Біржан сал Қожағұлұлы туралы естеліктер мен естігендер
Біржан сал Қожағұлұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақ поэзиясын табан асты өлеңдерімен толықтырған – Біржан сал Қожағұлұлы. Ақын өлеңдері әнмен біте қайнасып кеткен. Халықты жаңалықты тануда ерінбеуге, тынымсыз еңбектенуге үндейді. Қаншама қиындық кездессе де тәуекелге барып, табандылық танытуды міндет етеді. Ақыл-білім арқылы адамгершілікті, ...
«ЛӘЙЛІМ ШЫРАҚ» ӘНІ ТУРАЛЫ
Аңыз Өзі өлсе д,е сөзі өлмей, қазақ халқының әнінің атасы болған Біржан жөнінде талайлар қалам тартып, оның асқақ әндерін, жан дүниесіне нәрлі азық бергені жөнінде аз айтылған жоқ. Сондықтан да ескерусіз әлде елеусіз келе жатқан бір ғана нәрсені оқырмандар есіне салғанмын.
Атақты Абай:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй!— деп еді ау! Дәл осы Абайша сүйген Ләйлі туралы бір аңыз әңгімені 1946 жылы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы алтын кені Степняк тұрғыны қарт Мұқаннан естідім. Бұл жер әнші Біржанның кіндік кесіп, кірін жуған жер. Оның топырағы да сол жерде. Қабірін көріп, қатты ойда тұрған маған қарт Мұқан:—Балам, жасым 87-де, марқұм Біржанның қырық шақты әнін де білем, бірақ бәрінен маған қымбатты да, қасиеттісі де — «Ләйлім шырақ» әні, бұл әнді Біржан бозбала күнінде Жолдыөзек бойындағы Қарауыл елінде салдық құрып жүрген жас шағында бір қызға ғашық болып шығарған екен. Сол қызбен көңіл қосқан Біржан қолға түсіп, аяқ-қолы байлаулы байдың ас-суы тұратын қараша үйіне қамалады. Кеше ғана оның айналасын қоршаған жігіт-желең, қыз-келіншектерден қадірменді құрбысына жан тартқан біреулері қолын шешіп, босатып жібергенде атына барса, бұрынғы шідері жоқ, атының аяғы тұсаулы екен. Қара түнде ауылдың сыртында атын ерттеп, шылбырынан ұстап отырып, осы әнге басқан екен. Ән шыққан жаққа жүгірген жастар Біржанды көріп, ауылға шақырады. Ол сол ауылдағы қадірлі бір адамдарына, қыздың жақын ағалары Көлбай мен Жанбайға апаруын өтінеді. Есіктен кіргенде «дәт» дейді.
— Айт, не дәтін, бар?— дейді Көлбай.
Сонда Біржан: атымның аяғынан алтын шідерім ұрланды, оны сенің қарындасың Ләйлі алды. Шідерім қымбат еді, ең кем қойғанда қырық қысырақ еді — деп тұспалдайды. Шіркін ғашықтық-ай десеңізші! Ол тосқауыл, тоқырау дегенді елеген бе? «Ғашықтықпен ойнама» атты пьеса жазған Испан халқының атақты драматургі Де Ла Барка Кальдерон (1600—1681) өзінің досына қиыншылықтан қорқып, ғашықтықтан тартынған бір фактіні сен айта алмайсың, кедергіні кесіп өткен, немесе өтпекші болған мына мен айта аламын — деген екен. Солай бола тұрса да қазақ қоғамының өткен өмірінде ғашықтық деген шығыс халықтарында болған дәрменсіз күйреуік, жылап-сықтау арқылы аяушылық, қайыр-қайырым іздеу, алласының атымен арыз айту сияқты нәрсе кемде-кем болған. Патриархал-феодалдық дәуірдің өзінде ғашық болған қазақ жастары әрекетсіз қалған емес, жалынды жарып, түнектің тұнығын шайқап, үстінде ойнаған ажал оғын серпіп тастап, мақсатына ұмтылғанда Біржанның:
Жайлаған Жолдыөзекті көп қарауыл,
Қызды ауыл, қымызды ауыл, қызықты ауыл.
Талпынған ғашығына от жүректің
Жалынын сөндіре алмас соқса дауыл,—
дегені (Мұқанның айтуынша) де осыған дәлел бола алады.
Сондағы Ләйліге арналған ән осылай басталады екен. Мұны қарауылдың атақты әншісі Жүсіпбек Қасымұлының ауызынан да естігенім бар-ды (ол 1924 жылы жетпістен асып өлген әнші).
Көлбай, Жанбай дегенге, Көлбай, Жанбай,
Шідерімді кім алды, Ләйлім алмай?!
Шідерімнің балағы алтын еді-ау,
Барамын сол себептен шыдай алмай!
хәләлім Ләйлім-ай-ай!
Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ
Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ,
Алтын болсын, жез болсын өзіме бер,
Бағасы шідерімнің қырық қысырақ!
(Қайырмасы)
«Ләйлім шырақ» әні осылай туады. Қызға ғашық болса да айтатын өтіл таба алмай, шідерді сылтау еткенін түсінген, жастық емтиханынан еткен қыз ағалары:— осы жігіт бір қызға татиды, теңі келсе, тегін бер деген емес пе — деп, Ләйліні Біржанға береді. Той тарқағасын, аттандырады, бірақ қызды ертіп апаратын кісі болмайды. Өйткені қалыңсыз берген қызға ноқта байлап келген құда болмағасын, апарып салуға болмайды, аяқтай өздері кетуі керек. Біржан мен Ләйлі арада екі қонып, үшінші күні шағалалы (Степняктан он сегіз шақырым) басында отырған ауылына жақындау жерге Ләйліні түсіріп, озып ауылға келіп, жеңгелері, жастар Ләйліні келін түсу дәстүрі бойынша ауылға әкелген екен. Ләйлі әні басында ұзақ бір ауыз өлеңді Біржанның өзі үшке бөліп, үш түрлі әнмен айтатын еді,— дейтін Мұқан қарт. Тегінде сонан болса керек: «Ләйлім шырақ», «Шідер», «Көлбай-Жанбай» атты үш ән болып жүр. Бірақ бұлардың мазмұны — бір ғана — «ұрланған» шідері туралы Ләйліні сұрау. Текстің өзінде де ала-құлалық, сан құбылған жаңсақтық та аз емес. Әсіресе әннің қайырмасы хәләлім, ләйлім — нюанс мәнінде екіұшты мағына береді. Мұны Мұқан қарттың түсінігінше арабша хәләл-әйелім деп меншіктеу, яғни, менің әйелім — деген мәнде айтылды деуге де болады. Болмаса, әшейін халық ауыз әдебиетінде әлеуләй мәнінде айтылған деуге де болады. Біздің байқауымызша осының алғашқысы көкейге қонымды сияқты. Сонымен қатар, қалыңсыз қыз беру сонау ерте заманнан келе жатқан, ғұрып, әдеттің сарқыны сияқты. Олай дейтініміз қазақ халқында кейінгі екі-үш ғасыр бойында қалыңсыз қыз берілгені туралы дерек жоқ, онан бұрынырақ та елдің ерекше шыққан батырға, өнерпазға қалыңсыз қызды берген фактіні жиі кездестіреміз. Әнді қай халық жек көрді десеңізші! Сонда басқа халықтардың көпшілігі музыканы асыра бағалайды да, әнді соның тасасында қалдырады. Ал қазақ халқы ән дегенді музыкасымен қоса түсініп, рухани мәдениеттің ең жоғарғы сатысына көтереді. Шарықтап қалқып, құдия құйылған асқақ ән қаны қарайып, көзі қанталаған қаһарлы қолдың қылышын қағып тастап, жауының жүрегіне жол тауып, ашудың алмасын да ерітеді. Біржан әнінің бірі «Ләйлім шырақ» та оның өз орындауында дәл осылай болған ғой! Қалың ел Қарауылды жападан жалғыз жүріп жеңіп, аруын алып кетуі сырлы әннің сиқырлы күші ғой. Жақсы ән мен күй бір сәтке болса да қызған қорғасындай балқымайтын қатал жан жер үстінде кездеспейді,— дейді Шекспир. Сондай бір сәтті кезге, жүйрік тіл, ұшқыр қиял, асқан өнер Біржанды да бір қияға шығарған.
Шіркін, Біржан, қандай абзал жан едің!
Ғайнетдин Мұсабаев.
БІРЖАНДЫ КӨРГЕНІМ
1939 жылы июль айында Аманжолов екеуміз Көкшетауды араладық. Көкшенің сұлу жерлерімен бірге Біржанның, Шолақтың, Бекахметтің, Әпіш ақындардың туған жерлерінде болып солар жайындағы елдің ауыз әңгімелерін көп есітіп тыңдадық. Әнші, Тілеубайдың Ахметжаны, Еркесарының Мұқаны, Асантай күйші, Ысмайыл, Ысқақ деген қариялар, Шолақтың қызы мен баласы Біржанның ағайын жақындары бәрі бізге неше түрлі қызық әңгіме, өнер жәрмеңкесін ашқандай болды. Қасым толып жатқан жаңа ән-күйді жаттап қайтатын болса, мен қариялардың бірқатар әңгімелерін жазып алып едім. Олар Біржанның туған, өлген жылдарын, ата тегін таратып айтып берді. Жетісуға, Найманға барып, Сарамен айтысқаны жөнінде бірталай деректерді анықтап, әңгімені бабына келтіріп, майын тамызып шебер айтатын Тұран баласы Ысмайыл қария да сол кезде жетпістің ішінде, онымен құрбы Ысқақ қалжыңдап, Ысмайылдың әңгімесін мақұлдап, толықтырып, не сынап-мінеп отырады. Ысмайыл былай деді: Біржан Сарыарқадағы жәрмеңкенің барлығын аралап, орыс, қазақтың бәріне бірдей әнін шырқап салған адам ғой. Қоянды, Атбасар, Тайынша, Ботау, Ірбіт жәрмеңкелерін, Омбы, Семей, Ақмола, Қызылжар, Орынбор қалаларын да талай аралап көріп, сайран салған сабазың емес пе? Біржан орыстың, ноғай, башқұрт— суан, қырғыз, шүршіт, тағы басқа жұрттардың әндерін де білетін. Қояндыға барса, тез оралмайды. Алтай, Қуандық, Қаракесек, Сүйіндік, Найман, Тобықты елдерін аралап, ән салып жүретін. Қасындағы жолдас-жорасымен түгел олжалы болып қайтатын. Бір жолы Қояндыға барғаннан қайтпай, бірнеше ай тобықты Құнанбай ауылында болып, келер жылғы жәрмеңкеге қайта қатынасып елге келген. Құнанбайдың баласы Абайды осы жолы мақтап қайтқан екен. Сараның даңқын да Қоянды жәрмеңкесінде есітіп біліп келіп, қасына елден таңдап бір топ нөкер ертіп Сарамен айтысып жеңіп қайтыпты, Қасына ергендердің ішінде ағасы Нұржанның баласы Ахметжан, Атығай, Тоқабай дегендер болса керек. Сарамен айтысқаны жөнінде Біржан өзі — ондай ақын қызды өмірімде көрмедім, басы байлаулы әйел болғасын тосыла берді ғой. Әйтпесе алдыратын емес. Шаңын көрсетпес саңлақ еді. Кеудеге, есерлікке басып жеңдік деп кеттім, үйтпесе Сараға тең түсер адам жоқ,— деп әлде неше рет айтқанын жақсы білемін. Біржанның салған әнін бала кезімнен бастап естідім. Ол керемет әнші еді. Біржанның дауысы он-он бес шақырым отырған ауылға жетіп, даланы жаңғырықтырып жіберуші еді, шырқап ән салғанда тамағы, кеңірдегі ісініп толып, бас терісі, бет-ауыздары тегіс өзгеріп, басында да тақиясы бір орында тұрмай әрі-бері қозғалып билеп жүретіндей көрінетін. Мұндай күшті, зор дауысты естігеміз жоқ, ақырын шырқағанда аспан асты, жер үсті қалтырағандай жер-тау қозғалып, көл шайқалғандай болушы еді. Байлаулы жатқанда Біржанды әлденеше рет көрдім, жылап еңіреп өлеңін айтып, қалжырап барып ұйықтап кетеді. Шошып оянып, тағы да өлең айтатын. Есі бірде бар, бірде жоқ сияқты. Жүдеу, сақал, шашы ағарған, алынбаған, көзімен ежірейе қарағанда өткір еді, өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Біз жас жігіттер сонысынан қорқып, шыдай алмай шығып кететін едік. Бір барғанымда қасында екі-үш шал, бір кемпір отыр екен. Жайбарақат әңгімелесіп, жасындағы көрген қызығын есіне түсіріп, ел жайын сұрап, алыстан жолаушылап қайтып, өзінің ағайын, ел-жұртының жайын білгісі келгендей халінде екен. Шалдар берген сұрағына тиісті жауабын айтады. Бір кезде жалынып аяқ-қолын шешкізді онда да тыныш отырды, өзімен өзі сырласқандай, домбырасымен сөйлескендей күбірлеп отырды. Шалдың бірі сыбырлап «тары бүлдірмесе жарар еді» деп еді, соны құлағы шалып қалды да, Біржан — ия бүлдірем, дүниені бүлдіріп-ақ келгемін, бүлдіріп кетем деп, қолына түскен нәрсені лақтырып қирата бастады. «Шалдар сорлы-ай! Бишара-ай» деп, ауру Біржанды қоршап, қайтадан қол-аяғын байлап тастады. Біржан ешкіммен тіл қатпай сұлық түсіп жатты. Шалдар енді тимеңдер тынықсын, деп шығып кетті. Біз де бірге шықтық. Біржан ауырып жынданды десе де, төңірегіндегі елге қадірлі болды. Оның көңілін сұраған жұрт ағылып келіп жатты. Керей мен Елтоқ елі құдандалы: ауыл арасы жақын ғой. Біздің төңіректе Біржанды мінеген адамды көргеміз жоқ, бәрі де өнерін асыра мақтап, соңғы кезде ауруға шалдыққанын айтып аяйтын еді. Жанбота тұқымыменен Біржан, оның, ағайындары тату-тәтті құдандалы еді. Бұлардың арасында араздық болған емес, қайта олар, оның балалары бәрі Біржан арқылы Қожағұл әулетімен дос болып кетті. Біржан ел аралап, әсіресе біздің Елтоқ ішіне келгенде қасына бір топ нөкері болушы еді. Бір-екі рет сол топтың ішінде, Шолақ бәрі келді. Ол кезде Біржан қария ел ағасы сияқты да, Шолақ жас жігіт, есер, мақтанып сөйлейді. Бірақ Біржанның алдында кішілік, сыпайылық сақтайтын. Ал Біржан жасына қарай, салмақты мінез көрсеткен жоқ. Сол Шолақпен қасындағы нөкер жігіттермен замандас, құрбыларындай күліп ойнап, әзілдесіп отырғандығын елде жасы үлкен қариялары ұнатпады. Пайғамбар жасына келсе де, мынаның жыны басылмаған екен, жын-шайтан билеген адамға дауа болмас деген сөздерді естігенім бар. Қасындағы Шолақ тағы басқа жастардың қыз-келіншекке айтатын қылжақ сөздерді көбірек айтса, Біржанның қышыған жеріне тиетіндей; жаны кіріп балаша мәз болып отырады. Біржан қартайғанда, өте сыпайы, сәнді киінетін. Ол есер емес, тәкәппар да емес, сәнді салтанатты адам болатын. Ауыл аралас, қой қоралас отырған жапсарлас Керей мен Майлыбалта елінің арасында дау-жанжал, барымта, партия тартыстары бірде өршіп, бірде бәсеңдеп жүріп жатқан мезгілдерде, Біржан ондай тартыстардың ешбіріне мән бермей, халықтың бәрімен де тату-тәтті достасып өзінің ойын-сауық, әндерімен шұғылданып күліп-ойнап жүре береді екен. Осы мінезіне қарап, Керейдің кейбір шонжарлары ел намысын жоқтай білмес есуас деп Біржанды талай рет кінәләпті. Біздің төңіректе дәл Біржанның өзіне пар келер өнерпазды көре алмадым. Шолақ алдыменен палуан ғой, Керей ішінде Бөкеннің Хамиті, Сары балаларынан Бекахмет пен Мариям, біздің елдегі Мұқан бәрі де сол асылдың сынығындай әншілер ғой.
Жазып алған Есмағамбет Ысмайылов.
ЕСТУШІЛЕРДЕН
Көкшетауда «Қазақстан» деген совхозда тұратын Мейірбанұлы Ілияс ақсақал Біржан туралы әңгімесін былайша бастайды:
— Менің жиырмаға толмаған бала кезім еді. Бір күні біздің ағамыздың отауының алдына үш атты адам келіп сөйлес қылып түсе қалды. Жайланып қымыз ішіп алған соң қонағымыздың бірі төрде керегенің басында ілулі тұрған домбыраны алып безілдетіп тарта бастады. Бұрын ол домбыраның дыбысы ондай шығып көрмеген еді. Біз таңырқай тыңдап қалдық. Жөн сұрасақ Біржан екен. Отау кәрі-жас, ер-әйел демей лық толды да кетті. Біржанның бұрын естіп жүзін көрмеген жұрт бір-бірінен шүйінші сұрағандай болды. Көпшілік бір-екі ән салуын сұрады. Ол кісі басқаларша бөгелген, маңызданған жоқ. Орнынан қозғалып көтеріліп қойды да, «Бурылтай», тары басқа бірнеше әнге салып кетті. Отаудың манағы толғаны — толған ба, тамашалаған жұрт үйді көтеріп кететіндей болды. Бір кезде үлкен үйден біреу келіп қонақтарды сонда шақырды. Жастар жібергісі келмей, есікті босатпай тұрып алды. Өйткені үлкен үйге барса, өлең-ән болмайды ғой. Әрі-беріден кейін әкем келіп: «Ашыңдар есікті, кейін тұрыңдар»,—деп айғай салды да, үйге кіріп жас қонақтармен амандасты да: «Үлкен үйде алыстан келіп жатқа« қонақтар бар, сонда барып әңгімелесейік»,— деп Біржанды ертіп алып шықты. Жастарға:
— Әнші бүгін аттанбайды, осы ауылда өлең айтады, ән салады, тыңдаңдар, қапы қалмаңдар,— деді.
Біржан бір жұма қонақ болып ән салғанда, бір өлеңін, әнін қайталамады-ау десті елдегілер. Бір жұмадан кейін, біздің ел де, Әжібай елі де Біржанды жақсы сыйлап аттандырды. Ол кісі мал алмайды екен, алатыны үлкендерден киім, шапан, жастардан орамал, тана моншақ, күміс сақина-жүзік екен десті. Біржандар бір күн бұрын аттанды. Артынан саз болғанда Ораз атамыз былай депті:
— Біржан, Ақандар өнерге, өлеңге, ән-күйге бола жаралған адамдар ғой, осы мына Біржанның бойында қызуы бар екен,— дегені есімде.
Содан кейін мен Біржанды екі-үш рет көрдім, соң да Ораз атамыздың Біржанның әншілігіне сүйсініп айтқаны күні бүгінгідей құлағымда тұр. Біржан маған орта бойлы, аш өңді, ақ құба селдір шоқша сақалды, қара мұртты, қырғи қабақты, қара қасты, өңі күлімдей қарайтын адам көрінді. Ал үстіндегі киімі сол кездегі адамдардың кигендерінен тіпті өзгеше болатын. Кең жағалы ақ көйлек, дөңгелек етекті оқалы камзол, сыртында көк ала қаптал шапан, басында үкілі құндыз бөрік, үкісі бұлғақ-бұлғақ етеді. Қалтасында күрең шұға тақиясы бар екен.
БІРЖАННЫҢ БАЛАЛАРЫ — ТЕМІРТАС ПЕН ҚАЛКЕН
Көкшенің шығыс жақ етегінде, Бурабай көлінің жағасында, шамасы, 1901-1904 жылдары ағылшынның Боргул деген капиталисі консерв заводын ашып, сол маңның еңбекке жараған адамдары заводтың жұмысын істеді. Біз де көп жыл сол заводта жұмыс істедік. Біржанның баласы Теміртас 1916 жыл осы заводқа жұмысқа түсті. 1918 жылдан бастап осында милиционер болып істеді. Теміртас келісімен елмен танысып, араласып кетті. Жастардың ойын-сауық тойынан қалмайтын, сүйікті адам болып алды. Теміртас ұзын бойлы, сида, ашық өңді, кең маңдай, қара қасты, қыр қабақты, мойыны ұзын, жарау қара торы жігіт еді. Теміртастың мінезі сыпайы, сөзге шорқақтау, сөйлегенде орысшаны араластырып отырушы еді. Теміртасты құрметтеп, бір күні біздің үй қонаққа шақырды, ол қасына екі жолдасын ертіп келді, сонда менің әкем Теміртасқа: «Кешегі жақсының баласы екенсің, әкең Біржан әкемізбен дос еді, жыл сайын келіп, өлең айтып, ән салып, думан қылып кетуші еді, мына төр әкең отырған орын, енді сен отырсың. «Атадан ұл туса еді, ата жолын қуса еді» деген сөз бар, атаңа тартып жақсы бол, талабың қайырлы болсын»,— деді. Теміртас бұл жерде салмақты, сыпайы сөйлесіп отырды. Бір кезде: «Салдың баласы қонақ қаде айтсын!»—деген ұсыныс болды. Сол-ақ екен, отырғандар Біржанның әндерін сөз етіп кетті. «Сал әнін төмен бастап, көтеретін жеріне келгенде, әнімен бірге өзі де көтеріліп, дөңгеленіп, өлеңі біткен соң орнына қайта келіп отырушы еді» десті. Даусының күштілігі сонша, терезе әйнегі зіркілдеп, ілулі тұрған поднос, от басындағы құман-легендер бірге күңіреңіп тұрушы еді» дегенді де айтысып жатыр. Біреулер: «Біржанның шырқаған даусы естілгенде, мал сауып отырғандар сауынын қоя қойып, малдарын исіндіріп алушы еді»,— деді. Біржанның «Аққайын,», «Бурылтай», «Көлбай—Жанбай», «Ләйлім шырақ», «Көкей кесті» әндері сөз болып, әңгіменің өзі думанға айналды. Теміртасқа өлең айттыру деген сөз қайта басталды. Бір кезде, Теміртас қысылып, көптің тілегінен құтыла алмайтын болған соң:
— Менің елеңмен зауқым жоқ еді, алайда, бірдеңе айтайын,— деп, жаңа әнмен жаңаша бірнеше ауыз өлең айтты, оның бұл өлеңі бұрын біз естімеген, оны біз қызығып жазып үйреніп алып, елге таратып та жібердік.
Теміртас бұл қызметінде екі-үш жыл істеп, сонда жүріп, бізге жақын Сатай деген кісінің Күлжәмила деген қызын алып, еліне көшіп кетіп еді. Содан кейін 1924 жылы, қызмет бабымен сол елге барып, жатар үйім Теміртастың үйі болды. Мен үш жылдай осы елде қызметте тұрып қалдым. Бұл кезде сауатымыз ашылып, сана сезіміміз көтеріле бастаған кез еді, мен Біржанның өмірі, балалары, басқа туыстарымен таныса бастадым... Теміртас әйелімен 1935-36 жылдары қайтыс болды. Біз Теміртаспен өмірінің ақырғы кезіне дейін дос болып, байланысып жүрдік. Теміртастан үш ұл: Шәріп, Мұхамметқали, Мұхаметжан, бір қыз: Жамал болды. Қазір Мұхамметқали мен Жамал үйлі-баранды болып отыр. Біржанның сүт кенжесі — Қалкен. Біреулер Біржан өлеңдерінде Қалкенді қоспау себебі не екен деген сұрау қояды. Сол елде Қалкеннің туғанын білетін адамдар былай дейді. Қалкен Біржан барында туып қалды, бірақ Қалкенді Біржанға көрсетпепті, өйткені ол кезде Біржанның сырқатқа ұшыраған шағы екен. Қалкеннің түсін көрген қарттар: «Япырай, салдың аузынан түсіп қалған, маңдайы, ерні, көзі, көз қарасы, нағыз Біржан»,— деп таңырқап отырушы еді. Қалкен орта бойлы, аш өңді, жұқа ерінді, қара қасты, келте мұрын, қыр қабақты, ақ құба жігіт еді. Қалкенмен замандас болып, кей кезде ойнағанда: «Салдың сүт кенжесі, салдың бар асылы сенде қалған болар, қане өлең айт, ән сал»,— деуші едік. Қалкеннің ойын-сауықпен әуестігі жоқ еді де, ол жағына келгенде, азарда-безер болып қашушы еді. Қалкен отырғанда шынтақтап, бүйірін таянып салдарша отыратын еді. Оның ол отырысына да біз салдың өзі болдың деп қалжыңдайтынбыз.
Қалкен, шамасы, 1896—97 жылдары туған болар деп шамалаймын.
Қалкеннің мінезі өте сыпайы, қырмызы жібектей қырық оралушы еді, Қалкеннің өмірі жетімдік, жоқшылық, жетіспегендікпен өтті. 1923-24 жылдардан бастап ол «Степняк» алтын заводының «Ермовка» деген бөлімінде смотритель болып істеді. Ол кезде өндіріс жағдайы жақсы емес, алтын жуатын жері шаң-тозаң болып, алтын жуған кезде, кислотаның көк жалыны тұман болып тұратын. Басқа уақытта су-дымқыл болып жататын. Сондай жағдайда Қалкен сырқатқа шалдығып қайтыс болды. Одан тұқым қалмады.
БІРЖАН МЕН БАЛУАН ШОЛАҚТЫҢ КЕЗДЕСУІ
Атақты Балуан Шолақтың баласы Құдайберген Шолақов Біржан мен өз әкесі туралы (1964 ж.) мынадай әңгіме айтты:
— Сырқаттанып жатыр деп естіп әкем әдейі барған соң, Біржан разы болып көңілденіп, масайрай бастапты. Әкем сол елде қасына Біржанды ертіп қыдырып тоғыз күн жүріпті. Ауырды-шалықты деген Біржан бір сыр білдірмей, кезегі келген жерде өлең айтып, ән де салыпты.
Әкеме қайтарда:
— Әй, қарағым Шолақ-ай, келгенің өте жақсы болды-ау. Шіркін-ай, жұрттың бәрі сендей болмады-ау!— деп разы болып аттандырып қала беріпті.
Бұлар аттанып кетіп бір жерге қонып отырғанда, артынан шапқын келіпті «Біржан қайта сырқаттанды, сізді шақыра жіберді»— деп. Әкем: «Алдымда барайын деген жұмысым бар еді, екі-үш күннен кейін барам»,— деп қайырыпты. Біржанның сырқаты содан меңдей ауырлай беріпті, оны әкем сырттан есітіп, меңдеп кеткен сырқат қой, енді болмас деп, қайыра оралмапты.
БІРЖАННЫҢ ЖҰБАЙЫ ӘПІШ ТУРАЛЫ
Біржанның Нұржан деген туған ағасының Сыздық деген баласына қосылған Рахия деген келіні (қазірде Павлодар да тұрады) мына әңгімені есіне алып маған жазып жіберді. «Мен 1914 жылы Сыздыққа қосылдым. Сонда біздің үйлердің үлкені Әпіш шешеміз бен өз шешем (Нұржанның әйелі) болатын. Әпіш шешеміз ұзын бойлы, сұңғақты, ат жақты, қыр қабақты қара торы адам еді. Теміртастың бойы, өңі, қас-қабағы шешесіне тартқан болатын. Шешеміз ақыл иесі, терең ойлы адам еді, оның ондай қасиетін бертін келгенде үлкен адамдар қадірлеп айтып отыратын: «Осы Әпіштің ақыл-ойы адамнан артық, шыққан тегі жаман адам емес, осы төркінінің жоғына қарағанда, перінің заты болар», дейтін. Осы шешеміздің айтқаны бойынша мына бір оқиғалар есімде қалыпты. Атамыз Біржан серілік — салдықпен ел кезіп, «Қыр» еліне барыпты. Бір жерде өлең айтып, ән салып, тыңдаған халықтың құлақ құршын, мерейін қандырып, ойын тарқар кезінде, шешемізді көріп қалады. Ол бой жетіп отырған қыз екен. Екеуі ымменен сырласыпты. Ауызба-ауыз сөйлесуге көптен қаймығып тарасыпты. Сол кезде бір ауылда ойын болып, бұлар сонда барыпты. Сол жерде сөйлесіп бірін-бірі сүйетінін айтыпты. Солай бола тұрса да, қалың елдің ішінен жалғыз жүрген әнші қалай қыз әкетеді, соның ебін таба алмай дағдарысып қалған кезде Әпіш шешеміз ойлап ақыл тауыпты:
— Сері, мына ел кешеді. Бұл жерден ұзайды. Сен де бұл елден кет те, бір жұмада мені мына моладан тап, мен сонда келем, тірі болсам сенімен кетем, сенімен кетпесем, өлсем осы молада өлем. Менің орным осы мола болып қалсын,— депті.
Атамыз елден аттанып кетіп қалған болады да, ана ел көшіп екі-үш күндік жерге кеткенде, төрт күннен кейін оралып келсе, анамыз Әпіш сол молада отыр екен. Бұл жерге келгеніме екі күн болды депті. Сол бойда екеуі түнделетіп жол жүріп, күндіз жапан түзді паналап ел шетіне жетіпті. Шешеміз содан кейін ел-жұртын көрмепті, оны іздеп ешкім келмепті. Ол: «Менің елі-жұртым, туған-туысқаным осы сері ғой. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұстап келдім ғой, мені жұрт не десе о десін!»— деп отыратын. Шешеміздің көңіліне қарап, елі-жұртын біз сұрамайтынбыз, осыдан басқаны ол кісі айтпайтын. Біржан атамыз бертін келе Сараны екінші рет тағы іздеп бармақшы болыпты. «Мына әйеліңді, көрінген балаларды қайтесің, бір жерде қаңғырып жүріп өліп қаласың»,— деп Нұржан атамыз разылық бермепті. Сонда Әпіш шешеміз ақылға жеңдіріп, рұқсат әперіпті. Атамызға: «Мен Салдың атағын күтіп, жас бөбектерді бағып отырам. Сал өлең-әнге бола жаралған адам ғой, жолы болсын»— депті. Бірақ, жолдың ұзақтығынан, қолының қысқалығынан Біржан атамыз елден ұзап шыға алмапты.
БІРЖАН САЛҒА МҰСА БЕГЕНҰЛЫНЫҢ АҚЫЛ БЕРУІ
Біржан сал алыстан Сараның ақындық-айтқырлық даңқын естіп, қайткенде іздеп барып онымен айтысуды арман етеді. Жол алыс, ел шалғай, оған мықты жолбасшы адам, алыс жолға талмайтын көлік керек болады. Бұл екі араға сауда жолымен жүретін керуендер күз кетіп, келер жылы жаз қайтады екен. Жолдың алыстығын жолдағы шөлейт сусыз даланың қиындығын ел жақсы білетін де еститін. Біржанға еріп ит арқасы қиянға бірден мен барам деп жолдас шыға қоймайды. Осы дағдарыспен арада екі-үш жыл өтеді, бірақ барам деуден Біржан қайтпайды. Барам дегенін ақылдасқан ел адамдары мақұлдай да қоймайды. Өйткені алыстағы Найман елінің Біржан елімен еш байланысы жоқ. Сарамен айтыссын, жеңсін-жеңілсін, ол елге түсер пайда жоқ. Өйткені Найман — алыстағы ел. Бірақ әуелгі ниетінен қайтпай Біржанның елден жалғыз шығып кетіп бара жатқанын көріп амалсыздан немере туысы Ахметжан еріп шығады. Бүл екеуі Ақмолаға дейін келіп одан аса, Қуандық — Сүйіндік, Алтай — Тоқаны аралай отырып, руы Жауар Мұса Бегенұлының үйіне келіп түседі. Мұса жасынан Бекетші болып ұлықтардан сый алған адам екен. Мұса көп елді аралап, көп жүрген адам екен. Ол үйіне қондырып, Біржанның өлең-әнін естіп жөн сұрайды. Ақыры бір жұма үйіне жатқызып ақыл айтады. Мұсаның ақылы былай болады:
— Найманға тура барам деме, жолдың алыстығына қарамай ел аралап, Ертіс жағалап, Семейлетіп Аягөз арқылы бар.
Ол елдің шетіне барған соң, Сарамен айтысуға келемін деп жар шашпа. Қайткенде тар жерде, ойланбай қапылыста соқтық. Руым Керей елімін деме, Орта жүзде Керей аз ел. Онда жеңілесің. Орта жүздің аруағын көтере, Арқаның бұлбұлымын де, Арқаның басты адамдарын, байларын біліп алып, Найманның ер азаматтарымен ерлік дәрежелерін жарыстыр. Найманның басты адамдарын біліп алып, Сараның кіммен айтысып, кімнен жеңіліп, кімді жеңді, мақтаныш ететін қандай адамдары бар екенін біліп ал деді. Біржан елден жеке шығып кетсе де, Сарамен айтысып жеңіп қайтуына, Мұсаның ақылы да себепші болды. «Біз елдетіп жүрмесек, жалғыз атпен Найманға жете алмас едік те, Найманның ақыны Сараны жеңе алмайтын да едік. Біржанның руым Керей демей, жалпы Орта жүздің атақты адамдарын, байлығын мақтан ету себебі де, осы Мұсаның ақылы болды»— дейді Ахметжан.
Әрі қарай Біржанның жол серігі былай депті: «Біз елден екеу шықсақ-тағы, жүре бере, Найман елінің шетіне барған соң, әр жерден адамдар қосылып, Найманға жеткенде жиырма-отыз адам болып кеттік». Ел шетіне барған соң Мұсаның айтқанын істеп, Сараның өсегіне дейін сұрастырдық. Сүйтіп, жиналып барып Сарамен айтысты. Біз бұл жолы көп олжамен қайттық. Олжаның басын әдейі бұрылып барып Мұсаға қалдырдық, бірақ Мұса үйінде жоқ болды. Осы сапардан қайтып келген кезде, қоныстас отырған Атығай-Керей жерге таласып араздаса бастады. Мұндай жағдайда Біржан елді тастап безіп көршілес ауылдарға кетіп жүрді. Берекесі кетіп дау қуған ел Біржанның салдық мерейін көтере де қоймады, немқұрайды қарады. «Шамның жарығы түбіне түспей, маңына түседі» деген бар ғой. Біржанның өлең-әндері туған елінен де маңайдағы елге көп тарау себебі де осы»,— дейтін. Әңгіме етіп айтушы Кенжеболат Қосмағамбетұлы, Біржанның аталасы Мырзахмет Мұсаұлы (90 жаста) және Асқаров. Мұсаның туған жиені халық ақыны Хафиз Асқарұлы (60 жаста).
БІРЖАН, ШЫҢҒОЖА1, ШОЛАҚ БАЛУАН ТУРАЛЫ
Бекахмет Байғожаұлы деген әнші болған. Ол Біржанның шәкірті, жерлесі болатын. Кейін Біржан әндерін көп айтып елге таратушылардың бірі болған. Сол кісі айтып отырушы еді деген мына әңгімені Бекахметтің құдасы Қасен Қожахметұлы баяндап берді. Менің жігіт кезім. Шағала көлінің бойына Сухотин қаласы (қазіргі Тайша станциясы) түсіп, сол жерден июль айында жәрмеңке ашылды. Сол жәрмеңкеге үлкендерге еріп мен де бардым. Күндіз базар аралаған ел кешке орындарына келіп орналасқан соң, олар өз іштеріндегі неше түрлі ақындарды, сөз білгіш шешендерді, әнші өнерпаздарын айтыстырып, нағыз қызық осында болады екен. Бір кезде бір үйден өлең айтқан дауыс шықты, соны тыңдай бергенімізде, екінші үйден бір үн аспанға көтерілді. Жиылған жұрт сол үйге ағылды, солардың арасында мен де барып үлгердім. Қарасам, төрде тоты құстай түрленіп, қос шекті домбыраны безілдетіп, ақ көйлектің жағасын ағытып жіберген, үстінде жамылып отырған көк торғын қаптал шапаны бар, ақ пайы орамалмен терін сүртіп біреу отыр.— «Бұл — Біржан, Біржан сал!»—деседі. Біржанның оң жағында өзіміздің Шыңғожа (Шікең) отыр. Ол біздің бұрын елде көріп жүрген Шікең сықылды емес. Біржан ән салып тоқтаған кезінде қолындағы домбырасын баптап шертіп, қоңыр күйге, зарлы сарынға басып, кең дарияда қалқып жүзген аққудай шалқып отыр. Одан төменірек, денесі кесек жұп-жұмыр, тұғырда отырған алғыр бүркіттей қомданып жас біреу отыр. Ол Шолақ балуан екен. Бір кезде ол да жуан қоңыр дауысқа салып әнді қоя берді. Сол кезде тыстағылар үйді жығатын болған соң, әншілер тысқа шығып, кезек-кезек ән салды, күй тартты. Сөйтіп, таң атқанша далада отырды. Жұрт алқа қотан отырып алған, басқа ойын-күлкі жоқ, тұс-тұстан: «Ай пәле, көп жаса!» лап көтеріп жатыр. Сол өлең айту, ән салумен отырғанда, таң да атты. Келер күні жан-жағымыздағы көрші ауылдардан ән-өлең, күй тыңдаушылар жиналып келіп қаптап отырып алысты. Тағы думан. Іңірде Шолақ балуан ат ойынын көрсетті, артынан тағы өлең, ән, күй тартылды, тары таң атты. Бір кезде көптің арасынан біреу орнынан тұрып:
— Уа сабаздар, міне бірнеше күн болды. Тайшаның жәрмеңкесін думан қылдыңдар, көп жасаңдар! Шіркін-ай, Біржаны, Шыңғожасы, Шолақ балуаны бар ел қандай көрікті,— деп дуылдасты. Бүгін жәрмеңке тарайды, сіздер топтарыңмен біздің ауылға жүріңдер!—деді. «Бұл кім?»—деп сұрап едім, «Бұл — Махамбет» ,— деді жұрт. Келесі күні жәрмеңке тарарда, елдің аузында Махамбеттің айтқан жалынды сөзі болды. Осы сөзді айтып жұрт ауыздан-ауызға тарата жөнелді. Содан кейін елге бұл сөз мақал болып кетті.
Бұл жәрмеңкеден мен де олжасыз қайтқам жоқ: бұрын көрмеген Біржан мен Шолақ балуанды көріп, әндерін естідім. «Ағайынның қадірі жоқ» дегендей, Шікең елдес болған соң, қадірін білмейді екенбіз. Біржан мен Шолақтың қасында отырып зарлатып күй тартқанда Шікеңнің жекеше қасиетін сонда көрдім. Бұл жәрменкедегі екі-үш күн көрген қызығым маған бір жыл оқып үйренгенмен тең болды. Мені жұрт әнші дейді, міне мен сол әншілерден үйрендім, бұл әнді сондай өнерпаздарды керген мен айтпағанда, кім айтады!— деп әрдайым осы әңгімені Бекахмет әнші айтып отырушы еді. Біржан өзінің әдеті бойынша ел аралап, сауық-сайран құрып келе жатып Байғожа дегеннің үйіне іңірде қонуға рұқсат сұрап түсе қалады. Күн жауын екен. Үй иесі Байғожа ықыласты болмай, үйде қонақтар бар еді, қонсаң қон дей салады. Аты-жөнін сұрамайды. Біржан үйге кірсе, шынында үйінде қонақтары бар екен. Қонақтардың үлкендері домбыра тарттырып, өнерлі өлең білетіндеріне өлең айтқызып гулесіп жатады. Бір өлеңшінің домбыра тартқанда бір-екі пернесі орнында болмай бөгет жасайды, дыбысы түзу шықпайды, оған қараған әнші болмайды, қызыл кеңірдек болып өлең мен әнді төпей бастайды. Отырғандар «Уай, пәле!» деп көтеріп, мақтауларын беріп жатады. Сонда біреуі:
— Жігітім, домбыраңның үні келіспей отыр, мынау айтып отырғаның Біржан салдың өлеңі мен әні ғой, оған келтіре алмай отырсың дейді. Өлең айтушы оған намыстанып:
— Ой, Біржаның кім еді, былтыр Атбасардың базарында мен оны әннен отырғызып кеткем,— деп мақтанып көпіреді. Біржанда үн-түн жоқ. Бір сәтін күтіп отыра береді. Бір кезде отырғандар желпінуге далаға шығады. Сол кезде Біржан домбыраны ала сала:
— Біржанды әннен тоқтатқан әншінің домбырасы!— деп пернені түзеп, домбыраны тартып-тартып жіберіп, орнына қоя қояды. Оны сол үйдің әйелі байқап қалады.
— Қонақтар үйге кіріп домбыраны қайта тартса, манағыдай емес, үні басқа шығады. Отырғандар:
—Е-е, жаңа түзелді ғой, қалай түзедің?— деп гулеседі. Біреулер:
— Міне, Біржан осылай тартатын,— деп сүйінеді. Әңгіменің бәрін естіп бағып отырған әйел, күйеуіне, отырғандарға:
— Мына қонаққа да бір кезек келген болар, домбыраны беріңіз,— дейді. Біржанға домбыра тиген соң, әнді шырқап жібергенде отырған үйге жұрт лық толып кеткенін ешкім аңғармай қалады. Басқа әңгіме, ішілетін ас бәрі ұмытылып қалады. Ызаланып алған Біржан ән мен өлеңнен тоқтамайды. Адамға, шырқалған дауыс та үйге симай тарылып дем алу қиынға айналған кезде, Біржан шаршап домбырасын қоя салады. Жөн сұрасақ, Біржан екен, үй иесі жаман масқара болып ұялып, бұрынғы қонақтардың көбін басқа үйге шығарып, Біржанды құрметке бөлейді. Манағы өлең айтып мақтанып отырған әнші ұялып түнде аттанып та кетеді.
Отырғандар Біржанға «Қалай шыдап отырдың?» деп сұрапты.
Біржан:
— Қайдан шыдап отырайын. Үйде пана болмады, далаға бірнеше шығып кірдім. Олар өлең айтқанда, делебем қозып шығып кетем, өлеңдері қойылған кезде үйге кірем. Тұншыққан адамша булығып әрең шыдадым,— депті.
БІРЖАННЫҢ ҮНІ, ДАУСЫ ТУРАЛЫ
Біржанның үні, даусы туралы ел ішінде мынадай аңыздар көп айтылады. Біржанды он бес-жиырма жасында көрген. 92 жастағы Айтжан Қонды баласы былай дейді: Бір жылы ел жаз Шағала көліне көшіп шығып, төл аяқтандырып отырған маусым еді. Бір күні кешке кенеттен бір үн, аңыз естілді. Мал сауып отырған сауыншы сауынын қоя қойып, отын ұсақтап отырған адамдар, балтасын көтерген күйі тұра қалып, мал қайырған адамдар да тоқтап тыңдай қалыпты. Бұрыннан даусына, үніне таныс адамдар: «Мынау Біржанның даусы, әнді қайда салып тұр екен? Мұнда келе жатыр ма екен?»—деп, жорамалдап жатты. Біраздан кейін, дауыс алыстай бастады, оның үні әркімнің құлағында қалғандай болды. Сол түні кәрі-жастың, барлық ауылдың әңгімесі «Біржан қай ауылда, кімнің үйінде ән салып отыр екен» деумен болды. Осы жоғарыда айтылған Шағала келінін, күн батысында Қотыр, Сейтен, Жабағы, Қатық, Қонды, Көшербай ауылдары деген орманды жағалай аралары төрт-бес шақырымдай қашықтықта отыратын ауылдар болатын. Біржанның осы салған әні осылардың бәріне естіліпті. Бәрі таңырқапты. Артынан сұрастырсақ, сол күні Біржан үлкен қара жолмен Жабағы ауылына өтіп бара жатып ән салған екен. Сол жолдан мына айтылған ауылдар он-он бес шақырымдай болады. 1925 жылы, сексеннің ішіне мол кірген Бейсеннің Қорқытбайы деген адам былай деді: Қазіргі Қонды жұрты мен Көшербайдың ауылының, екі арасы қалың орман еді. Иса ауылында бір жұмысымыз болып, жанымда Шайтім деген інім бар, келе жатыр едік. «Жол қысқарсын, Шайтім, өлең айт»,— дедім. Шайтім сол күнде жаңа шығып жүрген Біржанның «Қаудырлеттім»2 деген әнін айтып келе жатты. Кенеттен, екінші жақтан, алдымызда екі атты адам көрініп, бізді тосып тұрды. Біз жақындап келіп, сәлем бердік, біздің сәлемімізді алды. Бірі — Біржан екен, ол басқа сөзге келмей: «Әй, «Қаудырлетке» басып келе жатқан қайсың?»— деді. Мен:
— «Мынау менің інім еді»,— дедім. Сонда Біржан: Әй, сенің қаракөкті жылқыңда менің не жұмысым бар, ал енді менің «Қаудірлеттімде» сенің не жұмысың бар? «Қаудірлетке» бассаң, былай бас»,— деп, шырқап кеп жіберіп еді, қалың орман, сыңсыған тоғай жаңғырып кетті.
Содан соң Біржан: «Ал қош болыңдар!»— деп жүріп кетті.
Шайтімге қарасам, қара терге түсіп, қарадай булығып тұр екен, «уһ» деп демін алды.
БІРЖАННЫҢ БІР АТАЛАСЫНЫҢ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ӘҢГІМЕСІ Бірде әкем Сүлеймен Біржан туралы оның даусы мен әншілігі туралы әңгімелеп отырды.
— Әке сіз Біржанды білесіз бе?— дедім.
— Е, неге білмейін, көрдім де, бірінші көруім былай болды,— деді.— Қанжығалы елі мен Керей арасында құдалық болып, сонда мені балуан күресіне шығарды. Ол жақтың балуаны түйе балуан екен, алғызбады. Бір сәті абройы болып жамбасқа алып соғып жіберіп, үстіне шыққанымда, ызаланып үстінен босатпай құшақтап тұрғызбады. Біз сүйтіп арпалысып жатқанымызда, бір адам топтан шығып, ащы дауыспен:
— ЬІсмайылшы! Ысмайыл! Әй сені тапқан шешеңнен айналайын!— деп жетіп келіп, мені балуанның үстінен жұлып алды. Мен оны танымай, сөзіне түсінбей, артынан бұл кім еді, деп әкем Құлакеңнен сұрағанымда, ол Біржан сал, деді. Сонда ол кісі:— біз Ақсары-Құрсары Ысмайылдан тараймыз, соны ұран қылған ғой,— деді.
Әкесі Сүлеймен Құлеке баласынан естуі
бойынша әңгімелеуші Қаңтарбайұлы Көпен.
БІРЖАНДЫ САБАҒАН ПОШТАБАЙДАН ЕЛДІҢ КЕК АЛУЫ
Атығай ішінде Ақжолбайдың Айжан деген қызын Азнабайдың руласы Махамбетке айттырады. Бір жолы Біржан сол Ақжолбайдың үйіне келіп қонып, Айжанның құрметіне разы болып, «Айжанның разы болдым құрметіне» деген өлеңін шығарады. Осы өлең Азнабай мен Махамбетке жетіп, олар Біржанға наразы болады. Екінші Азнабайдың руласы Балғожаны Біржанның өлеңмен өлтіріп кеткені тағы бар. Осыларға намыстанып олар Біржаннан кек алмақшы болып поштабай Сайлыбайды жұмсайды. Поштабай Біржанды ұрмақшы болады. Біржан бұған назаланып Жанботаға өлеңмен назын айтса, Жанбота оны тыңдап, Біржанның намысын жоқтамайды. Біржанның «Жанбота», «Адасқақ» деген өлең-әндерінің шығуына себеп осы болған екен. Бұл оқиғаға Атығай — Керей елі наразы болады екен. Келесі жылы Азнабай Атығай, Қожағұлды, Бейсенді қонаққа шақырады. Олар шақырған жерге «Қу Сүлеймен» атанған ел адамын ертіп ала барады. Құрметті қонақтар түрлі сый-сияпатын көріп жатқанда, Сүлеймен тысқа шығып, баяғы Біржанды ұрған поштабайдан Біржанның кегін алу үшін жекелеп шақырады. Аңқау есер поштабай жетіп келеді. Қараса, поштабайдың түрі: сары бұжыр, шегір. шүңірейген көк көзі, қошқар мұрын, ұзын бойлы адам екен.
Сүлеймен:
— Жігітім, аман жүрмісің? Өзің мықты, алғыр, шабытты жігіт екенсің. Сені тапқан шешеңе болайын. Жігітім, осы сенің туысыңда бір көркемдік бар болар, шешен, қандай адам еді?— дейді. Аңқау поштабай:
— Я, шешем көркем сұлу адам еді, біраз жыл болды қайтыс болды,— депті.
Сүлеймен жұлып алғандай:
— Бәсе, «шөптің басы жел болса қимылдайды ғой», тегін кісі таз бола ма? Осы Азнабай да тегін адам емес қой, сенің, шешеңе көңіл қосып сені поштабай сайлап ұстап жүргені сол деседі ғой,— дегенде поштабай ашуланып жарылып кетердей болыпты.
Сонда Сүлеймен шарт жүгініп отыра қалып, былай дейді: «Қане жұрт, міне өздерің көріп отырсыңдар, осы біз Атығай — Керейдің баласы осы Азнабай мен оның мына жынды поштабайы үшін туыппыз ба? Былтыр қан базарда Атығай — Керейдің ардагер еркесі Біржанды ұрып зарлатты. Жанбота құдалығына сатылып, Біржанның жоғын жоқтамады, ол намыс Атығай — Керейдің намысы еді. Ал, міне көз алдарыңда, мені ұрам деп таптап береді, басқа жерде не істемейді, ал жұрт, мені арашаламаңдар, өлтірсін, Біржаннан артық емеспін,— деп, поштабайға өкпені көрсетіп қояды. Көпшілік, сөзден тосылып, «Поштабай, сенікі теріс»,— деп айып кесіп, поштабайдың атын Сүлейменге әпертіпті. Отырғандар:
— Сен, поштабай, тартар айыбыңды тарттың, бұл саған не қылды?— десе, поштабай айтпайды. Ал, «қу», сен айтшы, бұл саған неге өшікті?— дейді Сүлеймен:
— Жұрт-ау, мен бұған не қылыппын, түк жазығым жоқ, көріп отырсыңдар ғой, бұл есер поштабай, елге не істемей жүр, мен соның бір ғана кінәсін айтып едім,— дегенде, поштабай үйден шыға жөнеліпті. Сүлеймен оған:
— Сен былтыр, қашпа, қызық әлі алда,— деп кешегіден бергі сөз қайдан, қалай басталды бәрін айтқанда, отырғандар шек-сілесі қатып күліп, мәз-мейрам болып кенеліпті. Поштабай ашуланып, олар аттанғанша жоламай қойыпты. Елдің жігіттері поштабайды іздеп таба алмапты. Естіген Атығай — Керейдің адамдары Біржанның Жанбота жоқтамаған кегін Сүлеймен іздеп алды,— деп разы болыпты.
Сүлейменнің осы ісі елге жайылып кетіп, поштабай сол елге тұра алмай, көшіп кетіпті деп әңгіме қылып айтушы Қожахметтің Қасені деген кісі еді.
Жазып алған Қарта Қаңтарбаев.
«ЖАНБОТА» ӘНІ ТУРАЛЫ ЕСТІГЕНІМ
Бір мәжілісте Біржанның «Жанбота» әні шырқалып айтылған еді, ішінде Ыбырай мен Сұраған әншілер бар еді.
— Апырым-ай, Азнабайдың поштабайына бір зауал болмады ма екен?— деген сұрау туып қалып еді, сонда Ыбырай жұлып алғандай — пәли поштабайға, сол жиында дүре соғылып, бір ат-шапан төленіпті,— деді.
— Бір қария отырып, Ібекеңдікі дұрыс, мен де осылай есітіп едім деді. Бірақ, Ыбырай әңгімені одан әрі жалғап, «Жанбота» әнінің қалай шыққанын, Азнабай мен Жанбота арасында қандай жанжал туғанын Біржанның өз аузынан естігенін және Орекеңнен, Шыңғыс баласы Жақыптан тағы бірнеше ішінде болған адамдардан есітіп-біліп, Жанбота Біржан туралы әңгімені мен өзім Өрекең баласы Омардан, Тілембайдың Оспанынан, Бағасының Назарынан, Сердалінің Жәмшишінен естіген едім, сол естіген әңгімелердің түйіні жоғарғы Ыбырай айтқан шындыққа соғады. Ағасұлтандық жойылып Көкшетау уез болған заманда, болыстардың, билердің бас қосқан үлкен жиналысы Көкшетау қаласының дәл желкесіндегі, Қылшақты өзенінің бойында өтіпті. Ол жерде ұлықтар түсетін қызыл үй бар екен. Елден келгендер киіз үйлерді, сойыс малдарды, көшіріп әкеліп өзен жағасына орнатып тастапты. Сол жиынға Атығай, Керейдің болысы Жанбота қасында бір топ нөкері, атақты әнші, Біржан сал да келіпті. Әр болыстың мықтылары осылай келіп өзіне тігілген арнаулы үйге түсіпті. Біржан қалың жиынның бір бөлегін өзінін, шырқаған әнімен жиып алып, босатпай, басталатын бір бөлек мәжіліске бөгет жасапты. Қылды Қарауылдың болысы, Азнабайға мәжіліске жұртты түгел жинап келтіру тапсырылыпты. Азнабай поштавойын жұмсап, жұртты шақыртса, Біржан думанды қыздыра берсе керек. Поштавой екі рет сөзін тыңдата алмай, болысқа қайтып барғанда, Азнабай ашуланып,— бұйрықты неге орындамайсың — деп, үйден боқтап шығарыпты.— Біржан деген қайдан шыққан құдай тоқтатпайсың ба деп, поштавой осы бетімен бара Біржанның домбырасын тартып алып, қамшымен ұрамын деген жерінен жұрт айырып алыпты. Отырған жұрт поштавойдың бұл қылығына ызаланып, Біржанмен бірге намыс қылып, бұған Атығай — Керей қосыла ұран шақырыпты. Үлкен жанжал туып кетеді. Міне, осы ашу-ызаның үстінде Біржан өзінің болысы Жанботаға келіп өкпе назын, поштавойдан көрген қорлығын айтыпты, ол жерде Біржанның айтқан өлеңі көп дейді. Атамыздың және Ыбырайдың айтуына қарағанда ән дәл сол жанжал үстінде емес, кейінірек шығарылып таралса керек. Біржанның және қалың Атығайдың, Қарауылдың болысына деген мұндайлық ашулы наразылығы Жанботаға да оңай тимеген. Онда өзінің елдің ыңғайымен Азнабайға қарсы салмақ салып,— мына бұзақы поштавойын тия ма, тимаса Атығайдың қолы бос тұрысатын жерін айтсын,— депті. Азнабай жағын қолдаушылар аз болып, жанжалдың арты насырға шабатынын сезіп Азнабай амалсыз бітімге келіпті. Поштавойға дүре соқтырып, бір ат, бір шапан айып төлепті. Азнабай осы жиында поштавойының бұзақылығынан опық жеп оның, үстіне артынан Біржанның өлеңі елге таралып кетіп, көпке дейін Атығай — Керейдің бір қатар адамдарымен, Біржанмен араз болып жүрсе керек. «Жанбота» әні туралы мұның бұрынғы қариялардан есітіп есімде қалғаны осылар. Мен өзім Ыбырайдың айтқанына, атамыз Омардың айтқандарына имандай сенем. Сол сенгендігімнен бұл айтқандарым түгел шындық деп білем.
Жазып берген Ержанұлы Молдахмет.
БІРЖАН ЖӨНІНДЕ ЕСТІГЕНДЕРІМ
Мен, 1925—1930 жылдары қызмет бабымен Керей елінде тұрып, Біржанды көрген, жақсы білген адамдардың талайымен кездесіп, соның ішінде ақынның баласы Теміртаспен, атақты ақын, әнші Хамитпен жақын араласып жүріп, солардың айтқан талай қызық әңгімелері мен салған әндерін тыңдап едім. Бірақ ол кезде Біржан өлеңдер керек болады-ау деп, ескеріп жинаған жоқ едім, солай бола тұрса да жақсы адамның өнері, кімді де болса қызықтырмай қоймайды ғой. Сол естіген әңгімелердің кейбірінен есімде қалғандары. 1928 жылы «Ақкөл» бойында отырған Теміртас үйінде басымыз қосылды. Арамыздағы халық әндерін ете әсем орындайтын белгілі әнші Бәкеннің Хамиты, тағы бір топ жастардың әңгімесі Біржан төңірегінде болды. Біздің ниетімізге орай Теміртастың айтқан әңгімесі де көңіл бөлерлік еді.— Әкем өлгенде, шешемнің қолында үш бала қалдық. Олар: екі қыз — Асыл, Ақық, ұлдан Қалкен екеуміз. Інім Қалкен енді ер жетіп биыл отызға шығып отыр, Асыл, Ақық ерге шығып, балалы-шағалы болып кезінде егде тартып қайтыс болған. Мен 1916 жылы 27 жасымда солдаттыққа алынып 1917 жылы қайтып келдім, мынау отырған Гүлжамилаға сол қайтып келген жылы қосылдым, кішкене інілерін, Мұхаметқали биыл жетіге келді деп ұлының басын сипады. Осыдан бірер жыл бұрын қайтыс болған шешеміздің әңгімелері мол еді. Оның үстіне бала болсам да ауырып жатқан әкемді ұмытқам жоқ. Әкем шақырып алып маңдайымнан сипап жыласа біз шырылдап қоса жылаушы едік. Ал байлаулы жатқанына ыза болып дауысын қатты шығаратын. Өлер алдында жұрт оны жындандыға санаған. Біржан науқастанып жүрсе де, кейде домбырасын қолынан тастамай, өзінің әншілік өмірі есіне түсіп, орынсыз уақытта айғайлап шу көтеріп, ән салып жұрттың мазасын ала берген соң, оны ағалары домбырасын тартып алып өлең айтқызбайды екен, әкеміздің әншілігін үлкен-кішінің бәрі айтып келеді. Осы үйге де сіздерді сол кісінің атағы әкеліп отыр ғой. Бір өкініші біздің Атығай — Керейдің ішінде Біржанның жолына түсіп, сондай ән салатын әншілер қайда деп ренжігендей болды. Біз Біржанның жолын ұстап, оның әндерін айтып жүрген шөбересі мына отырған Хамит бар емес пе дедік.— Я ендігі үміт ететін осы Хамитіміз ғой деді.
— Шешеміздің айтуынша,— деп, тағы бастады Теміртас әңгімесін:—әкеміз орта бойлы, қызыл шырайлы келбетті кісі екен, оның үстіне киімді де өте сұлу киген. Әкеміздің араламаған, бармаған жері шамалы, кейде ол ел аралап ұзақ жолға шыққанда екі-үш айда әрең қайтып келетін деп шешеміз айтып отырушы еді.
Манадан бері домбырасын шертіп, жүйрік аттай құлшынып отырған Хамитке бір қарап қалған әңгімені тағы айта жатармын, алдымен Біржанның бір-екі әнін салып жібер деп тілек етуі-ақ мұң екен Хамит іркілместен Біржанның «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Жанбас сипар», «Көкек», «Екі жирен», «Жиырма бес» әндерін бірінің артынан бірін шырқап айта берді. Хамиттің салған әндеріне разы болған жастармен бірге Теміртас та — па шіркін, деп бір көтеріп қойып сөзін қайта бастады. Хамиттің салған әнінен шешеміздің тағы бір айтқан сөзі есіме түсті.— Көршілес ауылда бір жиын той болып, сонда әкеміз жұрттың сұрауымен осы «Айтбай» әнін айтады, өлеңді айтып болған соң, көпшіліктің арасынан орта жасқа келген бір ажарлы әйел Біржанмен қалжыңдасып:— Біржан-ай, өл-өлгенше атымды елге жайып кеттің-ау депті. Артынан сұрастырып білсем, Біржанның жас кезінде өлең шығарған Айтбай деген қызы осы екен. Ал енді «Жанбота» әні, би-болыстардың Біржанға істеген қиянатынан шыққан ән дейді. Біржан мен Қарауыл Азнабай және Жанбота араларында болған араздық осы әннің шығуына себеп болды деп айтушы еді шешеміз. Әкеміз шаруаға салақ екен, атамыздың бар дәулетін судай шашып, төгіпті.— Кейін шешем құдай әкелеріңнің серілігін бермесін, марқұм үнемі үйде отырмай, шаруасына көзін салмай маған сеніп, ұдайы ел кезіп кете беруші еді.— Бір жылы Тобықты, Қаракесек аталық, Қаптағай елдерін аралап отырып Найман ішіне барыпты, сонда жүріп Сара деген қызбен айтысып жеңіп қайтқанын шешем де, ауылдағы қариялар да есіне түсіріп айтып берген еді. Шешеміздің басқа айтқан әңгімелерінің көбі есімізден шығып қалыпты. Біржанды көрген, жасы келген қариялардан осы Керей ішінде, Тоқсанбайдың Сыздығы бір кезде домбыра тартып, ән айтқан Елебайдың Ержаны. Қисықтың Қарасы, Есімнің Ақаны тағы басқалар жақсы біледі деп естимін. Әкем жөнінде осылардан сұрасаңдар айтып берер деп сөзін бітіріп. Хамитке тағы да ән салдырды. Мен кейін Теміртас атаған адамдардың бірталайымен әңгімелестім. Сыздық Жанботаның, Азнабайдың, Қожағұл әулетінің тарихын түгел таратып айтып берді. Ал Ержан, Біржан әндерінің қалай шыққанынан, әсіресе жастық, серілік дәурен құрғанынан бір талай әңгімелер де қозғады, өзі домбыра тартып ән салуға бейім адам еді, шырқап салмаса да ән мен күйдің бабын білетін. Ал оның баласы Рамазан гармон тартатын еді. Рамазанның қандайлық композитор болып ер жеткені жұртшылыққа аян. Біржан жөнінде аңыз әңгіменің ұшы-қиыры жоқ, мол Көкшетау елі түгіл,—Қарқаралыдағы Қаракесек руынан шыққан 76 жасқа келген Тәнекенов Ысқақ, 80 жасқа келген Мәлібеков Тоқан да қызық деректер келтіреді.— Жас кезім дейді —- Ысқақ Біржанды Қоянды жәрмеңкесінде ән салып сайрандап жүргенде бір көргенім бар еді. Біржан орта бойлы, сұлу келбетті кісі еді, дауысы өте зор, тынысы кең, әнді екпіндете түрлендіріп шырқап салғанда, базарға келгендердің бәрі қасына жиналды, оның салған әнін естігенде құлағыңның құрышы қанып, іштегі қайғы-шерің тарап, кен, дүниені еркін аралағандай болатын едік, онан кейін де талай жерлерде ән салған әншілерді көрдім, бірақ Біржандай әнді бабына келтіріп салған әншілерді көрмедім деді. Біржан жөнінде білетіндерімді жас кезімде өлең қылып жинамасам да, кейін біліп әр кімдердің айтқан әңгімелерінен есіме түсіріп жазып алған деректерім көп еді. Осыны ескеріп 1956 жылы «Лениншіл жас» газетіне (№ 5) «Біржан мұрасы жете зерттелсін» және 1957 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Біржан ел аузында» деген мақалалар жаздым. Бұл менің газетке жариялаған деректерімді Ахмет Жұбанов та «Замана бұлбұлдары» атты кітабында, Ғ.Әбетов те (Қазақ әдебиетінің тарихы ІІ том) ғылыми еңбектерінің керегіне жаратыпты. Сол сияқты осы кітапты құрастырушылар да мен жинаған деректерді пайдаланғандығын жасырмайды. Біржан жөнінде жинаған азды-көпті деректеріміз үлкен кітаптардың бір керегіне жараса еңбегімнің еш болмағаны ғой.
Есім Байболов.
ТҮСІНІКТЕР
ӘН, ӨЛЕҢДЕР
1. «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын» — ән-өлеңі. Өлеңнің тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен С. М. Киров атындағы Қазақтың мемлекеттік университеті Қазақ әдебиеті кафедрасы 1962 жылы шығарған (жалпы редакциясын басқарған ЬІ. Т. Дүйсенбаев) «XVІІІ—XІX ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағы» бойынша баспаға ұсынылды. Бұл өлең алғашқы рет А. Жұбановтың 1942 жылы баспадан шыққан «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» атты кітабында жарияланды. Одан кейін Б. Ерзакович құрастырған «Қазақстанның халық әндері» атты 1955 жылғы жинаққа, Ы. Т. Дүйсенбаев құрастырған 1965 жылы жарыққа шыққан «Үш ғасыр жырлайды» жинағына енді. 2. Айтбай («Атымның қақ тұрады сауырына»—ән, өлеңі, тексі 1965 жылғы жинаққа сүйеніп берілді. Өлең 1962, 1965 жылғы жинақтарда және 1959 жылы Б. Ерзакович пен М. Майчекин бастырып шығарған «Біржанның Әндері») деп аталатын өз шығармалар жинағында жарияланды. «Айтбай» Е. Байболовтың және Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында тұратын 70 жастағы Кәрім қарияның айтуына қарағанда Айтбай деген сұлу қызға ғашық болып шығарса керек. Екеуінің қосыла алмағанын арман етіп, кейін «Ғашығым», «Ғашық жар» деген әндер шығарады. 3. Қаламқас («Мен жаздым сәлемдеме Қаламқасқа» )— ән өлеңі. Өлеңнің тексі алғаш 1955 жылғы жинақта, кейін, Біржан шығармаларының жинағында басылды. 4. Алтын балдақ («Қолыма асынғаным алтың балдақ»)—ән өлеңі, тексі 1955, 1962, 1965 жылғы жинақтарда жарық көрді. 5. Ақ серкеш («Бір атты сатып міндім елу беске»)— ән өлеңі. Өлең 1955—1959, 1962, 1965 жылғы жинақтардың негізінде алынды. Біржанның бұл әні ел арасында «Ақсеркеш» деп те аталады, бұл жинақта «Ақсеркеш» деп жіберіліп отыр. 6. Соқпа-ай-соқ («Мінезі жүйрік аттың — соқпа-ай-соқпа») ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1955, 1962, 1965 жылғы жинақтарға сүйеніп берілді. 7. Керкекіл («Астымда керкекілім бұлаңдайды»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі Біржан шығармаларының жинағы және 1963 жылғы «Қазақ әндері» жинағы бойынша баспа бетіне ұсынылып отыр. 8. Бірлән («Қарағым, айналайын көз кергенім») ән өлеңі, тексі 1955, 1959, 1962, 1965 жылғы жинақ бойынша баспаға ұсынылды. 9. Ғашығым («Дариға, дүниеге неге келдім-ай») ән өлеңі, тексі 1955—1965 жылғы жинақ бойынша алынды. 10. Ғашық жар («Қиын екен жалғанда сүйген ғашық»)— ән өлеңі, тексі 1955—1963 жылғы жинақ негізінде жіберіліп отыр. 11. Жайма-шуақ («Көл жағалай бітеді көкше құрақ»)—ән өлеңі, тексі ел аузында айтылып жүрген нұсқасы бойынша баспаға ұсынылып отыр. Өлеңнің бұл нұсқасы А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) кітабында және 1963—1965 жылғы жинақта жарияланды. 12. Жонып алды («Аты еді бұл әнімнің «Жонып алды»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі Біржанның шығармалар жинағы негізінде баспаға жіберілді. 1965 жылғы жинақта жарияланды. 13. Сырғақты («Ақ тұйғын құс қолымда сырғақ тым-ай»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1955 жылы жинақ негізінде алынды, кейін Біржанның шығармалар жинағына және 1963 жылғы жинаққа енді. 14. Аққошқар («Өрісім өрдегі Алтай Қуандық-ты») — ән өлеңі. Өлеңнің тексі Біржанның шығармаларының жинағы және 1963 жылғы жинақ бойынша алынып отыр. 15. Ақтентек («Қызы едің Ақтентектің Шұға, Мақпал»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1955, 1962, 1963, 1965 жылдардағы жинақтар бойынша берілді. Қаңтарбаев Қартаның айтуынша бұл Атығай ішінде Есімбек — Маныс руынан шыққан. Соның Маныс руында ел адамы. Ән Шағырайдың Мақпал, Ажар деген қыздарына арналса керек, бір сапарында Шағырай бұлағына Біржанның аты сүрініп жығылыпты. Сонда Біржан мына: «Ақтентек», «Мақпал» деген өлеңдерді шығарған екен. 16. Мақпал («Сайына Шағырайдың-ай-ау ағып кеттім»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі ел аузында айтылып жүрген нұсқасы бойынша тұңғыш жарияланып отыр. 17. «Жігітке кедейшілік ол сергелдең»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі А. Затаевичтің жинағы («500 казахских песен и кюев» Алма-Ата, 1931, 104 — ән) бойынша берілді. Өлең 1962, 1965 жылғы жинақтарда басылды. 18. Бурылтай әнінің («Таңбасы-ай жоқ, ені-ай жоқ Бурылтайдың»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі Біржан шығармаларының жинағы негізінде алынды. Өлең 1955, 1962, 1965 жылғы жинақтарда басылды. «Бурылтай» тексінің әні ел аузында үш түрлі айтылады, бұл жинаққа сол үш түрінің үшеуі де жіберіліп отыр. 19. Көкек («Аты жоқ құс болады көкек деген»)—ән өлеңі, тексі 1962, 1965 жылғы жинақтар бойынша алынды. Өлеңі алғаш 1965 жылғы жинақта жарияланды, Біржанның шығармалар жинағына, 1963 жылғы жинаққа енді. 20. Телқоңыр («Телқоңыр қайтып кетті елге таман»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1962, 1965 жылғы жинақтар негізінде алынды. 1955, 1963 жылғы жинақтарда Біржан шығармалар жинағында басылды. «Телқоңыр» әнінің төрт түрі бар, сол төртеуінің де текстері түгел беріліп отыр. 21. Ләйлім шырақ («Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1962, 1965 жылғы жинақтар негізінде жіберіліп отыр. Өлең алғаш С. Мұқанов пен Бекқожин құрастырған әдебиет христоматиясында (1939 ж.). 1940 жылы «Пионер» журналында (№ 11) жарық көрді. Одан кейін Қ. Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» (1942, 1949, 1950), А. Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітаптарында, 1955, 1963 жылғы жинақтарда, «Біржанның шығармалар жинағында», «Ақын жырлары» (1958) атты жинақта, М. Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқу құралында (1958, 1964) басылды. С. Мұқанов пен А. Жұбанов, Қ. Қаңтарбаев, Е. Байболовтардың айтуына қарағанда өлең Көлбай, Жанбай деген дәулетті адамдардың қарындасына әзілдеп шығарса керек. 22. Көлбай — Жанбай («Атақты отыратын Көлбай — Жанбай»)—тексі 1962, 1965 жылғы -жинақтың негізінде баспаға ұсынылып отыр. 23. Шідер («Көлбай — Жанбай дегенге, Көлбай — Жанбай»)— ән өлеңі, тексі 1955 жылғы жинаққа сүйеніп баспаға ұсынылды. Біржан шығармаларының, жинағында, 1963 жинақта басылды. 24. Айжан қызға («Айжанның разы болдым құрметіне»)—өлеңнің тексі ел аузынан жиналып, алғаш жарияланып отыр. Бұл өлеңді Қарта Қаңтарбаев Қожахметтің Қасені деген қарттан 1940 жылы жазып алады. Ол қарттардың айтқанын Айжанның інілері Бәйештің Омары деген кісі де растайды. Ақжол байдың бой жетіп отырған қызы Айжан Біржан салды өзі шығып үйіне аттан түсіріп, сый-құрмет көрсетеді. Осыған Айжанды айттырып қойған жері Азнабай болыстың жақыны Махамбет жанжал шығарады. Осы әңгіменің аяғы Азнабай болыстың Біржанға өшігуіне әкеліп соғады. 25. Біржанның Омбыда бір қызға айтқаны («Сіз бұрын естіп пе едіңіз Біржан салды») — ән өлеңі, әні «Шалқыма» деп аталады. Өлеңнің тексі ел аузынан жиналып Тілеубаев Хамит ақсақалдың айтуы бойынша баспаға ұсынылып отыр. Бұл әннің шығу тарихы жайында Сандыбаев ЬІбырай ақынның (Үкілі ЬІбырай) айтқандарын Тілеубаев Хамит ақсақал былайша әңгімелейді.
Омбы қаласында бір неше дуан елдің бас қосқан жиылысы болады. Патшаның баласы келеді, соған ақындар да барады,— деген лақап тарады, менің есерсоқ жігіт кезім, бетім ашылып, топқа кірген жоқпын да, дауысым ашылып өлең айтып ән салып топқа түсе бастағамын. Біржанның қалың жиын үстінде кеп әнін естідім, әндерін тыңдадым. Астына ақ боз ат мінген, басында үкілі бөрік, қолында үкілі домбыра, үстінде қаптал шапан, мойнында ақ торғын орамал, ұзын бойлы, әдемі келген, қыр мұрынды, ақсұр адам екен, егде тартып қалыпты. Бір орында тұра алмадым, айналып теңселе берсем керек, — деп әркім мені қағып қыса бастады. Бір кезде әлгі үйден екі-үш әйелмен атақты сұлу қыз шығып, Біржанды аттан түсіріп, алып кетті. Содан кейін ат үстінде тұрып шырқаған «Шалқыма» әнін Үкілі Ыбырай үйреніп айтып таратыпты.
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын,
Біржаннан алып қалған аңыз еді
Толқындай «Шалқымамды» шалқытайын.
Ыбырай ақынның бұл өлеңін ең алғаш жазушы Сәбит Мұқанов та мектеп хрестоматиясына енгізген болатын. (С. Мұқанов, Қ. Бекхожин. Әдебиет хрестоматиясы. Орта мектептің 8 класына арналған. Алматы, Қазмемкөркем әдеббас, 1938, 182 бет.) 26. Атым Біржан («Алтынмен тең түспейді інжу-маржан»)—өлеңнің тексі ел аузынан жиналып тұңғыш басылып отыр. Бұл өлеңді Қарта Қаңтарбаев 1960 жылы Қасеннің, Сатыбайы деген адамнан жазып алады. Біржан ел аралап жүріп күздің бір сұрғылт күнінде белгілі сері Байғожаның Бекахметі дегеннің үйіне түседі. Үйдегі бұрынғы қонақтар Біржанды ешкім танымаған соң, елемейді. Әнімді Біржаннан да асырғамын деп мақтаныпты. Біржан бір кезегі келгенде домбыраны бабына келтіріп, шырқай салған әнімен өзін танытыпты. Манағы Біржаннан ән асырдым деп бөскен қонақ ұялғанынан түн ішінде аттанып кетіпті. Орынбай («Дегенге Орынтай-ды, Орынтай-ды»)—ән өлеңі, тексі ел аузынан жиналып басылды. Өлеңді айтушы Солтүстік Қазақстан облысы. Совет ауданы В. И. Ленин атындағы совхоздың тұрғыны Аждар Исаұлы былай дейді: 1921—1922жылдары Ақсары Керейдің іші бүліншілікке ұшырап, біздің Көкбайдың Көнейі, Тоқбайдың Еншігі т. б. он шақты үй көшіп келген болатын. Сол көшіп келгендердің жастары Біржан салдың жас кезінде Молдабайдың қызы Орынтай дегенге шығарған ән деп айтатын еді. «Орынтай» әнінің ел ішінде айтылып жүргенін осы өлеңді жинаушы Қарта Қаңтарбаев та қостайды. 28. Қалқама («Қалқама хат жаздырдым алақандай»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі Құрманғазы атындағы Өнер институтының фольклор кабинетінен алынып, тұңғыш жарияланып отыр. Тапсырған Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь ауданының тұрғыны ақын, әнші Әлібаев Игібай. 29. Пар жектім («Пар жектім қос күреңді сүмеңдетіп»)— ән өлеңі, тексі Құрманғазы атындағы Өнер институтының фольклор кабинетінен алынып, тұңғыш баспаға ұсынылды. Бұл да жоғарыда көрсетілген Әлібаев Игібай әншіден алынды. 30. Қараша («Қараша — қыстың басы болады күз»)—ән өлеңі, тексі Құрманғазы атындағы Өнер институтының фольклор кабинетінен алынды. Өлеңді тапсырған жоғарыда көрсетілген Әлібаев Игібай әнші, өлең баспа бетіне тұңғыш ұсынылып отыр. 31. Он екі звод («Қара нар жүк көтермесе, бұл кеткен соң») — ән өлеңі, баспа бетіне тұңғыш жарияланып отыр. Өлеңнің бірінші түрі Құрманғазы атындағы Өнер институтының фольклор кабинетінен алынды, тапсырушы — жоғарыда аталған Әлібаев Игібай әнші. Өлеңнің екінші түрін тапсырған — Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының қызметкері Садық Қасиманов. Ол Біржанның бұл әні жайында былай дейді: Біржан Тобықты елін аралап жүріп Абай аулына келіп сауық-сайран құрып жүргенінде, бұл елден Біржанның қасына Майбасардың Мұхаметжаны, Құсайын, Смағұл дегендер жаз бойы еріп жүріп жолдас болады. Біржан қайтқанша бірге болып, өлең-әндерін үйреніпті. Бұл үшеуінің өлеңге, әнге Мұхаметжан басым екен де, өзінше ән шығарған адам болыпты. Оның «Қоңырғы», «Әкелу» деген әндерін ел іші осы күнге дейін айтып жүреді. Құсайын осы жолы Біржан мен Мұхаметжаннан көп өлең-ән үйреніп, өз репертуарының ең бір аяулысы есебінде өмір бойына орындап өткен, солардың көбін Құсайынның баласы Бағыбай ақсақал осы күні өзі айтып отырады. Біржанның әндері деп ел ішінде айтып жүрген бірнеше әндері бар. Солардың бірі «Он екі звод» дейтін әні, Бағыбайдың орындауында өзгеше бір нәзік ән. Бұл әнді 1948 жылы Б. Г. Ерзакович нотаға түсіріп алды. 32. Ақ ау-ариайдай («Ақауға мен салайын ариайдай»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі ел аузынан жиналып тұңғыш баспа жүзіне ұсынылды. Бұл өлеңді 1942 жылы Бәйіштің Омарынан жазып алған Қарта Қаңтарбаев. 33. Орынбор («Жігітке жарамайды ызақорлық»)—ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1962, 1965 жылғы жинақтар бойынша басылып отыр. 1955, 1963 жылғы жинақтарда Біржанның шығармалар жинағында басылды. 34. Талай заман («Мен Біржан болғалы талай заман»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі 1962, 1965 жылғы жинақтар негізінде алынды. Бұл әнді Біржан ақын қыз Сарамен айтысып еліне оралғаннан кейін, сол сапарына арнап шығарады. 35. Жетісy («Мен өзім Жетісуға барып қайттым»)—өлең тексінің негізі етіп ел аузында айтылып жүрген нұсқасы алынды. Бұл өлең Бекеш Исаұлының айтуы бойынша баспа бетіне алғаш ұсынылып отыр Өлеңді 1963 жылы Қарта Қаңтарбаев жазып алды. 36. Ақжорғажан («Басында кәмшат бөрік қиғашырақ»)— ән өлеңі. Өлең ел аузынан жиналып алғаш басылып отыр, жинаушы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының қызметкері Садық Қасимановтың айтуынша өлең: Ақтай деген бір сұлу өлеңші, әнші қызға арналған. 37. Жастарға («Ер жігіт дүниені кезгені артық»)— өлеңнің тексі 1962, 1965 жылы жинақтар негізінде беріледі. Өлеңнің бір нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде (1960 жыл, 27 май № 22) басылды.
Бұл өлеңнің шығу тарихы жайлы Балғожаұлы Есмағамбет былайша әңгімелейді: Біржан серілік-салдық құрып бір кетсе, үйіне айлап, жылдап жүріп оралатын болыпты. Біржанның мұнысына туыстары, өте-мөте Біржанның ағасы Нұржан, басқалары да,— сен ел кезіп кетесің де қоясың, артыңда әйелің, балаларың зарығып отырғаны, «Жаман айтпай жақсы жоқ» бір жерде ауырып-сырқап қалсаң, масқара болғанымыз ғой. Енді тоқта, бала-шағаңа, мына дәулетіңе бас-көз болып отыр, жыл сайын, ай сайын келген қонағыңды, қыс соғым, жаз сусыныңды біз көтеріп отырайық, — деп ақыл айтқанда. Біржанның шығарған өлеңі еді. 38. Қосдәулетке («Үйімде жатыр едім көрінбей-ақ»)— өлеңнің бірінші шумағы ел аузынан жиналып басылып жарияланып отыр, жинаушы—Қарта Қаңтарбаев. Бұл шумақтың бір нұсқасы А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітабында басылды, ол нұсқасы мынау:
Мен өзім жатыр едім көрінбей-ақ,
Шіркін тіл, сөйлесейші ерінбей-ақ.
Жастық жел жоқшылыққа қарата ма
Ақын-әнші дегендер өзімдей-ақ.
Өлеңнің екінші шумағы «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томының бірінші кітабында (XVІІІ—XІX ғасырлардағы қазақ әдебиеті) жарық көрді. 39. Қасенге («Кетейін сөйлеп-сөйлеп сөз келгенде») — өлеңнің тексі ел аузынан жиналған нұсқасы бойынша алынып, тұңғыш жарияланып отыр. 1949 жылы Сағынай Амантайұлынан жазып алған Қарта Қаңтарбаев. Күшен Қарауыл елінде Қасен Ниязұлы дегеннің баласы туғанда үлкен той жасап, сол тойға Біржан да барыпты. Тойдың көркі ән-өлең, оның иесі — Біржан, ол кезек келгенде осы өлеңді шығарып арнай айтады. Тойға жиылған жұрт — Біржан төрт аяғын түгел айтты — деп қатты разы болады. Ертеңіне Біржанды жол-жорамен аттандырады. 40. Байпаққа («Ей-Байпақ, өлең айта келдім саған»)— өлең тексі ел аузында айтылып жүрген нұсқасы бойынша берілді. Бұл өлеңді 1963 жылы Шәкарым деген қарттан жазып алған Карта Қаңтарбаев. Өлең баспа бетіне тұңғыш жарияланып отыр. Ешкімге ешнәрсе бермейтін Байпақ деген бір сараң бай бар екен. Жұрт — Байпақтан ешнәрсе сұрап ала алмайсың деп Біржанды еліктіреді. Көпшілік жұмсаған соң: Біржан жұрттың көңілін қалдырмай, берсе, бермесе де, атағын шығарып кетейін деп байға келіп осы өлеңді айтады. Байпақ — А-а бір сом ба?— деп, жанын қармапты да, алып беріпті. Біржан бір сомды алып қасындағы жолдастарына қарап,— сендер, бейкүнә біреудің обалына қалдыңдар, бұл сараң болса, берер ме еді, міне көрдіңдер ме? Айтқан бір сомды берді,— деп, бір сомды отырғандарға әкеліп беріпті. Отырғандар — «қалауын тапса қар жанады» — деген осы-ay деп, аң-таң болып, Біржанға разы болыпты. 41. Күлен — Маймаққа («Сен өзің туғаныңнан Маймақ едің»)—өлеңнің тексі Балуан Шолақтың баласы Құдайбергеннің айтуы бойынша тұңғыш рет басылып отыр. 1964 жылы жазып алған Қарта Қаңтарбаев. «Күлен — Маймақ»— Күлен және Маймақ деген ағайынды екі адамның аты, екеуі де бай болып елге атағы шығады. Олар Петропавл қаласының төңірегін мекендеген қазіргі Совет ауданының адамдары, ру жағынан алғанда Атығай ішінде Бабасын. Күлен — Маймақ о баста кедей болып, кейін саудамен байиды.
Бұл өлеңнің шығу тарихын Құдайберген әкем Балуан Шолақтан естіп едім дейді. 42. Шорманның Мұсасына («Ассалаумағалейкүм, атын, Мұса»)—өлеңнің тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қоры (461 п) негізінде алғаш жарияланып отыр. Керей Мәті — Дәулен, Нұрлыбек (советник), Сағынайдың Нұрмағамбеті бір жерде бас қосыпты. Мұсаның ағасұлтан кезі екен, көпке қосылмай басқа үйде отырыпты. Біржанның әнін есітіп, құмарынан шығып отырғанынан кейін Біржанға «енді барып Мұсаға өлең айт, бірақ Мұса өлеңді көп ұнатпайды, оның лұқсатына қарамай, өлеңді қоя бер», - дейді. Біржан Мұса отырған үйге кіріп барып, өлеңді кідірмей қоя береді екен. Бұл өлең Біржанның сондағы айтқан өлеңі. Балғожаға айтқаны («Балғожа, сенің әкең – Құдайберген») – өлеңнің тексі «Қазақ әдебиеті» газетінде (1960-27 май, 2), «Жұлдыз» журналында (1963, №6) басылған нұсқасы негізінде алынып отыр. 43. Балғожаға қарауыл елінде Азнабай болыстың жақыны хатшы болып тұрған кезінде, Біржан келіпті. Біржанның келгенін көрген, естіген адамдар Біржанға өлең айттырамыз, ән естиміз деп жиналыпты, Балғожа Біржанның келгенін де, көптің жиналғанын да ұнатпай, көпке — Біржанның әнін әрқашан есітіп жүрсіңдер ғой,- деп жұртты таратып жіберіпті. Ертеңіне шай ішіп болған соң, Балғожа, мынау жолыңыз, — деп бес сом ақша беріпті. Біржан ақшаны алып, қалтасына салмай, өзі отырған көрпенің астына тыға салыпты.Мұны көріп отырған Балғожа:-«Біржан, сен ақын емес дегенге ренжіп отырған боларсың, ал ақын болсаң, қане, қолма-қол шығарып өлең айта қойшы»- депті. Түні бойы өлең айтпай құса болып, іші жарылғандай болып отырған Біржан, қолына домбырасын алып, шырқағанда, көшеден зарығып, құмартып жүрген жұрт, Балғожаның үйіне тура жүгірісіпті. Біржан да жұрт жиналсын дегендей биік әнге басып шырқай беріп, енді жұрт жиналған кезде осы өлеңін айтыпты. Сонда Балғожа — япырмай, Біржан ақын екенсің ғой, мен білмеген екенмін, ақынға ат-шапан айыбым деп, ішік жауып, ат мінгізген екен. 44. Тұрлыбекке айтқаны («Әуелі сөз сөйлейік бір құдайдан»)- өлең тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры (461 т.)негізінде алынып, тұңғыш басылып отыр. Тұрлыбек Күшенұлы Күрсары Керей руынан, бұрынғы Ақмола уезінің адамы. Тұрлыбек өз кезінде ірі бай, оның үстіне Ақмола дуанының советнигі болып, патшадан күміс медаль алған адам.
Біржан сал да ру жағынан алғанда Тұрлыбекпен рулас Керей болады. 45.Алтын қызға («Алтын жан, сен де Керей, мен де Керей»)—өлеңінің тексі ел аузынан жиналып алғаш жарияланып отыр. Жинаушы Қарта Қаңтарбаев, ол бұл өлеңді алғаш 1935 жылы шамасында Мұсаның Шаймердені деген ақсақалдан есітіп жазып алады. Артынан Ыбырайұлы Әбдірахман деген кісі де айтып береді. 46. Жанбота («Жанбота, осы ма еді өлген жерім»)— ән өлеңі, тексі 1962, 1965 жылғы жинақтарға сүйеніп беріліп отыр. Өлең С. Мұқановтың «Қазақтың XVІІІ—XІX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942) атты зерттеуіне, Қ Жұмалиевтің «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942), М. Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958, 1964) атты кітаптарына, 1955, 1958, 1963 жылғы жинақтарға, Біржанның шығармалар жинағына енген. Жанбота Қарпық баласы, арғы атасы — Сарықыз, руы Атығай ішінде Елтоқ. Қотыркөл төңірегіндегі Атығай, Керей елінің болысы болады. Ал Азнабай Қоңырқұлжа баласы, Қарауыл руынан, Қылды Қарауыл елінің болысы болады. Азнабай болыстың поштабайы Сайлыбай деген пысық жігіт екен. Әннің шығу тарихы мынадай: Көкшетау қаласында жиналған жұрт Біржан салға ән салдырып отырады. Бір кезде Біржан әнін тоқтатсын, губернатордың келетін уақыты болды деп Жанбота мен Азнабай болыстар бұйрық етеді. Әйтсе де жиылған халық тарамайды, қызып алған Біржан да әнін тоқтатпайды. Осыны сылтау етіп, бұрыннан өшігіп жүрген Азнабай болыс өзінің поштабайын жіберіп, Біржанға қол жұмсатады. Осы оқиғаға байланысты, топ ішінде қол іс көрген Біржан ашынып, «Жанбота», «Адасқан» әндерін табан аузында суырып салып шығарады. Бұл туралы Біржан жайында естеліктегі материалдарды қараңыз, сонда толық жазылған. 47. Адасқақ («Созады Біржан дауысын қоңыр қаздай»)— ән өлеңі, тексі 1962, 1965 жылғы жинақтарға сүйеніп жіберілді. А. Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітабында, 1955, 1958, 1963 жылғы жинақтарда, Біржанның жинағында жарық көрді. Бұл өлең Біржанның «Жанбота» әніне жалғас суырып салып айтқан өзінің тексі. Ол жайында «Жанбота» әніне берілген алдыңғы түсінікті қараңыз. 48. Жанботаға («Жанбота, жоқтамадың, кетті кегім»)— өлеңін тексі ел аузынан жиналған нұсқасы бойынша, тұңғыш басылды. Өлеңді жинаушы—Қарта Қаңтарбаев, 1966 жылы Аждар Исаұлынан жазып алған. Бұл өлеңде айтылып отырған Иса Керей руынан шыққан, Біржанмен ағайындас адам, әкесінің аты — Нарке. Атығай, Керей еліне Жанботадан кейін болыстық осы Исаға тиеді, Біржан соны еске алып отыр. О баста өлең ұзақ болса керек, есте қалғаны тек осы ғана. 49. Жанботаға тағы да бір айтқаны («Бұрынғының биіндей би қалмады»)—өлеңнің тексі А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) кітабы бойынша алынып, басылып отыр. Бұл өлең 1963 жылғы жинаққа да енді. 50. Әйелі Әпіш туралы айтқаны («Үш жүзге бойың жеткен биік аршын»)—өлең тексінің, алғашқы екі шумағы ел аузындағы нұсқасы бойынша берді. Бұл шумақтарды 1963 жылы Қаңтарбаев Қарта 95 жастағы Қонды баласы Айтжан ақсақалдан жазып алған. Соңғы бір ауызы А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітабынан алынды. Әпіш — Біржан салдың сүйікті жұбайы. Әпіштің әкесінің аты, қай елдің қызы екені белгісіз. Өйткені оны Біржан сал басқа бір алыс елден жасырып алып қашып келген екен. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, Әпіш сұңғақ бойлы, парасатты, ибалы, үлгілі адам болған деседі. Бұл жайында Әпіш туралы айтылған естелікті қараңыз. 51. Атығай елінің, адамдарына айтқаны («Атығай, Қайран елім, қоныстасым»)—өлеңінің тексі ел аузынан алынды, 1960 жылы Шақатұлы Дәдеттен жазылып алынған. Атығай — Арғын руының бір атасы. Атығай елінің бір бөлек рулары Біржанның руы Ақсары Керейлермен қоныстас, іргелес отырған, аралары төрт-бес шақырымдай-ақ болған. Атығай мен Керей елі қашанда тату-тәтті көрші ел екен, бір себеппен екі елдің арасына дау-жанжал түсіп, араздасады. Соның салдарынан Біржан бұрынғыдай екі елдің еркесі болып сайрандап жүре алмайтын болады. Бұл кезең Біржанның кәрілік меңдеп, сырқатқа айналған шағы еді. Бұл өлеңді Біржан сол кезде шығарады. 52. Жамбас сипар («Ұшына орамалдың түйдім сусар»)—ән өлеңі, тексі 1962, 1965 жылғы жинақтардың негізіне сүйеніп жіберілді. Өлең алғаш А. Жұбановтың «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітабында жарияланды, онан кейін 1955, 1958, 1963 жылғы жинақтарда басылды.
Өлеңнің соңғы шумағының екі және төрт тармақтары
Бала мен ағайынға жақпас болдық.
Ойланып адам ебін таппас болдық,—
деп ел аузында айтылып жүрген нұсқасы бойынша жіберілді, басылған жарық көрген нұсқаларында бұл тармақтар:
Келін мен балаға да жақпас болдық,
Таппайтын адам ебін қақпас болдық,—
делініп келген еді.
«Жамбас сипар» әні Біржанның серілікті салтқа айналдырған жас кезіндегі әндерінің бірі, әйтседе әннің алғашқы тексі сақталмай, кәріліктің кәрілігін баяндайтын текстен айтқан нұсқасы ғана ел аузында қалған. 53. Көкейкесті («Ай қараңғы көрінер, солған сайын»)— ән өлеңі. Өлеңнің тексі ел аузынан жиналып алған басылып отыр. Өлеңнің бұл нұсқасын 1964 жылы тоқсан жастағы Жұмабек ақсақалдан жазып алған Қарта Қаңтарбаев. 54. Жақсы мен жаман («Біреудің аспанда жүр даражасы»)—өлеңнің тексі ел аузынан жиналып, тұңғыш басылып отыр, жинаған Есім Байболов. 55. Бүркітті («Бүркітті асуыңнан талай өттім»)— ән өлеңі, тексі ел аузында айтылып жүрген нұсқасы бойынша алынып, баспа бетіне алғаш ұсынылып отыр. Бұл ән тексің 1964 жылы Біржанның ағайыны Мақашұлы Ақан Қарттан жазып алған Қаңтарбаев Қарта.Бүркітті Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы Жөкей көлінің батыс бетіндегі қалың орманның ортасындағы шоқының аты. Патша отаршылығы кезінде жергілікті қазақ шаруалары, соның ішінде Біржан салдың ауылы да ата қонысынан ығыстырады. Осы оқиғаға байланысты Біржан сал өзінің ата мекенін ақсап, осы «Бүркітті» әнін шығарады. 56. Мәті — Дәулен («Аржақта Керей, Уақ, Мәті — Дәулен»)—ән өлеңі, тексі 1962, 1965 жылғы жинақтардан алынды. 1955, 1963 жылғы жинақтарда да жарияланған. Бұл өлеңдегі аталып отырған Керей, Уақ Орта жүздегі ру аттары, Мәті — Дәулен сол рулардың басты адамдары. 57. Теміртас («Біржан деп атым шықты алты алашқа — ән өлеңі. Өлеңнің тексі А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітабынан алынды. «Теміртас» Біржанның қартайып науқасқа шалдыққан кезінде айтқан әндерінің бірі. Бұл өлеңде Біржанның жасы 65-те деп қате көрсетілген, дұрысында Біржан 64 жасына қарағанда қайтыс болған. 58. Біржанның қартайған және сырқаттанған кезінде шығарған өлеңдерінен әзірге қолда бары осылар. Бұл өлеңдер салдың сол қартайған, науқасқа шалдыққан кезінің сезімдерін елестетеді. Өлеңнің 1 цифрмен белгіленген шумақтары «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылғы 12-санында басылған нұсқасы бойынша алынды. Бұл нұсқасы кейін 1962, 1965 жылғы жинақтарда жарияланды. Бұл шумақтың алғашқы ауызы С. Мұқановтың Қ. Бекхожинмен бірігіп құрастырған, орта мектептің 8 класына арналған «Әдебиет хрестоматиясында» (1938) мынадай өзгерістермен басылған:
Дүние, өтеріңді біліп едім,
Білдірмей кедейлікті жүріп едім.
Бұл күнде бір тоқтыдан құным төмен,
Үш жүзге атым шыққан Біржан едім.
Бұл өлең тармақтарын осы нұсқасында С. Мұқанов өзінің «Қазақтың - XVІІІ—XІX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» (1942) атты кітабында келтіреді. Кейін бұл тармақтар осы өзгерістерімен Қ. Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» (1942, 1949, 1950) және М. Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958, 1964) атты кітабында орын алды. Ал бұл шумақтың соңғы ауызы С. Мұқановтық жоғарыда аталған кітаптарында мынадай өзгеріспен берілген:
Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
Не болар демеңіздер адам затты.
Үкідей желпіндірген құлындарым,
Шешшеңші, білегіме арқан батты!
Бұл шумақтың жоғарыда көрсетілген «Жаңа әдебиет» журналында басылған нұсқасында «Асыл» дегеннің орнына ылғи «Алтын» деп басылыпты, дұрысында Біржанның қызының аты Алтын емес Асыл болғандықтан «Асыл» деп түзетілді.
Өлеңнің 2 цифрмен белгіленген шумақтары 1958-жылғы жинақтан алынды. 3. цифрмен белгіленген шумақтары А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітабы бойынша берілді. 4. цифрмен белгіленген тармақтары ел аузынан жиналып, оқушы жұртшылығына алғаш ұсынылып отыр. 59. Біржанға хат — ел арасында кең тараған өлеңнің бірі. Мұны жазған Басықараның Қанапиясы. Біржанның ауылдасы Исаұлы Бекіштің айтуы бойынша жазып алған Қарта Қаңтарбаев.
АЙТЫСТАР
60. Біржан мен Сараның айтысы («Қызы екен Тастанбектің ақын Сара»)—айтыс өлеңі. Айтыстың тексі «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен 1898 жылы Қазанда басылған алғашқы нұсқасы бойынша беріліп отыр. Айтысты бастырушы Шайхұлисламұлы Жүсіпбек қожа, ол Сараның өз айтуынан жазып алады. «Біржан мен Сараның айтысының» революцияға дейін басылған екі нұсқасы бар, бұл баспаға ұсынылып отырған алғаш жарық көрген бірінші нұсқасы. Айтыстың екінші нұсқасы алғашқы нұсқасынан бір жыл кейін — 1899 жылы жарияланды, «Қисса Біржан сал менен ақын Сараның айтысқаны» деп аталады. Айтыста оны жинап бастырған адамның аты-жөні көрсетілмеген, тек айтыстың соңында бастырушының атынан айтылған бірнеше шумақ өлең бар, онда бастырушының айтыстың бұл нұсқасын Зайсан қаласынан жібергені:
Зайсанның жіберілді қаласынан,
Кімнің кім зиян шегер данасынан.
деп көрсетіледі. Бастырушы айтыстың ел арасында ауызша таралып жүргенін де ескертіп:
Әр кісінің қолында біреуі жүр,
Біреуі рас болса да, бірі жалған,—
дейді. Және айтыстың сол уақытқа дейін сол төңіректе баспа жүзін кермегенін, енді ғана жинап бастыруға ниет қылып отырғанын айтып:
Сөйтсе де хат болмайды, басылмайды,
Қазанға бастыруға көңіл ауған дейді.
Енді айтыстың бұл нұсқаларының бір-бірінен айырмашылығына келсек, ол мына секілді: Айтыстың 1898 жылы басылған алғашқы нұсқасының көлемі — 907 жол. Бұл айтыстың ең негізгі нұсқасы болып табылады, өйткені бұл бірінші нұсқасы айтыстың екінші нұсқасында түгелдей алынады да, 173 тармақ ара арасына қосылады. Бұл тармақтар — ел ішінде айтысты таратушылардың, немесе жинап баспаға ұсынған адамның қоспасы. «Біржан мен Сараның айтысы» болмапты, оны Тәңірбергенов Әріп ақын шығарыпты дейтіндер айтыстың осы екінші нұсқасын негіз етеді. Шындығында бұл пікірлер ешбір ғылыми дәлелді көтермейтіні тек лақап сөздер. Олай дейтініміз, біріншіден,— айтыстың алғашқы нұсқасы екінші нұсқасынан бір жыл бұрын жарыққа шығады. Екіншіден,— айтыстың екінші нұсқасында (Әріп шығарыпты-мыс дейтін нұсқасында) алғашқы нұсқасы сол қалпында түгелдей алынады. Үшіншіден — айтысты жинап бастырған адамның аты-жөні көрсетілмейді және бастырушы айтысты, жоғарыда келтіргендей, өзім шығарып едім демейді, ел аузынан жинап баспаға ұсынғанын ескертеді. Айтысты Әріп шығарыпты дейтін осы лақап ел ішінде тек ауызша таралып қана қоймай, «анау айтты, мынау айтты болып» баспа бетіне де түскен. Ол лақап сөздің баспа бетінен орын алуы зерттеуші әдебиетші ғалымдардың арасында талас тудыруға негіз болып келді, бұл жайында «Қазақ әдебиеті тарихын» және осы жинақтағы кіріспе мақаланы қараңыз, онда бұл талас пікірге кеңінен тоқталынады. 61. Біржанның Нұрғайша қызбен қағысуы («Бауыры Көкшетаудың қара қайың»)— айтыс өлеңі. Өлеңнің тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбасы (461 п.) бойынша жіберілді. А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітаптарында және 1963 жылғы жинақта басылды. 62. Біржанның бір қызбен қағысуы «Байлардың жейтін асы жая мен жал»— айтыс өлеңі. Өлеңнің тексі С. Мұқановтың «Қазақтың XVІІІ—XІX ғасырдағы әдебиетінің, тарихынан очерктер» (1942) атты кітабы бойынша алынды. Бұл айтыс алғаш Қ. Бекхожин мен С. Мұқанов құрастырған «Әдебиет хрестоматиясында» (1938) жарияланды, бірақ онда 1942 жылғы басылуынан өзгеше, өлеңнің алғашқы шумағының соңғы екі тармағы мына секілді:
Қыс аяғы шаруаға тарын болды
Жекіреймей, көжеге ерніңді мал!
Біржанның бұл айтысының ел аузында бірнеше нұсқасы бар, соның бір түрін Аймаған қарттан 1963 жылы Қарта Қаңтарбаев жазып алған. Бір жылы Біржан қыстың қатты үскірігінде жолаушылап жүріп мезгілсіз уақта кедей бір үйге келіп түсе қалыпты. Үйде отырғандар, ортасына қойып көже ішіп отыр екен, Біржан ұсынған көжені алмапты. Үйдің бойжеткені Біржан екенін сезіп:
Жүрсің бе аман-есен, ей Біржан сал,
Қыс аяғы ұзарып кетпеген қар.
Шаруаның ішкені бәрі — көже,
Кекіреймей көжеге ерніңді мал,— депті.
Біржан кенеттен айтылған өлең болған соң ба, жоқ кейін берерлік астың жоқтығына көзі жетті ме, жұлып алғандай:
Бет алып елден шықтым Қаракермен,
Қаракер жүре алмады, қара термен,
Елдің ішкен тамағы көже болса,
Көжеңді босып-босып әкел бермен,—
деп көжені ішіп салыпты,— дейді.
Бұл айтыстың ендігі бір нұсқасы А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» (1963) атты кітабында былайша берілген:
Қыз:
Қыс қатты, арық болды, сойылған мал.
Ел жүдеп, таусылды жая мен жал.
Жұрттың ішкен тамағы осы көже,
Сал болсаң да, көжеге ерніңді мал.
Біржан:
Аралап таныс болдым әрбір елмен,
Көп көрдім сияпатты жүрген жерден.
Шаруаның ішкені көже болса,
Замандас, басып-басып әкел бермен.
63. Біржанның Шөже ақынмен қағысуы («Шөже:—Ей Біржан, маған берші бір азды дат»)—айтыс өлеңі. Өлеңнің тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры (461 п.) негізінде жіберілді. Баспа жүзіне тұңғыш ұсынылып отыр Шөже — XІX ғасырда (1805—1891) жасаған атақты айтқыр ақын, Біржаннан жасы үлкен. 64. Біржанның Тезекбай ақынмен қағысуы («Тезекбай:—Бұл өнерді кім берді, Біржан саған»)—айтыс өлеңі. Өлеңнің тексі Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры (252—п.) негізінде алынып, баспа бетіне тұңғыш жарияланып отыр. Өлеңді ең алғаш 1939 жылы Тезекбайдың інісі Сыздықтан жазып алған Есмағамбет Ысмайылов. 65. Біржан, Орынбай, Шөже ақындардың айтқырлықтары («Біржан, Сағынай, Мәті, Дәулен жайындайсың»)—тапқырлық салыстыру өлеңі. Өлеңнің тексі — Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасы (461 п.) негізінде басылып отыр. 66. Бабай мен қасқырдың айтысы («Бабекең қарсақ аулап жүрген екен»)—айтыс өлеңі. Өлеңнің тексі ел аузынан жиналып, тұңғыш рет баспаға ұсынылып отыр. Біржанның бұл өлеңін 1964 жылы Қаңтарбаев Қарта Шақанұлы Дәдет қарттан жазып алады. Біржанның бұл айтысының бір нұсқасы Қазақ ССР Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында (461—п.) сақтаулы. Бірақ ол «Бабақ бай мен қасқырдың айтысы»—деп аталады. 1963 жылы тапсырған Телжанов Хажиахмет. Біржанның бұл өлеңі кезінде ел ішіне кеңінен тараған айтыстың бірі, өйткені айтыс сол кездегі ел мен елдің арасындағы ру тартысына, дау-жанжалға байланысты шығарылған. Мұндағы қасқырмен айтысатын Бабай — тарихи болған, Атығай руының ішіндегі Сары деген атадан шыққан адам. Бабай қара жаяу өлең шығаратын кісі екен. Бабайдың алғашқы алған жұбайы қайтыс болып, Айжан, Балжан деген екі қызы жетім қалады. Содан Бабай ағасұлтан Ыбырайдың (Ғабдолла баласы) туысына үйленеді. Жаңа әйелі жетім қыздарын күтпей үй ішінен реніш туады. Ыбырай жақынына бұрып Бабайды шақыртып — сен менің нәсілімді неге қорлайсың, туысымды айырып алып, өзіңді айыптап жер аударам дегенде, Бабай мына өлеңді айтқан екен:
Тоқал байға жағам деп сылаңдайды.
Байының жылағанын жайшылықта кім аңдайды.
Тоқал шеше баланы ұрғаныңда,
Бала шіркін атаға алаңдайды.
Айжан тәтті болғанда, Балжан тұңғыш,
Бағай-еке-ау, мен болыппын ба елді бұзғыш?
Тоқал шіркін баланы ұрғанында,
Балапанын қорғаған мен бір қызғыш.
Не қылсаң да еркің бар,
Бағай-еке, Соңымда балалар бар, емен жеке.
Өмірім өксіп қызғыштай шырылдаймын,
Балаға қатаң болып тоқал шеше,—
дегенде Ыбырай, әй, кінә өзіңде екен ғой, бұдан былай Бабайды, балаларды күтіп ұста деп, қарындасын Бабайға қосып жіберген екен. Ағасұлтан Ыбырайдың арғы тегі кірме, аз атадан екен. Әйтседе өзі ағасұлтан болғаннан кейін, Атығай, Қарауыл, Алтай — Тоқа, Керей — Уақ елдеріне үстемдігін жүргізеді. Бұл елдер Ыбырайға наразы болып үстінен арыз-шағым беріп көп тартысып айтысады. Бұл жайында Атығай Ақсақ — Тәңірбергеннің, Тоқа Әтекенің айтқандары бар. Ыбырай да өзінің әкімшілігін пайдаланып бұл елдердің адамдары Керей Сүлейменнің Айдаркесін, Атығай Қасымды және Жүкен дегендерді Сібір айдатады. Ақырында көпшілік бұқараның қарсылығымен, Аққошқар — Сайдалының байлығымен орнынан алынады. Сондықтан Біржан Ыбырайдың күйеуі Бабай мен қасқырды айтыстыру арқылы, ағасұлтан Ыбырайдың сотқарлық қылмыстарын ашпақ болған.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру