Өлеңдер мен аудармалар. Екінші кітап
Абай Құнанбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Абай лирикасы – мазмұнға бай, өзінің әлеуметтік рухымен ерекшеленетін шығармалар. Ақындық өнердің мақсатын түсінген Абай өз кезеңіндегі әдебиетке сын айта білді. Лирикалық шығармаларының тақырыбы бір арнамен шектелмейтін ақын әлеуметтік мәселелер мен теңсіздікті баяндайды. Махаббат, әйел теңдігі ...
МАЛҒА ДОСТЫҢ МҰҢЫ ЖОҚ, МАЛДАН БАСҚА
Малға достың мұңы жоқ, малдан басқа,
Аларында шара жоқ, алдамасқа.
Табысына табынып, қалтаң қағып,
Тойғанынан қалғанын берсе алашқа.
Мал жияды мақтанын білдірмекке,
Көзге шұқып малменен күйдірмекке.
Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке.
Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп
Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.
Осы күнде мал қайда — боқ ішінде,
Алтын алсаң, береді боғынан жеп.
Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,
Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті —
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
ТУҒЫЗҒАН АТА-АНА ЖОҚ
Туғызған ата-ана жоқ,
Туғызарлық бала жоқ.
Туысқан-туған, құрбылас
Қызығымен және жоқ.
Тулайын десе, шара жоқ,
Толықсып жүрер шама жоқ.
Ұйқы мен астан дәм кетіп,
Сақалда, шашта қара жоқ.
Байбайшыл тартып — баға жоқ,
Жастарға жаппас жала жоқ.
Жат қораны күзеткен
Қартаң шалда сана жоқ.
БІР СҰЛУ ҚЫЗ ТҰРЫПТЫ ХАН ҚОЛЫНДА
Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында,
Хан да жанын қияды қыз жолында.
Алтын-күміс кигені, қамқа, торғын,
Күтуші қыз-келіншек жүр соңында.
Деген сөз: „Бұқа буға, азбан дұға",
Хан қарық боп түсіп жүр айғай-шуға.
Етімді шал сипаған құрт жесін деп,
Жартастан қыз құлапты терең суға.
Сән-салтанат жұбантпас жас жүректі,
Кім де болса, тұрғысын көксемек-ті.
Мезгілі өткен дәуренді қуалаған
Не қылсын бір қартайған қу сүйекті.
Кәрі, жас дәурені өзге, тату емес,
Епке көнер ет жүрек сату емес.
Кім де кім үлкен болса екі мүшел,
Мал беріп алғанменен — қатын емес.
Есерлер жас қатынды тұтады екен,
Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.
Ортасында бұлардың махаббат жоқ,
Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?
Бай қартайса, малына берер шылбыр,
Мал өмірді жаңғыртпас, Құдай ұрғыр.
Біреудің қызын алып малға сатып,
Баяғыны іздеген қандай құрғыр?
Қатыным қалай демес ақсақал бай,
Сонымен дос боп жүрсің, япырым-ай!
Қу қатының майысса, мәз боласың,
Шайтанның шәкіртінің қылығын-ай!
Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,
Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең.
Тіпті оңбассың, өзіңе өзің мәз боп,
Дастарқан мен қатынды мақтан көрсең.
Кінәсіз бәйбішемен болады араз,
Жастың көңілі жылымас, ол өзіне аз.
Біреуі — көк балдырған, бірі — қурай,
Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз?
Үнем болмас құйрықты бұлаңдатқан,
Сауырына шапақтап сүйіп жатқан.
Екі көңіл арасы – жылшылық жер,
Оны қайтіп қосады ол ант атқан?
САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә1 өмір өтпек — ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
Өткен өмір белгісі — осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.
Күн жиылып ай болды, он екі ай — жыл,
Жыл жиылып, қартайтып қылғаны — бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл.
КӨҢІЛ ҚҰСЫ ҚҰЙҚЫЛЖЫР ШАРТАРАПҚА
Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа,
Адам ойы түрленіп ауған шақта.
Салған ән — көлеңкесі сол көңілдің,
Тактысына2 билесін ол құлаққа.
Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Адам аз мұны біліп ән саларлық,
Тыңдаушы да аз ол әннен бәһра аларлық.
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?
Көбінесе ән басы келеді ащы,
"Кел, тыңда!" деп өзгеге болар басшы.
Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір,
Сол жеріне ойыңмен араласшы.
Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар.
Білімдіден аяман сөздің майын,
Алты өлеңмен білдірдім әннің жайын.
Ездің басы қаңғырсын, ердің көңілі
Жаңғырсын деп ойладым айтқан сайын.
Көкірегінде оты бар ойлы адамға
Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын.
Өмірдің алды — ыстық, арты — суық,
Алды — ойын, арт жағы мұңға жуық.
Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,
Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.
Жаманға "жар" деген-ақ ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
* * *
АДАМНЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ
Адамның кейбір кездері
Көңілде алаң басылса;
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлыттан ашылса, —
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс, жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе — жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.
КӨКАЛА БҰЛТ СӨГІЛІП
Көкала бұлт сөгіліп,
Күн жауады кей шақта.
Өне бойы егіліп,
Жас ағады аулақта.
Жауған күнмен жаңғырып,
Жер көгеріп, күш алар.
Аққан жасқа қаңғырып,
Бас ауырып, іш жанар.
РАХЫМШАЛҒА
Сұлу аттың көркі — жал,
Адамзаттың көркі — мал.
Өмір сүрген кісіге
Дәулет — қызық, бала — бал.
Бал болатын бала бар,
Бал болар ма Рахымшал?!
Бүйтіп берген балаңды,
Берген Құдай, өзің ал!
ҚАТЫНЫ МЕН МАСАҚБАЙ
— Сырмақ қып астына
Байының тоқымын,
Отының басына
Төрінің қоқымын
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ,
Жүзінің нәрі мен
Бойының сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Күлкі боп көргенге,
Құрбыға қадірсіз.
Ac қылып бергенге
Шыдамас, сабырсыз.
Келді, ойбай,
Салды айғай,
Түк қоймай боқтады.
Сөзінің жөні жоқ,
Ақылсыз томырық,
Қатынның күні жоқ —
Қамшы мен жұдырық.
Барқылдап,
Тарқылдап,
Салпылдап тоқтады.
КҮЙІСБАЙҒА
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең — бересің, тайсаң — танып,
Алдамшы атанғанның несі пайда?
ДҮЙСЕНҚҰЛҒА
Саудайы-ай3, сауды алмадың-ау, сырқауды алып,
Бір пәлеге жолықтың шырқау барып.
Ала жаздай көгалды бір көрмедің,
Сары жұртқа қондың ба ірге аударып?
РАЗАҚҚА
Мына үйде отыр Разақ,
Елдің жөнін айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа — ортан қол,
Өзгелері — аты жоқ пенен шынашақ.
Сонда Абайдың немересі Әубәкір: „Омархан ағам ше?"— дегенде:
Оны дағы байқармыз,
Біраз ғана сынасақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
ҒАШЫҚТЫҚ ІЗДЕП ТАНТЫМА
Ғашықтық іздеп тантыма,
Аз күн әуре несі іс?
Өзіңнің қара артыңа,
Өткен өмір бейне түс.
Өлгенше болар бар ма дос,
Қуаныш, қайғы — бәрі бос.
ОЙ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,
Салқын, қуыс өмірі я қараңғы.
Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,
Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды.
Жасынан білер ескі шалдың мінін,
Аптық жерін, ақылға кеш енгенін.
Өзі өнерсіз, өмірден тез суынар,
Ойлаған жолаушыдай бос жүргенін.
Жамандық жақсылыққа қарар салқын,
Долығы тез басылып, қайтар қарқын.
Ұлыққа қошеметшіл, құл сықылды,
Қатерге аяқ баспас, көрмей артын.
Дәл бейне ерте шыққан бүлдіргенше,
Суық соғып бүрісер, дәмі енгенше.
Көзге де, ауызға да қызығы жоқ,
Қызығы — үзілгені бос жүргенше.
Пайдасыз ғылымменен ми кептірер,
Дос-жарға мақтан етіп, бұлдап көрер:
Жақсы сөз, жақын үміт, тәттілікті
Кемітер, көңіл қоймас, кекеңкірер.
Қуаты қызық қызмет тойларының
Қос қыртысын кетірмес ойларының.
Лaп бергіш, к... айналғыш, қайта ойланғыш
Тиянақ оты сөнген бойларының.
Келісімді тәтті ой, әр шеберлік
Қуантпас ойын қозғап пәлен дерлік.
Өз кеудесін өзі аңдып, бой салдырмай,
Тоқымдығы бусанбас неткен ерлік?
Жек көрер, жақсы көрер — кезі білер,
Ашуы, махаббаты босқа сөнер.
Жанында суықтық бар бір жасырын,
Қаны отты жас күнінде шықпас өнер.
Бала мінез ойыншы бұрынғылар
Аңқау екен, мазақтап соны сынар.
Артқа қарап, ақпейіл шалға күліп,
Абиырсыз, атақсыз көрге құлар.
Көп салқын бірін-бірі ойына алмас,
Кетер жым-жырт, артына із қалдырмас.
Ой қозғарлық артқыға түк қалдырмай,
Ұмыт болар, жоғалар, көпке бармас.
Досың жоқ, дұшпаның жоқ, тыныш жатасың,
Мал үшін аш қатасың, жан сатасың,
Әкесі аштан өлген кісідей-ақ,
Неткен жұрт мал өлтірген жеті атасын?!
ҚАНЖАР
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,
Ыстық, суық майданда шығады ойнап.
Грузин ашулы ұста кекке соққан,
Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап.
Еркелі нәзік қолмен маған тиді,
Ұмытпа деп айрылған жерде берді.
Қан сорғалар жүзінде жас сорғалап,
Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.
Қара көз қарап маған көп қадалған,
Құпия қайғы өртеніп бойын алған.
Болатша дірілдеген жалын көрген,
Бір күңгірт тартып және оттай жанған.
АЛЬБОМҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,
Қайғылы өлең еттім өз басымды.
Көкірегім бар сырын өз әлінше
Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.
Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,
Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.
Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір
Арттағыға бір белгі қойса нетер?
Кім біледі, кез болса арттағылар
Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.
Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,
"Рас-ау" деп мағынасын о дағы ұғар.
Кім білер, жабырқанқы жазған сөзім
Жібермей, кеп тоқтатар оның көзін.
Жолаушы жол үстінде тамаша еткен
Сықылды өткен жанның бір күмбезін.
1897
КӨК ТҰМАН — АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН
Көк тұман — алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі — арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағынасы — екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталарың „менікінде",
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен —
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Лайла лай оймен тұнығыңды,—
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.
Адам ғапыл4 дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Мазлұмға5 жаның ашып, ішің күйсін,
Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт6 пен мархамат7 — көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ, соған көмек.
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.
СЕНБЕ ЖҰРТҚА, ТҰРСА ДА ҚАНША МАҚТАП
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан — шын асыл, тастай көрме.
АЛЛА ДЕГЕН СӨЗ ЖЕҢІЛ
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес.
Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.
Ақылға сыймас ол Алла,
Тағрипқа8 тілім қысқа аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт9 ол куә.
Ақыл мен хауас10 барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин11, мантикин12
Бекер босқа езедүр.
ҚҰР АЙҚАЙ БАҚЫРҒАН
Құр айқай бақырған
Құлаққа ән бе екен?
Өнерсіз шатылған
Кісіге сән бе екен?
Өңкей надан антұрған,
Қанша айтса, жан ба екен?
Бос жүріп құр қалған
Өміріңе кән бе екен?
МЕН СӘЛЕМ ЖАЗАМЫН
Мен сәлем жазамын,
Қарағым қалқама.
Қайғыңнан азамын,
Барушы айта ма?
Күн бойы күтемін
Келер деп хабарың.
Қайғырмай не етемін,
Бізде жоқ назарың.
Көңілге жұбаныш,
Сен едің базарым.
Сенсіз жоқ қуаныш,
Тозды енді ажарым.
СОРЫ ҚАЛЫҢ СОҚҚЫ ЖЕГЕН ПЫШАНАМЫЗ
Соры қалың соққы жеген пышанамыз,
Қайтіп суып, жалғаннан күсе аламыз.
Құр дәрімен атқанға өлмейді екен,
Өмірі мақтаншаққа нысанамыз.
ҒАБИДОЛЛАҒА
Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын,
Қайдан білсін өмірдің көбін-азын.
Бәйтеректі күндейді жетемін деп,
Жылы күнге мас болып, көрсе жазын.
Күз келген соң тамырын үсік шалып,
Бетегеге жете алмай болар жазым.
Мен дағы көп есіттім жастың назын,
Қол жетпеске қол созар бар ма лажың?
"Боламынмен" жүргенде болат қайтып,
Жалын сөніп, жас жүзін басады ажым.
* * *
ҚҰЛАҚТАН КІРІП, БОЙДЫ АЛАР
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді-өзім ұмытып.
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағы ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?
ЕРЕКШЕ ЕСТЕН КЕТПЕС ҚЫЗЫҚ ҚАЙДА?
Ерекше естен кетпес қызық қайда?
Жолығатын қыз қайда терең сайда?
Сұлулығын қояйын, мінезі артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек,
Жақынның да, жардың да, асықтың да –
Бәрінің де қызығын көріп білсек.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
БОСҚА ӘУРЕ БОП КЕЛДІҢ БЕ ТАҒЫ МҰНДА?
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын Алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?
Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?
Менің өмірім оларға қосылар ма?
Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,
Өз бойына жапсырып тұшынар ма?
Сопысынсын, хақ десін, хақты ұмытсын,
Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.
Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,
Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!
Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным
Бейішке басшы болар деме, залым!
Суық қабір — қайғысыз ұйқы орны ғой,
Оңай ма жас өмірден айрылғаным?
Мен жаспын, білесің бе жастықты сен?
Не қызықты үміт бар ойға келген!
Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба,
Іштегі отты достық пен қастық деген?
Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,
Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?
Күндізгі қарекеттен босағанда,
Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар.
Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.
Құлын-тайдай айқасып, ойын салып,
Кептерше сүйеніскен демалыс бар.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен — бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
Мен — сен емес, жас күнім жайнап тұрған,
Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?
Бір шырақ сөнер, кетер саулап тұрған.
Есіткелі келдің бе сырымды сен?
Олардың мақсаты не — білмеймін мен.
Менің ісім өзіңе мәлім шығар,
Көңілді түгел айтып болмайды екен.
Менің кеудем сендерге сандықпен тең,
Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.
Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,
Тахқиқ13 мені күнәкар, қу демес ең.
Мейлің өзің, монастырь қылған істі
Алла ісі деп көңіліңде көрсең күшті.
Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар,
Оны құдай өзгеңнен кем демес-ті.
Ақтығымды біледі сол көкірек,
Сол законге билеткен біздің жүрек.
Алла берген қауіпті осы сырым
Көрге бірге өзіммен барса керек.
Мен — өлі жан, ешкімді талғамаймын,
Рақымсыз билеріңді қарғамаймын.
Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ,
Разымын деп жалған сөз жалғамаймын.
Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,
Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.
Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған
Мен болмаспын — бір уыс топырақпын.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
МЕНІҢ СЫРЫМ, ЖІГІТТЕР, ЕМЕС ОҢАЙ
Менің сырым, жігіттер, емес оңай,
Ешкімнің ортағы жоқ, жүрсін былай!
Нені сүйдім, дүниеде неден күйдім,
Қазысы оның — арым мен бір-ақ Құдай.
Жүрегім екеуіне жалбарынар,
Рақымдық пен әділ сор деп жалынар.
Мен тентек пе, түбінде кім жазалы,
Қайғыны жіберуші өзі сынар.
Надандар былшылдайды, құп алмайды,
Үлкен жанның қиялын ұға алмайды.
Теңізден таудай толқын соқса дағы,
Жағадағы жартасты жыға алмайды.
Құдай мықты жаратқан үлкен жартас,
Былш-былш еткен, бет бұрып, судан қайтпас.
Бұлтта суық дауыл, жаймен сырлас,
Өзгені жан екен деп сырын айтпас.
ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең — оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны — сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі14 желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей —
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.
ҚАСИЕТТІ ДҰҒА
(М. Ю. Лермонтовтан)
Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,
Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ,
Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,
Сөніп қалған жүректе жанады шоқ.
Қуаты бар дұғаның қуантарлық,
Қапаланған жүректі жұбантарлық.
Адам ұқпас бір тәтті лебізінен
"Уан" деген естілер ұлы жарлық.
Көңілім ауыр жүктен бір құтылар,
Кек арылып көкіректен, ұмытылар.
Адамның баласына ашып жаным,
Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар.
1898
БОЛДЫ ДА ПАРТИЯ
Болды да партия,
Ел іші жарылды.
Әуремін мен тыя,
Дауың мен шарыңды.
Құрбыдай хош тұттым
Жасың мен кәріңді.
Жоқтамай, ұмыттым,
Ақыл мен нәріңді.
Ортаға көп салдым
Өзімде барымды.
Япырым-ау, неңді алдым,
Сау қоймай арымды?
Ойымнан ой бөліп,
Қозғадың тамырды.
Көңілге тік келіп,
Кетірдің сабырды.
Ойым да ақ, жарым да ақ,
Кеңімді, тарымды
Қарасам пайымдап,
Сөзің сол сарынды.
Өсекке салмаңдар
Ойымды, жарымды.
Өлшеуге алмаңдар,
Ойым бек тарылды.
Ұрыннан асырдың
Сұм тілді қарынды.
Жасырдым, жасырдым,
Енді айттым зарымды.
ҚУАТЫ ОТТАЙ БҰРҚЫРАП
Қуаты оттай бұрқырап,
Уәзінге15 өлшеп тізілген.
Жаңбырлы жайдай сырқырап,
Көк бұлттан үзілген.
Қайран тіл, қайран сөз —
Наданға қадірсіз.
Тәуекел мен батыр ой
Өткір тілді найза етіп,
Сайысып-ақ бақты ғой,
Heшe түрлі айла етіп.
Оянбай, қайран жұрт,
Ұялмай қал жым-жырт!
Ақылмен ойлап білген сөз
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз
Бар тамырды қуалар.
Ән салар, жатқа алар,
Түбінде құр қалар.
* * *
СҰМ ДҮНИЕ ТОНАП ЖАТЫР, ІСІҢ БАР МА?
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды араз, жақынды жат қыларға?
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.
ӨЛСЕМ, ОРНЫМ ҚАРА ЖЕР СЫЗ БОЛМАЙ МА?
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауат16 пен майдандасқан
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйқтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін — өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
ЖҮРЕКТЕ ҚАЙРАТ БОЛМАСА
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйқтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Аспаса ақыл қайраттан,
Тереңге бармас, үстірттер.
Қартыңның ойы шар тартқан
Әдеті жеңіп күңгірттер.
Тән сүйгенін бермесе,
Жан шыдамас жаны ашып.
Бере берсең бер десе,
Үміт етер таласып.
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл, сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса?
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?!
ЖАМАНБАЛАНЫҢ БАЛАСЫ ӨЛГЕНДЕ
Белгілі сөз: „өлді, өлді",
Белгісіз оның мекені.
Не халатқа әурілді2,
Қайда қандай екені.
КҮН АРТЫНАН КҮН ТУАР
Күн артынан күн туар,
Бір күн дамыл еткізбес.
Ой артынан ой қуар,
Желге мінсең, жеткізбес.
АУРУ ЖҮРЕК АҚЫРЫН СОҒАДЫ ЖАЙ
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауру көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.
* * *
(Белгісіз автордан)
ҚАЛҚАМ-АЙ, МЕН ҮНДЕМЕЙ ЖҮРЕМІН КӨП
Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп,
Ойлама отсыз, ойсыз, суық жан деп.
Жүректегі жалынды көзден жас қып,
Ағызғаным болады ол неге сеп?
Антұрған ел көзіне тік қараймын,
Сонымды сен сөгеді-ау деп ойлаймын.
Жүрегімді кескілеп сатып жүрген
Арсыздарды досым деп неге аяймын?
Ішімде қайғым қалың, көз жасым кем,
Адам жоқ, кімді дос деп мен шағушы ем?
Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,
Көзінен жасы шықса, бойына ем.
Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің.
ТЕРЕКТІҢ СЫЙЫ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Асау Терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.
Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
— Кавказдай құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың сүтін еміп ержеткенмін.
Казбектен, ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде адамзаттың айласына
Көнбей, бүгін күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп, айғайласам,
Шын құтырсам шың тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал.
Әкелген бұғы менен маралым бар,
Адамнан тартып алған көп малым бар.
Ер-тоқымы, атымен, қаруымен
Ер шеркесті әкелген амалым бар.
Мұның бәрі — тартуым сізге, — дейді,
Ақылыңды айт, ақсақал, бізге,— дейді.
Бақша, зауат, жайларды қылдым талқан,
Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді.
Қартаң Каспий қалғыған бойыменен
Терекке көзін ашып үндемейді.
— Азырқандың, білемін, ақсақал шал,
Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.
Казак-орыс қатыны бір сұлуды
Әкеліп ем, қайтейін, оны дағы ал!
Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,
Жылы жүзбен Терекке амандасты.
Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,
Қатынды алды, қитықсыз араласты.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ БІР ЖЫМ-ЖЫРТ ТҮНДЕ ЖАЛҒЫЗ
Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,
Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз.
Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйқтап, көкшіл шықпен бу алғанын,
Менің не мұнша қапа, қысылғаным?
Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?
Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азаттық пен тыныштық, көксегенім,
Ұйқтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін.
Өлімнің ұйқысы емес іздегенім,
Ұйқы, тыныштық, ұмыту — бер дегенім.
Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін.
Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап.
ШАЙТАН
(М. Ю. Лермонтовтан)
Мұңлы шайтан — құдайдың қуған жаны,
Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны.
Өткен жақсы дәурені ойында оның,
Сондағы не көргені, не қылғаны.
Ол күнде нұрлы бейіш ішінде екен,
Өзі де періштелер түсінде екен.
Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүріп
Сәлемдесер, сөйлесер күшінде екен.
Ол күнде көз жетпесті көп көздеген,
Түгел білем қайда екен деп іздеген.
Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды,
Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген.
Босағасы кең еді, төрде орын тар,
Төрде жалғыз отырмақ ойында бар.
Жалғыздық — бір тәңірінің сыбағасы,
Өршілдікпен лағнетке болған душар.
Құдайым шайтансың деп, лағнет етті,
„Лағнетпен" де қор бола қалман депті.
Алладан қарғыс алған кеудесінен
Сүю мен сол сағатта сенім кетті.
Адаммен сонан бері болды кекті,
Өлмес, өшпес өзіне көзі жетті.
Не қылғанмен қуанар болмаған соң,
Несіне жер дүниеге пәле септі?
Тиянақ, сенім, сүю көрмей өтті,
Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті.
Алласыз дос таппады, сыр таппады,
Heшe мың жыл кезсе де төңіректі.
Жаманды күнде азғырса, жан демейді,
Жақсы жаннан кей-кейде таяқ жейді.
Күнінде неше бүлік шығарса да,
Еңбегі жанған жан боп сүйінбейді.
Сүйтсе де жамандыққа бір тоймаған,
Антұрғандық қылығын еш қоймаған.
Баяғы алдау, ескірген кәрі иттікпен
Не қылдым, не бітірдім деп ойлаған.
Ақылға, өмірге де адам кенде,
Өлмес өмір, қайрат, күш — бәрі менде.
Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген
Осы адам уайымсыз не еткен пенде?..
* * *
(В. А. Крыловтан)
МЕН КӨРДІМ ҰЗЫН ҚАЙЫҢ ҚҰЛАҒАНЫН
Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, —
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?
Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
О дағы білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті.
Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік,
Өмірдің қызығынан күдер үздік.
Жылы жүрек суыды, жара түсті,
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік.
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
ЕМЕН МЕН ШІЛІК
(И. А. Крыловтан)
Шілік пен емен бір күн сөйлесіпті:
— Аллаға, сорлы, неден жаздың? — депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесің әлпеншекті.
Құдай басқа салмасын сен секілді
Желмен жерге жығылып, жар сүзбекті.
Обалың бір құдайға, байғұс, сенің,
Қақтырып қойған мұнша бос селтекті.
Қарашы маған, сендей сорлы емеспін,
Тау, жартасқа, ұзарып, бой теңестім.
Сенің қорыққан дауылың — маған өлкек17
Маңыма сәуле өткізбей, күнге егестім.
Тырп етпес менің күшім жауын, желге,
Жапырағым көлеңке талай жерге.
Ығыма сені де алып қорғар едім,
Иең сені бітірген йен дөңге.
— Есіркегіш екенсің, — деді шілік,—
Онша сорлы емеспін, тартпа күйік!
Сынбаймын майыссам да, солқылдаймын,
Желден маған келмейді еш кемшілік.
Бүгінгі аман бола ма үнемі аман?
Кердеңдікпен деп тұрсың не бар маған.
Шалқақтық иілмейтін кімге жаққан,
Екпінге ерегіссең, қатер саған.
Кавказға бір қап-қара бұлыт мінді,
Естіп тұрған кісідей тау күңіренді.
Жер-дүниені шаң, тұман қабат басып,
Ойнақ қағып, құтырып дауыл келді.
Арты бұршақ, алды шаң жел құтырды,
Шілік жерге бас ұрды, емен тұрды.
Басы көкке, сирағы жерге енсе де,
Ақырып долданғанда алып ұрды.
Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан күйлеме сен де о ғұрлы.
ҚАЗАҒА ҰРЫНҒАН ҚАРА ШЕКПЕН
(И. А. Крыловтан)
Қорасына бір байдың
Түнде кірді ұрылар.
Қазынасы қайда сондайдың,
Аңдығыш, білгіш құрғырлар.
Біліп кеп тұрған лапкесін
Бұзып, талқан етіпті.
Түк қалдырмай әммесін,
Үптепті де кетіпті.
Қайғысыз жатып, қарны тоқ,
Ұйқысы қанып тұрды бай,
Тыр жалаңаш, түк те жоқ
Лапкесі, үйі айнадай.
Есі шықты, көрді де,
Ұры иттің қылғанын.
Ойбай салды, білді де,
Қаса сорлы болғанын.
Кешегі елдің бір байын
Бір түнде қалай мұнша алу?
Ояна келсе, дап-дайын
Қайыршы болу, қап салу.
Ойбай салды, зарлады,
Құр қайғыдан пайда жоқ.
Төңіректі шарлады,
Ұрыны табар айла жоқ.
Қарны да әбден ашады,
Ішеріне шай да жоқ.
Қайтерін білмей сасады.
Осындайлар қайда жоқ?
Ағайынын, дос-жарын
Жиып алып үйіне,
Жылады шағып мұң-зарын,
Болыстық қыл деп күйіне.
Бәрі ақылды, бәрі есті,
Бәрі желдей еседі. —
Болмас еді бұл, — десті,—
Өзіңнен болды,— деседі.
Біреуі айтты: — Лапкеңді
Мұнша алысқа салмау ғой,
Аулаққа тастап әрнеңді,
Бүйтіп ғапыл қалмау ғой.
— Аузың күйді аулақтан,
Енді жақын салсаңшы.
Қабаған біздің мойнақтан
Бір күшікті алсаңшы.
Бір күшікті сіз үшін
Берейін, құда, келтіріп.
Жылда талай күшікті
Бос қырушы ем өлтіріп.
Бөз орнына сөз беріп,
Құда, тамыр, дос кетті.
Қол ұстамай, көз көріп,
Айтқан арыз бос кетті.
Ағайынға іс түспек —
Ол бір үлкен қарғыс қой.
Аларың сонда ең күштеп —
"Бишара" менен "байғұс" қой.
ЖАРЛЫ БАЙ
(И. А. Крыловтан)
Жаман үйде жалғыз шал,
Өзі — кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді.
Өзіне-өзі сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
„Обал жоқ осы байларға
Мал қызығын көрмеген.
Жақсы төсек, тәтті ас жоқ,
Жан қадірін білмеген.
Салпыл қақты, түн қатты,
„Мал-мал!" деді, мал тапты.
Байыған сайын күтім жоқ,
Пейілі кетті, ант атты.
Қартайғанша қақақтап,
Бұл тәңірі атқан талмай ма?
Иттеніп жүріп өлмей ме,
Өлсе, бәрі қалмай ма?
Маған бітсе осы мал,
Жанымды неге қыстар ем?
Мың теңгені бір сомдай
Қызығыма ұстар ем.
Сән-салтанат жүруім
Болар еді татымды.
Есітер еді алыс жер
Қызықты жомарт атымды.
Байлықпен пайдам тигізіп,
Сыйлар ем алыс-жақынды.
„Сараңның — дәулет — өз соры",
Деп айтыпты ақылды.
Аузын жимай бір адам
Кіріп келді тесіктен,—
Жәдігөй ме, шайтан ба?—
Әйтеуір әлгі сөзді есіткен.
Келе сала сөйлейді:
—Байлықты керек қылдың сен.
Қылайын деген ісіңді
Мен есіттім байлықпен.
Сен мына бір ішінде
Ділдәсі бар дорбаны ал!
Бірін алсаң және бір
Ділдә дайын, қолың сал.
Санап ала бер дағы,
Дегеніңдей бола қал.
Қанша керек болса да,
Міне дәулет, міне мал.
Бірақ, байғұс, айтайын
Мұның бір сертін, қатты антын:
"Дорба қолда тұрғанда,
Ұстауға жоқ бір алтын.
Дорбаны әуел дарияға ат,
Тойғаныңша ал дағы.
Онан соң өзің білесің,
Ұстай бер қайтып бар дағы".
Дорбаны беріп, жоғалды,
Аң-таң қылып байғұсты.
Есін жиып алған соң,
Дорбаға кедей жабысты.
Айтқанындай дорбаға
Қолын салды, бірді алды.
Және бірі дап-дайын,
Есі шығып таң қалды.
"Таң атқанша осылай
Бере берсе бұл дорба,
Талай алтын жиям ғой,
Ертең менен бай бар ма?"
Қалбалақтап түн бойы,
Алып бақты бұл сорлы.
Қанша алтын алса да,
Тоя алмады ол ғұрлы.
Қарайды да алтынға,
Қомсынады "аз ғой",— деп,
"Қыстау керек, үй керек,
Сән-салтанат, расход көп.
Азар болса аштыққа
Тағы бір күн шыдармын.
Алтын ассын есептен,
Содан кейін армансыз
Қыл дегенін қылармын".
Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан.
Бір күн түгіл, бір айды
Ынсап қылмай ол жазған.
Дорбаны суға салғалы
Дарияға таман жүз барған.
"Бүгінше тұрсын, өлмен",— деп,
Үйіне қайта апарған.
Дорбаны сауып тыныштықсыз
Бір ай түгіл, жыл өтті.
Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетті.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіп,
Өзі де әбден жүдепті.
Тоғыз миллион санарда
Ажал жетті, күн бітті.
Алтын қайда, сөз қайда?!
Қу нәпсіден не пайда?
ЕСЕК ПЕН БҰЛБҰЛ
(И. А. Крыловтан)
Тойған есек шөпті оттап маңайдағы
Сонырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы.
— Сенбісің ақын бұлбұл, жаңа көрдім,
Атыңа жұрт мақтаған құмар едім.
Бір сайрап берсең, қалқам, өзім естіп,
Рас па екен жұрттың сөзі, сынар едім.
Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып,
Мың түрлі күйге салып толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып.
Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп тұрды елжіреп.
Бұлбұл болды, тосып тұр есек сөзін,
Есек жерге қаратып екі көзін:
"Іш пыспай-ақ тыңдарлық бар екенсің,
Әттегене-ай, білмепсің әтешті өзің!
Екенсің ән салуға сен дағы епті,
Сен біраз әтеш әнін үйрен!"— депті.
Бұл сықылды сыншының сөзін естіп,
Көз көрмеске бұлбұл да ұшып кетті.
Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын.
ҚАРҒА МЕН БҮРКІТ
(И. А. Крыловтан)
Қой жайылып жаздыгүн
Шыққан екен қияға.
Аспаннан бүркіт құйқылжып,
Сорғалап келіп ыраға18,
Бір қозы іліп ап кетті
Құздағы қиын ұяға.
Екпіні күшті ер үшін,
Еңбек қылды жем үшін
Ұядағы балаға.
Көрді де мұны бір қарға,
Желікті бір іс бастарға:
"Қозыны да тамақ деп,
Кім ап шықсын тастарға!
Ең семізін ілейін
Қызық қылып ашарға",—
Деді дағы, аралап,
Жабысты келіп қошқарға.
Қалшылдап, дірілдеп
Тырнағын салады,
Қанатын қайқайтып,
Әкетпек болады.
Бүркіттей емес екені
Кешікпей-ақ білінді.
Жабағыға тырнағы
Шықпастай боп ілінді.
Жалпылдап, салпылдап,
Қойшыларға көрінді.
Әддін19 білмес шіркінді
Құдай әбден қарғады.
Қойшылар көріп күлісіп,
Ұстап алды қарғаны.
Құрысын да шіркіннің,
Семіз қойды алғаны.
Ұшпасын деп қимаған
Қанат, құйрық қалмады.
Бір жіпті берік бек байлап,
Аяғына жалғады.
Балаларға ойын боп,
Қор болып сүйтіп қалғаны.
Азат басың болсын құл,
Қолдан келмес іске ұмтыл!
ШЕГІРТКЕ МЕН ҚҰМЫРСҚА
(И. А. Крыловтан)
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
— Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
—Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
—Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
— Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!
ӘНШІЛЕР
(И. А. Крыловтан)
Көршіні көрші шақырды,
Болды да сыйлап ас бермек.
Қулығын ішке жасырды:
Баланың әнін есіттірмек.
Балалар шулап, бақырды,
Ынтасы — даусын білдірмек.
Қонақтың күйін қашырды,
Басты ауыртты көп дүрмек.
Алды-алдына кетеді,
Қосылмайды әндері.
Құлағынан өтеді
Құр айғай салған сәндері.
—Япырмай, көрші-ай, не қылды?
Бас ауырды, қаңғырды.
Құлағын басып жалынды,
Қойғыза көр деп құрғырды.
—Тым-ақ даусы күшті екен,
Бекер де емес сенікі.
Сүйтсе де арақ ішпеген
Есті ұлдар ғой менікі.
Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық!
АЛА ҚОЙЛАР
(И. А. Крыловтан)
Бір таудағы хайуанды бір арыстан
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Әділ атақ алмақшы ниеті бар,
Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан.
Онысы рас, басында тәуір болған,
Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған.
Алдынан жан шықпаған патшамыздың
Ала қойды көргенде көзі ауырған.
Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа,
Қойдан қашып шығыпты патша тасқа.
Көрсе қаза тұрады аза бойы,
Болмады бұған айла ойламасқа
Тұрды патша қайғырып уайым жеп:
"Ала қойды болады қайткенім еп?"
Аю, түлкі — қасында уәзірлері,
Кеңеседі оларға "қайтемін?"— деп.
Қолбаң етіп, қорс етін сөйледі аю:
— Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды?
Ақылы ала қойдың — қырып салу.
Қабағын түйді арыстан сөзін ұғып:
— Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып.
Өз жұртын өзі қырған патша бар ма?
Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып.
— Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам,
Сөкпеңіз,— деді түлкі,— мен сөз айтсам.
Оңаша бір өзенді қойға беріп,
Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң.
Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз,
Жаманды жақсыменен тең көріңіз.
Ала қой қорыққаннан өзі азаяр,
Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз.
Қара деп қатты тапсыр ала қойды-ақ,
Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ.
Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,
Жаман аттан боласыз сіз дағы аулақ.
"Құп" деді, оны арыстан қабыл көрді,
Қасқырға "жақсы бақ" деп жарлық берді.
Ала түгіл ағынан тыныш бопты,
Түлкінің айтқанындай қылып еді.
Түлкінің айтқаны рас, жұрт — ақылсыз,
Көре салды қасқырдан баяғы арсыз.
Антұрғандық түлкі мен арыстанда,
Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз?
ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ
(И. А. Крыловтан)
Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын.
Сонда да солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ.
Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға.
Алып ұшып барды да,
Қонды бір биік ағашқа.
Үлкен олжа емес пе
Ірімшік деген қарны ашқа?
Бір жеп алып, шүкірлік
Қылайын деп Аллаға,
Тұмсығында ірімшік,
Ойланып қарап тұр еді,
Бір қу түлкі сорына
Жақын жерде жүр еді,
Ішіне сақтап қулығын,
Ептеп барып барлайды,
Бұлғақтатып құйрығын,
Қарғаның көзін алдайды.
Тәтті тілмен, тәтті үнмен
Сөйлесуге айналды:
"Қарағым, не еткен сұлу ең!" —
Деп таңырқап таңданды, —
"Не еткен мойын, не еткен көз,
Осыдан артық дейсің бе
Ертегі қылып айтқан сөз?
Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз.
Осы көрікпен, бұл жүнмен,
Әншілігің белгілі,
Ұялмай, қалқам, бір сайра,
Біз де алалық үлгіні.
Құс төресі біздерге
Сіз боларсыз бір күні".
Басы айналды қарғаның
Сұмның айтқан сөзіне.
Қуанғаннан бөртініп,
Бір мастық кірді өзіне.
Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Іс бітті, қу кетті.
ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ
(И. Л. Крыловтан)
Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді.
Бір жатқан ірімшік
Көзіне түседі,
Көңілі өседі.
Ірімшікті көрінген
Тістеп ап ұшады.
Бір ағашқа қонды да,
Асықпай жемек болды да,
Мазатсып қарады
Оңына, солына.
Ағашқа қонып, қаранып,
Қанатын, жүнін таранып,
Болмақшы еді мәз-мейрам
Дейтін емес қу қайдан,
Жем іздеген бір түлкі
Кездей келді сорына.
Ағаштан төмен түспеген,
Ірімшікті тістеген
Қарға түсті көзіне.
Қу құмар ақымаққа
Алдап, арбап соқпаққа
Кеңеседі өзіне.
Жуасып, жабырқап,
Таң қалып, таңырқап,
Қарады жүзіне.
Қарашы залымның,
Бұл жұртқа мәлімнің
Алдаған сөзіне: —
Есен-сау жүрсіз бе?
Ақынның төресі?
Көп жерден белгілі
Тегін құс емесі.
Жүніңіз, үніңіз,
Мұрныңыз, көзіңіз,
Құлаққа көп тиген
Мақталған кеңесі.
Басынан өзгеше
Бітіпті денесі.
Көп жерден, қалқам-ай,
Құмарым тарқамай,
Сізді іздеп келіп ем.
Сүйінсін құлағым,
Тарқасын құмарым,
Әніңе бір салшы,
Асық боп келіп ем.
Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған
Жеріңде бол күлкі.
БАҚА МЕН ӨГІЗ
(И. А. Крыловтан)
Қарасаң, тым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық, бізден деп,
Салыспақ жұрт та бар.
Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.
Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды.
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.
Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.
Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе де сөгіс жоқ.
"Құдай аман сақта,— деп, —
Жарда, суда!"— бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
"Жаппарқұл мырза" аталған.
Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.
Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
"Жаппарқұл" аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа —
Үстіндегі алтын ғой.
1899
ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос,
Қайғысыз, ойсыз, мас күнің —
Кімді көрсең, бәрі дос.
Махаббат, қызық, мал мен бақ
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ?
Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат, қызық мол жылдар?
Ақырын, ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау құрғырлар!
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті —
Жете алмайсың, тоқтайсың.
Көзіме жас бер, жылайын,
Шыдам бер, сабыр қылайын.
Жаралы болған жүрекке
Дауа бер, жамап сынайын.
ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ ҚЫРЫҚ ЖАМАУ
Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтып аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.
Өлді кейі, кейі — жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі — қастық, кімі — дау,
Сүйенерге жоқ тірек.
Кәрілік те тұр тақау,
Алдымызда айла жоқ.
Қайғысыздың бәрі — асау,
Бізге онан пайда жоқ.
Қан жүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған.
АДАМ — БІР БОҚ КӨТЕРГЕН БОҚТЫҢ ҚАБЫ
Адам — бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық, боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі — ол баяғы.
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Кез жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
КҮШІК АСЫРАП, ИТ ЕТТІМ
Күшік асырап, ит еттім,
Ол балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, мені атты.
СҮЙСІНЕ АЛМАДЫМ, СҮЙМЕДІМ
Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың.
ДҮТБАЙҒА
Жылуы жоқ бойының,
Жылмиғаны неткені?
Құбылуы ойының —
Кетпей құйтың еткені.
Мұңды, жылмаң пішіні
Кезек киіп, ел жиып,
Болыс болса, түсінің
Түксігін салар тырсиып.
Бір көрмеге тәп-тәтті
Қазаны мен қалбаңы.
Дөң айналмай ант атты,
Бүксіп, бықсып ар жағы.
Сенен аяр түгі жоқ,
Бүгін сыйлас көрініп,
Бүгін жалын, ертең шоқ,
Сөзі мен өзі бөлініп.
Әлі үміт, әлі серт,
Жын сықылды бұзылып.
Қулық емес, бұл — бір дерт,
Тұрлауы жоқ құбылып.
НҰРЛЫ АСПАНҒА ТЫРЫСЫП ӨСКЕНСІҢ СЕН
Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен,
Менмен, кердең, қайғысыз ер көңілмен,
Жазғытұрым жасырып жердің бетін,
Жасыл шөппен, бой жеткен егінмен тең.
Сонан бері рақымсыз көп жыл өтті,
Орақ келер, орылар мезгіл жетті.
Жылы менен суықтың бәрін көріп,
Қайран көңіл қайыспай қайрат етті.
Ауыр ойды көтеріп ауырған жан,
Қайғы-қасірет жүзіңе белгі салған.
Дәні толық, басы үлкен егіндей-ақ
Сенің де басың имек жерге таман.
Өлейін деп өлмейді өлерлік жан,
Әсте өлмесін білгендей қылық қылған.
Ажал келіп бас салса, жанды ұрласа,
Өмір қайда, сен қайда, соны да ойлан.
Адамзат — бүгін адам, ертең топырақ,
Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.
Ертең өзің қайдасың, білемісің,
Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.
ЖАЛАУ
(М. Ю. Лермонтовтан)
Жалғыз жалау жалтылдап
Тұманды теңіз өрінде.
Жат жерде жүр не тыңдап?
Несі бар туған жерінде?
Ойнақтап толқын, жел гулеп,
Майысар діңгек сықырлап.
Ол жүрген жоқ бақ іздеп,
Қашпайды бақтан бойды ұрлап.
Астында дария — көк майдан,
Үстінде сәуле — алтын күн.
Қарашы, ол бүлік құдайдан
Сұрайды дауыл күні-түн.
ЖАРТАС
(М. Ю. Лермонтовтан)
Қонады бір күн жас бұлт
Жартастың төсін құшақтап.
Жөнелді ертең, қалды ұмыт,
Көк жүзіне ойнақтап.
Ажымды жүзі тершіген
Кәрі жартас таң қапты: —
Бәрі осы-ay,— деп,— құз деген,
Томсарып тұрып жылапты.
* * *
(Я. Полонскийден)
ЖҮРЕКТЕ КӨП ҚАЗЫНА БАР, БӘРІ ЖАҚСЫ
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достық пенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша,
Бірінен-бірі үлесіп алысқанша.
Құмарланар, сүйісер жүрек тауып,
Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша.
Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек,
Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек.
Осы сенің қызығың, қуанышың
Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек.
Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ,
Жүректің кең дариясы құрып қалмақ.
Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып,
Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ.
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ.
Оны сатып, ол кімді уатады?
Оның өзін тағы да кім уатпақ?
Жұрт айтқан сол ант мезгіл, келсең керек...
Мен де пенде, амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің, мен дағы өлсем керек!
1900
ЖҮРЕГІМ, НЕНІ СЕЗЕСІҢ
Жүрегім, нені сезесің,
Сенен басқа жан жоқ па?
Дүниені, көңілім, кезесің,
Тиянақ жоқ па, қой, тоқта!
Сезгеніңді сездіріп,
Жете алмадың ортаққа.
Тірі жаннан бездіріп,
Апарасың қай жаққа?
Ортақтық, тыныштық достық қой,
Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой,
Бәрі — алдамшы саудагер.
Халықтың аты керек қой
Я мақтауға, боқтауға.
Құбылға бәрі зерек қой,
Бәрі жайсыз тоқтауға.
Досты қайдан табасың,
Кеңесерге адам жоқ.
Әрлі-берлі шабасың,
Жалғыздықтан жаман жоқ.
Ақыл айтсаң біреуге
Ішің еріп, егіліп,
Ұялмас ақы тілеуге,
Бермесең қалар түңіліп.
Ақы беріп тыңдатқан
Сөз көкейге қонар ма?
Құлағын сатқан тәңірі атқан
Оңдырар ма, оңар ма?
Күйесің, жүрек, күйесің,
Күйгеніңнен не пайда?
Дүниеде нені сүйесің,
Өмір қайда, дос қайда?
КӨЛЕҢКЕ БАСЫН ҰЗАРТЫП
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса;
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.
Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды.
Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.
Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.
Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд20 қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
КӨҢІЛДІҢ КҮЙІ ТАҒЫ ДА
Көңілдің күйі тағы да
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын.
Жат жерде елге қосылмай,
Сенімді доссыз жалтақтап,
Көк қанат бейіш құсындай,
Қу ағашқа қонақтап.
Ол бұтақтан қозғалмас,
Өкіріп дауыл, соқса жел.
Өзгеге бола жырламас,
Ыстық күнді жоқтар ол.
Жанымның жарық жұлдызы,
Жамандық күнде жарымсың.
Сөз болсын ескі ер сөзі,
Кейінгіге қалынсын.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
КҮНДІ УАҚЫТ ИТЕРІП
Күнді уақыт итеріп
Көк жиектен асырса,
Көлеңке басын көтеріп,
Алысты көзден жасырса —
Сонда көңілім жоқтайды
Татуы мен асығын,
Көзі жетіп тоқтайды
Өткен күннің қашығын.
Көкке бақтым Алла деп,
Тамаша етіп құдіретін.
Рахматы оның онда көп,
Бізге түк жоқ тиетін.
Неге сүйсін ол мені,
Өзім ақымақ, алмадым,
Көрдім артық бір сені
Рахматынан Алланың.
1901
ҚУАНБАҢДАР ЖАСТЫҚҚА
Қуанбаңдар жастыққа,
Елірме күлкі, мастыққа.
Көзің қайдан жетеді
Достық пенен қастыққа?
Құрбыңның қызық дегенін
Сөз екен деп ап шықпа.
Адалдан тапқан тиынды
Сал да сақта қапшыққа.
Қолдағыңды қорғап бақ,
Мал арзан деп аптықпа.
Сыпайы жүр де, шаруа ойла,
Даңғойланып қақтықпа.
Бет алды жанға бой салма,
Қорлық жүрмес сақтыққа.
Елу бесте біз дағы
Сенісер адам таптық па?
Арсыз құмар болғандар
Опыр-топыр, шақ-шұққа
Түспей жүр ме, көрдің бе,
Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?
ҰЯЛАМЫН ДЕГЕНІ КӨҢІЛ ҮШІН
Ұяламын дегені көңіл үшін,
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.
Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.
Туысқаның, достарың — бәрі екі ұшты,
Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?!
Өзің үлкен, қылығың — бала-шаға,
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.
Әкесі ұрысса балаға, ол да — достық,
Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?
ЖАПЫРАҒЫ ҚУАРҒАН ЕСКІ ҮМІТПЕН
Жапырағы қуарған ескі үмітпен
Қиял қып өмір сүріп, бос жүріппін.
Жыбыр қағып, көңілді тыншытпайды
Қашанғы өтіп кеткен бұлдыр көп күн.
Ол дәурен өмір емес, бір көрген түс,
Ойға түйме қызықты қиялдан күс.
Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен
Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?
Төңкеріліп құбылған жұрт — бір сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең күн көрмейсің,
Өзінді-өзің күзет, кел, шырағым!
ОСЫ ҚЫМЫЗ ҚАЗАҚҚА
Осы қымыз қазаққа
Мақтаның ба, асың ба?
Қымызды басар артынан
Ет даяр ма қасында?
Бойыңа сіңіп, уерд болған
Қызба бастық жасында.
Қызылшыл семіз, жаз қымыз —
Бір үлкен борыш басында.
Жуасты мін де, айран іш,
Жоқ немеге шатылма.
Ұры, залым, қуларға
Нысанаға шаншылма.
Жылқыны аңдып ұры жүр
Әр төбенің тасында.
Ой көзімен қарасаң,
Қойдан жылқы асыл ма?
Мақтанға бола жиям деп,
Жылқы үшін жұртқа бас ұрма.
Қымыз, семіз дегенің
Бір мақтан ғой, жасырма.
Мақтан қума, керек қу,
Ойсыздарға қосылма.
Қойында ақша, қолда қой
Күзетке оңай, шошынба!
БУЫНСЫЗ ТІЛІҢ
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұғылына.
Кісінің сөзін
Ұққыш-ақ өзің,
Қисығын түзеп тұғырыға.
Сезімпаз көңіл
Жылы жүрек
Таппадым деп түңілмес.
Бір тәуір дос
Тым-ақ керек,
Ойы мен тілі бөлінбес.
1902
ТОТЫ ҚҰС ТҮСТІ КӨБЕЛЕК
Тоты құс түсті көбелек
Жаз сайларда гулемек.
Бәйшешек солмақ, күйремек,
Көбелек өлмек, сиремек.
Адамзатқа не керек:
Сүймек, сезбек, кейімек,
Қарекет қылмақ, жүгірмек,
Ақылмен ойлап сөйлемек.
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек.
АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас21.
Аманту22 оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи23 дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби24 келді.
Қағида25 шариғаты өзгерсе де,
Тағриф26 Алла еш жерде өзгермеді.
Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,
Әһлі кітап27 бұл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ28 біл.
Ойландағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Дін де осы, шын ойласаң, тағат29 та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ30 — хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы.
Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің басы — ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.
Имамдар ғибадаттан31 сөз қозғаған,
Хуснизән32 мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Му̕ мин33 болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол,
Тә̓ уилін34 білерлік ғылымың шақ.
Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Мумин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ35 намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мумин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!
ЖҮРЕК — ТЕҢІЗ, ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ — АСЫЛ ТАС
Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас,
Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.
Жүректен қызу-қызба кете қалса,
Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.
Достық, қастық, бар қызық — жүрек ісі,
Ар, ұяттың бір ақыл — күзетшісі.
Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық,
Арын, алқын — бүл күннің мәртебесі.
Қартаң тартқан адамнан от азаймақ,
От азайса, әр істің бәрі тайғақ.
Шаруаң үшін көрінген ақыл айтып,
Жолың тайғақ, аяғың тартар маймақ.
* * *
(М. Ю. Лермонтовтан)
АСАУ ТОЙ, ТЕНТЕК ЖИЫН, ОПЫР-ТОПЫР
Асау той, тентек жиын, опыр-топыр,
Ішінде түсі суық, бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр.
Ішкен-жеген, таласқан, ойнап-күлген,
Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген.
Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен
Қайғысызға қайғырып, жиіркенген.
Көп отырды, қозғалды сөйлегелі,
Құлағымда бүгін тұр соның үні:
Сендерге не жұмыс бар тағдырменен,
Ойнай бер де, күле бер күні-түні.
Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,
Дүние істеп өз жұмысын жатқан шығар.
Елемесең, елетер, бір танытар,
Қайда айдаса, барасың, кім тартынар?
ЖАЛЫН МЕН ОТТАН ЖАРАЛЫП
Жалын мен оттан жаралып,
Жарқылдап Рағит36 жайды айдар.
Жаңбыры жерге таралып,
Жасарып шығып гүл жайнар.
Жайына біреу келсе кез,
Белгілі жұмыс, сор қайнар.
Қуаты күшті нұрлы сөз,
Қуатын білген абайлар.
Жалын мен оттан жаралған
Сөзді ұғатын қайсың бар?
Партия жиып пара алған,
Пейілі кедей байсыңдар.
Қулық пенен құбылдан
Жалықсаң, жақсы жансыңдар.
Түзелмесе шұғылдан,
Арсылдар да қалшылдар.
Несі өмір,
Несі жұрт?
Өңшең қырт,
Бас қаңғырт!
Кейін табылған өлеңдер
* * *
ДОМБЫРАҒА ҚОЛ СОҚПА
Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.
Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы, тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.
Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.
Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауып.
ОЙҒА ТҮСТІМ, ТОЛҒАНДЫМ
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме-өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.
Осынша ақымақ болғаным —
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын.
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін.
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін.
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
„Сіз білесіз" дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін „пысықпын".
МЕН БОЛАМЫН ДЕМЕҢДЕР
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Бір ғылымнан басқаның,
Бәрі де кесел асқанға.
Өйткен адам жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.
ҒАЛЫМНАН НАДАН АРТПАС ҰҚҚАНМЕНЕН
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.
ТҮБІНДЕ БАЯНДЫ ЕҢБЕК ЕГІН САЛҒАН
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
ӘЙЕЛІҢ — МЕДЕТ ҚЫЗЫ, АТЫ ЫРЫМ
Әйелің — Медет қызы, аты Ырым,
Айында бір жумайды беттің кірін.
Ер кезек ер жігітке үшке дейін,
Бір боқты тағы бас та және сүрін.
БӨСТЕГІМ, ҚҰТЫЛДЫҢ БА КӨТІБАҚТАН?
Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
"Күйшіл" деп бабын білмей кінә таққан.
Құл табан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.
ЖОЛ КЕРМЕК, ЖОБА БІЛМЕК, ЖИҺАН КЕЗБЕК
Жол көрмек, жоба білмек, жиһан кезбек,
Бой жеңбек, ер жігітке, ғақыл таппақ.
Тағдырын көрушінің хақтан біліп,
Көшелі өнер иесін жүрсе жақтап.
Ниетің түзу болса сенің аппақ,
Екі елі аузыңа қойсаң қақпақ,
Сыбыр, өсек дегенді сырттай жүріп,
Ғылым, өнер, мал таппақ, жұртқа жақпақ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру