Бабалар сөзі. 79-том
Бабалар сөзі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
«Бабалар сөзі» – көптомдық құнды дүние. Бұл серия аясында ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен өлең-жырлар, шежіре-дастандар, эпостар мен хикаялық дастандар топтастырылған. Қытай мен Моңғолиядағы қазақ фольклорымен де осы сериядан танысуға болады. «Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқасы, жа...
МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ
ЕҢБЕК ФОЛЬКЛОРЫ
Мал шаруашылығына байланысты фольклор
Мал шақыруы
Қой баласы қоңырым,
Ұя баспас момыным,
Шопан ата түлігі,
Қошақаным, қайдасың?!
Пүшәйт-пүшәйт!
Жүнін жұлса бақырған,
Шекшек атасын шақырған.
Өрісте өскен жануар,
Шөкетайым, қайдасың?
Шөре-шөре!
Жолға шықсам көлігім,
Жапанда жүрсем серігім.
Қамбар-ата өсірген,
Құла атым менің, қайдасың!
Құру-құру!
Алла Тағала малды жаратып: «кімге бітесің?», – деп сұрайды:
Түйе тұрып:
– Жаз таусылмас сорға бітемін,
Қадірімді білетін зорға бітемін.
Жылқы айтыпты:
– Бетегелі сайға бітемін,
Берекелі байға бітемін.
Сиыр тұрып:
– Қамысты нуға бітемін,
Түк шықпайтын қуға бітемін.
Қой айтады:
– Жусанды аққа бітемін,
Баққа емес, бапқа бітемін.
Ешкі тұрып:
– Туғанда қасқа бітемін,
Қызылшалы тасқа бітемін, – десіпті.
Шөліркеп азған сиыр сұңқылдаған суырға келіп мұрынын шүйіріп:
– Суыр, сасық су қайда? – десе, суыр: – Сиыр, сасық су мұнда, – деп інінен шыққан шалшық суды көрсетіпті. Суыр сасық сусыз өмір сүріпті. Сиыр сасық сулы жерге бітіпті.
Өгіз арманы
Мөңкіл-мөңкіл басым-ай,
Елу сиыр, қырық тайынша
Келуші еді қасыма-ай!
Ел жайлауға шыққанда,
Елдің алдын бермедім.
Ел етекке түскенде,
Көштің шаңын көрмедім.
...Құнан бұқа болғанда,
Мұрнымды тесіп үйретті.
Дөнен бұқа болғанда,
Шана жегіп сүйретті.
Үлкен бесін болғанда,
Үйге таман айдады.
Кіші бесін болғанда,
Белдеуге әкеп байлады.
Жатайын десем, айылым бар,
Айналуға жерім тар.
Көзім оттай жайнайды,
Ішім тұздай қайнайды.
Мал деп мені бақпады,
Сырып, жабу жаппады.
Мөңкіл-мөңкіл басым-ай!
Елу сиыр, қырық тайынша
Келуші еді қасыма-ай!
Әттең, менің арманым,
Ар жаққа өтіп қалмадым.
Желідегі бұзауды
Бір өкіртіп алмадым!...
Мөңкіл-мөңкіл басым-ай!
Елу сиыр, қырық тайынша
Келуші еді қасыма-ай!
ҒҰРЫПТЫҚ ФОЛЬКЛОР
Маусымдық жырлар
Жарапазан
Жарапазанды кешкі уақыттан таң атқанша айта береді. Ауылдың басынан бастап, аяғына келгенде таң да атып қояды. Ауыл үйдің алдына таянғанда атпен тебітіп келіп:
– Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет! – деп жарапазаншы айғай салады. «Жарапазаншы кеп қойыпты ғой» деп үй әзірленеді. Сонда жарапазаншы үйдің сыртынан:
– Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен,
Ақ төбедей көрінген
Қандай байдың үйі екен?!
Артында мына үйдің сырық жатыр,
Жеңешем ұзын бойлы тұрып жатыр.
«Айтқанға жарапазан не берем?» деп,
Мойынын ағаекеме бұрып жатыр.
– Ассалаумағалейкум, айтты сәлем,
Алланың мың бір есімі Құран кәлем.
Махамбет үмбеті айтқан жарапазан,
Әл-расул Мұхаммедке жүз мың сәлем!
Айтайық жарапазан елімізге,
Пітірін оразаның берсең бізге.
Пітірін оразаның берсең бізге,
Келеді жыл айланып жылқың жүзге.
Ассалаумағалейкум, ақтан келдік,
Ай туып, күні шыққан жақтан келдік.
Айтты деп жарапазан сөкпеңіздер,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Біздерге байлар берсін садақасын,
Қайырлы шәкірт берсін фатихасын.
Құдайым жақсы күні жарылқасын,
Мұхаммед пітір берген мәһи рамазан.
Жарапазан айтылған соң, әр үй өзінің шама-шарқына сәйкес не бір табақ бидай, не бір табақ күріш, не бір табақ құрт алып шығады, кейбіреу серкеш те береді. Сол кезде малға бата істетіледі.
Бата істейтін бала бір бөлек, жарапазан айтатын бала бір бөлек болады.
– Кел, жігіт, кел, жігіт,
Бұған бата бер, жігіт.
Мұның көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын.
Балалардың мінгені
Жорға, жорға тай болсын!
– деп бата беріледі. Әзіл-қалжың да айтылады.
– Түтіні мына үйдің будақ-будақ,
Тоқтысы бізге берген қоңыр шұнақ.
Тоқтысын байдың берген өңгерейік,
Жаулығын бәйбішенің тең көрейік.
Мұхаммед үмбетіне мәһи рамазан.
Кейде жарапазан сөзі жақсы болғанда үйдегілер шықпай қояды, жарапазанды айта түссін деп. Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі ислам дінінің ықпалымен бертінде қосылған жанр. Мұсылмандар рамазан айында бір ай ораза ұстап, Құдайға құлшылық етеді. Бұл – мұсылман үшін жыл сайын өтейтін парыз. Арабтар күндіз ыстықтан қорқып, түнде жұмыс (егіндікке) істеген, шаршаған егіншілер ұйықтап қап, сәресіден қалмас үшін ұзын сонарлы ән айтып оятқан. Түркияда сәресіге өстіп жарапазан айту қазір де бар. Қазақ ортасына жарапазанды дін тарату үшін де пайдаланады.
Ұлыстың ұлы күні жарапазаншы үй сыртына келіп:
– Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен,
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен,
Жарапазан айтуға
Осынау үйге жөн екен,
Кірсін дәулет, шықсын бейнет!
– Мұхаммед үмбет айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Ассалаумағалейкум, үйге сәлем,
Отырған үй ішінде биге сәлем.
Саба пісіп, ет жасап отыратын
Құт-береке, бәйбішеге бірге сәлем.
– Мұхаммед үмбет айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Айтуға жарапазан жаңа келдік,
Көргелі, көріскелі сәлем бердік.
Келеді деп те, кетті деп сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
– Мұхаммед үмбет айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Айтайын жарапазан, елім, саған,
Күй қонған, қуанышты, жерім, саған.
Кетпес бақ, арылмас ырыс, берекелі
Бұл айда ұсынамын сенім саған.
– Мұхаммед үмбет айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Айталық жарапазан елімізге,
Лайық барша орамал белімізге.
Қошаметпен біз пақырды қарсы алыңдар,
Бата берем ақ орда төріңізге!
– Мұхаммед үмбет айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
(Үй иесі де шығып қонақты қарсы алады.)
(Отыз күн ораза біткенше жарапазан айтылады. Оразаның пітір садақасын сұратады. Мақтайды, мал алу үшін әні екі түрлі болады.)
– Кірсін дәулет,
Шықсын бәлекет!
Үйің-үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Ақ төбедей көрінген
Қандай байдың үйі екен?!
– деп келе қалады, әрі:
– Ассалаумағалейкум, жаңа келдік,
Кезіккелі, көргелі сәлем бердік.
Айтты деп жарапазан сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Май Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Айтамыз жарапазан есігіңе,
Ұл берсін Ер Қалидай бесігіңе.
Ұл берсе Ер Қалидай бесігіңе,
Қайтер ең батыр туса несібеңе.
Қайырмасы:
Айтайық жарапазан елімізге,
Байлай көр барша орамал белімізге.
Байласаң барша орамал белімізге,
Барайық мақтай-мақтай елімізге.
Қайырмасы:
Айталық жарапазан жұртымызға,
Жарасар алтын қайшы мұртыңызға.
Пітірін оразаның бізге берсең,
Келеді жыл айналып жылқың жүзге.
Қайырмасы:
Айында оразаның шайтан жүрмес,
Бұл айда өлген адам қинау көрмес.
Бұл айда өлген адам қинау көрсе,
Салақтап екі аяғы жерге тимес.
Қайырмасы:
Айында оразаның шайтан қашар,
Есігін сегіз пейіш Мәулім ашар.
Пітірін ораза ұстап бермей қойса,
Аспанға ұша алмастай болар нашар.
Қайырмасы:
Ораза он екі айдың падишасы,
Бұл айда қабыл болар көздің жасы.
Жаратқан Алланың үмбетіміз,
Илаһи баршамызды жарылқашы!
Аяғы көп еді, мұның аты – Май Мұхамед.
Ассалаумағалейкум, жаңа келдік,
Көріскелі, көргелі сәлем бердік.
Айтты деп жарапазан сөге көрме,
Пайғамбар жолын қуған адам едік.
Қайырмасы:
Мина аллаһи, әсір әмазан,
Мекке мен Мединеде тұрады азан.
Қашан кім оразалы болса мәгар,
Бұйырар періштеге пәруардігер.
Шынжырлап сайтан ұстап аяқ-қолын,
Түбіне һәуяның қазір жабар.
Қайырмасы:
Бай айтады «қорадан саулық бер» деп,
Бәйбіше айтады «қобдидан жаулық бер» деп.
Байдың берген саулығын өңгерейік,
Бәйбішенің жаулығын тең көрейік.
Қайырмасы:
Кел, жігіт, кел, жігіт,
Бізге бата бер, жігіт!
Мұның көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын!
Ауылыңның қонғаны
Жылға-жылға сай болсын.
Ұл балаңның мінгені
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.
Қара ешкінің мүйізі
Ербегей де, сербегей,
Саған келген пәлекет
Өзен-суды өрлегей.
Менің атым – Сарыбай,
Сақалыма сары май.
Таң мезгілі болғанда,
Төсегіңнің астынан,
Жастығыңның басынан
Қыдыр келіп дарығай.
Аллаһуакпар!
Алыста жүрсе кісінескен,
Жақында жүрсе тебіскен,
Түскен қиын иіскескен
Құлыншақтың атасы –
Жылқы бассын үйіңді!
Жылқы басса үйіңді,
Жылмай бассын үйіңді!
Құйрығы бар тығарық,
Мүйізі бар шығырық.
Қошақанның атасы –
Қой кеп бассын үйіңді!
Қой кеп басса үйіңді,
Қоймай бассын үйіңді!
Жеген шөбі ошаған,
Құйрығы бар шошайған.
Ешкі бассын үйіңді!
Ешкі басса үйіңді,
Кешке бассын үйіңді!
...Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын шаң басқан
Түйе бассын үйіңді!
Түйе басса үйіңді,
Түнде бассын үйіңді!
Өлеңді жерде лепірген,
Өлімді жерде өкірген,
Бұзауқасы секірген
Сиыр бассын үйіңді!
Сиыр басса үйіңді,
Сыймай бассын үйіңді!
Отбасылық ғұрып фольклоры
Әушадияр
Әушадияр нұр болар,
Аңғалдың сөзі дүр болар.
Ата-анасын сыйлаған
Дақ шалмайтын би болар.
Әушадияр бір болар,
Жалқау адам құл болар,
Жақсы-жаманды білмеген,
Анық жаман сол болар.
Әушадияр екі де,
Қызды елдің көркі де.
Омырауға таққан ақ моншақ,
Жарасып тұрар бөркі де.
Әушадияр үш болар,
Атан түйе күші бар.
Екі жаман қосылса,
Өле-өлгенше өш болар.
Әушадияр төрт болар,
Жанып тұрған өрт болар.
Екі жақсы біріксе,
Айырылмастай серт болар.
Әушадияр бес болар,
Ерге садақ ес болар.
Жалқау қолынан мал тайса,
Жиналғанша кеш болар.
Әушадияр алты де,
Найза қолдың қалты де.
Ер жорыққа аттану –
Бұрынғының салты де.
Әушадияр жеті де,
Қадірлі жанның беті де.
Ақ торғындай бұралсын
Ақтангердің еті де.
Әушадияр сегіз-ді,
Су аяғы теңіз-ді.
Бағы жанған адамның
Мал мен басы егіз-ді.
Әушадияр тоғыз-ды,
Алар ма едік сол қызды.
Сүйгеніне бермеген
Әкесі оның доңыз-ды.
Әушадияр он болар,
Қой терісі тон болар.
Сұғанақтық өмір өткізген,
Өлгенде жаны қор болар.
Әушадияр он бір-ді,
Жүрмеген жан не көрді?
Жер емшегін емгендер
Егін салып, күн көрді.
Әушадияр он екі,
Табысың бар ма, кәнеки.
Алғыс алған баланың
Батасы дайын, мінеки.
Әушадияр он үш-ті,
Дүниеде не күшті?
Қызыл таңдай, көмекей
Жақ ішінде тіл күшті.
Әушадияр он төрт-ті,
Түсір қолға бүркітті.
Антын бұзған сол жаман,
Жақсылар бұзбас нақ сертті.
Әушадияр он бес-ті,
Көргенді тыңдар кеңесті.
Кері тартпа дау-шарды,
Ақылға салса теңесті.
Әушадияр он алты,
Бұрынғының сөз салты.
Артық-ауыс сөзіңді
Тыңдаушы бар үй арты.
Әушадияр он жеті,
Аппақ болар жер беті.
Нұрдың қызы демей ме,
Ақ қардай болса келбеті.
Әушадияр он сегіз,
Жарастықта дос егіз.
«Дайын» жайлап келгенде,
Жылқы менен қой семіз.
Әушадияр он тоғыз,
Сайрасын үйде қылқобыз.
Досын сатқан оңбайды,
Қарғыс алар ол доңыз.
Әушадияр жиырма,
Мекке жолы қиыр ма?
Жылқы әулие десек те,
Хас әулие сиырда.
Жар-жар
Жігіттер:
– Алып келген базардан қара насар, жар-жар,
Қара мақпал сәукеле шашын басар, жар-жар.
Мұнда әкем қалды деп қайғырмаңыз, жар-жар,
Жақсы болсаң, қайын атаң орнын басар, жар-жар!
Қыздар:
– Есік алды қара су майдан болсын, ай-ау,
Ақ жүзімді көруге айнам болсын, ай-ау.
Қайын атаң бар дейді осы қазақ, ай-ау,
Айналайын әкемдей қайдан болсын, ай-ау!
Ей, сылқым-ай, қош-аман бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Ақ отауың тіккен жер ойран болсын, жар-жар,
Ақ жүзіңді көруге айнаң болсын, жар-жар.
Жұрт сыйлаған алдыңда атай болсын, жар-жар,
Ел-жұртыңа үлгілі санаң болсын, жар-жар!
Қыздар:
– Ақ отауым тіккен жер ойран болсын, ай-ау,
Өз атамдай ол маған қайдан болсын, ай-ау,
Әуелгі сөз рахым деген қайда, ай-ау,
Ақ төбедей тігілген ордаң болсын, ай-ау!
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Бес білезік, бес жүзік сенде де бар, жар-жар,
Жақсы болсаң, қайын апаң онда да бар, жар-жар.
Жақсы келін атанып көп алдында, жар-жар,
Ата-анаңның, келінжан, батасын ал, жар-жар!
Қыздар:
– Бес білезік, бес жүзік менде де бар, ай-ау,
Жақсы болсам қайын-енем онда да бар, ай-ау.
Жақсы келін атансам деп ойлаймын, ай-ау,
Ел-жұртымнан айырылып болдым ғой зар, ай-ау!
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Жұрт сыйлаған қайнағаң онда да бар, жар-жар,
Өнегелі қосағың мойнын бұрар, жар-жар.
Сыйымды бол, келінжан, ел-жұртыңа, жар-жар,
Құдай қосқан қосағың болар құмар, жар-жар!
Қыздар:
Жұрт сыйлаған алдымда қайнағам бар, ай-ау,
Өнегелі, көркем де, жұбайым бар, ай-ау.
Қош айтамын кейінгі ел-жұртыма, ай-ау,
Туып өскен ел-жұртым, көз-құлақ бол, ай-ау!
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Ақ қозы қашар жоталап, үкеу,
Ақ тайлақ өсер боталап, үкеу.
Мұнша неге жылайсың, үкеу,
Артыңнан барар інің «апалап», үкеу.
Қыздар:
– Текеметтің шет бауын оя тұрсын, ай-ау,
Той басына ту бие соя тұрсын, ай-ау.
Мен шешеме айтайын әкеме айт деп, ай-ау,
Мені десе биылша қоя тұрсын, ай-ау!
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Қызыл қыршын замандас, қызыл қыршын, жар-жар,
Қызық қыршын ішінен қырғи ұшсын, жар-жар.
Әкем бар деп арқаңа медеу қылма, жар-жар,
Алып кетер мал берсе, сен бір құссың, жар-жар!
Қыздар:
Түндігімнің төрт бауы – бас бауымды, ай-ау,
Алты жеңгем сұрайды шаш бауымды, ай-ау.
Алты жеңгем, сұрасаң, аласың да, ай-ау,
Айналайын, жан әкем, қаласың да, ай-ау!
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Бір-ақ шаршы орамал басыңда тұр, жар-жар,
Жарыса өскен қатарың қасыңда тұр, жар-жар.
Оң жақта жүрген дәуренің біткен күні, жар-жар,
Шытың кеткен басыңнан, жасыңда тұр, жар-жар.
Құрбыңменен ойнаған ақырғы түнің, жар-жар,
Бір сәт қалмай таң атса, табарсың жөніңді, жар-жар.
Жігіттер:
– Енесінен айрылған балапандай, жар-жар,
Ертеңнен соң естіліп шықпас үнің, жар-жар.
Артта қалар күңіреніп туған жерің, жар-жар,
Қатарыңмен қосылып қасындасым, жар-жар.
Талай қызық заманды қуған жерің, жар-жар,
Артыңда қалар жыласып туған елің, жар-жар.
Қынай белің жібекпен буған елің, жар-жар,
Ішімізден кетті деп бір асыл зат, жар-жар,
Көзден жасын төгеді саған елің, жар-жар.
Артта қалып еңірер туған атаң, жар-жар,
Көзінің жасын көрген соң, қозар қапаң, жар-жар.
Келін болып түскен соң бөтен елге, жар-жар,
Ботасынан айрылып боздайды анаң, жар-жар.
Ағаңменен артыңда інің қалды, жар-жар,
Оң жақтағы ойнаған күнің қалды, жар-жар.
Жарыса өскен қатарың осында тұр, жар-жар,
Жолаушының тілегі қасыңда тұр, жар-жар.
Әйелдің көрген дәурені, әлеуметім, жар-жар,
Алған адал жарыңның тұсында тұр, жар-жар.
Оң жақта қыз жүгенсіз аттай болар, жар-жар,
Жерде жатқан тот басып заттай болар, жар-жар.
Әйел жаны жігітке деп айтылған, жар-жар,
Бұрынғының нақылы хаттай болар, жар-жар!
Жерің үшін жылама, кетпейсің тауға, жар-жар,
Елің үшін жылама, кетпейсің жауға, жар-жар.
Қалалыңа қосылып бір тілектес, жар-жар,
Болған соң сонда басыңа туар сәуле, жар-жар.
Қалды атам деп жылама, қайын атаң бар, жар-жар,
Қалды анам деп жылама, қайын анаң бар, жар-жар.
Қалды інім деп жылама, қайын інің бар, жар-жар,
Қалды ағам деп жылама, қайнағаң бар, жар-жар.
Жұртың үшін жылама, шын жұртың сонда, жар-жар,
Аз күн бізге қонақсың, тұрмайсың мұнда, жар-жар.
Қалалыңа қосылып, тілектес болсаң, жар-жар,
Көп береке, қызықты көрерсің онда, жар-жар!
Бір толарсақ, бір тобық санда да бар, жар-жар,
Қырық кісінің ақылы ханда да бар, жар-жар.
Үйде анам қалды деп, қам жемеші, жар-жар,
Жақсы болсаң, қайын анаң онда да бар, жар-жар!
Қыздар:
– Ақ отауым тіккен жер ойран болсын, ай-ау,
Ақ жүзімді көргендей айнам болсын, ай-ау.
Кісі анасы кісіге ана дейді, ай-ау,
Айналайын апамдай қайдан болсын, ай-ау.
Жыламаған апамды жылатайын, ай-ау,
Неден көңілі қалды екен, сұратайын, ай-ау.
Біздің елдің түйесі ермен жеген, ай-ау,
Ермен жеген түйесі өлмен деген, ай-ау.
Кеттің-кеттің деуші едің кеттім, апа, ай-ау,
Ерттеп қойған атыңа жеттім, апа, ай-ау.
Шымылдығым желпе сал, көрсін апам, ай-ау,
Көзінің жасын қойнына төксін апам, ай-ау.
Екі елтірі ішікке жең болар ма, ай-ау,
Алпыс пенен он жеті тең болар ма, ай-ау.
Бір міндеттен құтылдым десін апам, ай-ау!..
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Жігіттер:
– Мінген де атым жиренше-ай, үкеу,
Тықыршып тұрар мінгенше-ай, үкеу.
Қыз көңілі басылмас, үкеу,
Әлдилеп бала сүйгенше-ай, үкеу.
Мінгенде атым қара ат та-ай, үкеу,
Кигенде тоның манатта-ай, үкеу.
Жылама, бикеш, жылама, үкеу,
Бұрынғы салған санатта-ай, үкеу!
Қыздар:
– Мінгенде атым көк аттай ай-қу,
Шарбаққа атым созады ай-қу.
Өксіп бір, өксіп жыламай ай-қу,
Пайғамбар саған санаттай-қу.
Мінгенде атым торыдай-қу,
Торғайдай шешем қорыдай-қу.
Өксіп бір, өксіп жыласаң сен,
Пайғамбар салған жолдай-қу.
Ей, сылқым-ай,
Қош-есен бол, жұртым-ай!
Ұзатылған қыз сыңсуы
Анасына:
– Айналайын, апам-ау,
Апамнан көрген мәпем-ау.
Мен апамның қолында
Ойлағаным не екен-ау!
Ағасына:
– Аға-еке, сіздің атыңыз,
Артықша туған затыңыз.
Сағынып, аға, жүргенде,
Келіп бір тұрсын хатыңыз!
Інісіне:
– Айналайын басыңнан,
Басыңа біткен шашыңнан.
Атты да жаяу жүргенде,
Қалмаушы ең, күнім, қасымнан!
Апасына:
– Қызыл да мешпет қимадым,
Етекте жеңім жимадым.
Ішіңе сиған, апам-ау,
Сыртыңа неге симадым!
Есіктің алды күркеді-ай,
Күркеден атым үркеді-ай.
Қыз демеген апам-ау,
Басыма желек бүркеді-ай!
Есіктің алды аса бел,
Аса бір белден аса кел.
Алыс бір жолға кеткенде,
Қолыңды жайып, бата бер!
Атқа да салдым құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Жыламайын десем де,
Қимайды екен туысқан.
Есіктің алды жас қайың,
Жапырағын баспайын.
Артымда қалған, ел-жұртым,
Аузымнан қайтіп тастайын!
Есіктің алды дала еді-ау,
Қарасам көзім талады-ау.
Мәпелеген ел-жұртым
Артымда қалып барады-ау!
Есіктің алды беткейді-ай,
Беткейден атым кетпейді-ай.
Жыламайын десем де,
Ел-жұртым естен кетпейді-ай!
Жылқы ішінде қашаған,
Сорлы да қылдың, Жасаған.
Тірі де қалды-ау артымда,
Өлгенде шығар босағам.
Айналайын, аға-екем,
Отырған орның тақ екен.
Бірге тумақ болса да,
Бірге өлмек жоқ екен.
Әуеден ұшқан бозторғай,
Мойында жүні бос болғай.
Айналайын, ел-жұртым,
Аман да енді қош болғай.
Есіктің алды сар дала,
Сауыққа шығар бозбала.
Үйде де туып, түзде өскен,
Сорлы да туған қыз бала.
Есіктің алды сар жазық,
Жақсының сөзі жанға азық.
Ел-жұртымнан айрылып,
Жүремін қайтіп құлазып.
Жаз кигенім құлпы еді-ай,
Қыс кигенім түлкі еді-ай.
Әке мен шеше қолында
Баққаным ойын-күлкі еді-ай!
Ақ көйлек кидім етіме,
Жазу бір жаздым шетіне.
Мәпелеген аға-екем,
Қарамаған бетіме.
Күреңде жорға мінгенім,
Орманда ішік кигенім.
Ел-жұртымнан айрылып,
От болып, жанып күйгенім!
Кімге қостың бес жастан,
Алмадың Құдай он жастан.
Бүйтеріңді мен білсем,
Ұшпас па едім жартастан!
Әуеде торғай өріп жүр,
Балапаны еріп жүр.
Жат елге кетіп барамын,
Сағындырмай, аға, келіп жүр!
Үй артынан ор қаздым,
Қамшы бойы жер қаздым.
Көтеріп атқа салатын,
Ел-жұртым, саған не жаздым!
Ақша бір бетім қызылша,
Қара бір шашым ұзынша.
Айналайын, туған жер,
Тұрсам еді бір жылша!
Базардан келген үш кілем,
Үшеуі де тұс кілем.
Жыламайын десем де,
Тірі кетті демесең,
Өлгеннен мұның несі кем!
Мінгенде атым сар бауыр,
Сар ала қамшы қолға ауыр.
Жыламайын десем де,
Қимайды екен қу бауыр!
Әуеден ұшқан ақсұңқар,
Қанатымен жер сипар.
Артымда қалған бауырдың
Маңдайынан кім сипар!
Өмілдірік, құйысқан,
Тарамай шашым ұйысқан.
Жыламайын десем де,
Қимайды екен туысқан!
Жылқы ішінде ала жүр,
Алаға құрық сала жүр.
Әке бір – кәрі, бауыр – жас,
Көзіңнің қырын сала жүр.
Ата-анам еді дәулетім,
Мен жұртыма жау ма едім?!
Жат жұрттық болып кеткен соң,
Кетер-ау бастан сәулетім!
Заманым қиын болар-ау,
Көкірекке қайғы толар-ау.
Ел-жұртым сенен айрылып,
Сәнамен жүзім солар-ау!
Заманым өтті тұсымнан,
Дәуренім өтті басымнан.
Бұл не деген іс болды,
Өлер ме екем құсадан!
Ат жүрмейді күймеден,
Іс қалмайды инеден.
Әлпештеген, апам-ау,
Не көрсеттің дүниеден.
Қой ішінде қозы едім,
Жылқы ішінде бозы едім.
Әке-шешем қолында
Асыранды қазы едім.
Айналайын, ағайым,
Алтыннан түйме тағайын.
Жат елге кетіп барамын,
Қай мінезбен жағайын?
Есіктің алды тал ма екен,
Талдан да биік бар ма екен.
Үйде өсіп, түз кеткен
Қыздан сорлы бар ма екен?!
Базардан келген қалауыш,
Қолыма алдым қаламұш.
Қызды да балам бар деме,
Азғана күнге алдауыш.
Бұраңсыз көйлек кимедім,
Бұралып үйде жүрмедім.
Қалайша әйел еріксіз,
Елден мен теңдік көрмедім.
Мінген де атым қара сұр,
Қаңтара байлап таң асыр.
Жыламайын, апа, десем де,
Артымда бір жоқ жанашыр.
Есіктің алды балдырған,
Жолаушы атын шалдырған.
Мұнан да қорлық өте ме,
Күшпенен тартып алдырған.
Қойды да жайдым адырға,
Қорек те еттім қабырға.
Кез келтірді Құдайым
Көзі соқыр шадырға.
Жеңіме салған жеңұшым,
Жылама, апа, мен үшін.
Жылағаннан не пайда,
Туыппын ғой ел үшін.
Күміс те пышақ қынымен,
Тігулі киім сынымен.
Еркелеткен, апа-екем,
Айрылам ба шынымен.
Ыстық үй салдым қарағай,
Үлкен бір шәһар қаладай.
Еркелеткен ел-жұртым,
Айрылып қайда барам-ай?
Күн жауады сырғақтап,
Үкі бір тақтым бұлғақтап.
Үкі бір тұр ғой, жүн қайда,
Үйдегідей күн қайда?!
Тал-талдап өрген шашым-ай,
Әуре болды-ау басым-ай.
Айрылам қайтіп, апа-екем,
Алмады Алла жасымда-ай.
Әуеден ұшқан шағалақ,
Су ішеді жағалап.
Жыламайын десем де,
Бауырым жылар ағалап.
Есіктің үсті маңдайша,
Құрдан ескен таңдайша.
Өлгенде шығар үйімнен,
Жібермеші маңдайша.
Тезек те тердім қаппенен,
Қойға да бардым атпенен.
Қыз демейтін, әкем-ау,
Шығарып салдың жатпенен.
Әуеден ұшқан бозторғай,
Мойнында жүні бос болғай.
Жат жұртқа кетіп барамын,
Елі-жұртым, енді, қош болғай!
Қара суға қаңқылдап қаз қонады,
Анасынан айрылып қыз барады.
Қар суға қан құйсаң, ағар-кетер,
Жат кісіге қыз берсең, алар-кетер.
Құдайым, қызды неге жаратасың,
Қайырып, қара шашын таратасың.
Біреудің әлпештеген жалғызы едім,
Қолына әлдекімнің қаратасың.
Қош-сау бол, елім-жұртым, ата-анам,
Айдын көл, туып-өскен шалқар далам.
Мен кеттім жас жанымды кұрбан етіп,
Таба алмай өз ортамнан ешбір панам.
Аққу-қаз, қабіріме келе кетші,
Ғаріптің не болғанын біле кетші.
Тәнімді қарға-құзғын шоқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші!
Мәкен қыздың сыңсуынан
– Менің атым – Мәкен-ай,
Жері қиын екен-ай.
Құрдан айыл құйысқан,
Жығылып қалар ма екем-ай?!
Кесте бір тіктім жеңіме,
Бермедің, әке, теңіме.
Берсеңіз, әке, теңіме,
Разы едім еліме.
Есіктің алды жас қайың,
Жапырағы өспей, баспайын.
Өлгенде шығар босағам,
Тіріде қайтіп аттайын.
Қой ішінде бүйрекпін,
Су ішінде үйрекпін.
Айырмашы қолымда,
Бәріңе бірдей сүйекпін.
Шешем бір өлген жетім ем,
Шер көкірек боп кетіп ем.
Шалға да ұстап беретін,
Аға-еке, сізге нетіп ем?
Әуеден ұшқан шауқарға,
Шауқарға қонар заңғарға.
Жыламайын десем де,
Шешесіз қызда күн бар ма?!
Сарын (жұбату өлеңі)
– Мен өсиет айтайын,
Жыламай, бикеш, сөз тыңда!
Ал, бикем, енді жылама,
Көзіңнің жасын бұлама.
Әуелде тусаң ұл болып,
Сізді мұндай қыла ма?
Бүркендіріп қоя ма,
Қызығыңа тоя ма?
Біз бермелік десек те,
Мал берген жерің қоя ма?
Ата-ана деп жыларсың,
Жыламай қайтіп шыдарсың.
Ұғайын десең өсиет,
Сөзіме құлақ саларсың,
Ұқсаң, қабыл аларсың.
Өкпе қылма әкеңе,
Қойма кінә шешеңе.
Зарланып жылай бергенің
Жарамайды бекерге.
Әлпештеп балам деген соң,
Өсіріп, жасқа келген соң.
Неге өкпе қыласың,
Өз құрбыңа берген соң.
Өсек айтып сумаңдап,
Жүрсең, сірә, оңбайсың.
Ұлық бол, қалқам, кішіктей,
Рахат дәурен сүресің
Зылиха мен Жүсіптей.
Зылиха, Жүсіп қосылған,
Кім шығады жосыннан?
Қосылмай тұрып зар болып,
Көзінің жасы жосылған.
Ойларсың, қалқам, үйім деп,
Асылдан киген бұйым деп.
Асау тайдай шолжаңдап,
Еркелейтін күнім деп.
Жаман болса еріңіз,
Ақыл айтып беріңіз.
Көңіл аулап көтеріп,
Өзімен бірге күліңіз.
Кісіге сырыңды алдырма,
Наса бітпей шалдырма.
Пәленше сондай дегізіп,
Жанның көңілін қалдырма.
Үйіңе бөліп дән берер,
Еншіңе бөліп мал берер.
Дүниеңе ие болмай,
Жаман болса ел көрер.
Ойларсың, бикем, барсам деп,
Үй тұлғасы болсам деп.
Қабыл болсын ойыңыз,
Құтты болсын тойыңыз!
Бүгінгі жақсы күн еді,
Көп жылауды қойыңыз.
Жыламасын шешесі,
Жат елге берген әкесі!
Енді үйіңе отырмай,
Балаң болды кетесі.
Ағасы, сіз де қайғырма,
«Қарындасым кетті» деп.
Ақылыңнан айрылма.
Жыламасын жеңгесі –
Бірге өскен теңдесі.
Қайынсіңлің жат жұрттық,
Белгілі болды кетесі.
Жыламасын інісі –
Қолқа-жүрек тынысы.
Әуелде қыз боп туған соң,
Тағдырдың бүйткен бір ісі.
Айтып болдық сарынды,
Біріңді қоймай бәріңді.
Сарын бізден шыққан жоқ,
Бұрынғының тәлімі.
Осы үйдегі жарандар,
Жүреміз енді көп тұрмай.
Елпек бол, қалқам, сөз бұрмай,
Осы үйдегі жеңгелер,
Орамал әкел, аңырмай.
Сарын болды тамамат,
Жанымыздан аманат.
Дұға оқып, қол жайсын,
Үйде отырған жамағат.
* * *
Үй артында ақ шаңдақ,
Аунап бір тұрған ақ тайлақ.
Атадан мен бір ұл тусам,
Отырмас па ем жақтайлап.
Күмістен жүген желкелі-ау,
Мен үйіме ерке еді-ау.
Еркелігім балалық,
Білмеді ғой надандық.
Жылқы айдадым керуен,
Мен үйімде серуен.
«Бермеймін» дейтін аға-екем,
Қолыңнан ұстап беріп ең.
Балдырған су бал татыр,
Бал берген апам қайда отыр?
Сүтті көрсем, сүт татыр,
Сүт берген апам қайда отыр?
Базардан келген матам-ау,
Кешірсін Алла қатамды-ау.
Алыста жолға мен барам,
Бере көр, атам, батаңды-ау.
Буыршын бойы кең арал,
Орыстан биік генерал.
Айналайын, аға-екем,
Сағынып басың сандалар.
Мешпет бір кидім қындай боп,
Қамшы оранған сымдай боп.
Мен ағамның қолында
Өсер ме едім ұлдай боп.
Күмісте жүген төкпелі-ау,
Мен үйіме өкпелі-ау.
Өкпелі емей немене,
Биылша қойса көппе еді-ау.
Арғымақ келер ағылып,
Жібектен арқан тағылып.
Бірге туған ағайым
Келер ме екен сағынып.
Арғымақ келер су іздеп,
Ақсұңқар келер жем іздеп.
Бірге де туған ағайым
Келер ме екен мені іздеп!
Беташар
(1-нұсқа)
– Айт, келін-ау, айт келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ келін,
Айдан сұлу ақ келін,
Бетіңді, келін, ашқаным,
Жаңа жұртқа қосқаным.
Жасы үлкенді сыйлап жүр,
Құрмет қылып жасқанып.
Айт, келін-ау, айт келін,
Атыңның басын тарт, келін!
Сауысқаннан сақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін,
Қыз көңіліңнен шық, келін!
Күйеуіңе жақ, келін,
Өзің бір ақыл тап, келін,
Ата-анаңды бақ, келін!
Кісі келсе үйіңе,
Сырмағыңды қақ, келін!
Қызмет қыл, иіліп,
Атаң менен анаңа.
Өзіңнен үлкен адамның
Бетіне тіке қарама.
Үлкен кісі келгенде,
Қатарласып отырмай,
Кейін отыр панада.
Сампылдап қатты сөйлеме,
Ақырын сөйле мүдіріп.
Майдалығы сөзіңнің
Кеткендей болсын үгіліп.
Қолын ұстап, бетін сүй,
Бала келсе қасыңа.
Қайныңды сыйлап қадірле,
Қарамай үлкен жасыңа.
Жаманға болма ашына,
Мынаның жөні осы деп,
Әркімге берме шашыла.
Ерте тұрып төсектен,
Қақаңдама, келіншек!
Үй артына мал келсе,
Бақандама, келіншек!
Қаптың аузы бос тұр деп,
Құрт ұрлама, келіншек!
Аузы-басың сүйреңдеп,
Өсек айтпа, келіншек!
Алдыңғы түйең итіншек,
Артқы түйең тартыншақ.
Басқа соқпа, келіншек!
Келін келді, көріңдер,
Көрімдігін беріңдер!
Жақсы келін атансаң,
Безбессің жақын атаңнан.
Енді айтайын қайнысын,
Қайнысы, үйде бармысың?!
Алыс кетсе сағынар,
Оң жақтағы құрбысың.
Қызыл-жасыл жамылып,
Отқа май сап табынып,
Көңілің жай болды ма,
Іздегенің табылып?
* * *
Уа, жамағат, жамағат,
Беріңіз маған рұқсат!
Беташар сарын білмеуші ем,
Айтуға тұрмын қорғалап.
Әуелінде той қылған
Сөз етейін орыннан.
Арқан түйе, мінген ат,
Үйдің іші жайынан.
Оң саусағың жібектей,
Аш беліңіз балдырған,
Әуелінде келіпсіз,
Құдай қосқан орынға.
Аспандағы ақсұңқар
Түскен екен торыңа.
Тапал қара бір құшақ,
Кез болар ма сорына!
Келін бетін ашайын,
Жұртқа өсиет шашайын!
Жылап бір келген баланың
Жылатпай мауқын басайын.
Артқан бір түйең атанша,
Сексенге кеп селкілдеп,
Қосағыңмен бір жаса!
Жасауың болса тоғыздан,
Көруге жұртың тамаша.
Артқан бір жүгің ақсандық,
Үйірсек бол ел танып.
Құтты орынға келіпсің,
Сәлемін қыл май салып.
Келінжанды көруге
Отыр жұртың жиылып.
Келін келді, көріңіз,
Көрімдігін беріңіз.
Ала-құла демей-ақ,
Түсін айтып беріңіз.
...Шарқая долы сен болсаң,
Сырттан қайтіп батамыз.
Ойын сөзді кек қылсаң,
Адам деп несін айтамыз.
Келін келді, тері сал,
Ары салмай, бері сал.
Келінжанның несі бар,
Асық жілік, төсі бар,
Келінжан, мені есіңе ал?!
Ал, міне, келді кеңесім,
Сөзімді тыңда теңдесім.
Аз әңгіме айтайын,
Зарланған қу жақ демесең.
Қасыңа келдім қасқайып,
Қашатын жылқы бастанып.
Ал, бетіңді ашайын,
Ұялып қалма жасқанып.
Келін келді, есік аш,
Енесі қайда, шашу шаш!
Үлкенің бар, кішің бар,
Түгел келін бетін аш!
Келін сыйлар енесін,
Енесі байғұс не десін.
Әуел деп алған күйеуің
Нақышпен айтар кеңесін.
Енесіне бір сәлем!
Келін сыйлар атасын,
Атасы берер батасын.
Атаң берсе батасын,
Шығарма сөздің қатасын.
Атасына бір сәлем!
Келін сыйлар ағасын,
Орман ішік жағасын.
Не деп айтсам келісер,
Жақсы адамның бағасын.
Қайнағасына бір сәлем!
Келін сыйлар қайнысын,
Қайнысы, мұнда бармысың?
Жақсы болса келіншек,
Одан не қып айрылсын.
Келін сыйлар сіңлісін,
Сіңлісі, мұнда тұрмысың?
Жақсы болса келіншек,
Ымы-жымың бір болсын.
...Санасызға айтқан сөз
Тыңдауы бар, ұғу жоқ.
Ақылынан адасар
Зиынды зерек жазымсыз.
Көңілімен бал ашар,
Ерте тұрып орныңнан,
Қақаңдама, келіншек!
Қайнағаңның алдынан
Қайқаңдама, келіншек!
Үйге түскен түйені
Бақандама, келіншек!
Ала қаптың аузы бос,
Құрт ұрлама, келіншек!
Көн етігің көрпілдеп,
Өсек айтпа, келіншек!
...Келін келді, көріңдер,
Көрімдігін беріңдер.
Көрімдік берсең, қойдан бер,
Қойдан берсең, молдан бер!
Қара көктен қошқар сал,
Жарылқауын майдан көр.
Қойды берсең сар бастан,
Табады егіз жазбастан.
Тілеуі қабыл пәнденің
Үміті болсын мал-бастан.
Ешкі берсең бөртеден,
Басшысы болсын серкеден.
Құнанын мініп, қой қуған
Балаң болсын еркеден.
Сиыр берсең қарадан,
Қатық кетпес шарадан.
Қаймағына таласып,
Есің шықсын баладан.
Түйе берсең, ақтан бер,
Өсер-өспес бақтан көр.
Төрт түлігің сай болып,
Астыңа мінсең ақтанкер.
Жылқы берсең торыдан,
Қымыз кетпес қорынан,
Әдепті болып, келіншек,
Атаңның жүрме жолынан!
Жақсы болсаң жарайды,
Жан бетіңе қарайды.
Күле берсең ыржақтап,
Бойыңды бөлек санайды.
Жақсы адамның белгісі –
Бөлек тұрар үлгісі.
Қатты күлмес қарқылдап,
Ақырын болар күлкісі.
Ел қыдырар қайраңдап,
Өкшесі жүрер тойтаңдап.
Етіктің сыймай қоншына,
Балағы жүрер салпылдап.
Артынан ерген баласын
«Көк түйнек!» деп бір нұқып,
Домалатар әрі таман!
Әуелгі сөзім – беташар!
Тауып айтсам жарасар,
Жаңа келген жас келін,
Үлкенді көріп аласар.
Үлкеннен ақыл алсаңыз,
Мінезіңе жарасар.
Келін келді, жамағат!
Сен келеді дегенге,
Қуанды жұртың қабағат.
Келеді деп қуанған,
Еліңді көр қанағат.
Ақыл сөзді жек алсаң,
Әркім сізге қадалар.
Жаңа келген келінге
Шабыстырып айтқан кеңесім.
Ақыл сөзді жөн алып,
«Әдіра қалғыр» демесін.
Демегеннің белгісі –
Бұлтартпай ұғар кеңесім.
Әркім сұлтан көрінер
Өзінің өскен жерінде.
Ұзын сөздің аяғы,
Қыз күнің жоқ баяғы.
Қысқа-қысқа айтайын,
Көп тұрсам аяқ талады.
Мирасың қыл жеңеше,
Сәлем сөзім таянды.
Инабатты келіннен
Атасы сізге бір сәлем!
Енді сөзім, жарандар!
Зейінді болса жас келін,
Сөзімді ұғып барандар.
Ақыл-зиына аз болса,
Көрінгенді арамдар.
Бір келінге айтты деп,
Қатындар, сендер елірме.
Бағасы кетер еріңнің,
Сөзін мұжып кемірме.
Әдеп үйрет күйеуге,
Ақылың болса өзіңде.
Білмегенін айтып бер,
Қатын қарыз еріне.
Өзіңе керек жұмысқа
Бұлданбаңыз істеп кеп.
Дос-жары болса еріңнің,
Буынын ашпа жіліктеп.
Тоқтатайын сөзімді,
Осыменен тамам деп.
Беташар
(2-нұсқа)
– Беташар басы бисмилла,
Бисмилла келер мың жылда.
Аз өсиет айтайын
Жыламай, жаным, сөз тыңда!
Енді келді беташар,
Өсиет сөзім жар шашар.
Алланың берген бағынан
Қайырлы болса, кім қашар?!
Келін келді, есік аш,
Енесі қайда, шашу шаш!
Үлкенің бар, кішің бар,
Бұл келіннің бетін аш!
Жаныңа келдім қасқайып,
Қашатын жылқы бастанып.
Ал бетіңді ашайын,
Ұялып қалма жасқанып.
Қолыма алдым хат қалам,
Бес ауыз сөзді жатқа алам.
Үй ішінде, жамағат,
Барлығыңа бір сәлем!
Келін сыйлар атасын,
Атасы берер батасын.
Ибалы келін атарсыз,
Иіліп сәлем қатарсыз.
Сыйлады келін атаны,
Көптен алып батаны.
Әдепсіз біреу демесін,
Сөзіңіз болсын ашалы.
Сыйла көпті, шырағым,
Басыңа болсын тұрағың.
Ақылым айтқан, жас бала,
Сізден осы сұрарым.
Осы сөзім көпке аян,
Жүрмесін біреу деп бәлен.
Үй ішінде, жамағат,
Атасына бір сәлем!
Келін сыйлар енесін,
Енесі байғұс не десін.
Әуелі алған күйеуің
Ақылмен айтар кеңесін.
Сыйла, келін, ананы,
Үлкен-кіші баланы.
Жинақы бол шаруаңа,
Ұқсама сулы жабағы.
Үй ішінде жамағат,
Енесіне бір сәлем!
Келін сыйлар ағасын,
Түлкі ішіктің жағасын.
Алдыңда ағаң отырса,
Аузыңды мықтап жабарсың.
Келін сыйлар жеңгелер,
Сылдыраған теңгелер.
Аразы болса абысын,
Араласпай селтеңдер.
Тату болса абысын,
Шай ішелік, бері келіңдер.
Келін сыйлар қайнысын,
Қайнысы мұнда бармысың?
Ащы тілің тимесе,
Қайнысы қайдан айырсын.
Қайнысын келін шақырар,
Сарымайлап шайын сапырар.
Әдепсіз болса бұл келін,
Қамшы алып, күйеуі ақырар.
Үй ішінде, жамағат,
Барлығыңа бір сәлем!
Түйе берсең, ақтан бер,
Өсер-өспесін бақтан көр.
Төрт түлігің сай болса,
Астыңа мінген бақтан көр.
Жылқы берсең торыдан,
Қымыз кетпес қорыңнан.
Өсер-өспесін бақтан көр,
О да сенің сорыңнан.
Сиыр берсең қарадан,
Қатық кетпес шарадан.
Қатығына таласып,
Күнің өтсін баладан.
Ешкі берсең серкеден,
Балаң болсын еркеден.
Еркелеткен өз балаң,
Мазаңды алсын желкеден.
Қойды берсең сарбастан,
Егіз табар жазбастан.
Үміті бар пенденің
Пиғылы болсын мал бастан.
Қошқар салып қой еткен
Атасына бір сәлем!
Елін сағынған қыздың көрісі
Есіктің алды бір шиді-ай,
Бір шиден атым ырғиды-ай.
Сені ойласам, ағажан,
Көзімнен жасым ыршиды-ай.
Есіктің алды күркеді-ай,
Күркеден атым үркеді-ай.
Қыз демеген, апам-ау,
Басыма желек бүркеді-ай.
Есіктің алды үйген тас,
Әкем – бір кәрі, бауыр – жас.
Жыламайын десем де,
Барады өтіп өмір жас.
Жылқы ішінде торы азбан,
Аяғымен жер қазған.
Мұқым керей ішінде
Алтынын алып, жез қалған.
Үй артынан жар қаздым,
Қамшы бойы жер қаздым.
Сағынғанда келмеген,
Ата-еке-ау, сізге не жаздым?
Әуеден ұшқан бозторғай,
Торықтым әбден үйді ойлай.
Жыламайын десем де,
Берді ғой әкем бір болмай.
Есіктің алды қу тақыр,
Қу тақырда мал жатыр.
Жыламайын десем де,
Ішкенде асым у татыр.
Бие де саудым көнектен,
Суға да бардым шелекпен.
Ағатайым келгенде,
Шыға алмадым желекпен.
«Апам-ай, апам» дегіздің,
Аялап, қаймақ жегіздің.
Қыз демейтін апам-ау,
Әлдилеп бала сүйгіздің...
Қараошының қызы Дариғаның көрісі
Бұрын Қобда бетінен қыз айттырып, малға сататын уақытта бай қызын бай баласы алса, 100-200 байтал деп келісім жасайды. Бардам деген шеруші жігіт Алтайдағы Оспанның Дариға деген қызын айттырады. Берген малға байланысты жасау істеу керек екен. Ол кезде отау көтеріп, қыздың өзіне әртүрлі киімнің бір түрінен тоғыздан және мал-мүліктерден де тоғыздан дайындайды екен. Күйеуінің ата-енесіне де киітті тоғыздан дайындау керек екен. Күйеу бала қайынға барып, бір жыл жатып, жоғары жасаулар дайын болған соң, қызды алып келе жатқанда, алдынан Сүгірбайдың шабармандары шығып, қыз жасауы мен әкеле жатқан киітті тексеріп келгенде, бір жорға ат, бір қасқыр ішік, құда-құдағидың киітінен екі түрі кем болады. Сонан соң шабармандар Сүгірбайға келіп айтқан соң, құдағиды сол жерден қайтаруды тапсырады. Шешесі кететін болған соң қызының көрісі:
– Әкемнің аты Оспан-ды-ай,
Бәйгеге жүйрік қосқанды-ай.
Бақ қайтатын бола ма,
Сүгірбай соқыр тосқандай.
Әкемнің аты Оспан-ды-ай,
Бәйгеге жүйрік қосқанды-ай.
Бақ қайтатын бола ма,
Сүгірбай соқыр тосқандай.
Әкемнің аты Оспан-ды-ай,
Бәйгеге жүйрік қосқанды-ай.
Егике жүйрік Өміртай,
Кезеңді жерден тосқаны-ай.
Қайын ағам аты – Бәйінбай,
Төске шыққан қайыңдай.
Жыламайын десем де,
Жыландыға келгенде,
Әй, апам, сізден айырды-ай.
Отыз бір түйе артқаным,
Жібектен арқан тартқаным.
Жыламайын десем де,
Әй, апам, жолдан қайтқанын.
Жылқы ішінде асауым,
Күмістен соққан қашауым.
Түк көрінбейді көзіңе,
Елу бес еді жасауым.
Өрмегейтіні жайлаңдар,
Жасаңға бие байлаңдар.
Шамаң бір келсе біздің ел,
Бұл елден жылқы айдаңдар.
Әбдікерім болыс қызының күйеуге барғанда айтқан көрісі
– Шүршіткөл, тау тиесілі жазығым-ай,
Шұбардан желі тартқан қазығым-ай.
Бұлғақтап асау тайдай жүрсем дағы,
Алдамшы сұм дүниенің жазмышын-ай.
Шолпандай таңертеңгі тудым, баттым,
Ісіне мен риза жалғыз Хақтың.
Бұлғақтап апатайым арқасында,
Жеткенім балиғатқа білмей қаппын.
Дүние қашан дағы қуған екен,
Дүние маған да қақпан құрған екен.
Уақтың ел ішінде бір баласы
Арналып мен-ақ үшін туған екен.
Арбопан домбырамен сауығым-ай,
Шақырған мезгілімен тауығым-ай.
Төрт бұрышын төңіректің хатпен билеп,
Тарқатқан күнде жиын ауылым-ай.
Балалар фольклоры
Бесік жыры (әлди бөпе)
– Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Бөпем менің қайда екен?
Қыздарменен тойда екен.
Тойда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан, қанеки,
Жаңа теріп жүр екен.
– Әлди, әлди, баладан,
Тауып алдым даладан.
Далада бала тумайды,
Түсіп қапты шанадан.
– Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Балақаным қайда екен?
Асқар, асқар тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Қызыл алма қолында,
Қыз, бозбала соңында.
Алмасынан, қанеки,
Жаңа теріп жүр екен.
* * *
Әлди, әлди, абайын,
Атқа тоқым жабайын.
Сенің шешең қыдырма,
Қайдан іздеп табайын?!
Жерлеу ғұрыптық фольклоры
Жоқтау
(1-нұсқа)
– Есіктің алды салынды,
Салынды суға малынды.
Жыламайын десем де,
Ішім бір оттай жалын-ды.
Есіктің алды қу тақыр,
Қу тақырда мал жатыр.
Жыламайын десем де,
Ішкенде асым у татыр.
Әуеден ұшқан шағалақ,
Су ішеді жағалап.
Алысқа кеткен қарындасым
Келер ме екен ағалап?
Базардан келген елеген,
Төңірегін емерген.
Өсірсе де әке көп бала,
Албасты, шайтан демеген.
Жоқтау (Көріс)
(2-нұсқа)
– Есіктің алды су дейді-ай,
Еңкейіп бетің жу дейді.
Екі де кісі бас қосса,
Алды-артын жұтқан қу дейді!
Жылқы ішінде сұр тай бар,
Біз жыламас не жай бар.
Жоқтамай мен отырсам,
Көргенсіз деп жұрт айтар.
* * *
Есіктің алды тасжарған,
Тасжарған басын күн шалған.
Кімге опа көрсетті
Баяны жоқ сұм жалған!
Сия бір құйдым қауырсын,
Сағындым апам дауысын.
Айналайын, апа-екем,
Іздесем қайдан табылсын?!
* * *
Қош-Ағаш бойы ділгірам,
Он екі болыс бір дуан.
Асылым сапар шеккен соң,
Бәс болдым теңдес құрбыдан.
Қош-Ағаш бойы сар дала,
Солдаттан қашты бозбала.
Еліміз көшіп Қобда асып,
Қобда мен Ойгор жанасты.
Кеше де жүрген асылым,
Тұманды күні адасты.
Базардан келген шарайна,
Шағидан көйлек кигізіп,
Кіргізген күмбез сарайға.
Көңіл айту, жұбату
...Қайғының бір қиялы түсті ойға,
Жайылды шымырлатып өне бойға.
Адамзаттың басына іс түспесе,
Адамға сөз келе ме бекер жайға.
Ажал тура келіпті қоймауына,
Қара жер алып кірді қойнауына.
Ата-баба асылдың бәрін жалмап,
Қара жер қанша алса да толмауына.
Адам-ата, Хауа-ана – түп атамыз,
Жалғанды бүйтіп жүріп жұбатамыз.
Содан бізге қалыпты мирас болып,
Өлгенге көңіл айтып, жұбатамыз.
Көп ойласам, қайғының бірі менде,
Заманақыр ауылымда осы күнде.
Екі асылым көзімнен бұл-бұл ұшып,
Қошын айтып жөнелді дүниеге.
Аға-екем – алдымдағы асқар белім,
Анамыз – сусындаған шалқар көлім.
Жатсам-тұрсам ойымнан бір кетпейді,
Ақтамадық ақ сүт пен маңдай терін.
Ел-жұртқа қадірлі еді қауымына,
Аға мен үлкен-кіші қауымына.
Ақылшы алдындағы кемесі еді,
Өзінің батып кетті ауылына.
Дегенмен ажал бізді аңдып тұрмас,
Өмірге келген жанмен тегіс сырлас.
Қалғаның береке мен бірлікті қос,
Ақылсыз алжығаның түкке тұрмас...
Туған жерді сағыну
– Атыңнан, айналайын, бар Құдайым,
Жігітке пайда бермес сары уайым.
Он бір жыл мекен еткен Бөкемұрын,
Айтайын бір азырақ мұның жайын.
Жайлы еді қой, жылқыға Көксай, Баруын,
Тоқтатпас соққан боран жауған жауын.
Көрем деп өзімдей жан біткенді,
Бейнеттің мықтап таптым қайғы-зарын.
Құм едің қойға күзеу Доланқара,
Басыма жаңа түсті-ау қайғы сәна.
Қадірін қайран жердің білмейді екем,
Мың қойды жалғыз жаяр жаяу бала.
Бектері Көксай, Күнсай, Белің, Шаған,
Сұм жалған өте шығар, келмес маған.
Астымда мысық жирен зар еңіретіп,
Жүретін сауық салып қайран заман.
Көкадыр одан төмен алтын Қазық,
Айтқанмен таусылмайды-ау бәрін жазып.
Аз жылдай мекендеген Бөкемұрын,
Жолдадым саған сәлем ауызға алып.
Мекен жер – үш Шегіртай, Бөкемұрын,
Білмейді көрмеген жан жердің сырын.
Басымды шалған тұман айықпай жүр,
Қиғаштап мына заман келді-ау қырын.
Жер жетпес көк шалғынды Ногоннурға,
Бұл күнде еркіндік жоқ біздің қолда.
Тағдырым қапияда болды осындай,
Құс едім аспандағы, түстім торға.
Нәрін су, одан төмен Ащты көлім,
Жағалап қазақ, дөрбет жатқан елім.
Келгенде бұл араға алтау едік,
Бес жолдас қайтса-ау аман, болды жолым.
Кенере, Дала бөктер екі Жорық,
Жабысқан тышқан жылы бізге қарық.
Күн туып, бұл бейнеттен азат болып,
Көрем бе аман-есен қайта барып.
Сәлмен, Қодыра бар айтылмаған,
Борқақтан соққан боран аңқылдаған.
Жолдас болып ақымақпен аңғал басым,
Ақырда қаздай болдым қаңқылдаған.
Жер қайда екі Хату, Бұрғысындай,
Жігітке жолдас қайда құрбысындай.
Құдайым бұл бейнеттен азат етіп,
Көрем бе қайран жерді жыл құсындай.
Кіре мен Жаматыдай жайлау қайда,
Шөбі шүйгін жылқыға жері майда.
Бір жылы бірінші айдың оны күні,
Михынат ғаріп басқа болды-ау пайда.
Сарқобы, қайран Ақкөл, Қарамаңдай,
Бер жағы Шындабаның Қарағанды ой.
Болды ғой мына қоршау маған мекен,
Болар ма заман бұрынғыдай.
Асганты, Обаты мен Орықтым-ай,
Бұл күнде олардан да қоныс тайды-ау.
Ырсекең, жатушы едің талықсып-ай,
Үшойғыр, Уланхусын, Ақкөл, Согак,
Шыбын жан денемізде аз күн қонақ.
Азырақ білгенімді айттым тамам,
Ойласам дүниенің арты шолақ.
Аймақтың орталығы – Баян-Өлгей,
Дүние өте шығар аққан селдей.
Қарындаш табылмай жүр, қағаз-қалам,
Әйтпесе, жазар едім бірін қоймай.
Жан едім ақ көңілі аңқылдаған,
Ойыма келген сөзден тартынбаған.
Көңілшек мінезім бар жігіт едім,
Шамаша кұрбы сыйлап жарқылдаған.
Өзім де сөзге жүйрік жорға емеспін,
Тозаңды аяншылдық шалдырмаған.
Басымнан бақыт тайды-ау ойламаған,
Әкеттің арығындай туралаған.
Айрылып бар жолдастан жалғыз қалдым,
Амалсыз ақ қағазды сиялаған.
Шыбын жан шыдап қалды-ау өлмеген соң,
Амал не Алла жәрдем бермеген соң.
Жігіттің жігіт аты бір шықпайды,
Аз сөйлеп, ауыз ашып күлмеген соң.
Айрылып бар жолдастан алаңдадым,
Еш ақыл ойлағанмен таба алмадым.
Ұйқасып мынау сөзге бір келмеді-ау,
Соқыр қой қар басқандай барандадым.
Магиялық фольклор
Бата түрлерінен
– Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін.
Ұлың ойға қонсын,
Қызың қырға қонсын.
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам,
Сақтап жүрген сүр батам!
Айың тусын оңыңнан,
Күнің тусын солыңнан.
Мал менен басың тең өсіп,
Кетпесін дәулет қолыңнан!
«Әумин» десең маған,
Бата берейін саған.
Әуелі Құдай оңдасын,
Сонан соң Қыдыр қолдасын!
Беделің тасып өрлесін,
Ошағың әсте сөнбесін.
Адал болсын алғаның,
Балуан болсын бармағың.
Артсын бедел салмағың,
Аман болсын мал-жаның!
Мыңға жетсін қойыңыз,
Мыңға жетсе қойыңыз,
Сараңдықты қойыңыз.
Күніне бірін сойыңыз,
Үйіңізден кетпесін
Береке мен тойыңыз!
А, Құдайым оңдасын!
Оңдағанның белгісі
Мың саулығың қоздасын!
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын.
Тіленшінің биесін берсін,
Үйсін, қоңырат түйесін берсін.
Біткен әруақтарға тие берсін,
Аллаһуакпар!
Құдайым жарылқасын, бай қылсын,
Төрт түлігін сай қылсын.
Мал, басыңа сәулет берсін,
Кең пейіл берсін.
Тілеген тілеуіңді берсін,
Аллаһуакпар!
Асың, асың, асыңа,
Береке берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Сенен байлық өшпесін,
Тәңір берген несібең
Тепкілесең кетпесін.
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін.
Кешке келіп жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан
Қошақанның енесі –
Саулық бассын үйіңді!
Бақайлары сыртылдап,
Мүйіздері жылтылдап,
Бұзаулардың енесі –
Сиыр бассын үйіңді!
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан
Ботақанның енесі –
Інген бассын үйіңді!
Шіңгір-шіңгір кісінескен
Құлыншақтың енесі –
Бие бассын үйіңді!
Аллаһуакпар!
* * *
(Анық бата Алладан!)
Әуелі Құдай оңдасын,
Төрт шаһариарым қолдасын,
Ризығың кең болсын,
Құрсағың аш болмасын!
Әумин десең, міне, бата,
Дарысын Қыдыр ата!
Қыдырың қияласын,
Періштең ұяласын,
Дәулетті бас бергей,
Бақытты ас бергей,
Ұлың ойға қонсын,
Қызың қырға қонсын!
Төрт түлік малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам,
Сақтап жүрген сүр батам
Ақыреттің бейісін берсін,
Жалғанның кеңісін берсін,
Құдайың сені оңдасын,
Иманың болсын жолдасың,
Саған сынық болмасын,
Аллаһуакпар!
* * *
Кел, жігіт, кел, жігіт,
Бұған бата бер, жігіт!
Ауылыңның қонғаны
Жылға-жылға сай болсын.
Мұның көңілі жай болсын,
Мың жылқылы бай болсын.
Ұл балаңның мінгені
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Атаңның көңлі жай болсын.
...Қара ешкінің мүйізі
Ербегей де, сербегей.
Саған келген пәлекет
Өзен-суды өрлегей.
Менің атым – Сарыбай,
Сақалыма сары май.
Таң мезгілі болғанда,
Төсегіңнің астынан,
Жастығыңның басынан
Бақ-дәулет келіп дарығай!
...Маң-маң басқан, маң басқан,
Төрт аяғын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан
Ботақанның атасы –
Түйе бассын үйіңді.
Түйе басса үйіңді,
Түнде бассын үйіңді.
Алыста жүрсе кісінескен,
Жақында жүрсе тебіскен,
Түскен қиын иіскескен
Құлыншақтың атасы –
Жылқы бассын үйіңді.
Жылқы басса үйіңді,
Жылмай бассын үйіңді.
Өлеңді жерде лепірген,
Өлімді жерде өкірген
Бұзауқанның атасы –
Сиыр бассын үйіңді.
Сиыр басса үйіңді,
Сыймай бассын үйіңді.
Мүйізі бар шығырық,
Қошақанның атасы –
Қой кеп бассын үйіңді.
Қой кеп басса үйіңді,
Қоймай бассын үйіңді.
Жеген шөбі ошаған,
Құйрығы бар шошайған.
Шек-шек ата баласы –
Ешкі бассын үйіңді.
Ешкі басса үйіңді,
Кешке бассын үйіңді.
Балалардың мінгені
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.
Кең өріске сыймаған,
Мың жылқылы бай болсын.
Айдағаның қой болсын,
Шайнағаның май болсын.
Азын-аулақ дәулетің
Күнде өзіңе той болсын.
Жұртта қалған жырымың
Домалап кеп, қой болсын.
Жұртта қалған тулағың
Тулап келіп тай болсын.
Атың-атың атау бол,
Ағайынмен тату бол.
Жаз кигенің құлпы бол,
Қыс кигенің түлкі бол.
Бағаналы таудай бол,
Шағалалы көлдей бол.
Бақсы сарыны
(Зікір өлең)
– Құранның басы – «бисмилла»,
Сүренің басы – «бисмилла».
Істің басы – «бисмилла»,
Астың басы – «бисмилла».
Жолға шықсам – «бисмилла»,
Жолдан шықсам да «бисмилла».
Намазға да «бисмилла»,
Ауруға бер сауығу.
Адамзаттың данасы –
Әулие пайғамбар Адам,
Сізден тілерміз өтініш,
Құдайдан да бір өтініш!
Қайықшылардың данасы,
Нұх пайғамбар панасы.
Сізден де бір өтініш,
Құдайдан да өтініш.
Адамның үрім бұтағына
Тигізді ауру жын-сойқан.
Үш жүз алпыс тамыр мен,
Төрт жүз қырық төрт сүйекте
Орнын тапты жын-сойқан.
Сұраймын мен қолдауды
Аспандағы Құдайдан.
Жер жүзіндегі ең мықты
Менің шипам тек сонан.
Төңіректің төрт бұрышынан,
Алла Құдай, биссмилла,
Жүз атаның руынан,
Өзіңнің ұлы қасиетіңнен
Енді бір көмек сұраймын.
Сырқатқа сонша бір ауыр,
Бер сауығу, о, Құдай!
Соншама ауыр дертке бір,
Бер, Құдайым, бір дәрі.
Емшігер Ұлықпан даңқынан
Ауруын жаз Құдай.
Малшыбайұлы Құсайын бақсының зікірі
– Айналайын, дәу перім,
Айналайын, жау перім.
Қырда жүрген қырық шілтен,
Ойда жүрген он шілтен.
Айналайын, жау перім,
Қысылғанда, кел, перім.
Қырда жүрген қырық қосым,
Ойда жүрген он қосым.
Арқада жүрген алты қос,
Желкеде жүрген жеті қос.
Кереге бойы кер жылан,
Шақырғанда кел, жылан.
Иір-иір сұр жылан,
Жеті жылғы ту жылан.
Көлденеңі жүз жылан,
Ұзындығы мың құлаш.
Уа, дәу перім, дәу перім,
Шақырғанда кел, перім, – деп түрегелді.
ПРОЗАЛЫҚ ЖАНРЛАР
Ертегілер
Пиғылсыз байдың сазайы
Ерте, ерте, ерте кезде Қызылкиік деген жерде Базар деген бай болыпты, төрт түлігі сай болыпты. Ошарылған малы бопты, он төрт үйлі жаны бопты. Қайыстай қара қатынын ханымдай көріпті, қисапсыз малын жанындай көріпті. Сол байдың он тоғыз жыл малын баққан Мергенбай атты құлы болыпты. Мергенбайда бала болмапты. Әйелі бай ауылының тезегін теріп, терісін керіп, отымен кіріп, суымен шығыпты. Өз үйіне де кіруге шамасы болмай, жұмыс істеп жүре беріпті. Күндердің күнінде байғұс күң өзінің жүкті болғанын біліп, Мергенбай екеуі оңаша әңгіме-дүкен құрыпты.
– Менің аяғым ауырлай бастады. Жұмысты баяғыдай істемедің деп бәйбіше-тоқалдар күн көрсетуден қалып барады. Бұл арадан кетейік. Өз күнімізді өзіміз көріп, байдан аулақ күнелтейік. Осылардан түбі біз озамыз, – депті Мергенбайдың ақылды жары. Мергенбай тұрып:
– Құрығы ұзын бай бізді тегін жібермейді, аш-жалаңаш айдап салады, – депті. Мергенбайдың әйелі белді бекем буып: – Сен араласпа, баймен не болса да, мен өзім сөйлесем, – деп, үйіне келіпті.
– Мергенбай айықпас ауруға шалдықты. Айтуға аузым бармайды. Бақсы-балгер, құшынаштар: – Тасты өзенге апармасаң адам болмайды, – дейді. – Малшы-жалшыңды тауып ал, бай-еке. Біз таңнан қозғаламыз. Тез кетпесек, тез жұғатын індет бәріңді де былғайды, – депті байға әйел. Үрейі ұшқан бай: – Алдарыңнан жарылқасын, – деп, он тоғыз жылғы еңбегіне батасын беріп, тез құтылуға асығыпты.
Ертемен жалғыз ала сиырын ыңыршақтап, Мергенбай қосын артып, аттануға бет қояды. Сол мезет бай шығып:
– Ей, құл, үйіңе жапқан құрымды қалдыр, кейінгі құлға керек-ті! – деп ақырыпты. Құлдың көші әудем жерге барғанда, бай:
– Мергенім, еңбегің көп сіңіп еді, кейін келіп, ала байталдың құлынын ал, – деп, енесі жеріп, емізбей іргеде өлгелі жатқан құлынды көрсетіпті.
Мергенбай мен әйелі күн-түн жүріп, Тастының бойына жетіпті. Азап торынан құтылып, қостарын қуана тігіп, көсіле бір жатыпты қос мұңлық. Ертеңіне екеуі де аштан өлместің қамына кірісіп, аңға шығыпты. Кеш Мергенбай тауешкі, әйелі қоян соғып әкеліпті. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» деп өмірлерінде тұңғыш рет бас қосып отырып, асты еркін бір ішісіпті. Мергенбай әдетінше аңға аттанғанда, әйелі байдың берген құлынын тез алайын, танып кетер деп, бай аулына кетіпті. Ол келе зарлай бастайды:
– Ауру Мергенбайды аштық қоса азаптап жатыр, бай-еке! Бекер-ақ сізден кетіппіз. Жылбысқасын жегізейін, берешек құлыныңды бере көр, – деп безектейді айлалы әйел.
Әйел құлынды көтеріп, қосқа келсе, Мерген қосты айнала аңның етін самсатып іліп тастапты. Ала сиыр, жалғыз бұзау, жетім құлын – үшеуін ыспар әйел күн сайын бағып, асырай беріпті. Осы кезде Мергенбайдың әйелі ұл тауып, атын Серікбол қойыпты. Мергенбай бұл арада алты жыл мекендепті. Ала сиыр алтау болыпты, Серікбол алты жасар ай маңдайлы ұл болыпты, өлмелі құлын алты жасар ат болыпты. Бұл кезде Базар ел жиып, той жасапты. Ондағы ойы өзін «бай» атандыру екен дейді. Алты Алаштың аты жеткені жиналған ұлы тойда Базар тұрып, ел ақсақал, қарасақалына, молдасы мен би-төрелеріне мынаны айтыпты: – Мені өздерің білесіңдер, жеті атамнан дәулет кетпеген байдың ұрқымын. Жұрт мені Базар дейді, бай демейді. Бүгін барша жанға бай атымды мәшһүр етіп, ұлы жиын той жасап отырмын. Бәйгіге бір өзім үш жүз ат қоспақпын! – деп лепіріпті. Жиылған ығай мен сығай онан әрмен көпіртіпті. Тойға ел де жүгіреді-ау деген атын жаратқан екен, жүйрік аттанғанда жер қайысқан қолдай боп, шаңынан бұлт тұрыпты. Осы көптің ішінде алты жасар Серікбол мінген ауыздықпен алысып, Мергенбайдың жалғыз да аты кетеді. Ат түнейтін жерге Базар үш күн бұрын елу атанға қос артып, азық-түлігімен жіберген екен. Ат айдаушылар таңсәріден тұрып, шабандоздарды тамақтандырып, аттарына мінгізе бастайды. Даяшы белгі бергенде, жүйріктер жөңкіле жөнеледі. Түс ауып, кіші бесін болғанда, жиылған жұрттың қарай-қарай көзі талғанда, көз ұшынан бәйге атының шаңы бұрқ етіп шыға келеді. Алты жүз жиырма үш жүйріктен үш жүз он саңлақты ұстауға даяшылар ат қояды. Ұбақ-шұбақ жүйріктердің алдында козыкеш жерде жалғыз қара көрінеді. Ет асымдай уақытта жүйріктер келіп қалады. Бәрінен бұрын жеткен алдыңғы ат Мергенбайдың жалғызы болып шығады. Бұған Базар қатты күйінеді. – Үш жүз атымнан біреуі озып келмеді, оның үстіне бес ат бірдей мерт болды, – деп күңіреніпті байекең. Базарды «Базар бай» ататқан бұл тойға ынсапсыз бай ырза болмай, үш күн, үш түн төсектен тұрмай жатып алыпты. Ақыры, аулының бар игі жақсысын жиып алып: – Мен Мергенбайдың жүйрігін алмай, көңілім көншімейді. Ат – менікі, құлынында бергенмін. Осыған ақыл табыңдар! – деп, бай гөй-гөйге басыпты дейді. Сонда байдың бір ұлы тұрып: – Атты тегін бермейді, тартып алсақ, атты жазым етеді. Ендеше ебін тауып, ұрлап алсақ нетеді? Өзінен бір жас кіші інісін жарыс болар күні орнына ауыстырып, жүйрікті ала қою керек. Таңбаны саннан бір соқсақ, Мерген тұр ғой көргенде таласа алмай қалады, – депті. Бәрі осыған қош депті. Мерген атын үйдің іргесіне арқандап қояды екен. Базардың кіші баласы торып жүріп, өңдес атпен ауыстырып, жүйрікті алып кетеді. Мергенбай күндегі әдетінше аңға бару үшін әкелі-балалы екеуі жүйріктің қасына келеді. Ат күндегідей емес, әлжуаз сүлкиген, құлағы түсіп, салпиған. «Бұған не болып қалды екен» деп, таң қалысады. «Мұны бүгін мінбейік» деп, екеуі аңға жаяу шығады. Аңнан оралған Мергенбайға хабаршы келіп:
– Атыңды бапта. Алдағы сембіде ат жарысы болады. Анада арманды болған Базарбай тағы ат шаптырғалы жатыр, – дейді.
Мергенбай уәделі күні: – Атсыз күнде де күнелткенбіз, бар, балам, бәйгеңе! Шаба алмаса, жолда басын кесіп алып кел, – деп, қарадай жүдеген жүйрікке жалғыз ұлын мінгізіп, жолға салады. Ара қонған қалың ат ертеңінде күн еңкейе көмбеге де келіп қалады. Жиылған жұрт ұран салып, сар жазықты қиқуға көміп жібереді. Оқ бойы озық келе жатқан баран ат қиқу жете, құлаштай сілтеп, керіле созылып көмбеге қозы көш жер бұрын жетеді. Жұрт Базарбайдың торысы деп шулайды. Ат даяшыдан орала, қаптай келген жұрттың көзі кешегі мәстек торыны, оған мінген Мергенбайдың ұлын көреді. Арсалаңдап алдымен жеткен пиғылсыз бай мұны көріп, атынан ауып түсіпті! Мергенбай тыныш өмір кешіп, жүйрік торы мен өрен ұлының игілігінен көріп, өмір кешіпті.
Арпа деген ас екен
Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, екі бала ен далада ойнап-күліп аулына қайтса, елге жау тиіп, ауыл лаңға да ойран-асыр болып жатады. Жау лаңынан шошынған екі бала кең жазира далаға қаңғып кетіпті. Баланың біреуі кедейдің қара табаны екен де, екіншісі байдың аялаған ақ саусағы екен. Күні бойы бет алды лағып, әбден шаршаған екі бала тағы да жау шауып, жайраған жұртқа кез болады. Жұрттан екі бала бір дорба арпа мен бір кесек алтынды көреді. Дүниеқұмар ашқарақ бай ұлы алтынды бас салады. Кедейдің баласы қолына дорбаны алып, екеуі бірігіп, жолға түседі. Екі бала неше күн, неше түн жүреді. Әбден шаршап болдырады. Қарындары ашып, таңдайлары кеуіп, сусайды. Әсіресе, бай ұлы көп азап шегеді де, кедейдің баласы анда-санда арпадан бір асап қойып, кеңташ әндетіп отырыпты. Жанындағы жолдасына жаны ашып, әлсін-әлі «мә, арпа, жеші, өлер болдың ғой», – деп өтінеді.
Сонда бай баласы:
– Қара мұның қулығын. Арпа беріп алтын алмақшысың ғой. Арпаның керегі жоқ, – деп көнбейді.
Олар тағы да біраз күн жол жүреді. Бай ұлы жүруге қалі келмейді. Кедейдің баласы арпасын «тегін-ақ» деп жалынса да, озбыр бай баласы көнбейді. Ақыры, жүре-жүре бір шаһардың күмбездеріне көздері түседі, бай баласы әлсіреп, құлап қалады. Кедей баласы шаһарға келіп, бір кедейге жалынады. Шайына қанған соң ол адам ас-су алып, кедейдің баласын ертіп, байдың баласына келсе, ол баяғыда жан тапсырыпты. Қасарысып қалған қолынан алтынды әзер айырып алыпты. Мұны көрген кедейдің баласы:
– Арпа деген – ас екен,
Алтын деген – тас екен, – деп, әндетіп жолға түсіпті. Ұзамай ата-анасын тауып, мұратына жетіпті.
Қара тері
Бір жетім бала байдың қойын бағып жүріпті. Ол неше жыл қой баққан ақысына байдан жалғыз қара тоқты алыпты. Бала бір күні қой жайып жүріп, арлан қасқырға жолығады. Арлан абалағы:
– Бір қой бер, – деп болмапты. Бала: – Қой байдікі, бай біледі, мен бере алмаймын, – депті. Сонда арлан: – Қойды мен баға тұрайын, сен сұрап кел, – депті. Оған бала көнбейді. Арлан балаға: – Сен келгенше қой етін жесем, дауасыз дертке жолығып, азап тартайын, – деп, ант су ішіпті. Бала қойды арланға тастап, байға келіпті. Қасқырдың қой сұрағанын айтыпты. Сонда бай: – Көзін жұмып, қойға енсін де, аузына түскенін жесін, – депті. Бала қайтып келіп, арланға байдың төрелігін айтты. Арлан көзін жұмып, қоралы қойға еніпті. Арланның ауызына баланың жалғыз тоқтысы түсіпті. Сонда бала: – Болмаса, өзім сойып, терісін алайын, – депті. Бала қара тоқтыны сойып, етін арланға беріпті де, терісін өзі алыпты. Бала қара тоқтының терісін иығына салып, қойды айдап келе жатып, базарға кетіп бара жатқан бір топ керуеншіге жолығыпты. Ол керуеншілерге: – Мына теріні базарға ала кетіп, бір жейде ала кеп беріңдер, – депті. Керуеншілер қара теріні шомға қыстыра салыпты.
Олар жолда әлгі қара теріні беріп, мысықтың күшігін сатып алыпты. Керуеншілер қалаға таяғанда, шапқылап келе жатқан бір адамға жолығыпты. Ол керуеншілерге: – Қалаға аумалы тышқан келіп, ханның сарайындағы астықты тауысуға айналды. Ханның әмірімен халықтың бәрі мысық іздеуге шықты. Бір мысықтың бағасы – бес түйе жүк, – депті. Керуенбасы: – Жетім балаға бір жейде бере салайық. Бес түйе жүкті бөліп алайық, – депті керуеншілерге. Сонымен керуеншілер мысықтың күшігін бес түйе жүкке сатыпты. Жүкті өздері бөлісіп алмақ болып ақылдасқанда, түйелер тұрмай, шөгіп жатып алады. Сонда бір ақсақалды керуенші: – Қара тері – баланың еңбек ақысы. Шашау шығармай, өзіне апарып берейік, – дегенде, түйелер ұшып тұрыпты. Керуеншілер шашау шығармай, бес түйе жүкті балаға әкеп тапсырыпты.
Назар батыр
Қырыққан бас Назар батырдың өр кеуде ерлігімен де, қайыспас қайсарлығымен де, шалдырмас шешендігімен де аты алты алашқа кең жайылыпты. Сол Назар батыр ерегеспен ұрлық істеп, қалмақ пен найманға маза бермепті. Бір сәті келгенде Назарды наймандар ұстап алып, қалмақтарға байлап беріпті. Олардың қолында байлауда бір жыл жатады. Қапысын тауып, қашып шыққан Назар тұтқында көп жатып, әбден әлсірегендіктен ұзап кете алмай, жазыққа жатып қалады. Таңертең қуғыншылар қиналмай-ақ тауып алады. Қалмақтар қашқынды атқа сүйретіп өлтіруге үкім қылады. Мойнына қайыс арқанды салып жіберіп, кең жазыққа түс ауғанша сүйретіпті. Әлден уақытта өлді-ау деп жендеттер тоқтайды. Жазагердің жансыз жатқанына бәрінің көзі жетеді. Сонда да жендеттердің біреуі көзін әбден жеткізу үшін, атынан түсе қалып, өліп жатқан Назардың май табанын пышағымен тіліп жібереді. Өлік селт етпейді. Жазалаушылыр қайтып кетеді. Олар жолына түсіп, көзден таса болды-ау деген кезде «өлген» Назар басын көтереді. Сөйтсе, батыр мойнына арқан түскенде кеңірдегіне басбармағын сала қояды да, сүйретілген кезде арқанның қылқындыруына иегімен тіреп, дес бермей қойыпты. Ал, табанын тілгенде тырп етсе, өлтіретінін біліп, қыңқ етпепті есіл ер! Жарасын шоқпытымен таңған Назар, түн қараңғысымен қалмақтың қорасынан бір қойды ұрлап алып, тау үңгірінде апта жатып, айығып шығады. Есін жиған ер қалмақтан ат ұрлап мініп, еліне келеді де, кешікпей кері оралып, өштескен найманына бет қояды. Найманның іргесін түріп қойып, жылқысын шауып әкетеді. Келер жаз Назар найманда ашылған жәрмеңкеге келеді. Қайтарында жайылып жүрген тоғыз ақ бас атанға кез болады. Атандарға қызыққан Қырыққан бір бас тоқты алып кеп сойып жібереді де, қанымен түйелерінің басып бояп тастайды. Өзі алыстан шолып, мал иесінің келуін аңдиды. Ұзамай ол да көрінеді. Ол түйелерге барып, кері қайтады. Назар алдынан оза шығып, сәлем беріп, жөн сұрайды. Жүргінші: – Тоғыз ақ бас атаным бар еді. Соны айдап әкетейін деп келсем, орнында жоқ, өзің көрмедің бе? – дейді. Назар азар да безер болып, өзінің де қызыл бас тоғыз атанын іздеп, дал ұрып жүргенін айтады. Ал, анау: «Е, жәрмеңкеге келген сорлы екен ғой» деп ойлайды да, өзі әлгінде көріп қайтқан атандарға жібереді.
Назар тегін олжаға белден батып, тартып отырады.
Әлгі пақыр біраз күн өткен соң алданғанын біледі де, артынан қуып, жолға шығады. Назардың еліне келсе, көрші-қолаңымен тоғыз атанды бөліп сойып алған Назекең қоныс аударып, көшіп кетіпті. Қуғыншы жұрттан атанның бір тобығын тауып алады да, Назарды қуып кете барады. Назарды әзер тапқан қуғыншы даудың дабылын үдетіп, «атанды әкел» дейді. Беттетпеген Назарға: – Түйенің тобығы жұртыңнан табылды, төреге жүр! – деп сүйрелейді. Сонда Назар: – Қане, тапқан тобығың? – дейді. Анау тобықты қойнынан суырып алғанда, оны Назар жұлып ап, бір тығып, бір-ақ жұтыпты. Тобық тамағынан өткен кезде байлаулы тымағының бауы тырс етіп, үзіліп кетіпті. Іс насырға шауып, даугер Назарды төреге алып келіпті. Төре даугерге: – Куәң бар ма? – дейді. – Бар куәм түйемнің тобығы еді, оны мына найсап жұтып қойды! – депті. Сонда Назар: – Төрелігіңе құлдық тақсыр-еке! Бұл адамның нағыз жалақор екенін өзіңіз де көріп отырсыз. Егер осы адам түйе тұр ғой, қойдың тобығын жұтып берсе, тоғыз атаның тіркеуімен мен-ақ тауып берейін! – депті.
Қайдан жұтсын, тапқыр батыр даудан осылай құтылыпты.
Жұмсауық келін
Ерте, ерте, ертеде бір қарияның келіні болыпты. Ол өзі өте жұмсауық екен, маңайындағы ауыл үй адамдарын талғаусыз жұмсай беріпті. Көршілері оны «жұмсауық келін» деп атап кетіпті. Мұны естіп бір күні қария отауына беттейді. «Келінге барып хабарласайыншы, мені де жұмсар ма екен» деп ойлайды ол.
Қарт отауға таяй бергенде, үйден:
– Әй, кім болсаң да, андағы сыртта жатқан келі-келсапты ала келші, – деген келінінің даусы естіледі. Айтқанын ала кіріп, келінін ұялтпақ болған қарт үйге еніп келіп: – Міне, қарағым, келі-келсабың, – депті. Сонда келіні: – Ойбай-ау, бетім-ай, атам екенсіз ғой, орнына апарып тастай қойыңыз, өзім барып алайын, – деген екен. Амалы таусылған атасы бұған да көнсе керек-ті.
Кемпір мен әруақ
Баяғыда бір қу жігіт болыпты. Ол үнемі ел аралап қожа, молданы күлкі етіп, жарлы-жақыбайды жадыратып жүреді екен. Бір күні ел аралап келе жатқан әлгі қу жігіт бір науқас кемпірдің үйіне тап болған екен дейді. Ауруынан қорыққан кемпір молла шақыртып, күнде бал аштырып, құмалақ салдырып отырады екен. Ал моллаекең аңқау кемпірді алдап, Алла атынан ақы алып отырады. Мұны білген қу жігіт молланы бір қатыруды ойлайды да, кемпірдің баласына шешесінің бір кезек киімін ұрлатып алдырады.
Жігіт моллаға түнде келіп кемпірдің баласы болып:
– Апам қайтыс болды. Таңертең жаназасына келіңіз, – деп кетіп қалады. Молла ертемен келе жатса, түнде «өлді» деген кемпір отыр. Ол моллаға тап беріп, бақыра жөнеледі. Зәресі ұшқан молла иманын айтып, тұра қашады. Кемпір тарсылдатып қуа береді. Оның қу жігіт екенін молла білмейді. Есі кіресілі-шығасылы болып, әбден үрейі ұшқан молла әзер деп кемпірдің аулына жетеді.
Артына қараса, түк жоқ. Босап кеткен кісесі салбырап тұр. Әруақ қуды деп қашқан бойы, кісенің жанын соғып тарсылдағаны екен. Молла ентігін басып, үйге кірсе, әлгі кемпір алдында отыр. Шошынғаннан молланың тілі күрмеліп қалды. Балалы екеуі жабылып жүріп, есін әзер жиғызады. Тілге келген молла асып-сасып кемпірге өзіңді жолда көрдім, түнде өлгенің қайда, әруағың анау жолда жүрген, өзің мынау тірі отырған, – дейді. Кемпір: – Мені өлтіріп, дүниемді алғалы жүрсің, – деп ойбай сап, елді жиып, молланы ауылдан қуып жіберіпті. Еш нәрсенің байыбына бармай, әбден шошыған дүмше аулына барар жолдағы әруақтан шошып, басқа жолмен кетіп, әлі күнге дейін адасып жүрсе керек.
Ақылды шал
Ерте кезде бір шал мен кемпір болыпты. Ол екеуінің он сиыры болыпты. Ол он сиырдың біреуіне шалы мініп, бағып жүреді екен. Он сиырдың біреуін сол жерде қасқыр жеп жүреді екен. Бір күні кемпірі шалынан: – Сиырлар қайда? – деп сұрағанда, шалы: – Сиырды мен алтын мен күміске сатып жүрмін, – дейді. Сиырларының бәрін қасқыр жеп болғаннан кейін, кемпірі шалынан: – Енді алтын мен күмісті алып кел, – дейді. Сонан соң шал қалған бір өгізіне мініп алып, қаңғып келе жатқанда, алдынан бір ақ там кезігіпті. Шал сыртынан: – Үйде кісі бар ма? – деп айғайлапты. Ол үйдің ішінде екі жалмауыз кемпір отыр екен. Олар: – Бұл кім? Бізге ешуақытта адам жоламаушы еді, мынау бір керемет шал ғой, – деп қорқып, тығыла қалыпты. Олардың қорыққанын біліп, шал ақырып, үйіне кіріп барыпты. Содан кемпірлер қорқып, шалды асты-үстіне түсіп күтеді. Ертеңінде екі кемпір ақылдасып, шалдың күшін сынамақшы болады. Бір су құятын үлкен сабалары болыпты. Сонан су құйып көтертеміз депті. Содан соң кемпір сабаға су құйып жатқанда, бір кемпір арт жағынан қатты жел шығарып алыпты, содан оянып кеткен шал ұшып, суға түсіп ағып бара жатып, бір үлкен тастан ұстай алыпты. Кемпірлер қорқып: – Андағы тасты не қыласыз? – депті. Шал қулығын асырып: – Бұл тасты жәнегі аузына бітей қояйын, – депті. Кемпірлер қорқып, сабаны өздері көтеріп барыпты. Сөйтіп, шал ертеңіне еліне кетпекші болыпты. Кемпір: – Жұмысыңыз бар ма? – деп сұрағанда, – бір қап алтын, бір қап күміс бер, – депті. Содан соң оны беріпті. Шал оны не өзі, не өгізі көтере алмайтын болып, кемпірлерге көтер деп бұйырыпты. Екі кемпір қорыққанынан көтеріпті. Шалдың үйіне таяғанда, баяғыдағы көк қасқыр алдынан шыға келіп, кемпірлерге: – Мына шалдан несіне қорқасыңдар? Мұның он сиырын мен жеп қойғам. Енді астындағы өгізі мен өзі қалды, – дейді. Бірақ та оған кемпірлер сенбей, шалдан қорқып, үйіне дейін келе жатыпты. Кемпірлердің демімен шалдың жаман үйі желбіреп тұрады. Сонда шалдан сұрағанда: – Танымайтын кісі келсе, жеп қоюшы еді, – депті. Содан кейін шал кемпірлерге қасқырды қосақтап келе жатқанда қасқыр өліпті. Шал оның терісін сыпырып алып, кемпірлерді ертіп, үйіне келеді. Содан соң кемпірі: – Не асамыз? – депті. Сонда кемпіріне: – Қоңыр қойды сойып ас, ол жоқ болса, қасқалдақтың төсін ас, ол жоқ болса, мына екеуінің бірін сойып, бірін ас, – депті. Кемпірлер қашып кетіпті. Сөйтіп, шал кемпірлерді бір емес-ау, бірнеше рет қатырыпты.
Батыр Сартха
Осыдан 200 жыл бұрын Сартха деген батыр болыпты. Ол алып тұлғалы екен. Сартха Бейжіңде бір бай қытайдың қызына ғашық болады. Қыздың Сартхаға көңілі жоқ болды. Ақыры, Сартха соғыс ашатын болғандықтан, былай деп серт береді: – Сен мені аламын десең, моңғолдың Ховд өзенінің суын Бейжіңге ағызып келсең, барамын, – дейді. Сосын Сартха Ховд аймағының Эрднэбуран сұмынының бас жағындағы Қапталдың аузынан бастап арық қазыпты. Ол жолда Бұлжым, Сарсұдық, Зурган, Таван Хайрхан деген жерлерді бастырып және күннің шығысынан Ховд аймағының Манхан, Цецаг сұмынын бастырып, Гов-Алтай аймағының сырт жағын, Заах сұмынының жайлауын, Тонкол деген жерді басып, ары Моңғол шекарасынан асып, шекараның аржағы Алатау, Аж, Богда, Бақантыны басып, Бейжіңге апарыпты. Богда тауынан асырғанда сегіз бүтін, бір жарты айналып асырыпты. Сартха батырдың күрегінің сабы Матшадан жуан екен. Ховд аймағының жерінде бар дейді. Оған тас көктеп шығыпты. Бейжіңге су барғанда Сартха күпіршілік ойлап, мен қыздың әкесіне бармай, қыздың өзіне барам деп, қызға барып: – Боз інгендей боздатып суыңды алып келдім. «Міне» дегенде, су тартылып қалыпты. Сол жерде Сартха өліп кетіпті дейді.
Алтынасық және Құлмерген
Ерте, ерте, ертеде бір бай болыпты. Оның Алтынасық атты қызы, Құлмерген атты ұлы болыпты. Бір күні Алтынасық пен Құлмерген жардың астында ойнап жүргенде, елге жау тиді деген хабар тиіп, елі үркіп кетеді. Алтынасық пен Құлмерген жылай-жылай елін іздеуге кетеді. Бірақ қанша іздегенмен таба алмайды. Құлмерген оның сайманынан жалғыз қыл садағы болады. Құлмерген аң атып, Алтынасық аң терісінен киім тігіп, ағаштан шатыр жасап алып, аң етін жеп, өмірін өткізе береді. Құлмерген аң атып жүрсе, жылаған баланың даусын естиді. Дауыс шыққан жақта үш қырқаның ар жағында бесіктен сыпырылып түсіп, жылап жатқан бір баланы көреді. Оны көтеріп алып келіп, қарындасына асыратады. Бала сағат сайын емес, күн сайын, ай сайын өсіп, алты айда алты жасқа жетеді. Алтынасықтан бала бірде ағасы Құлмергеннің жанының қайда тұратынын сұрайды. Баланы қышқашпен бір салып: – Сенің онда нең бар? – дейді. Баланың жылаған дауысы үш таудың ар жағында жүрген ағасына жетеді. Дауысты естіп, үйге келеді. Болған жайды қарындасы хабарлап береді. – Оны не істеуші еді, менің жанымды неге айтпадың? – дейді. Құлмерген: – Жаным садақтың ұшында, жалғыз тал қыл бар. Егер сол қыл қиылса, мен өлемін, – деп айтады және қарындасыммен төбелеспе деп, ағалық кеңес береді. Олар садақты есікке байлап қояды. Егер қастық істемек ойы бар біреу есік ашса, садақ сол кісінің жүрегіне тисін деген оймен сол түнде бауыры садақтың ұшындағы қылды тұрып қиып тастайды. Таңертең Алтынасық тұрып, шай қайнатып, ағасына тұр десе, төсекте өліп жатқан ағасын көреді. Жылап-жылап, кеселдің бауырынан келгенін біліп, оны өлтіріп, он екі жілігін он екі қырқаны асыра лақтырады. Өзі елін іздеуге шығады. Темір таяқтан тебендей, темір етіктен теңгедей қалған кезде, бір жылтыраған отты көреді. Келсе, бір кемпір, бір шал сексен жасқа келгенше перзент көрмеген олар сұлу қызды асырап алмақшы болады. Қыз өз басынан кешкен өмірін толық баяндайды. Шал айтады: – Бір қу асық жілік бар, соны тауып шақсаң, ішінен темір қазық шығады. Соны ағаңның түскиізіне қақсаң, ағаң «уф» – деп тұрады, – дейді. Қыз ағасын іздеуге қайта шығады. Баяғы үйіне келіп, ағасының түскиізіне қазық қаққан кезде, киік үркіп, шарбақты бауырына түсіріп, ол кетеді. Енді қарындасын іздеуге Құлмерген шығады. Бір елге келіп, ең шеткі үйіне келсе, бір кемпір, бір шалдың үйі екен. Ол өз басынан кешкен өмірін айтады. Сонда шал былай дейді: – Алтынасық атты қызды осы елдің патшасы айттырып алғалы жатыр, – депті. Ағасы: – Өлсем де қарындасымды көріп өлейін, – деп, қалай көрудің жолын сұрайды. – Бір сайдың ішінде құла өзен бар. Сен кешке соған барып жасырынып отырсаң, жеті құлан келеді. Оның ішінде сарбас құланды атып, ішін жар. Сол кезде ішінен бір сандық түседі. Соны ашсаң, жеті балапан бар. Оның басын жұл, – дейді. Кешке өзенге барады. Аңдар келіп, оны атып қайта келсе, ел ішінде хан қансырап өліпті деген хабар тарайды. Алтынасықты көруге сарайға келеді. Қарындасы ағасын көргенде, беті от болып жанып, ұялады. Бірақ екеуі бірін-бірі аман көргеннен кейін, оның бәрі басылады. Алтынасық пен Құлмерген патша қысымынан құтылып, өз-өз сүйген адамына қосылып, мұратына жетеді.
Аққайшы
Ерте заманда Әліп деген хан болыпты. Оның жалғыз ұлы болыпты. Ұлы сиықсыз, ақылсыз, жігерсіз болған екен. Хан баласының мұндай болғанына қатты қайғыланады. Көзім жұмылса, мына жаман ұл мирасқорым бола алмас, алтын тақ, қисапсыз мал-мүлік біреудің жемі болар деп ойлайды. Хан уәзірлерімен елдің игі жақсыларын жинап, ақылдасады. Олар ханға: – Балаңызға елден таңдап, ақылды қыз алып беріп, одан немере сүйсеңіз, мирасқорыңыз сол болар, – деседі. Хан бүкіл елден қыз таңдап, өзіне лайықты келін болар адам таппайды. Хан бір күні еліндегі атақты суретшіні шақырып алады да:
– Әлемдегі жанды, жансыз нәрсенің суретін сыз, – дейді. Суретші бірнеше ай бойы ұйқы-күлкі көрмей, өнерін төге отырып, суреттерді салып бітеді. Хан суреттерді үлкен шатқалдың аузына жайғызып қояды. Ел жайлаудан етекке түскенде осы шатқалмен түседі екен. Шатқалдан шұбырып көш түсіп жатады. Ел суретті көріп қайран қалады. Оны қатты тамашалайды. Суреттің қасында халықтың суретті қалай тамашалайтынын бақылап отыратын ханның арнаулы адамдары тұрады. Суреттен ешбір адам мін таппайды. Хан бақылаушыларын суреттен мін тапқан адамды белгілеп әкелуді тапсырады.
Көштің ең соңында көк өгізге күркесін артып, өгізді өзі жетелеп, қызына өгізді айдатып, мүсәпір шал келеді. Шалдың қызы аса көрікті екен. Ол суретті тамашалап тұрады да:
– Қанша өнерін салса да,
Қабыланды қалай ұмытқан.
Көп толғанып сызса да,
Айды қалай ұмытқан, – дейді де жүре береді.
Бұл жайды бақылаушылар ханға келіп айтады. Хан ойланып қалады. Қызды баласына айттырайын десе, ол төменгі нәсілдің адамы. Айттырмайын десе, елден ақылды қыз табылмайды. Хан уәзірлері мен игі жақсыларына ақылдасып, өзі барып, қызды көріп сынамақшы болады. Хан күркеге келгенде, қыз тезек теріп кетіпті де, күркеде шал ғана отыр екен. Хан шалға әмір үнмен:
– Мен ертең қайтып келемін. Көк өгіздің сүтімен қатық ұйытып қой. Егер орындамасаң, басыңды аламын, – дейді.
Қызы тезектен келгенде, шал қатты мұңайып, аһылап-үһілей береді. Қыз әкесінің мойнына оралып, неге мұңайғанын сұрайды. Шал болған оқиғаны баяндайды.
Қыз сәл ойланып тұрады да:
– Әке қамықпа, ханға жауабын мен берейін. Ертең күркенің сыртына хан келгенде, оранып, күркеде отырып ал, – дейді.
Ертеңінде хан келіп, аттан түскелі жатқанда күркеден қыз шығып:
– Мәртебелі тақсыр, бүгін біздің күркеге адам енбейтін күн, – дейді.
– Кіруге неге болмайды? – дейді хан.
– Тақсыр, әкем жаңа ғана босанып, қол-аяғын бауырына алып еді. Сондықтан кіруге болмайды.
– О заманда бұл заман еркек бала табушы ма еді? Әкеңдей адамды неге мазақ етесің, балам?
– О заманда бұл заман еркек бала таппаса, өгізден сүт шыққанын қайдан көрдіңіз? – дейді. Хан сөзден жеңіліп, кетіп қалады. Ертеңінде хан кісі жіберіп шалды шақыртып алып:
– Маған ертеңге дейін күлден шідер түйіп әкел, егер орындамасаң, басың алынады, – дейді.
Шал күркесіне келіп, хан жарлығын айтады. Қыз әкесіне қияқ жұлып әкеледі де шідер түйдіреді. Оны темірдің үстіне салып өртейді де:
– Осы күйінде бұзбай ханға беріп: – Түюін мен түйдім, ал енді бұзбай қолдану сізден деңіз де, жүре беріңіз, – дейді қыз күл шідерді әкесінің қолына беріп.
Шал ханға келіп, қызының айтқанын істейді. Хан шалға:
– Маған ертең ерте кел. Келгенде атпен де келме, жаяу да келме, маған келгенде үйге де кірме, далаға да тұрма. Егер бұл шарттардың бірі орындалмаса, басың алынады, – дейді. Шал хан жарлығын қызына айтады. Қыз сәл ойланып отырады да, әкесіне:
– Түнде ханның қорасына кіріп, бір серкесін ұстап әкел де ертең соны мініп бар. Сонда жаяу да емес, атпен де емес болғаның.
Барғанда хан үйінің туырлығы мен шиінің арасына кіріп ханға тілдес. Сонда үйге де кірмей, далаға да тұрмай сөйлескенің, – дейді. Шал қызының осы ақылын бұлжытпай орындайды. Хан сынамақ үшін берілген үш шартты да мүдірмей орындауға айла тапқан қыз екенін біледі де, қызды баласына айттырады. Ұлан-асыр той жасап, келін түсіреді. Хан келінінің бұрынғы атын өзгертіп, Аққайшы қояды. Онысы қайшыдан өткір деген мағынада екен. Хан бір күні ұлын шақырып алады да:
– Жылқыға барып, екі басты ат мініп кел! – дейді. Ат ерттетіп кеткелі жатқанда күйеуіне Аққайшы:
– Қайда барасың? – дейді. Күйеуі әкесінің әмірін орындау үшін жылқыға барып, екі басты ат іздейтінін айтады. Аққайшы күйеуіне:
– Саған екі басы бар ат табылмайды. Сол үшін жылқышылармен сөйлес те, бүгін туады деген биені ұстатып ерттет. Айылын шабынан қатты тартып міне шауып, әкеңнің есігінің алдына кел де: – Әке, екі басты ат мініп келдім деп айқай сал, – дейді.
Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Жігіт буаз биені мініп, шауып келсе, биенің артынан құлынның басы салақтап шығып тұр екен. Хан баласына:
– Жарайды, балам, екі басты ат тауып мініпсің. Енді жылқыда үш жирен ат бар, соны байламай-матамай өрісте жарат, жеті күннен соң барып көрем, – дейді. Жігіт жылқыға келіп, үш жирен атты қуады да жүреді. Ат жарамайды, жігіт шаршап жығылады. Ол бұл жайды келіншегіне айтады.
Аққайшы хан әмірін естіген соң күйеуіне:
– Үш жирен атты жылқышыларға ұстатып ал да, тілін жібекпен буып қоя бер, – дейді. Хан жеті күн өткен соң жылқыға келсе, үш жирен ат қанжардай қатып өлуге айналған. Хан жылқыдан үш бесті асау ұстатып әкеледі де баласына:
– Ана үш асауды бүгін жібермей, бағып, қон! – деп бір құлаш қайыс береді. Жігіт жалғыз құлаш қайыспен үш асауды қалай матарын білмейді. Оған Аққайшы келіп:
– Үшеуінің де тұяғынан тескізіп, тұяғынан тізіп қой, – дейді. Жігіт келіншегінің айтқанын істейді. Аққайшы ханның күйеуіне берген әмірін өзін сынау үшін беріп отырғандығын біледі де, берген әмірін бәрін мүдірмей орындап, ақылын айта береді.
Жылжып жылдар өтеді. Аққайшының данышпандылығы бүкіл елге аян болады. Күндерде бір күн Әліп ханның елін басқа бір ханның қалың қолы келіп, жаулап алады. Хан қолға түсіп, сол елге тұтқын болып кетеді. Бір күні хан Әліпті алдына алдыртып:
– Еліңді түгел бізге қаратасың ба, жоқ, басыңды алайын ба? – дейді.
– Менің елім енді әскер бармай-ақ сізге қарайды. Мен хат жазып берейін, түгел көшіріп келсін, көп кісінің керегі жоқ, үш-ақ кісі жіберіңіз, – дейді. Әліп сөзіне хан сенеді де, үш кісі елші жібермек болады. Әліп хан өзінің бас уәзіріне мынадай хат жазады. «Мен бұл елде жырғаулы тұрмыстамын. Астыма төсегенім қара торғын, үстіме жамылғаным көк торғын, артымнан он кісі сүйеп жүреді. Ханның маған берген еншісіне есеп жетпейді. Сондықтан осы елге бағыныңдар. Елді түгел көшіріңдер. Сарайдың алдына еккен үш теректің бірін мына үш кісі барысымен кесіп, отқа жағыңдар. Енді бірін жолда жағыңдар, үшіншісін менің көзіме көрсетіңдер. Көшкенде малдың мүйіздісін алдына жүргізіңдер».
Үш елші Әліп ханның еліне жетіп, бас уәзірге хатты береді. Хатты оқығанда Әліп ханның бәйбішесі, баласы уәзірлері қуанады. Тек Аққайшы уайымдайды. Ол ханның бәйбішесін, уәзірлерін, елдің игі жақсыларын бір жерге жасырын жиғызады да, ханның жазған хатын шешеді.
– Астыма төсегенім қара торғын дегені – төсенері жоқ, қара жерде жатқаны, үстіне жамылғаны көк торғын дегені – үстінде көк аспаннан өзге дәнеме жоқ, жалаңаш жатқаны. Артымнан он кісі сүйеп жүреді дегені – екі қолын артына байлап қойғандықтан он саусағын айтқаны. Ханның берген еншісінде қисап жоқ дегені, үстін бит басқаны. Сарайдың алдында үш терек дегені – мына келіп отырған үш кісі.
Бірін бара кесіп отқа жақ дегені оның бірін бара өлтір, бірін жолда жақ дегені – енді бірін жолда өлтір, бірін көзіме көрсет дегені, үшіншісін тірі әкел дегені. – Мүйізді малды алдына айда дегені қару-жарағы сай әскерді алдына жүргіз дегені, – дейді. Әліп ханның уәзірлері Аққайшының ақылымен әскер жинап, Аққайшыға бастатады. Әскер жайбарақат жатқан хан еліне тұтқиылдан шабуыл жасап басып алады. Әліп ханды тұтқыннан босатып, ырғап-жырғап, еліне келеді. Әліп хан еліне келіп, отыз күн ойын, қырық күн тойын істеп, елін жинап, жұрт алдында Аққайшыға тағын береді.
Атақты ұры мен айбынды жолбарыс
Бір атақты ұры болыпты. Ол жапанда жаяу келе жатып, бір керуеншілерден мінетін ат сұрайды. Керуеншілер басы артық ат жоқ екенін айтады. Ұры:
– Бәлем, қолыңнан бермегенді жолыңнан алармын, – деп, керуеншілердің соңынан еріп отырады. Кеш болып, түн қараңғысын жамылғанда, керуеншілер бір тоғайдың шетіне келіп қонады.
Ол тоғайда керуеншілерді тонайтын бір жыртқыш жолбарыс бар екен. Керуеншілер от жағып, көліктерін байлап тастап отырғанда, жолбарыс таяп келіп, оттың сөнгенін бағып тұрады. Сол кезде ұры да жолбарыстың арт жағынан келіп, керуеншілердің ұйқыға кетуін күтеді. Керуеншілер ұйықтады-ау деген кезде, ұры таяп келіп ең жақын тұрған шұбарға сап етіп, қарғып мінеді. Шұбар ат шошып зыта жөнеледі. Сонда ұрының салған әні:
– Айтайын, айтагенім пай, шұбарым,
Осындай бір ат еді ынтазарым.
Жортқанда бүгін түнде жолым болып,
Тағдырым жолықтырды медет кәрім, шу, жануар, – деп тепкіленіп қояды. Сонда жолбарыс та:
– Құдай-ау, айналайын, табыстырдың,
Арқама кетпестей ғып жабыстырдың.
Қазамның бүйтіп жүріп жеткені ме,
Қысып ап екі өкпемнен жабыстырдың, – деп, зыта береді.
Таң атып, күн шыққанда, ұры мінген ат емес, жолбарыс екенін көріп:
– Бәсе неге шаршамайды, жүрісі аттан бөлек десем, тез құтылайын, – деп қорқа бастайды. Зыта келе жатқан жолбарыс екі ағаштың арасынан өте бергенде, бұтақтан ұстап, ұры ағаштың басында қалып қояды. Әбден дымы құрып шалдыққан жолбарыс бір қамыстың түбіне келіп, басын көтере алмай жатқанда, қасына маймыл келіп:
– Қайтпайтын қарайғаннан, батырым,
Бұл арада сілейіп неғып жатырсың? – деп сұрайды. Сонда жолбарыс:
– Маймылым, көрер едің шапқанымды,
Шабарға шамам келмей жатқанымды.
Жол тосып, жолаушыны тапқанымды, – дегенде:
Маймыл:
– Болса да саған қиын, маған оңай,
Ұрыны бұл жасымда көрдім талай.
Тоғайдан орын теуіп тұрғызбайық,
Бәлемді өлтірейін бара сала-ай, – деп ұмтылады.
Жолбарыс:
– Өлімге басты байлап бармас, – деймін,
Арқаңа бір жабысса қалмас, – деймін.
Адамның айласы артық, қайласы көп,
Бір түнге мініп алса, талмас деймін, – дейді.
Сонда жолбарыстың айтқанына көнбей, маймыл ұрыға барып, өрмелеп ағаш басына шығады. Ұры да қайла іздейді. Жейдесін шешіп, тұзақ еседі де, маймылдың енінен іліп алып, тарта бастайды. Жан даусы шыққан маймылға жолбарыс келіп:
– Маймылым, барма десе болып па едің,
Қиын іс бұдан басқа көріп пе едің?
Несіне шыдай алмай бақырасаң,
Дегенге қайласы көп көніп пе едің? – деп, одан ары қаша
жөнеледі. Керуеншілер күн жүріп, ұрының қасына келіп қонады. Ұры керуеншілерге өткен түнгі көргендерін айтады.
Керуеншілер:
– Япырай-ай, осы жігіт зерек екен,
Қайласы өзге жаннан бөлек екен.
Жолбарыс жолаушының жауы еді,
Бір атты бұл жігітке бермек екен, – деп, араларынан ат шығарып, жігітке мінгізіпті.
Қорыққан бұрын жұдырықтайды
Ертеде бір кемпір мен шал өмір сүріпті. Мал дегеннен сауатын үш сиыры болыпты. Шал күн сайын сиырын жайып келеді де, кемпірі сүт пісіріп, тамақ істейді екен. Бір күні сиырдың бірін қасқыр жеп кетеді. Кешкісін үйіне келген шал кемпірінен қорқып:
– Кемпір, екеуімізге екі сиыр болады ғой деп, бір сиырды алтынға саттым, – деп, өтірік айтып келеді.
Шал ертеңінде қалған екі сиырын өріске апарып жайып отырғанда, дағдылы қасқыр келіп, тағы бірін тартып жейді. Шал кемпіріне:
– Кешегі сиырды сатып алған саудагер артық алтын беретін болған соң, сиырдың бірін тағы сатып келдім, – дейді.
– Енді қашан қолға алтын түскенше қалған жалғыз сиырды сата көрме, аштан өлерміз, қарағанымыз осы сиыр емес пе? – дейді кемпірі.
Дәнігіп, аңдып жүрген қасқыр өріске келген жерінде шалдың жалғыз сиырын тартып жеп кетеді. Бар сиырдан осылай айырылған шал жылай-жылай үйіне қайтады. Ол кемпіріне келіп: – Алтынға қызығып қалған жалғыз сиырды тағы саттым, – дейді.
Сонда кемпірі:
– Үш сиырдың алтынына тамақ, қой сатып әкел, – деп, шалды қуып жібереді. Шал алтын іздеп, иен далада қаңғып келе жатып, жапан түздегі бір үлкен ақ үйге көзі түседі. Осы үйге барып, алтын сұрайын, – деп келсе, түндігі жабулы, есігі бекітулі, ішінде бірдеңе күбір-күбір сөйлейді. Үй ішіндегі сөйлегендер адамнан қорқып, есігін бекітіп, түндігін жауып алған жалмауыздар еді. Шал есігін ашам деп тырмалай түседі. Үй ішіндегі жалмауыздар жаны қалмай, біздің жанымызға ешбір жан жоламаушы еді деп одан әрі қорқады. Екі жалмауыз келісіп, не қылған жан екен, жөнін сұрап, қажетін беріп құтылайық, дейді де, іштен:
– Кімсің? Не керек? – дейді. Сонда шал:
– Адаммын, аз ғана сиырдан айырылып, алтын сұрап жүрмін, – дейді.
– Жалмауыздар «пәледен машайық қашыпты» деген, алтын беріп құтылайық, – деп жабықтан бір дорба алтын береді. Алтын тапқан шал қуанып, кемпіріне қайтады. Шал кеткен соң әлгі үйге қасқыр келеді, жалмауыздар қасқырға шал келіп алтын сұрағанын, одан қорқып, алтын беріп құтылғандығын айтады. Сонда қасқыр күліп:
– Ол қарт мен үш күнде үш сиырын тартып жеген шал екен, артынан қуып барып, алтынды әкелемін, – деп тұра ұмтылады. Сонда жалмауыздар:
– Сен қасқыр, ақымақсың, айлалы адам қайлалы әдісін істеп, өзіңді мерт етеді. Сосын келіп, бізді құртады, – деп жібермейді. Қасқыр күш бермей, барам деп есікке ұмтылады. Сол арада жалмауыздар қасқырды балтамен ұрып өлтіреді.
Шал үйіне есен жетіп, кемпірі екеуі алтынды сатып, тамақ тауып жеп, күнін көре береді. Сөйтіп, «қорыққан бұрын жұдырықтайды» дегендей, бірінші жыртқыш екінші жыртқышты құртып, кемпір мен шал бұрынғысындай өмір сүріпті.
Есірік
Өте ерте кезде Есірік деген ел болыпты. Ол елдің Әулеки деген биі болыпты. Әулеки би еліндегі игі жақсыларды жиып, ислам діні шыққанына жар шашып, халқына ораза, намаз ұстаудың амалын іздестіреді. Жиылған адамның ешбірі ақыл айтпаған соң, бес мықты жігітті сайлап алып, елінен жеті жүз ділдә жиып береді де:
– Осыған ораза, намаз тауып, сатып әкеліңдер, егерде тауып әкелмесеңдер, бастарыңды алам! – деп бұйырады. Ораза, намаз іздеген Әулеки бидің бес жігіті ай жүріп арып, жыл жүріп жүдеп, батыстағы бір елге келеді. Ел ішіне келіп өздерін түгендесе, біреуі жоқ. Қалай санаса да, төртеу болып шығады. Жігіттер осылай жоғын іздеп тұрғанда, сол елдің түйеші шалы Мұрал қастарына келіп, неге әбігер болып жатқандарын сұрайды. Жігіттердің біреуі елінің биі Әулеки жеті жүз ділдә беріп, ораза, намаз тауып әкел деп жұмсағанын, егер таппай барса, бастарын алатындығын айтып, елден шыққанда бесеу едік, жол-жөнекей біріміз жоғалды, соған әбігер болып жатырмыз, – дейді. Қу шал бұлардың сасып тұрғанын біліп:
– Жоқ адамдарыңды тауып берейін, ақысына не бересіңдер? – дейді. Жігіттер: – Ойбай, ағатай, елу ділдә алыңыз, – дейді.
Мұрал жігіттерді аттарынан түсіріп, бөлек байлатады.
Сосын біріне санатса, аттары бесеу болып шығады. Енді аттарыңа мініңдер, – дейді.
Жігіттер сонда өздерінің түгел екендігін біледі. «Бұл бір білгіш адам екен, осыған ораза, намаз тапқызып алайық», – деп ойлайды.
Жігіттер:
– Сіз әулие адам екенсіз, біздің қалған ділдәмызды алып, ораза, намаз тауып беріңіз, – дейді. Сонда Мұрал:
– Менің түйемді үш күн баға тұрыңдар, сендерге ораза, намаз тауып келем, – деп, күншілік жердегі ара баққан кісіге келіп, екі шелек араны балымен сатып алады. Іші гу-гу еткен екі шелек араны Мұрал жігіттерге алып келіп, бірін – ораза, бірін – намаз деп береді де, ділдәларының бәрін алады.
Жігіттер:
– Мұны қайтіп пайдаланамыз? – дейді. Сонда Мұрал:
– Елдеріңе апарып, алты қанат ақ орданы тігіп, еліңнің ораза, намазға сиынатындарын ордаға жинап, есігі мен түндігін ашылмайтындай етіп бекітіңдер. Сосын екі шелектің аузын қатар ашсаңдар, жалаңаш еттеріне ораза, намаз жабысады. Сөйтіп, ораза, намазды ұғатын боласыңдар, – дейді.
Ораза, намаз тапқан бес жігіт Әулеки биге келіп, екі шелекті тапсырады. Әулеки би тыңдап көрсе, шынында да, ораза, намаз күбірлеген сияқты болады. Сосын елінің игі жақсыларын жиып, үлкен ақ орданың ішіне бәрін жалаңаш кіргізіп, есігі мен түндігін жаптырып алады да, екі шелектің аузын қатар ашады. Неше күннен бері ашыққан аралар игі жақсы, уәзір, байлар мен билердің жалаңаш еттеріне қадалып, шаға бастайды. Отырғандар төзе алмай, орданың быт-шытын шығарып, қашып шығады. Ісіп-кеуіп далаға қашып шыққан уәзірлер мен байлар өздерін түгендесе, Әулеки би жоқ болып шығады. Әулеки биді іздеп сұрастырса, бір қойшы:
– Екі намаз соңында, ергеншегі мойнында сайды қуалап кетіп бара жатқан, – дейді. Сөйтсе, есіктен ең алдымен шығам деп ұмтылған Әулеки бидің мойнына ергеншек ілініп, ашыққан ара артынан қалмай, бір сайға келгенде, талып жығылған жерінен уәзірлер тауып алады. Жығылған жерінен тұрғызған уәзірлері:
– Есірік деген елімнің Әулеки биі деген байғұсым-ай, – деп, еліне алып қайтыпты.
Аңқау шал мен айлалы жігіт
Ерте, ерте, ертеде жеңін сүйреткен Есенбай деген шал болыпты. Есенбай, жаңадан алған тоқалы, асқан сұлу қызы – үшеуі ғана тұрады екен.
Шалдың сұлу қызына жігіттер қызығып, көз салып жүрсе керек.
Бір күні айлалы Асан деген жігіт шалдың үйіне келеді. Шал оны үйіне кіргізбей, далада жүріп алады. Сол кезде, өлген біреуді жерлеуге әкетіп бара жатқан адамдарға қарап Асан:
– Анау адам өлген кісі ме? Әлде тірі кісі ме? – деп сұрайды Есенбайдан.
– Тірі адамды көрге апарушы ма еді? – деп ұрсады шал. Асан тағы да:
– Мына егіннің иесі бар ма, әлде иесіз егін бе? – дейді. Есенбай одан әрі ашуланып:
– Сен өзің ақымақпысың, иесіз егін шығушы ма еді? – дейді. Жігіт тағы да шалдан:
– Үлкен кісі төсегіңізге неше кісі жатасыздар? – деп сұрайды.
– Нешеуің не, тоқалым екеуіміз, – деп ақырады да, жүріп кетеді. Асан артынан қалмай, тағы да:
– Қызыңыз шешесі өлген жетім екен. Үнемі жылап отыра ма? – дейді.
Шал: – Жыламайды, күрсініп отырады, – деп кете береді. Ызаланған шал үйіне келіп тоқалы мен қызына:
– Ақымақ жігітке кезіктім, – деп, оның сұрағы мен қайтарған жауабын айтады. Сонда қызы:
– Әке, бәріне теріс жауап беріпсіз.
– Ана кісі тірі кісі ме, өлі кісі ме дегені – артында баласы бар ма, жоқ па дегені, күтімі жоқ егіннің жарымы өсіп, жарымы өспегенін сұрағаны екен.
– Төсегіңізге неше кісі жатасыздар деуіне күндіз екеу, түнде төртеу демепсіз. Өйткені, тоқалыңыз түнде бұрынғы күйеуін, сіз кемпіріңізді ойлайсыздар ғой. Қызым күрсініп отырады дегенше, сілкініп отырады деп айтпаған екенсіз, – дейді.
Есенбай ойланып барып, ол ақымақ емес, ақылды жігіт екен, барып жауабын берейін, – деп жігітке келеді. Асан қыздың қайтарған жауабынан сілкініп отырамын дегені бой түзеп отырамын дегенін түсінеді де, шалға:
– Үйіңізге барып, қонақ болуға бола ма? – дейді. Сонда шал:
– Саған дәмді тамақ істеп беретін өз кемпірім өлген. Тоқалым дәмді тамақ істей алмайды, ал қызым қазан ошаққа араласпайды, – дейді. Сонда жігіт: – Мен қызыңыздың сілкінгеніне тоямын, – дейді.
Қыздың сілкінгеніне тоямын дегенін Есекең «жетім қызды мүсіркеген екен ғой» деп ойлайды да, жігітті үйіне ертіп барады. Бірін-бірі осылай көрген жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатып, қосылып, мұраттарына жеткен екен дейді.
Гүл мен Самұрық
Ерте заманда өзі жарты болса да, ақыл даналығы жағынан жұрттан асқан бір адам болыпты. Оның үйемелі үш ұлы болыпты. Ол қартайған шағында науқастанып, өлім халінде жатып, үш ұлын шақырып алып:
– Е, қарағым, көзімнің нұры, көңілімнің гүлі үш ұлым, өлер шағымда сендерге ақыл айтпақпын. Әуелі береке-бірлікшіл болыңдар, біреуге қиянат жасап, қастық ойламаңдар, адал еңбек етіңдер, мен өлген соң зиратымның басына үзбей, үш апта бойы ымырт жабыла үш рет барып, еске түсіріп, айтқан ақылымды іштеріңнен үш мәртебе қайталап айтып шығыңдар, – депті. Бір апта өткен соң кенже ұлы екі ағасына:
– Бүгін әкемнің зиратының басына баратын күн ғой. Ымырт жабылды, енді барып қайталық, – депті. Сонда екі ағасы тұрып:
– Әй, бауырым-ай, өлген кісіден не дәметесің, өлгелі жатқанда айтқан бір сандырағы емес пе? Оған әуре болып қайтеміз. Қаракет істеп жан сақтайық, бес-он қойыңды бақ, – деп бармапты. Ағалары бармаған соң, бала әкесінің басына жалғыз барыпты. Бір кезде алтын мақпалдай қара ат жетіп келіпті.
– Е, әкем жарықтықтың жібергені ғой, – деп, атты мініп алыпты. Сонда атқа тіл бітіп:
– Менің саған қазір қажетім жоқ. Менің жалымнан бір тал алып қал. Қажет болған кезде соны тұтатсаң, мен әзір боламын, – депті де, ғайып болыпты.
Бала екінші аптада келгенде алтын тұрманды қаракөк ат, үшінші рет келгенде, үстінде сауыт-сайманы бар ақбоз ат келіп, алдыңғы қара аттың айтқанын айтып, бір-бір тал жалын беріп кетіпті. Бала көрген-білгенін екі ағасына да, басқаға да сездірмейді. Бес-он қойын бағып жүре береді. Сол заманда сол елдің ханының екі сұлу қызы бар екен. Үлкен қызы бойжеткен, тұрмысқа шықпақ болыпты. Ол әкесіне:
– Менің жасым толды, ерге шығатын уақытым жетті. Ұлан-асыр той жасап, бүкіл халқыңызды жинаңыз, бірінен-бірі биік үш саты орнатып, үшіншісінің басына менің сақинамды қадатыңыз! Ат қарғытып, екінші сатыдан өтіп, үшінші сатыдағы сақинамды кім іліп әкетсе, құй төре, құй қара, құй жарлы демей, соған тием, – депті. Хан той жасап, бүкіл халқын жинапты. Алтын жүзікті бірде бір адам ала алмапты. Бұл хабар бес-он қойын бағып жүрген баланың құлағына да тиіпті. Ол қара аттың жалын тұтатып, қара атты келтіріпті де, аттың үстіндегі киімді киіп, қара атты мініп, тойға келеді. Қара атты екі сатыдан секіртіп, үшіншісіне ілінбей, атты қоя беріп, кешке үйіне келсе, екі ағасы тойдың малын сойысып, бас-сирақ, ішек-қарнын әкеп, тамақ істеп, бағанағы қара аттыны мақтап әңгіме етіп отыр екен.
Бала екінші күні қаракөк атты секіртеді. Ол екі сатыдан өтіп, үшінші сатыға ілінбей қалады. Үшінші күні батырдың сауытын киіп, сайманын асынып, ақбоз атты ырғытады. Ақбоз ат үш сатыдан да ілінбей өтеді. Бала алтын сақинаны іліп әкетеді. Бала сол күйінде көрінбей кетеді. Сақинаны сақтап, бес күн қойын бағып жүре береді. Хан бүкіл халықты жинап, сақинаны алған ақбоз аттыны таппайды. Сөйтіп, елдегі қойшы-қолаң, еркектің бәрін жинайды. Қой бағып жүрген жерінен баланы да алып келеді. Сақина баладан шығады. Баланың аты Ерболат екен. Хан қызын ұзатпақ болады, «отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаймын» деп, жар салады. Ерболатты қызға көрсетеді. Жұпыны баланы көріп қыз серттен таяды. Екінші шартымды орындасаң ғана тиемін, – дейді. Ерболат екінші сертін де орындамақ болады. Қыз Ерболатқа:
– Бізбен іргелес, Самұрық деген хан бар, соған барып, «Гүл Самұрыққа не істеді? Самұрық гүлге не істеді?» деген әңгімені тыңдап, маған айтып келсең ғана тиемін, – депті.
Ерболат қара атты шақырып мінеді де, Самұрық ханның шаһарына сапар шегеді. Жолда қара атқа тіл бітіп: – Көзіңді жұм да, мен аш дегенде аш, – дейді. Бір уақытта көзін ашса, үлкен шаһардың қасында тұр. Қара ат Ерболатқа: – Ханнан тіл алу үшін сарайға енесің. Бірақ қайта тірі шығу қиын. Егер бір амалын тауып, сыртқа шықсаң, онан соңғысын мен амалдаймын, – дейді. Ерболат ханның сақшылары арқылы сарайға енеді. Келген шаруасын айтады. Ерболатты бір күн тынықтырып, әңгімесін бастайды.
– Менің – атым Самұрық. Менің әкем даңқы жер жарған хан болған. Әкемнен жалғызбын. Мен ержеткен соң бүкіл елден таңдап жүріп, Әлім деген ханның жаннан асқан сұлу қызы – Гүлге сөз салады. Әкесі ұйғарса да, қыз мені сүймеді. Ақыры, әкем күшпен алып берді. Кешікпей әкем өлді де, мен таққа отырдым. Гүл өзіме пәлен демесе де, шын ниетімен берілмеді. Менде үстіне өзімнен-өзге жел шықпаса, жан шықпаған үш тұлпарым болды. Күнде таңертең көрмес күнде бірі қара сүмек болып тұрғанын көремін. Бір күні күзетшімді шақырып алып, мәнін сұрап едім, ол: – Сіз ұйықтаған соң Гүл бірін мінеді де кетеді. Таңертең күн шыға келіп, жатып қалады. Тегі сізге дәрі беріп ұйықтататын сияқты, – дейді. Кешке жатарда Гүлдің берген сусынын ішкен болып, төгіп тастадым. Сонымен Гүлді аңдып, ұйықтамай жаттым. Бір уақытта Гүл киініп, сыртқа шығып, тұлпардың бірін мінді де, жөнеле берді. Іле-шала артынан мен де жөнелдім. Ол шытырман тоғайдың ішіне енді. Тоғайдың ішінде үлкен ақ орда тұр. Гүл атты байлады да, соған еніп кетті. Қылышымды жалақтатып, мен де еніп келсем, бір қарасұр, бір ақсұр жігіттің ортасында Гүл отыр. Келе қарасұр жігіттің басын шауып жібердім. Ақсұр жігіт көгершін бейнесіне келді де, шарықтап ұшып кетті. Гүл шыға жөнеліп, тұлпарға мінді де, өзіміздің сарайға қарай жөнелді. Мен де артынан қуып жеттім. Ол маған ашулы түрде:
– Қаншықтың артынан ерген төбетсің, «төбет бол», – деп, қолын сермеп қалды. Мен төрт көз, сары аяқ төбет болып шыға келдім. Бірақ есім дұрыс, сөйлесуге тіл жоқ.
Ақсұр жігіт менің атымды жамылып таққа отырды. Маған дәм таттырмады. Жемтік іздеп қайда болса, сонда қаңғып кеттім. Күндерде бір күн жемтік іздеп, тіміскілеп жүр едім, бір әби адам кезікті. «Өзі бір келісті төбет екен, асырап алайыншы» – деді де, «күшік-күшік» деп шақырды. Мен әлгіден қалмай еріп отырдым. Бай мол тамақ берген соң «ит үргенімен жағады» дегендей түнде тыным таппай, қой қораны күзеттім. Бір күні қораға үш ұры кірді. Қыңсылап, есік тырмалап едім, бай қару алып, сыртқа шықты. Сол-ақ мұң екен шарбақ қораға кірген үш ұрының кеудесіне қарадым. Байдың малайлары қаптап келіп, үш ұрыны биге байлап-матап беріп жіберді. Мен сонымен «айлалы төбет», «ақылды төбет» атандым. Маңайдағы елдің бәріне танылдым. Тағы бірде бір бай келіп, маған итіңді бер деп, қолқа салып жатқанын көрдім. Әлгі байдың әйелі босанған сайын шілдехананың алғашқы үш күнінде туған бала жоғалып кетеді екен. Биыл тағы босануына бірнеше күн қалыпты. Шілдехана күзетуге мені алмақ екен. Сонымен ол: – Итімді көзден таса қылмаймын деп, мені әлгі үйге ертіп келді. Байдың әйелі аман-есен босанды. Шілдеханада отырғандар түн ортасы ауа қалғып-шұлғи бастады. Мен аса сақтық жасап, оң жақта ұйықтамай отырдым. Бір уақытта шаңырақтан бір қырғи келіп, баланы іле бергенде, арс етіп жабыса түсіп, баланы айырып алып қалдым. Шілдеханадағылардың бәрі оянып кетті. Бай менің маңдайымнан, жонымнан сипап, тәтті тағамдарды алдыма төкті-ай келіп. Күндіз ұйқымды қандырып алып, келесі күні баланы қаршығадан, үшінші күні бүркітттен қорғап қалдым. Өстіп үш күн шілдеханада баласы аман қалған бай ұлан-асыр той жасады. Менің иеме көп мүлік, мал берді. Менің ием малды айдап, мүлікті артып, үйіне келді. Ием мені екі інісіне мақтап көпіріп отырды. Ақыры, ағайынды үшеуі таласып еді, иемнің бәйбішесі былай деді:
– Үшеуің үш жаққа бөліне көш, итті үшеуің де шақыр. Қайсысыңа ерсе, соның ал!
Мен үшеуіне де ермей, бет-алды жортып кеттім. Баяғы әйелім – Гүлдің сарайының алдына келдім. Гүл мені көріп: – Мына пәле тойынып алыпты ғой. Сені бұл күніңе де зар қылайын, – деп, мені жұдырықтай торғай бейнесіне айналдырып жіберді. Бір күні көп торғаймен бидай шашып, тұзақпен торғай ұстап жейтін екі баласы бар кемпір-шалдың үйінің қасына келдім. Қасымдағы торғайлар тұзаққа түсе-түсе таусылып, мен тұзаққа түспей, жалғыз қалдым. Шал қоймай жүріп, ақыры, мені қолына түсірді. Ол мені ұстап тұрып, қысып жібергенде, жаным шығып кете жаздап, «мен саған не істедім» деген сөз шығып кетіпті аузымнан.
– Сен ақымақ, маған не істемедің, үш рет үш түрлі құс болып барсам да, байдың баласын алдырмай қоймап па едің, – деді шал қаһарланып.
– Міне, ғажап, алты жыл асырайтын болсаң, баяғы адам бейнеңе қазір түсірем, – деді. Мен серт бердім. Мен адам бейнесіне түсіп, азаптан айықтым. Шалды алты жыл асырау үшін жалданып, еңбек еттім. Бетіме перде кигізді. Шал бір күні мені қасына шақырып алып:
– Сенің әйелің Гүл, сен өлтірген қара сұр жігіт, ана Гүлді алып, сенің тағыңда отырған сұрша жігіт менің сиқыр ілімімнен үйренген шәкірттерім. Ол үшеуі аса зерек еді. Ал менен алты жыл оқысаң оларға теңелесің. Сонан соң мұратыңа жетесің, – деді.
Мен алты жыл оқи жүріп, оны асырадым. Шал күндерде бір күн қасына мені шақырып алып:
– Балам, алты жыл асырадың. Сиқыр өнерін үйрендің. Енді менің өлер шағым болды. Мен өлсем, мына баланы баяғы туған әкесіне тапсыр. Бұл екеуі қай ғылымнан хабардар болды. Сиқырлық жөнінде ол екеуіне қолғанат болып, қашанда көз қырыңды сала жүр. Сарайыңа барып, хан тағына отыр. Ол үшін, сарайға бар да, Гүлден бұрын:
– Ей, Гүл, сен маған не істемедің? Енді тарғыл мысық бол деп, өзің білетін сиқырлықты істе, – деді де, шал үзіліп кетті.
Мен екі баланы ертіп, сарайға келдім. Сарайға келсем, Гүл шашын тарап отыр екен. Мен оны тарғыл мысық бейнесіне айналдырдым да, таққа отырдым. Ана даладағы итпен таласып күжірейіп тұрған сол, – деп сөзін аяқтапты Самұрық хан. Самұрық хан әңгімесін аяқтаған соң, Ерболатқа түсін өзгерте қарап: – Иә, жігітім, енді өлесің, сен әзірлен! – деп бұйырады. Ерболат аспай-саспай орнынан тұрып: – Тақсыр, өлімнен қашпаймын. Өлер алдында дәрет сындырып келейін, – дейді. Хан рұқсат береді. Ерболат қақпадан шыға бере, қара ат іліп алып, көзден ғайып болады. Жолда қара атқа тіл бітіп:
– Достым, сен енді мұратыңа жетесің. Баяғы Гүлді алған сұрша жігіт қазір сенің қалыңдығыңды алды. Ол балалы болды. Оны қыздың әкесі білмейді. Сондықтан сұрша жігітті өлтіріп, көрген бейнетіңді айтып, қызды әкесіне жетелеп бар. Әкесі әмірін өзі айтады, – депті.
Ерболат қыздың бөлмесіне келсе, сұрша жігіт ұйықтап жатыр. Қыз баласын шомылдырып отыр. Ерболат сұрша жігіттің басын шауып өлтіреді. Қызды, баласын көтеріп әкесіне ертіп келеді. Болған оқиғаны бастан-аяқ баяндайды. Хан Ерболаттың ерлігіне разы болады.
Хан Ерболатты өзінің бас уәзірі етіп, кіші қызын Ерболатқа қосады.
Өліп тірілген қыз
Бір жарлы шал болыпты. Оның бір ұл, бір қызы болыпты. Ұлы мен қызы 17-18 жасқа келгенде шалдың кемпірі қайтыс болыпты. Кемпірі қайтыс болған шал қолындағы бірлі-жарым ірі қарасы мен жиырма шақты ұсағын беріп, өзі сияқты бір кедейдің жалғыз қызына баласын үйлендіріпті. Шалдың келіні асқан сұлу болыпты. Үйленген соң, көп кешікпей шалдың ұлы қайтыс болыпты да, келіні жесір қалыпты. Шал келіні басқаға тұрмысқа шықпапты. Күндерде бір күн шалдың үйіне кісі келіп қонады. Оның бірі қарапайым киім киіп, ел арасына сейілге шығып жүрген басқа бір елдің ханы екен. Оның көзі шалдың сұлу келініне түседі де:
– Мына келініңе құда түскім келеді, қалыңды мол берейін, маған бер, – деп, шалға қолқа салады. Сонда шалдың келіні:
– Мен атама ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып отырмын. Маған үйленем десең, малдың керегі жоқ, атам мен қайын сіңлім үшеуімізді асырап, осы үйде тұрасың, әйтпесе, мен саған тимеймін, – дейді. Ақыры, хан үйленіп, шалдың үйінде үш ай тұрады. Шалдың келіні жүкті болады. Бір күні хан келіншекке:
– Мен елімнен шыққалы көп уақыт болды. Еліме барып, қайтып оралайын. Егер мен кешігіп, келмей қалсам, ішіңдегі бала мейлі ұл, мейлі қыз болсын, мына жүзікті бер, – деп, өзінің аты жазылған жүзікті береді де, хан еліне қайтып кетеді.
Хан қайтып оралмайды. Келіншек босанып, ұл табады. Баланың атын Төлепберген қояды. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып өте береді. Төлепберген он алты жасқа толады. Батыр тұлғалы, шешесі сияқты асқан көркем болып өсе береді. Күндерде бір күн ас берген үлкен той болады. Басқа елден де жүйрік ат, атақты балуандар келеді. Төлепбергеннің өз елінде түйе балуан деген балуан бар екен. Ол барлық балуанды жығып, ең ақырында, Төлепбергенмен күреседі. Төлепберген оны үйіріп, асықша атқанда, қабырғасы күйреп, аяғы сыныпты. Әбден масқара болып, баладан жығылып, мертіккен балуан:
– Маған жасаған күшіңді көрсетіп, баяғыда тастап кеткен әкеңді неге тауып алмайсың? – депті. Төлепберген үйге келіп, әкесі мен шешесіне: – Әкемді тауып аламын, қайда екенін айтыңдар, – деп болмаған соң, алтын жүзікті қолына беріп, қоя беріпті.
Төлепберген айдан ай өтіп, шаршап-шалдығып келіп, иен даладағы үлкен қорғаны бар қалың бейіттердің арасына келіп түнепті. Түнде қорғанның бір шетіне бір топ адам келеді де, бір нәрсені тез көміп кетіп қалады. Төлепберген көмген нәрсені ақтарып көрсе, алтын сандық екен. Сандықтың ішін ашса, өне бойы қан-қан сұлу қыз жатыр. Сандыққа қоса салған тоғыз алтын ақша, бір уыс тұз. Қыздың шала жаны бар. Төлепберген қызды су жағасына көтеріп келіп, қанын жуып-шайып, су жұтқызады. Қызға ес кіріп:
– Мен сені мұратыңа жеткіземін. Мен қашанда сендікпін. Бірақ екеуіміз қосылатын уақытымыз кейін. Сен оған дейін менің аты-жөнімді сұрама. Ал сенің аты-жөніңді мен сұраймын. Мына тоғыз алтын ақшамен мені емдеп жаз, – дейді. Төлепберген қыздың тоғыз жерден найза тиген жаралы екенін аңғарады. Қыз басын көтеріп отырады да, хат жазады. Ол Төлепбергенге: – Отыз шақырым жерде қала бар. Қалаға енсең, төрт бұрыш ақсақалды шал отырады. Осы хатты соған берсең, ол еріп келеді, – дейді. Төлепберген шалға хатты беріп, ертіп келеді. Шал Төлепберген мен қызды үйіне әкеліп емдейді. Қыз әбден сауығады.
– Осы хатты ешкімге көрсетпей, қаланың ортасында есігінің алдында басы ілулі тұрған алтын сарайға енсең, ақсақалды шал отырады. Хатты соған берсең, маған алтын ақша береді, – дейді. Төлепберген хатты беріп, мың сом ақшаны алып келеді. Бір күні Төлепберген ренжіп:
– Мен босқа әуреленіп, жолымнан қалдым, – дейді қызға. Қыз тағы хат жазып бағанағы мың [алтын] ақша берген шалға осы хатты берсең, патшалық киім береді. Оны кимей, маған әкел, – дейді. Төлепберген оны да алып келеді.
Қыз Төлепбергеннің қолына жиырма бес алтын ақша ұстатып:
– Қаланың ең аяғында арғымақ сататын базар бар. Соған барсаң ең бірінші арғымақ – жиырма бес алтын ақша. Сонан өзің таңдаған арғымақ сатып әкел, – дейді. Төлепберген арғымақ сатып әкеледі.
Қыз Төлепбергенге патша киімін кигізіп, арғымаққа мінгізеді де:
– Қаланы араласаң, ат ойыны болып жатады. Сол жерде екі патшаға кездесесің. Ол сені көрген соң қонаққа шақырады. Түнде қонбай, қайтып кел. Олардың есігінің алдында алтын діңгек бар. Атыңды діңгекке байламай, бос қой. Қайтарыңда үйге қонаққа шақыр. Сырыңды айтпа, – дейді. Төлепберген ат ойыны болып жатқан жерден екі патшаға кезігеді. Олар Төлепбергенді қонақ қылады. Төлепберген оларды қонаққа шақырады. Төлепберген таңертең қызға келіп, оларды қонаққа шақырғандығын айтады:
– Мен екі патшаны сенің айтуың бойынша шақырдым. Мына кедей шалдың төрт бұрыш тамына қалай күтеміз, немен сыйлаймыз? – дейді. Қыз тағы хат жазып, Төлепбергенді баяғы мың алтын ақша берген шалға жұмсайды. Шал қырық дию ертіп келеді де, көзді ашып-жұмғанша қырық бөлмелі сарай салдырады. Бірінен-бірін аласа етіп, ортасына үш алтын тақ орнатады.
Тағамдар әзірлейді. Кешке екі патша келеді. Төлепберген мен қыз оларды қарсы алып күтеді. Сарайдың төңірегіндегі биік таққа Төлепберген отырады. Онан соңғы екі таққа екі патша отырады. Қырық дию оларға қызмет етеді. Ән-күй тартылып, қызу думан болады. Төлепберген мен қыз екі патшаны жібермей, қондырады. Төлепберген ұйықтап жатса, біреу келіп оятады. Қараса, өзінің жолдас қызы. Қыз Төлепбергенге, қырық диюге екі патшаны өлтірткендігін айтады.
– Бейуаз адамды неге өлтірттің, мен сенімен дос болмаймын, – дейді Төлепберген қызға. Сонда қыз:
– Олардың маған істеген зұлымдығын кейін айтамын. Өз істегендерін алдына келтірдім. Енді ұйықтай бер, – деп, кетіп қалады. Таңертең Төлепберген оянса, сарайда қыз жоқ, өзі үлкен дарияның жағасында жалғыз жатыр. Ол өз ісіне қапаланады да, жардан қарғып, суға түсіп кетеді. Оны ағып бара жатқан жерінен біреу іліп алады. Қараса, баяғы қыз, үстінде патшалық киім.
Қыз Төлепбергенге сырын айтады.
– Мен Әлім деген патшаның жалғыз қызы едім. Атым – Айгүл. Әкем өлді де, мен оның орнына патша болдым. Әкемнің екі уәзірі бар еді. Олар қыз патша бола алмайды, – деп менімен бақталастық жасады. Олар мен ұйықтап жатқанда найзалады да, сандыққа салып көмді. Мен саған түсімде ғашық болдым. Түсімді бір түс жорушыға жорытқанымда: – Сенімен өліп, көрге түскенде жолығасың, – деп еді. Оның жоруы дәл келді. Бағанағы өлтірген екі патша – сол екі уәзір. Алғашқы мені емдеген ақсақалды шал әкемнің досы – ғалым адам. Ал мың ақша берген әкемнің шаруашылық бастығы. Ал қырық дию – әкемнің періден әкелген қырық жігіті. Олар құс болып, аспанға да ұшады. Сенің әкеңнің патша екендігін сенің соны іздеп шыққандығыңды ақсақалды ғалым оймен тауып, маған айтты. Сенің далада жалғыз қалғандығың – менің таққа отыруым. Енді менің орныма патша бол. Әкеңді періге мініп іздейін, – депті қыз.
Төлепберген: – Әкемді өз зейнетіммен іздеп табамын, – деп, қыздың айтқанына көнбепті. Төлепберген көнбеген соң, қыз Төлепбергенге алтын ақша беріп, арғымақ мінгізіп, әкеңді тапқан соң, маған қайта орал, – деп қоя береді. Төлепберген айдан ай өткенде бір қалаға келіп, саудагер болып, дүкен ашыпты. Оның тұрпаттылығына қала халқы қайран қалыпты. Бір күні үлде мен бүлдеге бөленген үш қыз келіп, Төлепбергенді қонаққа шақырыпты. Төлепберген үш қыздың сарайында тамақ ішіп отырғанда, екі мүсәпір адам келіпті. Олар тамақ ішіп болған соң кетіп қалады. Төлепберген үш қыздың сарайына түнейді. Ертеңінде сол қаланың патшасы Төлепбергенді шақырып алып, түнде қайда болғандығын сұрайды. Төлепберген болған оқиғаны айтыпты. Төлепберген қонақ болып отырғанда келген мүсәпір болып барған патша мен уәзірі екен. Патша әмір етіп үш қызды да, Төлепбергенді де дарға асып өлтірмек болады. Дарға асқалы жатқанда, Төлепберген қолындағы патшаның аты бар жүзікті патшаның алдына лақтырып:
– Әкемді іздеп жүрген жетім едім. Осыны кезіксе, әкеме табыс ет. Менің өлгендігімді айт, – депті. Патша жүзікті көре салып, Төлепбергенді құшақтай алыпты. Бұл патша Төлепбергеннің баяғыдағы әкесі екен. Сөйтіп, Төлепберген үш қызды өлімнен аман алып қалыпты. Төлепберген әкесінің орнына патша болып тұрған кезде, еліне басқа бір елдің патшасы болып жаулық жасапты. Соғыста Төлепберген өзі шығып, жаулыққа келген елдің патшасын жекпе-жекке шақырыпты. О да тайынбайтын ер екен, жекпе-жекке шығыпты. Екеуі үш күн бойы алысып, бірін-бірі жеңе алмапты. Сөйтіп, жүргенде жаулыққа келген елдің патшасының бетіндегі пердесі түсіп кетіпті. Ол баяғы Айгүл патша екен. Екеуі бірін-бірі танып, құшақтаса қосылыпты. Екі патша Төлепбергеннің ұлы әкесі мен шешесін, әпкесін іздеп тауып, мұратына жетіпті.
Жартыетек
Бір байдың тоғыз ұлы болыпты. Бай сегіз ұлын үйлендіріп, отау түсіріп, енші береді. Ең кенжесі Жартыетекті үйлендірмейді. Жартыетек өркеуде, есерсоқтау, басқаның айтқан ақылына көне қоймайтын, кімнен болса да, тайынбайтын жігіт екен. Жартыетек бір күні әкесіне:
– Әке, басқа ұлдарыңды үйлендіргенде мені неге үйлендірмейсің? Малың жетпей ме? – депті. Сонда әкесі:
– Е, балам, дәулетімді аяп отырғаным жоқ. Ел-жұртқа пәленшенің баласы деген ұятқа қалдыра ма деп, өзіңе сенбей отырмын, – депті.
– Сонда мен басқа ұлдарыңнан жаман болғаным ғой!
– Жоқ, жаман емессің, бәрінен де өжетсің. Тек өзіңнен басқаның ақылын алмайсың, өлеріңді білмейсің, – дейді әкесі.
– Мен ақыл мен қайраттан кенже емеспін. Өз ақыл-қайратыммен сіздің дәулетке залалымды тигізбей, үйленсем ризасыз ба?
– Қолыңнан келсе, мейлің.
Сонымен Жартыетек ләм демей, үйден шыққан бойында жылқыға келеді де, көкбесті деген жүйрікті ерттеп мініп, беті ауған жаққа жүре беріпті. Жартыетек бір күні үлкен өзенге кез болады. Өзеннің жағасында аспанмен тілдескен бәйтерек тұр. Өзеннен өтпек болып өткелдің аузына таяй бергенде, алай-дүлей боран соғып, өзен буырқанып, таси жөнелді. Жартыетек өте алмай, кері шегінеді. «Ей, жігіт, тілдесе кет» деген дыбыс естіледі. Жартыетек жалт етіп, жан-жағына қарайды. Ол бәйтеректің басынан төмен түсіп келе жатқан қарт ананы көреді. Ана Жартыетектің қасына келіп, таяғына сүйеніп, отыра кетеді. Оның жүзінен қайғы-қасірет басқандықтың белгісі білінеді. Ананың көкірегі қарс айрылып, уһілей отырып:
– Е, балам, мен бір шерлі жанмын. Бала дегенде ай мен күндей Айна деген жалғыз қызым бар еді. Әкесі ерте өлген жетім-жесір едік. Сол қызымды ел-жұртты құртқан Алаяқ, Теміраяқ деген дәу келіп, тартып әкетті. Дәрменсіз мен сорлы аңырап, жалғыз қалдым. Теміраяқты жеңетін батыр тумады. Оның жеті жаны бар, мекеніне жеті жылда жетеді. Жолда ұшқан құс болмаса, адам өте алмайтын жеті дария, адам баласы аса алмайтын аспанмен тілдескен жеті шың бар. Сол шыңға шыққанда Теміраяқтың зәулім сарайы көрінеді. Зәулім сарайдың бергі жағында тағы бір дария бар. Оның жағасында жапырағы жайқалған бәйтерек бар. Сол бәйтеректің басында ұя бар. Сол ұяда алты балапан бар. Алты балапан – Теміраяқтың алты жаны. Ал Теміраяқтың төсегіш астында бір балапан жатады. Ол – Теміраяқтың жетінші жаны. Міне, осы жеті балапанды өлтірген кісі Теміраяқты өлтіреді дегенді мен бір дана қарттан естіп едім. Мен секілді мүсәпір қарт адамға бұл секілді қиын-қыстау бөгеттерден өтіп, Айнаны Теміраяқтан айырып алатын дәрмен қайда? – деп, қарт ана сөзін аяқтады.
Жартыетек қарт ананың қасында екі күн болады. Қарт ананың күншілік жердегі кедей жатақтың ішінде қара борша күркесі бар екен. Ол сол жерден осы бәйтерекке күнде жаяу келеді екен де, бәйтеректің басына шығып, қызын жоқтап, зарлайды екен. Жартыетек қарт анаға өз жайын айтады. Екі күн өтіп, үшінші күн боран басылып, күн жайма-шуақ болады. Өзеннің тасығаны басылады. Жартыетек Айнаны іздемек болады. Қарт ана Жартыетекке батасын береді. Жартыетек өзеннен өтіп, сапар шегеді. Жартыетек бір күні жолда келе жатып, екі тауды екі қолымен көтеріп, алма-кезек ауыстырып тұрған бір алыпқа кезігеді.
– Менің күшімнің кереметі осындай. Қандай үлкен шың-құз болса да саламын, – дейді алып. Жартыетек өзінің Теміраяққа бара жатқанын айтады. Алыптан жәрдем сұрайды. Таукөтергіш Жартыетекке ереді. Екеуі жол жүріп келе жатып, айдын-шалқар көлге тап болады. Көлге таяй бергенде, бір алып келеді де көлді жұта салады. Екеуі аң-таң болады.
Көлжұтқыштың жанына бұлар таяй бергенде, көлді аузынан қайта төге салады.
– Менің ішімнің үлкендігі сондай, қандай үлкен көл-дария болса да, жұта салам, – дейді. Жартыетек көл жұтқышқа жайын айтып, жәрдем сұрайды. Көлжұтқыш пен Таукөтергіш ереді.
Үшеуі жол жүріп келе жатқанда, жайма-шуақ күн лезде бұзылып алай-дүлей боран соғады. Үшеуінің алдына таудай алып құс келіп қонады. Жаңағы дауыл соның екпіні екен. Ол құстың бір аяғы жоқ, сыңар аяқ екен.
– Мен – дүниедегі алып құспын. Тау болса да, көтеріп ұшамын. Жеті жылдық жолға жеті күнде жетемін, – дейді алып құс. Жартыетек алып құсқа өз жайын айтады. Жәрдем сұрайды. Алып құс жәрдем бермек болады. Алып құс Таукөтергіш, Көлжұтқыш, Жартыетек – үшеуін Теміраяқтың зәулім сарайына алып ұшады. Ол жеті дарияның қасына келеді. Көлжұтқыш жеті дарияны кезек-кезек жұтып, өтіп алған соң, қайта төгіп отырады. Олар аспанмен тілдескен жеті шыңға келеді. Таукөтергіш жеті шыңды кезек-кезек көтеріп, өтіп алған соң, қайтадан орнына қоя салып, жүре береді. Бұлар Теміраяқтың зәулім сарайының бір жағындағы дариядан өтіп, алты балапан жатқан бәйтеректің түбіне келеді. Жартыетек алты балапан жатқан бәйтерекке шығады да, бесеуін мойнынан бұрап өлтіріп, біреуін тірідей қойнына тығып алады. Сонда қасындағы алып серіктері Жартыетекке:
– Балапанды түгел неге өлтірмедің? Ол екі жаны тұрғанда өзіңді мерт қылмай ма? – дейді.
– Бес жанынан айырылған Теміраяқ әлсіреп-ақ қалған шығар. Екі жанын бойына қалдырып, алысып көрейін, – дейді Жартыетек.
Серіктері Жартыетекті осы бәйтеректің қасынан тосып алмақ болады. Жартыетек Теміраяқты өлтіріп, Айнаны әкелуге кетеді. Жартыетек Теміраяқтың зәулім сарайының есігінің алдына келіп, анадай жерде тұрған жасауылдың біріне:
– Үйінде болса, Теміраяқ маған тез шығып, сөйлесіп кетсін! – дейді асқақ сөйлеп.
– Теміраяқты алдыңа келтіріп, сөйлескендей сен қай батырсың? – дейді жасауыл.
– Тас жүрек батыр деген мен, мылжыңды қой, тез шақырып әкел, әйтпесе, басың алынады, – дейді Жартыетек. Жасауыл сарайға еніп, жедел қайта шығады да:
– Теміраяқ науқастанып төсегінде жатыр. Келіп сөйлессін, – дейді. Жартыетек сарайдың есігінен кіре бере, сылдырап аққан мөлдір бұлақ жағасында тұрған бір топ сұлу қызға тап болады. Бір топ қыздың ішінде ай мен күндей біреуі оған басқасынан ерекше көрінеді. Ол бір топ қыздың қасына келеді. Қыздар бейтаныс адамға таң-тамаша қалады.
– Айна қайсысың? – дейді Жартыетек. Жартыетектің долбарлағанындай әлгі ерекше көрінген қыз жалт етіп, Жартыетекке қарап:
– Айна – мен, – дейді сылдыраған үнмен. Жартыетек Айнаны оңаша шығарып, өз жайын баяндайды. Айна Теміраяқтың науқастанып жатқандығын, ертең неке қиып, өзіне үйленгелі жатқандығын айтады.
– Екеуіміз де Теміраяқтың жатқан бөлмесіне енейік. Сен менің соңымнан іздеп келген ағам еді де. Мен сені алып кетемін дейін. Ол бермеймін, – деп, мені өлтірмек болар. Сол кезде мен алысқа кетейін. Күш бермей бара жатса, мына балапанды өлтіріп жібер, – деп Жартыетек қойнындағы балапанды Айнаға береді. Айна мен Жартыетек Теміраяқтың бөлмесіне кіріп келеді. Теміраяқ науқастанып жатса да, қаһарын төгіп: – Менің сарайымның сыртына келіп шақырғандай сен қай алыпсың? – дейді.
– Сен менің қарындасымды, өзім аң аулап жүрген кезде шешемнен тартып әкетіпсің. Мына қарындасымды сенен айырып алғалы келдім, – дейді.
Жартыетекпен алыса түседі. Сол кезде Айна қолындағы балапанды өлтіреді. Теміраяқ сонда да күш бермейді. Айна жүгіріп барып, Теміраяқтың төсегінің астындағы жетінші балапанды өлтірген кезде Теміраяқ омақасып құлайды. Жартыетек Айнаны ертіп, алыптардың қасына келеді. Сол кезде Теміраяқтың жендеттері келіп қалады. Көлжұтқыш жанындағы дарияны ұрттай салып, олардың үстінен төге салады. Жартыетек алыптарды ертіп, Теміраяқтың сарайына келеді де, тұтқын қыздарды азат етеді. Таукөтергіш, Алыпқұс, Көлжұтқыш – үшеуі осы сарайдың иесі болады. Алыптар Айна мен Жартыетекті еліне жеткізеді. Айнаның шешесі Айнаны Жартыетекке ұзатады.
Жартыетекті бүкіл ел өзіне басшы қылады. Сөйтіп, Жартыетек мұратына жетеді.
Жер астындағы адам
Ерте заманда байлығы асқан бай болыпты. Ол күндерде бір күн науқастанып, өлім халінде жатып, Мұратбек деген жалғыз ұлын шақырып алыпты да:
– Е, қарағым, көзімнің қарашығы жалғызым, әкең о дүниеге сапар шеккелі жатыр. Ақтық демім бітер алдында саған үш ақыл сөзімді айтып кетейін. Біріншіде, сезікті жерде сергек жүр, екінші, адам баласын мынау –жақсы, мынау жаман деп алалама, үшінші, тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла, – деп, үзіліп кетіпті.
Жылжып жылдар өте береді, байдың малы таусылып, Мұратбек пен шешесі әбден күйзеледі. Бір күні Мұратбек шешесін жетелеп, асбұзылға келеді. Асбұзылдың иесі қартаң сарт адам екен. Мұратбек оған:
– Ақсақал, жетім-жесір адам едік. Өзім сіздің жұмысқа қолғабыс етейін, шешем екеуімізге тамақ беріп тұрыңыз, – дейді.
Аспазшы Мұратбекті қызметке алады. Шешесі екеуі тамақ асырап, бірнеше жыл осында тұра береді.
Бір күні қала ішінде жаршы шығып:
– Қалаға Жора деген атақты бай келді. 5000 ділдәға жалшы жалдап алады. Ол жиырма жыл сол байдың қолында болады. Жалданушылар қазір барып, байға сөйлесіп, ақша алуға жол бос, – дейді. Мұратбек байға жалданбақ болады. Шешесімен ақылдасып, жалпы жалдап алатын байға келеді. Жиырма жылға келісім жасап, 5000 ділдәні алады да, әлгі асбұзылдың қасынан 2000 ділдәға тамаша сарай салғызып, шешесін орналастырады. Үш мың ділдәға шешесіне жиырма жылға жететін азық-түлік, киім-кешек алып береді. Сарайдың сыртына: «Талыққан адам мұнда бар, талықтырмаңдар» деген жазу жазғызады.
Шешесімен қоштасып, байдың керуенімен еріп, жолға шығады. Екі-үш жүз түйелі керуен жолда жатып, алтын ер-тоқымды арғымақ мінген, сәнді киінген жас жігітке тап болады. Ол керуенбасшысына жолығып:
– Менің атым – Жолжомарт деген. Осы жолмен жүрген адамдарды қонақ қылып жіберетін әдетім. Бір күн қонақсыз, ойын-күлкісіз отыра алмаймын, үйім анау орманды сайдың ішінде, – дейді.
Оған керуенбасы:
– Менде екі жүзден артық адам бар, мұның бәрі сенің үйіңе қалай сияды? Оған сенің тамақ, төсек-орның қалай жетеді? – дейді.
– Тамақ та, үй де, жатар орын да жетеді. Тек барып қонуларыңызды тілеймін, – дейді. Жігіт қолқа салып болмаған соң, керуенбасы бастап, жігіттің ауылына келеді. Келсе, орманды үлкен сайдың іші қаз-қатар салынған тамаша сарайлар, бау-бақша, сылдыраған бұлақ екен. Үш жүз түйе жүк кең қоймаға түйе-мүйесімен кісілік үлкен сарайға орналастырады.
Алуан түрлі тағамдармен, арақ-шараппен сыйлайды. Ойын-сауық көріп, ырғап-жырғап қалады. Жігіт керуенбасына бөлек үйге төсек салдырады.
– Шақырып қонақ еткен өзіңсің, мен өз үйіме бір жігітіммен бірге жатамын деп айтыңыз, – дейді. Мұратбек керуенбасын оңаша шақырып алып, жігіт өз үйінің бөлмесіне екі кісілік төсек салдырады. Керуенбасы мен Мұратбек сол бөлмеге жатады. Мұратбек есіне «сезікті жерде сергек бол» деген әкесінің ақылы түседі. Ол ұйықтамай, бөлек бөлмеде әйелімен жатқан жігітті бақылайды. Жігіт бір мезетте әйелін ертіп, далаға шығып кетеді де, әрі беріден соң, бір дорба ұн алып келіп, орталық бөлмеге қойып, жатып қалады. Мұратбек керуенбасын оятып, болған оқиғаны айтады. Өз ұндарынан бір дорба ұн алып келеді де, әлгі ұнды ауыстырып алады.
Таңертең керуенбасы жігітпен қоштасып жүрмекші болады. Жолжомарт «қош тамағын берем», – дейді. Бағанағы ұнды қосып, алуан түрлі тамақ әзірлетіп, арақ-шарап береді. Мұратбек керуенбасына:
– Бұған сіз де өз «қош тамағыңызды» берем деңіз. Мен тез әзірлеп жіберейін, – дейді. Сөйтіп, керуеншілер де Жолжомарттың туыс-туған, қызметшілеріне тамақ береді. Ол тамаққа Жолжомарттың түндегі ұнын қосып істейді. Мұратбек керуеншілерге:
– Қонақтар ауыз тигенше бұл тамақтан татушы болмаңдар, – дейді. Жолжомарттың жағы әлгі асты ауыздарына сала бере қашар болып шыға келді.
Мұратбек керуеншілерге:
– Егер түнде ұнды ауыстырмаған болсақ, барлық мүліктен айырылып, бүгін бәріміз Жолжомарттың жүк таситын қашары болар едік. Міне, енді көлікке де, дүниеге де қарық болдыңдар. Сарайдағы қазынаны ана қашарға артып алыңдар. Бізге қазған орына өзі түсті, – дейді. Керуенбасы Мұратбектің ақылдылығына қайран қалады. Сөйтіп, керуеншілер сарайдағы бар мүлікті алып, жолға шығады. Жолжомарттың сарайлары аңырап, иен қалады. Керуенбасы өзінің сыбайластарымен ақылдасады:
– Мұратбек айлалы жігіт. Бұл жолы жақсылық істеді, қатерден құтқарды. Ал екінші кезекте өзімізге қатер тудыруы мүмкін. Сондықтан жолдағы құдық барған соң, мұның көзін жоғалталық, – дейді. Керуен күні-түні жүріп, аузын қақпақтаған құдыққа келіп тоқтайды. Құдықтың маңы қалың бейіт екен. Жүк түсіріп жайғасқан соң, керуенбасы Мұратбекті шақырып алып:
– Сені 5000 ділдәға сатып алдым. Енді саған не істесем де, өз еркім. Сен мына құдыққа түсесің де, бізге су әпересің. Басың құдық түбіне қалады да, денең шығады. Денеңді мына молалардың ішіне қоямыз, – дейді. Мұратбектің есіне «тас жұтсаң да, тәуекелге бел байла» деген әкесінің нақыл сөзі түседі де: – Тәуекел, түсейін, билік сізде, – дейді. Мұратбекті арқан байлап, құдыққа түсіреді. Құдықтың түбі кең жазира, аққан өзен, құлпырған бау-бақша екен. Өзен басында бір сұлу қыз бен өлмелі шал отыр екен. Қыздың бір бетінен ірің ағып тұр.
– Суыңды беріп, сырттағыларды қандыр. Сенен сұрайтын сұрау бар, – деді әлгі қыз тәкаппар пішінмен. Мұратбек суды беріп болып, қызға қарады.
– Мына шал екеуімізден қайсымыз жақсы? Дәл жауап қайырмасаң басың алынады, – деді қыз, қолына қылыш алып, қаһар тіге тұрып.
– Мен әдейі басымды алсын деп келдім. Адамның жақсы-жаманы болмайды. Сен жассың, анау – кәрі. Екеуіңдегі айырмашылық, білгенде осы ғана. Екеуің бірдейсің, – деді Мұратбек.
– Аржағыңа қара, – деді қыз қылышын тастай беріп, Мұратбек жалт қараса, сылдыраған екі сұлу қыз тұр. Қайта қараса, шал мен қыз жоқ.
– Қайсымыз сұлумыз, тез жауап бер, дәл айтпасаң, басың алынады, – деді екі қыздың бірі қылышын жалаңдатып.
– Екеуің бірдейсің, – деді Мұратбек батыл жауап қатып.
– Ары қара, – деді қыздар. Мұратбек жалт қараса, темір есік ашулы тұр. Мұратбек есікке келді. Іші толған алтын-күміс. Ол аман қалғандығын, көп алтын-күміске тап болғандығын айтып, сырттағыларға хат жазып, арқанға байлап жібереді. Сырттағылар: «алтын-күмісті қауғаға салып жібере бер, енді тірі шығасың», – деп хат жазды. Мұратбек алтын-күміс таусылғанша жібере берді. Алтын-күміс таусылған соң, енді өзін шығарып алуды айтып, хат жазады.
Керуеншілер өзара ақылдасып: «Егер Мұратбек тірі шықса, өзімізге қауіп төндіреді. Мына мүлікті мен таптым», – дейді. Сондықтан құдыққа қалдырып кетелік деседі. Сөйтіп, арқанды қияды да, көшіп жүре береді. Мұратбек құдықтың түбінде қайғы-қасіретке батады. Ол тағы тәуекелге бел байлап, қайраттанып бағады. Бір кезде арт жағындағы есіктен бір дыбыс естілді. Жүгіріп есікке келді де, есікті қақты. Есік ашылды. Кіріп барса, жайнаған жиһазды үй екен. Құс төсекте шалқасынан түсіп, кеудесіне домбыра ұстаған, сәнді киінген ақсақалды қарт адам жатыр. Ол жетпеген арман, бітпеген арман деген күй тартады. Шал бір мезгілде басын көтеріп, Мұратбекке отыр дегендей ишарат білдіреді. Шал көзін жұмып, ойға батқандай болды да:
– Е, балам, бір талабың сегіз, бір талабың тоғыз болсын. Сенің қайратыңа қайран қалдым. Сенің бұл жерге келген соң әрекет жасағаныңды мен біліп жаттым. Разы болғанымнан дыбыс білдірдім. Енді саған қауіп-қатер жоқ. Қауіп-қатерден құтылдың. Осы жердің тажалы саған алғаш кезіккен қыздар еді.
Алғашқы кезіккен қыздың қасындағы шал емес, сұлу жігіт. Саған құбылып көрініп отыр. Оларға жауапты дәл бердің. Егер бірін жамансың десең, басың алынатын еді. Екінші, сен олардан тайсалмадың. Олар тайсалмаған адамға тимейді. Олар алғашында маған да солай істеген. Қазір олар маған қызмет етеді. Мен ән-күйдің ғалымы едім. Атым – Сандал, жасым 150-де, жердің үстінен асты қызық, жердің үстінен аспан әлемі қызық. Мына өзен-су, бау-бақша, үй, алтын-күмісті шығартқан – мен. Жер астындағылар – менің нөкерлерім. Олар мен не істесем, соны істейді. Тек олардың серті бойынша жер үстінен келгендерді өлтіру-өлтірмеуді солар біледі, өлмей қалған адам маған келеді. Енді сенің тағдырың менің қолымда, – дейді қарт.
Қарт жанындағы бір түймені басып қалды. Алуан түрлі тағамдар әзір болды.
– Сен құдықтың аузына қашан келсең де, өзім түсіріп аламын. Мен мына түймені басқанда, сен сатымен сыртқа шығасың. Ал мына түймені басқанда, саты қайта түседі, – деді қарт жанында тұрған тақтайдағы қалың түйменің ішіндегі екі жасыл түймені көрсетіп. Қарт Мұратбекке тағы да мынаны айтты:
– Сен сыртқа шыққанда, үстінде жаман ер-тоқымы бар арық есек тұрады. Ол – баяғы өз ұнымен өзін есек, қашар қылып жіберген Жолжомарттың сұлу келіншегі. Жолжомарт өлген. Ол жас келіншекте ешбір жазық жоқ. Сен сол сырттағы есекке мін де, оң жақ құлағын бұра, есек құйындай есіп, ұша жөнеледі. Керуеншілердің сайрандап жатқан үстінен түсесің. Есектен қарғып түс те, мына қылышты қынаптан суыр. Бәрі саған бас иеді. Керуенбасын қылышпен шауып өлтір. Басқалары – жалшы, оларға тиме. Мына орамалды қалтаңнан ал да, желпіп қал. Сонда есек, қашар болып жүрген Жолжомарттың жалшы жігіт-қыздары адам қалпына келеді. Олар сенімен дос болады. Сөйтіп, барлық жалшының басын қосып, көрген бейнетіңді баянда. Барлық қазынаны тең бөліп бер де, өзді-өзінің еліне қайтар. Жолжомарттың сұлу келіншегі саған ғашық болады. Оны некелеп ал. Орамал мен қылышты бойыңнан тастама.
Шал Мұратбекке осыны айтты да, құдықтан шығарып жіберді. Мұратбек шалдың айтқанын жаза бастырмай орындады. Мұратбек Жолжомарттың сұлу келіншегі Айкүмісті алып, еліне қайтады. Шешесін табады. Мұратбектің зеректігі елге аян болады. Мұратбек ақылымен асып, өз еліне хан болып, мұратына жетеді.
Атақты ұрыдан туған ақылдылық
Бұрынғы өткен заманда Жылысбай деген бір кедей адам болыпты. Бар кәсібі ұрлық екен. Ұры болғанда ана-мына емес, баукеспенің өзі болыпты. Оның ұрлаған нәрсесін дүниеде адам баласы сезіп, көзі шалып көрмеген екен. Сиқырлығы жоқ болсадағы, сиқыршылардан ептілігі асқан ұры болыпты. Жылысбай ұрының жас ортасына келіп қалған кезінде көрген Сапар деген жалғыз баласы болған екен. Жылысбай жасы ұлғайып, жалғаннан өтетініне көзі жетіп, жалғыз баласы Сапардың өмірі туралы қиялды бір қайғы ойлапты. Қайғысы: «Өмірімді дерлік ұрлықпен өткіздім. Дүниеден ұрлыққа менен епті, менен ыспар адам болмады. Ұрлықтың арқасында қарным аш, киімім жыртық болып көрген жоқ. Ал енді, міне, артымнан алдым жуық, жасым болса ұлғайды. Ерте ме, кеш пе, бір өлімнің бары рас. Ажалым жетіп бір күні өліп кетсем, Сапарым қалай кәсіп етіп, қалай өмір сүрер екен? Кедейліктің кесірінен оқу да оқыта алмадым немесе ұрлықтан пайда тауып, осының өміріне пайда тиерлік мал жинап, артымда қалдыра алмадым. Не бір өнердің соңына түскізіп, соның құйрығын ұстатып кете алмадым. Ұлыма әкелік борышымды өтей алмай, мойнымда кететін болды-ау. Қалай күн көріп, кәсіп етер екен? Енді ойлағанмен кеш қалдым. Бәрібір кешіктім», – деп көп ойланып, тарығып, ақыры, мынандай ойға келеді. «Өзімнің бар білетін өнерім – ұрлық. «Ұрлық түбі – қорлық» дегенімен, өз басым қорлық көріп көргенім жоқ. Енді бұған сол ұрлықтың әдіс-амалдарын үйретіп кетейін. Ұрлықтан қорлық көріп барып, Құдай өзі кешейін десе қиын ба?» Бұл сырды қасында айтса:
– Әй, ұрлығыңмен құрығыр! Енді жалғыз баланы жарға жығып, жайратқалы жүрмісің? – деп байбалам салады. Онан да оңаша жерге апарып, ойымдағымды айтып, білген өнерімді үйреткенім жөн деген оймен баласын қасына ертіп, бадамшалы тоғайдың ішіне алып келіп, құпия сырын айтып беріпті.
Баласы бұған не қарсылық, не разылық білдірмейді. Әкенің баласына қас істемеуі нақ, өзіңіз біле беріңіз деп ғана жауап береді. Жылысбай сонда баласына: – Алдымен ұрлыққа өзімнің қандай епті екендігімді саған көрсетемін, содан кейін басқадай әдіс-амалдарымды үйрете жатармын, – деп баласын ертіп, тоғайды аралап жүріп кетеді. Келе жатса, бір ұзын шынар ағаштың басында ұя басып отырған қарғаны көреді.
– Әне, балам, – депті сонда Жылысбай баласына әлгі басып отырған қарғаны көрсетіп. Мен ана қарғаның бауырында басып отырған жұмыртқаларын ұрлауға барамын. Қарғаны үркітпей, жұмыртқаларын алып келе алсам, ұрлық жолының сәті сейсенбі күні туғандығымды дәлелдер. Менің қимыл-әрекетімді жаңылмай, жадыңда сақта! – деп, ағашқа жабысып өрмелей жөнелген әкесінің оң аяғының етігінің ұлтанын пышақпен білдірмей сөгіп алып қалыпты Сапар. Бұл қылықты әкесі де сезбей, ағашқа өрмелеп кете барыпты. Жылысбай сол өрмелеген күйі қарғаның ұясына жетіп, қарғаға сездірмей, бауырында басып жатқан алты жұмыртқасын қойнына салып алып, қайта түсіп, баласына көрсетіп:
– Енді сездірмей ұясына қайта салып кетейін, – деп, ағашқа қайта шыға бастайды. Ол қайта түсіп келіп:
– Міне, балам, менің ұрлыққа ептілігім осындай, көрдің бе? – деп, аздап мақтанған түрде баласына қарап күліп, арқасынан қағып қояды.
– Әке, заманыңызда өнеріңіз үстем болғаны көрініп тұр. Өзіңізден өнері, ептілігі асып көрген кісі болды ма осы өміріңізде? – деп сұрапты Сапар әкесінен.
– Жоқ, балам, өмірімде ондай адам кездесіп көрген емес. Оған мына қарға дәлел емес пе? Аң бол, адам бол қарғадай сақ жан-жануар болмайды, – депті Жылысбай баласына.
Сонда Сапар былай деп әкесіне аз ғана өсиет айтқан екен:
– Ол жөн ғой, әке, ептілігіңіз жан-жануардан асқан екендігі өзінен өзі-ақ көрініп тұр. Бір аздап кемшіліктеріңіз де бар екен. Ұрлайтын заттарыңызға барарға жақындағанда, өзіңізді өзіңіз ұмытып кетеді екенсіз, көрдіңіз бе?
Сіз ұяға өрмелей жөнелгенде, мен сіздің бір етігіңіздің ұлтанын сөгіп, алып қалғанымды әлі сезбей тұрсыз ғой, – дегенде, Жылысбай етігіне қарап күліп жіберіпті. – Жәке, бір білместігіңіз бар екен, өзіңізді-өзіңіз ұмыту деген аңғалдыққа жатады. Осындай ұлы іс жолында жүрген адамға мақтан пайда болғаны масқараға ұрындыруы мүмкін. Бұл – жүйрікке бір-бір томар деген сөз. Енді үйге барып, ұлтаныңызды жамап алыңыз, – депті Сапар. Жылысбай сонда қатты қуанып: – Құдайдан тілеген тілегім орындалған екен. Енді күні бүгін өлсем де арманым жоқ, ұрлықты менен асып істемесең, кем түсер түрің көрінбейді. Қанша епті болғаныммен, жалғыздық көріп жүрген жерім көп еді, – деп, баласын ертіп үйіне келіп, етігін жамап алып, енді қандай ұрлыққа бару жөнінде Сапарға кеңес беріпті:
– Ханның қазына сарайындағы алтынын жалғыз болып, ұрлай алмай жүруші едім, енді екеулеп амалын табайық, сен маған серіктікке жараған екенсің.
Сөйтіп, әкелі-балалы екі ұры ханның қазына сарайына келеді. Сарайдың айналасындағы күзетшілердің жанынан өтіп бара жатып, ескілікті талмасы ұстаған адам болып, сереңдеп, талып қалады. Күзетшілер талып жатқан адамға көмектесіп, шуылдасып жүргенде, Сапар сарайдың терезесін бұзып, ішіне түсіп, өзі көтергенінше алтынды алып кете барады. Алтынды Сапар алып болды-ау деген кезде Жылысбайдың талмасы тәуір болып, басын көтеріп күзетшілерге:
– Сіздерді Тәңір жарылқасын, қашаннан осындай ескілікті ауруым бар еді, – деп, жөнімен кете барады.
Сарайға түнде кім келгенін білген бір де күзетші жоқ. Таң атып, күн шыққаннан кейін, қазына сарайды тонатқандарын білісіп, ханға хабарлапты. Сонда хан ойланып отырып, бұл ұрының оңай ұры емес екендігін біледі де, мынандай жария шығарады: – Осындай қалың күзеттің біреуіне шалдықпай, алтынымды ұрлаған ұры, ұры атасы адам болу керек. Шын сондай ұры атасы адам болса, келіп, сол әдісімен тағы ұрлап көрсін. Күзетшілерге ұсталып қалса, менен рақым табамын демесін! Бірақ сол алтынды алып кеткен терезенің алдынан терең ор қаздырып, ордың ішіне адам денесі толық сиғандай кеспек ыдысқа толтыра май құйып, майға шайыр араластырып қайнатып, ордың аузын жұқалап, шөппен жауып қояды. Ханның бұл жариясын естіген Жылысбай баласына: – Балам, елу жыл жалғыз жүріп, жан адамға сездірмей, жаһанның жан кеспесі болып келіп едім. Алтын ұрлаған хан менің намысыма тиіп, жария шығарып отыр. Намысым қозып, нар тәуекел дегелі отырмын. Сен қорықсаң, үйде қал. Мен барып, байқап көрейін дегенде, Сапар: – Бәрібір ғой! Сіз ұсталып қалсаңыз, мені сіздің балаңыз деп үйден де ұстап алады емес пе, онан да екеуіміз де барайық, – деген ақылға келісіп, ханның қазына сарайына келеді. Ханның қандай амал істеп қойғанын бұлар сезген жоқ. Күзетшілер кешегі өздері бұзып, алтын алып кеткен терезе жақта молырақ жүргендерін көріп, сол жақтан көрініс беріп қашып кетіп қалғанда, әкесі сарайдың басқа жақ терезесін бұзып, ішіне түсіп, алтынды алып болып, баласына жалғастырып жіберіп, енді өзі шыққалы жатқанда, күзетшілер біліп қалып, сол терезеге қарай ұмтылады. Жәкең кешегі бұзылған терезені қағып жіберіп, сыртқа қарай қарғиды да, ханның май құйып қойған кеспегіне шоп беріп түсіп кетеді. Сапар сезіп қалады да, күзетшілер ана терезеге үймелеп, іштегі ұрыны ұстап аламыз деп ханға кісі жіберіп, сырттан басқадай тағы бір жарым кісі іздесіп, у-шу болысып жүргенде, Сапар келіп, әкесі түскен жерді көрсе, ыстық шайырлы майға күйіп, баяғыда дүние салыпты. Көп ойланып тұруға уақыт жоқ, әкемнің денесін таң атқан соң көреді де, мені де ұстап құртады. Ал бүгін денесін алып кетуге мына қарбаласта шама да келмейді. Енді не істеу керек, – деп аз тұрады да, ханға танылмас үшін өліктің басын кесіп алып, денесін құдықтың түбіне тастап кетеді. Бұл қылықты білген күзетші де, хан да болған жоқ. Ұры қазына сарайдың ішінде деп таң атқанша берік күзетіп, таңертең жарықта ұстаймыз десіп гуілдеседі. Таңертең сарайдың есігін ашып қараса, ұры жоқ. Бұл қайтіп кетіп қалды десіп қарап жүрсе, май құйып қойған құдығынан бас жоқ өлік табылады. Хан аузын басып, санын бір-ақ соғады. Құдықтан өлікті шығарып алып келеді, бірақ кім екені, қандай екені, кәрі ме, жас па түгі білінбей, хан тағы алданып қалады. Екінші алданғанын білген хан енді қандай амалмен алдап ұстау керек деп ойлап отырып, өзінің бой жетіп отырған қызымен ақылдасады. Сонда қызы әкесіне:
– Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, әке, хан басыңызға қатты қорлық болды. Сіздің ұлықтық намысыңыз қозса, ұрының намысы қозған екен. Бұл ақылдан кенже адам емес, енді біз мұның жігіттік намысына тиер әрекет жасауымыз керек. Сол үшін елдегі он бес пен қырық арасындағы азаматтарды түгел жинап, сарайда қонақ етіңіз. Мен жатқан сарайға берік күзет қойдырыңыз. Жиналған жігіттерге менің қызымның жастығының астында оймағы мен тарағы тығулы болады. Осы қалың күзетке азаматқа қызымды қосамын деп жария етіңіз. Сол ұрыдан басқа адам ол іске жүрегі батып, маған сөз қатып, оймақ пен тарақты ала алмайды. Онан соңғы ақылды мен өзім беремін, – депті.
«Бұл да ақыл екен» деп, қызының айтқандарын түгел істеп, хан жатып қалады. Бұл жиынға Сапар да келген еді. Хан қонағасын «жақсылап» бергізіп, сыйғандарын сарайдың ішіне, сыймағандарын ауланың ішіне, қайда болса, сонда жатқызып, неше қабат күзет қояды. Ханның қызының жататын бөлмесі жеті бөлмелі сарайдың ең түпкісі екен. Сол жеті есікке мықты жеті жігіт күзетші қойылған екен. Жанынан үміті бар адам қыз жатқан бөлмеге кіретіндей ешбір мүмкіндік жоқ еді. Қалың жігіттердің ішінде Сапар да жатты. Оның көпке дейін ұйқысы келмей, алуан түрлі ой ойлайды. «Япыр-ау, бұл ханның қалай істеген қылығы, жалғыз қызын күйеуге бергенде, өзінің ақымақтығын жұртқа білгізіп, баласының арын айрандай төгіп, хан болмай, хас ақымақ болғаны өзіне біліне ме екен? Әлде басқадай ойлаған ойы бар ма екен? Сен хан, менің жігіттік, жігер-намысыма тиіп, жылжытпа амалмен ұстамақ екенсің ғой. Олай болса, сенің намысыңа, шымбайыңа мен де тиіп, масқаралап кететін амалды ойластырармын деген ойға келіп, орнынан қозғалды. Алдырайын дегенде, алжаса кететін қашанғы заң емес пе? Көп күзетші бір-біріне сеніп, маужырасып қалғуға кетісті. Олардың қалғығанын аңдып тұрған Сапар қараңғыны пайдаланып, ара-арасымен жүріп, ақырғы күзетшіге келгенде, ол ояу екен. Есіктің алдында ары-бері жүріп, есікке барып, қайта айнала бергенде күзетшінің артынан Сапар да ере жөнелді. Күзетші есікке барып, енді қайта айнала бергенде, қыз жатқан есікке жып беріп, кіріп үлгереді. Сапардың ойы оймақ пен тарақ емес, хан қызына жолығып, оны да масқаралап кету еді. Сол мақсатымен келген бетте іркілмей қызды оятты. Аздан соң Сапар ебін тауып, кезігіп тұрармын деп қызбен қоштасып, қайтып келген жолмен кеңге шығып айнала қараса, қызыл өрт жағып жіберіпті. Сапар бағанағы жолмен қыз жатқан бөлмеге қайта кіріп, қыздың жастығының астындағы жібекке түйілген қызыл ретті тарақ, оймағын алып шығып, өзінің бетіне салған таңбадай таңбаны сол сарай төңірегінде жатқан қалың жігіттердің бетіне түгел жағып, тарақ пен оймақты сарай есігінің есік алдына қыстырып, өзі жатқан орнына келіп, ұйықтап қалады. Таңның саз беруін асыға күткен Ханыша күннің шығуын әрең тосты. Таң ата уәзір, сардарларды Ханыша шақырып алды. Оларға түндегі болған уақиғаны түгел баян етті дағы, мына қонақ болып жатқан жігіттерді түгел оятып, қатарға тұрғызып, бетінде қызыл реті бар жігітті ұстаңдар! – деді. Ханыша өзі бас болып, ұры ұстаушы жігіттерді оята бастағанда, бояу жағылған жігіт бірден кезікті. Бас салып оны ұстаған дүбірімен басқа жігіттер оянып кетіп, бастарын көтеріп алғанда, көбінің беттері қызыл бояу. Шаш ал десе бас алатын жігіттер. Міне, бояулы, әне, тағы, міне, тағы, ойбай, тағы және біреу, ұстаңдар, ұстаңдар десіп бояулы жігіттерді шетінен матай берді. Ұсталғандардың ішінде Сапар да тұрды. Ханыша аң-таң, өзінің жаққаны бір-ақ адам. Бұл не болып кетті, тіпті, рет бетіне жағылмаған адам қалмапты. Ханыша дағдарып тұрып, амалы таусылып, бұл жолы да алданып қалғанын айтты. Хан да қалай алдап ұстаудың амалын ойластырып бақты. Бұл жолы мынандай амал тапты. Осы менің қолымдағы басы жоқ өліктің туыс, жанашыры оның денесін көргенде, бір жыламай, дәті қалай шыдар екен? Осыны барлық халқыма тұтас көрсетсем, өлікті көріп жылаған адам, менің ұрым болады да шығады емес пе деген шешімге келіп, әруақтың басы жоқ денесін ханның ордасының есігінің алдына кәрі-жасын түгел өткізеді. Уәзір, бек, сардарларына: «Өлікті көріп жылаған кім болса да ұстаңдар!» деген жарлық береді. Бұл жарлық бойынша халық шұбырып өтіп жатты. Бірақ өлікті көріп, жыламақ түгіл сескеніп кетіп жатты. Мына хабарды естігенде, Сапар мықтап састы. Оның сасатын жөні де болды. «Қырық жыл отасып келген жолдасының қорлықпен өліп, болмағанда денесі бүтін де емес, денесін көргенде дәті шыдамай, шешем жылап жібередідағы, хан тап сол жерімізден ұстайды» деп ойлап сасқан еді. Бірақ бұған да бір амал тапты. Кішкене үйсымақтарын жығып, тура көшетін болады. Жалғыз өгізі бар екен. Бар жүгін соған артып болып қалғанда, Сапар шешесіне былай дейді: – Шеше, біз қазір хан ордасының алдынан өтеміз. Орданың алдында әкемнің денесін көргенде өзіңіз де жыламай кете алмайсыз. Егер сіздің жылағаныңызды көрсе, ханның сайлауыттары бұлтартпай екеуімізді ұстап алады. Сіз жылағанда мынандай сылтаумен жылаңыз. Жүктің ең үстіне үлкен қазанды бос қояйық. Сіз жылай бастағанда, мен өгізді тулатамын. Содан қазан құлап жерге түсіп сынатын болсын. Сынған қазанды сылтау етіп, мені қарғап, жылай бересіз, – деп шешесіне айтып қояды Сапар. Өгізіне жүктерін артып, қазанды бос бастырып, ханның ордасына да жақындайды. Жылысбайдың басы жоқ, май мен шайыр араласып жабысқан былғанышты денесін көріп, қорлықпен өлгенін есіне түсіргенде, кемпірдің көңілі босап, еңкілдеп, жылай бастағанын сезе қойған Сапар:
– Атан түйе орнында өгіз аршын,
Артында айдап жүруге қолда қамшым.
Былғанышты арт жағың, мұрның сасық,
Сен сасыққа беретін мен бе жалшың! –
деп айқай салып, бір ауыз өлең айтып жіберіп, өгіздің құйыршығына бір қарыс бізді шаншып кеп жібергенде, өгіз мөңіреп барып, қарғып-қарғып кетеді. Алдымен қазан ұшып, тасқа түсіп, төрт бөлінеді. Баласының тентектігін кемпірдің мынадай шығынға ұшырағанын хан да, халық та көріп тұр. Жылаудың жыны қысып жатқан кемпір ойбайын сала жөнелді. – Қаңғырып жүргенде, қай қағынған, ойбай, қағынды алғыр-ай! Қапсағай ұлы атамнан қалған жалғыз мұрамды құрттың-ау, құт-берекемнің ұйытқысы еді. Һу жалғыз, құртып тындың-ау!
– Тереңіне тайдың еті бір-ақ сиятын еді,
Шырақ отын жақсам да, шымырлап қайнайтын еді.
Қола емес, шойын еді,
Сыну дегенді қойып еді.
Көзім жұмылып көрге кіргенше,
Сындырмасам деген ойым еді.
Қара құрттың қасы келгір,
Ерегеспенің басы келгір,
Таяқсыз тұра алмайтын,
Тоқсанға жасы келгір.
Қаңғырып далаға кеткір,
Қазанынан садаға кеткір.
Дәулеттен көзің ашылмай,
Алтыныңды далаға тепкір.
Ойбай, Құдай, ойбай,
Дүниеден өтіп едім.
Бір күн тоймай,
Шаңырағым тағы сыныпты, Қиратып бітті-ау, түгімді қоймай, – деп, жер-көкті қарғысты баласына жаудырған болып, ойбайын салып жатыр. Бірақ қарғыстың сөзіне мән берген адам болмады. Шешесі қарғап емес, алғап жатқанын сезген адам болмады. Азан-қазан долы қатынның бейнесімен жылап-еңіреп баласын таспен атып қуып жүргенде, Сапар шешесіне еркелеген және өтірік қорыққан болып, ішек-сілесі қатып күле қашып жүріп, елді бір-бірден шұбыртып өтіп жатқан жерге келіп: – Ағатайлар, мені жылдам өткізіп жіберіңдер. Шешем қазан сынғанын менен көріп, қуып жүр. Маған атқан тасы өздеріңізге тиіп кетіп жүрмесін, – дегенде, әлгілер бірі қашып, бірі қуып жүргенге мәз болысып, мысқылдап күлісіп Сапарды өткізіп жіберіп:
– Шеше, сіз де жылдам өтіп кетіп, қайткен күнде өшіңізді алыңыз, – деп мысқылдасып, кемпірді де айналдырмай, өткізіп жіберіп, қарқылдасып күлісіп жатты. Ханның сайлауыттары шек жерінен өткенмен, шерменде кемпір сорлы баласын бірсыпыра жерге қуып, өкпесі күйген соң отырып қалып Сапарға қарғысты жаудыра берді.
Бұл қылықты хан да көріп, өзі де ақыр заман долы адам екен. Қазынадан бір жүз ділдә беріп: – Қазан сатып ал, – деп ашуын басқызып, жолға салып жіберіңдер, – депті. Ханның жарлығы орындалды. Бір жүз ділдә беріліп, кемпір өз жолымен жүгін артып кете барғанда, Сапар да шешесінің соңынан еріп кетіпті. Орданың алдынан өлікті көріп жыламақ түгіл, қабақ шытып та өткен адам болмады. «Ұры болса да тегін ұры емес. Ұрылардың сырттаны екен» деген ойға келеді. Дегенмен мал ашуы жан ашуы дегені рас қой. Хан тағы ойланып, мынандай ақылға келдідағы, ол ойын жария қылып, тақтаға ілдірді. Жариясында: «Енді орданың есігінің алдына мына бассыз өлікті көрнекті жерге қоямын. Екі босағадан қарама-қарсы қатарластырып, дауыс шақырым жерге созылтып, екі қатар әскердің көзіне көрінбей, өліктің қасына келіп қайтып кетсе, ұрланған алтынымды үріндіге жіберіп, барлық қылмысын кешемін. Жүрегінің батылдығын осыдан сынаймын. Бұған таба алмаса, тоқты, лақ, жырым, шеттіктің ұрысы екен деп, қолыма түскен күнде адам баласы көрмеген қорлықпен өлтіремін» депті. Мына жарияны көргенде, Сапарға мынандай ойлар келді: «Япырым-ау, өлім айдаған тышқан мысықтың құйрығымен ойнайды. Оның кебін киіп алысқанда емес, арыстанмен ойнағанда немен тынам. Ұрлық істеп, мен не марқадам табам. Ұрлықтың түбі – қорлық екені де белгілі нәрсе ғой. Сорлы әкем бұл ұрлықты өнер деп маған өлім жолын үйреткенше, өмірдің өзіне сай өрмекші ғұрлы жан бағатын бір кәсіпті неге қалап алмады екен. Ұрлыққа сондай епті болғанда, өмірге де сондай бай адам емес пе? Сол байлығын не өзіне, не халқына тигізе алмай, өз басы қор болып өліп, енді, міне, менің басымды өлім саудасына салып қойғаны. Жарлық қатты, жан тәтті. Жарлық қаһарынан қорқып, жан әкем, басыңды өз қолыммен кестім. Мұнан қорлық не бар? Екі бөлек денеңді біріктіріп, бір жерге көме алмасам, әкелік қарызыңды өтей алмаспын. Арманы таусылмай, анам да зарлаумен өтер. Мына ханның ендігі ойы шыжық қоңырсытып, қақпанға түлкі шақырғанның кебі емес пе?
Түлкі де қақпанды оңайлықпен киіп алмайды.
Амалын тауып, қақпанды шаптырмай, шыжығын теріп, жеп кете береді емес пе? Түлкіден адамның бір амалы артық деуші емес пе? Мен адам емеспін бе? Бір амал тауып, осы ханды тағы да санын бір соқтырып, шамам келсе, әкемнің денесін де ұрлап алып, басына қосып көмейін» деп ойлайды да, өткелге атпен бармақ екен. Сапардың әкесінен қалған жалғыз-ақ аты бар екен. Атының бір жақ қабырғасын қазанның күйесін майға араластырып болды. Сонда атының бір жағы – қара, екінші жағы қалпынша болды. Әлгі түні ай жарық екен. Атына мініп алып, қарама-қарсы тұрған екі сап әскердің ортасымен жүре берді. Мына келе жатқан адамның аты баран деп, мінер жағындағы әскерлер түстеп тұрса, қамшы жақтағы әскерлер ақ атты адам, – деп, түстеп тұрады. Бірақ көрген жерден бас салмай, ордаға барып қайта қайтқанда, ұстаймыз десіп, тек бөгенайын ғана байқап дайындалып тұрады. Бұлар мені қайтқанымда ұстамақ болып дайын тұр дегенді Сапар жорамалдап білген еді. Осылай ордаға да жетіп, тамның қабырғасына сүйеулі тұрған әкесінің өлігін іліп ала, жалт беріп, қайта қашады. Сапардың келгендегі мінер жағында тұрған әскер қамшы жағындағы әскердің баран аттысын қуады да, ал қамшы жағында тұрған әскерлер мінер жағында тұрған әскердің ақ аттысын қуады. Осылай жапа-тармағай у-шу болып, бірін-бірі қуып жүргенде, Сапар бір тоғайдың ішіне кіріп, адастырып, әкесінің өлігіне басына қосып, жерлепті. Мұны естіген хан аң-таң болады. Хан енді ары-бері ойлап, ақырында, мынандай шешімге келеді. Осы ұры ерлігін де, ақылдылығын да, даналығын да көрсетті. Мен іздеп таппадым. Бастапқыда ызамен іздедім. Келе-келе бұл істің қызығын көргім келді, бәрін де көрдім. Тіпті, осы істеп жүрген ерлігіне сүйіндім. Алдау-арбау деп ойлама. Өзі маған келіп, осы істеген әдіс амалдарды ауызекі айтсын. Мүмкін тек өз басына ғана емес, халыққа пайдаң тиетін адам болуың да ықтимал. «Ерді кебенек ішінде таны» деген ғой, – деп, хан жария шығарады. Бұл жарияны көріп, Сапарға да дұрыс ой келеді. Ұрлық пен сұмдықтың сұрқиясы болғаннан да ұлылықтың құлы болғаным жөн екен. Халықты бастап отырған ханымыздың да хас ақымақтық қылықтары көп. Оны да әшкерелеп берсем халыққа қиянаты азаяр. Жанымнан қорқып жасырғанмен жалғанды арқалап кетпеуім нақ деген шешім ойға келіп:
– Алдияр, тақсыр! – деп ханға келіп сәлем берді Сапар.
Ұрым келді деген ханда да ой жоқ еді. – Иә, пақырым, қандай мұқтаждығың бар. Тілегің орындалды ма, айт? – деді Сапарға. Ол: – Құлдық тақсыр! Құлдық тақсыр! Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш, – деген екен. – Мейіріміңізді тілеймін. – Хан екен деп қорықпа, қаталығын алдына сал. Қаралығын асқанмен, қасиетіңді білер деген-ді, тағы сол ата-бабаларым айтқан екен. Келіп алып, несін жасырайын. Сізбен жасырынбақ ойнап жүрген мен едім, тақсыр. Хандығыңызды бұлдасаңыз, қасиетіңіз таяр! Сізге орасан сұмдық еттім. Жолына өзі салар, құлдық еттім! – деп, Сапар отырып қалыпты. «Мынандай жас бала осындай сұмды, қулықтың кенін қайдан аралап тауысып жүр екен» деп ойланады да, хан, уәзір, бек сардарын жиғыздыдағы ұры Сапарға сұрау бере бастады.
– Ал ұрым, әуелі өзің кімнің баласысың, өз атың кім, ағайын-туысың кім?
– Шыққан тегім қайбір текті тұқым дейсіз?!
Ата тегім – ұры менен қарақшы,
Елден шығып, діннен безген арапшы!
Баян етем тарихымды кәзаптік...
Қандай ісі ұнамды екен, жаратшы, – деп бір ауыз өлең айтып жіберіп: – Әкемнің аты – Жылысбай, өз атым – Сапар, бізде жанашыр ағайын деген болмайды, – дегенде, хан:
– Қарай гөріңдер, жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген рас екен-ау. Мынаның әкесі менімен аттас, өзі қызыммен аттас болып шыға келуін.
Менің өз атымды қалайша Жылысбай қойғанын кім білсін. Мен өз баламның атын Сапар қойғаным, өзім бір саяхатпен сапарда жүргенімде туған бала болған соң, қыз да болса атын Сапар қойып едім, – депті хан жанындағыларға. Сонда әлгі ұры Сапар:
– Тақсыр, оның несіне таңырқайсыз! Менің ұлы атам Мауысқан деген кісі де ұры болған екен. Ол кісі баласының атын өзі сауысқандай сақ ұры болған соң, жымсыма ұры болсын деп Жылысбай қойған екен. Таң болары жоқ, сіз халықтың ханы болсаңыз, менің әкем ұрылардың хан сұлтаны болған шығар. Немене, сіздің де ұрлыққа жақын жеріңіз болған шығар, тақсыр! – деп айтады. Сонда хан Жылысбай:
– Оллаһи, тіліңе шоқ түссін! – депті.
– Е, оны жиіркенсеңіз, ұры Жылысбай, хан Жылысбай, ұры Сапар, ханыша Сапар деп атала береміз ғой! Атта тұрған не бар дейсіз, – депті ұры Сапар.
– Тіліңді темірге жанып, тегіме тие берме! Терістік ісіңді оңға бұруды ойлан. Мына отырғандар менің халқымның қамқоршылары болады деп сайлаған адамдарым. Әлеуметтілерім! Сөзді тыңдағанда түбірі, амалы мен арбауын, ептілігі мен тектілігін тексере тыңдаңдар!
Жалғыз менің ішіме жалғыз ғана аяқ ас сияды. Көптің ақылы біріксе, көмескіні табады. «Ащы менен тұщыны татқан біледі, алыс пенен жуықты жортқан біледі» деген мақалды еске алғанда, осы жас бала болғанмен, жортып та, татып та көргенге ұқсап отыр. Қой асығын қор тұтпа, қолыңа толса, сақа тұт, – деп, хан көпшілікке ескерту айтты да, ендігі сөзді ұры Сапарға берді. Ол:
– Әкесінің қандай нәрсені еткендігі, ұрлыққа ол кісінің неге әуес болғандығы, өмір бойы ұрлығы бір сезілмей, ақыры, жүйрікке де бір томар болып, ұры Жылысбайдың қазасы болғандығы, баулу жолында ханның сарайына қандай амалдармен келіп, алтын ұрлағандығы, әкесінің өлу жолы, өліктің басын неге кескендігі, ханшаны қалай масқаралағандығы, өлікті көріп, жылаған адамды соның жанашыр жақыны деп ұстар деген оймен шешесін не амалмен жылатқандығы, әкесінің табытын қандай амалмен ұрлап алып кетіп, қайда жерлегендігі туралы баяндап айтып шығады.
Ұры Сапардың бұл кеңесін тыңдаушылардың кейі күліп, кейі таң болып, кейі риза болып, кейі ыза болады. Хан Жылысбай бұларға назарын аудармай, ұры Сапарға тағы сұрау берді.
– Сенің осы істегендеріңнің бәрі қылмыс екен деп ойлайсың ба? Ойласаң, қандай қылмыс? Ауыр ма? Жеңіл ме? Өзіңе жаза бар ма? Жоқ па? Жазасыз болсаң, қалай жазасыз боласың. Ендігі істер ісіңді кімге арнап, не үшін істер едің? Атап айтқанда, адал ниетті халқымның бірі болып, менің хан атағыма кір келтірмей істер ме едің? Өз басыңның мұраты үшін істер ме едің? Осының бәрін кең толғап, ойланып, жасырмай, бүгіп қалмай, менің де қате ісім болса, хан екен деп қорғаншақтамай, мойныма қоя, арылтып айт та, қалған рақаты мен бейнетіңнің бірін ал!
– Тақсыр, өзіңіз кеңшілік берген соң, менде бүгіп қалар не болсын. Шешінген судан тайынбайды деген ғой. Сонда менің бір сұрауым тұрғаны, – деді қылмысты Сапар.
– Сұрап алып, арылтып айт! – деді Жылысбай хан.
– Менің мына істеген қылмыстарыма өзім ғана қылмыстымын ба? Әлде еншілес адам бар ма? Мен ойласам, әкем еншілес қой. Бірақ ол марқұм дүниеде жоқ қой. Тақсыр! Енді тыңдай беріңіз! Ендеше қылмысты жүктейтін дүниеде мен ғана емеспін, – деп сөзін бастап кетті ұры Сапар.
– Осы қылмыстың ең ауыры сізге артылады. Ғаділдік жолға келгенде оның мәнісі енді айтылады. Ұядан ұшқанда балапан нені көрсе, соны алады – деп бекер айтпаған ғой. Өзіңіз кеңшілік берген соң, сіздің кемшілігіңізді кеңінен толғап, айта кетейін. Өзіңіз халықтың басына шығып алып, көрнеу ұрлықпен жегеніңізден тәлім-үлгі алған менің әкем сияқтылар халықтың қалың ортасына кіріп алып, қаралықпен жеуді өнер көріпті.
Көрдіңіз бе, менің әкем сізден тәлім алып, ұры болса, мен әкемнен тәлім алып, ұры болғанмын. Менің әкеме қатысым қалай болса, әкемнің сізге қатысы дәл солай. Сіз патша адамсыз. Сізге қараған әлеумет халық түгелдей сіздің балаңыз десек те қателеспейміз. Осылардың бай, кедей болуы, ұры, қарақшы, жомарт, момын, жаман, зәлім, ғалым, шешен, дәрігер, қорғаншақ, батыр, батыл болулары, қысқасы, сізге байланысты. Осының түбіне жете ойламапсыз. Сіз сол мен ұрлаған алтынды халықтан қалай алып, қазынаға салуды ғана көздедіңіз. Бұл қылығыңыз көрнеу ұрлық, ұрлық дейтінім, сол мен ұрлаған алтынды халықтан жиғызып алып, орнына не бердіңіз? Сіздің бергеніңіз мен сендердің хандарыңмын деген атағыңыз ғана емес пе? Ал сол жиылған алтыннан халыққа тиер пайда бар ма? Жоқ, болмаса, кәріп-кәсірге жылына бір рет жейде кигізбейсіз. Сіз ханмын мен деп халыққа еркелік істесеңіз, мен ханның ұлымын деп, сізге еркелік істедім. Шын қамқоршы болса, менің бір еркелігімді кешірер деп едім. Көшкенді қойып, кесепат жолға сүйрелеп, асқындырып, түрлі-түрлі сұрқиялыққа өзіңіз жетелеп кеттіңіз. Мен сіздің орныңызда хан болсам, алтынды қазынаға жинап қойып, көзімді суарғанша сол алтынның күшімен халыққа білім таратқан болар едім дегенде, хан: – Алтынмен қандай білім табылмақ? – депті.
– Дүниеде білім, ғылымнан көп не бар дейсіз?! Алтыннан қақы беріп, білімі көп ғалым адамдарды қатарыңызға алып, халыққа өнер үйретуді талап етсеңіз, ғалым үйретеді де, әлеумет халыңызға өнер тарап, қалаған мұратыңызға сіз де, халқыңыз да жетеді емес пе? Сақтаулы тұрған алтын сазарған тас емес пе? Халыққа жаныңыз ашып, бай тұрмысты, салтанатты болдырайын десеңіз, ғылым, білімді көп тарата беріңіз, ғылымның шешпейтін түйіні, ашпайтын кілті болмайды ғой. Бай болу, жомарт болу, шешен, ділмәр болу, ержүрек, батыр, батыл болу, тақуа ғалым болу, рақатты тұрмыста болу тек білімде ғана емес пе?
Ал халқымыздан жаман, қорғаншақ, ұры-қары, қияңқы, бетімен кету, біреуді-біреу күтіп, сыйлауды білмеу, үлкен-кішілік жоқ болудың барлығы осы білім жоқтыққа әкеп соғады. Осыларды ойлайтын сіздің өз басыңызда түсінік аз болған соң, момын халықтың басына кім әкеп, осы білімді құйып жіберер дейсіз. Әлде болса, кеш емес. Бос тұрған алтынның пайдасын халық игілігіне жұмсауды тілеймін. Ұрлығым үшін жаза кесем десеңіз, оныңызға құлдық. Жазадан ағартып, кешіп жіберсеңіз, халыққа салмағыңызды салып қана бұрынғыша сіз отыра берсеңіз, мен тағы тыныш отыра алмай, қайтадан сіздің алдыңызға жазаға келетін боламын. Сондықтан халық игілігінен өзіңіз бас тартпайтын болсаңыз, қылмысты қылығымен ақтап алып, осы өзім айтып отырған өнердің біреуін үйретіп, сол тапқан білімімді халық игілігіне арнауыма жағдай жасауды тілеймін. Тек қылмысымды кешіре гөр деп жаным үшін жалынбаймын, – деп ұры Сапар сөзін бітірген екен. Жылысбай хан ұры Сапардың сөзін тыңдап болып, би, бектеріне қарап:
– О, әлеумет абзалдарым, Сапар баланың айтқан сөзі ішімді өрттей жалап, сыртымды қауыздай қаусатты. Шынында да, біз халықты түзу бастап, мүддесін дұрыс біле алмаған екенбіз. Қара басымыздың қамы, атақ-абырой үшін ғана халық басында отырыппыз. Сапардан сөз қалған жоқ, халықтың қарызын өтей алмай, масқаралық кепте екенбіз. Елді бастау дегенді өзіміз біле алмай, білгеннің тілін алмай, ары қарай қырсықсақ, халықтың қырсығына ұрынамыз. Игіліктің ерте-кеші жоқ екен. Ендігі өмірімді ел игілігіне арнаймын. Ұрлықтың жазасына келсек, ортақ екеніміз де енді білінді. Халықтан біріміз тартып алсақ, біріміз сол тартып алған алтынды ұрлап келіппіз. Сапар балам, сенің ұрлағаныңды кештім. Менің қылығымды сен де кеш, сенің біліміңе елу жігіт, елу қыз берейін. Сапарды өзің бастап өнер жолын ізде, қаржыдан қамтамасыз етіп, қазынадан қырық мың алтын ақша берейін. Тек саған қояр шартым: «үш жылда үйренген өнерлілеріңнің алды елге келіп, үлгі бола бастасын» деген Жылысбай ханның ақырғы жарлығы шыққан екен. Жарлық бойынша ұры Сапардың өзіне сынатып, елу жігіт, елу қыз, қырық мың алтын ақша беріліп, өнер іздеу жолына салыныпты. Содан бері Сапар аты ел аузында сақталып қалған екен.
Әңгімелер
Қожаның өлімі
Қожанасыр бірде ағаштың бұтағына мініп, түбін арамен аралап отырады. Қасынан өтіп бара жатып, мұны көрген жолаушы:
– Ау, Қожеке, не, андағы ағашты кесуді қоймасаң, құлайсың, – дейді. Ондайға көне қояр Қожа қайда, үндемей ісін істей береді. Әрі-беріден кейін, кесіліп біткен ағаш Қожасын қоса жалп ете түседі. «Менің құларымды күні бұрын білген бұл бір көріпкелі бар тәуіп адам екен, мен одан енді қашан өлетінімді де сұрап алайын», – деп, жолаушыны қуа жөнеледі.
– Мен қашан өлемін, айта кет, – деп, әлгі адамнан қалмапты. Мазасын әбден кетірген беймаздан тез құтылу үшін жолаушы:
– Есегің үш ышқынғанда өлесің, – деп кете береді. Бұған дән разы болған Қожанасыр үйіне қайтады. Жолай жолыққан бір мойнаққа шыға бергенде, болдырған есегі кібіртіктей қалыпты. Қожекең есегін тебініп қалғанда, ол пақыр ышқынып қалыпты. Жүрегі зу ете түскен Қожа: – Басым айналып тұрғанын-ай, – дейді. Алдынан өзен кезігіп, өтуден қорынған есегін Қожекең тағы тебініп қалады. Есек екінші рет тебінгенде: – Денем қалтырап, буындарым босап бара жатқанын қарашы, – дейді Қожа.
Өзеннің тереңіне жетіп, су қапталына келген есек тұра қалады. Қожа абайламай, үшінші рет тебініп жібереді. Есек ышқына бергенде «өлген деген осы екен» деп, Қожа суға құлай кетеді. Осы замат өткелге бір топ кірешілер келіп өтпекші болады. Қожадан үріккен түйелері суға түспей қояды. Керуеншілер: – Неғып жатырсың, тұр! – дейді. Қожанасыр: – Өліп жатырмын! – деп тұрмайды. Не де болса керуеншілер өтпекші болып суға түсе-түсе қалады. Қожадан үріккен түйе жатта тулап, жүгі шашылып, су бетін тәтті кәмпит жауып кетеді. Қожанасыр: – Ақыретке барғанда алдыңа тәтті кәмпит келеді деген осы-ау! – деп тере бастайды. Күйіп кеткен керуенбасы Қожаны қамшымен тартып-тартып жібереді. Шыдай алмаған Қожа ұшып тұрады. Қожекең керуенбасының қамшысын болмай отырып, сұрап алады. – Бұл өлген адамды тірілтетін қамшы екен, – деп жатта жабысады. Қамшы қолға тиген соң, Қожа есегіне мініп алып, ақыретке бір рет барып келдім деп жүріп кетіпті.
Ақырзаман күнгі Қожа мен балалар
Қожанасыр базардан бір қой алып келе жатып, бір топ балаларға тап болады. Ерігіп, ойын баққан балалар ақылдасып, Қожанасырға былай дейді: – Жұрт ертең заманақыр болады дейді. Сондықтан бір күнгі өмірімізді жырғап өткізейік. Жалғыз қойды апарып байиын деп пе едің, сояйық та жейік, – дейді. Қожа тұрып: – Түстік өміріңе кештік мал жи деген екен, сосын алып ем бұл қойды. Мен байып, Меккеге енді бара алмаспын. Заманақыр басталыпты ғой. Кедейдің бір тойғаны шала байығаны деген, келіңдер, сойсақ, соялық, – деп, келісе кетеді. Қой еті өздері әкелген қазанға түскенде қулықтарына разы болған балалар өзенге шомыла бастапты. Қожекең олардың бар киімін жиып әкеп отқа сап, етті тездетіп, қайната береді. Балалар ашуланып, Қожаға жабыла кетеді. Сонда Қожа: – Ертең ақырзаман болса, бәрібір, киімнің қажеті не? – деп, еріккен балалардың қолдарына бір-бір жілік ет ұстатып, жалаңаш айдапты.
Қожаның ныспысы
Қожанасыр ауыл арасында жүріп, бір топ жолаушыға кез болады. Бұлар амандасып болысымен жолаушылар Қожадан: – Ныспың кім? – деп жөн сұрайды.
– Құдай, – дейді Қожа.
Аналар Құдайды құрдас етті деп айыптап, ханға алып келеді. Хан қаһарына мінеді. Қожа дат сұрап:
– Хан ием, менің атым Құдайберген еді. Мыналар Құдайын айтқызып «бергеніне» дәт қылмай, сізге сүйрей жөнелді, – деп, даугерлерді пәлеге ұрындырып кетіпті.
Мәндір шелпек
Қожанасырды бір күні хан үйіне шақырып, Қожа жақсы көретін мәндір шелпекті сиырдың жас қиымен қосып істеп, алдына тартыпты. Хан өзіне тәтті қосқан мәндір шелпек алдырады. Аңғал Қожа шелпекті асап жіберіп, түкіріп, қаша жөнеледі. Хан кегін Қожадан өмірінде бір алып, айызы қана күліп қала береді. Қапысын күткен Қожа бірде бір серкенің терісін бітеу сойып, ханның суға шомылатын жеріне өлшеулі күні келіп, тұлыпқа түсіп жатады. Бір кезде хан суға түсіп шыға бергенде, Қожа хан киімін тығып алып, теріні салдырлатып:
– Өлесің бе, өлесің бе? Әлде есемді бересің бе? – деп, өкіріп тап береді. Қорыққан хан тыр жалаңаш тұра қашады.
– Мені алдашы алам деп келіп қалыпты. Киім кием деп қашып келдім, – депті хан ес-түссіз. Бәрі ұмыт болған кезде, хан Қожаны ұшыратыпты да: – Мәндір шелпек жейсің бе? – деп әжуалап күле беріпті. Сонда Қожанасыр: – Салдыр-күлдір еткенде, Алла-Алла дейсің бе? – депті. Хан Құдайдың төбесінен нақ ұрғанын сонда ғана бір-ақ біліпті.
Қожаның насыбайы
Қожанасыр бір баймен әңгімелесіп отырады. Сөз арасында Қожа байға насыбай шақшасын ұсынады. Өзі насыбай атпайтын Қожа шақшасын кепкен саңырауқұлақтың үгіндісіне толтырып қойған екен. Озбыр бай «бір атсам да бірегей атайын» деп, алақанын толтыра салып, шірене атып жібереді. Үгіндіге қақалып-шашалып, біраздан соң байекең есін әзер жияды.
– Ойбай, Қожа, темекің қалай еді? – деп, Қожаға дүрсе қоя береді.
– Менің темекім – нағыз жақсы темекі. Бірақ кімде кім озбырланып, көбірек атып қойса, темекінің осындай бір нашар әдеті бар еді, – депті.
Хан ақымақ па, әлде...
Бір күні Қожанасыр жолаушылап келе жатып аңда жүрген ханға кездесіп қалып, әңгіме-дүкен құрысыпты. Хан отырып: – Менің алашұбар атым бар. Шапса, шаң ілеспейді, желсе, жел жетпейді, – деп бөсіпті. – Менің асыл текті есегіме не жетсін, ақырғанда даусы айшылықтан естіледі, – дейді Қожа хан қытығына тиіп.
– Сенің есегің менен де қатты ақыра ма? – депті қызып кеткен ақылсыз хан.
– Тақсыр-ай, сіздің айқайыңызды естімеген едім, қайдан білейін қаншалық екенін, – дейді. Хан сонда тамағын қырнап-қырнап жіберіп, қаһарлана ақырып салады. Айызы қанған Қожа:
– Болды, болды, хан ием. Сіз, шынында да, айна-қатесіз менің есегімдей екенсіз, – депті.
Қожаның ақылы
Қожанасырға бір-екі бай келіп: – Сенің әкең суға ағып кетіпті. Бағанадан соны іздеп таппай келдік, – депті. – Судан қалай іздедіңдер? – дейді Қожа. Аналар: – Ағын бойын қуалай іздедік, – дейді. Сонда Қожа тұрып:
– Онда таппайсыңдар, судың ағынына қарсы іздеу керек, енді солай бір іздеп келіңдер, – депті.
Жер кіндігі мен жұлдыз саны
Еріккен хан елін жинап алып:
– Жердің кіндігін тауып бер, орындасаң, сыйлық, болмаса, қырғын! – деп жарлық салыпты. – Жердің кіндігін тапса, аспандағы жұлдызды санап беретін болсын! – депті.
Мұны естіген Қожанасыр: – Жер кіндігін тауып, жұлдызды санап берейін, – дейді. Қожа таяғымен жерді олай өлшеп, бұлай өлшеп, кіндігі осы ара деп, бір жерді түртеді. Хан: – Емес! – деп ақырады. – Онда өзің көрсете ғой, – деп, ханды орнына сылқ еткізіпті тапқыр Қожа.
– Енді жұлдызды санаймын деп шұбар атымен олай шауып, бұлай шауып келеді де, жұлдыздың саны атымның ақ жүніне тең екен. Аттың жүнін өздерің санап алыңдар, – деп, ханның әлжуаз әмірінен елін арашалапты.
Қожаның ұрлығы
Қожанасыр бірде үйінде отырып, бұл үйде не ат жоқ, не ет жоқ, енді қайтер екенбіз деп, әбден тарығады. Отырып-отырып, бір кез сыртқа шығады да, кетіп қалады. Әйелі оның не істегелі кеткенін біліп, бір торғай ұстап, тығып қояды және бір алмас кездік әзірлейді. Кешінде Қожа бір қойды сүйреп келе жатады. Мұны көріп әйелі, алмас кездікті алдына байқатпай, шаныша қояды. Қожекең үйге енген кезде, әйелінің етегінің астынан бір торғай пыр етіп, ұша жөнеледі. Қожа бұған қайран қалып қояды. Қойды сойып, терісін сыртқа жайып қояды. Қой иесі іздеп келіп, Қожанасырдан осындай қойым жоғалды, көрмедің бе, Қожа? – деп сұраса, – Көргені несі, біз сойып алғамыз, – депті. Сонда әйелі: – Өтірік айтады, біз қашан сойдық? – дейді.
– Әлгі менің алдымнан алмас кездік шығып, сенің астыңнан торғай ұшқан күні соймап па едік, – деп, Қожа өзеленіп бой бермейді. Әйелі: – Адамның алдынан кездік шығып, астынан торғай ұша ма екен? – деп ұрсады. Мал иесі дауға тап болғанын біліп, жөніне кетіпті. Сонда да Қожекең: – Әй, кемпір-ай, не деген тапқыр едің! Кейде өтірікті де орынсыз айтады екенсіз. Тап қой сойған күні астыңнан торғай ұшпап па еді? – деп қоймай, осы күнге дейін бәйбішесімен қызыл кеңірдек болып, дауласып отыр дейді.
Таңдайбайдың саудагерді алдауы
Таңдайбай күндердің күнінде бір топ адамдармен бірге сауда жасауға базарға келеді. Олар базар жанындағы қос теректің түбіне қостарын тігіп тынығады. Әбден тыныққан жүргіншілер келген жұмыстарына кіріседі. Таңдайбай жолдастарына осы жолы жемеңқор бір саудагерді алдайтынын айтады. Бір көзін қысқан Таңдайбай соқыр кісі болып, базарға еніп кетеді, айтқан саудагерлерін де табады. Жолдастары саудасын істеп болып, кезек ең соңында тұрған Тәкеңе де келеді. Ол: – Балам, ақшам қоста ұмытылып қалыпты. Екі қап ұн алмақшы едім, бере қойшы, айналайын. Мына әзір көліктермен жеткізіп алайын, ақшаңды қате қылмай, қол жеткізейін, – дейді. Саудагер: – Танымайтын сізді қайдан іздеймін? – деп көнбепті. Сонда Тәкең қос теректің түбіндегі қара соқырдың қосы қайсы десең, мені білмейтін пенде жоқ, – деп болмапты өзеленіп. Саудагер келісім беріпті. Алушысы келмеген соң саудагер іздеп шығады. Ешкім ондай адамды білмейтін болып шығады. «Сұрай-сұрай Меккеге де барады» деп, іздей-іздей Таңдайбайдың қосына да келеді. Олар да білмеуші едік дейді. Әбден тарыққан саудагер отырып:
– Өңі тап осы кісіге ұқсаған кісі еді, – депті. Сонда Тәкең ұшып тұрып:
– Шырағым, маған осы екі көзді де көпсініп тұрсың ба? – деп тепсінеді. Сасқан саудагер қостан сытыла жөнеліпті.
* * * Ел ішіне Россиядан алымшыға екі орыс келіпті. Түтін басы екі ірі қара алып жатыр. Малды жиып болған соң орыс жеріне әкеткелі жатыр деген өсек гулеп кетеді. Орысқа алым төлемейтінін білетін Таңдайбай бұның таза іс еместігін сезеді. Сұрастыра отырса оның бірі қазақша дым білмейді де, екіншісі өтірік шүлдірлейтін болса керек. Ауылына алымшылардың келетін күнін аңдып отырып, Тәкең төріне екі кебіс, бір көсеу тастап қояды. Келімсектермен әңгіме ұзаған сайын әлгі екеуі бірі кебісті айналдырып, бірі көсеуді жона бастайды. Сөз бітіп, ел тысқа шығарда біреуі кебістерді біріне-бірін кигізіп тастап шығады. – Керей көсеу жонады. Қазақтың ең тыныш отырғаны екі кебісті біріне-бірін сұғып кетеді деген осы. Мыналарың түс бояп, жұртты алдап жүрген керей, найманның өз қулары екен, – деп Таңдайбай малды елге таратып беріп, екі пысықты келген жағына қайыра қуып жібереді.
* * * Өмірінде сөзге дес бермеген шешен де тапқыр Таңдайбай: – Өзім өз болғалы екі рет екі қыздан жеңілген едім, – депті. Ел аралап келе жатқан шешен ел шетінде тезек теріп жүрген бір қызға жөн сұрауға бұрылады. Қыздың қызыл көйлегі қолтық тұсынан жыртылып, қыз тәні ағараңдап тұрғанын көрген Тәкең келе сала:
– Шырақ, ақ шап кер құнажын көрмедің бе? – депті.
Қыз да іздегенге сұраған болса керек:
– Көрдім, ағасы, тарғыл бұқа шаптан иіскеп төмен тұр еді, – депті. Одан артық не естісін, сасқан шешен:
– Әп, бәрекелді-ай! –деп, жөнеп кетуге мәжбүр болыпты.
* * * Бір топ жігіттермен келе жатқан Таңдайбай бір байдың ауылына бұрылады, серіктері: – Бұл байдың сараңдығы Шығайбайдан кем емес. Өзі үйінде күндіз әсте болмайды. Ал, бәйбішесі тастан да қатты, –дейді. Ендеше дейді Таңдайбай: – Мен шешініп, атқа жайдақ ішкі киімдеріммен ғана мінейін де, дәл бай үйіне қарай қашайын. Сендер шу болып мені қуып келіп, тап-таптың астына алыңдар. Онан арғысы менің мойнымда болсын, – дейді. Иә, дескен жігіттер шешенді тұра қуады. Ол шауып кеп, бай үйіне жып береді. Кемпір сасып, ұшып тұрады. – Ойбай, шешеке, өлтірді. Мені қуғыншы кеткенше жасыра тұр. Құлдығың болайын, – дейді. Сасқан бәйбіше қазан жақтағы шиге жасыра қояды. Ши іші құрт, ірімшік, қаймақ пен майға толы еді. Қуғыншылар әңгір-мүңкірге ұқсап, опыр-топыр үйге кіріп келеді. Ши ішінен екі қолына қос табақ құрт пен май қаймақты ала шыға келіп Таңдайбай:
– Ағаекештер-ай, кеше көріңдер күнәмді, – деп, алдарына тарта қойыпты. Іздегендері ашу емес, ас болған жігіттер бәрін соғып алыпты. Сараң бәйбіше іс байыбына бармаған күйі әлі күнге дейін Ойғырдың басында, қазанның қасында отыр дейді.
* * * Елінің атақты бір даукесі ауылдасының атын даулап, алып кетті деп естиді Тәкең бір күні. Бұған қайдан шыдасын, пәлеқордың алдын орай шауып, бір шілік ішінен жол торып, пішенге жата қалады. Жазықсызды жәбірлеушіні есінен кетпестей етіп қорқытуды ойлап шешініп жіберіп, балағын түрінген шешен үсті-басына күл мен батпақты сыбап алады. Әлгі адам тұсынан өте бергенде, Таңдайбай білдіртпей келіп, ат жүгенін сыпырып алып, өз басына кие қояды. Сәл жүріп, босаған ат ұзаған соң, шешен шегіншектей қалады. Артына жалт қараған жалақор шошып кетіп, аттан жалп етіп, ұшып түсіпті. «Байтал түгіл бас қайғы» деп, еліне әзер жетсе керек.
* * * Талайды тарықтырған тапқыр Таңдайбайды бір замандас әйелі әжуа етуді ойлап жүреді. Оның да сәті түсіп Тәкең жып етіп, бір күні жетіп келеді. Енесі келіншекке: – Шай ас дейді. Шай әзір болады. Келіншек дастарқан жаяды, шайды құярда шәйнекке қос уыс тұзды бір-ақ салады.
– Мұның не, балам, тұздық етіп, – деп, енесі ішпей қояды. Келіні: – Апа, тұз жігітті жінтікті етпей ме, шай Тәкеңнің сыбағалы шайы депті. Таңдайбай сорлағанын білсе де, намысы жібермей, тұзды шайды іше беріпті, келіншек құя беріпті. Соңғы шыны шайды бітірген Тәкең: – Уһ! Талай жылғы шөккен белім жаңа көтерілді-ау! – деп, келіншекке тұра ұмтылыпты. Қашып құтылған келіншек ұтылғанын біліп, шешенге орамал, шыт жоралғысын беріп, әзер құтылыпты.
* * * Тілі мірдің оғындай Таңдайбайды би төрелер мен бай ұлықтар иттің етінен де жек көріпті. Олар Таңдайбайдан қолынан келген жамандықтарын аямапты. Тәкең де бас имей, есесін жібермепті. Сондай бір еселескен ерегес кезінде көптен тісін қайрап жүрген төре жігіт астында тайпалған торы жорғасы бар серігі екеуі қарсы ұшыраса кетіпті. Сәлемдесіп жатқанда төренің аты есінейді. Мұны көрген Тәкең бір жымың етіп, кенет дау сала жөнеледі.
– Төре, атымды бер, ат менікі, – дейді. Аң-таң болған төре үш тоғыз төлеп, сатып алғанын айтады. Тәкең пәлен де пәлен жерде жоғалған жорғам еді деп шаужайына жабысып, жатып алады. Дау ұласып, ұлыққа келіп тіреледі. Ұлық ат белгісін, иенің куәсін сұрайды. Төре ен-таңбасын, сауда делдалын алға салады. Тәкең сонда да көнбейді. – Өз дәлелің не? – дейді би Таңдайбайға. – Менің жорғам екенін өңі-түсінен, аузындағы тісінен танып тұрмын. Ал оған нанбасаң, құлын күнінде таңдайында қалы бар еді. Ендігі қалы дардай-ақ болған шығар, – депті. Би ат аузын ашса, расында да, Таңдайбайдың айтқанындай, танадай қалы бар екен.
Ат ер-тұрманы алынып, Тәкең жаман шылбырын жорға басына салыпты. Таңдайбай аттың таңдайында қалы бар екенін мана есінегенде көріп қалған еді.
Өстіп, алғыр шешен топас төрені бір отырғызыпты.
* * *
Таңдайбай келе жатып бір үйге түседі. Серіктерімен сәлем беріп, кіріп келеді. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария: – Қонақтарға сырмақ сал, – дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап тұйығын отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап, отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданып, кемпір мұның не десе:
– Шеше, «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген ғой! Сіздің елдің салтын сыйлап жатырмын, – депті.
* * * Таңдайбайдың нағашысы найман екен. Бірақ нағашысына бұрын бармапты. Бірде алыстан ат арытып іздеп шығып, нағашы ауылына келеді. Үйде жүн сабап жатқан үш-төрт қыз керей келеді, «керей келеді» деп, шу ете түседі. Тәкең үйге кіреді. Бір қыз:
– Керей болса көсеу жонады, төрге көсеу таста, – дейді. Таңдайбай көсеуді жона береді. Күлкіге батқан қыздар мазағын күшейтіп, керей кебекті де жеп қояды. Тегештегі кебекті қойыңдар алдына дейді. Таңдайбай іштей ыза болып, әбден булығады. Кебекті жей отырып, Таңдайбай жатып кеп тұрып, жылай бастайды. Қыздар: – Керей қақалды деп шулап кетеді. Үй иесі бәйбіше: – Шырағым, қақалып қалдың ба? – деп, әжуа етіп, екі-үш қайырып сұрапты. Сонда Таңдайбай өксігін баса алмай:
– Ойбу, шешекем-ай, сіз сұрап болмадыңыз, мен айтпасам болмас. Жалғыз қарындасым бар еді. Ол да сіздің екі қызыңыздай буаз еді. Сол бала аман ба, әлде жаман ба деп уайымдап отырмын, – депті. Кемпір жым болыпты да, дарақы әдепсіз қыздар үйден тұра қашыпты.
Бір жиын тойда төрге шығып алған шешенсымақ төре жігіт босағадағы Таңдайбайға дес бермепті. Шешенді де іліп-шалып болмапты. Сонда Таңдайбай отырып: – Мырза жігіт, шынында да, шешен адам екенсің! Мен жазбай таныдым, хас шешеннің таңдайының қатпары артық болушы еді. Келші, шырақ, санайын, – депті. Бұған иланып қалған даңғой жігіт жетіп келіп: – Сана, Тәке, сана! – деп, аузын аша беріпті. Таңдайбай төренің аузына былш еткізіп бір түкіріп: – Міне, саған шешендік, – депті. Керей кебек жейді деген сөздің төркіні былай екен: Найманға бір керей, жолаушы барады. Ас әдеті бойынша наймандар қонақ қолын сүртсін деп бір тегене кебек әкеп қояды екен. Ондайды көрмеген керей жігіт бұйыртса, тойып қалдық қой деп, кебекті бір асап қалып, қақалыпты-мыс.
Аңшының әңгімесі
Аңшы Алтай тауында аң аулап жүреді. Аңшы бір шоқы тастың басына шықса, астында бір топ тауешкі жусап тұрады. Аңшы тауешкілерді атуға қимай қарап тұрып, ешкілерге бұқпантайлап келе жатқан аюды көреді. Аңшы не боларын көрмекке аңдып отырады. Аю таяп келіп, бір үлкен тасты алады да, тауешкілерге қарай атып жібереді. Аюдың тасы бір ешкіні жұлып түседі. Аю қарбаң-құрбаң етіп тастан жүгіріп түсіп, өлген тауешкіні әдеті бойынша көтеріп, жерге бір соғып, жей бастайды. Аңшы аюды атуға оқтала беріп, қарсы беттен бауырлай жылжып келе жатқан бөріге көзі түседі. Қасқыр баспалай аюға жақындай береді. Аюға бес-алты қадамдай қалғанда, қасқыр серпіле секіріп, аюдың астынан өте шығады. Еттің қызығына түскен аю арс етіп, өз бауырын өзі қауып алады. Аңшының көзіне алыстан аюдың бауырынан бірдемелерді алып тастап жатқаны көрінеді. Сонша болмай-ақ, аю өз олжасын құша жата кетеді. Әлден уақыттан кейін қасқыр қайтадан келеді. Бұл жолы қасқыр қасына аю қарсылық көрсетпей, жата береді. Аңшы аюға бір сұмдықтың болғанын біліп, қасқырды атып түсіреді. Аңшы келсе, аю әлдеқашан өліп қалыпты. Қасқыр шапқан кезде оның жұқа шабын жарып кетіпті. Дүлей аю өзінің шабынан шығып тұрған ішек-қарнын өзі суырып алыпты да өлім қауыпты. Тағы бірде аңшы аң аулай келе жатып, мына бір қызықты көріпті. Жайыла-жайыла інінен ұзап кеткен суырды жем етуге байқаусыз аңдып келе жатқан қасқырды көреді. Суырға әбден тақап қалған бөрі кенет өз алдына ырылдап, секіріп ала жөнеледі. Суыр алғашқы кезіккен інге еніп кетеді. Ал қасқыр өзінен-өзі қарғып-шоршып, арпалысып жүр. Мұны көрген аңшы шоши бастайды. Аңшыға бөрінің алқымында бір нәрсе жабысып жүргенге ұқсап көрінеді. Қасқыр біраз тулап барып, құлап түседі. Аңшы байқай-байқай қасына келсе, қасекең өліп жатыр. Тамағынан қан жосып жатыр да, анадай жерде шақар сасықкүзен қарап тұр. Қасқыр алғаш суырды көргенде, қасқырды сасықкүзен көріпті. Есіл-дерті суыр боп келе жатқан бөрі алқымына сасықкүзеннің жабыса қалғанын да ә дегенде аңғармай қалыпты.
Ал аңшының мерген оғынан сасықкүзен де мүлт кетпей, мерт болыпты.
Аңыз
Ел ауған туралы аңыз
Қалмақ шауып, Тобықты быт-шыт болады. Екі бөлініп, бір тобы Қарамеңде бастап Әмударияға барып, өте алмай, тұрақтап қалады. Кеңгірбай тобы бері үркіп, Кеңдірлі жеріне келеді. Мұнда келіп, орысқа бодан болып, соған иық тірейді. Сонда Әмудариядағы Қарамеңдеден сәлем келеді. Ол Кеңгірбайларды өз жеріне шақырған екен. Сыр бойына ел ауған деген осы. Кеңгірбай Ордың қара ағашы Кендірлік (Ертіс) жағалауында екен.
Қараменденің Кеңгірбайға сәлемі:
«Басында Сырдан ауып, Орға бардық,
Жүре алмай, табан тиіп зорға бардық.
«Құрулы талқы деген қу алдынан»,
Ол жерге баққа бармай, сорға бардық.
Сәлем де Кеңгірбайға, кел кетелік,
Мықты сабаз, атанды терлетелік.
Бет қойып мұсылманның руына,
Аты жақсы дариядан ары өтелік. 1777 жылы қалмақтан үркіп, Бабаң (Әнет) бастап, Қаратаудан асады. Көштің алды-артын шолушы батырлардың бірі ақын абайлап тұрса, ерін жау өлтірген, ерісі бұзылған (кимешегі жыртылған) бір әйел күңіреніп, дауыс қып айтып келе жатса, бір бос жетім тайлақ көшті кимелей беріпті.
Сондағы айтқаны:
– Қаратаудың басында көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Айырылған қарындастан қандай қиын,
Қара көзден мөлдіреп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағы заман,
Баяғыдай болсашы тағы заман.
Қара орын, қара мекен қалғаннан соң,
Көп қылып көздің жасын ағызамын.
Мына заман қай заман, қысқан заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды-ау,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман, – деп, ауған халық бір көлге кеп сұлап жатады (діңкелеп). Ортадан біреу тұрып: – Уа, балалар, бұл сапарға ат қойып, артқыға тарих қалдырайық, – депті.
– Өзің айт, – депті жұрт.
Сонда ол: – Осы сапарды «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», – деп атайық дейді. Отағасы: – «Ақтабан» боп жаяу шаңдатып шұбырып келеміз, ал «Алқакөл» дегенің – мына көл. «Сұлама» дегенім – мына өзгеріп, болдырып жатқанымыз, – депті. Жұрт қолдап, шу етеді. Алқакөлден Сарыарқаға келген біздің керей, сол Сарыарқадан ауған керей. Әз-Жәнібек бастап келіпті. Көбі Қалбада қалыпты. Онда Наймандардан қорлық көріп, қайта көшіп, Алтайдың күн бетіне келіпті. Бастаған Ырымның (аймақ бастығы болған) бабалары: Шошаш, Бардыбайлар, Шобаштың бейіті Алғадай, Сарбас деген Алтай бөктерінде тас бейіт мола, кебежелеп, ағаш қоршап, ішіне тас үйген. Барлыбайдікі – Аласа Алтай бөктері Қызылтас тауы. Теректі Буыршынның алқымында екен (түрі әлгіндей бейіт). Ел Сарыарқадан ауғанда:
– Сарарқа жерім-ай,
Сағындым, елім-ай.
(Сарарқа әні осы босқыннан туған екен).
Елдің бір саласы Үшторғайты бойына келіпті (Алтай жері). Қалба, Бөкеннен кеп ауғандағы айтатыны:
– Бойын Үшторғайты салдым қауын,
Немене кәпір емей менің жауым.
Айрылып ел мен жерден жүргенімде,
Тілеймін бір Алладан деннің сауын.
Ау, Бөкен, Бөкен,
Қалдың-ау, Қалба, Бөкен,
Қайран мекен.
(Әнін алып, осы өз Бөкенімізге сәйкестіріп, сөз жаздым, Б.Ақтан).
Бөкен тау, басың киік, бауырың дала,
Беткейің бедерленген сала-сала.
Ау, Бөкен, Бөкен,
Бөкен тау талай жылдар
Болған мекен.
Шежірелер
«Шежіре-Қазақ»
Ақ лақ алып барды қайтіп,
Дем алып тынығады үйде жатып.
Мешітке лақ шығып тынышын алды,
Жіберетін жөні жоқ бәрін сатып.
Әннасқа сахабалар айтты сонда:
– Лақтың мәнісі жоқ тұрса мұнда.
Сахараға тауға апарып мұныңды бақ,
Әйтпесе сатып жібер біржолата.
Жөнелді Әннас сонда тауға асығып,
10. Мешітте имамдардың сөзін ұғып.
Осы мал біраз жылда өсіп кетті,
Егізден қысы-жазы бірдей туып.
Әннастан туған екен Әбінмағаз,
Данышпан ер жеткен соң болды сабаз.
Ешкінің терісіне күйе сүйкер
Жазуға таба алмайды қалам-қағаз.
Мағыздан саңлақ туды Аламан,
Күн көрді малын бағып айдаладан.
Аламаннан Алаш деген бір ұл туды, 20. Өнері төмен емес бір баладан.
Алаштан туған екен Қазақ, Созақ,
Мал бағып, дін күтеді бар деп тозақ.
Жаһанда аң секілді болып өсті,
Шаһардың адамдары қылар мазақ.
Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Қарақалпақ халық боп шаһар басты,
Киіз үй бізге енші боп беріледі.
Далада Алаш атам келе жатыр, 30. Кісі екен шамасынша болған батыр.
Сырты түк мәрай қозы терісіндей,
Жартастың қуысында біреу жатыр.
Сол жерде Алаш тұрып жауаптасты:
– Мекен қылған сен кімсің мынау тасты?
Үстіңде киген кимің көрінбейді,
Қайтіп қорек қыласың ішкен асты?
Ол адам айтты сонда мәні-жайын:
– Тергізген бір ырыздық бар Құдайым,
Ешкімен Мединеден келіп тұрмын, 40. Менен сен қорқып, кейіп, қылма уайым.
– Сен мұнда Мединеден келген болсаң,
Құдайдың ырыздығын терген болсаң,
Үйіме жүр, күтейін қонақ қылып,
Сейіл қып жапан жүзге келген болсаң.
– Мен күндіз оразамын, түнде ұйқым жоқ,
Қой, сиыр, түйе баққан көп жылқым жоқ.
Құдайға құлшылық қып жалынамын,
Сөйлесер адаммен еш сиқым жоқ.
Сен мені күтем десең, қасыма кел,
50. Аралап көп халықты көрмеймін мен.
Жазда ешкінің, қыс болса сиыр сүтін
Күтем десең біреуден беріп жатыр.
Жастығым жастанатын бір қара тас,
Мен күндіз оразамын, ішпеймін ас.
Жамбасымның астында топырақ бар,
Дәулет бірге көтермес адам нас.
Береді сонда Алаш сүтті тасып,
Алашқа әулие айтты сырын ашып.
Жалаңаш баба деп қойған әулие атын, 60. Именбес Алаш батыр, енді қаш.
Бабаң айтты: – Қайтатын уақытым болды,
Маған ажал-уақыт жақын болды.
Балаларыңды ертіп кеп, батамды алшы,
Білетін адам едің әрбір жолды.
Үйіне Алаш батыр келді қайтып,
Жауабын көрген-білген бәрін айтып.
Баласына жауабын ұғындырып,
Болмас деп үйде қарап босқа жатып.
Қазақ деген баласын алған ертіп, 70. Созағы үйде жоқ боп малға кетіп.
Біреуі жоқ болса да, біреуі бар,
Қасына әулиенің келді жетіп.
Қазаққа Алаш бабаң берді бата:
– Жалғанның Хақтан өзге бәрі қата.
Жүз жиырма төрт мың әулие, билер,
Қолдай көр Хауа ана мен Адам ата.
«Әмин» деп Алаш сонда қолын жайды,
Батасын берейін деп қимылдайды.
«Ғаламның он сегіз мың падишасы, 80. Қолда!» деп аузына алды бір Құдайды.
Қазақ бала қол жайып түрегелді,
Балалық қып босқа қарап құр тұрмайды.
«Әмин иә Рассол ғаламин»,
Жалаңаш бабаның берген батасы:
– Атың – Алаш ұранды Қазағым,
Көп болады азабың.
Азабың көп болса да,
Алдың ашық боласың.
Пәлекетің қашық болсын,
90. Жүрсең жолың болсын!
Жолдасың Қызыр болсын!
Биік асқар таулардан
Көшің көшсе,
Жығылмас дұғалы болсын!
Сол таулардан шыққан
Мөлдір бұлақтың суын ішкен
Көкірегің қайғысыз,
Көңілің уайымсыз болсын!
Қара бақан, қара шоқпар 100. Сойылың болсын!
Атанның үсті үйің болсын,
Иен жерде, асқар тауда
Көшіп жүріп жан сақтамақта
Құдайым нәсіп қылсын!
Қардың үстінен балаларың түссе,
Құдайым тоңдырмасын!
Аллакбар! – деп ғайып болыпты,
Құдайым берсін, дұшпаның өлсін.
Жалаңаш баба бата беріп болды ғайып, 110. Алаш атаң бата алып кетті байып.
Алаштан үш ұл туды бәрі зерек,
Шамамша білгізейін жұртқа жиып.
Ат қойды Ақарыс пен Бекарыс деп,
Жасында бала көрмей жүрген жүдеп.
Кенжесі Жанарыс деп және естідім,
Әр адам әртүрлі айтар о деп, бүй деп.
Той қылып Алаш батыр көп мал сойды,
Қайғының көңілдегі бәрін жойды.
Үш Арыс халық болып өскеннен соң, 120. Үш жүз деп үшеуіне есім қойды.
Жазуға ата есімін қылдым ниет,
Аллаға тіл тигізген болады шет.
Үш жүзді үш арыс деп мен естідім,
Кей адам деп айтады «үш Құлманбет».
Ұрпағы Ақарыстың – анау Үйсін,
Момынды қорлағанның беті күйсін.
Білгенімше айтайын басқа атаны,
Үйсіннің ұрпағы айтар ендігісін.
Ұрпағы Орта жүздің алты ағайын, 130. Білген соң оқығанға болар дайын.
Бәйбішеден Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат,
Тоқалдан Керей,Уақ айтсам жайын.
Кіші жүз жеті руға бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Кердала, Далын, Тама, Жағалбайлы,
Бұлай деп бұған есім беріледі.
Керейт және Тілеу, Орамадан
Кіші жүз боп құралар жеті атадан.
Шежіреден көрген соң жаза салдым, 140. Білмейді атақ қуып сұрамаған.
Керей, Уақ Орта жүзден таралады,
Бекарыс тоқалынан жаралады.
Үлкені Уақ, кішісі Керей екен,
Өсіп-өніп, көп жұрт боп таралады.
Ғаламнан Керей күшті жас шағында,
Өлмей тұрып ұл туған бастабында.
Қайнағасы зорлық қып алам депті,
Баланы жолдас қылған қашқанында.
Байы өлген соң, қайнағасы алам депті, 150. Сені алмай босқа неге қалам депті.
Басқа жанға сені алмай жібермеймін,
Інімнен туған Құтыберді балам дейді.
Төркіні Қара Керей Сыбан, Мұрын,
Қашатын ойында жоқ мұнан бұрын.
Байы өлген соң, қайнағасы алам депті,
Бір жылдай араз болып жүрді қырын.
Бес жасар баласын ап қашты бір күн,
Кісі сап қоймаған соң дүркін-дүркін.
Аты екен Абақ деген қатын екен, 160. Тойғандай адам пәнде көрсе көркін.
Қосылды төркініне көшіп барып,
Баласы жас, байы өлген ғаріп болды.
Төркінінде бала оқытқан бір қожа бар,
Қатын сұрар шариғат сөз шығарып.
– Ей, тақсыр, байым өлген мен тұл қатын,
Бір балам бар байымнан жұрағатым.
Қайнағам алам десе тимеп едім,
Қатынның айырып бер шариғатын.
Қолына қожа сонда кітап алды,
170. Кітаптың әрбіріне көзін салды.
Жас қатын байға тимей босқа отырса,
Жиған мал арам қылар мүкәммалды.
Қожаға сонда қатын: – Айтам, – дейді,
Қайнағам кейін қалды, тием, – дейді.
Шариғаттан қазел болад дегеннен соң,
Қожаға тиіп алды, именбеді.
Мінгізген жалғыз ұлды ашамайға,
Жас қатын байға тимей байсалдай ма?
Ашамайлы Керей деп ат қойыпты, 180. Ержетіп Құттыберді жасамай ма.
Алладан тағдыр жетіп қаза келді,
Абақ қатын жас баланы ертіп алып,
Төркінінен кетуге көңіл бөлді.
Тағы да Абақ қатын жесір қалды,
Бұрынғы байдың жақынын жиып алды.
Бәсең деген қара бидің заманында,
Бір тойда қалмақ тағы атыс қылды.
Ақтабан шұбырынды ел ауыпты,
Қатынның енді көшпес несі қалды. 190. Сабырай мен Орай көшті Сарыарқаға,
Ілгері өсіп жыл сайын мал арта ма.
Сол күннен көшіп қонған ата-баба,
Мінеки, келіп тұрмыз тап ортаға.
«Өнерлі өрге жүзер» деген сөз бар,
Салыңдар, бозбалалар, жанды ортаға.
Баладан Құттыберді туды төрт ұл,
Үмбеті пайғамбардың Құдайға құл.
Қойлау, Байлау, Сартоқай, Сарыбас деген
Абайлап ата жөнін, мәнісін біл. 200. Қойлаудан Ителі атам туған жалқы,
Үш күйік боп көбейген мұның арты.
Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Байлау ұрқы,
Осылайша келеді сөздің нарқы.
Байлаудан бағаналы туған Жаппас,
Анасы мұнан өзге бала таппас.
Адамның ол күндегі бәрі осындай,
Кісі жоқ бір-біріне қалам хаттас.
Бағаналы баласы Елдай, Көлдей,
Таныңдар ата-ананы көңіл бөлмей. 210. Дін күтіп, шамаң барда өнер ізде,
Қаламын деп ойлама бір күн өлмей.
Көлдейден туған бала БердіШора,
Атадан бала туып қалған мұра.
Бердішора баласы екеу екен,
Үлкені – Жәнтекей, кішісі – Жиеншора.
Аз жылда тиген байы тағы да өлді,
Жәнтекейден Орыс, Сүйіндік, Сүйіншәлі.
Басымен бірдей болып өсті малы,
Сүйіндіктің баласы төртеу екен:
Кешу, Жайлау, Құлманбек, болар Сары.
Сүйіншәлі баласы Ботақара,
Барақ, Секел, Көбекпен төртеу ара,
Мәміштің уысынан шығып кетіп,
Бардаш та болып еді жеке дара.
Сәмембет, Самұрат, Бөгі, Орыс ұлы,
Төлеке Құттыберді болар айтса мұны.
Талап қылып, жас балалар, сендер де ұқ, 228. Несін айтты деп сөкпей бұрынғыны.
Сәмембет
Баласы Сәмембеттің он бір екен,
Сарыарқа, Сабырайды қылған мекен.
Атантай, Есембай мен Есентай деп,
Баласы бәйбішенің үшеу екен.
Барданнан Есағасы, Қазыбек-ті,
Білгенімше ұқтырайын ата-текті.
Сәмембеттің ұрпағы атаңды айыр!
Біреуі Есдәулет пен Есіргеп-ті.
Бөрте, Қаржау, Ақша мен Ақсары деп, 10. Он бір дедім осымен Сәмембетті.
Жәнтекейге Жиеншора болған бала,
Айталық мағұлымдап оны жаңа.
Жиенін бала қылып алған екен,
Бала асырар жосын бар бұрынғыда.
Сарт екен Былқылдақтың алған байы,
Ұқтырсаң қалай келер сөздің жайы.
Рахмет деген сарт алған әпекесін,
Осылайша келеді айтсам жайы.
Баласы Жиеншора: Құлтай, Болат,
Таласқаның шежіреден бар да сұрат.
Ар жағын Жәнтекей деп айтсаң дағы,
22. Біріне он екі абақ бұл қосылад.
Жаппастың балалары
Жаппастан: Молқы менен Қарақас-ты,
Көңсадақ, Меркітпенен өнері асты.
Сарбас пенен Жастабан бір туысқан,
Ұранын «Сартоқай!» деп жұртқа шашты.
Керейдің Шыбарайғыр енді бірі,
Марқалап ерте туып-өскен ері.
Меркітті он екіге тағы қосам,
Толымды боп келмейді әрі-сәрі.
Он екі Керей
1. Жәдік 2. Жәнтекей 3. Шеруші 4. Ителі 5. Қарақас 6. Молқы 7. Сарбас 8. Жастабан 9. Көнсадақ 10. 10. Меркіт 11. Шыбарайғыр 12. Жиеншора Ұзынмонтық! Шимойын!
Толымқожа – Меркіттің арғы атасы,
Көп шығар арасында сөз қатасы.
Қазақтан қатын алған сарт болады,
Дәмі тартса қайда өлмейді адам нәсі.
Тоқтарқожа дегені найманда өлген,
Атам аты бұлайша мынау білген.
Қарақұрсақ Сәмембет ұрпақтары:
Төлеубай, Әскембайды көзім көрген.
Меркітпен он екіге таралады,
Өспесе, қайтіп жұрт боп жаралады.
Шимойынның сүйегі шөмей Найман
24. Он екіге қосылып қарамады.
Жәдік атам шежіресі
Білуші Алла өзі кешер бар қатамды,
Арғы атам Абақ Керей деп аталды.
Кім де кім өз сүйегін өзі білер,
Білгенімше сөйлейін өз атамды.
Байлаудың бір баласы Көлдей екен,
Сабырай Сарыарқаны қылған мекен.
Жасы жетіп, кәрілік тақымдап жүр,
Ей, Дөнтай, атаң жөнін жазсаң екен.
Шеруші, Жәдік, Жәнтекей немерелес, 10. Елдейдің бел баласы Жәдік екен.
Жәдіктің балалары: Жанат, Мұңал,
Бірі Итемген, кенжесі Мәлік екен.
Қарақас, Молқы сол уақытта,
Бір аста Жәнтекейге сорпа төккен.
Кісі өліп, ас беріпті Қарақастан,
Аң іздеп Жәдік кеткен қарамастан.
Басын бермей жүрген соң жер ошақтың,
Қарақас, Молқы Жәнтекейге сорпа шашқан.
Қасына шерушіні ертіп алып, 20. Жәнтекей жылап жүрді тоқтамастан.
Жәдік атам намыс қып ашуланды,
Бауырын неге қойсын жоқтамастан.
Жәнтекейге қатты ұрсып, ашуланды:
– Жер ошаққа неге бардың өлсең де аштан?!
Ұран салып жотаға шығып тұрды,
Жәдік атам «соғысам» деп қозғалмастан.
Елші боп екі араға жүрді кісі,
Екі дайым болып қалады елдің іші.
Бұлардың бұл ісі дұрыс емес, 30. Екі жетім балаға қылған күші.
Бұл жұртты міні бар деп қылды сөгіс,
Ұлғайтып шығармалық енді көп іс.
Екі-үш жетім баланы құрметке алып,
Аяғына жығылды бәрі тегіс.
Атаны қайта айтуға келдім бастан,
Жарамдап жібермейін кейін тастап.
Балаларым, ұғып ал ата затын,
Мен айтып тұра бермен күнде қақсап.
Жәдіктің бәйбішесі Молқы қызы, 40. Аң қарар Жәдік атам жазы-қысы.
Итен мен Итақ туды бәйбішеден,
Шежіре білгіш екен айтқан сөзі.
Келеді осылайша шежіресі,
Әр атаның баласы ел жүйесі.
Ұмытылып, талаптанған үйренеді,
Үйренбеген адамдар не біледі?
Ортаншы қатыны қызы екен Қарбидің,
Билеуші иелері бар әрбір үйдің.
Сол кезде иен жерде өскен қазақ 50. Пышақтай боп осы күнде қонышқа сыйдың.
Баласы бірі – Мұңыл, бірі – Жанат,
Қаламшы білгенімше жұртқа тарап.
Жәдік атам баласы төртеу екен,
Бірі құйрық болғанда, бірі қанат.
Қызы екен Қырғыз қызы кіші қатын,
Бір-бірлеп білгізейін оның атын.
Онан туған бір ұл бар, аты – Мәлік,
Төрт Мәлік деп атайды жұрағатын.
Үлкені төрт Мәліктің Құттыберді, 60. Құттыберді деп айтар біраз елді.
Тойған деген аз үй бар өспеген жұрт,
Биқажанын қасында көзім көрді.
Біреуі – Құттықожа аян түгел,
Молайып ол да артықша өспеген ел.
Онан соңғы біреуі Көрпеш еді,
Ұрпағы Омар, Өміш абайлап біл.
Мәлік атам кенжесі Азат батыр,
Білгенімше ұқтыратын әуел ақыр.
Азаттың өз баласы үшеу екен, 70. Өсіп-өніп көп жұрт боп келе жатыр.
Ат қойған үлкеніне Байқара деп,
Тыңдай бер құлақ қойып, жиылған көп.
Құланбай деп ат қойған кенжесіне,
Ортаншысын атапты Жанқара деп.
Жанқара атыс қылып жаудан өлген,
Құдайдың құдіретіне пәнде көнген.
Жанқара екі қатын алған адам,
Екеуінен екі еркек бала көрген.
Байтөбет бәйбішеден туған бала, 80. Бабасы өліп жас бала болған ала.
Кіші қатын тауыпты Тасболатты,
Ермегі екеуінің екеу ара.
Үлкенін қайнағасы ала алмапты,
Алысқа бөтен оймен бара алмапты.
Қайнысы Құланбайға тиген екен,
Жас адам ұрпақ шашып балалапты?
Құланбайдан туады Мойнақ, Жайнақ,
Қайнағасы бос қалған соры қайнап.
Мойнақтан Төленші деп бір ұл туды, 90. Шамамша ұқтырайын артын ойлап.
Үш еркек бала туды Төлешіден,
Хабар сөз сонда халық алып биден.
Жиырма, отыз адам осы күнде
Өрбіп өсіп келеді бір кісіден.
Досымбек, Мұстафа мен бірі Мұңбай,
Мұстафа дүние салды бала тумай.
Досымбекте үш ұл бар, Мұңбайда төрт,
Ұрпақ шашып өсірген патша Құдай.
Досымбектен Нұрпейіс, Жамаубай-ды, 100. Бізге жақын ағайын анандай-ды.
Елге керек Жамаубай жігіт еді,
Оны алғанша, Мұңтайды неге алмайды.
Өсірмей Жамаубайды жасында алды,
Нұрпейіс шамасынша болған малды.
Алты, жеті бала бар Нұрпейісте,
Жамаубайдың баласы Ермек шал-ды.
Мұңбайдың төрт ұлы бар Алтай бетте,
Дәм бұйырып біз жүрміз қиыр шетте.
Біреуден біреу көрмек ескі қаде, 110. Билігі бір Алланың құдіретте.
Жанқарадан туған бала Байтөбет-ті,
Құланбайға келген соң о да ержетті.
Сегіз-Сары дейтұғын бір сал жігіт
Тасболатты шешесімен алып кетті.
Намыс қып жан қумады қарындастан,
Шешесі қайырылмады қарамастан.
Байтөбет ер жеткен соң қуып барып,
Арғындағы інісіне араласқан.
Сол жерде арғынменен сөйлеседі, 120. «Бауырымды шешеммен бер» деседі.
Тағы да екі бала тапқан екен,
Сөзге кеп арғынменен елдеседі.
Шешесі мен беріпті Тасболатты,
Бірнеше күн айтысып бас құрапты.
Арғында туған екен екі бала,
Күш қылып сол екеуін бермей қапты.
Байтекең Тасболатты алып келген,
Мал төгіп екі-үш қатын алып берген.
Өзгесін баян қылып тағы айтармыз, 130. Байназар деген туған бәйбішеден.
Байназардан бір ұл туған, аты – Сембай,
Болыпты бала туып көңілі жай.
Сембайдың баласы Айтбан туған,
Олар да дүние салды, бала қалмай.
Сегізбай, Назар туды бір қатыннан,
Ұры қылып Қаба деген жерде атылған.
Сегізбайдан Талдыбай қарт туады,
Бір атаның баласы бұл айтылған.
Өксікбай Талдыбайдан туған бала, 140. Қабаны төре өлтірген қылып жала.
Өксікбайдан Көздей деген бір ұл туды,
Өзгесін жасында алған Хақ Тағала.
Қарт баласы Өміржан, Қасқарбай-ды,
Атаның атын басқа жұрт басқармайды.
Әдік деген бір жігіт тағы да бар,
Оны да хатқа жазсам тасталмайды.
Өміржанның бар еді бір баласы,
Халықтың қатарында мал мен басы.
Атаның атын балалар ұғынып ал, 150. Жұрт жиылса шығады сөз таласы.
Исхан Қасқарбайдың қолындағы,
Мал иесі баласы орнындағы.
Мал басы ілгері өсіп артылмаса,
Жігіттің осы емес пе қоры бағы.
Тасболат тоқалынан екі ұлы бар,
Байторы, Тойторы деп ат қойылар.
Алтайда өсіп-өніп тұрған олар,
Байторыдан Бәсен, Қонақ екі ұл туған.
Қонақтың қатынынан туған Торай, 160. Хат жазып ұқтырайын қарап тұрмай.
Ата-ананың жөнін білу тағы дұрыс,
Ер жігіт қарап отыра алмас талап қылмай.
Торғайдан Бұқабай деген туған бір ер,
Үлкені біздің елдің оны білер.
Осы айтылған адамның бәрі де өлген,
Жемейді кімдерді асап сұм қара жер.
Қонақтың тоқалынан туды Уәли,
Осы күнде Үрімжіде олар Әли.
Ата-бабам бәрі де дүние салған, 170. Қаза жетсе қалмайды жанның бәрі.
Тасболаттан Сегізбай туды Назар,
Қаламшы ақ қағазға сызып жазар.
Сол күндегі адамның берекесі –
Сауық қып ойын-күлкі күнде базар.
Назардан Оразалы, Молда, Сұра,
Ағайын береке қып ақыл сұра.
Сұра ағаң дәулет біткен бай кісі еді,
Артында балаларға қалған мұра.
Оразалы баласы Ақылбай-ды, 180. Ақылбай теріс істі мақұлдайды.
Бір туысқан Көпберген қойда да жүр,
Бірігіп қайсы күні жақындайды.
Ақылбайдан Денбай мен Дөгенбай-ды,
Көп қуған дүниені дем алмайды.
Дөмбайда нысап, ұят абырой бар,
Адамның аманатын жеп алмайды.
Молдадан туды Райыс пысық болып,
Ерте күннен қалмады бізден қырсық.
Бытырап бет алдынан кететұғын, 190. Жабысты біздің елге біраз ұшық.
Қосылған құдасына жалғыз барып,
Айрылған ел-жұртынан жігіт ғаріп.
Артында үш-төрт ұлы қалған екен,
Кетіпті қаза жетіп дүние салып.
Сұрадан Жадыра мен Айылбай-ды,
Айылбай ескі үлгіден айрылмайды.
Көгенбай талаптанып өнер ізде,
Құдайым талапсызды бай қылмайды.
Кенжесі Оразалы Көпберген-ді, 200. Білмейді ашуланып жек көргенді.
Айтқанынан қайтпайды, мінезі ауыр,
Олжа деп болымсызды сеп көрмейді.
Бар екен Көпбергеннің бір баласы
Жеті менен сегізге келген жасы.
Әй, Көпе, шүкіршілік қып, тәубә келтір,
Көп болар берсе Алла мал мен басты.
Айылбайда бар еді екі-үш бала,
Бұл кезде Айылбайдың көңілі ала.
Құдайға тәуекел қып ұмтыла бер, 210. Адамды құр тастамас ой мен сана.
Баласы Қомшық пен Құдабай-ды,
Қомшығы шаруа қылмай тұра алмайды.
Әдепті жас күнінен өскен бала,
Әкесінің жауабын бұра алмайды.
Кегенбай өте момын жас шағында,
Момындықпен өтті ғой бастабынан.
Сұраған дәулет біткен бай кісі еді,
Бір жұғын тағы келер қаспағынан.
Кенжесі Жадыра еді орнын басқан, 220. Әкесі бай кісі еді дәулеті асқан.
Бірде олай дүние, бірде бұлай,
Махпозда жазған шығар әуел бастан.
Тайторыдан туған бала Қаратал-ды,
Кедей нашар кісі екен, емес малды.
Қаратал дүниеден көшкенінде,
Артында Белбеу деген бір ұл қалды.
Белбеуде қатын алып бала көрмей,
Көп жасап, ғұмыр көрмей, дүние салды.
Қараталдың қатынын әмеңгер деп, 230. Жыл уағы болғанда Қонақ алды.
Алған соң ол кісіден туған бала
Жеңсікбай деп ат қойған оған және.
Жеңсікбайдан Жұмажан, Мамыт туды,
Білімпаз артық емес ой мен сана.
Шерік аты қаралас халық біз ғой,
Атадан туа бермес болып дана.
Байтөбет тоқалынан төрт ұл туды,
Мекен етіп Қаба өзенін тұрған суды.
Алдаяр, Алдаберген, Тайырберген 240. Ұлықтап қойған екен осы құрлы.
Ат қойған кенжесіне Жанқабыл деп,
Сіздерден аямағын білген сырды.
Баласы Алдаярдың бай Үмбет-ті,
Бай Үмбеттен Ұлтарақ, Тамшы кетті.
Ұлтарақ кәртигенше ғұмыр сүрді,
Тамшыға жас күнінде ажал жетті.
Біреуі төртеуінің Алдаберген,
Бір бала онан туған Қыран деген.
Қаметжан, Шолақетек, Түсіпбай деп, 250. Қалғанынан үш кісі үш ұл көрген.
Тәңірберген баласы Байпақ еді,
Шежірелік әр ісі байқап еді.
Дәуітбай деген біреуі жасында өлді,
Есепші күннің сәтін байқап еді.
Байпақұлы Далабай мен Жақыпбай-ды,
Дәулеті кейін басып тартықтайды.
Салақтық мінезіңіз бойыңызда,
Бекітіп міне алмаймыз мінген тайды.
Жанқабылдан Уақыбай, туды Көкіш, 260. Бастан кешкен бір күнде әртүрлі іс.
Көкіш те үш ұл көрген бала сүйіп,
Ағаш кесіп жан сақтар жаз бенен қыс.
Үш ұл бар Уақбайда тағы дағы,
Талап қылса жастардың бағы дағы.
Өнер деп өтірік айтып әуре қылса,
Бақ қайтып осы емес пе қағынғаны.
Байтөбет бәйбішесі екі ұл тапқан,
Кем емес балалары мал мен бақтан.
Осының ұрпақтарын таратайын, 270. Әуелі мәдет сұрап Алла Хақтан.
Ақшора, Бекшора деп есім еткен,
Жігіттің бір белгісі сөзге жеткен.
Бекшорадан Алакөшек, Үмітші туды,
Билігі пәндесінің Құдіреттен.
Төрт ұл бар Алаекеңде бес-алты қыз,
Жалалы боп Итенменен жасында өлген.
Баласы Итбай, Тоқбай, Көпбай, Жұртбай,
Осылай сөз жүйесі келді еппен.
Бибатыр Жәнебатыр жасында өлген, 280. Айтайын ата жөнін көріп білген.
Алакөшек Мотышпен бір туысқан,
Осылар жақын туған адам екен.
Мотыштан жалғыз болып туған Үркін,
Үркіннен үш ұл туды дүркін-дүркін.
Үлкендер осылайша өтіп кетті,
Қалады бәрімізден дүние шіркін.
Мотыштан Садыр, Шылғау, туды Орамал,
Ажалға тоқтау пәнде қылмас амал.
Садырдың жеті-сегіз өз кіндігі, 290. Өркендеп ілгерлеген бас пенен мал.
Бәйбішеден Керімбай Бажақ туды,
Өзге ұлы тоқалдың, құлағың сал!
Шылғаудан Аңғалбай мен Кенегеш-ті,
Құрметтер ең кенжесі Кәртемішті.
Бәрі момын тексімалды дәулет күткен,
Дау-жанжал түк білмеді ерегесті.
Орамалда тағы да үш бала бар,
Құдайым пәндем десе болады жар.
Тоқбайда да бар еді үш-төрт бала, 300. Жақып, Түсіп, кенжесі Боғдабайлар.
Бәйтекең Ақшораға болған бала,
Сол күнде ел мекені – Ертіс, Қалба.
Бір күнде бірге жүрген бауырларын
Түскендей болып жүрміз барымтаға.
Баласы Байтекеңнің Жантемір-ді,
Біз өткізіп барамыз босқа өмірді.
Жер шалғай кезгар қиын сәбабынан,
Үміт үзіп қалдырдық бар көңілді.
Жантемірден Бабай деген туды жалғыз, 310. Мал бағып жүруші еді қысы, жаз, күз.
Бабайдан бес ұл туып өсіп-өнді,
Бірталай аяқ жағы болады сөз.
Құттыкей, берекелі бауырларым,
Қалды ғой қаза жетіп жамылып бөз.
Қайырбай, Медетбай мен Қанатбайлар
Қарасып қарындасқа сөз айтпады.
Тәуірбай, Көрінбай мен Қанатбайлар
Мекенденіп қай араны тұрақтайды.
Борпықбай, Құжырбай мен Нүрбекбайлар
Дәлетін бағып отыр Құратбайды.
Саябай, Ілияс пен Ақыбайлар
Жүрегі жақын адамға нақ балалар.
Ақжігіт, Мұқаметәлі, Мұқамәди
Адамға ағайыншыл жақ балалар.
Жылында Қайырбайдан зекет алып,
326. Пақыр-мүскін разы бейшаралар!
Ақшорадан
Туыпты Ақшорадан аты – Игілік,
Дәулеті өркендеген үш-төрт түлік.
Анасы Боздақ деген бәйбіше екен,
Қадірлеп құрметтеген жұрты біліп.
Шілдебай, Шәке туды Иекеңнен,
Кеткелі көп жыл болды ол мекеннен.
Шойын қазан қойғандай қайнап ыстық,
Біз дағы хабар алып көп дүкеннен.
Шәкемен бір туысқан Бұрымбет-ті, 10. Ол адам қатын алмай жасында өтті.
Шілдебайдан туып еді үш-төрт бала,
Ердәулер, Төлегетай, Орманбет-ті.
Қайдар деген бір бала Қобдада жүр,
Онан басқа ұрпақ жоқ, бәрі кетті.
Шәке ағаң алған екен екі қатын,
Өсірген ұрпақ шашып оның артын.
Кірімбет, Қали, Тәжи ерте ер жеткен,
Мағұлымдап айталық өскен шартын.
Қали менен Тәжиде екі бала, 20. Тәжиді жасында алған Хақ Тағала.
Құтыкей, берекелі ағаларым,
Сіздерді ойлап қозғалды ой мен сана.
Қалидан Көксеген деп бір ұл туды,
Мекен қылып тоқтап жүр Бұлғын суды.
Бұл жігітте бар дейді төрт-бес бала,
Жалғыз өсіп көрмей жүр қалың нуды.
Екі бала бар еді Кірімбетте,
Дәм бұйырып біз жүрміз қиыр шетте.
Немере екі ағамда бес бала бар,
Билігі пәндесінің құдіретте.
Інісі Жұдырық, Кәріжан, Шалжан еді,
Атадан ауыр дәулет қалған еді.
Мирас қып балалары орнын басты,
Шәке ағаның кенжесі Балжан еді.
Үш бала бар Жұдырықта, Шалжан да бір,
Кәріжан мен Балжанда бір-екі ұл жүр.
Жықай мен Тәкенде бес бала бар, 38. Бұлардың жөнін болжап есептеп тұр.
Амбының балалары
Амбы деген кісінің үш ұлы бар,
Жар болды Қожамбетте білім қылар.
Шағи деген кенжесі суға кетті,
Шілдебай Шәкеменен бір тұрғылар.
Биқадан: Таужан, Тыныбай деген кісі
Осы айтқан Жарболдың ұрқы болар.
Биқадамның баласы Дүйсек, Жомарт,
Ата-бабам бәрі өтті бұрынғы қарт.
Немере бірге туған бауырларым, 10. Секілді алыста жүр қытай мен сарт.
Мылтықбай Мұса, Бөлекбай бір туысқан,
Көп болды сол уақытта бізге дұшпан.
Тезекбай деген кенжесі момын еді,
Бәріне сәлем жаздым ұшқан құстан.
Тыныбайдан Тоқан мен Алақан-ды,
Халыққа білгізейін бар адамды.
Аңғарлап төрт Мәлікті хатқа жаздым,
Біле алмай шала жаздым Қара атанды.
Кенжесі Нияз деген бір бала бар, 20. Жақын жүрсе біреуге бір адам жар.
Құлашты кең созатын заман қайда,
Қамауда осы заман алды-артың тар.
Баласы Мылтықбайдың Нұқтархан-ды,
Балалар анықтап біл өз атаңды.
Бараңдап білгенімше айта салдым,
Білетін хабарым жоқ мұнан дәмді.
Мұсадан туған екен Құсман бала,
Балалардың ойласам ісі шала.
Байқап бас аяғыңды алды-артың тар, 30. Адамға көп емес пе дұшпан пәле.
Үлкені Түрікбен еді Қожамбеттің,
Ақырына көзің сал мына көптің.
Жан ашыр, ақыл айтар жалғыз ағам,
Ғайып боп ұшқан құстай қайда кеттің?
Көрем бе тірі күнде? өлемін бе,
Билігі бір өзінде Құдіреттің.
Шағидың өз жесірін Түрікпен алған,
Шағи өліп, жесірі тұл боп қалған.
Амбының үлкен орнын Түрікпен басып,
Бұрынғы сол қатыннан төрт ұл қалған.
Түрікпеннен Кеску, Ажынтай, Төлебай-ды,
Бар болса жақын адам көре алмайды.
Бала жоқ, бәрі дағы жасында өлді,
Баласы бәйбішенің Қадамбай-ды.
Дөнтай, Түрікпен екеуі – бір туысқан,
Қожамбеттің кенжесі Жағабай-ды.
Атаңның атын ұқ десем бәрі жалқау, 48. Аздан соң ұқтырар жан таба алмайды, Тамат, тамам!
Қазақ тарихы
Болады арғы атамыз батыр Алаш,
Ете алмас бұл тарихқа ешкім талас.
Жалаңаш Бабаң оған бата беріп,
Сайрандап Сахарада өскен алғаш.
Алаштан туған екен: Қазақ, Созақ,
Мал бағып, дінін күтеді бар деп тозақ.
Жапанда аң секілді болып өсіп,
Шаһардың адамдары етті мазақ.
Сол кезде жалғыз-жарым болғанменен, 10. Көбейтіп ұрпақтары кетеді ұзап.
Созақтан Қарақалпақ бөлінеді,
Осылайша шежіреден көрінеді.
Халық боп Қарақалпақ шаһарда өсті,
Киіз үй бізге еншіге бөлінеді.
Жалаңаш Баба деген ол бір ғайып,
Әйтеуір Алаш атам кетті байып.
Алаштың да үш ұл туған ұрпағынан,
Бұларды таратайық жұртқа жайып.
Ат қойған Ақарыс пен Бекарыс деп, 20. Кенжесін түсінеміз Жанарыс деп.
Үш Арыс халық болып ержеткен соң,
Тарихы жұрт аузына тараған көп.
Айтуға атасын мен қылдым ниет,
Тарихты оқығандар жақсы біледі.
Үш жүзді – үш Арыс деп мен түсіндім,
Кейбіреулер дейді екен үш Құлмамбет.
Ұрпағы Ақарыстың – анау Үйсін,
Тарихты ұқпағандар қайдан білсін.
Айтайын түсіндіріп екі Арысты, 30. Ұлы жүз – Үйсін болып тұра тұрсын.
Ұрпағы Орта жүздің алты ағайын,
Тарихтан көргендерге бәрі дайын.
Бәйбішеден Арғын, Найман, Қыпшақ, Коңырат,
Тоқалдан Керей, Уақ айтсам жайын.
Кіші жүз жеті руға бөлінеді,
Осылай шежіреде көрінеді.
Кердері, Дәрін, Тама, Жағалбайлы,
Бұлай деп бұған елім берілді.
Керейт Жантілеу менен Орамадан 40. Кіші жүз боп бір келер жеті атадан.
Көрген соң шежіреден жаздым мұңды
Түсінбес ата қуып сұрамаған.
Керей, Уақ Орта жүзден таралады,
Абақ деп атайды жұрт өз анамды.
Үлкені Уақ, кішісі Керей екен,
Тарихтан осылайша қаралады.
Абақтың күйеуі өліп жас шағында,
Қалыпты тар өмірдің қыспағында.
Зорлық қып алайын деп қайынағасы, 50. Сол үшін елден шыққан бастабында.
Бар еді жесір алу деген ұғым,
Араз боп қайынағасы жүрді қырын.
Кісі сап қоймаған соң дүркін-дүркін,
Бес жасар баласын ап қашты бір күн.
Қосылды төркініне қашып барып,
Баласы жас, ері өлген, болды ғаріп.
Төркінінде бала оқытқан бір қожа бар,
Абақ сұрар шариғат сөз шығарып.
– Ей, тақсыр, байым өлген мен тұл қатын,
60. Бір балам бар байымнан жұрағатым.
Қайнағам алам десе, тіл алмап ем,
Осының айырып бер шариғатын.
Қолына қожа сонда кітап алды,
Шариғат хүкіміне көзін салды:
– Жас қатын байға тимей, босқа отырса,
Жиған мал арам қылар мүкәммалды.
– Қайнағам кейін қалған ием еді,
Енді мен оған, сірә, тимен, – деді.
Шариғат осылай деп бұйырған соң,
70. Қожаға тиіп алды, именбеді.
Мінгізді жалғыз ұлды ашамайға,
Жас әйел ерге тимей байсалдай ма?
«Ашамайлы Керей» деп ат қойыпты,
Ержетіп Құтымберді жасамай ма.
Аз жылда тиген ері тағы да өлді,
Амалсыз дәм таусылып тағдыр келді.
Абақ анам ертіп ап жас баланы,
Төркінінен кетуге көңіл бөлді.
Тағы да Абақ анам жесір қалды, 80. Жағын бұзып басына қара салды.
Сожан деген араттың заманында,
Бір тойда қалмақ жаман атыс қылды.
Ақтабан шұбырынды ел ауыпты,
Абақтың енді көшпес несі қалды.
Сабырай мен Орай көшіп Сарыарқаға,
Ауған ел зар болмай ма бас қалқаға.
Сол күннен көшіп-қонған ата-бабаң,
Мінеки, келіп тұрмыз тап ортаға.
Баладан Құтыберді туды төрт ұл, 90. Мирас қой ата жолың ұғынсаң бұл.
Қойлау, Байлау, Сарытоғай, Сарыбас деген,
Абайлап ата жөнін анықтап біл.
Қойлаудан Ителі атаң туған жалқы,
Көбейген үш күйік боп мұның арты.
Жантекей, Жәдік, Шеруші, Байлау ұрқы
Осылайша келеді сөздің нарқы.
Ұрпақтар ұға берсін тарих қуған,
Ұласып келе жатыр талай жылдан.
Жазылған осылай деп шежіреде, 100. Байлаудан Бағаналы, Жаппас туған.
Баласы Бағаналы Елдей, Көлдей,
Тарихты кім түсінер сұрап білмей.
Елінде қартың болса хатпенен тең,
Тұрмайды қолдарында о дағы өлмей.
Көлдейден туған бала БердіШора,
Атадан бала туып болған мұра.
БердіШора баласы екеу екен,
Үлкені – Жантекей, кішісі – Жиеншора.
Жәнтекейден Орыс, Сүйіндік, Сүйіншіәлі, 110. Басымен бірдей болып өскен малы.
Баласы Сүйіндіктің төртеу екен:
Кешу, Жайлау, Құлмамбет, болар Сары.
Сүйіншәлі баласы — Ботақара,
Барақ, Секел, Көбекпен төртеу ғана.
Мәліштің уысынан шығып кетіп,
Бардам да болып еді жеке-дара.
Сәмембет, Самұрат, Бөкі Орысұлы
Төлеке, Құтыберді айтсам мұны.
Жастарым талаптанған тарихын біл, 120. Несін жазды демеңдер бұрынғыны.
Баласы Сәменбеттің он бір екен,
Сарыарқа, Сабырайды қылған мекен.
Атантай, Үсентай мен Есембай деп,
Баласы бәйбішенің үшеу екен.
Бәденнен Есағасы, Қазыбек-ті,
Ұрпаққа білу міндет ата-текті.
Ұрпағы Сәменбеттің осындай мол,
Біреуі Есдәулет пен Есіркеп-ті.
Бөрте, Қаржақ, Ақша мен Ақсары деп, 130. Он бір боп Сәмен ұрқы тамам бітті.
Жәкеңе Жиеншора болған бала,
Айталық мағлұмалап мұны және.
Жиенін бала қылып алған екен,
Жосын бар бала асырар бұрынғыда.
Сарт екен Былқылдақтың алған байы,
Ұқтырсаң қалай келер сөздің жайы.
Рахмет деген сарт алған екен,
Осылайша келеді айтсам жайы.
Жиеншора баласы: Құлтай, Болат, 140. Талассаң шежіреден бар да сұрат.
Арғы жағын Жәнтекейден айтса дағы,
Біріне он екі Абақ бұл қосылмақ.
Жаппастан Молқы менен Қарақас-ты,
Көңсадақ, Меркітпенен тұрғыласты.
Сарбас пенен Жастабан бір туысқан,
Ұранын «Сартоқай» деп жұртқа шашты.
Керейдің Шыбарайғыр енді бірі,
Марқалап ерте туып өскен ірі.
Меркітті он екіге тағы қосам, 150. Толымды боп келмейді әрі-сәрі.
Толымқожа Меркіттің арғы атасы,
Тарихтан көрген істің жоқ қатасы.
Қазақтан қатын алған сарт болады,
Дәм тартса қайда жүрмес адам басы.
Тоқтарқожа дегені найманда үлкен,
Атам аты былайша мынау білген.
Қарақұрсақ Сәмембет ұрпақтарын:
Тілеубай, Әлкенбайды көзім көрген.
Байлаудың бір баласы Көлдей екен, 160. Сабырай, Сарыарқаны қылған мекен.
Жәнтекей, Жәдік, Шеруші немерелес,
Елдейдің бел баласы Жәдік екен.
Жәдіктің балалары: Жанат, Мұңал,
Бірі Итемген, кенжесі Мәлік екен.
Толымды ел Қарақаста Молқы сол уақта,
Бір аста Жәнтекейге сорпа төккен.
Кісі өліп ас беріпті Қарақастан,
Аң аулап Жәдік кеткен қарамастан.
Басын бермей жүрген соң жер ошақтың, 170. Жәнтекейге Қарақас сорпа шашқан.
Жас жетім еті күйген жылай берген,
Ертіп ап шерушіні тоқтамастан.
Жәдік пен Жәнтекей ашуланды,
Оған неге бардың деп өлсең де аштан.
Ұран сап Жәдік атаң соғысам деп,
Төбеде тұрып апты қозғалмастан.
Намыс қып Жәдік атаң ызаланған,
Бауырын неге қойсын жоқтамастан.
Елшіге екі араға жүрді кісі, 180. Екі ұдай болып қалады елдің іші.
Қарақас, Молқыныкі дұрыс емес,
Екі жетім балаға қылған күшті.
Бұлардыкі қисық деп жұрт қылды сөгіс,
Ұлғайтып шығармалық депті көп іс.
Екі-үш жетім баланы ортаға ап,
Аяғына жығылды бәрі тегіс.
Жәдіктің бәйбішесі молқы қызы,
Аң аулар Жәдік атам жазы-қысы.
Итемген, Итақ туды бәйбішеден, 190. Шежіре білгір екен оның өзі.
Ортаншысы қыз екен Қарабидің,
Иесі боп табылады он бір үйдің.
Туады осы әйелден Мұңал, Жанат.
Қырғыздың қызы дейді кіші қатын,
Бір-бірлеп ұқтырдым ғой оның атын.
Мұнан туған бір ұлды Мәлік депті,
Төрт Мәлік деп атайды оның ұрқын.
Үлкені төрт Мәліктің Құтыберді,
Құтыберді деп айтар біраз елді. 200. Тойған деген аз үй бар өспеген жұрт,
Өміртайдың қасынан көзім көрді.
Біреуі Құттықожа баян түгел,
Молайып о да артықша өспеген ел.
Онан соңғы біреуі Көрпеш екен,
Ұрпағы Омар, Өлгіш анықтап біл.
Мәлік атам кенжесі – Азат батыр,
Білгенімше ұқтырайын әуел ақыр.
Азаттың өз баласы үшеу екен,
Өсіп-өніп көп жұрт боп келе жатыр. 210. Атайды ең үлкенін Байқара деп,
Тыңдай бер құлақ салып, жалғаны жоқ.
Құланбай деп ат койған кенжесіне,
Ортаншысын айтады Құлабек деп.
Деп атайды арғы атамды Сегіз-Жанат,
Бір-бірлеп мен берейін атын санап.
Назбике, Дәулетбике анамыздан
Сегіз ұл туады екен сонан тарап.
Төртеуі: Боқай, Тоқай, Моймабас,
Тарихта талаптылар өте таныс. 220. Тілеке, Қостай менен Қуыр атам,
Жанаттың ең кенжесі болады Ағыс.
Қарақас, Молқы Жаппастан тарайды,
Молқының баласы төртеу (олар):
1. Машан 2. Қайып (баласы Көрібоқ) 3. Құл 4. Қошақ
Машанның баласы – төртеу: 1. Айтуған 230. 2. Жанжігіт 3. Дәулеткелді 4. Бітібай
Бітібайдың баласы: 1. Баубек 2. Жанақ 3. Есет 4. Ертісбай Молқының шаңырағы Машанда, ең үлкені кенжесі Бірібай екен. Қыранбайдан түсіндім, Қайыптың баласы Көрібоқ жерошақтан жылап жатқан бір жас баланы көреді. Шешесі сол баланы алғызып оның атын Қошақ қояды. Құл дегеніміз, заты-төре, біреудің жалғыз баласы екен. Кісі өлтіріп елінен қашқан, оны да Қайыптың әйелі бала қылып алады.
Шерушінің баласы төртеу екен: Айтуған, Сарт.
Айтуғаннан: Ожық, Шаппас.
Сарттан: Бақат, Саңырау, Құтымбет, Құрман,
Баласы Шерушінің Айтуған, Сарт,
Осылай деп айтады ақсақал қарт.
Айтуғанның баласы Ожық, Шаппас,
Шаппас ұрқы туыстан өсіпті жат.
Көрдім де шежіреден, жаздым мұны,
Ақынның әлемге ортақ өлең-жыры.
Саңырау, Бақат, Құтымбет, Құрманымыз –
247. Бұл төртеуі болады Сарттың ұлы.
ШАҒЫН ЖАНРЛАР
Мақал-мәтелдер
А
1. Аға айтар, іні тыңдар. 2. Ағаға қарап іні өсіп,
Еңбекпен өмір көркейер. 3. Ағаға мың құрмет,
Ініге бір құрмет. 4. Ағаш кессең, ұзын кес, қысқартуың оңай,
Темір кессең, қысқа кес, ұзартуың оңай. 5. Ағаштың жапырағы сарғайса да,
Тамыры сарғаймас.
Адамның жасы қартайса да,
Жігері қартаймас.
6. Адал болу – ерге сән,
Ғылым болу – елге сән. 7. Адал жүрсең, арбамен де қоян соғасың. 8. Адал ұл оздырады,
Жаман ұл тоздырады. 9. Адалдық – адам көркі,
Жүріс – ат көркі. 10. Адалдық күндей,
Арамдық түндей. 11. Адам көркі – киім емес, білім. 12. Адам күші – көбінде,
Балық күші – көлінде. 13. Адам қадірі достықта,
Ат қадірі жорықта. 14. Адам мінін білмес,
Түйе сынын білмес. 15. Адам тілімен,
Мал аяғымен. 16. Адамда аға,
Тонда жаға. 17. Адамды сөзімен емес,
Ісімен бағала. 18. Адамдықтың белгісі –
Иіліп сәлем бергенің.
Шын достықтың белгісі –
Шынайы көмек бергенің.
19. Адамның әдептісі жақсы,
Әтештің құйрықтысы жақсы. 20. Адамның досы – ит,
Жауы – төре. 21. Адамның жасы жүреген,
Құстың жасы ұшаған. 22. Адасқан айқайшы келеді. 23. Адасқанды сөзбен,
Алысқанды қолмен. 24. Ажал айдаған тышқан
Мысықтың құйрығымен ойнар. 25. Аз жеп, көп істе. 26. Аз қатеден де шығын көп. 27. Аз сөз – алтын. 28. Аз іс те өздігінен бітпес. 29. Аздап үнемдеп,
Арнадан өт. 30. Айғырыңды мінгенің –
Биенің қысыр қалғаны.
Немеренің ақылы –
Еңбегіңнің жанғаны.
31. Айлалы түлкі арыстанды жеңер,
Ақылын тапқан тау құлатар. 32. Айлалы түлкі құйрығымен,
Арамза сөзімен. 33. Айна мұзға ай сәулесі өң берер,
Ақылдыға адам сөзі дем берер. 34. Айран ішкеннің
Аяны өнбес. 35. Айтқанына сенбе,
Істегеніне сен. 36. Айтпас бұрын ойлан,
Істемес бұрын сайлан. 37. Айтуға оңай,
Істеуге қиын. 38. Айтылған сөз – атылған оқ. 39. Ақ бөкенді жатыр деме,
Көшпелі елді отыр деме. 40. Ақ иілмес,
Қара құтылмас. 41. Аққу-қаздай жұптасып,
Ақ қайыңдай қатарлас. 42. Ақшаңды сатсаң да,
Арыңды сатпа. 43. Ақыл – аздырмайтын тон,
Білім – таусылмайтын кен. 44. Ақыл – май,
Ашу – тас. 45. Ақыл – тозбас тон,
Білім – таусылмайтын кен. 46. Ақыл бой таңдамас,
Қасқыр қой таңдамас. 47. Ақыл жастан шығар,
Асыл тастан шығар. 48. Ақыл көпке жеткізер,
Өнер көкке жеткізер. 49. Ақылға құлағы жыртық,
Алтынға кесесі жыртық. 50. Ақылды адам арын сақтар,
Ақылсыз өзін мақтар. 51. Ақылды ашу жеңбек,
Май құйғанға от сөнбес. 52. Ақылды сөз ұғар,
Ақымақ сөз қуар. 53. Ақылы жоқ сұлудан,
Өңі жаман текті артық.
Ұрлап алған түйеден,
Еңбекпен тапқан ешкі артық.
54. Ақымақ адам – мақтаншақ,
Азғын адам – тозғыш. 55. Ақымаққа ақыл айт,
Алмаса нақыл айт. 56. Ала, ала ұры,
Алдай, алдай өсекші. 57. Алауыз көп,
Аңдыған бірге алдырар. 58. Албаты іздегенше,
Алдымен ізін тап. 59. Алған білімді адал жұмса,
Сонда елге пайдалы. 60. Алғанның күнәсі бір,
Алдырғанның күнәсі он. 61. Алғашқың дәмді,
Жаңаң нәрлі. 62. Алдағы бөгетте,
Қайратыңа сен.
Асқар тауда,
Атыңа сен.
Қайрат болса,
Қайғыны да жеңесің. 63. Алдамшы өсекшіге жиен,
Қымқырғыш ұрыға жиен. 64. Алдамшыда жол жоқ,
Қазымырдан қор жоқ. 65. Алдымен жейін,
Соңынан істейін. 66. Алдырған анасының қойнын ашар. 67. Алтында тот жоқ,
Данышпанда өлім жоқ. 68. Алтынды еріте білмеген ірітер,
Теріні илей білмеген шірітер. 69. Алтынын алсаң,
Кесесінен кезбе.
Қызын алсаң,
Шешесінен безбе.
70. Алысқа жүрсең, ат сайла.
Қой өсірсең, қора сайла. 71. Алысса жау еді,
Айрылғанда дос болды. 72. Алыста сөз бұзба,
Ашуда береке бұзба. 73. Алыстан бұғы көріп,
Астындағы өгізін тастапты. 74. Алысты көздеу –
Алдыңа пайда.
Ұзақты болжау –
Ұрпағыңа пайда.
75. Анадай қамқор,
Атадай пана. 76. Ананың көзі балада,
Баланың көзі далада. 77. Аңға айла,
Жылқыға құрық. 78. Аңдаусыз сөйлеген
Ауырмай өледі. 79. Арайыңа қарама,
Ақылыңа қара. 80. Арақ ашулы етер,
Төзбесең басың кетер. 81. Арақ деген тағамды
Албаты ішсең – дерт.
Мас бола ішсең – масқара,
Мақтап ішсең – індет,
Жығыла ішсең, жынды етер.
Үнемі ішсең, ар кетер,
Ішпегенге не жетер.
82. Араққа мастанған,
Шылымға ысталған. 83. Арақтың айласы он үш,
Адамның айласы бір. 84. Арам ойлы
Алтын тілді болса да, пайдасыз. 85. Арам ойың өзіңе. 86. Арам олжадан,
Адал шығын артық. 87. Арамзаның ойы арам, сөзі жалтаң,
Қорқаудың сөзі жылы, көзі жалтаң. 88. Араныңды төгетін,
Дәулетіңді шашып,
Ойыңды бөлетін
Арақтан без,
Ішпеуге төз.
89. Арғымақ аттың құйрығы –
Әрі жібек, әрі қыл.
Ер жігіттің белгісі –
Әрі мырза, әрі құл.
90. Арғымақ деп айтпайды,
Атты басып озбаса.
Ер екен деп айтпайды,
Ерегескенді жеңбесе.
91. Арқаңды жасырсаң,
Желкеңді де жасыр. 92. Арпа ас екен,
Алтын тас екен. 93. Артық болам деп тыртық болма. 94. Артыңа жаман жұраттан гөрі,
Жақсы сөз қалдыр. 95. Арық малды асырасаң,
Аузы-мұрныңды май етер. 96. Арық та болса ат,
Жаман да болса адам. 97. Арық тайыншаны асырасаң,
Арба шағар. 98. Арыстанның айбатын
Кәнден сүймес.
Лашынның қайратын
Сауысқан сүймес.
Арыстанның ашуы
Түлкіге жат.
Түлкінің тәсілі
Арыстанға жат.
99. Ас десе аузы бар,
Іс десе қолы жоқ. 100. Ас иесін білмес,
Ат құйрығын білмес. 101. Ас көрсе, күлкішіл,
Кітап көрсе, ұйқышыл. 102. Асауға құрық сал,
Ашушаңға ақыл сал. 103. Асқар таудың ақ барысы
Ажалы жетсе, құмырсқаға жем болар. 104. Аспан суы сорсыз,
Ақтаған тары тассыз.
Сары күз келді белге,
Сабаның аузы жерде.
105. Аспан тіреуі – ауа,
Адам тіреуі – көңіл. 106. Асу астынан айқайлап,
Тау үстінен қол созба. 107. Асықпенен сақа атып,
Болымсыздан байлық тап. 108. Асыл тас тозған сайын өңді,
Асыл жар күн өткен сайын ыстық. 109. Асың болса, бер,
Басың болса, көтер. 110. Ат – биеден, аруана – түйеден. 111. Ат болатын тай саяққа үйір,
Адам болатын бала қонаққа үйір. 112. Ат ерімен емес, жүрісімен,
Сұлулық киімде емес, бітісімен. 113. Ат семірсе, арымас деме,
Ер қуанса, тарылмас деме. 114. Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер үйірін сағынса,
Айыл-тұрман тағынар.
115. Ата баласы әр сынды,
Орман ағашы әртүрлі. 116. Ата қадірін білмесең,
Өкінгенмен не пайда.
Ас қадірін білмесең,
Үнемдеуден не пайда.
117. Ата орнына ата болған аға-екем,
Ана орнына ана болған апа-екем. 118. Ата сөзі – алтын,
Ана сөзі – ғылым. 119. Ата сөзінде ақыл көп,
Асқар тауда асу көп. 120. Ата ұлы даңқымен,
Ана ұлы білімімен. 121. Ата-аналы бала өңді,
Иесі жақсы мал қоңды. 122. Атағанда атыңды жейін бе,
Барғанда үйіңді жейін бе. 123. Атағы жоқ,
Аты бар. 124. Атадан жақсы ұл туса,
Елінің қамын жейді.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің малын жейді.
125. Атан өгізде тоғыз сомдық құн бар,
Арсызда тоғыз тиындық құн жоқ. 126. Атаң барда ел таны,
Атың барда жер таны. 127. Атқа ерінен биік асу көп,
Ерге әйелінен өзге тату көп. 128. Атқаны бұғы,
Алғаны тышқан. 129. Аттастың құлағы бір. 130. Атыңа жарай жүріп,
Күніңе жарай іс қыл. 131. Атыңа қарай сапар шек,
Асыңа қарай қонақ күт. 132. Аузымен егін орады,
Іс жүзінде жыланша сорады. 133. Аузына түскенді жұтамын деп аяйды,
Алақанындағысын құртамын деп аяйды. 134. Аузына түскенді тілімен нұқиды,
Аузына түскенді ағашпен шұқиды. 135. Аузың ала болғанша,
Жылқың ала болсын. 136. Аулыңда қария болса,
Жазулы хатпен тең.
Айналаңда төбе болса,
Ерттеулі атпен тең.
137. Ауру астас, жамандық жымдас. 138. Ауру кетсе де, әдет кетпес. 139. Ауыз ала болса,
Ісің шала болар. 140. Ауызда тіл біреу,
Істе бағыт біреу. 141. Ашу ақылға қас,
Ай жарығы қасқырға қас. 142. Ашуды ақылмен жең. 143. Ашуды тисаң, ақылды болғаның. 144. Ашық болам деп,
Пасық болма. 145. Ашық жерге ат байла,
Анық досқа сыр шерт. 146. Ащы суда аққу жоқ,
Арсызда дос жоқ. 147. Аяғымнан тартып, адам етті.
Етегімнен тартып, ер етті. 148. Аяулы атыңды құр жіберме,
Аяулы досыңды құр шығарма. 149. Аяуы ішінде,
Қаяуы сыртында.
Ә
150. Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала. 151. Әділеттен бас тартпа,
Әділетсіздікке атса да көнбе. 152. Әділеттік, ар-ұят – адамдықтың белгісі,
Тұрпайылық жат мінез – надандықтың белгісі. 153. Әліне қарай әндетіп,
Шамаңа қарай шалықта. 154. Әр нәрсенің орны бар,
Әр жолдың торабы бар. 155. Әсем ән елге сән. 156. Әсіре қызыл тез оңар. 157. Әсіре қызыл оңбайды.
Б
158. Байда ағаш бай,
Батырда қол батыр. 159. Байлық мұрат емес,
Жоқтық ұят емес. 160. Бақырып бап болмас. 161. Бақыт дәмін қайғырған білер. 162. Бал ашушының бәрі өтірік,
Құмалақшынікі құйдай өтірік. 163. Баланы ойынынан,
Адамды мінезінен сына. 164. Балдырлы жерде балық көп,
Адалда дос көп. 165. Бар боп тығын емес,
Жоқ боп шығын емес. 166. Бар ісіңді бүлдіргіш,
Қылмысқа да, ұрындырған
Араққа құнықпа.
Өміріңді тоздырғыш,
Көңіліңді аздырғыш,
Сүйгеніңнен айырып,
Сүйегіңді сындырғыш,
Алдамшы араққа қызықпа.
167. Барыстай шабытты,
Бақадай шабан. 168. Басы кекжигеннің
Кеудесі бос.
Аңқауы сыртында,
Арамзасы ішінде.
169. Басы тұнық судың
Аяғы да тұнық. 170. Басымен істеген
Мойнымен көтерер. 171. Батыр туса – ел ырысы,
Жаңбыр жауса – жер ырысы. 172. Бейнетсіз зейнет жоқ. 173. Берген сөзіңді жұтсаң,
Бара-бара өзіңді жұтарсың. 174. Береке шексіз,
Ғылым түпсіз. 175. Береке іс тындырады,
Өсек сүйек сындырады. 176. Берекелі биікте,
Берекесіз күйікте. 177. Берекелі екеуде
Темір қамал.
Берекесіз жиырмаға
Табылмас амал.
178. Беремін деп елдің берекесін алма. 179. Берсең, кейіме!
Кейісең, берме! 180. Беттің кірінен,
Аттың кірі жаман. 181. Би жоқта,
Құл жүреді жораға.
Ит жоқта,
Шошқа үреді қораға.
182. Болмасқа болаттан берік бол. 183. Борышсыздық – байлық,
Денсаулық – бақыт. 184. Бос жүргенше,
Баспа оқы. 185. Бояушы, бояушы дегенге,
Сақалын бояпты. 186. Бураның сыры түйешіге мәлім. 187. Бұғы мүйізі ұзын болса да,
Ағашқа ілінбес.
Адам кемістігі көп болғанымен,
Өзіне білінбес.
188. Бұзау керек болса,
Енесін күт. 189. Бұлт жиылса – жаңбыр,
Көп түкірсе – көл. 190. Бұрқанға сеніп,
Дертке ұшырады.
Бұқаға сеніп,
Сиыры қысырады.
191. Бұрқанға табынғанша,
Бұқаңды үйрет. 192. Бұрын шыққан құлақтан,
Соңғы шыққан мүйіз артық. 193. Бүлдіру оңай,
Тындыру қиын. 194. Бүлдіршіндей болса да,
Бүлдіргіш мінезі. 195. Білгенін айтпаған данадан,
Көргенін айтқан бала артық. 196. Білгенің – бір тоғыз,
Білмегенің – мың тоғыз. 197. Білгеніңді досыңа айт та,
Білмегеніңді содан ұқ. 198. Білім – ел тірегі,
Ата-ана – ер тірегі. 199. Білім алмақ – ен байлық,
Дене күтсең – денсаулық. 200. Білімді адам байсалды,
Арналы өзен толқынды. 201. Білімді адам сөз бастар,
Берекелі адам ел бастар. 202. Білімдіге дүние жарық,
Білімсіздің күні кәріп. 203. Білімсіз адам тайғақ,
Ернеусіз су жайлақ. 204. Білімсіз өмір жоқ,
Еңбексіз жігер жоқ. 205. Бір аяғы жерде,
Бір аяғы көрде. 206. Бір биенің екі емшегі,
Бірі кетсе, сүті жоқ.
Бір түйенің екі өркеші,
Бірі кетсе, күші жоқ.
207. Бір ешкіге екі теке,
Бір денеге екі бас. 208. Бір жеңнен қол шығар,
Бір жағадан бас шығар. 209. Бір ит көріп үреді,
Бір ит еріп үреді. 210. Бір күн жылы жату – мың лаң. 211. Бір сиырды мүйізге ұрсаң,
Мың сиырдың мүйізі сырқырайды. 212. Бір түйенің құмалағына
Мың түйе таяды. 213. Бір-біріңе сеп бол,
Қысылғанда ес бол. 214. Бірден мың,
Тамшыдан теңіз. 215. Біреудің қолымен жылан ұстама. 216. Бірлік – түбі тірлік. 217. Біткен іске сыншы көп,
Піскен асқа жеуші көп.
Ғ
218. Ғылым – ел көркі,
Ағаш – тау көркі. 219. Ғылым жаныңа пайда,
Еркелік басыңа найза. 220. Ғылымды бастан,
Ұқыпты жастан.
Д
221. Дала көркі – мал,
Өмір көркі – жар. 222. Дариядан асқан дария бар,
Данадан асқан дана бар. 223. Дарияны қауғалап тауыспайсың,
Құмға құйған судай. 224. Дауға бар да,
Іске жоқ. 225. Дауыл болмай, жауын болмас,
Иті күшіктеп сауын болмас.
Екі жалқау бірігіп ауыл болмас,
Ауыл болса да тәуір болмас.
226. Дәметкен жерде, дәнеме жоқ. 227. Дәндеген құзғын
Он үш айналар.
Дәніккен адам
Жиырма үш қайталар.
228. Дене шаршаса, ұйқтасаң тынығасың,
Ми шаршаса, ұйқы қашып бұзыларсың. 229. Долы өзен де бағынар арнаға,
Болат та майысар балғаға. 230. Дос еткенге,
Қас еткен. 231. Досты да таңдап ал. 232. Досыңды көр де,
Мініңді біл. 233. Дөңбек,
Дөңбекте де мін көп. 234. Дүлейдің де дүлейі бар.
Е
235. Ебін тапсаң,
Еңбекте күш жоқ.
Бірлігін тапсаң,
Бітпейтін іс жоқ.
236. Ез мың өлер,
Ер бір өлер. 237. Екпей егін шықпас,
Үйренбей білім жұқпас. 238. Екі баланың ортасындағы
Бір шал бала болады.
Екі шалдың ортасындағы
Бір бала дана болады.
239. Екі жас,
Сыйласа білсең бәрі ас. 240. Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде. 241. Ел кезгенше,
Елегеніңді жу.
Ұйықтағанша,
Ұйығыңды жама.
242. Елге беделін жойған
Өртке етегін алдырар. 243. Ел-елдің салты басқа,
Жалқаудың ақылы басқа. 244. Елеусіз сөз де,
Еңбекке бөгет. 245. Еліңнен жан аяма,
Егізден сүт аяма. 246. Емдей білмеген емшіден,
Епті кемпір артық. 247. Еменнің иілгені – сынғаны,
Ердің екі сөйлегені – өлгені. 248. Еменнің қисық өскенінен,
Сынғаны артық.
Ердің екі сөйлегенінен,
Өлгені артық.
249. Еңбек ет те, өмір сүр.
Қызмет қыл да, іс үйрен. 250. Еңбек етсең тынғанша,
Тұздық езсең тұнғанша. 251. Еңбекпен адам көркейіп,
Өріспен мал семірер. 252. Еңбексізбін дегенше,
Өмірім жоқ десеңші.
Ыдыссызбын дегенше,
Ауызым жоқ десеңші.
253. Еңбексіздің аузы тыныш,
Еріншектің қолы тыныш. 254. Еңбекті жөнімен,
Қиындықты ебімен. 255. Епті болсаң, мүйіз
Бірігерде іс болар.
Епсіз болсаң, бауыр, бүйрек
Жуысуы күш болар.
256. Епті сауысқан бұғы ұстар. 257. Ер жолы – қайрат,
Ғылым жолы – сауат. 258. Ер жолында еңіс көп. 259. Ер жігіттей ер көңіл
Ерттеулі аттай шұлғыған. 260. Ер кәсібі елсізде. 261. Ер қайраты
Ерттеулі атында. 262. Ер сертімен,
Әйел көркімен. 263. Ер сүрінер,
Тас үгілер. 264. Ер тон ішінде,
Тұлпар тай ішінде. 265. Еркелікке үйреткенше,
Еңбекке үйрет. 266. Ермін деме, ер бар,
Ер сүрінер жер бар. 267. Ерте тұрғанның көрері көп,
Ер қысылса жол табар. 268. Ерте тұрғанның көрері көп,
Кеш тұрғанның естірі көп. 269. Ерінге жұқпаған
Тіске тимес. 270. Еріншек екі етегін
Бірімен бірін жамар. 271. Еріншекте еп жоқ. 272. Еріншекте сылтау көп,
Еміншекте сұрау көп. 273. Еріншектің екі ісін
Ерінбеген бір істер. 274. Еріншектің ісі көп,
Етікшінің бізі көп. 275. Есектің құлағына
Су құйсаң да сілкеді,
Алтын құйсаң да сілкеді.
276. Есекше қырыс,
Кірпіше бүріс. 277. Есепке себеп көп,
Ерте тұрып, кеш жат! 278. Ескі адамда есіл көп,
Ескі сөзде шындық көп. 279. Естіген жалған,
Көргенге малдан. 280. Естіген сөз құнсыз,
Ескірген зат пұлсыз. 281. Естіген үнсіз,
Айтқан тілсіз. 282. Есіл досыңа
Есінеп кетпес сөз айтпа. 283. Есірген лақ енесін сүзер. 284. Ет көксесең, мал бақ,
Нан көксесең, егін ек. 285. Етікті нәлі сақтайды,
Жігітті кәлі сақтайды.
Ж
286. Жадағай су шайғыш,
Жалған махаббат тайғыш. 287. Жайлы бесік балаға жарасар,
Жайдары мінез адамға жарасар. 288. Жайлы мінез,
Дәмді ас
Көп аузынан құтылмас.
289. Жақсы адам жағын талдырмас,
Жақсы ат қамшы салдырмас. 290. Жақсы ат артынан сүрінер. 291. Жақсы атқа ие көп,
Жақсы адамға дос көп. 292. Жақсы болу әдеппен,
Жақсы жүру әдеттен. 293. Жақсы көргенін айтар,
Жаман жегенін айтар. 294. Жақсы сөз – жарым ырыс,
Ащы сөз ашу шақырар. 295. Жақсы сөз – жанға азық,
Жаман сөз – сүрінтер қазық. 296. Жақсыға жету қиын,
Жамандықтан кету қиын. 297. Жақсылық етпей,
Қайырым күтпе. 298. Жақсылық табылмас,
Жамандық жабылмас. 299. Жақсымен достассаң, жаның таза,
Жаманға жоласаң, көргенің жаза. 300. Жақсымен керіспе,
Жаманмен келіспе. 301. Жақсының өлімі де жақсы. 302. Жалада шындық жоқ,
Өсекте сұмдық көп. 303. Жалғыз ағаш пана болмас,
Жалғыз бие саба болмас. 304. Жалғыз жеп шошқа семірмес,
Жабыла жеп тышқан арымас. 305. Жалқауды жалқау жұмсаса,
Басын қасыр. 306. Жаман адам жүреген,
Жақсының сиыры сүзеген. 307. Жаман атақтан,
Жақсы өлім. 308. Жаман еркек жер қадірін білмес,
Жайсыз әйел ер қадірін білмес.
Жалқау адам тер қадірін білмес,
Жетесіз жігіт ел қадірін білмес.
309. Жаман жұрағат ұятқа қалдырады,
Жақсы сөз жаныңды қандырады. 310. Жаман жігіт жарына би. 311. Жаман сыйлағанды білмес,
Сиыр сипағанды білмес. 312. Жаман тігінші қарыстанғыш келеді. 313. Жаманды жұмсасаң,
Жағың жабылмас. 314. Жамандық – жалқаулық. 315. Жаманнан кесапат. 316. Жаманның сөзі өткір,
Жақсының көзі өткір. 317. Жан – мың лаң,
Айла – түмен лаң. 318. Жан тозғанша,
Жастық тозсын. 319. Жаның жасық болса да,
Ат ардақты қашанда. 320. Жаңа құда жандарал,
Ескі құда пропал. 321. Жаңа нәрсе сәнді,
Екшеген тары дәмді. 322. Жаңбыр серігі – жел,
Бөрі серігі – құзғын. 323. Жапалақ құс мақтанса,
Жардан тышқан алдым дер.
Жаман адам мақтанса,
Жақсыны аяғынан шалдым дер.
324. Жар көңілі жаннан да қымбат. 325. Жарғанатқа күн – қатер,
Ұрыға түн – қатер. 326. Жарын алдаған
Өзін алдайды. 327. Жас кезінде әркім жақсы,
Жалқау болмаса тым жақсы. 328. Жас өсер,
Жарлы байыр. 329. Жасыңда бейнет көрсең,
Қартайғанда зейнет көресің. 330. Жасыңда қылжың болсаң,
Ержеткенде мылжың боласың. 331. Жасыңда өмір сүй,
Қартайсаң киім ки. 332. Жатқанға жан жуымас,
Жүргенге жөргем ілінер. 333. Жау кеткен соң,
Қылышыңды боққа шап. 334. Жаудың бәрі бір,
Азы да,
Көбі де.
335. Жаулық мысқалдап кіріп,
Батпандап жиналар. 336. Жегенінен жұтқаны көп,
Ұйқысынан жатқаны көп. 337. Жезі кетіп,
Мысы шықты. 338. Жеке батырдан,
Жеті қол артық. 339. Желді күн нөсерсіз,
Жеңілтек қыз байсыз. 340. Желісті атты шұбар да болса, мінген жөн. 341. Жердің көркі – күн,
Ердің көркі – білім. 342. Жесе доңыз,
Жүрсе жылан. 343. Жетеу ала болса,
Жетімге мазақ. 344. Жеті рет өлшеп,
Бір рет кес. 345. Жеуге асықпа,
Жүрсең кешікпе. 346. Жеуі тез, ісі мез. 347. Жиеннің тілі – бал,
Нағашының сөзі – бал. 348. Жоққа су да мұң. 349. Жол анасы тұяқтан,
Су анасы бұлақтан. 350. Жол жетеді,
Жолаушы кетеді. 351. Жолмен жүрсең, аяқ тыныш.
Жөніңе жүрсең, жаның тыныш. 352. Жұмысың өнімді болса,
Жұтқаның тиімді болар. 353. Жұт – бір жылдық,
Жұрт – мың жылдық. 354. Жұтпен жазда күрес,
Жалқауға жазда да жұт. 355. Жұтымсыз жерге мал жаю –
Жұтатудың белгісі.
Жұбайы барға көз салу –
Жұрдайлықтың белгісі.
356. Жүгініп отырғанша,
Жүріп дем ал. 357. Жүзі жылы демесең,
Жүрегі тас. 358. Жүзі сұлудан,
Жүрегі сұлу артық. 359. Жүйелі сөзге сенгіш көп,
Жүрістіге ергіш көп. 360. Жүйесіз сөз болмас,
Белдеусіз үй болмас. 361. Жүк ауырын нар көтереді,
Ел ауырын ер көтереді. 362. Жүрегі майлының
Жүрісі паң. 363. Жүрегің жанса да,
Түтіні шықпас. 364. Жүремін деп жүргенше жеп,
Кетемін деп кеткенше ішуі. 365. Жығылып жатып,
Қисайғанға күлме. 366. Жылағанды сұрама,
Күлгенді сұра. 367. Жылап берген бал болар,
Маңырап берген мал болар. 368. Жылқы – малдың патшасы,
Түйе – малдың қасқасы. 369. Жылқыны жүйрік,
Қойды күйлік (құйрық) деп сыйлайды. 370. Жылтырынан жылттысы. 371. Жын соққаннан, мұң соққан жаман. 372. Жыртық та болса өз үйім,
Жаман да болса өз анам. 373. Жігерлі болу жігітке,
Адал болу адамға тән. 374. Жігіт адамға жетпіс өнер де аз. 375. Жілікке пышағын берген,
Ұйқысы үшін атын берер. 376. Жіптің жолы инеде.
З
377. Зат қадірі іске асқанда,
Ер қадірі достасқанда. 378. Зат танымаған қорлағыш. 379. Затты қашау тоздырар,
Жарды тежеу аздырар. 380. Заттың сыры иесіне мәлім.
И
381. Игілікке сүйгілік. 382. Иелі сөз несіне жетпес,
Жетсе тек кетпес. 383. Ине жисаң кетпен,
Икемделсең ғалым.
Бетіне айтып,
Сыртынан мақта.
384. Ит икемсіз,
Төре ұятсыз. 385. Ит мұрнына су кірмей,
Жүзуді ұқпас. 386. Иттің ішіне сары май жақпас.
К
387. Кедейдің иті ырыс, ұлы ер,
Елді көріп иесінен безбейді. 388. Кезбенің қолы сұғанақ,
Арақшының аузы сұғанақ. 389. Кекшілдік өзіне жау,
Кедірлі жер атына жау. 390. Кемістігін білген ақылды,
Келешегін ойлаған данышпан. 391. Кемістікпен келіспе. 392. Кенжемін деп кеш тұрып,
Еркемін деп ерте жатады. 393. Кеңес бұзау емізер,
Бұзау таяқ жегізер. 394. Кербезге сән ермек,
Жалғызға әр ермек. 395. Кері ауызда ұят жоқ,
Кезбе бұлтта тұрақ жоқ. 396. Кері кеткен кекжейінкі келеді. 397. Керіскенше, жөн тап,
Кеңескенше, жол тап. 398. Керіскенше, келісе отыр,
Келіссең, кеңесе отыр. 399. Кетігін толтырған шебер,
Келешегін ойлаған дана. 400. Кеудеңді көтергенше,
Ісіңді көтер. 401. Көзсіз жөн соқыр,
Көкірексіз көр соқыр. 402. Көзі тойса да, өзі тоймас. 403. Көзің болса,
Көргеніңе ғана сен. 404. Көйлек кірі кетер,
Көңіл кірі кетпес. 405. Көктем күлмек,
Күз май. 406. Көктем күні ойнақы,
Көкше бидай тасты. 407. Көл тыныш болса,
Көлбақа да тыныш. 408. Көлеңкеңмен жарыссаң, озбайсың,
Көппен керіссең, оңбайсың. 409. Көмес те болса көрнеу көріп,
Алыс та болса жақын тұт. 410. Көнектен шошынған бие оңбас,
Көптен бөлінген үй оңбас. 411. Көңіл кірін сөз кетірер,
Көйлек кірін су кетірер. 412. Көңілің сүйген досыңа
Көңілі қалар сөз айтпа. 413. Көп келсең, шай жоқ,
Кеш келсең, төсек жоқ. 414. Көп сөз – көмір,
Аз сөз – алтын. 415. Көп талқысы мінсіз,
Жылы суға жусаң кірсіз. 416. Көп ішінде сөз сыйла,
Жалғыз жүрсең ой сайла. 417. Көпке пайдаң тимесе,
Білгеніңді қайтейін.
Көргеніңді көрмесең,
Жүргеніңді қайтейін.
418. Көптен қол үзген дана емес,
Асығыс түбі – өкініш,
Сабырлы іс сапалы.
419. Көптің көзі – мың,
Сенің көзің – екеу. 420. Көргенде көлгірсіп,
Кеткен соң, топырақ шашпа. 421. Көре-көре көсем болады,
Сөйлей-сөйлей шешен болады. 422. Көрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп. 423. Көтерем деп түйеден безбе,
Салтанатың емес пе!
Тебеген деп биеден безбе,
Қос қанатың емес пе!
424. Күдіктен шайтан,
Сенімнен Құдай. 425. Күзде жатсаң,
Қыста тұра алмайсың. 426. Күлгеннің бәрі дос емес,
Күңіренгеннің бәрі жау емес. 427. Күн барда, жерде ырыс,
Партия барда, жол дұрыс. 428. Күн жауғанда басымда,
Күн ашықта қасымда. 429. Күнің туса, бақ ортақ,
Мұңың туса, қайғы ортақ. 430. Күрессең, шегінбе,
Істесең, ерінбе. 431. Күшке салғанша, епке сал,
Керіскенше, келіс. 432. Кімнен көрсең кем істі,
Соған бер сөгісті. 433. Кір десе, сығалама,
Же десе, жалама. 434. Кіріссең, бір іс тынады,
Жарысса, бірі озып шығады. 435. Кісі болар баланың
Кісіменен ісі бар.
Кісі болмас баланың
Кісіменен несі бар.
436. Кісі үйінің кілем төсегі –
Өз үйімнің өлең төсегі. 437. Кісінікінің кілті аспанда.
Қ
438. Қабаған ит аузынан тозар,
Жағымпаз табанынан тозар. 439. Қаз болам деп,
Қарға аяғын үсітер. 440. Қаз қаңқылдап жаз келсе,
Қарға қарқылдап күз болар. 441. Қайғы көр де,
Қайрат тап. 442. Қайғыға жасыма,
Бақытқа тасыма. 443. Қайрақсыз пышақ өтпес,
Өріссіз мал семірмес. 444. Қайық болса да,
Ескекші керек.
Қайрат болса да,
Ақылшы керек.
445. Қайырым етсең өзгеге,
Қайырылар өзіңе. 446. Қайырымдыда дос көп,
Қыршаңқыда дос жоқ. 447. Қалғанын қатарға қос,
Үріккенін үйірге қос. 448. Қамшы жарасы жазылғанмен,
Сөз жарасы жазылмайды. 449. Қамы жақсының ісі өнімді,
Қайрағы жақсының пышағы өткір. 450. Қанша ақылды болғанмен,
Өздігінен ұмтылмас.
Қанша жұқа болғанмен,
Өздігінен жыртылмас.
451. Қанша үлкен піл болса да,
Шамға бағынар.
Қандай көсем болса да,
Заңға бағынар.
452. Қара арғымақ арыса,
Қарға адым жер мұң болар. 453. Қара жыланның бәрі – улы,
Қара ниеттің бәрі – жау. 454. Қара ниет удай,
Қарау адам сұмпайы. 455. Қара ниетті өзін жейді,
Арба білігін жейді. 456. Қара су кері ақпайды,
Жасы өткен білім таппайды. 457. Қара суда қаймақ болмас,
Қас шеберде оймақ болмас. 458. Қарау адам таудың аңын малым дер,
Қатал адам заңды өзінің жаным дер. 459. Қарауға дос ұзақ,
Шабанға жол ұзақ. 460. Қарт өлеммен,
Бала жылаумен қорқытар. 461. Қарт үлгісі ұрпақта,
Қыс ажары бұрқақта. 462. Қартайдым деп талапсыз болма,
Қарным ашты деп ұятсыз болма. 463. Қартқа отыру рахат,
Жасқа жүру рахат. 464. Қарыста қате көп. 465. Қасқырға қой бақтырып,
Айға шырақ жақтырыпты дегендей. 466. Қасқырды әркім таниды,
Қасқыр бірін де танымайды. 467. Қасқырдың аузы жесе де қан соқта,
Жемесе де қан соқта. 468. Қасіреттің тезі игі,
Бақыттың кеші игі. 469. Қатерден бұрын қайла ойла. 470. Қатты желде, бақан – тіреу,
Қысылғанда, дос – тіреу. 471. Қатты жерге қақ тұрар,
Қайратты ерге бақ тұрар. 472. Қауғаңның сабы қысқа болса,
Құдыққа үңілме.
Арманың қысқа болса,
Алдағыға үңілме.
473. Қауіптің келуі тез,
Кетуі мез. 474. Қиыншылықта төзімді бол,
Жайшылықта сезімді бол. 475. Қобыз білмеген құлағынан керер,
Заң білмеген ұлығынан көрер. 476. Қой асығы демей-ақ,
Қолыңа толса, сақа тұт.
Жасы кіші демей-ақ,
Ақылы асса, аға тұт.
477. Қойға шапқан батырың
Батырды көрсе, қой болар. 478. Қойда екеу болып,
Жөргем жегенде жалғыз болсам. 479. Қойдың жегені құйрығында. 480. Қойын алдырып,
Қорасын бекіткен. 481. Қол қусырғанның қарны аш. 482. Қол пайдасы жүзге,
Ми пайдасы мыңға. 483. Қолдан білекке,
Білектен жүрекке. 484. Қолы қимылдағанның
Аузы қимылдайды.
Қарап отырса,
Несі қимылдайды.
485. Қолы қимылдағанның
Аузы қимылдайды. 486. Қолыңа түссе,
Қомсынба. 487. Қолыңды қанжығаға,
Аяғыңды үзеңгіге жеткізді. 488. Қолыңмен алып,
Аяқпен берме. 489. Қомағайдан – дерт,
Қорқаудан – бай. 490. Қомағайдан – қорқау. 491. Қомағайдың үйінде ас жоқ,
Жалқаудың үйінде отын жоқ. 492. Қонысқа жасаң жайлы,
Ақылға атаң жайлы. 493. Қорадағы қойың –
Қаптағы асың. 494. Қорқақ адам солқылдақ,
Қорғасын найза майысқақ. 495. Қорыққан – бойға құт,
Өнер – өмірге құт. 496. Қорыққанға қос көрінер. 497. Қотыр қойдан да шүйкедей жүн шығады. 498. Қу ағашта жеміс жоқ,
Құр сөзде нәр жоқ. 499. Қу бастан қуырдақ күткен. 500. Қуыс кеуде – шалқақ. 501. Құдай көбейсе – шайтан,
Тәуба көбейсе – күнә. 502. Құдық суын күткенмен,
Ернеуіне жетпес.
Бұлақ суын құртқанмен,
Қайнары кеппес.
503. Құйрығы – қамшы,
Көлеңкесі – дос.
Жығылса – сүйеу,
Тұрса – тіреу.
Таянса – таяғы,
Жүрсе – аяғы. 504. Құлақ біткен шыншыл емес. 505. Құстай сергек,
Жылқыдай жүрдек бол. 506. Қылмысты адам қипақтағыш,
Жауыр ат қиқақтағыш. 507. Қылшығын алам деп,
Былшығын шығарады. 508. Қырау сусын болмас,
Сілекей ас болмас. 509. Қыраудан қар,
Қылидан соқыр. 510. Қырқына шыдасаң,
Қырық біріне шыда. 511. Қырттық – шешендік емес,
Қыңырлық – батырлық емес.
М
512. Май дейтін май емес,
Без дейтін без емес. 513. Мақал – сөздің атасы,
Уәде – ердің опасы. 514. Мақтаншақта сенім жоқ,
Жағымпазда серт жоқ,
Шақша баста ет жоқ.
515. Мал баққаның
Аузы май. 516. Мал десе малдасын құрып,
Ет десе етбетінен түседі. 517. Мал жиғанша, ғылым жи. 518. Мал өсірсең, қой өсір,
Өнімі болар көл-көсір. 519. Мал семізі малшыдан. 520. Малға кемнің етегі қысқа,
Қой терісін жамылса да қасқыр. 521. Малы жоқ деп еттен түңілме,
Шөбі жоқ деп жерден түңілме. 522. Малым бар деп мақтанба,
Ғылым таппай баптанба. 523. Малыңды бақпаймысың аз да болса,
Балаңды сүймеймісің таз да болса. 524. Махаббат бар жерде
Мархабат бар. 525. Меруерт – ас емес, тас. 526. Меруерт тозса, өң табар,
Ер қысылса, жол табар. 527. Молда көбейсе, қой арам өледі.
528 Мың күнгі ұжымақтан,
Бір күнгі тірлік артық.
529. Мысық мойнына таспиық тағып,
«Еттен бездім» деп,
Тышқан аулапты дегендей,
Бақа тулап,
Батпақтан безбес.
530. Мінездің жайлысы,
Мінер аттың майлысы. 531. Мінін айтып,
Сынын түзе.
Н
532. Не ексең, соны орасың.
О
533. Оба тұрғызбасаң,
Сауысқан неге отырсың? 534. Озбырдың аузы күйе,
Олақтың қолы күйе. 535. Ойдағыны жазуға,
Ой керек.
Ойлағанға жетуге,
Талап керек.
536. Ойнап сөйлесең де,
Ойлап сөйле. 537. Ойы айшылықта,
Ал жүрісі күншілік. 538. Ойыны жаманды дау табар,
Тоны жаманды ит қабар. 539. Оқу – инемен құдық қазғандай. 540. Оқудан ерінбе,
Оқытудан жалықпа. 541. Оқығанның қағазында хаты қалар,
Ұста болса, пышағы мен таты қалар,
Надан болса, артында несі қалар.
542. Олақ төре ел бұзар.
Оғаш мінез жөн бұзар. 543. Он саусақ еңбек үшін қажет,
Он бірінші болса, артық емес. 544. Орынсыз жүргенше,
Орныңды түзе. 545. От ішінен салқын іздеме,
Қайғыдан бақыт іздеме. 546. Отанымды қарауға көз жеткісіз,
Бақытым санауға сөз жеткісіз. 547. Отпен ойнаған өлер. 548. Оянса ойында,
Ұйықтаса түсінде.
Ө
549. Өз басыңды дауға берсең де,
Жолдасыңды жауға берме. 550. Өз елінің бөзі – жібек. 551. Өз мініңді өзгеге сынат. 552. Өз сөзіне аузы айғақ,
Би сөзіне мөрі айғақ. 553. Өзі істеп, өзгеге таңу –
Масқарасын елге жағу.
Жеті қырсықтың –
Ең сорақы, ең сорлысы.
554. Өзге жерде ар сақта,
Өз жеріңде жан сақта. 555. Өзге жердің алтынынан,
Өз жерімнің топырағы. 556. Өзге жерінде атың шыққанша,
Өз еліңде сүйегің сынсын. 557. Өзгеден сұрағанша,
Өзіңнен ізде. 558. Өзім өлген соң артым шу болсын. 559. Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім,
Өзгенікі дегенде сырт айналар ісі. 560. Өзін-өзі зор тұтқан кіші болар,
Өзін-өзі кіші тұтқан кісі болар. 561. Өзің парлаған адам,
Өрісін тапқан мал.
Астан ауызыңа сал,
Ақбастыдан ақыл ал.
562. Өзің теріс жазсаң,
Өзгеге оқу деме. 563. Өзіңнен зор шықса,
Екі көзің сонда шығар. 564. Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлімді жерде молда семіреді. 565. Өмір көркі – еңбек,
Еңбек көркі – талап. 566. Өмірден пайда көргенің –
Өзің сүйген еңбегің.
Атыңнан пайда көргенің –
Самалдатып желгенің.
567. Өнерлі бала сүйкімді. 568. Өрдегіге тас атпа,
Өзіңе тиеді. 569. Өріссіз мал жоқ,
Малсыз күн жоқ. 570. Өсек – қанжар,
У – найза. 571. Өсек – өзіңе қас,
Жала – жаныңа қас. 572. Өсектің соңы – өкініш. 573. Өсекші – екі ұшы бар инедей. 574. Өсекшіге азап,
Ұрыға жаза. 575. Өсекшінің жағы талмас,
Тезекшінің қолы талмас,
Қомағайдың көзі тоймас.
576. Өсімдік көзі – жер,
Өмір көзі – от. 577. Өткелін білмесең,
Судан өтпе. 578. Өткен істе үлгі бар. 579. Өтірік алдында,
Өкініш соңында. 580. Өтірік өрге жүрмес. 581. Өтірікшіде уәде көп,
Алдамшыда аяныш көп.
П
582. Пайдалы іске
Пайымшыл көп. 583. Паң мінезде ұят жоқ,
Киімсізде қуат жоқ. 584. Пәле қайда деме,
Маңайда.
Доңыз қайда деме,
Тоғайда.
585. Пәлен жерде бақыр бар,
Іздеп барсаң түкте жоқ. 586. Пәлен жерде пайда бар,
Өз жеріңдей қайда бар?! 587. Піскен асқа жеуші болғанша,
Бітпеген іске басшы бол.
С
588. Сабасына қарай піспегі. 589. Садақтың оғы жебеден өтпес,
Көлдің суы арнадан кетпес. 590. Сақ адамды күзетке,
Сақ итті қораға. 591. Сақ итке сары ит кесел,
Еңбекке еріншек кесел. 592. Салақта сақтық жоқ. 593. Сарала қаз көлін аңсайды,
Ер жігіт елін аңсайды. 594. Сасқалақ қоянда салтақ көп. 595. Сен көтере ғой,
Мен «Үһлейін». 596. Сенімсіз достан,
Семсерлі дұшпан артық. 597. Сенімсізге сыр айтпа. 598. Созған қолды
Қайта тартып қайтесің.
Кеткен жолды
Қайта бұрып қайтесің.
599. Соққы көр де,
Сортаң же. 600. Соңғы түйенің жүгі ауыр. 601. Сорақының күндіз көрмегенін
Соқыр түнде табар. 602. Сорпа да ас екен,
Төл де мал екен. 603. Сөз қосқанша, бөз қос. 604. Сөз қуған – сөзшең,
Іс қуған – іскер. 605. Сөзге пысық,
Іске пасық. 606. Су рахаты байлыққа,
Өмір рахаты халыққа. 607. Судың көзі лай болса,
Өзі де лай. 608. Суретте мың шырақ болса да,
Үйге жарық жоқ. 609. Сусыз деп етік шешіп,
Тау көрмей етек түрме. 610. Сүйеу болған адамы
Сүйменін ұрлаған да,
«Сынып қалды», – депті.
611. Сызған гүл суға төзбес,
Екі жүзді сынға төзбес. 612. Сыздауықтан шиқан,
Шиқаннан жара. 613. Сыншы көбейсе,
Сыны кетеді. 614. Сырласуға кітап жақсы,
Сыйласуға дос жақсы. 615. Сырт адамының сыртын байқа. 616. Сырттағысы үйіне кірмейді,
Үйіндегісін ішіп-жемейді. 617. Сырты жылтырап,
Іші қалтырап. 618. Сырты күндей,
Іші түндей. 619. Сырты сұлу болса да, ішін біл. 620. Сыртың тотыдай,
Ішіңнің тотын-ай. 621. «Сіз» деген – әдеп,
«Біз» деген – көмек. 622. «Сіз» деген – сыпайылық,
«Сен» деген – анайылық.
Т
623. Таз әулекі,
Шұбар ат ойнақы. 624. Тайынша тулап ыңыршақ шақпас,
Тайлақ тулап тауға шықпас. 625. Тақия тазға,
Таяқ қойшыға. 626. Талабы зор тау басында,
Талабы жоқ жар астында. 627. Тамақ күтіп, таңды алма. 628. Таныстан достық,
Тамырдан дәм. 629. Таныстық бір күн,
Достық мың күн. 630. Таңдаған тазға жолығар. 631. Таңертеңгі жылуға
«Жылындым» деп санама.
Жастық шақтың қызуын
«Қызығым» деп санама.
632. Тау асса да, талабы бір,
Дария кешсе де, дәмі бір. 633. Тау көтерген күшіңді суға салма. 634. Таудай алтыннан,
Қылдай жан. 635. Таудай қараны
Табақтай ақ жеңер. 636. Таудай талап ойдан,
Тас қайрақ таудан. 637. Тауды тас тоздырар,
Ерді жас тоңдырар. 638. Таудың биігінен қорықпа,
Жүрсең асасың.
Істің көбінен қорықпа,
Істесең бітіресің.
639. Тауынан безген барыс оңбас,
Суынан безген балық оңбас. 640. Тауыса жегенше, тартып же,
Кеміріп жегенше, керіп же. 641. Тән жарасы жазылар,
Жан жарасы жазылмас. 642. Тәсілін тапсаң,
Тауды да бұзасың.
Оңын тапсаң,
Оқтан да құтыласың.
643. Тегі жақсының ұлы шешен,
Текті биенің құлыны жүйрік. 644. Тезектен жылу алсаң,
Тер төгіп май аласың. 645. Тек жүргенге жұмсаушы көп,
Ұқыпсызға сыншы көп.
Еріншекке бұраушы көп,
Епсізге мінші көп.
646. Тең келмеген жүктей,
Теріс саптаған балтадай. 647. Тең теңімен тұрмас,
Шөп көгімен тұрмас. 648. Теңізді міндеме,
Ерді күндеме. 649. Тереңнен іздеме,
Сараңнан сұрама. 650. Теріс басқан кері кетер,
Кері кеткеннен кебі кетер. 651. Теріс естісең де,
Дұрысын ұқ. 652. Теріс өсірген бала
Тез көрмеген сірідей. 653. Тоз-тоз болған барыстан,
Топтанған сауысқан артық. 654. Тойғанға қозының құйрығы қатты,
Ашқа бұғының мүйізі тәтті. 655. Тоқ қасқыр үңгірде,
Аш қасқыр адырда. 656. Топпен байисың,
Талаппен жетесің. 657. Торғайдай тозған,
Түтіндей ыдырар. 658. Тоты жүнін қорғар,
Ақылды атын қорғар. 659. Төбет біткен қабаған,
Төре біткен опасыз. 660. Төбеттің таласында нең бар,
Төренің баласында нең бар. 661. Төлмен мал өсер,
Ұрпақпен жан өсер. 662. Төрге отырсаң,
Төмен қарама. 663. Төреге ерсең, ер арқаларсың,
Моллаға ерсең, тері арқаларсың. 664. Төреге өшіккеннің басы кетер,
Итке өшіккеннің етегі кетер. 665. Төрт қабат болса үзеңгі бау,
Тіреусізбін деме.
Төртеу болса туысың,
Сүйеусізбін деме.
666. Төсекте бас қосылған,
Төскейде мал қосылған. 667. Төскейдің ызғарынан,
Төсектің ызғары қиын. 668. Төте деп, төрт қонып,
Жақын деп, жайға қалма. 669. Туған жердің
Суы зәмзәм,
Топырағы да алтын.
670. Тұз ащы болса да, асқа пайда,
Шын сөз қатты болса да, басқа пайда. 671. Тұлғасы батыр болғанмен,
Торғайдай ғана жүрегі. 672. Түзде аузыңа,
Үйде отыңа ие бол. 673. Түзде бұзауы жамырағанның
Үйде айраны төгіледі. 674. Түйенің танитыны бөркі қазандай болады. 675. Түк таппасаң,
Түйе жай. 676. Түмен істің түйіні бір,
Мың істің мұңы бір. 677. Түнде сабақ оқығанның
Төсегін көргенде, ұйқысы келіпті. 678. Түрткілеген от өшірер,
Түртпектеген көрші көшірер. 679. Түсетін үйің болсын,
Жүретін жолың болсын. 680. Түске шейін ұйықтап,
Түс ауа «қой» депті. 681. Түтінге түтін қос,
Ұрпаққа ұрпақ қос. 682. Тіл буынсыз, ой түпсіз. 683. Тілек төзімде. 684. Тіленшінің сүйген асын кім берер,
Шайпау жанды ақылды деп кім сенер. 685. Тілі мірдей,
Қозғалуы зілдей. 686. Тілі түссе қоңырау да меңіреу.
Екі ауыз біріксе,
Үшіншісі саңырау.
687. Тілің көркем болғанша,
Ісің көркем болсын. 688. Тірі адам алтын аяқтан су ішеді. 689. Тірі жан тәсілін табар,
Қарлығаш ұясын табар. 690. Тісің болса, тамаққа қысылма,
Балтаң болса, отынға қысылма.
У
691. Уақытында жортпаса,
Жолбарыс та құр қайтар.
Ұ
692. Ұзын тіл басқа бөгет,
Ұзын етек аяққа бөгет. 693. Ұйқы басқан,
Таң ата қарақшы тігер. 694. Ұйқы ұққанша,
Тоқыма ұқ! 695. Ұйқыны өлшесең, ой ширақ,
Сусынды өлшесең, тамыр ширақ. 696. Ұрлық түбі – қорлық. 697. Ұрпаққа зиян екі әдеттен аулақ бол,
Бірі – дүниеқорлық,
Бірі – өзімшілдік.
698. Ұрпақта жалғыздық жоқ,
Олжада аздық жоқ.
Ғылымда кештік жоқ,
Ізденуде шектік жоқ.
699. Ұстазы жаманның
Шәкірті жаман.
Шәкірті жаманның
Ұстазы жаман.
Ү
700. Үйде өскен бұзау
Түзде өгіз болмас. 701. Үйді қорлаған
Желбегей кірер.
Жылқыны қорлаған
Жүгенсіз мінер.
702. Үйренген істен
Үйдей нәтиже. 703. Үйірі басқаны ноқта қосады. 704. Үйірі басқаны ноқта қосар,
Үйі басқаны іс қосар. 705. Үнемдесең, өзіңе пайда,
Үйренсең, өміріңе пайда.
Ш
706. Шақпаса жыланда нем бар,
Қаппаса итте нем бар. 707. Шалқалап құлау да,
Шалқып баю да – дерт. 708. Шаранаң кеппей,
Шамаң жетпейтінмен алыспа. 709. Шашын алам деп,
Басын... 710. Шәкірт болу ұстаздан,
Шырақ болу майдан. 711. Шебердің қолы ортақ,
Шешеннің тілі ортақ. 712. Шебердің қолы ортақ,
Жомарттың малы ортақ. 713. Шешеннің тілі – шебердің бізі. 714. Шикі ас ішіңе қас,
Шикі сөз өзіңе қас. 715. Шөпке ораса сиыр жемейді,
Майға ораса ит жемейді. 716. Шыбын келсе – құрт,
Бақсы келсе – жұт. 717. Шығар күнге бұлт бөгет,
Өсер жасқа өсек бөгет. 718. Шын жасы отыз бес,
Өтірік жасы жиырма бес. 719. Шын сөзде құн бар,
Өтірікте сұм бар. 720. Шын темірді тот баспас,
Шын туысын ұмытпас. 721. Шырақ жалғыз болса да,
Үйге жарық болады.
Ғылым жалғыз болса да,
Елге жарық болады.
Ы
722. Ынтымақ түбі – игілік,
Игілік түбі – тірлік. 723. Ырыс көркі – ынтымақ,
Адам көркі – ақыл.
І
724. Іздесең тап,
Істесең бітір. 725. Іздесең, жоқты табасың,
Оқысаң, ғылым табасың. 726. Істемей жатып мақтанба,
Шындық – игіліктің иіні,
Өтірік – бар сұмдықтың түйіні.
727. Ісің қатты болса,
Ішкенің тәтті болар. 728. Ісің оңбаса, дос кетер,
Түземесең, бас кетер. 729. Ісің теріс болса,
Өмірің керіс болар. 730. Іші тоқ,
Басында жоқ. 731. Ішінде ақыл болса,
Сырты салмақты.
Жұмбақтар
1. Зер-зер кілем, зер кілем,
Көтерейін десем зор кілем.
(Жер)
2. Көк шатырда көк орақ,
Өмірі ормас ол орақ.
(Ай)
3. Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе табылмас.
(Жел)
4. Біреудің бір ұлы бар және қызы,
Біледі ол екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды ұлы түнде, қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі.
(Ай, күн)
5. Тауға шықса жүгірген,
Таудан түссе сүрінген.
(Қоян)
6. Иір-иір ізі бар,
Құлағы жоқ, көзі бар.
Түсі суық ызғарлы,
Аузында айыр бізі бар.
(Жылан)
7. Құдіреттің бір құсы,
Көкте десем ебі жоқ,
Жерде десем ізі жоқ.
Мекенінен шықса өледі,
Оған қылар емі жоқ.
(Балық) 8. Үсті тас, асты тас,
Төрт аяқ, жалғыз бас.
(Тасбақа)
9. Тоғай іші толған жұмбақ,
Ақын жігіт айтқан жұмбақ,
Шешен қатын тапқан жұмбақ.
(Қойдың ішек-қарыны және оны аршу)
10. Екеу ерегесіп келеді,
Төртеу төбелесіп келеді.
(Түйенің өркеші мен аяғы)
11. Мекеде бір ағаш бар түбі жуан,
Он екі ұл, алпыс қызы бір күні туған.
(Адам, 12 мүше, 60. тамыр)
12. Қиын-қиын қиялар,
Қиынға жұмыртқа ұялар.
(Ми)
13. Бар екен бір айдаһар аузын ашқан,
Көргенде адам пенде заһар шашқан.
Кетеді ашуланса таудай болып,
Қайнатып қара тасты ашу басқан.
(Көрік)
14. Жаһанда бір кемпір бар ағаш аяқ,
Аузына тістегені шиден таяқ.
Белінде мың сан қабат белбеуі бар,
Бір салсаң шапалақпен, кетер зырлап.
(Ұршық)
15. Өзен бойын өрледім,
Су таба алмай шөлдедім.
Оң қолымдағы найзаны
Олай-былай сермедім.
(Өрмек тоқу)
16. Көк өгізім гүрілдейді,
Жансыз ағаш дірілдейді.
(Саба, піспек)
17. Жылт-жылт еткен, жылғадан өткен,
Базарды басқан, кентті кешкен.
(Ине)
18. Қарлы таудың басында
Қанатына мұз қатып,
Қырғи дейтін құс отыр,
Қайрыла алмай ол отыр.
(Түндік)
19. Шидім-шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс.
Қарқарада қара құс,
Хан басына қонған құс.
(Тігулі үй-ағаш)
20. Кішкене ғана мүсірет,
Таудан отын түсіред.
(Ұстара)
21. Маңдайында есігі бар,
Ішінде есебі бар.
Судан суаты бар,
Күлден қуаты бар.
(Насыбай шақша)
22. Атқа мінбейді, жаяу жүрмейді,
Күніне мың шақырым жерге барып келеді.
(Көңіл)
23. Сары ат міндім, саз кештім,
Сарқыны маған тимеді.
Қара мақпал тон піштім,
Қиқымы маған тимеді.
(Түс)
24. Ұзын-ұзын ұсқауын,
Ұзынына кім жетер.
Шыбар ала күйкентай,
Шыбарына кім жетер.
(Кітап)
25. Базардан алып келген қара арғымақ,
Бітіпті төбесіне екі құлақ.
Белбеуін тоғыз жерден буынып ап,
Сөйлейді азаматтан бұрынырақ.
(Домбыра)
26. Желі басында бес ине,
Бесеуі де мес бие.
Құлындары құла ала,
Құлақтары сары ала.
(Масақ)
27. Аласа ғана бойы бар,
Қойнына тыққан наны бар.
(Бидай)
28. Алла мықты жаратқан сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып әлі жатыр.
Кезек-кезек жығысып, жатып тұрып,
Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.
(Күн мен түн, ай мен күн, жақсылық пен жамандық)
29. Бір жайын тынбай жүрген дөп-дөңгелек,
Ұясы үш жүз алпыс болса керек.
Қасында сан жетпестің асыл шөлмек,
Байлауын алмағайып Хақтан білмек.
Аспаннан алты арыстан ақырады,
Астында миуаланған алты терек.
Гүлденіп сол теректің жапырағы,
Ғаламға он сегіз мың пайда бермек.
Жанады бір сарайдан сансыз шөлмек,
Пәндаға қиынырақ санап бермек.
(Ай, күн, жұлдыз, тәулік, 6 ай қыс, 6 ай жаз)
30. Бір таудың адам жүрмес қиясы бар,
Екі самұрық, қос қыран ұясы бар.
Бітіпті етегіне құрма ағашы,
Басында бұлбұл құстың ұясы бар.
(Бас, көз, ауыз, құлақ, тіл, сақал)
31. Басына қара таудың бітер қорған,
Онда жоқ бекітерге айыл-тұрман.
Қасына төрт нөкерін ертіп алып,
Үстіне қайырлы бай мініп тұрған.
(Қазан, ошақ)
32. Аспанда қыран сары кісі алады,
Болғанда кешке жақын ән салады.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң,
Түтікпен тақыр жерден су алады.
(Маса)
33. Бір түйем өлді арықтап майы көптен,
Жануар семірмейді жеген шөптен.
Ол түйем зәудеғалам өліп қалса,
Сүйегі табылмайды жерден-көктен.
(Майшам)
34. Әкеміз – Орманбет хан, біз – немере,
Ойласаң ойға түсер әрбір неме.
Адамға тілсіз, жансыз сөйлеседі,
Қолы жоқ, аяғы жоқ ол немене?
(Хат)
35. Ойласам дүние жүзі дөп-дөңгелек,
Бір нәрсе бас бармақтай болса керек.
Жалғыз-ақ, басқан жерде ізі қалар,
Оны да ойламай шеш, ақылы зерек.
(Мөр)
36. Ізі бар, адымы жоқ аяғынан,
Тимейді ұшы жерге таяғынан.
Айуанға екі аяғын арта салып,
Келеді әнін шырқап баяғының.
(Бүркіт)
37. Бір нәрсе өзі жансыз, келбеті адам,
Жалғыз-ақ сөйлесуге тілге надан.
Жалғанда бой теңесіп жүргенменен,
Махшарда сұрағы жоқ кейін қалған.
(Адамның көлеңкесі)
38. Айналған дүние жүзін бір диірмен,
Шығады ай менен күн бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Япырм-ай, қолы сыңғыр кім иірген.
(Сағат)
39. Бір сандық сырты заһар, іші захум,
Ішінде қазына бар жүзге жақын.
Жұмбақты көп ойласаң болады кеш,
Көзелім, ақын болсаң, ойламай шеш.
(Сіріңке)
40. Бір адам өзі жалғыз сапар жолда,
Сермейді екі қолын оң мен солға.
(Телеграф бағаны)
41. Жапанда бір бәйтерек біткен биік,
Төбесі үш буындап көкке тиіп.
Құдайым ол терекке берген тілек,
Терекке бұтақ шықты ұйып-ұйып.
Ол терек ырғалады жүрек шайып,
Кетеді жапырағы жанды жайып.
Шешуі: (өзің тап)
42. Жақсының келіспейді сыңар жағы,
Пәнденің Құдай деген тұрар бағы.
Жапанға бір бәйтерек біткен биік,
Жандарал помещик дуандағы.
Халыққа мына шыққан қағаз ақша,
Теректің жайылып шыққан жапырағы.
Келемін жоқ артынан желе шауып,
Басына сұр бесті аттың ноқта салып.
Тоймайды жеті нәрсе бір-біріне,
Айта ғой, ақын болсаң, орнын тауып.
Шешуі: (өзің тап)
43. Тоймайды от отынға, молда оқуға,
Тоймайды алғанменен ер қатынға.
Шырағым, таппайды деп ширатылма,
Кім тояр жасауменен ой-ақылға.
Қарасам сөйлейді,
Қарамасам сөйлемейді.
(Кітап, хат)
44. Құдіретпен басылған жалғыз көрік,
Алпыс ханның басында жалғыз бөрік.
Алпыс ханның астында алпыс тақ бар,
Келістіріп айтайын көзім көріп.
(Киіз үй)
45. Қаратаудың басында бітер ұран,
Ол ұранға мекендер екі түрлі аң.
Он кісі қаршыға алып тауға шықса,
Қаршығам бірін қоймас сондай қыран.
(Шаш, бит-сірке, ұстара)
46. Қорам ақ, қойым қара, қойшым өлеңші.
(Қағаз, сөз, қарындаш) 47. Отырмын айтайын деп жұмбақ ойлап,
Дүлдүлді сахараға қойдым байлап.
Басында бұлбұл отыр үйдің сайрап,
Бір гауһар қойынында тұрар жайнап.
Дарияның жағасында месесі бар,
Жел тисе жанып кетер оттай қаулап.
Болсаң да әзір ақын бір саларсың,
Осы айтқан жұмбағымды ойламай тап.
Шешуі: (өзің тап)
48. Жағасы қырғи қабақ ойдым-ойдым,
Жақсының атын естіп көрмей қойдым.
Жақсының атын естіп көрмесем де,
Ол рас атын естіп қолым қойдым.
(Тәңірі)
49. Екі түйе бір көсеу.
(Сиырдың тілі) 50. Тоны бар, шапаны жоқ.
(Мысық) 51. Жер астында жездекем аты кісінейді.
(Суыр) 52. Төсек астында төрт бауырсақ.
(Сиырдың, түйенің емшегі) 53. Алды қиық, арты шалғай.
(Аттың жалы) 54. Бүкір ағашқа қар жұқпас.
(Сиырдың мүйізі) 55. Кішкене ғана қара тіс.
(Қоңыз) 56. Жаралғанға жабысқан.
(Нәрсенің аты) 57. Төрт аяқты, мың таяқты.
(Кірпі) 58. Арқасы домалақ, аяғы ұзын.
(Өрмекші) 59. Сақалы бар, санасы жоқ.
(Ешкі) 60. Ел жатса да тек жұрнақ тегін жатпайды.
(Малдың күйсеуі) 61. Құлағы ұзын жануар, дөрекілеу әні бар.
(Есек) 62. Түрлі-түрлі түр кілем,
Түр аласы бір кілем.
(Малдың шуы)
63. Аласа ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
(Қой)
64. От басында құмған,
Екі көзін жұмған.
(Мысық)
65. Текшелеп тебен арттым тамашаға,
Тамашам жүгіреді оңашаға.
(Кірпі)
66. Тіріден өлі туады,
Өліден тірі туады.
(Жұмыртқа)
67. Бір бөдененің ішінде
Екі түрлі суы бар.
(Жұмыртқа)
68. Құйрығы мен бастан белі бөлек,
Кете берер ағарғанды оңай сүйреп.
(Құмырсқа)
69. Кішкене ғана қара тас,
Атан түйе көтере алмас.
(Қара құрт)
70. Алыстан қарасаң бір қойған,
Жақыннан қарасаң мың қараған.
(Аттың құйрығы)
71. Тұмсығы жоқ қара қарға,
Мұзды тесер бара-бара.
(Құмалақ)
72. Ай далада ақ отау,
Аузы мұрны жоқ отау.
(Жұмыртқа)
73. Әндіруде-дәндіру,
Тігісі жоқ қондыру.
(Малдың аласы)
74. Таңертең тұр-тұрлайды,
Кешке жат деп жыр жырлайды.
(Қораз)
75. Салынған үйі тастан,
Тесіп алып қашқан.
(Балапан)
76. Әбілғажым айтқан жұмбақ,
Айналысып жатқан жұмбақ.
(Ішек-қарын)
77. Үй үстінде шылғи қайыс,
Ашуы көп болар таныс.
(Жылан)
78. Құс болса да құлағы бар,
Әр қуыста тұрағы бар.
(Үкі)
79. Мың найзалы жалғыз батыр,
Жауы әсте алмас батыр.
(Кірпі)
80. Сауытынан мықты шапаны,
Жәндіктің нағыз табаны.
(Тасбақа)
81. Ақыраңдап аузын ашқан,
Соқыраңдап жерді басқан.
(Бақа)
82. Ашылмаған сандықта
Жыртылмаған бұл жатыр.
(Жұмыртқа)
83. Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
(Жал)
84. Қаны жоқ, жаны бар,
Гүлі іздеп сабылар.
(Көбелек)
85. Аппақ қардай тоны бар
Күжірейген жануар.
(Ақ қоян)
86. Қоян құлақ, теке мұртты,
Ысқырса разы қылар тамам жұртты.
(Таует деген құс)
87. Шашылды маржан,
Бағасы арзан.
(Құмалақ)
88. Жазда пана болып тұрады,
Қыста босқа аңырап тұрады.
(Ұя)
89. Түйеде жоқ, ешкіде бар,
Доңызда жоқ, қоңызда бар.
(Мүйіз)
90. Иір-иір бұтасы төбесінде,
Таң қаласың орманнан көресің де.
(Бұғы)
91. Тұрады төбесі бүлкілдеп,
Сен оған қарайсың күлкің кеп.
(Үкі)
92. Өмірі шықпай үйінен,
Сүйреп жүр оны дәйіммен.
(Тасбақа)
93. Ағашты орманның түбінен табасың,
Ине шаншылған шүйке деп қаласың.
(Бұғы)
94. Ат та емес, ит те емес,
Тістейтінін қайтесін.
(Тышқан)
95. Бауырындағы бұлағын ел ішеді,
Шабылады жотасынан пішені.
(Саулық қой)
96. Екі батыр жолда шөлдейді,
Екі батыр қазына іздейді.
(Түйе)
97. Итің-китің жорғасы бар,
Басында дорбасы бар.
(Тауық)
98. Бір елеуіш жаным бар,
Көтере алсаң, бәрін ал.
(Құмырсқа илеуі)
99. Екі рет туады,
Бір рет өледі.
(Құс)
100. Басы тарақ,
Арты орақ.
(Қораз)
101. Қанатым болғанымен ұшпаймын,
Көл жайлап мұз астында қыстаймын.
(Балық)
102. Жел боранда желдей ескен,
Шекесіне семсер өскен.
(Бұғы)
103. Жер бетінде өзімнен әнші жоқ деп озатын,
Күндіз-түні шақырады ол бірақ өз атын.
(Көкек)
104. Жағалай-жағалай тас қойдым,
Жирен атымды бос қойдым.
(Тіл мен тіс)
105. Жүнді дене, жүнді бас,
Ұстап алсам қылар қас.
(Кірпі)
106. Былқ-былқ семіз,
Сүйегі жоқ семіз.
(Ішек)
107. Екеуі қарауыл қарап тұр,
Төртеуі ұйықтап жатыр,
Біреуі қамыр басып тұр.
(Түйенің екі өркеші, аузы, мұрны)
108. Қызыл шақа, жүні жоқ,
Қолға ұстап жүруге
Құмарланатын кісі жоқ.
(Балапан)
109. Алуан дүркін аузында бір әккар,
Неше жұтқан жандарды көрдім әни,
Сүйегі бақша-бақша жоқ тұр бәни.
(Балық)
110. Кереметім сақ құлақ,
Далада жүр шапқылап,
Есек пен атқа да ұқсап.
(Қоян)
111. Құрғақ жерде жүрмейді,
Қанаты бар жануар,
Бірақ ұша білмейді.
(Балық)
112. Пілдей тісі бар,
Суда жүзеді,
Балық сүзеді.
(Морж)
113. Есекті құлағына қыстырып,
Қасқырды ат қып мініп,
Әйт деген де, жүре берген.
(Қоян)
114. Демсіз, үнсіз,
Басса ізсіз,
Жүрсе жолсыз.
(Балық)
115. Ары жүгір қара шарты,
Бері жүгір қара шарты,
Тал үстінде талтайған қара шарты.
(Құндыз)
116. Жылқыны қарнына қыстырған,
Түйені ерніне қыстарған.
Мұрты бар, сақалы жоқ,
Әйт дегенде аялы жоқ.
(Қоян)
117. Кілемнің түрлеріндей жүндері бар,
Айбаты жоқ, қамыстан үйлері бар.
Жарымы бой сұлу құйрық, қысқа құлақ,
Кететін зиян қылып бір жері бар.
(Жолбарыс)
118. Бір нәрсе қанаты бар ұшпас биік,
Сонда да жүрмейді екен жерге тиіп.
Арасын жер мен көктің өрт алса да,
Кетпейді ешбір жері отқа күйіп.
(Балық)
119. Белең-белең, белең ат,
Белі бүкір күрең ат.
Тауға қарай өрлейді,
Таудан құлап өлмейді.
(Құмырсқа)
120. Есек сауыр,
Жылан бауыр.
Оян ауыз,
Масалар дейді «жауыз».
(Инелік)
121. Ерте келер дегелек,
Кешке келер дегелек.
Түрлі түрлі жібектен
Түйін түйер дегелек.
(Қой)
122. Дүбір-дүбір, дүбірген,
Жер айналып жүгірген.
Жабырханның бір ұлы
Мылтық ала жүгірген.
(Мысық пен тышқан)
123. Торғын-торғын таспа,
Бірақ тастан басқа.
Мекені қамыс па,
Бұл саған таныс па?
(Жолбарыс)
124. Қара тайым қашаған,
Құдірет Алла жасаған.
Еш қайласын таба алмай,
Суға қамап ұстаған.
(Балық)
125. Жасымнан өнер берді әкем маған,
Бір нәрсе жердің жүзін шыр айналған.
Артында жетектеген ешкісі бар,
Ит мініп, есек өнгеріп, түйе айдаған.
(Қоян)
126. Бап-бап, бап екен,
Басқан ізі ін-мекен.
Құйрығында меңі бар,
Меңді қожа қайда екен?
(Қоян)
127. Қайталап атымды,
Көктемде ән салған.
Кез келген ұяға
Жұмыртқа тастаған.
(Көкек)
128. Ағаш басында,
Тас арасында,
Әр алуан қуыста
Түндіксіз отау.
(Құс ұясы)
129. Мүйізі бар құйрықты,
Тындырады бұйрықты.
Көктен бөрік киеді,
Көптен таулар үйеді.
(Сиыр)
130. Бір нәрсе сырты бүтін, іші қуыс,
Айуан-жануармен болған туыс.
Бір елдің патшасын қаратады,
Қарасаң, бар денесі бір-ақ уыс.
(Бүркіт томағасы)
131. Кішкентай ғана сұр шұнақ,
Оңдырмайды түйсе тұяқ.
Ашуланса тебеді,
Басқалар қалар сұлап.
(Сұңқар)
132. Кішкене ғана бойы бар,
Тамақта ғана ойы бар.
Тіршілік құрып жүреді
Шамасы аз жануар.
(Торғай)
133. Балпаң-балпаң басады,
Адамнан қатты сасады.
Саусақтары салалы,
Қыста жылыға қашады.
(Қаз)
134. Төрт аяқты мақұлық
Үй күзетеді ақырып.
Тындырғандай кей жерде,
Жата кетеді аһ ұрып.
(Ит)
135. Көп ине, көп ине,
Бір сабағы жоқ ине.
Қырына қалады өзі,
Доп-домалақ әрине.
(Кірпі)
136. Тау астында төрт бала,
Кезек-кезек ойнаған.
Төрт баланың қолына
Төрт айды әкем байлаған.
(Жылқының аяғы, тұрасы)
137. Бір қыз бар дүниеде шынарланған,
Сол қызға елдің бәрі құмарланған.
Бірі адам, бірі хайуан, бірі жануар
Ақыры сол қызды үшеуі алған.
(Адам, ат, бүркіт)
138. Бір нәрсе ақ пен сары екі қабат,
Құдайым керемет берген аямай-ақ.
Ісіне Құдіреттің таң қаласың,
Кетеді бір аздан соң тарап-тарап.
(Жұмыртқа)
139. Өзі жап-жас, мұрты бар,
Ет пен сүтке ұмтылар.
Тастамайды жылы үйге
Түкті тоны шұп-шұбар.
(Мысық)
140. Лас жерде боласың,
Содан дәмге қонасың.
Адалдықты білмейсің,
Аяқ сүртіп жүрмейсің.
(Қара шыбын)
141. Шықпайды бір мақұлық қорасынан,
Түгінің ине өтпейді арасынан.
Тап мұндай мақұлықты көргенім жоқ,
Айырылар туа сала анасынан.
(Кірпі)
142. Бір ғажап төрт аяқты, құс қанатты,
Күндік жерден көреді адамзатты.
Қолында қылдан нәзік таяғы бар,
Тиеді түртіп қалса бізден қатты.
(Маса)
143. Айыр-айыр тілі бар,
Шұбар ала түрі бар.
Бар жәндіктің ішінде
Қауіптісі сол, біліп ал.
(Жылан)
144. Түбірлі төртеу,
Түймемен бесеу,
Елубай екеу,
Мамық жалғыз.
(Жылқы)
145. Маң-маң басқан жүрісі,
Барлық құстың ірісі.
Қашанда құсша ұшпайды,
Қуғанын бірақ ұстайды.
(Түйеқұс)
146. Бір шаһар дөп-дөңгелек өлкесі үйдей,
Ішіндегі кәрі-жасы бәрі бірдей.
Кәрісін де, жасын да әрқашан айырмаймын,
Таңғалған қандай дерек мұны білмей.
(Құмырсқа)
147. Екі езуі құлағына жетеді,
Тамақ жесе ызың-ызың етеді,
Ашуланса, бізі бұрын жетеді.
(Ара)
148. Тышқаннан басқа батпаған,
Қарыштап жерді аттаған.
Бөренені тістеп ап,
Тіршілік етіп оттаған.
(Піл)
149. Мың найзалы жалғыз батыр,
Жауларына алғызбай әлі жатыр.
Жақтырмаса бүрісіп жатып алар,
Темір шеге қатып алар.
(Кірпі)
150. Сауыттан мықты шапаны,
Жәндіктің нағыз шабаны.
Тіршілік етіп әлі жүр,
Жаратылуы тым сапалы.
(Тасбақа)
151. Ешкімен тегі туысқан,
Кіндік кесіп жуысқан.
Құзар тау боп мекені,
Ешкіні көрмей ұрысқан.
(Таутеке)
152. Қоян құлақты,
Жылқы тұяқты.
Көксұр түсті,
Көмпіс күшті.
(Есек)
153. Қалың әскер бағып жүр,
Сансыз найза тағып жүр.
Құржия қалар құрысып,
Найзасы оны қағып жүр.
(Кірпі)
154. Аттанған бір шаһардан қалың халық,
Соғысып тыныш жүрмейді елді шауып.
Жаратқан мықты қылып нәсілін,
Өзінің тауып алып жүр кәсібін.
(Құмырсқа)
155. Жер астынан жол қазар,
Күндіз табар жолды озар.
Қалың бөлме үй салып,
Сиқын жердің ол бұзар.
(Көр тышқан)
156. Шарлап жүреді даланы,
Қияға салады ұяны.
Шыр айналып жүргенде,
Тамағын іздеп табады.
(Қыран құс)
157. Құс болса да құлағы бар,
Қуыста мекендеген тұрағы бар.
Талайлар оған құмар болған,
Қызықтырар төсі мен балағы бар.
(Үкі)
158. Судан шығады, судан қорқады.
(Тұз) 159. Үй үстінде ұсақ тас.
(Жұлдыз) 160. Жазда бар, қыста жоқ.
(Шың) 161. Таудан баспағым домалап келе жатыр.
(Жол) 162. Діңкілдек қамшым жер тесер.
(Тамшы) 163. Шөптен аласа, таудан биік.
(Жол) 164. Жер түбінен боз жорға ат кісінейді.
(Боран) 165. Қолы жоқ, аяғы жоқ, өрнектеп жүр.
(Аяз) 166. Жаман жолдасым маңымнан қалмайды.
(Көлеңке) 167. Бір түкті кілем,
Бір түксіз кілем.
(Аспан мен жер)
168. Отқа салса жанбайды,
Суға салса батпайды.
(Мұз)
169. Бір нәрсе етегі кең, найзасы бар,
Қосылған адамзатқа қайласы бар.
Мекені жер де емес, көк те емес,
Адамға әр уақытта пайдасы бар.
(Найзағай)
170. Қуып едім, мойны бұрылмайды,
Ұстайын деп ем, қолыма тұрмады.
(Жел)
171. Әлемге аян екі батыр,
Жеңе алмай бірін-бірі келе жатыр.
(Қыс пен жаз)
172. Көруге бар, ұстауға жоқ,
Бір нәрсе еді жансыз аяғы жоқ.
(Сағым)
173. Сен ары отыр,
Мен бері отырайын.
(Із)
174. Көктен аласа,
Жерден көрінеді тамаша.
(Бұлт)
175. Алыстан көрінеді айдаһардай,
Аузына ілінгенді жалмағандай.
(От)
176. Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.
(Күн)
177. Арқалық салмай үй жаптым,
Суықта жылжымай жаттым.
(Мұз)
178. Тепсем, тебілмейді,
Бассам, басылмайды.
(Көлеңке)
179. Заң-заң, заң кілем,
Көтерген бәрін зор кілем.
(Жер)
180. Бар ма, жоқ па анық білмейсің,
Ол жоқ жерде өмір сүрмейсің.
(Ауа)
181. Төңірегі тең көрініп,
Тегене жатыр төңкеріліп.
(Аспан)
182. Қанатсыз құс қаңғып барады,
Көзінен жас тамып барады.
(Бұлт)
183. Аспандағы әсем белдеуді,
Алып белге буынсам.
(Кемпірқосақ)
184. Көк бұйра толқын бу атқан,
Ауда тұр сол мұнартқан.
(Бұлт)
185. Шешесі су да, әкесі суық,
Көктемде өлер, күз күні туып.
(Мұз)
186. Көбелек секілді келгенде,
Өңі аппақ көргенде.
(Қар)
187. Өлшеусіз пішілген,
Жіпсіз тігілген.
(Жер)
188. Бір анасы, бір атасы,
Бірнеше шық баласы.
(Ай, күн, жұлдыз)
189. Күміс табақ дөңгелек,
Аспанда жүреді дөңгелеп.
(Ай, күн)
190. Ана ауылдың бурасы,
Мына ауылдың бурасы,
Желкілдейді шудасы.
(Түтін)
191. Ар жағында орманның,
Ар жағында таулардың
Алтын кеспек домалар.
(Күн)
192. Үш жүз алпыс қызым бар палуан туған,
Бұлардың қырық сегізі ұлы молда қуған.
Он екі ұл осылардың қасында бар,
Қыздары бәрінен бұрын туған.
(360. күн)
193. Әуеде ұшып жүрген бір аққу бар,
Сұңқары екі де, он екі тұлпары бар,
Біреуінде үш жүз алпыс құлыны бар.
(Ай, жыл, күн)
194. Ертеңгілік үлкен,
Кешкілік үлкен,
Талма түсте кішкене.
(Көлеңке)
195. Үй іші диірмен,
Шағылмайды бүйірден,
Жіптен нәзік, қылдан тұзақ.
(Сағым)
196. Көп моншақ үй үстінде қойдым шашып,
Қарасаң толып жатыр көзіңді ашып.
Үйіме түссе сәуле,
Кетеді әлгі моншақ қашып.
(Жұлдыз)
197. Біз-біз, біз едік,
Біз арбалы қыз едік.
Таң атқанша жайылдық,
Таң атқан соң жойылдық.
(Қырау)
198. Бір нәрсе жердің бетін шыр айналған,
Мақұлық біз білмейміз қайда барған.
Арасын жер мен көктің мекен қылып,
Байлаусыз бір арада тұра алмаған.
(Бұлт)
199. Алдымнан өтті бұлдырап,
Тұра қалдым жолына.
Ұстайын деп ойладым,
Тоқтамады қолыма.
(Жел)
200. Отыз ор бөдене,
Қырық қысыр шіл.
Бес дуадақ,
Он екі шығадақ.
(Жыл 12 ай, күн, апта)
201. Дүниеде бір қобыр бар тозбайтұғын,
Жазда шіріп, қыста жетіп, тозбайтұғын.
Жапанның жерін, суын, жәндіктерін
Сырты кең бәрін сақтап толмайтұғын.
(Аспан)
202. Көк аспанды байытқан
Қара бұлтқа тәп-тәуір.
Пайда болып ғайыптан,
Бұл ғайыптан от тамар.
(Найзағай)
203. Жерде емес, аспанда емес, арасында,
Қол жетпес ұстағанмен саласына.
Өзінің ұшқырлығы құстан жүйрік,
Ойланып бұл жұмбақты табасың ба?
(Жел)
204. Таптым, таптым табан-ақ,
Табаны жалпақ қоян-ақ.
Желіп кетсе жеткізбес,
Жерге түссе көрінбес.
(Сағым)
205. Бір түйе майы көптен жүре алмайды,
Жеген шөптен қашан да жалықпайды.
Жел бұйдасын қағып қойса,
«Әкәку, сәкәку» деп ән шырқайды.
(Жел, қар, аяз)
206. Алла Тағала жаратқан сегіз батыр
Баяғыдан күресіп әлі жатыр.
Кезек-кезек жатып-тұрып,
Кім шығары белгісіз түбінде ақыр.
(Күн, түн, жаз, қыс)
207. Қаптап жүрген малым бар,
Кәне, санап алыңдар.
Түнде ғана жаямын,
Күндіз қамап қоямын.
(Жұлдыз)
208. Ақ жылан аяғы да, көзі де жоқ,
Сөйлеген бір ауыз сөзі де жоқ.
Тоқтамай қысы-жазы кезе берер,
Үстінде ұстап алар бөзі де жоқ.
(Өзен)
209. Жаңбыр түрлі жіптерден
Шәлі тоқи біліпті.
Аулақ шығып ауылдан,
Шәліге өң беріпті.
(Кемпірқосақ)
210. Айтамын айт дегенін ақпар-дақпар,
Үш жүз алпыс үйрек пен шағалақ бар.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Он екі қаз, екі аққу, қаз жұмбақ бар.
(360. күн, 12 ай, жаз, күз)
211. Бап-бап басы бар,
Алтын ердің қасы бар.
Мұны тапқан адамның
Жүз жиырма да жасы бар.
(Шолпан)
212. Дүниеде бір батыр бар қорықпайды,
Анда-санда айқай салып шарықтайды.
Батырдың мінген аты сондай күшті,
Күні-түні шапса да зорықпайды.
(Құйын, жел)
213. Алты қаз, жеті үйрек, бір бөдене,
Кейде орта, кейде толы, сар тегене.
Лайдың тынықпенен араласқан,
Бір аққу ұшып шықты құсқа төре.
Жұмбақшы кісі болсаң, осыны тап,
Шығардым өз ойымнан бұл немене?
(Жетіқарақшы, күн, шолпан, ай)
214. Қазан толды кілкілдеп,
Қайнайды жай бүлкілдеп.
Балаларым қашып кетті,
Көк қағазды басып кетті.
Қатарлатып тізіп алды,
Арттарынан ізі қалды.
(Кемпірқосақ)
215. Мен көрдім дарияда он екі қыз,
Мен өзім санап алдым кеше күндіз.
Жұмбағым қанша айтсам да таусылмайды,
Ей, жаным, шеше алмайсың, күдеріңді үз.
(Жыл, 12 ай)
216. Дарияның ортасында екі жайың
Бірі кетсе, біреуі болар дайын.
Алма кезек ауысар,
Уағында айтқызбай-ақ болар дайын.
(Күн мен ай)
217. Батырмай жерге қонады,
Жердің беті оңады.
Қыста ғана тұрады,
Ұстасаң қолың тоңады.
(Қар)
218. Алыстан көрдім көр белді,
Жарқырап жатқан көп көлді.
Ұстайын деп ойланып,
Жақындап едім жоқ болдым.
(Сағым)
219. Қара бура өкірді,
Мазасын жұрттың кетірді.
Қамшылап атам зекірді,
Ауылдан айдап кетірді.
(Жаңбыр, күн күркіреу)
220. Теңізді қоймай шайқады,
Егісті кейде жайпады.
Мазасын алып нәрсенің,
Салды бүлік сойқанды.
(Дауыл)
221. Аппақ етіп айналаны,
Ақ көбелек айналды.
Әбден қонып болған соң,
Жер әлемде жайланды.
(Қар)
222. Жапанда жанға мәлім екі терек,
Дөңгелек жапырағы болса керек.
Санаса әр бұтағы отыз болған,
Ойланып бұл жұмбақты айтса керек.
(Ай, күн, апта)
223. Бір ағаш дүниеде түбі жуан,
Он екі ұлдан отыз қыз бұрын туған.
Өзінің тамашасы сондай қызық,
Анадан тумас бұрын көзін ашып тұрған.
(Күн, 12 ай, 30. күн, жұлдыз)
224. Ақырған айдаһардай арыстаным,
Айтысып тағы жұмбақ қалыспадың.
Екі өркеш, жеті башбай жұмбағым бар,
Осыны ойламай тап, данышпаным.
(Ай, күн, апта)
225. Қара бием сүтті,
Қара тайым күшті.
Өз еркіне жіберсең,
Бүлдірер талай істі.
(От, пеш, қазан)
226. Домалақ қалың моншақ,
Ұстасаң қолға жұмсақ.
Өңейеді әрқашан,
Суыққа әбден тоңса-ақ.
(Бұршақ)
227. Түніменен күлімдеп,
Таң атқанша тарандың.
Күн шығып, таң атқан соң,
Бытырап бір-ақ жоғалдың.
(Жұлдыз)
228. Дарияда жайын жүзер дөп-дөңгелек,
Қанаты ақты қара бір көбелек.
Жанады бір шаһардан сансыз шырақ,
Адамға қиын екен санап білмек.
(Ай мен күн, күн мен түн, жұлдыз)
229. Бар екен жапан түзде бір қу қайың,
Жапырақ түрлі-түрлі біткен дайын.
Көрікті бой түзеген жас арудай,
Тұрады күлімсіреп көрген сайын.
(Дүние)
230. Және де асыл туған асыл шөлмек,
Бір сыну оған парыз қайтып келмек.
Егерде бұл жұмбақты таба алмаса,
Жүреді екі қыстай болып ермек.
(Күн)
231. Мен өзім Қасым шаһар түсте көрдім,
Болжаусыз бес нәрсені оймен білдім.
Бар екен есік жақта екі қақпа,
Шегесі мың сегіз жүз санап едім.
(5 жыл)
232. Кең әлемді кернейді,
Қарасаң көзің көрмейді.
Іздесе қайдан да табылар,
Мәңгі жасар өлмейді.
(Ауа)
233. Аспаннан жауды ақ бидай,
Үйге қарай жүгірдім.
Ызғарына шыдамай,
Сүмелектеп бүгілдім.
(Бұршақ)
234. Ақ боз атым арында
Ақ көбікке малынды.
Таудан тасты атқылап,
Таудан түсті шапқылап.
(Тау өзені)
235. Қақпақты тарс-тарс жабады,
Маза бермей терезені қағады.
Ызыңдайды дамыл алмай тамағы,
Қорқытады үлкенді де баланы.
(Боран)
236. Қанатсыз құс маңып барады,
Көзінен жасы тамып барады.
Кім айтса да бір көнбей,
Сүйгеніне қонып барады.
(Бұлт, жауын)
237. Көл бетінде керуен жол,
Жүрсең таусылмас ол.
Білгіш болсаң, балалар, шешіп берші,
Білесің бе, кәне, не ғажап бұл?
(Құсжолы)
238. Кебелек секілді келгенде,
Әбжылан секілді кеткенде.
Кез келгенде қонады,
Алады кейде беттен де.
(Қар)
239. Тепсең тербелмейді,
Көмсең көмілмейді.
Қанша сабасаң үн жоқ,
Көзінің жасы егілмейді.
(Көлеңке)
240. Шыққанда шығыны жоқ,
Жасау жауын бүйірі тоқ.
Қыста жылтыр қақ болар,
Түртінектеп тыным жоқ.
(Өзен)
241. Жалт-жұлт етер,
Кейде жалмап кетер.
Қыс болса үнсіз жатып ап,
Жаз болса жетер.
(Найзағай)
242. Жылт-жылт етеді,
Жылаумен өмір өтеді.
Қаптап көбі қосылса,
Өзіңді де алып кетеді.
(Бұлақ суы)
243. Бірде қатты, бірде сұйық,
Суық болса, қалады ұйып.
Басы мен аяғын біле алмайсың,
Жатып алса тұйық.
(Мұз)
244. Таңертең бар да, кешке жоқ,
Кешке түгіл, түсте жоқ.
Мен әдемі моншақпын,
Ірі емес ұсақпын.
Мойнына ешкім таға алмас,
Мендей мөлдір таба алмас.
(Жұлдыз)
245. Қарағайдың басында қатық айран.
(Ми) 246. Үй айнала жүгіреді.
(Белбеу) 247. Алты аяқ, екі бас, бір құйрық.
(Атты кісі) 248. Бес ін, бес іннің аузы бір ін.
(Бес саусақ қолғап) 249. Өзені біреу, жылғасы екеу.
(Шалбар) 250. Ұлы тауда жеті бастау.
(Көз, құлақ, бас, мұрын, ауыз) 251. Қия бетте қисық астау.
(Құлақ) 252. Татыр жерде тайдың ізі.
(Кіндік) 253. Ала тайынша шаң көтермейді.
(Көз) 254. Ала бұйам жетпес жерге жетеді.
(Көз) 255. Аппақ қардай, дәмі балдай.
(Балмұздақ) 256. Су тисе ериді,
Кір ластан жериді.
(Сабын)
257. Қаудыр-қаудыр жарғағым,
Қартайғанша тозбадың.
(Құлақ)
258. Ти десем тимейді,
Тиме десем тиеді.
(Ерін)
259. Көсеуім басы ақ күміс.
(Саусақ, тырнақ) 260. Жалпақ тастың астында
Жасыл ала құс отыр.
(Көз)
261. Ұстасаң уыс толмайды,
Жиырылады, бірақ солмайды.
(Ерін)
262. Көсеу басы бесеу, от басында екеу.
(Екі қолдың саусағы) 263. Кекең еткені несі,
Керіп қойғаны несі?
(Піспек, саба)
264. Қатар-қатар тас қойдым,
Жирен атты бос қойдым.
(Тіл, тіс)
265. Қар сияқты аппақ,
Өзі сондай тәтті-ақ.
(Қант)
266. Домалақ қара күлдірген,
Тиген жерін бүлдірген.
(Бас, ми)
267. Таңертең тұрдым,
Екі сайға жүгірдім.
(Шалбар)
268. Дос үйіне түстің бе?
Түгел соның үстінде,
Тастамайды ешкім де.
(Тамақ салған дастархан)
269. Өлсең де өлмейді,
Өлмесең де өлмейді.
(Адам аты)
270. Қағазға ораған тұмар,
Адам оған құмар.
(Конфет, тәтті)
271. Жапсар тастың астында
Жасыл ала сауысқан.
(Көз)
272. Ашамайды арта салдым,
Айыр жібін тарта салдым.
(Тымақ)
273. Ести тұра сөзін,
Көре алмайсың өзін.
(Дәптер)
274. Қар астында қыстаған,
Жасылмен бөркін тыстаған.
(Ұйқы)
275. Төрт аяғы бар,
Киіз таяғы бар.
(Бесік)
276. Аспай түскен,
Қайнамай піскен.
(Қымыз)
277. Шаң болып жанады,
Түтін боп сөнеді.
(Шылым, темекі)
278. Базарда сатылмас,
Таразыға тартылмас,
Ондай тәтті табылмас.
(Ұйқы)
279. Қуыста тетігі бар бекінген,
Тетігін таппай, аша алмайды өкіммен.
Оны бес жігіт барып әкеле алмай,
Бес жігіт бүкір шалмен әкелген.
(Бессаусақ кілт)
280. Таңертең төрт аяқты,
Түсте екі аяқты.
Кешке үш аяқты,
Қозғалмасқа таяпты.
(Адамның сәбилік, есейген, қартайған шағы)
281. Үлкен үй,
Үлкен үйдің ішінде кішкене үй,
Кіші үйдің ішінде балуан би.
(Ауыз, тіс, тіл)
282. Жапанда бір бәйтерек шыққан биік,
Тұрады жапырағы жерге тиіп.
Үстінде он қаршыға қанат қағып,
Тұрады екі сұлу оны бағып.
(Адам, адам мүшелері)
283. Екі достың бірі ыңғайлы,
Біреуінің ебі жоқ.
Екеуін де бірдей көрем,
Маған артық кемі жоқ.
(Екі қол)
284. Дүниеде күйме көрдім төрт аяқты,
Дөңгелек екі басы ай сияқты.
Құс төсек, мамық жастық біреу жатыр,
Көңілі уайымсыз жай сияқты.
(Бесік, бала)
285. Қонақ келді, әлі жоқ,
Мінген атының жаны жоқ.
Әр күнде жейді екі қой,
Еті бар, сүйегі жоқ.
(Бала, бесік, анасының екі емшегі)
286. Қос әйнек темір де емес, шыны да емес,
Бүлінсе түзетуге қолдан келмес.
Ашылып діңгегімен жабылады,
Бұл өзі қымбат нәрсе, арзан емес.
(Көз)
287. Ағады екі бұлақ бір қайнардан,
Он екі бұлағы бар шыр айналған.
Ісіне таң қаламын Құдіреттің,
Бәрі де бір нәрсеге ыңғайланған.
(62 тамыр, 12 мүше)
288. Бір шөпке ат қойыпты «абағы» деп,
Ұшқан құс жүгіргеннің тамағы деп.
Өзіне құмарланбас жан болмайды,
Қалады таң атқан соң жабағы боп.
(Шай, шар)
289. Бір нәрсе жатқан жері сондай берік,
Қорегін көреді екен бөліп-бөліп.
Ұйқыдан оянған соң тұра салып,
Кезеді адамзаттың соңына еріп.
(Құрсақтағы бала)
290. Сылдыр сұйық емес,
Ішсең сусын қанады.
Ақ болса да қар емес,
Шешуін кім табады.
(Сүт)
291. Ашылмайды қабағы,
Әркімнің де тамағы.
Ашуланса болады,
Ұлпадай жұмсақ жабағы.
(Тоңмай)
292. Бір әліп көркейеді жалғыз менмен,
Екі мәт екі сәкіп оған ерген.
Болғанда и-ден ғамал, нұн-нан самал,
Болады кім данышпан мұны білген.
(Адам мүшелері)
293. Алды ұзын, арты қысқа,
Беттері өзіне сай әрбір тұста.
Суықта да, жылыда да пана болар,
Таппасаң басыңдағыны қолыңа ұста.
(Қазақ тымақ)
294. Қиын-қиын қиялар,
Қияға сұңқар ұялар.
Жасыңда саған ас болды,
Осыны тап, балалар.
(Ананың омырауы)
295. Болғанда ыран-дыран,
Жабыса кетер сондай қыран.
Бір биікке қатар- қатар жайлайды,
Бірге ұмтылады шықса Ұран.
Кейде жым болып түйіледі,
Айтқанына көніп иіледі.
(Оң қол, сол қол)
296. Абылай айтқан жұмбақ,
Тоғай толған жұмбақ.
Біреуін бірі өлтіреді,
Ақылды кісі шешкен жұмбақ.
(Мал сойған адам)
297. Отырмын тағы да жұмбақ ойлап,
Дүлділді сахараға қойдым байлап.
Ортасы дарияның бір құлақ-ты,
Кетеді жел соққанда оттай қаулап.
(Адамның тілі)
298. Су ішер отыз арық бір қайнардан,
Ортасында қақпасының бар шыр айналған.
Ішінде қақпасының патшасын
Күтуге он жігіт ыңғайланған.
(Тіл, тіс ауыз)
299. Киіміммен суға түстім,
Бірақ әлі құрғақ үстім.
Су маған жұққан емес,
Шешуі не мұндай істің.
(Адамның судағы бейнесі)
300. Алпыс кісі аяқтастың,
Ал, таңертең таяқтастың.
Бәрін бір жерге жатқызып,
Кейде ұрсып алып, қаштың.
(Кірпік)
301. Көреміз үйде отырып тыстағаны,
Япырм-ау, мұны қандай ұста қылды.
Қазасы сол нәрсенің жете қалар,
Өмірін оның қалай қысқа қылды.
(Көрген түс)
302. Үнемі жүр аузыңда,
Жұта алмайсың бірақ та.
Ән мен күйің сол болар,
Көндіресің неге бұрап та.
(Тіл)
303. Ұстасам уысым толмайды,
Суы аққаннан солмайды.
Өмір үшін адамға,
Онсыз, сірә, болмайды.
(Көз)
304. Ел жатса да енекем жатпайды.
(Құман) 305. Тептім, терекке шықтым.
(Үзеңгі) 306. Ала күшігім үйді айнала жүгірді.
(Белдеу арқан) 307. Артында әкең жұдырығын түйіп тұр.
(Керегекөк) 308. Атқа мінді, отқа кірді.
(Шойын құмыра) 309. Сырты бүтін, іші түтін.
(Пеш) 310. Керең құлақ кәтелде,
Өлтіреді жөтелде.
(Майшам)
311. Екі бала бір бөдене ұстап отыр.
(Қысқаш) 312. Үсті тоқпақ, асты соқпақ.
(Келі) 313. Алпыс терек,
Адамға керек.
Алпыс теректің бәрі ұя,
Тұрған орны қия.
(60. басты үй)
314. Қара тауда қара орамал,
Кілең қылдан жаралған.
(Шам)
315. Ілбүйшікке су қүйып,
Іліп талға байладым.
Өз иесі келгенше,
Бұлбұл құстай сайрадым.
(Шәйнек, ошақ)
316. Асқа бармайды,
Аспазшыдан қалмайды.
(Шалғыш)
317. Кішкене ғана дөңгелек,
Көздері оның әр бөлек,
(Түйме)
318. Сырт-сырт етіп тұр,
Сырлы кепеш киіп тұр.
(Шәйнек қақпағы)
319. Мың қойым құдыққа түсті,
Артынан манабай шұнақ ере түсті.
(Шаш, ұстара)
320. Арты ұзын, алды қысқа,
Дәміл-дәміл қолыңа ұста.
(Күләпәра)
321. Бойы түйедей,
Ізі түймедей.
(Таяқ)
322. Бір тышқанның екі құйрығы бар.
(Ине жіп) 323. Шым шидей қотыр.
(Кесте) 324. Екі басы жұдырықтай,
Ортасы қылдырықтай.
(Тұтқыш)
325. Қара сиырым қарап тұр,
Қызыл сиырым жалап тұр.
(От, қазан)
326. Төрде төртеу төремін дейді,
Есікте екеу өлемін дейді.
(Жүк аяқтың сирағы. Екі босаға)
327. Ақ итім арбадан қарғып түсті,
Барлығының басына шыққан кісі.
(Түңлік)
328. Өздігінен жүре алмас,
Бумаса белін тұра алмас.
(Ши сібірткі)
329. Жүгіріп кірді ақ бала,
Шыға келді қап-қара.
(Көсеу)
330. Ағайынды екеуі
Өзенге барып шомылды.
(Кәтел)
331. Буынын басса, былқ етер,
Тайып кетсе, шыр етер.
(Бәкі)
332. Айуан төрт аяғын басып тұрған,
Аузынан заһар отын шашып тұрған.
(Самауыр)
333. Мен көрдім бір дария дөп-дөңгелек,
Төрт бұрышы дарияның содан бөлек.
Ішінде «келсе» деген патшасы бар,
Астында төрт тіреуі болса керек.
(Қазан, ошақ)
334. Құлағы үнемі қалқайып,
Төрт аяғы талтайып.
Қызмет қылар адамға
Жолында пида болар жалпайып.
(Төсек)
335. Арықтаса сөнеді,
Адам үшін көнеді.
Мінезі жаман өзінің,
Білдірмей тебеді.
(Шам)
336. Ұшқыр-ұшқырдай,
Айқай салып ышқынды-ай.
(Егеу)
337. Жисаң – жая,
Жайсаң – сая.
(Көрпе)
338. Өзіне қарай үңілді,
Бел айнала жүгірді.
(Белбеу)
339. Иірілген жансыз,
Тісін көрсең сансыз.
(Орақ)
340. Ілулі тұрар орным деп,
Азапқа түсіп тұрмын деп.
(Тұтқыш)
341. Аяғынан алады,
Көтеріп жерге салады.
(Үзеңгі)
342. Екі құлағы бар,
Бір бұлағы бар.
(Самауыр)
343. Үйрегім ұзақ сүңгіді,
Құйрықсыз қалды бір күні.
(Ине, жіп)
344. Жалғыз таяқ темірден,
Қалмайды досы жемірден.
(Ине, жіп)
345. Аузы мен көзі бар,
Сүйретіп досын ертіп жүр.
(Ине, жіп)
346. Жайсам – қол,
Жисам – жең.
(Шымылдық)
347. Иір-иір ыңыршақ,
Жиып қалсаң бір құшақ.
(Кереге)
348. Күндіз үшеу,
Түнде төртеу.
(Түңлік)
349. Парық болмас ойында,
Бес қаруы бойында.
(Көп тілді бәкі)
350. Түгел айтсаң не барын,
Төрт құлақта бір қарын.
(Қаза)
351. Төбесінде өмір бақи төбелес,
Төзіміне оның ешкім тең келмес.
(Төс, балға)
352. Кішкентай ғана мүсірет,
Таудан отын түсіреді.
(Ұстара)
353. Адырайған құлағы,
Төбесінде тұр тымағы.
(Каструль)
354. Кекең-кекең еңкейген,
Құйрығы жоқ келтиген.
(Кетпен)
355. Басы жоқ, екі беті, тісі бар,
Қақ бөлер бөренені күші бар.
(Ара)
356. Аузы бар да тілі жоқ,
Терісі бар да жүні жоқ.
(Тістеуік)
357. Шешесі үйде қалады,
Баласы кісіге ереді.
(Құлып, кілт)
358. Тізіле өскен тісі бар,
Көп істеген ісі бар.
(Орақ)
359. Тістегені түспейді,
Отқа салсаң піспейді.
(Қысқыш)
360. Әкесі баласын көтереді,
Баласы бөркін көтереді.
(Киіз үй)
361. Мұрнына кіріп қытықтайды,
Маңынан өткен құтылмайды.
(Иіс)
362. Жібек атты сүйреткен,
Темір атты үйреткен.
(Ине, жіп, саусақ)
363. Ұзын құйрық сауысқан,
Бір көлдің суын тауысқан.
(Қауға)
364. Жоғарғы ауылдың баласы ашамайға мінеді,
Төменгі ауылдың баласы тесік тастан өтеді.
(Уық, шаңырақ)
365. Кергі, кергі кер кілем,
Кергісі өскен қай кілем.
(Кереге)
366. Өзгесі сыртта,
Екі қолы іште.
(Белдеу арқан)
367. Тұрса түйедей,
Жатса қояндай.
(Шымылдық)
368. Ентелей қарап,
Егізімді таптым.
(Айна)
369. Ары сарп, бері сарп,
Қара қолдың құйрығы сарп.
(Киіз есік)
370. Азынап келген бураны
Айыршөкет тоқтатты.
(Бақан)
371. Жалғыз ғана көзі бар,
Алтын білезігі бар,
Жыңғыл таяғы бар.
(Ұршық)
372. Жалғыз сапты,
Шоқпар басты,
Ағашты күлдей ұсатты.
(Балта)
373. Келе жатсам, бір-екеу өліп жатыр,
Қойнына қолымды тықсам,
Сық-сық күліп жатыр.
(Қамшы)
374. Жалпақ желке,
Сонау бетте
Орманымды отап кетті.
(Балта)
375. Көркін халық мақтайды,
Үйге салып баптайды.
Сыйлы да өзі әр елде,
Қадірсіз боп жатпайды.
(Кілем)
376. Көзі жоқ, аузы жоқ, қолы жоқ,
Бірақ та тісі бар,
Адамменен ісі бар.
(Тарақ)
377. Бұты-бұты, бұты ұзын,
Бұтынан да қолы ұзын.
Ата киік терісі,
Алтын терісі,
Алтын қошқар мүйізі.
(Кереге, уық, шаңырақ) 378. Жапанда бір бәйтерек тік тұрады,
Адамша киім киіп бел байлады.
Құдайдың құдіретіне қарап тұрсаң,
Қолына қылыш алып жау тұрады,
Қабағы түнде жабық, күндіз ашық.
(Тартпа) 379. Қара таудың басында
Қарабай деген құс отыр.
Қанатына мұз қатып,
Қарай алмай ол отыр.
(Түңлік)
380. Екі пышақ бірлесіп,
Киім пішіп береді.
Екеуі бір жүрмесе,
Жоқ қой бізге керегі.
(Қайшы)
381. Қабағы түнде жабық, күндіз ашық,
Адамзат құтылмайды онан қашып.
Алыстан лебімен тартып алып,
Жақындаса жалмайды аузын алып.
(Үй)
382. Жалғыз сапты, қошқар басты,
Ағашты күлдей ұсатты.
Қанша қатты болса да,
Жауын жеңіп босатты.
Дүниеде бір алыпты көрдім күшті,
Дүниедегі бар салмақ соған түсті.
(Балта)
383. Құнарлы қойнауына мал тояттап,
Әртүрлі алуан-алуан жеміс пісті.
(Қырман)
384. Балпанақтай бойы бар,
Үстінде аппақ тоны бар.
Жалғыз қызыл көзі бар,
Шылым шегер аузы бар.
(Пеш)
385. Шидім-шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс.
Қар қарадай қара құс,
Қан басына қонған құс.
(Үй ағаш)
386. Әсемдік бар бетінде,
Жылу алған тегінде.
Көп уақыт шыдайды,
Тоңбайтын болып бертінде.
(Термос)
387. Ал соғысқа кетеді,
Қызмет бізге етеді.
Біраздан соң қызарып,
Ұстауға келмей кетеді.
(Шімшуір)
388. Бүтін дейін десем, бүтін емес,
Жыртық дейін десем, жыртық емес.
Жануармен ұрыс салады,
Өне бойы тыртық емес.
(Ау)
389. Адамзат баласына тым керекті,
Көрдің бе от жылығыш кереметті.
Дем алар төбесімен, тұмсығымен,
Өздігінен басқаны елемепті.
(Құман)
390. Алуан түрлі өңі бар,
Көрген жанның таңы бар.
Гүл-бәйшешек басында
Түкті-түкті жүні бар.
(Кілем)
391. Бап-бап бапанақ,
Бапанақ үсті арғымақ.
Арғымақ үсті қызыл таң,
Қызыл таң үсті қу шұнақ.
(От, ошақ, қазан)
392. Жерімізде ер едік,
Жез бұйдалы қыз едік.
Қытайға кеп қырылдық,
Қырық тұзаққа тығылдық.
(Тоқыған ши)
393. Жетпіс аяқ бауырында,
Екі қолы жауырында.
Тындырады бар істі
Жеңілін де, ауырын да.
(Ағаш кесетін ара)
394. Түгел айтсаң не барын,
Төрт құлақта бір қарын.
Ұялу жоқ өмірде,
Өңі қара, тегі темірде.
(Қазан)
395. Жылға дер едім, ақпайды,
Жылан дер едім, шақпайды.
Жасады адам қолынан,
Отқа салып жақпайды.
(Арқан)
396. Жұмылмайтын жұдырық,
Бүгілмейтін білек.
Біріне-бірі жете алмай,
Тұрады бірін-бірі тіреп.
(Күрек сабы)
397. Жалпақ желке, соқпақ бетті,
Өзі сондай епті.
Оңдырмайды еркіне жіберсең,
Орманды отап кетті.
(Балта)
398. Жеген асы желкесінен шығады,
Тамағын көп бүлдірмей тығады.
Жаралған екі түрлі заттан өзі,
Адамның айтқанын ұғады,
(Сүргі)
399. Көліксіз өмір сүрмейді,
Ғұмыры жаяу жүрмейді.
Астына көлік тиген соң,
Шаршауды, сірә, білмейді.
(Ертоқым)
400. Ағаш арық, тұйық арық,
Жылқылар жүр жиі барып.
(Науа)
401. Аузы оймақтай ғана,
Ерні етектей ғана,
Қатты болса да, іші қуыс.
(Пештің мойны)
402. Жәндікке барып жабысар,
Асаумен де алысар.
Бағыт сілтеп адамға,
Көмекші болып алысар.
(Жүген, ноқта)
403. Ол жұмса көзін,
Ұйықтамаймын өзім.
Бозарып үнемі тұрады,
Естімедім айтқан сөзін.
(Шам)
404. Табанында бар аузы,
Желкесінде бар аузы.
Жоқ ешкімге жазығы,
Жып-жылмағай әр ізі.
(Сүргі)
405. Қазықты ұрып түзетем,
Инені ұрып біз етем,
Жұмыс жоқта қозғалмай,
Не болады деп күзетем.
(Балға)
406. Шұбар ала қызым бар,
Тұмысығында бізі бар.
Келіп кетер тоқтамай,
Артынан түскен ізі бар.
(Іс машинасы)
407. Үй жылынса терлейді,
Өздігінен нәрсе көрмейді.
Шыртылдақ жаман мінезі,
Оңай сөзге көнбейді.
(Әйнек)
408. Иығына ал шығып,
Тұмсығынан шаншылып.
Күндіз қазып, түн қазып,
Береді талай ін қазып.
(Бұрғы)
409. Жүріп кетсе жүйрік бір,
Лып-лып етіп ойнаған.
Кереметті құйрық бір,
Құтамай қойды оған.
(Ине)
410. Төскейден жұмыс тауып жүр,
Дәні жоқ егін шауып жүр.
Күндегісі күнде өсіп,
Орнын қайта жауып жүр.
(Ұстара, шаш)
411. Епті қол бір төнсе,
Қалады жырқылдап,
Шығады сарқылдап,
Асады, тасады,
Шөліңді басады.
(Самауыр) 412. Көп мүйіз, бір құйрықты,
Тындырады айтқан бұйрықты.
Аямай жанын адамға,
Ақыры жер тістеумен құрыпты.
(Тарақ ағаш)
413. Зыр-зыр қағып жарқылдап,
Айналар іске қарқылдап.
Өзіне қажет саймандар
Шыға келер жарқылдап.
(Шарық)
414. Төбеде мықты ойнайды,
Тереңге өзі бойлайды.
Әр салалы қыры бар,
Қадалса, сірә, қоймайды.
(Қашау)
415. Талайларды туыс еткен,
Игілікке жұмыс еткен.
Есігі бар төбесінде,
Отырасың келесің де.
(Парта)
416. Тамағында торы бар,
Арқада бір қолы бар.
Кіндігі бар басында,
Іші монша расында.
(Шәйнек)
417. Желкесі бар да, басы жоқ,
Отырсаң оған көңіл тоқ.
Кішіпейілділікті өзің істейсің,
Аяғы бар да, қолы жоқ.
(Арқалы орындық)
418. Білесің ғой жарты айды,
Міне, осындай төрт айды.
Екі он екі шеге кеп,
Қойды тасқа шегелеп.
(Таға)
419. Керіп қойған немене,
Кердеңдеген немене.
Малып қойған немене,
Бал татыған немене.
(Саба, піспек, қымыз)
420. Аппақ қардай өңі бар,
Тамақ болар түрі бар.
Одан қашар адам жоқ,
Төрт бұрышты қыры бар.
(Ақ қант)
421. Қанаты бар, қауырсыны жоқ,
Аузы бар, мұрны жоқ.
Жабысқанын оңай босатпайды,
Қызыл иек, бір де тісі жоқ.
(Тістеуік)
422. Адам жоқ салмақ салмаған,
Орны жоқ кезіп бармаған.
Тізе бүкпей әлі тұр,
Сонда да аяқталмаған.
(Орындық)
423. Жәндікке барып жабысар,
Асаумен де алысар
Бағыт сілтеп адамға
Көмекші болып алысар.
(Жүген, ноқта)
Жұмбақ айтыс
Балық өлең
– Айтайын, айт дегенім айым қайым,
Бітеді саздау жерге тал мен қайың.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Айтысуға жұмбақ өлең бар ма?
Жасымнан айтысқаным жұмбақ өлең,
Сұрасаң жұмбақ өлең айтып берем.
Жұмбақты қара сөздей жаттап едім,
Сөзіңе жауап берем қылмай елең.
Жаралған әуел баста адам ата,
Наданның айтқан сөзінің бәрі қате.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Балықтың онда үш топ атын ата.
Қашам ба жұмбағыңнан айта тұра,
Тыңдайын сұрауыңды мойным бұра.
Сен білмесең, кем ақын, мен айтайын,
Балықты он да үш топ талдап сұра.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Мен көрдім емен жолы төмен екен.
Көсілген көмейкейің ақын болсаң,
Балықтың ең үлкені немене екен?
– Балықтың ең үлкені жайын екен,
Бір жұрты ер жігіттің қайын екен.
Қылығын ел-жұртына жағып өтсе,
Алдында қалал жарың дайын екен.
Айтайын, айт дегенің емен екен,
Мен көндір емен жолы төмен екен.
Жасыңнан жұмбақ қуған дана болсаң,
Балықтың екіншісі немене екен?
– Біреуі онан кейін шортан балық,
Қонады түйелі бай сортаңды алып.
Атадан артық туған асыл болсаң,
Балықты мен ұстаған жүр таңдалық.
– Айтамын, айт дегенің емен еді,
Ауылы қалқатайдың төмен еді.
Көсілген көмекейің ақың болсаң,
Балықтың еті тәттісі немене еді ?
– Бұл балық мен білетін мекіре-ді,
Өткен күнге кейбіреу өкінеді.
Еңбекпен елге ерке болған пенде,
Ертең-ақ елмен бірге жетіледі.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Сөзіме менің айтқан сене ме екен?
Жұмбақтың түгін қоймай білген болсаң,
Балықтың көп өскені немене екен?
– Бұл өзі көп білетін қара балық,
Ақылы жаннан асқан дана балық.
Балықты судан алып мен берейін,
Үйіңе көтеріп бар санап алып.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Қалқатай біздің үйге келе ме екен?
Балықтың еті тәтті, сорпасы ыстық,
Қалмасын аузың күйіп, ұрттап алып.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Мына күн қараңғы боп сөне ме екен.
Жасыңнан жұмбақ айтқан дана болсаң,
Балықтың енді үлкені немене екен?
– Бір балық онан кейін қызыл балық,
Біреуі біреуінен ұзын балық.
Тобылғы, қарағанның қызын алып,
Ұялғаннан қалыпты қызыл болып.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Қисыны бұл жұмбақтың келе ме екен.
Жұмбақ айтқан басқадан дана болсаң,
Балықтың сүйкімдісі немене екен?
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Біздің үйге әріптес келе ме екен.
Тоқталмай жұмбағыма бердің жауап,
Балықтың бейнесізі немене екен?
– Балықтың бір атасы табан балық,
Жүрмейтін қамшыласа шабан балық,
Қарасаң бейнесіне доп-домалақ,
Неліктен ол шіркінді жамандалық.
– Айтайын, айт дегенің емен екен,
Мен көрдім емен жолы төмен екен.
Жасыңнан жұмбақ қуған дана болсаң,
Балықтың оныншысы немене екен?
– Біреуі онан кейін сазан балық,
Тақыр жерден шаң шығар созаңдалып.
Балықтың түгін қоймай кім жаттапты,
Айтып берші, су ішінен санап алып.
– Айтайын, айт дегенде жөн емес пе?
Қалқаның сүйген жары теңі емес пе?
Әлі де білгеніңді айтып берші,
Балықтың енді үшеуі кем емес пе?
– Біреуі қалып қойған шұбар балық,
Кей адам көп аулайды құмарланып.
Тереңде мекен еткен бұл балықтың
Қызығын біз көрейік ұстап алып.
– Жұмбақты сұрағанда айтса болар,
Айтысып таң атқанда қайтса болар.
Балықтың еті бірдей тәтті емес,
Сиықсыз ең жаманы қайсы болар?
– Ең жаманы ішінде ит балық-ты,
Жаман екені бұлардың жұртқа анық-ты.
Дүниені топан су қаптағанда,
Шалшықта мұрты ербиіп сол қалыпты.
– Тоқталмай жұмбағыңды айтпайсың ба,
Таусылған соң жұмбағың қайтпайсың ба,
Осыменен сұрауым аяқталсын,
Ең кішісін балықтың айтпайсың ба?
– Балықтың ең кішісі шабақ екен,
Жылқыны тез өсірген жабағы екен.
Кем ақын, сен білмесең мен айтайын,
Ұшқан құс, жүгірген аң тамақ екен.
Бес түлік мал туралы
– Мінгенім дәйім менің қызыл күлше,
Қамшылап жылан бауыр дүлдүл мінші.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Шығыпты түйе қайдан, соны білші?
–Базардан алып келген ақшампоз бар,
Ішінде ақшампоздың ырғай кез бар.
Сен білмесең, кем ақын, мен айтайын,
Шығыпты түйе сордан деген сөз бар.
– Мінгенім дәйім менің қызыл еді,
Сымбаттың, сыртың сұлу, ұзын еді.
Көсілген көмекейің ақын болсаң,
Айтып бер жылқы қайдан шығып еді?
– Базардан алып келген ақшампоз-ды,
Ішінде ақшампоздың ырғай кезді.
Сұрауың маған қойған оңай екен,
Желден шығып бұл жылқы, болған желді.
– Мінгенім дәйім менің қызыл күлше,
Астыңа ойнақ салған дүлдүл мінші.
Жасыңнан жұмбақ айтқан ақын болсаң,
Шығыпты сиыр қайдан, соны білші?
– Базардан алып келген ақшампоз бар,
Ақшампоздың басында ырғай кез бар.
Сен білмесең өлеңді, мен айтайын,
Шығыпты сиыр судан деген сөз бар.
– Мінгенім астымдағы қызыл күлше,
Сөзімді қате болса, өзің білші.
Жұмбақ айтып, сан тойда озған болсаң,
Шығыпты қой қайдан, айтып берші?
– Базардан сатып алдым қара балық,
Тақыр жерден шаң шығар сортаңдалып.
Бақпаған осы қойды адам бар ма?
Шығыпты қой Меккеден дейді халық.
– Қалқатайдың мінгені қызыл екен,
Көйлегі жүз құбылған ұзын екен.
Жасыңда жұмбақ жаттап көрген болсаң,
Айтып бер, ешкі қайдан шыққан екен?
– Ән салған әріптестің пейілі тар,
Жұмбақ айтып, ән салар талабым бар.
Сен білмесең, кем ақын, мен айтайын,
Шығыпты ешкі тастан деген сөз бар.
– Кейде ащы, кейде тәтті бір кесек ет,
Жұмбақты айтысуға етемін серт.
Егерде бұл жұмбақты таба алмасаң,
Айтпаймын енді жұмбақ, қасымнан кет.
– Қараңғы ай батқан соң, түн болады,
Жатқан жер көкше қоян жым болады.
Шешуін бұл жұмбақтың мен айтайын,
Бір кесек ет аузындағы тіл болады.
Жұмбақ, жұмбақ жұмнан шыққан,
Секіріп көкше қоян құмнан шыққан.
Шешуін бұл жұмбақтың мен айтайын,
Бір кесек ет аузындағы тіл болады.
Ол рас, жұмбақ шіркін жұмнан шыққан,
Секіріп көкше қоян құмнан шыққан.
Жұмбақта ата да жоқ, ана да жоқ,
Ол өзі сен секілді қудан шыққан.
Мен келдім, ауылдарың бүгін аман,
Білмесең, жұмбағымды болар жаман.
Жұмбақшыл дана туған жан екенсің,
Сұрауым осыменен болсын тамам.
Жаңылтпаш
1. Тебіншек ат шегіншек,
Шегіншек ат тебіншек. 2. Өгіз өзіңіздікі,
Мүйіз өгізіңіздікі. 3. Сырықтан сырқырап түстім,
Құрықтан құлдырап түстім. 4. Шеше-еке,
Неше кесе,
Сынды кеше?
5. Жүз қырық үш қызғыш құсқа,
Жүз қырық үш қызғыш құс қосса,
Болады неше жүз қырық үш қызғыш құс?
6. Бұл – бай қаймақ,
Май – бал қаймақ. 7. Тауға бүркіт жұмыртқа жұмыртқаламақшы емес пе еді?
Ойға қоян құмалақ құмалақтамақшы емес пе еді?
Тағасыз атты тағаламақшы емес пе еді?
Томағасыз бүркітті томағаламақшы емес пе еді?
8. Қарға бүркіт томағасын түсірді,
Оны мен томағаламай, кім томағалайды. 9. Отыра таудың басына
Отау тікпек ойнайық.
Ор киіктің терісін
Сыпыра сілікпе ойнайық.
Олай сілікпе, бұлай сілік,
Үйсін байдың үйін сілік,
Үйі толған қызын сілік.
Үйі толған көк төбет,
Басын байлап, көтін сілік,
Көтін байлап, басын сілік.
ҚАРА ӨЛЕҢ
Бір тау бар жер жүзінде тақиялы іс,
Болжайды төңіректі түлкі алған құс.
Әркімнің Алла жазған бір орны бар,
Парласа тең болмайды алтын қамыс.
Астында арқау алтын, ағаларым,
Қырандай жем қағар ма жөн қара құс.
Аспанда ай болмаса адасады,
Көңілді жабырқаса кір басады.
Кеудесі жасқы адамның – алтын сандық,
Сандықты кілт болмаса, кім ашады?!
Үстімде бір көйлегі бес бүрмелі,
Тай көкке шана жектім қырық күймелі.
Үстімде арқау алтын атлас бешпет,
Ұстатқан машинаға қырық күймелі.
Жылқы ішінде қара көк кісінейді,
Жақсы қыздың қолында ісі дейді.
Жаман қыздың үйіне кіріп барсаң,
Ойбай, апа, мінеки, кісі! дейді.
(Әні: Ақ-Қазине, дариға!)
Аулым көшіп барады көл жағалап,
Шырылдайды бозторғай көкке қарап.
Осындайда қалалық ойнап-күліп,
Әлі-ақ өтер бұл дәурен күн-күн санап.
ЭПИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ
Дастандар
Шәкім – Шәкірт жыры
Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бірталай заман болды басталғалы.
Еститін ерінбестен ерлер болсаң,
Дейтұғын «Шәкім – Шәкірт» сөз қозғалды.
Болыпты Әшім атты бір патша,
Айқын-ды ел-жұртына салтанатты.
Дейтұғын Шәкім, Шәкірт екі ұлы бар,
Бек әйбат балалары балдан тәтті.
Шешесі Шәкім, Шәкірат өліп қалған, 10. Патша бір жас қатын тағы да алған.
Әкесін кәрісініп әлгі талақ,
Шәкімге ең кішісі ғашық болған.
Болғанын мұның ғашық бала білмес,
Әкесі Әшім патша және білмес.
Әлгі талақ балаға ғашық болып,
Құса боп жүреді екен ертеңді-кеш.
Ағасы Шәкірт бір күн аң аулайды,
Қасына бес жүз әскер ертіп алып.
Әкесі тағы да аңға кетіп қалды, 20. Шәкірт бала үйінде жалғыз қалды.
Әкесі ол күні аңнан келе алмады,
Ағасының хабарын біле алмады.
Шәкірт бала тамаққа тойып алып,
Мамық төсек үстінде ұйықтап қалды.
Сұм шешесі орнынан тұрып келді,
Ойына жамандықты құрып келді.
Шәкірт бала ұйқыда жатыр еді,
Қойнына жап-жалаңаш кіріп келді.
Шәкірт бала оянды көзін ашып, 30. Өз шешесі бауырына жатыр басып.
Өз шешесі екенін білгеннен соң,
Шәкірт бала бұлқынды асып-сасып.
– Әй, қарағым, бұлқынба асып-сасып,
Мен болдым, айналайын, саған ғашық.
Іші-бауырым елжіреп бара жатыр,
Қарағым, бір жатсаңшы мауқым басып.
У беріп кәрі әкеңді өлтірейін,
Не қылсаң да сүйгенің тұрмын дайын.
Шәкірт бала бұл сөзге шыдай алмай,
40. Шешесінің аузына қойып қалды.
Жап-жалаңаш сытылып тұра қашты,
Ал, шешесі тыпырлап, ойбай салды.
Шәкіртжан жап-жалаңаш қашып кетті,
Ол шешесін Құдайым тентіретті.
Аң аулап он күні дүзге қонып,
Әкесі ертеңінде келіп жетті.
Келсе қатын жылауда шашын жайған,
Екі беті жыртулы ойбай салған.
Бет ауызы қан болып жылап отыр, 50. Патша «не болды» деп қайран қалған.
Патша айтты: – Не болды қатын саған?
Басыңа не іс болды айтшы маған?
Патшаны көргеннен соң өршеленіп,
Өксігін баса алмастан ойбай салған.
Ханым айтты: – Басыма болды қиын,
Қойныма қолын салды Шәкірт ұлың.
Алмайсың деп шиедей қылып кетті,
Кәріге тиген менің қандай сорым?!
Төсекте жатыр едім келді балаң, 60. – Не қып жүрсің? – деп сұрау бердім оған.
Өз шешесі мен болсам бүйтер ме еді,
Өгейлігін білдірді Құдай ұрған.
Балаң айтты «сен де жас, мен де жаспын,
Саған ғашық боп жүрген мен бір маспын.
Әкемізді өлтіріп, сені алайын,
Кәріге сені қор ғып не қылайын».
Сүйтті де үстіме мінді қарғып,
Бұлт етіп тақымынан кеттім сырғып.
«Сен менің айтқаныма көнбейсің» деп, 70. Аузымды жұдырықпен кетті дал ғып.
Дауыстап ойбай салдым, түсім қашып,
Кінәнің бәрін де қалдым басып.
Ей, патшам, мені қылсаң өзің қатын,
Ұлыңның естімеймін айтқан дәтін!
Бек арамнан туған ол ұлыңды
Өлтірмесең, кетпейді тоқал атым.
Ей, патша, балаң сөйтіп қылды мазақ,
Басыма қорлық қылып салды азап.
Балаңа да, өзіңе қатын болып 80. Қор болғанша, бір жаққа кетем ұзап.
Патша бұл сөзге қаһарланды,
Жендеттерін шақырып жинап алды.
– Шаһардан ұзағырақ сыртқа апарып
Бауыздап өлтір! – деп жарлық салды.
Жендеттер басын кесіп өлтіріңдер!
Көйлегін қанға бояп келтіріңдер!
Шаһардан бір шақырым сыртқа апарып,
Жендеттер ап жөнелді арқан салып.
Зар жылап бара жатыр байғұс бала,
Патша бір ауыз сөз сұрамастан
Қатынының тіліне ерді, бар ма шара?!
Жендеттер иен далаға алып кетті,
Жендеттің өлтірерін бала білді.
– Бір қасық қанымды, қи, өлтірме?! – деп,
95. Жалынып жендеттерге көп жылады.
Шәкірт жыры
– Жендеттер, мені өлтірме,
Жаныма қаза келтірме,
Еш жазығым жоқ еді,
Шағым тілмен өлтірме.
Бұл дүниеден өтермін,
Өлтірме мені, жендеттер,
Арманда болып кетермін.
Өлтірсеңдер өтермін,
Аң аулап кеткен ағама
10. Амандаспай кетермін.
Ағам кетті аң аулап,
Бес жүз ермен жау жаулап.
Сұм шешемнің ішіне
Сайтан жақты от қаулап.
Шешем өлген жетім ем,
Шерлі болып кетіп ем.
Өгей шеше тілін ап,
Әкеме не етіп ем?!
Күнәсіз өткен бала едім, 20. Арманда болып барамын.
Жаны ашымай сұм шешем
Өлтіртті-ау мені жаламен.
Қатынның сөзін шын көрді,
Бір ауыз сөз сұрамай,
Әкем мені өлтіртті-ау!
Арманым қатты, дертім сол,
Өгей шешем қылды қор.
Өз шешемнің жоқтығы –
Маңдайға біткен қалың сор. 30. Жалған айтпас басым бар,
Аң аулап кеткен ағаны
Бір көруге болдым зар.
Бәріңнің мендей балаң бар,
Өлтірме мені, жендеттер.
Жазықсыз мені өлтірсең,
Балаларың болар зар.
Тілімді менің алыңдар,
Мені жолға салыңдар.
Көйлегімді қан қылып, 40. Әкеме алып барыңдар.
Әкемнің көзі ашылсын,
Дүниесі шашылсын!
Қаныма ортақ болмаңдар,
Қанымды қапа қылмаңдар.
Жазықсыз едім, жендеттер,
Бұл зарымды тыңдасаң,
Көзімнің жасын көріңдер.
Маған тілек беріңдер,
Еш жазығым жоқ еді, 50. Тіліме менің сеніңдер,
Құдайы үшін кешіңдер!
Мойнымнан арқан шешіңдер,
Жақсылық жолға түсіңдер?!
Тіленді деп сөкпеңдер,
Обалыма ортақ болмаңдар,
Қанымды жерге төкпеңдер?!
«Өлтірдік» деп әкеме
Өтірік айтып барыңдар.
Өгей шешем не қылсын, 60. Әкемнің жері кеңісін.
Көйлекті көріп қуанып,
Көңілі өсіп орғысын.
Жендеттер, мені қоя бер,
Қиямет жолға айдаңдар?!
Жалғанда сендер өлтірсең,
Алды-артың қазған көр,
Бұл сөзімді тыңдасаң,
Жанымды қапа қылмаңдар?!
Шағым тілмен өлтіріп, 70. Қаныма ортақ болмаңдар.
Мен бір жаққа кетейін,
Обалымды көтерме,
Тентіреп ұзақ кетейін.
Бейшара осылайша көп зарлады,
«Жендеттер, өлтірме?!» деп көп жылады.
Жендеттер өлтіруге көзі қимай,
Бәрі бірдей жабылып, бек зарлады.
– Шырағым, көп зарланба, өлтірмейік,
Жаныңа қаза келтірмейік. 80. Құлақ естіп, көз көрмес бір жерге кет,
Сені өлтірдік деп әкеңе хабарлайық.
– Жендеттер, бір қорек бер енді маған,
Тәңір алдында болармын риза саған,
Тірі жүрсем, жалғанда қайтарамын,
Өліп қалсам, Аллаға бар ма шарам.
Бір жендет жұдырықтай алтын берді,
Бәрі бірдей жаны ашып, есіркеді.
Қойын сойып, көйлегін қанға бояп,
Шәкіртті жап-жалаңаш қоя берді.
90. Жендеттер патшаға қайта келді,
Патша көйлектегі қанды көріп,
Қайғы отын шығарып «үһ» дейді.
Шәкірт бала жүгірді жап-жалаңаш,
Бұл сөзді естіп отыр дін қарындас.
Үш күн, үш түн жүгіріп келе жатыр,
Көзінен аққан жасы қан аралас.
Ағасы Шәкім аңнан келе жатса,
Бір дауыс құлағына естіледі.
Қарап тұрса бір адам жап-жалаңаш, 100. Жүгіріп келе жатыр, көзі көрді.
Бір жолдасын жіберді Шәкім бала:
– Бұл адам неткен адам, барып қара!
Біреуі жалбақ қағып шауып кетті,
Өзгесі тамашалап қарап тұрды.
Ол адам қатты шауып жетіп барды,
Шәкіртпен аз сөйлесіп хабар алды.
Шәкірттен өзге сөзді сұрамайды,
Таныған соң, далбақтап қайта шапты.
Ол адам атой беріп айғай салды,
110. Атой беріп жүргенін бұлар көріп,
Шауып барса, Шәкімнің өз інісі.
Атынан қарғып түсіп, бек зарланды,
Жас кетті екі көзден ырғып-ырғып.
Көрген соң інісіне жаны ашып,
Құшақтайды бауырына қатты қысып.
– Қарағым, саған не болды?
Сұм жүрегім жем болды?
«Аһ» деген лебізің
Жүрегімді сөндірді.
120. Сұм жүрегім жарылды,
Бұл дүнием тарылды.
Айтсаңшы, қарағым, зарыңды,
Ішіңдегі барыңды?
Ішім оттай қайнайды,
Көңіліме қайғы байланды.
Болған екен зор пәле,
Сорым менің қайнады.
Қайғы түсті басыма,
Зорлық деген осы ма? 130. Жанымды құрбан қылайын
Көзіңнен аққан жасыңа.
Қарағым, қалқам, бауырым,
Мұңлы туған бауырым,
Не болды саған, айтсаңшы?
Жылжымас жерден ауырым?!
Жапанда жүрсің зар қылып,
Киімнен мүлде айрылып.
Қанатыңнан қайырылып,
Жасыған жездей майырылып, 140. Киімің жоқ жалаңаш,
Екі көзден ағып жас,
Не зор пәле іс болды?
Жыламай, бауырым, мауқың бас,
Анадан жетім қалдық жас.
Зарлансаң ана табылмас,
Жөніңді, қалқам, айтсаңшы,
Естісін мынау қарындас.
Әкең сені ұрды ма,
Өгей шеше қылды ма? 150. Тілі тиіп біреудің,
Сағың жаман сынды ма?
Кім сындырды сағыңды
Қандай адам бүлдірді?
Сені қуған қай дұшпан,
Ішімді оттай күйгізді.
Көңіліме салды түйінді,
Айтпаса жауап қиын-ды.
Ұры тонап алды ма
Үстіңдегі киімді? 160. Табаныңды жерге тигізіп,
Маңдайыңды күнге күйгізіп,
Сені қуған қай дұшпан,
Айтсаңшы маған білгізіп?!
Сен өлген жерде өлейін,
Сенсіз не күн көрейін.
Зарыңды, қалқам, айтсаңшы,
Әбден естіп білейін.
Ағасы осылай деп зар еңірейді,
«Шәкіртім, айтсаңшы» деп еңірейді. 170. Бір заманда ес-түсін жиып алып,
Көргенін бір-бір бастан баяндайды:
– Аналайын, аға-екем,
Өлшеулі күнім бар екен.
Тірі сені көрсеткен
Аллаға ісім ақ екен.
Көремін сені деп пе едім,
Көкейімнен кетпедің,
Кетеріңде біреуге
Тапсырып неге кетпедің.
180. Көремін деген ойда жоқ,
Қасиетім бойда жоқ.
Мен сорлы не көрмедім,
Күйіп-жанып болдым шоқ.
Сен кеттің, аға, аң аулап,
Бес жүз ермен жау жаулап.
Сұм шешемнің ішіне
Сайтан жақты от қаулап.
Әкем кетті бір жаққа,
Алыс кетті ұзаққа. 190. Мен сорлы үйде қалам деп,
Қалдым мұндай азапқа.
Шешемді Құдай ұрыпты,
Маған ғашық болыпты.
Көңілін маған аударып,
Шайтандық жолға түсіпті.
Жатыр едім ұйықтап,
Текеметім тұйықтап.
Біреу келді қасыма,
Шынтағымен иықтап. 200. Мен білмеймін бұрыннан
Шешем екен қаңғырған.
«Жаным, қалқам, сен едің,
Ғашық болдым мен саған,
Құса болып жүр едім.
Кәрі әкеңе тимеймін,
Өлтірейін у беріп.
Саған тисем өлмеймін,
Шыдамай тұрмын дертіңнен,
Арманда болған сертіңнен». 210. Аймалады құшақтап,
Отым шықты бетімнен.
Тұра қаштым төсектен,
Қашайын деп өсектен.
Тұра сала бір қойдым
Жұдырықтай кесекпен.
Тұра қуды жалаңбас,
Тұра қаштым жалаңаш.
Екі бетім шиедей,
Екі көзден ағып жас, 220. Жете алмады ойбайлап.
Бір үйге келдім жалаңаш,
Жатып алдым жан сақтап.
Шашын жайып жылаған,
Көзінің жасын бұлаған.
Ертең түсте әкем кеп,
«Не болды?» деп сұраған.
«Не болғаны құрысын,
Балаң екен қырысың.
Балаң қатын қылған соң, 230. Ішім қайдан жылысын.
Далада қаңғып жүресің,
Мен қаламын күйікте,
Балаңнан сен өлесің.
Ғашық боп маған жүр екен,
Сені өлтірем дейді екен.
Іші толған кір екен,
Жеті жаудың бірі екен.
Балаң маған қол салды,
Естімеген жол салды. 240. Жатқан жерден құшақтап,
Бұл не деген заң салды.
Тұра қаштым төсектен,
Қашайын деп өсектен.
«Көнбейсің» деп бір қойды,
Жұдырықтай кесекпен.
Аузы-мұрным қан болды,
Бұл не деген заң болды.
Үсті-басым дал болды,
Жоқ сұмдықты шығарып, 250. Бұл не деген лаң болды.
Тұра қудым айқайлап,
Бетім жыртып, ойбайлап.
Даусымды естіп біреулер
Келе ме деп ой ойлап.
Балаң қашты жалаңаш,
Тұра қудым жалаң бас.
Даусымды естіп айналып,
Келе ме деп мұңдар жас».
Шешем шықты бұлай деп, 260. Балаңның жайы солай деп.
Ашуланып жүгірген
Қоспаған жасқа Құдай деп.
Қатынның тілін шын көріп,
Мені үлкен мін көріп,
Бір ауыз сөз сұрамай,
Әкем мені «өлтір» деп,
Бұйрық берді жендетке.
Дүзі қара қатыны
Дүниені сапырды. 270. Жендеттер келді жүгіріп,
Білектерін түрініп.
Қамқорыңа ал мені,
Бойымнан кетті дәрменім.
Жарлық берді жендетке,
«Өлсін, сойып таста» деп,
«Көшеден тірі шығарып,
Адамға әсте қоспа» деп.
Шешем мәз боп кенелді,
Көңілі тасып теңелді. 280. Арқан тағып мойныма,
Жендеттер алып жөнелді.
Жендеттерге жалындым,
Көп жалынып, зарландым.
Бір көре алмай кетем деп,
Аға-екем, сені сағынып.
Өмірімді аңғардым,
Жендеттерге жалындым.
Жендеттер, мені өлтірме,
Жаныма қаза келтірме. 290. Қоя берді жендеттер,
Жаным менің кенелді.
Ғаріп болып жөнелдім,
Жендеттерге зарланып.
Үйтіп-бүйтіп тіленіп,
Алтын берді бір жендет,
«Мұны да қылған Құдай» деп.
Үш күн, үш түн жүгіріп,
Аға-еке, көрдім бейнетті.
Үш күн, үш түн жүгіріп, 300. Дамыл алмай келгенмін.
Бастан-аяқ, ағаеке-ау,
Осы менің көргенім.
Шәкіртжан бәрін айтып зар еңірейді,
Ағасы бәрін естіп білді дейді.
«Бұл не деген зор пәле іс болды» деп,
Шәкімжан жолдастарға ақыл салды:
– Ей, жолдастар, жолдастар,
Жең ішінде сырластар,
Жаны жанға қосылған,
310. Жаннан тәтті мұңдастар,
Бері таман келіңдер,
Бұл сөзді естіп біліңдер.
Шешеміз өлген жетім ек,
Жалған айтпас Шәкіртім.
Бұл сөзге енді сеніңдер,
Панасыз пақыр жетім ек.
Шерлі болып кетіп ек,
Өгей шеше тілін ап,
Әкемізге нетіп ек. 320. Өгей шеше дегенің
Ажалға тұрған оқ екен.
Әкелі бала азар ма,
Шешелі бала тозар ма.
Өз шешеміз бар болса,
Қаласын бүйтіп бұзар ма.
Құдай алған анасын,
Әкенің алған санасын.
Алмаса Құдай санасын,
Бұзады неге қаласын. 330. Өгей шеше қарасын,
Көңіліңе панасың.
Өгейлігін білдіріп,
Балаға жапты жаласын.
Қатынның тілін ақыл деп,
Өлтіртті әкем баласын.
Жолдастар, бұған амал не,
Табыңдар, сендер, шарасын.
Баяғыдай болар ма,
Бай тағына қонар ма. 340. Бір қаңғыртқан екен ғой,
Енді жұрт боп оңар ма.
Әкемізге барармыз,
Ақ едік деп жылармыз.
Қатын талақ ерген соң,
Қайтіп адам болармыз.
Қатын айтпас жалған деп,
Мен едім өзім барған деп.
Күнде шағып өлтірер,
«Бұдан көңілім қалған» деп. 350. Шешеден қорлық көрерміз,
Ажалдан бұрын өлерміз.
Сүтке тиген күшіктей
Қайтіп қор боп жүреміз.
Мен де бірге кетейін,
Інімнен қалып не етейін.
Жалбыз теріп жесем де,
Ініммен бірге кетейін.
Рұқсат бер, жолдастар,
Батыр жолда қол басатр. 360. Бізге рұқсат беріңдер,
Жаннан тәтті мұңдастар.
Ат-тонымды алыңдар,
Көйлегімді қан қылып,
Әкеме алып барыңдар.
Көйлегімді қан қылып,
Сұм шешемнің алдына
Апарып жайып салыңдар.
Көйлекті көріп қуансын,
Қатынымен жұбансын. 370. Ақырында көрерсің,
Тағынан түсіп қуарсың.
Шәкімді де өлтірдік,
Жанына қаза келтірдік.
Шешесін мұндай қылған соң,
Тұқымын да бітірдік, –
Деңдер, – деп, Шәкім бала зар еңірейді.
Ағасы осылай деп зар еңірейді,
Достары қасындағы бірге еңірейді.
Ат-тонын тапсырып, амандасып, 380. Шәкіртпен қол ұстасып жүре берді.
Аш жүрді, неше күндей нәр көрмеді,
Тау басына шыға алмай құр сандалып.
Әрең шықты еңіреп тау басына,
Тас балқыды пақырдың көз жасына.
Аяңдап таудан асып енді жүрді,
Бір жартастың түбінен су көрінді.
«Ана судан су ішіп жатайық» деп,
Екеуі қол ұстасып жетіп келді.
Судан келіп су ішіп дем алыпты, 390. Шаршап жүрген байғұстар ұйықтап қапты.
Әбжылан дейтұғын жылан арбап,
Шәкірттің жатқан жерде қанын тартты.
Шәкім бала оянды енді тұрып,
Інісіне қарайды мойнын бұрып.
Шәкірт бала қаны қашып, түсі кетіп,
Бейне өлген кісідей жатыр ұсынып.
Шәкірт бала жалғаннан өтпесін бе,
Алла қаза берген соң кетпесін бе.
Ағасы көп шақырып тербетеді, 400. Інісінің қол салып өкпесіне.
Қол салса, інісі өтіп кеткен екен,
Ыстық жан кеудесінен кеткен екен.
Жылан арбап алғанын біле алмайды,
Бейшара нала болып зар еңірейді:
– Құдай-ау, айналайын құдіретіңнен,
Пендеңді құтқармадың бейнетіңнен.
Жалғыз жолдас бауырымнан және айрылдым,
Қу жартастың түбінде зар еңіредім.
– Жалғыз бауырым өтіпті,
410. Бұған не амал қылайын.
Жалғыз бауырым өтіпті,
Тағдыры бұған жетіпті.
Арыздаспай, қоштаспай,
Жым-жырт болып кетіпті.
Өтерін мұның білмедім,
Ұйықтамай неге жүрмедім.
Арманда болып айрылып,
Елдегі сорлы мен болдым.
Қанатымнан қайрылдым, 420. Жасыған жездей майрылдым.
Қарағым, жалғыз бауырым,
Сеннен не қып айрылдым?!
Ары-бері ойлансам,
Өлімге мен де байлансам,
Тұрар ма екен бауырым.
Ақыл таппай сандалдым,
Жалғыз тастап кеттің бе,
Күні біткен күнде өлер.
Айы біткен айында 430. Қаңғырған әкем беп-бекер.
Жалғыз қайда барайын,
Жас қалып едік анадан,
Қашып едік жаладан.
Құдіретіңнен бір Құдай,
Құтқармадың пәледен.
Анадан жас айрылдым,
Бауырдан және айрылдым.
Жалғыз қалып қаңғырдым,
Бұл дүниеде зар болдым. 440. Енді маған не берер,
Бұл дүниеден түңілдім.
Ел іздеп табар елім жоқ,
Құдайдан басқа сөзім жоқ.
Кебінсіз қалды бауырым,
Бір шылғаулық бөзің жоқ.
Кебінің жоқ қоярға,
Әз бойыңды орарға.
Амалым бар ма қайтейін,
Маңдайға біткен көп сорға! 450. Өз бойыңда мінің жоқ,
Мен сорлыда тыным жоқ.
Қасыма ерген інім жоқ,
Інімсіз менің күнім жоқ.
Мен сорлы не көрмедім,
Күйіп-жанып болдым шоқ.
Енді маған жүру жоқ,
Жапанда қурап қалдың ба,
Кебінің жоқ, көрің жоқ.
Ашылмаған наламен 460. Енді қайда барамын?!
Сен өлмедің, мен өлдім,
Жалғыз қаңғып не болдым.
Арыздаспай, қоштаспай,
Жым-жырт болып жөнелдің.
Кебінің жоқ, көрің жоқ,
Жаны ашып іздер елің жоқ.
Ақыл таппай сорлаған,
Күйіп-жанып болдым шоқ.
Қу жартас болды-ау тұрағың, 470. У ма еді ішкен бұлағың.
Ит пен құсқа жем болып,
Қалғаның ба, шырағым!
Көп жылаудан пайда жоқ,
Мұны осы жерге тастайын,
Алтынын басқа жастайын.
Алтынын қойсам басына,
Жазу жазсам қасына,
Сауап үшін көмер ме,
Біреу келсе қасына. 480. Қара тасқа хат жаздым,
«Шәкірт» деген ат жаздым.
«Адам пенде кез болсаң,
Көміңдер» деп хат жаздым.
Алтынын олжа көріңдер,
Бір шұлғаулық бөзіңді
Қарыз қылмай беріңдер.
Арманда кеткен асылзат,
Енді бұған сеніңдер.
Киімі жоқ жалаңаш, 490. Шіріпті деп торығып,
Алтынын алып көмбесең,
Бір шұлғаулық бөзіңді
Құдай үшін бермесең,
Басындағы алтынды,
Бір шұлғаудай көрмесең,
Япырым-ай, Алла, қайтейін?!
Айналып мұнда тұрарға
Құдайыңа тапсырдым,
Тасқа жазу жапсырдым. 500. Алтының қалды аманат,
Жата тұр інім саламат.
Басқа салды шарам жоқ,
Көрсетті Құдай ғаламат.
Ағасы осылай деп зар еңірейді,
Бейшара ешбір ақыл таба алмайды.
Өлгеннің артынан өлген бар ма,
Өз күнін өзі көргелі аяңдайды.
Інісін тастап кетті бір жартасқа,
Басына мүшкіл іс түсті қайран жасқа. 510. Інісінің артынан өлмес пе еді,
Анадан бір туса да жаны басқа.
Әуелі күйді-жанды өлейін деп,
Алланың аманатын берейін деп.
Артынан көңіл суып, бой тоқтатты,
«Өз күнімді енді өзім көрейін» деп.
Інісін көмбей тастап кетті жүріп,
Дамыл алмай жылайды іші күйіп.
Ес кетті тыным көрмей неше күндей,
Тентіреп іші күйіп жылай-жылай. 520. Не қиын бұдан өткен қамал болар,
Кірістен салқын соқса самал болар.
Жапанда шөлдеп-шаршап зар еңірейді,
Өгейлікке қылатын не амал бар.
Әке менен шешенің жауыздығы
Өгейліктен қаңғыртты, не амал бар.
Тіріде бейнет шеккен бұл ғарібің,
Енді қайда барады, пәруардигар.
Шөлдеп-шаршап бұл ғаріп дүние кезіп,
Ақыры бір шәріге кез келеді. 530. Ойлады: «бұл шәріге барайын» деп,
Бір байға жалшылыққа жараймын» деп.
Сол жерде бір адамға кездесіпті,
Шәрінің жөнін сұрап сөйлесіпті:
– Ары-бері сабылған неткен жандар,
Ей, достым, бұл қаланың не жайы бар?
Ол айтты: – Бұл шәріде бір айдаһар
Көзіне көрінгеннің бәрін жалмар.
Сабылып айдаһардан қашып жүрген
Ақыл таппай сандалған қанша жандар. 540. – Патшаңыз ақымақ екен қашып жүрген,
Адасып ақылынан сасып жүрген.
Қайламен айдаһарды мен тоқтатсам,
Патшаңыз қандай қайран қылар екен?
Ол адам қуанышпен қайта шапты,
Барды да патшасына хабар сапты:
– Жаһанда өзі жаяу біреу келді,
Келді де патша сізге сәлем деді.
«Қайламен айдаһарды мен тоқтатсам,
Патшаңыз қандай жәрдем қылар?» деді.
550. Падиша айтты: – Тез келтір, мен көрейін,
Қолымнан айдаһарға мен берейін.
Қайла қып айдаһарды ол тоқтатса,
Астымдағы тағымды һәм берейін.
Шәкім ер ерлік қылды қайрат күшке,
Жаны күйіп жүргенде інісіне,
Ақырып айдаһарға жетіп барды.
Белгісіз бір дұғаны оқып еді,
Ысқырған айдаһардың тілін буды.
Шәкім айтты: – Бұл жерде өлемісің, 560. Менің айтқан сөзіме көнемісің?
Жылында бір қой, бір қыз алман берсем,
Осыны ауқат қылып тұрамысың?
Айдаһар осы сөзді мақұл көрді,
«Көнем» деп айтқанына сенім берді.
Жиылған көп жамағат тамашаға,
Қайратын Шәкімжанның көзі көрді.
Падиша әскеріне дабыл қағып,
Ел-жұртын сол арада жиып алды.
Шәкіммен аз сөйлесіп жөнін біліп, 570. Патша сарайы мен тағын берді.
Бастағы қара түнек бұлт серпіліп,
Ақырда Шәкім бала патша болды.
Мұны осылай тастайық,
Дүние салған Шәкірттен
Аз әңгіме бастайық.
Қаңғырып жаһан кезген бір кемпір мен шал
Шәкіртті өліп жатқан көзі көрді.
«Құдіретіңмен осыған жан келтір?!» деп,
Кемпір-шал дұға қылып зар еңіреді. 580. Өлген дене құдіретпен тірілмей ме,
Жан салған соң Шәкірт те түрегелді.
Екеуі көп тілекпен дұға қылды,
Құдайым дұғаларын қабыл қылды.
Шәкірт бала тұрған соң қалды қайран,
Ағам жоқ, мені тастап кетіп қалған.
Ағаммен бірге жүріп күнелтер ем,
Енді қайда барайын дүние жалған!
Кемпір-шалды көрген соң бала еңірейді,
Кемпір-шал қасындағы бірге еңірейді. 590. – Жаһанда өлген кімнің баласы едің,
Ей, балам, көргеніңді айтшы маған?!
– Айтайын мен жөнімді, ата, саған,
Сіздер кім, өз жөніңді айтшы маған?!
Тірілген өліп қалып мен бір ғаріп,
Сөз сұрамақ кәріден, айтпақ сізден.
Әй, ата, Шәкірт – атым, әкем – Әшім,
Бар еді толған қайғы, көзде жасым.
Адамға өгей шеше дұшпан екен,
Қор болдым шағым тілмен ғаріп басым.
600. Әкеміз патша еді Әшім атты,
Шешеміз жас күнімізде өліп қапты.
Әкеміз өгей шеше тіліне еріп,
Ағайынды екеуімізді тентіретті.
Шығарды екеуімізді жаяу айдап,
Өлімге жүруші едік басты байлап.
Екеуіміз қол ұстасып жаяу жүрдік,
Бұл жерде өліппін ғой сорым қайнап.
Кетіпті мені тастап жалғыз ағам,
Ісіне Құдіреттің бар ма шарам! 610. Осы жерде демің бітіп таусылсын деп,
Тағдырыма жазған екен Хақ Тағалам.
Таусылмас ойымдағы арыз-арман,
Ағам жоқ, мені тастап кетіп қалған.
Ағаммен бірге жүріп күнелтер ем,
Барамын енді қайда дүние жалған?!
Шәкіртжан осылай деп зар еңірейді,
Шал айтады: – Жылама, балам, – дейді.
Жаның тірі болғанға шүкірлік ет,
Бір Құдайым бермей ме саған, – дейді. 620. Өзіңді мұндай қылған бір Құдірет,
Тірі жүрсең көрерсің бір ғанибет.
Ер басына не келіп, не кетпейді,
Қазаға риза, пәлеге сабырлық ет.
– Ей, ата, мен жүремін енді қайдан,
Сіздің айтқан ақылың маған пайда.
Жер жүйесін білмейтін жас адаммын,
Жауап бер маған ақыл осындайда!
– Қасыңнан ағаң кеткен жаяу тастап,
Басыңа жұдырықтай алтын тастап. 630. Бет алдыңа қаңғырып жүре берсең,
Ағаңа апарады Құдай бастап.
– Ей, ата, бұл алтынды сіз алыңыз,
Енді маған разы сіз болыңыз.
Өлген әмір Құдайдан, сауап сізден,
Бұл жалғанда тілеулес дос болыңыз.
– Тіледік біз жаныңды, Құдайға анық,
Өлген саған қараңғы, бізге жарық.
Сауап іздеп қаңғырған кемпір-шалмыз,
Борыш қып ақыретте не қыламыз.
640. – Қарыз емес бергенім Құдай үшін,
Ауыр қылып бойыма не қылайын.
Алтынды кемпір менен шалға берді,
Бата алып екеуінен жүре берді.
Қоштасып қариямен жүріп кетті,
Ақыры Шам қалаға барып жетті.
Бектерге қаладағы жалшы болып,
Өзінше Шәкірт бала кәсіп етті.
Патша болған ағасы білмей тіпті,
Тарқамаған қайғыдан артты жүкті. 650. Жердің жүзін қыдырған қу саудагер
«Арзан жан бар ма екен?» деп жар салыпты.
Шәкіртті үш матаға бектер сатты,
Сатылып Шәкірт бала кетіп қапты.
Керуенші «сатып алған малайым» деп,
Шәкіртті жалшылыққа мықтап сапты.
Керуен бір қаладан, бір қалаға,
Көпестер өз еркімен аралапты.
Саудамыз сәтті болды не қылса да,
Шәкіртке бір түйе жүк беріп сапты. 660. Шәкірт бала қаланы аралапты,
Аралап Шәкірт бала келе жатса,
Ит шанада бір сандық келе қапты.
Сандықтың аузын ашып қарамастан,
Сандықты алып түйе жүкті бере сапты.
Керуеншіге сандығын артып алып,
Сол қаладан керуен қайтпақ бопты.
Дүние кезген керуенші жүре-жүре,
Бір үлкен дарияға кез келіпті.
Ертең ерте дариядан өтпек болып, 670. Керуен сол жағаға қонақ бопты.
«Бұл сандық неткен ауыр, не бар екен»,
Шәкіртжан сандығының аузын ашты.
Ішінде жатыр екен бір сұлу қыз,
Көрген соң бұл қалай деп қайран қапты.
Қыз айтты: – Жан екенсің сорың қалың,
Шырағым, мұнша сорлап мені алғаның.
Бір-бірден көргеніңді қалдырмастан,
Ей, достым, қане, маған айтшы бәрін.
Шәкірт те бір-бір бастан баяндайды, 680. Қыз дағы жаза берді аянбастан.
Ертемен керуенші жүгін тиеп,
Дарияның өткеліне аяңдайды.
Дариядан өткеннен кейінгі Шәкірттің сандығы туралы:
«Адам емес, бұл бала ақымақ екен,
Бір түйе жүк сандықты сатқан екен.
Мұнша ауыр қып сандықты бұл айуан
Терлетіп көлігіме артқан екен».
– Ішін ашып сандықты дереу көрсет,
Сатып алсаң ішінде не бар екен? 690. – Бұл сандықтың ішінде дәнеңе жоқ,
Дәнеңе жоқ болса да, көңілім тоқ.
Өзің бердің хақыма бір түйе жүк,
Қарайтын сандықты ашып хақыңыз жоқ!
«Қарай көр мына құлды, қалай» десті,
Кілтін алып, сандықтың аузын ашты.
Түбінде сұлу қызды көргеннен соң,
«Мен алам, мен алам» деп ерегесті.
Біреуіне-біреуі есе бермей,
Керуен бет-бетімен төбелесті. 700. Керуеннің басшысы қариясы:
«Ақыл керек бәріңе, тоқтат!» депті.
– Жанжалды қой, бір жақсы ақыл таптым,
Осы қызды алмаңдар ешқайсыңда,
Патшаға тартайық тарту қылып.
Бұл қызға таласудан сол лайық,
Үлкен олжа, жолдастар, сонда болмақ.
– Қария, сен екенсің анық тапқыр,
Бұл сөзің бізге айтқан болсын мақұл,
Патшаға тартайық қызды апарып.
710. Сатып алған иесін қыз орнына
Кебежеге сал дағы, суға лақтыр!
Шәкіртжанның азабы көп болды ақыр,
Қыз орнына тас қылып жапты дағы,
Дарияға жіберді баланы ақыр.
Қаласына керуенші келісімен,
Патшаға қызды сыйлап беріп жатыр.
Патша да көтеріңкі сыйлық беріп,
Керуен ұлан-асыр болып жатыр.
Сұлуға ойын-тойын жасамаққа, 720. Жиылып шаһар халқы келіп жатыр.
Патша сарайына оңашалап,
Сұлудың жайын сұрап хабар алмақ,
Мәжіліс сол сарайда болып жатыр.
Қызы қарап падишаға толғанады,
Шәкірттің өмір жайын қолға алады.
Сұлу қыз бастан-аяқ баяндайды,
Падиша жылай-жылай естен танды.
Інісінің хабарын естіген соң,
Әлі жылап, әлісін естен танды. 730. Ақыры есін жиып, қайрат қылып,
Шақыртып керуенді жиып алды.
– Қанеки, қыз иесін табыңдар! – деп,
Шылбырлап жон терісін сылып алды.
Сатылған, сатып алған мырзаларды
«Шәкіртті тауып бер» деп қырып жатыр.
Ақыры сансыз әскер жиып алды,
Шәкірттің тірі екенін біліп алды.
Қасына қалың әскер ертіп алып,
Жағалап дарияны сұрау салды.
740. Шәкірт бала дариямен ағып барды,
Дүниеде көріп пе едің мұндай жанды.
Өлмеген жан өмірден ажыраспас,
Неше күнде жеткенін кім біледі.
Балық аулап күнелткен бір шаһарда
Ауына балықшының ілінеді.
Балықшы да бұл жайға қайран қалған,
«Жасымнан көріп едім бірталай жан,
Суға салса батпайды екен өзі».
Сол елдің бектері мен билеріне 750. Шәкіртті балықшы шал алып барған.
Би мен бектер «бұл тегін бала емес» деп,
Әскеріне қолбасшы етіп алған.
Шәкірт бала ойлайды мына жайды,
«Жалғыз ағам қайда екен, тірі ме екен?
Көретін күн болар ма, уа, дариға!»
Шәкім де сол бетімен іздеп жүріп,
Ақыры арып-талып келді мұнда,
Қисапсыз қалың әскер қолыменен.
Әлқисса, мұны жау деп, Шәкірт қалың қолмен соғысуға шығады.
Соғысам деп аттанды соныменен,
Екі жақтың әскері майдандаспақ.
Бірін-бірі жеңіспей ерікке қоймас,
Ол заманның ерлері жеке бармақ,
Бірін-бірі жекелеп жекеге алмақ.
Екі жақтың екі ері шыға келді,
Бірі – Шәкім, біреуі – Шәкірт болып!..
Құшақтасып еңіресіп қоя берді, 767. Сол арада танысып, табысады!
Қали арыстан мен Дариғаның күресі
«Бісімілдә» деп қаламды ұстайын да,
Жаман сөз күнә болар тастайын да.
Әуелі бір Құдайды ауызға алып,
Әлден соң бұ қиссаны бастайын да.
Өтіпті Қатыран деген бір патша,
Жазайын бұл қиссаны жұрт ұнатса.
Бұл қиссаға құлағың құрышы қанар,
Естіген ғашық болар дәмін татса.
Бұл өзі өлең қылған кітап сөзі, 10. Шаһарын Самарқанның билейді өзі.
Бек балуан сұлулығы жаннан асқан
Бар еді Дариға атты жалғыз қызы.
Жаратқан балуандықпен тірі жанды,
Бұл қыздың қайратына жұрт таң қалды.
«Ерге тиер көңілі бар ма екен» деп,
Әкесі Қатыран патша кісі салды.
– Әр іске жазған шығар ием, – дейді,
Ұялып Дариға қыз именбейді.
– Теңім тапқан кісіге тегін барам,
20. Өзімдей балуан болса, тием, – дейді.
Осылай жауап берді ол Дариға,
Атасы оны естіді Қатыран да.
Бір күні қаза жетіп әкесі өліп,
Дариға таққа мініп болды патша.
Таудай боп зәңгі келді пілге мініп,
Піл үстінен аяғы сүйретіліп.
Дариға қаһарланып лақтырғанда,
Сүйегі күлдей болды күйретіліп.
Сонан соң күресуге жан келмеді, 30. Күресем деп келгеннің бәрі де өлді.
– Іздеп келген жан болса, күресем, – деп,
Дариға күзеттірді майдан жерді.
Күресіп кім пар келер мұндай ерге,
Айбатлы жұрт билеген кемеңгерге.
Кімде-кім күресем деп іздеп келсе,
Алтын діңгек орнатты майдан жерге.
– Осы діңгек белгілі болсын, – дейді,
Көрген жан бір тамаша қылсын, – дейді.
Кімде-кім күресем деп іздеп келсе,
40. Алтын діңгек түбіне тұрсын, – дейді.
Сейіл қып қыр жерлерде жүрем, – дейді,
Басынан мұнараның көрем, – дейді.
Алтын діңгек түбіне барып тұрса,
Күрескелі келгенін білем, – дейді.
Бұл хабар естіледі әр тарапқа,
Дариға жатушы еді алтын тақта.
Осындай Дариғаның балуандығы
Естілді Мәдине мен Мекке жаққа.
Дариға пәле болды палуандарға, 50. Құмар боп күресем деп барғандарға.
Есітіп бұл жауапты Қазірет Қали,
Рұқсат сұрап барды пайғамбарға.
– Рұқсат сізге сұрап келдім, – дейді,
Мен естіп Дариғаны білдім, – дейді.
Мен барып сол қызбенен күресейін,
Жан баба, маған бата бергіл, – дейді.
Пайғамбар: – Барма, – дейді, – тілімді алсаң,
Қор боларсың, өзі келмей, іздеп барсаң.
Ойлаған тәкаппарлық жарамайды,
60. Әр жерде менменсіген болар сарсаң.
Көңіліне пайғамбардың қайғы түсті,
– Мақтаншылық қылма, балам, мұндай істі.
Әдейі іздеп барған соң жықсаң жақсы,
Ойлаңыз, жыға алмасаң, бұл намысты.
Барма деп жауап берді Хақ пайғамбар,
«Барам» деп Қазірет Қали қылады зар.
– Әй, тақсыр, көңілім кетті барайын, – деп,
Сұрайды Қазірет Қали боп ынтызар.
– Әй, тақсыр, жүруші едім қалқаңызда,
70. Кәпірді қоймай қырдым арқаңызда.
Күресіп барып көрмей қыздың күшін,
Құр бекер даңқын естіп қорқамыз ба.
Күресіп барып көрмей қыздың күшін,
Өртенді естіген соң іші-тысым.
Иә, бабам, сабыр сағат қыла алмадым,
Бата бер, мен барайын Құдай үшін.
Ер Қали «бата бер» деп зар жылайды,
«Барма» деп бабалары көп жылайды.
Қалидың тоқтамасын білгеннен соң, 80. Пайғамбар мойнын салып қайғы ойлайды.
Отырды Хақ пайғамбар мойнын салып,
Қалидың бұл сапарын ойына алып.
«Қыз жықса балаларым не болады?!» деп,
Тұрады сол себептен қайғыланып.
Сескенді естіген жан жалғыз қыздан,
Әрине болса махдәузда Тәңірім жазған.
Қалидың тоқтамасын білгеннен соң,
Пайғамбар бата берді амалсыздан.
Оқыды нәпіл намаз Хақ пайғамбар, 90. Тілеулес болып тұрды төрт шаһарияр.
Тапсырып бір Құдайға зарлық қылып,
«Иә, Алла, өзің бол, – деп, – шын мәдеткер.
Иә, Алла, жәрдем бергіл рахымыңмен,
Пәндеңді жарылғарсың қуатыңмен».
Мойнына сәлде салды Хақ пайғамбар,
Қол жайды қойдай шулап сахабалар.
Қасейін мен Құсайын «әмин» деп,
Бәтима бір Құдайға қылады зар.
Он жеті ер Қалидың балалары 100. Бәтима жылап тұрды халал жары.
Баршасы «әмин» деп қолын жайып,
Мүбарак дұға қылды пайғамбары.
Қол жайды отыз үш мың сахабасы,
Әбубаһір, Құмар мен Құсман басы.
«Қалидың халі нешік болады» деп,
Мүбарак көздерінен төкті жасты.
Пайғамбар қолын жайып дұға қылды:
«Тапсырдым бір өзіңе Жаппар Құдай».
«Рахман рахим атлы бар Құдайым, 110. Үстем қыл ер Қалиды Дариғаға».
Дүлдүлге сонда Қали мініп алды,
Ел-жұрты амандасып кейін қалды.
Көргенше Дариғаны құмар болып,
Самарқан шәрінен шыға салды.
Ер Қали Самарқанға келіп қалды,
Мінәжат қып бір Құдайға сыйынады.
Жол екен екі арасы алты айшылық,
Дүлдүлмен алты күнде жетіп барды.
Алты күнде Самарқанға барып кірді, 120. Дүниеде естігенді көзі көрді.
Ер Қали Самарқанға келіп тұрса,
Бір кемпір сиыр сауған кез келеді.
Кемпірге сөйлескелі Қали келді,
Келді де ол кемпірге жауап берді.
– Атағы жерді жарған Дариға қыз
Білдің бе осы күні қайда? – дейді.
Тиді ме Дариға қыз байға? – дейді,
Көрді ме палуандықпен пайда? – дейді.
Мен дағы күрескелі келіп едім,
130. Дариға осы күнде қайда? – дейді.
– Сен сұрап Дариғаны не қыласың,
Түрін көрсең, есіңнен жаңыласың.
Күресем деп келгеннің әлі келмей,
Артына тастап кеткен мал мен басын.
– Сөзіңе таң қаламын, кемпір, сенің,
Күшімді көріп пе едің бұрын менің?
Өлгенше Дариғаны сен мақтайсың,
Құдай білер кімнің артық, кімнің кемін.
– Сен тұр ғой, мұнарадай зәңгі келген,
140. Жығамын деп келгеннің бәрі де өлген.
Күресіп адамзаттың әлі келмей,
Қайратын Дариғаның көзім көрген.
– Адамға бермек-алмақ бір Құдайдан,
Ер емес бір айтқан соң сөзден тайған.
Өлгенше Дариғаны сен мақтайсың,
Менің қандай екенімді білдің қайдан?
– Құр бекер әуре болма, тілімді алсаң,
Қанша жан күресем деп болған сарсаң.
Сен де сондай боларсың, жарықтығым,
150. Жақсы болар үйіңе аман барсаң.
– Енді келер ашуым кемпір саған,
Ашулансам боларсың иттен жаман.
Әуелі Дариғаның жөні қайсы,
Ертерек өлмей тұрып айтшы маған.
– Ендеше бері таман мойныңды бұр,
Өз обалың өзіңе айтайын сыр.
Шаһардың ортасында үлкен майдан
Алтын діңгек түбіне бар дағы тұр.
Дариға тамашаға күнде келер,
160. Басында мұнараның ойнап-күлер.
Алтын діңгек түбіне барып тұрсаң,
Күрескелі келгеніңді айтпай білер.
Кемпірден Қали сұрап білді сырды,
Дүниеде көріп пе едің мұндай ерді.
Дүлдүлін бір ағашқа байлай салып,
Алтын діңгек түбіне барып тұрды.
Күресуге жан келмей қойып еді,
Бұл кім деп Дариға қыз көзін салды.
Дариға айтушы еді кәрі-жасқа, 170. «Өзімен бірге жүрген ақылдасқа.
Менімен күреспеген Қали қалды,
Палуанның бәрін жықтым одан басқа.
Бар дейді Мәдинеде Қали балуан,
Менімен күреспеген сол-ақ қалған.
Күресіп сол Қалидың өзін жығып,
Шаһарын ойран қылсам жоқ дүр арман».
Осылай деп тұрғанда Қали келді,
Діңгегінің түбінен көзі көрді.
– Анау тұрған кім екен, біліп кел! – деп,
180. Дариға жарлық қылды біреуге енді.
Дариға жұмсаған соң біреу келді,
Патшасы айтқан соң дереу келді.
Қалидың айбат түсін көргеннен соң,
Қалтырап қол-аяғы дірілдейді.
Жөнелді сөйлеспестен қайта қашып,
Білмейді не айтарын қатты сасып.
Алдына Дариғаның кіріп барды,
Кете жаздап патшаның өзін басып.
– Сен неге қайтып келдің кімнен қашып,
190. Көзіңе не көрінді мұнша сасып?
Қалтырап, дірілдейсің жын ұрғандай,
Кетті ме бұл шіркінді қара басып.
– Түбінде отыр біреу діңгегіңнің,
Оған әлі келмес кімде-кімнің.
Бек айбатлы жан екен түсі суық,
Сұрауға мен қорықтым кім екенін.
– Сені де еркек деп тапты-ау анаң, – дейді,
Ұялмай не деп айттың маған, – дейді.
Ол өзі дию ма екен, пері ме екен,
200. Көрінген әлде қандай саған, – дейді.
Ендеше ол кісіге мен барайын,
Күресіп палуан болса дем алайын.
Дию болса, пері болса сөз сенікі,
Адам болса табармын оның жайын.
Дариға ашуланып өзі келді,
Түбінде алтын діңгек көзі көрді.
Айтқандай кісі екен түсі суық,
Келді де ер Қалиға сөз безеді:
– Кім едің, қай нәсілсің айтшы маған,
210. Атың кім қайдан шыққан ата-бабаң?
Бұл елден түсі суық Қалимысың?
Көргем жоқ түсі суық сендей адам.
– Бабам менің – Мұхаммед Хақ пайғамбар,
Жан жолдасым – дұғакөй төрт шаһарияр.
Туған жерім Мәдине мұнарасы,
Сұрасаң менің атым – Қали Қайдар.
– Рас сен Қалимысың енді? – дейді,
Қали болсаң тілегім берді, – дейді.
Өзім іздеп барғалы жатыр едім,
220. Құдай айдап өзіңді келді, – дейді.
Пысықсып сен қырыпсың тамам елді,
Мен жығыппын өзіңдей талай ерді.
Не қып жүрсің, жайыңды айтшы маған?
Өз қылғаның өзіңе келер енді.
– Мен дағы күресуге келдім саған,
Сен мені аямағыл келсе шамаң.
– Жықпай тұрып еліріп мақтанасың,
Жетерін қайдан білдің күштің маған.
– Менің, сірә, жайымды білемісің,
230. Ерегеспей жайыңа жүремісің.
Мен жығылсам, тиемін енді саған,
Сен жығылсаң дініме кіремісің?
Жаратқан Құдай артық Қали ерді,
Қыздың айтқан бұл сөзін мақұл көрді.
Оларда қашатұғын мінез бар ма,
«Құп болады» деді де, жауап берді.
Сонда қыз тамам жұртын жидырады,
Қару-жарақ сайманын киіп алды.
«Бұл сапар Дариғаға қор қылма?!» деп, 240. Ер Қали бір Құдайға сыйынады.
Келеді жабдықтанып Дариға қыз,
Ер Қали «тәуекел» деп тұрды жалғыз.
Күресін екеуінің көреміз деп,
Жиылды шаһар халқы неше мың жүз.
Қали айтты: – Бола көр, Тәңірім, пана,
Жаратқан құдіретіңіз мен Жаппар Алла.
«Қашыр, – деп, – Дариғаның хал шамасын,
Ақырды айбатланып үш мәрте.
Ақырды айбатланып Қали батыр, 250. Болғандай жер қозғалды заман ақыр.
Зіл-зала жердің жүзі зәлмет болып,
Шайқалып тамам дария бара жатыр.
Бір түгі Дариғаның қимылдамай,
Қауіпсіз еш нәрседен келе жатыр.
Кәпірдің тамы құлап қырылды ері,
Сонда да босанбады қыздың белі.
Қали мінді дүлдүлге, қыз керікке,
Ұстасты ат үстінен екі шері.
Тартысып бірін-бірі ала алмайды, 260. Бірінен-бірі артық бола алмайды.
Екеуінің күш-қуаты бірдей болып,
Ер Қали жад қылады бір Құдайды.
Кетпейді бұрынғы айтқан сөз есінен,
Қысылып жаңылмайды қыз есінен.
Шіреніп екі шері тартқанында,
Аттары жерге кірді дізесінен.
Ақырып бірін-бірі тартады енді,
Көңілі күштерінен қайтады енді.
«Кел, күрес аттан түсіп саламыз» деп, 270. Екі шері бір-біріне айтады енді.
Осылай бір-біріне ақыл салды,
Бұл сөзді екеуі де қабыл алды.
«Ал күрес аттан түсіп салайық» деп,
Сол жерде екі балуан түсе қалды.
Болған жоқ біреуінен біреуі артық,
Тұрған жоқ бірінен-бірі қорқып.
Аттарынан екі балуан түсе қалып,
Ұстасты екеуі де қоян-қолтық.
Көтерді бірін-бірі кезек-кезек, 280. Жүрген жоқ аянысып бойын тежеп.
Алысқан екі шердің зардабымен
Қара жер ой боп жанды терең өзек.
Жиылды тамашаға тамам халық,
«Қайсысы жығады» деп қайран қалып.
Тірі жан қызығына тамақ ішпей,
Шам жағып қарап тұрды бәрі барып.
Алысты тыным алмай күндіз-түні,
Қыз айтады: – Қайтсем жығам, Қали сені,
Сыйынып бір Құдайға Қазірет Қали, 290. Алысты тыным алмай он бес күні.
Бұрын Қали көрген жоқ мұндай істі,
Адамзаттан шығар деп қыздан күшті.
«Намазым он бес күнгі бәрі қаза»,
Ойына ер Қалидың сонда түсті.
Намазы қаза болғанын Қали білді,
«Намазым қаза болды он бес күнгі».
– Оқып өтеп келейін рұқсат бер, – деп,
Ер Қали Дариғадан сұрады енді.
Қыз айтты: – Қали, саған құмар едім,
300. Ас ішпей тағы он бес күн шыдар едім.
Арманда қаларсың деп жіберейін,
Әйтпесе қоя бермей жығар едім.
Келейін мен де барып тамақтанып,
Неше күн ұйықтамадым мейірім қанып.
Оқы да намазыңды, шапшаң келгіл,
Қорқып қашып кетпегіл сөзден танып.
Осылай деп Қалиды қоя берді,
Қали жалғыз бір үлкен тауға келді.
Намазын оқып өтеп ада қылып, 310. Сол тауда мінәжат қып зар еңіреді:
– Құдай-ау, Ақит, Самат, Кәрім едің,
Ақырда өзің сүйіп шерім дедің.
Үстем қыл Дариғаға енді мені,
Әр жерде тілегімді беріп едің.
Деп едің арыстаным әуел бастан,
Бұл қызға не себепті келмеді әлім.
Құдай-а Қасыл ғажат тілегім бар,
Жар болып құдіретіңмен қолтықтай гөр.
Бермесең өзің мәдет, иә, Аллаһым,
320. Жолдассыз өзім жалғыз шығып едім.
Жардамшы барша мүрет – Қаби, Расол,
Қор қылма мен пәндеңді жылаймын құл.
Жылаймын құдіретіңе мен жалынып,
Мәдет бер, Нұр Мұхаммед, тақсыр Уәли?!
Екі дүниеде Мұхаммед бабам едің,
Жар болып қысылғанда панам едің.
Иә, тақсыр, Әбубәкір, Құмар, Құсман,
Жәрдем бер, жаннан ғазез ағаларым.
Бәтима шын сүйікті халел жарым, 330. Хасен менен Құсайын балаларым.
Жардамшы енді маған болмасаңдар,
Келмеді балуан қызға шамаларым.
Сахаба отыз үш мың жолдастарым,
Жасымда бірге жүрген мұңдастарым.
Бұ күнде жалғызшылық түсті маған,
Біреуің осындайда жолғаспадың.
Әбубәкір, Құмар, Құсман мұңдастарым,
Біреуің мың кісілік жолдастарым.
Бізден болдың хабарсыз не себептен, 340. Біреуің осындайда жолғаспадың.
«Барма» деп пайғамбарым айтып еді,
Барғанда Мәдинеге не деп айтам.
Тілеулес болды жылап жер менен көк,
Қол жайды қойдай шулап періштелер.
Айтады мінәжат қып баршалары,
Құдай-ау, ер Қалидың тілегін бер.
Қалидың қысылғанын Расол білді,
Қол жайып тақсыр сонда дұға қылды.
«Дұғасын қабыл көрдім достыңның» деп, 350. Бір Алла Жәбірейілге әмір қылды:
– Қали қайтып майданға барсын, – дейді,
Тамаша құдіретімді көрсін, – дейді.
Енді барса жығады Дариғаны,
Өлтірмей неке қылып алсын, – дейді.
Ол Дариғаны алған соң, ұғыл табар,
Баланың атын қойсын Шаһизада.
Жәбірейіл пайғамбарға хабар берді,
Пайғамбар қуанғаннан түсе келді.
Құдайдың бұл хабарын естіген соң,
360. Шаттанып пайғамбарым қуанды енді.
Ер Қали жатыр еді зарлық қылып,
Аз ғана тыным алып, көзі ілініп.
Жарлығын бір Алланың бастан-аяқ
Пайғамбар мағлұм қылды түсіне еніп.
Қуанып Қазіреті Қали түрегелді,
Майдан жерге қарата жүре берді.
Ішіп-жеп, екі көзі оттай жайнап,
Майданға қыз да келіп отыр еді.
– Мен іштім үйден тамақ бал құйғызып,
370. Жіберді серіктерім бір тойғызып.
Ойыңда арман кетер, керегіңді айт,
Берейін қарның ашса мал сойғызып.
– Айтасың мұны не деп ақылың кем,
Дүниеге қуатыланған ақымақ сен.
Дінімнің шын хақтылығын сонан байқа,
Тамақты жемесе де жегенмен тең.
Дегенде сен ақымақ ашуланды,
Қып-қызыл екі көзі оттай жанды.
– Ендеше қапы қалмай, берік бол, – деп,
380. Жүгіріп ер Қалиға жетіп барды.
Беліне бір-бірінің қолын салды,
Мықтасып екеуі де ұстап алды.
Екі айдаһар жұлқысқандай шаң боп кетті,
Жер қозғалып, жұрттың бәрі аң-таң қалды.
Екі палуан бір-біріне қаһарланып,
Ер Қали «иә ханнан, иә мәнан» деп айқай салды.
Қуанды періштелер зікір айтып,
Доптай қып Дариғаны жұлып алды.
Көтеріп айналдырды үш мәрте, 390. Көзінен халайықтың болды жүдә.
Аспаннан қыз аяғы бұлаңдады,
Дариға басы айналып зар жылады.
«Сүйегі жерге түссе, күл болар» деп,
Қолымен Қали палуан қағып алды.
– Қали-ау, менен күшің артық емес,
Болысқан саған бүгін бар Құдай-ды.
Басады қыз аяғын кердең-кердең,
Құтылмас тірі пәнде Қали ерден.
– Күресіп, Қали, сенен жығылған соң,
400. Тең болдым өлмеген соң қара жермен.
Дариғаға сонда айтады Қали арыстан:
– Түсімде екеуімізді Құдай қосқан.
Мен болдым енді сіздің халал жарың,
Жығылды деп айтпасын көрген дұшпан.
Қалимат түшжаһадат жары қылды,
Исламның шын хақтығын сонан білді.
«Құдай бір, құран шын, пайғамбар хақ», –
Деді де Дариға қыз дінге кірді.
Үйретіп Ислам дінге Қазірет қали,
410. Жиылды Самарқанның адамдары.
Дариға иман айтып жар шақырды,
Онан соң иман айтты барша жаны.
Тамам кәпір мұсылман болып қалды,
Ер Қали неке қиып Дариғаны алды.
Құрметтеп жанның бәрі арыстанды,
Үйіне патшаның алып барды.
Адамын Самарқанның жидырады,
Елінің бұт, бурханын сындырады.
Мешіт пен медіресе сап, дін үйретіп, 420. Көңілін батыр Қали тындырады.
Көп жандар иман айтып, тәуіп қылды,
Үйреніп кәлимадан сабақ алды.
Дариға бір уәзірін патша қойып,
Көндірді хүкіміне тамам елді.
Ер Қали алты ай тұрды Самарқанда,
Үйретіп иман-ислам барша жанға.
Алты айда Дариға жүкті болып,
Бір күні мағұлым болды арыстанға.
Жүктісін Дариғаның Қали білді, 430. Құдай-ау, бергеніңе шүкір, – деді.
Арыстан бір күні ұйықтап жатыр еді,
Түсінде пайғамбарым хабар берді:
– Ей, балам, Мәдинені ұмыттың ба,
Көңіліңді Бәтимадан суыттың ба?
Келмесін, Дариға қыз сонда тұрсын,
Ей, балам, көп кешікпей қайтқыл мұнда.
Алланың әмірі сол, мұны тыңда,
Дариға келмей тұрсын енді сонда.
Алты айлық құрсағында ұғыл бала,
440. Туған соң атын қойсын Шаһизада.
Ұйқыдан Қазірет Қали түрегелді,
Көргенін бастан-аяқ айтады енді.
Пайғамбарды түсінде көргеннен соң,
Сағынып балаларын зар еңіреді.
Айтады Дариғаға Қали Қайдар:
– Қайтқыл деп бабам маған берді хабар.
Мен кетем, сіз қаласыз дегеннен соң,
Дариға күйіп-жанып қылады зар.
Көргенін Қали айтты бастан-аяқ,
450. Бір ауыз сөзін бөліп тастамай-ақ.
«Бұйрықсыз амалым жоқ ап кетерге»,
Тұрады Дариғаны қатты аяп.
Құдайдың бұйрығы деп Қали батыр
Тоқтау қып Дариғаға айтты ақыл.
Жылағанмен пайда жоқ, ей, Дариға,
Құдайдың әмірі сол әуел баста.
– Бай едім – бұрын патша, болдым жарлы,
Деп жылап Дариға көп зарланды.
– Болмаса сізбенен бірге барып,
460. Зиарат қылып келейін пайғамбарға.
Қасен менен Құсайын нұрлы жүзін,
Халал жарың Расол қызын
Шапағат мақшар күні бола көр деп,
Тәуіп қып келейін басқан ізін.
Барайын Мәдине мен Меккесіне,
Мешіт пенен кірейін медіресесіне.
Жүрегім сіз кеткен соң болар пара,
Келейін мүбарак пайғамбардың ізін көре.
Қали айтты: – Дариға, болма сарсаң, 470. Шырағым, сабырлық қыл, тілімді алсаң.
Әмірін бір Алланың бұзғаннан соң,
Күнәһар боларсың онда барсаң.
Құдайдан пайғамбарға хабар келген,
Сол үшін бізге бабам хабар берген.
Қасында сіз солардың тұрғандайсың,
Онда барсаң қарсылық қылғандайсың.
Бұйрығын бір Алланың бекем тұтсаң,
Пайғамбар шапағатынан құр қалмайсың.
Халалдықпен болып ең маған қатын, 480. Пайғамбар сенен үзбес шапағатын.
Алты айлық құрсағыңда ұғыл бала,
Туған соң атын қой Шаһизада.
Дариға сабырлық қып тұрсын онда,
Разылық бір-біріне берсін сонда.
Махшар күні болғанда жолығайық, – деп,
Осылай деп Қали Қайдар түсті жолға.
Разылық Дариғаға Қали берді,
Насихат жиып алды тамам елді.
Қоштасып баршасымен, амандасып, 490. Ер Қали Мәдинеге сонда жүрді.
Көп халық амандасып зарлық қылып,
Жөнелді Мәдинеге Қали қайтып.
Шариғат жолын Дариғаға тамам айтып,
Ер Қали Мәдинеге келді жетіп.
Мүбарак амандасты пайғамбарға,
Бәтима қарсы шықты халал жары.
Сахаба отыз үш мың, төрт шәһияры,
Көрісті қойдай шулап баршалары.
Жаратқан Құдай артық Қали ерді, 500. Ел-жұрты сау-сәләмат аман көрді.
Самарқан базарынан алтын әкеп,
Мәдине үлестірді кәрібіне.
Халайық жиылысып үйге толды,
Қали айтты қиындық алыс жолды.
Есітіп Дариғаның күш-қуатын,
Ел-жұрты тойға келген қайран қалды.
Дариға Самарқанда жалғыз жатты,
Көз жасы Қалиды ойлап көл боп ақты.
Кейде зар боп жылайды, кейде шүкір, 510. Дариға күні жетіп ұғыл тапты.
Той қылып хабар салды Самарқанға,
Хабар салды «жиыл» деп тірі жанға.
Қуанғаннан жиылды барша халық,
Баланың атын қойды Шаһизада.
Тірі жан жас баланы құрметтейді,
«Қалидан бізге қалған белгі» дейді.
Жеті жасқа келгенде Шаһизада,
Молдаға оқытсын деп әкеп берді.
Молдадан Шаһизада оқиды енді, 520. Көңілге кәлиманы тоқиды енді.
Отыз жастағы жігіттен артық болды,
Қай жерде ойын болса іздеп барды.
Асық ойнап балаларға күпәй салар.
Ашуланып Шаһизада жалғыз шертсе,
Балалар қолы тиген өліп қалды.
Көздері балалардың жәудірейді,
Шаһизада кез болса зар жылайды.
Бір қойып маңдайынан жалғыз шертсе,
Сүйегі балалардың саудырайды. 530. Баласын бағып алды тамам халық,
Көшеге шығармайды ойбай салып.
Сыйлайды ер Қалидың құрметі үшін,
Ешбіреуі сөйлемейді ашуланып.
Айтады әркім келіп анасына,
Анасы ақыл айтар баласына.
Баласын жанның бәрі бағып алды,
Шығармай Самарқанның қаласына.
Шаһизада баланың палуандығы
Жайылды шаһарлардың арасына. 540. Шаһизада жалғыз жүріп сабақ оқып,
Жанына жоламайды бала қорқып.
Көшеде Шаһизада келе жатса,
Бір кемпір отыр екен өрмек тоқып.
Кемпірдің тағы болды тамашасы,
Қасында отыр екен бір баласы.
Шаһизада келгенін көргеннен соң,
Бала қорқып көзінен төкті жасты.
«Сен неге жылайсың» деп ашуланды,
Жүгіріп Шаһизада жетіп барды. 550. Маңдайына бір шертіп қалып еді,
Баласы өліп, ол кемпір ойбай салды.
Кемпір жылап шығарады қайғы-дертін:
– Елге қарар қалмады енді бетім,
Сен бүйтіп жас баланы өлтіргенше,
Әкеңді іздеп тапсаңшы, тірі жетім.
Осыны кемпір айтып жылайды енді,
Шаһизада құлақ салып тыңдайды енді.
– Тірі жетім дегенің не деген сөз,
Менің әкем қайда? – деп сұрайды енді. 560. – Бойыңда бала көрсең шайтаның бар,
Сен болдың жас басыңнан пиғылың тар.
Туған жері Мәдине мұнарасы,
Сенің әкең, сұрасаң, Қали Қайдар.
Есітіп Шаһизада қайран қалды,
Жүгіріп тез үйіне жетіп барды.
– Ей, апа, атам қайда, әкем кім? – деп,
Барды да анасынан жауап алды.
Дариға қайғыланды сонда тұрып,
Айтты екен қандай адам Құдай ұрып.
570. «Балаға ата жолын білдірме» деп,
Көп елге айтқан еді жарлық қылып.
Айтады «балам іздеп кетеді деп,
Тағы қайғы түбіне жетеді» деп.
Әкең жоқ деп жасырды баласына,
«Іздеп кетіп түбіме жетеді» деп.
Жылауда екі көзі баласының,
Біледі бұзылғанын санасының.
– Айтпасаң қаңғырып өлемін, – деп,
Зарланып тынышын алды анасының. 580. Анасы амалсыздан жауап берді:
– Сенің әкең Арыстан Қали, – дейді.
Тірі жүрсең көрерсің ер жеткен соң,
Не болар мұңылық басым сен кеткен соң.
Құсайын арыстаны тақсыр Қали,
Мәдине мұнарасы туған жері.
Қасында төрт шәһияр мен асқаптары,
Пайғамбар Құдай дыл Хақ Расол.
Есітіп анасынан білді хабар,
– Ей, ана, рұқсат бер маған?! – дейді.
590. Сабыр тақат қыла алмадым іздемесем,
Атама зиярат қылып барам, – дейді.
– Қарағым, не боламын сен кеткен соң,
Тұра тұр, іздегің ер жеткен соң.
– Рұқсат бер енді маған, апатайым,
Атамды іздемесем кетер жайым.
Атамды іздеп кетсем тез келермін,
Деніме саулық берсе бар Құдайым.
– Атыңнан айналайын, Шаһизада,
Қайғылы қасіретке май салма, 600. Нәсіп берсе бір барып көрісерсің.
– Зар болып мен де тостым біраз ғана,
Ізденбей мен де атамды тұра алмаймын,
Тоқтарға қайрат сабыр қыла алмаймын.
– Сен едің көргеніміз ұл мен қыздан,
Қайтейін, Тәңірім енді неден жазған.
Баланың тоқтамасын білгеннен соң,
Анасы бата берді амалсыздан.
– Бәтима апаң десең өзімізге,
Мүбарак басып кетпен ізіңізге. 610. Болғанда махшар күні ұмытпасын,
Шапағат мағлұм қылсын енді сізге.
Атаңа айт, мен ғаріпті ұмытпасын,
Не болар сен кеткен соң мұңлық басым.
«Қарасат майданында кезіктір» деп,
Жылап жерге көзінен төкті жасты.
Сен енді аман-есен бар, ұғылым,
Айырып сенен тағы қор қылдың.
Тірі барсаң, кешікпей қайтқыл, балам,
Тұрайын тілеулес боп ғаріп анаң. 620. Не болар сен кеткен соң ғаріп басым,
Сенсіз маған қан болар ішкен асым.
Қарасат майданында жолықтырсын.
Әуелі атаң кетті мені тастап,
Ақырда мені оған Құдай қоспақ.
Сен туған соң шүкірлік қылып едім,
Айрылып сенен тағы қалдым қақсап.
Сен едің айым-күнім, көрер көзім,
Сарғаяр сен кеткен соң қызыл жүзім.
Өстіп-ақ дүниеден өткенім бе, 630. Көрем бе бұл дүниеде енді, қозым,
Ісіне Құдіреттің бар ма шарам.
– Хош, ана, мен келгенше болғыл аман,
Бір дұға қыла көр мен балаңа,
Өлеміз мұнда-онда келсе ажал.
Арманым көп болар өлсем көрмей,
Ей, ана, мен келгенше сабырлық қыл,
Сарғайып зағыпырандай жылай бермей.
Жас бала амандасып түсті жолға,
Анасы амалсыздан қалды зорға.
640. Қаңғырып жапан дүзге шығып кетіп,
Жылайды, ей, бабам, деп бір Құдайға.
Жас бала жолдасы жоқ қысылады,
Тәуекел мойнын Хаққа ұсынады.
Бет алдында бір жолмен келе жатса,
Бір адам ақ сақалды ұшырады.
Келді де ақсақалға сәлем берді,
– Мәдинеге баратын мен ғаріппін,
Ей, баба, жол көрсетші маған, – дейді.
Көрсетті жол төтесін Қызыр бабаң,
650. – Бір Алла мәдет берсін, – дейді, – саған.
Тартқызып қара жерді табанынан,
Жеткізді Мәдинеге есен-аман.
Баланы Қызыр бабаң жолға салды,
Жас баланың көз алдынан ғайып болды.
Шаһизада жетіп барды Мәдинеге,
Жетіп барып жүреді Мәдинеге.
Жауаптасқан адамның тілін білмей,
Қаңғырды Мәдиненің көшесінде.
Бір адамға сөйлеспей неше күнде, 660. Көшеде пайғамбарым душар келді.
Баланы қарап тұрған көзі көрді,
Пайғамбар мойнын бұрып қарайды да,
– Мынау кім біздің затқа оқшар? – дейді.
Осылай деп пайғамбар кетті жүріп,
Қарапты жас балаға мойнын бұрып.
Аз жүгіріп артынан пайғамбардың,
Шаһизада жүгіріп көшеменен,
«Атама жолықтыр, – деп, – мен ғаріпті».
Балаларын жиып ап Қали Қайдар,
670. Күрестіріп жатқанын бала көрді.
Қасына жетіп келді көңіл бөліп,
Байқамай ата менен ағаларын.
– Күрессем бола ма екен мен де, – дейді,
Баланың күресейін біріменен,
Ей, ата, маған рұқсат бергіл, – дейді.
– Ендеше күресе ғой, балам, – дейді,
Айтпаймын күреспе деп саған, – дейді.
Ренжіп сен кетерсің маған, – дейді
Күрессең, кел бері, – деп жетіп келді.
680. Мықтасып белдерінен ұстап алды,
Белінен көтеріп ер Қасенді жерге салды.
Құсайын күресуге тұрды барып,
Жығылды менің ағам сенен нағып?!
Көтеріп Шаһизада тағы жықты,
Қали тұрып сол жерде қайран қалды.
Құнапия қарап тұрып ашуланды,
«Екі ағам жығылды» деп намыс қылды.
Екеуі алысып жүрді тағы,
Көтеріп Құнапияны айналдырды. 690. Сол жерде Қали Қайдар жетіп барып,
Бек қатты қапа болып ашуланды.
– Бәрін де балалардың жықтың ғой, – деп,
Қолынан Құнапияны жұлып алды.
– Жықтым деп балаларды тым есірме,
Бұлардың кім екенін білесің бе?
Осы жерде балалардың бәрін жықтың,
Менімен күресуге келесің бе?
– Жығылды балаларыңыздың бәрі менен,
Ашулансам қан шығар қызыл жүзден. 700. Күрестен сіз қашпасаңыз, мен қашпаймын,
Жығылсам ұяты жоқ, ата, сізден.
Ер Қали мына сөзге ашуланды,
Қайтсем де күшім саған жетет, – дейді.
Арыстан үйіріп тастап еді,
Табанын қара жерден қозғамады.
Бұрын Қали көрмеген мұндай істі,
«Неткен жан, – деп ойлайды, – сондай күшті».
Кезекпен Шаһизада тастағанда,
Арыстан қырық адам жерге түсті. 710. Осыған Қали Қайдар қайран қалды,
Мұндайлық көрген емес тірі жанды.
Ашуы арыстанның қатты келді,
Бала айтады ұстарында «иә қанан, иә манан»,
«Мәдет берсін Қасен мен Құсайын ағаларым,
Мұхаммед Расол Алла бабаларым».
– Сыйынды әкем Қали саған, – дейді,
Мәдет бер Нұрмұхамет аталарым.
Сыйындым атам Қали, шәһиярлар,
Сүйікті пайғамбардың перзенті едім.
720. Бәтима, жәрдем бергіл, пұшпақ анам,
Мұхаммед Тәңір қосты бабам едің,
Жар болып қысылғанда панам едің.
Он бес күн арыстанмен күресіп ең,
Қолдай гөр, ер Дариға анам, – дейді.
Ер Қали мұны естіп қайран қалды,
Баланың келбетіне көзін салды.
Шаһизада екенін білгеннен соң,
– Ей, атаң мен, – деп сүйіп алды.
Есен-сау ер жеттің бе, ғаріп балам, 730. Отыр ма есен-аман Дариға анаң?
Аллаға мың шүкірлік қылдым енді,
Тіріде көрдім сені есен-аман.
Өз әкесі екенін бала білді,
Ұстаған қолын жазып қоя берді.
– Танымай, әдепсіздік іс қылдым, – деп,
Сол жерде Шаһизада зар еңіреді.
Зарланып Шаһизада қатты күйді,
Бетінен, – қой, балам, – деп Қали сүйді.
– Не бетіммен ұялмай жүремін, – деп,
740. Жұлқып тастап жөнелді Шаһизада.
Тұрмады шақырса да Шаһизада,
Артынан Қали батыр қуды сонда,
Қуса дағы Қалиға жеткізбестен,
Бір үлкен тауға қарай түсті жолға.
Ол таудан қарап еді Қазірет Қали,
Ішінен таба алмады тірі жанды.
«Бір көріп перзентімнен айрылдым» деп,
Қайтып кеп пайғамбарға зар еңіреді.
Пайғамбар жиып алды елдің бәрін, 750. Ер Қали баласы үшін көңілі жарым.
Тірі жан іздегелі жатыр еді,
Расолға хабар берді Жаппар Кәрім.
Ер Қали баласы үшін зар жылайды,
Бұл істі өзі қылған бар Құдай-ды.
Жәбірейіл пайғамбарға хабар берді,
– Баласын іздемесін, табылмайды.
Бір қарда мекен қылып тұрады енді,
Болғанда заман ақыр шығар, – дейді.
Оған шейін оқ жонар қар ішінде,
760. Қайратын, иә, жүзге қылар, – дейді.
Ол қарда іздеп барса көзі көрер,
Көрген соң көзіменен өзі білер.
Адамдар шын көңілімен барған жанға,
Жонған оқ даусы естілер.
Жәбірейіл пайғамбарға хабар берді,
«Тоқтатшы, пайғамбар, Қали ерді.
Шаһизада сол тауға кірген жерін
Қали менен көп халық барып көрді.
Бұл жақтан хат беріпті Самарқанға,
Көк тасқа сәлде қылар барған жан да.
Көктен Қайса түседі, жерден Мәді,
Шығады сол мезгілде Шаһизаң да.
Жамағат қол көтеріп бір дұға қыл,
Жаман менен жақсының орны қайда.
Күресін арыстанның жазып едім,
776. Қате болса, сөкпеңіз оқығанда.
Дотан батыр – Күнікей қыз қиссасы
Жаранлар, сал құлағың, тыңла бізді,
Сөйлейін бір қиссаны, келді кезі.
Кешегі Орманбеттің заманында,
Өтіпті Құбақан бай жапан дүзде.
Дүние ойлап тұрсам әуре-сарсаң,
Жігіттер тауарих қыл тілімді алсаң.
Сөйлейін бұрынғыны Құбақаннан,
Жаранлар, біразырақ құлақ салсаң.
Шығардым көңілімнен әртүрлі жол, 10. Бітірген мұның бәрін он саусақ қол.
Өтіпті жапан дүзде Құбақан бай,
Өзінің Құдай берген дәулеті мол.
Өзінің Құдай берген дәулеті көп,
Қырық қыз, қырық ұлы бар, көңілі тоқ.
Алыпты жалғыз өзі тоғыз қатын,
Елсізде жатады екен уайым жоқ.
Жапанда өскен екен ел көрмей-ақ,
Елсізде жалғыз ауыл жатты саяқ.
Нысабы жоқ өзінің, көп те малы, 20. Құдайым ұл-қыз берген аямай-ақ.
Бір өзі ұлға да бай, малға да бай,
Өзінің дәулеті көп, көңілі жай.
Құдайым әр не берсе бірдей берген,
Іздеген төрт түліктің бәрі де сай.
Бар еді артық қылған Хақ Тағала,
Мекені елсіз, күнсіз жапан дала.
Құдайым мол дәулетті берсе дағы,
Түспепті есігіне келін бала.
Сөйлейін жақсы қылып енді мұны, 30. Белгісіз азаматтың өткен күні.
Қырық ұлы, қырық қызы бір күні ақылдасты,
Қиссаның айтатұғын келді кезі.
Сексені ақылдасты болып қапа,
Жарамас жүргеніміз үлкен аға.
«Жақын ел бар болса, баралық» деп,
Салады тұлпарларға алтын таға.
Сексені ақылдасты болып мұндай,
Іші пысып кеңесіп жылады енді.
– Жақын жерде біз барар ел бар ма? – деп,
40. Малын баққан бір шалдан сұрады енді.
Балалар әрбір ойды ойлады енді,
Еркіне шал байғұсты қоймады енді.
– Жақын жерде ел болса, біз баралық,
Әй, ата, білгеніңді сөйле, – деді.
Дүние екі айналмас, бір келеді,
Балалар байғұс шалды көп тергеді.
Балалар көп жалынып сұраса да,
Шешіліп байғұс шалың үндемеді.
Балалар қоймайды енді сөйлемеске,
50. – Құлақ сал енді, баба, бұ кеңеске.
Білген елің бар болса, айтшы бізге,
Білгеніңді айтқаның еп емес пе.
Сонда шалың сөйледі байпаң қағып,
Балаларға барады сөзі жағып.
– Оңтүстікте бар еді бір бәйтерек,
Онан жақын нәрсе жоқ жүрмін бағып.
Ешқайда онан әрі барғаным жоқ,
Аралап жердің жүзін алғаным жоқ.
Білгенімді айтайын, шырақтарым,
60. Жақында ел дегенді көргенім жоқ.
Оңтүстікте бір тоғай бар деп айтты,
Миуалы қалың тоғай тал деп айтты.
Егерде ол тоғайға барар болсаң,
Бәрің де қару-жарақ ал деп айтты.
Әр жолға өзі бастар Алла Тағалам,
Сізлердің мен сөзіңе қайран қалам.
Жалмауыз аю, арслан жау бар шығар,
Тұлпар мініп жүргейсің бәрің, балам.
Адамның сөз білмейді бір парасы, 70. Қандырмас құлағының әр парасы.
Құбақанның қырық ұлының арасында,
Бар еді тоқалының бір баласы.
Құдайым бақ бермейгейде пәндесіне,
Пақырды патша Құдай жөндесін де.
Кенжесі ер Дотанға сөз айтады,
Айтпады басқа сөз өңгесіне.
Сөз айтты ер Дотанға байғұс шалың:
– Сөзімді сенен аяр бар ма халім.
Қулықтан қара көк тай туған еді, 80. Соны ұстап жылқы дағы мінгін, жаным.
Қолыңа мылтық алғын соны мініп,
Жетерсің айшылықта күн-түн жүріп.
Тілеулес мен мүсәпір ғарібің, – деп,
Жөнелтті ер Дотанға бата беріп.
Әр алуан сөз айтты жас балаға,
Ақылды мұсылманға бас балаға.
Қаракөк тайға мініп мылтық алып,
Ер Дотан жүрмек болды қыр далаға.
Қасына ағаларын ертіп алды, 90. Тұлпар тай мініп алды майда жалды.
Анасынан рұқсат, бата алып,
Саулатып балаларын жолға салды.
Неғылса қадір Алла өзі білер,
Балалар неше күндер жүріп келер.
Он күн жүріп, отыз күн болған шақта,
Қалың тоғай, бір өзен су көрінер.
Ол тоғайға көрді де, келді жетіп,
Аттарын қамшы басты екпіндетіп.
Сексені шабуылдап жетіп келді, 100. Не бар, не жоқ көргенше есі кетіп.
Жағалай келіп түсті ол ағашқа,
Жұпар жағып аңқытып қара шашқа.
Миуа жеп баршалары жатып қалды,
Аттарын байлап-байлап қойды тасқа.
Бәрі бірдей паңдықпен ұйықтап жатыр,
Бастарына тіккені алып шатыр.
Иісін адамзаттың алғаннан соң,
Бұларға бір жалмауыз келе жатыр.
Жалмауыз балаларға келіп қалды, 110. Бір сұмдық балаларға болып қалды.
Өзгесін бір ұртына тыға салып,
Ер Дотанның қасына жетіп барды.
Баланы ұйықтап жатқан көрді сонда,
Қайран боп нұсқасына тұрды сонда.
Жұтайын деп Дотанды келгенінде,
Тай теуіп жалмауызды қалды сонда.
Ол тайдың кемпір көрді қасиетін,
Шалдың Дотан ұғыпты өсиетін.
Тай тепкен соң жалмауыз кейін тұрды, 120. Көрсетті жалмауызға көп қайратты.
Баланы тістеп теуіп оятады,
Тай тепкен соң ер Дотан көзін ашты.
Дотан бала оянып көзін ашып,
«Кімсің?» деп жалмауызға сөз қатады.
Түріне жалмауыздың қарай қалды,
Мылтықпен атайын деп қолына алды.
Қараса, қасындағы жолдасы жоқ,
Мылтықпен атайын деп оңтайланды.
Мылтықты ұмтылады қолына ала, 130. Қорықпайды он бір жасар ғаріп бала.
«Ұлсызға ұл, қызсызға қызбын» дейді,
Қу жалмауыз мылтығын көре сала.
Кемпір сонда «атпа» деп жалынады,
– Сабыр қып сөз сұрасаң не қылады?
Шырағым, мені атпай, сөз сұрасаң,
Жоғыңның бәрі менен табылады.
Бала сонда кемпірдің сөзін тосты,
Құдайым есіркесін көңілі босты.
Баланы тайыменен жұтып қалып, 140. Жұта алмай ауызынан қайта құсты.
Сонда кемпірдің балаға айтқаны:
– Шырағым, сөз айтамын саған, – деді,
Қызмет қып бересің бе маған, – деді.
Жолдасыңның бәрін де мен тастайын,
Қызмет қылсаң, болайын анаң, – деді.
Сөйлейін бір хикаят саған, – деді,
Жолдасың бәрі де тұр тамам, – деді.
Жұмсайын сені, балам, бір жұмысқа,
Жері жеті жылда жетесің оған, – деді.
Сөйлейді сонда бала он бір жасар,
150. Құдайым сүйген құлын қылмас нашар.
Қылайын қызметіңізге, ана, сіздің,
Құдайым қандай кезді нәсіп шашар.
Қылайын қызметіңді, білсем бәрін,
Көңілім осы күнде болды жарым.
Шамам келсе қылайын қызметіңе,
Әуелі тастасаңшы, бауырларым.
Сөзіме менің айтқан құлағыңды сал,
Жаратқан бәрімізді пәруардигар.
Неде болса қалайын қызметіңізге, 160. Өзімде жолдас болар бір ағам бар.
– Әй, кемпір мұндай сөзді айтасың да,
Көңіліңе ауыр алсаң жай тасыңдай.
Келейін үлкенірек атқа мініп,
Атым нашар астымда, қайтесің-ай!
– Шырағым, ағаларың мен берейін,
Басыңды патшаларға теңгерейін.
Үйіңде саған жарар атың жоқ қой,
Тәуекел деп тайыңменен жіберейін.
Ағаларын қояды бәрін құсып,
170. Қуанады баршасы түгел түсіп.
Інісін аман-есен көргеннен соң,
Отырысты баршасы қуанысып.
Кемпір сонда сөйледі Дотан ерге:
– Жүр, – дейді, – жеті жылдық алыс жерге.
Менен сен енді, сірә, құтылмайсың,
Қанеки, ағаларың жүрсін бірге.
Жеті жылда жетесің тынбай жүрсең,
Құданың құдіреті дүр нені көрсең.
Қызы бар Шынтемірдің Күнікей деген, 180. Ешкімнен кем болмайсың тірі жүрсең.
Қызы бар Шынтемірдің Күнікей деген,
Сол қызға ана балам ғашық боп жүдеген.
Қараңғы үйді нұрымен жарық қылар,
Ол қызға еш адамзат тең келмеген.
Менен сен, соны әкелсең, құтыласың,
Болмаса тағы қайта жұтыласың.
Күнікейдің сұлулығы артық, – деді,
Соны апкелсең, батамды сен аласың.
Жас бала қу кемпірдің тілін алды, 190. Құдайым көңіліне ақыл салды.
«Кемпірдің жұмысына барайын» деп,
Барды да ағаларға ақыл салды.
– Барамын жау кемпірдің жұмысына,
Бар Құдай жардам бергіл тынысыма.
Ағалар, жолдас болғын енді маған,
Сізлерді берді Құдай ырысыма.
Балаға ағалары сөз айтады,
Келісіп көп тұрмай тез қайтады.
– Біздерден еш қайыр жоқ, бара алмаймыз,
200. Барсаң өзің жүре бер, – деп айтады.
Бар Құдай, өз панаңды өзің оңда,
Мұхаммед шапағаты Расул Алла.
Ағалардан еш қадір болмаған соң,
Бір өзі тәуекел деп түсті жолға.
Әлқисса, ағалары ермеген соң жылағаны:
Сонда бала жылайды,
Көзінің жасын бұлайды.
«Рақым қыл» деп жылайды,
Алладан мәдет сұрайды.
– Ермедіңдер, ағалар,
210. Не іс қылсам ұнайды.
Жеті жылдық жол екен,
Жалмауызға кез болдым.
Қорлық деген сол екен,
Аман сақта Құдай-ау.
Арасы суыз шөл екен,
Он бірге келген жасым бар,
Әуре-сарсаң басым бар.
Құдайдың жазған тағдыры,
Бармасқа лажы болмады. 220. Сақтағаны мол екен,
Жолдасым жоқ қасымда,
Қабырғалы ат емес,
Мінгенім тай астымда.
Аман болғыл, ағалар,
Салды Алла бір істі
Он бірге келген жасымда.
Ата-анама сәлем де,
Ағаларым, аман бол,
Қай таудың қалам тасында. 230. Әуелде жазған жазуға
Пәнденің болмас шарасы.
Қырық ұл едік, ағалар,
Құба ағамның баласы,
Аман болғыл, ағалар,
Жүрегімнің парасы.
Қақысын кешсін ата-анам,
Тілінде болып сәнасы.
Ғаріптік, михнат көргенде,
Ерлердің болсын әрқашан 240. Жаратқан Тәңірім панасы.
Көп сәлем де атама,
Батасын маған берсін-ай.
«Мұратына жеткіз» деп,
Дұғада болып тұрсын-ай.
Төрт-бес уақыт намазда-ай,
Көңілін маған бұрсын-ай.
Ғаріп ата-анама
Үш қайтара сәлем де,
Тілегімді тілеп жүрсін-ай. 250. Жалмауыз кемпір қорқытып,
Алысқа мені айдады,
Тілеуі мұның құрсын-ай.
Айналайын, ағалар,
Аман-есен болыңдар.
Үйге қайтып барыңдар,
Қартайған мұңлық атама
Жақсы қызмет қылыңдар.
Құба ағаңның ұл-қызы –
Сексен едік атадан. 260. Мендей мүсәпір ініңді
Аман қайтып келгенше,
Тастамаңдар батадан.
Жолыңда Алла оңғарсын,
Құтқарсын өзі қападан.
Қызыр Ілияс жар болып,
Құтқар өзің жападан.
Жау кемпірдің жұмысы
Маған болды асқар бел.
Көз жасым толды қойныма, 270. Ағып барып болды сел.
Түстеніп қонып баратын
Арада жоқ ешбір ел.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Жолдасым болды соққан жел.
Аман болғыл, ағалар,
Бізден бұрын неше хан,
Неше сұлтан баласы
Қыз іздеп жүріп далада,
Тартқан екен жапалар. 280. Аналарға сәлем де,
Жете алмадым он беске,
Ағалар, қалып барасыз,
Біреуің ермей жолдасқа.
Маған да, сірә, болмады,
Бұған да, сірә, бармасқа.
Дотан бала мұны айтып жолға түсті,
Не қылса да Тәңірім қылар әрбір істі.
Көк тайға екі қоржын алтын артып,
«Алла» деп ағаларға хош айтысты. 290. Еліне ағалары кетті қайтып,
Жіберді Дотан бала сәлем айтып,
Жалғыз өзі елсізге шыққаннан соң,
Жылайды ғаріп бала қайғы тартып.
Көк таймен Дотан ерді жолға салды,
Жер жөнін қу кемпірден сұрап алды.
Жүріп бара жатқанда кемпір келіп,
Баланың оң бетінен сүйіп алды.
Дотанның тайының жүрісі:
Ал жөнелді, бала жөнелді
Алланың салған ісіне.
300. Әр не болса көнеді,
Жалтаң менен жалтаңдап,
Тайға мініп талтаңдап,
Жолға түсіп келеді.
Майдан-майдан жол майдан,
Майдалай басып келеді.
Алтыншы таудан әрі асып,
Жетінші тауға жанасып,
Қарсақ жортпас қалыңнан
Қарғып кетіп барады. 310. Түлкі жортпас түнектен
Түнде кетіп барады.
Белең-белең жерлерден
Бұлдырап кетіп барады.
Асқар-асқар таулардан
Асып кетіп барады.
Ауызынан көбігін
Шашып кетіп барады.
Жас баланы Құдайым
Айдап кетіп барады. 320. Екі көзі баланың
Жайнап кетіп барады.
Мінәжат қылып Құдайға,
Жағы тынбай бұлбұлдай,
Сайрап кетіп барады.
Бір заманда қыс болды,
Қары жауып мұз қатып,
Бір заманда жаз болды,
Ұйықтаған жоқ бір жатып.
Бір заманда жаз болып, 330. Көк шығады жайқалып.
Астындағы көк тайы
Құнан шығып, жүн тастап,
Жорға болды тайпалып.
Иісіп алды бөксесін
Төрт бұты талтайып,
Құрықтай мойны ұзарып,
Дүзеп алды мүшесін,
Сауыры шықты томпайып.
Анық тұлпар сол екен, 340. Жал құйрығы сымпиып,
«Шуу» десе тұлпар ағады.
Ауыздықпен алысып,
Шалқая тартып шіреніп,
Ұшқан құспен жарысып,
Аққудай мойынын иеді.
Тарта-тарта Дотанның
Алақаны тозады.
Еті қызып желіксе,
Бой бермейді қарысып. 350. Күндіз-түні жүруден
Жалғыз бала зерікті.
Арада неше қоныпты,
Талма түстің шағында,
Мидай жапан далада,
Құланның ішкен қағында
Сұлап жатқан бір жерде
Бір адамға жолықты.
Сұлап жатқан адамды
Анадайдан көреді. 360. Іркілместен жас бала
Қасына жетіп келеді.
Сипатына қараса,
Жасы үлкен кісі екен,
Иіліп сәлем береді.
Сәлемін алып ол адам,
Мұсылманша сөйлесіп,
Жөнін сұрай береді.
Сонда бала сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді: 370. – Он төртке келген жасым бар,
Әуре-сарсаң басым бар,
Басындағы уақиғасын айтып,
Сөйлей қалды болып зар.
Жалмауыз кемпір қорқытып,
Қылды маған қатты кәр.
Күн батарда бір шаһар
Шынтемір деген ханы бар,
Күнікей сұлу дейтұғын
Ханның жалғыз қызы бар. 380. Аллаға қылдым тәуекел,
Жеті жылдық жолы бар.
Алла, өзің оңла деп,
Мен мүсәпір талапкер.
Әлқисса, енді ол адам айтты:
– Менің атым – мұсылман, атым – Тыңдаушы деген. Елімді жау шауып, мен елсізде жүргелі жеті жыл болды. Енді жер астында бір хан қызын ұзатып той қылып жатыр. Соны тыңдап отырмын, – дейді. – Енді мен сізбен бірге ел табайын, – деп, бірі атты, бірі жаяу болып жүреді.
Екеуі жолдас болып бірге жүрді,
Сапарда бірнеше күн ойнап-күлді.
Екеуі тағы бір жыл бірге жүріп,
Бір үлкен өзен суға кез келді.
Жағалап ол өзенді келе жатыр,
Серік боп бір-біріне екеуі барды.
390. Бірі атты, бірі жаяу келе жатса,
Бір адам мылтық ұстап қарап отыр.
Қасына іркілместен жетіп келді,
«Бұл кім мекен қылған елсіз көлді?
Әуелі кім екенін білелік», – деп,
Қасына жақын келіп сәлем берді.
Ол адам сәлем алды түрегеліп,
Тұрады не сұраса жауап беріп.
Мұсылманша тіл біліп сөйлескен соң,
Екеуінің барады көңілі еріп. 400. – Әй, ата, жаһан дүзде неғып жүрсің,
Қай жұрттан, қай рудан, нәсілің кімсің?
Қолыңда мылтығың бар, жолдасың жоқ,
Жөніңді айт, балалар-ау естіп білсін.
– Айтайын мен жайымды, балам, – деді,
Көңілім қуанып тұр саған, – деді.
Далада аңдып жүріп білмей қалдым,
Ел үркіп, кетіп қапты тамам, – деді.
Кеткенін елдің қайда біле алмадым,
Қаңғырып ешбір жаққа жүре алмадым. 410. Бұрын тұрған елімнің мекені осы,
Кетуге мұны тастап қия алмадым.
Кетіпті менің елім жерден босып,
Сізлерге кез боп тұрмын Құдай қосып.
Кеше түсте атып ем бір аққуды,
Осы жерде отырмын соны тосып.
Әрқашан құс әуеге ұшушы еді,
Қайратым сонда менің қылушы еді.
Әуеде ұшқан құсты бүгін атсам,
Уақытымда қайта айналып түсуші еді. 420. Сөйледім мен жайымды сізлерге енді,
Сізлер де енді маған айт жөніңді.
Бұлар да бастан-аяқ сырын айтты,
Сол уақта аспаннан аққу келді.
Аққуды алып, бұлар кетті бірге,
Бір Құдай жолдас қылды Дотан ерге.
Екі жаяу, біреуі атты жолдас болып,
Боп келеді неше күндік алыс жерге.
Үшеуі жолдас болып бірге жүрді,
Сапарда бірнеше күн ойнап-күлді. 430. Үшеуі жолдас болып келе жатса,
Аң қуған бір жаяуды көзі көрді.
Өзінің тоты құстай басы бар-ды,
Мөлшері жиырмада жасы бар-ды.
Ол адамның қасына жақын келсе,
Екі аяқта қазандай тасы бар-ды.
Үшеуі аяңдасып жетіп келді,
Сөйлесуге көңілі кетіп келді.
«Тас байлап, зор жүгірген неткен жан» деп,
Күлісіп көп тамаша етіп келді. 440. Киікті жаяу қуып ұстап алды,
Бұлар жақын келген соң тұра қалды.
Аяқтағы қазандай екі таспен
Киік ұстап алғанға қайран қалды.
Киікті ұстап, бұларға қарап тұрды,
Көрді де үшеуіне сәлем берді.
Сәлем алып үшеуі жауап сұрады:
– Дүниеде көрмедік сіздей ерді?!
– Сұрасаң менің атым – Желаяқпын,
Адамзаттан шықпаған бір қу аяқпын. 450. Аяғыма екі тас байламасам,
Тоқтамай ғайып болып кетер-ақпын.
Қазіреттің маған тиген дұғасы бар,
Құдайдың өзі берген қуаты бар.
Мен өзім тірі ғайып түзде жүрген,
Айтайын мен жайымды сұрасаңдар.
Мен өзім тірі ғайып түзде жүрген,
Әркімді жолдастыққа іздеп жүрген.
Ұшқан құстан басқаны құтқармаймын,
Құдайым осылайша қуат берген. 460. Ағаларым, жайымды айттым саған,
Сізлер де айт жөніңді енді маған.
Бұл жермен еш адамзат жүрмеуші еді,
Айдаған не себептен Алла Тағалам.
Бұлар да Желаяққа сырын айтты,
Қалдырмай бастан-аяқ бәрін айтты.
– Күнікей Шынтемір хан қызы, – дейді,
Сол үшін барамыз, – деп расын айтты.
Бұлардың айтқан сөзін білді енді,
Аз күн пәрман Алладан тіледі енді.
470. – Сізлермен мен де бірге барамын, – деп,
Желаяқ бірге лесіп жүреді енді.
Қосылып бұл төртеуі жол жүреді,
Күні-түні есепсіз мол жүреді.
Бір жыл сапар жүрген соң тағы бұлар,
Бір үлкен асқар тауға кез келеді.
Аралап таудың ішін келе жатыр,
Бір-біріне серік боп өңшең батыр.
Бір-біріне серік боп келе жатса,
Бір қарғаның құйрығын жұлып алып, 480. Бір қарғаға қыстырған [бір қу] келе жатыр. Әлқисса, бұлар келіп ол адамға сәлемдесіп, жөн сұрады. Ол адам айтты: – Мен – Көзбайлауышпын, өзім ермек қылып, әр нәрсемен ойнап жүремін. Өздеріңізге жол болсын! – дейді. Бұлар жөнін айтты. Сонан кейін Көзбайлауышпен бірге жүрді.
Басында жалғыз еді, бесеу болды,
Оңдады патша Құдай енді жолды.
Аз да болса, жолдасы бәрі мықты,
Бөгейтін әрқайсысы мың-мың қолды.
Ат болды алты жасар Қаракөк тай,
Жолдан жолдас қосылып көңілі жай.
Қазірет Қызырының жәрдемімен,
Бұларға берген екен патша Құдай.
Жүргелі бұлар тағы бір жыл болды, 490. Көреді тірі пәнде әрбір жолды.
Қаракөк тұлпарының жүрісіне,
Дотанның жылдан-жылға көңілі толды.
Келеді неше қабат таудан асып,
Құдайым жапан түзден нәсіп шашып.
Келе жатса, үш биік зімбіл шоқы
Алдында тиісетін тұр қатарласып.
Ол тауға жетейік деп аяңдады,
Жүруден асыл жанын аямады.
Қасындағы екі тау қимылдап тұр, 500. Қорыққаннан, жанына таянбады.
Дотанды жібереді жалғыз өзін,
Айтқан соң қайтармады жолдас сөзін.
Үш тауға жалғыз барып жақындады,
Жолдастарын қол бұлғап шақырады.
Ол тауларға ер Дотан жақындады,
Алдына жетіп барып жөн сұрады.
Сәлемін жақсы құптап алды енді,
Ағалары қасына барды енді.
– Қалайша қоқаң-қоқаң еткендерің?
510. Таулардың мәні-жайын сұрады енді.
Әлқисса, бұлар диюлар екен, ортасындағы үлкені жауап беріп, айтты: – Мынау екеуі менің екі балам еді. Екеуі еншіге таласып, сонан соң бұл екеуін таластырмай күшін салмақтап, күші артығына еншіні көп берейін деп тұрмын, – деді. Кіші баламның күші артық екен, деп соған артық (енші) берейін деп тұрмын. Енді еншілерін берді. Бұлардың жөнін сұрап, бұлар жөнін айтқан соң, Шынтемір ханға мен де бірге барып қызын көремін, – деп Таусалмақтаған бірге жүреді, – деді.
Басында бесеу еді, алтау болды,
Қайғымен күндіз-түні жалқау болды.
«Шынтемір ханға көктемде жетеміз» деп,
Алтауы ақылдасып келеді енді.
Мұнымен осы әңгіме тұра тұрсын,
Алтауы аяңдасып жүре тұрсын.
Хан жағынан айтайын біраз енді,
Жамағат, қандырайын құлақ құрышын.
Әуелі біссіміллә сөздің басы, 520. Шынтемір хан бірталай ердің басы.
Мекені мұхит, теңіз жағасы екен,
Жалғыз қызы бар екен, бес баласы.
Өзінің Құдай берген дәулеті асқан,
Нелер қиын патшамен жағаласқан.
Қара қылды қақ жарған ғаділ екен,
Еш патша жоқ уақытында мұнан асқан.
Уақытында патша болған салтанатты,
Халқына жағымды екен ғаділетті.
Алтындап неше қабат сарай салып, 530. Құдайым берген екен артық бақты.
Күнбатыс уалаятқа патша болған,
Қазынасы тоқсан екі сарай толған.
Зәбіржат, асыл гауһар тас орнатып,
Қызына алтындатып сарай салған.
Оңаша жатады екен Күнікей қыз,
Қасында нөкері бар жиырма қыз.
«Алтын сүйек, ақ тамақ Күнікей» деп,
Жаранлар, аз әңгіме айтайық біз.
Сарайы Күнікейдің зәбіржат тас, 540. Тамашалы істері бар адам нанбас.
Бау-шарбағы сом асыл, иақұт қақпа,
Баршасын тамам қылып айтып болмас.
Күнікей бір күн жатып түс көріпті,
Түсінде көп тамаша іс көріпті.
Шаһарына алты адам келген екен,
Тамам жұрт алтауынан күш көріпті.
Түсінде алты адамды көреді енді,
Күнікей қыз да болса зерек еді.
Түсіндегі көргенін айтайын деп, 550. Ең үлкен ағасына келеді енді.
Күнікей ағасына жетіп келді,
Қорқып өңі-түсі де кетіп келді.
Жүзіне қарай салып Күнікейдің:
– Не жұмысқа келдің? – деп сұрады енді.
Шырағым, неге келдің, Күнікейжан,
Көңілің қапа тартқан, түсің жаман.
Шырағым, жүзің солғын болды неге,
Жаман сөз естідің бе бір адамнан?
Әлқисса, сонда Күнікейдің ағасына берген жауабы:
– Жан ағаеке-ау, құлақ сал,
560. Көргенімді айтайын,
Ішіме симай барады.
Сізге айтпай қайтейін,
Құлақ салып тыңдағыл,
Түнде көрген түсім бар.
Айтқалы келдім, ағаеке-ау,
Көңілде қайғы ісім бар.
Қатты қорқып бір түстен,
Зағыпырандай сарғайған,
Реңім солған түсім бар. 570. Сарайда жаттым жасымнан,
Арсылан туған, ағалар,
Құс ұшырмадың басымнан.
Қайғы түсті көңіліме,
Бір түс көрдім түсімде.
Келе жатыр алты адам
Ақбөкендей жосылтқан.
Түсі суық алты адам
Күн шығыстан келіпті,
Орғыта басып желіпті. 580. Келген осы алты адамды
Осы келген Күнікей
Қарындасың көріпті.
Ішінде бар бір бала,
Мінген аты сұр жайдақ.
Тайраңдап басқан қу тайлақ,
Жеті жыл болды шыққалы.
Дамыл таппай келеді,
Атқан оқтай бұлдырлап.
Төрт тұяқтың сарыны 590. Зәремді алып барады.
Түскен мұздай сылдырлап,
Мойны құлаш Қаракөк
Кісінеген дауысы
Төбемді жарды шыңғырлап.
Асқар таудың қиясын
Тексілеп бірдей басады.
Әруағы баланың
Күннен-күнге асады.
Талма түс мезгіл болғанда, 600. Ойынды еті бұлтылдап,
Бота тірсек, бос мойын,
Аузынан көбік шашады.
Астындағы Қаракөк
Арандай аузын ашады.
Мен білсем, аға, алтауы
Ерегескен дұшпанның
Қанын судай шашады.
Келе жатыр бір бала
Қасқыр бетті сұр бала. 610. Арыстандай жүректі,
Жолбарыстай білекті,
Он сегіз жасар қу бала.
Жауырыны қақпақтай
Қайғыменен ауырған,
Көзінің жасы көл бала.
Көргенімді айтайын,
Тыңдағын мені, жан аға.
Шаһарыңа келеді,
Қанша дұшпан болса да, 620. Бәрін жеңіп алады.
Қарсыласқан дұшпаны
Қор болып бәрі өледі.
Ертең түсте келеді,
Өзіңе сәлем береді.
Ағасы сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Мен бір жауап берейін,
Тыңдап мұны тұр, – деді.
Көңіліңді бұзбай, шырағым,
630. Үйіңе қайтып бар, – деді.
Келе қалса, шырағым,
Қайратын оның көрерміз,
Сөйлесіп жауап берерміз.
Қарағым, мұнда келсе олар,
Іске оны салармыз.
Жарар болса егерде,
Тұрпатын сынап қарармыз.
Денең сүйсе баланы,
Өзіңе жауап қылармыз. 640. Еш пәндеге шығарма
Ішіңдегі сырыңды.
Күлкі болып жүрмейік
Көрмей көңіл тынар ма?!
Мына жақта бар еді
Қалмақ деген бір дұшпан,
Шамасы оған келе ме?!
Көп жылама зарланып,
Көрген түске қорланып.
Мұны қалмақ естісе, 650. Ғаріп қылар бізлерді,
Бір-ақ күнде қамданып.
Үйіне қайтып келеді,
Ғаріпларын жияды.
Ер басына бір алтын
Құдайы қылып береді.
Мүскін, пақырын жиып ап,
Садақа-нәзір салады.
Патша қызы Күнікей
Бір баланың тілегін 660. Ғашықлықпен тіледі.
Алтауы тынбай жүріп келе жатыр,
Бес жаяу, бір атты, өңшең батыр.
Арада жеті жылдай сапар жүріп,
Еліне Шынтемір хан келе жатыр.
Құдайым бұлай айдап нәсіп етті,
Қорқытып о жалмауыз тентіретті.
Арада талай бейнет көрген байғұс
Бұралып Шынтемірге жаңа жетті.
Көреді ел қарасын енді бұлар, 670. Арада талай бейнет көрді бұлар.
Ел қарасын көрген соң шүкір қылып,
Бір жерде тамақтанып алды олар.
Сол жерде тамақланып дем алысты,
Енді елге баралық деп жолға түсті.
Бір өзенді жағалап келе жатса,
Бір жалғыз қараша үйге кез келісті.
Бір ұрғашы, бір еркек ол үйдегі,
Үстінде лыпасы бар, жоқ көйлегі.
Аш-жалаңаш отырған ол мүсәпір, 680. Бұларға «кімсізлер?» деп сөз сөйлейді.
– Сөйле десең (сөйлейім) қызыл тілім,
Михнат, бәрі қиын көрген күнім.
Жеті жылдай сапар қып жүріп келдік,
Қызына ғашық боп ханыңыздың.
Айтайық жайымызды енді саған,
Көңілім жеті жылдай жаңа тынған.
Алыстан даңқыменен іздеп келдім,
Ауылы қайсы ханыңның, айтшы маған.
Бұл елдің жақсы адамы кім болады,
690. Жігітке сапар деген сын болады.
Сұраймыз, әй, мүсәпір, тағы сізден,
Бұл еліңнің епті адамы кім болады?
Ол адам сөз сөйледі бұларға енді:
– Көңілің мен сөйлесем тынар, – деді.
Сөйлейін білгенімді енді саған,
Ханымның бес баласы бұлар, – деді.
Көңілің артық туған бала екенсің,
Сен өзің әрбір іске дана екенсің.
Күнікейді мал беріп алайын деп, 700. Шырағым, талап қылып жүр екенсің.
Сөйлейін енді, балам, саған жауап,
Мекенің күші жеткен қылар тәуап.
Күнікейдің дидарына ғашық болып,
Он мың қалмақ шаһарын алған қамап.
Өзіңнің артық екен салтанатың,
Жақсы адам шығармайды жаман атын.
Он мың қалмақ шаһарға келіп кетті,
«Жазира» деп қойыпты оның атын.
Жазира артық падиша қуаты көп, 710. Құмырсқадай өзінің әскері көп.
Күнікейді алам деп хүкім қылған,
Еш қайрат қыла алмады жиылған көп.
Қорықты жұрт оны көргеннен соң,
Арыстандай ақырып тұрғаннан соң.
Алдынан қыз Күнікей қарсы шықты,
Қорыққанын ел-жұртының білгеннен соң.
Көрген соң Күнікейді болған ғашық,
Көңілі қуанғаннан кетті тасып.
Күнікейді бермекке уағда қылды, 720. Қорыққан соң ел-жұртымыз қара басып.
Ханымыз бес ұғлымен қойдай ықты,
Ол қалмақ Жазира атты өзі мықты.
Күнікейді береміз дегеннен соң,
Уағда қып шаһарына қайтып кетті.
Жолы бар Жазираның тоғыз күндік,
Бермесек Күнікейді, ақыр өлдік.
Ханымыздың бір баласы бар ақын Шорман,
Беліне буынғаны алтын белдік.
Әзелде ақылы артық баласының, 730. Саны артық, өзі патша, қаласының.
Ала алмайсың Күнікейді, айтқын, балам,
Тілімді менің айтқан аламысың.
Өзің жалғыз баласың, жолдасың аз,
Шырағым, жаным ашып қыламын наз.
Өлтірер бәрімізді қалмақ білсе,
Несіне, әй, шырағым, боласың мәз?
Ол бала сөз айтады онан кейін:
– Сөзіне бұл адамның мен не дейін?!
Көреміз қалмақ жаудың мәні-жайын, 740. Ауылы қайсы ханыңның, мен барайын.
Жеті жыл Сарықудан шыққаныма,
Жеті жаста үлгі сөз ұққаныма.
Күнікейді еліме алып қайтпай,
Көрмей-ақ қу қалмақты қорқайын ба?!
Мүсәпір, сен өзің сөз білмейсің,
Жазира бір ақырса, үндемейсің.
«Қаңғырған өңшең жаяу не қылар» деп,
Бойыңа біз пақырды теңгермейсің.
Сөзіңді сенің айтқан аңғарайын, 750. Қалмақ жау күшті болса, таң қалайын.
Шаһары қайсы ханыңның? Маған көрсет,
Шаһарына ханыңның мен барайын.
Жас бала осылайша жауап айтты,
Қалмақтай көрдің бе деп хүкім айтты.
Шаһарын патшасының көрсеткен соң,
Алтауы жолға түсіп жүріп кетті.
Атты-жаяу жолменен келе жатыр,
Не көрмес тіршілікте пәнде пақыр.
Баяғы қыздың сөзі рас болып, 760. Бұларды ақын Шорман көрді ақыр.
Алыстан бұлар келді сапар жүріп,
Қайғысын басады енді көңілі тынып.
Сымбатын қыздың айтқан таныған соң,
Алдына қызмет қылды зыр жүгіріп.
Баланың түсін көрді баяғыдай,
Ер жігіт айтқан сөзден таяды ма-ай.
Жеті жыл сапар жүріп екі арада,
Елді көрді тірлікпен аяғында-ай.
Данышпан ақын Шорман ақылы артық, 770. Бақыты заманында тағы да артық.
Бұларды мейман қылып күте берді,
Ешбірі сұрамады жауап қатып.
Әлқисса, сонда Шорманның бұлардан жауап сұрағаны:
– Жол болсын! Сөйлей отыр, мейманларым,
Көңіліңе немене еді алғандарың?
Қай жақтан келесіздер, айт жөніңді,
Бір тұқымдас елмісіз осы бәрің.
Әрқайсың мың кісідей бар ғой күшің,
Айтпаса да біледі менің ішім.
Қайғылы қал-қапалықпен жүр екенсің,
780. Қарасам, әр алуан әрбір ісің.
Жас бала, артық екен сәулетіңіз,
Сөз айтар бізге бар ма нәубетіңіз.
Жасың бар он жетіге жаңа келген,
Қарасам, жаннан артық сымбатыңыз.
Сұрасаң, ақын Шорман – менің атым,
Бәріңнің жұрттан бөлек салтанатың.
Жол болсын деп сұрайтын меймандарым,
Қай рудан боласыз, азаматым?
Сөйледі сонда жауап Дотан бала, 790. Нәсілін артық қылған Хақ Тағала.
– Көңілімде әр алуан жұмысым бар,
Айтайын, сен сұрасаң, жаным аға!
Жерім атын сұрасаң – Сарықу-ды,
Қайғымен көзім жасы бетім жуды.
Басымызға іс түсіп сапар жүрдік,
Шыққалы елімізден жеті жыл-ды.
Әкем атын сұрасаң Құбақанбай,
Тілегін артық берген патша Құдай.
Қырық қатын әкеміз алған екен,
800. Жаһанда төрт түліктің бәрі де сай.
Әкеміз бай болыпты жасынан-ақ,
Құдайым дәулет берген басынан-ақ.
Әкеміз сегіз сарай үй салдырып,
Астына мінген екен алтыннан тақ.
Бір күні тақта жатып түс көріпті,
Түсінде сұлу көркем қыз көріпті.
Сипаты жаннан асқан бір қыз көріп,
Мұны қайдан табам деп күш көріпті.
Қырмызы қызыл жібек айтса жүзін, 810. Құлақпен естігендей айтқан сөзін.
Шынтемір хан кенжесі жалғыз қызы
Күнікей деп айтады оның өзін.
Әкеміз түсін көрген бізге айтты,
Түсін бізге айтқан соң, қайта жатты.
Соны іздеп табыңдар деді бізге,
Әкеме қайғы дерті жаман батты.
Сонан соң талап қылдық ізілеуге,
Аралап жер шарысын кезілеуге.
Ағалардан ешбіреуі ермеген соң, 820. Мыналар жолдас болған сонда бірге.
Жеті жыл мен шыққалы болған екен,
Көңіліме қапа-қайғы толған екен.
Даңқын қыздың [біз] сырттан естіп алып,
Үйіңе мейманлары келген екен.
Жасым бар он жетіге келген,
Тар жолда ғайып берен мәует берген.
Тай еді мінгенімде Қаракөгім,
Ішінен он мың жылқы таңдап мінген.
Келеміз содан бері арып-ашып, 830. Айдады бері қарай тағам нәсіп.
Шаһарына аман-есен келгеннен соң,
Отырмын қуаныштан көңілім тасып.
Нелер қиын таулардан асып келдім,
Адам баспас жерлерді басып келдім.
Он жасымнан көргенім жол бейнеті,
Азып-тозып, қуатым қашып келдім.
Бүгін мен келіп түстім үйіңізге,
Хабар айт патша мен биіңізге.
Ертең жүріп, бүрсігүні жауабың бер, 840. Тынығып біз келгенше күйімізге.
Айдаған бізді бұлай Құдай ісі,
Арада тынбай жүріп жазы-қысы.
Жеті жылдық жолыңды іздегенім,
Қайғы болды әкемнің іші-тысы.
Осы еді жұмысымыз, Шорман аға,
Тайынан Қаракөкке салдым таға.
Жеті жыл азып-тозып жүргеннен соң,
Қалмады ініңізде біттей баға.
Патша [ңыз] ардақтаған Күнікейін, 850. Разы боп қолыңнан берсін бізге.
Сөз айтады ақын Шорман оған қарсы:
– Бұл жерге айдап келген патша Құдай.
Көңілге қатты тиді айтқан сөзің,
Шырағым, Күнікей деген сөзің қалай?!
Сөзіңнің артық көрдім затын, сірә,
Қолыңда бар ма жазған хатың, сірә.
Ұшып келген Сарықудан тоты құстай,
Күнікейде бар ма еді ақың, сірә.
Арада жеті жылдай жол жүріпсің,
860. Күні-түні тоқтамастан мол жүріпсің.
Неде болса Күнікеймен өзің сөйлес,
Сөйлесіп армансыз боп көңілің тынсын.
Ой ойлар неше түрлі ақын Шорман,
Болмайды бәрі тегіс көңілге алған.
«Тез келіп мейманларға көрінсін» деп,
Ағасы Күнікейге кісі салған.
Күнікей шақырған соң келе жатыр,
Күйме мініп, қолына ап алтын шатыр.
Күнікей жарқ-жұрқ [етіп] кіріп келсе, 870. Қайран боп қарап отыр өңшең батыр.
Сәулетпен келе жатыр нөкерімен,
Дүниенің өкінерсің бекерінен.
Қырық қызы қасында Күнікейдің
Маңдайынан жалтырап күн көрінген.
Күнікей жүдеп жүрген ала жаздай,
Сол елде жалғыз жастар, көптен аздай.
Күймеден түсті дағы үйге кірді,
Қойқаңдап Күнікей қыз қуанғандай.
Әлқисса, Күнікейдің алдынан Шорман ағасы шыға келеді. Сонда Күнікейдің ағасына айтқаны:
– Жан аға, амансыз ба, данышпаным?
880. Әрқашан дұшпан келсе алысқаным.
Топқа еш мені, сірә, шақырмаушы ең,
Састың ба бір нәрседен, арыстаным?
Қырғи құс торғай ілер көкте жүріп,
Жақсы адам іс бітірер ептеп жүріп.
Жақсы мейман келгендей шақырыпсыз,
Алдымнан шыға келдің зыр жүгіріп.
Басқамен менің, сірә, ісім бар ма,
Қараңғы үйде жарық қылар түсім бар ма?!
Дауысың тұйғын құстай саңқылдайды, 890. Жан аға, бұл үйіңде кісі бар ма?
Жағалай өзен суға бітер құрақ,
Кімдікі мынау тұрған қару-жарақ.
Бұрын өзім көрмеген ісің көріп,
Соның үшін, жан аға, тұрмын сұрап.
Қыз едім, еркек емес менім өзім,
Сәнаменен сарғайған қызыл жүзім.
Осынша топ ішіне шақырыпсыз,
Бар еді маған айтар қандай сөзің.
Сөйледі сонда Шорман жауап беріп: 900. – Шырағым, шақырғаным [ды] айтайын, – деп,
Не қыларын мұнан соң Алла білер,
Мұнда тұр тілегеніңді Құдай беріп.
Бір түсті маған келіп айтып едің,
Асығып айта салып қайтып едің.
Шырағым, көрген түсің келер ме деп,
Сонан бері ескеріп байқап едім.
Жалтырап сауытымен келген екен,
Бір саған ынтызар боп жүрген екен.
Өзі қалмақ, кешегі Жазира атты, 910. Сырттан сұрап бұлар да білген екен.
Қарағым, Күнікейжан, ақылың артық,
Жүруші ем қу қалмақтан ішім қорқып.
Ер Дотан өзің айтқан іздеп келді,
Біле бер ендігісін ақыл тоқып.
Келтірді аман-есен жалғыз Алла,
Жүрген соң мұрат беріп шыбын жанға.
Шырағым, көргеннен соң үйіңе қайт,
Күлкі болып жүрмелік көп дұшпанға.
Дұшпаным осы күнде толып жатыр, 920. Келіпті сізді іздеп өңшең батыр.
Данышпан ақылы артық адам екен,
Ұнатсаң, мен беруге қылдым ақыл.
Күнікей мына сөзге қуанады,
Ағасы айтқан сөзін құп алады.
Баланы көргеннен соң тамаша қып,
Тез қайтып үйіне жөнеледі.
Үйіне келіп кірді Күнікей қыз,
«Жазира, енді менен үмітіңді үз».
Бір арғымақ құдайы қып бауыздады, 930. «Құдай-а, қоса көр, – деп, – балаға тез».
Құдайы қып бір арғымақ бауыздады,
Баланың дидарына көңілі толды.
Алтын сарай, қазына есіктерін
Қуанғаннан бәрін де ашып қойды.
Көрінді тіпті жақсы қыз көзіне,
Күнікей енді алмады бір дем-тыныс.
«Құдай-а, қоса көр, – деп, – бұл балаға»
Ғаріпларға үлестірді алтын-күміс.
Құдай-ау, бөгеу берме қызыл тілге, 940. Кез келді алты кісі рулы елге.
Қызды көріп бұлар да қуанады,
«Құдай-а, мәдет бер, – деп, – біздің белге».
Қызды көріп жөнелді ханға қарай,
Дотанның табылған соң тегі-пары-ай.
Хан үйіне сөйлескелі жетіп барды,
Көңілінде Күнікей боп ынтызары.
Сөйлес қылып қақпада тұра қалды,
Бұларды көрген кісі қайран қалды.
– Алыс жолдан бір келген мейманбыз, – деп,
950. Қонамыз, – деп патшаға хабар салды.
«Қонсын» деп мейман үйге кіргізеді,
Алдына қызметкерлер жүргізеді.
Астына кілем жайып, көрпе төсеп,
Неше түрлі тағамдер бергізеді.
Жатады мейман болып ол үйіне,
Бұлар да түсіп жүрген зар күйіне.
«Бұл алтауы қай жұрттың адамы екен?»
Біліп кел деп жібереді бір биіне.
Ол биі жетіп келіп сөз сұрады, 960. Мұның жайын білуге тез сұрады:
– Қай жерлік, қай рудың адамысыз,
Баян қыл мән-жайыңды?! – деп сұрады.
Әлқисса, сол халда Шынтемір ханның Бақтияр деген ақыны бар екен. Сол домбырасын қолына алып, олардың жайын мен білем деп сөйлегені бұл:
– Ә, ханым, мен сөйлейін тыңдасаңыз,
Тыңдаңыз, асыл жерін болжасаңыз.
Бар екен Құбақанбай күншығыста,
Айтайын бізге ашу қылмасаңыз.
Жолы бар жеті жылдық, жері шалғай,
Аталы қыз-ұлының Құбақанбай.
Қырық қатын бар, өзі алған екен,
970. Беріпті және қырық қыз Жаппар Құдай.
Өзінің Құдай берген дәулеті мол,
Жан-жағы елсіз болар жеті айлық шөл.
Әммасын, мән-жайын білгеннен соң,
Баян қып алдыңызға айтқаным сол.
Ұйықтапты бір күні тақта жатып,
Құдайым түс көрсеткен таңырқатып.
Түсінде бір сарайға кіріп барып,
Аралап көп қызыққа қалған батып.
Түсінде ол сарайға кірген екен, 980. Сарайда Күнікейді көрген екен.
Түсінде қызыңызға ғашық болып,
Құдайым қатты қайғы берген екен.
Құбақан сол түсінен оянады,
«Бұл түсім қалай түс» деп ойға алады.
Түсінде Күнікейге ғашық болып,
Ішіне жаман қатты қайғы алады.
Түсінде қыздың жайын айтып берген,
Түсінде мұның бәрін қайтып көрген?
Жас бала атасы үшін іздеп келген, 990. Қолында бес кісі бар жолдас ерген.
Арада жеті жылдай жүрген екен,
Атасы хатқа жазып берген екен.
Тақсыр-ау, кесіп алсаң, міне, басым,
Алмаққа қызыңызға келген екен.
Мұны естіп Шынтемір хан тұра келді,
Меймандарын көрмекке жүреді енді.
Қандай жандар екенін білейін деп,
Меймандардың үстіне кіріп келді.
Келді де Шынтемір хан сөз сөйледі, 1000. Тізе бүкпей отырып тез сөйлейді:
– Жұмысың қиын екен көңілге алған, жарқын балам,
Қолымыздан келмейді, – деп сөйлейді.
– Айтайын келмейтұғын жайын, – деді,
Келіппе едің қылғалы қайын? – деді.
Жазира атты қалмақтың ханы шығып,
Жау болды бізге осы дәйын, – деді.
Аттанып мың сан қолмен келді бізге,
Жарқыным, құлағың сал мына сөзге.
– Күнікейді бермесең, шабам, – деді,
1010. Жұмысым жоқ айтатын мұнан өзге.
Оған біздің халіміз келмес болды,
Қанша айтсақ [та] өзге іске көнбес болды.
«Күнікейді бермесең, шабамын» деп,
Айнала қамап алды оң мен солды.
Қорыққан соң Күнікейді бермек болдық,
Жұрты үшін бір баланы құрбан қылдық.
Берелік Күнікейді, қайтыңыз деп,
Қайтып келіп алғыл деп уағда қылдық.
Жазира сонан кейін қайтып кетті, 1020. Уағдада келемін деп айтып кетті.
Жазираны өлтірсең, қызын аласың,
Мінеки, естісеңіз біздің кепті.
Халіміз біздің, сірә, келмейді оаған,
Жазира атты жау өзі тіпті жаман.
Жазираны өлтіріп ала алмассың,
Айтатұғын сөзім жоқ енді саған.
Бұл сөзін құп тыңдады Дотан бала,
Көңілін һәр нәрсеге қылмайды ала.
«Жазираны өлтіріп берейін» деп, 1030. Киіп алды сауытын тұра сала.
Әлқисса, Дотанның ханға айтқаны:
– Тақсыр хан, уағдаңнан жаңылмағыл,
Жазира өлгеннен соң қам қылмағыл.
Жазира өлгеннен соң өзің бермей,
Қаланы бекер-босқа шаң қылмағыл.
Қалмаққа жүрмек болды, «иә, Алла» деп,
«Оңдаса Жаппар Алла алайын» деп.
Патшаның Телқоңыр деген атын жетекке алды,
Алдына басын әкеп салайын деп.
Алмады жалғыз жолдас осы бала,
1040. Оңдасын ердің жолын Хақ Тағала.
Ер Дотан «иә, Алла» деп түсті жолға,
Айдады Жаппар Алла, бар ма шара.
Сауыт киіп, садағын қолына алды,
Аллаға мінәжат қып көңіліне алды.
Жалғыз барып қалмақпен соғыспаққа,
Қос тұлпардың бастарын жолға салды.
Әлқисса, Дотан батырдың Жазираға жөнелгені:
Жалғыз кетті жас бала,
Құдайына жалбарынып.
Қылады күнде көп нала,
1050. – Бағымды, Құдай, ашқыл, – деп.
Дұшпанның көңілін басқыл, – деп,
Айтады күнде көп нала.
Талап қылдым қалмаққа,
Шаһарын бұзып алмаққа,
Жаратқан Тәңірім, бол пана.
Жөнелді бала, жөнелді,
Шеңбер беріп келеді.
Құдайға пәнда болған соң,
Не салса да көнеді. 1060. Тоғыз күн ұдайы жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Қалмақтың шаһарын көреді.
Құбыладан соққан борандай
Қос тұлпардың тозаңын
Бұрқыратып келеді.
Шаһардың күндік жерінде
Тоғыз кісі аң аулап,
Қарауылдап жүр еді.
Келе жатқан жас бала 1070. Бұларға жетіп келеді,
Бірін-бірі көреді,
Жөнін сұрай береді.
Сонда Дотан сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Менің өзім баламын,
Оттай қаулап жанамын.
Жасымнан қайғы көргенім,
Ішім толған сәнамын.
Ханыңа барып сәлем айт,
1080. Алла маған жар болса,
Басын кесіп аламын.
Мұсылманға панамын,
Жұртыңа бүлік саламын.
Сонда бұлар сөйледі:
– Тұра тұр, енді, сіз, – деді,
Баралық елге біз, – деді.
Бекер бала емес қой,
Жапа-жалғыз жас бала
Майданды неге іздеді?!
1090. Бала тұра қалады,
Олар шауып, жалбырап,
Ханға жетіп барады.
Кіріп барып ханына,
Енді сөйлей береді.
Тоғызының ішінен
Бірі жауап береді:
– Келді жалғыз бір бала,
Он сегізде жасы бар.
Мен байқасам, баланың
1100. Мың кісілік басы бар.
Қол астыңдағы еліңнен
Бір кісі шықпас оған пар.
Қаңтарда жауған бұлттай
Заһары суық түсі бар.
Іздеп келді өзіңді,
Соғысатын ісі бар.
Бұл жұрттан бөлек тұрпаты,
Сан кісілік күші бар.
Мұны естіп Жазира, 1110. Жұртына хүкім қылады.
Батырларын жиып ап,
Қайраттарын сынады.
– Алдынан жылдам бар, – деді,
Үлкен соққы сал, – деді.
Жалғыз жүрген жан болса,
Басын кесіп ал, – деді.
Бес жүз кісі аттанды,
Хан Жазира шатланды.
«Алып кел, – деп, – дұшпанды»
1120. Үйде отырып мақтанды.
«Ажал айдап бұл жүрген
Не қылған жалғыз адам?!» деп,
Жазира қалмақ саптанды.
Бес жүз кісі барады,
Барып қалмақ көреді.
Жалғыз тұрған баланың
Бара салып қалмақтар
Жан-жағын қоршап алады.
Қалаған жауды көрген соң, 1130. Аллаға қылып мінәжат,
Тұлпарға қамшы салады.
Ақырды күндей күркіреп,
Қабағынан қар жауып,
Кірпігіне мұз қатып,
Жауған күндей күркіреп,
«Алла» деп атты салады.
Ол шетінен кіреді,
Бұл шетінен шығады.
Қойға кірді бір бөрі, 1140. Дүркірете қырады.
Бір баланың кәрінен
Шыдай алмай көп қалмақ,
Қашты қойдай дүркіреп.
Тұлпарға қамшы басады,
Қайраты судай тасады.
Кез келгенін қырады,
Қамшыменен ұрады,
Қалмақтар жаман сасады.
Жас баланың әруағы 1150. Қалмақтың үстін басады.
Толып жатқан қалмақтың
Қанын судай шашады.
Мастанып келген қалмақтың
Қырғыннан аман қалғаны
Қалаға қарай қашады.
Қашып барып ханына,
Зәбір түсіп жанына,
Ханына қарыз қыла алмай,
Қашып кірді тағына. 1160. Мұны көріп қалмақтар,
Ханына жетіп барады.
– Бір пәле келді, тақсыр, – деп,
Алдына басын салады.
Ойран қылып барады, –
Деді шаһар қаланы.
Қанына жаман қарайып,
Хабар салып шаһарына,
Мінді атына қамданып.
Қалмақтар жаман қорқады,
1170. Ол балаға таңланып.
Атына мініп Жазира,
Балаға жетіп келеді,
Іркілмей, саспай паңданып.
Сонда Жазираның Дотанға келіп айтқаны:
– Әй, балам, ажал айдап келді сені. Жазира деп айтар мені, ажалыңа асық боп жүр екенсің, көрсетейін көп тәперіш тұрсаң әлі. Балам, кім болады атың сенің, қай рудан болады затың сенің? Ажал айдап келтірген, сорлы бала, қолыңда бар ма белгі хатың сенің?
Жазира жаман қатты ашуланды,
Қызарып екі көзі оттай жанды.
«Әй, бала, кезек беріп, мықты бол!» деп,
Садағын атайын деп қолына алды.
Садағын тартып қалды кезеп тұрып,
Ер Дотан қарап тұрды кезек беріп.
1180. Тасқа тиген оқтай боп қайтып шықты,
Қазірет Қызыр тоқтатты қалқан болып.
Оқ түсті тақсыр Қызыр қалқан болып,
Оғы өтпей қалмақ тұрды көңілі солып.
Ер Дотан қол қояды садағына,
Қалмаққа сөз сөйледі сонда тұрып:
– Әй, қалмақ, ажалыңыз енді келді,
Аузыңызға қаратып тамам елді.
Мұны айтып садағын тартып қалды,
Қалмақтан өтіп алып оқ жөнелді.
1190. Қалмаққа қақ жүректен тиді барып,
Оқ кетті қалқан, сауыт бәрін жарып.
Шаһарға қайта салды батыр Дотан,
Басын кесіп, жанына байлап алып.
Қайтадан Дотан жөнелді,
Басын байлап жанына.
Бұрқыратып келеді,
Бір жерлерге келгенде,
Телқоңырға мінеді.
Шынтемірден шыққалы 1200. Сонда он күн боп еді.
Кезек-кезек мінеді
Үкі тұлпар атына.
Бір таудың келіп демалды,
Намаз оқып шатына.
Онан тағы жөнелді,
Қарамады артына.
Дәл он бес күн болғанда,
Жетіп келді ер Дотан
Мұнара құрған сатыға. 1210. Сол жерлерге келгенде,
Ел қарасы көрінді.
Мұнара қорған дейтұғын
Қарауыл пана жер еді.
Күнікей сұлу сол қалда
Сарайының шығып үстіне,
Жолына қарап жүр еді.
Әне-міне дегенше,
Ашып көзді жұмғанша,
Ұйытқытып саулап келеді. 1220. Жазира қалмақтың басын
Алдына әкеп салады.
Жазираның басын ханға әкеліп береді. Шынтемір хан, ал, сонда басын көріп таныды.
Дотанға жетіп келеді,
Келіп сөйлей береді:
– Қуанып кеттім, шырағым,
Өзіңді аман көрген соң.
Дұшпаным жау қалмақтың
Басын әкеп берген соң.
Басын танып білген соң,
Әй, қарағым, Дотанжан, 1230. Ел-жұртымды жинайын,
Тамаша тойлар қылайын.
Анық батыр екенсің,
Тағы да бір сынайын.
Тауып келсең сонымды,
Қызымды саған берейін.
Сонда Дотан сөйледі:
– Шынтемір хан сен болсаң,
Құлақ салғын сөзіме.
Дұшпаныңа жіберіп,
1240. Уағда қылдың өзіме.
Сіздей ғаділ хандардың
Уағдасы жалған болғаны,
Дұрыс па екен өзіңе.
Шынтемір сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
– Уағдамды бұзбаймын,
Бірден уағда қылған соң,
Еш нәрсеге қызбаймын.
Жүз байтал маған тауып бер,
1250. Қалың малы сол болсын,
Онан әрі созбаймын.
Бұл сөзін естіп ер Дотан,
Жолдастарына келеді.
Шынтемір ханның жауабын
Айтып сөйлей береді.
«Жүз байтал сатып алып кел» деп,
Бір қоржын басы алтынды
Қолдарына береді.
Жолдастары жүгіріп 1260. Базарға жетіп барады.
Жүз байталды бір жерден
Тауып, сатып алады.
Ханына айдап барады,
Жүз байталды апарып,
Хан алдына салады.
Жылқыны көріп Шынтемір,
Елі-жұртын жияды.
Екеуін де бітірді,
Екі қайта сынады. 1270. Әр түліктен мал сойып,
Енді тойын қылады.
Беруге қызын некелеп,
Дотан сынды батырға
Не қылса да қияды.
Жаратқан барша жанды Құдайым-ды,
Жамандар көп ойлайды уайымды.
Той қылып Шынтемір хан гулеп жатыр,
Болады бір бұзықтан сөз дайын-ды.
Той қылып Шынтемір хан гулеп жатыр, 1280. Жиылды тамашаға өңшең батыр.
Бар екен ханның биі Орман деген,
Тойына шақырған соң келе жатыр.
Отырды хан қасында дардай болып,
Шөктірген жота жерге нардай болып.
Азғырмаққа ол ханды ой қылады,
Сөз аңдыған ұрғашы қарыдай боп.
Оңашаға ол ханды шақырады,
Естуге бидің сөзін хан тұрады.
«Жалғыз жүрген жолаушыға қыз берме» деп, 1290. Патшаны шайтан болып азғырады.
– Әй, тақсыр, ой ойламай неге састың,
Малыңды неге сойып бекер шаштың?
Алдалық амалменен ол баланы,
Ұят-ты қыз алғаны жалғыз бастың.
Жалғыз басқа қыз берме, тақсыр ханым,
Қызың берсең, бұл жұртқа кетер сәнің.
Жүз байталға қызыңды неге саттың?
Хан емес ата-тегі, білсең, оның.
Патша мына сөзге тоқталады,
1300. Бұзуға уағдасын оқталады.
– Кім аты озса, қызды алады, – деп,
Балаға Шынтемір хан сөз салады.
– Той болған соң ат шаппай жараспайды,
Жақсыға жаман кісі жанаспайды.
Аты қалса қызымнан құр қалғаны, –
Деп Шынтемір тағы да сөз бастайды.
– Бұл сөзің, – Дотан бала, – жарар! – деді,
Не айтсаң да бәрі аузыңа қарар, – дейді.
Бәрекелді, ат шаппақ жақсы кеп, – деп,
1310. Ер Дотан мақұл көріп, барам, – дейді.
Ханымыз уағдасынан неге тайған?
Қорқытып Жазира хан жүрек шайған.
Уағдасынан патшаның тайғаны сол,
«Аты озған қызды алсын», – деп хабар жайған.
Дотан бала патшаға кісі салды,
Қаракөкті ерттетіп мініп алды.
– Аты озған хан қызын алмақ болса,
Шығар, – деп, – бәйге атыңды, айғай алды.
Бұл сөзді хан есітті хабар барып,
1320. Ат жиды хан еліне хабар салып.
«Екі қонып, үшінші күн қайтыңыз» деп,
Айдады үш жүз тұлпар жиып алып.
Тартады үшінші күн аттың басын,
Сөзіме тыңдаған жан таңырқасын.
Ер Дотан Қаракөкке өзі мінді,
Көрінді үш жүз аттың күші басым.
Ат қайтты Сарыжазықтан шұбатылып,
Тұяқтан шыққан шаңы тура атылып.
Сан қолдан жеке дара озып келді, 1330. Дотанның Қаракөгі ширатылып.
Әруағы ер Дотанның асады енді,
Қамшыны Қаракөкке басады енді.
Сан қолдан жалғыз келген көк тұлпарды
Көргенсін Шынтемір хан сасады енді.
Көк тұлпар үш жүз аттан жеке келді,
Дотан да осы сәтті күтіп еді.
Құдайға шүкір қылды Дотан бала,
Таңдантып ханы түгіл, бүкіл елді.
Қаракөк үш жүз аттан жеке келіп, 1340. Отырды жолаушылар көңілі тынып.
Аты озып ер Дотанның алды бәйге,
Аты қалып хан отыр сағы сынып.
Тағы да ханға Дотан кісі салды,
Жіберді тау көтерген батыр шалды.
– Уағдасымен тез енді қызын берсін,
Бермейтін Күнікейді несі қалды?!
– Уағдасын хан енді
Қайта-қайта бұзбасын.
Азғырылып әркімге,
1350. Жел сөздерге қызбасын.
Берсін қызын тез енді,
Уағда қылған сөзімен.
Бекер қаңғып қозбасын!
Хан айтты:
– Бір бәйге бар – бәйге күрес,
Орынсыз, бекер сіздер қылма егес.
Бәйге тігіп бір палуан тұрғызалық,
Ерлерге асығыстық мақұл емес.
Саған бермей қызымды не қыламын,
Қыз бермеске ел жиып той қыламын. 1360. «Хан тойы» деп айтады мұның өзін,
Қылалық көп тамаша, енді, жаным.
Көрерсіз көп тамаша, ел таңғалар,
Тамашаға келіп тұр көп адамдар.
Палуан күрес басталық, бәйге тігіп,
Жарыссын онан кейін кіл жаяулар.
Күрессін екі жақтан палуандар,
Көрсетсін өнерлерін алуандар.
Көрелік палуандардың тамашасын,
Қарасын тамашаға жиылғандар. 1370. Ер Дотан мақұл дейді хан сөзіне,
– Не десең де көнемін, хан, өзіңе.
Уағдаңды қайта-қайта бұза беріп,
Күйе жағып жүрмесін хан жүзіңе.
Хан шығарды палуанын батыр Барақ,
Жиылған күллі шаһар тұрды қарап.
Шығыпты Таусал ақтаушы енді бұған,
Келеді күреспекке қылып талап.
Күресті екі күндей екі палуан,
Көрсетті өнерлерін алуан-алуан.
1380. Тілеуі ер Дотанның дұрыс болып,
Тау палуан Барақты алып ұрған.
Қылады жаяу жарыс мұнан кейін,
Жеңілсең не боларсың үшке дейін.
Бір кемпірді шығарды Шынтемір хан,
Азырақ жаяулардан сөз сөйлейін.
Шығарды Желаяқты батыр Дотан,
Мәдет тілеп тұрады бір Құдайдан.
Екі етекті беліне түріп алып,
Екеуі үш күншілік жерге барған. 1390. Екеуі үш күншілік жерге барды,
Отырып бір арада демін алды.
– Әй, шешеке, мен қатты шөлдедім, – деп,
Желаяқ қу кемпірге тілек салды.
– Шөлдесең, міне, сусын, әй, қарағым,
Даярлап қолына алды ол арағын.
Жаяуға жеңіл болар бұл «сусын» деп,
Жан қалтадан шығарды шынаяғын.
Қулығы қу кемпірдің асады енді,
Арақ ішіп Желаяқ сасады енді. 1400. Желаяқ мас болып бір қалған жерде,
Қу кемпір елге қарап қашады енді.
Бір күн, бір түн жөнелді кемпір қашып,
Желаяқты қалыпты қара басып.
Желаяқ бір күннен соң есін жиып,
Қарады төңірекке көзін ашып.
Қараса, қу кемпір жоқ, кетіп қалған,
Күн көтеріліп сәскеге жетіп қалған.
Екі етегін беліне түріп алып,
Артынан «я, Алла» деп бұ да салған. 1410. Екі етегін түріп ап жүріп кетті,
Жүрген ізін кемпірдің көріп кетті.
Бір күн, бір түн алдына бұрын кеткен
Кемпірді дәл бесінде қуып жетті.
Бір уыс топырақты қолына алды,
Қасына қу кемпірдің жақын барды.
– Жеттің бе, шырағым, – деп, жалт қараса,
Көзіне топырақты құя салды.
Кемпір қалды көзіне топырақ кіріп,
Желаяқ кетіп қалды зыр жүгіріп.
1420. Желаяқ тап сол күні күн батпастан
Отырды демін алып елге келіп.
Сонда хан мұны көріп қайғыланды,
Үшке шейін қалған соң назаланды.
Таң атып, ертең сәске болғанында,
Тырбаңдап сорлы кемпір зорға келді.
Хан тағы жарлық қылды жұртын жиып,
Екі жұрт бір қыз үшін жанын қиып.
Жамбы атты, ру бәйге жасаймын деп,
Бір қарағай тігіпті биік қылып. 1430. Ол жерге тағы келді ел жиылып,
Құдаға бір қыз үшін көп сыйынып.
Қалтаға ат басындай алтын салып,
Қарағайдың басына қойды іліп.
Алтынды қарағайға асады енді,
Мергендер мылтықтарын басады енді.
«Оқ тиіп біреуіміз өлерміз» деп,
Қорқақтар быт-шыт болып қашады енді.
Атады талай мерген мылтық алып,
Барады талайының көңілі қалып. 1440. Үш жүз мерген жиыпты Шынтемір хан,
Тамам жұрт қарап тұрды көзін салып.
Барады аққу атқан оған таман,
– Мергендер, келмеді ме бұған шамаң?
Бәрің де түсіре алмай шаршадыңдар,
Кезекті атуға, енді, берші маған.
Атып болсаң, бәрің де, былай тұрғын,
Сіздер шын өнерімді сынай тұрғын.
Жамбыны бір атқаннан мен түсірсем,
Ыза болып берің де, жылай тұрғын.
1450. Аққу атқан келеді мылтық алып,
Кезек берді баршасы қарай қалып.
Көздеп тұрып мылтықты басып еді,
Оғы кетті жамбыны жұлып алып.
Жаратқан барша жанды Жаппар Алла,
Әрқашан жалғыздарға болған пана.
Жамбыны бүгін түсте атып еді,
Келесі күн түседі сол уағында.
Кешегі атқан жамбысы бүгін келді,
Барша жұрт мұны көріп қайран болды. 1460. Бәйгені төртке дейін алғаннан соң,
Сандалып Шынтемір хан қайғыланды.
Сонда елін Шынтемір хан жиып алды,
Ұлық-кішік бәріне ақыл салды.
Басындағы азғырып, ақыл айтқан
Қасына Орман дейтін биін алды.
– Би едің, өзің қазы, ақылың дана,
Қорқытты ғой мені енді осы бала.
Отыз күндей тоқтаттым амалменен,
Бір ақылды тапсаңшы тағы жаңа.
1470. Орман би сөз сөйлейді сабыр қылып,
Сасқанын Шынтемірдің анық біліп:
– Баста күдер үзгізбей берейін деп,
Несіне енді маған тұрсыз келіп?!
Патша, айрылыпсыз дана сөзден,
Осынша сасып тұрмын өзіңізден.
Беремін деп қызыңызды уағда қылмай,
Неге ақыл сұрамадың бұрын бізден?
Айтайын бір ақылды енді сізге,
Бұл бала пәле болды енді бізге.
1480. Күнікейді бір жаққа қашыралық,
Таппаған боп қаралық өзіміз де.
Қырық жігіт алып кетсін түнде барып,
Сандығымен арбаға салып алып.
Қайда кетіп қалғанын қайдан білсін,
Таппаған боп қаралық ертіп алып.
Хан сонда мына сөзді мақұл көрді,
Жиылып сарайдағы қызға келді.
Ұйықтап жатқан жерінде оятпастан,
Күнікейді сандыққа салады енді. 1490. Сандықтың тас бекітіп аузын жапты,
Сандықты әкеп арбаға таңып жатты.
Қашқалы жатқанында, Жертыңдаушы
Сол мезгілде есітіп біліп қапты.
Тыңтыңдаушы бұл саққұлақ бәрін білді,
Білгенсін жай отырып өзі күлді.
Бұлардың істеп жатқан әрекетін
Қасында жолдастарға баян қылды:
– Мынау ел бір әңгіме ойлап алды,
Арба жегіп аттарын сайлап алды. 1500. Күнікейді сандыққа салып болып,
Ол сандықты арбаға байлап алды.
Ер Дотан шыдамады мұны біліп,
Хан бұзған соң уәдесін Құдай ұрып.
– Соғыс қылып шаһарды қиратам, – деп,
Дотан тұра жөнелді атқа ұмтылып.
Ер Дотан қаһарланып ақырады,
Қасына жолдастарын шақырады.
Көзбайлаушы алдына жетіп келіп,
– Неге қапа болдың? – деп шарқ ұрады.
1510. Ер Дотан тіл қатпады, ашу қысып,
Жолдастың бәрі келді құстай ұшып.
– Көзін байлап тал түсте ап келем, – деп,
Көзбайлаушы сөйледі ымдай түсіп:
– Барайын дұға оқып қашқандарға,
Өз сөзінен жалбырап сасқандарға.
Алтауымыз алты мыңдық адамдармыз,
Құтылмас ұшып кетпей аспандарға.
Қашқандарға жетейін түнде барып,
Келейін сандығымен ұрлап алып. 1520. Өздері онан ары кете берсін,
Аттарына арбасын байлап алып.
Мұны айтып Көзбайлаушы жолға түсті,
Не қылмас құдіретті Құдай күшті.
Күнікейді түнде кеп тауып алды,
Еш адам сезбей қалды мынау істі.
Көздерін қашқандардың байлай салды,
Сандықпен Күнікейді ұрлап алды.
Күнікейді сонымен алып қайтты,
Бұл сырды ешбір адам білмей қалды. 1530. Көздерін дұғаменен байлап кетті,
Аттарын арба салған айдап кетті.
Күнікейден айрылып қара басып,
Сорлары байғұстардың қайнап кетті.
Пәлені қашқандарға салып кетті,
Бір түнде түлей жерді шауып келді.
Түнде кетіп, тал түсте Көзбайлаушы
Өңгеріп Күнікейді алып келді.
Амалы Көзбайлаушының асады енді,
Келген соң тез аттанып қашады енді. 1540. Үш күн, үш түн жүрген соң бір жерге кеп,
Сандықтың аузын бұрап ашады енді.
Сандықтан қыз Күнікей тұра келді,
Батырды Дотан сынды көзі көрді.
Күнікей тұра келіп тағзым қылды,
Құдай тілек бергенін енді білді.
Күнікейді мінгізіп Телқоңырға,
Батырлар елге қарай желдей желді.
Жетеуі «я, Алла» деп аяңдады,
Жүруден күндіз-түні аянбады. 1550. Алты жыл дамыл алмай жүріп келді,
Бір жерде үш ай жатып аялдады.
Алтауы сол арада ақылдасты,
Айтқанын бір-бірінің мақұлдасты.
«Кемпірге қандай қайла қыламыз» деп,
Ойланып, енді бұлар жаман састы.
Енді тағы ол жерден бір жыл жүрді,
Құдай оңдап еліне жақын келді.
«Жалмауызға бір қайла қыламыз» деп,
Ер Дотан жолдастарын жібермеді. 1560. Күнікей білмейді екен кемпір барын,
Әбден ұғып біледі соның бәрін.
– Құдай қосқан қосағым батыр Дотан,
Болды ма енді менің айрыларым?!
Күнікей мұны айтып қылады зар,
Деуші едім Құдай қосып етемін жар.
Жалмауызға қылатын қайла жоқ па?
Әрқайсыңның мың кісілік өнерің бар.
Ер Дотан қайраттанды мына сөзге,
– Бізді де батыр дейді көрер көзге.
1570. Сізді беріп кемпірге қалғанымша,
Өлелік ажал жетіп екеуіміз де.
Аққу атқан айтады Дотан ерге:
– Сіз дағы, Күнікейжан, жылай берме!
Жалмауыздың амалын мен табайын,
Жетелік үш күншілік енді жерге.
Желаяқ сұлу екен жаннан асқан,
Баршасы Желаяққа ақылдасқан.
Желаяқты Күнікей деп алып барғыл,
Бұл жерде пайда болмас босқа мұнан.
1580. Баршасы осы сөзді мақұл көрді,
Мергеннің бұл айтқанын ақыл көрді.
Қылдан өріп, шаш қылып Желаяққа,
Үстіне қыз киімін киіндірді.
Желаяқты Телқоңырға міндіреді,
Ерлердің бұл ақылын кім біледі?
Мерген менен палуанды жолға қойып,
Кемпірге Дотан, Желаяқ тік жүреді.
Кемпірге бұл екеуі келеді енді,
Жалмауыз бұл екеуін көреді енді. 1590. Желаяқты Күнікей деп алып келіп,
Қолына жалмауыздың береді енді.
Сөз сұрар сонда кемпір Дотан ерден,
Кемпір тұра жүгірді келген жерден.
– Шырағым, аман-есен келдің бе? – деп,
Дотанға жақсы қызмет қыла берген.
Дотанның атын байлап түсіреді,
Неше түрлі тағамдар пісіреді.
Атын байлап кіргізіп үңгіріне,
Қыз болып қу Желаяқ көріседі. 1600. «Отыр» деп төрге кемпір киіз салып,
Қызым деп Желаяқты қасына алды.
– Шырағым, Күнікейжан, келдің бе? – деп,
Бетінен Желаяқтың сүйіп алды.
Қап-қара болып қалыпты сүйген жері,
Күнікей, – дейді, – қалқам, отыр бері.
Істеген еңбегіңнің ақысы деп,
Екі ат басы Дотанға алтын берді.
Ер Дотан кідірместен жүріп кетті,
Жолдағы екі жолдасқа барып жетті.
1610. Жетті-ау деген уақытта Желаяқ та,
– Жүзге шығам, ана, деп тәжім етті.
Екеуі түзге таман аяңдады,
Сұм кемпір бір азырақ аялдады.
Желаяқ мұны көріп жүгіреді,
Кемпір де бір сұмдықты демде аңғарды.
Желаяқ келе жатыр құстай ұшып,
Жығылды қу жалмауыз жерді құшып.
Желаяқ құстай ұшып аңқылдады,
Кемпір де Желаяққа жақындады.
1620. Аз жүгірсе, жалмауыз жетпек болды,
Аузын ашып жеткен соң жұтпақ болды.
Жасырынып тұрған палуан жалмауызды
Бір төбемен оны ұрып құртпақ болды.
Ол төбені көтере тура келді,
Тұра сала тоқтамай желдей желді.
Бір төбені жұлып ап тағы да ұрды,
Жығылмастан төбені ап жөнелді.
Төбені жығылмастан ап жөнелді,
Онан өтіп мергенге қарсы келді. 1630. Маңдайында табақтай жалғыз көзді
Аққу атқан оқ атып бір жіберді.
Оқ келіп жалғыз көзден тура тиді,
Кемпірдің тыпырлатып жанын қиды.
Тостағандай оғы бар мылтығының,
Көзінің шарасына бір-ақ сыйды.
Жалмауыз шошқаға ұқсап шыңғырады,
Желаяқ жолға түсіп дыңғырады.
Қазірет Қызыр жар болған ер Дотанға,
Болмаса мұндай істі кім қылады?! 1640. Ер Дотан екеуіне келді шауып,
Жалмауыз өліп қалды қаза тауып.
Күнікей мен жолдастарын ертіп келіп,
Қазынасын жалмауыздың алды тауып.
Жеті сарай толы екен алтын-күміс,
Он төрт жылдық бұл өзі болды жұмыс.
Кемпірдің қазынасын тамаша қып,
Сол жерде үш күн жатып алды тыныс.
Үш күн жатып еліне жүрмек болды,
Аман болса, ел-жұртын көрмек болды. 1650. Аллаға шүкір қылды бейшаралар,
Жалмауызды өлтіріп көңілі толды.
Әлқисса, Құбақанбай Дотанды сағынып, әрқашан Алла Тағалаға мінәжат қылып айтқан ғазалы:
– Құдірет Алла Жаратқан,
Тілегімді берсеңші.
Дотанымды аман келтіріп,
Көзімнің жасын көрсеңші!
Беріп едің, Құдай-а,
Тілегімді жасымнан.
Дотаным менің келмеді,
Ұшатұғын бола ма
1660. Дәулет құсы басымнан.
Кешіре гөр, Құдай-а,
Күнәм менің көп еді,
Басымдағы шашымнан.
Перзент, дәулет мол бердің,
Өз құрбымнан асырып.
Ертелі-кеш жылаймын,
Әулиелер әруағы
Қабіріне бас ұрып.
Рақыматлық, я, Алла, 1670. Тілегімді беріп ең.
Неліктен мені зар қылдың,
Қолымнан құсым қашырып?!
Үйдегі отыз тоғызы
Бір Дотандай болмайды.
Толып жатқан көп жаман
Қолынан түк келмейді.
Бәріне басшы сол еді,
Бір дұшпан келсе ауылға
Мұндағы отыз тоғызың 1680. Біреуін көзге ілмейді.
Құбақан бай зарланып,
Күндіз-түні жылауда,
Ашыла ойнап-күлмейді.
Берсеңші, Алла, тілегім,
Дотанымды аман келтіріп,
Құтылар ма екен, Құдай-а,
Алдындағы дұшпаны
Жалмауызды өлтіріп.
Жаратқан патша Құдай-а, 1690. Көзімнің жасы көл болды.
Жалмауыз деген көп дұшпан
Алдына асқар бел болды.
Балаларым ер жетіп,
Ел көрем бе деп едім.
Ойлаған ойым баршасы
Ағып кеткен сел болды.
Жаратқан Жаппар Құдай-а,
Берсеңші Дотан баламды.
Келер уақыты болды деп, 1700. Күндіз-түні зарланып,
Көңілім менің алаң-ды.
Дотаным менің келмесе,
Үйімді келіп көрмесе,
Тілегім Құдай бермесе,
Көрген де күнім қараң-ды.
Құбақанбай осылай деп жүрді жылап,
Құдайдан күні-түні мәдет сұрап.
Шешесі ер Дотанның о да бірге
Көл қып жүр көзінің жасын күнде бұлап. 1710. Анасы ер Дотанның көп еңірейді,
«Келе ме жалғыз ұлым деп еңірейді.
Сегіз қатынның ұл-қызы бәрі түгел,
Мен-ақ қу бас болдым ба?!» деп еңірейді.
Сол кезде көреді олар алдағы елді,
– Сүйіншіге біреуің барғын, – дейді.
Дотан ер, елге енді жақындадың,
Сүйінші ата-анадан алғын, – дейді.
Мергенді сүйіншіге жібереді,
Атына қамшы басып жөнеледі.
1720. Сәлдесін Құбақанның жұлып алып:
– Балаң келді, сүйінші бергін, – деді.
Мергенге үш тоғызбен шапан жапты,
Бәрі шулап алдынан қатар шапты.
Дотанды көргеннен соң ата-анасы,
Ағытқан қойдай болып жамырапты.
Көрісті атасымен, анасымен,
Асқар таудай басында данасымен.
Шешелермен көрісіп кезек-кезек,
Көрісті отыз тоғыз ағасымен.
1730. Амандасып сағынған көрді елді,
Көп сыйлап жолдастарын мейман қылды.
Күнікейді ата-анасы құрмет етіп,
Алтынды ақ ордаға алып келді.
Құбақан бесеуіне бес қыз берді,
Бала қылып алады өңкей ерді.
Жамағат, оқығаның айып етпе,
Сөз қылдым Дотан сынды кемеңгерді.
Күнікей келін болды Құбақанға,
Күллі жұрт көркін көріп қалды таңға. 1740. «Қыз тауып, ағаларыңды үйлендір» деп,
Сөз айтты Құбақанбай ер Дотанға.
Сонда Дотан бұл сөзді мақұл көрді,
Атасының айтқанын ақыл көрді.
«Ағаларға қызды сай табамын» деп,
Отыз тоғыз ағасын ертіп жүрді.
Бесеуін аға қылып малға қойды,
Қырық күндей шаттанып қылды тойды.
Ер басына бір қоржын алтын алып,
Баршасы ел іздеуге қозғады ойды. 1750. Баршасы қолына алды қару-жарақ,
Жүреді Дотан ерді мыңға балап.
Айлық жерде, құбылада ел бар дейді,
Бармаққа соған қарай қылды талап.
Отыз тоғыз ағасы Дотанға ерді,
Көрмекке ниет қылды шалғай жерді.
– Бір Құдай бақтарыңызды өзі ашсын, – деп,
Құбақан балаларға бата берді.
Бәрінің де мінгені өңкей тұлпар,
Келеді қыз алмаққа болып іңкәр.
1760. Бар Құдай ер Дотанға мәдет берсін,
Қасында жолдасының бары дімкер.
Құбақанбай жіберді бар баласын,
Балалар жақсы көрер өз анасын.
Мінгені өңкей тұлпар тынбай жүріп,
Көреді он бес күнде ел қарасын.
Ұқсайды жүрістері соққан желге,
Дотанды санар бәрі асқар белге.
Ел іздеген батырлар алыс жерден
Кез келді қырық мың үйлік аз ғана елге. 1770. Бір байға мейман болып келіп қонды,
Сұрайды «кімсіздер?» деп енді жөнді.
Мән-жайын бастан-аяқ батыр Дотан
Сұраған ол адамға айтып көрді.
Бұларға мейман қылып мал сояды,
Алдында екеу ара ас қояды.
Құп сыйлап, жақсы қызмет көрсеткен соң,
Қырық жігіт разы боп бек тояды.
Тамаққа тойғаннан соң жатып қалды,
Шаршап келді, ұйқыға батып қалды. 1780. Таң сарғайған уақытта біреу келді,
– Тұр, атқа мініңдер! – деп айғай салды.
Сонда бұлар оянды көзін ашып,
Қараса елі жатыр асып-сасып.
Айқай салып шулаған жұртты көріп,
Отырды қайран қалып таңырқасып.
Таң асып шу деп тұрған өңкей тұлпар
Дүбірге шыдамайды шамырқасып.
Еркек қалмай тамам жұрт мінді атқа,
Тауды бойлап жөнелді биік шатқа.
1790. – Я, Алла, – деп ер Дотан тұра келді,
Шулаған таңырқасып дүйім жұртқа.
Ер Дотан «тұрғын» дейді ағаларға,
Біреуің мына елге бар хабар ала.
Ел-жұрты сонша қатты шуласып жүр,
Неліктен душар болған дабыраға.
Ағасының біреуі барып келді,
Барып елден хабарды алып келді.
Қыз аламын деп келген жазған байғұс
Қатты кейіп, ол өзі налып келді. 1800. Ағасынан ер Дотан кеп сұрады:
– Неге қатты кейідің? – деп сұрады.
– Әдейі іздеп келіп тапқан елді
Жау шауып алады ғой, – деп жылады.
Ағасы жылап келіп гәп айтады,
Уайым өз басы үшін жеп айтады.
– Жау шапса, мынау жатқан елді шабар,
Біздің немізді алады, – деп айтады.
Аттарын шалдырады отқа қойып,
Тамақтанып алды олар әбден тойып.
1810. Түс қайтып, ұлы бесін болған шақта,
Жау жеңіпті елді тым қырып-жойып.
Бесінде «жеңілдік» деп хабар келді,
Елді үркітіп қууға хабар берді.
Батыр Дотан мініп ап Қаракөкке,
Иірді қашып келген тамам елді.
Батыр Дотан бұл елден сөз сұрады,
Мәні-жайын білуге тез сұрады.
– Қандай жұрт дұшпандарың? Баян қылшы,
Білейін мәні-жайын деп сұрады. 1820. Дотанға сұраған соң айтады сөз:
– Қырық мың үй, Қырықбоз деген ел едік біз.
Уәлихан дейтұғын датқамыз бар,
Айталық бастан-аяқ есітіңіз.
– Қалмақтан Қалдан деген хан шығыпты,
Көп жанды қырып-жойып жерге тықты.
Әр жердегі қазақының бәрін жеңіп,
Аттанып бөлек жатқан бізге кепті.
Аттанып жүз мың әскер бізге келген,
Қиратты біздің елді келген жерден. 1830. Қалмақтың әскері көп, қаруы сай,
Ешкім қарсы шыға алмады біздің елден.
Бір шетін еліміздің шауып жатыр,
Олжаны біздің елден тауып жатыр.
Он мың үйді сыпырып, малын алып,
Қолға түскен еркекті қырып жатыр.
Біздің ел сол қалмақтан өлмек болды,
Қайтадан тағы олар келмек болды.
Жарақсыз бекер жатқан ел екен деп,
Олжалап еріккенде алмақ болды. 1840. Бұл сөзді тыңдап тұрды Дотан батыр,
– Қалмақтан жеңіліпсіз болып ғапіл.
Қалмақ алып ешқайда құтыла алмас,
Айтайын, мүсәпірлер, мен бір ақыл.
Қалмақтан шошыныпсың есің кетіп,
Бастарыңа тұр екен зауал жетіп.
Үш мың кісі тауып бер маған бүгін,
Қалмақ малды сіңірмес алып кетіп.
Үш мың ер маған тауып бергін, – дейді,
Қазір менің артымнан ергін, – дейді.
1850. Аллаға тәуекел деп мен барайын,
Сіздер менің ерлігімді көргін, – дейді.
Мынау ер Дотан сөзін мақұл көрді,
Құдай айдап келіпті мұндай ерді.
Ел жиылып кеңесіп ары-бері,
Қолына үш мың кісі жиып берді.
Көрсетпек болды Дотан бір қайратты,
Қаракөк мініп алды тұлпар атты.
– Я, Алла, Қызыр бабам, мәдет қыл, – деп,
Ер Дотан көп қалмақты қуып жетті. 1860. Бас болып батыр Дотан өзі барды,
Жолдас қып мың кісіні қасына алды.
Жер қайысып бара жатқан көп қалмақпен
Ер Дотан озып барып соғыс салды.
«Я, Алла» деп ер Дотан
Қалмаққа жалғыз барады.
Батыр Дотан қалмаққа
Қырғынды қатты салады.
Айдаған малы қалмақтың
Далада бекер қалады. 1870. Артындағы үш мың ер
Малды жиып алады.
Бас-басымен қайғы қып,
Батыр Дотан қалмақты
Айдап кетіп барады.
Қойға шапқан қасқырдай
Кез келгенін қалмақтың
Шайнап кетіп барады.
Кейде садақ тартады,
Кейде мылтық атады, 1880. Кейде қылыш шабады,
Қырылғаны қалмақтың
Қойдай жосып жатады.
Қасындағы жолдастар
Қызыққа әбден батады.
Басында Құдай батырды
Жау үшін арнап туғызған.
Бір күн, бір түн соғысып,
Қалмақтың қолын қашырып,
Қанмен бетін жуғызған. 1890. «Қашқан жауға қатын ер»,
Қалмақтың сесі қайтқан соң,
Қасындағы қазаққа
Найзалатып қуғызған.
«Жолдастар қызық көрсін» деп,
Айдап жүріп қалмақты
Шапқан шөптей қырғызған.
Жар болып Алла Дотанға,
Қалмақты жаман қырады.
Үш күн, үш түн қуалап, 1900. Атының басын бұрады.
Тірі қалған қалмақтың
Үсті-басы жаралы,
Сағы жаман сынады.
Атының басын бұрған соң,
Айғай салып ер Дотан,
Өз әскерін жияды.
Қалмақты қырып қашырып,
Терісін таудан асырып,
Өлігін атқа бастырып,
Қалмақты жаман састырып,
Көңілдері тынады.
Қазақтар енді қайтып жиды малды,
Дотанның ерлігіне қайран қалды.
Бір тауға қашып кіріп қалған екен,
1915. Екі жүздей қалмақты ұстап алды.
Ибраһим қиссасы
Әуелі сөз сөйлейін бісміллә аяр!
Пәнденің Аллада емес, пейілі тар.
Сөз тыңда мойының бұрып, жамағаттар,
Азырақ Ибраһимнің қиссасы бар.
Әуелі жалбарамыз Құдіретке,
Жалынсақ шипа берген жаман дертке.
Біз үшін жалғыз ұлын құрбан қылған,
Біз үмбет не көрсеттік Мұхаммедке.
Бар еді Мұхаммедтің жалғыз ұлы, 10. Пайғамбар әрі сүймес күндіз-түні.
«Жалғыз ұлым, қарағым, перзентім» деп,
Маңдайынан сипамас әсте мұны.
Ұғылым ақылы дана Ибраһим,
Енді мұны моллаға оқытайын.
Жеті жасқа келген соң Ибраһим,
Ақылы дана болды жыл-жыл сайын.
Ол уақытта молласы Осман еді,
Османнан оқығаны құран еді.
Төрт шаһариярдың Құдай сүйген біреуі еді, 20. Баласын оқытқалы соған берді.
Балалар оқып жатқан балдан тәтті,
Жаман сөз бір-біріне айтпас тіпті.
«Ата-анам өздерін көремін» деп,
Бір күні Ибраһим үйге қайтты.
Ибраһим бетін бұрып үйге қайтып,
Алдынан Пайғамбарым қарай шықты.
Тақсырдың перзентіне мүһары түсіп,
Астынан тамағының алды сүйіп.
– Мұнша неге ыстық қылдың? – дейді,
30. Баласы дін мұсылман пәндем, – дейді.
Бара гөр Мұхаммедке, ей, Қазіре-ел,
Мені сүймей, перзентін сүйді, – дейді.
Лұқман Хүкім еткен о да сейіл,
Адамға мал кеткен соң кетер пейіл.
Не үмбетіммен, не перзентімен болсын, достым,
Шапшаң барып, тез келші Қазіре-ел.
Сол сағатта Қазіре-ел келді жетіп,
Келгеніне тұрады қуаныш етіп.
Сол сағатта Қазіре-ел келгеннен соң, 40. Пайғамбар ішін тартты оны көріп.
– Уағалейкум-үс-сәлем, ей, Қазіре-ел,
Өз жайыңда жүрмісің құрып сейіл,
Қатты жарлық болды ма Құдіретіңнен,
Үмбетіме ғазап болса, өзімді алғын.
Алладан Қазіре-ел пәрмен келді,
Жандарын Ибраһимнің алмақ болды.
Қуаныш сүйенерім көп үмбетім,
Үмбеті үшін құрбан болсын Ибраһим.
– Ұғылым кетіп еді молдасына,
50. Оқыған бірге құран жолдасына.
Баламды кешіктірмей әкелейін,
Шара жоқ, лаж бар ма Алла ісіне.
Пайғамбар мұны естіп қадам басты,
Көзінен қан аралас ақты жасы.
Көзінен аққан жасы жерге тамып,
Болдырды-ау қорғасындай қара тасты.
Пайғамбар мектепке кеп тыңдап отыр,
Балалар құран оқып шулап отыр.
Тыңдаса, Ибраһимнің дауысы жоқ, 60. Таянып екі бүйірін жылап отыр.
Көз жасы пайғамбардың жерге ақты,
Сәлдесінің ұшымен сүртіп бақты.
Сәлдесінің ұшымен көзін сүртіп,
Асасымен келді де есік қақты.
– Есік қаққан бұл кім? – деп бала шықты,
Әптиегін қолына ала шықты.
Ақ сәлделі баласы есікте тұр,
– Ей, ата, жұмысыңызды айтшы, – деді.
– Ей, балам, перзентім, ботам, тыңда,
70. Ибраһим бар ма екен, енді, мұнда?
Ибраһим бар болса, келсін мұнда,
Жаман мүскін ісім бар өз басымда.
«Алла» деп Ибраһим түрегелді,
Есікке «біссміллә» деп қадам қойды.
Басындағы тәжіні қолына алып,
Атасының алдынан сәлем берді.
– Уағалейкум уәссәлем, ей, перзентім!
Жүрегімде қуанышым, шекер-балым.
Жаман мүскін ісім бар өз басымда,
80. Көзден жасым толады-ай, іштей ерідім.
Я, балам, үйге келді екі мейман,
Екеуін танымаймын қандай адам.
Аталы, ұлды екеуімізге жарлық
Болған секілді Лагжаһи бір Құдайдан.
Мектепте оқу оқып жүріп едің,
Алланың құлшылығын қылып едім.
Таңнан бері қарай басым ауырған соң,
Боларын бір сұмдықтың біліп едім.
Пайғамбар жас баласын жетеледі, 90. Жүруге жол төтесін төтеледі.
Қуанышыңды көрейін, қызығыңды,
Ей, жалғызым, алдыма жүрші, – дейді.
Ұстазы Ибраһимге берген бата,
Жас бала шегереді-ау қолын тарта.
Ата алдында ұлы сонда жүрсе болар,
– Күнәкіл болдырмаңыз, сіз, жүр, ата.
– Алды-артымда сайланған,
Айым-күнім, жұлдызым-ай,
Баста тәжім, маңдайда құндызым-ай.
100. Кітапқа айтқан сөзім пана болған,
Мұндай ғаділ болар ма жалғызым-ай.
– Ей, ата, қонағыңды танымаймын,
Қол-аяғым тітіреп тұра алмаймын.
Кірсем дағы шыға алман, ей, жан ата,
Енді қорқып барады-ай ғаріп жаным.
– Ей, балам, бұл Қазіре-ел жан алушы,
Жан алып Әслиға жол салушы.
Кірер болсаң, кіресте, ей, жалғызым,
Алланың әмірінен кім қалушы.
110. – Ей, ата, рұқсат берші маған,
Қазіре-ел рұқсат берер саған.
Арыздасып келейін ұстазыма,
Ұстаз хақы өлгенде қиын маған.
Арыздасып келейін жолдасыма,
Бірге құран оқыған мұңдасыма.
Неше кедей, неше байдың баласы бар,
Ас ішкен бір аяқтан сырласыма.
Қол шешер шиеленгенді, көңіл шешпес,
Пейіште иманымның шырағы жанар, 120. Арыздасып келейін ұстазыма.
Ұстаз кешпес күнһи, Құдай кешер,
– Ей, Ибраһим, келгеніңді көрдім, – дейді,
Өзім бойым балқыды енді, – дейді.
Шапшаң барып, тез келші, ей, Ибраһим,
Құдай үшін рұқсат бердім, – дейді.
Мектепке Ибраһим келді жетіп,
Бұрынғыдай болмайды көңілі тетік.
Құдай досты Мұхаммед ол атамыз,
Қойыпты Қазіре-елді мейман етіп.
130. – Аллаңның әмірімен кетіп барам,
Разылығыңды бере көрші, ей, ұстазым.
– Қарағым, айналайын, ей, Ибраһим,
Сізді бізге қойсаңшы бір Құдайым.
Мұратыңа жетпедің шаһизадалық,
Сен үшін перман болса, мен барайын.
– Алланың әмірімен кетіп барам,
Ей, балалар, хош-аман қалғын мұнда.
Құшақтап ол балалар жібермейді,
Қойдай маңырап, қозыдай шулайды енді.
140. «Сіз үшін біз барсақ нағылады,
Сіз үшін жанымызды қиялық» деп.
Ұстазы екеуі бірге келді,
Құдай досты Мұхаммед Расулға айтты:
– Алладан тілек тілеп шәкіртім үшін,
Аллаға өзім құрбан болам, – дейді.
Пайғамбар Хақ, құран шын дүр,
Өлімге тура келсе дауа жоқ тұр.
– Тілеймін үмбетімнің күнәсін бұл жалғанда,
Жалғызда үмбәтімде пайда жоқ тұр. 150. Үмбәтімді тозақтан аман қылса,
Алланың құдіретіне ризамын.
Жалғыз ұлым дүниеден өтті, – дейді,
Сегіз сарай пейішке көңіл қойды,
Атасының тізесіне басын қойды.
Ибраһим иман айтып, – Алла, – дейді,
Хош қылған жан үмбәтілер мұнда, – дейді.
Пайғамбар қайғыменен «аһ» деді,
Жеті хат жер менен көк күйіп-жанды.
Құдайым Жәбірә-елге пәрмен берді,
– Иә, Жәбірә-ел, қанатыңды төсе, – деді.
Күйдірмей жер мен көкті рахым қылды,
Жәбірә-ел қанатын төседі енді.
«Енді мұның сүйегін кімдер ұстар?»,
Әдеппен тағзым қылып сахабалар,
«Сіз ұста, біз ұста» бірі нұсқар.
Сүйегін Құмар ұстап, Хұсман жуған,
Әбубакір құманмен суын құйған.
Алланың арыстаны Қазіретқали,
169. Тұсында иман айтып қарап тұрған.
ҒЫЛЫМИ ҚОСЫМШАЛАР
ТОМҒА ЕНГЕН МӘТІНДЕРГЕ ТҮСІНІКТЕМЕ
ЕҢБЕК ФОЛЬКЛОРЫ
Мал шаруашылығына байланысты фольклор
Төрт түлік туралы өлеңдер
Томға енген төрт түлік туралы: «Мал шақыру», «Өгіз арманы» атты өлеңдер 1970, 1995 жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлының құрастыруымен шыққан «Халық жырлары» (Өлгий, 1970, 1995) атты жинақта жарық көрген.
Томға өлең мәтіндері «Халық жырлары» (1970) жинағы бойынша дайындалды.
ҒҰРЫПТЫҚ ФОЛЬКЛОР
Маусымдық жырлар
«Жарапазан» мәтіндерін 1971 жылы Б.Ақтанның айтуынан Қ.Қалиасқарұлы жазып алып, алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жариялаған.
Томға ұсынылып отырған жарапазан мәтіні жоғарыда аталған жинақтан алынды.
Отбасылық ғұрып фольклоры
«Әушадияр», «Жар-жар» өлеңдерінің мәтінін 1995 жылы Дәлүн сұмынының тұрғыны Рахметұлы Сиыршыбайдан Қ.Бабақұмар жазып алған. Алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында басылым көрген.
Томға мәтіндер аталған басылым бойынша дайындалды. «Ұзатылған қыз сыңсуы», «Мәкен қыздың сыңсуынан» атты өлеңдердің мәтіні «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында жарық көрген. Жинақта шығармаларды айтушылар мен жинаушылар туралы мәлімет берілмеген.
Томға мәтіндер «Халық жырлары» (1970) атты жинағы бойынша дайындалды. «Сарын» жұбату өлеңінің жинаушысы, айтушысы белгісіз. Алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында басылым көрген.
Томға мәтін аталған жинақтың негізінде ұсынылды.
Томға «Беташар» жырының екі нұсқасы ұсынылды. Алғашқы нұсқасын 1967 жылы 10-сынып оқушысы З.Күлияш әжесінің айтуынан жазып алған. Екінші нұсқаның айтушысы мен жинаушысы белгісіз. Бір-біріне ұқсамайтын бұл туындылар алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында жарық көрген.
Томға мәтіндер аталған басылым бойынша дайындалды. «Елін сағынған қыздың көрісі», «Қараошының қызы Дариғаның көрісі», «Әбдікерім болыс қызының күйеуге барғанда айтқан көрісі» туындыларының мәтіндері алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында жарияланған. Жинақта олардың айтушсы мен жинаушысы туралы мәліметтер көрсетілмеген.
Томға мәтіндер аталған жинақтың негізінде ұсынылды.
Балалар фольклоры
«Бесік жыры» алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында жарияланған. Томға мәтін аталған басылым бойынша дайындалды.
Жерлеу ғұрыптық фольклоры
«Жоқтау» өте шағын, 17 жолдан тұрады. Шығарманың айтушысы мен жинаушысы белгісіз. Жоқтаудың мәтіні «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында жарияланған.
Томға мәтін «Халық жырлары» (1970) кітабынан алынды. «Жоқтаудың» екінші нұсқасы – Нұрдария деген әйелдің ерінен айырылғанда айтқан жоқтауы. Оны 1970 жылы мектеп оқушысы З.Күлияш жазып алған. Өкінішке орай, кімнен жазып алғаны көрсетілмеген. Жоқтау «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында басылым көрген.
Томға мәтін «Халық жырлары» (1970) кітабынан алынды. «Көңіл айту, жұбату» өлеңі «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында жарияланған. Жинаушысы, айтушысы белгісіз.
Томға мәтін «Халық жырлары» (1970) кітабы бойынша дайындалды. «Туған жерді сағыну» атты туындының айтушысы мен жинаушысы белгісіз. Алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жарияланған.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша әзірленді.
Магиялық фольклор
«Бата түрлерінен» өлеңі алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жарық көрген.
Томға мәтіндер аталған басылым бойынша дайындалды. «Бақсы сарыны (Зікір өлең)», «Малшыбайұлы Құсайын бақсының зікірі» атты өлеңдердің кімнен, қашан жазып алынғаны белгісіз. Алғаш «Халық жырлары» (1995) кітабында жарияланған.
Томға мәтіндер аталған жинақ бойынша дайындалды.
ПРОЗАЛЫҚ ЖАНРЛАР
Ертегілер
«Пиғылсыз байдың сазайы» – ел арасында кең таралған ертегі. Шығарманы ел аузынан жазып алып, баспаға ұсынған – Қ.Қалиасқарұлы. Туынды алғаш «Халық жырлары» (1970) жинақта, кейін аталған жинақтың 1995 жылғы қайта басылымында жарық көрді. Ертегінің мазмұны аңшылықпен айналысып, өз еңбегімен күн көріп жүрген адамдардың өмірін суреттейді. Сюжеттік желісі қарапайым. Мұнда шытырман оқиға, шиеленісті эпизодтар жоқтың қасы.
Бір ерекшелігі, мұнда кейіпкер әрекеттерін тым әсірелеу, дәріптеу жоқ.
Шығарманың тілі таза, шұрайлы. Басқа тілден кірген сөздер кездеспейді.
Томға мәтін «Халық жырлары» (1995) жинағы бойынша дайындалды.
«Арпа деген ас екен» атты ертегі Моңғолиядағы қазақтардың арасына кең таралған. Ертегінің жинаушысы, айтушысы туралы мәлімет келтірмеген. Шығарма Қ.Қалиасқарұлы құрастырған «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында жарық көрген. Ертегінің мазмұны бай баласы мен жарлы баласының тағдырын баяндауға құрылған. Шығармада негізгі назар бай баласының сараңдығын әшкерелеуге аударылады. Оқиғасы қызық, тілі таза, шұрайлы. Басқа тілден кірген сөздер жоқтың қасы.
Томға мәтін аталған жинақтың негізінде ұсынылды. «Қара тері» ертегісінің оқиғасы қазақ өмірінен алынған. Сюжеті қарапайым, тілі – таза, көркем. Шығарманың негізгі идеясы – талапты, тапқырлықты, алғырлықты дәріптеу, яғни талаптанған, еңбек еткен адамның өз бақытына жететінін насихаттау.
Томға мәтін «Халық жырлары» (1995) жинағы бойынша әзірленді. «Назар батыр». Ертегінің негізгі идеясы – тапқырлықты, әділдікті дәріптеу. Шығармада Назар батырдың тапқырлығы арқасында даудан құтылғаны баяндалады. Ақбас атанның басын қанға бояп, қызыл бас атан етіп көрсететін көрінісі «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» ертегісіне ұқсас болып келеді. Алғаш «Халық жырлары» (1995) кітабында жарық көрген.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша әзірленді. «Жұмсауық келін» атты ертегі «Халық жырлары» (1995) жинағында басылым көрді. Шығарманың көлемі шағын, оқиғасы тартымды.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша дайындалды. «Кемпір мен әруақ». Ертегі оқиғасы әдеттегі ауыл өмірін бейнелейді. Сюжеті шағын, оқиғасы қызықты. Шығармадағы молланы шошытатын тұсы «Алдар көсе» туралы ертегіге ұқсас. Ертегі алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жарық көрген. Айтушысы, жинаушысы белгісіз.
Томға мәтін аталған жинақтың негізінде ұсынылды. «Ақылды шал». Ертегінің оқиғасы қазақ өмірінен алынған. Бас кейіпкер қысылған сәттерінде өзінің тапқырлығын, айлакерлігін қару етеді. Сөйтіп, өз ақылы, тынымсыз әрекеті арқылы әртүрлі қиындықтардан аман шығады. Мұндай мотивтер айлакер кедейлер, малшылар жайындағы ертегілерде жиі кездеседі. Шығарманың оқиғасы қызықты, тілі көркем. Араб, парсы, татар т.б. тілдерден енген сөздер кездеспейді. Алғаш «Халық жырларында» (Өлгий, 1995) жарияланған.
Томға ұсынылып отырған мәтін аталған жинақ бойынша дайындалды. «Батыр Сартха» атты ертегінің көлемі шағын. Ертегінің қысқаша мазмұнында: Сартха батырдың қытайдың сұлу қызына ғашық болып, қыздың жігітті сынау үшін түрлі қиын тапсырмаларға жұмсауы баяндалады. Ертегінің «Алаңғасар Алып» ертегісіне ұқсастығы бар.
Туынды алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында жарық көрген.
Томға мәтін аталған кітапттың негізінде ұсынылды.
«Алтынасық және Құлмерген» ертегісі «Халық жырлары» (1995) жинақта жарық көрген. Қиял-ғажайып ертегі тобына жататын бұл ертегінің басты тақырыбы – әділдіктің жеңіп, зұлымдықтың әшкереленуі. Ертегіде Алтынасық пен Құламергеннің ғажайып құралдардың көмегімен қиын тапсырмаларды орындап, патша қысымынан құтылып, бақытты өмір сүргені суреттеледі. Ертегіде кейіпкердің «осал жерінің» құпиясын айту мотиві көрініс тапқан. Мұндай фольклорлық сарын «Ер Төстік» ертегісінде, «Бозжігіт» дастанында, «Қобыланды», «Ғазауат Сұлтан» жырларында да кездеседі.
Томға мәтін 1995 жылғы басылым бойынша дайындалды. «Аққайшы» атты ертегіде Қарапайым халықтан шыққан қыздың өзінің тапқырлығы арқасында ешкім шеше алмаған патшаның сауалына жауап тауып, хан тағына отыруы көрініс тапқан. Мұндай сюжет көптеген ертегілерде, «Қыз кереметі» сияқты т.б. дастандарда кездеседі.. Шығарма алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында, содан кейін «Бозінген» (Алматы, 1971) жинағында басылым көрген. Екі басылым арасында айырмашылық жоқ.
Томға мәтін 1970 жылғы басылым бойынша дайындалды. «Атақты ұры мен айбынды жолбарыс» ертегісі «Халық жырлары» (1970, 1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында жарық көрген. Айтушысы мен жинаушысы жөнінде дерек көрсетілмеген. Мазмұны ОҒК-ның қолжазбалар қорында сақтаулы «Жолбарыс мінген батыр» атты дастанмен ұқсас болып келеді. Томға ұсынылып отырған ертегі мәтіні «Халық жырлары» (1970) атты жинақтан алынды. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» атты ертегісі сюжеті жағынан «Ақылды шал», «Қаңбақ шал» ертегісімен ұқсас болып келеді. Ертегі мәтіні «Халық жырлары» (1970, 1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында жарық көрген. Томға ұсынылып отырған ертегінің мәтіні «Халық жырлары» (1995) атты жинақтан алынды. «Есірік» ертегісі «Халық жырлары» (1970, 1995) «Бозінген» (Алматы, 1971) жинақтарында жарық көрген. Туындыда Есірік деген елдің Әулеки деген биінің халқына ораза, намаз ұстанымдарын үйрету амалдарын іздестіруі сөз болады. Сатиралық ертегі тобына жататын бұл шығарманың негізгі идеясы – билеушілерді қатал әшкерелеу, қарапайым халықтың байдан артықшылығын көрсету. Шығармада кейіпкерлердің іс-әрекеттері күлкілі болып суреттеледі.
Өзге тілдерден кірген сөздер кездеспейді.
Томға ұсынылып отырған ертегінің мәтіні «Халық жырлары» (1970) атты жинақтан алынды. «Аңқау шал мен айлалы жігіт» ертегісінің мәтіні жоғарыда аталған жинақтарда жарияланған. Ертегі мазмұнында бас кейіпкер өзінің айласы мен тапқырлығы арқасында мұратына жеткені баяндалады. Шығарма оқиғасы қызықты, өзге тілдерден енген сөздер жоқтың қасы.
Томға мәтіні «Халық жырлары» (1970) жинағы бойынша дайындалды. «Гүл мен Самұрық» атты ертегінің мәтіні «Халық жырлары» (1995), «Бозінген» (Алматы, 1971) жинақтарында басылым көрген. Аталған ертегідегі басты идеясы – сиқырлы заттардың көмегімен бас кейіпкердің көптеген қиындықтарды жеңіп, мұратына жетуі және әділдіктің жеңіп, зұлымдықтың әшкереленуі. Негізгі кейіпкер Ерболаттың сиқырлы заттардың көмегімен хан қызының шарттарын орындап, ханның уәзірі болып, ханның кіші қызына үйленуі шебер суреттеледі. Басылымдарды өзара салыстырғанда, айырмашылық кездеспеді. Томға ертегінің мәтіні «Халық жырлары» (1995) кітабының негізінде дайындалды. «Өліп тірілген қыз» атты ертегісі қиял-ғажайып ертегілер тобына жатады. Ертегінің оқиғалық құрылымы күрделі. Шығармада Дүниежүзі халықтарының ертегілерінде жиі ұшырасатын сарынның бірі – баланың әкесінің кегі (не басқадай бір сарын) туралы бөтен адамнан есту мотиві көрініс тапқан. Мұндай мотивті «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Дариға қыз», «Едіге» т.б. жырлардан кездестіруге болады. Басылымдар өзара салыстырылғанда, елеулі айырмашылық жоқ.
Туынды «Халық жырлары» (1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында жарияланған.
Томға еніп отырған мәтін «Халық жырлары» (1995) жинағы бойынша әзірленді.
«Жартыетек» атты ертегінің бас кейіпкері – шаңырақтың иесі кенже бала Жартыетек. Шығармада Жартыетектің Таукөтергіш, Алыпқұс, Көлжұтқыш сияқты қиял-ғажайып кейіпкерлердің көмегімен Айна атты қызды Дәулерден құтқарып, мұратына жеткені баяндалады. Мұндай сарындар «Күн астындағы Күнікей қыз», «Жетім бала» т.б. ертегілерде кездеседі. Аталған ертегідегі басты тақырып – әділдіктің жеңіп, зұлымдықтың әшкереленуі. Ертегі «Халық жырлары» (1970, 1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында басылым көрген. Басылымдар арасында айырмашылық жоқ. Томға ұсынылып отырған ертегі мәтіні «Халық жырлары» (1995) жинақ бойынша әзірленді. «Жер астындағы адам». Шығарма «Халық жырлары» (1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында жарық көрген. Бас кейіпкер Мұратбектің ақылдылығы мен сабырлылығының арқасында қиындықты жеңіп, еліне хан болып мұратына жетуі шебер суреттелген. Үнемі әділдік, адалдық, ақылдылық, сабырлылық жеңіске жетіп отырады. Шығарманың бұл тұсы «Мұрат Сәлих пен Мағрипа» дастаны мен осы сарындас көптеген ертегілерге ұқсас. Басылымдар арасында айырмашылық кездеспейді.
Томға мәтін «Халық жырлар» (1995) жинағының негізінде ұсынылды. «Атақты ұрыдан туған ақылдылық». Ертегі «Халық жырлары» (1970, 1995), «Бозінген» (1971) жинақтарында басылым көрген. Онда суреттелетін оқиға сюжеттері көптеген халықтың фольклорлық шығармаларында кездеседі. Туындының негізгі идеясы – тәкаппарлыққа салынбау, ғайбат сөз айтпау. Осы ертегілік сюжетке құрылған «Зейіт қарақшының қиссасы» атты дастанның бірнеше нұсқасы (Ш.920/9; Ш.655 (ӘӨИ) кездеседі. Басылымдар өзара салыстырылды. Айырмашылық жоқ.
Томға ұсынылған мәтін «Халық жырлары» (1970) жинағынан алынды.
Әңгімелер
Қожанасыр – түркі халықтары арасына кең тараған күлдіргі әңгімелер мен анекдоттардың кейіпкері. Аңыз, әңгімелерде Қожанасыр бірде қу, бірде аңқау, кейде өткір тілді қалжыңбас бейнесінде суреттеледі. Қожанасыр туралы, әңгімелер Түркия, Әзірбайжан, Арабия, Татар, Орта Азия т.б. елдердің фольклорлық шығармаларында кездеседі. Кавказ халықтары фольклорында да Молла Насредин, Қожа Насредин, Насредин әпенді аттарымен кең тараған. Қазақстанның әдеби қорларында Қожанасыр туралы әңгіме анектодттар көптеп сақталған. . Қожанасырға қатысты әңгімелер Моңғол қазақтарының арасында да жиі кездеседі. Атап айтқанда, «Қожаның өлімі», «Ақырзаман күнгі Қожа мен балалар», «Қожаның ныспысы», «Мәндір шелпек», «Қожаның насыбайы», «Хан ақымақ па, әлде...», «Қожаның ақылы», «Жер кіндігі мен жұлдыз саны», «Қожаның ұрлығы» атты әңгімелер ел ішінен жиналып, «Халық жырлары» (1995) жинағында жарияланған.
Томға ұсынылап отырған әңгімелер осы жинақтың негізінде ұсынылды. «Таңдайбайдың саудагерді алдауы» әңгімесі «Халық жырлары» (1970, 1995) деген жинағында жарияланған. Сюжеті бойынша «Қожанасыр» туралы әңгімелерге ұқсас. Томға мәтін «Халық жырлары» (1970) жинағы бойынша әзірленді. «Аңшының әңгімесі». Бас кейіпкер аңшының мергендігі суреттеледі. Туынды жылы Өлгийде алғаш «Халық жырлары» (1970) жинағында басылым көрген. Айтушысы мен жинаушысы туралы мәлімет берілмеген.
Томға мәтін аталған жинақ бойынша дайындалды.
Аңыз
«Ел ауған туралы аңыз» «Халық жырлары» (1970, 1995) жинағында басылым көрген. Томға мәтін «Халық жырлары» (1970) жинағы бойынша дайындалды.
Шежірелер
«Шежіре-Қазақ» жырының сюжеті негізінен Монғол қазақтарының арасына кең тараған рулардың шежіресінен сыр тартады. Шежірені ел арасына таратушы – Сарсүмбе Алтай биі Оспан батыр. Руы – жәдік. Одан Қожамбет ибн Дөңтай төре үйреніп, өзі жырлап, балаларына хатқа түсіртеді. Қолжазба Дөңтай дүние салғаннан кейін баласы Қайраттың қолында сақталған. 1980 жылдары Моңғолия қазақтарының тарихи жырларын жинап, реттеу басталғанда, Қайрат Дөңтайұлы халық шығармаларын жинаушы Қ.Қалиасқарұлына табыс етеді. Томға ұсынылып отырған «Қазақ тарихы» атты жырдың мәтіні қолжазбадан дайындалды.
ШАҒЫН ЖАНРЛАР
Мақал-мәтелдер. Ұлттық фольклорымыздың көркем де маңызды саласының бірі – мақал-мәтелдер. Қазақтың халық мақалдары Моңғолияда тұратын қазақтардың арасында да кешенді түрде жиналып, жүйеленіп, жарияланды. Олардың дені Қ.Мақфуз құрастырған «Мақалдар» (Өлгий, 1971, 1972) атты жинақта басылым көрді. Баспаға дайындау барысында мақал-мәтелдер «Еңбек етсең ерінбей…», «Ғылым-білім», «Адалдық, адамдық жайында», «Махаббат жайында», «Жалқаулық», «Діни сенім» т.б. тақырыптарға жүйеленген.
Томға ұсынылып отырған мәтіндер «Мақалдар» (1972) жинағынан алынып, әліпбилік жүйемен түзілді. Томға енген мақал-мәтедер саны – 731.
Жұмбақтар. Дөйтенұлы Дарелдің құрастырған «Жұмбақтар» (Өлгий, 1971) атты жинағында басылым көрді.
Томға ұсынылып отырған жұмбақтар аталған жинақтан алынып даярланды. Жинаққа енген жұмбақ саны – 423.
Айтыс жұмбақ
«Балық өлең», «Бес түлік мал туралы» жұмбақтардың мәтіні «Жұмбақтар» (Өлгий, 1971) атты жинақта жарияланған.
Томға ұсынылып отырған мәтіндер осы жинақтан алынды.
Жаңылтпаш. Томға 7 шумақ жаңылтпаштар еніп отыр. Мәтіндер «Халық жырлары» (1995) атты жинақта жарық көрген.
Томға мәтіндер осы жинақ бойынша дайындалды.
ҚАРА ӨЛЕҢ. Томға ұсынылған мәтін «Халық жырлары» (1995) жинағы бойынша әзірленді.
ЭПИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ
Дастандар
«Шәкім – Шәкірт» дастаны – қазақ халқының арасында кеңінен тараған назиралық шығармалардың бірі. Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында дастанның онға жуық нұсқасы сақталған. Оның ішінде Тәужи Айнатасов, Кәмила Молдафина, Мұратбек ақын, Әбдірасыл Ахметов нұсқалары бар. Туынды алғаш 1840 жылы «Қисса Шәкір – Шәкірат падиша Һашым балалары» деген атпен Қазан қаласында кітап болып жарияланды. Содан кейін 1870 жылы жарық көрді. Ал 1880–1916 жылдар аралығында Қазан қаласындағы Университет баспасынан он екі рет (1880, 1883, 1884, 1888, 1890, 1894, 1901, 1909, 1912, 1915, 1916 жылдары) еш өзгеріссіз қайта басылып отырды. Дастан 1986 жылы көпшілік оқырманға арналған «Қисса-дастандар», 1995 жылы «Батырлық дастандар» атты жинақтарда (Томды құрастырып, түсініктемелерін жазған – филология ғылымдарының кандидаты Ү.Сұбханбердина) және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарияланып жатқан «Бабалар сөзі» ғылыми басылымының 10-томында (Томды құрастырып, ғылыми түсініктемесін жазған – филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева) басылым көрді. «Шәкім – Шәкірт» дастанының кейбір нұсқалары Моңғолия қазақтарының арасында да кең тараған. Томға ұсынылып отырған «Шәкім – Шәкірт» дастанының нұсқасы алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жарияланған. Алайда, мәтін тарихына байланысты мәліметтер көрсетілмеген. Дастанға арқау болған – жазықсыз қуғынға ұшыраған жандар туралы Шығыс пен Батысқа кең тараған сюжет желісі. Оқиға кейіпкердің өгей шешесінің баласына ғашық болып, Шәкірттің үйден қуылуынан басталады. Осы сәттен бастап қуғынға ұшыраған кейіпкер көптеген қиындықтарды бастан кешеді. Жырдың осы тұсы «Болат пен Жанат», «Гүлшаһри» т.б. дастандарды еске түсіреді. Дастанның композициялық құрылымы күрделі. Олар ертегілік, хикаялық сюжеттер мен мотивтерден тұрады. Аталған дастанда зәбір көрген, торыққан жазықсыз жандарға қысылған кезде жәрдемге келетін ғажайып күш – ғайып ерен, қырық шілтендер қызметі де көрініс тапқан. Сол сияқты аталған дастанда халық ауыз әдебиетінде ең кең тараған «Аллаға жалбарыну» мотиві де кездеседі. Оған мына бір мысалды келтіруге болады. Қаңғырып жаһан кезген бір кемпір мен шал өліп жатқан Шәкіртті көріп: «Құдіретіңмен осыған жан келтір», – деп Аллаға жалбарынады. Олардың тілегі қабыл болып, Алланың құдіретімен Шәкірт тіріледі. Ағасымен табысып, мұратына жетеді. Мұндай сарын «Екі ағайын», «Таһир – Зухра», «Сәнуар патша» сол сияқты басқа да көптеген діни дастандарда кездеседі. «Шәкім – Шәкірт» нұсқаларының айтарлықтай өзара айырмашылық жоқ екенін ескеріп, солардың ішінен ең бір толығы және көркемі деп саналатын Қазан басылымы (1840) мен «Халық жырлары» (1995) атты жинақта жарияланған мәтінді салыстырып қарағанымызда, мазмұнында көп ұқсатықтар байқалды. Бас қаһармандардың іс-әрекеті, шығармадағы мотивтер тізбегі, жер-су атаулары бірдей.
Дегенмен, кейінгі екінші нұсқада төмендегідей айырмашылықтар да кездеседі: 1. Қазан (1840) басылымының көлемі – 2996 жол болса, 1995 жылғы басылымның көлемі – 836 жол. 2. Қазан (1840) басылымында кейіпкерлер есімі – Шәкір, Шәкірат болса, 1995 жылғы басылымда Шәкім, Шәкірт. 3. Қазан (1840) басылымында әрбір эпизод кеңірек суреттелсе, Өлгий (1995) басылымында қысқаша баяндалған. Осы екі нұсқаны салыстыра зерттеу нәтижесінде Өлгий (1995) басылымының жыршысы Қазан (1840) нұсқасын жетік білген. Сол нұсқаны негізге ала отырып, өзінше жырлағаны аңғарылады. Өлгийде басылым көрген «Шәкім – Шәкірт» дастаны жоғары деңгейлі, көркем тілмен өрілген, сүбелі туынды. Мәтінде аздаған араб, парсы және жергілікті сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енгізіліп отырған «Шәкім – Шәкірт» дастанының мәтіні 1995 жылы Өлгий қаласында шыққан «Халық жырлары» атты жинақтан алынды. «Қали арыстан мен Дариғаның күресі» – қазақ халқына етене жақын діни дастандардың бірі. Шығарманың ілкі нұсқаларын ел арасынан жинап, алғаш рет 1897 жылы Қазан қаласында жариялаған – Мәулекей Жұмашұлы. Мәтін 1901, 1902, 1913 жылдары ешбір өзгеріссіз қайта басылып шықты. «Дариға қыз» дастанының Жүсіпбек Шайхисламұлы жырлаған нұсқасы 1995 жылы Алматы қаласы, «Шабыт» баспасынан жеке кітапша болып (Кітапты дайындаған – Ш.Әлдибекұлы) басылса, 2004 жылы «Бабалар сөзі» ғылыми сериясының 10-томында (Томды дайындағандар: Б.Әзібаева, Ж.Рақышева) жарық көрді. Орталық ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында дастанның оннан астам нұсқасы сақталған. Оның ішінде О.Дүйсенбаев, Е.Сембеков, Н.Ниязов, С.Сауытбеков, К.Керімбекұлы, Ә.Ахметов т.б. нұсқалары кездеседі. Оларға ғылыми сипаттамалар жазылып (Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 8-том. – Алматы, 2005. – 98-103-бб.), профессор Б.Әзібаева мәтін тарихы туралы зерттеулер жүргізді («Бабалар сөзі». 10-том. – Астана: Фолиант, 2004.). «Дариға қыз» дастаны Моңғолияда тұратын қазақтардың арасында да кең тараған. Томға ұсынылған мәтін 1995 жылы Өлгийде шыққан «Халық жырлары» атты жинақта басылым көрген. Өкінішке орай, жинақта жырдың орындаушысы мен жинаушысы туралы мәлімет көрсетілмеген. Өлгий нұсқасында «Дариға қыз» дастанының байырғы желісі түгел сақталған. Кейіпкер есімдері, іс-әрекеті, жер-су атаулары т.б. ұқсас болып келеді. Дастан сюжетіне арқау болған – Маһди жайындағы аңыздар. Жырда көптеген халықтардың фольклорлық үлгілерінде кездесетін көне мотив Қалидың Дариға қызбен күресі орын алған. Мұндай көріністер «Шаһнама», «Қорқыт ата» т.б. шығармаларда кездеседі. Сол сияқты аталған шығармада дүниежүзі халықтарының ертегілерінде жиі ұшырасатын сарынның бірі – баланың әке кегін (не басқадай бір сырын) бөтен адамнан естуі сияқты мотив те көрініс тапқан. Мұндай көріністер «Ертөстік» ертегісінде, «Қозы Көрпеш – баян сұлу», «Едіге батыр» т.б. жырларында да жиі ұшырасады. «Дариға қыз» дастанының Қазан (1897) және Өлгий (1995) нұсқаларын салыстырып қарағанымызда, төмендегідей айырмашылығы бар екені анықталды: 1. Өлгий вариантының көлемі – 768 жол болса, Қазан (1897) басылымының көлемі – 580 жол. 2. Өлгий (1995) басылымы жыршысының дастанды орындау мәнері өзгеше, стилі бөлек екендігі байқалады. Қорыта айтқанда, жыршы Қазан басылымын жетік білген, сол кітап мазмұнын арқау етіп, өзінше жырлаған. Нұсқаның тілі шұрайлы, оқиғасы қызық. Мәтінде аздаған араб, парсы т.б. тілдерден кірген сөздер кездеседі. Олар қазақ тіліне аударылып, томның соңындағы арнайы сөздікке топтастырылды. Томға енгізіліп отырған «Қали арыстан мен Дариғаның күресі» атты жырдың мәтіні 1995 жылы Өлгийде шыққан «Халық жырлары» атты жинақтан алынды. «Дотан батыр – Күнікей қыз қиссасы» қазақ арасында «Қисса Дотан Құбақанбайұғлы» деген атпен ертеден белгілі. Аталған жыр 1903, 1915 жылдары Қазанда (Жариялаушы – Ж.Шайхисламұлы), 1961 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған «Батырлар жырының» екінші томында (145-213 беттер) және 2008 жылы «Бабалар сөзі» ғылыми басылымының 52-томында (121-186-беттер) жарияланған. Қолжазба қорларында бұл жырдың бірнеше нұсқалары сақтаулы. Олар: Мәлім Жүсіпов, Аманғали Сегізбаев, Қысыраубек Амантаев тапсырған «Дотан батыр» жырлары. Нұсқалары арасында айрықша өзгешеліктер байқалмайды. «Дотан батыр» жыры Моңғолиядағы қазақтар арасына да кең тараған. Өкінішке орай, томға ұсынылған туындыны кім жырлағаны белгісіз. Мәтін алғаш «Халық жырлары» (1995) жинағында жарық көрді. «Дотан батыр» жырының варианттарында айтарлықтай айырмашылық жоқ екенін ескеріп, солардың ішінен жырдың ең бір толығы және көркемі деп саналатын Ж.Шайхисламұлы және Өлгийде нұсқаларын текстологиялық тұрғыда салыстырғанда, негізгі мазмұнының ұқсас екенін аңғаруға болады. Нұсқалардың екеуінде де «Дотан батыр» жырының сюжеттік желісі түгел сақталған. Жырдағы жағымды және жағымсыз кейіпкерлерге берілген мінездемелер де, кісі есімдері, жер-су атаулары да бірдей. Көптеген өлең шумақтары қайталанып келетін тұстары да бар. Екі мәтін қаншалықты ұқсас болғанымен Өлгий (1995) нұсқасының төмендегідей айырмашылықтары да бар: 1. 2008 жылғы басылымының көлемі – 2075 жол болса, Өлгий (1995) нұсқасының көлемі – 1967 жол. 2. Жүсіпбек қожа нұсқасындағы өлеңмен баяндалатын 1195–1202 жолдар Өлгий (1995) нұсқасында қара сөзбен берілген. 3. Жүсіпбек нұсқасындағы:
«Балуаны Шынтемір хан жығылады,
Балшыққа басы барып тығылады.
Жаяу бәйге қылғаннан оза алмасаң,
Тамам жұрт бір-біріне соғылады» (1420 жол), –
деген сияқты көптеген шумақтар Өлгий нұсқасында кездеспейді. 4. Өлгий (1995) нұсқасының жыршысы өзіндік тілдік, стильдік ерекшеліктерді сақтай отырып, Ж.Шайхисламұлы нұсқасын құбылта жырлаған деп тұжырымдауға болады. Томға енгізіліп отырған «Қали арыстан мен Дариғаның күресі» атты жырдың мәтіні 1995 жылы Өлгийде шыққан «Халық жырлары» атты жинақтан алынды. «Ибраһим қиссасы» – Моңғолияда тұратын қазақтар арасына кең тараған жыр. Жырды айтушы – Хадысұлы Зұлпықар. Шығарма мәтінін 1993 жылы әкесінің айтуынан балалары жазып алған. Жыр көлемі шағын. Оқиғасы қызықты. Мәтінде араб, парсы т.б. тілдерден енген біраз сөздер кездеседі. Моңғолия қазақтарының арасында аталған жырдың бірнеше нұсқасы сақталған. «Ибраһим қиссасы» сол нұсқалармен салыстырылып, 1995 жылы Өлгийде шыққан «Моңғолия қазақ әдебиеті» жинағының 1-кітабында жарияланды. Томға ұсынылып отырған «Ибраһим қиссасы» жырының мәтіні жоғарыда аталған жинақтан алынды.
Қ.Алпысбаева
МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ, ДІНИ ЕСІМДЕР, ҰЛТ-ҰЛЫСТАР МЕН РУ-ТАЙПАЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Алла (Аллаһ) – бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет қайымды жаратушы, ислам дінінде баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: “Ол Алла біреу-ақ, Алла мұңсыз (әр нәрсе Оған мұқтаж). Ол тумады да, туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес” . Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәнидегі істерін таразылап, біреулерін – жұмаққа, енді біреулерін – тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Мұхаммед (с.ә.с.) – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен жиырма үш жылда толық түсті. Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал табынудың басты орны – Меккедегі Қағба, онда аспаннан Алла жіберді деп есептелетін қасиетті қара тас бар. Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз есімі көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріп (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б. Алланың атын зікір ету рәсімі Аллаһу акбар деген мадақ сөзді отыз төрт рет, Әлхамдулилаһи, Сұбхан Алла сөздерін отыз үш реттен айтып, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Адам ата, Хауа ана – діни аңыздар бойынша, Алла Тағала топырақтан жаратқан алғашқы адам. Балшық-мүсін ұзақ жылдар жансыз тұрады. Ақырында Алла Тағала оған жан кіргізеді. Содан соң адамның қабырғасынан Хауаны жасайды. Алғашында екеуі періштелер қатарында болып, олардың арасында “беделді”, “құрметті” орынды иемденеді. Періштелер Алланың жарлығы бойынша Адам мен Хауаға бас иіп, ғибадат етеді. Бірақ Ібіліс атты періште бұл жарлықты орындаудан бас тартады. Сол үшін Алла Тағала Ібілісті жұмақтан қуып жібереді.
Осыған өкпелеген Ібіліс Адам ата мен Хауа анадан өш алудың жолын іздейді. Ақырында олар Ібіліс шайтанның сөзіне иланып, алдауға түсіп тыйым салынған жемісті жейді. Осы күнәлары үшін Адам мен Хауа Пейіштен аласталып, Көктен Жерге түсіріледі. Олардан бүкіл адамзат тарайды.
Арғын – қазақ халқын құраған көне тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Орта жүздің құрамына енеді. Ежелгі қонысы – Ертіс, Нұра, Есіл, Торғай өзендерінің бойлары мен Балқаш көлінің солтүстігіндегі шөлейт өлке. Бұл тайпаның ежелден келе жатқанын Орхон жазба ескерткіштеріндегі, Қытай жазбаларындағы мәліметтер мен М.Қашғари, орыс зерттеушісі Н.Аристовтардың еңбектері айғақтай алады. Қазақ шежіресінде арғындар бәйбіше арғын, тоқал арғын болып екіге бөлінеді. Бәйбішеден тарағандар «бес мейрам» аталып, қуандық, сүйіндік, бегендік (қозған), шегендік (қақсал), қаракесек деген аталарға бөлінсе, тоқалдан тарағандар «жеті момын» аталып қанжығалы, тобықты, бәсентиін, қарауыл, атығай, сарыжетім, шақшақ болып жіктеледі.
Әзірейіл, Қазіре-ел – діни ұғым бойынша Аллаға жақын періштелердің бірі, жан алғыш періштенің есімі. Адамды жаратар алдында Алла жердің әр тұсынан саз әкелуге періштелерін жұмсайды. Жер оларға қарсылық көрсетеді. Жәбірейіл де, Мекайыл мен Ысрапыл да жерден бір шөкім саз үзіп ала алмайды. Бұл шаруаны Әзірейіл ғана атқара алған, осы қаталдығы үшін ол жан алғыш бас періште болып тағайындалған. Адамға ажал мезеті жеткен кезде Алла Тағаланың жанында өсіп тұрған ағаштан әлгі адамның есімі жазылған жапырақ үзіліп түседі. Әзірейіл қырық күн мерзім ішінде сол адамның жанын алуға тиіс.
Әли – Оспаннан кейін билік басына келген төртінші әділетті халифа. Хазірет Әли – Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, әрі оның Фатима атты қызын алған күйеу баласы. Мұсылман елдерінің ауыз әдебиетінде Әли орасан, алып күш иесі. Жаулары Әлидің айғайынан-ақ өліп, талып қалатын болған-мыс. Фольклорлық туындыларда оның “зұлпықар”, “қамқам”, “самсам” деген үш қылышы болғаны айтылады. Әлидің есімі көптеген шығыс қиссаларында, оның ішінде діни дастандарда жиі ұшырасады. Әдетте, хазірет Әли сол қиссалардың басты кейіпкері, жеңілмейтін батыр, халықтың қамқоршысы, мұсылмандардың қорғаны, бетке ұстар қаһарманы ретінде көрінеді. Дастандарда Әли өткен замандарда атақты Рүстемнің өзі жеңе алмаған жауларды жеңген деп дәріптелген.
Хазірет Әлидің атына “Шаһимардан”, “Қайдар”, “Арыслан”, “Шері”, “Мұртаза” сияқты бірнеше теңеу, эпитеттер тіркесіп отырады. Әлидің астындағы аты Дүлдүл де ауыз әдебиеті үлгілерінде кең тараған ұшқыр, жүйрік, ақылды тұлпардың нышанына айналған. Әли ұрпақтары мен оның жақтаушылары кейін шииттік ағымның көсемдеріне айналды. Олардың ұрпақтары қазіргі Иран, Ирак және Орта Азияның кейбір аймақтарында өмір сүреді.
Дәуіт – Құран кейіпкері, пайғамбар, Сүлеймен пайғамбардың әкесі. Көне еврей тілінде Давид. Дәуіттің отыз баласы болған. Жаратқан Иеміз құдіретімен отыз баланың жанын бір мезетте алып кетеді. Мұны көрген Дәуіт Алла Тағалаға зар илеп жылайды. Сонда Алла: «Дәуіт, саған отыз балаңның орнына отыз бала берейін бе, әлде отыз балаға татитын бір бала берейін бе?» – деп сұрағанда Дәуіт «отыз балама татитын бір ұл беріңіз» деген екен. Иеміздің берген ұлы осы Сүлеймен пайғамбар болатын. Сүлеймен мал-құстың тілін түсініп, сол тілде тілдесе алатын болған.
Жақып – пайғамбар, Жүсіптің әкесі, Інжілдегі Иаков. Құран Кәрімде Ыбраһым ұрпағы ретінде Ысқақпен қатар аталады. Оның тақуалығы мен болжау қабілеті Алла Тағаланың бүкіл Ыбраһым (Авраам) руына ризашылығын білдіру ретінде суреттелген. Құран Кәрімде Жақыптың екінші есімі – Ысрайыл. Ал оның ұрпағы бәни Ысрайыл деп аталады.
Жәбірейіл, Жәбірә-ел – Аллаға жақын періштелердің бірі, Алла мен пайғамбарлар араларында жүріп, оларға Алланың аянын айтушы. Ол Алла Тағаланың әмірімен Мұхаммедке (ә.с.) Құран аяттарын жеткізген. Жәбірейіл Адам Атаға бейіштен қуылғаннан кейін де қамқор болған, Нұхтың құтылуына көмектескен және ұлы Ыбраһымды құтқарған. Жүсіпке көп тіл үйреткен, Дәуітті сауыт жасауға баулыған, сонымен қатар Сүлейменге көмектесіп, Зәкарияға Жақияның қашан дүниеге келетінін болжап берген.
Жүсіп – Жақып пайғамбардың кіші ұлы, пайғамбар, Құранда оған үлкен сүре арналған. Сүреде оның тарихы толық қамтылған. Інжілде ол Сұлу Жүсіп (Иосиф Прекрасный) деп аталған.
Жүсіп пайғамбар туралы аңыз-әңгімелерді негізге ала отырып, Фердауси Тусиден бастап көптеген шығыс ақындары жүзден астам дастан, жыр, поэма жазған. Қазақтарда да осы тақырыпқа арналған ХІХ ғасырда баспа бетін көрген дастан бар.
Зұлқарнайын (Зул Қарнайн – “қосмүйізді”) – Құран кейіпкерінің лақап аты. Дерекнамашылардың пікірі әрқилы, біреулері Зұлқарнайын – Александр Македонский десе, екіншілері Йеменнің бір патшасы дейді. Оның лақап аты Рұм мен парсыны билегендіктен бейнелеп қойылған деп жорамалданады. Оның патшалармен жүргізген соғыстары туралы әр алуан аңыз бар; ол мәңгі жасайтын қасиет дарытатын қайнар бұлақты іздеп, Батысқа аттанған деседі. Араб аңыздарында осыған ұқсас лақап аты бар әлденеше кейіпкерлер суреттелген. Солардың бірі – лахм патшасы әл-Мунзир, екіншісі Йемен патшасы әл-Әкрам (ол да “мүйізді”). Алайда, бұл атақ Александр Македонскийге байланысты көбірек тараған, өйткені ол мүйізді Құдай Юпитер – Амонға ұқсастырыла бейнеленген. Құран әңгімесі де дәл осы бейнеге, нақтырақ айтқанда “Александр туралы романның” сириялық нұсқасының тұспалдарына меңзейді. Құдіреттіліктің, молшылық пен биліктің бейнесі ретінде мүйіз сарыны Ежелгі Шығыстың аңыз-әңгімелерінде өте көп тараған. Александр туралы аңыздар желісі өзге әңгімелермен ұласа келіп, орта ғасырда түрлі халықтардың жырлары мен хикаяларына өзек болған. Низами мен Науаидың осы тақырыптағы дастандары айрықша кең танылды.
Зылиха – көптеген халықтарда белгілі “Жүсіп-Зылиха” шығармасының басты кейіпкері, Жүсіптің сүйген жары.
Ибраһим [Ибраһым, Ибрагим, Авраам]– Қасиетті Құран мен басқа да көптеген аңыздарда ол «Алланың бірлігін танып, оның досы саналатын» алғашқы пайғамбар. Ибраһим өзінің сүйікті ұлы Ысмайылды Алла Тағаланың әмірімен оған құрбандыққа арнап шалмақшы болады, сонда Ибраһимға разы болған Алла Тағала Ысмайылдың орнына көктен «ай мүйізді қошқар» түсіреді. Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Ысмайылдың өмірі араб әлемімен, әсіресе, Мекке – Қағба төңірегімен тығыз байланысты әңгімеленеді. Бұл жайында Құран Кәрімде де арнайы сүре (сурат-ул Ибраһим) бар. Онда Ибраһим пайғамбар мен оның баласы Ысмайылдың Қағбаны тұрғызғаны айтылған.
Қазақ халқы Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың құрметіне ұлдарының атын Ыбырай, Ибрагим, Ыбырайым деп қоятын болған. Сондай-ақ, оның ұлы – Ысмайылдың есімімен байланысты: Смағұл, Ысмайыл деген аттар да кездеседі.
Қорқыт (VІІІ ғ.) – абыз, күйші, аңыз кейіпкері. Ватикан архивінде Қорқыт туралы «Расул пайғамбар заманына жақын кезде (VІІ-VІІІғ.) Баят (Сырдария) бойында Қорқыт ата атты бір ер болыпты. Оғыз ішінде барлық уәлаятты ол өзіне қаратып, неше түрлі ғажайып сөздер сөйлеуші еді. Ісі болса, бәрі оның алдына келіп кеңес сұрап, ол не бұйырса соны қабыл етер еді» деген дерек бар. Ел аузында «Қорқыт айтты» деген мәтелдер жиі кездеседі. Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Қорқыт асқан күйші ғана емес, қазақ музыкасының, ән-күй өнерінің атасы.
Құсайын (Хұсайын) – Мұхаммедтің қызы Фатимадан туған Әли ибн Әбу Тәлибтің кіші баласы, шииттердің үшінші имамы. Діни әңгімелерде Хұсайынның есімі Хасенмен бірге аталады. 669 жылы Хасен өлгеннен кейін Әли ұрпақтарына басшылық етеді. Алайда 680 жылы халифа Мағауия қайтыс болғаннан соң Иракта үмийалықтарға қарсылық күшейеді. Осы кезде куфалық халифа Йазидтың белсенділігі де арта түсті. Оның адамдары Хұсайынның немере інісі Мүслімді дарға асып өлтіреді. Куфаға келе жатқан Хұсайын қайғылы хабарды естісе де, сапарын жалғастыра береді. Оның Кербала шөлінде ат суытқанын білген Йазид Хұсайынға қарсы төрт мың әскерін қарсы аттандырады. 680 жылдың 10 қазанында күші басым жаумен ерлікпен айқасқан Хұсайын жолдастарымен бірге ұрыс даласында шейіт болады. Имам Хұсайын қайтыс болғаннан кейін Кербала шииттер табынатын қасиетті орынға айналады. Ал оның өлген күнін барша шиит қауымы аза тұтып, құрметпен еске алады.
Қызыр, Қыдыр баба – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ.
Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қызыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді. Қызыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар. Қазақ фольклорында Қызыр баба [Қыдыр] – ел аралап жүрген ақ киімді, ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әртүрлі қиындықтардан қорғаушы.
Лұқпан хакім – ол туралы исламға дейінгі араб хикаяларында біраз аңыздар сақталған. Құран Кәрімде Лұқпанға 31-сүре арналған. Мұнда Лұқпан “бір Құдайлық” бағытын насихаттаған, Алла Тағалаға шын берілген данышпан адам ретінде аталады. Лұқпанның арабша аты – Лұқман әл-Хаким, яғни, хәкім Лұқпан. Лұқпан – ақыл иесі, көріпкел, емші делініп, оның есімі көптеген Шығыс халықтарының ертегі, жыр, аңыздарында құрметпен әңгімеленген. Қазақ арасында да “Лұқпан хәкім айтыпты” дейтін бірсыпыра сөздер бар.
Мұхаммед (Мұхаммед ибн Абдулла Әбу-л Қасым) – ислам дінінің және болашақ араб халифатының негізін салушы, тарихи тұлға. Мұсылмандардың сенімі бойынша, ол – Алла Тағаланың адамдарды тура жолға салу үшін жіберген Елшісі, ең соңғы пайғамбар 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келген. Пайғамбардың әкесі Абдулла Мұхаммед өмірге келместен екі ай бұрын қайтыс болған. Ал анасы Әмина Расул Алла алты жасқа толғанда дүниеден өтеді. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) алғашында сүт анасы Халиманың, онан соң атасы Ғабдулмүтәліптің, ол қайтыс болған соң ағасы Әбутәліптің тәрбиесінде болған.
Алла Тағаланың алғашқы жарлықтары (уаһи) рамазан айында хазірет Мұхаммедке Меккеден үш шақырым жердегі Хира үңгірінде ғибадат етіп отырған түні таң алдында түскен. Мұхаммед (с.ғ.с) Алланы, яғни бір Құдайға табынатын дін – исламды 610 жылы 40 жасында уағыздай бастайды Мұхаммед (с.ғ.с.) ислам дінін жария еткенде арабтардың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Олар ислам дініне қарсылық білдіріп, түрлі қастандық жасады. Сондықтан б.д. 622 жылы Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің жақтастарымен бірге Меккеден Мәдине қаласына қоныс аударады. Бұл жыл ислам жыл санауының басы деп есептеледі. Оның арабша атауы – “хижра”, яғни “қоныс аудару” деген сөз. Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) бин Абдулла 633 жылы Мәдине қаласында қайтыс болды.
Нұх – пайғамбар, Құран кейіпкері. Інжілдегі Ной. Құран Кәрімде оның аты 43 рет аталады және 71-сүре осы Нұх пайғамбар мен оның әулеттеріне арналған.
Дүние жүзі халықтарының көбінде Нұхтың есімі «топан су оқиғасымен» байланысты айтылады. Аңыз бойынша, жер бетін топан су қаптағанда Нұх пайғамбар оны Алланың жәрдемімен алдын ала сезіп, алып кеме-күпшекті жасайды да, күнәсіз адамдар мен жан-жануарлардың әр түрінен жұптан алып, әлгі кемеге мінгізеді. Осы кемеге мінген тіршілік иелері апаттан аман қалып, өмір қайта жалғасады.
Рүстем – Иран, Тұран елдеріне ортақ жартылай мифтік әрі фольклорлық кейіпкер. Оның есімі Орта ғасырдан бергі дәуірдегі мұсылмандық шығыс әдебиетінде тұрақты орын алған, былайша айтқанда ертегі, аңыз, хикая-дастандарда ол – батырлық пен ерліктің ғажайып үлгісі. Рүстем деген сөз қаһармандық пен орасан зор күштіліктің мәніндегі эпитетке айналған. Рүстем батырдың шығу тегі парсы елінде ертеде өткен Кианилер патшалығының әулеттерімен тығыз қатысты екенін аңғарамыз. Атасы Сам палуан мен әкесі Зал (Дастан) да ерен күштің иелері болған. Рүстемнің өзінен өрбіген Сүһрап, Дарап, Пәрамириз, Баһрам тағы басқа ұлдары да шетінен жүрек жұтқан сайыпқыран батыр ретінде сипатталады. Парсының атақты шайыры Әбілқасым Фердауси ат-Тусидің “Шаһнамесіндегі” басты оқиғалардың бәріне дерлік Рүстем мен оның ұрпақтары қатысады. Онда Иран мен Тұран елдері арасындағы көп жылдық қырғи-қабақ соғыстардың шежіресі баяндалған. Осы ұлы шығарманы қазақ тіліне толық, әрі көркем тілмен көмкеріп аударушы – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы. Дарынды қазақ ақынының бұл еңбегі өзі өмірден қапыда озғаннан соң, жиырма жылдан аса уақыттан кейін ғана жарық көрген. 1961 жылы “Шаһнаменің” Тұрмағамбет аударған нұсқасы біраз бөлігі қысқартылып, “Рүстем-Дастан” деген атпен кітап болып басылды. Тәжік, орыс режиссерлары парсы тіліндегі туындының негізінде “Рүстем мен Сүһраб”, “Сияуыш” т.б. кинофильмдер түсірген.
Һарон ар-Рашид (763–809) – Аббас әулетінен шыққан бесінші халиф. һарон Рашид тұсында арабтардың ұзақ уақытқа созылған Византияға қарсы күресі одан әрі жалғастырылды, сонымен бірге халифатта ауыл шаруашылығы, қолөнер, сауда және мәдениет едәуір дамыды. Сондықтан болар тарихи тұлға, һарон Рашид есімі халық аузында аңыз-әңгіме мен ертегі-жырға айналып кетті. Шығыс халықтары ертегілері мен аңыздарында ол әділ билеуші, халық қамқоршысы бейнесінде суреттеледі.
Ібіліс – діни ұғымда Алланың лағнетіне ұшырап, көктен қуылған, адамдарды Алланың ақ жолынан тайдыратын, күнәға ұшырататын азғырушының есімі. Ібілісті басқаша «шайтан», “Алланың жауы” немесе жай ғана “дұшпан” деп атайды.
Құран Кәрім бойынша Ібіліс Алланың тілін алмаған, Адам атаның алдында тізе бүгуден бас тартып, “мен одан артықпын; сен мені оттан, оны топырақтан жаратқансың” деп қарсы шыққан. Міне, осы әрекеті үшін ол көктен қуылып, тозақ отына түсуге ұйғарылды. Алайда, Ібіліс Алладан жазасын қиямет қайымға дейін кешіктіруін жалбарынып сұрады және ол өзіне іштей Аллаға жер бетінде қастық істеуге және адамдарды теріс жолға азғыруға уәде берді. Раджим – “таспен атқыланған” (күнәлі немесе ақ жолдан тайған) – Құранда жиі кездесетін Ібіліске байланысты қолданылатын эпитет.
СӨЗДІК
Абалақ – жын-шайтан
Ақырет, ахирет, ахірет /а/ – ақырет күні – бұл күні қияметтің болуы, Алладан басқаның жоқ болатындығы, өлгеннен кейінгі сұрақтың қойылатындығы, тірі кезінде істеген күнәларына жауап берілетіндігі анық сезіледі; күнәларың жеңіл болса, Алланың жақсылығын сезіп, ауыр болса, қабір азабын тартатын күн; о дүние деген ұғым; ақырзаман, дүниенің соңы.
Алғау – қулық
Алла акбар, Аллаһу акбар /а/ – Алла ұлы!
Алман /моңғ/ – міндет
Амырла /моңғ/ – аялда
Асбұзыл – асхана
Әптиек /көне/ – әліпби мен абжадтан кейінгі діни оқу, құранның жетіден бір бөлігі.
Әсли, әслі – тегінде
Бақ (баг) /моңғ/ – әкімшіліктің ең кіші бірлігі
Бақыр – тиын ақша
Баран – жылқының түсі; қара қоңыр, қара кер
Бейуаз – жазықсыз, күнәсіз, айыпсыз
Биссимилла /а/ – Алланың атымен, мұсылмандар әрбір игі істі, әрекетті осы сөзбен бастайды
Бөгенай – бір нәрсенің айрықша белгісі, ерекшелігі
Буыршын – аруана мен үлектен туған төрт жасар бура
Бұрқақ – қарды жай ұйытқытып, үйіріп соғатын бұрқасыннан бәсең жел
Бұрқан /моңғ/ – тәңірі, пұт құдайының мүсіні
Бұт – будда дініндегі құлшылық етіп, сиынатын мүсін
Ғаділ – әділ
Ғазиз, әзиз /а/ – құрметті, ардақты, аяулы, қадірлі
Ғаріп /а/ – бейшара, мүсәпір, міскін
Дарғы (дарга) /моңғ/ – бастық, басшы
Дәйім – ұдайы, үнемі, әрқашанда
Дәру – дәрі
Ділгірам – жеделхат
Доңсытпау (доңсу)– қарғытпай, шошытпай жүргізу
Ермен – дәмі ащы, жусан тұқымдас көпжылдық құнарлы өсімдік
Жемеңқор – парақор
Жолашы (жолооч) /моңғ/ – тізгінші, жүргізуші
Жұрнақ – бұрынғыдан қалған белгі, қалдық
Жырым – айылды ердің мінер /оң/ жағындағы доға арқылы жалғастырып, қатты тартып ерді бекітуге арналған шолақ айыл
Жінтікті – желігу
Захар /а/ – у
Иншалла (ин шаа Алла) /а/ – Алла қаласа
Кеңташ – салмақты
Кешуін /моңғ/ – «Гишүүн»-мүше: жаңа өкіметке мүше, қазақша «белсенді» деген сөз. Қазақ шаш қойып, темекі тартып, костюм киіп жаяу жүріп-ақ шірене басып, шырт түкірген әпербақандарды белсенді (кешуін) деп айқындаған.
Көзел /т/ – әдемі, сұлу
Күләпәра – су өтпес үшін тымақтың сыртынан киетін бас киім
Қаша /моңғ/ – қора, аула
Қиямет /а/ – ауыр азап, бейнет, о дүниеге барғанда әрбір адам сынақтан өтетін зауал мен сауал күні
Қобыр (ховор) /моңғ/ – тапшы, сирек
Қоналқа – қонақ үйлі дегені
Құй – мейлі
Қызыл қыршын – қызыл гүл, дәнді бұтағынан қырқылып сәл оңай түсіп қалатын әдемі дала шөбі
Лаңғада – лаң
Лыпа – киім
Мағат жоқ /моңғ/ – мүмкін, солай шығар
Майын беру, майлап алу – жалға алу
Маршал – әскери шен, қолбасы
Махпоз (махпуз) – пешене, тағдыр, жазмыш
Махшар /а/ – діни ұғым бойынша, дүние салған адамның күнәсі тексерілетін кезеңі ақырет
Мәгар – егер
Мәдет – медет
Мәки рамазан – оразаның сый-несібесі
Мәңкіл, мөңку – сиырдың мөңкуінен жүк астында қиналып жүгіруін меңзеген сөз
Мәңкір, Нүңкір – діни ұғым бойынша о дүниеде қабірдің ішінде адамның істеген істері бойынша сұрақ-жауап алатын періштелер
Мәрей қозы – шала туған қозы (айлық)
Мәулім /а/ – намаз соңы, оқы дегендегісі
Мешпет – жеңсіз бешпет, кеудеше
Мизам – қыркүйек айының ескіше атауы
Мөйке – мойка, жүн жуатын жер
Мүбәрак /а/ – таза, құтты, қасиетті
Мүкәммал /а/ – дүние-мүлік, қазына-байлық
Мүскін – мүсәпір, ғаріп
Наса /наса бітпей шалдырма/ – жол жиегіндегі шөпті шалып жемесін дегені
Насар – жібек кездеме
Науа – малдың су ішіп, жем жеуіне арналған үлкен, ұзын астау
Нәзір – Құдай жолына берілетін қайыр садақа
Ныспы – адамның аты-жөні, есімі
Оба – тастан, топырақтан үйіп жасалған көлемі мен биіктігі әртүрлі төбешік, төмпешік
Опасы – ырысы, бақыт мағынасында
Пәруардігер – Жаратушы, Алла, Құдай
Пөркөр – прокурор
Піспек – саба, мес, күбі сияқты ыдыстардың ішіне салып қымыз, ірткі пісетін сабы бар құрал
Рет – бояу
Саба – жүнін қырып, ысқа салып, жылқы терісінен жасалған, негізінен қымыз ашытатын ыдыс
Салынды – су тасыған кезде жағаға шығып қалатын ағаш, шөп-шалам
Сахаба, асхаб /а/ – серіктер, жолдастар. Мұхаммед пайғамбармен бірге ислам дінін қабылдап, мұсылман мемлекетін құруға атсалысқандар. Мұхаммедтің істері мен сөздері туралы хадистер асхабтардың айтулары бойынша жазылып алынған
Сәна – мұң, қайғы
Сортаң – тұзы көбірек, тұздылау жер
Сумын (сум) /моңғ/ – әкімшілік бірлік, аудан тектес
Тасық /моңғ/ – бөлімше
Түмен лаң /моңғ/ – он мың күміс ақша
Ұжмақ – жұмақ, о дүниедегі рахат орын; пейіш; ауыспалы мағынасында: жайлы мекен
Үмбет – мұсылман дініне мойынсұнған, бағынышты адам
Фатиха /а/ – беташар, кіріспе, құран кәрімнің бірінші сүресі; бата
Хақ /а/ – шындық, күмәнсіз ақиқат; Алланың 99 есімінің бірі
Харам /а/ – арам, шариғат тыйым салған, яғни ішіп-жеуге, қолдануға жарамайтын нәрсе (Құран Кәрімде бұл түсінік 71 жерде қолданылған); таза емес, заңсыз
Хас /а/ – айырықша, ерекше
Һәуя – тозақтың ең түпкі қиын түрі
Шарана – жаңа туған жас төлдің я баланың үстіндегі жұқа қабыршақ, шырыш
Шарайна – сауыт
Шариғат /а/ – Құранға негізделген мұсылмандық ережелер жинағы
Шарық – әл, шама, күш
Шауқарға – тұмсығы қызғылт, басы ақшылдау келген қара қарғаның кішілеу түрі
Шаһар – қала
Шаһариар – [шаһар /п/ – төрт, жар /т/ – жар, серік] – Мұхаммед пайғамбардың төрт серігі: Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли. Кейде төрт жар, төрт шәрі деп те аталады. Бұлар араб халифатын билеген төрт әділетті халифтер болып, тарихта “ал-Хулафа ар-Рашидун” деген атпен белгілі
Шом – үйінді
Шорон /моңғ/ – түрме
Шорыншы (шорончин) /моңғ/ – түрмеге түскен, сотталған адам
Шыжуыр – дежур (ный) кезекші
Ыспар – қандай бір іске әбден төселген, ысылған
ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫ
Алакөл – Алматы және Шығыс Қазақстан обылыстарының аумағында орналасқан тұйық көл. Ол Орта ғасырларда Гурге – нор (монғ. Көпір – көл), кейін Алактагал, Алатеңіз, Алакта деп те аталған. Батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Алакөлге 15-тен астам үлкенді-кішілі өзендер құяды.
Алтай – Қазіргі Шыңжан өлкесін моңғолия қазағы Алтай деп атайды. Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиясы облысына қарасты әкімшілік аймақ. Батысында Қазақстанмен, Солтүстік батысында Ресеймен, Солтүстік Шығысында Монғолиямен шектеседі.
Амудария (Ежелгі атаулары – Әму, Оксус, Балх, Жәйхун) – Орталық Азиядағы ең ірі және суы мол өзен. Амудария жағалауында Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қазақстан орналасқан. Осы мемлекеттер өзенді ауыл шаруашылығына, егін шаруашылығына пайдаланады.
Атбасар – іргетасы 1846-жылы қаланған. Астана қаласынан солт.-батысқа қарай 232 шм. жерде, Жабай өзенінің (Есіл өзенінің бір саласы) оң жағалауына орналасқан.
Аягөз – Алматы, Шығыс Қазақстан облысы аумағы арқылы ағатын өзен. Тарбағатай жотасының солтүстік сілемдерінен бастау алады. Балқаш көлінің солтүстік шығыс бөлігіне құяды.
Бұқар – Орталық Азиядағы бұрынғы елдің, қазіргі Өзбекстан мемлекетіндегі облыстың атауы. Орталығы – Бұқара қаласы. Бұқара әсіресе XVІІІ – XІX ғасырларда күшті өркендеп, исламның ықпалды тірегіне әрі діни-ғылыми орталықтарының біріне айнала бастады. Бірқатар мұсылман халықтары, оның ішінде қазақтар да оны «Бұқара Шәриф», яғни қасиетті қала деп санайды.
Дайын – Даян көлі, МХР-ның аймақтық жері.
Ертіс – Батыс Сібір мен Қазақстан жеріндегі өзен. Обътың сол саласы. Монғол Алтайының оңтүстік батыс беткейіндегі мұздықтардан басталады. Жалпы ұзындығы – . Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының өнеркәсіп орындары және шаруашылықтары өзен суын кеңінен пайдаланады
Қалба – Ертіс өзенінің сол жағындағы тау және тау қыраттары.
Қаратау – Еуразияның түркі тілдес халықтар қоныстанған аймақтарындағы биіктігі орташа және аласа тау жоталары. Қаратауда жаз айларында қар жамылғысы болмағандықтан осылай аталады. Қаратау атауы Орталық Азияда, Оңтүстік Оралда т.б. түркі тілдес елдер аумағында (Түркия, Иран, Кавказ, Қырым, т.б.) жиі кездеседі. Қазақстанда Қаратау жотасы (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары аумағында), Қаратау таулары (Маңғыстауда), Кетпен (Ұзынқора) жотасында бар
Қобда – Ақтөбе облысындағы аудан орталығы. Елек алабындағы өзен. Ақтөбе облысының Алға, Қобда аудан жерлерімен ағады.
Қырым (Қырым таулары) – Қырым түбегінің оңтүстік бөлігіндегі тау. Қара теңіз жағасын бойлай жатқан Бас қырқа – Яйладан және Куэста түбегіндегі орта, солтүстік қырқалардан тұрады. Қырым тауларын адамзат палеолит дәуірінен бастап қоныстана бастаған. Мұнда ежелгі дәуірлер мен орта ғасырларда өткен ірі тарихи оқиғалар Еуразиядағы саяси, мәдени үдерістерге өз әсерін тигізді. Қырым жерінде Қырым хандығы құрылған, қазірде Қырым татарлары тұрады.
Мәдина (Мәдине) – арабша “қала” деген сөз. Меккеден кейінгі екінші қасиетті қала саналады. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед пайғамбардың 622-жылы Меккеден осында қоныс аударуына байланысты Хижаздағы Ясрибке мұсылмандардың берген атауы. Мұсылмандардың жыл санауы осы қоныс аудару жылынан (хижра) басталды. Мұсылман мемлекетінің негізі қаланғанда Мәдине оның алғашқы астанасы болды.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті қаласы. Онда бас мешіт әл-Мәсжид әл-Харам мен Қағба орналасқан. Исламның негізін қалаушы Мұхаммед (с.ғ.с.) осы қалада дүниеге келген. Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден кеткенімен Мәдинедегі жаңа құлшылық ету үйінің есігін Қағбаға қаратты (Құбыла). Мұсылмандардың Меккені 630-жылы жаулап алуы оның діни орталық ретіндегі айрықша жағдайын қалпына келтіріп қана қоймай, одан да жоғары дәрежеге көтере түсті. Меккеге барып тәуап ету исламның бес парызының бірі болып саналады.
Мысыр – араб елінің африкалық бөлігіндегі көне шаһар әрі ел атауы. Жергілікті арабтар Египетті де, оның астанасы Каирді де Мысыр деп атайды. Қазақ фольклорында, сондай-ақ, көптеген шығыс халықтарының ауыз әдебиеті шығармаларында «Мысыр» атауы жиі ұшырасады.
Омбы (Омск) – Орталық Сібір өлкесіндегі Омь өзенінің Ертіске құйылатын тұсында орналасқан Ресейдің Омбы облысының орталығы. Омбы облысы Қазақстан солтүстігінің көп жерімен шектеседі
Сарыарқа, Арқа – Қазақстанның бүкіл орталық бөлігін алып жатқан аймақ. Солтүстікте Қазақ жазығынан басталып оңтүстікте Бетпақдала мен Балқаш көліне дейінгі аралықта орналасқан. Батыста Торғай үстіртіне тіреледі. Шығыстағы шекарасы Балқаш көлінің солтүстік – шығыс шетінен Тарбағатайдың етегіне, онан әрі Зайсан қазаншұңқырының шетін ала Қалба жотасына дейін жетеді
Семей – Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала. Іргесі ХVІ ғасырда қаланған қаланың алғашқы атауы Доржынкент.
Ұланбатыр – Моңғолия Халық Республикасының астанасы.
Үш торғайты – Алтай жеріндегі (қазіргі Шыңжаң) өңір, өзен аты.
Шәуешек – ҚХР-дың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданына қарасты Тарбағатай аймағының орталығы. Шәуешек солтүстік батыста Қазақстан Республикасымен шектеседі.
Шүршіт – Алакөл алабындағы өзен. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы және Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы жерімен ағады. Ұзындығы – 57 шм. Қытай жерінде Барлық жотасының батыс беткейлерінен бастау алып, Ұзынағаш ауданына (Үржар ауд.) 4 шақырымдай жетпей тартылып қалады. Суы Алакөл маңында көптеген бұлақ, тұмалар ретінде жер бетіне қайта шығады.
ТОМҒА ЕНГЕН ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕРДІ ЖЫРЛАУШЫ, АЙТУШЫ ҺӘМ ЖИНАУШЫЛАР ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР
Азанбай А. – дін өкілі, шежіреші. Өлгий қаласында тұрып, 1968 жылы 78 жасында дүниеден өткен. Ескіше (қадім), төте хатқа жүйрік, көптеген өлең-жырларды, халық шежіресін жатқа білген. ХІХ ғасырда Қазанда басылған құран, сүрелер, өлең-жырларын (Ү.Ақыт т.б.) отызыншы жылдарың зобалаңынан қорқып, 1960 жылдарға дейін Делуін сұмынындағы үңгір молаларға жасырып, құпия сақтап келген.
Ақтан Б. (1897-1983) – Моңғолия қазақ әдебиетінің негізін салушы, суырып салма ақын, әрі айтыскер. Ол 1940 жылы қазақ аймағы (Баян-Өлгий) құрылып, «Өркендеу» газеті шығарыла бастағанда, оның алғашқы тілшісі болып ұзақ жылдар қызмет атқарған. Б. Ақтан мақалаларын өлеңмен де жазды. 1943 жылы Моңғолия Жазушылар Одағына кірген тұңғыш қазақ болды. Шығармалары Өлгийде 1957, 1959, 1960, 1970 жылдары жарияланды. Қ.Қалиасқарұлының құрастыруымен 1977 жылы таңдамалы, ал 1987 жылы толық жинағы жарияланды.
Ахметшар Ә. (1901-1989) – ақын, жыршы. Ноғанар (Ногоо-ннуур) аймағының сұмынында туып-өскен. Ескіше сауатты, көзі ашық адам болған. Көптеген эпостық жырларды жаттап айтып, кейбірін өзінше жырлаған («Шыңғыс хан» т.б.). Көптеген өлең-жырларын баласы А.Нұрхамит (1938-1998) әкесінің айтуы бойынша жазып алып сақтаған.
Әшімхан К. (1921-1984) – халық мұрасын жинаушы. Баян-Өлгий аймағы, Делуін сұмынында туып-өскен. Жұртқа Әшім деген атпен таныс. Шәмен сауатты адам болғандықтан, ұзақ жылдар ауылында есепші болып жұмыс істеген. Әзіл-қалжыңға, өлең айтуға өте шебер болған. Көптеген салт өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан.
Қалиасқарұлы Қ. – жазушы, сыншы, аудармашы, әдебиеттанушы. Филология ғылымдарының докторы, профессор. 1938 жылы Моңғолия Халық Республикасы, Баян-Өлгий аймағы, Ақкөл мекенінде дүниеге келген.
1995 жылдан І.Жансүгіров атындағы Талдықорған мемлекеттік университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. «Баян-Өлгий қазақтарының ауыз әдебиеті» (Өлгий, 1969), «Моңғолия қазақтарының әдебиеті» (Өлгий, 1993), «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті». 1-том (Өлгий, 1987); 2-том (Өлгий, 1994): 3-том (Өлгий, 1995) т.б. кітаптардың авторы.
Мақфуз Қ. (Махпуз, Мақпоз) – жазушы, халық әдебиетінің үлгілерін жинақтап бастырушы. 1940 жылдан бастап «Моңғолия қазақ әдебиетінің» өркендеуіне өзінің мол үлесін қосқан. Әкесі Құлыбек (1895-1985) сөзге шешен, шежіреші, әдеби жәдігерлерді жеткізуші, ал анасы айтыскер адам болған. Махфуз Баян-Өлгий қазақ баспасында «Өркендеу» газетінде тілші, басшы, аймақтық партия комитетінде нұсқаушы т.б. қызметтерді атқарып жүріп, еңбек демалысына шыққан. Моңғолия Жазушылар Одағының мүшесі. Оның әңгіме, повестері, романдары жеке жинақ түрінде жарияланды. Махфуз қазақ ауыз әдебиеті мұраларын жиып, Өлгийде алғаш бастырушы болады. Оның редакциясымен «Ертегілер» (1963), «Айтыс» (1965), «Мақалдар» (1968) жинақтары жарық көрді.
Молдафия С. – халық мұраларын жинаушы, ақын. 1925 жылы Баянөлгейде туылған. Ол Ұланбатырда арнаулы орта құлыс мамандығын алып, көп жылдар өз мамандығы бойынша жұмыс істеген. Бала кезінен ел аралап, шежіре, жыр, дастандарды үйреніп, оларды қағазға түсіріп отырған. Өзі де өлең шығарып, ертегі аңыз, жырларды өзінше құбылтып жырлаған.
Орынбай Қ. (1927-1988) – қоғам қайраткері, ақын. Делуін сұмынында бірлестік шопаны, колхоз шопаны болып ұзақ жылдар жұмыс істеген. Жеті кластық мектепті бітірген. Көп жылдар бойы Мемлекеттік жүлдені жеңіп алған озат малшы болған. МХР Ұлы Хуралына депутат болып сайланған. Халық жырларын, халық ақындарының (әсіресе Ү.Ақыттың) өлеңдерін жазып сақтаған, көбін жатқа білген.
Сәли Б. – халық мұрасын жинаушы. Баянөлгейде 1922 жылы туылған, Иэнгіл сұмынында тұрады. Төте оқу мен жаңаша оқудан сауаты бар. Ол ел ішінен естіген жыр, дастандарды ұзақ жылдар жадында сақтап, кейін қағазға түсірген. Өзі де өлең шығарады. Оның бір топ өлеңдері «Моңғолия қазақ әдебиетінің» 2-ші жинағында (1987) жарияланған.
Соян Қ. – ақын, халық мұрасын жинаушы. Қ.Соян орта мектеп және кәдір (партия) бастауыш мектебін бітірген. Ауылда мұғалім болып жұмыс істеген. Ол Моңғолия Жазушылар Одағы және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Соян 1960 жылдардан бастап қазақ халық әдебиеті үлгілерін үзбей жиып, оларды жариялауда көп еңбек сіңірді. Моңғол фольклоршысы, академик Б.Ринчиннің күш салуымен қазақ ауыз әдебиетінің «Ботакөз» атты шағын жинағын Алматыда (1969) шығаруды ұйымдастырды. Өлгийде ХІХ ғасыр ақыны Б.Төлебайдың жеке кітапшасын (Өлеңдер, 1964) шығарып, Қ.Қалиасқарұлымен бірігіп ХІХ-ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы халық ақындарының шығармаларын (Моңғолия қазақ әдебиеті. 2-кітап, 1987) жариялады.
Шәмен Н. – ақын, жыршы. 1927 жылы Баян-Өлгий аймағы, Делуін сұмынында туған. Бастауыш мектеп бітірген. Ол тұрмыс-салт өлеңдерін, шағын жыр, қиссаларды жатқа айтады. Өзі де өлең шығарады. Біраз өлеңдері «Шұғыла» журналында жарияланып тұрған. Н.Шәмен қазір Қазақстанда тұрады.
ШАРТТЫ ҚЫСҚАРТУЛАР
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық Ғылыми кітапхана
ҚҚ – Қолжазба қоры
Ш – шифр
МЖО – Монғолия Жазушылар одағы
МР – Моңғолия республикасы
НН – Ноғанор (Ногооннуур)
ҚАӘ – қазақ ауыз әдебиеті
дәп. – дәптер
/а/ – араб
/ир/ – иран
/моңғ./ – моңғол
/о/ – орыс
/п/ – парсы
/тат./ – татар
/т/ – түркі
/көне/ – көнерген сөз
/қалм./ – қалмақ
/қыт./ – қытай
/ж/ – жергілікті сөз
/солт./ – солтүстік
/оңт./ – оңтүстік
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы, 1991. 2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы, 1926. 3. Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы, 1974. 4. Қалиасқарұлы Қ. Моңғолия қазақтарының әдебиеті. / 8-10-кл. оқулығы. – Баян-Өлгий, 1978, 1986. 5. Қалиасқарұлы Қ. Халық ақындары. – Баян-Өлгий, 1972. 6. Қалиасқарұлы Қ. Халық жырлары. – Баян-Өлгий, 1970, 1995. 7. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы, 1993. 8. Молдафия С. Моңғолия қазақтарының халық ертегілері. – Өлгий, 1970, 1969. 9. Соян Қ. Бозінген. – Алматы, 1971. 10. Татанаев А. Тарихи дерек, келелі кеңес. – Үрімжі, 1993. 11. Айтыс. / Құрастырған – Махфуз Қ. – Баян-Өлгий, 1964. 12. Ертегілер. / Құрастырған – Махфуз Қ. – Баян-Өлгий, 1962. 13. Жұмбақтар. / Құрастырған – Дәрел Д. – Баян-Өлгий, 1971. 14. Қара өлең. / Құрастырған – Мағауия С. – Баян-Өлгий, 1994. 15. Мақалдар. / / Құрастырған – Махфуз Қ. – Баян-Өлгий, 1972. 16. Шұғыла әдеби журналы. – Баян-Өлгий, 1958, 1993. 17. Ыбыраев Ш., Алпысбаева Қ., Әлібек Т. Халық әдебиетін жинау, жүйелеу және сақтаудың әдістемелік құралы. – Алматы, 2009. 18. Арабско-русский словарь. Составитель – Х.К.Баранов. – Москва, 1968. 19. Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, 1969. 20. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі // Құрастыр.: Р.Сыздық, Н.Уәлиұлы, Қ.Жаманбаева, Қ.Күдеринова. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. 21. Қазақ тілінің сөздігі. – Алматы, 1999. 22. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі // Құрастырған – І.К.Кеңесбаев. – Алматы, 1977. 23. Персидско-русский словарь // Под ред. Ю.А.Рубинчика. І-ІІ т. – Москва, 1970. 24. Татарско-русский словарь. – Москва: Советская энциклопедия, 1966. 25. Турецко-русский словарь. – Москва: Русский язык медиа, 2005.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру