TELEGEI

Home

Созақ қасіреті

Мұхаметжан Рүстемов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Созақ қасіреті

Мұхаметжан Рүстемов - «Созақ қасіреті» шығармасы.

БАСТАУ

“Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ағайыннан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді”,-

деп бірі зарласа, баз біреуі:
“Қарындастан айрылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді”,
“Мына заман қай заман, бағы заман,

Баяғыдай болар ма тағы заман?”,
“Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көлдетіп ағызамын”, - деп күңіреніп аңырап барады.

Қапалы көкіректен ақтарылған сағыныш, қайғы, зар. Туған жер мұнарланып артта қалып бара жатқанда күйік жасының сарқылмас бұлағына тұншыққан мүңлықтың шерлі үні ол. Өшпес рухты ән жетелесе, мұқалмас жігерді ән жебеген. Алыста қалған киелі даласын, қамысты көлін ақырғы рет көргісі кеп, құсадан тар көкірегі қарсы айрылып зарлайды ауған ел. Ошағына от жанғанда, төрінен ән төгілетін сауықшыл қазақ отауы жаудан ойран боп, шаңырағы ортаға түсіп, оның қыспағына шыдамай үдере көшіп барады. Қаратаудан көш емес босқын шұбады, қара көзден жас емес қан ақты. Бұл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп (1723-1730) тарихта ізі қалған, қазақ халқының ауыр кезеңге душар болған шағы еді. 1723 жылы көктемде Жоңғар шапқыншылары Қазақстанның Оңтүстік Шығыс аудандарын басып алып, Талас өзенінің алабына дейін жеткенде, қыстан күйзеліп шыққан бейбіт ел, қарсыласарға қауқары болмай тоз-тоз болған. Бір шамасы Сырдарияның арғы бетіне өтсе, Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінің ар жағына шығып кетті. Жаудан қашқан қазақ елінің біразы Алқакөл маңынан Бүқара мен Самарқанға қарай ағылды. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтары арасында бұл оқиға «Алқакөл сұлама» деген атпен белгілі. Ал Кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып («Сауран айналған» деген ат та осыдан қалған), қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді. Туған жерінен айрылған халық осы қиын-қыстау кезеңді «Ақтабан шұбырынды» деп атады. (Шұбыра босқан елдің жүре-жүре табаны тозды деген ұғымнан шықса керек). (Қазақ Совет Энциклопедиясы, 1-том). Босқан халықтың жағдайы тым ауыр болып, жолшыбай шөптің тамырын, жаужұмыр, алғыр, қозықұйрық, қайыңның қабығын жеп күнелтті. Сол заманнан босқын елдің белгісі болып халықта «Елім-ай» әні қалды. Есімі мен еңбегі халқымыздың азамат тарихында ерекше орын алған соң дарынды тұлға Мұхамеджан Тынышбайұлы (1879-1937) өзі жол қатынасы инженері бола тұрып, қазақ тарихымен терең айналысып, ел басынан осыдан 200 жыл бұрын өткен «бұрын қазақ халқы құлақ естіп көрмеген қырғынды» жан жақты зерттеп, 1927 жылы Ташкент қаласында «В честь Бартольда» атты жинақ шығарып, онда «Ақтабан шұбырынды» атты мақаласын енгізіпті. Бұл мақалада ол орыс ғалымдары А.Левшиннің, В.В.Бартольдтың, В.К.Андреевичтің, В.В.Веляминов-Зерновтың, В.Наливкиннің басқа да ғалымдардың еңбектерін, ел арасында сақталған аңыздарды мол пайдаланған. Автор былай дейді: «Диваев келтірген аңыз бойынша Кіші жүз бен Ұлы жүздің бір бөлігі қалмақтармен 3 жыл бойы соғысады. Тайлақ батыр (Кіші жүзден) өз жиені Саңырақ батырмен (Ұлы жүз ошақтының тасжүрек руынан) бірге Бүлақты және Белеңді өзендерінің (Ырғыз уезінің оңтүстік-шығысында) бойында және Қарасиыр деген жерде қалмақтарды тас-талқан етіп жеңеді. Содан бері сол жер «Қалмақ қырылған» деп аталады. Бұл тамаша жеңіс байтақ қазақ даласына жай оғындай жылдам тарап, үнжырғасы түскен елдің еңсесін, ұлттың рухын көтеріп, жаудан аусыз кек алуға қанаттандырады. Қалмақтардың қанды шеңгелінен босанып, елі үшін, жері үшін ақтық демі қалғанша аянбай шайқасуға шақырған ұранды алты алаштың ұлдары тегіс колдайды. Ең жақсы жүйріктерін жаратып мініп, олардың жал кекілін тарап, қүйрығын шарт түйіп, найза, айбалта, садақпен аруланып, жеңісті жорық үшін даланың түкпір-түкпірінен жинала бастайды. Автор Шымкент облысы, Бөген ауданының жеріндегі Ордабасы тауында өткен үш жүздің бас қосуын былайша жазды: «Алатау мем Қаратау қоршаған, Арыс пен Бадам өзендері өтетін түйе-тайлы жазық таулы-тасты, кезектескен кішкене жоталары бірте-бірте ойлы-сырлы далаға айналады. Аса биік болмаса да Ордабасы тауынан сол маңайдың бәрі алақанға салғандай көрініп тұрады Арыстанды, әйтпесе, Шаян ойпаттерынаи кетерілгенде, көзге бірден осы Ордабасы шоқысы шалынады. Енді бұған Ордабасының қасынан Бадам өзені ағып өтетінін, сол жорлердің қалың шөбін, көгалдай кілемін Ордабасының артындағы (батысы мен оңтүстікке қарай) кеп сайларға қазақтардың қалың қолы жасырылуы. Мүмкіндігін қоссаң — бұл жерде қазақтардың негізгі күші жиылған бас қосыны болғаны өзінен-өзі түсінікті. Осы жерде қазақтардың өзара ант берісіп, бас қолбасы етіп Әбілхайыр ханды сайлағанына, халық дәстүрі бойынша, ісі оңға басуы үшін құрбандыққа ақбозаттың шалынғанына біз тіпті сенімдіміз». ...Бірақ қол жеткен жеңісті пайдалануға қазақтың бас ханы Болаттың өлімі, осының орнына боламыз деп үміткер болған Кіші жүз ханы Әбілхайыр, екіншісі Болаттың інісі Шахмухамед (Сәмеке) және Болаттың ұлы жас Әбілмәмбет арасындағы талас-тартыс, кіркілжің кесірін тигізді. Қазақ пен қалмақ арасындағы қанды соғыс, тағы да біраз жылға жалғасып, 1730 жылға дейін келді. Автор былай деп тұжырымдайды: «Жоғарыда халық өмірінің астан-кестеңін шығарған, тек көшпелі қазақтарда ғана емес, мәдениетті Түркістанды да қамтыған (отырықшы елді мекендердің 7 жылға жуық қаңырап қалуына жеткізген) аласапыранның ауқымын аңғартатын деректерді алға тарттық. Ендеше осындай аш-жалаңаштықтан қазақтар бір-ақ жылда ес жияды деп ойлау орынсыз» («Казақ тілі» 3 мамыр, 1990ж.). Жауды жеңіп, ата қонысына оралған ел ес жиып, “мұндай зар заман қайтып келмесін” деп тәңірден тіледі. Бірақ... ...Созақ ауданына жолсапарға барған сайын ауыл-ауылдардың, әсіресе Созақ селосының айналасындағы сансыз төмпешіктер мен толғандырып, ойымды сан саққа жүгіртетін. Көне қорымға жатқызуға болмайды (Созақ өңірінде ол да молшылық). Әлі онша шөкпеген, бір мезгілде үйілген төмпешіктер. Олардың жайын сұрай қалсаң, ауыл қарияларының көбі: «Сонау отызыншы жылы набыт болған сорлылардың моласы ғой»,- деп, күрсіне дем алатын. Одан ары суыртпақтап, пайда болу тарихын анықтап білейін десең, кейбіреуі құпияны ашып қоятындай, көрінген нәрсені сылтау етіп қашқалақтатса, ал баз біреулері: «Ол кезде біз елде болмақ едік»,- деп сырын ашпайтын. Ал ертеректе қызметке араласқандары болса: «Е, олар отызыншы жылы кеңес үкіметіне қарсы үйымдастырылған «аллаху» көтерілісіне қатынасқан сарбаздардың молалары ғой»,- деп, тексіз, сүраусыз, құдайыға құрбандыққа шалынған пенделердей жауап беретін. “Бір кезде ел басынан өткен елеулі оқиғаға неге екі түрлі жауап, мұның сыры неде, қайсысы шындық, қайсысы жалған?”- деген сұрақтар ойға оралады. Елуінші жылдары ол төмпешіктер айқын көрініп жатса өткен қырық жылда бірте-бірте тегістеліп, кей жерлерге имараттар да салына бастады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан»,- деп жатушы еді қариялар. Қарап тұрсаң ел емес жер де жаңарады екен. Төмпешіктер тегістелгенімен, көңілде жүрген ой, дүдәмал сұрақ өзгермей сол күйінде қалды, қайта соның сырын ашсам деген мақсат өрши түсті. «Сәлемнің де сәті бар»,- дегендей оған жауап берер кез де жетті. Қазіргі қайта құру кезеңіндегі талапты ескеріп, ел басынан өткен қилы-қилы бұлтарысты жолдарды, уақиғаларды әділет, шындық тұрғысынан қарап, әділ баға беру, сол арқылы облысымыздың өткен тарихын, бар болмысында дәл, әділетті көрсету орайында қызметімді пайдаланып, облыстық партия комитетінің партия архивындағы бар документтерге терең үңіліп, ақыл-парасат, ар таразысына салып, сол оқиғаға, «Созақ көтерілісіне» берілген бағаның, жасалған тұжырымның аділ, не әділетсіз екенін анықтауды мақсат етіп қойдым. Осындай қозғалыс сол жылы Сырдария округінің Бостандық, Сарысу, Талас, Түркістан, Шаян, Қызылорда округінің Шиелі, Жаңа қорған аудандарында, Гурьев, Ақтөбе, Қостанай округтерінде, Қарақалпақ автономиялық облысында және басқа көптеген жерлерде болған. Осыған орай ГПУ органдары «Табан ісі», «Бетпаққараның мәселесі», «Азият ісі», «Адай ісі», «Созақ көтерілісі», басқа да көптеген қылмысты істерді қарап, бірнеше жүздеген адамдарды жазалаған. Мұндай қозғалыстар тек Қазақстанда ғана емес, басқа республикаларда да молынан болғаны тарихтан белгілі. Осындай жалпыхалықтық қозғалыстың шығу себебі неде? Кімдердің ықпалы болды? Көздеген мақсаты не? Осыған аздап та болса шолу жасайық. Ұлы Қазан революциясы жеңіске жетіп, Россия пролетариаты капиталистер мен помещиктердің үкіметін жойып, пролетариат диктатурасын орнатты да, қарама қарсы жаққа — капиталистік және социалистік елдер болып бөлінді. Барынан айрылған қанаушы таптар өз биліктерін қайырып алу үшін жанталасып қарулы күреске шықты. Пролетариат қолы жеткен билікке ие болып, мекем ұстап қалуға әрекет жасады. 1917 жылдың қазан айынан 1922 жылдың қазан айына дейін созылған азамат соғысы пролетариаттың, еңбекші халықтың жеңісімен аяқталды. Бауыры бауырымен соғысқан қанды қырғын болды бұл. Жұмысшылар және солдаттар депутаттарының Бүкілресейлік екінші съезінде сайланған Кеңес мемлекетінің жоғарғы органы — Халық комисарлар Кеңесі мен Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті еңбекші халықтың энтузиазміне, творчествосына сүйеніп, ескі үкіметтің мемлекеттік аппаратының қарсылығына тойтарыс беріп, жаңа Кеңес аппаратын кұрды. Олар халық комиссариаты, халық шаруашылығының бүкілресейлік кеңесі, Бүкілресейлік төтенше комиссия, милиция, сот, т.б. органдар еді. Азамат соғысы жеңіспен аяқталып, қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмысы басталды. Экономика жағынан мешел Ресейден қалған байлық жоқ. Азамат соғысынан зардап шекпеген аймақтардан үстемелеп салық жинала бастады. Ашаршылыққа ұшыраған Ресей шаруаларын тойындыру керек, өндіріс орындарын шикізатпен, қала тұрғындарын, Қызыл Армияны азық-ауқатпен қамтамасыз ету де басты міндет. Жұмысшы, солдат және матростардан азық-түлік отрядтары ұйымдастырылып, олар деревняларды, ауылдарды аралап шаруалардың «артық астықтарын» еріксіз тартып алумен айналысты. “Мемлекеттік іс-шараларға кулактар саботаж-қарсылық көрсетіп жатыр”,- деген сылтаумен бұл іс барлық жерде совет үкіметінің қолдауымен белден басып жүргізілді. 1918 жылдың қарашасында азық-түлік отрядына қатынасқан адамдар 72 мың болса, 1920 жылы 82 мыңға жетті. 1921 жылы жаңа экономикалық саясат жүзеге аса бастағанда бұл отрядтар тарап, бұл іс-әрекетпен қатар азық-түлік салымы (продразверстка) жүргізілді. Оның мақсаты, шаруалардың артық астығын, жемін ортақтастыру. Кейін салым тек астыққа, жемге емес, 1919-1920 жылдары етке, картопқа, 1920 жылдың аяғында ауыл шаруашылығының барша өніміне енгізілді. Азық-түлік салымы саясатының жүзеге асуы нәтижесінде 1918-1919 жылдары 107,9 млн. пұт астық, жем дайындалса, 1919-1920 жылдары 212,5 млн. пұт, 1920-1921 жылдары 347 млн. пұт дайындалды. Бұл саясаттың арқасында астық, жем күштеп тартып алу тәсілімен жүргізілді де оның орнына үкімет шаруаға не өндіріс товарларын бермеді, не кұнын төлемеді. Оның үстіне осы салым саясаты жүзеге асып жатқанда базарға астық сатуға қатаң тиым салынды. Бұл саясат шаруаларға өте ауыр соққы болды (Азамат соғысы және ССРО-дағы соғыс интервенциясы. Энциклопедия 476-477 беттер.) 1921 жылы наурызда Кронштадт қамалында Балтық флотының матростары карулы көтеріліс жасағаны тарихтан аян. Осы кезге дейін ол уақиғаны ақ гвардияшыл офицерлердің басшылығымен Кеңес үкіметіне карсы ұйымдастырылған контрреволюциялық қарулы көтеріліс деп келдік. Ал негізінде, ол да Ресейдегі шаруалардың хал-жағдайымен, Кеңес өкіметі саясатымың ел көңілінен шықпауынан туындаған көтеріліс екен. Аталып өтетін күндердің «Россиялық календары» атты кітапшаның 1991 жылғы наурызға арналған бірінші санында былай деп жазды: «...1917 жылы күзде көтеріліске шыққан матростар Кронштадты басып алып, «Барлық өкімет Кеңестерге!» деген ұранмен «бауырластар» дүкендерді тонап, офицерлерді найзаға көтерді. Бейберекет толқулы алапат көңіл матростарды большевиктер толығымен пайдаланып, Қазан төңкерісінің ойдағыдай жүзеге асуында Балтық флоты матростарының айтарлықтай үлес қосқаны анық. Бірақ уақыт өте берді. Азамат соғысы, «әскери коммунизм» саясаты большевиктерден айта берсең өз одақтастарын аулақтатты. 1921 жылдың көктеміне елдің экономикалық жағдайы айтарлықтай күрт нашарлады. «Алым» деп шаруалардан конфискеленген (қатталаған) астық 1921 жылдың ақпанында таусылды да, елде аштық басталды. Отын дағдарысы өршіді. Большевиктер өкіметі астықты, отынды шет елден сатып ала бастады. Оған төлейтін қаражат табу үшін большевиктер орыс провославия шіркеуінің қазынасын сатудан да тартынбады. Тарихи және көркемдік жағынан өте құнды, орыс халқының ұлттық дәулеті деп есептелетін қыруар заттар шет елдерден орын алды. Өкімет саясаты бүкіл елдің территориясында жалғасқан шаруалар көтерілісіне әкеліп соқтырды. Олардың ішіндегі ең белгілі көлемдісі тарихта “Антоновтікі” деп аталатын Тамбов губерниясындағы көтеріліс қанға боялып басылды. Дегенмен, көтерілістер жалғаса берді. Көтеріліс шаруамен арадағы барлық өзара байланыс саясатын өзгертіп, «әскери коммунизм» саясатынан бас тартуға тура келді. Кронштадтағы көтеріліс большевиктерге ақырғы ескертудей дабыл болды. Кронштад гарнизонындағы матростардың басым көпшілігі Қызыл флотқа зорлап алынған шаруалар болатын. Олар деревнядағы болып жатқан уақиғалардың көбінен хабардар. Аштық, шаруалар бас көтерген деревняларды жазалаушы отрядтардың құртып жатқандығы туралы ызыңдар большевиктердің абыройына, абырой қоспады. Оның үстіне Қазан төңкерісін жасауда одақтас болған эсерлермен большевиктер ала жіпті кесісті. Эсерлердің аграрлық программасы шаруалардың арасында кең көлемде көңілден шығып, енді ВЧК (Бүкілресейлік төтенше комисия) ол партияның мүшелерін жаппай қамауға ала бастағанда, олардың көбі большевиктерге карсы қарулы көтеріліске шықты. Кронштад көтерілісі 1921 жылы 28 ақпанда «Красная горка» және «Серая лошадь» форттарында басталып, ол гарнизонның ауқымды жерінде, Балтық флотының әскери кемелерінің экипаждарына тез тарады. Көтеріліс большевиктерге қарсы жаппай қозғалыстың бастамасы болады деп есептелгентін. Көтерілісшілердің басты ұраны: «Комунистерсіз Кеңестер үшін!». Бірінші наурыздағы Кронштадтағы өткен митингіде, большевиктер өкіметі отставкаға шықсын, сондай-ақ ерікті сауда, партияның бостандығы және басқа мәселелер жөнінде талап қойылған қаулы қабылданды. Кронштадтағы көтеріліс шет елдерде қолдау тауып, көтерілісшілерге көмекке қаржы жиналып, Қызыл Крест гарнизонға азық-түлік жіберді. Бірақ, көмек кешікті. Көтерілістің қауіпті екенін сезген комунистер шұғыл жарлық күшті жинай бастады. Бұларға көтерілісшілердің басшыларының тактикасы — күту, қорғаныс позициясы да көмегін көрсетті. Бұл жағдай Қызыл Армияның ірі бөлімшелерін тез арада келтіруге мүмкіндік берді. Оларға антоновтардың көтерілісін басуда көзге түскен, жазалау акциясына бір табан бүйрегі бұрып тұратын М.Н.Тухачевский басшылық етті. Көтерілісшілерді басуда өте күшті белсенділік көрсеткен К.Е.Ворошилов басқарған РКбП X съезінің делегаттарынан кұрылған отряд. Мұзбен өтіп, қорғанның дуалдарына таяған Қызыл Армияның отрядтары көтерілісшілердің жойқын қарсылығына тойтарыс беріп, 18 наурызда таңертең қамалды алды. Бірақ тағы бір тәулік бойы кескілескен соғыс тоқтаған жоқ. 19 наурыздың таңертеңіне көтеріліс толық басылды. Осыған қатысқандардың біразы Финляндияға қашты ал каза болмағандары қолға түсті, Енді жазалау басталды. Қолға түсіп колоннада тұрған кронштадтықтардың әрбір оныншысы атылды. Көбі Соловецк аралындағы концлагерьге айдалып, сонда, әлбетте қаза болды. Дегенмен, Кронштад көтерілісі көзсіздік емес еді. Ол халықтың ақырғы шыдамы еді де, большевиктердің «әскери коммунизмнен бас тартып, жаңа экономикалық саясатка өтіп, Ресейде шаруалардан әртүрлі салықтарды жинау бір шама тәртіпке келтірілгенмен шаруалардың «артық» дәндерін тартып алу (продразверстка) алым саясаты Ресейдің шет аймақтарында, оның ішінде Қазақстан өлкесінде көп жылға дейін тоқтамады. Оны тарихи құжаттар дәлелдейді. Осындай саясаттың нәтижесінде шаруалардың жерге, өз кәсібіне деген ынтасы жыл санап кеміп, Сырдария губерниясының ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіс пен мал шаруашылығы 1910 жылдың деңгейіне де жетпей көлемі күрт кеміді.1910 жылы игерілген егістік жер 561712 десятина болса 1923-24 жылдары 57292 десятина жерге егіс егілді (жоспар 121076 десятина болатын). Егер революцияға дейін әр десятинадан 49.6 пұттан өнім алынып отырылса, енді 37 пұттан түсті. Мұндай жағдайға бір жағынан ұрықтық дәннің, ауыл-шауашылық кұрал-саймандардың жетімсіздігі себепші болса, екінші жағынан (ең бастысы) шамадан тысқары салынған ауыл шаруашылық салығы көптеген қожалықтарды тұралатты. Сырдария губерниясының финанс органдарының мәліметі бойынша егіс егумен айналысатын Шымкент, Әулие-Ата, Ташқазақ уезінің ауылдарына 7, кейде 8 разрядты салық салынды. Жетінші разрядтағы салық салынатын ауылдар әр десятинаға 19 сом 54 тиыннан салық төлеуге тиісті еді. Оның үстіне қолдарындағы малдарға — әрбір ірі қара 0,3 десятина жерге баламаланып, әрбір басқа 7 сом 70 тиыннан салық төлеуге міндетті болды. Малды аудандарда әр ірі қараға ең жоғары дегенде 2 сомнан салық төлейтін. Ауыл шаруашылық салығы жиналып жатқан шақта Сырдария губерниясында астықтың пұты 70 тиыннан еді. Әр десятинадан 45 пұттан дән алғанын өзінде жалпы табыс 31 сомнан келді де шаруа салығынан да құтыла алмай мемлекет алдында борышты болып калды да ол келесі жылға жалғасты. Осыдан шаруалар егіс көлемін қысқартып, ауыл шаруашылығы саймандарын сата бастады. Егіс көлемін азайтып, халықты азық-ауқатпен қамтамасыз ету мақсатында губерниялық, атқару комитеті жоғарғы органдарға ауыл шаруашылығы салығын азайтып, астық өндіретін қожалықтарға ерекше қамқорлық жасап, кеңшілік беруді, оларды қажетті өндіріс товарларымен қамтамасыз етуді талап етті. Бірақ, бұл тілек-талаптар ескерусіз қалды. Бірінші жылы губернияда егіс егуте 182 мың пұт ұрықтық дән, 1142 соқа, 570 тырма жетіспеді. Ұрықтық дәнді мемлекеттік дайындау органдары да іздестіріп, Орталық дайындау органдарынан ұрықтық дән сатып алуға несие ақша бөлуді сұрағанымен ол кезінде орындалмай, кейін бөлінген 60 мың сом пайдаға аспай қалды. Губерниялық есеп-санақ орындарының болжамы бойынша 1924 жылы салық төлеуші қожалықтар 284 668 десятина жерге егіс егеді деп есептегенмен, шындығында небәрі суармалы жерден 114761 десятина, қырдан 5292 десятина жерге егіс егілді. Соның салдарынан егіс шаруашылығынан түскен табыс 18 миллион сомдай болды. Бұл 1910 жылмен салыстырғанда екі еседен аса кем. Ол кездерде әр десятинадан 49.6 пұттан дән алынса, енді 37 пұттан келді. (Қазақ ССР Сырдария губерниялық атқару комитетінің пленумының баяндамасы мен материялдары, 9-8 көкек. Егістің көлемі мұнан кейінгі жылдары да көбейген жоқ. Егер 1910 жылы 100 процент деп алғанда:

1925-26жж.
1926 - 27жж.
Азық-түлік дақылы

43 % 53%

Жем-шөп
53 %

83%

Техникалық дақыл 84%

болды. (ШОПКПА 26 қор, 1 жазба, 653 іс, 22п).

Ауылдарда партия, Кеңес органдары ұйымдастырған «Қосшы» одағының жұмысы өз дәрежесінде болмады. Олардың көбінің жұмысы қағаз жүзінде қалды да, барлық тірлікті, іс әрекетті «белсенділер», ОГПУ өкілдері өз билігіне алды. Ташқазақ уездік партия комитетінің хатшысы бір хатында: «Қосшы» Одағы мүсәпірлік жағдайда. Мүшелері кредит ала алмайды, табыс көзі жоқ, мүшелері коопирацияға тартылмаған» деп жазады. (ШОПКПА 26 қор, 1 жазба, 656 іс. 22п). Елдің сауатын көтеруге, тұрмыс жағдайына, мәдениетіне көңіл бөлу өз дәрежесінде болмады. 1924 жылы Сырдария губерниясында оқу жасындағы балалар 154776 болса, оқуға тартылғаны небәрі 20283, яғни 12,1 проценті еді. Бірақ оның 6393 қала оқушылары болатын. Сонда ауыл балаларының оқуға тартылғаны небәрі 6 процент. Ал ұлты жағынан алғанда оқушылардың 9238-і қазақтар, 2830-ы өзбектер, 842-і басқа ұлт өкілдері болатын. Европалықтар үшін ұйымдастырылған мектеп 105, қазақ балалары үшін 120, өзбек оқушылары үшін 37, басқа ұлт балалары үшін 9. Жергілікті ұлттың балаларына салынған мектептердің мардымсыз екені айдан анық. Оның үстіне сол мектептерге тиісті қаржының 50 проценті ғана бөлініп отырылды. Халыққа дәрігерлік көмек көрсету бұдан да нашар болды. 306500 шаршы шақырым жерді алып жатқан 760 мың халқы бар Сырдария губерниясында бар болғаны 146 орындық емханалар жұмыс істеді. (Оның 80 орны калаларда болды). Оларда 19 дәрігер, 69 емші көмекші. (Онын көбі роталардағы әскери емшілер) - 2тіс дәрігері 6 фельдшер, 10 акушер, 3 медициналық сестралар жұмыс істеді. 1923-24 жылы денсаулыққа бөлінген қаржы 137838 сом немесе жан басына есептегенде жылына орта есеппен 18 тиын, егер қалаларды алып тастасақ, ауыл тұрғындарына 2-3 тиыннан-ақ келді. Ал түптеп келгенде дәрігерлік көмек жергілікті халыққа өте қажет-тін. Олардың арасында жұқпалы өкпе ауруы, соз кең тарап балалардың өлімі шамадан тыс етек алды. Ілуде біреудің үйінде 3 бала, көбінде бір-екіден ғана болды. Мәдениеттің төмендігінен, ас-ауқаттың жетіспеуінен балалар жастай шетінеп жатты. Осының салдарынан халықтың құрып кету қаупі де жоқ емес-тін. 1924 жылы Казан революциясынан жеті жылдан кейін, Совет дәуірінде көшпенді халыққа дәрігерлік көмек көрсетуге алғаш рет жылжымалы дәрігерлік отрядтар жіберілді. Бірақ ол да теңізге тамған тамшыдай, көз бояушылық іс-әрекет болды. (Сырдария губерниялық атқару комитетінің Пленумының баяндамасы мен материялдары. 8-9 көкек. 1925 жыл). Қағаз жүзінде өндірісті өркендетуде, ауыл шаруашылығында, халық aғарту, мәдениет саласында қол жеткен табыстарымыз мол деп гүпілдеткенмен іс жүзінде халықтың тұрмыс жағдайы біраз жыл өзгеріссіз қалды. 1 жылы Шаян болыстығын жан-жақты тексерген Жамбылов Бархиев деген жолдастар өз хабарламасында былай деп жазды: «Шаян болысының азаматтары барлық жағынан айрықша артта қалған. Осы кезге дейін ауыл шаруашылық машиналары бар бірде бір шаруашылық жоқ, жер атам заманғы ағаш соқа, омашпен өңделеді. Кедейлердің тұрмысы адам төзгісіз нашар, мәдени-ағарту жұмысымен қамтылмаған. Олардың отырған үйлерін ауызбен айтып болмайды, шошқахана дерсің; есік, терезе жоқ, ол жерлерге киіз тұтып қойған. Төбеде түтін шығатын тесік істеліп, от үйдің ортасында еденде жағылады. Негізгі отын тезек, көк түтін үйдің бұрыш-бұрыштарын қаптап, көзден еріксіз жас шығады. Кыс айларында бай да, кедей де осындай жағдайларда күн кешеді. Жыл бойы адамдар жуынуды білмейді. Тұрғындардың басым көпшілігі жұқпалы aypyғa шалдыққан, әсіресе сөз ауруы етек жайған. Кейінгі кездерде дәрігерлік көмек көрсетілген мен ол жеткіліксіз болып, бақсы, тәуіптердің ықпалы төмендеген жоқ. Тұрмыс жағдайы осындай болып тұрғанда бала тәрбиесін айту артық (ШОПКПА, 29 қор, 1 жазба, 190 іс, 9-10 б.). Қызылқұм болыстық партия комитетінің жұмысын тексерген комиссия: «Халық әлі қараңғы. Болыстықта 23 мың халық тұрса, биыл 38 адамды қамтыған екі-ақ мектеп жұмыс істеді» - деп көрсетті. (ШОПКПА. 26 қор, 1 жазба, 653 іс.). Мұндай мысалдарды партия архивындағы құжаттардан көптеп келтіруге болады. Халықтың жоғын жоқтап, қамқорлық, жасайтын, Кеңес мемлекетінің саясатын жүзеге асыратын ауылдық Кеңестер өз дәрежесінде жұмыс істемеді, ондай жұмыс іcтеугe онда отырған кадрлардың өресі де жетпеді. Ауылдық Кеңестердің жұмысына шолу жасалған. 1 жылғы бір құжатта былай деп жазылды: «Ауыл Кеңес төрағаларының көбі сауатсыз. Жалақы алмаған соң хатшылары жарытып жұмыс істемейді. Жоғарғы органдардан келген хаттармен танысып, жазба жауап қайтарылуы үшін ауылдағы сауаттыларға бөлініп беріледі. Сырдария округтік әкімшілік бөлімінің бастығы округтік партия комитетінің астық жинау науқанындағы уәкілі Танеев Жуалы ауданының Успеновка селосында 75 қожалықтың астық тапсыра алмаған 35 қожалықтың үй мүліктерін қаттауға жаздырып, оның 11-нің дүние-мүліктерін саттырған. Бірақ сатылып болған соң әр адам басына 15 пұттан астық, 1 ат, 1 сиырдан, сондай-ақ ауыл шаруашылық саймандарын қалдырған. Осындай іс-әрекеттің арқасында астық дайындаудың нәтижелілігі бірінші бескүндіктегі пұттан 700 дейін төмендеді. «Танеев шақыртылып алынды» деп жазылды. 1929 жылғы 12 қазандағы округтік ГПУ-дің мәліметінде (ШОПКПА 29 қор. 1 жазба, 429 іс, 160 п.). Уездерге, қала берді ауыл, деревняларға жіберілген уәкілдердің алдына қаншалықты қатаң талап қойылғандығын округтік партия комитетінің төменгі нұсқау тезисінен байқауға болады. Оның стилін, жазылу мәндерін қаз-қалпында сақтап, оқырман қауымға жеткізу үшін үзілісін орыс тілінде беруді жөн көрдік.

ВЫПИСКА ИЗ ТЕЙЗИСОВ

Для волостных уполномоченных по проведению срочных мер по усилению хлебных и сырьевых заготовок, реализации крестьянского займа и по организации самооблажения населения. Хлебозаготовки — такое крупное хозяйственное предприятие общего значения, которое ставит в зависимость от себя все иные экономические меры по регулированию хозяйственной жизнью страны. В этом смысле должны быть решительно отвергаемы все разговоры о районах «производящих» хлеб и о районах, «потребляющих» этот хлеб. Каждый потребляющий район должен сократить план завода хлеба извне, пересмотреть план внутреннего снабжения с точки зрения экономии, усилить внутренние хлебозаготовки, вовлечь в местный товарооборот все рыночные «вду сельскохозяйственной продукции (хлопок, животноводческое сырье, масло) имеющие экспортное и народнохозяйственное значение и тем самым способствовать оживлению товарооборота, усилению притока крестьянского хлеба на рынок и максимальному использованию экспортных возможностей района. Сырдарьинской губернии как губернии в определенной своей части являющейся потребляющей, принадлежит не последнее место в этом отношении, т.е. по усилению притока на рынок хлеба и других товарных излишков крестьянского хозяйства.

Партия поставила перед собой следующие задачи:
1.Собрать до 1-го февраля весь сельскохозяйсвенный налог.

2. Закончить к 15 февралю сбор недоимок по сельхозналогу,

семссуде и т.п. 3. За этот же срок собрать все страховые платежу

причитащщиеся с крестьян. 4. Резким оброзом усилить взимание паев, погашение ссуд и

развитие вкладных операции по линии всех видов кооперации. 5. Реализовать в самый кратчайший срок новый крестьянский заем. 6. Взыскать немедленно все срочные платежи и обязателства по кредитам, авансам и т.п. с принятием мер к досрочному взысканию некоторых видов платежей и обязательств. 7. Провести до 1-го широкую компанию по самооблажению населения на местные хозяйственные и культурные нужды, имеющие общественное значение, добившись к этому же сроку решающих материальных результатов этой компании.

Необходимо усвоить, что все эти меры направлены на усилие притока крестьянского хлеба на рынок, с одной стороны и к мобилизации крестьянских накоплений на общегосударственные нужды (индустриализация и реконструкция сельского хозяйстве) - с другой. Основная задача состоит в том, чтобы до распутицы (до начала весенних работ) выкачать все товарные излишки крес тьянского хозяйства. В соответствии с вышеизложенным линия руководства начатой компании по усилению хлебозоготовок, рализации крестьянского займа и организации самооблажения должна определяться следующими основными директивами: 1. Зверский нажать на парторгонизации. 2. Ударить по кулаку и спекулянту. 3. Потребовать от середняка выполнения своего революционного долга перед пролетариатом, долга союзника пролетариата (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 403 іс, 9, 10, 11 ппп.). 1928 год. Енді уәкілдерден бөлек астық дайындауға темір жолдан, өндіріс орындарынан, комсомол ұйымдарынан бригадалар ұйымдастырылып, кедейлерге әңгір таяқ ойнатып, ойына келгендерін істеді. Қолдарына осындай нұсқау тиген уәкілдер де ешнәрседен тартынбады, зорлық, зомбылық, қиянат кең етек алды. Оларды ОГПУ қызметкерлері де жасыра алмай өз басшыларына, партия жоғары органдарына дер кезінде хабарлап отырды. Осы opaйдa ОГПУ- дің Шымкент қалалық бөлімнің бастығы Бажиновтың округтік партия комитетінің хатшысы Гуринге жолдаған хабарламаны толық келтіруді жөн көрдік. «Ауылдарға келген кейбір уәкілдер кедейлермен, жалшылармен, колхозшылармен қоғамдық-саяси, көпшілік жұмысын жүргізіп, өз ісінде социалистік жарысты, екпінділер козғалысын кең пайдаланудан гөрі тек біріңғай әкімшілік қысым көрсетіп, әпербақандыққа салып, жөнсіз қамау тәсілдерін пайдаланды, таптық талапты бузды. №5 шаруашылық ауылға келген Өтемісов деген уәкіл адамдарды жаппай қамап, 5-8 желтоқсан аралығында 25 кедейді, 5 байды бірге қамаған. Осының салдарынан байлардың үгітімен кедейлер есікті бұзып шығып, олардың айналасына 150 адам топтасып, төрт бай, бір молданың басшылығымен демонстрация жасап: «Нан жоқ, ауылды немен қоректендіреміз?»- деп айқайлап Шымкентке бет алған. №7 ауылда темір жол бригадасы өз десятнигін қамап, ауылдағы елу кедейді далаға апарып сабап, қарумен қорқытып: «Қамбаларыңды көрсетпеңдер» деп қинаған.

Уәкілдердің батырақтарды сабағанын назарыңызға саламыз.

Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, уәкіл Ерманов темір жол бригадасының мүшелерімен №9 ауылдың кедейлерін сабап, жеке өзі бір адамның ернінің дабдаласын шығарды. №9 ауылда уәкіл ауыл Кеңес төрағасы. Оспановпен кедей Садық Ырысбековтің анасын сабап, оның таяқ жегенін Георгиевка селосының фельдшері куәландырды. Оспанов таяқ жеген әйелге: «Ісімді сотқа берме» деп бір пұт бидай, 3 сом ақша берген. «ОГПУ-дың отряды» деген атпен темір жол партия ұйымынан астық дайындау үшін құрылған отряд №2,6,7-9 ауылдарда кедейлерді сабауды өздерінің басты іс-әдісіне айналдырды. №6 ауылда үстерінде шинелі бар 5 адамнан топтасқан отряд бригада ауыл Кеңес кеңсесінің алдында ауыл Кеңестің күзетшісі, кедей Көпесбеков Мақұлбайды, Болатбеков Жалқыбайды, Медербеков Аханбекті, Hұpoв Сағынбайды сабаған. Бригада мүшелері ауылдағы азаматтардың аттарын тартып алып, ақысыз-пұлсыз мініп бірнеше күн ауылдарды аралаған. №9 ауылға келген бригада мүшелері түнде кедей Медет Меңлібаевты далаға шақырып алып: «Астықты төлейсің бе?» деп сұрайды, «Төлеймін» дейді ол. «Ұраң қайда?» дегенде, «білмеймін» деп жауап берген. Төрт адам оны қамшысымен сабай бастағанда, Медет жылап, айқайлап: «Сабамаңдар, мен коммунистпін» деді. Олар сабауын тоқтатып: «Бұл істі тісіңнен шығарма» деп тапсырады.

Сот бригадалары да таптық талаптан шығып кетуде. №27 ауылда көшпелі сот бригадасы 2 желтоқсанда астық тапсырмағаны үшін Хали Бейсеновты, Қазыбек Тоқтыбаевты соттап, 1 жыл еркінен айрылсын деп үкім шығарады. Бірақ олардың кедей екендігін ескеріп, кесімді екі жылға төмендетті. Олардың сотталуына партия комитетінің үгіт-насихат бөлім меңгерушісі Ерманов себепші болды. Тек әкімшілік әдісті пайдалану, өрескел істердің етек алуына жол беру кедейлердің байлардың ықпалына еруіне, ауылдардан жаппай қашуына жағдай жасады. №5 ауылдан ауыл Кеңес төрағасы Сүлеймен Қарыбаев, колхоз бастығы Жанияров, БКбП мүшелігіне кандидат Тастемір Құрманбеков кашқан. Кеткен жақтары белгісіз. №6 ауылда 101 адам қашты, оның 27-і байлар. Бір шамасы семья мүшелерімен, үй-мүліктерімен қашты. №7 ауылда байлардың угіттеуімен, басқаруымен 90 қожалық қашты, алған беттері Өзбекстан, Қаратас ауданы. Уәкілдердің осындай өрескел іс-әрекеттерін бай-манаптар пайдаланып, оларға жалған жала жабуға әрекеттенуде. 27 қарашада №6 ауылда ОГПУ-дің уәкілі Чураковқа бір байдың созбен ауырып жүрген әйелі келіп: «Мені ауылға астық дайындауға келген орыс уәкіл зорлауға әрекеттенді» деп шағымданған. Жыртық киізді арқалап ауыл-ауылды аралап жүрген бір кедейден №9 ауылда «Қайда барасың?»- деп сұрағанда, «Киізді сатып, салықтан құтылайын деп едім» деп арандатушылық жауап берген. Осы хабарларды кажетті іс-шара қолданса деп жіберіп отырмыз. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 696 іс, 38-бет). Тек бұл хабар емес, басқа да толып жатқан арыздар, шағымдар да толассыз түсіп жатты. Сайрам ауданының Қарамұрт селосының тұрғыны Магомеджан Ахмеджанов округтік прокурорға былай деп жазды: «1929 жылы күзде қыстақтағы астық дайындау комиссиясы алым ретінде (продразверстка) әкеме бір мың пұт астық салып, бір тәулікте орындамасаң айып ретінде тағы бір мың пұт салынады» деді. Бұл кезде әкемнің астығы жиналғанмен бастырылмаған еді. Бірақ түсетін өнім шамамен 300 пұттай болады деп отырғанбыз. Сондықтан астық алымын әкем орындай алмайтын. Осыған қарамай комиссия әкемнің үй-мүлкі қатталсын деп қаулы шығады да, оны сол заматта жүзеге асырып, үйдегі майда-шүйде заттарға дейін қаттады. Әкемнің малы, дүние мүлкімен қатар менің де үйім, бар жиһазым, қазан ошағыммен, 40 пұт ұн, 40 пұт бидай, бір бұзаулы сиырым — барлығы да қатталды. Сондағысы әкеңмен бірге тұрасың дейді. Негізінде мен әкем- мен 1924 жылдан бөлек тұрамын, ауыл шаруашылығы салығын бөлек төлеген құжатым бар. Оны косып отырмын арызға. Үйім әкемдікінен бір шақырымдай қашықтықта, 7 жаным бар, өзім ел сыйлайтын жаста — 34-темін. Әкем өмір бақи бөлек тұрады. 8 жаны бар. 1929 жылға дейін өз алдына ауыл шаруашылық салығын төлеп келді. Бірақ 1929 жылы ауыл Кеңес басшылары не мені, не әкемді ескертпей әкемнің семьясын маған қосыпты да осы жылға 416 сом 65 тиын ауыл шаруашылығы салығын салыпты. Мен бұрын жылына 40 сом төлейтінмін. Бір ерекшелігі әкеме алым салынып, маған ауыл шаруашылық салығы салынған. Енді әкемнің төлей алмаған алымына мен де, жауапты болып отырмын. Негізінен алғанда әкем алымды екі рет төлеп отыр. Біріншісін 1 жылы мамырда 500 пұт астық төлеген-тін. Оны барлық малын, жиюлы жоңышқасы мен шөбін сатып, базардан астық сатып алып төлеп еді. Енді жоғарыда керсеткендей бір мың пұт астық тағы салынып отыр. Арызым дәлелдірек болу үшін әкемнің 1924 және 1929 жылдар аралығында ауыл шаруашылық салығын төлеген құжаттарын да косып отырмын. Жасалған конфискеден арада екі ай өткен соң неге екенін қайдам, менің үйім тағы да қатталып, алғашқыда әйеліммен бірге келген жасаулары, малдары деп қалдырылған бір бұқа, бузаулы сиыр, екі жасар баспағымен конфискеленді. 8 жан күн көруге еш нәрсеміз қалмаған соң, Ташкентке жұмыс іздеп кетіп, мердігерлікпен айналысып, тапқан каржымның азын-аулағын семьяма жіберіп тұрдым. Мен жоқта 55 жасқа келген қарт анам ашықтан, күйіктен қаза болыпты.

(Әкемнің одан бөлек екі әйелі бар) шешемнің жетісіне Ташкенттен келдім. Бұрын ешқандай қызметке сайланған емеспін, саудагерлікпен еш уақытта айналысқаным жоқ, сайлау құқығымнан айырылмадым. Тек жермен айналысқан орташамын. Орталық үкіметтің жарлығына және менің арызыма орай, азамат прокурор, менің негізсіз конфискеленген дүниелерімді қайтарып беруге нұсқау берсеңіз екен. 22 мамыр 1930 жыл. (Облыстық Мемлекеттік архив 74 қор, 1 жазба, 38 бума, 402 іс, 174-175 п). Елдегі белсенділер, сауатсыз комиссия мүшелері істеп жатқан тірліктердің заңды заңсыз екендігіне зер салмады. Ойларына келгенін істеді. Осындай заңсыздыққа шет ел азаматтары да ілікті. Сайрам ауданының Сұлтан Абад селосының тұрғыны, Қытай рес- публикасының азаматы Абдул Азиз Магомедов Ташкенттегі Қытай республикасының елшілеріне шығымдануға мәжбүр болды: «Әлеуметтік жағдайыма қарағанда мен қара жұмысшымын» - деп жазды ол арызында, «не дүнием, не жерім, не малым болмаған соң 1928 жылы Шымкентке келген болатынмын. Қарамағымда жұмысқа жарамайтын бірнеше семья мүшелерім бар болғандықтан қара жұмысқа кірістім. Баспанам болмаған соң көрінгеннің үйін жалдадым. Екі жыл аянбай еңбектеніп, балаларымды біршама киіндірдім. Үйдегі жарайтын заттарымды сатып, бір бие, екі тай, қыс айларында табыс жоқ та балаларым ашықпасын деп жақында 5-6 пұт астық сатып алдым. Айлығым, басқа табыс көзім жоқ. Шындығын айтсам шала аштықта күн кештік. Жақында түн жарымда Сұлтан Абад селолық ауыл Кеңестің төрағасы бастаған төрт өзбек, Тәжі Қалтаев, Артықбай Саремов, Төлем Әбдімұтәлов, Осман кіріп келді де не мандатын, не тінтуге рұхсат қағаздарын көрсетпей, «кедергі жасасан атамыз» деп корқытып, үйіме тінту жүргізіп, «өкімет» адамдарымыз дегенмен бас бұзарлардай әрекет істеп, алты пұт астығымды, бие мен екі тайымды конфискіледік деп алып кетті. Басымдағы түлкі тұмағымды зорлап алмақшы еді, қарсылық жaсап бермедім. Конфискеленген заттар, малдар жөніңде тілхат бермей, мұндай басып алушылықтың себебін де түсіндірмеді. Енді аш-жалаңаш қалдық. Салықтан қарызым жоқ. Бұлардың ісін заңсыз деп есептеп, осы іске консулдың, араласуын, сөйтіп дүниелерімнің қайтарылып берілуіне көмек етуіңізді сұранамын. Сонымен қатар айыптылар жазаланса екен. 30 қаңтар, 1930 жыл».

Көшірме дұрыс Онтонов.

Консульство канцелярияның меңгерушісі. (Шымкент облыстық мемлекеттік архивы 74 қор, 1 жазба, 38 бума, 402 іс, 14п). Осындай арыздар толассыз жоғарғы орындарға кетіп жатты. Бірақ ол жақта «қырылса қырыла берсін, зорланса зорлана берсін»-дегендей кейіп білдірді. Олардың негізгі мақсаты - шаруалардың ақырғы астығын тартып алып, жоғары жаққа жоғарғы пафосты ақпар беріп, солардың көңілінен шығу болды. Қайта астық алымы үстемелене түсті. 1929 жылы 9 қыркүйекте округтік пapтия комитеті жанынан құрылған астық дайындау жөніндегі үштік «Аудандарда астық жинаудың ақырғы жоспары» деген мәселе қарап, енді Беловод ауданы бұрынғы жоспарға қосымша 300 мың пұт (бұрынғы 590 мың пұт), Қаратас ауданы қосымша 160 мың пұт (бұрынғы 390 мың пұт)... әйтеуір барлық 15 ауданға үстеме астық салынып, енді округ қосымша 1670 мың пұт астықпен қосып, 5170 мың пұт астық өткізуге міндетті болды. Бұл қосымша жоспардан Шымкент қаласының тұрғьндары да аман қалмай, олардан 100 мың пұт астық жинау белгіленді (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 406 іс, 35 п). Бұл тек Сырдария округінің басына түскен ауыртпалық емес, бүкіл қазақ қасіреті еді. Голощекин басқарған өлкелік партия комитеті аштықтан қырыла бастаған халыққа «күл болмасаң тұл бол» дегендей кейіп білдірді. Сырдария округіне басқа округтен аш босқындар келе бастады. Округтік Советтің атқару комитетінің төрағасының орынбасары Коржин Алматыға Қазақстан Орталық атқару комитетіне: «Гурьевтен ауған 400 семья аш қазақтарды колхоздарға, совхоздарға орналастыра аламыз, бірақ біздерге ұзақ жылдарда қайтарылатын 100 мың сом кредит, оларды асырауға бұрынғы жоспарға қосымша 8 мың пұт астық бөліңіздер» деп телеграмма жөнелтті. (Шымкент облыстық мемлекеттік архив 740 қор, 4 жазба, 20 бума, 166 іс, 8п). Халықтың мүшкіл жағдайы барлық жерде жаппай халық на разылығын тудырды. Ол туралы ОГПУ тыңшылары өз басшыларына жеткізіп, олар өз тарапынан округтік партия комитетіне хабарлап жатты. Солардан бірнеше мысал келтірейік. Мерке ауданының №8 ауылының байы Байназаров Тенісбай 27 қарашада жиналған бір топ кедейге: «Барлығын тонап, ақырғы астығымызға дейін тартып алып жатқан бұл қандай Кеңес өкіметі. Қараңдаршы, біздерден, байлардан ғана тартып алып жатқан жоқ, сендерден де еш нәрсе қалдырмады, ақырғы дәнге дейін тазалады. Жақында мойнымызға дорба салып ақтаймыз» — деді. Шаян ауданындағы №5 ауылдағы Сұлтанқұлов Айтқұл деген байға: «Саған 15 пұт астық салынды» дегенде Мақұлбеков Ақайдардың, Мосмолдаев Айсейіттің т.б. көзінше «Күнде үстеме салық салып, шаруаның жағдайын күйзелткен, тек қана біздер емес бар жанның астығын тонаған мұңдай қанаудан, мұндай өкіметтен құтылатын күн қашан келеді. Ертерек Қытай келіп, большевиктерді қиратса тыньштық орнар еді» — деді. (Бұл істі тексеруге тапсырма берілді). (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 429 іс. 160,161 п).

Әрине Сұлтанқұлов жауапқа тартылмай аман қалды деп кепілдік беру қиын. Арыс ауданының №12 ауылдың Толымбеков Дидар деген мұғалімі 5 қазанда: «Астық дайындау жоспарынан кейбір азаматтарда бірде дән қалмады. Халықта артық астық бар ма, жоқ па ескермей алым-салық салынып жатыр. Салық ақшаны қайдан тапсаң одан тап деп қинайды» -деді. 8 қазанда Шымкент қаласында таңертең сағат 9-да кезекте тұрғанда Эмбіде демалыста болған Медведев деген жұмысшы: «Эмбі ауданында ашаршылық. Шаруалардың ең ақырғы дәніне дейін тартып алып, жұмысшыларды жармамен асырап жатыр. Ал коминистер болса ішкілік ішіп, молынан ішіп-жеп масайрап дәурен сүріп жүр, ал біздер болсақ аштықтан бұралып жұмыстан ораламыз. Біздер шаруаларға: «Астықтарыңызды бермеңдер, әскерлер келсе ары түсеміз» дедік. Эмбіде бір толқу болары сөзсіз, жұмысшылар комунистерге қарсы жорыққа шығады» (Бұл да сол қорда, 201 п). Манчжурия селосында 4 қарашада Қызыл керуен ұйымдастырылғанда Наседкин, Мельников, Бураев Тихон т.б. уәкілдердің көзінше Черпивский Илья деген орта шаруа: «Сендер біздерден қашанғы астық талап ете бересіңдер, айта берсең аяқ киім де жоқ. Жоспар біреу, қосымша ешнәрсе талап етпейміз деп едіңдер, тағы да тонап жатырсыңдар. Мұның ақыры бола ма?» — деді. Тұрғандардан бұған ешкім жауап бермеді, күлді де қойды. (Сол қорда, 209 п).

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, Халыққа зорлық-зомбылық жасау тек астық, алым-салым жинау барысында ғана емес, шаруаларды коллективтендіру барысында да уәкілдер партия саясатын бұрмалап, ойларына келгенін істеді. Округтік ГПУ-дің бастығы Журавлевтың өлкелік партия комитетінің хатшысы Голощекинге жолдаған хатынан үзінді келтірейік: «Коллективтендіру кезінде ортақтастыру ісі партия алған бағытына орай жүргізіліп жатыр. Дегенмен бұл жұмыста бұрмалаушылық, асыра сілтеушілік бар. Олар байлар мен шонжарлар ықпалының күшеюіне себепші болып отыр. Талас ауданында мал шаруашылығымен шұғылданатын колхоз ұйымдастырылғанда колхозшылардың уақ, ірі қара малдары түгілі төлдеріне дейін ортақтастырылған. Беловод аудандық партия комитетінің хатшысы: «Көптеген колхоздарда азық-түлікке дейін ортақтастырылды» деп, табысты іс істегендей хабарлады. Сол ауданның Вознесенск селосында колхоздастырғанда колхозшылардың алмаларына дейін ортақтастырылған. Бірақ, кейін қайтарылып берілген. Ержар ауданының бір селосына барған уәкілдің басшылығымен колхозшылардың ақшаларына дейін ортақтастырылып, іс-әрекеті нәтижелі болу үшін ол: «Ақшаларыңды өткізбесеңдер кейін кабыл-данбай, пайдаға аспай қалады» деп арандатушылық әңгіме таратқан. Жуалы ауданынан бізге былай деп хабарлайды: «Партияға кан дидат агроном Фролов сорақы тірліктер істеп, әйелдердің сандықтағы дүниелеріне дейін ортақтастырды. Мысық пен иттерді де коллективтік есепке алдырып қойды. Бостандық ауданындағы бір қыстаққа келген уәкіл: «Егер ортақтастыру ісіне қарсы болсаңдар, онда тап жауы ретінде жоямыз»-деп қорқытқан. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 598 іс, 10 п). Колхоз бен колхозшылардың нағыз жағдайын Арыс, Қараспан аудандарынан келіп түскен хаттардан айқын көреміз. Басқа аудан дарда да жағдай осындай. Колхоздарды ұйымдастырумен қатар сақтық кассаларына ақша салу, трактор, астық сатып алу үшін алдын ала қаржы жинау науқаны да қатар жүргізілді. Колхозға кіретін орташалардың, кедейлердің малдары төлдеріне дейін 100 процент ортақтастырылып, енді ақша табуға тиісті болды. Веловод ауданында да каржысы жоқ колхозшылар бар. Олар шәй-қант сатып алуға ақшаны қайдан табарын білмей отыр. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 598 іс, 15 п). Коллективтендірудің алғашқы көктемі кең даланың апатты дауылдарындай болып келді. Қолындағы малдары ортақтастырылып, күн көріс малдарынан айрылған шаруа колхоздардан қаша бастады. ОГПУ бастығы Журавлев былай деп хабарлады: «Кейінгі кезде Беловод. Мерке, Келес, Түлкібас, Бостандық т.б. аудандардың ауыл, селоларынан шаруалардың колхоздан шығу жағдайлары бар. Толық емес мәліметтерге қарағанда 20 наурызға 733 адам колхоздан шыққан. Мұның басты себебі угіт-көпшілік жұмысы нашар болды, аудандық ұйымдар, уәкілдер тарапынан басшылық жоқ. Колхоз жұмысының принципі, ауыл шаруашылық саймандарының, жұмыс көліктерінің ортақтастырылу себебі не, колхозда жұмыс көліктерінің ортақтастырылу себебі не, колхоз да жұмыс қалай ұйымдастырылуы тиіс, ол жағын түсіндіріп жатқан ешкім жоқ». (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 695 іс. 30 п).

Жамандық жалғыз жүрмейді. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей 1928 жылдың 27 тамызында Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті мен Халық комисарлар Советінің ірі Байларды, жартылай феодалдарды жер аудару жөнінде қаулысы қабылданды. «Қазақ АССР-ның Адай округі және бұрынғы Жетісу, Сырдария губернияларының мақта шаруашылығымен айналысатын аудандары және Қарақалпақ автономиялық облысынан басқа жерде жартылай феодалдық патриархалық және рулық қатынасты сақтап, өзінің байлығы және ықпалы мен ауылдарды кеңестендіруге кедергі келтіріп отырған жергілікті ұлттың ірі байларын, жартылай феодалдарын жер аудару жүзеге асырылсын» деп басталды қаулы. Осы тармақтағы ескертпеде: «Ірі байлардың қатарына көшпелі аудандарда мал басы ірі қараға шаққанда 450 бастан, жартылай көшпелі аудандарда 300 бастан» отырықшы аудандарда — 150 бастан асқан азаматтар жатады»,- деп көрсетілді. Осы жылы 5 қыркүйекте шыққан «Советская степь» газеті: «Конфискелеу — ірі бай — жартылай феодалдарға революциялық соққы!» деген айдармен шығып, түгелдей осы «күрделі» іске арналды. Онда өкімет қаулысы толық, көшпенді, жартылай көшпенді, оты рықшы аудандардың тізімі, бүкіл республика еңбекшілеріне арналған үндеу, партия ячейкаларына, коммунистерге ашық хат, конфискелеуді қалай жүргізу керектігі жөнінде екжей-текжейлі жазылған ереже-нұсқау, басқа да мақалалар жарияланды. Қаулыға орай Жетісу, Сырдария байлары Орал округіне, ол жақтан бұл жаққа, Гурьев округінен – Петропавл округіне, Қарқаралы округінен – Қостанай округіне, Семей оркугінен – Жетісу округіне т.т. болып жер аударылуға тиісті болды. Осылай етіп барлық округтар қамтылды. Жер аударылатын байларды есепке алғанда бірге тұратын ұл-қыздары, немере-шөберелері, емізулі нәрестеден, қаусаған қартқа дейін есепке алынып, солардың барлығы ата қонысынан аууы тиісті. Ауып барған округтерде олар адам аз тұратын құнарсыз жерлерге апарып тасталды. Баспана, үй-мүлік барлығы қатталып, олар айдалада қалды. Баспана күн-көріс харекеті жоқ сорлылар, жат жерді жерсінбей қырғынға ұшырады. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 35 іс, 85 бет). Ірі байлардың қатарына шағын шаруасы бар азаматтар да ілікті. Сыныққа сылтау іздегендей оларды жер аударғанда бастарына бар бәлелерді үйіп-төгіп деректер жиналды. Мысалы, Келес ауданындағы конфискіге іліккен Утеулин Бабақұл жөнінде: «Ауылдың старшинасы, осы қызметте 18 жыл істеп, байлардың пайдасына кедейлерді үгіттеді, оның ықпалымен байлар кедейлерді уысында ұстап отыр. 15 бас ірі қарасы, екі есегі,273 уақ малы, мол қорақопсысы, май шығаратын заводы бар»,(қайдағы қаңғырған завод айдалада салынған, күнжұттан май шығаратын күш көліктің күшін пайдаланған қарапайым «жуаз» болар М.Р.) (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 600 іс). Кейбіреулердің құжаттарында ата-бабасы Қоқан хандығының кезінед датқа болған, би болған немесе «қажыға барған» деген сияқты қосалқы кінәлар тағылған. Қаулыда көрсетілеген мал басына қойылған шек қағаз жүзінде қалды. ГПУ-дің тізіміне ілінгендердің барлығы шағын шаруасы болса да ірі байлар – жартылай феодалдар болып шыға келді. Мысалы, Созақ ауданынан алғашқы конфискіге іліккен 5 байдан 1167 бас мал қатталған, сонда әр байға орта есеппен 233 бастан келеді. Ал Қызылқұм ауданынан конфискеленген 21 байдан 6219 бас мал ортақтастырылған (әр байға 248 бас малдан келеді). Екі аудан тізім бойынша көшпелі ауданға жатады. Конфискелетін байлардың малының басы ірі қараға шаққанда 400 бастан астам болуы керек. Қаулы талабы ескерілмеді. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 601 іс). Жаңа қорған ауданындағы конфискеленіп, жер аударылған 8 ауылдағы 8 жаны бар Бидаш Изеевте ірі қараға шаққанда 363 бас мал, 1 ауылдағы 15 жаны бар Дербісек Бабашевта 320 бас мал, ал 5 жаны бар Жантөре Аралбаевта 61-ақ мал болған. Әулие ата уезі бойынша бай-кулактар деп 260 семья конфискеленген. Соның ішінде Қарабақыр болысында бай деп конфискеленген Қаралбай Қапалбаевтың 17 ірі қарасы, 90 уақ малы, Тұрғанбек Есболовтың 14 ірі қарасы, 111 уақ малы, Ташқазақ уезіндегі Абашпай Өмірзақовта 31 ірі қара, Әмірходжа Недіходжаевта 24 ірі қара болған. (Бұл да сонда). Конфискелеу жөнінде кабылданған қаулыда жергілікті ұлттың, яғни қазақтын ірі байлары — жартылай феодалдары конфискеленді деген болатын. Ол да кағаз жүзінде қалды. Бұл іс қыза-қыза келгенде басқа ұлттың шаруашылығы бір шама мықты азаматтары да бай-кулактардың қатарына қосылды. Ташқазақ уезіндегі Карл Шмидт, Генрих Шмидт, Александр Унгерфунгт деген азаматтардың 5-тен 15-ке дейін жылкылары болган. Эр үйде 8-10 жандары бар осылар да конфискеленіп, үй-мүліктері қатталып, жер аударылды. (ШОПКПА 29 кор, 1 жазба, 603 іс). Бір қызығы байларды конфискелеу жөніндегі ақпарда, не кажетті болғанын қайдам, олардың ру аттары арнайы жазылыпты. Алғашкыда конфискілеуге жататын байларға жалпы тізім бойынша әр қайсысына мінездемелер жазылса, бұл науқан қыза келе енді тізімге аты-жөні, ауылы, руы, мал саны ғана жазылатын болды. 1928 жылы наурызда жасалған тізімде Әулие ата уезі бойынша байлар қатарына Аса болысынан 12 адам, Шу-Талас болысынан 22, Мерке болысынан 58, Қарабақыр болысынан 143, Кеңес болысынан 61, тағысын тағылар, жалпы 222 адам ілінген. Ал Түркістан уезінің тек Созақ болысынан 53 адам, Шағатай болысынан 47, Жаңакорған болысынан 13, Қарнақ болысынан 5, барлығы 118 адам (басқа болыстардан мәлімет түспеген). Ташказак уезінен 341 адамға тізім жасалыпты. Олардың ішінде қазақ, орыс, неміс, өзбек сияқты ұлттардың өкілдері бар. Ал бұл тізімге семья мүшелері жазылмаған. Сонда қашама жүздеген, мыңдаған адам жер суынан, туып өскен, кіндік кескен жерінен күштеп жер аударылып, кайғы-касіретке ұшырады десеңші! (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба. 308 іс). Өкімет тарапынан жасалған зорлык-зомбылыққа шыдамай ел қоныстарын тастап үдере көшті. ГПУ-ден түскен бір ақпардың өзінде конфискелеу болады деген хабарды естіген соң 1928 жылы наурызда Қытай жаққа шекарада отырған 15 үй, төрт ауыл көшті. Шілденің акырында Зайсан ауданынан Батыс Қытайға 6 мың бас уақ малды, бір мың бас ірі қараны айдап 153 семья, тамыз айында Лепсі ауданынан 1194 бас малды айдап, 26 семья өтті. (ШОПКПА 29 кор, 1 жазба, 604 іс). Бұл наукан от алып, орнынан қозғалған шөп шабатын машинадай, ГПУ тізіміне ілінгендердің барлығын жапырып жойды. Қаулыдағы конфиске жүргізілмейтін аудандардың «ірі байлары» да конфискеленіп жер аударылып, сеңдей соғыстырылды. ГПУ кызметкерлеріне, ауыл белсенділеріне адамдардың өмірі ойыншыққа айналды. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Қамау, ату, жер аудару осылардың билігіне тиді. Бұл науқан үш-төрт жылға созылып, адамдар жік-жікке бөлініп, толассыз жер аударылып жатты. 1930 жылы жазылып, Алматы БКбП өлкелік партия комитеті Рошальге жөнелтілген мына телеграмманы алайық: «Үшінші категорилы жер аудару Ержан және Келес аудандарында 25 наурызда аяқталып. Ержан ауданынан 125 кулак-байлардың қожалықтары жер аударылуға тиісті болса, оның 26 семьясы басқа республикаға қашып кетіп, 96 қожалық Қызылқұм ауданына жер аударылды. Келес ауданынан 186 семья «Қылыштың қыры», «Байғабыл», «Көп құдық» деген жерлерге жер аударылды. Қалған қожалықтардын жұмысқа жарайтын адамдары болмағандықтан иелері әзірше орындарында қалдырылып, қамауға алынды. Біраз бөлігі мақта науқанына кезінде басқа республикаға қашып, көшіп кетті.

Гурин
(ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 604 іс).
Енді мына телеграммаға назар аударыңыздар.

«Өлкелік партия комитеті, ОГПУ Альшанскийге, Финанс органдары арқылы алған есеп бойынша жалпылай коллективтендіру жұмысы жүзеге асып жатқан он бір ауданда 1929 жылы салық салынатын 3082 қожалық анықталған еді. Жүргізіліп жатқан саяси науқанның нәтижесінде 1929 жылдан 1930 жылдың ақпанына дейін ОГПУ-дың органдары арқылы 122, сот органдары арқылы 703 қожалық қамтылған он бір ауданда 827 байлар мен кулактардың қылмысты істері қаралып, олар әзір орын орындарында. Осы аудандардағы ауылдар мен деревнялардан 300 бай мен кулактар семьясы басқа республикаларға қашты. Коллективтендіру 10 ақпанға Ержан ауданында 100 процент, Келес ауданында 70 процент, Қаратастан 70 процент, Беловодта 72, Сайрамда 75, Жуалыда 77, Түркістанда 89, Арыста 85 процент болды. Қазір осы он бір ауданда табысы бір мың сомнан асатын қожалықтардың есебі алынды. Біздің ойымызша 2085 қожалықты конфискелеп, жер аудару қажет сияқты. Ол жұмыс мына тәртіппен өтеді: Келес ауданынан 250 қожалық, Ержардан 180, Беловодтан 120, Қара спаннан 100, Әулие-Атадан 310, Жуалыдан 150, Түркістаннан 220 қожалық. Сонымен қатар жаппай колликтивтендіру жүріп жатқан он бір ауданда әлі түрткі көрмеген 1258 бай-кулактар бар, әзірше оның 150-не ГПУ тарапынан іс қозғалып, 58 статьямен жауапқа тартылып сотталып, дүние-мүліктері қатталуда. ОГПУ-дың жүргізген оперативтік ісінің нәтижесінде Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық іске араласқан 300 байлар мен кулактардың ісі ашылып, тергеу жұмысы бітсе, жауапқа тартылмақ. ОГПУ-дың бөлімше бастықтары қазір жасырын түрде кулак деп жер аударуға жатады-ау деген қалған қожалықтардың мал-жандарының, үй-мүліктерінің есебін алуда.

Қүлсартов , Макин, Костенко.
(ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 605 іс).

Таңдануға тұрарлық. Не деген елді жайлап кеткен бай-кулактар? Кейбір қожалықтарды қисынсыз бай-кулактардың қатарына жатқызып соттап, жер аудару ісі халық наразылыгын тудырды. Ондай наразылықтар Шаян ауданының 11, 13 ауылдарында, Бадам ауданының №25 ауылында т.б. жерлерде болды. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 606 іс). Сот органдары бай-кулак деп қылмысқа тартылғандардың ісін қарап үлгермеді. Олардың істерін қарауға үштік құрылып, округтік партия комитеті аудандык партия комитеттеріне 1930 жылы 27 қаңтарда №51 төмендегідей қатынас жөнелтті. Округте — округтік партия комитетінің хатшысы, округтік атқару комитетінің төрағасы, округтік ГПУ бастығының құрамында үштік құрылды. Міндет шұғыл түрде, әсіресе жаппай -колхоздастыру жүріп жатқан жерден, кулактарды жер аудару. Қазірден бастап шұғыл түрде кулактардың қожалықтары есепке алынсын. Есепті ОГПУ-дың қызметкерлері құпия түрде жүргізеді. Бұл мәселеде тек салық-есеп органдарының мәліметтері пайдаланылмай, кулактарды жан-жақты зерттеп байқау үшін қосалқы деректерді пайдалануға болады. Кулактардың есебін алғанда басқа жақтан жер аударылып қоныстанған кулактар да назардан тыс қалмасын. Жергілікті және жер ауып келген кулактарды өте тез, жасырын түрде есепке алып, ол жан-жақты толықтырылып, олардың кулак табына жататынын толық дәлелденетіндей мәлімет болсын. Орындау мерзімі 10 күн. Есептік материалды бізге жібермеңіздер. Хаттың мазмұнымен БКбП округтік комитетінің уәкілін (фамилия орны бар М.Р.) таныстырыңыз. Хат оқылып болған соң округтік партия комитетіне ең ары кеткенде бір тәулікте қайтарылуы тиіс.

БКбП Сырдария.
Округтік комитетінің хатшысы Құлсартов»
(ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 608 іс).

Осы хаттың дүниеге келуіне 1930 жылы 13 қаңтарда БКбП орталық Комитетінде өткен партия қызметкерлері кеңесінде М.В. Молотов жасаған баяндама басты себепкер болса керек. «Кулактарға біздердің шабуыл жасауымыз тап күресін шиеленістіре түскенін партия кейінгі екі жылда табанды көрсетіп келеді”,- деді ол, — «Қазір кулактарды тап жауы ретінде жою саясатын жүзеге асырып жатқанымызда деревняда тап тартысы міндетті түрде шиеленісе түсетінін атап айтпаса болмайды. Деревняда коллективтендіру жұмысы кулактарды жоюмен бірге жүзеге асып жатқан шақта кулактар элементінің колхоздармен жан аямай күресетінін, ол жолда террордан, сондай-ақ контрреволюциялық күрестен тайынбайтынын, жақын айларда кейбір аудандарда кездесетін тап күресінің шиеленісінен туған фактілердің жанында бұрынғы іс-әрекеттер көмескі тартары сөзсіз. Жауды әуел бастан тізе бүктіріп, бас көтертпейтіндей етіп, жүрегін шайлықтыруды естен шығармау керек».

(ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 609 іс).

Бұл баяндама партия, ГПУ органдарына нақтылай тапсырма, бұлтартпас нұсқау іспеттес болды да, енді олар жұмысқа белсене кірісті, артық кетіп жатырсыңдар деп қолдан қағар ешкім болмады. «Бүгінгі орташа- ертең кулак . Сондықтан кулактарға бағытталған іс-әрекеттің барлығы ортаға да жүруге тиіс»,- деп ұран тасталып, ол да жүзеге асты. «Ең қажетті киім-кешек пен үй мүліктерін тартып алып, ешбір азық-түліксіз қалдыру кулактардың семьялары мен олардың балаларына орташалардың, тіпті барымен бөліскісі келетін кедейлердің жанашырлық сезімін тудырады»,- дей келіп, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекин бұның өзін «кулактарды жою жұмысындағы партияның бағытын мейлінше бұрмалау» екенін атап керсетті. (ШОПКПА 29 кор, І жазба, 607 іс). Тірі адамдарды аяушылық оның жанына тиді. Байлардан қатталған дүние-мүліктердің бей берекет жұмсалғаны, талан-таражға түскені анық. Кейбір белсенділер дүниеқорлыққа алынды. 1929 жылы 29 қаңтарда округтік партия комитетіне жазылған құжатта былай деп көрсетілді: «Мерке аудандық атқару комитеті байлардан конфискеленген дүние-мүліктен мәдени іс шаралары үшін деп жүзден астам кымбат бағалы кілемдерді, арыстан және түлкі терілерін, тегін машиналарын алған болатын. Осы кезге дейін ол заттар сарайда жер еденде үйіліп жатып, көгеріп бүліне бастады. Енді сарайда тышқандар да молайып, оларды бүлдіруге өз үлесін қосары сөзсіз. Егер оларды сақтауға шара қолданылмаса, онда көп ұзамай пайдаға аспай қалады.

Шара қолдану үшін хабарланды.
Округтік ГПУ бастығы Журавлев.»
(ШОПКПА 29 кор, 1 жазба, 429 іс, 97п).

Голощекин қазақ халкының ауыл-ауылдары бір-бірімен қандас туыстар, ал байлар мен билер әр рудың ақсақалы, сыйлы адамдары екенін ескермеді, оны патриархалды қатынас деп есептеп рулық тұтастықты ыдыратуға бар күшін салып, соған карсы бағытталған науқан бірінен соң бірі толассыз жүріп жатты. Еліміздегі ең малжанды халық казақтар туған жерінен зорлықпен жер аударылып жатқанда, Қазақстанға чекистердің мылтығының күшімен «кулактар» деген айдар тағылып, сонау Россия мен Украинадан, Белоруссиядан басқа да жерлерден сол жақтың шаруаларының бетке ұстары, мал таситын вагондарға тиеліп, тақыр жерлерге жеткізілді, сөйтіп олар ажал тырнағына табыс етілді. Жер аудару толассыз жүріп толық емес мәліметтерге қарағанда 1931 жылға қарай бұл жаққа 45 мың шаруа семьялары жер аударылыпты. («Жұлдыз», №10,1990 жыл). Ауып келгендердің қолдарына бір жапырақ куәлік беріп, не каржысыз, не төсек орынсыз туып өскен жерінен айдап салған. Сол куәліктің бірін келтірейік. Семей округтік Советінің аткару комитеті Тарбағатай ауданының түрғыны азамат Тоғысов Әбділдәбекке Қ.О.А. комитетінің және ҚССР халық комисарлар Кеңесінің 1928 жылы 27 тамыздағы Декректеріне — ірі байларды — жартылай феодалдарды жер аудару және конфискелеу және округтік Кеңестік атқару комитетінің президиумының қаулысына орай (қаулының қабылданған күні, протокол номері көрсетілмепті де (төмендегі семья мүшелерімен Сырдария округіне жер аударылғандығын растап осы куәлікті береді. Әйелі Айымбөпе 48 жаста, қызы Зурабану 8 жаста, немерелері Сағатпек алты айлық, Шарбану 3 жаста (Ахметбектің жұбайы жоқ). Оның қай жерге орналасатынын ҚазССР Халық комисарлар Кеңесінің 1428 жылы 30 тамыздағы қаулысына орай Сырдария округтік Кеңесінің атқару комитеті шешеді. Семей округтік Кеңестің атқару комитетінің төрағасы Атаниязов(ІІІымкент облыстық мемлекеттік архивы 74 қор, 1 жазба, 20 бума, 166 іс, 8п). Осы іс-әрекеттің астарында экономикалық және саяси ғана емес, әлде бір өзгеде қара ниет-пиғыл да жатса керек. Кеңес өкіметі жылдарында еліміздің өз ішінде ұлттар мен халықтардың бұрын-соңғы, үлкенді-кішілі дәйекті жүргізілген жер аударуларын зерделеп көрер болсаң, онысы ешкімде өзінің туған үйінде, туған селосы, туған аулында, өзінің сонау, атам заманнан келе жатқан табиғи өмірімен тұрмыс құрмауы үшін араластырып, мәңгүрт етіп, біріңғай сұрқай ұлтсыздық ұнтағына айналдыру көзелгендей әсер қалдырады. Енді шаруаларды қоллективтендіріп, отырықшылыққа айналдыру науқаны тым баяу және асқан қиындықпен жүзеге асылып жатты. Табиғатында көшпенді халықты күшпен коллективтендіру Голощекин бұйрығымен мейлінше қысқа мерзімнің ішінде «отырықшылыққа көшіру» сорақы белсенділікпен жүзеге асты. “Мен “Колхоз қозғалысын Одақтың өзге аймақтарына қарағанда бізде баяу жүретін болады”,- деген пікірді естідім. Мұндай пікірді мен теріс деп білемін”,- деп мәлімдеді Филипп Исаевич. («Советская степь», 1929ж. 6 желтоқсан). 1930 жылы қаңтар айында ол: «Біз колхоз құрылысы саласында қарқын жағынан Одақтың алдыңғы қатарындағы аймақтарынан қалыспай келеміз»,- деп куанды. (Советская степь», 1930ж. 15 қаңтар). Осы орайда Ораз Исаевтың Сталинге 1932 жылы тамызда жазған хатынан үзінінді келтірейік. Хат 1929-1930 жылдарда жургізілген саясаттың нәтижесінен туындаған. «Ауылды жедел жүз процент коллективтендіру рухы өлкелік партия комитетінің өзін билеп алған болатын. Сондықтан оның асыра сілтеулерді түзету жөніндегі дұрыс шешімдері қағаз жүзінде қалып қойды. Мынаны тура айту керек: “соңғы екі-үш жылдан бері ауданда етек алған күштеп коллективтендіру және жаппай әкімшілік жасау практикасы тікелей қырсыздықты, бұқараның өз малынан, шаруашылығынан үркуін және бұқараның дағдарысын туғызды. Мұның өзі малды жаппай қырып-жоюға апарып соқтырды”. (Қазақстан коммунисі». №5, 1990 жыл.). Елдің малын ортақтастырып, өздерін милицияның бақылауымен отырықшылық нүктелеріне жөнелтіп жатқанда ол жерлерде не баспана, не мал азығы, не ауыз су болмады. Екпінді қарқын қақаған қыс айларында жүзеге асып, ел қасіретке ұшырады. Колхоздастыру, отырықшылыққа көшіру барысында ешқандай үгіт-насихат жұмысы жүргізілмей, коллективтендіру жарияланып сол арада қолма-қол дауысқа салу үшін бір ғана жиналыс өткізілсе жетіп жатты. Қарсылық корсеткендердің барлығы қамауға алынып, социализм жаулары деп жарияланды, ал наразылық білдірген ықпалды қазақ коммунистерін Голощекин “ұлтшылдар” деп жарияланып, тіпті қауіпті деген барлық бақталастарын биліктен тайдырғанның өзінде Филипп Исаевич: «Бұрынғы көсемдер әлі тірі. Олар әлі жер басып жүр»,- деп ызаланды, ақыры солардың көздерін жойып, дегенін жүзеге асыра берді. («Жұлдыз» №10, 1990жыл) Не деген қаныпезерлік? Халық наразылығы әр жерде көріне бастады. 1930 жылы 12 ақпанда «Алматы ОГПУ Альшанскийге: “Бадам ауданына қарасты №28 ауылда 2 ақпанда коллективтендіру мәселесіне орай өткен жиналыста халық көтерілді. Оны бастап, осыған ұйытқы болған 6 адам қамауға алынды, сотталды. 7 ақпанда Бостандық ауданында елге іріткі салып, колхоз болуға қарсы үгіт жүргізген 15 адамды қылмыс кодексінің 58 статьясымен соттап, оларды облыс орталығына айдаймыз, деп жатқанда 500-ден астам адам жиналып, оларды арашалап алып қалуға әрекеттенді. Осыны ұйымдастырушыларды ұстап, қылмысты іс қозғалды. Костенко»,- деп телеграмма жолдаған еді. Мұндай телеграммалар партия архивында жетерлік.(ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 601 іс) Елде жазықсыз жандарды орынсыз қамау етек алып, БКбП округтік партия комитеті аудандық партия комитеттеріне төмендегі телеграмманы жолдауға мәжбүр болды. «Тапты жою барысында жүзеге асып жатқан іс-шараның нәтижесінде ауыл, қыстақ, деревняларда төменгі тергеу органдары, селолық Кеңестер, егіс және басқа науқандарға барған уәкілдер көрінгенді сылтау етіп, жауапкершіліксіз, мақсатсыз бейкүнә адамдарды қамауға алуды әдетке айналдырғаны байқалады. Олардың ішінде кедейлердің, батырақтардың, сондай-ақ орташалардың проценті мол. Мұндай іс-әрекет партияның іске асырып жатқан саяси бағыт-бағдарын түсінбеушіліктен, біздің ауыл, деревняларда жүргізіліп жатқан таптық саясатымызды бұрмалаушылық». (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 604 іс) Жасалған осындай қиянаттың, зорлық-зомбылықтың, аштықтың нәтижесінде ел жан-жаққа: Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қырғызстанға, Түрікменстанға, Ресейге, әйтеуір жан сауғалап көше бастады. Ресми мәліметтерге қарағанда 1930 жылы туған жерінен 121,2 мың адам, яғни, қазақ халқының үштен бірі өз жерінен ауды. Ғылыми негізсіз, орашолақ саясаттың жүзеге асырылуының нәтижесінде республиканың мал басы, Голощекин қанша тамағын жыртып, әпербақандық саясат жүргізіп, ұран тастағаны мен көбеймей, мүлдем азайып кетті. Төмендегі статистикалық мәлімет- соның айғағы (әр жылдың қаңтар айына, мың бастан есептегенде, жақшада Оңтүстік Қазақстан облысының көрсеткіші).

Жылқы: 1916 жылы — 4349,3 бас, 1928 жылы — 3553,9 бас, 1935 жылы— 422200 бас. (1916 жылы — 220,5 бас, 1928 жылы — 219 бас, 1935 жылы — 26800 бас).

Ірі қара: 1916 жылы — 5973,1 бас, 1928 жылы — 6547,1 бас, 1935 жылы — 1835,2 бас. (1916 жылы — 209,7 бас, 1928 жылы — 2379 бас, 1935 жылы — 69,8 бас).

Уақ мал: 1916 жылы — 18412,4 бас, 1928 жылы — 19283,0 бас, 1935 жылы — 214,7 бас. «Қазақ ССР халық шаруашылығы есебі басқармасы шығарған» деректерді 1940 жылы Қызмет бабында пайдаланылады. Голощекинің қысымымен Қазақстан халық комисарлар Советі шындықты жасырып, ет өткізу жоспарын белгілегенде мал басы 30 миллион болды деген цифрға сүйенді. Орындалмайтын осындай тапсырмалар малшылар шаруашылығын күйретіп, асқан жылдамдыкпен жеріне жеткізіп титықтатып тынды. Голощекин жоспарды қайткен күнде «ең қатал және дәйекті түрде орындауды» талап етті. Ауылдағы белсенділер, дайындаушылар, жандайшаптар қолға іліккеннің бәрін тартып алып отырды. Уәкілдер: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды мықтап ұстады. 1928 жылға таман Қазақстанның жергілікті халқының төрттен үш бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, Ресей империясының, өзінің халқын мал өнімдерімен, өндірісін шикізатпен қамтамасыз етіп отырса, енді мүсәпір халге душар болып, ашаршылыққа ұшырады. “Арадан алпыс жылдан астам уақыт өткенде ақылымыз кіріп, мал бағу кәсібінен шығып қалған ұрпаққа, ауылға, деревняға қайта орал, арендатор бол, фермерлікті жолға қой”,- деп жалынып отырмыз. Бір кезде соңына от алып түсіп, қуғын-сүргінге ұшыратып, ажалдың апанына бала-шағасымен итеріп тастаған «бай», «кулактарымыз» керегесі берік фермерлер, арендаторлар, нағыз бейнеткеш жандар емес пе еді? “Халықтың бәрін теңестіреміз” деген саясат ақыры алдын, болашағын болжай алмаған көрегенсіздік, халыққа жасалған қиянат, озбырлық болып шықты. Мұндайдың небір сорақылықтарын көрді халық. Түлкібас ауданынын колхоздарының, сондай-ақ колхозшылардың хал жағдайын тексерген БКбП округтік комитеттің өкілі Ақботиннің жасаған қорытындысынан үзінділер келтірейік. Ауданда колхоздастыру жұмысы өрескел бұрмаланып, көп шаруаларды зорлап коллективтік шаруашылыққа ендірген, сөйтіп қателік жіберілген. Сондықтан да, «бұл жүргізілген саясат дұрыс болмады, жіберілген қателіктер жөнделсін»,- деген хабар шығысымен-ақ, “колхоздан шығамыз”,- деп арыз берушілердің саны мол болып тұр. Бір шатағы бұл көктемгі егіске кірісер шақта етек алуда. Бұл істің себептері анықталып жатыр. ...Байлардың: «Кеңес өкіметі ары кеткенде он күнде құлайды»,-деп таратқан лақабы уәкілдерді, ауданның кейбір қызметкерлерін де үрейлендірген. Мысалы, №7,13 ауылдардан уәкілдер ауыл тұргындарының қыспағына шыдамай ауданға қашып келген. №11 ауылда өткен жиналыста уәкілдер — аудандық тергеуші мен комсомол комитетінің хатшысы жиналыс үстінде күдікті деген адамдарды қаматтыра берген соң жиналысқа қатынасқандар айқай шығарып, уәкілдер амал жоқ қашып бір үйге тығылып, кейін жеті адам атпен ауданға қашуға мәжбүр болған. ...Малды контрактациялау жұмысының мәні, жүргізу тәртібі халыққа жете түсіндірілмей, ауданға колхоз бастықтары мен хатшылары шақыртылып, соларға нұсқау тапсырма берілген. Колхозшылардың контрактацияланған малдарына ақша төленбей, колхоздардың есебіне аударылған. Контрактацияланған малдарға таңба басылғанда байлар: «Осындай таңбалар бес күннен сон колхозшылардың маңдайына да басылады»,- деп елді шошындырып, соған сенген кейбір колхозшылар дүрлігіп колхоздан қашқан. ...Елден ит терісін дайындау салығы жүзеге асырылған да, “округтен ауданға 360 тері дайындалсын”,- деп тапсырма берілген. Ол ауыл-ауылдарға бөлініп, оны жүзеге асыру ауыл белсенділеріне тапсырылған. Бұл іс-шараның да мән-мағынасы, халыққа жан-жақты түсіндірілмей, белсенділер әр үйге келіп: «Кеңес өкіметі қазір дағдарыс үстінде, шет елге сатуға ит-терісі қажет болып тұр. Сондықтан, бес сағаттың ішінде итіңді сойып, терісін не колхозға, не арнаулы дайындау мекемесіне тапсыр. Орындамасаң дүние-мүлік, қазан-ошағын катталып, сатылады»,- деп қорқытып, әкімшілікке басқан. №11 ауылдан 30 терінің орнына 220 тері дайындалса, бірақ аудан бойынша 330 қожалыктың иелері ит союдан бас тартқан. Ол кожалықтарды да белсенділер тыныш қоймай ит сойғыш адамдарды әкеліп, иттерін сойдырып, терілерін сылытып осы жұмыстары үшін оларға ақы төлеттірген. ...Жылқы жалын, құйрық қылын қүзеп өткізу салығы да салынып, оны да ит терісін дайындау тәсілімен жүзеге асырған. Белсенділер: «Атыңның, не жылқыларынның құйрық, жалын күзе де төрт сағатта өкіметке өткіз. Өткізбесен қамаласың. Кеңес өкіметі дағдарысқа ұшырап, содан шығу үшін, жүн, қыл, тері бәрі кажет»,- деп белден басқан. Осы іс-шараларды жүзеге асырғанда халықтың ежелден келе жатқан салты, әдет-ғұрпы ескерілмеген. Қазақ “итті жеті казынанын бірі”,- деп малынан да артық көрген. Ал жылқының құйрық жалы тек үй иесі қаза болғанда күзеліп, үйірге жіберіліп, келесі жылы иесінің жылына сойылатын. ...№8 ауылда жалпы жиналыста әрбір үй иесі газет-журналдарға жазылу үшін 2 сом 50 тиыннан төлеуі тиіс деп зорлап каржы жиналған. Әр үйдің ондай мүмкіндігі бар ма, жоқ па ескерілмеген. Осылай етіп әр үйден аудандық жинақ кассасына белгілі мерзімде 3 сом 50 тиыннан салынып отырсын деп міндеттеген. «...Кеңес өкіметі адамдарды ірілендіреді екен, ол үшін еркектердін жыныс мүшесіне бір аспапты кіргізсе, мықтылары ғана шыдап нашарлары өледі, сөйтіп дені саулары қалып, іріктеледі»,- деп өсек таратқан. Бұл өсектің тарауына биелердің қолдан кашыру ісінің жүзеге асырылуы себепші болған. Бұл істің не себептен жасалып жатқаны халыққа кең түсіндірілмеген... Ауданда жеке адамдарға шамадан тыс салық салу тәжірибесі етек алған. Мысалы №14 ауылда жеті жаны, 2 сиыры бар Құсайыновқа 30 пұт астық салынған. Кедейлердің ондай салықты өтей алмайтынын біле тұра жасалынған. Орындамағандарын қамап, үй-мүліктерін, қазан-ошағы, киімдері, шұлғауына дейін қаттап отырған. Шикізат қалдықтарын дайындау ісі жүзеге асырылып, әсіресе киіз дайындау барысында белсенділер: «Биылғы жылдан бастап колхозшыларға кең сарайда үйлер салынып, сонда отырасыңдар да, қара үйдің қажеті болмай қалады. Сондықтан “киіздеріңді өткізіңдер»,-деп зорлап, ақырында олар баспанасыз қалған. ...Салынған салықтардың бірі орындалмаса, белсенділер: «Қазан ошағыңды қаттап, саттырамын»,- деп қорқытып немесе «балаңды сатсан да салығыңды төле»,- деп қиянат жасаған, «кеңес» берген. Архивте №16 ауылдан төмендегідей мөлшерде шикізат калдықтары жиналғаны жөнінде мәлімет сақталыпты: 71 пұт 5 фунт тұяқтар, сүйектер, мүйіздер; 1 пұт 2 фунт құс қауырсыны; 4 пұт 20 фунт жылқының жалы мен құйрығы; 21 дана ит терісі; 22 дана мысық терісі; 210 дана уақ мал терісі; 47 пұт 20 фунт ескі киіз; 215 пұт 30 фунт шойын мен темір. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 601 іс, 53-66п) Құс өсірмейтін халықтан құс қауырсынын, өндіріс орындары жоқ елден темір, шойын қалдықтарын жинау, елдің баспанасына жарап отырған киіздерін жинату нағыз озбырлықтың асқынған түрі. Осындай саясаттан қаншама үйдің қазан-ошақсыз, баспанасыз қалғанын аңғаруға болады. Комиссия бұл қорытындысында белсенділердің іс әрекеттерінен туындаған талай сорақы істердің бетін ашты. Осы орайда 1932 жылы тамызда Ораз Исаевтың Сталинге жазған хаты көңілге оралады. Ол былай деп еді: «Қарқын жағынан көрші аудандардан басып озуға, сөйтіп, социализмге тезірек жетуге ұмтылу қазақ ауылында әкімгершілік жолымен жаппай коллективтендіруге әкеліп соқтырды. Жұмыстың әдісі ретінде науқаншылық аудандық комитеттердің үстінен қарайтын толып жатқан төтенше уәкілдердің институты өлкеде және аудандарда «белсенділерді туғызды» (өңін айналдырған арамтамақтардың жаңа тобы). Ал бұл өз тарапынан ұйымдық партиялық және бұқаралық жұмыстың ескерусіз калуына, жалаң әкімшілікке салынуға соқтырды. (М.Л. институтының қазақ филиалының партия архивы. 141 қ. 17 т, 607 іс) Осы орайда Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Нартай Бекежанов атындағы колхоздың тұрғыны, еңбек, партия ардагері Ибаділдаев Сәруардың естелігін келтірген жөн сияқты. «1929 жылы халық шолақ белсенділердің жөнсіз тірлігінен әбден ығыр болып, қалжырады, қажыды. Болмашы ғана, егін егетін халыққа астық салығы, оны үстемелеп көбейте бергені өте ауыр, қиын болды. Бұл шолақ белсенділердің ойлап тапқаны емес, жалпы жүзеге асырылған Кеңес өкіметінің саясаты ғой. Астық салығынан құтылу үшін оны малға айырбастап алу керек. Халық одан да жұрдай болған. Ашынған елдің бас көтерер азаматтары барлық жағдайды тәптіштеп жазып Сталинге хат жолдайық деп шешті. Салық дәннен емес мал шаруашылығы өнімдерінен болсын деп өтінбек болды. Хат жазуға барлығы да орысша сауатсыз. Ауданда Өтәлиев деген оқыған, орысша жүйрік адвокат бар еді. Елдің хал жағдайына іштей күйініп, жанашырлық білдіріп жүретін. Аты есімде жоқ. Ауыл азаматтары оған өз ниеттерін білдіргенде ол бас тартпай көмектесуге келісім беріп, тамаша етіп хатты дайындады да, оған біздің ауылдың 17 азаматы қол қойды. Арада біраз күн өткенде Өтәлиев бастаған қол қойғандар қамауға алынды. Кейін анықталғандай жоғарыға кететін хат ГПУ өкілінің тексеруінсіз жіберіл-мейді екен. Сонымен абақтыға қамалғандар Кеңес өкіметінің саясатына наразылық білдірген, бүкілшілер болды да шықты, істері тексеріліп, олар абақтыда жылдан астам жатты. Олардың ішіндегі есімде қалғандары: Түнғатов Өтеғүл, оның ұлы Рақыш, Төребаев Сейділдә, Ахметов Кали мен інісі Аймырза, Дулатов Кенжебек, Шөпшеков Нұрым, Таңатов Мұсабек, Әйекенов Пірмағанбет. Менің әкем Ибаділдәның оққағары бар екен қамалмай аман қалыпты. Оған аңшылығы пайдасын тигізген көрінеді. Әкем ауылға аңнан оралып келе жатса иттің ауылға таянғанда озып кететін әдеті емес пе? Тазысы үйге келеді. Тазыны көргенде інісі Әбділда ешкімге сездірмей атқа қонады да ағасының алдынан шығып, ауылдағы болып жатқан тірлікті жеткізеді. Әкем кері оралып, Қаратауды паналап біраз жүрді де кейін бізбен байланысып, ебін тауып Мақтаарал жаққа көшіп кеттік. Қамалғандардың тағдырын кейін естідік. Өтеулиевтің үйіндегі жеңгеміз орыс қызы еді. Ол ізденіп Алматыға, Москваға барып, бірақ ешнәрсе шығара алмайды. Қамаудағылардың қылмысты істері ол жаққа жетпеген. Ауыл боп ол кісіге қаржы жинап береді де жеңгеміз Москваға тағы барып, ақыры істі сол жаққа алдыртады. Құжаттағы тергеу ісі бойынша абақтыдағылардың барлығы ұйымдасқан түрде Ауғаныстанға қашқалы жатқан ірі байлар болып, ату жазасына кесілуге үкім шығарылмақ екен. Жеңгей елдегі жағдайды, халықтың тұрмыс халін баяндап берген болу керек, іс бұзылып, қамалғандардың бәрі ақталып шықты. Бірақ, олар белсенділермен алакөз болып, олар бұлардың соңынан шырақ алып түсіп, тыныштық бермеді. Ақыры олардың барлығы да елден көшіп біздерге қосылды. Біразы Наманган, Қоқан, Әндіжан жағына өтіп, кейін есімізді жинап, етегімізді жапқан соң елге оралдық». Тағы бір естелікке келелік. Оның иесі 1922 жылы туылған, 1944 жылдан СОКП мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ленинград блокадасында болған, Созақ селосының тұрғыны Дәуті Әділов. «Біздер тама деген елміз. Ата қонысымыз Мойынның құмы, Шy атырабы, Арқа, көшіп-қонып мал өсіріп күн көретінбіз. Мал шаруашылығымен айналысатын елдің кедей дегенінде көшіп-қонуға үш-төрт түйесі, сауатын 4-5 жылқысы, 50-60 уақ малы болатын. Орта шаруада одан молырақ. 1928 жылы ірі байлар конфискеленіп еді, кейін олардың қатарына дәулеттілер де, орта шаруалар да қосылды Олардың малдары, дүние-мүлкі, қазан-ошағына дейін қатталып, өздерін түйелерге мінгестіріп әкетті. Біреулерін Орал жаққа жер аударды деп, Кейбіреулерін Созақтан былай шығарып атып тастапты деп ел гулеп жүрді. Қайсысы шындық, қайсысы жалған екенін айта алмаймын. Бірақ Жүсіпбек деген туысымыз бала-шағасымен айдалып еді, ешқайсысы елге оралмады. Салықтардан титықтаған, малдан айрылып, ашынған ел: «Аштан қыры-латын болдық, қорлық көрсеткен мына белсенділерді де қырып, жастығымызды ала кетейік»,- деп ашынып көтерілгені рас. Бірақ олар саяси мақсат қойып, Кеңес өкіметін құртамыз деп қарулы көтеріліске шықты дегенге қарсымын. Көтерілістің алдында, колхоз боласың деп далада көшіп-қонып жүрген ауылдарды бір жерге көшіріп әкеліп, «жайылма» деген жерге қоныстандырды. Өмірі кетпен, омаш дегенді пайдаланбақ түгіл не екенін білмейтін, көлікті омашқа, арбаға жегіп көрмеген сорлылар мардытып тірлік те істей алмады. Ел малдан айрылып, аштан кырыла бастады. Тасбақаны ұстап, жаужұмырды теріп жедік. «Продпомощь» деген болды, анда-санда 100-200 гр. қара бидайдың ұнын береді. Есімнен кетпейді. Асқар, Бостан, Оспан деген үйелмелі-сүйелмелі балалары бар орта шаруа Жылқыайдар деген көрші көшіп-қонып жүрген кісі бар еді. Аштан солардың барлығы қырылды. Енді есімізді жиғанда «халық жауы» деген нәубет келді ел басына. Есімде «Талапты» колхозында Бота деген сауатсыз, жуас кісі бар еді. Сушы болатын. Колхоздың басқармасы «халық жауы» деп сотталды да орнына сайлайтын адам табылмай Бота басқарма болды. Көп ұзамай НКВД кызметкерлері оны да ұстап әкетті. Сол кеткеннен мол кетті. Бір кезде құмдағы «Жетіқараны», Сары су, Шу өзендерінің бойын ел жайлап, Жезқазған, Жаңа арқаға дейін көшіп-конып жүрген мол елден ат төбеліндей ғана қалдық». «Менің әкем Аманов Раманқұл бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Кызылқұм ауданының №16 Шымқорған аулының тұрғыны едідеп жазады Шардара ауданының «Көксу» совхозының зоотехнигі, Әлім Раманқұлов 1964 жылдан СОКП мүшесі, өзінің архивке жолдаған естелігінде: «Қазақстанда Голощекиннің «Кіші Казаны» программасын іске асыру кезінде Асанов Раманқұлдың меншігінде екі мыңдай қой-ешкі, 8-9 қауға түйесі мен жылқысы болған. Сауатсыз, шыққан тегі шаруа болғандықтан малды күтіп бағуды, өсіруді шебер үйренген. Қысы-жазы соны қоныстарға малдың жайын істеп көшіп-конып жүрген. Осындай еңбегінің арқасында малдың санын жоғарыдағыдай санға жеткізген. Бұл малдарды өзінің туысқандары мен балалары баққан. Жалшы салмаған, кісі еңбегін қанамаған. Тұрған мекен-жайы бар болғаны қазақтың қара киіз үйі. Сонда өмір сүріп, байлық салтанатының не екенінен хабарсыз. Киімді де сәндеп кимей қоймен бірге жайылған шаруа кісі болған. Өмір сүруі осылай болғанмен сол кездегі белсенділер әйтеуір малы көп әкемді «кісі еңбегін қанаушы» деп 1929 жылы 60 жасында конфискелеп, бала-шағасымен Оралға жер аударды. 1930 жылы інілері Тұрдықүл мен Өтен оны Оралдан туған елге кері көшіріп әкелісімен белсенділер әкемізді екінші рет конфискелеп, тұтқынға алып қаматып жіберді де, әкем сол кеткеннен кайтып оралмады. Сонымен біздің семьямыздың баспанасы болмай, әрі қуғын-сүргінге түстік. Оралдан әкемді көшіріп келген Тұрдықұл ағамызды да белсенділер «байдың інісісің» деп тыныштық бермей, қауіп күшейген соң ол өз семьясына біздерді қосып, жасырынып бір күнде Өзбекстанға көштік. Одан Тәжікстанға қоныс тептік. Елге 1934 жылы күзде оралдық. ...Жоғарыда айтылған көріністерді қорта келіп, сонау асыра сілтеу, ұрда-жық кезінде әкеме тағылған «кісі еңбегін қанаушы» деп тағылған айдар алынып, келешекте ұрпақтарының бетіне шіркеу болмаса екен». Елдегі жүргізілген байларды конфескелеу ісі, шаруаларды коллективтендіру жұмысының өрескел бұрмалануы елді ашындырды. Ашыққан және ашынған халық Қазақстан өлкелік партия комитетіне, БКбП Орталық Комитетіне арыздар мен хаттарды толассыз жіберіп жатты. Бұған өз үлестерін, оқыған зиялы азаматтар да қосты. Соның бірі қазақтың оқыған азаматтары, ғалымдары Қадір Қуанышев, Мәнсүр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мүтәш Дәулетқалиев, Ғабит Мүсірепов жазған хат олар Қазақстанның экономикасына, әсіресе, ауыл шаруашылығына терең талдау жасап Голощекиннің атына хат жолдады, ешнәрседен каймықпай ашық жазды. «Біз 1929 жылдан бастап колхоз қозғалысында орын алып, лениндік еріктілік принціпін бұрмалаудан, ауылдың ерекшеліктерін ескермеуден, тіпті байлармен қоса орта шаруаларды да жойып жіберуден көрінген солшылдық асыра сілтеушілікті толық түзете алмадық. Ауылдың және аудандық партия ұйымы бұл асыра сілтеушіліктен қорытынды шығармады, сөйтіп, соның салдарынан асыра сілтеушілік пен әкімшілік осы уақытқа дейін созылып келеді. Жергілікті жерлерде әлі орын алып отырған жалған колхоздарды ұйымдастыру және оларды қайтадан тіркеу қажеттілігі күні бүгінге дейін орын алып келе жатқан, нақ осы асыра сілтеушілік пен әкімгершіліктің салдарынан туып отыр. ...біздің байларға берген тойтарысымыз, байларға берген соққымыз көп ретте оспандарлау болып шықты, өйткені көбінде байлармен қоса орта шаруаларға да тіпті кедейлерге де соққы болып жатты, олардың мүлделеріне айтарлықтай нұқсан келтірілді. Сөйтіп, олардың едәуір бөлігін байлардың ығына итермеледік. Міне, осы себептен мынандай бұлғартпайтын фактілер орын алды: “барлық жерде орта және кедей шаруалар бай-құлақтарды малды айуандықпен қырып-жою жөніндегі үгітіне еріп, байлар мен құлақтардың советтерге қарсы бас көтерулеріне қосылды. Нақ осы себептен жарлы-жақыбайлар бай-құлақтардың сөзіне еріп, олармен бірге қонысынан ауып, басқа республикалар мен аймақтарға көшіп кетті. Ақыр аяғы, нақ осы себепті Қазақстанның толып жатқан аудандарын аштық жайлады”. («Қазақстан коммунисі», №5, 1990 ж.) Ауыл мен ауылдың ара қатынасы қашық, жолдары жоқ, тек қана күш көлікпен қатынас жасайтын республиканың солтүстік кең алқабын жайлап, түйенің құмалағындай батырып жатқан қалың ел қырғынға мол ұшырап, ауылдар бос қалды. Ел ата қонысын тастап, талшық табар жер іздеп үдере көшті. Талай қазақтың сүйегі Ресейдің орманды алқабында, Тәжікстанның тауында, Түркменстанның құмында, Өзбекстанның жазығында қалды. “Ең болмаса балаларымыз аман қалсын”,- деп базарға тастап астыққа, малға сатып кеткендері қаншама болды десейші. Бұл хат өлкелік партия комитетіне төтеннен түскен жасындай болды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған Голощекиннің жүргізіп жатқан саясатын, жүзеге асырып жаткан істерін кінәлау, оның беделін жоққа шығарумен барабар. Сондықтан ол хаттың авторларын жұдырығына қысып, ақыры оларды бас сауғалауға мәжбүр етті. Сол кездегі жағдайды, Голощекинның озбырлығын Валерий Михайлов 1990 жылы 5 мамырда «Литературная Россия» газетінде жариялаған «Голощекиннің «Кіші Октябрі» деген мақаласында жақсы, дәйекті келтірген. «- Біткен жеріміз осы деп ойладық,- деп айтқан екен Мүсірепов достарының біріне, - ол үшін, қылышынан қан тамған сол бір жендет үшін біздің өміріміз неге тұрсын.

Филипп Исаевич өлкелік комитетке Мүсіреповті шақырып алды.

- Сен өзі сондай қамқоршы екенсің, онда Торғайға тарт... Ол жақта ешқандай аштықтын жоқ екенін өз көзіңмен көр.

Мүсіреповке сұмдық жайттерді көруге тура келген. Ол жүрген жолдың қапталында «бекеттегі мұнаралар секілді» мәйттер бірінің үстіне бірі қатарлап жиналып, үстін қар басып қалыпты. Жолай қаңырап қалған ауылдар, нақтырақ айтқанда, қатар-қатар тігілген киіз үйлерден тұратын қалашықтар кезігеді. Коллективтендіру басталысымен қырда көптеп пайда болған еді. Жолсерік екеуі қалашықтардың бірін аралап көреді. Әр киіз үй нөмірленіп, тұтас көшелерді құрайды. Бәрі де қаладағыдай секілді. Кішкене көрсеткіш тақтайларда ілініпті: Құрамысов көшесі, Ерназаров көшесі, Рошаль көшесі, әр көше қазақстандық көсемдердің бірінің иығында. Ал киіз үй қалашығының өзі «Жолдас Голощекин» атындағы деп аталады екен. Қалашықта бірде бір адам болмаған, бәрі де өліп бітіпті... Осыларды көрген Мүсірепов қасыреттен қанжұтқандай болды. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей елдің қырғынына дым болмағандай, міз бақпай отырған Голощекиннің мына әрекеті зығырды қайнатады. Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ. Ол қазір ұлтшыл айдары тағылған халықтың жауы. Голощекин қолын көтерсе болғаны торға түсері сөзсіз. Сондықтан іштен тынып, «көршің соқыр болса, қөзіңді қыс» дегеннің кері келіп, бәріне көнді. Осы мақаладағы бес автордың бірі, 1937 жылы Қазақстанда «Халық жауы» деп қамауға алынып, сотталған Мәнсүр Ғатаулин жөнінде мынадай дерек келтіріледі. «Ғатаулинге соңғы сөз берілді. Ол сотқа тартылғандар орындығында отырған өз жолдастарын көрсетіп былай деді:

- Мыналар халық жаулары емес. Жау менмін. Сондықтан да бір мені соттаңдар. Бірақ менде халық жауы емеспін, халық жауларының жауымын. Ал ондай жау болуым 1932 жылы командировкамен Кентке (Қарқаралы маңындағы елді мекен) келгенімде басталды.

Машинадан түстім, айнала тірі пенде көрінбейді. Ештеме жоқ, ұзыннан салынған қора ғана тұр. Есігін ашсам, ішінде өліктер жатыр. Үлкен қораның іші қатар-қатар жиналған мәйіттерге толы. Кейбір адамдардың көзі ашық жатыр, бірақ әне-міне өлетіні көрініп тұр. Айғай-шуды естіп, сыртқа шықтым. Шаштары жалбырап, көздері қанталаған, қолдарында пышақтары бар әйелдер жүргізушіге тарпа бас салып, оны бауыздамаққа әрекеттенуде. Әуеге оқ аттым, олар тұра қашты. Жан-жағыма көз салсам, бір ошақта үлкен қазан қайнап, отта тұр. Бірдеме пісіп жатыр. Қақпағын аштым, қайнап жатқан судың ішінен жас баланың бірде аяғы , бірде қолы, бірде өкшесі көрінеді. Міне сол кезден бастап мен халық жауларының жауы болдым».

Бұл келтірілген деректерге шолу жасау керек болмас.

Бұл хат 1932 жылы шілдеде жазылғанмен, ол асқынған, ұзаққа созылған аурудың зардабынан туған еді. Ораз Исаев және зиялы азаматтар жазған екі хатта да 1930 жылы Қазақстанның талай огругтерін қамтыған халықтың қозғалыстары туралы айтылмайды. Олардың шыққан себептерін хат авторлары жақсы біледі. Олардың барлығы кезінде “Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық қарулы көтеріліс” деп тұжырымдалып, ол туралы айтуға тиым салынған-тын. Соның бірі «Созақ көтерілісі» еді. Кезінде осы уақиғаға байланысты талай-талай мақалалар, естеліктер жазылып, олардың авторлары халыққа нанымдылау етіп, қанды қырғынды ақтау үшін коммунистік отрядтардың командирлері, мүшелері Созақ көтерілісін көлемділеу, дайындықпен ұйымдасып, жасақталған нағыз қарулы көтерілістей көрсетіп, қисынсыз деректерді келтіріп бақты. Кейбіреулерінде «ауған тыңшысы», «ағылшын барлаушылары» оларға басшылық етіп, жөн сілтеп, жолға салып отырған деген бұл уақиғаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қиялдан туған деректер келтіріледі. Осы естеліктерге сүйеніп жазушы Федор Чирва повесть жазса, «Біз ЧКаданбыз» деген кітапта ол көтеріліс жақсылап дайындалған ірі қарулы көтерілістің бірі болып, оны басуда ЧК қызметкерлері асқан ерлік, батырлық, тапқырлық көрсеткен болып суреттеледі. Солардың бәріне сендік, сенбегенде ше? Ол кезде біздер қырандарын қинаған даласын да сыйламас, ұландарын қинаған данасын да сыйламас жандар болып қалыптасып келе жатқанбыз. Оның үстінен әділ саясатына қарсы, қайшы келетін қылмысты топ әшкереленсе, ойдан табылған фактілерді жинастырып, қиюын қиыстырып қоюлатып жазсақ, ол нағыз марксистік-лениндік, диалектикалық материализм тұрғысынан терең талданып жазылған, әділ бағасын алған іс болып есептелетін. Созақ көтерілісі де, осы тұрғыдан қаралып, тұжырымдалып, саяси бағасын алды. Ал түптеп келгенде бүкіл Созақ атырабындағы ел болып жиналып шешкен шешімі, алдында белгіленген мұраты, не жария қылған жарғысы жоқ ол неғылған хандық өкімет? Бас-аяғы алты-жеті күн Созақ елді мекенін, оның айналасындағы ауылдарды дүрліктіріп, төрт сағатта біткен бұл неғылған контрреволюциялық қарулы көтеріліс? Сонау Ташкенттен, Қызылордадан; Әулие-Атадан, Шымкенттен, Алматыдан бес қаруы сай, зеңбіректері бар армия жинайтындай, Созаққа шоғырланған неғылған жойқын күш? Бұл ешнәрсенің байыбына бармай, дауыл қайдан соқса ығып, қорыққанға қос көрінедінің кері келіп, түймедейді түйедей көрсеткен партия-әкімшілігі органдары басшыларының округтік мемлекеттік саяси басқармасының аудандық өкілетті өкілі Тыныштықбаевтың Түркістанға барып тікелей байланыспен берген хабарынан ұшқындаған жалын. (Тыныштықбаев қайтып келе жатқанда қаза болды). Енді осы «көтеріліс» туралы жасар қорытындымыз, түйер тұжырымымыз дәлірек болу үшін Созақ ауданына барып, ел қарияларының пікірін білсек артық болмас деп түйдік.

- Керек, жұмысты қолға алыпсыздар, - деді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Досыбай Шерімқұлов, оған кіріп өз мақсатымызды айтқанымызда:

- Бізден қандай көмек болса да аянбаймыз. Әрине, біздер жас ұрпақпыз. Тарихта не жазылып келсе, соған бұзылмас қағидадай сендік. Осы ауданға келгелі бұл тақырыпта талай қариялармен әңгіме-дүкен құрып, талай талай нәрсенің ақты-қарасын ажыратқандай болдық. Біз байыбына бармаған, біз білмейтін талай сырлар жатыр екен бұл ауданда. Ел жағылған қара күйеден арылып, бұл уақиғаға дұрыс баға берілсе бізге де абырой. Іске сәт!

Облыстық ерікті тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары Қазалі Әлібеков, Калинин атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы Дулат Тұранов, Созақ ауданының байырғы тұрғындары, еңбек, майдан ардагерлері Әмірбек Жаслановпен, Шама Отыншиевпен, Сейдәлі Мұстафаевпен, Дәуті Әбіловпен, Мәден Тәжібаевпен, Асан Аманжоловпен, басқа да кісілермен сұхбаттасып, естеліктерін жинағанымызды айта кеткеніміз жөн сияқты. Олардың барлығы да алпыс жыл бойы шындық айта алмай тығылып, құса болып жүргендерін, сол «көтерілістің» арты талай жас кадрлардың кейбіреуінің тағдырына ерекше әсер еткенін, айтылып жүргеннің барлығы ойдан құрастырылған деректер екенін, кейбір белсенділер соның арқасында аяқтарын алшаң басқанын айтты. Осындай жұмыстармен айналысып, жазып жүргенімізде 1990 жылы 24 мамырда «Ана тілі» газетінде тарих ғылымының кандидаты, доцент Талас Омарбековтың «Созақ көтерілісі» деген мақаласы шықты. Мақаланың шыққанына қуанғанмен оқып шығып қынжылғанымды жасыра алмаймын. Автор өзінің мақаласында ескі сарынмен жазылған естеліктерді молырақ пайдаланғанға ұқсайды. Сондықтан да тарихи шындыққа үйлеспейтін жерлері баршылық. «Созақ көтерілісі» деп Сарысу қозғалысын да, бұған қатынасы жоқ басқа көлденең деректерді де бір мақалада тоқайластырған. Негізінде екеуі байланысты болғанымен Сарысу көтерілісін өз алдына, Созақ көтерілісін өз алдына талдап, тарихи деректерді анықтаған дұрыс. Бұлардың шығу тегі, себебі бір болғанмен оның әр қайсысының өз ерекшелігі бар.

Автор кейбір деректерді бұл оқиғаға қисынсыз қосқаны көрініп тұр. Мысалы: «Созақ көтерілісі» жекелеген наразылықтан басталып, біртіндеп жалпыхалықтық қозғалысқа ұласты дейді. Автордың бұл тұжырымы дұрыс. Одан әрі: осы округте 1930 жылы қаңтар айында жергілікті халыққа тісі баткан, мақта даярлаумен және өткізумен айналысатын уәкіл коммунист Ахметов өлтірілді. Өлтірушілер жасырынып қалды. Өкімет өкілін өлтірушіні тауып, ең ауыр жазаға тарту туралы дауыстар әр жерлерден естіле бастады. Осыған байланысты Шымкентте өткен қайғылы жиналысқа екі мыңға жуық адам қатынасты. Олар кулактар мен байларға карсы шешуші күреске шақырған қарар кабылдады. Созақ ауданы құрамына кіретін Сырдария округінің партия ұйымы осы қайырымсыз да мейірімсіз күресті қазақ арасында бұрыннан танылған атақты адамдардың тұқымдарына соққы беруден бастады дейді де Жуалы ауданындағы деректерді келтіреді. Созақ ауданының бір пұшпағыңда ғана болған көтеріліске бұл деректердің қанша қатынасы бар? Ахметов Шымкент округіндегі 22 ауданының кайсысында өлтіріліп, Шымкенттің кай жеріне, кай жылы жерленген? Тарихи деректерде, Созақ көтерілісінде қаза болған 8 коммунардан басқа, ондай коммунист Шымкентте жерленді дегенді естімедік. Созақ қозғалысы небәрі 6-7 күн болған. Қозғалыс Созақ елді-мекенінін айналасындағы, сондай-ақ Шолаққорғанмен арадағы ауылдарды қамтып, Шолаққорғанға жетпеген. Үгітшілері келіп кеткен. Автордың: «Шолаққорғанды басып алғаң Созақ көтерілісшілері Шымкент бағытында шабуылға шықты»,- деуі шындыққа сыйыспайтын, ескі естеліктерден алған саусақтан сорылған дерек. Көтерілісшілер жеңіске ие болған күнде Түркістанға бағыт алып, «шойын жолды алсақ жеңіске жетеміз»,- деп есептеген. Сонымен қатар мақалада келтірілген майдан эпизодтары ескі естеліктердегі әркімнің ойлап тапқан деректері. Автор оларды мақаланы көлемді ету үшін алған болу керек. Мақаладағы Аллан деген ханның Созақ көтерілісіне ешқандай қатынасы жоқ. Созақтықтар өздері Сұлтанбек Шонаков деген батыршалыстау, ақыл парасаты ел басқарарлықтай емес, орта шаруаны (ел қарияларының айтуына қарағанда) сайлаған. Оның да өмірі апталық болған. Автордың «Созақтан бастау алып, едәуір улкен территорияға Сарысудан Ырғызға дейінгі аймаққа тараған 1930 жылдың ақпан-маусым айларында болған голощекиншіл күштеп коллективтендіруге қарсы бағытталған және жеңіске жете алмаған, яғни халықты көніп келе жатқан ашаршылықтан да арашалап қала алмаған» деп басталатын тұжырымына негізінен қосылғанмен, «Созақтан бастау алып» дегеніне қарсымын. Мұндай қозғалыстар бұдан бұрын Қарақалпақыстандағы Тақтакөпірде, Қостанай округіндегі Бетпаққарада, Сырдария округіндегі Сарқандта, тағы басқа жерлерде болған. Бірақ, олардың бір-біріне байланысы жоқтын. (Сарысудан басқасы) жақындап келе жатқан ашаршылықтан» деген тұжырымы да дұрыс емес. Созақ ауданында ашыққан жұрт жаужұмырды («жаужұмыр» деген шөптің тамыры, кептіріп түйсе, не диірменге тартса ақ ұн сияқты) қорек етіп жатты. Автор Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан өңіріне жататын болған соң ба «мақта даярлау» деген терминді де қолданды. Ол дұрыс емес. 1929-1930 жылдары Созақ өңірінің тұрғындарының басым көпшілігі көшпелі, мал-шаруашылығымен, Созақ елді мекенінде тұратын өзбектер суармалы жерлерге көкеніс егіп, бау-бақша өсірумен айналысатын. Мақта егу колхоздасқаннан кейін жоспар бойынша ендірілді. Созақ өңірінде халықтың көтерілуіне басты себеп болған төмендегі жағдай. Осы орайда елдің қариясы, Калинин атындағы совхоздың «Жеткіншек» бөлімшесінің тұрғыны Сейділлә Мустафаевтың естелегін келтірген жөн сияқты. «1929-1930 жылдың қысында шамасы қаңтардың басында болу керек құмда «Ақсақ бақсы» деген жерде қыстап отырғанымызда, сау етіп бір топ уәкіл келді де: «Әр түтін бір қанардан жүн өткізесіңдер, бір апта мұрсат береміз. Орындамасаңдар қамаласыңдар!»- деді. Күзде бар жүнді өткіздік, жүн жоқ дегенге сенбейді Содан уақ малдары молдауы жүні ұшін 50-100 деп қой-ешкілерін, түйесі барлары түйесін сойды. Әкем мені Данабек деген ағаммен Шу бойын қыстап отырған туысқан жекжаттарға барып, қарызға жүн сұрап әкеліңдер деп жіберді. Төрт қанар жүн тауып, екі атқа артып келдік. Қыстың көзі қырауда алысқа барып қайту оңай ма, бір аптадан аса жүрдік. Ауылға келсек, біздің және жан-жақтағы ауылдан 17 адамды қамауға әкетіпті. Олардың ішінде менің атам Ахмет, 72-ге келген елдің ақыл-парасаты мол қариясы Оңдыбайдың Арыстанбегі бар еді». Ел қарияларының әңгімелеріне, құжаттарға сүйеніп төмендегі қорытындыны шығаруға болады: «Қашайын деп тұрған киік еді, артына таяқ тиіп еді»,- дегендей жазықсыз ел азаматтарының, қарияларының жөн-жосықсыз қамауға алынуы елдің қызба қан жігіттерін ашындырды. Бұрында белсенділердің жасап жатқан қиянаттарына, істеген озбырлықтарына ызаланып, наразылық білдіріп, көздеріл жойып жіберуге де әрекет істегендерін ел қариялары басып, тәк-тәкпен тоқтатып, тізгіндерін жібермей жүрген-тін. Мына төтенше уақиға жарылайын деп тұрған шиқанға, біз сұғып алғандай болды. Оның үстіне милицияда істейтін бір жігіт қамалғандардың бірінің туысына:

- Сендердің туысқандарың Түркістанға айдалғалы жатыр, тамақ, киім әкеліңдер,- дейді.

Ашынған жігіттер өзара мәмілеге келіп, оларды күштеп босатып алуға, Дәрібектің Айдай, Күндей деген қыздарын ұзатқан тойында келіседі.

- Белсенділердің қолынан өлеміз бе, аштан қырыламыз ба? Қайда барсақ қорқыттың көрі. Қойдай қырылғаннан гөрі, одан да жастығымызды ала жығылайық. Кеңес өкіметінің де, әділеттіліктің де ауылы алыс. Біздің ақырғы аяқ серіппемізден қорытынды шығарып, артымызда қалғандарға жақсылық істер. Жігіттер бел шешейік. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі. Өлмегеніміз басымызға түскенді көрерміз,- деді елдегі отты жігіттердің бірі. Отырғандардың барлығы осыны қуаттап:

- Осы тірлігіміздің басшысын сайлайық, — деген ұсынысқа Шонақтың Сұлтанбегін сайлады. Мінезі бір тоға шатыр, батыр шалыстау, күш десең күші бар. Отырғандардан бір жігіт:

- Сұлтанбек хан болсын, деп ұсыныс жасады.

- Сен дуалы ауыз екенсің. Сұлтанбек хан болсын, хан болсын, - деп даурығысты отырғандар. Сөйтіп ақ боз ат сойып, ақ киізге салмай-ақ Шонақтың Сұлтанбегі хан болды да шықты. «Құланнын қасуына мылтықтың басуы сай келді» дегендей осы кезде Сарысуда көтерілген ел күштеп басылып, аман қалғандары үдере көшіп Созаққа бет алады. Жолай оларға Созақ ауданының ауылдарының, Сұлтанбектің айналасындағы жігіттер қосылады да Созаққа келеді. Абақтыда әділетсіз қамалып жатқан адамдарды босату жөніндегі тілекті халық соты Әйдік Темірбаев та, аудандық партия комитетінің хатшысы Күдербек Жүнісбеков те, аудандық атқару комитетінің төрағасы Дауан Қаңлыбаев та орындамайды. Шиеленіскен тірлік күшпен шешіліп, аудан басшыларының ажалына тура келді.

Абақтыға келген Сұлтанбектің жігіттері милиционерлерді қуып, абақты есігін ашып:

- Шығыңдар, сіздер босандыңыздар. Біздер қол жинап көтерілдік. Белсенділерден кегімізді аламыз, алланың ақ туының астына жина-ламыз. Хан сайладық, - дейді.

- Хандарың кім болды? - дейді Арыстанбек қария.

- Шонақтың Сүлтанбегі.

- Жетіскен екенсіңдер. Ел набыт болатын болды ғой. Бекер істепсіңдер. Әлде де болса ақылға салайық, - дейді ақылгөй қария.

- Ареке, ел көтерілді. Шыдамы таусылған шығар жігіттердің. Ажалды басқа бір өлім. Енді бізге қалай болса да жақсылық жоқ. Осыларға қосылып, жастығымызды ала өлейік, - дейді Ахмет.

- Әлі де айтарым, ақылға салайық. Қызбалық жақсылыққа апармайды. Кеңес өкіметінің тірегі мықты, құрығы ұзын, қаруы мол. Шитті мылтық, шоқпар, сойылмен не айбат қыласыңдар. Ел қанға бөгеді. Менің қорыққаным емес, көзсіз батыр болғым келмейді. Менің ақылыма көнбесеңдер сендерге ермеймін, осында қаламын. Кеңес өкіметі өзі қамады, ақты-қарасын ажыратып, өзі шығарар, - дейді Арыстанбек.

Ел азаматтары істің ақыры немен тынарын ақыл таразысына, салмай, көкпарға баратындай даурығысып атқа қонды. Малдары ортақтастырылып, қисапсыз салықтардан титықтап, аштыққа ұшыраған ел еш нәрсенің байыбына бармай кооперативтерді, елден ұрыққа деп жиналған астықты тонады. Осылай Созақ халқының қозғалысы басталды. Алдын ала айта кетейік, абақтыдан шыққан Ахмет Қожақұлұлы осы қозғалысқа қатынасып, елді қанды қырғынға ұшыратып, қызыл әскерлер Созақты алғанда ол құмдағы ауылына қашып жетіп, қыстың суығына қарамай ауылды көшіріп Арқаға өтіп кетеді. Оның артынан тамақ, киім апарған ұлы Мұстафа нөпірдің ішінде жүріп оққа ұшады. Мұстафадан қалған ұл Сейділлә қазір еңбек ардагері. Ол былай деп әңгімелейді:

- Атама ақыл айтып, Кеңес өкіметі әділ шешімге келеді деп абақтыда қалған Арыстанбек Ондыбай ұлы атамыз, көтеріліс басылған соң абақтыдан шығарылып атылыпты. Оның ісінің ақты-қарасын ешкім тексермепті де.

Атам ауылға келіп тез арада Арқаға үдере көштік. Келесі жылы барлығы басылып, тыныштық орнаған шығар деп күзде «Қоңырға» көшіп келіп, қайта қоныстанғанымызда бір күні сау етіп атты әскерлер келді. Ортасында уәкілдері, белсенділері бар. «Созақтың көтерілісіне қатынасқансың»,- деп атамды және ауылдың біраз жігіттерін айдап кетті. Атам сотталып Түркістан-Ащысай темір жолын салып жатқан сотты болғандардың лагеріне жіберіліп, көп ұзамай сол жерде қайтыс болды. Жетпістен асып кеткен адам ондай қара жұмысқа қайдан шыдасын. «Созақ көтерілісіне қатыстың»,- деп сотталған бізге қарастылардан есімде қалғаны: Иса Ахметұлы, Ысқақ Жұманұлы, Сәдуақас ІІІақайұлы, Дәкен Жаманбек-ұлы, Салықпай Аралбекұлы — өте мерген кісі еді, Қасымбай Ағымбай-ұлы, Әлібек Шонақұлы, хан деп күпілдетіп жүрген Сұлтанбектің інісі, Сарман Сұлтанбекұлы, Әбділдә Жақсыбайұлы, Омар Жауғашұлы, Сағындық Шитмәнбетұлы, Әліп Асанұлы, басқа да көптеген адамдар. Бұлар он жылдан кемге сотталған жоқ. Осылардың кесімді жылдарын бітіріп елге оралғаны Дәкен, Сәдуақас, Салықбай ғана. Қасым Ағымбайұлы тиісті жылын бітіріп елге келе жатқанда жете алмай жолда қаза болды. Қуғын-сүргін мұнымен біткен жоқ. 1937 жылғы ел басына түскен нәубетте Салықбай, Әліп, тағы басқалары халық жаулары қатарына тағы қосылды. Одан қалғандарын, жауқазындай өскен жастарды Ұлы Отан соғысы жалмады. Құдай енді басымызға осындай қасіретті келтірмесе екен». Теңіздің дүлей толқынындай қолдан жасалған наубет ел азаматтарын осылай набыт етті. Баста асыра сілтеушіліктің қысымына шыдамай, ызаға булыққан елдің тарпа бас салуының аяғы өкімет адамына қол сілтеумен, қан төгумен аяқталады.

Енді партия архивында сақталған құжаттарға сөз берейік:

Бірінші телеграмма (сөзбен жазылған телеграфтың тыныс белгілері алынып тасталып, еш өзгеріссіз, қоспасыз ұсынылып отыр)

Алматы БКбП Өлкелік комитетіне.

Созақ бандылардың қолында болып, байланыстын қиындығынан, қозғалыстың шығу себебін, қарулы бандылардың қанша екенін, халықтың қай бөлегі оларды жақтайтынын біле алмай отырмыз. Тексерілмеген хабарға қарағанда ауданның басшы кадрлары өлтіріліп. Округтен Журавлевтің, Мусиннің басшылығымен жіберілген 50 адамдық отряд екі бөлініп, 11 ақпанда Түркістаннан шықты. Тексерілмеген хабарға қарағанда 25 адамнан құрылған отрядтың бір бөлігі Созаққа бет алғанда жолай бандиттермен соғысып, алты адамнан айрылып, кейін шегініпті. Қазір 35 адамнан құрылған, бір пулеметі бар Қызылорда отряды, Ленин мектебінің эскадроны келді. Шабуыл басталды осы күш әзір жетерлік, қорытындысын қосымша хабарлаймыз. Әулие-Атадан 30 адамнан құрылған отряд Кентарал бағытына кетті. Сол бағытқа Әулие-Ата эскадроны да бет алды. Бұл отрядтың міндеті - тосқауыл қойып, кейбір бандиттерді тұтқындау - отрядтарға қолма-қол қимылмен қатар үгіт-көпшілік жұмысын толық барабар жүргізу тапсырылды. Бандиттермен күрес, басқа жұмысқа, атап айтканда, ақ егіс науқанына ықпал етпеуін де ойластырдық. Созаққа Исаевты жіберу қажетсіз болар деп есептеймін. Созаққа құрамында Идельсон, Құлсартов, Журавлев бар комиссия жіберуді белгілеп отырмыз. Жедел келісіміңізді күтеміз. Исаевтың егіс себу ісіндегі атқарар жұмысы осыған байланысты.

“Исаев, Гурин”

Дұрыс: округтік партия комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі Гаранин. 14 ақпан 1930 ж. Шымкент (Шымкент облыстық партия комитеті, партия архиві. іс 608, 42 бет). Осы телеграммаларға сүйенсек округтің партия, Кеңес басшыларының бұл көтерілістен мүлдем бейхабар екенін аңғарамыз. Осыған орай Талас Омарбековтың мақаласында көрсеткен көтерілісті дайындауға ат салыса қатынасқан аудандық милиция бөлімі бастығының, милиционерлердің әңгімесі, «Созақ көтерілісін жасырын даярлауға орташалар мен молдалар үлкен белсенділік танытты»,- деуі ескі естеліктерде жазылған ойлап табылған фактілер. ІІІындығына келсек аудандық милиция бастығы Бейсембаев көтерілісшілер жағына шығып кеткен-тін. Өлке басшыларының көтеріліске контрреволюциялық, совет өкіметіне қарсы жасалған» деп мән бермегенін де байкаймыз. Созаққа Идельсон, Құлсартов, Журавлев бар комиссия жіберуді белгілеп отырмыз»,- деуі, егіс себу ісіне ерекше мән берілуі осының айғағы

Екінші телеграмма: «Түркістаннан тікелей байланыспен қолма қол берілді. Жария болып кетпеуін қамтамассыз етіңіз. Шымкент округтік БКбП Исаевқа, Гуринге. Сарысудан келген бай-ишан бандылары 7 ақпанда Созақты басып алып, оған Созақтың байлары қосылды да атақты бай Сұлтанбек Шонақовты хан сайлады. Хабарға қарағанда атком председателі Каңлыбаев, халық соты, аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы, тергеуші, тағы да бір шама қызметкерлер өлтіріліпті. 8 ақпанда 8 адамнан құралған екі барлаушы топ Созақ, Ащысай бағытына жіберілгені туралы хабарладық. Ащысай бағыты қауіпті болғандықтан 9 ақпанда жергілікті коммунарлардан 50 адам сол жаққа жіберілді. Көп ұзамай Шымкенттен, Қызылордадан адамдар келді де 8 ақпанда жіберілген бірінші топқа комекке 13 адам аттанды. Хабарға қарағанда бандылар Созақты алыпты. Созақ жолында ГПУ-дің өкілі Тыныштықбаев қаза болды. Исаев бастап Созаққа бет алған біздің топ тауда бандылармен кездесіп, шайқас болып, 6 адам өлді. Соның ішінде Исаев ауыр жараланды. Бандылардың қаруы аз, көбі аңшы мылтық. Исаев бастаған біздің отрядқа Поляков бастаған Қызылорда отряды қосылып, 11 ақпанда Қуашық деген жердегі тау баурайындағы керуен-сарайға бекініп, бандылармен атыс болды. Хабарға қарағанда Ақаев бастаған Түркістан атты әскер мектебі екі бағытта— Ащысай, Созақ бағытында іске кірісіп. Қазір бандылар Қаратауға қашуда. Жаңа келген мектептердің не істегені, бұрынғы әрекет істеп жатқан Никитинко, Исаев, Поляков отрядтарымен қандай байланысы бар екендігі жөнінде әзір егжей-текжейлі хабар жоқ. Өйткені Түркістанда гарнизон қалды, штаб болса Журавлев, Мусин, Шумилов, Логачев, тағы басқалары бар Созақ жолында Біздің бөлімшенің жалпы саны 500 қылыштай, пулеметтері, зеңбіректері бар. Түркістан ұйымдарынан жолбасшылық отряды үшін 200 адам шақырылды, Созақ бағытындағы отряд-тармен байланыс, оқ-дәрі, тамақ, жем тасу үшін 500 ат жиналды. Барлық коммунистер мен комсомолдар аяқтарынан тік түр, Түркістандағы ұйымдар жұмысы қаз қалпында. Болып жатқан уақиға Созақ бағытында сәл ықпал етуде. Ауылдардың бай, ишандарды қолдаушылары көтерілісшілерге ілтифатты. Осы уақиғаны пайдаланғысы келгендер де бар. Түркістаннан 18 шақырым жердегі «Қарнақ» селосында 14 ақпанда жер аударылған байлар мен ишандардың балаларының айдап салуымен үрықтық дәннің 400 пұттай шамасын бір ауқым халық талап, партия ячейкасының секретары Атабаев өлтірілді. 15 ақпанда Зуев, Ваченковтың басқаруымен Түркістаннан жіберілген отряд «Қарнаққа» еш қақтығыссыз кірді де тонауға, өлтіруге себепші болған — барлығы 42 адам тұтқындалды. «Қарнақта» отрядтың қатынасуымен кедейлер жиналысы өткізіліп, «Қарнақтағы» қазынаны өзіміз қорғаймыз, өз күшімізбен байларды ұстаймыз деп шешті. Шаянда байлардың кейбір әрекеттері білінді. Никитенко Созақты басып алған соң одан қашқан бандылар Жаңа қорғанға өтуге әрекет жасады, Соңғы ақпарға қарағанда бандылар Қаратауға қашты. Қызылорда округінің Шиелі ауданында да толқыныс болып, оған қарсы Қызылорда округінің отряды шара қолданып жатыр. «Қарнақтағы» уақиғаға байланысты біраз іс-шаралар істелді, толық жағдай анықталған соң қорытынды шығарамыз. Әзірге Созақтағы уақиғаның ықпалымен болған бай-ишандардың іс-әрекеті деп отырмыз. Таланған ұрық дән жиналуда. Кедейлер. батырақтар: «Кінәлілер аяусыз жазалансын деп жатыр», «Қарнақ» “Атабаев” деп өзгертілді. Жаңа хатшы тағайындалды. Eгіс себу, коллективтендіру жұмысын күшейтіп жатырмыз. 15 ақпанда біраз ауыл Кеңес төрағаларының, уәкілдердің, жұмысшы отрядының баяндамаларын тыңдап, оларға нақтылай тапсырма бердік. Бүгін ауыл, қыстақтарға жаңа қызметкерлер жіберілмек. Жұмыс істеп жүрген жолдастар жер-жерге бекітілген. Округтік комитеттің соңғы нұсқауына орай ауданда жаппай коллективтендіруді аяқтаймыз. Созақ партия кеңес жұмысын қалыпқа келтіру үшін округком шұғыл түрде жолдастарды іріктеуі тиіс. Ащысай, Түркістан күзетпен қамтамассыз етілген. Менен хабар болмауының себебі, Журавлевпен шарт бойынша ол қолма-қол байланыс арқылы бізге хабар беріп тұруға тиісті еді.

Тоқжігітов “Хабарлаған жауапты кезекші Филиппов, қабылдаған жауапты кезекші Богоявленский». (Шымкент облыстық партия комитетінің партия архиві 29 к, 1ж. 608 іс, 10-11 бет). Осы хабарға қарағанда көтерілістің жеңіліс тауып, алғашқы шыққан жері Сарысу өңірі екенін, сол жақтан ауа көшкен жұрт Созаққа келгенін байқаймыз. Талас Омарбековтың «Көтерілістің басты ошағы - тама руының ауылдары орналасқан Сарысу және Созақ аудандары болды. Бұл аудандарда алғаш 400 адамнан тұратын, 1916 жылдың сарбаздары қаруланған шайқас қарулары: шиті мылтық, садақ, қайқы, қылыш, найза, сүңгі, сойыл және шоқпарлармен жақсы жабдықталған айбарлы жасақ бас құрады. Бұл көтерілістің басты соққы беретін белсенді де бастауышы, әскери тілмен айтқанда, гвардиялық, «сен тұр, мен атайын» деген өжет жігіттерінен құралған ұйымдастырушы күші болатын», - деген дерегі ескі естеліктерден алынған, не ойлап табылғандай. Сонда автор Созақ уақиғасына қатынасқандарды жақтап отыр ма, жоқ таптап отыр ма, осы жағы белгісіз. Таластың «Көтерілістің басты ошағы - тама руының ауылдары орналасқан Сарысу және Созақ аудандары болды» деп үзілді-кесілді тұжырым жасауының жөні қалай? Қай қазақтың ауылы таза бір рудан топтасушы еді? Тамалармен бірге көшіп-қонып жүрген найман, тарақты, сүлгетей, арғын, қожа т.б. рулар болмады деп кім кепілдік бере алады? Көтерілістің шығу себебін бір тама руына жаба салу рулы елге қиянат емес пе? Телеграммада: «Бандылардың қаруы аз, көбі аңшы мылтық» деуіне қарағанда, көтерілісшілерді «гвардиясы» бар мұздай қаруланған, үйретілген жойқын күш еді деп тұжырымдау шындыққа сыйыспайды. Осы қолма-қол хабарға орай 1989 жылы наурыз айында Түркістан ауданының «Победа» колхозында өткен Өзбекстан ақын-жазушыларымен кездесуі еске түседі. Сонда өзбек жазушысы, филология ғылымының докторы, профессор, қарнақтық Сунатулла Анарбаев былай деген болатын: «Қазіргі қайта құру дәуірінде тарихи шындық салтанат құруы тиіс. Мен қарнақтың түлегімін. Елдің басынан өткен ашаршылығының, ауыл адамдарының шолақ белсенділерден көрген зорлық-зомбылығының, жөнсіз қиянаттың куәгерімін. Сол белсенділердің бірі - Рахматулла Атабаев еді. Шаш ал десе бас алатынның нағыз өзі. Ол аяушылық дегенді білмейтін. Салық, айып, әділетсіз іс өpіc алды. Мақтаның жоспары орындалмады деп елдің көрпесін сөктіріп, мақтасын өкіметке өткізген де сол. Ашыққан халық ұрық қорына деп өздерінен тартып алып, қоймаға жинаған дәнді бір түнде талады. Ертеңіне Атабаев өліп шықты. Сөйтсек, ол «халық көтерілді» деген хабарды естігенде, қорқып қашпақшы болып корасында атқа мініп, шауып шығамын дегенде дарбазанын көлденең ағашына басын ұрып, қаза тапқан екен. Бірақ тергеушілер бұл істі басқаша айналдырып, оны өлтіруші сорлы кедейлер болып шықты. Сөйгіп Атабаев Кеңес өкіметі ушін құрбан болған жауынгер комунист атанып, «Қарнаққа» соның аты берілді. Бұл әділетсіз шешім. Селоға «Қарнақ» аты қайта берілуі тиіс». Үшінші жедел хабарға жүгінейік. «ОГПУ-дың тікелей байланысы арқылы Түркістаннан берілді. Москва ОГПУ Ягодаға, Алматы ПП ОГПУ Вилленбергке, Ташкент ПП ОГПУ Бельскийге, округтік штабтың бөлімі Цоляновқа, көшірме Шымкент ОГПУ-ына, Қызылорда ОГПУ-ы Никольскийге.

Қолма-қол хабарлама №12, 14 сағат 15 минуттағы жағдай.

ОГПУ кызметкері Никитенко бастаған коммунарлар отряды Түркістанның солтүстік бағытына таман 130 шақырым жерде орналасқан Созақты 13 ақпан күні соғысып алды. Отрядтың тықсыруымен сол күні, бандылар Шолаққорғанға карап шегінуге мәжбүр болды. Жаудың соңына түсіп, жолай №6 ауылдың түбінде (картада жоқ) шыққан тегі белгісіз қаруланған 120 адаммен соғысып, соның нәтижесінде отряд командиры Никитенко қарнынан ауыр жараланды. Жау жағынан үш адам және бір ат оққа ұшты. 13 ақпан күні сағат 13-те 5 отряд, Ленин атындағы Ташкент атты әскер мектебі, Логачев, Журавлевпен бірігіп (адамдардың аттары отряд деген мағынада беріліп отыр М.Р.) Созаққа шабуыл жасап, төрт сағатқа созылған қатты ұрыстан кейін Созақ алынып бандылар жойылды. Соғыста 300 бандит, қайталап айтамын 300 бандит опат болып, 200 тұтқындалып, көп ат, 70 дана дәрімен атылатын әртүрлі қару, 50 данадай суық қару қолға түсті. Біздің жақтан екі адам жараланды, оның бірі Орта Азия әскери округтің ерекше бөлімінің өкілі Мартыненко, үш ат өлді, оның бір Журавлевтың астындағы ат, бес ат жараланды. Бас отряд Созаққа тығылып жатқан бандиттерді ұстаумен айналысып жатыр. Ханның кеңсесі қолға түсті. Ұсталған бандиттердің айтуына қарағанда хан мен оның көмекшісі өлген көрінеді. Өліктер бір жерге жиналмағандықтан, оны анықтау таңертеңге қалып отыр. Егжей-тегжейлі ақпарат бүгін күтілуде. Кеңес-партия активінің қырғынға ұшырауына байланысты революциялық комитет құрылуда. Бүгін сағат 14-тен 5 минут өткенде Созаққа жүріп кетемін.

Альшанский.
Хабарлаған жауапты кезекші Янов.
Телеграфист Мишин.
17.02 сағат 30 минут. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 608 іс, 5-16 п.),

Осы ақпарға шолу жасамай-ақ «халықтың контрреволюциялық котерілісінің» қандай дәрежеде ұйымдасқанын аңғаруға болады. Небәрі, 70 дана дәрімен атылатын әртүрлі қару жарақпен қаруланған «ханның сарбаздарының» қауқары қандай болғанын зерделі адам өзі-ақ түсінер. Ақпарда 300 «бандит» оққа ұшты делінсе, Қаратауға құмға қашқан қарусыз жандарды қуып жүріп тергеусіз, сотсыз атылғандарын кім есепке алады дейсің. «Біздің ауыл шағын еді, сайда отыратын. Түс ауа келген отряд қырдан ауылға оқ жаудырды. Біздің ауылда ешқандай көтерілісшілер жоқ. Оқтан тepeзecі сынған бір кемпір: «Мына әдіре қалғырлар қайтеді»,- деп терезесінің тесігін киізбен бітемек болғанда оққа ұшып өлген. Кейін отряд ауылға кіріп үйді-үйді тінтіп «бандиттерді» іздеді. Бір үйде отынның арасында тығылып жатқан еркектің аяғы шығып жатыр екен, соны шығарып алып, ауыл шетіндегі бір үйге кіргізді де атып кетті. Кейін ол үйге ешкім кірмей бос тұрды. Үйдің қабырғасына шашыраған қан қорқынышты еді». Бұл аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Аманкелді Мырзалиевтің әңгімесі. Қариялар төмендегі жағдайды да еске түсірді. Көтеріліс басылған соң «қара тізім» бөлек отыр деген нұсқаумен лагерь ұйымдастырылды. Оған көтерілісте опат болған, қатысты деп ұсталып кеткен азаматтардың бала-шағалары қолдағы бар малдарымен жиналды. «Лагерге» қазіргі «Сызған» совхозынын «Қайнар» бөлімшесінің жерінде орналасқан «Үспі» деген аймақтан 4 гектардан астам жер бөлініп, оның айналасын қоршайтын сым, не басқа да жабдықтар болмағандақтан, көшіп келгендердің өздерінен енін екі, тереңдігін бір метр етіп ор қаздырып, бір жерден кіріп шығатын орын қалдырып, оның аузында күні-түні кезекпен милиционер отыратын болды. Құдық жоқ, су тасымал, ол да жетіспейді. Дәрігерлік көмек деген атымен жоқ. Көп ұзамай адамдардың нәжісі, малдың қиымен лагерьдің маңайынан адам жүріп болмастай сасыды. Көбінің малы жоқ, алдыменен балалар, содан соң ересектер қырыла бастады. Бұл шығын да еске алынған жоқ. Ел қырылып бара жатқан соң олар ауыл ауылға таратылып, колхоздарға кіргізілді. Соларға алғашқыда екі ешкіден бөлінгенде, көп ұзамай белсенділер ет салығы деп оны да жинап кетті».

Осы жағдайды толықтыра түсетін тағы бір естелік.

- Аға, Сіздің Созақ көтерілісі жөніндегі көтерген проблемалық мәселелеріңіз талайлардың ойын толқытып жүрек қылын тебірентіп жүр. Осыншама жыл құрандай сеніп келген қағиданың халыққа жасаған қиянатты бүркемелеу екені кімді де болса ойландырары сөзсіз. Әсіресе, алдыңғы буын ағалар басы қосылса бұл мәселе бір айтылмай қалған емес. Сізге алғысын айтушылар да бар. Соның бірі осы біз отырған ғимараттың қасынан өтетін Жуковский көшесінің арғы бетіндегі 24-үйдің тұрғыны Жандаулет Нышанов деген қария. Ол кісі Созақ өңірінің түлегі. Созақ қасіреті зардабының шет жағасын, талай өмір қиындығын басынан кешірген, - деді Түркістан индустриялық-педагогикалық техникумның партия ұйымының хатшысы Сиқым Әлімқұлов референдум өткізуге дайындық барысын көреміз деп келген қалалык партия комитетінің идеология кабинетінің меңгерушісі Әдіхан Атанбековпен маған істеліп жатқан жұмыс, дайындық барысын айтып берген соң. Көп уақыттан бері Созақ мәселесімен айналысып, соның ақты қарасын тереңірек анықтау үшін құжаттар ғана емес, тірі куалар іздеп жүрген маған бұл хабар қамбаға кезіккен жанның көңіл күйіндей әсер етті. Ол кісімен ауызба ауыз сұхбаттаспай кету кешірілмес күнәдай көрінді. Қарияның бар-жоғын, үйінде болса бізбен әңгімелесуді қалай көретінін біліп келу үшін Сиқымды жұмсадық.

Кең қора жай. Тайлағы мен ботасы жанында бізге маңғаздана мойынын бұрған түйе ең далада тұрғандай сезінеді. Шөбі мол. Қораның алыс жақ бөлігіндегі бастырма астында уақ малдар, ірі қаралар қараңдайды. Шаруасы мығым, бейнеткеш жанның қора жайы. Қария бізді далада карсы алды. Орта бойлы, тарамыс денелі, елпілдеп калған жан. Әңгімесі ширақ. Үй иелерінін қонақ-жайлы жандар екені көрініп тұр. Әпсәтте, көрпешелер жаңаланып, дастархан жайылып, тандыр нан мен қымыран да келді. Қария кемпіріне: «Тездетіп қазан көтер» - деп «нұсқау» бере бастап еді, асығыс жұмысымыздың барлығын айтып тоқтаттық. Баптап дайындалған кымыран аға ықыласына косылып, ішті қыздырып, жадыратып жүре берді.

- Созақтың іште шемен боп қатқан бітеу жарасын жарып, ақиқатты айқара ашқалы жүрген інім сен екенсің ғой. Істеген ісің оң болсын, үлкен рахмет. Түр-әлпетіңе қарағанда сен де біраз жасты артқа тастаған азаматқа ұқсайсың, - деді қария салған жерден.

- Алпысты алқымдап тұрмыз, ақсақал, - дедім карияның әңгімесіне орай.

- Дұрыс, «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деуші еді ғой қариялар. Көпті көргеніңді білдіріп жүр екенсің. Сен істеп жүрген архивта талай ғалымдар өткен тарихты аударып, талай зиялылар сол Созақ туралы жазылған қағаздарды колдарына ұстаған шығар-ау. Біреуі де осы мәселенің ақты-қарасына зер салмапты ғой.

- Қария, солай болды. Бірақ, «сәлемнің де сәті бар» дегендей әр нәрсенің өз орайы келетін шағы, дәуірі болады екен. Заман өзгерді, тарихымызға зерделі ой, ашық көңілмен үңіле қарайтын кез келді. Осыны пайдаландық. Алпыс жыл «өте құпия, пайдалануға рұқсат етілмейді» деп бұрыштама қойылған құжаттарды талдап, жарыққа шығарып, ақты ақ қараны қара деуге мүмкіндік туды. Тарихта өткен қандай бір ел билеуші болсын өзінің қара ниет тірлігін жарыққа шығармауға тырысқан ғой. Мұнда да сондай болыпты. Енді әділет жеңсе осыған шүкіршілік. Елдегі, Созақтағы қариялардың біразымен сұхбаттасып, олар да өзінің көргендерін ортаға салды. Сізде көргеніңізді, бастан кешіргеніңізді қалдырмай әңгімелеп беріңіз. Созақ уақиғасына берілген бағаның әділ не әділетсіздігін анықтауға қосқан үлесіңіз болсын.

- Осындай ақиқатқа жеткен заманға ілінгенімізге де шүкір. Біздер не көрмедік. Теріп жейтін шашылған нәпәқамыз, көрер күніміз бар екен, тірі қалдық. Аштан өлген адамның моласы жоқ. Ол ақиқат. Созақта аштан қырылған жандардың бастарында белгі түгіл ізі де қалмады. Солардың бірі болар едік те. Сұраусыз кеткен бейбақтар ғой олар. Пәнде тойынса бәрін ұмытады дейді ғой. Олай емес. Ондай қолдан жасалған қиянатты, озбырлықты, аштықты, қасіретті ұмытуға болмайды. Шымбайға батса да шындықты айту керек. Мына, Сиқым балам айтқан әңгімелерімді талай естіген. Шешемнен естігенімді, өзімнің басымнан кешкендерімді қалдырмай айтып берейін.

- Құлағым сізде, - деп жол серігім кішкене магнитофонның микрофонын қостым. «Көңілден шыққан көңілді ой, ауыздан шыққанда өңі қашады» дегендей стенографияны игермеген соң біреудің әңгімесін қаз-қалпында айтушының сөз байлығының мәнерімен дәл өз дәрежесіндей етіп қағазға түсіру қиынның қиыны. Ежіктеп қайта-қайта сұрай берсең әңгіменің өзегі үзіктеліп, қиюы қашады. Сондықтан магнитофон менің сенімді серігім.

- Біздер тама деген елміз. Соның ішінде Қойлыбай-Өтемісіміз. Ата қонысымыз осы кездегі «Жуан төбе» совхозының өңірі. «Ақ бөкенді жатыр деме, көшпенді елді отыр деме» дейді ғой. Ол рас. Малдың жағдайын жасап, көшіп-қонған ел едік. Сол өңірде 1924 жылы дүниеге келіппін,- деп бастады қария әңгімесін.

...Әкесі Нышан мен оның інісі Тілеулес жасында жалшылықта болып, табан ақы, маңдай терімен тапқан адал малын қоса асырап, «тәңірі асыраған тоқтыны қасқыр жемейді» демекші оларға құт-береке дарып, төлге төл қосылып, орта шаруалардың қызы Құлтай он саулық бақытқа, ақ жаулық болып қосылып, береке, ырыс әкелді. «Ұл таппас әйел болмас тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас құрарын айт» демекші, дәулет пен бірлікті өз ретімен құрастырған Құлтай жас иісті балдырғандарды да бірінен соң бірін дүниеге келтіріп, ошақтың отын маздатты. Дүниеге Қаршыға, Қазына, Жантөре, Жандаулеттер келіп, үй қуанышқа толды. Сөйтіп жүргенде, Қаршыға да 13-14-терге ілігіп, бойжеткен қыз атанды. Ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу болмағанмен, көрікті қыз атанып көзге түсті. Қыздың биязы мінезі мен ибалы тірлігі талай жігіттердің көңілін аудартты. Ондайларға ауылға келген уәкіл, белсенділер де құмар. Қожа деген белсенді өзінің өктемдігін көрсеткенмен оған көнер Қаршыға болмады. Бұл тірліктің кесірі Нышанға таяқ болып тиіп, ол Кеңес өкіметіне қарсы әрекет істеген бай-кулактар қатарына қосылып айдалды.

- Түске дейін тоқ болып отырған біздер, түстен кейін бар малдан айырылып, қореқ етер ешнәрсесі жоқ тақыр кедей болдық та шықтық, -дейді қария. - Егінмен айналысқан жерде егіншілік кәсіп- нәсіп қой. Ал көшпенді елдің астығы да, ағарғаны да, ас-тамағы да, төсек-орны да, баспанасы да - малға байланысты. “Енді күніміз не болады”,- деп анам зарлады. Ашынған әйел не демейді, басу айтуға келген атама да анамның тілі тиіпті. Сонда сексенді алқымдап қалған Бағаналы атам:

- Иә, құдай не көкте, не жерде екеніңді білмеймін. Бір тілегім бар. Мына Нышанның шиеттей бала-шағасының зарын естірткеннен гөрі мені ал! - деп екі қолын төбесіне көтеріп, үйіне кетеді. Ол тоқалдан туған балаларының келіндерімен тұрады екен. Атам ауырса өте қатты ыңқылдайтын адам болыпты. Ыңқыл күшейеді. Шешем шыдамай екі-уш күннен кейін барса сатқақ болып ауырып, нәжіске батып жатыр екен. Ол кезде сатқақ, «шешек» аурулары талайды жалмады. Нәрестелерді қызылша қырды. Келіндері қарамапты. Шешемнің мінезі адуын, іске шебер, өте пысық кісі. Келіндерді бір шыбықпен айдап, су ысытып, атамның төсек орнын, үсті-басын тазалап, сақал-мұртын да тәртіпке келтіріпті. Сонда атам келініне ризашылығын білдіріп:

- Келін, шырағым, босқа егіліп жылап балаларды жасыта берме. Болған іске болаттай бол. Ондай болмасаң тоз-тоз болып кетесіңдер. Мен көрмеспін, сендер жетесіңдер, заман өзгереді, жақсы заман болады. Менің санаулы күнім қалды, келіп хабар алып тұр. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дейді ғой. Нышан жаныма қайта қосылып тату-тәтті, дәулетті өмір сүріңдер, - дейді атам. «Алла» деген әлге қуат дегендей, анам ширап, тірлік қамына кірісті. Атам көп ұзамай о дүниеге аттанды. Ол жарықтықтар әулие кісі еді ғой өз болашағын болжайтын. Баласының жазықсыз қамауға алынуы, жүрекке жара салар күйік, ажалына төтенше себеп болған шығар.

...Көп ұзамай Созақ көтерілісінде опат болғандардың, қолға түсіп сотталғандардың, ұсталған бай-кулактардың үрім-бұтағы, бала-шағалары «қара тізімге» ілініп, «қара тізім бөлек шық» деген науқан жүргізілді де олардың барлығы бір жерге лагерьге жиналды. Лагерьден ешқайда қашпасын деп лагерьді айналдыра ересектеріне терең ор қаздырып, бір жерден кіріп-шығатын жер қалдырып, Әбу деген милиция күзетке тұрды. Лагерьдегі қамалғандардың баспанасы өздері қазып алған жер кепе. Асты ыза. Терезе, есік жоқ. Көр тышқанның ініндей.

- Небір ығай мен сығай жиналды лагерьде. Төсек орын жетіспейді, тамақ та сондай. Балалар қырыла бастады. Жас қыз, келіншек көрсе Әбудың еркектігі қозады. Арқадан бір байдың бала-шағасы келгенде екі көрікті қызы болды. Әбу соларға да, аштығына қарамай ойына келгенін істеді. Солар кейін аштықтан бірінің етін бірі жепті. Лагерден ерексектерді мақта тергізуге он, он бес күнге әкетеді. Артында қалған бала-шағалары қалай күн көреді, не қорек етеді, ешкімді ойландырмайды. Шешемді солармен қосып әкетті. Шешем оралғанда Жантөре аштықтың әбден шыңына жетіп, қозғала алмай қалып еді, өліп тынды. Осында менен үлкен бір қыз да опат болды. Адамдар шыбындай қырылып бара жатқан соң, лагерьдегілерге сәл «кеңшілік» жасады. Артында іздеушісі барлары лагерьден алып кетіп жатты. Біз сол жер кепемізде отыра бердік. Ол да бір, көр де бір. Адам көрге үйренеді деген сөз осындай өмірден қалған болар. Елге зәбір көрсеткен Әбу кейін елдің қарғысына ұшырады дейді елдің қариялары. Ақыры ауруға шалдығып, шіріп өліпті.

- Елге қиянатты шектен шыққанша көрсеткен кәпір Мұса деген белсенді болды дейді елдегілер, ол туралы не білесіз?

- Қара қозыны күнге тигізбей бақтырып, басында бастырмасы бар күн түспейтін қазанға пісіртіп жейтін кесапат, айналасына қыз-келіншекті жинап, талай жас періште қыздардың абыройын төккен сол қара ниет белсенді кәпір Мұса. Сондай озбырлық тірлігінен ел «кәпір» деген атты қосып атаған. Кеңес өкіметі кейін белсенділердің озбырлығына жолбермей, олардың іс-әрекетіне қарсы шара қолданған кездерде кәпір Мұса да Өзбекстанға қашты. Алдын ала айта берейін. Бізге сонда табысты. Біреулер оның елге жасаған қиянаты үшін өлтірмек болып еді, бірақ ел қариялары оны жасатпады. Біздің қазақ не дегенмен кешірімшіл халық қой. «Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген сөз осындайдан қалған болар. Бірақ «көпке тентек құдайға да шет» деген сөз бар. Кәпір Мұса сондай болды. Ел қарғысынан ол да ұрпақсыз өтті. Өзбекстаннан осында Ащысайға көшіп келген болатын. Еліне баруға бет жоқ. Бізге келіп тұрушы еді. Мұрты делдиген кісі еді. Осыдан бес-алты жыл бұрын қаза болды.

- Ал енді лагерьдегі әңгімеңізді одан ары жалғастыра беріңіз.

- Бір күні бізді іздеп Өзбекстаннан әкемнің інісі Тілеулес келді. Әкем елге келсем белсенділер тыныштық бермейді деп сол жаққа кетіп, осы жақтан көшкен ағайын-туыстарды тапқан екен. Біздерді тірі болса іздеп тап деп інісін жіберіпті. Барымызды жинап, буып-түйіп, аздаған азық-ауқатымызды алып жолға шықтық. Белсенділер: «Қашқынсыңдар, колхоз болудан қашып бара жатқан»,- деп Қаратаудың асуында тоқтатпақ болып еді, шешем адуындығына салып, олардың қақпайлағанына жүрмеді. Асудан асқан мен таудың ирелеңдеген өзені әбден жүйкелетті. Бір жерден өзім кешіп өтсем, бір жерлерден шешем арқалап өтеді. Әбден титықтадым. Тамақ жоқ. Шешем темір қалбырға бидай қуырып қалтама салып береді. Жуа теріп екінші қалтама салады. Соларды жеп ермек етіп, бір сәт аштығымды ұмытам. Бірақ жүруімнен жылауым көбейді. Тілеулес ағам ашынған болу керек:

- Жеңеше, мына жылауықпен бүйтіп жүрсек бәріміз аштан қырыламыз ел шетіне жетпей. Бас қамды ойлау керек. Баланы тастап кетейік. Ел шетіне жетіп әлденсек мұны қайтып алып кетерміз. Бұл заманда азамат аман калу үшін баласын тастағандар жоқ емес,- деп тағы бір нәрсе дейін деп келе жатыр еді.

- Ай, сенің денің сау ма? Не оттап тұрсың! «Бөрікті тастап, бөріден құтыла алмассың» демекші, осы баланы шырылдатып көзінің тірісінде тастап кетіп, мені ажалдан құтылады деп отырсың ба? Алыс жол атты сынайды, Ауыр жол ерді сынайды. Сондағы істеген ерлігің осы болганы ма? Жолыңнан қалма, жаныңды сақтағың келсе тарта бер. Өз қаржымыз өзімізге жетеді, Әндіжаныңды табармыз. Шойын жолға жете алмасақ та осы баланы аман алып қалуым керек. Біз қызымыз екі елге әйел болып кетсек те осы үшін өмір сүруіміз керек. Егер мұны тастап шалыма аман жетсем не бетімді айтамын. Жолыңнан қалма, кете бер, -деді шешем өктем үнмен. Тілеулес ағам ағат іс істегенін сезінді де, арқалап ала жөнелді мені...

Жол азабын мол тартып, Арыс станциясында нан аламын деп поездан қалып кеткен Тілеулес Ташкент станциясында бір қайырымды адамның арқасында қайта табысқан. Олар өлдім-талдым дегенде үш қорғанға жетіп, ағайындарға қосылды. Өзбекстан мен Тәжікстанда босқын қазақтармен бірге Нышан семьясы аштық пен тоқшылықты да, кедейлік пен молшылықты да көрді. Сонда да туған жерін, Қаратаудың теріскейін естен шығармайды.

- Сонау жылдары мал басы құралып, дәулетіміз де молайды. Сонда, «Родина-52» деген радио қабылдағыш сатып алып, күнде кешке елден хабар тыңдаймыз деп ауыл жанындағы төбе басына жиналамыз. Қазақтың күйін, жырын, әнін аңсап жүргенімізде сөзі пәленшенікі, әні Брусиловскийдікі, не Шайгородскийдікі деп әндер береді, қапа боламыз. Ел болған соң телісімен тентегі бар. Жалпы өзбек халқы кеңпейіл, мейірмандық көрсетті біздерге. Бізге ешкім өктемдігін жүргізбеді, бірақ біреу-міреу «Ей, қазақ!» десе «тық деген тауыққа тиеді» дегендей, басымызға шоқпармен ұрғандай сезінетін едік, шетте жүргенде біздер ауыз-бірлікті болатынбыз. Қазір ғой елде бір-бірімізге қадіріміз жоқ сияқты..

Құбыла соққан заман желі Жандаулет ақсақалды бала-шаға, әулетімен Қоқан, Наманган, Әндіжан, Үш қорған сияқты жерлердің дәмін таттырды. 1936 жылы Меңдешев ұйымдастырып, ұйытқы болып Қазақстанға көшірткен елдің Мақтааралдың сортаң, ащы сулы жерін жерсінбей, онда да азық-түлік жетіспей қырылғанын көрді. Бертін келе көреалмастық пен іштарлықтың кесапатына ұшырап, әулетімен конфескеленді де, оны да істеген өзінің қазағы, руласы облыстық финанс бөлімі қызметіндегі Ақан Оспанов деген жігіт. Бірақ адал, абзал азаматтардың арқасында барлық малы, астығы қайтарылып берілді. Дүние тарылғанда да, олар кішіпейілділіктен, қайырымдылықтан айнымады. Елге «әне көшеміз, міне көшеміз» деп жүргенде елуінші жылдары әке де дүние салып, топырақ сол жақта бұйырды.

- Ер жігіт үйінен шықса үйіріне қосылады. Ақыры біз алпысыншы жылы елге қосылдық. Отыз жылға жақын елден жырақтап жүргенде ол жақта жақын туыстар да, көз таныстар да қалмады. Сондықтан шарапаты тиер деп осы Әзірет Сұлтан жарықтық әулиенің жанынан қоныс тептік. Құдайға шүкір. Жалпы жағдайымыз жаман емес. Қазір ішім-жемнен таршылық көріп отырғанымыз, жоқ, там-тасымыз бүтін, жұрт қатарлы құда-кұдағи атанып, он перзентімнен немерелер сүйіп отырмыз.

Әр салада жұмыс істейді. Құдайға мың қайтара шүкіршілік. Тоз-тоз болған ел едік, ес жидық. Енді ол күндер қайталанбасын. Ондай ғазабат күндер келер ұрпақтың басына түспесін, - деп Жандәулет ақсақал әңгімесін бітірді.

- Ақсақал, Созақтағы болған халық қозғалысы жөнінде не айтар едіңіз?

- Ол қиянаттан, аштықтан, ашынған халықтың жасаған ақырғы аяқ серіппесі ғой. Созақтан қашып Өзбекстанға, Тәжікстанға барғандардың талайымен жолықтым. Сұраусыз жандардай халық набыт болды. Менің шешемнің Әлхан деген інісі сол қырғыннан аман қалды. Қолға түскен он жеті адамды қатар қойып атыпты. Мылтық даусы тарс етіп шыққаннан нағашым құлайды. Тірі екенін білдірмей бір өліктің астында жатады. Біреу келіп бәрі өлді ме екен деп тексеріп басынан тебеді. Сыр білдірмейді. Песінде атылған екен, қас қарая өліктің арасынан шығып, ауылға келеді де, Қаратауға қашады. Кейін Өзбекстанда бірге жүрдік. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі деген осы...

Жандәулет қарияның әңгімесіне рахметімізді айтып, сыртқа шықтық. Кешегі соққан ызғарлы қара суық та бүгін райынан қайтқан жылы көктемнің самалы еседі. Қазақтың ен даласында сүттей ұйыған ынтымақты елді, төрінде арқа сүйер азаматы отырып, дені-басы бүтін әйелдерден бала-шаға шұбырып жатқан ордалы ошақтарды қанды қол Голощекин саясаты ойрандатты. Ол қазақ үшін қаныпезер басшы болды. Сондықтан, «Лағнет!» дейді оған жұрт. «Созақ көтерілісіне қатыстың»,- деп қаншама азаматтар бейкүнә жаладан жапа шегіп, сотталып жатты. Солардың қатарына іліккен Кійтің деген ақын жігіттің өлеңмен жазған ұзак хаттың үзінділері ел аузында әлі жүр.

Басың биік Қаратау,
Болдым ба енді саған жау?
Хатымды алған азамат әркімге оқып тарат-ау.
Сал-сері жүрген жігіт ем,

Жасқанбай елде жүретін.
Түк жазығым жоқ еді,
Тұтқынға келіп кіретін.
Жамандап біреу айтты ма?

Осылай болды-ау ретім.
Қайтадан дәурен бар ма екен,
Сайрандаған халықтың
Ортасында жүретін - деп зарлапты сорлы бейбақ...

Сонда бұл оқиғаны «Қанды қырғын», «Халық қасіреті» демей не дейміз? Тағы бір естелік: “1931 жылы әкем өлген соң Созаққа келіп шешем жетімханаға аспазшы болып, мен сонда орналастым”, - дейді еңбек ардагері Мәден Тәжібаев. - Жетімханаға Созақ қырғынынан қалған, аштықтан өлген адамдардың бесіктегіден бастап, 300 ден астам балалары жиналған. Мен 11 жасар едім. Жетімхананың директоры Макин, мұғалімдеріміз Уәлиев Зейтін, Өксікбаев Сәдуақас, Бекмырзаев Ералы және Ақбала, Құлқаныс деген апайларымыз болды. Созақтың айналасында қорым, әулиелерде шашылып жатқан арабша кітаптар өте көп болды. Үйінен арабша кітап шықса «молдасын» деп сотталатын болған соң жұрт олардан құтылуға асықты. «Онда небір дастандар, ғибарат алар шығармалар болушы еді»,- деп, сол кезде оқыған көп кітаптарынан әңгімелер айтып, өлеңдер оқып берді. Олар енді жарық көріп жатқан Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың, басқа да шығыс ардагерлері мен ақын-алпауыттарының дүниелері екен. Соншалықты рухани байлығымыздың, асыл азаматтарымыздың әпербақан жауыз, сұрқия саясаттан набыт, орны толмас опат болғаны қандай өкінішті!»

Екінші бір естелік: «- Менің атымды да, туылған жерімді де еш жерде көрсетпей-ақ қой. Бірақ теріскейдің түлегімін. Жастар менің істеген ісімнен өнеге, тәлім алсын деп отырғаным жоқ. Оларға сабақ болсын. Менің барлық жастық, отты жылдарым Теріскейде өтті. Сол кездегі белсенділердің бірімін. «Кедей сорлы қолыңа билік тиді, қарыштап қал» десе байлаудан босатқан төбеттей ақты-қараны ажыратпай, тамаша орындадың деп мақтаса бөркіміз қазандай болыпты. Еліме қиянат, озбырлықтан басқа бір мысқал жақсылық істемеппін. Қара қозыны күн тигізбей бақтырып, қазанға да күн тигізбей сүтке пісіртіп жеген кесапат белсенді едік. Екі уақиға есімнен кетпейді. Кейде түсіме кіріп, шошып оянып, тұрып кетемін... Құмдағы «Тектұрмас» деген жерден бір бай қашып көшіп, «жетім-жесірге өкімет адамдары тимейді» деген соң алтын заттарын тоқалына тастап кетіпті деген хабар келді. Тыңшы жетерлік, әр ауылда бар. Бір-екі адам барып ешнәрсе шығармады. Бастықтан рұқсат алып мен кеттім. Талай келіп салық жинаған ауыл.

- Шырағым, төрежігіт келіп қалыпсың ғой, төрге шық, - деп келіншек түлкі бұлаңға салып келе жатыр еді.

- Мен сенің қандай төрежаныңмын, мен өкімет адамымын, - деп өң-менінен итеріп қалып едім, қалпақтай ұшты.

- Алтын қайда? Жиырмаға дейін санаймын. Айтпасаң сұрауың жоқ деп, жаныма алты атарымды қойып санай бастадым. Әйел алласын да, құдайын да айтып қарғанды. Санай бердім. Он бестен асып тезірек санап алты атарымды қолыма алғанымда, әйел «ана жерде» деп табалдырық жаққа қолын шошайтып айқайлап жіберді. Өзіне қаздырдым ұраны. Алтын заттар, Николайдың ақшаларын тыққан екен. Ісім орындалды. Әйелге көңілім кетті. Ол істі де тындырдым. Мен асыл заттарды осындай әдіспен қолға түсірдім дегеніме сенбей тексертсе әйелдің бір жерінде дақ жоқ. Бастықтар сенбей осы әйелмен байланысы бар деп ойлап қалуы мүмкін. Әйелді көкала қойдай ғып сабап, алтынның біреуін де қалдырмай әкеп өткіздім. Бұл жағынан адал едік. Әйелдің тілі ащы екен, айтпаған қарғысы жоқ.

...Созақ көтерілісінен соң қашқан бандыларды іздеп ауыл-ауылды кезіп кеттік. Бір шағын ауылға екі жігіт келсек ақ боз үйден егделеу кісі шықты. «Бандылар бар ма?» деп едім, «жоқ» деді. Үйден бір әдемі бүлдіршіндей қыз көрініп қалды. Әлгі кісіге: «Сендерде бір-екі банды тығылып жатыр деген хабар бар, қайда айт»,- деп әбден сабадық та үйдің сыртына керегеге байладық. Серігімді ауылдағы қалған үйлерді іздеп кел деп жіберіп, үйдегі кызды зорладым. Ісімді бітіріп шыққанымда әлгі адам: «Айуан, пірінен безген кісәпірлер, лағнет атсын, ұрпақсыз өт, қызыммен мені, бүйтіп елге қара бет қылғанша атып кет»,- деп жалынды. Осы екі адамның даусы, қарғыстары құлағымнан кетпейді. Мен халықтың қарғысына үшырағаннан дүниеден ұрпақсыз өтіп барамын. Адамға осыдан артық азап бар ма?»- деп қария жылап жіберді. Сосын: «Бұрын жақсы еді, жабулы қазан жабулы күйінде. Қазір атым шығып қала ма деп газет, журналды қолыма алуға қорқамын. Біреу оқып отырса жанына жақындай алмаймын. Еліме де бетім отқа күйген адамдай қарау жоқ. Құдай да алмайды». Өмірінің қателігін кейін түсінген қарттай, біздің ежелден келе жатқан саяси тактикамыз - тұтанайын деп тұрған отты алдын ала өшіруге әрекеттенбей әбден асқындырып, жалыны лапылдағанда баркүшті төгіп ошіріп, содан кейін түбегейлі тексертіп, «қап әттеген-ай мынауымыз дұрыс болмай, дер кезінде саяси мән бермеппіз»,- деп қолымызды түстен кейін сермеп, іс-шараларды жасап, белсеніп жүзеге асыратын, науқандық іс-әрекеттіміз. Созақ уақиғасынан кейін де солай болып, әртүрлі деңгейдегі талай комиссарлар келіп, халықтың тұрмыс халін жұқалап айтып, бытырады. Бірақ бадырайып тұрған шындықты қалай жасырасың. 1930 жылы 23 ақпанда Сырдария округтік партия комитеті мен округтік бақылау комиссиясының жабық, біріккен бюро мәжілісі өткізіліп, сонда: «Облыстық жер басқармасы Созақ ауданының колхоздарына, ете тарыққан диқандарына 500 пұт ұрықтық дән бөлсін. Жоспарға сай ауыл шаруашылық саймандармен, көмірмен, жөндеу жұмысына қажетті темірмен қамтамассыз етілсін. Сонымен катар, таланған ұрықты қайта жинау, сондай-ақ ұрық коры жоспарын орындау Созақ ауданына ұсынылсын»,- деп каулы қабылданды (осы мәселелер бұрын шешілсе ғой). Енді өлкелік партия комитетінің Таштитов басқарған комиссиясы корытындыларынан үзінді келтірейік: «Созақ ауданы экономикалық және мәдени-тұрмыстық жағынан өте мешел қалған. Тек мал шаруашылығы емес, жерді өңдеумен айналысқан ауданның көп бөлігіне бір тілді темір соқа- жаңалық. Басым көпшілігінде жерде өңдейтін ауыл шаруашылық құралы «омаш» пен «кетпен». Темір соқаны пайдалану- (ол биыл ғана іске асырылып отыр) ел үшін таңқаларлық іс, егерде, ғылыми тілмен айтсақ, «техникалық төңкеріс». Кейбір ауыл шаруашылық артельдерінде «жер тасты, соқа ауыр» деген сылтаумен соқаны пайдаланудан бас тартуда. Мұнда аздап та болса шындық бар сияқты. Дегенмен, ежелден қалыптасқан әдеттен халық арылмай, үйренген «омаштан» бас тартқысы келмейді. Оның үстіне бай-ишандар колхоз құрылысын ақсатып, іріткі салу үшін соқаны пайдалануға күшті үгіт жүргізуде. ...Мәдени-тұрмыстық тұрғыдан аудан барынша артта қалған, сауатсыздық 90 процент. Халықтың кедей-батырақ бөлігінің тұрмысы адам төзгісіз. Оларды титықтатып бас көтертпей тастаған, сондықтан басым көпшілігі ауруға шалдыққан». Бұл жасалған тұжырымға шолу қажет пе?... «Кейбір ауылдар (6, 8, 9, 12, 13, 14) ашаршылыққа ұшырап, «жаужұмырды» қорек етуде. Сондықтан да, малды қырып союы мүмкін. Екінші жағынан, мұндай жағдай халықтың саяси ахуалына әсер етуі ықтимал. Сондықтан да, аздап та болса халыққа астық беру мәселесін шешу керек». Осыншама ауыл аштыққа ұшырап отырғанда бытырап жатқан басқа ауылдарда тоқшылық еді деп айту қиын. Бұл құжатта комиссия мүшелері барған, көзбен көрген ауылдар ғана келтірілуі ықтимал». ...кейбір жерлерде әкімшілік әдістен әлі де арыла алмай астық ұрығын жинау деген сылтаумен кедейлердің ақырғы ұнына дейін тартып алған», «...кей жерлерде кедейлердің уақ малын, сиырларын қоғамдық малға өткізіп жіберген», «...колхозға кіру жарнасы шаруаның әлауқатына қарамай шамадан тыс белгіленген». Бұдан әрі мұндай қиындықтарды келтіре берудің қажеті болмас. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 608 іс, 54 бет). Егер де халықтың күнбе-күнгі өмірінде орын алған әділетсіз, сорақы істер етек алып жайылмағанда, партия, Кеңес органдары олардың хал-жағдайына немқұрайлы қарамай, барлық жағынан талғам-талабын қанағаттандырып, орындаған заңсыздықтардың тамырына балта шауып, саясат пен істің арасында алшақтық болмағанда бұл «көтеріліс» шықпас еді. Сырдария округтік партия комитеті барлық аудандық комитеттерге, бастауыш партия ұйымдарына, елдегі толқыныстан саяси қорытынды жасап, «Созақ, Сарысудың сабақтары және алдағы тұрған міндеттер» деген арнайы хат жіберді. Онда «Сарысу, Созақ, Бостандық, Түркістан аудандарындағы, «Қарнақта» болған ашық қарулы көтеріліс, алаш ордашылардың ұранын пайдаланып, Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған ғазабат соғысы болды»,- деп түйіндеді. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 608 іс, 54 бет).

Бұл шындыққа сыйыспайтын даурықпа, бөспе, жөн-жосықсыз өтірік сөз. Біріншіден, 1928 жылы байлар тап жаулары ретінде конфескеленіп, сотталып жер аударылған. Бұл жұмыс кейінгі жылдарда да тоқтамады. Партия архивіндегі бір құжатта мынадай мысыл келтірілген: «Кейде оспадар, озбырлық жағдайлар да болған (Бостандық ауданында). Кеңестің төрағасына сын айтқан бір кедейге ол: «Сенің шаруашылығыңды бай-кулак деп туралап, тұқымыңды құртып жіберемін»,- деп қорқытқан. Мұндай әпербақандық зорлықтар негізінде іске асып, тек Бостандық ауданында ғана емес Созақ, басқа ауылдарда да кем болмағаны, кеңінен етек жайғаны сөзсіз. Сондықтан, 1930 жылы «Созақ көтерілісін» байлар басқарды деген қисынға келмейді. Екіншіден, қаншама ғасыр аллаға сыйынып, тәңірден жақсылық күткен қауқарсыз халықты 13 жылдың ішінде марксист-большевик, атеист ету ешбір тіршілік қағидасына тура келмейді. Кеңес өкіметі бостандық, еркіндік, жақсылық өмір әкелді дегенде, онысы құр қиял болып, көргені зәбір, қиянат, зорлық болған соң олар баз баяғы алласына сиынбасын ба? Сонда да болса, оларды ишандардың басшылығымен ислам дінінің ақ туы астына жиналып, сол үшін күресті деп көру- жала. Шынтуайттап келгенде, бұл ислам дінін түп-тамырымен жоямыз деген сайқымазақ саясаттың талабынан туған тұжырым. Арада 70 жыл өткенде бұл саясаттың негізсіз, дүмбілез екені айқындалып отыр. Үшіншіден, сорлы-бейбақтардың қаншалықты қару-жарақтары болғанын жоғарыда келтірілген құжаттардан бағдарлаған адамның бұл қозғалысты «қарулы көтеріліс» деуге аузы бармас.

Округтік партия комитеті «қөтерілістің» шығуына себеп болған: 1. Ауылда, қыстақта және деревняларда саяси көпшілік жұмысының еш жүргізілмеуі, оған тек аудан емес, округтік ұйымдардың айқын баға, терең мән бермегендігі. 2. Аудандық біраз ұйымдарда орын алған толық тұйықтық, көпшіліктен қол үзгендік, он оппортунистік көпшіліктен қорқаулық, бейғамдық пен паңдық жайлағаны күмәнсіз. Бұл аудандарда еңбекшінің қалың көпшілігі партияның жауынгерлік міндеттерін орындауға жұмылдырылмаған (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 610 іс)- деп жалпылай жаттанды, ешкімнің жанына тиіп, тебірентпейтін сөздермен тұжырым жасайды. Ал халықтың тұрмыс жағдайы, мәдени хал-ахуалы, орын алып отырған қиянат, зорлық, ауызға да алынбаған. Ең болмаса комиссиялар қорытындысы да ескерусіз қалған. Осы «көтерілісті» басу қараңғы халыққа жасалып жатқан озбырлық екенін білген кейбір коммунистер бұл әділетсіз іске арасалудан бас тартқан. Олар 1919 жылы партия мүшесі, Азамат соғысының отты жылдарын басынан өткізген Құлмахамедов Төлеубай, округтік партия комитетінің қызметкерлері Иманғұлов Ағабек, Махмұдов Төлепберген, басқа жерлерде қызмет істейтін Тұрсынов Анармет, Даулетшин Сейтгерей, Мирсагитов Корчи, Юсупов Айманбет пен Рақым, тағы басқалар. Бірақ, бұлардың барлығы кейін осындай іс-әрекеттері үшін партия қатарынан шығарылды. Партиядан шығып, ісі әскери трибуналға өткізілетін болған соң Құлмұхамедов жаздым, жаңылдым деп арыз жазуға мәжбүр болды. «Созақ көтерілісіне» кезінде байыпты баға берілмеу салдарынан онан кейінгі жылдары бұл жөнінде ойдан құрастырылған фактілерге негізделген естелік құжаттар, қол жазбалар жазылды. Соның бірін келтірейік. 1957 жылы облыстық комсомол комитеті пионер Кеңесімен бірігіп, «58 коммунардың ізімен» деген экспедиция ұйымдастырып шайқас болды деген елді мекендерді бір топ комсомолдар мен пионерлер аралап, сол сапарнама партия архивіне өткізіліпті. Содан үзінді: «Баспашылар көп, 2500-дей адам болды. Оларда мылтық аз, көпшілігінде ұзын сапты дойыр қамшы, шоқпар, ұзын сапты жұмыр ағаш, найза, айбалта, т. б. (Мұнысы шындыққа келеді М. Р.). Баскесер басмашылар қараңғы Халықты айдап, өз тобына қосып, осындай кару ұстатты. Олар ауылға төтеннен шабуыл жасап, үйлерді өртеп, өздеріне қосылмаймын дегендерді өлтіріп тастап отырды. Алдымен олар қараңғы халықты үгіттейді, сосын көнбей бара жатса зорлық-зомбылық жасап, шетінен кырады, 13-17 жасар қыздарды, малдарды айдап әкетіп, бағалы дүниелерін тонайды. Қорыққан халық босып тауға көшті. Үлгермегендерін басмашылар қолдарына түсіріп, осындай атам заманғы қарумен қаруландырып, жандал-баса бас сауғалаған бейшараларды коммунистерге және қызыл әскерлерге айдады». Небәрі бірнеше күн топтасқан «көтерілісшілер» сонда осы автор жазған іс-әрекеттерді қашан іске асырып үлгерді екен? Одан әрі құжатта қанды шайқастар баспашыларды көрсететін кинодай өрбіп, Кызыл жауынгерлердің ержүректігі, тапқырлығы, «баспашылардың» пулемет оғынан баудай қырылғандығы суреттеледі. Одан әрі автор: «80 адамнан құрылған отряд екі тәулік қорғанды. Оқ, тамақ таусылуға жақын, су бітті, жауынгерлер кар жеді. Үшінші күн дегенде Ташкенттен бір броновигі, екі пулеметі бар 150 атты әскер жетіп, олар аман калды». (ШОПКПА 29 кор, 1 ж., 10 іс). Бұл «тарихи құжат» төрт сағат болған «Созақ көтерілісіне» алты аласы, бес бересі жоқ фактілерден құрастырылған, қияли, қиял, бос сөз. Түптеп келгенде «Созақ көтерілісіне» саяси баға беріп, тарихи шындық деректерге сүйенген әділ тұжырым жасайтын мезгіл жетті. 1990 жылы 24 мамырда Созақ аудандық тарихи-ағарту ерікті «Әділет» қоғамының кең ауқымды басқарма жиналысы өткізіліп, оған басқарма мүшелерінен басқа соғыс, еңбек ардагерлері, барлығы 72 адам қатынасып, «Созақ көтерілісіне» әділеттік түрғыдан жаңа баға беру мәселесі қаралып, онда еңбек, партия, майдан ардагерлері: Әбітай Шойынбаев, Алдаш Данияров, (Созақта тұратын өзбек ағайыны), Шама Отыншиев, Есіркеп Өмірбеков, Аманкелді Мырзалиев, «Шу» совхозының партком секретары Өскен Бөрғазиев, т. б. шығып сөйлеп, төмендегідей қаулы қабылданды: «1930 жылы ақпанда Созақ ауданында болған халық қозғалысына «алашордашылардың, байлар мен ишандардың басшылығымен Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған контрреволюциялық қарулы көтеріліс» деп берілген баға әділетсіз, нахақтан қазақ халқына жабылған жала деп есептелініп, ол келешекте тарихи құжаттарда «Ф.И. Голощекиннің Қазақстан ауылдарында өткізілген «Кіші Октябрь» саясатының, «мейлінше қысқа мерзімде отырықшылыққа көшіру» бұйрығын орындау нәтижесінде елге жасалған озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан, қиянаттан, аштықтан шыққан ашынған халықтың козғалысы» деп тұжырымдалсын. 2. Бұл шешім, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Жоғарғы Советіне мәлімделініп, кезінде «Созақ көтерілісіне» берілген саяси ресми тұжырым қайта қаралып, әділеттік тұрғыдан баға алуы сұралсын. Сондай-ақ, «көтерілістен» соң қылмысты істер қозғалып, жазықсыз сотталған азаматтардың қылмысты істерін қайта қарауды Қазақ ССР Жоғарғы Сотына, республика прокуратурасына, Қазақ ССР Қауіпсіздік комитетіне тапсыруы сұралсын. 3.Облыстық тарихи-ағарту ерікті «Әділет» қоғамы бұл істе мұрындық болып, әділетті шешімнің жүзеге асырылуына ат салысуы сұралсын. Бұл әділетті шешім халықтың заңды талабы. Жоғарғы партия және Кеңес органдары тек Созақ көтерілісіне қатысып жауапқа тартылмаған, «Сарысу», «Қарнақ» қозғалысынан соң сотты болғандарға да көңіл бөлер деген үмітіміз бар. “Осыған орай «контрреволюцияшыл көтерілісшілердің» қолынан қаза тауып, кезінде қаралы митингі өткізіліп, салтанатпен Созақ селосында жерленген аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы Күдербек Жүнісбековтың, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Дауан Қаңлыбаевтың, халық соты Әбдік Темірбаевтің, халық тергеушісі Әбдірахман Бегалиевтің, округтік партия комитетінің нұсқаушысы Осман Шилібаевтың және басқаларының істерін қалай бағалаймыз”,-деген заңды сұрақ берілуі мүмкін. Оларды даттап, қаралаудан аулақпыз. Заман талабына, ағымына сай олар да, “Кеңес өкіметінің саясатын жүзеге ойдағыдай асырып жатырмыз”- деп ойлады. Жіберілген қателігін, асыра сілтеушілікті дер кезінде көрсетіп, жөнге салатын төрешілер де кем болды. Сондықтан, оларды “ұлттық батырлар” деп дәріптемей «Сталин-Голощекиннің Қазақстанда жүзеге асырған қанды саясатының құрбандары, жатқан жерлерің жайлы болсын» деу дұрыс сияқты. Осы пікірді Шымкент қаласының орталық демалыс бағында, Түркістан темір жол вокзалы жанында жерленген қызыл коммунарлар жөнінде де айтпақпыз. «Қарнақ» селосына байырғы аты қайтарылса, ол да әділ шешім болмақ. Жылқы жылы 2 тамызда «Ана тілі» газетінде Талас Омарбековтың «Акыл айтсаң мақұл айт» деген мақаласы жарияланды. Мен оған арнайы жауап жаздым. Бірақ не себеп болғанын қайдам «Социалистік Қазакстан» газетінде мақала жарық көрмеді. Осыны да кітапқа енгізсем артық болмас. Мен кезінде «Ана тілі» газетінде жарияланған «Созақ котерілісі» мақаласының авторына ақыл айтайын деген пиғылдан аулақ едім. Оған тек өз пікірімді білдіруді жөн көргенмін. Авторға сын айтып, оның ғалымдылығына нұқсан келтіруді мақсат етіп қойғаным жоқ. Ал өз пікірін айтуға әркімнің құқы бар шығар деп ойлаймын. Тағы бір айтарым - мен оның мақаласындағы деректер дұрыс емес деп тұжырымдаған жерім жоқ. Бірақ автордың ескі сарынмен жазылған тарихи құжаттарды молынан пайдаланғанын ескерттім. Ондай болғанын автор да жоқ дей алмас. Мақаланың жазылу стиліне, сөз саптауына қарағанда менің пікір айтқаным ағаттық, «Социалистік Қазақстанның» осы мақаланы басуы әбестік сияқты. Автор: «Бұрын сыңаржақ айтылып келген тарихи оқиғаны қайта бағалап жаңаша жазуға талпынған тарихшыны консерваторлық күштерден аға партия газеті қорғамағанда кім қорғайды? Жарайды, газет Т. Омарбековтың «шындыққа үйлеспейтін» мақала жазғанын жұртқа әшкереледі делік. Бірақ “Қазақ тарихының тың мәселесіне қалам тартқан маманды бірден аяқтан шалу жараса ма?»- дейді. Менің мақаламнан қандай консерватизмді көріп, «Социалистік Қазақстаннан» қандай аяқтан шалуын сезіп тұрганын қайдам автордың? Қайта мен онын деректеріне сүйеніп, ол көтерген мәселені қуаттап отырған жоқпын ба? («Ана тілі», 2 тамыз, 1990 ж.). Менің «Социалистік Қазақстан» газетіне жіберген мақалам көлемді, мол деректерді қамтыған болатын. Газеттегі жігіттер оның көп жерін қысқартыпты. Осы кітапта жазылғандарым толық пайдаланылған соң екінші мақала да оларға оралған жерлерімді алып тастауға тура келді. Бірақ бір ескертетін жайт, көтерілістің шығуына себепші болған тама руының ауылдары деген тұжырымның дұрыс еместігіне қайта оралуға тура келіп тұр. Атақты жазушы Қаратаудың теріскейінің түлегі, осы өңірдің тарихын жақсы білетін Сәуірбек Бақбергенов ағамызбен сұхбаттасқанымызда Сарысу мен Шу өзендерінің бойын 9 болыс ел жайлағандығын, оның 6 болысы алшын, тама, 3 болысы тарақтылар болғанын айтып еді. Қала берді қазақ ауылы таза бір рудан құралмайды. Ахметов туралы екінші мақалада да нақты дерек келтірмей, «Советская степь» газетінде жарияланған мақалаға сүйенгенін айтыпты. Ол кезде газеттерде бай-манаптарды, құлақтарды, поп, молда, ишандарды «әшкерелейтін» мақалалар мол жарияланғанын, олардың көбі қисынсыз, тек адамдарды қаралауға бағытталғанын жасыра алмаймыз. Ахметовтің Шымкенттің қай жерінде жерленгені белгісіз болып калды. Автор көтерілісшілердің Шолаққорғанды басып алғанын дәлелдеу үшін Голощекиннің сенімді уәкілі Идельсонның, округтік комитетінің хатшысы Гуриннің атына жолдаған мәлімдемесінен үзінді келтіреді. Онда былай делінген: «Ханом был издан приказ о том, чтобы опять надели паранджу. Этот приказ все выполнили и после освобождения Чулаккургана большой процент женщин продолжали носить паранджу». Бұл жоқтан бар жасалған жалған мәлімет. Олай дейтінім біріншіден - жеті-ақ күн хан болған адамның ресми қағаздары (бұйрықтары, жарлықтары, т. б.) қолға түсті деген институт архивінде де бізде де дерек жоқ. Сондықтан ондай жарлық болды деген Идельсонның ойлап тапқан қиялы (фантазиясы). Екіншіден - қазақтың қай хандығында қазақ әйелдері паранджі киіп еді. Бұл да қазақтың тарихынан бейхабар, осылай жазсам сөзім нанымды болар деген адамның ойлап тапқан топас дерегі. Тарихшы ғалымның бұл мәселеге терең зер салмағаны мені таңдандырды. Партия тарихи институты архивында да, бізде де Идельсон сияқтылардың дүниеге келтірген, қисынсыз, шындыққа сиыспайтын мәліметтері жетерлік. Соның бірін мысалға келтірейік. «Как в Бостандыке, Сузаке, Сарысу, кишлаке Карнак Туркестанского района в открытое вооруженное восстание выступило байство и ишанство под лозунгами алашорда и «священной» войны против Советской власти». Осыған сенуге бола ма? Бұл заманның алдамшы ағымына сай жазылған құжат. Егер Голощекиннің жандайтаптары - Идельсондар жазған құжаттарды басшылыққа алатын болсақ, онда «социализм құрылысы барысында. Коммунистік партияның әділ саясатына қарсы қол жинап, қарулы көтеріліс ашқан қас дұшпандарды, тап жауын ойрандауда табандылық, ерлік, тапқырлык көрсеткен қызыл коммунарлардың ерлік, ержүрек ісіне 60 жыл толды»- деп қызыл тілдің майын тамызып, жоғарғы пафосты мақала жазған болар едік. Мақала жарық көрген соң Қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасында ұзақ жыл жауапты қызметте болып, қазір құрметті демалысқа шыққан көптен таныс бір ағай:

- Қалқам, кезінде Созақ көтерілісінін бір жақты баға алғанын батыл жазыпсың. Бірақ біздің архивте сол көтерілістің шыгу тегін, барысын кімдер басқарғанын айғақтайтын том-том істер жатыр ғой,- деді.

- Оныңыз рас. Бірақ адал, бейкүнә азаматтарды күш көрсетіп, ұрып соғып мойындатып, қаралап, халық, жаулары қатарына қосқан том-том істер одан да көп қой. Олардың істерін қайта қарап, ақтап жатқан жоқпыз ба? Жоқтан бар жасап, аштықтан толқыған қарусыз халықты бандылар қатарына қосып атып, жауапқа тартудың да өз тәсілі болған шығар. Арымыз оянып, оларды да қайта қарайтын заман туар,- деп күлдім.

Сол кезде осындай көтерілісті бір орталықтан баскарушы саяси орындар, ағылшын тыңшылары болды деп тұжырымдау етек алған жоқ па? Сондықтан, Сарысудағы, басқа жерлерде болған көтерілістердін шығу тегін, барысын өз алдына саралап қарау керек деген пікірден айнығым келмейді. Осылай еттім де. Автор: «Өйткені ол (Созақ көтерілісі ) бір округті ғана қамтып койған жоқ, Қазақстанды да қозғап, Москваның өзінде хабардар еткенін, басқаны былай қойып М. Рүстемовтың Голошекинге үздіксіз жолдаған құжаттар растап жатқан жоқ па?» - деп біраз деректерді келтіріпті. Ол құжаттар түймедейді түйедей етіп көрсетіп, халықты қанды қырғынға ұшыратуға алған рұқсат қағаз іспеттес. Осындай құжаттарды алған басшылар халыққа ойран салмады ма? Жоқтан бар жасаған жандайшаптардың іс-әрекеті емес пе олар? Ал ханның Аллан не Сұлтанбек Шонақов болып аталуы жөнінде пікір таластырғым келмейді. Сарысу көтерілісін Аллан деген хан басқарса басқарған шығар. Ал Созақтағы ойыншық ханның кім болғаны жөнінде телеграммадан белгілі. Автор Созақ көтерілісіне бұрынғы берілген бағаны қайта қарауды күрделі мәселе етіп көтеруге бел шешкен соң астанадағы архивтерге сүйене бермей уақиға өткен біздің облысқа ат ізін салып, тарихи құжаттармен танысып, елдегі қариялармен сұхбаттасып, іске кіріскенде менің «Созақ көтерілісі» деген мақалам дүниеге келмей, автордың материал жариялаудан бұрын оны авторға, әйтпесе басқа да білікті мамандарға таныстырып, соған орай туатын ұсыныс-ескертпелерге құлақ асқанда мақала жақсара түспес пе еді деп ақылгөйсімеген де болар еді. «Ана тілі» газетіндегі редакциядан деген тұжырымдама жөнінде де өз пікірімді айтқан едім, оны да елтіре кетейік. Онда: «Сол ретте бізді таңқалдырған жайт М. Рүстемовтың «Ана тілі» авторының жазушы, журналист емес нақты деректер сақталғанын ойламайтыны»,- деп менің ақыл-парасатыма, ой-түйсігіме кесімді тұжырым жасағаны артық айтылған әңгіме. Мен ақ пен қараны ажырата алатын жасқа келген адаммын. Оның үстіне облыстық партия комитетінің партия архивы Қазақстан Компартиясы жанындағы партия тарихы институтының облыстардағы филиалдары іспеттес. Мен соның бірінің меңгерушісімін. Сондықтан, Т. Омарбеков қызмет істейтін институтта қандай деректер барлығынан, астанада емес-ау Одақта қандай архивтер бар екендігінен толық хабардармын. Осындай тұжырым жасаған редакция алқасына өз өкпемді айтып едім, мақалам жарық көрмеген соң оным бос сөз болып қалды.

ҚАНШАЙЫМ ТАҚСІРЕТІ

- Газетте жарияланған «Созақ көтерілісі» деген мақалаңды оқыдым. Теріскейдегі елдің көңілін көп жылдардан бері күпті ғып жүрген көкейтесті мәселені батыл көтеріпсің. Рақмет. Сонау жылдары елде, орта мектепте оқып жүргенімде, ол «көтеріліс» туралы шалдардың ашына айтқан ащы шындығын талай есітіп едім. Ол «көтеріліс» біздің Жартытөбе жаққа жетпеген ғой. Созақ атырабынан келген қариялар ол туралы күйіне, күйзеле айтатын, бірақ сақтықта қорлық жоқ дегендей сенген адамдарына ғана ашық ақтарылушы еді. Қазір ол қарттар да өмірден бидайдай сирексіп, жоқтың қасы.

Созақ көтерілісі ел аузында «аллаху көтерілісі» деп те аталады. «Көтерілісті ұйымдастырушылар, басшылық етушілер байлар, молдалар, ишандар алланың ақ туының астына жиналып, мұсылман діні үшін ғазабат соғысынан шықты»,- деп тұжырымдалып, партия саясаты осы қағиданы негіз етіп ұстап, “дін иелерін түп-тамырымен жоямыз”,- деп ұрандап, елдің ежелден келе жатқан әдет-ғұрпына, салтына да, дәстүріне де сол тұрғыдан баға беріп, соны ұстаған адамдардың соңынан шырақ алып түсті. Осы саясаттың арқасында әкем бастаған біраз туыстарымыз қамауға алынып, сотталды, халық жаулары қатарына қосылды,- деді көп жылдан бері таныс, сыйласып, сіз-бізіміз, қадіріміз артып, семьялық қатынасымыз жарасып жүрген Қаншайым Жорабекқызы. Оның жұбайы Бәкір Нұржанов бір сыдырғы, мінезі салмақты, көп жылдан бері милиция органдарында істеп, полковник дәрежесіне дейін көтеріліп, құрметті пенсияға шыққан абзал азамат. Қаншайымның Созақ өңірі, теріскейдің қызы екенін білетінбіз. Шымкент педагогикалық институтының математика факультетін үздік бітіріп, көп жыл халық ағарту саласында қызмет істеп, «халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген белгімен наградталғанынан да хабардар едік. Орынды қалжыңы мен әзілі, жанына жақпаған адамды бетпақтықпен емес, уытты тілімен түйреп алар, бір шама ақындығы бар, «ашудан қартаяр, күлкіден жасарар» деген қағиданы ұстап жүрген жан. Төрт перзентті дүниеге келтірсе де қыз сымбатынан айрылмай, «ой мақтай ойпаң бел» келіншек атанып, оның үстіне жаңа моданы қалт жібермей еркекпін дегендердің назарын өзіне аударатын әйелдік қасиетпен ерекшеленетін құрбыларының арасында. Әлі де сырлы аяқтың сыры да, сыны да кетпеген. Ілгері уақытта жолыға қалған қария, «қарағым қай баласың, әкеңнің, атаңның аты кім, нелісің?»- деп шұбыртып ала жөнелуші еді. Сондағысы туысқан, жекжат та, жұрағат та іздеуді мақсат ететін шығар-ау, бірақ ең бастысы кіммен жолықтым, кіммен сұхбаттастым есімде сақтайын деген пікір негізгі ойдың түйіні. Шежіреші қарттар осындайлардың қатарынан шыққаны сөзсіз. Ал қазір кездескен адамымыз түгілі араласып-құраласып жүрген жолдастарымыздың ата- тегін сұрауға бет моншағымыз төгіледі, оны артық іс көреміз.

...Бір жігіт базардан оралып әйеліне:

- Мені құдай ұрып қалды,- депті.

- Е, не болды сонша үрейленетіндей,- дейді жұбайы.

- Базарда бір жігіт келіп амандасып, майлы ішектей іші-бауырыма кіріп аты-жөнімді біліп алды.

- Жақсы бопты, жолдас арттырыпсың. Оның несіне күйінесің.

- Жоқ, көрде тұр ол ертең менің мекен-жайымды біліп алып, қылқиып келіп, өкіл аға бол, жекжат болайық, пәленбай-түгенбай деп сор болады,- деп еркек күйіп-піскен екен.

Ата-салтымызды, дәстүрімізді ұмытудың салдарынан осындай жігіттердің саны көбейіп, томаға тұйықтыққа бой ұрып, інге кірген тышқандай болып, қонақжайлық қасиетімізден айрылып, безбүйректік пиғылдың етек алуы әдеттегі ауруға айналды ғой. Осынша жыл бірге сыйласып жүргенде Қаншайымның ата-тегін сұраспауымыз да, осының ықпалы шығар...

- Әкем туралы айтудан бұрын әңгімемді арыдан бастайын,- деді Қаншайым біздің өтінішімізді орындауға келісім берген соң.

- Менің атам Рысбай деген кісі еді. Оның Айтоты деген он төрт жасында осы босағаны аттаған зайыбы екі қызды дүниеге келтіріп, олары жастай шетінеп, содан баладан тоқтапты. Сөйтіп жүргенде он жылдан астам уақыт өтеді. Үміт емексітеді, бірақ нәтиже жоқ. Бір күні әжем:

- Атың өлсе табылар, аяғың сынса жазылар, ал ұрпақсыз өтсең бағың байланып, сағың сынар, ошағыңның оты өшер, қарғысы саған тимес, маған тиер,- депті де өзі елден көріп жүріп күйеуіме де, өзіме де жайлы болар деген үмітпен еріне Алтынкүл деген қызды қосыпты.

Көп ұзамай, Алтынкүл апам (ол кісіні мен кіші апа, Айтоты әжемді үлкен апа, шешемді жеңеше дейтін едім) менін әкем Жорабекті дүниеге келтіріп, үлкен апамның бауырына салады. Одан кейін Асқарбек, Айтжан, Асылхан, Алпысбай деген ұлдарды туып, олардың барлығы үлкен апамның ыстық құшағына енеді. Асқарбек ілгеріректе қайтыс болыпты. Айтоты әжеміз қарулы, сөзге шешен, баптап қайраған қашаудай сөзі де өткір, қолынан келмейтіні жоқ, әмбебап іскер, елге сөзі өтімді көпшілік «Айапа» деп сыйлайтын қадірлі кісі еді. Kіші әжеміз Алтынкүл қазан-ошақтың қожасы, тамсандырып, тілді үйіретін не бір тәтті тағамдарды даярлайтын. Екі ана бірін-бірі толықтырып, тазалығымен де, қонақжайлығымен де елді таңқалдырып, үй шаруашылығын тап-тұйнақтай етіп ұстаушы еді. Қос әжем апалы-сіңлілі жандардай бір-біріне «ішшәй» деспей, жүз шайыспай бір шаңырақтың астында күн кешті. Бойжетіп, ақыл толысқанша екі әйелдің бір-біріне күндес екенін білмеппін де. Бұл біздің әжелерімізге, ұлтымызға тән қасиеттің бірі болар. Қазір де ене мен келіннің, балалары мен ата-аналарының арасында болып жатқан дау-жанжалды, кіркілжіңді көрсем сүттей ұйып, тату-тәтті өмір сүрген қос әжем, келіндері - менің шешем Зебер, Асылхан ағамның жұбайы - Сақина барлығы есіме түседі. Солардың ұйтқысы Айтоты әжем-тін. Әйелі ақылды болса еркектің қайғысы болмас. Ұлы айтқанынан шықпаса, әке көңілі қуаныштан кенде болмас. Менің атам парасатты әйелдерінің, айтқанын екі етпейтін балаларының арқасында бақытты өмір сүрді-ау деп ойлаймын... ...Шешесі ауылды аузына қаратқан шебер тігінші болған соң баласы киімнен кенде болушы ма еді, анасы Жорабекті құнтитып киіндіріп қоятын. Сол тазалық, сырбаздық, сыпайылық бала жастан бойына дарып, ол салиқалы жігіт болып өсті. Оқуда алғыр, зерек, білімге құштарлығы, оны қатарының алдына шығарды. Ол қызметке ерте араласып, кедей мен жарлы-жақыбайға теңдік алып берген жаңа заман өкімет жолында аянбай қызмет етті. Елді советтендіруге, колхоздандыруға белсене араласып, кейін мемлекеттік банк жұмысында істеді. Өзі баланы көп жыл зарыға күткен Рысбай баласын ерте үйлендіріп, өздері көп жылдан бері аралас-құралас, қоңсы отырған Сүлгетай руының ел сыйлаған Бердімұрат деген азаматының Зебер деген қызын келін ғып түсірді. Түңғыш немересін дүниеге келтірген келін болған соң ба қос ене Қуанышын бауырларына салып, Зеберді келін деп қақпаламай, өз қыздарындай көрді, аялады, ардақтады. Бірақ сынаптай жылжып жатқан өмір адамның ойлағанындай бола берсін бе, Рысбай қанша еміренгенмен Қуаныш та, Жорабек банкі қызметіне ауысқанда дүниеге келіп, сол мезетте ескерткіш болсын деп Банқайым деп атын қойған кыз да жастай шейіт болды. 1936 жылы Рысбай алпысқа келіп, Алтынкүл дүниеге келтірген ұл Алпысбай аталып мәре-сәре болып жатқанда, көп ұзамай Рысбай да дүниеден өтті.

- 1937 жылдың наурызында осы үйді дүрліктіріп, қуанышқа бөлеп қатарларына мен қосылыппын,- деді Қаншайым. - Шешемнің айтуына қарағанда Банқайым өте әдемі, бота көз, аршыған жұмыртқадай аппақ, торсықтай қыз болыпты. Ал менің қалжам да берекесіз, қушық бет, қысық көз — шешемнің көңілі толмапты маған. Жарық дүниеге “іңгәлап” келген соң итке тастасын ба? Бесікке саларда Айтоты апам: «Иә, бісміллә, алла-тағала тіл-көзден, төтеннен келген бәлекеттен, асқынған аурудан, қыршын өлімнен сақтап, Бибі Фатимам қорғаушысы болсын!»-деп батасын бір қайырып: «Үріп ауызға салғандай көрікті, жүзіктің сөзінен өткендей сымбатты әсем тұлғалы, алқызыл нарт алмадай, көңілдің көркі аққудай, ай нұрлы албыраған ару бол»- деп сәл кідіріпті де, ерсі де болса айтайын, «Иә, бісміллә қатын бол!»- деп батасын тұжырымдапты. Сондағысы қыршын кетпей, өсіп ер жетсін деген тілеуі болу керек...

...Қаншайымның институттың бірінші курсында оқып жүргенде-ақ семья құрғанын білетінбіз.

- Әжең жарықтық, садағаң кетейін, сенің шошаңдап ерте бастан бай іздейтініңді бесікке салғанда-ақ білген екен гой. Ойпырмай, не деген көріп кел кісі,— деп күлдік.

- Құдай аузына салса салған шығар. Ауылдан қалаға келіп, оның тұрмысының жөн-жосығын біліп үлгермей-ақ, осы қара шалға сарт ете қалдық. Университетті бітіріп келген қою қара қасты, қара шашты, сыптай қара торы жігіт көп сөйлемесе де баурап алды, арбауына қалай түскенімді өзім де білмей қалдым. Иі жұмсақ көрінген соң ерке, үш ананың ортасында шолжаңдап, бетіме ешкім келмей өскен маған бұл да қақпайыма көнетін жандай көрінді. Бай таңдаған талай қыздың тазға жолыққанын да көрдік, құдайға шүкір. Өзім өміріме, Бәкеңе, бала-шағама бәріне ырзамын,— деп Қаншайым біраз жерден қайырды.

- Менің күйеуге қашып кеткеніме Айтоты апам қатты күйініпті. Сонда келіндері:

- Ене-ау, несіне күйініп, бұлқан-талқан боласыз. Шу баста, қызыңызды бесікке салғанда алладан тілегеніңіз осы емес пе еді?- деп басу айтыпты.

- Мен тілесем қыршыны ерте қиылмасын деп едім, аузынан ана сүті кетпей жатып, шыбыштай шошаңдап байға қаш деппін бе? - деп ашуланыпты апам.

- Не десеңіз о деңіз, қызыңыз өзіңіз тілегендей болды,- депті келіндері. ...

...1937 жылы жазда Жорабек әкесінің жылын өткізбек болып ағайындарымен мәслихаттасып келісті. Жорабек балалық парызымды өтеймін деп белсене кіріскенмен барлық тірліктің түйіні Айтотыда, өзі шешіп, өзі тапсырма беріп жайғастырады. Содан да болар Жорабек Шымкентке бір айлық оқуға кеткенде Айтотының басшылығымен Рысбайдың жылын ағайындары ыңшыңсыз жақсылап, өз шамашарқынша лайықты етіп өткізді. Құдайы өткен күннің ертеңіне бес-алты қызыл жағалылар ауылға сау ете қалды да, Рысбайдың жылына қатынасты деген Әти Тоқбергенов, Паздай Райымқұлов бастаған туыстарды, құран оқыды деген ауылдың «молдаларын», он шақты адамды қамауға алды.

Жорабек кештетіп ауылға келсе ел дүрлігулі.

- Балам, іс насырға шауып тұр. Сен ертерек әрекет істеп сақтан. Бүгін үйге қонбай қаш. Бас сауғалай тұр. Кейін жаратқан құдай шапағатын тигізіп, жазықсыз азаматтар босанса ауылға келерсің, - деді Айтоты баласына.

- Жоқ, апа, өкпелеме, олай ете алмаймын. Менің әкемнің жылын өткіземін деп туыстарым айыпталып қамалса, мен қашып кетсем адамдыққа жата ма? Көппен көрген ұлы той, солармен көрермін не болса да.

- Оның да жөн екен. Өкімет бұл істің ақ-қарасын ажыратар. Ешкімге тигізген зиянымыз жоқ. Кеңес өкіметінің ісін даттап сөз айтқан пенде көрмедім. Әшейін, біздерді корқытып, тәубемізге келтірейік деген қоқан-лоқылық шығар. Жігіттер босанар, бір алла жәрдемші болсын.

Ауылдағы тыңшы да осы үйді күндіз-түні бақылауға алып журген болу керек. Құлқын сәріден төрт қызыл жағалы сау ете қалды да, әй-шайға қаратпай «тез асық!» деп Жорабекке дікілдеумен болды.

- Жігіттер, менің бұл босағаға қайта, қашан ораларым белгісіз. Ақтық тілегім, ана бесікте жатқан жалғыз қуанышым, мақтанышым, бақытым, Қаншайым жанымды бір иіскеп мауқымды басайыншы. Рұқсат етіңдер, — дегенге төрттің бастығы:

- Түнімен қатыныңды құшақтағанша қызыңды құшақтап жатып мауқыңды баспадың ба? Елдің жауына бала не керек? Ол да бөрінің бөлтірігі болып өседі де. Алдыма түс! - деп айқайлады. Жорабек басын төмен салған күйі шарасыздан жендеттердің алдына түсе берді. Зарлап ана, сүйген жар, туған-туыс қалды. Жорабек үшін бесікте жатқан нәрестенің уілдеген үні, сықылықтаған күлкісі, жұмыстан шаршап келіп тамақ ішуге отырғанда «Апа, бесікті басыма қойып қойшы, қызымның жүзіне қарап мауқымды басайын» деп жан рахатын табатынын жендеттер қайдан білсін. Көп ұзамай қамалған азаматтар «үштіктің үкімімен» мұсылманшылықты дәріптеп, молда, ишандардың қолтықтарына су бүркіп, тап жауларының іс-әрекеттерін қуаттаушы халық жаулары» деп айыпталып, он жылды мойындарына іліп, Беломор Балтық каналы құрылысындағы лагерьден орын алды мыңдаған түтқындардың бірі болып.

- Біз осылай халық жауының семьясы болдық та шықтық. Осыны бетімізге салық қып мұқатқысы келгендер де болды, - деді Қаншайм.

- Бір уақиға мәңгі есімнен кетпейді, көз алдымда тұрады. Ұлы Отан соғысы жылдарында елде ер-азаматтар қалмаған соң мүгедек, ұрдажық әпенбақандар да белсенді болды ғой. Ауылда бригадир болып Жолдас қисық деген кісі істеді. Мойнынан басы бір жаққа қисайғаннан жұрт солай атап кеткен. Елдің еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісі таң атып, күн батқанша мақта тереді. Бір күні Жолдас үйдің алдына келіп:

- Эй, халық жауының шешесі, неге осы уақытқа дейін жұмысқа шықпайсың? Сендердің Кеңес өкіметіне ойлайтындарың арамдық, жаулық, - деп әлгі бригадир көпіріп аузына келгенін айтты.

Үлкен апам үйден атып шықты да, мысықтай секіріп атта отырған Жолдастың жағасынан алып аттан аударып, бас-көз демей сабап:

- Менің Жорабегімнің тырнағына да тұрмайтын азғын. Жығылғанды жұлмалап жатпаса иттің ит екенін кім біледі? Сен сондай парықсыз, азғын итсің ғой. Басынайын деген екенсің. Мен саған халық жауының шешесінің тірлігін көрсетейін,—деп бригадирді апам жағадан алып қылғындыра түсті. Түтігіп қап-қара болып кетіпті. Адамдар жиналып ажыратпағанда апам оны ақиқат өлтіріп қояр еді.

Апамның тегеурінді шеңгелінен құтылған Жолдас аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, біздерді түп-тамырымызбен құртатын болып атына мініп жатты. Осыдан кейін ол бригадир бізге келмек түгіл, есіктің алдынан өтпейтін болды. Әсілхан ағам жұмысқа ерте араласып, жаңа өсіп келе жатқан балауса құрақтай жайқалып, интеллигенттердің қатарында жүрді. Аудандық оқу бөлімінде істеді. Бірақ коммунист қатарына өтемін деп қанша талпынса да «халық жауының інісісің»,- деп көкірегінен итере берді. Ағамның қынжылғанын көріп, «менің әкем үшін күйіп жүрсің-ау» деген өкініш бала болсам да тұла бойымды мұздатып, жүрегімдегі жараның бетін тырнап сыздатып, содан ешкім көрмейтін жерге барып, көз жасыма ерік беретінмін. Жылағанымды Айтоты апама көрсетпеуге тырысатынмын. Мектепте оқып жүргенде әкелерінің қасында лақтай секіріп, ойнап жүрген балаларды көрсем бойымды билеген қызғаныш па, жоқ әлде әкеге деген ыстық сүйіспеншілік, сағыныш па, әйтеуір, мазасыз жағдайға кезігетінмін. Осылардың да арманы бар ма деп ойлайтынмын. Әкемнің түр-түсін көрмеген соң ба сымбатты, келбетті еркек көрсем менің әкем осындай кісі болған шығар деп тұжырымдаушы едім. Мен көрікті еркектен әкемнің бет-бейнесін жасауға тырысатынмын. Әкемнің қасымда жоқтығы ғана өкініш болмаса мен жетімдік көргенім жоқ. «Шешесіз жетім шерлі жетім, әкесіз жетім арсыз жетім» деп жатады ғой. Үш ананың ортасында жетімдікті де, жоқшылықты да көрмей өстім. Олар бетімнен қақпады. Әсіресе, Айтоты апам тек мен емес, бүкіл ауылдың жетім-жесірінің қамқоршысы болды. «Үйінде қарты бар семья мол қазынаға ие»,- деді ғой. Қос әжем барда біз солай болдық. Одан әрі өзіміз де ер жеттік. Айтоты әжем ақылгөй, менмендікті жеңген инабатты, ашуын жеңген ақ жарқын, құлқынын жеңген бакытты болмақ деп отыратын. Жылы сөйлесең жағымпазданбай сөйле, ерлік жасасаң да есерлік көрсетпе. Мырза болсаң пасық болма, батыл болсаң бақырық болма, өзіңе жақпайтын істі өзгеге де жасама деп тәрбиеледі. Қызым, ажар алдамшы, байлық-баянсыз, тек ажал ғана алдамайды, ендеше өмірден жақсылық жасаудан жалықпа. Орынды күлкі - көңіл ашады, орынсыз күлкі ұят шашады, - деп жиі айтатын.

- Азаматтары соғысқа кетіп, бұлар қайбір жетісіп жүр дейсің, - деп ағайындардың, көршілердің әйелдеріне, балаларына киім тігіп, үйлеріндегі бітпей жатқан шаруаларына да қолғабыс беретін. Егер ағайын, көрші арасында дау-жанжал шыға қалса, соларға басалқы айтып, татуластыратын да апам болтын. Ол кісінің сөзін ешкім жерге тастамай, тақ тұратын.

Бір күні апам қағазға тасқа басқандай ғып: «Жорабек, Айтжам зарыққан апаң» деп жаздырып алды. Оны неге жаздырып алғанын білмедім, өзі айтпады. Ол сөздер көп ұзамай тоқылып жатқан алашаға айны қатесіз түсті. Сол алашаның жұрнағы үйде әлі де бар. Енді бойжеткен кыздары бар үйлер апама қыздарының аттарын жаздырып, жасаулық алашалар тоқытып алатын болды. Апамның асыл қасиеті -ешкімді алаламайтын, бөлмейтін. Ол кісіге бәрі бауыр, туыс, етене жақын адамдар. Сондай камқор аналар да қазір жер қойнында жатыр. Сотталған ағайындардан елге тек Пәзтай және Әти ағалар ғана он жылдардан бітіріп оралды. Лагерьдегі өмірлерін, әкем туралы сұрасам кұпияны ашып қоятын жандардай қашқалақтатып, «оны сұрап не кыласың, жазылған жараның аузын тырнамай-ақ койсайшы. Лагерьге барған соң Жорабектен бөлініп кеткенбіз» деп ары ешнәрсе ашып айтпайтын. Сөйтсем, әкем Отан, ел алдында адал азамат екенін дәлелдегісі келді ме, жоғарғы орындарға кайта-қайта хат жазып, майданға сұраныпты. Ақыры 1944 жылы Ұлы Отан соғысы майданында ерлікпен қаза тапқан көрінеді. Оны да елуінші жылдардың аяғында ізденіп жүріп білдік.

- Әкеңнің халық жауы болғаны өзіңе зиянын тигізбеді ме?

- Оқу-ағарту қызметінің озаты болсам да басшы кызметке жоғарылатуға «партия қатарында жоқсың» деп сылтауратты. Ал оған мүше бола алмауыма әкем себепші болды. Әкемнің ақталғаны жөнінде қағаз алған соң, Коммунистік партия қатарына өтсем де, ойдағыдай сенім болмады. Сөйтіп жүргенде жер ортасы жасқа келіп, енді қызметте өсу туралы мәселеге леп белгісі қойылды. Әкем нахақтан сотталғанда жиырма бестегі қылшындаған жігіт екен.

Егер ол кісі тірі болғанда мен жалқы болып калмай, сөзсіз бір қауым ел болар едік. Қала берді немерелері Сәуленің Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін, аспирантурасын бітіруі, Талғаттың әкесінің жолын қуып Қарағанды жоғарғы милиция мектебін бітіріп келіп қызмет істеп, милиция капитаны болуы, Жанатының Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін бітіріп, Қазақстанның Орталық мемлекеттік тарихи музейінде аға ғылыми кызметкер болуы, Саматтың автомеханикалық техникумды бітіріп, автотранспорт жағында кызмет істеуі оны масайратып, куандырмас па еді. Амал қанша, әттең деп, аһ ұрып күрсінеміз, күйзелеміз, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Енді осындай аласапыран нәубет қайталанбай, елдің абзал азаматтары аман болып, алданудан азап торына түспесе екен.

ІІІеңгелді жөргектерге оралыппыз,
Қасырет қайғысынан нәр алыппыз.
Аяқты баспай жатып жазаланар
Тағдырға осыншама не жазыппыз?

«Халықтың жаусың» деп жапқан жала,
Әлеуметтік апатқа барма шара?
Әкемді алты айымда алып кетіп,
Мен қалған ұрпағынан жеке дара.

Нахақ нала ойлатпай бала қамын,
Көрмей өстік әкенің алақанын.
Келгендер қаратпапты сүйюге де
Бесіктегі нәресте балапанын.

Есте жоқ әкеміздің түр-сипаты,
Өмірдің бізге арналған «сияпаты».
Орта жасқа келсекте көкіректен
Кетпеді бұл жалғанның қиянаты.

Ел тыныш, аспан ашық болса екен,
Бұзылмай эр шаңырак түрса екен.
Әкесі ұл-қыздарын күшып, сүйіп
Алдында асқар тау боп жүрсе екен,- деп ол тақпақтатып кетті.

Иә, бұл жүздеген, мыңдаған жетімдер зары. Олардың барлығы да орта жастан асып, ақ шашты аталар мен әжелер болды. Сонда да, көкейден бұл жалғанның қиянаты кетпейтіні шүбәсіз.

ОЗБЫРЛЫҚ

1930 жылы «Созақ көтерілісі» барысында өздеріне түскен ақпарлардың, хабарлардың, басқа да құжаттардың көшірмелерін еш кедергісіз пайдалануыма берген Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің Шымкент облысы бойынша басқарма қызметкерлеріне, басқарма бастығы Қазақ ССР халық депутаты, генерал-майор Есенгелді Әбілмәзінұлы Мұcтафетовке алдын-ала алғысымды айтқым келеді. Бұл жариялылықтың, жаңа заман талабының айқын нышаны. «Өте қүпия» деп бұрыштама қойылып, жеті хат жердің астында сақталғандай болған кұжаттардың қолымызға еркін тигеніне шүкіршілік. Енді өткеніміздің нақты шындығын, терең анықтап, баға беруімізге толық мүмкіндігіміз бар. Бұл құжаттардың барлығын пайдаланып жатпай-ақ кейбіреуіне терең үңіліп, талдау жасасақ та көп нәрсенің байыбына барып, шындық пен жалғанды ажыратып, өткен уақиғаға баға бере аламыз. Енді құжаттарға жүгінейік.

№3 барлаушылық жедел хабарлама 1930 жыл 13 ақпан. 1930 жылы 7 ақпанда Сырдария округіндегі Түркістанның терістік бағытында 100 шақырым жерде орналасқан Созақ ауданының орталығы Созақ қыстағын құрамы шамасы 400 адамдай болатын (бірақ әлі де анықтай түсу керек) атты, жаяу банды шайкалар басып алды. Бандылар Созақ ауданынан 120-150 шақырымдай қашықтықта Шу өзенінің бойында қоныстанған осы ауданның ауылдарымен аралас отырған Сарысу ауданының Созақта біздердің іс шараларымыз бойынша қамауға алынып, біразы Созақтың абақтысында отырған байлармен рулас байлардың басшылығымен ұйымдастырылған. Жолай оларға Созақ ауданының ауылдарының байлары, дін иелері қосылды да, олардың саны молайды. Ұлттық жағынан алғанда қазақтар, аздап өзбектер де бар. Бандының мақсаты- абақтыдан өз туыстарын босату, өкімет өкілдерін жазалау. Созақты басып алған соң бандылар аудандық милицияны қарусыздандырды, аткомның ғимаратын иемденіп, финанс бөлімінің кассасындағы ақшаны талап, Кеңес мемлекетінің іс-қағаздарын далада халықтың, бандылардың көзінше өртеді. Абақтыдан байларды босатты. Олардың ішінде біздің өкіл қамауға алып, бірақ Түркістанға айдап үлгірмеген ағайынды бандиттер Рамазановтар бар еді. Абақтыдан шыққандардың барлығы бандыларға қосылды. Партия, Кеңес қызметкерлерінің үйлеріне шабуыл жасалып, аудандық партия комитетінің хатшысы, атком төрағасы Қаңлыбаев, ветфельдшер, аудандық кооперация бастығы, халық соты және ауданға астық дайындауға, егіс себу, колхоздастыру ісін ұйымдастыруға келген барлық европалык уәкілдер айуандықпен өлтірілді». (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шымк. обл. басқармасы берген құжат). Шегініс жасап, осы ақпардағы мәліметке орай «барлық европалық уәкілдер айуандықпен өлтірілді» деген мәселенің қисынсыз, асыра айтылған сөз екенін айтқанымыз дұрыс сияқты. Партия архивында Созақта қаза болғандардың фамилиясын, атын, қызметін, көрсетіп жасалған тізім бар. Округтен келген уәкілдерден опат болғаны округтік партия комитетінің қызметкері Осман Шилібаев қана. Бұлай орыс жолдастардың «жауға» деген өшпенділігін, ыза-кегін арттыру үшін, ерекше атап көрсетілуі ықтимал. Енді сапарға оралайық. «Өлгендердің фамилиялары, саны әлі анықталған жоқ. № 5 ауылда ауылдық Кеңестің төрағасы және қосшы ұйымының уәкілі өлтіріліп, орманшы Байрасунов сабалып, сонымен қатар бандиттер Кеңес өкіметін жақтаған 15-20 адамды қамауға алған көрінеді. 8 ақпанда 15 атты бандиттер Түркістаннан 85 шақырым жерде орналасқан Шолаққорған қыстағына бағыт алып, жолай № 4,5,6 ауылдардан отрядына 85 адамды қосып, Шолаққорғандағы абақтыдан қамауда жатқан 13 байды босатыпты, 5 коммунисті және бірнеше партияда жоқтарды сабап, жарақаттапты. Кейінгілері анықталып жатыр. Партия мүшелерін, белсенділерді зорлап намаз оқытып, ақ ту көтертіп көшеде жүргі зіпті. Ауыл Кеңестің іс-қағаздарын өртеп, кооперацияның, астық қоймаларының кілттерін алып, бандылар кешке Созаққа оралған. 9 ақпанда бандиттер Шолаққорғанға қайта келіп, абақтыдан босаған байлар сельсовет төрағасынан, байлардан қатталған заттары жиналған қойманың кілтін алып, дүние-мүлікті тонап, сондай-ақ кедейлердің дүкеннен сатып алған заттарын тартып алыпты. Сол күні № 3, 5 ауылдардан жүз қаралы адам келіп, “кәпірәтіп қоймасындағы бидайды бөліп беріңдер” деп талап етсе, Шолаққорған мың байлары: «Қандай өкімет болса да бидай үшін жауапты боламыз»,- деп бөлдіртпепті. Ауылдан келгендер Шолаққорғанда біраз болып, кері оралған. 9 ақпанда бандылар Түркістаннан 65 шақырымдай «Ащысай» қорғасын кеніне 15 шақырымдай таянып, бірақ ол жерге дер кезінде қарулы күштер жіберілгендіктен, бандиттер шабуылға әрекеттенбепті. Сарысудан бандылардың Созаққа бет алғанын Сарысу ауданындағы № 1 ауылдағы уәкіл біліпті, бандылар жолда болғандықтан хабар жеткізе алмай, бірақ Сарысу ауданының орталығы Кентаралға (Түкістаннан 275 шақырым жерде) хабарлап, онда шұғыл әрекет жасап, коммунистер мен комсомолдардан шамамен 200 адамдай қорғаныс отрядын ұйымдастырыпты. Әулие атаға Сарысудан жеткен хабаршының айтуына қарағанда Кент аралдағы партия, Кеңес мекемелері 9 ақпанда Талас ауданына көшіпті. Сол күні саны белгісіз бандылар сауда орындарын қиратып, атком үйін өртеген. 9 ақпанда түнде Сарысу ауданындағы № 1 ауылда аудандық тұтынушылар одағының кеңсесі талқандалынып, оған жергілікті байлар да қатысыпты. Бандылар Таласқа көшкен мекемелердің артынан қуғыншылар ұйымдастырып жатыр деген мәліметтер түсіп жатыр. Бандылар басып алған елді пунктерде коммунистер болмаса, орташалар мен кедейлер оларға ықыласпен, ілтипатпен қарауда. Созақта аутком әскери есебі столының меңгерушісі Батырбеков Жүсіпбек, кооперативтің приказчигі Жайрабеков Шоқай қаруларымен бандылар жағына өтіп, партия-кеңес қызметкерлерін өлтіруге қатынасты. Сарысу ауданының біраз ауылдарының тұрғындары өркөкіректік көрсетуде. ...Бандылардың қарулары әр түрлі. Дәрімен оқ ататын әр түрлі 30-40 винтовкалары, аңшы мылтықтары бар. Бірақ дәл саны қанша екені белгісіз. Суық қарудан бары — қылыш, канжар, балта, т. б. ...Коммунистерден құрылған отрядтар келіп жатыр. 13 қаңтарда Түркістаннан 13 адамы (ақпарда «штык» деп аталған М. Р.) бар бірінші отряд, 56 адамы бар екінші отряд, 11 ақпанда Шымкенттен 54 адамы бар бірінші, 30 адамнан тұратын екінші отряд, Қызылордадан бір пулеметі бар 33 адамнан жасақталған отряд, Әулие-Атадан 13 ақпанда Кентаралға 30 адамдық отряд келді. Жүзеге асырылатын іс-шараларға уақытша басшылық ету Сырдария округтік ГПУ-дің бөлім бастығы Журавлев жолдасқа тапсырылып, оған көмекке өкілетті өкілдердің қызметкерлері жіберілді. 11 ақпанда БОПП ОГПУ-дің бастығы Логачев жолдас бір топ оперативтік қызметкерлермен және 50 қылышты атты эскадронымен арнайы поездбен Түркістанға жүріп кетті. Ащысай кенін қорғау үшін жұмысшы-шахтерлерден халық жасақтары құрылды, бірақ жалпы саны белгісіз. 13 ақпанда Қызылорда ОДТ ОГПУ-ынан Түркістанға бір пулеметі, бронелетучкасымен 15 адам жіберілді. 13 ақпанда Алматыдан қазақ ұлттық дивизиясынан 50 қылышты эскадрон ПП-ның оперативті қызметкері Рукавицин жолдастың басқаруымен кетті. 13 ақпанда Ташкенттен Ленин атындағы атты әскер мектебінен атты-сүйретпелі батареясы (зеңбірегі) бар 140 қылышты атты эскадрон жіберілді. Осылардан бөлек көрші Шаян, Талас аудандарында тосқауыл ретінде 30 адамнан құрылған коммунистер отряды жиналды. Созақ ауданымен араласып-құраласып жатқан Әулие-Ата, Түркістан, Шымкент аудандарының селолық Кеңестеріндегі белсенді байлар және бандиттер элементтері қамауға алынды». (Бұл да сонда). Бұдан ары ақпарда , қайсыбір, отряд қандай отрядпен бірігіп, қай бағытқа жіберілгені, азын-аулақ болған шайқастар туралы айтылды. Бұл ақпардағы көрсетілгендей 30 мылтықты 400 адамдық тобырды қарулы күш деп айту да ұят шығар. Оның үстіне, олардың басты мақсаты қамаудағы туыстарын босату екенін де аңғардық. Оны ЧК-ның адамдары да жасыра алмапты. Осындай қарусыз тобырға қарсы мұздай қаруланған осыншама жасақтарды жинастырудың қаншама қажеті болды екен. Созаққа бара жатқан жолда Поляков, Исаев басқарган отрядтардың қалай соғысқанын жазған екінші бір ақпарға зер салайық. Ақпар Алматы ПП ОГПУ — Велленбергке, Қызылорда — Николь-скийге, Шымкент — Костенкоға жөнелтілген. «13-ақпанда таңертең Поляков отряды мен 500 адамдай бандиттер арасында екі сағатқа созылған шайқас өтті. Сол күні басқа да қақты-ғыстар болып, 14 ақпанда бандылар тағы да шабуыл жасап еді, мылтық-тардан, пулеметтерден оқ жаудырып бетін қайтардық. Исаевтың отрядымен, сондай-ақ Исаев пен Поляковтың отряды біріккеннен кейін (Исаев ішінен жараланған болатын М. Р) болған барлық шайқастардан кейін нәтиже былай болды: Исаев отрядынан 7 жауынгер қазаға ұшырап, қайталап айтам қаза болған 7 адам, 7 адам ауыр, 2 адам жеңіл жараланды. Екіншіден: Исаев отрядынан қазаға ұшырағандардың 7 винтовкасы, 4 револьвері, одан басқа бір жәшік оқ — 1150 дана, бандылардың қолына түсті. Үшіншіден, Поляков басқарған біріккен отряд бандылармен соғысқанда жауынгерлер ерлік, батырлық тапқырлық көрсетіп, дер кезінде үш тұрғын үйге бекініп, дуалдардан-ақ ататын тесік істеп, қоршаған 500-600 бандымен табан тіресіп үш тәулік соғысты. Сыртпен байланыс болмады, бір адам жараланды. Төртіншіден, Исаев отрядымен болған соғыста бандиттерден шамамен 30 адам өлді, жараланғандарының қанша екені белгісіз. Бесіншіден, Поляковтың біріккен отрядымен болған ұрыста шамамен 50 бандиттей қырылды, жаралылар қанша екені белгісіз, бірақ көп». (Бұл да сонда) Осы ақпарда шындық жоқ. Бандиттер алдарында қырылып, өліктерін өздері санағандай 30, 50 деп жазады. Пулемет, винтовкалардан жауған оққа көзсіз көбелектей лап қойған қарусыз жандар шөптей оталмады деймісің?! Енді ОГПУ-дың Шымкент округтік бөлімі Костенкоға 14 ақпанда Әулие-Атадан жолдаған Бурдаковтың құжатын алайық. Бұл құжатқа Губановтың 13 ақпанда жазылған № 2 хабарламасы мен жазбасы, «Тоқмақтың» (тыңшының жасырын қосалқы аты болар Р. М.) 11 және 12 ақпандағы, сондай-ақ «Сайғақтың» (бұл да жасырын агент) 14 ақпандағы хабарламалары пайдаланылған. Көлемді дүниенің әр жерінен үзінділер келтірейік. «Қаңтардың аяғында біздің Созақ ауданы бойынша өкіліміз Ромадан бандысына қатынасушыларды қамауға алады. «Тоқмақтың» рапортына қарағанда № 2 ауылда ГПУ-дың тапсырмасымен бұрынғы банды шайканың бастығы Масжан Қарғалиев қамалыпты. Бандыларды жоюға бағытталған біздің іс-шараларымызды Тыныштықбаевтың жүзеге асыруы бандылардың ұйымдасып көтерілуіне түрткі болмады ма екен... ...Осыған мұнда және Сарысу ауданында кейбір байлардың қамауға алынуы себепші емес пе? ...Бірақ еш шүбәсіз дайындық жұмысы (қозғалыстың басталуын айтып отыр) өте қысқа уақыт алған. Өздерің жүзеге асырып жатқан қамау жұмыстары көтерілістің басталуын шапшаңдатқан. Бандылардың басшылары: «Біздің жасырын жүргізіп жатқан іс-әрекеттеріміз ашылып, тұтқындау басталған болу керек, бәрі-бір қамаламыз»,- деп көтерілісті бастаған. ...Жергілікті халық біздердің басқан қадамымыздың бәрі «салық жинаумен», «қамауға алумен» байланысты деген көзқараста... ...Менімше, үлкен қантөгіс болмай Сарысуда Совет өкіметін орната алмаймыз. Ауданда неғұрлым байлардың көзі мол жойылса, солғұрлым жақсы... Біз Сарысуда тап күресін нақтылай жүзеге асыра алмадық. Жиырма сегізінші жылдары байларды талқандау жеткіліксіз, өте-мөте аз болды. Алашордашылар, байлар өз орын орындарында кедейлерге баз-баяғы ықпалды, тек уақытша бұғып, жасырынуда. Барымташылар баз баяғы күйінде осы күнге дейін ешнәрседен қаймығып қорықпай өз істерін жүзеге асырып отыр. Олардың басында ірі байлар, айта берсең басқа жерден жер ауып келгендері де бар. Оларда қарапайым болса да қару бар. Созақтағы байлардың осындай тірліктері Сарысудан барымташылардың құлағын көтеріп, көтерілуіне де себепші болды». (Бұл да сонда) Бұдан ары ақпарда, әр жерде астық қоймалары, кәпіратіптер тоналғанын, Кентаралдан мекемелердің Талас ауданына үдере көшкенін, оған аудан басшыларының кінәлі екені, оларға онша қауіп болмағаны жазылады. Бұл ақпардан ГПУ қызметкері туралы жергілікті халық қандай пікірде екенін, оны өздері де жақсы білетінін байқадық. Иә, олардың басты мақсаты «салық жинау», «қамау, жазалап ату, жер аудару, жендеттік тірлік». «Сарысуда үлкен қантөгіс болмай Совет өкіметі орнамайды»,- дейді, қаншама адамның бай-кулак деп жер аударылып, зарлап жатқаны оларға әлі де аз. Осы орайда сәл шегініс жасап, осы қанды қырғынға себепші болған, соған дем берушінің өзіне оралайық. ...1925 жылдың 12 қыркүйегінде Голощекин Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордаға келді. БК(б)П Орталық партия комитетінің өкілі ретінде оны ертіп келген Каганович оны қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлап, Голощекиннің қолы шексіз билікке жетті. Дәл осы жылы республика өмірінде көптеген маңызды оқиғалар болып өткен еді. Мәселен, 19 ақпанда БКП(б) Орталық Комитеті Қазақ обкомын Қазақ өлкелік комитеті деп атау туралы қаулы қабылданған. Сол айда республика астанасы Қызылордаға көшірілді. 15-19 көкекте болып өткен Қазақ АССР-ның V съезі осыған дейін «Қызғыз» аталып келген халықтың тарихи ақиқат есімін қалпына келтірді. Республика жұмысшы табының ұлттық отряды қалыптаса бастады. Мұнай өнеркәсібіндегі жұмысшылардың көпшілігі қазақтар болды. Олар сондай-ақ, тау-кен өндірісіндегі жалпы жұмысшылардың 45 процентін, жеңіл өнеркәсіпте 30 процентін құрады. (Материалы к отчету Казахского краевого комитета ВКП(б) на VІ краевой партийной конференции). Дәнді дақылдардың түсімділігі 92 миллионға, ал мал басы 1922 жылмен салыстырғанда 2 есеге дейін өсті. 1923 жылмен салыстырғанда товар айналымы 4 есе өсіп, 25 миллион сомға жетті. Қазақстан одақтық сыртқы сауда ұйымдарының көмегі арқылы шетелдермен сауда қатынастарын орната бастады. 1925 жылдың 1 қазанда республикада түрлі типтегі 281 кооперация, 35 колхоз, 96 коммуна, 557 артель мен 58 серіктестіктер бар еді. 1925 жылы мұнда 13 газет, 5 журнал шығарылып тұрды. 1925 жылдың 12 шілдесінде жалынды революционер Сәкен Сейфуллин басқарған КазАПП (Қазақ пролетар жазушылары ассоциациясы) құрылды. 1926 жылдың басында республикада 31910 коммунисті бірік-тіретін бір облыстық, 6 губерниялық және 40-тан астам уездік партия комитеті бар еді. Қазақстан кәсіподақтарының құрамында 82 мыңнан астам мүше, ал республика комсомолында 51 мың қыз бен жігіт болды. Голощекин Қазақстанға келген тұстағы жалпы жағдай осындай еді. Республикаға келіп жетісімен, Филипп Исаевич өзіне тән шапшандық пен қызу қимылға көшті. Оның ең әуелі бітіргені -1917 жылдың қазанынан 1925 жылдың қыркүйегіне шейін Қазақстанда Кеңес өкіметі болмаған, коммунистік партия ұйым мұнда жоқ деген солақай тұжырым. Жаңа хатшы революция талқандаған империяның артта қалған шет аймағында тұратын, капитализмге соқпай, бірден социализмге бет алып келе жатқан бұл халықтың өзіндік ерекшеліктері бар екендігін елеп, ескеріп жатқан жоқ. 1927 жылдың өзінде-ақ Голощекин «Казахстан на Октябрьском смотре» және «10 лет Советской власти» деген екі бірдей кітап шығарып, онда «қазақ ауылы Октябрь лебін сезген емес» деген дәлелсіз байбаламға басқаны елдің бәріне мәлім. (Голощекин Ф.И. «Партийное строительство в Казахстане», Сборник речей и статей. М., Алма-Ата, 1930, 72 бет). Ол: «Ауылда Қазан революциясы болған жоқ, тап тартысы байқалмайды, кедейлер комитетігіде кулактардың мал мүлкін ортаға салу болған емес, тіпті ауылда коммунистер атымен жоқ»,— деп салды. Ф. И. Голощекиннің айтуынша, 1925 жылға дейін республикада болған оқиғалардың бәрі Қазақстан мен республика партия ұйымының шын тарихына кіріспе ғана іспеттес көрінеді. Қазақстан өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы І.Құрамысов бірден Голощекиннің шылауында кетті. Ол өзінің «Национальная политика партии в Казахстане» (Алма-Ата, 1932) атты еңбегінде: «Қазан дауылы қазақ ауылын сәл ғана желпіп өтті. Дәлірек тұжырымдасақ, бұл кезде Қазақстанда бірегей де біртұтас партия ұйымы болған жоқ» деген «жаңалық» ашты. Қазақстандағы Кеңес өкіметінің 10 жылдық тарихын екі ауыз сөзбен мансұқ еткен Голощекин енді ауылда «Кіші қазан өткізу керек» деп даурықты. Голощекиннің тоңмойын өркөкіректігі өзімшілдік ауруына айналып, асқынған сәтте республиканың саяси және шаруашылық салаларын басқарып отырған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар наразылық білдіре бастаған. Өз сөзінен өзге сөзді жүрдім-бардым тыңдайтын өркөкірек хатшы партиялас жолдастардың сөзіне құлақ асқан жоқ. Қайта қолындағы орасан зор билікті пайдаланып, оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Ең әуелі ауызы алты қарыс арыстандай Сталинге өз бағытын мақұлдатып алуға ұмтылған Шая Ицкович Москваға хат жолдап, өзі жүргізіп жатқан саяси бағытты тілі жеткенше мадақтады. Оның жазғанына сенсек, қазақтар, мәдениет атаулыдан мақұрым қалған табиғи тағылар болыптымыс. Голощекин ауылда босып жүрген елді жинап алып, оларға шанышқы, қасық ұстауды, таза іш киім киюді, үйлеріне терезе, мұржа орнатуды, т.б. үйреткісі келетін көрінеді. Бұл үшін азды-көпті оқуы бар қазақтарды орталықтан ауылға аттандыру саясатын ұстанбақ. Қысқаша қайырсақ, оның қызметі жергілікті халықты «мәдениет әліппесіне баулудан басталатын» тәрізді. Кеңестендіру, партия құрылысы, ұлтаралық қатынас, жергіліктендіру және мәдени құрылыс тәрізді маңызды міндеттер Голощекиннің ұғымынша жоғарыда аталған «шаралармен» шектелді-міс. Бұл ауылда жүргізілетін үлкен саясат болып табылады екен». («6-я Всеказахская конференция ВКП(б)» 15-23 ноября. Стенографический отчет, С. 94, Кызыл Орда, 1927 г.) Сталинге жазған хатында Голощекин өзін құдай емес, құдайдан былай емес билік иесіне айналдыруды сұрағаны байқалады. Себеп түсінікті: Филипп Исаевич өзінің «Кіші Октябрь» атты теориясымағын Москва тарапынан мақұлдатып алуға ұмтылған. Сталинге құптатып алса, оның жолына енді кесе көлденең тұра алатын кім бар? Өзінің авантюристік апатты бағытын партияның халық алдындағы қастерлі атын пайдалана жүргізуі Голощекин үшін бірден бір тиімді жол болып табылғаны түсінікті. ВКП(б) Орталық Комитеті Голощекиннің аталмыш хатындағы өтініштерін қолдаса, бұның өзі іс жүзінде демократияны бұғаулап, әскери коммунизм кезінің әдістеріне өріс ашумен пара пар болмақ. Өкінішке орай, дәл солай болып шықты да. Тіпті Голощекиннің ауылшаруашылық салығын «байлар жасырып отырған» 50 процент мал мүлікті ескере отырып жүргізу туралы өтініші де мақұлданды. Бұл кейіннен тұтас бір халықтың азып тозып, апатқа ұшырауына әкеліп соққанын жақсы білеміз. Болары болып бояуы сіңген соң, Филипп Исаевич ВКП(б)-нің Бүкіл-қазақстандық VІ конференциясында делегаттарды өзінің аты шулы хатымен және оған қайтарылған Москва жауабымен таныстырды. Бұдан былай Голощекин авантюризміне даңғыл жол ашылатыны айдан анық болды. Енді бұл хаттың Сталин тарапынан қызу қолдау табуының себебіне үңіліп көрейік. Владимир Ильич қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы жылдарда Сталин өзінің диктаторлық өктемдігін онша өрістете алмағаны мәлім. Партия, Кеңес органдарында лениндік гвардияның көптеген адал жауынгерлері отырғанда ол көзжұмбай тәуекелге бел буа алмайтын еді. Сондықтан оған дәл Голощекин тәріздес, өзінің айтқанын шариғат сүресіндей жатқа соғатын жандайшаптар әбден қажет болатын. Осы колшоқпарлардың көмегімен Сталиннің талай адал коммунистердің түбіне жеткені мәлім. Бұл бір. Екіншіден, социализм құрылысы кезінде тап тартысы мейлінше өрши түседі дейтін жаңсақ теория сол тұстары Сталиндік жетекші саясатқа айнала бастаған. Ендеше «Октябрь дауылы дарымаған» Қазақстан сияқты кең байтақ өлкедегі «контрларды» Го-лощекиннің қолымен неге жер жастандырмасқа? Оның үстіне қазақ жерінің жағдайын жете білмейтін «көсем» Голощекин ұғындырған «шындыққа» ұйып қалыптымыс. Сталиннің Голощекинге берген жауабын сөзбе сөз келтірейік. «Товарищ Голощекин, я думаю, что политика, намеченная в настоящей записке, является в основном единственно верной. И. В. Сталин». Тікелей Бас секретардың өзінен қолдау тапқан бірінші хатшы делегаттарды қызыл сөз тасқынының астында қалдырды.. Қазкрайкомның БК6П Орталық Комитетінің хатшысы А.Андреев қатысқан 6 конференциясында тұрпайы марксист Голощекин табан аудармастан... жеті сағат сөйледі. Одан кейін сөз алған А.А. Андреев, Қазақстан Өлкелік комитетінің жауапты қызметкері М.К.Мурднов, КазЦИК төрағасы Е.Ерназаров, Өлкелік комитеттің екінші хатшысы И.Құрамысов және Халық Комисарлары Кеңесінің төрағасы О.Исаев баяндамашы ұсынған бағытта аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптеді (О.Исаев өз қателігін кейін түсінді). Сөйлеушілер Голощекиннің күннен күнге ұлғайып келе жатқан көсемшілдік көкірегін көрінеу көтермелеп, бадырайып тұрған кемшілігі жөнінде жұмған аузын ашпады. Конференцияда сөйлеген сөзінде Саяси Бюро мүшелігіне кандидат БКбП Орталық Комитетінің хатшысы А.А.Андреев «Голощекин жолдастың хабарламасына сүйене отырып, менде өлке басшылығы жеткілікті дәрежеде бекемдік танытпаған, тізгінді мықтап ұстай алмаған, солқылдақтықтан арылмаған деген пікір пайда болды», — деп салды!

Голощекин: «Ал, маған диктаторсыз деп байбалам салушылар да болған». Андреев. «Жолдастар, менің ойымша, былайша тұжырымдаған дұрыс болар: мұндағы Казакстандағы, партия жетекшілері бізге Караганда әлдеқайда берік, әлдеқайда өктем болу тиіс... Бұдан шығатын қорытынды сол, сіздердің жағдайда партиялық басшылық аса мықты, табанды болуға міндетті. Әрбір нұсқауды шын мәнінде жүзеге асыру үшін бұл ерекше қажет» (Сонда, 232 бет) Голощекин бұдан былайғы жерде Қазақстанды өзі ғана жеке дара билеп төстейтінін жасырған жоқ. Аталмыш конференцияда жасаған баяндамасының тағы бір жерінде ол былай деп ашықтан-ашық айтты: «Енді мен Қазақстан басшылығы жайында сөз қозғағым келеді. Сіздер Зиновевтің: «Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басыбайлы берілді» дегенін білесіздер. Бұл Мыңбаевтың үйретіндісі... Кез келген топтың көсемдері Қазақстанға қарсы шығып байқасын бір аптаның ішінде күлі көкке ұшады». (Сонда, 137 бет). Алдағы деректер «Арай» журналында №3, 1989 ж. жарияланған «Саяси портрет И.Ф.Голощекин» атты мақаладан алынды). Міне, жеке билікке ие болған Голощекиннің нұсқауы еш тойтарыссыз, талассыз мыңдаған, адамдарды жалмап жүзеге аса берді, Тағыда тарихи деректерге жүгініп, ОГПУ-дің Қазақ ССР-дағы өкілетті өкілінің шығыс бөлімінің №8 оперативті-барлаушылық ақпарына зер салайық.

СЫРДАРИЯ ОКРУГІ

Созақ козғалысынын қорытынды мәліметтері. (Бұл ақпарды толығы-рақ келтірген жөн сияқты). «Аудан орталығы Созақ қыстағын еш қарсылықсыз басып алған «бұрынғы волостной правитель») шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дерек) Шонақов басқарған банда Созаққа орнығып, сол мезеттен ұйымдастыру ісіне кірісті. Шонақов өзін ханмын деп жариялап, өзіне жақын адамдардан кеңесшілер тағайындап, солармен бірігіп Созақты қорғау мәселесін, «Сарыбос» деп аталатын армия құруды шешті. «Сарыбостың» тарихи мәні, 1916 жылы көтеріліске шыққан қазақтар «Сарыбос» деген өзеннің бойында қол жинап, оларды өзеннің атымен «Сарыбос» деп атапты. (Естімеген елде көп. Не деген ғылыми тұжырым) Хан ру басшыларына, жартылай феодалдарға арнайы үндеу қабылдап, өзі бастаған игілікті іске қол жалғап, елде үгіт жұмысын жүргізуді, ұйымдастырылған армияға адам, азық-ауқат, жем-шөп, қару-жарақпен жәрдем етуді сұранған. Оның үндеулері дінді уағыздауға, тап күресін күшейтуге бағытталған. Ханның негізгі ұрандары: «Ислам дінін қорғаймыз!», «Дінді қорғап, соның жолында жанды пида етуден тартынбайық!», «Дінді таптаушыларға, ислам дініне берілгендердің мал-мүлкін қаттап, жер аударып жатқандарға ғаззабат соғысын жариялайық!». Бандиттер жағындағы дін иелері олардың ісіне ат салысып, халықтың белсенділігін арттырып, жау жағына қосуда үлкен роль атқарды. Созақтағы ең көркем, ең үлкен мешітті қатаң әкімшілік жолмен зорлап клуб жасауға алып беру, оның үстіндегі жарты айды мылтықпен атып тесіп, құлату дін иелерін ашындырды. Клуб үшін деп атақты ишандардың үйлеріндегі кілем, текеметтері т.б. зорлап алынған. Соған қарамай мешіт клуб бола алмады, оның халық намаз оқитын кең залына диқандар ұрықты астықты жинады. Созақ жаулап алынған соң мешіт тазартылып жөнделді. Хан штабы қолға түскенде онда мынандай құжаттар болды. Үндеулер, жақсы мергендердің аты көрсетілген сарбаздардың мінездемелері, қару-жарақ, күш-көлік, жем-шөп есебі, ханнын кеңесшілерінің, (сардарлардың) тізімі, ру басыларының, байлардың кепілдік қағаздары және т.б. Сарбаздардың жалпы саны 2384 адам. Хан штабы 8-нен 16 ақпан аралығында өмір сүрді». (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Шымкент облыстық басқармасы берген құжаттардан). Құжатта жазылғандарды ақыл таразысына салайықшы. Басым көпшілігі сауатсыз (ханның өзі де сауатсыз болған) халықтан құрылған тобыр «сарбаздардың» штабы осынша жұмысты жүргізді дегенге кім сенеді. Бұл жұмыстарды әскери жоғарғы білімі бар тәжірибелі штаб қызметкерлері аз уақыттың ішінде жүзеге асыра алмайтыны айдан анық. Оның үстіне қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармасының, облыстық мемлекеттік, сондай-ақ партия архивінде хан Шонақовтың штабының құжаттары деген ешқандай қағаздар жоқ. Бұл тұжырым осы ақпарды дүниеге келтірген Волленбергтің, Сергеевтің, Волоховтың ойлап тапқандары іспетті. «Бандылардың қарулары жетіспегендіктен хан штабы суық қаруларды дайындауға шұғыл кірісіп, сол үшін үш ұстахана ашып, онда дәрімен атылатын әртүрлі жүйедегі мылтықтарды жөндеумен қатар ханның арнайы тапсырмасымен кәпірәтіптен тоналған 200 белорақтан ағаш сапты қылыштар, найзалар, ағаштың басына шанышатын істік т. б. дайындалған да сарбаздарды қаруландырған. Ұстаханаларда көктемгі егіс кезінде соқа-саймандарды жөндеуге округтен жіберілген 6 ұста жұмыс істеді. Бандылардың жетіспеген қарулары қаза болған және тұтқынға түскен біздің жауынгерлердің есебінен толықтырылды. Олардан бандиттер 2160 дана патрон, 22 үшлиниялық винтовка, 5 револьвер қолға түсірді. Ханның штабы Түркістан, Шаян, Талас, Сарысу аудандарына өз үгітшілерін жіберіп, қарулы көтеріліске шығыңдар деп үгіт жүргізді. Соның нәтижесінде кейбір аудандарда байлардың дүмпуі болып, бандылар ұйымдастырылып, партия-совет қызметкерлері өлтіріліп, тонау, т.б. болды. (Бұл туралы деректер бұрынғы ақпарларда берілген болатын). Жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижесінде Созақ, Түркістан, Шаян аудандарындағы бандылар қозғалысы негізінен жойылды. Созақ ауданында 12-16 ақпан аралығында болған соғыста 126 бандиттер, 16 ақпандағы Созақ үшін болған шайқаста 200 бандиттер жойылды да, қолында қаруы бар 200 белсенді бандиттер табанда атылды. Қолға түскен және оперативті іс-шараларды. жүзеге асырудың нәтижесінде бандиттері, демберушілері, үгітшілері, сондай-ақ барлаушылары бар 389 адам тұтқындалды. Бандыларды жою барысында хан және оның ұйытқы орталығы талқандалды. Созақ операциясының нәтижесінде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрімен атылатын кару, 100 шамалы суық қару қолға түсті. Түркістан ауданының «Қарнақ» селосынан 63 адам қамалды, олардың ішінде партия ячейкасының хатшысын өлтірген адам, ұрықтық астықты тонаушылар бар. Қарасай қыстағында бандитизмнің 13 белсендісі қамалды. Созақ ауданында жүргізген операциялардың нәтижесінде біз жақтан шыққан 24 партия-кеңес қызметкерлері набыт болды, оның ішінде семья мүшелері де бар, көпшілігі европалықтар. Қарнақта бір адам. Ащысай маңында бір адам, соғыста 15 адам қаза болып, 5 адам ауыр, 8 адам, жеңіл жараланды. Ауылдарда және Созақ селосында қанша адам қаза болғаны жөнінде мәлімет жоқ». Бұдан ары ақпарда Қызылорда, Гурьев, Ақтөбе округтеріндегі, Қарақалпақ автономиялык облысында бандыларға қарсы қандай шаралар жүзеге асқаны жазылған. Ақпардың соңында: «Біздің іс-шараларымыз» деген бөлім бар. Ол да көңіл аударарлық. Онда былай делінген: «Бандитизммен зардаптанған аудандарында жұмыс істеп жатқан оперативті топтар, отрядтар тығылған бандиттерді, олардың құйыршықтарын, контрреволюциялық элементтерді қамауға алып, қаруларын алуда. Агентура тергеу жұмыстары арқылы осы көтерілістің шығуының негізгі себептерін анықтаудамыз. Қаза болған, атылған бандиттердің, контрреволюциялық қозғалысқа қатынасқандардың, бандитизммен зардаптанған аудандарда контрреволюциялық іс-әрекет жүргізген ірі байлардың дүние-мүліктерін, малдарын конфескелеуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұтқындалған, қамалған бандиттердің ішінен батырақтар, кедейлер, орташалар іріктелуде. Партия, Кеңес органдары тарапынан партия-кеңес жүмысын жақсартып, ірі шаруашылық саяси жүмыстарды жүзеге асыру көзделіп отыр». (Бұл да сонда) Осы ақпардағы мәліметтерге терең ой жіберсең адам баласы, оның ішінде сорлы, сауатсыз, қараңғы қазақтың сұрауы болмай, өмірі ойыншық болған ба дегің келеді. Бес күннің ішінде 526 адамды қойдай қыру екі жүз адамды табанда атып тастау қандай моральға, қандай адамшылыққа сиысады? Неткен қаныпезерлік. Бұл қалай? «Қолында қарумен қолға түскен 200 белсенді бандиттер табанда атылды»,— дейді Ұлы революциялық істі бітіргендей. Сонда сорлылардың белсенді екендігі маңдайларына жазылып қойылып па? Созақтың қанды қырғынынан соң 389 адамның тұтқындалғаны ақпарда бар. Қала берді бұдан соң ауыл-ауылдан «бандиттерді», олардың «құйыршықтарын» қамау біраз уақытқа созылды. Олар туралы деректер жоқ. Осылардың тағдыры не болды? Қаншасы атылды, қаншасы сотталып айдалды? «Бұлардың қылмысты істері бізден өтпепті, біздерде ол туралы құжаттар жоқ» дейді қауіпсіздік комитетінің Шымкент облысы бойынша басқармасының қызметкерлері. Сонда бұларды кім соттады? Бір таңқаларлығы, қауіпсіздік комитетінің басқармасындағы, сондай-ақ партия архивіндегі осы қозғалыс тұсында түcкeн құжаттарда Созақтағы халық қозғалысы Кеңес өкіметіне, Коммунистік партиясына, социализм ісіне ұйымдасқан түрде дайындықпен шыққан контрреволюциялық қарулы көтеріліс» деп жасалған тұжырым жоқ. Сондай-ақ бұған «ағылшын барлаушылары», «ауған тәуіп», «ақ ишан» басшылық жасап, мынандай-мынандай көмек корсетілді шет ел тарапынан деген мәлімет те кездеспейді. Кейін бұл тұжырымдарды кім ойлап тапқан? Қала берді, Сұлтанбек ханның сарбаздары ақпардағыдай 2384 адам болды делік. 150-дей оқ-дәрімен атылатын мылтықпен, 100 шамалы шоқпар, сойыл, қылышпен қаруланған «сарбаздарды» қалайша контрреволюциялық жасақты күш деуге болады? Тас құрсаудай сыға түскен зорлықтың қорлық көрсеткеніне шыдамай қаукөкірек халықтың көрсеткен боспасы, еркіндік пен ерегісіп түрегелгені қанды қырғынға айналған соң аман калғандары бас қамын ойлап, ініне су кетіп, жан жаққа қашқан жәндіктердей жан сауғалады. Осыдан екі ғасырдан астам бұрын ел сыртқы жау жоңғар-қалмақтан соққы көріп, «Ақтабан шұбырындыға» кезігіп үдере көшсе, енді қанды қол Голощекиннің «Кіші Октябрінен» тоз-тоз болып, көзсіз көбелектей қырылып, аман қалғаны елін-жерін тастап, кіші «Ақтабан шұбырындыға» ұшырып, Алқакөлге емес, одан да асып Қытайға, Монғолияға, Тәжікс-танға, Өзбекстанға, Түркменстанға, Қырғызстанға, Ауғанстанға, Ресейге үдере көшті. Мақұл «Созақ көтерілісі» байлар ұйымдастырған болсын делік. Қалың бұқара не себепті олардың соңынан ерді? Ауылдық жерде жасалған әртүрлі жүгенсіздік, озбырлық, әкімгершілік, сорақылық осыған итермелемеді ме? Ауылда өтетін көшпелі өмір өзіне жасалып жатқан мұндай тәлкекке төтеп бере алмады. Мұндай қозғалысты партия органдары байлардың қарсы шабуылы деп қана бағалап, бұқараның байлардың соңынан неге ергеніне мән бермеді және халықтың мұң-мұқтажын орындау бағытында тиісті жұмыс жүргізілмеді. Қайта «Созақ көтерілісі» келер ұрпақтың да жанына жазылмас жара салды. Бұл уақиға ОГПУ қызметкерлерінің шексіз үстемділігін кеңіте түсетін тағы бір құжаттың дүниеге келуіне себепкер болды. Ол Сырдария округтік әкімшілік бөлімінің 1930 жылы 4 наурызда қабылданған № 45 бұйрығы. Онда былай делінді: «Ауыл мен селоларда тап күресі шиеленісіп, социалистік элементтердің бай-кулактарға шабуылы күшейген сайын, байлар мен олардың кұйыршықтары бой көтеріп, артық астықтарын бергісі келмей қарсыласып, әртүрлі амал-айла жасап, Кеңес өкіметінің іс-шараларын ауыл мен селоларда болдырмауға әрекеттенуде. Қазіргі кезде бай, ишандар, т. б. Кеңес өкіметіне қарсы үгітті ашық та, жасырын да жүргізіп, кей жағдайда ашық контрреволюциялык іс-әрекеттерге барып, Кеңес аппараттарының қызметкерлеріне, батырақтар мен кедейлердің белсенділеріне қарсы террорлық істерді жүзеге асыруда. Бостандық, Созақ аудандарындағы қозғалыстар осының айғағы. Тап жауларының мұндай контрреволюциялық көтерілістері, бай, ишан, кулак, молда, т. б. залымдардың бір күнгі үгітінің нәтижесінен туындаған жоқ. Бұл контрреволюциялық ұйымның ұзақ жүргізген іс-әрекетінің нәтижесі. Осыған қарамай біздің милиция құрамымыз ауылдардағы, қыстақтардағы, селолардағы тап күресінің шиеленісуінен туындаған бас көтерулерді дер кезінде ашып, оны тамырлап келе жатқанда жоя алмады, контрреволюциялық іс-әрекетке мән бермеді. Бұл аудандық милициялардың, қылмысты істер бөлімінің іскерлігінің нашар, әлсіз жағдайда, дер кезінде түсінбейтіндіктерінің айғағы. Сонымен қатар, біздің жұмыстарымызды сапырылыстырып, нәтижесіз ету үшін милиция құрамына жат элементтерінің кіріп кеткені де анық. Сондай-ақ Сырдария округінде аудандық милициялардың қызметкерлерінің аз болуы да жұмыстың нашарлауына әсерін тигізіп отыр. Олардың бар жұмысты қамти алмауы да содан». Осылардың барлығын тұжырымдап келіп, біріншіден, аудандық милициялардың, қылмысты істер бөлімдерінің жұмыстарына баса назар аударып, олардың жұмыстарына бақылауды күшейтудің қажеттігін, екіншіден, оперативтік жұмысты жүзеге асыруда оларды әр істе мол тәжірибесі бар, әрі икемді жергілікті ОГПУ-дің, олардың өкілетті өкілдеріне бағындыру қажеті туып отыр. Жоғарыдағыларды атап корсете келіп, аудандық милициялар мен қылмысты істер бөлімі (округтік әкімшілік бөлімінен басқа) оперативтік істе Сырдария округтік ОГПУ-ға, ал жергілікті жерлерде ОГПУ-дің аудандық өкілетті өкілдеріне бағынады деп хабарлап бұйырамын: Бүкілодақтық атқару комитеті мен Халық Комиссарлар советінің 1927 жылғы 3 қаңтарда қабылдаған қаулысын, республикалық милиция бастығының 1924 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығын, сондай-ақ 1928 жылы милиция туралы қабылданған жарлықтарды: сондай-ақ бандитизмге қарсы, астық дайындау, мақта дайындау, көктемгі егісті егу барысындағы, сондай-ақ ағымдағы саяси жұмыстарды жүзеге асыру, сонымен қатар біздің тарапымыздан берілген нұсқауларды, оперативтік істерді жүзеге асыруда аудандық милициялар және қылмысты істер бөлімі ОГПУ органдарына, аудандарда солардын өкілетті өкілдеріне бағынып, барлық істе алауыздық тудырмай, қоян-қолтық жұмыс істейтін болсын. Жекелеген оперативтік істерде ОГПУ органдарына бағынбаған, не алауыздық тудырған милиция қызметкерлері жауапқа тартылады. Басқа істерді жүзеге асыруда барлық аудандық милициялар мен қылмысты істер бөлімі тікелей округтік әкімшілік бөліміне бағынып, жалпы ереже бойынша жұмыс істей береді. Сырдария округтік әкімшілік бөлімінің бастығы Жанғазиев. (ШОПКПА 29 қор, 1 жазба, 696 іс, 76-77 пп). Бұрында ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып жүрген ОГПУ органдарының қызметкерлерінің қолына шексіз билік тиді, енді оларға эй дейтін әже, қой дейтін қожа болмады. Сол билік келе-келе халықтың абзал азаматтарына «халық жауы» деген айдар тағып, жүздеп, мыңдап жоюға әкеліп соқты. Енді Созақ ауданында тұрып Созақ көтерілісінің шығуына не себептер болғанын білетін, оларға қатынасқандарды көрген, кейін қолдарындағы малды сыпырып, күштеп коллективтендіруге, шолақ белсенділердің түрлі зорлық-зомбылықтарына шыдамаған туыстарымен бірге 12 жасында Тәжікстанға ауып, кейін 1948 жылы Келес ауданының жеріне көшіп келген, 1951 жылдан СОКП мүшесі, зейнеткер азамат, еңбек партия ардагері Бәйтен Жалмұхамедовтың естелігін келтірейік. «1929 жылы Созақ ауданында уәкіл, белсенді дегендер қаптап кетгі., Олар өкіметтің тапсырмасын орындаймыз дегенді бетке ұстап, адам төзбейтін асыра сілтеушілік жасап, халықты күйзелтті, ел намысына тиді, жорғасын мініп, сұлуын сүйем дегенге дейін барды. Қыс кезінде жүн салыға салынып, жұрттың қысылғандығы сонша, малы бар адамдар былай тұрсын жүн салығынан құтылу үшін қыс күндерінің өзінде жалғыз-жарым түйелерін, қойларын сойып жіберді. Халықтың әбіржуімен жұмысы жоқ шолақ белсенділер күн сайын қой сойдырып жеп, өздерінше сауық-сайран құра берді. Әлі есімде Бейсенбек деген шаруа бір дөненің сегіз қадақ жүнге сатты. Сол кездегі Мұса деген белсендіні білуші едім. Оны жұрт озбыр, қаталдығынан кәпір Мұса деп атайтын. Оның өрескел қылықтарың мысқылдап:

Мұсадай біздің елде кісі бар ма?
Мұсаның жамандармен ісі бар ма?
Жемесе майлы қуырдақ тат басатын, ,
Мұсаның сары алтыннан тісі бар да,— деп ел өлең шығарды.

Бірде өзімізге караған үш-төрт үйдің барлық қойын Мәтбай деген белсендінің шабармандары етке тапсырамыз деген сылтаумен алдарына салып айдап кетпек болды. Әкемнін інісі Қаратай қызу қанды жігіт еді, бір-екі ересек адамдары қарсылық көрсетіп еді, аналар бой бермеді. Ауыл азаматтары амал жоқ малдардың арық, семіздігіне, буаз, буаз еместігіне қарамай шетінен бауыздап, жиырмашақтысының етін алып қалды. Белсенділердің асқандығы сонша, олар елдің тәуір адамдарының мазарларын тепкіледі. Бүл сияқты қатігездік осы кезге дейін көз алдымда, есімде. Мен 1918 жылы Созақ ауданының № 12 ауылында дүниеге келіп, әкем Тұржан менің бала кезімде қайтыс болып, 12 жасыма дейін атам Жалмағанбеттің тәрбиесінде болдым. Бұл кісі ескіше сауатты, әрі таманың Қошқарбай деген атасынан тарағандардың сөзі өтімді адам-дарының бірі болатын. Сол кісінің арқасында жас та болсам, елдің біраз тәуір, ірі басты адамдарын көрдім, көрмегендерімнің аты-жөнін сыртынан білдім. Мысалы, көтеріліске тікелей қатынасқан Асадулланы, оны көбіне ел ауған тәуіп дейтін, Мадияр Алтыбаевты, Атамыш Досымжановты, Бәзікиннің Мырзахметін, Рүстембек Жабаевты, Шағырдың Әлісін үйімде талай көргенмін, үйімізден дәм татып, атаммен әңгімелескендер. Көтерілістен 3-4 күн бұрын Шудың бойындағы Еңкей, Қабанқұдық деген жердегі екі төбенің күн шығысында қыстап отырган “біздің ауылға сау етіп бес-алты салт атты адамдар келді. Үйде аздап, күбірлесіп сөйлескеннен кейін әкем (мен атамды әке дейтін едім) оларды ертіп төбенің басына көтерілді. (Айтылған әңгімені бала-шаға естімесін деген болу керек) оларға ердім.

- Шырақтарым, бұл күнде біздің төрімізден көріміз жуық адамбыз, ожеттеріңе жараса мынау Ақмағанбетті алып кетіңдер,— деп үлкен баласын көрсетті.

Ұзамай-ақ Созақта көтеріліс болыпты деген хабар бұрқ ете түсті. Кәрі-жастың аузында Созақ уақиғасы. Кейбіреулер мұның ақыры неболар екен деп үрейленіп жүрді. Әйтеуір, қанды қырғын болғанын естіп жаттық. Талай жандар дерексіз, хабарсыз кетті. Сол кезде баласынан, ерінен айрылған әйелдердің аузында ұзақ жоқтаулар айтылды. Соның бірінен үзінді есімде қалыпты:

Хан сайладық қарадан,
Азғантай үйлі тамадан.
Шонақтың ұлы Сұлтанбек,
Хан болып шықты арадан.

Шәйіттікті нәм етіп,
Өліп кетті сан адам.
Дерексіз кетті талайлар,
Айрылып қатын-баладан.

Көтерілісшілердің жеке ерліктері ел арасында көпке дейін әңгіме болып жүрді. Олардың көпшілігі құралайды көзге атқан Салықбай мен Қасым мергендер туралы еді. Олар көтерілістен ажалға ілінбей қашып, Бетбақдаланы мекен етіп жүрді де, кейін ел жайлауға шыкқанда «сендерге тимейміз» деп өкімет адамдары алдап хабар бергізіп, ақырында қаматып жібереді. Созақтың қырғыны аяқталған күні ертеңіне мойнынан ауыр жарадар болған Бұлқынбек деген кісінің баласы сол жақтан түн жамылып қашып, елге келеді. Оның айтқанына қарағанда көтерілісті басқан соң екі жүзден астам адамды кызыл әскерлер бөліп алып, қатар қойып аттыпты. Солардың қатарында бұл да болған. Оқ тиіп адамдар құлай бас-тағанда бұл оқ тимесе де құлап, өлген адам сияқтанып жатады. Әскерлер қырылған адамдарды аралап, жараланғандарды қылышпен шауып, найзамен түйреп өлтіргенде, мұның мойнына да қылыш тиеді. Бірақ ажал жоқ аман калып, түнде еліктердің арасынан «тірілерің бар ма?»- деген дауыс естиді. Біреулердің көмегімен шығып елге жетіпті. Ақмағанбет ағам екі-үш күннен кейін қашып келіп, әкеме «жақсы тірлік көрінбейді, содан қашып келдім»,- дейді. Бұл көтерілісті байлар ұйымдастырған контрреволюциялық Кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс деп тұжырымдап, осы кезге дейін солай деп келді. Бұл негізінде ашынған, аштыққа ұшыраған кедейлердің жүзеге асырылып жатқан саясатқа, әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа қарсы жасаған іс-әрекеті. Менің өзім білетін кедейлерден Қарғабаев Байкенже, Нұрбеков Сәттібай сияқтылар сол соғыста шейіт болды. Қолға түспей тірі қалғандардың да тағдыры әртүрлі болды. Сүлтанбек ханның орынбасары болды деген Асадулланы көп ұзамай-ақ ауыл белсенділері ұстатып жіберді. Сол сияқты ханның қолбасшыларының бірі болды деген Мадиярдың інісі Мәдәліні арада «2» жыл өткенде Өзбекстанда жүрген жерінен ұстап әкетті. Көтеріліс басталған соң бір жылдан кейін Созақ селосына барғанымызда ауыл шетіндегі «Жайылма» деген жерден ортасы ойылып, ішіне түсе бастаған үлкен апанды көрдім. Апанның айналасында күнге күйген киімдердің, бүрісіп-тырысқан аяқ киім-дердің қалдықтары жатты. Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда атылғандар осы апанға көмілген екен. 1930 жылы жазда Созақтың күн шығыс жағындағы тегістікте, сол көтеріліске қатынасып, қаза болғандардың, ұсталып қалмағандардың семьясына арнап «қара тізім былай шық» деп бөліп лагерь жасалды. Лагерьдің жағдайы адам төзгісіз еді. Әдейі жарып қазылған жердің екі жағасына төбесі жермен жексен кепелер салынып, тұтқындарды сонда ұстайтын. Асты сыз, қабырғасы үгітілген. Жағатын отын, жамылатын көрпе, төсеніш жоқ. Ылғи әйелдер мен бала-шағалар. Сол лагерьде жоғарыда аты аталған Ақмағамбет ағамның әйелі Күнімай, қызы Жұмагүл, ұлдары Көштай, Құлдан қамалып. мен соларға тамақ апарып, лагерьді талай көрдім. Ақмағанбет ағам белсенділерден Өзбестанға қашып кеткен балатын. Лагерьде ұсталғандардың көпшілігі аш-жалаңаштан, аурудан қырылып кетті. Солардың қатарына ағамның ұлы Құлдан набыт болды. Кейін аман қалғандары амалын тауып, Өзбекстанға қашты бізбен қосылып. Біз елге 1948 жылы оралып Кеңес Қазақстан Халық комиссарлар Советінің төрағасы Меңдешевтің басшылығымен Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан осында көшіп келіп қоныстанған екен. Соларға қосылдық та теріскейге кетпей қалдық. Созақ алыс, оған жететін күш-көліктің де ыңғайы болмады. ...Біздің аталарымыздың солақай саясат тудырған зұлымдыққа, әділетсіздікке карсы күресте қаза тауып, «жайылмада» белгісіз, аяқ-асты болып жатқаны қабырғамызға қатты батады. Мен Созақ көтерілісіне қатынасып набыт болғандардың, соның зардабынан азапқа түскендердің тізімін жасап жүрмін. Әзірге тапқандарым аз. Олар: Өмірбеков Сұлтанбек, Оразымбетов Әбілқасым, Күшікбаев Бабас, Медеуов Қыдырбай, Жақсыбаев Сәттібай, Қалпанов Бейсембай, Қарғабаев Байкенже. Созақ көтерілісі байлардың көтерілісі деп түжырымдалса да, жоғарыдағылардың бірде бірі бай болмаған. Жақында газеттерде жарияланған облыстық партия комитеті бюросының «Созақ көтерілісі» деген атпен белгілі болған оқиғаны зерттеп, оған байыпты баға беру жөнінде арнайы комиссия құрғаны туралы хабар жүрегімізге жылы тиді. Партия, Кеңес органдары бұл оқиғаға саяси баға беріп, әділеттілік қалпына келсе, сөйтіп, жазықсыз құрбан болғандарға Созақ селосында ескерткіш орнатылса екен дейміз».

Мұның да жүзе асар күні туды.

КҮНӘСІЗ АЙЫПТЫЛАР

“Әділеттілік пен адалдық заманы қайта орнап, өткен күндерді сана елегінен өткізіп, қателіктер мен асыра сілтеушіліктің туған тегін тексеру күні туды”,- деп бастады әңгімесін қарт журналист, көп жыл Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінің редакторы болған, қазір құрметті демалыстағы Есіркеп Өмірбеков. — Осындай кезде сонау жылдары «бай-құлақтардың, бандылардың Кеңес өкіметіне қарсы көтерілісі» деген тұжырыммен тарихқа енген уақиғаға дұрыс баға беруге назар аударылып отыр. Тарихи құжаттарға сүйеніп, оны асыра сілтеушіліктің нәтижесінде болған халық қозғалысы екенін өзің де жаздың. Осы уақиғаға орай естігендерімізді, естегілерді, осы бағытта сонау жылдары істеген тірлігімді айтып берейін... ...Есіркеп ақсақал айтқан жайыттардан бізге жоғарғы тараудан белгілілерін алып тастап, қалғандарын пайдалануды жөн көрдік. 1928 жылы қыркүйекте Созақ ауылдарынан ірі байлар деп, асып-тасып бара жатқан дүние жиһаздары, мыңғырған малдары болмаса да, Абақтың Дайырбегі, Исаның Жанаділі бастаған 10 бай конфискеленіп, Орал жаққа бала-шағаларымен жер аударылды. Байлар айдалып кеткен мен олардың туған-туыстарын да белсенділер түрткілеп, үстемелеп салық салып күн көрсетпей, олардың да шаруалары күйзеліп тынды. Жалпы белсенділердің, уәкілдердің, қала берді Кеңес, партия қызметкерлерінің зорлық-зомбылығы, асыра сілтеген істері асқынды. Малды ортақтастыру, әртүрлі салықтар үшін деп милиция күшімен есіктерінің алдындағы малдарын айдап кету кең өріс алды. Малдан басқа сүйенері, кәсібі жоқ көшпенді халық қысым мен заңсыздықтың шеттен шыққан не бір сорақыларының куәсі болды. Белсенді аталатын, айдап салып, айтақтап қосып жіберетін шабарман, ұрда-жықтар неше түрлі қианатқа еркін, жасқанбай, қаймығып қорықпай барды. Әйел балаларын қорлау өріс алды. Осыдан шошынған №12, 13, 14 тама руынан тұратын ауылдар Сырға көшіп, іргесін елден аулақ салды. 1929 жылдың аяғында ГПУ-дің адамдары олардың бас көтерер азаматтарын Созақтың абақтысына әкеліп қамады. Олар бейкүнә жандар. Таудың бауырындағы ауылдар да малдан жұрдай болды да, елді ашаршылық шеңгеліне алды. Абақтыдағы адамдарды да асыpay қиындады. 1930 жылдың қаңтарының аяғында ГПУ-дің аудандағы өкілі Тыныштықбаев Түркістанға аттанып, абақтыда жатқандардың тағдырын шешіп, не босатып, не Түркістанға айдатуға келісім алмақ болады. Ол кете салысымен бір милиционер: «Абақтыда жатқандарды Түркістанға айдайтын болды» деген әңгімені елге жеткізеді. Одан арғы тірліктен жоғарыдағы тараудан оқушы кауым хабардар.

- Мен де Созақ уақығасының ақты-қарасын ашайыншы деп сонау жылдары көп еңбек етіп, талай адамдармен сөйлесіп, айтқандарын көңілге түиіп, едім. Солардың ішінде талай жыл ауыл Кеңес төрағасы болған Борсабай Рахметов, «Талапты» колхозының төрағасы Тоқабай Ерімбетов, «ЬІнтымақ» колхозының төрағасы Әділ Ысқақов, сондай-ақ Шеке Жартымбетов, Кәдірсіз Омаров, Мүхамеджан Кенжеев сияқты басқа да көнекөз, қүймақүлақ қарттармен сұхбаттасқан едім. Олардың барлығы да дүниеден өтгі. Солар: «Созақ көтерілісі» деп бүкіл республикаға, Одаққа дақпырт қып, жарияға жар салған уақиға кездейсоқ, ашу үстінде шыққан, ашынған халықтың толқуы деп айтушы еді. Мен де осыған қосыламын. Бірақ мен олардың ойларын, жасаған тұжырымдарын тиісті орыңдарға жеткізіп, басқаша көзқарас тудыра алмадым. Шынымды айтсам әрекеттенбедім де. Өйткені әділдікке жетемін деп жүріп, жеп отырған нанымнан, қызыл билетімнен айырылып, бай-қулактар «созақ көтерілісінің» зардабы талай іскер-талантты, қолынан іс келетін не бір азаматтардың бағын байлады. Оның зардабы, қала берді халық жауларының «қара күйесі» талайға таңба боп басылған жоқ па? Талабы жанып, тасы өрге домалаған азаматтың тобығынан қаққысы келген арампейіл біреу жоғары жаққа «бұл Созақ көтерілісіне қатынасқан бандиттің, не халық жауының ұрпағы десе, оның жолына тосқауыл қойылатын. Мен осы кезге дейін әділеттік орнады деген сөздің өзіне әлі сенімсіздікпен, күдіктене қараймын. Өйткені біз сан жылдар осылай тәрбиеленгенбіз, сүтке аузы күйген үрлеп ішеді. Мен басымнан өткен бір уақиғаны айтып берейін,-деді Есекең.

...1948 жылы желтоқсанда аудандық партия комитетінің конференциясы өтіп, енді аудандық партия комитетінің мүшелерін, тексеру комиссиясының құрамын сайлауды бастамақ болып, үзіліс жарияланды. Аудандық партия комитетінің мүшелігіне аудандық редактор, аудандық комсомол комитетінің хатшысы міндетті түрде сайланады. Оған сенім мол. Аудандық комсомол комитететінің хатшысы Ақшал Мұқанов Есіркеппен түйедей құрдас, әрі бұған жиен. Табиғатында әзілкеш, әңгімешіл Есіркеп Ақшалдың әкесі Мұқанмен де әзілдесіп, қалжыңдан ойнап, Ақшалмен де тартынбай әзілдесетін. Ақшал да қу жақ, сөзшең. Бұлар әзілдескенде қатарлары аузын ашып қалатын. Сол әдетіне салып Есіркеп үзіліс кезінде бір топ делегаттармен тұрған Ақшалға таянып: Шіркін, қазір біздің партиямыз ертедегідей емес кең пейіл, өткеннің бәрін жинастырып, дінге қарсы күресуді де қойдық. Егерде бұрынғыдай болса білдей молданың баласы Ақшал аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып дүрілдетіп шалқымақ түгілі аудандық партия комитетінің есігінен де қарай алмас еді. Енді міне киіктің асығындай боп шәлтиіп тұрысын — дейді.

Жұрт елең ете қалды.

- Оу, сен қайдағыны көкітіп, не деп оттап тұрсың? Нанын зорға тауып жеп, күн кешкен менін әкемде қайдағы қаңғырып жүрген молдалық, — деп Ақшал тызылдайды.

- Ал онда мына өлеңді тыңда. Жұрт та аңтарылып құлақтарын түреді.

- Жақсылар құлақ салып тыңда мұны,

- Пенденің білінбейді өткен күні.

Бәріміз Әулие-ата шаһар барлық,
Кешегі қойдың қысы өткен жылы.
Қүлыншақ бастығымыз, Мұқан молда,
Бір жерде басты қостық өңшең жорға.

Барған соң дәм-тұзымыз көтеріліп,
Тигізбей алып жүрді қолдан-қолға.

Осындағы Мұқан молда сенің әкең емей атаңның басы ма, - дейді Есіркеп солармен бірге болғандай. Ақшал ақтала алмай:

- Менің әкем молда болса да аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайлансам, ірі байлардың қатарында конфескеленген Дайырбектің тұқымы сен де жаман мәстектей ілініп жүрсің ғой бар жерге, - деп Ақшал да қарсы шабуыл жасап шарт ете қалды. Жұрт құрдастардың мұндай әзілдерін талай естіген, күлісіп залға кіреді. Іріктеліп дайындалған тізім оқылғанда Ақшалдың да, Есіркептің де фамилиялары аталмай қалады. Өмірбеков пен Мұқановтың фамилиялары тізімде неге жоқ? Олар неге ұсынылмаған? - деген делегаттардың сұрағына конференция жүргізушісі:

- Кейбір мәселелерді анықтау қажет болып, - деп жалтара жауап береді. Үзілісте топтасқан делегаттардың ішінде қауіпсіздік комитетінің осы аудандағы өкілі Байросов бартын. Соның нұсқауымен болған тірлік екенін делегаттар іштей сезсе де қызметтес жолдастарын қорғап ара түсе алмады. Үш әріптен тұратын мекеменің өкілінің айтқаны нұсқаумен бара бар, кім де болса бұлжытпай орындауы тиіс. Ол кезде аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланатындар, соның аппаратында жұмысқа алынатындар алдын ала «ата тегі таза ма» деп тексерілетін.

Сонымен тексеру басталып, құрдастарды үш ай сандалтты. Екі шумақ өлең Құлыншақ ақынның баласы Ысқақтың ілгеріректе, ел колхоздаспай көшіп-қонып жүргенде айтқаны. Есіркеп өлеңді жаттап, жадында сақтағанмен ондағы Мұкан молданың кім екенін білмейтін. Ақшалдың әкесі сауатсыз, өмір бойы диірменші болып бала-шағасын асыраған жуас адам. Есіркептің бабасы Сырғақ, Абақ екі ағайынды. Сырғақтан Өмірбек, одан Есіркеп туса, Абақтан Дайырбек тараған. Дайырбек орта шаруа адам болса да біреулердің көрсетуімен бай-құлақтардың қатарына іліккен. Есіркеп пен Ақшал әупірім деп кызметтерінде қалып, қатарға қосылады. Осындай әлектен соң Созақ көтерілісінің ақты-қарасын ажыратуға бел шешіп кірісу кайда, бастан құлақ садақа деп дым естімегендей, дым білмегендей болдық, - деп Есекең әңгімесін бітірді. Бұл дүйім елге баттита жағылған мол күйе ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете берер еді заман өзгермегенде.

Шындық шыңыраудан шығады, ақиқат ақырет - ақырапта да ақиқат. ЕСКЕРТУ: Бұл кітапта архивтік құжаттар молынан пайдаланылған соң саяси ұйымдар, мемлекттік мекеме органдары байырғы аттарымен, кейбірі орысша қысқартылған түрінде берілді. Соларға түсініктеме беруді жөн көрдік. 1. ССРО-дағы азамат соғысы және әскери интервенция 1917 жылдың қазан айынан 1922 жылдың күзіне дейін болды. «Баспашылар» Орта Азияда 30 жылдардың басына дейін Кеңес өкіметіне қарсы күрескен қарулы отрядтар. Қазіргі таңда «баспашылар» ұлт азаттығы үшін күрескендер» деп Өзбек республикасының үкіметі олардың ісін ақтап отыр. 2. «Алаш орда», «Алаш ордашылар», «Алаш автономияси». Кеңес үкіметіне карсы ұйымдастырылған буржуазияшыл-ұлтшылдар «Алаш» партиясы мен «Алаш автономиясы» деп тұжырымдалды. 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың наурызына дейін өмір сүрді. Қазіргі кезде олардың ісі ақталды. Дербес, егеменді мемлекет боламыз деп күрескен азаматтардың барлығының аты қара күйеден тазартылды. 3.«Антоновшылар» — 1920-1921 жылдары Тамбов және Воронеж облысының бірқатар жерін қамтыған халық көтерілісіне қатысушылар. Кулактар мен эсерлердің басшылығымен Кеңес үкіметіне қарсы үйымдастырылған бүліншілік деп тұжырымдалған. Басқарушысы А.С.Антонов, М.Н.Тухачевский басқарған әскер оларды қанға бөктірген. 4.Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті және Халық комисарлар Кеңесі — жұмысшылар және солдаттар депутаттарының Бүкілресейлік екінші сьезінде сайланған Кеңес мемлекетінің жоғарғы органдары. 5.ВЧК — Всероссйиская черезвычайная комиссия, по борьбе с контрреволюцией, спекуляцией и преступлениями. Контрреволюцияға, саудагерлік пен қылмыс жасаушыларға қарсы ұйымдастырылған Бүкілресейлік төтенше комиссия. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында ұйымдастырылып, өз алдына әскері болған. Ерекше билік беріліп, өздері соттап, өздері атуға құқылы еді. Төтенше комиссия халық шаруашылығының көптеген салаларында ұйымдастырылып, Кеңес үкіметіне қарсы бас көтергендермен аяусыз күресіп, қанға бояды. ВЦИК-тің (Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің) 1922 жылғы 6 ақпандағы қаулысына орай ол РСФСР (Ресей Советтік Социалистік Республикалар Одағы) НКВД-сының (ішкі істер халық комиссариаты) жанындағы Мемлекеттік саяси басқарма болып өзгертілді. (ГПУ) 6. Шымкент облыстық партия комитетінің партия архиві (ШОПКПА). 7. ОГПУ Өкілетті өкілдері — Округтік Мемлекеттік саяси басқарма өкілетті өкілдері. 8. БКбП — Бүкілодақтық коммунист (большевик) партиясы. 9. М.Л. Институтының — Марксизм — Ленинизм институтының.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙