TELEGEI

Home

Бәйбіше-Тоқал

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бәйбіше-Тоқал

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

БӘЙБІШЕ - ТОҚАЛ

Драма

Төрт перделі қайғылы хал

О Й Н А У Ш Ы Л A P

Е с е н д і к — 55 жастарда.
Қ а й ш а — тоқалы, 35-те.
Т ө л е у ж а н — үлкен баласы (бәйбішеден).
Д е м е у ж а н — кіші баласы (ода бәйбішеден) 20-да..

Дәмеш — қызы (бәйбішеден), 16—17-де.
Қ у а т ж а н — тоқалдың баласы, 20-да.
Б е й с е м б і — партия басы, Есендіктің ағайыны.
Ә б д і л д ә — ода партия басы. Бейсембі мен Есендіктің жауы..

Аманбай — Қайшаның бауыры, таз, 25-те.
Байсалбай — Қайшаның әкесі.
К ү л ә ш — Төлеужанның келіншегі.
Ғ а з и з — оқып жүрген жас жігіт.

Р а қ ы ш — Ғазиздың жолдасы.
К ү з е т ш і.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

І к ө p і н і с

Есендіктің үлкен үйі. Үйдің іші сәнді жиылған, қаралы. Күләш,
Дәмеш іс тігіп отыр.

Күләш. Уу-уһ, апам өткенге неше күн болды, Еркем? Есім шығып кеткен ғой деймін, дара басып ұмытам да қалам. Д ә м е ш. Жиырма күн болды ғой бүгін. (Тым-тырыс.) Уһ, Күләш-ай, осы жүрегі құрғыр бірдеңені сезе ме, жоқ па? Көңіліме апам өлмеген секілденеді де тұрады. Күләш. Көңілің ғой, қалқам, көңіл қимайды ғой. Апам жарықтың өлімге қиярлық кісі ме еді? (Аз тым-тырыс.)

Дәмеш. Маған апамның өлгенінен де жүрегіме қатты бататын бір нәрсе бар.
Күләш. Ол не, қалқам?

Д ә м е ш. Әншейін, апамның соншама алақанына салып еркелеткен қадірін білмеппіз ғой. Сөзі болса, ылғи күндесіңді жамандайсың деп тыңдамаушы едік. Іс тапсырса, жүз айтқызбай істемеуші едік. Бір құрбы қылыппыз да жүріппіз ғой. Күләш. Еркем-ау, менің де күндіз-түні ойлайтыным осы. Неге отымен кіріп, күлімен шықпадым екен? Неге батасын ала бермедім? — деп бір түрлі өкінем. Д ә м е ш. Біз үшін Қайшамен не деспеді. Енді мұның жайлауы жарасып, жері кеңіп отырғаны мынау. (Аз отырып.) Апамды осының қайғысы алып жеді ғой. Ұрыспайтын күні болушы ма еді? Апам тыныш отырса да, сөйлесе де соқтығып жағаласудан көз ашты ма? Біздің бәріміз сонда да апамның сөзіне құлақ салдық па? Күләш. Апам жарықтық кісіге жаманшылық ойлауды білуші ме еді? Бүгін тасталдан болып отырса да, ертең кіші апамның бар мінезін ұмытып, кешіре беруші еді. «Бұл байғұсқа қылмағаным бар ма еді? Төркініне апартып тастамақшы да болдым. Бүгін теңессе, құдай көз жасын иген шығар», — деп, тоқалды шақыртып татуласып қалатын. Өмірі ішінен кегі кетпейтін — мына кісі ғой. Д ә м е ш. Тоқалдың қулығын кісі сезе ме? Апамды әсіресе күйдіргені — екі-үш жылдан бергі сатылған малдың бар ақшасы тоқалдың қолына жиылғандығы ғой. «Бәйбішенің балалары енші алғанда, малды көп алып кетеді. Осы күннен өз бетіме мал жиям» деп, базаршылар әкелген ақшаны ағамның қолынан талай жұлып алып сандығына салыпты ғой!.. Күләш. Оны білем ғой. (Тоқтап.) Еркем, есіңде бар ма, апамның тағы бір қатты ашуланғаны? Бір күні қалаға мал айдамақшы болып, ылғи Телеш пен Кенженің тақымына басқан аттарын сатпақшы болды ғой. Д ә м е ш. Ұмытып қаппын... Ол күнде апамды ұрса береді деп сөккеннен басқаны білуші ме едік?

Күләш. Апам сонда Атекеме бірталай сөз айтты.
Д ә м е ш. Не деді?

Күләш. «Менің балаларым момын. Тоқалдың қылығына қарай қылық қылмайды. Бұл үйде тоқал мен баласының алдынан шығатын — жалғыз мен, менің көзім тірі отырғанда балаларымды қақпайлағысы келеді, еш нәрсеге ие қылғысы келмейді. Кешегі есепке алынбайтын тоқал бұл күнде дүниенің бәрін бауырына басып әкетіп барады. Оған сен болыспасаң, тегінде, осының балалардың көңіліне түйін болып байланып жүрмесін. «Біз құмадан туып па едік? Неге еске алып, есепке тұтпайды? Бізді күннен-күнге тоқалға құл қылып барады» деп, өз басыңа өкпе салып жүрмесін», — деді.

Д ә м е ш. Ағам не деді соған?

К ү л ә ш. Атекем басында құлақ қойған жоқ. «Қолында дәнемесі жоқ тоқалмен неменесіне арпалыса бересің? Кешегі күңдікте жүрген тоқал емес пе, неменені билеп-төстеп кетті?» — деді де қойды. Ылғи сөйлеп алдаушы еді ғой.

Дәмеш. Иә, сөйтіп алдайтынын да біліп отырушы едік қой. Тағы не айтты апам? Күләш. Апам әлгі сөзге ашуланып: «Тоқалды өтірік бейшара қылғаныңды қойшы осы. Тоқал бұрынғы тоқал ма? Осы күнде сен ауған соң, есеге қолы жетіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып отырғанын кім білмей отыр? Енді ол қатындікі өз бетіне. Жастығынан қорықтың ба, абыройымды ашар деп қаймықтың, ба, әйтеуір жалынышты, жалп етек болдың. Оның өзі бір төбе. Енді баласын да баламнан артық ұстағың келіп отыр ғой. Осының да білгендік пе? Тоқалдың баласына қай уақытта есе тиіп еді?» — деді. Д ә м е ш. Мұнысына не жауап берді? Тағы бірдеме деп алдай салды ма? Жоқ, тоқалдық дауын айтты ма? Күләш. Оған айтқан жауабы толып жатыр. Апаммен ұзақ сөйлескенін көргенім сол. Ондағы айтқаны: «Қуатжан тоқалдан туған бала болса, менен де туған. Алды-артында толып отырған інісі жоқ, басы жалғыз. Ертеден дара кешке жетім баладай көзге түрткі ғып отырғанымыз лайық па?! Менің басымда оның қарызы жоқ па? Жас күнінде шешесін туып, бір жетімсіреттік. Ер жеткенде өнер үйретіп, оқу оқытып еркін жүріс жүргіздік пе? Керек десе бір тайды тақымына басқыздық па? Малшының баласы қандай болса, сондай болған жоқ па? Сенің балаларың көрген жақсылықты, еркеліктің ширегін көрді ме? Енді малға не болып, дүниені басқарып отырса, пысықтығынан отыр. Сенің балаларыңда ол өнер жоқ, не қыл дейсің?» — деді. Сөйтіп, көрнеу тоқалдық сөзін айтты. Дәмеш. Байғұс, бұл сөзді естігенде қайтты екен? Соңғы жылда Қуатжанды сүйеп жүргенде айтатын сөзі осы ғой.

Күләш. Апам ашуланып, ешбір сөз айтпай отырып қалды.

Дәмеш. Әйтеуір апамның айтқан сөзі күннен-күнге болып келеді ғой. Аузына құдай салды ма, немене? «Әй дер әже, қой дер қожа жоқ, бәріде жетімдікті көрсетер» (жылап) деп еді ғой. Күләш. Өлім аузында жатқанда табалаған бұл дұшпан не қылмайды дейсің (күрсініп). Мен тұрғанда үлкен үйде кім отырады деп, үйге кіріп алып, дүниенің бәрін баурына тығып бара жатқанын көрмеймісің?

ІІ к ө р і н і с

Әбділдә, Төлеш кіреді.

Әбділдә. Шырағым, бір дастарқан жайшы. (Күләш жаяды. Әбділдә құран оқиды, бата қылады.) Шырақтарым, шешелеріңнің алдынан жарылғасын.

Төлеш (ақырын). Айтқаныңыз келсін (Күләшқа.) Қымыз әкел.

Ә б д і л д ә. Әй... марқұм Бәтимәм жақсы еді-ау! Дүние шіркін осы ғой — ұшығына жеткізбей бара жатқан. Болмаса, тоқал өліп, Бәтимә қалса да, Есендік өлмес еді ғой. Бәтимә ағайынның анасы еді. Мына тоқал кімнің ажарын сақтайды дейсің?!

Төлеш. Неге, Қайша ағайынды қуар дейсіз бе?

Ә б д і л д ә. Ай, шырағым-ай, қойшы! Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады. Кісі қадірін біліп көрмеген құрдымның қызы — бұл кімді сыйлайды дейсің? Есендікті мұрнын тескен тайлақтай жетектеп алғаны — анау. Әйтеуір момындық жақсы еді ғой деп, бәрің бірдей тоқалға бағынып кете жүрмеңдер! Т ө л еш. Бағынғанмен де, не зиян болар дейсің, кімнің басына секіреді беталды. Әбділдә. Ой, шіркін, сен де тоқал-тоқал деп, жалтаң көз болам десеңші. Бірақ мұның мына балаларыма зиян ғой, мейлің.

Қайша кіреді.

ІІІ к ө р і н і с

Әбділдә (Қайшаға амандасады). Кәпірдің құлпырып кеткенін қарашы, Бәтимәдан құтылып алып! Қ а й ш а. Сынап жүреді-ау бұл дұшпан, дұшпандығын тастамай. Істесең дұшпандығыңды үйіңде істе, менің үйіме келіп шалуыттамай! Әбділдә. Адырақал! Мен сенің үйіңе келіп отыр ма екем? Мына балаларымның үйіне келіп отырмын. Кешегі жақсы Бәтимәнің орнына құран оқығалы келіп отырмын. Есендікпен жау болғанмен, Бәтимәмді ұмытпаймын. Қ а й ш а. Балалардың үйі жоқ! Бұл — менің үйім, өйтіп бөлшектеме! Дұшпандығын, осы емес пе? Әбділдә. Дұшпан десең — дұшпанмын. Сенімен дос болған кісі не барқадар табушы еді? Бәтимәнің бет топырағы жасырынбай жатып, «бұл үйдің иесімен, мен» деп, балалардың жүрегіне жара салып отырған сен жыланнан не жақсылық күтуге болады? Қ а й ш а. Көлгір дұшпанның сөзін қарашы, балаларға қорған болған кісімсіп отырғанын! Бала айтқанға көніп, айдағанға жүрсе — балам, ішімнен шыққан Қуатжаннан кем көрмеймін. Егер сендей азғырғыштың тіліне ерсе, түк те жоқ.

Әбділдә. Кел қысқарт, кел қысқарт. Тілін кәпірдің шағып алып қарап тұрған! Қайша. Тілім сол! Қайтесің: шақты десең — шаққаным ( Балаларға.) Сендер немене қымыздың бәрін бұған беріп, сөзіне еріп отырғандарың? Керегі жоқ бұның құранының! Күнәлі болса, дұшпанның құраны кінәрат болмай-ақ қойсын. Бұл дұшпан!

Төлеш. Қойшы, Қайша, жоқтан өзгені айтпай!

Әбділдә. Қуарған! Осы кеше сені Бәтимә ат сауырына мінгізіп, төркініңе апартып тастаймын дегенде, бекер тоқтатқан екем ғой. Мал басқа иемін деп тұратын аю қатын боларыңды білмедім ғой. Айтқаныма көніп, айдағаныма жүреді дедім ғой, сорлы басым. Қ а й ш а. Қайт дейсің? Менің де көзім ашылып, есеге ілінгенімді көр — міне. Маған көрсетпеген қорлықтарың бар ма еді? Сенен де көрген жақсылығым жоқ болатын. Құдайдан қорықпай, өтірікті неге айтасың?!

Ә б д і л д ә. Не айтар екен тоқтай тұр?!

Қ а й ш а. Не айтайын, неге қолым жетсе де, өз талабыммен жетті. Өзімнің жігер, намысымның арқасында жетті. Ә б д і л д ә. Мына балалардың көзінше қояңды ақтартқың келген екен, сорың құрғыр, талабың мен өнерің жас жігітпен қашып кетем деп, Есендікті қорқытып алғаның ба? Екінші айтып отырғаның — бар-жоғыңды беpіп, Бейсембіні өзіде қаратып алғаның шығар, ол өнеріңді де білем! Сен ертең де істейсің оны! Қайша. Құдайға шүкір, істеймін! Байды да, баланы да, дүниені де билеймін! Ішің күйсе тұз жала, не қыл дейсің? Саған енді ақылдасарым да, жалынарым да жоқ. Әбділдә. Жоғал, кәпір, шабаланбай! Балаларымнан садаға кет! Сенің не істегелі жүргеніңді мен білмейтін шығармын. Бірақ аяғыңды байқап бас! Төлешке шырағым, мені аттандыр, мына кәпір құранды да оқытатын емес қой өзі.

Әбділдә, Төлеш шығады.

ІV көрініс

Қайша. Неге тыңдайсыңдар ол дұшпанның сөзін? Күніне жүз дұшпан келсе, бәріне де ұйисың да отырасың, түге. Дұшпанның сөзі жағады-ау сендерге, қасқырдың күшігі құсаған өңшең жат бауыр неме! Сен ендігәрі отырма бүйтіп майысып (Күләшқа.) Мауқың басылатын болды ғой, түге! Күләш. Біз не жаздық сізге? Әлгі кісімен ұрыспадың дейсіз бе? Апамды сіз ұмытқанмен біз қайтіп ұмытайық? Қайша. Жоғал әрі! Күндестен құтылдым ба десем, орнын сен басайын деген екенсің (Қатты.) Сен де Есендіктің қатыны ма едің?! Дәмеш, Күләш шығып кетеді. Бейсембі, Есендік, Төлеш, Қуатжан кіреді. Қайша отырады.

V көрініс

Есендік (Бейсембіге). Қане, енді еліңнің жайын айтшы? Сайлау жақындаған сайын, елдің таразысына қарап қыпылдайсыңдар ғой.

Бейсембі. Қыпылдаудан кім аман қалар дейсіз?

Есендік. Әйткенмен отқа жақынның қолы күйеді, бәрімізден де сен бұрын қобалжисың ғой. Т ө л е ш. Әбділдә құрдасыңыз да «бір старшын, екі старшын» деп жүрген көрінеді. Есендік. Оны қойшы, партия болмаса. Арқамды күн шалмайды дейтін Әбділдә елдің бүлінгенін тілемесе, нені тілейді? (Бейсембіге) Өзге ел қалай? Бейсембі. Елдің бәріне де сыпсың сөз кірген көрінеді (Қымыз келеді.) Жәркенің жігіттері: «Елді алдық», деп, есіріп жүр. Қанша сенің бауың берік болатынын кім біледі? Біз әлі қозғалғанымыз жоқ. Жаңа ғана жан айласын қылып, қыбырлай бастағанымыз осы.

Есендік. Жәркенің жігіттері кім-кімді алдық дейді екен?

Бейсембі. Олар 11 старшыннан — 2 старшын Жәрке, 3 старшын Бәйке, 5 старшын Қоскені алдық деп отыр. Ендігі майданның үлкені осы өздеріңнің алтыншыларыңда болады, Әбділдәнің базары көтеріліп тұр. Алтыншы жеңіп берсе, ол шарыққа шықты. Есендік. Біз мына бес старшынға сенімдіміз бе? Осының өзі жарықсыз тап басып тұра ма? Бейсембі. Бауырыңа тартып, бойыңды көрсетпесең, олардың бірі де тұрмайды. Баяғыдан партияның ісі мәлім емес пе? Партияның тауқыметін көретін кісі алдымен белсеніп өзі шығуға керек. Өзің бұғып жатып, алдыма сен түс дегеніңе кім жүреді? Алдымен бой көрсеткен кісі соның жақсылығына да, жамандығына да жалғыз ие болады. Әншейінде біз тәуірейміз. Атаның аруағы бар, бәйбіше баласы деген атағымыз бар, басымызға үйірілген дос бар — осының бәріне қарасаң, алдымен біз белсеніп шықпасақ болмайды. Е с е н д і к. Бізден басқа да жақсы деп жүрген бар ғой. Солар неге бір жолша бастамайды. Бейсембі. Бізден басқалар болғанмен, олардың артынан ел ермейді. Бастасаң — өзің баста. Өзіміз сықылдыларға бағындырма! Тастай алмай жүрген кісілігіміз жоқ, депті. Мұнысы дұрыс. Біз бұлай жатсақ, ел іші жарылады. Әркім әр айғырдың үйіріне сіңіп жүре береді. Бірақ сонда орын таба алмай, қаңғырып қалатын біз боламыз.

Е с е н д і к. Шығын да көп шығады ғой енді бұған.

Бейсембі. Бұл қалыпта кеп шыға қоятын көрінбейді. Ел сорлы бақтың құсы емес пе, біреудің басына байыздап отыра ма? Болымсыз жем шашсаң талайы-ақ теріп кетейін деп отыр. Әр жерден тамырын ұстап байқап жүрміз.

Т өл е ш. Әуелі қанша шығарамыз дейсіздер?

Б е й с е м б і. Отыз ат, мың сом ақша. Қане, осының қаншасын көтересіңдер? Бүгінгі сендермен сөйлесейін деп келген сөзімнің бірі осы? Қайша. Ығын-шығын деп келесің де отырасың, неменең бар осы? Не балама берген кісілігің жоқ. Болсаң өзің боласың. Елден үйірлеп алып жатқан малдан тым болмаса бір тайдың теңі қылып, өзің біліп әкеліп те бермейсің. Бір емес, екі емес, шығыннан басқа айтарын, барма осы? Б е й с е м б і (жымиып күліп). Шығыннан басқаны неге айтпаймын, айтамын, тұра тұр. Қ у а т ж а н. Осы партияны істемесе болмай ма? Кімді кім жеп жатыр? Мал-басқа есе қылмай, жалпы жайдақтап, құл құрықтап бір тауысады. Болыстықтың не қызығын көрдік? Алған жалуанасы қонақасыға да жетпейді. Есендік. Партияға берген мал құмға су құйғанмен бірдей екені рас қой. Не бағасы жоқ, қулар құлындағы сақау, құнандағы тісеуін айтып бұлданады да отырады. Жалынасың, барыңды тығындайсың. Байлау-матау жоқ, ол қу ертең айтқан жерінен табыла ма, жоқ па? (Тым - тырыс). Білмеймін, әйтеуір жау деп жүргеніміз де өзіміздің туысқанымыз. Қызғанып жұлысатынымыз да солар. Екі арада жем айырып жүрген — ылғи жат, ылғи бағасыздар. Қуатжан. Партия еріккеннің салдары ғой. Әйтеуір шығып шығатын болса, сол жеңген жаққа қиналмай-ақ берсек болмай ма? Біздің берген малымыз басқа жұрттыкіндей қайтып та алынбайды.

Есендік. Партияға берген мал арам мал ғой әйтеуір.

Қ у а т ж а н. Партияға беретін малымыз жоқ. Келер пайдасы болмаған соң арам тер болып неміз?.. Бейсембі (жарыса көтеріліп Қуатжанға). Қысқарт енді, сен, сөзіңді! Мен саған сынатқалы келіп отырмын ғой, тегі ісімді. Ел талқысын бір көрсем, сендердің талқыңды екі көрем ғой, тегі. Сендерге мен жалыныштымын ғой, тегі. Бұл не деген санасыздық? Қыс бойы тоқалдың баласы Жәркемен қосылып, Еркенің бойын шауып аламын деп аласұрып шықты. Еркенің көлденең аққан суын шаба ма? Жағасындағы ағашын шаба ма? Ұзында ешті, қысқада көкті қадаған жауын шабады. Жауы кім? — Сені мен мен. Оның ішінен жаман-жақсы болса да анама қараған қара шаңырақтың иесі сенсің, ауыртпалық сендерге түседі.

Е с е н д і к. Біздің не жазығымыз бар оларға? Не кінә қояды солар? Бейсембі. Сенің жазығың жоқ болса — менің де жазығым жоқ. Тоқалдық баласы болса — туысқаным. Туысқандықтан басқа жат мінезді көрсе — айтсын. Туысқан ол түгіл, бөтен Жәркеге де жазығым жоқ. Қызының қойнынан шыққаным жоқ. Ерінің құны, нарының пұлы жоқ. Неге мал малданасың, неге кісі боласың? — дейді. Бұл зорлық емес пе? Жәрке кешегі менің әкемнің қарашасы болатын. Тоқалдың баласы затсыздығын қылып отыр. Атамның аруағын жауға қосылып жоғалтқысы келеді. Еркек болсаң — атаңның аруағына қыз. Жоқ, заман келді, енді Жәркенің қарашысы біз боламыз десеңдер, оларыңды айтыңдар! Малдан туыпсыңдар ғой, малдың құлы болғанда, Жәркенің құлы болу қиын ба?! Есендік. Білмеймін, аяғын өздерің білесіңдер. Енді мал басқа иеміз деп отырған сендерсіңдер, айтыңдар сөздеріңді. Бейсембі. Жүрсеңдер, ешкімге тауқымет артпайсыңдар. Менің қолқама жүрмей-ақ қойыңдар. Түбінде мен өз басым үшін саспаймын. Мен Жәркеге барсам да, сол тоқалдың баласынан кем орын алмаймын. Бірақ сен сықылды туысқанымды, жанашыр досымды жылатады, сонысы батады. Жат ағайын айқының жоқ, артыңда жалғыз досың жоқ. Қолыңда қыруар малың бар. Түбінде жем болсаңдар — сендер боларсыңдар. Әбділдә-ақ тауысады сендерді (Тым-тырыс). Еске алынып, есепке тұтылмай, Керей, Уақтың келімсегіндей Жәркенің біреуіне қоңсы қонып жүрерсіңдер. Төлеш. Біздікі әншейін қара жарыс қой, бише-аға! Әйтпесе сіздің айтқаныңыздан қайда кетеді дейсіз. Бабаның жолын сіз қуғанда, көзі тірі отырған әкенің жолынан біз неге адасайық. Мал басқа біздің де иелігіміз жоқ. Қайша (Бейсембіге). Барыңды айтып тауыстың ғой өзің. Шығыннан басқаңды айтшы кәне. Бейсембі. Шығыннан басқа сендерге айтқалы келген сөзімнің бірі мынау: бұны әнеугүні Қайша мен Есекеңе шет-жағасын айтқанмын. Осы елдің партиясы қырық құбылып, жүз толқып келгенде алтыншының таразысына қарайтын көрінеді. Баяғыдан алтыншының қалпы осы. Әбділдәнің бойын өсіріп жүрген де сол. Енді оны бір отамай, көз ашылмайды. Жүнін жығып алып жұрт көзінде бағасын түсірмесең—болмайды. Қарын шашы алынбай, асып кетті.

Төлеш. Оны қайтіп аламыз дейсіз?

Бейсембі. Оған мына Қайшаның әкесі Байсалбай да қосылып алып, бір тоқтамады. Енді не қылса да осы Байсалбайды алу керек. Әйтпесе — жеңілеміз. Байсалбайдың сырын тартып жүрмін. Ол: «Үй ішінен үй тігейік, сүйек жаңғыртайық» дейді. Ана Аманбайға Дәмешті сұрайды. Мен оған уәде беріп жүрмін. Бүгін осында келіп сөйлеспекші. Енді осыған сөздеріңді бір жерге қосыңдар. Берген лайық. Төлеш. Кім біледі, Дәмештің өзі апасы өліп, уайымдап жүр. Жайлап айтып, алдынан өтпесе, жылап ренжіп жүрмесе? Қуатжан. Ренжуіне болады. Әуелі өзіне жайлап айтып, ұқтыру керек. Қас-қабағына қарамасақ болмайды. Бейсембі. Айту керек десеңдер, Байсалбаймен уәделескен соң, Қайша жайлап айтар. Біз енді осы уақытқа шейін апа-қарындасымыз, балаларымызды сұрап алып, күйеуге беріп көргеніміз жоқ. Керек десе, еркек өзімізге де қатын әпергенде ырзамысың деп сұрап көрген жоқ. Тек баланың бағы болсын.

Есендік. Солай екені рас қой.

Қ а й ш а. Қатын үсті болмаса, кәрі күйеу болмаса, кедей болмаса, салт атты, сабау қамшылы болмаса, одан артық қандай күйеу керек? Өзім жайлап ұқтырамын. Ағам келсе, сөздеріңді сөйлесе беріңдер.

Бейсембі
Есендік дұрыс.
(Байсалбай кіреді.)

VІ к ө р і н і с

Қымыз құйылады.

Б е й с е м б і. Ақсақал, Әбділдә досыңның не әңгімесі бар? Қанша туысқанға қақпан құрып жүрмін дейді? Осы күні ғой партиядан басқа тілеуі жоқ (Тым-тырыс.) Тілемей де қайтсін... Қақпаңды басқалы қыбылжып жүрген ел — анау. Пышағы құйрық үстінде, әншейін «қанды басын, бері тарт» деп отыр ғой. Байсалбай. Ой, шырағым-ай, оның өмірін итке берсін де. Артынан ерген туысқанды қарақтаған соң, не қасиет қалды? Барар жер, басар тауы қалды ма өзінің? Абай жарықтық өзінің ел-жұртқа сыйымсыз бір туысқанына айтыпты ғой:

Соқақ-соқақ жортады көк бөрілер,
Сонда да жүйрік атқа бөктерілер.
Табынан бөтен жүрген сорлы жігіт
Әр жерде жұрт кезіне жек көрінер,—

деп.

Есендік. Әбділдәні қанша жамандасаңдар да, елді жиіркенте алмайсыңдар, не керек. Қысқа күнде қырық құбылып отырса да, алдауы жетті деп тастап кететін бір адам жоқ. Байсалбай. Япыр-ай десеңші? Осы менің де Әбділдәмен жолдас болғаныма көп болды ғой. Істеген ісімізде қаяусыз дос болдым. Соның алғанын зор қылып, қарағанын жер қылмақ болып-ақ жүрдім. Еріп жүріп момынды да, жақынды да жылаттық. Бірақ сол жүрістің бірінде мұның басына сеніп жүрген емеспін. Ал қалайша жүргенімді осы күнге шейін білмеймін. Бейсембі. Әбділдәнің кісі алғыштығы, бауырына тартып, үйір қылып әкеткіштігі бар-ақ. Бірақ шіркіннің бар жаманы ет-бауыры елжіреп, біреуді туысқан, біреуді дос деп, әсте бойын бере білмейді ғой. Қандай айнымайды-ау деген дос болсын, әуелі бір бәлеге сүңгітіп алып, оны өзі айырып алған кісі болып, досының мойнына есептеп ұпай салады. Сөйтіп жалынышты қылып алады ғой. Байсалбай. Міне, осы. Бүгін ауыз жаласып отырсаң да, саған арнап қойнына бір тас тығып отырады. Сен де сырт бересің ғой әлі, сені осымен матайын деп, бір қауіптің жотасын көрсетіп қояды ғой. Әйтеуір ұшығына бір жете алмай-ақ қойдым, не керек. Қ у а т ж а н (Бейсембіге). Атқа мінемін деп отыр едіңіз ғой. Мына кісілердің сөзін естіртіп кетсеңізші. Бейсембі. Иә, енді осыған келейік (Байсалбайға.) Ақсақал, кешегі сөзіңіз туралы біз үй іші болып кеңесіп, ырзалық білдіргелі отырмыз. Әуелде бас сүйескендікпен бала алып, бала де беріскенбіз. Одан бергі отбасы - ошақ бұты өкпе болса, тастасқан жөн. Енді біз қайырлы болсын айтамыз! Байсалбай. Дұрыс, қарағым. Ат айналып қазығын табады. Төрімнен көрім жуық болып отырған заманда мен араз болып балаларымнан қайда барам? Күйеумен көркейіп, жиенімен жеңкеюге мен де ынтық жанның бірімін. Араздық шіркін не қасиет береді. Ескі достықты ұмытпағандарыңа рақмет. Тек балалардың өмірі ұзақ болсын! (Қымыз жиыла бастайды.) Бейсембі. Рас айтасыз, бұл дүние бабадан да қалған, атадан да қалған. Бәріміз де түбіне жетпейміз. Татулықтан қызық не бар? Жақынымызбен жатша жұлқысып жүріп, өкініп өлеміз! Не қасиет бар?

Байсалбай. Бәрекелді, қарағым, рас айтасың!

Бейсембі. Ендігі сөзді тағы сөйлесе жатармыз. Бүгін мына Қаумен аулында жиылыс бар еді. Соның жайынан тысқа шығып, бір сөйлесіп алайық.

Е с е н д і к. Иә, енді сөздеріңе кірісіңдер.

VІІ к ө р і н і с

Қайша (жалғыз). Бұйырса, тағы бір арманыма жеткелі тұрмын. Бейсембі жақындықты ақтайтынын білуші едім. Әзірше айтқан жерінен шығып келеді. (Күлімсіреп.) Шіркін, өзгені былай қойғанда да, Есендіктің мал-жанын соған билетіп отырғаным жоқ па? Алдынан шығатын тірі жан жоқ. Кешегі Бәтимәнің заманында мұндай болып па еді? Осының бәрін о да есептер (Түрегеліп.) Есептесең — есепте, мен де ұтыла қоймаспын. Менің арманым—дүние емес, басымның кегі болатын. Іздегенім есем болатын. Оған қолым жетпесе мен Есендікке қатын да болып жүрмес едім (Аз тұрып). Рас, әуелі қызбен сөйлесейін. Ол немекенбейді ғой. Бұған не айла бар? (Ойлап.) А-а-а, қыз қайда екен өзі? (Шақырады.) Дәмеш, ә Дәмеш!

Дәмеш кіреді.

VІІІ к ө р і н і с

Д ә м е ш. Немене?

Қайша. Мұнда келші, қарағым! Отыршы мына араға! Әкең, ағаларың маған сенімен сөйлес деп кетті. Жасың болса жетіп қалды. Сен бізге бала көрінгенмен, жұрт көзіне бойжеткен қыз болдың. Кеше менің әкем Бейсембіге, ағаңа кісі салыпты: «Әуелден бас сүйескен жақын едік, бұрынғы сүйегім ескіріп барады. Қайтадан сүйек жаңғыртайық, мына Аманбайға баласын берсін»,—депті. Бұған не айтасың? Д ә м е ш . Апам болса, мені Аманбайға берем деп ешкім айтпайды ғой (жылап.) Жетім дегендері ғой. Әйтпесе, менің теңім Аманбай ма еді? Қайша. Аманбайдан артық кімге тиесің? Күйеу таңдайын деген ойың бар ма еді? Оның масқара екенін білмегенің ғой. Қыз ержеткен соң борыш болады. Әке-шешенің қарызы — ертеден құтты орнына қондыру. Балалық қылма, қарағым. Д ә м е ш. Менің ырзалығымды сұрайтын болсаңдар, Аманбайға өлсем де тимеймін. Әуре болмаңдар. Қайша (ойланып). Мейлің енді. Сені зорлайтын әке-шеше жоқ. Мен айт деген сөздерін айттым. Ағаларыңның өкпесін өзің көтерейін дегенің ғой. Бермей-ақ қой дейін (шығады).

ІX к ө р і н і с

Дәмеш (жалғыз). Қайшаның қақпайына көне берсем, мені біреуге күң қылып беруден де тайынбас. Неге көнейін.

X к ө р і н і с

Ғазиз кіреді. Дәмеш,түрегеледі.

Ғазиз. Неге тұрдың, Дәмеш, үріккен кісіше? Мен әлде мезгілсіз уақытта келдім бе?

Дәмеш (күліп). Неге үркейін, кісі үркетін кісі ме едіңіз сіз? Ғазиз. Үрікпей жүрген де мінезің белгілі ғой. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Құр сөзбен жұбатуың жеткен жоқ па осы?!

Дәмеш (күліп). Түңілген кісіше сөйлейсіз ғой. Неден қажыдыңыз? Ғазиз. Мен еш нәрседен түңілмеймін. Түңілетін кісі үш жылдай хат жаза ма? Мен әлі күнге үміттімін. Тас бауыр ет болып жібімес пе екен деп күтіп жүрмін. Тек түңілдірме (Күліседі.) Игіліктің ерте-кеші жоқ. Дәмеш. Сіз менің сөзімді бұрмаламаңыз. Сізбен сөйлесу қиын ғой осы. Қашан сөйлессеңіз де сөзіңіздің арты бір түйінге әкеп соқпай тұрмайды. Игілігіңіз не? Ғ а з и з. Игілік әр адамға әр түрлі. Менің күтіп жүрген игілігім бір басқа.

Д ә м е ш. Сіздің игілігіңіз не? Шыныңызды айтыңызшы?
Ғазиз. Менің күтіп жүргенім — әнеугі хатымның жылы жауабы (Күледі.)

Д ә м е ш. Тағы хатыңызға сұрау салып жүрсіз бе? (Күліп.) Өзіңіз беріп, өзіңіз сұрау салуыңыз қалай?

Ғ а з и з. Хатымның өзін сұрап жүргенім жоқ. Соның бұйымтайын сұраймын.
Д ә м е ш. Одан артық сұрарыңыз бар ма?

Ғ а з и з. Бір тілегімді қабыл қылмай тұрғанда, тағы бір тілек айтар не шамам бар. Мен бермейді деп қорқам. Сұрайын: қай тілегімді берер едің? Д ә м е ш. Өзіңіз қай тілеуімді бермейді деп қорқасыз? (Ғазиз түрегеліп қасына барып, қолынан ұстайды.) Ақырын, біреу келіп қалмасын. Кәне, айтыңызшы? Ғ а з и з. Менің жүрегімнің түкпіріндегі шын тілегім: өзіңнің басыңды сұраймын (Түріне қарап, қолынан ұстап тұрып). Осыған не айтар ең?

Дәмеш. Олай болса, сол тілегіңізді сұраңыз.
Ғ а з и з. Шын ба?.. Уағда ма?
Дәмеш. Бұныңыз қабыл болады (Қызарып күліп.) Уағда.
Ұзақ сүйіседі.

(Ш ы м ы л д ы қ)

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

І к ө р і н і с
Төлештің отауы. Дәмеш жалғыз.

Дәмеш (хат оқиды). «Қалқам, әнеугіден кейін жолыға алмадым. Сағындым. Көңілімнің жалғыз жұбанышы —«уағда» деген бір ғана сөзің. Мақсұтым — бұрынғы. Өз көңілің қалай? Не ойлаған ойың бар? Үйлерің Байсалбаймен құда болып қойды ғой» (Аңырып.) Бұл өтірікті кім айтты екен? (Оқиды.) «Ырза емеспін деген сөзді айта алмадың ба? Іс мұндайға айналған соң, салақтық етуге болмайды. Біздің де қам қылуымыз керек. Саған енді бір жолығып ақылдасайық. Мына Рақыштан жауабыңды айтып жібер. Қош. Ғазизің!» (Аз тұрып.) Не дейді, құдай-ау!.. Шын ба, өтірік пе?

Рақыш кіреді, отырады.

ІІ к ө р і н і с

Р а қ ы ш. Оқып болдың ба, Дәмеш? Не жауап айтасың?
Д ә м е ш. Рақыш-ау, мұнша өтірікті қайдан үйренгенсіздер?

Р а қ ы ш (аңырып). Е-е, мына құдай не дейді? Қалқам-ау, қай арада өтірікші болып қалыппыз?!

Д ә м е ш. Осы құда болыпты дегенді кім айтты сіздерге?

Рақыш (күліп). Е-е, тәңірі, мынаны айтады екен ғой. Оған өтірікші болар ма екенбіз? Д ә м е ш (күліп). Болар ма екенбіз дейсіз-ау, болып отырып. Ол рас болса, мен неге білмеймін? Маған Қайша арамдық қылса, Күләш айтса керек емес пе? Әлі күнге маған бір ауыз сөз айтқан кісі жоқ. Бұларыңыз бекер. Р а қ ы ш. Өзің басынан бір ауыз сөз естіген жоқпысың? Жоқ, бүгінгі болған істі білгем жоқ деймісің? Дәмеш. Басында сұрағанын естігенмін. Онда ырза емеспін, мені қажамаңдар деп, бәрін де қойғызғанмын. Сіздер жұрттың өсегін малданып жүрсіздер.

Р а қ ы ш (байсалданып). Менің сөзіме нансаң қайтеді, бала, осы?..
Д ә м е ш. Жарайды, ұялғаныңызға көрінсін.

Р а қ ы ш. Апыр-ай, Дәмеш-ай, енді көңіліңді жыртылайын деп, сонша білмегенсіп қашып едім болмадың ғой. (Дәмеш аңырады.) Осы қарғыбауын әкеп отырса, құда бола ма, болмай ма? Анау үйдің жанына бір түйе, бір ат әкеліп байлап отырған кісі кім болушы еді? Дәмеш (өңі бұзылып). Қойшы!.. Не дейсіз?.. (Аз тоқтап жылап.) Өлген жалғыз апам емес! Маған жаны ашитынның бәрі өлгені де, бәрінің де жау болғаны ғой. Рақыш. Қалқам, бұл жаулықпен істеген іс деймісің? Қазақ болған соң, қазақшылығы болмай тұра ма? Дәмеш (жылап). Жоқ, мен қорғаны жоқ жан екенмін. Қарсы айтар жауабы жоқ сорлы екем. Р а қ ы ш. Олай деме, Дәмеш. Қорғаны неге жоқ болады? Өзге қорғамаса, біз қорғаймыз. Қазақ қай қызын ырзалығымен беруші еді? Бәрі де өлмейтін күнін өзі көріп жатқан жоқ па? Өзің ойлан, Ғазиз не дейді? Біз осыны естіген соң, әдейі өзіңмен ақылдасайық деп отырмыз. Д ә м е ш (жағын таянып қатты ойланып отырып). Рақыш, бұл рас болатын болса, Ғазизге сәлем айтыңыз!

Р а қ ы ш. Мақұл, айтам, қалқам!

Д ә м е ш. Менің мұнда сенерлік кісім жоқ екенін көзіңіз көрді ғой. Ендігі менің жалғыз сенетінім Ғазиз. Сөйлесемін десеңіздер, ертең кешке үйдің артындағы тоғайдың түбіне ел жатқан соң келіңіздер. Рақыш. Дұрыс, енді сөздің қысқасы осы. Өзің уайымдама. Дәнеңе де ете алмайды бұлар. Не қылушы еді, тәңірі.

Д ә м е ш. Әй, білмеймін... әйтеуір келсеңіздерші.
Р а қ ы ш. Құп, ал енді мен жүрейін. Хош бол, қалқам, (Шығады.)

ІІІ к ө р і н і с

Д ә м е ш (жалғыз). Құдай-ай, бұл не деген қорлық. Е Күләштікі не? Кімге ақылдасамын? (Жылайды. Күләш кіреді.)

ІV к ө р і н і с

К ү л ә ш (бата алмай, ақырын қасына келеді, теріс қарап). Естіп қойды ма әлде? Естісе, маған өкпелейді-ау айтпадың деп! (Дәмешке.) Қалқам, неге жылап отырсың, Еркем? Дәмеш (үндемей отырыңқырап). Не қылушы едің неменеге сұрайсың? Сүйсініп тұрмысың? К ү л ә ш. Сәулетайым-ай, не дейсің? Маған неге сонда қатты сөйлеп отырсың? Бір нәрсеге өкпелейсің ғой езің. Айтшы, қалқам! (Қасына отырады.) Д ә м е ш. Аңқаусымай-ақ қой. Апамды сен де ұмытқан екенсің. Өтірік кәдірлеп жүр екенсің ғой. Маған өзгенікінің бәрінен сенікі батты ғой (Жылап.) Сенен басқа кімім бар еді? Қайтіп ұмытып, қайтіп жаулық ойладың? К ү л ә ш. Сәулем, жаулық ойласам, жер жұтсын? Не жазыппын мен, кеселді айтшы, сәулем? Әлде кіші апаң, бірдеме деп от тастап кетті ме?

Д ә м е ш. Қайша емес, оған кінәлі болмай-ақ қой.
К ү л ә ш. Енді кім?

Дәмеш. Өзің де біліп отырсың, несіне сұрайсың күйдіргің келе ме? Бәрің амалдасып, Аманбайға мені бермек болыпсыңдар ғой. Осыны білмедің бе сен? Білдің, білсең де айтпадың. Қастығың осы емес пе? Күләш. Сәулем-ай, құдайшылыққа, осы сөзді Төлеш маған таңертең айтты, бүгін қалың мал әкеледі деп. Мен аузыма келгенді айтып ұрыстым, Еркем жылайды, ырза болмайды деп! Оған сен білмейсің, ырза, әнеугіде кісі салғамыз. Өзі көнген, — деп, аузымызды аштырмай қойды. Дәмеш. Не дейсің? Құдай-ай, мен кімге айтыппын. Ол өздерінің өтірігі. Мені Төлеш өйтіп алдамай-ақ қойсын (Аз отырып.) Ал неге таңертеңнен бері айтпадың сен?! К ү л ә ш. Қалқатайым-ау, айтуға бата алмадым, жылайды-ау, ренжиді-ау деп (Жылап.) Әйтпесе, сені жылатып, жаулық ойлап, мені не құдай атыпты? Жаңашалап отырғаныңды көргенде, жүрегім тас төбеме шықты. Кеселділердің ішінде жасырыстан кісі болып мен де кетемін-ау деп.

Д ә м е ш. Маған дұспан — тоқал емес, Төлеш екен ғой.

К ү л ә ш. Оған не деп өкпелесең де, өкпең сияқты. Есінен неге айырылып жүр өзі?

Д ә м е ш. Қарғыбау әкеп отырғандары рас па?

К ү л ә ш. Қарғыбау түгіл, қалың малын да әкеліп отыр. Сәулем-ау, сорақысының бәрі де шығып жатыр. Енді несін жасырайын: шоқ беріп, шоқ ал деп айтып жіберіпті кіші апам. Жаңа естідім: баласы сонымен айдап келіп отыр жаңа.

Төлеш. Демеужан кіреді.

V к ө р і н і с

Дәмеш (аз отырып күрсініп). Екеуің мені кім деп жүрсіңдер осы, қас-қабағыма қараймысыңдар, жоқ па?

Т ө л е ш. Қалқам, не дейсің, не нәрсеге ренжідің?

Д ә м е ш. Қайшамен бірігіп не істеп жүрсіңдер? Тоқалдық өз басының жаулығы жетпей жүр ме? Бәрің жиылып, садақа қылғандарың мен болдым ба? Төлеш. Қалқам, өкпеңді анықтап айтшы, мен әлі күнге сен ренжитін іс қылдым деп жүргенім жоқ. Сенің ырзалығыңа қарап жүрмін деп ойлаймын. Қатем болса — бар шығар, айт! Д ә м е ш. Ырзалығыңмен жүрмін деп аңқаусымаңдаршы! Мен бала емеспін, апам өлген соң балалықтан айрылғанмын. Төлеш (Күләшқа). Сен айтшы-ей, ұқтыршы! Дәмешке менің жазығым үлкен ғой, тегі? Күләш. Әлі ұқпай отырсыз ба? Әнеукүні кіші апама айтыпты ғой, Аманбайға ырза емеспін деп. Шешеңіздің бұлдыратып жүргенін білмедіңіз бе? Төлеш. Япыр-ай, не дейді? Құдай-ай, мына Қайша жер өртеді ғой, қайтермін? (Дәмешке.) Сәулем, сені шын жылатқан екем ғой. Қайшаның күндестігін ескермеппін ғой (Құшақтап маңдайынан сүйіп.) Жаңылған екем ғой. Д е м е у ж а н. Өзің не қылып жүргенсің? Осы елде Аманбайдай ақымақ адам жоқ. Не қып! Дәмеш ырза болады дедің? Мен жоқта басыңды Қайша айналдырған ба, немене? Таз бауырын әулие қылып, Дәмешке тең қылып отырғаны бізді басынғандығы, асқандығы ғой. Д ә м е ш. Екеуіңнің де құр сөздеріңе ішім жылымайды. Ойласаңдар болмады ма? Кімнен састыңдар? Төлеш. Қалқам, менің саған айтар сөзім жоқ. Құдай-ау, қайтемін енді?! Ел болса — партия, малды алып қойып отырмыз. Демеужан. Партияның қара тиынға керегі жоқ. Жұрттың сөзінің тағы керегі жоқ. Қайша шыдатпаса — көреміз. Ана малын қайтарып бер.

Қайша кіреді.

VІ к ө р і н і с

Қ а й ш а (Күләш пен Дәмешке). Не қылып отырсыңдар, екеуің, осы үйден шықсаңдар жеп қоятындай болып. (Дәмешке.) Жүр анау үйге! Мына бір қатын ғой жыбырлап сөзуар болып алған.

Демеужан. Немене, тағы қырып-жойып келгенің, жұрттың бәрін жайпап? Қ а й ш а. Тәйт әрі, қырсықпай! Қарсы сөйлегішін өзінің (Дәмешке.) Жүр, ей қыз, әулиесімей! Ертең қайның келеді, құда түседі, істейтін іс бар. Демеужан. Қайша, тегінде, тіліңді тарта сөйле, Дәмеш бармайды. Қайның деп естіртіп, қуанта қояйын деп тұрған шығарсың. Жынды бауырыңа тимейді, естіп ал! Ана малын қайтарып бер. Дәмеш сенің бұлдыратқаныңа беріп жіберетін мал емес. Қ а й ш а. Не оттайсың, өңшең қуарған? Қайтіп тигізбейсің сен? Қыздың иесі сен шығарсың?! Ертең қолынан ұстап жетектетіп жіберейін. Алшы менің қолымнан! Т ө л е ш. Шаптықпа енді, Қайша! Дәмеш бармайды, Демеужанның сөзі рас. Үндемеген сайын қалай-қалай басынасың? Сенің жаулығың жеткен жоқ па маған? Дәмешті қалайша бұлдыратасың сен? Күңнің қызы ма еді ол? Өйтіп қолжаулық қыла алмайсың? Байсалбайдың маған керегі жоқ. Ерегіссе, Әбділдәға жүре берсін.

К ү л ә ш. Тіпті жуас түйе жүндеуге жақсы деп.

Қ а й ш а. Кәне, сендердің айтқандарыңның болғанын көрейін енді! Осы қызды бермесем, атым өшсін!.. Тілдерін шығаруын бұлардың! (Дәмешке жүгіріп, қолынан ұстап.) Жүр, кеселді күң!

Д ә м е ш. Бармаймын, аулақ жүр!

Қайша (айқайлап). Ойбай-ай, тілдері шықты ғой мыналардың! Тілдеріңді кесейін мен сендердің (Ұруға ыңғайланады.)

Д ә м е ш. Төлеш, тарт мынаны!

Төлеш (Қайшаны ұстап алып). Әлі неге құтырдың сен осынша? (Иығынан жұлып жіберіп, шалқасынан түсіреді.) Қайтер екен десем, шыдаған сайын төбемді ойып өлтірдің ғой. Қайша (жарыса айқайлап). Ойбай-ай, өлтірді, Есендік, мына күндестің балалары! (Шаршысын жұлып алып, шашын будыратып.) Өлдім... өлдім, адыра қалғыр қайдасың! (Үйден жүгіре шығып, есіктің алдында.) Көптеді ғой, ойбай!..

Т ө л е ш. Сенен-ақ өлдім ғой, қырғызып ал мені!
Есендік пен Қайша кіреді.

Қ а й ш а. Естідің бе, қуарған, ананың сөзін? (Есендікті итермелеп.) Кеселді, өл, ойбай, қолдарында!

VІІ к ө р і н і с

Есендік (Төлешке). Не қылдың-ай, иттен туған?

Төлеш. Мен сенен туғанмын, кім жазалы екен әуелі тексер, тоқалдың жасақшысы болмай? Қ а й ш а. Сенің сақалыңды да талдап жұлғалы тұр. Түрін көрмеймісің, ойбай! (...)

Т ө л е ш. Сен қатындікі жеткен, қысқарт енді!

Е с е н д і к (жерде жатқан шоқпарды алып, Төлешке жүгіріп). Жоғалт көзіңді, жер жұтқыр арам! (Ұрады.) Менің қатыныма кім деп қол жұмсайсың? (Қайша да жүгіріп жүріп ұрады.) Демеужан (Қайшаны жұлып айырып). Өлтіруші ме едің бәрің бірдей? Тартыңдар қолдарыңды! Күләш (жылап). Құдай-ай, бұл не деген сұмдық? (Төлеш шоқпардан ұстасып жүреді.) Е с е н д і к (шоқпарды жұлып алып тағы ұрады). Өлтіремін сені, көзіңді жоғалтамын, тумай кеткір!

Д ә м е ш. Аға-ай! Тоқалға болысып, бәрімізді ұрдың ба?
Қ а й ш а. Қуарған Есендік, өлтір (Есендік ұрып жүреді.)

Демеужан. Тарт енді! Саған қарсы келген бала жоқ. Төлеш, жұлып ал, аяйды деп тұрмысың? (Жүгіріп, шоқпарға жабысады.) Е с е н д і к. Иттер, талаңдар мені де! Бауыздаймын екеуіңді де! (Тағы ұрады.)

Төлеш. Ай, құдай-ай, өлдім ғой! Неменеге өсірдің әлі?!

Шоқпарды жұлып ала береді. Есендік тартысқанда шоқпар шекесіне тиіп, қан ағады. Қ а й ш а. Сорлы-ай, көзіңді ағызды ғой, басыңды жарып жоса қылыпты ғой (Есіктен шығып бара жатып.) Көрдік-ау мынаның баласынан! Д е м е у ж а н. Не десең — өл де, кетші үйімнен! Әкеге қол көтермегеніміз құдайға да, өзімізге де аян. Қайша (тыста айқайлайды). Кеселді малшылар, қайдасыңдар, түге? Шақыр Бейсембіні, шақыр елдің бәрің! Есендік, шақырт, қаныңды көрсет, өлтірт, бауыздат ойбай!!! Есендік (қатты). Шақыр Бейсембіні, ағайындарымның бәрін шақыр, қоңыз тергіземін бұларға, не бауыздаймын!

Д а у ы с. Бай, қайда бар дейсіз? Құдай-ай, не болды? Бұл не деген сұмдық!
E с e н д і к шап! Бәрін шақыр!

Қайша. Күндестің балалары бірігіп алып, Есендік пен Қайшаның басын жарды де! Өлтіргелі сабап жатыр де. Ұш, ойбай, ұш. Бұл уақытта үйдің ішінде Күләш, Дәмеш жылайды. Төлеш, Демеужан түсі суып, томсарып отырады.

VІІІ к ө p і н і с

Күләш (жылап тұрып). Ойбай-ай, не істедіңдер? Бет-аузының бәрін қан басып кетіпті ғой. Қу тоқал-ай, түпке жеттің-ау! Демеужан. Ағайын жиылсын, біз де айтармыз. Біз мұнша неге сорлы болады екенбіз? Үрейлерің ұшпай-ақ қойсын? Т ө л е ш. Тоқал дегеніне жетті. Ел-жұртқа не айтамын енді? (Тым-тырыс.) Жә, енді не айтарымыз бар? Келетін ағайын тілімізге нанады, сөзімізді мақұлдайды деп отырмысың? Тоқалдың табан астына енді әдемілеп түсесің (Демеужанға). Қой, тұр, сен Әбділдәға бар, тез келсін. Менің ендігі жақыным — Әбділдә!

Демеужан (түрегеліп.) Рас, бұда ақыл екен. (Жөнеледі.)

ІX к ө р і н і с

Төлеш (Дәмешке). Қалқам жылама, қайт дейсің? Құдайдың қай салғанына көнбейміз? Міне, әке дұшпан болғанын да көріп тұрмыз. Әкені сабаған кісі болып, енді келетін жұрттан не көрер екеміз?

Д ә м е ш. Кеселді Қайшаның дұшпан екенін жаңа біліп пе едің, ағатай?! Төлеш. Ендігінің керегі жоқ. Біз енді бұларменен отаса алар ма екеміз? Тоқал тоздырды ғой! К ү л ә ш. Құдай-ай, өзгеден бұрын, Атекемнің бетіндегі қанды қайтесіңдер? Жұртқа не дейсіңдер? Тоқалдың іздегені бір пәле еді. Мұратына жетті, әйтеуір! Т ө л е ш. Бұл — бұл ма, тоқалдың айтқаны болып отырса, аз күнде әрқайсымыз әр сайда отырамыз, әлі тоқтай тұрыңдар (Аз тым-тырыс.) Дүниеде үй ішіндегі дұшпаннан қиын жау бар ма екен? Өз сорыңа арнап асырап отырған үй ішіндегі жылан ғой ол. Қай жағыңнан қайтіп торып отырғанын қайдан білесің? Жатқан төсегіңнен шыға ма? Отырған орның, ішкен асыңнан шыға ма? (...) Д ә м е ш. Бұл күнге шейін осыны айтып жүрген апамның сөзін еледіңдер ме? Бүгін басқа тигенде ғана біліп отырсыңдар ғой. Тоқалды асырып жүрген осы момындықтарың ғой. Т ө л е ш. Елемеді деймісің тоқалдың күндес екенін, дұшпан екенін жас күннен-ақ жүрегімізге сіңген ғой. Біз емес, әке істеген іс болған соң, не шара бар? Енді тоқалдың қуғаны — кегі болса, оған қосылып Бейсембінің қуғаны Есендіктің мал-басын билеу, қайтейік?

К ү л ә ш. Осы рас сөз ғой. Ендеше бұл күнге дейін неге ескерілмеген. Т ө л е ш. Осы үйдің мал-басының қожасы кім?— Жалғыз Бейсембі, одан соң — Қайша. Екеуінің ойлап жүргені де бұл үйдің берекесі емес, өздерінің мақсаты. (Тым-тырыс.) Дүние-ай, айналамыз толған жауыздық, қастық болып кетті-ау! Ылғи дұшпанның арамдығы мен қулығына шырмалып бітіппіз ғой.

Қатып кіреді.

X к ө р і н і с

Қ а т ы н (аз тұрып). Дәмеш, сені әкең шақыртып жатыр, қалқам. Шақырып кел, қорықпасын, мені сабаса — Төлеш пен Демеужан сабады. Дәмешімді қорқытпаймын, үрікпесін, мен әкесімін. Олардың қасында отырмасын. Бәтимәден қалған жалғыз исім сол, алып кел, иіскеймін деп жатыр. Барамысың, қалқам? Айт деген сөзін айттым әйтеуір! Төлеш (Дәмешке). Қалқам барғың келсе — бар, заман бұзылса, ондағы күнді көрерміз. Біз болмасақ, сенің жазығың жоқ қой. Тоқал тиетін болса, қайтып келерсің.

Дәмеш пен қатын шығады.

XІ к ө р і н і с

Күләш. Мына сездері рас болса, атекем сендерге кәрін тіге қоймас. Тоқалдың кесірінен болғанын өзі де білмес деймісің? Төлеш. Енді кәрін тікті не, тікпеді не? Құдайдың бір салғанын көреміз. Бізге де ағайын табылар, қайтеміз.

Әбділдә мен Демеужан кіреді, сәлем беріп амандасады.

XІІ к ө р і н і с

Т ө л е ш. Ақсақал, әңгімені бастан-аяқ естіген шығарсыз. Құдайға да, өзімізге де аян. Қанша сабап жүрсе де, қол көтеріп ұрайық деп ойлағанымыз жоқ. Жалғыз-ақ Қайша «ұр» деген сайын ұра берген соң, қолындағы шоқпарды ала берем дегенде, шекесіне тиіп кетті. Сізді құдайшылығын айтсын деп шақырттық. Сізден басқа дос табылады деп отырғанымыз жоқ. Ә б д і л д ә. Балам, мен бәрін естідім. Тіпті сол төбетті әдейі ұрсаң да, жазықты емессің. Сақалы шошаңдап, бір көк айыл тоқалдың тіліне еріп саған неге сойыл ала шабады? Сен құл-құтанымысың? Енді ешкімнен үркіп қорықпа! Т ө л е ш. Ақсақал, менің ендігі ойлап отырғаным мынау: бүгін жиылған ағайын аузына келгенін сөйлеп, Қайшаның сойылын соғып, біздің еселі сөзімізді тыңдамай кетеді ғой. Одан соң бұл іс біздің бетімізге таңба болып, сүтке тиген күшіктей жексұрын болармыз да отырармыз. Одан да бүгін осылардың қасынан көшіп кетіп, есемді артынан қуып алсам қайтеді? Әбділдә (ойланып). Бұл да дұрыс сөз екен. Бүгін бұлардың алдында кішірейме. Ертең өзімнің қасыма кел. Содан соң есең кетпейтіні мәлім ғой. Тиіп алсам да алып беремін. Сенің есең кетуші ме еді бұларда (Қырын, қарап.) Бұл барса, сайлауда жеңемін. Менің іздегенім осы емес пе? Бейсембінің артын ашатын болсам, одан артық не олжа бар?! (Төлешке қарап). Бүгінгі осы ақыл дұрыс екен. Демеужан. Иә, енді осыдан артық амал жоқ. Мұндағы өз басы қастық ойламас деген жақының — әкең болса, ол да көп дұспанның ортасында солардың шоқпары болып отыр.

Бейсембі кіреді.

XІІІ к ө р і н і с

Б е й с е м б і (Әбділдәні көріп, аз ойланып, Әбділдәға). Біздің сөйлесетін сөзіміз бар. Сен анау үйге бара тұр. Мұнда сен кірісетін жұмыс жоқ. Бұл араға сен килікпейсің. Ә б д і л д ә. Мен ондай сөзді ұқпаймын. Бәйбіше баласы — менің туысқаным. Оның сөзіне мен кірісемін. Айт билігіңді, айт әділетіңді, мен көріп отырамын.... Бейсембі. Туысқанымның ісін өзім тексеремін. Жат болып кеткен жауды отырғызбаймын. Жаттың сыншысының керегі жоқ. Бұл үйден шық. Қылқиып іздеп келіп отырғаның пәле ғой тағы. Т ө л е ш. Әбеңді мен алғызып отырмын. Жүректеріңде құдайшылық болса, қайта осының алдында айтыңдар, мен сөздеріңді естірткелі алдырып отырмын. Бұл кісі шықпайды. Б е й с е м б і (Төлешке ашуланып). Оңбаған, құдай жүзін көрмегір, сенің алдыңғы сұмдығың жетпеп пе еді? Қолың батып әкеңнің басын жарып отырғаның — анау. Қанішер арам болғаның аз болды ма? Енді арамдығыңды қостауға, әділет айтқан кісімен жауласуға мынаны алдырып отырсың ғой. Боқты сүйеу болар саған осы! Пәленің үстіне пәле туғызғың келген екен, сенің бойыңды өшірермін! Жоғалт көзіңді қазір! Сенен айрылған күні өліп қалсам, көрерсің. Т ө л е ш. Бейсембі, маған ара ағайын болатын болсаң ұрып-ұрыс. Болмаса, әдетіңе тартып, Қайшаның жасақшысы болатын болсаң не қылдың, неге істедің демей-ақ қой! Құдайшылық сөзге нанбайтын жасақшыға берер жауабым жоқ. Бейсембі (ақырып). Сен иттің сөзіне нанбақ түгіл, тыңдайтын да кісі жоқ! Сен арамда не қасиет қалды? Кісі нандырып, шын сөз сөйлейтін немене ар қалды? Осынша істі істеп отырған сенде не иман бар? Әбділдә. Сен енді өрекпімей, қылатыныңды қылшы! Бәрің жиылып тоқалға шоқпар болып келіпсіңдер ғой. Жетім-жесір қорғансыздарың — бәйбішенің баласы болыпты ғой. Кәне, сен қорғансыз қылшы осыларды! Т ө л е ш. Енді маған қылатыныңды қыл! Онан басқа айтар сөзім жоқ. Мен тоқалға жіңішкеріп, астына түсе алмаймын. Бүгінгі күнде тоқал да бір, сен де бірсің. Б е й с е м б і. Олай болса, көш қазір! Мен сені көшіргелі келдім. Сенің мұнда елің жоқ екен ғой, еліңді тап! Кет, қазір, жоғал енді, арам! Біз сен кеткенде өліп қалсақ көрерсің. Сенің арамдығың белгілі. Мына арамды сол арамыңды қостатқалы шақыртып отырсың ғой. Кет енді. Ә б д і л д ә. Сенсіз-ақ ертең көшкелі отыр. Рас айтасың, мен қостағалы келдім, қостаймын. Есесін алып берем. Қозы бұты — қой саны қылып тентіретіп жіберетін шығарсың.

Бейсембі. Тентіремек түгіл, қоңыз теріп жесін, сен есесін алып берерсің! Ә б д і л д ә. Алып бермесем, көрерсің! Кіші шешенің баласы қылып жібере аларсың! Жіберу соңы қаралас, артыңа қара! Бұл менің істеп отырған ісім. Бейсембі. Саған еріп жүргенде өсе берсем, атым өшсін! Қуарған, ел-жұрттан безген қан шелек! Қырыма салмай жүрген шығармын. Алдымен саған қылармын! (Бейсембі шығады.) Әбділдә. Ендеше басыңа мұның үстіне мың пәле жауғызбасам, менің де атым өшсін! Екі үйіңе бір қазан астырармын, тұра тұр! Пәлемен шоқтықтанатынымды көрсетермін!

Ш ы м ы л д ы қ

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

І көрініс

Түн. Ауылдың сырты, тоғай. Ойын бөлмесінің бір
(бұрышынан боз үйдің бір жақ сырты көрініп тұрады).

Бейсембі (жалғыз отырып). Есендік үйінің шырқы бұзылып барады. Көлденеңнің көзіне сөгісті болатын, өрескел істер көбейіп кетті (Тым-тырыс.) Бірақ не қылмақ керек? Барлық дәулет осының қолында. Партия істесең, мұны кірістірмей, іс өнбейді. Кірістіргенде қатарыңа жүруге жарайтын біреуі жоқ. Бастығы Есендік болып, ел келесі былай тұрсын, өз атынын басын да алып жүре алмайды. Бәйбіше баласын сүйейін десем, ұстауға ауыр, бетіңді үнемі ұғып отырмайды. Жөн білмейтін олақтығының үстіне, кей уақытта сөзге көнбейтін семіздігі де бар. «Бәйбіше баласымын» деген кеуде бар. Тоқал баласы болса, оның да шаласы көп, дүние көрмеген малқор да ақылы аз (Тым-тырыс.) Бірақ мұны ұстау жеңіл. Уысымнан шықпайды. Түбінде атаның дәулеті осында қалған соң, бұл шаңырақта менің үлесім көп қой. Мұндайлық мол дәулетті бұлардың әрқайсысына билеткенше, өз білеуіме керек. Олай болса, енді Қуатжанды ұстайын. Осы партияда жеңсем, болысқа да соны қояйын. Бір жағынан Есендік, Қайша қолымда болсын. Екінші, ел көзінде жас бала болып жүре берер. Түбінде мұндай шымылдық әрі іске, әрі есепке қолайлы екен.

Қайша шығады.

ІІ к ө р і н і с

Қ а й ш а. Үй ішіне айналып кешігіп қалғаным. Қадір білмейтін жаман қатын деп ұрсып отырмысың әлде? (Қасына жүресінен отырып, қолын ұстайды.) Б е й с е м б і. Ұрсуымды сен көтеремісің. Мен түгілі, байыңа да ерік бермей жүрген қатынсың (Күледі.) Қ а й ш а. Бай деп несіне көлденеңдете бересің бір қортық шалыңды! Сенің басын, болмаса, мен Есендікке тұрар ма едім? Б е й с е м б і. Кәпір-ай, өз есебіңді ұмытатын күнің болсайшы! Тағы алдағың келіп отыр-ау! Бәріміздің шекемізге сен отырып жүрсің ғой осы (Күліп тамағын ұстайды.) Қ а й ш а (күліп). Қарағым-ай, оның несін айтасың: Сен де қара жерге отырып жүрген жоқ шығарсың. Екеуміздің бірлігімізден залал көрдім десең, құдайыңа шет боларсың. Біріміздің сырымыз бірімізге мәлім ғой. Бейсембі. Жә, оспақтамай-ай қой. Өзің осынша пәлені қайдан үйрендің, соны айтшы? Бүгінгі сырың да белгілі ғой. Кінәлі Төлеш емес, сен екеніңді біліп отырмын. Қ а й ш а. Жау айтатын сөзді айтпай отыршы, терем! Пәлені маған үйреткен не дейсің?

Б е й с е м б і. Немене, айтшы?

Қ а й ш а. Пәлені үйреткен — күндестік. Ағайынға қадірлі, байға сөзі өтімді, ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс, аюдай ақырған тәркіні жуан күндесің болса, өзің қайтер еді? Кіші қатын мен болдым, тепкіні көрген — мен. Кеше соның денесі қара жерге кіргенге шейін, азадан бойым сергіген күн болды ма екен?

Бейсембі. Есендікті өзіңе қаратып алған соң да азалы болып жүрдің бе? Қайша. Қаратқанмен, не керек, Бәтимәні маған жығып берді ме ол? Бүгін менің сөзімді тыңдаса, ердей, оныкін тыңдап отырған жоқ па? Былқ-сылқ етіп, Бәтимәнің зорлығы менен өтіп, төркініме жеткен жоқ па? (Тым-тырыс.) Жә, енді әлгі сөзді сөйлесейік, Қуатжан қайда жүр? (Шақырады.) Қуатжан, әй Қуатжан, бері келші (Бейсембіге.) Ертең ана елден қайтқанда біздікіне қон (Құшақтап сүйіп.) Сенің үйіңдегі майысып тұрған сұлуың да белгілі ғой (Күледі.) Б е й с е м б і. Енді сонымен де күндес болғың келді ме? Ту, сарамас! (Күліседі.) Қайша (күліп). Күндестік бәрібір күндес, неменесі бар? «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп неге айтты дейсің кеше кіші бәйбіше?

Қуатжан шығады.

ІІІ к ө р і н і с

Қайша (Қуатжанға). Бағанағы сөзді бүгін істегелі отырмын. Соған екеуіңнің айтар ақылың бар ма? Соны білейін деп едім.

Қ у а т ж а н. Оған айтатын сөз болса, Бейсен ағам айтады да. Б е й с е м б і. Менің бөтен айтар сөзім жоқ. Қызды әке билемегенде, кім билеуші еді? Есекең ырза болса, солай болсын. Бірақ ешкімге сездірмей істеңдер. Байланар сөз байланған. Төлеужанның ақымақтығына кім ерік береді.

Қ а й ш а. Дұрыс енді, бұл сөз бітті.

Б е й с е м б і. Қуатжан, сен менімен бірге жүр. Екіншіден, елдің біраз сөзі бар еді, енді осы сайлау өткенше ат үстінде менің қасымда бол. Елдің сөзін ұстай әдеттене бер. Мен ойлап-ойлап, осы сайлауда жеңсем, сені болыс қойғалы отырмын. Қ а й ш а. Ер, ағаңның қасына, қарағым! Сен болмағанда, Төлеу арам бола ма болыс! Әкеден туған ұл — сенсің.

Қ у а т ж а н. Дұрыс. Олай болса, түн болып қалды, жүрейік.
Б е й с е м б і. Жүр.
Бәрі тұрып киінеді. Біраздан соң домбыраға қосылып салып
келе жатқан күзетшінің әні естіледі.

ІV көрініс

Сарғайып сары белден таң атады,
Ақ құба бидай өңді түн қатады.
(Ойын бөлмесіне шығады.)
....Шыдайды жігіт қайтіп ұзақ таңға;

Толықсып сары майдай қыз жатады.
(Ысқырады, айтақтайды.)

Күзетші. Е-е!.. Бүгін Дәмештің тамыры келеді. Ғазиз бүгін айт десе де, айтпадым. Маған келер пайдасы жоқ, несіне айтайын жылпыңдап. Өзі де келетін болса, ел жатпай келіп қалар. Беретінін қолыма алып отырып айтпасам, ақысыз-пұлсыз жеңгетай болып азабым не? (Аз тым-тырыс.) Дәмешпен тамыр болған жігіттің арманы не екен? Жарайды, оның есесін мен де толық қылып алармын. Ғазиз екі туып бір қалғаным емес (Айтақтайды. Тоғай жақтан біреу ысқырады. Күзетші селк етіп шошып қалады.) А-а-а.. Келіп қалды ма? (Тоғайға қарап, аңырып тұрады.)

Ғазиз шығады.

V к ө р і н і с

Ғ а з и з (қасына келіп). Ел жатты ма? Дәмеш қайда?
К ү з е т ш і. Дәмешті әуелі қоя тұр, мырза!
Ғ а з и з. Немене, айнып қалғанбең, шіркін?

К ү з е т ш і. Айнып неге айниын? Өзің нық болсақ, мен айтқан жерімнен табыламын ғой. Жеңгетайлық мығым ба? F а з и з. Бөгеліп тұрғаның жеңгетайлық па? Шіркін, ол жағынан күдіктенбе? Ырзалаймын. Өзің айттың ба Дәмешке? К ү з е т ш і. Айту қашпайды ғой. Ел әлі жатқан жоқ. Мені осы арада ырзалашы өзің. Қазір сөйлесіп шығайын. Ғ а з и з. Шіркін, нанбадың ғой (қалтасына қолын салады.) Жігіт емес екенсің ғой. К ү з е т ш і (алуға ыңғайланып). Жоқ, қалқам, нанамын ғой. Бірақ әншейін бұл арада ала алмасам, іздеп жүре алмаймын ғой деп жатырмын.

Ғ а з и з. Неменеге ырза боласың? (Он сомдықты алып шығады.) Күзетші. Мырза, құдай білсін, өзің білсеңші. Сіздей мырзаларға пәлен бер деп не айтайын? (Күліп.) Әйтеуір ай мен күндей қарындасымды беріп тұрмын ғой.

Ғ а з и з. Мә ендеше! (Ұсынады.)
Күзетші (ақшаның бір шетінен ұстап). Бұның немене? Ақша танымаймын.
F а з и з. Он сом, бола ма?

К ү з е т ш і (қойнына тығып жіберіп). Жарайды, болады. Енді мен сөйлесіп шығайын. Қазір шықсын ба?

Ғ а з и з. Қазір шықсын.
Күзетші кіреді.

VІ к ө р і н і с

Ғазиз (жалғыз). Аманбай тазға сүйгенімді беріп жібергенім сүйегіме мін емес пе? Байсал бай аулы әрі өзімізге қарсы жау (Дәмеш шығады.) (...)

VІІ к ө р і н і с

Ғ а з и з (қарсы жүріп, сүйіп). Қалдам, үйлерің жатты ма? Мына тоғайдың түбіне барайық. Дәмеш (үркіп). Ақырын! Тұра тұрыңыз, үй әлі жатқан жоқ. Мені қазір босатыңыз. Үйдің іші жатқан соң қайта шығайын. Ғазиз (құшақтап тұрып). Менің бүгін сөйлесейін деп келген сөзім көп. (...) Үйден біржолата дайындалып шық (Тоғайға таман екеуі құшақтасып жүреді.) Д ә м е ш. Туф?.. Жеделдетіп кеттіңіз ғой. Тұра тұрыңыз әлі, сүт көп, көмір аз. Ғ а з и з. Дәмеш, кең жатырсың ғой өзің. Кеше мені үркітейін деп пе едің әлде? Д ә м е ш. Рас, асып-сасып үркіп келіп тұрсыз ғой. Кешеден бері дүниенің неше қилы болғанын білдіңіз бе? Ғ а з и з. Білдім ғой. Бірақ оның түбінен бізге пайдалы не шығар дейсің? Қанша араз болысқанмен, әкеден бала кетуші ме еді? Қайтадан тағы табысады. Оған біз несіне қараймыз? Кешіге берсек, Байсалбай аулы малын беріп, құда түсіп те қояды. Д ә м е ш. Ол алып кетеді екен деп қорықпай-ақ қойыңыз. Төлештер оған беретін емес. Малын қайыртқалы отыр. Ғ а з и з. Жоқ, Дәмеш! Оның — балалық. Төлештер Бейсембі мен әкесінен кете алмайды. Одан кете алмаған соң, Байсалбайдан да құтыла алмайды. Байсалбайды құда қылып жүрген Бейсембі. Ол барын салса да, Байсалбайды аламын деп жүрген кісі. Сені бергізіп отырғандағы мақсаты не ғой дейсің.

Д ә м е ш. Иә... айта беріңіз.

Ғ а з и з. Бүгінгі күні Төлеш түгіл, Есекең бермеймін десе де көнбейді. Тырнағын бір іліп алды, енді жазылмайды, Бейсембі — осы елдің жуаны. Туысқан болса да, сенің әкелерің одан қорқады. Ел оның қолында. Соқыр-сойқанды нелер бүліктер соның артынан жүреді. Сенің әкелерің көнбесе, зорлық қылады. Д ә м е ш. Қайдан зорлық қылады. Қайша мен ағам не айтса, соған ұшып тұрады. Ғ а з и з. Оны жұбаныш қылмай-ақ қой. Бейсембі сыртқа солай, ол істеп жүрген қулығы. Шынға келсе, көзін алартып, қазір қорқытады. Есекеңдердің ырзалығына ол қарамайды. Сені берерде Байсалбаймен әуелі өзі сөз байлаған жоқ па? Д ә м е ш. Ал аяғында айтып-айтып келіп, өзіңіз бүгін мені алып кетемін дейсіз ғой?

Ғ а з и з. Иә, кетпесем болмайды. Мұнда біз күтетін дәнеңе де жоқ. Д ә м е ш. Енді тұра тұрыңыз, мен ойымдағымды айтайын. Менің кешегі Төлешке өкпелегенімнің бәрі теріс екен. Жазықты кісі — Төлеш емес, тоқал болды. Бүгінгі шатақтың бәрі сонан шығып отыр. Ғ а з и з (құшақтап). Иә... кешегі сенің Рақышқа айтқан сөзің шатақ шығармайтын сөз емес қой. Д ә м е ш. Жарайды, менің көріп жүргенімді оңай дейтін шығарсыз? (Ғазиз қысып сүйіп тұрады. Күзетші шығады.)

VІІІ к ө р і н і с

Күзетші. Сүйісіп тұрғандарын қарашы, әттең... (Тамағын кеңейді. Ғазиз, Дәмеш шошып айрылысады.) А-а-а, қорқа ма екенсіңдер?! (Күледі.)

Ғазиз. Айта бер, Дәмеш! (Күзетші ыңырсып ән салып өтіп кетеді.) Д ә м е ш. Сонымен енді Төлеш Аманбайға қандай күң болса да бермеймін дейді. Оның үстіне бүгін мынадай жұмыс болып, ағаммен де көргісіз болып отыр. Бәрі мен үшін, менің жылағандығымнан. Ал енді осындай жұртпен түгел ұстасып отырғанда мен кетіп қалсам, Төлеш не дейді. Ғ а з и з (ойланып). Иә, бұл да қисынды сөз. Бірақ Төлеш өмір бойы кетіп қалады дегенге мен сенбеймін. Ертең-ақ табысады. Сол күні тағы Байсалбайдан айрылыса алмайды. Менің қорқатыным осы жағы. Дәмеш. Ол күнді қоя тұрыңыз. Егер олай болатын болса, сол күнде-ақ қам қылармыз. Бүгін кетсем, тіпті өмір бойы Төлештің бетін көре алмаймын ғой. Мен үшін жанын отқа салып отырғанда, басын тағы бір пәлеге салып кетсем, қарызы менің мойнымда кетпей ме? Онда елдің де бар күнәсі менде болмай ма? Жұрт тіпті өзіңізді сөкпей ме, сондай есі жоқ қызды неге алған деп? Ғазиз (күліп). Япыр-ай, сөзің ұтықты болып барады ғой. Мені жеңесің-ау осы сен. Дәмеш. Сізді жеңіп, шешен болмай-ақ қояйын. Бірақ ойланбай баланың ісін істеп, ел-жұртқа сөгісті боламыз ба деп қорқамын (Бір-бірінің көзіне қарап.) Ал енді мен үйге барайын.

Ғ а з и з. Біржолата ма? Әлі айтатын сезім бар. Тез шығатын болсаң, бар. Дәмеш. Бүгінше менің ақылыма көнсеңізші, Ғазиз. Бір жолға жеңілсеңіз де ештеңе етпес. Сізді жеңіп бәйгі алайын деп тұрмағаным өзіңізге аян ғой. Ал үйге барамын. (Жүреді.)

Ғ а з и з. Тоқта (қасына келіп құшақтап) шығамысың?
Д ә м е ш (күліп). Шықпаймын.

Ғ а з и з. Шықпасаң, жібермеймін. Әдейі ат сабылтып келгенде, тым болмаса, бір түнді қимаймысың. Шық, мен былай тұра тұрамын. Жарай ма?

Д ә м е ш. Жарайды. (Сүйіседі, екеуі екі жаққа, бір-біріне қарасып кетеді.)

ІX к ө р і н і с

Аз уақыт өткен соң, тоғай жақтан Аманбай, тағы екі жігіт бұғып шығады.
1-жігіт (Аманбайға). Мынау жатып қалған үй емес пе, Аманбай?

Аманбай (қорқып). Үйге жақындама! Жүрегім лүпілдеп тұрғанын қарашы. Жатып қалған-ау деймін. (Бірінші жігіттің артына бұғып.) Қайтсақ қайтеді?

1-жігіт. Жынды ма?! Қайтқаны несі, әдейі келіп тұрып?
А м а н б а й. Әдейі келді деп, ұстап алса, қайтесің?

1-жігіт. Кәпірдің сағын! Неге келдің ұстап алады десең? Ұстап алса, басыңды алар деп тұрмысың? Біреудің қатынына келіп тұрған жоқсың, өзіңнің қалыңдығың.

А м а н б ай. Жоға, әншейін қалжыңдап. А-а-а... әншейін айтамын. 2-ж і г і т (күліп жіберіп). Шіркіннің қалжыңқойын. Екі асығыс бір қарбаласта қайтайық деген қалжың бола ма екен?

А м а н б а й. Жарайды, тәлкек қылмаңдаршы. 1-ж і г і т. Өзіңе бағанағы барған кісі не деп еді? Ел жатпай келсін деп пе екен? А м а и б а й (жалтақтап). Не деп еді дейсің бе? Ел жатпай келсін, өзім қызды шығарып тұрып, қолынан жетектетіп жіберемін депті Қайша, әйтпесе ертең кешіп кетеді депті. 2-ж і г і т. Кешіп кетеді десе, неге қайтайық дейсің? (Күліп.) Дәмеш керек емес қой тегі өзіңе. Басқа жерден тапқан сұлуларың да бар ғой, тегі, жылпуырыңды неме?!

Аманбай. Е-е... Қыз табылмайды дейсің бе? 1-жігіт. Мынау үй жатқан жоқ екен. Енді әдейі келген соң, сабыр қылып отыра тұрайық. А м а н б а й Отырсақ отырайық. (Қопаңдап.) Бірақ біреу көріп қоя ма деп, қорқып отырмын. 1-ж і г і т. Қайтесің бұны енді? (Етегінен басып отырғызып.) Қопаңдамай, отыршы өзің? (Тым-тырыс.) Ой Қуатжан біле ме екен осыны?

А м а н б а й (жалтақтап). Қуатжан дейсің бе? О да білген-ау деймін.
2-ж і г і т. Оны қайдан білдің?

А м а н б а й. Оны қайдан білдің дейсің бе? Бағанағы келген кісі Қуатжан сәлем айтты (жалтақтап), бүгіннен: қалса, қыздан айрыламыз деп айтты деді ғой. Жүріңдерші,. ой„ жүр, қатыныңның керегі жоқ, әбден тіпті... (Күзетші алыстан айтақтайды. Аманбай шошып, тұра жөнеледі. 1-жігіт етектен тартып, жібермейді.)

Қайша шығады.

X к ө р і н і с

1-ж і г і т. Ой, антұрған. Әне, Қайша келе жатыр.

Аманбай. А-а-а... (Бұрылып, Қайшаға қарсы жүгіріп.) Қыз қайда? Қыз қайда? Алып жөнелейік, біреу-міреу көріп қоймасын. Қ а й ш а. Тәй әрі, аусарланбай! Не қылып құтырып жүр өзі? Есіл қыз-ай саған қор болған!

Аманбай. Жоға, мен әншейін... қалжың... (Екінші жігітке қарайды.)
2 - ж і г і т (күліп, ақырын). Құдай атсын!
Аманбай. Әншейін ғой...
Қ а й ш а. Мына немені неге әкелгенсіңдер өзін елпеңдетіп?

Аманбай. Не қыл дейсің енді? Өзіңнің берем деген қызыңды сұрағаным ба жазығым?

Қ а й ш а. Ой, ісің құрысын, есалаң неме, жынды көбелек секілденбе!
Аманбай. Е-е... Әбден тіпті...

1 - ж і г і т. Оны не қыласың, Қайша! Өзінің үрейі ұшып тұр, дегбірі қашып. Баланы шығарып бере аласыз ба бүгін? Қ а й ш а. Шығарып беремін. Тек әлі үйдің іші жатқан жоқ. Сендердің келгендеріңді білейін деп шықтым. Кішкене тоса тұрыңдар (Аманбайға.) Адыра. қалғыр, сені қыздың теңі екен деп бергелі жүргенім жоқ-ау! Әншейін үйіңдегі кемпір-шалдық құрметі ғой. Қарғайын десем — жалғыз, қарғамайын десем — жалмауызымсың ғой сен. Және күндестің баласының бойы өспесін деп жүрмін ғой. Сен қор, берсем де айрыласың ғой бір күні. Мен оны білмей жүрмін бе?

1-ж і г і т. Дәмеш қай үйде еді өзі?

Қ а й ш а (жақындап бәрі бір арада тұрып сөйлеседі. Бір жақтан күзетші шығып, ептеп бір жерге тығылып сөзге құлағын салады). Қыз бағанағы жанжалдан кейін өз үйінде отыр еді. Күндіз Қуат жан екеуміз Есендік жіберген кісі қылып, бір қатынды жіберіп, шақыртып алдық. Содан бері өз үйімде. Қазір жатарда тысқа шығайық деп, ерте шығамын. Қол-аяғын байлап алып кетіңдер. Кеселді күң не қылмай отыр ол? Бүгінгі шатақтың бәрі сол үшін шыққан жоқ па!? Бүгіннен қалсаңдар — қалғандарың. Қызды алып, ертең аналар кешкелі отыр. Бір жөнелтіп жіберсем, содан кейінгі дауын көре жатарсыңдар. Тіпті өзіме сермеңдер (Күзетші Қайша сөйлеген сайын бас изейді.) 1 - ж і г і т. Дұрыс. Біз енді тоса тұрайық. Ай, Қайша-ай, осы қадіріңді де білмейміз-ау біз! Қ а й ш а. Қадір біліп не қыласыңдар, ал бір жерге тығыла тұрыңдар (Бәрі тарайды.)

XІ к ө р і н і с

К ү з е т ш і (тамағын кенеп ән салады).
«Ой, қалқа, сен ақ қоян секеңдеген,
Артыңда мен ақ сұңқар жетем деген,
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,

Айрылып сен қалқамнан кетем деген?»
Тоқтап сөйлейді.

Бүгін бір майдан соқ жасайын ба осы? Тоқалдың қай жақсылығын қимаймын. Бастығы Есендік болып, ала жаздай бір жапырақ ет асатын көрген жоқ. Малшы атаулының бәрін ұрады, ұрсады. Бір күн бүйірін шығарып тойғызбайды. Аяғында бәрі де «ақысы құрсын» деп безіп кетіп жүргені — анау. Өмір бойы малшыға істеп отырғаны осы. Бәрін де күні бітуге таянғанда шыдатпай қуып жіберіп, ақыдан, киімнен түк бермейді. Осының бәрін істеп отырған — Қайша мен баласы. Бұлардан алты ай жазға ішкенім Төлештің бір шайына тұрмайды. Не қыламын? Қой, қазір Төлешке айтайын. (...)

XІІ к ө р і н і с

Аманбай, екі жігіт қайта шығып, жүресінен отырады.
1- ж і г і т. (Аманбайға). Ай, сен тыңдашы, мен бір ақыл айтайын.

Аманбай. Айт! Ақылдарың болса, айта жүрсеңдерші! Мен сендердің ақылдарыңды үйренбейін деймін бе? Әншейін өздерін тәлкек қыласыңдар.

2- ж і г і т. Е, сорлы, қайтсін, шынын-ақ айтып тұрған жоқ па? 1 - ж і г і т. Мынау құрдас болған соң, аузына келгенін айтып күле береді ғой, болмаса мен тәлкек қылмаймын сені. А м а н б а й. Е-е-е, сені қойшы, сені өзім де білемін ғой (Екінші жігітке қарап.) Мынау ит. (Бірінші жігітке қарап.) Кәне, ақылыңды айтшы. 1-жігіт. Сен жаңа Қайшаның көзінше ақымақ болып кеткенің не? Өйте берсең, апаңның көңілін қалдырасың ғой. А м а н б а й. Жоқ, өзі тіпті дәйім ұрсып жүреді. Содан басқа бір кісі ұрыспайды. Және қай жерде кез келсе, сол жерде сөйлейді де жатады. Жаңағы жердегі ұрысқаны да жөн бе? Сондай жерде ұрысқанмен, түзелем бе? 2- ж і г і т. Е-е, Қайшаның өзі де ашуланшақ қой. Аманбайды бөтен кісідей сынап жүреді екен ылғи. (Бірінші жігітті түртіп қойып.) Сондай жерде ұрысқанға кісі түзеле ме екен? Жаушы-жаламда жаңағы ұрысқанына мен де намыстанып қала жаздап, азар шыдап тұрдым (Аманбайды көрсетіп.) Мынау әйтеуір қорықпай-ақ айтысып қалды әбден, «ит ұяласынан қорықпайды» деген ғой.

1- ж і г і т. Қоя тұршы оны. 2- ж і г і т. Не қояйын? Қайшаның қылығы кісі шыдарлық емес, тіпті. Ол әлі қызды әкелгенде де бірдеме дейді. Көрерсің. Дәмештің көзінше сынайды.

А м а н б а й. Онысы рас. Бәлем өйтетін болса, мен де аянып қалмаспын. 2 - ж і г і т. Е, тіліңді тартпа! Қызын берсе, малыңа бергелі отыр, неменесі бар?! 1-жігіт(күліп). Қой оны (Аманбайға.) Мен айтайын ба? Сен қазір Дәмеш келгенде, әлгі мінезіңді істеп жүрме! Онда қыздың көңілін осы арада қалдырасың.

А м а н б а й. Қандай бол дейсіңдер? Өздерің айтыңдаршы, кәне? 2 - ж і г і т. Айтатыным мынау: қызды өзің сөйлесіп, икемдеп әкет. Біз онымен үйір емеспіз және сен тұрғанда біздікінің лайығы жоқ болады.

А м а н б ай. Дұрыс, жарайды. 2- жігіт (көзін қысып). Не айтатыныңды өзің білесін, ғой. Әуелі кішкене алдаңқырап алмасақ, ағалары оянып кетсе, бәріміз де қолға түсеміз. А м а н б а й. Тек, жаман сөзді айтпашы, құдай-ай, сақтай гөр! (Күзетші айтақтайды, Аманбай селк етіп жалтақтайды.) Осы күзетшіден-ақ жаман қорқып болдым (Жалтақтайды. Екінші жігіт бүйірін қысып қалып шошытады.) Алла-ай! (Етпетінен түседі, жігіттер күліседі.) Кеселді, не қылды, кісінің өзі қорқып отырғанда! (Дірілдейді.) 2 - ж і г і т (күліп). Байғұсым бабына келген екен, қарашы тісі тісіне тимей, сақылдап тұрғанын, ақпан — қаңтардағы күйіне келген бурадай болып.

Үйден тықыр шығады. Аманбай қашады. Қайша, Дәмеш шығады.
2 - ж і г і т (Аманбайға). Құдай ұрғыр, бері кел!
Д ә м е ш (қорқып шегінеді). Мыналар кім?

Қ а й ш а (қолынан ұстап). Үрікпей-ақ қой, ешкім де емес. Әй, бері кел, жынды неме, тағы жындандың ба? А м а н б а й. Қайша, сөйлемеші өзің, нең бар менде? Мені осындай жерде түзей аламысың? (Дәмешке.) Кәне, жүрейік пе? А-а-а... сөйлесейік кішкене (Дәмештің қолынан ұстайды.)

Д ә м е ш (қолын қағып). Аулақ! Кім сөйлесемін деді сенімен? Неғып жүр өзі? Қ а й ш а. Кеселді Аманбай, құдай алмады ғой сені! Қайтермін енді? (1-жігітпен сыбырласады.) Аманбай. Дәмеш, ұрыспа! Ұрысқан... тырысқанымыз жарай ма? Құдай қосқан соң қайтесің? Д ә м е ш. Не деп жүр өзі? Құдай сендей жарымеске қоспай-ақ қойсын! Сенің есіріп жүргенің құдайдың бір уақытысы шығар. Әйтпесе сені үміт қылатын болып па едім мен? Аманбай. Иә... сонда да... өйткенмен де... жарай ма? Дәмеш, қой... (Қолынан ұстамақ болады.) Д ә м е ш (ұстатпай). Құтырма енді, аулақ жүр! Тағы бір қастық істегісі келіп жүр екен ғой (Үйге қарай жүреді.)

Аманбай (Қайшаны түртіп). Анауың кетіп барады ғой.

Қайша (артынан жүгіріп ұстай алып). Сөйлеме, кеселді қырсық! Не шатып тұрсың бағанадан бері? Қайтер екен десем, асқақтама! Көкірегіңді керме өйтіп? Аз ғана сөйлескенге нең кетеді? Сөйлесіп қана қайтқалы келді, жемейді сені (Ғазиз, Рақыш тоғай жақтан жақындап келіп отырады.)

Дәмеш. Естімеймін сөзіңді, сен екенсің ғой тағы. (Жұлқынады.) 1-ж і г і т. Дәмеш, сен балалық қылма. Азғантай ғана мойның бұрып, менімен сөйлесіп кет. Бір ауыз жауаптан қашқаның лайығы бола ма? Д ә м е ш (тоқтап). Не қыл дейсіңдер? Менімен сөйлесетін жұмыстарың жоқ. Тыңдамаймын (Үйге жүреді.) А м а н б а й. Қой, Дәмеш! (Бірінші жігіт Дәмештің артынан құшақтап ала жөнеледі. Сол уақытта Төлеш, Демеужан, күзетші жылдам басып келеді.) Дәмеш. Ойбай!.. Төлеш! Жүгір, ойбай! (Аманбай, екінші жігіт қосыла жүгіреді.)

Қ а й ш а. Жөнеліңдер, есіріп жүрген бұл кеселді күт!

Төлештер айқайлап артынан жүгіреді. Бірінші жігіттің алдынан Рақыш, Ғазиз қарсы тұра қалады.

XІІІ к ө р і н і с

Ғ а з и з (ақырып). Қайт, босат, елесің!

Алты атарды жігіттің кеудесіне таяйды. Дәмеш босайды. Аманбай бірінші жігітке соқтығып шалқасынан құлайды. Бір жағынан Төлештер жүгіріп келеді.

Д ә м е ш (босанып жылап). Қайша-ай, не деген қуарғансың?

Төлеш (Аманбайды бас салып). Кімді басынасың, сен құл? (Ұрады.) Байла иттерді, өлтір! (Көп айқай, дабыр-ду, «өлтір, бауызда», деген сөздер естіледі. Үш жігітті байлап жатады.)

Қ а й ш а. Тағы келді ғой мына кеселділер. Қуатжан, жүгір, ойбай!
Демеужан (Қайшаға). Бәрін істеп жүрген сенбісің тағы? (Жығып салып ұрады)
Қ а й ш а. Қуатжан, ойбай-ай... Есендік, өлдім! Өлтір, ойбай, қайдасың?!

Демеужан (жармаса). Өл, елден шыққан залым! (Айқайлап.) Қан түртіп тұрса, шықсын балаң!

Қайша айқайлайды.
Төлеш (жүгіріп келіп Демеужанға). Былай тұршы, осыдан өзім алайын өшімді!

Демеужан (Аманбайға жүгіріп келіп). Иттің тұқымы, кім үйретті саған алып қаш дегенді? (Ұрады.)

Аманбай (жарыса). Ағатай-ай, мен емес едім. Ағатай, ендігәрі жоламаймын!
Демеужан. Кім кел деді саған?
Аманбай. Қайша емес пе? Кел, шығарып берейін, алып қашып кет деген.
Төлеш (Қайшаға). Кеселді, қандай қылайын осы арада! (Буындырады.)

Қ а й ш а. Ойбай, кеселді, Есендік, өлдім ғой (Төлешке.) Құдай-ау, Төлеужанның қара сорпасын ұрттат! Құдай!

Т ө л е ш. Есендік құтқарып алар сені менен.
Қ а й ш а. Төлеужан, сенің қара сорпаңды ұрттамасам, кәпір болайын!
Т ө л е ш. Иә, ұрттарсың!
Дәмеш (Ғазизге). Қойғызсаңызшы енді. Өлтірді ғой.

F а з и з (Төлешке келді). Қой, Төлеш, болар енді, өлтіремісің? (Айырып алып, Қайшаны алып кетеді.)

Қайша (кетіп бара жатып). Сенің қара сорпаңды ұрттамасам көрерсің енді!
Д ә м е ш. Құдай-ау, бұ не деген қырсық? Бұ не деген сұмдық?
Демеужан (Төлешке). Мыналарды қайтеміз?
Төлеш. Алып жүр үйге бәрін де! Жазасын ертең берермін (Сүйрейді.)

Аманбай (екінші жігітке). Кеселді иттер, айтпап па едім бағана кетейік деп? Әйтеуір қылдыңдар ма, қырсықтар! 2 - ж і г і т. Е-е, несін айтасың, бәрінен де нақақтан өлген мен бишараны айтсайшы? (Бәрін ойын бөлмесінен сүйреп алып кетеді. Үй жақтан дауыс естіледі.) Д а у ы с. Тұра тұр, тоқалдың сойылын соғатын немелер! Көрсетермін ертең! (Күзетші шығады.) К ү з е т ш і. Есендік қорыққанынан үйінен де шықпай қалды. Қайшаның да жөн терісі жазылған шығар. Жоқ, бәлем!

Ш ы м ы л д ы қ.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

І к ө р і н і с

Төлештің үйі. Күләш, Дәмеш.
К ү л ә ш. Еркем-ай, мен бір нәрседен қатты қорқып жүрмін. Зәрем жоқ осы.
Д ә м е ш. О не? Айтшы?

К ү л ә ш. Біздің ауылдың берекесі кетіп барады ғой осы. Әкемен ұрсысып, ел-жұрттан шығып, біздің келіп отырғанымыз — мынау, бөтен болып кеткен бір ауылдың жанына. Аналар болса — ол жақта ойсырап қалып отыр. Дәмеш. Оның несін айтасың? Бұған кінәлі кім? Бәрі жалғыз тоқалдың ылаңынан. Ағамның бостығынан емес пе? Өз берекесін өзі кетіріп жүрген жоқ па? Күләш. Одан да бар ғой. Сөйтсе де, апам жарықтық тек емес қой деймін. (...) Малбастың, барлық дүниенің құт-берекесі сол кісі еді ғой. Өзі кеткен соң, артындағы дүние тозайын деп, әрекетке ұрынып жүр ме, немене?

Д ә м е ш. Құдайдың бір салғанын көрерміз (...)
Күрсінеді, Ғазиз, Әбділдә кіреді.

ІІ к ө р і н і с

Ғ а з и з (Әбділдәға). Төлеш қайда кеткен?

Ә б д і л д ә. Төлештің қасына он кісі қосып беріп, Есендіктің жылқысын алып кел деп жібердім.

Ғ а з и з. Не дейді? Қашан кетті?
Ә б д і л д ә. Қайтып келетін уақыты болды.
Ғ а з и з. Ең болмаса, сайлау өткенін күтпей, бұныңыз не?

Әбділдә. Бала, білмейсің, мұндай ірі жұмыстар сайлау үстінде болса, қайырлы болады. Жұрттың қаны тасқындап тұрғанда сөзімізді қостаушы көп болады.

Ғ а з и з (күліп). Дұрыс.
Төлеш кіреді.

ІІІ к ө р і н і с

Әбділдә (Төлешке). Не қылдыңдар, қарағым, жылқы ала алдыңдар ма? Төлеш. Алмақ түгіл, тағалы тайын қалдырғанымыз жоқ. Желісін қиып, құлындарына шейін алып келдік. Ә б д і л д ә. Бәрекелді, өзіңді момын ғой деп жүрсем, ыстығың түріңде екен ғой. Мінеки, жарайды енді, «қол болмай жол болмайды» деген. Кезі келгенде қандай бәлеге болса да шыдайтыныңды бір көрсетсең, бар жауың жымдай болып тақымын қысады. Әйтпесе емен де, семен де басынып, оңай қоржын қылып алады. Төлеш (күліп). Әйтеуір осы жолы өзіңіздің шәкіртіңіз болдым ғой. Істе дегеніңіздің бірінен іркілгенім жоқ әлі күнге. Ә б д і л д ә. Бәрекелді, іс осы. Енді маңына жоласыншы Бейсембі. Ол сені мұндай іс қылады деп ойлаған жоқ. Не қорқытып көндірем, не алдап көндірем деді ғой. Ертеден елді меңгеріп алып, пәлені көргендігін қылғысы келеді. Бойы есіп, буыны қатып марқаланғандығын көрсеткісі келеді ғой.

Күләш қымыз әкеледі.

Т ө л е ш. Біз де енді достың достығы қандай, қастың қастығы қандай болатынын білетін болдық қой. Бейсембі не қылып отыр бүгінгі күні? Кімнің пайдасы тиетін болса, соның сойылын соғады. Әбділдә. Әрине, осындай, өгейлікті көрмесе, туысқаннан туысқан неге кетсін? Көрермін енді жайлауы жарасып отырғанын! Т ө л е ш. Қыска күнде тізгінді қырық бердім. Ағайын ұйытқысы бұзылмасын, Бейсембінің шиі жазылмасын деп, алдынан бір шыққаным жоқ. Мені неге тоқалға жығып береді? Ә б д і л д ә. Бәлі, менің Есендікке өкпем осы емес пе? Міне, ертең айтысқанда ірге бермейтін сөзің — осы. Төлеш. Қайша кім осы күнде? Ол сүт үстінде қаймақ. Жұрттың бәрі оны төбесіне көтереді. Мен сол тоқалға бұл күнге шейін жаңғырық болғаннан басқа, не істеп едім? Қарсы тұрсам, төбемді ойып бара жатқан соң қарсы тұрғаным жоқ па? Мен тоқалға жазықты болсам, ағайын-туғанға, Бейсембіге — түгелімен жазықты болатыным қалай? Орнымнан, малымнан айырылып, кіші шешенің баласы болып кететінім қалай? Неге көтерейін мен мұны? Әбділдә. Көтермейсің. Бәрекелді, балта сабынан озбайды. Жат мінезді олар бастаған соң, сен неге тұрасың? Т ө л е ш. Әйтеуір енді иілер жайым жоқ. Бұл әкелген мал түгелімен өзімдікі. Қолдан шыққан қорамжым, қол жеткен соң алып отырмын. Әбе, менің сізге ұстататын сөзім осы. Әбділдә. Дұрыс, шырағым, саған енді мен бір сөз айтайын (Ғазизді көрсетіп.) Мына бала — бөтеніміз емес, құдай қосса, жақының ғой енді. Сен «ағайын береке айтсын, табыстырсын» деген сөзді ауызыңнан шығарма. Ондай сөз жауды бел алдыратын сөз болады.

Төлеш. Әрине, оны айтып бала болыппыз ба?

Ә б д і л д ә. Бүгін тіпті өзге ағайынның саған керегі жоқ. Ел келесі осы қалпында тұрса, Бейсембі өтіп кетеді екен деме? Бүгінгі күні өзі жеңіліп отыр. Бар тіртек тесіп тартысып отырғаным — осы алтыншы еді, қандай болды өзі? Дода-дода болған жоқ па?

Ғ а з и з. Алтыншы тоқсан бес үй ме еді осы?

Ә б д і л д ә. Тоқсан бес, бұрын екі қырық бес үйден болып, арадағы бес үй — Байсалбайға таласып едік қой. Бүгін міне — Төлеш келген соң, бұның қайны келді. Демеужан келіп еді, оның қайны келді. Он бес үйді Төлештердің өзі әкеліп отыр. Енді жеңілмеген несі қалды? Өзге старшындарым таспадай. Бейсембінің кеудесіне мінгенім емес пе енді? Төлеш (Ғазизге). Сен сайлаудан хабар білдің бе? Қалба болысы сайланып болып қалған жоқ па осы? Ғ а з и з. Хабар білдім. Сайлаушы келді. Менің жолдасым екен. Бүгін көріп сөйлесіп, жаңа осы үйден аттандырдық. Ә б д і л д ә. Жылқыда кім бар, бағанағы кісілерің түгел қалып па еді? Осы жылқының артынан қуып келе ме деп отырмын. Т ө л е ш. Келмейді деуге болмайды. Бағанағы кісілердің бәрін де тастап кеттім. Сөйткенмен ал-бұл болса, дайын отырған лайық болар еді.

Қымыз жиылады.

Ә б д і л д ә. Мен таңертең жұрттың бәріне хабар жібергенмін. Бүгін ұрыс болады, дайын отырсын деп, жиылатын шығар бәрі де. (...)

Д ә м е ш. Ууһ!..

Ғ а з и з (Дәмешке қарап). Қуғын болса, келіп қалатын уақыт болды ғой, ешкім келе қоймас. Олар жығылып отырған жақ қой. Төлеш. Олай деме! Тегі, жығылып отырған жақ ожар болады мұндайда. Зорлық көрген кісі сықылданып отыр ғой олар.

Тыстан дауыс естіледі.
Д а у ы с. Төлеш, Төлеш, ойбай, келіп қалды.
Күләш. Құдай-ай, сақтай гөр!
Д а у ы с. Төлеш... Бол, атқа мін енді!

Төлеш. Қазір! (Қамданады.)
Ә б д і л д ә. Ай... жылқы қайда?
Дауыс. Жылқыны ауылға айдап келдік, қуғыншылар кейін келе жатыр.

Ә б д і л д ә. Алдынан шығып ұрыс салыңдар, жолатпаңдар. Енді неге тұрсың өзің? Шап!

Ғ а з и з. Мен де барамын (Қамданады.)
К ү л ә ш. Жасаған ие-ай, сақтай гөр!
Ә б д і л д ә. Өліспей, мал берме түге! Бетін қайырмасаң, асып кетеді.
Т ө л е ш. Ой, тәңірі-ай, біз де еркекпіз ғой, не қыла қояр дейсіз?

Әбділдә. Бәсе не қылушы еді, аямаңдар! Ай, Ғазиз! (Ғазиз тоқтайды.)
Ғазиз. Немене? (Төлеш шығып кетеді.)

Әбділдә. Бұндай жанжалда алды-артыңды болжап алмасаң болмайды. Мына Төлеш бірбеткей тоңғалақ шығар деймін. Сен олай болма!

Ғ а з и з. Иә, айта беріңіз.

Ә б д і л д ә. Жау көп болса, сен мынаның жасақшысы болмай, ара кісі болып: сөйлестірейін, жауап берейін деп, бетін қайтара тұр. Оған шекті біз де артымызды жиып аламыз. Егер аз болса, топылдатып түсіріп алып, тегіс байлап әкеліңдер. Онан соң, не болса да, көрерміз.

Ғ а з и з. Дұрыс.

Әбділдә. Бар. Мен де шығайын, қазір қалған елге хабар беріп, жасақшы жиып барайын (Екеуі де шығады.)

ІV к ө р і н і с

К ү л ә ш. Еркем-ай, зәрем ұшып тұр ғой. Құдай-ай, сақтай гөр! Дәмеш (күрсініп). Күләш-ай, мен де қорқып отырмын. Тоқалдың анау күні түнде айтқан сөзі жаман еді. Сол сөзі есіме түссе, зәрем кетуші еді. Құдай-ай, қайырын бер (Ағаш даусы, «қайт-қайт», «түс аттан», «қырамын, жоямын» деген сөздер естіледі.) Күләш (есікке қарай жүгіріп). Құдай-ай, не сұмдық болып кетті? (Есіктен қарап тұрып.) Ауылға көлігі қалыпты ғой. Кеселділер көп екен ғой.

Дәмеш (қорқып). Жеңешетай-ау, біз қайтеміз? (Жылайды.) Күләш (қарап тұрып). Жасаған-ай, жаман атыңнан сақта! Еркем, бір пәле болды, ұрысып жүр. Тоқалдың баласы да бар екен ғой. Алда-ай, сақтай гөр, жасаған-ай, сақтай гөр!

Д ә м е ш . Тәңірім-ай, өзің қорған бол, өзің сақта!

К ү л ә ш. Сәулем-ай!.. Төлешті көздеп жүр, а құдай!.. Ақсарбас! Айттым басымды жолыңа! Дәмеш (есікке таман жүгіріп). Құдай-ай, не пәлеге ұшыратасың? (Мылтық даусы естіледі.) Алла! (Кейін қашады.) Күләш. Алла! (Шошып кейін қашады.) Сәулем- ай, қарашы!.. Қарашы, зәрем кетті ғой. Жүрегі құрғыр сезеді ғой. Қарашы, сәулем, бар ма, тірі ме? Төлеш!.. Сәулем!.. (Жылап талықсып төсекке жығыла сүйенеді.)

Дәмеш (жылап). Құдай-ай, ақсарбас! Не күйге ұшыратасың?
Д а у ы с (тыстан). Ойбай-ай, бұ не деген сұмдық еді?

Бауырым-ай!.. Ойбай-ай!.. Түбіме жеттің-ау, тоқал! Ойбай, бауырым!.. (Ой, бауырымдаған көп дауыс естіледі.) Д ә м е ш (қатты жылап). Ойбай-ай, Күләш-ай, құдай ұрды ғой! Әлгі Демеужанның даусы ғой! Ойбай, не болды? К ү л ә ш (талықсып жылап). Не дейсің? Не дейсің? Құдай ұрды ма? Бақытым күйді ме? Алғаным! Сәулем! Ә б д і л д ә (жақындап келіп). Бейсембі, түбіме жеттің бе, Бейсембі? Қанды шелек-ай, не кегің бар еді? Арыстанымды сұлаттың ба? (Жылап.) Бауырым-ай, Төлеш-ай!.. Серігім-ай!

Демеужан. Жалғыз ағекем, бауырым?..

Күләш. Қуатым!.. Не болды? Қорғаным, не болды? Мені неге тастап кеттің! (Көп жылау, бәрі де ақырын жылайды.)

Д ә м е ш. Ағатайым, сүйенішім, жарығым!

Есіктен Төлешті көтеріп алып кіреді. Әбділдә, Демеужан, Ғазиз, тағы төрт-бес жігіт. Дәмеш қарсы жүріп Төлешті құшақтап.

Сәулем-ай, не қылды? Не болды? Кеселді дұспан аямады-ау! Тағы жылатты-ау! Күләш (төсекке сүйеніп тұрып талықсып). Құдай-ау, не күйге ұшырадым, не пәле туды басыма, жарығым-ай! Қуатым, медеуім-ай!.. (Әкелген жұрт Төлешті басына жастық салып жатқызады. Төлеш бүйірін басып бүктеліп жатады. Күләш құшақтап жығылып) Сәулем, не болдым? Қор болдым ба, зарладым ба? Ә б д і л д ә. Қарақтарым, қойыңдар енді. Төлештен әлі күдер үзгеміз жоқ. Сендер жыласаңдар, ауыр тиеді оған. Тоқталыңдар, өзі күйіп отырған жанды күйдірмеңдер!..

Демеужан (қасында отырып жылап). Қалқам, ағатайым, арманда кеттің-ау!
Күләш. Жарығым!.. Қорғаным, зорлық көрдің ғой, жалғыздық көрдің-ау!..
Д ә м е ш. Ағатай! Не болдық, не күйге ұшырадық?
Төлеш қолын сермеп, бәріне де ишарат қылады.

Ә б д і л д ә. Қойыңдар деп жатыр. Бірдеме айтқалы жатыр. Қарақтарым, тоқтаңдар енді (Төлешке.) Қарағым, не айтасың?

Т ө л е ш. Уһ-уһ (Ыңыранып.) Мені аясаңдар жыламаңдаршы!
Ә б д і л д ә. Қарағым, қойдық енді, жыламаймыз.
Бәрі үндемей, ақырын жылап отырады.

Төлеш. Уһ.. Менің күйігім жеткен жоқ па?.. (Бәрі шырын солқылдайды.) Тілеймін, жыламаңдар. (Жан-жаққа қарап.) Ғазиз қайда? О да тастап кетті ме?

Ғ а з и з. Мен мұндамын, ағатай!
Ә б д і л д ә. Мінеки, қарағым...

Төлеш. Отыр. Тоқтап. Аттың, әкем! Шешемді бауыры суық қара жер алды (Дәмеш жылайды.) Әкемді қаны суық өгей шеше дұспан алды. Менің жауым — мені қанға былғап отырған. Күндестің баласы... алды...

Дауыс (тыстан). Қуатым-ай, Төлеш-ай! Мен ит болдым ғой, жаздым ғой!..
Есендік кіреді.

V к ө р і н і с

Е с е н д і к. Жаңылдым ғой, миым айналды ғой... Мұндай болады деп пе едім? (Төлешті құшақтап, маңдайынан сүйеді. Бәрі жылайды.) Ә б д і л д ә. Неге келдің, қуарған? Қуарып неге отырмайсың үйіңде? Алдап кел деп тағы тоқал жұмсады ғой сені.

Д ә м е ш (жылап). Аға, түбіме өзің жеттің бе? (..) Төлеш. Мені баласына... атқызған тоқал... Тоқал кім? Ол сенің... қойныңнан... менің шешемнің төсегінен... шыққан шұбар жылан.. (...) (Қиналып.) Уү-уһ... Уү-уһ! (Бүктеліп.) Әттең, арманым!.. (Түзеліп.) Кегім... Тоқал! Қаныма ортақсың... уүһ-уүһ... ақыретте... Екі қолың-жағаңда!.. (Сұлық жатады, Есендік иман айтады.)

Күләш (жылап). Өңі бұзылып барады ғой... Сәулем-ай!
Әбділдә (бәріне қарап). Қарақтарым, Төлештерің үзілді.

(Ш ы м ы л д ы қ.)

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙