Барлау
Алмас Нүсіп
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Тәуелсіз қазақ әдебиетіне қосылған дарынды прозаик – Алмас Нүсіп. Тілі жатық қаламгердің шығармаларындағы сюжет желілері тартымды. Шығармашылық жолындағы негізгі ерекшелік – әдебиеттің бет-бейнесін қалыптастыру үшін шығарманың көлемінен бұрын мән-мазмұнына ерекше назар аударуында.
Шаң басқан сөрелерде...
Әңгімені төтесінен бастайық.
–Кітап оқисыз ба?
–Әрине.
–Қандай?
–Мұхтар Әуезов «Абай жолы».
– О! Керемет. Тағы қандай шығармаларын білесіз? Яғни, оқыдыңыз дегенім ғой.
– Қалай сонда, осындай ұлы туынды жазған адамның тағы қандай шығармалары бар екен деген қызығушылық тумады ма?
– Түсінесіз бе, мен бұл кітапты баяғыда оқығам. Ұмытып та қалған шығармын. Қол тимейді дегендей...
Иә. Қол тимейді. Баяғыда... Оқымаған. Елден естігені ғой. Алдымызды орап кетті. «Бір үзінді келтіріңізші», – деген сұрақ қойылып қала ма деп есі шықты да, ұмытып қалғанын алға тарта салды. Сасық қулық та баяғы. Мұндай мысалды жүздеп келтіруге болады. Әйгілі «Абай жолы» жақсының да, жаманның да аузында. Қай бір жылғы «Қазақстан аруына» жоғарыдағы сұрақты қойыпты. Ол да ойланбастан «Путь Абая», – деген. Көлденең киліккен қағілез жүргізуші авторын сұрапты. «Ару» сәл ойланып барып: – Ғабит Мүсірепов, – деген көрінеді. Менің бір досым аяқ асты оқымысты бола қалыпты. «Абай жолын» мазмұндап айтып ағып отыр. Әсері маған ұқсас. Оқушы кез ғой. Риза болып жатырмын. Кейін бір отырыста соны әңгіме қылып отырсам жат та кеп күлсін. Сөйтсем... Бала кезде оқығаның ішіңе сыймай, елге айтып, ортаға салғың кеп тұратыны болады, сол әдетпен бір апта бұрын өзім айтып берген көрінем әлгіге. Кейін өз бидайымды өзіме қуырып беріп, алдап кеттім деп мәз. Бұл бер жағы. Оқымағаны үшін қысылып қалатын, амал жоқ ақталуға тырысатындар айналайын ғой. Миығынан күліп, мырс етіп, «әй жоға», – деп, бетіңе жанашырлықпен бір қарап, теріс айналып кететіндерді де көргеміз. «Құдай сақтасын!» – деген леппен. Жанашырлықпен дейтініміз, кітап ескіліктің көрінісіне айналып, сөресінде шіріген мына заманда мұндай сұрақ қою... Аламан бәйгеге есек мініп барғанмен бірдей. Жоқ, өзімізді күресінге лақтырғанымыз емес, көп елдің ашық айта алмаса да, іштей қалыптасқан пікірі осы. Жылаңқы мақала жазып, бастан-аяқ қу шөппен ауыз сүрте салу емес мақсатымыз. Кітап оқылмай кетті деп байбалам салумен іс бітпейді. Әйтсе де, бала кезден басталған «кітап оқу ісі» төңірегінде алған аздаған, иә аздаған ғана тәжірибемен, қалыптасқан көзқарас, әсерімізбен бөлісіп көрмекпіз. Оқып тастағанымыз бәлендей болмаса да... Іні-қарындастарымыз үшін бала кезде кітап арқылы бастан кешкен сезімдерді тізбелеп көрсек деген ой ғана. «Алдымен көргенім аспан». Мұқағали ғой. Алдымен оқығаным – Мұқағали. Қаншалықты қызыққанымды білмеймін. Бірінші сыныпта «Есіңе мені алғайсыңды» айтқам. Әріп танып болған кез, «Әліппемен қоштасу» кешінде. Өзім оқып, жаттағам. Шешеміздің көмегі – қадағалау тұрғысында. Әнін өзі үйреткен. Мұны айтып жатқанымыз, әліппеден кейін оқыған кітап жайына тоқталу ғой. Жұқа мұқабалы қызыл кітап. Жұлмалана тозбаса да, ескіре бастаған. Ол кезде бірдеңе түйе қойдым деу ақылға сиымсыз. Әйтсе де, кітап деген дүниені алғаш сезінген сәт осы болу керек. Одан кейін тақылдап тақпақ айтып жүргеннен басқасы есте жоқ. Төртінші сыныпта «Әлем халықтарының ертегілерінің» екі томдығын оқығам. Мұғалімнің тапсырмасымен. Бұрын естігенбіз, енді тікелей қолға алып оқу... Бірден баурап алған. Оның үстіне, осы уақытқа дейін тыңдағанымыз қазақтың ертегілері. Ер Төстік бастаған көптеген белгісіз кейіпкердің сүйінішті істерін сіңіріп үлгерген кез, әлемнің ертегілерін қабылдау қиынға соқпаған. Одан кейін... Бесінші сыныпта қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі сабақ үстінде «Кім кітап оқиды?» – деп сұраған.
– Мен!
–Қандай?
–Қазір «Мың бір түнді» оқып жатырмын.
Мұғалім түкірігіне шашалып қалған.
–Әке-шешең біле ме?
–Біледі.
Ары қарай не айтатыны түсінікті. Оқуға болмайтын көрінеді. Әлі кішкентай екенбіз. Аң-таңмын. Үйге келген соң шешемізге айтқам. Жағдайды бірден ұққан. Әлгі кітапты парақтап шыққан да, «жаман ештеңе жоқ, оқи бер», – деген. Шығыстық шығармаларды құбыжық көрсетіп үйреніп кеткен ауыздар «Мың бір түннің » атын естігенде жылан шаққандай болатынын ол кезде қайдан білейін. Қош. Оны да бітірдік. Осы жылы әлгі тәтейіміз (біздің ауылда мұғалімді тәтей (немесе ағай) деп атайды) Шерхан Мұртазаның кітабын берген. «Тамұқ». Кейін білдік, «Қызыл жебенің» бесінші кітабы. Содан бастап, үйдегі азғантай шығармаларды толықтай адақтап шыққам. Авторы қызықтырмайды. Бастысы, ішіндегі оқиғалар тізбегі. Бұл ретте «Менің атым Қожа» мен «Балалық шаққа саяхатты» айтып өткен жөн. Өзімізге таныс жер аттары мен бала образы құнттап оқуға септігін тигізген болу керек. «Егер, «Абай жолын» оқымасаң, ешқандай кітап оқымадым дей берсең болады». Мұғалімдердің бірі осылай деген. Үйде жоқ. Қайдан аламыз? Мектеп кітапханасында бар деп естідік. Кітапхананың әдеби кітаптар бөліміне алғаш бас сұқтым. Сөрелер толы кітап. Аралап көргем. Ерекше әсер еді. Иісінің өзі бөлек. Өзімді сиқырлы сарайға еніп кеткен Алладиндей сезінгем. Ұмытпасам 7-сынып. Кітапхана қызметкері аңтарылып тұр. Кітап оқитын бала... Қызық көрінген болу керек. «Мұны түсіне аласың ба?» – деп қояды. «Түсінеміз. Біраз оқыдық қой». Сондағы ойымыз ғой. Алдық. Енді оқу керек. Бала Абай құрдасымдай көрінген. Қызыға кіріскем. Көп ұзамай қиындай бастады. Абай өсіп кетті. Ал, біз әлі баламыз. Жартысынан тоқтадық қой деймін. Түңіле тоқтамасақ та, жылы жауып қойғамыз. Тек, оныншыда жүргенде ғана соңына жеттік. Осы аралықта айта кеткен жөн, кітап оқу қиынға түсе бастаған. Түсіну емес, уақыт. Үйдің ұсақ-түйек шаруасын айтпағанда, өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатқамыз. Өзгерістер шағы. Достық құрып, көше тіршілігімен танысу, анда-мұнда баратын жерлер көбейе бастаған. Бала шақтан – болашаққа аттанар сәттің жазылмаған, бұлжымайтын заңы. Түннің бір уағында ұрлана басып кіріп келе жатамыз үйге. «Одан да сабақ оқымайсың ба!». Бұл зілді сөз ертеңіне айтылады. Үлкендер аузынан. Дегенмен, кітапқа дәніккен, тіпті үйренісіп, әдетке айналдырып алған бала оқудан қол үзе қойғам жоқ. Ара-тұра қолға алып тұрам. Және басқаның бәрі жайына қалады. Тақылдап тақпақ айту мен шұқшиып есеп шығару қызықтырмайтын болған. Жатып ал да, оқи бер. Бір бастасаң түбіне өзі тартып әкетеді. Осы кезде сырттан ысқырық естіледі. «Біздің балалар». Көшеге шығу керек тағы да. Аттап басқың жоқ. Бірақ, шықпасқа болмайды. Қимай қоштасып, кітап бетін бүктейсің. Кейде, ұйқыны ұмытып, таңға дейін шұқшиып кететін кездер болады. Таң ертең сабаққа тұруың қиын. Әке-шешенің «тұр-тұрымен» әрең оянасың. Маужырап, қалғып-мүлгіп отыратын мектеп... Сабақ үлгерімі төмендей бастаған. Қиындықтың тағы бірі осылай туған. Түнде ел жата кітапты қолға алып, жантая кеткенде, шешеміз кіреді. Мұғалімдер бәрін айтқан. «Оқымайды!» Ал, бұл кездегі біздің оқу басқа болатын. «Одан да сабақ оқымайсың ба!» Тіпті, кейде ашуланып, сырт еткізіп шамды өшіріп тастайтын. Қайтсін, «балаң жаман» деген сөз кімге ұнай қойсын. Ол кеткен соң ұйықтай салу тіпті де мүмкін емес. Көз алдыңда жаңа ғана құшағында жүрген басқа әлем. Сөнген жарықты жағып, қайта кірісесің. Тіпті, осы күйді басынан өткізген бір ұстазым терезе алдында айдың жарығымен оқығанын айтқанда, тәубаға келдік. Шәкіртінің басындағы жағдай мен өзгерісті қалт жібермеуге тиіс мұғалімдерге ренжитінмін. Өзімнен сұрап алмай, әке-шешеме арыз ала жүгіргендеріне. Сананы тұрмыс мықтап билеп тұрған заманда әркім басымен қайғы күн кешіп жатқан. «Ораза-намаз – тоқтықта». Мұның бәрін кейін байыптыдық. Ал, ол кезде, ауырлау тиген. Аздаған ақылдарын айтпағанда, оқушыларды кітап оқуға қызықтыратындай шара жоқтың қасы. Түбі тым әріден басталған дерт, өздерінің де оқығаны болымсыз екен-ау. Маған тікелей әсер еткен математика пәнінің мұғалімі болды. Мақалдатып, арасында «болыпты-мыс» әңгімелерді араластыра, мысқылдай сөйлегенде қай пән болып жатқанын шатастырып алатындайсың. Пәннен ауытқу емес, өз саласының білгірі. Әйтсе де, ділмар қазақтың сөйлеу мәнері айқын аңдалады. Кейін, мектеп қабырғасындағы соңғы жыл, үлкен азамат ретінде әңгімелесуге жарап қалдық деп жүргенде айтқан. Кітап оқу – демалыс деген. Қаптаған формула мен шешуі қиын есептерден шаршағанда қолына кітап алады екен. Таңғалғам. Көркем әдебиеттің өзін шаршап-шалдығып әрең оқып жүргеніме ұялғандай болғам. Себебін сұрағам жоқ. Түсінікті еді. «Әдебиет – ардың ісі». Ондағы шынайы оқиғаларға құрылған көркем дүниелер адамды бір сәтке қым-қуыт тіршіліктен алыстатып, қиялмен саяхат жасап қайтуына мүмкіндік туғызады. Күйбең тірліктің түйткілдерінен азат күй кештіреді. Жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің жан-дүниесін тану арқылы адамгершілік қасиеттерді қабылдай аласың. Қайғыға батқан бейнеге қарап, дәл сол сәттегі өз басыңдағы қиындықтың әлдеқайда жеңіл екеніне ден қоясың. Жай ғана сөз емес, бұл жағынан көркем туындылар өзін баяғыда дәлелдеген. Осыны ескерсек тегістей «технологияланып» болған бұл күнде адамға кітап керек пе? – деген сұрақ орынсыз. Тіпті, сауатсыз. Ол үшін адамзаттың ойы технологиялану керек. Бұл – роботқа айналу. Ал, біз ет пен сүйектен жаралған, Абай атам айтқан «қап» қанамыз. Артықшылығымыз сезім мен ақылдың иесіміз. Сезім мен ақыл... Одан айрылған күні адамдық кейіп адыра қалады, тірлікте мән қалмайды. Ал, ол мүмкін емес. Пенде баласының жер басып жүруі үшін бір жұбаныш керек қой. Сол жұбаныштың бірі, рухани жан дүниенің емшісі – кітапсыз күн қараң. Тоқталып өтпеске болмайтын, әдебиеттің орнын алмастырды деген нәрселер бар. Жұрт арасында жиі айтылып жүрген – КИНО. Сезім десең сезім, ақыл десең ақыл. Сәтсіз шыққандары бар шығар, адамға кері әсер ететін. Зиянды. Ондай жағдай әдебиетте де бар емес пе? Қалам ұстағанның бәрі тек пайдалы нәрсе жазыпты деп кім айтты? Болды. Осыны есепке алсақ 1:0. Киноның пайдасына. Себебі, кітапқа қарағанда ыңғайлы. Көресің, сонымен қатар ойым бөлінді деп ренжімейсің. Тіпті, қосымша іспен айналысып отырып та қабылдай аласың. Қорытуға оңай. Және бәрі көз алдыңда. Қараған сайын ләззат алар сұлу көрініс керек пе, қаншама әдемі сурет. Сайрап тұр. Қара да, рахаттана бер. Жердің екінші бетіндегі көрмек түгіл, елестетіп көрмеген елдің тұрмыс-тіршілігі. Даласы, тауы, сұлу қыздары, сымбатты жігіттері... Кете береді. Егер дауласып отырсаң, қаруыңды тастауға дайындала бастайсың. Мойындаудың аз-ақ алдындасың. Тек, бірден беріле салу – көпе-көрнеу ұят іс. Қарсы уәж айту керек қалай да. Осы кезде есіңе түседі. Әңгіменің өзі адамзатты хайуанат атаулыдан биік ұстап тұрған ақыл-ой мен сезімнен шығып еді ғой. Ойды өсіру үшін ойлану керек. Ойлану үшін ақыл керек. Ақылдың қорегі сезімталдық. Міне, есеп біздің пайдамызда. Көзбен көру қиын емес. Бастағы көру мүшесі көре алмайтынды байыптай алатын көкірек көз деген болмаушы ма еді? Ендеше, кітаптың артықшылығына дауласып керегі жоқ. Ақылға бойлап, ой қорыту үшін анау айтқандай бірнеше істі қатар атқарып отырып татымсызды талғамсыз жұта берер немқұрайлылық емес, тыныштық пен оңашалық керек. Көріністі сол қалпында қабылдай салудың түк қиындығы жоқ. Ал, оқи отырып санада бейнелеу... Қаншама артықшылық. Оның бәрін айтпағанда, кино атаулы адамның ішкі сезімін аша ала ма? Актердың шеберлігі арқасында біраз жетістікке жету мүмкін шығар, қалай десек те, бұл тұрғыдан әдебиет оқ бойы озық тұр.
Соңғы кездері зор сұранысқа ие – ҒАЛАМТОР. Ішінде адамға керектің бәрі бар. Аш та ала бер. Уақытың ды қалай өткізем десең де еркің. Тіпті, біз айтып отырған әлгі көркем әдебиетің де, киноң да осында. Бәрі бар. Жоқ болса сұраныс жаса, көп күттірмей қанағаттандырады. Рас. Пайдасын да көріп жүрміз. Жылдам әрі нақты. Әсіресе, шұғыл мағлұмат алу тұрғысынан оған жетер ештеңе жоқ. Болды. Әдебиеттің өзі біздің құрамға жұтылып кетті. Кітап керек болса, біз арқылы оқысын. Ендігі даудың мәні жоқ! Олай емес. Тақырыптан ауытқып кеттіңіз. Жоғарыда айтқан тыныштық пен оңашалықты ескерсек, сіз айтқан уәждің күлі көкке ұшады. Ғаламторға жақындаған адам – байлаусыз тұтқын. Ондағы қаптаған мәлімет ойды еріксіз аударып әкетеді. Бағытыңнан жаңыласың. Іздеп келген әдебиетіңе жеткенше жолыңды кес-кестеп, мен мұндалап тұрған көлденең көк аттылар аттап бастырмайды. Зиян. Ғаламтордан әдеби шығарма оқу былай тұрсын, мен кітапты компьютер жоқ жерде оқуды армандаймын. Себебі, электронды почтамды тексеріп, «агентте» не жаңалық болып жатқанын білуге ойым ауып тұрады. Мәселен, осы ой жеңіп, жай ғана шолып шығу үшін ғаламторға қосылдың делік. Почтаңа басқа тараптағы мәселеге байланысты, бірақ, дәл қазір маңызды емес хат түскен немесе агентте бір досың ұсыныс айтты. Бармай-ақ қойсаң ештеңең кетпейді. Керісінше, пайдалы болар еді. Ал, сен оны оқыдың. Қызықты кештен хабарың бар. Тоқтай алмайсың. Кітап жабулы күйінде тағы қалды. Өкінішті. Қаншама әсерлі сәт осылай құрбан болды екен. Ғаламтордың кесірінен... Иә, кітаптың орнын алмастырды деген осы екеуі ғана. Артықшылығы емес, оңайлығы үшін. Тіпті, электронды кітаптар шығып жатыр. Аудио нұсқасы да бар. Бұл белгілі жағдайда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін ыңғайланып жасалған дүние ғой. Ал, біз он екі мүшеміз дін аман жүріп-ақ, ауырдың үстіне қарай ұмтыламыз. Жылдамдық дәуірінде баяғыда-ақ тоз-тозы шыққан кітапты қоқыратып отырғанша соңғы нұсқаларды неге пайдаланбасқа. Ыңғайлы. Және қалтаға да шақ. Арзандау дегенім ғой. Бүкіл бір кітапхананы қотарып құйып алам десең ешкім қолыңнан қақпайды. Кітап үшін арнайы сөре жасатып, өзі де тар үйді тамаша қылып, ойып орын беріп, қысылып-қымтырылып жүргенше... Бір кітаптың көлеміндей ғана, ішінде мың кітап бар әлгіні қолтығыңа қыса сал да жүре бер. «Арзанның көз майы татымас», – деген бар. Кітаптың арзандауы руханияттың құлдырауы сияқты көрінеді маған. Болымсыз тиын-тебенге келген мүліктің қадірі болушы ма еді? Тер төгіп тапқан нанның тәтті болатындығын бала күнімізден санамызға сіңіріп өсіріп еді ғой. Қолың әрең жетсе, әрбір парағын алтыннан қымбат көріп, аялай ұстайтыныңа бәс тігем. Ерекше қадірлі ондай кітапты оқу... Бел шешіп, білек сыбанып кірісер едің. Мұның айқын мысалын бүгінде ата-әже жасына келген үлкендерден сұрап білуге болады. Оқырман ретінде естелік айта бастағанда кітап оқудан бұрын, табудың қиын болғандығын алдымен тілге тиек етпеуші ме еді. Үлкендердің бұл тараптағы әңгімесінің өзі аңыздан кем көрінбейді бұл күнде. Студент кезімізде Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романын кезекке тұрып оқығанымыз бар. Сонда екінші рет қолға түсе ме, түспей ме деген оймен, әлі бітпедім деп желеулетіп, екі қайтара оқып шыққан едік. Үгіт-насихат ісін бала-шағаны қоя тұрып, жас пен жасамыстан бастаған жөн сияқты. Біздің сөзімізге қарап, кітап оқу міндетті жұмыс екен деген түсінік қалыптаспау керек. Міндетті жұмыс белгілі бір саланың мамандарына ғана қатысты болу керек. Ал, әдеби шығарма адамның ішкі сұранысын қанағаттандыру үшін жасалған. Сіз соның тұтынушысысыз. Жүрегіңіздің қалауын тап басып тани алсаңыз, жақын тұтқан кітапты қолыңызға алыңыз. Оқып көріңіз. Теледидардағы керексіз бағдарламаларға жұтылып жатқан сағаттарыңызды есіңізге түсіріп көрсеңіз, уақыт жоқ деген жай ғана сылтау екеніне көзіңіз жетеді. Әдетке айналдыра алсаңыз құба-құп. Ол үшін, осы тараптағы ғалымдардың пікірі бойынша, оқу ұзақтығын 10 минуттан бастаңыз. Егер енді ғана бастауға ниетті оқырман болсаңыз болашағыңыз үшін осы алғашқы 10 минуттың ролі зор болуы мүмкін. Уақыт өте келе өтпестей көрінетін әлгі қысқа ғана санаулы минут жеткіліксіз көріне бастайды. Саналы түрде қоспасаңыз да, қызығушылығыңыз оянған соң, қосымша уақыт өз-өзінен қажеттілік тудырады. Сіз қуаныңыз. Салыстырмалы түрде бүгінгі күннің саусақпен санарлық «кітапқұмарының » қатарын бір адамға арттырдыңыз. Руханияттың дамуына тамшыдай болса да үлес қостыңыз. Және сіздің осы тамшыңыз күні ертең үлкен дарияға айналуы ғажап емес. «Көп түкірсе – көл». Құрдымға кетпесе де, ойлау жүйесі тар шең берде тұйықталып бара жатқан, жер басып жүруді ақша тауып, қарын толтырумен өлшей бастаған кейінгі ұл-қызыңыз үшін үлгі көрсетіп, жол салып кеттіңіз. Адамның басты мақсат-мүддесі, қасиетті борышы да осы болса керек. Кітаптың (жақсысы ғана) адамды тәрбиелейтінін естен шығармаңыз. Бұл сіздің ұрпағыңызға деген тәрбиенің басы болсын. Кітап оқудың шарттарын жасаудың қажеті жоқ. Мұқағали айтпақшы «Кім қызықса өзі көрсін көзімен». Тек, осы жағынан аздап болса да жетістікке жеткен, белгілі биікке көтерілгені болса тіпті жақсы, дос-жаран, тамыр-таныстарыңыздан ақыл сұраңыз. Қандай шығармадан бастаған жөн. Енді нені оқуға болады. Бұл алғашқы қадамдар кезінде ғана кездесер аздаған қиындық. Одан кейін нені оқып, нені оқымау керегін өзіңіз-ақ шеше аласыз. Оған дейін, ескерте кетер тағы бір жайт, оқуды демалыс, рухани тыныс алу тұрғысынан бағалауға талпыныңыз. Бұл, әсіресе қалыптасу кезеңінде өте маңызды. Көңіл-күй ауанымен шығарма таңдай алатын дәрежеге жетсеңіз, нәтиже бар деген сөз. Басыңызға қандай қиындық түссе де тарихта өткен тұлғалар мен сіз оқыған шығармалардағы кейіпкерлер өмірімен салыстыра отырып, сабыр сақтап, жеңуге тырысасыз. Білім ғана емес дүниетаным қалыптасып келеді. Ал, білімді адам күйбің тірлікке биіктен қарай алады. Биіктеген сайын, бүгінгі ең үлкен басты мәселеңіз соншалық қораш, ұсақ көрінуі мүмкін. Ой бөлісіп, пікір алмасар орта қалыптастыруға тырысыңыз. Өзіңіз үшін ғана емес, жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін де. Ақыл айтқанымыз емес. Қазіргінің ата-анасына қойылар талап – осы. «Кісіге қарап сөз емес, сөзіне қарап кісіні алатын», сөз қадірін бөз қадірінен артық құрметтеген, «өнер алды – қызыл тіл» деп білген қазақтай ділмар елдің бүгінгі ұл-қызы атасынан қалған сол қасиетін жоғалтып алуға тиіс емес. Ал, сөйлеу мәдениеті ғана емес, ұлттық келбетін сақтауда ұлттық рухта суарылған, қазақы тілмен жазылған шығармалардың орны ерекше. Бұл ұлттық дүниетаным тұрғысынан ұсынарымыз. Басқа әдебиетті оқымасын деген әңгіме емес. Мұхтар Мағауиннің сөзімен айтсақ, «Ғылымсыз, техникасыз ел болған, ал әдебиетсіз ел болған емес». Рас. Бұрын болған, бүгін бар, ертең де болады. Осы тұста бір сұрақ туындайды. Жазушы алдымен өз заманының суретшісі, жыршысы екенін ескерсек, әр заманның өзіндік әдебиеті болады. Сонда, бүгінгі әдебиет қандай болу керек? Замандастарымыз не талап етеді? Әдебиет жайлы сөз болғанда, ең көп қойылатын сұрақ осы. Жауап ретінде көбіне айтылып жүрген «заманына сай, оқуға жеңіл, қысқа жазылған және бүгінгі күннің мәселесін көтерген туындылар жазылу керек», – деген пікір бар. Қарапайым оқырман қауым ғана емес, жазушылық атағымен танымал талай ағамыз осылай дейді. Сонда... Осы күнге дейін жазылған том-том романдар оқылмау керек пе? Егер, бүгінгі күннің ғана жүгін көтеріп, жырын жырлаған шығармаларды біз оқысақ, келешек ұрпақ та өз заманының жоғын жоқтаған әдебиеттен басқаға пысқырмаса... Ұрпақ жалғастығы, тарихи сабақтастық деген қайда қалмақ? Мәңгілік өлмес мұра деп мақталып жүрген әлемдік классикада мойындалған туындыларды не істейміз? Бір күнді ғана сөз ететін науқандық шығармаларды қазір кім біледі? Кім оқып жатыр? Жарайды, біздің жазғанымызды келер күн оқысын-ақ делік. Біздің заманды көргісі, танығысы келді. Қып-қысқа, шоп-шолақ, мақалалық қана қауқары бар шағын көлемді, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер» «романдардың сарқытынан» не оқып қарық болады? Жоқ! Көлеммен өлшейін деп тұрғамыз жоқ. Бір өлеңге бүкіл бір дәуірді сидыруға болады. Ал, прозаға келсек, сөз басқа. Заманның келбеті деген алдымен адам емес пе. Демек, бүгінгі күнді бейнелеу үшін алдымен адамын танып алу керек. Содан кейін барып, мәселе көтер. Кейінгілер кейпіңді заманың мен қосып танысын. Тағынан түскен патшаны кім құрметтей қойсын. Өткенін білетін сыралғы, қай кезде де адалдықтан танбайтын бірен-сарандар болмаса. Төлен Әбдіктің бір жиында жас қаламгерлер туралы: «Әдебиетпен айналысып жүрген жастар – жанкештілер, бүгінгі күнкөрісім, ертеңім қалай болады деп қорықпай, жарытымсыз жалақыға қарамай қаламын қолынан тастамай жүрген», – дегені бар еді. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өткен алдынғы толқын аға-аталарымыз жанкешті емес еді деп кім айтар! Сонау, кеңестік идеологияның дендеп тұрған шағында да, алдынғы ағаларының трагедиялық тағдырын көре тұра өлгенін тірілтіп, өшкенін жағуға тырысып баққан да осы әдебиетші қауым емес пе еді? Цензураның сүзгісінен өткізе алмай қор болғанда, астарлап айтып, құлдық санаға шым батып бара жатқан елінің жүрегіне ҚАЗАҚ деген ұғымды қайта сіңіру жолында басын бәйгеге тіккен де осы әдебиет өкілдері еді ғой. Халық санасын тәрбиелеуде әдебиеттің орны қашан да – бірінші. Ал, оны қалай оқу керек екенін жоғарыда айттық. Жеткізе алмай жатсақ, кітап оқыңыз, қалғанын өзіңіз байыптайсыз. Сөзімізді тәмамдар алдында айтсақ, бір нәрсе анық. Техника қанша дамыса да, оңайланған дүниеден жалығады адамзат. Жұбаныш іздей бастайды. Сол жұбаныштың – әдебиет болатынына сенем! Бұл сенімге біз ғана емес, әйгілі Толстойдың өзі ден қойған. Біздікі өз заманымыздың атынан жаңаша байыптау ғана. Кітап атаулы шаң басқан сөрелерде емес, қолдан қолға көшіп жүріп тозса ғой деген арман ғана... Бір кездері жазғанымыз еді. Өзіміздің алғашқы жинағымыз, мұқабасына атымыз баттиып тұрып жазылатын болғасын кітап атаулы туралы бағамымыздың бір парасын қосуды жөн көрдік. Қалай деген күнде де, бала кездегі алған әсерлер мен қалыптасу кезеңіндегі аздаған бастан кешкен кітап төңірегіндегі сезімдер мен әсерлердің ролі зор. Тақырыптан тыс бола қоймас... ...Жаз өтіп кетіпті. Мұны күздің соңында, енді ғана байыптап жатырмыз. Байқалмай, қадірі білінбей өтіп кеткен уақыт қандай мұңлы. Біздің түрлі саясат салдарынан еңбегі толық бағаланбай кеткен ата-ағаларымыз секілді. Кешқұрым. Әдеттегідей жазу столыма жайғасқам. Терезеден сыртқа көз тастап қоям. Қар жауып тұр. Алғашқы қар. Ірі түйіршіктері жерге қонысымен жоққа айналады. Бар болғаны құрғақ топырақты батпаққа айналдырып, еріп кетеді. Жер бетін тазалауға келген аспан сарбаздары сияқты. Мыналар алғашқы Барлаушылар. Әрбір түйірін бір-бір періште алып түсетін көрінеді. Бір түйір қарды жерге жеткізген соң да айналшықтап ұзақ жүреді-міс. Сосын барып көкке қайтадан ұшады. Жердің қысқа дайын екенін, ескерту жасалғанын, аппақ қасатқа ораудың алғашқы сатысы аяқталғанын баяндайды. Көк патшасы содан кейін ғана негізгі әскерін төгуге тиіс. Алғашқы жинағымызды «Барлау» деп атадық. Біз жоғарыда аз-маз шолу жасаған, мысал ғып келтірген әсерлердің бәрі әдебиетке деген барлау еді. Осы уақытқа дейінгі көрген-білген, түйгендеріміздің бір парасын түйіндеп, есеп беруді осы жұқалтаң жинағымызбен түйіндейік. Әдебиетке деген барлау осымен аяқталсын. Ендігісі әдебиет майданына қоян-қолтық араласу. Әрине, Тәңірі сәтін салса. Әдеби шығармашылықтың алғашқы, тіпті маңызды кезеңін белгілі дәрежеде сәтті аяқтадым деп білем. Қалыптасу дәуірі осымен тәмам. Енді өсуге тиіспіз. Көлем тұрғысынан ғана емес, мән, мазмұн, тереңдік тарапынан. Мана айтқанымыздай, бүгінгі әдебиеттің бет-бейнесін қалыптастыру жолында.
«Алғашқы жыр!
Дірілің көп болғанымен үніңде,
Саған табан тіремесем жете алмас ем бүгінге».
Мұхтар Шаханов қой. Айтса, болған-толған адамға жарасар лепес. Ал бізге ерте. Қайда әлі!..
Әйтсе де, болашақ бүгіннен басталады.
Кеттік! Мұқағали айтпақшы: Бала шақтан – Болашаққа.
Қараша-тамыз.
2011-2012ж.
ТАЙ
(хикаят) Түн жарымы болатын. Ертеңгі күйбің тірліктің қамымен ерте тұру керегін түйіп, жастыққа ертерек бас қойғам. Әйтсе де, дөңбекшумен түн ортасына жеткем. Әлі ояумын. Қалтаға арналған телефоным түндегі орны – кереуеттің бас жағына, еденге жайғасқан. Түнге қарай өз міндетін атқарып болған, енді бар екенін де ұмытқам. Кенет...
Алғаш үнсіз, әлсіз ғана жарық берді. Келесі сәтте – қоңырау. Қоңырау. Менің ертеңгі ұйқы қанбаған мыж-тыж кейпім мен сүлесоқ қалпымды елестетіп, көз іліндіруден басқа ойдан ада басымды солқ еткізген қоңырау еді. Жүрегімді зірк еткізген қоңырау еді. Айшылық алыстан жылдам хабар алғам. Хабар берушім жайбарақат. Аман-саулықтан кейінгі жаңалық сұрасу сатысында сүйінші сұрағандай алдымен айтқан:
– Тайбурыл қайтыс болыпты. – Дүңк еткізді. – Пышақтап кетіпті...
Арғы сөздер есімде жоқ. Құлағым тарс бітелмеген, естіген де болуым, қабылдауға шамам қалмаған. Тістенгенім де, аңырғаным да белгісіз. Телефонды уатып жіберердей қыса ұстаған қолым қарыса дірілдеп, төсек үстінде отыр екем. Өзіме келгендегі көргенім. Оқыстан ойланып үлгермесем керек, енді ойымды жинай алар емеспін.
– Тайбурыл... – деймін күбірлеп. – Тайбурыл өлді ме? – Қарысқан қол кілт босап, тұтқындағы телефон алдымен кереуеттің қырына, одан ары еденге құлаған. Жарығы қоса сөнді. – Әттең... – Жазылған алақан қайта түйілген.
Қайран Тайбурыл. Байғұс бала. Өліп бара жатып не ойладың екен? Ес пен түстің арасында жатып не елестеттің екен? Адам ар жаққа аттанып бара жатқан соңғы сәтте бүкіл өткен ғұмырын көз алдынан өткізеді деуші еді. Пәнидің ақырғы минут... секундындағы көрген кадрың қып-қысқа болған шығар. Дәл өзіңнің ғұмырың сияқты... Бұл – сенделіп кеткен менің шашыранды ойым еді. Тайбурыл, анығында Тайжан. Тайжан болатын аты. Азан шақырып қойған. Азансыз қойса да, жөргегінде жамалған есімі. Тайжан – ет бауыр жақыным емес, анттасқан анда, серттескен досым емес. Істес тамырым да болмаған. Рас, бір ауылда өстік, бір көшеде тұрдық – арамызды он-он бес үй бөлетін, – көрші деуге келмейді. Қисық қолмен түзу амандасқанбыз. Екі жас үлкендігі бар-тұғын. Іні қылып қасына ертпеген, аға болып ақыл айтып, қамқорлық жасаған жері де жоқ. Мектепке барар жолда ұшырасатынбыз. Ұстамды, салмақты жігітке қол беріп амандасатынмын. Қос қолдап. Екеуміз де. Мені жақсы көретін. Айтқан жоқ, – білетінмін, – көзінен көрінетін. Тәкаппар. Адамға шекелей қарайды. Ызғар шашып емес, сынай. Аяп тұрғандай. Кірпік қақпаушы еді. Ортадан биіктеу бой мен шымырлығы сыртына шығып тұратын серіппелі денеге қалай керілсе де жарасып тұрар еді. Басқалармен қалай амандасқанын көргем. Алдымен бетіне қарайды, – бұл кезде қарсыдағы қолын созып тұрады. – Алмай қоятындай. Содан соң ғана, қыса ұстап қол алысатын. Бір қолын ғана. Үлкен-кішімен тең сөйлеседі. Әжептәуір жастағы азаматтар ығып тұрғандай көрінетін. Үлкенге сызданып, кішіге кәрленгенін көрген емеспін. Бірақ, қаймығып қарайтын жұрт. Сұмдық өр. Қай жағынан да мен үшін идеал. «Ақыл айтса ғой» – дейтінмін, – жұғыстырған емес. Сабақ жағдайымды сұрағаннан басқа айта қоярлықтай тіл де қатпапты. «Өлең жазып жүрсің бе?» – деп қоятын кейде. «Жарайсың, жаза бер, сенен бірдеңе шығады түбі», – деген елдің ынталандыруы аузынан шыққан емес. Сұрайтын да қоятын. Бірақ, өзім де түсінбейтін бір жақындық бар еді. Үлкен көрінетін. Қанша еліктегеніммен жете алмасымды әлдеқашан мойындап қойғам. Дене бітім, түр, тұрпат жағын айтпағанда, арамыз жер мен көктей. Ол – өзі ғана, еліктеуіштік қасиеттен ада. Ал, мен... Оның жасындағыларды құрдасымдай көрем. Алысып-жұлысып, ойнап-күліп дегендей. Ал, ол... Қазір ойласам, сол кезде бар болғаны оныншы сыныптың оқушысы екен. Он алты-он жетідегі түбіт иек. Бұл қазіргі көзбен, ал ол кезде...
***** Ол оянғанда күн едәуір көтеріліп кетіпті. Төсегінен тұрып, керіліп-созылып, самарқау кейіпте біраз тұрды. Ас үйден күбір-күңгір дауыстар естіледі. Ыдыс сыңғырлайды. Үйдегілер баяғыда тұрып кетсе керек, таңғы астарын ішіп отыр. Енді жұмыстарына аттанады. Жаз шығар-шықпастан ауылға, ата-әжесінің қолына кеткен жалғыз ұл мен жалғыз қыз бұл үйге бейғамдық сыйлапты. Жаз – бала-шағаның қамымен ерте тұрып, жуындырып, тарандырып, сабаққа дайындап, қаланың екінші шетіндегі үйден жырақ мектепке апарып, одан кейін ғана өз жұмыстарына бет түзейтін отыздан енді асқан ата-ана үшін арқаны кеңге салып, сәл де болса кеңейіп қалатын мезгіл. Бар-жоғы екі баланы әйелі жұмыс істейтін, үйге тиіп тұрған мектепке орналастыра алмай пұшайман болған ағасы ақыры амалы құрып, қаланың бір басынан екінші басына сандалуға көндіккен. Үлкені оқушы болғалы да аттай төрт жыл. Содан бері жақын мектепке жылда өтініш жазады. Орын жоқ, келесі жылы... Енді дәл осылай бес-алты жыл сандалса, бала да мектеп бітіріп қалар... Тайбурыл мырс етті. Асықпай тағы бір керіліп алды. Қымбатым қалып қоймады ма дегендей, кәрі кемпірдің маңдайындай мыж-мыжы шығып, сұрқы қашқан төсегіне бір қарап қойды. Асықпай, баптанып киіне бастады. Толысып, дер шағына жеткен жігіттің білеу-білеу бұлшық еттермен көмкерілген орта бойлы, төртпақ денесі сәнмен иіледі.
– Дипломды қорғадың, қашан береді енді? – деді Байжан ағасы, Тайбурыл жуынып-шайынып, дастархан басына келгенде.
– Оншақты күнде қолға тиіп қалар.
– һм... Одан кейін не ойың бар?
– Ауылға кетем.
– Сосын?
– Сосын, сол. Бір жұмыс тауып, үйдің ішімен бірге...
– Бір жұмыс тауып? – Ағасы ұрттай берген шайын, кері қайтарды. – Ауылда қайдағы жұмыс ол, саған зар боп отырған. Шал-кемпір өлмейді, көп сөзді қой да, қаладан жұмыс ізде. Адам деген, ертеңді де ойлау керек қой. – Күндегі гөй-гөйі. Ауыл десе тыжырынып бітеді. – Бастықпен сөйлесем бүгін, ана жолғы жерге...
– Керегі жоқ! – Айғайламаса да, ағасының бір келкі қоңыр даусымен манаурап тұрған үйде саңқ етіп естілді. Әңгімеге араласпай, үнсіз шай құйып отырған жеңгесі селк ете түсті. Екеуі де бұған аңырып қалыпты. Мұның бетіне ашу аралас, аң-таң кейіпте қарап, біраз отырды да:
– Білген боғыңды же! – деді ағасы ыңыранып. Содан сызданып отырып алды.
Жаз шыға шуынан айрылған онсыз да тым-тырыс үйді үнсіздік буған. Дастархан басында состиып-состиып отырған үшеу дағдарған кейіпте. Ішілмей, жайына қалған шай ғана: «Ау, сендерге не болған? Мені де ойлап қойсаңдаршы бір ауық» – дегендей кесе ішінде беті шеңберлене әлсіз дірілдейді. Әркім өз ойымен. Төрт жыл әупірімдеп шыдап, осы күнді сағат санап күтпеп пе еді! Енді келіп байласа тұрғысыз шудың ортасында қалу... Мүмкін емес, бұл азапқа қалада, интернатта оқып, даңғаза шудың ортасында өскен сен сияқтылар шыдаса шыдар, ауылда, қыстың қақаған аязында сақаға қатқан мұзды ауызға салып ерітіп, асық ойнап, қашан үркуді ұмытып қалғанша азаннан қара кешке дейін арқасынан түспей, тай мініп өскен бұл шыдамайды...
– Киімдерімді дайында! Жұмысқа жай боп кетті.
Ағасының ашулы даусы. Отбасында аздап қаталдау отағасының айтқаны – ісіне тыңғылықты, ұқыпты әйел үшін бұйрық. Жеңгесі төргі үйге беттеді. Ойын ағасының даусы бұзған Тайбурыл, суып қалған шайын асығыс қотарып, орнынан тұрды. Томсырайған ағасы асығыс аттанды. Әдеттегі, тоңазытқыштағы түскі астың мекен-жайын да айтуды ұмытқан жеңгесі бірге кетті. Тек сыртқа шыға берісте бірдеңе айтуға оқталғандай, бұл жаққа үрпие бір қарады да, жүре берді. Жалпы, жеңгесі жақсы кісі. Бірақ, жеңгелеп жұғысып кете алмады. Ағасымен де іш ашысып көрген емес. Туған бауыры деуге келмейтіндей. Бала кез. Көзін енді ашып, есі жаңа кіре бастаған шағында жаз сайын, кейде қыста да аз уақытқа пайда болып, қайта жоғалатын Байжанды «ағаң» десе сене қоймайтын. Әкесі бұл екеуінің аттарының ұқсастығын ұйқасымен дәлелдеп, нандырғандай болған. Ойнап жүріп жұғысып кетердей емес, өзінен он екі жас үлкен. Ол да бұған суық болды ма, әйтеуір жуи қоймайтын. Тек кейде ғана бірі ат, бірі тай мініп бой жазған болатын. Оның өзі ұзаққа емес. Мықтаса, бір белдің астында, жайылымда жатқан қойды көздеп қайтады. Астындағы ер-тұрманды атты өгіз аяңнан асырмай, өзімен-өзі ілбіп келе жатқан ағасының жүрісінен іші жарылардай болған бұл алдына бір, артына бір шығады. Ақыры, шыдамы таусылғанда:
– Аға, дабай жарысамыз. – дейді. Аға естімегендей, іш пыстырар митыңынан бір танбайды. – Аға дейім, ат жарыстырайықшы. Ана жолы көкем екеуміз жарысқанда менің тайым андағы аттан озып кетті. Сенбесең, кел көрейік. – Ағасы тағы үнсіз. Тағаты таусылған бала алға шығып кете береді. – Аға, дабай...
– Қойшы болды. Миды жемеші. Тай аттан озушы ма еді?! – Бұл бұртиып қалады. Көкесі сияқты жарыспаған ағасына ашулана бастайды. Беті қайтып қалған бала қайтадан:
– Озады, – дейді қитығып. – Алдында көкемнен озып кеткен. Көкем: «Жарайсың, тайың жүйрік екен. Батырдың тайы осындай болу керек, өзінен дәу жирен атқа жеткізбей кетті», деген.
– Ей, бір... Қанды ішіп қойдың ғой сен де. Тай аттан оз-бай-дыы. Папам әдейі қалып қалған, сен мақтансып деп. Ұқтың ба?!
Тайбурыл мүдіріп қалады. Ағасына бәрі бір сенбейді. Көкесі өтірік айтпайды. «Өтірік айтушы болма, балам. Өтірікті қорқақтар ғана айтады», – деп көкесінің өзі талай айтқан. Ол өтірік айтпайды.
Одан арыға шыдамы жетпеген бала:
– Озады, сен қалып қалам деп қорқып тұрсың! – дейтін де, тайын тебініп қалып, ұшырта жөнелетін.
Кейін, ес кіріп, оң-солын тани бастағанда да ағасын жақын көре алмады. Мұның сабақ үлгерімін сұрап, ақыл айтқан болатын ауылға келген сайын. Одан арыға Тайбурылдың өзі жібермеген. Қызық, Тайбурылдың бала кезі есінде көп қалыпты. Сүндеттелмей тұрған үш жасындағы суреттер де көз алдында. Көкесі мен апасы қасынан тастамайтын. Қайда барса да бұл бірге жүреді. Үлкен кісілер әке-шешесімен амандасып болып, мұны қолға алады. Бетінен сүйетін. Сосын тәптіштеп сұраққа алады. Кімнің баласысың? Қаншадасың? Қай елсің?.. оның ішінде.., оның ішінде... Бәрінің сұрайтыны сол. Кейбіреуі қайталап, кездескен сайын. Бұл көкесінің айтуымен жаттап алған жеті атасын сыдырта тізіп береді. Сұрақ-жауап бітеді. Үлкендерді ырза қылған бұл, әлгілердің сүйген жерін жеңімен тарта сүртіп тастайды. Осы әдетін байқап қалған біреу, ішегі қата күліп, бас салып қайта сүйгені бар. Бұл қайта сүрткен. Үйлерінен қонақ арылмайтын. Келгендер алдымен шай ішеді. Бұл кезде ет салынған қазан бұрқ-сарқ қайнап жатады. Бұлар да қонаққа көп барады. Онда да солай. Ауыз босаған аралықта қызғылықты әңгіменің тиегі ағытылады. Кейбірін ұғып, кейбірін ұқпаса да, зейіні үлкендер жақта. Ойнап отырса да құлағы түрік. Арқа-жарқа болып отырған кісілерге қызығады. Үлкен болуға асығатын. Бұл үлкен болғанда... Өзі сияқты балалармен бірден ойнап кете қоймайтын, сірә, жаңа таныстармен тіл табысудың қиындығы сол кезде-ақ қалыптасқан болуы керек. Кейде ойнап кетіп, кейде ұйықтап қалатын Тайбурыл, қонақтар қайтуға жиналғанда, немесе өздері үйлеріне кетерде сол арадан табылатын. Алғаш көргенде түп-түзу, салмақты, сап-сау адамның аяққа тұра алмай, күрмелген тілімен былдырлап көп сөйлейтін шалдыр-шатпаққа айналғанына таң қалып, үрейлене қарайтын. Үйден шықпай, шықса да қоштасар тұста ұзақ бөгеліп, ұзақ бөгеп, ауыздарынан түкірік шашырап әлдебіреулерді боқтап та салатын. Бір қызығы, басқалар ашуланбайтын. «Мас қой», – десіп күлетін де қоятын жай ғана. Әйтеуір, көкесі мен апасы ондай күйге түспейді. Бұл соған қуанатын. Кейде, көрші үйдің әйелі түн жарымда есік қағып, тарс ұйқыдағы көкесі мен апасын оятып алады. Бұл да шошып оянады. Көрші әйел жылап кіреді. Өксіп қойып әлденелерді айтып жатады. Көкесі үйден асығыс шығып кетеді. Апасы «қой-қойлап» жұбатып отырады. «Әй, қу арақ-ай», – деп қоятын терең күрсініп. Әлден уақытта көкесі келеді. Бұл уақта жылауын қойып, жасын тыйған көрші жөніне кететін. Үйреншікті жағдай еді бұл. Көке-апасы әлденелерді сыбырласып, суып қалған төсектеріне қайта қисаяды.
– Көтере алмаса несіне ішеді десенші! Әйелінде несі бар байғұс? Жап-жақсы бала, ішіп құриды. Бала-шағасына обал, оны ұйықтатқанша далада жүреді екен дірдек қағып... Әәй, қу арақ-ай! – деп күрсініп қояды апасы.
Тайбурыл көпке дейін ұйықтай алмайтын. Жеті түнде дір-дір етіп, үйге кіре алмай жүрген көрші балалар келеді көз алдына.
– Әй, қу арақ-ай, – деп күрсініп қоятын ішінен.
– Ал, жарқындарым! Тынышталыңдар енді. Шу-ла-май-мыз! Зіңгіттей жігіт пен айта қалғандай әп-әдемі қыз болдыңдар, шу-шу етіп жүрер студенттік кез артта қалды, жоғары білімді, дипломды, білдей азаматтарға шуылдаған жараспайды.
Жиырма шақты кіл жастардан жасақталған топ ұзынынан дастархан жайылған үстел басына жиналған. Бес адам бас қосса, асабасыз қараң қалатындай, – араларынан табылса тіпті жақсы, табылмаса арнайы алдырып, – сөзі қутың, көзі жылтың біреуді басқарушы сайлап қою үйреншікті жайт. Дипломдық жұмыстарын бір ауыздан сәтті қорғап, көңілдері орныққан бітірушілер мұндай күнді атаусыз қалдырардай ақылдарын ат теуіп пе?! Кейбіреулерінің тегеурінді қарсылықтарына қарамай, «еркін ойнап-күліп, әңгіме дүкен құрып, әнмен, өлеңмен еркін отырғанға жетпейді», – деп осындай бас қосуды қолай көрген. Бас қосар орынға көп дау туғызбай-ақ, жатақхана таңдалған. Біреулер үшін іш пыстырар, жамбас ояр мәнсіз отырыс, ал, шетінен философ, бүгінгі күннің өзінде талантты ақын, болашақ әйдік жазушы, жетпеген доцент, болмаған профессор, қысқасы сайдың тасындай сұрыпталған, сақи жігіттер үшін бұдан артықты, жерді желмая мініп жеті айналсаң да таппассың. Қалада өскен, филология факультетіне жел айдап, адасып келіп қалған қайсы бір қыздардың «ой, скучно ғо», – дегеніне қарсы уәж айтып, «клубқа барайық та», – дегеніне құлақ аспай, жер үшін шайқаста қайтпай ұрыс салып, жеңіп шыққан келешек «ығай мен сығай», мәрт мінез жігіттердің ойлап тапқан ұлы тойы. Ұлы тойдың басқарушысы – сөзі ірі, еті тірі Ербол. Бас-басына би болуға құмар, шашырап-пышырап жүрген елінің басын қосып, мұратын бір арнаға тоғыстырған Асаба хан жұрт назарын өзіне толықтай аудартып алған соң, аузын бағып, билігіне бас ұрып отырған қара бұқараға қарап сөз бастады:
– Ал, жарқындарым!..
– Оны айттыңыз, – деді жаннан кешкен бір жел ауыз ортадан. Ол антұрғанды қостаушылар табылды. Тыңдаған болып, момақан кейіпте, монтансып отырған қалың бұқара күліп бастап, шулап кетті. Қолын көкке самарқау көтеріп, шуылдақтарды жым қылған хан сөзін сабақтады:
– Шуламаңдар!..
– Оны да айтқансыз. – Шыбын жаны кеудесіне сыймай жүргендер жетерлік сияқты. Мынау сол жаннан безген біреудің ләмі. Делебесі қозып, көңілі көкте, жағасы жайлауда жүрген жұрт сөзге тоқтаудан қалған сыңайлы. Халқының көңіл-күйін тап басып тани алған ақ көңіл, кең құшақ ханның өзі де қосыла күлді.
– Сөзді бөлмеңдерші, түге...
– Әп, бәрекелді! Мұны айтқан жоқсыз, тыңнан тапқан сөзіңіз үшін тілімізді тасқа бастырсақ та, үнімізді шығармауға әзірміз! – «Міне, мынау жөн білетін адамның сөзі, билігімді бекемдей түсуге себі тиер мұндайларды көтеру керек», – деп түйіп қойды әккі хан, қиқылдап, шиқылдап, қарқырдап, ырсылдап күліп жатқан ордалы жұртына көңілі бітіп.
– Осылай тыңнан түрен салып отырмасаңыз, – бір жүрген жолыңызды он жүріп, ескі соқпақты шиырлай беріп, – Филологтар елін басқару қиын, хан ием! – деді бір ақылгөй.
Алақан жағын дуылдаған топқа қарата, екінші мәрте оң қолын көкке созған хан байыппен:
– Оны байқап тұрмын. Өткендердің сөз жауһарына сүйенсек, қол бастау да, ел бастау да түк емес көрінеді, – тек соңыңнан ерер тобың болсын. «Алқа топтың алдында сөз бастаудан қиынды көргем жоқ», – депті, мал бағып, мақал шығарудан өңгеге бас қатырып көрмеген сөзуар бабаларымыз. – Осыны айтып, бас шұлғыған бағынышты елінің төбесінен асыра шолып шыққан. Шіркіндер, көздері бақырайып, құлақтарын тіге, тапжылмай қалыпты. Жұма намазда имамға да тап бұлай ұйымас. – Филологтарым менің! – деді көңілі өскен хан салтанатпен. – Өздерің төбелеріңе тұтып, хан көтерген адамның сөзін бөліп, алдын кес-кестемей тегіс құлақ асыңдар! – «Тынышталыңдар» дей жаздап, әрең қалды. – Бәріміз сан тараудан келіп, бір арнаға тоғысып, төрт жыл бір соқпақпен қатар жүріп, талай тезден өттік. Аман өттік, бүгінге жеттік. Енді келіп соңғы сын сағатта ауызбіршілігімізге ақау, елдігімізге сызат түсіріп, ұлы жорық алдында сыр алдырып алсақ, досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз. Дәл бүгін тоғыз жолдың торабында тұрмыз. Әркім өз сорабына түсер сәт. Әрқайсыңды тегеуріні темірдей жауға жалғыз жұмсағалы тұрмын. Бұл жорықта тістілер мен тырнақтылар ғана емес, ептілер мен айлалылар жеңіске жетеді. Істің сәтін найзаның ұшы мен білектің күші ғана емес, ақыл мен парасат, жігер мен төзім шешетінін ұмытпауды ескертем. Алдарың тұнып тұрған – белгісіздік. Есебі мықтының – ұпайы түгел. Дәттеріңді бекітіңдер! Сапарларыңа тілерім – Ақ жол! Бүгінгі ұлы жорықтың алдын ұлан-асыр дүбірлі тойға айналдыруға жарлық шашам. Осы сәтте, осы жерде, тараулардың тармақталар нүктесінде тұрып тілеген тілек, айтылған сөз, болған оқиғалар шаршағанда – күш-қайрат, жылағанда – жұбаныш, қуанғанда – үстеме боларлық естелікке айналуға тиіс. Артымызға қарағанда, қоштасар сәттің ескерткіші жетім қыздың тойындай сұрқы қашып тұрмай, Абылайдың асындай – айбары айшылықтан мен мұндалап, дүбірі күншіліктен құлақ жарып тұратын болсын! – Қара нөпір теңселе толқып кеткендей, жыланның басындай қақшаңдап, көк тіреп тұратын бастар, жылы сөзге елтіп, көкірекке құлап түсіпті. Асаба хан есіне әлдене түсіргісі келгендей үнсіз қалыпта, алысқа тамсана қарап сәл отырды да:
– Бала күнімде, сірә жеті-сегіз жастамын, көзбен көріп, ерекше әсер еткен бір оқиға есіме түсіп тұр бүгін...
Үйдің ерке-тотай, арда өсіп келе жатқан ұлымын. Бетіме жан келмеген. Басты арман – батыр болу. Ойнап жүргем. Бір өзім. Кенет анадайдан бір қара ноқат қыбырлағандай болды. Үңілсем бүйі екен. Күн қызып тұр, көлеңке іздеп адам тұрағына өтіп кетсе керек. Аяқтары арбиып, алты жақта жатыр. Жотасы кішігірім төбедей. Шұбар бәле, күдірейе қарап тұр. Тұрысының өзі құтыңды қашырғандай. Сұсты. Алғашқы үрейімді жеңіп, дәтімді бекіттім. Жайратып түсірудің амалын қарастыра бастағам. Қолымдағы уыс тола асықты сақасымен жайына қалдырдым. Жау анталап тұрғанда, ойын қуар шама бар ма! Алға бір аттап қойдым. Дұшпаным айылын жияр емес. «Келсең – кел», – дегендей, бір қырындай, дүңкиген қалпынан жазбайды. Ойланып тұрар кез емес, бір шешімге келмей болмайды. Шешуші сәттегі сенімді қару – аяққа тоқтадым. Анығында, табанының қалыңдығы еліге жуық жап-жаңа бәтіңкеге. Мысық табандап жақындай түстім. Бұтқа толып, қыр көрсетіп тұрған немені тапап өтпекпін. Енді бір аттасам алып түсер шамаға келіп, бір тоқтадым. Қайыс қара бәтіңкеге бір, бүйіге бір қараймын. Ол да тапжылар емес. Тәуекел деп, төбеден түскем. Қашып үлгірмеді, дәп бастым. Жау түсіргеніме масайрап үлгірмедім, аяғымның асты жыбыр-жыбырға толды да кетті. Мың-сан ұсақ нүктелер аяғымды шеңберлей, жан-жаққа тарап жатты. Жан ұшыра шошынбасам да, есім шыға түршігіп, қаруымды кері қайтарғам. Аяғымды көтеріп алғанда көргенім, алғашқы көлемінен төрт-бес есе кішірейген бүйінің аман-есен жытып бара жатқаны. Сол кезде түйсінгем, ес біле келе түйдім. Бүйі қаптаған балаларын арқалап жүреді екен. Асыраушы өзі, арқасына салып өсіреді. Тұтқиыл қауіп төнгенде жотасын күдірейте жиналған ұрпағын жан-жаққа шашып жібереді. Өзі де – дін аман, үрім-бұтағы да – саламат. Қазір ойлаймын, мен қауіп боп төнген сол сәтте бас сауғалай, пышырап кеткен, өз бетімен күн көруге жете қоймаған бүйінің балалары қамқор ананың асыраушы арқасына қайтадан жинала алды ма екен? Жиналса көзі түгел, қабырғасы бүтін орала алды ма? ...Біз де тарап барамыз. Бас сауғалап емес, арман қуып. Қалай десек те ұқсас. Енді бірер жылдан кейін, осы араға төрт құбыламыз тең жиналып, арқа-жарқа отыра аламыз ба? Отырсақ, бәріміз түгел осы арадан табыла аламыз ба? – Тақта отырғанын есінен шығарып алған хан, орнынан тұрып, қолына алтын зерлі, әйнек тостағанын алды. – Басымыз аман, бауырымыз бүтін, бәріміз есен жиналар кездесулеріміз үшін! – Алтын жиекті тостаған тік көтерілді. Көкірекке жете тоқтаған сұлқ бастар сәл бұрын қайта көтерілген. Енді, қол соғып, қошеметтей дауыстап, мәре-сәре. Үстелде арақ-шарап көрінбейді. Сыртта кім не істейтінін, қандай екенін құдай білсін, бұл арада сопыдай сызылысады. Асаба хан өзі бастап – қолына гитар алған, – ән шырқалды. Жұп болсын десіп, өздерін өздері қамшылаған жиын тағы бір ән бастады. Әннің артынан желіккен жұрт шектен шықты. Бір-бірін қағытқан қисық сөздерге жол беріле бастады. Хан ордасына жараспайтын-ақ жайт. Мұны дер кезінде пайымдаған ханның қолы тағы бір рет көкті сүзе тоқтауға мәжбүр болды.
– Білетін де шығарсыңдар, алпысыншы жылдары Қытайда саяси науқан жүріпті. Ұрансыз саясат болған емес, олардың ұраны тіптен сорақы. Алдап-сулап халықтың көкейін біліп алып, даусы қатты шығып, асыра сілтеңкіреп жіберген әуейілерді қойдай көгендеп, абақтыға мойнынан тізіп тоғытыпты. Саясатында шаруам жоқ, ұраны бүгінгі тойымызға сұранып тұрғандай екен. Мен де ұрандайын: «Барлық гүлдер ашылсын, барлық бұлбұл сайрасын!» Ашылыңдар! Сайраңдар! Назарбаевша айтсақ: Тек қана алға!
Хан бұйрығы – бір бұйрық. Патша бұйырды, халық қабылдады. Жазған құлда шаршау бар ма, бұйрық бойынша ақындар ағынан жарылып, өз поэзияларына саяхат жасап қайтты, ақын еместер жаттаған, сақтағандарына қол салды. Кіріспе сөз сөйлеу барысында жүрекжардыларын жайып салып, ары қарай тыққан-пыққандарын ортаға салып жатты. Бұл аралықта тостағандардың түбі әлденеше рет көрінді, әлденеше рет толтырылды, соған орай ортада да әлденеше мәрте тоқайласты. Бәрінің тілегі «аман болайық, биіктен көрінейік...» – дегенге саятын.
– Сендер менің болашақ өмірге келуге тиіс романдарымның бір-бір кейіпкерісіңдер, – деді Нұржан өз кезегінде. – Сондықтан бір-бір ірі романға жүк боларлық күн кешіңдер, ғұмыр өткізіңдер!
Ән артынан ән, жыр артынан жыр ағылды. Тілектері бір арнаға құйылған жастар уақыт өте келе бірін-бірі жоқтамастай хәлге жетті. Сыбыр-сыбыр, абыр-дұбыр. Сыбыр мен дабыр қарқ-қарқ, кеңк-кеңк, сылқ-сылқ дауыстарға ұласып кетеді. Өзімен-өзі отырған бұл ғана сияқты. Ана тұсқа қараса да сыбыр-күбір, мына тұсқа қараса да сылқ-қарқ. Қайда көз салса да қарық болып отырған бір жұрт. Жаңа ғана монтансып, бірінің сөзіне бірі ұйып отырған ағайын түк болмағандай, дым көрмегендей бей-жай қалып танытады. Кіріп-шығып жатқандар да бар. Тек бұл ғана үнсіз, тапжылар емес. Жұрттан бөлектенуді қашан шығарып жүр осы? Қашан да осылай, дабыралы жұрттың төбесінен асыра қарап, үн-түн жоқ, дара отырғаны. «Кекіртпін – деп ойлады. – Сөзін жауапсыз қалдыратын, сәлемін үнсіз алып, қолын әрең беретін тәубасын ұмытқан, шікірейген немеге тап бір көзі соқыр, құлағы керең біреу болмаса, кім жуи қойсын? «Санасымен байып жүрген сартсың ғой сен де!» – деп еді, мұның тәкаппарлығын ең үлкен күнә есептейтін бір досы. Тайбурыл мырс етті. Шегір көз досының айтқаны расқа шығып жүрмесін. Тәкаппарлықты тазалық деп танитын басы – бақай есептен арғыны білмес сарт болып шықса... Жетіскен екен! Мейлі, «Батыр тәуекелінен таппағанды, қорқақ үрейінен табады». Қорқақ боп, иіліп-бүгіліп жүріп бақытқа жетпей-ақ қойдым! – деді қайта қатайып. Айтқанынан қайтпайтын қиқар неме «Ауылға кетеммен» жүріп жетекшісімен де амандаспас күйге жетіпті. Оған да қолды бір сілтеді. Текені жезде, ешкіні әпкелеп жүріп тапқан ғылым басқаларға-ақ қалсын. Мектеп бітіріп, ауылдан аттанғанда әке-шешені кейіндеп қалаға көшіріп алып, алаңсыз ғылым қумақ еді, ол арманының да тас-талқаны шықты. Мына мінезбен марқадам таппасын түйді. Төрт жыл, у-шу, талас тартыс астында өткен төрт жыл жүрегін шайлықтырып тастапты. Тез жеріді. Күн көріске жетер табысы бар екі қолға бір күрек ауылдан да табылар деген. Табылмаса, ата кәсіп – әкесі ұстаған құрықты құшақтап, өзі би, өзі қожа, иен тауда алдындағы ақтылы малды қайырып қойып, күнін өткерер. Құрық ұстау бәзбіреулер айтқандай өмір өксіту емес, қайткенде де ары таза, мынау даңғаза, шудан аулақ. Бұл жетпеген пейіштің төріне бала-шағасы, үрім-бұтағы жетер. Ол кезге дейін аттаған сайын алдап-арбау, кірген-шыққан сайын пара, көз салған жерің сыбайластыққа белшеден батқан кер кезеңнің да көзіне көр топырақ құйылар. Қой үстіне бозторғай ұялаған мамыражай заманды өздері көрмесе де, армандап өтіпті бұрынғылар. Бабалары жетпеген сол рахат тірлік, ертегі дәуренге де жетерміз, бұл болмаса да баласының баласы. Оған дейін, «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп, ес барда елді табайық. Елге, ауылға келем дегенін естігенде апасы байғұс етегіне сүрініп, қуанған шығар. Ал, әкесі... әкесі қостай қоймаған болуы да. Әйткенмен түсінер. Түсіндірер. Бір қызығы, жан баласымен әмпей-жәмпейге ебі жоқ Тайбурыл әкесімен еркін сөйлесетін. Әлде, көз ашқаннан алдына алып, тәй жүргеннен қасына ертіп, ертегісін тыңдатып, көкейге келгенін ірікпей сұратып, сұрағанын алып үйреткен өзі ме екен? «Мен жетпеген ұшпаққа ұлым жетсін», – дегені шығар. Алғашқыда қарсы болса да, мән-жайды ұғынған соң түсінер. Бір-екі буынның тамырына балта шабылғанмен, келер ұрпақ игілігін көрсе мұраттың орнына келгені де. Баласы да жетпегенге немересі жетерін айтармын, нандырармын соған... Қаумалаған ойдан арылып, жан-жағына қаранғанда, үстел басындағыларға қозғалыс еніпті, тұруға бет алғандары.
...Көп ұзамай би алаңында топырлап, билеп жатты...
Шет елдің шүлдір-шүлдір, мәнсіз-мағынасыз даңғазасы деп жүр үлкендер жағы. Әйткенмен, жастардың сүйіктісі. Одан артық музыка жоқ. Тыңдап ләззатқа кенелмеуі мүмкін, он екі мүшені түгел иіп, қыздар жағы жігіт атаулының көз құртына айналып, құрбыларынан ұпайын асырса, жігіттер жағы заманауи серілігін дәлелдеп, ебі келген аруды қағып түсуге мүмкіндік алатын ыңғайлы сәт. Өз мүмкіндігін сарқа пайдаланғандар бимен басталған таныстықты төсекпен ұштастырып, ары қарай дамытып та жатады. Нағыз ләззат. Одан ары өзіне дейін қанша еркекпен әуейі болғанын есептеп жатпай, үй болуға дейін жетіп жататындар бар. Тер төге тапырақтауды – төсектегі етек түрудің кіріспесі емес, дүниенің рахаты санайтындар да болады. Қалай болса да, өзін бір сәт күйкі тірліктен азат сезінуге, аз да болса барақат табуға жетерлік дүние. Әсіресе, кітап – сөресімен қоса шіріген, театр – ескіліктің елесіне айналған мына заманда. Бүгінгі кеште ешкімнің ойы жамандыққа бастамайды. «Су шықпас жерден құдық қазып қайтеміз, текке тер төгіп, жоққа әуре болмайық», – дей қоймас, қимастық сезім жетегіндегі бітірушілер шын көңілмен бір-бірін биге шақырғаны анық. Әркім өз білгенімен билеген болып жатыр. Алғашқы бес-алты биде алып-ұшқанмен, келесі сәтте-ақ екпін бәсеңдейін деді. Сыртқа шығып кетушілер, түнгі далаға арқасын бере терезе жақтауына сүйеніп, би алаңына қызықтай қараушылар пайда болды. Уақыт өте келе әлгілердің қатары жиілей түсті. Біртіндеп алаң босауға айналғанда, ешкімге керегі жоқ музыка да тынған. Тайбурылдың жаны ашыды. Неден де болса тез жалығатын, алабұртқан көңілге алданыш таба алмай, жас жүректі жұбатарлық мәнді дүниеге қолдары жетпей жастық ғұмырлары сырғып бара жатқан замандастарына. Еңсесі асқақ болғанмен, қатары жиналған топты киіп-жарып, еркін жүруге еркі жетпеген, жан баласына жақындаса асылын көрсетіп, қымбатын ұрлатып алардай сіресіп бағатын өзіне. Сыртқа жылтырап жүрген мына құрбыластарының ығын тауып, жанды жерін дөп басса, қай-қайсы да еңіреп жіберуге шақ тұрғанын ол білетін. ...Биден кейінгі дастарханның да қызығы азая бастағанда, соңғы сөзді бір ауыздан Тайбурыл айтсын дескен. Ол орнынан тұрып, сәл үнсіз тұрып, қоңыр дауыспен баптай сөйлеп кетті:
– Мынау өмір мен үшін үлкен әдебиет. Проза дейік. Әр пенденің басына өлшеніп берген көлем бар. Бір ғұмыр қысқа ғана мәтін, тағы бірі шолақ әңгіме, орташа хикаятқа жүк боларлықтай. Сендерге тілерім қарғаның ұзақ жасы емес, қанша жасасаңдар да адамдық кейіптен ажырамас мағыналы ғұмыр. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» депті бабаларымыз. Кейін Нұржан сендер туралы жазбақ болып, романын қолға алғанда: «Бұлардың несін жазам?» – деп бас қатырып жүрмейтін болсын. Бәрің ұзақ-ұзақ романдардың бір-бір жағымды кейіпкері болыңдар. Және, романдарың қазақ ертегілеріндегідей «мақсатына жетіп, бақытты өмір сүріпті» деп аяқталсын!
– Браво!
– Жарайсың! Айтқаның келсін!
– Сенің сөзің үшін аламыз! – дескен дауыстар естіледі. Топтастарының қошеметінен кейін тағы да:
– Біздер – бес күндік жалғанның алғашқы ширегінде тұрғандармыз. Құлын күн өткен, тайдың жасынан өтіп барамыз. Үлкен көлем туралы сөз болғанда, тайдың ғұмырын алға тарту ақылға қонымсыз болар еді. Сондықтан, бұл күйде қалмаңдар, өсіңдар, жетіңдер!
Мен – малшының баласымын. Малшы болғанда, біреудің есігінде күнелткен, босағасын күзетіп, малын баққан шоқпыт шапан, жалба тымақ қызметші кедей емес, алдына біткен азғантай дәулетін шашау шығармай, ешкімнен көмек сұрап, қол жаймаған ұқыпты шаруа. Әкем малды сүйетін. Әсіресе жылқыны. Атбегі болған жоқ, жүйрік баптағанын көрген емеспін, әйткенмен, мінгені кілең белді ат, жілікті жылқы. Митыңдаған жабы байланбаған керменің иесі. Дәті мықты, тумысынан қайратты, жағасын жыртқызбаған, иінін түсірмеген кісі. Сол әкемнің жылағанын көрдім. Бір-ақ рет. Түсінбесем де, қосылып жылағам. Бір оқиғаға бола күйрей жығылып, кәдімгідей шөгіп кетіп еді. Бір тай болды. Ерте көктемгі төл, қыс түсе баланың тақымы түгіл, үлкеннің салмағын да көтеріп алар жұнттай тайға айналған. Қыста мектептеміз, сегізінші сыныптың екі тоқсанын аяқтап, қысты орталай қыстауға, әке-шешемнің қасына келгем. Он күндік демалыс. Құрық тимеген құлындарды жуасыту – жылдағы әдет. «Тай үйрету» дейтінбіз. Тай үйретуді ай қасқа қара тайдан бастағанды жөн көрдім. Қалғанын ертеңнен бастап тақымға баспақпын. Келгеннен көзім түскен. Тұрқы қатар туған өзгелерден биік, сүйекті. Кішігірім құнандай. Алдымен құрық салдық. Үй арасы ат шаптырым, көршінің менімен жасты баласы былтыр жүгенделген құнанымен көмекке шақырылды. Ай қасқаны құлақтан баса тұрып, жүген кигіздік. Енді, қарғып міну ғана қалды, – қалғаны оңай. Оңай болмай шықты. Минутқа жеткізбей аяғымды аспаннан келтірген. Әп сәтте үш мәрте ауып түстім. Бұрын талай асауды ауыздықтадым деп бұтқа толып жүрген мені бұйым құрлы көрмеді. Намысқа тырысып қайта ұмтылғам. Ай қасқам маңайлатар емес, ойыңды білдім дейтіндей. Жалына қол апартпайды. Тай үйретуді жеңіл-желпі жұмыс көретін көкем де көмекке келді. Ұяттан, ызадан жарылардай болған менің қайта мінбек әрекетімді өзі тоқтатты. Айтуынша, мұндай асауды бұлай жуасыту мүмкін емес көрінеді. Мені жұбатқандағысы. Ұялтпайын дегені ғой. Тайға ерсі көрінсе де, ер-тоқым салуға тура келген. Салдық. Тулап жатыр. Ұзын байланған шылбырды мығым ұстап, тайдың ыңғайымен шыр айналып мен жүрмін. Арқасына кенедей қадалып алған ерге алара қарап қояды. Тулап түк шығара алмасын сезгендей, әлден уақытта бір сәт тыншығандай болды. Енді ер-тоқыммен орын алмастырып, қара терге түскен мен қонақтадым. Алғашқы аптығы басылған қара тайға қамшыны басқам. Таулы жер, өрге салып, қияға шауып әуселесін көрмекпін. Ағызып келем. Артымда құнанды көршім. Екі төбенің түйіскен тұсымен өрге салып келеміз. Осы шабыспен біразға ұзап кетіппін. Демі ауырлай бастаған тайды аяңға салып, артыма қарағам. Ап дегенде ізімді баса ілесіп келе жатқан құнанды құрдасым көрінбейді. Барлығып қалған құнанымен қадамын санап басып, әрең қуып жетті. Ұзағырақ күтуге тура келген. Кештете үйге қайттық. Асауым сәл де болса сылбыр тартқан. Дегенмен, тебінсең ата жөнелуге әзір. Аяңмен келеміз. Тай да, құнан да қан сорпа. Құлағы салпайып, басы салбырап, жақ жүні үрпиіп кеткен құнанға қарау тіпті аянышты. Емеурін танытсаң тұра шабар жап-жас жылқы, қамшының астына алсаң да мызғымастай. Бізді таң қалдырған ай қасқа еді. Күні бойы дамыл көрмеген, енді болмаса құлап қалуға тиіс тайдың мінезі еді. Әр-әр жердегі қардан ада қарайған жер, селтиген бұта, түп қараған кезіккен сайын, оңға, солға жалт-жалт береді. Менің аздаған оқыс қимылымның өзінен ытырыла кетуге әзір.
– Қазір ет қызуымен байқамай тұр ғой, әуселесін ертең көреміз. Суысын, таң ата қалай қағынар екен! Қинаңқырап жіберген екенсің, ертең үстінен мылтық етсаң да мыңқ етпес, – деген көкем, ақ қырауға бөккен ай қасқаны байлап тұрып.
Ертеңіне, ай қасқаны тағы да құлақтан тұқыртып тұрып мінуге тура келген. Мылтық атқан қайда, суатта ауыздығын ала алмай ит болдым. Қарғи туламаса да алып-ұшып тұрған желөкпені кешегі жолмен тағы бір айналдырып шықтым. Әрине, аяңмен емес. Сорпасын шығарып келіп, қайта байлағам. Тек бұл жолы жалғыз жортуға тура келген. Ертерек қайтып, ерте суытып, түнге қарай алдына аздаған шөп тастадық. Бұл әрекет он күн бойы қайталанып бақты. Тізгін түсініп, бас білгендей болғанмен, ол да қасарысып бақты. Күнде бір өнер шығарады. Басқа асаулар жайына қалды. Таңғы ас үстіндегі әңгімем, түнгі көрпе астындағы ойым – ай қасқа қара тай.
Дем алыс уағы бітіп ауылға қайттым.
– Қамықпа, балам. Келесі демалысқа дейін көршінің балалары бар, солар мініп берер. Сен енді айналып соққанша, тәртіпке саламыз, – деді көкем, «ауылға мініп кетсем» деген маған.
Тулағанын толық қоймағанмен, неге екенін, ай қасқа тай маған бой үйреткендей болған. Мен жақындасам жалын төсемегенмен басын ала қашпайды. Мені көрсе оқыранып қоятын. Тіпті, әкемді де жатырқап тұрады. Ауылға келген бойда тай да естен шықты. Тай мінетін жастан өтіп кеттім деп есептейтін, сүйегі ерте жетілген менде оны ойлайтын мұрша да жоқ еді. Таң ата сабақ, түс ауа күрестен жаттығу, одан соң әжем екеуіміз ғана тұрып жатқан үйдің азғантай шаруасы, кеш бата кітаптың қызығы, болмаса сыныптас балалармен қосылып көше кезу, тағы да толып жатқан «жұмыстардан» мұрныма су жетпей жүрген. Тайдың арқасына азаттық берген соңғы күннен бір ай өткенде ауылға әкем келіп тұр. Қойды қайырусыз, жылқыны қараусыз, қыстауды иесіз тастап жайдан-жай жүрмегені анық. Себеп – әлгі ай қасқаның ылаңы болып шықты. Бір ай бойы бос жүрген тай тағы болып кетпесін деп, көршінің жексенбілік демалысын құр жібермей қыстауға барып тұратын баласына жүгендеп береді. Туғалы ат үстінде өскен бала он күн мінілгенін ұмытып, мейманасы әбден тасыған асауға қарғып мініп, қамшыны басады.
Шапши тулап, әрең тұрған жас пері ала жөнеліпті.
Асауға мінген бала үйден ұзай береді. Берік деп тақымына сенді ме екен, ұзын тізгінді қымтай ұстап, білегіне орап алады. Үстіндегі бөтен адамды жатырқаған сүйекті тай ойламаған жерден жалт бергенде бейқам отырған бала екпінге шыдамай ауып түседі. Одан әрмен шошынған тай салмағы жеңіл баланы сүйрей алға ұмтылады. Оң қапталда қалған бала қапелімде не тұрып, не қолын тізгіннен босатып үлгермесе керек, тіке тартқан тайдың аяғының астынан бір-ақ шығады. Бір ұшы баланың білегіне оралған тізгін тайдың аяғына ілінісіп қалады. Есі шыққан тай, айналып жүріп, тепкілеп тастаса керек. Бет-аузынан сау-тамтық жоқ дейді. Оң иығы шытынай сыныпты. Абырой болғанда, жаны кеудесінде. Ауруханаға әкелген беті екен.
– Өз балаңның шамасы келмеген тексіз малыңды менің балам үйретеді дедің бе? Он күн мінілгенде бастықпаған тайдан не опа, не қайыр?! – деп ренжіпті көрші шал.
Шалдың сөзі түрткі болды ма, әлде өзі де түңілді ме, ай қасқаны соятынын айтты. Мен де үндемедім. Сол келісінде мені де ерте кетті. Тайды сойып сатпақ. Еттей өткізген пайдалырақ көрінеді. Өзі қалаға кеткенде малға бас-көз бола тұрмақпын. Қыстауға түнделете келген күннің ертеңіне ай қасқаны жығып салдық. Тай сою – түйе сою болмағанмен, екі адамның әлі келе қояр шаруа емес. Баласының жаны жазымнан әрең қалған көрші – уақытша араз. Етті қалаға апарысуға көлігі бар, бір жағы тай сойысуға – менің нағашы ағам, әкемнің балдызы – көмекке шақырылған. Мал қарап қалатын маған ес – жетпістің ішін кең аралап кеткен нағашы атам да келіпті. Одан басқа ағамның әйелі, тағы да мен танымайтын – ерлі-зайыпты болса керек, – жолдастары бар. Қариядан басқасы көкемнің тапсырысымен келгенін түйдім. Ақсақалдың батасынан кейін, көкем төрт аяғы шандып байланып, қырынан қыбылаға қарап жатқан тайдың тамағын орып жіберді. Мүйіз сапты өткір кездікті қан жуып кеткен. Тыпырлап жатқан тайдың, не болғанын ұқпағандай, көзі аларып кетіпті. «Мына адамдарға не болған», – дегендей. Алғаш қорқырай шыққан дауыс, ышқынған дыбысқа ұласты. Біртіндеп дыбыс та әлсірей берді. Мінезі салмақты, сөзі орнықты кісінің қолы жануарды көп қинамай, тез тыншытқан. Байлаулы арқанды үзіп жіберердей созылған төрт аяқ соңғы рет орғып кеткісі келгендей қалтырай күшеніп сәл тұрды да, ышқынып барып сылқ түсті. Көздегі отты ашу да қоса сөнген. Сол-ақ екен, жалаңдаған қасапшылар төрт аяғын төрт жаққа тартып, жәукемдей бастаған. Көп өтпей-ақ, әккі қолдар ылым-жылым қимылмен түртпектеп жүріп, терісін сыпырды. Ішек-қарыны тусырылып түскенде:
– Апаңа айт, ішек-қарынды салып алсын! – деді көкем.
Қауырт қимыл үстінде бетке қарап арнайы сөз айтылмайды. Әркім өз міндетін бес саусағындай біледі. Айтпай түсіндім, «барып кел, алып келді» атқаратын мен ғана. Үйге жүгіргем. Маған үй ішінен де шаруалар табылды. Апам қасына келінін ертіп, сыртқа беттегенде, үйде қалған бейтаныс әйелдің нұсқауымен ұсақ-түйекті тиіп-қашып тындырған болып, үйде біраз айналдым. Босай салып, сойыс жүріп жатқан жерге беттедім. Еркектер тобына келгендегі көргенім, әлденелерді айтып болып, қолын бір сілтеп, теріс айналып кеткен атам мен түнеріп алған әкемнің қар жауған қабақтары. Қалғандары қалшылдап кеткен көкеме бір, анадайда сенделіп жүрген атама бір, қан-жынынан арылып, қол-сандары көктен келіп, арса-арсасы шығып, өз терісін өзі төсеніп жатқан, жансыз ай қасқаға бір қарайды. Әкем үнсіз тістеніп алыпты. Қан қата бастаған кездікті қыса ұстаған қолы дір-дір етеді. Не болғанын сұрауға батылым бармай, мелшиіп мен тұрмын. Кенет, әкем оң қол тұсындағы дөңбек тасқа кездіктің жүзін жапыра салып-салып қалды да, анадайға серпи лақтырып жіберді. Әл-дәрмені кездікпен бірге кеткендей, жайрап жатқан тайдың бас жағына сылқ етіп тізерлей кетті. Бауыздалғанмен ұлы денеден әлі ажыратылмаған басты тізесіне салып, айшықты қасқасынан бастап, тұмсықтан төмен аялай сипап біраз отырды. Ерні дір-дір етіп, бірдеңе айтқысы келетіндей. Кейпі соншалық аянышты, және қорқынышты еді.
...Кенет, еңіреп жылап жіберді.
– Қанатыңды қырқып, жолыңды кестім-ау. Бағыңды байлаған соқыр иеңді кешір, сормаңдай жануарым! Кеш... Кешір, мың жылқыда бір кездесер пырағым...
Ары қарай тығылып, сөйлей алмай қалды. Үнсіз егіліп ұзақ отырды. Тарам-тарам жасы иегіне жетіп, ай қасқаның өлі басына тырс-тырс тамады. Екі көзім әкемде, тас боп қатып қалғам. Бұзылып кеткен бет-әлпеті, жүзі... Сұмдық қорқынышты еді. Келесі сәтте, өзімнің де ағыл-тегіл жылап тұрғанымды аңдадым. Не үшін екенін ұқпасам да өзімді тоқтата алмағам. Көкемнің жас жуған азалы жүзіне қарап тұру мүмкін емес еді. Енді аз тұрсам, бақыра жылап, көкемді құша жығыларымды сезіп, үнсіз өксіп, теріс айналып кеттім. Екі бөлмелі қоржын үйдің сыртын айнала бере, екі қолыммен бетімді баса, қабырғаға сүйеніп отырып алып, жыладым-ау бір. Осы қалыпта қанша отырғанымды білмеймін, өксігімді басып, өзіме келіп, басымды көтергенде көзім қызарып, білеудей ісіп кетіпті. Жасқана басып, тай сойылып жатқан жерге келдім. Апамдар да осы арада екен. Ары қарай мүшеленбеген жылқыға қарап, үрпиісіп тұр. Кесілген жілік, суырылған өкпе-бауыр, тазаланып үлгерген ішек-қарын, бәрі-бәрі тегістей теріге оралып жатты. Әкемнің бір іске берік бекінгені байқалады. Қимылы ширақ. Сөйтіп, ойламаған жерден қара жамылған біз, тай союды орта жолдан доғарып, үйден көп алыс емес жатаған төбеге шығып, ай қасқаны аруламасақ та, аза тұтып, көміп қайттық.
Кейін апамнан қанықтым, басқалардың қарсылығына қарамай әкем кесіп айтыпты:
– Құдайдың тегін жаратпаған жануарын жайратып тастағаным аздай, енді етін сатып пайдаға кенелмей-ақ қойдым. Жарықтық, тұлпардың киесі болады деуші еді, күнәм сәл де болса жеңілдер...
Атам да осыған тоқтапты. Күйеу баласының салғырттығына ренжіген де, соңынан басу айтқан да өзі болыпты.
– Жарықтық, жануардың жылқыдан оқшау, жел жағында жайылатын әдетін, суатта ағынның ең басында тұратынын көріп жүріп, елемеген көр соқыр басым, обалына қалдым-ау, обалына... – дей берген көкеме:
– Қой, балам! Біреуді баққа, біреуді сорға себепші қып қойған Тәңірге не шара? Күні бітті, демі таусылды. Қайткенде де жетіп тұрған ажал. Бұйырмаған мал. Келді, кетті. Мал көрмегендей о несі, түге... – депті. Ұрыса отырып тағы біраз сөйлеген.
–Осы оқиғадан кейін көкең байғұс әрең оңалды, – дейді апам. – Бір жола шөгіп кетер ме екен деп едім, әйтеуір иінін тіктеді. – Түнімен күрсініп шығады екен.
Көз жасы мен тай жерлеудің мәнісін сұрағанымда, апам:
– Ит біле ме, атаң екеуінің шығарып жүргендері ғой. Қанаты бар екен дей ма-ау, екі қабырғасы деді ма, бір қабырғасы ма артық екен дейді. Жоқ кем деді ма? Қабырғаға байланып қалған қандай қанат екенін, «сұмдық жүйрік болғандай екен», – деп күрсінгенде, демдері бет шарпиды.
«Бала-шағамнан аулақ, өзіме.., өзіме көрінсін!» – деп жиі күрсінетін болыпты көкем.
– Міне, сөйтіп, тұлпар туған тайдан айрылдық. Білместік емес, самарқаулық екен... Талантты тану былай тұрсын, көріп жүріп елемейтін тоғышарлығы басымдау бұл заманда не көрсеңдер де – еңселерің жығылмасын. Биікке жетсеңдер алдарыңа келген ұшам деген жас атаулының қанатын қатайтып, қолтығынан демей біліңдер!
Шағын ғана, салтанатты отырыстың соңғы сөзі осы болды. Хан тағынан түскелі қай заман! Биліктің босаңсығанын аңдаған халық ұйлығып біраз отырды. Ақыры, басшылықтан нақты нұсқаулар болмағасын, жан-жаққа босып кетті. Анығында, үлкен сапар алдында жақсылап дем алмақ ниетпен, өз қостарына қайтқан. Қабырғасы сөгілген қыздар жағы болатын. Бірі отыра алмағандығы үшін кешірім өтініп, қоштасып аттанса, бірі үнсіз сырғып отырған. Тек бір-екеуі «Ұлдардан ұят қой», – десіп, кетіп қалғандарды сырттарынан көк есекке теріс мінгізе жүріп, үстел басын жиыстырып жатты. Жігіттердің әңгімесі қыза түскен. Тай оқиғасынан кейінгі туындаған ойлар, соған ұқсас естіген, көргендерін айтысып, таңға отырған.
***** Еңгезердей ақ бас шал Алатаудың етегі. Алматының жаңа салынып жатқан заманауи зәулім ғимараттарының төбесінен төне түсіп: «Мойындарыңды үзілгенше созсаңдар да маған жету қайда сен пақырларға!» – дегендей, асқақтай қарайды. Табиғи жаратылысты түрендеп, жылдан-жылға тау бауырына жақындай түскен қала құрылысы: «Көк қыратты қызылды-жасылды шатырмен жасырмай тынбаймын!» – дейтіндей. Тақаса өрлеп келеді. Қашанғы маңғаз Алатау қазірде бауыры тілім-тілім, аяғына шөп-шалам жабысып, темір-терсек ілінісіп, ары қарай жүруге әлі құрып, шөке түскен алып атан сияқты. Етектен тартқан адамзат өркешіне қолы жетпегесін, бар жүгін бақайына байлап, аяққа оралғы болып, тырп еткізер емес. Өзі сая болған перзенттерінің бұл ісіне өкпелеген Алатау ата теріс қарап бүк түсіп жатып алыпты. Жағадан алар жау болмағанмен, етектен тартар бөріге айналған түртінек пенделерге енді қайырылып қарамайтындай. Қарлы шыңдары – кәрлі көрінеді. Тайбурыл таулы өлкенің ұлы еді. Биік көрсе басына шығып, әлемнің төбесінен қарауға құштар. Алатаудың бауырына еніп, құшағын еркін аралау көптен ойында жүрген. Сонау, Алматыға алғашқы келісінде-ақ бір-біріне мінгесіп, төмендегі адамзат атты тіршілік иелерінің жыбыр-жыбыр, абыр-сабыр тіршілігіне мойын соза үңіліп тұрғандай көрінетін көк тіреген көк ала тауға қызыға қараған. Жұмбақты құшағына бір сүңгіп шығуға ойы кеткен. Бірақ, істің орайы келмей-ақ қойды. Әне-мінемен жүргенде төрт жыл да сырғып, өте шығыпты. Ауылға кетем деген тоқтамға түбегейлі тоқтаған соң ғана: «Бауырында біраз жыл жүрдік. Тиіп тұрған жерден құр тамсанғанымызды енді кешірмес, Алатауға сәлем беріп қайтайық», – деп, бірге оқыған жігіттерді ерткен. Оларға ауылына әлі кете қоймаған қыздар қосылған. Жиыны он бес адамдық топ күн шыға жиналып, күн қыза жықпыл-жықпыл тау сілемдерінің біріне енген. Көлік жетер жерге дейін таксилетіп, одан ары жаяу тартқан. Сай табанын қақ жарып, төменге қарай жосып бара жатқан мөлдір сулы ақ көбік өзеншікті жағалай жүріп отырып, сайдың сәл бұрылыс жасайтын тұсында шеңберлей иілетін жіңішке суға міне тоқтаған иінге жайғасты. Күнгей бет әдеттегідей жалаңаш бөксесін күнге тоса, сұлқ жатыр. Теріскей бет қарсысындағы көршісін келеке қылғандай, етегіндегі қау өскен шөпті айтпағанда, бытысып кеткен ит мұрын, долана, қисық, тұтаса өскен көк терек, қара ағаштар, ақ, қызылы қатар бой түзеген қайыңдарды төсеніш қылып, ортан белінен жоғары көкке мойын созған оқтай қарағайларын жамылғы жасап, үлде мен бүлдеге оранып алыпты. Бұлардан бұрын да біреулер келген сияқты. Кішкене қазан еркін сиярдай шағын жер ошақ қазылыпты. Күлі көгеріп әлі жатыр. Отынға арнап жиналған қураған ағаш бұталары артылыпты. Ең азы бір апта бұрынғы келгіншілер болса керек, одан бергі аралықта адам аяғы тимегені байқалады. Көгі тік шағын көгалға аунай кеткің келеді. Көптен бері түтіннен арылып, ауасы саф, сарайыңды ашар биікке шықпаған қыз-бозбала даурығыса жүріп, арқалап әкелгендерін реттестіріп жатыр. Көңілді. Тентек немере-шөберелері қасына жиналып, шапанының етегін тартқылап ойнағанын қызықтай қараған мәрт мінез, көне көз қариядай Алатаудың да маңдайының қыртыс-тыртысы жазыла түсіпті. Жүктерін ағаш арасына жасыра жайғаған соң, бірден таудың биігін бетке алған. Мұндайда, қыз-жігіттердің мәңгілік болмағанмен, бір сәт амалсыз болса да қол ұстасатыны болады. Әдетте жігіт алда, қыз қол жетер жер артта. Алдыңғы – сүйреуші, әрі демеуші ғана емес, қиыннан қиыстырып қиядан жол табар жол бастаушы, артқы – жаны нәзік, аяғы әлсіз, өзін бастаушысына толықтай сеніп тапсырған тіркеме. Бұл – жігіт атаулы өзінің еркектігін бір сәт сезініп мардымсып қалатын, қыз өзінің тек аялауды талап ететін, нәзік жаратылыс екенін іштей түйіп, сызыла түсер сәттің жазылмаған заңы. Әйткенмен, заңды аттап кететіндер де болмай қалмайды. Заң бұзушылар біреудің жүріп болмайтын кертартпа масылдығынан зықы шыққандар, немесе алдыңғының іш пыстырар салғырт жүрісінен жалығып, өз күнін өзі көруге бел буғандар. Сирек болса да кездесіп тұратын жайт. Бұл топтан да екі бұзақы табылды. Бірі – Тайбурыл. Масыл тіркеме, қол байлау деп қашқақтағаннан емес, қуаныш кернеген бойын билей алмай, аптығып алға шығып кеткен. Нәзік жандылар ала кет деуге үлгірмеді. Оның үстіне, алғашқы қадамдарда тап бір сөз байласып қойғандары болмаса, қыздар алқына бастаған, кейбіреуі сүрініп кеткенге дейінгі аралықта – қол ұстасу бола қоймайды. Жұрт жұптасып жатқан сәтті алға он қадамдай шығып кеткен Тайбурыл өткізіп алды. Екінші – Құралай. Не ойлағанын кім білсін, жайбасар жетекшіні талақ етіп, еркіндік алған қыз жүгіре басып, алда кетіп бара жатқан Тайбурылды қуып жеткен. Қалада өсіп, үйден ұзамаған, уайымшыл ата-ананың қолында өскен қыз мінезді, маңғаз Ардақ сөйтіп басына бостандық алған. Жұрттың соңын ала, тірсегі дірілдеп, әупіріммен ілбіп келеді. Алдыңғы екеу өздерінің артқы топтан тым шығандап кеткенін тау басына шыққанда бір-ақ білді. Ашық биікке шыққанда – Алатаудың ұшар басына шықтық деп ойлаған Құралай, көз алдына бұдан да биік асулар көлденең тартылғанын көріп, қайран қалған. Бұлардың жеткен жері нағыз биіктің босағасындай ғана екен.
Кенет, мұның ойын оқып тұрғандай:
– Алатаудың төрі бұйырмапты. Табалдырығына аяқ артқанның өзіне-ақ басым айналып тұр. Төбесіне шықсам жүрегім жарылып кететін шығар, – деді Тайбурыл қатарласқалы тұңғыш тіл қатып.
Екеуі де алқынып қалыпты. Әсіресе, – алға қарай еңкеңдей жылжыған, бұл жаққа мойын да бұрмаған жігітке «ақырын жүрейік» деуге намыстанып, соңынан ере берген – Құралай. Өрге қарай асыға басқан Тайбурыл артына бұрылмаған қалпы, алға тартып отырған. Қасында келе жатқан қыз ба, басқа ма, оған бәрі бір сияқты. Енді, жолда өкпесі өшіп, дымы құрып тоқтап қалмағанына рахмет айтқандай, самарқау тіл қатып тұрғаны мынау. Бірге оқыған жылдар ішінде соншалық жұмбақ болып көрінген жігітті елемеген сыңай танытып баққан Құралай, аяқ астынан осының соңынан жан далбаса ілесе бергеніне іштей өкініп тұр. Тайбурыл... Қасында тұр. Сабаққа келісі, кетісі, жүрісі, ісі, сөзі, – бәрі жұрттан алабөтен. Ерекше. Өздігінен тіл қата қоймайды. Қатса да қысқа ғана. «Келесі сабақ қай аудиторияда? – немесе, – Сағат қанша болды?» – деген сынды. Біреудің сұрағына құдайдың зорымен жауап береді. Кім не сұраса да алдымен бетіне қарайды. Сынап. «Шынымен сұрап тұр ма, шынымен білмей ме?» – дегендей. Көзінде тұнып тұратын салқын сабыр ар жағында бұғып жатқан алапат ашуды әрең жасырып тұрғандай. Тағы бір көлденең сұрақ артық қойылса, шөгіп жатқан ашу айғай сап атып шығатындай. Бірақ оның бірі де болмайды, білгенін қысқа қайырып айтып жатады. Көп сөзге үйір болмағанмен – соншалық тұйық та емес, әзілге әзілмен орнықты жауап береді. Басынан сөз асырмайтын қасиеті болар. Алғаш көргенде, бас алмай оқитын, мұғалімнің тапсырмасын бұлжытпай орындауға әдеттенген сабаздың бірі ме деген. Көп өтпей қателескенін түсінді. Университетке көп келмейді, келсе де сабаққа кірмейді. Оқу залдарында отыратын. Өздігінен ізденіп жүргені. Ел қатарлы шәкіртақыдан қағылып қалмайтындай ғана бой көрсетеді. «Мен өте ірімін, – әзілінен шыны басым сияқты. – Басқаның қалыбына сыймаймын!» – деп еді бірде, сабақты неге көп қалдыратынын сұраған бұған. Төрт жылдан бері еріксіз зерттеуге мәжбүр еткен жігітке алғаш рет тік қарады. Көріп қояды, оғаш көрінеді дейтіндей көлденең көз жоқ, – қысылмай көз салған. Тайбурылдың өзі де мұның бар екенін ұмытқан кейіпте. Бір қырындай алысқа қарап, әлдебір нүктеге қадалып қалыпты. Қатты биік болмағанмен ерге лайық сұс бере аларлық қабағы бір түйіліп, бір жазылады. Отты көзге сәл жылулық беріп тұрған ұзын кірпіктер қимылды ұмытқандай. Үлкендеу мұрыны мынадай қабақ пен көзге жарассам мен ғана жарасам дегендей, қос желбезегі делиіп барып, еріннің үстіне үш бұрыш жасай тік тоқтапты. Одан төменде қалың да емес, жұқа да емес үстінгісі астынғысына міне түскен ерін. Қып-қызыл. Қыздардың талай әңгімесіне тұздық, қызығушылығына түрткі болған қызыл еріндер. Қап-қара, қайратты шашын ұзын да, қысқа да қылмай саусақтың саласына еркін ілінетіндей бастырыпты. Білеу мойын кең иықтың ортасына еркін жайғасыпты. Келгелі бір-ақ рет, оның өзі өзімен-өзі сөйлескенедей тіл қатқан Тайбурыл жоқ іздегендей алысқа қадалып әлі тұр. Құралайдың үндемес ойнағандай мына тұрыстан шыдамы таусыла бастады.
Ашуланғысы келген... Ашулана алмады.
Мұның тесіле қарап тұрғанын енді ғана аңғарғандай бері бұрылды. Көзінде қуаныш бар. Миығына күлкі жүгіріпті. Көп жадырай бермейтін Тайбурыл көңілді қалыпта Құралайға қарап жымиып қойды. Қапелімде қысылып қалған қыз көзін тайдырып әкетті. Ол қайтадан жоқ қарауға кіріскенде, қайта көз салды, жаңағы күлкі, енді ернінің ұшына ілініп қалыпты. Тайбурылдан көз алмай қараған Құралай жаңа ғана ашуланғысы келгенін ұмытып, көңілденіп кетті. Тіпті, қуанышы қойнына сияр емес. Мынау, жанары жыраққа маңып, үнсіз тұрған үндемес жігіттің өзіне соншалық жақын екенін сезінгендей. Төрт жыл ішінде ыстық болып кетіпті.
– Осы сен неге осындайсың, а? – деді аяқ асты. Таумен бірге құйылып, бірге жаралғандай қимылсыз тұрған жігіт селк ете түсті. Қыз сықылықтап күліп жіберді. Бойын тез жинаған Тайбурыл да еріксіз қосылған.
– Иә, қандай екем?
– Нуу, енді... Кәдімгі... Осындайсың...
– Ааа, кәдімгі, осындай болсам қатардағы адам болғаным ғой.
– Сен... сен кәдімгідей емессің. Жұртқа ұқсамайсың. Бір түрлі... – Құралай бөгеліп қалды.
– Иә, бір түрлі екенім рас болуы мүмкін...
– Жооқ. Бір түрлі емессің, мен олай дейін дегем жоқ... – Тағы үнсіз қалды. Бір келкі баяу соққан желдің уілінен өзге дыбыс естілмейді. Екеуі де сабасына түскен. Жүздерінде күлкі ізі байқалмайды.
– Осы, сен неге ауылға кетесің, Тайбурыл?
– Ал, неге кетпеймін?
– Жоқ, неге мұнда, Алматыда қалмайсың? Магистратураға қал. Талантың бар. Ауылға барсаң бәрінен...
– Иә, бәрінен айрыласың! Профессоры бастап, студенті қостап, көлденең жұрт қайталап, талай айтылған ертегі ғой. Ауылға барып, рахатқа белшемнен батам да жатам. Ауылыңа барған сайын, сен де, басқалар да: «Ой, қандай рахат, күшті дем алып келдім», деуші едіңдер ғой. Сол рахатты бір өзіме қимасаң сен де жүр.
–Сенімен бірге болса, барам! – дей жаздап әрең қалды. Беті ду ете түсті. Дәл қазір кеттік десе, мына жігіттің етегінен ұстап, жер түбіне дейін кете беретіндей. Келесі сәтте-ақ, өзінің бұл ойынан шошып кетті. Өзі сонша армандаған Алматыны, әке-шешесін әрең көндіріп, бір жыл бұрын ғана көшіп келген Ару Алматыны қалай қияды? Жоқ, мүмкін емес, кіммен бірге болса да кетуі мүмкін емес...
– Жүр, төменге түсейік. Аналар сол жаққа түсіп те алған шығар, – деді Тайбурыл әлден уақытта.
Құралай үнсіз ілескен. Жүрісі өнер емес. Ойы шашырай береді. Қанша серпілгісі келсе де, байланып қалғандай, Тайбурылдың төңірегінен ұзамай қойды. Әрең ілбіп келе жатқан мұның бетіне аңтарыла қарап, сосын қолынан ұстап, қатарына алған Тайбурылдың ыңғайымен төмендеп келеді. Күш-жігерін біреу тартып алғандай. «Осы қалыпта қол ұстасып, Тайбурылдың ауылына кетіп бара жатсақ... Жоқ! Ол мүмкін емес. Ауылдан Алматыға әрең жеткенде, екінші бір ауылға... Болмайды. – Өз ойына өзі қарсы шығып: – Маған не болған? – денесі өзіне бағынудан қалғандай. Жігітке тығыла түскісі келеді. – Дегенмен, Тайбурылдың ауылын көру керек еді... Басқалар шынында төменде екен. Келгендеріне біраз болған сияқты. Жер ошаққа от жағылып, қазан асылып қалыпты. Қыздар жағы ас қамына кірісіп жатыр.
– Екеуің бізден қашып, қайда кетіп қалдыңдар, а? – деді қыздардың бірі. Тайбурыл олардың сөзін жауапсыз қалдырып, доп теуіп жүрген жігіттер тобына беттеді. Арттан Құралайдың даусы естіледі. Қыздардың алдында ақталып жатса керек.
Енді байқады, мұнда өздері ғана емес екен. Көршілер пайда болыпты. Тауға шығуға ерінсе керек, аздап доп қуған болады. Көбіне, түтінін бұрқыратып, кәуап қақтап жатқан жерге жиналып, тұрған бойларында бір-бір ұзыншақ темірге істелген етті ұстай қалып, екінші қолдарындағы қол басындай әлдебір ақты ауыздарына апарысып, шалқайысып қояды. Қазірдің өзінде біразға барып қалғандары байқалады. Даурыққан дауыстары мен, қарқ-қарқ күлкілері соны меңзейді. Топтан бөлініп, екеуі бері беттеді. Жолдан бұрылып, ағаш тасасына барып, дәрет сындырысты. Белбеулерін жүре түзеп, бастапқы бағытқа қайта түсті.
– О, жігіттер, салаумалейкум! Кіші болып амандасып кете ме десек, тырп етпейсіңдер. Қалайсыңдар?..
Маңдайы бір уыс, шалбар бет, шикіл сары жігіт сүйкімсіз шіңкілдек даусымен тағы да әлденелерді айта жүріп, тегіс қол алысып шықты. Түрлеріне қарағанда, отыздың ішіндегі, үйлі-баранды жігіттер. Шикіл сарыдан екеу шығатын ырсылдақ дәу сұрықсыз, өсіп кеткен сақалын үйкелеп қояды.
– Қысқасы, балалар, сендер біздің орынды иемденіп алыпсыңдар. Қыздармен жүр екенсіңдер, бір жолға үндемедік. Біз де жас болдық дегендей... – сақалды ықылық атып әрең сөйлеп тұр. Енді-і – і-ні созып айтпақ еді, ықылық мүмкіндік бермеді, – ағаларыңның алдындағы айыптарыңды жуып-шайсаңдар болды. Бір жағы көмектерің болсын, бізге біраз отын керек болып тұр, соны... таудан ба, қайдан, әйтеуір әкеп беріңдер.
– Иә, жігіттер, солай. Олай болмайды, – деп қостап қойды шикіл сары.
– Е, көке! – деді Ербол. Аузын аша берген Тайбурылдың алдын орап. – Мына тауда ешкімнің сатып алған жері жоқ. Біз бұрын келдік, бұл жер бүгін біздікі. Кешке кетеміз, одан кейін не істесеңдер де еріктерің. Ал, қазір аулақ жүріңдер! Отын керек болса, шіріген ағаш жетеді, – деді тау жақты иегімен нұсқап. – Шауып ал да, жаға бер.
– Е, бауыр, інішек, сен өйтіп ашуланбасаңшы. Атың кім өзі? – Ерболды иығына жүн-жүн білегін артып, өзіне тартпақ еді, қолын қағып тастады. – Өй,мынау... – Шикіл сарыға қарап қойды. «Мынаны қарашы» дегендей. – Е, інішек, ренжісіп қалып жүрмейік. Жөндеп дем алайық та келген соң, а?
Тайбурыл киіп кетті:
– Жігіттер! – деді сақалдының төбесінен төне, – Қалай дем алсаңдар – олай дем алыңдар! Онда шаруам жоқ. Біреудің отын жағып беруге келген жоқпыз біз де! Ағамыз екенсіңдер, ренжімей ғана қайтыңдар!
Төбеден төне қараған көздің мысы басты ма, қара сақал айылын тез жиды.
– Бопты, бопты! Мен қаттырақ қызып қалғанда қолыма түсіп қалмасаңдар болды. Әсіресе, сен, – деді саусағын шошайтып. Тек бұл жолы ықылықтаған жоқ. Шикіл досына «кеттік» деп иек қақты да жүре берді.
– Иә, жігіттер, ертерек қайтыңдар! – Шикіл тағы қыстырылып қойды. Тегінде, сақалдының сөзін қостап отыру әдеті болса керек. Келгендегіден жүрістері ширай түскен екеу асығыс кетіп бара жатты.
– Көршілеріміз тынымсыздау екен. Татулығымызға сызат түсіп, кейін құдайдың алдында бетіміз қызармаса жарады, – деді Ербол әудем жерге ұзап кеткен әлгілердің соңынан қарап тұрып. Жігіттер ду күлді. Артынша, түк болмағандай допты қайта қолға алған. Тайбурыл да араласып кетті. Көңіліне алаң енгізген көршілер жаққа қарағыштап қояды.
Әне-міне дегенше, таза ауа, тұнық аспан астындағы көз тойғысыз сұлу тау аясында кеу-кеумен отырар көңілді дастархан дайын болған. Тәбет ашық, екпін қатты. Тасты да шайнап тастардай. Алқа-қотан отырып, жапатармағай асқа қол созған. Далада піскен тағамның бәрі таңсық! Ұзынынан жайылған көк балаусаның бетіндегі дала дастарханындағы арқа-жарқа отырыстан кейін, ұл-қызы бірі қалмай түгел қатысқан қызғылықты ойындар басталды. Баяғының алтыбақан, ақсүйек, қыз қууы ауыздың суын құртар ертегіге айналған. Қандай ойын болмасын – ортада доп. Ескіре тозбаса да, ақ жемі шыға бастаған қызыл ала допты ортаға алып, дөңгелене тұрып волейбол ойнаған. Оның қызығы кете бастағанда «бес тасқа» ауысқан. Жалпағырақ, бірінің үстіне бірін қоюға жарайтын тастар оңай табылды. Екі топқа бөлініп сайысатын бұл ойында қолының ебі барлар мен қимылы ширақтар жеңіске жетеді. Алдымен бірінің үстіне бірі қаланған бес тасты кезек алған топтың бір мүшесі мөлшерлі жерден доппен ұрып құлатуға тиіс. Тас құлағанда допты иеленген қарсы жақ тастардың қайта тізілмеуін қадағалайды. Басты қарулары – доп. Доп тиген тас құлатушы жақтың мүшесі ойыннан шығарылады. Тек денесіне доп дарытпағандар ғана жан-жақтан шабуылдап, өздері бұзған тастың қатарын қайта қалауға мүдделі. Армандары Алатаудай, көкіректері ала қаптай, өздерін тек үлкен, ұлы істерді тындыру үшін жаралғандар есептейтін азаматтар әп-сәтте ойын баласына айналған. Көлеңке ұзара доп та жалықтыра бастағанда, «бес тасты» жеңіліспен аяқтаған топ тағы бір ойындардың шетін шығарды. Жүйріктіктеріне көздері жеткен жеңімпаз топ «қуаласпаққа» тоқтаған. Ойын баласына жүгіру сөз болып па, бір ауыздан бәрі келіскен. Бірін-бірі қуа-қуа, бір-бірінен қаша-қаша өкпелері күйе шаршаған уақта қас қарайды. Бірақ, түн болып кетті деп асыққан адам жоқ. Жолдың, көліктің қамын ойлағандар болып еді, оның да емі тез табылды. Араларындағы біреуінің танысы бар болып шықты. Шағын автобустың иесіне дереу арада қоңырау шалынды.
– Костер жағайық! – деді біреу.
Не істерге білмей отырған жұрт сөзге келген жоқ. Жігіттер жағы отын қамына кіріскенде, қыздар жағы асығыс жиналған түскі дастарханға беттеді. Суып қалған самаурын қайта тұтанған. Бір қараңғы, бір жарықта жіңішке түтін білінер-білінбес, жұлдыздары әр-әр жерден қылтия бастаған түнгі тау аспанына көтеріліп жатты. Жеті бірдей жігіт құшақтарын толтыра, бір-бір сүйреп келгенде-ақ үйіліп қалған ағаш қолмен бұталып, ортаға қиқы-жиқы қаланды. Үйеме ағаш отынға от қойылды. Алғашқыда әлсіз жылтылдаған от, келе-келе дүрілдей жанған алауға айналды. Таудың салқын ауасынан тоңази бастаған, бастапқыда ентелей отырғандар оттың өтіне шыдамай, кейін серпілді. Ағашқа шеңгелді артығырақ салып жіберген екен, бүкіл сайды өрт алғандай, әудем жер от жарығының сәулесінен алаулап көрінеді. Ыстығы бет қарыған алаудың қып-қызыл тілдері түнгі аспанға айбат шеге сумаңдайды. Отты қоршай отырған жастар алаудың жалыны азая бастағанда, әнге басты. Білетіндер беріле айтып, білмейтіндер беріле айтқандарға ілескен болып, хор басталды. Жас жүректің жалыны мен алаулы оттың жалыны қатар ұшқын атқан түнгі тыныштықты бұзған хор. Бұдан кейін де үш-төрт ән айтылды. Жұрт шаршаған сыңайлы. Күндізгі желік басылып, екпін бәсеңдеген. Бойлары жылынғанда, түстен қалған тіске басарлар еске түскен. Ортаға алысып, азғантай асқа ауыз салған. Елден кем қалмай, қарны ашқан Тайбурыл да дастарханға қол созды. Кенет... Елдің алдымен байқады, бұларға қарай ағараңдап, қараңдап үш-төрт сұлба беттеп келеді екен. Көп ұзамай оларды бәрі көрді. Аса қауіп қылмағанмен қыздар үрпиісіп, жігіттер үдірейісіп қалыпты. Жақындаған сайын, әлсірей бастаған оттың жарығымен нобайлары айқын аңғарылған. Алты адам. Араларында түскі көз таныстар да бар. Сақалды дәудің дабыры өзгелерден қаттырақ шығады, екпіні де ерекше. Әлгі, шикіл сарыдан басқалары шеттерінен ірі.
– О, костер жағып қойыпты, – деді сақалды салғаннан, тақ бір алауды қазір байқағандай. – Орманды өртесеңдер қайтесіңдер? – Орман жанашырының сөзі түзеліп, ықылығы басылып қалған сыңайлы. Мастығынан арылып, тас түйін келген түрі бар. – Біздің жерімізді иемденгендерің жетпегендей, өртеп кетейін дедіңдер ме? Соларыңмен қоймай, ән айтып, қыр көрсетесіңдер. – Қара сақал гүр-гүр етеді. Басшы өзі сияқты, артқылары әзірге тіс жарып, ештеңе дей қоймады. Үнсіз қалыпта жау түсіруге келгендей шіреніседі.
Бұл кезде отты қоршай отырғандар тегістей орындарынан көтерілген.
– Жігіттер осыны қойсақ қайтеді? – деп сақалдыға беттей берген Тайбурылды Құралай жеңінен тартып тоқтатты.
– Аға, біз ән айтсақ өзімізше айттық. Сіздерге қатысы жоқ. Қазір қайтамыз, отты да сөндіреміз. Сосын мына жер қалады сіздерге.
– Охо-хо! Ақылдысын қарай гөр мына сылқымның, – Шикілдің даусы.
– Е, ары тұр, ары! Өй, еркектерің қайда кеткен? Бағана ғана бұқаланып тұр едіңдер, үндерің неге шықпай қалған? Жүріңдер, еркекше сөйлесейік.
– Е, көке... – дей берген Ерболдың алдын орап:
– Аға, үп-үлкен кісісіз. Інілеріңізге соқтықпай-ақ қойсаңыз қайтеді? – деді Құралай тағы да. Оны қостап, қыздар да әлденелерді айтып, шуласып жатыр.
Өз жігіттерінің ішінде Ербол мен Мұраттан басқасының төбелеске жоқ екені, оған қоса араларында қыздар бар, сақалдылар осы қалыптарында тыныш кетсе екен деп, үнсіз, әліптің артын бағып тұрған Тайбурыл, еріксіз сақалды қараға жақындаған.
– Ә, міне әлгі бұқа. Мас күйімде ұрып жығардай болып тұр едің, ал алдыңа сауығып келдім, не істейсің? – деп, алға аттап қойған сақалға:
– Жігіттер, қыздар бар мына жақта, осыны қоя тұрсақ дұрыс болар еді, – деді Тайбурыл, осымен екінші рет. – Үйге тыныш қана, көңілді қайтайық...
– Асықпа, әлі үйлеріңе жылап қайтатын боласыңдар. Жүр былай, еркекше... – Осыны айтып қараңғыға беттей берген қара сақалдың шалғайына оралып:
– Аға, қойыңызшы болды, аға, аға... – деп алдын орай берген қызды:
– Кетшей, қаншық! – деп жағасынан ала итеріп жіберді. Күтпеген Құралай шалқалай құлап бара жатты.
Бұдан ары шыдау ездік болар еді. Өзін зордың күшімен ақылға жеңдіріп тұрған Тайбурыл енді үнсіз тұра беру мүмкін емесін асығыс ойлап өтті. Күш қысып бара жатқандай, мына бұтқа толып, асқақтап тұрған немелерді тапап өтпек. Тұла бойы тек ұрынуды ғана қалап барады. Ақыра ұмтылды. Тіпті, құлап жатқан Құралайдың: «Тайбурыл!!!» – деп айғайлағанын да естімеді. Құлағы бітіп қалған еді... Сақалды да қапы қалмаудың қамымен ыңғайлана берген. Үлгірмеді. Иектің астын ала тиген күшті соққы аяғын аспаннан келтірді. Жағы үгітіліп бара жатқандай. Көзі қарауытып барып, аунап түсті. Түзеліп кетпек еді, көз алдын тағы бір от көміп өтті. Аузына темірдің дәмі келгендей, жылымшы бір сұйықтық дірдектеп аузына құйылып жатыр. Етпеттей жатып, ауырсына қолымен ұстап көргені сол еді, тұмсығынан қан саулап қоя берді. Ақыра түрегелген. Тағы да қапы қалыпты. Төніп келіп қалған қарсыласы жағасынан ала беріп, сол жақ құлақ шекеге темірдей жұдырығын тағы қонжитты. Сол-ақ, көзінен мың сан от тынымсыз ұша берді. Басы зеңіп барады. Көзі қарауытып, оты азая берген. Белгісіз қоймалжың қара түнекке сіңіп бара жатты. Қара сақал есін жоғалтып, талықсып құлап түскенде, артындағы сарбаздары не болып кеткенін түсінбей, аңырып қалған. Көздері көргенге көңілдері сенбейді. Сенбейін десе, басшылары қимылсыз жатыр. Келесі сәтте ғана, өздеріне келген сақалдының тобы Тайбурылға қарай өңмеңдей ұмтылды. Басшыларының мына жел өкпені жайратып тастай алмағанына ашулы. Қазір-ақ...
Жете алмады. Жолдан тосқауылға тап болған.
Тайбурыл қателесіпті, жігіттер жағы түгел қозғалған. Ардақтан басқасы. Тек Ардақ қана айналасындағы жағдайды қай ақылына сыйдырарын білмей, жан-жағына жәутеңдей қарайды. «Сенен келер қайран жоқ-ау. Өзің аман бол, досым!» – деп ойлап қойды Тайбурыл. Қыздардың шыңғырған, еркектердің ышқынған, ақырған, боқтасқан дауыстары мүлгіп тұрған сайды беймаза күйге түсірген. Құлағы бітіп қалған Тайбурыл бұл дыбыстардың бірін де естімеді. Алдына келіп қалған екеудің ақ майкалысын еңкейе беріп, қос қолдап екі аяғынан бірдей қармап, иықтан асыра астыға басқан. Екіншісі бар екенін ойлап, бетін басып, бұғына берген ақ майкалыны жайына қалдырып, ытқи тұрып кеткен. Артынан келіп қалған екіншісі шикіл сары екен. Тап бермек еді, шегініп барып қаша жөнелді. «Қорқақ» деп ойлап өтті Тайбурыл. Жер сүзе құлап, құрыған жерім осы болды деп, бетін көлегейлей берген ақ майкалы күтпеген жерден босап кеткеніне таңданып, атып тұрып, айқай сала қайта ұмтылған. Өздерін сотқар, тіс қаққан төбелесқой санайтын сақалдының соңынан ергендердің ішіндегі күші мығым, соққысы салмақты есептелетін ақ майканы тегеурінді соққы тоқтатты. Қай жерден қапы кеткенін ойлап та үлгере алмай, омақасып түсті. Кеудесіне қона кеткен Тайбурылдың соққыларын жасқана түсіп қабылдап жатыр. Дүңк-дүңк, шылп-шылп дыбыстар өзінің еті мен бұлқынуға да мұрша келтірмеген мына жігіттің жұдырығының арасынан шығып жатқанына сене алмай, талықсып бара жатты. Шикіл сары қорқақ болмай шықты. Қолында ұзыншақ, жұмыр таяқ. Бекер безіп кетпепті, әлі келмесін түсініп, қолға ілігер «қару» іздеп кеткен екен. Көзі шалғанмен, қорғанып үлгірмеген Тайбурылды оң жақ беттен салып өтті. Орны ысып барады. Бірақ, құламады. Екінші мәрте бағытталған ағашты басынан асырып жіберіп, шикіл сарыға атылды. Шіп-шидей, жеңіл немені қаға-маға құлатып, үстіне міне кетті. Өзіне соққы тигелі ашынып, көзіне қан толып кеткен Тайбурыл айналасын бағамдар сақтықты ұмытып, сабырынан айрылған. Талып қалғанына қарамай шикілдің ашық қалған бетін оңды-солды қойғылай берді. Жұдырығы, қолы түгел суланып кеткенін байқады. «Қан, – деп ойлады, – Шикіл сарының шелпек бетінің қаны. Арам қан. – Сол-ақ екен, есін жинап алды. – Шикілді тастау керек. Сүйегіне ілініп-салынып, жағымпаздығы мен тілінің ептілігінің арқасында «батырларға» жағынып, әупіріммен күнелтіп жүрген сорлы жақын арада өзіне келе қоймас. Басын көтерсе де, шоқпар ұстауға жарамас». – Орнынан тұра берген... Құлағы ашылды. Ақылы, есі орнына келді. Шикіл сарыны сонша тоқпақтағанын сонда ғана аңғарған. Алдымен, бүйірден шаншу қадалғандай болды. Сол жақ бүйірден. Аспаннан найзағай ойнады. Бұрынғы көрген найзағайлардан мүлдем өзгеше. Жарқылын жақыннан көріп, өткір жарығын бүкіл денесімен сезінген. Қорқып кетті. Тұла бойы түршігіп барады. Аспан айналып кеткендей. Аңтарылып тұрып қалды. Арт жағынан бір дыбыс шығатын сияқты. Ентіккен дауыс. Адамның ентіге дем алғаны. Қапы қалмайын деп артына жалт бұрылған. Қарсы алдында сақалды дәу тұрды. Бас салмақ еді, – буыны босап, ебі кетіп қалған ба, денесі өзіне бағынар емес, – жағасына қолы ілікпеді. Керісінше сақалды мұның жағасынан ала берген. Әлі ешкім жұлқып көрмеген жағасынан. Ашу қысып барады, сақалдының жүн басқан арам қолын сілкіп тастамақ болып, ышқына бергенде... көзі түсті. Сонда ғана өзінің хәлінің соншалық мүшкіл екенін сезінді. Түршігіп кетті. Арқасынан басталған аяз төбесіне бір-ақ жетті. Сақалдының қолында пышақ... Жан дәрмен кейін шегінген. Ытқи секіріп кетпек еді, әлі келмеді. Демнің арасында бей-жай күйге түсіпті. Үсті басын тер жуып кетіпті. Денесі тоңазитын сияқты. Пышаққа анықтап қарап үлгірмеді, сол жақ бүйірді қарсы алдынан тағы бір шағып алды. Сұп-суық. Ып-ыстық. Күйдіреді. Қариды. Есі шығып кетті. Айғай салмақ болған, – дыбыс шығаруға шамасы келмеді. Көмейі бітеліп қалыпты. Аузы құрғап барады. Жан ұшыра қорқып тұрғанын аңдады. Басы айналып барады. Пышаққа қайта қараған. Қып-қызыл жүзі оттың сәулесімен алаулап тұр. Бір қызыл тамшы үзіліп түсті. «Қан», – деп ойлады. – Менің қаным. – деді күбірлеп. Анығында аузы ашылған, ерін мен тілде икем жоқ еді. – Іші мұздап бара жатқаны несі? – Пышақтан қан сорғалап әлі тұр. – Туу, не деген бітпейтін тамшы? Ағып жатыр, ағып жатыр. Пышақтың ішінен шығып жатқандай... – Бір-ақ сәтте өң мен түстің арасында тұрғандай көз алды тұманыта бастады. – Тоқта, тоқта! Мынау көкесінің кездігі ғой, ай қасқаны бауыздаған мүйіз сапты кездік. Екі қойға сатып алдым деген. Сабына дейін қып-қызыл қан. Ай қасқаның қанына малынған... Бұл... ол мынаның қолына қайдан түсіп жүр? Әә, баяғыда көкесі лақтырып тастап еді-ау, сақалды тауып алған екен. Кездікті қыса ұстаған қолы дір-дір етеді, дәл көкесінің қолындай. Көкесінің қолы... Сол ғой мынау, кездікті қыса ұстап дірілдеп тұрған көке... әкесінің қолы ғой. Әкесінің қолы неғып... әкесі неғып жүр мұнда? Қайдан, қашан келген? Мұның жағасынан ұстап алғаны несі? Сақалы өсіп кетіпті... Қырмаған ғой. Ай қасқаны соям деп жүріп... қолы тимеген. Құлағының түбінен ысылдап бірдеңе дейді. Құлағыма не болған? Неге ештеңе естімейді? А?.. Әәә... «Ай қасқаны үйрет! – деп тұр екен ғой. – Тағы боп кетеді...».
Қара сақал қарысқан қолын Тайбурылдың жағасынан әрең босатып алды. Гүрс етіп құлап түскенде ғана есін жиды. Қайда, қандай жағдайда жатқанын да сол кезде байыптады. «Өлем. – деп ойлады. – Өлетін болдым, сақалдының қолынан...» – Жылағысы келді. Ағыл-тегіл. Тура ай қасқаны сойғандағыдай жылағысы келді. Бұл жыламағалы қай заман?! Төбесінен төніп қара сақал тұр екен. – Жоқ, болмайды. – деді ішінен. – Жылауға болмайды... Жауға жасыңды көрсетпе! – Қара сақалдың қасында шикіл сарының талқаны шыққан беті көрінеді. Үрей билей жылтыраған көзі мылжа-мылжа бетінің ар жағынан әрең сығалайды. Тайбурыл бұл жолы да қателесіпті. Өзіне келген шикіл сары шоқпар ұстап алыпты. Шоқпары – шала жанған ағаш. Оты әлі сөнбеген кішкене бір бұтағы ұшынан ілініп әрең тұр. Басын ауырсына бұрып, от жанып жатқан жаққа қарады. Қыздар отты өшіре алмай жатқан сияқты. Күлі мен түтінін бұрқ-бұрқ еткізіп су сеуіп жатыр. Қанатымен су сепкен қарлығаштар... Қанаттары... қолдарынан су тамшылайды. Қан тамшылап жатқандай. Жігіттер не болып жатыр екен? Аман болса екен. Анау Ербол ғой, біреуді қуып жүр... Қолына ұзын бақан ұстап алып жүрген мынау кім? Әне, ол да біреуге тап бермек... Құдай-ау, мынау Ардақ қой. Бұл тағы да қателесіпті. Мұның жанынан біреу айғайлайтын сияқты, сақалдының даусы. Біреуге «кеттік» деп жатыр. Кенет, Ербол бұлар жаққа жалт қарады. Қазір тұра жүгіреді бері, мені құтқаруға... – Құлағы қайта біте бастады. Шикіл мен қара сақал бұған қарап әлі тұр. Шикілдің қолындағы ағаштың басы қызарады. Шоғы сөнбеген. Тайбурыл телміріп қалыпты. Шоқпардың басында күшпен ілініп тұрған әлгі, оты әлі сөнбеген бұтақ үзіліп түсті. – Қазір сөнеді, – деп ойлады. – Күлі ғана қалады. Күлінің өзін жел ұшырып әкетеді. Сөйтіп, бір кезде үлкен ағашқа жалғасып нәр алып, көгеріп-көктеген, дауыл мен желге өзінше қарсы тұрған, өмір үшін өзінше күрескен кішкентай ғана бұтақ жоққа айналады... Ұйқысы келген сияқты. Ауырғанда құшағына алатын жайсыз ұйқы. Көзін жұма берген...
...Біреу өкіре айғайлайтын сияқты.
– Бауырым не болған саған?
Көзін күшпен ашып алды. Бұған не болып еді? Басынан біреу құшақтап алыпты. Мынау Ербол... жоқ, көкесі ғой. Мені... басымды неғып тізесіне салып алған? Жылап отырғаны несі? Жасы мұның бетіне тырс-тырс тамып жатыр. Ып-ыстық. Тағы жылашы, жылай түсші, көке. Ыстық жасың тамсыншы маған... Мұздап барам... ...Қоймалжың, бітпейтін бір кеңістік. Бір жақындап, бір алыстап алыстан тау мұнарытатын сияқты. Аяғы тая береді. Қыс екен, – дейді. – Үйден жалаң киіммен шығып кетіпті. Көкесі Ай қасқаны жайратып тастап жылап отыр. Кездігін лақтырып тастапты. Қолы қан-қан. Көз жасы тарам-тарам... Ай қасқа тайдың басын құшақтап алып, еңіреп отыр... Шыңғырып жіберген ащы дауыстан дір етіп, көзін ашып алды. Тер басып кетіпті, – ішкі жағы мұздай. Ішіне қатып қалған тастай мұз еріп, біте алмай жатқандай. Қалш-қалш етеді. Шыңғырған Құралай еді. Ерболдың өкірген даусын естіп, алдымен жеткен. Мына сұмдықты көргенде, Тайбурылды құша жығылған. Бетінен, кеберсіген ернінен жан ұшыра өбіп жатыр. Үлгеріп қалайын, сүйіп қалайын дейтіндей. Көзінің жасы Тайбурылдың бетіне айғыздай із салып, шашының арасына қарай ағып барады. Әлденелерді өксік араластыра күбірлеп қояды. Құралай ғой мынау. Осы қызға әлдене айтуды ұмытқандай. Құдай-ау, не айтпақ еді? Көптен бері, тіпті таяу арада айтпақ болып еді ғой... Демі ыстық екен. Тағы да сүйе түсші, сүйші. Мұздап барам. Жылытшы...
– Жылама. – деді әлсіз ғана. – Жылама, Құралай. Сен.., сен... мен... ауылға жүрші, кет-ейікш... ауылға. Баршы ауылға... – Айтып болғанша жұмылып кетпесін дегендей, көзін бақырайта ашып алыпты. Құралайдан алар емес.
– Барамын, барам жаным! Тек өлмеші. Кішкене шыдашы, қазір машина келеді. Өлмеші Тайбурыл, өлме...
Дірілі күшейіп барады. Өксіп қысып, ары қарай сөйлей алмай, кеудесіне сұлап түскен Құралайдың қалың шашын дір қаққан саусағымен аялай сипады. Үнсіз егіліп қоршап тұрғандарды бір шолып шықты. Сөйлегісі, ұзақ-ұзақ әлденелерді айтқысы, күлдіргісі келген. ...Тек, өзінің күлімдеуге шамасы келді. Бар болғаны:
– Мұздадым... – деді сыбырлап. Көтеріп алған басы сұлқ түскен. Діріл де азая берген. Жұрт шулап кетті. Азан-қазан. Бірақ ешкім «Шуламаңдар» демеді. Оны баяғыда айтқан...
...Мұздап барады. Мұны қоршап алған бір жұрт. Еңіреп тұр. Бәрін ауылына шақырғысы келді. Әлі бітіп, тамағы құрғап кетіпті, – шамасы келмеді.
Көкесі басын сүйеп әлі отыр. Жасы әлі тиылмапты.
Неге жылай береді бұ жұрт?..
Өзінің де жылағысы келді. Ағыл-тегіл. Ештеңе ұқпаса да...
Бүкіл ел жабылып ай қасқа қара тайды сойып жатты. Қолдарында бір-бір кездік. Қан тамшылайды...
Көз алдындағы сурет солғын тартып, алыстай берді.
Көз алдына көкесі келді. Ап-анық. Ап-айқын. Жетегінде тай. Ай қасқаны алдына көлденең тарқан:
– Кел, мін балам! Үйретіп, бастықтыр! Тағы боп кетпесін.
Бөгелмеген. Қарғып мінді де ағыза жөнелді. Шауып келеді. Жоқ... ұшып келеді. Ай қасқаға қанат бітіпті...
***** Мотордың бір сарынды уілінен басқа дыбыс естілмейді. Жолаушы таситын шағын автобустың ішіндегілер тым-тырыс. Тегіс терезеге телміріп қалған. Жол жиегінде иін тіресе өскен ағаштар алысты көрсетпейді. Зуылдап артта қалып жатыр. Жасы құрғағанмен мұңы тарқамаған жанарын сыртқа сүлесоқ тастап бір қыз отыр. Сыртқары дүниеден қатынасы үзілгені байқалады. Тылсыммен тілдесіп келе жатқандай. Ойынан Тайбурыл.., Тайбурылдың ауылы кетер емес. Аңырап қалған, қайта-қайта талықси берген апасы, иығы дір-дір етіп үнсіз егілген, сүйікті ұлы жер құшағына тапсырылғанша ләм деп жақ ашпаған көкесі. Үш күн бойына көз жастары тиылмаған қаралы әулет. Ұлардай шулап әлі көз алдында... Тайбурылдың да ауылына барған. Көргісі келген – көрді. Бұл ойлағаннан мүлде басқа жағдайда. Енді, міне, сүзектен тұрғандай, бозарған кейіппен Алматыға қайтып келеді. Мәңгі тұрақтап қалуды қалаған Ару Алматысына. Автобус жүйткіп келеді. Әйткенмен, арыны бәсеңдеген. Ерсілі-қарсылы жүйткіген көліктер легі көбейе түсіпті. Алдан аспаны тұманытқан алып қала мұнарытады. Сәскеге жетпей қозғалған «ГазЕль» әне-міне дегенше қалаға да жетті. Келген сайын қуаныш сыйлайтын, сағынып жеткен сіңілісін еркелете, сұлулықтың ыстық құшағына алатын Ару Алматы қартайып кеткендей. Кемпір кейпіне енген алып шаһар салғырт тіршілігін ықылассыз атқарып жатқандай.
23.01.2011.
Алматы. Шаңырақ-2.
Ит
Күшік асырап – ит еттім,
Ол – балтырымды қанатты.
Біреуге мылтық үйреттім,
Ол мерген болды, – мені атты.
Абай.
– Қараң қағырдың күні күйіп кетті ғой. Құдай алғырдың малы сонша ұзап кеткені несі!
Киіз үйдің ашық есігінен сөйлей кірген әйел қолындағы түбінде жаңа сауылған саумалы бар шелегін қаңғыр еткізіп босағаға қоя салды.
– Уһ, пысынап кеттім ғой... Қайнап тұрған мына күнде түк көрмегендей жердің түбіне барып шыбындап, иттің малы. Оны айдап әкелетін еркек жоқ бұл үйде. Қараң қағыр!..
Қолындағы әлдебір кітапты самарқау ұстап, төрде жатқан еркек мойын да бұрмады. Сөйлеп кіріп, сөйлеп шығатын Светаның әдетіне әбден еті өлгені байқалады.
– Уһ! Елдің байы бие сауысып, желі басында әйелімен бірге жүреді... Дүниені тындырғандай жатысын сорлының. Бір ақтарғанын он ақтарып, кітап оқыған не теңің байғұс. – Беті көпіршіген саумалды қорға қосып, пісіп-пісіп қойды. – Ыржияды ғой сорлы. Басыңдағы үйді біреуге аударып беріп, жұмысыңнан айрылып, елдің құлы болып, малын баққан қара беттігіңе мәз боп жатырсың ба?!
–УҺ! – деп босаға жақтағы енсіз тапал орындыққа отыра кетті. Көзімен ата ыбырсып жатқан үйді бір шолып шықты. Бұл әйелдің салғырт қимылы мен қату қабағынан даланың қозғалып болмас жыбырлақ тірлігіне көндіге алмай жүргенін байқауға болар еді.
– Әлгі жетпегірлер қайда жүр? Самат, ай Дәурен! Иттің моласын ыбырсытып тастап, тайып тұрғанын қарашы, желкең қиылғырлар. Саамат... – деп қойды естімейтіндерін, естісе де келе қоймайтындарын біле тұра. Мынаның бәрін қайтіп жинап шықсам екен дегендей астаң-кестең үйді кіржие шолып аз отырды. Кеудесін қарс айыра бір күрсінді де, әлдекімдерді жеті атасынан тарта қарғап-сілей жүріп, реттестіре бастады.
– Тұршы-ей былай. Тау қопарғандай шалжия қалуын. Тұр, сыпырам мына жерді.
Алба-жұлба ескі кітапты жүктің үстіне лақтыра салып, орнынан көтерілген Сембек саусағы бір қимылдаса, аузы екі қимылдайтын әйеліне қарап біраз тұрды да, сыртқа беттеді. «Бұл ештеңе емес. Мұның бәрі түк емес. Шыдауға болады, – деп ойлады, шаңытқан аспанға, шақырайған күнге сығырая қарап тұрып. Қос қолын қалтасына салып тұрғанда кеудесі еңкіш тартып, иығы қушиып кетеді екен. – Бәрі ештеңе емес. Елдің сөзі де, жұрттың табасы да. Бәріне қолды бір сілтеген. Ел не демейді... Тек... Құлағының түбінен ызыңдап, жатсаң-тұрсаң, күндіз-түні жағы бір тынбайтын әйел. Света... Бастапқыда ашуланып қол да көтерген. Ұрып-соққаннан түк шығара алмасын білгесін, өзінше уәж айтып түсіндіріп те көрді. Болмады. Ақыры, өзі түсінер, қояр деп жақ ашуды қойған. Ал, Света... Жауын жауса да, жаумай қалса да, сүт тасыса да, қазанның түбі күйсе де Құдайдан бастап – ішінде бұл да бар, – аузына түскеннің бәрінің сыбағасын сөзбен беріп шығады. Бітпейтін бір сөз. Аузын ашса қарша борайды. Қыз кезінде бәрі жақсы... Жаман қатын... Жоқ, Свете жаман қатын емес. Яғни, болмаған. Алғаш отасқан күндер... жылдар – ол кезде қалада тұратын – қылығы қызға бергісіз, құшағы – от, жаны – жаз құдай қосқан қосағына сүйсіне қарайтын. Сөйтсе... Ораза намаз тоқтықта екен. Өзінің де түсіне кіріп, ойына келмеген мына иенге келгелі, бұрын естіп көрмеген, естіртіп көрмеген сөздердің тиегі ағытылып берді. Тұрмыс таршылығынан адамның мінезі өзгеріп, мүлде басқа кепке түсуі заңды да шығар. Қайткенде де, таң қалуға болмайды. Таң қаларлығы, мұның таң қалатыны қалада өскен ақ саусақ қыздың осынша сөзді қып-қысқа уақытта қалайша, қайдан үйреніп алғаны...
– Неғып селтиіп тұрсың-әй, атауыңды іш, түс болды. Самат, әй Самат! Бас аяқтарыңды!
Алдарына келген асқа селқос қол созысып, түскі тамақтарын ішіп отыр. Бәрі жабығыңқы. Екі ұл мен отағасы мұнда келгелі қабағына қар байлап, жадырауды ұмытқан Светаға жәутеңдей қарасады.
– Ғалымжан звондады. Ертең бір қой сойып, салып жіберіңдер дейді. Уһ! Кеше ғана босағаңдағы құлыңдай еді. Ойбай жетім, адам қатарына қосып жіберейік, әлі-ақ балаңдай болып кетеді деп... Сорлы! Әне, сол балаң үйіңді тартып алып, жатыр шалқалап. Соның малын бағып отырған отырысың мынау, сүмпиіп...
***** Иесі темекі тартатын. Күні бойы әлдеқайда жоғалып кетеді. Ағаш шарбақтың ортасында орналасқан темір қақпадан шығып бара жатады. Қолында түтіні будақтаған темекі. Кеш бата әлгі қақпадан кіріп келе жатады. Қолында темекі. Алдымен үйге кіріп, киім ауыстырмастан, бөгелмей қайта шығады. Қолында бір тілім нан. Өз қолымен асатады. Дәмді тамақ жеп үйренген, семіздіктен ырсылдап әрең тыныстайтын, қарны тоқ тайдай төбетке осы иесі асататын жұмырға жұқ болмас бір жапырақ наннан асқан тәтті жоқ еді. Құныға қағып алып, қылғыта салады. Баяғыда солай болатын. Кеше солай болған. Бүгін солай болды. Ертең солай болады. Әрқашан солай бола береді. Мәңгі бақи. Қанша уақыт өтсе де өз қолымен тамақ беріп, басынан сипап, сабалақ жүнін саусағымен аялай тарап, еркелететін иесімен бірге болады. Ағы мен сарысы аралас сабалақ жүнді Таймас осыған сенетін. Күмәнданып көрген емес. Иесін жақсы көретін. Сәл еңкіш тартқан бойы қақпадан қараң еткенде қуанышында шек болмайды. Тіпті, түнімен әлденеше мәрте түзге шығып, көк түтінді құныға жұтып тұрып та мұны ұмытпайды. Аспанға телмірген қалпы бос қолымен мұның құлағынан бастап арқасына қарай сипап қояды. Таймастың еркелегісі, ойнағысы келеді. Иесімен. Асыр салып. Күшік кезіндегідей. Күшік кезінде ойындар көп болатын. Иесі мұның құлағынан, құйрығынан тартып тоңқалаң асырады. Шалып қалып аяғын аспаннан келтіреді. Бастапқыда ашуланатын. Кейіннен ұнай бастады. Түбірі жаңа білінген кішкентай, әлсіз тістерімен аузына ілінген жерін тартқылап, қарсы шабуылдайтынды шығарды. Иесі мәз болып күледі. Бұл да қуанады. Ойын қыза түседі. Енді жіңішке саусағын алдына тосады. Тістеуге ыңғайлы, ауызға еркін сияды. Күшсіз азуымен әлсіз жұлқылайды. Соншалық қызық еді. Мұның тұрқы өсіп, азуы өткірлене бастағанда ойын кілт тоқтады. Иесі мұнымен ойнауды доғарған еді. Қазір де дәл сол кездегідей ойнағысы келеді. Қас қарая қақпадан Ғалымжанның сұлбасы қылаң бергенде ойыннан дәметіп арсалаңдай ұмтылады. Тұғыры мықты ауыр шынжыр орта жолдан жұлқа тоқтатқанда ғана өзінің байлаулы екені есіне түседі. Қыңсылай үріп иесіне мұң шаққандай қарайды да қояды. Дегенмен иесінің төбесін көргенде көзі жайнап шыға келетін. Иесі кейде түннің бір уағына дейін келмей қояды. Ондайда ыңырси ашылып, күңірене жабылатын темір қақпаның жылауық есігінен кіріп келе жататын иесін тағатсыздана күтеді. Ол кешіккен сайын мазасы кетеді. Шарбақты жағалай өтетін асфальтті тротуардан адам аяғының тықыры білінсе, басын жұлып алады. Бірақ, басқа біреу, бөтен кісі болып шығады. Бұл жаққа мойын да бұрмастан өтіп бара жатады. Бөтен адамдар өзіне жақындамайтынын, еркелетпейтінін, тәтті нан асатпайтынын біледі. Арық, қушық бет, еңкіш еркектен басқаның бәрі Таймас үшін бөтен еді. Тіпті, мұның ит аяғына ас құйып тұратын, үйге кіріп-шығып, күні бойы бір тынбайтын әйел де. Аулада ары-бері жүгіріп, өз тепкен добын өзі қуып, жалғыз ойнайтын кішкентай бала да. Таймас бақытты еді. Әр аптада иесі бір мәрте үйде болады. Сол күні бұл ең дәмді тамаққа қарық болады. Көбіне шикі ет. Кейде бүтін қабырға, жарты жамбас, өкпе-бауыр. Әйтеуір, құшырлана жейтін бірдеңе. Тек, мойнына оралып алып, аттап бастырмай қойған шынжырға көзі түскенде ғана бір сәт жабығып қалады. Әсіресе, шарбақты жағалап, иесінің жетегінде, болмаса бос кетіп бара жатқан үлкенді-кішілі тектестерін көргенде жанын қоярға жер таппай кетеді. Босатпай қойған шынжырды үзіп жіберердей жұлқынып, амалы құрыған соң азуды басып-басып жіберетін. Тісі қан қақсап кеткенде ғана қыңсылай күрсініп, райынан қайтады. Қарнының аш екенін қабысқан құрсағы мен андағайлап тұрған қабырғасынан білуге болатын алба-жұлба сұрықсыз иттерді көргенде ғана айызы қанып, өзіне келеді. Бастарын төмен салып, тұмсығымен әр бұрышты бір тіміскілеп жүретін мұндай ұсқынсыз иттер бұған қызыға, алдындағы жартылай ғана орталанған кірлі астауға сұқтана қарайтын. Ақыры, өзіне қарай арпылдай ұмтылып тұрған туысының жарылқай қоймасына көзі жеткесін, сүмеңдеген қалпы өз жолымен кетіп бара жатады. Таймас ашулы еді. Өзін қоршаған күллі тіршілік иелеріне. Әсіресе бос жүрген иттер мен мұның байлауда екеніне көзі жеткен соң көстеңдеп ары да, бері де өтетін адамдарға. Тіпті, көзге үймелеп алып, тынышын қарадай алатын қара-көк шыбындар да құлағының түбінен сүйкімсіз ызыңдап, келекелеп жатқандай. Адымы санаулы, аумағы тар төбетті басынғандай. Иесінің басқаның бәрін шайнап тастауға қайран таппай, іштен тынатын. Мұндайда күшік кезін сағынатын. Әлдебір ығы-жығы екі аяқтылар мен өзі сияқты төрт аяқтылар, бұларға мүлдем ұқсамайтын торға қамалған үлкенді-кішілі қанаттылар, тағы да толып жатқан бұл білмейтін хайуанаттардың у-шу ортасына тап болғанда есі шыға қорыққан. Таңсық әлемге үрейлене көз салған. Мұнымен қосып екі ұяласын, енесін әкелген сары кісі бұларды күзеткен де отырған. Сол-ақ екен, бұларға қызықтай қараған, тіпті желкесінен салмақтай көтере қолына алып, асты-үстін тексеріп шығушылар пайда болды. Уақыт өте келе ондайлардың қатары көбейе түсті. Алдымен алыстан тамашалайды, сосын қолмен ұстап көреді, соңынан тапжылмай отырып алған сары кісімен әлдене деп сөйлесіп жатады. Көп өтпей-ақ екі ұяласы таласа тұмсық тығып, құныға созғылайтын тәтті емшекті бұған жеке қалдырып, әлдекімдердің қолында кетті. Енді өзіне ғана қалған жұпарлы бауырды жеке иемденіп, салбыраңқы желінге бас қойған...
Тәтті сүтті соңғы емуі екен.
Қолына алды. Алдымен құлағын қоса қармап желкелей көтерген. Көзі сығырайып, ашылмай қалғаны болмаса, ауырсынбаған. Қайқайып тұратын сүйкімді құйрығынан тік көтерді. Төрт аяғы салбырап қалған бұл есі шыға тырбанып, ауаны қармай берді. Екі құлағының ұшынан салмақтай ұстады. Ең жаманы да осы болды. Бас сүйегі шытынай сынып, құлағы түбінен үзіліп бара жатқандай. Тісі енді қылтиып келе жатқан қызыл иегін көрсете тыжырынған. Бірақ дыбыс шығармады.
– Жарайсың, күшігім! Нағыз сырттан болайын деп тұрсың.
Осыншама әуреден кейін, түк болмағандай аялай ұстап, құшағына қысқан бойы сары кісімен әлденелерді айтысып, әлдебір сытырлақ қағазды қолына ұстатқан да, жүре берген... Содан бері осы жерде. Ауласы кең, таза, еңселі үйдің сүйікті иті. Алғаш келгенде күшік болған, қазір... Сол күннен бастап жаңа иесіне үйреніп алды. Түнге қарай лапасқа қамап қояды. Күндіз бір ауық сыртқа шығарып тұрады. Бастапқыда енесінің бал татыған бауырын сағынғанымен, кейіннен ұмытып кетті. Алдына келген бұрын татып көрмеген тәтті-дәмділерді қарны сыздағанша ішіп-жейді. Содан кейін көтеріліп қалған көңіл ойын тілейді. Жаңа иесі де ойын құмар болып шықты. Екеуі де тоймайды қызыққа. Ойын – қызық – ойын. Ақыры екеуі де шаршайды. Бұл да, иесі де үйлеріне беттейді. Алдымен тартыншақтағанына қарамай, күшік лапасқа кіргізіледі, иесі содан кейін ғана мұныкінен әлдеқайда сәулетті, үлкен үйіне кіріп бара жатады. Кейде бөтен адамдар келеді. Аз уақыт иесімен бірге үйге кіріп-шығып, артынша қарасын батыратын екі аяқтылар мұны да естен шығармайды. Қашқалақтағанына назар да аудармай, қолдарына алып, біраз мазалайды.
– Таза алабай. Енесін өз көзіммен көрдім, сенің қара итіңнен екеу шығады. Әкесі де алабай дейді. Орыс шал шын айтса, енесінен де дәу көрінеді. Көрдің ғой, құлағын кесіп алсаң да қыңқ етпейді. Нағыз сырттан. Құйрығын енді кессем қорқақ болып кете ме деп, тиіспедім. – Мақтанып жатады иесі.
Салпаң емшек енесінен ажырағаннан бір ай өткенде мойнына қарғыбау салынды. Өзіне өлшеніп жасалған шағын үйшіктің қасына қазық қағып, байлап қойды. Бұл кезде тұрқы іріленіп, мойны жұмырлана түскен күшік өз атының Таймас екенін білген. «Таймас!» – десе жалт қарайды. Және, соның артынан тәтті тамақ, болмаса қызғылықты ойын күтіп тұратынын да біледі. Ол кездер де жақсы еді. Күнде кешкілік байлаудан босанып, бауырын жазып, армансыз ойнақ салатын. Алғаш жер-дүниені аппақ қылып, қар басқан күннен бастап, ойын доғарылды. Байлау да босамай қойды. Басынан сипап қана қоятын иесінің төбесі көрінсе дәмелене қарайды. Бірақ, ешқандай ойын болмайды. Баяғыдай емес суық тартып қалғандай. Бөгде адамдар да жақындамайтын болды. Қолына алмақ қайда, анадайдан айналып өтеді. Еңкіш ие түннің бір уағында кешігіп келсе, ойын болады деген сөз. Баяғыдай босатпайды, әйткенмен бұл байланған қазықты айнала жүріп асыр салады. Бір қызығы мұндай күндері иесі мүлдем басқа кепке түседі. Әншейінде аяғын нық, маңғаз басатын адамның жүрісі өзгеріп, ойын барысында шалыныса береді. Тіпті, жығылып та қалады. Құмары тарқамағанмен, бір сәт болса да кеңіп қалатын. Ойын енді қыза бастағанда, үйден жыбырлақ әйел шығады.
– Ғалым, Ғалымжан, жүр үйге. Кеш болып кетті, ұйықтау керек. Дем алу керек. Ертең жұмыс қой саған. Неғып ішкенсің? – деп, қолтығынан демеп, сүйрегендей қылып, иесін алып кетеді. Мұндай күндері ол түннің бір уағында сыртқа шығып темекі тартпайды. Тіпті, бұған беретін тілім нанды да ұмытады.
Қыс бітті. Қардың еріген лайлы суы айналаны шылшыққа айналдырды. Бірте-бірте азая келе, ол да құрғады. Көктің қақ төріне шығып алып, күлімдеп қоя берген күн бойын жылытты. Күлім көз күннің еппен қытықтайтын, жып-жылы шуағының астында жатып маужырайтынды шығарды. Бірақ, бұл рахат та ұзаққа созылмады. Күн өткен сайын жылу ыстыққа айналды. Жылы шырай танытатын күн енді дәл төбесінен төніп, қытықтаған қайда, шағып алады. Таймаста мұндай кезде тілі салақтап үйшікке тығылғаннан басқа амал қалмайды. Тек, күннің зәрі қайта, арқаны кеңге салып, үйшіктен шығады да шарбақ жақты аңдиды. Ол жақтан иесі келеді. Иесі келсе... Күндер өте берді. Бір келкі. Қанша үміт артса да, мойындағы қарғыбау шеңгелін босатпады. Ойын да болмады. Бұл кезде, иесі де кешігіп келуді қойды. Күшік кезін көзіне елестетіп, ұзақ қиялға батып жата береді. Иесін көзімен шығарып салады, көзімен күтіп алады. Түнімен неше рет түзге шыққанын санайды. Еңселі үйдің темір есігі сырт етіп ашылып, жалаңаш кеудесі шығып келе жатады. Ойын болмайтынын біледі, әйтсе де Ғалымжанның төбесі көрінгенде бойын белгісіз сезім билеп ала жөнеледі. Иесін жақсы көруші еді. Көзін ашқалы бір-ақ рет қар басқан Таймас үшін өмір кеңістігі соншалық шектеулі еді. Шарбақтың ар жағындағы қайнаған тіршілік бұл үшін жұмбақ болатын. Адамдардың арасында дүние, байлық, мансап, ақша деген түсініктер барын, сол түсініктер жолында туындаған алдап-арбау, аяқтан шалу, тер төгу, тіпті қан төгушілік сынды қасиеттер болатынын, таңның атысы, кештің батысы тырбанып жүрген пенделердің бақытты-бақытсыз, бай-кедей, жақсы-жаман болып бөлінетінін, және соңғылардың алдыңғылардан көп екенін, әлдеқайда көп екенін білмейтін. Қазір техниканың әбден дамыған заманы жиырма бірінші ғасыр екенін, бір ғасыр жүз жылдан тұратынын, бір жылда он екі ай, төрт мезгіл болатынын, қазір жаздың ми қайнатар ыстығы – шілденің соңы екенін де ойлап көрмеген. Тіпті, өзі өлердей жақсы көретін иесін өзгелердің жек көретінін, бұған қойдың таза етін беретіндігі үшін сырт етіп ашылып, иесі шығатын есіктің ар жағында әйел мен еркек арасында теке-тірес, жанжал туындап тұратынынан бейхабар-тын. Адамдардың қолында алысты жақын қылатын құдірет барын, жер түбіндегі адамның даусын ести алатын құрал болатынын, ол құдіретті құралдың телефон аталатынын, иесі сол телефонмен бүгін ауылға, Сембекке қоңырау шалып, үйде еттің біткенін, тез арада бір қой сойып беріп жіберуді бұйырғанын, және сол еттің жартысына жуығы өзіне бұйыратынына бас қатырып көрген емес. Алдына келгенді қарпып тастап, жататын да қоятын. Таймастың бір сарынды ғұмыры, бірінен бірі аумайтын күндері осылай өтіп жатты. Көңілсіз еді. Қызықсыз болатын. Бірақ, қызықсыз екенін білмейтін. Көз ашқалы көргені сол, өмір деген осы деп ойлайтын.
***** Кеш бағана батқан. Тіпті көп уақыт өтті. Көшедегі көліктердің гүрілі де тынған. Жарқырап ай туды. Дөп-дөңгелек. Мамық түн. Күндізгі аптаптан арылған қала да аяқты көсіп тастап, ұйықтап кеткен. Мүлгіген дүние. Тек бұл ғана мазасыз. Айнала тыныштыққа бата түскен сайын, тынышынан айырылды. Күткелі көп болды. Бірақ Ғалымжан әлі жоқ. Бұл күйді кешіп, ұйқысыз жатқандар екеу еді. Бірі – Ғалымжанның әйелі Әсел. Бірі – Таймас. Ішкен кезде ұялы телефонын сөндіріп тастайтын әдетін білсе де, қайта-қайта қоңырау шалады. «Абонент байланыс аясынан...» Сүйкімсіз дауыс. Бұрын да ішетін, бұрын да кешігетін. Бірақ, дәл осылай емес. Бұл уақта үйде болатын. Ал, бүгін... Сағатқа қарады, таңғы төрттен өтіп барады. Күте-күте шаршаған, терезеден қарай-қарай көзі талған әйел таңғы ұйқы қысып, манаурай ұйықтап кетті. Ал, ит ұйықтамады. Маужырап жатады да, тысыр еткен дыбыс білінсе, басын жұлып алады. Ол емес. Осылайша қанша үміті құрдымға кетті екен! Бірақ, күте берді. Ақыры келді-ау. Таң біліне бастағанда ағаш шарбақты жағалай бері беттеген аяқ дыбысы естілді. Бір келкі емес. Демек... Бүгін ойын болады. Есіктің ілгегін таба алмай көп әуреге түскен Ғалымжанды көргенде күманы қалмады. Ойын.., ойын болады. Тек есік ашылсын. Қазір... Қателеспепті. Есікті әрең ашып, аулаға енген иесі буынынан айрылған аяғын қалт-құлт басып бері беттеді.
– Таймас... – деді тілі күрмеліп. Мойнынан құша отыра кетті. – Тоқта, тыныш... Ой, сен де... Қап, тиыш... Қазір... – Соны айтып, ебі кеткен қолдарымен иттің қарғыбауын ағыта бастады. – Қазір, екеуміз күресіміз. Күресте әділдік керек, сондықтан сені шешеміз.
...Күтпеген жерден бостандық алған Таймас арсалаңдап, ауланы бір айналып шықты. Өзін шақырып тұрған Ғалымжанға қақтығыса тоқтады. Дегбірі қашып барады. Күшік кезіндегідей алдыңғы аяқтарын тік көтеріп, артқы аяғына тұрды да, қолын иесінің кеудесіне тіреді. Ғалымжан да құшақтай алды. Қолтықтан төмен ұстап, жамбасқа икемдеді. Атып ұрмақ. Иттің ауыр салмағы бар, өзінің ебі қоса кеткен, шамасы келмеді. Босанып кеткен Таймас айнала жүгіріп жүр.
– Кел, кел күшігім. О.., жарайсың. Кә! Кел бері. Қазір саған көрсетейін.
Таймастың қуанышында шек жоқ. Мойны босап, ауыр шынжырдан азат болғалы өзін соншалық жеңіл сезінген, мүлдем құтырынып кетті. Өзіне ұмтылып, ойынға шақырып жүрген иесі көзіне қораш көріне бастады. Әлсіз. Күшік кезіндегідей жұлқылай алмайды. Теңселе басып, айнала берген бір тұста секіріп келіп, кеуделей қағып өтті. Аяғына әрең мініп тұрған Ғалымжан ұшып түскен. Ырсылдап, қырылдап әлденелерді күле айтып, тыпырлап жатыр. Таймас қанша айнала жүгіріп, ойынға шақырса да буынын бекітіп, орнынан көтеріле алмады. Делебесі қозған ит тісінің ұшымен киімінен тартты, – тұрмады. Аяғынан тартты, – шалқалай аударылып түсті. Тағатсыз шыр айналған. Тыпыр-тыпыр. Ашулана бастады. Жеңсіз жейдесінің иығынан жұлқа тартып, дар айырды. Қайта тістеп, жұлып алды. Оңай сыпырылған жейдені аяққа басып, өткір тістерімен дар-дар айырып, умаждап тастады. Әп-сәтте дал-дұлы шыққан әлсіз мата құмарын тарқата алмаған. Керісінше қанын қоздыра түскендей. Бұл кезде орнынан еңбектей тұрып, қолына іліккен әлдебір кесекті бұған қарай жіберіп қалған иесінің ашулы даусы естілді. Қабырғасына сарт еткен жұдырықтай тасты ойынның тағы бір түрі ретінде қабылдаған ит Ғалымжанның басынан қарғып өтті. Аунап түсіп, қайта тұрмаққа әрекеттеніп, аяғын баса алмай жатқан қораш мақұлыққа айналған әлжуаз адам ішін пыстыра бастады. Тұңғыш рет иесіне ашуланған төбет секіре басып келіп, шалбарға ауыз салды. Азуды қаттырақ батырып жіберген екен, етін қоса жырып кетіпті. Аузына қанның дәмі келді. Еттің дәміне ұқсас. Бірақ.., әлдеқайда тәтті. Ойнап жүрмін деп ойлады. Күшік кезіндегідей бар күшін салып. Ол кезде әлі келмейтін. Қазір қалай бұраса да еркіне көне берген иесі астына түседі. Бұрын, мұны жұлмалайтын, әлсіз күшік шарасыз қалыпта көне беретін. Ендігі кезек... Гүр етіп кеудесіне аяқ артты. Шалқалап жатқан иесінің көзі бағжаң етіп, жұдырықпен құлақ шекені ала салып қалды. Әлсіз. Екінші рет бағытталған қолды білектен тістей ауызға түсірді. Күшік кезіндегідей күштей тістеген. Әлдене күтір етті. Ойбайлаған дауыс қоса шықты. Салбырап қалған қолды тастай берді. Күшік кезінде... Ең болмаса саусағын бүге алмайтын. Енді... Жансыз қолды тастай беріп, жалаңаш кеудені сойдақтата осып өтті. Жоқ. Болмайды. Бұлай болмайды. Кеуде жарамайды. Құмардан шыға ойнап, құшырлана тістеу үшін азуға еркін ілігетін бірдеңе керек...
Жан далбаса үйелеп жатқан иесінің ырғай мойнына көзі түсті... Күйеуінің келгенін білген жоқ. Алғашқыда ұйқылы-ояу хәлде жатып естіді. Күйеуінің итімен ойнап жүргенін еміс-еміс ойлап өтті. Ғалымжанның ырсылдаған, қырылдаған, күлген даусы мен иттің арылы қатар шығып жатқан. Әлден уақты ойбайлаған әжептарқы дауыс шыққанда атып тұрып, қолына ілінген киімдерін апыл-ғұпыл іле салып, сыртқы есікке жүгірді.
...Бұл кезде үн де өшкен...
Жансыз. Шалқалай жатқан бойы қимылсыз қалыпты. Бассыз өлі дене. Жейдесі мен шалбары илектеніп, анадайда жатыр. Кеудесі мен бөксесін қан жуып кетіпті. Бассыз қалған мойыннан кеңірдектің ұшы қылтияды. Ендігі қызыққа сол арқылы көз салып жатқандай. Қаны әлі тоқтамапты, жерге жайыла ағып жатыр. Ал бас... Бас Таймастың аузында. Жұлқа тартып аяғының астына басады. Сәл қарап тұрады да, алдыңғы аяғымен ары-бері дөңгелетіп, аударып, қайтадан көтеріп алады. Қалай аунатса да ыңғайға көнетін домалақ басты құшырлана тістейді. Ойынның ең қызықты жаңа түрін тапқан нән төбет қуана қыңсылайды... Қызыл-ала киінген топ алдымен жеткен. Артынша дәрігерлер. Әлденелерді суретке түсірді. Оқиға орын алған жер ақ-қызыл лентамен қоршалды. Ғалымжанның мәйітін итімен қосып әлдеқайда алып кетті. Итті тексеруден өткізген. Құтырған, болмаса басқа бір залалды ауруға шалдыққан болуы мүмкін. Бірақ, тексеру нәтижесінде иттің қанында ондай кеселдің жоқ екені анықталды. Қызыл жағалылар аңтарылып, ақ халаттылар бас шайқасып, таңданыс білдіріп жатты. Амалдары таусылған тәртіп сақшылары марқұмның таныстарын, туыстарын тергеуге алуға мәжбүр болды. Көп өтпей-ақ, мәселенің түйіні шешілді. Итте ешқандай кесел, яки аурудың нышаны жоқ. Иесі мас күйде итін ойнатпақ болған. Көз ашқалы байлаудан босанбаған, ойынқұмар болып өскен ит бір сәт еркіндік алып, құмары қанғанша ойнаған. Ойнаған! Ақыры, күшік кезінен еркелеткен, ойнатқан, туысына қимаған етті осыған беріп, баласындай баптап, бағып-қаққан, үйге келер сәтін тағатсыздана күтетін, өзі соншалық жақсы көрген иесінің жанын жаһаннамға жөнелткен.
Бір ауыздан марқұмның өзі кінәлі деп танылды.
*****
Соңғы кезде бұл түсінбейтін жайттар болып кетті. Алдымен, тап-таза, өткір иісі бар аппақ үлкен сарайға апарды. Әлдебір жіңішке темірді қолтығына сұғып, қанын алды. Аузын ашып сасық сілекейін тексерді, тісін адақтап шықты. Үш күн бойы қап-қараңғы сыз қуысқа қамап қойды. Соңынды көлікке салып, ұзақ жер жүріп, осы жерге алып келді. Мұның ендігі иесі болса керек, – қаталдау болып шықты, – еркелеткен қайда, әкелген күні ашық күннің астына байлап қойып, су-су еткен дыбысының өзі жаныңнан қарадай бездіретін жіп-жіңішке ұзын жіппен айнала жүріп, шықпырта сабады. Жыртылған терісін ауырсына жалап, иесін тұңғыш рет жоқтаған. Содан бері не су, не тамақ бермеді. Шыжыған күннің ыстығында көлеңкесіз жазықта тілі салақтап жата берді. Таймастың ендігі қатал, тас жүрек иесі Сембек еді. Күтпеген жазымға тап болған Ғалымжанның жерлеуіне қатысып қайтқалы өртеніп тұрған жаздың күнінде өлімші хәлде, байлаулы жатқан итке қарап тұрудан үлкен ләззат алатындай, күніне екі-үш мәрте келіп көріп кетеді. Бастапқыда ұлып, жер тырнап, бала-шағаның есін шығарып еді, енді ол да тынды. Ғалымжан өлгелі, Светаның қабағы жадырайын деді. Не де болса мына азаптан құтылып, баяғы дәуренге қайта оралар күн де иек астында. Ойламаған жерден жауыздың жанын алған итке риза еді. Тек, адам жеген жалмауыздың өзі де қорқынышты, әйтпегенде төбесінен төгілтіп алтын құйса да жарайтын іс тындырған итті бағып алуға да болар еді. Ендігі отырыстары мынау, иттің өлімін күтіп. Бірден өлтіре салуға күйеуі көнбеді. Ит те өле қоймады. Әне-мінемен он екі күн өтіпті. Ал, Сембек қайғырған. Өзіне соншалық сорақылық істеген адамның өліміне емес, сорлы баланың адам көргісіз күйде өз көрін өзі қазғандығына. Адамға жасамаған жақсылығын жасаған итінен көрген қорлығы қайткенде де сүйекке таңба, бетке шіркеу. Ит өлім. Жоқ, одан да сорақы. Жаны ашымады, ет жүрегі езіле жоқтамады. Қуана да алмаған. Табалауға дәті бармады. Өзіне соншама қорлық көрсеткен адамның мынадай күйде жер құшқанына басқа болмаса да, Сембек бөркін аспанға атуға тиіс еді. Кісілігі жібермеді. Тумаса да туғандай болып кеткен інісі еді. Тек соңғы істері... Ғалымжан балалар үйінде өскен тұл жетім болатын. Тәрбиешілермен шекісіп, қарғыс атқан үйден қашып шыққан балаң жігітті көлік тұрағынан кездестірген. Жүзі солыңқы, киімі жұпыны балаға жаны ашып, жөн сұраған. Үндемей кете баруға дәті шыдамай үйіне ерте келген. Өзінің бір киерлерін беріп, ыстық тамақ ішкізіп, қалтасына аздаған тиын-тебен салып, қашып шыққан жеріңе қайта орал деп, ақылын айтып, шығарып салған. Бармапты. Көп өтпей тағы кезікті. Бұл жолы үйінің алдында. Арып-ашқан. «Сізден басқа паналар жерім жоқ», – деген. Жұмыс тауып беруін өтінген. «Жетім көрсең жебей жүр» деп білетін Сембек шынымен босаған. Шындап кірісті. Жалған құжат жасатып, ауылдан келген інім еді деп, өзі істейтін мекемеге күзетшілік қызметке орналастырудың сәті түсті. Ғалымжан іске ұқыпты, шаруаға тыңғылықты болып шықты. Бұл қатты қуанған. Аяққа тұрып алғанша, үйде жүре берсін деген. Арада бес жыл өткенде, өз бетімен күн көру былай тұрсын, басқаға жәрдем бере аларлық дәрежеге жеткен Ғалымжан мұның өзіне ауыз салады деп кім ойлаған? Бұл кезде күзетшілердің басшысына айналған жігіт Сембекке несие алмақ ниетін айтқан. Тек мұның көмегі керек. Бұл ойланбай келіскен. Кепілге қоятын мүлік – Сембектің үйі. Ол да түк емес, уақытша Ғалымжанның басына аударған. Соның ертеңінде-ақ сотты болды. Ғалымжанның баспанасын тартып алып, тұрып жатқан көрінеді. Әупірімдеп қамаудан аман қалды. Ғалымжан кең пейілділік көрсетіп, кешірім беріпті. Басы сотты болған Сембек үйден айрылғаны былай тұрсын, қызметтен қуылып, далада қалды. Ол да түк емес екен, көрер қызығы алда болып шықты. Алар несиесін алған Ғалымжан қарсыласса түрмеде шірітетіндігін айтып, баяғы қамқор ағасын малшыға айналдырған. Азғантай малдың басын құрап, алдына салып, осы елсіз иенге әкеп тастады. Мұны қорлағаннан ерекше ләззат алатын болса керек, жиі келіп, шікірейе тұрып, тексеріп қайтады. Азық-түлік те мардымсыз бірдеңе. Ит қорлыққа жас балалары үшін шыдап баққан. Ақыры, міне... Жерлеуден кейін, біраз шығынданып жүріп, итті қолға түсірген. Атып тастамақ екен. Жауыңның жауы – сенің досың деген ниетпен емес, адамның басын жұтқан, қолда өскен итті жай ғана атып тастау аз еді. Болмай бара жатқасын, тәртіп сақшыларының аузын майлап, көп әуреленбей-ақ, осында әкелген. Бір туысы туралы әлдеқайда естіген. Өз қойына шапқан итін күннің астына ас-сусыз байлап, азаппен өлтірген көрінеді. Жиырма күнде әрең өліпті дейді. Сенбеген. Енді көзі жетті, бүгін он екінші күн. Іші қабысып, сұрқы қашып, алып денесі адам таңданарлықтай шөгіп кеткен. Өлімші хәлге жеткенімен бір-екі күнде ажалға алғызар түрі жоқ. Алғашқыдағыдай емес, жағы тынған. Көп қозғалмайды. Анығында, қозғала аларлық дәрменнен айрылған. Жанарсыз көздерін алысқа тастап, сұлқ жатады да қояды. Таймас иесін күтіп жатыр еді. Қайдан келетінін де білмейді. Үйреншікті өз үйі, өз үйшігі емес. Айдала. Тым-тырыс. Ыстық. Иесімен бірге болған жердей емес, у-шудан ада. Ішіне сәл де болса салқын леп ендірер аздаған жұбаныш – тілін салақтата дем алуға да әл қалмаған. Кірпігі әрең қимылдап жата берді. Қанша сарылып күтсе де иесі келмей қойды. Бірақ, келеді деп сенді. Сол ғана құтқарады мына азаптан. Мына азаптан... Кенет, – бұрын ойына мүлде келмеген, – мына аптаптан паналар жалғыз орын жер екендігін ойлап өтті. Әбден шатысқан санасының түкпірінен себезгілей көрінген әлсіз сәуле ыстық күн ғана емес, соңғы кезде әбден басынып, тірідей талап, жей бастаған шыбын-шіркейден де құтқарар соңғы сая топырақты қазып тастарлық күш берді. Соңғы өткен екі аптада өзі әбден таптаған құрғақ, қатты топырақты жан далбаса тырналай бастады. Анығында, бауырын көтерерлік қауқар қалмаған Таймастың өлім алдындағы соңғы тырбануы еді бұл. Өз кінәсін сезінбеген қалпы келмей қойған иесін іздеп кете барды. Байлаудан бір жола азат.
09.02.11.
Алматы, Шаңырақ-2.
БІР ТҰТАМ
(әңгіме)
– Сен нағыз талантсың! Бұл сөзсіз. Тілің төгіліп тұр. Жазуыңа бас ием. Сен... сен... Сені әлі әлем мойындайды!
– Сен де талантсың! Талантты сазгер! Сенің әндерің әлі аспан астын шарлайды. Сен шығар биік әлі алда!
Екі адам. Екі жігіт. Солай дегенбіз. Бір-бірімізге риясыз көңілмен жоғары бағалағанбыз. Сөзімізде күмән жоқ еді. Асырып айтыппыз. Талант қайда...
...Өтірікші болып шықтық. Екеуміз де.
...Бекер іштік.
Даудың басы – даяшының көк шөлмегі...
*****
– Мені түсінер сен ғанасың! – деген телефон тұтқасының ар жағындағы дауыс. – Өнерді ұғар, сөз түсінер, менің сөзімді түсінер бастың иесі – сен ғанасың! Мен үшін сенен асқан өрелі кәлләсі бар жан жоқ!
Мынадай сөзден кейін кездесуден бас тарту мүмкін емес еді.
Қалаға келген алғашқы жылдары танысқанбыз. Орта бойлы, арық жігіт. Бірақ өзін атан түйедей сезінетін болуы керек. Кеудесі тік. Күтім көрмеген, артқа қарай ұқыпсыз қайыра салған шашы мен шаршай қарайтын көздері өз ортасынан мүлде бөлек кейіп танытады. Риза емес. Бір нәрсеге риза емес. Өзін жұрттан артық сезінеді. Абыр-дабырды шеттей тұрып алып, шуылдақтардың төбесінен асыра қарап тұр. «Әй, сендер де!» – дейтіндей. Қимылы самарқау болғанымен, батыл. Ойына келген істі тындырмай тынбайтын адамның сойы. У-шудан шеттеу тұрғам. Менің де түр-тұлғам оңып тұрмаса керек. Әлгінің ар жақ, бер жағы. «Балықшы балықшыны алыстан таниды». Алдымен көзіміз түйіскен. Екі мәрте. Көп ұзамай қатар тұрдық. Жайлап басып қасыма келді. Қол алысып тұрып, сынай қараған. Қызметшісін тергеп, тексеріп тұрғандай.
– Темекі тартушы ма ең? – Алғашқы сөзі. Үй жұмысын орындамай келген оқушыға мұғалім осылай сөйлейтін. Ұнап тұрған жоқ маған.
– Ал?
– Былайырақ шығып өртеніп қайтайық, онда. – Жауап күтпестен алға түсе берген.
Түтінің түзу ұшқыр, жаңа, жартылай танысым шылымды да оңдырып шекпейтін болып шықты. Сирек дәм татады демесең, бұрқыратып ұстайды да тұрады. Жарытып ештеңе айтпадық.
– Ұқсаспыз, ә? –деді өзімсіне. – Сенің де менен асып тұрғаның шамалы. – Үнсіз бетіне қарағам. Көзін тайдырып әкетті. Арбасып тұрар жайым жоқ деген кейіпте. – Хабарласып тұрайық, – деді қырын қарап тұрған бойы. Нөмір алмастық. Ұсыныс айтатын – ол, бас изейтін – мен. – Ішке кірейік. Даңғаза болса да бізге арналған кеш қой, атасына нәлет! Қармағымызға бірдеңе ілініп қалар.
Қармағына не іліндіргелі жүргенін құдай білсін, түсініксіз танысым бастап ішке беттедік. ...Енді міне, араға екі жыл салып қоңыраулатып тұр. Нөмірі сол баяғы. Бұл жағына ұқыпты болып шықты. Аң-таң кейіпте тұтқаны көтергем.
– Әй, аззаммат! Айттым ғой ұқсаспыз. Сол бұрынғы нөмірің. Қайдасың? Жолығу керек. – Одан соңғы айтқаны әлгі.
Кездестік. Көлденең мәселе қоймай-ақ, өзі келген. Маған ыңғайлы жақын жерге. Берекесіз болса да, аман-саулық біліскен болдық.
– Ішуші ма ең?
– Ал?
– Айттым ғой ұқсаспыз! Кеттік!
Қаланың қақ ортасы. Біз тұрған жерге ең жақын орналасқан мейрамханаға ат басын тіредік. Қақ төрдегі бос орынға жайғасып жатырмыз. Берекесіз досым маған анықтап бір қарап алды да:
– Оффициантка! Мұнда келіңіз! – Қол бұлғап шақырып алды. – Бізге, тәәәк, қайсысы? Ең аштысын тартайық а? Атаңа нәлетті! – Даяшыға қайта бұрылып: – Ең аштысы және ең қымбаты. Бірдіні әкеліңіз! ...Закуска ма? ...Е мейлі, соны бере беріңіз!
– Ал, – деді, бәрі дайын болғанда, – тартып жіберейік, атасына нәлет! Сөз кейінгісінде бола жатар.
Тартып жібердік. Тартып жіберу әп-сәтте үш мәрте қайталанды. Көңілдің көтеріліп, тілдің күрмеуі шешілер сәт. Берекесіз досымның тілімен айтқанда «бұл атаңа нәлеттің» қолынан келмейтіні жоқ. Қорқақтан батыр, ширақтан болбыр жасап шығар қасиеті бар. «Бұл атаңа нәлеттің» арқасында саушылығында аузы-аузына жұқпас, ұшқалақ немелердің тілін жұтып қойып, қой аузынан шөп алмас момынға айналғанын да көргенбіз. Керісінше, табиғатынан тұйық «біз сияқтылардың» бір-ақ сәтте мылжыңға айналып, іштегі қоқыр-қоқсығын сөзбен ақтарар сөзуар бәле дәрежесіне жеткеніне де куә болғанбыз талай. «Бұл атаңа нәлетің...» Таң емес. Берекесіз досымның берекесі кіре бастады. Мен де төгілтіп отырмын. Бәрі әлгі... «атаңа нәлеттің» арқасы.
– Жазғандарыңды оқып жүрем. Оқымысты емеспін, бірақ сенің атың тұрған жерді айналып өтпеймін. Алғашқы шимайыңнан бүгінгі шатпағыңа дейін белгілі маған. Адақтап шыққам...
– Шатпақ пен шимай? Дұрыс емес! Сен түгіл азуын айға білеген аталарыңның өзі аузын ашып, көзін жұмып оқиды менің шимай мен... әлгі шатпағымды.
– Сабыр батырекесі, сабыр! – Алға сәл ұмсына, қос алақанын маған қарата жоғары көтерді. – Шимай-шатпағың айтуға тұрмайтын болса біз бұлай отырмас ек. Өзімсінгенім еді. Жазушылар шамданшақ келеді деуші еді, рас екен! Сенің шимайларың туралы шимайларды да оқығам. Әлгі, аузымен ай аулап жүрген аталарыңның сызып жүргені. Мақтауыңды келістіріпті. Баяғыда, естуім бойынша жаңа шығарманы жерден алып, жерге салып, сынап жататын деуші еді, қазір ол күйістеріңнен де жаңылыпсыңдар. Өзімізбен жазушылық деген мамандық жойыла ма деп қорқып жүргенде, – қорқып дегенді әдейі бұзып айтты, – күтпеген жерден сен шыға келіп, толқығаннан қағазға жүгіріп, қаламға жүгінген ғой.
– Жазушылық жойылады? Оттапты!
– Сен, тыңдашы мені! Айтып алайын. Әдебиетіңнің жағдайы белгілі. Кім оқиды? Кім оқып жатыр? Жазарман жетеді. Рас болса, жазудың көркемдік деңгейі шырқай өскен дейді. Айтқыштар мен жазғыштарға сенсең, сұмдық! Бірақ... тыңдашы енді, бірақ соны оқитын оқырман қайда? Жазармен мен оқырман. Қайсысы көп болу керек? Әрине, кейінгісі. Сендердің еңбектеріңді бағалаймын. Бір өзі екі түрлі міндетті қатар атқарады. Жазғыш та өзі, оқығыш та өзі. Әдеби қауымның өз арасындағы жабық жиналыс іспетті. Көлденең көз деген атымен жоқ.
– Бұл уақытша нәрсе! Татымсыз жұбаныш пен арзан көңіл делбеуден жалығады әлі мына жұрт! Әдебиет киелі ұғым, бауырым! Мейлі, ел оқымасын! Бірақ, құрметпен қарайды. Қадірлейді. Құрметтің кемімегені адамның әдебиетсіз, сөз өнерінсіз күн кеше алмайтындығы. Кітап оқу ескіліктің елесі болып, жаңалықтың көлеңкесінде қалып кетпейді. Ешқашан! Заман жаңарады, әдебиет те жасарып отырады. Қайталап айтам, әдебиетсіз адам күн көре алмайды. Жаңалыққа жаппай ұмтылу революция, иә, төңкеріс кезінде де болған. Ақыры не болды? Аспан астын астаң-кестең етті. Адасты да кетті. Қазақ екенін қазақша айта алмайтын жаңа қазақтың пайда болуы да жаңалық болып па? Иә, жаңалық! Ешкімнің ойына келмеген сұмдық. Жақсы жаңалық емес. Әкеңнің абыройсыз өліммен өлгенін естуден де ауыр қасірет. Жаңалыққа құмар шала туғандар оқымады екен деп әдебиеттің жаназасын шығару керек пе? Жоқ, бауырым! Жазылу керек. Жазу керек! Бұл күн де өтеді... Сөзімді бөлме! Қоя тұр оныңды. Ішу қашпайды ешқайда... Туһ, не айтып жатыр едік? А, иә, жазылу керек. Ғалымның хаты өлмейді. Ертеңге жетеді. Кейінгі ұрпақ оқиды. Тарихтан сабақ алады. Біздің қателігімізді жасамайды олар. Мынадай заманда қаламын тастамаған бізге сүйінетін болады. Алғыспен еске алады. Дұғасын бағыштайды. Құдайдан кейін аузына алып, медет, дәрмен тілейді. Ал, сенің анау, жаңа қазақтарың басының қайда қалғанын да білмей қалады. Ұрпағының бетіне шіркеу. Өзің ойлашы, «бабам сараң, сасық бай болыпты» деп мақтана алар ма едің? Бұл да сол сияқты. Өтеді бәрі. Түзеледі. Ал, мақұл алып тастайық! Қазақтың, қазақ әдебиетінің ертеңі үшін!
Әзірге тіліміздің мүкісі жоқ. Алып та, ағып та отырмыз. «Шіркін-ай!» – деп қоям іштей. – Осы әңгімелерді қаз-қалпында жазып алса ғой. Қаншама шикізат. Өңдемей-ақ, өзгертусіз көшіріп шықсаң... Тағы да біразға шапсам керек. Аздаған даумен басталған әдебиет айналасындағы әңгіменің аяғы досыма әсер еткен. Мені біржола мойындап, алдымда тізе бүккен. Менің құрметіме тост көтеруді ұсынды.
– Сөз жоқ! Сөзім жоқ, бауырым! Не болары белгісіз келер күн үшін еңбектену – түбінде не бар екені белгісіз тұңғиыққа сүңгуден де ауыр, қорқынышты нәрсе. Сен – талант!.. Өзің айтқан ұрпақтың аузында мақтанышпен айтылатын болады есімің. Сен туралы ән жазам. Сөзің жетпесе де, менің әнім арқылы өзің, ісің жетеді ертеңге.
– Беу де! Қоя тұр! Менің сөзім жетпейтін жерге сенің әнің қалай жетеді? Ұрпақ күні ертең бүгінді менің қаламымның ізінен тани алмаса, сенің былдыр-батпағыңнан не ұғады?
– Былдыр-батпақ емес! Естімей жүрмісің? Алматының... Қазақстанның қай түкпіріне барма, менің әнім алдыңнан шығады. Керең болмасаң мойында осыны!
– Қайсы, анау «Сезім сыры», «Махаббат оты» дегендер ма? Сөзі де, әні де бір-бірін қайталайтын? Қаздың балапанындай ұқсас. Мұндай әндермен ертеңге қай бетіңмен бармақсың? Кезінде бір ай тыңдалып, лезде ұмытылған әннің авторы екен деп қай қазақ басыңа шырақ жағады? – Бұл кезде мен күшейе бастағам. Берекесіз досым жол бастаушылық қасиетін жоғалтып алған.
– Әй, оларды қойшы! – деді қолын сілтеп. Аңдамай осал тұсын басқызып алған, басылып қалыпты. – Кезіндегі көстите салғандар ғой. Оларды айтып тұрғам жоқ, кейінгі жазылған патриоттық рухтағы «Мен қазақтың баласы», «Қазақ жері», «Атажұрт» немесе жұрт тегістей жылы қабылдаған, әні де, сөзі де тың бағыттағы «Гүл мен жыр», «Аялдамадағы ару» деген махаббат туралы әндер ше? Алды екі жылдан асты, ел арасында әлі жүр.
– Иә, сонымен қоса «Алға Қазақстан», «Арман қала – Астана» деген діңгірлектеріңді қосып қой.
– Жоқ, олар да ақымақшылық. Сенің әдебиетіңде де науқандық шығармалар деген болмап па еді? Сол секілді дүние ғой. Бізге де күн көру керек. Ала дорба арқалап ел кезіп кет демесең, түсінуге тиіссің.
– Мүмкін. Сананы тұрмыс билейді. Әндерін қымбатқа сататын болыпты деп естуші едім, рас екен. Иә, осылай күн көріс қуалай берсең байлыққа да жетерсің. Атақ та сенікі. Науқаннан науқанға дейін бір ән жазып, жемісін жеп өткен, түлкі заманның алғыр тазысы деп еске алады бізден соңғылар.
– Тілдерің ашты сендердің. Айтқаның орынды. Бірақ, маған неғыл дейсің? Аштан өлуім керек пе? Кім маған қол ұшын беретін? Науқандық шығарманың бір науқаннан аспайтынын білем. Бірақ, түсінуге тиіссің қайталап айтам! – деп қойды, «қайталап айтамға» ерекше мән бере. – Болашаққа қарын қамы үшін жазылған жүз әнім емес, мәңгілік өшпейтін бір әнім жетсе болды. Ұрпақ біздің заманнның аужайын сенің жазуың арқылы таныса, – кешіреді.
– Ертеңгі буынға ауыр салмақ салып отырсың, бауырым! Пендешілігің үшін олар жауап беруге тиіс емес. Ыңылдай салған дедің бе? Ыңылдай салма! Көститпе! Ән өндірістің заты емес. Тапсырыспен кесіп-піше салатын. Ән – сәби сияқты. Сенің перзентің. Құрсағыңда көтермесең, толғатпасаң тумайды. Жан қиналмай жұмыс бітпейді. Қина өзіңді. Талантың бар. Білем... Тыңдап жүрем. Табиғилық бар. Сен соны жасандылыққа айырбастамақсың. Ақылын алтынға сатқан арсыздан қай жерің артық? Біз ұсақтауға тиіс емеспіз. Заманды сылтауратпа! Бұдан өткен кер кезеңде де қазақ елдігін жоғалтпаған. Бойыңа дарын құйғаны үшін Тәңірдің ғана емес, ұрпақтың да алдында жауаптысың! Шық жеңілдің астынан. Өз болмысыңды әніңнен танитын болсын елің. Ұрпаққа жүк артпа! Абиырсыз іс қалдырма артыңа! Ертең сен өлген соң, кейінгілер: «Өлгеннің бәрі жақсы. Артынан қалай ғана жаман сөз айтам?!» – деп қиналып жүрмесін.
– Айттым ғой, мені түсінер жалғаз адам – сенсің! – Төмен тұқырып алып, басын шайқап, тамсанып қояды.
– Басқасында шаруам жоқ, мен білетін үш-төрт әнің үшін, сен үшін ішем мынаны!
Осы бағытпен біразға бардық. Даяшы «атаңа нәлеттің» қымбатына үш рет тапсырыс алды. Шарап ашытатын жемістің ағашы үш мақұлықтың қанымен суарылыпты-мыс. Рас па деймін. Ойдан шығарылса да орынды кесім. Алғаш түлкінің қаны дейді. Біз де мың құбылдық. Әлсіз болса да азуымызды көрсетіп, осал тұсымызды жасырып, қуланып бақтық. Мақтаған болып, мақтамен бауыздадық. Бауыздалып жатып та сайқалдықтан танбадық. Екінші кезең. Арыстанның қаны. Ақыра түрегелер сәт. Түлкі дәуіріндегі шыдамның жарылар тұсы. Әбден бел алып алғам, тиісе сөйлеппін. Әңгіменің қайдан шыққаны белгісіз. Даусымыз қаттылау шықса керек, бірді-екілі адамның бізге қыжырта қарағаны есімде.
– ...Ресторан емес, мейрамхана!
– Не деген ә? Таза қазақша сөйлейсің. – әбден бабына келген, шегінуші ма еді? Өзімді кекетіп тұр. – Патриот болса сендей болсын! – Кеңкілдей күлген.
– Иә. Мендей болсын! Қазақ болса – мендей болсын. Сөйлеймін. Таза қазақша. Орысша білмегенімнен емес. Мен-мен деген кез-келген орысыңды сөзден тосам. Орыстың әдебиетін түгелге жуық түгескем. Өзіме, білетініме сенем. Білігіне сенген адам көпірме сөзге үйір болмайды. Аздаған білгенін көрсетуге тырысу табиғатына жат. Ал, осал тұсын білген адам, сол жерін қымтап бағады. Саған, сен сияқтыларға жаным ашиды. Бейшаралар! Сен секілді ауылдың қара домалақтарын айтам, қаланың боз өкпелерінің алдында өздерін қор сезінеді. Себебі, кірме сияқты. Қалалық болып көрінуге тырысады. Орысша дым білмесе де, білген қазақшасын шұбарлап бітеді. Дәл сен сияқты.
– Мен сияқты?
– Иә, сен сияқты! Мына сен сияқты. – Саусағымды безеппін. – Шүлдірлейді де жүреді. Ұятты жерін жаптым деп ойлап, өз қолымен көрсетіп бергенін білмей қалады.
– Ей, жазушы-сымақ, жай сөйле! Дүниені тіреп тұрған сен емессің. Сенсіз де қазақ ел болған, сенсіз де жөнін табады.
– Тасырдың сөзі андағың. Өзім мінген кеменің тағдыры – менің тағдырым. Алаңдамай тұра алмаймын. Себебі қазақпын! Қазақтың өткені мен бүгінін бойыма сіңіргем. Жөргегімнен қанықпын. Мұңын түсіне алам, сондықтан қайысам. Сендерге жаным ашиды...
– Ей, қайтеді мынау? Балақтағы бит басқа шығып...
Қазақтың әдебиетіне тиісе сөйлегенде бүлк етпеген қаным, жеке басымды қорлай сөйлегенде басыма шауыпты. Орнымнан тұрып кетсем керек. Ол да. Алғаш жай ғана теке тірес. Сөзбен ұғысарлық хәлден өтіп кеткелі қай заман?! Әлде мен, әлде ол жағадан ала түскен. ...Ары қарай түсінікті.
***** Басымыз солқ-солқ, буынымыз былқ-сылқ. Айықтырғышта ояндық. Қай уақта, қалай келдік есімде жоқ. Есімді енді жиып жатырмын. Оның өзі шала-шарпы. Бұл үшінші кезең еді. Жарты тәулік бұрын ғана қазақтың тағдыры үшін қайысып отырған көзі ашық, білімді, сабырлы азаматтар құлқынынан арғыға бас қатыруға шамасы келмес шошқаға айналыппыз. Қалта түгел қағылған. Нәжіс иісті жұтып, әлі қанша жатарымыз белгісіз. Жарты күн бұрын жарты патша едік, ендігі түріміз мынау, қайдағы бір қатардағы жауынгерге пенде болған. Өлген-тірілгеніне қарамай қызыл кеңірдек болған қос мақұлық өз орнымызды енді тауыппыз. Арақтың тілі ғой деп алдарқатам өзімді. Онсыз да қос үндемес түнде өз міндетін артығымен атқарған тіл мен жаққа демалыс берген. Бір-бірімізге ұрлана қарап қоямыз. Ыңғайсыз-ақ еді. Көңіл көктен түскен. Жігі табылса жерге кірердей. Жан-дүнием алай-дүлей. Өзіме жаным ашиды. Тәкаппарлығынан айырылып қалған берекесіз досымды мүсіркеймін. Сүйекке таңба болар мына бір «аты жаман» жерден құтылудың жолын ойлаған болам. Алға тартар ақталарлық сылтау жоқ. Ол сазгерлігін, мен жазушылдығымды көлденең тартамыз ба? Сөзі мен әуенін өлтірмеу жолында қазақтың ертеңі үшін күресіп, бас қатырып жүрген жандар екенімізді айтамыз ба? Қай бетпен? Кім сенеді?! Ол үшін де ұятты аттап өту керек қой. Бұл қиын енді. Кімнің шыдамы бұрын таусылады? Кімнің тілі алдымен шығады? Соған байланысты. Әзірге екеуміз де сыр берер емеспіз. Бір мәнісі болар деп үн-түн жоқ, жатырмыз.
«Ұқсаспыз!» – деп еді берекесізім. Дұрыс айтқан екен.
04.05.2011
Алматы, Шаңырақ-2.
Дүмше
(әңгіме)
«Ешқандай зұлым күш мені ол жолдан тайдыра алмайды».
М.Мағауин, «Көк мұнар» романы.
– Мен де намаз оқымай тұрғанда тура сендей қарсыласқам, – деді бір досым. Мен дінге, намазға қарсы болып отырғандай-ақ.
Ары қарай әңгіменің қай бағытта, қандай сыпатта өрбігені айтпаса да түсінікті. Ал, біз басынан бастайық. Басынан... Айтпағымыз ғана емес, балықтың басынан. Шіріген балықтың... Түн ортасы ауған. Күнде болмаса да, ара-тұра уақтысынан тым кеш ішілетін кешкі астан кейін қайдағы-жайдағы көр-жерді әңгімелеп отырып қалатын әдетімізбен әлі ұйықтамағанбыз. Бәрін білем деп ойлайтын, анығында түк те білмейтін түбіт иектер дау-жанжалға бейім. Өз айтқанына қарсы пікір шықса, тапап тастауға құмар. Әйткенмен онысы бола бермейді. Қашан да. Қарапайым сөз дауын іс-қимылға, қара төбелеске ұластырып жататын кездер де болмай тұрмайды. Ал, біз – әркімнің азаматтық статусы анықталып қалған, ес кіріп, ақыл тоқтаттым деп есептейтін, сабырды ең сүйікті серігім деп білетін жиырма үш, жиырма төрттегі зіңгіттей жігіт. Түбіт иектердің қызу қанды тәсіліне жүгінбедік. Әйтсе де... Таяқ – еттікі, сөз – сүйектікі. Сай-сүйегіміз сырқырап таңға отырдық. Арғы-бергі анау-мынау. Әркім көргенін, кейі көргеннен естігенін, бірі көргеннен естігеннен естіген, біреу көргеннен естігеннен естігенді көрген... Аңыз бен дықпырт осылай пайда болса керек. Не естісең де, «болыпты-мыс-ты» ішіңнен қосып, бас шұлғы да отыр. Нақты не айттық есімде жоқ. Болса да, бұл араға тықпалау артық. Десе де, әңгіменің өрлеу сатысы мен даму бағдарын айқындамай болмайды. Мәселен:
– Тамақ дәмді болыпты.
– Иә, тура жатақтағы анау жылдың пәлен айының түген күнінде Пәленшекең келгенде Түгеншекең жасаған палау сияқты.
– Е, сол Пәленшекең қайда жүр?
Есте жоқ ескі заманда тамақ пісірген Түгеншекең емес, бүгінгі кешкі асқа қатысы жоқ Пәленшекең сөз болады. Түрлі сыпаттағы екі-үш ақпар.
– Үйленіп, ауылға кетем деп жүр еді.
– Әке-шешесі қалада қалуына қарсы болып...
– Оқудан шығып кетті ғой.
– Неге?
– Төменгі курстың балаларын оңдырмай сабаған көрінеді...
Енді Пәленшекең мен төменгі курсқа қатысты әңгімеден соң еске түскен туыстас көрген мен естіген. Осы, төбелес мәселесі сағатқа, яки жарым сағатқа жуық сөз болады. Соңғы бір сөйлем:
– Иә, танимын ғой. Ой, бір сойқан еді-ау, – дейді бір қостаушы бір айтушының ақырғы сөзін аяқтатпай. – Сол братаның пәлен аудандағы түген ауылға әкім болыпты деп еді, рас па? Сүйеушісі мықты болған ғой, әйтпесе, өзіміз сияқты-ақ...
Бағыт өзгерді. Тағы бір сағат саясат пен қоғам. Жоғарғы жақ. Билік. Оппозиция. Халық. Біз. Жастар. Сонымен қатар кешегі күн. Себебі, бүгінгі билікті айтқанда ол күнге соқпай кету мүмкін емес. Шекпенінен шыққан дегендей. Бұл тақырыптың түйіні ұзарып барып, тым әріден түйіледі.
– Е, мейлі! Соншалық сорлы емеспіз ғой. Бұған да тәуба. Көрші қырғыз бен арырақтағы ауғанға қарағанда... Шүкір, тыныш. Жасап жатыр, жөнделіп жатыр. Жаңағыдай кемшіліктер ханның қызында да... Қайтеді, ұқсата алмай, үлгере алмай жатқан шығар.
– Өй, біз де отырып алып сөйлей береміз! Менің бір көкем, өзі анау жерде мынау болып істейді. Енді нағыз саясаттың ордасы ғой. – Ләміне қарасаң, «көкем осындай» деген мақтан аңғарылады. Мақтана берсін, тек... жаңа ғана саясатты жерден алып, көрге салып, өзеуреп отырған бәдік. Соған бола ақ парағымның таза екі жолын қор қылып... – Өзі анда-мұнда ауылға кеп тұрады. Е, сонда ештеңе айтпайды-әй. Келеді, дем алады, кетеді. Өзі айтпайды, біреуге айтқызбайды. Сұрағандар болса: «Оған бас қатырма, айтпа ол туралы!» – дейді. Болды.
– Дұрыс қой. Өзі су ішіп отырған құдығына қалай түкірсін! Қарын тоқ. Ауылға дем алу үшін ғана, жылына бір рет, онда да қасында өзінен үлкен бір бастық бар, әке-көкелеп, жатып жастық, иіліп төсек, жік-жаппар...
– Ей, жоқ, олай емес! – дейді көкенің қорғаушысына айналған іні, мынаның сөзі созылып, теріс бағыт алып бара жатқанын аңдап.
– Енді қалай? Әлде, ауылдарыңа жол салып, жарық орнатып, балабақша мен кітапханаңды қалпына келтіріп, мектебіңді жөндеуден өткізіп беріп жүр ме?
–Жоқ. – дейді іні. – Жоқ, бірақ жасайды. Жақында, Аллаһым қаласа биыл, осы жазда, – дейді, нақтылай түсіп, бір бөгеліп, сірә, осы жаздың ортасынан ауғанын шамаласа керек. – осы жазда, – дұрыс, айтып қойған соң шегінбеу керек. – ауылға мешіт салғызғалы жатыр. – Шегелей айтады.
– Әрине, мектеп пен балабақшаның жөні бөлек. Ат беріліп айдар тағылып қойған. Қалтаға ыңғайлысы да, жұмысы азырағы да мешіт. Оның үстіне, ешкім білмейтін атасының атын маңдайшаға жазып қояды. Түгенбай ата атындағы...
– Сонда, сен мешіт салуға да қарсымысың? Астағфирулла! – деп қойды, өп-өтірік жағасын ұстап.
– Қарсы емеспін, тек басқаны да ескерсе дегенім да. Сенің шағын аулыңда тұрғыны түгел басып қалса да сиып кететін мешіт бар емес пе еді? Бір ауылға екі бірдей мешіт... артықтау ғой. Ысырап...
– Астағфирулла! – дейді бұл жолы шындап.
Ал, ары кеттік. Ұзын-сонар, бітпейтін бір уағыз. Әлгінде ғана жыртыла күліп, ыңғайы келсе әке мен шешенің он екі мүшесін түгендеп қалып, әркімнің қызының астына бір сарып, атасының көріне бір үңіліп отырған сабазым ақты дейсің. Арамыздағы жалғыз намазханымыз еді, өзі тоқтар деп жер сүзіп біз отырмыз. Жайсыз сезім билей бастаған бойды. Құлақ әбден жауыр болған мақам мен бәріміз әр сөзіне... жоқ, дыбысына, ырғағына дейін жаттап алған ертегіден де қызғылықты мысалдар шынында адамды ығыр қылатын. Бұрын талай естіген дүние, әйтсе де Алланың аты аталған соң үнсіз бас изесіп жатырмыз. Тұс-тұстан сан-саққа тартқылап, ауыз көпіргенше таласа, дауласа, қызына сөйлеп отырған «мәжіліс залындағылар» монтанси қалыпты. Монтансымай немене! Шешенің ортаңда, көсемің ордаңда. Бірақ, азғантай, тозған, ескі соқпақты көп шиырлаған шешен мен жаңаға, биікке бастамаған көсем оңған ба?! Іштей қыжыртып отыр бәрі. Тек, «Қойшы, қарғам!» деуге құдайдан безген ауыз ешкімде жоқ. Өзі біліп бөгеле қояр мүритің тағы көрінбейді. Сілтеп отыр. Екпіні Хан-Тәңірін құлатып, Ілені теріс ағызбай тынбастай. Тым ұзарып бара жатыр еді. Әлбетте, қайдағы көшенің жабайы төбелесі жарым, атынан ат үркер қоғам мен саясат бір сағаттан астам сөз болғанда, қаһарланса дүниені тарының қауызына сыйдырар, он сегіз мың ғаламның жалқы иесі – Жалғыз Тәңір («шешен уағызшының» сөзі емес, әрбір мұсылман ден қойған, қарапайым, әйтсе де құдіретті сөз) туралы жыл он екі ай таңды таңға ұрып жырланса артық демессің. Тек, бір айналғанын он айналып, әбден шиырға батқан болымсыз шешеннің арзан уағызы. Бет алысы сұмдық. Жұмақ пен тозақ түгенделген. Сірә, тыңдаушысын бір қорқытып, ықтырып алмай сөз бастамау – жемісін берген, көнермес ескі тәсіл болса керек. Пайғамбарлар айтылды. Он бес жасар бала да біліп болған жаттанды таптаурын. Исламның гүлденген дәуіріндегі дамыған мұсылман елдеріне тоқталдық. Қалғаны біреу ғана. Бүгінгі заман. Қазіргі дін. Өткен-кеткен қазақтың адасқандығы, бір қуаныштысы бүгін бәрі қалыпқа келе бастағаны жөнінде бір кептің шеті көрінгенде мүлгіп отырған мәжілісмендер қозғалақтап қалдық. Қозғалақтамағанда! Қанша молданың алдын көрдік, – естімеген әңгіме. Ескіден есіміз ауып отыр еді. Міне саған жаңа уағыз!
– Қалай-қалай? Сонда... сонда менің... біздің... ата-бабамыз адасқан ба?
Уағызға ұйып отырған бүкіл жұрт түкірігіне шашалып қалған.
– Адасқан! – деді нық, сенімді. – Ең үлкен қателіктері Аллаһқа шерік қосқан. Аруақ деп адамға, қасиетті деп ағашқа, киелі деп, бала сұрап молаға түнеп... Сананың таяздығынан. Білімнің жоқтығынан. Соқыр сенім...
– Тоқтат! – дедім дауыс көтере.
– Қой, енді мынауың артық. – деді тағы біреу.
Тоқтатпады. Қоймады. Айылын да жимаған.
– Өтірік пе? Білімсіз болғаны өтірік пе? Ілім мен білімнен мақұрым қалған, надан адам қарапайым нәрседен үміт күтіп, болымсыз дүниеге сенім артады...
У-шу. Бірі қалмай өре түрегелген. «Көп дауласасыңдар», – деп, мысқылдай теріс айналған сырбазымызға дейін бетін беріге бұрған. Өткеніңді өтірік, өлгеніңді көпірік қылып жатса... Өре түрегелмес жөн жоқ. Абылайдың асында шаппай...
– Сондағы ілім-білім игерген дәнішпән сенсің бе?
– Енді, сұмдық білмесек те, Аллаһқа шүкір, иншаллаһ білеміз, машаллаһ!
– Не білесің?
– Білеміз біраз.
– Түк те білмейсің! Ата-бабадан... басқан ізінен садаға кет! Нағыз көк мидың өзісің. Сананың таяздығы дейді ғой... Санасы тайыз бір адам болса, ол – сенсің. Мына сен...
Қалш-қалш. Қызарып кетіпті. Тістене сөйлеп, көтеріліп кеткен. Қауіп күткен әлдебіреу жеңінен тартты. Соңғы сөзді айтып болып, шынтағына бүктей салып отырған, орнынан тұрып кеткенде аунап түскен кішкене жастықты бүре ұстап, қолтығына қайта басқан. Көзі бағжаң етті. Тесіле қарап қалыпты. Мұндайды күтпеген адамның екі ұдай кейпі. Кереуетке арқасын тірей, көсіп тастап отырған аяғын жиып алды. Әлдебір қауіптің бетін аңдағандай. Қорқақ екен. Төртбақ, ірі, бәрімізден ірі болса да – қорқақ. Қолтыққа сүңгіп кеткен жастыққа қарап қойды. Жастық емес, өзі мылжалынып жатқандай...
– Сабыр ет, Беке! Мыналарың болмайды. – деді әлгі жеңнен тартқыш жайма-шуақтап. – Әбеке, сенікі де дұрыс емес. Бір-екі оқыған діни кітабың бар шығар, бірақ,бәрін білем дегенің артық. Пенде деген...
– Мен бәрін білем деген жоқпын. Біраз білем дедім.
– Ей, сенің сөзіңе қараса екі дүниенің даналығын түгел игергендейсің ғой ие! Білеміз ғой кім екеніңді. Дін туралы неше кітап оқыдың, не түйдің содан, айтшы?
– Біраз оқыдық. Аллаһқа...
– Қаншау? – жауап күткендей сәл бөгелді. – Құранды оқыдың ба? – Үзіліс. – Діннің тарихын қоя тұр, әлемдікі де емес, қазақтың тарихынан не білесің? – Сұрағына жауап күтіп емес, «осының бәрінен түк хабарың жоқ екенін енді білген шығарсың», – дегендей, сынай қарап тағы бөгелді. – Ұлттық сыпат, салт-сана, қазақ руханияты дегенді естуің бар ма?
Төмен тұқыра беріп, басын жұлып алғын. Өңшең имансыздардың талауына түскені оқыс есіне түскендей. Өзінің ақ жолда, Құдай жолында жүргені, мыналардың қай-қайсынан да артық екені, таңда маһшарда жүзінің жарық, тілінің ұзын болатынын есінен шығарып алғанына налығандай. Налыды да, «Иманым әлі толыспаған екен», – деп ойлады. «Ең мықты қорғаныс – шабуыл» дегенді естімеген де, оқымаған. Әйтсе де, белгісіз түйсік іске қосылған.
– Өзің не білесің, айтшы ал? – Дәті бекіп, даусы түзеліп қалғандай. Тамағын кенеп, жөткірініп қойды.
– Мен түк білмеуім мүмкін. Бірақ, сенен, дәл сенен артық білетініме күмәнім жоқ. Сен сияқты әлдебір сауатсыз молданың жаттанды уағызына бола ата-бабамды мансұқтамаймын.
– ...Жігіттер, – деген баяу дауыстап. Өзіне-өзі әбден келгені даусынан ғана емес, алғашқы сенімі қайта ұялаған көзінен де байқалады. – жігіттер, дұрыс емес бұларың. Бұл жалған өткінші. Өткеннің бәрін әулие тұтып жүріп опық жеп қалмаңдар!
– Туһ! – деді Қызу қан қолын сілтеп. «Мынаған дауа жоқ екен» деген түңіліс. – Қай молдадан естіген сөзің мынау?
– Сендерді түсінем, – деген анау естімегендей. – Дінді апиын санаған кешегі заманның салдары осының бәрі. Намаз оқытпай, ораза ұстатпай, Аллаһты ұмыттырмақ болған. Соның кесірі.
– Жә! Мұндай қарапайым түсінікті бірінші сынып та біледі.
– Шүкір, заман түзеліп келеді. – Немқұрайлы. – Алдымен Аллаһ, иман. Қалғаны кейін. Ата-бабамыз адаспады дейсіңдер. Өздерің ойлаңдаршы, «Ораза, намаз – тоқтықта», «Ұра берсе Құдай да өледі» дегені адам айтатын сөз бе?
Дау қайта қызған. Өмір, табиғат заңына сәйкес айтылған, ақыл-кеңес түрінде келетін екі ауыз сөзге сиымды, кең мағыналы даналықтың – нақыл сөз аталатыны, нақылдың мақал және мәтел деген түрлері болатыны, мақал-мәтел көбінесе ауыспалы мағынада, салыстырмалы түрде қолданылатыны жөнінде жан-жақты сабақ жүргізіліп, ұзын-сонар лекция оқылған.
– Салыстыратын басқа нәрсе таппай қалып па, немене?
Түсінікті еді. Уақыт – шығын, еңбек – зая, дау – нәтижесіз. Шаршай бастағанбыз. Осымен болған шығар деп отырғанда, толық жеңіске жеттім деп шешкен мүритіміз тағы бір кептің шетін шығарды. Ешкім ойламаған, тың дүние дерсіз. Қателесесіз. Көшеде қыз көрген сайын айтылатын сөз.
– Ата-бабамыз сүйткен де бүйткен деп, аруаққа сиынып, Аллаһқа шерік қосып, күнәнің ең үлкеніне (Айтуынша, Аллаға серік қосу – ата-анаңды өз қолыңмен өлтіргеннен де ауыр күнә көрінеді) батқанша, сол ата-бабаңның жақсы жағын неге алмасқа? Мәселен, қыздарын қалай киіндірген? Ұзын көйлек, иықтан тобыққа дейін. Түгел жапқан. Бөрік пен сәукелесі не тұрады?! – Бекеңе қарап қойды. Қазақтың салтын біз де білеміз деген кейіп. – Ал, қазіргі қыздар...
Ары қарай белгілі. Жатқа біледі жұрт. Қайталап жату артық. Молдекеңнің әсіресе түйілгені – күйеуін беттен алып, төске шауып, табанға салып, езіп тастауға құмартып жүрген Құдай атқан шабынған әйелдер. Әрине, иманның жоқтығы. Орыстар әйел теңсіздігін жою арқылы... Белгілі сорап. Шиырламайық. Жұрттың қышыған жерін дөп бастым деп, масайрай сөйлеген ұлтшыл имам-ағзам қарлыға тұншығып, солықтай тоқтағанда әлгі жұртты сабырға шақырып отырған ұстамды жігітіміз:
– Әбеке! – деді. – Ол түсінікті ғой. Бір нәрсе сұрасам бола ма? – Тым ресми кейіппен бетіне қараған. Сабырға имам-ағзам бар ынтасымен ұмсына түсті. Қимылына дейін құйып қойған солар. – Осы қыздардың, қазіргі... Ассалаумағалейкум деп амандасып жүр ғой. Сол дұрыс па?
– Дұрыс емес!
Жоқ. Имекең емес. Ол дәл осы ретте мұндай сөз айтпайды. Әлгі өзіміздің Бекең.
– Неге дұрыс емес? Дұрыс!
Бұл Имекең әрине.
– Дұрыс! Ода тұрған не бар? Айтсын. Амандассын. Ассалаумағалейкум деген қазақша... Ол сөзді айтуға кімнің де болса хақы бар. Ойласаңдаршы, «Ой привет» деп бетіңе жабыса кеткеннен гөрі, сол дұрыс қо? Дұрыс! – деді өзін асығыс қостап.
– Дұрыс емес! – Бекең де қайтпайды. – Салыстыратын, алмастыратын нәрсені таптың-ау сен де! Онда, Ассалаумағалейкум деп, бір-біріміздің әйелімізбен төс қағыстырып тұрайық та?! Жаңағы сен айтқан әйел мәселесі далада қалсын.
– Онда тұрған ештеңе жоқ... – Иман ұзағырақ бөгелді. Аузына сөз түскенше уақыттан ұтпақ тәрізді. – Ассалаумағалейкум арабтың сөзі...
– А? Солай ма? Түу, мұның бәрін қайдан біледі десеңші! – Бұл Нұржан еді. – Өзің қарапайым түсініктен теңіз жасайын деп қалыпсың.
– Әй, қойшы соны! Білеміз. Бағана ғана қазақшасын да біліп алдық. Аллаһқа... Аллаға шүкір! Сол арабтарыңның қай әйелі еркекпен төс қағыстырыпты деп естіп едің? Төс қағыстырмақ түгілі, еркектер отырған жерге кіруі мұң білуімше. Ерін ұшымен, ишара жасап қана амандасса керек. Сосын, Аллаһ емес, Алла! Аллаһ – арабша, Алла – қазақша.
– Какая разница? – Имекең күйіп кетті. – Бүкіл мұсылманға ортақ. Аллаһ деймін. Сен өзің біл.
– Айырмашылық па? Қазақ қашан Аллаһым деп сөйлеп еді? Ыбырай атаң да Бір Аллаһқа емес, Бір Аллаға сиынып бастаған әлгі өлеңін.
– Оқығам андағы мақаланы. Шайып кеткен.
– Мақаланы емес, мақалаһты дей салсаңшы ақыр айтқан соң.
– Е, Нұржан кекетпе-ей!
– Какая разница? Біздің сөзіміздің тоқсан пайыздан астамы сырттан енген. Ең көбі арабтан. Ақыры, ортақ екен – мақалаһ болсын!
– Қалжыңдамаңдар! Араб емес, қазақша болсын! Дін менің ұлтымның бір бөлшегі. Бір тірегі. Ұлтыма қызмет етсін. Дін – ұлтыма, қазаққа. Ұлтым – дінге емес. Дін жолында қызмет етудің жөні басқа. Бағана өзің айтқан, соқыр сенім болмау керек. Ендеше, анығы, ақиқаты – осы! «Құдай – жүрегімде», – депті менің атам. Намаз оқыды екем деп елдің берекесін алма! Отырған жерде анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деп. Өз ішіңде болсын! Көрінген ортаны уағыздың ордасына айналдырмасын деп, Құдайдың өзі көктен құран түсіріп, елші жіберген. Сол жетеді. Білгісі келген адам оқып алады. Сен тек үлгі көрсет. Манадан бергі айтқаныңды білмейді деп ойлайсың ба басқалар? Жалықтырмасаңшы! Саған қарап, намаз оқудан қорқады мына түріңмен. Намаз оқудың шарты – дүниені сен сияқты қабылдау болса, төмендемей-ақ қойдым. Орыстанып болып, арабтануға көштік пе? Жоқ, Әбеке! Қазақ болу керек. Менің бабам қожа-молда келмей тұрғанда-ақ, бір құдіреттің барына ден қойған...
Ұзақ сөйледі. Сөйлеп жатыр.
Иә. Менің бабам әлмисақтан бір құдіреттің барына ден қойған. Бәріміз – Қазақ байдың баласымыз. Ұлтын, нәсілін айғақтағаны. Түбіміз – Түркі! Нәсілін, тегін таратқаны. Атамыз – Адам пайғамбар! Жарытылысын, кейпін түйгені. Адамдық кейіптен ажырамауды ғұмырлық мақсат етіпті. Адамдық кеп. Тал бесіктен – жер бесікке дейін. Адам деген атқа лайық күн кешу. Адам болып өлу. Бұрынғылар қалдырған жора, нұсқаған жол. Кейінгіге көрсетер үлгің, сілтер бағытың. Атасының аяғы тиген атамекеннің ағашы тұрыпты, шөбін, тасын кие тұтыпты. Қасық қаны қалғанша қорғап бағыпты. Ата аманатын арқалаған ұл, ел үмітін ақтау жолында шаһид кешіпті. Мұндай ерді тірісінде қадір тұтыпты, өлген соң аруақ деп ардақтапты. Үлгісін бұзсам – назасына қалам деп қорқыпты. «Өлі разы болмай, – тірі байымайды» деген байлам жасапты. Құдайдың ерекше назары түскен, нұры дарыған пендесін Тәңірдің өзінен кейін ауызға алып, мінәжат етіпті. Сол ердің ат шалдырып, бел шешіп аялдаған жерін, саялаған ағашын кие тұтыпты. Басқан жерін қасиетке балапты. Соқыр сенім емес! Менің бабамның сенімінен асқақ, ақиқат ештеңе жоқ! Баба жолы – дала заңы. Бұл кейінгі ой. Мүмкін сол сәттегі көңіл-күй. Қалай болған күнде де, Бекеңнің сөзінің сұлба-нобайы осыған жетелейтін. Шындыққа. Имекең қозғалақтап әрең отырды. Екі-үш мәрте сөйлемек болған, аузына сөз түспеді. Әлде, Бекеңнің мысы басты. Басын шайқады. Түңілгені байқалады. Мына отырыстан. Өзінен басқаны баурап әкеткен сөзден.
– Өздерің біліңдер! Сыртта отырып ап сөйлей бермей, – өзінің де ширек тәулікке жуық езу көпірткенін ұмытқан сыңайлы, – имамға барыңдар. Бәрін түсіндіреді. Таң намазы қаза бола жаздапты, сендермен отырам деп.
– Имам? Ол да осыны айта ма? Онда, оны маған жібер, жөнге салып жіберейін!
– Астағфирулла! Аллаһ сақтасын! Мен кеттім. ...Сендердің дәрежелеріңе түспей-ақ қояйын.
Соңғы сөзді қимыл-қозғалысынан, көзінен оқыдым. Ішінен ғана айтқан. Сыртқа... шығара алмайды. Себебі, өз дәрежесін білетін.
– Мен кеттім, – деді тек. – Намаз оқиын.
Сылбыр қимылмен орнынан тұрып, салбырай басып шығып кетті. Намаз оқиды. Таң намазы. Намаз әдеттегіден ұзағырақ болуға тиіс. Намаз емес, намаздан соңғы дұғасы. Дұғасына бізді де қосатынына күмәнім жоқ. Құдайдан безген біздің... – Астапыралла! Имекеңнің ойының жетегімен өзімді Құдайдан безгендер қатарына қосып жіберіппін. Құдай өзі кешірсін! Сөзімізді қайтып алдық. Соңғы сөзімізді ғана. – иә, біздің «тура жолға» түсуімізді тілегені анық еді. Тәуба! Шүкір! Тура жолдамыз. Ешкім адастыра алмайды. Ешқашан! Адамдық кейіптен ажырамай өмірден өтуді арман еткен бабаларымның жолындамын. Ақ жол. Хақтың жолы.
...Жаным – арымның садағасы!
Сеул – Алматы.
Шілде-тамыз, 2011.
АҒА, ЕРТЕГІ ДЕГЕН НЕ?
(әңгіме) Аға деген – менмін. Сұраушы – қазақтың баласы. Ал, ертегінің не екенін білмейді екем. Білем ғой. Анығында. Тек анықтама беріп көрмеппін. Университетті филология мамандығы бойынша бітірсем де. Білсем де түсіндіре алмас едім. Мен ғана емес кез-келген адам. Ертегі деген... Алматы қаласы. Көп қабатты үйлердің көп шоғырланған ауданы. Күн кешкіріп қалған. Сол көп қабатты үйлердің біріне келгем. Аға-жеңгемнің үйі. Аман-саулық білісу жолымен. Амандығымнан хабар беріп тұруым керек. Бұл бергі жағы ғана. Негізгі келісім – інімді сағынғам. Сүйкімді. Қылығы тәтті. Ойынқұмар. Арнайы сәлем айтыпты: – «Келсін!» – Келдік. Төрге озбайтыным бесенеден белгілі. Естиярлармен қол алысып, төс қағыстырып болған соң, мойныма асыла кеткен інімді көтеріп, «детскийге» өткем. Қаптаған ойыншық. Қару-жарақтың мың-сан түрі үйіліп жатыр. Пышақ, қылыш, граната... Мылтықтың неше атасы. Кәдімгі мылтықтан аумайды. Көшеде кеудеңе тақаса, барыңды сұрамай-ақ бергізердей. Көліктің көптігін айтып керегі жоқ. Ішіне адам сиятыны да бар. Ойын баласына арналып жасалды демесең, орта салмақты азаматты да көтерердей. Соғыс техникалары да шаш етектен. Жан-жануар, хайуанат атаулы, тіпті біз білмейтін, көрмеген мақұлықтар; Адамның жеті атасы, – Көбі шет ел мультфилмдерінің кейіпкерлері мен әскерилер. Толып жатыр. Сап түзей орналасады да, інімнің қаптаған қаруының тегеурініне шыдамай, аяқтары аспаннан келеді. Бірінің басын қылыш кессе, бірі оққа жем болуда. Бір қызығы ойыншық садақ та бар екен. Әлде оғы таусылған, әлде ойынға жарамсыз, әлде қызықпады – мен көрген ұрысқа қатыспады. Заманы өткенін мойындағандай бір бұрышта елеусіз жатты да қойды. Осылайша қару-жарақпен толықтай жасанған інімнің ойынын тамашалап отырып (анығында, маған да жиі араласуға тура келген) біраз уақыт өтіп кеткенін де байқамаппын. Кешкі астан соң ойыншық жалықтырған ерке інім мені айналдыра бастады. Күресеміз, алысамыз – жеңіс сонікі. Тартысамыз – ұпай сол жақта. Шаршай бастағанда бейбіт әңгімеге көшкенбіз. Сұрамайтыны жоқ. Анау не, мынау не? Ол неге ондай, бұл неге былай? Ерінбей, жалықпай білгенімді (білмегенімді де) айтып жатырмын. Жалғыз ұлдарының тәтті тілі қызықтырса керек, сұрақ-жауапқа үй иелері де араласқан. Үш жақтап ұғындырып жатырмыз. Қанағаттанбаса да, жауапсыз қалып жатқан жоқ.
– Ммм, – деді. Тағы қандай бәле шығарар екен деп күтіп отырмын. Кенет: – Аға, ертегі деген не? – деді бейкүнә кейіппен бетіме қарап.
Үш білгіштің де аузына құм құйылған. Мені «қазақ әдебиетін оқып тауысқан ғұлама» деп білетін екі естияр да маған қараған. Жауапты берсе осы береді дейтіндей.
– ...Ертегі? Ертегі деген... ол... А, оны қайдан естідің? – дедім қулыққа көшіп. Ойымды жинағанша, уақыттан ұтпақ ойым ғой.
– Апай айтты. Үйден бір-бір ертегі жаттап келіңдер деді. Мамадан сұрасам білмейді. Папа сенен сұрау керек деген. – Мұғалімі де оңбайды, ертегіні жаттаушы ма еді?!
– Ертегі деген ол енді... ертегі ғой. Сен өзің ертегі білесің бе?
– Жоқ. Ол не сонда? – Даусында зіл бар. Көзінен «білсем сұрап нем бар» дегенді оқыдым.
Міне саған керек болса! Бұлтарар жер қалмапты. Әлгі екеуден келер қайран жоқ. Шындап ойлана бастадым. Ертегіге анықтама беріп көрмеген, тіпті бұл туралы ойлап көрмеген басым, қапелімде сөз таба алар емеспін. Орысша оқығанын жұрттың есіне жиі салып, қазақша шала сөйлейтінін мақтан ететін жеңгем:
– Сен, лучше ертегі айтып берсеңші осыған.
Оп-оңай шешім. Қалай ғана басыма келмеген? Ертегіні айтып бересің, не екені санасына өз-өзінен орнығады. Бір жағы ертегі естиді, бір жағы мұғалімнің тапсырмасы орындалады. Тығырықтан құтқарған шала қазақ жеңгеме алғысымды іштей жаудырып, бастап кеттім. Аузыма «Ер Төстік» ілігіпті.
– Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде...
– Бөртеде деген не, аға?
– Бөрте деген ол... – Тағы да тығырық. – Оны соңынан түсіндірем, жақсылап тыңдасаң түсінесің, – дедім, «Сұрақ соңынан» деп қойып, дәрісін жалғастыра беретін лектор аға-апайларымның қулығына басып. – Қырғауыл жүні қызыл екен...
– Қырғауыл деген не?
– Қырғауыл деген – құс. Айттым ғой алдымен тыңда, сосын түсінесің деп. –Шаршай бастаған едім. Күрсініп қойып сөзімді сабақтадым. – Шал мен кемпір бопты. Бір перзентке зар бопты, – дедім, «ерте-ертені» қоя тұрып, тікелей іске көшіп. – Перзент деген – бала деген сөз, – деп қойдым, інімнің алдын орап... – ...Төстіктен пайда болған бала ғой деп, атын Төстік қойыпты...
– Төстік деген не?
...Оңай болмай шықты. Ер Төстіктің сағат санап өсетін тұстары күмән тудырды, екі күнде жүргені, үш күнде күлгені – өтірікке сайды. Ертегі тыңдайтын жастан өтіп кеткен екінші сыныптың оқушысы жолымды кес-кестей берді. Аңның еті мен терісінің тау болып үйілетін тұсына келгенде мүлдем түңілді. Сөзді басқа тарапқа бұруға талпынып жатты. Осымен тоқтасақ керек еді, не де болса шыққан сапар, ұшығына шықпай тоқтау мүмкін емес. Бастапқыда ден қоя тыңдағанымен, уақыт өте келе немқұрайлы қалыпқа көшкен інім, ақыры, қолына іліккен әлдебір ойыншығымен әуре болып кетті. Бақытты ғұмыр кешіпті деп аяқталуға тиіс ертегім Ер Төстікті мұратына жеткізе алмады. Ертегінің аяғы қайда, ортан беліне жуи алмадық. Жеткеніміз бүтіннің бөлшегі ғана. Оның өзі мың үзіліп, жүз жарылып. Маған ертегі айтқан әжелерім, аталарым бақытты екен, не айтса да енді не болар екен деп үнсіз тыңдайтын немересі бар. Иә, мен ертегі тыңдап өскем. Екінші сыныпта ертегінің шындыққа томпақ, артық айтылған, асыра сілтенген, әсіреленген тұстарын мен де аңдай бастаған болармын. Бірақ, оған дейін қиялымда өмір сүрген қаһармандардың ерлік істеріне жан-жүрегіммен сенгенім, қазақ әдебиетінің осы бір үлгісін көкірегіме сіңіріп үлгергенім анық. Ертегіден өтірік емес, шындық пен шытырман іздейтінмін. Төстіктер қиналғанда тістеніп, жауларын мұқатқанда көзге ұшқын пайда болып, мың құбылып отырып ертегінің мамыражай тірлікке бөленген соңына келіп жеткенде «Уһ!» – деп бір дем алатынсың. Ертегі бітті. Бірақ, санаңдағы ертегі енді басталады. Сен басты қаһармансың. Айналаңдағы адамдар түрлі кейіпкерлер. Жағымды-жағымсыз бейнелердің тірі үлгілері қалай да табылады. Болмаса, өзіңе де беймәлім әлемге сапар шегесің. Қысқасы, Төстіктер жүріп өткен жолды сен де жүріп өтесің. Ұлы сапардан оралған бетің. Жеңіспен. Алдыңнан бүкіл ауылың шығады. Ең алда еңіреп қалған әжең. Одан ары әке-шеше, аға-іні... Көкірегің тұнған мақтаныш. Шын болып жатқандай. Жерде емес, көкте қалықтап жүргендейсің. Төсекте жатқаныңды ұмытқалы қашан! Осылайша тәтті қиялдар құшағында жатып ұйықтап кетесің. Бұл жағдай ертегіге дәніккен баланың басында күнде қайталанып тұрады. Күнде жаңа ертегі. Мейлі, жаңа болмаса да ширығып жатып тыңдайсың. Мен ертегі ғана тыңдадым. Қаншалықты көп екенін білмеймін, бірақ жоғарыдағы күйді басымнан кешкенім анық. Байырғының балаларына қызығам, тек ертегі ғана емес, аңыз, жыр тыңдап өскен. Байырғы ғана емес, күні кешеге дейін қазақ баласы солай тәй басқан, ес білген. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Қазақ перзентінің туылғаннан бастап бастан өткеруге тиіс тәрбие сатысынан түгелдей өткен данышпан Абайдың сөзі. Бесік жырын тыңдап ұйықтаған балада да арман бар ма екен?! Ертегі тыңдап өскенімді айтып мақтаннан жарылардай болатын басым, бесік жырын тыңдағанымды естігенде ғой... Ондай мақтана алар күнді жазбапты. Бесік жыры тұрыпты, ертегі тыңдап өстім деген менің қатарластарымды саусақпен санап аласың. Бізден бұрын басталған дерт. Бізден кейінгі хәлі әлгі. Ертегі тыңдамай өскен әкенің баласы. Ертегі тыңдау қиялды ұштайды. Рас. Баланың көкірегінде ізгі сезімдер қалыптастырады. Белгілі нәрселер. Елін, жерін сүюге тәрбиелейді. Жоққа шығару мүмкін емес. Бұл ғана емес, ана тілінің құдіреті мен құрылымын, сазын санасына сіңірмей ме?! Ана тілінің мәселесін шеше алмай жүргеніміздің бір себебі, тіпті, бастысы осы ертегінің жоқтығына саяды. Қысқасы, қазақ баласының қазақтың ұлы болып ер жетуі ең алдымен алғашқы әсерлерден басталса керек. Кінәні ертегі тыңдайтын жастан өтіп кеткен жас балаға аударып, өзімді сүттен ақ, судан таза қылып шығарған мен ертегі айту барысында сөздік қорымның соншалық жұтаң екенін аңдаған едім. Қайтсем баланың санасына ертегіні сіңірем деп, тым жайдақтатып жіберіппін. Ең басты кінәм қазақтың бір баласының көкірегінде ертегі туралы жаман пікір қалыптастырыппын. Осыдан кейін «Ертегі деген не?» – деген сұраққа ойланбастан: «Шылғи өтірік!» – деп жауап бере ме сонда? Ол білгісі келді. Менен алған жауабы әлгі. Басқалай жолын көрмей тұрмын. Ел болам десең бесігіңді түзе! Бәрі біледі. Мен де. Білетінмін. Бірақ, бұл жолы шындап ұқтым. Өзін әдебиетке, сөзге бір табан жақынмын деп есептейтін менің хәлім әлгі. Бір ертегіні аяғына жеткізе алмаппын. Басқалар қайтпек? Несін айтады? Амал жоқ, «Өрмекші адам» мен «Щректі» тықпалайды. Әдебиетті кино алмастырды деген сол әне. Тек, әдебиет сияқты әсері жоқ. Ержүрек, данышпан патшаның орнына әлжуаз, әпербақан патшаның келгені сияқты. Құлақпен естіп, санасымен байыптау. Көзбен көріп, көргенін бейнелеу. Қаншалықты айырмашылық! Естігені арқылы қиялмен бейне жасау мен көрген суретін сол қалпында қабылдау. Қайсысы адамды (баланы) көбірек ойлантады? Демек, дәл қазіргі жас баланы көзінің алдындағыдан арғыны көрмейтін тар шеңбердегі ойлау жүйесімен тәрбиелеп жатырмыз. Көзінің алдына әкеп, бадырайтып көрсетпесең сенбейді. Сенің суреттеуің мен әсірелеуің тек күмән тудырады. Қасқырдың қояннан таяқ жегіні (Әйгілі «Ну, погоди!» ғой) шындық. Оған сенеді. Себебі көзімен көрді. Қасқыр ақымақ. Қоян... өзіңіз білесіз. Ал, біздің Төстіктің ашыққан елін асырау жолындағы ерліктері тұнып тұрған... Судырдың аузындағы жел сөз. Ертегінің бүгінгі кейпіне бұдан басқа анықтама таппадым. Адасқан күшік секілді... Ертегінің ұлып, ескі жұртты шыр айналып жүргені келеді көз алдыма! Бұл мәселені шешу мен шығу жолдары ма? Мен білмеймін. Көрдіңіз ғой. Бір ертегіні аяғына жеткізе алмаған адамнан қандай ақыл сұрамақсыз?! Тым құрыса, баланы алдайтын қулығы жоқ Мырқымбай бастама көтеріп, оны жеріне жеткізіп, бар мәселені шешіп тастайтынына сіз де сенбейсіз. Бұл да әлгі ертегідегі оқиға сияқты... Иә, өтірікке құрылған... Біздікі де өлерменнің әрекеті. Бала да тыңдамаған бәлду-бәлдуімізді елге тықпалап. Көзбен көргеніміз ғой. Көргенді жазу қиын емес. Ал, ойдан бірдеңе ұсыну... Ұлып жұртқа қайта ма деп қорқам. Үміттеніңіз, бәлкім бізден де бірдеңе шығып қалар. Шықпаса, ақылдырық біреу табылар. Соған сенейік!
Біздер деген, жарқыным-ау, қазақ ертегілеріндегі өз жұмбағын өзі шеше алмай, сергелдеңде жүрген кейіпкер емеспіз бе?!
Алматы, Шаңырақ-2.
25.04.11.
Кешірім
(әңгіме)
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!..
– Кешіріпті? – Ызалана мырс еттім. – Неткен кешірімді жан бұл Күнсұлуың? Салдақы!
«Ештен – кеш жақсы» дейді. Бірақ кешігудің де жөні болады ғой. Неге кешіреді? Он жылдан соң несіне кешіреді? Жаны ашымайтыны бесенеден белгілі болған. Табалау үшін? Саудасы біткен баяғы күйеуін келемеж қылу ма? Адам кейіптен ажыраған, тоз-тозы шыққан байының қиналғанына айызы қана қарап отыру үшін бе? Әлде... Түсінді ме екен? Нені? Кінәсін. Күнәсін. Ол енді мүмкін емес. Тіпті де. Солай ойлаудың өзі күлкілі. Қатесін түсінгіш болса соншама уақыт қайда қалыпты? Енді келіп...
...Кешіріпті...
Бұрын таңданатынмын. Басым, ақылым жетпейтін. Ал, мынаусы шалқамнан түсірген. Алаңсыз сайранды салады келіп, салады келіп. Желігі басылып, зауығы тараған соң мейірімді.., тфуй, кішілік таныта қояды. Осыншама шу болардай, кешірімге зәру болардай жазығы бар ма еді? Кінәласуға тұрмайтын үй ішілік ұсақ-түйек кикілжің. Осындай еді деп ауызға алып, алға тартуға тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе. Жұрт солай айтады. Сағым. Сорлы Сағым. Осынша дәрменсіз болармысың?! Төмен етекті ақылсыз қатын үшін асыл жаралған еркек басыңды көрге тығып. Адам түгіл бүкіл дүние танымастай өзгерер уақыттан соң да кешірдің-ау ұялмай. Намыссыз ез! ...Сап-сап. Оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Өз кейіпкерлерімді осынша жек көретіндей, жерден алып көрге салардай жөнім жоқ еді. Әйтсе де, алғаш естігендегі көңіл-күй... Солай дегем. Ашуланғам. Ақылға салып, салмақтап тұрарлық хәлде болмағанымды түсінуге тиіссіздер. Ешкімді аяғам жоқ.
Бірақ, мәселе мен ойлағаннан мүлде басқа болып шықты.
*****
Сағымды бала күнімнен білем. Менің ағамның досы. Көрші ауылдан. Үйіне де барғам. Бізге тіпті жиі келетін. Ұзын бойлы, иықты, ашаң жүзді сұлу жігіт. Мінезі, мінезі қандай еді! Елгезек, жұғымды, кішіпейіл... Кете береді. Менің балаң түсінігім берген баға емес, үлкендердің өзі солай дейтін. Талай естігем. Мақтауға сөз таппай отырғандай көрінетін. Әлбетте сыртынан ғой. Ал, ол барда... Ол келгенде үйдегі жағдай мәре-сәре мерекеге ұласатындай әсер ететін. Қырық жыл көрмеген туысың Қытайдан оралса дәл бұлай қуанбассың. Бала – мен түгіл, әке-шешеміз де қопаңдасып қалады. Еркін жүріп, еркін сөйлейтін жігіт атасының табалдырығын аттағандай ардың-гүрдің кіріп келе жататын жылулық арқалап. Мойнына асыла кетем. Мен – баламын, ол – оныншыда оқитын түбіт иек бозбала. Сонда да еркелейтінмін. Кейін оқу бітірген соң, елдің бәрін таңдандырып ауылындағы мектепке жұмысқа тұрды. Қатардағы мұғалімдік емес, үлкен, әлдеқайда үлкен болашақ күтетін жұрт аңтарылып қалған. Ал біз... Жалғыз шешесіне қарайлап қана келгенін ұққанбыз іштей. Көп ұзамай үйленді. Бұл кезде қалалық болып кеткен ағам бар, ауылдағы әке-шеше, іні-қарындас, үй ішіміз түгел барған. Менен басқасы. Тойына арнайы келіп шақырып кетсе де, бара алмадым. Алматыда едім. Мектептің атынан жарысқа қатысып. Кәдімгідей ренжіген, – «Жігіт болдың, мұндай жағдайды қалыс қалдырмауың керек қой», – деген. «Сені «қайнымды көрем» деп сарыла күткен жеңгең тіпті көрместей болып отыр», – дейді. Жеңгемізді көп ұзамай көрдік те. Бұл кезде туған жеңгем бар. Яғни, ағамның әйелі. Солардың тойына келген. Мен ойлағаннан да әдемі. Сұңғақ. Кітапта суреттелетін талдырмаштың нақ өзі. Қатар жүрсе Сағымға ғана жарасардай. Тойымызға келмеді деп, көрместей болып жүргені Сағымның жай сөзі ғана екенін білсем де, сырттай жақын тартып, іштей жақсы көріп жүргем. Бас алып құшағына баспаса да, «ааа, әлгі қайным осы екен ғой», – деп күле танысатындай көрінетін. Сағым арнайы шақырып таныстырғанда бетіме немкетті қарады да, қойды. Тым салқын екен. Және тәкаппар. Айналасына кесірлене, жеріне қарайтындай. Қалалық қыз деп еді, ауылдың ашық-шашық тойханасындағы абыр-сабырды бойына шақ көрмей тұрғаны байқалады. Бір қызығы, Сағым әйелінің жанында әлденеден қуыстанып, қысылатындай, әлденеге абыржитындай көрінді. Баяғы сарт-сұрт жүріс, ашық-жарқын мінездің елесі де қалмаған. Бойына үйлеспейтін кереғар мінез – биязылық бітіпті. Күле сөйлеп, кішілік танытып жатса да, баяғыдай іші-бауырыңа енбейді. Аңқылдақ қалпымен елжіретпейді. Алыстықты сезінгем. Сұп-суық сұлу жеңгем Сағымды тартып алыпты. Менен ғана емес, бәрімізден. Тойдың соңын ала үйленген екі жасты ортаға алып, таңға дейін би болатын. Немесе, кілең жастар тойды бір үйде жалғастыратын. Оған көбіне күйеу жолдастың үйі таңдалады. Яғни, соның міндеті. Біз жақта сондай жазылмаған заң қалыптасқан. Оған да қарамады. Қал деп қанша қиылса да илікпепті. Жұмыстары бар. Сылтау екенін, амалсыздық екенін көріп тұр. Себебі... Белгілі. Үнсіз шығарып салдық. Не айтса да, сөзінің соңын әйеліне бір қарап барып, күмілжіп аяқтайтын Сағымды қоңылтақсып қалып едім. Иә, бұл – басқа Сағым болатын. Соңғы рет сонда көрдім. Хабар да алыспадық. Әйтсе де, мүлде хабарсыз емеспін. Сағымның ауылдастарымен ұшыраспай тұрмайсың. Сағымды сұраймын. «Е, ол жүр ғой», – дейді. Қазір тракторист көрінеді. «Галстук тағып шікірейіп, жиырма мың жалақымен жарымай жүргенше, май болсам да бай болайын», – депті. Өзі айтқандай жағдайы да жаман емес. Даңғарадай үй салыпты. Жақында ұлды болыпты. Жөн екен десіп, сырттай тілектестік білдірдік те, қойдық. Біраз уақыттан соң, ұзынқұлақ ажырасыпты деп жүрді. Әркім әрқалай қабылдаған. Біреулер «анадай әйелден айырылып жүрген еркекте де ес бар ма», – деп, бас шайқап, бармақ тістей таусылды. Бұлай деп, аңдамай сөйлеп қалып жүргендер көбіне еркектер жағы. «Әйелің жыландай ысқырынып тұрса көрер едім қалай сөйлегеніңді!» – Бұл бұрқ еткен ашуын бір ауыз сөзбен төгіп салған шарт етпе келіншектердің ләмі. «Ее, есті-ақ бала еді, бір себебі болған да». – Неге де болса сабырмен, жанашырлықпен қарайтын көпті көрген кемпір-шал лебізін осылай білдіріп жатты. Пыш-пыш, гу-гу... Ал, мен қуанғам. Дұрыс болған екен дедім. Дұрыс болған. Іштей ғана айтқам. Сыртқа шығарсам да ешкім таңданбас еді. Керек десеңіз себебін де сұрамас еді. Себебі, себебін бәрі білетін. «Сағым ажырасыптыдан» екі жыл өткенде біз де мектеп бітірдік. Қаңқуға қарағанда әлгі Сағым ішетін болыпты. Басы бостан, енді баяғы қалыбын табар, жарқылдап жиі келір тұрар деп күткенмен төбе көрсете қоймап еді, – рас шығар дестік. Ол келмеді деп ренжісек, өзіміз баруға болатын еді ғой. Сағымды іздеп. Бірақ... Не деп барасың? Құтты болсын айтарлықтай...
Үй ішімізбен дастарқан басында жиі сөз қылатынбыз.
– Сол келін бір көргеннен-ақ ұнамап еді, бір түрлі... – деп бастап келе жатады шешеміз.
– Тәйт әрі! Өсегіңді бала-шағамен емес, өзіңнің көк езу қатындарыңмен отырғанда бықсыт, – деп тыйып тастайды әкеміз. Бірақ, көп өтпей: – Жап-жақсы бала еді, обал болды әкең... – дейді шайын күйіне ұрттап.
– Кеше мына Нұргүл қызының үйіне барған екен, сол айтып келді, Сағымың даже тоқтамай ішетін болыпты...
Кейін ұмыттық. Сағымды мүлдем естен шығармасақ та, өз қызығымыз бен қиыншылығымыз «басқа жұрт қалай екен?» – деуге мұрша бермей кеткендей еді. Ақыры жолым түсті. Алғашқы курсты тәмамдап, жазғы демалыста ауылға тарқам. Қол бос, қарап жатпай көрші ауылға тартқам. Арнайы Сағым үшін. Көзіммен көріп қайтпақпын. Есікті баяғы сұлу жеңгем ашты. Аң-таңмын. «Қайтадан қосылған екен ғой», – дейді шашыраңқы ойым.
– Сағым тұрмайды бұл үйде.
Түк ұқсам бұйырмасын.
– Қалай сонда? Сіз... Бұл Сағымның үйі емес пе?
– Бұл менің үйім!
– Сонда... Сағым қайда?
– Мен қайдан білем? Жатқан шығар бір бұрышта.
Күмілдіп тұрып қайда тұратынын сұрадым.
– Білмейм!
Зірк еткен дауыспен сарт еткен дыбыс қатар шықты. «Майға малшынып жүріп салған үйін қатынына берген екен ғой», – деймін көз алдымда екпіндей жабылған есіке қарап тұрып. Сұрай-сұрай Меккеге де... Садағы кеткір Сағымның үйіне де жеттім. Ауылдың ортасы болса да, келмеске кеткен кеңестен қалған үңірейген қос бөлмелі қоржын там елсізде қалғандай үрейлендіреді. Шүйкедей қара кемпір қарсы алды. Әрең таныдым. Қолынан дәм татып ем-ау бір кезде. Етті-жеңді, ақ борықтай салиқалы кісі еді. Адам өстіп те тозғындайды екен, көзің сенбейді. Жөнімді білген соң, кемсеңдеп келіп бетімнен сүйді.
– Е, жарығым-ай, Сағымды іздей қоярдай бұл кім десем, өзіміздің... Кел айналайын, төрлет.
Сырты сұрқиядай сұрықсыз үйдің іші жинақы көрінді. Баяғы мөлдіреп тұрған мүлкі болмаса да, жоқтан бар қылып, барынша ұқсатып баққаны байқалады. Екі бөлмелі қоржын үйдің төргісі жатын үй болса керек, – кірмедік. Ас үй ғана емес басқа шаруаларға да ыңғайланып жабдықталған кіре беріс оймақтай бөлмеге тізе бүккеміз. Қақ ортаға дөңгелек стол қойылыпты. Малдас құрып отырып ас ішетін қазақы дастарқан. Сол жақ қабырғаға төрге тірей қойылған ескі, шиқылдақ, торлы темір кереует. Және ыдыс-аяқ салуға арналған сыры көшкен шкафтың бетіне ақ мата жабылыпты. Оң жақта киім ілгіш міндетін атқаратын көлденеңінен ұзыншақ ағашқа жартылай қағылған шегелер тізіліпті. Ол да көлемді ақ матамен жабылыпты. Тек жиектей қызыл жіппен көмкерілген және ортасына шеңберлей кестеленген оюға ұқсас тігісі бар. Кіре берісте дөңгелек темір пеш. «Мұндай пештер жылуды ұзақ сақтай алмаушы еді, қыста қайтіп жүр екен». Еденге жеткен жеріне дейін көк-сұр палас, ары қарай жұлмалана тозған алаша төселіпті. Төрге көрпе тастады да, мені жайғастырды. Аһілеп-үһілеп жүріп дастарқан жайды. Жайнатып жібермесе де бір қонақты абыроймен шығарып саларлық. Неткен көнбіс адам. Өлтірмей жүрген де «жалғызым қайта түзелер» деген үміт қой. Тамағымнан түйір өтер емес, әйтсе де, азап-мехнаттан өзге татпаған Шүйке (аты есімде жоқ) кемпірдің көңілі үшін қаужаңдаған болам. Анау-мынауды әңгіме қылған болып, шүңкілдесіп біраз отырдық.
Сағымды сұрадым.
–...Кеш батқанша күтсең, келіп қалар. Жүрген шығар бір жерде. Өзің де хабардар сияқтысың. Үуһ! – Кемсеңдеп кетті. – Алғашында көшеде ұйықтап жатқан жерінен көзкөрген ағайын жанашырлық танытып, үйге әкеп тастайтын. Мен де намысқа бағып, іздеп тауып алатынмын. Кейін бәрінің көзі үйреніп алды. Көшеде жатса аттап, жолында тұрса айналып өтеді. Зіңгіттей немені көтеруге шамам да жоқ, өлмесе келер деп отырмыз міне. Алыс-жақынға таба қылып қарашы... Әйтпесе, қандай еді жарығым. Әйелім сөйтті деп... Ееһ, сорлым-ай...
Анық-қанығын да осы кісіден естідім. Сағымды бір көріп кетуге бел буғам. Ол келгенше...
– Келін түсіргенде мәз болып ем. Қуанышты емес, қаралы күн екенін қайдан білейін.
Сөзіне қарағанда, жалғызы үй болып, төбесі көкке жеткендей желпінген ана барын салып той жасапты. Той өтеді. Келіні кесірлігін көрсете қоймаса да, кербездігі жан жеткісіз. Түске дейін ұйықтайды, – ләм демепті. Жаңа отасқан жастар, еркін болсын дегені. Уақыт өте ес жияр деген үміт. Бірақ... Бір ай өтеді – өзгеріс жоқ. Екі ай өтеді – баяғыдай. Жарты жыл – қашан қараса да көретіні әйелінің асты-үстіне түсіп, зыр қағып жүрген Сағым. Өз-өзінен шаршап, айналасына саз беттене қарайтын, сыздана сөйлейтін Күнсұлу. Ұлым ғана емес, мен де қабағына қараймын. Тіпті, іштей ығып тұратындаймын. Мұндай өктемдікке қашан, қалай жетіп жүр, әлі басым жетпейді. Әне-міне түсінер, жөнге келер деген есек дәмемен жыл өтеді. Емірене иіскеп, алдына алып әлдилеп отыратын немереден хабар жоқ. Жанға бата бастағаны да осы болатын. Шыдамның да шегі бар. Бірде екеуін отырғызып қойып ақылын айтқан. Тым әріден, өзі келін болып түскен күндерден бастаған. «Біз де жас болғанбыз. Өйтетінбіз... Сөйтетінбіз... Содан жаман болған жеріміз кәні. Елдің сөзі оңай емес айналайындар. Өсегіне бір ілінсең құрығаның. Келін емес, кесір деп қабылдайды. Етек-жеңдеріңді жинаңдар, жетеді осы жатқандарың да». Ұзақ сөйлеген. Екеуі де үнсіз тыңдапты. Ұлы төмен тұқыра береді. Келінінде өзгеріс жоқ. Кіржиіп отыр. Тіпті, бір-екі мәрте ыңырси есінеп те алды. Айылын жиса неғыл дейсің.
– М... даа, – дейді сосын жайбарақат. – Мам, это уже давно, сіздер келін болған. Ол баяғыда ғой. Қазір олай емес. Жұмысым жоқ, ұйықтамаған да не істейм? Қалада тұрайық десем, Сағым көнбейді.
Айтар сөз жоқ екен. Қалмапты. Бұрын да бірдеңе деуге беті ашылып кетер, өзі түсінсін деуші еді. Бекер екен. Ұлына қараған. Бірдеңе дей ме деген ой. Басын салбыратып алып, сол отырысынан танбайды. Шүйке кемпірдің жүрегі суып кетіп еді. Күдерін үзген. Ұл өсірсем, келін жұмсасам деген арманның быт-шыты шыққан. Бір-ақ сәтте ғайыпқа тайып кеткен үміт-арманның күйігі:
–Ауылды қиынсынып жүрсеңдер, қалаға барыңдар. Өздеріңмен өздерің. Ел іші ғой, бір жаман кемпірді өлтіре қоймас, – дегізген.
– Сағым көнбейді. Мен айтқам.
– Балам, – деген жай ғана. – Келін дұрыс айтады. Жөндеріңді табыңдар...
– Жоқ, мама. Ешқайда кетпейміз сені тастап. – Соны ғана айтты. Кесіп айтқан жоқ. Күнсұлу жаққа жаутаңға жуық қарай отырып, үзіп-үзіп, күмілжіп айтты.
***** Содан кейін-ақ оңбадық, – дейді Шүйке кемпір. – Балам мектептен шығып, трактор сатып алды. Табысты жаман таппайтын. Үйдегі азғантай малды сатып, өз жиғаны тағы бар, жаңа үй салды. Өзің де барыпсың ғой, сол үй. Обалы қане, шаруаға мығым-ақ болатын. Үйленген соң үшінші жылдың жүзі ауа немерелі болдым. Баяғы – баяғы ма, жатқанның көкесін енді көрдік. Балаға салқын. Сағым екеуміз қараймыз. Түнде жылайды, жұбататын сол, еркек басымен. Жаялығын жуып-тазартатын мен. Бұл кезде келін жұмсау дегеннің адыра қалғанын мойындағам. Керісінше. «Бүйте салыңыз, сүйте салыңыз». Өктем. Сырым үшін, – немеремнің аты, – істеймін бәрін. Емізу үшін, онда да емшегі сыздағанда ғана қолына алады. Десе де, бақытты екем. Бақытты болатынмын. Шаршаған-шалдыққанмен кейіс, ренішім сол жаманды бір иіскегеннен-ақ ұмыт болатын. ...Енді ол да жоқ, қарыс жерде отырып қол жетпей... ...Бұл кезде ешқандай шаруаға араласпайтын болғам. Өздері білсін дедім. Тізгін қолына біржола тиген соң, келініме жан бітейін деді. Бұрын білмей жүріппіз, пысықтың нағыз өзі болып шықты. Магазинде бәрі бар, сатып ала саламыз деп, шайқатық етіп отырған жаңғыз сиырды соғымға жығып салдық. Басқа мал баяғы үй салғанда көзден бұл-бұл ұшқан. Мейілдерің дедім. Артық мехнаттан мен де құтылып көрейін. Дүкеннің сүті мен майы таңдайыма жұқпаса да, шыдап бақтым. Жұрттың кемпірі келін жұмсаушы еді, мені келінім жұмсайды. Оған да көндім. Кейде шақылдап жағамнан алғандай болушы еді-ау. Соның ақылымен үйден шағын дүкен аштық. Көрген де шығарсың, дарбазамен қатарласа салынған іскіләд сол. Бір күні келінім үйде жоқта Сәлима кемпір келіпті, көрші біздің. Қарызға бірдеңе алмақ. Бұрын соңды араласпасам да, пысықтығым ұстап сұрағанын бердім. Еріп келген кішкентайына да тәтті-пәтті ұстатқам. Келін келе шу шығарсын. «Өзің тауып жатпаған соң нең бар қақпас, – дей ме-ау, – өзің тауып жатпаған соң отырмайсың ба тыныш. Не өлмедің, не қоймадың...» Естімей жүрген сөзім емес, үнсіз жеңіп үйренгем. Сол сәтте үстінен түскен. Кіре берісте бәрін естіп тұрыпты. Түрі өрт сөндіргендей. Шабынып тұрған әйелін жақтан осып жіберді. «Тәубе, – дегем іштей. – Ұлыма ес кіріпті, намысы бар екен». Қателесіппін. Сол күнге тәубе емес, лағынет айтуым керек екен. Бітпейтін шу басталды да кетті.
– О, жаман неме! Түріңе қарамай сен де мынаны, – көгере тұрып иегімен мені нұсқаған, – мына қақпасты – қолын сілтей көрсетті, – қорғай қалыпсың ғой. Көрсетейін сендерге. Осы шыдағаным да жетер, көзіңе көк шыбын үймелетем.
Жаңа түскенде қазақтың сөзінің өзін бұзып айтатын қыз еді, кейіндеп мақалдатып тұрып сөйлегенде аузы-аузына жұқпайтын болған. Байынан таяқ жеген қатын асса «кетеммен» қорқытушы еді. Оның өзін жаман қатын деп мысқылдайтынбыз. Ал мынау... Мықты қатын боп шықты. Кеткен қайда, өзімізді қуып шықты. Бәленің бәрін оқып туған ба, соттастық, – заң соның жағында, – жеңіп шықты. Кейін естідім, соттағыларға ақша берген көрінеді. Біз де бұлай сорлы кепке түспей, бірдеңеге қол жеткізер ме едік, Сағымым бас тартты. Бәрінен. Үйден де, басқадан да. Қайта қосылармыз деп үміттенгені екен ғой. Бастапқыда ашумен қол көтерсе де, артынан өлердей жалынды. Аяғына жығылуға бар еді. Сүйеді екен ғой байғұс. Анау илікпеді. Діні қатты екен. Осы үйге көштік соқа басымыз сопиып. Тигені бірен-саран мүлік пен көк трәктір. Қанша сағы сынса да ел қатарлы тірлік кешіп жатқан. Бірақ, баяғы екпін жоқ. Екі күннің бірінде көшкен жұртына барады да тұрады. Ұлын көргісі келеді де. «Көрсетпейді екен», – деп пыш-пыштайды осы жұрт. Өзі тіс жарған емес. Шыдау қайда, мен де барғам. Есігінен аттатпады.
– Ана сүмелек балаң екеуің бұларыңды қоймасаңдар, сотқа берем!
Сотқа береді. Аузым әбден күйген, тұра қаштым. Сыртымыздан ел-жұрттың не дейтінін жақсы білем, өлмеген соң көнеді екенсің. Дей берсін, ел не демейді... – деп жұбанам ғой әлгі... Әлгі келін... түһ, Күнсұлу сайқал айтады дейді, «Сағымды түрмеде шірітуіме болатын еді, шешесін аядым», – деп. Әй, тәйір-ай. Кең пейілділік танытқандағысы бұл болса... Сорлы балам күн өткен сайын мүжіліп бар жатты көз алдымда. Сөйлемейді. Күлмейді. Күрсіне береді. Уақыт өте келе сейілер деген үміт үзіле бастаған. Не істесе де сүйегіне ілініп зорға тұрғандай салбырайды да жүреді. Бір жылдан аса осылай жүрді де, бір күні ішіп келді. Удай мас. Еңк-еңк жылап жүр.
– Мама, менің не көріп келгенімді білесің бе? – деп құшақтай алған мені.
Мас қой деп, мас не айтпайды деп тұрсам да себебін сұрадым.
– Сұмдық... Мен өлдім, мама. Түсінесің бе, тірі өлікпін енді. У-у-у... сорлы мама...
Осынша жылай алады екен-ау адам да. Көз жасы тарамданып иегіне төмен тамшылап жатыр. Ақыры, екі қолын жайып, дәрмені біткендей есік жақтауымен сырғанап босағаға сүйеніп отыра кетті. Мелшиіп біраз отырды. Сыртқары дүниеден байланысын үзгендей. Шыр-пыр боп айналып жүрген мені көрмейтін де, естімейтін де сияқты.
– Мама, – деп күбір етті әлден уақытта. Даусындағы діріл басылыпты. – Мен... Ол... Ал, ол... Кешір мама. Айта алмаймын. Кешір...
Жасаураған қып-қызыл көзі... Бетіме қараған. Аянышты еді. Көз алдымнан сол түрі кетпейді әлі күнге. ...Содан түзелмеді. Өзі айтқандай тірі ө... Ееһ. – Жылап отыр екен тағы да. – Әлі ішіп жүр. Бес жыл болды. Сорлым-ай. Егер, басыңа түсіп, осындай ауыр сәттің куәсі бола қалсаң... – Құдай сақтасын. Ешкімнің басына тілемейтін жағдай. – Артық азап жоқ шығар. Жұбату керек қой. Не айтам, қандай сөз табам кейуанаға жұбаныш боларлық? Тірі өлік ұл мен бір уыс бейбақ кемпір. Төрінен көрі жуық. Екеуінің де. Бір кезде төрде отырған. Өз көзіммен көргем. Енді міне...
Төр мен көрдің арасы тым тиіп тұрады екен-ау. Төр мен көр...
– Баламнан, Сағымның сау кезінен қалған естелік осы-ақ, – деді мені шығарып салуға сыртқа шыққанда, қаңқасы ғана қалған тозған көк темірді нұсқап. – Келіп тұр дер едім, мынадай молаға қай бетіммен шақырам. Аман бол, айналайын. Мендей бақытсыз шешең мен сормаңдай ағаңды еске ала жүрсең болғаны. Қанша жүрерміз дейсің біз де, аз ғана... Аз ғана қалды балам...
Көмейім бітеліп қалғандай. Қалай тыныстап тұрғаныма қайранмын. Бірдеңе деуге... Жылап жіберетінімді білдім. Иіп әкеп маңдайымнан сүйді. Әлі жылап тұр екен.
***** Есеңгіреп көшеге шықққам. Қай күш жетектеп, қай сайтан иектегенін кім білсін, Күнсұлудың... тіфу, Сағымның үйіне беттегем. Күнсұлумен сөйлеспекпін. Бәрін айтам. Керек болса жалынуға бармын. Бүкіл бір әулеттің тағдыры соның қолында тұрғанын түсіндіргенше ауласында жатып алам.
Көрмейтінімді, кірмейтінімді, сөйлесе алмайтынымды біле тұра солай ойладым.
Неткен дәрменсіздік!
Биік қызыл шытырлы үйге ұзақ қарап тұрып қалсам керек.
– Не болды? Сен де бір түнеп аттанбақпысың?
Өктем дауыстан селт етіп, жалт қарадым. Жетпістің ішіндегі шал. Еңсесі тік. Қос қолын артына ұстап алыпты. Әдемі қартайған сұлу шалдар болатын, – сол. Көзі өңменіңнен өтеді. Әлде, бір сәт қана осылай көрінді ме? Үміті кесілген, жылай-жылай көзінің жылты өшкен кейуанадан кейінгі көрген бірінші адам, шалдың соншалық асқақ көрінуінің себебі осы болуы да мүмкін.
– Әлде кезегің келмей жатыр ма?
– Түсінбедім...
– Түсінесің. Түсінесіңдер. – Даусында кейіс бар. Көзінде ашулы мысқыл ойнайды. – Иттер өңшең.
– Сағымды іздеп жүрмін, ата, – дедім. Сөз ұғар халде емес едім. Жүрдім-бардым сөйлей салғам.
– Ойдойт де. Сағым кімің еді?
– Ағам.
– Шын айтасың ба? – Таңданыспен сынай қараған. – Ее, жөн-жөн. – Жұмсара түсіп, кейісті қалпын қайта тапты. – Ағам де. Болары болып, бояуы сіңіп біткенде аға керек бола қалды ма? Әлде, табалауға келдің бе?
Шыбын шаққандай әсері жоқ. Басқа жағдайда жолыққанда мұндай сөздің қарымтасын артығымен қайырар едім, ақсақалдығына қарамай. Ішім тола өз қайғым, өзгенің гөй-гөйін қабылдар орын қалмапты. Үнсіз бетіне қарағам.
Менің жайымды ұққан болу керек, шал көп созбай жөнге көшті.
– Сықпытыңа қарағанда серілік құрып, төсек бағып жүрген салт басты қатынқұмарға ұқсамайсың. Болсаң боларсың. Ренжіме, кәрі мылжың сөйлей береді. Тек, көргенде қарадай күйіп кетесің, – деп бір тоқтады. Сөйлеуік шал жұмысымнан қалдырардай ұнап тұрған жоқ. – Сомен, ағаңды таптың ба?
– Тапсам іздеп нем бар? – Үлкенге бұлай сөйлеу әдетімде жоқ, десе де қитығып бастағам.
Кеңк-кеңк күліп қойды. Өп-өтірік.
– Жарайды-жарайды. Қалай енді, табатын түрің бар ма? Мына түріңмен әй таба алмайсың-ау.
– Сізден көмек болмаса... – дедім екі ұшты.
– Бізден ба? Біздің қолдан жөн сілтеуден басқа не келеді тәйірі. Ауылды адақтап шық, тауып қаларсың.
Мырс етіп, теріс айнала бердім.
– Мақұл-мақұл, келіп қалған екенсің, жүр.
Аң-таң артынан ергем. Ерігіп, екі қолы алдына симай жүрген шал, септігі тиіп қалар. Ыңырана түсіп бастап келеді. «Дұреееес», – деп қояды өзімен-өзі.
– Көршіңіз неге көшпей отыр, ақсақал? – дедім. Өзіме келе бастағандаймын.
– Қай көршіні айтасың?
– Жас келіншек. Сағымның үйінде тұратын.
– Е, көшіп несі бар. Басында даңғарадай үй мен дүкен бар. Не ішем, не кием демейді. Көңілдестері анау, өріп жүрген. Уайым жоқ, қайғы жоқ мұндай тірліктен безетіндей ақылын ат теуіп пе? Осы отырғаны отырған бұ қыздың. – Терең күрсініп қойды. – Обал қылды атаңа нәлет. Әп-әжептеуір баланы. Әйтпесе, біз көше кезіп іздейтін адам ба еді сол?!
Шалдың алғашқы сөздерін енді байыптай бастағам.
– Көңілдес дедіңіз бе?
Тоқтап тұрып, бұрылып бетіме қараған аңтарыла. Менің түк ұқпағанымды көрсе керек түрімнен.
– Е, бәтшағар, сонша тістесіп тұрғанға біліп іздеп жүр ме десем, түк хабарың жоқ екен ғой.
– Жоқ ақсақал, естігем. Білем. Бірақ, көңілдесіңізді ұқпадым.
– Түк білмейсің онда. Шет жағасын ғана құлағың шалған. Бүкіл ауыл біліп болған қазір. Тіпті, көрші ауылдың дәмелі жігіттері де хабардар.
Санама енді-енді бірдеңе жеткендей. Ішім ит тырнағандай. Сағымның неге ішіп кеткенін сонда ғана ұққам. «Мама, менің не көргенімді білесің бе? Мама...» Атпалдай азаматтың өкіре жылағаны келді көз алдыма.
***** Ауыл шетіндегі қауқиған қамба. Кеңес үкіметінің қалдығы. Ұзыннан ұзақ қатарластыра салынған тоқал тамдар біздің ауылда да тұратын тоз-тозы шығып. Шатырсыз. Тек, кезіндегі күзетшінің күркесі болса керек, төбесін топырақпен жапқан оймақтай үйшіктің басы бүтін. Есіктің орны тұр үңірейіп. Қалғанын тонап алып кеткен. Жазғы ыстықта оқыралаған бұзау-танаға пана болатын. Мына жетім там да пана болыпты. Тек, бұл сапар малға емес... Адамға. Адам жатыр еді. Адам болғанда қандай?! Бір кездері қыздардың өзі сөз салып, хат жазған, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай ойлайтын жігіттің төресі. Иә, бір кездегі... Ал, бүгін... Адамның қоры... Арақтың құлы. Өзі айтпақшы – тірі өлік. Тірі өлік... – Жоқ аузым бармайды. – Сағым құныса түсіп, оң жамбастай бұрышта жатыр екен. Екі алақанын беттестіре біріктіріп, басына жастапты. Әлсіз пыс-пыстайды. Сорайып бойы ғана қалыпты. Арса-арса. Бет-аузы кір қожалақ. Алматыдан алғаш көргенде көз айыра алмай, таң-тамаша қалып қарайтын, кейін көз үйренгені сонша үйреншікті көрініске айналған, – бомж деуші еді. Сол тип алдымнан шыққан. Ауылдан. Айналып шығып жүре бермек болдым да, белгісіз үміт жетелеп, бөгеле бердім. Сөйлеуік шал бірдеңе деп жатыр, – естігем жоқ.
– Сағым, – дедім ақырын. Бір кездері аға деуші едім, дей алмадым. – Сағым, тұршы... – қаттырақ сөйледім. Сезер емес. Жақындауға тура келген. Бұрын мен көргенде білінер-білінбес тыныстап, сүйкімді ұйықтайтын. Сол қалпы. – Сағым! – Иығынан жұлқуға мәжбүр болдым.
«Не керек?» – дегендей немқұрайлы қалыпта бетіме қарады. Есіне әлдене түсіргісі келгендей, түсіре алмай қиналған кейіпте ұзақ тесілді. Тесіле қарап жатты да, оқыс басын жұлып алды. Атып тұратындай көрінген. Жоқ, тұрып барып, қайта отыра кетті. Танып еді. Тізесін құшақтай басын төмен салып отырып алып, басын шайқап-шайқап қойды. Әлденеге өкінгендей. Ауыр, өте ауыр минуттар жылжып жатты. Екеуміз де мелшиісіп қанша отырды екенбіз.
– Еее, міне сен де көрдің. Әттееең, – деді күңірене күрсініп. Тістері бүтін екен. Сарғая бастаса да, мынадай бет-ауыздың ар жағынан маржандай көрінеді. – Әттең, – деді қайталап. Сөзі анық. Бүгінгі ішкені тарап кеткен сияқты. – Ал, не айтасың? Бәрін білетін сияқтысың ғой. Ести-ести құлақ жауыр болса да, айт ақылыңды, тыңдап көрейін.
Бетіме қарады. Жасаурай тұманытқан отсыз жанарында қорланғандық байқалмайды. Адамдарға деген өшпенділікке ұқсас сұс бар.
– Ағасы інісіне ақыл айтпайды, Сәке.
Мырс еткендей болды. Артынша:
– Және, алқашты аға санамайды де. Дұрыс айтасың.
– Апамды көрдім, – дедім сәл үнсіз отырған соң. – Азып кетіпті. Сені күтіп біраз отырдық. Шай іштік...
Соңғы сөзді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім, от басы, ошақ қасындағы мамыражай, берекелі тірлікті есіне салғым келген шығар. Бекер боп шықты.
– Шай іштік...
– Зәр іштік де!
Селт етіп едім. Ішім тітіреп кетті. Тілімді байлап тастап еді осы бір-ақ ауыз сөз.
– Кешір, – деді бір уақта. – Апаң бәрін айтқан шығар. Ештеңеге әуре болма. Келмеске, түзелмеске бет алған адаммын мен. Түзейміз дегендер болған. Босқа қара терге түсті де, қойды ақыры. Міне, қазір ешкім мазамды алмайды. Сөзіңді шығындама босқа. Өлді деп бетіңді сипа да, жүре бер!
– Әлсіз екенсің, – дедім. – Бір қатын жолдан тайды екен деп... Мұншама... Шешеңе жаның ашуы керек еді ғой ең құрығанда.
Тағы бірдеңелер айттым ғой деймін. Үнсіз, бөлмей тыңдады.
– Болдың ба? – деді сосын. – Болсаң бар енді. Бара ғой. Қол-аяғымды байлап, емдеуге апарғандар болған. Өзім де қоймақ болғам. Түк шықпады. Айтшы, не үшін, кім үшін қоям а? Қайтіп өмір сүрем?! – Даусы көтеріліп кеткен. Ашуланғанда жаңа ғана үрлесең құлап түсердей көрінген әлжуаз адам ширап кеткендей. Қыстыға дем алып, тістеніп аз отырды да, сабасына түсті. – Андағы тірлікке оралғым келмейді. – Ауыл жақты иегімен нұсқады. – Сен айтпақшы әлсіз екем. Қорқақ екем. Түк болмағандай жүре беруге батылым бармады. Тезірек өлсем деп ем, көрдің ғой, ол да оңай емес екен. Жоооқ, бір қатын үшін емес. Оның осылай боларын білгем. Бірге тұрып жүргенде-ақ шошынғам. Бітпейтін зауығынан шошынғам. Тоят таппаушы еді-ау. Енді міне, құмарынан армансыз шығып жатқан шығар. Көпке ортақ қатын... Хе, маған алғыс айтатын шығар қазір, «Осындай қатынды бізге тастап кеткен» деп. Білесің бе, мен бар ғой, кезінде аңдығам, кімнан бастар екен деп. Алғашқысы кім екенін біле алмадым. Бір жарым жылдан соң үстінен түстім. Бастапқыда тым сақ болған болу керек. Көп ұзамай бойы үйреніп кеткені сонша, сырт көзді елемейтін болған сияқты. Еееййй, – үнсіз жерге қарап отырып қалды. Көз алдына келтіріп отырғанын білдім. Қиналып отырғанына шүбәм жоқ еді. Басын көтермеген күйі сөйлеп кетті. Естілер-естілмес. Сыбырға жуық. – Армансыз айқаласып жатты-ау арсыздар. Және кіммен десеееңші. Басқа бір еркекпен көрсем мұнша төмендемес пе ем? Айуандар-ай. Бір күн бұрын ғана жанашырым болып, төрімде отырған сыйлы қонағым еді ғой. Алдынан кесе өткен жерім жоқ еді. Мен дейтін бір жан жоқ екенін түсіндім сонда. Әттең...
– Кіммен? – дедім шыдамай.
– Танымайсың. Айта алмаймын. Аузым бармайды. Шын сорлы екем. Ең болмаса екеуін қосып сабауға дәрменім жетпеді. Өлтіруім керек еді ғой екеуін де. Содан кейін өзім өле кетсем... Жеңіл болатын еді. Ең құрығанда беттеріне түкіруім керек еді... Ешкімім жоқ екен. Шешемнен басқа. Байғұс-ай, үміттеніп жүр-ау. Соған ғана өкінем. Басқасына... түкірдім.
Қанша отырдық екен жер сүзіп.
– Сәке... – дей бергем.
– Болды, бауырым. Қорламашы а? – Көзі қызарып кетіпті. Аянышты, көз тоқтатып қарауға батпайтын көзқарастар болады, – сондай. – Жетеді осы да. Қинамашы бұдан ары. Қарғыс атқан адаммын мен.
– Ойланып көр, Сәке, – дедім сонда да. – Шешеңді... – Бәрін өзі де біліп тұр, түк шықпайтынын ұқтым да, доғардым.
Үндемеді. Меңіреуге айналған. Ойсыз, тілсіз тас мүсін бір нүктеге қадалып отырып алды. Ендігі отырыста мән жоқ еді. Күдер үздім де, орнымнан тұрдым. Салбырап тағы қаншама қарап тұрдым. Селт етпейді. Сүйретіліп есікке беттедім... Шыға берісте атымды атады. Күбірге жуық қана үнмен. Бәлкім, «ала кет», – дегісі келген шығар. Басқа сөз естідім.
– Рахмет саған... Көмусіз қалмайды екем.
Бөгелме дегендей бас изеді. Бүгіндікке тұңғыш тура қарап сөйлегені осы. Жылап отырды. Тұп-тұнық, мөлдір тамшылар көлкілдеп ісіген қожалақ беттен төмен сырғып жатты.
...Үлкен жолды бетке алып ілбіп келеді екем. Жыламау мүмкін емес еді.
*****
Өз әйелін кіммен көрді екен? Төрт жыл бойы ойымнан бір шыққан емес. Жан қияр досы... Жаннан артық көрер, ардақ тұтар ағасы... Орны әкеден де қымбат қамқоршысы... Ұлағат айтқан ұстазы... Таппадым. Ешкім білмейді. Күнсұлудың ашыналарының тізіміне сұрау салғам. Елдің жел ауызы біраз Дон Жуанның атын атаған. Қанша үңілсем де, жамандыққа қимайтындай, Сағымды қан жылатардай ешкім жоқ. Ешкім білмейді екен. Иә, ешкім... Жоқ, біледі екен. Үш адам біледі. Күнсұлу, Сағым, ... . Кім екен?! Тек, көрге өздерімен бірге кететін шындық. Ал, Күнсұлудың кешірімі... Далбаса. Оттаубай сөз. Болмасты дабыраға айналдыруға құмар, тыңдаушысын таңдандырам деп тым қарапайым, түсінікті нәрсені «аспаннан Мәді түсіптіге» жуық әсірелеп айтуға құштар ағайынның жел сөзі.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!
«Күнсұлу–Сағым» хикаясын білетін, ең болмаса шет жағасынан хабардар адамды селт еткізер-ақ сөз. Кім болса да, әлгі айтқыш айды аспаннан бір-ақ шығарар сөзді тап басқан. Біздің өзіміз сеніп қала жаздадық.
Ал, негізінде, мәні біз ойлағаннан тым сұйық, әлдеқайда қарабайыр екен.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті.
Осы сөз ауыздан шығардан екі күн бұрын болса керек, Сағым арманына жетіпті. «Тез өлсем-ау», – деп еді, өзі ойлағандай тым тез болмаса да, әзірейіл шіркіннің жолы әйтеуір бір түсіпті. Ал, шешесі әлі тірі екен. Естуімше, үй бетін көрмей кеткен Сағым өлетін күні (өлетінін білген ғой) үйіне келіпті. Шешесінен кешірім сұрап, арыздасып, аялы алақанға жатып, ажал жастығына алаңсыз бас қойыпты-мыс. Әйтеуір, өзі сенгендей көмусіз қалмапты. Біз бара алмадық. Хабар тым кеш жеткен. Уағында жетсе де, бару, бармауымыз екіталай. Ал, Күнсұлу барыпты. «Сағым өліпті» хабар тарағанда, бүкіл ауылдың сыртқа шығармаса да, іштей «Күнсұлу қайтер екен?» – деген ой көкейін тесіп, соңын асыға күткені анық. Бір қызықтың болатынына имандай сенген ғой. Иә, жұрт күткен қызықтың болмай қалуы да мүмкін еді. Бірақ, Күнсұлу барыпты. Жұрт үдірейісе қараған сыңайлы. Баяғы ажар тозған. Елдің сөзіне қарағанда ол да Сағымның ар жақ, бер жағы. Тек көшеде емес – үйде, сасық лашықта емес, – еңселі ақ сарайдың төрінде щалжиып жатып алып ішетін көрінеді. Қалған-құтқан көңілдестерімен бірігіп. Отыздан жаңа асса да, кемпір кейіпке ене бастаған жас келіншектің баяғы базары тарқай бастаған кезі екен. Тек, бірен-саран аш-жалаңаштар торуылдап жүрген кезі болса керек. Кәдімгідей дауыс салып кіріпті. Алайда, кіргенінен шыққаны тез болғанға ұқсайды. Босағадан аттай бере қарғыс күтіп алған. Шүйке кемпірдің қарлыққан зарлы даусы.
– Қай бетіңмен келдің, қағынып өлгір қаншық!..
Тап бермек екен, жиналғандар ара түсіпті дейді.
Болды. Бар болғаны сол. Шындаса таланты тарыдайдан таудай мін тауып беруге жететін бөстекі ауыздардың ашылғаны сол, – әлгі сөз ел кезіп кетіпті. Сөйтіп, бізге жетіпті.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!
Шіркін, қаймыжық еріндер кешіруге тиіс бір адам болса ол Күнсұлу емес, Сағым екенін біле тұра осылай жалпылдапты. Баласын сұрағам. Сырым төртіншіде оқып жүр дейді. Аумаған әкесі деседі Сағымның бала кезін білетіндер. Жерлеуге барыпты. Күнсұлу жіберіпті деген де сыбыс бар. Олай емесін айтып, жоққа шығарушылар көп. Соңғылардікі жобаға келеді. Ауыл үлкендері ретін тауып апарса керек. Тіпті, «әкесінің кебінді денесін бас салып жылапты», – дегенді де айтады бұ жұрт. Бос сөз болар. Бала ғой әлі. Ер жеткен соң түсінер. Түсінген күні әкесін аза тұтып, қабірін құшақтап жатып жылар... Қайткенде де, белгісіз дүние. Болашақты болжауға құмар адамзат баласымыз ғой, сол қасиетімізге салып сырттан тон пішіп жатамыз. Сырым ер жеткенге дейін көп уақыт бар. Туған ай – туралған ет, ол күнді де көрерміз. Қыр астында тұр ғой. Қалай болса да кезінде көре жатармыз. Тек, әкесінің сорын баласына мирас қылмасын деңіз. 07. 03. 2012
Алматы, Шаңырақ-2
Сатқын
(әңгіме)
– Қақпаға бағытталған соққыыыы... Гооол! Құрметті көрермендер...
Одан арғы сөздер естілмей қалған. Біз де шулап жатыр едік. Экраннан көріп отырып осынша шуладық, арнайы барып көретін жанкүйерлер не күйде болды екен.
– Айттым ғой Испания жеңеді деп.
– Е, ойынның бітуіне әлі... – Сағатына қарап есептеп сәл тұрды, – жетпіс алты – «алты» дегенді саусағымен көрсетті, – минут бар. Қайда әлі?! Италия жеңеді.
– Болды, сенің Италияңа нан жоқ!
– Силва еркек!
– Баспен базар жоқ ұрды-е...
– Анадай пасты ұрмасаң, доп теуіп керегі жоқ. Одан да қой бағу керек...
– Италия жеңу керек-ей жігіттер, он мыңды босқа тікті дейсің бе?
– Испания жеңеді, он мыңың түк емес, елу мың тіктік е...
– Қой-ей, сен елу мың тіктің бе?
– Жоқ, ағам...
Бөлме іші гүр ете түсті. Қыран-топан күлкі.
– Испания үшін миллион қойып жүргендер де сенің туысқаның шығар?
– Бәсе, бұл қалайша елу мың тігіп үндемей жүріп, енді ғана айтты деп есім шығып... Ағасы екен ғой.
– Е, ойынды қарайық шұрылдамай. Енді қызады. Бір жағы Испанияның соққаны да дұрыс болды. Италия енді ойнайды. Масқара ойын болайын деп тұр, – деді біреу, іші ашып тұрса да өз-өзін жұбатып.
– Мура, сен үндемейсің ғой?
– Оның Англиясы ұшып кеткен соң қызық емес оған.
– Әй, жоқ, қарап отырмын...
– Айттым саған, е, Испания жеңеді деп.
– Бірақ, сен финалда Германиямен ойнайды дегенсің.
– Иә, Германия лақтырып кетті. Жап-жақсы ойнап келіп, қайдағы Италиядан жеңіліп.
– Қайдағы емес-ей, қазір сенің Испанияңның аузын айырып жібереді.
– Айыра алмай қалсын. Қарасаңшы, естері шығып, әрең ойнап жүр. Германия шықпай қалды, бірақ кіммен ойнаса да бәрібір емес пе? Әйтеуір, Испания – чемпиооон!
Әрине, бір ұпайы артық тұрған жанкүйер қалай айғайласа да жарасады. Оның үстіне, матчтың бет алысы шындығында Италия ұлттық құрамасының жанкүйерлері үшін қуанарлық жағдайда емес еді. Тасқындай қаптаған толассыз шабуылдар... Коментатордың сөзі ғой. Тіпті, футболға құмарлығы шамалы біздің өзіміз кірісіп кеттік. Силвамен жаңадан танысып отырсам да, елге қосылып «жарадың» деп қоям. Себебі біреу-ақ. Ойын басталмай тұрып Испания жеңеді деп айта салғанбыз. Испанияның осыған дейінгі ойын-өрнегін көрмей-ақ. Қазақ үшін атқаны тиіп, айтқаны келгеннен артық мақтаныш жоқ. Ал, сарапшы дәрежесіне жетіп қалған бірге отырған жігіттердің жай-күйін түсіну үшін бізге де ала доппен бірге біраз дөңгелеу керек шығар. Осылай тартысып таң атқанша отыратынымызды қайдан білейік. Ара-тұра бөлмені басымызға көтеріп айғайды саламыз кеп.
– Ұр енді!
– Тепсей!
– Пас бер, пас!
– Тфуууй!
– Мешок қой мынауың.
Өз командасы қарсы жақ қақпаға жақындап кетсе, теледидарға төніп-төніп келіп, алақанын сарт еткізе соғып, қол сілтей түңіле теріс айналып жатқан бір жұрт. Футбол көрмейтінің үшін өзіңді кінәлі сезінуге болатындай. Жер жүзінің жарты даналығын бойына сіңірген адамдардың арасына түсіп қалған сауатсыз сабаздың күйін кешесің. Әйтсе де, көңілді едік. Әзірге, болжамымызды теріске шығара қоярлық жағымсыз хабардан хабар болмайтын сияқты. Айтып қалған екенбіз, солай болғаны жөн ғой. Оншақты жігітпіз. Футболдық өлшеммен алсақ, – бір команда. Оқу бітіріп, тегін жатақханадан шыққасын бойдақтар бірігіп пәтер жалдау үйреншікті жағдай. Сондай ортақ үйге қонаққа келгенбіз. Қай елдің қандай клубында ойнап жүрсе де, дүниежүзілік, болмаса осындай еурочемпионатта өз елінің атынан доп қуатын футболшылар сияқты едік. Айдаладағы бір ел үшін осынша тамақ жыртып жатырмыз, Қазақстан ойнап жатса қандай күйде болар едік? Шіркін-ай. Отырып алып армандағанымыз емес, бұл да осы күні айтылған әңгіменің бірі.
– Қайда оған?! – деді біреуі қолын сілтеп.
– Іріктеуден өту арман болды ғой.
– Әй, дәмеленбеңдер! Біздің депутаттар мен футболшылар түзеліп кетсе, айтатын, күлетін нәрсе таппай қалар едіңдер.
– Еее, – деп қойды біреуі күрсініп. – Депутаттардың ұйқысы ашылмай, футболдың добы өрге домаламайды!
– Ой, тегі! Отырып алып сөйлей бересіңдер-ей. Алаңға шығып ойнап көрдіңдер ме? Екі өкпең қысылып, ішкен-жегеніңді асқазаныңмен қосып ақтарып тастауға сәл қалғанда осы сөзді айтыңдаршы, – көрейін.
– Ей, сен де! Біз қарапайым адамбыз. Ал, олардың таңдаған жолы сол ғой. Әркім өз ісінің шебері болуы керек қой. Допты таңдаған екенсің, дұрыстап теп, елді ренжітпей.
– Теппейін деп жүрген жоқ, тек жағдай жасалмаған...
– Әйтеуір, ақтауға құмарсың сен...
– Дұрыс қой? Дұрыс әрине! – деді өзі сұрағына өзі жылдамдата жауап беріп.
Бұл тараптағы әңгіменің ұшқыны тез сөнді. Түбін өздері де білмейтін, оның үстіне қазақ футболының жағдайының мақтанарлық еместігін іштей мойындап болған бәрі, шымбайына бататын жайды сөз етіп несі бар. Әңгіменің қызығына кірісіп отырғанда байқамаппыз, Испанияның сөзін сөйлеп, тіпті, сол елдің туының кішкене ғана көшірмесі, қол басындай жалауын тізесіне қадап қойып, өзеуреп отырған әлгінің даусы экранға жалт қаратқан.
– Ооо-хо-хо, Ермек, өш, өш! Тағы бір гол! Альба жарайсың! 2:0! Ойынның бітуіне, – деді Италия жақтасының әлгі қимылын аудырмай қайталауға тырысып, сағатына қарап, сәл бөгеліп. – 49 минут қана қалды. Италия домой! Пора брат, пора!
Алғашқыдай шуласпадық. Өз футболымыздың жағдайы айтылған соң қайысып кетіп, өзгенің тағдыры қызықтырмай қалды деуге келмес, ойын өрісі Испания басымдығын әйгілеп берген. Іштей мойындай бастаған Ермектер де. Тек, біздің жақ ара-тұра өп-өтірік тамсанысып қояды. Алғашқы тайм біз үшін көңілді болғанмен, жалпы үнсіз аяқталды. Тағдыры шешіліп қойғандай. Бәрі алақанда тұрғандай. Не боларын біліп алған соң, басқа жұмбақ ойлап тапқанша тыным алып, дамыл таппайтын жұмыр басты пенденің әлімсақтан бергі әдетіне салып, бағыты басқа әңгімеге көше бастаппыз. Ертең жұмыс екенін айтып, «өздеріңнен сұрап, біле салармын», – деп ұйықтауға бет алған Мұраттың әрекеті «көруден қызық кеттінің» хабары еді. Темекі шегіп қайтпаққа сыртқа беттедік. Бүгінгі ойын төңірегінде қауқылдасып аз тұрдық. Байқаймын, соңы белгілі болған финал туралы ешкім сөйлегісі келмейтіндей. Гол соққандар туралы өздері білетін мәліметтерді айтқан болады жан-жақтан. Ақыры, өзіміздің футболға ойыса бастадық. Көтеру үшін не істеу керек секілді сұрақтарға жауап іздеген болдық. Бәрінің айтатыны баспасаөз бетерінде жазылып жүрген пікірлердің төңірегі. Кейіндеу қалған бірі қатарымызға келді. Сөзіміздің соңғысын құлағы шалып қалған, даурығып сөйлеп келеді.
– Қазақстанда футбол дамымаған деп кім айтты сендерге? 2008 жылдың ең әдемі голы Қазақстанда соғылған. Осыны ұмытпаңдар!
– Өкінішке орай, біздің қақпамызға ә?
– КВН-шиктердің шығарып жүргені ғой. Олар да айта береді. Әйтеуір, ешкім өкпелемейтін тақырып болған соң тиіскен болады.
– Енді, саясатта нелері бар? Жап-жас балалар, болашақтан үміттері бар дегендей.
– Ресейдің КВН-і сияқты ештеңе айта алмайды бәрібір.
– Е, осы біз бірдеңе болса болды, Ресейді айтып шыға келеміз. Қою керек қой. Жақсы бірдеңе болса ТМД бойынша алдамыз деп мақтанамыз. ТМД-да оңған ел бар ма? Бәрі ұсақ-түйек...
– Енді, Еуропамен салыстыратын ештеңең жоқ қой.
– Алға баспай жатқан бірдеңеміз болса, Ресейде андай екен, мындай екен деп, аузымыздың суын құртамыз да отырамыз... Кедендік одақ дегеннен қорқам...
...Бұдан ары саясат туралы, соңғы жаңалықтар туралы өңшең жастар біраз даурықтық. Екінші таймның басталатын уақыты таяғанын айтып, ішке беттедік. Сол кезде айтылып қалды.
– Бэкхемды көру үшін қаншама қыз барды сол матчқа. Билеттің бағасы да сұмдық аспандап кетті. Ең арзаны жиырма бес мыңнан сатылыпты. Орталық стадионның аузы-мұрнынан шығып бір толғаны сол шығар. Көрдіңдер ғой, 3:0 болып ұтылып жатқанымызға қарамай, соңына қарай Бэкхем алаңға шыққанда қандай шу болды. Атасы тіріліп келгендей қуанды ғой қазақтар. Жаман ұят болды. Масқара болдық.
– Ағылшындар күлген шығар, «Мына қазақтарда ес бар ма өзі?!» деп. Шынымен, өзімізде болмағасын өзгенің жұлдызына табынамыз да өстіп.
– Еее, соны ойласаң біздің футболдың дамуы туралы әңгіме айтуға қорқасың.
Әлгі ұйқышы қайта келген. Әлде, біздің дабыр-дұбырымыз ұйықтатпады, әлде ойын тағдырын көзбен көргісі келді. Футбол жүріп жатты. Бірақ, алғашқы бөлімдегідей өліп-өшу жоқ. Қысыр кеңеске көшкенбіз. Ұйқыны құрбандыққа шалып, райынан қайтқан Мұратқа көлденеңінен сұрақ қойып қалды біреуі:
– Мура, шыныңды айтшы, Англия мен Қазақстан ойнағанда кімге болеть еттің?
– Жынды ма, әрине Қазақстанға.
– Сен де сұрадың ба дедім ғой.
– Енді, Англия десе өліп қала сақтайды, сосын сұрағаным ғой. Сонда, Қазақстанның жеңілетінін біліп тұрып жақтадың ба?
– Ееей, сен де! Қумашы!
– Өз жараларыңды өздерің тырнап ашыта бермеңдер-еу, ағайын.
– Не, сен Англияны қолдадың ба?
– Әй, жоқ. Бірақ, жеңілетініңді біліп тұрып, «Алғааа!» – деп айғайлаған қорлық екен. Еще, қалай жеңілдік.
– Сол ойынның соңынан біраз қазақтар бір-бірімен төбелесіпті.
Елеңдесіп қалдық.
– Неге? – дейміз жамырап.
– Біреулер «Англия алға!» – деп айғайлапты.
– Қооойшы?.. Қазақша айғайлап па?
– Иә, қазақтар қазақ тілінде айқай сапты.
– Мынауың сұмдық енді.
– Иә, солай болыпты дейді. Стадионда не болғанын білмеймін, менің бір братаным бір досын оңдырмай сабаған сол үшін.
– Не үшін?
– Англияны қолдағаны үшін.
– Қой-ей? – Көзі атыздай болды деген бар еді. Біздікі одан өтіп кетті ғой деймін.
– Қоятын ештеңесі жоқ. Кәдімгі туған ағам, осы Алматыда үйде көріп отырып, ойын бітпей жатып сыртқа алып шыққан да сойып салған. Өлтірмек болған екен, ажыратып алыпты.
Еуро-2012-ден қызық кетті. Мен ғана емес, бәрі осылай сезінген. Тіпті, матч соңына қарай соғылған екі голды үнсіз қабылдадық. Испанияның жалауы теледидар түбінде елеусіз қалғалы қашан. Бірге жүрсе де бір-бірімен тайталасып бағатын, тіпті мүмкіндік туса әзілге сүйеп езіп тастауға бар, сәл нәрседен сылтау тауып, бір-бірін күлкіге қалдыруға тырысатын әр түрлі ұстанымдағы достар баяғы әдетінен жаңылыпты. Тақырып ауыр еді. «Мұндай да болады екен-ау», – десіп, бас шайқап, үнсіз отырмыз. Теледидар сөйлеп жатты. Кубок ұтып алған Испанияны дұрыстап құттықтамадық та. Айтқаным келгені үшін біраз мақтанып алатын мүмкіндік еді. Достардың арасында бұл да бір өнер. Қалжыңға сүйеп қарсы жақтың жігіттерін жерден алып, жерге салуға болады мұндайда. Бірақ... Үнсіз едік. Ең үздік ойыншы атанған Иньеста мен кезеңнің сұрмергені Торрес қуанып жатты, ал бізге бәрібір еді. Құттықтау рәсімі дәстүрге сәйкес өтіп жатты экранның арғы жағында. Жер түбінде. Басқа кез болса мүмкін басқалай қабылдар едік. Осы сапар, олай ете алмадық. Тіпті, он мың теңгесі күйіп кеткен бәс тіккіш жігітіміз де өкінуді ұмытып кеткендей. ...Марапаттау жайына қалған. Әлгі ұлтшылдың інісін ортаға алғанбыз. Қалай болғанын сұраймыз да. «Англия жеңеді! – деп, – қазақтар ойнамай-ақ қою керек», – еді деп отырып алған досына ашуланып жұдырық ала жүгіргенінен басқа жарытымды ештеңе айтпады.
– Ағаң қазір осында ма? – деп қалдық.
– Оны қайтейін деп едің? – дейді ол да қитығып.
– Көргім кеп тұр.
– Иә, сен оңдырып түк те айтқан жоқсың. Өзінен сұраймыз.
– Өкінішке орай жігіттер, оның бір баласы, бір әйелі бар. Басы бос емес. Үміттеріңді үзіңдер.
Алғаш сәл үнсіздік. Қайда қиялай тартқанын содан кейін ғана ұққан біз жарылдық та қалдық.
– Әй, әй, әй. Бәріңді отырғызып қойып өшіріп кетті-ау. Ал, барыңдар ағасына. Мүмкін жеңгеміз рұқсат беріп қалар.
Қайтадан ду ете түстік.
Содан соң ғана ұлтшыл ағаның бауыры жөнге көшкен.
– Осында. Сендер сияқты мылжыңдарды ол да жақсы көреді. Жазушы, ақын, журналист екендеріңді білсе, тіпті аузының суы ағуы мүмкін. Ертең қонаққа барайық. Маған да бармағалы біраз болып қалды.
***** Төртпақ қазақ. Бойы ортадан да төмен бе дедім. Ашықжарқын, ашық кісі екен. Аты – Саржан. Күле сөйлеп қарсы алды.
– Аспаннан жұлдыз жауған күн болды, – деп қойды бәріміз дастарханға жайғасқанда. Айтуынша, газет-журналдан бір-екі мәрте жылт етіп, сығалап үлгерген адамды бүкіл әлем тани бастайтын көрінеді. Ағаш астаумен үйеме табақ ет келген. – Дардай атағы бар ақын-жазушылар да ашығады екен-ау ә?! Әлде, студент кездеріңді ұмыта алмай жүрсіңдер ме, ұрлап ішпей ас болмас деп. ...Қалжың ғой, ал, алып отырыңдар!
Тартынғалы отырған біз жоқ едік. Бесеуміз бірдей келіп отырмыз. Курстасымыз да жақсылап ескерткен болу керек, кәдімгідей дайындалғаны байқалады.
– Кешегі футболды көрдіңіз бе, аға? – дедік ішке ел қонған соң.
– Біз жеңдік, – деді күліп.
– Е, онда өзіміз екенсіз. Мына Италияндыққа обал болды бірақ.
– Қой-ей болды. Бір жеңіп едің қоймадың ғой. Әлі талай ойын бар қорықпа.
– «Әлі жетпеген ақыретшіл» дегенді қандай кезде айтушы еді осы?
– Ей, сен де.
– Әй, келген жұмыстарыңды айтпайсыңдар ма. Сонша зар болып келгенде, байқаңдар, бір-біріңмен тістесіп отыра берсеңдер, сендерді де сойып тастауы мүмкін. – Үй иесінің інісі сөзге араласқан.
– Қандай бұйымтай ол?
– Мына ініңіз кеше сіздің бір батырлығыңыз жайлы айтып қалып еді. Соны өзіңізден сұрайық деп...
Мән-жайды түсінген соң, үнсіз, сынай қарап біраз отырды.
– Е, иәәә, – деді ыңыранып. – ол қызталақ... Түріне қарамай... таяқ жегені бар бір кездері.
Оқиға Алматыда емес, ауылда болыпты. 100 пайыз қазақтар орын тепкен бір ауданда. Бір демалыста әкесінің үйіне барыпты. Одан ары тауға шығып бір-екі күн жатпақ екен көңіл көтеріп. Қасына жолдастарының бір-екеуін ерткен. Аздап қызара бөртіп алған көрінеді. Кешкілік – футбол.
– Ойлаңдаршы, әлемдік атышулы команда мен қазақ жігіттері күш сынаспақ. Жеңілетінімізді о баста-ақ білгеміз. Бірақ, біз үшін маңызды еді.
Жапа-тармағай экран алдына жайғасқан. Алғашқы минутта-ақ – ешкім күтпеген, тіпті ойлаудың өзі мүмкін емес – қазақтар тарапынан соғылған голдан шығыпты бәрі. Гол! Сұмдық қой. Ешкім ойламаған. Айқай сап орнынан атып тұрған. Жарылып кете жаздадым дейді. Келесі сәтте-ақ өрекпіген көңіл су сепкендей басылған. «Ойыннан тыс...» Дымы құрып орнына отыра кеткен. Осы кезде қуанышты дауыс естіліпті. Шіңкілдек, ащы.
– Бәсе, мүмкін емес қой, – деп қояды. Екі қолын жұдырығын түйе жоғары көтеріп, құнжың-құнжың етеді.
Саржан ұқпапты басында. Аңтарылып айқайшы досына қараған.
– Ей, не болды саған?
– Құдай сақтады! – депті әлгі.
– Не?! Нені құдай сақтады?
– Англияны. Бірінші минутта гол ұрғызса жер болатын еді ғой. Сақтадыыы, сақтады, – деп мәз. – Тем более какой-то Қазақстанмен ойнап жатып.
Саржан осы кезде түсінген. Адам сенгісіз жағдай. Бірақ, көз алдында ағылшындар үшін жан беруге бар ұзынтұра досы.
– Ей, тоқта! Сенікі жай ма?
– Не жай ма?
– Тоқтааа, сонда... – Түкірігіне шашалып қалған. Алай-түлей жан дүние көмейін бітеп тастапты. – Сонда сен... Сен сонда ағылшын-дар-ға...
– А?.. Е, иә. Ағылшындар жеңеді.
– Е, мынау... Кім айтты... ой, қалай сонда? Түсінбедім...
– Түсінбейтін несі бар? Қазақтар оңбай жеңіледі бүгін. Соны да түсінбейсің бе? Англия есть Англия!
– Охо, е сонда сен Англияны жақтап отырсың ба не?
– Иә. Не бопты?
– Англияның кіммен ойнап жатқанын білесің бе? Қазақстанмен, қазақтармен ойнап жатыр ғой. Басың істей ме?
– Ойнаса не бопты? Ағылшындарда атасының басы бар ма? Ойнай алмайды, жатпай ма тыныш.
Осы кезде толық көзі жетті. Манадан бері қалжыңдап отыр ма деп, екі ұдай күйде отырған. Өзінің күнде көріп жүрген, қатарласа тірлік кешіп жатқан досы «Қазақтар жеңілсін!» – деп ұрандап отыр.
– Ей, айналайын-ау, сен қазақ емессің бе?! Намыс қайда?
– Намыс? При чем здесь намыс? Мен Англия футболының жануүйерімін. Осы уаққа дейін сол үшін жыртылып жүріп, бүгін қазақтармен ойнады екен деп айнып кетуім керек пе? Әр ойыншысының аты-жөнін туған күніне дейін еріккеннен жаттап жүр деп пе едің?
– Әй, сенің ұлтыңның аты аталып жатыр емес пе? Қалай сонда...
– Ұлттың қатысы жоқ. Футболда ұлт жоқ. Кім жақсы ойнайды, – сонікі. Футбол – өнер ғой. Ал, өнер – жер бетіне ортақ.
Ойын жайына қалған. Ыңғайсыздану тұрыпты, айылын жию былай тұрсын, «соған басың жетпей ме?» – деп өзіне кінә артып тұрған мына досының әрекеті түңілдіріп жіберген. Тіпті, айтарға сөз таппай қалған. Ал, шіңкілдек дауыс тынар емес. Өзі де шешен сөйлеуші еді, мына тұста тіптен ақтарылып кетті. Философиялық ой айтқысы келе ме, бірдеңе.
– Қазақтар да жақсы ойнасын осылар сияқты. Сосын жанкүйерлері пайда болады. Қазақтар ғана емес, бүкіл әлем тік тұрып шапалақ соғатын болады.
– Ал, сен ше? Сол кезде кімге жанкүйер боласың?
– Оны кезінде көрерміз. Бірақ, Англияны қимаймын...
Шыдамның жеткен жері осы ғана еді. Атып тұрған да, жағадан алып сыртқа дырылдатып сүйрей жөнелген. Ара түскен екінші досын қағып жіберіпті. Ауылдағы шал футболды не қылсын, қора-жайын қамдап сыртта жүрген. Әйелдер жағы ошақ жақта. Үшеуі ғана отырған.
– Атаңа нәлет малғұн! Сенің өзің «қазақ адам болмайды» деп көкіп жүргенде әлем қазақ үшін қол соғады екен де, сен қайдағы бір ағылшындар үшін шыр-пыр болмақ екенсің ғой. Көрсетейін саған!
– Е, жынды ма, жібер.., жібер е... мынау... есіңнен ауыстың ба?..
У-шуды естіп төңірек әп-сәтте жиналған да қалған. Тамағынан буындыра ұстаған қолына жағдайдың қиындап бара жатқанын аңдаған досы алдымен жабысқан. Етегіне оралған қатындар, иығынан жұлқыған әкесі. Көзі қарайып кеткен, ешкімнің сөзін естімеген. Қолы сіресіп қалыпты. Ананың аузынан көбік ағып жатқандай көрінген. Қым-қуыт бір тартыстың ортасында жүргендей сезінген. Анығында, қым-қуыттың көкесі болып жатқан. Шырылдаған шеше мен ақырған әке. Шулаған қатын-бала. Жан дәрмен жұлқылаған досы. Қырылдап, босап бара жатқан әлгі...
«Шырр», – еткен ащы дыбыстан есін жиып алды.
Ұзынтұра досын жағадан алып, тік көтеріп тұр екен. Бір қолмен. Аяғы серейіп, салаң-салаң етеді...
– Әлі күнге қайран қалам, – дейді әңгімесін үзе тұрып. – күшім қалай жетті екен, салмағы да әжептеуір болатын. Аз дегенде сенсеннің үсті. Оған қоса көлденең асылған ел-жұртты қос. Сұмдық-ай, – деп қояды басын шайқап.
...Жағдайды бағамдаған соң, қолын босатпақ болған, сіресіп қатып қалған, еркіне бағынар емес. Ананың саудасы бітіпті. Қорқып кетті. Өлтіріп алған екенмін деп. Осы кезде, көпті көрген емес пе, әкесі жармасыпты қолына. Уқалады ма, қысты ма білмейді, әйтеуір босатып алыпты. Дір-дір етіп теріс айналып кеткен. Әл-дәрменнен айрылған. Мұнда ешкімнің шаруасы жоқ. Бәрі көгеріп, бүктетіле сұлап түскен ағылшын жанкүйерінің асты-үстіне түсіп жүр. Сүйретіле басып барып, жауынсыз жазда топырағы борпылдап жатқан шаңды жерге сылқ етіп отыра кетті.
– Сатқын, – деді күбір етіп.
Талдықорған, 08.07.2012
Кандидат
(әңгіме) Жұмыс уақыты бітіп, дәлізден көршілес кеңсе есіктерінің жабылған дыбысы мен сырт-сырт бұралған кілттерінің сыңғыры естіле бастаған шақта қалта телефоныма жан бітті. Белгісіз нөмір.
Беймезгіл уақта кім болды екен...
– Мен Ғалыммын ғой, – дейді бір жұмсақ дауыс. Алқынып тұрған сияқты.
Ғалым... Ғалым... Өзім көрген Ғалым атаулы бастан-аяқ түгенделді. Ауыл, қала, көше.., өзім аяқ басқан жердің бәрі әп-сәтте көз алдымнан бір өтіп шықты. Есіме түсер емес.
Кім болды екен?
– Біздің үйде болғансың, екі жыл бұрын. Жайлауда. Көккемерде...
Жайлау... Көккемер... Бірнеше рет болғам. Қайсыбірі еске түссін. Сондағы қымыз ішуге түскен көп қазақтың бірі шығар дедім де, тани салдым.
– А, Ғалеке сіз бе? Қалайсыздар?
– Жақсы ғой жақсы. Саған ауылдан звондап тұрмын. Кеше таудан түскеміз. Сосын саған бір хабарласып қояйын деп...
– Әә, дұрыс болған екен. Ауыл-аймақ орнында ғой? Үй іш, бала-шаға тегіс аман? Кішкентайлар өсіп жатыр ма? – Айналайын сөзуар қазақтың аман-саулығы біткен бе, шұбыртып бердім. Сонша сұраққа берілген жауаптың ішінен кім екені есіме түсе кетердей бірдеңе айтылып қалар деген үміт. Даусынан орта жасқа ілінбеген, қайткенде де қырықтың ар жақ, бер жағындағы отағасы екені байқалады, «бала-шағасы бар шығар әйтеуір» деген жобамен соғып жатырмын.
– Иә, аман-есен. Жүр ғой. Сенің жұмысыңа кедергі келтіргем жоқ па?
– Жо-жоқ Ғалеке. – деймін, танымай тұрғанымды біліп қоярдай атын қайта-қайта атап. – Иә, Ғалеке, не бұйымтай? Амандық қой әйтеуір?
– Аманшылық қорықпа. Жеңгең босанған бүгін. Осы қазір ғана. Ести сала бірінші саған хабарласып жатырмын. Інілі болдың. Атыңыз қызық екен деп кезінде өзің сонша күліп едің, енді сол жаман кейін ренжімейтіндей ат қойып бер деп...
Атыңыз қызық екен...
Сонда ғана есіме түсті. Иә, шынында атына сонша күлгем. Көзінше ыңғайсыздансам да қыстығып, жарылып кете жаздағам. Жап-жасыл жайлаудың тап-таза, салқын ауасына қарамай борша-борша терім аққан. Үй иесі ренжиді екен деп есім шығып еді. Бірақ, Ғалекең кең кісі екен, ырқ-ырқ күліп қойып, отыра берді. Ренжу қайда, тіпті «інілі болдың», – деп сүйінші сұрап тұр.
– Қай жерде? – Кейде нақтылау былай тұрсын, ымның өзінен сыр түйген елдің баласымыз ғой, перзентхананы сұрап жатырмын. Ол да «не қай жерде?» демей-ақ бірден ұққан.
– Аудандықта. Сол біреу ғана ғой.
– Қанша жататын сияқтысыздар?
– Бәрі жақсы деп жатқан. Ертең шығарып қалар. Елдікі сияқты апталап, айлап жатпайды біздің қатынның бір жақсы жері... Сомен, келесің ғой?
***** Жиыны үш-төрт адам жолға шыққанбыз. Осыдан екі жыл бұрынғы құрамға осыдан аз ғана бұрын біреу қосылған. Яғни, арамыздағы бір жігіт үйленген. Ұлды болып жатқан ескі танысымызды құттықтап қайтпақпыз. Ғалекең маған ғана емес, балдызына да хабарласыпты. Іле-шала шұрқыраса табысып, тарттық та кеттік. Қаладан жырақ аудан ғой, жол ортасына әлі жеткен жоқпыз. Мұндай ұзақ жолдың алғашқы ширегінде даурығысқанмен, орта жолға жетпей әңгіменің бітіп қалатыны болады. Тербете түскен көліктің жайлы жүрісі адамды тыныштыққа, оңашалыққа шақырып, ұйқыға тарта түсетін. Көрмеген аз уақыт ішіндегі өзгерістер мен жаңалықтарымызды түгесіп тастаған соң, әркім өз ойымен әуре болып кеткен. Асфальт пен дөңгелектер арасынан шыққан бір келкі дыбыстан өзге үн жоқ. Менің ойым бүгінгі біз түспек үйдің иесі төңірегіне тоқтап еді.
Ғалеке... Ғалым...
– Мен Ғалыммын ғой...
Осы сөзді айтқанда қандай күйде болар екен деп ойлап қоям. Өз аты емес қой. Жаңа танысқан адамының бұған қатысты тарихтан хабары жоқ болса да, қуыстанып бітеді-ау. Өтірік айтқан адам да жасырынбақ ойнаған бала сияқты, жасырынған жері іздеуші үшін жұмбақ, қиын болғанмен, өзі үшін оңай көріне береді. Ешкім көрмес қалқаға ауысам деп жүріп, төбесін жылт-жылт көрсетіп алғанын білмей қалады. О баста аңғармағам, кейін мән-жайға толық қаныққан соң өз атын аздап ыңғайсызданып, тез-тез айта салатындай көрінген әлгі кездесуімізде. Өз атын айту үшін осынша азапқа түсіріп қойған қазақтың ғана емес күллі адамзаттың ат қою салтына ренжіген шығар. Әйгілі «Менің атым Қожаны» оқығанда, Қожаның атына қызыққан шығар. Қожа деген әйтеуір ел арасында бар ат қой. Автор айтқандай құлаққа ерсі естілсе де, кемшін тұстары болса да, неге олай деген сұрақ қойып, тергеуге алмайды. Алғаш естігенде көзінше жыртылып күлмесе де, дымын ішіне жұтып, көзі бағжаң ете қалмайды. Ол – Қожа. Ал, мұның аты... Қожа «айта бастасам тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады», – деп шағынады. Сол да сөз болып па! Есімі сондай болғанда ғой құрығанда, саңқ етіп мақтанышпен айтар еді. Иә, Қожаның күні көш ілгері. Қолдағы алтынның қадірін білмей жүрген тәубасыз бала... Өзі оңбай қалған соң, біреудің қаңсығын таңсық көріп, тамсанып отырған мұны көрсе... Өз күнімен жылап көрісер. Ал, бұл ойлай бастағанда-ақ іші тұз құйғандай болады. Бала кезде мән бермейтін. Кейін, шындығында қысыла бастаған. Ақыры, атын ауыстырып алды. Ауыстырған түгі жоқ. Құжатта тұр ғой баттиып. Оның үстіне тым кеш қимылдаған сыңайлы. Отыз тісінен екі ауыз сөзі шықса, күллі әлем біліп болды деп есептейтін, сымсыз телефонның тірі нұсқасы, қарға тамырлы деп сипатталатын бытысқан байланысының арқасында «сөзім желге ұшты» деп ренжи алмайтын жер бетіндегі жалғыз ел – қазақтар мекендейтін ауылға белгілі болған жайт алыс-жақынға тегіс жетіп болған кезде ғана ақыл кіріп, түс ауа маңырағанының пайдасынан зияны көп па деп қалды. Өз атын өзі өзгертіп айтып жүргенін естіген кейбір у тілді немелер сыртынан сан саққа жүгіртіп жатты. Кейде бұл да тәубаға келетін өзінше. Салыстырады ғой. Қазақтың арғы-бергі өткенін қотарып кеп жібергенде, бұрқыраған шаңның астынан не бір құдай атқан есімдер кездескен. Итжемес... Сұмдық-ай! Осы атты арқалап та жер бетінен көшті-ау біреулер. Рас болса адамның аты тағдырына тікелей әсер ететін көрінеді. Демек, ең болмаса иттің өзі жеуге жарамсыз адам болғаны ғой. Әлде, «итке жем болмаса екен осы сорлы», – деп ырымдап қойды ма екен? Демек, сол атты қойып жүргендердің өздері оңбай тұр ғой. Бірқатары итке жем болған да... Қадірсіз... Мұндай атты шаң жұтып, тау қопармай-ақ естіген. Кәдімгі әже. Салиқалы. Бала-шағасы түгіл, ауыл-үй алдынан қия өтпейді. Қадірі де бар сияқты. Үбірлі-шүбірлі кісі, шалынан жетпіске толар-толмаста, ерте айрылдым демесе, басқа қайғысы жоқ. Сүп-сүйкімді, томпаң қаққан қаптаған немере-шөберенің ортасында отырудан асқан қандай бақыт керек?! Көтібар... Алла-ай! Ауызға байқамай алып қойсаң ұятсыз атандырар сөзді елге жар салып... Менің атым... Құдай-ай, қайтіп айтты екен? Қыздармен қалай танысты екен?.. А, айтпақшы ол баяғыда жасаған кісі. Өзі батыр болған деседі. Демек, атақты болған. Қыздарға атын айттпай-ақ, шырқ иіре берген шығар. Туһ! – дейді сосын өзінен-өзі түңіліп. – Құлқыны қыздан арғыға жетпей қалғандай сорлы басым, қайдағыны ойлап. – Ондай ұятты мүшесі бар екенін ат қойып әйгілемей-ақ қойса да біледі ғой бұ жұрт. Әлде, күмән келтірді ме екен? Мүмкін, жүрегінің түгі бар дегеннің анайы нұсқасы үшін осылай қабылдаған болар? «Е, ол қолдан келмейді біздің. Ол үшін де к... керек», – деп күнде айтады ғой өздері де. Сөйтіп, ауыспалы мағынасында бірдеңе қылмаса, мүшесін түгендеу үшін бұлай жасады деу, қалай болғанда да ешқандай ақылдың ауылына сыймайды. Қайткенде де мұның басы жетпейді. Сол атты қоярда қандай оқиғалар болды екен ә? Не көрініпті, қарсы шыққандар болған шығар-ау. Қарсы шыққаны бар болсын, осындай ат қоям деп көкіп жүрген әуейінің не ойлағаны болды екен? Нағыз тістеген жерінен тісі жағымен қосып бөлініп қалғанша ажырамайтын шақардың өзі болып тұр-ау. Әйтпесе, мынадай сұмдық болып жатқанда түк жазығы жоқ сәбидің обалына қалатындай ауыл тегістей теріс кеткендер емес шығар. «Қырықты қыңыр жеңеді» дегенді осындайда айтса керек қазақ та. Майкөт... Бұл кісі де сұмдық ақын болыпты дейді білетіндер. Ақын яки батыр болу үшін осындай ат қойылу шарт болса, жер бетінде оңған есім қалмайтын еді ғой. Осыған қатысты естіп қалған бір оқиғаны естіп, сонша тамсанғаны бар. Қазақтың қыз-келіншегі орамал таға ма, жоқ па деген сұрақ төңірегінде қара қазақ пен жаңа қазақтың арасында тартыс болыпты. Қара қазақтың не дейтіні, жаңа қазақтың не көкитіні белгілі. Әңгіме орамал туралы болған соң жаңашыл неме:
– Тақпасын! – депті кесіп айтып. – Керегі жоқ. Қазір ол заман өткен. Кемпірлер тақса таға берсін, қыз-келіншектер жайнап жүрсін. Барды көрсету керек қой. Айтыңдаршы, қазақтың қыздары кімнен кем? Әлемдік аренаға жарқыратып алып шықсақ, атты түсіп, жаяу жатып қарайтындай бар. Ал, біз соншама сұлулықты тұншықтырып, тұмшалап... – Мынадай сөз өз-өзінен ақтарылып жатқасын, пенде шіркінде тоқтау бар ма? Тамағын кенеп қойып қайта шабыныпты. – Әй, тіпті бар ғой, қазақта Сұлушаш, Қарашаш, Ақтамақ деген аттар болған. Соған қарағанда, баяғы қазақ та орамал тақты дегенге сену қиын. Себебі, орамалға оранып жүрсе, оның шашы мен мойнының қандай екенін қайдан біліп жүр? – депті жерден жеті қоян тапқандай өзеуреп.
Қара қазақ қойсын ба, шаласы мұндай шешен қазақтың қарасының жайын айтпай білмеймісің.
– Сіз, – депті жаңа жаққа кекете қарап. – Қазақтың өткенін қайтесіз, өзіңізге қиындау болады-ау. Оның үстіне дауласып отырған адамыңыз тарихты біршама оқыған кісі. Кейінгі жаңалықты сіз сияқты біле қоймаспыз, бірақ өткеннің иісі мұрнымызға баратыны анық. Мысалды дұрыстап келтіріп үйреніңіз алдымен. Содан кейін «қазақ!» – деп ұрандайсыз. Егер, көрініп тұрған жерді негіздеп ат қою керек болса қазақта Майкөт деген ақын, Көтібар деген батыр өткен, – депті-міс.
Дүр екен кім болса да. Шіркін-ай, ойната білсе сөз шіркіннің алмас қамалы жоқ-ау, – деп тамсанып біраз отырды. Ойына тағы қаншама аттар оралған. Бір бүгін емес, күндегісі осы. Ойламай қайтсін, адам өз атын күн құрғатпай ең құрығанда бір мәрте айтады ғой. Тіпті, қойын қайырып қойып, қырда жатқан мұның өзін елсізде жүріп кезіккен қазақ та құр жібермейді. Жоқ қараған қазақтың өзі ішіңді кептіріп, төренің баласындай керіліп бағады. Мүлгіп тұрған атына бір жамбастай қисайып отырып алып, қамшысын бүктей ұстап ап ыңырси сөйлегенде жоғалған бір құнажынның соңынан сандалып жүрген адамға тіпті де ұқсата алмайсың. Тақ бір, серілік құрып, сәні жарасып тұрғандай асықпайды өздері.
– Ныспың кім? Қай туған боласың? Кімнің басласысың?.. – осылай шұбырып кете береді. Кезегімен қоймайды, ақтарып бірақ тастайды. Тіпті жауап беріп біткенше сұрақтың санынан жаңыласың. Бұған салса, ең бірінші сұрақты аттап өтіп кете салар еді. Бір атым насыбай үшін ат құйрығын кесісіп, көш басын теріске бұруға бар кергіме немелер бір ауыз сөзінің далада қалғанына өлсе көнсін бе, сүйегін қазып, өлген-тірілгенін түгендеп шыққанда, сығырая қарап: – Атың кім дедің? – дейді қайталап. Осы бір сұрақтан жек көретіні жоқ шығар. Ат, есім, ныспы... Аттың өзіне бірнеше ат қойып тастағанда, соншама азандаған соң дұрыс есім жамай салса ғой, түге! Қайдағы бір...
Күлшашар, Кәріпжан, Қойбағар, Жылқайдар, Текебай, Дәметкен, Қойсана, Күнсана, Итемген, Малбақ... Кете береді. Тәкілбек дегенді естігенде, мағынасын таппай қор болғаны бар. Сонда, балам өскенде қой бақсын деп ырымдағаны ма сорлының? Күл шашып отырар салақ қатын болсын дей ме екен? Кәріпжанына не жорық? Кәрібі – ғаріп дегені емес пе, кінә мен күнәдан ада сәбиді осынша қорлап... – Осылай ойлап-ойлап келетін де, жерге бір түкіріп, тып-тыныш жайылып жүрген қойына айғай салатын. «Қайт ей, итттің малы!» Сосын қайта ойланатын. – Хангелді мен Қойгелді... Алғашқысы қандай бақытты десеңші, анау-мынау емес хан келгенде туған. Тіпті, хан үйіне түстенуге түсе қалмаған шығар, айшылық алыста сайлауы болып, билікке жаңа патша, таққа жаңа хан отырғанда, түк таппай отырған қазақ үшін тағы бір есім табыла кетпей ме?! Ділмарлығын көргенде еріксіз сілекейің шұбырады. «Сенен асқан кім бар екен, шіркін», – дегізіп, сүйіндіргені сонша атыңды ұмыттырады. Ал, маңырап, жамырап кеш бата күнде-ақ келіп жүрген қайдағы бір отар үшін Қойгелді деп... Дүниеге адам, ұрпақ кеп жатқанымен шатағы жоқ, қой келгенде туды деген де, молданың құлағына сыбырлай салған. Азанын шақырып, өрістен қайтқан семіз тоқтының майлы сүбесіне сақалын армансыз малып отырған молдекең ойланып қайтсін, оның үстіне «мұның қалай?» – деп езіп тұратын уақыт емес, алланың аты аталған жерде көлденең кеңес құру молда атына сын, азан жаңа ғана шақырылды, бөгелер қисын жоқ. Оны бір заман өткенде таң ата туған баласына қойған біреулер, «ойбай, сондай да сондай, Қойгелді атасындай болса жаман болмайды, ешкімде шатағы жоқ, қой аузынан шөп алмас момын еді жарықтық, сол кісінің жолын берсін!» – деп тағы құртқан. – Әәәй, бұл қазақ шіркінге дауа жоқ қой, дауа жоқ! – деп екінші жамбасына аунап түседі. Қазақ шіркінге айтқызсаң, адамның бәрі қойын құрттап, айранын ұрттап қойып, ешкімде шаруасы жоқ пәңгіп жүретін сасық ауыз, сопақ бас болу керек сияқты. Қолына іліккен әлдебір шидің талын талмап ауызға салып, тілімен айналдыра ойнап, көкке қарап біраз жатады. Жатады, жатады да, есіне әлдене түскендей атып тұрады. Не үшін тұрғанын өзі де ұмытып, мәнсіз тұра бергенше деп қой жақты бір көздеп қояды. Сосын қайтадан жамбастайды. Жамбас жерге тиісімен басын ой қамай бастайды. Соңғы кездегі ойы есектің миын жегендей адам аттарының айналасынан шықпайды шыр айналып... Айбынды естілер қаншама ат бар. Солармен қол алысып тұрып, өзіңді қараптан-қарап қор сезінесің. Хандардың аты қандай шіркін. Сірә, естігенді елең еткізетін елеулі есімді ойлап табу үшін де тектілік керек шығар-ақ. Ел басқаратын асыл ұрықтың ұрпағы бұл жораға ерекше мән берген болуға тиіс. Бірақ, өзі төре болса, «балам қой бақса да жетеді, әйтеуір жер басып сопиып жүрсе болды», – деп қайдан армандасын. Көргені көгендегі қозы мен жайылымдағы қой емес, төрдегі шіренген хан-сұлтандар мен асқақ шаңырақ болған соң ұсақтап қайтсін?! Атыңа сай адам болмасаң, жаман итке теңеп, итіңді шығаратын қабаған қазақтың екеуі бас қосса үшінші қылып сені отырғызып қойып, дүрсе қоя беретіні тағы бар. Қаншама Шыңғыс пен Абылайды көрді. Тіпті, ханын қосып қоятынын қайтерсің! Соның талайы аттың қай жағынан міну керек екенін ажырата алмай, көзің қайсы десе аузын көрсетіп есеңгіреп жүр. Соған қарағанда, адамның атының тағдырға әсер ететіні жел сөз болар. Әлде, жаратушы да ашуланып, «түріне қарамай ат қойғышын, менің сүйікті құлдарымның есімін иемденгенді көрсетейін», – деп сондай күйге түсіріп қоя ма екен? Демек, әділетсіздіктің өзі жоғарғы жақтан басталып отыр екен ғой. – Әйтеуір, басы жетпейтін. Кінәліні іздеп отырып, тікелей құдайдың үстінен іс қозғамақ болып отырғанда, есін жиятын. Тәубаға келіп, қойын көзбен түгендей отырып, кешірім сұрайтын. Ойлай-ойлай миы айранға айналып бара жатқандай. «Үш күн қой баққаннан ақыл сұрама» дегенді де осы өзі сияқтыларға қарап айтқан-ау баяғылар да. Сосын қайта бас қатырады. Күн ұзақ әлі, қой мен ойды қатар бақпасаң, күнің өтпейді иенде. – Егер, әлгі сөз рас болса, бұл мына тауда талтиып жатпай, мінбелерде қол сілтей сөйлеп, біреулермен тартысып қалада жүрмес пе еді? Ій сасыған қой жоқ, қи сасыған қора жоқ. Ыңырана тыныстап, дүниені тіреп тұрғандай мүйізін шайқап қойып, күйсеп жатқан сиыр жоқ. Он салсаң бір баспайтын жабы – қойторы жоқ. Әлгі теледидардан көріп қалатын кілең ығай мен сығайдың, игі жақсының ортасында сайрап тұратын бірдеме ғылымдарының докторы, профессор дегендерде де арман бар ма екен.
Атына заты сай болмағасын, жаңбыр жаумай су болып, қысыласың да жүресің. Сөйтіп, кешті батыратын. Бұрын соңды көп ойланбайтын, жас қырыққа таяған соң-ақ ой құрғыр иектеп алды. Не түнде тыным жоқ, не күндіз тыным жоқ. Ұйықтаса да түсінде атын әдемілеп өзгерткелі жүреді. Қазір, «осы балаларымның аты қандай?» – деп ойланатын болып жүр. Бай мен бекті, хан мен тайды қоспай-ақ қойып шығыпты. Бары үшеу. Үшеуі де ұл. Төртіншісі қыз болады деп үміттеніп жүр әйелі. «Айтпақшы, әйелінің аты қалай осы? – дейді жерден жеті қоян тапқандай. – Әйтеуір, бұған күлгенде, болмаса ат туралы лекция оқығанда құдайдай. Әлгі тағдыр мен атты байланыстырып, пәлсапа соғып жүрген де сол. Тіпті, жаман ат қоюды – «бала тұрмағасын амал жоқ істеген іс», – деп ақтап, ділмарсыйтынын қайтерсің! Қалай ойына келмеген, ол да оңып тұрған жоқ екен-ау. Ұлбосын. Иә, тілеу тілеп қойған деп отыратын. Қайын жұртының тілегін берген-ақ екен ендеше. Үш қыздан кейін-ақ, топырлатып үш ұл туған енесі әлі тың. Қызы мынау, қызға зар боп жүрген». Былай, балаларының аты тәуірлеу сияқты. Арман, Ержан, Нұржан. Елең еткізер есім емес, бірақ, бұл қалай дегізе қоймайтын көптің бірі. Оған да шүкір десін бәтшағарлар, аталары тірі болғанда, азанды қай қыбылаға қарап шақыратынын құдай білсін! Ендігісі қыз болса да, ұл болса да, әй бір кереметтей ат ойлап таппаса ма осыдан. Одан ары қарай ат түгендеу басталады. Жақсы аттар. Бірақ, осы уаққа дейін асқақ көрініп жүрген есімдердің түбіне үңіліп кеп жіберсе, қайдағы бір болымсыз мағынасы мардымсыз бірдеңе сығалайды да тұрады. Біржан деген ат қатты ұнайтын. Біртуар перзенті ғой қазақтың. Әндері қандай, сай-сүйегіңді сырқыратады. Құлаққа кәдімгідей естілгенмен, екіге бөліп қалсаң, қайдағы біреу дегенге жуықтап кетеді. Аруақ назаланып жүрер деп, одан ары ойлауға қорқады. Кәрібоз деген аты бар адам кездестірмесе де, біреулердің сондай атасы болғанын білетін. Жағымды естіледі әйтеуір. Елең ете қалардайсың. Ойламаған бір күні, аңтарылды да қалды. Жылқы ғой. Жай жылқы емес, кәрі жылқы. «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» деп мақалдатып жататын. Сол. Ақыры, «қартайғанда көрген қызығы болғасын, солай атаған шығар», – деген де қойған. Айбас деген атты ұнатқан. Сөйтсе... Одан да күдер үзді. Бәлкім, айдың басында туған шығар... Қазақтың ойын түсініп көр мықты болсаң! Жұмағали деген бар. Басқаны қайдам, өзіне ұнайтын. Соңында, күдерін үзді. Жұма күні туылыпты да, қоя салыпты. Бұл қазақ шіркінге дауа бар ма! Аптаның жеті күніне қаратып ат қойып жүрген... Бар жоғы жеті күн болса, сол күннің бірінде тумағанда, сегізінші күнді кімнен сұрап алады? Одан беріде орыстың аузын бағып жүріп Октябрь, Совет, Май деп... Ой, сұмдық-ай! Айы-күні жақындаған Ұлбосынның шермиген ішіне қарайды да, қайта ойланады. Өз аты аз еді, енді әлі тумаған баласына ат іздеймін деп жүріп-ақ тентек болатын болды. Таң атқаннан күн батқанға дейін. Ат, есім, ныспы...
Мағынасы бір осы үш сөзді иттің етінен жек көріп кетті.
– Иттің етін күнде жеп, жиіркеніп жүргендей қазақ та айта береді-ау, – деп қоятын сосын, көк майсаға тұмсығын құныға тығып, өріп бара жатқан отардың соңынан қарап отырып.
– Ғалым, – деп танысты. Менің бір досымның жездесі екен. Қойшы, малшы деп жүрміз ғой, азғантай жандығын өргізіп, көшпенді тірлік кешіп жатқан ағайынның бірі. Қысты күні мұндай ағайынның ауылына ат ізін салу былай тұрсын, сүйресе аттап баспайтының беп-белгілі, – жазғы жайлауына түскенбіз. Шаруақор адамның қызыл шырайлы күн қақты жүзі. Етті-жеңді екен. Сүйегі де ірі. Қарны ғана салбырап, аяқтары салмағын көтере алмай тұрғандай көрінетін әлжуаз іркілдектердің қатарынан емес, толықтығының өзі шымырлық пен ептілікті аңғартатындай. Күлімсіреп сөйлейтін сияқты. Әлде, қалжыңы жарасқан балдызын көргенде сондай күйге түсті, болмаса көптен көптің ортасын көрмей, иегі қышып жүрген жанның әдетімен қонақ келгенге қуанып қалды.
Жап-жасыл әлеммен астасқан мынадай пейіл жадыратып-ақ жіберген. Кеу-кеулеп әңгіме соғып отырмыз. Дөңгелек шаңырақты қазақтың киіз үйінде қазақша малдас құрып ұзақ отыра алмасақ та, «қандай ыңғайлы», – деп қойып шоқиысып бағамыз. Сыздықтата ұрттайтын бал қымыз «әңгімені менсіз қалай айтар екенсіңдер» дегендей тостаған ішінде мөлт-мөлт. Соңғы кезде шыққан әзіл, қымыздың өзін сүтпен бе, сүтсіз бе (орыстың с молоком, без молокасы) деп барып сатып алып үйреніп қалған біз үшін таза қымызды күбіден қотарып ішу мерекеден кем емес.
Осы кезде айтып қалды. Балдызы жездесіне:
– Сомен, Кәндеке, он бір бие байлап отырмын деп шіреп отырсың, қаншауы өзіңдікі? Жоқ, бәрі қоспа ма?
– Елдің малын санамай отыра алмайсың ба, ал қайтесің, бәрі өзімдікі.
– Жоқ, Кәндеке, мен білем ғой сені, елдің көңіліне қарап, бар малын алдыңа жиып ап, атаңнан қалғандай ардақтап бағып отырған шығарсың...
Екінші мәрте Кәндеке... Ғалым деп еді, к-мен ұйқастыра алмай қор боп отырмыз. Еке-ні қосып айту үшін соңғы екі әріп қысқаруға тиіс. Яғни, Ғалеке болса керек еді. Бірақ, Кандеке деді. Екі мәрте, қағыс есту мүмкін емес. Арамыздағы Қасым деген жігітіміз алаңғасарлау еді, төтесінен килікті.
– Қалай Кәндеке? Итке теңеп отырсың ба сонда? Жездең болса, жездең шығар, бірақ, қалжың айту үшін де уәж табу керек қой. Мынадай бойлы-сойлы жігітті кәнденге теңеп...
Көкейімізді тап басып отырса да, ыңғайсызданған боп, «қойсаңшы», – деп қоямыз. Балдыз бір әңгіменің шетін шығарды. Кәндекең... Әй, Ғалекең кәнден иттен өлердей қорқатын көрінеді.
– Кішкене кезінде тұрқы тәуірлеу қазақы төбет құрып қалғандай, кәнденге таланыпты. Содан солай атап кеткен...
Ақылға қонымсыз. Жобаға келмейді. Жан-жақтан «қой әрі» десіп, жамырап жатырмыз. Тағы бір кепті қылтитты.
– Туыла салып кәнден емген. Аңыз бен мифте айтылатын қасқыр еметін бала бар ғой, сол сияқты...
Қисынсыз. Көп қиқар сөзінің бірі. Отағасына қараймыз аңтарылып. Күліп қойып отыра берді. «Айтып болдың ба?» – дегендей балдызына қарап алды.
– Ал, жігіттер қымыз алып отырыңдар. Оо, біздің Көккемердің қымызы... Оның үстіне әпкелеріңнің қолының күтімін көрген соң... Күнде кеп жатқан жоқсыңдар, – деп аз бөгелді. – Ал, мынаның айтып отырғаны, – балдызына қарамаған да. Ең болмаса иекпен нұсқаушы еді, ондай жоқ. Жоқ қарап отырғандай жерден бас алмай сөйлейді екен. Ішімізде не жатқанын, құмартып өліп бара жатқанымызды біліп отыр, «тыңдамай көріңдер» – дейтіндей. – Біздің шал қызық кісі еді. Аздап әпенделігі болатын. ой, қызығы жетерлік. Қазір аңыз қып айтады осы аймақ. – Әкесін есіне алағндай сәл бөгелді. – Бірде, тыныш тұрмай қойған мініс атын жығып сап тағалапты. Алдыңғы екі аяғын бітіріп, көлденең бір шаруалармен айналысып кеткен көрінеді. Сол кеткеннен мол кетіп, біраз уақыт өткен соң ғана есіне түсіп, артқы аяғын тағалап бітіріпті. Аттың аяғын босатып, «ал енді тұра ғой», – десе, жылқы қозғалмайды дейді. Сөйтсе, ұзақ жатқан жылқы ауа жетпей үзіліп кеткен көрінеді. Әкеміз басына бір шығып, аяғына бір шығып, қарап тұрып-тұрып айғай сапты:
– Бағила, әй Бағила, мына атаңа нәлет жыққанда тірі ме еді өзі?
Құрттап кеткен қойға «таза жүрмейсің, құрттамай қайтесің!» – деп ренжіген де сол кісі. Сыпыртқыны тұрғызып қоюға болмайтын ырым бар ғой қазақта. Бір үйге бара қалған көрінеді. Босағаға сүйеніп тікесінен тұрған сыпыртқыны көріп:
– Әй, мынаны кім бұлай шошайтып қойған, түге! Әй, көгермегірлер-ау, дұшпан өрлейді, – деп қолына алып, жатқызып қоятын жер іздеп жан-жағына қараса – қонақ күтіп жатқан үй, – ыңғайлы жер табыла қоймапты. Қолына ұстап ары айналып, бері айналып, күйбеңдеп біраз тұрыпты да, сол орнына қайтадан тікесінен сүйей салыпты.
Сол әкем балаларының атын шатастырып жүріп өмірден өтті. Тек, менікін ғана ұмытпайтын. Өміріндегі жасаған бір тапқырлығым деп масаттанатын болу керек, әйтеуір мені жұмсарда, ерекше екпінмен атайтын. Менен үлкендерін Мако, Жако, Бұлатай деп еркелетіп жататын кейде. Тек, менің атымды тура атайтын. Мен туардан бір күн бұрын үйге бір құдайы қонақ кепті. Жаз кезі, қымыз іше келген көп қыдырмаштың бірі болу керек. Қонып, таң ертең аттанып кетіпті. Ол кете салып, шешемізді толғақ қысқан. Көп ұзамай, түс әлетінде мен келіппін өмірге. Бала туған соң ат қою керек. Әкеміз ойланбастан, «әлгі құдайы қонақтың аяғы құтты болды, соның атын қоям», – депті. Бар бәле де осы жерден басталған. Әлгі құдайы қонақтың атын ешкім білмейді. Жете жөн сұраспаса керек, сұраса да мән бермеген, – ұмытыпты. Әкеміз кәдімгідей бас қатырыпты. Ақыры, мұрты тікірейіп орнынан атып тұрыпты. Қатыны ұл тапқанда мұнша қуанбаған шығар. «Таптым!» – депті.
– Баламның атын Кандидат қоям!
Ел-жұрт аң-таң. Мәнісін сұрастыра келгенде, әкемнің сөзінен ұққаны, әлгі аты жоқ құдай атқыр ғылым кандидаты екен. Қазір бар ғой анау, бірдеңе ғылымдарының кандидаты деген, – сондай. Ол кезде бүгінгідей емес, «қағаз кеміріп жүрмін» деген адамды құдайдай көретін кез. «Балама соның жолын берсін!» – деген де:
– Аты Кандидат болсын! – Біреулер күмілжіп, қарсы уәж айтпақ екен, кесіп тастапты. – Кенжемнің атын Кандидат деп қоям!
Болғаны сол, мына жаманның қалжыңға сүйеп отырғаны осы. Кейде, ұялғанымнан Ғалым деп қоятыным бар. Бірақ, жұрттың үйреніп кеткен аузы Ғалым дегенге көнбей-ақ қойды.
– Осымен тоқтаймын деп жатыр әпкелерің. Төрт ұл. Қыз бола ма деп едік... Е, жарайды, бұйырғаны. Жетіп қалар. Оның бәрін топырлатып туа бергенде, ұшпаққа шығарар дейсің бе деп, мен де келістім. Кейін айнып қалып жатсақ, көрерміз. Әзірге сүт кенжеміз осы деп отырмыз. Атын өздерің қойып беріп кетіңдер. Мен біраз бас қатырып едім, балам өскенде ренжитіндей көрінеді де тұрады. Жассыңдар ғой, бізге қарағанда көргендерің көп. Үлкен жерде жүрсіңдер, тілектерің қабыл болар-ақ, – деген ат терлетіп, шілжеханаға асығып жеткен бізге қарап.
Ұзақ жол бойы сыртқа шығармасақ та іштей толғатып келгенбіз бәріміз. Сонда да ұзағырақ ақылдасуға тура келген. Ақыры жөн шешім таптық деп ойлаймын.
– Сізді ғалым болсын деп әкеңіз ырымдаған екен, онысы енді орындалмайтын сияқты ма, қалай? – дедік күліп. – Өзім жетпеген ұшпаққа ұрпағым жетсін деп тілейтін қазақпыз ғой, әкейдің арманын осы жігіт орындасын. Сіз жетпеген ғылымға осы ұл жетсін деп отырмыз... Қазақ ғылымы сөз болғанда, Қаныштан асқан кім бар дейсіз, сол кісідей халқы сүйген азамат болсын деп ырымдап отырмыз. Аты – Қаныш болсын!
– Бәрекелді! Айтқандарың келсін! Мә, құлағына сыбырлай сал енді, – деп қолымызға ұстатты.
Азан шақырмасақ та, бисмилләні үш қайтара айтып, құлағына:
– Сенің атың Қаныш! – деп үш мәрте сыбырладық. – Атыңа затың сай азамат бол! – дегенді қосып, әпкемізге ұстаттық. Жездеміз мәз.
– Сөзіңнің соңына жеткенше, мына иттер ұлымның атын профессор деп па, доктор деп па қойып жіберер ме екен деп жаным мұрнымның ұшына келді-ау. Рахмет! – деп қояды.
– Профессорың түк емес жездеке, бұл әлі академик болады! – деді әлгі балдызы көзін күннен жасқана сығырайта ашып, манаурап жатқан қызыл шақа жиенінің танауын түртіп.
10.07.2012
Талдықорған
Жауап
(әңгіме)
Қолың істегенді – мойның көтерсін.
Халық мәтелі.
– Бисмиллә-һир рахман-ир рахим!.. Жатқан жерің жайлы, қабірің жарық болсын! Аумин!
...Бет сипаған соң да ұзақ отырды. Өз қолымен отырғызған жас терек қимылсыз. Дұға мен құранға ұйып қалғандай міз бақпайды. Жаңа ғана айналасы тазартылған, қызыл тас орнатылып, күміс түстес темір шарбақпен қоршалған қабір «бәріңнің түсер кебің мен киер кебінің осы», – дегендей асқақ қалпынан танбайды. Иә, асқақ қарайды. Сұсты. Астында кезінде жер басып жүрген, біреуге жаққан, біреуге жақпаған, өз шама-шарқынша таласып-тартысып баққан, тіршілік үшін өзінше күрескен, өлу үшін ғана туған жұмыр басты, екі аяқты көп пенденің бірі емес, адамдық өлшемнен биік, қастер пен қасиет дәрежесіне жеткен, арсы-күрсімен бой таластыра самғай алатын алып құдірет иесі жатқан сияқты. Топырақтан жаралдың, топыраққа айналасың деген лепесті тірілерге ғана айта аласың. Ал, көзі жұмылып, жүзі жасырылған соң «ендігі күнің не болар?» – деп байбалам салу қиындау. Ішіңде тұрса да, сыртқа шығарып айтуға батпайсың. «Иманың – жолдас, алдың – жарық болсын», – деп тілеу тілегеннен басқа қолыңнан түк келмейді. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды», «өліге – иман, тіріге – берекет», «өлі разы – болмай тірі байымайды» дейсің де, күйкі болса да, шикі болса да маңдайыңа жазылған жарық күніңді өткізу жолында тыраштанып бағасың. Қаптаған даналық сөздерді ойлап тауып отырған бұл емес. Баяғыда айтыпты қазақ. Бұрын естіген болуы керек, бірақ жете мән бермеген, көңіл аудара қоймапты. Түбін қотара санасына сіңіргені күні кеше ғана. Күні кеше... Үш жыл өтіп кетіпті. Мына қызыл тастың астында жатқан, тіршілігінен қалған жалғыз бейне – күлімдеп қарап тұрған әскери киімді қияқ мұртты суреттің иесін осы жерге әкеп, шықпастай қылып қамап қайтқанда естіген сөздері. Үш күн бойы ұлардай шулаған ағайын-туыс жерлеуден кейін жөнін тапқан. Тек, кетер қарсаңда күрсінісіп, көз жасы түгесілген бұларды арқаға қағып тұрып айтқан.
– Ажал – Хақ ісі. Қылар қайраның кәні? Бекем бол, – дескен.
– Барар жерің Балқан тау, біз де ертең-ақ...
Солай да солай...
Ал, бұған бәрібір еді. Егіле берген. Бармақ шайнап өкіну деген осындай-ақ болар. Қазір ойлап қараса ағайын-туыс, жегжат-жұрат болмаса – қара жамылған әулеттің өлгеннен қалған жалғыз еркек кіндіктісі – мұның қолынан түк келмейді екен-ау. Өң мен түстің ортасында мәңгіріп жүргенде бәрі атқарылып жатыпты. У да шу бір дүрмектің ортасында қалғандай құлағы бітіп, еңірей берген. Айналасын бағамдаудан ауылдың бір топ ақсақал, көксақалы сау етіп кіріп келгенде-ақ қалған. Әшейінде «қызталақты» қоспаса сөйлей алмайтын, жеті атаңды түгендеп, көрден бір-бір аунатып алмай сөз бастамайтын аталас Беркін шалдың түксие түскен қабағы мен ыңырана түсіп сөйлеп берген ызыңдаған дауысы көп нәрсені аңғартып тастаған. Сол ызың құлағында сол тұрғаннан тұрып алды. Жаназа кезінде молданың сұрағын үш қайтара қойғызып барып, – онда да жеңінен тартқан әлдекімнің сыбырынан, – түк ұқпаса да бас изей беріпті. Сабылысқан жұрт тарқап, ырду-дырду тынып, бірен-саран көрші-қолаң мен жақын деген туған-туыс қана қалып, аяқтың ұшымен басқан үнсіз тіршілік орнағанда ғана жан-жағына қараған. Қай уақта үлгергенін құдай білсін, үйдің оң жақ қанатын ала ұзын шатыр тігіліпті. Қаралы үйлерден талай көрген. Көңіл айта келген жұртқа қонақасы беретін. Сол шатыр. Мал да өздігінен сойылып, бүкіл шаруа өздігінен атқарылып біткендей. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайынның арқасы.
– Айналайын, аңшы қайным адуынды болса да, керек кезінде сабыр сақтай білуші еді, күннің де жайлы болғанын қарамайсың ба. Тура өзі сияқты. Ел-жұртым қиналмасын дегені де... – деп жатты біреулер.
Шындығында, әлсін-әлі себелеп өткен майда жаңбыр жердің апшысын барынша қуырып тұрған шілденің күнінде жанға жағымды тиіп еді. Етті-жеңді жеңешесінің жайма-шуақтайтынындай бар. Әйтпесе, жайшылығында бетіне жан келе алмайтын мінезді адам... Адам өлгенде ауа райы соның мінезіндей құбылып тұратын болса, онда жер бетінде оңған күн болмас еді ғой. Егер, жеңешесі айтқандай болса, дәл осы күні не дауыл тұрар еді, не тасқын алар еді жер бетін. Өзін кінәлі сезінетіндіктен бе, бұған солай көрінген. Ағасының айтпай кеткен ашуы сияқты. Айта алмай кеткен... Бұған деген өкпесі...
– Әттеееең... – Жерді салып қалмаққа оқтала берген... Қайда отырғаны есіне түскендей түйіле түскен жұдырық тізерлей отырған екі санға алақан жая сылқ түсті. – Кешір, аға... – деді сосын күбір етіп.
Соңғы кезде сиретті. О баста апта құрғатпай, әр жұма сайын келіп тұратын. Кейіндеп өзі үшін ауыр тие бастаған. Ақыры, түсіне кірген ағасының ашулы кейпінен кейін қойған. Ай сайын келетін болып жүр. Әр айдың үшінші жұмасы. Ағасының қайтқан күні. Осы үшін өмірін қию былай тұрсын, тамұқтың қайнаған қазанына ойланбастан қойып кеткен ағасының ғана емес, қолы қанға малына тұра дәлелдеуге дәрмені жетпеген жігерсіздігі үшін күллі адамзаттың, құдайдың алдында кінәлі, күнәлі екені есіне түскенде иіні салбырап жүре беретін. Есіне түскенде деген жай сөз ғана, есінен шығарып көрді ме екен? Азамат болдым деп сезінген сол күннен бастап осы азапты кешіп келеді. Өлмей құтылмас азап.
***** Мектеп бітірген күннің ертеңі болатын. Қолға орта мектепті бітіру туралы қып-қызыл құжат тиісімен қалаға тартқан. Оқу керек. Шүкір, жалғыз жал-құйрығы – ағасы дән риза.
– Әке-шешенің жалғыз аманаты сен едің, ат жалын тартып мінуге де жеттің. Енді оқы, – деген.
«Азамат болдың» деген сөз ол кезде «көкке жеттің» дегеннен артық естілетін. Кеудеңе күш құйып, қанат бітіретін. Жетімдік дегеннің не екенін сезіндірмей өсірген ағасының ризашылығын алған соң, аттанған да кеткен. Жолы болып тұр еді. Бара тапсырған оқуына түсіп, мерейленіп, күзге салым оқу басталар алдында тынықпақ болып, ауылға қайтқан. Бір апта алаңсыз тынығып алып, қайта келмек оймен, Алматымен уақытша қош айтысқан.
Мәңгілікке қош айтысқанын қайдан білсін!
Ол кезде оқуға түсу деген... Еһ шіркін! Итің ауырып қалса да құлағдар болып отыратын ауылдың қарсы жолыққан кез келген тұрғыны қолын алып, құттықтап жатады.
– Әке-шешең бір аунап түсіп жатқан шығар, қайырлы болсын! Ұзағынан сүйіндірсін!..
Ұзағынан сүйіндірмеді. Қайырлы да болмады. Бірақ, болашақты болжайтын құдіреті жоқ, келешек ғажайыпқа толы секілді көрінетін. Мәз еді. Көкірегі тола мақтаныш. Көшеге шыға бергісі келеді, елмен, жұртпен кездесуге асығатын. Қолын алмаса да, сырттай өзіне қызыға қарайтын бала-шағаның назары ауғанының өзі бұл үшін мәртебе. Қоқилана қарап, талтаңдай басып ауылдың бұл баспаған көшесі қалды ма екен сонда. Өзінен асқан адам жоқ. Бұған жетер жан жоқ. Күллі ауыл осының атын атап күбірлесіп тұрғандай. Төрт күн өтпей бұл жүрістің де қызығы кеткен. Алғашқыда жік-жапар болып, жолына жалын төсеп тұрғандай әсер еткен ауылдастары көп ұзамай немқұрайлы қалыпқа көшкен. Тіпті, қуанышын бөлісіп, құттықтап тұрғандардың өзі сынай қарап, кекетіп тұратын сияқты ма, бірдеңе. Әйтеуір, соншалық төбесі көкке жете еліретіндей ештеңе жоқ екенін байқаған. Кеткенше асыққан. Бірақ, ерте барып алғанда не табады, өзі айтқан бір аптасы өткенше жата берген. Сыныптастары түгелге жуық қалада жүрген, іші пыса бастап еді. Ағасы анау-мынау шаруаға араластырмаған. Сол күні шөп шауып, сыртта жүр еді, үйде қалып, қолы алдына сыймай сенделген бұл шыдамай ермек іздей бастаған. Сол кезде есіне сап ете түсті. Балық аулау керек. Бала кезден қалыптасқан әдеті. Балықты жұрт сияқты ау құрып, құныға қыру емес, қармақ салып қойып, ойға бөгіп отыру үшін аулайтын. Және оңаша. Өзімен-өзі. Еріп барам дегендер болса барудан бас тартатын да, келесі көшені айналып, жалғыз тартатын. – Балық болып туғаның рас болса, қармақ қаппағаныңды көрейін, – дейтін де, төне түсетін. Қармақты таппай біраз жүрді. Қораға кіреді – жоқ. Қоймаға кіреді – жоқ. Жоқ. Ағасының да іші пысқанда қармақ ұстайтыны болушы еді, сол бір жерге қойған. Жеңгесінен сұрап еді, жолды жертөлеге нұсқады.
– Мәссаған!
Ішін тартып тұрып қалған. Қазынаның нағыз үстінен түсіпті. Жалғыз қармақ жайына қалған. Балық аулау баланың ойыны сияқты әсер еткен. Мына қазынаның ішінде қатарластарының аузының суын талай құртқан сабының өзі ұзарып-қысқаратын «заводский қармағы» тым қораш көрінген. Мылтықтар. Біреу емес, бірнешеу. Ағасының аңға шығып тұратынынан хабары бар, бірақ, осынша мылтығы бар екенін білмейді екен. Бәрін қолына ұстап көріп шықты. Бұрын ұстату былай тұрсын, маңына жуи алмайтын. Ағасының мына бір көнетоз қапқа оралған шиті мылтықты жиі ұстап шығатынын байқайтын. Қалғаны көзіне түспепті. Сөйтсе, кереметтің бәрі осында екен ғой. Кісі бойы қазылған ұраның төрт қабырғасына рет-ретімен ілінген қаншама қару. Жеті-сегізден көп бар. Оқтарының өзін реттестіріп, арнайы ойыққа жайғастырыпты. Бұрын ұстап көрмесе де, әлдебір ішкі түйсікпен шитінің оқтарын іздеген. Шитінің ұңғысына шақтап көріп, тауып та алды. Асықпай орап, иығына асқан да, сыртқа беттеген. Ауылдың аяқ жағындағы шағын көлден үйрек-қаз аңдып көрмек. Болмаса, одан ары тоғайға өтіп кетеді. Тапа-тал түсте, күйдіріп тұрған күн астында кім жүре қойсын, ешкімнің көзіне түспей-ақ ауылдан шығып үлгерген. Үйден шығарда жоспар мүлде дұрыс құрылмапты. Көлге жақындағанда ғана қателескенін түсінді. Сулы жердің ар жақ, бер жағы қаптаған адам. Ыңғайымен бөлісіп алған жер телімдеріндегі тіске ілігер шөп атаулыны шалғылап баққан жыбыр-жыбыр, тынымсыз ауылдастарының көзіне түсуге болмайды. Ешкім келе сап шалғайына оралып, тергеуге ала кетпейтінін білсе де, қуыстанып, тіке тоғайға тартып кетті. Алдынан жыпырлаған аң-құс жыртылып-айрылатындай, «мені ат, мені ат», – деп көлденең тұра қалатындай. Тоғай деген аты ғана. Көлденең жұрт отынға деп шауып, тіпті түк қалдырмапты. Кезінде ит тұмсығы батпас қалың болғанын түбірі ғана қалған сынған, кесілген, шабылған ағаштардың аяқ алып жүргісіз томарларына қарап қана болжауға болатындай. Алыстан ұйысып тұрғандай көрінген тал-теректер етене келгенде тым жадау көрінді. Қадау-қадау, әр жерде бір, ретсіз өскен ағаштарды қоңылтақсып-ақ қалып еді. Әйтсе де, қолында кезенсең тірі жан атаулының құтын қашырып, есін алар қорғасын құсар қаһарлы қаруы бар балаң жігіт өкінбеген. Қазір-ақ қылт еткенді мүлт жібермей қағып түсірмек. Ауылдан шықпай тұрып-ақ оқтап қойған. Енді құлағын қайырып қойып, алға кезене түсіп, мысық табандай басып, өзінше дайын келеді. Бұл мылтық атып көрмеген бала үшін аңшылықтың алғашқы сапары ғана емес, өміріндегі үлкен бір белес сияқты сезінген. Жау түсіруге шыққандай өзіне-өзі көңілі бітіп, мардымсып қояды. Аздап қорқыныш та жоқ емес. Өкініштісі, әлгі аң-құстың төбесі көрінер емес. Сенделіп жүріп, шағын тоғайдың екінші басынан бір-ақ шықты. Ең болмаса қоян қашпады-ау алдынан. Таңдана бастаған. Мақтанғанда кеудесіне нан пісіп, буына қазан қайнайтын аңшы ағайын айтатын қаптаған аң қайда? Әлгі жұрттың мақамына мақал болып жүрген қоян құрғырдың бір оқпен екеуін жайрату былай тұрсын, ең құрығанда құлағын көру арман болған. Мысықтабандаудан қызық кетті. Шіріген бұталарды сатыр-сұтыр басып алай бір кесті, былай бір кесті. Түк жоқ. Ақыры, шаршай бастаған. Ызалана бір түкіріп, ыңғайлы бір томарға отыра кетті. Сонда да үмітін үзбей көзімен айналасын сүзіп шыққан. Жоқ. Дым жоқ болса да, құрығанда мылтық атып көру керек. Сонша жерден келіп, ниет еткен соң оқ шығындамау деген не сұмдық! Осы ойға бекініп, көздеуге боларлық нысана іздей бастаған. Бағанадан бері байқамапты, қол басындай тынымсыз құс көзіне түскен. Бозқарағанның бірінен ұшып, екіншісіне қонып тыным таппай жүрген осы бір торғайды ұнатпаушы еді. Шақшақай деп атайтын. Тіпті, екі-үшеуі қатарынан жүр. Көздеп ұзақ тұрды. Атамын деп, иығын жаралап алғандардың талайынының әңгімесін естіген. Тепкіні күшті көрінеді шіркіннің. Кинодан көргенде тым оңай сияқты еді, шіркіндер бір қолмен-ақ жайратып жатпаушы ма еді, ал, бұл қолға алып еді, берекесі қашып, бөгеліп қалғаны. Күшті дыбысынан құлақ тұнып қалмас үшін ауызды ашу керек деген қағиданы да естіген әлдеқайдан. Иыққа мықтап тіреп тұрып, – бұл да елден естігені, – шүріппені басып қалған. Шақ еткен ғана дыбыс шыққан. Соншалықты әлсіз болмаса да бұл ойлағандай орасан емес. Және ыыззз етіп ұшқан оқтың ауаны тілгілей ұшқанын сезінген. Сөйтсе, шиті мылтық осылай атылады екен ғой. Өзінің есі шығып кеткен, олжасының түскен-түспегенін аңғармапты да. Қонып отырған жерін қарап көрді, – ізім-қайым. Тигізе алмағанын білсе де, «мүмкін жараланып, жорғалап болса да бір жерге жасырынған болар», – деп тағы іздеді. Жоқ. Күдерін үзіп, жаңа құрбандыққа арнап, қайта оқтаған. Салаң етіп шыға келген біреуді көргенде селк ете түсті. Оның да иығында мылтық. Артықшылығы атқа мінген. Осы аймақтың бастау-бұлағынан тоғай орманына дейін қарайтын қорықшы. Әкесінен қалған иеліктей қорғап бағатын. Әрине, өзінің рұқсатын алғандарға бөгесін жоқ. Ал, өзі танымайтындардың күн жарықта даланы жаңғырықтыра мылтық атып жүргенін өлсе кешірсін бе? Оның үстіне «мен мынадай іс тындырып жатырмын», – деп дабыра қылуға таптырмас сылтау. Жоспардың орындалуы үшін осындай ұсақ-түйек аңшы-сымақтардың тізімі жетеді. Мұрты енді тебіндеп келе жатқан жас жігітті көргенде тіпті қуанып кеткен. Ақыр қорқытқан соң есін біржола алайын деді де мылтығын кезене қойды. Бастапқыда сасып қалғанмен жалма-жан өзіне келген бала да қайтпады. Қарсы кезенген. Мұндай желөкпенің талайын көрген әккі қорықшы мырс етті де, айғай салды:
– Таста-ей мылтығыңды! Көзіңді құртам иттің баласы. Түрмеде шірисің.
Бала аңтарылып қалған. «Не үшін қамайды? Бұл кім? Ол да мылтық асынып жүр ғой, өзі сияқты... Бірақ, қауіпті адам сияқты. Сақтанбаса болмайды», – деген ой асығыс шарпып өтті.
Шүріппеге ілінген сұқ саусағына бір қарап қойды. Дірілдейтін сияқты.
– Броконьерлер, Көрсетейін саған күн жарықта орманды шулатқанды.
– Кімсіз сіз?
– Шатағың болмасын менің кім екенімде, таста қаруыңды!
– Тастай алмаймын. Кім екеніңді айт, сосын өзің де таста. – Сенге қалай көшіп кеткенін байқаған да жоқ. Өне бойы қалтырап кеткен. Тірсегі дірілдейтін сияқты. «Өлім мен өмірдің арасында тұрмын», – деп ойлап өтті. Егер ол бұрын үлгеріп кетсе, құрығаны. Сақ болу керек. Және жылдам...
– Е, бала, өлейін демесең қой болды. Атам да салам сорлы. Мына тоғайда кім іздейді сені? Жатасың ит-құсқа жем боп. Көп сөзді қой да әкел андағы ойыншығыңды.
Атын тебініп, алға ұмсына берген.
– Тоқта! Қозғалма! Кімсің? – деген ойы он саққа шашырап, не істерін білмей тұрған бала да айғай сап. Миында «қайткенде де мылтықты мынаған беруге болмайды» деген ой ғана тұрған. Қашса, артынан кекіліктей қылып атып тастайды. Қарсы жүрсе шатақ болып кетуі мүмкін. Тұра беруге тағы болмайды.
Бұл екі ұдай күйден бейтаныс ағасының өзі құтқарды.
– Оны қайтейін деп едің? Ал, осы жердің иесімін мен, не істейсің? Басты ауыртпай әкел бері.
– Бұл жер жекеменшік емес, өкіметтікі, – деп қойды білгішсініп бұл да.
– Қап, мынау... Өкіметшілін өзінің! Осы жерді қарайтын күзетші... – «күзетші» деген сөз өзіне де ұнамаған болу керек, мүдіріп барды да: – Осы жердің заңды қараушысымын. – Қорықшы деген сөз тілінің ұшында тұрса да, аузына түспей қойғаны.
– Құжатыңды көрсет, онда, – деген бала да қоймай. Бір ойға бекінгенше уақыт созбаса болмайтын еді. Анығында мән-жайға қаныға бастаған. «Бірақ, қорықшы болса маған неге мылтық кезенеді? – деп тағы ойлады. – Жай ғана ескерту жасап, ары кетсе мылтығымды тартып ап жүре бермей ме. Бірақ мылтықты беруге болмайды, ағасы естиді, сосын құрығаны...
– Мынаның заңшылын қарай көр. Жақсылықпен айтқанды түсінбейді екенсің, қазір көрсетейін.
«Бала ғой, қорқып, қаруын тастай салар», – деп ойлаған да мылтығын оқтағандай қалып танытып кезене берген. «Шақ» еткен ащы дыбыс шықты. Қарсы алдынан атылған шитінің ұңғысынан шыққанын, әлде басқа жақтан шыққанын бағамдай алмады, көз алдында жарқ еткен өткір жасыннан жасқана берген. Артынша көзі қарауытып кетті. Шыр көбелек айналып жүре берген дүниені тоқтатқысы келгендей, бірге аунап кетпей аман қалуға талпынып, жан дәрмен таяныш іздеген. Қолы ердің алдыңғы қасына ілініпті. Ұстай берді де, гүрс етіп құлап түсті. ...Мылтықтың даусы «күрс» етіп естілген. Иығын да теппеді, құлағын да бітемеді. Қалай атылғанын байқап та үлгермеген. Көз алды буалдыр тартып кеткен. Құсқысы келетін сияқты. Өң мен түстің арасында, түу биікте қалқып жүргендей сезінген. Ол бұрын атып үлгерген екен», – деп ойлап өтті. Қазір құлаймын, сосын бәрі бітеді. Оқу да, ағасы да жайына қалады. Ауыл болып таңданып, қолын қысып құттықтамайды. Көз алдына өзінің көміліп жатқаны келді. Жылағысы келген.
Қанша күткенмен құлай қоймады.
Үстінен қапелімде ауып түскен иесіне таңырқағандай көзі бағжаң еткен ат бүктетіліп, ыңырси дем алып жатқан иесін иіскей бере, анадайға үрке шегініп кетті. Сол сәтте ғана есін жиып еді. Өзінің дін аман екеніне көзін жеткізгісі келгендей үсті-басын бір шолып шықты. Киім сыртына жайыла түскен қанның дағы, – бұл да кинодан көргені, – байқалмайды. Сонда да сенбей қимылдап көрді. Он екі мүшесі сау сияқты, еркіне бағынып тұр. Осы кезде қорықшының ыңырсыған дыбысын естіген. Жалт қарады, қорықшы кеудесін баса шалқалай жатыр екен. Жиырылып-созылып жатыр. Аяғы бүгіледі де, қайта созылады. Бір жағына қарай аунап түсе алмай жатқандай. «Жан тапсыра алмай жатыр», – деп ойлады. Содан соң ғана шошып кетті. Ойы ғана емес, көз алдында болып жатқан оқиғадан. Төбесінен төмен ып-ыстық... жоқ, мұп-мұздай... өткір бір ағыс тіліп өткен. Төбе құйқасынан табанына дейін. Өз жағдайының соншалық мүшкіл екенін сонда ғана жүйке-жүйесімен сезінген... ...Алқын-жұлқын, ентіге жүгіріп келеді екен. Қашып келеді. Бағыты белгісіз. Қазір сүрініп кетеді, мойны үзіліп өзі де өледі. Содан кейін бұған да бәрі бір. Бірақ, құлап та түспеді, мойны да үзілмеді. Қарсы алдынан құз кездессе ойланбастан секіріп кетер еді-ау. Алдынан ешқандай құз кездеспейтінін, кездесе қалған күнде де секіріп кете алмайтынын біле тұра солай ойлады. Шым-шытырық бір қоймалжың... Бірде айғай-аттанның бел ортасында жүргендей... Бірде құлақ жарар тыныштыққа бөккен жапан далада адасып қалғандай... Алыстап-жақындап, алыстап-жақындап қараң-құраң бірдеңелер елестейтіндей. Жаңғырық сияқты бір үрейлі дауыс келетіндей құлағына. Жан ұшыра жүгіре берді. Жүгіре береді. Өкпесі өшкеніне қарамастан тоқтамайды. Қашан демі бітіп, әлі құрып құлап түскенше, – өліп кеткенше, – жүгіре береді. Басқалай шешім жоқ еді... Кеш бағана батқан. Тізесін құшақтап ап қанша отырғанын білмейді. Мылтығы қайда қалғаны белгісіз. Бағана жүгіріп келе жатқанда бір жерге түсіп қалса керек. Ойланып-ойланып, миы ашып кетті. Қорқуды да ұмыта бастағандай.
– Енді бәрі бір, – деген күбір етіп.
Иә, бәрі бір еді. Болар іс болған. Тіпті, қорықшы сорлының өлі-тірісінен хабары жоқ. Білуге болатын еді, ол жаққа аттап басу мүмкін емес.
Ақыры, ертең таң ата қалаға шығып кетуге белін бекем буып, үйге беттеген. Кешігіпті. Аңырап жеңгесі күтіп алған. Не болғанын білмейді. Шөптен енді келіп, кешкі асын алдыға ала бергенде бір топ милиция сау ете түсіпті. Артық сөзге келтірмеген көрінеді. «Не болғанын айтсаңдаршы ең болмағанда», – деген ағасына «Мынаны танисың ба?» – деп мылтықты көлденең тартыпты. Ағасы шықыр еткізіп тісін бір қайрапты да, үнсіз түйіліп алдарына түсіп кете барыпты. Не істерін білмей таң атқанша аласұрды. Ағасын уайымдап жүр деп ойлаған туыстары басу айтып, тіпті жұбатып қояды.
...Болған оқиға ауыл-аймаққа баяғыда-ақ белгілі болған.
Қорықшыны қақ жүректен көздеп тұрып атқан да, қашып кеткен. Абиыр болғанда, жүз метр жерге тығып кеткен мылтығы табылыпты. Әйтпесе, қылмыскерді табу оңай болмайды екен. Орман күзетшісі сол жерде жан тәсілім еткен. Денесі суып үлгермей бір қойшы үстінен түсіпті. Ары қарай айғай-аттан басталған да кеткен. Иә, айғай-аттанның көкесі басталып еді. Қайда құлақ түрсе де гу-гу. Қайда барса да жапырылып жол беріп, көзін сатқан бір жұрт. Қылмыскердің туған інісі деп саусағын безеп тұрғандай. Жұрттың көзі қадалған сайын, денесіне біз сұққандай тыжырынады. Қылмыскердің інісі... Өзі емес, інісі. Анда да сүйреді, мұнда да сүйреді. Алғашқы тергеу өтпей-ақ қарудың жеті атасы сақталған қазыналы қойма табылған. Сол күннен бастап, аудан бойынша өлген-жіткен есебі түгенделді. Біразына ағасының қатысы болып шықты. Иә, адам өлтірмеген, бірақ, терісі бағалы, тіпті қызыл кітапқа енген аң атаулыны түк қоймай қыра беріпті. Көзі қанға толған қанішер ақыры адам өлтіріп бір-ақ тоқтапты. Тоқтамаған, тоқтатқан, тоқтауға мәжбүр еткен. Сыбайластары кім, айдап салып отырғандар кімдер? Қылмыскердің артында кімдер тұр? Бұған қоятын сұрақтың ұзын ырғасы осындай. Ағаң кімдермен араласады? Шет жақтан кімдер келуші еді? Түнде үйге жиі қонбай қалады екен ғой, қайда баратынын айтушы ма еді? Нағыз ақиқатты өзі және қорықшы, сосын ағасы ғана білетін. Жақ ашпаған. Ағасымен жолықпақ еді, қауіпті қылмыскердің жанына жуытпады. Соттан кейін ғана жолығу мүмкін. Іс көпке созылмады. Тергеушілер бәрін нақтылап болған. Қылмыскер де бір айналайын екен, болған оқиғаны ретімен баяндап шығыпты. Әрине, қасақана. Бұрындары да аралары шиеленісіп жүретін, – шындығында солай еді деседі жұрт, – көрінеді, екі ұрының тоғайда тоқайласқанын қарамаймысың! Ол да аямағандай екен, тек әккі әрі жастау жігіт үлгертпепті. Қақ жүректен көздеп тұрып – Пух! Болды. Соттың алдында ағасының сұранысы бойынша жолықтырды-ау әйтеуір. Бір айдың ішінде кәдімгідей бозарып кетіпті. Дегенмен, қатты тозғындамапты. Тек, жағы қушия түскен сияқты. Бұл өз кезегінде өзі де түсі суық адамға ерекше сұс бере түсіпті. Әңгімені көпке созбаған.
– Інілерің мен жеңгең өзіңе аманат, – деген. – Қаңғыртпа. Жетімдік көрмесін. Оқуға барам десең бірге ала кет қалаға. Болмаса, көп болмаса да үйде бар жандықты баға білсең өлтірмейді.
– Кінәң жоқ қой, аға, қалайша...
– Оттама! Ол туралы жақ ашушы болма! Осыдан бірдеңені бықсытады екенсің, оңбайсың! Мылтық менікі, үйден тағы қаншамасын тауып алды. Жартысынан көбі құжатсыз. Бәрібір текке жібермейді. Босқа қосақпен кетеміз. Ештеңе етпес, не көрмеген бас, бұған да төзерміз. Ал, сенің болашағың алда. – Бетіне тесіліп ұзақ отырған да: – Бар енді, – деген жай ғана.
Шығар есікте көмейі кермек татып тұрып қалды. Ағасының қарап отырғанын арқасымен-ақ сезінді. Жүзі шыдамай тұрса да, бетін бұрған.
– Аға, кешір, – деді естілер-естілмес. – Әдейі емес.., байқаусызда... Өзі де аямас еді...
– Білем бәрін. Сен болмасаң басқа біреу атып кетер еді түбі. Өйткені... Ийй, неменесіне бас қатырып отырмын, бар, жетеді енді. Тіршілігіңді жаса.
Сот артық у-шусыз, дау-дамайсыз өтті. Дауласып қайтсін, қанды қол қарақшы өзіне тағылған кінәні толық мойындап отыр. Жақ еті қаша түскен бозарыңқы ағасы көп сөйлемеді де... Он сегіз жыл кескен. Он сегіз жыл... Түрмеде.
– Болашағы жоқ, – десті біреулер.
– Тәртібі жақсы болса ертерек босатады, – десті екіншілері.
Соншама жылдан кейін адам қатарына қосылады дегенге сену қиын еді. Екі айдың ішінде осынша азып кетті, он сегіз жылда несі қалады?! Ұлардай шулаған ел-жұрттың ортасында қоштасты да қала берді. Терезесіндегі торлы темірінің өзі құтыңды қашырар «уазикке» салып ап ала жөнелгенде есеңгіреп тұрған да қойған. Кетер-кеткенше бұдан көз алмай қадалған отты жанарлармен соңғы шарпысқанда көз алды бұлдырап кетіп еді, – жылап тұр екен. Көзі боталап тұрып шығарып салған.
Өлімге шығарып салып тұрғанын қайдан білсін?!
*****
– Дегеніне көне қоймаған жігіт ағасын жабылып ұрыпты бір тобы. Бауырын езіп жіберген көрінеді, ем-дом кешігіп жасалған, көтере алмапты.
– Жабылып ұрмаған, денесінде дақ жоқ. Тұншықтыра салыпты.
– Буындырыпты дейді. Әлгі қорықшының бауырлары тапсырыс беріпті. Қазір түрмеде сондай көбейіп кетті ғой. Жақынын өлтірген адамнан өш алудың ең оңай жолы. Ебін тауып есебін берсең, епті қолдар есеңді қайтарады.
Жұрт солай болжап жатты. Соңғылары жұрттың даурықпасы. Ал, алғашқы сөздің жаны бар. Мінезі тік, тайсалып көрмеген ағасына бір-екі адамның күші жете қоймайтыны анық. Жабылса да, не қылса да өлтіріпті. Сол жердің дәрігерлері бірдеңе деген, бәрі ап-анық еді, тыңдамапты. Жеңгесіне жаны ашыған. Ақыл тоқтатқан салиқалы жасқа келсе де, ыстық құшақтан жери қоятын шағы емес еді. Әлі ес тоқтатпаған екі ұлды бағып, күйеуінің түтінін өшірмей әлі отыр. Өзі білмейді, – бұдан жасырын жүріп жата ма, көрген емес, – біреулер құда түсіп келетін көрінеді. Уылжы болмаса да ажары сынбаған жас келіншек. Дәмелілер астыртын айттырыпты. Көбі орта жолда қатыны өліп, салт бас қалған бейбақтар болу керек. Күндіз екеу, түнде төртеу болатын неке. «Жоқ! – Кесіп айтыпты. – Екі балам бар, күйеуім құрған шаңырақтың астында осы отаудың отын жағып отырып өлем, әуре болмаңдар». Інілерін аяған. Әкесі барда өктем сөйлеп, айқайлап ойнайтын сияқты көрінетін. Қазір жасына жетпей құртақандай бойларына үйлеспейтін сабыр біткендей. Ойнаса да шын жадырамайтындай. Көп бас қатырып жатпай тоқтам жасаған. Ауыл-аймақ жан-жақтан өзінше ақыл айтқан болды, – көнбеді. Ауылда қалған. Ағасынан қалған мал-мүліктің ендігі қожасы – екі құлыншақ жетілгенше қастарында болады. Ағасының алдында кінәлі ғана емес, осы әлетке жеткені үшін қарыздар екен. Күнәсінен арылмаса да, қарызының бір бөлігін қайтаруға мүмкіндігі бар екен.
***** Шақырайған күннің астында, үлкен қызыл тас орнатылған, күміс түстес шарбақпен қоршалған, үп еткен желсіз, тымық күні қыбырсыз қалған көк желекті жас теректің саясындағы төмпешіктің шығыс жағын ала жүгіне тізерлеп біреу отыр. Күн қақты қоңырқай жүзіне мұң тұныпты. Ғайыппен тілдескендей қабірге қарай ұмсына түсіп, аузын жыбырлатып қояды. Жұдырығы бір түйіліп, бір жазылады. Осы қалыптан танбай отырғанына қанша уақыт болғанын өзі де білмес еді. «Жайшылықта-ақ үйге сыймайтын, аяқ жетер алыс-жақын аймақты түгелге жуық аралаған, тұмса табиғат аясынан басқаңа жұбана қоймайтын тауда туып, таста өскен байғұс-ай, қапастағы өмірге көндіге алмай құсадан-ақ өліп кеткен шығарсың!» – дейді шала-шарпы ойы.
– Кешір, аға, – деді әлден уақытта.
Тағы көп нәрсе айтар еді. Көкірегінде сайрап тұрған бәрі. Бірақ, қыстығып жылап жіберген.
20.01.2012
Талдықорған.
Түтінің өшпесін!
(әңгіме)
Өкінбе әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
МҰҚАҒАЛИ.
Кештің батқанын асыға күтетін. Қаншама жылдан бері солай. Төсінен жұпар аңқыған от құшақ арудың уәделі қойнына бозбала осылай асығатын. Болмаса, алғашқы неке түнін тағатсыздана күткен жігіт батып болмайтын жайбасар күнге дәл осылай жазғыра қарайтын. Ал, ол... Оның асығы мүлде басқа. Иә, қойны жұмақ, құшағы мейір ару – өзінің қосағы бар. Бірақ, оған бола емес. Оған асықпайды. Жасы қырыққа кеп қалды – жерінгеннен емес, – ақыл тоқтатқан, сабыр тапқан шақ, – әр нәрсе өз орнымен. Жер тарпып тұрған жиырма бес өткен. Басқа бір тараптан табысқан жас ойнастың көз тұманытып, тағат тауысар күлім көзі мен балғын денесі де емес. Ол – тәртіпті еркек. Әйелінің айдауына жүріп, айтағына үріп үйренген момын, «ақылды» отағасы дейтіндей емес, өз тізгініне берік. Мен-мен деген кез-келген он сегіздегі бойжеткенге бергісіз, осы отыз бесіне алғаш қосылған жиырмалық уылжы ажарымен жеткен Бибісі бар. Жолдан жолығысар жолбикелерге көз сүзер жөні жоқ. Кеш бата жетер жақсы хабар арқалаған ешкімді күтпейді. Бостандыққа асығар тұтқын емес. Басқа. Мүлде басқа.
***** Тым-тырыс. Жоқ, бұл салыстырмалы түрде ғана. Күндізгі у-шудың бәсеңсігені құлақ жарған тыныштықтан кем көрінбейтін. Тынымсыз тырбанған жұмыр бастардың барақат тауып, тыным алатын кезі. Түнгі сағат он бір жарым. Күні бойғы арқасын аямай таптап баққан екі аяқтылардың тынымсыз күйбеңінен бір сәт арылған Алматы түн дейтін қызылды-жасыл көрпесін бүркене түсіп, талықсып кеткендей. Ұйыған тыныштықты ара-тұра тіліп өтетін көліктердің гүрілі – ұйқыдағы алып қаланың ыңыранғаны сияқты.
Көк түтінді құныға бір сорып қойды.
Еее, адамдар оңайлықпен тыным таппайды. Әне, тағы бір машина. Әлде үйіне, әлде үйінен асығып барады. Бағдаршамның қызыл көзіне қарамай, осы уақта менен басқа кім жүрер дейсің дегендей құйғытып өте шықты. Атқа мінгеннің алты қап желі болатыны рас-ау. Қазір алдынан қызыл жағалылардың қызыл таяғы жылт етсінші... Әке-көкелеп жан-дәрмен жалынып жатқаны бәтшағардың. Әй, адамдар-ай!.. Қызық, қанша адам көшеде жүр екен дәл қазір. Санап көрер ме еді?! Қол жайған қайыршы, сабалақ қаңғыбастардан бөлек. Аз емес-ау. Жас кездерінде түн баласы бұлар да тыным таппаушы еді ғой. Бұл жақта күндізгі қайнаған тірлік тоқтап, тыныштыққа бөге түссе, түнгі клуб, ресторан, кафелерде қан базар енді қайнап жатыр. Әрине, әр жастың өз қызығы бар. Бастары бұла, қолдары бос кезде сайранды салып қалсын! Ертең-ақ бәрі көрген түстей тұманға сіңіп, жоқ болады. Табиғат заңы солай. Егер, жас кезінде қазіргідей үй күшік күйге түссе мұның жағдайы не болар еді? Үйлену былай тұрсын, жасына жетпей алжып, арса-арсасы шығып, адамдық кептен ауытқып кетпейтініне кім кепіл? Әлдеқайдан естіп қалған әлгі бір әңгіме...
Күлімсіреп қойды.
Ауылда болса керек, көшеде жүрген бір топ жігітті ауылдың жалғыз тыныштық сақшысы ұстап алыпты. Жайдан-жай шүйілмейді. Еріккен немелер тыныш жүре ме, әлімжеттік көрсетіп, кішілерге салық салып дегендей... Кейде тіпті ушығып та кететін. Біреудің тісі түскен, біреудің басы жарылған. Көшедегі жініккендердің төбелесінің шуынан тұрғындар ұйықтай алмаған, біреудің ағаш шарбағы сынған. Шағынып келіп жатады әлгінің алдына. «Жұмысыңды дұрыс атқара алмасаң несіне жүрсің?» – деп дікеңдейтіндер де бар. Амал жоқ, араласуға, жиналған тобырды көрген жерде таратуға тырысатын бейбақ.
– Бұл не жүріс? – дейді салған жерден.
– Жай, – дейді әлгілер.
– Жеті түнде көшеде нелерің бар, жатпайсыңдар ма тыныш үйлеріңде. – депті, ескертпесіне айылын да жимаған тобырға қарап.
Сол кезде жиналғандардың ішінен біреуі мырс етсе керек. Артынша:
– О, көке, жас болса мың жарымға келді, көшеге шықпаған да, огородта жүріп үйленеміз бе? – деген көрінеді.
Заңды қойылған бұлтартпас сұрақ. Мектеп оқушысы емес, зіңгіттей жігіттің айтып тұрған сөзіне инспектор да тоқтаса керек. Басын шайқап миығынан күліп қойды. Дұрыс, жүріп қалсын. Көп ұзамай іздегендерін табады да, жатады үйлерінде.
***** Сұқ саусақ пен ортан қолға қыса ұстаған «Қазақстанды» ерніне апара беріп, бөгеліп қалды. «Тфуй, атаңа нәлет!» – деп лақтырып жіберді. Қашан да осы. Балконға сүйене ойға беріліп тұрып, ұмытып кетіпті. Өздігінен жанып біткен тұқыл бесінші қабаттан төмен қалықтап бара жатты. Сонша тағатсыздана күткен сәтінің әсерсіз өкінішіндей жерге құлдап бара жатқан ағараңдаған нүктеге бір қарады да, бүгіндік міндеті өткерілген, енді оның өтеуіне берілген тымырсық түннің тыныштығына бөге түсіп, пыс-пыстап жатқан өзі сияқты пенделердің қатарын толықтырмаққа теріс айналып кетті. Жұмыр жердің жарығында жан дәрмен тырбанған жұмыр бастардың сапында тыраштанып баққан. Енді ертеңгі күйкі тірлікке сақадай-сай тұру үшін ұйқыны қандыру керек. Қанша әуреленсе де ұйықтай алмады. Қайдағы көр-жерді ойлап, ары да, бері де аунады. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр... Бітпейтін бір сықыр. Астындағы торлы темірі созыла бастаған ескі кереуеттен емес, ойылып бара жатқан жамбас сүйегінен шығып жатқандай. Соңғы кезде көргені осы. Шала ұйқымен жұмысқа барады. Маужырайды да жүреді. Кеш бата «әй, бір ұйықтамасам ба», – деп үйге келеді. «Әй, бір ұйықтамасам ба», – деп төсекке жатады. Сол баяғы сықыр-сықыр. Ой дейтін ой да жоқ. Бытысқан, берекесіз бірдеңе. Не ойлағанын өзі де білмейді. Аунақши-аунақши таңға жетеді. Сағатқа қарауға қорқады. Қабағы ауырлап, көзі талып, өлдім-талдым дегенде көз іледі. Іле-шала оятардың сүйкімсіз, сұңқылдақ даусы. Көз аша салып алғашқы ойы: «Қанша сағат ұйықтадым екен?» – Есептеуге батпайды. Екі сағатқа жетер-жетпес екенін біледі. Соңғы кезде жабысқан ауру. Ұйқысыздық. Тек, демалыс күндері түске дейін ұйықтайды. Оған да шүкір, әйтпесе жынданып кетер ме еді! Шала ұйқы, қызарған көзбен үйден шығып бара жатады. Шаршаңқы жүз, кіреуке жанармен үйге кіріп келе жатады. Жартылай өмір сүріп жатқандай. Өзі ылғи ұмытып кетіп, өздігінен жанып бітетін темекінің тұқылы сияқты. Еш нәрсе әсерсіз. Күлсе – шын жадырамайды. Ашуланса – жорта мінез көрсетіп, өтірік қабақ түйеді. Адамдық міндетін амалсыз өткеріп жүрген секілді. Тағы да сықыр-сықыр. Және пыс-пыс. Сықыр-сықыр өзінікі, ал, пыс-пыс... Қасындағы қаперсіз ұйықтап жатқан Бибінікі. Жастыққа басы тиісімен басталатын пыс-пыс таңға дейін миын шағып, бір толастамайды. Неше рет ыңыранды, неше рет ұйқысырап сөйледі, санайды да жатады. «Қандай бақытты!» дейді жек көре тұрып. Сықыр-сықырға қиқ-шиқ дыбыс қоса орнынан тұрып кетті. Өзі жынданудың аз алдында жатқан адам, басқаның ұйқысын бұзып алам-ау деп абайлап қайтсін, дүңк-дүңк басып терезе алдына келді. Арт жаққа құлақ түрген. Пыс-пыс... Мырс етті басын шайқап. Неткен бақытты жандар! Әйелі жаққа жазғыра қарап қойды. Ол да өзі сияқты азаптану керек сияқты. Ең болмағанда орнынан тұрып, сенделіп жүрген бұған жанашырлық танытуға тиіс тәрізді. Маңдайынан сипап, әлдилеп отырып ұйықтатса... «Еее», – деп қойды ыңыранып. Терезеден тысқа көз салған. Қала шамдары сирей түсіпті. Жұрттың бәрі пыс-пыстың астында жатыр, тек бұл ғана... Шіркін, дәл қазір ұйықтай алмай жүрген бір адам... бір-ақ адам болса өзінен бөлек. Бас сап құшақтап, бетінен шөпілдете сүйер еді-ау. Қандай жақсы болар еді. Мұң шағып, бұл азаптан құтылудың жолын қарастырар еді екі жақтап.
– Құдай-ау, адам деген өстіп қартаяды екен ғой!
Қолы терезе жақтауындағы қорап темекіге қалай барып қалғанын байқамай қалды. Бір талын суыра беріп, орнына қайта қойды.
– Жоқ, болмайды, – деді күбірлеп. Бүгінге арналған бір талы жаңа ғана балконнан төмен құлдап кеткен. Сарғыш қорапқа қимай қарап ұзақ тұрды.
***** Егер, сіз осы балконға қарама-қарсы немесе іргелес тұрсаңыз, және түнгі сағат он бір жарымда балконыңызға шыға қалсаңыз, әлгі балконға көзіңіз түсер еді. Әрине, шыққан соң құр тұрмайсыз, алдымен қарсы жақты, іле оң-сол, асты-үстіңізді бір шолып шығасыз. Өзіңіздей адам қылтиып тұрған балконға көзіңіз еріксіз аялдайды. Ал, оған қарамауыңыз мүмкін емес. Қараңғыда сұлбасы анық көрінбесе де, шылым шегіп тұрғанын біле аласыз. Және, ойға бөгіп тұрған көршіңіздің шылымын ерніне ара-тұра ғана апаратынын байқайсыз. Әлбетте, жіті бақыласаңыз. Егер, өзіңіз де көк түтінсіз тұра алмайтын пақыр болсаңыз, және дүкен атаулы жабылып қалған уақта, өз темекіңіз таусылып, әлдебір үміт жетегімен балконға шыққан сормаңдай болсаңыз... Әлгі көршіңізден басқа темекіші көзіңізге түспесе, онда шын сормаңдай болғаныңыз. Күдеріңізді үзіңіз. Темекі сұрайсыз. Сөз жоқ, «жоқ» деген жауап күтіп алады. Көңіліңізге қараса, соңғысы еді деп алдарқата салуы мүмкін. Болмаса, үзілді-кесілді – ЖОҚ! Сіз шегісейік дей алмайсыз. Себебі, бөліп тартатындай бірге тұрған жоқсыз, аралық әудем жер, сіз үйіңізден шығып, – мұрныңыз жыбырлап, қаңсып барасыз, берем десе тоғызыншы қабатта тұрсаңыз да төменге түсетініңізге бәс тігем, – жетем дегенше, қызыл шоқ саусаққа жақындап, тіпті сөніп үлгеруі мүмкін. Оның үстіне ол... Шегіспейді. Ешкіммен. Ешқашан. Сараң болмауы мүмкін. Рас, Шығайбайға жиендігі жоқ. Өзіндік басқа себептері бар. Түсінбейсіз. Соңына дейін оқып көріңіз, түсініп қаларсыз.
***** Әсіресе, үйіне қонақ келгенде қызғыштай қоритын бір заты бар. Мұндай кезде, сарғыш қорапты «Қазақстан» өзінің үйреншікті орны терезе жақтауынан ауысып, қоңсылас төсектің бас жағына сүңгіп кетеді. Болмаса, жұмыс костюмінің төс қалтасына. Қайда болса да, әйтеуір ешкім көрмейтін бір жерге. Түнгі сағат он бір жарымда қонақтар кете қоймаса, сол орнынан қозғалмайды. Сопақша шылымның бір талы азаймайды. Қонақтар кетпей – түгел. Сосын, ел аяғы басылған соң, жатар алдында ғана бірін суырып алып, көк түтінге айналдырады. Бір күнге уақыты ауысқанмен, әдетінен жаңылған жоқ. Оның үстіне уақыт маңызды емес. Әйтеуір жатар алдында болса... Бастысы – сол. Түтін түтеу керек. Бұл – басты қағида. Әкеден балаға ауысқан жора. Бір тәулік – бір тал шылым. Бір тал ғана. Он үш жылдың жүзі болды, бұлжыған емес. Өзіндік ләззаты бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін сарыла ойламаса да, миының әлдебір қатпарында бұғады да жатады. Көшеде, яки жұмыста біреу-міреудің түтіндетіп тұрғанын көрсе еріксіз есіне түседі. Кеш батқан соң ол да... Белгісіз бір қуаныш түнге асықтыра жүр-жүрлеп тұрғандай. Қолы қалт еткенде тұра қалып будақтатып, сыртына шыға иістеніп, ысталған тіспен ысылдай сөйлер ағайындарынша есі кете құнықпады. Жұмыс бөлмесі, үйі көз ашытар көк тұманға толып көрген емес. «Негізі аз шегем, көбіне тамақтан соң ғана татам, кейде бір нәрсеге ашуланғанда, не ерекше толқыныс үстінде ғана үсті-үстіне тарта берем», – дейтіндердің қатарынан аулақ. Өзінше жол тапқан. Өзіндік тастай ереже мен міндеті бар. Күніне бір тал. Бұлжымас заң тұрған жерде, көзге ұрар зиянды әрекеттер орын алмағанмен, өзіндік қиындықтар болмай тұрмайды. Кейде өкінетін. Осыған бекер кірістім-ау дейтін. Не жоламау керек еді, – түтін сормай-ақ, жер басып, көштен қалмай жүргендер бар емес пе? Не, ешқандай ережеге салмай-ақ, көңіл-күй ауанымен қалаған кезінде бұрқырата беру керек еді. Жұмыс кезінде, не басқа бір жерлерде елдің темекісіне қарап құлқыны құритыны да ештеңе емес. Төтенше қиындық басқа тараптан туған. Адам болған соң, оның ішінде қазақ болған соң анда, мұнда қонаққа бармай тұрмайды. Аннан, мұннан қонақ келмей тұрмайды. Кеш бата барып, түн ауа оралатын «құтты болсындар» ештеңе емес, қоналқыға тоқтаған, яғни жата-жастана барар, келер қонақтар. Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады дегенмен, қонаққа өзі барғаннан, біреудің өзіне қонаққа келгені оңай көріне бастаған. Үйді қойшы, қонағыңды ұйқыға жайғастырған соң, балконға шық та бұрқырата бер, Ал, біреудікіне барып, қонуға бекіндің делік. Сенің ерекше, тіпті, тұрпайы әдет-салтыңнан ешкімнің хабары жоқ. Түн болса түтінсіз тұра алмайтын шылымқор екеніңді білмейді. Жатар алдында сыртқа беттедің. Сөзсіз, үй иесі ере шығады. Өзім шығып келем, отыра бер деудің реті жоқ. Қатты қысылатын. Мұның күтпеген жерден темекіқұмар бола қалғанына таңданысын жасыра алмай жатады көлденең жұрт.
– Ее, аздап... кейде енді... өститініміз бар, – дей салады міңгірге жуық.
Әлгі үй иесі «ааа...» деп қоя салмай, тақ-тақ етіп, тақымдап қоймай бара жатса, күнделікті әдет екенін жайып салуға тура келеді. Кейбірі тіпті, бұл әдеттің сырына үңіліп, тергеуге ала бастайды. Мұндайда аузына түскен әлдебір себепті алға тарта салады. Немесе, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберетін. Сонда да, қызығушылығына тоқтау сала алмаған тергеушісі бұған бір, қызыл шоққа бір қарап, көпке дейін бас шайқаумен болады. Ақыры, мұның «ерекше қасиетін» алыс-жақын ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс түгел біліп болған. Таңырқаса да түсіністікпен қарауға тырысқанымен, сыртынан сан-саққа жүгіртіп жататын. «Өзіне берген серті бар көрінеді. Бұрын тоқтамай шегеді екен, ақыры ұшынып тыныпты. Содан бері жарықта темекінің түрін көрсе, ауырып қалады екен. Ол – ол ма, таң атқанша бір қорабың түк болмай қалады-мыс, иісі мұрнына бір барса өзін тоқтата алмайтын көрінеді, әйелі байғұс әреңдеп жүріп жатқызады екен». Бұл дықпыртты естіген аузының желі, құлағының қотыры бар кейбір сумақай әйелдер мұның әйелін айналдырып, сұрақтың астына алған күндер де болған. Қуанарлығы сол, Бибісі аузына берік, бір тоға. Күледі де, қояды екен. «Е, өздерің де біліп болыпсыңдар, енді түнге қарай күйеуімді ұйықтатуға көмекке келіңдер», – депті. Тіпті, бәзбіреулер мұны әулие дәрежесіне жеткізіп, көкке шығарып қойыпты. «Осындай да, осындай, кісісі бар екен дейді. Түнде, тәулік ауысар сәтте (уақытын қалай дәл біліп алған десеңші) әлдебір қара кісі (ақ киімді аруақ, көк түтін сыпатты адам...) келіп, түртіп оятады екен де, тысқа шақырады екен. Сосын, өз қолымен бір тал шылым ұсынатын көрінеді. Қашан тартып біткенше қарап тұрады-мыс. Бәлду-бәлду, бытпырық-бытпырық...
– Оттай береді екен ғой бұ жұрт! Менде не шаруалары бар екен?! Иии... – дейтін бұл қарадай күйініп.
Әйелі күлетін:
– Жақсы емес пе? Тау қопарып, жер оймай-ақ аңызға айналып жатырсың. Алда қаншама өмір бар, әлі даңқың артып, атағың аспандай түседі. Тарихта қаласың. Темекінің жынымен жолдас болған әулие деп... – Сықылық-сықылық, сылқ-сылқ. Еріксіз бұл да қосыла күлетін.
Мұның әкесін білетін, көзін көрген көне көздер ғана үнсіз бас шайқасатын. Сонда да, кейбір керауыз кемпірлер пыш-пыштап, көк есекке теріс мінгізіп жататын:
– Қайтсін байғұс, еліктегені де!..
***** Алматының орталық аудандарының біріндегі көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс.
***** Тырс-тырс. Әлсіз сарын естіледі. Шығын арықтардағы қар суының болмашы ағысының үні. Дәл тұмсығының астында түнгі тұманға бөккен ақ қайыңдар сыбырласа, баяу тербеледі. Бір-біріне көктем келіп қалды деп сүйіншілеп тұрғандай. Қыстағы кір-қоңымыздан, қоқыр-қоқсығымыздан арылайық, тазарайық дейтіндей. Қуанып тұрғандай.
Жаңа өмір басталмақ.
Сарғая қурағанына қарамастан ағаш басында қыстап қалған жапырақтар көктемнің келгеніне қуана қоймайтындай. Жерге әлі де биіктен қарай тұрғысы келетіні анық. Өз орнының кезекті жас жапыраққа бұйыратынын ойлап, бұрынғыдан бетер бүрісе түсетіндей. Он сегіз мың ғаламға ортақ бұлжымас заңдылықтың өзін айналып өтпесін де сезер. Бүгін, болмаса ертең, тіпті арғы күні топырақпен қауышары даусыз. Ұзаққа бармайтын қаусаған кәрі. Жаңа өмірден үмітсіз. Мүмкін, көктемгі күзеу кезінде, жаздағы жаңбырда, ең болмаса қарашадағы қара дауылда үзіліп кетпегеніне налып тұруы да ғажап емес. Әйтеуір, ойы он сақты шарлап, шаршап тұрғаны ақиқат. Ал, ақ қайың ше? Ол құлпыра түсуді көксейді. Қандай жағдайда да жапырақ жоқтыққа айналады. Бұл – нағыз шындық. Адам тағдырының көшірмесіндей. Алдымен жастық өтеді, ажар тозады. Өмір озады. Ұрпақ алмасады. Буын ауысады. Әр буынның өз заңы, өз заманы бар. «Қызық, әкем өлерінде өкінді ме екен? Жарық дүниені енді қайтып көрмейтініне қынжылды ма екен? Әлі жап-жас, бар ғұмыры, бар қызығы алда тұрған бұларға, жастарға қызыға, қызғана қараған шығар. Өмір тәтті ғой... Бірақ, армансыз көз жұмды жарықтық. Өзі айтқан». Ол көңілді еді бүгін. Ұшпаққа шыққан жоқ. Аты бәйгеден келген жоқ. Шіркін-ай дерлік ештеңе болған жоқ. Сонда да. Сергек, қунақы жүрді. Түнде қатып ұйықтапты. Өзінде жоқ әдетпен ұлы мен қызына ертегі айтып берді. Білмесе де, естігендерін жиып-теріп, құрау-құрау қызғылықты оқиғалар тізбегіне өзі де елтіп отырып, ұзақ сөйлеген. Онға кеп қалған қызы сөзді бөле береді. «Ана тілде» олай жазылмаған дейді. Мамам басқаша айтқан дейді. Мейлі, бұған бәрі бір еді. «Ертегілер ұқсай береді, бұл басқа ертегі», – деген де, көсіле берген. Есесіне, мектепке биыл ғана барған ұлы аузын ашып тыңдады. Көзі бақырайып, мұның аузына кіріп кетердей емінеді. Өзінен... жоқ, атасынан аумайды. Көзін көрмесе де, «Атамның баласымын» деп жүр. Өзі үйреткен. Алғашқы қыздан кейін араға төрт жыл салып, аса уайымдатпаса да, көңілге алаң ендіріп, жүректі күпті қылып барып туған жалғыз ұл. Қыздың жөні басқа, әлде жаңа отау құрған шақ, онша мән бермеді ме, тұңғышы туғанда бұлай қуанбап еді. Ал, мына бала... Қатты қуанған. Ұл келіп еді өмірге. Ұрпақ жалғасады. Әкесі марқұм көрінде бір аунап түскен шығар сол күні. Сол, «атасының баласы» үшін айтқан. Ұзыншақ шылымның ортан белінен өткен қызыл шоққа қарап қойды. Бітпеші, түгесілмеші дегендей. Әлсіз, қараңғыда мүлде өлеусіреген жіңішке, ирек сызықты түтін көзге көрінер-көрінбес болып аспанға жол тартуда. Көктегі аруақтарға жердегі тірілердің тіршілігінен хабар беруге асыққан елші сияқты. Жұрт жек көреді осы темекіні. Әуестігі жоқтардың жөні бөлек, мұнсыз тұра алмайтындар да, тіпті күніне бір қораптан асыра сілтейтіндер де жек көреді. Жек көре тұрып тартады. Атаңа нәлетті қоя алмай жүргендерін айтады. Қоюға тырысып көрмесе де солай дейді. Атаңа нәлетті... Бұл жақсы көретін. Ел аузында дықпырт болып жүрген өзінің ерекше әдетіне бола шығар. Әлде басқа. Өзінің де басы жетпейді. Әйтеуір жақсы көретін. Құмарлығы шамалы. Әлі күнге басы айналады. Дың-дың... Рахат күйге ене тұрып, небір ойларға берілетін. Әкесін ойлайтын. Шешесін еске алатын. Бірінің соңынан бірі жүре берген. Жасы келсе де сырғақтап бойдақ жүріп алған мұны әкесінің көзі тайысымен, шешесі асығыс үйлендірді. Бол-болдың астына алған. Мұның өзі әкелмесе, өзі-ақ табатынын айтқан. Өзінің де ойында жүрген, тек әкесінің жылын күтпек еді, оған қаратпады. Сезген ғой. Жетім күйеу атандырмай құдалықты бастан-аяқ тең дәрежеде өткерді. Бибінің қолынан тура бір ай шай ішті. Ақылын айтты. Ауырмай-сырқамай ұшып түсті де, бірден бетін арыға бұрды. Айналасы бір маусымда екеуінен бірдей айрылған. Екеуі де бақытты екен, тіршілігінде шәй деспей өтіп еді, ешқайсысы тұл қалмай қатар кетті. Балалық шағы есіне түсетін. Тентек болды. Сабақта озат болғанымен, екі күннің бірінде жағасын жыртып келетін. Уызынан жарыған, топ-томпақ бала, үлкен сыныптың балаларымен төбелесетін. Шешесі тәк-тәктағанымен, әкесі бетінен қағып көрмепті. «Ақылсыз емес, ес кіре келе қояды», – дейтін, «мына балаңа тәйт демеймісің», – деген шешесіне. Біледі екен ғой. Ақыл айтып, жөн сілтеп, басын ауыртып көрмепті. Тек, кейде ғана атасы туралы айтып беретін. Сондай бол дейтін. Қатты әсер ететін еді. Өзін төргі үйдің қақ төріне ілінген суреті арқылы ғана танитын, көкірегіне орнаған Қаһарман атасына еліктеп жүріп ер жетті. Ештеңе тындырып тастамаса да, ешкімнен кем қалған жоқ. Әжептәуір қызметке де жетті. Алыс-жақынға үлкенді-кішілі жақсылығы да өтті. Қатарластары сыйлайтын. Үлкендер де ризашылығын білдіріп жататын. Бірақ, тоғайып, кекірейіп көрмепті. Атасы қарап тұрғандай. Атамның баласымын деп ержетіп еді, ата аруағы назаланбасын деп, қылдан тайып көрмепті. Әкесінің темекі тартатынын білмейтін. Қалай білсін, бұған көрсеткен емес. Алғаш көргенде таңырқаған. Сол күні ерте ұйықтап қалып еді. Тынымсыз ойын титықтатса керек. Қысқы тоқсандық демалыс кезі. Үшінші сыныпта оқып жүрген. Күні бойы сырғанақ теуіп, аққала жасаған. Ауладағы шұрылдақ бала-шаға түгел атсалысқан. Шыңылтыр аяз сынып, күн жылт еткен шуақты күні жібіскі, жабыспақ қардың үстінде армансыз асыр салған. Қас қарая үйге кіре салып, ашқан қарынды тойдырып алып, буыны кетіп, жып-жылы үйде маужырай берген. Қай уақ екені белгісіз, оянып кетті. Өзіне тиесілі төсегінде, ұйықтағанда киетін киімімен жатыр. Қашан, қалай жатқаны есінде жоқ. Көйлек-дамбалшаң орнынан тұрған. Мамасы жатып қалыпты. Қасында көкесі жоқ. Ұйқылы көзбен іздеп кетті. Балконда тұр екен. Терезеге арқасын бере, теріс қарап тұр. Таңырқай қарап сәл тұрды да, жақындай берді. Сықыр етіп есік ашылғанда, әкесі селт етіп, жалт қараған. Сол кезде көрді, көкесінің оң қолында шоғы жылтыраған темекі. Бұл аңтарыла қарап тұрып қалған. Әкесі де. Ұрлығының ашылып қалғанда қипақтап тұрған сияқты. Жымиып күліп еді сосын.
– Оянып кеттің бе, батыр? Бері кел, – деп қолын соза бауырына тартты. Құшағы сап-салқын. Бірақ жағымды. Танауына темекі түтінінің иісі келді. Ол да жағымды. Басқа ләм-мим тіл қатқан жоқ. Жылдам-жылдам, үзіліссіз үш-төрт мәрте сорды да, қызыл шоқты төменге ытып жіберді. Мұны жетелей үйге кірген.
– Қарның ашты ма? – деді бетіне үңіле.
Бұл үнсіз бас изей салды. Қарны ашпаса да. Тамақ туралы ойламаса да. Екеуі қарама-қарсы отырып шай ішті. Тамағынан түйір өтер емес. Сол күннен бастап әкесін аңдуды шығарды. Не үшін екенін өзі де білмейді. Кеш қалай батады, солай әкесінің балконға шыққанын күтеді. Әйтсе де, бұл ұйықтамай көкесі ол жаққа аттап баспайды. Әлгі түннен кейін бірде бір рет көре алмаған. Бір күні темекісін тауып алды. Бір қорап тола. Анығында тауып алған дәнеңесі жоқ, әке-шешесінің жатын бөлмесінде керегеге жабыса қойылған шағын кітап сөресінде, мұның қолы жетпейтін биікте тұр. Астына биік орындықтардың бірін қойып, қолына алып көрген. Орнына қайта қойды. Содан бастап белгісіз бір күш сол жаққа тартты да тұрды. Әр күн сайын қолына алып көру әдетке айналған. Тиіспейді, қолына алып көреді де, қайта қояды. Сол ғана. Күн өткен сайын азайып, бітеді де, орнына іші толы жаңа қорап пайда болады. Сөйтіп жүріп... Сәті түскен бір күні бір талын суырып алып, қалтасына салып алды. Енді балконға шығу керек. Сіріңкенің жарасы жеңіл. Ас үйден, газ пешінің жанынан талай көрген. Тек, ыңғайы келсін. Оның орайы бұл күткеннен тіптен оңай келе кетті. Көкесі жұмыста. Бұл сабақтан жаңа келген. Түскі асын ішіп отырғанда аузына еркелете барын тосып отырған мамасы дүкенге баратынын айтып қалды. Бұрын бірге баратын. Ананы әпер, мынаны әпер... Қиғылықты салып бағатын. Мамасы қолын қаға қоймайды. Бұл үшін мерекеден бір де кем емес. Бармаймын деген. Бармайды. Басқа жұмысы бар. Мамасы сәл таңырқаған да, өзі кеткен. Себебін сұрамады. Ақылы кірген ғой десе керек. Ақылы кірген. Яғни, үлкен жігіт болған. Иә, ақыл кіріп еді. Ақыл болғанда қандай! Үйде бір өзі. Жүрек лүп-лүп. Дегбірі қашып, неше күннен бері қайда барса да қалтасынан тастамай, сары майдай сақтап жүрген темекіні қолына алды. Үйде өзінен басқа ешкім жоқ екенін біліп тұрса да, ұрлана басып ас үйден сіріңке алған. Үйдегі бүкіл мүлік, кереге, төбе, бұрыш.., бәрі мұның әр қимылын төбесінен төне, үнсіз бағып тұрғандай. Қазір ғана әлдебір қалтарыстан көкесі, ия мамасы атып шығатындай. Жан-жағына анталаған үрейлі, қатал, ашулы заттарға жалтақ-жалтақ қарап, балконға шыққан. Көшедегі жұртқа көрінбестей жайланып отырып алды. Қолы дір-дір. Быжж етіп сіріңке тұтатқанда селт ете түсті. Абиыр болғанда, қол мен ауыз мұның еркінен тыс, бәрін өздері атқарып жатқан. Алғаш сорғанда ащы көк түтін тамағына кетіп, қиқылдап-шиқылдап қақалды да қалды. Көзінен жас шығып кетсе де көптен көкейіне қонақтаған ісін жалғастыра берген. Келесі сәтте-ақ ебін тауып алды. Абайлап сорады да үрлейді. Сорады. Үрлейді. Сақтықты ұмытқан. Үууп... Пүууу... Үууп-пүууу. Бітті –ау ақыры. Терең күрсіне бір дем алып қойды. Қалдығын әкесіне еліктеп төмен ытып жібермек ниетпен орнынан көтеріле берген. Жер-дүние шыр-көбелек айналып ала жөнелді. Мең-зең. Басы солқылдайтын сияқты. Жүрегі айнитындай. Қалдықты қайткені есінде жоқ, жан-дәрмен үйге жүгірген. Қорқып кетіп еді. Әйтеуір, сіріңкені орнына қойғанын біледі. Төсегіне жете сұлап түскен. Дың-дың, күңгір-күңгір... қалықтап жүргендей. Өлетін шығармын деген тұңғиыққа батып бара жатып. Мамасы оятты. Қатып ұйықтапты. Таңдайында әлгі... жағымсыз дәм әлі тұр. Жиіркене тыжырынып жүріп, баппен жуынған. Аузын ұзақ шайқаған. Иісін сезіп қоя ма деп сақтық жасағаны. Иісін де сезбеді, ештеңе де демеді. Күндегі мамыражай тірлік. Әйткенмен, қуыстанып отырып, тамақ батпаған. Мұндағы өзгерісте ешкімнің шатағы жоқ. Ертеңіне өзін жақсы сезініп еді. Жеңісіне масаттанғандай. Ешкімге ештеңе сездірмей, үлкен істі тындырып тастаған өзіне дәе риза. Бірақ, әлгі қорапшаға қайта жақындауға жүрегі дауаламады. Ши бұл күтпеген күні, ойламаған жерден шықты. Әнеу күнгі қылмысын өзі де ұмытып кетіп еді. Біреудің аяусыз жұлқылағанынан шошып оянды. Не болып жатқанын ұғып та үлгірмеді, көзін ашқанда көргені көкесінің өрт сөндіргендей түрі. Алқынып кетіпті
– Тұр орныңнан! Иттің баласы...
У-шу, берекесіз ырду-дырду, атыс-шабыс болып жатқандай. Мұның керіліп-созылғанын күтпей-ақ, жағасынан жұлқи тартып тұрғызып алды да, дедектеткен күйі өз бөлмелеріне сүйреп әкелді.
– Мынаны танисың ба?
Не болғанын сонда ғана ұққан. Хәлінің тым мүшкіл екенін де ойлап өтті. Іші қалтырап кетті. Аяғынан әл кетіп қалған, дір-дір етеді.
Көкесі көз алдына темекінің бос қорабын тосып еді.
– Танисың ба деймін?!
Бұда үн жоқ. Жәутеңдеп мамасына қараған. Араша түсер деген. Ол да үнсіз, сазарып алыпты.
– Иттің баласы! Неғып тиісесің а? Ұрлық жасауды кім үйретті саған а? Қашан, қашшан алдың дейм мен саған? Бедіреюін иттің баласының...
Оң жақ құлақ шекені шыңылдата, көзінің отын жарқ еткізе шапалақпен осып өтті. Сонда ғана мелшиіп тұрған бұл шырр ете түскен. Сонда ғана сазарып отырған мамасына тіл біткен:
– Алдымен сұрасаңшы... – деп еді батылсыз.
– Ашып қалсам бос тұр. Кеше бітіп қалғанын да байқамаппын. Бүгін бітеді, ертең алам ғой деп жүрсем, – деген дауыстарын естіген өз өксігінің арасынан.
– Дұрыстап есептеп пе едің? Мүмкін кеше біту керек болған шығар? – Мамасының күмілжіңкі даусы.
– Әәй, сен де! Мені алжыды деп пе ең? Бүгін соңғы күн болған. – Бұған қайта шүйілген. – Қашан алдың? Айт жаныңның барында.
Бұл дір-дір етеді. Бет-аузы тарам-тарам жас. Жасын сүртпекке қос жұдырығын көзіне апара беріп еді, көкесі сілкіп тастады. Білегін ауырта қысып алыпты. Мұндай қатал екенін кім білген?
– Қашан алдың деймін? Қашшшан?!
– А... ан...
– А?!
– Анн анада... – деген міңгір етіп.
– Анада? Неғып аласың? Оны қайда қойдың?
Бұл көзімен жер сүзе, төмен тұқыра береді.
– Ейй, сен де! – Амалы таусылғандай бетіне қарап сәл тұрды да: – Тарттың ба? – деді баяу ғана. Шарасы таусылған адам осылай сөйлейтін.
Жерге кірердей болып тұрып, білінер-білінбес бас изеген бұл.
Көкесі ызалана мырс етті. Тағы ұрар деген, – ұрмады. Ұрысқан да жоқ. Тек:
– Енді қайталанады екен... – Тістене, ысылдай сөйлегені қандай қорқынышты. Сол сәт сұмдық қорқынышты еді. Білегін босатты да: – Жоғалт көзіңді! –деді.
Бұл жасқана шегіншектеп барды да, батылы қалай барғанын Құдай білсін:
– Кеш-шір, көк-е... – деген үзіп-үзіп естілер-естілмес.
Ешкім ештеңе демеді. Мамасы да, көкесі де. Күнде айғайлай кіріп, дабырлай шығатын есіктен салбырай басып шығып кетті. Келе өз төсегіне етпеттей жығылған. Бүк түсіп алып, үнсіз, тістене ұзақ жылады. Солқ-солқ... Әлдеқайдан көкесі мен мамасының күбір-күбір дауыстары естіледі. Көкесінің даусы өктем шығады. Кейде тіпті қатты шығып кеткен сайын бұл дір ете түседі. Солығы басылған сияқты еді. Ұйқылы-ояу хәлде жатқан. Сол құлаған қалпы. Жастыққа бетін баса, жарыққа қарай аунап түсуге дәті шыдамай... Басынан сипағандай болды. Жұп-жұмсақ алақан. Көрмей-ақ таныды. Мамасы. Бетін бұрып, өзіне қаратпақ болып еді, бұл басын көтерместен мамасының жуан белінен орай құшақтап, бауырына тығыла түсіп, еңкілдей жөнелген. Ып-ыстық құшақта ып-ыстық жас толассыз ағып жатыр, ағып жатыр.
– Ақымағым-ай. – Еңкейіп келіп, желке тұсына ернін басқанын сезді. Ып-ыстық. – Ақымағым менің. Ақыл қашан кірер екен саған?
Мамасының құшағында жатып көп нәрсе айтқысы келген. Ендігәрі ондайды қайталамауға, тәртіпті, ақылды болуға, балалармен төбелеспеуге уәде бергісі келген. Айтқан жоқ. Ешқандай уәде берген жоқ. Екеуі де тіл қатпаған. Үнсіз ұғысқан екен-ау.
...Қызыл шоқ бағана сөніпті. Жылап тұр екен.
*****
Сол оқиғадан кейін шынында өзгеріп еді. Баяғыдай шексіз еркелік жоқ, тентектік жасамайды. Кітап сөресіне қарай аттап баспайды. Үлкендерше сөйлейтін болған. Мамасына қолғабыс жасайды. Дүкенге барып келеді, ананы-мынаны әперіп жібереді. Елгезек балаға бәрі сүйсіне қарайтын. Ойын да күрт азайған. Бас алмай сабақ қарайтын. Мамасының нұсқауымен түрлі кітаптар оқитын болған. Көкесінің қалауымен күрес үйірмесіне жазылған. Берекелі, шуақты күндер орнап еді. Санасына қатты әсер еткен, щолжаң мінезі мен балаң түсінігін мүлде басқа, тың бағытқа бұрып жіберген темекі оқиғасын бала кезінде де талай еске алған. Естелігінің өзінен тітіреп кететін. Содан кейін аузына алмаған. Ақыл тоқтатып, азамат жасына жеткенде күле отырып еске алатын. Расында, бір тал темекінің кемдігін байқамай, білмей қалуы мүмкін емес екен. Күніне бір тал ғана. Есебінен жаңылуы мүмкін емес. Үйде бұдан өзге күдікке ілінер ешкім жоқ. Із жасыру жайлы ойлаудың өзі ақымақшылық екен ғой. Неге бір тал ғана? Неге одан көп емес? Неге мүлде жоқ емес? Күніне бір талдан шекпей-ақ қойса қайтер еді? Университет қабырғасында жүргенде күмілжи отырып осыны сұраған көкесінен. Бұл ойлағандай терең мәні жоқ болып шықты. Бар болғаны көкесі бұрынырақта темекіні көп тартады екен. Сосын өкпе сыр берген. Темекіден ғана емес, суық тиген. Ажалдан әрең қалдым дейді. Дәрігер темекіге тоқтау салған көрінеді. Көкесі ең болмаса күніне бір тал шегуге рұқсат сұрапты. Бірден тастап кетуге жүрегі дауаламаса керек, бастапқыда уақыт созып, өзін бір талмен алдарқата тұрып, қойып кетпек болған екен, кейіндеп әдетке айналып кетіпті. Өкпесі де қайта мазаламапты.
– Болғаны сол, – деген күліп.
– Үйлен балам, – деген бұл университет бітірер-бітірместе. – Біз әкеден ерте айрылдық. Шешемді көрген емеспін. Мен жасқа толғанда обадан кетіпті. Әкем мен мектеп бітіріп, партия қатарына өткен күннің ертеңіне сұлап түсті. «Сенің ат жалын тартып мінгеніңді көрдім, арманым жоқ. Ессіз емессің, отымды, атымды өшірме!» – деді де жүре берді. Одан кейін қала жағалап, жалаң аяқ, жалаң бас жүріп жұмыс істедік, тиіп-қашып оқыған болдық. Баспанасыз қайда асығам, біреудің қызын аштан өлтіріп алармын деп отызға дейін салт жүрдік. Енді міне, немере сүйіп, иісінен мастанып, ертегі шертіп отырар елуден асқанда сол бос жүрісіме өкініп отырмын. Қиқаңдайтын жөнің жоқ, үйің бар, жағдайың жаман емес, үйлен енді, – деп еді бір оңашада.
Бұл онша құнттай қоймаған. Әкесі де қаузамады. Тек содан төрт жыл өткенде сол әңгімеге тағы бір айналып соққан. Жиырма жетіге аяқ басса да, әне-мінемен жүріп алған баласына ренжіген де. Бұл биылдан қалмауға уәде берген.
Үлгере алмады. ...Соңғы кезде ескі сырқаты қайта қозып, төсек тартып жатып қалып жүруші еді. Ақыры алып ұрды. Көп жатқан жоқ. Ақыл-есі орнында, түзге өзі шығып келер қауқарынан айрылмаған күйі кетті. Абыроймен, өз отының басында, аманатын айтып, өсиетін қалдырып кетті. Жақсы өлім деуші еді үлкендер. Сол. Жүрерінен бір күн бұрын шақырып алған.
– Атаң туралы көп айтқам. Жөргегіңнен қанықсың. Сол кісінің басты аманаты сен едің. «Артыңда жолыңды ұстап қалар ұрпақ қалдырмай – өлме», – деп еді, марқұм. Адамға соңында қалар тұяғын көріп, ұрпағы бар екеніне сеніп барып көз жұмудан асқан бақыт жоқ екенін біледі екен ғой, жарықтық. Армансызбын деп еді. Шын армансыз екен. Енді міне сол атаңның жолымен кетіп барам. Мен де армансызбын. Сен барсың. Атаңның әулетін жалғар сен барсың. Атаңның аманатын орындадым, саған жеткіздім. Ата жолынан тайған кезім жоқ. Осалдығымды көрсеткем жоқ алдыңда. Азамат болдың ғой, айтпағымды түсінуге тиіссің. Әлгі атаңның аманатын балаңның баласына айтып кет, көрімде тыныш жатайын. Алқымын басып сәл бөгелді. Қыстыға дем алып сәл жатқан соң: – Біраз жүрдің, жетеді! Бас құра! Адамша тірлік қыл. Одан асқан бақыт жоқ. Адам ұрпағымен мың жасайды дегенді атаң қазақ еріккенен айтты деймісің. Біз болған адамбыз. Ендігі кезек сенікі. Түтінімді өшірме, балам! – Сеп-сергек, сап-сау қалыпта солай деген.
– Түтінімді өшірме!
«Бара бер» дегендей басын изеген. Дәл қазір бірдеңе деу артық екенін іштей түйген. Іші жидіп бара жатса да, күрсіне дем алып, көзі боталый теріс айналған. Көкесін жер қойнына табыстап келген күннің кешінде баяғы кітап сөресіне келген. Ешкімнен тығылмай-ақ. Еркін. Жартылай ашық қорапты қолына алған. Бір талы кем. Әкесі тартқан. Қалғанын түгесуге ғұмыры жетпепті. Әкеден қалған мұраны киелі заттай аялай ұстап аз тұрды да, біреуін суырып алды. Оттығына дейін қасында тұр. Әкесінің көзі. Екеуі де. Балконға беттеген.
– Түтінің өшпейді, әке! – деді күбірлеп. Не ойлағанын кім білсін, күлімсіреп қойды.
***** Алматының орталық аудандарындағы көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс. Ұрпақ жалғасып жатыр. Әкелердің жаққан оты мен аты өшпек емес. Бабалар аманаты да – сол!
27.01.2012
Алматы, Шаңырақ-2.
КҮН ТҮБІНЕ ЖОРТҚАНДА
немесе
шалғайдағы ой
Сөз басы
Құлағы түрік қазақ естіген де болар. «Жазғы сессия» бағдарламасы бойынша магистрант біткен шет елге шығып оқуға мүдделі. Бір айдан үш айға дейін. Әрине, ерінбей есік қағып, жалықпай босаға күзетіп, қателеспей құжат толтырса! Шет елдің сыбысы білініп, шеті көрінгеннен-ақ, дабыраға айналдырып бақтық. Мақтан да жоқ емес. Соны естіген бір ағамыз сапарнама жазу туралы ой салып еді. «Өзім де солай ойлап жүр едім» – дедік шіміркпей. Қалам ұстап үйреніп қалған адам қайда жүрсе де жазуға ілігер шикізат іздей жүреді. Қолдан тастамай жүрмесек те, азды-көпті түрткен мен сызғанымыз бар біздің жазу туралы алдымен ойлағанымыз анық еді. Дегенмен, сапарнаманың жөні бөлек. Құлшына кіріскенбіз. Бас-аяғы бір айда жеткілікті мағлұмат жинап үлгіреміз деп ойлағанбыз. Үйдегі ойды базардағы баға бұзады. Айнымасақ та, күмілжіп қалдық. Жолжазба, яки сапарнама деп қомпитатындай саяхат емес. Көрген мен естігенді, білген мен түйгенді тізіп шығуға болар еді. Әйтсе де, басқалай жолын іздестіргеміз. Шағындау көлемдегі басқа бірдеңе. Ойлана келе тоқтам жасадық. Шет елдегі көңіл-күй ауанымен жазылған күнделікті көшіріп шығу. Ішкен мен жеген, отырған мен тұрғанды емес, тек керекті тұстарын. Не ойладық, қалай толғандық? Сол жетеді! Әуежайдан бастайық. Біреулар дұрыс емес дейді. Яғни, аударма көңілге қонымсыз. Ұшақжай деген жаңа сөз ұсынып жүр. Ескі мен жаңаның тартысына төреші болмай-ақ қояйық. Ары кеттік. Иә, естіп құлақ, оқып көз, жазып қол үйренген – әуежай. Бастайық. Басынан.
Барарда
–Уа, кімсіің?
–Ыбыраймын. Ыбыраймыз!
–Қайда барасын?
– Сайлауға... – Дұрыс емес! Қайта! Сайлауға бару әжіге барғаннан артық дықпырт болған ол заман өткен.
Магистрантпын. Магистрантпыз! Тау асып, тас баспай-ақ айшылық алысты алты сағатта аттап, кун түбіне сапар шеккенбіз. Корея. Оңтүстігі. Алматы-Сеул. Күнге қарама-қарсы, шығысқа қарай жосын жылдамдықпен қанат қаққан алып лайнер біздің уақытпен есептегенде түн ортасынан ауған шақта таңмен қауыштырды. Көрмеген жердің ғана емес, аспанның да ой-шұқыры көп екен. Бұлт жетпес биікті қақ тіліп, салқын ауаның қабырғасын қақырата сөгіп, қалыпты ағынмен келе жатқан ақ құс ара-тұра теңселіп кетеді. Төбеңде көк ніл, төменде ақ шарбыға бөккен, дүрмектен ада дүние. Құдды қар басқан далада, ашық аспан астында тұрғандайсын... Жә! Бұл қысқаша суреттеу. Көктегі көңілдің әуенімен жазылған жолдар ғана. Көрген мен Түйген. Басы ғана. Сапарнама дегенің де осы емес пе!? (02.07.11) Үш сағаттық белдеуді аттап өтіп, таң ата Сеулге ең жақын орналасқан Инчеон әуежайына қондық. Қалың бұлтпен астасқан қою тұман. Тіркеу, тексеруді айтпағанда, ұсақ-түйек тірлік қамы мен орналасу мәселесі. Шалғай екі мемлекеттегі екі университеттің арасында байланыс орнату тұрғысында зор алғысқа лайық айтарлық ықпалы бар (жұрттың, жұрт болғанда кәрістердің пікірі ғой) азамат – Чан мырза күтіп алған. Алғашқы кейіс ауа мәселесі төңірегінде. Дымқыл, тар, ыстық. Жартылай дем алып тұрғандайсың. Көзге көрініп жаңбыр жауып тұрмаса да, аздаған уақыт ішінде үсті-басың, киімің дымданып шыға келеді. Бұл қиындық қала ішіне кіргенде тіпті күшейді. Тар ауаға әлдебір жәндіктің қуырылған иісін қосыңыз. Көшеде сатылатын тағам сол ғана сияқты, бұрқыратады да жатады. Ал, ризашылығымызға арқау болған алғашқы көрініс – жол жағдайы. Үйден кептеліске кетер уақытты қоса есептеп шығып үйренген біз үшін «нағыз рахат мұнда екен-ау» дерліктей. Кең даңғыл, бөгеліссіз қозғалыс. Аттаған сайын салынған алып көпірлер мен айналма жолдар. Және қоғамдық көлік. Автобус көп күттірмей келді. Көп созбай жайғастық. Қауіпсіздік белдігін тағуымызды өтінген ыммен, шет елдік екенімізді түр-тұрпатымыздан, болмаса, жүк тиеу кезіндегі тілдесуден байыптаған бақылаушы. Арнайы киім үлгісіндегі жүргізуші мен бақылаушы аялдамада ұзақ аялдау емес, тез қозғалу үшін жанталасқан. Тұманды қаланың қақ ортасы. Ығы-жығы халық пен иін тірескен үйлер. Қала ішінен әлгі көпірлерді көрмесек те, кептеліс төңірегінде шағым айта алмадық. Себебін жолбасшы әрі аудармашы Чан мырзадан сұрағанымызда қала ішіне арнайы нөмірі бар санаулы көлік жіберіледі дегенді айтты. Біздегідей үлкен жатақханалары болмай шықты. Бізді, яғни жеті жігітті қос қабатты шағын үйге, ал қыздарды бізден әудем жер алыс, 20-30 адамдық шағын жатаққа жайғастырған. (04.07.11) Бұл жолдар жол машақаты мен орналасу жағдайының құрметіне жазылды деп біліңіз. Ары қарай...
Ары қарай
Ардың-гүрдің, арқырап жүретін азаматтарды ақ көңіл, аңғал деп мадақтап жатады жұрт. Дұрыс та шығар. Ал, мен үшін осы тип... Мақтай алмаймын. Пайдасынан зияны көп. Көп жағдайда өзім кеш жатам. Ал, ертең ерте тұру керек. Қандай жағдай болмасын кем дегенде 6-7 сағат ұйықтауға тырысам. Ал жаттың делік. Арғы-бергіні ойлауға шамаң жоқ. Күндізгі ұзақ жүріс титықтатқан. Көзің енді ілініп бара жатыр. Сол сәтте әлгі... көңілі кірнесіз ардың-гүрдің килігеді. Күндіз ұйықтап алған, болмаса ертең жұмысы жоқ. Не бірдеңе сұрайды, не өзімен-өзі отырады да тұншығып бастап, жыртыла күледі. Бітті! Селт еттім. Тым-тырыс, ұйып тұрған бөлмеде масаның ызыңы да әжептәуір құлақ жарады. Әлде, сықыр еткізіп орындықтан тұрды, әлде қолындағы әлдебір затын сарт еткізіп тастай салды. Онысымен тоқтаса жақсы ғой, күшене ыңыранды. Күрсіне есінеді. «Қой, ұйықтайын» деді дауыстап. «Сағатың біраз боп қаптеее». Сақыр-сұқыр, салдыр-гүлдір... Сыртқа беттеді. Кіржие қабақ шытып екінші жамбасқа аунап түскем. Менің тұсымнан өте беріп қалт бөгелді. «Е, мынау ұйықтап қалған ба-ей?». Даусы зор, өзі күшене сөйлейтін адам – үстіңнен трактор жүріп өткендей әсер етеді. «Өлә, мынауың ұйқыбас екен ғой!» дегенді қосып қойды, өзі айтқан уақыттың біраз болғанын ұмытып. Ұйқыда жатқандардың ішінен тек мені тауып алғанын көрмеймісіз?! Үріккен ұйқымды тым алысқа ұзатып алмауға тырысып өтірік ұйқысырап, теріс айналғам. «Әй!», – сірә қолын сілтеді. Әрі кетті. Қанша тырысқанмен болмады. Шошынған ұйқы тым маңып кеткен сияқты, қайта оралмады. Әрі-сәрі күйде сағатқа жуық жаттым...
Ендігі түрім мынау, жайлы төсекті қатқыл орындыққа айырбастап. Біз тоқтаған үй екі қабатты. Астында үшеу, үстінде біз – төртеу. Төменге түстім теңселіп. Мүндағылар 2:1. Ұйқы – екеу, ояу – біреу. Біреу мендей емес, жайғасып алып жазып, әлде оқып, әйтеуір шұқшиып отыр. Табылған ақыл. Ақыр ұйқы жоқ, шұқшиғанның көкесін көрсетейін. Төртінші күн. Төртінші мәрте Оңтүстік Кореяның астанасында түнеп жатырмыз. Мен күткен әсерлі сапардың ауылы тым алыс әзірге. Енді, алдағы айға жуық күндерден үміттіміз. Негізгі ой кәрістердің мінезі мен мәдениеті ғана емес, тарихын, тарихи орындарын – біздің бір облысқа ғана сиып кетер жер көлемін иемденген ел ғой – түгел шолып, асықпай аралап, танып қайту еді. Алдымен, мен күткен аудармашы, жетекшілер болмады. Сосын мен ойлағандай емес, қатал сабақ тәртібі. Әлдебір еуропалықтың мен білмейтін ағылшыншасын тыңдап, тапжылмай отыру. Таңғы тоғыздан түскі екіге дейін. Менің бір досым айтпақшы тозаққа пара-пар. Қол қалт етсе, жер түбіндегі Түркілер асханасына аяңдаймыз. Бір жағы қарын қамы, екінші жағы қаланы аралап қайтасың. Қаласы қала емес, бітпейтін бір жайма базар. Қарсың мен арқаң, оң-сол тегіс. Құжынаған халық. Астанадағы халық санының өзі он бір миллион дейді. Оған – туризм біршама дамыған ел, – сырттан келгендерді қосыңыз. Күлімсі (жоғарыда айтқан) иіс. Әйтеуір елге құр қол оралмаудың қамымен бөгеліп жатамыз. Енді бұл сандалыс болмауға тиіс. Шешіп қойдық деп ойлаймын. Жеті жігіт алыстан арбалағанша деп, азық-түлік алғанбыз. Алматыда қалған жатақханадағы салтпен. Бір жетіге еркін жетеді деп жатты білетіндер. Тамақ – үйден, әрекет – өзімізден, берекет – құдайдан. Бос уақыт көп болуға тиіс. Ұйқы қашса ой үйір. Қайдағы-жайдағыны ойлап, сенделіп құр жатқанша деп, ойлап тапқан ақылым еді. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда пышырап кететіні бар. Шалғайға шыққан алғашқы сапарды атаусыз қалдырмай, қағаз былғап, бірдеңе бітірмек едік. Не жазам? Несін жазам? Көргенім көңіл көншітерлік емес, қалам ұшына ілігерлік ештеңе таппаймын ба деп қорқам. Желдің сыбырынан сыр түйген бәзбіреулерше түймеден түйе жасауға еп жоқ. Қаз-қалпында қағазға түсіруге құлық жоқ. Ел көріп, жер танып, танымыңды кеңейтіп қайтасың деп еді әкем, шығарып салып тұрып. Дорбам бос қайтпаса игі. Жетінші шілдеден бастап пән ауыстырмақпыз. Аузын буған өгіз ғана емес, құлағы құрсауланған меңіреу отырыстан баз кешіп, жоғарыға, Чан мырзаға шағымданғанбыз. Ескеріліпті. Сәл таңданыс білдіріп, корей тілін үйренуді ұсынған көрінеді. Таңданыс білдіргені бізді ағылшынша ағып тұр деп ойласа керек. Ойламас реті жоқ. Тіл, ана тілі, қазақ тілі деген ұрандар жиі көтеріліп, күн құрғатпай мәселе қойылып жатқан соң, қазақ атаулы жаппай шет тілге көшіп кеткен екен десе керек. Бір ай ішінде сарнап кетпесек те, мәнсіз отырыстан гөрі тәуір. «Таным кеңейтуге» мүмкіндік молынан болатын сияқты. Аптаның төрт күні оқу, қалғаны еркімізде. Сол кезде танығанымызды төгілте жазармыз. Ал, әзірге... Менен бұрын шұқшиған кісі қаруын... қаламын тастапты, жастыққа бас қойған. Ендігі мәселе, жоғарыдағы салдыр-салақтың жайы. Ұйықтаған шығар. Ұйықтамаса – ұйықтатармыз. «Егер, жау берілмесе, – оны құртар болар». Жеңерміз. Мен кәріс жерінде қоналқаға тоқтаған, көзін тек жеңіспен ашқан өр рухты Көк Түріктің ұрпағы... (06.07.11) ...Мен көзін тек жеңіспен ашқан Көк Түріктің ұрпағы... Қолыма қауырсын емес, жаңа заманның ыңғайлы автоқаламы – қалам алдым. Енді жазам. Шүкір, қиындық жоқ. Қаламсап қаптап тұр, қағаз қат-қатымен. Ал, ой мен жазу...
–Несін жазам бұлардың?
Іштей, кейде сәл өзгертіп сыртқа шығарып, неше мәрте айтылған сөз. Бетін қалқып қана өте шығар шалағай жазарман болуға – БОЛМАЙДЫ! Тереңдеуге көлі қайсы, көлшігі қайсы – ажырата алар емеспін. Тарихынан хабарым жоқ. Мәдениетін білмеймін, тілін ұқпаймын. Мінезін, ұлттық мінез-құлқын тануға – жеткем жоқ. Бөгеліп қалған бір тұрыс. Төрт тарабым түгел жабық. Сыналап, қалай да жол табу керек. Ел көріп, жер танығанға мақтаныш емес. Сериалы арқылы менің елімде сұмдық атаққа, сұранысқа ие Оңтүстік Корея мемлекеті туралы жазу да емес. Басты мақсат – бізде жетіспейтін артықшылықтары мен жетістіктерін, үлгі тұтуға тұрарлық жақсы жақтарын бағамдау, және жеткізу тұрғысында еді ғой. Және, бізден кейінгі оқу соңындағы жастарды да осындай мүмкіндікке ие болуын, бізден де алысқа кетуіне тілекші көңіл. Игі бастаманың жалғаса беруіне түрткі салсақ деген ниет. Біз және біз сияқты азаматтар... От басы ошақ қасы тірлікке байланып қалмай, шығанға шығып, қазақ атын аспан астына танытып жатса... (08.07.11) Танытып жатса дейтінім, Қазақстан туралы білу былай тұрсын, естімеген шет елдіктерді көру – ауыр тиіп еді. Жат та кеп жан жақты мағлұмат беріп жатамыз. Картадан ұлан-ғайыр атырапты көргенде таңданыстарын жасыра алмай қалады. Бір жігітіміздің ыза болып: «Ең болмаса картаға қарамайсыңдар ма?» дегеніне: «Россияның бір бөлігі екен деп жүріппіз» деген жауап есту... Жыларман күйде жабыла түсіндіреміз, түсінігі қазақ деген мақтанышпен, ұлттық тұрғыда қалыптасып келе жатқан кейінгі жастар. Шалғай елде жүріп шет жұрттың қандай да болмасын ерекшелігін көрсек алдымен өз елімізбен салыстырамыз. Мынасы артық, анасы бізге жетпейді. Мынаны бізге ендірсе, ананы бізден алса дегендей. Апта сайынғы демалыс күндері анда, мұнда апарып жатады. Мәдени-тарихи орындарын көрсетіп, қаланың көрікті жерлерін аралатып. Әрине, түсте, кешке қонақасы бар. Қалай болғанда да жоспарда бар дүние. Міндеттері. Осыған орай кейбір қыз-жігіттер бізге шет елден барғандар болса, мұндайдың бірін де көрмес еді дегенді айтып қалып жүрді. Әсіресе, кәріс ағайлар арнайы атап айтып, өз қалталарынан пұл шығарып, дәмханада қонақ еткенде. Неткен жомарттық дескен. Шексіз рахметтерін жауғызған. Әрине, арттағы аға-апайлардың мұндай жомарттық жасамақ түгілі, шет елдік студенттерді мүлдем көрмейтіндігі жайлы да пыш-пыштар қоса өрбіп жатты. Соған байланысты біздің айтқанымыз бар еді. Қазақ қонақжай деп күнде айтамыз. Сол қасиетінен мақұрым қалмаса, қалай да осылар істеген жомарттықты асырып жасай алады. Өздерің ойлаңдаршы, басқа не көрдіңдер? Дәмхана мен шағын асханадан дәм тату ма? Тегін? Өзіміздің де қалтамыз көтерер еді. Ау, ағайындар-ау, қазақтың кең, даңғарадай үйі бар емес пе? Қаланың қақ ортасынан ойып алған. Ұйымдастырушылар емеурін білдірсе, профессор ағаларың мен апаларыңның қай-қайсы да оншақты студентті үйіне қонаққа шақырудан тартынбас еді ғой. Бір кәрістің үйіне кіріп көрдің бе? Төрінде отырып тіршілігін бақыласаң қаншама мағлұмат жинап қайтар едің. Шуылдап қаласын аралағанмен, тұрмысын бағамдай алдың ба? Жоқ! Себеп сол, қонақ ету деген түсініктің басқашалығы. Қазақтың аста-төк дастарханын көргенде кез-келген кәрісің аузын ашып, көзін жұмып тамсанатынына бәс тігем. Оған кең пейіл мен риясыз көңілді қос. Қонақжайлылық деген түсінікпен алғанда қазаққа жетер ел жоқ! Өз туған жұртың болғандықтан айтылған сөз емес, кез-келген шетелдік ден қояр еді. Істің басы-қасында жүрген өкімет адамдары ұлтымыздың осы қасиетін дұрыс пайдалана алса... Шет елге еліктеп жүріп, ұмыт қалдырмаса әлемге үлгі боларлық кеп. Көнермес қасиет! Үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып жолға салып, жөніне жіберер мәрттік сенің қазағыңнан басқа қай ұлтта бар деп естіп едің?.. Иә, дарқандық тұрғысынан арттағы елге өкпе айтар жөніміз жоқ болатын. Тек, соңғы кезде тапқан кесір мінез бен кесапат қасиет болмаса. Бәрі емес, кейбірі. Уақыт емдеп жазар ауру. Өтпелі дүние. Қалай да, түп кеспірін табады. Бұлай дейтініміз, сұрай-сұрай Меккеге де жетесің деген елдің баласы, қала аралап жүріп, тіл ұқпасақ та қолдағы картаны көлденең тартып, көлденең жүргіншілерден ыммен жөн сұрап жатамыз. Бұрын көрмеген қала, біздегідей кең дүние жоқ, бір-біріне мінгескен бір құрылыс. Сонда, екі-үш мәрте сүйінішімізге негіз болған кәріс ағайындардың мінезі еді. Әлбетте, қолмен ғана жол сілтеп кеткендері болды. Тек, қарама-қарсы бағытта келе жатқанымен қоймай, бізбен бірге кері бұрылып, екі-үш аялдамалық жердегі бізге керекті тұсқа дейін жетелеп әкелген қысық көз азамат. Қалай сүйінбессің! Камсамида-ны (рахмет) неше мәрте қайталап, әрең қоштасқанбыз. Одан кейін де осындай оқиғалар ұшырасты. Қазір біздегі көп қазақ ден қойған «Көрдім деген көп сөз...» байламына кереғар. Алғаш барған күннен-ақ, Қазақстандағы қоғамдық жағдайға қанық Чан мырза тәуліктің қай уағында жүрсеңдер де өздеріңді қауіпсіз сезініңдер деген. Әрине, аттаған жеріңде бейнекамера. Қорқар жөнің жоқ. Әйтсе де, құжатсыз көшеде жүрсең «өзбек» атандырып, сарсаңға түсірер біздегі тексеріс жоқ. Шекарасы мығым, бақылауы күшті. Техниканың арқасы. Қайткенде де дамыған ел. Дамушы елмен салыстыруға келмес, дегенмен, біз үшін таң қаларлық, бір түн әңгімелеп әрең басылғанбыз. Ақыры, ел орнында, жер жатыр әне көсіліп түсіп, қалғаны қалыпқа келеді деп тоқтам жасап, тәубаға келдік. Расында біз қорқар не бар? Картадан қазақтың жер көлемін көріп, Кореяға бір, Қазақстанға бір қарап, ұзақ үнсіз отырып қалған мұғаліміміз, саусақ басымен біздің көлемге өз елінің нешеуі сиып кететінін өлшеп көріп, жетіден ары санауға батылы бармаған Құдай берген далиып жатқан даламыз бар. Қай дамыған ел санаспасын? Жетеміз біз де, жетілеміз! Сол кездегі көңіл-күй еді. Өзіңе деген аздаған кейіс пен өзгеге деген қызығушылыққа қоса тәуба мен мақтан. Тәубаға келмес жөнің жоқ. Жердің таршылығы, халықтың бастығырылуы дегеннің не екенін көзіңмен көрдің. Халықтың өсімін шектеу деген ұғымнан азат күн кешіп жатқан ордалы жұртыңа қарап, қалай бекімессің! Шет жұрттың тілін байлап, түкірігіне шашалдырған жеріңе қарап қалай көншімессің! Тәуба! Сөз басында ескертсек керек, көргеннің бәрін жіпке тізу міндет емес. Керегі де жоқ. Жағажайға барып бір күн дем алғанымызды, қаланың көрікті жерлерінде қалай суретке түскенімізді, түнгі клубында қалай билегенімізді... айту керек болса тағы бір әңгіменің аясында тоқталармыз. Әзірге жылы жауып қоя тұрайық. Ендігі әңгіме тарихи орындары мен мұражайлары. Бәрі емес, ірі деген бірі. Мемлекеттік мұражай. 600-жылдық тарихы бар, сол қалпында сақталған патша сарайы. Сыртқы дуал, ішкі бекініс, алаң, аумағымен түгел. Ана сарай бас сарай, ал анау бәйбішенің отауы, мына біреу тоқалдардың тұрағына арналған үйлер, мына жерде хан сейіл құрған, ана жерде ойланып отырған, мына бақтан өз қолымен жеміс үзіп жеген, мына үйшікте дәрет сындырған... Кете береді. Ежелгі, ұлттық арнайы киімдегі жасауылдар күтіп алған дуалдан бастап қаншама белдеуден өтіп, бас сарайға әрең жеткенбіз. Ұлттық музей де осы қалашықтың ішінде екен. Көзден таса қуыс қалдырмай адақтап шыққанда шаршағанымызды сезінгеміз. Жұрт пікірі әр түрлі. Көбі риза кейіпте. Мынадай жерді осы қалпында сақтап отыру... Бүкіл тарихы мен шаруашылығы, еңбек техникасының сатылы дамуын ұқыпты жүйемен ұғынықты жеткізу... Пай-пай! Пах-пах! Тамсанып жатыр, айтып жатыр. Бізде 600-жылдық тарихы бар қандай сарай бар? Кім салды? Қайда қазір? Сұрақ көп. Жауап та жоқ емес. Біздің шаруашылығымыздың жөнін түйе мен жылқыға қарап, тұрмыс тарихын киіз үйге қарап таны. Егер ауқымы тар, аумағы аяқ көсуге жарамас мынадай жерде тұрса біздің де бабаларымыз ағаштан қиюластырып, бұларыңнан да ыңғайлы, айбынды үй ойлап табар еді. Еркін, кең, дарқан елдің көшпенді шаруашылығы үшін өздері тұтынған үлгі мен ұстанған жорадан артықты ойлап табу мүмкін емес. Біздің бабаларымыз... Тарихи орын? Заман жылдық тарихы бар мазарлар мен күмбездер ше? Балбал тастар ше? Сына жазулар ше? 600жылың күні кеше ғана емес пе? Ал біздікі... Солай да солай... Не көрсек те алдымен өзіміздегімен салыстырып, көп жағдайда қазақты артық қылып шығаруға машықтанып қалған қыз-жігіттер көңілімізді осылай делбейміз. Рас еді. Не айтсақ та рас. Қазақтың, Түркінің тарихы, мәдениетіне жетер мәдениет жоқ жер бетінде. Қандай таза болған? Қазір де құдайға тәубе айтпас ретің жоқ. Тамақтың дәмдісін, нәрлісін тани білген бабаларыңа тәу етпес жөнің және жоқ. Қанша дамыған, жетілген, жеткен ел деп қомпитқанымызбен қазақтың қаласындағыдай кеңдік жоқ болғасын қысыласың да жүресің. Шөп-шалам мен теңіз жәндіктерінің татымсыз дәміне қаншаға дейін шыдай алам деп ойлайсың? Келгеніңе көп болған жоқ, түсіңе ет кірмеген қайсың бар? «Әркімнің туған жері Мысыр шаһар». Дұрыс лепес. Әйтсе де, салыстырмалы түрде айтсақ біздің тіршілігіміз көш ілгері. Экономика, қаржы мәселесінен бөлек. Қыл аяғы түзге отыруға да кең жер, биік төбені қолай көрген қазақтың қаны тамырында шымырлай қайнап жатқан біз үшін ит байласа тұрғысыз деген тоқтам жасадық. Алғашқы апта аяқталмай-ақ күн санай бастадық. Қарын тоқ, қайғы жоқ. Дей тұрғанмен... Ер туған жеріне. Шет елге шығып жер көрдім-нен гөрі, елге деген сағынышты сезінгенім үшін ризамын – деген ой бар еді әр кеудеде. Кетер қарсаңда Сеулдің Итайуон ауданында мешіт бар дегенді естідік. Елеусіз қуыста орналасқан, шағын ғана мешіт деп ойлағанбыз. Сонда да естіп тұрып соқпай кету мұсылман атыңа сын. Қасиетті жұманың қарсаңында күн қақ төбеге көтеріле ат терлете жеткенбіз. Жете бере естідік. Бүкіл қаланы жаңғырықтыра зор дауыспен азан шақырылып жатыр. Әсем әуез, жағымды мақам. Жүзімізге лыпылдап қан жүгірген.
–Пәлі!
–Мынауың ғажап қой!
–Біздің орталық мешіттен де үлкен бе, қалай?
–Кореяда азан үнін есту...
Асыға басып, дабырлай ішке беттедік. Түрлі ұлт өкілдері. Араб, түрік, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, қарақалпақ, ..., толып жатыр. Таң қаларлығы кәрістер де бар. Айдың аяғы, төре ай рамазанға екі күн қалған. Республикалық БАҚ-нан болса керек бейне камера мен фотоаппараттарын асынған бірнеше адам жүр. Бас имам сағатқа жуық уағыз айтқан. Үш тілде. Бір өзі. Араб, ағылшын, кәріс тілдерінде. Жұма намазын оқып, жер түбіндегі елде шалғайдағы елімізге амандық тілеп, дұға қылдық. Сыртқа шыққанда көрдік, ұзын көйлекті кәріс қыздар ішке кіріп барады екен. Естуімізше, бұл елде атеистер көп деген. Өз діндерін де, басқаны да мойындамайтындар жетіп артылады дескен. Ал, мына қыздар... Қалай сүйінбессің! Құдіреті күшті құдай хақ дініне айдаладағы кәрістерді де жүгінтіп, Мұхамедтің үмбетіне айналдырыпты. Біздегідей мешіттің алдын жағалай отырған қол жайған мүскіндер көрінбейді. Садақаға арналған жәшікке шама-шарқымызға қарап тиын-тебен салып жатырмыз. Мұсылман болып жаралғаныңа, ұлтыңның бір ұстын, тірегі исламды ұстанған, жұмыр басты болсаң да, бақытты пенде екендігіңе тәуба айтысып, мешітті төңіректеп ұзақ жүрдік. Оразаның биылғы кестесінен тәбәрік қылып, бір-бірден алып, үйге қайттық. Әдемі әсер еді. Сол әсерден арылмаған қалпы, келген бетте қақ төрге әлгі кестенің бір данасын ілдік. Кейін, Қазақстанға қайтар қарсаңда төрдегі Алланың аты басылған кестені не істейміз десіп аз ойландық та, солай қалсын дестік. Мұсылмандардан қалған естелік болсын! Ұстанбаса да ислам туралы мағлұматтары бар, аяқ асты етпес! Кәріс ағайындарға естелік! Қазақ Ұлттық Университетінің студенттерінен біз бір ай оқыған Донггук университетінің студенттеріне!
Дәретханадағы гүл
Мешіттен шығар жолда Түрік асханасына бас сұққанбыз. Тапсырыс бердік. Еті көптеу бір тағамға. Ұзақ күтуге тура келген. Мешіт жайлы, әсеріміз жайлы әңгімелеп отырмыз. Сол аралықта кіріп, шыққам. Бірден көзім түсті. Гүл. Дәретхананың төрінде – гүл. Кәдімгі үлкен құмыраға сәнмен отырғызылған. Біздікілер сән үшін ғана емес, ауа тазарту мақсатымен терезе жақтауына қоятын. Кәріс жеріндегі түрік ағайындардың әрекеті де осы соңғы мақсатта болса керек. Тазалыққа қатты ден қойған түрлері. Көз алмай бір сәт тұрып қалдым. Әр сабағын, жапырағын жедел шолып шықтым. Менің орнымда әсершіл ақындардың бірі болса ғой – деймін іштей, – табан астында ой түйіп, бірер шумақтың басын қайырып тастар еді. Біз ерекше әсермен жыр толғамадық, әйтсе де бөлекше кептен өзгеше әсерленгеніміз анық. Күн тимегендіктен ғана емес, – бұл да өсіп-өнуге құштар, сезімі болмаса да сезгіштігі бар, нәзік жаратылыс, – жапырақтарының көпшілігіне дақ түсіпті. Қурап, шірімесе де, қарая бастаған. Лас жерге қойылған аялауды қажет ететін өсімдік, қай бір шекең қызып күтім көріп жатырмын дейсің! Күтім көрсең де, табиғатыңа үйлеспес мына қуыста көгеріп, көктеуің екі талай. Ұзаққа бармассың деймін. Расында, тазалық пен махаббаттың символының мына кепке түсуі аянышты-ақ еді. Мүмкін, құлазып кеткен менің көңіл-күйімнен болар, әлгі гүлдің сабақтары солыңқы, жапырақтары жарымжан көрінген. Тұншығып тұрғандай. Лас қуыстан жиіркеніп, қорланып тұрғандай. Дәмханадан шыққан соң да әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойып еді. Ойымнан шықпайды. Сыршыл ақын болмағаныма шындап өкінгем. Төгіп-төгіп жіберіп, айналаңа сиясы кеппеген туындыңды оқып беріп, жаның жай табар еді. Көргенім жайлы жанымдағыларға әңгімелеп беруге тамағыма бір түйіртпек тұрып қалғандай. Әлгі жағымсыз көріністің, осы гүлдің маған бір қатысы бар сияқты. Бәлкім, өз орындарын таппай адасып жүрген замандастарымның тағдырына теліген болармын. Жоқ! Ол емес. Біз емес. Біздікі адассақ та түбі түнек емес. Өтпелі кезең. Ертеңнен, жарықтан үміт бар. Бәрі қалыпқа келер деген сенім бар. Басқа бірдеңе. Басқа біреу. Тұйықтала түстім. Жаныңды жегідей жеген ойдың түбіне жетпей кең тыныс алу мүмкін емес. Кеш батты. Түн болды. Жұрт ұйқыға бас қойды. Ал, мен... Дөңбекшіп жатырмын. Түн ортасы ауды. Қараптан-қарап мынадай күйге түскеніме таңдана түсіп, көз ілмек болам. Таң сыз берді. Сонда ғана... Ұйықтап кеткем жоқ, таптым. Таптым! «Эврика – таптым!» деп жалаңаш жүгіріп шықпадық. Архимед қуанғанынан есі шыға жүгірген болар. Ал, біз... Қуана алмадық. Тек, сәл жеңілдегендей болғанбыз. Себебі, біздің тапқанымыз жаңалық емес, көкіректі сыздатқан белгісіздіктің шешуі ғана еді. Бар болғаны: Қайран аталарым, ағаларым-ай! – деп күбір еттік. Иә, менің алдыңғы ағаларым мен сәл арырақтағы аталарымның тағдыры еді. Елім деп еңіреген ерлердің қапаста, қамақта, тар шеңберде өксіп, қыстығып өткен өмірі еді. Аумалы-төкпелі заманның құрбандарының заттық көрінісі алдымнан шығыпты. Сүйегі асыл ұлдар қорлыққа қалай шыдады екен? Неге төзді екен? Ұрпақ үшін. Елдік үшін, әлбетте! Олар болмаса біз жоқ едік. Кеше солар күреспесе бүгінгі күннің елесі де болмас еді. Ұлтының сасық тар қапастағы нәжіске батуға бет алғанын көріп, өздерін өртке ұсынған. Елін құрдымнан сақтаған. Өздері де нәжіске былғануға жетпей өлген. Құрбан болған. Азаматтық парызын қанымен өтеп, арын былғамай, намысын жықпай шаһид кешкен. Жарқылдау үшін, гүлдеу үшін туған қаншама ғұмыр қапаста қиылды! Әлемді жалт қаратар, шалқасынан түсірер ой айтуға тиіс қаншама дарын көктей солды! Әйтсе де, армансыз. Жандары жәннатта! Өздерінен кейінгі ел тізгінін ұстауға тиіс ұл-қыздарына бағыт көрсетіп, жол салып кеткен. Сол жорамен шеру тартқан кейінгі буын төбеден төне қоқаңдап, әр қадамын санап бастырған қожайын елдің назарын алдап, көз жаздыра біліпті. Зымиян саясаттың шырмауында жүріп-ақ қазақтың өткенін оралтуға күш салыпты. Елдігін сақтапты. Жоқ! Қазақ тарихындағы ең ауыр, ең қилы кезеңінде тынышсыз күн мен ұйқысыз түнді ғана жолдас қылып, қыл үстінде ғұмыр кешкен қазақтың азаматтары күресінге тасталған жоқ! Құдыққа құлаған құланның кебіне түскен шығар. Аз уақыт құрбақаның құлдыраңдағаны да түк емес. Ақыры – қайыр! Ізін, ісін жалғар, атын өшірмес ұрпағы өлген жоқ. Бір заманда озбырлар нәжіске тықпақ болған аяулы басы көмілген жерге көк күмбез орнатып, аруағына тәу етер, дұғасын бағыштап, рахметін жаудырар ұл-қызы бар. Әлем мойындаған, жарқын болашағына күмәнсіз қол қойған Қазақ елі бар. Әр ісін аңыз қылып айтар айшылық атырапты жамбасына басқан қазағы – тірі! Тіршілігін жасап жатыр. Тұрып кетсек керек. Қыршын кеткен мыңдаған... миллиондаған боздақтың рухына іштей жүз қайтара дұға қылдық. Азапта өткен азалы өмірлеріне деген аянышпен бір сәт өксік қысқандай болған! Босап барып – тәубаға келдік, – иінімізді тіктеп, қатайып алдық. Ғұмырлары арпалыспен өтіпті, енді көрде тыныш жатуға тиіс. Себебі, мың-сан қабат биікте, арсы-күрсімен бой таластыра самғап жүрген аруақ-рухтарымен қазағының болашағын, келешегін көрді. Күрестерінің жемісін кейінгілер көретінін ұққан соң, тәуба айтып, тыныштық тапты деп білем! Күнделікке оралсақ. Бірді айтып, бірге кеткеніміз емес, сол күнделіктің қысқаша мазмұны жоғарыдағы жолдар. Ерекше әсерлерді теріп отырып, түйіндеп шыққанымызды қарақты оқырман өзі де бағамдаса керек. Қойын дәптердегі жазбаларға қарағанда не көрсек те, көп жағдайда ұлттық мәселе тұрғысынан ой түйіппіз. Енді, кетер қарсаңнан сәл бұрынырақ, оңашада кеңінен отырып, еркін қалам сілтеген бір күнгі жазбамызбен жазбағымызды түйіндесек.
Қайтарда
...Тәңірінің өзі жол сілтер! ...Мен елім деп еңіреген Білге, Естемидей ерлердің мұқалмаған тұяғы... Қалта қағылуға тақау. Бос күніміз мәнді саяхатқа емес, қайнаған базардағы мәнсіз саудаға жұтылуда. Арттағы ел оқуға емес, базарын аралап қайт, сауда үйрен деп жібергендей-ақ. Жылтырағын жауһарға балап, аспандап тұрған бағасына қарамай тайыз қалтаның қатпарын жазып, түбін тырнап жатамыз. Шүкір, базарлық жағы ойдағы деңгейде. Бұл кәрістердің жаңа үлгідегі заманауи жосын киім үлгісі алыста жүргенде-ақ ынтықтырып еді. Қасына келгенде көзім тұнып кетсе керек. Аянбаппын. Аямаппын. Десе де, – қалтаның түбі көрінер межені ұмытқам – артығырақ сілтеңкіреп жібергем. Бұған да тәуба! Бұдан қаттырақ кетсем, жүген ұстап қалады екем. Жол қаражатыма қарайласпаса да, ақ жол тілеп, ақ пейілмен шығарып салған, жыраққа шыққан алғашқы сапарыма өзімдей қуанған арғы-бергі, алыс-жақын ағайын-туыс, дос-бауырға деген риясыз көңілімнің кішкене көрінісі – естелік ала баруға тиіс едім. Көңіл жықпастық қасиет – қазақы мінез. Базарлық қайда, қара басымды арқалап қайтуға аз қалыппын. Дер кезінде тоқтаппын. Тағы да алмақ озық үлгілі көрікті шүберекке қимасақ та, күрсіне қарап, естелік болуға жарарлық ірілі-ұсақты заттар сатылатын бөлімге қарай салғырт аяңдағам. Кәрістер елінен тартылар сыйлықтың өн бойынан аталмыш мемлекеттің болмысы көзге ұрып, иісі аңқып тұрса... Осы ерекшелікті ескеріп, бізде қат, әлде мүлдемге жуық кездеспейтін сувенирлерге тоқталып жатырмыз. Жай ғана жылтырақ емес, ұсақ болса да – мәні бар, қол жетімді бағадағы дүниелерге шеңгелді салып бақтық. Елге барғанда: – Маған не әкелдің? – деген көлденең көк аттының да меселі қайтпауға тиіс. Елге әкетер біз іздеген естелік заттар көп іздетпеді. Тіпті, екі қадам аттамай-ақ мен мұндалаған. Қаптап тұр. Кәріс ұлтының ұлттық ерекшелігі, болмыс-бітімі бедерленген қаптаған дүние. Баланың бармақтай ойыншығында да әлгі бедер. Ауылға барғанда қайдан келгеніңді айтқызбай-ақ әйгілердей. Іздегенге – сұраған. Сатушы: «Шет елдіктерді алдап, қымбатқа саттым!» деп мәз, біздікілер: «Кәрістердің өзін бәленге отырғыздым!» деп ырза. Қасқыр да – тоқ, қой да – аман. Сауданың салты. Әркім өзіне дән риза. Тіпті, соңғы күндері біздікілердің арасында іштей жарыс етек алған. Анау ананы алды, мен неге қалуым керек? Ұят қой. Ақшаны шақтап әкелгендері қалтасы қалыңдаулардан қарыз алып... Менікі тойған баланың ойыны. Өзімді қамтамасыз етіп болып (бастапқыда көзім тоймап еді, кейін келе тіпті артық па дедім), базарлық қамына кіріскем. Мен ғана емес, бәрі. Жаппай. Анаған анау, мынаған мынау, басекеңе бас сыйлық, Бейсекеңе бес сыйлық... Сатыр-сұтыр, шытыр-сытыр ұсақ –түйегін тізіп қойып, ұмыт қалғандарын саусақ бүгіп, саусақ жетпей жатса ұзағынан тізім жасап, күбір-күбір шұқшиысып, санап отырғаны. Еріксіз бас шайқайсың. Сүйініш мен ыза. Аузындағысын жырып, алдындағысын бөліп, астындағысын түсіп берер мәрттікке – сүйініш. Арзан сыйлығымен атаққа жетпек арам ой мен сасық мақтанға – ыза. Дос көңілін бір атым насыбайдан іздеген, аңғал да көңілшек, аңқылдақ мінезге – сүйініш. Сабақ жіптің өзін есеппен берер сарттық пен қайтарымы болмаса қар бермес қаттылық, төбесінде отырған төре мен жетектеп жүрген жерлесіне арнап соңғы тиынын салар жағымпаздыққа – ыза. Жиіркеніш. Жиып келгенде, мәрттік пен сарттық. Қалай бұрсаң да аралас жатыр. Қалай десең де бір қазақтың бойынан табылар қарама-қайшылық. Сарттық садаға кетсін, мәрттіктің жөні басқа. Мәрттік – ежелгі бабамнан күні кешеге дейін ұлтымның мінезіне айнымас серік болған ірі қасиет еді. Сарттық – арғы атам бар деп білмеген, бергі атам атын естігенде-ақ тіксінген, кейінгі баспақ-тана – пұл, елім деп еңіреген ер – құл болып, табаны тілік тексіз құл шошайып атқа мінген екі талай заманда ұсақтаған ұрпағыңның етегінен ұстаған жиренішті салт еді. Солай да, солай ел едік, жел аса алмас бел едік... Елің езгіге түсіп бор болды, белің еріңе көр болды. Елдігің сор болды, ерлігің қор болды. Алғашқы лепес – арғы дәуірдің өр сыпаты. Соңғы түйін – күні кешеден күні бүгінге дейінгі кер заманның сорақы көрінісі. Бүгінгі ұрпақ... Біз... Алты ай ата жаумен қаржысып, жеңіспен оралған, атадан ұл боп туған ерлікті ердің алты ай шапқанда арымаған арғымағын отқа жіберіп, алты күн бас көтермей ұйқыға басар әдеті болушы еді. Батырдың ұйқысы десетін жұрт. Оятпаңдар! – дейтін. Елін қорғаған ердің ұйқысы да ардақты. Аяқтарын ұшынан басып, еріндерінің қимылымен ұғысып жататын ұйқыдағы батырдың төңірегіндегілер.
Батырдың ұйқысы – тыныштығыңның символы еді.
Күн өткен сайын жау жарағын жарқыратып, жұртыңа тиісуді жиілетті. Батырдан маза кетті. Маза кеткені түк емес. Етектен тартқылаған жауға «Тәйт!» деп қойып, бетін қайтарып, қайта ұйқыға кетер заман озған екен. Бетін қайтару аз екен. Тұра алмастай белін сындыру керек екен. Қайран қазағым мінезіне басып, мәрттік танытыпты. Тентек баланы бетінен қақпай, тек деумен шектеліпті. Ақыры кешегі тентек неме азамат болдым деп, атасын сақалынан алыпты. Сақалы жұлынса да, ескі аруағы қайта қозған аталы ұл намысын жықпапты. Ақыра атып тұрыпты. Алыса жүріп арыпты. Ата жау есеп емес, аяғын жалап күн көрген есіктегі құл-құтан мен жарлы-жақыбайға жал бітіпті. Жау – жағадан, бөрі – етектен алған бір заман туыпты. Қаһарына мінген қарт батыр арғы-бергі, өлі-тірі аруақты түгел шақырып, аршындай ұмтылыпты. Арындай шауыпты. Алты ай шапса арымас арғымақтың күміс тағасы тебендей, құлаш жетпес мойыны қылдай болғанда; алты қабат арқар қайыстан тоқылған темірдей сауытты бір салғаннан қаққа бөлер, алты қарыс алдаспаннан жұқана қалғанда, қысқасы, ер арып – аруақ, ат арып – тулақ болғанда... Тәңірінің өзі көмекке келіпті. Жау қаруын тастап, бас сауғалай қашыпты. Ата жау алыста, атажұрт орнында. Ер мұраты орындалды деген – осы! Осы! Тек, бұл жолғы ұрыс қымбатқа түскен. Ұзаққа созылған. Тамыры қиылмаса да, сіңірі созылған батыр еліне оралған. Жеңіспен. Баяғы табанын жерге тигізбей киізге салып, көтеріп алар қылықты қыз-қырқын, аяулы жар – тегістей жауға қатын болған. Қайтарып алуға қауқар жоқ. Қызыңды қорлап, қатыныңды зорлап, сағын сындырып, қатын қылған ата жаудан кек алмай жер басып жүру – ездік. Тек, алты күн. Арғымақтың ері алынып, аузы көкке тиіп, аунап тұрар, ердің алаңсыз тынығар уақыты. Алты-ақ күн. Тек... Әттең, құшағы – жұмақ, демі – шәрбат, төсі – зәм-зәм сүйген жардың ақ некелі төсегі жоқ. Мұның ұйқысын күзетер баяғы тектілер тегістей харап болған. Бұта сағалап, тау тасалап жүріп тірі қалған, кеше ғана балағын жыртқан құл-құтан тынышын күзетпек түгілі, алты қырдан бөрі ұлыса бұтының арасына тығылады. Еңсені тіктеп, аруақ шақырып атқа міну үшін аз уақыт, алты-ақ күн тыныштық болса... Сосын, көрсетем, атаңа нәлет ит..! Оған дейін алты күн бар. Тыныштықты қайдан табам? Қайда барып барақат табам? Жауының бетін қайтарғанмен, өзі де әбден титықтаған, тоз-тоз болған мынау елдің еңсесін тіктеуге табар қайраның бар ма? Бүгінгі буын... Жағасы жыртылса да жауға жеңістік бермеген, арыса да аяққа тұрған, әйткенмен, басын жастыққа қойып, армансыз қорылға басарға қайран таба алмай, әрі-сәрі күйде тұрған екі талай заманда егеулі найза қолға алған қаһарман ұлың. Бүгінгі ұрпақ – баяғы батыр. Тек, ұйқысы қанбаған. Басы мең-зең. Елдікті ғана ойлап ауырар бас мең-зең. Тыным керек. Тынымсыз таным болмақ емес. Елім деп қана соғар жүрек әлсіреген. Тоқтауға тақау. Ұлы денені нәрмен сусындату үшін жүрекке тыным керек. Алты күн. Одан арғысы Тәңірдің нәсібі. Аунап-қунап бір тұрса... Кеткен есең, төгілген абыройың, шашылған қаның, айтылған зарың, таланған малың, тапталған арың мен қиылған, қиналған жаныңның төлемін кеше ғана төбеңде ойнаған озбыр жаудан желкелей көтеріп, сілки тұрып сұрайтын болады. Қайтарады кегіңді. Тек, тыныштық... Шатысқан бастағы бытысқан ойдың бір арнаға, қалыпты ретке түсуі үшін тек тыныштық... Жетіскен жау қашпайды. Бас сауғалай тұра қашқан қорқақ дұшпанның алты күнің не, алты ай, алты жылда өзіне келе алмасы анық. Ал, саған, маған, еліме, еріме – алты күн мұрсат. Жетеді. Еріңнің мазасын алма! Күзет ұйқысын! Аузына су тамыз! Маңдайынан өп! Мейір мен махаббат сыйла! Әлмисақтағы кеспірін тауып, ежелгі рухын оралту үшін сенің махаббатқа толы пәк құшағыңның жылуы керек. Ұмытпа осыны! Ару қыз, сұлу жар, асыл ана, салиқалы әже! Аяулы аға, жақын бауыр, асқар әке, аруақты ата! Бәрің! Ұрпағың үшін, ертеңің үшін, елің – қазағың үшін! Тыныштық сақта! Таста ауыл-үйдің пыш-пышы мен ағайынның дау-шарын! Ерлеріңнің, ұлдарыңның тұрма жолына! Ер ісі оң. Батаңмен алқа! Алақаныңмен аяла! Махаббатыңмен жылыт! Пейіліңмен есірке! Тобықтай түйін: ТЫНЫМ БЕР! Иә, бүгінгі ұрпақ – біздер. Уызға жарымай өскен жас өскін. Көбі. Түгелге жуығы. Алайда тексіз емес. Құм жиылып тас, құл жиылып бас болмас. Сақтардан, ғұндардан қалған ұрпақтың құлдардан мемлекет құруы мүмкін емес! Ұсақтаса да, қанында бағзыда дүрілдеп өткен ежелгі Көк Түріктің, Көк Бөрінің қанының тамшысы ғана емес, арналы ағыны бар. Тек ағыс бұзылған. Қалыпқа келер күн – алда! Тыныштық керек, қайталап айтам! Елім, ерім, жұртым тыныш болғай! Уа, Көк Түрік бабам! Я Көк Тәңірім!
Соңғы сөз
Осымен тоқтасақ та болады. Десе де...
Белгілі бір сапар туралы жазған соң ұрандатпай-ақ қойса да болады ғой – деген ой тууы мүмкін оқырманда. Жоқ. Жалаң ұран емес. Өз үйінде ою оймаған – кісі үйінде іс қылыпты-ның бізге қатысы жоқ. Қайда, не жазсақ та осы орайдан табылуға тиіспіз. Бізден бұрынғылар тар шеңберде жүріп-ақ кең ауқымды дүниелерді дүниеге келтіріпті. Астармен болса да айтарын айтыпты. Біздікі не, аузыңа қақпақ қояр ешкім жоқ. Ұрандатпас жөнің жоқ. Құдай көк қаламнан, ала қағаздан айырмаса алдағы ғұмыр ұлттық тұрғыдағы жазуға бағышталуға тиіс. Не жазсақ та қазақтың өлгенін тірілту, өшкенін жағу, елесін жандандыру жолында шеру тартпақ. Осыны ескерсек, біздікі жөн! Экономиканы реформалауды, қаржыны реттеуді жөн білетін іскер азаматтарға қалдырайық. Ал, ата-баба рухын тірілту, салтын, ғұрпын, бейнесін кейінгінің санасына құю, тарихын ұмыттырмау жолында үздіккен, тынышын кетірген, қайғыланған, ақыры ғұмырын түгескен ұлтшыл ата-ағаларымыздың ізін жалғау, солар жаққан сәулені өшірмеу – біздің міндет. Ұлы міндет. Атқармай өлу – кешірілмес күнә! Қалам ұстаған қай азаматқа да айтарымыз, артарымыз – осы. Осы!
Алмас Нүсіпов
Алматы-Сеул-Алматы. Шаңырақ-2.
Шілде-тамыз, 2011.
Теңесу
(хикаят) Жалғыздық. Жаман-ау. Қарғысқа ұшырап құрсауына түссең кім болсаң о бол тоз-тозыңды шығарады. Бұрынғы күнің миллиондардың ортасында назар атаулыны өзіне аудартып айхай дәуренмен өтсе де, ендігі күнің күн емес. Белгісіздікті, бейтаныс біреуді сарғая күтіп, көкжиек жаққа телмірумен өтеді бар ғұмыр. Жылауың мүмкін, – өзіңнен басқа жұбатар жан жоқ, ғажайыпқа кезік, – өзіңнен өңге куәгер жоқ. Шаттығыңды бөлісер әлдекімді іздей қоярдай – қуана да алмайсың. Бұл – жапанда қалған, екі аяқты атаулыны көруден күдерін үзе алмай, бөрі ғұмырға да біржола мойынсұнуға дәті жетпей, екі аралықта шөре-шөре сергелдеңде жүрген адамның күйі. Көптің ортасында жүріп те жалғызсырауға болады. Төңірегің қайнаған тіршілік, қаптаған халық, гуілдеген жұрт. Бірақ, сен жалғызсың. Көп шуылдаққа үн қосу қолыңнан келмейді. Не артықсың жұрттан, не кемсің. Артық болсаң өзіңнен арзан туғандарға жақындауға арланып, сөзіңді ұғарлық өресі бар бас таппай, жұрттың төбесінен қарап, тісіңнен шығар әр дыбысты қадағалап әуресің. Жуып кетсең асылыңды көрсетіп, қазынаңды ұрлатып алардай екі аяқты атаулыдан алшақтап, қашқақтап бағасың. Ғұмырың жан-жағыңды шуға толтырып, түртінектеп жүрген жиренішті шибөрілерге кеюмен өтеді. Кем болсаң бейшарасың. Сорлы боп күніңді өткересің. Айтсам тыңдай ма, шақырсам келе ме, сұрасам бере ме, тіпті, берсем ала ма деп көрінгенге көзіңді сатып, жалтақ ғұмыр кешесің. «Осы неге мен де ел сияқты емеспін?» – деп ананың, мынаның «бақытына» қызығумен өтесің. Тепең-тепеңге қор болған жабы тірліктің сормаңдай иесісің... Бұлар шет-шегі белгісіз, жер басып жүргенде бір минут соңыңнан қалмас қасіретке айналар жалғыздық. Мәңгі. Бір сәттік жалғыздық та болады. Лепірген көңілің аяқ асты болар, жаңа ғана көптің ортасында күлкің көкке жетіп, кеудеңе нан пісіп шалқығаның елес құрлы да болмай, ештеңе көрмегендей, енді көрмейтіндей, жабырқайтын сәттер. Ешкім, ештеңе керек емес. Дүние көк тиындық құны жоқ сүреңсіз көрініске айналып жүре берер сәт. Бұрынғы жан қияр досың бүгінгі қолынан келсе желкеңді қиюға бар ата жауыңдай, кешегі жанашырың қазіргі қарғыстаушыңдай. Бір сәт бұрын ғана күлімдеп тұрған күлім көз жап-жарық, жасыл әлем түнекке сіңіп кеткендей. Түнересің. Түңілесің. Жалғанда қызық қалмаған. Өзіңдң де, өзгені де жек көріп кетесің. Жылағың келеді. Ағыл-тегіл ақтарылып. Жалғандыққа құрылған өтірік өмірді қарғағың келеді. Қыбырлаған жәндігі мен сыбырлаған желіне дейін сені табалап жатқандай. Жер бетіндегі көзі бар атаулы сен жаққа мүсіркей қарап қалғандай. Қарағың келмейді. ...Не ойлағаныңды өзің де білмейсің. Шым-шытырық бірдеңе. Қанша уақыт өткені де белгісіз. Күбір-сыбыр, тырс-тырс, басыңды солқылдата қысар әлдебір толқынға – ұқсас уіл ме, суыл ма – дыбыстар миыңды шағып бір тынбайды-ай. Өзіңе келгенде қатты шаршағаныңды сезесің. Кеудең толған күрсініс. Дегенмен, сарайың ашыла түскендей. Біздің жұрт алдындағы абырой, бедел деп абыройыңды айрандай төгіп алысып-жұлысып, қарысып бағатын, жан біткеннен артық тұруды көксеумен өткеріп жатқан өмірдің түк мәні жоқ екенін, бетіңе жалт қарап, не күлгенін, не түйілгенін аңдатпай, теріс айналып жүре берер бір сәттік қана жолаушы екеніне көзің жете түседі. Істеп жүрген ісің, өткеріп жүрген тірлігіңе күле қарайсың. Соншама таусылғаныңа өкінесің. Ендігі күніңді күрделірек, мәндірек қылып өткізуді ойлайсың. Әйтеуір, өмір жайлы ойланбай қалмайсың. Бұл – Жаратушының пендесін ойлануға мәжбүрлеп, тәубеге келтіру үшін ғана бір сәтке басына салар өтпелі жалғыздық сияқты көрінеді маған... Жазуы нашар екен. Ежіктеп, үзіп-жұлып жатып әрең оқып шықты. Күнделігі шығар деп ойлады. Бұрын да талай көрген, көлемі кітаптан да қалың дәптерді қызғыштай қоритын. Түнде шұқшиып отыр еді, осыны жазған сыңайлы. Түндегі әңгімелері де осы қарғыс атқыр жалғыздық жайлы болған. Сол әсермен шимайлағанға ұқсайды. Және ұмытқан. Дәптерін ашық қалдырып, қисая кетіпті. Жайшылықта мұнтаздай киініп, сықиып жүретін досы үй ішінде соншама салақ екен. Бұрын да шет жағасын білетін. Бірақ, осынша күтімсіз деп ойламапты. Төсек салуға ерінсе керек, еденді жауып тұрған көлдей көнетоз кілемнің үстіне жұқалтаң жалғыз матрацты тастай салып, киімін де шешпестен жата кетіпті. Жастығы сырғып қол жетпес жоғарылап кеткен, қобыраған қалың шашы ұйпалана түсіп етпеттей жатқан досына ұзақ қарап тұрды. Жайсыз жатысына қарамастан қатты ұйықтайды екен. Ыбырсып жатқан үйді тыжырына тұрып бір шолып шықты. Әйел қолы тисе жайнап жүре берейін-ақ деп тұрған дүниелер. Жазу-сызудан бөлек өнер жағынан да құралақан емес досы қосымша табысты той қуалап та табатын. Өзі де талай көрген, ақшасына келіседі де той басқарады. Тапқанын ұқсата алмайды, сірә серілігі басым. Мына үйді де, ішіндегі жиһаз-жабдығымен ауылдағы шал-кемпір алып берсе керек. Сырдың суы сирағынан келмес жігіт үшін бұдан артықтың тіптен керегі жоқ. Қарны ашып тұрғанын аңдады. Ас үй мұнтаздай. Бір ыдыс былғанбапты. Тек, кесе түбіне қатқан шай ма, кофе ме қоңыр-қызыл дақ болмаса. Бір кездері ішкенге ұқсайды. Тоңазытқыш боп-бос. Дым жоқ. Сиыр жалағандай деуші еді. Үйден тамақ ішпейді екен мына сабаз.
– Ее, бала, пысық қана емес, жаны ашитын төзімді әйел алу керек екен саған, – деп қойды өзімен-өзі.
Досының ұйқысын қимады. Ауқаттанып қайтпаққа сыртқа беттей берді де, әлгі дәптерге көзі түсті. Парақтап біраз тұрды, іші толып бітіпті. Бір-біріне мінгескен ұсақ жазу өзіне тарта қоймады. «Тышқанның ізіндей...» деп ұрысып жатушы еді мұғалімдер, – сондай. Ары-бері ақтарыстырып, іліп аларлық түк таппаған соң, – мына жыпыр-жыпырдың ішінен бірдеңе табудан шөп арасынан ине іздеу оңай секілді, – жапты да сыртқа беттеді. Әлгі жазба ойына орала берді. Түріне қарасаң жаһанды су алса да қыстырып қоймайтындай көрінетін досының жалғызсырап жүргеніне сене алмайсың. Сенбейін десең, жазғаны әлгі. Не болса да, өз басынан кешкен күйді жазғаны анық. Кешегі түні таң атқанша мұңын шағып, зарын айтып ұйықтатпай қойған өзі еді ғой.
...Соңғы оқиғалар ішіне сыймай бара жатқасын осы досын іздеп тапқан. Үйге жақын шағын асханадан жүрек жалғап, ішке кіргенде досы тұрып алыпты. Үй ішін реттестірген болыпты. Жазу столы мұнтаздай, қоңыр дәптер көзге түспейді.
– Біраз ойланып көрсем, – деді баяғы қазақ киноларындағыдай мақамдап. – сенің жалғыздық туралы ойыңның көп жерімен келісе алмайтын сияқтымын. – Қазыбектің шекесі тырысты да қалды. – Рұқсатсыз қол тигізгенім емес, ашық жатыр екен. Көз жүгіртіп шықтым. Тілің... қалай еді әлгі, ііі, шұрайлы шығар, о жағын білмедім. Бірақ айтпағың көңіліме қона қоймады. Тырыспашы енді, ашық қалдырған өзің, ренжитін жөнің жоқ.
– Қоя салшы оны. Әлі пісіп, жетілмеген шимайым үшін сын айтпай-ақ қой. Біреуге ұсынбақ түгілі өзім де оқымайтын ондай қыртымбай ойлар жетеді оның ішінде.
Ләмінен бұл тақырыпты ары қарай қаузауға ниеті жоқ екені байқалса да, сөзге тоқтар қояр қонақ көрінбейді. Ештеңе естімегендей ойын жалғастыра берді.
– Жұрттан артық тусаң болды, ешкіммен шүйіркелесе алмайды екенсің. Ешкімді менсінбейсің, жан атаулыны маңыңа жуытпай, бойыңа тоғытпайды екенсің. Әсіресе, осы ойың ұнамады маған. Қалай сонда, ерекше ақылды болып туғандардың бәрі қоғамнан тыс өмір сүру керек пе? Таланты мен ақылы жұрттан асқан адамның бәрі сөйте берсе елді кім басқарады? Тобырды кім билейді? Құдайдың өзі қарапайым халыққа жөн сілтеп, үлгі болсын деп жіберген шығар деп ойлаймын оларды.
– Е, Жанболатым-ай, – деді досының мақамына салып. – Дауласатын уақытты тапқаның-ай. Таң атпай елге кеткен есеңді менен қайтарып... Түндегің анау.
– Қайдағы таң атпаған, сағат он бір болды. Ешкімнің өшін алайын деп отырғам жоқ сенен, жай оқи салып едім... Сендер секілді көп оқымаған соң қырық жылда көзіміз бір түскен нәрсені қорыта алмай, ұмыта алмай, соның айналасында малтығып әуре боламыз өстіп.
– Біріншіден досым, түнде асығыс сүйкей салған дүние бұл. Ешқайда жарияланбаған жазу. Өзіме ғана тиесілі құпия. Дұрыс емес деп ешкім дау айта алмайды.
– Ал, мен оқыдым ғой...
– Екіншіден, – досының соңғы сөзін қыстырмады да. – Мәселенің бір жағынан ғана келіп отырсың. Сондықтан мыжымай-ақ қояйық.
– Мыжыған емес, жай көзқарасым ғой.
– Көзқарас білдіргіш, сын айтқыш болсаң осы уаққа дейін жарыққа шыққан біраз жазбам бар, соларды оқы да, айт. Сол әділ болады.
– Айтып отырмын ғой енді саған, көп оқи алмаймыз деп... Оның үстіне жарияланғандарыңды басқалар оқысын, мен сенің досыңмын ғой, керек болса шикідей-ақ оқи берем. – Өзі тыңнан тапқан тосын теңеуіне қуанып кетті.
– Сен жұмысқа бармаушы ма ең осы?
– Қайдағы жұмыс, бүгін демалыс қой.
– Әәә. – Күннен жаңылғанына таңданған да жоқ. Екеуі де. Аптаның есебінен шатасу үйреншікті әдеті болатын. – Не істейміз онда?
– Енді не істемек ойың бар? – деді Қазыбек Жанболатқа.
Бильярдқа келген.
– Не істейтінімді түнде айтқам.
– Ажыраспақсың ғой?
– Уже ажырасып қойдым, – деді. Еңкейе беріп күшті соққы жасаған. Мүлт кетті.
– Асықпай көздеп алмай сенімді ұруға болмайды, досым.
– Оны ұрмай тұрып ескеру керек еді. Енді өкінгеннен пайда жоқ.
***** Тым қарбалас болып бара жатқан соң сәл ертерек жылына бір мәрте сарғайтып барып әрең келер бір айлық демалысқа шыққан. Сотқа арыз берді. Тез арада бір жағына шығарғысы келді. Заңның құлағында отырғандарға қиындатпауды тапсырды. Бас қатыратын ештеңе жоқ деген. Үйді әйеліне береді. Баласы үшін. Қали... Кейін ренжіп жүрер. Үйден басқа ештеңе де даулай қоймас Айгүл де. Өздері де солай келіскен. Соңғы әңгімелескенде...
...Кезекті жанжал кешкі ас кезінде шығып еді.
Жұмыстан үйге беттеп келе жатқан. Алматының қойын-қонышын қаптаған темір арбаларға толтырып тастайтын, кеш бата басталатын кептеліс жүйкені құртып бітеді. Әдеттегіше біреулерді сыбап алып, біреулерімен түсінісіп дегендей, бағдаршамнан бағдаршам асып, ілбіп келе жатқан.Жасылдың жануына аз-ақ қалған. Алдында екі-үш-ақ көлік. Сол кезде құлағын жара ащы дыбыс шықты. Көліктің дыбыстық белгісі. Жалт қараған. Сол жақ қапталына тұмсығын тыға бір автокөлік тұр. Жүргізушісі сұқ саусағын безеп мұның алдыңғы жағын нұсқайды. «Жібер», – дегені. Қитықты да қалды. Өлермен, киіп-жарып жүретін пысықайларды онсыз да су қаны сүймейтін. Бұл сапар талағы тарс айрылды да, басын шайқай салды. Бұлар тәртіпке бағынып кезек күтіп тұрады, ал бір пысық бос тұрған қарсы бетке өтеді де, қаншама адамды аттап өтіп, алғы қатардан бір-ақ шығады. Ұялмай жол сұрайды сонысымен қоймай. Жоқ жібере алмайды. Жынға тиіп бітті! «Ақыр пысық екенсің, қарсы бетте тұра тұр», – деді де тұмсығы тиер-тимес тұрса да қасақана алға беттеді. Әлгі шіркін мұны алакөзімен бір атып, жеті атасынан тартып бір түгендеп шыққанын, амал жоқ мұның артына түскенін қарамай-ақ сезген. Өзінің ізін басып келе жатқан көлік иесінің көңілшектігіне ызаланды. Кенет, ұшырта жөнелді. Жұрт сияқты бұл да жүйткіп көрмек. Үйге кімнің де болса тез жеткісі келеді. Намысы бір саналатын бөрікті ағайындарын ұлардай шулатып қарсы бетке де өтті, киіп-жарып, біреулердің қиқаңдағанына қарамай жолын да кесті, оңға-солға жалт-жалт беріп жүріп отырып, әудем жер ұтқанын бағамдады. ҚазҰУ-дың алдынан өтіп барады екен. Алды әдеттегі кептеліс. Төрт жылы өткен қызылды-жасыл қалашыққа қызыға қарады. Қайран күндер-ай! Ноқта-тұсау жоқ, сайранды салып жүрген бұла кезеңдер. Бұла кезеңдер... Есіне сап ете түсті де, көңілі түсіп кетті... Жұрттың өкпесіне қалып бұл асығатындай үйде қай қимасы, қандай асығы бар еді? Қай бір берекесі тасып, тосып отырған үйі бар мұның? Сүттей ұйыған татулықты көрген түстей жоққа сайдырған Айгүлдің тынымсыз ызыңы ма? Үнсіз ішілетін кешкі ас па? Қатар жатып алып, күрсінісе аунақшитын қостөсек пе? Безіп кетер жер таппай жүрген жоқ па осының бәрінен. Ондай бар несіне сонша кимелейді!? Қали ғана ғой үйдегі жалғыз жұбаныш. Сол үшін ғана төзіп жүрген жоқ па осы азапқа. Бірақ, ол да ауылда еді ғой. Ендеше асығатын жөні жоқ. Қайда әлгі пысықтар? Қайдасыңдар? Ал, керек болса алыңдар! Жол керек пе... Ашық терезеден таныс иіс мүңк етті. Жас қыз-жігіттер толассыз кіріп-шығып жатқан дүңгіршекке еріксіз көзі түсті. Ойланбастан оң жаққа қарай ойыса берген. Аштықта жеген құйқаның дәмі мен жастықта жеген самсаның дәмі таңдайдан кетпейді. Әлгі жазушы досының айтқыштығының нәтижесінде бір ауыз сөз ұзынсонар тіркеске айналған. Самса ғана емес, донер-кебеб. Сонау кездерде таңдайына жағып кететін дәм – осылар. Екеуін де алды. Айранымен қосып. Іште отырып қаужаңдамақ еді, орын жоқ екен. «Орын жетпеді» дей қоярдай емес, бар-жоғы төрт адам сиятын кішкене дөңгелек үстел ғана. Нәпақасын қолына ұстап сыртқа беттеп жатқан ағайындарының соңына ерген. Тікесінен тік тұрып, ары-бері өткендерден қысылмай-ақ ерекше тәбетпен тауысып тастады. Бір дөнер, бір самса, бір құты айран. Асқазанының керіліп тұрғанын аңдады. Сүйсіне кекіріп қойды да темекі тұтатты. Бәрі дәмді. Көңілі көтеріліп сала берді. Екі жылдың қалқасында ғана қол бұлғап тұрған бойдақ күні, одан арғы студенттік шақтары көз алдына келген. Самса мен донер ол уақта қолы жеткендер жейтін тағам болатын. Ал, шәкіртақымен ғана күнелтетіндер үшін ара-тұра бас сұғатын орын болатын бұл. Алғашқы курстан-ақ қосымша жұмыс істеп, көлденең табыс табуды әдетке айналдырған Жанболат үшін мейрамханадан тамақтанса да болатын. Солай істейтін де. Бірақ, сабақтан қашып шығып, үш-төрт жігіт даурыға бірге келетін бұл дүңгіршектің өзіндік сиқыры бар еді.
Банумен де осы жерде танысқан...
Қарны шеңбірек атып, көлігінде тыңдаған соңғы әнді ыңылдай айтып үйге кірді. Айгүл де көңілді екен.
– Не болды, мәзсің ғой? – деп күле қарсы алды.
Оның сөзін жауапсыз қалдырып, төргі үйге озды.
Теледидарды қосып, қаптаған арналарды мәнсіз-мағынасыз кезегімен аударыстырып отырған.
– Жамбо, тамағыңды іш, – деген дауыс естілді ас үй жақтан.
Отыра берді. Қатарынан екі-үш шақырса да дыбыс бермеген соң ұйықтап қалды деп ойлаған жас келіншек дымы шықпай экранға телміріп отырған күйеуін көріп, босағада тұрып қалды.
– Жамбо, құлағың орнында ма? Неғып отырсың? Тамақ іш деп қанша рет айттым саған? – Даусында зіл пайда болыпты.
– Ішпеймін. Тойып келдім. – Немқұрайлы. Бұрылып та қарамаған.
Аңтарылып сәл тұрды да:
– Ішпесең қой! – деп дік етіп, шығып кетті.
Қазан ұстаушы оңып тұрмағасын, қазанда қайдан көңіл-күй болсын! Ас үйден саңғыр-сұңғыр, таңқ-тұңқ ыдыстардың соқтығысқан дыбысы естіледі. Жұлынып жүрген әйелінің қимылы көз алдына келді.
– Қират-қират! Маған десең қылғынып өл, – деп күбір етті де, балкоға шығып кетті...
– Сонымен, кім тойдырып жіберді? – деді Айгүл екеуі томсарып келіп төсекте табысқанда. ... – Қайдан тойып келдің деймін? – Бері қарай аунап түсіп, төніп алды. Үн жоқ теріс айнала берген Жанболаттың иығынан жұлқи тартты. – Жамбо, мен саған сөйлеп жатырмын.
– Е, іштік те бір жерден.
– Қайдан? – Даусы жарықшақтана шықты.
– Сайдан... – Бұл да қитығып қалды.
– Нақұрыс, – деп ары аунап кетті. Бірақ, үнсіздік көпке созылмаған. – Қанша болды а осылай жүргеніңе? Неменеңе кергисің осы а? Не үйден тамақ ішпейсің, не сөйлемейсің. Әлде... басқа біреуің бар ма тойдырып жүрген? Айтшы ал, алдыңғы күні қайда болдың үйге қонбай? – Орнынан тұрып кетіпті.
– Әй, айналайын, ұйықтайықшы а?
– Ұйықтамайсың! Тыныш ұйықтайтын басқа жерің бар сияқты ғой, бар сол жағыңа.
Дүңк-дүңк басып шығып кетті. Не істеп жүргенін өзі де білмейтін болуы керек. Есіктер тарс-тұрс ашылып-жабылып жатты. Әлдебір заттардың соғылысқаны естіледі. Бүркене түсіп жата берген. Өз-өзімен сарт-сұрт еткізіп жүрді де, жыны басылған болу керек, бөлмеге кірді. Сырт еткізіп жарықты жақты. Бұл басын да көтермеген. Қасына кеп жатар деп күтіп жатқан.
– Ей, мықты, мен кеттім!
– Жолың болсын! – Айтарын айтса да, мәселеге сәл кейіндеу бойлады. Басын жұлып алған. Киініп алыпты. Белін бекем буынғаны байқалады. Жастыққа сүйене тесіле қарап сәл отырды да: – Қайда? – деді.
– Сайға, – деді қарлығып. Көзі жасаурап кетіпті. Қыстыға дем алып тұр. – Бұдан артық шыдай алмаймын. Не өмір бұл а? Неменеңе шіресне бересің? Жақсы қатын керек болса тауып ал, мен кеттім.
– Қайда? – деді тағы да.
– Қайда, қайда?! Үйге.
– Үйің осы емес пе еді осы?
– Бұл үй емес...
– Үй емес?
– Бұл... Бұл... түрме білдің бе?
– Түрме?..
Екеуі де үнсіз қалған.
– Мм, солай де... Түрме...– Ыңырана күрсініп алды. – Келіссек қайтеді осы а?
– Келісетін ештеңе жоқ. Кетем. – «Кетпе» деп тұр деп түсінген. Бірақ, келесі сәтте ғана қателескенін ұққан.
– Мына жеті түнде өқайда барасың? Елді шулатпай қоя тұр. Таң атқан соң да үлгересің, ешкім ұстамайды сені. Кетем десең жолың әне. Тек, таңға дейін шыдағаның дұрыс. Сосын... – деді жай ғана. Жанболаттың жайбарақат қалпын бұзбай шыққан қоңыр даусы дүниені топан су басып бара жатқандай жініккен Айгүлді сабасына түсіре бастаған, – Сосын, сен кетпей-ақ қрйсаң да болады. Кету деген ажырасу деген әңгіме ғой, сондықтан мен кетейін. Таспен бақаны ұрсаң да – бақа өледі, бақамен тасты ұрсаң да – бақа өледі. Иә, мен кетейін. Қалидан ұят болар, үй сендерге қалсын. Дұрысы – сол.
Көп нәрседен хабары жоқ, салыстырмалы түрде алғанда құрбылары түгелге жуық бостан жүрген жас келіншек бұл туралы ойланбапты. Болмаса, істің соңы дәл бұлай насырға шабады деп ойланбаған. Әлгі телехикаядағы еркектер секілді аяғына оратылып, жалынып-жалпайып жатып алып қалады деп ойлаған.
– Сонда?..
– Сонда солай. Ақыр ниет еткен екенсің жолыңнан қалма. Мен де шаршадым осының бәрінен. Болды, жетеді осы да.
Айгүл мүдіріп қалған. Жыны басылып қалған сияқты. Күйеуінен мұндайды күтпегені анық еді. Әйтсе де, келесі сәтте-ақ бойын билеп алды.
– Жарайды, ажырассақ ажырасайық. Кінәлі сен боласың...
Соны айтты да жайлап басып шығып кетті. Ал, Жанболат балконға беттеді...
– Үйіңізге бір түн түнеп шығуға рұқсат етесіз бе? – Балконда ұзақ тұрып қалған, ішке кіргенде Айгүлдің жатып қалғанын көрді.
Ол үндеген жоқ.
Екі жылдан бергі үйреншікті орнына жантая кетті. Шынтақтай жантайып, осы уаққа дейін бірге жатып, бірге өріп жүрген, қазірден бастап бөтен есептелсе де, заңды түрде әлі де некелі жарының желке тұсынан тесіліп ұзақ үнсіз жатты. Осының бәрі қызық көріне бастаған. Тосын шешімге өзі де сенімді емес, әйткенмен, жанына жағатын сияқты ма, бірдеңе. Ойнағысы келетіндей.
Жеңілдеп қалғанын байқады.
– Ал, құттықтаймын! – деді даусын қаттырақ, салтанатты шығаруға тырысып. – Үйің бар, балаң жаныңда. Түрмеге қамап ұстайтын ешкім жоқ, нағыз бостандық. Әй дейтін мен қой дейтіннен құтылдың. Қалай сайрандасаң да еркің. Қыз-қырқын атаулы сенің тұрмысыңа қызаға қарайтын болады әлі. Қзаір көп қой сондай әйелдер. Күлге аунаса да бір бала тауып алады да, жалғыз өзі рахат өмір кешеді. Сенің жағдайың олардан да көш ілгері. Некеден тапқан балаң бар. Енді, мен де келіп тұрам ғой, екеумізге ортақ болғаны үшін қынжылмасаң... Қалғанының бәрі талапқа сай. – Сөзім әсер етіп жатыр ма дегендей мойнын соза бетіне қарап қойды. Қаласаң, әлі жассың, сұлусың, кез-келген жас жігіт жолыңда құрбан боларлықтай ажарың бар... Мұндай емес, берекелі, өзіңе ұнайтын тұрмыс құруыңа болады...
«Осының бәрін не үшін айтып жатырмын осы?» – деп ойлады.
Әшейінде абалап атып тұратын еді, дәл бүгін тіс жарар емес. Таңданарлық жайт. Тағы аз күтсе атып тұрып кешірім сұрап мойнына асыла кетердей көрініп кетті. О, онда жағдай қиындайды. Ондай жалыныштың алдында өзінің тым дәрменсіз екенін біледі. Кенет, өзінің осы ажырасуды бүкіл жан дүниесімен қалап тұрғанын аңдады.
Шындығында, қимайтын ештеңе қалмаған еді. Тек баласы... Иә, баласы ғана...
Ойы осы тұсқа келгенде мүдіріп қалды. Бойын екі ұдай күй билей бастаған.
«Ештеңе етпейді, – деді босап бара жатқан жүйкесін қатайтуға тырысып. – Әкесіз өскен ол ғана емес қой», – деп қойды тағы. Өзіне ауыр тисе де солай ойлады. Жағдайын жасап береді. Азамат болғанда түсінер, түсінбесе... Өзі білсін. «Түсінбесе өзі білсін, – деді тағы да. – Иә, түсінбесе ойы шолақтау болғаны. Ұзаққа бармайды. Ұясын тастап кеткен көкек әке емес екенімді білуге тиіс». Жан дәрмен өзін ақтай бастағанын түйсінді. Қалай айтса да, басқаны қайдам, баласының алдында кінәлі болатынын, өмір бойы осы ойдың өзін де, ұлын да жегідей жейтінін ойлады... Өзіне жаны ашып кетті. Және ұлына. Бірақ, ары қарай ойлай беруге батпады. Бұдан артық азаптануға дәрмені жоқ екенін біледі. Не болса да, осы істі аяғына жеткізіп бір-ақ тынуға түбегейлі табан тіреп еді.
...– Осы біздің ерлі-зайыпты болып аймаласпағанымызға қанша болды? – деді.
Өз ойымен әуре болып, аунақшып жатқан Айгүлде жауап жоқ.
Қалың ойдың құрсауынан құтқаратын жалғыз амал осы ғана сияқты көріне бастаған. Несі бар, бұдан былай екіге жарылғалы тұрған жұбайлар... Ақырғы түнін татулықпен, жарастықпен өткізсе... Айырылысып жатқан бұлар ғана ма екен? Жолайырықта тұрған қос тағдыр дәл бүгін сүйісіп, сүйкенісіп айырылса... Еш сөкеттігі жоқ сияқты. Соңғы рет. Қанша дегенмен, осы уаққа дейін...
– Қанша дегенмен, – деді ойдан арылмаған қоңыр үнмен, – Ақ некелі төсегімізде қатар жатқан ақырғы түніміз ғой. Мүмкін...
Осыны айтып, әйелінің белінен құшақтай өзіне тартты. Қарсылық білдірген жоқ.
Екі ұшты сезімде жатқан жұбайлар әдеттегіше айқаласып кетті... Жоқ, әдеттегіден өзгеше. Алғашқы түн қалай болып еді? Естерінде жоқ. Болса да еміс-еміс. Егер, салыстыра қараса, сол түннен бүгінгі түн артық шығар еді. Себебі, ол түн қалыңдық үшін қорқыныш қана емес, ауыртпалыққа да толы болса, жас жігіт үшін алда әлі талай үзбей жалғасар кереметке, ләззатқа толы көп түндердің басы, бірі ғана болатын. Ал, бұл түн... Соңғы түн еді. Азапты жолдың ақырғы қадамдарында бастан кешер тәтті сезім. Белгісіз қуаныш.
Ерекше шабытпен айқара ашылған құшақтар жазылмаған күйі мәреге жеткен. Ал, мәренің арғы жағы тұнып тұрған белгісіздік болатын. Қалай болған күнде де, өткені белгілі болған соң, бүгінгі соқпақпен ертеңге сапар шегу қиын һәм азапты екеніне шындап ден қойған екеуге ендігі жерде жеке жортар ұзақ жол әлдеқайда қызықты, әлдеқайда мағыналы көрінген.
*****
Содан соң... Содан соң не болып еді?
Иә, содан соң шыққан да жүре берген. Жоқ, бұл сәл кейіндеу. Әлі де нақтылап, басын ашып алатын шаруалар бар болатын алда. Ақырғы түннің ертеңіне еркегі сотқа, әйелі ауылға тарқан. Ата-әжесіне емшектен шығару үшін апарып тастаған Қалиды алып қайтпақ. Кеш бата үйде тоқайласты. Айгүл ертерек келіп алған екен, тәй-тәйлап алдынан шыққан ұлын көргенде жүрегі сыздап кетті. Көрмегендеріне айдан асса да жатырқамаған. Іліп алып аспандаты көтеріп, бетіне қараған. Енді-енді тіс жара бастаған қызыл иегін көрсетіп, мәз болады. «Мені қалай қиысыңдар?» – дейтіндей. Түнде таң атқанша босқа дөңбекшіген жоқ қой. Шегінер жер қалмаған. Арыз сотта жатыр. Сәбидің риясыз күлкісі... Қандай тас жүректі де тіліп өтер еді. Бірақ, бұл туралы ойлау тым кеш болапын.
Ернін ұлының бетіне басып ұзақ тұрып қалды.
Үйде еркше тыныштық орнаған. Қимастық бар сияқты. Иә, қимастық бар. Ерін ұшымен тілдесіп, ыммен ұғысқан біртоға тірлік қалып тапқан. Жанболатқа керекті дүниені екеулеп жүріп жинады. Киім-кешектен басқаның бәрінен бас тартса да, соның өзі екі чемоданға әрең сыйды. Жүкті босағаға қойып қойып, екеуі ғана отырып шай ішті. Тіпті сырттай қараған адамға кетісіп отырған емес, жаңа табысқан асық жандар деп ойлап қалардай. Үнсіз сораптасып көп отырды. Әркі өз ойымен әуре. Ауылдағылардың қалай қабылдағаны туралы сұрағысы келді, – батпады. Олардың не дейтіні түсінікті болатын. Сонда да, жұмбақты күйде ішінің бір бұрышына жатып алып, қажап, ашытып барады.
Қали бағана ұйықтап қалған.
– Бала бағу қиындап бара жатса маған бер. Ата-апасының қолында болсын.
Мырс еткендей болды. Екі жылдан бері естіп келе жатқан осы бір кекесінді күлкі... Соңғы жарасымдарын да желге ұшырды.
– Қорықпа, бір баланы өсіруге менің әке-шешемнің де шамасы келеді.
Терезе жаққа мәнсіз көз тастап, басын изектетіп сәл отырды.
– Мм, дааа... – деді ыңырана күрсініп. Түсінікті. Келіп тұрам ғой. Жөні жоқ мені жамандай бермей дұрыстап тәрбиелесін. Дұрыстап қара өзің де. Қали үшін не керек болса да, жерден шұқысам да, қанымды сатсам да тауып берем.
Әйелі бетіне кекете қарап отырғандай көрініп кетті.
– Қалай тәрбиелейтінімізді сенен сұрамаймыз. Ал, бірдеңе керек болса айтуға болады. Тастап кетсең де балаң ғой.
– Мен тастап кеткем жоқ.
– Енді?
...– Мәжбүр болдым.
– Бәрі бір емес пе?
– Бәрі бір емес. Жақсы адам бола қалмашы енді аяқ астынан. Осының бәріне...
– Айта бер, не бәріне? Осының бәріне не?
– Қойшы болды...
– Мен кінәлімін ғой, солай ма? Мен кінәлімін де, сен сүттен – ақ, судан – тазасың ғой? Хе...
– Солай ма дейм? Сен керемет екенсің де, мен екем ғой құдай атқан.
Алқымын қысып келіп қалған өксікті сыртқа шығарғысы келмеді. Ол үшін сөйлемеу керек. Сөйлесе... Еңіреп жіберер еді. Осы уаққа дейін әр қимылынан, әр сөзінен мін табуға тырысып баққан, өзі де түсінбейтін, қашан тұтанғаны белгісіз өшпенділік отының бірден-бір иесі – күйеуінің... Жанболаттың алдында осалдық көрсетуге болмайтын еді. Бұл бірге жүріп келіп, араздық нәтижесінде жөнін тапқан кез-келген екеудің ортасында орын алатын заңды тайталас еді. Бұлар да аттап өте алмады.
– Иә, сенсің бәріне кінәлі. Құдай атқанның нағыз өзісің, – деп саусағын бещеп тұрып айтқысы келген. Бірақ:
– Жарайды, ендігі әңгіменің мәні жоқ. Кімнің – кім екенін екеуміз де жақсы білеміз ғой... Қаншалықты жақсы күйеу болғанымды білмеймін, бірақ, өзім ойлағандай әйелге қолым жетпеді. Сірә, армандағанда да шақтап армандау керек сияқты.
Соңғы екі сөйлемді ішінен айтты.
Айгүл тағы бірдеңелерді айтып жатты. Даусы өктем шығады. Шаңқ-шаңқ...
Естімеген. Анығында естігісі келмеген. Не дейтіні белгілі ғой. Қолын бір сілтеген де жүре берген. Осы жұрт әйелін ұрыпты дегенді естуші еді. Қалай дәті барады екен бәтшағарлар! Қанша мәрте оқталып көрді, қолы бармай қойды. Тіпті, бір мәрте саналы түрде өзін қамшылап, жағасынан алып көрді. Көзі шытынап, зәрлене қарап тұрған әйелге көзі түскен де, күдер үзіп теріс айналып кеткен. Әйелдің шайтаны семіреді дегенді айтушы еді. Сол шайтан күшейгенде табиғатынан әлсіз жаратылған әйел заты өзіне ие бола алмайды деген де рас па дейтін. Бір әйелдің жынын баса алмаған өзінің дәрменсіздігіне күйінетін. Көмейіне келіп тұрған қаншама сөз тісінің ар жағында қалды екен. Сол үндеместігінен де шығар, осынша дәрежеге жеткендері. Бір-біріне деген құрмет қалмаған соң, бірге тұрып керегі жоқ екен-ау расында. Осы оймен жүріп, есікке барып қалғанын бір-ақ байқады. Сәл болмағанда ұмытып кете жаздапты... Алдымен қолына алды. Пысылдай түсіп, ұйықтап жатқан баланы оятып алмайын деп абайлаған жоқ. Қайта оянғаны дұрыс. Әке-шешесі келмеске кетіп, оралмасқа беттеп бара жатқаны жарамайды ғой. Бірақ, күні бойғы алыс жолдан шаршаған бала ояна қоймады.
– Ұлым, – деді кеудесіне баса түсіп. Көкірегі күйіп барады. – ертең азамат боласың. Сол күнге жеткенше талай сөз естисің. Мен туралы, өзің туралы... Сенің ендігі тәрбиешілеріңнің мен туралы не айтатынын ішім сезеді. Әй, қойшы соны. Мүмкін, түсінер олар да. Қыздарын жақсы біледі ғой дегенмен... Нағашы атаң түзу кісі сияқты еді, ондайға жол бермес... Не айтса да ақылға салып тыңда, балам. Оң құлағыңмен. Көп жағдайда менікі дұрыс болмай шығатынын білем. Ұрпағы үшін жанын отқа тастауға бар адамзат баласымыз ғой. Бірақ, төзе алмадым. Күйгенім ештеңе емес, қорлағаны өтіп кетті. Ер адамды құрметтеу деген түсініктен ада екен. Құрметтеу былай тұрсын, басымды нәжіске батыруға бар екенін көрдім. Сол дәредеге түскен әкеңнің сопайып қасыңда жүргенінен не пайда өзің ойлашы? Қатын – жолда дедім де тастап кеттім. Бәлкім, ол мені тастап кеткен шығар, әйтеуір кетіскеніміз анық. Бірақ, бала – белде дегенді ойыма да алғам жоқ. Қатыннан безсем де ант етейін, сенен безгем жоқ. Қазір ояна салып кетпе деп шырылдасаң осы босмғада шіруге бар екенімді ішім сезеді. Бірақ, сен оянба, олай айтпа. Түсінуге тиіссің. Қинама мені. Осы уаққа дейін сен үшін ғана төзіп келдім бәріне. Шыдамның да шегі бар екен. Сенің азаматтығың мен түбі түсінетініңе үміт артып кетіп барам.
Атың жаман болса сатып, итің жаман болса атып құтыласың, қатының жаман болса қайтіп құтыласың?! Қандай қиын сұрақ! Қазақ атаң да бостан босқа мәтел қылып, мәселе қоймаған шығар-ау. Шекесіне бір таяқ мықтап тиген соң айтқан шығар. Мен бүгін осы сұрақтың жауабын тапқан сияқтымын, Қали. Қашып, қашып қана құтыла алады екенсің. Міне, өзің көргендей мен де қашып барам. Алды-артыма қарамай. Саған да қарауға мұршам болмай. Кешір... Нағашыларың... Бетіңнен қаға қоймас. Әйткенмен түбі бөтендігін көрсетеді. Бір бала сияр-ау бір ауылға, бірақ бір азамат симай жатады кейде. Оны үлкен жігіт болғанда өзің де көресің. Мықты жігіт болсаң бетіңе баса алмас, бірақ сыртыңнан пыш-пыштап бағады. Ал, он салса бір баспас иісалмас біреу болсаң, табандарына салудан тайынбайды. Адамға тән осалдық пен әлсіздік бұл. «Ат айналып қазығын табар» деген де осындайда айтылса керек. Табарсың қазығыңды. Тек, оған дейін әлі талай қиындық бар... Түсінуге тиіссің, балам. Түсінбесең сорлы болғаның. Бір-ақ нәрсе айтам, «қанына тартпағанның қары сынсын» дегенді есіңнен шығарма. Атаңнан қалған қан тамырыңда ойнап тұрғаны рас болса, пыш-пыш пен күбір-сыбырға құлақ аса қоймассың. Соған үміт артам. Саған сенем, Қали! Кешір күнім...
Шынымен айтты ма, әлде ішінен ғана ойлады ма, өзі де білген жоқ. Танауы көкке көтеріле сүйкімді ұйықтап жатқан ұлының маңдайынан соңғы рет сүйді де, сыртқы есікке беттеді. Артына қайрылып қарауға батпады. Еңсесін езіп, шыққанша асықтыратын қарғыс атқыр 52-пәтердің есігін ақырғы рет серпе жапты да, жүре берді. Өткен өміріне, осы үйде өткен қапасқа бергісіз өміріне лағынет жаудырғысы келген, ұлын ойлап, тартынып қалды. Шыға берісте Айгүлмен соқтығысып қала жаздады. Ажырайып бір қарады да, тарс-тұрс жүгін көтеріп, төмен түсіп бара жатты. Аузынан ана сүті әлі кеппеген сәбидің ертеңіне үлкен салмақ салып бара жатқанын ескеруге шамасы келмеген. Бұл төзе алмаған азаптың неше есе ауырлаған батпан салмағын арқалап жүріп ер жететін ұлының талай түнді ұйқысыз өткеріп, оңашада өксіп-өксіп алатынын ойламаған да. Бірақ, адам өткеннен сабақ алып, болашаққа үміт артса да, бүгінгі күнмен өмір сүретіні анық. «Не болары белгісіз ертеңді кезінде көріп алармыз», – деп жұбанады да, қолды бір сілтеп, өткеннің бүгінгі күн су бетіне қалқып шығарып берген қателіктерін көре тұра, «ол заман басқа, бұл заман бөлек», – дейді де, аудырмай қайталап жатады.
Соған қарағанда, әдемі сөз орындаудан гөрі айтуға ғана қолайлы сияқты...
*****
Журналист (өзі жазушымын дейді) досының үйіне келе жатып тағы да Бануды ойлады.
– Дегенмен, ойлануың керек еді әлі де.
– Ойлану, ойлану. Ойланғанна мүйіз шықса қарағайдай болатын уақыт болды ғой осы күнге дейін. Біле білсең бар ғой, осы мен тіпті сол ойланудан қашып саған келдім. Ал, сен ойлан дейсің.
– Әй, бала бар ғой. Оны қайда қоясың?
– Ийй, сен де! Мұңымды шағып отырсам, сен жарамды тырнайсың. Болды, басқалай болуы мүмкін емес. Біраз жерге кетіп қалдық.
– Мейлің, бірақ, күні ертең бармағыңды шайнайсың ба деп қорқам. Жазықсыз баланы өгейсітіп тастап кеттің бір айдалаға. Бір қатынға шамаң жетпегені үшін балаңды емес, өзіңді тастауың керек еді батпаққа. Өз әлсіздігің үшін өмір бойы сорлап өтсең де шыдауың керек еді. Қарап отырып балаға обал жасап...
Көздей берген тасын жайына қалдырып, таяғын бильярд үстеліне көлденең тастай салды. Түрі бұзылып кетіпті. Тура алдына келді. Жағасынан ала кетердей. Жағалас болған жоқ, тек төбесінен төне:
– Сендер, бойдақтар... Былшылдай бересіңдер. Өз маңдайыңа тас тимей түк те ұқпайсың. Өзің жиі айтатын «жығылмай жер танымайсың». Сендейлердің талайын көргем, елге күліп, сыртынан қыжыртқанда құдайда, сосын өздері үйленген соң каблуктың астынан бір-ақ шыққанын білмей де қалады. Сендер...
– Мен сырттан емес, бетіңе айтып тұрған жоқпын ба? Мойындасаңшы, бос болғаның өтірік емес қой. Мен ғана емес, кез-келген қазақ күнде айтатын, тіпті әбден таптаурын болған «қатынды – бастан» дегенді неге ескермедің кезінде? Мақалдатқышын...
– Әттең досым-ай, – деді тістеніп. Екі қолы алдына симай, ары-бері сермеп, сілтеп, күйгелек күйге түскен. – Көрер едім... Көрер едім-ау анаумен бірге тұрсаң. Екі жарым жыл емес, екі жарым жылға шыдамас едің. Әй, әй, әй... Немене, әдейі істейсің бе? Әлде шынымен түсінбейсің бе? Қойсаңшы болды, шет жағасын өзің де көріп жүрсің ғой. Айтшы, бәріміздің басымыз қосылған бір отырыста соңына дейін отырып көрдім бе? Жеңіңнен тартып, столдың астынан аяғынды басып, саныңнан шымшып, әр сөйлеген сөзіңнен мін тауып отыратын адам... – «адам» деген сөзді қимағандай бөгеліп қалды, – қатынды жеңу мүмкін емес.
Бильярд үстеліне жамбастай сүйеніп тұрған Қазыбекпен қатарласа тұрды. Көзімен жер шұқып, басын салбыратып алып, аяқ ұшымен еденді сызғылай береді. Амалы таусылып, сөзі түгесілген адамның күйі.
– Білесің бе, – деді әлден уақта. Шаршаңқы дауыс. – Сондай қонақтан қайтқан күні үйде қандай шу болатынын. «Ананы олай айтпауың керек еді, мынаны бұлай дегенің ұят болды. Әйтпеуің керек еді, бүйтуің керек еді. Өзіңдей ананы қарашы, мынадан неге үйренбейсің...» О баста қызғанып қалатынмын. Басқа бір жігіттерге ғашық болып қалғандай әсер ететін. Кейін ұқтым, соның бәрі жай ғана сөз екен. Әйтеуір мені кемсітсе, тынышымды алса болды. Жарқылдап жүргенім жақпайды екен оған. Айтсам соның аузын бағып сөйлеуім керек, аттап бассам соның қабағына қарап қимылдауым керек екен. Оның түсінігі бойынша әйел болу деген – байын тұқыртып ұстау екен. Не, осынша азапқа көніп, сүметіліп жүріп өмір сүруім керек пе еді, а?
– Мұның бәрін несіне айтып тұрсың, Жәке? Бұның бәрі жаңағы «қатынды – бастан» дегеннің төңірегіндегі әңгіме ғой. Еркек болып бір шыбықпен айдай алмасаң, «ер болсаң бопсаға шыда» деп жатуың керек еді.
Жалт қарады. Жұлып алғандай. «Шынымен айтып тұр ма?» – дегендей. Досының көзінен қалжыңның нышаны байқалмайды. Көңілі суып кетті.
– Е, Қази солай дейсің ғо... Сенің өзің қайдағы бір қатынның сөзін сөйлеп тұрсың, қалғаны қайда барады!
– Қатынды жақтау емес. Немене, сеніңше саған қосылып жылауым керек пе? Қалай-қалай ұсақтап кеткенсіңдер? Баяғы бабаларың сенің жасыңда топты киіп жарып барып, қамшы сөйлеп тұрып асқақ сөйлейтін. Сен сияқты ауыл-үйдің ұсақ-түйегі емес, елдің қамы, ұлтының тағдыры туралы. Келелі кеңесте аталы сөз айтып, қоздап тұрған қып-қызыл дауды бір ауыз сөзбен сөндіріп... Солар, бүгінгі сені көрсе не болар еді? Бір қатынның айналасынан шыға алмай, еңіреп тұрған тұрысың мынау. Басқаның ойын керек қылмайды екенсің, ақыл сұрама ешкімнен.
«Қалай-қалай қиюластырады шіркінің», – деп ойлады. Шынында, қара аспанды төндірердей ештеңе жоқ екен-ау...
– Ой, қойшы, – деді бірақ.
Кезекті әңгіме осымен тынған.
Жүрегі қатты деп қанша жерден ренжісе де, Қазыбектің соңғы сөзі ой салып еді. «Қатыныңа қайта қосыл» емес, «бір қатын үшін осынша мүжілгенің не», – дегені екен ғой. Досының не оймен айтқанын бір құдай білсін, өзі осылай шешкен. Бірақ... «Бір қатын үшін...» деп елеусіз дүниеге айналдырып баққанымен, оңайлықпен серпіле алмайтынын аңдады. Ат құйрығын кесісіп, Қазыбектің үйінен кетпек болған. Сөмкелерін жинай бастағанын көріп, аңтарылып сәл тұрды да, айғайды салды дейсің. Жеті атасынан тартып, он екі мүшесінің бірін қалдырмай түгендеп, қауашығының ішіндегі миға дейін түк қоймады. Мінезінің тіктеу екенін бұрын да білетін, бірақ осынша қызу қанды деп ойламаған. Әсіресе, басымен қайғы болып жүрген адамға жығылғанға – жұдырық жасап, сай-сүйегін сырқыратыр сөз айту үшін де темірдей жүйке керек шығар. Көп өтпей-ақ, досының айтқаны жөн екеніне ден қоя бастады. Тіпті, қызыға бастаған. Өзінің осындай болмағанына өкінген. Өзін тұңғыш рет біреудің алдында қор сезінді. Айгүл мың жерден ысқырынып тұрса да мынадай еркектің алдында тілін жұтып қояр еді-ау. Әй, бірақ, – дейді қайтадан, – ол шіркін де оңай емес. Өлер жерін біледі. Ол мұндай жігітке өліп бара жатса жоласын ба. Иі жұмсақ, айдауына жүретін еркек болмаса, ә дегенде-ақ іргесін аулақ салып, көштік жерге бір-ақ қонар еді. Өз саясатына мықты қатын ол, өлер жерін біледі. Досына шындап қызыға бастаған. Сондай болғысы келді. Ұйықтап қалып, «ой, кешіктім», – деп боқтана жүріп, асығыс-үсігіс жұмысына кететін, кеш бата кіржие кіріп келе жататын Қазыбектің әр қимылын қалт жібермей зерттей бастағанын өзі де байқаған жоқ. Кейде адамдардың түрлі ұсақ мінезі мен сасық қулығын, болымсыз ойлары мен пендешілігін айтып күйініп келеді. Мұның таң қалатыны, соның бәрі соның жолында неге кездесе береді екен? «...Бүгін жұмыста отырсам...» болмаса «...бағана келе жатсам...» деп басталатын бұл тарапта айтатын сындары бұл үшін таңырқарлық дүниелер еді. Аузын ашып тыңдайды да отырады. Қазір көз алдында өтіп жатқандай. Қоңыр дауыс өзіне ұйытып әкететін. Есіне әлдене түсіп кетіп, түн жарымында досын түртіп оятып алып, ойындағысын сұрай салған. Сығырайып бір қарады да: «Өшірші ананы ... », – деді. Бұл қоймай келе жатыр еді, «Ей, енеңді... кетші ... ». Бір сөйлемде қос боқтық. Бұл күңкілдеп тағы бірдеңелер айтып келе жатыр еді, одан зорғысымен тамақтандыра салды. Күдерін үзіп жөнімен сырғып бара жатқанда «е, басшы ананың даусын», – деді дүңк етіп.
Әлгі сұраққа ертеңіне жауап берген тағы да таңдандырып. Ұмытпапты. Өткендегі даудан кейін мұның жанды жерін шымшып, ашындыруды қойған. Мүлдем ештеңе болмағандай, өмір бойы бірге тұрып келе жатқандай кейіп танытады. Тіпті, әлгі айқайдан кейін бір күн өтпей қалжыңдай сөйлеп еді. Бұған салса, соншама оқиға, сөзден кейін тоң-торыс жүріп алар еді. Ал, ол... Ал, ол түк болмағандай. Іс-қимылы ғана емес, сөзі мен мінезі де құбылмалы. Жаңа ғана жарқылдап отырған адамның бес минут өтпей айналып кеп қарасаң тұңғиыққа батып отырғанын көресің. Аузын буған өгіз күйіне түсіп, көзі бадырайып бір нүктеге қадалады да қалады. Немесе сенделіп үйге сыймай кетеді. «Ұйқым қанбады», – деп шағынады да жүреді, бріақ уақытымен ұйықтайтын күні және жоқ. Ұйқысын бұзсаң бәлеге қалдың. Орта бойлы, арықша жігіт. Келбетсіз болмаса да сұлу деуге келмейді. Мұның таң қалатыны қыздарға деген аузының салымы еді. Тіпті, соңынан жүгіріп жүретін. Жай қыздар емес, менікі болса ғой дейтіндей тәп-тәуір. Кейде, телефонына тыным болмай кетеді. Қызыл батырманы бір басып, кім болса да енесін бір ұрып қойып отыра беретін. Ол түк емес, бір күні «мәә, мынаған жүрмей-ақ қояйық деп қайтіп айтсам екен...» – деп бас қатырып отырғанын көріп, кім екенін сұраған. Суретін көрсетті. Аңтарылып досына бір, суретке бір қарайды. Бұл да танитын. Талай мәрте ауыздарының суы құрып тамсанысқан сырттай. Біраз жігіттер жағалап көруге батпай жүретін. Ортақ көз таныстары еді. Әлі жігітпен жүрмепті дегенді де еститін. Сол қыз.
– Оны қашан сындырып ап жүрсің?
– Өткенде тамырын басып көрсем бүлкілі жаман емес.
– Біраз әуреленген шығарсың?
– Жоооқ, екі күн. Қосып есептесең бір тәулік.
– Енді не боп қалды?
– Былай жақсы қыз, бірақ қылықтары аздап нелеу...
– Нелеу? – Осындай сөздерді көп қолданады ішіңді кептіріп.
– Жасандылығы көп.
– Қызық, – деген басын шайқап.
Теледидар қарағаны да сұмдық. Бұл тесіліп отырған әлдебір бағдарлама я киноны тамашалап сәл отырады да:
– Ауыстыршы! – дейді.
– Неге? Тұра берсін. – Бұл да қимайды.
– Түкке тұрғысыз, қайтіп шыдап отырсың?! – дейді де, шығып кетеді.
Кейде өзі басқарады теледидарды. Берекесіз. Тынымсыз аударыстырады да жатады. Әр ауысқан арнаны бір сыбап алады. Ештеңе жақпайды.
– Осы әншілерің қанды ішті-ей. Қайда барсаң да осылар сөйлеп жатады. Журналистер де жынды, пиармен атақ шығарып жүрген осылар бірдеңе біледі дей ме екен.
– Айтып жатыр ғой әне.
– Түк те айтқан жоқ. Бұларға экраннан ұзағырақ көрінсе болды, кеш батқанша мылжыңдауға бар.
– Мына айтып тұрғаны дұрыс қой енді?
– Оның айтып тұрғанын еңбектеген балаға дейін біледі. Айтыла-айтыла жауыр болған әңгімені тықпалап... Шаханов айтпақшы.., Бекболат айтқандай...
– Не сонда, Шаханов пен Бекболатікі дұрыс емес пе?
– Дұрыс емес деп тұрғам жоқ. Бірақ, қазақ деп шырылдап жүрген қаншама ағаларың мен аталарың бар, соларды да айтсын. Түйенің танығаны – жапырақ деп...
– Ал, басқа ағаларың қайсы? Экранға неге шықпайды? Өздерінен көрсін.
– Ей, мен жарнама туралы айтып жатқам жоқ. Оларды әншілер айтпады екен деп ештеңесі кетпейді. Тек, көз алдындағыдан арғыны көрмейтініне қаның қайнайды.
– Енді қазір техника мен жылдамдықтың заманы ғой. Жарнаманың дәуірі. Өзіңді теледидар, интернеттен көрсетпесең, таралымы түкке тұрғысыз, оның өзінің оқылуы неғайбыл кітабың мен журналыңнан келер қайран аздау бұл күні. Сөйлесін, айтсын шығып, қолынан кім қағып жатыр? ...Енді, кім бар басқа?
– Е, осы бәріңнің айтатының. Жарайды, қойшы. Сендер, банкирлер клиенттеріңді сүліктей сорып, екі есе пайызбен несие бергеннен басқа теледидар көргеннен өзге ермектерің жоқ.
– Ой мынауың артық енді. Менің жұмысымның қатысы не бұл жерге? Мен өзіме жүктелген міндетті ғана орындаймын.
– Еее, – ыңыранып қойды. – Аузы қисық болса да атақтылар айтсын, байлар сөйлесін...
– Ал, сен неге шықпайсың? Өзің неге айтпайсың?
– Бізді кім тыңдайды қазір? Біз тар шеңбер үшін кесіп-пішілген адамбыз.
– Онда алдымен атақ шығарып ал, сосын тыңдатасың.
– Көрдің бе, өзің шыға алмайды екенсің, үй сыртынан әңгіме айтпа!
– Е, банкирім-ай, не білесің сен, бетін ғана қалқып... Арсыз болмай атақ жоқ дегенді естіп пе едің?
– Ендеше, сен де тиіспе маған. Банкирсің, халықты жеп... анау-мынау... Ойбай, банк елді сорып жатыр екен деп қызметімді тастап арба сүйреп кетуім керек емес шығар...
Мұндай әңгімелер жиі болып тұрады. Он күн өтпей жатып дауласа-дауласа шешен болып барады. Дегенмен, бұрын бар деп білмеген талай қызыққа қанықты. Жай ғана отырады да, бір кептің шетін шығары салады. Кезекті бір келісінде осындай әңгімемен кәдімгідей отырып қалған екеуі, ұйқыға беттеген.
– А, айтпақшы, – деді қайрыла беріп, – бүгін сенің Бануыңды көргем.
Жүрегі зірк ете қалды.
*****
Ол кезде екеуі де бойдақ. Университет қабырғасындағы соңғы жыл. Онда қазір бас құрап үлгерген курстас, сыныптас – қатарлас жігіттер түгел бұла. Бір мектепте, бір партада қатар отырып, ҚазҰУ-ға бірге тапсырмақ болып ниет еткен бала күнгі достар бір-біріне қарап бой түзей жүріп, емтиханға дайындық кезеңін өте сәтті аяқтағандарын өздері де сезбей қалды. Бірі – әдебиетке, бірі – экономикаға табан тіреген.
– Сен есепші, мен өсекші, өлмейміз досым, – деген оқуға түскен күні Қазыбек.
Басқа жұрт шәкіртақыға телміріп жүргенде бұлар әжептәуір қызметке жетіп үлгерген. Екінші курстан-ақ банкті жағалаған бұл соңғы курста толыққанды қатардағы қызметкер дәрежесін алған. Көлікті де қатар мінді. Қызға да бірге баратын. Бұл бір қызбен танысса құрбысын ерте келуді тапсырады. Өзі Қазыбекті ертеді. Бұл жағынан Қазыбек те қарыз болып қалған емес. Диплом алып, қайнаған қу тіршілікке бел шеше сүңгіп кеткен. Сол жылдан бастап аралары алыстай берді. Айлап көріспесе де, арнайы хабарласып, жолығысып тұратын. Бірақ, ешкімде баяғы бостандық жоқ. Бос уақыттары азайған үстіне азая түскен жас жігіттер үшін бұрыңғыдай иықтаса кездесуге бару өткен күн еншісіндегі естелікке айналған. Банумен де, Айгүлмен де сол кездерде табысқан. Алдымен Бану. Бас құрау ойдан ада, сайранды салып жүрген Жанболаттың ойын бұзған да осы қыз. Қыз деп ойлаған. Кейін жағдайға қаныққан соң да, қызға бергісіз сұлу келіншекке кіндігінен байланып қалғандай бас тарта алмай-ақ қойған.
Кезекті сәтті ау ойламаған жерден басталды.
Кешқұрым. Үйге беттеп бара жатқан жолда «өткенің есіңде ме?» – дегендей көзіне оттай басылып сала берген ҚазҰу түнгі шамдарын әлі жаға қоймаған. Қалашықты бір кезіп шығуға ойы кетіп тұрды да, шаршап тұрғанын ескеріп бас тартты. Кетуге ыңғайлана беріп, қарны ашып тұрғанын аңдаған. Студент күнгі жеңсік асы донер-кебаб пен айранды араластыра соғып отырған. Өз көлігінің ішінде. Донердің түбі көріне бастағанда жол тосып тұрған қызға көзі түсті. Батар күн соңғы жарығымды көріп қалыңдар дегендей батыс көкжиекке маңғаз беттеп, ұясына қонар алдында Алматыға қайрылып бір қарап алатын әдетімен бір сәт қана мойын бұрып тұрып қалған шағы. Күн сәулесінің соңғы шапақтары ғана әр жер, әр жерде шашылып жатқан. Өтпелі шақтың қым-қуыт қарбаласына мелдектей жүзіп жүрген жұмыр бастар бейуақта төгілген нұрды теріп алу туралы ойламайтын да сияқты. Ешкімге керек болмай, аяқ асты болған сәулесінің табандарға тапталып, түте-түтесі шыққанына налыған Күн ата бар жауһарын жиып алып, теріс айнала бастаған. Әйтсе де, сарқыншақ сәулелер иесіне көнбей, таласа-тармаса барып талдырмаш денелі сұлудың иығын жапқан шашына жабыса кетіпті. Өзі де алтын түстес қолаң шашқа қонақтаған алтын нұр бар назарды жол тосқан жас сұлуға аударып әкеткен.
Донерді тауысқан, тауыспағаны есінде жоқ, салып-ұрып жетіп барды.
– Абай-Достық, үш жүз... – Ашық терезеден ішке төне сөйлеген қыздың даусы нәзік естілді. Асығыс шолып өткенде жүзі шаршаңқы екенін байқады.
Үнсіз бас изей салды. Сол жолы жолға емес, терезеге сүйене түсіп, ойға шомып отырған арттағы қызға көп жалтақтады.
– Шаршадыңыз ба?
Сынық жүзін өзгертпестен көзін аударып бір қарады да:
– Жоқ, – деді естілер-естілмес.
Бүкіл жол бойы бар тілдескендері сол. Өзінен көз алмай, ішіп-жеп қараған жігіттің назарынан мазаң күйге түскендей көрінген қызбен жанарлары маңдайдағы айна арқылы тоғысып қалады. Кезекті көздер шарпысында қыз қабағын шытқандай көрініп кетті. Ойы шашырап, айтарға сөз таппай келе жатқанын сезді. Жақындаса, таныса түсерлік бір кептің шетін шығаруға қанша талпынса да, тіліне түк ілігер емес. «Нәркес көз», – деп ойлады. Нәркес көздің қандай болатынын анық білмейді де, әлдеқайдан естіген не оқыған. Бірақ, дәл осындай болу керек сияқты. Қастары екі жаққа өрлей түсіп, доғалана иіліп барып қиылып түсіпті. Маңдайы ашық, – әлдекімдер секілді кекілмен бүркемеген. Сүйірлене біткен танауының ұшы нәзіктік пен балаңқы рең береді екен. Тап-таза ақ-сары жүзге өлшеп кесіп-пішілгендей еріндер күлімдеп қана тұру үшін жаралған. Дөңгелене түйілген иек білінер-білінбес томпиған бұғақ арқылы ақ тамаққа ұласыпты. Одан төмен қарауға дәті шыдамады. Бір ұят шідердеп тастағандай...
Шығар есікте бес жүздік ұсынды.
– Мынауыңыз тым аз, – деді, аяқ асты неге олай дегенін өзі де ұқпай. Қыз қасын жеңіл ғана көтере түсіп, күлімсіреп қойды. Айнадан емес, бұрылып тұрып анық қарап отырған.
– Неге? – Тістері аппақ екен. – Келістіңіз ғой жаңа.
– Мен таксист емеспін.
Қыз сұраулы жүзбен қасын тағы бір көтеріп қойды.
– Сіз үшін бағытымнан айнып, өз үйімнен алыстап кеттім. Менің үйім қайда екенін білесіз бе? Соноооу Орбитада. – Қай қиырға бастап бара жатқанын өзі де түсіне алар емес. Сөздің бәрі ғайыптан құйылып жатқандай. – Мынауыңыз, жалпы ешқандай ақша менің еңбегімді өтей алмайды.
– Түсінбедім... – Мұндайды күтпеген қыз шынымен абыржиын деді.
– Тағы бірде қолыңыздан шай ішермін. Сол ғана әділ болады, – деді қызды барлай түсіп. Аңтарылып қалған қыздың жұмсақ келбеті сенімділік орната түскен. – Жоқ, – деді айнып, – тағы бірде емес, ертең. Ертең дәл осы уақта, осы жерге келем. Күтіп алыңыз.
Мына сөздерді қай ақылына сыйдырарын білмей, аңтарылып қалған қызға тағы да:
– Байқаңыз, алдап кетпеңіз. Уәдені бұзуға болмайды. Ертең осы жерде кездесеміз. Ал, сау болыңыз!
Үнсіз түсіп бара жатқан қыздың соңынан айғай салды:
– Мен қалжыңдап тұрғам жоқ. Ертең келем, міндетті түрде...
***** Шығар есікте ұзақ ойланды. Жол айрығында толқып ұзақ тұрды. Оң жаққа бұрылса тыныш қана үйге барады. Түнде қанбаған ұйқыны бүгіннің есебінен толықтырып, ертеңгі жұмысқа қыз қойнынан өргендей қунақ келуі мүмкін. Ал, солға бұрылса... Белгісіздік. Иә, анық, сенімді емес. Бәлкім күтіп алар. Бұған сенім аздау. Аздау дегені жұбаныш қана. Мүмкін бір керемет орын алар деген үмітке иек артуға ұқсас. Ерігіп жүрген көп сері-сымаққа балап, қолын бір сілтесе ше? Тіпті, кешегі сөзін елеусіз қалдыруы да мүмкін ғой. Бұл түнімен дөңбекшіп шықты. Ал, ол... Сұлу ғой. Мұндай ұсыныстар мен көңіл білдірулердің күніне нешемесін кездестіреді. Көлденең кезіккеннің көз сүзгеніне бұрыла берсе несі қалады? Қыз емес пе, намысы бар. Кеше көрді ғой, тым салқын болғанына қарағанда ессіз қыз емес сияқты... Тағы да тұра берер ме еді, арт жағынан бебеулеген машинаға бола қозғалуға тура келген. «Үйге кеттім», – деп ойлады. Әйтсе де, солға бұрылып еді. Өзіне бағынбаған еркін қанша тыраштанса да жеңе алмайтыны анық еді. «Е, мейлі, шықса шығар, шықпаса менің ештеңем кетпейді», – деп қойды өзін тыныштандырған болып. Дегенмен, мұндай сапарға шығып көрмеген, келісу былай тұрсын, емеурін де білдірмеген қызды келіп қалар ма деп жынды адам сияқты үміттеніп, екі ұдай күйде келе жатқанын ойласа өзінен-өзі қысылады.
– Ой, Алла-ай, – деп қойды күбірлеп. Жымия түсіп басын шайқап қойды. Жанболаттың осы кейпін сырттай тамашалаған адам болса сөз жоқ, өз қылығына өзінің қайран қалып келе жатқанын аңдар еді. Өзіне таңданып келе жатқаны рас. Бірақ, көкей түкпіріндегі негізгі ой «кешегі қыз шыға ма, жоқ па», – дегенді төңіректеп жүрген. Егер шықпай қалса... Осыны ойлайды да бөгеле түседі. Тіпті, әшейінде миын шағып, жүйкесін жүндей түтетін кешкі кептелістің толассыз у-шуы да әсер етпейтіндей. Басқа кездері бір сәтке ғана бөгеліп қалса, астындағы жер ойылып кетердей қозғалғаншы тағаты қалмайтын жазған қызыл көз бағдаршамға алғыспен қарайтындай. Таң атпайын дегенмен күн қойсын ба, жетіп те қапты. Қанша жерден ілбіп баққанмен жетіп алыпты. Сағатына қараған. Тұп-тура кешкі 7:00. Қырық минуты жолға кетіпті. Әдетте мұндай аттам жер үшін осынша уақытын жеген тар жол үшін қаланың төрдегі төресі мен жолдағы қызметшісіне дейін түк қалдырмай бір сыбап шығар еді. Ал, бүгін екі ойлы жас жігіт ерекше кеңдік танытып, кешірімді қалып тауыпты. Дәлме-дәл 7:00. Жақсы ырым. Ешкім үйретпесе де, бала кезден қалыптасқан өзінің әдет-сенімі дейміз бе, мұндай дәл уақытта сағатқа қарай қалса «жолым болады екен», – деғп ырымдап қоятын іштей.
Соңы не болары белгісіз ғана емес, аса абырой әпере қоймайтын бұл сандалыстан бірдеңе шығатынына өзі де сенімді емес еді. Міне, кешегі орын. Уақыт бұдан сәл кештеу болса керек. Аз дегенде 15-20 минут бұрын келгені анық. Жол жиегіне ыңғайлана жай,асқан соң, кешегі қыз кеткен жақты көзімен бір шолып шықты. Анығында, дәл қайда беттегенін көрген жоқ. Ынтығып тұрғанмен алды-артына қарамай зытып отырыпты. Тек, таңдана түсіп, есікті ақырын ғана жапқан қыздың артқа қарай бет алғанын біледі.
Қыз... Қызды... Қыздың... Ең құрығанда атын сұрамапты.
Отыра беруге болмайтын еді. Өзін алдарқатпақ болып көліктен түсті де, жақын маңнан дүкен іздей бастады. Не сатып алатынын сатыушының сұраулы жүзін көргенде ғана ойлады. Әйтеуір уақыт өткізу ниетімен мәнсіз жүре бергенін енді байқады. Тоңазытқыштағы қаптаған сусындардың бірін ала салмақ оймен бұрыла бергенде көзі түсті. Қарсы бетте қалған көлігінің тұсында... Қыз... Қап, атын сұрамапты. Ештеңе етпейді, бастысы кездесуге шықты ғой, қалғанын енді сұрайды. Жеңіл ғана жұқа көйлек киіпті. Көзімен әлдекімді іздеп тұр. Оның өзін іздеп тұрғанын ойлады... Қуанып тұрғанын сезді. Келуін келсе де, аса үміттенуге жүрексініп, қатты күтпеуге, немқұрайлы қалып танытуға тырысып баққаны, – барлығы соңғы сәтте көкке ұшты. Жан-тәнімен күтіпті. Ынты-шынтысымен қалапты осыны. Жүрегінде өрекпу бар сияқты. Денесінде әлсіз діріл пайда болыпты. «Толқып тұрмын», – деп ойлап өтті асығыс. Алқын-жұлқын сыртқа беттеген. Ежірейген сатушы кемпірдің көзқарасын да, мырс еткен күлкісін де байқаған жоқ. Алып-ұшып жетіп барғанмен, бетпе-бет келгенде тежеліп қалды.
– Мен сіздің келетініңізді, күтетініңізді білгем.
– Ал, мен сенгем жоқ. Келмейтін шығар дегем.
Содан кейін ғана қол ұсынды. Бетінен сүймек еді, батылы бармады. Екі бөлмелі үй жып-жинақы екен. Ас үйден жағымды бір иіс келеді. береке тұнған тірлік құшағына шақырып тұрғандай. Әжесі жарықтық ұқыпты келіндерін көңіліне жақпаған келіндеріне үлгі қылып сөйлегенде мақтай айтатын «кірсе – шыққысыз» үй осындай-ақ болар. Жанболатты қонақ бөлмеге жайғастырып, оңаша тастап, ас үйге кеткен қыздың соңынан қарап, мелшиіп біраз отырды. Сосын айналасын, асты-үстін шолуға кірісті. Қайда қараса да «тамсанбай көр», – деп мөлдіреп тұрған бір мүлік. Көп те емес. Сыры көшпеген, жаңа дүниелер өз орындарын дөп тапқанына маңғаздана түсіп, тыныштық пен тазалыққа бөге түседі. Жұмсақ креслоға бата түсіп біраз отырды. Сенделген адамдай терезе жаққа беттеді. Жол үстінен алысырақ орналасқан үйдің ауласы кешкі сейілге шыққан шал-шауқан, баласын жетелеген жас келіншектер мен өз бетімен ойнауға жетіп қалған жеткіншек бала-шағаның жыбыр-жыбыр тіршілігіне толып кетіпті. Кері бұрылып терезеге арқасын бере сүйеніп бөлме ішіне мәнсіз көз тастады. Сыртта жарасымды қозғалыс, іште келісті тыныштық.
– Қыздың жиған жүгіндей, – деп күбірлеп қойды.
Үй иесі келді. Бейтаныс қонағының алдында қысылатын сияқты. Төрдің төбесінде өзіне тесіліп тесіліп тұрған Жанболатты көріп, бөгеліп қалды.
– Дастархан дайын. – Ас үйді иегімен нұсқады.
Бес-алты адамдық қана шағын үстелдің үсті сықап тұр. Кәдімгідей дайындалғаны байқалады.
Күткен екен...
Осы оймен төрге озды.
– Менің атым Жанболат, – деді дастарханға жайғаспай тұрып, өз орындығын ыңғайлай беріп. Және қолын созды.
– Мен Бану...
Екеуі де күліп қойды. Енді ғана танысқандарына.
Не жеп, не ішкенін, не істеп, не қойғанын білген жоқ. Өзіне есеп беру, айналасын бағамдаудан қалған сияқты. Қайдағы бір көр-жерді әңгіме қылып сызылып бақты. Қайта, қыз еркін секілді.
– Кешегі жігітке ұқсамайсыз.
– Неге?
– Сөйлемейсіз.
– Кеше де көп сөйлеген жоқ сияқты едім...
– Иә, бірақ, бәрібір ұқсамайсыз.
– Бұған қарағанда тәуірлеу болдым, – деп жалғады ішінен.
– Білесіз бе, мен сізді ардың-гүрдің, киіп-жарып жүретін жігіт деп ойладым кеше. – Даусында реніш бар ма, қалай? Осы тым сызылып кеткен жоқ па?
– Сөйтсеңіз?
– Сөйтсеңіз емес, жай... Екеуден екеу отырып бұлай... біртүрлі...
– Ішіңіз пысты ма? – Керегі жоқ еді осы сөздің. Қараптан қарап отырып қарадай берекесі қашып отырғанына ызалана бастаған.
– Жоқ, – деді қыз тағы да, – бірақ, бәрібір ыңғайсыз...
Үнсіздік тағы жалғасты. Мұндайда саусағыңның қимылының өзі қиынға түседі. Берекең бір қашты ма, оңайлықпен орнына келе қоймайды. Қолына ілінген жаңғақ дәндерін үгіп аузына салып, өзін алдап, қамшылап біраз отырды. Не айтады? Кеше көрген жерден есі кеткенін, содан бері жартыкеш кепке түскенін бе? «Үйлен», – деп асықтырып қоятын шешесін айта ма? Сол кісіні риза жасау үшін қыз таппай жүргенін, егер келісім берсе, сол қызды бүгін табайын деп отырғанын айту керек шығар? Жоооқ, олай болмайды. Шошып кетіп жүрсе. Тіпті, салған жерден жабыса кеткенін көріп, есінің дұрыстығына күмәндануы мүмкін ғой. Әлде, өзі туралы сұрағаны жөн шығар? Не сұрайды? Қай жылғы? Қайда оқыды? Жоқ, бұл да тым қарабайыр. Мына отырысқа үйлеспейді. Жігіті бар ма екен? Бұл мүлдем шалағайлық. Басы бос болмаса қайдағы біреуді әспеттеп төріне шығарушы ма еді! Әй, бірақ, «таксист емеспін, шай бермесең қарызымды кешпеймін», – деп отырып алған жігіттен құтылу үшін мәжбүр болуы да ғажап емес. Жоқ, – дейді қайтадан, – Қалай қиюластырса да дәл осы жобаға келмейді. Онда неге көлденең көк атты үшін осынша әуреге түседі? Мүмкін, жеңіл жүрісті... Тфуй, асын ішіп, аяғын теуіп... оттап отырғанын қарашы... Бір ауыз сөзін сыйлап, тіпті мұның өзі де сенбеген ерлік жасап, күтіп алып, қонақ етіп отырған адам туралы бұлай ойлау... Барып тұрған айуандық. Иә, айуандық...
– Егер, сіз үндемесеңіз... мен сұрайын иә?
Уһ! Бұған да шүкір. Ойы онға бөлініп әлі қанша отырар еді, құдай білсін! Тымырайған отырыстан қыздың өзі құтқарды.
– Сөйтіңізші, – деді қуанышын жасыра алмай. Өзінен батыл шыққан қызға... Бануға риза болған.
Айта қоярлық артық сұрақ қойылған жоқ. Бағана ғана өзі мардымсыз деп бағалаған сұрақтар еді. Ұсақ-түйек, үйреншікті болса да, тыныштықты бұзды әйтеуір. Әңгіме жандана бастады. Қайда жұмыс істейтініне жалғас қайда оқығаны сұралды. Одан ары мектеп, ауыл, ата-ана, ол тұрыпты отбасында неше бала бар екені де назардан тыс қалған жоқ. Сол төңіректегі мәнді-мәнсіз дүниелер түгелдей тәптіштелді. Бір қарағанда, бала-шағаның әңгімесі сияқты. Ал, осы сәтте қыздың аузынан мемлекеттік маңызы бар іс, саяси мәні зор шаруа дәрежесінде естілген. Екеуіне қатысты өлшемге салсақ, дәл солай болды да. Негізі, тым алысты көздеген де жаман-ау. Шыңның қақ төбесіне жетем деп, кеңірдегін көкке созып жүріп, аяқты аңдап басуды ұмытып, аттап яки айналып өте салар болымсыз жыраға болмаса орға жығылып, майып болып жататындар бар. Одан кейін тау түгіл төбешік арман. Келесі сәтте сол сұрақтарды қыздың өзіне жаудырып отырды. Ешқандай сөкеттігі жоқ. Таныстықтың алғашқы сатысында арадағы бұзылмастай көрінген тас қамал бұл тіпті айтуға тұрмайтын деп бағалаған майда-шүйденің астында қалды. Иә, осындай салмағы аңдала бермейтін болымсыз ғана жөн сұрасудың орны ерекше екен. Осы бір алғашқы тілдесулердің арқасында... Талай болашақтың іргесі қаланған. Жанболат осыған ден қойды. Сөз жоқ, теңіз тамшыдан құралады. Кетуге асыға қоймады. Кеткісі келмеген. Қайда асығады, бүркене түсіп жата кетер бойдақ төсектен дәл бүгін жамбас ояр жайсыздықтан өңге түк таппасы анық. Ас қайырған ырым жасалған соң, төргі үйге қайта оралды. Бану ыдыс-аяқ жиыстырып жүр. Тырп-тырп аяқ басқаны мен ыдыс-аяқ сылдыры естіледі. Дастарқан басындағы сұрақ-жауаптан білгені Бану бір үйдің жалғыз қызы. Әлі мектеп қабырғасындағы екі інісі бар. Әке-шешесімен Талғарда тұрады. Мына үйді ертеректе алып қойған, қыз бойжеткен соң жөнін табады, әлгі екі ұлдың бірінің еншісі. ҚазҰу-да оқыпты. Мамандығы география пәнінің мұғалімі. Дипломды жиып қойып, саудамен айналысып жүр. Бәлендей әйдік емес, – өзінің айтуы, – Атакентте шағын бутик ашып, киім-кешек сатады екен. Әйтсе де, жүйкеден жүйке қоймай жүріп, бұл күнде қадірі кеткен – бұл да соның байламы – бес-он тиын жалақыны он орайтын табысы бір басына ғана емес әке-шешенің де бір жағына шығысуға әбден жетеді.
– Ішіңіз пысқан жоқ па? – Теледидар қараған боп отырған Жанболаттың жанына жайғасты.
Алғашқы жатырқау басылған. Тым тереңдей қоймаса да, бір жақындық орнапты.
– Жоқ, әлгі Лондон туралы айтылған сөз бар еді ғой...
– Қандай?
– Егер сіздің Лондонда жүріп ішіңіз пысса, демек өмірден жалыққансыз.
Екеуі қосыла күлді.
– Лондонмен салыстыра қоярдай не таптыңыз сонда?
– Айтсам сенбейсің, – «сен»-ге көшіп кеткеніне таңданып, сәл бөгеле түсіп сөзін жалғады. – Дәл осы жерді, сенімен отырған жерді, – салтанатты ырғаққа салып сөзіне түзету енгізді, – Лондонның онына айырбастамас едім.
– Оо, кешегі қалпыңызға келе жатырсыз.
– Кеше ме? Кеше ештеңе дегем жоқ.
– Сөйлескен жоқпыз, бірақ, сөйлессек тура осылай әңгіме айтатын сияқты көріндіңіз маған.
– Осыны енді бір рет айтсаңыз, – арнай «сіз»-ге көшіп еді, – тілім тағы байланып қалуы мүмкін.
– О, онда айтпайм...
– Шын айтам, Лондоннан жалығуым мүмкін, бірақ осы жерден, сен бар жерден... – ыңғайсызданып қалды, – жоқ, енді... осы жерден жалықпаймын.
– Қай жерден?
– Мынааа жерден. – Қос қолын тік көтеріп, екі жаққа жая төмен түсірді.
– Мм, Сонда мына жерден, – жігіттің қимылын қайталап, – жалықпайсыз, бірақ менен жалығады екенсіз ғой. Түсіндім, түсіндім. – Ойнақы қалыпқа көше бастаған. Сәл ұяла еркелейді. «Сол қалпында бас салып, құшырлана сүйіп алса...» Оған батылы бармасын біле тұра солай ойлады. Іште бір бұлқыныс пайда болып еді.
– Жоға, сенен жалығам дегем жоқ.
– Дедіңіз. – Тағы да сол ойнақы мінез. Жарасымды еркелік. – Лондоннан жалығуым мүмкін, – Жанболаттың ырғағына салуға тырысып, – бірақ сенен... ой жоқ...
Тағы күлді. Екеуі қосылып. Бұл жолы дауыстары қаттылау шыққан. Еркін сезіне бастағандай.
– Мынааа жер деген – сенсің деген сөз.
– Сенбеймін...
– Сенуің керек.
– Сенуің керек... Сену үшін сендіру керек.
– Сендірем.
– Сендірем? Қалай?
– Әне, сендіре алмайсыз.
– Сенесің әлі.
– Қашан?
– Оны кезінде көреміз...
Тағы да күлкі. Қыз сыңғырлай күлген шығар. Жігіт жадырай күлген болар. Екі дауыс жарасым тапты ма, қалай естілді? – Жанболатқа бәрібір еді. Осы отырыстарына сене алмай отырған. Сенбейін десе, көргені – қылығы қызықтырып, елітіп бара жатқан қыз. Сенейін десе, жаңа ғана танысқан, кеше ғана «күте ме, жоқ па?» – дегізіп, бір түндік ұйқысын алған қызбен оп-оңай тіл табысып, риясыз жарасып, жақындасып бара жатқандай. Тура қазір қолын созып «бірге жүр» десе – ілесіп жүре беретіндей.Тағдырын осыған табыстап, тамұққа бастаса да, етегінен ұстап еріп кете баратындай. Қыз ғана емес, дәл қазір талдырмаш денелі, иманы бетіне шығып, еркелігімен еркін алып отырған осы бір сұлумен қол ұстастырса жер түбіне болсын тартып кетуге бар екеніне шүбәсі қалмады.
Бану да осыны ойлап отырғандай көрініп кетті Жанболатқа.
Мүмкін... Екі ой бір ағыспен егіз арна түзген болуы. Жігіт сенімді болатын. Қыз да күмәнданбауға тиіс. Өкініштісі, тағдыр басқалай шешім жасапты. Ешкім күтпеген үкім шығара салған. Ойлаудың өзі қиянаттан кем көрінбейтін кепті алға тарта салған.Бірт тәуліктен аса алып-ұшқан жүректің алабұрпа сезімін басқа арнаға бұрып жіберген әлгі... – қатал дейсіз бе, сұм дейсіз бе, тоңмойын, көрсоқыр десеңіз де еркіңізде, – тағдыр... Дегенмен, екеуі де жас еді. жазмыштан озмыш жоқ екенін естіген, білген болса да, жаңағы жараса, жарыса шыққан күлкіден бес минут өтер-өтпесте дәмін анық сезінді. Мықтап сезінген. Әсіресе, жігіттің аузы күйіп еді. Қыз ескі жарасының бетін өз қолымен тырнаған. Бану тіпті ұмытып кеткен. Сыртқары дүниені. Өзін. Бәрін! Көңіл түкпірінде, жүрек төрінде екі-ақ бейне қалған. Қалғаны... Ғайыпқп айналған. Тысқары дүние жым-жылас болған көңіл аумағында уақыт тым баяу жылжып жатқан. Әлдебір жайлы кеңістікте жеңіл ғана қалқып жүргендей күй кешкен. Жаңғырық бар секілді. Жаңғырықтың арасынан жанына жақын, оған баяғыдан етене сонааау алыс балалық шақтан әлдилеп келе жатқан бір әуезді күлкі естілетіндей. Әуез – күлкі – жаңғырық... Қуанта түсіп бауырына тартып барады да, жаңғырыққа айналады. Мұңлы һәм қорқынышты. Қорқыта беріп күлкіге ауысады. Жақын һәм алыс. Қармай келіп құшағына қыса беріп, әлдеқайда, түу тереңге сусып кетеді. Төніп-төніп келеді. Ыстық. Жып-жылы. Сұп-суық. Мұп-мұздай... Ысынтып-суынтып барып, ғайпқа айналады. Ыстық һәм суық... Өзінің ысып-суып отырғанын аңғарды. Тер қысып бара жатқандай. Суық тиіп ауырғанда дәл осылай болатын. Қонақ жігіт... Кім еді? Атын ұмытып қалған ба? Ә, иә, Жанболат... – «Менің атым Жанболат...», – Бұған телміріп қапты. Көздері... Бір нәрсе айтуға оқталады. Бұл білетін бірдеңе... «Айтпай-ақ қойса екен», – деп тілейді. Керегі жоқ қой айтып. Онсыз да түсінікті емес пе? Осылай отыра берсе... Жүре берсе қалқып. Әлгі беймәлім кеңістікте күлкілері жаңғырып... Селк етіп есін жиып алды. Заматта өзіне келген. Алақаны, табаны, саусақтарының арасысұп-суық терге малшыныпты. Діріл бар. Әсіресе, саусақтары өзіне бағынар емес. Жанболат аңғармаған сияқты. Үнсіз. Әлі телміріп отыр. Көп, көөөп уақыт өткен секілді. Сағатқа қарады. Тоқтап қалыпты. Жоқ, жіңішке қызыл тіл қозғалыста. Жүріп тұр. Бірақ, уақыт тапжылмапты. Жаңа ғана... Баяғыда... Өң мен түстің арасындай өте шыққан. Екеуі үн қоса күлген әлгі бір сәттен аумапты. Сонда қалай, уақыт өтпеген бе? Бұған не болған? Кеше кешкілік күтпеген түсініксіз жайт басталғалы бері көкейінде тұрып алған өкінішті жаңа ғана есінен шығарып алыпты. Қандай бақыт! Ұзаққа созылмады-ау. Таңдайына жағып бара жатқан шәрбатына әлдебір тылсым қол у тамызып жібергендей. Оның кім екенін, кеңсірігін көмейімен қоса өртеп бара жатқан өртттің түп тамырының қайда жатқанын біледі. Тереңге бойлауға қорқады. Қол созымға келген, баяғыдан бері күткен сәттің қалтарысынан әлдебір күмән жылт етті де, елемеуге, көрмеуге, елемеген, көрмеген кейіп танытып, өзін алдай тұруға жандәрмен тырысып баққанмен, елес-жаңғырықтың арасынан естілген риясыз күлкіге ұмсына бергенде жарқ етіп шыға келді. Өткір жарығын бүкіл жан дүниесімен сезінді де, қалтырап кетті. Болды! Сонымен болды. Бітті бәрі... Көктен жерге түсетін уақыт болыпты. Ақылға келу керек. «Айтуым керек», – деді іші қан жылап тұрса да. Алақанына қонған, енді бар болғаны саусағымен қармай салу ғана қалған шаттығынан айрылатынын білсе де, айтуға тиіс. Жігіттен де, басқадан да, – бәрінен саналы түрде бас тартуға тура келген. Өткеніне оралу керек екен. Бір сәтке ғана.
– Мен бірнәрсе айтуға тиіспін.
Түсінді. Селт еткендей көрінді, демек түсінді. Аяқ асты мұңлы кеп тапқан, күліп отырып қабағы салбырап сала берген қыздың дауыс ырғағы мен кейпі жақсы жорамалға жуымайды. Аузын аша беріп, бөгеле береді. Айта алмасына көзі жеткен соң, күтпеген шешімге келді.
– Мен қазір...
Өз жатын бөлмесіне кіріп кетті. Жанболатқа солай көрінді, болмаса шындығында солай, – ұзақ уақыт шықпай қойды. Еңсесі түсіп кеткен секілді. Сүйретіле басып, ауыр бір нәрсе көтеріп келе жатқандай қос қолдай ұстаған бір топ кітапшаны әкелді де, бұған ұсынды. Альбомдар екен. Сурет альбомдары...
– Жоқ, тұра тұрыңыз. Ашпаңыз. Мен... шыдай алмаймын. Сіз өзіңіз көріңіз. Мен бара тұрам. Сосын ойланарсыз.
...Қолына ілінген біреуін парақтай бастады. Бала кездегі суреттері. Тым сүйкімді болыпты. Жалғыз өзін көп түсіре беріпті. Сірә, тұңғыштарын көп қызықтаған сияқты. Міне, мектепке барған кезі. Әліппе мен гүлді қатар ұстап, жүрексіне қарап тұрған мұндай сурет Жанболатта да бар. Әр бетіне екіден жапсырылған суреттерге толы альбом тәй басқанынан мектеп бітіру кешіне дейінгі аралықты қамтыпты. Үлкен ұқыптылықпен әр суреттің астына даталар жазылған. Екінші альбом студенттік өмірге арналыпты. Мұнда да сол ұқыптылық сақталған. Басқа да кішігірім альбомдарды ысырып қойып, қалыңдар тобына кіретін үшіншісін ашты. Ашты да... Өз көзіне өзі сенбей отырып қалды. Іші бүріп кеткендей. Кеудесі сыздайтын сияқты. Жүрек соғысының күштілігі сондай басына дейін солқылдап кетті. Аяғынан әл кетіп қалыпты. Қанша қауіп күтсе де, мұндай қауіп күтпеп еді. Жаңа ғана күш кернеп тұрған бойы әп-сәтте қалтырап сала беріпті. Демін ішіне тартып, тұншыға тыныстап ұзақ отырды. Бәрі түсінікті болатын.
– Айта алмай кеткені осы екен ғой, – деді сыбырлап.
Жаба салды. Қайта ашты. Сосын қайта жапты. Тізесіне қойып, тербетіп тағы отырды. Екі өкшесі тынымсыз селкілдейді. Ақыры бекем қимылмен қоңыр мұқабалы үлкен альбомды асығыс парақтай жөнелді. Бірінші бетте... Қос бұрымы екі иығынан төмен салбырап, күлімдей қарап тұрған қыз... Бану...
Жаңағы ауыр күй тағы дендеп бара жатты. «Қыз ұзату». Суреттің үстінгі бөлігіне өрнектей жазылыпты. Астыңғы жағына әлдебір шумақ жазылған. «Көкешім! Сен бүгін ұшасың кетесің...» Түгел оқуға тағаты жетпеді. «Тойымыздың қадірлі қонағы болыңыз(дар)!» Неткен сүйкімсіз сөз. Ары қарай той иелері мен мекен жайға дейін анықтап қарап шықты. «01.08.2005» – той болған күн. Қолы дірілдей түсіп, ары қарай тартты. Той залы. Бірақ, суреттерде береке жоқ. Банудың жанындағы – күйеуі болса керек, – жігіттің беті тырнақпен өшірілсе керек, ағарып қалыпты. Түгел сондай. Екеуі оңаша түскен суреттердің жартысы қиылып тасталғанға ұқсайды. Суреттердің астындағы қолмен жазылған түсіндірмелер оқылмастай шимайланыпты. Ең соңғы суретсіз беті аяусыз көк сияның шиыр ізімен толығыпты. Ашулы адамның ісі. Жапты да оң жағына тастай салды. Немқұрайлы. Кеудесін кере күрсініп қойды. Дегенмен, өзін билей бастады. Көп ұзамай сабасына түскен. «Несі бар, ешкім кінәлі емес қой. Бануды да, мұны да кінәлауға болмайды. Тағдыр солай болған екен, оған кім айыпты? Оқу бітірмей тұрып, ертелеу күйеуге шыққан екен ғой. Жастықпен білмеген. Кейін ажырасқан. Қазір көп қой мұндай жағдай.
– Күйеуіңізді, – қайтадан «сіз»-ге көшті. – қай командировкаға жібердіңіз?
– Келмеске...
– ...Кешіріңіз... – деді түкірігіне шашалып. Өзінің айтпасты айтып қалғанын кеш аңдап еді. – Мен... мына суреттердегі ана... шимайларға қарап... қиылған жерлерін көріп... Олай екенін білгем жоқ. Кешіріңіз...
– Жоқ, кешірім сұрамаңыз. Келмеске болғанда... тірі... бар. Ажырасқанбыз. Жараса алмадық.
– Кінәлі кім? Сіз, ол?
– Кім біледі, мүмкін мен, мүмкін ол... Бірақ, менің басқа амалым болған жоқ. Менің орнымда кім болса да кешірмес еді.
Айтуынша, күйеуі кінәлі екен. Көзіне шөп салыпты...
– ...Өзіңіз ойлаңызшы, отасқанымызға жыл толмай жатып,басқа біреумен... Ол ештеңе емес, үйге әкеліп...
– Үйге? Сенімен таныстыруға ма?
– Мен үйде жоқ болатынмын. Жұмыста мазам болмай, түс кезінде келіп алғам. Тапа-тал түсте менің әке-шешем әкеп берген ақ баталы ақ төсекте... Иии, – Есіне түсіп кеткендей шытынып қойды. – Ары қарай түсінікті шығар.
– Қызық...
– Сенгіңіз келмесе өзіңіз біліңіз. Ондайды кешіру үшін нағыз сорлы болу керек шығар.
– Сосын қайттіңіз?
– Шықтым да, кетіп қалдым.
– Аналарға ештеңе демедіңіз бе?
– Қайдағы, есім шығып кетті. Шу шығару қолымнан келмейді екен. Көздеріне қарауға қорықтым ғой деймін.
– Көргеніңізді білді ме олар?
– Білді. Есікті жабуды ұмытып кетіппін. Кеш бата смс жазып жіберіпті.
– Не деп?
– «Қайдасың?» деп. Есіктің ашық қалуының басқа бір себептерінен үміттенген шығар, әйтпесе екінші кілттің менде ғана бар екенін білетін.
– Сосын?
– Сосын? Болды... А, айтпақшы жауап жаздым, «Ұялсаңшы» деп.
– Сөйтіп қана ма?
– Иә.
– Ол басқа ештеңе жазған жоқ па?
– Ұзын-сонар хат келген, оқығам жоқ.
Күйеуі туралы сұрай түсуге оқтала беріп, айнып қалды.
– Неше жас үлкен еді? – деді қызығушылығы жеңіп. Қармағына оңай іліндіргенімен қоймай серілік құрып жүрсе, тісқаққан біреу болғаны ғой.
– Тоғыз жас.
Екеуі де үнсіз. Дегенмен, бір жеңілдік бар. Басы ашық әңгіме қандай жақсы. Дәл жаңағыдай жарқылдап жарасып отырмас, күмінді жасанды күлкіден мың артық.
– Бала бар ма еді? – деді әлден уақта.
– Жоқ, үлгермей қалдық.
– Сонда?..
– Айттым ғой жаңа, мазам болмай жұмыстан ерте келіп алдым деп, ауыраяқ екем. Түсік тастадым.
– Жасанды? – Даусы көтеріліп кетті.
– Жоқ, құдай сақтасын... Әлсіз екем. Өзіме қарамай кетіппін. Ақыры құлап түстім, есімді жисам болары болып, бояуы сіңіп қойыпты.
– Ана кісі, – альбомдар жақты нұсқап қойды. – Білуші ме еді?
– Білетін. Мен естен танып жатқанда ауруханаға келіпті. Баланы сақтап қалуға барын салды дейді, дәрігерлердің қолынан келмепті. Мамам әлі күнге сөзін сөйлейді. Төрт айлық шарананың шетінеп кеткенін естігенде ағыл-тегіл жылады дейді. Ар жағында не болғанын білмейді ғой. Баланы да өзің түсірдің дейді маған.
Осымен әңгіме тынған. Бәрі айтылды. Бану күрсініп қойып, құныса түсіп отыр. Жанболат екі ұдай күйде.
– Кетесіз бе?
Дірілдейді. Толқынысты дауыс. «Кетесіз-ау» деген өкінішке көбірек ұқсайды. Көздері түйісіп қалды. Банудың көзі жасаурап кетіпті. «Қазір жылайды, – деп ойлады. – Сосын, құшағына қысып жұбатады. Ары қарай...» Көз жасымен басталып, айқасқан құшақтар төсекте бір-ақ ажырайтын әлдебір кинолар келді көз алдына. «Айуан», – деді өзінен түңіліп. Есік көргенін естіген соң күнәлі ойға ауып кеткеніне ызаланды. Өткеніне өкініп, өксіп отырған адам туралы бұлай ойлау... Әй, бірақ... Мүмкін қыздың да қалауы осы шығар, әйтпесе бір көрген еркекті мұнашама... Орнынан тұрып кетті.Бұдан көп отырса сұмдыққа ұрынарын білді де, атып тұрды. Кетуге ыңғайланғаны. Аңтарыла қарап, жігітпен қосыла тұрып кеткеніне қысылып қалған Бануға бір қарады да:
– Иә, кетейін... Соным дұрыс. Әйтпесе, ренжітіп алармын.
Ендігі отырыс тек қана азап болар еді. Салқын қоштасты.
Сағатына қарады. Түн ауып барады екен. Бану туралы ойламауға тырысты. Сол оймен жан-жағын жіті шолған кейіп танытқысы келді. «Қайтсем жарқыраймын», – дегендей бар шамын бетіне шығарып, абыр-сабыр мазаң тіршілігінен сәт санап айыға түскен миллиондаған ордалы жұртты бауырына басқан қызылды-жасыл қала үйреншікті қалпынан танбай, ыңырана түсіп, сұлқ жатыр. Баурындағы басымен қайғы боп, көзі боталап жүргендер де, құшағындағы қуаныштан құрақ ұшып, жүзі жаз түнімен астасып жайнаң қағып жүрген перзенттері де оның көңіл-күйінен тыс секілді. Алатауға арқа тірей малдас құрып алып, келелі кеңеске кірісіп кеткендей. Өзін дүниеге әкелген екі аяқтыларға пана бола білгеніне масаттанған кейпі бар. Кезекті қызыл бағдаршамға тап болған Жанболатқа түнгі қаланы кезіп жүргендер жоқ іздеушілерге ұқсап кетті. Төңірегін тынымсыз шолып, тіміскі көзбен қанша үңіліп, жалтақтап бақса да түк таппайтынын ойлады. Себебі, не іздеп жүргендерін өздері де білмейтін. Салбырай түскен бастар қадам сайын сүйем қарыс еңкейе береді. Сөйтіп, бір күні көрдің есігін қағып тұрғанын бір-ақ біледі. Қараған сайын қарпып, үңілген сайын үптеп, көргенінен көзақы алып үйренген қаптаған көздер... Ақыр түбі жұмыла салып құрт-құмырысқаға жем болатын қара көз, көк көз, қоңыр көз, аш көздер... Көресісін көрмей көрге кірмейтінін білгендіктен төңірегіне жалтақ-жалтақ, ішіп-жеп қарауын қоймайды. Ұлы жаратылыс алдында түкке тұрғысыз, ілуге жарар қайраты жоқ адамзат атаулы өлім сағатына қарай жақындап бара жатқандай. Аяңдап емес, асығып-аптығып. Өзіне берілген қысқа ғана қашықтықты қайтсем тез жүріп өтем дейтіндей. Сағым дүниеге сатып көзінің өтеміне берілер көр топырақтың қай арадан бұйырып, қай арада құйылатынын тап басқанша тыным алмауға серт еткендей еңкеңдейді-ай жарықтықтар... Демек, шамасы шақтаулы шартық шіркіндердің іздегені қу басына құйылар бір уыс топырақ болғаны ғой. «Онда несіне тыраштанамыз?» – деп ойлады. Күні ертең, ертең емес-ау бірер сәттен соң-ақ тұлдырсыз тірліктің тұманына сіңісіп, көңілі алаң көппен бірге өлімге қарай өңмеңдей ұмтылатынын, ол кезде қазіргіден әлдеқайда басқалай бөсетінін біле тұра осы ойдың жалын қармай берді. Санасымен сүреңсіз сүрлеуді қуалай-қуалай қараңғылыққа бөккен қатар түзей орналасқан көп қабатты үйлердің ауласына келіп кіргенін бір-ақ білді. Үйреншікті үй. Көз үйренген жиһаз. Етене төсек. Шешінбестен шалқалап құлай кетті. Шамның шақырайған жарығынан көз алмай, мағынасыз оймен біраз жатты. Қарып жіберген жарықтан көзі бұлдырап кеткенде ғана жамбасына аунап түсті. Жылтыр, аппақ керегені саусағымен сипап, телміріп қалыпты. Одан да байыз таппай кереует үстінде малдас құрып тағы отырды. Ыбырсып жатқан жатын бөлме онсыз да жел кеулеп тұрған астан-кестең көңілін құлазытып жіберді. Жылу мен жайлылық қатар қонған Банудың пәтері келді көз алдына. Береке мен тыныштық ұйыған ауылдағы еңселі үйін ойлады. Көңілі босап бара жатқанын аңғарып, өп-өтірік тамсанып қойды. Қақ төбеден еденге дейін, оң-сол, қуыс-бұрышты тінте, мағынасыз солып шықты. Мына күйге төзе алмайтынын сезді. Ұйықтау мүмкін емес екенін білсе де, сылбыр қимылдап, киімдерін қалай болса солай оңды-солды тастай салды да, бүркеніп жатып қалды...
– Қырсық... – деді қыстығып.
Жарықты сөндіруді ұмытыпты.
Жұқа жамылғыны серпіп, тізсіне дейін түріп тастады. Саусақтарын айқастыра желкесіне жастап жатып алып, төбедегі белгісіз бір нүктеге телміріп қалыпты. Дәл бүгін көз ілу былай тұрсын, тыныш жата алмайтынын анық аңдады.
– Ееһ, – деп түңіле күрсінді де, бекем қимылмен киіне бастады. Қолына іліккен бір киерлерін аспалы сөмкеге умаждай тоғытты. Тарс-тұрс, сарт-сұрт есікті бекітті.
Жұмысқа да, басқасына да қолды бір сілтеп, ауылға тартқан. «Бір жеті тынығып келем де, бәрін ұмытам», – деп ойлады түн қараңғылығын тілгілеп келе жатқан ақ «тойотаның» қос шамының жарығымен суарылған жолға қарап.
Бірақ...
Бір аптадан соң дәл осы уақта әлгі қыздың есігін қағып тұратынын білген жоқ еді...
– Жұмыстан сұранып келдім дегенің кәні, балам-ау? – деді шешесі Жанболат сөйлесіп болып, тұтқаны қойғанда.
– Ештеңе етпейді, енді айттым ғой, сұрансам да жіберетін еді.
– Қайдан білейін, өзің әрең кірген жұмыс...
– Мен әрең кіргем жоқ.
– Енді соншама уақыт сынақтарынан өтіп жүріп... Оның үстіне мына заманда ондай қызметке кім көрінгеннің қолы жете берер деймісің? Аяқ астынан не ескертпей, дәнеңе етпей жетіп кепсің. Өстіп те жүре бере ме екен адам деген. Бірдеңе боп қалған екен таң құзғыннан... Жүрегімді ұшырдың ғой қарап жүрмей.
– Ой, Алла-ай, өстиді енді. Жай, ішім пысып... сағынған соң кетіп қалдым.
– Сағынғышын өзінің. Түнімен жолда бірдеңеге ұшырасаң қайтесің? Сағынған соң дейді ғой.
Жорта ашуланған шешесінің бұртиғаны жанына жағып барады. Қазір-ақ күліп жіберудің аз алдында тұрғанын біледі. Ал, таң атпай алқын-жұлқын келіп тұрғаны шынында есін шығарған. Оны жаңа ғана есік аша салып «шешек, мынау неғып жүр?» – деп, шарасынан шыға жаздаған көзінен көрген.
– Бәрінен де сені сағынып кеттім, мама! – Балаға тән ойнақылыққа ауыты. Мынадай айналып-толдғанудың алдында бала болмау мүмкін емес.
– Сағынған адам... – Өзін жуан белінен қапсыра құшақтай алған зіңгіттей баласын бауырына басып, басынан аялай сипап қойды. – Есертпей ме екен алдымен, әй шешек-ай.
– Түу, аман-есен келдім ғой міне. Уайымдай бермесеңші жөні жоқ.
– Уайымдама дейді ғой. Өзің бала-шағалы болшы осыдан, сол кезде көрем уайымдамағаныңды. – Еңкейіп келіп желкесінен иіскеп қойды. – Қарашы, жадап-жүдеп. Тұр, бірдеңе шыж днгізіп жіберейін...
– Уһ, қарын тойдеее, енді бір армансыз ұйықтаса. Төсек сап берші, мама.
Сап-салқын үйде қалың көрпеге сүңгіп кеткен. Шешесі айналшықтап әлі жүр.
– Ей, шешек, шыныңды айт, ештеңе бүлдіріп келіп отырған жоқсың ба?
– Әәәй, бір жақсы нәрсе ойламайды-ау...
– Енді аяқ астынан жетіп келгенге... Қайдан білейін, ана Бердіғұлдың баласы құсап...
– Ойбай, Бердіғұлдың баласына не бопты?
– Ана кіші баласы, кім еді, былтыр ғана мектеп бітірді ғой. Сол ана жолы ғана қарнын шермитіп құрғыр... біреуді әкепті. Байғұстар елдің бетіне қарай алмай отырса да, қайтсін, үйлендірді. Енді туып қалмай той жасау керек деп екі аяқтарын бір етікке тығып ана санасыз бадасы...
– Е, қайта жақсы ғой, үйлене сап балалы болады.
– Әй өйтіп балалы болғаны құрысын.
– Сонда енді Бердіғұлдың баласы үйленді екен деп ауылға келмейміз бе?
– Байқап жүр балам. Әкеңнің мінезін білесің ғой.
– Қорықпа, мама. Бердіғұлдың баласына қарағанда басым істейді менің. Әкелген соң тудырып ап бір-ақ әкелу керек еді. Мен болсам, ақыр ондай болған соң, бір-екі баласымен әкелер едім. Рахат, той жасап әуре болмайсың. Беті екі рет ашылып, екі рет жабылып кеткен...
– Қой әрі, жақсы лепес – жарым ырыс. Жөндеп сөйле.
– Жаман айтпай – жақсы жоқ...
– Өйткен жақсылығың бар болсын, шешек. Мылжыңдамай ұйықта болды. Көзін қарашы қып-қызыл боп. Жолда ұйықтап кетсең қайтесің... – Тағы бастап келе жатты да, өзі де шошып кеткендей қоя қойды. – Құдай сақтасын! Байқап дүріңдерші әйтеуір.
– Айттым ғой, қорықпа, мәшинені жаңа айдап жүргем жоқ қой. Сосын, келінді де уайымдамаңыздар. Мен әкелсем баласымен... Жарайды, жарайды, қалжың айтам. Сізге күштііі бір келін тауп қойдым. Кеше ғана таныстым...
Шешесі гөй-гөйлеп тағы біраз жүрді де, көрпесін қымтап шығып кетті. Оңаша қалған соң жаңа ғана «беті екі рет ашылып, екі рет жабылып кеткен» дегені есіне түсті. Қылжақбас бір досының шығарып жүргені. Еркелеп жатып аузынан шығып кеткен сол сөзді Бану үшін айтқандай сезінді. Қорлап алғандай өзінің де жанына батып кетті. Түсініксіз осының бәрі. Ауылға сол Бануды ойламау үшін, жаңа басталып келе жатқан қатынасты үзу үшін келді емес пе?! Ендеше, шешесінің бауырында жатып та соны ойлағаны несі?.. Аяғының ұшынан бастап шымырлай көтеріліп келе жатқан тәп-тәтті толқын құшағына тарта берді. Маужырап бара жатып Банудың осы үйде, шешесінің алдында ұяла басып, бұл жаққа жаутаңға жуық қарап қойып жүргені елестеді. Шала-шарпы сол елес жарасымды көрінді.
– О, сізді келеді деп ойламаппын.
– Мен де...
Шақыруын күтпестен ішке кірді. Түн жарымы болса да ұйықтамағанына қарағанда бір жақтан қазір келген немесе бір шаруалары болған-ау.
– Әлі ұйықтамапсың. Бір нәрсемен айналысып отыр ма едіңіз? Әлде, бір жақтан келдіңіз бе?
– Қайдан?.. Ә, жоқ. Мен кеш жатам осылай. Үйреніп кеткем.
– Және ерте трасыз?
– Иә, көп ұйықтасам басым ауырады.
– Жиырма бірінші ғасырдың қызметті бәрінен жоғары қоятын іскер әйелдеріне тән озық қасиет.
Ауылда өткен алты күн бойы ойдан серпілмек боп, сейіл құрып талай жерге барып қайтты. Атқа мініп тау-тасты шарлап баққан. Сөйтсе, ат үстінде жүр дегені болмаса жалғыз жорту дегенің барып тұрған ойдың ордасы екен. Өзіне ыза болғанда тай күнінен таптап мінген жирен жорғаны ағызып-ағызып алады. Қамшының астына алса да жорғасын бір бұзбаған, құлағын қайшылай түсіп тайпалтып баққан қоңды жануардың алшайта топытып, тең басқан тұяғының дүбірі бір сәтке арқасын қоздырып, желіктіргендей болғанмен, аяңға түсіп кете бергенін өзі де аңғармай қала береді. Ал, аттың аяңы тербей түсіп түпсіз шыңырауға қарай батыра түседі. Сейіл де – Серуен, сергелдең де – серуен. Ойлап тұрса сейіл емес, сергелдеңмен жүріпті-ау. Сол ат арқасында жүрген күндердің бірінде тосын шешім жасады. Байыз таптырмай тызалақтатып бітірген негізгі ой – «ел не дейді?» төңірегінде еді. Талай қызбен дәмдес болған әккі түйсік Банудың беталысының бер жақ екенін түйген. Ендеше, ақырғы кесімді шығаратын да өзі. Әлгі Бердіғұлдың баласы туралы ойлады. Айдың-күннің аманында ашық күнде жай түсіргендей айы-күні жетіп отырған қызды жетеледі де жетіп келді. Тауығының неше жұмыртқа тапқанын қоқағынан-ақ тоқып отыратын ауыл азды күн пыш-пыштап, ақыры аузына құм құйды емес пе? Арғы-бергіге көз қылып, түңілген түр танытқанмен, көз үйренгесін көңіл делбеп, ұмытты да кетті. Тіпті, молда шалдың өзі баланың шалалығы деді де, сөзге келместен некелей салды. Оның жанында... Есік көрді дегені болмаса үріп ауызға салғандай қыз. Қасында жүрсе қай еркектің де сәнін кіргізіп, мерейін асырардай бар. Алыс-жақынның алғашқы сәттердегі ала көзінен бір өтіп алса... Алда қанша ғұмыр бар. Ту сыртынан ішіп-жеп қарайтын сұқ көз бен өзі жоқта айтылар алып қашпаның кемді күнгі қиындығынан гөрі ғұмырлық қосағының таза болмысына ден қойған.
– Ел не десе, о десін! Қашанғы жалтақтаймыз тасына нәлет! – деп, кілт бұрылды да ауылға қарай құйғыта жөнелді.
Тағы да түнделетіп, шешесінің гөй-гөйіне құлақ аспастан, қалаға тартып кетті. Енді міне, өз үйіне де бас сұқпастан мына жерден бір-ақ табылды.
– Бану, – деді. Ап-анық, сеп-сергек. Осы аз ғана өмірінде мұндай батыл болып көрмеген шығар. Жер түбінен белін бекем буып келіп, қыз қойнына тұңғыш бара жатқан сары ауыз бозбаладай толқып, қызарақтап отыруды ар көрді. Сызылып көрді, – ақыры не болды? Осы сапар не де болса бір жағына шығарып қайтпақ. – Бану, мынадай уақта жетіп келгенімнің себебін білуге тиіссің. Ауылдан келе жатырмын. Үйге барып жуынып-тарануға да шамам келмеді. Сенен, сені ойлаудан қашып ауылға кетіп ем, ауыл саған қуды. Сынап көрейік дейтіндей бала емеспіз, үй ішімен сөйлесіп келдім, қарсы емес. Өзім де осыған тоқтадым. Басқалай шешеімге келу мүмкін емес екен... – Бөгеліп қалды. Сәл ғана құлақ жарған тыныштықта қыздың жиілей түскен демін естіді. Қай кезде мұнша жақындап кеткенін аңғармапты. – Үйленейікші...
Бану толқып кеткен сияқты. Қолы дірілдейді. Шошынғандай көзін көтеріп бір қарауға ғана үлгерді. Ләм-мим тіл қатуға шамасын келтірмеген, белінен орай құшақтап, ерніне жабыса кеткен жігіттің ырқына көне берді. Еріні оттай жанады. Аппақ тамақтан... Тал бойынан тазалық еседі. Бұдан ары қыз қанша бұлқынса да өзін тоқтата алмас еді. «Мынадай әйелден айрылып жүрген еркекте ес жоқ екен», – деп ойлады жұпарлы тұңғиыққа батып бара жатып. Табиғат заңы. Сол түні қыз теріс қарап жатып алса да, айналып-толғанған жігітке көпке дейін қайрылмай қойса да, қыстыға өксіп бастап ағыл-тегіл жыласа да, бір нәрсе анық болған. Ұмар-жұмар айқасып, бір денеге айналған сол сәтте бөлінбестей бірігіпті. Мойнынан тас құшақтап ап, ұзақ уақыт көз жасына ерік берген қызбен қаяусыз табысқан екен. Одан кейінгісі көрген түстей. Жұмыр жер жаралғалы бір жасап келе жатқандай. Таң атса қимай-қимай қоштасып үйден шығады, кеш батса асыға жетеді. Қала төңірегінде екеуі қол ұстаса араламаған сай-сала, қатар отырып шала-шарпы көрмеген кино қалмаған шығар. Айтпайтын әңгіме, әңгімелемейтін тақырып жоқ.
– Осыдан сәл ертерек кездессек не болар еді? – дейді қыз.
– Дәл осылай болар еді, – дейді жігіт.
– Баяғы заманда өмір сүрсек қосыла алмас едік...
– Жоқ, онда да дәл осылай болар еді.
Екеуі қосыла күледі де, өбісіп кетеді.
– Дәл осылай болмас еді.
– Е неге?
– Ол заманның заңы қатал болған. Қоспайтын еді... Қосса да, мынадай кино болмаған ол кезде...
Соған мәз болады.
– Ал, кездеспесек ше?
– Онда да осылай болар еді...
Тағы да риясыз күлкі. Ары қарай аймаласып кетеді.
– Ұятсызсың, – дейді қыз жігіттің қолын қағып.
– Ал, сен ұятсыздың әйелісің.
– Сен бәрін бастаған.
– Сен менікісің, – дейді жігіт естімегендей. – Міне, сені телефоныма «Менікі» деп сақтап қойдым...
Жанболаттың достарымен түгелге жуық танысып шықты. Бас қосулардың бірінен қалмай, қол ұстасып қатар барады. Бірге өскені бар, кейін танысқаны да жетеді, бүкілі мұның бақытына, Бануына қызыға қарайтындай көрінген. Шет жағалап шешесіне де жеткізген. Шешесі әкесіне. Әкесі қарсы болмапты. «Менің ұлым солай шешсе, басқа әңгіменің керегі жоқ», – деген көрінеді. Әне-міне қыс та кеп қалды. Көктемге қарай отау құруға бәтуа байласылған. Тойды жазға, Жанболаттың туған күніне белгілеген. Осы бір тапқырлықтарына сонша қуанып еді. Көк пен жердің арасында ұшып-қонып жүріп, төрт ай аралығында не боп, не қойғаны нақты есінде жоқ. Бір кездегі «ел не дер екен?» деген күдік пен күмән бұл күні күлкілі көрінетін.
Алдымен ес жиған Бану болды. Көп ұзамай Жанболат та жерге түсті. Сол күні де аптығып, алқын-жұлқын аттаған босағаны. Әдеттегідей. Банудың қолынан шыққан кезекті тіл үйірер тағамды қарпып асап, ерекше тәбетпен тамақтанып бола бергенде Бану күтпеген әңгіме бастады.
– Жанбат, – Жамбо деген тым қарабайыр деп, өзі ойлап тапқан аты. – Саған бір нәрсе айтсам бола ма?
– Айта ғой.
– Айтқанда не ғой... Бізге жақсылап ойлану керек сияқты.
– Ойбай, не боп қалды?
– Ештеңе болған жоқ, бірақ, сен дұрыстап ойландың ба?
Жанболат кәдімгідей ренжіді. Банудың айтуына қарағанда, екеуі тең емес екен. Яғни, ол мұның теңі емес. Жастары қатар болғанмен, қыздың кемшілігі көп. Қысқасы таза емес. Жап-жас жігіттің басын айналдырып алғанға ұқсайды. Дәл солай деп ешкім айтпаған, бірақ солай деп ойлайтынына күмәні жоқ. Жанболаттың қасында жүргенде өзін ыңғайсыз сезінеді екен. Қайдағы бір байдан шыққан (тура солай деді) әйел емес, он екіде бір гүлі ашылмаған пәк қыздарға лайықсың дейді... Жоқ, жалыққан жоқ. Бұдан айрылса қалай өмір сүрерін де білмейді керек болса. Тек, мына бір қырсық... осы жағын дұрыстап ойлап шығуын өтінеді. Бірге тұрғысы келеді-ақ, дегенмен, бұдан былай сәл алыстан араласқандары жөн. Осы қазір кетуге тиіс екен. Қуғаны несі, ондай ойы жоқ. Жалғыз, оңаша қалғысы келеді. Ойлануы керек. Ол да, бұл да.
– Кім мұның бәрін айтқызып жүрген а?.. Айт, кім дейм?.. Кеше біреу бірдеңе деді ме?
Бір күн бұрын Нұрлан деген досының туған күнінде болған.
– Ешкім емес. Бірақ, сол жердегінің бәрі солай ойлайды...
– Оны қайдан білдің?
– Білем. Бізге деген қарастарын қалай байқамайсың?
– Байқағышын мұның. Қарамаса қойсын! Не шаруамыз бар елде. Келісіп едік қой. Қайдағыны айтпа!
Қалай бұрса да икемге көнбеді. Күні кешегі емес, көптенгі ойында жүрген күмән екеніне көзі жетті. Ашулана бастаған. Көлденең көк аттылардың сөзі үшін осынша шуылдасса, түкке тұрғысыз болғандары ғой. Ақыр, ұзаққа бармайды екен, қалсын осында. Үзілсін, бітсін осымен. Тағы бірдеңелерді айтып, – анығында айғайлаған, – Бануды жылатты да, жүре берді. Жаңа ғана жадырай тұрып есіктен ендірген қала бұл қайта шыққанда тымырайып алыпты.
Телефонына хат келді. «Жанболат, ренжитініңді білгем, бірақ осынша шу шығарады деп ойламаппын. Менің орнымда болсаң қайтер едің? Маған да оңай емес. Ойланшы дұрыстап. Сосын, Қазыбекке рахмет айт!»
Қазыбек екен ғой бәрін бықсытып жүрген...
Тауып алды. Қолына түссе қабырғасын қақыратып жіберердей тас түйін барғанмен, салқын қанды суық жүз сабасына түсірді.
– Телефондағы даусыңнан байқадым, ашулы сияқтысың.
– Ашулымын. Кеше не болып еді?
– Бану айтты ма? Дұрыс болған екен.
– Не боп еді дейм?
– Білмеймін не болғанын. Бану айтқан шығар бәрін.
– Түк те айтқан жоқ ол.
– Ештеңе айтпаса неғып шабынып жүрсің енді?
– Қояйық дейді бәрін.
– Оған менің не қатысым бар? Қояйық десе қой...
– Сен туралы айтты...
– Мен туралы айтса, дұрыстап сұрап алмаймысың! Енді келіп анау-мынау деп...
Созғыласып біраз тұрды. Аздаған ырғасудан кейін Жанболат сабаға түсті. Тым қатал көрініпи кеткен Қазыбек орағытып отырып, бәрін айтқызып алды.
– Е, Жамбо, былай ғой, кеше Банумен сөйлескем... Тыңда соңына дейін. Жалпы соңғы кезде қандай күйге түскеніңді білетін шығарсың? Не анда жоқ, не мұнда жоқ... Бұрындары да беті ашылған келіншекпен әуейі болғаныңа қарсы болғанымды білесің. О баста жай ғана желігіп жүрген шығар деп мәе бермеп ем, үйлену туралы ойыңды естігенде «қойсаңшы» дегенді айту жеңілдеу еді. кейін қарасам, ол туралы жаман сөз естісең айтқан адамның жағын үгітуге бар екенсің. «Өзің біл», – дедім де қойдым. Бану дұрыс айтады, ойлануың керек. Кеше қалай жылады байғұс...
...Нұрланның туған күніне бір қауым адам жиналған. Әр тараптан келіп жаңадан танысып жатқандары да баргылық. Бойдағы бар, қосағы бар, бала тапқаны бар... Бір-бірімен тығыз араласатын бес-алты жігіт өздерінше бөлек. Базардағы мың кісінің жөнімен басқалар да ыңғайына қарап сұхбаттасып жатты. Сол бес-алтының әрқайсысының қасына ерткен өз қызы бар. Нұрланнан басқасында. Мұндайда дос-жар жігіттердің қыздары да бір-бірімен жан құрбыдай бола қалатыны бар. Бір қызығы, әлгілер Бануды бөлектей береді. Қысқаша тарихына қанық. Әлде, осал тұсын білетін оның өзі сіңісіп кете алмады. Жігіттер жағы көк түтінді көкке үрлеп, Нұрланды ортаға алып, қылжақтасып тұрған. Айтатындары белгілі, әлі күнге қызбен жүріп көрмегенін бетіне салық қылады. Сол тұста Қазыбекті Анар ішке шақырды. Өзін ғана. Барса Бану ағыл-тегіл. Оңаша бөлмеге кіріп алып – еңк-еңк. Қасында Анардан басқа жан жоқ. Жанболаттың түсінгені, Банудың жылағанын Жанболат көріп қоймауға тиіс. Анардың кірер есіктегі сыбырынан ұққаны қыздардың бірі – әлде Айбат, әлде Саматтың қызы, – ренжітіпті. Бастауы не екенін құдай білсін, соңғы түйіні сұмдық.
– Біз сен сияқты байдан байға тиіп, жас жігіттердің басын айналдырып жүрген жоқпыз.
Қаршадай ғана, оң-солын енді ғана танып жатқан қыздар еді, мұндай сөз айтуға қашан жетіп үлгерді екен...
Өз қызын (Анарды) сыртқа шығарып жіберіп, Банумен оңаша қалды.
– Болды, еңірей берме! – Өктемм. Қыз, оның үстіне жылап отырған адам ғой деп абайлау жоқ. Жылағанды жұбатудың ең оңайы айналып-толғану емес, зекіп тиып тастау деп білетін. Онысына көзі талай мәрте жеткен де. – Нең бар бала-шағада? Пысықсынып ақыл айтқансың ғой өзіңше.
Бану таңданып қалды. Сыпайы ғана танысқаны болмаса, бірде-бір мәрте тіке тілдесіп көрмеген адамның өзіне бұлай сөйлеуі ақылға сиымсыз көрінген. Дегенмен, даусында өзімсінгендік бар сияқты.
– Тыңда, мына түріңмен ұзаққа бармайсыңдар. Бір-ақ жол бар, не тездетіп үйленіңдер, болмаса қойыңдар. Анаған айтып ем кезінде, қияли неме махаббат, сезім деп қайдағы тізесі шыққан сөздерді тантып, өзіме уағыз оқыды. Сөз ұғатын хәлде емес екен. Сен өзің сөйлес. Дұрыстап түсіндір. Өзің де ойлан.
Бар болғаны сол-ақ. Соны айтып шығып кеткен. Аздан соң-ақ қателескенін ұқты. Араласпауы керек екен. Өкінсе де, ойлана келе тоқтам қылды. «Түбі бір болатын әңгіме ғой, дұрыс болды». Қазыбекпен арадағы әңгімеден кейін қоңырау шалған. Жауап жоқ. Іздеп баруға тура келді. Тура жұмысына. Жанболат кіріп келгенде құшақтай алмасын дегендей алыстан қол созды. Сәлем мезіретін жасағаны. Қалай қияласа да бойына тоғытар емес. Әлдебір жаттық пайда болып, төрт ай бойғы етене жақындықты жоққа шығарып тастапты.
– Бақытсыз болғым келмейді, Жанболат. – «Жанбат» деген жоқ, тіке атады. Өз атын ең жақын көретін адамның аузынан тура есту жүрегін түйреп өтті. – Шет жағасын бүгін-ақ көріп жатырмын, ертең не болатынын қайдан білем? Көрінгенге көз түрткі болып... Түсінгің келмесе өзің біл.
Осы сөзден кейін күдерін үзді. Ешқандай үміт қалмаған екен.
Тіршілігі қалыпқа түсті. Қызметіне ұқыпты қарай бастады. Қандай міндетті де жан-тәнімен атқарды. Күннен күнге еңсесін баса түскен қалың ойдан құтқарып алар осы күнделікті бір келкі тірлік деп сенді. Солай болды да. Жұмысын жақсы көріп кетті осы аз күн ішінде. Тек демалыс күндері... Табанына тас байлап алғандай шабан уақыт өтпейді-ау. Кино көрмек болды, кітап оқуға ниеттенді, – болмады. Киноның әр бөлімінен, киноның әр түкпірінен өзіне қатысты оқиға шыға келетіндей. Бір-екі мәрте жанды жеріне тиіп кеткесін, – қойған. Дүниедегі қарым-қатынас атаулы бір-бірінен аумай ма, әлде, бұл өзіне тым жақын қабылдады ма, тіпті шал мен кемпірдің арасындағы диалог та Бануды есіне сала берді. Кітап бетін ашса болды, өткен күн иісі мүңкиді де тұрады. Алғашқы екі күндік демалыстың азабынан кейін, күйген аузы үріп ішуді меңгерді. Бәрін алдын-ала жоспарлап, қайткен де үйде отырмауға тырысты. Басы бұла, дос-жараны көп жігітте бұл тараптағы қиындықты шешу қиындық туғыза қоймады. Соңғы он күн ішінде кезінде талақ етілген ашына атаулының бір қатарына қоңырау шалынған. Бұл да дым білмегендей, олар да түк байқамағандай. Тіпті, айналдырған екі күнгі демалысына сыйдыра алмай пұшайман болды. Олар да әрең жүрген бе, емеурін білдіріп еді, емініп шыға келді жазғандар. Күндер өтіп жатты. Оңашада осы күніне, осы күнгі өзіне көңілі толмайтынын аңғарса да, бес күндік жұмыс күндерінен соң-ақ сайранды салып бақты.
Айгүлмен осындай қиын күндері табысып еді.
Қашан көрсең көңілді жүретін, сәнденуді ең үлкен міндет санайтын, жігіттердің сұқтанғанынан ләззат алтын, соған орай сан алуан қылық көрсетіп, жүрістің небір түріне салып, сылаңдап бағатын етегі жеңілдердің қатарынан емес. Ауылдың қызы. Қарапайым көрінген. Сол тойдағы ең тәуір қыз сол болды. Қызыл-жасылға орап, сәнделген жеңіл көліктермен сап түзіп, жас жұбайлардың құрметіне бебеулетіп баққан қалың топ бұл күні де шеруге шыққан. Алғаш сонда көрді. Тілектің жөнімен сөйлеп тұр екен:
– ...Айбат, енді біздің қызымызды, менің ең жақын досымды алақаныңа салып аялай біл...
Демек, Айбаттың келіншегінің құрбысының бірі.
– Өкінішке орай жігіті бар, – деді бірі әлгі қызды көпке таныстырып жатып.
– Ауылға келіп қалған екен, ойымыз кетіп, алып қалып жатсақ, мынадай қызды сонша жерге жіберіп қойып қарап отырған жігіттің обалы жоқ.
– Осы қазіргі жігіттер алып қашам деп қорқытқаннан басқаны білмейді.
– Осы қазіргі қыздар өтпей жүргенін алып қашпай қойған жігіттерден көреді...
Әзілге сүйесе де, бір-бірін шымшып сөйлеп жатқандардың дабыр-дұбырына араласпай, сырттап тұрған. Айгүлмен көзі түйісе береді. Сүйкімді-ақ екен. Шындаса алып қашпай-ақ, қармаққа түсіруге болатынын сәті түскен вальстегі сыбыр әңгімеден кейін-ақ түйіп қойды. ...Той аяқталған соң, ауылға бос барған көлігін қыздармен толтырып, түнімен қалаға тартып кетті. Оң жағына Айгүл жайғасты. Арт жақта тағы үш қыз. Артқылар өздерінің артық екендіктерін сезсе керек, сыбырласып аз отырды да, көп ұзамай бір-біріне бастарын сүйей ұйқыға кетті.
Қиылып қарайтыны күнәлі ойға жетелейді.
– Жігітіңде шынымен ес жоқ екен, – деп қойды үзіліп-жалғанып бір арнаға түсе алмай келе жатқан берекесіз әңгіменің арасында.
– Неге?
– Сендей қызды жалғыз жіберіп...
– А, ол қызғаншақ емес.
– Онысы жақсы екен. Егер... мен сізді алып қашып кетпесем де, бас алып сүйіп алсам не болады? Білмей де қалады ғой. Қызғанбағаннан көрген пайдасы сол ма сонда?
– Оны білмейм...
Кет әрі емес. Жай ғана ойнап бастап еді, ыңғайға тез көніп бара ма, қалай?
– Жүріп жүргендеріңе қанша болды?
– Үш жыл.
– Мәссаған! Қашан үйленесіңдер енді?
– Қазір емес. Жақын арада күйеуге шыққым келмейді.
– Неге? Жақсы көретінің рас болса, ойланбас едің ғой.
– Жоқ, соншалық жақсы көрмеймін. Оның өзі артымнан қалмай жүрген.
Қыздың соңғы сөзін қоңылтақсып қалды. Ар жағын аңдаған соң батылдана түсті.
– Неғып тұрмыз мына жерде?
– Ана екеуі қайда кеткен?
Ұйқыдағы үш қыз құлақ жарған тыныштықтан оянып кеткен.
– Анаң қара.
Үшеуі бірдей арт жаққа мойындарын соза түсіп, үнсіз қалды. Сыртта бір денедей құшақтары айқасқан екеу сүйісіп тұр.
– Мына қызың пысық екен.
– Жаңа ғана жігіті бар деп жатыр еді.
– Мә, Айгүлді мұндай деп ойламаппын. Марленмен жүргеніне үш жылдан асты. Бір көре сап мына жігітпен... Масқара...
– А, сенің подругаларың ғой? Жігітін де танисың ба?
– Танымаған да. Үш жыл болды дейім, үш жыл.
– О жігіті қай жылғы еді?
– Бізбен жасты.
– Е, кішкентай бала екен ғой. Түсініктііі... Үлкен жігіт, жағдайы бар. Машина мынау... Сонысына қызықса, әрине... – Соңғы сөздерді өзімен-өзі сөйлескендей баяулата айтты.
– Соны айтсаңшы, машина, анау-мынау деп үш жыл жүрген жігітін ұмытып... Жастарың пысық.
Мұны айтқан әлгі жігіттер туралы «алып қашам деп қорқытқаннан басқа қолдарынан түк келмейді» дегенді айтқан қыз болатын. Көп ұзамай үшеуі де өтірік ұйықтап жатты. Жаңа ғашықтар ішке кіріп, бұлар жаққа жалтақ-жалтақ қарап қойып, түк болмағандай жүрісті жалғастырған.
– Бір басы екеу болып, адамзаттың ең асыл борышы – түтін түтетіп, ұрпақ жалғастыру міндетіне бел шеше кірісіп, үлкен өмірге қол ұстасып бірге беттеген екі жасты төрге шықырамыз. Келіңіздер, төр сіздердікі. Бүгін – сендердің күнің.
Абыр-сабыр той апыр-топыр өте шықты. Үйленіп алғанына өзі де сене алмайтын сияқты... Тіпті, күзге дейін күтуге мұрша болған жоқ. Бердіғұлдың баласының тағдырынан аулақ. Әйтсе де, одан асып тұрғаны шамалы еді. Құдай сақтасын, Айгүл ауыр аяқ емес. Бірақ, болары болып, бояуы сіңген. Әлгі Айбаттың тойынан соң-ақ. Дәл сол күні басталған. Түнделетіп қалаға жеткен де, ұйқышы үшеуді үйді-үйіне таратып тастап, Жанболаттың бойдақ пәтеріне келген. Іштей ұғысты ма, ләм-мим деместен қол ұстасқан бойы бесінші қабатқа көтерілген.
Аздап қысылғаны болмаса, қолын қаққан жоқ.
– Саған сенейін бе, жаным? – деген бар болғаны...
...Қыз екен...
Сол ағарып келе жатқан жаз таңынан бері бір жатып, бір өріп жүр. Ертеңіне Айгүл буынып-түйініп көшіп келді. Ойланып жатуға мүмкіндік, шегінерге жер қалдырмаған. Ойланбастан пәктігін сыйлай салған жас қыздың обал-сауабы тағы бар, «құдайдың бұйыртқаны осы шығар», – деп, көне берді. Мектеп бітіргеніне үш-ақ жыл болған, жиырмаға жетпеген қыз бұл ойлағандай емес пысық болып шықты. А дегеннен-ақ үй шаруасын билеп-төстей жөнелді. Аяқ асты сықиып болып шыға келген мұнтаздай үйге бойы үйрене алмай-ақ қойды. Әйтсе де, жас жігіттерге тән әдетпен өзін айналып-толғанып жүрген Айгүлге іштей риза еді. Тек, бұл ойлағаннан да асып түсіп, аса белсенділік танытып қалатынын көргенде тосырқап қалатын. Ауылдағы Жанболаттың әке-шешесін қонаққа шақыру туралы ұсыныс айтқанда шалқасынан түсе жаздады. Болмаған соң, ауылға апарып таныстырып құтылды. «Қызбен тұрып жатыр едім», – деп қай әке-шешесін қай бетімен шақырмақ. Жай ғана жетіп бара салмады. Ауылда болатын таныстыққа үлкен дайындық жасалды. Жанболатты сүйреп жүріп базар аралаған. Атама, мамама – әлі көрмесе де солай атап үлгеріпті. – ағаға, оның әйеліне, олардың бала-шағасына... Әрқайсысына жеке-жеке, қос-қостан тарту алынды. Өз атынан алмақ болған қызын көріп, азар да безер болды. Сатушының көзін бақырайтып қойып ұзақ дауласуға тура келген. Жалынғандай болып, пысық қалыңдығының әмиянының аузын жапты. Соның өзінде қоймай жүріп, Жанболаттың өзін бастан-аяқ киіндірді. Сөйтіп, жазғы демалыстағы даяшылықпен тапқан табысының бір бөлігін іске жаратты. Қалғанын сақтап қоюға әупірімдеп көндіріп еді. Кіші құдалық ауылдағыларға ұнай қоймағанын білді. Босаға аттар тұста сызылып баққанмен, көп ұзамай белсенділік танытқан келіндеріне тосырқай қарайды. Бірақ, пысық келін айылын да жимады. Өз қолымен мамасын киіндіріп тастады. «Келінмен танысамыз», – деп, өздерінше дайындық жасаса да, мұндай батпан құйрықты күтпеген ата-ана қысылып қалғандай. Бала-шаға мәз әйтеуір. Мырза жеңгелерінің айналасынан шықпайды. Бесінге дейін қыпылдап әрең шыдады. Содан соң асығыс қоштасып, тайып тұрды. Айгүл дән риза. Қайын жұрттың жырын айтып тауыса алмай келеді.
– Енді біздікіне барамыз, күйеу балаларымен таныссын... – дегенде есі шықты. Жүйкесі қанша берік болса да, одан арыға шыдамаған.
– Бармаймыз, – деді. Кесіп айтты.
«Көрмесең көрмей кет», – деді іштей.
Бұдан ары қаузаса жағдайдың жағымсыз сыпат алатынын сезді ме, бөгеліп қалды.
– Нурик, досым-ей, бұл – жігіттің жасы. Жиырма бесінде жау түсірген ата-бабаңды айтпағанда бұл жаста дүниені төңкеріп тастағандар некен-саяқ. Әдебиетте жиырманың ар жақ, бер жағында-ақ әлеуметті жалт қаратқан ағаларыңды мысалға келтіруге болар еді, сен ұқпайсың бәрібір. Сен ғана емес, мыналардың бәрі... Қоқыстан өзге қарын жұбатардың бәрін қармап, талмап қалудан басқаға ойы жетпейтін қарынсау қоғам тәрбиелеген мүттәйім мүдделердің қақтығысы қабырғасын қақыратып тұрған мына заманда табанға тапталып, шылғау болуы ғана қалған руханиятыңды басыңа езіп жақ деп безе жөнелуге бейім ортада ұлы еді деп әлдекімдердің атынан тізім жасап, көкіп тұрудың мәні жоқ екенін біліп болғамыз... Қуып кеттім ғой деймін... Сонда да, ақыр бастаған соң айтайын, ширек ғасыр жасап, қыздың қойны түгілі шашынан сипап көрмеген сені көрсем сенің жасыңда баласының тұлымын иіскеп, толықсып отырған баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда аттан түспей аттандап баққан аталарың есіме түседі. – Тостағанын зерттегісі келгендей айналдыра қарап сәл тұрды. – Жә, бүгіннің өлшемімен алғанның өзінде «үйлен», деп тілек айтып тұруға тиіс едік, ондай атты күннің ауылының іргесі аулақ секілді. Қатының болса «ұл тап» дер едім, ол да жоқ. Амал жоқ, бүгінгі жағдайға толықтай сүйене отырып, өзіңі арнап «қыз тап» деген тілек айтам. Жақында ғана «қыздың қыбын тапқан жігіт – дүниенің тілін табады» дегенді ойлап тауып ем, саған жақпаса да айтуға мәжбүрмін. Қызбен қолтықтасып жүргеніңді көруді жазсын! Сол үшін!
Тостағандар ортада тоғысып жатты. Қазыбекті қошеметтеп жатқан бір жұрт. Нурик – Нұрлан Алматының төл тумасы болатын. Кезіккен қызды көз қырымен-ақ кездіктеп тастардай сұлу жігіт. Қияқ қасты дөңгелек көз қай қызды болмасын тамсантардай. Бойдан да қолын қаға қоймапты жасаған. Тым тұйық та емес. Тек, жұрттың бәрін таңдандыра түсейін дегендей әлі күнге қыз атаулыға жолап көрмеген. Өзі сөз салған қыздар болған. Есі шығып, безіп кетсе керек. Екі-үш мәрте тісқаққан тікбақайларды арнайы жалдап та көрген. Осындай отырыс, жиындарда еріккен ел-жұрт ондай қызықтың талайына қаныққан. Өзінің жұрт назарының қақ ортасында қалғанын білгенде, бұлқан-талқан ашуланушы еді. Соңғы кезде сондай келеңсіздіктен сақтанудың жалғыз жолы деп – келген бетте жылдамырақ қызып алуға тырысатынды шығарып жүр. Қызып ап қырып жүргені шамалы, – масайса болды тіл мен жақтан ғана емес қимылдан да қалатын, кірпігінің өзін зорға қимылдатып отырған құлақсыз, тілсіз адамға кім жоласын, – өзімен-өзі отырып ұйықтап қалатын. Ырду-дырдуы мол, қайнаған қалада өссе де қандай тәрбие өиіп кеткенін кім білсін, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал. Шектен тыс мейірбан. Аңқау. Қылжақтауға ойы бір кетсе әдеттегі адуын мінезінен жұрнақ та қалмайтын Қазыбек іші пысса соны төңіректейтін. Екі жыл бұрын оқуын бітіріп, жұмысқа тұрып, алғашқы жалақысын алған күні аңдып жүріп арнайы жолығыпты. Осы уаққа дейін біраз елге қарызданғанынан хабары бар.
– Қанша алдың? – дейді тергеп.
– Жетпіс екі мың бес жүз. – Жасырмайтыны белгілі.
– Қарызың қанша еді?
– Тәәәк, анаған бес, анаған... сосын... – күбірлеп санайды да, – жиырма үш мың.
– Нұрлан, – дейді Қазыбек те әлденені іштей есептеп. – Маған бір айға ақша керек болып тұр. Бере тұрасың ба?
– Қанша?
– Қырық тоғыз мың.
– Жарайды...
Ақшасын будыратып санай бастапты. – ...Қырық бес, жеті... Қырық тоғыз... Ұсына беріп, бөгеліп қалыпты. Жалғыз қалған бес жүздікке бір, қалың көк қағаздарға бір қарап қипақтап тұрса:
– Не болды досым? – депті Қазыбек түк білмегенсіп.
– Бергің келмей тұрса...
– Жо-жоқ, мә, ал.
Асықпай санап қалтасына салып алған соң тағы да:
– Ал, алғашқы жалақыны жуу керек қой. Құтты болсын!
– А?!. – Түкірігіне шашалып қалса керек.
– Енді, менікі ұсыныс қана ғой. Алғаш өзің-өз болып тауып жатқан ақша дегендей... Басқа жоспарларың болса...
– Жоқ, жай... аздап нетіп... Қазір, сөйлесіп алайыншы онда.
Біреулерге қоңырау шалып, жалынып-жалпайып кешірім сұрапты. Бір-екеуі көнгенмен қалғандары қатты түңілген сияқты.
– Онда... Ертеңге дейін күтші, ертең үйдің ішінен сұрап көрем. Сосын берейін иә? – деп азар-безер болып, тұтқаны тастаған соң: – Ал, қайда барамыз? – депті.
Дәті берік неме жан-жаққа қоңыраулатып, дос-жаранды тегіс жинапты. Ерекше күн болғандықтан, қонаққа қыздарын ерте келуді қатты тапсырған. Әйтпесе, Нұрлан ренжиді. Бас-аяғы он бес адам қымбат есептелер мейрамханаға жиналғанда Нұрланға қарап:
– Ақшаң жете ме-ей досым?
– Жетіп қалатын шығар, білмей тұрмын...
– Байқа, жетпей қалып мыналардың алдында мен ұятқа қап жүрмейін...
23500. Қайдан жетсін. Нұрланның қалтасын үш-төрт орайтын есеп айырысу парағы келгенде тілін жұтып, отырып қалса керек.
– Не болды Нури? – дейді бұл кезде түгел хабардар болған жігіттер жан-жақтан төніп.
– Қарыз бере тұрыңдаршы, – депті аянышты түрмен.
Сонда ғана әрең шыдап тұрғандар ду күліп, аңғал достарын арқаға қағыпты. Жалақысын түгендеп қалтасына салып беріпті. Бір тиынын шығартпай өздері көтеріп алған көрінеді. Бірге өскен достарымен араласпайтын. Анығында дос деуге келмейді. Талай мәрте тақырға отырғызып кеткен. Қайда жүрсе де осының есебінен. Бұлар қалжыңдап жасағанды олар ойланбастан шындап-ақ істей береді екен. Үйленгелі жатқан досына қызметі бар Нұрлан несие алып беріпті. Жағдайлары нашарлау еді, жаны ашыпты. Қазір өзі төлеп жүр. Жақында құйып бітіп қалар. Ал, әлгі досы жағдайы келгенде қайтарам десе керек. Әп-әжептеуір көлік мініп жүр бүгінде. Ал, Нұрлан – қара жаяу. Көлігі болған. Әпкелері алып берген. Оны да әлгі дос-жаранның жолына салыпты. Дәмханадағы кезекті отырыстың бірінің соңы төбелеске ұласқан көрінеді. Әлдекімдермен арада кикілжің шыққан. Мұның достары әлгілердің бірін оңаша алып шығып, тепкінің астына алыпты. Өлім аузынан қалыпты. Өкініштісі, төбелес үстінде бәрі қолға түсіпті. Бұл жолы да жуас түйе жүндей түтілген. «Жабылып ұрдық десек бәріміз кетеміз, біреуіміз ғана мойнымызға алайық», – деп Нұрланды көндіріпті. Бүгінше жата тұрса болды ғой, ертең-ақ шығарып ала салады. Тобырдың ортасында мағынасыз жүгіре бергені болмаса, саусағының ұшы да тимеген шіркінді тағы да әпкелері ара түсіп жүріп алып қалыпты. Ал, анау дос-сымақтар сол кеткеннен мол кетіпті. Ашуланған, оның үстіне жағдай да солай, көлігін сатқызып жатып, дәрі-дәрмектен бөлек, құлқындарға құятын ақшаны әрең тауыпты. Мұны естіген соң, әскер қатарында бірге болған Самат бастап, басқасы қостап кек алып бермек те болған бір кезде. Сыбанып дайын тұрған білектерді Нұрланның өзі сабырға шақырған. Айтуынша, түбі бір алдарынан шығады. Жүре берсін...
– Мас болғаны қызық екен мынаның қараңдаршы. Әй.., өй.., үй... Мынауың тура Нұрланнан да асып кетті ғой е. Нұрлан сен бүгін орныңды мынаған беріп пе едің не?.. Е, Жамбо, тұр е?
Гу-гу. Ду-ду. Тырқ-тырқ. Сылқ-сылқ.
– Айгүл, күйеуіңнің есін жиғыз, сендер сөйлейсіңдер.
Айгүлде қимыл жоқ. Қасында отырса да бұда шатағы жоқтай.
– Е, бұл сөйлей алмайды болды. Отыра берсін. Айгүл сөйлей салсын екеуі үшін.
– Жо-жо-жоқ, Жамбо сөйлейді. Е Жамбо е, тұршы-е?! Менің туған күнімде қалай ол сөйлемейді? Тұр... Е, оятшы ананы...
Үй иесі ретінде Нұрлан әзірге сау. Араларында қалыптасқан салттан аттамай, тәуліктік жалға берілетін коттедждердің біріне дастарқан жайған. Бір жастан жаңа асқан бөпелерін туыстардың біріне тастап, Жанболат пен Айгүл де келген. Айгүл сыздана түсіпті. Жанболат удай мас. Бүгін тұңғыш рет ішкен. Бастапқыда тып-тыныш отырды да, ешкімнен сұрамастан өз қолымен құйып, тартып жіберген. Сол заматта-ақ жұрт шу ете түсті. Жағымсыз дәмнен жанұшыра жиреніп тұрса да, тоқтаған жоқ. «Қашан мас болады екем?» – деп күтіп отырған сияқты еді, ендігісі мынау, бей-жай, былқ-сылқ. Соңғы сөздердің бәрін ап-анық естіп отыр. Түсініксіз күйге түскеніне қарамастан санасы тұнық. Нұрланның сөзін анық естіді. Ерекше әсер етті. Ол туралы жаңағы ойларын есіне алды. Көтеріліп келе жатты.
Жұрт тынши қоймаған.
– Сөйлейм е... не ол қатынға сөз беріп... Не айтады дейсің солар?.. Еркектер сөйлеу керек... Еркектер, мына біздер... – Үзіп-жұлып былдырлаған болады. Қолымен сипап дастарқан үстінен өз рюмкасын іздеп еді, таппады. – Народ, – деді сосын, – білесіңдер ме?.. Ей сендер де... Түк білмейсіңдер. Өтір-рікшісіңдер бәрің. Бәрің... – сұқ саусағын безеп отырғандарды төбелерінен асыра жайқап шықты. – Өтірікшілер-ай... Қылықтарың бар ғой... жиіркенішті сендердің. Арамдар. Арамсыңдар бәрің... – Отырғандай сілтідей тыныпты. Аң-таң. – Махаббат, бақыт деп... Ұятсыздар... Бақытты болуға хақыларың жоқ сендердің. Мына Нұрлан бар ғой, соның жанында бақытты болсам деп армандаудың өзі ұят, күнә сендерге.
– Сенің ше, бауырым? Хақың бар ма? – деді әлдекім. Жаңа таныстардың бірі болса керек.
– Менің де. Менің тіпті хақым жоқ бақытты болуға. Онсыз да... Е, қойшы. Нуриктің жанында кімбіз біз? Нұрлан бақытты болсын! Қалғандарың... Шаруам жоқ. Нұрлан үшін!
Тіпті «қой» демеді-ау. «Жеңінен тартып, күйеуінің мынадай сөзі үшін шыр-пыр болып, кешірім сұрауға тиіс еді ғой отырғандардан. Әшейінде пысық еді ғой. Шіміркпейді-ау, шіміркпейді. Қандай қорқынышты! Осы бір әйелмен қатар жасап келе жатқаны, жасай беретіні, өмір бойы осылай қасынан қалмай безеріп жүретіні... Ендігі бүкіл өмірі осының жанында өтетіні қандай қорқынышты! Шыдай алмаспын», – деді. Бүкіл дүние осы оймен сарсаңға түсіп, сүреңсіз кеп тапқан сияқты.
...Бануды ойлады тағы да. Сағынған екен...
*****
Кезекті дүрдараздық күтіп тұр. Ол оны ұйқыдан ояна салып сезді. Айгүлмен арадағы әңгімеге құлықсыз күйде дөңбекшіп біраз жатты. Таң атпайын дегенмен күн қоймайды. Көп күттірмеген жоқ, жуынып, таранып болған әйелі күйеуіне шабуылды бастап жіберді. Қанша жерден жек көріп, кемсітіп баққанмен Айгүлдің бір пікірімен келісуге тура келген.
– Жұрттың көзінше батыр болып көрінгің келеді екен ғой, – дегенін жүре тыңдап, елемей қойған Жанболаттың артынан: – Жалықсаң жалыққан шығарсың. Мейлі, жек көретін шығарсың. Бірақ, елдің көзін бақырайтып қойып әйелін жамандау – жақсы еркектің ісі емес.
Бойын жиып алды. Түнде бірдеңе бүлдіргеннен сау ма? Әйелінің тынымсыз ызыңына құлақ түріп еді, дәл солай болғанына күмәні қалмады. Бойдақтарға кеңес беріпті. Үйленбей жүре тұрғандары жөн. Үйленеді екенсің, – сорлағаның. Бұған қараңдаршы, не тапты? Өкінішпен өтіп жатқан өмір... Түсінеді, адам болып біреуден туған соң, адам болып өзіңнен де біреу туылу керек қой. Бірақ, асығып керегі жоқ. Өмір ұзақ қой, қайда асығады! Бала – белде, қатын – жолда. Жан-жақты байыптап барып, танып, біліп болдым дегенде ғана үйіңе кіргіз. Әйтпесе, қыз кезінде бәрі жақсы...
– Сен, кәдімгідей шешен екенсің ғой түріңе қарамай. Тіпті, анау жазушы-сымақ досыңның өзі бас шайқады. Жек көрем соны бар ғой. Бәрін, оны да басқасын да. Барлық достарыңды көргім келемейді, жас адамға бір жері ұқсамайды, шалдар сияқты әңгіме айтады.
«Өзін жас адам сияқты сөйлеймін деп есептейді екен-ау мынау да... Кекселеніп бара жатқанын білмей ме екен?» – деп ойлап қойды.
– Анау Нұрланың да мөлиіп жүріп өзінше бірдеңелерді айтып... Қоймаймын! Оны кеше ойлауың керек еді... Ол не істеді дейді ғой. Не істемеді деп сұра. Бану деген кім а? Соны айтып екеуің таңға жыладыңдар ғой... Менен жалықсаң бара бер сол қатынға. Естідік кім екенін. Байдан шыққан қайдағы бір қатынды ұмыта алмай жүрсең, – ұмыт!
«Ақымақ», – деп ойлады теріс бұрылып. – Менсіз қалса өзінің де «байдан шыққан қайдағы бір қатынның» нақ өзі болатынын ойламай ма? Мұздай суды төбесінен төмен қанша сарылдатса да өзіне келе алар емес. Таңдайына бір жағымсыз кермек тұрып алып, басын солқылдатады-ай. Ара-тұра шаңқ-шұңққа ұласып кететін жағымсыз ызыңның түбіне үңілуге шамасы жоқ еді. Айгүлдің сағатқа жуық ауыз көпірткенінен әсер еткені Бануға қатысты әңгіме ғана. Нұрлан туралы ойлады. Бұған қосылып Айгүлдің көзінше Бануды әңгімелеп отырғаны келді көз алдына. Нақұрыс...
– Әй, осы елдің қатыны байы тойлаған күні жаны ашып, күтіп-баптап жатушы еді ғой. Осылай қақсай бергенше, сондай бірдеңе жасасаңшы...
Жек көре тұрып неге бұлай деді, өзі де түсінген жоқ. Бәлкім мына тынымсыз ызыңдап құлағын сарсытқан уағыздан құтылғысы келген шығар. Қалжыңға сүйегісі келгені ғой. Иә, сөйтіп жеңбек. Өтірік күліп... Неткен бейшаралық! Осы бір әйелден қаймығатынын байқап жүр соңғы кезде. Онсыз да тығыны алынып тұрған сөзді түйдектете төгіп-төгіп жіберді де, құлықсыз болса да ас үйге беттеді. ...Содан кейін әркім өз білгенімен күйсеген жабырқау, жадағай тірлік орнады. Жұмыс пен үйдің ортасындағы жолдан қия баспай салбырайтын да жүретін.
– Адам деген де өстіп қартаяды екен ғой, – дейтін кеудесін қарс айыра күрсініп. Бір сарынды күндерден май ішкендей мелдектесе де, келер күннен бір жақсылық күтетін сарылып. Осының бәрі бітетін сияқты.
*****
Жүрегі алып-ұшып барады.
– Сөйлестің бе? Өзгеріп пе? Не деді?
– Сұрақты ретімен қою керек. Мысалы, «не деді» дегенді «сөйлестің бе» дегенге жауап алғаннан кейін сұрайсың.
Ішіндегі алай-дүлейді білдіріп алғанына қысылып қалды.
– Сені сұрады.
– Рас па? Не дедің?
– Не деуші ем, айттым бәрін.
– Ол не деді?
– Ол ма? Солай болатынын біліп едім, обал болған екен деді. Кезінде кетіп қалғанына өкініп жүр екен.
Жанболат жақындай түсті.
– Қойшы досым, шын айтасың ба?
– Е, шын емеген де! Өзгермепті. Сен беріп еді деп мойнындағы алқасын көрсетті.
– А? Ақ алтын, жүрекшесі бар...
– Дұрыстап қарамадым. Әлде... Сондай ғой деймін. Бірақ, сол...
– А?
– Әлдебір қаралы хабар күткендей өңі өзгеріп кетті бір демде.
Әлдебір қаралы хабар айтайын деп тұрғандай толқыған күй танытып қойды.
– Жақында... – деп күрсініп қойды, – Америкаға кетем дейді.
– Не? Не үшін?
– Барак Обама қонаққа шақырыпты...
Орнынан атып тұрды. Түрі өрт сөндіргендей.
– О, мал... – деді шарасыз кейіпте.
Өтірік-шынын құдай өзі білсін, ішін баса аунап тұрып күліп жатқан Қазыбекке бір қарады да, теледидарға үңіле түсті.
– Одан ары Бәкеңе айтып, бір жұмыс ыңғайластыру керек дейді...
– Е, кетші!
Шынтағынан ұстай берген досының қолын қағып тастады.
– Уһ, ішегім-ай, ішегім... – Сүйкімсіз дауыс тынар емес. Сонша алданғанына өзінің де күлкісі келді.
– Е, шынымен көрдім Бануды.
– Қойшы болды е, мал құсамай!
– Досым, ренжімеші енді. Шынымен көрдім дейм. Соңғы жағы қайдан ойыма келгенін... Сол баяғы қалпы. Атакентте істеуші ме еді? Әлі сонда екен. Үйленгеніңді біледі екен. Ажырасқаныңды менен естіді. Ал, енді бар. Теңестіңдер ғой. Екі жарты – бір бүтін боласыңдар.
– Қой болды-ей, кекетпей-ақ қойшы ең болмаса.
– Кекету емес, шын айтып тұрмын.
...– Айтшы, шынымен сұрады ма мені? – деді қайта күмілжіп...
*****
Бану... Бану... Бану...
Ұйықтай алсашы! Түн ауа жатты өзі де. Таң жақын болуға тиіс. Сағатқа... қарағысы келмеді. Ертеңгі күннің ұйқымен өтетінін ойласа, іші жанып кете жаздайды. Басынан талай өткерген күй. Бесін ауа, тіпті күн көкжиекті сағалап, ұясына қонар тұста шекесі солқ-солқ, буыны былқ-былқ, қазандай басын әрең көтеріп, желкесі тырысып жуынуға беттеп бара жатқаннан жек көретіні жоқ. Ұйқыдан тұрғаның сол, кеш батады да кетеді. Сондай ауыр күйге түсерін біле тұра албастыдай баса түскен ауыр ұйқыны қимай, жата түсетін. Жаңағы Бану туралы естігенде арқасынан жүгіріп өткен дірілден айыға алмай қойды. Бойына әлсіздік енгендей. Банумен тілдесудің, жолығудың сан тарау нұсқасын ойлады. Ешқайсысы қолайына жақпады. Ешбіріне табан тірей алар емес. Ертең барса... Бара алмайтынын білді. Асықпай ойланып, жан-жақты дайындықпен барғаны жөн. Қашан? Бір аптаның ар жақ, бер жағы. Қиындау сияқты. Жарайды, бір ай. Кештеу болады. Жақын арада бір жағына шығару керек, әйтпесе...
Әйтпесе көрігі суып қалады.
Таң атты. Ағарып келе жатқан бейсезгіл шақты аңғармапты, бөлме іші күндізгідей. Алакеуім мезгіл ауып кетіпті. «Сәлден кейін тағы да таң атады, Тағы да сары уайым, сары уайым...» Осы екі жолды қайдан оқығанын есіне түсіре алмай-ақ қойды. Кенет, оп-оңай шешім тапқандай болды. Қалай ойламаған? Қалта телефонына жармасты. Хат жазып жіберу керек. Қалғанын Банудың жауабы шешсін. ...Бөгеліп қалды. Не жазады? Қазір ғана, телефонды қолына аларда-ақ не дейтіні көңілінде сайрап тұрғандай еді, әп-сәтте пышырап кетті. Ең болмаса бір сөзі есінде жоқ. Ақыры тапты-ау. Мұқағалидың әлгі өлеңін жазып қойды. Екі жолынан өңгесін білмейді екен. Қазыбектен сұрамақ болды да, қайта айныды. Екі жол жетеді. Аз көріне бастады. Тағы бірдеңе қосу керек. Екі сөйлем қосты. Өз сөзі. Бірақ, тым жайдақ. Қайта өшірді. Кейін қосқан сөздерді ғана. Тағы бірдеңелер жазды. Тағы өшірді. Қайта жазды, оны да жаратпады. Мұқағалидың өзі артық көріне бастаған. Бүгін болмайтын сияқты. Ұйқысы қанбаған соң осылай болады. Ертең жазады. Миын тынықтырып алған соң қалай жазса да болады. Ал, әзірге ұйықтаған жөн. Ұйықтай алмады. Жалпы, соңғы кезде аз ұйықтайтын болып жүр. Бастапқыда байқалмағанмен, жалғызсырайтын болып жүр. Айгүлді сағынбайды. Бірақ, алды-арты, айналасы түгелдей жат көріне бастаған. Күн шықты, әлі ояу. Арқан бойы көтерілді, жақын арада көз ілер түрі жоқ. Сыртта қарбалас тірлік басталып кеткені байқалады. Дәл мұның сапырылысқан сары уайымға толы мең-зең басы сияқты. ...Осы қалыпта төрт күн өтті. Табандап жатып алған төрт күн. Берекесіз көз іліндірген болады. Талмаусырап барады да, мағынасыз, түсініксіз, түске ұқсас бір күйден шошып оянады. Тәбет жоқ. Астан қалғалы қашан. Бануды ойлайды. Шешесін ойлайды. Әкесінің кейісті жүзі келеді көз алдына. Баласының уілі құлағына келгендей... Бәрі бұған деген реніштерін жасыра алмай, есе қайтарып қалайық дегендей маза берсеші! Көңілін күпті қылған тағы бір жағдай – ауылдың тым-тырыс жатып алғаны. Әкесі мұны тірілер тізімінен бір жола сызып, өзі жиі айтатын «желкемнің шұқыры көрсін» деп, теріс айналып кеткені ме? Шешесі байғұс қайтіп жүр екен? Екеуі де тұңғыш немерелерін өбектегенде өліп кете жаздаушы еді, қайысып-ақ қалған шығар. Қайтадан Бануды ойлайды. Сосын әке-шеше, бала... Бану... Жынданатын шығар. Жоқ, жақында ақылдан алжасар түрі көрінбейді. Демек, өледі. Ол да негізсіз. Мына түрімен, осы жасында, абыройдан жұрдай күйде өліп кеткісі келмейді. Енді не істеу керек, құдай-ау? Таразының екі басы тең емес. Әке-шеше, туған-туыс, дос-жаран, соның бәрін бір желіге тізіп, біріктіріп тұрған баласы – бір басында. Екінші басында – Бану. Көп жақ басып кете береді. Тіпті, Банудың қаңбақтай ұшып кетпей тұрғанына таң. Әділін көріп тұрса да, салмақты жаққа беттегісі келмейді. Қуатты бір күш кері серпе береді. Айгүл... Айгүл ғой беттетпей тұрған. Кенет, өзінің ойран болудың аз алдында тұрған өмірін апарып таразының жеңіл жағына өңгерді. Манадан бері салмақсыздықтан көкке ұшып кетердей қалтылдап тұрған таразы басы төмен тартып ала жөнелді. Түйінді шешетін басқа да, Бану да емес, өзі, тек қана өзі екеніне күмәні қалмады. Өз өмірі екен ғой бәрінен биігі...
*****
Хат та жазбады. Қоңырау да шалған жоқ. Іздеп те бармады.
...Ұшып түскен. Ес-түссіз жатқан үстіне Қазыбек теп болған.
Алдымен Нұрлан іздепті. Жай-күй білісу жөнімен қоңырау шалған. Жауап жоқ. Он қайтара бебеулеткен шығар. Жаман ойға алдымен берілген де сол. Қазыбектен жөн сұрағанда, соңғы күндердегі Жанболаттың қиналысынан хабары бар, бірден ұқты. Ұшып-қонып үйге келгенде, автотұрақтағы орнынан мызғымаған көлікті көргенде күмәні қалмады... Жас адам ғой, инсульттан аман. Соның төңірегі. Жүрекке күш түсіпті. Әбден әлсіреген кезде талмасы ұстапты. Ұйықтау керек. Әрине, жіті бақылау мен ерекше күтім астында. Жеке һәм ыңғайлы палата бөлінді. Дәрігерлерден бөлек науқастың жанында күні-түні назар аудармай қадағалайтын бір жақыны керек.
– Мен, мен болайын жанында.
Бұл – Бану болатын. Нұрланнан ести сала жеткен.
10.08.2012
Талдықорған.
ӘДЕБИ СЫН
Мұхтар Мағауин және МЕН
«Мен». Мен емес. Мұхтар Мағауин. Өзі.
Алғаш «Аласапыранын» оқығам. Жетінші сыныптың оқушысы үйдегі азғантай кітаптың жұқаларын тауысып, қалыңдарына ауыз салғам. Қолыма «Аласапыран ілігіпті. Екі күнде екі жүз бет. Екі жүзі бар болсын, азапқа түсіп әрең жеткем. Бұрынғы оқығандардың бәрінен бөлек. Түсініксіз. Тәуелсіздік алғанымызға пәлен жыл. Кенесары бастаған көтерілісші атаулыны кесір, қосылушыларды кәпір көрсетіп үйреніп қалған мектеп мұғалімдерінің ауыздары ескі әуенін қоя алмай жүрген кез. Қазақ тарихы туралы, орыстардың арқасында мәдениетке жетіп, ел болғанын, көшуден басқаны білмеген сайда саны, құмда ізі жоқ, жабайы жұрт екендігінен хабарым бар. «Тарихтың тоғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы...» (1588) деп бастап кеттім. Қайдағы тарих? Қазақтың мен білетін тарихы 1931-жылдан басталса керек. Тәтей айтқан. Онда адасып жүрген қайдағы 1588? Біздің кітап емес. Қазақтар туралы жазылмаған, сөзі түсініксіз, жаман кітап. Жаба салдым. Алдымда ақшыл мұқабалы, көлемді, жуан кітап. Оқып тауысу былай тұрсын, тісім батпағанына күліп тұрғандай. Қайта аштым. Бір кітапты тауыса алмай не көрініпті? Бас қойып оқыдым. Он бет, жиырма бет. Ойым адаса береді. Әупірімдеп алпыс, жүз. Мен ұқпайтын ескі-құсқы, тозған сөздердің жиынтығы өзіне тарта қоймады. Ұқпасам да, намысқа тырысып, екі жүзінші бетке жеткем итпекпен. Ақыры жапқам. Айнып қалдым. Басқа қандай кітап бар екен? Жөні түзуі болса...
Міне, Мұхтар Мағауинмен осылай танысқам. Көрместей болғам. Бірақ, қайта жолықтым. Үйде «Бес ғасыр жырлайдының» екі томдығы тұратын. Өлең оқи қояйын деп ашып қалсам, ҚҰРАСТЫРҒАН: МҰХТАР МАҒАУИН. Ааа. Не құрастырғанын көрейін деп алға жылжығам. Тағы ескі-құсқы. Ммм. Мұхтар Мағауин деген ескінің қалдықтарын құрап, халықты улап жүрген біреу болды. «Бес ғасыр жырлайдыны» да жапқам. Сөйтіп жүргенде, «Жас алаш» газетінің бетіне әлгіні жерден алып, жерге салған мақалалар қаптады дейсің. Мұнша қуанбаспын. Сауап! Қазақтың қаласын шауып, баласын найзаның ұшына ілген қаныпезер шалды бабам деп, бас ұрып, немересіне сол шалдың немересінің атын қойып жүрген, мен-менсіген кісіге сол керек. Іштей жауығып жүр едім, сүйсініп оқып, көтеріліп қалдым... Осы түсінікпен мектеп бітірдім. Ұят-ай! Біз тоқталмақ, «Мен» ғұмырбаяндық хамсамен студенттік өмірдің екінші жылы танысуға тура келді. Мұндай шығарма бар екенін «Жас алаштағы» даудан білем. Елден естуімше, әйелін мақтаған. Өзі де мақтанған әрине. Жазушы болам деген адамға ақыл айтқан жерлері бар көрінеді. Оның бәрі ештеңе емес, қазақ әдебиетіндегі айтуға болмайтын былық-шылықты түгел қозғапты. Осы, соңғы себеп еді, мені кітапты оқуға жетелеген. Роман екі кітаптан тұрады екен. Бірінші кітап «ШЫТЫРМАН немесе жазушының жан азабы» аталыпты.
«Бисмилләһ ир-рахман ир-рахим! Өзіңе тура баста...»
Алланың атымен бастапты. Жұрт айтып жүргендей имансыз емес сияқты. Менің естуімдегі Мағауин мен-менсіген кекірт біреу еді, мынау ондайға келмейді. «Мен... Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім – кісі, дінім – ислам, нәсілім – түрік, ұлтым – қазақ, ұраным – Алаш, есімім –Мұхтар, сойым – Мағауин, туған жылым – миләди 1940, бүгінгі жасым – елу алтының үстінде...». Екі-үш бет аспай-ақ, жұртты шулатып жүрген «Мен» мүлдем басқаша байыпта алдыма тартылды. Тереңдей түстім. Өзінің айналасынан ұзамауға тиіс жазушы ұрпақтың қамын, елдің зарын айтыпты. Өкімет басындағылардың құлқынына сарқылмас қазына болып құйылған тәуелсіздікке тоқталыпты. Қазақ деген халықтың тәуелсіздік жылдарындағы жағдайына қабырғасы қайысыпты. Бұл алғашқы он беттен алған әсер. Баяғыдан бері қор болған қайран уақыт, ертерек оқығанда. Түгел емес, осы он бетін, – оң жолға ертерек түсер едім. «Мен» деген сөз де басқа тұрғыдан ашылды. Мен – сенімнің көрінісі. Тар күндерде Мағауинге күш берген сенім. «Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген – жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін – Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды...». Әрбір азамат осындай жүкті сезінсе ғой. Менің оқып отырғандағы ойым осы еді. Екінші бетті түгеспей-ақ, баяғы балаңдықтың быт-шыты шықты. Менің бала күнім қандай заманға тап келгенін сонда таныдым. Ауыл ақсақалдарының: – Қайран совет үкіметі-ай – деп ауыздарының суы құрып жүргеніне қарап, Россия шындығында, қиын күнде бізді жоңғар мен қытайдан қорғап, мәдениетті үйретіп, жанашырлықпен бауырына басқан екен – деп жүруші едім. Олай болмай шықты. Шындықтың пұшпағына қолым кеш ілігіпті. Өкіндім. Дәл осы түсінікпен күн кешіп жүрген менің замандастарым, ең жаманы аға буын мен ата ұрпақтың бар екенін, көп, сұмдық көп екенін ойлап жылағым келді. Көкірегіме сәуле сеуіп, көзімді ашқан Мұхтар ағадан мың мәрте кешірім сұрап, алға, шындыққа, жарыққа қарай асыға жылжыдым.
АЛТЫН ДӘПТЕР
«Сарайым Сарай-ақ еді. Тастан қаланған емес, Сөзден қаланған. Құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын құрылысқа айналуға тиіс жоба болатын.
Жобаның аты – «Алтын дәптер» еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер».
Бұл – «Алтын дәптер» туралы жазушының өз жазғаны. Мұхтар Мағауинмен жиырма жасынан бері жасасып келе жатқан, сюжеттер, яғни, болашақ, өмірге келмек (біразы бұл күнде оқырманымен қауышқан) шығармалардың ең қысқа жобасы. Есептесек, бүгінгі жасы елудің үстінде. «Мен» романы жазылған қарсаңдағы ғұмыр-жасы – отыз бес жыл. Бұл туралы жазушы: «...Мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған, жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында» – деп көрсетеді.
«Алтын дәптер» туралы қысқаша түсінік – осы. Романда алар орны зор «Алтын дәптер» біздің де айтпағымызға ең басты тұздық. Оны аттап өтіп, «Мен» туралы жазу шалағайлық болар еді. Бұл жоба туралы оқи отырып, жазушылықтың қандай ұқыптылықты талап ететіндігі туралы ойланбай қалмайсыз. Қаламгерді бүгінгі күнге, биік дәрежеге жеткізген сенімге тәнті боласыз. Көл-дария білімнің адамға қаншалықты сенім ұялататынына ден қоясыз.
Алдымен айтарымыз, жазушының бұл жобаның оннан бірін де игере алмағандығы. Өз айтқаны. – Оны орындау да мүмкін емес қой – деп ойлап үлгермей: «Әуелде кемі жүз жылға есептелген құрылысты толық жүзеге асыру мүмкін де емес екен. Бірақ жиырмадан бірі емес, оннан бірі де емес, тым құрса, төрттен бірін, үштен бірін кәдеге жаратуға тиіс едім» – деген жолдарға кезіктім. Жазушы жазылмаған шығармаларын жоқтайды. Жастығын желікпен өткізіп алған кей ағаларымыздың: «Шіркін, бәрін басынан бастайтын мүмкіндік берілсе ғой, қатырар едім!» – дейтін, болмасты армандап, өзін ақтау әрекеті емес, ауыз аштырмаған заманда өзін емес, шығармасын ақтау жолындағы тайталасқа қор болған уақыты мен жастығына – жоқтау. Қаншама жарыққа шықпақ мәнді туындыларының дау-дамайдың астында қалғанына – реніш. Бүгінге – қанағат, тәуба! Бұл турасында автор: «Ғұмырбаяндық сыпаттағы осы кітапты жазудағы негізгі мақсат та өткенді қайта тірілту емес, өзімді мақтау емес, ақталу, тәңірі берген талаптың тасқа кетілгенін айта отырып, тағдыр-талайым арқалатқан уәжіп-парыздың біразы өтелмей қалғанына себеп-сылтау табу, алла тағалам бұдан ары азды-көпті ғұмыр сыйласа, қаламымды қатқыл, санамды ашық қылсын деген тілек нәтижесі. Адам алдындағы емес, аруақ, құдай алдындағы есеп» – дейді. Бұған қоса, ұрпақ алдындағы дәлел, үлгі дер едім. «Алтын дәптермен» басталған әңгіме қай шығарманың қалай жазылғандығы туралы ақпаратқа бастайды. Қазір біз аспаннан түскендей көріп, тамсанып жүрген шығармалардың бүгінге қалай, қандай күшпен жеткенінің айғағы. Жетінші сыныптағы «Аласапыран» оқиғасынан кейін ешбір кітабын қолға алмаған маған – «Алтын дәптер» арқылы берілген тізім – айқын бағыт болды. Романның бірінші бетінен бастап, Мағауин әлеміне еніп кеткен – мен, осы бағыт бойынша бүкіл шығармасын адақтап шықкан едім.
Қош! Мұхтар аға айтпақшы бірді айтып, бірге кетіппіз. Басқалардың бәрі өтірікші деген сөз емес, бірақ, азуын айға білеп өткен көк бөрілердің отаны – айбынды Алаштың сан мың жылдық рухын сезіну үшін Мағауиннен бастап оқу керек. Мағауинді түсінуге жетінші сыныпта өрең жетпеуі мүмкін, мектеп қабырғасындағы соңғы екі жылда түсіне алатының анық, әрине сөз ұғар қазақтың баласы болсаң. Сонымен, «Алтын дәптер» тарихына ойысқан тұста, біз 1960-жылдардағы қазақ қаласындағы қоғамдық жағдайға қанық боламыз. Қазақ жеріндегі орыс өктемдігі. Шектен шыққан өктемдік. Біздің ұлттың кемшін жағдайдағы тұрмыс-тіршілігі. Сол замандағы алаштың ардақтылары негізін қалаған Ұлттық Ағартушылық деп аталатын, тіркеусіз ұйымның көңілмен ұғысқан іс-қимылы, яғни халықтың көзін ашу жолындағы еңбектері – астарында ұлттық қамшылау ұраны бар шығармалардың қалай туылғаны, атын атауға тыйым салынған бабалардың мұрасын тірілту жолындағы күрестің көрінісі, бәрі-бәрі жіпке тізіледі. Жазушылар шеккен азап, зиялы қауым (әлбетте, бәрі емес, қазақтың өткенін тірілтпек болып жанталасқан «бұзақылары» ғана) көрген теперіштің салмағын бүкіл денеңмен сезінесің. Қысқасы, жазушы өзі жүрген жол мен көзі көрген, куә болған оқиғаларға тоқтала отырып – совет идеологиясының халқымыздың басына салған зардаптарын саралайды. Рухани езгідегі қазақтың ХХ-ғасырдағы аянышты кебі – жазушының өткенімен астасып, оқырманға жол тартқан. Жазушының шығармалары жалпы, қиындықпен шыққандығы туралы айттық. Алғашқы әңгімелері «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Тазының өлімі» бастаған, көлемді хикаят-романдары «Көкмұнар», «Көкбалақ», «Жыланды жаз», «Аласапыран», «Шақан-шері», «Сары қазақ» сияқты шығармаларының бәрі айғай-аттан астында жарық көріпті. Олай болмас реті де жоқ. Жазушының өзі ең негізгі, ең тәуір есептеген шығармаларының бәрі отарлық жүйеге қарсы бағытта жазылған. Әр шығарма жарық көрер тұстағы айғайда кімнің даусы қатты шықты, дау-дамайда кім бұғып қалды, кім қоштады, кім мошқады – бүкпесіз жазылған. Әдебиет тарихында бұл кезеңдегі кітап шығару ісі – жеке зерттеуді талап ететін өзекті мәселе. Сол зерттеулердің бастау алар тұсы да – осы «Мен» болуға тиіс.
«Алтын дәптерге» қатысты сөзімізді түйіндер алдында, тақырыптық – Мен деген сөздің жаңа бір қырын таныдық. «Маған қарсы адам – қазақ халқының жауы». Аталмыш дәптердің алғашқы бетіндегі жазу. Ары қарай МЕН-ге анықтама бере кетейік, романдағы жұрт айтып жүрген өзімшіл адамның Мен-і: «Мен дегенім – өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – Алаштың жолы». Осылай депті, – осыншама ұлтшылдыққа сүйсіндім. Осыны түсінбеген кейбір ағаларымыздың іс-әрекетіне таңырқадым. Мен-ге қосымша осы тұста айтқан: «Алаш жолына, ұлттық мұратқа қарсы адам, әлбетте қазақ халқының жауы болса керек. Сол жаудың беті қайтқан заман. Қиындығы көп, игілігі молырақ. Өзіміз өткен шытырманды еске алып, еркін сөйлеуіміз – сол игіліктің бір көрінісі ғана. Бізден кейінгілер бұдан батымырақ толғайтын болады. Жеріне жеткізеді» – дегеніне күмандана бастадым. Келер ұрпаққа деген сеніміне емес, жаудың беті қайтты дегеніне. Ағалардың айғайы – іштен шыққан жаудың әрекеті емес пе?! Қауіпті. Қорқынышты емес. Мейлі, айғайлай берсін, қарлыққанда қояды өздері. Мұхтар аға да осыған тоқтайды. «Бұл жазбалар да бүгінгі замандас емес, кейінгі балаларым үшін қағазға түсті». Замандастың не дегендігі емес, келер ұрпақтың көңіліне демеу, бағытына нұсқау боларлық шығарма жарыққа шығуға тиіс екендігін маңызды санаса керек.
Жазушылық – ой өнері
«...Он саусақтың есебін шығару үшін тым құрса жүзге дейін санай білу керек».
Мағауин айтқан сөз. Бұл дегеніңіз, он жол жазу үшін жүз жолдық білімің болу керек. Жалпы, жазуға келерден бұрынғы біліміңді есептемегенде. Жазылар жайға ғана қатысты жиған-тергенің, көрген-білгенің. Жарыққа жол тартпақ еңбегіңнен он есе үлкен маңдай тер. Автор болашақ жазушы болам деген жас талапкерге дұрыс бағыт болар – проза табиғаты, қаламгер болмысы жайындағы ойларын ортаға салады. Алдымен адамның маңдайын ашар, қолын ұзартар нәрсе еңбек пен ізденіс. Жазушының «Жүйрік» атты хикаятын жазу үшін қанша дерек іздегенін келтіре кетейік. Әрине, жазушының өз сөзімен:
«Мәселен, шағын ғана «Жүйрік» хикаятын жасау үшін мен бүкіл әлем әдебиетінде ат туралы жазылған үздік туындыларды түгел зерделеп оқыдым, ежелгі замандағы жылқы, оның қоғам өміріндегі қызыметі, жылқының жер бетіндегі әртүрлі тұқымдары, Еуразиядағы бұдан төрт мың жыл бұрынғы қабірлерден табылған тұлпарлардың сүйектері, бұдан екі мың жыл бұрын Алтайда иелерімен қоса көмілген, мумияланған қалпында таза сақталған, қазір Эрмитажда тұрған ежелгі ғұн-түрік сәйгүліктерінен бастап, кейінгі Алтын Орда, ноғай-қазақ жылқыларының болмысы турасында қыруар дерек қарастырылып, ауқымды, нақты, әрі шынайы түсінік қалыптасты; қазақтың ат баптау тәсілі, ұлттық ойындары, аламан бәйге турасындағы, арғы, өткен ғасырдағы орыс және батыс этнографтары мен саяхатшылары, жазушылары қалдырған еңбектер өз алдына, бұл орайдағы, ес білгеннен көкейіме қонған үлгі, өз заманында озық атбегі болған, сексеннен асқанша жүйрік ұстаған үлкен әкемнің әңгімелері өз алдына, ертегіден шыққандай Нарқызыл деген күлікті көзбен көруім, бұл жануардың өзгеше мінез, ерекше бітісі, ең ақырында қайғылы тағдыры – болашақ шығармаға арқау болды. Қазақ жылқысының төрт мың жылдық тарихын таныған соң, ат үстінде өскен бабаларымның ерлік рухын аңдаған соң ғана небәрі елу беттен тұратын шағын хикаятты өзім межелеген деңгейде өрнектеп шығу мүмкін болды».
Ұзын-сонар үзінді келтірудегі мақсат – молданың істегенін істеме, айтқанын істе – деген қағиданың бұл жерге жүрмейтіндігін дәлелдеу. Белгілі биікке жетпеген қаламгер, өзінен кейінгіге ақыл айта алмаса керек. Ал, біздің жазушы өзінің тәжірибесінен өткен, басынан кешкен жай-күй мен жасаған еңбектің нәтижесін негізге ала отырып – еңбектің нанының тәтті екендігін басты назарда ұстауды ескертеді. Сонымен қатар, әдебиетте қалыптасқан «Талант – бір пайыз дарын мен тоқсан тоғыз пайыз ізденістің нәтижесі» деген қағиданы жоққа шығарады. Бұл жайында: «Алдымен – жазушы туа бола ма, жүре бола ма деген сауал. Екеуі де. Бірінсіз бірі жоқ» – дейді. Қазақ ерекше ден қойған тек мәселесін ғылым да жоққа шығармайды. Жазушы, ақын болмаса да, сөз қадірін білер, топ алдына шығып сөйлер қауқары бар атаның ұрпағы да осы орайдан табылса керек. Атаның қанындағы қасиет ұрпақтан ұрпақ ауысқан сайын сүзгіден өтіп, ең жоғарғы деңгейге жеткенде сөз ұстаған ұл тууға тиіс. Дарынның күтімді, қастерлеуді қажет ететіндігі белгілі. Мұхтар Мағауин: «Егіннен бітік өнім қалай алынады – әуелі тұқым, содан соң күтім, бағым, ығытты ауа-райы. ...Өнер тағдырының да жалпы тіршілік үрдісінен бөтен заңы жоқ». Енді, қабілет пен дарынның басты шарт екендігіне былайша анықтама береді: «...бірінші шарт – дарын, – Тәңірінің сыйы, тумыс. Дарын – әуелгі шарт қана емес, басты шарт, керек десеңіз, барлық шарттардың оннан тоғыз салмағы осы, туа біткен дарынның үлесінде». Бір адамның жеке пікірі ғана емес, ақиқаты да осы болса керек. Мұқағали айтпақшы: «Маған солай, білмеймін кімге қалай?!».
Сонымен, Мағауин ары қарай не айтты, жазушы болмақ ниеттегі жас дарынға қандай кеңес берді – оған тоқталып қажеті жоқ. Ол бір ғана мақаланың емес, үлкен ғылыми жұмыстың жүгі. Керек еткендер болса, қазынаның жатқан жерін айттық, қазып алып керегіне жарату өз қолдарында. Бірақ, бізге де аттап кетуге болмайтын жазушының мына бір пікірі: «Қаламгерге тән ерекше қасиет: Жылы жүрек, табиғатқа жақындық, қиял байлығы, аңғарымпаздық және сурет зердесі». Қазып тексерген адамға бұдан да басқа қасиеттер табыла беретіндігін автор айтқан. Оны қазу жұмыстары кезінде зерделей жатарсыздар.
Ендігі айтарымыз, Мағауин айтпақшы: «Жазушысын сыйламаған жұртта болашақ жоқ». Бұл пікірді қазсақ, қазіргі әдебиеттің жағдайы жайлы зарланамыз. Оған жетпей тоқтайық, тағы бірде жазармыз, әйтпесе, басқа біреу жаза жатар. Жазылмай жүрген жайт емес. Айтпағым, әдебиеттің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Ешқашан. Тағы да «Меннің» авторына жүгінейік: «Әдебиет – үлкен өнердің бір бұтағы – сөз өнері. Жазушы дегеніміз – әдебиетті жасаушы, сөз өнерінің ұстасы. Басқа өнер иелерінен, басқа мамандық, кәсіп өкілдерінен астам емес, кем де емес, өзіндік сыр-сыпат, түр-тұлғасы бар, өзгеше кейіпті жан. Артықшылық демейік, ерекшелік десек, ғылымы жоқ ел – әлсіз, экономикасы, техникасы жоқ ел – сорлы, ал әдебиеті жоқ ел – марқұм. Ғылымсыз, техникасыз ел болған, ал әдебиетсіз ел болған емес». Сол әдебиеттің ірі кезеңінің бірі ХХ-ғасырдың екінші жартысындағы әдебиетті жасаушы, қазақ прозасын жаңа биік деңгейге көтерген, бұл күнде ақсақал жасына келген буынның ең ірі өкілі Мұхтар Мағауиннің «Мен» романы – бүгінгі әдебиетке қадам басушылардың – әліппесі болуға тиіс. Сонда, әдебиеттің көркемдігі бүгінгі жеткен биігінен аласармайды. Әуезов жеткізген биікті Әуезовты оқып, тану арқылы одан ары биіктеткен Мағауин жеткен жетістік – келешек қаламгерлерді шыңға жетелейтін баспалдақ болуға тиіс.
Бірінші кітаптың соңын Мұхтар Мағауиннің өз сөзімен аяқтайық. «Мен» романын жазудағы мақсаттың не екендігін түсінбей жүргендерге ой салар:
Жаз! Жаза түс! Тәңірі алқап, асқаралы биікке көтерген пендеде реніш болар, нала болуға тиіс емес. Туған жұртыңның мүддесінен тыс тілегің жоқ.
...Ендігі тілек: Елім аман болсын! Ұрпағымның жаманшылығын көрмей өтейін! Тәңірі тағала ең соңғы сәтіме дейін ала қағаздан айырмасын!
Қия жолдар
«...менің қаламгерлік қызметімнің, бүкіл ғұмырымның ұйытқысы – «Алдаспан» болды».
Екінші кітапты «ҚИЯ ЖОЛДАР немесе ғылымдағы машақат» деген тақырыппен аштық.
Ғылымдағы машақат. Мағауиннің ғылым кандидаты екенін білмейтін жұрт – бұл не қылған машақат – деуі мүмкін. Ғылымнан кетіп, көркем шығармашылыққа ауысып кетпегенде, жазушы жүрген жол мен алған білім бірнеше профессорлыққа жетіп артылуға тиіс еді. Алмаған атағы. Қайткенде де, білігі жетпегеннен емес. Мағауин ғылымнан не үшін кетті? Бұл сұраққа жауап беру оңай шаруа емес, қиын да бола қоймас. Мағауиннің шығармашылығын бір сүзіп шыққан оқырман өзі-ақ байыптар деп, тоқталуды қажет көрмей отырмыз. Сонда да, алған атағы бар болғаны кандидаттық қана екен. Соған бола, машақат туралы кітап жазу керек пе – деген дүмше ой тумауы үшін басынан бастайық.
«Мен қолға алған жұмыстың қиындыққа түсерін әуелден білгем. Бірақ көңілдегідей жазып бітеріме күмәнім жоқ, одан тұманды серпіп, дүлейді тықсырып, жарып өтетініме нық сендім».
Қазақтың байырғы ұлттық мұралары үшін шығар жол жабық болған дәуір – кеңестік кезең. Ресейдің қол астындағы, дұрысы отарлауындағы елдердің ішіндегі ең аумақтысы ғана емес, рухы биік, елдігі бекем, халықтық мұрасы мол мемлекет – Қазақ Ордасы болған. Бергі кеңестік қана емес, патшалық Ресейдің қазақ даласын шырмауына ала бастаған, халқымыз отарлық қамытын киген алғашқы кезеңде де. Осындай мығым мемлекеттің кез-келген уақытта уыстан шығып кетуі мүмкін еді. Осыны дер кезінде байқай білген қожайын халық қарауындағы ұлттың өткенін жоқ қылуға бар күшін салды. Қазақ дегеннің бәрі – жау, өткенді қазбалағанның бәрі – дұшпан. Тарихы жоқ халық болушы ма еді? Болса, сол сорлы халық – отарлау дәуіріндегі Қазақия еді. Тарихы тым арыдан басталатын, мәдениеті күллі Еуразияға үлгі болған айбынды көк Түріктердің тікелей ұрпағы – қазақтың кейінгі ұл-қызы осыны ұмытуға тиіс еді. Ұмытпапты. Ұмыта алмапты. Кейінгілер аяғын тарта жүрсін деп алдыңғыларды тегіс жазалапты. Өлтіру ештеңе емес, бүкіл әулетінің тоз-тозын шығарыпты. Мұраларын өртепті. Қолдан келген зұлымдықтың бәрін жасапты. Бірақ, орыстың өзін уысында ұстаған, Еуропаны қалтыратқан Алтын Орданың айбарлы ұрпағы қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенін жағуға жол тауып кете беріпті. Алдыңғылар өлген-тірілгеніне қарамай ашық қарсылық көрсетсе, кейінгілер арба сынбас, өгіз өлмес жолды іздепті. Аттаған сайын кедергі, жүрген сайын тексеріс. Арбаның майы құрғаса да, – сүйегі бүтін, өгіздің зорықса да, – жаны кеудесінде – өткелектерден өтіп отырыпты. Бабалар рухының демеуі, Тәңірінің ісі. Міне, осындай заманда қазақтың тарихына қатысты бір сөз жазу, жазып қана қоймай, ақиқатты көзі шелденіп бара жатқан ұлтымыздың санасына жеткізіп, рухын ояту – қаншама азап екенін түйсіну қиын емес. Ғұмырнамалақ хамсаның екінші кітабы осы мәселелерді арқау еткен. Жоғарыдағы мәселелерді ескерсек, арғы тұрмақ, бергідегілердің атын атау мүмкінсіз заманда, қазақ әдебиетін хандық дәуірден іздеу ақылға сиымсыз еді. Бұйырған кетпепті. Түгелі болмаса да, түбірі жетіпті. Екінші кітаптағы көтерілген барлық мәселе – осы орайда. Хандық дәуірдегі әдебиет. ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын-жыраулары. Негізгі тақырып осы. Көміліп жатқан ұлы мұралардың көмбесі қазақтың архив ақтарған тынымсыз бір ұлының – қазақтың әдебиетіне қатысты бар деректі сыпыра сүзуі нәтижесінде табылыпты. Сол қазақтың тынымсыз ұлы тынбай жүріп көмбені қазыпты. Жазыпты. Тынбай жүріп жарыққа жетелепті. Қарсылар тынбай кедергі бопты. Қазақтың тынымсыз ұлы талмай күресіп жүріп, жарыққа шығарыпты.
Бес-ақ жолға сыйдырдық. Қысқаша шолу. Ал, шындығында ұлан-асыр еңбек. Біздікі емес, Мағауиндікі. Мағауиннің «Көк мұнарын», «Архив хикаясын» оқығандар болса, осы жырауларды қалай тауып, қалай жазғандығы турасында аңдар еді. Арғыдағы Асан мен берідегі Бұқар басы толық ашық болмағанмен, аздап аталып жүрген, ал ХV-ХVІ ғасырлардағы Қазтуған, Доспамбат, Шалкиіз; ХVІІ-XVІІІ-дегі Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетейлер мүлдем ешкім естімеген есімдер болатын. Осы ірі тұлғаларды диссертацияға объект қылудың оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Жазылып, дайын тұрған жұмысты кафедрадан бекіту, яғни қорғауға жіберілсін деген қаулы алу, одан ары қорғау. Белгісіз, сонымен қоса саяси қауіпті тақырып. Кез-келген тарауынан партиялық идеологияға қарсы қате табу қиын емес. Оның үстіне, ғылымда ұстаным деген болады. Мағауиндерге аға болған буынның көбі марксизмнің «сара» жолынан айнымаған жүргіншілер болатын. Бұл кісілердің қаулы кезіндегі райлары белгілі, қорғалмасын деп ашық айтпаса да, қарсылықтарын жасыра алмапты. Әйтсе де, жазушының өз айтқанындай: «Әуелгі, әділетсіз әрі ащы ғана емес, зәрлі, жалалы сөздердің бәрі бірдей нақпа-нақ есте қалмапты, бірақ сұлбасы анық, ызғары мен ызбары көңілден өшпек емес. Міне, дәл осы сәтте, тайталаста талыққан әскерге көлденнеңнен құйылған тың жасақ тәрізді...» қазақ әдебиетіне шын жанашыр ағалар таразы басын біздің пайдамызға, ұрпақтың игілігі үшін төңкеріп кетіпті. Сондай жақсылардың арқасында «қорғауға жіберілсін» деп қаулы қабылданады. Уақыт ұзақ, күш көп кеткенмен – қорғалады.
Ары қарай монографиялық еңбек. «Қобыз сарыны» деген атпен. Бұл да сәтімен шешілген іс деп бағалайды жазушы. Аздаған кедергілер болғанмен, көлденең кеселге ұрынбай қапылыста шығып кетеді. Шығармада келтірілген, Ілияс Есенберлиннің аузымен айтылған: «Көшкен жұрттың қасқыры келген жоқ, қонған жұрттың қасқыры білген жоқ» дегендей, кеңестік идеологияның тыныштығын қорғаушы, партияның адал ұлдарының пәле іздеп әдеттенген қып-қызыл көздеріне шалынбай жарық көреді. «Қобыз сарыны» туралы романда: «Таң болды, көп мақталды, әжептәуір дабыраға айналды, маған абырой, атақ әкелді, оның бәрін айтып, таратып жату қажетсіз. Дабыра басылады, мадақ ескіреді, шын тозбайтын – халықтың рухы, ұлттық мүдде ғана. Осы тұрғыдан алғанда, «Қобыз сарыны» қазақ рухын қайта көтерудің, мәңгілік ұлттық мүддені айғақтаудың тар замандағы өзгеше көрінісі болғаны Аллаға аян. Мұны ешкім де теріске шығара алмайды. Ал мен өзім қазақ руханиятындағы ұлтшылдық сарынның қайта тірілуі «Қобыз сарынынан» басталады деп білем» – деген жолдар бар. Жазушының пікірінің растығын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Шіркін, мен де осылай мақтана алар дәрежеге жетсем... Бұлай мақтанбас едім. Бұлай мақтану аз. Тамағым жыртылғанша айғайлар едім, жаһанға жар салып. Ал Мағауиннің бұл мақтанын көп көріп жүргендер мақтаннан жарылып кетер еді.
Сап-сап! Тақырыпқа оралмас бұрын, ескертіп өтейік. Бұл зерттеу еңбек емес. Емес те емес. Мақала. Зерттеу мақалаға жақын. Қалай деген күнде де, осылардың арасындағы дүние. Мен алған әсер, мен байқаған, көңілге түйген мәселелер. Қалай сілтеп, қалай бұрсақ та еркімізде. Мағауиннің романын ары қарай оқысақ, жыраулар шығармашылығы «Алдаспан» деген атпен антология болып жиналып, баспаға әзірленеді. Мағауиннің жеке басына ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіне тікелей қатысты жинақ – күткеннен де артық дау тудырады. Терімнен өтіп, кітап болып басылып шығады. Басқа болмаса да, қазақтың көзі ашықтары қуануға тиіс жағдай. Өткенің алақаныңда. Таң қаларлығы сол, төрдегі Мәскеу емес, босағадағы Алматыда-ақ айғай-аттан басталып кеткен. Біреу өзі ашпаған жаңалықты қаршадай баланың ашқанын мойындай алмаған сол кездегі қарасақалдар, бірі революцияның арқасында теңдікке жеттік деп білетін ақсақалдар. Дауыстары қатты шыққаны сондай Мәскеудің әкімшілігіне сыбырлау да керек болмай қалады. Бірақ, тентегі бар елдің төресі де болады. Жұрттың бәрі соқыр емес, мұндай жаңалықтың ашылғанына шын қуанып, көңілмен ғана емес, ісімен де қолдаған ағайынның арқасында, бәрінен бұрын Алаштың сан ғасырлық айбынды аруағы жығылмағандығының көрінісі – еңбек жарыққа жетеді. Құрбандықсыз майдан болмайды, – бірді-екілі қазаға ұшыраған, кейінге шегерілген жауынгерін есептемегенде, қазақтың жыраулар бастаған аламаны тобы бұзылмастан межеге жеткен. «Алдаспанның дауы» оңай болмағанға ұқсайды. Бірақ, мақсат айқын, бағыт белгілі. Алдаспанның жолы диссертациялық тақырып таңдалған кездің өзінде-ақ белгілі болған жағдай, жазушы мойымаса керек. Қазақтың төрт ғасырлық әдебиетінің тағдыры таразыда. Шегінер жол жоқ! Артта Қазақ Ордасы.
«Жанкешті еңбек нәтижесі, ұлттық рухтың өзгеше серпіні «Алдаспан» қайткенде де жарыққа жетуге тиіс еді». Иә, жарыққа шығуға тиіс болған, – шықты. Бірақ қалай? Бірінші шығарылым – қазаға ұшыраған. Яғни, ЦК-ның «қасиетті» қағидаларына сай келмейтін тұстары көп болуы себепті – орта жолдан қайтарылып, жойылған. Туралған. Жөргегінен ұзатпапты. Осымен, жау жеңіске жетуге тиіс еді, жеңе алмапты. Керісінше, тапап тастамақ болған жауын ашындырып алыпты. Әлсіз санаған дұшпан олар ойлағандай жасық болмай шықты. Қайтадан жасанып әуелгі мақсатына ұмтыла берді. Есептесуге тура келген. Нәтижесінде, алдыңғы ескертпелер ескеріліп, артық кеткен тұстары түзеліп, орынсыз тағылған міндері атап көрсетіліп, «Алдаспанның» олар ойлағандай тажал емес екендігі дәлелденіп, сәл жұмсартылған нұсқамен екінші мәрте жарыққа шығыпты. Әрине, айғай мен аттан астында. Мұнымен де тоқтамаған құрастырушы, орыс тіліндегі нұсқасы – «Поэты Казахстана» жинағын да шығарыпты. Осы кезде қандай оқиғалар болды, кім қай қырынан танылды, тағы-тағылар түгелдей роман аясында.
Енді, шығармадағы мына бір үзіндіні бере кеткен жөн, сол заманның бір қыры: «Сол кезде де ойладым, қазір тіпті айран-асырмын. Мен – жалғыз Мен ғана емес, ұлттық сана, адамдық қасиет дарыған кәдімгі Қазақ баласы партиялық номенклатура көзімен қарағанда кім болып көрінді екен. Дәл сол заманда «Алдаспанды» шығарған, одан соң, сәтімен «Поэты Казахстана» жинағын шығарған, одан соңғы кезеңде «Бес ғасыр жырлайды», «Ай, заман-ай, заман-ай» және басқа да антологиялар жолында үздіккен Мен кім болып елестедім екен? Ойлап таба алмаймын». Жақсы көрінбегені белгілі. Оны айта қоятын партияның сол кездегі адал құлдары қазір аузын аша алмас, әйтпесе білуге болар еді. Ал, сол кездегі «адалдардың» кейпін кез-келгеннен сұрап білуге болады. Солармен тартыса жүріп, бабасының киелі мұрасын қорғап қалған Мағауинге айтқызсаң: «...біздің ЦК-да отырған сабаздардың аз-маз түйсік, санасы бар, аз-маз сауаты бар, ол түйсік, сана – ұят пен парасат емес, сақтық пен бақай есеп қана, ол сауат – білім емес, қулық, сұмдық, зұлымдық қана, аз емес, асып төгіледі...». «Өткенге – салауат» дейді қазақ. Бірақ, дәл қазақтың мұрасына қарсы шыққан қазақтардың ісі салауаттауға келмес. Дегенмен өтті, кетті. Зияны тигенмен, халқымыздың өткенін біржола жоқ қылуға күштері жетпепті. Ертеңгі ұрпаққа сабақ боларлық тарих. Пайдасы болмаса да, зиян жасамау керектігін ұғындыра аларлық кезеңдік іс.
Кім – кім?
«...адам өзінің әкесіне рақмет айтпайды».
Бұл сөз Мұхтар Мағауиннің ұстазы, қазақ әдебиетінің ең ірі өкілдерінің бірі – профессор Бейсенбай Кенжебаев турасындағы сөз. Мағауиннің дарыны мен білігін байқай білген ғұлама ғалым оны өз қамқорлығына алған, жол сілтеген. Ғылыммен алаңсыз айналысуына жағдай жасаған. Хандық дәуірдегі әдебиетті зерттеуді алғаш тапсырған да осы кісі. Ұстазы туралы романда: «...мені тура тоғыз жыл бойы бағып қаққан, аспирантураға алып, бар жолыма батасын, сәулесін түсірген, соншама қамқорлық жасаған, мен үшін талай тынышынан айырылып, талай ұйқысы бөлінген, бар жақсыма өзінен артық қуанған Бейсекем...» деп еске алады. Бұл ғана емес, ғылым туралы сөз болған жердің бәрінде профессор құрметпен аталады. Оның мәнісін романды оқыған адам өзі байыптар еді. Қазақ әдебиетін, қазақ тарихын мүмкіндігінше арыдан, кеңестік кезең үшін тым алыс көрінген хандық дәуірден бастау керек екеніне ден қойған ғалым, осы тақырыпты игере алар жалғыз адам деп Мағауинді таңдапты. Қалай болған күнде де, тақырып зерттеліп, қорғалуға тиіс еді. Оны қазақпен қауыштыра аларлық қауқары бар зерттеуші қажет еді. Онсыз қазақтың тарихын жазу қиын болатын. Қазақ хандығының дүрілдеп тұрған кезеңінен қалған мұралар біздің ұлттық сыпатымызды сақтап қаларлық басты қазынамыз болатын. Қиын болмас жөні жоқ. Заманның тарлығының өлшемі белгілі, оны айттық. Айтпасақ та біледі жұрт. Қиын істің түйінін тек күштілер шешеді. Ұстаз таңдады, бағыт берді, шәкірт ұстаздың қателеспегенін дәлелдеді. Үлкен тақырып еді, үлкен үміт еді. Қорғалды. Орындалды.
Бейсенбай Кенжебаев жайлы Мағауинге қатысты айтарымыз бұл ғана емес. Мағауин жеткілікті жазған, өзі оқыған өзі көрсін. Ендігі сөз басқалар хақында. Басында айтып өткенбіз, біздің бұл романды оқуға себеп болған әлдеқайдан құлаққа шалынған, кімнің – кім екендігі туралы қызықты ақпараттар бар деген қаңқу сөз еді. Оқымай тұрып ойладым, былық-шылық пен ұсақ-түйекті жіпке тізген болар деп. Шығармашылығынан бөлек күйбің тірліктегі бет-пердесін ашқан болар деп. Не керегі бар соның деп. Сонда да қызығушылығым жеңген. Оқыдық. Жалпы, әдеби тұлғалардың қарапайым өмірдегі іс-әрекеті мен мінезі жайлы қазбалап қажеті жоқ. Оның тікелей әдебиетке қатысты тындырғаны мен қалдырғанын игеріп алсақ жетеді. Осылай ойлағанбыз. Бізге керек болмаған олардың пенделік өмірін Мағауин не қылсын? Адамның мінезі жазуынан да көрінетінін жазушының өзі айтқан. Біз ойлағандай қатын өсек пен соқыр сезім жетегінде жазылған шығарма болмай шықты. Бір адамның бір адамды ұнатпауы табиғи нәрсе. Бірақ, бұл шығармашылық өмірге жүрмейтін дүние. Жеке өмірдегі жек көрінішті әдебиетке араластыру – апатты жағдай. «Кісіге қарап – сөз алма, сөзіне қарап – кісіні ал». Данышпан Абайдың айтқаны. Жікшілдік деген ауру тағы бар. Бұлардың бәрі әдеби қауымның бір-бірін аяқтан шалып, кекетіп-мұқату, жамандау сияқты ұсақ істерге ілінісуіне әкеп соғады. Біз үңіліп отырған роман басқа тұрғыдан жазылыпты. Әдебиет айналасындағы ағайынның іс-әрекеті. Жеке өмірі емес, әдеби ортадағы. Көрген жақсылығы мен тап болған қарсылықтары. Жыраулар бастаған ақтаңдақтарды тірілту мен ұлттық рух сарынындығы шығармаларды жарыққа шығару жолындағы. Ол тұстағы басты қарсылық – әрине, билікке жақын жүретін ағайынның тарапынан. Анау – алай, мынау – былай екен деп, әрқайсысына жеке тоқталсақ, біздің де кітап жазып шығуымызға тура келеді. Ескертпегіміз, бұл кітап – біреулер айтып жүргендей бытықи-шытықиды түгендеу емес. Оны шығарып жүргендер романда не өзінің, не жақынының аты аталып қалып, шындық шымбайына батып кеткендер болар. Аты аталмаса да, сынға алынған лас істердің ортасынан өзінің бейнесін көрген біреулердің пыш-пышы деп білем.
Тәәәк! Әдетте, қандай салада болсын белгілі бір кезеңді, процесті жасайтын жеке адам емес, – топ, қауым, халық. Қателесетіндер болады, олардың зардаптары да болады. Бірақ, олардан гөрі ақылы артық, тура жолдағы тұлғалар олардың қателіктерін түзетіп отырады. Күресуге тура келеді, бірақ жеңу үшін ғана күреседі. Жеңілуге болмайтындығын білгендіктен. Өз істерінің құндылығын, ақтығына сенгендіктен. Бұл – әдебиетке тікелей қатысты кеп. Жалғыз адам кезеңдік әдебиет жасай алмайды. Бұл туралы романнан бір мысал: «Өнер мұраты сан салалы, өнер биігі – жүз серек. Сол мұратты тауып, сол биікке жеткен болсаң, сені ешкім де аласарта алмайды, керісінше, көршілес биіктер еңсеңді көтере түседі, Хан-Тәңірінің асқақ болып тұрғаны – басқа шыңдардың арқасы, Алатаудың жоталы жүлгесі болмаса, ең зор биіктің өзі Арқада күндік жерден көрінетін, бірақ үлкен өлшем тұрғысынан алғанда мың метрдің ар жақ, бер жағындағы, басына қыста ғана қар тоқтайтын, қатардағы көп төбенің бірі болып қалар еді. Өнер де сол сияқты». Жазушы өнерге күншілдік жат екендігін айтады. Ал, күншілдер соқыр сезім жетегіндегі жандайшаптар. Өткеніңді мансұқ етіп, бүгініңді бәлеге ұрындырып, ертеңіңнің тамырына балта шабады. Олармен күресетін кемел, дара сыпатты – өнердің иелері. Мағауин осы күрескерлер тобының серек шыңдарының бірі. Қалай мақтанса да жарасар еді. Бірақ, қайталап айтамыз, мақтана алмапты. Мақтан тұтарлық соншалық еңбекке қарамастан мақтанбапты. Айқайға құмар ағалардың бірі осы еңбекті жасаса не болар еді? Елестете алмаймын...
Өткен күнге бүгіннен көз салу – естелік. Не көрмеген қара қазақ, тәуелсіздікке де жетіпті. Тарихта қанша қанды соғыстарды өткерсе де, дәл орыс отаршылдығындағыдай жойылып кету қаупі тумапты. Сол қауіпті дер кезінде сезіне білген аға-аталарымыз апатты болдырмауға барын салыпты. Қанын төгіпті, терін сығыпты. Қазақтың санасынан «Мен – Қазақпын!» деген өр лепес өшіп кетпесін деп түнде ұйықтамапты, күндіз отырмапты, ісін-күшін беріпті. Армандары орындалып – Тәуелсіздік келіпті. Сан жылдар кісендеулі болған қазақы рух үзіліп кетпесе де, кісен шешілгенімен кібіртіктеуін қоя алар емес. Жалғыз жұбаныш – жүруді ұмытпағандығы. Бұл – халықтың күрескер ұлдарының қаны мен терінің төлемі. Тәй-тәй басқан Тәуелсіздік кібіртіктеген рухпен жетіпті. Сан алапат апаттан тірі қалған ұлттық рух енді өлмейді. Ендігі ұрпақ қолдағы алтынның қадірін білмей қажытып алмаса. Жоқ! Мағауиндер тұғырдан түскен жоқ. Түспесін! Түспейді. Осыншама еңбегімен көтерілген тұғырынан қанша заман өтсін – түспейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының жемісі – «Мен» соның көрінісі. Мен – Мағауин! Мен – сенім! Мен – өр лепес! Мен – Қазақ! Мен дей алғанымыз – Қазақпыз дей алғанымыз!
«Мен» туралы сөзді автордың сөзімен түйіндейік. Сенімді болсын:
«Түрік-қазақ жұртының жиырма бес ғасырлық мұраты жалғыз-ақ арнаға тоғысқан: Елдік, Еркіндік. Қалған істің бәрі соған тірек, тиянақ қана. Себесін, жебесін. Құрал, қару ғана. «Алдаспан» – тар замандағы қазақ рухының қайтпас қайқы қылышы еді. Тәңірінің қолдауымен біздің қолға берілді. Нық ұстадым, қолайын таптым, қиялай шауып, қапысыз сілтедім. Аруақтың аманатын ақтадым деп білем».
Алматы, Шаңырақ-2,
20.09.2010
ШАНДОЗ – КӨШЕЛІ ТАҚЫРЫП
Кермиығым кербезім,
Керіскідей шандозым!
Махамбет.
Әбіш Кекілбаев осылай бастапты. Біз де солай бастайық. Махамбеттің Исатай өлгендегі жоқтау жыры. Өзінің қанды көйлек жолдасы Исатайға берген бағасының күндердің күнінде өзіне қарата айтыларын сезді ме екен? Қайдам?! Қайғыдан қан жұтып, қара жамылып жүрген кезінде Абылайды жоқтаған Бұхардың жосығымен төгілтіп берген қайран ақын өзінің ұрпақ алдында қаншалықты биік тұлғаға айналарын ойламаған да болар. Бір кезде кірмесің деп кемсіткен қазақтың заманнан заман озғанда Махамбет атына таласатынын да пайымдауға мұршасы болмағаны анық. Жазған жыры, қалдырған мұрасы тұрыпты, әр басқан қадамы туралы иненің жасуындай дерек естісе, түйедейін түймедей қылып, дабыраға айналдырған бүгінгі күнді көрсе... Арманда кеттім демес еді. Асылдың қадірін қолдан шығып кеткен соң ғана білетін еліне ертеректе өкпе айтса да, кейіннен кек тұта қоймаған шығар. Қайткенде де аруақ риза, елі орнында. Айтып өлген ақында арман жоқ! «ТӘҢІРІ ОНЫҢ ӨЗІ ТҮГІЛІ СӨЗІН ТҰТҚИЫЛДАН ТАП БЕРІП, ТӨТЕН БАУРАП АЛАТЫН ӨЗГЕШЕ БІР ӨКТЕМДІККЕ ИЕ ЕТІП ЖАРАТҚАН...» (Ә.К.). Қазақ жыраулық дәстүрі мен ақындық үлгісін тоғыстырған ақын туралы жан-жақты зерттеулер жүргізіліп келгенін, жүргізіліп жатқанын айттық. Махамбеттің атын, ең болмаса екі шумақ жырын жатқа білмес қазақ жоқ. Оның бәрі, әрине, алдымен қазақтай қара орман елдің өз орнында көгеріп, көктеп отырғандығының арқасы. Одан кейін сол елдің зиялы қауым аталатын қалам ұстап, дерек қуған ізденімпаз ұл-қыздарының еңбегі. Солардың бірі Әбіш Кекілбаев. Оның тәуелсіздікке қол жетіп, оң-солымызды танып, буынымызды бекіте бастаған дәуірдегі жазған тарихи-деректі баяны. Шандоз. Шығармада Махамбетке қатысты келтірілген деректер, соған орай себеп пен салдар, құптарлық көзқарас, нанымды пікірлер – бүгінгі таңдағы ұрпақ үшін өткеннің бағасын біліп, тарихын саралауға жол ашар оқулық. Қолға алған шығарманың алғашқы бетін өзгертпей бастап көрейік:
«...Кейінгі екі жүз жыл ішінде қазақ санасына тап Махамбеттей болып мығым орныққан мәшһүр тұлғалар кемде-кем ғой. ...Сөйте тұра осындай өле-өлгенінше өртше лапылдап өткен маздақ жанның қаңқасының қайда қалғанынан күні кешеге дейін бейхабар келіппіз. Ал, дәл қай арада кіндігі кесіліп, жөргекке түскенін әлі күнге дәп басып ешкім айта алған емес. Бас-аяғы қырық үш жыл жасаған қып-қысқа ғұмырының кей сырына таныс болсақ, көп сырына шалыспыз» (5-бет).
Бәрі белгілі жайт. – Махамбетке қатысты емес, ғылымға қатысты айтсақ. – Ұлы тұлғалар туралы сөз болғанда екі ұшты деректер мен ұшқары пікірлер ұшыраспай тұрмайтыны. Басқа-басқа, қилы кезеңде күн кешіп, алмағайып дәуірде атой салған күрделі адам туралы бәрі қаз-қалпында сақтала қойды деу ақылға сиымсыз. Талассыз ақиқат тумақ емес. Болмаса, адаспау үшін де адасу керек. Бұл жалпылама айтқанда. Нақты айтсақ, Махамбетті енді ғана танып, әйтсе де жеріне жеткізе алмай жатқанымызға басты себеп өткен күн. Қазақтың өткен дәуреніне қара құлып салынған кеңестік кер кезең. Қол-аяғыңды бұтарламай-ақ, іштен шірітіп, тілің мен діліңді қатар тұсап, адымыңды ашырмай, қадамыңды санап басқызып, ізіңді аңдып отырып алған қожайын ел өткенің мен кеткеніңді түгендеуге мүмкіндік бермепті. Жазушы осыны нұсқап отырса керек. Шалыс кеткеннің басты себебі осы. «БҰЛ – ҚЫСҚА ҚАЙЫРУЫҢА КӨНБЕЙТІН КӨШЕЛІ ТАҚЫРЫП. ТАҚ-ТҰҚ ТҰЖЫРЫМДАУҒА КЕЛМЕЙТІН КЕСЕКТІ МӘСЕЛЕ» (Ә.К.). Махамбет туралы кеңестік кезеңдегі зерттеудің барлығы бәлду-бәлду деуден аулақпыз. Қазақтың өткенін оралту жолында барлықпай тер төккен ата-ағаларымыздың еңбегін жоққа шығару емес ойымыз. Керісінше, тар шеңберде жүріп-ақ ақиқатын аңдай алған алдыңғы толқынның еңбегі ұшан-теңіз. Олар болмаса... Осы барға да жете алмас едік. Кімдер зерттеді, не тапты, қай қырын айтты деген сұраққа шығарма желісінде жауап дайын. Түгел тізілмесе де, баршылық. Автор қарама-қайшы деректер арасынан шындыққа жуығын дәлелдермен келтіре отырып Махамбет туралы дерекке қанықтырады.
Ғалымдар арасында белгілі жайт болғанымен, қарапайым оқырман үшін айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Ол – Махамбеттің жан-жақты білімді болғандығы. Сол заманның аужайы, саяси ахуалы, биліктің бет алысын аңдай алған көкірегі ояу азамат болғандығын айтып жату артық шығар, орыс тілін жетік білумен қатар діни сауатының мол болғандығы да дау туғызар мәселе емес. Өз сөзін дәлелдеу үшін құраннан үзінді келтіріп сөйлей білген. Және, «Бұқар мен Самарқанд медреселерінде айта-айта жауыр болған сопылық ереже, жалпы сөздермен емес, өзінің ойы мен түсінгенінен алып айтты. Орынбор мен Петербургтегі кейбір үкімет адамдарын тілге тиек етті. Өлкені басқарудағы өзгерістер жайын сұрады. Сөйтіп бізді өзіне ынтық етіп қойды» (16-бет). Ынтық етпегенде! Қазақтар жабайы, көзінің алдындағыдан арғыны көрмейді деп білетін орыс офицерінің алдынан осынша жан-жақты сауатты адам кездессе. Қазақтың да қаражаяу халық емес екенін ескеруге мәжбүрлеген Махамбеттің сол кездегі орыс ұлықтарына біршама ықпалды болғандығының көрсеткіші емес пе?! Әбіш Кекілбаев осыған баса назар аударады.
Махамбеттің жеке басына қатысты, өмірбаяны, шыққан тегі жайлы айтарымыз бір бұл емес. «Шандозды» ашып көрген адам Махамбеттің тегі, жүрген жол, басқан ізі, ақынға қатысты әйел мәселесі, сонымен қоса ел аузынан жиналған тың деректер мен аңыздай болып айтылып жүрген сөздердің тарихи болмысы, шындығы жайлы біле алады. Баса көрсететін бір жайт, Махамбеттің отты тілі мен арқалы ақындығы, тік мінез турашылдығы қайдан келді деген мәселе. Бұл ретте, жазушы Махамбеттің әкесі Өтеміске ерекше тоқталады. Кірме саналатын Құлмәлі балаларының ішіндегі намысқой, асау, айтарын тайсақтамай тура айтқан Өтеміс туралы жеткілікті жазылған. Тек жағынан алсақ қанымен, тәрбие жөнімен алсақ бүкіл болмысымен Махамбетке бірден-бір әсер етуші күш – әкесі Өтеміс. Біз ғана емес, шығарманы оқыған кез-келген оқырман осы пікірдің растығығына ден қойса керек. «ОЛАР КҮЛЛІ АДАМЗАТТЫҢ ҰРАНЫНА АЙНАЛҒАН «ЕРКІНДІК, АЗАТТЫҚ, БОСТАНДЫҚ, ТЕҢДІК, ТӘУЕЛСІЗДІК» ТУЫН АЛДЫМЕН ҚОЛҒА ҰСТАП, АСПАНДАТА БИІК КӨТЕРДІ. АДАМДАРДЫ ҚАНАУ МЕН ҚОРЛАУҒА, ХАЛЫҚТАРДЫ ӨГЕЙСІТУ МЕН КЕМСІТУГЕ, МӘДЕНИЕТТЕР МЕН ДӘСТҮРЛЕРДІ БАСЫНУҒА, ДІНДЕР МЕН ТІЛДЕРГЕ ҚОЛ СҰҒЫП, ЕЛДІК ПЕН МЕМЛЕКЕТТІКТІ АЯҚ АСТЫ ЕТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСКЕ ШЫҚТЫ» (Ә.К.). Ендігі әңгіме не жайында екендігі белгілі. Махамбетті айтқанда (мейлі өмірбаянын айт, мейлі шығармашылығын айт) атамай кетуге болмайтын бір тарихи бейне – Исатай. Исатай бастаған, Махамбет қостаған көтеріліс. Жай ғана ереуіл емес, патша үкіметін қазақ арасына мұздай қарулы жасақ шығартып, санасуға мәжбүрлеген ірі көтеріліс. Көтеріліс тарихы жаңа қырынан алдыңызға тартылады. Жаңа қырынан дейтін себебіміз, Исатай-Махамбет көтерілісі кеңес үкіметі қарсаңында феодалдық езгіге қарсы таптық күрестің көрінісі ретінде түсіндіріліп, тар шеңберде сипатталып келді. Отаршылдыққа қарсы халықтық қозғалыс ретінде әділ бағасын алғаны күні кеше ғана. Осы мәселені ескерсек, «Шандозда» тың пікірлер мен деректер молынан ұшырасады. Тарихи баянды оқу барысында, көтеріліс тарихына бойламас бұрын, арыға, тарих қойнауына сүңгіп кетесіз. Жалпы, отаршылдыққа деген қарсылық қай кезеңнен, кімнің тұсында басталды деген сұрақ төңірегінде біраз жерге барып қайтасыз. Қазақтың отарлық езгіге түсуінің басы ХVІІІ-ғасыр екендігі белгілі. Әбілқайыр хан. Анна Йоановна. 1931... Солай. Яғни, біздің кіріптарлық қамытына желкемізді тосып, басымызды сұққан алғашқы қадамдарды жасаған Әбілқайыр хан. Содан бастап басымыздан зобалаң арылмады. Күніміз күн болмады. Бәріне кінәлі әлгі... Иә, көп ел солай айтады. Шандозды оқысаңыз олай ойламас едіңіз. Әбілқайырды толық ақтап шықпайсыз, әйткенмен, ойланып қаласыз. Тарихқа сыңар жақ, бір жақты көзқарас жат екені шындық. Кекілбаев та осыны айтады. Алға жылжи түскен сайын, қазақты отаршылдықтың орына апарып, аранына жықты деген Әбілқайыр патшалық Ресейге қарсы күллі қозғалыстардың басында тұрған адам екеніне ден қоясыз. Үзінді келтірсек:
«Әбілқайырдың шекарадағы бекіністерге тыныштық бермеуі де, Астраханға дейін ат сабылтып, әлденеше жорыққа шығуы да, қазақ ауылдарын орыс шекарасынан аулақ қонуға шақыруы да, басқа мемлекеттермен қол жалғасып, Ресейге бодандықты қайта қарауды көтеруі де, аманаттағы баласы Қожахметті қарулы қимыл жолымен қайтарып алып кетуге қарекетттенуі де, түптеп келгенде, бұрынғы саясатынан баз кешіп, орыс әкімшілігімен соғыс жағдайына көшуге ұмтылушылығы еді» (78-бет).
Патша саясаты әу бастан белгілі. Төре тұқымдарын бір-біріне айдап салу арқылы хан-сұлтандардың ел алдында абыройын төмендетті. Халықты ауызбіршіліктен айырды. Уақыт өте келе, хандық биліктен мүлдем қадір кетті. Қазаққа не істесе де төре тұқымының қолымен от көсеуді әдетке айналдырды. Нәтижесінде, ханға қарашасы қарсы шықты, билігінен айырылған жұрт құл болмағанда қайтеді? Құл болмапты. Бас асаулығы басылмаған бұла жұрт төреден күдер үзіп, қарашыға үміт артыпты. Неге де болса дайын. Тек басшы керек. Осы тұста бұл ойға дем берген Ресейдің ішінен шыққан Пугачев көтерілісі бұрқ етті. Оған қосылғандар да болды. Тарихты қазбалап қажеті жоқ, айтпағымыз, Пугачевпен жабыса ауыз жаласпаса да, қатарласа үзеңгі қағыстырып қалған қазақтардың бірі Сырым Датұлы бастаған көтеріліс жайы. Пугачев көтерілісі жеңіліске ұшыраған соң, көп өтпей Сырым Датұлы өзі бастап ереуілге шығады. Бұл 1790-жылы Патшаға қарсы ашық ірі қозғалысқа ұласты. Осылай, арқар ұранды төрелерден басталған көтеріліс уақыт өте келе алаш ұрандыларға ауысады. (Қазақ даласындағы барша қозғалыс емес, бұл жерде кіші жүз қазақтарының қарсылығы жайлы сөз болады. Махамбетке қатысты). Ханнан қадір кеткен сол заманда құлдықтың құрдымына шым батып бара жатқан қазаққа аттан салып, атқа мінер, қол бастар, жөн бастар басшы керек еді. Хандық билік орыс патшасының қолындағы қуыршақ қана. Әрине, мұндай жағдайда патшаға аманат бермеген, қолдағы аздаған билігімнен айырылып қалам деп қорықпайтын біреу сахнаға шығуға тиіс еді. Осылайша, халық қаһармандары қара халықтан шыға бастады. Елінің бостандығы жолында еңіреп өткен ерлердің ерлігіне сүйініп, рухына тағзым етем десеңіз, шығарма алдыңызда. Оқыңыз да, тамсаныңыз. Басын бәйгеге тіккен бабалардың ерлігіне, соны бүгінгі күнге жеткеруші зерттеушілерге. Мінеки, Исатай-Махамбет қозғалысы осындай көтерілістердің бірі еді. Махамбет қай қырынан танылды, көтеріліс барысындағы ролі қандай болды, көтерілістің жеңіліске ұшырауының, Исатай өлгеннен соңғы Махамбеттің қайта жандандырмақ әрекетінен түк шықпауының себептері түгелдей тайға таңба басқандай шығарма аясында. Махамбеттің Исатай өлгеннен соңғы шашырап кеткен жасақты қайта жиып, патшаға қарсы көтермек әрекетінен түк шықпағандығын бәрі біледі. Мұның себептері көп-ақ. Соның бастысы, Махамбеттің кірме атанғандығы. Ел алдындағы абыройына дау жоқ. Әйтсе де, ақынның жаулары мұны шебер пайдалана білген. Қазақ арасына жат екендігін, атасының атына «құл» дегенді қосып айтып, кемсітіп баққан. Соңынан ерушілерді де азғырып баққан. Өз басы кірме атанып жүрген адам елді қалай бастасын? Іштен тынғаннан басқа амалы бар ма? Ашуын ішіне жиғаннан басқа қолынан не келер еді? Махамбет жырларының Исатай өлгеннен соң элегиялық, мұңды кепке түскендігінің себебі Исатайдың өлімі ғана емес, өз басының мүшкіл хәлі болатын. Исатайдың барында... «ОЛ АҚЫНДЫҚТЫ КӨПТІҢ КӨҢІЛІН ТАБАТЫН ӨНЕР ДЕП ЕМЕС, КӨПТІҢ КӨЗІН АШЫП, ЖҰРТТЫ ОҢҒА БАСТАЙТЫН ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ ДЕП ТҮСІНДІ» (Ә.К.). Махамбет дегенде алдымен көз алдымызға келетіні бетің бар, жүзің бар демей ханға қасқайып қарап, арындай сөйлеп тұрар отты бейне. Сөз қадірін бөз қадірінен артық бағалаған қазақ үшін ақын-жыршысыз жиын, құрылтай болмаған. Жай ғана жиын емес, стратегиялық мақсаты бар, бостандық аңсап, қару асынып шыққан жұртты сөзімен баурап алар, кеуделеріне сәуле сеуіп, көздеріне от ұялатар өнердің иесі, от ауыз, орақ тіл біреу керек еді. Махамбет ақындығынан ғана көтерілістің белді мүшесі болды деуден аулақпыз, әйткенмен, қозғалысқа қатысушы қауымға жырымен дем беріп, ерте білген, еліте білген ақынның атқарар ролі көп жағдайда осы орайдан табылып отырса керек. Әбіш Кекілбаевтың жоғарыдағы айтқаны осыны көрсетеді. Дәлелдейді. Жалпы, Махамбет өлеңдерін саралағанда ондағы ең көп ұшырасатын бейне – ақынның өзі мен Исатай бейнесі деген пікір бар екендігі баршаға мәлім. Кекілбаев осыны растай келе, ақын шығармашылығында жеткілікті сомдалған тағы бір образ – Өтеміс бейнесі дейді. Махамбет жырларына терең үңілген оқушы бұл пікірді жоққа шығармаса керек. Қысқасы, «Шандоз» тарихи-деректі баянының алам деушіге берері жетерлік. Біз шолып шығып қана, қалқып айтып отырмыз. Тереңдей зерттеу үшін көлемді жұмыс жасауға тура келеді. Оны болашаққа қалдыра тұрып, өзіміз байқаған, көңілге түйген, керек деп тапқан үзінділер төңірегінде ғана ой қозғадық. Қызыққандар қалғанын қаламгердің өз қаламының ізінен тани жатар. Енді, шығарманың жалпы болмысына келсек, 13-бөлімнен тұрады. Әр бөлімнің тақырыбы Махамбеттің өлең жолдарымен беріліп отырады. Тақырып атауларының жай ғана қойыла салмағаны анық. Автордың тақырып пен мазмұн арасындағы үндестікті тап басып таба білгендігі Махамбет тақырыбына үлкен дайындықпен қалам тербегенінің бір көрсеткіші деуге болады. Сонымен қатар, Әбіш Кекілбаев ақын жырларын кезеңдерге бөліп, анықтап көрсеткен. Көрсетіп қана қоймай қай өлең қай тұста жазылды, қандай жағдаятқа қатысты жазылды деген сұрақтарға дәлелді дәйектер ұсынады. Авторға сүйенсек, Махамбет жырлары мазмұнына қарай: 1) Ордада жүргендегі өлеңдері; 2) Нарын жырлары; 3) Жайық сыртында туған шығармалар – деп үшке бөледі. Көріп отырғаныңыздай шығармашылығы ғана емес, өмірінің де үш кезеңі. Қай кезеңде қандай сарын, қандай мазмұн басым болды, оны да айналып өтпеген. Ал, Жайық сыртында туған шығармаларын хронологиялық жағынан: 1) Исатай өлгенге дейінгі; 2) Исатай өлгеннен кейінгі жырлар – деп екіге бөледі. МАХАМБЕТТІ «1846 ЖЫЛҒЫ 19-ҚАЗАНДА САРЫ СӘСКЕДЕ КЕЛІП, ҚЫЗЫЛ ІҢІРДЕ ЖАН-ЖАҒЫНАН ҚЫЛЫШ СЕРМЕСІП, ҚАСАПТЫҢ МАЛЫНДАЙ ҚИҚЫ-ЖИҚЫ КЕСКІЛЕП КЕТКЕН-ДІ» (Ә.К.). Бұл Махамбеттің өлімі ғана емес. Қазақтың құлдық кепке түскен алғашқы кезеңіндегі аянышты суреті. Өмірі мен өнері қым-қиғаш қайшылықтар мен шытырманға толы тұлғаның бізге жеткен қырлары осы туынды аясында алақанға салғандай айшықталған. Тек Махамбет қана емес, қазақтың басынан өткен қасіретті бүгінгі жас балаға ұғындырады. Тәуелсіздіктің тегін келмегендігін, еркіндікке деген ұлы талпыныс бодандыққа бой ұра бастаған алғашқы сәттерден-ақ басталғанын айтады. Бүгінгі тәуелсіздік осындай өр рухты, қайсар бабалардың қанының қайтарымы, терінің төлемі екендігін санаңызға құяды. Екі талай болғанда егеске шыққан, еңіреген ерлердің еңбегін естен шығармауды ескертеді. Шандоз. Топты жарған, шаң жұқпас жүйрігін қазақ осылай атапты. Шандоз – Махамбеттің бейнесі. Махамбет сынды ерлердің бейнесі. Небір шаңды жорықтың куәсі болған ұланғайыр атырапта боздақтардың қаны тамбаған жер қалмаған шығар-ау. Махамбет – кіндік қаны ғана емес, қылша мойнының қызыл қаны төгілген қазақ жерінде, сол ұлы даланың иесі алаш атты елімен бірге жасасып, тарих көшімен келешекке сапарын жалғастыра береді. Бұл – «Шандоздан» алған әсер мен сенімнің көрінісі. Біздің сөзіміз. Біздікі екінші кезектегі көшірме ғана. Автор сөзімен түйіндейік: «ОНЫҢ ӨМІРІ МЕН ӨНЕРІ АҚИҚАТ ПЕН ӘДІЛДІККЕ БАС ҰРЫП ӨТЕР БАРША АДАМЗАТҚА ӘРДАЙЫМ ТҮСІНІКТІ, ӘРДАЙЫМ ҚАСТЕРЛІ».
Алматы, Шаңырақ-2
06.04.2011.
Ақын да бір домбыра
(Тағдыр деген күйшінің қолындағы)
«Алып қойдым мен бүгін,
Аспан жаққа бір билет».
2006-жылдың 25-қыркүйегі. Тағы бір ақын... Туған жоқ. Өлген де жоқ. Жай ғана көкке ұшып кетті. Өзін өлтірмес өлеңін жазып-жазып тастады да, кете барды. Қысқа болса да мәңгілікке пара-пар ғұмыр кешкен ақын жүрек соғысын тоқтатқанша поэзия деп бүлкілдеп жатты. Күні өлшеулі пенде шіркіннің өлім туралы көп ойлай бермейтіні болады. Жалғанды жалпағынан басқаннан гөрі, ғұмырын мәні бар мақсат жолына бағыштаған адам бұл туралы естен шығармаса керек. Көрге кіруге асығу емес, ақындық тәкаппарлық. Ажалдың бетіне қаймықпай қарайтын өрлік. Армансыз көз жұму деген тіркес бар қазақта. Яғни, өкінішсіз өмірден өту. Құдайдың алмай қоймас ажалына дайын жүрген адамға қатысты айтылса керек. Бұйрық келген күні атқа қонуға әзір, ісі тиянақты, артына қалдырар аманаты айтылған, өсиеті жеткен. Мағжанша айтсақ: «Дүниенің бетіне бір түкіріп, Кетіпті Қорқыт бабам көрге кіріп». Ұмытылмайтыныңа сеніп барып аттану да бақыт. Жер басып жүре тұрса тындырары көп еді-ау деп пендешілікпен айтармыз, бірақ тағдырға қылар қайраның тағы жоқ. Жоғарыдағы екі жолдың авторын қалың оқырман танып та отырған болар. Біз бүгін небәрі қырық үш жыл жасаған ақын Қайрат Әлімбек туралы сыр шертпекпіз. Өмірбаяны туралы кейінірек. Біз айтпасақ та біледі жұрт. Мұқағалиға жүгінсек, ақынның өмірін зерттегің келсе алдымен өлеңін оқу шарт. Біз де сол шарттан аттап өтіп ештеңе айта алмаймыз. Сондықтан, не жазсақ та басты назарда ақынның жырлары. Дүниетанымы, тебіреніс, күйзелісі, қуанышы.., қысқасы, Қайрат Әлімбекке қатысты айтарымыздың барлығы оның өлеңдерінен бастау алуға тиіс. «Өмірді жырлау үшін келген» «Мұқаңдардың сарқыты» қысқа ғұмырында үш-төрт жинақ шығарып үлгерді. «Аз жазса да саз жазатын» дейді ақынның көзін көргендер. Көзкөргендердің сөзіне артында қалған мұрасы куә. Аз жазудың да мәні бар сияқты. Тағдыры қазақтың басынан өткен қиын-қыстау заманға тап келген қаламгер көп күшін журналистика саласына салыпты. Еліміздің түкпір-түкпірінде болып жатқан қандай оқиға болмасын, дер кезінде мәселе көтеру тұрғысынан журналистің атқарар ролі зор. Қалам ұстаған қай азамат болмасын алдымен, өзі өмір сүрген дәуірдің суретшісі.
«Шежіресін заманның жазып жүрген,
Журналиспін, дауылпаз журналиспін!» – деп өзі айтқандай:
Болашаққа жасайтын хабарлама,
Бар қаруым – өткір ой, қалам дара.
Бар мақсатым – адамды тәрбиелеу,
Тақырыбым жалғыз-ақ – Адам ғана!
Жер шарын мекендеген адамзат атаулының жыршысы екенін алға тартып келеді де, екі талай заманда екі ұдай күйде кібіртіктеп тұрып қалған ұлтының ұраншысына айналып: «...Ел жоқшысы наркескен жыр-намыспын!» – дейді. Қай тарапқа қалам тартса да қазақтай елдің перзенті ретінде ұлы жауапкершілікті естен бір сәт шығармайды.
«Мойынымда – халқымның тапсырмасы,
Қойынымда – қымбатты қойын дәптер».
Баспасөздегі қызметін поэзияға арқау етуі журналистиканың өз өмірінде ерекше орын алғандығының көрінісі болса керек.
Бұл тарапта «Қалам мен қадам» деген өлеңінде:
«Кейде екеуін өз орнымен жұмсаймын, –
Жамандықты жақсылықпен бір шайдым.
Екеуінің бойына мол сыйыпты,
Мұнша құдірет, мұнша ерлік, мұнша айбын!» – дейді. Қандай тақырыпқа бармасын «ақырын жүріп, анық басуға» студенттік жылдарында-ақ ден қойғаны аңдалады.
«Аппақ бетке із түсірсе қаламым, Өміріме із түсірмек қадамым...» – дегені өз өмірінің қалам, қағаз арқылы өрілетініне деген сенім болса керек. Ел жоғын жоқтау тұрғысынан журналистикадағы еңбегі бір бөлек. Ол арнайы зерттеуді талап етеді. Ал, халқының мұңына ақын ретінде қайысу азаматтық жырларынан айқын аңдалады. Мәселен, небәрі 18 жасында жазған тіл туралы толғамына тоқталсақ:
«...Ана тілдің ақ бетін әжім торлап, Мемлекет те, мен-дағы толғанамын...», – деп тіл тағдырына қайысса, оның сол қоғамдағы жағдайын былайша суреттейді:
«Құрметтеді ұмытпай даладағы аз,
Ал, кейбірі шұбар тіл балаға мәз.
Жаңа туған ұрпақтан осылайша,
Алып жаттың біртіндеп «қара қағаз».
Қара қағаз. Соғыс жылдарын еске түсіреді. «Ерлікпен қаза тапты...» – деп аяқталатын. Жаңа туған ұрпақтан қара қағаз алу... Қасірет қой. Ең болмаса, «ерлікпен...» деген жөргемі жоқ. Ештеңе тындырмай-ақ, қара жамылтып жатыр деген сөз. Жаман өлім деуші еді, бұл – сол. Жер басып селтиіп жүріп-ақ өлуге болады екен-ау деген ой келеді. Тірі өлік күйге түскен жас ұрпақ – еліңнің ертеңі емес пе? Ендеше, еліңнің ертеңінен күдер үзе бер деген сөз. Тілің құрыса ұлтың құрдымға кетті дей бер! Ана тілін білмейтін ұл тәрбиелегенің – болашағыңның тамырына балта шапқаның... Осы жан айқай «қара қағаз» болып өзекті өртей өлеңге айналыпты. Бұл тым әріде, жас кезінде айтқаны. Ал, кейінірек тағы тоқталыпты. Тіліңнің түрі әлі оңалмай тұрса, айналып соқпас ретің жоқ.
«Жанам әлі жау – күйікте,
Біле алмадық құрметтей...
Ту тігілген зау биікке,
Келем әлі тілім жетпей».
Ту жеткен жерге тіл жетпей... Тосын әрі сәтті тіркес. Бұл – Тәуелсіздік жылдарының суреті. Сол кезеңдегі қазақ тілінің жағдайын айта келіп, елге былай деп ой тастайды:
«Есте болсын кемел, шебер,
Ағалардың әз ұраны:
Елдің сөзі жоғалса егер,
Жоғалады өзі дағы!».
Күн тәртібінде әлі тұрған тіл төңірегіндегі уайым қазақпын деген қай азаматты да қан жылатары сөзсіз. Қайрат Әлімбектің шығармашылығымен таныс адамдардың пікірінің көпшілігі «өмір туралы көп жазатын еді», дейді. Өзгелерден сезімтал туған, қылп еткенді қалт жібермес елгезек жүректің иесі – ақын деген халық бұл өмірдің жұрт тереңіне бойлай бермес шыңырауынан сыр аңдап, жыр сүзген таланттар. Біз өлеңіне үңіліп отырған тұлға да осы таланттар қатарында екенін ескерсек, оның «түсінуі тым қиын өмір кітаптың» жақсы оқырманы ћәм түсіндірушісі екеніне дау жоқ. Бұл турасында «жоқ іздеген жігіттің» айтарына құлақ салып көрсек:
Иә, інім, өмір қызық бірақ қиын,
Сырғиды тұрақтамай сынап-күйің.
Қуансаң өмір қымбат, ал мұңайсаң,
Өмірдің құны кейде бір-ақ тиын.
Көңіл-күйге қарай өмірді қабылдау – табиғат заңы. Сол заңды қарапайым тілмен қарама-қайшы сезімдер мен жақсылық-жамандықты жарыстыра қолданып, аша түседі.
«Тым қиын бұл өмірде жол табуың,
Тым оңай ашық күнде адасуың», немесе
«Қатені біз жасаған қайталама,
Жаңғырт тек біз жасаған жақсылықты!» – деп ағынан жарылып, інісіне ақыл айтып, жөн сілтейді. «Мәңгілік үй» атты туындысында қоғамдық мәселені (үй таппай, пәтер жалдап жүрген қазақтар) қозғай келіп, қарт пен ақын арасындағы диалог арқылы философиялық ой түйеді. Ашкөздік, дүниеқұмарлық сынды адам бойындағы кемшін қасиеттер қарт сөзімен сыналады да, ақынға ой салады:
«Тірлікке келгеннен соң сопадан бас,
Жиғанмен қу дүние жоталанбас...
Қарт кетті: «Осыны ойлан «көкем-ау» көп,
Мен дағы өз үйіме жетем-ау» деп...
Ойладым: адам өмір пәтерінің
Уақытша жалдаушысы екен-ау тек».
Кейде көңілің нілдей бұзылып, шаршайтының болады. Біреуді ренжітуің мүмкін, болмаса біреу сені. Сондай сәтте қолға кітап алып, (көбіне өлеңдер) ақындардан араша іздейсің. Өмірден түңілмесең де, бір сәт торығып отырғанда қышыған жеріңді дөп басатын сыршыл өлеңдер сабаңа түсіретін. Сондай жырдың жаратушысымен рухани үндестікке жетелейтін осындай жолдардан бастау алады. Пәтер туралы «Пәтер іздей барғанда» өлеңінде де айтылады. Дүниауи қажеттіліктен туған кереғарлыққа аћ ұра отырып:
Міне ғажап! Сұлуды құдай көрсек,
Олар да жүр екен-ау пәтер іздеп...
Нән қалада көрсетіп жатақ тарлық,
Мүмкіндігін қойыпты-ау матап барлық.
Айрылады екен ғой сұлулықтан, Сұлулардан кетсе егер тәкаппарлық!..» – дейді. Жоқшылық пен сұлулықтың жарасым таппайтынын, екеуі қатар тұрғанда алдынғысы алғы қатарға шығатынына деген күйінішін:
«Алақанда ұстайтын Аруларды,
Қор етті ғой біреулер жалындырып», – деп аяқтайды.
Бір өлеңді түгелге жуық көшіріп шығудағы мақсат – тақырыбына – тек сұлулық қана емес, сол сұлулықтың қор болғанын суреттеп, өзі күн кешкен қоғамдағы қазақтың аянышты қалпын сыйдырғандығын көрсету. Сонымен қатар, ақын өмірінің кейбір сәттерін өз шығармасы арқылы алға тарту. Олай дейтініміз, өлеңнің өн бойынан баспана іздеп бұрыштан бұрыш кезіп жүрген ақынның таңдайында қалып кеткен «аштықта жеген құйқаның дәмі» сезіледі. Ақын да адам. Адамнан жаралған. Басқалардан артық емес. Қарапайым пенде. Тек, салыстырмалы түрде шегер азабы көптеу. Себебі, өзге жұрт көрмегенді көріп, сезбегенді сезеді. Қайрат ақынның өзі өлеңдеріне тамсанып өткен, рухани ұстазы санаған Төлегеннің тілімен айтқанда: «Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің қарағым, Аузында жүру ол өзі – сыздаған барлық жараның» деген азапты міндетті арқалай жүріп, өзінің де тіршілік деген тынымсыз күрестің бір бөлшегі екенін, өмірдің ортақ заңынан тыс күн кеше алмайтынын айтады.
«Көшеде ағыс... Адамдар... Адамдар тағы,
Күлімдеп жігіт, барады күрсініп кей қыз...
Зіл батпан жүгін саған да, оған да артады,
Тіршілік дейміз, біз мұны тіршілік дейміз!».
Тіршілік дейміз... Пенде шіркін өзін тек осылай ғана жұбатады. Тек, құдайдың хақ өлімінің алдында дәрменсіз. Барар жерін білген жан ажалдан қаймықпаса керек. Бірақ, өзекті жанға бір келер өлім сағаты соққанша тер төгуге тура келеді. Бұл біздің ақын өлеңдерін оқи отырып түйген ойымыз еді. Бір өлеңінде:
«Талайға талай кетті есем,
Қайтарды терім төгілген.
Егер де еңбек етпесең,
Жақсылық күтпе өмірден!» – десе, тағы бірде
«Көңілді бас, жан болма астамсыған,
Кеңістікте керек-ақ аспан – шыдам.
Қос жанарлық өмірді аялайық,
...Құралғанбыз бәріміз қос тамшыдан», – дейді.
«Ажалмен бетпе-бет» атты өлеңінде ағып түскен жұлдызға қарап өлім туралы ойланған ақын, ажалдың өзін сөзге тартады.
«Қашан демеу болып ең қолтықтыға,
Ей, жалмауыз!.. Жүрмін мен жортып бұла!
...Сауға, батыр!.. Қалжың ғой!..
Сен – мықтысың!
Қуып жетіп алғансың Қорқытты да!
Бүгін мені қайтесің дара нұсқап,
Адам құшам!..
Ойым жоқ дала құшпақ.
Оқырманға қолтаңба қойғанда кел!
Мен өлейін, өлсем де, қалам ұстап!!!».
Баяғының батырлары «жанымды жорықта ал» – деп тілейді екен құдайдан. Қаламды өмір бойы серік еткен ақын қалам ұстап жатып өлуді армандайды. Жазуға деген адалдық осындай-ақ болар. Қайрат Әлімбектің бір жинағы «Махаббатстан» деген атпен белгілі. Сол жинақтың ішінде қара сөзбен жазылған бір өлеңнің кіріспесін сол қалпында келтіре кетейік. «...Бірде юрфактың бір топ қызын екі сағаттан аса, қашан уақыттары біткенше өлеңмен алдыма иіріп тұрдым. Олар таңғалысып сен туралы сұрақтарды жаудырды. Соның бірі: «Осыншалық өлеңге жылымай жүрген қандай қыз?!» – деген сауал еді... Және бұл тектес сұрақтарды одан кейін де талай естідім». Студент кезінде жазылған махаббат тақырыбындағы лирикалық өлеңдерінің бас кейіпкері туралы жинақты сүзіп шыққасын, аз да болса мағлұмат алдық. Біз айтып жатпай-ақ, осы туралы ақынның өзіне сөз бергенді жөн көрдік.
«Басқа жанға өзіңді қай-и-ида қию,
Басталады сен кетсең, Аида, күю...
Англия ассаң да жетіп барам,
І lіve you! – деп сосын – І lіve you!
Қыз есімі және шет тілі. Әдемі жарасыммен өрілген шумақ. Атын білдік. Кейін не болғаны әзірге маңызды емес. Аида туралы әңгімені ақын өмірін түбегейлі зерттеушілердің еншісіне қалдыра тұрып, «осыншалық өлеңге жылымауының» себебін ақынның өзінен іздедік.
Ұшарына шығармайтын бір өр ең...
Биігіне бойламақ боп жыр өрем.
«Ол қандай қыз?!»
Десе де ел, кепілге,
Жетпей жатқан болар тағы бір өлең.
Шоқ шайнаған От-Қасымның өрлігін,
Мұқағали жырларының ер мұңын,
Бәрін-бәрін...
Сіңіре алмай жатырмын,
Сондықтан ба?
Сондықтан да шерлімін!
Ғашықтық дүниесі өлеңінде мөлдіреп тұр. Мұншалық ашық айту, сырын жайып салу екі ақынның бірінің қолынан келе бермесе керек. Сонымен қатар, сүйгеніне деген сезім ғана емес, өлеңге деген, өз шығармашылығына, ақындығына деген алаңдау бой көрсетеді. Аида қыздың жүрегін селт еткізер жыр жаза алмай жүрмін деген бозбалаға тән аңғалдықты аңғарасыз. Сонымен қатар, сұлулыққа деген ақындық құштарлықпен жазылған ғашықтық-арнау өлеңі қаншама. Оның бәрін жіпке тізіп жату артық. Ақынның жинағы қолында бар оқырман өзі оқи жатар. Мағжан бастаған алдынғы толқын ағалары сынды Қайрат та арнау өлеңдеріне бір әріппен тақырып қойыпты. Мәселен, Г...-ға деген тақырыппен:
«Саған деген сағынышым ірірек,
Айтып жүрмін сені көңіл күні деп.
Өтебайдың «Құдіретін» сыйлап ең,
Өзің болып кеттің енді құдірет!» – деп жыр тізбелейді. Бұл жолдарды оқығанда, қазір сағымға айналған кітап сыйлау дәстүрін көріп, жастығы есіне түскен ақынның замандастары іштей бір күрсінетініне бәс тігуге болады. Ақын шығармасының күші де. Тағы да, кәріс қызға деген ынтықтығын Қасым, Жұмекен, Шәмші ағаларының жолымен жыр қылады. Осы өлеңдегі:
««Мұқағали ағама Нэлли әпкең, Ғашық болған», – деп іштей айта бергем...», – деген жолдар біраз тарихтан сыр шертеді. Бұл туралы бәрі білетін шығар. Жалпы, ақынның махаббат лирикасында жастық ессіз ғашықтық пен өткенге, жастыққа деген сағыныш қатар өріледі. Бәлкім, ақын жанына қозғау салып тұру үшін әр кезеңде өзінше ғашық болу керек шығар! Біз мұны тек сұлулыққа, тазалыққа деген ынтазарлық деп қабылдадық. Қайрат ағамыздың лирикасы осы ойға ғана жетелейді.
«ЖАН!.. Қош бол! Жыры болма тек түлейдің, –
Жабықсам жанарыңа кеп түнеймін!
Мына мен бақытсыз боп өтсем-дағы,
Бірақ сен Бақытты бол! – деп тілеймін!».
Бұл – мәңгілік махаббатпен ғана емес, жастықпен де қоштасуы. Қоштаса тұрып, өзі сүйген арудан ақындық тәкаппарлықпен жаманның жары болмауын талап етеді. Біз қысқаша шолып шықтық. Біздің көлемге сыймаған қаншама балладалары, түрлі саладағы тұлғаларға арнаулары, дастандары бар. Әсіресе, «Намыс найзагері» атты поэмасы жеке зерттеуді, талдауды қажет ететін ірі туынды. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерен еңбегімен тарихта қалған әйгілі батыр әрі әулие атанған Есіркеп Жаманқараұлының өмірін арқау еткен бұл шығарма жайында әлі талай еңбек жазылуға тиіс. Келесі жылы ақын Қайрат Әлімбектің 50 жылдығы. Бар-жоғы 43 жасында жол апатынан қаза тапқан ақын тірі болғанда... Дейміз ғой... «Сіз туралы, шығармашылығыңыз жайлы жазсам деп едім, жол сілтеңізші, неден бастайын?..» – деп ақыл сұрай барар ма едік... Әлде... Қалай десек те, амал жоқ. Барымен базар. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ». Ендігі біздің тараптан атқарылар шаралар ақын шығармашылығын ұрпаққа жеткізу жолында, атын жаңғырту мақсатында болса керек. Бір жыл бұрын қимылдап жатқанымыз, Қайрат ағаның өзі еңбек еткен облыстық «Жетісу» газеті арқылы жерлесіміздің 50-жылдығын Республикалық деңгейде атап өту қажеттігін еске салсақ деген ой болатын. Бұл кейінгі әңгіме. Біз сөзімізді түйіндер алдында, ақынға айналып соғайық.
«Тоқтамаймын, тынбаймын, аласұрам,
Мен табылам адамдар арасынан.
Әрбір күнім – сенбілік, көшет тігем,
Жүректерге жақсылық ағашынан.
Ағыл-тегіл көңілде тулайды өлең,
Дауысымды тік тұрып тыңдайды әлем.
Шат өмірден осынау шабыт алып,
Жырлай берем Адамды, жырлай берем!..
...Қиындықты қиратып жолындағы,
«Көңілашар» күй төгем соңыра әлі.
Ақын да бір домбыра күмбірлеген,
Тағдыр деген күйшінің қолындағы!».
«Тағдыр-күйшінің» қалауымен ақын болып өмірге келіп, қысқа болса да, мәнді ғұмыр өткеріп, жүректерді жырымен емдеуге барын салған, осы жолда «масадай ойға қамалып» өткен Қайрат Әлімбек туралы сөзіміздің бір парасы әзірге тәмам.
Талдықорған,
Мамыр, 2012 ж.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру