде балуандық жолын осылай бастаған жастардың атағы лезде Қаратау баурайына жайылып кетті. Сəлімбай балуан да өмірден озды. Бұлар оқитын мектеп аудан орталығынан едəуір қашықта болғандықтан жарыстарға апаратын адам болған жоқ. Сонда да жасымай, тойларда күресіп жүре берді. Өмір-өзен өз арнасымен ағып, өткенді тарих қойнауына ысырып, болашаққа сапарынан жаңылмады. Алдымен мектепті бітірген Абылай əскерге де барып келді. Бұлшық еттерінің бұлтыңдауынан ол жақтағы екі жылын босқа өткізбегендігі байқалады. Бəтима да оқуды аяқтады. Əрі қарай оқуға талпынбады. Ұл əкесінің таяғын қолынан алып, мал бағумен айналысса, қыз анасының көмекшісі. Алайда, екеуі де күресті бірер сəтке тастаған емес. Омарқұл мен Гүлдəуреннің ендігі арманы ‒ ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Бірақ, пенденің ойға алғаны орындала бермейді екен. Əшейінде жерде бір тиын түсіп жатса, иіліп алып қалтаға басудан арланбайтын ауылдың дүкеншісі Бейімбет қу той берді. Үлкен ұлы аудан орталығындағы бір дөкейдің қызын əкелген. Жеті-сегіз баласы бар Бейімбетті даңғазалы той жасайды деп ешкім ойлаған жоқ-ты. Байлығын көрсеткісі келді ме, əлде ауқатты құдалардан қысылды ма, аянып қалмады. Тойға жайған дастарханы, жыршы-жырауы өз алдына, балуан біткенді түгел шақыртты. Жараған бурадай айбат шашып жүрген алыптардың ең мықтысы – Ақшакөлден
келген Алдағұл балуан. Бірер жылдан бері оның айдарынан жел есіп тұр. Қарсылас шақ келтірмейді. Кей жерлерде бас жүлдені күреспей-ақ ап кетеді. Артықбай балуанның бар үміті – Абылай балуаннан. Егер ол жеңе қоймаса, бұл маңайда Алдағұлды алар жау жоқ. Əзірге екеуі шаршы топта бір рет те кездескен емес. Күні бұрын Артықбай балуан шəкіртіне басты қарсыласы осы екенін айтумен əлек. Қолына жара шығып, дəрігерге көрініп жүрген Бəтима бұл сапар күреспейді. Ағасының өнерін тамашаламақ... ...Ортада екі балуан ойқастап жүр. Бірі Алдағұл да, екіншісі – Абылай. Екеуінің де өліспей беріспейтін түрі бар. Əсіресе, Алдағұл деген əккі пəле екен. Қарсыласының қолын белі мен жағасына жуытпайды. Қолдан қағудың шебері. Абылай оның осы қырын біліп алды да, қарсы қимылға көшті. Бұл да белі мен жағасын бермейді. Текетіресте Абылай балуанның кішкене үстемдігі байқала бастады. Ол қолдарының ұзындығын пайдаланып, ұстаған жерінен жұлқылай тартып, қарсыласының сілікпесін шығарады. Алдағұл балуан да осал емес. Бірін-бірі жұлқылаумен де біраз уақытты алды. Балуандардың жақтастары шоқтың үстінде отырғандай тыпыршиды: – Алдағұл, тобықтан қағып, жамбасқа ал! – Абылай, белден ұстап лақтыр аспанға!.. Айтуға ғана оңай. Бұлар тегіндікте əдіске түсіп қалатын балуандар емес. Бұл жүрістерінен ештеңе өнбесін екеуі де түсінді білем, бір-бірінің жағасынан ұстап ары тарт та, бері тарт басталды. Бірі қос қолын жағадан ажыратып ап, жауырыннан ұстаса, екіншісі еңкейіп, басын басына тақап əкеледі де, аяғын кейінге тартады. Басқа əдіс қолданудың мүмкіндігі жоқ. Тегеурінді қолдар оңай жаздыра салмайды. Мұндайда алыса-алыса аптығып қалғаны жеңіледі. Абылай алдырар емес. Алдағұл ырсылдай жабысқанымен түк те бітіре алмауда. «Апыр-ай, шынымен де мынаны жеңе алмаймын ба? – деген ой жылт ете қалды Алдағұл балуанның қиялында. – Бір амалын таппасам, масқара боламын». Оның осы бір сəт босаңсығанын байқаған Абылай балуан белден ұстап шалқайта бергенде жағдайының насырға шауып бара жатқанын сезген Алдағұл балуан Абылайдың қабағына баспен соғып жіберді. Күтпеген соққыдан көзінің оты жарқ етіп,
қапелімде не болғанын аңдамай қалған Абылайдың нықтап ұстаған қолы Алдағұлдың белінен жаздырылып кетті. Осы бір оңтайлы сəтте Алдағұл балуан шалт қимылдап, оң қолымен Абылайдың мойнынан орай ұстап, жамбас ала бере қағып жіберді. Əлсіресе де бірден беріле қоймай, бір қапталдай құлаған Абылайдың мойнынан білегін жаздыра қоймаған Алдағұл оны тұрғызбауға тырысып, ышқына ырғап қалды. Абылай балуанның мойын омыртқасы шым ете қалды... Жұрт абыр-сабыр боп кетті. Шуды əрең тоқтатқан Артықбай балуан адамдардың арасынан жанұшыра ағасының қасына жеткен Бəтимамен бірге Абылай балуанды көтеріп ап шықты да, өзінің «Уаз» машинасына салып, ауруханаға тартты. Тойдың шырқы бұзылды... Қабағы жарылып, көзін ісік басып, аяқ-қолы қимылдан қалған Абылай балуан ауруханада ыңырсып жатып, көз жұмды. Тек, ақтық сəтте ғана «Бə...ти...ма...» деген дыбысы үзіліп-үзіліп шықты. Ағасының суып бара жатқан денесін құшақтап, ағыл-тегіл жылаған Бəтима, қыршын кеткен бауырының көмейіне көміліп қалған өксік пен адыра қалған арманның ендігі жоқтаушысы тек өзі ғана екендігін түсінді. Алдағұлдың ағасына не істегенін анық білмесе де, іші бір зұлымдықтың жасалғанын анық сезген Бəтима «опасыз Алдағұл, қылғаныңды алдыңа келтірермін» деп өзіне-өзі серт берді.. Омарқұл мен Гүлдəуреннің шашы құсадан бір-ақ күнде ағарып кетті... Бақберген балуан Алдағұлды ертіп Омарқұлдың үйіне кешірім сұрай келді. – Шалқайып бара жатып серпіліп қалғанымда басым Абылайдың маңдайына кездейсоқ тиді. Қастан соққаным жоқ, – деп ақталды Алдағұл балуан. – Кешіріңіздер... Абылайдың ажалы өзі жасаған қараулықтан келгенін жұрттың сезіп қалуынан қорқып, неше күннен бері ішкені ірің болған оның даусы қалтырай шықты. – Əдейі жасаған болсаң, ешқашан көгермейсің, – деді Артықбай балуан. – Бір күні ит өлімімен өліп кетесің. Ауылдың ақсақалдары: «Кешірім берілмейді. Қалай болғанда да бір азамат жазым болды. Күнəсін абақтыда отырып
жусын», – деп қасарысқанда, Алдағұл балуан еңкілдей жылап Омарқұлдың аяғына бас ұрды: – Бір қасық қанымды кешіңіздер! Төрт атадан бері қарай жалғызбын... Шаңырағымды ортасына түсіре көрмеңіздер... Омарқұл ұлынан айырылып, қанша қапалы боп отырса да, алдына келсе, атасының құнын кешетін елдің перзенті емес пе, Алдағұлдың зарлағанына шыдай алмады. – Құдайлық іс шығар. Өлер бала өлді. Тағы біреуді сорлатқанмен ештеңе орнына келмейді. Кештік... Гүлдəурен шалының айтқанынан шыға алмады. Көрші бөлмеде, есік ашық тұрғандықтан, бұлардың сөзін естіп отырған Бəтиманың жұдырығы тастай түйіліп, жүрегі атқақтай соғып, кеудесін жарып кетердей дүрсілдеп тұр еді бұл кезде... * Құрға Бəтима балуанның шыққанын көрген жұрт бір сойқанның боларын сезінді. Алдағұл балуан сыр бермегенімен, іштей қаймығыңқырап қалды. Ол Бəтимамен күресіп көрмесе де, дақпыртын естіген. О баста Алдағұл балуанның бұл тойға келу ниеті жоқтұғын. Бірақ, шақырушы тойдың хабарын бес-алты балуанның көзінше айтты. Сөзқұмар біреуі «қорықты» деп өсек таратпауы үшін баруға еріксіз уəде берді. Айтылған сөз – атылған оқ. Кері шеіне алмайды. Бір жағынан оның ішкі есебі де болды. Ана қанды оқиғадан соң беделі біраз кетіңкіреп қалған. Егер сол ауылға қайта барып, бас жүлдені алса, Абылай балуанды кездейсоқ жазым етіп қойғандығын дəлелдегендей болады. «Қастан істесе, жүрегі дауалап қанды жерге қайта келмес еді» демей ме жұрт? Ізіңнен «нəмəрт» деген сөз еріп жүрсе, балуандықтан не пайда? Ағасы қайтыс боп кеткесін Бəтима балуанды күреске шыға қоймас деп ойлаған. Қазір оны көрген кезде Абылай балуанды баспен соққан сəті есіне түсіп, қалтырап кетті. Іші алай-дүлей боп жатыр. Қауқиып тұрған құр сүлдері сияқты. Бəтима балуан жиналған жұртты көзбен шолып шықты. Бүрісіп бір шөкім боп отырған əке-шешесін аяп кетті. Мына жексұрын иттік жасамағанда олар осындай мүсəпір халге
түсуші ме еді?! Манағы жырауларға да көз тоқтатты. Алдаш пен Ақпанбет мүгедек бола тұра елді қалай аузына қаратты екен? Құлағы барды сиқырлап тастайтындай ішкі бір бұла күш бұларда қайдан пайда болған? Бұл он екі мүшесі сау тұрғанда ағасының кегін ала алмаса, жер басып жүре алмас... Артықбай балуан күресуге белгі берді. Бəтима салған жерден Алдағұл балуанның өзіне қарай созған қолын қағып жіберіп, жағаға жармасып, жұлқи тартқанда қарсыласының қолы да мұның жағасынан ұстай алды. Екеуі де тізерлеп отырып қалды. Орындарынан қайта тұрды. Енді Алдағұл балуан шапшаң қимылдап қолы мұның жеңіне іліккен сəтте шалт бұрылып жамбасқа алмақшы болды. Əдіс сəтсіз аяқталды. Бұл қарама-қарсы бетке шығып кетті. Қолдан ұстаса, бір сəрі, жеңнен ұстаған сəтте əдіске көшіп Алдағұл балуан қателік жасады. Бəтима балуан алты-жеті қадам артқа шегінді де алға ұмтылды. Аппақ жейдемен ұшып келе жатқан оны көргенде Алдағұлға өзі мерт қылған Абылай балуанның аруағы келе жатқандай көрініп кетті. Көз алды бұлыңғырланып, бойын əлсіздік билеп алды. Меңіреу қалпында өзге бір əлемге топ ете түскен сияқты. Алдынан бұған қарай тозақтың отындай лапылдап келе жатқан ақ жалынға қарауға жүрегі дауаламай еңкейіп қалды. Сол сəтте екпіндете жеткен Бəтима балуан мұның еңкейе қимылсыз тұрғанын көріп, қапталдай келе белінен қапсыра ұстады да, бар пəрменімен аспанға лақтырды. Дел-сал күйінен арыла алмаған бұл байғұс əуелей барып жерге гүрс ете түсті. Халық толқып кетті. Омарқұл мен Гүлдəуреннің көзінен жас ыршыды. Шетте шəкіртінің қимылын бақылап тұрған Бақберген балуанның төбесінен мұздай су құйып жібергендей селк етсе, Артықбай балуан қуаныштан жүрегі жарылып айқайлап жіберді... Бəтима балуан жерде ыңырсып жатқан Алдағұл балуанның қайта тұра алмасын білді де ешкімге қайырылмай құрды қақ жарып шығып, бағанаға байлаулы тұрған Күрең аттың шылбырын шешіп ап қарғып мінді. Батысқа қарай құйғыта жөнелді. Он бес шақырымдай жердегі Сұлтан баба əулиенің қорымына, ағасының қабіріне бармақ, шамасы...
ШОМА Биылғы қыстың қаһары қатты. Қарашаның соңы жылымықтау-тұғын. Желтоқсан кіре берісімен күн күрт мінез танытты. Алдымен сай-сүйегіңді сырқыратар қара суық күшіне мінді, сосын бірер күн райынан қайтып, босаңсығандай сыңай білдірді де, артынан жапалақтап қар жауып берді. Ауыл адамдары малын жылы қораға қамап, ала жаздай қамдаған жем-шөбін береді. Өздері де соғымын шетінен жəукемдеп жататын кез бұл. Көшеде бейсауат жүрген жан жоқ. Лайдан соғылып, үстіне қаңылтыр қорғаныш жүргізілген биік дуалдардан аула ішінде не боп жатқаны білінбейді. Тылсым тыныштық орнаған. Үйлердің сорайған мұржаларынан будақтаған түтін ғана тіршіліктің қам-қарекеті жалғасып жатқанын айғақтағандай көкке өрлей барып, айналаға таралады. Желтоқсан бел ортадан ауғанша төрт рет жауған қар анда-санда жылт ететін күннің өлімсіреген сəулесіне жібімей сіресіп жатыр. Оның үстіне кеше екіндіден соң тағы борай бастаған қар түн жарымына дейін тынбады. Өлі тыныштықты бұзып, ауылдың шетірегінде орналасқан еңселі үйдің қар кептеліп қалған темір қақпасы сықырлай ашылды. Он төрт-он бестегі екі бала қақпаны əрең итеріп ашқаны байқалып тұр. Балалар шетке ығысып жол берді де, қарагер атқа мінген еңгезердей кісі шықты. Иығына қосауыз мылтық асылған. Балалар күшеніп тартқылап қақпаны қайта жапты. Қақпаның сықырынан секем алған иттер шəуілдей жөнелді. Сиыр мөңіреді. Қарагер атты кісі батысқа қарай бет алды. Аттың құйрығы түйілген. Дүние сүттей аппақ. Қарауытқан бұл ғана. Мына бір үйдің талы сынып, жолға құлапты. Ат сүрініп кетпесін деп шетінен айналып өтті. Жүрісі өнер емес. Қалың қар кедергі келтіруде. Азынаған аяз да маңдайдан қарып барады. Мұндайдың талайын көрген бұл ештеңені елер емес. Түлкі тұмағын көзіне дейін түсіріп алды да, жолын жалғастыра берді. Ертерек Ақтоғайға жетіп алса, болғаны. Мынадай қарда ол жердің қоянын ату оңай. Іздері сайрап жатады. Басқа кезде қай бұтаның түбіне тығылғанын білмейсің. Бұл дүниеде қызығушылықтың түрі көп. Əркім өзінше бірдеңені ермек қылады. Жаппар жастайынан аңшылыққа
əуестенді. Басқасын қайдам, аңшылық деген айықпас дерт екен. Бір үйренсең, тастауың қиын. Құмары ұстап, делебең қозады да тұрады. Сол дерт жабысқалы бері Жаппардың тынышы жоғалған. Əсіресе, соңғы он жылда кезбеген таутасы, араламаған орман-тоғайы жоқ. Қай мезгілде, қай жерде қандай аң, құс боларын бес саусағындай біледі. Аңшылық өмірінің мазмұнына айналған. Əйелі мен екі баласы да мұның саяқ жүрісіне көндіккен. Былай қарағанда саятшылық құрып, тамақ асырар халде емес. Момын əйелі шаруасын дөңгелентіп отыр. Балалары да қолғабыс тигізуге жарап қалған. Ірілі-ұсақты қырық-елу қойы, төрт бұзаулы сиыры, мінер аты бар. Үйінің бір бұрышынан азық-түлік сататын дүкен ашып қойған. Шылқыған бай болмаса да, ішер асқа тарықпайды. Үй тірлігінің бəрін əйелінің мойнына артып қойғандықтан атқа мініп, түзден бері келмейді. Қанша кəнігі аңшы болғанымен қанжығасы бос қайтатын кездері де болады. Ондай кезде қабағы қатуланып, шыбынның ызыңын жақтырмайды. Алда-жалда қыруар ақшаға алынған оқтың көбін шығындап, жалғыз қасқалдақ атып келе қойса, күйінбейді. Ерінбей қасқалдақты қалай атып алғанын əңгімелеп береді. Сол мезеттегі жабайы лəззаттың əсерінен айыға алмай, қанталаған жанарынан жауыздық ұшқындайды. Ал, олжасы мол болған кездерде тіпті шешенсіп, үйіндегілердің ығырын шығарады. Былайғы кезде өте тұйық, жақындап кеткен кісіге жұғыса білмейді. Оқшау жүргенді жаны қалайды. Көрші-қолаңның бұған да көзі ұшып тұрғаны шамалы, жолыға қалса, өлгеннің күнінен тəңір сəлемін беріп, ажалдың көлеңкесі түсіп тұрғандай суық жүзінен сескенеді де, жылыстап өте шығады. Егер ана инабатты əйелі мен кішіпейіл балалары болмағанда үйіне жақын-жұрағатынан басқа пенде бас сұқпас та еді. Табиғатта басы артық нəрсе жоқ. Бəрі үйлесіммен жаратылған. Ұлы сана-сезімнің иесі адамзат айналасындағыларды аялауы тиіс. Алайда, тепе-теңдікті бұзып өзгенің өмірін құртқандар өзінің де келешегін күйрететінінен бейхабар. Қанындағы жауыздықтан арыла алмай бір бейкүнə құмырсқаны орынсыз өлтірген адам əлемді жойып жіберуден де тайынбайды. Бəлкім, осы қасиеті үшін де Жаппар аңшыны айналасындағылар албастыдай көріп, жиренетін шығар. Бірақ, ол мұны ойлап басын қатырмайды. Жортқан аң мен ұшқан құстың
да өмір сүруге хақы барлығы, оған зауал төндірудің обалы қаперіне де кірмейді. Қарагер ат жайлап жүріп келеді. Қысқа ғұмырында əдемілігімен көздің жауын ала Күн-ғашығының алау сезімінен еріп кетпей, ат тұяғына жаншыла аппақ жүрегі ойық-ойық боп бара жатқанына нала болған қардың жанайқайы араша сұрап əлемді оятып жатқандай бəсеңдер емес. Ауыл үш қырқаның артында қалды. Еріне тұрғандардың тіршілігі басталған да болар. Ол Жаппар аңшыны алаңдатпайды. Аяздың ызыңдағаны мен қардың сықыры құмарлығын қоздыра түсіп, олжасына асығуда. Енді сəл жүрсе, ақ шəліге бүркеніп тұрған Ақтоғайға да жетеді. Жай жүріп бара жатқан аттың жүгенін құранды ердің басына іліп, қалтасынан шақшасын суырып ап насыбай атты. Сосын шақшасын қалтасына салып қойды. Насыбайдың кермек дəмі таңдайына татып, құрыстырысы жазыла бастаған болу керек, көңілдене жүгенді қолына алды.. Ақтоғайдың аумағы үлкен. Үлкен жəне кіші Ақтоғай боп екіге бөлінеді. Үлкен Ақтоғайға жолау мүмкін емес. Ол жер мемлекеттік қорық. Қамыскөлдің шығыс жағалауы – кіші Ақтоғай. Онда тал, терек, жиде өседі. Құнды ағаштары болмағандықтан осы маңайдағы ауылдарға кіші Ақтоғайдан отын шауып алуға рұқсат берілген. Шабылған ағаштардың орнына көктемде көшет отырғызылады. Бұл жерді бақылайтын орманшы жоқ. Аңшылық қылсаң да ешкім қолыңды қақпайды. Бірақ, кіші Ақтоғайдың аң-құсы көп емес. Қырғауыл, қасқалдақ, қоян бар. Жаппар аңшы кіші Ақтоғайға да жетті-ау, ақыры! Аузындағы насыбайын шырт түкіріп, маңайын көзбен шолып шықты. Адам ізі көрінбейді. Демек, əлі басқа аңшылар келіп үлгермеген. Ақырын түсті де атын ықтасындау жерге жетектеп барды. Шылбырын ұзындау етіп ағашқа байлады. Былайырақ шығып, кесілген ағаштың сорайып тұрған түбірінің қарын тазалап, қоржынын қойды. Оның үстіне мылтығын көлденең жатқыза салды. Сосын тонының түймелерін ағытып, беліндегі оқшантайдан екі оқ алды. Бытырадан жасалған оқ осындай құрғақ жерде тұрмаса, ылғалданып атылмай қалады. Қосауыз мылтықты оқтап болған соң ішінен бір қап алды да, қоржынды аттың басы жетпейтіндей жердегі ағашқа ілдіре салды. Əр тал, əр бұтаның түбін қалт жібермей,
аяғын жайлап басып тоғай ішіне еніп кетті. Біраз жүрген соң көзі қоянның ізін шалды. Ізге түсті. Ана ағаш, мына ағаштың арасынан жүру де оңай емес. Ербиген бұтақтар іліп қап, ығырыңды шығарады. Ізден адасып қалуға тағы болмайды. Қоян деген де оңай жерде жүре бермейді. Құс тұмсығы батпайтын бұталардың арасынан өтіп, қайдағы бір қуысқа тығылады. Бұл тоғайдың түкпір-түкпірін түгел білетін Жаппар аңшы іздің бағытынан қоянның барады-ау деген жерін шамалайды. Сондықтан, адам жүруі қиын қалтарысқа тура кіруге ұрынбай, мейлінше, оңайлау тұстан барады да, ондай жерлерден іздің шыққан-шықпағанына назар аударады. Қазір де солай болды. Төрт-бес қалтарысқа қоян бөгелмеген. Шыққан ізі бар. Қиысқиыстан жүріп отырған ол бір талдың тасасында тұрып, мылтығын кезеді. Мұның ойынша, іздеп келе жатқан қояны қарсы алдындағы үлкен талдың кеуегіне жасырынған болуы мүмкін. Қураған өсімдіктер мен сынған бұталардан талдың қасына жақындау мүмкіндігі аз. Қоян үшін қолайлы жердің бірі осы. Ол мылтығын кезеніп тұрған күйі ысқырып жіберді. Бұталар арасынан бір қоянның орғып шығуы мұң екен, «паңқ» еткен мылтық дауысы шықты да, аппақ қар үстіне жалп ете құлады. Тосын дауыстан шошыған қарғалар мен шымшықтар топ-тобымен ұшып, тоғай ішін ұлы шуға бөледі. Əлі жаны шығып үлгермей дірілдеп жатқан қоянның қасына жүгіріп барған ол дорбасынан пышағын алып, тамағынан тартып жіберді. Қарға тамып жатқан ып-ыстық қызыл қанды көргенде көзі жайнап сала берді. Алғашқы олжаны қапқа сүңгітті де əрі қарай кетті. Тоғай ішіндегі тыныштық бұзылды. Енді таса-тасада жүріп аңду керек. Біраз жүргесін тоғайдың қалың жеріне барып ағаштың тасасына отырды. Атылған оқтың орнына тағы біреуін салып қойды. Жарты сағаттан астам уақыт өтті. Айналаны түгел бақылап тырс етпей отыр. Мұндайда уақыт та өтпей кетеді. Аңшылықты сабырлы адамға шығарған. Күтуге шыдасаң ғана олжалы боласың. Оң жағындағы бұталар арасы сытырлады, бір қоян зытып барады. Шүріппені басты. Сол сəтте қарсы алдынан қырғауыл ұшты. Оны да атып үлгерді. Бірақ, оғы қате кетті. Анадай жерде жатқан қоянды бауыздап қапқа салды. Қырғауылды дəлдеп ата алмағанына іші удай ашып, көңіл күйі бұзылды. Ашумен мылтығын қайта оқтады...
Күн түске таяп қалды. Тоғайдың ана жер, мына жерінде жүріп алты қоян атыпты. Үйге қайтса да болады. Ол кері бұрылып, тоғайдың манағы өзі кірген тұсынан шықты. Ілулі тұрған қоржынды алып, қапты ішіне тықты. Аты əлдебір шөптердің басын қаузап тұр екен. Өзінің де қарны ашқанын енді аңғарды. Қой, жүрек жалғап алмаса болмас. Қоржынның бір басынан түйіншек пен термос алды. Түйіншекті шешіп түбірдің үстіне қойды. Майдалап кесілген қазы мен нан бар екен. Термостың қақпағымен ыстық шай сораптап ішті, қазыны нанға қосып қомағайлана асады. Ішіне жылу кіріп, жаны жадырап сала берді. Енді үйге қайтса болады. Термос пен түйіншекті қоржынға қайта жайлай бергені сол-ақ екен, он бес метрдей жерде кетіп бара жатқан қоянды көрді. Қоржынды тастай сала иығына асулы тұрған мылтықты алып, дереу көздеді де шүріппені басып жіберді. Тура кетіп бара жатқан қоян ұршықтай айнала барып, бойын тіктеді де малдас құрып отырған адам сияқты бұған қарай қатты да қалды. – Еһ, шома түсті! – деп бұл мылтығын құшақтаған күйі қарға отыра кетті. Аңшылардың салты бойынша жолыққан аңның бəрін қыра беруге болмайды. Шектен асқан қаныпезерлікті Жаратқан Ие жазасыз қалдырмайды. Құмарлық сезімін билей алмаған аңшы – аңшы емес. Əр жаратылыстың өзіндік киесі бар. Барлық құрбандығыңның киесі мыңыншы аңның бойына жиылған болады. Оны атсаң, бұрын көз көріп, құлақ естімеген тосын құбылыстың куəсі боласың. Сол ерекше құбылыс – «шома түсу» деп аталады. Шома – Жаратқан Иенің аңшыға жасаған ескертуі. Одан соң мылтығыңды тастап, аңшылықты қоймасаң, бəлеге жолығасың. Жаппар аңшы мұндайды естігенде «Құдайдың аң-құсын жұрттан қызғанған сараңдау бір аңшының таратқан аңызы шығар» деп ойлайтын. Аңның шома түсетінін бар аңшы естігенмен, көзбен көрмеген соң сеніңкірей бермейді. Дегенмен кез келген аңшының түйсігінде шомадан сескену жатады. Жаппар аңшы бала кезінде ел аралап қайыр сұрап жұретін Баймұрат деген дуананы көп көрген. Адамдар оны көздегенін құр жібермейтін мерген аңшы болған десетін еді. Соның аңы шома түскен көрінеді. Мəн бермей аңшылығын жалғастыра беріпті. Үйін жасын соғып, əйелі
мен бес баласы бірдей өртеніп кеткен соң есінен ауысқан. Бір қарасаң, əжептəуір-ақ адам сияқты көрінгенімен, тапқан тиын-тебеніне арақ ішкен кезде дені сау кісінің қылығын істемейтін. Үстіндегі киімін алба-жұлба етіп жыртып, құтырып кететін. Суықта қап, үсіп өліп кетті. Шома түскен қоян сол күйі ескерткіштей қатып қалды. Қайта-қайта қарағанымен Жаппар аңшы жүрек жұтып, оның жанына бара алмады. «Шынымен-ақ мыңыншы аңды атқаным ба? – деп ойлайды ол. – Күнəмнің өтеуін қалай өтеймін?...». Жаппар аңшының қиял құсы алыстарға самғады. Ең алғаш рет тоғызыншы сыныпты бітірген жылы үйрек атқаны ойына оралды. Нағашысы Шəкірдің үйіне қыдырып барған. Бұл аңшы нағашысымен бірнеше күн бірге жүрді. Мергендігіне тəнті боп, аңшылыққа құмартқаны соншалық, бір күні нағашысының мылтығын сұрады. – Мылтықты қайтесің? – деді нағашысы. – Мен де аң, құс атқым келеді. – Атуды білесің бе? – Көріп жүрмін ғой. – А-а, – деді нағашысы таңырқап. – Дегенмен, аңшы болу үшін мылтық ата білудің өзі аздық етеді. Мұның мұңайып қалғанын көрген нағашысы орнынан тұрып кетті де төргі бөлмеден қосауыз мылтық ап шықты. – Мынау менің басы артық мылтығым. Бүгін Ащыкөлге барамыз. Екі оқ беремін. Біреуін тигізсең, мылтық сенікі. Тигізе алмасаң, аңшылыққа мұрныңды тықпа. Жөніңді біліп, қайқай! Бұл келіскенін білдіріп, басын изеді. Өзіне бек сенімді. Өйткені, мектепте бастауыш əскери білім беру сабағын оқытатын ағай автоматпен нысана көздеп атуды үйреткен. Бұл əманда онның нөліне ұрады. Ащыкөлдің төменгі жағындағы қамысты жағалай жүріп бара жатқанда үйрек ұшты. Нағашысы иығындағы мылтығын алам дегенше, бұл мылтықты қолына ұстап келе жатқандықтан лезде ата салды. Оқ тиген үйрек қамыстың арасына түсті. Жүгіріп барып қалтырап жатқан үйректің тамағын пышақпен орып жіберді. Қолына қан тиді. – Көздеместен қалай атып түсірдің, а? – деді таңданысын жасыра алмай, артынан жетіп келген нағашысы.
– Қозғалыстағы нысананы көздеу шарт емес. Мен жылдамдықты аттым, – деп бұл аңшылыққа шыққандағы алғашқы оғын бекерге шығындамағанына мəз боп көкірегін кере түсті. Ақыл тоқтатқан кəнігі аңшыдай данышпансып мектептегі мұғалімінің сөзін қайталап айта салғанын байқамады. Мұндай жауапты күтпеген нағашысы не дерін білмей қалды... Шəкір аңшы сөзінде тұрды. Сол сапар нағашысының ауылынан қосауыз мылтықпен қайтты. Қазір қолында жүрген сол мылтық. Əдепкі кезде мылтық сандықта жатты. Бұл мектепті ілініп-салынып əрең аяқтаған соң жүргізушілікке оқыды. Одан соң əскерге кетті. Əскерде мерген болды. Мерген деген дардай аты болмаса, қырған жауы жоқ. Мектептегі бастауыш əскери білім беру сабағындағыдай жаттығуларда нысана атып екі жылын өткізді. Мектепте үлгерімі нашар болғанымен бір нəрсені санасына мықтап құйып алған: Қозғалыстағы нысананы ату пайдасыз. Көзбен оның жылдамдығын шамалап, бара жатқан бағытын ату керек. Бұл қағида əскерде де, кейінгі өмірде де басты ұстанымына айналды. Əскерден келгесін əке-шешесі үйлендіріп қойды. Баяғы оқуы кəдеге аспады. Көлік жүргізу бұйырмады. Заман басқа арнаға бұрылып кетті. Жұмыссыздық жайлап, ала қап арқалаған жұрт жан бағу үшін базар жағалады. Əке-шешесі көзінің тірісінде малын сатып, ауласының бір бұрышынан дүкен салып берді. Мұның саудаға қыры жоқтығын білгесін əйелі Сəлима дүкенді өз қолына алды. Ептілігінің арқасында едəуір қоң жинады. Екі бала туып та үлгерді. Əке-шешесі өмірден озғасын бұл селтеңдеп əрібері жүрді де, берекесіздігінен жалығып, сандықта жатқан мылтықты алды. Сосын біржолата аңшылыққа ден қойды. Баяғы Ащыкөлде алғашқы атқан үйрегінің қолына тиген қаны бүкіл өміріне кетеді деп ойламаған-тұғын. Қасқалдақ, қырғауыл, қоян, киік, бұғы атты. Бəрінің қаны қолына шашырай берді... Сұп-суық қардың үстінде отырғанына қарамастан жаны қысылып қара терге малшынғанын сезген жоқ. Қар құшағында жатқан аппақ əлем өз өңін жоғалтқан. Қырмызы қан тəрізді. Тұла бойын жайлаған жылымшы сұйықтықтан тітіркеніп кетті. Аяқ-қолынан əл кеткен. Қан толып ағып
жатқан өзенге батып бара жатқан тəрізді. Көздері аши бастады. Бет-жүзінде де ыстық қан. Тынысы тарылды. Айналасы толған үйрек. Басы жоқ. Бəрі «пыр» етіп ұшты. Қанаттарын сабалап мұның үстінде айнала бастады. Төбесінен қан саулап ағып жатыр. Бассыз қасқалдақтар мен қырғауылдар да оларға қосылды. Бір кезде Қан-өзен екіге айрылды. Ортасында жол пайда болды. Бассыз бұғылар мен киіктер шапқылап келе бастады. Бірінің қарны, бірінің бөксесі үңірейіп тұр. Оқ тиген жерлерінен қан ағып жаңа ғана пайда болған жолды қанға толтырып тура келе жатыр. Ап-анық көріп тұр. Кейбіреулерін танығандай болды, кейбіреулерін қашан атқанын мүлдем есіне түсіре алмады... – Əй, неғып қарда отырсың? – деген дауыс шықты. Бірақ, ол бұл дауысты есітер халде емес еді. Біреу иінінен жұлқылап жатыр. Не боп жатқанын түсінбей мағынасыз қарады. Ештеңені көрмеді. Бетіне соғылған шапалақтан селк ете қалды. Есін жия бастады. Үйрек те, қасқалдақ пен қырғауыл да жоқ. Қоян, киік, бұғылар да көрінбейді. Қан-өзен де ғайып болған. Жан-жағына қарады: аппақ қар. Анадай жерде аты байлаулы тұр. Аппақ сақалды кісі қолтығынан демеп орнынан тұрғызды. Аяғы ұйып қапты. Тəлтіректеп əрең көтерілді. Ақтоғайда жүргені, соңғы атқан қояны шома түскені есіне келді. Ақ сақалды кісіні де таныды: Талдыдағы Сабыр аңшы. Ол мұның қолын уқалап тұрып, сұрады: – Ауырып қалғансың ба? Жолай кетіп бара жатсам, жер тарпып кісінеген аттың дыбысы шықты. Содан бұрылып келсем, мылтығыңды құшақтап қардың үстінде отырсың. Не болды? Тұла бойы қақсап тұрған бұл əрең аузын ашып, қырылдап жауап берді: – Ш-шо...ма түс...ті. – Иегімен қоян жақты нұсқады. – Не дейді? – деп бұл шошынып жалт қарады. – Е, Алла, өзің сақтай гөр!... Сабыр аңшы алпысты алқымдап қалса да, мұндайды бірінші рет көруі еді. Зəре-құты қалмады. – Қорқып кетіп қарға отыра қалған екенсің ғой. Құдай бір сақтапты. Үсіп өлер едің. Аңшылығы құрысын, таста енді! Бұл басын изеді.
– Арақ болғанда ғой! – деді Сабыр аңшы. – Тамағыңды сылап, таңып берер ем. Кішкене жұтып алсаң, ауруды басар еді. – Қ-қор...жын...да с-спир-т бар. Сабыр аңшы дереу мұның дəу түбірдің үстінде тұрған қоржынынан бір жарым литрлік баклашкіні суырып алды. – Су қосылған ба? – Жоқ. Таза. – Онда өте жақсы! – деп ол баклашкінің қақпағын ашты да, алақанына кішкене құйып ап, мұның тамағын сылады. Сосын қалтасынан орамал шығарып мойнын таңып тастады. Тонының жеңін түріп жіберіп, білегін спиртпен ысқылады. – Енді мынаны жұтып жібер, – деп Сабыр аңшы бұлбұлдың көз жасындай спирт құйылған баклашкінің қақпағын ұсынды. Бұл ауырсына жымиып, баклашкіге ишара қылды. – Мынаның тамақтан əрі өтпей, таңдайда қап кететінін ойламаппын ғой, – деп баклашкіні берді. – Ұйығаны тарап, қолы икемге кеп қалған Жаппар аңшы баклашкіні көтеріп, іше бастады. Бес-алты құлтым жұтқан соң баклашкіні жерге қойып, өртеніп бара жатқан аузын тарс жұмып, дем алмай тұрды. Бірер сəттен соң ғана алақанымен аузын басып, тыныстады. Ішіне жайлап енген спирт бүкіл денесін қыздыра түскендей, миы да дел-сал боп ауруды естен шығара бастағандай ерекше сезім билеп алды. Көңілі көтерілді, күлкісі келе ме-ау!... – Енді бірнеше мəрте отырып тұр, – деді Сабыр аңшы баклашкінің қақпағын жауып жатып. – Қаның айналсын. Оның айтқанын орындап жеті-сегіз мəрте отырып тұрды. Сергіп қалғанын сезінді. – Қарыздармын. Бір өлімнен құтқардыңыз, – деп ризашылығын білдірді. Даусында əлі де болса қырылды бар. – Айтпақшы, қайдан жүрсіз? – Біз жай ғана себепші болдық. Қарыздарлығы несі, кім болса да сөйтпей ме? – деді кішіпейілділік танытып. – Мен кеше Балқұдықтағы Орынбай шопанның қыстауына кеткем. Азғантай қой қосып қойғам. Соның үш-төрт айлық ақысын алдын ала бермек боп барған ем. Оның үлкен баласы Қаратау жақтан киік атып келген екен. Айтуына қарағанда арқадан аязға шыдамай киік ауған көрінеді. Содан таңды əрең атырып, мен де Қаратау жаққа қарай тарттым. Жамансайға
жеткенімде киік іздерін көрдім. Із – Əли шопанның жазғы қорасына барып тірелді. Барсам, бір топ киік бүрісіп тұр. – Сонда адамнан қашпай ма? – деп оның сөзін бөлді Жаппар аңшы дегбірі таусылып. – Жоқ. Əбден тоңазып, ашыққаннан əлсіреп қалған байғұстар. Мөлеріп қарайды. Көздері тура адамның көздеріндей. Атуға дəтім бармады. Содан тізеден келетін қардың əр жерін бір шұқып, қурап қалған жусан ба, селеу ма, қолға ілінген шөпті жинадым. Əли шопанның қорасы маңында қисайып тұрған шөпкер үйінің есігін бұзып ашып, шөпті сонда салып, алыстау барып тұрған ем, киіктер үйге лап қойды. Тырбаңдап тағы шөп жиып, есік алдына қойып кеттім. Қайтып келе жатқан бетім осы. Үйге барған соң баланың тракторымен шөп апарып тастамақпын. Қырылып кетпесін байғұстар!.. Суық үдей берсе, əлі көп киік ауады. – Қайбір жылы да сондай болған еді, – деді Жаппар аңшы мол олжаға кенелгенін есіне алып. – Иə. Ол кезде адамдар киіктерді қырып салды ғой! – деді мұңайып. – Өйте берсе, онсыз да азайып кеткен жануарлар құрып бітеді ғой! Жаппар аңшы оны қостап ештеңе демеді. – Ал, енді сені атыңа міндіріп жіберейін. Мен ертерек үйге жетіп, жарық көзінде Жамансайға бір трактор шөп апармасам, тағат табар емеспін. – Өзім міне алам атқа. Біршама жақсы боп қалдым. Сіз кете беріңіз, – деді Жаппар аңшы. Қоржынынан қоян əпермек боп оқталды да, аңы шома түскен аңшыдан ешкім олжа алмайтынын ойлап райынан қайтты. – Бір құлтым спирт жұтып ап мен де қайтам. Қызметіңізге рахмет! – Көбірек ішіп масайып қап жүрме, – деп бұған қараған ол, сауығып қалғанын байқап, анадай жерде тұрған тарлан атқа мініп, шоқыта жөнелді. Оны көзімен ұзатып салған Жаппар аңшы баклашкінің қақпағын ашып, бір-екі құлтым спирт жұтты. Ішіне өрт түсіп, тұла бойы маздап жанып бара жатқан сияқты суықты сезбейді. Сабыр аңшы айтқан киіктерді ұмыта алар емес. «Таңертең Ақтоғайдың қоянын аулауға шыққанша Жамансайға неге кетпедім? Олжаға кенелер ем. Шома түспес пе еді, бəлкім? Енді қалай өмір сүрем? Тірліктің бар қызығы күні бойы жанталаса қуып атқан жалғыз аңыңның дірілдеп
жатқанын көргендегі рахатқа жетпейді. Енді бəрі бітті!» – деп ойлаған ол ызасы кеп тағы спирттен сімірді. Кенет санасындағы үрей сейіліп, шома түскен қоянды көргісі кеп кетті: «Ақыры, өмірімнің мəні кеткен екен, несіне қорқам? Бар қызықтан айырған сол қоянды анықтап бір көрейінші! Қандай бəле екен өзі?». Ол қолына баклашкіні ұстаған күйі шома түскен қоянның қасына барды. Малдас құрып отырған адамға ұқсап қатып қалған. Бажайлап қарады, Қоянның оң қолтығы астынан тіреп тұрған саусақтың жуандығындай ағаш бұтағын көрді. Жалт қарап еді, сол жағында да сондай бұтақ бар екен. Бар күшімен қоянды теуіп жіберді: «Тфу! Қайдағы шома? Бұл бұтақтың арасына қысылып қалған ғой! Бəсе, қоянның жаны шығып кеткен соң денесі босаңсиды. Тік тұруы мүмкін емес. Неге соны ойламағам?». Ол спиртті қылқылдата жұтып манағы орнына қарай жүгірді. Түбір түбіне жеткенде баклашкінің қақпағын жауып, қоржынға тықты. Мылтығы түбір жанындағы талға ілулі тұр екен. Сабыр аңшы іліп қойған болса керек. Мылтықты тексеріп көріп еді, жалғыз оғы бар екен. Оны суырып ап, оқшантайға салды. Енді бытыраның қажеті жоқ. Нағыз оқтан екеуін жайлады. Мылтықты иығына асып, қоржынды Қарагердің үстіне тастай салды. Сосын атының шылбырын шешті де, қарғып мінді: «Қайдағы бір нəрседен қорыққанымды қарашы! Шома деген əшейін сандырақ. Аң, құс – адамның азығы. Атпасаң, жер-жиһанды қаптап кетеді ғой! Ана Сабыр аңшы да алжыған. Киіктерге шөп апарып салам дейді-ау! Жүре бер аузыңдағыдан айырылып!...». – Еһе-һей, еһе-һей, – деп есі ауысқан адамдай айқайлап, тоғайдың шетінен шығып жазыққа түскен соң Қарагерге қамшы басты. Мынадай қарда аттың шабуы қиын. Тəуекелге барып, Қарагерді желдірмесе, Жамансайға үш сағатсыз жету мүмкін емес. Сабыр аңшының алдын орап кетпесе, олжадан айырылады... * Жамансай – Қаратаудан бастау алатын ескі аңғар. Сонау құздарға ұласқан жерінен төменге қарай он шақырымдай
жерге созылып кеткен. Жаздың шіліңгір ыстығында бір тамшы суға зар боп кенезесі кепкендіктен түбіндегі қиыршық тастар күн сəулесіне шағылысып, əуір таратып жатады. Көктемде, күзде өте қауіпті. Жоғарыдан алапат екпінмен келген сел Тұщыкөлге барып құяды. Жолына кесе-көлденең тұрғанды ағызып əкетеді. Бұл маңайдың қыр-сырын жақсы білетін Əли шопанның қорасы Жамансайдың аяқ тұсындағы биік қыраттың басында. Ол жерден Жамансайдың түбіне көз тастасаң, басың айналады. Əли шопан маусым, шілде айларында ғана бұл жерге қоныстайды. Тамыздың орта шеніне жетер-жетпестен басқа жаққа көшіп кетеді. Ол кезде Əли шопанға нағыз рахат! Қой бағып əуре болмайды. Төменгі жақтан таңғы салқында Жамансайға айдап жібереді де, қора маңындағы шөпкер үйінде қымыз-қымыранын ұрттап жатып алады. Жамансайдың тіке ернеуінен сыртқа шығып кете алмайтын қойлар қарны тойған соң Тұщыкөлден су ішуге өздері-ақ оралады. ...Шөпкер үйдің ішіне кіріп шөп қаузаған киіктердің жаны кіріп қалды. Неше күннен бері сай-сала, тау-тасты кезіп жүргендегі денелерін қарыған суық бірте-бірте тəрк етіп, бойына жылылық енді. Есік алдындағы шөпті де жеді. Тоймағанмен өлер халден кетті. Күні бойы бір ішке кіріп, бір сыртқа шығып жүрді. Шөпкер үйдің ішіндегі жылылықтың əсерінен қуаттанып, жақын маңайдағы қар астынан қылтиып тұрған өсімдіктерді де талғажау етті. Осы бір жып-жылы шөпкер үйдің ішінде болса, қақаған суықтан аман қалатынын киіктер ішкі бір түйсікпен сезінді. Сондықтан, басқа жаққа кете қоймады. ...Шөпкер үйдің алдында айналаға барлай қарап тұрған Ата киік селк ете түсті. Əлдебір үреймен басқалары да бұл қарап тұрған жаққа көз жіберді. Көз ұшында жылжып келе жатқан қараны көріп оқыранып, бірін-бірі сергектікке шақырғандай болды. Іштегі киіктер де сыртқа ытып шықты. Қара жақындап қалды. Бағана дəл осындай біреу бұларға жылы мекен тауып беріп, шөп тастап кеткен еді. Сол емес пе екен? Жоқ, ол емес. Мынаның екпіні қатты. Бір жамандықтың боларын сезген Ата киік кейінге шалт бұрылып, сайға қарай зытып берді. Барлығы қосыла қозғалғанда бұл артта қап қойды. Аналар мұның алдында тұрған-тұғын. Əлдене «гүрс» ете қалды да бұл мүңкіп кетті. Артқы сол аяғы үзіліп түскен-
дей болды. Ауырсынғаннан көзінен от шашырады. Қасындағы киіктер құйындай көтеріліп, сайға енді де жоқ боп кетті. Артына қарай алмаса да сықырлаған дыбыстан жауының таяп қалғанын білді. Ата киік бар күшін жиып, орнынан көтерілді де сайға қарай қарғыды. Қарагерді құйғыта келген Жаппар аңшы мұның ізінен жету үшін атына қамшыны басты. Ол алдында Жамансай тұрғанын мүлде ұмытып кеткен болатын. Аңғарғанда бəрі кеш еді. Ойлануға да үлгермей қалды. Сайға құлап бара жатқан Қарагердің шырқырай кісінеген даусы шықты. Жаппар аңшы Қарагермен бірге Жамансайдың тік ернеуіндегі тастарға соғылып, аунап бара жатты... Оңтүстіктен тырылдап келе жатқан трактор төбеге көтеріле бастады... ОРДА Асқақ – шағын қаланың орталық даңғылында тұратын Айбар шалдың жетінші ұлы. Кезінде дүрілдеген дүкенші болған Айбар шал дəулеттен кенде емес, алты ұлын үйлі-баранды қылып, əртүрлі қызметке орналастырған. Қарашаңырақта қалар кенжесі Асқақты əйдік қалаға жіберіп, қаржы саласында оқытқан. Теңгенің татын жалап қалған əккі шал баласы ақшаның айналасында жүрсе қор болмайтынын ертерек аңғарған. «Бал ұстағанның бармағын жалайтынын» басқа білмесе де, дүкенші кезінде ұн мен құмшекердің қабын инемен тесіп, мысқалдап дүние жинаған Айбар шал өте жақсы біледі. О бастан бəрін жоспармен жасады. Таныс-білістерді араға салып, оқуды енді ғана бітіріп келген сарыауыз баласын білдей бір банктің қарыз беретін бөліміне бастық етіп қонжитты. Жап-жас бала қаржының құйтырқылықтарын біле қойсын ба, əкесі басты кеңесшіге айналды. Қарыз алуға келгендердің жұмысын бітірмей созбақтауды əдет қылды. Кімнің есепсіз уақыты бар дейсің? Ығыры шыққан олар шаруасын тындыру үшін мəмілеге келеді. Бұған керегі де сол, берілетін қарыздың кішкене бір пайызын сұрайды. Азғантай алғанымен ақша тиыннан құралады емес пе, күніне он адамды қабылдаса, бірталай дүниелі болады. Əкесінің айтуымен есеп-шот ашып, қомақтылау қаржы сап қойды. Зейнетақысын немерелерінің оқуына құюға асыққан кемпір-шалдар банкте
сабылып жүреді. Зейнетақысы құрғыр да өз уақытында келе қоймайды. Сондай қысылтаяң шақта жұмыс бөлмесінен шығып, таныс кемпір-шалдардың қасына сопаңдап жетіп барады. Тілін безеп, хал-жағдай сұрайды. Олар мұны көргесін жəрдемдесуін өтініп жабыса кетеді. Бұл жолын табуға болатынын айтады. Сосын тасаға барып, өзара келісімге келеді. Тіл табысса, бұл өз есепшотындағы ақшадан айдап жібереді. Кемпір-шалдар зейнетақысын алғанда он пайыз үстемесімен əкеп береді. Қарыз төлеу мерзімі келіп қап, жалақысы кешігіп жатқандардың да осылай қажетін шығарады. Таныс күшті ме, алде, ақша күшті ме, ол жағы Айбар шалға белгілі, айтеуір, бұл екі жылда банк төрағасының орынбасары, тағы екі жылда төрағаның өзі боп шыға келді. Оған да міне, үш жылдың жүзі болды. Мінез-құлқы өзгеріп кеткен. Баяғыдай тиын-тебен табу үшін сопаңдап кемпір-шалдардың жанына жетіп бармайды. Көрікті жұмыс бөлмесіндегі жұмсақ орынтақта маңғаздана отырады. Шаруасы барлар рұқсат сұрап əрең кіреді. Елгезек əрі қағілез бала ыңырана тіл қататын жуан қарынды жігіт ағасына – Асқақ Айбарұлына айналған... Биыл жердің тоңы еріп, жылы шуақтан жіпсіген бұжырбұжыр денелеріне сөл біте өрік гүлдеген шақта əйдік қаладан жеткен жаңалық Айбар шалды əбігерге салды. Атам заманда өліп кеткен кемпірінің сол жақта тұратын інісі бір министрліктің құлағын ұстапты. Заматында түсер пайданың шеті шығып тұрмайтын жерге бас сұғып, шығындануды жек көретіндігінің салдарынан ара ашылып кеткен. Тиын санап айлықтан айлыққа əрең жететін қайын жұртынан біреу шығып, жұрт сұрар деп ойламаған екен. Кемпірінің осы жалғыз інісі ғылымның соңына шам алып түсті. Əлдебір жоғары оқу орнында сабақ беретін. Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі пəтеріне бара қалсаң, қара нан мен шай қоюдан басқаға жарамайтын. «Ініңнің үйінен иманды аузым салп етпей қайтты» – деп, кемпірін талай тұқыртқан. Соның біреуге сөзі өтетіндігіне күмəнданып, балаларын оқытқанда оған қолқа салуды ар санап, басқалар арқылы тірлігін тындырған. Ол ақырғы рет кемпірі өлгенде автобуспен келген. Кетерінде экономикадан докторлық диссертация қорғағанын, əлдебір институтқа директор болып, елдің əлеуетін көтеретін бағдарламалар бойынша жұмыс жасап
жатқанын айтқан. Ине жұтқан иттей ілмиген қайнысының ұсақ ақшадай тыржым-тыржым жүзіне, жұмыртқадай жыпжылтыр басына қарап мүсіркегендіктен «байғұс-ау, ақылды болсаң əуелі өзіңді жарылқамайсың ба? Ел сенсіз де күнін көреді. Директор адам автобуспен жүре ме?» – деп ойлаған. Бірақ, қашанда ішіндегісін сыртқа шығармайтын қалпымен ізет сақтап, сəттілік тілеген. Сол қайнысы министр бопты. Аты-жөні де қызық өзінің: Шойынқара Қожабердиев. Əдетте министр деген жарықтықтың ныспы сыңғырлап тұрушы еді, мынаны айтайын десең, тіліңді сындырады. Бұрынғылар «бақ пұшықтың мұрнына, таздың басына қонады» деуші еді. Атпалдай азаматтарды елемей, бұл пақырға да қонған екен. Жалтыраған басына тұрақтай алмай, тайып кетпей тұрғанда бірдеңе қарпып қалу керек. Бірақ қалай?... Пəленбай жылдан бері ат ізін салмай кеткен кəрі жездесінің тілегін орындай қояр ма екен? Айбар шал толғанып бір-екі күн жүрді. Ақыры, ұрымтал тұста ұрып жығар əдеті үстем келіп, мүмкіндіктен айырылып қалмауға бекінді. Кемпірінің аруағын алдына тартып барса, бұлтақтай алмас. Баласына билет алдырды да, ұшаққа мініп əйдік қалаға тартты. Бір жұмадан соң қайтып келді. Қайнысын жаңа қызметімен құттықтап, «мінгізген ат, кигізген шапаным» деп қалтасына ақша сүңгіткен шығар. Ол жағын айтпайды. Қазір ол зəулім сарайда тұрады екен. Өткен-кеткенді қозғап, самардай боп үйінде жатып алғасын бостан-босқа көк тиын шығармайтын жездесінің мінезіне сыралғы қайнысы бұйымтай сұраған болса керек. Ол жағы да қараңғы. Əйтеуір, белгілісі – бұл баласын анау-мынау емес, қалаға əкім етудің жайын сөйлескен. Айбар шал балдарынан ақша жинап алды. Басы артық екі үйін, жамағайынға жалға беріп қойған базардың жанындағы дəу дүкенін сатты. Əкімдік орынтақтың құны көп ақша болатын көрінеді. Қолда бардың сусып бара жатқанына Айбар шал қынжылмайды, ертең Асқақжаны əкім болса, бəрінің орнын толтырарына сенімді. – Дарылдап біреуге айтып қойып жүрмеңдер. Қазіргі əкім шалқасынан түскенде бір-ақ білсін, – деп балаларына қайта-қайта тапсырды ол. – Əлдебіреулер қимылдап қалмай тұрғанда жұмысты тындырайық.
– Жиһанға жар салып жындымыз ба? – десті балалар. – Мұндай сырды ешқашан тістен шығаруға болмайтынын түсінеміз ғой! Бұл жолы Айбар шал үлкен баласының машинасымен кетті. Қыруар ақшаны алып қалған қайнысы «бір-екі ай күте тұрсын, тиісті адамдармен сөйлесіп қойғам, шаруаны бітті деп есептей беріңдер» деген көрінеді. Баяғы солбыраған қайнысының жалаңдап тұрғанына шал əсте таңданбады. Қызмет бабы солай ғой! Үлкен лауазымды кісі алатынын алған соң іс бітпей қайда барады? Мамыр айының мамыражай күндерінің бірінде Асқақ Айбарұлын облыс əкімдігіне шақырды. Əкім қабылдап, жылы шырай танытты: – Сіздің жеке ісқағазыңызбен танысып шықтым. Мемлекеттік банкте абыроймен қызмет атқарыпсыз. Еліміздің өсіпөркендеуі үшін қаржы, экономика саласын жетік меңгерген жас мамандарды билікке тартуымыз қажет. Сіздің біліктілігіңізді ескеріп, басшылық қызметке тағайындағалы отырмыз. Самал қаласының əкімі соңғы кезде жұмысты қожыратып жіберді. Соның орнына баруға қалай қарайсыз? – Сіз лайық көрсеңіз, сеніміңізді ақтауға тырысамын. – деді Асқақ Айбарұлы басын иіп. – Онда келістік деп есептеймін. Сəрсенбі күні таңертең аудан əкімдігінде болыңыз. Жеке өзім барып жаңа орныңызға отырғызып кетемін. Облыс əкімінің созған қолын ерекше ізетпен қысып қоштасқан соң Асқақ Айбарұлы сыртқа шығып, машинасына жақындағанда сырлы жымиып қойды: «Білікті маман... еңбегіңізді ескердік... Сұңқылдауын қарашы! Саясат деген осы екен ғой! Əкем Шойынқара нағашыма барып, мəселені шешіп қайтпағанда берген сəлемімді де алмас едің-ау!»... Сəрсенбі күні кішігірім жиналыс барысында бұрынғы əкім басқа қызметке ауыстырылды да, Асқақ Айбарұлы қала əкімі боп шыға келді. Жиналыс аяқталғасын облыс əкімі мұны жаңа жұмыс бөлмесіне жеке өзі ертіп əкелді: – Лауазым құтты болсын! – деді ол. – Мына орынтақ қайырлы боп, бұдан да биік мəртебелерге жету несіп етсін! – Лебізіңізге рахмет! – деп қыздай сызыла қалды бұл. – Сіздің арқаңызда боп жатыр ғой бəрі! Жақсылығыңызды өле-өлгенше ұмытпаспын.
Мұндай сөздерді көп естіген болар, облыс əкімі ештеңе демеді. Асқақ Айбарұлы облыс əкімінің жеке өзі жұмыс бөлмесіне бастап келгенінен əлденені ұққандай болды. Əкесі: «Ретін тауып, облыс əкімін риза етіп жібер. Жоғарыда нағашым бер деп қоқаңдай көрме. Тікелей үстіңнен қарайтын басшылармен жақсы болсаң, ешқашан опық жемейсің», – деген болатын. Мана əкімнің жүргізушісіне бір дипломат жібертіп үлгерген. Соны жайлап білдірудің реті кеп тұрған сияқты: – Дастарханымыздан дəм татып кетсеңіз... – деп бастағаннан-ақ облыс əкімі сөзін бөліп жіберді: – Оған уақыт қайда? Көрші ауданға жаңа мектептің ашылу рəсіміне бара жатырмын. – Бір аяқ ас беріп, ризашылығымды білдіре алмағаныма өкініштімін. Уақытыңыздың тапшы екенін түсінем, – деді мұңайған сыңай танытып. Сосын біреу естіп қоятындай сыбырлады: – Жүргізушіңізге бір дипломат жіберген ем, берген шай-суымыз ретінде қабылдауыңызды өтінем. Облыс əкімі мұны министр нағашысына сеніп, жоралғы жасамайтын шығар деп ойлаған болу керек, дипломатты естігенде өңі жылып сала берді. – Бекер əуре бопсыздар ғой! Біздің ешкімнен дəмеміз жоқ. Елге кішкене көмегіміз тисе, қуанамыз, – деді де, Асқақ Айбарұлының арқасынан қақты. – Түсінісіп істейміз деп ойлаймын. Жұмысың жемісті болсын! Асқақ Айбарұлы облыс əкімін машинасына дейін шығарып салды. Аудан əкімі ығай-сығайларымен машина жанында тұрған екен. Қара түсті джип орнынан қозғалып, көрінбей кеткенше бəрі сол жерде тұрды. Бұл жаңа қызметпен жамырай құттықтап жатқандарға алғысын білдіріп, жұмыс барысында танысып, жақсы араласатын аудан əкімін бір шетке шығарды: – Басеке, қоластыңызға келдік енді. Сізден үйренеріміз көп. Жұмыс бастамай тұрып, дастархан үстінде ақыл-кеңесіңізді алсақ... – Сен онда үйіңе бара бер, – деді аудан əкімі. – Бүгінгі жұмыстарды реттестіріп алайын, екі сағаттан соң баруға тырысамын...
- * Асқақ Айбарұлы əкім болған күннің ертесіне таңмен таласа тұрды. Кеше аудан əкімімен болған сұхбат қиялынан кетер емес. Ол қонақасы үстінде жұмысының бұл білмейтін қырларынан хабардар етті. Əсіресе, қаладағы мекеме басшылары жайын ерінбей тəптіштеп түсіндірді. Оның сөздерінен кімдерді орнынан қозғауға болатын-болмайтынын ұқты. Сосын əңгіме ауаны қала бюджетіне бөлінген қаржылар мен тендерге ауысты. Қаладағы жер мəселесі де сөз болды. Бірден пайда жағын ойлайтын банкир емес пе, келісіп істесе, тасы өрге домаларына көзі жетті. Аудан əкімінің ертелеу кеткені жақсы болды. Əйтпесе, қазір басы мең-зең боп тұрар еді. Салқын суға жуынып алғасын, таңғы ас ішкен болды. Бірақ, ас батпады. Жаңа қызметке масайып, көңілі тойып қалған екен. Ол екі қабатты ғимараттың қасына кеп машинасынан түскен кезде жұмыс басталуына əлі бір сағаттай уақыт бар еді. Ғимараттың алдындағы алаңдағы сан алуан гүлдер жеңіл самалға тербеліп, мұны құттықтап жатқандай. Көңілі көтерілді. Еңкейіп, райхангүлдің бір сабағын үзіп алды да, құшырлана иіскеп, ғимарат ішіне кірді. – Ассалаумағалейкүм! – деді отыз жастар шамасындағы балуан денелі қарауыл жігіт. – Жаңа лауазым құтты болсын! – Рахмет. – Сізге жұмыс бөлмеңізді ашып берейін, – деп қарауыл жігіт мұның алдына түсті. Сəлден соң ол екінші қабатқа көтерілді. Қарауыл жігіт əуелі хатшы қыз отыратын қабылдаухананы, сосын мұның жұмыс бөлмесін ашып беріп, төменге кетті. Жұмсақ орынтаққа жайланып отырып алған соң Асқақ Айбарұлы жұмыс бөлмесіне көз тастады: Кеше облыс əкімі жанында тұрғанда байқамапты, аумағы атшаптырым екен ғой! Ішінде кілең Итальяндық жиһаздар... Мəссаған! Бұрынғы жұмыс бөлмесі кедейдің лашығындай екен-ау! Енді аудандық банк төрағасы мен қала əкімінің деңгейі салыстыруға келмейді ғой, жұмыс бөлмелерінде айырмашылық болмағанда қайтсін?! Əкімдік деген биліктің бір ордасы ғой. Орданың үлкен-кішісі болмайды. Белгілі бір
аумақты осы ордада тұрып басқарғаннан кейін əкімнің анаумынау ханнан несі кем? Ол бағана кіреберісте құрдай жорғалаған қарауылды көріп, осы ғимараттың қожасы өзі екенін сезінген сəтте-ақ, тылсым қүдіреттің əсерінен қоқилана түсіп, кеудесін кере жоғарғы қабатқа көтерілген. Қазір орынтақты олай-былай бұрып, ойнап отыр. Ара-тұра терезеден сыртқа көз тастап қояды. Төменде əлдеқайда асыққан адамдар, машиналар легі қыбырлаған құмырсқалардан аумайды. Бұл үнсіз бақылап олардың бəрінен биікте отыр. Егер қолына бірдеңе алып, терезеден лақтырып жіберсе, ана құмырсқалардың барлығы мыжылып қалатын тəрізді. Ол қолына күлсалғышты ұстап алғанын байқамады. Лақтырғысы келді. Бірақ, лезде ойынан айнып қалды. Өзінің төбеден бақылап отыруға ғана жарайтынын ойлады. Құмырсқалар мыжылып қалса, еңбекті кім істейді? Олар еңбек етпесе, бақылаушы аш қалады ғой!... Есіктің тықылы ойын бөліп жіберді. Қиялай ашылған есіктен бір қыздың басы көрінді: – Кіруге бола ма? – Кір, – деді əдемі қиялының бөлінгеніне ренжігендіктен дүңк еткізіп. Есік білінер-білінбес нəзік бір қимылмен ашылып, ұзын бойлы, аққұба өңді қыз ертегіден шығып келе жатқан періштедей күлімсіреп кіріп келді. Тал бойынан жұпар аңқиды. – Сəлеметсіз бе? – деді де мұның жауабын күтпей былдырлай жөнелді. – Хатшымын. Есімім – Айгүл. Кеше үлкен кісілер келгенде ешкім болмасын деген бұйрық түскен соң сіздер келгенде ішкі саясат бөлімінде отырған едім. – Мен Асқақ Айбарұлымын, – деді кеше бұл қызды көрмегенін есіне алып. – Жұмыс орныңа бара бер. Жұмысқа қызметкерлер келген соң алдыма жеке-жеке кіргіз. – Мақұл, – деп хатшы қыз бұған бір қарады да, кері бұрылды. «Əдемі қыз екен. Мүсінінде бір мін жоқ. Періштенің нақ өзі. Жоқ, бұл жерде періште неғылсын? Көзі суық екен. Пері болар» деп ойлады. Күні бой қағаздарды түрткілеп жұмыс бөлмесінен шықпады. Əкімшілік қызметкерлері өз бөлімдеріндегі жұмыстың есебін берген болып, жеке-жеке кіріп құдайдың көп қағазын тастап кетті. Бəрінің арасында бір-бір конверт бар
екен. Жұмыстан кетіп қалмаудың амалын жасап істеген қамқарекеттері болар. Кетерінде қағаздарымен қоса папкасына тықты. – Жұмыс күнің қалай өтті, балам? – деді кеште əкесі есік алдынан күтіп алып. – Жақсы... – деп жауап берді түстік тамақты ішуді де ұмытып жұмыс істегендіктен шаршағандығын білдіргісі келмей. Үйге кірген соң конверттерді папкасынан алып, əкесіне берді. Айбар шал шыққан шығыны қайтып келе бастағанына қуанып кетті... Жұмыстың екінші күнінде бірен-сараң таныстар кіріп, құттықтап кеткені болмаса, қалтаға түскен ештеңе болмады. Жұрт əкім болдың екен деп төбеңнен алтын шашпайды екен. Оның үстіне жұма болғандықтан шағымданушыларды қабылдап əбден мезі болды. Біреу үш жылдан бері жер телімін ала алмай жүргенін айтып ызыңдайды, біреу соқталдай төрт балам жұмыссыз отыр деп жылайды, біреу нанның бағасы көтеріліп кеткенін айтып зарласа, мыжырайған бір кемпір базардан пісте сатуға бір метр жер əпер деп дүрсе қоя берді. Жолдың жыры, свет, газ, су мəселесі... Келгеннің бəрі «Бер! Бер!» деп тұрған бəле, «Берем» дейтін біреуі жоқ. Сөзбұйдаға салып шығарып салмасаң, мұндай бəлеқорларға қатты сөйлеуге де қорқасың. Жұрттың талабы күшейіп кеткен. Барлық арманының жедел орындалғанын қалайды, жаннатта өмір сүргісі келеді. Алла тағала да əлемді алты күнде жаратқан. Сабыр қылса, жайымен болады ғой бəрі де. Бұл Харун ар-Рашид пе екен, табан астында жарылқай салатын, əлде сиқырлы шырағы бар Аладдин бе, таңғажайып жасай салатын?! Түсіну керек қой!... Жұмыс күнін əрең аяқтап, үйіне қалжырап жетті. «Бірдеңе əкеледі-ау!» деп жалақтап алдынан шыққан əкесін көргенде кірерге тесік таппады... Бүгін – дүйсенбі. Асқақ Айбарұлы демалыста жақсылап тыныққандықтан болар, соны серпінмен жұмысқа құлшына кірісіп, алдында үйіліп тұрған қағаздарды оқи бастады. Қаладағы мекемелердің, базарлардың, мектептердің, қысқасы, төрт адамның басы біріккен ұжым болса, бəрінің жайкүйі жайлы ақпаратқа шұқшиды.
Өмір ағысы өз арнасына түскен сынды тосын мінез байқатпайды. Мұның əкім болғанымен ешкімнің шаруасы да болмай қалды. Құттықтаушылар да сап тиылды. Ол аппақ қағазға үңіліп шаршады білем, əріптерді, сандарды шатастыра бастады. Қағаздарды ысырып тастай салды да, қызметтік телефонды ұстауға да ерініп, айқай салды: – Шай! Ащы қып демдеп шай əкел! Көп өтпей хатшы қыз буы бұрқырап тұрған шайды алдына əкеп қойды да, үнсіз шығып кетті. Ыстық шайдан сораптап отырып терезеге көз тастады: Сол баяғы сабылысқан адамдар, ығы-жығы машиналар... «Тағы да сол құжынаған құмырсқалар, – деп ойлады. – Жемтік табуға асығып бара жатқан болар. Дүние деген ылғи арпалыс, жанталастан тұрады. Тіпті осы кіп-кішкентай құмырсқалар да тыраштанбаса, олжасынан қағылады. Негізі, дүниедегі ең еңбекқор жəндік – құмырсқа. Өз салмағынан ауырды сүйрей жөнеледі. Тапқанын ерінбей таси береді, таси береді. Бəлкім, жаратылыстың тепе-теңдігін өз еңбекқорлығының арқасында сақтап тұрған құмырсқалар шығар?». Шай мұны сергіте алмады. Ауыр ойлардың құрсауына түсіп, басы мең-зең боп кетті. Жандүниесінде ауытқулар орын алып жатыр. Əлденені тауып, əлденені жоғалтып жатқандай. Жоғалтқаны маңызды ма, тапқаны маңызды ма, əзірге беймағұлым. Жан мен тəн үйлесімді етіп жаратылған емес пе, мұның ішкі əлеміндегі өзгерістер сыртына да əсер етіп жатқандай тұла бойы сырқырап кетті. «Жоқ, құмырсқалар жаратылыстың тепе-теңдігін сақтай алмайды. Олар қара жұмысқа ғана бейімделген. Тапқаны ұстағанның аузында, тістегеннің қолында кетеді. Тепе-теңдікті сақтайтындар – құмырсқалардың жемтігін тартып алатындар. Егер сол тартып алатындар болмаса, құмырсқалардың жинағаны үйіліп тауға айналады. Бұл – қауіпті. Құмырсқалар өздерін таудың қожасы ретінде сезінсе, баршаны шағып бітіреді... Міне, мен əкім болдым. Анау-мынаудың түсіне де кірмеген құзыретке иемін. Өзіме тиесілі аймақтың тепе-теңдігін сақтау менің еншіме тиген. Жоғарыда мені де құмырсқа құрлы көрмейтіндер бар. Солардың аранына жұтылып кетпеуім үшін не істеуім керек? Əрине, төмендегі құмырсқалардың жиғанын жəукемдеуге тиіспін! Сонда ғана
орнымды сақтай алам. Бəлкім, көтеріліп те кетермін». – Ол мың жылдық жұмбақтың шешімін тапқандай қуанып, кесе түбінде қалған шайдың соңғы тамшыларын жұтты. Кенет көзі қабырғадағы айнаға түсіп кетті: Жұмсақ орынтақта бір мақұлық шай ішіп отыр екен. Жазбай таныды: Балалық шағында оқыған ертегі кітаптарында бейнеленген аждаһаның дəл өзі! Қорыққанынан шыңғырып жіберді. Қолындағы кесе еденге түсіп, быт-шыт болды. Орынтақтан қарғып тұрып үсті-басына назар салды. Киімдерінің орнын бұжыр-бұжыр тері иелеген. Аяқ-қолының тырнақтары сорайып тұр. Денесі бұрынғыдай тіктелмейді, сəл еңкіш тартқан. Мына сықпытын анықтап көргісі кеп айнаға қайта қарады. Басы сүйірлене түскен, азу тістері ақсиып тұр. Жарты құлаш құйрығы да бар. Бүкіл денесі аждаһаныкі болғанмен, санасы өзінікі сияқты. Кəдімгі адамша ойланып тұрғанына таң қалды. Сөйлеу қабілеті жоғалмады ма екен? Тексеріп көргісі келді: – Əй, кім бар? – деп дауыстады. Дауысы өзінікі, ап-анық естіді. Есік ашылып, хатшы қыз кіріп келді. Құбыжыққа айналған түрін көріп, хатшы қыз талып қалар деп ойлады. Бірақ, ол мұны көріп сескенген жоқ. Бұған жалт етіп, бір қарады да, əлдене деп күбірледі. Сосын оның тұрған жері тұманданып, өзі көрінбей қалды. Бір кезде кіп-кішкене аждаһаға айналып шыға келді де адамша тіл қатты: – Не дейсіз, қожайын? – Не боп жатыр? Түсінбедім. Мен кіммін? Сен кімсің? – Алаңдамаңыз, Асқақ Айбарұлы. Бəрі табиғи түрде боп жатыр. Жаратылыстың заңы солай. Мен хатшыңыз Айгүлмін ғой! Түк те түсінген жоқ. Мынау не деп кетті? Сұраулы жүзбен кішкентай аждаһаға қарады: – Сонда қалай? Кішкентай аждаһа мұны ынтықтыра түскісі келгендей біраз ойланып тұрды да, мың жыл өмір сүрген абызша ақылгөйсіп жауап берді: – Сіз мұнда келгелі бірінші рет бүгін шай іштіңіз. Өзіңіздің қожайын екеніңізді сезініп, өктем үн қатып, шай əкелуді бұйырдыңыз. Мен əкеліп бердім. – Сонда сен мені шаймен уладың ба?
– Жоқ. Əдетте бұл орынтақта отырғандар ісі оңға баспай, жүйкесіне салмақ түскен кезде сергіп қалу үшін шай ішеді. Миы тынығып, шай арқылы бойына бұла күш бітіп, болашақты жоспарлайды. Сіз алғаш рет шай емес, биліктің дəмін таттыңыз. – Ал, мына түрім не? – Негізі, шайда да тұрған ештеңе жоқ. Басты мəселе – сіз бен біз отырған мына ордада. Бұл ордаға ерекше қабілетті адамдар иелік етеді. Əлемді ұлы күш билейді. Мына ордаға иелік еткендер күшті болу үшін мол қаржы жинауы тиіс. Күштің ара-салмағын байлық белгілейді. Сол байлықты жинау үшін қожайындар ЖҰҺАға айналады. Жұһа – аждаһаның өте мешкей түрі. – Жұһаға айналмайтындар да бола ма? – Əрине. Орынтаққа адал жолмен келген ізгі ниетті адамдар жұһаға айналмайды. Жалпы, билік – ақ күштер мен қара күштердің тайталасына құрылған. Кейде онысы, кейде мұнысы үстем шығып жатады. – Сен мұның бəрін қайдан білесің? – Бұл жерде бес жылдан бері істеймін. Хатшылық болмашы ғана қызмет болғанымен, көп сырдың куəсі боласың. Біздің міндетіміз – бұл жердегі сырды көшеге шығармай, кез келген қожайынға адал қызмет ету. Бұл орда биліктің маңызды бір бөлшегі болғандықтан былай қарағанда болмашы қызметтің өзі жоқ. Мұндағылардың көбі əлдеқашан жұһаға айналып үлгерген. Тек деңгейі əртүрлі: Бірі – үлкендеу жұһа, бірі – кішкенелеу жұһа. – Бұл жерде жұһа емес адам да бар ма? – Бар. Ішкі саясат бөлімінің бастығы Асылзат Əділетқызы деген былық-шылықтан бойын аулақ ұстайды. Сондықтан бірнеше жылдан бері қызметі жоғарыламаған. Нəзік мəселелер талқыланған кезде оны жолатпауға тырысамыз. Ана жолы үлкен кісілер сізді жаңа орныңызға отырғызуға келгенде қыруар қағазды алдына үйіп тастап, əлдебір іс-шаралар өткізуге дайындалуы керек екенін айтып, бақылауда ұстап отырғам. Əйтпесе, көрінген басшыға шағымдана кетеді. Мұндағы кемшіліктерді жіпке тізіп, арыз жазуға да шебер. – Ал, мен өз кейпіме ене алам ба?
– Əрине. – ол бір дана тиын ақша берді. – Мынаны аузыңызға салыңыз. Тиынды дереу аузына тықты. Айналасын қою тұман қаптап кетті. Көзін жұмды. Буындары босап бара жатқанын сезді. Лезде жайбарақат күйге енді. Көзін ашып, алдында тұрған хатшы қызды көрді. Өзі де бұрынғы қалпында. «Уф-ф» деп орынтаққа отыра кетті. Хатшы қызға да алдындағы орындыққа отыр деп ишарат жасады. – Əне, бұл орданың бар сырынан хабардар болдыңыз, қожайын, – деді үнсіздікті бұзып хатшы қыз. – Бұл жағдай осылай жалғаса бере ме? – деп сұрақ берді кейінгі тағдырына қызығып. – Иə. Жұһа кейпіне енсеңіз, сұсыңызбен қарамағыңыздағы майда жұһаларды үркітіп, көп қаржы əкелуге итермелейсіз. Кеште үйіңізге адам боп қайта бересіз. – Мына тиынның не қасиеті бар? – Жұһа – тойымсыз мақұлық. Темір тиынның дəмі таңдайына тиген кезде ғана нəпсі тиылады... Асқақ Айбарұлы бүгін үйіне көңілдене қайтты. Жолына қарап мөлиіп отырған əкесіне көзін қысып қойды: – Ертең бəрі жақсы болады!... Ол сейсенбі күні жұмысқа кештеу келді. Хатшы қызға жымиып «біраздан соң əлгілерді... жиып алдыма кір» деді де, өзінің жұмыс бөлмесіне өтті. Есік ашылып, топырлай кіріп келген ірілі-ұсақты жұһалар төрдегі орынтақта көзінен жалын шашып, бұлардың бəрін жұтып жіберердей ысылдап отырған дəу жұһаны көргенде бір сескеніп, сапқа тізіле қалды. – Не бұйырасыз, қожайын? – Əміріңізді орындауға əзірміз... Дəу жұһаның бұйрығымен ұзын столдың айналасына тізілген орындықтарға отырған майда жұһалар алдарына лақтырылған қағаздарға үңілді. – Жақсылап көріп, көкейге түйіп алыңдар, мына қағаздарда қаланың бүкіл мекемелері, кəсіпорындары жайлы ақпарат бар. Əркім өз еншісіне тиген жерлерден бірдеңе өндіріп хатшыға əкеп тапсыруға тиіс! Табыстарыңның бес пайызы өздеріңдікі. – Мақұл, қожайын! – Сізге қызмет ету біз үшін бақыт!...
Майда жұһалар қағаздарын қолтықтап шығып кетті... Əрқандай жұмыс бір жүйеге түссе, зымырап кете береді екен. Мол қаржыға қарық болды. Мекемелерден алынатын алым-салық өз жолына, асфальт төсеуге, газ, су құбырларын жүргізуге бөлінген қаржының да елеулі бөлігін қылғытып жіберді. Ұлтарақтай жерді пəлен теңгеге сатуды əдетке айналдырды. Дүкен, дəмхана құрғысы келетіндер ақшаның бетіне қарамай сатып алады. Жұмысқа алу, босату деген тағы бар. Алпыс мың адам жасайтын қаланың алты базарының қожайындарына «қала сыртына көшесіңдер» деп қиғылықты салсаң, қомақты дүниесін көтеріп жетіп келеді. Мектеп, аурухана құрылысын тендерде ұтып алғысы келетін кəсіпорындар сауын сиырдың нақ өзі. Бұлардан басқа да түсім түсер талай жер бар. Солардың арқасында шыққан шығынын бірнеше есе етіп өтеп алды. Əкесі дəн риза. Аудан, облыс əкімдеріне де, министр нағашысына да тапқан табысынан жіберіп тұрады. Жұмыста жұһа, үйінде адам боп, екі өмір сүріп жүргеніне де екі жылға жуықтады. Соңғы айларда жаман аты шығыңқырап кетті. Ана ішкі саясат бөлімінің бастығы Асылзат Əділетқызы деген басына біткен бəле болды. Жоғарыға арыз жолдаудан жалықпайды. Келген тексерушілердің де тамағы бар емес пе, асатсаң, тыныш кетеді, əйтеуір. Сонда да жаза береді. Ымыраға келер пенде емес. Жұмсақ сөйлесең де, қатты сөйлесең де құлағына қыстырмайды. Ақыры, ығыры шыққасын жұмыс бөлмесіне шақырып, жұһа кейпінде тарпа бас салды. Қорыққаннан есі ауысып қалған байғұс жындыханадан бір-ақ шықты. Одан құтылып, сəл тынышталғандай болып еді, зəбірі өтіп кеткен болу керек, бірнеше мекеменің басшылары да бас көтере бастады. Үйіргелік жер телімін ала алмаған қайдағы біреулер де жазғыш боп алды. Жындыханада жатқан Асылзат Əділетқызы да «жұһа» деп арызды қарша боратып жатқан көрінеді. Оның арызында жазылғандай жұһа екеніне сенбесе де, жебірлігіне бола айтылған болар деп жұрт шуылдап жүр. Қала əкімі үшін екі жыл аз мерзім емес екен. Дүйім жұртты дүрліктіргенін білді. Жымқырылған қаржы көп, істелген жөнді жұмыс жоқ. Орынтағының қимылдап қалғаны айдан анық. Бұдан əрі отыра берсе, қалпақтай ұшуы мүмкін. Қызметі жоғарыласа ғана бұл жағдайдан сытылып кете алады.
Ол əрі ойланып, бері ойланып жағдайды əкесіне айтты. Айбар шал сөзге келместен артынып-тартынып министр қайнысы Шойынқара Қожабердиевке тартты. Бұл əкесінің келуін тағатсыздана күтті. Əкімдікті күткенде мұндай мазасызданбаған еді. Əкім боларына нық сенімді болатын. Қазір былық-шылыққа белшесінен батқандықтан көңілі үрейге толы. Бір жетіден соң əкесі де жетті-ау!.. – Нағашың істейтін министрлікте бөлім бастығы боп істейтін болдың, балам. Тығырықтан шығарған əкесін елжіреп құшақтай алды... Асқақ Айбарұлы жұмыс бөлмесіне келіп, қоластындағылармен қоштасты. Əсіресе, аса ризашылықпен хатшы қыз Айгүлдің маңдайынан сүйіп қойды. Сосын сыртқа шығып, əкімдік ғимаратына соңғы рет көз тастады да, машинасын от алдырды... Оның кеткені лезде қалаға тарады. – Жұһа аспанға ұшып кетіпті ғой! – десті қызметі жоғарылағанына ишара етіп. Бір бəледен құтылғанына қуанған жұрт еркін тыныстай бастады. Қала əкімінің орынтағы бірнеше күн бос тұрды. Елеспесіз біреу əкім бопты деген хабар шықты. Əкімдік ғимараты тыншып қалған. Бұрынғыдай зіркілдеп шығып, кез келген мекемеге жалақтап жетіп келетіндердің қарасы өшкен. Алаң маңындағы көрікті ғимараттардың бірінің маңдайшасына орнатылған сағат тілдері алға жылжып, тіршілік ағысының тоқтап қалмағанынан дерек беріп тұрған сияқты. Ана орданың ішінде жаңадан пайда болған жұһа аузынан алау шашыратып, майда жұһаларды жиып ап дүрбелең салып жатқанынан жұрт əлі бейхабар еді...
СУРЕТ ...Салды ғой сезім əуреге, Сенделмей енді нетермін? Кеудемде қалған сəулеңе, Қол созуменен өтермін. Ахмет Өмірзақ – Уһ-һ, жаным-ай!... – деп ескі-құсқы төсектің үстінде албажұлба киімімен бүгежектеп жатқан шал ыңқылдап-сыңқылдап сол қапталына аударылып, айғыз-айғыз қолдарымен ыстық трубаны ұстады. Тоңазыған денесіне жылылық ене бастады. Зəулім үйдің жертөлесін мекендегеніне біраз болды. Күннің көзі жылт етсе, далаға шығып қоқыс арасынан несібесін ақтарады. Осы зəулім үйде тұратын əйелдердің төгіп тастаған тамақтарын, нан сынықтарын теріп жеуден жиіркенбейді. Бұл жер үлкен қала болғандықтан адамдардың жағдайы жақсы. Көп қабатты үйде тұратындықтан кейбіреулері балкондарында ит бағады. Бөлек тамақ пісіріп береді. Жаймашуақ күндері бойы бір қарыс асыл тұқымды иттерін жетектеп серуендеуге шығады. Ерекше күтім көргендіктен ондай иттер қоқыс жаққа назарын да салмайды. Көшеде қаңғып жүрген ит жоқтың қасы. Сондықтан бұған қоқыста тіске басар мол. Түске дейін оны-мұны теріп жеп өлместің қамын жасаған соң сүйретіліп жақын маңдағы базарға барады. Кіреберісте тұрып ап алақанын жайып өткен-кеткеннен қайыр сұрайды. Көбісі мұның үстінен мүңкіп тұрған жағымсыз иіске шыдай алмай қашқақтап, əріректен жүреді. Тіпті балағаттап та кетеді. Базар əкімшілігінде істейтіндер көрсе, қуып салады. Бірақ, мұнда ар жоқ, қайта айналып бара береді. Өйткені, базарға кіріп-шығып жатқандардың бірі болмаса, бірі тиын-тебен тастап кетеді. Бұрын ондай кезде базардың бір бұрышындағы арақ-шарап сататын дүкенге жүгіретін. Стакандап арақ сатып ап, көрші үйдің жертөлесін паналаған өзі сияқты байғұс шалмен несібесін бөлісетін еді. Соңғы жылдарда арақ ішсе бауыры ісіп кететін болған соң амалсыздан ішкілікті тастауға мəжбүр болды. Өкпе мен бүйрек те сыр берді. Кеше де қайыр сұрап азын-аулақ тиын-тебен тапқан. Тұла бойын меңдеген сан түрлі дерттің кесірінен жүре алмай қал-
ды. Бағына орай, ыңқылдап отырғанын көрші жертөледегі шал көріп қап, сүйемелдеп əкеп тастады. Келе сала үйреншікті орнына құлай кетіп, жертөле іші пана болғанымен жыртық төсегінен өткен сыздың əсерінен дел-сал боп əлі жатыр. Аурудың салдарынан ба, əлде түнде көрген қорқынышты түстің əсерінен бе, басы сынып барады. Кейінгі кезде өзі біртүрлі боп жүр. Əбден қиялшыл боп алды. Алыс-алыстарда қалған биік таудың етегіндегі мөлдір бұлақты жағалай қонған ауылы есіне түседі. Ақбұлақтың балдай суынан мейірі қанғанша ішіп, шелектеп-шелектеп толтырып ап үстіне құйып тазарғысы келеді, таудың ең биік шыңына шығып, айқайлағысы келеді. Ауылына сопайып баруын барар-ау, бəрібір, балалық шағына қауыша алмайтынын білгенде мұңға беріледі. Күндіз қиялымен арпалысады, кеште көзі ілінсе болды, қанға бөгіп жатқан келіншекті көреді... Шал өмір шамы жанып бітуге таяп қалғанын сезіп жүр. Сондықтан, тапқан тиын-тебенін ештеңеге жұмсамай тамтұмдап жинап, ішкі қалтасына тығып жүрген жайы бар. Бұрын түр-түсін адам ажыратуға келместей ескіріп кеткен былғары əмиянда күле шырай беріп тұрған жап-жас қыздың жұп-жұқа тақтаға ойып жасалған титтей суретін алып жүретін. Мына қатал өмірде барлық нəрсесін, тіпті өз болмысын жоғалтса да, жоғалтпай жүрген асыл қазынасы осы сурет еді. Кей-кейде суретті қалтасынан суырып ап ұзақ телміретін, үнсіз жылап та алатын. Енді басқа бір қалтасына ақша да жинай бастады. Шал қинала қозғалып, ыстық трубаға арқасын беріп отырды. Ішкі қалтасына қолын тығып, былғары əмиянды алды. Оны ашып, қалтыраған қолымен қыздың суретін аялай ұстап, ойға шомды: «Қырық жылдан бері суретіңді жүрек тұсыма сақтап келем. Саған деген сезімім бір сəтке де суыған жоқ. Махаббаттың жолы неге мұншама ауыр? Бақытымды қалай ғана ажалдың аранына тастап жібердім? Қырық жыл бойы сол күнəмнің азабын тартамын. Ата-анаңның алдында көлбеңдеп, жүрегін ауыртқым келмеді. Сенен қалған жалғыз тұяқтың көзіне қарауға дəтім бармады. Олардың көзінен сенің соңғы сəттегі қан-жоса бейнең елес беріп қалар деп қорықтым. Шығына қаштым. Бəлкім, олардан емес, өзімнен қашқан болармын. Қанша қашқаныммен күнəмнан арыла ал-
мадым. Күндіз мына суреттегі күлімсіреген бейнеңді көремін, кеште көзім ілінсе болды, сол қорқынышты сəтті көріп, жаным қиналады... Біз мына жалғаншыда азғана уақыт бірге болдық. Сенімен тағы да бірге болу үшін мың жылдық тозаққа тасталсам да, жүрегім саған қарай талпына береді, Шұғыла! Жексұрын боп өмір сүруден жалықтым. Қырық жыл бұрын кіршіксіз жанымды қалай ластап алған болсам, қазір қоқыстар арасында тəнімді де ластағам. Мен... Мен жоқпын. Қырық жыл бұрын өліп кеткем. Сен барсың. Кейде түйдектүйдек боп көшіп бара жатқан аппақ бұлттар арасынан қол бұлғағандай боласың, кейде сеңгір-сеңгір таулардың төбесінен қарап түрасың... Əйтеуір, менің қолым жетпес биіктесің. Саған барар жол мəңгілікке созылса да жүре бергім келеді, жүре бергім келеді. Бірақ, сен менің мына сиқымды көргенде шошып кетесің ғой! Əуелі ауылға баруым керек. Өзіміз аунап-қунап өскен ауылға. Балбұлақтың суына шомылсам, анадан жаңа туған нəрестедей болатын шығармын. Сосын сенің қабіріңді құшақтап жатып... жылапжылап... үзіліп кетсем...» Шал түрегелуге əрекеттеніп еді, үдесінен шыға алмады... * Мектепті бітірісімен құрбы-құрдастары білім қуып қалаға ағылғанда Айдар жалғыз шешесін тастап еш жаққа кете алмады. Əкесі екі жыл бұрын көршісі Сапардың үйі өртенгенде іште қап кеткен баласы – төрт жасар Болатты құтқарам деп қаза тапқан. Баласын бөлмеге қамап, дүкенге кеткен Бағила апай асығып жүріп үтікті суыруды ұмытқан екен. Содан тұтанған өрт лезде бүкіл үйді шарпыған. Мұның əкесі Асқар мектепте мұғалім боп істейтін. Сабағы ертерек аяқталып, үйіне келе жатқанда көрші үйдің жанып жатқанын көреді. Беймезгіл уақ болғандықтан ерлер жұмыста, кілең қатын-қалаш шулап жүр екен. «Ойбай, үйдің ішінде балам қалды», – деп дүкеннен асыға жеткен Бағила апай үйге ұмтыла бергенде талып жығылыпты. Асқар мұғалім сыртта тұрған құрым киізді жамылып ішке еніп кетеді. Төргі бөлмеде түтінге тұншығып жатқан баланы терезеден сырт-
тағылардың біріне беріп үлгереді, үйдің шатыры опырылып, өзі шыға алмай қалады... Айдар қандай жұмыстың басын ұстарын білмей жүргенде Пернебай пошта зейнетке шықты да, орнына мұны өткізе салды. Пошта үйіне онша қашық емес. Дүкенге жанай салынған аядай жалғыз бөлме – пошта. Аптасына бір рет аудан орталығынан келетін машина газет, журнал, хат-хабарды əкеліп тастайды. Үйме-үй жүріп таратып шығады. Зейнетақы мен əйелдердің жөргекпұлын да таратады... Газет-журналдың күнде келмейтініне налитын кездері де болады. Өйткені, Жалғас тракторшының үйіне жиі-жиі барғысы келеді. Ол үйде өзімен бірге оқыған Шұғыла деген қыз бар. Ол да оқуға кетпеген. Мектептегі кезде жақсы еді, екеуі бірбірінен екі елі ажырамайтын. Енді бір көру арман болды. Газеттерін бере тұрып үздіге қарайды: – Сəлем, Шұғыла! – Сəлеметсің бе? – дейді де ол үйіне кіріп кетеді. Мұнан əріге барудың ықтималы жоқ. Бөгеліңкіреп қалса, ауылда өсек-аяң өршіп кетеді. Əр сапар газетті Шұғыла алуға шығады. Соның өзі көп нəрсені аңғартатындай. Оның нұрлы дидарын көргенде бақыттан басы айналып, жүрегі өрекпіп кетеді. Бір күні кешкі тамақ үстінде анасы Айша əңгіме қозғап қалды. Əрнені бір суыртпақтап отырып, сөз аяғында төтесіне көшті: – Балам, əкеңнің шырағын жағатын уақытың келді. Келін əкелсең қалай болады? Тосын сұрақтан жүзі алабұртып не дерін білмей қалды. Анасымен ешқашан мұндай тақырыпта сөйлесіп көрмегендіктен маңдайы тершіп кетті. Анасы мұның жағдайына назар аудармаған сыңай танытып, бастырмалата түсті: – Өзім қыз іздейін бе, əлде көз астына алып қойғаның бар ма? Шегінер жер қалмады. Аузына талқан салғандай тымтырыс отыра берсе, анасы əлдекімді келін етемін деп бар арманын быт-шыт қылуы мүмкін. – Шұғыла! – деді де, ырғып тұрып жатын бөлмесіне қарай зытты... Анасы жедел қимылға көшті. Бас-аяғы он шақты күннің ішінде барлық мəселе шешілді. Тамыздың аяғына таман той
болды. Ағайын-туыс, ел-жұрт қолұшын созып, тойын есте қаларлықтай етіп жасап берді. Мұнан бақытты жан жоқ. Жұмысқа кетерде келіншегі Шұғыла шығарып салады, келсе, күлімдеп қарсы алады. Жолыңа айдай қарап ынтызар боп күтіп отырған жанның болуы қандай ғанибет! Бақыт құшағында балқып жүріп уақыттың қалай өткенін де сезбей қалады екенсің! Келер жылғы мамырда сүйіктісі шекесі торсықтай ұл тауып берді. – Бұл баланың атын Өміржан қоямыз, – деді шешесі жүзі бал-бұл жанып. Əкесі қаза тапқаннан бері ол дəл осылай қуанбаған болатын. Айдар да, Шұғыла да қарсылық танытқан жоқ. Айша апайдың неге ырымдап тұрғанын сезінеді. Ауылда айта қаларлықтай өзгеріс жоқ. Барша өзінің жайбарақат тірлігінен риза кейіпте ғұмыр кешіп жатыр. Бұлар да ел қатарлы өз ошағының түтінін түтете берді. Шамалы қаржы үнемдеген Айдар жазда Балтабай дүкеншінің «Минск» мотоциклін жарты бағасына сатып алды. Екі-үш жыл мінілгенімен еш жері зақымданбаған. Балтабай дүкеншінің мотоциклді аяп айдағаны көрініп тұр. Көлік деген рахат екен, газет-журнал тарату үшін табанынан тозып, салпақтап жүрмейді. Аудан орталығында шаруасы шығып қалса, күніне бір келетін автобусты күтіп əуре болмайды. Үйдің де керек-жарағын алу үшін қалаға қарай жүйткіте жөнеледі... Желтоқсанның жиырма бірі – Шұғыланың туған күні. Айдар өткен жылы қолы қысқалық қылып келіншегіне жөнді сыйлық бере алмағандықтан биыл сол олқылықтың орнын толтырғысы келді. Шұғыла таңғы астың қамымен асханада күйбеңдеп жүргенде Өміржанды қолына алып сүт ішкізіп отырған анасына қолқа салды: – Бүгін келініңіздің туған күні. Қалаға апарып қыдыртып, анау-мынау əперсем бе деп едім. – Е-е, оның жөн ғой! Ертерек қамданбайсыңдар ма, автобусқа үлгермей қаласыңдар енді. – Мотоциклмен бара саламыз. Бүгін ауа райы жақсы боп тұр ғой. – Қыстың күніне сенуге болмайды, балам. Лезде айни салады.
– Енді тəуекел етеміз де, апа. – Онда Өміржанды мен алып қалайын, жаурап қап жүрер. Сендер ертерек қайтыңдар. – Мақұл, апа. – Балам, ақшаң жетпей жүрмесін, мынаны да ал, – деп ақша берді анасы Айдарға. – Өзімде бар ғой! – Ақша көптік етпейді, балам. Менің атымнан да бірдеңе əпере сал... Айдар мен Шұғыла үйден шықты да, күле-күле бастарына каска киіп қып-қызыл «Минск» мотоциклге мінді. – Немістің солдатына ұқсап қалдық қой! – деді Шұғыла. – Оқасы жоқ, басың жаурамаса болды. Мотоцикл орнынан қозғалғанда Шұғыла Айдардың белінен құшақтап алды... Бір жарым сағаттан соң қалаға да жетті. Мотоцикл аудандық поштаның ауласына кіріп тоқтады. – Ата, біз келгенше мотоцикл осында тұра тұрсын, – деді Айдар таныс қарауыл шалға. – Келініңізді қыдыртып жүрген ем. Қарауыл шал басын изеді. Екеуі қол ұстасып маңдайшасында «Универмаг» деген жазуы бар еңселі ғимаратқа кірді. – Ал, жаным, қалағаныңды таңдай бер. Киім-кешектің неше түрі осында бар көрінеді. Пальто керек пе, етік керек пе, əлде көйлек аласың ба? – Соның бəріне ақшамыз жете ме, не? – деп миық тартты Шұғыла. – Ондай нəрселер аз ақша тұрмайды. – Жетпесе жеткіземіз. Бағана апам да ақша берген. Сенен аяғанды ит жесін. – Айдар қалтасынан əжептəуір ақша шығарып Шұғыланың қолына ұстата салды. – Мен мына жерде тұрайын, сен емін-еркін аралап, қалағаныңды алып шыға бер. Айдар ерлер киімі сатылатын бөлімде қалды. Ештеңе сатып алар ойы жоқ, ананы бір көріп, мынаны бір көріп уақыт өткізсе болды. Шалбар, көйлек, пальто біткеннің біразын көріп, бұл жерде жоқ түрін сұрап дүкеншінің басын қатырып, аяқ киім жағына өткен кезде екі сөмкені толтырып Шұғыла келді. Дереу ауырсынбасын, деп қолынан сөмкелерді алды.
Еріксіз көзі түсіп кетті: бір сөмке толған кəмпит, печенье... Екіншісінде не барын құдай білсін? – Не алдың өзі? Ұнайтын нəрсеңді таба алдың ба? – Қонақ келсе, қысылып қалмайық деп үйге ұсақ-түйек азық-түлік алдым. Апама орамал, Өміржанға бірнеше киім... – Əй, оларды қайтесің? Өзіңе не алдың? – Менде барлық нəрсе бар ғой, бекерге ақша құртып қайтем? Айдар қазір ғана қолына алған сөмкелерді келіншегіне ұстата салды да, «Осында тұр. Қазір келем», – деп дүкеннің басқа бөліміне қарай кетті. Сəлден соң алтын сағат алып оралды. – Мынау туған күніңе сыйлық, жаным, – деп Шұғыланың қолына тақты. – Рахмет! – деп Шұғыла оның қолын қысып қойды. Бүгін Шұғыланың туған күні болғандықтан əрі екеуі алғашқы рет бірге қалаға қыдырып келгендіктен Айдар жарының көңілін аулауға тырысып бақты. Ресторанға апарды. Сосын кинотеатрға сүйреді. Радж Капурдың «Мое имя Клоун» деген киносы боп жатқан екен. Шұғыла: «Бала жылап қалады. Ертерек үйге қайтайық», – деп кино көруге қарсылық танытқан еді, «Апам сүт беріп амалдай тұрады. Бірінші рет бірге келгенде кино көрмей қайтамыз ба?» – деп, еріксіз көндірді. Ажалы жақындап қалғанын сезініп, ел есінде жарқын бейнесімен қалғысы келген Клоун Радждың соңғы қойылымы жайлы үш сағатқа созылған кино өте əсерлі екен. Тапжылмастан отырып көрді. Киноны аяқтап далаға шыққан кезде ымырт үйіріліп қалған, қар қылаулай бастаған еді. Екеуі жүгіре басып пошта ауласындағы мотоцикліне келді. Екі сөмкедегі затты қапқа салып, багажға байлаған Айдар мотоциклді бір теуіп от алдырды. – Біз кетіп бара жатырмыз, ата, – деп қарауылға айқайлады. – Жолдарың болсын! – деді қарауыл жартылай ашылған есіктен сығалап. Мотоцикл қала ішінен шығып үлкен үлкен жолға түскенде қар үдей түсті. Жылдамдықты асыру тіпті мүмкін болмай қалды. Жиырма шақырымдай жүргенде мотоциклдің алдыңғы фарасы істен шықты. Албырап жол жиегіне тоқтамақшы болған кезде шөп артқан «Зил-130» жүк көлігі
басып озды. Қала артта қалған, айналада ел жоқ. Көктен тілегені жерден бергендей тоқтау ниетінен қайтып, жүк көлігінің ізіне түсті. Он-он бес метрдей аралық сақтап жүріп отырды. Мына «Зилге» ілесіп ауылға жетіп алу керек. Шөп артып алғанына қарағанда Бостандықтағы шопандарға бара жатқан болса керек. Бостандық – Ақбұлақтан кейінгі ауыл. Ақбұлақтан өтіп екі шақырымдай жүрген соң күншығысқа бұрылсаң, Бостандық ауылы онша алыс емес. «Зил» жапалақтаған қарды елемей зымырап барады. Мотоциклдің де жылдамдығы артқан, соңынан қалмай келе жатыр. Зилдегілерге қайдам, мотоциклдегілер əбден жаурағандықтан жүрісі өнбей келе жатқан сияқты көрінеді. Машинаның жарығымен көрініп қалатын айналадағы жол белгілеріне жалт ете қарап қояды... – Уһ, ауылға да кеп қалдық! – деді бір кезде Айдар. – Жеткеніміз рас болсын! – деді Шұғыла күйеуінің белінен тас қып құшақтай түсіп. Сол сəтте «Зилдің» оқыс тоқтағанын байқап қалған Айдар бар күшімен тежегішті басты. Аралық төрт-бес метрдей-ақ. Мотоцикл сырғып барады. Бір амалын таппаса қазір «Зилдың» артынан соғады. Айдар «Шұғыла!» – деп жанұшыра айқайлады да, мотоциклді оң жаққа бұрып қалғанда, Шұғыла шыңғырып жіберді... Айдар əлдебіреулер өзін көтеріп жатқанда есін жиды. Біз сұғып жатқандай бүкіл денесі сырқырап ауырып жатыр. Еміс-еміс дыбыстарды құлағы шалды: – Мотоцикл тайғанап барып, артқы жақ бүйірінен жол шетіндегі көрсеткіш жазуы бар бетон бағанға ұрылған екен. Мына келіншекке обал болды, тіл тартпай кетіпті... Айдар басын ауырсына бұрып қарағанда бет-аузын қан жуып, жерде жатқан əйелін көргенде шошына ыңырсып «Шұ-ғы-ла-а», – деді де, қайта талықсып кетті... Ауруханада есін жиған Айдар өзінің дін аман екенін білді. Бағанаға соғылған мотоциклден үш-төрт метр əріге ұшып кеткендіктен беті, қолы жырылғаны болмаса, сынған жері жоқ. Дəрігерлер дəрі егіп денесінің ауруын басқанымен жан ауруын емдей алмады. Кешегі көрініс көз алдына келіп, «Шұғылама барам», – деп палата есігіне тұра ұмтылғанда, дəрігерлердің шақыруымен жетіп келген екі милиция қолына кісен сап алып кетті...
Бір жарым айдан соң соты болды. Ауылдан көп адам келген жоқ. Мұның шешесі мен Шұғыланың ата-анасы зар еңіреп сот залын азан-қазан қылды. Айдар олардың бетіне қарай алмады. Басын төмен салбыратып есалаң адамдай отырды да қойды. Жалғас тракторшы «Өлмектің артынан өлмек жоқ, тірі пенде тірлігін істеу керек. Қызым өлсе, тағдырдың жазуы солай болған шығар. Жазмышқа мойынұсынудан басқа не шара бар? Бұл да менің балам. Құндақтағы бейкүнə сəбиді қу жетім етпей күйеубаламды шығарып беріңдер», – дегенде отырған жері жарылса, кіріп кеткісі келді. Тағдыр аямағанды заң аясын ба, адам өліміне себеп болған көлік апатын жасағандықтан айыпталып, үш жылды арқалап кете барды. Солтүстіктегі қалалардың бірінің іргесінде орналасқан лагерьге кеп түскен соң құрылысқа жегілді. Қолының ебі барлар кірпіш қалайды, бұл қара жұмыстың бəрін атқарады. Ешкіммен сөйлесіп жарытпайды. Күндіз қиялында, кеште түсінде – Шұғыла! Кейде қасындағылардың сөзін естімей қалатыны бар. Сонысына бола «Меңіреу» атанды. Лақабы құлағына түрпідей тигенімен қарсылық танытпады. Мұнда жетісіп жүрген кім бар дейсің? Білдіргісі келмегенімен əркімнің өз мұңы бар. Бəрі мұның ерсі қылығына көндігіп кетті. Үш айдан соң анасына хат жазып Шұғыланың суретін алдырды. Қайдан тапқанын кім білсін, Шұғыланың мектепте оқып жүрген кездегі суретін жіберіпті. Суретке қайта-қайта қарағыштап жүргенін көрген жоғарғы кереуетте жататын армян жігіт жаны ашыды білем, жақсылық жасағысы келді: – Əй, көзіңнің жасын сорғалата берсең, суретті құртасың ғой! Бері əкел, мен саған оны арғы дүниеге барғанша аман жететін етіп қайта істеп берейін. Бір жетіден соң армян жігіт суреттегі бейнені титтей жұқа əрі мықты тақтаға ойып салып қолына ұстатты. ‒ Жақсылап көріп ал, қызыңа ұқсай ма екен? Тақтадағы бейне суреттегі бейнеден аумай қалған. Сəйкес бояулармен боялып, сырланғандықтан Шұғыла құлпыра түскен. Миық тартып тұрғанына дейін айнытпай салыпты. Айдар сүйіктісінің тірі бейнесін көргендей қуанып, қалтасынан кеше ғана алған бір айлық еңбекақысын суырып бере салды.
– Рахмет! Дəл өзіндей етіп жасапсың. – Гений сотталса да, гений боп қала береді. Менің туындымның бағасы ақшамен өлшенбейді, – деп ақша ұсынған қолын кері қақты. – Оның құнын төлеуге сенің шамаң жетпейді. Сондықтан қайырымдылық танытамын: Екі қорап темекі бере сал! Айдар армянның тілегін орындап, суретті төсқалтасына салды. Сотталғандардың бірсыпырасы будақтатып хат жазып, бірнеше хат алып жатады. Айдардың хат жолдайтын жалғыз адамы – анасы. Оның амандығын, ұлының жағдайын сұрап хат жолдап тұрады. Анасы жиі-жиі хат жазып тұрды. Тек соңғы кездері: «Ұлың аман-есен өсіп келе жатыр, былдырлап сөйлей алады. Менің денсаулығым нашарлады. Қан қысымы жоғарылап кете береді. Əйтеуір амандықта көрісу несіп етсін», – деп жазатын болды. Ақыры, анасынан келетін хаттар үзіліп қалды. Анасының денсаулығына алаңдап жолдаған хаттарына жауап ала алмады. Мерзімінің бітуіне бір ай қалғанда Сапар көршісінен келген хаттағы «Айдаржан, суық хабарды естірткелі отырғаныма өкініштімін. Айтпасам, тағы болмас. Айша апайды бақилық сапарға жөнелттік. Артының қайырын берсін! Ұлың – дін аман, қайынатаң Жалғастың үйінде...» – деген жолдарды оқығанда есеңгіреп қалды. Өзінің жападан-жалғыз қалғандығын ойлап, өкіріп жылады... Үш жылды санап беріп бостандыққа шыққан соң елге бара алмайтынын түсінді. Құшақ жайып қарсы алар ешкім жоқ. Қайынатасының үйіне қай бетпен барады?.. Теміржол вокзалында отырып, ойлана-ойлана осы қалада қалуға бекінді. Қалтасында шамалы ақшасы бар. Пəтер жалдады. Бір-екі күннен соң не істерін білмей сенделіп жүргенде пойыздан жүк түсіруге адам іздеп жүрген біреуге тап болды. Қуана келісті. Содан осы жерде қалып кетті. Жүк артыптүсіріп ақша табады. Пəтерге келгесін араққа сылқия тойып, қалтасындағы суретті алып мұңын шағады. Маскүнемді кім ұнатсын, пəтер иелері көп өтпей қуып шығады. Мың рет пəтер ауыстырған шығар... Кезекті пəтер ауыстырған бір күні ұзақ ойланып, өзінің болашағының бұлдырлығына көзі жеткесін өзі жайлы нақты бір шешімге келгендей болды: «Жақсы ит өлімтігін көр-
сетпейді», жаман аты елге жетпей тұрғанда өзін таныс-білістерінің жадынан өшіруге амал табу керек! Тапты да. Көршісі Сапарға: «Құрметті Сапар! Сіздің танысыңыз Айдар Асқаров қайтыс болды. Қайтыс болғанда қалтасынан шыққан қойын дəптерде сіздің мекен-жайыңыз ғана жазылған екен. Басқадай туыстарын танымағандықтан, оның қазасы жайлы өзіңізге ғана хабарлауға мəжбүр болдым. Танысыңыздың қазасы қайырлы болсын. Жолым түсіп аулыңызға барғанда, ол кісінің қандай жағдайда қайтыс болғандығын айтып берермін, Құлмахан Амантаев», – деп, өмірде жоқ адамның атынан бөтелкелес достарының біріне жаздырып, конверттің сыртына жазған кісінің мекен-жайын көрсетпей хат жолдады. Жылдар жылжып өте берді. Айдар əбден ішкілікке салынып кетті. Жүк түсірер қауқардан айырылып, ақша таппағасын қоқыс тінткілеген қаңғыбасқа айналды. Ал, ол жүрген қала елдің басты шаһарына айналып, күннен-күнге көркейіп бара жатты... * Шал суретке үңілген сайын елге қайтуға деген құлшынысы арта түсуде. Енді кешіге берсе суреттегі бейнеден алыста қылжиып қалуы мүмкін. Қабірі сүйіктісінің қабірімен қатар тұрса, рухы қауышар, бəлкім. Жертөленің есігін сықырлата ашып көрші шал келді. – Əлі басың ауырып тұр ма? Сыртқа шықпадың ғой! – Ауылға кеткім кеп отыр. Ақсақ шал тосын жауаптан селк ете түсіп, үнсіз қалды. Əдеттегідей жалпайып отыра кетпеді. Біраздан соң серейіп тұрған қалпында үн қатты: – Жақындарың бар ма еді? Адамның түбінде бір барар жері болғаны жақсы ғой! Менің ешкімім жоқ. Осы жерден тура ана жаққа кететін шығармын. «Ұлым бар еді», – деп айта алмады. Қырық жыл бұрын көрген ұлының атын атап əңгімені көбейткісі келмеді. – Елге жетіп өлгім келеді. Ақсақ шал «бұл байғұстың да ешкімі жоқ екен ғой», – деп ойлады.
– Əйтеуір елің бар екен ғой, далаға тастамас. Олай-былай боп кетсең ата-бабаңның қорымында жатасың, – деп азғана бөгелді де, жомарттық танытты: – Мына түріңмен кеткенің жарамас. Менің көнелеу болса да, басы артық киімдерім бар. Өткенде біреу жəшікке салып шығарып тастаған екен, алып қойып ем. Соны берейін. Не дегенмен еліңе барасың ғой, ыңғайсыз болар, алдымен моншаға түсіп ал. Кешегіден артқан тиын-тебенім бар. – Өзі сияқты қайыршының қайыр беріп тұрғанына елжіреп кетті: – Рахмет, жақсылығың Құдайдан қайтсын! Киімдеріңді алайын, ақшаң өзіңе қажет болар. Өзімнің де жолға деп жинағаным бар. Екеуі жетелесіп барып көрші үйдің жертөлесіндегі киімдерді алды. Сосын жол шетіндегі дүкеннен сабын, арзан сүлгі, алмас сатып ап моншаға тартты. Моншаның кіреберісінде отырған əдемі қыз бұларды көріп баж ете қалды: – Əй, бұл қаңғыбастар келетін жер емес, қараларыңды батырыңдар! – Саған ақша түссе болды емес пе, – деп екеуіне төленетін төрт жүз теңгенің орнына сегіз жүз теңге ұстата салды. – Кімнің шомылғанында не шаруаң бар? Ақшаны көрген қыз үнсіз шомылатын жерді нұсқады. Ақсақ шал мұның ақшасын аяған болу керек, кегежектеп еді, сүйрелектеп алып кірді. Əлі ерте болғандықтан ба, шомылып жатқан ешкім жоқ екен. Ыстық судан денесі балбырап кетті. Қайта-қайта буға түсті. Ақырғы рет қашан шомылғаны есінде жоқ, рахат күй кешіп, сақалын жөндеді, тырнағын алды. Шомылып болғасын ескі киімдерін пакетке тығып, ақсақ шал берген киімдерді киіп алды. – Жанымыз жадырап кетті ғой, – деді ақсақ шал қызара бөртіп. Шомылып боп шығып бара жатқанда кіреберісте отырған қыз артынан сөйлеп қалды: – Қоқысқа былғанып өздеріңді өздерің қор қылғанша, осындай тап-таза боп жүрсеңдер болады ғой!.. Екеуі жетектесіп келген ізімен қайтты. Жол бойындағы таныс үйдің жанынан өтіп бара жатқанда талай жыл паналаған жертөлесіне кіргісі келмеді. Жиіркенетін сияқты. Қо-
лындағы ескі киімдері салынған пакетті қоқысқа лақтыра салды. – Менің қасіретім бойыңа дарымасын, алма! – деді ақсақ шалға. – Сен осында қала бер. Автобекетке өзім жетіп алам. Екеуі құшақтасып қоштасты. Моншаның əсерінен сергіп, ширақ қимылға көшкен шал ит тірлігі өткен жерлерге қайырылып қарамады. Бүкіл қайғы-қасіретін артқа тастағандай алыстап бара жатты... Шал автобекетке келіп, қатар-қатар боп тұрған автобустарды аралап Оңтүстікке баратынын іздеді. Бір бұрышта тұрған ақшыл автобустың маңдайшасына жазылған өз ауданының аты көзіне оттай басылып, жанына жетіп барды. – Келіңіз, ата, – деді орта жастағы кісі. – Алдыңғы қатарда бір орын қалды. – Мен Ақбұлаққа баратын едім. Əлгі кісі шалға жалт қарады. Тани алмады. – Екі мың теңге бересіз, ата, жолай түсіріп кетеміз. Біз Ақбұлақ асып тура аудан орталығына барамыз. Бір тəуліктен аса жүреміз. Ертең кешкі сегіздерде Ақбұлақта боласыз. Шал екі мың теңгені беріп, алдыңғы орындағы балалы келіншектің қасына жайғасты. Автобус жүріп кетті. Жастар телефон шұқылап əуре, біреулер əңгіменің көрігін қыздырған, шал ойға шомып үнсіз мүлгіп отыр. Ара-тұра қасындағы келіншектің баласы мазасызданып жылаған кезде ғана қиялы бөлінеді. Оң қолын киімінің ішіне тығып, төсқалтасындағы суретті сипалап қояды. Түнгі он екі жарымда автобус тоқтады. Бағанағы ақша жинап жүрген кісі баршаға есіттіріп дауыстады: – Тамақтануға жарты сағат уақыт беріледі. Жылдам қимылдаңдар. Қалғып кеткен адамдар көзін уқалап автобустан түсе бастады. Автобуста ешкім қалмағасын шал да түсті. Ол автобуста бірлі-жарым адам қалса, отыра берейін деп ойлаған еді. – Ата, сіз бері келіңіз, – деді жүргізуші жігітпен автобустан ең соңында түскен əлгі кісі не істерін білмей ербиіп тұрған шалға. – Бізбен жүріңіз. Шал «жоқ» деудің қисынын таппай ізінен ерді. Асхана алдына келгенде екеуі бұған жол берді. – Бет, қолыңызды жуып алыңыз.
Шал албырап, шайынған болды да, əлгі кісі ұсынған сүлгімен сүртініп, шетке шығып тұрды. Ана екеуі жуынып алғасын мұны ішке бастады. Үшеуі бұрыштағы столға барып отырды. Бұларды көрген даяшы қыз жылы амандасты да, жүгіріп жүріп алдарына түрлі тамақты үйіп тастады. – Ата, қалағаныңызды жей беріңіз. Бұл жерге бір автобус адам əкелгеніміз үшін тамақты тегін береді. Шал лағман толы кесені алдына алды. Қысылғанынан қолы икемге келер емес. Қоқыста күнелтіп жүрген жан емес пе, асханаға кіріп қашан адам сияқты тамақтанғаны есінде жоқ. Қалтырап қасықты аузына апарды. Дəмі тіл үйіреді екен. Осындай тəтті тамақты баяғыда Шұғыла пісіретін еді. Одан кейін бұған біреу тамақ берді дейсің бе? Үш жыл түрменің қара сорпасына таңылды. Жүк түсіріп жүргенде үнемі аузы арақтан босамағандықтан жеген тамағының дəмін де сезбеген. Қоқыс арасында жүргеніне де біраз жыл болды. – Ақбұлақта туысыңыз бар ма еді? Бұрын көрмегесін сұрап жатқаным ғой. Мен Ақбұлақта тұрам, – деді орта жастағы əлгі кісі. Шал Ақбұлақтың атын естігенде елең ете қалды. Сосын сыр суыртпақтағысы кеп сұрағына сұрақпен жауап берді: – Кімнің баласысың? – Сапар деген кісінің баласымын. Атым – Болат. – Е-е, – деді шал көршісін кездестіргеніне таңданып. Сосын өзін танытқысы келмей түлкібұлаңға салды: – Ақбұлақта əкеммен институтта бірге оқыған Асқар деген мұғалім болушы еді... – Біздің Өміржан көршінің үйіне бара жатқан екенсіз ғой, – деп ол қолындағы қасығын тастай салды. – Асқар марқұмды еміс-еміс білем. Жақсы адам болған... – суық демін алып сөзін жалғастырды: – Менің жер басып жүргенім сол кісінің арқасы. Төрт жасымда үйіміз өртеніп, іште қап кеткен екем. Асқар мұғалім мені құтқарам деп қаза тапқан. – Иманы саламат болсын! – Марқұмның шаңырағы шайқалып барып түзелді. Мұғалім өмірден озғасын, əйелі Айша апай баласы Айдарды Жалғас тракторшының Шұғыла деген қызына үйлендірген екен. Содан менің Өміржан көршім дүниеге келген. Бірде баласы мен келіні қаладан қайтып келе жатқанда көлік апатына ұшырапты. Келіні қаза тапқан, баласы қамалып кет-
кен. Жаңағы біз қайтқан қаланың маңайындағы түрмеден шыққасын баласы да осы жақта бақилық болған көрінеді. Баласы түрмеде болған кезде қан қысымы көтеріліп Айша апай да өмірден озған. Өміржанды Жалғас тракторшы өсірген. Үйленген соң баяғы Асқар мұғалім салған үйге көшіп өтті. Қазір өзі – кəсіпкер, əйелі – мұғалім. Бір ұл, бір қызы бар. Үлкені мектепті бітіруге таяп қалды. – Ақыры қайырлы болған екен. – Иə. Жиырма бірі Өміржанның анасының өлген күні. Бір мал сойып, құран оқытам деп отырған. Құдайы асқа үлгеретін болдыңыз. – Несіп етсе, – деді шал. – Өзіңнің əкең бар ма? – Шүкір, есен-аман. Сексеннен асып кетті. Молдашылық қылып жүр. Жүргізуші бала сағатына қарады: – Жүретін уақытымыз болды. Үшеуі бетін сипап ас қайырып орындарынан тұрды. Жүргізушіден басқаларының кесесінде ішілмеген астың жартысы қап кетті. «Өміржанның бағы жанғаны жақсы болған екен, – деп ойлады шал орнына отырған соң төсқалтасындағы суретті сипалап. – Төбеде тұрып бəрін көріп тұрған шығарсың, Шұғыла! Əке-шешем де немересіне риза шығар. Мені қойшы, мен бір шіріген жұмыртқа болдым ғой!». Автобус түнімен жүйткіп отырып ертеңіне түс ауа бір-ақ тоқтады. – Қарынды жақсылап тойдырып алыңдар. Енді тоқтамаймыз, – деді Болат. – Бұйыртса, кеште үйлеріңнен дəм татасыңдар. Шал автобустан түсіп, асхана айналасын шолды. Дүкендерге бас сұқты. Арақ-шарап, темекінің неше түрі толып тұр. Олар артта қап бара жатқан нұрсыз ғұмырын есіне түсіргендей шығына қашты. Дүкендердің берірегінде сөреде тұрған келіншектің қасына барып ыстық екі нанды пакетке салдырып алды. Тоқтаған автобустарды айналып алма сатып жүрген қыздан бір дана алма сатып алып жеді. Автобусқа мінген кезде Болат қолына бір баклашкі су ұстатты. – Мынау біздің Ақбұлақтың суы. Өміржанның цехынан шыққан. Ішіп барарсыз. Мен енді автобусты жүргіземін. Серігім шаршады.
– Рахмет, өркенің өссін! Шал баклашкіні қолына алып, жапсырма қағазындағы жазуларға үңілді. «Ақбұлақ» деген бадырайған жазу аппақ толқындардың арасынан менмұндалап тұр. Майда жазуларға көзі өтпеді. Сығырая түсті. Төменіректегі үлкендеу етіп жазылған «Ақбұлақ» ЖСШ. Директор: Өміржан Айдарұлы Асқаров» деген жазуларды ежіктеп оқығанда жанарынан жас ыршып кетті: «Байғұс балам-ау, елесі де есіңде қалмаған бейбақ əкеңнің есімін де жазыпсың-ау! Менің атым – əкем мен сенің атыңның ортасында тұруға лайық емес қой! «Өміржан Асқаров» деп-ақ жаза салмадың ба?...» Шал баклашкінің қақпағын жайлап ашып үш-төрт ұрттады. Тағы да сімірді. Шашалып қалды: «Ақбұлаққа аңсарым ауатын да тұратын. Балдай суынан жұтсам жаным тазарар деп армандадым. Өзім аузына бір үзім нан салмаған ұлымның қолынан шыққан суды ішем деп ойлап па ем? Тағдырдың тəлкегін қарашы!... Қай бетіммен ұлымның суын ішіп отырмын?.. Ұлым, саған тіпті кешір деп те айта алмаймын ғой! «Ұлым» деп атауымның өзі намыссыздық емес пе?..» Шал баклашкінің қақпағын жауып, бауырына қысып ұстап алды. Қараңғы түскен соң дегбірі қашты. Терезеден далаға қарағыштай береді. Бірақ, автобустың ішінде шырақ жанып тұрғандықтан даладағы ештеңе көрінбейді. Неше сағатын иненің үстінде отырғандай тыпыршып өткізді. Қасындағы келіншек өз баласымен əуре. Мұның артық қимылына мəн берер халде емес. Бір қарқынмен жүйткіген автобус жылдамдығын бəсеңдетіп барып тоқтады. – Ақбұлаққа келдік. Ата, түсіңіз, – деп дауыстады рөлде отырған Болат автобустың алдыңғы есігін ашып. Шал екі нан мен баклашкі салынған пакетті ұстап жерге түсті. – Жолың болсын! – деді жүргізушіге бұрылып. – Адамдарды аудан орталығына апарып тастаған соң түнде үйге қайтам, – деді Болат. – Өміржанға сəлем айтыңыз, таңертең құдайы асына келем. Алдыңғы есігі жабылып автобус ыңырана орнынан қозғалды. Автобустың жарығымен сорайып тұрған бағанды көзі шалып қалған шал баяғыда апатқа ұшыраған жерде тұрғанын
сезіп, денесі түршігіп кетті. Бəлкім, сол баған шығар, қырық жыл өтіп кетті емес пе, бəлкім, сол орынға басқа баған қойылған шығар? Қалай болғанда да мынау жер – тағдырын қара түнекке итеріп жіберген сол қасиетсіз жер. Бір сəт көз алдына Шұғыланың сол сəттегі бейнесі елестеп мəңгіріп тұрды. Сосын жарқырап тұрған шырақтарға қарай аяңдады. Ауылды сырт айналып, қорымға жетіп алуды ойлады. Алайда, ауыл шырақтары артта қалған соң діттеген ойы іске аспады. Қою қараңғылықтың құшағында жүрер жолын көрмей шорқақтап қалды. Амалсыз ізіне қайтты. Түртінектеп жүріп ауыл шетіндегі есік-терезесі жоқ жаңадан салынған тамның ішіне кірді. Бір-екі адым атқан соң əлденеге барып тірелді. Қолын сермелеп қышырлаған нəрсені ұстап көріп, белуардан келетіндей етіп жинап қойылған сабан екенін байқады. Үстіне жантая кетті. Осы жерде түнді өткізсе, таңертең қорымға барады. Шал түнімен кірпік қаққан жоқ. Нан жеп, су ішкен болды. Сосын зая болған өмірінің бүге-шігесіне дейін ой елегінен өткізді. Тағдырының Шұғыламен өткізген аз ғана бөлігі ғана жарқырап сəуле шашып тұр. Қалғаны – қара түнек. Сол сəуле ғана мұны осы күнге дейін аман жеткізгендей. Таңсəріде қалғып кетті. Айнала аппақ қар. Жалғыз өзі жүріп келеді. Кенет біреу қар лақтырды. Жалт қарап күлімдеп тұрған Шұғыланы көрді. – Мен сені таба алмай жүмін ғой, Шұғыла! – Айдар, мен алыс-алыс жақтарға кетіп қалдым ғой! – Табысқанымыз жақсы болды. Енді бірге Ақбұлақтың суына шомыламыз, тауға шығамыз. – Күн суық қой, – сықылықтап күлді Шұғыла. – Ақбұлақтың маңайы көктемде құлпырады. Қазір таудың басында қардан басқа не бар? – Мейлі, қыс болсын, көктем болсын, бəрібір, бірге боламыз. Сен – мендіксің, мен – сендікпін! – Тəн – топыраққа, жан – Һаққа тиесілі. Көңіл бірге болады, сезім табысады. – Мейлі. Мен алаулаған махаббатымызға жеткенше талпына берем. – Бар дүниені ұмытып, көзсіз көбелектей сол алауға қанатыңды күйдіріп алдың ғой! – Өртеніп кетсем де ризамын.
Құшақтап алғысы кеп Шұғылаға талпынды. Ол сықылықтай күліп қашты. Жеттім дегенде жоқ болып кетеді. Тағы ұмтылады. Жете алмайды. Кенет Шұғыланың мазасыздана қолдарымен əлденені көрсетіп тұрғанын байқап қалды. Қол созым жерде аппақ қардың үстінде құндақтаулы жатқан баланы көріп, бетіне үңіле бергенде бала шыңғырып жылап жіберді... Шал шошып оянып кетті. Бəрі түсі екен. Жатқан жері жапжарық. Əлдеқашан таң атып кеткен екен. Сабанның үстінен түсіп үсті-басын қақты. Үңірейген есік пен терезенің орнынан жапалақтап жауып жатқан қар көрінеді. Шал есіктің орнынан басын қылтитып айналаны барлады. Ешкім жоқ. Шамасы, бұл араның бəрі жаңадан құрылған үйлер сияқты. Əлі иелері көшіп келуге үлгермеген. Бұрын бұл маңай жоңышқа алқабы болатын. Жылдам сыртқа шығып, жолға түсті. Қорымды бетке алып жүріп келеді. Сол қолындағы пакеттен баклашкіні алып қақпағын ашпақшы болды да, ол ойынан күрт айнып, қайта салып қойды. Еңкейіп, жерден бір қысым қар алды да, жүріп бара жатып бетін ысқылады. Қыр басындағы қорым едəуір үлкейіп кеткен. Қорымның күншығыс жақтағы шетінен кіріп, аппақ қарға бүркенген төртқұлақ молалардың арасымен əкесі жатқан биік төбеге қарай келеді. Анасының да, Шұғыланың да қабірі сол жерде болуы мүмкін. Ауыл адамдары марқұмдарды жақындарының қасына жерлейді. Ырсылдап төбеге өрледі. Мына бір жарқабаққа жаңа мəйіт қойылған сияқты. Моланың қасында артып қалған кірпіштер мен екі қап цемент, күрек тұр. Күректі алып төбеге көтерілді. Əкесінің қабірін жаңылмай тапты. Күрек пен пакетті жерге қойып, төртқұлақ моланың кірпішін емірене сүйді. Алғаш рет құран оқи білмейтініне өкініп, «жатқан жерің жайлы болсын!..» айтты. Қапталындағы қабірдің құлпытасының қарын аршып, шешесінікі екенін білгенде өкіріп жылап жіберді. Анасына жан сырын ақтарып біраз отырған соң көңілі алабұртып үшінші қабірдің құлпытасының қарын сүрте бастады. «Шұғыла Жалғасқызы. 21.12.1954 – 21.12.1972» деген жазу шыққанда суық тасты мейірлене сүйді. Тамағына өксік тығылып, көз жасы селдей ақты... Əлден уақыттан соң есі ауысқан адамша солқылдай жылап жүріп бағанағы күрекпен үш қабірдің айналасының қа-
рын күреді. Бірақ, еңбегі еш кетті. Жапалақтап жауып жатқан қар тазалаған жерін лезде ағартып тастай берді. Күректі лақтырып жіберіп, Шұғыланың қабірінің басына қайта отырды. Төсқалтасынан суретті алып қабірдің ернеуіне қойды да, күбірлей бастады: «Мен келдім, Шұғыла! Біздің қауышуымыз өте ұзаққа созылып кетті. Сенен айырылған сəтте-ақ өмір сүрудің мəні қалмады. Неге мотоциклді бұрып жібердім екен? Көлікке тура барып соғылғанымызда мен өліп, сен аман қалар ма едің?! Бұл ой мені əлі күнге дейін қинайды. Мен тағдырдың тосын соққысынан ұшып кетіп, бейтаныс бір əлемге барып түстім де, қайтып тұра алмадым. Жігері əлсіз жан екенмін. Сен тірі қалғаныңда қиындыққа мойымай жалғыз өзің-ақ ұлымызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірер ме едің. Менің жасықтығымның кесірінен ұлымыз бүгін əкесінің тірі екенін де білмейді. Сенің қасыңа бар қасиеттен жұрдай болған құр сүлдерім ғана келді. Жанымды аяқталмайтын азап жегідей жейді. Мені қасыңа ал. Рухым тыныш тапсын. Екі дүниенің əуресі болғым келмейді!» Бір топ адам төбеге шыға бастады. Сəлделі шалды орта жастағы кісі жетелеп келе жатыр. Қапталында əдемі киінген жігіт ағасы мен келбетті келіншек бар. Артындағы бозбала мен өрімдей қыз қол ұстасып алған. Əріректегі қалың топ төбенің етегіне енді жетті. – Өміржан, кеше мен автобустан түсіріп кеткен қонақ қайда кетті екен, а? – деді сəлделі шалды жетелеп келе жатқан кісі. – Қайдам? – деді əдемі киінген жігіт ағасы. – Болат, сен адамды мазасыздандырып қойдың ғой. Түнде аудан орталығынан қайтқаныңда өзіңмен бірге ала келгеніңде болмас па еді. – Ауылдың дəл іргесінде түсіргем, адасып кетпеген шығар? Өміржан иығын қиқаң еткізді. Кенет: – Əне, кешегі адам Шұғыла апайдың қабірінің басында отыр, – деді Болат төбеге шыққанда иегімен нұсқап. – Сол. Бəрі жалт қарап, қабір басында күбірлеп отырған кісіге қарай жүре бастады. Аппақ қарға көміліп, суретке қарап мұңын шағып отырған шал бұлардың сөзін естіген жоқ...
Келе жатқандар мына шалдың кімдігін білуге асыққандай жүрісін жылдамдатты. Ал, Өміржанның жүрек соғысы жиілеп кетті. Сырлы əлемнің құшағына еніп бара жатқан сияқты бойын əлдебір мазасыздық билеп алды... Шалдың күбіріне келе жатқандардың аяқтарының сықыры қосылып, қорымның өлі тыныштығын одан əрі бұза түсуде... Тағдыры тəлкекке түскен шал мен жөргегінен жетімдіктің зарын тартқан ұлдың кездесер сəті таяп қалды... Арғы жағы... Одан арғы жағында не боларын кім білсін?.. ЖАНТАЗА Əшейінде жеті қабат тозақтың күнəһарлар салынған алып қазаны іспетті қыз-қыз қайнап жататын Қызылқұм жұмаққа айналып кеткен тəрізді құлпырып тұр. Таяуда ғана құралайдың жаңбыры жауып өткен. Қалы кілемнің түгіндей боп раң тегіс өскен. Қызғалдақтар көздің жауын алады. Сексеуілдерге əлдеқашан жан еніп, сан түрлі азапты бастан өткерсе де, жау алдында тізерлемей, тік тұрып өлетін хас батырша көкке бой созған. Бейне бір айналаға сұқтана қараған көздерге қадалуға дайын тұрған секілді жүзгіндер өте ұсақ əрі ұзыншақ ине секілді жапырақ шығарған. Жусанның жұпар иісі аңқиды. Екі күннен бері орта бойлы, төртбақ денелі, қалың қабақты қарасұр жігіт торы атпен желдіртіп келеді. Бес қаруын түгел асынған. Қызылқұмның жұмақ көркіне қызыға көз тастап келе жатқан жасы əлі жиырмаға тола қоймаған жігіттің кеудесіндегі елдің тірлігі де үнемі осындай мамыражай кеше берсе ғой деген арман ұлғая түсті. «Тіршілік неткен тұрлаусыз еді! – деген ой келді оның қиялына. – Айналаны көріктендіріп тұрған мына раң, қызғалдақтар құралайдың салқыны өткен соң күнге күйіп, желге ұшарын білмейді-ау! Қып-қысқа ғұмырында жадырап-жайнап өтуді жазған екен бұларға. Ана сексеуіл, жүзгін, жусан фəни жалғаншыға мойынсұнғысы келмей біраз қасарысады. Адамдар да солай, тайталасып өтеді. Күреспесең, ғұмырың
қамшының сабындай қысқа. Тосыннан келген дүлей күш сындырып кеткенін байқамай да қаласың...» Осындай зілмауыр ойлар санасын сан-саққа жүгіртіп бара жатқан бұл жігітті бірде бетін, бірде сыртын беретін баянсыз дүние ертерек есейткен. Əйтпесе, қазір жылт еткен сезімге желігіп, өмірдің қайталанбас көгілдір көктем шағының қызығын көретін жаста емес пе? Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман көзден бұл-бұл ұшқалы жеке бастың армантілегі əдіра қалды ғой! Болатын бала он төртінде бас болар. Кеудеде жолбарыс жүрек соғып тұрған кезде ер жігіт үйінде бұғып жата алмас. Сыр бойындағы қалың елдің қамын жеп, жас күнінен атқа қонып, ақ найза ұстады. Он жетіге толартолмас кезінде айрандай ұйып отырған елге оңтүстіктегі ала шапандылардың əскері киліге кіріп, ойран салды. Жекпежекте бас батырына найза қадап, аттан аударды. Жау өзара соғыста күйрей жеңіліп, тырқырай қашқанымен иен даланы еркін жайлап жатқан елге ара-тұра еңістен еніп, лаң сап тұрады. Терістіктегі аюдай азынаған азулы ел билікті қолына ап, қуыршақ сұлтандарды сайлап қойған. Екі тараптағы жау да өз əмірін жүргізіп, бодандықта ұстағысы келеді. Ел тізгінін ұстағандар екі тарапқа жалтаңдап, ашырқаған халқын тойдырудың орнына, алқымын толтырумен əлек. Бес саусақтай жұмыла алмай жатқан қарақұрым жұрттың жау шапса, барымташы басса ғана есі кіріп, тұяқ серпеді. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тұлымды ұл – құлға, бұрымды қыз – күңге айналарын сезген бұл жігіт араздасқан ағайынды жарастырып, елді біріктірумен əуре. Арал, Сырдың кейбір салаларына бөген құрып, егіншілікпен айналысуға үндеді. Ебі барлар жаңа кəсіпті тез-ақ меңгеріп алды. Өзі де біраз алқапқа егін еккенімен, алған өнімін кедей-кепшікке түгел таратып береді. «Алқапқа самалмен көршінің бидайының дəні ұшып түсуі мүмкін, байқаусызда бөтеннің ақысын жеп күнəға батпайын» деген оймен қырдан құмаршақ теріп талғажау етеді. Егіншілікті үйретуден мақсат – шашыраңқы елді жинау. Біріккен жұртты жау жеңе алмайды. Мұны түсінгендер Сырды сағалағанымен, малына малданып қырды жағалап кететіндер де бар. Қай-қайсы да басына іс түскенде бейілі кеткен би, сұғанақ сұлтанға емес, аттандаса, атой сап шығар əскері бар болғандықтан бұған келеді. Оның самсаған қалың
қолы болмағанымен жүздеген жігітті машықтандырып, жау шапса, лап қоюға дайындап қойған. Таса жердегі əскери жаттығуларда шыңдалған жігіттер былайғы кезде өз тірлігімен айналыса береді. Бұғанасы бекігелі бері ел қамын жеп жүргендіктен болар, беделі артып келеді. Жұрт түбінде қорғанына айналар жанның осы боларына бірте-бірте сене бастаған... Екі күн бұрын ауылына хабаршы барды. Қызылқұмның түкпіріне ендей еніп кеткен ағайынның əлдеқандай лаңға жолыққанын естіген бойда торы атқа мініп, жолға шықты. «Атың тынықсын, өзің бір-екі күн демал» деп хабаршыны ауылына тастап кетті. Астындағы торы ат – жылқының төресі. Құйрық-жалы бір тұтам. Жайдақ жүрген кезінде көзі түскен біреу-міреу болмаса, бір қабырғасы артық біткенін өзінен басқа жан біле бермейді. Бірде-бір рет жануардың сауырына қамшы ұрып көрген жоқ. Тізгінді босатсаң болды, өзі жосыла жөнеледі. Екі күннен бері əлдебір қалтарыста қаңғыған жау, барымташы жоқ па екен деп, ара-тұра тізгінді тарта ұстап, айналаны жіті бақылап келеді. Намазын да оқып үлгереді. Мітіресінен су ішіп, көздің шырымын да алады. Жануар қазанат десе, қазанат қой, мұндай кезде босқа кеткен уақыттың есесін тізгінді бос қойғанда шығарып отырады. Екі күннен бері далиып жатқан даланың ұшы-қырына жетер емес. Қызылқұмның нағыз бабына келген шағы ғой бұл! Тіпті, шөп өспеген жерлерде сусып жатқан құмның да əдемілігі соншалық, он сегізге толған қыздың қол тимеген құлын денесін еске түсіреді. Бабаның жаз жайлауы мен қыс қыстауының арасы айшылық жол. Осынша жерді ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен алған. Оны көздің қарашығындай асырап, келер ұрпаққа табыстау бүгінгілердің міндеті... Кенет дүр етіп ұшқан қарға-құзғындар ойын бөліп жіберді. Бетін əжім басып, білек тамырлары білеуленіп кеткен кəрі шалдай тырбиған сексеуіл жаққа қарай назар тастады. Жылқының өлексесі теңкиіп жатыр. Өлгеніне көп уақыт бола қоймаған сияқты. Құзғындар əлі етін түгел тауыса қоймапты. Сонадай жерден қолаңса иіс қолқаны қауып кетті. Айналаны көзімен дереу шолып шықты да, бір қолымен мұрнын басып, құйғытып өте шықты.
Мына мүңкіген өлексе айналадағы əсем көріністің сəнін бұзғандай болды. Желмен жарыса жүйткіп жүрген жылқы қалайша мұндай халге душар болды екен? Барымташының оғына ұшты ма, əлде шығынып кетіп, қасқырға жем болды ма? Жақын маңдағы ауылға əлі бір түндік жол бар. Қайткенде де жаттан жазым болғаны анық. Бірақ, айналада із көрінбейді. Көкпеңбек майса тапталмағанына таңғалды ол. Басқа келген пəлеге мал қалқа болады деуші еді. Малмен кеткені рас болсын! Əр кемелге – бір зауал! Жамандықтың да шегі бар. Əйтеуір ел аман болсын, – деген ой өтті қиялынан. Ертеңіне түс болмай жатып, дүрлігіп жатқан ауылға жетті. Торы аттан ақырын түсіп, жүгенін шешіп ап, құранды ердің басына байлады да бос жібере салды. – Жанқожа батыр келді. – Жанқожа батыр келді, – деп алдынан шулап шыққан ауыл адамдарына сəлем берген соң хабаршыдан естіген тосын оқиғаның мəн-жайын сұрады. – Ойбай, біз пəлеге жолықтық! – Əр күні бірнеше малымызды əкетеді. – Бүйте берсе, қу таяқты құшақтап қалатын шығармыз...– деп, шулап қоя берген адамдарды оң қолын көтеріп сабырға шақырды да, өзі тағайындаған жасақ басшысына иегін қағып сөйле дегендей кейіп танытты. – Ауылды аждаһа аралағанына бір жұма болды. Əр күні түстен кейін қой-қозы, бота, тайды жұтады да жоқ боп кетеді. Атқан оқ дарымайды. Əзірге адамға ауыз салған жоқ. Кейін қайтерін кім білсін? – деді садақ ұстаған дембелше жігіт. – Шарасын таппай дал болдық. Сол кезде жиырма қадам жердегі қараша үйден əйелдің шыңғырған дауысы шықты да, күрт үзіліп қалды. ‒ Ойбай... əне... тағы келді, – деп сөзін жалғастырды дембелше жігіт. – Аждаһа Күлəн деген... жесір əйелдің... үйінің жанындағы... суы тартылып кеткен... ескі құдықтан шығады. Жанқожа қылышын қынабынан суырып солай қарай жүрді. Қасындағы адамдар жан-жаққа тырқырай қашты. Ауыл ақсақалы, жасақ басшысы жəне сауыт, дулыға киіп қару асынған бес-алты жігіт амалсыздан ізіне ерді. Қараша үйдің іргесінде жұпыны киінген əйел талып жатыр. Екі қадам ар жағындағы желіде тұрған құлынды алып мақұлық жұтқалы тұр екен. Жанқожа жылдам кəлимасын
қайтарды да, ақырып, қасына жетіп барған бойда шабуға оқтала, қылышын көтерді. Лезде айбатынан айырылған мақұлық көзінен пора-пора жас ағып, сылқ етіп алдына жата кетті. Оның мүсəпір халін көрген Жанқожа қылышын түсірді. – Ағарған əкеліңдер! – деді сосын, одан отты жанарын алмастан... Жасақ басшысы жүгіріп қараша үйге кірді де, ентелей жетті. Артына қарамастан қолын созған Жанқожа одан зерен кеседегі сүтті алып мақұлықтың басына шашып жіберді. Ол көзінен жас тамшылаған күйі Жанқожаға бір қарады да, кері бұрылып, ақырын-ақырын жылыстап, жоқ боп кетті. Сұсты мақұлықтан құтылғанына қуанған адамдар үйге кіргізіп, бетіне су сепкен соң талып жатқан əйел өзіне келді. Ешбір жері зақымданбаған, аждаһаны көріп қорыққанынан құлап қалған екен. ‒ Бұл байғұс та құлап жаман үйренді, – деді біреу. – Үш ай бұрын қайтыс болған байының аруағы əкетуге кеп тұрғандай шошитын шығар. Күлкі арсыз деген рас екен. Қазір ғана зəре-құты қалмай қалшылдап тұрғандар ду етіп күлгенін байқамай да қалды... Жанқожа екі күн ақсақалдың үйінде жатты. Аждаһа қайта оралмады. Ауыл адамдары үрейден арылып, тасаттық берді. Үшінші күні елге оралатынын айтты. Қаумалаған жұрт батасын жаудырып ауыл іргесіне дейін шығарып салды. Олармен қоштасқан соң ысқырып жіберіп еді, еркін жайылып, тынығып қалған торы ат қасына жетіп келді. Құранды ерге байланған жүгенді шешіп ап аттың басына салды да, қарғып мінді. Біраз жерге дейін жай жүрді. Ауылдан ұзап шыққан соң тізгінді босатты... Түн. Жұлдыздар жымыңдайды. Шалқалай туған айдың жарығынан жол бедері анық байқалады. Қызылқұмның ішінде Торы атты құстай ұшырып келеді. Кенет алдынан ақ отау көрінді. Айналасында қаз-қатар тізілген сансыз шам жанып тұр. Бұл жер таныс сияқты. Анадай жердегі сексеуілге көзі түскенде барып, бұл жердің жылқының өлексесі жатқан жер екенін бірден сезе қойды. Демек, торы ат жүйткіген екен, əйтпесе, бұл жерге ертең түске тарта жетуі тиіс еді. Он сегіз мың ғаламның тылсымын кім түсінер дейсің! Өз көзімен
көріп өткен жазық далаға айналасында əскері жоқ демесең, хан ордасы көшіп келгендей. Əдемі ақ отаудың жанына барғанда іштен ханшадай киінген сұңғақ бойлы қыз шықты. Инабаттылықпен басын сəл иіп сəлем берді. – Жолаушы, алған бағытыңыз алыс көрінеді. Бір түн қонақ боп тынығып алыңыз. Жанқожа ізет сақтап қызбен амандасты. Астындағы торысы аман болса, ауылының алыстығы білінбейді. Айдаладағы ақ отаудан шыққан қыздың қолқасынан гөрі бұл жерде қандай сыр бар екендігі көбірек қызықтырған тəрізді. Құранды ердің басына байлаулы тұрған мітірені1 алған соң, атын əдеттегідей қоя берді. Мітіредегі суға жуынып ап қыздың соңынан үйге кірді де, төрге озды. Дастархан жайнап тұр екен. Жоқ жеміс пен тағамның өзі жоқ... Мынадай таңсық тағамдар ел дастарханында болса ғой деп ойлап отырды. Қыз өзінің саятшылық құрып жүрген хан қызы екенін, нөкерлері екі қырдың артында жатқанын, мына отауда жалғыз қап тыныққысы келгенін айтты. Жанқожа оның сөзіне сенген сыңай танытып отырды. Алдында тұрған неше түрлі тағамнан жеу үшін қол созғанда тылсым бір күштің əсерімен аузына тек жабайы құмаршақ дəні түсе берді. Біраздан соң қызға өзінің алыс жолдан шаршап келе жатқандығын, тыныққысы келетінін айтты. Қыз дастарханды жиып алды. Сол жаққа – қонаққа, оң жаққа – өзіне төсек салды. Шам өшкен соң сауытын шешіп, дулығасын бас жағына тастаған Жанқожа қыз екеуінің ортасына қылышын қойып ұйқыға кетті. Түнімен əлдеқандай ала-тасырдан ұйқысы бөліне берді. Бірақ, жатқан орнынан қозғалған жоқ. Таң атып, айналаға түгел жарық түскен кезде орнынан тұрып, дулығасын сауытын киіп, беліне қылышын ілді. Іргеде жатқан мітіресін алып далаға шықты. Мітіреде қалған суға беті-қолын жуды. Қыз қырқадан жаңа көтеріліп келе жатқан күнге қарап тұр екен. Қыздың қасына келген Жанқожа, оған қонақжайлылығы үшін алғысын білдіріп, кететінін айтты. Ақ отаудың іргесінде тұрған тұрған торы атқа мінген кезде қыздың даусы дірілдеп, сəл кідіре тұруын сұрады. – Бір-екі ауыз айтар сөзім бар еді... 1 Мітіре – киізбен қапталған, су құйылатын ыдыс.
– Айтыңыз, – деді Жанқожа ат үстінде тұрып. Қыз неден бастарын білмегендей сəл бөгелді де, ойындағысын түгел ақтарғысы келді білем, сөзін əріден бастады. – Мен... перінің қызымын... Сізге сырттай ғашық болып жүргеніме көп болды. Қасыңызға жолай алмадым... Жандүниеңіз таза болғандықтан сізді үнемі періштелер қалқалап жүреді. Жолығудың амалын таппағасын аждаһа кейпіне еніп, ана ауылға лаң салған мен болатынмын. Біз жын-перілер лас жерді иемдене саламыз. Ескі құдықты таңдағаным сондықтан. Еліңізге жаныңыз ашып, сіздің жетіп келеріңізді сезгем. Қылышыңызды көтеріп шабуға ұмтылғаныңызда жанарыңыздан шашылған отқа төтеп бере алмай буыным босап, көзімнен жас шығып кетті. Сіз аяғандықтан өлтірмей, басыма ақ құйып жібердіңіз. Сізге соңғы рет жақындаспақ боп осы жерде жолыңызды тосып жатқам. Бұл өлексе жатқан жер болатын. Оны байқап қойдыңыз. Дастархандағы тағамнан ауыз тигеніңізде мендік болар едіңіз. Бірақ, «Біссімілдə» деген кезіңізде бір тылсым күштің əсерімен менің тағамдарым аузыңызға түспеді. Ғайыптан құмаршақ дəні пайда болып, соны жеп отырдыңыз. Жатқанда ортаға қылышты қойып жаттыңыз. Мен қылышты күзеткен періштелермен айқасып таңды атырдым. Егер менімен болғаныңызда мəңгілік қара күшке ие болар едіңіз. Бірақ... екеумізден тараған ұрпақ... азып кетер еді. Жаныңыздың тазалығын сақтап қалдыңыз, – деп, мұңайған қыз сөйлеуден тоқтап, көз жасын сүртті. – Енді не болмақ? – деді Жанқожа қызықсынып. – Енді... – Қыз сөзін жалғастырды. – Енді бүкіл өміріңіз қылыш ұстап еліңіздің жауларымен айқасумен өтеді. Адалдығыңыз басым. Түнде алатасырды естісеңіз де қылышқа ұмтылмадыңыз. Жау өзі килікпесе, ешкімге ұрынбайсыз. Аңдысқан жау ақыры бір қапыңызды табады. Алайда, арамнан дəм татпаған адамнан өрбіген ұрпақ – еліңізді арманыңыздағыдай іргелі елге айналдырады. Қыз Жанқожаға қимастықпен қиыла бір қарады да, «қош бол, жаны таза жігіт!» деп көзден ғайып болды. Ұшты-күйлі жоғалған ақ үйдің орнында қалы кілемнің түгіндей раң, хош исі бұрқыраған жусан қалды... «...жаны таза жігіт... жаны таза... жантаза... жан... таза...» – деген сөздер жаңғырып тұрды да, бірте-бірте семіп бара жатты...
Жанқожа алдыңғы екі аяғын көкке көтере кісінеген атының тізгінін босатыңқырап, «шүу» деді. Торы ат күншығысты бетке алып, жүйтки жөнелді... ИТМҰРЫН Адам Ата мен Хауа Ана нəпсісін тыя алмай жаннаттан қуылған. Сан ғасыр өтсе де, соларды масқара еткен ашқарақтықтан жұмыр басты пенде əлі құтылған емес. Адам баласы басып-жаншып əлдебір нəрселерге ие болу үшін алға ұмтыла береді, ұмтылған сайын барлығы қолдан сусып, артта қалып бара жатқанын, өліп-талып жол соңына жеткенде бəрінен жұрдай боларын сезбейді. Мынау алмағайып дүниеде бақ құсының қонуы да, пыр етіп ұшып кетуі де оңай екен. Жекеменшік құрылыс фирмасының арқасында жалғанды жалпағынан басып, ақшаның бет-жүзіне қарамай оңды-солды шашып жүрген Тоқтабай таз қалпына қайта түсті. Жұмақ ғұмырдың тынышын бұзып, ашық күнде ойнаған найзағайдай боп əу баста мектеп құрылысынан шу шықты. Ауданның алыс түкпіріндегі төрт жыл бұрын салынып бітуі тиіс мектептің бір кірпішін де қаламай, бөлінген қаржыны əкім-қаралармен бөлісіп алған болатын. Ит арқасы қияннан да бір оқымыстының шыққаны ғой, жоғарыға арызды айдап кеп жіберіпті. Сол жердің балалары оқып ғалым боп жатыр дейсің бе, ескі мектепті тағы бір он бес-жиырма жыл амалдай тұрса, ештеңесі кетпес еді. Екі бет қағаздың құдіретін қарашы, жоғарыдан төбесіне бұрыштама қойылып келген соң аудандағыларды құрдай жорғалатты. Əшейінде сəлемі түзу қаржы полициясының жуанқарын бастығы кісі танымастай боп өзгеріп шыға келді. Жеті атасының құны қалғандай фирманың бес жылдық ісəрекетін бүге-шігесіне дейін тексертті. Талай былықтың беті ашылды. Құрылысы аяқталмай қалған бірнеше нысан, салықтан жалтару мақсатында жалған фирмалардың есеп-шотына аударылып қолма-қол алынған ақша анықталды. Жұмысшылардың зейнетақы қорына аударылмай қалған қаржы деген тағы бар. Қыруар ақша мойнына түсті. Іс сотқа өтті. Фирманы бүкіл техникасымен қоса сатып, шығынды өтеді. Екі қабатты зəулім үйі тəркіленді. Үш жыл шартты
мерзімге сотталып, түрменің қара нанын жеуден аман қалды. Аман қалғаны құрысын, барынан айырылған байғұсқа еркіндікте де қара нан табу оңай ма, астындағы машинасы мен үйі тəркіленіп жатқанда кеуде тұсын ұстап құлай кетті. Аурухананың дəрі иісі мүңкіген палатасында бір-ақ есін жиды. Жүрек қан тамырлары бітеліп қалған екен. Ота жасатты. Оңала бастаған соң ауруханадан шығып, бұрынғы үйінің қасындағы мына ескі үйге келді. Бұл үйді сатып алғанда балдызының атына рəсімдеп қойған еді. Тар бөлмедегі алқам-салқамы шыққан кереуетте жатқанына екі айдан асты. Қаусаған шал болса бір сəрі, тепсе темір үзетін қырық бес жасында əйеліне масыл боламын деп ойлап па, сірə?! Үнсіз жүріп дəретін тазалап, дəрі ішкізіп, тамағын беретін Райханның қабағын аңдиды. Ол байғұстың да жетісіп жүргені шамалы. Бұрын күлімдеп тұратын бота көздердегі мұңды көргенде тағдырдың соққысынан қайғырып жүр ме екен, əлде күйеуіне қарауды ауырсынып жүр ме екен деп қысылады. Жалғыз ұлдың əскери оқуда болғаны да тəуір болды, мынадай қысылтаяң шақта ақша сұрап алақанын жаймай, үкіметтің бергенін жеп күнін көреді. Тоқтабай атадан жалғыз болғанымен өмірінде дəл бұлай жалғыздықты сезінбеген. Əкесі Айтбай мұғалім көпшіл кісі болатын. Мейірімге зар боп жетім өскендіктен бе, бір көрген танысын да үйірсектеп, ағайын қылып ап араласқанды хош көретін. Оның бұл қылығына əбден үйренген марқұм шешесі де үлкен кісілер түгіл кітап сұрай келген оқушыларды да тамақтандырмай жібермейтін еді. Бұрын бұл да көпшіл болатын. Азғана қоң жинағасын пейілі тарыла бастады. Адамдар мұның тамағына бола кеп жүргендей мұрнын шүйіре қарайтынды шығарды. Қақпасына құлып салып, кіреберіске дəу төбетті байлап қойды. Мұнан жылылық сезбегесін, жұрттың келуі сейіліп кетті. Жұмыс бабымен қаншама адаммен араласып жүргендіктен, оқшаулана бастағанын байқамады да. Енді міне, ара-тұра барлап кететін полиция мен қайынжұртынан келетін бір-екі адамды есепке алмағанда, хабар алар пенде жоқ. Басың жастыққа тигенде көңіл сұрар жанның болмағаны жаман екен, кейде əлгі полицияның да келуін сағына күтеді. Мұңдасып-сырласпаса да, əлдекімнің дидарын көруді қалайды.
Дəрігерлер «артық қимыл жасама» дегенмен, күн ұзақ төбеге телміріп жата беру оңай емес. Аядай бөлмеде ауа жетпей қысылғанда игілігіне жарамаған мына құдай атқыр үйді алғанына өкінеді. Төбеге қарай-қарай жалығып терезеге көз тастаса, аулада жайқалып тұрған бірнеше түп итмұрын көзіне түсіп, жынданып кете жаздайды. Берекесіздік келтірген осы итмұрын деп ойлайды. Ауруханада жатқанда да итмұрын есінен шықпай қойған. – Мен базарға кеттім, – деп Бибісара есіктен қарады да жоқ болды. Əйелінің лып етіп кетіп қалғанына жыны келді. Науқас адамнан кім рұқсат сұраушы еді? Жігіттен əл кетсе, ең алғаш əйелі мінез танытады екен. «Базарға барып келейін» десе, «жоқ» демейді ғой! Өйдесе, ханымның бір жері кеміп қалатын шығар. «Дəрігерлердің атасына мың да бір нəлет! Осылай жата берсем жазылып кете ме екем? Төсекте жатып «шықпа, жаным, шықпамен» сүрген өмірі құрысын! – деп ойлады ол. – Өзім ұмтылмасам, мына дəрілерді ішкеннен аяққа тұрып кете қоймаспын. Қозғалып көрейінші, пешенемнен көрермін. Аянғанмен Құдай алар жанын алмай қоймас». Тоқтабай жай қозғалып кереуеттен аяғын салбыратып бойын тіктеп отырды. Амалдаса болатын тəрізді. Орнынан көтерілгенде көз алды бұлыңғырлана теңселіп кетті. Кереуеттің жақтауына сүйеніп қалмағанда кескен теректей жалп ете түсері анық еді. Сол күйі біраз тұрған соң денесіндегі діріл кетіп, көз алдын қаптаған тұман сейіле түсті. Ақырын жылжып есік алдында тұрған сүйретпені аяғына ілдіре салды да, далаға шықты. Қаншама уақыттан бері едені жарықшақтанған ескі үйдің алакөлеңке бөлмесіндегі дымқылдан құрысып қалған денесіне шағырайған күннің ыстығы майдай жағып кетті. Қолдарын кере тыныстады. Жабырқаулы көңілі күннен шуақ алғандай жадырап сала беріп еді, бұрынғы зəулім үйінің көлеңкесі түсіп тұрған итмұрындарды көргенде жауар бұлттай түнеріп шыға келді. Шығыстық сəулет өнерінің үлгісімен салынған, жез қапталған күмбезі күнге шағылысып алыстағы армандай жарқырап тұрған екі қабатты үйге ызалы жанарын қадады. О баста елден ерекшеленгісі келіп, дəл бір мешіттен аумайтындай етіп жасатқан. Мұным асылық емес пе екен деп ойлап та отырмады. Асыр сап ойнап жүрген ба-
лалардың ерсілі-қарсылы шығып жатқан дауысы мен иттің шəуілдегеніне қарағанда, бір мықты сатып ап рахаттана өмір сүріп жатқан шығар? Ұнжырғасы түсіп зəулім үйден жанарын тайдырып əкетті. Қарсы алдында көзге шыққан сүйелдей боп итмұрындар тұр. Бұл пəлекет о баста бір түп болатын. Қазір көбейіп кеткен. Итмұрындардың арасынан мына ескі үйдің иесі Қасиет шығып, мұның аянышты халіне мүсіркей қарап күліп тұрған тəрізді. Бұдан əрі төзе алмады. Қапталындағы есігі ашық жатқан кішкене бөлмеге кіріп тіміскіленіп балта тауып ап шықты... * ...Талай жылдан бері құрылыста істеп жүрген Тоқтабай соңғы кезде жиі ойланатын болды. Білдей бір фирмада директор орынбасары боп қауқиып жүргенімен арттырғаны шамалы екен. Фирманың бүкіл тірлігіне шапқылап ақтабан боп жүргенін бағалап жатқан кім бар? Жалақыдан басқа қалтаға түсер ештеңе жоқ. Жалақы деген қарапайым жұмысшыларға да беріледі ғой, сонда мұның жалдамалы жұмысшылардан артық болмағаны ма? Өзінен он жас кіші бастық шікірейіп алдына барған қағазға қол қоюды ғана біледі. «Барып кел, шауып келге» мұны жұмсап, атшаптырым жұмыс бөлмесінде хатшы қыз дайындап берген кофені сораптап, жұмыстың мəн-жайын телефон арқылы біліп отырады. Бір шаруа бітпей қалса, əкең айтпаған балағатты айтып дікеңдейді. Машинасын жиі ауыстыратын бастық соңғы сапар елде жоқ шетелдік қымбат көлікті мініп келгенде өзінің əлі ескі жигулиде жүргенін ойлап іші күйіп кетті. Үйіне ертелеу қайтып, ас ішпестен бөлмесіне қамалып ап бизнес жоспар жасады. Ертесіне жұмыс арасында банкке барып, несие алуға өтініш берді. Банк бастығы өтінішін қанағаттандыратынын білдірген соң жұмыстан босау жайлы арызын хатшы қызға тастады да, фирма ашудың қамына кірісіп кетті. Үш айдың ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің иесі боп шыға келді. Қала іргесіндегі арзан ғимараттардың бірін жалға алып, жұмысты бастап кеп жіберді. Бұрынғы жұмысында ысылып,
жұмыстың көзін біліп қалған емес пе, тасы өрге домалай бастады. Үш жылда банктен алған несиеден құтылып, фирма офисі үшін жарты гектар жері бар екі қабатты ғимарат пен бірталай техника сатып алған кезде «Уһ» деп бір демін алды. Джип мініп, қалада едəуір көзге түсіп қалған кəсіпкердің ескі үйде отыруы ыңғайсыз екен. Алты айда əкесі Айтбай мұғалімнен қалған үйді бұздырып, орнына екі қабатты зəулім үй салдырды. Өз ісіне көңілі толған адамның қиял құсы көкке самғап дүниеге биіктен назар салуды ұнатады екен. Төмендегілердің бəрі титімдей боп көрінеді. Өзіңді биікте құдіреттірек сезінесің. Жұрттың бəрі жерде тұрып күн, ай, жұлдызға қарайды. Көкке ұмтылу адамның қанында бар. Ал, сол биікке шығып төменге назар тастаудың рахатын барша біле бермейді. Тоқтабай жұмыстан қолы босап үйіне келсе болды, екінші қабаттағы залдың ұзына бойын алып жатқан терезелерден айналаны тамашалауды əдетке айналдырды. Бұл əдетінен ерекше шабыттанады. Сондай сəттердің бірінде терезенің оң жағындағы бұрышына барып сыртқа көз тастағанда көңіл күйі нілдің суындай бұзылды. Бұрын қалай ғана байқамаған? Қапталындағы шатыры күнге күйіп, іргетасы жерге кіріп кеткен ескі үй мұның зəулім сарайының көркін бұзып тұр екен ғой! Айналасын қора сияқты тор сыммен қоршап қойғанын қарашы! Тфу-у!... Ол өзінің жақынға дейін осындай үйде жасағанын ұмытып кеткен еді. Асығыс төменге түсті. «Мына шопанның лашығындай үй көшенің қиылысында тұрғанын-ай! Ана даңғылмен кетіп бара жатқан адамдардың мұнан кейін тұрған менің үйімді жөндеп көруіне кедергі жасайды екен ғой! О баста осы қиылыстағы үйді сатып ап орнына жаңа там тұрғызсам болады екен. Əлі де кеш емес, сатып ала салайын» деген оймен көрші үйдің қақпасын қақты. – Қасиет! Қасиет, бармысың? – Қазі-і-р, – деген дауыс шықты ішкеріден. Бірер сəттен соң балдақ сүйенген жұқа өңді кісі қақпаны ашты. – А, кел, Тоқтабай, сен бе едің? – деп таңырқай қарады. – Айыпқа бұйырма, бөгеліңкіреп қалдым. Кішкене балаларға қарап отырған ем, үлкендері жұмысына кеткен.
– Оқасы жоқ. Мен бір шаруамен жүрген едім. Кіріп отырмай-ақ қояйын, берірек шықшы. Қасиет балдағын таянып екі адым аттады. – Жайшылық па? – Мəселе былай ғой... менің жаңа үй салғанымды білесің... – кібіртіктеді Тоқтабай. – Ал... – Сенің ескі үйің оғаш көрініп тұрған сияқты. Сен үйіңді маған сат. – Əр кірпішінде əкемнің саусақ ізі қалған үйді неге сатады екем? – деп Қасиет едірейе бір қарады да, теріс бұрылып, шоқақтап барды да қақпаны «тарс» еткізіп жапты. – Əй, жақсылап ойланып көр. Қаласаң ақшасын берем, қаласаң басқа жерден үй əперем, – деп қалды Тоқтабай оның арқасынан. Қасиеттің сөзін ақырына дейін тыңдамай кеткеніне ашуы келген Тоқтабай «қайдағы бір ақсақтың елемегенін біреуміреу көріп қоймасын» деген оймен өз ауласына жүгіріп кіріп, есікті жұлқи ашты. – Бибісара, шай əкел! Екінші қабаттағы манағы орнына барып тағы сыртқа көз тастап тұрған кезде əйелі бір шəйнек əкеліп стол үстіне қойды. – Өңің қуарып кетіпті ғой, бірдеңе боп қалды ма? – деді Бибісара терезе алдында тұрған күйеуіне қарап. – Кедейдің кербезін-ай! – деп столдың басына кеп отырды Тоқтабай. – Ана Қасиет ақсаққа үйіңді сат десем, қыңырайып көнбей қойды. Бибісара шай құйған кесесін күйеуіне əперіп жатып сұрады: – Оның ескі үйінің қажеті қанша? Мына үй біз түгілі ұлымыздың да бүкіл өмір бойы тұруына жарайды емес пе? – Сен нені білетін ең? – деді Тоқтабай. – Ақсақтың үйі көшенің қиылысында болғандықтан біздің үйді көлегейлеп ажарын қашырып тұр. Соны сатып ап орнына жаңа үй құрсақ, өткен-кеткенге анық көрініп тұрады. – Қайдам, – деп иығын қиқаң еткізді Бибісара. – Баяғыда атам біздің үйдің жерін Қасиеттің əкесі Еркін мұғалім тегін берген деп отырушы еді. Енді өздеріне қысым көрсетсек ұят болмас па екен?
– Жер дегенге ит қарамайтын кезде берсе берген шығар. Заманы солай болды. Ол шалдардың өзі де заманымен бірге келмеске кетті. Мен тартып алмақшы емеспін, сатып алғалы отырмын... Тоқтабай мұнан соң да екі-үш рет Қасиетпен жолығып көндіруге тырысты. Онысынан ештеңе өнбеген соң құйтырқылыққа басты. Əуелі электр торабындағыларға «Қасиеттің үйіне тартылған электр сымдары ескіріп кеткен, апат бола қалса, біздің үйге де қауіп төндіреді» деп шағымданып, əрең күнін көріп отырған жанұяны біраз шығынға ұшыратты. Сосын моншасының суын көшедегі арыққа ағызады деп жазғырды. Əйтеуір түрлі сылтау тауып ығырын шығарды. Дардай адамның майда қылығына ренжіген Қасиет одан бетер қасарыса түсті. Көшеде кездесіп қалса, бұрылып кетеді. Аңдысқан жау алмай қоймайды екен. Бір күні ойда жоқта болған оқиға себепті үй мəселесі шешілді. Тоқтабай түс мезгілінде тынығып алу үшін жұмыстан қайтқан болатын. Машинасымен қақпа алдына келгенде Қасиеттің үлкен баласы Əділ мұны көре сала жүзін бұрып, мақаудан қашқандай жылдам ауласына кіріп кетті. Оны ішінен бір сыбап қойған Тоқтабай машинасын ауласына кіргізіп, қақпаны жауып, қара былғары портфелін қолына ұстап мəрмəр төселген ұзын жолақпен үйі жаққа беттегенде Қасиеттің үйінің бұларға қараған терезесі ашық тұрғанын көрді. Бұл үй жер телімінің шетіне тақап салынғандықтан ортада дуал жоқ болатын. Тоқтабай ашық терезеден үңілгенін өзі де байқамай қалды. Бөлме ішінде ешкім жоқ екен. Миына сап ете қалған сұрқия ойдың əсерімен портфелін терезенің сол жағына тақап жиналған төсектің арасына сүңгітіп жіберді де, терезені ақырын жапты. Терезенің ұстағышын беторамалымен дереу сыпырып үйіне кіріп кетті. Ішінен «Тұзаққа түсірдім бе, енді үйіңді сатпай көр» деді де полицияға қоңырау шалды. Көп өтпей полиция машинасының дабылы естілді. Тоқтабай қақпа алдына шығып күтіп алды. – Не жағдай? – деді ұзын бойлы капитан амандасқан соң. – Мен қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы Рашид Қайсаровпын. – Ұры түсіпті, – деді төрт полицияны үйге бастаған Тоқтабай жол бойы.
Олар мəрмəр төселген ұзын жолақпен жүріп үйге кірді. – Не алған? – деді капитан кіреберістегі диванға отырған соң. – Мына үй телефонының жанындағы столда тұрған портфелім жоқ. Ішінде елу мың теңге-ақ ақша бар болатын. Ол маңызды емес. Фирманың ісқағаздары мен төлқұжатым портфельде еді. – Үйде ешкім жоқ па еді? – Иə. Əйелім төркініне қыдырып кеткен. Мен сіздерден сəл-ақ бұрын келдім. – Үйге кіргеніңізде есік ашық па еді? Ұры түскенін қалай білдіңіз? – Есік алдындағы екі жүз литрлік бөшкенің астына кілтті қойып кететінбіз. Оның орнынан жылжығанын байқадым. Бірақ, астында кілт тұрған екен. Əйеліме қоңырау соғып ем, үйге келмегенін айтты. Содан бөтен біреу үйге кіргенау деп күдіктеніп, үйді түгел шолып шықтым. Барлық бөлме құлыптаулы тұр. Мына жерге таңертең қойып кеткен портфелімнің жоқ екенін көрдім. – Кімнен күдіктенесіз? Негізі ұры алыстан келмейді. Біліп, көріп жүрген адам істейді. – Енді... күдікті дегенде... айтуға ыңғайсыз екен. Көршіқолаң... дегендей. Капитан жалт қарады. – Біреуден күмəніңіз бар-ау деймін. Қысылмай айта беріңіз. Бір дəніккен адам дер кезінде қолға түспесе тағы да ұрлауы мүмкін. – Мен қақпа алдына келгенімде мына көршіміздің Əділ деген баласын көрдім. Мен көрді де, дереу үйіне кіріп кетті. Көшенің аяқ жағынан келе жатқан еді. Соның əрекеті ерсілеу көрінді. Бірақ, қолында ештеңе байқамадым. Капитан қасындағы үш полицияға бұйырды: – Барып тексеріп көріңдер. Мен жазба түсініктеме ала тұрам. Үш полиция шығып кетті. Тоқтабай айтқандарының бəрін хатқа түсіріп берді. Сосын капитан даладағы екі жүз литрлік бөшкені көрді. Ешқандай із көзге шалынбады. Сараптамашы келіп тексеретінін айтты. Жиырма минуттардан соң екеуі оны-мұны əңгімелесіп тұрғанда бағанағы үш полицияның біреуі қайтып келді.
– Көрші үйді түгел тексеріп шықтық. Əлгі Əділ деген бала мен қарындасынан басқа ешкім жоқ екен. Портфель табылды. Ішінде сіз айтқан нəрселер бар. Баланы бөлімге алып кетеміз... Ертеңіне азанмен Қасиет еңіреп келді: – Балам бір білместік жасаған шығар, əкелеріміздің аруағы үшін кешірім бер. Тоқтабай ыңыранып біраз отырды. – Балаға дұрыс тəрбие беру керек қой, бүгін ұрлық жасаса, ертең адам өлтіруден де тайынбайды. Мен не істей алам? Оның тағдырын полиция шешеді ғой! Қасиет боз-боран боп жылаған күйі Тоқтабайдың аяғына жығылды. – Менің балаларымнан басқа кімім бар? Олардан немді аяймын? Арызыңды қайтарып ап Əділімді құтқарып бер де, бодауына үйімді басы бүтін ал. Аман болсақ, баспана табылар. – Ойбай, сенің үйіңді баяғыда сатып алғым келген. Енді елдің насағына қалар жайым жоқ, – деді Тоқтабай. Қасиет əкелерінің аруағы мен пəленбай жылдық көршілігін араға сап отырып алды. Шаруасын бітірмей кететін түрі жоқ. – Қайдағы-жайдағыны айтып сай-сүйегімді сырқыраттың ғой, – деді Тоқтабай жібіген сыңай танытып. – Мейлі, енді бала қор боп кетпесін деп, айтқаныңызға көнеміз дағы. Бірақ, мен сенің үйіңді балаңның айыбы үшін тегін алатын арам емеспін. Баяғы айтқан ақшамды беремін. Сен шиеттей бала-шағаңмен далада қап кетпе. Қасиет Тоқтабайдың аяғын құшақтап өкіріп жіберді: – Рахмет, Еркін ағайға тартқан екенсің! Кеңпейілдік жасарыңды біліп едім. – Сен нотариусқа бара бер. Балдызымды жіберем. Үйді соның атына рəсімдеп берген соң сол жерде ақшаңды түгел аласың. Мен полицияға барып арызымды қайтарып алайын... Баласы есен-аман оралған соң оны қыспаққа алып ұрлық жасамағанына көз жеткізді ме, əлде ойлана-ойлана тұзаққа түскенін білді ме, он күннен соң Қасиет қала сыртынан алған баспанасына жүгін жөнелтіп, Тоқтабайға үйдің кілтін берерде кекесінмен езу тартты:
– Мына тұрған итмұрын əдемі əрі пайдалы болғанымен, қаулап өсіп кетсе, тікенектерінің кесірінен қасына жолауға болмай қалады. Сен дəл осы итмұрынтектес жан екенсің, жолап кеткен адам береке таппас. Жүк машинасының қасындағылар ду етіп күліп жіберді. Бұрыштай қызарып кеткен Тоқтабай сасқалақтап не дерін білмей қалды. Жүк машинасы жүріп кеткен соң Тоқтабай балдызына итмұрынды шаптырып тастады. Бұл пəленің тамыры өте тереңде болады екен. Бұтағы шабылғанмен тамыры қап кетті. Балдызы шалалық жасап, шабылған бұтақтарды сол жерге жинап қоя салды. Кейін сол бұтақтарды ит шашып тастады ма, əлде самал ұшырды ма, əйтеуір, ылғал топыраққа тиіп, əр жерден сорайып-сорайып өсіп шыға келді... * Алақандай аулада жеті түп итмұрын өсіп тұр. Бұтақтары жан-жағына жайылып кеткен. Тоқтабай балтасын ұстап ең шеттегісінің жанына келді. Жүрелей отырып бір бұтақты сол қолымен тартқылап түбіне балта салды. Майда-майда тікенектер саусақтарын жырып жіберді. Бір ұрғанда əлгі бұтақ шабыла қоймады. Майысып тұрып алды. Тағы балта салды. Өзегі шабылғанымен, төменгі жағындағы қабығы желімдей жабысып жіберер емес. Үшінші соққыда бұтақ қиылып түсті. Оны лақтырып жіберді де, жайғасып отырып ап келесісін шабуға кірісті. Бір түп итмұрынды шауып бітірген кезде қолайсыз орналасқан итмұрынның тікенектері тигендіктен қолы да, беті де қан-жоса болған еді. Жүрегі дірілдеп, жырылған жерлері ашып тұрғанына қарамастан келесі түпке өтті. Жаздың күні тас төбеде шағырайып алау шашыратып тұрғандай. Үп еткен жел жоқ. Тоқтабай қара терге малшынып балтаны өршелене сілтеуде. Көгілдір бұтақтардың шабылған жерінен бырт-бырт шығып жатқан тамшыларды көргенде рахаттана түседі. Сол тамшылар арқылы қайғықасіреті ағып бара жатқандай, айналасын көлегейлеп, түбіне бір түйір шөп шығармай жайылып жатқан бұтақтарды түгел жайратып салса, отбасына береке қайтып келетіндей;
Қасиеттің кекесінмен ыржиған жүзі көз алдынан мəңгілікке жоғалатындай; қайта аяққа тұрып бұрынғысынан да үлкен үй салып, жоғарғы қабатындағы залдың терезесінен төменге көз тастайтындай... «Осы итмұрынның кесірі тиді», – деген ой өтті қиялынан. – Қасиеттің мына ескі үйінің орнына жаңасын тұрғызу түгілі өз үйімде тыныш өмір сүру бұйырмады. Енді қолым жетті дегенде бəрінен айырылдым. Қасиет маған үйін ғана емес, итмұрын арқылы бар қырсығын тастап кеткен екен...». Бір түп итмұрынды шауып болғасын, екіншісіне өтіп шаба берді, шаба берді... Кенет артық қимыл əлсіз жүрегіне əсер етті білем, кезекті соққыны жасау үшін балтасын көтере бергенде қолынан түсіріп жіберді де сылқ ете құлады. Базардан енді ғана қайтып келген Бибісараның жанайқайы шықты... * Аулада жиырма шақты адам селтиіп тұр. Молда жаназа намазын бастайтынын айтып, мəйітті іштен алып шығуды сұрады. Төрт жігіт табытты көтеріп шабылмай қалған соңғы түп итмұрынның қасына қойды... АМАНАТ Тал, терек, алма, өрік, алмұрт, алхорысы самалға тербетіле сыбдырлап сыр ақтарып тұрғандай тау етегіндегі ауылға, аяқ жағындағы шөгіңкіреген, сылақтары көпшіп түссе де, сыны кетіңкірей қоймаған үлкен үйдің ауласындағы бұл маңайға таңсық қарағай, үйеңкі, арша, жаңғақ, қызылағаш ерекше көрік беріп тұрған тəрізді. Биік лай дуалмен қоршалып, ауласының оң жағында шеберхана, сарай, бастырма қаз-қатар орналасқан, күнгей тарапында қорасы бар бұл үйде домбыра жасайтын шебер Құдірет ата жалғыз өзі тұрады. Он шақты жыл бұрын кемпірі қайтыс боп кеткен. Алыстағы үлкен қалада жыл аралата төбе көрсететін келіні мен жиырма жастағы немересі бар. Жалғыз ұлы атақты əнші болатын. Ертеректе елге келген сапарында көлік апатынан
қаза тапты. Атаның шеберлікті қойғанына да бес-алты жыл боп қалды. Домбыра жасату үшін ойдан-қырдан ағылып кеп жататын адамдардың қарасы үзілген. Жасы сексенге таяп қалғандықтан қалт-құлт етіп əрең қозғалса да, қолын қусырып тыныш отыра алмайды. Митыңдап жүріп бастырма астындағы арша, өрік, жаңғақ, қызылағаш кесінділерін жібіту үшін ұзақ уақыт суға салып қояды, содан соң күнге шығарып кептіреді, кейбіреулерін қаңырап қалған қорасының жанындағы малдың ескі қиына көміп қояды. Құм астынан алтын тауып алғандай кесінділердің əрбіріне тесіле қарап, олай-былай тасудан жалықпайды. – Ата, сізге тамақ əкелдім, – деп үнемі ашық тұратын қақпадан көршінің он бір-он екі жастағы қағылез қара баласы емін-еркін кіріп келген кезде ғана арбиған саусақтарымен маңдайының терін сүртіп, жұмыстан тоқтайды. – Ой, қажет емес, əуре боп қайтесің? Өзім істеп ішем ғой, – дейді қысылып. Қара баланың үйіндегілер шалды аяйтын болу керек, күніне бір рет көрші ақысын жіберіп тұрады. Бала шалға жаны ашып, кейде кесінділерді тасуға көмектеседі. – Ата, бұлардың не қажеті бар? – дейді бала таңданып. – Балам, қажет емес нəрсенің өзі бар ма? – деп қысқа қайырады. Бала мұның сырлы жауабынан ештеңе ұқпай сұрақты үдете түседі: – Ана өсіп тұрған ағаштарды да кесесіз бе? – Жоқ. Оларды менен кейінгі иесіне сақтап қойғам. – Ол кім? – Жалғасым келеді. Ана жайқалып тұрған ағаштар да, мына қырық жылдық кесінділер де соған тиесілі. – Өткен жылы келген жігіт пе? – Иə. – Ол бұларды неғылады? – Бір кəдеге жаратар. Бала біраз үнсіз қалады. Сосын тағы қызықсынады: – Ата, сіз оның келгенін күтіп жүре бермей өзіңіз үлкен қалаға барсаңыз болмай ма? – Мен үйді, жайқалған ағаштарды, ғұмыр бойы жинаған мына кесінділерімді тастап қайда кетем? Ауыл артындағы
қорымда кемпірім, жалғыз ұлым, ата-бабаларым, əжелерім жатыр. Кіндік қаным тамған ауыл, баяу ағып жатқан ана өзен бар. – Оларды ешкім алып кетпейді ғой! – Мұның бəрін өскенде түсінесің, балам... Бала кеп кеткен сайын мұңға беріледі. Қайбір жылы келіні мен немересі қоймаған соң үлкен қалаға барған. Тоғызыншы қабаттағы үш бөлмелі пəтерде торға қамалған торғайдың күйін кешіп бір жетіден соң ауылға қарай тартып берген. Немересі мен келіні ақша сап тұрады. Бұған ақшаның қажеті қанша, зейнетақысы қарақан қара басына жетіп артылады. Артық ақшасын немересінің болашағын ойлап банкке салып қойған. Немересі Жалғастан үміті зор. Əншілікке оқып жатыр. Домбыра жасаумен де əуестеніп, қолы бос кезде əлдебір шеберханаға қатынайды. Өткен сапар келгенінде домбыра жасап көрсетті. Бірақ, соққан домбырасына өзінің көңілі толмады. Домбырасы саусақ тисе, сөйлеп кетейін деп-ақ тұр. «Əлдебір əуен жетіспей тұр» деп шыр-пыры шыққан сонда Жалғастың. Ізденсін деген оймен тымсырайып үндемеген. Тек автобусқа мінген кезінде: «Əжеңнің сандығында төрт дəптер қолжазбам бар. Ғұмыр бойғы соққан домбыраларымның жəй-жапсарын түртіп қойғам. Бір келгеніңде көрерсің», – деген. Жалғастың көзі жарқ ете қап түсуге ұмтыла бергенде автобус жүріп кеткен еді. Бір жылдан бері немересінің көзіндегі сол жарқыл қиялынан кетпей қойды. Жалғастың бойында құлшыныс бар. Жастардың көбі бөгде аспаптардың шуылына елтіп жүргенде қара домбыраға қызығуы қаннан өткен қасиет шығар? Таппай жүргені қандай əуен екен? Бошалап кеткен ботаның өз өрісін іздеп келе жатқандағы зары ма? Бүркіттің шаңқ ете қалған үніндегі ашу-ыза ма, əлде аққудың сұңқылындағы ерке наз ба? Жаралы қасқырдың айға қарап ұлығаны ма, тізбектеле қайтқан тырналардың былайғы жұртқа естіле бермейтін қанаттарының сусылы ма? Тұлпар тұяғының дүбірі, желге тербелген жапырақтың сыбдыры, құзар шыңдардан бастау алып жартастарға соғыла-соғыла төменге қарай ағып жатқан мөлдір бұлақтың сыңғыры... сияқты дыбыс біткеннің бəрі бұл соққан домбыралардан мінсіз шығатын. Жалғас бұл жасаған домбыра түгілі өзі жасаған
домбыраны ұнатпай жүр. Сонда домбыраға қандай əуен жетіспей тұр? Мыңдаған жылдардан бері ұрпақтан-ұрпаққа өтіп келе жатқан қай үнді қағыс қалдырды екен?... Санасына салмақ түсірген ауыр ой Құдірет атаның жанын жегідей жеп бітіруде. Ағаш кесінділері неше жылдан бері кеуіп, əбден бабына келіп тұр. Егер сол жұмбақ əуенді тапса болды, сарқылуға жақындаған соңғы қуатын жиып бір домбыра жасамақ. Бұл ұрпағына соңғы аманаты болмақ. Құдірет ата бүгін де ағаш кесінділерімен əуре боп жүрген. Көрші бала үнсіз кеп бір тостақ тамақты қолына ұстата салды. Басын төмен салбыратып тұр. Бұрын оның көңілсіз күйін байқамағандықтан, бажайлай қарап көзінің төменгі жағы көгеріп, беті ісіп кеткенін көрді. – Не болды, балам? – Дəрменқұл дүкеншінің бізден екі сынып жоғары оқитын баласы үйірмеден қайтып келе жатқанымда алдымнан тосып, домбырамды сындырып қойды. Баланың халінен беріспей алыса кеткендігін сезген шал тықақтап мазасын алғысы келмеді. – Солай де... Сен онда бері жүрші, – деп баланы үйге бастады. Ұзын коридорға кірген соң Құдірет ата аяқ киімін шешіп, сол жақтағы бөлмеге қолындағы тостақты қойып шықты да, сүйретпесін шешіп үлгерген баланы төрдегі үлкен залға алып кірді. Қабырғаға ілулі тұрған домбыраларды көріп баланың көзі жайнап кетті. Құдірет ата бір домбыраны қолына алып тыңқылдатып көрді де, балаға берді. – Қəне, өнеріңді көрейік. Жайланып отырып ап тарта бер, – деді де шетте тұрған құс жастықты қолтығына қысып, төсеулі тұрған құрақ көрпешенің үстіне жантая кетті. Бала отырған соң домбыраның құлағын əрі-бері бұрап, бір-екі рет қағып көрді де, бебеулете жөнелді. ...Ақырған, өкірген дыбыстар шығып жатыр ма-ау... Болат сауытқа тиіп шорт сынған семсердің жаңғырығы маау?... Өндіршегіне найза қадалған адамдардың ышқынғаны ма-ау?... Кескілескен қан майдан... Кенет бəрі тына қалды да, жалғыз ат алаңға желіп шыға тоқтай қап көкке шапши кісінеді. Ат үстіндегі батырдың бір қолымен тізгінді тартып, екінші қолымен найзаны көтере ұстаған сəттегі қимылы анық-тынық естіліп тұр. Домбырадан қанды қыздыратын
асқақ, өршіл əуен тарала бастады. Мына əуенді естігенде ұйықтап жатсаң, ояна сап көк сүңгіге ұмтыласың, өліп жатқан болсаң, тіріліп атқа қонасың... Құдірет ата қолтығындағы жастықты лақтыра сап тұрып отырғанын байқамай қалды. Баланың қабағы қатулана түскен. Бетінің іскен, көгерген жерлері қан майдандағы батырды еске түсіріп тұрғандай. Мынадай құдіретті əуенді шығарып тұрғанына қарағанда ұзын саусақтары олжасын ілуге оқталған бүркіттің шеңгеліндей қатқылданып кеткен сияқты. «Апырмай, мына күйді қаршадай бала қайдан үйренген? – деп ойлады Құдірет ата. – Бұл атақты Қазанғаптың «Кел сана, батыр, кел сана» деген күйі ғой! Сыр бойы мен Ақтөбе өңірін түгел шарлаған Қазанғап жаугершілік жылдары Бесқала, Хорезм асып, Дашоғыз жеріне барғанда түркімендермен шайқасып, елу адам бес жүз қолдың қоршауында қалған соң, ат үстінде осы күйді тартып, түркіменнің бас батырын жекпежекке шақырған десетін жұрт. Жасанған жаудан ықпаған өр рух, қарсыластың да беделін түсірмей намысқа тырысуға шарлаған адалдық бар бұл күйде. Сол жекпе-жекте Қазанғап бір соққысына шыдай алмай, атынан аударылып жерде жатқан қарсыласының тамағына найзасын тіреп тұрып, шанышпапты. Бас батырының жеңілгеніне намыстанды ма, əлде Қазанғаптың мəрттігіне тəнті болды ма, түркімендер қоршаудан босатыпты. Елу атты қазақ арқаны бетке алып шаба жөнелгенде бір түркімен шал «Əлгі күйіңнің атын айтып кет» деп айқайлаған көрінеді. Түркімендердің соғыс салтын бұзбағанына риза болған Қазанғап оларға ұғынықты болуы үшін шалалау білетін түркіменшесімен «Бұл күйдің аты – «Кел сана, батыр, кел сана» деген» деп кеткен екен. Содан бұл күй түркімен арасына кең тараған...» Əуелей барып күй үзілді. «Енді не тартар екен?» деп Құдірет ата баланың əр қимылын аңдып отыр. Ара-тұра магнитофоннан қайтыс боп кеткен баласының орындаған əн, күйлерін тыңдап тұратыны болмаса, тірі күйшіні көрмегелі қай заман? Өзі де қолынан қуат кеткеннен бері домбыра тартқан емес. Жалғас келген кезде оңаша бөлмеге қамалып алады. Бала домбыраның құлақ күйін қайта келтірді. Шалдың үнсіздігін басқашалау күй күтіп отыр-ау деп түсініп, мүлде басқа сарынға ауысты.
Қапастағы шарасыз бұлбұлдың торыға шыққан үніндей мұңды əуен сиқырлы иірімдеріне тартып, сананы ұйыта бастады. Мөлдір бұлақтың сыңсуы бірте-бірте ұлғайып, зар-налаға ұласты. Жəй басталған жел дауылға айналды. Жүргіншілердің аяқ астындағы сусылдаған құм да жылап жатқандай. Өзекті өртеген өкініш аруанадай аңырайды. Көңілдің күңірене тебіренісінде қимастық бар... Құдірет ата Шал Мырзаның «Ел айырылғанын» жазбай таныды. Бұл өңірде «Ел айырылғанды» білмейтін жан некенсаяқ. Ел басына зобалаң туып, игі жақсылар итжеккенге айдалып жатқанда Шал Мырза Сыр бойының біраз халқын жиып, өзіне қараған жақын-жуығымен басқа жаққа қоныс аударатынын айтып, айырылар көже береді. Оны қимаған жұрт кетпеуін сұрап жалбарынады. Сонда алқалы топтың ортасында осы күйді тарта бастаған Шал Мырза ақырын жылыстап шығып, көшкелі тұрған ағайынды көзімен ымдап ізіне ертіп ап, домбырасын бебеулеткен күйі Қызылқұмның ішімен Бесқала асып кетеді. Сиқырлы сазға арбалып, буынбуыны босап отырған жұрт күйдің үні күрт үзілген кезде ғана есін жиып, Шал Мырза мен оған қарасты елдің кетіп қалғанын білген. Бала күйді басталған кезіндегідей баяулата, сыңсыта барып аяқтады. – Өркенің өссін, балам, – деді Құдірет ата. – Домбыра сенікі, игілігіңе бұйырсын. – Рахмет, ата. – Осы күйлерді сол үйірмеңде үйрете ме? – Иə. – Онда дұрыс екен... Бала тамақ сап келген тостағын əкетуге сабыры жетпей, сəл тұрса Құдірет ата берген сыйын қайтарып ап қоятындай домбыраны құшақтап тайып тұрды. Құдірет ата баланың ізінен сыртқа ере шығып, күншуақта тұрған мыс құмандағы жылымшы суға беті-қолын жуған соң ас бөлмеге кіріп ол əкелген кеспе көжені алдына алды. Тостақтың беті жабулы болғандықтан тамақ əлі суи қоймаған екен. Жасы келген кісі қайбір тамақ жеп жарытушы еді, сорпасын ішіп отырғаны болмаса, қамыр, картошка, майдалап турап салынған етке тəбеті тартпай тұр. Оның үстіне əлгі екі күйдің əсерінен əлі арылар емес. Күй деген шіркін,
мына жарық дүниенің дəл өзіндей тұңғиық қой! Əр сапар тереңіне бойлай түскен сайын бұрын мүлде байқамаған бір жаңалыққа тап боласың. Былайғы жұрт күйдің жалт етіп бірден көзге түсетін ырғағы, екпіні, рухына арбалып, отқа ұмтылған көбелектей ақыл-есінен айырыла аласұрады. Ал, бір-ақ күйде мың сан əуен бар. Сол əуендердің үйлесімінен күй жаралады. Əрбір əуенді талдап-таразылап, ұғыну үшін адамның өмірі жетпес, сірə! Мың сан əуен жарасымын тауып күйшінің санасына құйыла қалуының өзінде түсініп болмас тылсым жасырынған. Сол əуендерді біртіндеп іздегенде бір күй шығару үшін мыңдаған жылдар қажет болар еді. Сол көңілде тулап жатқан күйді қаз-қалпында сыртқа шығару үшін түрлі аспап жасалады. Ең алғаш домбыраны ойлап тапқан шебер жаратылысы бөлек жан болса керек. Мынадай кереметті жасап шығару үшін неше жылын сарп етті екен? «Домбырадан ұйытқи соққан жел, себелеген жаңбыр, азынаған боранның дыбысын шығару қиын емес, – деп ойлап отырған Құдірет өзінің көрші балаға берген домбырасына дəн риза. – Əлгі екі күйдегі дыбысты тап басып, оқиғаны көз алдыңа суреттегідей елестетіп-ақ тұр. Домбырада кез келген дыбыс əуенге айналып, иіріміне тартып кетеді. Сонда Жалғас нені іздеп жүр? Оқыған-тоқығаны бар бала мұны білмеуі мүмкін емес қой!...» Басы мең-зең болған Қүдірет ата алдындағы тостақтың бетін жауып, дастарханның бір бұрышына ысырып қойды да далаға шықты. Шеберханаға барып қабырғаға ілулі тұрған серкенің ішегінен тілінген таспаға қонған шаңды үрлеп тазартқан болды да, қос қолымен самайын қысып ағаш орындыққа отырды. Біраздан соң жас балаша қуанып, орнынан ырғып тұрды. «Таптым. Үнсіздік... үнсіздік... үнсіздік... Немерем ата жұртын сағынып жүрген болар. Əкесі, əжесі қабірде жатыр. Қара жер сөйлей алмайды. Ал, Жалғас сырласқысы келеді. Үнсіздіктің тілін табуым керек. Домбыраның ішегіне саусақ тигенде мылқау қалпында мелшиіп жатқан Жер-Ана сөйлеп қоя берсін. Бабалардың ұрпағына жетпей уақыт тозаңына көміліп қалған аманаты тілге кірсін...» Құдірет ата қызылағаштың кесіндісін таңдады. Ыстыққа да, суыққа да төзімді. Домбыраның шанағын ойып шығарса, анау-мынау ылғалды місе тұтпайды. Əуенді анық жеткізеді.
Өте берік болғандықтан өз қалпын сақтап, жұмсақ ағаштар сияқты ұрлана кірген бөгде дыбысты шығарып тұрмайды. Қанша айтқанмен жасы келіп қалған емес пе, қашау ұстаған қолы икемге келер емес. Қайткенде де бойында қалған соңғы қуатты жиып, домбыраны жасап бітіруі керек. Құдірет ата шеберханада жиырма күнге жуық арпалысты. – Ата, ауырып жүрсіз бе? – деді бір күні тамақ əкелген көрші бала оның əбден жүдеп кеткенін көріп. – Кəрілік қой, балам, біз енді құрға шығып күреске түсер ме едік? – деді Құдірет ата. – Соңғы шаруамызды бітіруге үлгерсек – ерлегеніміз. Бала оның шеберханадан шықпай қойғанын көріп, əдеттегідей кесінділермен əуре боп жүрген шығар деп ойлаған. Соңғы шаруасының не екенін түсінбеді. Сұрауға қысылды. – Балам, осы сенің əлгі... анадай... телефоның бар ма? – деп қалды күтпегенде Құдірет ата. – Жалғасыммен сөйлесейін деп ем. – Ұялы телефон ба? Бар ғой, – деп бала белбеуіндегі былғары қорапты көрсетті. – Нөмірін беріңіз. Құдірет ата қалтасынан тілдей қағаз шығарып балаға берді. Бала қорабынан суырып алған телефонына қағаздағы нөмірді теріп, құлақ тұсына апарып тыңдап тұрды да атаға ұсынды: – Сөйлесе беріңіз. Дауысын жоғарылатып қойдым. – Алло, алло... – деп Құдірет ата əрменірек кетті. Он-он бес минуттан соң балаға телефонын қайтарды. – Рахмет, балам. Жалғасым келетін болды. Айтпақшы, қанша теңгелік сөйлестім? – деп қалтасын қармана бастады. – Ой, ата, күндіз тегін, – деді бала... ...Үш-төрт күннен соң бала тамағын көтеріп Құдірет атаның ашық тұрған қақпасының алдына жақындағанда аппақ машина кеп тоқтады да, ішінен орта жастағы əдемі киінген əйел мен аққұбаша жігіт түсті. Өткен жылы келген Жалғасты бірден танып, амандасқан соң үшеуі аулаға қатар енді. Құдірет ата көрінбейді. Шеберхананың есігінде құлып тұр. Үшеуі кезек-кезек «Ата! Ата!» деп дауыстап еді, сылт еткен дыбыс шықпады. Үйдің есігін ашып, атаның аяқ киімін көрді. Барлық бөлменің есігі ашық тұр, тек төрдегі үлкен залдың ғана есігі жабулы екен. Солай қарай жүрді. Залдың есігін ашып, үшеуі жарыса кірді. Төрт қабырғасына
қатарластыра домбыра ілулі тұрған үлкен залдың дəл ортасында Құдірет ата басын батысқа беріп, жүзін құбылаға қарай сəл қиялата бұрған күйі үн-түнсіз жатыр екен. Бас жағындағы сандыққа қызылқоңыр домбыра сүйеулі тұр... ЖЕЛІК Əдеби журналды басқарудың машақаты көп болады екен. Бұрын мемлекеттік музей директорының орынбасары ретінде күніне сегіз сағат қалқиып отырғаным үшін жалақы ап жүргендіктен, əбден енжар боп кеткен екем. «Дардай жазушысың, ескі-құсқының шаңын жұтып отыра бермей əдеби ортаға аралас» деген қатарластардың қолқасына көніп, баспа директорлығына ауысқан ақын курстасым Рахмет Əлидің орнына редактор болуға келісім бергенім үшін өкініп жүрмін. Бір жылдың ішінде қисық жиденің астында ұйықтап қап, оянған кезінде төрт сөзді ұйқастырып тақпақ шығара бастағандардан, əлдебір оқиғаны оңды-солды шатпақтап, повесть, роман деп тартпаның үстіне тартып ұратындардан титықтап біттім. Безіп кеткім келеді. Ашу қысқанда əдеп шекарасынан шығып «Адам емес екенсің!» деп айқайласаң, «Е-е, солай болса, солай шығар» деген ой санасында жылт ете қап, түсіністік таныта кешіруі мүмкін, «Ақын емессің, жазушы емессің!» десең, жағаңа жармаса кетуден тайынбайды. Ақындық пен жазушылықтың адамдықтан жоғары болғаны ма деп басың қатады. Бүгінгі жұмыс күнім де əдеттегідей жүйкеге салмақ түсірер əңгімемен басталды. Орындыққа енді отыра бергенімде стол үстіндегі телефон безілдеп қоя берді. Үйдікі болса ғой, əлдеқашан үнін өшірер ем, жұмыс орныныкі болған соң, амал жоқ, трубканы көтеруге міндеттісің. – Ал-ло, – дедім самарқау ғана. Тағы қай жындысүрей жазғыш мазамды алар екен деп, жүрегім безілдеп тұр. – Бұл Зейін Асқар деген редактор бала ма екен? – деген шіңкілдеген шалдың дауысы шықты. «Қайдағы бала, жасым қырықтан асты» дегім келіп тұрды да, бұрқ ете қалған ашуды ақылға жеңдірдім. Сонда да дауысыма кекесін араластырдым: – Иə, сол баламын!
– Мен Елеусіз Арқабай деген жазушы ағаңмын. Білетін боларсың? Тас төбемнен мұздай су құйылғандай болды. Проза бөлімінде бұл жазушының жүз жиырма баспа табаққа жуық, бірнеше кітаптан тұратын романының қолжазбасы жатқан болатын. Бөлім меңгерушісі: «Ғайыптан тайып түрмеге түсіп кетсем, уақыт өлтіру үшін оқымасам, мына пəлені оқи алар емеспін. Өзіңіз бір қарап көрерсіз», – деп мұртынан күлгенде, «Мен бұл көкеңнің шатпағымен таныспын. Көлемді сылтаурат, жоспар мəселесін айт, əйтеуір, алдарқатып шығарып сал», дегем. Қайта-қайта кеп бөлім меңгерушісінің ығырын шығарған. Қасарысқан жерінен қан алмағанша тынбайтын неме екен өзі, енді міне, маған тікелей шығып тұр. – Білеміз ғой... бұйымтайыңызды айтыңыз, – дедім тезірек құтылғым кеп. – Журналыңа романымды бергеніме екі жылдан асты. Шығатын түрі жоқ қой! – Енді... журнал жайын өзіңіз білесіз ғой, қолжазба тау боп үйіліп жатыр. Бəрін жариялап үлгере алмаймыз. – Əй, бала, менің жұрттың бəрімен не шаруам бар? Атақты жазушылардың шығармаларын кезектен тыс жарияласаңдар бір жерлерің кемейіп қала ма, осы? Мен сексен жасыма дейін сексен кітап шығарған адаммын. Менімен иық теңестіре алатын кім бар? Тартпаларыңда жатқан эпопеямда бүкіл бір ғасырды бейнелеп бергем. Шығарма желісіндегі ақбас бүркіттің образы үлкен символдық мəнге ие. Соны ұқпайтын қандай кещесіңдер? Мына байғұс өзін жүз томға жуық шығарма жазған Бальзак немесе алты күнде бір романды бітіре салатын Сименонмын деп ойлап тұр-ау! Көкезу Бальзак көкесінің ұяты оянып кетіп, отыз екі кітабынан бас тартқанын, Сименон тəтесінің романдарын хатшы қызға айтып жаздырып қуыңқырап кеткендіктен құбылыс бола алмағанын біле ме екен өзі? Ақбас бүркіт дейді-ау... Қазақтың жерін түгел аралап ақбас бүркіт көрсем көзім шықсын! Ондай бүркіт солтүстік Американы мекендейтін сияқты еді. Елеусіз Арқабайдың шығармасына кейіпкер болайын деп біздің елге ұшып келмеген болар. Американың елтаңбасынан көріп, Бүркіттің бəрі бір бүркіт емес пе?» деп сүйкей салған шығарсың-ау?!
– Енді ол ғасыр құйындай өтті кетті. Көзі көрген жұртты қызықтырып жатқаны да шамалы. Бəлкім, романыңызды келер ғасырдағылар тарихи жазба ретінде қабылдап, миллиондаған данамен бастырар, – дедім келемеждеп. – Əй, сен, не деп тұрсың? Жазғаның сіріңкенің қорабының жуандығындай бес-ақ кітап, үлкен жазушылармен қалайқалай сөйлесесің өзің? – Қалың кітапты бет қалыңдағанда шығармасақ, əзірге ондай ниетіміз жоқ, – деп телефон тұтқасын қоя салдым. Үлкен жазушы енді үстімнен кімге шағымданарын Құдай білсін. Ондай адамдар есесін жіберіп қарап жатпайды ғой! Тезірек əрекетке көшіп орнымнан ұшырып жіберсе, алғыс айтар едім деген ой өтті қиялымнан. Қызметкерлермен жаңа санының жоспарын ақылдасып боп əлдебір қолжазбаны оқып отырғанымда хатшы қыздың қарсылығына қарамастан есікті жұлқи ашып, түсі оңып кеткен джинси шалбар, кеуде тұсында бүркіттің суреті бар қара футболка киген, шашы сабалақ иттің жүніндей боп кеткен орта бойлы жігіт кірді. «Міне, саған тағы бір бүркіт!» деп қойдым ішімнен. – Ағай, баса-көктеп кіріп кетті, – деді хатшы қыз есіктен қарап. – Мейлі, неғыламыз енді? – дедім оны жұбатқансып. Дудар бас жігіт ұсыныс күтпестен əкесінің үйіне келгендей алдымдағы орындыққа отыра кетті. Түнімен тойғанша сілтеген-ау деймін, арақтың иісі мүңк ете қалды. – Ал... – дедім дудар бас жігіттен жөн сұрағандай. – Поэзия бөліміндегілер өлеңдерімді түсінбей жатыр. Ричард Олдингтонның теориясын оқымаған. Фридрих Гёльдерлин, Стивен Крейн, Томас Элиоттың жырларын түсінде де көрмеген. Еркін өлең, ақ өлеңнің иісі мұрнына да бармайды, – деп қолын сермелеп, аузынан көбік шаша еліре жөнелді ол. – Қазақтың бар ақыны қара өлеңге жармасып жатқанда сен ақ өлең жазатын ба едің? – деп сөзін бөлдім. – Иə. Ақынның рухы қалыпқа түспеуге тиіс. Ақ өлең – еркіндік қой! Шеңберге сыймаған ақынның азат ойын кіл тобырдан құралған қоғам түсіне бермейді, – деп, пьесадан монолог оқитындай орнынан өре түрегеп, ырғақ, ұйқастан жұрдай бірдеңені жаттан шұбырта бастады.
Айдаладағы қараусыз қалған көл сасып жатыр... дей меау... Кішкене құрбақа шіріген қамыс қалдықтарымен қоректеніп алып құрбақаға айналып кетті... дей ме-ау... Құрбақа жұта-жұта көлдің суын тауысып қойды... дей ме-ау... Жыланбалықтар сусыз қап өліп кетті... дей ме-ау... – Əй, бауырым, əлгі атын атаған үлкен кісілерің дəл осындай құрбақа жайлы жаз деп өсиет қалдырмаған шығар. Мынауыңды қалың қазақтың ортасына барып оқысаң, құрбақаңды өзіңе жұтқызып жібереді ғой! Басқа нəрсе туралы жазғаның жоқ па еді? – Бар ғой! Шегіртке, құмырсқа, шаян, жыландар жайлы да жазғам. Федерико Лорка екеумізден айтылмаған сөз қалмаған. Жəндіктер – менің басты символдарым. Оқиын ба? – Ойбай, оқымай-ақ қой, жетеді, – дедім тағы миымды ашытуынан қорқып. Сосын қулыққа көштім. – Біздің санамыз əлі өзің бейнелейтін жəндіктердің санасынан төмен. Сенің өлеңдеріңді түсінуге дайын емеспіз. Кезінде қоғам Артюр Рембоны да түсінбеген. Тіпті, жан досы Поль Верлен көзқарастары бір-біріне сəйкес келмей қызу тартыстың үстінде оны атып қойып, екі жылға қамалып кеткен емес пе? – Сөйткен, сөйткен, – деп бас шұлғыды ол. – Рембоның символизмін түсінбеген ғой! – Демек, сен де қоғамның санасы өскенше күте тұруға тиіссің. Бастысы, рухың азат болса, болды емес пе, асыл сөзіңді түсінбейтіндерге қор қылып қайтесің? Жарияланған күннің өзінде əжетханаға апарып артын сыпырып тастайды. – Ол айтқаның да жөн-ау, ə? – деді аңтарыла қарап. Аңғалдығы басымдау екен пақырдың. Қақпанға түсіргенімді аңғардым. – Ақ өлеңіңді бұрқырата жазып сандықтың түбіне тастай бер. Бір күні жұрт іздеп оқиды. – Əй, қайдам, іздей қояр ма екен? Ұлылығымды ел түсінбегесін арақты көп ішем, – деп суық демін алды ол. – Бірақ, «Жауыздық гүлдерін» жазған Шарль Бодлер де елеусіз қалған жоқ. Мен, əйтеуір, ондай нашақор емеспін ғой! Мені де іздер. «Боқшасында боғы жоқ, қызының атын Маржанбике қояды» демекші, дəмесінің зорын-ай! Күлейін бе, жылайын ба?»
– Мен болашақтың ақынымын! – деп орнынан тұрды да, біз сияқты пақырмен қоштасуды өзіне ар санағандай нық қадам тастап есікке беттеді. Уһ-һ, құтылғаным рас болсын! Не оқып отырғанымды да ұмытып қалдым ғой! Оның қарасы батқан соң хатшы қызға шай алдырып іштім. Сосын алдымдағы қолжазбаға қайта үңілдім... Кешке жақын қайтайын деп қабылдауханаға шыға бергенімде бір жас жігіт сап ете қалды. – Сəлем, ағай, – деді асығыс. – Оқудан енді шығып келе жатыр ем. Əңгімемді көріп бересіз бе? Демек, бұл жігіттің басқа кезде келуге уақыты жоқ екен ғой! Көңілін қалдырмайын деп қабылдауханадағы бос орындыққа отыра кеттім. Жігіт компьютерде терілген екі беттік жазбаны қолыма ұстата салды. Амалсыз оқуға тура келді. Студент қыз бен жігіт оқудың алғашқы күні-ақ танысып, бірін-бірі ұнатып қалыпты. Сол күні кешке жігіт қызды түнгі клубқа апарып шарап ішкізіп, қайтарда саябақтың ішінде намысына тиіп қойыпты. Ертеңіне жігіт басқа қыздың ізінен кетіп, əлгі қыз еңіреп қала беріпті. Əңгіменің сиқы осы. Мақала деуге де келмейді екен. – Інім, жазушы болатын адам, бірінші, көркем тілді игеруі тиіс. Екінші, оқиғаны сенімді етіп суреттеуі керек. Үшінші, шығарма арқылы не демекші, идеясы анық болуы шарт. – Ой, аға, бұл əдебиеттегі телеграф тілі деген əдіспен жазылған ғой. Қазір шұбалған нəрсені ешкім оқымайды. Сондықтан өмір шындығын қысқа да нұсқа етіп суреттегем. – Сол суреттегеніңді көре алмай тұрмыз ғой! Оқиғаны жəй баяндай салғансың. Сенімсіз. Жігіт екі беттік жазбасын қолымнан жұлып алды да, жүгіре шығып кетті. Орнымнан тұра бергенімде ұялы телефоным «шыр» ете қалды. Тағы бір жазғыш болса өшіре салайын деп телефонға үңілдім. Менен бұрынғы редактор, курстас ақын досым Рахмет Əли екен. Телефонның тетігін бастым. – Əй, классик, қайдасың? – деді ол сəлемдескен соң. – Өзің тастап кеткен орында қоқысқа көміліп отырмын. Биыл газ жоқ боп қалса, қолжазбаларды жағып жылынатын шығармын.
– Əй, саған обал болған екен ғой! – деп қарқылдап күлді ол. – Менің жағдайым да сенікінен мəз емес. Əдебиет қоқысханаға айналғаны қашан! Сен ғой, жаман шығарманы баспай құтыласың, мен өйте алмаймын. Өз есебімнен шығарам деп ақшасын арқалап кеп тұрған соң баспа деген не болса да он күнде кітабын басып, арқалатып жібереді. Уақыттың өтісімен жақсы шығармалар сараланып қалады ғой. – Сол кез қашан келеді? – Кім білсін? – деп əңгіменің ауанын басқа жаққа бұрды. – Біздің сүгіретші көрме өткізіп кəрі құрлықты шалқасынан түсіріп қайтқан құсайды. Шақырып жатыр. Бір сағаттан соң жұмыс орныңнан əкетем. Ешқайда тапжылмай отыр... Біздің суретші досымыз – Серік Айдар. Ана жолы «Еуропаның бірнеше мемлекетінде көрме өткізем» деп жүрген. Арманына жеткен екен ғой. Тіршіліктің қарбаласымен хабарласып тұруды да ұмытып кетіппіз. Өзі Рахметке хабарласпағанда жан досымыздың қуанышынан мүлде бейхабар қалады екенбіз. Қоңырау шалып үйдегілерге ескерткен соң отырып ап қиял əлеміне сүңгідім. Бүгін мазамды алған жазғыштар жайлы ойлай бастадым. Бұлар неге əлемді жаулап алатындай даурығады? Санасы бұлыңғырланып, сергелдеңге түсіп жүргені бойындағы желіктің əсерінен екенін неге аңғармайды? Бір кезде Мен де осындай ма ем? Біз ше?... * ...Жазушы атым шығып кішігірім қалаға аттың қасқасындай танылып үлгергем. Берісі аудандық газетке, əрісі республикалық басылымдарға əңгімелерімді үсті-үстіне жолдап тұрам. Оннан бірі басылып шығады. Жазғандарымның тасқа басылғанын көргенде менен бақытты адам жоқ. Ел бар тірлігін ысырып тастап менің шығармаларымды оқып жатқандай көрінеді. Жазғанның жөні осы екен ғой деп, жұрттан қалмауға тырысам. Тіпті, балалар газетінде бір үл-кендеу жазушының көлемді шығармасы бірнеше санда шыққанын көріп, əңгіменің төрт бетін жаза сап, «Жалғасы
келесі санда» деп сол газетке айдап кеп жібергенім де бар. Редакциялардан белгілі жазушылардың қолы қойылған хат та келіп тұрады. Хаттарды мектептегі оқушыларға, мұғалімдерге аса бір мақтанышпен көрсетем. Мұғалімдер тақтаға шығарарда «Зейін Асқаров» деп шақырса, кəдімгідей марқайып қап, кеудемді кере шығам. Егерде «Асқаров Зейін», жəй ғана «Асқаров» немесе «Зейін» дей салса, бұртия қалам, жазушының аты-жөнін жөндеп айту керек қой! Сабақтан үлгерімім өте жақсы. Көрші балалардың көбі орыс болғандықтан шүлдірлеп жүріп орысшаның да түбін түсіретін боп кеткем. Сондықтан қалалық кітапханадағы мен оқымаған кітап аз. Мұхтар Əуезов пен Əбдіжəмил Нұрпейісовтің əлем таныған романдарын, Əбіш Кекілбаевтың күрделі повестерін, Молдахмет Қаназовтың иірімдерге толы астарында атан түйедей салмақты ой жасырынған əңгімелерін жатқа айтып бере алам. Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеевтерді ғой, су қылып ішіп жібергем. Распутин, Астафьев, Айтматов, Думбадзе, Булгаковтар түгілі Толстой, Достоевский, Чехов, Бальзак, Теодор Драйзер, Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Франц Кафка, Альбер Камю, Джон Стейнбек, Мигель Астуриас, Кнут Гамсун, Герман Гессе, Габриэль Маркес сияқты əлем əдебиеті алыптарының шығармалары да етене таныс. Тіпті, олардың неше əйелге үйленіп, қанша баласы болғанын, қалай өлгенін де білем. Белинскийден Бахтинге дейінгі сыншылардан да хабардармын. Əлемдік философтардың ой-бақшасына түсіп, жемісінен дəм татқам. Биыл жоғарғы сыныпта оқып жатқандықтан мектепті бітіргеннен кейін қай оқуға түсерімді білмей əбден басым қатты. Филологияға барсам ба екен?... Филология демекші... анабір жылы көшеміздегі қоржын тамда тұратын Бисенбай шалдың баласы Айтбай тырық университет бітіріп келген ғой, костюм-шалбар киіп, мойнына галстук тағып ап, қолына дипломат ұстаған күйі ыздиып əрі өтеді дейді, ыздиып бері өтеді дейді. Көше басындағы шынар түбінде əңгімедүкен құрып отыратын шалдарға «Есенсіздер ме?» деп басын изеп, жауап күтіп тұрмастан шырт түкіріп, жөнелетін құсайды. Ақыры шыдамаған бір шал «Балам, қай оқуды бітіріп келдің?» деп сұраған ғой, Айтбай тырық жүріп бара жатқан күйі шірене «Филология» деп, көкқұтандай мойны
сорайып өте шыққан екен. «Бұрын естімеген екенбіз, соған қарағанда дөкейдің оқуы шығар?», «Өмірі шыр жұқпаған тұқым еді, мына баласының арқасында қоңданатын болған екен» деп қауқылдасып қалған ғой, шалдар. Қырқүйектің бірі күні Айтбай тырық шұбырған бір топ баланың алдында велосипед мініп кетіп бара жатқан екен дейді. Аң-таң болған шалдардың бірі: «Балам, сенің əлгі пилологың не болды?» – деген ғой, Айтбай тырық: «Филолог деп тіл, əдебиеттен сабақ беретін мұғалімді айтады. Мектепке жұмысқа тұрдым», – депті. «Бəсе, əкеңде жоқ арғымақ, шешеңде жоқ арғымақ. Қайдан болсын саған, жал бітіп, жар басынан қарғымақ?» – деп шалдар көзінен жас шыққанша күлген екен.Оған барсам, елдің мазағына қалармын. Журналистикада шопандардың жүз бас саулықтан неше қозы алғанын жаза беретін аудандық газеттің тілшісі, көршіміз Жұмабай Қозыбаев құсағандар оқитыны белгілі. Жазушылықтың оқуы жоқ көрінеді. Мəскеуде Максим Горький атындағы əдебиет институты болғанымен, оған бару қайда? Жазушылар одағының жолдамасымен əр республикадан жылына бір, екі-ақ студент қабылдайды екен. Мен жазушылар одағы дегенді түсімде де көрген емеспін. Мықты жазушылар істейтін жер екенін ғана білем. Басым тұнып тұрған ақыл, философияға барсам қайтеді, шығарма жазудан шаршағанда Аристотель сияқты сарбиған сақалымды сипалап жұртқа ақыл беріп отырмаймын ба? Ойға қалай жылдам келген болсам, солай айнып қалдым. Баяғының данышпандарындай ханға кеңес беру қайда, бүгінгінің философтары жоғарғы оқу орындарында сабақ береді ғой! Демек, философ дегеннің филолог Айтбай тырықтан артықшылығы шамалы. Мен иттің басына салып қалғанда жалп еткізіп құлататын жастықтай роман жазам деп жүрмін. Ойдан-қырдан жиналған ақпақұлақтарға дəріс оқимын деп мылжыңдап жүргенде өзімнің миым шайқалып, құлап қалармын. Ойлана-ойлана ақыры журналистикаға баратын болдым. Жұмабай Қозыбаев секілді қой-қозы, сиыр-бұзау жайлы мақала жазатындарда не шаруам бар? Редакциялардың біріне жұмысқа тұрып алсам, басылымның тең жартысына прозамды бермеймін бе?
Мектепті бітірер сəт те келіп жетті. Аттестатты қолға алған кезде өз көзіме өзім сенбей қалдым. «4» деген баға құжынап тұр. Аудандық сот төрағасының əліпті таяқ деп білмейтін шикілсары қызы Ділназ Сабырова, мектеп директорының сабақта есінеп отыратын, үсті басы қожалақ-қожалақ боп жүретін қара қызы Сəлима Төребаева, облыстағы үлкен қызметке көтеріліп кеткен Момын Қажиевтің мектеп есігін есіне түскенде ғана ашатын баласы Еркін Қажиев медаль алып шыға келді. Қарапайым қарауыл шалдың баласы болғаным үшін маған тиесілі алтын медаль солардың бірінің қанжығасында кетті-ау деймін. Мұндайда кімге шағымданарыңды білмейді екенсің. Сынып жетекшіміз Ғабит Самаловты іздеп ем, шу шығарын біліп əлдеқашан тайып тұрған екен. Аласұрып жүргенімде химиядан сабақ беретін, əділдігі үшін барша сыйлайтын Жолдас Ниязов ағай жолыға кетті. – Əй, жазушы бала, ашулысың ғой, не болды? – Ағай, мынаны қараңыз, – деп жыларман боп аттестатты қолына бердім. Аттестатқа көз жүгірткен соң оның өңі қуарып кетті. – Сен бестен басқа баға алмаушы ең ғой, бұл жерде бір шикілік бар-ау! Анықтап көрейік, бері жүрші. Ағайға еріп оқытушылар отыратын бөлмеге бардым. Ол бұрыштағы шкафтан біздің сыныптың журналын суырып ап парақтай бастады. Журналды түгел көріп шыққан соң жауып сыртына қарады да, көзі шақшиып кетті. – Жүр, директорға барайық. Төрт адым жердегі директордың бөлмесіне жетіп бардық. Бақытжан Төребаев өз бөлмесінде бітірушілер сыйлаған гүлдерді реттестіріп жатқан екен. – Ұятың бар ма, қандай ұстазсың өзің? Асқаров алатын медальді кімге бердің? – деп шағын денелі Жолдас ағай еңгезердей директордың иегінің астына барып айқай салды. – Оқушының алдында дөрекілік жасағаныңыз не? Сабырға келіңіз, – деді директор. – Медальді үздік оқығандарға бердік қой! Асқаровтың нашар бағалары бар шығар? – Мен бестен басқа алып көрмегем! – дедім қалшылдап. – Аттестаттағы баға табельдегі бағаға сəйкес келмейді ғой! Жолдас ағай қолындағы журналды столға тартып ұрды.
– Кімді ақымақ еткің келеді? Сотталып кеткің кеп жүр ме? Сынып журналын қайтадан жаздырғансың ғой! Қазір маусым айы, оқу өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Мына сынып журналы биылғы жылдың ақпанында шыққан. Сонда алты ай бойы сынып журналы болмаған ба? Ол өтірігіңе кім сенеді? Менің бұл сыныпта сабағым бар. Қыркүйектен бастап журналға баға қойғанмын. Журналдағы жазу менікі емес. Жалпы, мына журналды бір адам қайта жазып шыққан. Оқушының сынып журналын тексеруі əдептілік емес. Өмірімде қарап көрмегем. Ұстаздардың арамдық жасауы – үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бəсе, оқытушылар бөлмесінде Жолдас ағайдың түрі бұзылып кетіп еді, осы жəйттерді анықтаған екен ғой! Директор мүйізіне таяқ тиген бұқадай теңселіп барып, орнына сылқ етіп отыра кетті. Анау-мынау емес, қылдай қиянатқа төзе алмай шапшып шыға келетін бірбеткей мұғалім мен жазушы баланың алдында қылмысы ашылып қалғанына үрейленгені көрініп тұр. Жағымпазданбаса істің насырға шабарын біліп турасына көшті: – Мəселе былай ғой... Момын Қажиев зіркілдеп қоймаған соң бір ағаттық жібердік. Бұл өмір деген... Кісінің қалағаны бола бермейді екен. Түсіністік танытуларыңызды өтінем. Кешіріңіздер. Зейінжан медальсіз де оқуға түсе алатын бала ғой... – Мынауың ағаттық емес, қылмыс қой! Өз оқушыңа қиянат жасап мансабыңды сақтап қалғанша өлгенің артық емес пе? Жүзің құрысын! – деп стол үстіндегі журналды қолына алды да Жолдас ағай есікке беттеді. Мен де ізінен ердім. Дардай директордың бейшара халін көріп, ашуым тарқап кеткен сияқты. Былай шыққасын Жолдас ағай ойласқандай маған қарады: – Мынау бір ұзаққа созылатын шаруа болды ғой! Қазір тура сотқа барып арыздансақ, жеңіп шығарымыз анық. Бірақ, сот шешімін шығартып, қайта аттестат алам дегеніңше, оқуға кешігіп кетпес пе екенсің? – Ағай, медалі құрысын! Соған бола бас ауыртып қайтем? Оқуға кете берейін. – Көңіліңде реніш қап кететін болды-ау, – деді Жолдас ағай тебіреніп. – Бұл өмірде əлі талай əділетсіздік кезігер. Жүнжімегенің де дұрыс.
Жолдас ағай мектеп ауласынан шығарып салды. – Айналайын, Зейінжан, алаңдамай оқуға түсуге дайындала бер, – деп құшақтап арқамнан қақты. – Үлкен жазушы болуға тырыс. Сонда осындай əділетсіздіктерді қоғамға паш етесің. Ағайдың жанарындағы жасты байқап, елжіреп кеттім. Көңілімнің босағанын көрсетпеу үшін тез қоштасып, үйге қарай жүгіре жөнелдім.... Мінездеме, анықтама алу, суретке түсу деген шаруаларға екі-үш күн кетті. Құжаттарымды тап-тұйнақтай етіп дайындаған соң бір сөмкеге кітаптарымды, бір сөмкеге киімдерімді салып, жинап жүрген қаламақымды жолға жұмсармын деп, əкейдің берген ақшасын сөмкенің астарына тіктіріп ап, бас қалаға баратын автобусқа отырдым. Бір тəуліктен соң өзім əлі көрмеген, бірақ, ылғи түсіме кіретін арман қалаға келіп жеттік. Автобустардың арасымен екі сөмкемді əрең көтеріп, мықшыңдап бара жатсам «Əй, абитуриентпісің?» деген дауысты естіп тоқтадым. Өзім сияқты екі сөмке көтерген орта бойлы қара жігіт пен иығына сөмкесін асып, қағазға оралған қабырғаға ілінетін айнаның үлкендігіндей бірдеңені көтеріп алған, инеліктей ілмиген, көзəйнекті аққұбаша жігітке көзім түсті. – Өзіміз де солай ойлаған ек, мынадай ауыр сөмкелерді абитуриенттен басқа кім көтеруші еді? – деді алдымен жеткен аққұбаша жігіт. – Біз де оқуға түскелі келе жатырмыз. Менің есімім – Серікболсын. Суретшімін. – Танысқаныма қуаныштымын, – дедім ізет танытып. Қара жігіт сөмкелерін жерге қойып, аяғымнан басыма дейін тінте қарап шықты да, маңғаздана қол созды: – Мен ақын Рахмет Əлиевпін! Тəкаппарлығы шымбайыма батып кетті. Кіммен сөйлесіп тұрғанын білмейді-ау, байғұс! Пушкин тіріліп бұйра басын кекшитіп жанымнан өтсе де, желпілдей қоймаспын! Менсінбеген сыңай білдіріп көзімнің қиығын салдым да, қолымның ұшын тигіздім: – Мен жазушы Зейін Асқаровпын! Ақын күлімдеп сала берді: – Түрің таныс сияқты, газеттен суретіңді көрген екем ғой! Бұдан əрі сөзіміз жарасып кетті. Қай жерден екеніміз, қай оқу орнына құжат тапсыратынымыз жайлы сұрастық. Бұл екеуі менен сəл бұрын ғана танысыпты. Серікболсын
осындағы көркемөнер училищесін бітіріп, ауылында біраз тынығып институтқа түсуге келген бойы екен. Рахмет екеуміз бір жерге барады екенбіз. – Жігіттер, – деді Серікболсын тілдей қағазға мекенжайын жазып беріп. – Менің пəтерім бар. Бір жалғызбасты кемпірдің үйінде тұрам. Шығармашылық адамдарының бірге болғаны жақсы ғой, құжаттарыңды өткізген соң маған келіңдер. Менің баратын жерім жоқ. Тəуекел деп келе бергем. Баспана мəселесінің табан астында шешілгеніне қуанғаным соншалық, сөзге келместен бас шұлғып көне кеттім. Рахметтің жағдайы да менікінен мəз емес пе, əлде шығармашылық адамдарымен бірге болғысы келді ме, ол да келісімін берді. Не дегенмен осында үш жыл оқыған емес пе, Серікболсын бұл жерді бес саусағындай біледі екен. Бізге журналистика факультетінің қай жерде екенін тəптіштеп түсіндіріп, студенттер қалашығына баратын автобусқа отырғызып жіберді. Университеттің бас корпусын оңай таптық. Құжатты соның жанындағы корпуста қабылдап жатқан екен. Құжаттарға қоса газет-журналда шыққан шығармаларымызды қиып ап жапсырған альбомды да тапсырдық. Бір жетіден соң шығармашылық конкурс болады екен. Содан өтсек қана емтиханға қатыса алады екенбіз. Бірақ, одан қаймығып тұрған біз жоқ, дəл қазір университеттің студенті атанғандай жымыңдап тұрмыз. Университеттен шыққан соң желкемізден ауыр жүк түскендей боп зымырадық. Қолымыздағы сөмкелердің ауырлығы білінер емес. Жолай дүкеннен азық-түлік алып автобусқа отырдық. Серікболсын берген мекен-жайға жетіп алсақ, бүгінгі шаруаның табысты аяқталғаны. Жарты сағаттай жүрген соң автобустан түсіп, тоғыз қабатты үйге келдік. Лифт істемей тұр екен. Жетінші қабатқа баспалдақпен əрең шығып қоңырауды бастық. Есікті Серікболсын ашты. – Келдіңдер ме? – деп ішке бастады ол. Кіреберіске аяқ киімімізді шешіп, залға өттік. – Қиялилардың мекеніне қош келдіңдер! – деп қос қолын жайды Серікболсын. – Бұрын кілең суретші тұрушы ек, енді ақын-жазушымыз да бар.
– Ілтипатыңа рахмет, – деп бас иіп күлдік біз. – Тамақ дайын болам дегенше жуынып-шайынып алыңдар, – деді Серікболсын. Біз сөмкеміздегі азық-түлікті алып бердік. Серікболсын тоңазытқышқа салып қойды. Рахмет екеуміз кезектесіп ваннаға түскен соң Серікболсынның дайындаған тамағына отырдық. – Қожайынымыз Нəзира апай мен оқыған училищенің жатақханасында вахтер боп істейді. Бағана жұмысқа кеткен. Ертең келеді. Бүгін өзіміз қожайынбыз. – Мына көжең дəмді екен, – деді Рахмет. – Осында келіп үйренген өнеріміз ғой! – деп күлді Серікболсын. Жолсоқты боп əбден қалжыраған екенбіз. Тамақты ішіп бола сала ұйқыға кеттік. Ертеңіне Нəзира апаймен танысып, пəтерақы мəселесін келісіп алдық. Жақсы əйел екен, аса көп сұраған жоқ. Тəртіпсіздік жасамасақ, оқуды бітіргенше тұра беруімізге болады екен. Серікболсын əлдеқайда кетті. Рахмет екеуміз бір-біріміздің жазғандарымызды көрдік. – Əй, Толстой болуға шамаласып қапсың ғой, – деп күлді Рахмет. – Мынаның бəрін қалай жазып үлгердің? – Алтыншы сыныптан бергі шатпағым ғой. Рахметтің тəп-тəуір өлеңдері бар екен. Тілі таза, ұйқастары сыңғырлап тұр. Бірақ, мұндай өлеңдері аз да, үш жолдық, бес жолдық жəне шұбалған ұйқассыз бірдеңелері көбірек. Соңғыларына түсінбедім. Өлеңге ұқсаңқырамайды. – Мыналар не? – Жапонша үш жолдық өлең хокку немесе хайку, бес жолдық өлең танка деп аталады. Ана ұйқасы жоқтары ақ өлең деген нəрсе. – Сонда бұларды кəдімгідей ұйқаспен жазуға болмай ма? – Кəдімгідейіңді бар ақын жазып жүр. Біздің поэзияға ерекшелік, жаңалық қажет. Сондықтан əлемдік өлең формаларын пайдаланып жүрмін. – Солай ма? – дедім. – Реформатор екенсің ғой! – Неге сенің əңгімелеріңде баяндау, суреттеу көп? Сөйлемдерің күрделі, оқиғалар баяу өрбиді əрі табиғи емес сияқты.
– Модернизм, постмодернизм, сюрреализм деген əдістермен жазылған. – Ə-ə, – деді ол. – Детектив жазғаныңда оқырманың көп болар еді. – Детектив – оқиғаны қызықтаудан басқаны білмейтін ойы саяз адамдарға арналған жанр... Шығармашылық конкурстан аман-есен өттік. Мен жатып алып Кафка, Борхес, Камю шығармаларын оқимын. Рахмет те өлең кітаптармен əуре. Бір күні Серікболсын менің əдеби шығарма оқып жатқанымды көріп, басын шайқады. – Қайдағы бір романды оқып уақытыңды босқа шығын қылғанша, мектеп оқулықтарын қарап шығып, емтиханға дайындалмайсың ба? – Менде оқулықтар жоқ. Класта жүргенде оқып бітіргем. Мұнда өзіммен əлем классиктерін əкелгем. Серікболсын ақыл-есімнің дұрыстығына күмəнданғандай көзəйнегінің үстінен біртүрлі қарады. Сосын Рахметтен сұрады: – Сен не оқып жатсың? Рахмет қолындағы құдайы күлшедей кітапшадан өлең оқи кетті: Молодые девушки похожи лицом на небо, на ветер, на облака. Потом из них получаются верные жены, лица которых похожи на дома, на мебель, на хозяйственные сумки. Но их дочери вновь похожи лицом на небо, ветер и весенние ручейки. – Бұл Арво Метс деген ақынның верлибрі.
– Əй, Метс оқуға түсіре қоймайтын шығар, емтиханға дайындалмайсың ба? – Бұл жерге дайын болған соң келгем. – Əйтеуір бірінші емтиханнан-ақ жалп ете қап жүрмеңдер... Емтихандардың бəрін сəтті тапсырдық. Оқу басталғанша үйге барып қайтуға уақытымыз жетеді. Бірақ, Рахмет екеуміз осында қалып, газет-журналдарға жазғандарымызды береміз деп шештік. Үйге хат жолдап күздік, қыстық киімдерімізді пошта арқылы жіберуін өтіндік. Оқулықтан бас көтермейтін Серікболсын да оқуға түскен соң елге кетпейтін болды. Біраз редакцияны шарладық. Кейбір газеттерде шыға бастадық. Серікболсын əлдекімдердің заказы бойынша суретін сызып беріп ақша тауып жүр. Оқу да басталды. Жан-жақтан жиналған өңшең жазғыш сабақтан қолы босаса, қызылкеңірдек боп тартысады да жатады. Едəуір танылып қалғаны Рахмет екеуміз болғандықтан өзімізді салмақты ұстап, оқшаулау жүреміз. Көрінгенмен айтысып аузымызды ауыртқымыз келмейді. Бізге Серікболсын да жетеді. Бара-бара оның сырына қаныға түстік. Ылғи əдемі қыздардың суретін сызады. Кейбіреулерін тіпті жалаңаш қалпында бейнелейді. Оның айтуынша, əлемнің сұлулығы қыздардың бейнесінде екен. – Сурет дегеннің астарында терең ой жатады дейтін сияқты еді, – дейді Рахмет. – Сонда жалаңаш қыздардың бейнесінен қандай өнеге аламыз? – Табиғи сұлулықтан лəззат аласың. – Ол енді натурализм ғой, – деймін мен. – Ондай əдіс атам заманда қолданыстан шығып кеткен жоқ па? – Жалаңаш қыздардың бейнесін ғана жасамаймын ғой, киім кигендері де бар. – Тұлпарлар, қырандар дегендей... басқа образдарды бейнелесең де болады ғой! – деп қосыла кетеді Рахмет. – Сендер сурет деген нəрсені мүлде түсінбейсіңдер, – дейді Серікболсын. – Мона Лизаның суретіне қараңдаршы, қандай кемшілігі бар? Суреттің жетістігі де сол кемшілігінде. – Екеуміз Леонардо да Винчидің картинасына үңіліп кемшілік іздейміз. – Осы Мона Лиза мен Джоконда бір əйел ме? – деп сыбырлаймын Рахметке. – Ит біліп пе?
Біздің сыбырымызды естіп қойған Серікболсын кəдімгідей ашуланады. – Соны да білмей тұрып сурет жайлы пікір айтқыларың келеді. Суреттегі əйел – Ритратто ди Мона Лиза дель Джоконда. – Е-е, Джоконда деген фамилиясы екен ғой, – деп қылжақтаймыз екеуміз. – Есімі шығар деп жүрсек. Біз картинадан кемшілік таба алмағасын Серікболсын кісімсиді: – Мона Лизаның қасы жоқ. Əне, сол нəрсе жымиысының сырын ашып тұр. Италияда қайтыс болған күйеуінің əлдебір мерекесінен соң жесірінің қасы алып тасталатын болған. Бұл əйелдің басы бостығының белгісі. Жүзінде лып ете қалған қуаныш бар. – Мона Лиза күйеуінен құтылғанына қуанып тұр ма? – Онда жақсы əйел емес екен ғой, – деп екеуміз жарыса оны тығырыққа тіремекші боламыз. – Бұл еркіндікті сезінгендіктен рух қатпарынан атылып шыққан бір сəттік қуаныш. Көзіне қарасаңдаршы, мұң тұнып тұр ғой! Қуаныш пен мұңның қатарласа қалқып шығуын бейнелеу Леонардо да Винчидің ғана қолынан келген. Екінші болжам, Мона Лиза – Леонардо да Винчидің өзі. Міне, суретшінің өзіне жақсылап қарап алыңдар. Енді лупа арқылы Мона Лизаны көріңдер. – Расында да лупаны Мона Лизаның бір бетіне апарсаң, Леонардо да Винчи көрініп тұрғандай болады екен. – Дұрыс қой, бірақ, сенен басқа Мона Лизаға күні бойы телміріп отыратын адам жоқ шығар. Оның орнына Қыз Жібек, Баян сұлулардың портретін жасасаңшы, – деп мүсіркей қарайлы Рахмет. – Ана жалаңаш қыздарың өте анайы нəрсе емес пе? Сұлулықтың сырлы болғаны жақсы. Леонардо да Винчи де Мона Лизаны киімімен бейнелеген. Қазақ қыздарының əдемілігі де киімнің артында тұрса ынтықтыра түседі, – деп бағыт-бағдар берем мен Серікболсынға. – Еліміздің ғажап табиғатының суретін салсаң да болады. Мен Орал Таңсықбаевтың картиналарын көргем. «Таудағы күз», «Туған өлке», «Өрік гүлдегенде», «Тақиятас», «Ыстықкөл ақшамы» деген пейзаждарындағы мың құбылған бояудан назарыңды ала алмай қаласың.
– Енді əркімнің өз ұстанған бағыты бар, – деп Серікболсын Мона Лизаның суретін жасайтын сияқты өз білгенінен қалмайды. Бірінші курсты бітіруге шамаласып қалғанда Рахмет екеуміз фамилиямыздағы жалғауды алып тастап, басылымдарда Рахмет Əли, Зейін Асқар боп шыға бастадық. «Қай бірі есімім, қай бірі тегім екені белгісіз боп қалады» деп шырылдағанына қарамастан Серікболсын Айдарғалиевті «...болсын» мен «...ғалиевтен» арылуға көндірдік. Серік Айдар деген əдемі естіледі ғой! Италиялық ұлы суретшілердің салақұлаш аты-жөнін толық атап жүрген кім бар? Жазғы демалыста үйге баратын болдық-ау деп қуанып отырғанымызда Серік жабыса кетті: – Қайдағы үй? Ел көріңдер, жер көріңдер. Мен сендерді ауылға ап кетем. Бір аптадан соң қайтып, демалыста шығармашылықтың көкесін танытамыз. – Мынауың да жөн екен, – деді Рахмет. – Оқу-оқу деп жарытып ештеңе жаза алмап ек, басылым біткенді шығармаға көміп тастаймыз. Бұл ой маған да мақұл түсті. Серік суреттерін алып, біз газет-журналдарда жарияланған шығармаларымызды сөмкеге сүңгітіп жолға шықтық. – Айтпақшы, сендерге ауылдағы өзімнің Мона Лизамды көрсетем. Құдайберген деген қойшының қызы Айсұлумен мектепте бірге оқығанбыз. Менің бүкіл шығармашылығымның арқауы соның бейнесі, – деді Серік автобуста арқасында отырған екеумізге бұрыла қарап. – Əй, мынау сол қыздың да жалаңаш бейнесін салып жүрген болмасын, – деп құлағыма сыбырлады Рахмет. – Өйтсе суретімен тұмсығына ұрар... Кешке таман Серіктің ауылына келіп жеттік. Ата-анасы, іні-қарындастары хан келгендей қуана қарсы алды. Досымыз сегіз ағайынды екен. Бəріміз дастархан басына жиылып, қаймақ қатқан қою қара шəйді сіміріп отырмыз. Жолда əбден ашырқап қалғандықтан ба, əлде үнемі шалақұрсақ боп жүргендіктен бе, жұмсақ тоқаш, таба наннан бас алар емеспіз. Жаңа ғана сойылған бағлан қозының қуырдағы келген кезде көзіміз жайнап кетті. – Аға, Тоқтарбай тракторшының үлкен баласы Рахымжан Айсұлуға үйленіп жатыр. Ендігі тойы басталып та кеткен
шығар, – деді шетте отырған жеті-сегіз жастағы тақырбас бала. – Үніңді өшір! – деп шешесі шымшып алды. – Не? – деп Серік қарғып тұрып есікке ұмтылды. – Ойбай, қайда барасың? – деді шешесі. – Ұстаңдар, тойды бұзып жүрмесін, – деді əкесі. Өре тұрып қуа жөнелдік. Серік музыка шығып жатқан жаққа қарай зымырап барады. Жеткізер емес. Інілері кейініректе қап кетті. Рахмет екеуіміз ізінен ырсылдай жүгіріп келеміз. – Қуыр... дақ қап кетті-ау, – деді Рахмет алқына жүгіріп бара жатып. – Өзі қуыр...дақ боп кет... песін. Тезі...рек жүгір. Серік қара үзіп кетті. Той боп жатқан жерге ентіге жеткенімізде есінен ауысқан адамдай өкіріп бір топ жігітпен жағаласып жүрген. Біреуі өңменіне салып кеп жібергенде өзі бір жаққа, көзəйнегі бір жаққа ұшып түсті. Рахмет əлгіні бір теуіп қалпақтай ұшырды. Мен біреуінің тұмсығына баспен салдым. Қым-қуыт боп кетті. Екеуміз ортада қалдық. Күшене жұдырық жұмсаймыз, тебеміз. Бізге де соққылар қарша жауып жатыр. Денемнің сау жері қалмаған сияқты. Рахметтің де бет-аузы қанға боялған. Өліспей берісетін түріміз жоқ. Бір-бірімізге арқамызды тақап ап қарсы келгенге қол-аяқты оңды-солды сермеп жатырмыз. Бəрібір ұзақ шыдас берер қауқарымыз қалмаған еді. Бес-алты жігіт араға киліге кіріп, бізге болыса кетті. Қырғын төбелес басталды. Кім кімді ұрып жатқанын да біліп болмай қалды. Бір кезде музыканың үні өшіп, нөпір халық үстімізге жапырылып келді. Төбелесіп жүрген жігіттерді еңселейеңселей сүйреп əкетіп жатыр. Екеуміз аяқтың үстінде əрең тұрмыз. Қарулы қолдар мені қапсыра құшақтап алды да трактордың тіркемесіне лақтыра салды. Рахмет те тіркемеге дүңк ете түсті. Қапталымызда Серік ыңырсып жатыр. – Балдарды үйге апарып таста, мен Мен Тоқтарбаймен сөйлесіп барам, – деген Серіктің əкесінің дауысы шықты. Серіктің інілері тіркемеге мініп алды. Үйге жеткен соң тіркемеден ыңқылдап əрең түстік. Серікті інілері түсіріп алды.
Бет-аузымыздың қанын жуып, алба-жұлбасы шыққан киімдерімізді ауыстырған соң күп боп ісіп кеткен жерлерімізге одеколон сүртіп, кішілеу бөлмеде жата қалдық... Таңертең кештеу тұрдық. Үн-түнсіз жуынып-шайынған соң Серік көзəйнексіз көздері жыпылықтап залға бастады. Дастарханның үсті толып тұр. Үшеуіміз түгілі отыз адамға да жетеді. Жайғасып отыра бергенімізде «Аға, достарыңыз келді» деп есіктен қарады кешегі елді дүрліктірген тақырбас бала. Серік шығып кетті. – Бағлан қозының өз майына піскен қуырдағынан жеп отыр, – дедім Рахметке. – Тағы бұйырмай қап жүрер. – Оған шама қайда? – деді Рахмет. Күлейін десем, ісіп кеткен еріндерім икемге келер емес. Жиырма шақты қыз-жігіт кірді. Түрімізден қысылып төмен қарап амандастық. Бəрі есімдерін айтып шықты. Серіктің сыныптастары екен. Біз де мыңқылдап өзімізді таныстырдық. – Қаладан келген зиялы қауыммен бірге Айсұлудың қырғынына қатысып, тарихқа енетін болыппыз ғой, – деді біреуі күліп. Жалт қарасам, жүзіне жарақат түскен екен. Тағы бірнешеуінің түрі адам қарағысыз. «Кеше бізге көмектескен осылар екен ғой» деп ойладым. – Жігіттің басында ондай-ондай боп тұрады, – деп отырыс тізгінін қолына алды Жандос деген жігіт. – Танысқанымыздың құрметіне бес грамм алып қоялық. Қыздар «тархун» мен «лимонад» құйылған кеселерді қолына алды. Анда-санда ұрттап тұратынымыз болмаса, біздің ішкілікке үйірсектігіміз шамалы. Амалсыз арақ толы кесені қолыма ұстадым. – Ал, енді Зейін бауырым, өзің бірдеңе деп жібер, – деді Жандос. – Жазушының лебізін есіту біз үшін бақыт. – Осында отырған баршаға бақыт тілеймін. Арманның асқарына жету несіп етсін. Таныстығымыз достыққа ұлассын! – деп қысқа қайырдым. – Мұндай сөзге ішпеу ұят, – деді Жандос. – Қане, үй иесі, өзің «Қош бол, Айсұлу! Қош бол, Мона Лиза!» деп бастап бер. Аман болсаң, əлі талай Айсұлуға жолығасың.
Барша жеңіл күліп қойды. Мұндағылар Серіктің бар сырына қанық-ау деймін. Серік жалындырып отырмастан қағып салды. Басқамыз да қарап қалмадық. Мұнан соң Рахметтің сөзіне алып қойдық. Екі қыз лебізін білдірді. Сосын магнитофон қойылып, залдың босаға жағында би басталды. Үш қыз суырыла шығып Серік, Рахмет жəне мені биге шақырды. Расы, мұндайды күтпеп ем. Қонақ деп бізді сыйлағандығы болса керек. Би біткен соң қыздар біздің жазғандарымызды сұрады. Серік сөмкемізден газет-журналдарды əкеп берді. Сұңғақ бойлы бір қыз саңқылдап Рахметтің өлеңдерін оқыды. Бəрі күліп жіберді: – Мынау тіпті өлеңге ұқсамайды ғой! – Ұйқасы қайда кеткен? – Айтар ойы тым күңгірт екен... Рахмет қара терге малшынып, төмен қарап отыр. Араша түскен болдым: – Бұл ақ өлең деген. Ұйқассыз жазылады. – Сонда ол өлеңнің баласы ма, шаласы ма? – деді Жандос. Сөйлей алмай қалдым. Кезек маған келді. Жаңағы қыз «Жалғыз адам» деген бес беттік əңгімемді судырата жөнелді. Бір беттен асқан соң балалар өзара əңгімеге кірісіп кетті. Қыздар əдеп сақтағандықтан тыңдап отыр-ау деймін. Əңгіме өзімнің де құлағыма түрпідей тие бастады. Үлкен қаладағы биік ғимараттың жоғарғы қабатындағы бір бөлмелі пəтерде тұратын адам ешкіммен араласпай ойланады да отырады. Қоғамнан, адамдардан безген. Дүние көзіне түрме сияқты елестейді. Əңгіме біткенде сұрақтың астында қалдым. – Бұл адам тамақ ішіп, жемей ме? – Дүниеден безгенде қайда бармақшы? – Адам деп атала салғанымен ұлты, жынысы, жас не кəрі екені белгісіз. Орнына мысықты қойып ойларын берсең де болмай ма? – Жалғыздықтан құтылғысы келсе, адамдардың қасына бармай ма? Өмірімде біреуге əңгіме оқып берген емеспін. Əңгімелерімді біреудің оқығанын тыңдап та көрмегем. Ойларымның аяғы жерге тимей жеті қабат аспанның жоғарысында қалық-
тап жүргенін сезе бастағандаймын. Қаптаған сұраққа жауап бере алар емеспін. – Сендерді əжептəуір ақын, жазушы шығар деп ойласақ, жазғандарың мына біздің Серік салатын жалаңаш қыздың суретінен артық емес екен ғой, – деп Жандос баршаны қыран-топан күлкіге батырды. – Олай деме, ұят болады. Əлі екеуі де жас емес пе, ізденсе мықты қаламгер боп кетеді, – деді шығармаларымызды оқыған қыз. – Суреттерің əдемі шығыпты. Бара-бара шығармаларың да əдемі боп кетер. Жер жарылмады, мен кіріп кетпедім. Ешқашан мұндай сын естімегем. Айналама қарай алар емеспін. Рахметтің қандай күйде отырғанын құдай білсін! Біраз отырған соң бəрі қайтатынын айтып, қолымызды қысып қоштасты. – Ащылау айтылған сөздерге ренжімеңдер. Түсінігіміздің жеткен жері осы. – Қайтіп жазуды өздерің білесіңдер ғой! – Біз сендерді мақтан тұтамыз. Енді іздеп оқимыз. – Əрбіріміздің үйімізде қонақ болыңдар... Оларды шығарып салған соң дастарханда тұрған арақтан кесені толтыра құйып ап сімірдім. – Біреуі шығармаң жақсы екен деп айтпады-ау! Жазушымын деп кеудеге соғып босқа желігіп жүрген екенмін ғой! Қарапайым халық қабылдай алмаған əңгіменің кімге керегі бар? – Мені айтсаңшы, – деді Рахмет. – Қара ормандай қара өлеңі бар елге ақ өлеңді оқытам деп, арамтер боппын... Сол күні өлгенше арақ ішіп, түнімен өзімізді жазғырдық. Таңертең оны-мұны сылтауратып үшеуміз қайта жолға шықтық... * Сағатыма қарап қойдым. Рахмет айтқан уақытында жететін болса əлі он минут бар. Адам басқалардың ескертпелерін тыңдап қорытынды шығарса, қор болмайды екен. Құр желікке еріп даурыға берсең, алысқа бармауың анық. Неғұрлым тез бойдағы желіктен
арылсаң, өзіңе өзгенің көзімен қарай білесің. Айналаңа ненің қажет екенін ұғасың. Шығармашылық адамы үшін басқа бір елдің қаңсығын таңсық көріп жетегінде кету – қасірет. Мен баяғыда Серіктің ауылынан қайтқан соң бүкіл жазғандарымды өртеп, бəрін қайтадан бастағам. Өз елімнің жанына үңіліп қуанышын, қайғысын көрдім. Осы кезге дейін соны ұғынықты етіп жазуға тырысып келем. Модернизм мен үшін сол сапар модадан қалған. Қазір тіпті, қандай «...измде» жазатынымды да білмеймін. Бастысы, шығармаларымды айналамдағылар ұнатса болды. Рахмет жанынан тастамайтын ақ өлеңшілердің «Белый квадрат» деген жинағын сол сапардан соң қайта қолына алғанын көрмедім. Жыраулық поэзиядағы ырғақ, саз, ұйқас, сөздің жасындай жарқылдауын қайта жаңғыртты. Қазір беткеұстар ақындардың бірі. Серік сонда пəтерімізге жеткенше жақ ашпады. Жаралы жаны шырқырап жатқанын сезіп келеміз. – Айсұлу қыздардан хат беріп жіберген екен, – деді пəтерге келіп үнсіз отырған кезімізде.. – Өз еркімен күйеуге шығыпты. Қияли суретшіні қайтсін?... «Əшейінде ауыз жаппас, ретті жерде сөз таппас». Мұндай жағдай басымыздан өтпеген. Не деп жұбатарымызды білмедік. Қыз біткеннің суреті қоқысқа кетті. Мона Лизаны да көрмейтін болдық. Бір айдан соң ғана қылқаламын қолына алды. Қиялымызға да кіріп шықпаған картиналар дүниеге келе бастады... – Əй, ұйықтап қалған жоқпысың? – деп Рахмет иығымнан қақты. Терең ойдың құрсауына еніп, оның келгенін байқамай қалған екем. Орнымнан тұрып оны бауырыма бастым. – Аманбысың? – Шүкір, – деді ол. – Жолай сұраса берерміз. Кеттік. – Баруын барармыз-ау, ол алдымызға тосап қоймас па екен? – Бес-алты жыл бұрынғы оқиғаны есіне салдым. Ауырыңқырап дəрігерге барсам, таңертең дəретіңізді əкеліңіз, тексеріп көреміз деп қайтарып жіберген еді. Содан Рахметке «машинаңмен апаршы» деп өтініш жасадым. Ол «Ертең Серік те анализ тапсыруға барады. Екеуіңді де апарайын» деді. Рахметтің машинасымен Серіктің үйіне бардық. Əйелі
таңғы ас əзірлеп жатқан екен. Рахмет «Сендердің қамыңды ойлап құлқын сəріден тұрып ештеңе ішпедім» деп дастархан басына отыра кетті. Жұмсақ нанды жуан-жуан сындырып түрлі тосапқа басып жеп өліп барады. Серік екеуміз дəрігерге баратын болғандықтан нəр татпай сілекейіміз шұбырып, көзіміз жылтырап қарап отырдық. Оның қарны тойғасын қозғалдық. Серік дəреті салынған кішкене банкіні алып шықты. Менікі машинада тұр. Шипаханаға барғасын мен бірінші анализ тапсырып, машинаға келіп отырдым. Серік ұзақ қалып кетті. Рахмет: «Жұмыстан кешігетін болдым. Тез барып əкелейін», – деп ішке кіріп кетіп еді, көп өтпей ытып шықты. Алақанымен аузын басып алған. Қасыма лоқсып əрең жетті. Сұрастырып білсем, дəрігердің есігінің алдында мөлиіп тұрған Серікке «Нағып тұрсың?» деген екен, «Дəрігер мына есікті іліп, кетіп қалыпты. Соны күтіп тұрмын. Əйелім тосап жабатын еді, банкімді əкетпесем болмайды» депті... Рахмет редакцияның ішін жаңғыртып ұзақ күлді. Сосын беторамалымен көзін сүртті: – Тосап қойса өзіне жегіземіз. Кəрі құрлықтан бізге атап əкелгені бар шығар. Екеуміз редакциядан шықтық... ЖАМАНАТ Құрманай жүз үйлі шағын ауылдың медпунктінде жалғыз өзі істейді. Алып бара жатқан жұмыс жоқ. Ауыл адамдары жеңіл-желпі ауруға бола бас сұға бермейді. Аратұра ыстығы көтерілген балаларын əкеледі. Қан қысымы артқан қарттарға өзі барады. Əр маусымның белгілі бір кезеңдерінде белең алатын көкжөтел, іш ауру сияқты ауруларды есепке алмағанда, өршіп бара жатқан індет жоққа тəн. Алайда, өкімет жұмыс орнын ашып, жалақы төлеп отырған соң жұмыс болсын, болмасын медпунктте күйбеңдейді де жүреді. Бүгін де əдеттегіше еденді жуып, жұмыс орнын тəртіпке келтіріп болған соң ұялы телефонынан əлдебір əуенді тыңдап отырған. Есік ақырын ашылып ақ туфли, ақ шалбар, шолақ жеңді ақ көйлек киген, толқын-толқын қара шаштары жалтырап тұрған, бетін күн қақпаған, аққұба жігіт
ішке енді. Күннен қорғар көзəйнегін маңдайына көтеріп қойған. Дереу телефонның тетігін басып, жазғы желдей жайымен таралып тұрған əуенді өшіре салды. – Келіңіз. – Сəлеметсіз бе, қарындас? – деп жігіт қолын ұсынды. Құрманай да ыңғайсызданып қолын созды. Ауылда қыздар ет жақыны болмаса, басқамен қол алысып амандаса бермейді. Жігіт қолын білінер-білінбес қысып қойды да, сезімге толы отты жанарын қадап: «Сізді кешкі онда бұлақ басындағы шынар түбінде күтем», – деп, жылдам бұрылып кетіп қалды. Құрманайдың жүзі ұяттан лаулап, қып-қызыл боп кетті. «Біртүрлі жігіт екен өзі. Танымайтын жанға сөйдеуге бола ма екен? Кеше келіп шаңнан аллергиясы бар екенін айтып, дəрі сұраған еді. Бүгін төбеден түскендей «Шынар астында күтем» дейді ғой! Əбден қалалық боп кеткен екен. Оның үстіне өнер адамы. Шақырсам болды, қыз біткеннің бəрі құрақ ұша жүгіреді деп ойлайтын шығар. Мұндай жігіттер қарап жүреді дейсің бе, қанша қызы бар екенін құдай білсін?.. Бəлкім, қалада жүріп, отызға жеткенше үйленбегеніне қарағанда өз ауылының қызынан басқаны ұнатпайтын шығар?..» Құрманай екіұшты ойдың құшағында қалды. Дегенмен, ертегіден шығып келген ханзададай жігіттің өзіне көзі түскеніне көңілі марқая бастаған сияқты. Жігіттің ата-анасын, іні-қарындастарын танығанмен өзін онша біле бермейді. Тек ауылдастары үнемі «Киноактер Сұлтан Қарасаев – біздің ауылдас» деп мақтаныш етіп разъезге келе қалған бөгде жолаушыларға айтып отыратынын біледі. Бірер мəрте эпизодтық рольде ойнаған киносын да көрген. Сұлтан разъездегі станцияда істейтін Сүлеймен деген жасы алпысты алқымдап қалған кісінің баласы. Бірінші, əлде екінші сыныпта оқып жүрген кезінде ел астанасында тұратын, ұл перзенті жоқ нағашысы алып кеткен. Сол жақта оқып, ержеткен. Ауылға бір рет те қадам басқан емес. Ауылдастар актер екенін ғана білгенімен, тыныстіршілігінен бейхабар. Сұлтанның қанша жылдан соң ауылға келгеніне бір жұма ғана болды. Неге келгенін кім білсін, əйтеуір жақын-жұрағаты күнде үйіне шақырып қонақасы беріп жатыр.
Сүлеймен ағайдың үйі ауылдың күнгей жағындағы төбеде орналасқан Шілдебай ақсақтың үйінің қасында. Осы Шілдебай ақсақ есіне түссе болды, Құрманай кірпідей жиырыла қалады. Жиырма беске келгенше күйеуге шықпай отырып қалуына баста себепші сол. Қыздың жолы жіңішке емес пе, соның бір ауыз сөзіне бола атына дақ түсті. Медициналық училищені бітіріп, зейнетке шыққан Күнсұлу апайдың орнына тағайындалып, осы медпунктте жұмыс бастаған кезі болатын. Шілдебай ақсақ екі сынып жоғары оқыған жалақ ерін сары баласына сұрап үйінің табалдырығын тоздырды. Шешесі арқылы оның баласына күйеуге шықпайтынын айтса да, күн аралата беделді адамдарды ертіп ап келеді де тұрады. Үріп ауызға салғандай қызды кім жек көрсін, келін етуді армандап басқалар да келе бастады. Біреуінің түрін, біреуінің бойын ұнатпай, тағы біреуінің мамандығы жоқ деп, ешбіріне келісімін бермей жүрген. Бір күні аудан орталығына дəрідəрмек алуға барып, қайтарда шешесі берген тізімге қарап базардан азық-түлік алып жүргенде ауыл үстінен екіндіде өтетін пойыздан қалып кеткенін байқамай да қалды. Автобус жүрмегендіктен ауыл адамдары осы пойызбен қалаға барып қайтады. Такси əкесінің құнын сұрайды. Кішкене қағаз жəшікке салынған дəрі мен бір сөмке азық-түлікті арқалап қала шетіндегі үлкен жолдың бойына шықты. Сол жаққа жүретін көлік табылса, мініп кетпек. Бір сағаттан астам тұрған соң жүк көлігі келді. Көрші ауылға барады екен. Бес шақырымдай жаяу жүруге тура келеді. Амалсыз мініп алды. Жиырма бес жастардағы жүргізуші жігіт заржақ пəле екен. Көрші ауылдағы таныстарының малын ертең базарға алып шығуға кетіп бара жатқанын, өзінің таяуда ғана үйленгенін судыратып айтып шықты. Жол бойы сапарда жүргенде басынан өткен оқиғаларды əңгімелеп аузы тыным таппады. Ара-тұра мұнан да бірдеңелерді сұрап қояды. Дегенмен, көңілінде кірі жоқ, аңқылдаған жігіт екен. Екі жарым сағаттан соң барар жеріне жеткен кезде «Дəрігер əрі қыз бала екенсің, қараңғыда бір өзіңді қалдырып кеткенім жарамас, апарып тастай салайын» деп, тағы бес шақырым жол басып медпункттің түбіне дейін əкелді. Құрманай дəрі-дəрмегін медпунктке қойып, əрі қарай үйіне жаяу кете алатынын айтты. «Мақұл, кіріп шыққаныңша машинаның шырағын жағып қарап тұрайын» деді ол. Дəрі салынған қағаз жəшікті алып
түскен Құрманай медпункттің есігін ашып, қолындағысын ішке қойып, бөлмесінің қазір ғана жаққан жарығын қайта сөндіріп, есікті құлыптап, тепшектен төмен түсе бергенде машина шырағына көзі шағылысып сүрініп кетті. Құлап бара жатқан кезінде сөмкенің жанында тұрған жүргізуші жігіт қапсыра құшақтап алды. «Ой!» деп жігіттің желкесі аса басын көтере бергенде əріректе жалт қарап шойнаңдай ала жөнелген Шілдебай ақсақты көзі шалып қалды. – Қарындас, сүйеп қалмағанымда халыққа əкелген дəрідəрмегіңді өзіңе қолданатын едің... Ертеңіне жұмыстан қайтып бара жатқанда екі əйелдің артынан «пыш-пыш» ете қалғанын, қарсы алдынан шыққан екі-үш адамның біртүрлі қарағанын сезді. Одан соңғы күні де осындай жағдай қайталанды. Үшінші күні шешесі оңаша бөлмеге кіргізіп, білегінен мытып алды: – Жаныңның барында айт, не бүлдіріп жүрсің? – Не бүлдіріппін? – Ештеңе істемегендей болуын қара мұның, – деп шешесі төне түсті. – Ана Шілдебай ақсақ: «Келін қылам деп жүрсем, Төленнің дəрігер қызы бұзылып кеткен екен. Бейтаныс жүргізушімен жеті түнде құшақтасып жатқанын көрдім. Жүзі құрысын сайқалдың!» – депті кемпіріне. Гүлбаршын кемпір жерден жеті қоян тапқандай көршілерге жайып шығыпты. Қазір бүкіл ауыл шулап жүр. Құрманай болған оқиғаны айтып берді. – Кімнің аузына қақпақ боласың? Өсектеп-өсектеп қояр. – Əй, қайдам, – деді шешесі. – Мына сөзден кейін сені біреу жар ете қояр ма екен? Қартайғанда басыма жастық болмасаң жарар еді... Содан кейін келін еткісі келетіндер сап тиылды. Көшеде біреуге жолыға кетсе көзқарасынан қымсынатын болды. Басында «өсек-аяңға кім мəн беруші еді?» деп ойлаған. Бара-бара жел сөздің күші шындықты қаңбақтай ұшырып əкететінін ұқты. Сол кезде барып Шілдебай ақсақтың бір тұтам ешкі сақалын жұлып алмағанына өкінді. «Имансыз шал төріңнен көрің жақын қалғанда бала-шағаның өсегін қайтер едің? – деп ойлайтын болды. – Бəлкім, «Құшақтасып тұрғанын көрдім» деген шығарсың. Сыныққа сылтау таппай жүрген кемпірің «...жатқанын» деп сыпсыңдаған болар. Не айырмасы бар? Сенің байыбына бар-
май айта салған бір ауыз сөзіңнің кесірінен бағым байланды. Қайдан ғана кезіге кеттің екен?!». Төрт бірдей ағасы үйлі-баранды боп кеткен. Алды немере сүйіп үлгерді. Кемпір-шалдың қолында қалған ең кішкене ағасының балалары да ержетіп қалған. Төрт-бес жылдан соң үйленем деп шықса ғажап емес. Шешесі «көзімнің тірісінде құтты жерге қонғаныңды көрсем...» деп жұқалап айта-айта жалықты білем, соңғы кезде жатын бөлмесіне кіріп ап: «Бетіңнің сұлуы, етіңнің жылуы барда біреудің шалғайынан ұста. Ертең қара басың сопайып келіндерге күнің қалғанда қор боласың!» – дейтінді шығарды. Шілдебай ақсақтың жалақ ерін сарысындай ер бала болса екен, көрінгеннің есігіне əкесін жіберетін. Екі мəрте үйленді. Екі əйелі де бір жылға жетер-жетпестен тайып тұрды. Маскүнем байға кім шыдасын? Шілдебай ақсақ тағы біреуін əперу үшін күйеуінен ажырасқан қызы бар үйлерге барғыштап жүр. Бұл қайтсін? Қыз басымен біреуге «мені ал» дей алмайды ғой! Бəлкім, бағанағы жігіт те бұл жайлы гулеген өсектен хабардар шығар. Жоқ, төрелі жігітке ұқсайды, естісе, келіп отырмас еді. Əлгі оқиғадан соң бір рет те ерсі қылығымен көзге түскен жоқ. Жұмысына тура барып, тура үйіне келеді. Ел де ақтығына көз жеткізген шығар. Күні бойы өз болашағы жайлы ойлады. Əлгі жігітпен қол ұстасып қала көшелерінде жүргенін көз алдына елестетіп көрді. Жарасымды жұп болатын сияқты. Жұмыстан қайтқан соң тамаққа зауқы соқпай бөлмесіне қамалып алды. Бір ауыз «Күтем» дегеніне бола желпілдеп жетіп барса қалай болар екен? Бармаса, ол жігіт осында жүре береді дейсің бе, ертең болмаса бүрсігүні қаласына кетеді де қалады. Сосын баяғыда менсінбеген ана ақсақтың маскүнем ұлына үшінші əйел болмаса, бұл маңайда өзі қатарлы бойдақ жігіт жоқ. Алыста мұнартқан бір бақыт қол бұлғап тұрған тəрізді. Өмірінде махаббаттың тұтқынына айналмаған жүрегі дүрсілдей соғып арманына жететінінен хабар беріп тұрғандай. Демі тарылып бөлмеде отыра алмаған соң моншадағы мұздай суға шомылды. Бөлмесінде шашын кептіріп тұрған кезде жеңгесі кіріп келді: – Еркежан, біртүрлі боп жүрсің ғой, жай ма?
Жеңгесінің қырағы көзі бірдеңені байқап қойған сияқты. Əйелдерден сыр жасыру қиын. Жүрегіңнің түкпірінде не жатқанын көзіңнен сезеді. Əсіресе, жеңгесі дүкенші болғандықтан адамдардың қас-қабағынан көңіл күйін біле қояды. Қысыла-қысыла мəн-жайды айтып берді. Жеңгесі қуанып кетті: – Еркежан, бағың жанғалы тұр. Ондай жігітті қолдан шығаруға болмайды. Міндетті түрде кездесуге баруың керек. – Қайдам... – Олай деме. Аузыңды ашып жүрсең, жүре бересің. Сен онан да не киіп баратыныңды айт. Құрманай жұмысқа киіп жүрген көйлектерін көрсетті. – Бұларың болмайды. Үлкен абысын туған күніңе сыйлаған көйлекті ки. – Ол қысқалау ғой, əрі денеге жабысып тұрады. – Сондай болғаны дұрыс. Сымбатыңнан жігіттің басы айналып қалсын. Опа-далап та жағып ал. Шашыңды арқаға жайып жібер. – Қараңғыда кім көріп жатыр? Сіз де айтасыз-ау! – Енді жалғыз шынардың түбінде тұра бермейсің ғой. Үйге дейін əкеліп тастаса, көшедегі самсаған шырақтың жарығында түріңді көретін шығар? Алғашқы кездесуге барған сəттегі бейнең жігіттің есінде мəңгі қалып кетеді. «Солай ма?» деген сияқты аңтарыла қарады жеңгесіне. Бұл да кезінде қылмыңдаған қыз болған, бірдеңені білетін шығар. – Сен бөлмеңде дайындалып отыра бер. Мен сағат онда үйдегілер теледидар көріп отырғанда шығарып жіберем, – деп жеңгесі шығып кетті. Құрманай бөлме есігінің іштегі ілмегін салды да, айна алдына кеп бетін əрледі, ерніне далап жақты. Сосын шкафта тұрған қораптағы су жаңа қырмызы көйлекті алып столдың үстіне қойды. Көйлегін шешіп, үстіне столда тұрған иіссудан септі. Бөлме ішінде аңқып кеткен раушангүлдің иісі танауын қытықтады. Өзі ана жолы қалаға барғанда осы иіссуды əдейі таңдап алған. Раушангүлдің иісін жақсы көреді.Үлбіреп тұрған жібек матадан тігілген қырмызы көйлекті киіп айнаға қарады. Қарлығаштай қанатында қиылған қасы, қазір ғана боялған ұзын кірпігі бота көздерін тұңғиықтандыра
түскендей. Шиедей қызарған ерні аппақ жүзінің ажарын одан əрі аша түскендей. Кеуде тұсына дейін ашық. Омырауының ортасындағы ойыққа түсерліктегі ноқаттай меңі төменіректе əлдебір қазына барын меңзеп тұрғандай. Төңкерілген кеседей жұп-жұмыр қос анары тырсиып, əсемдігін бүркемелеп жабыса түскен жібек көйлектен ытып шығайын деп тұрған тəрізді. Белі құмырсқаның беліндей нəзік. Көйлектің етегі тізеден төрт елі жоғары тұрғандықтан аппақ бақайшағына дейін сазан балықтың баурауындай жарқылдап тұр. Басын қиялатып теріс айналды. Қолаң шашы тегенедей бөксесіне жетіп тұр. Көйлектің қапталындағы кішкене жырықтан аппақ саны менмұндалайды... Бір пəсте басқа біреуге айналып кеткен сияқты. Өз мүсінінің сұлулығына тамсана түскенімен жаңа көйлекке үйрене алар емес. Тек өзіне ғана мəлім қазынасын дүйім жұртқа паш етіп тұрған секілді... Бір кезде жеңгесі келді. – Сағат он болды. Жайлап шыға бер. Есіктің ілгегін ілдірмей қоям, келеріңде ақырын кір. – Мына түрім ыңғайсыз ғой. – Ыңғайсыз емес, қайта құлпырып кеткенсің. Көзі бар жігіт болса, өзегіне өрт түсіп алақанына қондырғанша асығады. Үйден ұрлана мысықжүріспен шықты. Көшеде тырс еткен дыбыс естілмеген соң олай-былай жүрген ешкім жоқ екенін байқап көңілі жайланды. Енді ауыл иттері шəуілдей ала жөнелмесе болды. Аяғын жайымен басып əр жердегі бағаналарда жарқырап тұрған шырақтардан алыстады. Қараңғыда ешкімнің көзіне түсе қоймаспын деп ойлаған еді. Бірер сұлба байқалмағанымен жаздың ақшамы сүттей жарық екен. Жарқын болашаққа жол сілтеп тұрғандай шалқалай туған айдан таралған бозамық нұр көңілдің қатпарынан себездене бастаған үміт сəулесімен араласып бара жатқан сияқты. Жұлдыздар сəт-сапар тілеп, қимас құрбысын бақыттың даңғыл жолына шығарып сап тұрған қыздардай жымыңдасады. Құрманай «Кешірек шыққаным дұрыс болды ма екен? Айтқан уақытында жетіп барсам, бір ауыз сөзіне іңкəр боп тұрғандай ыңғайсыз жағдайда қалар ем. Күтпей кетіп қалса ше? Шақырған соң өйте қоймас, күтетін шығар» деген ой-
лармен алыса аяңдап басып келе жатыр. Жалғыз шынарға жақындап қалғанда жүрісін мүлде бəсеңдетті. Шынар түбінде ешкім көрінбейді. «Əлде келмей қалды ма екен?» деген ой санасында жылт ете қалды. Көңілі құлазып сала берді. «Не де болса барып көрейін» деген оймен таяп қалғанда тысыр ете қалған дыбыс естіліп, шынар артынан жігіт шыға келді. Қуанып кеткенін білдірмеуге тырысып төмен қарады. – Келдің бе, жаным? – деп жігіт ақырын кеп қолынан ұстады. Жігіттің қолының ыстығы күтпегенде лап ете қалған алау сияқты өне-бойын шарпығандай боп кетті. Бұл алауда жана түскісі кеп кетті. Қолын тартып алмады. Бірдеңе дегісі кеп аузын аша бергенде жігіт қапсыра құшақтап аузына сүліктей жабыса кетті. Тұншығып барады. Буын-буыны босап кетті. Бұрын байқамаған лəззаты мол бейтаныс дүниенің құшағында балқып бара жатқан сияқты. Қарсылық көрсетуге шамасы жетпей жігіттің еркіне бағына берді. Жауырынын аялай сипалаған ыстық қол күйдіріп бара жатқандай денесі дір-дір етеді. Жігіттің жерге құлата салғанын байқамай да қалды. Өліп-өшіп жүзінен, алқымынан аймалап жатыр. Рахат сыйлап жыбырлаған қолдар анарын қысып жібергенде ышқынған үні шықты. Көйлегі түріліп қолтығына дейін келген сияқты. Үрпіне жігіт ерні тиген кезде бойына шымшымдап белгісіз бір лəззат таралып жатқандай сезінді. Топ-томпақ анарын умаждай-умаждай, жаныштай-жаныштай дел-сал күйге түсірген қол сумаңдап төмен қарай жылыстағанда есін жиды. Денесінде жылан өрмелеп жүргендей боп кетті. Оң қолын түйіп бар пəрменімен періп жібергенін сезбей қалды. «Ой, қаншық!..» деп жігіт үстінен атып тұрып, теңселіп барды да, көзін ұстап отыра кетті. Жігіттің аузынан өмірінде естімеген сөзі шыққанда абыройсыздыққа ұрына жаздағанын аңғарғандай орнынан қарғып тұра үсті басын түзеп жылап жіберді: – Осы... үшін шақырған ба едің?! – Енді не, қатын етеді деп пе едің?! Қайдағы бір жүргізушіден қалған салдақы емессің бе, неменеңе кергисің? – деді жігіт алақанымен көзін басып отырған күйі. Төбесінен мұздай су құйғандай тітіркеніп кетті де, санасы сергіп, бұдан əрі тұрса масқаралықтың жалғасатынын ұқты білем, кері бұрылып жүгіре жөнелді.
Айлы аспанның бауырын тілгілеп аққан жұлдыз тəрізді ақ айран ақшамның жарығымен қолаң шашы желбіреп, жанарынан жас саулай зымырап келеді. Лас жерден безіне қашқан періште сынды артына қарайлар емес. Əзірге кіршіксіз жанын неге ешкім түсінбейтінін, мына дүние неге қиянатқа төзіп мелшиіп тұра беретіні жайлы ойлап та баратқан жоқ. Ойлаған кезде... рухы сынып кетпегей! Ең бастысы – арын сақтап қала алғаны ғой! Ит аузын басқанмен өзен суы арам болып қалмайды. Өмір əлі алда. Үйіне есен-аман жетіп алсыншы!.. АЯЗҚАЛА Тəңірберген сонау балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен жылдары ауылдың тыныс-тіршілігі қусырылып бара жатқанын сезіп, жиырма шақырым жердегі Қызылқаладан мына Бостан деген қалаға келген бойдан саудаға қойып кеткен. Ілгері мал алып сатып базар көргені бар еді. Сол азын-аулақ тəжірибесі қол келді білем, тірлігін ұршықша иіріп əкетті. Өзін отқа салды, суға салды, бас-аяғы жиырма жылдың ішінде төрт-бес дүкеннің, екі-үш дəмхананың иесі боп шыға келді. Қаланың ең көрікті жерінен жер алып, екі қабатты үй салды. Жоғарғы қабатқа шығып батысқа көз тастасаң, қала іргесінде төгіліп жатқан мөлдір моншақтай боп Ақшакөл көрінеді. Көл жақтан ескен жібек самал жүзіңді сипалайды. Теріскейге бұрылсаң, ауқымды алқапты алып жатқан əсем бақтың ортасындағы мыңдаған жылдардың қуаныш, қайғысын көріп əбден қалжыраған сияқты жантая кеткен Қабатқала қылаң береді. Таяуда ғана мініп жүрген «Нексиясын» жалға беріп, қара түсті «Ласетти» алды. Осы темір тұлпарын жүйткіте табиғат қойнына шығып демалғысы кеп жүр. Əртүрлі шаруа кесекөлденеңдеп бұл тілегі орындалмай жүр. «Күйген дүние күйіп кетсін, осы жексенбіде түстен кейін Аязқалаға барып, Көксудан балық аулаймын!» деген шешімге келді ақыры. Жексенбі күні адамдар саябырсыған соң дүкен мен дəмханаларында жалданып істеп жатқандардан бір күндік түсімді жиып ап үйіндегі сейфке тықты да, сапар қамына кірісті.
Кеше дайындап қойған керек-жарақтың бəрін машинаға салды. – Апам ауырып қапты, ауылға барып келмейміз бе? – деді əйелі машинаның есігін аша бергенде қасына келіп. Күйіп кетті. Бір жаққа барайын деп жатқанда əйел адамның қосарласа кеткенін о бастан жек көреді. – Немене, мені жолдан қалдырайын деп тұрмысың? Ол кемпір өліп қала қоймайтын шығар. Барармыз ертең! – деп зіркілдеп машинаға отырды да, ашумен от алдырды. Əйелінің «Апам» деп тұрғаны мұның өгей шешесі – Шəрипа. Жасы жетпістің төртеуінде. Бірер жылдан бері денсаулығы сыр беріп жүрген көрінеді. Қолындағы баласы Шапағат жиі-жиі қалаға кеп дəрі əкетеді. Жолыға қалғанда ақша берейін десе, байлығы асып-тасып бара жатқандай «өзімде бар» деп алмайды. Ара-тұра əйелін жібергенімен, өзінің ауылға бармағанына бес-алты жыл боп қалды. Қазір қыдыратын заман ба, бірді екі етем деп аласұрып жүр. Жолайрыққа жақындағанда «Ауылға барсам ба екен» деген ой жылт ете қалды. Осы жолмен батысқа қарай тарта берсе, жиырма шақырымнан соң Қызылқалаға кіріп барады. Теріскейдегі Аязқала да жиырма шақырым шамасында. Машинаның рулін теріскейге бұрды... Машинасын Аязқаланың шығыс жағына қойып, бір шиша сыраны қотарды да, қармақ салынған дорбаны көтеріп Көксудың жағасына келді. Бес-алты қармақтың ұшына банкідегі жауынқұрттан ілдіріп, қолайлы жерлерге тастап, жібін жуан қамыстың түбіріне байлап қойды. Тыптынық Көксудың бетінде майда шабақтар топ-топ болып жүзіп жүр. Тəңірбергенді шабақтардың асыр сап ойнағаны қызықтырмайды, үлкенірек балық ұстаудан дəмелі. Темекісін құшырлана сорып, салған қармақтарын жіті бақылап отыр. Қамыс басы қимылдаса жетіп бармақ. Кенет ойына дəрігер досы Абзал түсіп жымиып қойды. Отырыстарда арақты суша сіміріп отырған жігіттер бірер сəт дамыл тауып, «Таза ауа жұтып келейік» деп темекі шегу үшін сыртқа шыққанда «Ішкеніміз аздық етіп тұр, кемісіне заһар жұтып өле салайық демейсіңдер ме?» деп күлетін. Шынында да темекі шеккен адам таза ауа жұтушы ма еді? Табиғат қойнында дем алам деп келіп, көк түтіннің құлы боп отырғанын қарашы!
Темекі дегенді кім шығарған екен? Бұл шіркінді қуансаң да шегесің, қайғырсаң да шегесің. Аш болсаң да шегесің, тоқ болсаң да шегесің... Екінші қармақ байланған қамыс сытыр етіп майысып бара жатыр. Жүгіріп барып жіпке жабыса тартқылады. Білектей келетін сазан ілінген екен. Шығарып ап дорбаға тастады да, қармаққа жауынқұрт ілдіріп, қайта лақтырды. Мандытып балық ұстай қоймады. Кешке дейін қармаққа түскені екі сазан мен қолдың басындай он шақты аққайран ғана. Сонша жерден келгенде бір дорбаны толтыра алмағанына ренжіді. Қармақты орнын тауып тастамады ма екен? Жоқ, көлдің жағалауына таман қамыс арасында мүйістерді дұрыс таңдады. Балық көл ортасынан жүзіп кеп осындай жерде дамылдайды. Берекесіздігін қатынынан көрді. Бұл елде сапарға бара жатқан еркекті əйел заты шығарып салмайды. Ырымға жаман. Əйелінің киліге кеткенін қарашы!.. Үйден шыққанда осында түнеуді ниет етіп келген. Бəлкім, ертең дорбасы балыққа толар. Қармақтарын балық келедіау деген жерлерге тастап, дорбасын көтеріп машинасының жанына келді. Жүксалғыштан кішкене қазан, ошақ пен басқа да керек-жарақты түсірді. Қазан, ошақты ыңғайлылау жерге қойған соң екі сазанды тазалады. Бүгін біреуін жесе, екіншісін таңертең соғып алады. Айналадан бір құшақ отын жиды. Қазанға май құйып, астын жақты. Май əбден қызып бабына келген кезде тұздалып дайын тұрған екі балыққа шамалы ұн сеуіп, қазанға салып жіберді. Балықтың астыңғы жағы піскенде екінші жағын аударды. Өзі балықты бір рет қана аударып пісірсең езілмей, тұтас шығады. Піскен балықты тарелкаға сүзіп кішкене дастарханға əкелген соң қазанды ошақтан алып қақпағын жауып қойды. Ошақта жанып жатқан отты сөндірген жоқ. Ер адамның өзі жаққан отты сөндірмегені дұрыс, жанып-жанып өзі-ақ сөніп қалады. Бір шиша арақтың аузын ашып кесеге құйған соң балықтан жей бастады. Дəмі тіл үйіріп тұр. Көксуда балықтың төресі саналатын бекіре, сүген болмағанымен, сазан көп. Сазанды жөндеп қуыра білсең, аққайран, алабұға, жыланбалық, жайынға қарағанда дəмді. Бір жеп сазанды бітіруге таяп, шишадағы арақтан азғана қалғанда едəуір қызып қалды. Меңіреу тыныштық жа-
лықтыра бастады. Арақ шіркін ішке түскен соң шоққа айналады, біреумен əңгімелесіп əуіріңді шығармасаң, сəні болмайды екен. Батыс жақта қызарып ұясына кіріп бара жатқан күнге көзі түсіп, биіктен тамашалағысы кеп кетті. Аязқаланың үстіне шықса қол созым жерде тұрған сияқты. Бойын бір құштарлық билеп дастарханды жинай салды да, теңселіп Аязқаланың түбіне барды. Атам заманда баспалдақ сияқты етіп салынған, бірақ, қазір жып-жылмақай жерден жоғары көтерілді. Аяғың тайып кетсе қармайтын дəнеңе жоқ, төменге допша домалап кету ғажап емес. Мұншама биік етіп қалай салды екен? Қазірдің өзінде адам көтере алмайтын алып қыштарды қалай қалады екен. Қызғыштау қыштардың мыңдаған жылдар бойы жеміріліп кетпей тұрғанын «Лайы түйенің сүтіне иленгендіктен» деседі жұрт. Жоғарыға ентігіп əрең шықты. Алпыс метр биіктікке қиялап салынған баспалдақ арқылы болса да, масайып қалған адамның шығуы оңай емес екен. Қаланың төбесі тегіс. Айналасы биік дуалмен қоршалған. Дуалдың кейбір жерлерінде адамның кеуде тұсынан келетін тесіктер бар. Қала тұрғындары жаудан қорғану үшін жасаған. Осы жерде тұрып садақтың жебесін қарша боратқан шығар. Қаланың солтүстігінде Көксу ағып жатыр. Қала қақпасы – оңтүстікте. Əлгі тесіктерден қарасаң айнала анық көрінеді. Ілгеріде ана бір тұсында мұнара бар болатын. Қазір құлап қалған. Қаланың солтүстік жағы өрмекшінің торындай ирек-ирек етіп салынған. Егер жау қалаға енсе, қаша жүріп соғысу үшін салынған болса керек. Қарадан шығып хан болған Аязбидің ел есінде данышпандығымен қалғаны анық. Одан қалған жəдігер – мына қаланы көргенде парасатына шек келтіре алмайсың. Айтпақшы, қаланың оңтүстігіндегі қақпаның жоғарысында аяқ киім бедерленген үлкен ойық бар. Аяз би жұпыны өмірін ұмытпау үшін осы қаланы тұрғызғанда сол жерге шарығын іліп қойған деседі. Ол енді төменнен қарасаң көрінеді. Тəңірберген қала тарихының өзі естіген тұстарын ойлап батып бара жатқан күннің болмашы ғана қызыл шапағына көз тастаған күйі дуалдың жаңбыр мен жел жеп үгітіліп тұрған жерінен мүжіп алып қарады. Көршілері осы қаланың дуалын үгітіп ап, жүзімнің түбіне салатын. Расында да басқаша екен. – Нағып тұрсың? – деген дауысқа жалт бұрылып артындағы ақ көйлекті баланы көрді. Жүзі таныс сияқты. Бірақ,
кім екенін есіне түсіре алмады. Мастықтың əсерімен кіпкішкентай баланың «сен» деп сөйлеп тұрғанын байқамады. – Батып бара жатқан күнді тамашалап тұрмын. Əдемі, ə? – Мына қаланы қорғаймын деп шейіт кеткендердің аққан қанына ұқсайды, – деді бала үлкен адамша. Тəңірбергеннің көзіне қанға бөгіп жатқан əскер елестеп, денесі түршікті. – Топырағы да басқа жердің топырағына ұқсамайды. Үгітіп көрдім. – Жаумен шайқасқанда талай адамның қаны тамған топырақ қой! Əркім бір қысым ала берсе, мына қаладан түк те қалмайды, – деп бала ақырын жылыстап төменге түсе бастады. Əлдебір күштің əсерімен баланың ізіне ерді. Бала елес сияқты дыбысын шығармай төменге түсе бастады. Ілесе жүрді. Бала тура жинаулы тұрған дастарханның қасына барды да, машинаны айналып жоқ боп кетті. Тəңірберген бағанағы шишаны алып түбінде қалған арақты сімірді. Басы айналып жатқысы келді. Əлгі бала машина жақтан көрпеше əкеліп төседі. Төсектің бас жағына жастық қойды. Шешінбестен жата кетті. Бала үстіне аппақ жұқа жамылғы жапты. Көзін жыпылықтата ашып баланың кім екендігін сұрағысы келді. Тілі күрметіліп сөйлей алмады. Бала əріректе мөлиіп қарап отырды. Ішін бір алау өртеп ыңырси көзін жұмды. Баланың басын уқалап жатқанын сезді. Жібектей жұмсақ қолдың сиқырынан өзі де балаға айналып кеткен тəрізді... * Шешесінің қасында жатқан Тəңірберген түн жарымында əлдебіреудің есікті тарсылдата соққылағанынан оянып кетті. Шешесі тұрып барып есікті ашты. Қисалаңдап кіріп келген əкесі ақырды: – Мəрзия, арақ əкел! – Ақша жоқ болса, өзімді сатып əкелем бе? Аяғыңның үстінде əзер тұрсың. Осы ішкенің жетпей ме? Жатсаңшы, жұрттың мазасын алмай, баланы оятып жібересің. – Бір шиша тауып қайт. Ана Сəлима дүкеншінің үйіне барып, қарызға ал.
– Ондағы қарыз əлі төленген жоқ. – Тауып кел! – деп шешесінің жағына тартып жіберді. Шешесі айқайлай кетті: – Иттен бір сүйек қарызымыз бар. Бір үзім нанға зар болып отырғанда сенің арақ не теңің? – Тілің шығайын деген екен ғой, – деп шешесінің шашынан сүйрелеп тепкілей бастады. Шешесінің шыңғырған дауысы шықты. Үйдің іші алатасыр боп кетті. Тəңірберген қорыққанынан жылап жіберді. – Балам... кеттік... арақ ... əкелеміз, – деді шешесі сытылып шығып. – Баланы алып біреудің үйіне қашып кетпексің ғой, – деді əкесі. – Тəңірберген менің жанымда қалады. Арақ əкелмесең, мойнын бұрап-бұрап жұлып аламын! Тəңірберген есікке қарай ұмтыла бергенде əкесі ұстап алды. – Құдай атсын сені! – деп шешесі жеңімен бет-аузының қанын сыпырып, сыртқа шығып кетті. Əкесі Тəңірбергенді сүйрелеп төсегіне əкелді. – Үніңді өшіріп жат!... Сегіз жасқа келген Тəңірбергеннің есін білгелі көретіні осындай қорлық. Əкесі Қалмырза ауылға кіреберістегі гаражда дəнекерлеуші боп істейді. Қырдағы шопандарға жемшөп таситын жүргізушілер көліктерінің сынған жерлерін дəнекерлету үшін арақ беріп, өзі ішкілікке біртабан жақын адамды одан бетер маскүнемге айналдырған. Əрине, үкімет жалақы төлейді, арақ бермесе де жұмысын атқаруы тиіс. Жүргізушілер кезектен тыс əрі сапалы етіп жасату үшін арағын ала жүгіреді. Ол жетпей қалғасын жалақысын да жұмсайды. Əйтеуір үйге сау келетін күні жоқ. Тəңірберген мұндай кездерде шешесімен көршілердің үйіне тығылады. Кейде, тіпті, адамдарды ұйқысынан оятуға қысылып қорақопсы немесе əлдебір қуыс-қолтықта түнейді. Ауылдағы көп адам мүсіркей қарайды. «Қалмырза тынышымызды бұзып жүрер» деп жеті түнде үйлеріне паналатқысы келмейді. Бірақ, əйтеуір аяушылық танытып үйіне кіргізетін үш-төрт үй бар. Əсіресе, жүргізуші күйеуі үнемі сапарға кететін Шəрипа апай өзінің он баласына беретін тамағын бұлардан да аямайды. Бірақ, ол үйге қайта-қайта бара беруге шешесінің жүзі шыдамайды. Айында, жылында болса бірсəрі, бұлар күнде
болмаса да, екі-үш күннен қашып жүргені. Əкесінің арағы таусылып қалса, күн жоқ. Бағана шығып кеткеннен шешесі оралған жоқ. Арақ таппаған шығар. Кім күнде-күнде қарыз бере береді дейсің? Біреудің үйіне барса жақсы болар еді, жеті түнде жалғыз өзі жүре бермей! Үйге сірə құрқол келе алмайды. Іздеп шыққысы келді. Бірге баратын жерлерінің бəрін біледі. Бірақ, əкесі ұйықтамай қойды. Сытылып кете алмайды. Бірнеше мəрте шешесі жалғыз кеткенде ізінен барам деп, оңбай таяқ жегені бар. Əкесі ауызы тыным таппады: «Алдап кетті, қаншық, бірақ шиша тауып келсе өліп қала ма екен? Ол соны əкелмейді ғой, əкелмейді ғой! Басымның сынып бара жатқанында не шаруасы бар оның? Жанының тыныштығын ойлап біреудің үйінде шалжиып жатқан шығар. Сен де шешең сияқты арамсың. Көзімді ала бере қашқың кеп тұрады. Шешең екеуіңнің тілің бір. Əзірге сүмірейіп жүргендеріңмен, бір күні мені екеулеп өлтіретін шығарсыңдар...» «Əлім жетсе қазір-ақ буындыра салар едім. Бірақ, сен бізді өлтіріп тынатын шығарсың. Мұншама қинайтындай біздің не жазығымыз бар еді? Жаздың ыстығы, қыстың суығы демей далада қаңғырып жүреміз. Ауылда бізден басқа үйінен безген ешкім жоқ. Тіпті, ана Нəдірбайдың өзі қанша ішсе де, бала-шағасына азап бермейді. Қазір апам байғұс бір жерде жылап жатқан шығар. Оның əке-шешесі, аға-інілері болғанда бүйтіп қорлай алмас едің...» деп ойлап жатып Тəңірберген қалғып кетті. Таңертең ояна сап апасының төсегіне қарады. Бос тұр екен. Демек, əлі келмепті. Бөлменің ішіндегі жағымсыз иістен тыныс алу мүмкін емес. Есік аузында əкесі құнысып жатқан екен. Айналасына құсып тастаған. Əкесін айналып өтіп сыртқа шықты. Əжетханаға барып кеп үй алдынан ағып жатқан арықтағы суға бетін жуды. Апасын іздеп елеңдей көшеге қарағанда Жақып шал бастаған бір топ адамның келе жатқанын көрді. – Сəлем, – деп бəрінің қолынан алып шықты. Тура қасына келгенде: – Балам, əкең үйіңде ме? – деді Жақып шал. – Иə. Ұйықтап жатыр. Адамдар топырлап үйге кіріп кетті.
«Апам ауыл ақсақалдарына шағымданған шығар, – деген оймен сыртта қалып кетті. – Шалдар қанша рет үйге кеп əкеме ұрысқан. Бəрібір пайдасы жоқ, ішкенін қоймайды». Сыртта серейіп біраз тұрған соң «Шалдарға айтқан болса апам да кеп қалар, оқуға барайын» деп ішке енді. Қоржын тамның оң жағындағы əкесі жатқан бөлменің есігі жабық. Сол жақтағы бөлмеге кіріп киімін ауыстырды да, папкісін алып шықты. Төрт-бес үйдің тұсынан өте бергенде жанынан жеңіл машина өтіп кетті. Артында он шақты ауыл əйелдері келе жатыр екен. Сəлем берді. Бəрі бетінен сүйіп, басынан сипап қойды. Ештеңеге алаңдамай мектепке барды. Сабақ əлі басталмаған екен. Сыныпқа кіріп папкісін қойды. Балалардың бəрі қасына кеп амандаса бастады. Тіпті, əшейінде көзінің қиығын салмайтын қыздар да сəлемдесіп, қолын қысып қойды. Тосын өзгеріске таңғалып сыныптан шықты. Сабақ басталғанша сыртта жүргісі келді. – Екінші сыныпта оқитын Тəңірберген деген баланың апасы қайтыс бопты. – Неден? – Түнде үйінен қашып шығып Рахым атаның ескі жыңғыл қорасының ішінде жатқан екен, жылан шағып апты. Таңда өріске мал айдап бара жатқандар көріпті. Біздің көршінің машинасымен мəйітін үйіне əкетті, – деп екі қыздың сөйлесіп тұрғанын естігенде төбесінен жай түскендей болды. Бір сəт мəңгіріп тұрып қалды да, «Апа-а!» деп жүгіре жөнелді. Зар еңіреп жеткенде аула адамға толып үлгерген екен. Үйге кірмекші болып есікке ұмтылды. Əлдебір мықты қолдар ұстап жібермей қалды. – Апама барам! – деп жұлқынды. – Жібер! – Апаң қалаға қыдырып кетті, айналайын, – деді біреу. – Апам өліп қалды, неге алдайсың? – деп шыңғырып ұстап тұрған қарулы қолдарды тістеледі, тырнады. Бірақ, босана алмады. – Балаға обал болды-ау! – Құдай аясын! – Үйіңе апарып жатқызып тастатасаңшы. Ауырып қап жүрер байғұс бала. Зар еңіреп жұлқынғанына қарамастан көтеріп əкеп, көрші үйге кіргізді. Өзін ұстап алған Жұмабай доктор екенін білді.
– Аға, мені жіберіңізші, апамды көргім кеп тұр, – деп жалынды Тəңірберген. – Адамдардың көзінше жылап жүргенің ұят болады. Су ішіп, ентігіңді басып ал, – деп Жұмабай доктор бөлмеден шығып кетті. – Қазір өзім апарам. Апаңды дəрігерлер қарап жатыр. «Дəрігерлер қарап жатса əлі тірі екен ғой!» – деген ой сап ете қалды миына. – Жазылып кетсінші! Апам өліп қалса мен істеймін?»... Жұмабай доктор кесемен су əкелді. – Мынаны ішіп жібер. Қазір кетеміз. Тезірек апасының жанына барғысы кеп суды қалдырмай ішті. Дəмі кермектеу екен. – Енді кішкене отыра тұрайық, дəрігерлер тексеріп болсын, – деді Жұмабай доктор. Көп өтпестен көзінің алды қарауытып, отырған жерінде қалғып кетті. Көзін ашқанда жалғыз өзі жатқанын білді. Дереу тұрып сыртқа ұмтылды. «Жыласам, тағы кіргізбей жүрер» үнсіз үйіне беттеді. Үй алдындағы адамдардың қарасы азайған екен. Сол кезде жүк машинасы кеп тоқтап жиырма шақты адам түсе бастады. – Сүйекшілер келді тамақтарыңды дайындаңдар, – деді біреу есік алдында жүргендерге. «Сүйекші» деген сөзді естігенде апасының шынымен де өлгенін бірден аңғара қойды. Көршісі Қасым шал өлгенде қорымға əкеткен адамдарды сүйекші деп атағанын естіген. Сонда Тайыр молда улап-шулап жылаған қыздары мен немерелеріне «Өлгеннің артынан жылауға болмайды. Көз жастарың өзенге айналып марқұмның жұмаққа кіруіне бөгет жасайды» деген. Тас түйін боп қатып қалды. Жанарынан бір тамшы да жас шықпады. Мына өмірдің бар азабын тартқан шешесінің жұмаққа кіруіне кедергі жасағысы келмеді. Сүйекшілерге қосылып үйге кірді. Тайыр молда құран оқыды. – Марқұмның алдынан жарылқасын! – Топырағы торқа болсын! – Қалған өмірін баласына берсін!.. – деп бетін сипап жатты отырғандар Тайыр молда құран оқып болған соң. Алдына келген тамақтан ала бастаған адамдар көзіне əкесі сияқты сүйкімсіз боп көрініп кетті. Далаға шықты. Бұған мəн беріп жатқан ешкім жоқ...
Кеште келген адамдардың бəрі үйлеріне тарап, əкесі екеуі жалғыз қалды. Үйдің іші қаңырап қалған сияқты. Мына үйдің сəнін кіргізіп отыратын апасы екен. Бар нəрсе өз мəнін жоғалтқан еді. Əкесінің бетін көргісі келмей кішкене бөлмеге кіріп жатып алды. Апасының мұңды бейнесі елестеді. Түн жарымында арғы бөлмедегі əкесіне білдірмей үйден шығып кетті. Ауыл ортасынан өтетін күре жолдың құбыла жағындағы бауға келді. Осындағы ағаштардың тасасында апасымен талай түндерді өткізген. Қараңғыда əр ағашты сипалап апасының қолының табын сезгендей болды. Сосын бау артындағы қалың мияның арасына кіріп, апасымен түнеп шығатын жерді тапты. Үш күн бұрын ғана екеуі осында болған. Апасы оның басын тізесіне алып, сипалап отырып ұйықтатқан. Апасы жанында бар кезде əкесінен көрген қорлығын лезде ұмытып, ай, жұлдыздарды тамашалауға келген сияқты тұңғиық көкке қараған күйі армандарымен бөлісетін. «Өскенде бар ғаламға шуағын шашып тұрған анау ай, жұлдыздар сияқты адамдарға тек жақсылық сыйлайтын адам болам» дейтін. Апасы «Балам, ниетіңе жет» деп маңдайынан сүйетін. Енді міне, қалың мияның ішінде жалғыз өзі жатыр. Салқын самалдан денесі тоңазыған сияқты. Бауырына алып жылытатын апасы жоқ. Шалқалай жатып аспанға көз тастады. Апасы екеуі меншіктеп қойған қос жұлдызды тапты. Апасының жұлдызына қарағанда іштегі өксік атқылап шықты: «Апа, сен неге мені тастап кеттің? Мына жұлдыздар сияқты үнемі бірге боламыз деуші ек қой! Жұмаққа жетіп алған шығарсың, кедергі келтірмейін деп жыламадым. Мені көріп тұрсың ба, енді мен не істеймін? Сен өлгенше əкем өлсе болмас па еді? Оның жер бетінде ешкімге қажеті жоқ қой! Сен маған керек едің. Сенің бар қайғыңды ұмыттыру үшін жақсы адам болам дейтінмін. Енді кім үшін жақсы адам болам?..». «Балам, мен сені ана тұңғиық аспанның төрінен үнемі бақылап отырам. Əкең де кетеді. Саған жақсы адамдар жолығады. Жалғыз қалғаныңа қамықпа. Көңілің таза болса, арманыңа жетесің!» – деп апасы басынан сипалап жатқанда оянып кетті. Əлдеқашан таң атып кеткен екен. Апасының бауырына тығылғандай бүрісе түсті. «Балалар мектепке бара жатқан шығар. Ешкімнің көзіне түспей-ақ қояйын. Сабақ басталып кеткен соң үйге барармын» деп ойлады.
Таңғы салқын самалға тербетіліп тұрған жеміс ағаштарының бірер жапырағы үзіліп түскен. Тебіреніп апасының өлгеніне қайғырып тұрған тəрізді. Мына миялар да жабырқау сияқты. Бəлкім, апасын жоқтап жатқан болар. «Енді мен апамның ізі қалған бұл маңайға күнде кеп тұрам, – деп ойлады. – Сағынғанымда жеміс ағаштарының апамның қолы тиген жерлерін сүйемін. Ол бəрін төбеден көріп тұрады». Сабақ басталып кетті-ау деген кезде мия арасынан шығып, үсті-басын қақты. Айналада ешкім көрінбеген соң баудың аяқ жағынан жүріп күре жолға түсіп алды. Үйінің алдында тағы да адам толып жүрген екен. Алыстан байқады. «Кеше келмей қалған ауыл адамдары бүгін келген шығар» деп ойлады. Алдында кетіп бара жатқан əйел мұны байқамай үйінің алдындағы краннан су алып жатқан əйелге айқайлады: – Əй, жүрмейсің бе, ана Мəрзияның күйеуі де өліп қапты ғой! – Не дейді? – Əдейі ішті ме, əлде арақ таппай ішті ме, сірке суын ішіп өлген дейді. Ана доктор қайным қоңырау соққан соң шалым бағана кеткен. Тəңірберген жол бойында тұрған əйелдің қасынан самсоз боп өтіп кетті. Су алып жатқаны мұны байқап қап, тілін тістей қойды. Əкесінің өлгенін естігенде көңілінде ешқандай өзгеріс байқалмады. Табиғи жағдай сияқты қабылдады. Үйіне жеткенде «Балам-ау, сен қайда жүрсің?» деп Шəрипа апай адамдардың арасынан суырылып шығып қолынан жетектеді де үйіне əкетті... Шəрипа апайдың үйінде жүре берді. Күйеуі Құралбай да, топырлаған балалары да көңіліне тимейді. Ішер ас, жатар орны дайын. Бірақ, мектепке əлі бармады. Қанша үгіттегенімен барғысы келмеді. Күндіз есігіне дəу қара құлып салынған өз үйінің жанына кеп əр нəрсеге бір телміріп отырады. Он шақты күннен соң мектеп директоры Жақып шал бастаған бірнеше адамды ертіп келді. Бөлменің есігін жауып ап үй иелерімен ұзақ сөйлесті. Біраздан соң Шəрипа апай шығып мұны ішке алып кірді. Бəріне сəлем берді де, босағада отырды.
– Балам, тағдырдың жазуына көнбеске шара жоқ, – деді Жақып шал. – Ендігі жағын ақылдасайық деп келдік. – Тəңірбергенжан, біз тиісті орындармен кеңесе отырып сені балалар үйіне жібереміз деген шешімге келдік. Ол жерде жақсы оқытады, бес мезгіл тамақ береді. Жаңа достар арттырасың. Балалар үйі дегенді теледидардан көргені бар. Жетім балалар тəрбиеленетін жер ғой! Оған кетсе апасының жүрген жерлерін көре алмай қалады. Бірден бас тартты: – Мен ол жаққа бармаймын. Өз үйімде тұра берем. – Шырағым-ау, онда жалғыз өзің қалай тұрасың? – деді бейтаныс кісі. – Онда тағы бір əңгіме бар, – деді Жақып шал. – Мына Құралбай мен Шəрипа сені бала етіп аламыз деп отыр. Бұған қалай қарайсың? Осы үйде жасауға келісесің бе? Тəңірберген «Иə» дегендей басын изеді. Бейтаныс адамдардың бірі мұны оңаша бөлмеге алып кетіп сөйлесті. Əуелі балалар үйінің жағдайын айтты. Қасарысып көнбей қойған соң бұл үйдегі ахуалға қызықсынды. «Уақытында тамақ бере ме?», «Ұрып соқпай ма?» деп қайта-қайта сұрады. «Мұнда бəрі жақсы» деген соң əлгі кісі шығып кетіп, екіншісі кеп сұрақтың астына алды. Бұған да алғашқысына айтқандарын айтты. «Егер бір қиындық көретін болсаң мұғалімдеріңе айт. Біз көмектесеміз» деді ол кетерінде. Содан Тəңірберген Құралбай мен Шəрипаның он бірінші баласы боп қалып кетті. Құралбай ағай жүк көлігімен анау Кемерден бастап Нысанға дейінгі аралықтағы шопандарға шөп тасиды. Қорақопсыларын көшіріседі. Əйтеуір, түзден бері келмейді. Үш бала институтта оқиды. Қалған жетеуі мектепте. Тəңірберген ең кішкенесі болғандықтан бəрі сабағына көмектеседі. Ойыншықтарын беріп көңілін аулауға тырысады. Тəңірберген киім, тамақ мəселесін мүлде ойламайды. Шəрипа апай балаларынан кем қылған емес. Тек апасын сағынады. Мектептен шыққан кезде бірге жүрген жерлерін бір шолып шығады. Екі-үш жылға дейін қатты қамығып жүрді. Одан соң өмір ағысына бейімделе бастады...
- * Тəңірберген масаның шаққанынан оянып кетті. Көргендері өңі əлде түсі екенін ажырата алмай мəңгіріп орнынан тұрды. Күн арқан бойы көтеріліп қалған екен. Жауырыны қиыршық тастар батқандықтан сыздап тұр. Айтақырда жатқан екен. Жанында жинаулы дастархан, балық салынған дорба тұр. Əрменірегіндегі қазан, ошақты көрді. Балық аулауға келгені есіне түсті. Құбыла жағына қарап машинасын көзі шалды. «Түнде бір ақ көйлек киген бала төсек салып берген сияқты еді ғой!» деп жан-жағына алаңдады, ешкім жоқ. Ешқандай төсек те көрінбейді. Баланы көргенін анық біледі. Ана Аязқаланың төбесінде тұрғанда соның ізіне еріп осы жерге дейін келген. Баланың жүзін есіне түсіруге əрекеттенді. Таныс бала секілді еді... Кенет баланың бейнесі көз алдына кеп селк ете қалды. Тұла бойынан тер шығып кетті. Ол бала мұның өзі еді. Апасы əперген ақ көйлекті киіп жүрген кезі. «Есімнен ауыса бастаған сияқтымын ба?» деп білегін шымшып көрді. Денесі кəдімгідей ауырсынғанды сезді. «Қара басып, кеше жұлдыздарға қарамай ұйықтап қалғам ғой! Апам ренжіген шығар, – деп ойлады. – Бірақ, тұңғиық аспанға қарап жатпағалы да біраз болды. Мен қашан жұлдызыма жазып қалдым? Апамның жұлдызын қашан жоғалтып қойдым? Неге түсіме өткен өмірім кірді?» деп күбірлеп Аязқаланың түбіне барып қалды. Төбесі көкке тиейін деп тұрған биік ғимаратқа қарады. Ескі қаланың ұлылығы еңсесінен басып, өзін өте əлсіз кіп-кішкене жəндік сияқты сезініп кетті. Көзі қақпаның үстіндегі аяқ киімнің сұлбасы бедерленген ойыққа түскенде бетін басып отыра қалды. Ұяттан өртеніп кете жаздады: «Мен өткенімді ұмытқан екем ғой, жақсы адам болам деп апама берген сертім қайда? Ақша табудан басқа қолымнан не келді? Апамның ізі қалған ауылға бармағаныма қанша болды? Апам демекші... кеше Шəрипа апайды ауырып жатыр деп еді ғой! Мен неге оның жақсылығын ұмытып кеттім? Алшаң-алшаң басып жүргенім соның арқасы емес пе? Ауырып жатқан шағында аузына бір тамшы су тамызуға да жарамай қалғаным ба? Шəрипа апайдың он баласы, қырық-елу немересі бар. Менсіз де аузына су тамызатын адам жетеді.
Бірақ, менің орным бөлек еді ғой!..» – деп орнынан тұрды. Аязқалаға өткеніне қайтарғаны үшін риза кейіпте назар тастады. Қаланың төбесінде сақалын салалап тұрған Аяз би елестеп кеткендей болды. Жүгіре басып келді де, ештеңеге қарамастан машинасын от алдырды. «Мен жетіп барғанша Шəрипа апай аман болғай!» деген ой өтті қиялынан... О ДҮНИЕНІҢ ҚАҚПАСЫ Аспан балаларының бəрі соғысқа аттанғалы жатқан анадай түнере түскен. Жаңбыр оның көз жасы секілді толастар емес. Оқтын-оқтын күн күркірейді. Азалы аспанның бауырын тіліп жарқылдаған найзағай үміттей жанып, үміттей сөнеді... Ол кетіп барады. Иесіз қалған керуенсарай сияқты қаңыраған далада кетіп бара жатыр... Аяқ-қолы өзінікі емес тəрізді. Санасын əлдеқандай бір тылсым күш билеп, басқарып тұрғандай... Шексіз кеңістіктегі жұлдыздай маңып бара жатқанда қарсы алдынан бірдеңе жылжып келе жатқан сияқты көрінді. Тұла бойын үрей билеп тоқтай салғанын білмей де қалды. Бұл не болды екен? Əне, бірте-бірте жақындап келеді. Миы сағаттың тіліндей істеп кетті. Дереу ара-қашықтықты шамалай бастады: отыз қадам, жиырма бес, жиырма, он бес, он... Жақындағанда «мынау кəдімгі қақпа ғой» деп ойлап үлгерді. Тағы бірер сəттен соң қақпаға еніп кеткенін сезді. Өзі кіріп кетті ме, əлде қақпаның ішінен біреу шығып, тартып алды ма?.. О жағын біле алмай қалды... Бірден шошып оянып кетті. Көзін ашып, ешқандай қақпаның жоқтығын байқады. Өзінің күндегі орнында жатыр екен. Терезе жақ ағараңдайды. Демек, таң құланиектеніп қалған ғой. Орнынан тұрып, бөлменің шырағын жақты да, жан-жағына қарады: бос бөтелкелер, темекі тұқылдары... Кешегі түннің елестері. Əдетте, бұлар жиіркенішті көрінбейтін. Қазір біртүрлі кейіпте жанарын тайдырып əкетті. «Бұл қандай түс екен?» – деп ойлады ол. – «Ешқашан бүгінгідей жаман түс көрмеген едім. Біреу мені өлтірмекші ме екен?» – Кенет санасына сап ете қалған жаман ойдан
денесі дірілдеп, қалшылдап тұрды да, өзін-өзі жұбата бастады: «Түс түлкінің тезегі. Жалғанды жалпағынан басып жүрген жігіт емеспін бе? Мені өлтіруге кімнің батылы жетер дейсің?! Қорқыныш өлімнен де жаман. Ешкімнен қорықпауға тиіспін!». Ол көрген түсін жақсылыққа жорып, өзіне Құдайдай сенгендіктен көңілі жайланайын деді. Қылмыс əлемінде əлсіздерге орын жоқ. Қазір ғана көрген жаман түсті лезде ұмытып, сезім аспанында қалықтамай, жерге түскеніне қарағанда, жүрегі əлдеқашан қатайып кеткен. – Жүсіп, бері кел! – деп дауыстады ол. Басы қазандай үлкен, қара жігіт көрші бөлмеден шығып, тіл алғыш баладай бұйрық күтті. – Не дейсің, Қарабай аға? – Атаңның басы! Сəлеміңді жеп қойдың ба? Жігіт сасқалақтап не дерін білмей қалды. Қысылғанда түрі біртүрлі боп кетеді екен. Қарабай кісінің өңменінен өтіп кететін өткір көздерін оған қадап тұрды да: – Аштан өлтіретін болмасаң, анау-мынау дайында, – деді. – Бір ауыз сөзің! – деп жігіт басын иіп, бөлмеден шығып кетті... * ...Тағдырдың жолы жыланның іздеріндей бұралаңдап, түрлі қалтарыстарға бастайды. Бақыт – өте алыста мұнартып тұратын меже. Оған шындықты шырақ етіп ұстаған адал жандар ғана жете алады. Алайда, əркімнің өз шындығы бар. Кейде болмашы табысты бақытқа балап, жолынан адасатындар да жеткілікті. – Мен енді басқаша жасаймын, – деді балалықтан бірге өскен құрдасы Мырзаға. – Əлі көресің, шікірейіп жүргеннің бəрі маған сəлемге келетін болады. Айдарынан жел ескен патшалардай дəурен сүре алмасам, атымды басқа қоямын. Мұрныңның суын тартып жүре бермей сен де маған қосыл. Мына жүрісіңде ешқашан кесең ағармайды. – Сонда сен кім болмақшысың? – деп аң-таң боп сұрады Мырза. – Үлкен жұмысқа өтесің дейін десем, қолыңда қатты қағазың жоқ.
– Түу, əлі сарыауыз балапан екенсің ғой, – деп Қарабай оның маңдайына шертіп қойды. – Басты істету керек, басты! Қатты қағазы барлар қайбір жетісіп жүр дейсің! Ақындар ғана мəңгілікті аңсап, адалдыққа жүгініп, бұл дүниеден жыртық дамбалы бүтінделмей өтеді. Мен ондай ақымақ емеспін. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүремін. Өлгеннен соң мейлі, иттің алдына сүйреп тастасын. Жалпы, адамға көп нəрсені білудің қажеті жоқ. Нөлден тоғызға дейінгі санды білсең, барлық əріпті жаттап алсаң болды. Қалғандары содан келіп шығады. Ақылды адамдар осы қағидаға амал қылып, қай кезде де өзгелерден оқ бойы озық жасаған. Мен рухани жақтан ақсүйекпін. Маған ауыр жұмыс істеуге болмайды. Өзіме ұсаған жүрегі аттың басындай жігіттерді жинап, бір топ құрып жатырмын. Не істейтінімді енді түсінген шығарсың? – Сонда сен... немене... қарақшы болмақшымысың? – Ескіше айтқанда, сондай. – Қарапайым халықты қан қақсататын адам қай заманда да қарақшы деп аталады. Қара бастың қамы үшін көпшілікті қасірет шегуге мəжбүрлеу – шектен шыққан жауыздық. Дұрыс, біз сияқтылардың көбі өмірге ызалы. Бізді безбүйрек ата-анамыз балалар үйіне тастап кеткен. Бірақ, олардан көрмеген шапағатты үкіметтен көрмедік пе? Үкімет тəрбиеледі, оқытты, жұмыспен, үймен қамтамасыз етті. Өмірдің даңғыл жолына шығып алдық. Мен саған қамалмасыңнан бұрын да айтып едім, тура жүр деп. Түрмеде аққараны танып, адам болған шығарсың десем, қайта бұрынғыдан бетер болыпсың. Қатты айтқан болсам, кешір. Міне, маған қарасайшы, адал еңбегіммен-ақ өмір сүріп жүрмін ғой! Саған не жетпейді? – Өмір сүріп жүріпті-мыс, – деп мырс етіп күлді Қарабай. – Сен əшейін күн өткізіп жүрсің. Жасау басқа, күнелту басқа!.. * ...Олар балалар үйінде өсті. Бұл жердегілер үшін балалықтың базары ерте тарайды. Үкімет ештеңеден тарықтырмағанымен, əке-шешенің мейірімін бере алмайды. Балалар үйінің ауласында ойнап жүріп, сыртта əке-шешесінің
қолынан ұстап бара жатқан баланы көрген кезде жетімдігің еске түседі. Қолың жетпейтін арман көңіліңді мұңға бөлейді. Түнде төсекке жатқанда ақ сейсепті үстіңе тас қып жауып алып, үнсіз жылайсың. Күндіз бөгде көзден жырақтау бұрышқа тығылып ап, сурет сызасың. Ақ қағазға нені сызсаң да, арманыңдағы əке-шешенің бейнесі қосарлана кетеді. Тіпті, қиналған сəттеріңде өмірге келгеніңе өкініп, дүниеге қол сілкіп кеткің келеді. Бəрібір кете алмайсың. Келу мен Кетудің арасында Өмір деген ұзын жол жатыр. Оны көзің қимайды. Адам жарым көңілмен дүниені толтыруы мүмкін. Бірақ, дүние жарым көңілді толтыруы қиындау. Балалар үйінде əртүрлі балалар болады. Біреулерінің ешкімі жоқ, кейбіреулерінің əке-шешесі болса да, хабар алмайды. Алдыңғы топтағылардан гөрі соңғы топтағылардың жағдайы нашарлау болады. Өйткені, бұл күнəсіз нəрестелер əлдекімдердің асау сезімдерін тізгіндей алмаған жалынды жастық шағындағы қателіктерінің жемісі. Олар балаларын көріп, өздерінің өткен күндегі сұрқия бейнесін есіне алғысы келмейді. Ал, балалар болса, əке-шешесінің мынау жарық дүниеде жер басып жүріп, бір рет болса да, ұрпағын іздемегеніне қатты қынжылады. Қарабай мен Мырзаның хабар алатын етжақын туысы болмады. Екеуі де əке-шешесінің кім екенін білмейді. Есейе келе біреулер осы жерге əкеп тастап кеткенін естіді. Дүние мұңға толы ма, əлде қуанышқа толы ма? Бұл енді... қалай қарауыңа байланысты. «Көре берсең – көне бересің» дегендей, Қарабай тағдырдың ісіне көнді. Ол Мырзаға ұқсап танымайтын əке-шешесін сағынып, көз жасын көлдетпеді. Жүрегін жастайынан өзгелерге деген жиіркеніш иеледі. Ұйықтағанда тістерін қайрап шығады. Басқа балалар одан қорыққаннан неге бүйтетінін сұрай алмайды. Ал, Мырза өте сезімтал бала. Сəл нəрсеге бола қайғырса, сəл нəрсеге қуанып жүреді. Балалар үйінде жазылмаған заң бар: Өзге балалар бұл жердегілерге əлімжеттік танытса, бірігіп барып, көкесін таныту. Қарабай төбелесуге ебі барларды жинап, күші бойына сыймай жүргендерді, өз сөзімен айтқанда, «шыққан жеріне тығып» қайтады. Мырза жылы сөзбен келісіп, керіскендерді жарастырып жіберуге епті.
Бір күні бұлардан бес-алты жас кіші Жүсіп деген бала көшеден жылап келді. Базардың жанында бір бала ақшасын тартып апты. Ашуға мінген Қарабай ол баланы тауып алып, ұрып қайтты. Арадан үш-төрт күн өткен соң ол бала Жүсіпті тағы қолға түсіріп, көгала торғайдай етіп жіберді. Енді Мырза баруға бел байлады. Сұрастырып білсе, үйі базардың жанында болғасын сол маңайда сандалып жүретін Қасым деген бала екен. Мырза оны қиналмай-ақ тауып алды. – Сен жəне Жүсіпті ұрыпсың ғой. Себеп?.. Қасым қорқып кетті. Есіне Қарабайдан жеген таяғы түсті. Мына келген баланың түріне қарап, күші одан да басым сияқты деп ойлады. Мырзаның сұрағына жауап бере алмай, ұнжырғасы түсіп кетті. – Қасым, – деді Мырза үлкен кісілерше салмақты түрде. – Тау таумен кездеспеуі мүмкін. Адам адаммен кездеседі. Сен Жүсіпті ұрып, бізден қашып құтыламын деп ойлама. Аспанға шықсаң, аяғыңнан, жерге кірсең, құлағыңнан тартып аламыз. Түсіндің бе? – Қалтырап тұрған Қасымға сұраулы жүзбен қарап азғана тұрды да, сəл түсін жылытып сөзін жалғастырды. – Бəріміз бір елдің баласымыз. Жаға жыртысып жүргеннен гөрі дос болып, қарым-қатынас жасаған жақсы шығар деп ойлаймын. Сен бұған қалай қарайсың? Мырза үнін тағы да қатқылдата түссе, шалбарын ызғарлап қояйын деп тұрған Қасым мұндай сөзді күтпеген еді. Жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті: – Дұрыс айтасың. Менен кеткен ағаттықты кешір. Бірбірімізге ерегісе берсек, соңы жаман болады, əрине. Енді тиіскенді қояйық. Сөзінен қайтқан – қатын! Олар қол алысты. Осы оқиғадан кейін ешкім таяқ жеп келмейтін болды. Қасым өзінің жанында жүретін балаларға да келісімді айтқан болса керек... Қарабай мен Мырзаның мінезі сəйкес келмесе де, жақындасып кетуінің себебі бар. Олар Мөлдір, Нəзира деген қыздарды жақсы көріп қалды. Екі қыз айырылмас дос еді. Төртеуі де сыныптас. Оқу аяқталар алдында кешкі кездесулерге бірге шығатын болды. Сол себепті олар етене араласып кетті. Бір-біріне қалжыңдап, «бажа» дейді. Балалар үйімен қоштасар сəт те жетті. Төртеуі басқалар сияқты оқу деп басқа қалаға кеткісі келмей, осындағы мақта
зауытына жұмысқа орналасты. Бір жақсы жері, зауыттың жатақханасы бар екен. Қарабай Мөлдірге, Мырза Нəзираға үйленіп, осы жатақханада екі жыл тұрды. Сосын үкімет үй берді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатқан-ды. Күтпегенде Қарабай зауыттан мақта ұрлап қамалып кетті... * – Құлқынды емес, халқыңды ойлауға тиіссің. Адал жасағанға не жетсін, біреудің алдында тілің қысқа болмайды, – деді Мырза. – Адам тонаймын дегенің қай сасқаның? Сен енді жігітке жараспайтын қылықтарыңнан кеш. Жас емессің. Ақыл тоқтататын кезің келді. Мөлдірді ұрып-соғып, баласымен бірге қуып жіберіпсің. Қамалғаныңда ол сені бес жыл күтті. Бұл ісің оның осы адалдығына жауабың ба? Қарабай темекісін құшырлана тартып, біраз отырды. Мырзаның айтқандарын ой елегінен өткізіп, жауап қайтаруға дайындалып отырғаны айдан анық. Мұндай адамдар тіпті сөзде болса да, есесін жіберуі неғайбыл. Ойын жинақтап алды білем, Мырзаның көзіне тура қарап, сөз бастады: – Қатын деген жолда, бала деген белде. Соған бола қайғыратын мен жоқ. Ағашты бір тепсем, жапырақ орнына қыз түседі. Өмір адамға мəгілікке берілген емес. Қысқа, тым қысқа. Көзді ашып-жұмғанша зыр етіп өте шығады. Сондықтан да, өмірді мазмұнды етіп сүре білу керек. Сен баяғы бала күндегідей кітаптағы əдемі сөздерді айта беруден жалықпайды екенсің. Тұрмыс кітаптарда ғана таңғажайып. Саған мана айттым ғой, қазір өзіміздің балалар үйінде тəрбиеленіп, еш жерге сіңісе алмай жүрген жігіттерді жинап жүрмін. Олардың да қамын біреу ойлау керек қой. Тобымыз күннен-күнге көбеюде. Сен кітаби сөздермен басыңды ауыртып жүргенше, əлі де болса ойланып көр. Бізге қосылсаң, байлыққа белшеңнен батасың. Ал, мен кеттім. – Тоқта. Мөлдірді қайтесің? Баласымен қайда барады? Сен қуғалы біздің үйде тұрып жатыр. Нəзирамен дүкенге кеткен. Қазір кеп қалады. Екеуара сөйлесіп, мəселелеріңді шешіп алсаңдаршы. – Жігіт сөзінен, арыстан ізінен қайтпайды. Ол менің мұрат-мақсаттарыма қарсы болды. Кім менімен емес, демек, ол
маған дұшпан! – деп Қарабай есікті қатты жауып, шығып кетті. Мырза жалғыз өзі қалғасын, мақта жастықты шынтағына басып жатты да, ауыр ойға қалды: «Түптен ақыл болмаса, түрткен ақыл қонбайды екен. Мынау бұрын да сау сиырдың жапасы емес болатын. Қалай-қалай боп кеткен өзі? Басқаны былай қойғанда, жалғыз баласын ойламай ма? Жетімдіктің не екенін басқа білмесе де, Қарабай жақсы біледі ғой!..» – Не ойлап отырсың? Біздің келгенімізді де байқамай қалдың, – деді Нəзира сөмкесін қойып жатып. – Дүкен аралап, Асқарға киім əпердік. Қара, жараса ма? – О, дұшпан аяқ асты... Тоздыру несіп етсін! – деп Мырза орнынан тұрып, Асқардың жауырынынан қақты. Сосын Нəзира мен Мөлдірге қарады: – Жаңа ана неме келіп кетті. Біраз сөйлескен болдық. – Əйелсіз үй қараң ғой, – деді Нəзира. – Тоба қазығына таянған болар? – Жоқ! – Мырзаның даусы қатты шығып кетті. – Оның көжесі ашиын деген екен. Обал-сауапты ойлаудан қалған. Саяқ-сандырақтарды жинап жатырмын дей ме-ау... Əйтеуір, дұрыс жолда емес. – Не дейді? – деп шошып кетті Нəзира. – Құрбым айтқанда, онша сенбеген ем. Бəлкім, балалық шағымыз бірге өткендіктен көңілім оны жамандыққа қимаған шығар. Əйтпесе, түрмеге түскен адам түзеліп келеді деген кепілдеме жоқ қой! – Түкке тұрғысыз біреуге бола бас ауыртып қайтеміз? Пешенесіне жазылғанын көрер. Қайғырғанмен, ештеңе оңалып кете қоймас, – деп Мырза аз да болса Мөлдірдің көңілін суытып, енді Қарабайсыз-ақ өмір сүруге үндемекші еді. Мөлдірдің жанарына тұнған жасты көріп, сөзінің соқпағынан жаңылды. – Шаршаған шығарсыңдар. Шай ішіңдер. Бұлардың жұмбақтап сөйлеп тұрғанынан əлденені ұққандай Асқардың қабағы қатулы. Төртеуі үнсіз отырып шай ішті. Əрқайсысының басында əртүрлі қиял. Өлі тыныштықты бұзуға ешкімнің батылы жетпеді.
- * Қарабай əлдене алу үшін базарға барған. Кенет газды су сататын жерде бір-екі адамды қалпақтай ұшыруға шамасы жететін, еңгезердей бір жігітті жолықтырды. Қазандай үлкен басына қарап, баяғы балалар үйінде əркімнен таяқ жеп жүретін Жүсіпті жазбай таныды. Ол да ұмытпаған екен. Көзі түскен бойда алпамсадай денесімен қорбаңдап келіп, қапсыра құшақтай алды. – Қарабай аға, өзің бе бұл? Аман-есен келдің бе? Сөзінің рəмəуізіне қарағанда мұның қамалып кеткенінен хабары бар. Сондықтан, Қарабай əңгіменің төтесіне көше салды. – Көп емес, бес жыл «демалып» қайттым. Өзің қалайсың? Не жұмыс істеп жүрсің? – Əй, – деп қолын сілтеді Жүсіп. – Мен айтпайын, сен сұрама. Құрылыстың оқуында оқып жүрген ем. Болмады. біреуді түртіп жіберіп, басым бəлеге қалды. Оқудан қуылған соң мына базардан несібемді теріп жеп жүрмін, – деп ол екі саусағымен қайшыны меңзегендей болды. – Қайда тұрып жатсың? – Кез келген жерде. Жүсіптің ишарасынан қалта кесетін ұры екенін ұққан Қарабайдың көзі күлімдеп шыға келді. Ол іздеп жүрген адамын тапқан еді. – Бұл жүрісің болмайды, інім. Үйге жүр, ақылдасып көрейік. Ол келіскен сыңай танытып, үнсіз бас изеді. Екеуі үйге келген соң Қарабай дереу тоңазытқышта тұрған арақтан бір шынысын алып, кеселерді толтыра құйды. Жүсіп ішімдікке кетəрі емес екен. Мұндай отырыстың талайын көрген болса керек. Қонақтың жолы үлкен екенін біледі. Көп күттірмей тілек айтуға көшті: – Аға, ер жігіттің баратын жеріне аман-сау барып қайтуыңмен шын жүректен құттықтаймын. «Алдыңнан аққан судың қадірі жоқ» демекші, сенің қадіріңді жоқ кезіңде білдік. Біз сияқты пақырлар үшін көз алдымызда көлеңдеп жүруіңнің өзі бақыт! Алғашқы кесені сенің денсаулығың үшін алып қоялық. Отырыс ұзаққа созылды. Үш шөлмек босады. Жүсіп едəуір масайып қалды. Көп ішіп жүргендіктен бе, Қарабайға
арақ өз күшін көрсете қоймады. Жүсіпті көз қырымен бақылап, біраз ойланып отырды. Неге шамасы жететінін байқаған болса керек, шешімге келді: – Бағана базардан несібемді тауып жеп жүрмін деп едің. Естіген болсаң, «жалғыз аттың шаңы шықпас» деген сөз бар. Саяқ жүрсең, таяқ жейсің. Тиын-тебеннен кім байыған? Айтайын дегенім, менің тобыма қосыл. Өзіңе ұқсаған су келсе сіміріп, тас келсе, кеміретін жігіттер бар, – деп қошеметтеп қойды оны Қарабай. – Саудагерлерден, кəсіпкерлерден салық жинаймыз. Бүкіл қала біздің бақылауымызда. Келіссең, өзіме көмекші етіп аламын. Барлық жігіттерді өзің басқарып отырасың. – Сенің сөзің біз үшін заң! – деп Жүсіп теңселіп орнынан тұрды. – Өзім де сенен осыны күтіп едім. Əкел қолды! Нəмəрттік қылғанға тек бір ғана жаза бар. Өлім жазасы! Қарабай Жүсіпті айтқанына көндіргеніне қуанғанымен, көңіліне күдік кірді: «Оңай келісе кететін адамдардың табанының бүрі болмайды. Тар жерде сатып кетуі де оңай болады. Оның үстіне бұл қарнының тойғанынан басқаны ойламайтын қаңғыбас кісəпір. Үлкен істерді қолға алғанда орға жығып кетпес пе екен?.. Мейлі, көре жатармыз. Жақсы болса асын жейді, жаман болса... Ең маңыздысы, өгіздей күші бар. Барар жері жоқ. Қорғаушым боп, қауіпсіздігіме жауап бере алады ғой». Ертеңіне кеште Қарабай қоластындағы бес-алты жігітті шақырып алып, Жүсіпті таныстырды. – Бəріміз бір қаланың адамымыз. Басқа жақтан келген ешкім жоқ. Мына жігітті сырттай болса да, танитын шығарсыңдар. Танымасаңдар таныстырайын, аты – Жүсіп. Бүгіннен бастап менің оң қолым. Менің бұйрығымды осы жігіт арқылы аласыңдар. Кім айтқанын орындамаса, менен жақсылық күтпесін. Түсінікті ме? – Түсінікті, түсінікті! – Онда екінші мəселеге өтеміз. Соңғы кезде қаламызға өзге өңірлерден келетін саудагерлер көбейіп кетті. Солардан салықты көбірек өндіріңдер. Тиісті ақшаларыңды аласыңдар. Кім құлаққа теппекші болса, соңы жаман болады...
- Мөлдір баласымен Мырзаның үйінде тұрып жатыр. Отау тіккендеріне бірнеше жыл болса да, Мырза мен Нəзираның əлі баласы жоқ. Олар Асқарды өз баласындай көреді. Асқар да оларды жатырқамайды. «Бұлар неткен бақытты, – деп өзінше ойлайды Мөлдір. – Жанжалдың не екенін білмейді. Бір-біріне өте мейірімді. Мен неге бақытсызбын? Тағдырдың бауыры тастан шығар. Ол менің мейірімсіз əке-шешеме ұқсайды екен. Менің көз жасым тағдырдың тас бауырын еріте алмады. Махаббат адамға бақыт сыйлайды деуші еді. Қайда сол мен аңсаған бақыт?! Қарабайды шын жүректен сүйіп едім. Сезімімді аяқасты етті. Жүрегімде аяқ ізі бар. Енді не істеймін? Жаңадан тұрмыс құрсам ба екен? Жоқ, жоқ! Өз əкесінен көрмеген шапағатты балам кімнен күтеді. Баламның бақыты үшін ғана өмір сүруге тиіспін. Бізге де күліп қарар күн туар». – Апа, мен ержеткен соң əкемді өлтіремін, – деп алдында отырған Асқар оның ойын бөліп жіберді. – Сені ренжіткенін ешқашан кешірмеймін. – Балам, олай деме, – деп селк ете қалды Мөлдір. – Əке туралы бұлай айтуға болмайды. Тамырыңда оның қаны ағып тұр. – Мен оны бəрібір өлтіремін! Мөлдір ештеңе дей алмай қалды. Баласының жүрегінде əкесіне деген ашу-ызаның ұлғайып келе жатқанын сезді... Қарабай үйде іші пысқандықтан не істерін білмей, теледидар көріп отырған. Көшеге шығып кеткен Жүсіп ертегідегі арудай көрген жанды есінен тандыратын бір қызбен кіріп келді. – Аға, мына қызды саған сыйлағалы тұрмын. Жеңешемді сағынып жүрген болсаң, құмарыңды бір тарқатасың. Бұл үш күндік дүние: кеше, бүгін, ертең. Еншімізде екі-ақ күні қалды. Сондықтан, дер кезінде ойнап-күлгенге не жетсін! – Өзің ақылды жігіт екенсің. Адамның көкейінде не барын түсінесің, – деп Қарабай Жүсіптің жауырынынан қағып қойды да, қызды құшақтап өзінің бөлмесіне алып кетті...
- – Аға, бір жағымсыз сөз айтсам, ренжімейсің бе? – деді бір күні Жүсіп Қарабайға. – Сенің абыройың менің де абыройым. Арыңа дақ түссе, жер басып жүре алмаспын. – Ащы болса да, ақиқат жақсы. Айт! Жүсіп суық демін алды. – Жеңешем туралы сөздер көбейіп кетті. Нəзирадан баласы болмағасын, оны Мырза екінші əйел етіп алып қойыптымыс... – Не дейсің? – Отырған орнынан секіріп тұрды Қарабай. Қаны миына шапшып, жұдырығын түйді. – Мен су ішкен дарияға тұмсығын тыққанды аман қоймаспын! Бір амалын қарастырамын. Сен демала бер. Жүсіп үндемей шығып кетті. Ол баяғы базарда кездескеннен бастап Қарабайдың үйіне келіп, кіреберістегі бөлмеде жасайтын еді. «Еһ, Мырза, Мырза, жыланның майын жалаған алаяқ екенсің! – Темекіні жеп қоярдай тартты Қарабай. – Кім білсін, ол мен түрмеде кезде де Мөлдірмен болған шығар. Ана жолы қатынымның тарапын алып сөйлеуі жаман еді. Жүзімнің суындай əдемі қатын бес жыл байсыздыққа шыдап, тыныш жүрді дейсің бе? Неге бұрын осы ой миыма келмеген? Əлде жай қауесет пе екен? Самал болмаса, ағаштың басы қимылдамайды ғой. Қызылды көрсе, Қыдыр да жолдан шығады. Мырза да еркек қой, етегіне намаз оқып жүрмеген шығар. Демек, ол өлуі тиіс. Күнəсін өлімімен ғана жуа алады...». – Біз моншаға түсіп келеміз. Асқарға қарап отыршы, – деп Нəзира күйеуінен өтінді. – Жарайды. Бара беріңдер. Нəзира мен Мөлдір кетті. Мырза Асқарды жанына шақырып алып, альбом көрсете бастады. Екінші альбомды ашқанда алғашқы бетке қыстырылған суретті көрсетіп, былай деді: – Міне, мынау менің жас кезімдегі суретім. Мынау Нəзира. Мынау мамаң Мөлдір. Таныдың ба? Ал, мынау əкең...
– Əкемді жек көрем. Көргім келмейді оның суретін, – деп Асқар мамасы екеуі жататын бөлмеге жүгіріп кетті. – Асқар, тоқта, ренжіме, – деп Мырза оның ізінен бара жатқанда Қарабай мен Жүсіп ашық қалған есіктен кіріп келді. – Кештетіп жүрсіңдер ғой, амандық па? – деп сұраулы жүзбен қарады Мырза. Сəлемдесіп болып, стол үстіндегі дастарханды жаю үшін артына айналғанда, Жүсіп иығынан қақты. Ол «Не дейсің?» деп бұрыла бергенде кеудесіне пышақ қадалды. Қарабай Жүсіптен қалғысы келмегендей, оның кеудесінің сол жағына тағы бір пышақты сүңгіте салды. Мырза бақырып жіберді де, құлап түсті. Асқар оның даусын естіп, бөлмесінің есігінен сығалағанда жылдам сыртқа шығып бара жатқан екі адамға көзі түсті. Əкесін жазбай таныды. Қасындағысы бейтаныс. Сыртқы есік сарт етіп жабылғанда, бөлмесінен жүгіре шықты. Жерде жатқан Мырзаға сүрініп барып тоқтады. Мырза ағасының кеудесінен ағып жатқан қанды көріп, шыңғырып жіберді... Нəзира мен Мөлдір үйге кіріп келген кезде Мырза еденде жатыр еді. Оның кеудесіне басын қойып жылап жатқан Асқардың бет-аузын қан жуып кеткен. – Асқар, не болды? – жылап жіберді Нəзира. – Ойбай-ау, мынаусы несі? – дірілдеген даусы шықты Мөлдірдің. Асқар қалшылдап жылай берді... * Үйдің іші адамға толы. Жаназаға келгендердің көбімен көрісіп, жылай бергендіктен Нəзираның тамағы қарлығып қалған. Даусы қырылдап шыққандықтан сөйлеген сөздері түсініксіз. Оның өзі де түсініксіз жағдайда есеңгіреп отыр: «Мырзаның жан баласына зияны жоқ болатын. Оны кім өлтірді екен? Асқар да ауруханада жатыр. Бəлкім, тілге кірсе не болғанын айтып берер. Ол дүниеге келіп, не көрді? Мен не көрдім? Жетімдіктің машақаты... Махаббатымен жарым көңілімді толтырған еді. Маңдайыма сыймады. Енді тағы да сол... қасірет, қасірет, қасірет! Тағдыр қасіреттің сор топырағынан жаралған ба? Мырзасыз қалай өмір сүрмекпін?
Онсыз өмірдің керегі не маған? Жалғаншы дүниенің қапқара бетіне түкіріп, Мырзамен кеткім келеді». Ол қасында отырған əйелдерге мағынасыз бір қарады да, далаға бет алды. Əлдебір шаруамен шыққан болар деп ойлады ма, оған ешкім мəн берген жоқ. Кіреберістегі столдың үстінде тұрған пышақты алып, қойнына тықты. Сосын үйдің алдындағы анау-мынау тұратын қойманың ішіне кіріп, терезеден мына жарық дүниеге жиіркенішпен соңғы рет көз тастады да, өз жүрегінің тұсына пышақты сұқты... Тамақ пісіп жатқан тайқазанның жанында отырғандар оның жанұшыра шыққан даусын естіп, ізінен жүгіріп кірді. Біреу үйдегілерге хабар берді. Барша далаға атылып шықты. – Нəзира, Нəзираш, не істеп қойдың? – сілкіледі жүгіре жеткен Мөлдір. – Мөл...дір Ас...қар...дан сұ...ра... – Ол сөзін аяқтай алмады... Қорымда тағы бір қабір пайда болды. Бірақ, бұл қабірдің ерекшелігі, оған екі мəйіт жерленді. Мырзаны кім өлтіргені анықталмай қалды. Асқар ештеңе айта алмады. Ол сөйлей алмайтын боп қалды. – Мөлдір, сен осы үйде тұра бер, марқұмдардың шырағы сөнбесін, – десті жұрт. * Қарабай мен Жүсіп Мырзаны өлтірген соң өзге қалаға қашып кетті. Телефон арқылы өз жігіттерінен керекті хабарларды алып тұрды. Бұлардан күмəндану ешкімнің ойына да кіріп шықпапты. Өйткені, оқиға болған кезде ешкім көрмеген. Жалғыз куə Асқар болуы мүмкін. Ол да тілден қалған. Нəзираның өзіне қол салғанын естігенде сенер-сенбесін білмеді. Əйтсе де, қуаныштан төбелері көкке екі-ақ елі жетпей қалған болар. Енді марқұмдарды жоқтайтын ешкім жоқ. Құқық қорғаушылар істі жабады да тастайды. ...Жүсіптің Мөлдірді Қарабайға жамандауының себебі бар болатын. Бір күні ол көшеде келе жатып, əдемі келіншекке көзі түседі. Жалмаңдап жанына жетіп келгенде, Мөлдір екенін білді. Денсаулық сұрасқан соң ол өзінен үлкен болса да, Мөлдірге тиісе бастады. Оның ойынша, басы бос келіншекті қақпанға түсіру оңай еді.
– Қарекеңді тастап кетіпсің ғой, – деді ыржалақтап. – Əдейі «күйеуің қуып жіберіпті» деп айтпады. Олай десе, əрқандай əйелдің де ашуы келетінін біледі. – Бізге ұқсаған бойдақ жігіттердің жұмысын бітіріп, сауапқа қалмайсың ба? Мөлдір оны қалжыңдап жатқан болар деп ойлаған. Алайда, көзіндегі нəпсі ұшқынын көріп, ашу келді: «Бұл мұрынбоққа не жоқ? Көрінгеннен таяқ жеп, сүмірейіп жүруші еді. Мұрнына самал еніпті ғой!». – Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле. Сенің тəлкегіңе айналар жан мен емес. – Ойыным да, шыным да осы. Мөлдір аузына келгенін айтып, кетіп қалды. Жүсіп біразға дейін оның ізіне түсіп жүрді. Бірақ мақсатына жете алмады. Сөйтіп жүргенде ол Қарабайдың тобына қосылып, тонның ішкі бауындай араласып кетті. Əйел затына сөзі өтпеген Жүсіптің көңілінде кек қалды. Көз алдына қарғап-сілеп кеткен келіншектің келбеті келе берді. Ызаланды. Екінші жағынан, Қарабайға айтып қоя ма деп қорықты. Сондықтан, жамандап, көкесін танытайын деп ойлады. Еркек деген қызық қой, ажырасқан қатынын да қызғанады. Қарабай да бұл пендешіліктен ада емес. Ол Жүсіпке «демала бер» дегенде байыз тауып отыра алмады. Жігіттерінің біріне қоңырау соғып, Мырзаның үйінде кім бар, кім жоқтығын анықтауды тапсырды. Мырза мен Қарабайдың үйінің арақашықтығы бір шақырымдай болатын. Зауыт басшылары Мырзаға бұрын салынған, Қарабайға кейін салынған үйлерден берген. Қарабай телефоннан əйелдердің қазір ғана бір жаққа кеткенін естіді. Дереу Жүсіпті ертіп ап, Мырзаның үйіне тура кіріп келген еді. «Мен енді Мөлдірді жөніне қоя бермеймін де, қайта алмаймын да, – деп ойлады Қарабай. Бұл оның бір байламға келгені еді. – Ол Мырзаның үйінде тұра береді. Көңіл қалағанда барып тұрамын. Көнбесе, шыбын жанын көзіне көрсетемін. Бағзы заманда əйелі қиянат қылғанын сезген еркек басқа əйел алып, алғашқысын күң етіп қоятын болған. Мен де сөйтемін». Қарабай мен Жүсіп көрші қаладағы қонақүйлердің бірінде екі ай жатып, үйге қайтуға бел байлады.
- * Аурухана. Мөлдір ақ желең жамылып, Асқар жатқан палатаға кірді. Палатада Асқардың жалғыз өзі. Қасындағылар аулаға шығып кеткен. Ол апасын көріп, басын көтерді. Мөлдір жылап жіберуге шақ қалды. Өйткені, алты жасар баланың жанары тұрмыс тауқыметін көп тартқан шалдың жанарынан да мұңды көрінетін. – Балам, жағдайың жақсы ма? – Мөлдір оның жанына отырып, басынан сипады. Ол «иə» дегендей басын изеді. – Сен əлі тəуір боп кетесің, балам. Дəрігерлер жақсылап емделсе, сауығып кетеді деп жатыр. Нəзира апаң да қайтыс болды. Ақтық демін аларда сенің атыңды айтты. Бірдеңе айтпақшы болды, шамасы. Бірақ, айта алмады. Нəзира апасының өлгенін естіген баланың түріне қараған адам шошып кетер еді. Жұдырығын түйіп алған. Көзінде мейірімсіз ұшқын сəулеленіп тұр. Дұшпанға қарсы ат қойған батырдай қаһарлы. «Үйге барған соң Мырза ағамды кім өлтіргенін альбомдағы суреттен көрсетіп беремін, – деген ой келді оның басына. – Жоқ, өйтсем болмайды, – өз ойына өзі қарсы шықты. – Қашан болса да, қанішерлерді өзім өлтіруге тиіспін!». – Мен үйге қайтайын, балам. Саған тамақ əкелдім, жеп ал, аурухананың тамағы тамақ бола ма?.. Мөлдір үйіне келіп, шай ішіп отырған. Есік ашылып, рұқсат сұрамастан ішке еніп келе жатқан бір кісіні көрді. Күйеуі Қарабай екен. Орнынан тұрып, оған қарсы жүрді. – Танымай қалдың ба, Мөлдір? Мен ғой бұл. Көрші қаладан жаңа ғана келдім. Достарымыздың қайтыс болғанын естіп, үйде отыруға дəтім жетпеді. Тура келе бердім. Алдынан жарылқасын! Өмір деген осы. Біреу ерте, біреу кеш кетеді. Мырзаны өлтіріп кеткен дей ме? – Иə. Нəзира екеуміз моншаға кеткен едік. Үйге келгенде сұмдық жағдайдың үстінен түстік. Асқар қорыққанынан сөйлей алмай қалды, – кемсеңдеді ол. – Ауруханада жатыр. – Бəрінен де балаға қиын болған екен. Өздеріңмен бірге ала кетсеңдер болады ғой! Мөлдір үндемеді.
Қарабай дөрекілеу сөйлеп жібергенін аңғарып, марқұмдар жайлы кісінің жүрегін елжіретіп, жанарына жас тұндыратын сөздер айтты. Екеуі əңгімелесіп отырып шай ішті. Қарабай жаттап алған сөздерін қарша боратты: – Мөлдір, өмір деген зырлап өте шығады. Мен көп ойланып, қазіргі жүрісіме лағнет айттым. Ғашық боп қосылдық. Менің ақымақтығымның кесірінен сен сергелдеңге түстің. Баламыз да қор болды. Енді қайта табыспасақ болмас. Кешіре алсаң, кешір! Қашанда əйел көңілі бос қой. Мөлдір күлімдеп келіскен сыңай танытты. – Мен көрші қалада жұмысқа тұрдым. Он бес күн істеп, он бес күн демаламыз. Фирманың жұмысы. – Бала-шағаны асырайтын ақша берсе болды емес пе, қайда жұмыс істесең де... Ертеңіне азанда Қарабай тағы түлкібұлаңға салды: – Ал, мен кеттім, Мөлдір. Ауылдарға барып, жұмыста қалған жігіттердің беріп жіберген ақшаларын отбасына табыстаймын. Екі күнсіз қайтпайтын шығармын. Айтпақшы, кеше Асқардан хабар алдым. Ұйықтап жатқан екен. – Барсаң, бара ғой. Мөлдір өте көңілді еді. Үй сыпырып, қазан-табақты жуған соң жұмысқа жол алды: «Айдың он бесі қараңғы болса, он бесі жарық» деген дұрыс екен-ау. Күні кеше ғана тылсым кеңістікте шарықтап жүрген бақыт құсына талпынып, тіпті оның барлығына сеніп-сенбей, бар болса да менің басыма қонуына күмəнданып жүрген едім. Енді бəрі оңалатын шығар. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Айналадағылар түгел мейіріммен қарап тұрған тəрізді. Адамға көп нəрсе керек емес екен-ау! Болмашыға ренжісе, болмашы нəрсеге қуанып, жадырап сала береді. Кеше көңілсіз көрінген дүниеде бүгін өмір сүру рахат сияқты. Өмір неткен сұлу! Əсіресе, шаттық жұлдызы көңілге сəулесін шашып тұрса...
- * Қарабай негізінде алыстағы ауылдарға емес, оң жақтағы көрші қалаға кеткен болатын. Егер ол жақтағы жігіттермен мəмілеге келе алса, əрекет ететін аумақ кеңейетін еді. Жүсіп жалғыз қалды. Түннің бір уағына дейін теледидар көрді. Магнитофон тыңдаған болды. Теледидар да, магнитофон да оның көңілін қош қыла алмады. Қиялына Мөлдір сап ете қалды. Кеше түнде Қарабайдың ол жерге барғанынан бейхабар. «Үйінде жалғыз шығар. Баласы ауруханада. Бүгін қайтсем де, оны бауырыма басуым керек. – Орнынан секіріп тұрып, Мөлдірдің үйіне қарай тартты, – Бір қолға түсірсем, қалаған кезімде шаруамды тындырып жүре беремін. Дəл осындай сəтті күн келе қоймас». Ол Мөлдірдің үйінің қасына барғанда айналаға қою түн шөккен еді. Барша жұрт шырт ұйқыда. Есікті ақырын тартып көрді. Іштен ілінген екен. Терезе жаққа өтті. Терезенің көздері үлкен екен. Қалтасынан пышақ шығарып, əйнекті ұстап тұрған шегелерді түртіп-түртіп қисайта бастады. Жан-жағына көз тастап қоюды да ұмытпады. Бір кезде терезенің көзі алынды. Əйнекті ақырын жерге қойып, ішке кірді. Кірген бөлмеде ешкім жоқ екен. Есікті қиялата ашып қарады. Келесі бөлмеде шам жанып тұр. Есіктен əсте сығалап, үстіндегі көрпесі ысырылып түсіп, жамылғысыз жатқан Мөлдірді көрді. Ол əйелдің жалаңаш аппақ балтырларына, ішкөйлекті жыртып жіберердей томпайып тұрған қос анарына көзі түскенде естен танып қала жаздады. Жүсіп азғана тұрып, өзін қолға алды да, шешіне бастады. Сосын абайлап Мөлдірдің ішкиімін сыпырып алды. Ол шырт ұйқыда жатқандықтан сезбеді. Мөлдір түс көріп жатқан болатын: Қарабай оны мыжғылап жатыр, мыжғылап жатыр. Ол да Қарабайды аймалауда. Бір кезде оянып кеткенін байқамай қалды. Түс дегені өңінде болып жатқан тəрізді. Расында да оны біреу мыжғылап жатыр. «Қарабай» деп үстіндегі адамның шашын сипауға оқтала бергенде Жүсіпке көзі түсті. Құмарлық сезімі құстай ұшты да кетті. Денесі тітіркеніп, оны үстінен лақтырып жіберуге тырысты. Бірақ, ол кешіккен болатын. Қарсыласуға шамасы жетпеді...
Таңғы алтыларда Жүсіп оған ешкімге айтпауды бұйырып, шығып кетті. * Асқар көзін жұмып алып, қиял сүріп жатқан. Апасы келді. – Киімдеріңді ки, балам, үйге кетеміз. Бір-екі апта демаласың. Сосын сені облыс орталығына апарып, емдетеміз. Айтпақшы, əкең келді. Енді бізбен тұрады. Сені де, мені де ұрмайды. Асқардың түрі өзгеріп кетті: «Демек, екеуі қайта қосылған. Апам оның біреумен келіп, Мырза ағамды өлтіргенін білмейді ғой. Білмегені де жақсы. Менің оны өлтіруім оңай болады». Олар ауруханадан шығып, таксимен үйге келді. Мөлдір есікті ашып, Асқарды ішке кіргізген соң былай деді: – Мына диванда жата тұр, балам. Мен базарға барып, анау-мынау əкелейін. Газбен ойнаушы болма. Қазір əкең келеді. Есік ашық тұра берсін. Көрші қаладан үйіне келіп, сапарының сəтті болғанын жуып отырған Қарабай Жүсіпке: – Мөлдір жаққа барып, қалғанын сол жерде жалғастырамыз. Бүгін ол баланы ауруханадан шығарады. Мөлдірдің атын естігенде селк ете қалған Жүсіп «баланы да өлтіреміз бе?» деп сұрады. – Жоқ. Ол бəрібір ешкімге айта алмайды. Əшейін отырамыз. Жүсіп лажсыз Қарабайға ерді. Олар үйге кіргенде Асқар өз бөлмесінде жатқан. Ашық есіктен ағасымен біреудің келгенін көріп, өзін ұйықтағанға салды. Келген екеу Мөлдірді таппаған соң асханада отырып, əкелген арағын іше бастады. Біршама уақыт өтіп, олардың сөйлегендері естілмей қалғасын, ақырын қараған Асқар екеуінің де мас боп, қорылдап жатқанын көрді. Əкесінің қасындағы адамның сол қанішер екенін білді. Ол дыбыс шығармай барып, газдың барлық құлағын ашты. Содан соң сіріңкені қалтасына салып, есікті жауып, далаға шығып кетті. Алысқа кетпей, есік алдында едірейіп тұрды. Біраздан
соң қалтасынан сіріңкені алып, есік алдында жатқан ескі матаны тұтандырды. Оны қолына ұстап, жүгіріп кеп есікті ашты да, ішке лақтырды. Газға толып қалған асхана лап ете қалды. Қарабай өзінің жауыз досымен бірге түсінде көрген қақпаға, о дүниенің қақпасына еніп бара жатқанын сезбей қалды. Асқар сыртқа шығып, жүгіріп бара жатқан сəтте күшті жарылыс боп, үйдің шатыры опырылып түсті. Шаңтозаң аралас көк түтін бықсып тұрды да, қайта лапылдады. Көшеге көршілер өре шықты. Асқар артына бұрылып, өртеніп жатқан үйдің қирандысына қарап, сақ-сақ күлді де, шығына қашты... ӨМІР ТОҚТАП ҚАЛМАЙДЫ Мамырдың алғашқы аптасында ауыл мектебінде тарихтан сабақ беретін Сəлмен мұғалім зейнетке шықты. Мектептің көрші ауылдан келген жаңа директоры оқу жылын аяқтауға да мұрса бермеді. Кішігірім жиналыс жасап, жасанды гүл сыйлап шығарып салды. Зейнетке шыққанмен соңғы қоңырауға дейін сабақ беріп жүре берсе, үкіметтің ақшасы азайып қалмайтын еді. Жаңа директор өзі де түбінде қартаятынын ойламайтын болуы керек, он бес күндік жалақыға байып кететіндей мұның сабағын оқытатынын айтты. Қоштасар сəтте ренжігенін білдіргісі келмеді. Өмір деген көзді ашып-жұмғанша зырлап өте шығады екен. Институтты бітіріп, өзі оқыған мектепке сабақ беруге келгені кеше ғана сияқты еді, содан бері қырық жылға жуық уақыттың артта қап кеткенін байқамай да қапты. Оқушылардың шуынан құлағы тұнғанда «Зейнетке шығып, миым тынығатын күн болар ма екен?» деп армандаған кездері де болған. Дегенмен, балаларға əбден бауыр басып қалған екен, мектептен шығып бара жатып, артына бұрылып қарағанда жанарынан жас ыршып кетті... Зейнетке шыққанымен құттықтап келген жақын-жуық, көрші-қолаң екі күн қатарынан кеп, түн ауғанша отырыстың көрігін қыздырды. Үшінші күні таңертең əдеттегіше əтеш шақыра бастаған кезде тұрып ап, пысылдап ұйықтап жатқан кемпірінің бүйірінен түртіп, «тұрмайсың ба?» деді. «Əй, шал, таң атпай дірдектеп қайда барасың? Енді баратын жұмысың
жоқ, жатсаңшы», деп баж етті тəтті ұйқысы бұзылғанына ашуланған кемпірі. Сол кезде өзін ешкімге қажетсіз адамдай сезініп кетті де, сүйретіліп далаға шықты. Дəрет сындырып, жуынған соң тасқараңғыда не істерін білмей үйге кіріп теледидарды қосты. Келін, баласы, немерелері оянып кетпесін деп, бөлме есігін тас қып жауып ап, теледидардың дыбысын бəсеңдетіп қойды. Əр арнаға ауыстырып көрді, қызығып көретін ештеңе таба алмады. Уақыт өлтіру үшін үңіліп отырғаны болмаса, тамашалап отырғаны да шамалы. Əлден-ақ оқушылардың шуын сағына бастады. «Е-е, ол да бір қызығы мол дəурен екен ғой, – деп ойлады мұғалімдік кездерін есіне ап. – Базарлы шақтың бағасын білмей зейнетке шығуға асыққан кездерім де болған еді-ау! Жұмақтың төрінде зəм-зəмнің суына бет жуып, құрма ағашының түбінде құс жастыққа жантайып жататындай көрініп еді. Япырмай, жұмақ та жалықтырады екен ғой, үш күн өтпей жатып дегбірім қаша бастады-ау! Ауыл шалдары той-мерекеден қалмаушы еді, қартайғанда тамақ аңдып, əр үйге сүмеңдегенше үйінде отырса болмай ма екен деп ойлаушы ем, зеріккеннен жұртпен дидарласуға асығады екен ғой! Өмірдің көбі кетіп, азы қалды. Мына жағында не қызық бар дейсің? Қар шайнап, мұз түкіріп тұрсақ, үкімет қолдан шығарар ма еді, жұмысқа жарамсыз болғасын зейнетке шығарып тұрған жоқ па? Енді аула ішінде қыбырлап жүріп, арғы дүниеге аттанып кеткенімізді білмей де қаламыз-ау!» – деп ойлап, мұңға батып отырғанда: – Ата, шайға келіңіз, – деді бірінші сыныпта оқитын немересі есіктен қарап. Жайлап тұрып, ас бөлмеге барып төрдегі орынға жайғасты. Кемпірі кішкене немересін өбектеп сүт ішкізіп отыр. Баласы өздерінің ақбас сиырының сары майын нанға жағып қылғыта асап, сүт қосылған шайды сіміріп, аузы босағанда ауа райынан, тіпті саясаттан əңгіме қозғап қояды. Қарапайым мал дəрігерінің білгіштігін көрсетіп, əлемнің тұтқасын ұстап отырғандай сөйлеуі ерсі көрінді. Шай құйып отырған келіні мектепке баратын ұл мен қызының алдына əдемі кəмпиттер мен печеньелерді ысырып əлек. Бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Тамағынан шай өтпеді. Жанұядағы қалыпты жағдайды алғаш рет көріп тұрғандай. Төрде қалқиып отырғанымен, бұл үйде мүлде артықша сияқты. Ұзақ отыра
алмай елден бұрын алақанымен бетін сипап сыртқа шығып кетті. Қорадағы қызыл ала сиырға, төрт-бес қойға шөп тастады. Сосын қораны тазалаған болды. Мұрнынан шаншылып істейтін жұмыстың өзі жоқ. Кемпірі мен келіні қораны күнде тазалап тұрғандығы көрініп тұр. Ауладағы алақандай жерге қияр, қызанақ, жуа, картошка, сəбіз егілген. Бау-бақшаның тірлігі баласынан артпайды. Жұмыстан келген соң ермегі осы. Не істерін білмей үй алдындағы арықтың ағаш көпірінен өтті де, облыс орталығына баратын үлкен тас жолдың жағасына шығып мектепке бара жатқан оқушыларды көз ұшымен шығарып сап тұрды. Жұмыс-жұмыс деп жүре берген екен, той-мерекеде болмаса, былайғы кезде құрдастарымен жөнді араласпапты да. Дəл қазір əңгімелесіп шер тарқатар шалдың өзі жоқ. Енді мектепте жаңа барған балаша дос арттырмақ керек. Бірақ, қалайша? – Ассалаумағалейкүм, – деген дауысқа ойы бөлініп, оң жағына бұрылғанда қол ұсынған қырық жастар шамасындағы кісіні көрді. – Уағалейкүмассалам, – деп оның созған қолын қыса амандасты. – Көрші ауылдағы Əкімбай ұстаның баласы емессің бе? Бала-шағаң аман ба? Шаруаң нешік? – Иə, Əкімбайдың үлкен ұлы Төлегенмін ғой. Нағашым Рамазан көршіңіздің баласымен бірге Кендірлідегі Қайпан қисықтың құдығын қазған ек, ақысын бөлшектеп беріп күйдірді. Кеше азын-аулақ ақша ап, нағашымның баласына əкеле жатырмын. – Ондай да өнерің бар ма еді, əкең үй соғушы еді ғой? – Қазір жұмыс таңдайтын заман ба, табылғанын істей береміз де. – Оның дұрыс екен. Рамазанның баласы да құдық қаза ма сонда? – Көмектесіп жүр. Төлеген төрт үй əріде тұратын Рамазанның үйіне қарай кеткен соң Сəлменнің шекесі тырысты: «Бұл адамдар да қызық, біреудің еңбекақысын уақытында бермеді деген не сұмдық? Ақшасы жоқ болса бір сəрі, Қайпан қисық деген шіріген бай ғой. Баяғыда үш мың қойы бар болатын. Негізі,
дүниенің соңына жалаңаяқтанып түскен адамның пейілі тар болады-ау. Құдық деген жанның рахаты емес пе, жазда суы – салқын, қыста – жылы. Сол болмағасын қырық жылдан бері үш көше əрідегі Құлымбеттің құдығынан су тасып ішіп отырмыз ғой. Жазда қиындығы біліне қоймағанымен, қыста көкмұзға тайып құлап жатқандар қаншама?». Қайпан қисықты іштей сыбап қойған соң құдық жайлы ой қиялынан кетпей, айналасына зер салып қарады. Қалай байқамаған, мына жер нағыз құдық қазатын жер екен ғой. Облыс орталығына баратын үлкен тас жол мен үйінің арасында арық ағып жатыр. Арық бойында талдар жайқалып тұр. Бұрын елдің бəрі осы арықтан су ішетін. Арық суы ластанып кеткен соң шелегін алып Құлымбеттің құдығына жүгіретін болған. Құдық қазу ешкімнің қиялына келмеген ғой. Арық пен жол ортасындағы ашық алаңға көлігін қойып, жолаушылар да бірер сəт дамылдап өтеді. Жолдың арғы бетіндегі Құлымбеттің құдығына қарай сабылған жұрттың бəрі түгел келеді. Күніне қанша адамды көресің. Ана талдың түбінде шалдар жиылып, əңгіме-дүкен құрып, ханқамау ойнаса да болады. Егер Төлегенге ақшасын беріп, құдық қаздырып алса, қалайда ұтылмасы хақ. Əрі сауапқа қалады, əрі зерігуден құтылады. Сəлмен дегбірсізденіп бір орында тұра алмай қалды. Əрібері жүріп Рамазанның үйі жаққа қараумен болды. Төлеген тезірек шықса, жолығып ойын айтпақ. Көршісінің үйіне жетіп барғысы да келді, бірақ азанмен тынышын бұзудан қысылды. Қора маңында күймеленіп жүрген кемпірін шақырып ап, Əкімбай ұстаның баласымен келісе алса, құдық қаздыратынын айтты. Бір өмір иінағаш көтеріп желкесі жауыр болған емес пе, келіні мен немерелерінің мұндай азаптан құтылатынын ойлап кемпірі қуанып кетті. – Өзің білесің ғой, шал, – деді кемпірі. – Ішуге жарамды су шықса тəуір болар еді. – Бұйыртса, шығып қалар, – деді Сəлмен. – Біздің жердің Құлымбеттің жерінен кемістігі жоқ шығар. Түске жақын Төлегеннің қарасы көрінгенде Сəлмен тал астындағы қою көлеңкеден шығып, құдық қаздырамын деген жеріне барып тұрды.
– Інім, сенде бір шаруам бар еді, – деді Төлеген қарсы алдынан өтіп бара жатқанда. – Айтыңыз, – деді Төлеген кідіріп. – Мына жерден құдық қаздырсақ, су шыға ма екен? – Он-он бес метрлерден шығып қалады. Бірақ, тереңдеу қазып, айналасына тас қалау керек. Əйтпесе, ана арықтың суы араласып кетеді. – Тұщы су шықса жақсы болар еді. – Бұл өңірдің жерінде сор жоқ, топырағы құнарлы емес пе, тəуекел етіп көру керек. Содан екеуі ақысына келісті. Төлеген деген ұяты бар жігіт екен, екі қойдың-ақ ақшасын сұрады. Таңертең Рамазанның ұлы Таңатармен қазуды бастайтынын айтты. Құдық қазушылар келген кезде Сəлмен белгіленген орынды айнадай жарқыратып тазалап қойған еді. Асай-мүсейін түгел əкелген Төлеген мен Таңатар жұмысты бастап жіберді. Үш күннен соң қазылған жерден бұлбұлдың көзінен аққан жастай сызып су шыға бастады. Сəлменнің қуанғаннан төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Бір аптаның ішінде құдық қазылып бітті. Біреу-міреу түсіп кетпесін деп аузына көліктің екі-үш баллонын қатарластырып қойды. Тазарсын деп жүздеген шелек су тартып ап төгіп тастады. Мөп-мөлдір тұщы су бал татиды. Сəлмен алғашқы күні қарттығын ұмытып, суға келгендердің шелегін тартып беріп, жас балаша ебелектеп кеткенін өзі де байқамай қалды. Үлкен тас жолдың құбыла жағындағы бір қауым елдің тең жартысы суға қарық болды. Екі күн сөйтіп жүргесін талдың астына көрпеше төсеп, құс жастыққа жантая жатып қарайтын болды. Үшінші күні үлкен кісілер де келіп алғысын жаудыра бастады. Əрнені əңгімелесіп жұмыссыз екенін ұмытып та кетті. Кемпіріне шай алдырып, шалдармен апақ-шапақ бола қалады. Іші пысып, бас қосатын жердің ретін таппай жүрген шалдарға да жақсы болды. Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір келгенде бірінің жиен, бірінің нағашы екенін ескеріп, үйге кіруін өтінді. «Мына талдың астында отырайық, беретініңді осында əкеле бер» десті олар. Үйге барып қонақ келгенін айтқан соң, кемпірі дастархан əкеп жайды. Бір шəйнек сүт қосылған қара шəй
əкелді. Келіні ет асып жіберді. Үшеуі əңгіменің тиегін ағытып отырғанда ақ есек мінген шынашақтай шал келді. Сəлмен бұл кісінің қырда қойшы боп, ауылға жақында ғана көшіп келген, аз уақыттың ішінде Самарбай суқит атанып үлгерген кісі екенін аңғарды. Ол жайлы қызық əңгімелерді естігенімен, өзін əлі көрмеген болатын. Сəлмен алдынан шығып, амандасты. Шал түскен соң мəстек аттан гөрі биіктеу ақ есекті əрменіректегі электр бағанына байлаған соң күншуақта жылып тұрған шелектен алып, қонақтың қолына су құйды. Өзі де жуынды. Қонақ дастархан басында отырған екі шалмен амандасып төрге озды. – Сəлменжан, өзіңді танымасам да сыртыңнан естіп жүрмін. Мен – Құмбел жақтан таяуда көшіп келген Самарбай деген ағаңмын. – Ел үстіне ел келсе – дəулет, – деді Сəлмен. – Қоныс жайлы болсын! – Құдық қаздырғаның мақтауға тұрарлық іс бопты. Екі адамның басы қосылса осы құдық жайлы əңгімелеседі. Танысып-білісейін деп мен де келе бердім. – Дұрыс жасапсыз. Сəлменнің кемпірі бір шара сорпа əкеп, кеселерге құя бастады. Артынша келіні буы бұрқырап тұрған тамақты əкеп ортаға қойды. Ас табақта қамыр аз екен, нағашы-жиендер келді дегесін етті үйіп салыпты. Сəлмен етті турауға қамданып, үш шалдың алдына стақан қойған кезде Құлмахан қу көзі жылтың-жылтың етіп Самарбай суқитқа қарады: – Самеке, біздің Сəлмен өмір бойы мектепте мұғалім боп миы ашып жүрген жан ғой, зейнетке шыққанына көп бола қойған жоқ. Үнемі теледидар көріп, радио тыңдап шалдардың сөзінен мақұрым қалған. Бұл ертең біздер өтіп кеткен соң өзінен кейінгілерге теледидар мен радионың сөзін айтып масқара боп жүрмесін. Бірдеңе деп отырсаңшы. – Сөйт, сөйт, – деді Бəйкен бүкір жіліктің етін асап жатып. – Онда мен осы ақ есегімнің қалай туғанынан бастап айтып берейін, – деді Самарбай Құлмахан қу мен Бəйкен бүкірдің Сəлменге көз қысқанын байқамай. – Бұрын ақ ұрға-
шы есегім бар болатын. Ана Құмбелдің маңында қой бағып жүрген кезім. Сол есегім бір күні күйге келіп, жібін үзді де, жұп іздеп қашып кетті. Жылқыға бергісіз жануар еді, айырылып қалдым-ау деп қамықтым. Жоқ, талай жыл жем жеген жерін қиып кете алмады білем, ертеңіне кеште өзі қайтып келді. Кеше бір орында тұра алмай тыпыршып тұрған есегімнің жуасып қалғанына қарағанда, əй... іздегенін тапты-ау дедім. Самарбайдың нені астарлап тұрғанын түсінген шалдар ду күлді. – Содан мына есегім қартайып қалды, бір қодық туып берсе жақсы болар еді деп күн санап жүрдім, – деді Самарбай шалдардың күлгеніне мəн бермей сөзін жалғастырып. – Үш жүз алпыс күн өтті, есегімнің қарны қампайып жүргенімен, қодық туа қоймады. Үш жүз жетпіс, үш жүз сексен күн өтті, есек əлі туар емес. Үш жүз тоқсан күн дегенде жануарды толғақ қысты. Қиналып біраз жатты. Əбден қартайған емес пе, тууға шамасы жетпей жаны шығып бара жатқанын байқап қалдым. Содан ашуым қеліп есектің қарнын бəкімен тіліп жібердім. Сонымды дұрыс істеген екенмін. Есектің қарны лақ етіп ақтарыла кетті. Шарананың ішінде қодық тулап жатты. Енді не істерімді білмей абыржып тұрғанымда, қодық шарананы тепкілеп жарып шықты да қарны жайрап жатқан енесін емуге əрекеттенді. Аяп кетіп үйге жүгіре жөнелдім. Бір шелек сүт алып шығып алдына қойып ем, сылқылдата сіміріп, пыр-пыр етіп сілкініп шыға келді. Қодықты қораға қамап, күнде бір-екі шелек сүт беріп тұрған соң тез өсе бастады. Алты ай дегенде мініске жарады. Əдетте қодық деген екі жастан асып үш жасқа қараған шағында жүк көтеруге жарайтын сияқты еді. Бұл бір ерекше қодық боп шықты, бір жасында-ақ атан түйенің жүгін көтеретін болды. – Тап сол жері томпақтау емес пе? – деді Сəлмен. Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір тамақты қомағайлана асап отыр. – Ой, сен таңғажайып дегенді білмейді екенсің ғой, – деді Самарбай жақтырмай қарап. – Қызығы əлі алда. Баяғыда Бөршітаудың баурайындағы Жəутік шопан той берді. Сол тойдағы көкпарда серкенің орнына тайлақ тартылды. Өзін көкпаршы санап жүргеннің талайы тайлақты көтере алмай
масқара болды. Бірен-саран мықтысы көтергенімен, аты жатып қалды. Елудің о жақ-бұ жағындағы қайратым тасып тұрған кезім емес пе, ызаланып ақ есегіммен алаңға қойып кеттім. Қаумаласқан аттылы көкпаршылардың ортасынан қақ жарып шығып, еңкейе бере тайлақты көтердім. Өңкиген пəле тақымға басуға келмейді екен. Алдыма өңгеріп ап, шауып барып, тоғашының аяғының астына лақтыра салдым. – Шамасы, ол кезде алысқанда Алпамысты алып ұратын дəу болғансыз-ау, – деп езу тартты Сəлмен Самарбайдың шынашақтай түріне қарап. – Əрине, – деді Самарбай беті бүлк етпестен. – Жастық шақта қандай болғанымды мына Құлмахан мен Бəйкен біледі ғой. Үшеуміз бір ауылда өскенбіз. – Самекең деген жігіттің төресі еді ғой. – Адам деген жасы келген соң шөгіп қалады екен, – деді тамақтың жартысын жеп қойған екеуі көздері күлімдеп. – Сол жылы күзде есектің қыстық шөбін ауырсынып, ертоқымын сыпырып ап тоғайға қоя беру үшін жайдақ мініп бара жатыр ем, қарбыз жинап жүрген Сəлімбай деген тамырымды кездестірдім. Жазда үйге келгенінде құнан қой сойып бергенім бар. Егін алқабында жолығып, үйіне шақыра алмағанына ұялды білем, он шақты қарбыз берді. Қайтарда ап кетермін деп қапқа салдым да, үлкен біреуін есектің үстінде кетіп бара жатып кесіп жедім. Есекті Жиделітоғайға қоя берген соң жаяулап қайттым. Жолай Сəлімбайдың берген бір қап қарбызын арқалап алдым. Сол жылы көктем ерте келді. Бірақ, жаңбырлы болды. Айналаны алқызыл гүлдер қаптап кеткен кезде есегім қайтып келді. Сауырына бірдеңе жабысып тұрған сияқты. Жанына барып қарасам, үстіндегі қарбыздың пəлегі. Есекті қоя берерде қарбыз жегенім есіме түсіп кетті. Сонда бір тұқым түсіп, қысымен шаң басқан есектің үстіне өсіп шыққан екен. Жұлып тастауға көзім қимады. Бір айдан соң домаланған қарбызды үзіп алып жедім. – Құрттыңыз ғой, – деді Сəлмен, – сондай да бола ма екен? – Болмағанда ше? Есек жерге аунағанда жүнінің арасына топырақ жабысып қалады. Тұқым сол жерге түскендіктен жаңбыр-қардың суынан нəр алып өніп шыққан ғой. – Самекең айтса, дұрыс, – деді Құлмахан қу.
– Əрине, – деп қостап қойды Бəйкен бүкір. Тамақ таусылып, екеуі сорпа іше бастаған еді. – Əлемде таңғажайып бола береді екен, – деді Самарбай. – Сен менің бүркітім жайлы да білмейтін шығарсың. Сəлмен «Жоқ» дегендей басын шайқады. – Онда тыңда. Ақ есекпен біраз жерді аралап, саятшылық құрғам. Жиделітоғайдың қоян, қырғауылына қырғидай тигем. Қасқыр да атқам. Бір күні ақ есекті төменге тастап, таудың ең биік шыңына шығып кеттім. Бүркіттің балапанын ұстағым келді. Содан ұяда жатқан бүркітті көзім шалып, мылтықтың шүріппесін бастым. Тигізе алмадым. Ана бүркіт ұшып кетті. Ұясына жетіп барсам екі жұмыртқа тұрған екен. Қалтама салып алдым. Бірақ есегімнің қасына келгесін ойланып қалдым. Қыстың күні болғандықтан күрік болған тауық та жоқ. Бұл жұмыртқаны қайтем. Есегіме қарғып мінген кезде бір ой келді. Үстімде қалың тон бар. Оның ішінен де қабат-қабат киім кигем. Жұмыртқаларды қолтығымның астына қыстырып, үйге барғанша шайқап бара бердім. Үйге жеткен соң, жылы қораға байлайын деп есектен түскен кезімде қолтығым жыбырлағандай болды. Оң қолымды сол қолтыққа тығып кеп жібердім. Алып қарасам, бүркіттің балапаны! Жұмыртқаны жарып шыққан екен. Үстінің суы əлі кеппеген. Сол қолымды оң қолтыққа тығып кеп жібердім. Одан да сондай балапан шықты. – Инкубатор екенсіз ғой, – деп ішек-сілесі қата күлді Сəлмен. – Одан да тауықтың жұмыртқасын салмайсыз ба қолтығыңызға? Күніге екі жұмыртқадан бір жылда жеті жүз отыз шөже шығарар едіңіз. Оның тең жартысы жұмыртқаласа, ауылдағыларға сатып, өзіңізге тамақ, есегіңізге жем-шөп алар едіңіз. Құлмахан қу мен Бəйкен бүкірдің езуінде мысқыл ойнады. Самарбайдың қымсынатын түрі жоқ. Өз сөзін дəлелдеуден жалығар емес. – Бүркіттің қос балапанынан да зиян шекпедім. Өскен соң аң-құсқа салып, олжаға кенелгем. – Əй, келін, – деп үйге қарай айқайлады Құлмахан қу. – Табақты ал. Самекең бата жасасын. – Жол Самекеңдікі ғой, – деді Бəйкен бүкір. – Қонақ деген аты бар.
Сəлмен мына екеуінің Самарбайға тамақ жегізбегеніне ұялып, жерге қарады. Дереу жетіп келген келін Самарбай ұсынған табақты алып, иіліп сəлем салды. Самарбай таңдайының суын құлт-құлт жұтып бата жасаған соң ақ есегіне мініп, үйіне кетті. – Ойпырмай, мынадай да адам болады екен-ау, – деді Сəлмен. – Көзіңе қарап өтірікті судай сапырып отырғанда бетінің арам түгі қимылдайын демейді ғой. Құлмахан қу қарқылдап ұзақ күлді. – Бұл Самарбай бала күнінде де сау сиырдың жапасы емес еді. Ертеректе Бөршітаудың етегінде бірге өскенбіз. Содан ол мына біздің Қоңыраткөлге көшіп келгенше айдалада жалғыз үй отырып қой баққандықтан əбден қияли боп кеткен ғой. Дегенмен, ақкөңіл адам. – Самарбай өтірікті құдай үшін айтады, – деді Бəйкен бүкір. – Жұрт сияқты біреуді біреуге шағыстырмайды. Осындай зерігіп отырғанда көңіл көтеруге жарайды. – Тамақтан құрауыз қалдырғандарың ұят болды, – деді Сəлмен. – Жазалағанымыз ғой, – деді Құлмахан қу. – Қонаққа барғанда бір-екі мəрте аш қалса, көпіргенін қояр... Сəлмен кешке дейін езуін жия алмады. «Елмен жақсы араласам деп жүріп жын қаққандардың арасында қалар түрім бар ғой, – деп ойлады. – Ауыл шалдарын дəл осындай берекесіз деп ойламаппын. Бүйте берсе, көп өтпей өзім де əпендіге айналып кетермін». Ертеңіне Жəдігер, Ерназар, Жетпісбай сияқты салиқалы шалдар келді. Ата-бабалардың шежіресін түгелдеп, ұмытылып бара жатқан салт-дəстүрлер жайлы əңгімелесті. Олар айтқан ертедегі би, шешендердің ұлағатты сөздерін бейжай тыңдау мүмкін еместей көрінді Сəлменге. Жақсы адамдар жоғалып кетпегендігін ойлап көңілі жайланды. Бір-екі жаманға бола көпке топырақ шашуға болмайды екен. Бірте-бірте құдық басындағы талдың түбі ауыл шалдарының кешкілік демалатын жеріне айналып бара жатты. Сəлмен əлдебір ойды көкейіне түйіп қойды. Базар күні кешке жиырма шақты шал жиналды. Ішінде əлі зейнетке шыға қоймаған, қаладағы кірпіш зауытта ди-
ректор боп істейтін Көмекбай да бар. Ол екі-үш күннен бері келіп, шалдардың əңгімесін тыңдап жүр. Бір шетте Жəдігер, Ерназар, Жетпісбайлар Əйтеке бидің нақыл сөздерін айтса, тағы бір шетте Самарбай суқит ақ есек жайлы əңгімесімен төрт-бес шалды аузына қаратқан. Құлмахан қу мен Бəйкен бүкір ханқамаудың қызығына түсіп кеткен. – Бүгін базардағы баға маңайлатар емес, – деді Назар соқыр сау көзін ашып-жұмып. – Бір тана алсам ба деп барып ем, құрқол қайттым. – Мен он марқа қозы апарып саттым, – деді Құдайберген. – Əрқайсысы бір қойдың ақшасына кетті. – Менің бағып отырған төрт бұқам бар еді, бүгін базарға апарсам болады екен ғой. – Менде бір үйір жылқы бар. Күзде сатам деп отырмын. Оған дейін тағы баға көтерілетін шығар. – Түйе бағу қиындап кетті. Деңгене жасаймын. Жілікті тұтас алатындарың тізімге жазылыңдар. – Марқұм Дəрмен шалдың қаладағы дəрігер баласы əйелін тастап, басқа біреумен əуейі боп жүрген көрінеді. Естідіңдер ме? – Кендірлідегі Қайпан қисық бүгін базардан машина сатып алған екен, үйіне келе жатқанда апатқа ұшырапты. – Бабақұлдың қалада оқитын қызы екіқабат боп қалған дей ме?... Сəлмен кейбір шалдардың əңгімесі сұйылып бара жатқанын байқап, тамағын қырнады. Барша жалт қарады. – Ақсақалдар, ойласатын бір шаруа шығып тұр, – деді мектепте оқушыларға дəріс беріп тұрғандай даусы саңқылдап. – Айт, ендеше. – Көптің талқысына салуыңа қарағанда маңызды мəселе болды ғой. – Бəріміздің жиі-жиі бас қосып тұрғанымыз ғанибет қой. Бірақ, кейбіріміздің өсек соққанымыз оғаштау көрінетін сияқты. Жастар бізден қандай өнеге алады? – деп жан-жағына қарап алды да, сөзін жалғастырды. – Ана тас жолдың арғы жағында қаншама жер бос жатыр. Неге сол жерге мешіт салмаймыз? Ақіретті ойлайтын жасқа жеттік емес пе?
– Əй, бұл сөзің дұрыс екен, – деп Жəдігер басын шұлғыды. – Негізінде, оқымысты адамнан осындай жүйелі сөз шығады-ау, біз көрші ауылдардың мешітіне тамсанып жүре беріппіз. – Мешіт деген төрт адам жиылып жарқабаққа жарбитып тіге салатын киіз үй емес, – деді Құлмахан қу. – Самарбайдың ақ есегінің сауырына күзде түскен тұқымнан өсіп шыға салатын қарбыз да емес, – деп шалдарды ду күлдірді Бəйкен бүкір. – Оған көп қаржы керек. – Ешбірің өлер жерде емессіңдер, – деді Ерназар. – Қазір ғана айтып отырған бұқа, түйе, жылқыларың қайда кетті? Көп түкірсе, көл емес пе? Көңілден шығарып бірдеңе беріңдер. Жетпесе елден жинармыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. – Бұл іске басшылық етуді Сəлменнің өзіне тапсырайық, – деп Жетпісбай мəселенің түйінін шешті. – Əкімшіліктен жерге рұқсат алсын. Тізіммен қаржы жинасын. Бірақ, жағдайы жоқтарды қинамайық. Бəйкен бүкірдің қалжыңмен қағытқаны шымбайына батып кеткен болу керек, əдетінше Самарбай суқит бəрінен бұрын қомпаң ете қалды: – Баяғыда ақ есегіммен барып ап қайтқан жұмыртқалардан шыққан қос бүркітті қанша жылдан бері аңға салам. Үйде түлкінің терісі тау боп үйіліп қалған екен. Өткенде жиырма шақты теріні сатып керіскедей бұзаулы сиыр сатып алып ем, Құлмаханның балдарының малына қосып қойғам. Соны мешіт құрылысына берем. Жиналғандар жеңіл жымиып қойды. Егер өзі əкеп берем десе, сенімсіздеу болуы мүмкін еді, Құлмаханның балдарына қосып қойған болса, ши шығуы мүмкін емес. – Мен бір түйе атадым, – деді Құлмахан қу Самарбай суқиттан қалғысы келмей. – Самекеңнің бұзаулы сиырымен бірге əкеп, Сəлменге тапсырам. Басқалар да қосар үлесін атай бастады. – Құрылыс материалдары менен, – деді Көмекбай шалдар сөйлеп болған кезде. – Көгілтастай еңселі болмаса да, кішігірім мешіт салуға шамамыз жетеді ғой. Сіздер құрылысқа жастарды жұмылдырып, ас-суына қарап, басшылық жасап жүрсеңіздер болды. Елге салмақ салмай-ақ қойыңыздар.
Көмекбайдың пейіліне риза болған шалдар ертеңнен бастап Сəлменнің тізіміне кіруге уағдаласып тарасты.. ...Бір жұмадан соң мешіт құрылысы басталды. Сəлмен бастаған шалдар шамасы жеткенше құрылысшыларға көмектесумен əлек. Ал, Самарбай суқиттың баяғыда Бөршітаудың етегіндегі көкпарда «тайлақ тартқан атақты ақ есегі» су тасуға жарап тұр...
МАЗМҰНЫ Балуан қыз ...........................................................................................3 Шома ..................................................................................................22 Орда ...................................................................................................34 Сурет ..................................................................................................48 Жантаза ..............................................................................................67 Итмұрын ............................................................................................74 Аманат ...............................................................................................84 Желік ..................................................................................................92 Жаманат ...........................................................................................114 Аязқала ............................................................................................122 О дүниенің қақпасы ........................................................................135 Өмір тоқтап қалмайды ....................................................................153
Кітапты шығаруға жауапты – «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали КӨПБАЕВ Бегабат ҰЗАҚОВ ЖАНТАЗА Əңгімелер Редакторы Жұлдыз ƏБДІЛДА Тех. редакторы Дарико ОМАРҒАЛИЕВА Суретшісі Жəмилə АЙДОС Беттеген Ниязбай ОРАЗЫМБЕТОВ ИБ № 424 Басуға 06.08.2014 ж. қол қойылды. Қалыбы 84×1081/32. Офсеттік басылым. Қарiп түрi Times New Roman. Шартты баспа табағы 8, 5. Таралымы: мемлекеттік тапсырыс бойынша 2000 дана + баспаның тапсырысы бойынша 120 дана. Тапсырыс № «Қазығұрт» баспасының компьютер орталығында теріліп, беттелдi. «Қазығұрт» баспасы, 050009, Алматы қаласы, Абай даңғылы 143, 405-офис. Телефон (факс): 8(727) 394-42-86 e-mail: kazygurt@list.ru
ЖШС РПБК «Дəуір», 050009, Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 93. Тел.: 8(727) 394-39-22, 394-39-34, 394-39-42 e-mail: rpik-dauir81@mail.ru, rpik-dauir2@mail.ru
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру