TELEGEI

Home

Бақтыбай Жолбарысұлының айтыстары

Бақтыбай Жолбарысұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бақтыбай Жолбарысұлының айтыстары

Халыққа айтыстарымен танылған Бақтыбай Жолбарысұлының жекелеген толғау, өлеңдері де бар. Жетімдікті жеті жасынан көрген ақынның шығармалары шынайылыққа толы. Төренің жасаған зорлық-зомбылығын қаймықпастан жырына арқау еткен. Ақын шығармаларында тапқырлық пен батылдық, шебер сөз саптау айқын байқа...

БАҚТЫБАЙ МЕН ТЕЗЕК ТӨРЕ

1851 жылы Аламан деген жайлаудың теріскейіндегі жазықта Тезек төренің ауылы отырған. Бұл ауыл малшы-қосшылардан аулақ отырған. Ортадағы сегіз қанат ақ үйді Орда деп атаған, онда Тезектің Байқоңыр атты бәйбішесі тұрады. Бұл бүкіл ел, бүкіл ауылдан дәрежесі зор үй, кешегі Әділ төренің сүйегі де осы үйден шыққан. Бұған беталды адам кіре алмайды, кіруге рұқсат етілмейді. Бұл Ордаға сол кезде тек қана Қожбамбет би, Қарынбайдың баласы Назар болыс, Жолбарыс би ғана именбей кіріп, Тезек төремен бірге отырып, қымыз ішеді екен. Екінші алты қанат ақ үйде Тезек төренің жалайырдан тартып алған әйелі, асқан сұлу Дәнекер тұрады. Қалған үйлер отаулар мен ас үйлер, қонақ үйлер. Бұл ауылдарға сонау көз ұшында отыратын малшы ауылдардан сойылатын мал өңгеріліп келіп, ішілетін қымыз тұлып, местермен тасылып тұрған. Тезек ауылына келушілер аттарын ауылдан жырақтағы мама ағаштарға, керілген арқанға байлап, қамшыларын ердің қасына қыстырып, белбеулерін шешіп қолына алып, өздері тәртіппен жаяулап келіп, қонақ үйге кіріп, төренің мұнда келуін күтіп, сәлем беріскен. Арыз айтушыларды, басқа да келушілерді Тезек төре көбіне қонақ үйлерде қабылдаған. Бұл ақ үйлерге атпен келіп түсетін бір ғана Тезек төренің өзі екен. Келген кісілер Байқоңыр бәйбіше отырған үйге Әділ төренің жалы еді деп, ат байлап, босағасына шапан ілген. Соны естігенде ғана Тезек төре миығынан күліп, сый тартушылардың арызын пейіл сала тыңдап, жөні келсе, тез тындырып отырған. Бақтыбаймен Тезек төренің айтысы Қожбамбет би жора-жолдасымен Тезек ауылына қонып, Тезек екеуі оңашаланып Дәнекер сұлудың үйінде қымыз ішіп, әңгімелесіп отырғанда болған.

Мініп барған тайын сонау мама ағашқа байлап домбырасын қалына алып, жаяулап барған Бақтыбай қонақ үйлерге таяу Дәнекер үйінде отырған Тезектің үстіне жүрегі дауалап, бірден кіре алмаған, қорыққан. Алғашқыда үй сыртында тұрып, өлеңін сол жерден төгілткен. Бақтыбай:

Я, алла, тіл - жағыма бергін медет,
Қолдай гөр, Ескелді атам, өзің демеп.
Ақсүйек ханзаданың баласы едің,
Кембағал үй артына келді көдек.

Үш жүзге "Абылайлап" шыққан атың,
Ешкімге білінбеген жаман атың.
Кембағал алдыңызға келді көдек,
Алда жар, білесіз ғой жетім хақын.

Шешенде тіл, шеберде мін бола ма,
Нашарда шығатұғын үн бола ма?
Ақсүйек хан иемнің баласы едің,
Бір аттар босағаңнан күн бола ма?

Тақсыр-ау, сәлем берем тыста тұрып,
Құлақ сап тыңдасаңыз мойын бұрып.
Жалғанда зәрің қатты төре дейді,
Айтуға болар ма екен үйге кіріп?

Ұлықсат болар ма екен тақсыр маған,
Ханзада хан Абылай асыл задаң.
Жаяуға ат, жарлыға шапан бопсың,
Жайымды айтайын деп келдім саған.

Алдияр, мен бір жүрген жетім бала,
Ісіне құдіреттің не дүр шара.
Құзырлы заманында төре бопсың,
Үміткер рахымыңнан мен бейшара.

Айырылған ата-анадан жетім едім.
Тентіреп жетімдіктен кетіп едім.
"Хан ұрса, қайраны тиер" деген сөзбен,
Алдыңа кіргелі тұр жетімегің.

Сонда ақ үйден саңқ етіп, Тезек төренің ашуланған дауысы шықты:

– Бұл кім өзі шаңқай түсте үйімнің сыртына келіп бақырып тұрған, бақсыдай сарнап, қақсап тұрған ? Мені албасты басып жатыр дей ме екен? Кімді басынып жүр мынау? Кім де болса барыңдар, басын кесіп алыңдар! - деп екі жендетін жұмсайды. Шаш ал десе, бас алатын екі жігіт далаға атып шығып:

– Өлең айтқан сенбісің, ей, рұқсатсыз үйінің сыртына келіп, айқайлап өлең айтқаның үшін, төре басыңды ал деп бізді жіберді, - деп бара сала бас салады.

Сонда Бақтыбай:

– Төреге тілім тиген жоқ, мақтадым. Жазықсызбын, басымды неге алады? Менің басымды төре алмайды, құдай алады, - дейді. Екі жендет:

– Мынау тегін бала көрінбейді, төренің алдына апарайық, - деп Бақтыбайды қолынан жетектеп үйге алып келеді. Сонда Тезек:

– Құдаймен сөйлесіп тұрған сен бе, ей, - деп, жігіттерге қарап, - басын неге алмадыңдар? -деп оларға шүйлігеді. Сонда төрде отырған Қожбамбет би сөзге араласып:

– Дат, тақсыр! - деп Тезекке қарап оң қолын көтереді. Төре "не айтасың?" дегендей Қожбамбетке қарайды. Қожбамбет:

– Сексендегі шалменен, құдай қосса, он сегіздегі қыз құрдас. Қырықтағы әйелмен нәсілі болса, он бестегі ұл құрдас.

Көктемде қой да қоздайды,
Ит те күшіктейді,
Қасқыр да балалайды,
Кой баласы қой болып шөп жейді,

Ит баласы ит болып боқ жейді,
Қасқырдың баласы қасқыр болып қой жейді,
Асылдың басын асыл алмақ емес,
Нәсілдің құны сұралмай қалмақ емес.

Баланың жасы құрдас болмағанмен, сөзі құрдас шығар.

Алдыңызға келген пақырдың бас салып, басын алдыруыңыз әділдік бола қоймас. Бұл баланы тоқтаусыз сөйлетіңіз, кем болса, басын аларсыз, тең болса ашуыңызды қайтып аларсыз, - дейді. Сонда Тезек төре райынан қайтып:

– Сөйлесін, онда, төртауыз, сөзінің түрін көрелік! - дейді. Бақтыбай:

– Рұқсат берсең сөйлерге,

Тезек төре, алдияр,
Әділді айтар ақынмын,
Әділ сөзге жан қияр.
Жалайырдағы заман жоқ,

Ақынмын деп далдияр.
Сіздей бізде күш бар ма,
Төре алдында шалжияр.
Ақ сұңқардың алдында,

Қаңғырған қарға жарбияр.
Сөйле дедің, хан Тезек,
Сөйледім, міне, тіл безеп.
Қаңғырып көп сөйлеп қу тілім,

Келтірді жанға бір кезек.
Төрт ауыз сөз шарт бопты,
Айтылсын дөп бізге деп.
Жан алқымға таянды,

Айтайын десем бір кезек.
Ажалдан бұрын өлем бе,
Сәлем бере сізге кеп.
Бермесең жаннан түңілдім,

Ескелді, Сиық, сіз медет.
Сауласын өлең тілімнен,
Емес ең ғой сүрінген.
Бола ма енді бүгілген,

Аман қалсам бүгіннен.
Айырылып қала жаздадым,
Тірі жүрген күнімнен.
Бұйрық қатты, жан тәтті,

Қорқайын дедім түріңнен.
Жоқ еді ғой ешкімнің,
Ештемесі бүлінген.
Төрт тұрмақ төрт жүз айтпасам,

Өлгенім артық тірімнен.
Өлетін халге келгенде,
Бола ма, тілім, бүгілген?!
Бер жағыңнан айтпаймын,

Айтайын, төрем, түбіңнен.
Арғы атаң сенің Шыңғыс хан,
Сағымға садақ ілдірген.
Абылай ұран үш жүзге,

Сонан бері білінген.
Атадан қалған хандықты,
Алыстың бірің - біріңнен.
Қазына, малың көбейді,

Қазақтан түскен кіріммен.
Ақсүйек, бектің тұқымы ең,
Сүйегіңнің міні жоқ.
Абылайдың затынан,

Естимін тегің кемі жоқ.
Жалғыз-ақ патша болмаса,
Онан басқа теңің жоқ.
Мен сияқты пақырға,

Келместен қысым еттіңіз,
Осы ісіңнің жөні жоқ.
Сарыала тұйғын сен едің,
Сарыала тышқан мен едім.

Сүйенішім де сен едің,
Алтын бұтақ терегім.
Аруақ болсаң жебегін,
Пайғамбар болсаң демегін,

Келместен неге жылады,
Мендей пақыр көдегің?
Өзіңе келдім, хан Тезек,
Артық-ауыс не дедім?

Жазығым жоқ болса да,
Қорқыттың, хан Тезегім.
Жас та болсам мейман деп,
Қарсы алады деп едім.

Сары ала тұйғын сең едің,
Сары ала тышқан мен едім.
Тышқанға көзін салғандай,
Қарталық заңың бар ма еді?

Сонда Тезек төре:

– Бақтыбай, сен ақын екенсің. Ақындығыңа көзім жетті, маған берген батаң кем емес, орынды-ақ. Ал енді мынау ақ Дәнекер Жарлықамыс деген сорлының әйелі еді. Сұлулығына мен қызығып, менің хандығыма бұл қызығып, ақыры күшпен тартып әкетіп едім. Мақташы! - деді бұйыра сөйлеп.

Бақтыбай:

– Мақтасам мақтайын, - деді.

Сонда Қожбамбет би:

– Сен бала да болсаң, Ескелді бидің тұқымы екенсің. Өтірік айтпа, шындықты айт. Өтірік сөз құлаққа жақпайды, арнасы жоқ жерден су ақпайды. Кейбір ақын қорқып, өтірік мақтайды. Өтірік айтпай, шындықты айт әрқашан, құдай жаныңды сақтайды. Өмір шындыққа тоқтайды! - дейді.

Сонда Бақтыбай кейін шегіңіңкіреп отырып:

– Би-еке, шындықты айт дедіңіз, солай болсын, өтірік айтпайын, шындықты айтайын, -деп ағылтып кетеді.

Бақтыбай:

– Қожеке, мен де кеттім шындығыңа,

Шынды айт деп бұйрық еттің мұндығыңа
Сорланып шындық сөзді айтамын деп,
Қалмайын бас алам деген сұмдығыңа.
Айналайын алда жар,

Сөзіме құлақ салыңыз.
Сөзіңіз әділ ханымыз,
Халқыңа болдың тиянақ,
Шығарған әділ заңыңыз,

Сіз – ақ сұңқар, мен - торғай,
Қолында тұр ғой жанымыз.
Сіздікі ғой, тақсыр-ау,
Жинап жүрген малымыз,

Жарайтын сұлу жарымыз.
Адам түгіл уатар,
Қара тасты зәріңіз.
Ауызыңызға қарадық,

Абақ, Тарақ бәріміз.
Күшігін жеген қасқырдай,
Пақырға жетер әліңіз.
Үйірінен айырылып,

Мәңгіріп жүр кәріңіз.
Кәрілерді қаңғыртып,
Жарасып отыр жайыңыз.
Қыранды қыран демес ізден шыққан,

"Жақсы сөз - жарым ырыс" сізден шыққан.
Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,
Дәнекер белгілі ғой бізден шыққан.
Дәнекер сіздікі емес, біздің қатын,

Тартып ап қатын қылдың білмей затын.
Төркіні Дәнекердің қоқандықтар,
Қоқанның қайын қылғың тәжік, сартын.
Қатынды кім мақтайды елден шыққан,

Қорқауға жұтылды ғой көрден шыққан.
Қияметтің күнінде жауап берер,
Мынандай озбырлыққа шеннен шыққан.
Майданға тас таразы құрылғанда,

Азбандай пышылдар-ау ерден шыққан.
Бойында Шаңғарақтың біздің ауыл,
Жайдақтап әркім мінген бұл бір жауыр.
Өлсем де Дәнекерді мақтамаймын,

Келсе де, тақсыр төрем, көңіліңе ауыр.
Байы еді Дәнекердің Жарлықамыс,
Сіз тартып алды деген кетті дабыс.
Сирағын өз қойыңның өзің талап,

Қылмайсың, тақсыр төрем, неге намыс?
Өзіңді жарылқасын аруақ шалып,
Қараған үкіміңе талай халық.
Осылай өз еліңді жауша шапсаң,

Кембағал күн көреді қайда барып?

Осы кезде Дәнекер бетін басып, төмен қарайды. Бірақ оны Бақтыбай байқамаған болады. Сәл бөгеліп, өлеңін одан әрі төгілтеді.

Өзің рахым шашпасаң,
Босағаңнан қалай аттаймын?
Қаһарлансаң қарайып,
Сөйлер сөзді таппаймын.

Жазылып кетсең жадырап,
Сен - ақсұңқар, мен - торғай,
Саянды келіп ықтаймын.
Дәнекердің мен байғұс,

Қай қылығын мақтаймын,
Биеке-ау, шынын сөйлесем,
Дәнекерге жақпаймын.
Хан Тезек, басыңызда шырақ тұрған

Ұлықсың бар үйсінді құрап тұрған.
Мұхиттың дариясындай бір кісі едің,
Арыз ғып кембағалдар сұрап тұрған.
Әйелін тартып алып сорлаттың ғой,

Нашардың өзіңе кеп жылап тұрған.
Амал жоқ, сізге қылар бізде күш жоқ,
Өзіңе өз қылығың ұнап тұрған.
Хан Тезек, қатарында сен бір жайсаң,

Дәнекер туралы ісің болды қайқаң.
Періште алтын көрсе жолдан шығар,
Шығарды сізді жолдан қандай сайтан?
Ата жол әділетке барсаң еді,

Құтылып жұрт сөзінен қалсаң еді.
Орнына жаман қатын алып беріп,
Сұрап-ақ сұлуыңды алсаң еді?
Хан болдың атаңыздың орнын басып,

Сорлының қатынына болдың ғашық.
Әділеттен хан Тезек тайды деген,
Халқыңа өсек болдың қара басып.
Сонда Дәнекер сұлу ызаланып:

– Қаңғып жүрген қайыршыға жер-жебіріме жеткізе қазғызып, қасиетті хан дегендегі көрсеткен жақсылығың осы ма? - деп, көзінің жасын төгіп, далаға шығып кетеді. Дәнекердің көзінен жас шыққанда, Тезектің кеудесінен жан шыққандай болады.

– Домбырамды әперші бері, ақын неме екен ғой, екі ауыз жұмбақ өлең айтамын, шешсе тірі болады, шеше алмаса өзі өледі, - деп домбырасын қолына алады.

Тезек:

Жапалақ бүркіт болып түлкі алды ма,
Сартышқан қоян болып жым салды ма?
Аспанда бұлт пенен бу қаптай көшіп,
Құдай-ай, айдын бетін кір шалды ма?

Аққу қонған көлдерге,
Қаптай қонды шағала-ай.
Ақ тұйғын мінген тұғырға,
Қарға да қонды жағалай.

Өте шықты дүние,
Артына, шіркін, қарамай.
Өтіп кеткен өмірді,
Отырмын қазір санамай.

Сен бе едің, бәрекелде, Бақтыбайым,
Пәтшағар, біле ме үйсін, төрең жайын.
Сен өзің ақын болсаң осыны біл,
Кім еді толықсыған күн мен айың?

Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,
Орныңнан тұрмай ажал болды дайын.
Ар көріп мұнын несін қызарады,
Адымдап соққан жел де ұзарады.

Бақтыбай ақын болсаң, осыны біл,
Кім еді бәйтерегің мұнаралы?
Бұрынғы көрген күнің бекер болды,
Бұл өзі кетпейтұғын кесел болды.

Таппасаң екі-ақ ауыз жұмбағымды,
Басыңды ақын Тезек кесер болды.
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.

Үстіме таз бен пұшық басып кіріп,
Дүниенің теріс айналған бір кезегі.

Бақтыбай:

Хан Тезек, хан Абылай, Солтаным-ай,
Қақ жарған сансыз топты сырттаным-ай!
Сөзге сөз келгеннен соң айта салдым,
Алла жар, өлемін деп қорқамын ба-ай?!

Тақсыр-ау, көзім көріп мақтамаймын,
Күн мен ай жалғыз өзің, шолпаным-ай.
Кісі екен ашуланшақ өр мінезің,
Секілді жынды бота көрді көзім.

Алла жар, көзім көріп мақтамаймын,
Бәйтерек саясы үлкен жалғыз өзің.
Қарғадай қалың қазақ нөкер ме екен,
Хан Тезек, бұл сөзім де бекер ме екен?

Тақсыр-ау, орда көшсе орны қалмақ,
Әлі де қазақ сізге жетер ме екен?
Апырай турасынан сөйлесем де,
Жетімге тура келген кесел ме екен?

Халықпенен хан болған заңды айтсам,
Сонда да ақын басын кесер ме екен?
Халық - уық, хан - шаңырақ, уықты алса,
Шаңырақ жерге түсері бекер ме екен?

Сонда Тезек:

– Таптың, бірақ адастың, - деді. ("Адастың" дейтін себебі: Солтан - Әділдің бәйбіше қатынының баласы еді. Тезек - тоқалының баласы еді. Жалғанның жарығына шыққаннан екеуі бір-біріне қаны қас болатын. Солтан - жалайырдың төресі еді, Тезек - абақтың төресі еді. Тезек беріректе күшпенен жалайырды да, абақты да теңдей сұрап (билеп) отыр еді. "Хан Тезек, хан Абылай, Солтаным-ай " деген сөзге ашуланып, ішінде Солтанның аты аталып кеткеніне талағы тарс айрылады.)

Сонда Солтанды жамандап Бақтыбайға Тезектің айтқаны:

Хан Тезек үлкен асқар бел емес пе,
Мұхиттың дариясындай қол емес пе?
Солтан ың қу жел қайық болған шақта,
Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе?

Солтаның қу төмпешік болған шақта,
Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе?
Солтаның жерде қалған тері емес пе,
Хан Тезек соғатұғын пері емес пе?

Солтаның қоңыр тоқты болған шақта,
Хан Тезек басып жейтін бөрі емес пе?
Адастың айтар сөзден, Бақтыбайым,
Қызталақ, өстіп айтсаң жөн емес пе?

Жақсыны жақсы жақтар ма,
Білген жан ойға сақтар ма?
Алтын мен мысты айырған,
Жақсыда, сірә, жат бар ма?

Сонда Қожбамбет би жақсы да демей, жаман да демей, көзінің астымен Бақтыбайға шырай беріп күлімсіреп, құс жастықты шынтақтай түседі.

Бақтыбай:

Алдияр-ай, хан Тезек,
Сөзіңіз сіздің дастандай.
Солтан төбе болғанда,
Мәртебең сенің асқардай.

Кімнен көрдің кемшілік,
Жайға отырып сасқандай?
Ханымыздың жанында,
Кетпейтін мәрту басқандай.

Қожа менен молдадан,
Алып жүрген хабар көп.
Дүниеге жанған панар көп.
Естуім бар, тақсыр-ау,

Қой пейішке барар деп.
Қай кітаптан естіп ең,
Сегіз сарай жәннаттан,
Ит-шошқа орын алар деп?

Сөйлеп едім жөнделіп,
Алдыңызға мен келіп.
Ұстай алмадым, тақсыр-ай,
Ақылыңды меңгеріп.

Кімнен көрдің кемшілік,
Солтанды адал мал қылып.
Өз басынды, тақсыр-ай,
Боқ жейтін қуға теңгеріп.

Сізді құдай алмасын,
Солтанды құдай қарғасын.
Жәһаннамның түбіне,
Солтан таз барып зарласын.

Жәһаннамның түбіне,
Сізді құдай салмасын.
Тозаққа түсіп шыжылдап,
Шыбының отқа жанбасын.

Нәпсімді, тақсыр, тыймаймын,
Сіз үшін жанды қимаймын.
Солтан кетсін тозаққа,
Құлдығым бар, хан Тезек,

Тозаққа сізді қимаймын.
Сонда Тезек Қожбамбеттің бетіне қарап:

– Осы Бақтыбай не айтты? - деді. Сонда Қожбамбет:

– Алла жар, сіз жеңілдіңіз, Бақтыбай жеңді. Жеңілгенің мынау: Қасқыр, қарсақ дегенің тапса қой жейді, таппаса боқ жейді. Қасқыр, қарсақ, түлкі пейішке барады деген сөз құранның аятында жоқ. Сізді құдай тозаққа жібермесін деп, Бақтыбай жылап отыр ғой. Төремді құдай иманды қыл деп сұрап отыр ғой. Сіз адал басыңызды арамға теңегеннен кейін жеңілдіңіз.

Сонда Тезек:

– Сен, Бақтыбай, жеңдің. Мен жеңілдім. Енді мені жамандап айтшы, - деді.

Бақтыбай:

– Алла жар, сізді жамандамаймын. сізді жамандасам өліп қалам. Қазақтың бір мақал сөзі бар: "Ит құтырса, иесін қабады, торғай құтырса, бүркітке шабады, ешкіемер құтырса, айдаһарды шағады, сөйтіп жүріп ажалын табады ". "Жарлының байлығы - денсаулығы" деген сөз бар ғой. Сізді жамандамай-ақ үйіме тірі қайтайын, - дейді. Тезек:

– Жамандамасаң, бәрібір басыңды аламын, - деді. Сонда Қожбамбет би:

– Өзі жаманда деп отыр ғой. Несіне қорынасың ? Атасы - Абылай, әкесі - Әділ, өзі - Тезек, екі сөйлер дейсің бе? Мінін дәл тауып, жамандай біл бірақ та, - дейді.

Бақтыбай:
Мен байғұс көлеңкеден үркіп келген,
Толтырып көздің жасын іркіп келген.
Түрт шайтан, түлен күні бүгін екен,

Желкемнен дедектетіп түртіп келген.
Бола ма күр көңілдің кірлегені,
Күні бітсе, ешкім тірі жүрмегені.
Тәуекел датта десең, мен даттайын,

Құдайдың болар дағы бір дегені.
Хан Тезек, аруағыңды іздеп келдім,
Алланың жазғанына енді көндім.
Тәуекел, датта десең мен даттайын,

Алла жар, таза тыңда өлдім - өлдім.
Айтайын, тақсыр, дастанды-ай,
Хан Кене - Кенесары туысың ғой,
Наурызбай төре дейтұғын...

Қайратына шыдамай
Жайға жүріп мастанды-ай.
Мастанғаны емей немене,
Өліп қалған Қанайдың,

Моласын барып ашқандай.
Моласын ашып жатқанда,
Қанайлап мәрту басқандай.
Мына сөзді аңдаймын,

Қызыл тілім талмаймын.
Сен отырсың діңкілдеп,
Мен отырмын бүлкілдеп.
Еркек қарға сияқты,

Маған өтіп зардабың.
Әкең Әділ бір кезде,
Дария көлдей тасыпты.
Мираспын деп қоқайып,

Абылай орнын басыпты.
Құба қалмақ келгенде,
Тыртыңдап кейін қашыпты.
Қазақ біткен жабылып,

Қайта басқан қалмақты,
Қуған екен қайырып.
Бес баспақ алтын алыпты,
Қалмақтардан қайырып.

Екі баспақ алтынды,
Олжа деп елге салыпты.
Үш баспақ қалған алтынды,
Берместен ұрлап қалыпты.

Сол Әділдің баласы,
Сен емес пе, хан Тезек,
Билеп жүрген халықты?
Тарылтты құдай санаңды,

Осы сөзім анық-ты. ***

Баласы Абылайдың Тезек төре,
Қоймаған елден жылқы кезеп төре.
Бұл күнде ел жылатып алғанменен,
Берерсің тәңір алдында кезек төре.

Абылай аты шыққан Қамбарымен,
Отырсың Абылайдың сен малымен.
Қазақтың қой - жылқысы аз болды деп,
Жұттың ғой Дәнекерді дамбалымен.

Алдында ғаріп, мүсәпір жайын айтса,
Қорқытасың қоқаңдаған жанжалыңмен,
Тақсыр-ау, мен де өлермін, сен де өлерсің,
Ақысын жетім-жесір бір берерсің.

Бір сиыры кеткен кісі кебініңді ап,
Екінші ақысы бар ел келгенде,
Жұлдырып төбе шашың дөңгелерсің.
Бақтыбай ақын аңлайды.

Шындыққа тілім талмайды.
Орыс деген жұрт келді,
Терезенің түбіне
Бес теңге тастап кетсең де,

Бес күннен кейін барсаң да,
Бір тиынды да алмайды.
Сіздің үйдің қасына,
Бір сиырлы кембағал,

Қона қалса көрші боп.
Сиырынан айырылып,
Соры қайнап зарлайды.
Сіз тұрғанда тозаққа,

Басқа ешкім бармайды.
Жалғыз тиының шыққан жоқ,
Бәрі олжа алған қатының.
Жақсылықпен зауқың жоқ,

Жамандыққа ауды ақылың.
Жалғыз-ақ құдай көрмей ме,
Не болар екен ақырың?
Әділетін алса бұл құдай,

Жаһаннамда көр қылып.
Тақсыр-ау, сізге айтпаймын,
Орынсыз болар шаттылық.
Сонда Тезек төре:

– Қызталақтың баласы, осынша жаманда деп пе едім, - деп атып түрегеліп, қылышын ала жүгіреді. Қожбамбет би төренің екі қолынан шап беріп, ұстай алып:

– Қойыңыз, Алла жар, қойыңыз. Хан қайта сөйлемейді. Қайта сөйлесе қара басқаны, - деп екеуі қылышқа таласып, айпақ-тұпақ болып жатқанда Бақтыбайдың қашып барып, бір аяғы босағанын ар жағында, екінші аяғы бер жағында, артына қарап тұрып айтқаны:

– Құдай-ау, қолға түскен мен бір мұңдық,

Басында болар дедім осы сұмдық.
Өзіңіз айт деген соң, айтып едім,
Тақсыр-ау, емес пе еді бәрі шындық?
Жасымнан талай елде еттім сауық,

Болар деп осы сойқан қылдым қауіп.
Болғанда сен - ақсұңқар, мен - бір торғай,
Тоятың қанар ма екен маған шауып?
Хан Тезек, сығыр тәңірім не боп кетті,

Хан ием, ойнасаңшы теңің тауып?
Алланың кім құтылар салғанынан,
Әр түрлі сөз шығады наданыңнан?
Болғанда сен - ақ атан, мен - көбелек,

Тарпысаң жаным қалмас табаныңнан.
"Хан ұрса, бір қайраны тиер" деген,
Әлі де үміттімін қарағымнан.
Төре деген тақсыр-ай,

Алатаудың бұлағы.
Қазақ деген бұлақтың,
Жағалай шыққан құрағы.
Алатаудың биігі

Сеңгір-сеңгір құлады.
Жалғыз лақ ойнаса,
Таудың несі құрады?
Тау құласа көтеріп,

Көк лақ қайдан тұрады?
Сіз емес пе ең, хан Тезек,
Абақ пенен Тарақтың
Жалғыз жанған шырағы?!

Ашуыңды зілзала,
Патша құдай қайырсын.
Мың балықтың ішінде,
Сен бір нәһан жайынсың.

Көп жұлдыздың ішінде,
Көркем туған айымсың.
Ақыры өлмек болдым ғой,
Қу жетім неден тайынсын!

Тақсыр-ау, мұнан қиын кеп бар ма еді,
Ойында мен байғұстың еп бар ма еді?
Кісің түгіл ісінді жамандауға,
Тақсыр-ау, мен ғаріпте бет бар ма еді?

Күлкі қылдың, досым жоқ,
Өңкей мені дұшпанға-ай,
Мүңкүр-Нәңкір болдың-ау,
Қабырғамнан қысқандай.

Тарғыл мысық болдың да,
Сығып - сығып қоясың,
Тістедің мені тышқандай.
Макта дедің, мақтадым,

Датта дедің, даттадым.
Келместен қақсап отырып,
Жататын айла таппадым.
Сығыр тәңірі, құдай-ай,

Қай жағымнан жақпадым?
Сонда Тезек:

– Қожбамбет, мен екі ақын, бір шешен көрдім. Біреуі - Бақтыбай, екіншісі - қызылекей Сүйінбай. Ал шешен дегенім ыстыдағы - Бөлтірік. Өзгесі ақын да, шешен де емес. Не тілеп келіп едің, Бақтыбай, тілегіңді айт, берейін, - дейді.

Сонда Бақтыбай:

– Ой, Алла жар-ай, не тілеймін? Әркімнің тілегін жалғыз құдай береді. Басқа кім береді? Адамның тілегін адам түгендей алмайды. Аз берсең азға, көп берсең - көпке, тіпті алмай тірі қайтсам да ризамын, - дейді.

Тезек:

– Мен сенің тілегіңді бере алмайды деп отырсың ба? Олқысынып отырмысың. Өйтсең басыңды алып тастаймын, - дейді тағы да кіжініп. Сонда Қожбамбет кіріседі:

– Ей, Бақтыбай, Тезектің атасы Абылай, әкесі - Әділ, өзі - Тезек. Құдайдың он сегіз мың ғаламды жарылқап, қорғауға күші жетеді. Тезек сол құдайыңнан бір жасы кіші, сол құдайыңнан тілейтұғын тілегіңді Тезектен сұра. Бір сені жарылқауға шамасы келеді. Сен құдайыңа тірі жолықтың, - дейді.

Бақтыбай:

Айналайын, биеке,
Төременен теңдессің.
Күші қатар шендессің,
Тілейін, тақсыр, тілейін,

Түбінде түгел бермессің.
Бермейді десем, биеке,
Көзің көрмей сенбессің.
Тіле десең тілеймін,

Бермей ме деп жүдеймін.
Аларта көзбен қараса,
Ұшады менің үрейім.
Хан тіле десе несіне,

Үзеңгімді шіреймін.
Ал берші, тақсыр, менің құмғаным жоқ,
Қолымды құмғансыздан жуғаным жоқ.
Алдымен қашқарлық бір құмған әпер,

Жанашыр сенен басқа туғаным жоқ.
Екінші, тақсыр, менің кәрленім жоқ,
Аларлық қаражат - күш, дәрменім жоқ.
Бір кәрлен, бір поднос тағы да әпер,

Байлықтан домбыра ұстап жүргенім жоқ.
Үшінші, тақсыр, менің табағым жоқ,
Қуанған дүние тауып қабағым жоқ.
Және бас, және алдияр, және құлдық,

Жалғанда сенен басқа қарызым жоқ.
Төртінші, тақсыр, менің кетпенім жоқ,
Қуғанмен босағаңнан кеткенім жоқ.
Тақсыр-ау, мұның өзі кішкентай-ақ,

Ойдағы сұрар жерге жеткенім жоқ.
Бесінші, тақсыр менің қазаным жоқ,
Жүрген соң бақыр асып ажарым жоқ.
Жайпақтау тоғыз қарыс қазан әпер,

Жалғанда сенен басқа базарым жоқ.
Қырғыз бенен қазақты араласам,
Хан Тезек, әлі сенен озарым жоқ.
Алтын балдақ қылыш бер,

Қынабы болсын сырлаған.
Он алты жасар қыз әпер,
Шашбауы болсын ділдәдан.
Алты қанат ақ үй бер,

Шиі болсын шымдаған.
Туырлығы болсын тұлдаған.
Алты іңген, төрт атан –
Он түйелік олардың

Жүгі болсын ырғаған.
Он құлынды бие бер,
Құлыны болсын жорғадан,
Торыдан жабы айтыр бер,

Бауырынан құлын шулаған.
Он екі қысыр байтал бер,
Алтауы қысыр, алтауы
Асау болсын тулаған.

Жүз елу қой салып бер,
Отан қойшы алып бер.
Қасқыр деген пәле бар,
Жүгіріп жүрген жылғадан.

Кез келдім сіздей панарға,
Шөлдеп келген тауықтың,
Сусыны сізден қанар ма?
Алты атан өгіз бер,

Шұбарға соқа саларға.
Төрт бұзаулы сиыр бер,
Оны бағып егіншім,
Сауын етіп сауарға.

Алдияр тақсыр, хан Тезек,
Түгендеп берсең осыны,
Шаруам түгел болар да!
Алдияр тақсыр, хан Тезек,

Сен байлықпен үдедің.
Мен жоқтықтан жүдедім.
Сол құдайдан тілейтін,
Осы еді менің тілегім.

Күнде жылап құдайға,
Маза бермей жүдедім.
Берсең тегіс алғаным,
Еліме айдап барғаным.

Қаттылық қылып бермесең,
Бұзауы өлген сиырдай
Құр тұлыпқа мөңіреп,
Бос қаңғырып қалғаным.

Бермесең берме, хан Тезек,
Өлтірем дейтін болмасын,
Арт жағында жанжалың.

Хан Тезек:

– Жоқшылықтан өлген барлық қазақтың құнын менен сұрап келіпті ғой, - деп иегін жылқышыларына қарай көтеріп қояды. Жылқышы арқасы алты жерден жауыр ала атты, ақынның аты осы деп төренің есігіне байлады. Жауыр аттың жауырынан қорек алып жүрген екі сауысқан қасына қона қалды. Мұны көрген Бақтыбай:

– Хан Тезек, ниетіңіз мақұл екен,

Аруаққа мен бас иген ақын екем!
Молдасы ала карта сауысқанның,
Шіркін-ай, бәрі әулие, батыл екен.
Келерін Бақтыбайдың білген екен,

Еркімен мұны жайлап жүрген екен.
Осы атты бір ақынға берер-ау деп,
Екеуі кезек-кезек мінген екен.
Кешегі Абылайды көрген мал-ау,

Сорыма менің өлмей келген екен.
Тақсыр-ау, ана пәле қимылдап тұр,
Көтеріп құйрық-жалын жымыңдап тұр.
"Ей, ақын, сен мінбейсің, мен мінем" деп,

Сауысқан сайтанданып қыдыңдап тұр.
Зардабы сауысқанның өткен екен,
Шыдамай ала шолақ шыбындап тұр.
Тақсыр-ау, ел көрмеген тамашаңыз,

Сауысқан, ала қарға, ала төбет,
Көк қаншық бесеуіміз таласамыз.
Сонан соң біреуіміз қуып кетіп,
Шуылдап төртеуіміз адасамыз.

Бәріміз жарымаған жазған едік,
Қай уақыт тату болып жарасамыз.
Хан Тезек, сұрап келдім сізден сауға,
Құданың құдіретіне қылдым тәуба.

Келіп ем Абылайдың аруағына,
Салдың-ау бітпейтұғын шылғи дауға.
Хан Тезек, келмей жатып сөккенін бе,
Япыр-ай, мен байғұсты ептедің бе?

Дауласып ала қарға сауысқанмен,
Дариға-ай, жас өмірім өткенін бе?

Тезек төре:

– Менің сендерге әкеліп бер дегенім бұл емес. Дәнекер сұлудың боз жорғасын ер-тоқымымен ерттеп, сәукелесін жауып әкеліп бер. Жеңгесінің өзін алып қайтпағанымен, мініп жүрген атын алып қайтсын, - деді.Дәнекердің боз жорғасын ер-тоқымымен дайындатты. Төре оған қоса бас жағындағы сандығынан тайтұяқ жамбыны алып, Бақтыбайдың алдына тастады. Сонда Қожбамбет күлімсірей:

– Қызталақ, төренің есін шығарып, жетім құнын алдың. Жарайсың, батыр, - депті. Бақтыбай домбырасын қолына алып, жүгіре басып шыға келсе, бағанағы ала шолақ босағада әлі байлаулы тұр екен. Қалт ойына түсе қалып, осыдан оңай мал маған табыла қоймас деп, төреге кері бұрылып тағы айтқаны:

– Айналайын, Алла жар,

Ақ сұңқар құстың мысалы,
Артында қалған жемтікке,
Көз салғанға арланар.
Ақ сұңқардың жемтігін,

Жеп кетсем дейді қарғалар.
Бұрынғы мен соңғыдан
Осындай қалған арна бар.
Ақ сұңқар жемтігіне қарамайды,

Қараса сұңқарлыққа жарамайды.
Тақсыр-ау, мұнда қалса қос сауысқан,
Елітіп ертең мені табалайды.
Егерде ала шолақ қолға түссе,

Шуылдап оның бәрі қала алмайды.
Ала аттан ауқат алып жейміз бе деп,
Менің де қайырымды сағалайды.
Хан Тезек, сізден көптеп тіленбедік,

Ойдағы сөзді несін үнемделік.
Басында ала ат, боз ат екеу болды,
Сауысқан ала қарға төртеу еді.
Ақ қаншық, ала төбет ергеннен соң,

Осымен кетпеймін бе түгенделіп.
Аруағы Абылайдың үлкен болған,
Ұялып отырмын ғой мен де сонан.
Қайтам ба жалғыз атпен сорым қайнап,

Жоқ еді елден келген жолдас-жорам.
Көзіме көріндіңіз асқар бел боп,
Аруағы хан Абылай шалқар көл боп.
Тақсыр-ау, ала шолақ қолға тисе,

Сауысқан, ала қарға, ала төбет.
Көк қаншық көмегіме ергеннен соң,
Ауылға кайтпаймын ба рулы ел боп.

Сонда Тезек күліп:

– Жағың қарысқыр, оны да ал, оларды да ал, ала қарға сауысқаныңды артыңа тастап кетсең, құдай мойныңа қыстырсын. Бірақ атамды мақтадың, атымды даттадың, өзімді мақтадың, ханымды даттадың, бірақ құдайдың берген екі ханшасы ана отыр, менің екі ханшам көзіңе ілінбеді. Ханшаларымды алдымен екі ауыз мақта, артында екі ауыз датта, мақтауың алдында болсын, даттауың артында болсын. Сонан кейін құры! - деді. Бақтыбайдың сол орнында тапжылмай тұрып айтқан сөзі:

– Уа, алдияр, хан ием,

Көрініп тұрған сен болдың,
Алдымдағы жан ием.
Шынарға біткен бүр болсын,
Мына бір жалған дүниеде,

Сізден артық кім болсын?
Жарлығыңыз, тақсырым,
Екі емес енді бір болсын.
Қуаныш, шаттық қасиет,

Жетіміңе күн болсын.
Ханшалардың байқасам,
Шашбаулары ділдәдан.
Алтын меруерт құлағы,

Көрінбей тұр сырғадан.
Сегіз сарай жанатта
Хордың қызы болмаса,
Сендердей болып дүниеге,

Адамзаттан тумаған.
Көргеннің көңілін еріткен,
Күн мен айдай нұрлы адам.
Сендер асыл шынылар,

Алтын сырмен сырлаған.
Шындықтан біраз сөйлейін,
Өтірікпен болмайды
Шындықты жауып ұрлаған.

Қызыл тілмен баптайын,
Орынсыз сөйлеп шатпайын.
Хан иемнің сөзі бар,
Ханшаларды даттайын.

Даттаймын деп сандалып,
Босқа өтірік айтпайын.
Хан иемнің сөзі бар,
Өкпелеме, ханшалар,

Бір-екі ауыз қақсайын.
Tіc кетсе тілдің кетер қымқыруы,
Болмайды бұрынғыдай жымқыруы.
Дөң желке, шот маңдай, томпақ мұрын,

Сендердей болмас, сірә, қыз "сұлуы".
Қазақта бір кедейдің қызы болса,
Жайлауға өгіз артын оқ дейтұғын.
Ұлтанын башпағының сөгілгенде,

Сандалып таспаменен көктейтұғын.
Келгенше жиырма беске сорлар еді,
Күйеуге ел қатарлы өтпейтұғын.
Алпыста қатыны өлген шалдар келіп,

Алсам деп тоқалдыққа өптейтұғын.
Ханшалар хан Тезектен туғаннан соң,
Қазақ жоқ бүгін саған беттейтұғын.
Беттерін жұпарменен жуғаннан соң,

Белдерін жібекпенен буғаннан соң,
Ханша деп атақ берген сығыр құдай,
Төреден мына тұрған туғаннан соң.
Кигені қызыл манат жасылын-ай,

Киім тұр жамандарын жасырып-ай.
Қыздардың бойы қысқа, төсі тостақ,
Есектің салпаң құлақ қашырындай.
Тақсыр-ау, сіздің қыздай жаман бар ма,

Жаманды жамандауға заман бар ма?
Бұлардың бес тиындық бағасы жоқ,
Қылған соң құдай ханша, амал бар ма?!

Соңда Тезек:

– Қожбамбет, мен сияқтанған төреден төре туады, сен сияқтанған биден би туады. Қайтпай, ойындағы сөзінен жаңылмай айтатұғын Бақтыбайдай ақын тумайды. Бақтыбай, нағыз айтқыш ақын өзіңсің. Сенен кім батыл айтар екен? Алдыңа қазақ ұлы түсе қоймас. Мені әділ төре дейді басқа ақындар сыйласа да, қорықса да. Сен де шындықты айттың. Саған сол Әділдің босағасы ашық. Жылына бір рет келіп, төреңе сәлем беріп тұр, - деді.

БАҚТЫБАЙ МЕН МӘЙКЕ

Бақтыбай:

Кітапта қисса болар жазған өлең,
Шерменде пенде, сірә, бар ма менен.
Жатқанда бидай орып орақпенен,
Айтыстым Мәйке қызбен іздеп келген.

Жасымнан ел аралап халық көрдім,
Болсам да өзім кедей нарық көрдім.
Түскенде ел жайлаудан өлең айтып,
Бір сапар найман жаққа барып келдім.

Қызыл тіл өнерімнің арқасында,
Бес жылқы, елу теңге алып келдім.
Бұ дүние опасы жоқ жалған екен,
Адамға қылмаған іс арман екен.

Кеткенде жолаушылап, ел аралап,
Бәрі де шаруамның қалған екен.
Шұбарға бидай салдым, біраз тары,
Адамның дұшпаны екен алған жары.

Басыма қатын, балам қайғы салды,
Жеді деп егініңді байдың малы.
Сол жерде қайғы түсті батырыңа,
Еш нәрсе тиянақсыз ақылыма.

Мазамды келген жерден кетірдің деп,
Еркексіп қоқаңдадым қатыныма.
Сол жерде бәйбішемнен кетті мазам,
Өзіме азар болды қылған жазам.

Бидайды асарлатып орғызбаққа
Істеттім бидай көже екі қазан.
Өмірге кім жетеді өткенменен,
Аяққа кидім шоқай, шекпенменен.

Пендеге дүниелік қиын екен,
Жалғанда жақсылыққа жеткенменен.
Үстіме шоқай етік, кидім шекпен,
Қолыма орыс орақ алдым кетпен.

Әулігіп ел қыдырып жүремін деп,
Оратын бидайдың да уағы өткен.
Бидайды орайын деп икемдедім,
Қолыма орақ алып түйтеңдедім.

Төбесі кезден ұзын киіз қалпақ,
Міндім де бір сиырға итеңдедім.
Бидайдың өзі піскен аса шөлдеп,
Болып тұр мойны сынып, қурап өлмек.

Шаруамды төкпей жинап алайын деп,
Келгенім сол-ақ болды күйбелеңдеп.
Бір сиырды міндім де шықтым үйден,
Артыма екі қарын көже теңдеп.

Бидайға сәске түсте жетіп бардым,
Бардым да пісіміллә деп орақ салдым.
Отыз бау түске дейін байлап тастап,
Басында бір қырманның демімді алдым.

Жаратты ақын қылып хақ тағала,
Үйдегі не демейді қатын-бала.
Көз салып ауыл жаққа қарап тұрсам,
Келеді тура жүріп жалғыз қара.

Қасыма ер Меңлібай жетіп келді,
Келді де, "Бақтыбай" деп сәлем берді.
"Секілді қортық қошқар жазғаным-ай,
Басынды бермен қарай көтер" деді.

"Ауылға сыпатайдан бір қыз келді,
Өнері сенен артық екен" деді.
"Жалғанда мұндай жорға көргенім жоқ,
Дәл сенің ақындығың бекер" деді.

"Өзім-ақ деп қоқаңдап жүруші едің,
Ажалың осы қыздан жетер" деді.
Ертіске ел қайтқанда түсер кеме,
Мақтадың, ей, Меңлібай, мұнша неге?

Алдыма адам ұлы түскен емес,
Қашырма дегбірімді жаман неме.
Бақ тайса, патша түсер алтын тақтан,
Жаһанда бір біз емес өнер тапқан.

Сөйлесіп Меңлібаймен отырғанда,
Көрінді бір шоқ қара ауыл жақтан.
Топтанып бізге таман жақын келді,
Ішінде бір қызы бар үкі таққан.

Ауылдан бір топ адам шыға келді,
Екпіні Шаңғарақтың соққан желі.
Қолында сырлап қойған cap домбыра,
Түрленген тоты құстай бір қыз келді.

Жан екен сыны түзу сырлы аяқтай,
Бақаның жерде тұрып көзі көрді.
Қыз екен қызыл сары, бойы сұңғақ,
Қолына сары домбыра алған сырлап.

Аққудай желді күнгі аспанға өрлеп,
Толқытып шығарып тұр әннен ырғақ.
Қызығып кыз сөзіне бойы балқып,
Еңкейіп тұра берді Бақаң толқып.

Көрген соң Бақтыбайды олқысынып,
Төрт ауыз өлең айтты Мәйке шалқып.
Қыз келіп Меңлібайға жауап қылды,
"Шығып ем, басшы қылып, аға", деді.

"Бұл сорлы егіншіге көп сөйлестің,
Іздеген Бақтыбайым осы ма еді?"

Мәйке:

Бақтыбай топтан шыққан ақын еді,
Ақынға ақын адам жақын еді.
Естігем Алатаудай атағыңды,
Көңілім атағыңа балқып еді.

Жаралып топырақтан Адам ата,
Әйелден еркек заты артық еді.
Ұмыттың Адам ата жолын неге,
Қадірлеп үйден күтіп жатыр едім.

Жалайыр көп мақтаған ісіңізді,
Өнермен тілге біткен күшіңізді.
Көрген соң көңілім менің жабырқады,
Күйкиген, күн қақтаған түсіңізді.

Бақтыбай:

Көңілің дария, мұхит көл еді ме-ай,
Екпінің қазандағы жел еді ме-ай,
Тұрмысың қорашсынып, қарындасым,
Іздеген Бақтыбайың мен едім-ай.

Көңілім осы күні басылып жүр,
Әркім-ақ дәулеттіге бас ұрып жүр.
Үстімде шолақ шекпен, шоқай етік,
Кедейлік берекемді қашырып жүр.

Бұтымда жеті жылғы қатқан шалбар
Әр жерден әбиірім ашылып жүр.
Бақтыбай тау суындай қылтыңдап жүр,
Буыным бидай орып, сыртылдап жүр.

Бір сиыр әрі көлік, әрі сауын,
Жоқшылық сынап мені сыр тыңдап жүр.
Әрі-бері сапырсам,
Қырыққа жасым келгенмен,

Әзілдесіп – ойнауға
Қыздар деген шіркінмен
Әлі күнге шебер ем.
Жараймысың жалғыз-ақ,

Әйел бала сен болсаң,
Өлеңім бәрі кетсе де,
Үлесіңді берер ем.

Мәйке:

Ақынсынып, Бақтыбай,
Орынсыз сөйлеп желікпе.
Еркек - дарақ, біз - бұтақ,
Аңғарып айт, демікпе.

Әйел - адам баласы,
Бір жақтан ауып келіп пе?
Қыз да болсам мен сені,
Жібермеймін ерікке.

Өзіңді өзін жампоздап,
Әйелді сонша кемітпе.
Сөзімнің қайтар есесін,
Ақылмен ойлап шешесің.

Ақыретті ойласаң,
Дүниеден безесің.
Жаман болса ұрғашы,
Жазы-қысы тыным жоқ,

Азбан бұқа тәрізді
Көрінгенге күл шашып,
Жазған-ау, неге кезесің?

Бақтыбай:

Бақтыбай қып құдайым,
Жасымнан мені жаратты.
Іштен жемек уәжіп,
Пендеге берген санақты.

Арсалаң ақын, Құлмамбет,
Түбек пенен Жанақты.
Айтыспақ түгіл бұларды,
Нұсқауымнан қамапты.

Үш кессе де жыланды,
Кесіртке әлім бар-ақ-ты.
Араладым бір талай,
Абақ пенен тарақты.

Өлеңменен айтыста
Тартушы едім қадақты.
Таразыға түскенде
Тартынбай сөйле, Мәйкежан,

Бала екенсің талапты.
Сен қандайсың, мен қандай,
Белгілі болар әлі-ақ-ты.
Мен - ақ тұйғын, сен - торғай,

Жаздым, міне, қанатты.

Мәйке:

Ілгері кеткен егдесің,
Құнанда, тайда табың жоқ.
Бақтыбай, сорлы кедейсің,
Байлықтан біткен бағың жоқ.

Осынша неге мақтандың,
Көрмегендей шағың жоқ.
Мақтаныш еш береке өнбегендей,
Қайда бар мал мен басың өрлегендей.

Аттыдай жаяу жүріп мақтанғанмен,
Мұныңмен сөз орнына келмегендей.
Без, шіркін, мысыққа да бітетұғын,
Мияулап, мауық іздеп шөлдегендей.

Көтеріп өзіңді-өзің қампиясың,
Жайыңды Мәйке барып көрмегендей.

Бақтыбай:

Жайымды, Мәйке, барып көрген болсаң,
Сөзіңді түзу сөйле, мерген болсаң.
Алысса екі балуан бірі құлар,
Әдейі күреспекке келген болсаң.

Бәстесіп айтысуға мен дайынмын,
Жеңуге өзіңе-өзің сенген болсаң,
Жеңілсең, Мәйкеш, мендік болар ма едің,
Шын айтшы, ана сүтін емген болсаң?

Тартынбай енді, Мәйке, сөйлей бергін,
Сөзіме әлгі айтқан көнген болсаң.
Жаратты Бақтыбай ғып құдай мені,
Бір сөздің айтатұғын келді жөні.

Келді ме түлен түртіп сен бейбақты,
Қалайын бір айттырып келсе жөні.

Мәйке:

Жақсы айтасың, Бақтыбай,
Таңдайында бағың бар.
Қалың малға жеткендей,
Жазған-ау, қанша малың бар?

Көрініп тұрған түгің жоқ,
Көрсетпей жиған қазына,
Қанша сенің халың бар?
Күшік деген халықта

Некелеп қойған жарым бар.
Қарасуда балық бар,
Айтқан сөзде парық бар.
Бес-алты айда кетемін

Жігіт болсаң, алып қал.

Бақтыбай:

Кедейсініп отырсың,
Төркіні сөздің солай ғой.
Шындап кетсем, Мәйкежан,
Алуым сені оңай ғой.

Жалайыр басын бір қосқан,
Барармын өйтсең жиынға.
Қалың малым жетпей ме,
Түтінге бес-он тиынға.

Әрі-бері сөйлесем,
Шығарармын шиіңді,
Өлеңменен уқалап,
Қандырармын иінді.

Мен - қаршыға, сен - үйрек,
Ілейін деп түйілдім.
Қалың малды қоя тұр,
Үйіңе барып істей бер

Киетұғын киімді.

Мәйке:

Өзіңше сенің көңілін,
Жанып тұрған шаладай.
Әңгір-әңгір сөйледің,
Бастықпаған танадай.

Әлі келген ат-түйе,
Бата-аяқ алып барады-ай.
Ат-түйені қоя тұр,
Ертең ұят болмасын,

Бата-аяққа беруге
Қотыр бұзау таба алмай.
Әулікпе, Бақа, әулікпе,
Өз шамаңды шамалай.

Қор боларсың, байғұсым,
Екі қатын алған соң,
Көзің болар шарадай.
Елге күлкі боларсың,

Мал тауып беріп Мәйкені
Тоқалдыққа ала алмай.
Ел бетіне жүрмегін,
Ұялғаннан қарамай.

Ақын Мәйке келгенде,
Нұрлы жүзін көргенде.
Әлек болып жұлқындың,
Азбан бұқа сықылды

Топырақ шаштың далаға-ай.

Бақтыбай:

Аламын десем мен сені
Жалайыр берер көмегін,
Жалғыз-ақ Мәйке, айтайын,
Жалғыз атты қу кедей,

Сорлы екенсің демегін.
Басылып жатқан қазынам –
Таңдайға біткен өлеңім.
Домбыраны қолға алып,

Біраз ғана желемін.
Жасырмаймын, кедеймін,
Елден нәсіп теремін.
Бір қыздың малы немене,

Бір жылда-ақ тауып беремін.
Кемітуің жөн бе екен,
Адамзаттың баласын
Айуанға теңедің.

Жаныма менің тигенің,
О да мені сүйгенің.
Өнерлі туған ер еді,
Алсын мені дегенің.

Жалайырға барармын,
Домбырамды қатармын.
Ерегіссем малыңды,
Жеті-ақ күнде табармын.

Мәйке:

Қыз да болса Мәйке қыз,
Көрген сендей талайды.
Орнатпас па ең бай болсаң,
Ағаш үйден сарайды.

Шамаң келсе алып қал,
Өнері бар Мәйке қыз
Бір кәдеңе жарайды.
Тыңда сөзді ұғынып,

Сөйлейсің, Бақа, құбылып.
Қатының жаман болған соң,
Үйің сенің қалыпты
Бір арыққа тығылып.

Байқап келдім күйің жоқ,
Дүбірлеп тұрған үйің жоқ.
Үйіңнің сенің ішінде
Ораулы тұрған шиің жоқ.

Мақтанасың, пақырым,
Штансыз отыр қатының,
Қай жаққа кеткен ақылың?

Бақтыбай:

Мәйкешім, айналайын, ақылыңнан,
Жалғанда қорлық көрдім қатынымнан.
Берсем де ердің құнын сені алайын,
Үйдегі озар болсаң "батырымнан".

Мал шығын ғып алмаймын,
Жөйіттен сен аспасаң.
Боласың жақсы бәйбіше,
Шаруаны бекер шашпасаң.

Мен кетсем қаңғып ұзаққа,
Сен кетсең қаңғып бір жаққа.
Хас масқара болармыз,
Осы күнгі, шырағым,

Жүрісіңді бастасаң.
Сонда қызық болармыз,
Шаруаны сүйтіп тастасаң.
Қарағым, Мәйке, баласың.

Балалықпен білмейсің
Адамның байқап бағасын.
Ақылың маған жеткен жоқ,
Білместіктен, қарағым,

Кедейсің деп шаласың.
Ескелді, Естай бір туған,
Айтайын сөздің сарасын.
Халқымды менің білмедің,

Сиыршы деген елім бай,
Дегенменен баласың,
Шұбар деген жерім бай,
Сиыршының беремін,

Сиырының бір жылғы
Азар болса танасын.
Онда құдай бермей ме,
Бақтыбайдың шамасын?

Не десең о де, Мәйке қыз,
Тірі жүрсең, әйтеуір,
Бақаңның отын жағасың.

Мәйке:

Қыз да болса Мәйке қыз
Сиыршы жайын біледі.
Сенін айтқан сөзіңе
Естіген ел күледі.

Қанша айтсаң да келмейді,
Еліңнің сенің реңі.
Бақалшы боп бәрі құрыған,
Бір тиынды пайда деп,

Жол тосумен жүреді.
Андас, мырза сияқты
Бай боп қашан жүреді?
Сиыршының қыздары

Ақ бидайды ора алмай,
Бороздаға сүрінген.
Қатқан шалбар, қу шекпен,
Үстінде жүр сүрілген.

Қанша қатын алып ең,
Бұдан бұрын тіліңмен?
Мұның сенің әлек қой,
Әншейін бір бүлінген.

Құмар едім, Бақтыбай,
Бір көрмекке өзіңді.
Не десең де, байғұс-ау,
Ала алмассың өзімді.

Шұбарда құдай келтірді,
Бақтыбай сенің көзіңді.
Бақтыбай қисық, қыңыр ең,
Бүгінгі күн кез қылды

Түзететін тезіңді.
Қораң толған малың жоқ,
Кедейсің, сорлы, халың жоқ,
Кім сөйлейді сөзіңді?

Бақтыбай:

Байтуған тартар атымды
Сөйлейтұғын ерінбей.
Байтұрбай сөйлер сөзімді
Ебінің соққан желіндей.

Бекмұханбет ол сөйлер,
Өзгеден гөрі мол сөйлер.
Атасы Балпық емес пе,
Қазанның асу беліндей.

Исабек сөйлер сөзімді
Бейбіт бидің баласы,
Сөйлейтін топта шегінбей.
Байқоржын мен Тарағым,

О де менің қарағым,
О да сөйлер сөзімді,
Аспанда жүрген перімдей.
Жаманбай, Шыны, Кәрішал,

Олар да мені сыйлайды,
Замандасым Дөнен де.
Жалайырдың баласы,
Не десең де қимайды.

Өзі болыс, өзі ояз,
Жәлмендем жатыр төменде,
Осылар тірі тұрғанда,
Жасымаймын, Мәйке қыз,

Сен кедейсің дегенге.
Дүңгененің тобында
Бір-бірімен бүлк етіп,
Жең ұшынан күңк етіп,

Бектемірмен сөйлесіп,
Басынды сенің ашады.
Жібектей болып судырап,
Меруерттей сылдырап,

Ілейін деп келгенде,
Бақасы заула дегенде,
Сиынармын екі-үш күн
Тәуекел деп өлеңге!

Мәйке:

Байтулаққа беретін,
Байғұс-ау, сенің шайың жоқ.
Бекмұқанбетке апарып,
Аруаққа байлайтын

Жылқыда асау тайың жоқ.
Кәрішалға берер пұлың жоқ,
Қалтанда сенің дымың жоқ.
Әншейінде жақынсың,

Шынтуайтқа келгенде,
Елтірі құрлы құның жоқ.
Тараққа берер малың жоқ,
Тамағы кен кісі еді,

Байқоржынға беретін
Дулыға өркеш нарың жоқ.
Ақсақ тоқты, қотыр қой,
Бүгіннен бастап көңліңді

Аудара бер, қарағым.

Мәйке:

Атасың, жасың үлкен, Бақа, сенің,
Сөйлесем шығарамын сөздің кенін,
Тоқтайын жасың үлкен адам едің,
Жел сөздің не қылайын артық-кемін

Тоқтадым, тоқтайды деп, Бақа, саған,
Өлеңім таусылмайды айтсам менің.
Қайтайын, рұқсат бер, енді, Бақа,
Айтыстық көңілдегі сөздің жөнін.

Бақтыбай алмақ болыпты деп
Жайылды жұртқа бұл хабар.
Ұзынқұлақ ап кетті,
Етті дейсіз кім хабар.

Бектемірдің жабылды
Намыстанып қабағы.
Келінімді берсін деп
Байгөзге кісі салады.

Бас салып тартып алмақ боп,
Неше күндей қамады.
Қаншама күн қорқытып,
Кешке жақын болғанда,

Қыздың жаны қысылып,
Әр елге кетіп қалады.
Бәйтік ойға түскенде,
Қысылып оттай жанады.

Күшіктен Мәйке қысылып,
Бақтыбайдың жолына
Күннен-күнге қарады.
Бақтыбайдан бір хабар,

Бола ма деп Мәйке қыз
Құдайдың күнін санады.
Екі айға дейін бір хабар
Бақтыбайдан болмады.

Қапаланды Мәйке қыз
Болдым деп неден жазықты,
Сәлем хат жолдап жазыпты.

Мәйкенің Бақтыбайға жазған хаты:

"Бақтыбайға не болды,
Өлеңге желдей есе алмай?
Заты кәрі кісі еді,
Қой қосағың жүр ме екен,

Қолы мұздап шеше алмай?
Байтал түгіл, бас қайғы –
Отыр ма екен жұртыңда,
Түйе тауып көше алмай?"

Бақтыбай Мәйкені алуға серттескеннен кейін кідірместен өрде жатқан Жәлменде биге қазақ ғұрпындағы ерлік дәстүрін салмақтай келіп, өтініш етеді.

Бақтыбайдың Жәлмендеге айтқаны

Жәлменде болыс, аман ба?
Адамға адам сүйеніп,
Жан бақпақ еді һәманда.
Әрбір ханның тұсында

Бір сұрқылтай деген ғой.
Қатарында Балпық би
Ескелдіге көз салған,
Қасына ерген заманда.

Екейден шыққан Сүйімбай,
Қасқарау, Жайнақ, Сұрабай
Сарыбаймен құрдас боп
Кірген екен ажары.

Адамға адам себепкер,
Қалған екен мұрасы,
Біреу - жарлы, біреу - бай,
Жаратып отыр құдасы.

Қара Бәйтік Кенжебай,
Уағында шығыпты
Қырғыздан асып, расы.
Қатарымда сен шығар,

Саянда мен бұлбұлың.
Алдында күнде сайраған,
Топқа салған жорғамын,
Табаны мұзта таймаған.

Ақылға дарқан кемеңгер,
Ер мұқтажын ойлаған.
Алтын сөзді ата боп,
Үйсін менен найманнан.

Қара Балпық аруағы
Жеке сізге айналған.
Ләуқол мақпоз ғаламда
Жазылған артық ирегің,

Бәйшегірді ел қылып,
Андас пенен мырзаға
Теңгеріп өрге сүйредің.
Үйсін, найман баласын

Ояз болып биледің.
Жанақ, Түбек әманда
О да өзінің тұсында
Сүйенгені бар еді,

Байлығы дария Маманға.
Ескелді, Балпық тұсында
Болған екен Қабаны.
Соларменен сөзі алтын,

Болған екен бағалы.
Шортанбай, Шөже, Орынбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Құсбегі Шыңғыс, Құнанбай

Солармен кірген ажары.
Сіз Жәлменде болған соң,
Жалайырда белгілі
Саяда мынау жүргенмін.

Ішім ауру, сыртым сау,
Запырандай күйдемін.
Осы жүрген кезімді
Айтпай-ақ өзің білесің,

Ойымдағы сөзімді
Өлеңге жүйрік болсам да,
Жақтырмаса айтады
Қайыршы деп өзімді.

Алтын жүнді сұр тоты
Байланған шынжыр арқанмен,
Арманда боп тұр сол тоты.
Қызығамын түсіне,

Ішіндегі асыл ісіне.
Шынжырды егеп қиятын,
Асыл егеу және жоқ.
Мен байғұста шама жоқ,

Осы құс түсті көзіме.
Қапаста бұлбұл сайрайды,
Бұлбұлды көзім көргенде,
Қазандай ішім қайнайды.

Сол бұлбұлды алам деп,
Қайтейін, көңілім ойлайды.
Есігін ашып кірерге,
Қолым қысқа, пұлым жоқ.

Ол қапастың ішінде
Мен байғұсқа орын жоқ.
Тілге келсе бұлбұлмын,
Малға келсе құзғынмын,

Бір шабар менің қоңым жоқ.
Егеуім жоқ қолымда,
Шынжырды егеп кесерге.
Аяқ-бауын қолым жоқ,

Әдісін тауып шешерге.
Таудан қашқан ол түлкі,
Қайратым жоқ жетерге.
Осы жалған дүниеден,

Арманда басым өтер ме?
Сыртым - бүтін, іш - түтін,
Жолықтым мұндай кеселге.
Көрген күнім күн емес,

Жәке, менің бұрынғы,
Өзіңіз де білесіз,
Қалтамда жоқ пұлымды.
Айтайын деп келіп ем,

Алдыңызға мұнымды.
Ел мен ерді қуат қып,
Бір сертке Бақаң ұрынды.
Ер жігітке дерт екен

Өмірлік жолдас, ғашықтық –
Жүректің жанған оты екен.
Жақсы әйел мен жүйрік ат –
Жалғанның сұлу көркі екен.

Жалайырдың ішінде,
Ашты құдай жолыңды.
Жеткізіп отыр қолыңды,
Төрден алдың орынды.

Нашарға көзін салатын.
Қысылып келген нашарлар.
Саяңда жаны қалатын,
Арқаңызбен алатын,

Бақ орнаған кісі едің,
Аруағыңыз толымды.
Жайлаудан келген қалың ел.
Ыңғайланды көшуге,

Уықтың бауын шешуге.
Дүнгенеде топ болад,
Қазанның жаңа бесінде.
Сол топтан қалса Мәйке қыз

Тартып ап көшіп кетеді.
Ақылға дария кең едің,
Асқар таудай көбелі,
Алтын бұтақ бәйтерек,

Жәлменде би сен едің,
Саялай келген мен едім.

Жәлменде:

Бақ қонбайды жасыққа,
Көңіліңді, батыр, жасытпа.
Жігіт адам жетеді
Шын шамданса мақсатқа,

Құмарлық іс ғашыққа.
Мен аяман, Бақтыбай,
Келгенін саған қолымнан.
Байқоржын, Тарақ жалғассын

Мәйке кетпес еш жаққа
Туғызып айды оңынан,
Бұрылып сенін жолыңнан.

Екі ай жүрді Бақтыбай
Мәйке қыздың соңында,
Сары домбыра қолында
Әркімге жүрді жай айтып,

Келсе деп ісім орнына.
Дүнгенеге топ болып,
Бас қосып барлық ел келді.
Қол ақы жесір ұлықтан

Сөйлейтін сөздің өрнегі.
Біреуден біреу тендік ап,
Топтағы мақсат бермегі.
Кәрішал, Шыны, Байтұрбай,

Байқоржын, Тарақ, найманнан
Жәлменденің үйінде
Бас қосып солар кез келді.
Бақтыбайды көргенде,

Иек қағып Жәлменде
Көз астымен меңзеді.
Сол уақытта Бақтыбай,
Жұмбақтай қылып мұң айтып,

Бір азғана сөйледі.

Бақтыбай:

Басында мына Алатау ойлаған жоқ,
Негізі тәмәм таудың бел болам деп.
Негізі Іле, Балқаш ойлаған жоқ,
Жеті су теңдей құйып қол болам деп.

Аққұмы Атыраудың ойлаған жоқ,
Тұз шығып берекелі кен болам деп.
Қызылқұм Жетіжалмен ойлаған жоқ,
Дым тимес жазды күні шөл болам деп.

Күйкентай бөктергімен ойлаған жоқ,
Қайратсыз тәмәм құстан кем болам деп.
Кесіртке тышқанменен ойлаған жоқ,
Күйкентай жапалаққа жем болам деп.

Мен болдым сөйлер сөзге шапқан жорға,
Дәулет жоқ сөзден басқа біздің қолда.
Ақынды кей кездерде жасытады
Бірі деп қайыршының қожа, молда.

Мен көрдім жібек баулы бір тоты құс,
Қапаста байлаулы тұр темір торда.
Күн қақты қаңғып жүрген мен бір жазған,
Орнымнан көтерем боп жүрген зорға.

Көз құмар, көңілім ғашық, а, дариға,
Жетпейді созсам қолым он, мен солға.
Сендерсің жел тимейтін орман, тоғай
Ақ мылтық қиын-қыстау боран болса.

Мұң айтам алдын ала халқым көрген,
Айткан серт мәртебеге жетемін деп.
Келіп ем осы жолда бір талаппен,
Жалғанда жақсы да жоқ, жаман да жоқ,

Негізгі іс маңдайдағы бақ пен сорда.

Бақтыбайдың кедейліктен тартқан тақсіретін, құлашын кең жаза алмайтынын терең түсінген, әрі оның адамгершілігі мен ақындық азаматтығына сүйсінген, бір жағынан Мәйке қыздың аянышты халіне шын мәнісінде жаны ашыған Жәлменде Мәйкенің қайынжұрты Бектемір адамдарын дереу жалайырмен бітімге келтіріп, Мәйкені Бақтыбайға алып беріпті.

Бақтыбай зиратының басына орнатылған ескерткіші (1990 ж.)

БАҚТЫБАЙ МЕН БӘЙІМБЕТ

Бәйімбет:

Ассалаумағалейкүм, Бақтыбай,
Бағарыңыз көбейсін.
Осы болса бар малың,
Бес ешкілі кедейсің.

Бес ешкіңнен айрылсаң,
Қатыныңа не дейсің?
Қу тақтайды құшақтап,
Сұмырай тілді безейсің.

Сұлу пышақ, қу табақ,
Мезгілімен соғым жемейсің.
Өлеңменен байлардың,
Мінін айтып шенейсің

Қақсап жүріп бір күні,
Өлемін ғой демейсің.
Құдай берген өнердің
Қызығын қашан көресің?

Бес күндік фәни жалғанға,
Осынша неге сенесің?
Өлмеймін деп жүрмісің,
Қырыңнан жерге енесің.

Бақтыбай ақын дегенге,
Мәз боласың есіріп.
Бір тойып ішкен көжеңе,
Терлейсің, сорлы, шешініп.

Жамыларға көрпең жоқ,
Жатарлықтай көсіліп.
Айтыспаққа құмар ем,
Сеніменен шешіліп.

Саған айтар сөзім көп,
Қалмаса тілім кесіліп.
Сен Бақтыбай болғалы,
Қос атпенен жүресін,

Жеке атқа қашан мінесің?
Дүниенің шолағын
Айтқызбай өзің білесің.
Далаға шықсаң мақтанып,

Үзеңгіңді шірейсің.
Үйде отырсаң омалып,
Боқтығыңды күрейсің.
Біздей сұғып тіліңді,

Көрінгенді мінейсің.
Қанағат қылмай құдайға,
Елден жылу тілейсің.
Шұбардан тіпті көшпейсің,

Көксудан былай өтпейсің.
Мұрадыңа жетпейсің,
Құдай тойым бермесе,
Қай уақытта, Бақтыбай,

Көресің елдің қарасын?
Құдай жазған емес пе,
Әркімнің тағдыр, қазасын.
Дүниеқордың береді

Өлгенде құдай жазасын.
Қолыңды жайып сұранып,
Кетірдің жұрттың мазасын.
Онан-мұнан құрайсың,

Қайырыңды сұрайсың.
Бет алып барған жеріңнен,
Алмай тіпті тұрмайсың.
Домбыраңды бетке ұстап,

Зулап тұрған сұмырайсың.
Бай болмайсың, Бақтыбай,
Барлық халық бергенге.
Сұраншақтық азапты,

Тартарсың кейін өлгенде.
Тырайып барып жатарсың,Өлген қайтып келген бе?
Неңді сойып бересің,
Үйіңе мейман келгенде?

Бақтыбай деген атың бар,
Қазаның толмас асың бар.
Сен бір жүрген шерменде,
Жарымаған сорлысың.

Тақыр шалбар тондысың,
Берер құдай бергенге.

Бақтыбай:

Ал, Бәйімбет, Бәйімбет,
Сөйлеп кеттің тоқтамай.
Мақтанбағын баймын деп,
Отаубайша оттамай.

Енді маған кезек бер,
Тұрдым тыңдап сөзіңді.
Өзің келіп тиістің,
Жеңбей қойман өзіңді.

Менің атам Сырманақ,
Сенің атаң Шуманақ
Табанында бүрің жоқ,
Келдің қайдан сырғанап?

Сырманақтан Тарақты,
Бақтыбай ақын аралар,
Абақ пенен тарақты.
Байқап сөйле, Бәйімбет,

Ашылар артың әлі-ақ-ты!
Құрт жеген соң басынды,
Шөкімдей миың қалмапты.
Сұлу пышақ, қу табақ

Жарымаған ел едің.
Айтып бір салдың әуелден,
Ішіп бір жеген тамақты.
Бақтыбай кедей болғанда,

Сенің елге нең шықты?
Қысы-жазы босасаң,
Тоғаның жоқ меншікті.
Қыздырып ең аузымды,

Маңдайымнан тер шықты.
Бір орын мекен қылмайсың,
Астықты қайдан алам деп,
Құдайыңа жылайсың.

Қақпан, тұзақ арқалап,
Сексеуілге барасың.
Шырпының түбін сау қоймай,
Қақпан, тұзақ жазасың.

Тұзақ пенен қақпанға,
Ертең түсте барасың.
Арам өлген қоянды
Арқалап жиып аласың.

Ақ көз қоян адал деп,
Біле тұра арамды,
Қазаныңа саласың.
Құдай өзі береді,

Арамқордың жазасын.
Баққаныңды мал демей,
Еңбек қылып нан жемей,
Біздің елдің дәніне,

Күзді күндер болғанда,
Айырбастап тұзыңды,
Аласың елдің мазасын.
Менің атам Байкөбен,

Сиыр бағып жүргенде,
Ақсақалды шал келген.
Шұбардан қоныс ал деген,
Ақ бидайды сал деген.

Ақ бидай салып нан жеген.
Нан жеген соң дән жеген,
Қараталдан тоған сал,
Тоғанға қарай қоғамдал,

Иесіз жатқан Шұбардың
Егістігі мол деген.
Қыдырлы тоған болған соң,
Орыс деген ел келген.

Өнері көп орысты
Үйір қылдым жерменен.
Сенің елің қорқады,
Мен емес пе тең келген.

Арық аттай, күшігім,
Шом тесіп, арқаң жауыр боп,
Ел қатарына енбеген.
Базардан алған кездеме,

Жаманның сөзін сөз деме.
Бақтыбаймен айтысты-ау,
Бәйімбет деген таз неме.
Бақаң өлең қозғаған,

Алдынан жүйрік озбаған.
Бәйімбет, қайдан кезіктің,
Айтпайтын сөзді қозғаған?
Жүзден озған тұлпармын,

Сөз тауып, сөзден қоздаған.

Бәйімбет:

Бақтыбай шешен, ақынсың сөйлер сөзге,
Бақтыбай боп атандың осы кезде.
Дәуірлеп барған сайын мақтанасың,
Қанша ешкің бар отарда мұнан өзге?

Осы болса бар малың сенбей-ақ қой,
Қандай күйге кебенек салар күзде.
Сарысуланған салықшы, сорлы кедей,
Бидаймен тапқан малды көрсет көзге.

Бақтыбай, сене берме домбыраңа,
Бес ешкің сауын болып оңдыра ма?
Кебенек кеп ешкіден жұрдай болсаң,
Байларың сені қоңсы қондыра ма?

Тіліңді безеп сауын сұрайсың ғой,
Қу тақтай сабай берсең болдыра ма?
Қу кедей не бетін бар мақтанардай,
Малың жоқ сойып жейтін басқалардай.

Жасыңнан көргеніңнің бәрі бейнет,
Күнің жоқ тойып ішіп шаттанардай.
Біздің ел тауды жайлап, құмды қыстап,
Жартысы өзен бойын қылар қыстақ.

Құдайым мал мен бақты бергеннен соң,
Білмейміз жер шабуды кетпен ұстап.

Бақтыбай:

Баймын дедің, Бәйімбет,
Қалай айттың ұялмай?
Отыр едім әуелде,
Жаман сөзге қия алмай.

Жүр екенсің, байғұсым,
Өзіңді өзің ұға алмай.
Көпірме ауыз сорлысың,
Орынсызға мақтанып,

Тіліңді кеттің тия алмай.
Берекелі бай болсаң,
Жүрер ең ғой сұранбай.
Маса менен шіркейге,

Қамалғаныңды білмейсің.
Қаратал мен Көксуға
Еркін жатқан сия алмай.
Сұрамаймын бестіңді,

Өлең қылдың ешкімді.
Жайлауыңды мақтайсың,
Тыртаңдайтын бес күнгі.
Шын ақымақ екенсің,

Деуші едім сені ес білгі.
Кебенек кеп қырылса,
Төлеуіне сұраман,
Қойың менен ешкіңді.

Кенелеп малы өлді деп,
Сіздің елден бір өсек,
Біздің елге естілді.
Ешкім өлсе қорамда,

Бидайым бар ұрамда.
Намыстансаң, Бәйімбет,
Бізден келіп сұранба.
Жұтап кейде қаласың,

Сасытып құмның арасын.
Берекесіз, қайырсыз,
Байлығыңды ұрам ба?
Боғыңды көрмей, жоқты айтып,

Кеттің шырқап шығанға.
Ақсүйек боп қырылдың,
Өткен жылғы жыланда.
Ақ шомшы болып сандалып,

Бидай сұрап зарланып,
Қарымбай құсап жер жұтып,
Өлсең еді мұнан да.
Жалайырдың баласы ең,

Жер сұрасаң берер ем,
Еңбек етсең емерсің,
Сенен тарлық қылам ба?
Жөніңді білмей, Бәйімбет,

Қарға құсап қарқ еттің,
Алысқа самғар қыранға.

Бәйімбет:

Бақтыбай, өлең айтасың,
Кешке шейін жалықпай.
Бәйімбеттен жеңіліп,
Сені құдай ұрып па-ай?

Жатақ жаттың, Бақтыбай,
Күрік болған тауықтай.
Жұтап күшік қалғанда,
Бес ешкілі Бақтыбай,

Сенен сауын сұрап па-ай?
Той-томалақ көрмейсің,
Шілде қақты салықшай.
Мақтансаң жөні келеді

Білемін деп орысша-ай.
Біздің елдің бір шеті,
Іле бойы қорықта-ай.
Бас-басыңа, Бақтыбай,

Таныс қылып алыпсың,
Бір-бір, хохол, орысты-ай.
Антон менен Шодырдан,
Ақша қарыз аласың.

Қарыз алған ақшаға,
Келер жылы көктемде,
Торпағыңды саласың.
Мақтанбағын, Бақтыбай,

Білеміз ғой сырыңды,
Өстіп құрып қаласың.
Біздің ел құмда жатады,
Қалтаға ақша басады.

Құнан қой мен дөнен қой,
Кездемеге сатады.
Бексұлыға сіздің ел,
Белшесінен батады.

Жаздай тапқан астығын,
Бексұлыға тартады.
О да жетпей тапшы боп,
Жалғыз атын сатады.

Сіздің елді, Бақтыбай,
Өстіп құдай атады.

Бақтыбай:

Бәйімбет, кепсің сандалып,
Айтыспаққа қамданып.
Тар босата, тар есік,
Байқап сөйле аңғарып.

Соқыр болса ұлығың,
Көзіңді, тазым, қысып жүр.
Оған арнап ор қазып,
Өзіміз түсіп қалмалық.

Орыс деген халық бар,
Сөйлер сөзде парық бар.
Көрінбейсің, Бәйімбет,
Сөзімді менің парықтар.

Өтірікті білмейді,
Ұрлығыңды қылмайды.
Біле білсең, Бәйімбет,
Орыста талай нарық бар.

Несі жаман көрінді,
Орыс салған қаланың?
Қазақ барып алады,
Одан керек-жарағын.

Өнерінен именбей,
Одан да үйрен жиренбей.
Тілімді алсаң қаңғырып,
Айдалада қалмағын.

Дейсің бізді орыстас,
Орыс та болса қоныстас.
Қалай жемей тұрасың,
Сыйлап берген тамағын?

Қаласы соның сатады,
Көйлегі мен көншегін,
Қатын менен баланың.
Сол орысқа, Бәйімбет,

Қарамай, кәне, қалғаның?
Орыс деген өнерлі,
Оны аузыңа алмағын.
Қыздырдың ғой тілімді,

Домбырамды қағамын.
Қойға ере алмай жүруші ең,
Құмға күйіп табаның.
Байқап қалдым, Бәйімбет,

Тәуір екен самалың.
Бақтыбайдың алдына,
Айдап келген түрткілеп,
Бәйімбет, сенің ажалың.

Ноғай менен орыстар,
Старшын мен болыстар,
Орыс та болса басыңды
Осы күні сол ұстар.

Талдықорған базарым,
Базарсыз болмас ажарым.
Араласып бөрі жүр –
Орыс, ноғай, қазағым.

Барып халық алады,
Шыны, шәйнек, қазанын.
Басында тұр зор қауіп,
Жатырсың құмда бор қауып.

Сорың қалың маңдайда,
Арылар қашан азабың?

Бәйімбет:

Жақсы айтасың, Бақтыбай,
Домбыраңды қақтың-ай.
Үйсін, найман бас қосса,
Сөз нақысын таптың-ай.

Намыстас боп орыспен,
Жатақ болып жаттың-ай.
Орыс пенен қазақтың
Бәріне де жақтың-ай.

Ендігісін өзің айт,
Бірталай тісім батты ма-ай?
Жаяу едім өлеңге,
Ере алмадым аттыға-ай.

Бақтыбай:

Мақтан қылдың, Бәйімбет,
Қойың менен жылқыңды.
Егін салып, нан жесең,
Бұзбайды ғой шырқыңды.

Жеңемін деп желпеңдеп,
Едірейттің мұртыңды.
Жамандама орынсыз,
Орыс деген жұртымды.

Теңемегін Шұбарға
Құм-сексеуіл шырпыңды.
Илләләға келтіргін,
Пейілі жаман құлқынды.

Көрмей кепсің жығылар,
Алдыңдағы шұңқырды.
Сенен несін аяйын,
Өлең деген шіркінді.

Ең артынан айтпақ ем,
Басыңды жеген құртыңды! –
дегенде, Бәйімбет қарқылдай күліп, Бақаңның алдында қолын қусырыпты..

Бақтыбай:

Осылай еді жайым деп,
Жөнге келгің Бәйімбет.
Мұнан былай осылай,
Сәлем бергін дәйім кеп.

Ақынды қорлап қайтесің,
Тілінің жүрген майын жеп.
Антон менен Шодырда,
Аратың сенің дайын деп.

Жеңуім сені сөзсіз ғой,
Боп кетпесе астыртын,
Бір қиямет-қайым кеп.

БАҚТЫБАЙ МЕН ҚЫПШАҚБАЙ

Бақтыбай:

– Ассалаумағалейкүм, аман ба,

Шәкірхан сынды бегіміз.
Атаң сенің Құнанбай,
Орта жүз асқан тегіңіз.
Онан кейін аман ба,

Артын, найман еліңіз?
Есендікте жүрсіз бе,
Шәкірхан мырза, өзіңіз?
Бұл жаққа бұрын келмеп ек,

Дидарласып көрмеп ек.
Дәм-тұз тартып, мінеки,
Жаңа келді кезіміз.
Бар болған соң арада,

Сіздермен біраз сөзіміз.
Бота тірсек, бос белбеу,
Бойым мықыр болғанмен,
Ешкімге кетпес кегіміз.

Домбыраны қолға алдым,
Біразырақ толғандым,
Бұйырған соң көбіңіз.
Әңгімені бастамай,

Аман-сәлем қылалық
Алдыменен өзіміз!
Жігітке өнер керек ақыл-айла,
Ойласаң ақыл-айла жанға пайда.

Қыпшеке, алтын жүзің жаңа көрдім,
Жүрмісіз аман-есен жақсы жайда?
Үш жүздің балалары бас қосыпты,
Қалайық сәлемдесіп осындайда.

Дәм тартып сіздің елге келіп қалдық,
Мұндайда адам басы қосылмай ма?
Ақынның үрейі ұшса, жүрегі жоқ,
Көп ішінде айта алмай,

Білген сөзін қысылмай ма?
Адамға ағайынды олжа түссе,
Алғың деп ағасына ұсынбай ма?
Мен өзім Ұлы жүздің баласы едім,

Орта жүз олжа беріп басылмай ма?
Адамның дәулет құсы бастан ұшса,
Қор болып жиған мүлкі шашылмай ма?
Бір жерге өңкей жақсы жыйылғанда,

Сөйле деп Бақтыбайға бұйырғанда.
Қыпшеке, шаман келсе енді сөйле,
Қызынсам қазынаңыз ашылмай ма?

Қыпшақбай:

– Уағалайкум мүс-сәлем, Жәлменде би,

Үйсіннен естуім бар аз ғана үй.
Секілді шұғыр бақа Бақтыбайым,
Шырағым, тықылдамай, тіліңді тый.
Көргенде Бақтыбайды біліп едім,

Сөйлеген ашуменен тілім едің.
Сырымды білемісің, Бақтыбайжан,
Шықпаған көп ішінде мінім едің.
Бақтыбай, Бақтыбай деп естуші едім,

Көрмесем де сыртыңнан білуші едім.
Жүрмісің аман-есен Бақтыбайым,
Ат байлар арт жатымда інім едің.
Тәубә ғып соңыма ерген інім бар деп,

Қуанып тірлігіңе жүріп едім.

Бақтыбай:

Отырмын Жәлменде би төре ме деп,
Әбиір Бақтыбайға бере ме деп.
Шошынар кейбір ақын айбарымнан,
Соқтырған бейпіл желдей немене деп.

Қыпшеке, ә дегенде дүрілдейсің,
Өлеңге Бақтыбайға тең келмейсің.
Еліңе бір жыл келген мейман едім,
Олжаңды Бақтыбайға бермеймісің?

Қыпшақбай:

Бақтыбай тақылдайсың бекер жастай,
Сұрайсың менен олжа өзің аштай.
Қолыңнан егер сенің келіп тұрса,
Ағаңды тірі қоймай жұлып таста-ай.

Біреудің айтқанына ере алмаймын,
Ішкімнің алдауына көне алмаймын.
Іншалла өзім өлмей соқыр тиын,
Үйсінге мен қолымнан бере алмаймын.

Секілді шұғыр бақа Бақтыбайым,
Астында жалғыз атын неге алмаймын?

Бақтыбай:

Арғын сенің неңді алған,
Елге мейман жинаған.
Дабысы жоқ еліңнің,
Бізден бұрын мейман сыйлаған.

Арғын тәуір көреді,
Беш тиындық бақырды,
Ақирет кебін иманнан.
Адам қоры Қыпшақбай,

Қу жанын босқа қинаған.
Сөйлейді сорлы арғынның құны бардай,
Көргенде Бақтыбайды жыны бардай.
Алам деп жалғыз атын тап етеді,

Бұл иттің әкесінің құны бардай.
Келгеннен қонағына қоқаңдайды,
Несие бұрын сатқан бұлы бардай.
Қолдаса Бақтыбайды ақын Қабан,

Желкеңнен бауыздармын қара нардай.

Қыпшақбай:

Құнанбай қажы дейтұғын,
Дабысқа шыққан тұлпарым,
Қалмайтұғын жарыстан. Маман,
Толқын дейтұғын,

Найманнан шыққан арыстан.
Абақ, Тарақ сен едің,
Арғын, Найман мен едім.
Барымталап сойылдап,

Мал-жаныңды тауысқан.
Порымыңа қарасам.
Жауыр қуған сауысқан.
Тауға біткен қияқтай,

Келіп ең қалай бұяққай?
Мына орыс келді деп,
Теңдік алып берді деп,
Сенгенің сенің ұятты-ай.

Көргенде найманымды сасушы едің,
Шолақтан ары қарай асушы едің.
Торғайдай қырғи тиген быт-шыт болып,
Қызталақ алды-алдыңа қашушы едің.

Білдің бе, Бақтыбайым, сыңарыңды,
Салайын көкірегіңе уайымды.
Кешегі Оразбектің заманында,
Быт-шыт қып бөліп едім жұбайыңды.

Келді деп мынау орыс қарсыласып,
Ұмыттың қотыр Үйсін құдайыңды.

Бақтыбай:

Домбыраны сөйлеткен,
Он саусақтың саласы.
Жүгіртеді тұлпарды,
Жердің жазық даласы.

Қалай-қалай сөйлейді,
Көргенсіз иттің баласы.
Байқадың ба, Жәлменде,
Арғынның айтқан сөзінің

Аңғарына қарашы.
Құнанбай деген қажыны
Тұлпарым деп айтады.
Қайдан көрдің жылқы қып,

Тойға мініп келгенін.
Маман мен Толқынды,
Арыстан деп айтады.
Арыстанның атасы

Мысық еді бәтшеғар,
Қайдан көрдің қалмақ боп,
Жұрттан тышқан жегенің?
Абақ, Тарақ мен едім,

Арғын, Найман сен едің.
Аз да болсам бір күнде,
Ақ тұйғын құспен тен едім.
Талай жанның шыңғыртып,

Бауыр етін мен де жеп едім.
Ұлы жүздің ішінде
Бақтыбай деген мен едім.
Аласалау болмасам,

Мен кімдерден кем едім?
Теңізде жатқан тығылып,
Арғын, найман сен едің.
Қаспақбай деген мерт кетті,

Жайнағымнан бір кісің.
Әлі күнге ол құнсыз.
Қыпшақбай, өзіңді-өзің көтермегің,
Болмайды ел болған соң тегі мінсіз.

Белгілі арғын, найман Бақтыбайға,
Қыпшақбай, мақтанбағың бекер жөнсіз.
Біздің ел асау мініп шідірлеген,
Саналы сөз кәдірін білер деген.

Ескелді өтіп кеткен жағалы жай,
Жалайыр қысылғанда жібермеген.
Домбыраны сөйлеткен
Бетіндегі тиегім.

Қимылдай бер иегім.
Қараталдың бойында,
Аштан бар өлген сүйегің.
Көтеріліп осынша

Кім еді сенің тірегің?
Мақтанып қазір отырсың,
Сен сорлының бірі едің.
Жеңемін деп сен мені,

Аптықпасын жүрегің.
Бұл жерде мен отырмын,
Әбиір бер құдай деп.
Андастан шыққан Шопабай,

Арғынды қырған қоралап.
Арғын мен найманды,
Басынан құдай ұрғанды.
Ұрғаны емей немене,

Шұбыртпалы арғынды,
Тасмұрынның басында,
Шопабайдың бір өзі,
Көгендеп қойып қырғанды.

Қабан ақын дейтұғын
Менің пірім болады.
Он сегіз мың ғаламды
Өлеңменен жоқтаған.

Қасқырға шауып жапалақ,
Құйрығын сорлап боқтаған.
Сарменбет бимен үшеуі,
Төсегінен тұрғызып,

Сипалатып тоқтаған.
Біздің елді жамандап,
Көргенсіз иттің баласы,
Сандалып босқа оттаған.

Қыпшақбай, дүрілдеген даңқың мықты,
Бұл сөзді естігеннің бәрі де ұқты.
Несіне Құнанбайды мақтай қалдың,
Мақтаншақ қу сорлы шал мұнан шықты.

Барасың сөйлемесем судай тасып,
Қаласың мен сөйлесем жездей жасып.
Айтсаңшы Қараменде әулиеңді,
Отыр ма сорлы қақбас мәрту басып?

Қыпшақбай:

Наймандағы бір елім,
Қыдыралы, Құлшан,
Қаптағай. Шұғыр бақа секілді,
Жалайыр саған кетіпті.

Менсінбей қызыр тоқтамай.
Жалайыр деген табың бар,
Қу жақ еді қамыстай,
Тіккені жаман құрымды.

Ары-бері сөйлесем,
Құртамын сенің дымыңды.
Өнімсіз бекер сөз сөйлеп,
Келтірдің мұнша жынымды.

Сорлы арғынның баласы
Қалтасынан береді,
Бақтыбай сенің құныңды.
Өртеңгі қамыс секілді,

Жалайыр көрдім сыныңды.
Құдай мақұл көрмейді,
Ойласам батыр мұныңды.
Қыпшақбай ақын сайраған,

Төрт аяғым тең жорға,
Сабаса да таймаған.
Арғын мен найманға,
Тең келем деп қаяқтан,

Сорлы елің сенің ойлаған.
Ел жайлауға көшкенде,
Артуға көлік таба алмай,
Көбісі ойды жайлаған.

Маман мен Толқынның
Тай шаптырым болады,
Ауылының аймағы.
Елуден кейін болмайды,

Желідегі тайлағы.
Арғын мен найманға
Тең келем деп қаяқтан,
Сорлы елің сенің ойлады.

Жәлменденің елі бар,
Ел жайлауға көшкенде,
Құнан өгіз байлаған.
Он, он бестен ешкісін,

Қотыр ғылып айдаған.
Майымен сүйектің,
Қотырын оның майлаған.
Арғын мен найманға

Тең келем деп қаяқтан
Сорлы елің сенің ойлаған.
Қыпшақбай ақын қозғаған,
Айтсам тілім тозбаған.

Алтын, жаппас, қаракерей,
Кенекес деген елім бар.
Мың саулығы көктемде,
Сорлы үйінен қоздаған.

Елу інген көктемде,
Қу маңлай үйінен боздаған.
Бәрін жыйып келгенде,
Сол елден байлық озбаған.

Арқадағы бір елім
Қыдыр қонған Тобықты,
Артықша қыдыр қоныпты.
Берекелі қаяқтан

Көргенсіз иттің баласы,
Сенің елің болыпты.
Арқадағы бір елім,
Шаншар мен Қарашор,

Бір құдайдан басқадан
Өте-мөте болған зор.
Мен білемін Жалайыр,
Өсімің аз сен-ақ қор.

Жәлменденің елі бар,
Мен білемін оңбаған.
Оңбағанын айтайын,
Бұзауға үйін қомдаған.

Ел жайлауға көшкенде,
Тай таба алмай мінуге,
Он сегіздегі қатыны,
Жаяу жүріп сорлаған.

Үйсін деген елің бар,
Жетісуды жерлеген.
Бір жыл егін шықпаса,
От басында еңіреген.

Мақтанып қанша айтқанмен,
Еш қыйсыны келмеген.
Суан деген елің бар,
Көкбұқаға өкпелеп,

Шонтайынан үріккен.
Қыштаққа барып кіріккен.
Қызыл қонақ талқаның,
Көкірегіңді шіріткен.

Не деп ақыл сұрайсың,
Осындай затсыз шіріктен.
Жалайырдың қыздары
Көншоқайдың қонышын,

Шуда жіппен буады.
Ел жайлауға көшкенде
Бір-бір тана мініп ап,
Шаңқай түсте болдыртып,

Тышқақтатып қуады.
Арам өлген қойының майына
Қара сабын шылап ап,
Жұпар сабын осы деп,

Беті-қолын жуады.
Мұныменен жалайыр
Сорлы болып туады.
Ар жақтағы бір елің

Сары Үйсін мен Дулаттай,
Арғындай болып қызталақ
Сорлы елің сенің тумапты-ай.
Бес қап қонақ алғаны,

Байлық қылып зулапты-ай.
Бір жыл егін шықпаса,
Баласының аузына
Кебек тимей қурапты-ай.

Күлшедей наны жоқ болса,
Төстіктей ет жемейді.
Екі қадақ ет алса,
Екі уыс ұнмен көбейді.

Неменеге мақтайсың,
Осындай сорлы кедейді.
Жалайырдың жігіті,
Алып жүрген кендірді.

Кендір алып жігіті,
Соры қайнап меңгірді.
Қоңыр тана мінгені,
Қоңыр шекпен кигені.

Кигенім жақсы болды деп,
Өзін өзі төндірді.
Ордалысын арғынның
Көрмеймісің Бақтыбай,

Осы отырған ендірді.
Байқаймысың Бақтыбай
Жақсыны жақсы жанайды,
Сиыршы деген елің бар,

Өлген сиыр құйрығын,
Бір ағашқа саптап ап,
Өзін-өзі сабайды.
Сары шыбын масасы,

Ызыңдап соңынан қалмайды.
Сарыарқадай сенің жерің жоқ,
Арғындай сенің елің жоқ.
Құр мақтағаның бомайды.

Айта берсем Бақтыбай,
Бойыңнан мінің табылған.
Жалайырдың шалдары,
Орақ орып күздүгүні,

Бетіне мия жамылған.
Өнімсіз бекер сөз сөйлеп,
Бақтыбай саған неғылған?
Біздің елдің байларының қалтасында,

Уыс-уыс теңге бар.
Ең сорлысы Бақтыбай
Сен сияқты пенде бар.
Қатыны семіз, ері арық,

Аттам жерде бір арық,
Ор Қаратал дейтұғын,
Жер сорлысы сенде бар.

Ескерту: Осы тұсқа келгенде Жәлменде мына сөзге Бақтыбай не жауап тауып айтар екен деп, төмен қарап, қамшысымен жер шұқылап, қысылыңқырапты. Оны байқаған Бақтыбай өлеңінің алғы шумағын Жәлмендеге, онан соң қайтадан Қыпшақбайға бағыттап, жосылтып кеткен екен.

Бақтыбай:

Қысылма бегім, қысылма,
Айналайын, Жәлменде-ау.
Неменеге қысылдың?
Сіз қысылып кеткен соң,

Арғынның бегі әрленді,
Ескелді, Балпық, Қарымбай,
Қысылсам берер дәрменді.
Тоқтай тұр, арғын, тоқтай тұр,

Асқанға тосқан дәл келді.
Ит құтырса алдымен
Иесін кеп қабады.
Жан қысылса адамдар,

Жақынын келіп табады.
Қара қарға құтырса,
Қасқырға кеп шабады.
Ешкіемер, батбат құтырса,

Айдаһарды шағады.
Тәккабарлы адамның
Ақырын құдай табады.
Жақсы аттанып кей адам,

Ұлықтарға жатады.
Ауызбірлігі жоқ жанды,
Несіптен Алла қағады.
Арамнан біреу мал жинар,

Арамдық оған жақпаса,
Жиғаны судай ағады.
Атам Қабан оңдаса,
Ескелді, Балпық, Қарымбай,

Асан-Сиық қолдаса,
Бақтыбай атым құрысын,
Қабан берген ақ балдақ,
Қыпшақбай құрлы болмаса.

Наймандағы бір елің
Қыдыралы, құлшан, каптағай,
Жамылдың көрпе шақтамай.
Біздің елді жамандап,

Қыпшақбай неге оттады-ай.
Елімді мұнша жамандап,
Тыныш отыр сандалмай,
Бет алдына оттамай.

Наймандағы бір елің
Қаржау мен Боранды,
Шақтамай көрпе оранды.
Ежелден-ақ мақтайсың,

Тасбақа мен жыланды.
Арғын мен найманға,
Бақтыбай ақын сыралғы.
Арғын менен найманның,

Бақтыбай жайын біледі.
Біздің елдің кедейі
Орақ орып жүрсе де,
Бір-бір құр ат мінеді,

Құдай ұрған Қыпшақбай,
Бізге неден күледі.
Сиыршы деген елімнен
Астық іздеп арғының,

Күн сайын қайыр тіледі.
Арғын менен найманның
Көрген күнін ұрайын.
Тамақ үшін жалға жүреді.

Наймандағы бір елің
Көлдей менен Жұмайды.
Төртсары мен Кенжеден,
Қорлық көріп жылайды.

Кемарашы деген жерімнен,
Сиыршы деген елімнен,
Жетім менен жесірің,
Астық іздеп шұбайды.

Балық артып түйеге,
Ішіне келіп елімнің,
Әлсіреп арғын құлайды.
Ұзынынан сұлайды.

Жаның сақтап тұрғаның,
Менің елім емес пе?
Көргенсіз иттің баласы,
Ұмыттың неғып құдайды?

Ұлы жүздің бір ұлы
Ар жақтағы Сары Үйсін,
Жер менен көктің бәрі Үйсін.
Жалайырдың аздығын,

Қаяқтан батыр таныйсың?
Наймандағы бір елің,
Алтын, жаппас, қаракерей,
Кенекес деген елің бар.

Кәпірден заты кем емес.
Мен мақтансам жарайды,
Сен мақтану жөн емес.
Құнанбай құнын сұрап жүрсін солай,

Бақтыбай өлең соқсын олай-былай.
Қыпшақбай тіл тигізбе біздің елге,
Жаман ғып жаратқан жоқ патша-құдай.
Қыпшақбай сенің қалмады,

Маған қылған қиқағың.
Ары-бері сөйлесем,
Көк желкеңнен қырқамын.
Өлеңімді өрлетіп,

Көпшілікті терлетіп,
Бетіңді қақпас жыртамын.
Ақын-Атам дем берсе,
Өлеңіме жел берсе,

Ақшаңдаған ит қақпас,
Дәл осы жерде құртамын.
Сыйынып әруақты Атама,
Жалбарынып отырмын.

Көзіңді қақпас шұқырмын,
Қалайша сенен қорқамын?
Абақ пенен Тарақтың
Азырақ жайын айтайын.

Қызының қалың малы
Мың жылқыдан болады.
Кәделі жерге қыз берген,
Қызым арзан кетті деп,

Ішінен ойлап солады.
Кәделі қырық жетіге қыз берген,
Бөлек ауыл қонады.
Арғын мен найманның

Азырақ жайын айтайын.
Әкесі мен шешесі
Көзінің жасын көрмейді.
Қыздарының бір басын

Бір-ақ қойға теңейді.
Бес қап қонақ бергенге
Біздің елге алып кеп,
Бір қызын әкеп береді.

Болмайды бір қызы да қотыр бие,
Жағайын дәқ бетіңе сүйтіп күйе.
Қыпшақбай құлақ салып тыңдап отыр,
Өлеңді жіберейін жүйе-жүйе.

Арғын мен найманды
Басынан құдай атады.
Атқанының белгісі
Бес ұап қонақ бергенге,

Бір қызын әкеп сатады.
Таутан артып жүргенде,
Сексенге келген шалдары,
Арам босқа қатады.

Сиыршы деген еліме,
Кемарашы жеріме,
Жете алмай кей арғын,
Жолда өліп жатады.

Өлмей тұрып барғаны
Сиыршы деген елімнің,
Қаратал деген жерімнің,
Бұйырған дәмін татады.

Қыдыр қонған еліме,
Қаңғырып барған арғынның,
Тамағынан нәр жүріп,
Жұмылған көзін ашады.

Наймандағы бір елің,
Ашықбай мен Сарыбай.
Әлі жүрсін жарымай.
Жарымағандығыңды айтайын,

Тоқалдыққа қыз бердің,
Сексенге келген шалым-ай.
Әкежан деп қонасың
Көшіп барып жаным-ай.

Абақ пен Тарақтың
Кім таласар әр малдан
Құдайдың берген бағын-ай.
Мұнан басқа қалды ма,

Айтар сөзің тағы да-ай.
Осынша мені жамандап,
Аш бөрідей жалаңдап,
Әлі күнге жүрмісің,

Құдайыңды танымай.
Масаң барма жерінде,
Кірмен бар ма елінде?
Құннан атқа қосылған

Жүйрік едім өнімді.
Әбден жетік білемін
Арғын сенің жөніңді.
Қайнатпай қазан пісірген

Басармын батыр деміңді.
Баласына Ұлы жүз
Бақтыбай ақын сенімді.
Арғын, найман бай болсаң,

Төрт түлікке сай болсаң,
Тентіреген итіңді
Көшіріп ал қасыңа
Босатып бер жерімді.

Байқай сөйле Қыпшақбай,
Көпшіліктің алдында,
Сыпырармын теріңді.
Кереу ғылып мен айтпаймын.

Бидайым мен тарымды,
Сөйлемеймін тегінге.
Айдап жүрген мың жылқың,
Берекесі жетпейді,

Екі пұт қонақ егінге.
Құртып отыр Қыпшақбай
Құдай сенің есіңді.
Қайтарармын сесіңді.

Сіздің елдің байлары
Үйіне қонақ қонғанда,
Ашуланып секірді.
Алды, артыңа қарамай

Жасама батыр кесірді.
Байқадың ба, Жәлменде,
Қыпшақбай неден есірді?
Жалайырым болатын,

Ашылып жатқан әр жерде,
Жабатұғын көтіңді.
Әулие бар елімде
Аттары кәміл көндім де,

Қырық бір шілтен секілді.
Қаңғырып барған арғының
Үш жылда мал малданып,
Қатын алып, жетілді.

Сиыршының елінде,
Қаңғырып жүрген арғын көп.
Итаяққа телмірген,
Көкала барақ секілді.

Бақтыбай ақын аңдаған,
Айтсам тілім талмаған.
Кісім түгіл бұл жаққа
Итім де менің бармаған.

Нанбасаң қазір барып көр,
Жәлменденің үйінде,
Бір арғының әлі жүр,
Тамақ үшін жалданған.

Жәлменденің елі бар,
Бұзауға үйін қомдаған,
Қомдағанын құдайым
Басынан-ақ оңдаған.

Жамандама елімді
Затсыз қақпас оңбаған.
Мақтанып қанша айтсаң да,
Жәлменденің елінен,

Озар елің болмаған.
Ақыл дария сана бар,
Әулие-ата, Нәменген,
Ташкен деген қала бар.

Ар жағында Ташкеннің
Марғұлан, Әндіжан және бар.
Сол қаланың ішінде
Шаруа бастық байлар бар.

Біздің елдің байларын
Сол байларға шамалар.
Аш-арық болған арғының
Өздігінен қаңғырып,

Жалайырды жағалар.
Көшіп келіп сағалар.
Еліңді жөнсіз мақтама,
Арғын, найман байлары

Төбет итпен барабар.
Мырза деген елім бар,
Арық атқа жем берген.
Қаңғырып барған арғынды

Арық қойша өңгерген.
Орыс қазақ демейді,
Халайықты тең көрген.
Қысылғанда тар жерде

Аталарым дем берген.
Біздің елді жамандап
Көргенсіз иттің баласы,
Сенікі қайдан жең келген?

Ұлы жүздің бір ұлы,
Ар жақтағы ботпай-ды.
Мына шеті сұрасаң,
Әулие-ата, Нәменген,

Ташкенте барып тоқтайды.
Біздің елді жамандап,
Көргенсіз иттің баласы,
Сандалып босқа оттайды.

Бәйдібектің бір ұлы
Білемісің жанысты.
Жанысқа мөлшер қыламын,
Көлге біткен қамысты.

Қасабай, Жайнақ, Солтанай,
Қаңғырып барған арғынмен,
Қарсыласып шабысты.
Ескелді, Балпық, Қарымбай,

Жұрт билеген дабысты.
Бақтыбай жүйрік мен едім,
Домбыра алып қолыма
Жібермедім намысты.

Ерегіскен ит қақпас
Көрсетейін шабысты.
Әулие өткен атамыз
Тезге салып түзейтін.

Затсыз иттің баласы,
Сен сияқты шалысты.
Ұлы жүздің бір ұлы,
Ұмыттың ба шымырды.

Шымырға мөлшер қыламын,
Ұшып жүрген шыбынды.
Шыбынға мөлшер қыламын
Сары үйсін деген елімді.

Саспай тұр артын, саспай тұр,
Көргенсіз иттің баласы,
Қағамын бүгін жыныңды!
Ұлы жүздің бір ұлы,

Біліп жүргің сиқымды.
Көп көзіне көрсетіп,
Келтірейін сыйқыңды.
Байлығың сенің не керек,

Бір қап астық кәдірлі
Көрмейміз мың жылқыңды.
Орынсыз қақпас мақтанып,
Келтірдің менің күлкімді.

Менің елім бай ел деп,
Мақтан қылып Қыпшақбай,
Аш кенедей жабысты.
Көптігін айтсам елімнің

Түзетермін шабысты.
Бәйдібектің бір ұлы
Ысты менен Сарыүйсін,
Абақ, Тарақ атанған,

Біздің елдің бәрі үйсін!
Бәйдібектің бір ұлы
Өзің айтқан Дулатты.
Талайлардың жүрегін,

Көптігімен зулатты.
Қыпшақбай ақын біліп жүр,
Сіздің елдің талайы,
Етек-жеңі кең ел деп,

Біздің елге сіңіп жүр.
Айт десең, тағы айтайын,
Албан, Суан елім бар,
Жетісу жәннат жерім бар.

Қай жерімде кемім бар,
Білмесең, келіп, біліп қайт!
Төртсары, кенже, қаптағай
Аштықтан талай қырылды.

Жекжатшылап біздерге,
Талай-талай тығылды.
Жеріме тен келмейсің,
Көптікке тең келмейсің.

Зекет бермес Қыпшақбай,
Не қылам мал мен пұлыңды.
Онан да бізді қайтарғың,
Ата жолмен бұрынғы.

Жалайырдың бір ұлы
Балталы мен аңдасты.
Ақбұйым, кәлпе, сұпатай,
Арықтыным, бәйшегір,

Орақты мен қайшылы,
Ежелден елі жалғасты.
Осындай сөзді айта алмай,
Айтар сөзін біле алмай

Қара басты сен насты.
Ата-тектен сөйлесем,
Қызыл тілім талмасты.
Алтын сөзді арнадан,

Мен шығарсам Қыпшақбай,
Есі-түсің сенін қалмасты.
Жалайырды қай түрлі
Мақтасам да болады,

Қай қазақ бұған нанбасты.
Ойламайсың Қыпшақбай,
Шылым тартқан орыстың,
Бабайындай албасты.

Жан тумас абағым мен тарағымдай,
Іш адам қайтармаған талабымды-ай.
Түк басқан аузы-басын шайтан қақпас,
Орыстың шошқа жеген баратындай.

Қыпшақбай одан әрі жұмбақ айтуға көшіпті.

Қыпшақбай:

Бақтыбай дүрілдеген даңқың мықты,
Бұл сөзді біреу ұқпай, біреу ұқты.
Алдыңа ақын болсаң сан айтайын.
Бар екен дүниеде неше жұпты?

Бақтыбай:

Бір Алладан басқаның,
Бәрі түгел тең жұпты.
Білсең егер өзің айт,
Бір Алламен кім жұпты?

Қыпшақбай:

Бір жауап кезім келіп айттым саған,
Сөзім жоқ мұнан артық бітті тамам.
Ақымақ, сен білмесең, мен айтайын,
Жұпты екен бір Алла мен Мария анам.

Қыпшақбай дұрыс шешпеген соң, Бақтыбай екіленіп, екпіндеп кетеді.

Бақтыбай:

Қыпшақбай, бәрекелді, ер екенсің,
Елдегі қаса сорлы сен екенсің.
Мен сені ақын ғой деп ойлаушы едім,
Қаңғырған қоқандықпен тең екенсің.

Адасып айттың сөзіңді
Мен айтайын ит қақпас,
Туған ай мен күн жұпты,
Атар таң мен түн жұпты.

Тасып аққан дариямен,
Байқап тұрсаң көл жұпты.
Ойпаң жер мен қыр жұпты.
Жауын менен жел жұпты.

Еркек пенен ұрғашы,
Әуелден-ақ бұл жұпты.
Ібіліс шайтан, жын жұпты.
Байқап тұрсаң, Қыпшеке,

Бір құдайдан басқаның
Бәрі бірдей тең жұпты.
Атамыз - Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралған.

Өлімге пенде саналған.
"Ассалаумағалейкум" деген сөз,
"Біссімілләмен" пара-пар.
Осы сөздер дүниеге

Ең алдымен таралған.
Біле алмадың оны сен
Бір Алламен кім жұпты?
Қауашағыңа енді құй

Бір Алламен дін жұпты!
Бақтыбай сөз сөйлейді сара-сара,
Қыпшақбай ақын болсаң осыны тап.
Не болар дүниеде ақ пен қара?

Бір құс бар ала-құла қанат қатар,
Қаққанда қанатынан жауын жауар.
Дүниенің төрт бұрышында төрт бәйтерек,
Басына құдай қосса барып қонар?

Қыпшақбай:

Ақ дегенің құдай сөзі құран еді,
Қара дегенің пенденің
Іші толған тұман еді.
Тең келсең Қыпшақбаймен қайда жүрсің,

Алақандай ай мен күн - сен сұраған,
Шешуі бұл жұмбақтың солай еді.
Бақтыбай, жұмбағыңды таптым ба?
Қос өкпеңнен аттым ба?

Қортық қошқар секілді,
Қортыйып барып жаттың ба?!

Бақтыбай:

Қыпшақбай, жұмбағымды таба алмадың,
Табамын деп бос сөзге арандадың
Адамның көзі еді бұл жұмбағым,
Ақымақ терең ойлап барамадың.

Қожаға осындағы жүгінелік,
Адамды одан басқа таба алмады.
Бақтыбай қожаға қарай бұрыла айтады:

– Құдайдың өзі берген нәубеті бар,

Жақсының жақсыменен сәулеті бар.
Тақсыр-ай, сізді қожа деп естідім,
Осында пайғамбардың әулеті бар.
Айналайын, тақсыр-ай,

Арғын да сіздің жұртыңыз,
Үйсін де сіздің жұртыңыз.
Теке менен қошқарға
Қисаймасын мұртыңыз.

Алланы дара, дана деу,
Емес пе еді ғұрпымыз?!

Қожа:

Апырау, мынау Бақан ақын екен,
Көздеген жорамалы мақұл екен.
Айтамын шариғаттың тура жолын,
Түк білмес Қыпшақбайың пақыр екен.

Бақтыбайқызы Нұрыш (1889-1962)

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙