Шәкәрім әлемі
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Балтабай Әбдіғазиұлы
Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ ШӘКӘРІМ ӘЛЕМІ монография Алматы «Раритет» ББК 83.3(5Қаз) Ә14 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы «Шәкәрім әлемі» сериясының негізін салған Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу Орталығының директоры Т.Қ.Шаңбай Әбдіғазиұлы Б. Ә14 ШӘКӘРІМ ӘЛЕМІ. - Алматы: Раритет, 2008. - 408 б. «Шәкәрім әлемі» сериясы. ISBN 9965-770-73-5 Абайдан кейінгі ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілі, ойшыл ақын, жазушы, философ, тарихшы, сан қырлы талант иесі Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық
мұралары жөнінде алғаш рет монографиялық деңгейде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тұңғыш докторлық диссертация қорғаған белгілі Шәкәрімтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлының бұл еңбегінде Шәкәрім шығармашылығына негіз болған әдеби дәстүрлердің түп төркініне барлау жасалып, Шәкәрімнің поэзия, проза, көркем аударма саласындағы суреткерлік тұлғасы, әр жанрдағы туындыларының көркемдік бояуы, тақырыптық бағдары, қайталанбас қырлары ғылыми тұрғыдан жан-жақты талданады. Шәкәрімнің ақындық әлемі, жазушылық әлемі, аудармашылық әлемі, философ, тарихшы ретіндегі әлемі тұтас көркемдік-эстетикалық құбылыс дәрежесінде тұңғыш рет қарастырылып отыр.
ББК 83.3(5Қаз) 0000000000-15 Ә --------------------- 413(05)-08 © Әбдіғазиұлы Б., 2008 ISBN 9965-770-73-5 © «Раритет» БК, 2008 © Безендірген Н.Цой, 2008
СӨЗ БАСЫ
Ғасырлардың талай сырын санасында сақтап, сан алуан сын белестерден өткен қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған соңғы жиырмашақты жылдың көлемінде ұлттық рухани дамуымызда бірқатар оң өзгерістер дүниеге келді. Бұрын жоғалтып алған, яки жоғалта жаздаған асыл қазыналарымызды қайта таптық, өшкеніміз жанды. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңғырды. Соның нәтижесінде жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақтың ұлттық сілкініс дәуіріндегі Әлихан Бөкейхановтар бастаған зиялы қайраткерлерімізбен қайта табыстық, олардың мұраларын ұлттық игілігіміз деп бағалау бақытына ие болдық. Осы қатарда ұлттық әдебиетіміздің тарихында мәртебесі әрдайым биік саналатын Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды арыстарымыздың есімдері қайта жаңғырып, олардың өлмес-өшпес мұралары туған халқының назарына ұсынылды. Шығармалары жеке-жеке кітап болып басылып шықты. Олардың шығармашылығы жөнінде жан-жақты зерттеу, зерделеу жұмыстары қолға алынды. Жиырмасыншы ғасырдың соңын ала болған қоғам санасындағы сілкініс бұдан былайғы жерде бүгін тапқанымыз бен танығанымызды ғана қанағат тұтып отыруға болмайтынын ұқтырды. Ұзақ уақыт орнығып келген қоғамдық қасаң көзқарасты жаңартуға мүдделі етті. “Ақтаңдақ” саналып келген тарихи кезеңді, ондағы әдеби мұраларымызды байыппен саралап, тереңдей зерттеп, ақиқаттың алақанына салу қажеттігін алға тартты. “Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,”- деп/1, 89/ ұлы Абай айтқандай, ортамызға қайта оралған асыл мұраларымыздың қадір-қасиетін барынша ұға білумен қатар, оларды көпшілікке ұқтыра білудің маңызын бірінші кезекке шығарды. Соның нәтижесінде коммунистік идеология құрсауының қасаң сеңі сөгілген өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап қазақ ғалымдары осынау мәртебелі міндетті атқаруға белсене кірісті. Тарих өлшемімен безбендегенде айналасы азғантай уақыттың ішінде осынау ақтаңдақтар ақиқаты бірқатар зерттеу жұмыстарына арқау болып үлгірді, олардың табиғатын таразылап берген ғылыми тұжырымдары мол көптеген дүниелер өмірге келді. Төл әдебиетіміздің тарихындағы ақтаңдақ парақтарды ақтаруға бағыт алған осынау ізгі үрдіс үздіксіз жалғасын тауып, көптеген монографиялық зерттеу еңбектерін дүниеге әкелді. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандар жөнінде ой толғаған С.Қирабаевтың/2/, Ш.Сәтбаеваның/3/, Қ.Мұхаметхановтың/4/, Ә.Тәжібаевтың/5/, Ж.Ысмағұловтың/6/,
Ш.Елеукеновтың /7/, М.Базарбаевтың/8/, Р.Нұрғалиевтің/9/, М.Мағауиннің/10/, Ә.Дербісәлиннің/11/ еңбектері осынау алып қаламгерлердің шын мәніндегі шығармашылық қуатын айқындап, лайықты бағасын берген зерттеулер болды. Жекелеген ақын-жазушылар мұраларымен қатар сондай-ақ сол кезеңдегі ұлттық әдебиеттің даму үрдістері, есімдері мен шығармалары бұрыннан белгілі бірқатар қаламгерлеріміздің өмір жолына қатысты кейбір беймәлім сырлар, жалпы қоғам өміріндегі рухани сілкініс процесінің әралуан жағдайлары Т.Кәкішевтің/12/, Т.Қожакеевтің/13/, У.Қалижанұлының/14/, Б.Мамыраевтың/15/, З.Бисенғалидың/16/, А.Ісмақованың/17/, К.Бейбітованың/18/, Т.Жұртбаевтың/19/, С.Сүтжановтың/20/, М.Қозыбаевтың/21/, К.Нұрпейісовтің/22/, М.Қойгелдиевтің/23/, Т.Омарбековтың/24/, тағы да басқа есімі белгілі ғалымдардың зерттеу еңбектеріне арқау болды. Сонымен қатар бұрыннан белгілі әдеби мұраларымызды бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан қайта қарап, бағалау міндеті де әдебиет зерттеуші ғалымдарымыздың назарынан тыс қалған жоқ. Бұл орайда З.Қабдолов/25/, З.Ахметов/26/, Н.Ғабдуллин/27/, Р.Бердібаев/28/, Х.Сүйіншәлиев/29/, Ш.Ыбыраев/30/, С.Қасқабасов /31/, Ә.Нарымбетов/32/, Б.Майтанов/33/, М.Мырзахметов/34/, Ө.Күмісбаев/35/, А.Қыраубаева/36/, Ж.Дәдебаев/37/, А.Еспенбетов /38/, Ж.Тілепов/39/, Б.Ыбырайымов/40/, Т.Рахымжанов/41/, А.Егеубаев/42/, Т.Сыдықов/43/, Ғ.Есімов/44/, Қ.Алпысбаев/45/, А.Жақсылықов/46/, т.б. ғалымдар еңбектерінде әдебиетіміздің әртүрлі көкейкесті мәселелері мен жанрларына қатысты жаңаша пайымдаулар тұжырымдалды. Міне, осылайша туған әдебиетіміз бен мәдениетіміздің тереңнен тамыр алатын ұзақ тарихындағы әлі де елеусіз жатқан, бұған дейінгі қоғамдық идеология мен саяси ой-түсініктің “көмегімен” көмескі күйінен арыла алмай келген асылдарымыздың бағы жанды. Басқаны айтпағанда, туған әдебиетіміздің шежіресіндегі соңғы жиырмашақты жылдың жоғарыда аталғандай үлестері мен табыстары осыны аңғартады. Адамзат ойы мәңгілік қозғалыстағы құбылыс. Тоқтау жоқ, үнемі алға ұмтылумен, биікке самғаумен, жаңаға жетсем деген ұмтылыспен өмір сүреді. Осындай ой тарамдары бүгінде аталмыш бағыттағы түрлі сауалдарды алға тартады. Атап айтқанда, туған әдебиетіміздің кешегісі мен бүгінгісін мейлінше әділдікпен, шынайы шығармашылық парасат тұрғысынан пайымдау мүмкіндігін қай дәрежеде пайдаланып отырмыз, қандай жетістікке қолымыз жетті, не тындырдық, нені ескермей жатырмыз, алдымыздағы міндет, мақсаттар қандай? Әсіресе әдебиетіміздің әртүрлі кезеңдеріндегі шығармашылық процеске бүгінгі тәуелсіз елдің еркін ойлау өрісі тұрғысынан өз дәрежесінде баға берілді ме? “Ақтаңдақтардың” ақиқатын ашып болдық
па, әлде қалтарыста жатқан қазыналы қатпарларымыздың қойнауына еніп еңбек етуде енжарлық танытып отырмыз ба? Сауал көп. Сауалдардың сыртында еңселі міндеттер жатқаны және анық. Түптеп келгенде, тұтас қоғамның санасындағы сілкіністен туындайтын осынау сауалдар бұдан былайғы жерде бұған дейін тапқанымыз бен танығанымызды ғана қанағат тұтып отыруға болмайтынын ұқтырса керек. Әдебиетіміздің тарихындағы “ақтаңдақ” саналып келген тарихи кезеңдер мен жекелеген тұлғаларды, әдеби мұраларымызды байыппен саралап, тереңдей зерттеп, ақиқаттың алақанына салу қажеттігі алға тартылып отыр. Сонымен қанаттас тағы бір міндет - бұрын, кеңестік идеология тұсында белгілі-бір дәрежеде зерттелген, сыңаржақ көзқарас тұрғысынан болса да бағасын алған дүниелерге қайта оралып, оларға, оларды тудырған қаламгерлерімізге тәуелсіз ұлттың шығармашылық эстетикасы тұрғысынан қарап, жаңаша ойлау жүйесіне лайық парасат деңгейіне көз жүгірту, шынайы тұлғасын сомдау міндеті бой көтерді. Осы тұрғыдан келгенде қайта саралаудан өтіп, шын бағасын алу бақытын күтіп жатқан мұраларымыз баршылық екені ақиқат. Он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін қамтып жатқан жарты ғасырлық заман төл әдебиетіміздің тарихындағы аса күрделі әрі өте жемісті кезең, ұлттық әдебиетіміздің жаңғыра тыныстап, жаңарған дәуірі болды. Оның бастауында тұрған Абайдың өз шығармашылығы, ақындық, ойшылдық, хакімдік табиғаты, одан кейінгі реалистік әдебиеттің тууы мен дамуы, оның өзіндік жаңалығы, бағытбағдары жөнінде бүгінге дейін қазақ әдебиеттану ғылымында көптеген салихалы ғылыми зерттеулер жүргізілді, салмақты жұмыстар атқарылды, зерттеу кітаптары жарық көрді. Қазақ зиялыларының атасы атанған Ахмет Байтұрсыновтан бастап бүгінгі таңдағы көрнекті ғалымдарымызға дейін осы кезеңнің әдебиеті жөнінде нақты көзқарас, ғылыми, шығармашылық ойтүсінік қалыптастырды. Ендігі міндет осынау қалыптасқан қазынаны жаңа арналармен байыту, нәрлі бастауларын молайтып, айдынын кеңейте түсу болса керек. Осы айтылған мақсатты ойларды сараптап, жинақтай келгенде әдебиеттанушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдарымыздың алдында аса мәртебелі екі міндеттің тұрғанын атап айтуға тиіспіз. Оның біріншісі бұрын аттары атаусыз келген, қыңыр саясаттың құрбанына айналған немесе әлдеқандай себептермен назардан тыс қалып келе жатқан талантты ақынжазушыларымыздың есімдерін жаңғыртып, мұраларын жинақтап, жарыққа
шығару, ғылыми сараптаудан өткізіп, туған халқының игілігіне айналдыру болса, екінші міндет - бұрын-соңды әртүрлі дәрежеде зерттелген мәселелерге, қаламгерлер шығармашылығына қайта айналып соғып, оларға жаңа заманның, тәуелсіз ой-парасаттың тұрғысынан лайықты бағасын беру. Абайдан кейінгі әдебиет дегенде ең алдымен ауызға ілініп, ойға оралатыны ұлы ұстаздың өзінен тікелей тәлім-тәрбие алып, шығармашылық мектебінен дәріс алған Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Мұқа, Шәкәрім, Уәйіс, Әріп, Әсет, Нарманбеттер тәрізді талантты шәкірттер тобы десек, осынау кезең әдебиетіне қатысты әдебиеттану ғылымындағы әр жылдары түрлі-түрлі дау-дамайдың құрбаны болғандар да осылар дер едік. Кезінде Абайдың өзі жөнінде, оның әдеби мектебі жөнінде, ұлы ақынның төңірегіндегі ақындар жөнінде сан қилы айтыс-тартысқа толы пікірлердің болғаны баршаға мәлім. Ұлы Абайдың айналасындағы талантты жастар шоғырына қатысты әділ пікірін айтып, тиісті бағасын беруге талпынған М.Әуезов, Қ.Мұхаметхановтардың маңдайы тасқа соғылды, өз дегенінен өзгені өзекке тепкен өркөкірек, өзімшіл саясат мұндай қадамның бәрін “аса мұқият” қадағалап, “қырағылықпен” қиып тастап отырды. Сол себепті де аталмыш ақындар шығармашылығына күні кешеге дейін тұтас бір шығармашылық-эстетикалық құбылыс ретінде баға бере алмадық. Ол ол ма, тұтас қарастыру түгілі осынау ақындардың әрқайсысының шығармашылық мұрасын жеке-жеке болса да зерттеуге дәрменсіз болдық. Бар болғаны Ақылбай, Мағауия, Әріп, Әсеттердің бүкіл мұрасын сұрыптап, күзеп, “өзімізге” “ұнаған” туындыларын ғана талдаумен, таныстырумен шектелдік. Ал шын мәнінде бұл ақындар ұлы ұстаздың жаңа тұрпатты әдеби дәстүрінің құдіретін, Абайдың ақындық, ойшылдық тұлғасының күшін алғаш сезініп, соны баянды етуге, ілгері апаруға талпынған алғашқы қарлығаштар, ұлы дәстүрдің ұлағатын тұңғыш ұққан өз алдына қуатты бір шығармашылық құбылыс болатын. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қарай, міне, осы құрсаудың көбесі сөгілді. Аталған ақындардың шығармашылық өмірбаянын, ақындық мұрасын зерттеу қолға алынды. Бұл арада осы бағыттағы істің қашанда бастаушысы болған, сол үшін кезіндегі алпауыт саясаттың талай-талай ауыртпалықтарын арқалаған көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхаметхановтың есімін айрықша бөліп айтқан жөн. Кеңестік идеологияның қаһары жер жарып тұрғанда да өзінің осы жолдағы адал мұратынан бас тартпаған қайсар ғалым тәуелсіздік заманы туған алғашқы сәттен бастап Абай шәкірттерін халқына таныстыруда қыруар іс атқарды. Соның заңды көрінісі ретінде ол 1993-1997 жылдар аралығында “Абайдың ақын шәкірттері” атты бірнеше кітаптан
тұратын еңбегін жариялады. Оларда Абай талантын үлгі тұтқан өнерлі шәкірттердің бұрын-соңды белгілі-белгісіз шығармалары топталып, оқырман назарына ұсынылды. Сонымен қатар соңғы жылдары Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатаев, Тайыр Жомартбаев тәрізді шәкірт ақындардың шығармашылық мұралары жөнінде арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді, ғылыми диссертациялар қорғалды. Әйтсе де бұл салада біткен ісімізден әлі де болса бітпегені көп дер едік. Ең алдымен аталмыш ақындардың шығармаларын көпшілікке кеңінен таныстыру жоғарыдағыдай бірлі-жарым кітаптармен шектелмесе керек. Олардың мұраларын жеке-жеке кітап етіп, тіпті болмаса ұжымдық жинақ етіп бастыру ісі кемшін жатқан секілді. Рас, Абай шәкірттерінің өлеңдері мен поэмалары жоғарыда аталған “Абайдың ақын шәкірттері” атты кітаптарда, сондай-ақ әр кезеңде жарық көрген алуантүрлі антологиялық, хрестоматиялық жинақтарда жарияланды. Осыдан біраз жылдар бұрын Әріп, Әсет, Көкбайлардың бірлі-жарым жинақтары басылды. Ендігі жерде осынау игілікті іске қайта оралып, шәкірт ақындар шығармаларын текстологиялық тұрғыдан саралап, жаңа көзқарас арнасында жүйелеп жариялап жатсақ қандай ғанибет! Тәуелсіздік жылдары тек әдебиеттану ғылымындағы ғана емес, бүкіл рухани, мәдени өміріміздегі ең басты табысымыз Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды біртуар алаш арыстарының есімі мен мұраларының ортамызға оралуы болды. 1988 жылдың сәуір айында Шәкәрім бастаған әдебиет алыптарын ақтаған ресми шешімдер дүниеге келді. Олардың шығармаларының бір-бір томдық жинақтары іле-шала жарық көрді. Баспасөзде, түрлі басылымдарды арыстарымыздың өмір жолын, шығармашылық өнерін таныстыру бағытында көптеген мақалалар шықты. Бұл іске республиканың белгілі ғалымдары түгелдей атсалысты. Ш.Сәтбаеваның, С.Қирабаевтың, Р.Нұрғалиевтің, Ш.Елеукеновтың, Б.Әбдіғазиевтің жекелеген монографиялық еңбектері жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, осы жылдары ұлттық әдебиет пен әдебиеттану ғылымы өзін-өзі тану мен танытудың жаңаша бір тынысын бастан өткерді. Бұл кезеңде аттары аталған алыптармен қатар өз заманының жырын жырлаған, жүректерін сыздатқан сырларын бүкпесіз айтқан, сол үшін халқынан “алыстап” қалған Нарманбет Орманбетұлы, Ғұмар Қараш секілді ақындық өрнегі өзгеше талант иелері туралы алғашқы зерттеу нышандары,
бірлі-жарым мақалалар, ғылыми зерттеулер төбе көрсете бастады. Олардың шығармаларының жинақтары жеке-жеке кітап болып шықты. Мұның бәрі де алпыс-жетпіс жыл бойы идеологиялық зынданда жатқан алыптарымыздың шығармашылық табиғатын, шынайы қайраткерлік тұлғасын таныту жолындағы алғашқы қадамдар, ұлттық сөз өнеріндегі ақтаңдақтардың орнын түгендеудің бірінші кезеңі еді. Бүгінгі таңда әдебиеттанушы ғалымдар алдында осынау игілікті істің екінші кезеңі есік ашып отыр. Енді тұңғиықтан қазып алынған қазынаның ішкі табиғатына тереңірек үңіліп, олардың асыл ойлары мен меруерт кестелерін мұхит түбінен маржан тергендей түгендеп, барлық әрімен жарқырата көрсететін шақ туды. Сөз өнеріндегі асылдарымызды жалпыға жай ғана таныстыру бағытында емес, тану, таныту бағытындағы игі істерді жүзеге асыру керек. Бұл дегеніңіз “ақтаңдақтар” жөнінде жалпылама сөзден гөрі ондағы әрбір туындының тылсым табиғатын ашуға, дәстүрлік негіздерін айқындауға бағыт ұстау қажеттігі күн тәртібіне қойылды, қаламгер шығармасының әр шумағының, әрбір ой орамының эстетикалық-көркемдік, әлеуметтік-философиялық әрін ұғындырудың, талдап түсіндірудің мәні әлдеқайда арта түсті деген сөз. Осындай рухани сілкініс заманында әдебиеттану ғылымында ғана емес, тұтастай ұлт өмірінде ерекше қуанышқа айналған жайт Абайдан кейінгі көрнекті ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының мол мұрасының ортамызға оралуы болды. 1988 жылдың сәуір айында сол кеездегі Қазақстан компартиясының орталық комитеті «Ақын Шәкәрімнің творчестволық мұрасы жөнінде» арнайы қаулы/47/ қабылдап, ақын шығармашылығы туралы ақиқатты ашып айтуға мәжбүр болды. Осынау ресми шешім ақын шығармаларының жариялануы мен насихатталуына мүмкіндік жасаумен қатар тұтастай шәкәрімтану ғылымының ірге бекітіп, орнығуына, өркендеуіне де жол ашты. Шындыққа жүгінсек, Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы 1988 жылғы ресми шешім жарық көргенге дейін көпшілікке мүлде беймәлім болып келді дей алмаймыз. Ақынның өлеңдері мен мақалалары өз кезіндегі қазақ баспасөзінің беттерінде басылып тұрды. 1911 жылы тұңғыш кітабы - “Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі”/48/ Орынборда шықты, бірқатар туындылары 1912 жылы Семейде басылған ақынның “Жолсыз жаза яки кез болған іс”/49/, “Қазақ айнасы”/50/, “Қалқаман-Мамыр”/51/ атты кітаптарына енді. Орыс ақыны А.Пушкиннен аударған “Дубровский әңгімесі” 1924 жылы жеке кітап/52/ болып шықса, “Боран” шығармасы 1936 жылы “Әдебиет майданы” журналында/53/ жарияланды. Ал “Ләйлә-Мәжнүн” дастаны алдымен “Шолпан” журналында/54/ басылып, кейінірек С.Сейфуллиннің басшылығымен жеке кітап/55/ болып шықты. Ақынның бір топ өлеңдері 1959
жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде/56/ жарияланды. Ал 1978 жылы Ленинградта шыққан “Поэты Казахстана” атты антологиялық жинақта/57/ бірнеше өлеңі тұңғыш рет орыс тіліне аударылып басылды. Шәкәрімнің әдеби мұрасы осылайша өзінің көзі тірісінде де, одан кейінгі идеологиялық құрсау заманында да белгілі-бір дәрежеде тасқа басылып, көпшілікке жетіп жатты. Ақын шығармашылығының тағдыры қаншалықты қатаң қыспақты, шытырман шектеулерді бастан кешіргенімен оның ойлы да көркем жыр жолдары, өмір даналығын бойына мол дарытқан дастандары, өзге де өрелі туындылары халықтың жүрегінен алыстаған жоқ. 1988 жылға дейін созылған сұм пиғылды(түпкі мақсатына үңілсек бұдан басқаша айта алмасақ керек) саясаттың салқыны сұңғыла ақын Шәкәрімнің есімін қанша бүркемелеп, “құр құдыққа” қамап келсе де, ақын жырларының табиғатынан ұшқындаған оттың алауын өшіре алмады. Ал тәуелсіз заманның лебі есіп, парасат дәуірі туған сәтте ол алау бар қуатымен рухани әлеміміздің шалқарына шалқып көтеріліп шыға келді. Ақынның шығармалары бүгінгі күнге дейін бірнеше жинақ/58/ болып жарық көрді. Шәкәрімнің мұрасы - айдыны да, арнасы да кең дүние. Өзінің жарты ғасырдан астам уақыт кеңістігіндегі шығармашылық жолында ол әдебиеттің барлық жанрларында еңбек етті. Салмақты да сүбелі туындылар тудырды. Ол Абайдың маңында топтасып, ұлы ақыннан шығармашылық шабыт дарытқан, өнеге үйренген талантты шәкірттердің алдыңғы қатарында болды. Абай талантының алтын бесігінде тербеліп ержеткен Шәкәрім ақынның мұралары өз заманының үнін көтерді, сөзін сөйледі, тынысын танытты. Қай жанрда, қандай тақырыпта қалам ұстаса да Шәкәрім өз туындысына таңғы шықтай мөлдіреген шындық пен шыңыраудай терең ой дарыта білді. Шәкәрімнің ақындық, суреткерлік тұлғасы бірден туып, аз уақыт ішінде сомдала қалған жоқ. Оның жүрегіндегі шабыттың шоғын үрлеген, тума талантына түрткі болып қозғау салған, шығармашылығына нәр берген берекелі бастаулар мол болды. Әлбетте жоқтан бардың тумайтыны мәлім. Тарам-тарам жайылған тамыры жоқ бәйтеректің әуелей бой көтермейтіні секілді, шығармашылық ой мен талант та тақыр жерге, құнарсыз топыраққа негізсіз біте бермесе керек. Қандай қаламгер болсын, өзінің алдындағы асыл қазыналарды ақтарып, солардың үздігінен үйренеді, озығына орай алға қадам басады. Әдебиеттегі дәстүр мен жалғастық ұғымдарының сабақтастығы дегеніміз осы. Өткенге көз салмай, халықтың сан ғасырлық тарихи ілгерілеу жолында тірнектеп жинаған рухани маржандарынан нәр алмай, ұлттың эстетикалық ойпарасатының кәусар бұлағынан сусындамай тұрып, ешбір қаламгер көркемдік айдынында еңселі желкен көтере алмаса керек. Көркемдіктің өзі шын мәнінде озық дәстүрлердің көрігінде шыңдалып, талант қайнарына суарылғанда ғана жарқырай көрінбек.
Шәкәрімнің шынайы көркем шығармашылық мұрасына да біз осы тұрғыдан қарауға тиіспіз. Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінің бет-бейнесін айшықтап көрсететін көрнекті ақын, талантты прозашы, ойшыл философ, терең тарихшы Шәкәрімнің шоқтығын биіктетіп, айбынын асқақтататын құбылыстың өзі осы, дәлірек айтқанда, оның шығармашылық талантының тым тереңнен тамыр алатыны және ешкімге ұқсамайтын өзіндік ой-парасаты дер едік. Шәкәрім шығармашылығының зерттелуі халқымыздың сонау тарих тереңінен бүгінге жалғасып келе жатқан аса бай мәдени, рухани қазынасын түгендеу мен бағалаудың құрамдас бір саласы боларына дау жоқ. Ал туған халқының мәдени мұраларын жинақтау мен зерттеу адамзаттың қай ұрпағы үшін де мәртебелі міндет саналған. Дегенмен тарих доңғалағы әрдайым бір ырғақпен қозғала бермеген. Бір заманда жарқырап көрінген кейбір рухани қазыналардың келесі бір тарихи кезеңде көмескі тартатыны, не болмаса керісінше, кешегі күні қадірі мен қасиеті елеусіздеу саналған мұраның бағы жанар жұлдызды шағы туатыны - өмір шындығы. Адамзат парасатының алдындағы биік міндет - шын асылды жасықтан айырып ала білу, оның өзіне лайық бағасын беру. Тарих осыны талап етеді. Заман ілгері жылжып, адамзат санасы неғұрлым биікке иек артқан сайын оның алдындағы міндеттердің де мәртебесі биіктеп, ауқымы кеңейіп, мәні күрделілене түспек. Қазақ әдебиеттану ғылымының алдында уақыт керуенімен ілесе еңсе көтере түскен мәртебелі міндеттердің бірегейі - аталмыш мұраларға тұтас рухани, әдеби-эстетикалық құбылыс ретінде баға беру, жеке пікірлерден жалпы тұжырымға аяқ басу. Сол себепті біз зерттеу жұмысымызда Шәкәрім шығармашылығын әдебиетіміздің даму тарихындағы өзгеге ұқсамайтын өзіндік бояу, өрнегі бар рухани құбылыс тұрғысында қарастыруды мақсат ете отырып, оның бүкіл әдеби мұрасын зерттеу объектісінің аясында тұтас қамтуға тырыстық. Әрине, жекелеген шығармалар немесе белгілі-бір жанрдағы сіңірген еңбегі қаламгердің суреткерлік дәрежесін, көркемдік ой жүйесін таныта алатынына шек келтірмейміз. Ал Шәкәрім сынды сан қырлы талант иелерінің шынайы тұлғасын сомдау үшін, ұлттық әдебиеттегі орнын нық орнықтыру үшін оның бүкіл әдеби мұрасына үзілмес желі болып тартылған көркемдік ойдың қазығын пайымдап, эстетикалық мұраттары мен темірқазық идеяларының түп тамырына үңіле отырып, тиянақты әрі тұтас ғылыми тұжырым қалыптастыру қажет. Сонда ғана ұрпақтары Шәкәрімді ақын яки прозашы, немесе ойшыл философ деп жеке-жеке танымайды, ұлттық ой-парасат әлеміндегі тұтас құбылыс, биік нысаналы нағыз суреткер ретінде қабылдайтын болады. Қазақ әдебиеттану ғылымында дәстүр мен жаңашылдық, дәстүр және жалғастық әдебиеттің келелі мәселесі ретінде де, жекелеген ақынжазушылар шығармашылығына байланысты да белгілі-бір дәрежеде қарастырылып келеді. Зерттеу жұмысымызға нысана болып отырған Шәкәрім шығармашылығы дәл осы тұрғыдан түбегейлі зерттеле
қоймағанымен, жалпы алғанда суреткер мұраларының әр саласы, түрлі мәселелері әр кезде сөз болып жүргені ақиқат. Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан бастап Шәкәрімнің шығармашылық мұралары шынайы ғылыми тұрғыдан, монографиялық сипатта жан-жақты зерттеле бастады. Соңғы оншақты жылдың көлемінде шәкәрімтану ғылымының іргесі бекіп, керегесі кеңи түсті. Олай дейтініміз, шындыққа жүгінер болсақ, Шәкәрімді зерттеу, оның шығармалары туралы пікір айту бүгін ғана басталған іс емес. Шәкәрімтанудың тұңғыш іргетасы ақынның көзі тірісінде қаланған. Кезінде осы тақырыпта “Қазақ” газетінде жарияланған ірілі-ұсақты мақалалар мен пікірлер сөзімізге дәлел бола алады. Бұл тұста сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ішіндегі көшбасшыларының бірі Әлихан Бөкейхановтың есімін алдымен еске алуға тиіспіз. 1915 жылы “Қазақ” газетінің бір санында оның Шәкәрім ақынның “Қалқаман-Мамыр” поэмасы туралы жазылған талдау мақаласы/59/ “Қыр баласы” деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін бұл мақала Ә.Бөкейханов шығармаларының жинағына/60/ енді. Мақаланың авторы поэманың айтар ойы мен маңызын жеткізуге тырысады. Шәкәрімнің ақындық табиғаты, Абайдан кейінгі әдебиеттен алатын орны туралы тұңғыш байыпты пікір айтқан М.Әуезов болды. 1934 жылы “Әдебиет майданы” журналында басылған мақаласында/61/ М.Әуезов Шәкәрімді Абай дәстүрін талантты жалғастырушылардың, ұлы ақын шәкірттерінің қатарына қосады. Шәкәрімнің шығармашылық мұрасын жариялау, насихаттаумен қатар ол туралы ғылыми тиянақты пікір айтушылардың қатарында С.Сейфуллин де болды. Ақынның “Ләйлә-Мәжнүн” кітабына жазған алғысөзінде/55, 3-4/ Сәкен Шәкәрім талантының қыры мен сырын талдап бермесе де, аталмыш дастанның қазақ оқырманы үшін қаншалықты қажет екенін айта отырып, Шәкәрімнің еңбегінің маңызын қысқа да нұсқа түрде тұжырымдап береді. «Ләйлә-Мәжнүн» өткен замандағы арап әдебиетінің дәуірлеп тұрған кезінде шыққан белгілі бір сұлу дастаны саналады,- дейді Сәкен Сейфуллин, - Бұл дастан дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің көбінің тілдеріне аударылған белгілі жыр. Қазақ арасында да «Ләйлә-Мәжнүннің» аты көп жайылған. Қазақ елінің әдебиетінде, ауыз әңгімелерінде «Ләйлә-Мәжнүн», «Жан құрбан», «Кірсіз» ғашықлыққа үлгі, мысал болған нәрсе. Бір-екі адамның ғашықтығын әңгіме қылғанда «Ләйлә-Мәжнүн сияқты...» деп аңыз қылысатын. ...Біз дүние жүзіндегі мәдениетті елдердің белгілі әдебиет шығармаларының бәрімен танысуымыз керек. Оның ішінде, қазақ арасында ғашықлыққа үлгі, мысал болған «Ләйлә-Мәжнүн» дастанымен де танысуымыз керек. Ескілікті зерттеп тексергенде «Ләйлә-Мәжнүн» сияқты бір белгілі дәуірдің қиялын, нанымын, тілегін, ой өрістерін, жан сезімдерін,
тұрмысын суреттейтін нәрсе үлкен дерек болады. Сондықтан «ЛәйләМәжнүннің» қазақшасының кітап болып шыққанын дұрыс көрдік. Дастанда қазақша өлеңге аударған белгілі ақын Шаһкәрім Құдайбердіұлы.»/55, 3-4/ Шәкәрімтануда бұдан кейін бірнеше жылдық үнсіздік кезеңі орын алды. Елуінші жылдардың басында қазақ зиялыларына төнген аласапыран, одан кейінгі идеологиялық тіміскі саясат осыған мәжбүр етті. Философ ғалым Қ.Бисембиевтің еңбегіндегі/62/ Шәкәрім туралы айтылған сыңаржақ тұжырымдар да, міне, осы шырмауықтың бір көрінісі болатын. Осы қыспақтың шеңгелді құрсауы сәл босаған сәттерде Шәкәрім жөнінде қысқаша әдеби энциклопедияда мақала/63, 336-337/ жарияланды. М.Мағауин “Поэты Казахстана” жинағына жазған мақаласында/57, 5-60/ Шәкәрім шығармашылығының табиғатын ғылыми тұрғыдан орыс оқырмандарына жеткізуге ұмтылды.Мұның бәрі де шәкәрімтану ғылымының іргетасы болған, негізін қалаған дүниелер еді. Олардың әрқайсысы ақын шығармашылығына әр тараптан назар аударып, үзік-үзік тұжырымдар ұсынғанымен, барлығы біріге келгенде Шәкәрімнің Абайдан кейінгі әдебиет өкілдерінің ішіндегі шоқтықты тұлға екенін дәлелдейді. Шәкәрімнің есімі мен әдеби мұрасы ақталып, шығармаларының жинақтары жарық көрген соңғы жиырма жылдың көлемінде қазақ әдебиеттану ғылымындағы тың серпілістің бір арнасы Шәкәрім мұраларының терең сырларына үңілуге, оның көркемдік табиғатын ғылыми негіздеуге бағыт алды. Біріне бірі жалғаса республикалық баспасөз беттерінде Ш.Елеукеновтың, Ш.Сәтбаеваның, Қ.Мұхаметхановтың, М.Мағауиннің, М.Базарбаевтың, Р.Бердібаевтың, М.Жармұқамедовтың, Б.Әбдіғазиевтің, Р.Сейсенбаевтың, Б.Байғалиевтің, тағы басқа авторлардың ғылыми мақалалары жарияланды. Алғаш рет Шәкәрім шығармашылығын ғылыми тұрғыдан негіздеген Ә.Тәжібаев пен Ш.Сәтбаеваның/64, 5-24/, М.Мағауиннің /65, 5-24/ мақалалары жарық көрді. Шәкәрім мұрасына жан-жақты монографиялық деңгейде тұңғыш рет талдау жасап, баға берген Ш.Сәтбаеваның/66/, ақынның поэзиялық мұрасын зерттеуге арналған Б.Әбдіғазиевтің/67/ кітаптары шықты. Ақынның мұрасы жөнінде докторлық, бірнеше кандидаттық диссертациялар жазылды. Соңғы кезде ақын шығармашылығын зерттеу бағытында атқарылған ең ауқымды шаралардың бірі Семей мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Шәкәрім» ғылыми-зерттеу орталығының құрастыруымен көп томдық «Шәкәрімтану мәселелері» атты/68/ сериялы еңбектің «Атамекен» сериясы бойынша жарық көруі болды. Бейнелеп айтқанда, Шәкәрім атты айдынды дарияға келіп құйылар шығармашылық арналар жөнінде бүгінгі күнге дейін белгілі-бір дәрежеде игілікті талпыныстарға негізделген бірқатар нәтижелі істер атқарылды.
Шәкәрімнің шығармашылық жолын көркемдік-эстетикалық тұрғыдан талдап, ойшыл ақынның нәр алған бастауларын, оның қаламгер ретінде қалыптасуына ықпал еткен әдеби дәстүрлерді зерделеуді мақсат еткен зерттеу еңбегімізде алға қойылған басты мақсат Шәкәрімнің барлық жанрлардағы шығармашылық мұрасын тұтас қарастыра отырып, оның түп негізінде жатқан дәстүрлік қайнар көздерді ашу, сол арқылы оның халқымыздың рухани әлеміндегі біртуар құбылыс ретіндегі суреткерлік тұлғасын сомдау, ұлттық әдебиеттің тарихынан алатын айшықты орнын айқындау болды. Осы мақсатқа жету барысында Шәкәрім шығармашылығына негіз болған, нәр берген дәстүрлік қайнар бастауларын айқындау; сол арқылы ақынның шабытын шыңдап, көркем ойының қуатын қайраған ұлттық мұраларға тереңірек үңілу; халықтық фольклор мен одан кейінгі әдеби мұралардың, Шығыстың қазыналардың әсер-ықпалының Шәкәрім шығармаларында көріну құбылыстарын ғылыми негіздеу; Шәкәрім шығармашылығының өне бойына үзілмес берік желі болып тартылған әдеби дәстүр мен жалғастық мәселесінің сипатын саралау; ақын лирикасындағы тарихи заман тынысының бейнелену ерекшеліктерін пайымдау; Шәкәрімнің шығармаларындағы адам, тұлға, лирикалық қаһарман мәселелерін, оларды сомдаудағы ақынның азаматтық позициясы мен көркемдік даралығын саралау; суреткер шығармаларындағы тарихилық сипат нышандарының және уақыт, кеңістік өлшемдерінің көркем шындыққа айналу процесі, сол арқылы авторлық идеяның берілуі мен шымырлану табиғатын ашып көрсету; жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттық әдебиеттің жанрлық жағынан баю процесіне, поэзия, проза, аударма, публицистика жанрларының өркендеуіне Шәкәрімнің қосқан үлесін және өзіндік қолтаңбасын негіздеп беру; прозалық шығармаларына ғылыми талдау жасау арқылы Шәкәрімнің таза көркем үлгідегі прозаның шебері ретінде қалыптасу эволюциясын және оның осы жанрдағы даралығын дәлелдеу; Шәкәрімнің Шығыс пен Батыс әдебиеттерімен сабақтастығының түп негізіне барлау жасау, олардағы үздік шығармаларды таңдау сырлары мен мен аудару тәжірибесінің табиғатын ашу; Шәкәрімнің ұлттық әдебиеттегі аса ірі рухани-мәдени, көркемэстетикалық құбылыс дәрежесіндегі орнын айқындау тәрізді қадау-қадау міндеттерді жүзеге асыру көзделді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Шәкәрімнің шығармашылық жолы жөнінде түрлі деңгейдегі ғылыми еңбектер жарық көрді дегенмен, Абайдан кейінгі ұлттық әдебиеттегі көрнекті суреткер, ақын, прозашы, ойшыл философ Шәкәрім Құдайбердіұлының бүкіл шығармашылық әлемін тұтас қамтып, толық әрі жан-жақты терең талдауға талпыныс жасаған біртұтас зерттеу жұмысы болғандықтан бұл еңбекте: Шәкәрім сынды сан қырлы талант иесінің барлық жанрлардағы шығармашылық мұралары әдеби дәстүр және жалғастық, көркемдік таным және уақыт сабақтастығы тұрғысынан тұңғыш рет қарастырылды.
Шәкәрім шығармашылығының көркемдік генезисін пайымдау бағытында оның қазақтың қазынасы бай фольклорлық мұрасына, халықтық поэзияға, жыраулар шығармашылығына, сондай-ақ классикалық Шығыс поэзиясына тән дәстүрлік ерекшеліктерін саралау, талғаммен таңдай білу, үйрену құбылысының табиғатына ғылыми талдау жасалды. Шәкәрімнің өзінен бұрынғы әдеби дәстүрлерді төл шығармаларында шебер пайдаланумен немесе құр еліктеумен шектелмей, сол қайнарлардан тапқан асыл маржандарын өз талантының көрігінде шыңдап, оқырманына өз бояуымен әрлеп, көркемдеп ұсыну даралығын ашуға назар аударылды. Шәкәрім мен Шығыстың ұлы шайырларының бірі Сағди шығармаларының арасындағы сюжет алмасу дәстүрінің өзіндік ерекшеліктеріне талдау жасалды. Шәкәрімнің поэзиясындағы заман, адам, қоғам, уақыт және кеңістік мәселелері, олардың өзара қарым-қатынасы, олардан туындайтын әртүрлі әлеуметтік құбылыстар және оларды бейнелеудегі ақындық позиция мен авторлық идеяның даралығы сараланды. Шәкәрім шығармаларындағы, әсіресе оның эпикалық поэзия саласындағы туындыларындағы тарихилық нышандары, уақыт пен кеңістік мәселелері Шәкәрімге тән көркем ойлау жүйесіне негізделе түсіндірілді. Шәкәрім шығармашылығы ұлы Абайдың тікелей тәрбиесін көрген шәкірт ақындардың, сондай-ақ жиырмасыншы ғасырдың басында өзімен тұстас өмір сүріп, қалам тербеген ақындардың және осынау тарихи кезең әдебиетіндегі өзге де елеулі тұлғалардың
шығармашылығымен салыстырыла қарастырылды. Шығармаларындағы кейіпкерлер образдарын және лирикалық қаһарман бейнесін сомдаудағы Шәкәрімге тән ерекшеліктің, атап айтқанда, философиялық пайым мен әлеуметтік астарлылықтың сырларына ғылыми негіздеме жасалды. Ақынның сюжетті поэма жанрындағы көркем баяндау мен тақырып таңдаудағы өзіндік ерекшеліктері мен классикалық Шығыс әдебиетіндегі хамса жазу дәстүрі арасындағы кейбір тамырластық нышандарына барлау жасалды. Шәкәрімнің прозалық шығармалары тұңғыш рет толық қамтылып, автордың прозашы ретінде қалыптасу жолын саралап көрсету мақсатында оның көркем прозаға барар жолдағы игі талпыныстары іспетті болған “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі”, “Үш анық”, “Мұсылмандық шарты” атты трактат сипатындағы шығармаларына алғаш рет назар аударылды. Шәкәрімнің көркем аударма саласындағы еңбектері тұңғыш рет ғылыми зерттеу нысанына айналып, ақынның тәржіма саласындағы өзгеге
ұқсамайтын, классикалық үлгідегі көркем аударма шеңберіне сия бермейтін дара қолтаңбасына сипаттама берілді. Шығыс әдебиетінің үлгісіндегі нәзирашылдық дәстүрдің Шәкәрім шығармашылығындағы үздік көрінісі болып табылатын “Ләйлә-Мәжнүн” дастаны туралы ғылыми қорытындылар ұсынылды. А.Пушкиннің “Дубровский”, “Боран” атты прозалық шығармаларын Шәкәрімнің қазақша өлеңмен сөйлету ерекшеліктері, оларды аударудағы дәстүрлі аударма ауқымына сия бермейтін көркемдік ізденістер, нәзирашылдықтың нышандары талданды. Ойшыл суреткер шығармаларының дәстүрлік негіздері мен көркемдік арналарын тұжырымдау барысында әдебиеттану саласындағы зерттеулермен қатар, философия, тарих, эстетика салаларындағы бірқатар еңбектерді де пайдалану арқылы кешенді пайымдаулар жасалды.
ТАЛАНТ ТҰҒЫРЫ: ӘДЕБИ ДӘСТҮР АРНАЛАРЫ
Жоқтан бар тумайды. Бұл - табиғаттың, тіршілік қозғалысының бұлжымас заңы. Әдебиет дамуы да сондай. Қай заманда да әдебиет қоғамдық дамудың, адамзат өмірінің айнасы болмақ. Ол өз дәуірінің шынайы суретін өрнектейді, түрліше жаңғырыққан үнін жеткізеді, сан сапалы сипатын саралайды. Бір сөзбен айтқанда, сөз өнерінің, әдебиеттің дамуын уақыт, заман ағымынан бөле-жара алып қарауға болмайды. Кез-келген тарихи дәуір өзіне тән сипаты бар әдеби процестерді өмірге әкелмегі ақиқат. Бұл процестер сол дәуірдің жемісі болғандықтан осынау кезеңнің сыр-сипатын түрлі қырынан бейнелейді. Сонымен қатар әдебиет пен өнердегі елеулі туындыларға тән ерекшеліктің мәніне үңілер болсақ, олар өздерін өмірге әкелген дәуірдің қасиеттерін жай бейнелеумен ғана шектелмейді, сонымен қатар оның келешек кезеңдермен да жалғастығын сездіріп жатады. Содан да болар, кезінде кемеңгер Ахмет Байтұрсынов “Біздің заманымыз - өткен заманның баласы, келер заманның атасы,”- деген /69, 213/ екен. Тарих атты ұлы керуен бойындағы ұрпақтар жалғастығын қаншалықты тап басып айтқан десеңізші!? Ақиқатқа жүгінер болсақ, адам баласының басынан өткен әрбір тарихи кезең, әр ұрпақ өзінің алдындағы белес пен буынның өнегелі үлгісін өзінен кейінгіге жалғастырып, ертеңге бағыттап отыратын қастерлі алтын көпір іспетті ғой. Ұлттық әдеби дәстүрлеріміздің алға басу ғұмырнамасында да осынау табиғи заңдылық ізінің сайрап жатқаны анық. Бір ғана Абай тұлғасына көз жіберелікші. Оның бүкіл ақындық болмысын зердемізде қайта толғаған сәттерде бұл із барынша айқын көрінеді. Ұлы Абайдың әдеби мұрасы - халқымыздың өткені мен бүгінін, көнесі мен жаңасын сабақтастырып жатқан алтын арқау, қазақ тарихының түпсіз терең қазынасы. Сол себепті де біз Абай әлеміне үңілгенде оның алдындағы тарих сахнасына, дәуірлер шежіресіне еріксіз ой тоқтатып, жаңа бір қасиеттерді тани түскендей боламыз. Ұлы ақын шығармашылығының нәр алған қайнарлары, Абай таланты, одан айналасындағы тәлім алушы талантты шәкірттер, ақындық дәстүрлерін алға апарушы ізбасарлары сияқты ұғымдардың тозбай, толастамай, қайта дәуір жаңарған сайын жаңғырып отыратыны да содан болар. Өнердегі, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық ұғымдары өзара тығыз байланысты. Екеуінің ара жігі белгілі-бір уақыт кезеңінің барысында ғана
айқын болады да, бір кезде жаңашылдық деп қабылданған шығармашылық құбылыс бірте-бірте орнығып, өзінің өміршеңдігін дәлелдей келе өнегелі дәстүрге айналмақ. Екінші сөзбен айтқанда, бір тарихи кезеңдегі жаңалық одан кейінгі уақыт белестерінде дәстүр ретінде қабылданбақ. Әдебиеттегі дәстүр мәселесі сол әдебиетті тудырған халықтың бүкіл тұрмыстіршілігіндегі салт-дәстүрлері тәрізді үздіксіз де ұзақ даму процесін бастан кешіреді. Сол себепті де ол дәстүрлер халықтың рухани қазынасы болып табылады. Бұл қазына сол әдебиеттің дәстүрлік арналарын, өзге елдер әдебиеттерімен сабақтастығы мен айырмашылығын, өзіндік сыр-сипатын айқындайтын өлшем тәрізді. Заман мәселелерін жан-жақты әрі терең қозғауға қабілетті, азаматтық үні жоғары, тақырыптық ауқымы аса кең, көркем бейнелеу, кестелі суреттеу дәрежесі биік әдебиетті дәстүрге бай әдебиет ретінде қабылдаймыз. Әдеби дәстүрдің байлығы туралы сөз өткенде біз сол әдебиеттің атқарып келе жатқан батпандай ауыр жүгін, көркемдік-эстетикалық, идеялық-тақырыптық қабілет-мүмкіндіктерін, бір сөзбен айтқанда, тұтастай кемелділік дәрежесін басты көрсеткіш деп санаймыз. М.Әуезовтің сөзімен айтқанда: “Дәстүр мағынасына характер де, түр де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі - бәрі де түгел кіреді. Бұл сөз ғылымдық жағынан анығырақ және көлемдірек ұғымды аңғартады.”/70, 375/ Дәстүр ұғымының түп-тамыры халқымыз жүріп өткен ғасырлар қатпарларынан бастау алса да, ол үнемі жаңарып, түлеп жататын, жаңғырып көрінетін, әрбір кезеңде жаңаша қырынан бой көтеретін жанды құбылыс. Дәстүрдің дамуы ешқашан толастамақ емес. Оның басты қасиеттері өткен мен жаңаның, яғни қалыптасқан дәстүр мен шығармашылықтағы жаңашылдық құбылыстарының өзара астасуы болса керек. Үнемі өзгеріс үстінде болатын дәстүр мен жаңашылдық - әдебиет пен өнердегі дамудың қайнар көзі. Сондай-ақ дәстүрлік байланыстар мен жаңашылдықтың сабақтастық ықпалы өнердің тарихи үздіксіз эволюциясын ғана емес, адам баласының көркем ой мәдениетінің өсу жолын да бейнелейтін эстетикалық қазына болмақ. Қашанда халықтың эстетикалық ой-арманы жаңа биіктерге ұмтылады, беймәлім жайлардан сыр тартуға, жаңа қайнарлардың көзін ашуға талпынады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Шәкәрімнің шығармашылығы да соншалық бай қайнарлардан сусындаған, халықтың рухани ғұмырнамасындағы жауһар-жақұт қазыналардың асыл қасиеттеріне суарылған, дәстүрлік арналары бай мұраларымыздың бірінен саналады. Шәкәрім өздігінен ақын, ойшыл, қаламгер болып туа қалған жоқ. Оның алдында ұлттық мәдениеттің сан сырлы дәстүрлеріне бай белес-белес тарихи кезеңдер тұрды. Шәкәрімнің негізгі ұстаздары да осы дәстүрлер болды. Кезінде М.Әуезовтің “…дана ақынның өз халқынан және жалпы адам
баласының өнер-ой байлығынан алған үш үлкен салалы түп-төркіні барын байқаймыз,”- деп /71, 37/, Абайдың қазақтың ауыз әдебиетінен, Шығыс елдерінің классикалық поэзиясынан және Европа мәдениетінен үлгі ала отырып қалыптасқанын айтса, Шәкәрімнің нәр алған негіздері осы тәріздес. Бір айырмашылығы Шәкәрімнің алдында осынау бай дәстүрлі мұралардың сыртында өзінен бұрынғы қазыналардың алтын қорытпасы секілді Абайдың ұлы ақындық дәстүрі тұрды. Шәкәрім өзінің алдындағы үлгілерді қайталаумен ғана шектелген жоқ. Қандай құбылысты болса да өзінің ойлы жүрегінің сүзгісінен өткізді, оның үздігін алды, әсіреқызылынан аулақ болды. Шәкәрім мұраларын зерттеу бағытындағы әдебиеттану ғылымының мәртебелі нысанасының өзі ақын шығармашылығының өзекті арқауы болған осынау үлгілерді айқындау, қаламгер мұрасының дәстүрлік арналарын ашып көрсету болуға тиіс. Шәкәрім шығармаларының көркемдік-эстетикалық күш-қуаты мен салмақсапасы да осы мәселелер тұрғысынан бағаланбақ және өзіндік ерекшеліктері сараланбақ. Шәкәрімнің ақын ретінде қалыптасуына ең бірінші кезекте казақтың ежелден келе жатқан аса бай фольклорлық мұрасы ықпал етті. Шәкәрім және фольклор жұптастығының, яғни ақын шығармашылығы мен фольклорлық дәстүрлердің сабақтастығы туралы мәсәле төңірегінде талқыға түсер тұжырымдардың тамыр-таралымы аса ауқымды. Фольклор - халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан, адамдар жадында сақталып қалған ауызша мұра ғана емес, әрбір кезең әдебиетінің көркемдік-эстетикалық бастау көзі болатын рухани қазына. Сондықтан да “Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік өз еліміздің әдебиеті боламын десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті.”/72, 340-341/ Шәкәрімнің фольклорлық мұраларға қатысы, ұлттық сөз өнеріндегі фольклорлық дәстүрді игеруі сан-салалы. Ең алдымен ақын өзінің туған халқының осынау бай рухани қазынасына аса қанық болды. Бұл заңды құбылыс еді. Өйткені казақ халқы өмір бойы кең далада еркін өмір сүріп, өзінің мәдени жауһарларын ауызша тудырды. Ұлттық әдебиет көбіне-көп ауызша өмір сүріп келді. Бір ұрпақтан екінші ұрпаққа есте сақтау, мәнерлеп айту арқылы жалғасты. Оның бойында эпикалық поэзияның ықпалы күшті болды. Одан кейінгі әдебиет пен өнердің туындылары көбіне-көп фольклордағы эпикалық аңыздардан нәр алды. Сол арқылы әрбір дәуірдің күрделі шындығы бейнеленді. Шәкәрім де осы ықпалдың әсерінен тыс болған жоқ. Эпикалық мұралар, ауызша тарап келген аңыз-әпсаналар оның табиғатына жақын еді. Соның нәтижесінде ақын өзінің төл туындыларын сомдаған сәттерде фольклордағы көркемдеу жүйелері мен бейнелеу құралдарына, өлең
өрнегіне, сюжеттік, композициялық элементтерге көбірек назар аударды. Солардан үйрену арқылы ол өз шығармаларында фольклорға тән ұғымтүсініктерді, ұлттық, этнографиялық детальдарды, эстетикалық бейнелеу тәсілдері мен сөз мәйегін, аңыздық-мифтік сюжеттер мен желілерді шебер пайдаланды. Сондай-ақ, Шәкәрім таза фольклорлық жанрларға, оның ішінде шағын жанрларға да қалам тербеді, атап айтқанда, жұмбақтар, мысалдар түрінде шығармалар тудырды. Өз туындыларында ақын халықтық фольклордың аса нәрлі бояуларын, тілдік қазыналарды, мақал-мәтелдерді, шешендік сөз мәйегін, афоризмдерді кеңінен қолданды. Шәкәрім шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрдің ықпалы осылайша ең алдымен ақын қолданған көркемдеу құралдарынан және оларды шеберлікпен пайдалана білу ерекшеліктерінен, ауызша өнерге тән өлең жүйелерін ұтымды игеруінен, оған жаңаша өң беріп, түрлендіре жаңғыртуынан айқын аңғарылады. Оның шығармалары ұлттық фольклор бояуымен әрленген айшықты сөз орамдарына, образды кестелерге бай. Халқымыздың өткен замандардағы көшпелі тұрмыс-салтының табиғатын танытарлықтай поэтикалық кұралдарды, теңеу, метафора, құбылтудың түрлері, тағы да басқа көркемдеу үлгілерін түрлендіре тірілтуде Шәкәрімнің шоқтығы биік тұрмақ. Фольклор арқылы дәстүрге айналған аса бай бейнелеу тәсілдері Шәкәрім заманындағы өмір көріністерін, қоғамның жағдайын суреттеуде соны бояумен нұрланып, жаңа реңкпен әрлене түседі. Әлбетте белгілі-бір ақынның шығармашылығында қандай да бір игі дәстүр іздерінің молырақ әрі айқынырақ байқалуы сол ақынның поэтикалық қуатының, шеберлігінің деңгейін танытып жатса, одан да бұрын ақынның ауыз әдебиеті мұраларына қаншалықты қатынаста екеніне, яғни жақыналыстығына қатысты болып жатады. Екінші сөзбен айтқанда, шығармаларын ауызша шығарып, ауызша таратып жүрген ақындар шығармашылығындағы фольклорлық дәстүр нышандары жазба әдебиет өкілдеріне қарағанда анағұрлым анығырақ болары сөзсіз. Шәкәрім - осынау екі түрлі әдебиет үлгілерінің қасиеттерін жақсы танып, жанына сіңіре білген, екі қайнардан бірдей тел емген ақын. Мұның өзі оның шығармашылығында халықтық фольклор дәстүрінің жазба әдебиет дәстүрлерімен қатар сіңіп, терең тамыр жоюына, мол ықпал етуіне септігін тигізгенін атап айтқан жөн. Шәкәрімнің шығармашылығына дәстүрлік, көркемдік негіз болған фольклорлық нышандар ең алдымен ақынның өлең өрнегінен бой көрсетеді. Ежелгі ауызша әдеби нұсқалардан келе жатқан өлең формаларын ол мейлінше байыта қолданды. Ақынның поэтикалық мұрасында өзге формалармен бірге фольклорға тән жеті буындық жыр, он бір буынды қара өлең үлгілері кең орын алды. Дәлірек айтқанда, ақынның лирикалық өлеңдерінде осы екі өрнек қатар қолданылса, дастандарға келгенде Шәкәрім түгелдей қара өлең үлгісіне ден қояды.
Ақын жырларында халық өлеңінің табиғатымен үндестік көп. Әрине, үндестіктің өзін әрқалай түсіндіруге, әралуан деректермен дәйектеп беруге болады. Мәселен, “Алпамыс батыр” жырындағы: Қарақан тауда қамалым, Таусылған ба амалым, Баяғыдай болар ма, Алпамыс келіп заманым, - деген /73, 57/ жолдардың Шәкәрімнің қаламынан туған мына бір шумақпен үндесіп жатқаны ақиқат: Ауылым қонды Нұраға, Мінген атым сұр ала. Керексіз сөзбен бұрала
Қазақ сүйтпей тұра ма? /74, 111/ Шәкәрім шумағының дәстүрлік негізін іздегенде ондағы фольклормен, батырлар жырында кездесетін жоғарыдағыдай жолдармен үндестігі көп қырлы екенін байқаймыз. Бұл тек қана сыртқы ұқсастық емес. Рас, ең алдымен, эпостық шығармаларға тән жыр үлгісінің дәстүрлі өрнегі сақталған. Аталмыш мысалда өлеңнің алғашқы тармақтарын мағыналық жағынан дербес қалдырып, негізгі ой салмағын үшінші, төртінші тармақтарға жүктейтін ауыз әдебиетіндегі қайым өлеңнің формалық ықпалы да сезіледі. Оған қоса өлеңнің көркемдік бояуындағы, ішкі динамикасындағы, мазмұн салмақтылығындағы сабақтастық та көзге ұрып тұрған жоқ па? Біздің негізгі мақсатымыз - Шәкәрімнің шығармаларына көркемдік, дәстүрлік негіз болып қаланған осы тектес қайнар бұлақтардың көзін ашу, табиғатын таныту. Жекелеген деректердің жетегінде кетпей, Шәкәрімнің талантына ықпал еткен, тұғыр болып қаланған фольклорлық дәстүрдің осындай басты-басты арналарын айқындау. Фольклорлық дәстүрдің ықпалы ең алдымен, Шәкәрімнің өлең өрнегінен көрінеді дедік. Рас, ақынның қазақ өлеңінің формасына қатысты өзі қосқан жаңалықтары да аз емес. Дегенмен ол қазақтың ежелгі өлең үлгілерінің көркемдік қуатын, эстетикалық, философиялық мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Әсіресе ол он бір буынды қара өлең үлгісіне жиірек жүгінді. Қазақ өлеңінің осынау дәстүрлі екі түріне етене жақындық таныту Шәкәрімнің поэзиясына ғана тән ерекшелік емес еді. Бұл Абайдан кейінгі жаңа дәстүрдегі әдебиет өкілдеріне, жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиетке тұтастай қатысы бар құбылыс болды. Түптеп келгенде, қазақтың өзімен бірге өмір сүретін, ежелден келе жатқан дәстүрлі қара өлең, қайым
өлең үлгісі, төгілмелі жыр, толғау өрнегі Шәкәрімнің тұсында жаңаша қырынан көрінді. Әр ақын бұл дәстүрлі сөз өрімін өз дарын-қабілеттерінің дәрежесіне сәйкес байытты, жаңартты, түрлендірді. Бірақ қалай болғанда да, қаншалықты түрленсе де, олардың түп-төркінінде, дәстүрлік негізінде ежелгі фольклорлық жыр нұсқалары жатқаны айқын аңғарылып тұрды. Мәселен, Абайдан кейінгі әдебиет өкілдерінің ішіндегі сұлу сырлы тамаша ақындардың бірі Нарманбет Орманбетұлы: Ақыл деген бір іс бар, Онда болса, жүзде жоқ. Байлық деген бір іс бар, Бірде болса, мыңда жоқ. Қайрат деген бір іс бар, Менде болса, сізде жоқ. Опа деген бір іс бар,
Тілде бар да, ділде жоқ,… - деп/75, 165/ толғай тұрып, ежелден келе жатқан жыр үлгісінің, эпос әуенінің жаңа тынысын танытса, Шәкәрім де осы үрдістің алдыңғы қатарынан көрінді. Сөзімізді дәлелдерекпен тиянақтар болсақ, Шәкәрімнің: Ей, көп халық, көп халық, Көп те болсаң, шөп халық. Партияшылды құтыртпа Мен сендікпін деп, халық, - деп /74, 130/ айтар ойы мен сыры түйдектеліп төгілген өлең жолдары тағы да сонау дәстүрге, батырлар жырының сарынына жетелейді. Құлағымызға: Қойсәнә, батыр, қойсәнә,
Ашуы жоқ болсәнә, Қой дегенде қоймасаң, Түсірермін ойсәнә! - деген /76, 57/ Алпамыстың үні келгендей болады. Осы жыр жолдарының қай-қайсысының болсын, түр жағынан да, ішкі мазмұны тұрғысынан да, айтар ойының түйінділігі мен қуаттылығы жағынан да өзара төркіндес екенін аңғарамыз. Немесе халық жұмбақтарында: Шидім, шидім, шидім құс,
Ши басына қонған құс, - деп /77, 4/ келетін жолдардың дәстүрлік жағынан Шәкәрім шумағына төркін бола алатынын байқаймыз. Қазақ поэзиясының даму тарихында жеті-сегіз буынды өлең үлгісі ертеден келе жатыр. Тереңде жатқан тамырын індетсек, сонау көне замандарда туған эпостық жырларға ат басын тірейтін бұл өлең түрі келекеле ақындық толғаулармен сабақтасты. Мұның өзі жеті-сегіз буынды өлең формасының кең мүмкіндігін танытады. Ақынның көңілін қозғаған сезімдік жайларды, қуаныш, күйініш сәттерін, уақыт, заман туралы ойлы толғаныстарды бейнелеуде жыр үлгісі қай кезеңде де жарқырай көрінді. Ал мұндай көңіл күйін сан құбылтар оқиғалар он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың басында өлшеусіз мол болды дер едік. Ең алдымен, ақындар үшін замана туралы толғанар сәт жиіледі. Оған себеп - қазақ жерін отаршылдар жайлады, мал баққан халық сары дала, сайран көлінен, жасыл жайлау, саумал бұлағынан қол үзіп қалды. Халықтың басына түсер тұрмыстық, экономикалық, рухани езгі, ауыртпалық күшейді. Міне, осы жайларды толғаған көңіл күйі ақындар жүрегінен әралуан ұйқас үлгілеріне негізделген жеті-сегіз буынды жыр өлең болып төгілді. Жыр үлгісінде әсіресе тіл шеберлігі, шешендік сөздердегідей өткірлік пен нақтылық, бейнелі образдылық, түйдектей баяндау сипаты басым болды. Міне, осы қасиеттер фольклорлық мұралардан бастау алатын жыр үлгісін ғасыр басындағы жауынгер жанрға айналдырды. Өз заманындағы өзге де ақындар сияқты Шәкәрім де аталған жыр формасының мүмкіндігін мейлінше мол пайдаланды. Жеті-сегіз буыннан құрылған, шұбыртпалы, ерікті, аралас ұйқастарға негізделген “Ашу мен ынсап”, “Шаруа мен ысырап”, “Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым”, “Көкорайға қонғанда”, “Мен бір тілсіз көлікпін”, “Жоқ болса ақың өзіңде”, “Біреудің мінін кешірсең”, “Сөз жазып, өлең өлшемек”, “Шаранамен туып едің” деген сияқты көп өлеңдерінде ақын негізінен замана толғаныстарын, көңілдің күйлерін, өмір философиясын қозғайды. Тақырыбы жаңа болғанмен әр өлең шумағының өрнегінде, бейнелеу тәсілінде, тілдік кестесінде эпостық жыр үлгісінің, фольклорлық дәстүр нышандарының ізі сайрап жатыр. Ақын өлеңдерінің ырғақ, буын, бунақ, ұйқас түрлері де фольклорлық жырлардағыдай әралуан. Жай ғана ұйқас қуып, ырғақ әуеніне ілесіп кету емес, ақын жырларының сезімдік, көркемдік-эстетикалық нәрі мен бояуы айрықша көңіл аудартады.
Ақың болса басымда, Осы күнде мені өлтір. Отырмын ғой қасыңда, Өзіңнің жазаң деп өлтір. Жазам болса тартайын, Қолыңнан келсе, әне өлтір!
Обалымды артайын, Қызықсаң босқа және өлтір! - дейді /74, 90/ Шәкәрім бір өлеңінде. Аталмыш шығарманың ішкі мазмұны мен көркемдігіне назар салмай, өлеңдік пішіні тұрғысынан қарар болсақ, бұл - шалыс ұйқаспен келген қарапайым жыр үлгісіндегі жеті буынды өлең. Шумақта “өлтір” деген сөз ұйқас ретінде төрт рет қолданылған. Осы арқылы өлеңнің экспрессивті мәні ажарлана түскен, бояуы қалыңдаған. Ал осының өзі, түптеп келгенде, эпикалық жырлардан бері жалғасып келе жатқан көркем үрдістердің бірі дер едік. “Ер Тарғын” жырында Қартқожаққа Ақжүніс ару: Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр, Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де, бетім көр, - демей ме?/78, 116/ Шумақтағы аллитерацияны, кереғар құбылыстарды шендестіру арқылы бейнелі сурет жасау шеберлігін айтпағанда, өлең ұйқастарындағы “көр” деген сөздің қаншалықты көркемдік мән атқарып тұрғанын елемей өту мүмкін емес. Мұндай көркемдік тәсіл, дәстүрлі үлгі халық фольклорының шешендік сөздер, мақал-мәтелдер тәрізді өзге де түрлерінен мол кездесері анық. Әлбетте Шәкәрім ақын шығармашылығында ұшырасатын мұндай фольклорлық нышандарды сөз еткенде, біз олардың тек түр жағынан, сыртқы пішін ұқсастығы тұрғысынан ғана ой толғап отырған жоқпыз. Дерек ретінде ұсынылатын ақын шумақтарының қай-қайсысы да ішкі қасиеттері, көркемдік-эстетикалық мән-мағынасы жағынан да сонау баба дәстүрлермен байланысып жатқанын атап айтуға тиіспіз. Және де Шәкәрім өзінің алдындағы ұлы ұстазы Абай секілді фольклорлық үлгілерді жай ғана қайталап қана қойған жоқ. Өз қаламынан туған әрбір жолды жүрегінің нәрімен, талантының қуат-құдіретімен суарып, өз бояуын қосып, әрлеп, әсерлеп жеткізді. Жыр үлгісінде жазылған Абайдың “Болыс болдым мінеки”, “Жаз”, т.б. өлеңдеріне қараңызшы! Ата дәстүрді үлгі ете отырып ұлы ақын қандай әсем сурет салады? Осы өлеңдерден бірде-бір артық не қиыс тұрған сөз табу қиын. Міне, Абайдың құдіреті осында! Тереңдей үңілсек, Шәкәрімнің де халықтық фольклормен, дәстүрлі поэзиямен тамырластығы әлдеқайда терең, әлдеқайда күрделі екенін аңғарар едік. Өйткені ақын шығармаларындағы фольклорлық дәстүр нышандары көзге анадайдан шалынып, менмұндалап тұрған жоқ, тереңде жатыр. Шәкәрімде жалаң үйренгенін ғана ұсынар жалаң шәкірттік, жылтырақ
қайталау жоқ. Халық әдебиетінен тамыр алатын суреттер мен образды бейнелерді, қастерлі ұғымдар мен кестелі тіл айшықтарын ақын сол күйінде пайдалана салмайды. Оны өзінің шығармашылық қуатының көрігіне салып шыңдайды, кемел де көркем биікке көтереді. Шәкәрім шығармашылығында ежелден келе жатқан қазақтың он бір буынды қара өлеңінің мүмкіндігі мейлінше мол көрінді. Әрине, бұл үлгіні тек фольклорға тән пішін деп айтуға болмайды. Ұлттық әдебиетіміздің, дәстүрлі поэзиямыздың дамуындағы қай кезеңде де қара өлең өрнегі өз үстемдігін танытып келе жатқаны ақиқат. Әр дәуір ақындары бұған өз деңгейінде араласты, өз жаңалықтарын қосты. Шәкәрім де өзінің осындай қастерлі міндетін жақсы түсінді. Оның көп өлеңдері, барлық поэмалары он бір буынды қара өлең формасында жазылды. Ауыз әдебиетінің ежелгі дәстүрлерін, бейнелеу тәсілдерін, тіл айшықтарын шебер пайдалана отырып, ол өзінше жырлады. Әрине, бұл бағыттағы Шәкәрім өлеңдерінің барлығына бірдей ғылыми талдау жасап, әр шығармасын санамалап шығу қиын. Ең бастысы - ата дәстүрін дамытудағы ақынның негізгі-негізгі жетістіктері мен ерекшеліктерін айқындау болса керек. Қара өлең үлгісін пайдаланғанда ақын Шәкәрім халық фольклорында ежелден қалыптасқан “Ауылым көшіп барады Алмалыға” немесе “Көшкенде жылқы айдаймын белеңменен” деген /79, 216/ сияқты дайын түрлерді қайталамайды. Әдетте фольклорлық қайым өлең түрінде келетін мұндай тіркестер шумақтың бастапқы жолдарында ұйқас үшін алынады да, негізгі ойдың түйіні шумақтың соңғы екі тармағында айтылады ғой. Мәселен: Ауылым көшіп барады Алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына.
Бір кетпейтін есімнен есіл қалқам, Кетер ме екен біреудің қармағында, - деген /79, 216/ шумақтағы айтылар әңгіме ауылдың Алмалы деген жерге көшуі немесе тағдырдың адамға артар жүгі туралы емес. Алғашқы екі тармақтағы айтылғандар өлеңнің сыртқы формасын құрастыруға септігін тигізіп, кейін түйінделер тұжырымға қатыссыздау қалыпта тұр. Өлеңнің негізгі ойы - ғашық жүректе тұнған сезім ұшқыны, махаббаттың маржан тамшысы, ғашығына жетсем деп бұлқынған балғын жастықтың жалыны. Ал Шәкәрімнің поэзиясында қайым өлеңнің сыртқы дәстүрлі түрі сақталғанмен, ішкі мазмұндық өрнегі өзгешелеу болып келеді. Шәкәрімде алғашқы екі тармақтағы ой мен соңғы екі тармақтағы ой бұлайша алшақтық танытпайды, қайта олардың мағыналық ара жігі астасып, логикалық табиғаты тұтасып, жымдасып кеткендей болады. Ауылымның күнбатысы қалың қамыс,
Бүрсігүннен арғы күн болады алыс. Жас кісіде бар болса жігер намыс, Болып кетіп жүрмесін жатпен таныс,-дейді /74, 283/ Шәкәрімнің “Қалқаман-Мамыр” поэмасындағы Мамыр қыз сүйгені Қалқаманға. Шумақтағы негізгі әңгіме түйіні - мұңлық қыздың басына төніп келе жатқан қасіретті күйді жеткізу. Бұл жағынан қайым өлеңге жүктелер негізгі мазмұндық міндет орындалған тәрізді көрінері анық. Әйтсе де шумақтың бастапқы екі тармағы дәстүрлі қайым өлеңнің тәртібін қайталамай, Шәкәрімнің қаламынан жаңаша сипатқа ие болған. Атап айтқанда, алдыңғы мысалдағы “Ауылым көшіп барады Алмалыға” деген тармақ пен Шәкәрімнің “Ауылымның күнбатысы қалың қамыс” деген сөздеріне артылған логикалық міндет бірдей емес. Дәстүрлі фольклорлық үлгіні сақтай отырып, ақын бұл тұста шумақтың ішкі тұтастығын толықтыра түседі. Шумақтағы уақыт пен кеңістіктің бірлігі айқын көрінеді. Оқиғаның орындалар жері - ауылдың күнбатысындағы қамыс маңы, мезгілдік мөлшері - бүрсігүнге дейінгі уақыт аралығы. Осы шарт орындалмаған және жігіттің намысы жарқ етіп көрінбеген жағдайда қыз тағдыры трагедиялық мәреге бет алмақ. Қарап отырсақ, ақын қайымдаса келетін қара өлең өрнегіне осындай мағыналық, көркемдік қасиет дарытады. Дәстүрлі қара өлеңге тән ішкі ырғақ, сұлу да сырлы сөз, салмақты мағына тәрізді ерекшеліктерді сақтай отырып, өлеңнің сыртқы өрнегі мен негізгі функциясына нұқсан келтірместен, ондағы ой түйдегін шымырландыра, тұтастандыра түскен. Әр тармақ сайын айтылар ойды үдете, үстемелей баяндау арқылы өлеңнің поэтикалық қуатын күшейте түскен. Ақынның “Өмір сырын көздесең”, “Ақылдан бойға сыр тарап”, “Адам немене?”, “Жолама, қулар, маңайға”, “Аңда жүріп адасқан Ашам патша”, “Хайуан мен ақымақтар”, т.б. өлеңдерінде, поэмаларында ауыз әдебиетіндегі ежелгі жырларда кездесетін көркемдік құралдардың алуан түрі жаңа қырынан көрінеді. Әсіресе, бір сөзді қайталап қолдану арқылы өлеңнің поэтикалық бояуын күшейтуге, сондай-ақ ассонанс, аллитерация тәрізді қолданыстардың көмегімен, яғни дыбыстық қасиет үстеу құралдары арқылы өлең көркін арттыруға келгенде де Шәкәрім фольклорлық дәстүрге жиірек қайырылады. Солардан үйрене отырып, өз тарапынан әдемі өрнек салады. Сөз жоқ, қай салада да жаңалық қажет. Оның ішінде өнер әлеміндегі, көркем сөз дүниесіндегі жаңалық атаулының бағасы өлшеусіз. Әйтсе де академик З.Қабдоловтың сөзімен түйіндесек, “…жаңалық - дәстүрді жалғастыра алса ғана жаңалық.” /80, 270/ Яғни дәстүр жоқ жерде, тамырнегізден құралақан жерде жаңалықтың да өрісі бір-ақ тұтам болмақ. Өзінің алдында бай фольклорлық қазынасы бар шынайы көркем әдебиеттің қалыптасып дамуына фольклордың ықпал ету құбылысы жөнінде сөз қозғағанда оны екі тұрғыда қарастырамыз. Біріншісі - әдебиеттің кейінгі даму үрдістерімен сәйкес келе бермейтін үлгі-қағидаларды жалаң қайталау.
Бірақ бұл саланың өрісі тар. Ал екіншісі - шын мәніндегі нағыз халықтық дәстүрді шығармашылықпен игеру, әрі орнымен пайдалану. Шәкәрімнің шығармашылығына негіз болған фольклорлық дәстүр, міне, осы екінші арнада. Сол себепті де ақын шығармаларын саралағанда оның өне бойынан әсем әдіптеліп, жаңаша пішілген фольклорлық образдар мен көркемдеу құралдарын көреміз, фольклорлық дәстүр нышандары Шәкәрімнің одан әрі шыңдалып, ақын ретінде өсуіне, эстетикалық-көркемдік ой деңгейінің арта түсуіне алтын бастау болғанын аңғарамыз. Шәкәрім ақын халықтың ауызша мұраларында жиі кездесетін егіздеу, яғни параллелизмдерді өте ұтымды әрі жаңғырта пайдаланады. Адам баласының белгілі-бір сәттегі көңіл күйін табиғат құбылыстарымен қатар ала отырып, ол әсерлі поэтикалық сурет жасайды. Әсіресе фигураның психологиялық параллелизм түрі ақын қолданысында көркем образ, кестелі сурет түзумен бірге терең философиялық ой түйіндеудің де қуатты құралына айналады. Осы тұста Шәкәрімнің “Өлген көңіл, ындынсыз өмір”/74, 87-88/ өлеңінің көркемдік мәні жоғары екенін айтуға болады. Ақын бұл өлеңінде табиғаттың құбылыстарын өзінің көңіл күйімен сабақтастыра отырып, психологиялық параллелизмнің тамаша үлгісін жасайды. …Қытымыр қыстың қыспақты кезеңі өтіп, көктем де келді. Аспан ауыр бұлттардан арылған. Ел болса қыстайғы тіршілік тұсауынан босап, қоныс жаңарту қамындағы абыр-сабыр үстінде. Ойын баласының, қызбозбалалардың көңілді дауыстары мен ерте көктемнің мейірімге сараңдау күншуағына алданып, арқаларын күнге тоса отырып күбір-күбір әңгімелескен қарттардың үні естіледі. Қыстан қысылып шыққан шаруақор елдің көші жайлауға бет түзей бастаған шақ. Әйтсе де табиғаттың осы бір әдемі сәтінің шуағы ақын жүрегін жылыта алар емес.
Өлі жердің сүйегін Тірілтті жайнап жапырақ. Жаралы менің жүрегім,
Жайнай алмас сол бірақ…/74, 88/ Мұндай егіздеу түрлерінің дәстүрлі үлгілерін сонау ертедегі эпикалық жырлардан, фольклордың өзге де үлгілерінен көптеп кездестіреміз. Кейіпкер бейнесін сомдауда да, образ жасауда да Шәкәрім фольклорлық дәстүрлерге ат ізін салмай өтпейді. Рас, Шәкәрімнің кейіпкерлері батырлар жырларындағы тәрізді айрықша қабілеті бар, жұрттан асқан батыр немесе ай десе ауызы, күн десе көзі бар хас сұлу емес, күнделікті қарапайым тіршіліктегі адам. Өз жанының сұлулығы, өзіндік әр-көркі бар жан. Әйтсе де Шәкәрімнің кейіпкерлері мен фольклорлық қаһармандар арасында ұқсастықтар да байқалып қалады. Әсіресе ақынның бозбала шағында жазған өлеңдерінде сұлу қыздарды суреттеуде фольклорлық дәстүр
нышандары анығырақ байқалады. Атап айтқанда, “Жастық туралы”/74, 26/ өлеңіндегі “гауһардай көзі, бұлбұлдай сөзі”, “айдай жүзі”, “сымдай бойы” бар “жаннан асқан бір пері”, “ұжмақтың хорын” эпостық жырлардағы хор қыздарына ұқсамайды деп айта аламыз ба? Сөз жоқ, ұқсайды. Ақын фольклорлық шығармаларға тән теңеулерді өте әдемі қолданады. Сенімсіз, әсіреқызыл бояу жоқ. Әр сөз өз орнын тауып тұр. Бір ғана айырмасы - Шәкәрім көріп отырған “ұжмақтың хоры” ертегілердегі хор қызындай қиялдан туған бейне емес. Ғашықтық сезімді, махаббат құдіретін, жас арудың сымбаты мен сұлулығын суреттеуде ақынның айрықша кестелі шеберлігін танытатын шығармасы - “Жиырма үш жасымда…” атты /81, 29-32/ өлеңі. Жібектей қап-қара,
Таралған шашың бар. Бұдырсыз тап-таза Жаралған басың бар. Қардай аппақ әжімсіз маңдайың кең, Қынаптан суырған қанжардай қасың бар. Кірпігің тізіліп, Миыма қадалар, Нұр көзің сүзіліп, Ойыма от салар. Сиқыр жүзің ақылды байлап алып,
Тор шашың шырмалап, басымды ноқталар. /81, 30/ Ақын кейпкерінің ынтызар болып отырған ғашығы – нақ осындай жан, жерде де, көкте де теңдесі жоқ ғажап ару. Талас жоқ. Кешегі Ақжүніс, Гүлбаршын, Құртқалардың, Қыз Жібектердің сіңлісі тәрізді. Өлең жолдарындағы суреткер Шәкәрім ақынның бейнелеу тәсіліне назар аударсақ, ақын аңсаған арудың шашы жібектей, маңдайы қардай аппақ, қасы қынаптан суырған қанжардай… болып кете береді. Сұлу қыздың көркіне адам түгілі аспандағы күн мен ай, жұлдыздар да таңырқай қарайды. Күн батып жоғалды Нұрыңнан ұялып. Жұлдыз бен ай қалды Сәулеңнен нәр алып. Жетіқарақшы айналып сені іздеп жүр,
Бәрі де сені ойлап, мас болып сандалып. Үркер мен Таразы Шашуды шашуға. Шолпан да қарады Мауқын бір басуға. Темірқазық арқандап қос боз атын,
Жаратып, ойы бар, тойыңа қосуға. /81, 31/ Сөз жоқ, жоғарыда келтірілген көркемдеу құралдарының, қыз көркін әрлеуге жұмсалған теңеулердің түп төркіні фольклорлық мұралармен сабақтасып жатыр. Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік негіздеріне қатысты осы өлеңнен көрінетін тағы бір ерекшелік ретінде сұлу қыздың бейнесін сомдауға ақынның астрономиялық ұғымдарды, аспан денелерін қатыстыруын және оларды қимылсыз тұрған статикалық қалыпта емес, жанды нәрсе ретінде, қозғалыс үстінде көрсетуін атап айтуға болады. Аспан денелері, әсіресе, ай мен күн, жұлдыз түрлері жайлы түсініктер, образды бейнелер ауыз әдебиетінде, ертегі, аңыздарда, эпостық, лиро-эпостық жырларда аса мол. Күн, Ай, Жер туралы, Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат, Көкбозат, Шолпан, Үркер жұлдыздары жайлы мифтік аңыздардың өзі бір төбе. Есте жоқ ерте замандарда адамдар осынау аспан денелерінің сырын ұғуға құмартқан, тіршілік қозғалысының небір құпия сырларын сол денелерден іздеген. Қиял қанатына мініп, көк жүзін “шарлаған”. Тарихтан белгілі аңыздар, оларда баяндалатын қиялдық бейнелер, мифтік ұғым-түсініктер - міне, осы “шарлаудың” жемісі. Ғасырлар бойы адамдар осы түсінікпен өмір сүрді. Осынау түсінік пен қиялдан туған заттар мен құбылыстарды халықтық фольклордың кейіпкері етіп алды. Мәселен, Жетіқарақшы жұлдыз шоғыры туралы аңызда ол баукеспе ұрылар тобы түрінде суреттеледі./82, 80/ …Елдің тынышын ала берген алаяқ ұрыларды барша қауым болып орталарынан жабыла қуады. Жаны қысылған жеті қарақшы аспанға көтеріліп кетеді. Жетіқарақшы аталатын жұлдыз шоғырындағы алғашқы төрт жұлдыз бастаушысы болады, ал артқы үшеуі соларға ілеседі. Екі қапталдағы жұлдыздар - екі батыр. Әріректе көрінген екі жұлдыз - сол батырлар мінетін тұлпарлар - Ақбозат пен Көкбозат. Екі ат Темірқазыққа арқандалған. Жетіқарақшының арманы - осы аттарды ұрлап кету. Жетеуі түнімен
торуылда болады, бірақ күзет күшті, ұрылар аттарды ұрлай алмайды. Сөйтіп жүргенде таң да атады. Жарық түскен соң Жетіқарақшы тығылып қалады. “Алғашқы қауымға тән рух-иелік мифологияда аспандағы Күн мен Ай, Үркер, Жетіқарақшы, Шолпан тәрізді жұлдыздар көкке көтеріліп, аспанға орнығып қалған адамдар екен. Олар жердегі кезінде алуан түрлі іс-әрекет істеп, ел алдында кіналы болғандықтан немесе қауіптен қашқандықтан аспанды паналайды, кейпін өзгертеді. Соған қарамастан жұлдыздар адам қауымы сияқты өмір сүреді: өзара ұрысып, араздасып жүреді, я болмаса ғашық болады, үйленісіп, балалы болады.”/83, 161/ Мұндай аңыз, мифтер халықтық фольклор қазынасында аз кездеспейді. Есте жоқ ерте замандарда туған мифтік ұғымдар мен солардың негізінде пайда болған аңыздық сюжеттер уақыт өте келе белгілі-бір себептермен өзгеріске түседі, адамдардың білім деңгейінің, ой-санасының, ұғымының өсіп-өзгеруіне байланысты жаңғырып отырады. Шәкәрім болса аталған өлеңінде адам табиғатындағы терең сырларды аспан денелері арқылы жеткізуге талпынады. Тіршіліктегі өмір құбылыстарына адам санасында қалыптасып қалған, пір тұтылып кеткен қастерлі ұғымдар негізіндегі бейнелерді куә етеді. Өз ойын осынау ғарыштық шырақтар төңірегіндегі мифтік түсініктер арқылы бекіте түсуге ұмтылады. Фольклорлық шығармаларда бұл тәсілдің ролі өте күшті. Адам баласы үшін Ай мен Күннен қасиетті ұғым жоқ. Ай мен Күнге табынады, тіршілік негізін солардан табады. Жақсысын Ай мен Күнге теңейді. Уақытын Ай мен Күн арқылы есептейді. Барар жерінің алыс-жақындығын да солармен өлшейді. Аңыз, ертегілердегі, эпостық жырлардағы “Ай десе ауызы, Күн десе көзі бар”, “Айшылық алыс жер”, “Ескі ай есірке, жаңа Ай жарылқа”, “Айдың аманында”, “Айдай таза, Күндей нұрлы”, “Айы, Күні жеткен” деген тәрізді тіркестер осыны дәлелдесе керек. Шәкәрім бейнелеген сұлу қыз айналасындағы адамдардың ғана көзіне түсіп, солардың ғана жүрегіне от салмайды, халықтық фольклор арқылы қасиетті бейнелерге айналған аспан шырақтарының өзін қайран қалдырып, қозғалысқа түсіреді. Сұлу қыздың ажарынан ұялған Күн батып кетеді де, осы бір ғажайып көріністің бал шырынына қану бақыты Ай мен Жұлдызға бұйырады. Жетіқарақшы өз әдетіне басып, сұлу қызды тынымсыз торуылдайды. Үркер мен Таразы шашу әзірлеу қамында жүрсе, Темірқазық өз иелігіндегі Ақбозат пен Көкбозатты сұлу қыздың бақыт тойында бәйгеге қосуға даярлау үстінде. Қандай әдемі сурет, ғажайып көрініс!? Тура қиял-ғажайып ертегілерінің бірінен түсе қалғандай сурет. Шәкәрімнің ерекшелігі осы көріністің бәрін жастық шақтың жалын сезімі - махаббат отына өртенген бозбаланың басындағы көңіл күйіне жымдастырып, бағындыра білуінде. “Ақыл құсы адаспай аспандаса” /74, 259/, “Әбден толып жарық ай” /74, 255/
өлеңдерінде де ақын Ай мен Күнді, Жер мен Көкті жанды бейнеге айналдыра жырлайды. Мұндай аңыздық сюжеттер ақынның поэмаларына да арқау болады, шежіре еңбегінде көрініс береді. Шәкәрімнің барлық поэмалары ел ішінде белгілі-бір кезеңде болған оқиғалар төңірегіндегі аңыздық желілерге құрылады. Түптеп келгенде, аңыз жанрының өзі бір кездері болған тарихи нақты деректер негізінде пайда болса керек. Ал аңыздың ауқымында сөз болатын тарихи факт айтушы немесе жырлаушының көзқарасына, түсінігіне, біліміне, шығарманы өмірге әкелудегі мақсатына қарай өзгеруі мүмкін. Шәкәрім пайдаланған аңыздар негізінен ел ішінде болған елеулі оқиғалар туралы баяндайды. Ақынның қолданысындағы географиялық атаулар, яғни кеңістік межелері, уақыт өлшемі, кейіпкерлері, бәрі-бәрі нақты әрі айқын болып келеді. Фольклор туындыларының өз дәстүрі, өзіне тән ерекшеліктері бар екені ғылыми дәлелденген ақиқат. Олар белгілі-бір заңдылықтарға, өзіндік жүйеге бағындырылған. Фольклор үшін міндетті саналатын әралуан шарттылықтар бар. Бір қарағанда соншалық міндетті болып көрінгенімен олар да өзгермелі. Нақтырақ айтқанда, кейінгі дәуірлердегі әдебиетке қатысты алғанда, бұл шарттылықтар келе-келе жаңа белгілермен, тың бояулармен байып, жаңғырып отырады. Мәселен, осы заманның, бүгінгі күннің жағдаяттарын жырлаған туындыларда ол заңдылықтарды, мейлі олар қандай үйлесімді заңдылықтар болсын, дәлме-дәл көшіріп пайдалануға әсте болмайды. Мұны әрине, фольклор мен әдебиеттің арасындағы қайшылық деп те ұқпау керек. Қандай тарихи кезеңнің әдебиеті болсын, оның түп негізінде фольклорлық дәстүрлердің жататыны қандай анық болса, осы дәстүрлі заңдылықтарға әр дәуір әдебиетінің қосатын бояуы, үстейтін кестенақыштарының болатыны да сондай ақиқат. Шәкәрімнің шығармашылығы мен оның дәстүрлік, көркемдік негізі болатын фольклорлық заңдылықтардың арақатынасы жайына келгенде, міне, осы екі мәселенің тығыз бірлігіне куә боламыз. Ақын фольклорлық дәстүрден үйрене отырып шыңдалады, шеберлігін ұштай түседі. Көп жағдайда Шәкәрім фольклорлық ұғым-түсініктерді, деректік өлшемдерді сақтауға тырысады. Солардың бірі - фольклорлық кейіпкерлердің жас мөлшері, батырлығы, сұлулығы төңірегіндегі шартты заңдылықтардың сақталуы. Қарап отырсақ, Шәкәрім поэмаларының басты кейіпкерлерінің барлығы - Кебек те, Мамыр да, Айсұлу да он бес жаста деп суреттеледі. Бұл ретте ақынның көз алдына эпостық жырлардағы сұлу қыздар мен батыр жігіттердің бейнесі келгені анық. “Алпамыс батыр” жырындағы Гүлбаршын (“Он бесте туған ай еді”), Қаракөз (“Ортада отыр Қаракөз, он бесте туған айдай боп”), “Қарабек батырдағы” сұлу қыз (“Сонымен бір күні қыз да он беске келеді”), “Ер Тарғындағы” Шорман (“Келгенде он бес жасқа батыр
Шорман, қалмақты жетпіс түрлі қаратыпты”), т.с.с. Мұндай ұқсастықтарды кездейсоқ нәрсе деп айту қиын. Біріншіден адам өмірінің есте қалар белестерін сөз еткенде, атам заманнан бері халықтың ұғым-түсінігінде “он үш”, “он бес”, “он сегіз”, “жиырма бес” сандарына қастерлі орын беріледі. Тіпті бұл сандар канондық ұғымдарға айналып кеткен деуге де болады. Ал олардың қай-қайсысы да әу баста ауыз әдебиетінің қаһармандарына қатысты айтылғаны ақиқат. Міне, осылайша қалыптасқан, адамның ең бір елеулі шақтарын бейнелейтін дәстүрлі фольклорлық сандардың Шәкәрім поэзиясына көшуі де заңды құбылыс деп ойлаймыз. Сол сияқты Шәкәрім поэмаларының кейіпкерлері де фольклордағы қаһармандарға ұқсас болып келеді. Қалқаман да, Кебек те, Нартайлақ та батыр, ал Мамыр, Еңлік, Айсұлулар бірінен-бірі өтерліктей арулар. Көркімен ғана сұлу емес, парасатымен, ақылымен сұлу жандар. Кешегі Ақжүніс, Гүлбаршын, Құртқа, Назымдардың ізін басқан сіңлілері іспетті. Поэмалар кейіпкерлерін жасақтауда Шәкәрім осы тәрізді фольклорлық шарттылықтарды сақтайды. Бұған сол поэмалардың сюжеттік төркінінде аңыздық желінің жатуы көп септігін тигізсе керек. Әйтсе де Шәкәрім өз кейіпкерлерін көркем сөзбен суреттеп, кескін-келбетін кестелеуге келгенде жаңа қырынан көрінеді. Ауыз әдебиетінде сұлу қызды, сүйген жарды суреттегенде тіл қазынасының небір шұрайлы шырыны, сырлы да сыңғырлаған сұлу өрнекті сөз тіркестері пайдаланылса, бұл дәстүрді Шәкәрім әрдайым сақтай бермейді. Ақын кейіпкерлерінің портреттік бейнесі бұдан әлдеқайда жұпыны. Солай бола тұра, Шәкәрімнің аруларының сұлулығы жоғарыдағылардан кем емес. Ақын кейіпкер портретіне фольклордағы секілді айшықты сөздерді үйіп-төгіп қолдана бермейді. Шәкәрім поэмаларындағы басты қаһармандардың батырлығы да, сұлулығы да олардың іс-әрекеттері арқылы ашылады. Фольклорлық шығармаларға тән, әсіресе эпикалық жырларда, аңызхикаяларда жиі кездесетін дәстүрлі образдар бақсы, балгер, құмалақшы, көріпкел, жауырыншы, тағы басқалар болып келеді. Олардың негізгі атқарар міндеті - адамдардың сеніміне кіру, ертеңгі болатынды болжау, бал ашу, құмалақ салу. Ежелгі аңыздардағы Асан қайғы, Қорқыт ата бейнелері, “Қобыланды” жырындағы балшы кемпір, Қарабұқан жауырыншы, “Ақжонас ұлы ер Кеңестегі” Арыстан көріпкел тәрізді толып жатқан кейіпкерлер халықтың ежелгі наным-түсінігінен туған дәстүрлі фольклорлық образдар екені даусыз. Олар халықтық фольклордың барлық жанрларына ортақ, аңыздарда, ертегілерде, хикая-хиссаларда белгілі-бір көркемдік қызмет атқарады. Шәкәрімнің “Қорқыттың сарыны” атты өлеңі /74, 224-226/ бар. Өлең әуенге арнап жазылған.
Әсерлі үнмен толғаған, Сол әнді ойым ұнады, Зарласам, көңілім тынады. Сарынға өлең салдым мен Түп-түгел сөз боп шығады./74, 224/ Өлеңнің фольклорлық дәстүрге қатысы тек онда Қорқыт ата атының аталуында ғана емес. Өлеңнің басынан аяғына дейін қобыз толғауының сарыны сезіледі, жыр үлгілеріндегі тәрізді түйдекті қоңыр әуен құлағыңа келеді. Соның нәтижесінде аңыз кейіпкері Қорқыт Шәкәрім ақынмен тілдесіп, ұғысқандай болады. “Еңлік-Кебек” поэмасын алайық. Мұнда да аңыздық кейіпкер бақсы Нысан абыздың образы бар. Поэманың бас кейіпкері он бес жасар Кебек батыр бірде Нысан абызға барып, болашақ өмірін білу үшін бал аштырады. Қолына қобызын алып, Қорқыттың сарынына салған абыз:
Екі көзін қан жауып, өңі қашып, Сұп-сұр болып, алартып көзін ашып.
Шүлдір-шүлдір сөйлесіп жыныменен, Өзін-өзі тоқтатты әзер басып, - деп/74, 295/ алдындағы жас жігітке “ажалың қара жартастың түбінде, биік қабақ сұрлау қыздан” болады деген болжам айтады. Кебектің тағдыры бұдан кейінгі кезеңдерде дәл осы трагедиялық шешімге бірте-бірте жақындай түседі. Айта кететін бір ерекшелік - Шәкәрім осы дәстүрлі көркемдік құралды жайдан-жай ала салмаған. Халық фольклорындағы мұндай кейіпкерлердің дені жорықтағы батырлардың тағдырын, ел шетіне дұшпан қаупінің төнгенін болжаумен шектеледі. Бір қарағанда Шәкәрімнің абызы да солар секілді. Десек те, ол халық өміріне жақын тұлға. Ел қамын ойлайтын, ұрпақтың ертеңін көксейтін адам. Сонымен қатар Шәкәрім Нысан абыздың Кебекке айтқан бір-екі ауыз сөзін бүкіл шығарманың көркемдік тінін ұстап тұруға жегеді. Поэманың басында айтылатын Абыз болжамы шығарманың трагедиялық финалын алдын-ала сездіргендей болады, оқырманның ойын оқиға тереңіне бойлата түседі. Бір қарағанда, фольклорлық кейіпкер тәрізді қабылданғанмен Шәкәрімнің абызы өз бойына жазба әдебиет қаһармандарының да қасиеттерін мол жинаған. Фольклорда кездесетін Қап тауы сияқты жер-су атауларының кездесуі/74, 246/ және жансызға жан бітіре бейнелеу Шәкәрім шығармашылығындағы көне дәстүр ықпалының тағы бір арнасын аңғартады.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Күн, Ай, Жұлдыздың адамдар тәрізді әрекет үстінде көрінуі сияқты көркем бейнелеу тәсілі Шәкәрімнің “Әділ-Мария” романында көп қолданылған. Романда Шыңғыстау мен Май айының бейнесі бар. Оқиғаның уақыттық және кеңістіктегі меже-белгілерін айқындайтын бұл ұғымдар автормен үнемі сырласып, сұхбаттасып отырады. “Кәрі Шыңғыстау! Адам жерге ие болғаннан бері қарай сенің көрмегенің жоқ,”- деп /74, 493/ Шәкәрім Шыңғыс тауын сөзге тартады, “Май-май! Әттең май жұлдызы-ай! Сен жан-жануардың қайғысын ұмытқызып, бейіш ауасын жұтқызып, қабағын ашқызып, үмітін ілгері басқызып, тозбас өмір, тоймас бақ бергендей алдайтының-ай!”- деп /74, 494/ оқиғаның мезгілдік сахнасы болатын мамыр жұлдызымен сырласқандай болады. Бір тұста жансызға жан біткендей Шыңғыстау “…жылы жүзбен жымыңдап, сағымданып, жайдары желің жаңа шыққан жасыл көдені бұлаңдатып”, “Мұнда-мұнда! Бергел-бергел!”- деп /74, 494/ шақырғандай болады. Ертегі-аңыздарда, ертедегі жырларда да адамдар тау-таспен, өзенкөлдермен осылайша “тілдеседі”. “Айрылғырдың суы айрыл” десе өзеннің суы қақ жарылып, батырға жол береді. Асу бермес асқар тауларға тіл бітеді. Ат, жылан, балық, тағы басқа жанды мақұлықтар да адамша сөйлеп кетеді. Бұл - таза фольклорлық сюжеттерге тән құбылыс, ауызша әдебиетте кең қолданылатын көркем бейнелеу тәсілі. Мұндай ғажайып “кейіпкерлер” шығарма желісіне тікелей араласып отырады, оқиғаның шиеленісуіне, шырқау шегіне жетуіне және шешімін табуына ықпал етеді. Қиын-қыстау кездерде “астыңғы ерні жыбырлап” тілге келетін тұлпар ат ел қорғаған батырдың тағдырына арашашы болады, көркем кейіпкер бейнесін толықтыра түседі. Осынау дәстүрлі тәсіл Шәкәрімнің шығармаларында да өз ізін аңғартып отырады. Қаламгер романынан келтірілген үзінділер осыны аңғартады. Бір ерекшелігі Шәкәрім қаламымен “жан біткен” Шыңғыстау мен Май образдары романның сюжеттік желісіндегі тартысқа, оқиғалардың өрбуіне тікелей ықпал жасамайды. Олар жазушының көңіл күйін, көзқарасын айқындаудың құралы іспетті, ғашық жандар басындағы жағдайдың психологиялық қалпын, трагедиялық астарын аңғартатын, оқиға айналасындағы әлеуметтік ахуалды айшықтайтын көркем бейнелеу тәсілі ролінде көрінеді. Фольклорлық мұраларға тән дәстүрлі баяндау түрлерінің ішінде алдағы оқиғаларды тұспалдау, болжау, айтылар ойды жұмбақтап жеткізу сияқты кең қолданылған әдістер бар. Бұл тәсілдер шығарманың ішкі динамикасын ширатып, сюжеттің өрістеу табиғатын жандандыра түседі. Олардың әрқайсысы ерекше поэтикалық міндет атқарады. Қандай да болсын әдеби шығармаға тән негізгі көркемдік қасиет - ондағы ойдың тереңдігі, құпиялылығы. Осынау құпия сыр қаламгердің шығармашылық қуаты
арқылы, оқиғаны оңтайлы жүйемен көркем баяндау, көркем тартыс, характер, образдар жүйесі арқылы ғана көркем шындыққа, шынайы шығармашылық туындыға айналмақ. Ақынның не жазушының құдіреті әуелде мақсат етіп, нысанаға алған көркем ой құпиясын қаншалықты ашып, айшықтап көрсете білуіне байланысты. Шәкәрім шығармаларында да тұспал көп, шындықты ә дегеннен ашып тастамай, оқырман жүрегіне шым-шымдап дарытып, шымырлата сіңіретін осындай дәстүрлі эстетикалық бейнелеу басым. Шәкәрімнің поэтикалық шеберлігін танытатын мұндай мәселелер төңірегінде оның поэзиялық, прозалық, т.б. шығармаларын талдау тұсында кеңірек тоқталатын боламыз. Әзірше осы ерекшеліктің дәстүрлік негізіне үңілумен, Шәкәрім фольклорлық мұраларға тән осынау қазыналарды қалайша игерді, қаншалықты үйренді, қай тұрғыда пайдалана білді деген сауалдарға жауап іздеумен шектелеміз. Шәкәрім тұспалдау, жұмбақтап сөйлеу әдістерін өзінің поэмаларында жақсы пайдаланады. “Қалқаман-Мамыр” поэмасының басты кейіпкерлері Қалқаман мен Мамыр өз сезімдерін біріне-бірі алғаш сездірер сәтте Адам ата мен Хауа ана жайында жұмбақ мысал айтысады, кейінірек бастаңғы үстінде Мамыр Қалқаманға жұмбақтай сөйлеп, кездесер жерін белгілеседі, екеуі қол ұстасып қашып кеткенде ел ішінің дана қариясы Әнет баба түс көреді:
Бабаң мұны есітіп қайғы жеді:
- Бір жаман түс көріп ем бүгін, - деді. /74, 283/ Сол тәрізді “Еңлік-Кебектегі” Нысан абыздың бал ашуы, қыз бен жігіттің басындағы шиеленіскен жағдайға байланысты елдің іші дүрлігіп, ақсақалдар тұйыққа тірелгенде Кеңгірбай бидің “-Ей, Көбей, сұңқар қалай, тауық қалай,”- деп образды түрде жұмбақтай тіл қатуы, сөз жоқ, ежелгі фольклорлық үлгілерден сақталып келе жатқан дәстүрлі байлықтың жаңа кезеңдегі әдемі көріністері деп айтар едік. Халықтың ауызша мұраларынан бастау алатын дәстүрлі баяндау тәсілдерінің бірқатары шығарма композициясына қатысты. Әдетте фольклорлық дүниелердің өзіне тән құрылымдық ерекшеліктері, белгілі бір жүйесі, тәртібі бар. Міне, ауыз әдебиеті туындыларына тән осындай құрылымдық ерекшелік - оқиғаны баяндамас бұрын ақындық кіріспе сөз арнау тәсілі. Халық прозасы үлгілерінде әңгіме “Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде” деп келетіні сияқты ежелгі жырлардың көбі шағын кіріспеден басталады. Мәселен, “Көрұғлы” жыры Бастайтын Көрұғлының хикаятын, Түрікмен текежәуміт дейді затын, - деп/84, 19/ келетін екі шумақпен, ал “Ер Тарғын” жыры Қолыма қалам алдым хат жазғалы,
Бірқатар заман болды қамдалғалы. Жамағат құлақ салып тыңдасаңыз, Мінеки, Ер Тарғыннан сөз қозғалы, - деген/85, 145/ сөздермен басталып, жырды жырлаушы тыңдаушысын алдағы жыр оқиғасына дайындайды немесе баяндау мақсатын түсіндіреді, яки шығармаға қатысты кейбір мәлімет-деректер береді. Мәселен, жырлаушы “Көрұғлының” кіріспесінде кейіпкерінің тегімен таныстырады, ал “Ер Тарғында” айтушы жоғарыдағы сөздерді бір жағынан бұл оқиғаның өзін көптен толғандырып жүргенін сездірсе, екіншіден тыңдаушысының назарын өзіне аударуды мақсат етеді. Бұл - фольклорлық шығармаларға тән қалыптасқан дәстүрлі формалардың бірі. Қазақ әдебиеті дамуының одан кейінгі дәуірлерінде туған түрлі жыр-дастандарда, әсіресе жыраулар дастандарында, тарихи жырларда бұл тәсіл молынан кездеседі. Абайдан кейінгі әдебиет өкілдері, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қалам тербеген ақындар шығармашылығы да бұл дәстүрге етене жақын болды. Бұл ретте Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұхаметжан Сералин, т.б. талантты ақындарды айтсақ та жеткілікті. М.Сералиннің “Топжарған” поэмасы:
Шығардық бір хикаят көңіл жаттан, Жаратқан жәрдем тілеп жаппар хақтан, Пайдалы көпке өнерім болмаса да Бір қалған жұрнақ едім асыл заттан, - деп, /86, 389/ басталса, ал Сұлтанмахмұттың өлеңмен жазылған “Кім жазықты?” романы Бір сөзім бар шалдуар Болмаса да тыңшысы. Бұл күнде жоқ, соң туар
Роман мен сыншысы, - деген /87, 65/ жолдардан бастау алады. Қарап отырсақ, әрбір кіріспе сөздің өзіне лайық мағыналық ерекшелігі бар. Енді осы фольклорлық дәстүрдің Шәкәрім шығармашылығына қаншалықты негіз болғанына көңіл аударайық. Шәкәрімнің поэма түрінде жазылған шығармаларының бәрі дерлік осы дәстүрді сақтаған. “ЕңлікКебек”, “Нартайлақ-Айсұлу”, “Ләйлә-Мәжнүн” поэмаларының, орыс ақыны А.С.Пушкиннен аударған “Дубровский әңгімесінің” оқиғасын баяндауды ақын терең толғау түріндегі кіріспе сөзден бастайды.
Бұл кіріспелерді автордың ой-мақсатынан хабар беретін жай ғана мәлімет көзі деп қарауға болмайды. Шәкәрімнің ерекшелігі - ата дәстүрін басшылыққа ала отырып, өз өрнегін жеткізуі. Кіріспе ретінде берілген бұл шумақтарды жеке, дербес туынды ретінде де әбден қабылдауға болар еді. Олай дейтініміз, олардың әрқайсысында терең философия тұнған, тағлымды, ғибратты ойлар ұсынылған. Мәселен:
Есітіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ, - деген/74, 291/ жолдарда өткеннің ғибраты, бастан кешкен жайдың адам баласына берген дүниелік сабағы алға тартылады. “Нартайлақ-Айсұлу” поэмасына берілген “Әңгіменің сырына” ел ішіндегі күндестік, көп әйел алушылық, қалыңмал, өгейлік сияқты мінез-әрекеттерді сынау мәселелері арқау болады да, поэмада осы келеңсіздіктер жайында баяндалатынынан алдын-ала хабар береді. Ал “Ләйлә-Мәжнүн”, “Дубровский әңгімесі” шығармаларындағы кіріспе сөздердің мән-мағынасы, түр-пішіні, мазмұны тіпті ерекше. Оларда ақын сырт елдер өмірінен алынған бұл тақырыптарды жырлау себептерін, оған жету жолдарын айта келіп, оқырманына Шығыс пен Батыстың атақты ақын, ойшылдарын, ғұлама даналарын таныстырады. Науаи, Сағди, Шәмси, Физули, Хафиз, Фирдоусилердің атын атап, “Әлемге сөздің нұрын жанған солар” десе, ал орыс ақыны А.С. Пушкинді жарық күнге теңейді. Қорыта айтқанда, Шәкәрімнің қолданысындағы осы тәсіл өзінің әу бастағы фольклорлық төркінін сақтай отырып, жаңа дәуір әдебиетінің және бір көркемдеу құралына айналғанын аңғартады. Мазмұны, мәні қандай болғанына қарамастан бұл шумақтардың негізгі мақсаты халық фольклорындағы ауызша беташар, кіріспе сөз міндетін атқару болғандығын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Шәкәрімнің поэмаларындағы сюжеттік желілердің бастан-аяқ баяндалу үрдісінде де эпостық, лиро-эпостық жырлар, ежелгі жыр, дастандар дәстүрі сезіледі. Әдетте жыр, дастандарда оқиға хронологиялық түрде беріледі. Дастан кейіпкерінің өмірі де бір ізбен баяндалады. Шәкәрім өз поэмаларында осы үрдісті берік ұстанады. Сондай-ақ, оқиғаларды баяндау кезінде шегініс жасап, бір оқиғадан екіншісіне ауысу тәсілін де ақын шеберлікпен пайдаланған. Мәселен “Қобыланды батыр” батыр жырындағы
Тұра тұрсын бұл сөзім, Айтамын рас, шын сөзім, Кетейін тағы баян ғып, Қарлыға сұлу не қыпты? - деген /88, 145/ сияқты әңгіме төркінін ауыстыру, бір сюжеттік желіден екіншісіне көшіп отыру мақсатындағы қолданыстар фольклорлық шығармаларда жиі кездеседі. Бұл дәстүр - дастан, хиссалар арқылы бүгінге жалғасып келе жатқан үзілмес үрдіс. Ол Шәкәрім шығармашылығына да өзінің игі сәулесін түсірмей қалған жоқ. Адамзат әрбір іске кез болады, Біреуге жай, біреуге тез болады.
Бұлар да, Нартайлақ та бара тұрсын, Айсұлу енді азырақ сөз болады, - деген/74, 323/ сияқты жолдар осы пікірімізді дәлелдей алады. Бұл жердегі әңгіме Шәкәрімнің сол форманы, қалыптасқан әдісті қайталауы емес, ақынның қолданысындағы ертеден келе жатқан фольклорлық дәстүрдің көп салалы екенін ұғындыру, соған көз жеткізу туралы болып отыр. Шәкәрім шығармашылығының фольклорлық негізі дегенде айтылуға тиіс мәселелердің бірі - ақынның осынау халық қазынасының жанрлық мүмкіндіктерін мейлінше мол пайдалана білуі. Әсіресе ол фольклордың шағын жанрларындағы көркемдік-эстетикалық қасиеттерді жете сезінді, осы сипаттағы халықтық қазынаны шеберлікпен меңгерді. Бұл жанрлар, атап айтқанда мысал, мақал-мәтел, айтыс, жұмбақ, шешендік сөздер Шәкәрімге жөргегінен таныс еді. Ол жастайынан ел ішіндегі осы тектес ауызша мұралардың бәріне де қанық болды. Ауызша әдебиеттің табиғатындағы халықтық тілдің алуан астарлы оралымдары мен айшықты кестелерін, мұхиттай терең мағыналарын, сыр-сипаты мен сиқырлы күшін ұқты. Халық шығармашылығы Шәкәрімнің ең негізгі ақындық мектебі болды. Фольклордың байлығын қанына сіңіре меңгерген ақынның айрықша талғампаздығы оның төл шығармаларынан анық аңғарылады. Шәкәрім өлеңдерінде көптеп кездесетін тұжырымды ой-түйіндердің әдебиэстетикалық мақсат-мұраты басқаша болғанмен олар халық фольклорынан көшіп келген нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, шешендік афоризмдер деңгейінде қабылданады. “Қайық қылып денемді, ақыл билеп кемемді” /74, 249/, “Дүниені түзетуші, һәм бұзушы - бір ғылым” /74, 116/, “Ойға оңаша жер керек, ойыңды ұғар ел керек” /74, 341/ сияқты тіркестердің көркем пішіні терең де сұлу мазмұнына, ғажап ғибратына сай екені өзінен-өзі түсінікті. Шешендік сөздер - қазақ халқының ерте дәуірлерден екшеліп, іріктеліп, толығып, кемелденіп келе жатқан фольклорлық асыл мұраларының бірі. Әрбір ұлттың тіл байлығын нұрландырып байытатын қайнар көздердің бірі де осы. Қазақтың дәстүрлі шешендік сөздерінің көлемі шағын болғанмен мағынасы терең, ойы шымыр болып келеді. Осы бір ғибратты мұра халықтың тіршілік-тынысын, мінез-құлқын, өмір шындығын әрі дәл, әрі бояулы тілмен әсерлеп жеткізеді. Шешендік өнер құдіреті ұлттық әдебиеттің арғы-бергі даму кезеңдерінде өз қасиетін сөз өнерімізге молынан дарыта білді. Кешегі жыраулар шығармаларындағы, Абайға дейінгі және Абай үлгісіндегі жаңа
әдебиеттегі осынау сырлы қазынаның ықпал-әсері айқын. Тіпті қазақ жырауларының дидактикалық жыр-толғаулары ежелгі үлгі негізіндегі шешендік сөздердің тамаша көріністері тәрізді. Бұл тұста дәстүрлі шешендік сөздер тұрмыстық ғибратты ойлармен, өмір мен өлім төңірегіндегі терең философиямен астасып кетеді. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі шешендік сөздердің көрінісі мүлде жаңа сипатқа көшті. Сөз қадіріне, көркем ой әлеміне шынайы эстетикалық көзқарас қалыптастырған Абай дәстүріндегі әдебиет өнердің осынау ғажап түріне өз тақырыптарын қосты, өз мақсат-мүдделерін міндеттеді. Бұл кезеңнің әдебиетінде ежелгі билер мен шешендер сөздерінің сұлу мәнері айқын көрініп отырды. Бір кездерде Қазыбек бидің аузымен айтылған Біз қазақ елі -
Мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай Жай жатқан елміз. Елімізді басынбасын деп Ордамыздан құт қашпасын деп, Найзаға үкі таққан елміз, - деген /89, 46/ айшықты да айбынды сөздерінің бояу-кестесі, мазмұн-көркінің ғажайып сипаты жиырмасыншы ғасырдың басында былайша жалғасын тапты: Шоң, Шорман едік, Бір-бірімізге қорған едік. Шоңның, Торайғырдың көк жапырақтары, Бұтағыңа келіп қонған едік. Онымызға қарай сіз де: “Кім келіп, кім кетпеген ауыл едік” Деп бауырлығыңды білдірмей,
Арқаңның жауырлығын білдірдің…/90, 91-92/ Қарап отырсақ, әр дәуірдегі шешендік сөздер түрлі жағдайға қарай тұтқиылдан туып, түйдек-түйдек ой арқалауымен ғана емес, сыртқы салмағымен де, сырлы сөздің сұлу иірімдерін сыңғырлата төгетін әдемі әуенімен де үндеседі екен.
Осынау ғажап фольклорлық дәстүрден үйренбеген, халық ойының маржан моншақтарын қызықтамаған ақын, сірә, болмаса керек. Сондай таланттардың бірі Шәкәрім болды. Шәкәрімнің шығармашылығына халықтық фольклордағы шешендік өнердің ықпал ету сипаты әралуан. Рас, Шәкәрім ертедегі билер секілді ел ішіндегі ескі дауға төрелік жасаған жоқ, тақпақтап билік айтқан жоқ. Сол сөздердің ғажайып нәрін сезінген Шәкәрімге осынау фольклорлық мұраның терең ойлы философиясы мен сөзді ойната өрнектеу, сұлу кестелеу өнері дарыған секілді. Шешендік сөздердің ең басты қасиеті қысқалығы, нақтылығы десек, Шәкәрім де үлкен ойды бір-екі ауыз сөзбен түйіндеуге, аз сөзге мұхиттай терең мағына сыйғызуға шебер. Әсіресе халқының басындағы тұрмыс, адам өмірі, тіршілік негіздері мәселелері туралы толғанғанда ақын ойы ата дәстүр өрнегіндегі сұлу жырлар болып төгіледі. Бір мысал: Мал да аяулы, жан да аяулы болса егер,
Малды аяма, жаның үшін малды сат! Жан да аяулы, жар да аяулы болса егер,
Жанды аяма, жарың үшін жанды сат! /74, 235/ Бір ғана шумақ өлеңге бүкіл өмір философиясы сыйғандай. Адам баласы үшін не қымбат? Дүниедегінің бәрі шартты, тіпті өмірлік құндылықтарымыздың өзі салыстырмалы. Егер осы қымбат құндылықтардың өзі таразы басына түсер күн туса қайтпек керек? Осыншалық көп сауалға Шәкәрім бір-ақ шумақ өлеңмен жауап береді. Ал осы төрт тармақтың ырғақтық әуеніне, ішкі музыкасына құлақ түріп көрелікші! Бір шумақ өлеңде бір ғана “аяу” сөзі алты рет қайталанып, әсем әннің бас нотасындай роль атқарып тұр. Шешендік сөздердің дәстүрлі сипаттарының бірі - өмір түйіндеріне жауап іздеу. Автор айналасына немесе өзіне риторикалық сұрақ береді де, соның шешімін табуға ұмтылады немесе оны табу міндетін тыңдаушысының үлесіне қалдырады. Шәкәрімнің өлеңдерінде осындай риторикалық сұрақтар көп. Ақын әсіресе өмір мен өлім, таза адам, әділдік пен адалдық туралы ойланады. “Адалдық жолы болар заман бар ма?” /74, 96/, “Бір күні дәурен солмай ма?” /74, 189/, “Бірдей адам қайда бар іші-тысы?” /74, 213/ деп толғанады. Ал ақынның “Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым” деп аталатын ұзақ өлеңі/74, 83-86/ бастан-аяқ риторикалық, философиялық сұрақтардан тұрады:
Жетпесті қудың жеттің бе, Барша жаннан өттің бе? Тағдырың жазған ақ өлім, Құтылып онан кеттің бе? Қарманып едің, таптың ба, Қарындасқа жақтың ба? Қарсыласқан жауыңды,
Қанеки, жерге қақтың ба? /74, 83/ Мұнда ақын өзімен-өзі сырласады. Өмірдің, айналасындағы жақсы мен жаманның, ақ пен қараның, әділдік пен әділетсіздіктің ара жігін ашуға талпынады. Өлеңде шешендік сөздердегі сияқты керемет еуезді ішкі әуен, эмоциялық қуат бар. Ежелгі би, шешендерге тән даналық, көрегендік, көсемдік бар. Өмірдің өткіншілігі, үміттің баянсыздығы, өлімнің хақ екендігі, адам баласы қанша жанталасса да ақыр аяғында көрге таман барып тыныш табатыны туралы халықтық философия - фольклорлық шығармалардағы дәстүрлі тақырыптардың бірі. Шәкәрім өлеңінен осы дәстүрлі ой-толғамның сарыны сезіледі. Шешендік сөздер поэтикасына тән дәстүрлі көркемдік құралдар қатарынан өлең шумақтарында, немесе олардың ұйқастарында бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы ойдың эмоциялық салмағын арттыру, қайталау арқылы белгілі-бір сөзге ой екпінін түсіріп айту тәсілі ерекше орын алады. Мәселен:
Атадан ұл туса игі Ата жолын қуса игі. Өзіне келер ұятын Өзі біліп тұрса игі.
Жаудан бұққан немені Ортасынан қуса игі, - деп/91, 32/ толғанған Төле бидің сөздерінің әуезділігі де, мағыналылығы да “игі” деген сөздің әрбір тармақ аяғында қайталанып келуі арқылы әсерлене түскен. Әр тармақтағы ойдың логикалық тұтастығын көмкөріп тұрған бұл сөз бүтіндей өлең сөздің архитектоникасына өлшеусіз қызмет етіп тұр. Шәкәрім шешендік сөздерден бастау алатын осы тәсілді өз өлеңдерінде өте мол қолданады. Ой екпіні түсуге тиіс сөзді шумақ ішінде бірнеше рет қайталау, әсіресе ұйқас түрінде қайталау ақынның “Хайуан мен ақымақтар”, “Жастарға”, “Арман”, “Насихат”, “Тағы сорлы қазақ”, “Өмір сырын көздесең” тәрізді бірқатар өлеңдерінде әсері күшті көркемдік міндет атқарады. Ал осы тәсілмен жазылған “Жастарға” атты/74, 31-41/ ұзақ өлеңі
нағыз шешендік арнаудың әдемі үлгісі деуге тұрарлық. Ақын өз сөзін кейінгі жастарға арнай отырып, тармақ соңында қайталанып келетін “делік” сөзі арқылы шешендік сөздерге тән ойы салмақты әрі есте қаларлықтай жеңіл ұйқастар құра білген. “Абайдан ақыл сұрайық” дей келіп, ақын жастарға айтар сөзін былайша өрнектейді: Білімді сол кісіден ізденелік! “Әдейі іздеп біз келдік сізге” делік “Өнер зая болмастық өнер үйрет, Ақылыңды алма бізге” делік. “Көп қуға көзіңізді сүзбе” делік! “Ұқпас деп бізден үміт үзбе” делік! “Залымдар заң үйретіп адастырды,
Бізді сал жөнделерлік ізге” делік! /74, 31/ Фольклорлық мұраларда, әсіресе шешендік толғау, жыр үлгісінде жиі ұшырасатын нысана еткен ойды түйіндеп жеткізуге оңтайлы тәсілді жете меңгерген ақын өлеңнің басынан аяғына дейін етістіктің “лық-лік” формасын тармақ соңында ұйқас ретінде шеберлікпен қолданған. Ал ақынның “Өмір сырын көздесең” деп /74, 248-249/ аталатын өлеңінде шешендік сөздер дәстүрі айқын көзге түседі. Ежелгі билер мен шешендердің, бақсылар мен абыздардың дидактикалық сарынындағы тақпақтап айту мәнері Шәкәрімде жаңа мағынамен көркемделеді. Өмір сырын көздесең, Жарға шоқын, жаннан без!
Сыр қаласын іздесең, Сырлы сұлу тамнан без! - деп басталатын өлеңнің бұдан кейінгі шумақтарының әрқайсысында айтылатын ой “без!” деген үкімді тұжырыммен түйінделіп отырады. Әр шумақта адамға тән келеңсіз мінезқұлық, іс-әрекет сыналады. Ақын замандастарын пайдакүнемдік, мақтаншақтық, дүниеқоңыздық, паңдық, залымдық қасиеттерден бездіреді. Түптің түбінде көңіліңді ашатын, адамдық биігіне көтеретін жар нұры - құдайдың сыйы - ақыл деген тезис ұсынады. Шешендік дәстүрге тән ғибрат философиясы Шәкәрім қолданысында осылайша жаңа өрнек табады. Шәкәрім ақынның шығармаларына шешендік өнердің әуезділігі, ой нақтылығы, тапқырлығы немесе ойды көркем бейнелеу дәстүрі ғана негіз
болмаған, ақынның бүкіл философиясы, айналадағы ұсақ көріністерден философиялық ой түю қасиеті де сол дәстүрмен сабақтасып жатыр. Соның бір мысалы ретінде “Арман” атты өлеңін /74, 42-43/ алайық. Ақын күн жылынып, жаз шыққан шақтағы айналадағы адамдардың жайдары жаймашуақ күйін суреттей келіп, осынау кәрі мен жастың, бойжеткен мен бозбаланың, тіпті жан-жануар, хайуанаттардың да тіршілігінің астарында әлдеқандай бір сырдың жатқанын, әр ғұмыр иесінің өз нысанасының бар екенін тұспалдайды. Жасты көксеп кемпір мен шал арманда, Өсіп үлкен бола алмай бала арманда, Еркектей еркін өмір сүрмедік деп, Әйелдер де болады және арманда.
Кербезге киімінің сәні арманда, Науқасқа жалғыз шыбын жаны арманда. Кек қуған кер, ызақор, күншілдерге Жұтатын дұспанының қаны арманда. Қарап отырсақ, дүниедегі тіршілік иелерінің бәрі арманда екен. Осынау қарапайым өмір философиясын ақын “Бағаласам, адамның бәрі арманда” деп түйіндейді. Осылайша аталған өлеңде айтылатын өмір ғибраты тарихтан белгілі Қараменде шешеннің: Ауру жазыламын деп үмітті, Жарлы байырмын деп үмітті, Қашқан құтылармын деп үмітті, Ұлсыз адам ұл туар деп үмітті,- деген/91, 60/ философиялық жолдарындағы сияқты тұжырымдармен тамырласып жатқанын аңғару қиын емес. Шешендік сөздер секілді фольклордың дәстүрлі шағын жанрларының бірі мақалдар мен мәтелдер. “Мақал - сөздің мәйегі” дейді халық. Шынында да халықтың дариядай дана ойының тарыдай түйінді дәндері іспетті осынау фольклорлық мұраның әдеби тілдің, көркем ойдың дамуына тигізетін әсер-ықпалы ұшан-теңіз. Халқымыздың мәйекті мақал-мәтелдеріне тән негізгі қасиет қысқалық, нақтылық болса, ол азғантай сөздер тіркесіне сыйдырылған тамаша ой тұздығымен көмкеріле келіп, шынайы асыл маржандай қалыпқа енеді. Мақал-мәтелдердің өзіндік ой-өрнегі, тілдік
жүйесі бар. “Жүйелі сөз киелі” қашанда. Олай болса, мақал-мәтелдер әдебиетіміздің барша даму жылнамасында қаламгерлер үшін қастерлі құрал, киелі қазына саналған. Сол себепті де олар қай кезеңде де поэзияның нәр алар бастау бұлағы, молығып-толысатын қайнар көзі болып келеді. Оларда халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптастырып, орнықтырған көркем ұғым, терең түсінік пен жанды образ сақталатынын атап айта келіп, белгілі әдебиетші ғалым Ә.Дербісалин былай дейді: “…мақал-мәтел қай заманда да поэзияның үйренер, тағлым алар мектебі боп келді. Оның үстіне мақалмәтелдің өзгеше ұйқасы, поэзияға жақындығы, онымен туыстығы, әсіресе терең мазмұндылығы поэзия үшін қашанда өнегелік, тәжірибелік маңызын жоймай, әрдайым үлкен өнер өріне қарай тартып, баулып отырады.”/92, 98/ Шәкәрім де халықтың фольклор қазынасының өлмес рухы мен ғажап нәрін мейлінше ұтымды пайдаланды. Ақынның барлық шығармаларында да көркем ойға қанат бітіретін мәйектей мақал-мәтелдер молынан кездеседі. Шәкәрімнің өз қаламынан туған тапқыр тіркестер де көп жағдайда мақалмәтелдер, афоризмдер іспетті нақыл сөздерге айналып кеткенін байқаймыз. Мәселен, “Бас көзі жұмылады, көңіл көзі жұмылмайды,”-дейді /74, 545/ Шәкәрім. Мынау фәни жалғанда адам баласының көзімен көргені шектеулі, ертең адам о дүниеге аттанған сәтте ол әсердің бәрі де жоғалады. Ал көңілдің көзі әрдайым ашық, яғни адамның жақсылығы, ақыл-парасаты, өнегелі ісі мен ғибратты сөзі жоғалмайды, кейінгі ұрпаққа жалғасады. Ақынның бұл ойы бір жағынан “Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді” деген халық даналығымен сабақтасып жатса, екінші жағынан ол “тән өткінші, жан яки рух мәңгілік” деген тіршілік философиясына жетелейді. Шәкәрімнің бір өлеңінде мынадай жолдар бар: Өмір үйі желде тұр Үміт үйі сағымда./74, 196/ Бұл халықтық мақал-мәтел емес. Фольклорлық дәстүр үлгісінде Шәкәрімнің өзі өрнектеген көркем ойының көрінісі. Ақын тіршіліктің негізі қозғалыс екенін, уақыттың соққан желдей жүйріктігін тұспалдайды. Аталмыш өлең жолдарынан ақынның көңілін мұңға батырған дәуір оқиғаларының табы да сезіледі. Адамның үміт-арманы әрдайым алыстан бұлдырап жеткізбейтін сағым секілді алда жүрмек. Адам соған ұмтылмақ, өмір солай жалғаспақ. Осы екі мысалдың қай-қайсысын да фольклор даналығының рухына суарылған, сол арқылы халықтық афоризмдер, мақал-мәтелдер түріне енген сұлу да сырлы тіркестер деуге толық хақымыз бар. Екінші жағынан фольклордағы мақал-мәтелдердің өзін Шәкәрім өз шығармаларында шебер қиюластыра пайдалана отырып, оларды дәстүрлі формасынан, мағынасынан алшақтатпай, халықтың ұғымына тосын тимейтіндей қалыпта өзгеше өрнекпен кестелейді. Халықтың жүрек
түкпірінде туындаған маржан ойларының ғажайып мөлдір тамшысы іспетті мақал-мәтел сөздерді мейлінше әсемдеп, әрлендіріп, өңін түрлендіріп ұсынады. Бұл, сөз жоқ, фольклор қазынасынан мейлінше қанып сусындаған Шәкәрімнің ақындық қолтаңбасын, суреткерлік даралығын айқындайтын айрықша қасиеттердің бірі. Шынында да, “…көркемдік дүниесінің қазынасына жазушы қандай жаңалық алып келсе, сол оның шығармашылық кескін-келбетін, оның әдебиеттегі алатын орны мен маңызын айқындап береді.”/93, 67/ Көркем әдебиет белгілі-бір өмір шындығының, тарихи кезеңнің айнасы. Ондағы әрбір шығарма кездейсоқ тумайды, әр жанрдың өзінің көтерер жүгі бар. Әр дәуірдің үнін жеткізетін өз жанры, өз туындысы болады. Мақал-мәтелдердің туып, қалыптасуында да осындай заңдылықтардың жатқаны анық. Мақал-мәтелдер де өз тұсындағы адам психологиясынан, қоғам тынысынан хабар берсе керек. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттық әдебиет өкілдерінің, оның ішінде Шәкәрімнің шығармаларында қолданылған мақал-мәтелдердің сыр-сипатына да ең алдымен осы тұрғыдан қараған жөн. Бұл кезең ақындарының қаламымен қайта түрленген мақал-мәтелдер ең алдымен өздерінің о бастағы көркемдік миссиясын атқарды. Олар заман жырын толғаған, дәуір философиясына бойлаған ақындардың жүрегінен әсем сөз маржандарындай тізіле төгілді. Шәкәрім өмір сүрген, қалам тербеген дәуір, он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқының рухани жаңғыру, азат өмірге ұмтылу, ұлт болашағы үшін күресу кезеңі болды. Абай бастаған жаңа әдебиет те бұл кезде халықты ілгері ұмтылуға, оқып білім алуға, озық өнер үйренуге, сол арқылы жалпы қоғамды алға бастыруға күш салды. Өздерінің бүкіл көркемдік ойының күшқұдіретін осы жолда қару етті. Әдебиеттің әр жанры, әрбір көркем шығарма осы мақсатқа қызмет етті. Шәкәрім шығармаларындағы мақал-мәтелдердің қолданылу аясы мен тақырыптық ерекшеліктерін де ең алдымен осы жағдай айқындап берді. Ақын ә дегеннен-ақ өзінің ағартушылық-демократтық ой-мақсаттарымен үндес келетін, көпшілік оқырманын батыл іс-әрекетке шақыратын мақалмәтелдерді өз шығармаларының идеялық-көркемдік өзегі етіп алды. Елді өнер, білімге, қоғамға пайдалы еңбек етуге бағытталған өзіндік ойтұжырымдарын солар арқылы уағыздады. Солар арқылы көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Қазақтың қайратының түбі мәлім “Алты бақан ала ауыз” иттей үрді,- деп/74, 80/ қазақтың бірінбірі етегінен тартып, аяқтан шалатын кеселді мінезін, бар уақытын осындай керексіз іске сарп ететінін әшкерелейді ақын. Мұнымен де шектелмейді. Іші-
сырты бірдей сұлу, өнері мен білімі жағынан міні жоқ адам іздейді. Айналасындағы қауымды сыншылдыққа, бойындағы кемшіліктерді көре білуге шақырады. “Дерт жасырған ажалсыз өлер” деген Қазақты оңдырмайды осынысы,- дейді/74, 213/ ойшыл ақын. Осы арқылы Шәкәрім сол кезең әдебиетінің идеялық, тақырыптық тенденцияларын, көркемдік, демократиялық арнасын, жалпы әдебиетке тән сипаттарды таныта түседі. Шындығында да аталған тақырып пен ойды қозғамаған, халық басындағы жағдайды өзегі өртене жырламаған, қалың еліне сол дерттен арылудың, талаптанып еңбек етудің қажеттігін ескертпеген ақын бұл кезеңнің әдебиетінде болған жоқ. Бұл тақырыпты әсіресе Шәкәрім аса көп көтерді, шабыттана жырлады. Өзінің көркем идеясын жеткізуге халықтың бай фольклорының алтын қазынасынан мол сүйеніш табады, халыққа арнаған сөзін халықтың өз рухына сай, өз ұғымына лайық етіп түйіндеп береді. Сол арқылы әрбір шығармасына халықтық, ұлттық сипат дарытады. Партия қуған қуларың азып-тозар, Арамдықпен өмірді қанша созар. “Байдың малы болады бір борандық”, - Бәрінен адал еткен еңбек озар,- деген/74, 175/ жолдарда Шәкәрімнің мақал-мәтелдерді қолданудағы барлық шеберлік, ерекшеліктері байқалады. Әдетте көркем шығармада мақал-мәтелдерді қолданудың жолдары әрқилы. Ең алдымен ақын-жазушылар өз ойларын көркем бейнелеп жеткізу үшін мақал-мәтелдерді ешбір өзгеріссіз, бастапқы қалпында пайдаланса, енді бір тұста мақал-мәтелдердің сыртқы пішіні аз-кем өзгертіліп, сөйлем құрылысын құбылту арқылы ойдың эмоциялық қалпына жаңа штрихтар мен бояулар қосылады. Ал үшінші жолы - мақал-мәтелдің ішкі мағынасын ғана пайдаланып, сыртқы формасын ақынның өз позициясының рухына бағындыру. Бұл тәсілдердің қай-қайсысы да көркем әдебиетте кең қолданылады. Ал оларды қаншалықты ұтымды қолдану, эстетикалық талғаммен жұмсау әр қаламгердің шығармашылық қуатына байланысты. Әдетте талантты ақын мақал-мәтелдерде түйінделген дәстүрлі ой жүйесін, халықтың ұғым-түсінігін сол қалпында қабылдай отырып, белгілі-бір мақалмәтелдің шеңберінде қалып қоймаса керек. Яғни, оның сыртқы пішінін өзгеріссіз сақтауды міндет деп санамаған. Жоғарыдағы шумақта осы қасиеттердің бәрі де көрініс береді. Бұл жолдар Шәкәрімнің “Жиырма үй менің көршім Қарабатыр” деп басталатын ұзақ өлеңінен /74, 174-176/ алынған. Өлең авторы ел ішіндегі партияға бөлініп қырқысқан берекесіздікті сынайды, “еңбек істе, егінің сал, ерінбей
еңбек етсең, табылар мал” деп еңбек етуге үндейді. Қанша бай болсаң да еңбексіз отырмау керектігін, бүгінгі байлығың елден асып жатса да ертең-ақ таусылатынын “Байдың малы болады бір борандық” деген халықтық тұжырыммен дәлме-дәл жеткізеді. Ал осынау тұжырымның астарында “Бай бір жұттық” деген /94, 319/ фольклорлық дән жатыр. Шәкәрім сол дәнді өз мақсатына лайықтап, өз жырының әуеніне салып түрлендірген, байыта түскен. Құнарлы топыраққа түскен дән ғана осылай көктеп, жайқалып, мәуелеп бой көтерер болса керек. Енді жоғарыда келтірілген шумақты тұтастай алып көрелік. Халық фольклорында: Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар Бәрінен қой бағып, Көтен жеген озар,-деген /95, 87/ нақышты сөз бар. Мағынасы терең осы төрт тармақтағы әңгіменің төркіні асық ойнаған, доп ойнаған немесе қой баққан адам туралы емес, негізгі түйіні - еңбек, еңбектің түбінде зейнет жатқанын аңғарту. Шәкәрім осы жолдардың нәрлі түйінін ғана алады. Белгілі мақалмәтелдің жалпы мағынасын пайдаланады да, оны өзінің ақындық мақсатына орайластырып өз тарапынан жырлайды. Өз заманына лайық көрініс жасайды. Шәкәрімнің заманындағы адамдар, аталмыш өлеңнің кейіпкерлері ауыз әдебиетіндегі әлгіндей адамдар секілді асық немесе доп ойнамайды, партия-партияға бөлініп, айтысқа түседі, бірін-бірі алдайды, ел бірлігін бұзады. Ақын осы мінездерді көріп қынжылады, ондайларға арамдық, қулықпен алысқа ұзамайтынын ескертеді. Ең басты ұсынар түйіні - “Бәрінен адал еңбек еткен озар” деген терең тұжырым. Қарап отырсақ, халықтық фольклордың дәстүрін Шәкәрім осылайша терең философиямен астарлап, тамаша да қуатты құрал дәрежесіне көтереді. Шәкәрімнің қолданысындағы мақал-мәтел сөздердің дені оның заман тақырыбына қатысты туған шығармаларында кездеседі. Әсіресе тарихи кезеңдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің
адамдардың санасындағы, күнделікті іс-әрекеттеріндегі көрінісі көбірек толғандырады ақынды. “Бүлінгенен бүлдірге алма” деген Ел бұзылса момын бол қоңыр қойдан./74, 95/ Бұл жолдарда уақыттың ағымын, заманның аласапыран тынысын сезінген ақынның әлеуметтік көзқарасы, ішкі азаматтық позициясы жатыр. Түрленген заманның жақсылығы қайсы, жамандығы қайсы, соларды аңдап, талғап алған жөн. Көзсіз есерліктің жетегінде кетпеген дұрыс. Заман бүлінсе
де адамның бұзылмауын ойлайды Шәкәрім. Ал ақын осы бір терең толғанысын жеткізу үшін халық фольклорының әлгіндей бір түйір маржан ойына жүгінеді. Халық фольклорындағы мақал-мәтелдердің ендігі бір мағыналық бағыты адамды, оның мінезін, адамгершілік, имандылық қасиеттерді бейнелеу болып келеді. Екі ғасырдың тоғысында ғұмыр кешкен Шәкәрімнің тұсындағы әдебиетте бұл тақырып айрықша мәнге ие болды. Айналадағы өзгерістер, сөз жоқ, адамдар санасына да сәулесін түсіреді. Мінез-құлық өзгереді, түрлі қылық-әрекеттер туады. Заманына қарай адамы келеді. Әйтсе де адам бойында табиғат-ана сыйлаған қастерлі құндылықтар, өлмес қасиеттер бар. Солар сақталу керек. Заман қанша құбылса да, адамның адамгершілігі, имандылығы, азаматтығы, адалдығы бәрінен де асқақ тұруға тиіс. Қай заманның ақыны да осыны айтқан. Жиырмасышы ғасырдың басындағы қазақ поэзиясы үшін де бұл басты ұран болды. Қазақ ақындары адамдар мінезіндегі ірілі-ұсақты келеңсіздіктердің бәрі надандыққа, қараңғылыққа апаратынын айтты. Мысалы, сол кезеңде Ахмет Байтұрсынов: Кіреді тентек есі түстен кейін, Мүшкілін халіміздің жаңа білдік. Әлі де саңылаусыз салтын бағып, Түрі жоқ іс ететін бәлен дерлік. “Ұлы той көппен көрген” жалғыз мен бе, Деп отыр не болса да көппен көрдік,- деп /96, 25/ қазақтың бейқам тіршілігінің, бірімен-бірінің иттей ырылдасып кешкен өмірінің ұнамсыз көрінісін және де сол өмірді жақсартсам деген ойдан аулақ бойкүйез жанның мінез-құлқын “Ұлы той көппен көрген” деген фольклорлық нақыл тіркеспен бейнелесе, Шәкәрім де осы мәтелді дәл осы мағынада былайша жұмсайды: Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда? Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда? Көз жұмып “Көппен көрген ұлы той” деп, Береді бұл надандық кімге пайда? /74, 38/ Шәкәрім өзінің бүкіл шығармашылық жолында адалдық, арлылық, тазалық сияқты қасиеттерді ту етіп көтеріп өткен ақын. Аталмыш өлеңде де ол осы мінездерді Адам баласының асыл байлығына балайды. Ар, рахым, әдеп жоқ жерде не болмақпыз? Ол жоқ жердегі өмір надандықтан өзге ештеңе де емес.
Ұлы дүрмекке ілесіп, іс-әрекетсіз, талапсыз күн кешіп жүрген жандар Шәкәрімнің қас дұшпандарына пара-пар. Өмірдің өзін күрес, тынымсыз қозғалыс деп түсінген ақын іс-әрекетсіз өткен әр күнін өлген күнге балаған. “Адамдық борышың - халқыңа еңбек қыл,”- дейді /74, 267/ ол. Яғни еңбек ету адам баласының басты борышы саналады. Ал адамның ең бір жағымсыз қасиеті - көзге жылтырап көрініп, көпке ілесіп, әлдеқандай бір істі атқарғансып, құр далақтап жүрушілік деп білді Шәкәрім. Бұл тұста ол өзімен замандас ақындармен үндес, сабақтас шығып жатады. Мәселен, Шәкәрім адам бойындағы осы бір мінді: Сүйтсе де жанасалап бір қалмайды, Дегендей “бұқа буға, азбан дуға,”- деп/74, 312/ түйресе, Абайдың тағы да бір ақын шәкірті Нарманбет дәл осы ойды мәтел арқылы: “Азбандай дуға ілестік, Бұқадай буға сірестік, Қызық түгіл шаң да жоқ,”- деп /97, 76/ одан әрі сабақтай түседі. Сөйтіп екі ақын да халық мәтелінің мерген де өткір қасиетін тамаша пайдалана білген. Қарап отырсақ, өз замандастарының бойындағы әрбір мінез-құлық көріністері жиырмасыншы ғасырдың басындағы ақындар шығармаларына өнімді тақырып болған. Оларды жырлау барысындағы ақындардың шынайы толғаныстары халықтық фольклордың нақпа-нақ нақылдарымен, мақал, мәтел түріндегі асыл ойларымен үндесіп кеткендей болады. Әр ақын ондай сәттерде өзін тебіренткен ойды халықтың мақал-мәтелі ежелден-ақ жырлап тұрғанын сезеді. Сөйтіп ақынның жүрегі мақалдап, мәтелдеп сөйлеп кетеді. Шәкәрімнің ондай сәттердегі көңіл күйі, ой-тұжырымы адамды, адамгершілікті, әралуан мінез-құлықты, пендешілік ниет-пиғылдарды, ісқылықтарды өткір де дәл әрі көркем бейнелейтін “Жығылған жан күреске тоймай қоймас”/98, 39/, “Молданың ісін қылма, айтқанын қыл”/98, 62/, “Есің барда елің тап”/98, 84/, “Ақ иіліп сынбақ жоқ”/98, 186/, “Періште алтын көрсе жолдан таяр”/98, 313/ деген сияқты толып жатқан мәйекті мақал, мәтел сөздермен кестелей жеткізеді. Халықтық мақал-мәтелдердің үлкен бір қатары достық, бірлік, ынтымақ мәселелеріне арналады. Бұл да ұлттық әдебиетіміздің даму көшінің өне бойына имандылықтың, гуманизмнің қасиетін дарытқан тақырып еді. Жиырмасыншы ғасырдың басында өзінің тыныс-тіршілігін алыс-жақын жұрттармен жалғастырған қазақ елі үшін ынтымақ пен бірліктің мәні айрықша зор еді. Адам мен адамды ғана емес, ел мен елді, халық пен халықты жақындастырар достық қатынастарды бұл кезде әр ақын өз шығармаларына өзекті арқау етті. “Кәпір” бар, “мұсылман” бар - барлығы адам,
Оларды алалайтын қандай надан?! Өнер, білім, әділет кім қолдаса, Қай ұлт болсын - бәрі бір бауыр маған,- деген/90, 60/ Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңінің идеялық, азаматтық тұғырының соншалықты беріктігі анық көрінеді. Осыған үндесе Шәкәрім де былайша толғанады: Еңбекке шыда, ебін тап та, “Сабырдың түбі - сары алтын”. Өзімшіл болма, көпті ардақта Адамның бәрі - өз халқың./74, 189/ Ақын адам бойындағы еңбекқорлық, сабырлылық сияқты қасиеттерге көпшілдікті, өзгенің бәрін өзіңдей көрушілікті қатар қояды. Түйіндеп айтқанда, Шәкәрім өзінің айналасында болып жатқан құбылыстардан, дәуір тынысынан туындаған ойлы пікірлеріне осылайша халық даналығынан, фольклорлық мұралардан үндестік табады, халқына арналған ғибратты ойларын халқының өзі жасаған жауһар сөздерімен өрнектеп жеткізеді, имандылыққа толы сезімін әсерлеп ұсынады. Әр қазаққа таныс мақал-мәтелдер мен нақыл сөздердің ұтымды әрі орнымен жұмсалуы Шәкәрім өлеңдерінің ішкі мазмұны жағынан ғана емес, сыртқы пішіні жөнінен де көркемдіктің биігіне көтерілгенін аңғартады. Халықтық фольклордың бұл дәстүрі ақынның ой жүйесін, тілінің шұрайын арттыруға өлшеусіз ықпал етті. Содан да болар, ақын айтар ойын ұзақ баяндап, тәптіштеп түсіндіріп жатпайды. Халықтың тілдік қорындағы мақал, мәтел, нақыл сөздер сияқты дайын тұрған бейнелі де көркем, бас-аяғы жинақы, әсерлі, нысанаға дөп тиерліктей мерген де өткір тілдік айшықтарды, сұлу да сырлы сөз тіркестерін орнымен пайдалануға ұмтылады. Сонымен қатар, Шәкәрім өз тарапынан да осынау мол қазынаның қазанын еселей түседі. Ойшыл ақын жүрегінен шыққан шұрайлы тіркестер де фольклорға тән ғибратты ойлардың төңірегінен туады. Шәкәрім қаламынан туған “Өнер қылма ар сатып”/98, 37/, “Арың сатпа, терің сат, алалды ізде”/98, 94/, “Ақылға билетпеген пенде айуан”/98, 263/ деген нақылдар ар, ақыл, адалдық тәрізді қастерлі ұғымдар жөніндегі ой маржандары іспетті болса, “Дін тазасын ой табар”/98, 206/, “Шыннан өзге құдай жоқ, анық құдай - Шын құдай”/98, 241/ тәрізді кестелі сөздер шындықтың құдіретін, адам сенімінің тазалығын паш етеді. Шәкәрім шындықты құдайға теңейді. Ал “Арам жемтік азығы иттің деп біл”/98, 81/, “Алтынды ер атқа тисе отқа жақ”/98, 133/ деп келетін әсем
тізбектер мәңгі қатар жүретін жақсы мен жаман, асыл мен жасық, ақ пен қара секілді ұғымдар төңірегінен ой тереді. Тізе берсе Шәкәрімнің ойынан түзіліп, қаламымен қаланған мұндай сәулетті сөз оралымдары аз емес. Халық фольклорындағы дәстүрлі мақалмәтелдер қатарынан өз орнын табарлықтай бұл нақышты нақылдар ақын ойының көркемдік-эстетикалық асқақтығын аңғартумен бірге, бұл қазынаның тамыры құнарлы топырақтан, халықтық сөз өнері дәстүрінің ыстық қайнарынан нәр алып жатқанын көрсетеді. Шәкәрім бірқатар халықтық мақал-мәтелдерді бастапқы қалпында өзгертпей қолданған. Ол ақын өлеңдерінің формасына, ой ағысының құйылысына орай алынып отырған. Атап айтқанда, “Ноқталы басқа бір өлім”/98, 31/, “Есің барда елің тап”/98, 84/, “Көппен көрген ұлы той”/98, 38/, “Алты бақан ала ауыз”/98, 80/, “Бүлінгеннен бүлдірге алма”/98, 95/, “Өткен іске өкінбе”/98, 122/, “Жылы-жылы сөз айтса, жылан ішінен шығады”/98, 146/, “Еркек тоқты құрбандық”/98, 287/, “Иесімен ас тәтті”/98, 302/, “Ел құлағы елу”/98, 305/, “Аға өлсе, жеңге мұра”/98, 312/ сияқты фольклорлық қалпын сақтаған мақал-мәтелдер де Шәкәрімнің өмір, тіршілік. адамдар арасындағы қарым-қатынас, әдет-ғұрып, салт-дәстүр ұғымдары туралы философиялық ойларын өлең жолдарымен өрнектеуге дәстүрлік негіз болып тұр. Осылайша Шәкәрім қазақтың мақал-мәтел сөздерінің мағыналық байлығын, алуан қырлы қасиеттері мен сан түрлі бояуларын мейлінше мол әрі орынды пайдалана білді. Фольклорлық қазыналарымыздың алтын қорындағы мақалмәтелдермен іштей сабақтасып жатқан жанр - мысалдар. Мысал өлеңдерінің табиғаты мақалдарға өте жақын сезіледі. Екеуі де аса ертеден келе жатқан дәстүрлі фольклорлық жанр. Пішіндік, құрылымдық жағынан әртүрлі болғанмен, “…мақал мен мысалдың қайсысында да халықтың өмір тәжірибесі, көрегендігі мен даналығы, өмір туралы түсінігі нағыз халықтық рухта тапқырлықпен, тартымдылықпен бейнеленеді.”/99, 115/ Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі әдебиет үшін мысал аса қажет әрі қуатты жауынгер жанр болды. Оның себебі де көп еді. Абай үлгісіндегі шынайы көркем мысал өлеңдер бұл кезендегі тарихи-әлеуметтік, саясимәдени өмірдің қилы-қилы өзгеріс-қалтарыстарын, жақсысы мен жаманын, бары мен жоғын, ағы мен қарасын ажырата бейнелеуде өлшеусіз қызмет атқарды. Ұлы ақын Абай қалыптастырған сыншыл әдебиеттің басты міндеті кемшілікті әшкерелеп, айналадағы өмірдің психологиясын, мінез-құлқын сынау болса, бұл мақсатқа жетуде Ахмет Байтұрсынов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Нұржан Наушабаев, Нарманбет Орманбетов, Ғұмар Қараш, Мұсабек Байзақов, Мақыш Қалтаев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, т.б. ақындар классикалық үлгідегі мысал жанрын ерекше өткір де ұтымды пайдаланды. Кезең поэзиясына тән дидактикалық, ағартушылық сипат та мысал жанрының өркендеуіне кең жол ашты. Ал ең басты себеп мысал
жанрының көркем бейнелеу тәсілінің оңтайлылығында, мысал мазмұнына арқау болар сюжеттік желілер мен өмірлік құбылыстардың қарапайым көпшілікке етене жақындығында жатса керек. Яғни мысал өлеңдердің оқиғасы тартымды әрі тура өмірден алынғандай қалып танытады. Мысал өлеңнің хас шебері Ахмет Байтұрсынов осынау жанрдың мәнін “Адамның ғамалын, мінезін, құлқын жанды-жансыз нәрселер арқылы салтсанасына сәйкес көрсетіп өнегелеу”,- деп /96, 246/ түсіндіреді. Анықтамаға жүгінсек, мысал өлеңдердің негізгі объектісі - адам, бейнелеу құралдары да күнделікті тұрмыстан алынған жанды, жансыз нәрселер. Мұның өзі мысал жанрының ертеден келе жатқан көне фольклорлық жанр екенін аңғартса керек. Оның тамаша үлгілері ежелгі грек, одан кейініректе француз, орыс әдебиеттерінде көп кездескенімен, мысал жанры өзінің эстетикалық табиғаты, тағылымдық, ғибраттық мазмұны жағынан Шығыс елдерінің фольклорына етене жақын сезіледі. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ поэзиясының осы саладағы табысы екі арнадан бастау алады. Оның біріншісі халықтық фольклордан келе жатқан мысал өлеңдер мен мысал әңгімелер болса, екінші арна әлем әдебиетінен үйрену, түрлі европалық ақын-жазушылардың мысалдарын аудару тәжірибесі еді. Қазақ ақындары осы екі бастаудан да молынан сусындады. Ал Шәкәрім болса, бұл салада алғашқы арнадан, яғни фольклорлық дәстүрден тиянақ іздеді. Шәкәрімде өзге тілдерден тікелей тәржімаланған аударма мысалдар жоқ. Ақынның таза классикалық үлгіде фольклорлық сюжетке жазылған алты мысалы бар. Мұның сыртында белгілі бір сюжеттік желіні арқау еткен бірнеше өлеңдері және бар. Бірақ мысал жанрына тән өлшемдерден өзгешелеу жатқандықтан ол шығармаларды біз мысалға қатысты қарастырмауды жөн көрдік. Шәкәрімнің мысалдарының ертегілік сипаты басым болып келеді. Кейіпкерлері де осы үлгідегі классикалық мысалдарда жиі көрінетін қасқыр, түлкі, бөдене сияқты хайуанаттар. Олардың әрқайсысы өмірдегі белгілі-бір мінез-құлықтың, ұғым-түсініктің символдық көрінісі дәрежесінде бейнеленеді. Олардың бастан кешетін оқиғалары - ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың күресі. Шәкәрімнің қаламынан туған мысалдардың дені әлемдік әдебиеттегі мысал жанрының ертеден келе жатқан даму жолында айтылып жүрген, белгілі-бір дәрежеде оқырманға аз-кем таныс оқиғалар желісіне құрылған. Мәселен, “Піскен мен шикі”, “Қаншыр мен бөдене”, “Ақылшы торғай”, “Қасқыр, түлкі, бөдене” сияқты шығармаларында әр кезеңдерде әртүрлі әдебиет өкілдерінің назарына іліккен сюжеттерге ұқсас жайлар баяндалады. Атап айтқанда, “Қасқыр, түлкі, бөдене” мысалының кейіпкерлері орыс әдебиетіндегі қасқыр, түлкі, бөденелерге ұқсас жағдайларды бастан кешірсе, “Піскен мен шикі” мысалында Шәкәрім еңбекті уағыздауға келгенде Ыбырай
Алтынсаринның “Бай мен жарлы баласы”/100, 41/ деген әңгімесіндегі Асан мен Үсеннің бастан кешкен оқиғаларына сарындас мәселені тілге тиек етеді. Шәкәрімнің бұл мысалының кейіпкерлері де Ыбырай мысалындағыдай бірі бай баласы да, екіншісі жарлы баласы. Ыбырайдың Асаны мен Үсені ауыл көшкенде қыр астында ойнап жүріп жұртта қалып қойса, Шәкәрімнің кейіпкерлері аңда жүріп далада жаяу қалады. Бай мен жарлы баласы аңға шықты, Жалаң қағып жарап тұр аты мықты, Жортып жүрген түлкіні көрді-дағы, Қуып барып еріксіз інге тықты.
Екеуі келді шауып атты қыстап, Түлкіні аламыз деп отпен ыстап. “Шылбырынан арқандап атты отқа қой, Тойып қалсын болғанша біз жұмыстап.”/98, 74/ Оқиғаның барысын баяндауды Шәкәрім осылайша ертегілік сарында бастайды. Кей тұста батырлар жырларында ұшырасатын баяндау тәсілінің ізі байқалады. Әсіресе шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетін, көңіл күйін суреттеуде бұл қасиет айқын көрінеді. Тіршілік талқысына тап келген сәтте бай баласы шарасыз күйге түссе, жарлы байғұс көзіне шалынып, қолына іліккен әрбір зат пен мүмкіндікті өз қажетіне пайдалана біледі. Досын арқалап жүріп аман алып қалады. Шәкәрім екі баланың бойындағы жер мен көктей айырмашылықты жай ғана мінез-құлық көріністері ретінде немесе байлық пен кедейліктің арасындағы кереғарлық деп суреттемейді. Әңгіменің төркінінде өмір философиясынан бастау алатын терең ғибрат жатыр. Мұның өзі мысалдың “Піскен мен шикі” деген тақырыбынан байқалады. Шәкәрім ғибратының төркіні - еңбек ету, әрекетсіз отырмау. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген Абай сөзінің үлкен ұлағаты Шәкәрім мысалының да темірқазық идеясын құраған. Сонымен қатар, мысалда қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігіне, кәсіп түрлеріне қатысты этнографиялық детальдар да мол шоғырланған. Аң аулау тәсілі, түлкіні іннен ыстап алу, ат арқандау, қыл шылбырды пайдалану, таспадан бау, инеден қармақ жасап балық аулау тәрізді тіршілік эпизодтары шағын-шағын детальдар арқылы шынайы бейнеленген. Не қылды, байқадың ба, піскен адам? Қор болар үйде отырып өскен адам.
Қиялап қиын жерде сол озады, Көп жол көріп, басына іс түскен адам, - деп/98, 77/ қорытынды жасайды Шәкәрім. Классикалық үлгідегі мысал жанрына тән ерекшелік белгілі-бір сюжеттік желіні баяндай келіп, соңында авторлық қорытынды жасау. Яғни әр ақын өзі әңгімелеп отырған оқиғаның ғибратын, түпкі ой түйінін шығармасының соңында тұжырымдап отырады. Қорытындының берілу формасы әртүрлі болғанымен айтар ойы мен мақсаты бір. Шәкәрім де сол қалыпты бұзбайды. Әр мысалының соңын дидактикалық, тағлымды ойлармен түйіндеп, тиянақтап отырады. Қазақ фольклорында, оның ішінде мысал өлеңдерде өте көп сыналатын мәселелер - арамдық, өтірік, мақтаншақтық, досқа опасыздық. Шәкәрімнің барлық мысалдары дерлік осы тектес
классикалық тақырыптарды арқау етеді. Атап айтқанда, “Қаншыр мен бөдене” мысалында қалың қамысты мекен еткен қаншырды алдап, қамқорлық жасағансып жүрген бөдененің басына іс түскенде серігін қаршығаға жем қылғаны, сөйтіп опасыздық жасағаны әңгімеленсе, “Қасқыр, түлкі, бөдене” мысалы да осымен төркіндес. Ондағы кейіпкерлер бірін-бірі алдайды. Осы тұста Шәкәрімнің мысалдарына кейіпкер болатын хайуанаттар мен құстар бейнесі туралы айтпай кетпеске болмайды. Өйткені Шәкәрім оларды бейнелеуге келгенде, дәлірек айтқанда, әрбір іс-әрекетке, мінез-құлыққа қатысты кейіпкер таңдауда ақын классикалық дәстүрдегі мысал жанрына жаңа сипаттар дарытады. Әдетте фольклорлық кейіпкерлер қатарындағы қасқыр қашанда қара күштің, зорлық пен қиянаттың, түлкі қулық-сұмдықтың, арамдықтың символы, ал торғай мен бөдене әрдайым сол қиянат пен арамдықтың құрбаны ретінде бейнеленеді. Шәкәрімнің мысалдарында да осы хайуанаттар бар. Бірақ олар фольклорлық үлгімен дәлме-дәл келе бермейді. Мәселен, Шәкәрімнің бөденелері бірде қаншырды, бірде түлкіні алдайды, түлкіден де айласын асырған қу болып көрінеді. Керісінше, ақынның мысалындағы қасқыр зұлым күштің иесі емес, қайта қу түлкіге алданған аңқау хайуан ролінде. Түлкінің мінезі әрқилы, бірде өзгені алдайды, бірде өзі алданады. Ал “Епті тышқан” мысалының бас кейіпкері іші мен тысы, ісі мен сөзі сәйкес келмейтін боскеуде, әрі мақтаншақ, әрі өтірікші күрделі бейне. …Қоймада қап тесіп, өзге де тышқандармен бірге бидай ұрлап жүрген епті тышқан бір күні ірімшік толы күбіге тап болып, оның да түбін тесіп, өзгелерге айтпай жасырып жеп жүреді. Сөйтіп серіктерінен оқшауланып қалады. Көсемсіз күндерін көре алмай, қарындары ашқан індестері бір күні “көпті көрген батыр едің ғой, көмектесе көр” деп бұған жалынып келеді. Өзі күбідегі ірімшікті адамдардан бір ұрлап, серіктестерінен тағы жасырып жүрген көсем тышқан сонда шімірікпестен:
Ол айтты: “Тәубә қылдым сопы болып, Ұрлық қылған күнә ғой елді торып. Мұнан былай келмеңдер маған жақын, Кеудеме кетті бүгін иман толып,” - дейді./98, 166/ Бұл сөздерде өтірік те, аярлық та, мақтаншақтық та, арамдық та, опасыздық та жинақталған. Серіктестерінің сенімін ақтаудың орнына қара басының қамын ойлаған өзімшілдік пен сатқындық та бар. Осы сипаттардың бәрін бір ғана оқиға төңірегіне топтастырған Шәкәрім: Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп, Сырты сопы, іші арам қылықтар көп, Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп, Адалымсып жүретін ұлықтар көп, - деп/98, 166/ қорытынды жасайды. Шынайы фольклорлық желіні классикалық дәстүрде жалғастыра отырып, оны бүгінгі күннің психологиясымен сабақтастыра түйіндейді. Мысалдың Шәкәрімнің қолданысындағы мағыналық астары енді бір тұста “Молданың ісін қылма, айтқанын қыл” деген/98, 62/ халық даналығына қарай жетелейді. Қалай болғанда да өзінің насихаттық, ағартушылық бағыттағы ғибратты ойларын беру үшін Шәкәрім халық фольклорындағы мысал жанрының мүмкіндігін мейлінше ұтымды пайдалана білген. Және оған өзінің ақындық талантының деңгейіне сәйкес заман мәселелерін толғау қажеттілігіне байланысты тың бояу, терең ой дарытқан. Шәкәрім мысалдарында ауыз әдебиетінің шағын жанрларына тән барлық көркемдік сипаттар көрініп отырады. Оларда шешендік тіл өрнектері бар, мақал мен мәтелге ұқсас тағлымды ой мен қысқалық, тұжырымдылық, нақтылық, жұмбақтарға тән астарлы ишарат бар. Осы тұрғыдан Шәкәрімнің “Ақылшы торғай” деп аталатын мысалын/98, 122/ айрықша қарастыруға болады. Сюжеттік арқауы қазақтың ежелгі этнографиялық тіршілігінен алынғанымен бір қарағанда орыс әдебиетіндегі А.С. Пушкиннің “Балықшы мен балық” ертегісінің оқиғасына ұқсас болып көрінеді. Бірақ оқиғасы сырттай ұқсас болғанмен екі шығарманың ғибрат етіп ұсынар ойларының төркіні екі түрлі. А.С.Пушкин шығармасында дүниеқоңыздық, тойымсыздық әшкереленсе, Шәкәрімнің мысалында бұдан әлдеқайда кең әрі терең ойлар түйінделеді. Онда қазақтың ұлттық діліне тән қасиеттер, ұлттық философия мол, халық даналығының элементтері терең сіңірілген. …Құрған тұзағына түскен торғайды сатпақ болып тұрған адамға қолындағы торғай адамша тіл қатады. Айтайын үш ауыз сөз, ұғып алсаң,
Өз обалың өзіңе ұқпай қалсаң. Соны білсең есепсіз бай боласың, Мал табуға айла сол, тілге нансаң, - деп/98, 122/ бірінші сөзін қолда тұрып, екінші, үшінші сөздерін қора үстінде, тал басында отырып айтуға келіседі. Торғай: “біріншіден, орынсыз өтірікке сенбе, екіншіден өткен іске өкініп ыза болма,”- дейді. Бұл сөздерін адам да мақұл көріп тұрғанда торғай: Соны айтып ұшып-қонды биік талға: - Боламын неге тұтқын сендей шалға. Бар еді он мысқалдай гауһар тасым, Айрылдың соны ала алмай алдағанға, - дейді./98, 123/ Мұны естіген адам алданғанын біліп, сақалын жұлып жылайды, үш мысқалдық дене тұрқы жоқ торғайдың бойында он мысқал гауһардың болуы мүмкін еместігін ойламайды. Әуелі қисынсызға нанба дедім, Алдау сөзге бойыңды салма дедім. Екінші - өткен іске уайым жеп, Емі жоқ бос қайғыға қалма дедім.
Орынсыз өтірікке сонша нандың, Өткен іске өкініп қайғыландың. Үшінші сөзді саған үйретпеймін, Алдыңғы екі сөзді ұқпай қалдың, - деп/98, 123/ ақылды торғай ұшып кетеді. Он алты шумақтан тұратын бұл мысалдың бойынан фольклорлық шығармаларға тән бірқатар ұғым-түсініктер бой көрсетеді. Ең алдымен, шығарма сюжетінде ертегілік сипат айқын. Ертегілерде батырлардың аттары, самұрық құстар, балықтар, тағы басқа хайуанаттар қиын-қыстау сәттерде, иесі тығырыққа тірелген кездерде адамша тілге келіп, оқиғаның желісіне араласады. Шәкәрім де торғай арқылы осындай романтикалық бейне жасаған. Тұтқынға түскен торғай адамша сөйлеп кетеді. Сөйлегенде де қазақ фольклорындағы шешендік сөздердің мақамына салып, мақалдап тіл қатады. Үш ауыз сөзге рұқсат алады. Халық даналығына тән тапқырлық жасап, адамды сөзбен сынайды. Тұспалдап, жұмбақтап, терең астармен сөйлейді.
Айтар ойды бірден жайып салмай, астарлап жеткізу, жұмбақтап айту ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр. Шәкәрім шығармаларында бұл дәстүрдің нышаны жиі ұшырасады. Қалқаман мен Мамырдың алғашқы тілдесу сәтінде, Кебектің болашағын болжаған Нысан абыздың толғауында, тіпті сол “Еңлік-Кебек” поэмасындағы Кеңгірбайдың “Ей, Көбей, сұңқар қалай, тауық қалай” деген сөздерінде осындай астарлылық, халықтық философия жатқаны анық. Халық фольклорында, әсіресе аңыз, мифтерде “үш”, “жеті”, “қырық” сандары қасиетті саналады. Ертедегі адамдардың түрлі наным-сенімдерінен туындаған әралуан ұғым-түсініктерге сәйкес фольклорлық шығармалардағы уақыт, кеңістік өлшемдерін белгілейтін бірқатар көркем бейнелеу құралдары қалыптасқан. Ауыз әдебиетіндегі батырлардың немесе жолаушылардың “үш күн, үш түн” жол жүруі, “қырық күншілік” сапарларға аттануы, “жеті басты” айдаһарларға тап болуы, “жеті қат” жердің астына түсуі сияқты мысалдар жайдан-жай кездейсоқ алынған жайлар емес, белгілі-бір наным-сенімге сәйкес туған ұғымдар деуіміз керек. “Ақылшы торғай” мысалындағы торғай да не бір, не төрт-бес емес, үш ауыз сөз сұрайды. Бұл, сөз жоқ, фольклорлық дәстүрдің нышаны. Бұл ғана емес, Шәкәрімнің өзге шығармаларында да осы тәрізді мысалдар кездеседі. Мәселен, “Нартайлақ - Айсұлу” поэмасының кейіпкерлері Барғана мен Самсы “үш күнге” деп уәде байласады, Нартайлаққа “үш күнде жетсін” деп хабар айтылады. “Еңлік-Кебектің” финалында Еңлік ажал ауызында тұрып үш түрлі тілек сұрайды. Жұмбақ - әрі фольклорлық, әрі әдеби жанр. Сонау ерте замандардан, адамдардың өздерін қоршаған орта, тіршілік, табиғат құбылыстары туралы түсініктері таяз болған кездерде осынау құпия сырларды білсем, танысам деген алғашқы талпыныстардан туған бұл жанр бүгінгі әдебиетке дейін жемісті жалғасып келеді. Қай кезеңде де халықтың даналық ойының, тапқыр да ұшқыр ақылының көрінісіндей болған бұл туындылар ақынжазушылардың көркем бейнелеу құралдарының айнымас бір бөлігі саналды. “Жұмбақ - таным құралы, бір құбылысты түрлендіре құбылту арқылы әр тарап, сан қырынан тануға болады.” /101, 47/ Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиетте де фольклордың осы бір көркем де шымыр жанры жан-жақты әрі молынан көрінді, сол тарихи кезеңге лайық тақырыптарды көтеруге атсалысты. Қазақтың көшпелі замандарынан келе жатқан қарапайым тіршілік құралдары, еңбек аспаптары, мал мен құс, шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты бұрыннан келе жатқан тақырыптарға білімді, ғылымды, өнерді, өзге елдерден келген жаңа ұғымдарды, түрлі киім мен көлік түрлерін бейнелейтін жұмбақтар қосылды. Осы кезеңде өмір сүрген Нұржан Наушабаевтың, Әубәкір Кердерінің, Шораяқтың Омарының, Сұлтанмахмұттың, Әсет Найманбаевтың, т.б. ақындардың шығармаларынан әртүрлі үлгідегі жұмбақтарды кездестіреміз.
Шәкәрімнің өз қаламынан туған сегіз жұмбағы бар. Олардың қайқайсысы да ақынның терең ойшыл қалпын танытады. Жоғарыда атап айтқанымыздай, Шәкәрім өзінің өлеңдері мен поэмаларында ойды жұмбақтап, астарлап жеткізудің, сол арқылы оның философиялық мәнін, салмағын еселей баяндаудың шебері ретінде танылды. Ақын қаламынан туған жұмбақтар да осы жайды дәлелдей түседі. Шәкәрімнің жұмбақтары ежелден келе жатқан дәстүрлі сипаттарды сақтаған. Әдетте жұмбақтар адамдардың қоршаған ортаға, табиғатқа, күнделікті өмірдегі заттар мен құбылыстарға бағытталған түсінік-танымын кеңейтеді, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Онда қарапайым заттың, не құбылыстың өзі әсерлі поэтикалық өрнекпен беріледі. Жұмбақтардың тілі бейнелі, образды тіл болуға тиіс. Міне, осы тәрізді дәстүрлі қасиеттердің бәрі Шәкәрімнің жұмбақтарында жан-жақты көрінеді. Шәкәрімнің жұмбақтары өлеңдік формасымен, әсем әуезділігімен және қыздың жиған жүгіндей жинақылығымен ерекшеленеді. Жұмбақтап отырған ой өрімін ақын он бір буынды көркем өлең үлгісімен өрнектейді. Жұмбақтарының ішкі құрылымында да фольклорлық дәстүрдің нышаны сезіледі.
Өлшеусіз, түпсіз терең бір дария бар, Көрмейміз, құр естиміз анық хабар. Дарияның суын түгел құятұғын Ол сиярлық ыдыс бар кішкентай тар. Дарияны сол ыдысқа құя білсең, Керек суы болады көзге даяр. Ондай бірақ дарияны естімейміз, Көзбен анық көреміз, байқа, дос-жар. Ол суда ылай да бар, тұнық та бар, Ылай суды тұнықтан кім айырар? Ылай судан тазасын айыруға Дария көрген адамның бәрі құмар. Дария не, ыдысы не, тазасы не? Көрген кім? Айырған кім? Табыңыздар. Бес шешуі бір жерден табылмаса, Шешкен емес, бірқалай ой сандалар. /98, 276/
Қарап отырсақ, Шәкәрімнің бұл жұмбағында фольклордағы ертеден келе жатқан жырлау дәстүрінің сарыны сезіледі. Ертегілік, аңыздық бейнелеу жүйесі бар. Жұмбақтың алғашқы төрт тармағында осындай ерекше фольклорлық сурет салынған. Көз алдымызда бір көлдің суын бір өзі ұрттайтын Көлтауысардың немесе көзіне түсіп кеткен сүйекті алу үшін жанарына қырық қайықшы, қырық кемеші түсіретін қиял-ғажайып ертегі кейіпкерлерінің бейнелері келеді. Қазақ ұғымында, фольклорлық түсінікте “дария” ұғымы шетсіз-шексіз кеңдікті бейнелейді. Ал осы кеңдікті Шәкәрім тағы да сол ертегі, аңыздардағы секілді кішкентай ғана тар ыдысқа сыйдырады. Шынайы фольклорлық сурет. Жұмбақтың негізгі “кейіпкері” де дария мен ыдыс. Осы екі ұғымды шендестіре отырып, ақын жұмбақтың астарына адам баласының ең қымбат қазынасын жасырады. Шәкәрімнің өзі ұсынған жұмбақтың шешуінде терең дарияны шешендік сөз деп береді. Шындығында да қай халық үшін де тіл ең асыл қазына, ұшы-қиыры жоқ мол дариядай байлық болса керек. Судың да тазасы, ылайы болатыны тәрізді Шәкәрім сөз дариясының өзін екіге бөледі. Таза суы - шешендік өнер. Жұмбақтаған кішкентай ыдысы - әріп, біздің кәдімгі жазусызуымыз. Сөзді құлақ естиді, бірақ көз көрмейді. Ал осы сөз бен ой дариясын біртіндеп сол ыдысқа құйсақ, яғни әріп түрінде қағаз бетіне түсірсек, көзбен көрер қазынаға айналмақ. Жұмбақ құрылымын осылайша фольклорлық негізде ала отырып, ақын оның ішкі мазмұны мен сыртқы пішініне өз дәуіріне тән ерекшеліктер дарытады. Рас, сөз бен ой, ақыл дариясы сияқты ұғымдар бұрыннан-ақ жұмбақтарға нысан болып келеді. Осы ұғымдарға әріп, жазу, сызуды қосу арқылы Шәкәрім жұмбағына жаңа мағыналық бояу енгізген. Адам баласының, әсіресе қазақ ұрпағының оқып, білім алуын, сауатты, мәдениетті болуын армандаған ақын жұмбағының астарына да өзінің ағартушылық идеясын сіңірген. Сауатты, білімді жан ғана таза судан ылай суды, яғни шешен сөз бен қатардағы қарабайыр сөзді ажырата алмақ. Осы арада Шәкәрім “дария көрген адам” деген тың ұғым ұсынады. Онысы - білімді адам. Жақсы мен жаманды, таза мен ылайды айыру үшін “дария көрген адам” болуың шарт. Өз замандастарына қажет ғылым, мәдениет, оқу тақырыбын Шәкәрім бірқатар жұмбақтарында одан ары жалғастырады. Атап айтатын нәрсе - ақын қаламынан туған сегіз жұмбақтың бесеуі осы мәселелерді арқау еткен. Мәселен, қарындаш туралы мысалын алайық: Тамам сөзді сөйлейді, сөйле десе,
Етінен ет кесемін сөйлемесе. Айт десем, айтпайтұғын жауабы жоқ Сүйгенімді сөйлеттім әлденеше. /98, 276/
Бұл осының алдындағы жұмбақтың логикалық жалғасы тәрізді. “Дарияның” мөлдір тамшыларын “Кішкентай ғана тар ыдысқа” тамызып тірілтетін “сөйле десе сөйлейтін” осы зат, кәдімгі қарындаш. Жүректен шыққан жауһар ойлары мен маржан сөздерін ақын қарындаш арқылы өрнектеп, жыр жолдарын тізгенін айтады. Қарындашты жұмбақтап бейнелеу жолы халық жұмбақтарының сарынымен сабақтас. Өзі сөйлей білмейді, Салған ізі сөйлейді,- делінеді/102, 117/ фольклорлық мақалда. Мұнда да қарындаш “сөйлейді”. Шәкәрім де осы тәсілді қолданады. Оқу, білім тақырыбына арналған тағы бір жұмбағында Шәкәрім бірден онға дейінгі арифметикалық сандар қатарын алады. Жұмбақтың өне бойынан ақынның айрықша суреткерлігі көрінеді. Әлбетте жұмбақтың көркемдігі оның сыртқы өрнегінде ғана емес, ішкі мазмұнының құпиялылығында, жұмбақ авторының өзі жасырып отырған заты мен құбылысының бойынан ерекше белгі, нышандарды көріп немесе оны ұғымы алшақ заттармен салыстырып, сол арқылы жұмбақтау шеберлігінде де жатса керек. Бұл жағынан келгенде Шәкәрімнің жұмбағы фольклорлық жанрдың барлық шарттарына жауап береді. Тоғыз қатын жиылып бір толғатқан, Бірін-бірі буаз ғып жуандатқан. Тоғызының киімі тоғыз түрлі, Келген кісі сияқты әр тараптан. Босанғанда тоғызы бір ұл тауып, Балаға екі түрлі киім жапқан. Бір киім шешесіне ұқсаса да, Бір киімі келіп тұр бөтен жақтан. Қатындар не? Киім не? Баласы не? Көпке киім жетеді не себептен? /98, 277/ Арифметикалық сандар қатары осылайша кәдімгі адамдардың кейпінде жұмбақталады. Фольклорлық шығармаларда кездесе беретін көркемдік тәсіл. Бір қарағанда, осы екі ұғымның, яғни он түрлі сан мен тоғыз әйелдің арасында ұқсастық жоқ сияқты. Ал Шәкәрім болса бірден тоғызға дейінгі арифметикалық цифрлардың бірте-бірте сандық мәнінің арту процесін әйелдердің жүктілік мерзімінің өсуімен салыстырып, ақыр аяғында олардың бәрі “толғатып”, бір ұл тапқанын айту арқылы “10” санының туғанын тұспалдайды. “Киімі”- сол сандардың сыртқы пішіні.
Жұмбақ жанрында Шәкәрімнің өзіндік жаңалығы бар. Оның халық жұмбағының тақырыптық аясын кеңейтіп, мазмұндық, көркемдік кестесіне жаңа бояулар қосқаны өз алдына бір төбе. Оған қоса ақын өзінің әр жұмбағының шешімдерін де жыр жолдарымен өрнектеген. Шәкәрімнің жұмбағы мен оның шешуі біртұтас көркем туынды іспетті. Шешу шумақтарында ақын ойының тапқырлығы, тілінің шешендігі көрінеді. Жоғарыдағы он саны туралы жұмбақтың шешуін ақын былайша береді: Тоғыз қатын - тоғыз сан, тоғыз бөлек, Тоғыз цифр киеді түсі өзгерек. Бірінен-бірі жуан бола беріп, Ойласаң тоғыздан “он” туса керек. Киімі оның бір цифр, бір ноль болар, Ноль деген цифрдан жат бір дөңгелек. Қанша санды жазса да осы он цифр, Жететінін байқарсыз, болсаң зерек. /98, 278/ Қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, айнала табиғатқа
байланысты тақырыптар да Шәкәрім жұмбақтарының аясынан тыс қалмаған. Қандай тақырыпты алса да оны ашу үшін ақын жұмбақтардың барлық жанрлық мүмкіндіктерін жарқырата пайдаланған. Сол арқылы өз идеясын баяндап, өзінің халқына жаңалықты түсіндірген, оларды айналадағы құбылыстар мен заттардың құпия сырларына қанықтырсам деген ой-арманын жеткізуге тырысқан. Ұсақ-түйекті, бар-жоқты жылтыратып жұмбақтаудан аулақ. Өзіне тән эстетикалық талғамы, ойшыл көрегендігі тұрғысынан келеді. Сол себепті де оның қаламынан туған жұмбақтар көркем, ойлы, терең әрі сұлу. Жұмбақ жанрына қойылар басты талап та осы болса керек. Халық фольклорының аса бай салаларының бірі тұрмыс-салт өлеңдері десек, Шәкәрім шығармашылығына да бұл дәстүрлі мұра өзінің мол ықпалын тигізді. Ел мұрасының бұл түрі әдетте халық тұрмысындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге, адамдар өміріндегі әртүрлі қуанышты-қайғылы жайларға қатысты болып келеді. Қазақтың өмірі қашанда өлеңмен өрнектелген. Абай айтқандай, қазақ баласының шыр етіп жарық дүниеге келгеннен бақиға аттанғанға дейінгі өмірінің бәрі өлеңмен бірге жасайды. Олай болса, қазақ ішіндегі барша оқиғалардың, той-думанның, қайғылы қазаның әрбір сәтін бейнелейтін фольклорлық, наным-сенімге, арман-мақсатқа суарылған ырымдық, тұрмыстық жырлардың мол кездесуі заңды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің фольклорлық тұғыры айқынырақ болды. Әрбір ақынның, әрбір жазушының шығармасынан осы дәстүрдің сарыны сезіліп тұрды. Халықтық фольклордан нәр алып, ата
дәстүрден үйрене жүріп қалыптасқан қазақ қаламгерлері бұл қазынаның мүмкіндіктерін мейлінше мол пайдалануға тырысты. Солардың ішінде қазақ тұрмысын, ауыл өмірін, ұлттық әдет-тұрып рәсімдерін бейнелеу кезінде ақын-жазушылар тұрмыс-салт жырларына жиірек жүгінді. Әсіресе қыз ұзату, келін түсіру сахналарын суреттеуде фольклордың беташар, жар-жар, сыңсу, қоштасу сияқты түрлері тамаша көркемдік құралға айналды. Сөзіміз дәлелді болу үшін Сұлтанмахмұттың “Ауырмай есімнен жаңылғаным” атты әңгімесіндегі сыңсудың классикалық үлгісін, “Қамар сұлу” романындағы жаңа тұрпатты жар-жарды алайық. Алты жыл қимай кеткен қайын енем! Қай жерде қайтқаны бар көңілің менен?
Алты жыл қимай кеткен құлыным-ай! Он үзген омыртқамды, жұлыным-ай! Қарбаңдап, сүйіп мауқым басатұғын, Айрылып сенен-дағы ұлыдым-ай! - деген/103, 135/ қыз сыңсуының зарлы сарыны дәстүрлі үлгіге сәйкес келгенмен Сұлтанмахмұт сол үлгіні жаңа мазмұндық бояумен байытып, оны күйеуі өліп, алты жыл артын күтіп отырған жесір әйелдің шер тарқатар зарына айналдырған. “Қамар сұлудағы” Қамардың “Жар-жары” “Зар-зарға” ұласады: Аққу құсты жапалақ Қалай алар, зар-зар! Ойлап па едің ақ тұйғын, Текке қалар, зар-зар! /103, 28/ Фольклорлық дәстүрлі форма шығарманың мазмұндық желісін баяндауда, нақты оқиға тартысын сүреттеуде ерекше қызмет атқарып тұр. Оған қоса, Сұлтанмахмұттың заманындағы әйелдер басына түскен салтдәстүр ауыртпалығынан туған уақыт үні “зар-зар” болып төгілген. Мұндай мысалдар бұл дәуірде өмір сүрген өзге ақындарда да аз емес. Олардың барлығының түп-төркінінде дәстүрлі тұрмыс-салт жырларының өміршең өнегесі жатқаны ақиқат. Шәкәрімнің шығармаларында кездесетін тағы бір фольклорлық форма - мұң-шер өлеңдері. Адам баласы өмір сүргеннен бері қарай онымен бірге жасасып келе жатқан мәселелер - өмір мен өлім туралы түсініктер. Өмірдің өткіншілігі, тіршіліктің тәттілігі, бір күнгі жарық дүниенің мәні қаншалықты ыстық болса, өлімнің адам баласына әкелер қайғы-қасіреті де соншалықты
ақиқат, одан құтылатын амал жоқ. Бұл мәселелер әдебиеттер тарихында сан ғасырлар бойы жырланып келеді. Қандай халықтың көркем ойының қалыптасу, өркендеу жолына, рухани мұраларына,
әдебиеті мен фольклорына көз салсақ та, осы шындық алдымыздан шығады. Мұң-шер өлеңдерінің қоштасу, жоқтау, естірту сияқты түрлері бар. Олардың әрқайсысының өзіне тән дәстүрлі көркемдік ерекшеліктері де айқын. Шәкәрім ақын да өзінің әр кезеңдегі көңіл күйін, кейіпкерлерінің басындағы психологиялық жағдайды, тағдыр талқысына түскен жандардың сезімін бейнелеуде осынау дәстүрлі жанрларды, фольклорлық поэтика құралдарын көп пайдаланған. Ақын шығармаларының ішінде әсіресе қоштасу, жоқтау өлеңдерінің бірқатар үлгілері ұшырасады. Қоштасу өлеңдерінде әдетте адамның немесе лирикалық қаһарманның, әдеби кейіпкердің өзі туып-өскен ортасына, кіндік қаны тамған қасиетті топырағына, ата-анасына, ағайын-бауырларына, сүйген жарына, ұрпақтарына деген сүйіспеншілігі жырланады. Әлдебір жағдайлармен туған жерден, сүйікті адамынан, жарық дүниеден алыстап кетер шақ туған кездегі адамның психологиялық күйі, сана-сезімі, жан дүниесі суреттеледі. Фольклорлық шығармаларда, әсіресе батырлық, лиро-эпостық жырларда қоштасудың небір үлгілері кездеседі. Оларда асарын асап, жасарын жасап, бұл фәниден аттанар алдындағы қарияның өмірмен қоштасуы, кейінгілерге айтар ақыл-өсиеті немесе ғашық жарына жете алмай қиянаттың құрбаны болып бара жатқан мұңлық жанның өмірдегі қимас сәттерімен, сезімдерімен, үмітімен қоштасуы тәрізді сан түрлі көңіл күй ортаға салынады. Қоштасу өлеңдері сол себепті формалық жағынан да әралуан болып келеді. Мәселен, “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырындағы
Арқаның сен де аман бол қоңыр желі Ыстыққа күйдірмейтін салқын соғып, Аққан бұлақ, дүм ағаш көлеңкелі, Өзен, өлке, жота мен төбе аман бол. Тайлақ би, ел жақсысы, көп аман бол! - деп /104, 38/ келетін Таңсықтың жыры туған жерімен, өзен-су, көлдерімен, елімен, ел жақсыларымен қоштасу түрінде келсе, “Қобыланды батырдағы” Құртқаның қоштасуы замандас, сырласқа өз тілегін жолдау түрінде өрнектелген: Дұғай сәлем дегейсің, Тұлпарына жұмсаған Жұрт иесі сұңқарға. Және де сәлем дегейсің,
Заманы бір сырласқа, Жылы бірге жылдасқа, Жасы бірге құрдасқа, Жауы бірге мұңдасқа. /105, 34/ Шәкәрім шығармаларындағы қоштасу өлеңдерінің үлгілері де көп қырлы. Ақын кейіпкерлерінің басынан кешетін сюжеттік желілер ұқсас, көбіне қоштасу өлеңдері ғашық жастардың аузымен айтылады. Солай бола тұра, олардың ішкі мазмұндық салмағы бірдей емес. Шәкәрім өз поэмаларында Еңлік, Мамыр, Айсұлу тәрізді арулардың өмірмен қоштасар сәттегі көңіл күйін, қала берді, бүкіл болмысын, мінез ерекшеліктерін қоштасу өлеңдері арқылы жеткізеді. Ол өлеңдер өмірмен қоштасардағы зар дәрежесінде қалмаған. Шәкәрімнің Мамыры өзіне оқ атқан Көкенайға қарап тұрып:
Кешікпей мен өлемін, сен тірісің, Іс емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе, тілегім сол, Қалқаманды, Барасың тәңір алдына, білемісің, - десе/98, 286/, оның бұл үнінен өмірден мезгілсіз озып бара жатқанына титтей де қайғыру сезілмейді, қайта “Артында Қалқаманның қалғаным жоқ” деп өзінің армансыздығын айтады. Мамырдың ендігі тілегі - Қалқаманның амандығы. Ал “ЕңлікКебектегі” Еңлік те өлер алдында дәл осындай күй кешеді. Өмірмен қоштасар сәтте де айрықша қайсарлық танытады. Оның үнінде зар жоқ, арманына жеткен адамға тән сенімділік бар. Кебек екеуінің көз жұматыны белгілі. Бір қанағат тұтары - арттарында ұрпағы, өмірлерінің жалғасы қалып барады: Мына бала - Тобықты баласы ғой, Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр./98, 308/ Келтірілген мысалдардағы қоштасу жолдары кейінгілерге тілек, аманат түрінде айтылған. Дәстүрлі қоштасу өлеңдерінде де мұндай сарын кездеседі. Бұл арада Шәкәрім қоштасу өлеңдерінің ішкі динамикасына, мазмұн философиясына жаңа штрихтар қосып, халық өлеңінің көркемдік мүмкіндігін кеңейте түскен. Кейіпкер бейнесін сомдауда қоштасу өлеңдерінің формасын сәтті әрі ұтымды пайдаланған. “Нартайлақ-Айсұлу” поэмасында да қоштасу сахнасы бар. Бұл арадағы Айсұлудың қоштасуы осының алдындағы Мамыр мен Еңліктің қоштасуынан мүлде бөлек, формалық жағынан дәстүрлі қоштасу өлеңдеріне жақын. Сәлем де үш қайтара Барғанаға,
Тапсырдым әруақ пен аллаға да. Әжемнен тумаса да әкем бірге Бармайды аузым оны қарғауға да… Айта бар барсаң сәлем Самсыға да, Самсыға сүймеген қыз жар шыға ма? Шөгеріп шөкпес нарды мінемін деп, Тастады-ау талай бүлік артына да.
Сәлем айт жалғыз бауырым Күнсұлуға, Қор болып жетім қалған сұм сұлуға. Құшақтап үш қайтара сүйер едім, Еркім жоқ көремін деп ұмтылуға. /98, 319/ Бұл жолдарда фольклорлық дәстүрге тән қоштасу, арыздасу, бақұлдасу сарыны бар. Бұл форма Айсұлудың характеріне сай алынған, қыздың бастан кешкен оқиғаларының заңды логикалық түйінін шешуге лайықты көркемдік құрал болып шыққан. Фольклорлық мұраларымыздың ішіндегі жоқтау өлеңдері кейінгі әдебиет өкілдерінің шығармашылығында көркем бейнелеу тәсілдерінің бірі ретінде пайдаланылып келеді. Арғы тарихты қозғамағанның өзінде, Абайдың өз баласы Әбдірахманға, інісі Оспанға шығарған жоқтау өлеңдері шынайы классикалық үлгіге сәйкес туындаған. Жоқтау өлеңдерінде өмірден кеткен адамның жақсы қасиеттері жырланады. Жас адамдарды жоқтағанда арманының өзімен бірге өшкені өкіне айтылса, көп жасаған қарияларға арналған жоқтауларда өсиет сөздер тізілген. Абай шығарған жоқтаулар ертеден келе жатқан осы дәстүрлерді бұзбай, заңдылықтарын сақтаған, өлеңдерін фольклор поэтикасына негіздеген. Шәкірімнің жазықсыз түрмеге жабылып, сонда қайғылы қазаға ұшыраған үлкен баласы Ғафурды жоқтап шығарған өлеңі де ақын шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрдің берік тұғырын байқатады. Әділетсіз баламды алды. Бір ұл мен төрт қызы қалды, Енесі өлген жетім төлдей.
Ата-ана мен бауырлары Балалар мен қосақ жары, Ағызды көз жасын көлдей! Ағайын, көрші, дос, құда, Ғафур деп зарлады бұ да, Жиылып көп, ошар елдей. Әкеткенге міне бүгін, Толып бір жыл, жетінші күн, Өте шықты өмір желдей. Сен өткенге жеті ай болды, Соны ойлап, сабырым өлді, Жаман тамым болып көрдей. /106, 51/ Шәкәрім жоқтауында жанрға тән ерекшеліктер мол сақталған. Онда қапыда сүйікті перзентінен көз жазып қалып, әділетсіз заман мен сұм ажалдың мейірімсіз қаталдығын, өлімнің мезгілсіздігінің, адамның жүрегін езіп, қабырғасын қайыстыратын қайғының зіл батпан ауырлығын арқалаған әкенің жиынтық образы бар. Әкенің балаға деген шексіз махаббаты бар. Түйіндеп айтқанда, өзі тұстас ақын-жазушылар секілді Шәкәрім қазақ халқының ежелден келе жатқан фольклорлық мұрасын, дәстүрлі өлең, жырларын, мақал-мәтелдерін, айшықты шешендік сөздерін, олардың әрқайсысына тән көркемдік ерекшеліктерді халық өмірінің шындығын баяндайтын өлі деректер деп қабылдаған жоқ. Оларды айналадағы өмір құбылыстарын халық көзімен, қарапайым жеке адамның көзімен танып, бағалаудың көркем формасы ретінде таныды. Аса бай фольклордың әрбір жанры қазақ халқының ғасырлар бойғы аңсаған асыл арманын, ниеті мен тілегін, қуанышы мен ренішін, қасіреті мен қайғысын, тұтастай алғанда, бүкіл тіршілік-тынысын танудың таптырмас құралы еді. Шәкәрім осы мүмкіндікті мейлінше мол пайдалана білді, өз туындыларының дәстүрлік, көркемдік тұғырына айналдырды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы көрнекті ақын, ойшыл Шәкәрім шығармаларының фольклордан бастау алатын дәстүрлік негіздерін сөз еткенде, оның фольклорлық жанрларға шығарма жазуын, ауызша әдебиетке тән көркем бейнелеу құралдары мен тәсілдерін, ежелгі жыр, аңыз, ертегілерге тән айшықты тіл, идиомалық тіркестерді пайдалануын айтумен шектелмесек керек. “Фольклор және Шәкәрім” атты мәселенің ауқымы бұдан әлдеқайда кең. Соның бір айғағы ретінде ақын шығармаларында халықтың байырғы
тұрмыс-тіршілігіне тән, этнографиясы мен ұлттық өмір сүру ерекшеліктеріне сәйкес, әбден орныққан, қалыптасқан фольклорлық, этнографиялық заңдылықтар мен ұғым-түсініктердің, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге қатысты қағида, ережелердің қатаң сақталуын және сонымен бірге көшпелі тұрмысқа тән көркем детальдардың орнымен қолданылуын айтуға болады. Шәкәрімнің өлеңдері мен поэмаларында, прозалық туындыларында кездесетін мұндай детальдар мен көріністер ақынның өзге көркемдеу әдістәсілдерімен жымдаса үйлесіп, керемет үндестік тапқан. Сол арқылы автордың эстетикалық талғамын, терең философиялық ойын ұлттық дәстүрге негіздей отырып жеткізуіне мүмкіндік тудырған. Қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлерінің мәні мен орындалу сахнасын Шәкәрім әсерлі бейнелейді. Атап айтқанда, құда түсу, қыз айттыру, келін түсіру, отқа май құю сияқты дәстүрлі рәсімдер ақынның поэмаларында, “Әділ-Мария” романында шығармадағы көркем тартыстың тінін бекітуге, сюжеттік желіні ширатуға қызмет етіп тұр. Шәкәрімнің баяндауындағы бұл этнографиялық сахналар бір жағынан халықтың ежелгі әдет-ғұрып рәсімдерінен мағлұмат берсе, екіншіден көркем шығарма табиғатымен жымдасып кеткен. Осындай этнографиялық мәні бар эпизодтардың бірі “НартайлақАйсұлу” дастанындағы Айсұлудың ұзатылып баруы. Әдетте қазақ ішінде қыз ұзатудың өзіндік дәстүр-жоралғылары бар. Мәселен, қыз ұзатылып, қайын жұртына алғаш келін болып түскенде оның қасында жеңгесі бірге жүретін болған. Ол қайын сіңлісін құтты орнына қондырып, біраз күн құдалар ауылында жатып, жас отаудың шаңырақ көтерген алғашқы қадамына куә болып, көңілін жайлап қайтуға тиіс болған. “Нартайлақ-Айсұлуда” еріксіз ұзатылып бара жатқан Айсұлуға жеңгесі Былқылдақ ілеседі. Жеңгемнің, қандай болам, көзі көрсін, Жай-жапсар, көргенімді айтып-берсін, -деген/98, 317/ қайынсіңлісінің мұңын түсінген жеңге ежелгі ата дәстүрі бойынша құдалар ауылына Айсұлумен бірге аттанады. Былқылдақ қызды қимай, екі ай өтті, Көп жатты, қайтатұғын мезгіл жетті. /98, 317/ Бұл эпизодта фольклорлық шығармаларда көп суреттелетін бойжеткен қыз бен жеңге арасындағы дәстүрлі қарым-қатынас, адамгершілік иірімдері, халықтық этика, әдет нормалары мол көрінеді. Фольклорлық шығармаларда жиі кездесетін дәстүрлі салттардың бірі - шығарма кейіпкерінің сапарға шығар алдында немесе әлденеге тәуекел етер тұста ел ақсақалдарынан, қасиетті аналардан бата алу дәстүрі. Жорыққа, ұзақ жолға батырлар батасыз аттанбаған. Тіпті “Қобыланды батыр” жырында
жауға қарсы жорыққа жібергісі келмеген Естемістен қиылып бата сұраған алты жасар Қобыланды: Тоқтау салды Естеміс, Жібергісі келмей баланы. “Батаңды бер, көке,”-деп, Алдын-артын орады. “Жад қыламын, Естеке, Жеті кәміл бабаны,”- деп /105, 20/ тұрып алмай ма? Ақыры Естеміс балаға батасын береді. Мұндай бата беру дәстүрі ежелгі жырларға, аңыз-ертегілерге тән сипат. Шәкәрімнің әралуан шығармаларында осы дәстүрдің нышандары жиі кездеседі. Оның кейіпкерлері де осынау халықтық дәстүрден аттап кетпейді. Қош, Баба, бата бер! - деп тұра келді, “А, құдай, сақтай көр…”- деп бата берді. Жөнелді күрең атпен сырылдатып, Ажалға көпе-көрнеу байлап берді. /98, 289/. Бұл “Қалқаман-Мамыр” поэмасындағы Қалқаманның Көкенай оғымен бетпе-бет келер алдында Әнет бабадан бата алып аттанған сәті. Қалқаманның бойында батырға тән ширақтық, батылдық, қайсарлық сезіледі, үні де қуатты. Әнет бабаның батасы оған ерекше күш-қуат бергендей. Шәкәрімнің кейіпкерлері де фольклорлық қаһармандар секілді түс көреді. Атап айтқанда, “Әділ-Мария” романындағы бас кейіпкер Әділ өзінің балалы болғанын кездейсоқ түс көру арқылы біледі./98, 536/ “ҚалқаманМамырдағы” Әнет баба екі жастың басындағы жағдайдан туатын ауыртпалықты да түсінде көреді. Фольклорлық дәстүр бойынша ертегі, аңыз, жыр, дастандардағы батырлар ешқашан да жауын қапылыста өлтірмейді. Батырлардың бірін-бірі жекпе-жекке шақыруы, өзара кезектесіп оқ атуы - осы дәстүрдің көріністері. Қалқаман батырдың тағдыры оққа байланған тұста Шәкәрім де осы дәстүрге жүгінеді. Оқ ату кезегі Көкенайға беріледі. Ел шешімі, батырлар байламы осындай. Шәкәрімнің поэмалары мен өзге де шығармаларында фольклорлық, этнографиялық детальдар мен көріністер мол кездеседі. Шығарма сюжетіне, көркем тартыс барысына тың тыныс, көрікті бояу қосатын да осы этнографиялық детальдар. Халық тұрмысына қатысты сахналар,
кейіпкерлердің іс-қимылы солар арқылы ашылады. “Нартайлақ-Айсұлудағы” “жыртыс”, “ілу” тәрізді әдет-ғұрыптық детальдар тәрізді көркем құралдарды пайдаланудағы Шәкәрімнің шеберлігі айрықша. Ал “Еңлік-Кебек” дастанындағы Кебек батырдың Еңліктің үйіне келіп түскен сәтін бейнелеуге қызмет ететін фольклорлық элементтер қаншама?! Ең алдымен, мұндағы көзге түсетіні қазақтың дәстүрлі киіз үйі. Таңертеңгі жарық шаңыраққа түседі. Кебек атын белдеуге байлайды. Қонаққа жайылған дастарханда шай ішілмейді, қазы, қарта, езілген қою құрт, қарсақжон сорпа, бір табақ ет қойылады. Қыздың төсегі үйдің оң жағында. Аңшы Кебек соғып алған түлкісін дәстүр бойынша үлкен адамға - Еңліктің әкесіне байлайды. Міне, осы көріністердің бәрі жекелеген детальдар арқылы фольклорлық дәстүрде бейнеленеді. Халықтың тұрмыс салты, өмір сүру ережелері, қолданған бұйымдары, киген киімі мен ішкен асы сол қалпында шығарма табиғатымен етене тамырласып, оқиғаның халықтық, ұлттық қасиетін танытқандай. Жоғарыда айтылған жайларға бастан-аяқ тағы бір көз жүгіртер болсақ, ауызша әдебиет дәстүрлеріне жақын болған жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттың әдебиетіміздің көрнекті де талантты өкілі Шәкәрім шығармашылығының ең алдымен халықтың бай фольклорлық мұрасынан нәр алып қалыптасқанын аңғарар едік. Шәкәрімнің талантына қуат берген қайнар көздер сан алуан десек, ә дегенде ауызға ілінері де, ең бастысы да осынау фольклорлық дәстүр қазынасы. Қаламгер шығармаларының дәстүрлік, көркемдік негіздерін ең алдымен халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған ауызша мұрасы қалады. Поэтикалық қуат, эстетикалық өрнек, философиялық тереңдік дарытты. Кезінде ұлы жазушы М.Әуезов Абай нәр алған рухани бастаулар туралы айта келіп: “Абайда Батыстан кірген белгіден көрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ. Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келді,”- деген еді. /107, 15/ Абай шығармашылығындағы келелі бір дәстүрлік арнаны дөп басып танып, нақты бағалайтын бұл пікір шын мәнінде ұлттық әдебиетіміздің даму тарихы барысына да тікелей қатысты. Тоталитарлық сипаттағы идеология үстем тұрған заманда Шығыстан көрі Батысқа көбірек “мойын бұрғанымыз”, соған мәжбүр болғанымыз рас. Сол тұста халқымыздың бұрын-сонды өткен ақынжазушыларын неғұрлым Батысқа, орыс мәдениетіне жақын етіп көрсетсек, соғұрлым оның шығармашылық мұрасының құны да, ақындық шеберлігі де арта түсетіндей көрінді. Әрине, қазақ әдебиетінің Абайдан кейінгі өркендеу дәуірінде Батыс мәдениеті ықпалының елеулі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Қазақ қаламгерлері орыс жазушыларының шығармаларымен танысу, олардың үздіктерінен үйрену, әртүрлі туындыларын қазақшаға тәржімалау арқылы жаңа шығармашылық айдынға шыққандай, тың тынысқа ие болғандай еді. Сол арқылы әлемдік әдебиет жауһарларынан үйренуге жол ашылды. Тарихи дамудың өзі ұсынған осынау жағдай қазақ әдебиетінің көркемдік-эстетикалық деңгейін, тақырыптық-идеялық арнасын кеңейтті.
Шығыс мәдениетіне келер болсақ, ол ежелден-ақ қазақ әдебиеті нәр алған түпсіз қазына болатын. Қай заманда да, әсіресе ұлттық әдебиеттің тарихындағы қазақ хандығы дәуірінде өмір сүрген жыраулар, одан кейінгі ақындар поэзиясында, Абайдың арғы-бергі жағындағы қазақ өлеңінде Шығыстың классикалық поэзиясының, орта ғасырлардағы түркілік әдебиет мұраларының ықпалы күшті болды. Тіпті ауыз әдебиеті үлгілерінің өзінде де Шығыс әдебиетінің кейбір шығармаларымен сабақтастық байқалады. Мәселен, “Қыз Жібек” жырындағы Төлегеннің анасы айтатын мына бір жолдарға жүгінсек, халық Төлеген сияқты батырларын, Жібек сияқты аруларын Шығыс дастандарындағы ғажайып кейіпкерлермен қатар қойып жырлағанын аңғарамыз. …Ғашықтардың пірі едің, Ләйлі-Мәжнүн сардар-ау. Ғашықтардың саруары Зылиха-Жүсіп пайғамбар Әйелдің бірі Бибі Фатима Баламды сізге тапсырдым. /108, 577/ Бұл Шығыс елдеріне кең тараған ежелгі “Ләйлі-Мәжнүн”, “ЖүсіпЗылиха”, “Атымтай жомарт”, “Фархад-Шырын” сияқты толып жатқан хиссадастандар оқиғаларының, олардағы бас кейіпкерлер тұлғасындағы махаббат мұңлықтарының қазақ арасында да ерте замандардан белгілі болғанын айғақтайды. Осы тамырластық дәстүрі кейінгі әдебиет үшін де үлкен бір үйрену, қалыптасу мектебі болды. Ұлы Абайдың ақындық мұраларына үңілсек, оның да Шығыстың дәстүрлі поэзиясына еліктегені, оның жақсы үлгілерін пайдаланғаны байқалады. Ақынның әсіресе махаббат тақырыбына жазылған лирикалық туындыларында, имандылық пен философиялық мәні салмақты поэмаларында Шығысқа тән дәстүрлі айшықтар мол. Ол өз өлеңдерінде Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Низами тәрізді Шығыс жырының жарық жұлдыздарының аттарын атап қана қойған жоқ, олардың шығармаларымен жақсы таныс болды, солардан үйренді. Шығыстың бірқатар дастан-хикаяларын жаттап алып, ел арасына таратты. /109, 165/ Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті де осынау дәстүрлі ықпалдан тыс қалған жоқ. “Бұл кезеңге дейінгі байланыстың ара-жігін ажырату қиын болса, Шығыстан келген нәрселер байырғы дүниелермен сіңісіп кетсе, соңғы тарихи тұстағы шығармалардың кім арқылы, қашан және қай дәрежеде келгені жақсы белгілі.”/110, 137/ Бұл дәуірде әсіресе “Құраннан”, “Мың бір түннен”, “Шаһнамадан” тамыр тартатын шығыстық сюжеттерге құрылған хисса-дастандар көп жазылды. Күні бүгінге дейін
“кітаби ақындар ” деген шартты атау иелігінде жүрген діни-ағартушылық бағыттағы әдебиет өкілдерінің қаламымен Шығыстың әралуан оқиғалары қайта жырланды, кітап болып басылып шықты. Шығыстан алынған сюжеттерге дастан дәстүрінде көп хиссалар жазған бұл ақындар кейде “хиссашыл ақындар” деп те аталады. Шындығында да осы қатардағы Жүсіпбек Шайхысламов, Ақылбек Сабал, Шәді Жәңгірұлы, Әбубәкір Кердері, т.б. ақындар қазақ әдебиетінің классикалық Шығыс әдебиетімен байланысының тамырын бұрынғыдан да кеңейте түсті. Бұл топтағы ақындар “Шығыстың классикалық әдебиеті, аңызы мен қазақтың ауыз, жазба әдебиеті аралығындағы дәнекерлік, жалғастырушы әрі көпір секілді” /111, 51/, Шығыстық мәдениет пен әдебиеттің қазақ әдебиетіне дарытқан парасаты мен ғибратты ойларын жеткізуші, насихаттаушылар тәрізді қызмет атқарды. “Кітаби ақындар” ғана емес, бұл кезеңде өмір сүрген ақын-жазушылардың қай-қайсысы да осынау нәрлі бастаудан молынан сусындады. Мәселен, М.Сералиннің
“Шаһнаманың” жекелеген тарауларын аударуы, Ә.Найманбаевтың “Ағаш ат”, “Салиха-Сәмен”, “Шеризат”, “Барат қыз”, “Үш жетім қыз” поэмаларына шығыстық сюжеттерді арқау етуі, өзге де ақын-жазушылардың шығармаларында шығыстық элементтердің мол кездесуі осыны айғақтаса керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Абайдан кейінгі жаңа үрдісті әдебиеттің көрнекті өкілі Шәкәрімнің де тамыр алған нәрлі бұлағы, шығармаларына дәстүрлік, көркемдік негіз қалаған қасиетті тұғыры осы Шығыстың классикалық әдебиеті болды дей аламыз. Ұстазы Абай секілді, сондай-ақ, өз тұстастары тәрізді Шәкәрім де Шығыс әдебиетінің
небір асыл шығармаларын, олардың көркемдік-эстетикалық айшықтары мен өрнекті үлгілерін жақсы білді. Күншығыс жауһарларының әр дәнін мейлінше тиімді пайдалану қажеттігін түсінді. Ежелгі сөздің құдіретін бағалай білді. Ақын Шәкәрім өзінің “Дүние мен өмір” атты өлеңінде былай деп жырлайды: Қайғы көрсем: “дүниенің жалғандығы, - Дедім - алдап, мінеки, алғандығы.” Ол не десең бұрынғы жазғандардың Сөзі орнығып көңіліме қалғандығы. /98, 63/ Өлеңнің мазмұнына қатысты тұтас шумақта айтылар ойға назар аудармай, соңғы екі тармаққа зер салсақ, ақынның ғасырлар тереңінен тамыр алатын, алыстан жеткен асыл мұраларды қаншалықты қастерлейтіні көрінеді. Бұрынғы ақындар қалдырған өнегелі сөздер Шәкәрімнің көңіліне мықтап орныққан. Көңілге қоныстанып, жүректе жатталған осынау ой асылдарын ақын өзінің шығармашылығына көркем “кірпіш” етіп пайдаланды. Шәкәрім шығармаларындағы шығыстық дәстүр нышандарының көріну аясы көп арналы. Біз бұл тарауда Шығыс дәстүріндегі әрбір сюжеттік желіге,
әр шығармаға, әрбір көркемдік құралға жан-жақты тоқталып жатпаймыз. Олар туралы еңбектің кейінгі тарауларында сөз кезегіне орай баяндалатын болады. Әзірше басты міндет Шәкәрім шығармашылығына дәстүрлік негіз болған қадау-қадау белгілерді, ықпал арналарын айқындау. Ең алдымен, ақын шығармаларына шығыстық аңыздар, сюжеттер ерекше ықпал етті. Ежелден келе жатқан классикалық сюжет желілерін пайдалану жалпы бұл кезең әдебиетінің көп пайдаланған тәсілі болды. Шәкәрім да осындай шығыстық сюжеттерге жиі қайырылып отырды. Бірақ ол бұл қазынаға ерекше талғаммен қарады. Шығысқа тән ұғым-түсініктерге сын тұрғысынан үңілді. Өзінен бұрынғы Шығыс классиктерінің ұлы мұраларына шығармашылық талғаммен қарауда Шәкәрім өз тұстастарынан әлдеқайда биік тұрды. Ол Фирдоуси, Физули, Сағди тәрізді Шығыс жұлдыздарының поэзиясынан өзіне қажетті көп оқиғаларды көркемдік талғаммен екшеп, таңдап алды, оларды өз жүрегінен өткізе қайтадан көркемдеп жырлап берді. “Бұлайша, бір тақырыптың әр ақында қайталауы ешуақытта аударма деп танылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді.” /112, 150/ Осы сипатта жазылған Шәкәрімнің ең көлемді де көркем туындысы “Ләйлә-Мәжнүн” дастаны болды. Автордың поэма кіріспесінде айтқанындай, Шәкәрім бұл шығармасының оқиғасын Шығыстың атақты ақыны Физулидің осы аттас дастанынан алған. Мәжнүннің Ләйліменен аз жұмысы, Әне сол шын ғашықтың қылған ісі. Бұлардың әпсанасын жазған адам - Физули Бағдади деген кісі.
Ондай ғып еш бәйітші жаза алмаған. Нақысын шын келтіріп қаза алмаған. Кітабын Физулидің іздеп тауып, Кез болды былтырғы жыл әзер маған. Мен оның келтіре алман мыңнан бірін, Айтуға тіл жетпейді тәтті жырын. Мәжнүннің атын білер, жайын білмес,
Қазаққа ұқтырайын біраз сырын. /98, 349-350/ Шәкәрімнің поэма алдындағы кіріспе толғауынан ұзақтау үзінді алуымыздың өзіндік себебі бар. Аталмыш шумақтарда ақынның Шығыс әдебиетімен, дәстүрлерімен сабақтастығына қатысты бірқатар мәселелер қамтылған. Дастан сюжетінің қайдан алынғаны туралы деректің өзін былай қойғанда, мұнда Шығыстың классикалық поэзиясының өкілі Физули талантына берілген аса жоғары баға бар. Бұл - Шәкәрімнің шығармашылық тәжірибесінен берік орын алған қасиет. Ұлының ұлылығын бағалай білудің өзі ұлылық. “Дубровский әнгімесінің” кіріспесінде де Шәкәрім орыс ақыны А.С.Пушкиннің поэзиясын надандардың өресі жетпейтін, көзін қарықтыратын жарық жұлдызға теңейді. Жоғарыдағы мысалда Шәкәрім Физулиге де осындай құрметпен қарайды. Сонымен қатар, бұл үзіндіде ақын өзінің аталмыш дастанды жазудағы мақсатын да ұқтыра кетеді. Шығыс әдебиетінен алынған сюжеттер бойынша Шәкәрім “ЛәйләМәжнүннен” басқа да бірқатар өлеңдер, прозалық шағын-шағын миниатюралар тудырған. Атап айтқанда, ақынның “Бір ханның кеудесіне жара шыққан”/113, 152-153/, “Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан”/113, 157158/, “Наушеруан аңда жүріп киік атқан”/113, 156-157/, “Аңда жүріп шөлдеген Ашам патша”/113, 163-165/ сияқты сюжетті өлеңдері ертеректегі Шығыс ақыны Мүшрифәддин Сағдидің “Гүлстан”, “Бустан” дастандарындағы оқиғалардың желісін арқау етсе, Сағдидің хикаяларында кездесетін Құжаж патша, Хатам патша, Ануширван, қызын етікшіге берген адам, Атымтай Жомарт туралы әралуан оқиғалар шағын-шағын әңгімелерден тұратын Шәкәрімнің “Бәйшешек бақшасы” атты прозалық туындысында өзіндік парасатпен қайта баяндалады. Дегенмен, белгілі сюжеттерді пайдаланудың әртүрлі жолы бар. Шығыс әдебиетіндегі нәзира дәстүрі бір тақырыпты әр кезеңде әртүрлі ақындардың қайталап жырлауы болып саналғанымен, онда ақындар бірін-бірі дәлме-дәл, өзгеріссіз қайталамаған. Әрбір ақын өзінің заманына қарай, көркемдік мақсатына сәйкес және ең бастысы өзінің шеберлік дәрежесіне орай өзгерістерге, толықтыруларға барып отырған. Мұндай сипат Шәкәрімде айқын көрінеді. Ләйлә-Мәжнүн хикаясын баяндауда Шәкәрім Физули нұсқасындағы тараулар мен оқиғаларды сұрыптап, қажет санамаған жерлерін қалдырып кеткен. Сағди дастандарындағы хикаяларға да солай қараған. Шәкәрімнің мұндағы нысанасы - сол оқиғалар арқылы оқырманға пайдалы ғибрат айту. Сол мақсатпен оларды қазақтың тұрмысына, ұғымына мейлінше жақындатып, қазақыландыруға тырысқан. Не болмаса ежелгі сюжеттердің бірнешеуін біріктіріп оқиға құрады, яки Шығыс оқиғасына өз тарапынан мазмұн қосып, содан барып өз түйінін ұсынады. Мәселен, Сағдидің “Гүлстан” дастанының қырық төртінші хикаясында мынадай жайт баяндалады:
Бағдатта абыройлы шал бар еді, Етікші соның қызын алған еді. Ернінен байы әйелін қыршып апты, Қан саулап тоқтамастан ыршып ақты.
Естіп қызы түнімен қиналғанын, Күйеуге әке азанда құйған кәрін: “Мақұлық, тіс дегеннің жөні бөтен, Ерінді мұнша шайнап … тері ме екен!” /114, 136/ Осы мысалдан Сағди адамның бойына сіңген жаман әдеттің кімді де болса қор қылатыны туралы қорытынды жасайды. Шәкәрім дәл осы сюжетті өзінің “Кейде күлкілі сөзден де тәлім алуға болады” атты шағын прозалық шығармасында пайдаланады. Біріншіден, ақын Шығыс өлеңінің мазмұнын қара сөзге көшіреді. Екіншіден, Шәкәрім аталмыш сюжетке өз тарапынан толықтырулар жасайды. Атап айтқанда, қыз әкесі ренжіген сәтте күйеу баласы: “Ататай! Жаза менде емес, қызыңыздың ерні тым қызыл болғандықтан, мен байғұс дәулетім аздығынан тапшы сапиян көзелдерді тістеп созып қалыпқа тартушы едім. Қызыңыздың ернін сорып жатқанда қызыл сапиян есіме түсіп, сол екен деп тістеп сорып жібердім. Ерні оншалық қызыл болмаса, мен соншалық сорар ма едім,”- депті. Бұл күлкі үшін айтылған сөз емес, еңбектің де еңбегі бар. Орнына жұмсалмаған еңбек, зұлымдыққа жұмсалған ақыл отқа түскен көбелекпен бір есеп.”/113, 488/. Міне, қарапайым сюжетті сол қалпында ала отырып, Шәкәрім одан өз мақсатына лайық өзгеше астардағы ой түйіндейді. Шығыс әдебиетінен келген сюжеттік желілерді арқау еткен Шәкәрім шығармаларының ешқайсысы да дәл аударма емес, жеке туынды, автордың қолтума еңбегі болып шыққан. Олар - түрі жағынан да, көркемдігі жөнінен де, ішкі мазмұны тұрғысынан да Шәкәрімнің шығармашылық қолтаңбасын, суреткерлік даралығын танытарлық дүниелер. Ал “Ләйлә-Мәжнүн” дастаны болса, ол Шәкәрімді дайын сюжетті пайдалану жағынан ғана емес, ғашықтық хисса-дастандар жазу үлгісі жағынан да Шығыстың классикалық поэзиясымен жақындастыра түсті. Махаббат тақырыбы - Шәкәрімнің жүрегіне ең жақын тақырыптардың бірі еді. Таза шығыстық үлгіде болмағанымен оның осы тақырыпқа жазған “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Нартайлақ-Айсұлу” поэмаларында шығыстық дастандар дәстүрінің бірқатар нышандары бой көрсетеді. Әсіресе, ақынның шығарма оқиғасын баяндау жүйесі,
кейіпкерлерінің бойында кездесетін әралуан қасиеттерді бейнелеу тәсілі, өлең өрнегі, айшықты афоризмдердің қолданысы, тіпті шығарманың басталуы мен аяқталуындағы мазмұндық, құрылымдық ерекшеліктер шығыстық үлгінің Шәкәрімге етене жақын болғанын дәлелдей түседі. Мысалы, Шәкәрім поэмаларының, аудармаларының бәрі дерлік кіріспе сөзбен басталып, автордың қорытынды сөзімен тәмамдалады. Ол бөлімдерде ақын шығарма сюжетіне қатысты деректер, өзінің оны жазудағы мақсаты, ұсынатын ғибраты туралы, ал аударма туындыларында түпнұсқа авторлары жайында өзінің әділ бағасын тұжырымдап отырады. “Қалқаман-Мамыр”, “Нартайлақ-Айсұлу” поэмаларында оқиғадан кейінгі жайлар мен деректерді, сол хикаяға қатысты географиялық атауларды ұсынады. Шығарманың басы мен соңында осындай авторлық сөз жазу дәстүрін Шәкәрім Шығыстың ежелгі әдебиетінен алған. Нәзирашыл ақындардың көпшілігі осы әдісті қолданды. Абайдың әйгілі “Ескендірі” де осындай авторлық тұжырымдамамен аяқталады. Шәкәрім ақынның Шығыс әдебиетінен нәр алып өскенін айғақтайтын тағы бір дерек - оның шығармаларында Шығыс ойшылдарының есімдерінің үнемі аталып отыруы, Шығыс поэзиясы кейіпкерлерінің кездесуі. Фирдоуси, Сағди дастандарында әділдікпен аты шыққан Ануширван атты кейіпкердің Шәкәрімде Наушеруан болып жүруі және оның әділдік пен мейірімділіктің символы іспетті көрсетілуі бір қарағанда елеусіздеу деталь болғанмен, бұл қазақ ақынының Шығыс маржандарын жақсы білгендігін, мол игергенін аңғартады. Жоғарыда біз “Ләйлә-Мәжнүн” поэмасының кіріспесінде Шәкәрімнің Физули есімін ерекше құрметпен атайтынын айтқан едік. Кіріспеде Физулиден басқа бірқатар Шығыс жұлдыздары да ақынның тарапынан ілтипатқа иеленеді:
Науаи, Сағди, Шәмси, Физули бар, Сайқали, Қожа Хафиз, Фердаусилар… Бәйітші елден асқан шешен болып,
Әлемге сөздің нұрын жайған солар. /113, 349) Сөз жоқ, бұл есімдер, олардың “әлемге сөздің нұрын жайған” өнегелері Шәкәрім үшін ұлы өнер мектебі болды. Ақын осынау Шығыс жұлдыздарының жауһар жырларын талмай іздеді, тапты, оқыды, үйренді, ой түйді, байытты. “Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де…”/113, 222-224/, “Қорқыттың сарыны” /113, 224-226/ атты өлеңдерінде Шығыс даналарына табына отырып, ол солардың сарынымен жыр төгеді. Өзі пір тұтқан Қожа Хафиздің бірқатар өлеңдерін тәржімалайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл өлеңдерді де таза аударма деуге болмайды. Мұнда қазақ ақыны өзінің ертеде өткен ұстазымен өнер
жарыстырады, нәзиралық үлгіге жүгінеді. Шәкәрімнің Хафизден аударған өлеңдері жөнінде арнайы тарауда сөз ететін боламыз. “Оятқан мені ерте Шығыс жыры”/113, 143/ деп өзі айтқандай, Шәкәрім өзінің ақындық жолындағы алғашқы қадамдарын шығыстық сарында бастады. Бозбала шағында жазылған “Жастық туралы”/113, 26-29/, “Жиырма үш жасымда…”/113, 29-32/ тәрізді өлеңдері классикалық Шығыс поэзиясының өрнегін танытады, дәстүрін ұсынады. Мұндағы ғашықтық сезімді бейнелеу, сұлу қыздың портретін сомдау Шығыс поэзиясындағы хор қыздарын, олардың ғажайып сезімдерін, ынтызар жүректердің нәзік те асау үнін жеткізер сәттегі ақындар құдіретімен үндес болып шыққан.
Жібектей қап-қара Таралған шашың бар. Бұдырсыз тап-таза Жаралған басың бар. Қардай аппақ әжімсіз маңдайың кең, Қынаптан суырған қанжардай қасың бар. Кірпігің тізіліп, Миыма қадалар. Нұр жүзің сүзіліп, Ойыма от салар. Сиқыр жүзің ақылды байлап алып,
Тор шашың шырмалып, басымды ноқталар. /115, 30/ Шәкәрімнің бұл шумақтарында шын мәніндегі шығыстық айшықтар айқын бедерленген. Шығыс әдебиетінде кездесетін сұлу қыздар бейнесі, классикалық Шығыс поэзиясына тән көтеріңкі теңеулер мұнда да бар. Шәкәрім суреттеп отырған ару кешегі өткен Шығыс ақындары тамаша жырлаған ғажайып арулардың сіңлісі, оларды көркімен қайталаған бойжеткен ғана емес, сұлулықты, әсемдікті жырлаудағы тамаша бір көркемдік дәстүрдің жиырмасыншы ғасыр басындағы жалғастығын көрсететін әдеби образ болып шыққан. Шәкәрімнің шығармашылық мұрасы классикалық Шығыс поэзиясының тақырыптық арналарын кеңейтіп, одан әрі дамыта түсті, өз заманының ерекшеліктеріне сәйкес ой өрнектерімен әдіптеп, терең мазмұнмен астарлап, көркем бояумен көмкере отырып алға ілгерілетті.
Әсіресе Абайдан кейінгі өзге де әдебиет өкілдерінің, талантты ақындардың үлгісімен ол Шығыс поэзиясындағы дидактикалық сарынды биік ұстады. Дидактика қанша ғасырдан бері әдебиеттің тәрбиелік, тағлымдық міндетін атқарудағы негізгі тақырыптардың бірі болды десек те, Шәкәрім өмір сүрген дәуірде оның ролі тіпті ерекше болды. Бұл кезеңдегі халықты ояту идеясы, сауатсыздықты жою, оқу мен оқыту, мәдениетті елдер қатарына қосылу, керітарпа психологиядан арылу сияқты ағартушылық, демократтық бағыттағы ақындар айрықша көтерген тақырыптардың түп-төркінінде дидактикалық астардың жатуы заңды еді. Шәкәрімнің мұраларында өмір, тіршілік, адам, жақсы мен жаман, тағы басқа да құбылыстар мен түсініктер төңірегінде айтылар ғибратты сөз көп. Олардың кейбіреулеріне көз жіберелік:
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан ! /113, 129/ Адамның адал ұлы болам десең, Алдыменен өзіңнің нәпсіңді жең. /113, 182/ Тауып айтқан татымды сөз құтқарар,
Көз байлағыш сайтанның сағымынан. /113, 165/ Ақын Шығыс әдебиетіндегі дәстүрлі тақырыптар қатарындағы адам, адамның өмірі, адамгершілік қасиеттер, гуманизм мәселелеріне көп көңіл аударды. Әсіресе ақын “таза адам”, “таза ақыл”, “таза дін” ұғымдарын бәрінен биік қояды. Бұл тұста оның ертеректегі сопылық әдебиеттің сарынына да құлақ түргені байқалады. Сопылық сарындағы философия өкілдері өмірде болып жатқан құбылыстардың бәрін тарихтағы өткінші нәрселер деп түсіндірді. Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктердің қайқайсысына да қарсы болды. Халық пен халық тату тұрса, әйел мен еркек тең болса деді. Ақ пен қараның, жақсы мен жаманның күресін көбірек жырлады. “Таза адам”, “түзу адам” ұғымдары ертедегі Шығыстың ғұлама ойшылдары Жүсіп Баласағұн, Әбунасыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауилердің бәріне ортақ идеялар еді. Олардың шығармашылығындағы негізгі мұраттар қатарынан заманды түзеу, адамды тазарту, адамзат ұрпағын бақытты ету сияқты мәселелер молынан көрінді. Мәселен, әл-Фараби “Жетілушіліктің кез-келгені адам талпынатын мақсат, өйткені жетілу дегеннің өзі бір игілік және оның өзі күмән жоқ, адамның қалауы. Адам талпынатын қалаулы игілік ретінде мақсаттардың саны көп болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең пайдалысы болып табылады,” - деп /116, 3/ адам
баласының тазару жолындағы алға ұмтылуын бақытқа, игілікке теңесе, Қожа Ахмет Иассауи өзінің хикметтерінде: Іші-сырты жалған жанға әсте сенбе. Арың таза болса әр кез жеңіс сенде, - деп /117, 104/ күнделікті тіршілікте жалғандықтан, алдамшылықтан, аярлықтан сақтандырады, арды кірлетпей ұстауға шақырады. Дәл осындай түсінік Жүсіп Баласағұнда былайша өрнектеледі: 1839. Ақыл - тірлік, ақылсыз жан - бір өлік, Ей, ақылсыз, ақыл болсын тілерің. /118/ Шәкәрім де осыларға үндесе отырып: “Бірдей адам қайда бар ішітысы,”- дейді /113, 213/, айналасын шарлап жақсы жандарды іздейді. Ақырында өз ұғымындағы таза адамды ақыл мен адалдықтың маңынан табады:
Ақылды сол - ыңсап пен ар сақтайды, Арсыз сол - арамдықпен жан сақтайды. Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп,
Жаны үшін адамшылық ар сатпайды. /113, 36/ Жалпы “ақыл” ұғымына Шәкәрім ерекше мән береді. “Ақыл құсы адаспай аспандаса” /113, 259/, “Адамның еркі қайда деп ақылдан сұрағаным” /113, 214/, “Ақылдың жауабы” /113, 215/, “Ғылымсыз адам айуан” /113, 251/ деген сияқты бірқатар өлеңдеріндегі ақынның ой-толғаныстары ақылдан сұрау, ақылмен сырласу, ақылдың жауабына құлақ салу түрінде бейнеленеді. Шәкәрімнің ұғымындағы ақыл - адамның қасиеттерінің ішіндегі ең ардақтысы. Бұл жерде ақын Шығыс ойшылдарымен тамаша үндестік танытады. Мәселен, оның бір өлеңіндегі “Ақылға билетпеген пенде айуан”, - деген /113, 263/ жолдар Баласағұнның 5857. “Ақылсыз жан хайуанмен тең кісі,” - деген /118/ философиялық тұжырымымен дәлме-дәл сабақтасады. Әлемдік сөз өнерінің қазынасына осынау “таза адам” образын жасау талпынысы қаншама жауһар дүниелер қосты десеңізші! Соның бірі Шығыстың классикалық поэзиясынан бастау алатын, одан кейінгі әдебиеттерде кең өріс алып келе жатқан мәселе - адам бойындағы асыл қасиеттерді санамалап жырға қосу. Ондай қасиеттер қатары әр кезде әр ақында әртүрлі болып келеді. Мәселен, Қожа Ахмет Иассауи “Диуани хикметінде” адамның басты парыздары, яғни қасиеттері деп адамгершілік, әділдік, адалдық, мейірім, рахым, Аллаға деген сүйіспеншілікті санамалап берсе, Баласағұн өзінің өсиетті ойларын былай өрнектейді:
- Қос жаһанға билік еткің келсе егер,
Бес нәрседен қашық жүрсең ел сенер.
Зорлық қылма, араласпа арамға,
Қанын төкпе, кек сақтама адамға.
Шарап ішпе, азғындыққа салынба,
Бұл бекті қор етеді тағында. /118/ Ал олардан кейінгі Абай болса, өз замандастары мен ұрпақтарына
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз, - деген /119, 71/ өсиетті ойын қалдырды, түзу адамға тән жақсылы-жаманды қасиеттердің ара жігін ақындық шабытпен ашып берді. Бұл дәстүр Шәкәрімнің поэзиясына ғажайып ықпалын тигізді. Өзінің “Ләйлә-Мәжнүн” дастанына жазған қорытынды түйінінде ақын сопылық әдебиеттің мақамымен: Мен ондай қызға ғашық болмасам да, Ғарыппын дерті қалың, шын осыным, - деп/113, 396/ рухани тазарудың жолын таппай шарқ ұрған жанның ғаріптық халін суреттей келіп, бұдан кейінгі шумақта бұл ауыртпалықтан құтылудың кілті әлеуметтік өмірде жатқанын айтады. Іздеген ғашық болып бес нәрсем бар, Берейін атын атап ұқсаңыздар:
Махаббат, ғаделет пен таза жүрек, Бостандық, терең ғылым, - міне, осылар. /113, 397/ Ләйлә мен Мәжнүн басындағы қайғы екеуінің бір-біріне ғашық болуынан туындаса, Шәкәрімнің “ғаріптігі” әлгі өлеңде аталған бес қасиеттің өмірде үстемдік құрмай отырғандығынан өмірге келген. Рухани тазарудың жолын аталмыш қасиеттерден іздеген ол қоғамдағы жеке адамның тұлғасына, яғни “таза адамға” келгенде нақты алты қасиетті былайша “ноқталап” береді: Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық - Талапқа алты түрлі ноқта тақтық. /113, 128/
Шәкәрім өмір азабының адам тіршілігінің атрибуты бола алмайтынын дәләлдейді. Өмір қанша азапты, қайғылы болса да, адам тіршілігінде оны жеңу үшін күреседі. Адам баласы ол азаптан құтылуға тиіс. Оған жетудің, адам өмірін түзеудің, сол арқылы “таза адам” қалыптастырудың ең керек құралдары жоғарыда аталған алты қасиет. Олар жоқ жерде “таза адам” да жоқ, мәнді өмір де жоқ. Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан! /113, 129/ Тұтастай шолып қарағанда жеке адам тұлғасы, жаны таза адам, қоғамның белсенді де саналы мүшесі болатын адамның бейнесі деген категорияларға қатысты өлеңдерінде Шәкәрім поэзиясының шығыстық тамырының терең екендігі көзге түседі. Ежелгі фольклордан, Шығыстың классикалық әдебиетінен бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі тақырып - адам өмірінің әр түрлі кезеңдерін жырлау. Қожа Ахмет Иассауи өзінің әйгілі дастанының екінші-сегізінші хикметтерінде/117, 21-34/ адамның бір жастан алпыс үшке дейінгі өмірі туралы толғайды. Мұндай үрдіс ерте кезден бері қарайғы Шығыс әдебиетіне тән. Жыраулар поэзиясының бұл саладағы орны ерекше. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті де бұл дәстүрді одан әрі дамыта түсті. Атап айтқанда, Нарманбет ақынның “Бірден онға жетуің”/120, 198/, “Он жасқа келдім”/120, 199/ атты өлеңдерінің тақырыптарының өзі аталмыш дәстүрдің нышанын сездірсе, осы ақынның “Бала қайдан” /120, 65-68/ атты өлеңі сәбидің ана құрсағында пайда болған сәтінен сегіз жасқа дейінгі өмір белестерін суреттейді. Ал Шәкәрім “Мұтылғанның өмірі” атты /113, 334-340/ ұзақ өлеңінде өзінің бес жастан бастап, өмірінің соңына дейін өткен жолына философиялық шолу жасайды. Бұл жерде біз Шәкәрім шығармашылығының өне бойынан байқалатын шығыстық мотивтердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталуды мұрат тұтқан жоқпыз. Мақсатымыз соның ішіндегі қадау-қадау мәселелерді, дәстүрлі арналарды саралап шығу болды. Жалқы деректер жекелеген шығармалардың көркемдік, эстетикалық қуатын, ақын шеберлігіне қатысты мәселелерді пайымдауға арналған кейінгі тарауларда кеңірек ашылмақ. Халықтық фольклор мұраларынан, Шығыс әдебиетінің көркем, философиялық ұлағатынан тағлым алып қалыптасқан, ақындық шеберлігін шыңдаған Шәкәрімге аса мол ықпалын тигізген, қайнар бұлағына айналған ендігі бір дәстүрлі мектеп қазақтың халық поэзиясы, жыраулар шығармашылығы болды. Қазақ тарихында хандық дәуір деп аталған тарихи кезең әдебиетінен бері қарай Абайға дейін жалғасатын қазақтың ұлттық
әдеби қазынасының негізгі ерекшелігін айқындайтын да осы ақын-жыраулар поэзиясы болды. Қандай тарих болса да үздіксіз алға ұмтылады. Тарихи даму процесінде үзіліс болмайды. Әдебиет көшінің ілгерілеуі де дәл осындай. Ал даму, ілгерілеу бар жерде жаңалық та, қалыптасқан дәстүр де болмақ. Олай болса, қазақ әдебиетінің көркемдік, эстетикалық жағынан өсуіне игі ықпал жасаған фольклорлық дәстүр, Шығыстың классикалық поэзиясының дәстүрі, жыраулық, ақындық поэзияның дәстүрі дегенде де біз осындай үздіксіз жалғасатын жанды құбылысты көреміз. Олар бірінен-бірі алшақ жатқан, оңаша отау тіккен, өзара байланыссыз құбылыстар емес, органикалық бірліктегі дүниелер. Бірін-бірі жалғап, байытып келе жатқан мұралар. Егер бүгінгі қазақтың бүкіл сөз өнерін айдыны кең теңіз десек, жоғарыда аталған дәстүрлік қазыналарды сол теңіздің байлығын молайтып, айдынын кеңейткен суы мол өзеңдерге, жеті қат жер астынан қайнап шыққан қайнар бұлақтарға теңер едік. Осынау тамырластықтың табиғатын ашуда біз нені басшылыққа алуымыз керек, дәстүр жалғастығын қай тұрғыдан ұғуымыз қажет? Көбінесе әдеби дәстүрдің жалғасуын жекелеген шығармалардың сыртқы пішінінен, өлең құрылысынан іздейміз де, мазмұндық жағына, ішкі табиғатына, көркемдік-идеялық мәніне, әлеуметтік ой салмағына екінші кезекте үңіліп жатамыз. Бұл арада әрине, шығарманың сыртқы пішіндік жағынан байқалатын жалғастық қасиеттерінің мәнін жоққа шығаруға болмайды. Себебі олар ақынның шабытқа мініп, жыр тудырар сәтіндегі жүрек сілкінісіне сай сипатта дүниеге келетін жанды дүниелер. Олар да “сөйлеу” керек, өмірге келген “жыр” атты ғажап құбылыстың өзіне қатысты белгілерін сездіре білуі қажет. Сондықтан да ол жанды мүше болмақ. Дегенмен белгілі бір көркем әдеби дәстүр нышандарының шығарманың ішкі табиғаты арқылы, ақынның не жазушының сол туынды мазмұнына сіңірген әлеуметтік, философиялық ойының астары арқылы, ұсынатын идеялық нысанасы арқылы көрінуі бұдан әлдеқайда мәндірек. Олай дейтініміз, қандай әдеби шығарма болсын, өзін қоршаған әлеуметтік ортаның жемісі, уақыт пен кеңістіктің көркем көрінісі, ақын жүрегінің көрігінде қыздырылып, қорытылып шыққан заманның сом бейнесі болып табылады. Шәкәрім нәр алған кешегі ақын-жыраулар поэзиясының өкілдері Асанқайғы, Шалкиіз, Бұқар, Үмбетей, Шал, Ақтанберді ақындардың қай шығармасына үңілсек те, олардың әрқайсысы өз заманының қадау-қадау діңгектеріндей берік те салмақты әлеуметтік ой арқалап тұрғанын көреміз. Оларды, олардың өздеріне тән шығармашылық дәстүрін келешек уақыттарға жалғастыра оздыратын да осы қасиеттер екені даусыз. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ поэзиясындағы басты тұлғалардың алдыңғы қатарында аталатын Шәкәрім де осындай қайнардың қасиет нәрін өз өлеңіне дарыта білді. Ежелгі фольклордың, ғажайып Шығыс
поэзиясының асыл мұраларымен қатар, ол қазақтың халық болып қалыптасқан кезінен бері қарайғы рухани байлықтарынан мейірі қанғанша сусындап, ол қазынаны ақындық жүрегімен қайта қорытып, байытып барып, өзінің жаңа тыныстағы әдеби әлемін өмірге әкелді. Ол әсіресе өзіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының халыққа қызмет ету, ел бірлігін сақтау, татулықтың туын көтеру, сол арқылы туған халқының үні болу, дәуірдің, қоғамның әлеуметтік мәнін ашып көрсету, өмір философиясын тереңдете түсіндіру қасиеттерін мирас етті. Яғни алдыңғы ұстаздары ұсынған өлеңнің басты міндеттерін ұстанып қалды. Дәстүр жалғастығы дегеннің өзі осы болса керек! Шәкәрімнің ақын-жыраулар дәстүрлерімен сабақтастығын аңғартатын негізі нәрсе - оның заман туралы, қоғам мен адам жайындағы философиялық толғамдары. Әрине бұл тақырып барлық дәуірлерде, барлық әдебиетте, әрбір ақында бар десек қателеспейміз. Дегенмен қазақ ақын-жырауларының үлгісі, оның Шәкәрімнің шығармаларындағы көрінісі өзіндік ерекшеліктерімен өзгелерден оқшауланып тұрады. Әлеуметтік мәселелер әсіресе “зар заман ақындары” делінген топтағы Шортанбай, Мұрат, Дулаттар тұсында мол жырланды. Ал оның арғы жақындағы жыраулар болса, әлеуметтік мәселелерді ел бірлігін нығайтудан, туған жерді қорғау жолында ерлік жасаудан, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздіктен, адамдардың бай не кедей болуынан көрді. Ерлік тақырыбы елдік мәселесімен егіздің сыңарындай болды.
Ақсары атан еспелі, Ел жайлауға шыққан жұрт. Ақтың жолын күзетпей, Жамандықты тұтқан жұрт. Мамырасып, бай болып, Байсал тауып жортқан жұрт. Хан жарлығын алмады, Ханға тізгін салмады. Баяғыдай баршындап, Бір ауызды болмады Қас тұрпайы болған жұрт, - деген /121, 127/ Үмбетей жыраудың жыр жолдарына сол тұстағы ел өмірінің бірқатар суреттері сыйдырылған. Алдамшы байлыққа малданған, ақтан гөрі қараға, жақсыдан гөрі жаманға үйірсек, әкімін құрмет тұтпаған, әділ сөзін айтпаған, ынтымағы іріген ел тіршілігі осындай бейнеде. Мұндай сарын жалпы ақын-жыраулар
поэзиясына тән дәстүрлі сипат болды. Шәкәрімнің де осымен үндес жырларының бірінде мынадай жолдар ұшырасады: Қазақтың жаманы болмас, Жаманнан аманы болмас. Бірігіп іс қылатұғын, Түзелер заманы болмас. Бұл елде адалдық бар ма, Ондайын байқадыңдар ма? Істейді нені де болса, Наданға арамдық ар ма? Ар сатар шайға да болса, Бір асам майға да болса. Ізденіп табады, жейді Арамды қайда да болса.
Жуаны қылады зорлық, Момынның көргені қорлық. Теп-тегіс қулық пен ұрлық, Ал енді қайтіп ел болдық? /113, 86-87/ Мұнда да елдің тіршілігі, жамандыққа, арамдыққа, надандыққа шырмалған заманның бейнесі бар, бірін-бірі алдаудан аса алмаған арсыз адамдар, көпке тырнағын батырған әкімдер бар. Бірақ Шәкәрімнің өлеңі түрі жағынан да, мазмұны жағынан да, эстетикалық-көркемдік орындалуы жағынан да Үмбетей жырынан өзгеше. Ең басты айырма - екі ақынның толғауларында тілге тиек болған тарихи кезең бір емес, әр ақын өз заманының суретін, өз айналасының әлеуметтік-психологиялық портретін сомдаған. Бірақ осы екі туындының еті бөлек болғанымен сүйегі мен жаны бір, тыныстауы ұқсас, өзара жақын екенін зерделі жан бірден-ақ аңғарса керек. Екі ақынды сабақтастырып, үндестіріп тұрған ең негізгі нәрсе - олардың шығармаларындағы әлеуметтік ой-толғамның салмақтылығы.
Иә, ақын жырының әлеуметтік астарын қалыңдататын өмір шындығы қатпар-қатпар. Ол заңды да. Өйткені ақын өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің тыныс-тіршілігімен тамырлас. Әдебиеттің өзі ақиқат өмірдің көркем айнасы десек, ақын жүрегі - осы екі ақиқатты жалғастырушы, ұлы құбылысты жүзеге асырушы. «Әдебиет тұтастай алған қалпында да, өзінің жекелеген салалары түрінде де шындыққа тәуелді. Тәуелді болғанда ол шындықтан әсер де алады, оған ықпал да жасайды.”/122, 67/ Екінші сөзбен айтқанда, ақын тек уақыттың, не болмыстың жаршысы ғана емес, айналасындағы заман көріністерін жай ғана қызықтаушы, дәріптеуші емес, ол ежелден-ақ өз заманында болып жатқан оқиғаларға төреші де, өмір қайшылықтарына сын айтушы да, өз замандастарының мұң-зарын, арман-тілектерін тебірене толғаушы да. Әдебиет тарихының ұзақ көшіндегі кешегі дәуірлерде өткен Асанқайғы, Қазтуған, Бұхар жыраулардың, Абай, Махамбеттердің ақындық құдіреті де олардың жырларының заманға төреші, дәуірге ақылшы болуынан екені сөзсіз. Кешегі жыраулар өмір сүрген уақыт қазақ жұртының өз алдына халық болып, іргетасын бекіту заманы болды. Ақындар жырларында болашаққа тәуекел етіп қадам басқан жас елдің тіршілік жолындағы күресі, өмір сүру кеңістігіндегі өз орнын белгілеу әрекеті, туған жерді қорғау, халқының ертеңгі нұрлы өмірінің негізін қалау тәрізді сан тарау мәселе қозғалды. Ел тағдыры ақын-жыраулар мұрасының әлеуметтік салмағын еселей түскен басты тақырып болды. Ұлы жыраулар заманы қазақ елінің басындағы осындай тарихи оқиғаларға бай болса, Шәкәрім бастаған әдебиет өкілдері жиырмасыншы ғасырдың басындағы қоғам алмасуы, қазақ үшін бір табылып, бір жоғалып жүрген, әр заманда сынаптай сырғып, қолға толық түспей келген ел тәуелсіздігі үшін тайталас мезгілге тап болды. Сол заманның жыры жырланды. Ресейдің шет аймақтарын қан қақсатып келген патша тағынан құлағаннан кейін қазақ елі де тәуелсіздік кеңістігіне шыққандай еді. Көпшілік осы бір алдамшы көрініске алданса да, онда ақындардың жүрегін сыздатар мәселелер көп еді. Олар да кешегі Абылай заманының ақылшы, төрешісі болған Бұхар жыраудың: Ай, заман-ай, заман-ай, Түсті мынау тұман-ай, Істің бәрі күмән-ай. Баспақ, тана жиылып, Фана болған заман-ай, Құл-құтандар жиылып,
Құда болған заман-ай, - деген/123, 84/ арманы мен өкініші аралас жүрген толғауын, Ақтамберді жырымен жеткен: Пышақтан малым кетпесе, Қазаным оттан түспесе, Ауылдан топыр үзілмей, Ошақтың оты өшпесе, - деген/123, 62/ тәрізді арманын алға оздырды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиет үшін ел тәуелсіздігін, бақытты өмірді аңсау тақырыбы ең көкейкесті мәселелердің қатарында болды. Ертеректегі ақын-жыраулар жалпақ жатқан қазақ сахарасын сыртқы жаудан қорғап қалсам, халқыма “жерұйық” қоныс тапсам деп толғанса, ендігі жаңа кезеңнің Шәкәрім тұстас ақындары туған халқын құлдық қыспағынан құтқарсам деп тебіренді. Заман шындығын жырлау деген осы. Ащы шындық ақындардың жай айқайы тәрізді естілді. Сарыарқадан сән кетті, Қазақтан қуат, әл кетті. Ойын-күлкі сауықты, Бозбаладан әл кетті, - деп/120, 101/ Нарманбет ақын бейнелеген өмір шындығы бұл кезең ақындарының бәрін дерлік бей-жай қалдырмады. Сонау қазақтың дербес халық болып қалыптасқаннан бергі тарихындағы ақын-жыраулар шығармашылығынан бастау алған осы дәстүрлі тақырыптың тағлымдық табиғаты Шәкәрімге де етене жақын еді. Екі заманның тоғысқан кезеңінде, яғни патша тақтан құлап, қазақ даласы тәуелсіздікке талпынып жатқан дәуірде Шәкәрім ата жасына аяқ басқан, көргені мен түйгені мол ақылгөй дәрежесінде еді. Оның жырларына тән ғибратты ой, даналық иірімдері осы қасиеттің көрінісіндей болатын. Ақын айналадағы тарихи оқиғаларға сергек қарады, халқының әрбір қадамының нақты да нық болуын қадағалап отырды. Асығыс байлам, ұшқары ойдан аулақ ұстады өзін. “Жаңа заман туды” деп құр айғайға басқан жоқ. Патшаның тақтан құлағанына өзгелермен бірге қуана тұрып, тәуелсіздікті армандай тұрып, халқының бүгінгі және ертеңгі күнін ақындық оймен байыпты салмақтады. Енді өмір не болар, Күн туа ма оңалар - Түзелер не жоғалар, - деген /113, 183/ сауалға жауап іздеді. Бүгінгі өзгеріс, яғни патшаның тақтан құлауы қазақ үшін ертеңгі жақсы өмірдің бастауы бола ала ма? Ел басына ауыртпалық түспей ме? Ақын осыны ойлап тебіренеді. Ақынның жүрегінде: Орыс әзір тына алмас,
Орнығып жұмыс қыла алмас, Болмас па екен тайталас, Бірін-бірі сабалап, - деген /113, 183-184/ күдік бар. Бұл жолдардан Шәкәрімнің қоғамдағы түрлі өзгерістердің табиғатын тап басып тани білгендігі аңғарылады. Ол Ресейдің өз ішінде де бұл төңкерістің жуық арада тынши қоймайтынын сезеді. Мына тайталастың қазаққа зияны тиері сөзсіз. Сөйтсе де Шәкәрімнің өлеңдерінде үмітсіздік жоқ. Ақын құр езіле бермейді. Арманының орындалатынына сенеді. Тек сол арманының жартылай емес, толық орындалуын, барша замандастарының осыны жақсы түсінуін тілейді. “Қош, жұртым” өлеңіндегі мына жолдарға үңіліп көрелік: Бостандық таңын көргенім - Кемеліме келгенім. Қорқытпайды мені ажал, Арман емес өлгенім, Кейітер істің кемдігі.
Қазақтың жайнар даласы, Жетілер оқып баласы. Шошытатын мені сол - Олардың күндес таласы - Дағдысы сіңген бойына./113, 269/ Бұл шумақтардың соңғы тармақтары өзгеше сипат танытады. Алғашқы тармақтардағы ақынның қуанышы мен тәтті үміті шумақтардың соңындағы күдікке ұласады. Осы күдікті болдырмас үшін ақын ел жастарын оянуға, белсенді іс атқаруға шақырады. “Еңбек жанатын заман мынау” деп өзінің сенімін нығайта түседі. Артында қалып бара жатқан елінің тәуелсіз де бақытты өмір сүретініне сенеді. Ақын-жыраулар поэзиясында көп жырланатын дәстүрлі тақырыптардың бірі - өмір философиясы, дәлірек айтқанда, адам тіршілігінің шектеулілігі, фәнидің жалғандығы, дүниеде мәңгілік ештеңенің жоқтығы. Мәселен, Шалкиіз жырау: Мынау жалған дүние,
Кімдерден кейін қалмаған, - деп/124, 80/ мына тіршіліктегінің бәрінің өткінші екенін ескертеді. Бірақ жырау бұл фәнидің жалғандығын, өткіншілігін айта отырып, сопылық философияның ырқында кетпейді. Қамшының сабындай қысқа өмірді мәнді өткізу, күліп-ойнап, дүниенің қызығын көру керектігін баяндайды. Сол сияқты: Жігіттер, шамаң келсе шалқып тасы, Алпыс тәнің денеңде сау тұрғанда, - деген/124, 174/ Шал ақынның өлең жолдары да халық поэзиясындағы осынау дәстүрді одан ары жалғастыра түседі. Шәкәрім де бұл дәстүрдің тағлымынан құралақан емес. Ақынның өмір туралы философиялық ойлары қуатты да көп қырлы. Ол тіршіліктің негізіне үңіледі, адам мінезінің әрбір сәтінен табиғатпен сәйкестікті көреді. Жан мен тәннің арақатынасы туралы философия мәселесіне де қалам сілтейді. Шәкәрім үшін де мына өмір, тіршілік шектеулі, өткінші. Дүние қу - бір ағын су, Түстік онда шөп болып. Күнде ағамыз, сандаламыз, Бейнетіміз көп болып. Кейде тасқа, кейде ағашқа, Соқтығамыз дөп келіп. Суынан да, уынан да, Құтылармыз жоқ болып./113, 114/ Шәкәрімнің түсінігіндегі өмірдің өткіншілігі ағып жатқан су секілді. Тоқтаусыз. Ал адам үшін жарық дүние шектеулі: Алланың ақ өлімі келгенде, Амалсыз қара тастай қатасың./113, 113/ Сонау ертедегі сопылық әдебиеттен келе жатқан бұл сарын жоғарыда айтқанымыздай, әр дәуірде әртүрлі бояумен, терең мағынамен толығып, өзгеріп отырды. Мәселен, Жүсіп Баласағұнда:
- Туғаннан соң, өзекті ерге - бір өлім, Мойынсұнбай кім бар тапқан бір емін?! - деп/125/ тағдырдың алдындағы адам баласының тәуелділігі сөз болса, кейініректегі ақынжыраулар бұл қағиданы қабылдай тұрып, оған онсыз да қысқа өмірді қайғыменен өткізбей, “ойналық та күлелік” деген мағына қоса жырлады. Бұл дәстүр жаңа тарихи кезеңде Шәкәрімдер арқылы жаңаша жалғасын тапты. Немістің атақты ойшылы, пессимистік философияның жыршысы Шопенгауэр пікірлерімен ой таластыра отырып, Шәкәрім “дүниені тозақ ететін адам баласының өзі, оның әділетсіз іс қимылы” демей ме?! Сол сияқты ақын өлеңдеріндегі өмірдің өткіншілігі де аса өкінішті іс емес, оны неғұрлым қызықты етіп өткізу қажет, сонда ғана адамның өмірі мәнді, мағыналы болмақ. Бұл әрбір адамның өзінің еркіндегі мүмкіндік. Алға ұмтылсаң, талпынсаң биікке шығарың хақ. Әрбір насихат сөздің, ғибрат ойдың түп-төркінінде ақынның не жыраудың айналадағы өмірден түйгені жататындығын және ол тұжырымдардың уақыт тезінен өтіп, кейінгі ұрпақтарға жететінін ескерер болсақ, қазақтың дәстүрлі поэзиясындағы мұндай дидактикалық сарынның тәрбиелік қуаты зор екенін байқар едік. Күнделікті тұрмыстың мәселелерінен, адамдар арасындағы қарым-қатынастан, олардың ісәрекеттерінен бастау ала отырып, дидактикалық поэзия үлгілері ізгілік, адамгершілік, шыншылдық, мейірмандық тәрізді толып жатқан игі қасиеттер жөніндегі халықтық ұғымды бекіте түсті, жамандық пен көргенсіздікті, арсыздық пен арамдықты, әділетсіздікті сынады. Ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық сарын халықтың ақ пен қара, жақсылық пен жамандық категориялары туралы түсінігін орнықтырумен қатар “жақсы адам”,“жаман адам” ұғымдарын мейлінше жиі толғады. Дәстүрлі поэзиядағы жақсы адам образы әдетте ержүрек жігіт, ақылды бойжеткен бейнесінде сомдалады. Олар халықтың арманын бойларына сіңірген сегіз қырлы, бір сырлы жандар болып келеді. Мәселен, Шал Құлекеұлы жігіттің өзін үш түрге бөледі: Бір жігіт бар - құр жан, Бір жігіт бар - тірі жан, Бір жігіт бар - жігіт жан./126, 163/ Осылардың әрқайсысын тарата сипаттай келіп, ақын олардың іәшінен “жақсы адамды” іріктеп алады. Құр жан деген жігіт - кеудесінде жаны бар, Еш нәрсені білмейді. Тірі жан дейтіні бар - бар тапқанын
Киім мен атқа сатар, Жақын көрген досын жатқа сатар, Қызыл белбеу, шоңқайма етік, үкі тағып, Әркімді бір сықақ қылар. Жігіт жан дейтін жігіт - сегіз қырлы, Бір сырлы болар./126, 163/ Міне, осылайша жаны шынайы таза адамды іздеу, адамның жақсы қасиеттерін дәріптеу, жаман мінез-құлықты сынау, жақсы мен жаманды қатар алып, салыстыра бейнелеу дәстүрлі поэзияның ерекше белгілерінің бірі болды десек, бұл тақырыптар, аталмыш бейнелеу тәсілдері жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлттық әдебиеттің де басты тақырыптық аясын айқындады. Шал ақын жырлаған үш түрлі жігіт Шәкәрімде де бар. Ақын тереңге бойлайды. Адам баласының бойынан табылар түрлі мінез ерекшеліктерінің шығу төркініне үңіледі. Абай ұстазы секілді сол кеселдерді жоюдың жолдарын іздестіреді. Адамға тән мінез, әрекет, дағдылармен қатар оқыған, мәдениетті, ғылымға ден қойған адам ғана - Шәкәрімнің ұғымында “таза адам”. Осы қасиеттерді саралау, яғни “таза адам” образын сомдау арқылы ақын дәстүрлі поэзияның үлгісімен жас ұрпақ тәрбиелеу, оларды адамгершілікке, имандылыққа баулу міндеттерін көреді. Шәкәрімнің бір ғана “Жастарға” атты өлеңінің тағлымы, тәрбиелік күші қаншама?! Жай дидактикадан аулақ, шынайы тәлімдік философияға толы дүние. Ақын-жыраулар поэзиясынан, тіпті сонау ауыз әдебиетінің нұсқаларынан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі сарын - адам өмірінің кезеңдерін санамалай жырлау, кәрілікті бейнелеу. Шәкәрімдегі “Мұтылғанның өмірі” атты /113, 334-340/ өмірбаяндық ұзақ өлеңді осы дәстүр жалғасының айқын айғағы десе болады. Бұл шығармасында ақын бес жасынан жетпіске аяқ басқан шағына дейінгі әрбір он жылдық өмір белесін суреттейді. Мұндай сипатты шығармалар фольклорлық жырларды былай қойғанда, өзіміз сөз етіп отырған халықтық поэзияда, атап айтқанда, Бұхар жырауда, Шал ақында, Дулат Бабатайұлында, Шернияз Жарылғасұлында, Сүйінбай Аронұлында, тағы басқа да ақындарда әртүрлі формада, алуан мағынада кездеседі. Жиырма деген жасыңыз Ағып жатқан бұлақтай. Отыз деген жасыңыз
Жарға ойнаған лақтай, - деп/127, 60/ келетін Бұхар жыраудың белгілі сарыны өзге ақындар қаламынан да шет қалмады. Әсіресе Шал ақын бұл бағытта едәуір ілгері кетті. Жоғарыда келтірілген шумақта, сондай-ақ жалпы ақын-жыраулардың осы сарындас жырларының басым көпшілігінде адам өмірінің әр кезеңін түрлі заттар мен құбылыстарға, табиғатқа, жанжануарға теңеу арқылы сол кезеңдегі адамның көңілін, денсаулық күйін, қоғамдағы орнын суреттеу дәстүрі басым. Ал Шәкәрім болса, аталмыш өлеңінде өмірдің әр кезеңі туралы кеңірек толғанады, көрген-білгенін, басынан кешкенін баяндау арқылы адамның өсу эволюциясын, есею, қартаю процесін саралайды. Кәрілік - адам өмірінің қорытынды шағы. Қазақтың дәстүрлі халық поэзиясында осынау ұғымға айрықша мән беріледі. Қай заманда да поэзияның ең биік тақырыбы адам өмірі болды десек, бұл бағытта кәрілік, қартаю шағының назардан таса қалмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Сырт қарағанда қартаю - физиологиялық құбылыс. Поэзия бұл құбылысқа тек осы тұрғыдан қараумен шектелген жоқ. Рас көп жағдайда кәрілік адам ғұмырының көріксіздеу шағы ретінде суреттеледі. Екі қара көзді алар, Ауыздағы сөзді алар, Бойыңдағы әлді алар, Бетіңдегі нұрды алар, Бойыңдағы шырды алар, Аузыңдағы тісті алар, Бетіңдегі түсті алар, Қолыңдағы істі алар, Өлмегенде не қалар?! - дейді /127, 37/ тағы да Бұхар жырау. Кәріліктің шынайы көрінісі. Боямасы жоқ, болғаны айқын. Шал ақынның “Кәрілік туралы” аталатын өлеңі де дәл осындай суретті алға тартады. Бірақ ақындардың жырында күңірену жоқ, өткен өмірге өкініш сезілмейді. Қайта әлгі суретті, ажарсыздау ой жүйесін, мұңдылау сезілер жыр жолдарын тіршіліктің үзілмес желілерімен жалғастырып, мәңгілік қозғалыстың бір бөлшегіне балайды, адам өмірінің тек қана тозудан, қартаюдан, қайғыдан тұрмайтынын сездіреді. Жеткенін кәріліктің ескермейді, Көңілі өсіп, мейманасы тасқан адам./128, 52/ Халық поэзиясының бұл дәстүрін ұлы Абай биікке шырқатып әкетті, оны теңіздей терең оймен байытты. Оған өз философиясын дарытты. Абай
түсінігіндегі кәрілік адамның физиологиялық жағынан тозуы немесе өмірдің ең сұрықсыз, қайғылы кезеңі емес. Адамның жасы ұлғайған сайын ақылпарасаты толыса бермек, кемеңгерлігі кемелдене түспек. Бұл тұстағы Абай философиясы халықтың “Алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген даналығымен тамырлас. Осы үлгіде Шәкәрімнің қаламынан туған өлеңдердің мағыналық тіні әрқилы. Өмірінің соңына қарай туған жырларында ол кәрілік туралы тереңірек толғанады. Ақын ойының салмағы арта түседі. Шәкәрімнің пайымдауынша, кәрілік адамның өзіне-өзі есеп беретін, “не тындырдым” деген сауалға жауап іздейтін шағы. Өмірдің мәні жан баласының халқына, еліне, ұрпағына сіңірген еңбегімен өлшенбей ме? Ақынның көп өлеңдері кәрілік биігіне шыққан, өмірден түйгені мол қарияның насихат сөзіндей естіледі. Қара жерге кіргенше қамданып қал, Шалмын деп жатып алма шалқия да./113, 137/ Кезінде Шәкәрімнің кәрілік туралы өлеңіне ұлы ұстазы Абай сын да айтқан. Кәрілікті даналық кезеңі деп білген Абайға Шәкәрімнің “Кәрілік туралы”/129, 38-40/ өлеңіндегі: Шал болмай-ақ өлейік Алла ісіне көнейік. Немесе Алпыстан әрі бармаңдар Аңдамай шал болып қалмаңдар, - деген жолдар ә дегенде тосындау естілгені анық. Оның үстіне дәл осы ой жас ақынның, бозбала жігіт Шәкәрімнің аузымен айтылады. Мұның қай-қайсысы да Абайға ой салады. Бұл арадағы Абай мен Шәкәрімнің тұжырымдарынан қайшылық, келіспеушілік іздеуге әсте болмайды. Шәкәрімнің айтып отырғаны адам өмірінің қысқалығы, бұл фәнидің жалғандығы туралы халықтық философияның сарыны, әрине. Абай оны жақсы түсінді. Ал Абайдың сөзі ұстаздық тұрғыдан айтылған деуіміз керек. Айналасындағы шәкірт ақындарды баулу, олардың ойларын ұштау, биікке бағыттау, қисығын түзеу мақсатындағы пікір деп ұққан жөн. Тіпті Абайдың ескертпесі жалғыз Шәкәрімге айтылмаған, өзінен кейінгі барша ақындарға бағышталғандай. Шәкәрімнің “Кәрілік туралы” атты бұл өлеңі - классикалық поэзиямыздың дәстүрлі үлгісінде туған дүние. Онда өмірдің өткеніне өкініш жоқ, өмірді мәнді өткіз деген нұсқау бар.
Тұтастай алғанда, Шәкәрімнің өзінің алдындағы ақын-жыраулар дәстүрінен алғаны, үйренгені көп. Ақынның шығармаларындағы мұндай сабақтастықтың, үндестік тамырларын тереңдей әрі жан-жақты талдап, табиғатын ашып беру шәкәрімтану ғылымының алдында тұрған биік мұраттардың бірі деп ойлаймыз. Бұл арада біз ең алдымен Шәкәрім шығармаларындағы тақырып, ой, көркемдік мәселелерінің халықтық поэзиямен үндестігінің негізгі белгілеріне назар аударуға тырыстық. Шәкәрімнің халық поэзиясымен байланысының беріктігін байқататын шығармасы - “Ескі ақындық” аталатын/113, 140-143/ өлеңі. Онда ақынның өзі үлгі тұтқан ұстаздарына, қазақ өлеңінің дәстүрлеріне деген ерекше құрметі сезіледі. Сыпыра жыраудың, Үмбетей мен Марабай жыраулардың, Шортанбай ақынның есімдері ілтипатпен аталады. Ескі замандар поэзиясының артықшылығы, өлең өрнегі, ырғақ, ұйқастары туралы Шәкәрімнің әділ бағасы тұжырымдалады. Ақын-жыраулардың жырларын ол сайын даланы еркін шарлаған ақбөкеннің сұлу жүрісіне, самал желдің кейде екпіндеп барып басылар құбылмалы майда лебіне, тау-тастан құлай аққан мөлдір судың сылдырына немесе көкке шаншыла шырқап барып, жерге жұлдыздай ағып құлдилайтын қыранның қанатына теңейді. Көз алдымызға халық жырының сұлу суретін, нанымды әрі образды көріністер әкеледі. Шәкәрімнің есімін мәңгілік өлмес тұғырға қондырып, оның шығармашылық жолына қуатты ықпал еткен тағы да бір ұлы үрдіс Абай негізін қалаған жаңа сипаттағы әдебиет дәстүрі болды. Әлбетте, қай халықтың да сөз өнерінің өркен жайып, кемелденуі әралуан көркемдікэстетикалық шарттармен қанаттас жүреді. Сол шарттар мен принциптердің ішінде шоқтығы асқардай биік тұратыны - әдебиеттің өзіндік көркем әдіс тудыру дәрежесіне көтерілуі. Ұлттық әдебиетіміздің арғы-бергі тарихына үңілсек, оның ең бір кемелдену биігі Абай есімімен, ұлы ақын өмір сүрген он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің даму үрдістерімен тұспа-тұс келеді. Сол дәуірдегі көркемсөз өнерінің ғажайып айдынына алып шығар қуатты ағыстың бастау көзі, қайнап шыққан бұлағы Абай поэзиясы болды. Әрине, Абай да көктен түсіп, бірден ұлы ақын атанған жоқ. Халқымыздың ежелден келе жатқан бай фольклорынан, халықтың дәстүрлі поэзиясынан, Батыс пен Шығыстың классикалық әдебиетінен үйренген, үлгі алған Абай өз жүрегіне жинаған осы қазынасын тамаша талантының көрігінде шыңдап жаңа үлгідегі жырлар тудырды, соны сипаттағы көркемдік әдістің кең желкенін көтерді. Соның негізінде ұлттық әдебиетімізде ұлы Абайдың реалистік әдеби дәстүрі дүниеге келді. Әлбетте, әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдық ұғымдардың өзі өзара органикалық байланыстағы дүниелер. Екеуінің ара жігі белгілі-бір тарихи кезеңнің барысында, нақты уақыт өлшемінде ғана айқын болады да, біртебірте өміршеңдік танытқан жаңашылдық нышаны өзінің көркемдік, идеялық
қасиеттерін орнықтыра келе дәстүрге айналмақ. Яғни бір кезеңдегі жаңа құбылыс екінші бір кезең үшін дәстүр саналмақ. Сол себепті де әдебиеттегі дәстүр мәселесі халықтың сан ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасы болып табылады. Әдеби дәстүрдің байлығы туралы айтқанда біз сол әдебиеттің атқарып отырған қастерлі міндетін, идеялық-көркемдік деңгейін қамтитын тақырып аясын, тұтастай кемелділік дәрежесін ойда ұстаймыз. Ұлы қаламгер М.Әуезовтың сөзімен айтқанда: “Дәстүр мағынасына характер де, түр де, оқу мен өсу де, дами түсіп өзгеру де, мазмұн мен сыртқы сипат көрік-күй мәселесі – бәрі де түгел кіреді. Бұл сөз ғылымдық жағынан анығырақ және көлемдірек ұғымды аңғартады”. Сонымен қатар дәстүрлі байланыстар мен жаңашылдықтың бір-біріне жасайтын ықпалы өнерлі үздіксіз тарихи алға басуын ғана емес, адамзат баласының көркем ой мәдениетінің өсу жолын да бейнелейтін эстетикалық қазынаның басты кілті болып табылады. Қай уақытта да көркем ой мейлінше жаңа қиырларға ұмтылады, бұрын беймәлім рухани эстетикалық жауһарлардың сырын ашуға талпынады. Өнер әлеміндегі дәстүр жалғастығы өткен кезеңнің немесе белгілі-бір жұрттың жинақтаған тәжірибесін жай ғана үйренумен шектелмесе керек. Дәстүр желілері әр дәуірде өмір сүрген, бірбіріне мүлде ұқсамайтын бағыттағы өнер шеберлерінің арасын жалғастырып жататын алтын арқау болып табылады. Қазақ әдебиетіндегі Абайдың дәстүрі дегенде біз осындай кең ауқымды, мол тынысты көркемдік-эстетикалық құбылысты еске аламыз. “Бұл дәстүр – қазақ әдебиетінің алға басу тарихында заңды жалғасын тауып, жан-жақты байып келе жатқан ұлы арна. Оны жалғастырушылардың алдында заманының заңғар міндеттері бой көтерді. Міне, осынау міндетті ең алғаш рет жүзеге асыру бағыты ұлы ақынның айналасына шоғырланған талантты шәкірттерінің маңдайына бұйырды. Сол себепті де Абайдың әдеби ортасын айқындайтын шәкірттер шығармашылығы деген мәселе де арнайы қарастыруды қажет ететін рухани тынысын білдіретін, өнер адамдарымен тікелей байланысын, творчестволық қарым-қатынасын білдіретін кең мағынадағы күрделі ұғымдарды қамтиды”,- дейді белгілі Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов. Кезінде, Абай шығармашылығының өзіне оң көзқарас орнықпай тұрған заманда оның айналасындағы ақын шәкірттері жөнінде әр қилы даулар болды. Мұнда да белгілі–бір заңдылық бар секілді. Көрнекті қаламгер шығармашылығының немесе олардың жекелеген туындыларының түрлі тарихи кезеңдерде түрліше бағалануы әлемдік әдебиет тәжірибесінде аз кездеспейді. Әйгілі Шекспирдің өзі кезінде осындай жағдайды бастан кешірді. Англияда классицизм үстем болып тұрған дәуірде көпшілік қауым оған үрке қараса, романтикалық ағымның өкілдері өз кезінде оның шығармаларын шынайы өнер туындысы ретінде қабылдады. Мұндай мысалдар өзге әдебиеттер тарихында да жетерлік.
Қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрі төңірегіндегі пікірталастар барысында “Абайдың ақындық айналасы”, “Абайдың шәкірттері”, “Абайдың ақындық мектебі” деген ұғымдар қалыптасты. Түптеп келгенде мұның бәрі Абайдың ақындық дәстүріне келіп тірелер еді. Өйткені Абайдың айналасындағы және одан кейін өмір сүрген ақындардың қай-қайсысы да Абай қалыптастырған әдеби дәстүрден тыс қала алмайды. Осы ретте қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген белгілі ғалым Ы.Дүйсенбаевтың: “Бір кезде Абай мектебі төңірегінде қызу айтыстар болғаны мәлім. Қазір біз “мектеп” дегеннің өзі шартты түрде қолданылатын ұғым екенін ескертумен бірге Абай шәкірттерінің барлығына шек келтірмей, солардың еңбектерін тексеру арқылы Абайды тану ғылымының шеңберін кеңейте, мазмұнын байыта түсуіміз қажет секілді”,- деген пікірі ойға қонымды көрінеді.
Абай дәстүрі төңірегіндегі пікірталастың ең бір даулы тұсы ұлы ақыннан үйреніп, жолын ұстанған шәкірт ақындар аясын айқындау мәселесі болды. Әр кезеңде әр түрлі зерттеушілер бұған әрқилы жауап берді. Пікір қайшылығының өзі осыдан туды. Шын мәнінде Абайдан кейінгі әдебиет өкілдерінің бәрінің де Абайдан үйренгені, ол ашқан идеялық, көркемдік, мазмұндық және пішіндік жаңалықтарды өз шығармашылығында қолданғаны, шама-шарқынша дамытқаны ақиқат. Өйткені Абай өзінің айқын да өміршең бағытын академик-жазушы Ғ.Мүсіреповтің тілімен айтқанда: “Әдебиеттік еңбегімен қазақ халқының сезім-санасына, әсіресе көркемдік сезімі бар ақын-әншілеріміздің сана-сезіміне өзгерместей-өшпестей мықтап құйып кетті”. Абайдың ақындық ықпалын тікелей сезініп, тәрбиесін көрген шәкірттері туралы мәселе турасында жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарынан бері әртүрлі сипатта болса да сөз қозғалып келеді. Бұл тақырыпқа М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаев, А.Нұрқатов, Қ.Мұхаметханов, Ә.Жиреншин сияқты көптеген ғалымдар қалам тербеді. Әсіресе елуінші жылдары жазылған Қ.Мұхаметхановтың “Абай төңірегіндегі ақындар” атты диссертациялық еңбегі осы бағыттағы үлкен талпыныс болды. Өкінішке орай, қазақ әдебиетіндегі сол кездегі қайшылықты пікірталастардың салдарынан бұл еңбекке шығармашылық қуаты айрықша Шәкәрім, Нарманбет сынды таланттардың шығармашылығы туралы зерттеулер енбей қалды. Мұнда зерттеуші Ақылбай, Мағауия, Әсет, Әріп сияқты бірқатар ақындар шығармашылығына арнайы тоқталады, солардың айналасындағы кейбір жас талапкерлердің есімдерін атайды. Ал профессор Е. Ысмайылов өзінің “Кемеңгер Абай” атты 1940 жылы жазылған мақаласында: “Абайдың Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір деген балалары, немере-інілері, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріп сияқты ірі ақындар Абайдың тура шәкірті болады”,- дейді. Абайдың шәкірттері туралы С.Мұқановтың зерттеулерінде де әрқилы сипаттағы пікірлер бар. Атай айтқанда, өзінің “Абайдың шәкірттері туралы” деген мақаласында: “Осылайша екшеп келгенде “Абайдың шәкірттері” аталатын тізімдегі адамдардың шығармалары туалы пікір алысуға жарарлықтайы: Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтан-Махмұт және Сәбит
Дөнентаев”,- деп тұжырымдаса, енді бір тұсында Көкбай ақын жайында “Мұндай саяси беті теріс керітартпа ақынды Абайдың шәкірті еді деу мүлде орынсыз”, - деп, жоғарыдағы пікірге қарсы шығады. Осы орайда айта кететін тағы бір жайт - автор бұл мақаласында М.Әуезовтың Шәкәрімді, Нарманбетті Абайдың шәкірттерінің қатарына қосқанын құптамайды. Бұл, сөз жоқ, сол кездегі солақай сын мен жалаң саясатқа бағындырылған идеологияның салқыны болатын. Әдебиеттану ғылымындағы мұндай пікір қақтығыстары, алуан сипаттағы көзқарастар Абай қалыптастырған әдеби дәстүрдің құдіреттілігі мен өміршеңдігін терең таныта түсті. Абай дәстүрінің алғашқы қуатын сезініп, соның нәрінен сусындаған тұңғыш талапкерлер нақ осы жоғарыда аталған шәкірт ақындар еді. Олар ұстаз шығармаларын жаттап, көпшілікке тарата жүріп, сол туындылардың жалынын өз жүректеріне де құйып өсті, ұстаздың шын мәніндегі ұлылығын сезінді, сол себепті өздерінің әдеби әлеміндегі әрбір жаңа қадамын Абайдың талқысына салып отырды. Оларды идеяластық, мақсаттастық біріктірді. Олардың шығармаларының тақырыптарында, нысаналарында ортақ сипаттар болды. Мұның өзі қазақ әдебиетінде ұлағатты дәстүрдің туғанын, кейінгі ақындарға үлгі боларлық Абай тәрізді алып тұлғаның дүниеге келгенін аңғартқан құбылыс еді. Осы орайда мәскеулік ғалым З.Кедринаның: “Кезінде қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар ойлап тапқан “Абай мектебі” теориясы бүгінде қате деп танылуда. Шынында да, Абай маңында топтасқан жандар арасында ақындық мектептің болғанын дәлелдерліктей идеялық-эстетикалық тұтастық болған емес. Сонымен қатар, “мектеп” ұғымының өзі үлкен ақынның идеялық-көркемдік ықпалын оны қоршаған шағын топтың шеңберімен тұсап, оның ақындық ықпалы жөніндегі мәселені бұрмалайды және классик шығармашылығының бүкіл әдебиеттің дамуындағы мәнін төмендетеді, өздерінің ұлы ұстазының тәсілдерін құн алып, қайталай беретін жандардың оның ізбасарлары мен жалғастырушылары да түсіндіреді”, - деген ұшқары пікірімен келісу қиын. Себебі Абайдың маңында идеялық-эстетикалық тұтастық мүлде болмады деу жөнсіз. Рас, Абайдың тұсында өмір сүріп, өзін соған шәкірт санаған талапкерлердің бәрі бірдей жоғары деңгейдегі көркемдік ой-түсінікте, көзқараста болды дей алмаймыз. Әйтсе де Абайдың талантынан бастау алатын құнарлы идеялық-эстетикалық қайнар көздің болғанын да жоққа шығармау керек. Ақиқатқа жүгінсек, өткен ғасырдың екінші жартысында Абай ауылы бүкіл қазақ жұртының аса бай өнері мен поэзиясының, көркемдікэстетикалық дәстүрлерінің жарқырай көрініп, жаңаша танылуына жол ашқан рухани жайлау, мәдени орталық болды. Абайдың маңына талантты ақындармен қатар күміс көмей әншілер, өнерпаз музыканттар мен композиторлар топтасты. Ұлы ұстаздың ақын шәкірттерінің ішіндегі көрнектілері Мағауия, Ақылбай, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев, Көкбай Жаңатаев, Нарманбет Орманбетов, Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Осылардың ішінде көп уақыттар бойы Шәкәрім, Көкбай, Нарманбеттердің шығармашылық жолдары, әдеби мұралары көп зерттелмей келеді. Оған себеп
әдебиеттану ғылымында үстем болып келген солақай социологиялық көзқарас еді. Ал шын мәнінде олардың өлеңдерінде Абай поэзиясының тақырыптық, идеялық және көркемдік, стильдік ықпалы айқын әрі мол сезіледі. Олардың әрқайсысы артына мол мұра қалдырып кетті. Шығармаларынан Абайдың лирикасына тән реалистік бояу, халықтық, ағартушылық сипат айқын көрініп жатады. Сонымен қатар, аталған ақындардың өзіндік ақындық қолтаңбасы бар, бірін-бірі қайталамайды. Олар бір ғана арнада, Абай негізін салған көркемдік үрдіс арнасында ғана өзара тоқайласады. Олардың шығармаларындағы тақырыптар мен көркемдік бояу кестелерінің үндестігі, өмірге, айналадағы құбылыстарға деген көзқарастарындағы сарындастық та осы ұғымның аясынан табылады. Әлбетте белгілі-бір дәстүрден үлгі алу, оны жалғастыру деген жай ғана барды қайталап, еске салып отыру емес. Абай шәкірттерінің қай-қайсысы да өз шығармашылығында ұлы ақын поэзиясына тән сипаттарды дамыта отырып, оларды жаңа түрмен, жаңа мазмұнмен байыта түсті. Атап айтқанда, Ақылбай, Мағауия, Әсеттер Абай поэмаларындағы романтизм белгілерінің өрісін кеңейтті, сол сазда тамаша поэмалар тудырды. Бұл поэмалар аталған ақындардың тікелей Абайдың ықпалында өсіп, толысқанын аңғартады. Өйткені аталған поэмаларға өзек даласына ұлы ақынның ықпалымен ертегі түрінде тараған Шығыс пен Батыстың түрлі туындыларынан алынған сюжеттер еді. Сондай-ақ Абай шәкірттері қазақ тұрмысынан да түрлі сипаттағы поэмалар жазды. Бұл ретте Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу», Көкбайдың «Сабалақ» және Мағауияның «Еңлік-Кебек» поэмаларын атаған жөн. Бұларда да Абай жырларына тән шыншылдық, ой тереңдігі мен ақындық қуаттың ізі сайрап жатыр. Ол заңды да. Өйткені маңайындағы талапкер ақын жастарды үнемі назарында ұстаған Абай олардың әрқайсысының жаңа туындыларын оқып, талқыға салып, бағыт-бағдар беріп отырған. Оларға өзі тақырып ұсынып та шығармалар жаздырған. Оған мысал – Шәкәрім мен Мағауияның бір тақырыпқа жазған «Еңлік-Кебек» атты поэмалары. Абайдың нұсқауымен қолдарына қалам алған екі ақын бір оқиғаны өздерінше жырлап шыққан. Идеялық, әлеуметтік бағдар – нысаналарында айырма да бар. Олар Абайға тән имандылық, ағартушылық бағытты басшылыққа ала отырып, өзіндік тұрғыдан сөз қозғайды. Кезінде Абай осынау екі поэмаға да өзінің әділ бағасын берген. Жалпы алғанда, Абай шәкірттерінің бәрі дерлік поэма жазған. Олардың бәрі де Абайдың оқиғалы дастандарымен мақсаттас, бағыттас болғанымен, әрқайсысының өзіне тән өрнек-бояуы, көркемдік-идеялық нысанасы бар соны дүниелер болды. «Абай ізбасарларының тақырып таңдауында белгілібір заңдылық бар,- дейді М.Мағауин - Өткен заман туралы айтылсын, бөтен халықтар тұрмысы негізге алынсын, тек қазақ өмірі, және басқа зары мен арманы алға тартылады. Түптеп келгенде, ізбасарлар Абай жолын одан әрі дамытты. Абай өрісін ұзартты, қазақ әдебиетінің ізденіс аймағын, көкжиегін кеңейтіп, идеялық бағыт-бағдарын, көркемдік мұратын айқындай түсті».
Ақылбай мен Мағауия, Әсет пен Көкбай, Шәкәрім поэмаларының тақырып жағынан әралуан болуында осы заңдылықтың ізі сезіледі. Олардың өзге жұрттар өмірінен алынған романтикалық поэмаларға немесе қазақ халқының ерте кездерде басынан өткен оқиғалар негізінде тұрмыстық, әлеуметтік, лиро-эпикалық дастандарға қалам сілтеуін Абай поэзиясынан нәр алу барысында, ондағы реалистік дәстүрді, романтикалық элементтерді, әлеуметтік ой салмағын өрбітудегі философиялық бағытты дамыта отырып жасалған жемісті қадам деу керек. Абай негізін қалаған әдеби дәстүрдің сыр-сипаты ең алдымен оның лирикасынан көрінеді. Оның лирикасының кесте-бояуы, ой-парасаты, мұратнысанасы кезінде шын мәніндегі жаңаша лириканың туғанын паш етті. Абайдан кейінгі қазақ поэзиясында реалистік сипат, халықтық бояу айрықша орын алады. Бұл ең алдымен Абайдың маңындағы шәкірт ақындарға ерекше ықпал етті. Олар Абайдан өз дәуірінің көкейкесті мүдделерін жүрегімен сезінуді, заман тынысын суреткерлікпен, азаматтық парасатпен ұғынуды үйренді. “Абай жас ақындарға, өнер иелеріне лұғатты ойларын айтып, ұстаздық көрсетті, оларды өмір жырын жырлауға, қоғам мен халықтың ілгері басқан дамуымен, өмірімен етене жақын болып, өлең жырымен соған әсер етуге үндеді, дейді белгілі ғалым А.Нұрқатов. – Бұл Абай эстетикасының жаңа бір айқын қыры, мейлінше мәнді жыры еді”. Лирика саласындағы Абай дәстүрін дамытуда Әсет пен Әріптің, Шәкәрім мен Нарманбеттің, Көкбайдың шоқтығы биік тұрады. Сонымен қатар Ақылбай мен Мағауияның адам сезімдерін әсерлі суреттейтін өлеңдері де көңіл аударарлық. Бұлардың қай-қайсысы да Абай поэзиясына тән шынайылық пен сыршылдық, кестелік, жанды бояумен қатар, гуманистік, ағартушылық, эстетикалық нысаналарды мұрат тұтады. Міне, осы қатардағы көрнекті шәкірттердің бірі – Көкбай Жанатайұлы. Ол 1863 жылы Семей облысының Абай ауданында туып, 1927 жылы қайтыс болған. Жасында Семейдегі медреседе оқып, ескіше сауат ашады. Бірқатар жыл молда болып, бала оқытады. Көкбай – Абаймен ширек ғасырдай қатар әрі тығыз байланыста өмір сүрген ақын. Абайдың ең жақын достарының бірі әрі ақындық жолдағы ізбасар шәкірті болды. Ұлы ақынмен араларындағы байланыс Көкбайдың шыншыл ақын ретінде қалыптасуына айрықша ықпал етеді. Сол себепті де Абай поэзиясына тән сыршылдық, тақырып салмақтылығы Көкбайдың өлеңдерінен айқын сезіліп жатады. Сонымен қатар, ол Абайдың поэма жанрындағы жаңашыл дәстүрлерінің ізімен “Сабалақ” дастанын жазады. Кезінде Абай өзінің алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялағаны мәлім. Сондай-ақ ұлы ақынның “Сорлы Көкбай жылайды”, “Бұралып тұрып”, “Қиыстырып мақтайсыз” атты өлеңдерінің Көкбайға арналуы да ұстаз бен шәкірт арасындағы жақындықты дәлелдейді. Көкбайдың өзі де ұстазын үнемі ауызға алып, өлең жазып отырған. Өзінің “Абайға” деген өлеңінде ол “Жаннатта жаның болғыр Абай құтып”, - десе, замандасы Әріп ақынға айтқан бір олеңінде ол Абайды Аплотонға теңейді. Бұдан кейінгі өмірінде де Көкбай ұлы ұстазының есімін әрдайым еске алып, нысана тұтып отырған.
Кезінде М.Әуезов қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың орнын айқындау, Абайдың өмірбаянын тиянақтау ісіндегі Көкбайдың еңбегін ерекше бағалады. Көкбай өлеңдерінің тақырыптық шеңбері Абай лирикасымен үндес келеді. Абай тәрізді ол да өз маңайындағы ұлық пен әкімнің мінез-құлқын шенейді. Тіпті Абайдың сынына ұшыраған “Дүтпай болыстың бейнесін Көкбайдың да сомдауын тақырып қайталау емес, заман шындығын, өмірлік ақиқатты барынша аша түсуге деген талпыныс деу қажет.
Дозаққа біреу кетсе, Дүтім кетер, Дүтім кетсе, Көкшенің көбі кетер. Кісінетіп қара айғырды байлап қойып, Артынан тоғыз биді күпілдетер, - деген жолдарда жалғыз Дүтпай бейнеленіп отырған жоқ, болыстың айналасындағы күпілдеген тоғышар тіршілік суреттелген. Нақты көрініс, нанымды эпизод бар. Мұндай сыншылдық Көкбай өлеңдерінің көпшілігіне тән. Атап айтқанда, “Семей саудагерлеріне”, “Ағыбайға”, “Салдарға”, “Сараң байға”, “Мұсажанға” тәрізді өлеңдерінде ол жеке адамдардың, бүкіл қауымның басындағы келеңсіз жайларды әшкерлеп, сын садағына нысана етеді. Сол арқылы өз кезеңінің типтік мінез-құлқын бейнелейді. Жырларына әлеуметтік астар бере сөйлейді. “Семей саудагерлеріне” атты өлеңінде ақын:
Семейдің саудагері қызыл танау, Жегені тамағына ет пен палау, - деп, нақты бір ғана адам емес, бүкіл саудагер атаулының образды бейнесін сомдайды. Өз ойын ақын ащы мысқылмен, өткір юмормен баяндайды. Байғұс-ау, Мұсабаймен тұрқын бірдей, Олар жұлдыз болғанда, бір үркердей. Аспанда алты жұлдыз бас қосып тұр, Жүрсеңші біреуіңді біреу ілмей, - дейді ол “Көкшеге” деген өлеңінде. Бірін жеке жұлдызға, енді бірін үркерге теңеу арқылы өлеңінің көркемдік бояуын қалыңдата түскен ақын осындай теңеудің көмегімен бірлік пен татулық идеясын уағыздайды.
Көптеген өлеңдерінде Көкбай бай мен сараңды, уақытын құр қызықпен өткізіп жүрген сал-серілерді, өсек десе құлағы түрік жылпыңдарды сынға алады. Алайда қоғам кемшіліктерін сынай отырып, Көкбай одан құтылудың жолын көрсетіп бере алмайды. Ақын көбінесе адам бойындағы жекелеген кемшіліктерді сынаумен шектеледі.
Абайдың ақындық мектебінің енді бір көрнекті өкілі – Нарманбет Орманбетұлы. Қарқаралы уезінде (қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы) 1860 жылы туып, 1918 жылы Қарқаралыда уездік соттың төрағасы болып жүрген кезінде қайтыс болған. Абаймен аталас туыстығы бар. Жасынан-ақ зерделілік танытқан Нарманбетті әкесі ауыл молдасына беріп, азғантай сауатын ашады. 14 жасында Нарманбет бұдан кейінгі уақытта өз
бетімен ізденіп, орысша, мұсылманша мол білім жинақтайды. Өзге елдер ғалымдарының, жазушыларының еңбектерін оқиды. Соның нәтижесінде табиғатынан зерек Нарманбет ел ішіне белгілі шешен атанады. Нарманбеттің көпке мәлім алғашқы өлеңі 14 жасында жазылған. Әйтсе де оның шынайы ақындық өнер жолына түсуі тікелей Абай поэзиясымен тікелей танысқан сексенінші жылдардан басталса керек. Ендігі жерде Абай өлеңі Нарманбет үшін бағыт-бағдар берер темір қазыққа айналады.
Күні кешеге дейін Нарманбеттің есімі “зар заман ақындары” деген қатарда аталып, оның өлеңдері идеологиямызға жат, түсінігі теріс дүниелер делініп келеді. Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басындағы қабылданған қаулыларды жан-жақты зерттеген арнайы комиссияның қорытындысында бір кездегі өрескел бұрмалаушылықтан зардап шегіп, жазықсыз жалалы болғандар арасында Нарманбеттің де есімі аталып, ол ақындардың шығармашылық мұраларына әділ баға беру, оларды халықтың игілігіне айналдыру қажеттігі тұжырымдалды.
Нарманбет шығармашылығы көркемдік деңгейі жоғары, идеялықтақырыптық ауқымы кең, өзіне тән ерекшелігі мен қайшылығы бар мол мұра. Оның дені – лирикалық өлеңдер. “Нарманбет сөзсіз ірі, талантты ақын, ол өз дәуірінің зор реалист сыншысы,- дейді профессор Е.Ысмайылов. – Мұның творчествосында ХІХ ғасырдың ақыры мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласының саяси-экономикалық және әлеуметтік шындығы, бейнесі айқын көрінеді. Нарманбет творчествосының негізгі мотиві ол халықтың қоғамдық өмірін айтып, жырлар беру”. Шындығында да Нарманбет өлеңдерінде өткен ғасырдың екінші жартысында Абай негізін қалаған реалистік поэзияға тән сыр-сипаттар аса мол.
Нарманбет поэзиясын Абай дәстүрімен сабақтастырып жатқан ең негізгі нәрсе – ондағы өмір шындығын, қоғамдық құбылыстарды шынайы әрі сыншылдықпен бейнелейтін реалистік тәсіл. Нарманбет жырлары да өз кезіндегі қоғамдық қайшылықтарды әшкереледі, жандайшап әкімдерді, болыс-билерді аяусыз сынады, халықтың басындағы ауыртпалық бұлтын сейілтуге ұмтылып, бұқараның оқу-білімге шақырды.
Заман шындығы – Нарманбет поэзиясының басты тақырыбы. Ақын өлеңдеріне тән сыншылдық пен шыншылдық та, ұғым қайшылығы да осы тұстан көрінеді. Бұл тақырыптағы “Заман”, “Аждаһаның аузында”, “Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер”, “Кер заман”, “Сарыарқа сайран жерім-ай”, “Сарыарқа”, “Шал қайғысы”, “Сахараға қарасақ”, “Қазақ ұлы біз тұрмыз”, “Жасқаншақ бас” сияқты өлеңдерінде Нарманбеттің шындықты көркем бейнеленуіндегі шеберліні мейілінше мол танылады. Әсіресе сол кездегі патшалық Ресей тарапынан жүргізілген отарлау саясаты Нарманбетке қатты әсер етті. Қазақ даласында пайда болған қиын жағдайлар, шаруа адамының басына түскен ауыртпалықтар ақынды қатты күйзелтті. Өз өлеңдерінде ол отаршыл патша өкіметін аждаһаға теңейді. Атап айтқанда, “Аждаһаның аузында” атты өлеңінде ақын былай дейді:
Аждаһаның аузында Айрылып қалдық қоныстан. Бекілген мизам шықпай тұр, Әлі бізге орыстан. Қазақтың жолы тарайып, Нәпсілері қарайып – Әділеттік азайды Би, старшын, болыстан. Малды кісі би болып, Милы кісі іи болып Белгілі жақсы жүн болып, Жаннның бәрі тең болып, Көнбейміз деп тырысқан.
Бұл өлең 1903 жылы жазылған. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ өлкесінде орныққан тарихи шындық осындай болатын. Мұндайды көзімен көре, жүрегімен сезіне тұрып, ақын істерге амал таппайды. Халқының берекесін сақтап қалудың жолын іздейді. Айналасынан жақсылықтың нышанын көре алмай сергелдеңге түседі. Бұл ой, осы идея Нарманбеттің “Сарыарқа” атты өлеңінде де жалғасады. Ақын онда патша өкіметінің орыс шаруаларын қазақ даласына жаппай қоныстандырып, жергілікті халықты шұрайлы жерлерден аластап, қуғынға салғанын, елдің бауыр басқан ортасынан айрылғанын айта келіп:
Қалмады, ей Сарыарқа, сенде қызық, Сандал тау, сары өлкені алды мұжық. Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ, Баласы байғұс қазақ қалдың мыжып, - дейді. Өлеңде сол кездегі бүкіл халықтың басына төнген қасіреттің қара бұлты айқын бейнеленген. Бұл тұста Нарманбет барынша шыншыл. Қайғының түп төркіні отарлау саясатында жатқанын анық сезіне тұрып, ақын өз халқына да кінә артуды естен шығармайды: Таптадық Сарыарқаны неше жүз жыл, Батыр жоқ, баласы жоқ сонда да тұл, Ерініп, еңбек қылмай, егін салмай,
Халыққа қала салған боламыз құл. Осынау шындық бояуы мейілінше қанық өлеңде ақын шығармашылығында ұдайы бой көрсетіп отыратын тіл шұрайлылығы, көркем кестелілік те айқын. Нарманбеттің заман шындығын анық бейнелеген өлеңдерінің бірі – “Кер заман”. Мұнда ел адамдарының психологиясы, ауылнай, старшындардың бейнесі, ұлықтардың парақорлығы әшкерленеді. Өлеңде Абайдың “Болыс болдым мінеки” атты өлеңімен үндестік бары сезіледі. Абай тәрізді Нарманбет те сол кездегі адамдардың түрлі психологиялық портреттерін жасайды. Келіп түсті Тікке үйге, Белде қылыш,
Сары түйме. “Тентектерді тез келтір” деп, Жарлық берді Болыс биге. Бұл қырық ат айдап, жолындағы елді қырып-жойып келе жатқан ұлықтың қаһарлы кейпі. Осылайша дүркірей, ықтыра келген ұлыққа құрақ ұшқан ауылнай, болыстар “ләббай, тақсыр!” деп құрдай жорғалайды. Ұлықтың “келсін!” деген әмірін ауылнай естіп, не істерін білмей қойдай иірілген жазықсыз шаруа адамдарының түрі мынандай: Ұлыққа келді жыйылып, Әруақтарға сыйынып, “Здрасти, тақсыр” деп, Бастарын шұлғып, иіліп.
Ақыр аяғында біреудің арызымен келген қаһарлы ұлық қарапайым халықтан пара алып жайына кетеді. “Нарманбет Абай сияқты (Абайдан көп үйренген, тура шәкірті болған), болыс, би, старшын, приставтарды қатты сынаған”, - дейді Е.Ысмайылов. Ақын сол арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті, адамдар арасындағы кемсітушілікті ашып көрсетеді. Заман суреті де сол арқылы барынша шыншыл сипатта көрінеді. Сондай-ақ шындықты бейнелеудегі Нарманбет өлеңдерінің образдылығы да ерекше. Мәселен, ақын “Замана” атты өлеңінде:
Бай озды қамал бұзған батырдан да, Ақша озды бұл заманда ақылдан да, - дейді. Осынау жолдардағы әлеуметтік өмір шындығы, қоғамдық қайшылықтың келбеті айқын да нақты. Ақын сөздерінің бейнелілік сипаты аса жоғары. Ақша мен ақыл ұғымдарын образды түрде ала отырып, Нарманбетт замана келбетін көз алдына әкеледі.
1916 жылғы қазақтан солдат алу дүрбелеңі Нарманбеттің поэзиясына елеулі әсер еткен оқиға болды. Осы тұста жазылған, бастан-аяқ кестелі тілмен төгіле өрілген “Сарыарқа сайран жерім-ай” өлеңі Нарманбет шеберлігінің биікте жатқанын аңғартады. Өлеңде 1916 жылғы дүрбелеңнің шынайы суреті бар. Қазақ даласын жалпағынан өрт алды. Ата-анада зәре жоқ. Елге араша болады-ау деген болыс-билер қулық-сұмдыққа белшесінен батты. Пара берген адамның баласын құтқарушы да, панасыз, жоқтаушысыз жандарды қозыдай тізіп берушілер де солар болды. Жан қысылды жад еттік
Бір жасаған иені. Болыс, тілмаш, ауылнай Жығылғанға “сүйеді”. Қанды балақ қаршыға Тоятына қаз берсе, Қанатына “маз” берсе, “Отлушке, ауру” Деген пайда тиеді. Сол заманның тарихи шындығы осы еді. Осынау шындықты соншалық бейнелі тілмен жүрек зарына толтыра баяндай отырып, бір тұста ақын бұл қиямет ақ патшаның жарлығы болғанмен тағдырдың басқа салғаны, сондықтан оған бағынбасқа шарамыз жоқ дегенді айтады. Ақынның мұңы мен зары осындайдан туындайды. Ол халық үшін, елінің тағдыры үшін қанша аласұрғанымен одан шығатын жолды таба алмайды. Тағдырға мойынсұнуға мәжбүр болады, шарасыздыққа бой алдырады. Нарманбет – тарихтың күрделі кезеңінде өмір сүрген, үш бірдей төңкерісті бастан өткерген адам. 1905 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы қоғамдық-әлеуметтік жағдай, 1917 жылғы төңкерістер Нарманбет өлеңдерінен мол көрініс тапты. 1905 жылы жазылған “Сахараға қарасақ”, “Мектеп бастығына”, “Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер”, 1917 жылы жазылған “Тілекті хақ берген күн”, “Дауысың қалай ашылды”, “Ұран” сияқты өлеңдері осының айғағы. Нарманбет әсіресе 1917 жылы ақ патшаның тақтан құлауына ерекше қуанады. “ Әлемді жұтқан айдаһар, мерт болып бүгін өлген күн” деп жар сала тұрып “Тілекті хақ берген күн” деген өлеңін жазады. Қуанышын ұран етіп елге жаяды. Өзінің “Ұран” деп аталатын өлеңінде ақын “Қариялар, қайдасың?”, “Азаматтар қайдасың?”, “Ақындарымыз қайдасың?” деп олардың әрқайсысын бірлікке, ел бастауға, батыл іске кірісуге шақырады.
Араздықты қоялық, Арамзалық мінезді, Енді тіпті жоялық! Талантты ерге нұр жауар, Талпынбаған не табар? Ескерерлік жұмысты Күнде ертеңге созбалық! Егін салып, мал бағып, Ризықпенен тоялық! Айдын шалқар көлдей боп, Көлге түсер елдей боп, Күншілдіктің көзін оялық! - деп ұран тастайды ақын ел азаматтарына. Бұл арада ақынның жүрегіндегі қуаныш та, ерекше пафос та айқын сезіледі. Ендігі жерде алға бастаудың бірден-бір жолы ынтымақта өмір сүру, адал еңбек ету екенін терең ұғынушылық бар.
Өлеңдеріндегі гуманистік, ағартушылық сипаттар арқылы да Нарманбет Абай поэзиясымен тамырласып жатыр. Абай туған халқын оқубілімге, ғылымға шақырады, еңбек пен бірлікті уағыздайды. Ақынның осы тақырыптағы көрнекті өкілдерінің бірі - 1900 жылы жазылған “Бала қандай?” атты ұзақ өлеңі. Мұнда Нарманбет баланың жаралуынан бастап, сегіз жасына дейінгісін жырлай келіп: Сегіз жастан баланы оқыт дейді, Ғылым, өнер көңілге тоқыт дейді. Оқытпаса обалы ата-анаға, Қарға қылып қараны шоқыт дейді,
Оқытса бала деген сұңқар болар, Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болар. Қиыр ұшып, қиыннан тоят тілеп, Көрінген жан құрметтеп іңкәр болар, - деп түйіндейді. Адам өмірін сәулелендірудің бірден-бір жолы оқу мен ғылым үйрену екенін айтады. Нарманбеттің ұғымындағы сауатсыздық – надандықтың басы. Сол себепті де ол айналасындағы әлеуметтік, қоғамдық кемшіліктің басаяғына көз жібере тұрып та ғылымды еске алады. “Бұл күнде байлар ғаяр, билер мекер” деген өлеңінде ақын өз пікірін: Өтірік өрге таман бара жатыр, Бесікте “алдаймын” деп бала жатыр. Балақтан басқа қарай бит өрлесе, Сипамай, “замана” деп дана жатыр. Ғылымның нұр сәулесі түспеген соң, Көңілі біздің жұрттың қара жатыр, - деп қорытады. Жалпы алғанда, Нарманбет өлеңдеріндегі ағартушылық идеяның қуаты өз дәуірінің жүгін арқалағаны, міндетін орындағаны ақиқат. Ақынның “Көпті көрген көнемін”, “Ақыл бір алтынға ұқсас допдомалақ”, “Жасымнан көп жорттым жолбарыстай” сияқты көптеген өлеңдерінде Абай гуманизміне тән сипаттар мол ұшырасады. Нарманбет ұсынатын имандылықтың идеялы да – көркіне парасаты сай адам. “Көпті көрген көнемін” атты өлеңінде ол “Жақсылық істе адамға, жақсы жол көрсет наданға” дей келіп: Өз араныңды аулама! Жазасыз жанды жаулама!
Аш тазыдай жалақтап, Адам ұлын құрмет қыл, Жұртыңа түзу қызмет қыл. Қатарыңнан озасың Бәйге атыңдай адақтап! - деп өзінің гуманистік, имандылық мұратын жайып салады. Сондай-ақ өлеңдерінің көркемдік өрнектері, образдылығы, тіл шешендігі, теңеулер мен афоризмдерге байлығы жағынан Нарманбет поэзиясы негізінен Абайдың лирикасын еске түсіріп жатады. “Шал
қайғысы”, “Ауыл қайғысы”, “Кер заман”, “Толғауы тоқсан қызыл тіл” сияқты өлеңдері тікелей ұлы ұстазының үлгісімен үндес, сабақтас. Бұл тәрізді сипаттар Шәкәрім Құдайбердіұлының поэзиясына да тән. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиет, міне, осынау ұлы Абай үлгісінің негізінде қанат жайды, ол қалыптастырған реалистік әдебиет дәстүрлерінің өміршеңдігін, көркемдік-эстетикалық құндылығын дәлелдеуге, орнықтыруға қызмет етті. Абай бүкіл адам баласының көкейіндегі ойды қозғайтын тақырыптардың барлығын әлемдік көркемдік ой дәрежесіне жеткізе жырласа, Шәкәрім бастаған ізбасар шәкірттер осы қадамға ілесуге тырысты. Абай өз шығармашылығына нәр болған тақырыптарды өз заманының шындығынан тапса, жиырмасыншы ғасырдың басындағы әдебиеттің негізгі тақырыбы да осы, заман шындығы болды. Ең бастысы - кезең әдебиетіне, оның көрнекті өкілдері Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Мұхаметжан Сералин, Сәбит Дөнентаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Нарманбет Орманбетов, Ғұмар Қараш сияқты көптеген ақындарға етене жақын қасиет айналадағы ақиқат өмірді шынайылықпен, нанымды суреттеу, заман мәселесі мен қоғамның әлеуметтік өміріне тән ақты-қаралы, жаманды-жақсылы бейнелерді бояма-бүркеусіз бейнелеу, қоғамдағы адамның, ақынның ролін асқақтата көтеру, сөз өнерін айрықша қастерлеу, нені жырласа да қазақ жұртының болашағын нысана етіп жырлау болды. Бұл Абай дәстүрінің, реалистік әдебиет үрдістерінің заңды жалғасын табуы деген сөз еді. Жиырмасыншы ғасыр Шәкәрім бастаған ақын-жазушылардың алдына өзгеше міндеттер тартты. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік
өзгерістер, төңкерістер олардың жаңа тақырыптарға баруын, заманның үнін айшықтауын талап етті. Екі түрлі саяси күштің күресі, қоғамдық формациялар алмасуындағы аласапыран жағдайлар, идеологиялық майдан шытырманы бұл міндеттердің орындалуын қиындатып жіберді. Әдебиет өкілдері әртүрлі күштердің ықпалына түскендей, әралуан көзқарастарға негізделген топтарға бөлінгендей болды. Әйтсе де шындықты, өмірдің ақиқатын, көркемдік-эстетикалық мұраттарды ту еткен Абай дәстүрі олардың темірқазық нысанасы болды. Осынау шытырман кезеңде күрделі уақыттың күрмеуі қиын мәселелерін көркем де шыншыл бейнелеуге ұмтылған қаламгерлер қатарында Шәкәрімнің де өзіндік үні, өз орны бар еді. Шәкәрім Абайдан көп үйренді. Туыстық жақындығын, рухани бауырластығын былай қойғанда, шығармашылық жолдағы шәкірті ретінде Абайдың ақындық қазынасынан мол сусындады. Шәкәрім Абай шәкірттерінің ішіндегі ең ұзақ өмір сүргені ғана емес, артына ең мол мұра қалдырғаны да. Оның поэзиясы шын мәнінде Абайдың ақындық дәстүрінде туған. Құнарлы топырақтан нәр алған қуатты поэзия. Ақынның дастандары мен лирикалық шығармаларында өз халқыының өткені мен бүгінінің ізі сайрап жатыр. Алапат рухани күш қуат, ширақ сезім, ауыр мұн мен зіл қайғы, жан ләззаты мен мөлдір сезім, ар мен ұят – бәрі-бәрі Шәкәрім поэзиясының өне бойынан өз орнын тапқан. Бір сөзбен айтқанда,
оның шығармалары өз заманының айнасы болды, бірақ ол кез келген құбылысты талғаусыз бейнелей берген жоқ. Оның лирикасынан шынайы поэзияға, кемелденген кең құлашты талантқа тән айырықша белгі болып табылатын ой жүйесінің қарапайымдылығы мен ұғынықтылығы айқын аңғарылады. Абайдың орны Шәкәрім үшін ерекше тұрды. Ұлы ақын есімінің Шәкәрім шығармаларында ұдайы ілтипатпен аталуы осының айғағы болса керек. Шәкәрімнің әрбір өлеңі Абай жырының рухын сездіріп тұрғандай. Өзінің әйгілі “Жастарға ” деп аталатын өлеңінде /113, 31-41/ Шәкәрім Абайды бүкіл ұлттың ұстазы дәрежесіне көтереді. Мынау Абай - бір ғалым жол шығарлық. Замандасы болмады сөзді ұғарлық. Амалы жоқ, айналды енді бізге, Күн туды етегіне жабысарлық, - дегенде /113, 33/ ол Абайдың өз кезінде көрген құқайын немесе Атадан алтау, Анадан төртеу, Жалғыздық көрер жерім жоқ. Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының Жалғыз қалдым-тап шыным! - деп/130, 114/ толғаған күйзелісті күйін қайтадан көз алдымызға әкелейін деген жалаң мақсаттан аулақ. Шәкәрімде Абайға деген құрмет шексіз, жастарды ұлы ұстаздан үйренуге шақыру сарыны басым. Ақын Шәкәрімнің шығармашылығындағы Абай дәстүрінің ықпалы ең алдымен оның реализмінен, шыншыл әрі сыншыл сипатынан көрінді. Ұлы ұстазы тәрізді ол өзі өмір сүрген дәуірдің әрбір мәселесіне ақындықпен көз жіберіп, жіті қадағалап отырды. Айналасындағы адамдардың мінез-құлық, ісәрекеттерінен бастап халқының бостандығына, елінің тәуелсіздігіне, адамзаттың бейбіт өмір сүру қажеттігіне дейінгі мәселелердің бәрі ақын жырына өзекті арқау болды. Заман шындығын Шәкәрім адам, қоғам, заман атты үш ұғым төңірегіне топтастыра жырлады. Адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас мәселесіне жаңаша әр бере отырып бейнелеген Абай дәстүрін осылайша ілгерілете түсті. Дүниетанымы, айналасындағы құбылыстарға
көзқарасы жөнінен Шәкәрім шынайы демократ, ағартушы, өз заманының насихатшысы болды. Абай дәстүріндегі қазақ әдебиеті адам мәселесіне айрықша мән берді. Шындығында да қай кезеңде де замана ақиқатын айшықтауда адам мәселесіне соқпай өте алмайтынымыз айдан анық емес пе? Абай үрдісінде қалам тербеген ақын-жазушылар адамды әдебиеттің негізгі қаһарманы дәрежесіне көтерумен бірге, оны көркем бейнелеудің жаңа тәсілдерін де меңгерді. Абай тәрізді олар да әрбір адамды, адамдар қауымын, олардың мінез-құлықтары мен әрекет-дағдыларын қоғамдық құбылыс деп танып, олардың әлеуметтік жағдайын, қоғамдағы орнын айқындап, шынайы бейнелеуді өздерінің, яғни әдебиеттің негізгі міндеті деп есептеді. Адамның ішкі жан дүниесін, түсінік-ұғымдарын, психологиясын терең ашу арқылы қоғамдағы әлеуметтік шындықты ашуға ұмтылды. Шәкәрімді мазалаған әлеуметтік мәселелер қатарында өз замандастарының мінез-құлқы, кәсібі, елдің бірлігі, татулық-араздық, бойкүйездік, жалқаулық көріністері болды. Қоғамның игілігін еселеу, жеке адамды жетілдіру, ар, ақыл, намыс категориялары, халыққа қызмет ету ұғымы ақынның осы тараптағы тақырып аясын айқындады. Бұл тұстағы Шәкәрімнің ақындық үнінде ұлы Абайдың халықты алға, жақсылыққа жетелеген ағартушылық бағытының ықпалы айқын сезіледі. “Шаруа мен ысырап”, “Ашу мен ынсап”, “Ер қоспақ пен сөз сөйлемек”, “Мақтау мен сөгіс”, “Міндеу мен күндеу”, “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Хайуан мен ақымақтар”, “Мал жимақ” тәрізді толып жатқан өлеңдері осы сарынға үн қосады. Заман кеселдері, қоғамдағы кемшіліктер, Шәкәрімнің айтуынша, ең алдымен адамнан басталады. Адам бойындағы жалқаулық, көрсеқызарлық, мақтаншақтық, өзімшілдік қасиеттердің апарар жері надандық. Ал адамдары надан қоғамның да алысқа ұзап кете алмасы анық. Абай тәрізді Шәкәрім де адамның бойындағы кемшіліктерді өте ащы тілмен өткір сынайды. Бір ғана мысал: Жалқау тірі болғанмен өлгенге есеп, Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек. Білімсіз, әрекетсіз еріншекті, Күнакар да болмаспыз, өлі десек. /113, 108/ Білімсіз, парасатсыз адамды айуанға теңеу бұрынғы кезең қаламгерлерінде де бар құбылыс дегенімізбен де Шәкәрімнің сыны еттен өтіп, сүйекке жетер мірдің оғындай өткір. Замандасының бойынан кездесетін әрбір кемшілікті ақын ұсақ-түйек деп қарамайды. Бұл жердегі оның мақсаты - адамды түзеу, сол арқылы қоғамды түзеу.
Адамның әлеуметтік орны мен мәні оның моральдық белсенділігі мен айналасын өзгертушілік күш-қабілетінен көрінсе керек. Ал ол белсенділікке жету, өзгертуші күш-қабілетке ие болу білім арқылы, адамды өзін-өзі тани білуі арқылы келеді. Абай тәрізді Шәкәрім де әлеуметтік кемшіліктерден арылудың жолын іздейді. Халыққа білім алуды, ғылым іздеуді, озық мәдениетті үйренуді уағыздайды. Тығырықтан шығудың бірден-бір жолы ізгі ниетті ғылым табу, адал еңбек ету деп біледі. Бар еңбегін, шын тілегін салса адалдық жолына. Алып білім, Төгіп нұрын, Түссе адамдық соңына…
…Еңбекпенен, өрнекпенен Өнер ойға тоқылса. Жайнар көңіл, қайнар өмір, Ар білімі оқылса. /113, 271-272/ Бұл өлең жолдарында Шәкәрімнің осы бағыттағы ойларының барлық нәрі тоғысқандай. Білім алып, өнер үйренсең, пайдалы еңбек етсең көңілің жадырар, өмірің жайнап өңделер. Әлеуметтік шындықты реалистікпен, сыншыл көзбен бейнелеуде Шәкәрім Абай ұстазына осылай үн қосады. Абайдың жүрегін сыздатқан ел тағдыры Шәкәрімді де бей-жай қалдырмайды. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, - деген /130, 57/ Абайдың арман толы қуатты дауысын Шәкәрім: Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа, Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа “Анау - қу, мынау - пысық, мен - батыр” деп,
Айналды бірін-бірі құрытпаққа…
…Қайран елім, қазағым, қалың жұртым, Көп айтып, о, дариға, не қылайын, - деген/113, 168/ өз мұңымен, заманына сай арманымен жалғастырып әкетеді. Жаман әдеттермен күресіп, жақсылықтарды армандай отырып, Шәкәрім халқына деген айрықша ыстық махаббатын жеткізеді. Оның сыны жиіркеніштен, жек көрушіліктен туған сын емес, солардан халықты құтқарсам деген перзенттік сезімнен туған сын. Мұндай өлеңдерінде ақынның өз халқына деген терең сенімі, үзілмейтін үміті төбе көрсетеді. Абайдың сыншыл реализмімен сабақтас сарын сезіледі. Жалпы адамға тән қасиеттерді бағалауға келгенде де Шәкәрім шығармаларының Абай дәстүрінен алған тиянағы айқын. Жоғарыда айтқанымыздай, ақын кемшіліктерді барынша өлтіре сынайды. Надандарды, ақымақтарды, жалқауларды өлі адамға санайды, хайуанатқа теңейді. Сондайақ, адамгершілік, имандылық қасиеттерді бейнелеуде, гуманистік идеялар ұсынуда да Шәкәрім ұстазының дәстүріне үнемі қайырылып отырады. Адамның тазалығын, адамгершілік тұлғасын айқындайтын қасиеттерді санамалап береді: Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық - Талапқа алты түрлі ноқта тақтық, - деп/113, 128/ ежелгі халық поэзиясынан келе жатқан, Абай шығармашылығы арқылы шыңдала түскен көркемдік дәстүрді жаңғырта жырлайды. Аталмыш жолдаржы оқи отырып Абайдың өз замандастарын бес кемшіліктен аулақ болуға, бес асыл қасиетті бойына дарытуға шақырған шабытты үні келеді құлаққа. Абай поэзиясының реалистік қуатынан туындайтын бір ерекшелік - көп жағдайда прозалық шығармаларда қолданылатын екіжақты диалог, яғни ақын сөзінің кейіпкермен немесе оқырманмен сабақтасып отыруы, екіжақты сырласу түрінде келуі. Рас, көркем шығарманың қай-қайсысы да оқырманға бағытталады. Сырттай қарағанда бұл жерде де екіжақты байланыс бар тәрізді. Алайда Абай үлгісіндегі поэзиялық диалогтың барысында оқырман ақынның сезімі мен ойының бейнелену процесіне етене араласып кетеді. Шәкәрімде де солай. Ақынның әр сөзі оның өз жүрегінен ғана емес, әрбір кейіпкерінің толғанысынан туып жатқандай. Өз өлеңдерінде ол ұлы ұстазымен, адами ақылмен, мұңды шалмен, тағдырымен диалогқа түседі. “Ажал жетсе өлдің бе, Өлім келді, көрдің бе? Баянсызға салынба” -
Десе, тоқтау бердің бе? - деген /113, 83/ жолдарды Шәкәрім емес, онымен сырласып отырған Абайдың өзі айтып тұрған секілді. Ақынның мұнан басқа да таза диалог түрінде жазылған өлеңдері бір төбе. Шәкәрім шығармаларының ендігі бір шоғыры - ақын жайлы, ақындық жөнінде, сөз өнері туралы. Баршаға мәлім, Абай кезінде ақындық өнердің мәнін асқақтата көтерді ғой. Ақынның, ақындық сөздің құдіретін Абайша жырлаған ақын жоқ. “Өлең - сөздің патшасы” деген дана тұжырымның өзі неге тұрады?! Ерікті билеп алсын айтылған жыр, Сырты - гүл, жарасымды, ішінде сыр. Жаныңның ләззат алар жарығындай, Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.
Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын, Тазартып жүрек кірін жуып жатсын. Қаңсыған шөл даланы қанықтырып, Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.
Арыңның болсын өлең айнасындай, Көрікті, көптің ортақ пайдасындай. Жосылып жатсын артта жортқан жолы, Арынды асқақ өзеннің арнасындай, - дейді/113, 140/ Шәкәрім “Ақындарға” атты өлеңінде Абайдың жоғарыдағы ой-пайымдарын қайта жаңғыртып. Өлең сөздің ұлы қызметіне, ақындардың алдына қояр Шәкәрімнің міндеті, міне, осындай. Өлең сөз адамды жадырататын, жүректің кірін жуып тазартатын болуға тиіс. Ақын өлеңі бұлақ суындай мөлдір болса, ақынның ары да сол бұлақтай таза болса, сонда ғана қасиетті поэзияның, ақынның биік мұраты орындалмақ. Абай мен Шәкәрімді дәстүрлік жағынан сабақтастыратын тағы бір мәселе - поэма жанры. Ұлы Абай өзінің алдындағы халықтық дастан дәстүрін жалғастыра отырып, жаңа тұрпатты реалистік поэмалардың негізін қалады. Бұл жанрда өзі аса өнімді еңбек етпегенімен өзінің талантты шәкірттері арқылы жаңа жанрлық ерекшеліктегі поэманың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Абайдың өз поэмаларында романтикалық сипат көбірек кездеседі. Ал ұлы ұстаздың тікелей тақырып беруімен оқиғалы поэмалар жазған шәкірттері
- Ақылбай, Мағауия, Шәкәрімдердің дастандары болса, реализмге бір табан жақындай түсті. Шәкәрімнің барлық поэмалары ғашықтық трагедиясына құрылған. Бірақ ол бір ғана махаббат мәселесімен шектелмейді. Ұлы ұстазына тән ойшылдықпен поэмалардағы жалқы деректерді жалпыға апарар тиек ретінде пайдаланады, яғни ғашықтар оқиғасын бүкіл қоғамның әлеуметтікпсихологиялық тынысымен байланыстыра отырып, философиялық поэма үлгілерін тудырады. Оларды жазу барысында да Абайға тән көркемдік тәсілге - шынайы бейнелеуге ден қояды. Кейіпкер портретін жасауда, адамдар арасындағы, адам мен қоғам арасындағы қым-қуыт қайшылықтарды көрсетуде Абайдың үлгісін басшылыққа алғаны анық байқалады. Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр” поэмаларының Абайдың тұсында, ал “Еңлік-Кебектің” Абайдың тікелей тақырып беруімен жазылғанын ескерсек, жаңа үлгідегі реалистік поэма жанрын өрістету бағытында екі ақынды біріктіретін нәрлі желілердің көп арналы болғанын аңғарар едік. Тұтастай алғанда, Шәкәрімнің шығармашылық мұрасының дүниеге келуіндегі Абай дәстүрінің ықпалы орасан зор болды. Тіпті жоғарыда айтылғандардан басқа Шәкәрімнің Абайдың тапсыруымен шежіре жазуы, “Мәнді сөздер” деп аталатын мөлтек ойларын тізуі осы ықпалдың тағы бір қыры болса керек. Шәкәрімнің өлең өрнегінде, кейіпкер бейнесін сомдауында және образды суреттер жасай білуінде шынайы реалистік әдебиеттің ізі сезіледі. Әйтсе де Шәкәрім дәстүр қазыналарын ақтарғанда оны тұп-тура қаз-қалпында көшіріп пайдаланған жоқ. Ақынның талант қуаты нәрлі топыраққа сіңірілген дәндей жаңаша бояу-жапырағымен жайнап шықты. Өзіне ғана тән айрықша қолтаңбасы бар дара ақын Шәкәрім туды. Аталған дәстүрлік үлгілер Шәкәрім үшін өнегесі өлшеусіз ұлы мектеп болды, өз талантының асыл дәнін сіңірген құнарлы қыртысы болды. Мұның сыртында өзі тұстас таланттар тағлымы тағы бар. Ұлан-асыр бәйге болмаса, аламан жарыс болмаса, шын жүйріктің жүйріктігін кім білген? Шәкәрім де солай. Ол заманының жүгін арқалап, үнін жеткізген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, Н.Орманбетов, МЖ.Көпеев, М.Сералин, олардың алдындағы өз тұстастары, Абайдың тәлімін бірге көрген бауырлары Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әсет, Уәйістермен өнер жарыстыра жүріп жүйрік атанды, ақындық талантын шыңдады. Ал осынау ғажайып дәстүрлі қайнардан сусындап, ұлы үрдістерді үлгі тұтқан Шәкәрім өзінің шығармашылық жолында ол дәстүрлерді қалай дамытты, немен байытты, өз жанынан қосқаны бар ма, ақын қолтаңбасының ерекшеліктері неде, жалпы Шәкәрім ақынның қазақ әдебиетіндегі алатын орны қандай деген сауалдарға ғылыми тұрғыда жауап іздеу шәкәрімтану ғылымының үлесіндегі мәртебелі міндеттердің бірі санала бермек.
ЛИРИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ: ЗАМАН, ҚОҒАМ ЖӘНЕ АДАМ
Әдебиет қашанда адам өмірінің, адамзат баласын қоршаған орта мен қоғам тіршілігінің көркем шежіресі іспетті. “Поэзия атаулының қайсысы да өмірдің айнасы болуға тиіс”, - деп орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский /131, 8/ айтқандай, кез-келген әдеби шығармада белгілі-бір өмірдің суреттері мен ой-толғамдары, адамзат қоғамы тіршілігінің материалдық немесе рухани бейнесі жан-жақты көрініс бермек. Заман мен қоғамның сипаты өзгерген сайын әдебиеттің алдында тұрған міндеттер де түрленіп, жаңа тақырыптармен, жаңаша ой, идеялармен байып толыға түсері заңды. “Өмірдің ағымы әдеби теориялардың ізімен жүрмейді, керісінше, әдебиет өмір ағымының бағыт-бағдарына бағынышты болады”/132, 26/ деген тұжырымның қаншалықты дәл айтылғаны ұлттық әдебиетіміздің даму тарихын шола қарағанда анық аңғарылғандай. Қазақ жұртының өміріне енген он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың басындағы өзгерістер ұлттық әдебиеттің дамуына да осы тәрізді өзіндік өрнектерін ала келді. Осынау тарихи кезеңнің сыр-сипатына лайық, оның өзіндік ерекшеліктерін айқындай алатын, өз дәуірінің үнін жеткізіп, сөзін сөйлей білетін жаңа сипатты әдебиет өмірге келді. Тарихи кезеңнің күрделі табиғаты Абай бастаған жаңа әдебиеттің қаз тұрып, тәй-тәй жүруіне, нық орнығуына, ілгері жылжуына ықпалын тигізді. Бұл дәуірде әлі де болса лирикалық поэзияның ролі күшті еді. Рас, бұл кезең ұлттық әдебиеттің тақырыптық, идеялық жағынан ғана емес, жанрлық жағынан да даму, өркендеу кезеңі болды. Осы дәуірде дәстүрлі поэзиямен қатар проза жанры жандана бастады, алғашқы романдар дүниеге келді. Драматургия, әдеби сын, публицистика жанрларында сәтті қадамдар жасалды. Әйтсе де дүние есігін өлеңмен ашып, бар өмірін өлеңмен өрнектеген қазақ жұртының ұлттық әдебиетінің негізгі жүгі әлі де болса
лирика жанрының үлесінде қала берді. Соған сәйкес ақындар алдындағы азаматтық міндеттің ауқымы да бұл тұста асқар таудай еді. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ лирикасының осынау міндетіне сай оның тақырыптық аясы кең болды. Барша адамзат баласының басындағы проблемалардан бастап жеке адам бойындағы мінез-құлықтың әралуан сипаттарына, күнделікті қалыптағы тіршіліктің ұсақ-түйек түйткілдеріне дейінгі мәселелердің бәрі қазақ өлеңінің көкейкесті тақырыбына, арналы арқауына айналды. Ең алдымен лирика өз заманын жырлады, ақынның жүрегі замандастарының мұң-сырын жеткізуді мұрат тұтты. Белгілі ақын, ғалым Ә.Тәжібаевтың сөзімен айтқанда: “Лирикалық поэзияның басты бағытын анықтағанда оның әлеуметтік тақырыптарды қалай ұсынатыны бірінші шарт болуы әбден заңды. Бұл - біздің классикалық дәстүріміз. /133, 10/ Әлеумет дегеніміз халық, қоғам, адам. Лирикалық поэзияның негізгі нысаны да дәл осы ұғымдардың төңірегінен табылмақ. “Ақынды өсіретін жағдай - қоғам тіршілігі. Оның ой-пікірінің қазығы - сол тіршілік. Қоғамдық ойдың өресі мен екпіні қаншалыкты күшті болса, ақын ойы биік деңгейден табылмақ.” /134, 302/ Міне, осынау күрделі кезеңнің күрмеуі көп мәселелерін анықтауға үлес қосқан өршіл лириканың көрнекті бір өкілі Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Оның поэтикалық мұрасын тереңдей шолып қарағанда одан өмір мен поэзияны жалғастырып жатқан ерекше күш-құдірет пен көркемдік элементтердің тұтас бір әлемін көргендей боламыз. Осынау ақындық қуаттың, поэтикалық рухтың аясына бәрі де сыйып кеткендей. Ақын бәрін көреді, бәрін сезеді, бәрін жүрек әлемінен өткізеді, бәріне өз үнін қосады. “Лирика - шындықты адамның ішкі көңіл күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың бірі”, - дейді академик З.Қабдолов./135, 315/ Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ топырағында болған шытырманға толы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен жаңғырулар Шәкәрімді де айрықша толғантты. Ол өз жұртының, қазақ қоғамының басындағы жағдайды өте жақсы түсінді. Ғасырлар бойы тарих сахнасында талай-талай аласапыран кезеңдерді басынан кешіріп келе жатқан қазақ елінің таным-түсінігінің дәрежесі, әлеуметтік психологиясы, экономикалық және мәдени тұрмысының деңгейі, саяси, әлеуметтік және рухани бостандығы, әлемдік кеңістік пен уақыт ауқымында алып отырған орны қаншалықты екеніне қанық болды. Сол себепті де заман шындығын, әлеуметтік мәселелерді тануда және қозғауда ол
соншалықты білімпаздықпен қатар, ерекше көрегендік пен ұстамдылық танытты. Ол бәріне де терең толғана, ойлана қарады. Жалт еткен бір сәттік қуанышқа бой алдырмады. Жырларында да осы сабырлылықтың салмағы сезіліп тұрды. Болып жатқан оқиғалардың барлығының түп-төркінін тарихтың даму заңдылықтарынан іздеді. Қоғам мүшелерінің, яғни ақын замандастарының, жалпы адам баласының міндеті осы заңдылықты әрдайым түсініп, содан туатын өзгерістердің шынайы мәнін ой таразысынан өткізіп барып қабылдау. Бұл, әрине, әрбір адамның қолынан келе бермейді. Шәкәрім өмір сүрген заман саяси-әлеуметтік төңкерістерге бай болды. Ресейдегі ақ патша тақтан құлады. Айналадағы адамдар “ақ” пен “қызылға” бөлінді. “Жаңа заман” деген ұғым пайда болды. Зиялы қауым үшін ақиқат пен алдамшының ара жігін ажырату аса қиынға соқты. Адасушылық, аңтарушылық, қоғам дамуының аңысын аңдаушылық сияқты небір сезімдер бой көтерді. Әйтсе де осынау аласапыран тұста да Шәкәрім өзіне тән ерекше сабырын сақтады. Айналасындағы жаңалықтарға елеңдеп, заманға үн қосу ниетінде бірнеше өлеңдер жазғанымен, ол қуаныштан бөркін аспанға атпайды. Ақын жүрегі қаншалықты сергек, әсершіл болса да, әліптің артын бағады. Әлденеге күдікті екенін сездіреді. Кейінірек сол күдігінің ақиқатқа айнала бастағанын түйсінген ақын саяси тақырыптарға онша жиі бара бермейді. Шынында да, Шәкәрім ақынның шығармаларында сол кезең әдебиетінде бірінші қатарға шыққан ауылды советтендіру, колхоздастыру, азамат соғысы, төңкеріс тақырыптары мүлде көтерілмейді. Сол себепті де ақын жырларында төңкерістер тынысы мен 1916 жылғы дүрбелең тәрізді дәуір оқиғаларының дүмпуі айқын сезіле бермейді. Бұл, сөз жоқ, даурықпа ұраннан бойын аулақ ұстауға, қандай нәрсеге де ой жіберіп қарауға ұмтылған ақын Шәкәрімнің айрықша сергектігі мен талғампаз қолтаңбасын дәл танытса керек. Шәкәрім - айналасында болып жатқан өмір құбылыстарын, заман өзгерістерін осылайша көңіл сүзгісінен өткізіп, өз түйгендерін қашанда көркем өлең жолдарымен кестелеп берген суреткер. Ақынның лирикалық туындыларында өз заманының сыр-сипаты, қоғамның өткені мен бүгіні, туған халқының арман-мұраты, ішкі жан дүниесі, ойы мен мұңы зерделенген. Заман тақырыбын тебірене тұрып толғайтын рухани күш-қуат, ширақ сезім, қуаныш пен мұң, күлкі мен күрсініс, балдай тәтті жан ләззаты мен ырқына көндірмей қоймас көңіл серпілісі, таңғы шықтай, тау бұлағының суындай мөлдір сезім мен сергек те сенгіш жүрек, өз заманының кеселдері мен барша
адамзат баласының басындағы проблемаларға деген күйзеліс, сәбиге тән пәк көңіл мен көпті көрген қарияға лайық ақыл толкындары - бәрі-бәрі сол кездегі Шәкәрімнің лирикасының бойынан табылатын тамаша қасиеттер. Түйіп айтқанда, Шәкәрімнің лирикасы сол заманның айнасы болды. Оның өлеңдерінен нағыз таза поэзияға, қуат-күші толысқан кемел талантқа тән қасиет ретінде қабылданатын көркемдік-эстетикалық, философиялық ойпайымдар жүйесінің карапайымдылығы мен баршаға соншалықты ұғынықтылығы айқын аңғарылады. Шәкәрімнің лирикалық өлеңдерінің табиғатына тән бұл қасиеттер Абай бастаған сыншыл реализм әдісімен, осынау тарихи кезеңдегі өміршең де өнегелі әдеби дәстүрмен сабақтасып жатыр. Шәкәрімнің ақындық қуаты туралы айтқанда әрдайым Абайдың шығармашылық қолтаңбасына, көркемдік өрнегі мен машығына қайырылып отыруымыз да сондықтан. Жалғыз Шәкәрімге ғана емес, Абай дәстүрі тұтастай одан кейінгі қазақ әдебиетінің өркендеуіне ықпал етті, оның күн сайын тарихи сахнаға шығып жатқан өмір шындығын тез арада игеріп кетуіне көмектесті. Іргетасын Абай қалаған жаңа үрдістегі қазақ поэзиясы өз дәуірінің өзекті мәселелеріне тереңдеп ой жіберуімен, шынайы көркем шындыққа құрылуымен, өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, тарихи және психологиялық сипаттарын айна-қатесіз әрі нанымды етіп бейнелеуге ұмтылуымен көзге түсті, өзінен кейінгі ақындар шығармашылығында өміршең үлгілердің тууына жол ашты. Осыдан келіп “Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы, таланты сау, ниеті таза, мақсаты айқын қаламгерлердің қай-қайсысы да дәуір талабын батыл сезіну мен сол жайында терең толғануды, алға және алысқа көз тігуді, тарих дамуының жанды соғысын суреткерлік және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренеді. Сөйтіп олар Абай дәстүрін дамыта отырып, оның поэзиясының халықтығын, өзекті принциптерін дәуір талабына сай өрбіте, тереңдете түсті. /136, 153-154/ Шәкәрім, міне, осы үлгіде еңбек еткен лирик ақын болып табылады. Ол өзінен бұрынғы қазақ өлеңін жаңа сапамен, соны идеялармен, тың тақырыптармен байыта түсті. Өзінің ақындық жолға түсуіне Абайдың ұстаз болғанын, ақын ретінде де, азамат ретінде де қалыптасуында ұлы ақынның аса мол роль атқарғанын Шәкәрімнің өзі әрдайым айтып отырған. Жеті жасында жазған тұңғыш балаң өлеңін үлкендерге көрсеткенде олардың қарсы болғанын айта келіп кезінде Шәкәрім былай дейді: “Абайға өз шешем: - “Мына Шәкәрімнің өлеңін көр,- деп,- өлеңді сен өзің ал, Шәкәрімге өлең жазба де, - дегенде Абай: “Жоқ, жеңеше, Шәкәрімге өлең жазба демеңіз.
Өлең жазсын, өзім үйретіп тәрбиелеймін, - деді. Мені тәрбиеледі. Абай болмағанда менің мұңдай болуым неғайбыл еді.” /137/ Абайдың тікелей шығармашылық тәлім-тәрбиесін көріп, ұлы ақынның сөз өнеріне деген айрықша сүйіспеншілігі мен ықыласын жүрегімен сезіне жүріп қалыптасқан Шәкәрім о бастан-ақ ақындық өнердегі өзінің биік нысанасын дұрыс таңдай білді, басты мұратын жете түсінді. Ол лирикалық поэзияны айрықша бір қастерлі дүние деп есептеді. Оның аса бай шығармашылық жолына өнегелі өзек болып тартылған идея да осы сезімнен туды. Заманның сан тарау сауалдарына жауап іздеу, халқының мұңы мен арманын жырлау, айналасындағы әлеуметтің мұраттарын көксеу, замандастарының бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерді объективті тұрғыда бағалау оның лирикалық шығармаларының тақырыптық аясын айқындады. Лирик Шәкәрімнің заман талабынан туындайтын әлеуметтік тақырыптарды жан-жақты әрі жоғары деңгейде көтере білуі оның бүкіл қазақ лирикасының өркендеуіне қосқан үлесін қомақтыландыра түсті. Ұлы жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтқанда “…татымсыз тақырып жоқ. Қандай ауданы аз орта, шамасы шағын әрекет жайындағы кез-келген тақырыпты алсақ та, баршасында атом қуатындай қайрат бар. Бірақ сол қуатты тауып ашып, шынын шешіп көрсете білу шарт.”/138, 398/ Шәкәрім өлеңдерінің тақырыптық аясы аса ауқымды. Ақынның лирикалық шығармаларының қатарынан өзі өмір сүрген заманының ойпиғылына сай уақыт ағымын, қоғам тынысын, әлеуметтің тұрмысын және жеке адамның мінез-құлқы мен іс-әрекеттерін бейнелеген азаматтық мұратқа толы әлеуметтік, саяси лириканы да, адамның асқақ сезімін, жастық шақтың шырынды сәттерін, ғашықтық сырларын таңғы шықтай мөлдірете мүсіндеген махаббат, көңіл күйі лирикасын да, қазақтың сары дала, сайран өлкесін суреттеген, жаратылыс құбылыстарын тамаша өрнектеген табиғат лирикасын да, өмірдегі шындық, ақиқат мұраттарын толғаған, тіршілік негіздерінің түйіндерін шешуге ұмтылған терең ойлы философиялық лириканы да молынан ұшыратамыз. Бұл заңды да. Себебі қандай ақын болсын, ол - өз заманының перзенті, өз дәуірінің жыршысы. Ақын поэзиясында өзі ғұмыр кешкен тарихи кезеңнің ақыл-ойы мен бітім-болмысы көрініс табуы тиіс. Қоғам проблемаларынан тыс тұрған, оларға ат басын бұрмайтын, үн қоспайтын ақын болмақ емес. Десек те, Шәкәрім өзінің айналасындағы оқиғалар мен құбылыстарды жөнді-жөнсіз, ретсіз-талғаусыз тақырып ете берген жоқ. Қандай мәселеге назар аударса да, ол соның астарына, оның өз халқы үшін қаншалықты
маңызды екеніне алдымен көңіл жүгіртті. Ақын бір құбылысты сырттай ғана бақылап, құр сыдырта жырлап беруден аулақ болды. Ақынның жүрегі жақсылыққа қуанды, кемшілікке күйзелді. Осы негізде Шәкәрімнің азаматтық позициясы, ақындық үні қалыптасты. Ал азаматтық позиция ұғымы ең алдымен ақынның биік адамгершілік болмысымен, иманды гуманистік көзқарасымен, суреткерлік күш-қуатымен, ішкі ойлау мәдениетінің жоғарылығымен, қоғамдағы белсенді іс-әрекетімен, дуниетанымының кеңдігімен әрі тереңдігімен, жан-жақты парасаттылығымен, білім-білігінің молдығымен, тазалыққа, әділдік пен адалдыққа құштарлығымен, халық мүддесіне етене жақындығымен, әлеуметтік мұрат-мақсаттарының биік өресімен, ақиқатқа, шындыққа ұмтылуымен, жақсы мен жаман, ақ пен қара ұғымдарына байланысты көзқарастарының айқындығымен өлшенсе керек. Түптеп келгенде, ақынның азаматтық позициясы жоғарыда аталған қасиеттердің ішкі бірлігінен, өзара тығыз сабақтастығынан көрінбек. Мұндай қасиеттердің шын мәніндегі бірлігі жоқ жерде ақын қаламынан шынайы шығарма тууы мүмкін емес. Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға, Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын, Бірақ, бір табармын деп көңілім сонда, - деп/139, 80/ жырлаған Шәкәрімнің тұстасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бойында халқының аспанына “күн болып көтерілемін, қандай қиындыққа да қасқайып қарсы тұрамын, бәрін де жеңіп, мақсатыма жетемін” деген ұлы ұмтылыс, батыл да өршіл мінез жатқан жоқ па?! Мұнда ақынның жалын атқан жан дүниесі, кіршіксіз аппақ көңілі мен мұнтаздай таза адами сезімі көрінеді.
Мен жетелеп өлемін, Өрге қарай қазақты, - дейді/140, 110/ Шәкәрім өзінің бүкіл өмірлік мұрат-мақсатын, маңдай алдындағы темірқазықтай түпкі нысанасын екі жол өлеңге сыйдырып. Қазақ поэзиясына, тіпті тұтас ұлттық әдебиетімізге осы тәрізді азаматтық, халықтық, әлеуметтік мазмұн беру құбылысы Абайдан бастау алды. Абай лирикасында өз заманының әуеніне сәйкес азаматтық, әлеуметтік тақырыптар жаңаша қырынан жырланды, өзгеше шешім, түйіндерге ие болды. Ақын өмір сүріп отырған қоғамдық ортаның ерекше ой-түсініктері
мен әлеуметтік ахуалы Абайдың табиғи дарынымен және туа біткен даналығымен сабақтасқан сәтте аталған құбылыстар мен тақырыптарға жаңаша тұрғыдан қарау, баға беру мүмкіндігі өз-өзінен ашыла кеткендей болды. Егер Абай жырларында көтерілген тың мәселелерге назар аударар болсақ, реалистік поэзияға апаратын жолдың қайдан бастау алғанын анық байқаймыз. Ол бастау қазақтың халық поэзиясының сарқылмас бұлағы, құнарлы нәрі болатын. Абай, міне, осы қазынаны аса зор талғаммен таразылай білді, одан өлмес өнеге алды, оны өз дарынына сәйкес жаңа белеске көтеріп дамытты. Абайдан кейінгі қазақ лирикасының көрнекті өкілі Шәкәрімнің шығармашылығының негізгі тақырыптық және идеялық бағыт-бағдары осы дәстүрдегі азаматтық әуенге құрылды. Ақын өлеңдерінің түп негізінде азаматтық пафос, поэтикалық қуатты үн жатты. Өз дәуірінің көкірегі ояу, көзі ашық азаматы ретінде Шәкәрім туған халқының, тұтас қазақ қоғамының басындағы нақты әлеуметтік жағдайды көре білді. Ол жағдайлардың әрқайсысы ақын жырларына тақырып болды, өлеңдерінің идеялық өзегіне айналды. Ақын айналасындағы жақсылық-жетістіктермен қатар кемшіліккеселдерді де айқын аңғарды. Жай ғана бақылаушы болған жоқ, оларды жоюдың жолдарын іздеді. Осы бағыттағы бүкіл ой-пайымдарын өз лирикасына нәр қылып құйды. Шәкәрім ақынның шығармашылығындағы ең басты тақырып заман, оның шындығы, ой-арманы, жүрек лүпілі болды. Өзінің азаматтық, әлеуметтік сарындағы лирикасында ол Заманның типтік образын жасады, жетістігі де, кемістігі де бар шынайы реалистік кейіптегі Уақыттың бейнесін сомдады. Дәуір сипатын ашатын тақырыптардың бір де бірі Шәкәрімнің назарынан тыс қалған жоқ. Нені жырласа да ол халық, қоғам, адам деген үш ұлы ұғым төңірегінде ой толғады. Заманның шындығын да осы үш категория арқылы ашып беруге ұмтылды. Осыларды нысана ете отырып, Шәкәрім қоғамдағы үздіксіз жалғасып жатқан құбылыстардан туындайтын тарамтарам тақырыптардың әрқайсысына тиянақты зер салды. Сол арқылы ол әдебиетті әлеуметтік ойды жеткізудің құралы, құдіретті эстетикалық күш дәрежесіне көтерді. Ақынның басты тақырыбы заман және оның шындығы болды десек, осы шындықтың тұңғиығына үңілетін азаматтық лирикасының негізгі ұсынар нысаналы идеясы заманды түзеу болғандығын тез-ақ аңғарар едік. Ақын өз дәуірінің қандай шындығын айтса да, ол мейлі ащы, мейлі жақсы болсын, оны біржақты сынаумен немесе жалаң мақтаумен шектелмеді. Сол
шындықтың халық бұқарасының өмірімен сабақтастығын, әлеуметке тигізер пайдасын, қоғамның экономикалық және рухани жағынан өркендеуіне, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын көтеруге қаншалықты қатысты екенін назарда ұстайды. Өмір шындығын бейнелеу арқылы заманын түзеуді, өмірді жақсартуды ойлайды. Білгенімді жазушы ем Бекем буып белімді. Мінін айтып қазушы ем Түзетпек боп елімді. Бұлдарлық ой менде жоқ
Бұған шыққан терімді. Ұқтырарлық пенде жоқ, Қате басқан жерімді, - деп/140, 51/ “Ашу мен ынсап” атты өлеңінде Шәкәрім ақын өзінің жүрегінде тұнған осы сырды аңғартқандай болады, бүкіл ғұмырын өз заманын, туған елін түзеуге бағыттағанын айтады. Заманды түзеу ең алдымен адамды түзеуден басталмақ. Көреген ақынның сыншыл назары да ә дегеннен айналасындағы адамдардан, олардың мінезқұлық, іс-әрекеттеріндегі жаман әдеттерден басталатын барша әлеуметтік мәселелерге түседі. Өз дәрежесінде шамасы жеткенше күреседі. Бір өкініштісі, бұл тұста Шәкәрім өзінің ұлы ұстазы Абай секілді жалғыздығын сезінеді. Сөзін ұғар қауым жоқ, қол ұшын ұсынар жан табылмайды. Айналасындағылар ақынның жан күйзелісін түсінудің орнына оның өзін келеке, күлкі етуге әзір. Осыны көрген Шәкәрімнің жүрегі мейлінше сыздайды. Кім жалғыз, бұл жалғанда - есті жалғыз, Мұңдасар болмаған соң бір сыңары. Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па, Қазақтан табылды ма соның пары? Өлеңімен жұбатты өзін-өзі Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылын алмаған соң, Патша қойса не керек қазақ шары./140, 130/ Бұл Шәкәрімнің қиналған сәттегі Абай ағасын еске алуы ғана емес, елін, заманын түзеу жолындағы өзінің жауапты міндетінің батпандай салмағын сездіруі, айналасынан сүйеніш, тірек іздеген ниет-арманы. Қазақты түзеу ісін барша парасатты қауым болып қолға алсақ деген ой. Сол қауымның ішінен заман сөзін айтарлық, айтқан сөзді ұғарлық сәулелі жан іздейді. Сол арқылы заманның бойына ізгілік, имандылық нәрін дарытсам деп армандайды. Замандастарының бойынан мысқалдай болса да жақсылық нышанын көрсем дейді. Жүрегі таза адамдар, Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар, Әулиеден кем емес,-деп /140, 159/ түйеді “Ескіден қалған сөз теріп”атты өлеңінде. Қараңызшы! Өлеңде қаншама терең астар жатыр!? Шәкәрім жүрегі таза, жаны адал жандарды ғана емес, біреуге қиянат, зұлымдық жасамаған надандардың өзін әулие қатарына қосады. Надан болса да өзгеге зиянын тигізбегендеріне шүкіршілік жасағандай тосын тұжырымға келеді. Заманды түзеу идеясын жүзеге асырудың жолдары әралуан. Бірақ еркін ойға тұсау салынған әлеуметтік ортада өмір сүріп отырған ақын үшін ол мүмкіндіктердің ауқымы тарыла түсетіні, тығырықтан шығар жолдың азая беретіні ақиқат. Шәкәрімнен бұрын да солай болған. Ондайда тарихтан белгілі ақын-жыраулар заманның азғанын айтып, өткен уақыттың жақсылығын көбірек жырлауды дәстүрге айналдырса, олардан кейінгі ағартушылық бағыт өкілдері, Ыбырай, Абайлар өзгешелеу жолды лайық көрді. Олар өткенді айтып, өкіне бермей, алға ұмтылудың жолын нұсқады. Шәкәрім болса, заманды түзеу мақсатындағы ойларын жүзеге асыру үшін соңғы дәстүрді оңтайлы көрді. Ақынның алдында ағартушы ақындарға ортақ екі бағыт, екі жол тұрды. Оның бірі - қоғамдағы, айналадағы адамдардың мінез-құлқы мен дағды-әдеттеріндегі, іс-әрекеттеріндегі кемшілік атаулыны әшкерелеп, қоғамдық өмірдің көлеңкелі жағын сынау болса, екінші жолы - қараңғылықтан құтылудың, рухани тығырықтан шығудың жолын іздеу еді. Шәкәрімнің шынайы реалистік лирикасына тән сыншылдық қасиет те ең алдымен осындай заман кемшіліктерін әшкерелеп сынаудан көрінді.
Ақынның сыны ұр да жық, дөрекі, нәтижесіз сын емес, тереңнен шыққан жан айқайы, перзенттік жүректі сыздатқан уытты ыза мен өзекті өртеген өкініштің өткір де ащы қамшысы. Өзімді ұрған мінезді сөгемін деп, Тілім тисе сіздерге, кеш, достарым,-деп/140, 96/ өзінің түпкі адал ниетінің төркінін сездірген ақын: Ащы сөзім - достығым, маған нансаң, Кемдігім - келістіріп айта алмасам, - деген/140, 96/ жолдармен бастапқы ойын одан ары өрбіте түседі. Ақыр аяғында өз дауысының тым дәрменсіздігін түсінгендей күйге түсіп:
Адастың деп отырмын айғай салып, Бар тапқаным сол болды, амал бар ма,- деп/140, 96/ туған жұртының басындағы хал-ахуалды бейнелейді, өзінің “жартасқа барып, күнде айқай салған” Абай ұстазы тәрізді амалсыздығын, шарасыздығын жеткізеді. Әйтсе де Шәкәрімнің үнінде жасығандық, жасықтық жоқ, қайта бұл тұстағы ақынның үні құдіретті. Заманды түзеудің ең бірінші шарты - адамды түзеу. Осы қағиданы терең зерделеген Шәкәрім заманға сын болып қадалар садағының жебесін ә дегеннен-ақ замандастарына бағыттайды. Жеке адамның бойындағы қисыққыңыр мінездер, салақтық, жалқаулық, сауатсыздық, боскеуделік, мақтаншақтық, араздық пен арамдық, алтыбақан алауыздық, көрсеқызарлық пен күншілдік сияқты толып жатқан келеңсіз әдет-қылықтар ақынға надандықтың басы ғана емес, қоғамның артта қалушылығының себепкері, заманның кеселі тәрізді көрінеді. Сондықтан да замандастарының мінезқұлқындағы кемшіліктерді санамалап, сынауға келгенде Шәкәрімнің ақындық қаламының өткірлігі улы жебемен пара-пар. Ол қазақ арасындағы экономикалық артта қалушылықтың, рухани қараңғылықтың түп төркінін де толып жатқан осындай ірілі-ұсақты мінез көріністерінен іздейді. Ақын алдымен адамда бар еріншектікті, жалқаулықты, сәнқойлықты, салақтықты, жеңілтектікті, ынсапсыздықты, мақтаншақтықты сынайды. Өзінің “Құмарлық”, “Еріншек”, “Өкінішті өмір”, “Сәнқойлар”, “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Бір салмойын сал келер”, “Ызақорлар”, “Бай мен қонақ”, “Шаруа мен ысырап”, “Ашу мен ынсап”, т.б. сияқты көптеген өлеңдерінде Шәкәрім аталған қасиеттерді санамалай келіп, олардың бірімен-бірінің төркіндес екенін, астасып, сабақтасып жататынын әшкерелейді.
Сөзімізге дәлел ретінде ақынның “Еріншек” атты өлеңіндегі мына жолдарды келтірсек те жеткілікті: Еріншектен салақтық, Салақтықтан надандық, Бірінен бірі туады Жоғалар сөйтіп адамдық./140, 102/ Бұл шумақтан шығар түйін нақты. Ақын аталған қасиеттердің қайқайсысы да түптің түбінде адамдықты жойып, надандыққа жол ашатынын айтады. “Ызақорлар” атты шығармасында ақын осы ойын орнықтыра түседі: Еріншек, ашу, құмарлық - Бұларды істен шығардық.
Жамандықтың басы осы, Кісі болса ұғарлық…/140, 102/ “Жалқаулық пен еріншектікке бой ұруды бұлайша өлтіре сынау қазақ әдебиетінің тарихында Шәкәрімнен өзге ақын-жазушылардың аузынан шығуы кемде-кем.”/141, 236/. Шынында ілгерідегі өлеңдерінің қайқайсысында да Шәкәрімнің реалистік қолтаңбасына тән шыншылдық та, сыншылдық та бар. Қандай қасиетті, қандай мінез-құлық көрінісін сөз етсе де, ақын оны жекелеген адамдарға ғана тән жалқы мін деп топшыламайды. Оларға типтік сипат беруге тырысады. Бір адамды, яғни жеке тұлғаны мысал ете отырып, жалпы туралы қорытынды жасайды. Сол арқылы өз заманының шындығын берер ойының салмағын еселей түседі. Өзін қоршаған әлеуметтік ортадағы адамдардың бойында, жүрістұрысында, өзгелермен қарым-қатынасында кездесетін қилы-қилы кемшіліктер қай заманда да прогресшіл ой-түсінігі бар парасатты азаматтарды толғандырмай қалмаған. Шәкәрім ақын солардың бірі еді. Ол айналасындағы кемшіліктерді көрумен ғана шектелген жоқ. Өз халқының мүддесін көздеген ақын оның бойындағы кеселдерін жұртқа жариялаушы ғана емес, солардың үкімін айтушы да бола білді. Аталған кемшіліктер шын мәнінде адамның ой-санасын топастандырып, рухани дамуға тұсау боларлық қасиеттер еді. Соны айқын сезінген ақын “шедірейіп шекиіп, қасын керіп кекиіп” жүрген сәнқойлар мен ақылын ашуға билеткен ызақорларды,
еріншектер мен салақтарды ақылсыз мақұлыққа теңейді. Өлтіре сынға алады. “Ақымақ пен хайуанның қайсысы артық?” деп өзіне-өзі сұрақ қойған ақын адам баласын ақымақтыққа апаратын қасиеттерді былайша сипаттайды: Еріншектің несі артық өліктен де, Өзің сына оларды көріп кел де. Байқарсың еріншектің төмендігін, Көп мініп шабан тартқан көліктен де. Хайуаннан несі артық қудың-дағы, Бір антұрған залалкес тудың-дағы. Қораға үрмес бір төбет тышқан аңдып,, Адамдықты сонымен жудың-дағы. Мақтаншақтың бұқадан артық жері - Бұқа қойса қоймайды біздің сері. Жуан мойын, ала көз, мүйізі алай, Менен артық кім бар деп жүргендері.
Көрсеқызар маймылдан ілгері ме, Түбін көрмей қызықпақ білгені ме? Адам қайтсе, сүйтемін дейді маймыл, Мен де маймыл болам деп жүргені ме? Ызақорды байқалық енді мақтап, Қабатұғын төбетпен бір салмақтап: Кей төбеттен жеңіліп, кейде жеңіп, Әбден көзі қызарсын арсалақтап.
Бет түзетіп сәндегіш әтеш болсын, Қоқиып, қодырайып, ұшып-қонсын. Іш түземей, сыланып, сыртын түзеп, Тауықтың айғыры бол, бейне солсың./140, 99/ “Хайуан мен ақымақтар” деп аталатын бұл өлеңінен ұзақтау үзінді алудағы ойымыз - ақынның талантына тән сыншылдық пен көркем бейнелеу тәсілдерінің өзара ғажап үндесіп, үйлесім тауып жататынына назар аудару. Әлбетте сынаудың жолдары сан алуан. Шәкәрімнің дәл осы шығармасындағы сынның мазмұны да, пішіні де бөлек. Біріншіден, адамның әрбір мінез-қылығына тұп-тура сәйкес келетін хайуанаттар мен жануарларды өте тапқырлықпен таңдап, екеуінің арасын тамаша шендестіре білген. Екіншіден, ақын өлеңіндегі көркем бейнелілік, образдылық қандай?! Тіпті кейде адамның хайуаннан төмен тұратын (“Бұқа қойса қоймайды біздің сері”) кездері де болады екен. Шәкәрім айналасындағы әлеуметті осыдан сақтандырады. Қылығына қара да сөзімді ойла, Бұларға бір жолығар кезің бар ғой,- деп(140, 100) ескертеді, айналасындағыларға астарлы да салмақты ой тастайды. Мұндай сипаттар ақынның “Ашу мен ынсап”, “Шаруа мен ысырап”, “Анық пен танық”, “Ер қоспақ пен сөз сөйлемек”, “Дүние мен өмір”, “Мақтау мен сөгіс”, “Міндеу мен күндеу” сияқты бірқатар лирикалық туындыларына тән. Бұларда да ақын өз заманының шынайы суреттерін өрнектеп береді. Басты мақсаты - қоғам мүшесі, әлеуметтік тұлға ретіндегі адамның мінезқұлқындағы, психологиясындағы, таным-түсінігіндегі, іс-дағдыларындағы кемшіліктерді сынау арқылы заманның шындығын айту, қоғамның табиғатындағы кереғарлықтарды түсіндіріп беру. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында сын садағын тартқан ақын жебесінің уы барған сайын күшейе түседі. Шәкәрімнің дәуір шындығын өрнектеген, заман кеселдерін сынаған лирикалық өлеңдері ақын талантының мөлдір бастауынан қайнап шығатын ішкі мазмұнға эстетикалық күш берер көркем құралдармен, тапқыр теңеулермен, сәтті салыстырулармен көмкеріледі. Оған дәлел ақынның “Ер
қоспақ пен сөз сөйлемек” атты/140, 59-61/ өлеңінде мол-ақ. Мұнда ақын табиғаттағы жанды мен жансызды салыстыру арқылы әлеуметтік шындықтың бетін ашады. Біріне-бірі қарама-қарсы немесе өзара қатыссыз екі түрлі ұғымды параллель түрінде қатарластыра алып отырып, соларды салыстыру арқылы ол өзіндік тағлымға бай ойлар түйеді. Мәселен, атқа салынатын кәдімгі ертоқым мен адам мінезінің арасынан ұқсастық іздейді: Кей ер бар жанға жайлы, үсті жалпақ, Жатып алар жалпайып, атқа салсақ. Желдік салмай мінуге жарамайды, Тегіс тиер оқпаны сонша талтақ.
Кейбір сөз аласалау, көзге сынық, Көрінер, байқамасаң, мөлдір, тұнық. Желдік салып, сақтанбай, міне көрме, Асты арам, үсті жатық, ол бір қылық. Кей ер бар тар қосылған, тоқым қаппас, Шаптай тартып қойсаң да атқа жатпас. Ілгерінді-кейінді қоқаң қағып, Ат арқасын ыспалап тыным таппас. Мұны айтпай-ақ білерсің өздерің де, Ондайларды көріп жүр көздерің де. Қоқаң қаққан қолайсыз бір адам бар, Байлау, матау болмайды сөздерінде./140, 60/ Өлеңнің басынан аяғына дейін зергердің қолымен әсемдеп жасалған ертоқымның сыртқы сұлулығы мен ішкі мазмұны, яғни аттың арқасына жайлылығы арасындағы алшақтық кеудесіне нан пісіп, аяғын алшаңдай
басқан, санасында бір түйір дән жоқ саңылаусыз жандардың жүрістұрысындағы өрескелдіктермен салыстырылып термеленеді. Шынында да сырт көзге салмақты көрініп, маңғазсып жүрген мақтаншақ замандастарымыздың қоқаңдаған боскеуде қылықтарын күнде болмаса да күнара көріп те жүрміз-ау! Қандай мәселені қозғаса да осылайша бейнелеп айту, оқырманның қабылдауына неғұрлым жақындата суреттеу қасиеті Шәкәрімнің шығармашылық қолтаңбасына тән сапалық қырлардың бірі деуге болады. Тіпті ащы сынның өзін ақын соншалықты образдылықпен жеткізуге ұмтылады. Осы ерекшелік әсіресе оның “Ашу мен ынсап”/140, 51-55/ атты өлеңінде айқын аңғарылады. Өлең ақынның адамды түзесем, елімді алға шығарсам, заманның сәнін арттырсам деген ұлы мақсатына үн қосады. Замандастарының қараңғылығы мен надандығы әшкереленеді. Надандықтың тамырын індетеді ақын. Әртүрлі ойларын пайымдай келе осы жолда Шәкәрім Еріншек атты “келіншекке” кез болады. Жалт қарасам бетіне - Баяғы құрғыр Еріншек. Көзім түсті етіне, Бір уыздай келіншек. Бұдан соң ақын айналасына надандықты таратушы әлгі “келіншекпен” сөз қағыстырады. “Ей, Еріншек, қара жүз, Не қылмадың сен маған? Енді менен күдер үз, Жақындама бері таман. Сенің қылған ісің ғой Харекетсіз көп надан…”, - деп /140, 54/ қорыта келіп, Шәкәрім ел қараңғылығының ең түпкі тамырларын еріншектіктен, жалқаулықтан, адамдардың әрекетсіздігінен табады. Жас күнінде жалқаулыққа салынып, оқу оқымаған, ғылым таппаған адамның өз қоғамына, туған еліне елеулі пайдасын тигізуі неғайбыл. Адам баласының барлық жақсылығы мен қуанышы еңбекпен келеді. Ал
еңбекқорлық пен еріншектіктің біріне бірі қарама-қарсы қасиеттер екені дәлелдеуді қажет етпейтін қағида. Шәкәрімнің еріншектіктің образды бейнесі ретінде алынған “келіншекпен” тірі адамша тілдескен диалогына да осы қағида арқау болып тұр. Ақыр аяғында ақынның ойлы пайымдауларымен үйлесімділік таба алмаған “келіншек” “өкпелеп” кетеді. Осы бір образды суреттеу арқылы Шәкәрім өзінің замандастарын, кейінгі ұрпақтарын әлгіндей сырты ғана сұлу көрінер “уыздай келіншектерден” сақтандырады. Ойшыл суреткер Шәкәрімнің реалистік лирикасындағы шығармашылық жаңашылдығы оның күнделікті өмірде ұсақ-түйек тәрізді көрініп, қалың нөпірдің арасында өтіп жататын нәрсенің өзіне ақындық зердемен осылайша ойлы да терең мән беруінен аңғарылады. Атап айтқанда, ақынның пікірінше, қазақ қауымын жайлап алған сауатсыздық, әртүрлі керітартпа мінездер қоғамның экономикалық, әлеуметтік және рухани өркен жаюына қолайлы жағдай туғыза бермейді, қайта зиянды, залалды сипатта көрінеді. Бұл - Шәкәрімнің лирикасында кездесетін идеялық-көркемдік ерекшеліктердің бірі. Өлеңдерінде осы сияқты ұлттық дамудың керуенін кері тартар құбылыстарды байыппен саралау, нақты әрі әділ бағалау арқылы Шәкәрім өзінің алдындағы Абай тәрізді халықтың арман-тілегін білдіріп отырады. Жалпы алғанда, Абай негізін қалаған реалистік тәсілдің басты сипаттары да осыған саяды. Профессор Е.Ысмайыловтың сөзімен айтқанда: “Абай негізін салған реалистік дәстүрдің және өскелең тенденциялы болуының басты себебі - халық өмірімен, халықтың прогресшіл армантілегімен тығыз байланыста болуында…”/142/ еді. Жоғарыда айтқанымыздай, Шәкәрім заманды түзеуді ең алдымен адамды, замандастарын түзеуден бастады. Бұл мақсатына жету жолында ол тек қана жамандықты әшкерелеуші болған жоқ, айналасындағыларға Абай тәрізді бағыт-бағдар сілтеуші, болашаққа жол көрсетуші де бола білді. Шәкәрімнің ащы да уытты сыны туған халқын, елін шексіз сүюден туған сезім еді. Сондықтан да оның арманы сол сынның нәтижелерін көру болды. Өзі қараңғы халықтың кеселді кемшіліктерін бетіне басып, тұқырта беруден келер пайда жоқ. Түнектен шығар жол керек. Оны көрсететін парасатты ой керек. Ол қайдан табылмақ? Ондай қазына Абайдан табылмақ! Шәкәрімнің түпкі байламы осы. “Жалыналық Абайға, жүр, баралық” дейтіні де сондықтан. Шәкәрімнің осы орайда жан-жақты әрі тереңірек тоқталып өтуге лайық шығармасы - “Жастарға” атты ұзақ өлеңі. Шәкәрімнің жігіт шағында жазылған бұл өлең шын мәнінде болашақ ақынның алға ұстаған нысанасын,
реалистік қасиетін, сыншылдығы мен гуманизмін, ағартушылық мақсатмұраттарын жеткізуде болсын, ақындық қуатын айқындауда болсын, имандылық, адамгершілік идеясын көтеруде болсын, ерекше азаматтық үн таныта білгенін байқататын туынды. Өлеңде Шәкәрімнің жүрегіндегі ақындық таланттың адамға тән сезімталдық пен көрегендік қасиеттерімен айрықша астасып жатқаны сезіледі. Бозбала жасындағы ақынның поэтикалық ой-тұжырымдарында өзгеше салмақты да салиқалы тиянақ бар. Заманды түзеу ең алдымен жастардың үлесіндегі міндет екенін айта келіп, өзінің ғибратты сөздерін де ақын бірінші кезекте сол жастарға арнайды, жасөспірім көкөрім замандастарын ескіден арылып, жаңамен жылдам жалғасуға үндейді. Ізгіліктің жолына бас тігудің қажеттігін, арамдық пен алдаудың, қулық пен сұмдықтың, есерлік пен әпербақандықтың зиянды екенін, білім мен ғылым үйренудің шексіз пайдасын түсіндіреді. Түсіндіре отырып өз заманының шынайы бейнесін сомдайды. Кемшілігін сынайды, адамдардың мінез-құлқындағы, психологиясындағы, әдет-дағдыларындағы келеңсіз құбылыстарды әшкерелейді. Шәкәрімнің сыншыл реализмінің барлық сипаты осы тұста мол қырынан жарқырап көрінеді. Ақын жай ғана әшкерелеуші емес, тығырықтан шығудың жолын іздеуші де. Ол өзіне де, өзгеге де Абайды жолбасшы, ақылшы, дана көсем етіп ұсынады. Сақ болалық, бір шоқып, бір қалалық!
Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық! Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан, Жалыналық Абайға, жүр, баралық! Білімді сол кісіден ізденелік! “Әдейі іздеп біз келдік сізге” делік. “Өмір зая болмастық өнер үйрет, Ақылыңды аяма бізге” делік. Абайдың кемеңгер даналығын, ел бастауға лайық парасатын бозбала Шәкәрім осылай бағалайды. Ақынның көңіл зердесінің сезімталдығы, көрегендігі керемет! Ойлап қарасақ, болашақтағы ұлы ойшыл Абай Шәкәрімнің осы өлеңі өмірге келген кезде небары отыз жастың айналасындағы, кемеңгерлік жолы әлі алда жатқан жігіт екен. Шәкәрімнің
көрегендігі сонда, ол осы қалыптағы Абайдың биік парасатын, болашақтағы ұстаздық ұлы жолын, қазақ халқы үшін қандай тұлға болатынын дәл болжайды. Осынау парасатты ақын тұлғасынан үлгі алудың, оның айтқан ақыл-кеңесін тыңдап, ғылым мен өнер үйренудің, мәдениетті елдер үлгісіне көз тігудің қажеттігін алға тартады. Ақыр аяғында: Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
Надандықтан еліріп босқа жүрсек, Мына заман көрсетер бізге тарлық, - деп тұжырым жасайды, жастар тарапынан болашақта атқарылар істің бағыт-бағдарын айқындап береді. Аталмыш өлеңде ақын өзінен кейінгі жастарға насихат айтумен ғана шектелмейді. Енді бір тұста Шәкәрімнің сыншыл жанары қайтадан ел жағдайына қадалады. Айтылған ақылды қабылдап, түзелуге ниетті жастарға үлгілі нысана болатын қара бар ма? “Мынау” деп көрсетер үлгі қайсы? Ал елдің жайы ақынға мәлім: Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық, Рахым қып бір-біріне қарасарлық. Өз Абайын өздері ұнатпайды, Шын надан осылар ғой біз қашарлық.
Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық, Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық. Білім іздеп білуге кесел болар, Көрсеқызар, көзі ашық бос құмарлық. /140, 33/ Қандай ауыр, қандай әділ, қандай өткір сын?! Асылы мен жасығын ажырата алмай отырған елдің сиқы қаншалықты дәл берілген десеңізші?! Шәкәрімнің тілінде удай ащы мысқыл жатыр. Әйтсе де, қанша ауыр сынаса да, “шын надан осылар ғой біз қашарлық” дегенде Шәкәрім жастарды өз халқынан бездіруді, әлдеқайда бөліп әкетуді айтып отырған жоқ. Жас
өркендерді сол елдің бойындағы ойсыздықтан, ақылсыздықтан, талапсыздықтан, көрсеқызар құмарлықтан аулақтауға шақырып отыр. Ақын Шәкәрімнің шыны мен сыны қатар өрілетін реалистік сипаттағы азаматтық лирикасындағы жеке адам туралы ойлар осылайша өрістеп дами келе бірте-бірте ұлғайып, тұтас халық мәселесіне ұласады. Қоғамдықәлеуметтік ортадағы жеке адамның бойынан кездесетін кемшіліктерді сыншыл реалистік деңгейде әшкерелеу, жақсы қасиеттерді насихаттау тұрғысындағы ойларынан ақын тұтас халық жөніндегі философиялық мәнге толы толғамдарын туындатады. Ел мен халық бейнесін жасауда да Шәкәрім ұлы Абай дәстүрімен сабақтастық, үндестік танытып отырады. “Абай өлеңдерінен халық өмірінің кең көріністерін ғана байқап қоймаймыз, - дейді белгілі әдебиеттанушы ғалым А.Нұрқатов, - сонымен қатар оның арманы мен үмітін танимыз, қайрат пен жігерге, ашу-ызаға, қасиетті мұңға толы үнін есітеміз.”/143, 40/ Бұл пікірдің Шәкәрімнің лирикасына да тікелей қатысы бар секілді көрінеді. Өйткені Шәкәрімнің қай өлеңінде болсын туған елінің күнделікті тұрмыстіршілігі, ертеңгі болашағы жайлы сан алуан сырлар, азаматтық, перзенттік, патриоттық үн естіліп жатады. Ең алдымен ақын өзінің халық өмірінің арашашысы болуға тиіс екенін жете түсінеді. Халқына жалаң ақыл үйрете бермей, оның мынау шытырман өмірден жол таба білуіне көмектесу, еңбекке ұмтылған қауымға қол ұшын беру қажеттігін сезінеді. Абай тәрізді қарапайым халықтың арасында өмір сүрген Шәкәрім де көпшілікті қараңғылықтың бұғауын бұзуға шақырып, тікелей төңкеріс жасауға талпынбаса да, өзінің ақыл-кеңесі мен жеке өнегесі арқылы жұртшылықтың санасына сіресе сіңіп қалған қасаң түсініктердің тамырын шірітіп, бұқараның бойындағы адамдық ар-намысты оятуға күш салды. Қалалық жері жоқ, Еңбектің тері жоқ. Пайдасыз шығыншыл, Қазақтан сері жоқ.
Көретін көзі жоқ, Ұғатын сөзі жоқ. Қазақтың бұл күнде,
Аты бар, өзі жоқ, - дейді /140, 170/ ақын “Тағы сорлы қазақ” атты өлеңінде. Парасатты азаматтың бойындағы күйзеліс пен ащы өкінішті білдіретін бұл жолдардан ақын Шәкәрімнің туған халқының тағдырына деген алаңдаушылығы, перзенттік үміті, сергек сенімі мен биік оптимизмі байқалады. Өмірі өкінішпен өріліп келе жатқан қалың жұртын оянуға, қазақты ілгері ұмтылуға шақыратын азаматтық үн бар. Шәкәрімнің азаматтық лирикасындағы өзекті тақырыптардың бір саласы да халық тағдырын арқау етеді. Шығармашылық жолының қай белесінде болсын ақын халықтан қол үзбейді. Оның жүрегін сыздататын нәрсе ел басындағы әлеуметтік кеселдер, мақтан тұтатыны халықтық қазына. Өлеңдерінде ол әрдайым сүйікті халқының басындағы жағдайды баяндап отырады. Айта кететін бір жайт, осы тұста Шәкәрім реализмінің ажырамас қыры болып табылатын ерекше сипат, ақын лирикасының халықтық қыры айқын көрінеді. Қай заманда да, қандай қаламгер болсын өзі өмір сүрген тарихи дәуірмен ажырамас бірлікте болатыны ақиқат. Кезінде ұлы жазушы М.Әуезов Абай шығармаларының халықтығы туралы айта келіп, оның екі қырынан көрінетінін айтқан болатын./144, 429/ Ол сипаттар мыналар еді: Біріншіден, ақын қарапайым еңбек адамының атынан сөйлей отырып, қанаушы топтың зұлымдық әрекеттерін әшкерелейді. Ол ауыл кедейінің ауыр халіне жаны ашып, араша түседі, қазақ әйелінің теңдікке жетуіне тілеулес болады, жастардың жарқын болашаққа аяқ басуын арман етеді. Ал екінші жағынан, ақын осы тәрізді шынайы халықтық мүддені жырларына өзек ете отырып, халықтың сөз өнерін барынша мол пайдаланумен қатар, оны жаңа қырлармен, әрлі де нақышты бояулармен, соны сипаттармен байыта түседі. Осыдан келіп Абай шығармаларындағы халықтық қасиеттің екінші қыры көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Шәкәрімнің шығармашылығына тән реализмнің де халықтық бояуының аса қанық екендігі бірден көзге шалынады. Абай ұстазы тәрізді ол да қазақ қоғамындағы көлеңкелі жайларды, ұлт адамдарының психологиясындағы, рухани-әлеуметтік өміріндегі кемшіліктерді халықтық тұрғыдан зерделеп, көпшілік бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды, жастардың қамын жейді. Барлық үміт келешек ұрпақтарда деген сенімге суарылған идея ұсынады. Сонымен бірге ол халықтың санасына ұя салар ой түйіндерін де тап басып, көрегендік танытады. Сол көрегендігінің арқасында болашақты болжап, өз заманының өкінішті оқиғаларына жаны ауыра тұрып, объективті бағасын береді. Мұндай
қасиеттер лирик ақынның көптеген өлеңдерінің тәніне сіңірілген. Атап айтқанда, “Ашу мен ынсап”, “Бай мен қонақ”, “Партия адамы”, “Қазақтың жаманы болмас”, “Өкінішті өмір”, “Ей, көп халық, көп халық”, “Ескіден қалған сөз теріп”, “Қазақ”, “Насихат”, “Тағы сорлы қазақ”, “Қош, жұртым!”, “Қош!” тәрізді шығармаларында ол халықтың басындағы хал-ахуалды шынайы реалистікпен бейнелеп береді. Ақынның өмірден алынған мысалдары, сынының найзасын қадаған кемшіліктері деректі әрі нанымды. Аталған өлеңдерде ақын өмір сүрген кезеңнің тарихи-әлеуметтік дамуындағы бүкіл ерекшеліктер мен сыр-сипаттар мейлінше ашық көрінеді. Мәселен, “Қош, жұртым!” атты өлеңінде/73, 269/ ол халқымен бірге жасаған өз өміріне кәріліктің, ақсақалдық жастың биігінен көз жібереді. Бұл кезеңде ұзақ уақыт қазақ даласын қан қақсатып келген патша тақтан құлаған, тәуелсіз күн кешер заманның нұры енді-енді сәулесін шаша бастағандай болған еді. Ақынның жүрегі соған қуанады. Асарын асып, жасарын жасаған қария ақын бір сәт өзіне “Ендігі мақсатың не?” деп сауал қояды да, соған жауап іздейді. Әрине, бұл тұстағы ақынның арманы шуақты, бұрынырақтағы бірқатар өлеңдеріндегідей мұңнан тазарған. Ақын патшаның тақтан құлаған заманын көрді, қазақ азаматтарының “ел боламыз” деп қозғалған шабытты шағына куә болды, оған өзі де қолынан келгенше үлес қосқандай күй кешті. Өзінің сөзімен айтқанда, енді өлсе де армансыз. Ақын ретінде, халықтың адал перзенті ретінде өмір бойы армандағаны туған елінің жаңа өзгерістерге аяқ басуы, мәдениетті, білімді, ғылымды, еңбекшіл болашаққа қадам жасауы болса, осындай күндердің туып келе жатқанын сезінгендей болған ақын жүрегі неге толқымасын? Әйтсе де ақынның жүрегін алаңдатарлық жайлар әлі де бар. Өзінің шын арманына толық жете қоймағанын, мына заманның түпкі сырында көп түйткілдің жатқанын, сол түйткілдерді келмеске жіберудің сырын айтып, елге бағыт берудегі өзінің ролін айқын сезінген ол: Қазақтың жайнар даласы Жетілер оқып баласы. Шошытатын мені сол
Олардың күндес, таласы. Дағдысы сіңген бойына, Тастаңдар күндес, мақтанын,
Көрген соң таңның атқанын, Ел бастайтын жастарым, Жөн емес жай жатқаның, - дейді./140, 269/ Осынау шумақтардан ақынның болашаққа деген асқар таудай арманын да, жастардан күтер үкілі үмітін де, көңілін мұңға малып, жабырқатар күдігін де көреміз. Бір жағынан, туған жұртының болашақ жақсы күндерін аңсаған асыл арманға, екінші жағынан адамдар бойындағы кері тартар кемшіліктерге төзбестік сезімге толы бұл жолдардан ақын реализмінің шынайы халықтық табиғаты танылады. Заман шындығын бірінші кезекке қойған ақын Шәкәрімнің реализміндегі ерекше көзге түсер тағы бір арна - адам мен қоғам арасындағы бірлік пен байланыс. Ақынның лирикасында сол кездегі қазақ қоғамының шыншыл да шынайы образы сомдалған. Әдетте қоғам өмірі қандай ақынды болсын ұдайы толғандыратын, оның шығармашылық табиғатын айқындайтын мәңгілік маңызы бар тақырып. Академик жазушы С.Мұқановтың тілімен айтқанда: “Ақынды өсіретін жағдай - қоғам тіршілігі. Оның ой-пікірінің қазығы - сол тіршілік. Қоғамдық ойдың өресі мен екпіні қаншалықты күшті болса, ақын ойы биік деңгейден табылмақ.”/145, 302/ Бұл тұжырым қандай да болсын әдебиеттің дамуын, қаламгердің шығармашылық өсу жолын уақыт ағымынан бөле-жара қарауға болмайтындығы туралы қағидадан туса керек. Аталған екі процестің сабақтастығы әрдайым әртүрлі қырынан көрініп жатады. Кез-келген тарихи дәуір қоғам өміріндегі сан сипатты әдеби құбылыстарды тудырады. Бұл құбылыстар өз қоғамының рухани жемісі бола тұра, сол заманның ерекшеліктерін әр қырынан бейнелейді. Әдебиет пен өнердегі елеулі туындыларға тән қасиет - олар өздерін өмірге әкелген дәуір мен қоғамның ерекшеліктерін бейнелеумен ғана шектелмейді, сонымен қатар алдағы келешек кезеңдермен байланыс орнатуға ұмтылады. Сыршыл ақын Шәкәрімнің лирикасынан жиі аңғарылатын шығармашылық ерекшеліктердің бірі де осыған саяды. Ақын өлеңдерінің басым көпшілігі он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамындағы рухани-әлеуметтік және экономикалық жағдайды шыншылдықпен суреттеуге арналған. Алайда ақын оны өзге озық елдердің өміріндегі жақсы нышандармен салыстыра, сабақтастыра отырып суреттейді, болашақтың мүдделерімен астастыра жырлайды. Мұнда реалист ақынның көрегендігі де, арман-тілегі де тоғысып
жатады. Шәкәрімнің лирикасында қоғам ұғымы жекелеген адамдар басындағы қасиеттермен органикалық байланыста ашылады. Шәкәрім ақын үшін “жеке”, “жалпы” деген категориялар, яки “адам”, “қоғам” ұғымдары бірін-бірі алмастырып, бірінің мәнін екіншісі толықтырып айқындап жатады. Бұл ақын лирикасындағы типтік образдардың мол болуына ықпал еткен қуатты көркемдік-эстетикалық қасиет еді. Адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынас жайындағы жаңа концепцияны қазақ поэзиясының құнарлы топырағына ең алғаш сіңірген Абай деп айтсақ болады. “Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі.”/146, 45/ Ал Абайдан кейінгі ұлттық әдебиет дамуының көшін бастаған Шәкәрім болса, бұл концепцияны өзіндік ерекшеліктермен байытып, нәтижелі жалғастырып әкетті. Ол қандай кейіпкерінің азаматтық бейнесін сомдаса да, оның сыртқы жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен, ішкі табиғатынан, мінезінен, әдет-дағдыларынан байқалатын қасиеттердің, мейлі ол жақсы қасиет болсын, мейлі жаман болсын, қай-қайсысының да тамырының қоғам өмірінде жатқанын үнемі сездіріп отырады. Қандай әлеуметтік кеселді де ол уақыт ағымының барысынан туған, бірақ міндетті түрде түзетуге болатын кемшілік деп білді. Билік пен байлыққа жету мақсатындағы әлеуметтік психология, адамдар бойындағы қараңғылық пен надандық, шарасыздық пен жалқаулық түптің түбінде қоғамның өміріне де кері әсер етпей қоймайтынын жақсы түсінді. Ал оған қол жеткізудің бірденбір жолы халықтың санасын ояту, ел ішіндегі қолында байлығымен қоса билігі бар әлеуметтік топтардың, бай-манаптардың, залым әкімдердің шынайы, боямасыз бет пердесін ашу деп есептеді. Осы жолда сыншыл реалистік, әшкерелеушілік идеядағы өлеңдер жазды. Бұл шығармаларында Шәкәрім елдің үстінен күн көріп жүргендердің, қарнының тойғанын ғана қанағат тұтқан топастардың, ойын-сауықпен бар өмірін мән-мағынасыз өткізіп жүрген сайқымазақ боскеуделердің типтік образдарын жасады. Сыншыл ақын Шәкәрімнің реалистік шеберлігі ең алдымен өз қоғамындағы осындай кеселдерді өткір сынаған өлеңдерінен көрінеді. Ол қазақ қоғамының кемшілігін жай ғана сынаумен қанағаттанған жоқ. Қайта сол кемшіліктің әлеуметтік тамырын, объективті, субъективті себептерін саралауға, сол арқылы патша үкіметінің мүддесін қызғыштай қорғаған жергілікті әкімшіліктің, шолақ белсенділердің, ел билеген атқамінерсымақтардың бедел-бейнесіне әділ баға беруге ұмтылды. Бұл бағытта да оның шығармашылық жолынан Абайдың реалистік дәстүрінің ізі
айқын аңғарылады. Шәкәрім де Абай тәрізді өз дәуірінің бүкіл кеселдерттеріне жанын ауыртты, содан арылудың емін іздеді. “Ашу мен ынсап”, “Бай мен қонақ”, “Партия адамдары”, “Өкінішті өмір” сияқты бірқатар өлеңдерінде ақын залым әкімдер мен әңгүрт билерді, топас байларды әшкереледі. Билікке таласып елдің ішін бұзған, жік-жікке бөлініп, өзара қырықпышақ болған партияшыл надандарға жиіркене қарады. Әсіресе Шәкәрімнің “Партия адамдары”/140, 80-82/ сияқты бірқатар өлеңдерінде сол кездегі қазақ қоғамының портреті бар. Аталған өлеңінде былай дейді: Қай қазақ ойдан орып, қырдан қырды, Білмейді деп жүр ме екен ішкі сырды. Қазақтың қайратының түбі мәлім, Алты бақан алауыз иттей үрді…
…Тек отырмай атыңды алысқа айда, Партия жағаласқан жарысқа айда. Жердің жүзін жеңіп ал, жанды салып, Дос қайда, құда қайда, таныс қайда?.. …Япыр-ау, бұл не деген наданшылық, Осынша жайылар ма жаманшылық. Есі шығып елерген бәрі де мас, Ар қайда, ақыл қайда, адамшылық?.. …Адал десе тік тұрар төбе шашы, Жиған малы бәрі арам, ішкен асы. Қылып жүрген ісі анау, күші мынау, Ағайынға ұқсайды қай арасы?
Қарап отырсақ, бұл өлеңде қоғамдық өмірдің барлық сипаты ақынның назарына ілінген. Қазақ ішіндегі ең басты індет - алты бақан алауыздық, ағайын арасының берекесіздігі. Татулық пен бірлік жоқ жерде береке қайдан болсын?! Қазақ қоғамы бірігудің орнына партия-партияға бөлініп, жік-жікке жарылып, әркім өз жыртысын жыртуда. Патшалық Ресейдің әкімшілік реформасынан кейін қазақ арасында сайлауға түсіп, шарға ие болу, ұлық болуға ұмтылу әрекеті тіпті күшейіп кетті. Ағайын іші ырың-жырың. Өзінің мінін сезінудің орнына “есі шығып елерген” қоғамның ессіз бейнесі ақынның жүрегін қатты сыздатады. Осыдан келіп Шәкәрім ел ішіндегі атқамінерлердің, пысықай белсенділердің образдарын жасайды. Ел басқарушы әкімдерді сынайды. Осы күнде қазақтың бәрі де мас, Жақсылардың біріне біреуі қас. Атқа мінген жігіттен үмітім жоқ, Сөзімді ұқса, ойланар кейінгі жас, - деген/140,96/ өлең жолдарындағы ақынның “атқа мінген жігіті” еліне, қоғамға қызмет етіп жүрген азаматтар сапынан емес, солардың санын ғана көбейтіп, құр сергелдеңмен жүрген боскеуде пенде. Осындайларды көргенде ақын уыты ащы өлең жолдарын өмірге әкеледі. Партия қуған өңкей қырт, Жазылмайтын ол қылқұрт. Мен тартам ел қайғысын, Әкімі залым, биі әңгүрт, - деп/140, 177/ шын сырын ақтарады. Өлеңдерінде кездесетін осындай атқамінерлердің, әкімдер мен билердің жиынтық образы арқылы ақын өз заманының шындығын ашып береді. Дәлірек айтқанда, ол заманның әлеуметтік, психологиялық образын сомдайды. Ақынның көздегені - өз дәуірінің шын суретін мейлінше нанымды етіп көрсету, сол арқылы қоғамды түзеу, имандылыққа тарту. Шәкәрім өмір сүрген қоғамның әлеуметтік шындығын бейнелейтін адамдар галереясынан ол сомдаған әкімдермен, билермен қатар, басқа да әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері, бай мен кедей, әрқилы психологиялық өлшемдегі жандар - қулар, сәнқойлар, тағы басқалар да елеулі орын алады. Солар арқылы ақын қоғамның тіршілік салтын,
моральдық-психологиялық күйін, өмір сүру дағдыларын көрсетуге тырысады. Құдайға пара бересің, Ылақ пен қотыр тайыңды. Жоғалтқандай көресің Ел жылатқан жайыңды…
…Елден кешу алмасаң, Жалмауыздай жалмасаң. Тәңіріні малмен алдасаң Алдыңда орын дайын-ды! /140, 254/ Бұл – Шәкәрімнің “Зұлымдық қылып елді жеп” деген өлеңіндегі парақор байдың бейнесі. Оның реалистік бояуын Шәкәрім өзінің “Бай мен кедей”, “Бай мен қонақ” деген сияқты бірқатар шығармаларында одан сайын қалыңдата түседі. Үйіне келіп түскен мейманын қазақи қонақжайлылықпен жылы қарсы алған бай оның бұйымтаймен келгенін естігенде аяқ астынан өзгере қалады “Бай мен қонақ” өлеңінде./140, 69/ Ақыр аяғында үй иесі мен қонағы қырынқабақ болып тарасады. Бұл жерде қазақ ауылындағы адамдардың психологиялық портреті көрінеді. Байдың ішкі жан дүниесі, яғни сырттай қонақжай болып, сараңдығын жасырған екіжүзділігі, сонымен қатар, қарапайым адамдардың кәсіпсіз уақыт өлтіріп, біреуден қарыз алып, сұрамшақтықпен күн көрген жаман дағдылары әшкере болады. “Бай мен кедей” өлеңінің/140, 77-78/ философиялық астары бұдан да терең. Мұндағы сөз кедейдің аузымен байға қарата айтылады. Сол арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің табиғаты ашылады. Байлықты алып, мұратқа өзің жеттің, Кемдікті маған беріп тентіреттің. Қымыз ішсең көже ішіп мен де жүрмін, Бәрі бір, бай болғанмен қайтіп өттің?
Қоғам өмірінің, әлеуметтік әділетсіздіктің айна-қатесіз суреті, міне, осындай. Теңсіздікті дәл мұндай бейнелеп айту әркімнің қолынан келе бермесе керек. Осы арада Сұлтанмахмұттың белгілі “Қымыз” атты өлеңі/147, 72-74/ ойға еріксіз оралады. Мейілі доңыз болсын, қоңыз болсын, Иеңнің түкірігін ем еткен қымыз, - дейді ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров. Мұнда айтылатын қымыз қоғамдағы әлеуметтік айырмашылықтың, әділетсіздіктің символы, қоғамды бай мен кедейге, бар мен жоққа жіктеп отырған заман кеселінің белгісі. Шәкәрімнің жоғарыдағы өлеңіндегі қымыз бен көже де осы мәндес. Бай мен кедейдің тұрмысындағы алшақтықтың айғағы. Әйтсе де Шәкәрім осы айырманы өткір мысқылмен ашып айта отырып, қайшылығы мол қысқа өмірдің қисынды нәтижесін де еске салып кетеді. Кедейдің аузына “Сүйткенмен сен де өлесің, мен де өлемін, тәңір алдында кімнің озарын қайдан білесің” деген ойлы сөз салу арқылы мағыналы түйін жасайды. Айта кететін бір жайт - лирик Шәкәрім өзінің жүрек қылын шерткен кез-келген құбылысты жырлай отырып, одан философиялық түйін жасауға аса шебер. Мәселен, “Қулар” деген өлеңінде/140, 78-79/ де осындай жинақтаушылық сипат танытады. Қоғамдағы сан алуан керітартпа мінезқұлықтарды, әдет-дағдыларды жинақтап, бір ғана “қулық” ұғымының аясына сыйдыра отырып сынайды ақын. Тіпті ел бастаған байлардың ауылын да қулармен қоныстас етеді: Байлардың қу білмеген сыры қалмас, Тамам қудың бірімен бірі жалғас. Араз болып жүрсе де пайдасы бір, Орны дайын ол иттің, құры қалмас. Көріп отырғанымыздай, ақын сол кезеңдегі қоғамдық психологияны, әлеуметтік жағдайды дәлме-дәл бере білген. Мұндағы қоғам ақынның қабылдауында жылт еткен жаңалық атаулының қандайын болса да қанды қақпанына тұншықтыратын, зұлымдық пен сұрқиялық, адамның қанауы мен алдауы жазылмайтын қылқұрт кеселге айналған қоғам. Ондағы өмірдің бар ауыртпалығын момындар мен аңқаулар, кедейлер арқаласа, қоғам қасіретін, ел қайғысын Шәкәрім сияқты көзі ашық парасатты адамдар тартады.
Жігіттер, қор да емеспін, кедей де емен, Кемдік көрген жерім жоқ ештемеден. Құдай жолын біле алмай, қу билеген Елден басқа қайғым жоқ, мұныма сен, - деп/140, 78/ толғанған Шәкәрімнің сырын осы тұрғыдан ұққан жөн. Қоғам алдындағы адамгершілік, ақындық жауапкершілігін терең сезінген ақын үнсіз қала алмайды, халықтың сөзін сөйлейді, өз сөзін түсінетін сәулесі бар жан іздейді. Көрмесе де көзімді, Білмесе де өзімді.
Кейінгі жандар қабылдар Айтылған түзу сөзімді, - деп/140, 178/ үміттенеді. Бұл жерде Шәкәрім лирикасының тағы бір ерекшелігі, яғни тақырып жүгінің ауырлығы көзге түседі. Сол ауыр міндетті атқаруда ақын шынайы реалист тұлғасында көрінеді. Абай негізін қалаған сыншыл реализмнің мәртебелі міндетінің өзі осында, салмақты әлеуметтік ой айтуында, өмір құбылыстарын, заман мен қоғам сипатын шынайы бейнелеуінде жатса керек. Шәкәрім өлеңдерінің көпшілігінде осы қасиет бірінші планда көрінеді. Мысалға ілгеріде аталған “Бай мен қонақ” өлеңінің сюжетіне қазақ тұрмысындағы шағын бір эпизод негіз болған. Бай үйіне келген қонақ пен үй иесі арасындағы диалог сол кезеңдегі қазақ қоғамының бүкіл әлеуметтік психологиясын, этикасы мен эстетикасын, тұрмыстық ерекшеліктерін, рухани санасының шама-деңгейін жан-жақты әрі дәлме-дәл сипаттап береді. Мұнда да Абай жырлаған тоғышар кейіпкерлер бар. Кемеңгер Абай айналасына қарай отырып: Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын.
Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып құрып барасың. Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақтың болды ғой, - деп/148, 112/ тоғышар тіршілікке күйзеле зер салса, Шәкәрімнің жағдайы да соған ұқсас. Оның айналасындағы адамдар да алдыңда асы бар, екі қолыңда істер ісі жоқ, ел қыдырып, өсек сөз теруді, бірін-бірі қажап кемсітуді ғана білетін, мейірім мен адамшылықтан жұрдай рухани мүгедек жандар. Бұл елде басты жұмыс - ел қыдырмақ, Бай ауылға түстеніп пайда қылмақ. Онан өзге зияны тимей кетсе, Сонымен-ақ сыпайы кетсін бірақ, - деп/140, 69/ Шәкәрім осынау қоғамдық мерездің шексіз зияндылығын меңзейді. Көпке зияны тарамасын деген тілекпен шүкіршілік етеді. Осының бәрін ақындық зердесімен саралай келіп ол Абай пікірімен үндесе: Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп, Қазақ қашан ел болар құдайым-ай! - деп/140, 70/ түйіндейді. Кезінде Абай да өзінің “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ” деген/148, 61/ өлеңінде қазақ арасындағы бейнетсіз, еңбексіз тамақ асырап, жалқаулық пен тоғышарлықтың жолына түскендерді сынға алғаны белгілі. Абайдың да, Шәкәрімнің де ақындық жебесі соларға қадалады. Олардың пайымдауынша, арамтамақтық пен кісінің қолындағыға көз сүзушілік - азғындықтың барып тұрған сорақы түрі. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында осы кемшіліктердің бәріне қарсы тұратын қуатты идея бар. Ол - адамгершілік идеясы, гуманизм. Өз заманының озық ойлы азаматы, парасатты перзенті ретінде ой толғай отырып, ол адамгершіліктің туын барынша биік ұстайды, адалдық пен әділдікті, ар тазалығын бірінші қояды. Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, алалды ізде, Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи, - дейді/140, 94/ ақын “Мал жимақ” атты өлеңінде. Осынау төрт тармақтың ауқымына ақынның бүкіл адамгершілік идеясы, азаматтық нысанасы сыйып тұғандай. Адам болу үшін арыңды сатпай, еңбек етуді, адал болуды қажет деп санайды. “Ақын - ең
алдымен адам, содан кейін өз елінің азаматы, өз заманының ұлы. Халықтың рухы, заманның рухы оған басқа адамнан кем әсер етуі мүмкін емес,” – деп/149,150/ орыстың ұлы сыншысы В.Г.Белинский айтқандай, Шәкәрім бұл мәселелердің бәріне өз дәуірінің азаматы, халқының перзенті тұрғысынан қарады. Адамгершіліктің асқақ идеясына жетудің жолын іздеді. Ойға батты, толғанысқа түсті. Бұл бағыт Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық сапарының өне бойында ақынның жан серігі болды. Шындықтың көркем бейнесін жасау - Шәкәрім реализмінің негізгі белгілерінің бірі. Ал бұл екінің бірінің қолынан келетін міндет емес еді. “Өнердің өркендеуі, реалистік ерекшеліктердің дамуы жеке шығармашылық тұлғалардың жарқырап шығуымен тікелей байланысты”, - деп /150, 66/ орыс ғалымы М.Б. Храпченко айтқандай, ұлы Абай дәстүрінің занды жалғастырушысы әрі дамытушысы Шәкәрім де қазақ әдебиетіндегі сыншыл реализмнің өркен жаюымен ажырағысыз бірліктегі қаламгер болды. Абай тәрізді ол да өмір шындығын, әлеуметтік әділетсіздікті жырлады. Абай бастаған сыншыл реализмнің құдіреттілігі ақындардың жаңашыл танымтүсінігінен туындайтын ерекше көзқарасында, яғни қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды көре білуінде еді. Ұлы ұстазының ізін қуған Шәкәрім де қоғам мүшелерінің арасындағы теңсіздікті, үстем таптың озбырлығы мен кедей табы өкілдерінің ауыр тұрмысын сенімді қалыпта шыншылдықпен бейнелеп берді. Езілуші таптың иығына түскен ауыртпалық ақынның жүрегін сыздатады. Қинала тұрып ол одан құтылудың жолын қарастырады. Түптеп келгенде, оның емін адам баласының рухани кемелденуінен, адамгершілік, гуманистік қасиеттерді игеруінен табады. Шәкәрімнің сыншыл реализмінің бір қыры қоғамдағы адамдардың осындай теңсіздігін көре білуінде, адамгершілікті басты қару етіп ұсынуында жатыр. Алайда лирик Шәкәрім өзінің шығармашылық жолында қоғамдық теңсіздіктің жігін барынша ажыратып, “Бай мен кедей”, “Жуандар”, “Зұлымдық қылып елді жеп”, “Бай мен қонақ” сияқты ортадағы саясиәлеуметтік мәселелерді қозғайтын мәнді өлеңдер жазғанымен, оларда үстем тап пен кедей таптың арасындағы алшақтықтықты көрсетіп отырғанымен, байлар мен барлардың озбырлығы мен тоғышарлығын, қарын тойдыруды ғана мақсат еткен марғау тіршілігін өткір сынға алғанымен, Шәкәрім осы тығырықтан шығудың жолын нұсқауға келгенде ағартушылық идеяда болды. Оның ұсынған бағыты күрес жолы емес, оқу, білім алу, еңбек ету бағыты еді. Шәкәрім айналасында болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер мен жаңғыруларға әрдайым сергек көзбен қарады. Қарай отырып,
жүрегінен жарып шыққан әділ пікірін топшылап, уақыт ағымына үн қосуға тырысты. Ақынның осындай азаматтық үні әсіресе патша тақтан құлап, большевиктер төңкерісі жеңген тұста ерекше естілді. Бірақ төңкерістер заманы, одан кейінгі саяси өмір Шәкәрімнің шығармашылығына тереңдеп ене алмады. Оның бұл тақырыпты әртүрлі дәрежеде қозғайтын төрт-бес қана өлеңі бар. “Бостандық таңы атты”, “Бостандық туы жарқырап” деген тәрізді қуаныш пен үмітке толы өлеңдері осының айғағы. Бұл ғасыр басындағы қазақ қаламгерлерінің бәріне ортақ тақырып еді. Олардың барлығы да патшаның тақтан құлағанына қуанды. Күні кеше қазақты жайлы қоныс, жасыл жайлауынан, мөлдір бұлағынан айырған, азаматтарын майданның қара жұмысына айдаған ақ патшаға халықтың өкпесі қара қазандай еді. Міне, сол зұлмат бір-ақ күнде жоқ болды. Ендігі жерде бостандық туып, тәуелсіздіктің мезгілі жеткендей болды. Қазақ ақындары осыған шаттанды. Кеше ғана “Сарыарқа сайран жерім-ай!” деп ішкі зарын төккен ақын Нарманбет Орманбетұлының дәл осы оқиғалардың тұсында: Тілекті хақтың берген күн, Көздің жасын иген күн. Талайдың көңіл қапасын Тас-талқан ғып бөлген күн. Күн күркіреп, жаз шығып, Тыраңдап халқым өрген күн. Құлдықтан басы құтылып, Қатарға жұртым енген күн. Әлемді жұтқан айдаһар Мерт болып бүгін өлген күн, - деп/151, 104/ қуана жырлауы осы қуаныштың көрінісі болатын. Осы шаттықтың ішінде Шәкәрім де жүрді. Қуана тұрып ол: Бостандық таңы атты, Қазағым, көріңдер. Арға ие басшының
Соңынан еріңдер, - деп /140, 185-187/ “Бостандық таңы атты” өлеңінде халқына жаңаша заманның таңы атып келе жатқанын хабарлап, үндеу тастады, лирикалық қаһарманының үмітке толы қуанышын жария етті. Бір қарағанда, ұран іспетті көрінетін бұл өлеңде жалаң қуаныш, көтеріңкі сезім ғана емес, Шәкәрімнің реалистік лирикасына тән терең философиялық ой, үлкен үміт пен сенім бар. Рас, кезінде “…ұран үлгісінде жазылған өлеңдерді, риторика мен жалаң социологиялық үгітке толы жырларды ғана азаматтықтың үлгісі есебінде қараған кездеріміз де болған. Бүгін соның бәріне қарсы күресе отырып, қоғамдық құбылысқа, адамның жан дүниесіне тән сипаттарға терең талдау бере білетін жырлардың бәрінен де азаматтық үн табамыз. Шын ақын өз дәуірінің, өз замандасының сырына үңілмей тұра алмайды. Содан тапқаны мен көргенін айтады, сол негізде халық өмірі, оны толғантқан мәселелер жайында ойланады, соның бәрін оқушысымен бөліседі.”/152, 22/ Шәкәрімнің өлеңіндегі әлгіндей қасиеттерді, міне, осы тұрғыдан түсінген жөн. Өзінің Ресей патшасын тақтан тайдырған төңкерістен кейінгі алғашқы әсерлерін айналасына қуана хабарлай отырып, ақын ә дегеннен-ақ бұл жаңалықтан салмақты ой түюге тырысады. Соның нәтижесінде өлеңнің философиялық салмағы арта түскен. Теңдіктің, азаттықтың ұранын көтерген большевиктер жеңіске жетті, ақ патша тақтан тайдырылды, еңбекші қауымның күні туды. Сонда да болса Шәкәрімді қазақ даласының бұдан былайғы өмірі көбірек мазалайды. Ақынның пайымдауынша, ендігі жерде адамдар еріншектік пен жалқаулықтан, арамдық пен өсекқұмарлық кеселдерінен арылып, бірлесе, талаптана алға ұмтылуы керек. Туып келе жатқан мына заман адал мен әділдікі, еңбек етіп, тер төккен жандардікі болуға тиіс. Шәкәрімдердің армандағаны да осы еді ғой. Арамдық, аразды түбімен жойыңдар. Өтірік, өсекті біржола қойыңдар. Намыс, жігер бойыңа жиып қайрат, Қажымай адалдық жағында болыңдар.
Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар. Өнерлі елдерден өнеге алыңдар. Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып ерікті ел болып қалыңдар, - дейді/153, 129/ Шәкәрім аласапыран шақтың аптығын көреген оймен баса тұрып. Ақын айналасындағы елеулі саяси оқиғаларға, төңкерістер дүмпуіне, одан кейінгі өмір көріністеріне айрықша сабырлылықпен қарады. Осы орайда белгілі абайтанушы философ Ғ.Есімнің: “Абай социалистік, коммунистік идеяларды кезінде естіген, білген, бірақ қабылдамаған. Ақынның бірде-бір шығармасында социализм идеясына деген іштарту жоқ”, - деген/154, 6/ бір пікірі ойға оралады Ал Шәкәрім болса, осы идеяларды естіп, біліп қана қойған жоқ, оның жүзеге асу барысын көзімен көрді, оған араласып та байқады. Бірақ ол Абай ұстазының тәлімімен жүрді, аталған идеяларды, өзгерістерді өзінің шығармаларында насихаттап, саяси өлеңдер жазған жоқ. Ақынның насихаттайтыны - адамның да, қоғамның да адамгершілік мұраттары. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға қуанса да, күйзелсе де, ең алдымен халқының тағдырын ойлады, олардың қазақ жұртына не беретінін, елдің тұрмысына қаншалықты пайдалы болатынын ойлады. Осынау өзгерістерді қабылдауға қазақ қоғамы дайын ба? Міне, осы сауал мазалайды ақынды. Сондықтан да болар, жоғарыдағы өлеңінде Шәкәрім төңкерістің хабарын жеткізе отырып, халқына насихат айтады, ескерту жасайды, сақтандырады. Өлеңінің өне бойында ақын елдің бірлігіне, ар мәселесіне, ардың тазалығына айрықша мән береді, гуманизмін танытады. Шәкәрімнің ақындық позициясы мен азаматтық үнін танытатын әрі большевиктер төңкерісінің жеңісінен кейінгі қазақ арасындағы қоғамдықәлеуметтік жағдай мен халықтық психологияны суреттеуде ерекше маңызы бар шығармаларының бірі “Бостандық туы жарқырап” өлеңі./155, 183-185/ Мұнда ақынның реализмі айрықша көрінеді. Заман шындығын, нақты болмысты Шәкәрім бүкпесіз бейнелейді. Айналасында болып жатқан аласапыран өзгерістер туған халқына түптің түбінде жақсылық әкеледі-ау деген үмітте болғанмен бастапқы кезде ақын көңілі күдіктен де арылмады. Енді өмір не болар, Күн туа ма оңалар, - деген толғаныс осынау күдікті сезімнің жемісі еді. Дәл осындай жағдай жиырмасыншы ғасырдың басындағы күрделі саяси-әлеуметтік оқиғалар тұсында өмір сүрген қазақ ақындарының қайқайсысының да басында болды. Ақындар қауымында бұл кезеңде абдырау да, адасу да болмай қалған жоқ. Бірақ Шәкәрімнің бұл тұстағы сезімінің сипаты өзгешелеу. Оның күдігі, айналасындағы өзгерістерге деген сенімсіздігі үстірт сезімнің көрінісі емес. Ақын оқырманын терең ойлантады, әрбір құбылысты жақсы сараптай біледі. Өзінің саяси өмірден сауаттылығын,
болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға көзінің ашық екенін сездіреді. Аталмыш өлеңіне тағы бір үңіліп көрелік: Еркін тиіп қонысы, Кеңір ме екен өрісі, Не болады орысы, Соны ойлайық бағалап. Патсалық енді тірілмес, Бұлайша билеп жүрілмес, Николай ісі білінбес, Айтқаным емес табалап. Орыс әзір тына алмас, Орнығып жұмыс қыла алмас, Болмас па екен тайталас, Бірін-бірі сабалап…
…Бола берсе таласы, Екі нардың арасы,- Шыбындай ғой шамасы, Өлмей ме қазақ алдалап. Өлең жолдарынан ақынның саяси-әлеуметтік өзгерістерді жетік түсінгенін аңғарамыз. Патшалық биліктің қайтып оралмайтынын, Ресейде жақын уақыттарда тыныштық орнай қоймайтынын, ондағы арпалыс аласапыранының қазаққа да зияны тиетінін сезеді. Еркіндікке жету үшін қазақтың өзін түзеу керектігін, билікқұмарлық, күншілдік қасиеттердің қазақтың аяғына тұсау болатынын айтады.
Шәкәрімнің бір ерекшелігі - қай кезеңде де болашаққа үмітпен, сеніммен қарады. Оның осы тақырыптас өлендеріндегі лирикалық қаһарманның бойында беймаза абдыраушылықтан гөрі сабырлы оптимизм басым. Айта кететін бір жайт - Шәкәрімнің 1917 жылғы оқиғалар мен одан кейінгі уақыт жөніндегі ойларында өзіне ғана тән ерекшелік бар. Бір қарағанда, ақын өзін осы жағдайлардан аулақ ұстаған тәрізді көрінеді. Бәлкім, солай да шығар? Кенеттен келген өзгерістің түбі күмәнді екенін сезгендіктен болар? Әйтсе де Шәкәрім өлеңдерінде сол кезеңдегі тарихи шындыққа, қоғамдық өмірге баға беретін ой ұшқындары біршама көрініп жатады. Заманға, қоғамды билеген партияға, адамдарға беретін ақынның өз бағасы бар.
“Мұтылғанның өмірі” деп аталатын /155, 334-346/ шығармасында ол сол кезеңдегі қазақ елінің, өзі өмір сүрген аймақтың саясиәлеуметтік тыныс-тіршілігін айқын бейнелеп береді. Ақтар мен қызылдардың алма-кезек жеңісі, Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары, тағы басқа оқиғалардың қай-қайсысы да ақын жүрегінің сүзгісінен өтеді. Ол бәріне әділ бағасын айтады. Мәселен, өлеңінің бір тұсында ақын: Алашорда бір бөлек, Қауымның ойы өзгерек, - десе/155, 343/, ондағысы Алаш ұранының жалпы қазаққа жақпағанын емес (тәуелсіз ел болып өмір сүруді кім жек көрсін?), оның большевиктер қауымына ұнамағанын тұспалдағаны. Ақын айналада болып жатқан жағдайды сынаудан да құр емес: Партия - соры көп елдің, Айта алмай соны бөгелдім, - деп/155, 342/ сол кезеңде өмір сүрген ақындардың ешқайсысы да айта алмаған. Шәкәрім біраз “бөгелсе” де, міне, осындай батылдыққа барады. Ақынның қаламынан туған бұл жолдар оның бір сәттік көңіл күйінің ұшқынынан тұтанған көрініс емес. Ақын шығармаларының бүгінгі күнге соншалықты үлкен трагедиялық жолдың ауыр азабын көріп барып жеткенін, қаншама жөнсіз сұрыптауды басынан өткергенін және осы жолда жоғалтқан бізге белгісіз мұраларының әлі де болуы мүмкін екенін еске алатын болсақ, онда бұл сипаттағы туындылардың саны мұнымен шектелмейтінін де анық болжауға болар деп ойлаймыз. Оның айғағы ретінде белгілі ғалым М.Мағауиннің бір еңбегіндегі мына деректі ұсынуға болады. Шәкәрім шығармаларының жариялану сапасы, текстологиясы туралы айта келіп, ғалым ақын шығармаларының жинағына енген “Епті тышқан” өлеңіндегі парақор ұлықтарды бейнелеген тұсына
келгенде былай дейді: “Бұл - патша заманында да, басқа заманда да болуы мүмкін жағдай. Ал коллективизация, советтендіру кезінде қалай болар еді? Ол да бар. Өлеңнің ең соңғы, түйінді шумағы. Бірақ дәл осы шумақ жазаға ұшырап, қысқартуға түскен. Сондағысы мынау еді: Арамдықпен жеткізіп көкке қолын, Кәмөнес боп алады жоғарғы орын. Тартылса анық адал таразыға Бір-ақ күнде қайнатар оның сорын. …Партия атымен неше түрлі сұмдықтар жасалуы 20-30 жылдарда ғана емес, күні кешенің өзінде ұшырасқан, қазір барлық жерде барлық жұрт айтып жатқан жағдаят. Ендеше, өз заманының кеселді құбылыстарын көріп, сол туралы пікірін ашық айтқан ақынның аузын енді біз жабуымыз керек пе?”/156, 391/ Қазақ топырағына келген өзгешелеу заманды, оның тарихи шындығын Шәкәрім осылай түсінді. Өзі түсінумен ғана шектеліп қалған жоқ, өзінің ұғымын бұқараға мейлінше ашық әрі ұғынықты түрде жеткізе жырлады. Ендігі заманның мәні адал еңбек пен ынтымақты бірлікте екенін түсіндіруге күш салды. Шәкәрім өз дәуірінің рухани болмысын, бүкіл қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық алға басуының деңгей-дәрежесін, кемшілігі мен кереғар қасиеттерін жан-жақты түсінді. Оның қараңғы халық бұқарасының болашағы үшін жаны ауырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай болса да игілікті іс тындыруға, елі мен жұртына жақсылық пен жаңалықтың не екенін түсіндіріп, соған жетудің жолын көрсетуге ұмтылған лирикалық шығармалары осы пікірді дәлелдейді. Ақынның адамгершілік нысанасы болған, өмірлік мұратының іргетасын құрайтын осы идеяны жүзеге асыруға бағытталған еңбегі бозбала шағында, 1879 жылы жазған “Жастарға” атты өлеңінен басталған деуге болады. Ақынның бұл өлеңі қазақ жастарына, сол арқылы бүкіл ұлтқа бағыт-бағдар сілтеген бағдарламалық ойларға толы. Бұл идея Шәкәрімнің бүкіл поэтикалық шығармашылығына өзек болып тартылған. Түптеп келгенде, ол Шәкәрімнің сыншыл реализмінің бір қыры болып табылады. Өз жұртының бойындағы түрлі кеселдер мен надандық белгілерін сынай отырып, одан құтылудың жолын іздеу барысында ақын ойы бірте-бірте таза ағартушылық идеяға ойысады.
Нені айтса да ойларын шындықпен көмкеріп, мейлінше анық жеткізуге ұмтылатын Шәкәрімнің көркемдік шеберлігін айғақтайтын қасиеттер оның осы бағыттағы өлеңдеріне де тән. Ағартушылық сарындағы шығармаларында ол құрғақ дидактиканың, жалаң ұранның жетегінде кетпейді, жылтырақ уағыз айтпайды. Әр сөзді тиер нысанасына дәлдеп тереді. Мәселен, ақынның “Насихат” атты/155, 168-170/ өлеңі таза ағартушылық мазмұндағы шығарма. Халқын ғылымға, өнер үйренуге шақырады.. Қазақ өмірінің сол кезеңдегі рухани-психологиялық портретін жасайды. Ал насихат айтар тұста ақын ел ішіндегі әртүрлі топтар өкілдерін атап-атап көрсетеді, олардың әрқайсысына арнаған сөздерінің ара жігін ажырата айтады. Ақын халық бұқарасын бай, кедей, жас, кәрі деп бөлмейді. Өмірді, қоғамды түзету жолындағы азаматтық істерден ешкім де шет қалмауға тиіс, олардың әрқайсысына жүктелер жауапты міндеттер бар. Шәкәрім осы жайды былайша саралап береді: Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде, Қазақты бастайтұғын қару сізде. Партияға шашқанша осыған сал Қолыңда қорегің бар кезіңізде.
Жарлылар, жалаңдама, сендер де ойлан, Кер кедей, кежерлікті шығар бойдан. Бойың жалдап қор болма, ойың жалда, Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан. Жастарым, құмар болма көрінгенге, Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге. Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ, Өкінбе жастық бойдан серілгенде,-деп/155, 168-169/ ақын алуан түрлі оқырманына айтар арнаулы сөздерін соншалық нанымды әрі көркем жеткізеді. Өлеңді оқи отырып, Абайдың ержеткен соң қолына білімнің шырағын түсіре алмай өкінген кейпі ойға оралады. Бұл өлеңде Шәкәрім қаламының көркемдік жаңалығы да айрықша. Реалистік көріністі
жеткізу үшін қолданған “бойыңды жалдама, ойыңды жалда”, “аз ойна да, көп ойла” тәрізді соны тіркестердің әсерлі бояуына үңіліп көріңізші. Шәкәрімге тән өрнек байқалады. Бұл тіркестер өлеңнің эмоциялық, экспрессивті мәнін қалыңдатып, сезімін арттырып тұр. Шәкәрімнің ағартушылық сөзі, туған халқын оқу-білімге шақырған ғибратты ұраны осылайша бүкіл қазақ қауымына бағыт алады. Бұл тұста ол Абайдың идеясын, ұлы ақынның нұсқап кеткен жолын одан әрі жалғастырады, шығармашылық қуатпен дамыта түседі. Түптеп келгенде, Абай мен Шәкәрім өмір сүрген замандардың уақыт жағынан азын-аулақ айырмашылығы болғанымен, сол қоғамның психологиясында, этикасы мен эстетикалық түсінігінде мәдени, рухани және экономикалық болмысында бірін-бірі қайталайтын мәселелер аз емес еді. Абай мен Шәкәрім шығармаларының табиғатынан осы сипаттар нышаны үнемі байқалып отырады. Ғылымды іздеп, Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім. Құлағын салмас, Тіліңді алмас, Көп наданнан түңілдім,- деп/157, 114/ жырлаған Абайдың басындағы жағдай Шәкәрімде де болды. Абайша ойланып, Абайша шарқ ұрған сәттердегі аласапыран көңіл күйін Шәкәрім былайша жеткізеді: Жас өтті тынымсыз, Өнерсіз, ғылымсыз. Надандық жолымен Кеттім-ау білімсіз.
Оқытпай баламды, О да өсті тиюсыз. Ойламай шамамды Алды-артым жиюсыз.
Бақ қайда қиынсыз, Бос тілек сыйымсыз. Қазақ та қажытты, Күнім жоқ жиынсыз./155, 171/ Ұлы ұстазының көңіл күйі, алаңдаушылығы әлгіндей болғанда өз заманындағы Шәкәрімді қоршаған әлеуметтік жағдайдың ахуалы да соған үндес болатын. Бұл ұқсастық Абай мен Шәкәрімнің лирикаларындағы ой мен идеяның тамырлас болуына сөз жоқ, бірден-бір ықпал етті. Шәкәрімнің ағартушылық бағыттағы идеялары әсіресе “Насихат”, “Үш-ақ түрлі өмір бар”, “Сен ғылымға…”, “Сынатарсың өзіңді”, “Ғылымсыз адам айуан”, “Жасымнан жетік білдім түрік тілін” сияқты өлеңдерінде жарқырап көрінді. Ақын бұларда бұқараны оятуға әрекет етеді, ғылымға жетелейді. Қазақ қоғамындағы жоғарыдағыдай жағдайды әділ сынай отырып, ол адамдарды еңбек етуге, ғылым мен мәдениетке шақырады. Бұл арада Шәкәрім лирикасындағы өнер мен ғылым, еңбек тақырыбы бірінші қатарға шығады. Шәкәрім үшін байлықтың ең үлкені - ғылым. Ол өзінің алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлардың ағартушылық бағытын одан әрі жалғастырды. Үш-ақ түрлі өмір бар: бәрі де мас, Бір рәуішті болады шал менен жас. Ең керекті дегенің - ортаншы өмір, Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Қапы өткізбе сол кездің бір сағатын, Өкініші қалмайды кетсе ағатың. Күні-түні дей көрме, ғылым ізде, Қалсын десең артыңда адам атың, - дейді/155, 93/ ол “Үш-ақ түрлі өмір бар” атты өлеңінде. Мұндағы “ортаншы өмір” деп отырғаны -
адамның жастық шақтан былайғы ең белсенді еңбек ететін жылдары. Осы кезеңде бір сағатыңды босқа өткізбей, ағаттық жібермей, ғылым мұхитына үңілсең, содан өзіңе керекті қазынаны тауып ала білсең - өмірлік мұратыңның орындалғаны, адам деген ардақты атқа лайық болғаның. Басаяғы үш-ақ шумақтан тұратын бұл өлеңде айқын ағартушылық идеямен қатар, терең философиялық тұжырым да жатыр. Халықты ғылым теңізінен сусындауға шақырған идеядағы Шәкәрім өлеңдерінің ішіндегі шоқтықтысы - “Сен ғылымға…” атты өлеңі. Бұл өлең ақынның жинақтарында әртүрлі атпен беріліп жүр. 1988 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан кітапта осы атаумен /155, 115-118/ берілсе, “Жалын” баспасынан жарық көрген “Жолсыз жаза” жинағында “Насихат”/153, 87-88/ аталған. Екеуінің атауында ғана емес, берілуінде де айырмашылық бар. Өлеңдік формасы, текстологиялық қисындылығы жағынан дұрыс нұсқасы деп қабылдағандықтан біз соңғысын басшылыққа алдық. Мұнда ақынның халық даналығына, өзінің алдындағы фольклорлық мұралар мен ақынжыраулар шығармаларына тән эстетикалық, көркемдік өрнектерге ұқсас терең ойы мен кестелі сөзі, парасат дәрежесі мен шығармашылық өресі мейлінше айқын көрінеді. “Ғылымға ұмтыл, білмегеніңді үйрен, білгеніңді өзгеге үйрет. Қандай ғылымды меңгерсең де оны елге тарат, көптің игілігіне айналдыр,”-дейді Шәкәрім. Оның пікірінше, шын наданға ғылым үйретудің пайдасы жоқ, ол тақырға сіңірілген дән тәрізді өнбей қалады. Дәл сол сияқты арам ниетті адамдардың қолына түскен ғылым да пайдасыз әрі қауіпті. Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды айла етер. Дүниені түзетуші, һәм бұзушы - бір ғылым. Әрі залым, әрі ғалым, ел түбіне сол жетер, - деген жолдарда ақынның түпсіз терең ойы мен дана философиясы жатыр. Ол ғылымның адамзат баласына қажетті көкжиегін осылай шамалайды. Бұл шумақтардан ақын Шәкәрімнің лирикасындағы шыншылдықтың, реалистік ой салмақтылығының айғағын тапқандай боламыз. Ақынның тұжырымдары дәл, бұлтартпастай нақты. Шынында бейбіт өмірдің шырқын бұзатын да, оны апаттан аман алып қалатын да адамзаттың ақыл-ойы, дәлірек айтқанда, ғылым. Адам баласын қырып-жоятын жойқын қару да осы ғылымның жемісі. Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге, Көкірегінде болсын көз, - деп/157, 109/ ұлы Абай ақылды сөзді ұғарлық ақылды жанды керек етсе, Шәкәрім ғылымды тек қана жақсы ниеттегі жандардың қолына беру керек деген ойын ұсынады. Сонда ғана ғылым шын мәніндегі пайдалы қазынаға, көптің игілігіне айналады. Бұл Шәкәрімнің лирикасы арқылы қазақ әдебиетіне енген жаңаша ой, тың толғам деуге де болар. Осындай философиялық толғам үстінде отырған Шәкәрім ғылымды игеретін адамның бойында қандай қасиеттердің болуы қажет деген сауалға жауап іздейді. Шәкәрімнің пайымдауынша, ғалымның екі түрі бар. Оның бірі шын ғалым да, екіншісі - залым ғалым. Бір қызығы, “залым ғалым” ұғымын ертедегі Қожа Ахмет Иассауиден де кездестіреміз. Ақырзаман ғалымы залым болды, Ізгі тілегін үзбеген ғалым болды, - дейді/158, 62/ Қожа Ахмет Иассауи бабамыз. Қарап отырсақ, мұнда да ғалымдарды “ізгі ғалым”, “залым ғалым” деп екіге бөлушілік бар. Бұл жай ғана кездейсоқ ұқсастық болмаса керек. Шәкәрімнің өз халқының тереңде жатқан асыл қазыналарымен тығыз тамырластығын тағы да бір рет айғақтайтын дерек деп ойлаймыз. Шәкәрімнің пікірінше, ғылым үйренемін деп талпынып келген адамнан үйреткен еңбегің үшін ақы сұрап, меселін қайтаруға болмайды. Ғылым үйреткеніңе ақы алу, біліміңді сату - арыңды саудаға салумен тең, күнәнің үлкені. Өз халқыңның аспанындағы күні сияқты жарық, айы тәрізді сәулелі болуға, еліңнің көзін байламайтындай күндізі болуға тиіссің. Сусағанның сусыны бол, су сықылды сұп-суық. Бірақ ондай болма салқын, ел көңілін қалдырып.
От сықылды жылы болсын, жүзіңіз бен сөзіңіз. Бірақ ондай мархаматсыз болма өртеп жаңдырып. Жер сықылды пайдалы бол, пайдалансын ел сенен. Тасты жердей болма қатты, тілме жұрттың табанын.
Шынайы адамгершілікке шақыратын гуманистік ой арқалаған Шәкәрімнің лирикалық идеалы/153, 88/ осындай. Және оны ақын қаншалықты бейнелі көркем құралдармен, реалистік шеберлікпен өрнектеген десеңізші! Бұл шумақтардағы образды теңеулер мен сенімді салыстырулар, ажарлау құралдары мен ішкі ұйқас, дыбыстар үндестігі ақынның шынайы көркемдік шеберлігін танытады. Әсіресе алғашқы шумақтағы аллитерациялық үндестік, яғни “с” дыбысының бірнеше рет қайталануы өлеңнің экспрессивтік мәнін, көркемдік бояуын қоюлатып тұр. Әдетте жер, су, от ұғымдары қай заманда да қасиетті саналған. Өзге елдер мен бөтен діндердің мысалдарына жүгірмей-ақ, өзіміздің тарихымыздан, әдеби мұраларымыздан мұның небір айшықты мысалдарын таба аламыз. Таза болсаң, судай бол Бәрін жуып кетірген. Жақсы болсаң, жердей бол Бәрімізді өсірген, - деген/159, 220/ өнегелі жолдарды қазақтың мақал-мәтелдерінің қазыналы қорынан жолықтырсақ, Адал болсаң, судай бол, Су арамды кетіреді. Мықты болсаң, жердей бол, Жер жаһанды көтереді, - дейді/160, 84/ атақты Жанқұтты шешен. Халықтың рухани қазынасындағы осындай жауһар ойлардың мөлдір тамшылары Шәкәрімнің жоғарыдағы өлеңі арқылы қайта түрленіп, жаңа мағынаға ие болып, тікелей насихат құралына айналып тұрғандай. Елдің, халықтың болашақ дамуы жолындағы ғылым мен білімнің орны мен маңызын түсіндіруде және жастарды ғылымға шақыруда Шәкәрім үнемі Абайды үлгі тұтып, өнеге етіп отырады. Қазақ қоғамы үшін Абайдың атқарған еңбегін өз өлеңдеріңде қайталап айтып, қастерлеп жеткізуге тырысады. Шәкәрімнің түсінігіндегі Абай ой-санасын оятамын деген жастарға темірқазық жұлдыздай жол сілтейтін жарық нысана. Мынау Абай - бір ғалым жол табарлық, Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
Амалы жоқ, айналды енді бізге, Күн туды етегіне жабысарлық, - дейді/155, 33/ Шәкәрім “Жастарға” атты өлеңінде. Заман шындығы, өмірлік ақиқат суреті бейнеленген бұл шумақ Шәкәрімнің жастарға айтар үгіт-насихатының көркем образы секілді. “Нені үйренсең де алдыңда үлгі тұтар нысана болсын, содан үйрен, соған қарап өркен жай. Ондай нысана біз үшін, бізден кейінгі жас ұрпақ үшін Абай болмақ.” Шәкәрімнің бұл өлеңде айтар ойының алтын діңгегі осындай. Ол мақсатсыз өмір өткізген, ғылым мен өнер үйренуді ескермеген адамды мақұлыққа теңейді, “Ғылымсыз адам айуан” деп/155, 251252/ өлең жазады. Соған жол беріп отырған қоғамның мешеулігін сыншылдықпен әшкерелейді. Кей тұста ақынның түсінігіндегі “шын ғалым” ұғымы адамға тән “ақыл” ұғымымен теңесіп те кетеді. Шын ғалым адамның бойында ақылдың да мол дариясы тасып жатпақ, ғылымсыз адам айуанмен пара-пар. Шәкәрімнің ұсынатын жаңаша ойы осындай. Ғылымсыз адам - айуан, Не қылсаң да ғылым біл. Ғылымға да керек жан, Ақылсыз болса ғалым тұл./155, 251/ Яғни, ғылым жоқ жерде ақыл жоқ, ақыл болмаған жерде ғылымның болуы мүмкін емес. Шәкәрім өзінің лирикалық туындыларында халықты, жастар бұқарасын ғылым мен өнер үйренуге шақырумен шектелмейді. Не айтса де сендіре, сезіндіре айтады, жалаң үранға ұрынбайды. Пікірлерін дәлелді мысалдармен тиянақтап отырады. Ғылым тап жас күніңде буын қатпай, Басында байқамассың дәмін татпай. Менің көрген жайымды сендер білсең, Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай,-деп/155, 169/ ”Насихат” атты өлеңінде ол өзінің басындағы жағдайдан туған тәжірибелерін тұжырымдап, ақыл таразысына салып екшей отырып, жастарға ғылым жолын өнеге етіп ұсынады, өзінің азаматтық мақсат-мұратын сездіреді.
Шәкәрімнің сыршыл, реалистік лирикасында еңбек пен ғылым мәселелері қатар өріледі. Еңбек тақырыбы - Шәкәрімнің бүкіл ағартушылық, гуманистік қызметінің дәні, мәнді өзегі. Орыстың революцияшыл демократтарынан бастап қазақ қоғамындағы Шоқан, Ыбырай, Абай сынды ойшылдар да бұл мәселеге айрықша мән бергені баршаға белгілі. “Еңбек туралы Абай көп жазды”, - дейді профессор Қ.Жұмалиев, - Жастардың адам болуы үшін ең алдымен еңбек етуі керек. Ғылымға қолы жету де, әлеумет өміріне пайдалы жұмыс істеу де еңбекпен байланысты деген қорытынды шығарды.”/161, 265/ Ал Абайды өзінің дана ұстазы деп білген Шәкәрім болса, бұл идеяны одан әрі дамытты. Шәкәрімнің айтуынша, енбек - жақсылық атаулының себепкері. Данышпан Абай: Болмасын кекшіл, Болсайшы көпшіл, Жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, Болымсыз қылжаң Бола ма дәулет, нәсіп, бұл? Еңбек қылсаң ерінбей - Тояды қарның тіленбей, - деп/157, 111/ жырласа, Шәкәрім де “Адамдық борышың - халқына еңбек қыл”,-деп/155, 267/, еңбек етуді адам баласының ең асыл міндетіне, қасиетті парызына балайды. Қазақ ағартушыларының прогресшіл идеясының, оның арғы жағындағы бүкіл ағартушылық философия қағидаларының заңды жалғасы еді бұл. Н.А.Добролюбов: “Біз, мәселен, игіліктің бәрі еңбекте деп есептейміз, сондықтан да еңбекті адамға тән нәрсе деп санаймыз” десе/162, 287/, қазақ ақыны ол адамға жай ғана тән нәрсе емес, міндетті нәрсе екенін шегелей түсіндіреді. Шәкәрім әлеуметтік прогреске жетудің үш жолы бар деп есептеді. Оның бірі қазақ қоғамының бойындағы сауатсыздықты жойып, адамдардың оқып, білім алуы, екінші жол адал да пайдалы еңбек ету жолы еді, ал үшіншісі озық ойлы елдердің мәдениетінен сусындау болатын. Еңбек мәселесіне қатысты пайымдауларында ақын еңбектің жекелеген адамдардың өміріндегі ғана емес, бүкіл адамзат баласының дамуындағы биік ролі мен
тарихи маңызына зер салады. “Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар”, - дейді Шәкәрім. Олары - кірсіз ақыл, мінсіз сөз және адал еңбек. Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ, Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ. Бір адамға мұндай бақ біте қалса, Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ./155, 166/ Адамға қажет қасиеттердің бәрі біріккенде, бір кеудеде тоғысқанда ғана әркім өзінің шын бақытын табады. Олай болса, сол асыл қасиеттердің ішіндегі ең қымбаттысы - еңбек. Осындай баққа жету жолында өзі де өмір бойы адал еңбек етуге бел байлаған ақын: Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін. Серт бергем еңбек етем деп Алдағы атар таң үшін.
Сертіме жету - арманым, Көтерем тағдыр салғанын. Өлгенімше ізденем, Толтырар кемін қалғаным, - деп/155, 176-177/ ақындық позициясын алға тартады, азаматтық сертін айтады. Өмірінің бүкіл мәнінің еңбекте жатқанын, сол жолда ауыртпалық атаулының қандайына болса да төтеп беретінін баяндайды. Өзі серт етумен тоқталмайды, айналасындағыларды да, өзінен кейінгілерді де соған үндейді. Халқының игілігі үшін қастерлі іс тындырған жанның ғана соңында шамшырақтай жарқыраған ізі қалмақ. Күнделікті еңбек етудің мән-маңызы жайында жазылған ақын өлеңдерінің бірі - “Піскен мен шикі” деп/155, 74-77/ аталатын мысалы. Мұнда ақын аңда жүріп елден көз жазып қалған бай баласы мен кедей баласының іс-әрекеттеріндегі, ақыл-қабілеттеріндегі айырмашылықтарды шыншылдықпен ашып көрсетеді. Үлде мен бүлдеге оранып, қиындық көрмей өскен бай баласы тіршіліктің күнделікті тауқыметінде шыңдалып піскен
серігінің ақылдылығы мен тапқырлығының арқасында ғана аман-сау елді табады. Шәкәрімнің ұғымында бай баласы шикі де, шаруа баласы піскен. Ақын талаптанып енбек еткен, күнкөріс жолында адал тер төккен жан ғана ақылды әрі тапқыр болады деген ой айтады. Не қылды, байқадың ба, піскен адам? Қор болар үйде отырып өскен адам. Қиялап қиын жерде сол озады, Көп жол жүріп басына іс түскен адам,- деген/155,77/ терең философиялық қорытындыға келеді. Шынында да өмір сүру жолындағы күрес барысында ғана сыртқы дүние туралы, ондағы құбылыстар мен заңдылықтар жөніндегі біліміміз молая бермек. Шәкәрім лирикасының бүкіл өне бойында өзек болып тартылған еңбек тақырыбы ақынның пайымдауынша барлық жаман әдеттерден арылудың бірден-бір кілті, адамзат баласының алға дамуының кепілі. Ақ жүрек пен Таза ақыл, Қылсаң адал еңбек,- Бәрінен де сол мақұл - Артқыға жол бермек. Арсыздардың түкке тұрмай Арам ойы жойылып, Аяғында хақиқатты Бұл үшеуі жеңбек. Сен бола гөр аққа хақ, Болам десең адам, Адал еңбек берер бақ, Бассаң соған қадам. Айнымайтын ақ жүрек пен Таза ақылды адамның
Таппасы жоқ бұл өмірде, Осынымды ұқ, балам! /155, 270/ Шәкәрімнің “Мен кетемін…” деп басталатын өлеңінен алынған бұл жолдар ақынның еңбек тақырыбына, жалпы еңбек мәселесінің адам өміріндегі ерекше маңызына қаншалықты ден қойғанын, қандай мұрат ұстанғанын айқын аңғартады. Мұнда да ілгеріректегі өлеңіндегідей “үш” ұғымы бар. Үш асыл қасиеттің қатарында таза ақыл мен еңбек ұғымдары қайталанады. Ал үшіншісі - ақ жүрек. Осы үшеуі біріксе оларды жеңетін күш жоқ дүниеде. Адамды шындыққа жеткізетін де осы қасиеттердің бірлігі. Аталмыш өлең - ұсынатын ойы тұңғиық философиялық шығарма. Ақынның ғибратты сөзі осы ойды кейінгі ұрпаққа барынша жеткізе түсіндіруге бағытталған. Өлеңде жинақтаушылық мән бар. Шәкәрімнің ағартушылық сарындағы лирикалық шығармаларында үнемі алға тартылып отыратын идеялардың бәрі осы өлеңінде тоғысқандай болады. Ақын заманды түзеудің, қоғамның табиғатындағы артта қалушылықты, халықтың басындағы ауыр халді жоюдың үшінші бір жолы мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі ілгері озып кеткен елдердің үлгісін үйрену деп біледі. Айналасында алыс-жақын жатқан әлеуметтің өмірімен, тіршілік-тынысымен жан-жақты таныс болу, рухани-мәдени байланыстар орнату, оларда бардың озығы мен үздігін үйрену, өзіңдегіні өзгеге ұғындыра білу қай халықтың болсын рухани кемелденуіндегі маңызды факторлардың бірі болып табылатынын Шәкәрім көрегендікпен зерделеді. Әлбетте тарих көшінің ешқашан толас таппайтын тізбекті шежіресінде өзгеден оқшау өмір сүріп, соншалықты биікке көтерілген ел-жұрт жоқ. Алға жылжудың кілті өзара астасып жататын тамырлы байланысты болған. Осы тұрғыдан алғанда, өткен ғасырдың екінші жартысымен тұспа-тұс келген тарихи кезеңнің қазақ халқының рухани, мәдени өмірінде маңызды орын алуы заңды. Бұл кезең қазақ халқының алыс қиырларға көз тігіп, өзге жұрттардың мәдениеттерімен жүйелі байланысты одан әрі баянды ете түскен кезең болды. Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім сияқты рухани дәнекерліктің символына айналған қайраткерлер өмір сүрді. Сол арқылы қазақ әдебиетінің Батыс пен Шығыс әдебиеттерімен байланысы нақты сипат алды. Ұлтаралық, еларалық қарым-қатынасты күшейтудің, әдеби-мәдени сабақтастықты жолға қоюдың нәтижесінде халықты өнер мен білімнің сәулелі белестеріне көтеруге болатынын, алға жылжудың бірден-бір жолы осы екенін Шәкәрім анық
сезінді. Абайдың әдеби мектебінен тәлім алған ол ұлы ақынның және басқа ағартушылардың қазақ даласын әлемдік мәдениет үлгілерімен таныстыру, Шығыс пен Батыстың әйгілі перзенттерін өз халқына жақындата түсу бағытытындағы қызметін жемісті түрде жалғастырып әкетті. Бұл - сол кезеңдегі қазақ даласындағы тарихи кажеттіліктен туған заңды құбылыс еді. Өйткені бұл әлем елдерінің өмір-тіршілігінен хабардар, рухани дәрежесімен таныс, озық дүниенің оқу білімін меңгерген, энциклопедиялық білімі бар Абай, Шәкәрім сынды парасат иелері ғана арқалай алатын жүк болатын. Шәкәрімнің қазақ жұртының әлемдік мәдениетпен сабақтастығын нығайтудағы қызметін үш арнаға бөліп қарастырған жөн. Оның бірі Шәкәрімнің дүние жүзілік әдебиеттің озық ойлы өкілдерінің есімдерін әрдайым құрметтеп, оларды өзінің өлендерінде үнемі насихаттап отыруы десек, екіншісі - ақынның Л.Толстой сияқты өз заманының ірі тұлғалы қаламгерімен сырттай болса да шығармашылық байланыста болуы. Ал үшінші сала - Шәкәрімнің өзге елдер әдебиетінің озық үлгілерін тәржімалаудағы еңбегі. Мұның ішінде әсіресе Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы өзге жұрттар шыққан биікке қарай өз халқын жетелеу идеясы ерекше маңызды роль атқарды. Шәкәрім өзінің лирикалық шығармаларында үнемі дүние жүзілік ғылым мен білімнің, әдебиеттің үздік өкілдерінің есімдерін атап, өз халқына осынау қайраткерлердің сыны мен бағасын жеткізіп отырады. Оларды өзі де үлгі тұтып, бұқараны да соған шақырады. Айтқан сөзі ауруға ем, жанға құмар, Тауып айтқыш тәтті тіл сайраушылар Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Қожа Хафиз, Науаи, Физули бар, - деген/155, 411/ шумақта ақынның рухани нәр алған тамырларының қаншалықты тереңде жатқаны байқалады. Бұл жай ғана өзіне таныс бірнеше есімді құрғақ қайталап, тізіп шығу емес. Ақын осындай ұлағатты жандар әр елде бар, соларды біле жүрейік, олардың асыл болмысынан ғибрат алайық деген ойды алға тартады. Сонымен қатар бұл жолдар Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық мұрасының осынау аттары аталған қаламгерлермен тығыз сабақтастықта болғанын да дәлелдейді.
Шәкәрім қазақ даласындағы орныққан кемшіліктер мен рулықпатриархалдық сананы европалық, тіпті әлемдік ғылым-білімнен осылайша шет қалудың салдары ретінде қарады. Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа Қазақ жүр құмарланып құр шатаққа. “Анау - қу, мынау - пысық, мен - батыр” - деп, Айналды бірін-бірі құрытпаққа.
Ойда жоқ: “өнер біліп, жол табайын”, Жалмауға жалықпайды өз маңайын. Мұның түбі не болар деген жан жоқ, Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын./155, 168/ Шәкәрімнің заманындағы қазақ ортасын жайлаған тарихи дәуірдің шындығы “Қазақ” өлеңінде осылай бейнеленеді. Көргені мен түйгенін жай ғана сезімсіз баяндау Шәкәрімнің лирикасына жат. Нені айтса да ақын анығына көз жеткізе, ашына айтады. Аталған өлеңде де ақынның жүрек қыжылы, тіліп түсер өткір мысқылы бар. Ақын ашына тұрып тығырықтан шығудың жолын қарастырады, қазағының қамын жеп шарқ ұрады. Европа халықтарының, Шығыс жұрттарының өнер-ғылымына көз жібереді, мәдени өресі биік елдерден не үйренуге болатынын саралайды. Бұл идеялар ақынның “Жасымнан жетік білдім түрік тілін”, “Молдалар өзгелерді кәпір дейді”, “Бостандық таңы атты”, “Мұтылғанның өмірі” сияқты әр сипаттағы өлеңдерінде айқын көрінеді. Әсіресе “Молдалар өзгелерді кәпір дейді” деп аталатын /155, 210-211/ жеті шумақтан тұратын өлеңі Шәкәрімнің лирикасындағы осы идеяны, ақынның бүкіл арманы мен мақсатын оқырман алдына жайып салады. Орыстың жақсыларын білмес қазақ, Болып жүр сондығынан көпке мазақ. Өнерлі, білімді елден тәлім алмай, Қуларға еріп, момындар тартар азап.
Үйренсе ғылым менен сан өнерін, Білер еді-ау өнердің не берерін. Танысса ақын, ойшыл адамымен Табар еді-ау адамдық ар көмегін. Білсе егер Салтыков пен Толстойын, Сезсе олардың айтылған терең ойын. Гоголь мен Пушкиндерден ғибрат алса, Қазақтың бөлер еді-ау нұрға бойын.
Лермонтов, Некрасовтай ақындарын, Өнеге етсе солардың мақұлдарын. Өзімшіл, надандықтан көзі ашылып, Аңғарар адал жолға жақындарын,-деп/155, 211/ туған халқын өзге жұрттың осындай озық ойлы азаматтарын білсе, сол арқылы өздерінің ой-санасын байытса, бұлардың шығармаларын зерделей оқып, өздерінің эстетикалық, көркемдік түсінік-топшылауларын толықтырып шыңдай түссе, менің халқымнан да осындай тұлғалар шықса деген ұлы арманын паш етеді. Ақынның өз басы олардың шығармаларындағы құнарлы нәрді жете сезінеді. Оған Шәкәрімнің орыс ақыны А.С.Пушкиннің поэзиясына берген білгір бағасы куә. А.Пушкин сөзін ол қазақтың көзін қарықтырар жарық күнге теңейді. Өзге әдебиеттердегі жақсылық нышандарын осыншалық түсініп, өз жұртына асыл күйінде жеткізуге ұмтылуы Шәкәрімнің шын мәнінде озық ойлы, көреген ақын болғанын дәлелдейді. Ақын шығармашылығындағы мұндай қасиеттерді оның орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой есіміне қатысты өлеңдері одан әрі айқындай түседі. Туған халқының тағдыры мен болашағын озық елдермен сабақтастыру туралы ой толғай отырып, ұлы Абай “Ойында жоқ бірінің Салтыков пен Толстой” деп/163, 69/ күйзелсе, ақын Шәкәрім “Білсе егер Салтыков пен Толстойын” деп /155, 211/ армандады. Л.Толстойдың есімін өзіне үлгі етіп
ұстанды. Табиғатынан талантты Шәкәрім осынау ұлы жазушының халық алдындағы шынайы бағасы мен рухани салмағын айқын түсінді. Тіпті орыс қоғамының өзі Толстойды дінсіз деп жариялап, қудалап жатқан заманның өзінде Шәкәрім ол туралы барынша объективті, шыншыл жыр жолдарын жазды. “Жасымнан жетік білдім түрік тілін” деп/155, 143-144/ аталатын өлеңінде ақын ә дегеннен өзінің Шығыс жырының үлгісімен көзін ашқанын, одан соң орыс тілін үйрену арқылы надандықтан арыла түскенін айта отырып: “Танбаймын шәкіртімін Толстойдың,”- деді/155, 143/, өзінің ұлы қаламгерге деген кіршіксіз таза көзқарасын сездіре отырып, оған жаланың қара көлеңкесін түсіруге тырысқандарға “Толстой кәпір емес, кәпір өзің,”- деп/155, 143/ қарсы шықты. Ақын өз пікірін: Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың Мың сопыны алмаймын тырнағына, - деп/155, 144/ түйіндейді, антқа бергісіз азаматтық сөзін айтады. Адаспайсың ақылды, арлыға ерсең, Жолай көрме жылмайы сопы көрсең. Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың Алданбайсың артынан ере берсең, - деп/155, 144/ өзгелерге де өнеге ұсынады. Бұл Шәкәрімнің ой түйіндерінің батылдығы мен салмақтылығын көрсетеді. Осы өлеңінде айтылған Шәкәрімнің тұжырымы тек қана орыс әдебиетіне, оның Л.Толстой сияқты көрнекті өкіліне қатысты ғана айтылған сөз емес, сонымен бірге адалдық пен әділеттілікке, еркін ойға жаны қас көзқарасты айыптайтын парасат ұраны да еді. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы ағартушылық сипаттардың төркініне тереңірек үңілер болсақ, оның негізі ақынның реалистік ой-түсінігінде, ағартушылық, демократтық санасында жатқанын аңғару қиын емес. Өмірден жинаған тәжірибесі мен көл-көсір білімінің арқасында оның бойында орныққан гуманистік идеялар оның жеке адамның қалыптасуы жолындағы ғылым мен білімнің, мәдениеттің бағасын артық сезінген ағартушы болғанын дәлелдейді. Ақыл мен білім, рухани фактор Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында адамның, қала берді, тұтас халықтың жақсы қасиеттерінің өлшемі ретінде көрінеді. Әр адамның бойында адамгершілік қасиеттердің, білім мен мәдениеттің тамыр жаюы - Шәкәрімнің өмірлік арманы. Ондай адам қазақтан
Көп туса осы заманға. Босар еді-ау азаптан Қазақ шығып самалға./155, 55/ “Ашу мен ынсап” өлеңінен алынған бұл жолдар соның дәлелі. Ақын өзінің бүкіл шығармашылық жолында осы арманның жетегінде, соған қашан, қалай жетемін деумен жүрді. Заманды түзесем, қазақ қоғамын алға сүйресем деген ағартушылық көзқарас Шәкәрімнің адамгершілік, имандылық ұғымдарына қатысты ойтұжырымдарымен сабақтасып жатыр. “Ақын адамгершілік туралы ойларының қайсысын болса да өсиет, үлгі ретінде ұсынады, жамандықтан қашып, жақсылыққа ұмтылуды уағыздайды.”/164, 233/ Шәкәрімнің лирикалық туындыларында адамның ішкі әлемі, жан дүниесі үнемі назарда ұсталады. Адамның мінезіндегі, әдет-дағдыларындағы, іс-әрекеттеріндегі кемшіліктердің қайсысын сынаса да, ақын оған адамның ішкі сұлулығын қарсы қояды. Ақынның жүгінері ақыл, талап, ынсап, сабыр тәрізді ұлы қасиеттер. Адамгершіліктің түпнұсқа тамырлары осылар. Тіпті жоғарыда аталған “Ашу мен ынсап” өлеңінде адамның бойындағы әртүрлі қасиеттерді бір ғана ынсапқа сынатады. Шәкәрімнің ұғымындағы адамгершілік оп-оңай қол жететін нәрсе емес. Оны меңгеру үшін ең алдымен адамға тән қасиеттерді бойыңа жинақтай білуің шарт. Өзінің бірқатар өлеңдерінде ақын осы қасиеттерді кім болса да өз табиғатына дарытып, сіңіре білуі қажет дегенді айтады. Жастардың алдағы өміріне өшпестей ғибрат боларлық жөн сілтейді. “Талап пен ақыл” атты/155, 128-129/ өлеңінде ақын: Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы, Түбі - жүрек, болады мида басы. Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға Талаптың алты түрлі бар ноқтасы, - дей келіп, талаптың жүйрік тұлпарына мінген жанға ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық сияқты алты түрлі қасиеттің қажеттігін, соларды бойына жия білген адам ғана мұратына жете алатынын айтады. Сондай-ақ бұл қасиеттердің әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап, мәнін түсіндіреді. Шәкәрімнің бұл өлеңіндегі басты идея Абайдың “Ғылым таппай мақтанба” деп аталатын әйгілі туындысындағы даналық ойлардың заңды жалғасы іспетті.
Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, - деп/163, 71/ Абай адамның өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік пен дарақылық сияқты бес дұшпанын, талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым атты бес асылын атап-атап береді. Шәкәрімнің мұраты - адамның бойына ең алдымен талаптың нәрін сіңіру. Өйткені талапты адам бәріне де қол жеткізе алады. Шәкәрімнің гуманистік сипаттағы өлеңдерінің тәрбиелік мәні мұнымен шектелмейді. Оның бірқатар өлеңдерінде адам бойындағы жағымсыз мінезқұлық, іс-әрекет сыналса, енді біразында жоғарыдағыдай өлмейтін ақылкеңес айтылады. Шәкәрімнің лирикасында ақыл мен талап категорияларына айрықша мән беріледі. Адамға тән жақсы қасиеттердің бәрін де Шәкәрім осы екі ұғымның аясына сыйғызуға тырысады. Бұл екеуі бас қосқан жерде адам баласынан қашып құтылатын ешнәрсе болмайтынын айтады. Талап шапса ақылға мініп алып, Жақсы, жаман бәріне бірдей салып. Анық ақыл адымын аштырмайды, Ешнәрсе одан құтылмас жетпей қалып,-деп/155, 128/ дәлелдейді ол өз пікірін “Талап пен ақыл” атты шығармасында. Реалист Шәкәрім осылайша, өзінің лирикалық шеберлігі, сыршыл ақындығы арқылы өз дәуіріндегі әділеттілік пен адамгершіліктің, ғылым мен өнердің туын биікке көтереді. Оның үндеуі жай ғана “ғылым үйрен” деуді мақсат тұтқан жоқ. Шәкәрімнің үндеуі өз заманының талабына сәйкес, туған халқының болашағын көздеген, жақсылықты аңсаған ақын жүрегінің, ойлы да парасатты жанның азаматтық үні еді. Имандылық, адамгершілік мәселелерін жырлағанда ақын жеке адамның төңірегінде шектеліп қалмайды. Шәкәрім бүкіл қоғамда, адамзат қауымы тіршілік етіп отырған тарихи кеңістікте имандылық пен адамгершілік үстем болса екен дейді. Әралуан халықтардың бірі-бірімен тату-тәтті өмір сүруін, бейбітшілік жағдайындағы бейқұт тіршілікті иманды қоғамның басты сипатына балайды. Осыны аңсай отырып, қоғамның психологиясы мен моралін, кейбір елдердің ниет-пиғылдарынан туындайтын қасиеттерін таразылайды.
Шәкәрімнің “Адам немене?” атты/155, 178-181/ өлеңінен сондай бір қоғамның рухани сыр-сипатын, портретін көреміз. Европа білімді жұрт осы күнде, Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде, - дей келіп, ақын ондағы әртүрлі мінез-құлықты, көзге оғаш көрінер киім кию, жүріп-тұру дағдыларын сынайды: Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек, Киіп алып, қылтиып қағар селтек. Ұнай ма ыстық, суық, қозғалысқа Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?
Әйелдері - қуыршақ үлбіреген, Жалбыр шашақ сәкәкүл талай неген. Кеңірдегін сорайтып, кеудесі ашық, Осы емес пе орынсыз сәнқой деген./155, 179/ Шәкәрімнің бұл жердегі өткір сыны ұлттық әдебиеттің тарихында өз үні бар ақын Әбубәкір Кердерінің: Тар шалбар, бешпент шықты қынамалы, Жігітке шапан киген ұнамады, - деген/165, 271/ өлең жолдарындағы ой ағымына сырттай ұқсас көрінгенімен оның ішкі табиғаты мүлде өзгеше. Әбубәкір Кердері қазақ ішіне келген жаңалыққа талғаммен қарауды, біреудің жылтырағына қызығып, өз асылдарымызды бағалай алмай қалмауды тұспалдаса, Шәкәрімнің ойы одан әлдеқайда тереңге тартады. Оның айтпағы европалықтардың өзгеше киімі де, жүріс-тұрысы да емес. Ақылды киім бермес, ғылым берер, Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста! /155, 180/ Ойшыл ақын Шәкәрімнің жоғарыдағы өлеңі арқылы қауымның ортасына тастар түйінді ойы осындай.
Шәкәрім өзінің дариядай мол білімінің арқасында осылайша алыс қиырларға, қарапайым адамдардың қиялы жете бермейтін мәселелерге құлаш ұрады, солар туралы өзінің ақындық, азаматтық, философиялық ойларын түйіндейді. Өзгенікінің бәрін талғамсыз үйрене беру Шәкәрімнің түсінігіне жат. Жақсының да жақсысы бар. Соны тауып, үйрене білу қажет. Бұл қағиданың сол кездегі қазақ бұқарасы үшін қаншалықты маңызды екенін Шәкәрім жақсы түсінді. Аталған өлеңде Шәкәрімнің ақындық зердесінің аса кеңдігі көзге түседі. Болмыстың реалистік бейнесін сомдау үшін оның қыр-сырына жетік болу қажет. Жоғарыдағыдай ой айтуға, алуан түрлі елдердің даму ерекшеліктері мен өмір сипаттары туралы пікір түюге Шәкәрім негізсіз тәуекел етпесе керек. Ақынның сөзі дәләлді. Ойы терең. Тіпті Шәкәрімнің сол кездегі философиялық ойларын бүгінгі күннің де түйінді пікірі ретінде қабылдауға боларлықтай. Мәселен, “Мен - ақ жүрек” деген сөз босқа шығын, Қару, күшпен көрсетіп қасқырлығын,- Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ, Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым.
Қару, әскер тастаудың жөні келмес, Неге десең біріне бірі сенбес. Тамам адам періште болмай тұрып, “Ал, түзелші”-дегенге ешкім көнбес, - деген/155, 180/ жолдардағы азаматтық үн, бейбітшілік идеясы, гуманистік сарын аса қуатты. Ақын бәрінен адалдықты, достықты, барша адамның тазаруын жоғары қояды. Бүкіл адамзат өркениетінің басындағы мәселелерді ақындық болмысымен саралап, екшей келе, өз жұртына өзге елдердің ең озық деген өнер-білімін, үздік өнегесін ұсынады. Ол бұл арада үлкен дәнекерлік қасиетін танытады. Оның дәнекер гуманизмі негізінен туған халқының тағдырына деген алаңдаушылықтан, болашағына алаңдаған перзенттік үмітінен, сергек сенімі мен биік оптимизмінен, бір сөзбен айтқанда, лирикасының халықтық астарынан бастау алады. Содан да болар, Шәкәрімнің өлеңдерінде “қазақ” сөзі жиі ұшырасады. Алайда бұл тек қана өз ұлтының мүддесін ойлаудан туған нәрсе емес.
Мен ұлтшыл емеспін, Жақыным мынау демеспін,- дейді/155, 342/ ақынның өзі де “Мұтылғанның өмірі” атты ұзақ өлеңінде. Жекенің бойынан жалпыға тән қасиеттерді саралай білетін сарабдал суреткер адам мен қоғам, халық ұғымдарын бірлікте ала отырып ой толғағанда, бір халықтың, бір ұлттың шеңберіне сыймай кетеді. Бүкіл адамзат тағдырына көз жібереді. Европа халықтарының өміріндегі жоғарыдағыдай кемшіліктерді білу, бүкіл адамзат үшін “мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ”/155, 180/ екенін сезіну осы тұстағы ақынның айрықша бір толғамдары болатын. Абай тәрізді ол да Шығыс пен Батыс елдерінің тұрмыс-тіршілігінен, өмірлік мақсатмұраттарынан өз халқының арман-тілегін бөліп қарамады. Халықтар арасындағы достықтың мәнін, адамдардың қашанда өзара ізгі ниетте болуын жырлады, әділет идеясын көтерді. “Ойласаң, барша адамзат - туған бауыр”/155, 179/ деп жүрегімен ұққан ақын өзінің “Анадан алғаш туғанымда” атты өлеңінде бұл идеяны одан әрі тиянақтай түседі: Өзімшіл болма, көпті ардақта, Адамның бәрін - өз халқың, - деп/155, 189/ жұртына достық ізгілігінің дәнін сіңіреді. Шәкәрімнің пікірінше, адамға адам ешқашан жау емес, қандай ұлттың адамы болсын бірімен бірі туған бауырдай болуға тиіс. Барша адамзат баласы өзара ынтымақта өмір сүруі керек. Шәкәрім ұсынған ұлы идеяның мән-маңызы да осында жатыр. Бұл тұста ол Абаймен ой жарыстырады. Адамның маған бәрі бір, Не мұсылман, не кәпір,
Тамам адам бір бауыр Бөлінбесе өлген соң, - деген сияқты аса қуатты ойы бар өлең жолдарында Шәкәрімнің бүкіл реалистік лирикасына тән азаматтық пафос, ақындық позиция жатыр. “Бұл оның шын ниетімен, адал жүрек, ақ көңілмен айтқан адамгершілік қағидасы,-дейді Шәкәрім шығармашылығының білгірі, белгілі ғалым Қ.Мұхаметханов. - Жай қызыл сөз, жалған ұран, даурықпа шақыру емес! Бұл Абайдың адамгершілік асыл идеясы, Абай гуманизмі.”/166/ Шығармашылық жолында Шәкәрім осы идеядан айнымады, қайта ақындық қуаты толысқан сайын ширыға, шабыттана түсті, өзінің патриоттық рухын, азаматтық үнін, сыншыл реалистік қасиетін асқақтата берді. Оның
күйініші мен сүйініші, қуануы мен түңілуі де осыдан басталып жатты. “Дәуірінің әлеуметтік кикілжіңдерін бейнелей отырып, Пушкин әлеуметтік дамуға кеселін тигізетін кедергі атаулының қас дұшпаны болды: ол халықты, оның шығармашылық күштерін азаттыққа шығару үшін күресті, - дейді академик М.Б.Храпченко, -Пушкиннің шығармашылығы өз заманының жанды әрі шышайы терең көрінісі болды, сонымен қатар ол келешекті де мегзеп жатады.”/167, 75/. Ғалымның орыстың ұлы ақыны жайында айтқан сөздерінің Шәкәрімге қатысты пікірімізді де тиянақтай түсетінін аңғару қиын емес. Шынында да Шәкәрімнің лирикалық шығармаларында болашақты меңзеген ойлар аз емес, ақынның лирикалық қаһарманы бүгінгі мен ертеңгіні жалғастырар қуатты идея көтеріп жүреді. Ол заңды да. Өйткені сыншы В.Г.Белинскийдің тілімен айтқанда: “Ұлы ақын өзі туралы, өзінің жеке мені туралы айтса, - жалпы жұрт туралы, бүкіл адам баласы туралы айтқаны; өйткені оның тұлғасында жалпы адам баласына тән күллі қасиеттің бәрі бар.”/168, 270/ Яғни ақынның жаратылысында адам баласына тән нәрсенің бәрі бар. Оның қайғы-шерінен әркім өз қайғы-шерін ұғынады, оның жанынан өз жанын таниды. Өзінің реалистік лирикасынан халық өмірінің сырлы шежіресін, жүрек лүпілін, жан күйзелісі мен көңіл қуанышын мол сездіретін Шәкәрімнің мұраларынан да ол өмір сүрген екі дүниенің сырсипатын табамыз. “Бір ғасырды Абаймен бірге аяқтап, екінші ғасырды совет ақындарымен бірге бастаған Шәкәрім Құдайбердиевтің өмірі халқымыздың тарихымен біте қайнасып жатыр.”/169, 18/ Ол қандай тақырыпты қозғамасын, қандай қөңіл күймен жырламасын, өз заманының үнін, мұны мен мүддесін тілге тиек етеді. Болашақты меңзеп отырады. Көркем әдебиеттің негізгі предметі - адам. Күнделікті тіршіліктегі алуан түрлі оқиғалар мен құбылыстардан бастап оның әдебиеттегі көркем шындыққа айналуына дейінгі аралықтағы шығармашылық процестің өне бойында адамның мінез-құлқы, психологиясы мен философиясы, іс-әрекеті, өзара қарым-қатынасы, түрлі характерлер қақтығысы, т.б. өріліп жатады. Сол себепті де біз кез-келген көркем шығармадан жан-жақты, тұтас құбылыс ретіндегі адамның бейнесін іздейміз. Бір қарағанда, прозадағы, драматургиядағы, дастандардағы сияқты типтік образдар көріне бермейтін лирикаға да осы қасиет тән екенін көреміз. “Әрбір поэтикалық шығарма ақынды билеген құдіретті ойдың жемісі” /170, 78/ екенін ескерсек, әрбір ақын сөзінің түп негізінде адамның ойы мен арман-мақсаттары жатқаны айқын көрінер еді. Рас, лирикада автор өзге жанрлардағыдай кейіпкердің ісәрекетін, ішкі-сыртқы табиғатын таратып айтып жатпайды. Лирика адам өміріндегі белгілі-бір сәттік сезімді, жалт еткен көңілдің күйін, адам
жанының таңғы шықтай мөлдір тамшыларын бейнелейді. Сондықтан да лирикадағы образ - “…адамның өмір құбылысымен байланысты туған белгілі бір сезім күйінің(реніш немесе қуаныш) үстіндегі бейнесі.”/171, 38/ Лирикадағы көркем танымның негізгі объектісі - ақынның өз бейнесі, оның ішкі әлемі, ақыл-ойы мен сезімі. Адамның ішкі жан дүниесін зерделегенде лирика қандай да оқиғаны немесе іс-әрекеттерді, тіршілік көріністерін суреттеп жатпайды. Лириканың басқа жанрлардан өзгешелігі де нақ осында. Шәкәрім поэзиясында жарқырап көрінетін басты көркемдік қасиеттердің бірі, міне, осы, лирикалық образ. Біздіңше, лирикалық образдардың мәні тек қана шығармадағы кейіпкер ұғымымен шектелмесе керек. Ең алдымен, лирикалық образ дегеніміз ақынның басты объектісі болатын адам, оның ішкі жан-дүниесі, адамгершілік, азаматтық тұлғасы. Лирикалық образ - ақынның өз ойларының, өмірлік пайымы мен философиясының, мақсат-мұраттарының, арман-мүддесінің, қуанышсүйініштерінің бейнесі. Лирикалық образ - ақынның “мені”, яғни лирикалық кейіпкер. Түптеп келгенде, лирикалық образ - жинақтаушы ұғым. Адамның өмірдегі атқарар ісінен, бағдар-мақсатынан туып жататын көңіл-күйі, мінезқұлық құбылыстары, сезім күйлері қаншалықты күрделі болса, лирикалық образ табиғаты да соншалықты терең әрі көркем бола түспек. Шәкәрімнің лирикалық шығармаларындағы адам тұлғасы да осы тәрізді күрделі, осы деңгейде көркем. Ақын сомдаған лирикалық образ өзінің бойына бүкіл тарихи дәстүрдің сыр-сипатын, ондағы халықтың тыныстіршілігін, арман-талабын жинақтап көрсете біледі. Әрбір лирикалық туындының өмірге келуіне себеп болған Шәкәрімнің сезім күйі, көңіл толғанысы ең алдымен айналасындағы адамдардың рухани, мәдени сапасынан, оларға сүйсінуден немесе күйінуден, соларды түзесем деген иманды нысанасынан туындап жатады. Яғни бұл ақынның әрбір өлеңінде сол заман адамына тән мінез-құлық көріністері бейнеленеді деген сөз. Ал адамның мінезі, сезім күйлері әр кезде әрқилы. Оларды бейнелеудегі, дәлірек айтқанда, көркем лирикалық образ сомдаудағы Шәкәрімнің мақсаты, эстетикалық мұраты - осы мінездер мен характерлерді, сезім толқындарын бір арнаға тоғыстырып, жалпы адамға тән қасиеттердің бәрін тұтастықта бейнелеу, түптеп келгенде лирикалық тұлға жасау. Ақын поэзиясындағы лирикалық тұлғаның табиғаты аса күрделі. Оның бойында трагедиялық, драмалық күйлер де, мұң мен шер де, үміт пен сезім де мол кездеседі. Қайғыратын сәттері де, қуаныш құшағына бөленетін шақтары
да аз емес. “Лирикалық поэзияда дағдыда автордың өз басы оның сөз қылып отырған адамдарының бәрінен басым болып” /172, 116/ отыратынын ескерсек, Шәкәрім өлеңдеріндегі лирикалық тұлға да ақынның өз атынан сөйлейді. Ақынның өзі болып тебіренеді, шын суреткер дәрежесінде жырлайды. Мұның өзі Шәкәрім өлендеріндегі лирикалық тұлғаның образын күрделілендіре, түрлендіре түседі, көркем табиғатын одан әрі әрлендіреді. Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының образы - көркемдік қасиеті мен эстетикалық әсері мол, шынайы реалистік образ. Мұның өзі ақынның шын мәніндегі биік мәдениетті де өрелі талант екенін аңғартады. Олай дейтініміз, түптеп келгенде, “Ақын мәдениетінің өсуі - лирикалық кейіпкердің интеллект иесі болуының кепілі.” /173, 169/ Шәкәрім шығармаларындағы негізгі лирикалық тұлға - ішкі болмысы да, сыртқы ортасы да аса күрделі адам. Адам мәселесі - ақын шығармаларының өзекті тақырыбы. Адам феноменін Шәкәрім табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, материалдық дүниенің көпқырлы формалары дамуының көркем үлгісі ретінде қарастырады. Шәкәрім үшін адамның әлеуметтік мәні мен орны оның моральдық белсенділігі мен өзгертушілік күшінде, рухани тазалығында. Адам баласы осы қасиеттерге қол жеткізу үшін алға ұмтылуы керек. Адам мәселесін Шәкәрім әртүрлі қырынан, атап айтқанда, эстетикалық, философиялық, биологиялық, психологиялық және дүниетанымдық тұрғыдан жан-жақты қарастырады. Ақын шығармашылығының мұншалықты көп қырларының бәрінің табиғатын ашып, талдап шығу мүмкін емес, әрі оның бәрі бұл жолғы зерттеумізде алға қойған міндеттерімізге кірмейді де. Біздің мақсатымыз - Шәкәрімнің ақын, ойшыл ретінде адам мәселесіне эстетикалық тұрғыдан қалай қарағанына барлау жасау, ақын шығармаларындағы адам қандай сапада көрінеді, ақынның идеалы қандай, осы мәселені шешуде Шәкәрімнің табысы қаншалықты деген сияқты сауалдарға жауап іздеу. Адам, оның қоғамдағы орны, бойындағы әртүрлі қасиеттер мен сезімтүсініктер жайында Шәкәрім өз өлеңдерінде көп толғанады. Ақынның идеалы - таза адам, түзу адам. “Бірдей адам қайда бар іші-тысы” деп/174, 213/ өзі айтқандай, Шәкәрім өзінің замандастарының атына заты сай, көркіне арқылы мен білімі сәйкес болуын арман етеді. Бүкіл саналы ғұмырын заманды, елді түзеуге бағыштаған гуманист ақын өзінің осы жолдағы ең бірінші міндетін адамды түзеу деп біледі. Шәкәрім үшін адамға тән қасиеттердің ішінде маңызсызы, мәнсізі жоқ. Қандай қасиет болса да адамға нұр беретіндей қалыпта болуы тиіс. Сондықтан да Шәкәрім өз
замандастарын көп сынады. Олардың бойындағы жағымсыз мінез-құлықты, әдет пен дағдыларды жиі-жиі түйреді. “Сәнқойлар”, “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Бір салмойын сал келер”, “Еріншек”, “Шаруа мен ысырап” деген сияқты көптеген өлеңдерінде ақынның өз заманына лайық түзу адам іздеу жолындағы көрген азапты жолы, кеселді кедергілері туралы баяндалады. Оларда адамның сыртқы бейнесі, жүріс-тұрысы, қарымқатынасы туралы толғанады ақын. Сондай кеселдерді сынау арқылы ғана адамды түзеуге болатынына, сонда ғана “таза адам” табатынына сенеді. Шәкәрім адамның қоғамдағы орнына биік мән береді. Бір қарағанда, мұңдай өлеңдері уағыз, дидактика, насихат тәрізді көрінгенімен, ақынның насихаты негізсіз емес. Оның астарында адам жайындағы, оның қоғамда алатын орны туралы салмақты философиялық тұжырымдар жатады. Шәкәрім бейнелеген адам - қоғамның бір мүшесі, қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілі, материалдық және рухани жағдайы жөнінен де әралуан жандар. Бірақ Шәкәрім қоғам мүшелерін бай мен кедейге, жас пен кәріге бөлмейді. Шындығында байдың жақсысы да, жаманы да, кедейдің кереметі де, кері кеткені де бар ғой. “Кім болсаң да халқыңа қызмет ететін бол,”- дейді ақын. Оның бейнелейтіні де, армандайтыны да “іші-тысы бірдей” адам. Мейлі әкім болсын, мейлі бай, мейлі жарлы болсын, бәрі бір. Әр адамның өмірде өз орны бар. Олардың әрқайсысының мойынына жүктелер өзіндік міндет бар. Адам сол міндетті атқарарлықтай жағдайда болуға тиіс. Ол үшін ең алдымен адамның жан дүниесі, яғни ақылы мен ой парасаты, білімі мен өнері жоғары болса керек. Осы тұста ақынның гуманизмі барлық қырынан көрінеді. Ол әрдайым имандылық қасиеттерді, адамгершілік пен ізгілікті насихаттайды. Бұл жолда Шәкәрімнің гуманистік ойлары тым биікке самғайды. Түптеп келгенде, ол “…халықтың рухани өміріндегі адамгершілік-этикалық категориялардың белгілі бір жүйесін жасады.”/175/ Гуманист Шәкәрімнің пайымдауындағы “түзу адам” - арды, шын ақылды, өнер-білімді, еңбекті сүйген жан. Ол күнделікті қарапайым тіршілікпен күн көрсін, билік түтқасын ұстасын, бәрі бір өзі ұстанған “арлы болу” идеясынан айнымайды. Соның ең бір жарқын мысалы - Әупіш. Ол - Шәкәрімнің жалғыздық көрген шағында жанынан табылған сенімді серігі. “Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы” атты/174, 181-182/ өлеңіндегі Әупіш - жиынтық бейне, Шәкәрімнің армандаған арлы, “таза жүрек, ойында арамдық жоқ” түзу адамының типтік көрінісі, қарапайым еңбек адамының образы. Қайраты зор, білмейтін ерінуді,
Не асып, не мақтанып желігуді. Еңбегімен күнелткен сырға берік, Ұнатпайтын орынсыз елігуді./174, 182/ Шәкәрім “түзу адамның” көркем портретін жасамайды, “мынадай болу керек” деп суретін салмайды. Ақын адамға қажет асыл қасиеттерді бірінші кезекке қояды. Сол қасиеттердің мәнін ашып, маңызын дәлелдеу арқылы оқырман түсінігіне “түзу адамның” образын ұсынады. Жалпы алғанда, айта кететін бір жайт, Шәкәрімнің шығармаларында қаһарманның сыртқы кескінін берерліктей портреттік бейнелеулер кездесе бермейді. Ақын өз кейіпкерлерінің моральдық, рухани бейнесін, бүкіл адамдық келбетін неғұрлым оның ісі арқылы жеткізуге бейім. Тіпті оның дастандарындағы батыр жігіттер мен ару қыздардың образдарына да осындай сипат тән. Адам образын сомдауда Шәкәрім оған қажетті қасиеттердің екі тобын айрықша атап айтады. Оның біріншісі - адамның өз бойынан табылуға тиіс, табиғат-ана сыйлаған адами қасиеттер, яғни ақыл, мейірім, талап, тағы басқалар… Ал екіншісі - адамның өзін қоршаған ортаны, табиғат пен өмір құбылыстарын тануға ұмтылуы барысында жинақтайтын қасиеттері, яғни оқу, білім, ғылым, еңбек, тағы басқалар. Шәкәрімнің лирикасында бұл қасиеттердің әрқайсысы ерекше бір моральдық категорияға, адамгершіліктің көрсеткішіне айналған. “Түзу адам” болу үшін не қажет? Гуманист Шәкәрім үшін ең қымбат сауал осы. Өмірдің өкінбейтін бар айласы, Ол айла - қиянатсыз ой тазасы. Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек, Таза жүрек, тату дос - сол шарасы./174, 155/ Өмір философиясына толы “Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы” атты өлеңінен алынған бұл жолдар Шәкәрімнің “таза адам” тұлғасын сомдау жолындағы осындай көркем ізденіс, талпыныстарын танытса керек. Ақынның табиғат берген қасиеттерді бейнелеу арқылы адам образын сомдаған шығармаларының ішінде “Талап пен ақыл” өлеңінің/174, 128-129/ шоқтығы биік. Шәкәрім адам үшін басты қасиеттер ретінде ақыл мен талапты ұсынады. Ең алдымен адамда ақыл болуы керек, содаң соң алға
ұмтылатын талап керек. Осы өлеңінде кездесетін “Талап шапса ақылға мініп алып” деген образды тіркестің астары тереңде. Адамшылықтың түп негізінде ақыл жатыр. Ал ақылдың өзі адамға қайдан келмек? Оған да Шәкәрім жауап табады: Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы, Түбі жүрек, болады мида басы./174, 128/ Бұдан әрі ақын адамның бойындағы табиғи қасиеттерді санамалайды: Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық - Талапқа алты түрлі ноқта тақтық. Алтауының ішінде ынсап әділ, Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық, - дей/174, 128/ келіп, ол осы алты ұғымның әрқайсысының мәнін ашады, жеке-жеке ерекшеліктерін сипаттайды. Бірақ ақын жалқыны талдаумен шектелмейді, сол арқылы жалпы тұжырымдар жасауға ұмтылады. Аталған қасиеттердің бәрі бір адамның бойында тоғысқанда ғана мақсатқа жетуге болатынын тұспалдайды. Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан! /174, 129/ Шәкәрімнің үкімі осындай. Қасиетсіз халде күн кешкенше өлген артық! Аталған қасиеттер ақынның барлық өлендерінде дерлік әр қырынан, әртүрлі қатарда толыққан, түрленген күйде үнемі ұшырасып отырады. Әсіресе, Шәкәрім өлеңдерінде “таза ақыл” ұғымы жиі көрінеді. Ақын әрдайым ақыл образын бәрінен биік ұстайды. Тіпті бір өлеңінде Пайғамбар қыл ақылды! Сол табады мақұлды, - деп /174, 249/ ақыл ұғымын қасиетті пайғамбарға теңейді. Ақыл құсы адаспай аспандаса, Әлемде нәрсе болмас көзден таса,
Жеті көк жерден оңай басқыш болып Ғарышқа қол жетеді қармаласа, - деп /174, 259/ адам баласын жақсылыққа жеткізетін, тіпті ғарышқа да самғататын ұлы күштің құпиясы ақылда жатқанын жырлайды. Сондай-ақ, ұждан, ар, адалдық, татулық, достық тәрізді адам сапаларын да әрдайым саралап отырады. “Ашу мен ынсап” өлеңінде адам бойындағы әртүрлі қасиеттерді, мінез ерекшеліктерін санамалай келіп, солардың бәрін ынсапқа сынатады. Ынсап ұғымын жанды бейне дәрежесіне көтереді. Бәрін салмақтай келіп Ынсап былай деп “сөйлейді”: “Ел саңырау, надан ғой, Естіле ме құр айғай. Емделмеген адам ғой, Ем бола ма құр ойбай. Құлағы мен көзін аш, Оқу оқыт, ғылым жай.”/174, 55/ Осылайша адам бойындағы ақыл мен талапты айналадағы дүние, өмір сырын тануға жетелейді. Ол үшін адам оқу оқысын, ғылым үйренсін, еңбек етсін дейді Шәкәрім. Бұл бағыттағы өлеңдерінің ішінде ақынның “Мал жимақ” атты /174, 94-95/ шығармасының маңызы ерекше. Ақын мұнда “таза адам” бейнесінің еңбекпен ғана сомдалып, көркейе түсетінін айтады. “Арың сатпа, терің сат, алалды ізде”, “Білім білмек - әр іске шебер болмақ”, “Адал қол аштан өлмес, құры қалмас” деген жолдардың әрқайсысы ақын идеалындағы “таза адамның” образын толықтыра түсетін қасиеттерді теріп көрсетеді. Әсіресе ақынның “арың сатпа, терің сат” деген сияқты бейнелі тіркесінің көркемдік, философиялық әсері айрықша. Сондай-ақ, “Бойың жалдап қор болма, ойың жалда” /174, 169/ деген жолдар бар Шәкәрімнің “Насихат” атты өлеңінде. Мұнда да ақынның “таза адамының” тұлғасы көз алдымызға келеді. Ақылды сол - ынсап пен ар сақтайды, Арсыз сол - арамдықтан жан сақтайды. Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп, Жаны үшін адамшылық ар сатпайды./174, 36/
Еңбек, ғылым, өнер тәрізді рухани байлық көздері Шәкәрім сомдаған “таза адам” образын толықтырып тұратын асыл қасиеттердің қатарында. Ақын ғылымның мәніне көп ден қояды. Оқу, үйрену арқылы ғана адамның биікке көтерілетінін айтады. Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып, Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін. Аэроплан, телефон, граммофон, Электр, радий мен магнит ісін.
Осынша өнер тауып асқан адам, Әлемнің қиын сырын ашқан адам. Ол түгіл өмірге де айла табар Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам. /174, 138/ “Таза адам” жасау жолындағы Шәкәрімнің ойлары мен тұжырымдары абстрактылы дүние емес. Ақын әлдеқандай бір күмәнді, қиялда ғана өмір сүретін ұғымға талпынбайды. Оның бейнелеген адамы - өмірдің барлық саласына қатысы бар шынайы тұлға, нақты бейне. Шәкәрім өлеңдерінде сомдалатын осындай нақты тұлғалардың ең шоқтықтысы - ұлы Абай ақынның бейнесі. Рас, Шәкәріммен тұстас ақындардың біразы Абай туралы өлеңдер жазды. Дегенмен қазақ поэзиясында Абайдың шынайы көркем образын сомдауға алғаш талпыныс жасаған Шәкәрім болды. Бозбала шағында жазған “Жастарға” атты/174, 3141/ өлеңінде-ақ ол Абайдың рухани дүниеміздегі орнына көрегендікпен баға берді. Абайдың көзі тірісінде жазылған осы өлеңінде және одан кейінгі бірқатар шығармаларында Шәкәрім Абайдың ұлт тағдырындағы ролін ашып береді. Абайды ұлттың ұстазы дәрежесіне көтереді. Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан, Оңамыз ба Абайдан бата алмастан? Асыл алсақ, асылын аямайды Келді ғой өз еліне сата алмастан, - деп /174, 32/ жас ұрпақты ғана емес, бүкіл қазақты Абайдан өнеге алуға жетелейді.
Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан, Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан, - деп /174, 32/ Абайды ақылдың кеніне, асылдың түпсіз қазынасына балайды. Ақылы дария Абайдан Таусылмас қоры кен қалар, - деп /174, 176/ осы ойын одан әрі тереңдете түседі. Түптеп келгенде, “Жолама қулар маңайға”, “Жастарға”, “Кәрілік - шал деген бір, ат қылғандай”, “Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым”, “Міндеу мен күндеу” сияқты бірқатар өлеңдерінде Шәкәрім ұлы Абайдың ақындық тұлғасымен қатар, ойшылдық, даналық, азаматтық образын ұсынады. Сонымен қатар, Шәкәрім Абайды елден ерекше тұрған, оқшау өмір сүрген адамға, жапан далада жалғыз өскен бәйтерекке теңемейді. Абай қашанда халқымен бірге суреттеледі. Абайды сол көпшілікке үлгі ете отырып, ұлы ақын мен қоғам арасындағы қарым-қатынас туралы да тұспалды ойларын жеткізеді. “Өз Абайын өздері ұнатпайды”, “Замандасы болмады сөзді ұғарлық”, “Тартқызған азап Абайға” деген сияқты жолдарда Абайдың қоғамдағы тұлғасына барлау жасайды. “Мыңмен жалғыз алысқан” Абайдың образын сомдайды. Кім жалғыз, бұл жалғанда есті жалғыз, Мұңдасар болмаған соң бір сыңары. Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па, Қазақтан табылды ма соның пары? /174, 130/ Бұл жерде Шәкәрім Абай мен қоғам арасындағы кейбір қайшылықтарды, яғни Абай тәрізді ұлы тұлғалардың өз кезінде лайықты орнын ала алмағанын айтуды ғана місе тұтпайды. Абай тұлғасын бейнелеу арқылы Шәкәрім сол заманның портретін, ақылдың қадіріне жетпеген, “естіні” бағалай алмаған қоғамның сипатын суреттейді. Әдетте лирикалық шығарма ақынның жүрегін кернеген сезім тамшыларынан туады. Олай болса, ондағы лирикалық қаһарман көп жағдайда ақынның өзімен теңеседі. Лирикада айтылар ой ақынның ойы ретінде қабылданады. Ақынның қуанышы да, күйініші де өлеңінің астарында жатпақ. “Нағыз лирикалық туындылар жеке адамның жан дүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелеп, сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды,
заманды сипаттап береді.”/176, 33/ Лирикалық шығармалардағы ақын образы осы тұста көрінеді. Бұл арада ескерілуге тиіс бір мәселе - ақынның өз атынан айтылған жайлардың бәрі оның басынан кешкен оқиғалары мен сезімдері болуы шарт емес. Лирикалық туындыларда ақын өмірде болатын құбылыстар мен сезім күйлерін жинақтап ұсынады. Шәкәрімнің лирикалық өлеңдеріндегі ақын образы да дәл осындай. Ол бір жағынан ақынның лирикадағы көркем бейнесіне айналып кетеді. Бұл жерде лирикалық тұлғаның қасиеттері туралы академик З.Ахметовтің мына бір пікіріне жүгінген жөн деп ойлаймыз: “Поэзияда ақын тұлғасы көбінесе жинақталған лирикалық бейне қалпында көрінеді. Үйткені ақын өлеңінде үнемі басынан кешкенді, өзі көрген немесе, өз өмірінде болған жайларды ғана айтпайды, болатынды, болуы мүмкін жайларды да айтады. Сондықтан өлеңдегі лирикалық тұлға автордың, ақынның бейнесін танытады дей отырып, ол оның поэзиядағы көркемдік көрінісі екенін ұмытпау қажет. Екеуінің түпкі негізі бір, мүлде ажыратып, бөліп алуға келе бермейді десек те, осыларды екі түрлі ұғым деп түсінген жөн. Бұл жерде басқаны былай қойып, лирикалық тұлға әсіресе сыршылдық сипаттағы және ой-толғаныс түріндегі өлеңдерде айқын бой көрсетсе, ал ақынның, автордың бейнесі лирикалық тұлға арқылы да, сонымен бірге қандай да бір басқа адамды мінездеу, соның өзін сөйлету, ал сюжетті поэзиялық шығармада уақиғаны баяндау арқылы да танылатынын айтсақ та жеткілікті./176, 34/ Шәкәрім өлеңдеріндегі ақын тұлғасы әр қырынан көрінеді. Ойшыл ақын өзінің көп толғанысын лирикалық тұлғаның аузымен жеткізеді. Өмірдегі ақ пен қараны соның көзімен көреді. Болашақты болжаса да лирикалық тұлғаның ұғым-түсінігіне лайықты қалыпта ұсынады. Сол себепті де Шәкәрімнің лирикасындағы ақынның бейнесі көп қырлы лирикалық тұлға сипатында көрінеді. Бірқатар өлеңдерінде ақындық тұлға тек қана оқиғаны немесе құбылысты баяндаушы ретінде қабылданса, енді біраз туындыларында ақын өзі туралы баяндайды. Мұның бәрі Шәкәрім лирикасындағы ақын тұлғасының күрделі екендігін дәлелдесе керек. Ал “Шаруа мен ысырап”, “Өкінішті өмір”, “Қош!”, “Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым” тәрізді бір топ өлеңдеріндегі ойлы сезімге толы философиялық толғаныстарды ақынның өзінің мұң-шері, жүрек сыры деп қабылдағаннан гөрі Шәкәрім поэзиясындағы біртұтас лирикалық тұлғаның ой-толғамдары ретінде ұғынған дұрыс тәрізді. Өйткені бұлардағы лирикалық тұлға бір ғана
адамның басындағы жеке жағдайды баяндамайды, ақынның бүкіл өмірлік мақсат-мұраттарын, ой-сезімдерін бойына тоғыстырған жинақтаушы бейне қалпында көрінеді. Мәселен “Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым” атты /174, 83-86/ өлеңіндегі мына жолдарды Шәкәрімнің Абайға немесе өзіне арнаған бір сәттік сезімінің ұшқыны дей аламыз ба? “Ажал жетті өлдің бе, Өлім келді, көрдің бе? Баянсызға салынба”- Десе, тоқтау бердің бе?
Жетпесті қудың, жеттің бе, Барша жаннан өттің бе? Тағдырың жазған ақ өлім, Құтылып онан кеттің бе? /174, 83/ Мұнда Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бүкіл өмірлік философиясы, қала берді, сол кезеңдегі қазақтың парасатты азаматтарының моральдық, гуманистік тұлғасы тұжырымдалған. Өмір бойы заманды түзеймін, “түзу адам” табамын деп армандаған жанның өзінің өткен жолына уақыт биігінен көз жіберген сәтіндегі жан дүниесі өрнектелген. Тұтастай алғанда, Шәкәрімнің лирикасындағы ақын бейнесі - күрделі тұлға. Шәкәрім өзінің айтар ойларын, алдағы мақсатын өлеңдеріндегі лирикалық тұлға - ақын атынан жеткізеді. Сонымен қатар ол жалпы ақындық өнердің, өлең сөздің мән-маңызына да жете ден қойып, ақындар алдындағы міндеттердің аясын айқындап отырды. Ол сөз өнерін, қоғамдағы ақынның ролін айрықша бағалады. Шәкәрімнің “Ескі ақындық”, “Ажалсыз әскер”, “Ақындарға”, “Сөз жазып, өлең өлшемек”, “Ноль” сияқты бірқатар өлеңдерінде қозғалатын ой ағымы поэзия тарихында бұрыннан бар көркемдік дәстүрді жалғастыра түседі. Ертеректегі ақын-жыраулар да ақындық өнерге жиі жыр арнаған, өлең сөздің құдіретіне әрдайым бас иіп отырған. Ал Абай болса, “Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы” демей ме? Ақынның қоғамдықәлеуметтік орны, заманды түзеу, иманды қоғам орнату жолындағы поэзияның міндеті туралы толғайтын Шәкәрім өлеңдерін осы дәстүрдің заңды жалғасы деп ұққан жоқ. Ол өзіне сүйенішті әрдайым өлеңнен іздейді.
“Қағазым - жолдасым, қаламым - сырласым” /174, 171/, “Қаламым, қарындашым - жан жолдасым!” /174, 207/ деп өзінің ақындық жүрегіне қайырылады. Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе, Таусылар деп ойлама сөздің кені. Жыр, өлең, насихат сөз, мақал, тақпақ, Тауып айтса - дауасыз дерттің емі, - деп /174, 162/ жүрегін сыздатып, жанын мазалаған ақындық дертінің емін де өлеңнен тапқандай күй кешеді. Ақындық өнер және өлең сөздің құдіреті жайында жазылған Шәкәрім шығармаларының ішіндегі шоқтықтыларының бірі “Ақындарға” деп/174, 139-140/ аталады. Бас-аяғы алты шумақтан ғана тұратын аталмыш өлеңде Шәкәрімнің ақындық кредосы, бүкіл эстетикалық талғам-түсінігі айқын көрінеді. Қандай ақын болсын, халқына қызмет етуге, елінің санасын оятуға ұмтылуы тиіс. Ұлы ұстазы Абай секілді Шәкәрім де ақындардың қоғамдағы осындай биік әлеуметтік орнын жоғары қояды. Айналадағы өмірде ұшырасып жататын үлкенді-кішілі кемшіліктермен күресу, замандастарының кеселді әдеттерін, іс-қылықтарын әшкерелеп, оларды жақсылықтың жолына бағыттау тәрізді гуманистік, адамгершілік міндеттер ағартушылардың қайқайсысына да тән болған ғой. Шәкәрім де бұл істен сырт қалмады. Өзі тәрізді ақындардың қоғамдық ой-санадағы, күнделікті өмір ағымындағы процестерді реттеудегі ролін үнемі ашына айтып, ақтарыла жырлап отырды. Жоғарыда аталған “Ақындарға” атты өлеңінде де Шәкәрім ә дегеннен-ақ осы мәселеге мойын бұрады. Өлең айт дарын өрге өрлегендей, Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей. Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып, Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.
Қауымның қалауына тап келгендей, Болғанын, болашағын айт көргендей. Керістен тартып жырды жебелі оқтай, Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.
Сүйсінсін ақынға елі мән бергендей, Өлеңмен өміріне сән бергендей, Қадалып жүрегіне ақ қанжардай, Оятсын ойкүйезді жан бергендей./174, 139/ Қай заманда да ақынның шығармашылық қуатының арналы бағдары осындай болғанына дау жоқ. Ақын - қауымның көзі мен құлағы, тілі мен ойы. Сондықтан да ол елінің “болғанын, болашағын” ең алдымен көре білетін, айта алатын жағдайдағы әлеуметтік, азаматтық белсенділігі жоғары адам болуға тиіс. Шәкәрім ақындарға бірінші кезекте осындай талап қояды. Ақынның айтқан әр сөзі сезімді қозғайтындай нәзік сырлы, бойды ерітіп, маужырататындай қуатты болумен бірге садақтың өткір жебесіндей нысанаға дәл тисе, адамның жүрегіне тура барып қадалса ғана парықты болмақ. Шәкәрімнің жырларынан туатын ең негізгі ойдың түйіні - ақын әрдайым халқының алдында жүруге тиіс, әрі елінің сүйіктісі болуға міндетті. Осы тұста ақынның жоғарыдағы шумақтарында өрнектелген образды көрініске де назар аудармай кете алмайсыз. Қазақ тілінің он томдық академиялық “Түсіндірме сөздігінде” осынау өлең жолдарында кездесетін “ойкүйез” деген сөз жоқ, “бойкүйез” деген бар. Әдетте күнделікті қолданыста да, көркем әдебиетте де біз “бойкүйез” ұғымымен жиі жолығамыз. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” бұл сөзге мынадай анықтама беріледі: “Бойкүйез -мойны жар бермейтін енжар, селсоқ, еріншек.”/177, 335/ Шәкәрім осыған ұқсас мағынаны “ойкүйез” сөзі арқылы береді. Ол қашанда ең алдымен адамның ақылы мен ойына жүгінген, іс-әрекеттің, мінез-құлықтың қай-қайсысын да ақылға тәуелді деп түсінген. Шынында ақылды, ойлы адамның сөйлеген сөзі де, істеген ісі де орнықты, орайлы болатыны айдай ақиқат қой. Ал мінезі қанша жібектей, іс-әрекетінде мін көрінбестей болғанмен ол адамда ақыл, ой болмаса қандай болар еді? Сол себепті де адамның бақытты өмір сүруінің шешуші кілті деп ой мен ақылды түсінген Шәкәрім әлгі сөз арқылы адамның бойындағы керенаулықты емес, ойы мен ақылындағы керітартпалықты түспалдайды. Жаңа сөз, жаңа ұғым, жаңаша қолданыс. Әрі өлеңнің ішкі бояуын қалыңдататын әдемі деталь.
Сондай-ақ, бұрынғы-соңғы өткен қазақ ақындарының шығармаларында “ақ қанжар” ұғымы кездеспейді. “Қанжар” сөзі әдетте суықтықтың, адам жанына түсер жарақаттың символы ретінде қолданылады. Ал Шәкәрім болса, аталмыш өлеңінде “қанжар” сөзіне “ақ” деген анықтауышты қосу арқылы мүлде басқаша мазмұн ұсынады. “Қадалып жүрегіне қанжардай” десек өлеңнің поэтикалық бояуына да, айтар ойының дәлдігіне де нұқсан келер еді. Шәкәрімнің тұжырымдауынша, ақынның жыры қандай адамның, мейлі ойкүйез, мейлі бойкүйез болсын, жүрегіне жебедей қадалғанда жараламау керек, қайта шипалы емін дарыту керек. Ақынның “ақ қанжары” осындай шипалы қару. Өлеңнің бұдан кейінгі шумақтарында Шәкәрім өлең мен жырға қойылатын жоғары талаптарды жайып салады. “Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы” деп Абай айтқандай, Шәкәрім де өлең сөздің сұлу ырғақты, күмістей салмақты, көркем кестелі болуын қалайды. Ерікті билеп алсын айтылған жыр, Сырты - гүл, жарасымды ішінде сыр. Жаныңның ләззат алар жарығындай, Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр. /174, 140/ Абайдың өлеңге қояр биік талабына Шәкәрім өлең сөздің “сырты - гүл, жарасымды ішінде сыр” болуы қажеттігімен ой қосады. Арыңның болсын өлең айнасындай, Көрікті, көптің ортақ пайдасындай. Жосылып жатсын артта жортқан жолы, Арынды асқақ өзеннің арнасындай, - деп/174, 140/ түйіндейді Шәкәрім аталмыш өлеңіндегі ойларын. Өлеңді ақын арының айнасына теңейді. “Ар” мен “сезім” ұғымдары әдетте тазалықтың, кіршіксіз пәктіктің ұясындай қабылданады ғой. Олай болса, өлеңге де сондай тазалық, пәктік аса қажет, арың да, жырың да мөлдір болуы керек. Сонымен қатар өлең сөздің тауды бұзып, тасты жаратындай арынды қуаты және айқын көрінуі тиіс. Шәкәрімнің ақындарға, ақындық өнерге қояр барлық талабы осы өлеңнің аясына сыйып кеткендей. Жоғарыда аталған бірқатар өлеңдерінде
бұл ойлар толығып, түрлене жырланады. Бейнелі сөздің құдіретін түсінбейтіндерге Шәкәрімнің жаны қас. Оның өлең сөз өнері жайындағы бүкіл эстетикалық, көркемдік түсінікталғамын танытатын өлендерінің ішіндегі елеулісі - “Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” деген/178, 132-134/ шығармасы. Мұнда ішкі үйлесімге, ғажайып үндестікке, сырлы бояу мен жаңаша формаға, тың өлшемге қоса ақындар алдына қойылар аса биік көркемдік талап бар. Шәкәрім ақындық өнердің сиқырын меңгеремін деген талапкерлерге, жалпы поэзияға мынадай міндет жүктейді: Бұл ән Бұрынғы әннен өзгерек, Бұған Ұйқасты өлең сөз керек, Өзіне орайлы. Денең Жан нұрлы болса жөнделмек, Өлең Әнге өлшеп айтса өңделмек, Ұйқасса қолайлы. Ән - өлшеуіш Өлең - күміс Қоспаңыз мыс Аралас. Артық алу, Не кем салу, Қарпі қалу Жарамас.
Шәкәрімнің ұғымындағы, қиялындағы поэзия, шынайы сөз өнері осындай. Ұлы ұстазы Абай “өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы” десе, Шәкәрім өлеңді қоспасыз таза күміске теңейді, оған мыс араластыруға болмайды дейді. Сонымен бірге Шәкәрім Абайдың қазақ өлеңінің дәстүрлі формаларын дамыту бағытындағы жаңашылдық жолын одан әрі жалғастырып, оған өзіндік өрнек-кестесін қосады. Шәкәрімнің бұл өлеңіндегі өлеңдік форма, буын, ырғақ, ұйқас өлшемдері, шумақ түрлері қазақ поэзиясындағы жаңа құбылыс еді. Осы қатарға ақынның “Қалжыңшыл қылжақпас”, “Көңіл”, “Ойдан шығарылған бар түрлі әндерім”, “Сәлем, Әбдіғали бауырым, жалғызға” сияқты бірқатар өлеңдерін қосуға болады. Мәселен “Ескі ақындық” атты/174, 140-143/ өлеңінде өз кезіндегі қазақ лирикасын күні кешегі жыраулар поэзиясымен жалғастырғандай, дәстүрлер сабақтастығын тірілткендей болады. Ақын өз әріптестеріне қазақтың дәстүрлі жырының қадір-қасиетін тағы да ұқтырғандай. Өлең бастан-аяқ жас ақындарға насихат, үлгі ұсынады. Ескі ақын бізден әлі артық, Ол кезде туған бала артық, Жасымыздан шал артық, Тақпақ пен мақал тағы артық. Суырып салма жағы артық Айтады олар ойланбай, Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай, Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар! /174, 140-141/ Ескі жырды, Сыпыра, Үмбетей, Марабай жырауларды, Шортанбай ақынды жоғары бағалай отырып, өз тұсындағы поэзияның құнын төмендетпейді. Мұнда аттары аталған ақын-жыраулар, олардың жеке ерекшеліктері жайында тікелей сөз жоқ, олар қазақтың дәстүрлі жыр өнерінің символдық өкілдері ретінде алынып отыр. Солар арқылы қазақ өлеңінің көркемдігі мен поэтикалық, эстетикалық құдіретін насихаттайды. Қазақ
өлеңінің самал жел секілді майда қоңыр бояуын, ақбөкеннің жүрісіндей ұшқырлығын, таудан аққан бұлақ суындай мөлдірлігін әрі арындылығын, қыран құстай самғап ұшар қанаттылығын, атылған оқтай дәлдігін образды қалыпта тамаша бейнелейді ақын. Өтірік деме, ойға сал! Осыны жаттап ұғып ал, Ақындыққа құмарлар! - деп/174, 143/ осындай жырды кейінгі ақындарға үлгі етеді. Шәкәрімнің ақындық тағдырының мазмұны мен мәні өлең сөзге, поэзия әлеміне адал қызмет етуімен, сөз құдіретін айрықша түсінуімен өлшенсе керек. Ақын кей сәтте өз өлеңінің мәңгі өлмес тағдырын болжағандай болады. Шын патша мен емес пе уайымсыз, Ғаскерім - өлеңім мен сөздерім, немесе Қарумен қанша қатты ұрса да, Сөзіме жанның әлі келмейді. Бұл дүние шыр айналып тұрса да, Ғаскерім қартаймайды, өлмейді, - деп/174, 112/ “Ажалсыз әскер” шығармасында Шәкәрім өзінің өлеңін ажалсыз әскерге, мәңгі қартаймайтын, өлмейтін күшке, ал өзін сол құдіретті әскерге әмірін жүргізіп отырған патшаға теңейді. Өлең сөздің құдіреті туралы жырлайтын ежелді әдеби дәстүрді ол осылайша түрлендіреді, жаңа, образды өрнектермен байыта түседі. Өз сөзінің өлмейтініне сенеді. Бір алаңдайтыны - қадірін түсінер ұрпақ өссе, болашақтың рухани келбеті биік болса деген арман. Мен кетермін, сөз қалар, Ақ қағазға басылып. Бозбалалар қолға алар Әр ауылға шашылып, - дейді /174, 111/ ақын. Оның мұрасы, кейінгі ұрпаққа қалдырар байлығы өлең, кестелі сөз. Шығыстың ұлы шайырларының бірі Сағди:
Біреу түгіл, он қатемді өсірмей, Жарқылдаған біреу үшін кешіргей. Бір жаңсақтық үшін көзге шұқыр ма?! Қазынам тау, қоқыстай ғып сыпырма,-деп/179,44-45/ жырлағандай, Шәкәрім де өлең сөздің, ақынның қадірінің жоғары болуын, өз жырларының мәңгілік өмірлілігін қалады. Кім білсін, асыл мұрасының өзінен кейін соншалықты шырғалаңға түсерін сезген де шығар. Сағди айтқандай, “бір жаңсақтық үшін” де емес, тіпті жазықсыз көзге шұқыр заман туарын білді ме екен? Қалай болғанда да ол халқының алдағы келешегін ойлады, оның лирикалық каһарманы биік оптимистік тұғырда қалды. Поэзияның, өлең сөздің көркемдігіне ғана емес, Шәкәрім өз өлеңдерінде жалпы өмірдегі әсемдік, сұлулық атаулыға айрықша мән береді. Шәкәрімнің лирикалық қаһарманы сол әсемдіктің нарқын, парқын түсінеді, сұлулықты тани біледі. Шәкәрімнің ұғымындағы сұлулық көктен түскен, қиялдан туған ерекше құбылыс емес, кәдімгі өмірдің өз қасиеті, адам ойының түйінді тамшысы. Ол табиғат пен қоғамдық өмірдегі әдемі атаулыны көрді, адам жанының сұлулығын жырлады. Ол сұлулық ұғымына “мынадай болу керек” деген нақты анықтама берген жоқ. Шәкәрім жалпы сұлулық ұғымын ең алдымен табиғат құбылыстарымен байланыстырады. Ол қашанда адам мен табиғатты қатарластыра алып суреттеді. Сондай-ақ табиғат құбылыстарынан ұққан сырын өмір философиясымен сабақ-тастырып отырды. “Жаз келер” атты/174, 41/ өлеңінде ақынның лирикалық кейіпкеріне тән осы қасиеттер молынан көрінеді. Жаз келер, қысты күні қысым өтіп, Қар, суық, аяз, боран - бәрі кетіп. Қасықтай қар, тобықтай тоң қалмайды, Табиғат барша жанға рахым етіп. Жетпекке үлкендікке жас балалар, Жүгірер қырдан ойға дүбірлесіп. Шал-кемпір күншуақтап, көңілі жай боп, Өткен күн, өмірін айтып күбірлесіп.
Бота, құлын, бұзау, лақ, қозы туып, Қуанып ойнақтайды, олар да өсіп. Сөйтсе де адам көзі бір тоймайды, Харекет берсе-дағы қанша несіп. Өлеңде табиғаттың әсем бір шағының, тіршіліктің бәрі түрленіп жаңарып жатқан көктемнің тамаша полотносы бар. Адамдардың, жанжануарлардың көңілді абыр-сабыры, бала-шаға, кемпір-шалдың көңіл күйлері - бәрі де осынау құдіретті табиғат-ананың жадыраған жүрегінен нәр алғандай. Әйтсе де, адам баласының көзі әсемдікке, әдемілікке тойған ба, көңіл шіркін жақсылыққа қанағат еткен бе? Ақынның “Өлген көңіл, ындынсыз өмір” атты өлеңі/174,87-88/ бастанаяқ психологиялық параллелизмге құрылған. Мұнда да жоғарыдағы өлеңдегідей, көктем шығып, қыстаудан көшіп жатқан ауылдың картинасы кескінделген. Күншуақта отырған кемпір-шал, дүбірлеп ойнаған балалар, әзілдескен қыз-бозбала мүнда да бар. Бетіме жылы тиеді Күнгейдегі күншуақ. Жан жылыны сүйеді. Жанға рахат осы уақ, - деген/174, 87/ жолдарды оқығанда өзіңді де күншуақта отырғандай, жаныңа рахат сәулесі қүйылғандай сезінесің. Бұл - табиғат сұлулығы, сол сұлулықтың адамның жан дүниесімен сабақтастығы. Әйтсе де, Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері ол сұлулыққа бұдан әлдеқайда терең үңіледі. … Өлі жердің сүйегін Тірілтті жайнап жапырақ. Жаралы менің жүрегім, Жайнай алмас сол бірақ… Тоң еріді, қар кетіп, Жан-жануар балбырап. Қанғалы көңіл тырп етіп,
Қабағын ашпас салбырып. /174, 88/ Шәкәрімнің ұғымындағы адам мен табиғат егіз. Адамзат - табиғатананың перзенті. Табиғат адамға өмір сыйлайды, жанына нұр құяды, жүрегіне сезім нәрін сіңіреді. Ақын лирикасындағы өзекті тақырыптардың бірі - адамның сұлулығы, жастық сезімдерінің мөлдір суреті. Адамның жан дүниесіндегі әсемдікті қастерлейтін Шәкәрімнің қаламынан туған сұлулықты, сезімді жырлайтын “Жастық туралы”, “Шын сырым”, “Жарымды жаным сүйді, сүйе алмай тәнім күйді”, “Ақыл құсы адаспай аспандаса” сияқты бірқатар өлеңдері ақынның нысана еткен эстетикалық идеалының, сұлулық пен махаббат символының қандай екенінен хабар береді. Шәкәрім лирикасының мұраты - сұлу қыз бен “іші-сырты бірдей” бозбала, пәк сезім мен адалдықты бейнелеу. Ол әсіресе адам сезімдерінің ішінде махаббат пен сүйікпеншілікті аса жоғары ұстайды. Адам сезімінің сұлулығын жырлаған ақын өлеңдерінің ішіндегі көркемдік бояуы ерекше туындысы - ақынның бозбала шағында жазылған “Жастық туралы” өлеңі. /174, 26-29/ Гауһардай көзі, Бұлбұлдай сөзі, Жаннан асқан бір пері. Жүзі бар айдай, Мінезі майдай, Өзгеден артық сол жері. Дариядай ақыл мол еді, Жан ғашығым сол еді. /174, 26/ Шәкәрімді тәнті етіп, ғашық қылған ару қыздың бейнесі, міне, осындай. Реалист суреткер сұлудың кейпін қиялға айналдырмайды, көктегі күнге, аспандағы жұлдызға теңемейді.
Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей нанымды картина жасайды. Мұндағы терең ой, өлеңдік қуат пен философиялық салмақ өзара астаса келіп, ақынның шынайы дара тұлғасын бейнелейді. Өзінің көркемдік-эстетикалық, эмоциялық-сезімдік сипаты, идеялық дәлдігі, композициялық тұрғыдағы кең тыныстылығы арқылы бұл өлең Шәкәрімнің өзге лирикалық туындыларынан оқшау тұр.
Өлеңнің үйқасы да, өлшемі де өзгеше. Өлең формасы Абайдың әйгілі “Сегізаяғымен” тамырлас. Айта кететін бір жайт - бұл өлшем Абайдың ақындық дәстүрінен тарап, қазақ әдебиетіндегі бұдан кейінгі ақындардың бірқатарына игі әсерін тигізді. Атап айтқанда, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсыновтардың шығармаларында да бұл үлгінің ізі айқын байқалады. Шәкәрім бұл өлеңінде сүйікті жанның сұлулығымен қоса жастықтың алаулаған жүрек бұлқынысын да сипаттайды. Ыстық сезім, тәтті ләззат, аринабат мәселелерін ақын әсерлі зерлейді. Осының бәрін ол нанымды реалистік оралымдар арқылы кестелейді. Ғашықтар сезіміндегі құмарлықтың Шәкәрім өлеңінде көзге онша оғаш көрінбейтіні де сондықтан. Жаудырап көзі, Тамшылап сөзі, Жібектей шашын тараса. Қалмайды халің, Шығады жаның, Қиғаштап көзбен қараса. Бұл дүниеде қыз қызық, Бозбалада ой бұзық, - деген/174, 26/ жолдар шынайы өмірді, ғашықтардың бұлқынған жүрек сезімін дәл жеткізіп тұр. Сұлу қыздың алдындағы ғашық жігіттің бүкіл болмысын осылайша айқын суреттеу Шәкәрім реализмінің айрықша биік деңгейінен хабар береді. Соның нәтижесінде соңғы жолдағы “Бозбалада ой бұзық” деген түйін немесе: Есіңді жиып, Иіскелеп сүйіп, Оған да көңілің басылмай. Тілекті алып, Тоятың қанып, Құйылып түскен лашындай. Арманың бітіп жымыңдап,
Төсінде жатсаң тынымдап, - деген/174, 28/ шумақтағы бейнеленген көрініс те натурализмнен гөрі шынайы көркемөнер туындысына, сұлу суретті полотноға көбірек ұқсайды. Кезінде Абайдың махаббат лирикасындағы осындай сипат жайын сөз ете келіп, профессор Қ.Жұмалиев: “Кейбір жолдарда анайылық - натурализм элементтерінің кездесетіні рас. Бірақ ол ақынның жалпы стиліне тән нәрсе емес және бұл оның әлеуметтік көзқарасына ешбір нұқсан келтіре алмайды,” – деген/180, 277/ болатын. Шәкәрімнің махаббат лирикасына қатысты да осыны айтуға әбден болады. Онда көз алдындағы көріністі қаз-қалпында анайы қалыпта бейнелей салушылық жоқ, реалистік ыңғайдағы көркем көрініс, сұлулықтың, әсерлі сезімнің сыршыл да нәзік образы бар. Ақын сомдаған қыз бейнесі жай ғана сұлу, қатардағы ғашық жан емес, бүкіл жас өмірдің көркі мен әрі, қызығы мен мәні тәрізді іші-сырты бірдей сыңғырлаған ару. Өлең жолдарын оқи отырып осыған көз жеткізу қиын емес. Шәкәрімнің бозбала шағында, шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде туған, сұлулық пен адам сезімін суреттейтін шығармалары, әсіресе өзіміз сөз етіп отырған “Жастық туралы” өлеңі жайында кезінде профессор Х.Сүйіншалиев өзінің бір мақаласында/181/ аталған өлеңнің реалистік сипатына, көркемдік бояуына лайықты баға бере келіп, енді бір тұста жоғарыдағы жолдарда кестеленген көріністер турасында “барып тұрған натуралды бейнелеу, интимдік суреттер” деген тұжырым жасайды, “Сұлуды сипаттауда, ол Абайша жаздым дегенмен көркемдеймін деп өте әлсіретіп алады. Шынайы бейнеден гөрі қияли, діни түсініктегі бейне елес береді. Аспанға алып ұшып, жерден қол үзіп қалады. Яғни шындық бейне, адамнан жаралған сұлу емес, періден, хордан, күннен, айдан, жұлдыздан, аспан әлемінен жаралған сұлу суреттеледі,” - дейді. Рас, ақынның аталған өлеңінде “пері”, “хор”, “бұлбұл” сияқты поэтикалық теңеулер аракідік кездеседі. Бұл заңды да еді. Өйткені Шәкәрім Шығыстың классикалық поэзиясынан сусындап өсті, алғашқы өлеңдерінде оның әсерінің ұшыраспауы мүмкін де емес болатын. Алайда өзге ақындардан бір айырмашылығы сол - Шәкәрім бұл әсерге көзсіз бой ұрған жоқ. Оның қолданысындағы жоғарыдағы сияқты тенеулер сұлу қызды тым әсірелеп, адам нанғысыз қияли кейіпкерге айналдырмайды. Бәріне иланасың, көз алдыңда шынайы сұлудың нақты бейнесі пайда болады. Әлбетте өлең тіліндегі осындай көркемдік құралдарға, жекелеген сөздерге, теңеу, эпитет, метафораларға зер салғанда олардың өлеңнің тұтас табиғатына алып-қосар әсеріне айрықша назар аударған жөн. Сонда ғана көркем туындының әділ бағасы сомдалмақ. Біржақтылыққа ұрыну, шығарманы не жарамды, не іске
алғысыз ету – бүгінде әдебиеттану ғылымының қолданысынан шығып қалған әдет. Сол себепті де әдеби туындының немесе белгілі бір әдеби құбылыстың сол әдебиет үшін әкелген мысқалдай жаңалығын да, кері сипатын да әрдайым барынша әділдік тұрғысынан бағалаған жөн. Осы жағынан алғанда, аталған мақаладағы “20-30 жастар шамасында жазған өлеңдерінің көпшілігін Абайға тікелей еліктеп шығарады. Өзі жатқа білетін ақын өлеңдерін қайта жырлап, өзінше өрнектемек ойда болды. Бірақ ол шығармалары сапа жағынан да, көркемдік түр жағынан да Абайдың қарасын көре алмайды. Тек үндес, пікірлес туынды дәрежесінде танылады”, - деген Шәкәрім поэзиясына қатысты айтылған пікірмен келісе қою қиын. Әрине, Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық жолына Абайдың тікелей ықпал еткенін жоққа шығармаймыз. Ол - дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Дегенмен бұл құбылысты сынаржақ түсіндіруге тағы болмайды. Жоғарыдағы пікірдің “жаңаның жақсылығын жеткіземіз деп отырып, қолда бар асылымызға көлеңке түсіріп алмайық” деген оң ниеттен туғаны айқын көрініп тұр. Әйтсе де асылды алға ұстай отырып та жаңаның әділ әрі лайықты бағасын беруге болады. Тауларды аласартпай-ақ даланың даңқын аспанға көтеруге болатыны сияқты Абай мен Шәкәрімді қатар қарастыра отырып, олардың әрқайсысының ақындық бейнесін, әдебиетімізден алатын орнын әділ белгілеуіміз керек. Бұл арада ешқандай қисынсыздық болмақ емес. Сөзімізді талғампаз қаламгер академик жазушы Ғ. Мүсіреповтің пікірімен түйіндесек: “Абайдың “Жазы”, “Қысы” Пушкин, Некрасовта кездесетін “Жаз” бен “Қыстарға” үндес”. Бірақ ол үндестік сезіну жағынан, реалистік ақындардың өз ойын өзінше дәл суреттей алу жағынан. Одан әрі десек, біріне жала жапқан боламыз.”/182, 114/ Шәкәрімнің адам сезімінің құдіретін, сұлулық пен жастық шақ әсерлерін, махаббат пен ғашықтық мәселелерін айшықтаған шығармасы - “Жиырма үш жасымда…” деп басталатын/178, 29-32/ өлеңі. Алдыңғы өлеңмен салыстырғанда бұл өзгешелеу өлең. Мұнда да ақын ғашығының сиқырлы торына мықтап ілінген, махаббат азабын тартып, мұнды әнге салып тұрған бозбаланың реалистік шынайы образын жасайды. Ғашық жарының көркі де айрықша. Бірақ ол ертегілердегідей қол жетпес перінің қызы емес. Өмірде бар адами сұлулықтың иесі. Кетпестей сәуле бар Ойымда нұрыңнан, Ол неге жоғалар,
Айрылман мұңымнан. Қарақаттай көзіңмен қызықтырып, Ұстадың жанымды тұзақ қып тұлымнан. - Қадала қарайды Үңіліп маған жар, Жүректен тарайды Сондықтан мұңлы зар. Жүзін көрмей тұрғанда өлсем нетті, Енді жоқ жанымда жанбауға ықтияр.
Нұрыңнан нұр алып Аспанда жарық ай, Келеді қозғалып, Жақындап бері қарай. Аямадың өлер деп мен ғаріпті, Мейірімсіз сәулем-ау, сырыңды айт, бұл қалай? Сұлу қыздың елден ерекше ажары мен ғашықтықтың отына өртенген жігіт басындағы бұлқынған сезімнің суреті осындай. Нақты сурет, шынайы сезім, өмірлік ақиқат алға тартылған. Сонымен қатар, бұл өлең Шәкәрімнің Шығыстың классикалық лирикасынан үлгі алып өскенін, соның нәрін сезініп, ақындық қуатын нығайта түскенін де аңғартады. Жігіт шағында жазған осы тәрізді алғашқы өлендерінен-ақ Шәкәрім кең тынысты лирик ақынға тән қасиет танытты. Ақын ретінде өсу, кемелдену барысында оның бұл қасиеті барынша ұштала, толыса түсті, көркемдеу тәсілдері мен ой тереңдігі жағынан шырқау биікке көтерілді. Шәкәрімнің бүкіл көркемдік, эстетикалық ой-пайымдары, ақындық қуаты өз заманы тудырған өзгерістердің аясында, солармен сабақтаса дамыды.
Шәкәрім ақынның лирикалық қаһарманы тек сұлулықтың ғана жырлаушысы емес. Ақынның жүрегін лүп еткізген жайттардың бәрі де өлең тілінде осы лирикалық қаһарманның басына көшеді. “Лирикадағы көркемдік танымның ең басты нысаны – «пікір иесінің» өзінің мінез-құлқы, ең алдымен оның ішкі жан дүниесі, оның ақыл-ойы мен сезімі” деген/183, 257/ тұжырымды тірілтер болсақ, Шәкәрімнің лирикалық қаһарманы да ақынның өзі бастан кешкен сезім күйлерін соншалықты көркем де нанымды қалыпта, әр адамның өз басынан өткендей етіп жеткізеді. Оның бойында жеке адам санасындағы ой ұшқындарымен қатар ел туралы, заман жайындағы толғаныстар да тоғысып жатады. Сол себепті де Шәкәрімнің лирикалық қаһарманы ақынның өзі тәрізді ойшыл, философ, күрескер әрі көреген. Ол өз басындағы ахуалды айта отырып, өмір сүріп отырған қоғамының қилы-қилы сипаттарын ашады. Поэзиядағы лирикалық қаһарман бейнесінің соншалықты ашық әрі жаңаша сипатта көрінуі Шәкәрім қалам тербеген тарихи дәуірдің рухани қажетінен де туындаса керек. Шәкәрім ғана емес, бұл кезеңде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтар да заманына лайық өздерінің лирикалық “менін” қуатты да қүдіретті үнмен биікке асқақтатты. Әдетте ақынның лирикалық “мені” ішкі жан дүниесінің айрықша бір күйін, ширыққан не қамыққан, асқақтаған немесе ойға батқан қалпын бейнелейді. Ақынның жүрегі әлденеге құлшына ұмтылғанда не болмаса мұрат-мақсатын көзімен көргендей, қолымен ұстайтындай сезімге шомған сәтте дәл осындай күйді басынан кешсе керек. Міне, осы сезім бойды кернеген тұста ақынға қанат біткендей көкке өрлейді, қанатты жырын самғатады. Ақынның лирикалық кейіпкері, ақындық “мені”: Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып күн болам, - деп /184, 121/ құлшынады, халқының көмескілеу көңіліне қозғау салып, тыныш ұйқыдан оятуға, мазасын алуға ұмтылған ұзын аяқ сары маса болып: Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып, Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша. Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен, Қоймастан құлағына ызыңдаса? – деп/185, 23/ сонша мазасызданып, болашақтан үміт күтеді. Сұлтанмахмұт пен Ахметтің осынау дауысына үн қосқан Мағжан ақынның “мені” де алашының атын әлі-ақ
аспанға шығарар деген үмітпен “Мен жастарға сенемін”/186, 63/ десе, Міржақып ақын: “Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты”, - деп /187, 13/ қазақ даласын қуатты үнімен дүр сілкіндіреді. Шәкәрімнің лирикалық қаһарманы тарихи дәуір ұсынған осындай қуатты рухтағы қатпар-қатпар күрделі бейне тұлғасында көрінеді. Ақын өзінің өмірден көргені мен түйгенін керемет терең философиялық өрнектермен көмкереді. “Өмірді қадірлеу, өмір отын сөндірмей жалғастыру, адам өмірін ұзартар, адам бойына рух берер жақсылық атаулыны мадақтау - поэзиядағы азаматтық сарынның басы,” – деп/188, 32/ академик С.Қирабаев айтқандай азаматтық пафос Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының табиғатына да тән. Ол ақынның өзі тәрізді толғанады, өзі сияқты мұңаяды. Ақын өмір сүрген ортаның, яғни екі ғасыр шегіндегі қазақ қоғамының бойындағы әлеуметтік кеселдерді көре біледі, соларды сынайды, жоюдың жолдарын іздейді. Ізденіс жолы қашанда шытырман. Онда күйініш пен нала да, үміт пен қуаныш та мол. Шәкәрім кейіпкері осының бәрін басынан өткереді. Ол ең алдымен айналасындағы адамдардың сауатсыздығы мен надандығын көргенде күйзеліп, жылт еткен жаңалыққа қуанады. Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер, Арға ие басшының соңынан еріндер, - деп/174, 185/ жар салады патша тақтан құлап, төңкеріс жеңіске жетіп, халқым бостандық алса, бақытты заманға қолы жетсе деген өз арман-мақсатының орындалар күні туғанын сезген ақын кейіпкері. Оның мұндағы азаматтық үні асқақ, болашаққа деген үміті асқар таудай. Оның басындағы қуаныш сол кездегі Ресейдің қоластындағы әрбір еңбек адамының қуанышына ұласады. “Ең құндысы сол - онда ақынның “мені” - лирикалық кейіпкері қоғамдық ой, халықтың көкейтесті сырларымен астасты.”/169, 14/ Осы тұстағы ақын кейіпкерінің азаматтық қуатында, поэтикалық пафосында шек жоқ. Көрген соң таңның атқанын, Жөн емес жай жатқаның! Нұр құйып елдің ойына, Баста адал жолға елді! - дейді /190, 147/ ақын “Қош, жұртым” деген өлеңінде айналасындағыларға қарап. Сол арқылы ол өзінің күрескерлік сипатын танытады. Мұнда заман өзгерісін тап басқан көрегендік те, болашақты бағдарлай білген зерделілік те бар. “Таң атты, енді ұйқыңнан оян, алға бас!” деген қуатты ұранның үні келеді құлаққа. Бұл тұстағы
лирикалық кейіпкердің шыншыл да адал болмысы, азаматтық жүрек лүпілі, бүкіл жан дүниесі ағынан жарыла айқын көрінеді. Ол ендігі жерде халқының болашағы үшін шыбын жанын құрбан етуге даяр. Өйткені оның бүкіл өмірлік арманы орындалды, бостандықтың таңы атты. Ақынның өз тілімен айтқанда: Бостандық таңын көргенім, Кемеліме келгенім, Қорқытпайды мені ажал Арман емес өлгенім, - дейді /190, 147/ осы өлеңіндегі лирикалық қаһарман. Осынау арманына жету жолында ол шытырманы мол шырлағаң жолдан өтті. Бұл жерде Шәкәрім о бастан-ақ әлеуметтік-саяси төңкерісті аңсады, халық бұқарасын батыл қимыл-әрекетке шақырып келді деген ұғым тумаса керек. Түпкі мақсаты халықты езгіден құтқару, қараңғылық қапасынан алып шығу, бақытты күнге жеткізу болғанмен ақын сол заманға апаратын бірден-бір жол оқу, білім мен ғылым үйрену, мәдениет қалыптастыру деп білді. Оның поэзиясындағы осы желіні ұдайы жүргізіп отыратын лирикалық қаһарман айрықша батыл. Оның бұқараның атынан көптің жүгін көтере сөйлеген үні құдіретті. Ол қоғамдағы кемшіліктердің тамырына балта шабу жолын іздегенде “не істеуіміз керек?” дегенді түсіндіру үшін көбінесе ең алдымен “не істеуім керек?” деген сұраққа жауап береді. Шәкәрімнің лирикалық қаһарманының бойындағы осындай ерекше мінез-құлықты танытатын тағы бір шығармасы “Сынатарсың өзіңді” деп аталатын/174, 110/ өлеңі. Әр істің, әрбір құбылыстың сыр-сипатын саралап алу, ондағы жақсы мен жаманның жігін айыру - жалпы алғанда Шәкәрімнің табиғатына тән қасиет. Ақынның лирикалық “мені” ақиқатқа көз жеткізе тұрып, батыл ойлар түйіндейді: Сынасын деп жазғамын Сынама деп шатпаймын. Қазақтың мінін қазғамын, Айтқанымнан қайтпаймын.
Мен жетелеп өлемін Өрге қарай қазақты. Өлсем де ойын бөлемін Сөзбен салып азапты, - дейді /174, 110/ ол тайсалмай. Шәкәрімнің ақындық “мені” айқын мақсат, берік байлам иесі ретінде көрінеді. Оны тура жолдан тайдыратындай күш жоқ. Өмірдегі ең дұрыс жол адал еңбек ету деп білген Шәкәрімнің кейіпкерлері Абай мен Ыбырай өлендеріндегі еңбек
идеясын жалғастырушы, алға апарушы іспетті болды. Олар сияқты Шәкәрім де әр адамның бойындағы ішкі қуатты, рухани сенімді оятуға, тиянақтай түсуге ден қойды. Ақыл мен еңбекті осы жолдағы пәрменді қару деп есептеді. Мәселен, Абай: Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деп /191, 30/ адамды алға бастырудың басты кілті еңбек пен ақыл екенін айтса, Шәкәрім: Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ, Білім білмек - әр іске шебер болмақ. Қол өнерден пайда қыл үйреніп-ақ,- Кетпес дәулет осы ғой әмбеге хақ, - деп/174, 94/ еңбек пен білімнің қашанда өз мәнін жоймас дәулет екенін, алдымен осы екеуіне қол жеткізу қажеттігін алға тартады. Екі ақын да адамды адал өмір сапарына шақырады, жөн сілтейді. Лирикалық қаһарман тұлғасының күрескерлік сипаты да осы тұста айқын көрінеді. Тұтастай алғанда, оқу мен білім үйрену, ғылым іздеу, адал еңбек ету идеясы Абай дәстүрінен, Батыс пен Шығыстың озық ойлы әдебиетінен нәр алған Шәкәрімнің поэзиясындағы ең басты темірқазық тұтқалардың бірі болды. Бұл идеялар оның лирикалық кейіпкерінің бойынан әрдайым молынан көрініп отырады. Жақсы білім іздеуге жалықпалық! Табылмаса, тарығып, талықпалық!
Салақтықты қоялық, сақ болалық! Білгенді, білмегенді анықталық! - дейді /174, 35/ “Жастарға” өлеңіндегі Шәкәрімнің кейіпкері. Оның бүкіл өмірлік нысанасы, көпке сілтер бағыты осы шумақтан мейлінше айқын көрінгендей. Ол - білім іздеу, жаман әдеттен арылу, білмегенді үйрену. Адамның мінез-құлқы, киім киісі, ішкі жан дүниесі, рухани болмысы жайындағы өлеңдерінің бәрінде де Шәкәрім кейіпкері осы нысана жолыңда жүреді. Сонымен қатар ол өз заманының өзгерістерін, даму қадамын тап басып тани білетін көреген. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкәрім өз заманын, өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-әлеуметтік болмысын реалистікпен бейнелей отырып, лирикалық қаһарманына аса ауыр міндет артады. Оның кейіпкері осы жолда шарқ ұра ойланады, кемшілік атаулының себебін, тығырықтан шығудың жолдарын іздейді. Ізденіс барысында жаңа құбылыстарға көзі түседі. Жай ғана қараумен, көрумен шектелмейді, сол төңіректе философиялық ой түйіндей қарайды. Ақынның лирикалық қаһарманы, шығармашылық “мені” қоғамдағы тарихи қайшылықтарды ашып отырады. Шәкәрім ақынның қырағы көзі отаршылдық қанаудың жекелеген белгілеріне емес, патшалық Ресейдің бүкіл саясатына қадалады. Бұл жерде ол жеке кейіпкерлерге тоқталып жатпайды, типтік характерлер іздейді. Ол дала өміріндегі типтік құбылыстарды нақтылай көрсетіп, характерлік образдар сомдайды. Оның лирикалық қаһарманы қоғам дамуының болашақ бағытына көрегендікпен, ойшылдықпен көз жібереді, мақсатқа апарар жолдағы кедергілерді де сезеді. Зорлық пен зомбылық, біреуді біреудің қарудың күшімен бағындыруы бар жерде адам баласы дегеніне жете алмасын түсінеді. “Адам немене” атты өлеңіндегі: Мылтық билеп тұрғанда әділет жоқ Алдамай-ақ аулақ өл, жарықтығым, - деген/174, 180/ ақынның лирикалық кейіпкер қоғам дамуының алдағы бағытына көрегендікпен, ойшылдықпен көз жібереді, мақсатқа барар жолдағы кедергілерді көре біледі. Өмір бойы әділет іздеп өткен ақын жақсылық пен жамандықтың, дұрыс пен бұрыстың ара жігін тамаша айырады. Тіпті адамзат баласын бақытқа жеткізеді деген ғылымның өзінен де ол кейде сескенеді. Ғылымды жақсының қолына беру керек. Шын иесінің қолына түспеген ғылым қауіп пен қатердің көзіне айналмақ.
Шын залымға берме ғылым, Ол алар да, оқ қылар. Қаруым дер, кісі атып жер, Ол ғылымды айла етер, - дейді/174,115/ “Насихат” атты өлеңіндегі Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері. Зұлымдық, адамзат мүддесіне қарсылық оның табиғатына жат. Шәкәрім өлендеріндегі лирикалық қаһарманның бүкіл адамгершілік мұраты осыған саяды. Сондықтан да ол әрдайым жамандыққа жаны қас ұнамды бейнеде көрінеді. Әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздік - Шәкәрімнің сыншыл реализміне нысана болған, оның лирикалық қаһарманының жүрегіне шаншудай қадалған басты тақырыптардың бірі. Бұл орайда “Бай мен кедей” /174, 77-78/ өлеңінің көркемдік, идеялық маңызы айрықша. Мұнда қазақ ортасындағы әлеуметтік теңсіздік, бай мен кедей арасындағы әділетсіздік қарым-қатынас сынға алынады. Бай мен кедейдің теңсіздігін баяндай отырып, ақынның лирикалық қаһарманы мынадай поэтикалық қорытындыға келеді: Сүйткенмен мен де өлемін, сен де өлесің, Қаза келсе - қалмайсың, жөнелесің. Тәңірі алдында, білмеймін, кім озады, Өлгенде малың жалдап не көресің? Тіршілікте бай-кедей болып бөлінгенмен, табиғат-ананың алдында барша адам баласы тең дәрежеде, бірдей жағдайда. Материалдық байлық адамның негізгі байлығына баланбауға тиіс. Шәкәрімнің ойынша, анық байлық - денеге біткен өнер, ғылым мен білім. Сонымен бірге бұл өлеңде өткір сарказм, ащы мысқыл бар. Зұлымдық пен адамзат мүддесіне қарсылық пиғыл - Шәкәрім гуманизміне жат қасиеттер. “Өлсең де адам аулама, Аң жейтұғын болма аю.”/174, 238/ Оның өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның адамгершілік, гуманистік мұраты осыған саяды. Сондықтан да ол жамандыққа жаны қас ұнамды қалыпта көрінеді. Шәкәрім өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер әралуан сипатта бой көрсетеді. Абай өлеңдеріндегі сияқты Шәкәрімде де “жүрек”, “тіл”, “сөз” ұғымдары мол ұшырасады. Лирикалық қаһарманының әртүрлі жағдайын,
оның жан дүниесіндегі бір сәттік сезім иірімдерін бейнелеу барысында ақын “жаралы жүрек”, “дертті жүрек”, “улы жүрек”, “ақ жүрек”, “жылы жүрек”, “таза жүрек”, “сұм жүрек”, “от жүрек”, “долы тіл”, “тәтті тіл”, “ащы тіл”, “улы сөз” ұғымдарын үйлесімділікпен пайдаланады. Бұлардың қай-қайсысы да кейіпкердің азаматтық парасатын, адамгершілік тазалығын немесе белгілі бір сәттегі көңіл күйін дәлме-дәл жеткізуге мұрындық болады. Ақын “менінің” басындағы сан алуан сәттерді, қуаныш пен күйінішті, үміт пен торығуды да осы ұғымдар арқылы пайымдаймыз. Мәселен, ақынның “Ашу мен ынсап” /174, 51-55/ өлеңінің философиялық түйіні жүрек, ынсап, сабыр, қайрат, еріншек, надан, арам ұғымдары түріндегі лирикалық “мен” арқылы баяндалады. Шәкәрім бұл ұғымдардың бәріне жан бітіреді, олар өзара адамша тілдеседі: Сөйлесті бәрі сыбырлап, Мен отырдым тыңдауға. Жүрегім тұр жыбырлап, Дәл тапқанға ымдауға. /174, 54/ Лирикалық қаһарманның психологиялық, моральдық күйін суреттеуде Шәкәрім “жүрек жыбырлап” деген тіркесті сәтті қолданады. Ақиқатын айтқанда, мұның өзі Шәкәрім тапқан тың тіркес. Образдылығы ерекше, көркем тіркес. Шындығында да қазақ поэзиясында жүрек туралы қаншалықты көп айтылса да, жүректің “жыбырлағанын” ешкім де бейнелеген емес шығар. Жүректің дүрсілдеуі, жиі-жиі соғуы, лүпілдеуі, дір етуі мүмкін. Ал “жыбырлауы” Шәкәрімнің лирикалық “меніне” ғана тән. Көшейін деп қыбырлап, Ел қыстаудан қозғалды. Жаралы жүрек жыбырлап, Жазылмай жалғыз сол қалды,- дейді/174, 87/ тағы да ақын “Өлген көңіл, ындынсыз өмір” деген өлеңінде. Осы тұста ұлы Абайдың “жас жүрек жайып саусағын” деген ғажайып бейнелі тіркесі ойға аралады. Шәкәрімнің өмірі - аса бір күрделі кезеңде өткен өмір. Осынау күрлелілік оның өлеңдерінен, ондағы лирикалық кейіпкердің кейде “тәтті”, кейде “ащы”, кейде “долы” тілінен аңғарылып жатады. Көп жағдайда ақынның “мені” “таза жүрек” іздеу жолында “от жүрегін” қолына алып, “сұм
жүректермен” айқасқа шығады, сөйтіп заманның дегенінен аса алмай қалған шақтарында пұшаймен күйге түсіп, “дертті жүрекке”, “жаралы жүрекке” айналады. Ондай сәттерде Шәкәрімнің кейіпкері: Мен досыңмын, жау емес, Еліре берме, қайта ту. Жүрегім дертті, сау емес, Сол себепті сөзім у, - деп/174, 91/ ашына айқай салады. Өзінің улы тілімен халқының санасын оятпақ болады. Бірақ “жартасқа барып, күнде айқай салып” өткен ұлы Абайдың басындағы жағдай Шәкәрімге де таныс. Айналасында оң сөзге түсінер жан жоқ. Жетелеген адамың жігеріңді құм етеді. Сол шақта ақын кейіпкері бір сәт мұңға беріледі. Бағасы бір халқыма Жабағы мен мамықтың. Нанбайды рас антыма, Қадірі мол танықтың. Айырмайды арасын Бұлдыр менен анықтың. Енді қайда барасың, Түрі мынау халықтың,-деп/174, 51/ “Ашу мен ынсап” өлеңінің лирикалық кейіпкері тығырыққа тірелгендей, тіршіліктен торыққандай болады. Абай да өзінің әйгілі “Сегіз аяғында” дәл осылайша күй кешіп: Моласыңдай бақсының, Жалғыз қалдым - тап шыным, - демей ме?/192, 115/ Алайда ақын жүрегіндегі осынау ерекше күй жеке адамның басындағы күйзеліс емес, бүкіл халық пешенесіндегі трагедиялық хал, қоғамдық мұң. Қай заманда да мұндай қоғамдық-әлеуметтік кеселдің зардабын алдымен Абай, Шәкәрім сияқты көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар тартқан ғой. Шәкәрімнің лирикалық кейіпкері де, міне, осы халды көрегендікпен барлап, салмақтай білетін ойшыл да парасатты жан. Оның кеудесін қақ айырған мұң бірыңғай торығудан, өмірден түңілуден туған жалаң мұң емес. Ол - қоғамдық кеселдің
адам санасындағы бір сәттік өткінші көлеңкесі. “От жүрек” пен “ащы тіл” бар жерде ол тез-ақ келмеске кетпек. Оған қарсы қояр Шәкәрімнің өз нысанасы бар. Кезінде Абай өлеңдеріндегі мұң туралы ой тарқату барысында оны “мұңды ақын, жеке басының жарасы, өзіндік қам-қайғысы есебінде “мен” деген жүректен жеке-даралық қайғы түрінде айтады” дей отырып, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов өз ойын: “Абайдың бас қайғысын айтқан шығармаларында халық қайғысы жатқандығын, жаңағыдай зарлы, мұңды жеке жүрек шерінің өзінде де Абайдың позитивтік программасы жатқанын айрықша ескертіп өтеміз”, - деп /193, 113/ түйіндеген-ді. Бұл пікірдің Шәкәрімнің лирикалық кейіпкерінің табиғатына тікелей қатысы бар. Ол осындай бағдарламалық мақсат жолында қандай қиындыққа болса да қасқая қарсы тұрады. Адамшылық міндетім Айт дейді адам індетін. Еріксізбін, шын ниетім, Алды деме мазамды. Демеймін мені ел білсін, Не ұнасын, не күлсін Ел білмесе, жел білсін, Жүректен шыққан назамды. Түзулік көрсе күйленген, Зұлымдық көрсе жиренген. Күншілдік найза түйрелген, Қызыл тілім, кел бері! Тамам жанның мінін айт, Жалған айтпай, шынын айт, Аяп, ішің жылып айт, Адамды бастыр ілгері! – дейді/174, 159/ ақын “Ескіден қалған сөз теріп” атты өлеңінде. Шәкәрім өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның бүкіл болмыс-бітімі, табиғаты осы шумақтарда айтылған
ойлардың ауқымына сыйып тұрғандай. Ақынның “мені” көптің атынан сөйлейді, айналасындағыларға адамгершілік нәрін, парасат дәнін сіңіруді өмірлік міндет-парызым деп ұғады. Сол мақсатта әрекет етеді, жеңеді, жеңіледі, қуанады, мұңаяды. Алайда ол адам баласын, халқын жақсылыққа жетелеу идеясын ешқашан есінен шығармайды. Өзінің терең ойлы толғаныстары, заман ағымын, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер ауанын сыншылдықпен барлай білген көрегендігі арқылы Шәкәрім ақынның өз қаһарманына, өзінің лирикалық “меніне” жүктеген ауыр әрі абыройлы міндетінің өзі де осы еді. Шәкәрім - ойшыл ақын. Бұл тұжырым өлеңдеріндегі ақын ойының айрықша салмақтылығынан, жинақтаушылық сипатынан ғана туындамаса керек. Шәкәрім ең алдымен өмірдің мәнін, тіршіліктің негізін философиялық тұрғыдан түсінуге тырысты. Өмірдегі жеке деректер мен оқиғаларды жіліктеп талдай отырып, сол төңіректе ойшылдық түйін жасады. Оның тікелей философиялық мұрасы өз алдына бір төбе. Десек те, Шәкәрімнің өлеңдерінен байқалатын оның ойшылдық тұлғасы да назар аудартпай қоймайды. Шәкәрімнің философиясын оның өлеңдерінен үңіле іздеудің қажеті де бола бермейді. Ондай асыл маржандарды ақынның әр өлеңінен-ақ теріп алуға болады. Өйткені ол өз өлеңдері арқылы өмірдің ақиқат мәнін іздеді. Өз мақсатына жеке басының тәжірибелерін зерттеп, зерделеу арқылы, сондай-ақ белгілі бір ортаның этикалық, моральдық, эстетикалық қалпын саралау арқылы жетуге ұмтылды. Бұлардың бәрінде де ол ақиқатқа, шындыққа жету мақсатын ту еткен ғұлама ойшылдың тұлғасында көрінді. Қазақтың поэзиялық мұрасында ежелден келе жатқан өмір философиясы оның өткіншілігін, жалғандығын толғау түрінде келеді. Шындығында да тірі адам тіршілікте қанша тырмысса да, жақсы адам болсын, мейлі жаман адам болсын, әйтеуір түптің түбінде бақиға аттанбақ. Алланың ақ өлімі келгенде Амалсыз қара тастай қатасың, - деген /174, 113/ тәрізді ойлар Шәкәрім лирикасында жиі ұшырасады. Белгілі бір философиялық түйін жасардағы ақынның жүгінер заңдылығы да осыған саяды. Бұл тақырып Шәкәрім өмір сүріп, қалам тербеген кезеңдегі қазақ лирикасында аса мол көрінді. Ақын - сезімнің адамы. Сол себепті де әрқилы сезімге беріліп, ойға шомған сәттерде Сұлтанмахмұттың мына өлең жолдары секілді ой ағындары әрбір ақынның жүрегінен төгілер болса керек:
Шіркін-ай, балалық күн өтесің-ау Артыңа қайрылмай-ақ кетесің-ау Жігіттікті кәрілік қуып жетіп Ажал-дағы кешікпей жетесің-ау. Қызықты, тәтті өмір бітесің-ау, Алдынан ажал тосып күтесің-ау. Туғанда қызықтаған жаңа жанды, Тумағандай бір күні етесің -ау./194, 28/ Өмірдің осы тәрізді өткіншілігі мен жалғандығын ойшыл ақын Шәкәрім болса былайша толғайды: Дүние қу - бір ағын су, Түстік онда шөп болып. Күнде ағамыз, сандаламыз Бейнетіміз көп болып./174, 114/ Өлеңде айтылып тұрғандай, өмірдің өзені тынымсыз. Тіршілік процесінде іркілу жоқ. Әйтсе де адам өмірі сол үздіксіз қозғалыстың бір буыны ғана. Алды тыныс болды тыныш, Су ағыны тыйылар. /174, 114/ Бір ерекшелігі, Шәкәрім өмірдің өткіншілігін толғағанда қайғыға, мұңға салынбайды. Фәни жалғанның адам баласына сыйлайтын игілігін жоққа шығармайды. Қайта адам өз бақыты үшін, болашағы үшін күресуге тиіс. Оқу арқылы, үйрену арқылы, еңбек ету арқылы фәнидің мәнін арттыра түсуі керек.
Шәкәрімнің өмір туралы ойлы толғаулары көп. Атап айтқанда, “Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы”, “Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр”, “Кәрілік - құтылмайтын бір қазған ор”, “Адам немене”, “Анадан алғаш туғанымда”, “Жас алпыстан асқан соң”, “Тау басындағы ой”, “Шымды жерде көресіз қара топырақ”, “Ұждандыны мақтайды тамам адам”, “Сұраған жанға сәлем айт”, “Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де”, “Тіршілік, жан туралы”, “Күндегі таныс күн мен түн”, “Зұлымдық қылып елді жеп”, “Ақыл құсы адаспай аспандаса”, “Мен кетемін, келеді…” тәрізді лирикалық шығармаларының қай-қайсысы да тіршілік, өмір жайындағы ақынның толғаныстарына толы. Шәкәрімнің ақындық қолтаңбасына тән қасиеттердің бірі әрбір оқиға мен құбылысты суреттей отырып, өлеңін нақты бір түйінмен, логикалық қорытындымен тиянақтау десек, аталған өлеңдері осы пікірімізге толық дәлел бола алмақ. Мәселен, ақынның “Кәрілік” /174, 29-31/ өлеңі ақынның жасырақ шағында жазылса да, онда көпті көрген қарияға тән терең ой пайымдары бар. Мұнда жастық пен кәрілік аралығындағы адам өмірінің эволюциясы көрінеді. “Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы” атты өлеңінде ақын: Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы, Ортасы - өмір, жоқтық қой - екі басы. Сағымдай екі жоқтың арасында Тіршілік деп аталар біраз жасы, - деп/174, 154/ екі “жоқтың” арасындағы адам ғұмырының аясын айқындап берсе, жоғарыда аталған “Кәрілік” атты шығармасында осы кезеңнің мәніне үңіледі, оның әр буынының ерекшеліктерін ашуға тырысады. Ақ пен қараны, жақсы мен жаманды салыстыру адамзат баласының басындағы табиғи қасиет екені даусыз. Тіршіліктің өзі де осындай қарамақарсылықтардан құралмай ма? Шәкәрімнің ой толғамдары да бұл шығармада осынау ұлы философияны негізге ала отырып, адамның жастық шағы мен қартайған мезгілін салыстырудан туындап жатады. Ойшыл ақынның пайымдауларына жүгінсек, адамның жас кезінде атқарған ісінің бәрі мәнді, көзбен көрген, куә болған жайларының бәрі қызықты. Ал адамның жасы ұлғайған сайын мұндай жағымды жайттардың қатары азая бермек. Жастықтан қызық іс болмас,
Кәріде ақыл, күш болмас, - дей /174, 29/ тұрып, ақын кәріліктің адам ғұмырындағы физиологиялық процестің нәтижесі, жай ғана дененің шаршауы емес, бейнелеп айтқанда, жаңаның тозып, тіршіліктің таусылуы емес, сонымен бірге үміттің азаюы, сәні кеміген сыйықсыздау кезең екенін тұспалдайды. Кезінде осы тұжырымдарына қатысты Абай ұстазының сынын да естіді ақын. Шынында да, бір қарағанда аталмыш өлеңде ортаға салынған ой “Алпысқа келгеннен ақыл сұра” дейтін дана халқымыздың өмірлік философиясына сәйкес келе бермейді. Қайта Шәкәрім: Алпыстан әрі бармаңдар, Байқамай шал боп қалмаңдар! - деп /174, 31/ көпті сақтандырады. Әйтсе де ол кәріліктің даналық, ақылгөйлік кезең екенін жоққа шығармайды. Адам табиғатындағы оптимистік сезімді алға ұстайды, “Жас алпыстан асқан соң” атты өлеңіндегі: Гүл соларын білсе де Кейімейді кемеңгер, - деген /174, 197/ жолдар адам жанының өлім алдында қашанда биік тұратынын сездіреді. Бүгін жайнап шыққан гүл ертең-ақ солып қаларын білсе де, күнге ұмтылады, айналасына әдемілік рухын себеді. Адам да сол гүл секілді. Жақсыға ұмтылады, жарыққа құштар. Жастық шағында сайран құрып, өмір қызығына бөленсе, қартайған шағында өткен өмірінің мәнін таразылап, ұрпақтарының болашағына қуанады. Өмірді мәнді ету адамның өз қолында. “Кәрілік - құтылмайтын бір қазған ор” атты өлеңінде Шәкәрім осы тектес ой айтады. Әрине, балаң білсе қадіріңді, Орындап екі айтқызбай әміріңді. Жасыңнан жаның сырлас жарың болса, Қылп еткізбей білетін тамырыңды. Олай болса тілегің табылынды, Назаланба, бойға жи сабырыңды. Ол болмаса, өмірден өлім артық, Өзің қазып дайында қабырыңды. /174, 162/
Ақынның бүкіл лирикалық мұрасына өзек болып тартылған осы ойтұжырымдарды саралай келгенде, оның жоғарыда аталған “Кәрілік” өлеңіндегі философиялық ойдың бағыт-бағдарын дәл ұғуға болатын секілді. Шәкәрімнің тұжырымдарында тағдырдың жазғанына мойын ұсыну, жаратушының алдындағы пенденің шарасыздығы сияқты пессимистік сарын емес, адамның саналы ғұмырының мазмұнын таразылаған, өмірдің шынайы философиялық мәнін ұсынған салмақты пайымдаулар жатыр. Қайғы емес қаза, Болмаймын наза, Ноқталы басқа бір өлім. Туған жан өлмек, Тағдырға көнбек, Кімді алмайды бұл өлім./174, 31/ Міне, бұл Шәкәрім пайымының жаратылыспен үндестігі, ақын ойының түпкі қазығы. Айналамыздағы заттар мен құбылыстардың өмір сүруінің негізгі формасы - қозғалыс. Осыған жоғары мән бере отырып Шәкәрім философияның қадау-қадау мәселелеріне ой жібереді. Жан деген не? Мүлде өле ме? Шын жоғалып сөне ме? Дене жөндеп, Жоғары өрлеп, Тағы “Мен” деп келе ме?! - дейді /174, 123/ ақын өзінің “Кетті - келді” атты өлеңінде. Бұл жерде ол жоқтан бардың пайда болмайтынын, ал бар нәрсенің жоғалмайтынын айтумен қатар, дененің алғашқылығын, ал жанның сол дене дамуының нәтижесінде пайда болатынын баяндайды. Бірқатар өлеңдерінде ақын “Табиғат неше түрлі жан жаратты”, “Қолдағы малға төл еріп, жандыдан өсіп жан шықты”, “Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр” деп пайымдайды. Яғни Шәкәрім ұғымындағы жан
да дененің жемісі, соған матаулы, тәуелді қасиет болып шығады. Осылайша ой толғаған ақын енді бір тұста: Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы, Түбі - жүрек, болады мида басы, - деген/174, 128/ қорытынды жасайды. Шәкәрім әрдайым тіршілік дамуының астарына үңіліп, оның құпия сырларын білуге ден қояды. Ол дамудың көзі үнемі қозғалыста болатын объективті шындықтың ішінде, қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресінде деп білді. Бар болған зат жоғала ма, Жоқтан әсер қала ма? - деп /174, 205/ өзінің алдына сүрау қойған ақын көптеген шығармаларында осыған жауап іздейді. Ақырында ол “Жаралыс басы - қозғалыс” деген тоқтамға келеді. Көктен жаңбыр құяды, жерден бұлақ, Қанша ақса да оларда бар таусылмау,-дейді/174, 199/ ақын “Тау басындағы ой” деген өлеңінде. Табиғат өзгереді, жауын жауып, жер көгереді, бұлақтар сылдырай ағады. Мұның бәрі қозғалыс. Шәкәрім қозғалыстың түп-төркіні заттың бір күйден екінші күйге ауысуы деп біледі. Оның ұғымында, бұл құбылыстардың қай-қайсысы да шексіз, барлығы мәңгілік. Қозғалыссыз даму жоқ. Ал дене, тән қозғалысының өзі уақыт пен кеңістік аясында болмақ. Осыны терең зердемен сезіне білген ол: Барша әлем тапжылмай тұрып қалса, Бола ма уақыт деген өлшеу салып,-дейді./174, 200/ Бұл жерде Шәкәрімнің материяның уақыт пен кеңістіктен, ал уақыт пен кеңістіктің материядан ажырағысыз байланыста екендігі туралы түсінігі аңғарылады. Яғни материяның немесе табиғаттың қозғалысы жоқ жерде уақыт ұғымы да болмақ емес. Шәкәрім болмыстың объективті шындығын, дүниенің бір орында тоқтап тұрмайтынын, табиғат құбылыстарының үнемі қозғалып, өзгеріске ұшырап жататынын, өзара байланыста дамылсыз дамитынын, бір сөзбен айтқанда, дамудың диалектикалық зандылықтарын тап басып айта білді. Соған байланысты адамның өмірі де бір қалыпта, өзгеріссіз тұра алмайды.
Осыдан келіп Шәкәрім-ойшыл дүние құбылыстарының шексіздігі, қозғалыстың қайталанбайтындығы жайында философиялық тұжырымын негіздейді. Ақын жүрегінен “Тұрақсыз шыр айналған дүние”, “Дүние қу, бір ағын су” деген тәрізді жыр жолдары туады. Ал мына бір өлеңіндегі: Кетті - келді, Толды - семді, Өзгеленді бұл ғалам. Туды - өлді, Жанды - сөнді, Өршіп, өнді қайтадан,- деген/174, 123/ жолдардан Шәкәрімнің философиялық ой-тұжырымдарының астарында мәңгілік қозғалыс, үздіксіз даму заңдары жатқанын аңғару қиын соқпайды. Осы орайда Қ.Бейсембиевтің: “Идеалист Шакарим решительно возражал против того, что в основе всех происходящих в мире изменений и развития, в том числе и в основе жизни, лежит вечное движение материи, ее переход из одного состояния в другое, что движение есть атрибут материи” деген/195, 178/ пікірінің негізсіздігі айқын көрінеді. Ғалым бұл тұжырымын ойшыл Шәкәрімнің философиялық дүниетанымының күрделі
сипаттарын бейнелейтін “Тіршілік, жан туралы” өлеңінде ұшырасатын бірлі-жарым пайымдауларымен дәлелдеуге тырысқан. Осы арада айта кететін бір мәселе - Шәкәрімнің бұл өлеңі жан-жақты талдауды қажет ететін өте күрделі дүние. Мұнда автордың дүниетанымына, философиялық топшылауларына қатысты әралуан сипаттар бой көрсетеді. Бұл
ақынның тұтас көзқарасындағы өзі өмір сүрген дәуірдің философиясынан, сол заманның қайшылығынан туындайтын сипаттар екенін аңғару қиын емес. “Тіршілік, жан туралы” өлеңін тұтас алып қарағанда, онда ақынның тіршілік, даму мәселелеріне Қ. Бейсембиевтің пікіріндегіден мүлде басқаша қарағанын байқаймыз. Атап айтқанда, осы өлеңде: Қозғалмаса көшпейді, Көшпеген нәрсе өспейді. Өспеген нәрсе өзгермес Түрден ол түрге түспейді, - дегенде/174, 230/
Шәкәрім бүкіл дамудың, алға жылжудың, өсудің кілті қозғалыста екенін, қимыл, іс-әрекет жоқ жерде өсудің де, өзгерудің де болмайтынын алға тартады емес пе? Өлген шөптің гүлі еді тозған тозаң, Онан тағы не шықты, байқа бірақ. Әлемде жоғалатын ешбір зат жоқ, Өзгеріп, түрленеді, ойла, шырақ,-дейді/174, 200/ ол “Шымды жерде көресіз қара топырақ” атты өлеңінде. Өмір құбылыстарының, табиғат зандылықтарының үнемі даму үстінде, қозғалыста болатынын, заттың бір күйден екінші күйге ауысу процесін, сол арқылы табиғат пен қозғалыстың мәңгілік екенін тұжырымдау мақсатында туған ақынның бұл пікірі дәлелдеп жатуды қажет етпейтін басы ашық тұжырым екені айдан анық. Шәкәрім өлеңдерінде айналадағы ақиқат құбылыстарды тану, олардың адам санасында бейнеленуінің сырлары жайындағы толғаныстар мен пайымдаулар да мейілінше мол ұшырасады. Айналадағы заттар мен құбылыстарды адамға оның түйсіктері арқылы мәлім болатын, біздің түйсіктерімізге тәуелсіз бола отырып, сол түйсіктеріміз арқылы көшірмесі алынатын, суреті түсірілетін, бейнесі жасалатын объективті шындықты белгілеу үшін қолданылатын философиялық категория ретінде ұғынған Шәкәрім айналадағы объективті дүниені және оның даму ерекшеліктерін тану мүмкіндіктері жайындағы мәселеге де материалистік көзқарас тұрғысынан келді. Ол объективті ақиқатты тануға болады деп санады. Қоғамдық өмірдегі оқу мен ғылым үйренудің аса зор маңызын жете түсініп, оларды әлеуметтік прогреспен тамырластыра білген ақын таным қызметін қоғамның алға басуындағы негізгі факторлардың бірі деп білді. Шығармашылық жолын тұтас алып қарағанда, Шәкәрім таным мәселесіне, танымның сезімдік және логикалық формаларына айрықша мән берді. Оның тұжырымдауынша, қандай да болсын білім мен ақиқаттың түп тамырында адамның сезім органдары арқылы қабылданатын объективті шындық жатады. Мәселен, ол өзінің “Анық пен танық” атты/174, 58-59/ терең ойлы өлеңінде алдымен оқырманға: Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ, Денеде қандай орын, жайда болмақ? - деп сұрақ қояды да оған іле-шала өзі:
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек, Мұрын - иіс, тіл - дәмнен хабар бермек. Бесеуінен мидағы ой хабар алып, Жақсы, жаман әр істі сол тексермек, - деп жауап береді. Сондай-ақ, “Махаббат пен құмарлық” деген/174, 61-62/ өлеңінде былай дейді: Ашылған көз тұра ма бір зат көрмей, Миға хабар бермей ме түсі өзгермей. Бұлардың қай-қайсысы да объективті дүниенің, оның түрлі заңдарының адам миындағы бейнесі болып табылатын таным мәселесіне Шәкәрімнің қандай көзқараста болғанын дәлелдейді. Адам санасын ақын объективті дүниенің көрінісі деп білді. Дәлірек айтқанда, объективті дүние адамның сезім органдарына әсер ету арқылы миға беріледі де, мида оның нақты бейнесі пайда болады. Демек ақыл да, білім де Шәкәрімнің тұжырымдауынша адам миының жемісі болып шығады. Объективті дүниені тану мәселесін шешу төңірегіндегі Шәкәрім пікірлерінің бастауында жеке адамның еркіндігі мен дербестігі, ерік-жігері туралы терең ойлары жатады. Ол әсіресе таным проблемасының практикалық маңызына айрықша көңіл аударды. Болмыстағы шындықтың қашанда нақты бейнеде көрінетінін дәлелдей отырып, ол практика мәселесіне жоғары мән береді. Оның пайымдауынша, кез-келген таным процесінің мақсаты іс жүзінде игілікті нәтижеге қол жеткізу, яғни өзінің ішкі рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру жолындағы адамның қуат-құдіретін арттыру болып табылмақ. Адам түрлі ғылым мен білімді меңгере отырып, айналасындағы заттар мен құбылыстардың бойындағы бұрын өзі байқамаған, білмеген жаңа сипаттар мен қасиеттерді тану мүмкіндігіне ие болады. Жалпы алғанда, Шәкәрім таза білім мен ерінбей еткен еңбек, табиғаттың сырларын ұғуға шындап ден қою ғана адамның күшіне күш қосады деп түсінді. Ол адамның жасампаздық қасиетіне ешбір шүбә келтірмеді. Оның пікірінше, адам “құдай үшін” емес, адамзаттың бақыты, болашағы үшін ғылым мен өнер үйренуге тиіс. Ғылым бір кенің ғой, Ауырсаң емің ғой. Бәріңе жетеді,
Таусылмас кенің ғой, - дейді /174, 171/ ақын. Оның пайымдауынша, адам баласы шындықты жалғаннан, адалдықты арамдықтан, тазаны былғаныштан айыра білуге, құбылыстардың ішкі мәнін, өзінің табиғаты мен айналадағы дүниені түсінуге тиіс. Шәкәрім осылайша өз өлеңдерінде ақиқатты тануға болады деп есептеді. Адам санасын объективті дүниенің көрінісі деп білді. Осыдан келіп Шәкәрімнің дін мәселелеріне көзқарасы туындайды. Айналадағы нәрсенің бәрін тануға болады дей келе, ол құдайдың өзінің қандай екенін білу керектігі жайлы қызықты ой айтады. “Пайғамбар Мұса жолықса” атты өлеңінде Мұса, Дәуіт, Будда, Айса, Мұхаммед пайғамбарларға сипаттама бере отырып, сөзінің соңында “Бұл күнде дүрыс иман жоқ” деп тұжырымдайды. Шариғаттың айтуынша, адамның ақыл-ойы шексіз емес, сол себепті оның құдайды танып білуі мүмкін емес-мыс. Ал Шәкәрім болса, бұл қағидаға кейде қарсы шыққандай болады. Шәкәрімнің діні - болмыстың ақиқат сипатынан ой қорытқан, оны танымдық көзқарасымен сабақтастырған ойшыл ақынның дүниетанымы. Халқын жақсылыққа жеткізу үшін ол “таза дін” іздейді. Оның бұл арадағы діні мүлде басқа дін. Оның “діні” айналасындағы халықты сауатсыздықтың шырмауынан алып шығудың жолы еді. Сондықтан да болар ол айналасындағыларға: Шала дін мен қате пәннің Сөзіне ерме, маған ер, - деп /174, 267/ ақыл айтып, жол бастайды өзінің “Тәңірі мен жан” атты өлеңінде. “Әлбетте Шәкәрім атеист емес, діңдар, - дейді белгілі ғалым Мұхтар Мағауин. - Бірақ оның мұсылманшылығы да қалыпты түсінік аясына сыймайды.”/196, 189/ Шындығында да Шәкәрімнің философиясындағы діншілдік дүниетаным дін фанатиктерінің дүниетанымына мүлде ұқсамайды. Өзі үшін негізгі сыншы дін емес, таза ақыл екенін айтып отырады. “Ұждандыны мақтайды тамам адам” өлеңінде/174, 202-203/ ақын: Шолақ ойлы дәлелсіз шолтаңдаған, “Фанатик” діншілсің ғой дер-ақ маған. Тамам дерттен сау ақыл менің сыншым, Мың айтып ұқтыра алман деймін саған, - десе, “Тура жолда қайғы тұрмас” атты өлеңінде
Дүние толы көп шатақ дін, Бәрі бірдей шатпырақ, - екенін/174, 206/ айтады. Осынау ойлар түйіні ақын дүниетанымының қандай болғанын айқын аңғартады. Мен мешітке келмеді-ау деп, Сөкпе, сопы, молдалар. Еркін аяқ кетті билеп, Шын хақиқат жолды ұнап. /174, 203-204/ Шәкәрімнің өлеңдерінде шындық, ақиқат ұғымдарына айрықша мән беріледі. Шындыққа жету - реалист Шәкәрімнің аса биік арманы. Сондықтан да ол ең алдымен жоғарыдағыдай “шын хақиқат жолды” ұнатады. Ақиқат мәселесіне келгенде ерекше шабыт танытады. Шыннан өзге құдай жоқ, Анық құдай - Шын құдай. /174, 241/ Бұл жердегі әңгіме құдай туралы, алланың ақиқаттығы жайында емес, шындықтың құдіреті, Шәкәрімнің ұғымындағы Шындықтың асқақ бейнесі хақында.
ЭПИКАЛЫҚ ПОЭЗИЯ: КӨРКЕМДІК УАҚЫТ ЖӘНЕ КЕҢІСТІК
Он тоғызыншы ғасырдың соңғы ширегі мен жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңі қазақ халқының рухани өмірінде, оның ішінде ұлттық әдебиеттің даму шежіресінде айтарлықтай орын алатын аса маңызды құбылыстарға бай болды. Абай үрдісіндегі жаңа сипатты әдебиет орнықты. Қоғамда болып жатқан сан алуан өзгеріс, жаңғыруларға сәйкес оның көтерер тақырыбы молайды. Айтар ойының салмағы мен парасаты арта түсті. Ұлттық лириканың еншісіне шытырманы мол заман мәселелерін, әлеуметтік проблемаларды, халықтың ой-мүддесін бұрынғыдан да терең әрі сыншылдықпен шынайы кестелеу міндеті тиді. Әйтсе де қоғамның дамуы қаламгерлер алдына үстін-үстін жаңа талаптар ұсынумен болды. Айналадағы тың да күрделі мәселелерді заман талабына сай бейнелеудің жаңа тәсілдерін, соны формаларын табу қажеттігі туды. Бұл, сөз жоқ, көркем әдебиеттің жанрлық жағынан өркендеуіне, поэзиядан өзге жанрлық түрлердің пайда болып, орнығуына жол салды. Көркем әдебиет жанрларының өзі тарихи категорияға жатпақ. Өйткені олар “…көркем өнер дамуының белгілі сатысында пайда болады және үнемі өзгеріп отырады.”/197, 40/ Әрине, қандай жанрдың болсын пайда болуы мен қалыптасып, орнығуы қарапайым процесс емес. Оған ең алдымен жоғарыда аталғандай тарихи-әлеуметтік алғышарт қажет. Дәлірек айтқанда, белгілі бір жанрға деген, формаға деген қажеттілік тууы керек. Абайдан кейінгі қаламгерлер өмір сүрген тарихи дәуір, міне, осындай алғышарттарға, рухани, мәдени қажеттіліктерге кенде болған жоқ. Қоғамның, ондағы адамдардың көркемдік-эстетикалық ой-түсінігіндегі жаңғырулар көркем әдебиетке соны тақырып, тың идеялармен қатар, жаңа жанрлық формалар әкелді. Атап айтқанда, оған дейін ұлттық әдебиет әлемінде үстем болып келген лириканың өзі жаңаша сөйлей бастады, көркем прозаның,
драматургияның, көсемсөздің алғашқы үлгілері пайда болды. Сондай-ақ, қазақ жұртының табиғатына ежелден-ақ етене жақын хисса-дастандардың саны көбеюмен қатар, сапалық жағынан тың тыныстағы реалистік поэмалар бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. Жиырмасыншы ғасырдың басында шынайы көркем үлгідегі, мазмұндық және идеялық астары терең поэмалардың қатары көбейді. Бұл кезеңде С.Торайғыровтың, Ш.Құдайбердіұлының, М.Сералиннің, т.б. ақындардың түрлі сипаттағы поэмалары жазылды. Ал осынау реалистік поэма жасау дәстүрінің түп тамыры оның алдындағы Абай шығармашылығында жатқаны анық еді. Ұлы ұстаз қазақтың ұлттық әдебиетінде бұрыннан бар дастаншылдық, хиссашылдық дәстүрді өз талантымен өңдеп, жаңғыртып, оған жаңа дәуірдің шапанын жауып, туған жұртына қайта ұсынды. Романтикалық поэмалардың табиғатына реалистік қасиет дарыта жырлады. Сөйтіп, соны сипаттағы жаңа қазақ поэмасының негізі қаланды. Қазақтың жазба әдебиетіндегі алғашқы поэмалардың он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында пайда бола бастағанын айта келіп, ғалым Ә.Нарымбетов: “Революцияға дейінгі қазақ әдебиетінде шығыс немесе халықтың аңыз әңгімесі негізінде жазылған поэмалар ғана болды. Қиссашыл ақындардың “Мұңлық-Зарлық”, “Шәкір-Шәкірат”, “Алтын балық” сияқты дастандарын былай қойғанның өзінде, Абайдың немесе оның дәстүріндегі ақындардың жазған “Масғұт”, “Ескендір”, “Дағыстан”, “Еңлік-Кебек” сияқты поэмалар, т.б.- бәрі де жаңа европалық поэзияның үлгісіне толық көшіп болмаған еді, негізі шығыстың дастандық поэзияларының үлгісінде жатыр. Демек, шын мәніндегі, яғни орыстың және дүние жүзілік классикалық поэзияның үлгісіндегі сюжетті поэмалар жасау қазақ совет ақындарының творчестволық тәжірибесінде шешілді,”-дейді./198, 4-5/ Тұтастай алғанда, дәлелді айтылған бұл пікірге қосарымыз - ұлттық нақыштағы шынайы көркем поэма негіздерінің бұдан әріректе, Абайдан басталатын әдеби дәуірдің үлесінде жатқанын да айта кетуге тиіспіз. “Тегінде, Абай …поэма жазуды өзіне мақсат етпеген тәрізденетін, - деп жазады М.Әуезов,- …Ондай әңгімелі өлеңдерден Абай өзі ойлаған өсиеттік адамгершілік терең тәлім-тәрбие туа қоймайтындай көретін. Өз басының ұзақ ақындық еңбегі бойында, Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек, кейін, тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әралуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызады.”/199, 186/ Шындығында Абайдың маңында топтасып, ұлы
ұстаздан тәрбие алып шығармашылық жолға түскен шәкірт ақындардың қайқайсысы да поэма жазды. Атап айтқанда, Ақылбай мен Мағауияның, Әсет пен Көкбайдың, Шәкәрімнің дастандары әралуан сипатта болғанмен, олардың барлығына да Абайдың ақыл-кеңесі мен ұстаздық бағыт-бағдары негіз болғаны айдан анық. Негізінен романтикалық элементтерге жиірек қайырыла отырып жазылған шәкірт ақындар поэмалары бірте-бірте тікелей өмірлік мәселелерге қатысты туындайтын нақты көріністерге мойын бұрып, реалистік шындықты бейнелеуге ден қоя бастады. Бұл көркем әдебиеттегі романтикалық сарынның шыншылдық қасиеттермен астаса отырып, өмір шындығын реалистікпен кестелеуге ұласу процесінің басы еді. Шәкәрім ақын осынау өркенді үрдіске өзге де әріптестерімен бірге атсалыса тұрып, өзіндік даралығын таныта білді. Қазақ жұртының өткен дәуірлерде басынан кешкен кейбір оқиғаларын сюжеттік арқау ете отырып, “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Нартайлақ-Айсұлу” поэмаларын жазды. Оларда Шәкәрім жаңа қалыптасып келе жатқан соны жанр табиғатына өз талантына лайық тамаша көркемдік қасиеттер дарыта білді. Сол кезеңде Абайдың жетекшілігімен дүниеге келген “Дағыстан”, “Зұлыс”, “МедғатҚасым”, “Сабалақ”, “Салиха-Сәмен” сияқты шәкірт ақындар қаламынан туған дастандарда романтикалық элементтердің үлесі басымырақ болса, Шәкәрім дастандары романтикалық сарынның үнін бәсеңдетіп, шынайы суретке, терең философиялық толғамдарға, әлеуметтік мәселелерді нақтырақ бейнелеуге бет бұрды. Аталмыш шәкірт ақындар дастандарының барлығы да әртүрлі аңыздар оқиғаларын арқау етті. Бұл ұлы ұстаздың үлгісі болатын. Абайдың өзі “Ескендірді”, “Масғұтты” осы негізде жазды. Бұл заңды да еді. Өйткені “Қазақ поэзиясында сюжетті поэманың ең қалыптасқан күшті үлгілері халықтың өз қиялында, өз жырында тәтті сезімге бөленген аңыз-әңгімелер негізінде жасалғандығын, мұның өзі қазақ поэзиясының даму жолында заңды құбылыс болғандығын айрықша атап көрсету керек.”(200, 65) Шәкірт Шәкәрім де, міне, осы үлгімен жүрді. Оның поэмаларының бәрі де ертедегі қазақ өмірінің көріністерін, ел ішінде аңыз болып айтылып жүрген әңгімелерді алға тартады. Ақынның алғашқы екі поэмасы - “Қалқаман-Мамыр” мен “Еңлік-Кебек” Абайдың көзі тірісінде, шамамен он тоғызыншы ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарының тоғысар тұсында жазылған болуы керек, ал “Нартайлақ-Айсұлу” дастаны ақын өмірінің соңғы кезеңінде, 1929 жылы дүниеге келген.
Шәкәрімнің үш поэмасында да біріне-бірі ғашық жастардың басындағы махаббат оқиғалары баяндалады. Бұл, сөз жоқ, сонау ауыз әдебиетінен, шығыстық поэзиядан келе жатқан дәстүрлі тақырып еді. Махаббат тақырыбы жалпы Шәкәрімнің бүкіл шығармашылық мұрасында айрықша орын алатынын атап айтқан жөн. Шығармаларында жырланатын махаббат мәселесі ақынның “…жалпы гуманистік көзқарастарының бөлінбес бір саласы ретінде көрініп, жаңа ғасыр басындағы бостандық идеяларына, адамдық право туралы ойларға шебер үндеседі.”/201, 245/ Шәкәрімнің қаламынан туған “Қалқаман-Мамыр”, “Еңлік-Кебек”, “Нартайлақ-Айсұлу” поэмаларының қай-қайсысы да қазақ жұртыңда ертерек заманда болып өткен оқиғаларды, ел ішіндегі аңызға айналған әңгімелерді арқау еткен дедік. Әйтсе де, ақын сол аңыздарды тұп-тура болған қалпында қайталамайды, жаңа тарихи дәуірдің ой-түсінігіне сәйкестендіре жаңғыртады. Жалпы көркемөнердің талабы осы болса керек. Болған оқиға қаз-қалпында баяндалса оқырманға бәлендей әсер етеді деу қиын. Сондықтан да көркем туындыға баға бергенде ондағы сюжеттік желінің тарихи шындықпен тепе-тең болуын талап етудің қажеттілігі шамалы дер едік. Кемеңгер Аристотельдің сөзімен айтсақ: “Ақынның мақсаты шынымен болғанды емес, не болуы мүмкін, мүмкіндіктен әлде кездейсоқтан ба, міне, осыны жеткізу. Тарихшы мен ақынды бір-бірінен бірі өлең өлшемін қолданады, ал екіншісі қолданбайды деп ажыратпаймыз. …бірақ олардың айырмашылығы мынада: біріншісі өмірде болған оқиғаны айтса, екіншісі болуы мүмкін болған оқиғаны айтады. Сондықтан да поэзияның ерекшелігі - ол тарихқа қарағанда маңызды әрі философиялық мәні бар нәрселер жайлы, ал тарих жалпы халық жайлы айтады.”/202, 67-68/ Шәкәрім поэмаларының кейіпкерлері - тарихта өмір сүрген адамдар, олардағы жер-су атаулары да нақты. Алайда оған қарап бұл поэмаларды таза тарихи шығармалардың қатарына жатқызуға болмайды. Әйтсе де белгілі фольклоршы ғалым Ш.Ыбыраев эпостық жырлардың тарихилық сипатын да жоққа шығармайды. Ондағы тарихтың қат-қабат ұғымдардан тұратындығын, түрлі өлшемдермен кесіп-пішілетіндігін айта келіп: “Қалай болған күнде де эпостың әйтеуір бір дерексіз мерзімді емес, нақтылы тарихи ізі бар кезеңді өзіне дәуір ғып алуы кездейсоқ болмаса керек. Түптеп келгенде толып жатқан эпикалық жырларды айрандай ұйытқан дәуірдің бейнесі сол жырлардан да басты орынды иемденеді,”- дейді./203, 169/ Шәкәрімнің поэмаларын да белгілі бір дәрежеде осы қалыпқа тели қарауға болады. Ақын өзінің заманына лайық идеясын жеткізу, ақындық
нысанасына көтерілу барысында тарихи нақтылықты, деректердің дәлдігін дастандарыңда көркемдік деталь ретіңде пайдаланады. Әдетте үздік сападағы туындылар “…заман сыңайын, дәуір бедерін уақыт көшінің бір үзік сәтіндей хаттап кетеді. Тіршілік, тұрмыстың көркем өрнектері арқылы кезеңдік заңдылықтарды, диалектикалық типтік құбылыстарды тұтас көзге тосады.”/204, 108/ Шәкәрім үшін де осындай дәуір бедерінің үзік сәттері өмірлік ситуациялармен көмкеріліп, көркем шындыққа айналған. Дегенмен ақын поэмаларындағы тарихилық сипат оқиғалардың уақыт пен кеңістіктегі нүктесін айқындаумен шектеледі, яғни тарих мұнда оқиғалар өтетін сахна, фон сипатыңда ғана көрінеді. Нақты тарихи фон Шәкәрім үшін өз кейіпкерлерінің басындағы әлеуметтік трагедияның астарын айқындаудың басты құралына айналады. Өзінің ақындық позициясын да, азаматтық үкімтұжырымын да осы құрал арқылы сомдап отырады. Тұтастай алғанда, ақын өз поэмаларында өмір құбылыстарын адам тағдыры арқылы ашуға ұмтылады. “Олардағы сюжеттік арналар бір-біріне ұқсас болғанымен, қоғамдық өмір қайшылықтарын бейнелеудегі негізгі көркемдік тәсіл ретінде тартымды да тапқыр тартылған. Қазақ қоғамын сан ғасыр бойы жегідей жеп, тежеп, өзара атыстырып, шабыстырумен келген ру таласы, ру тартысы поэмалардың негізгі арқауын белгілеп, автордың қоғамдық өмірдегі көп кесір, сан сұрапыл зорлық-зомбылықтың сырларын ашуына мүмкіндік береді, адалдық, әділдік, теңдік іздеген аяулы жандардың мойнына қыл арқан боп түскен кесапат сиқын бейнелейді.”/205, 248/ “Қалқаман-Мамыр” поэмасын Шәкәрім “тарихи хикая” деп атаған. Ол заңды да еді. Себебі Қалқаман мен Мамырдың арасындағы ғашықтық төңірегіндегі трагедиялық оқиға жайындағы әңгіме ел аузында бұрыннан-ақ аңыз ретіңде айтылып жүретін. Бұл оқиғаға болашақ ақын жастайынан қанық болатын. Аталмыш оқиға ақынның сезімтал жүрегін толқытпай қалуы мүмкін емес еді. Өзінің айналасындағы салт-дәстүрлік кереғарлықты, әлеуметтік әділетсіздікті барынша сезініп, көңіліне тоқи білген Шәкәрім үшін Қалқаман мен Мамырдың басынан өткен трагедиялық ахуал айналасындағы өзі өмір сүріп отырған қоғам жөніндегі өз үнін, өзінің азаматтық, перзенттік үкімін паш етудің кілті болды. Ғашықтар трагедиясы Шәкәрімге өзгелерден өзгеше әсер етті. Ақын осынау махаббат мұңлықтарының басындағы қайғылы хал мен ел, қоғам басындағы трагедияны асқан шеберлікпен, ақындық көрегендікпен ұштастыра отырып, ол туралы тамаша туынды жасай білді. Ел ішіндегі бір ғана махаббат тарихын баяндау арқылы ақын қазақ қоғамының сол кезеңдегі этнологиялық, психологиялық сыр-сипатын ашып берді. Поэманың ең басты
құндылығы оның әлеуметтік астарының тереңдігінде жатыр дейтініміз сондықтан. … Он сегізінші ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ даласы. Сахара тұрғындарының басына күні ертең қасірет әкелер жоңғар шапқыншылығының қарсаңы. Шәкәрім өз поэмасына қазақ елінің өміріндегі осынау қайғылы да зарлы заманның, әйгілі “ақтабан-шұбырынды, алқакөлсұлама” оқиғаларының тұсындағы халық тұрмысының бір ғана бөлшегін, аласапыранның жалқы көрінісін арқау етеді. “Мәселенің түйіні - шығармаға арқау болған оқиғаның қай дәуірде орын алғандығында емес, оның қай кездің шындығы, талабы мен талғамы, арманы мен мақсатына лайық бейнеленуінде. Шын мәніндегі көркем шығармаға қойылатын үлкен талап та осы.”/205, 246/ Шығарманың басында-ақ ақын ондағы оқиғаның болып өткен мерзімі мен мекенінен нақты деректер ұсынады. Ондағы уақыт пен кеңістік нүктелері, басты кейіпкерлердің жай-күйі хабарланады. Өткен іс - ойға күңгірт, көзге танық, Көрмесе де білгенге бәрі қанық. Мың жеті жүз жиырма екінші жыл Қазақтың Сыр бойында жүргені анық./206, 280/ Міне, Шәкәрімнің поэмасындағы уақыт, кеңістік ұғымдары осы шумақтағы деректермен нақты кестеленеді. Осыған жалғастыра ақын дастандағы оқиғаға араласатын басты адамдар - Әнет баба, Қалқаман, Мамыр және басқа кейіпкерлердің жай-жапсарымен таныстырады. Бір кезде ортақ тамырдан өсіп-өнген атаның балалары уақыт көшінің керуенінде тармақтала келе ауыл-ауыл болып кеткен. Поэманың басты қаһармандары Қалқаман мен Мамыр аталас жандар. Екеуі де жас, бірін бірі жақсы біледі. Қыз болса да, кішкентайынан ұл орнында тәрбиеленіп, еркекшора болып өскен Мамыр бұл кезде сол әдетімен астына жарау ат мініп, қарына бозбалаларша құрық іліп жылқы бағады. Өзі ештеңеден тарлық көрмей өскен атақты бай тұқымның қызы. Әкесі - Мәмбетей елінің ықпалды адамдарының бірі. Ауқатты әкенің байлығы мен қаһарынан жасқанып Мамырды ешкім де қыз бала деуге дәті бармайды. Сол себепті де әбден бойжеткенше Мамырды ешкім айттырмаған. Осылай жүргенде бірімен бірі тең, құрбылас Мамыр мен Қалқаман бір күні жылқыда кездеседі, оңашада еркін сөйлеседі. Әңгіме үстінде жігіт қызға жұмбақ мысал айтады. Табиғатынан зерделі қыз жігіттің жұмбаққа орап айтқан пікірін орайымен сабақтап әкетеді. Дәл осы сәттен бастап екі жастың
арасындағы махаббат атты ұлы сезімнің ұшқыны жылт етіп тұтанғандай, қос мұңлықтың лүпіл қаққан жүректеріне от бергендей болады. Мамыр қыз Қалқаманның тілегіне аз уақыт ойланып жауап беруге уәде етеді. Осы мезет табиғат-ананың әділетті әмірі орындалғандай, бойжеткен қыздың санасына да, өміріне де шешуші өзгеріс енгендей болады. Ендігі жерде еркекшора қыздың жүріс-тұрысы ғана емес, киім киісіне дейін күрт өзгереді. Бұған дейінгі жігіттерше киінуін тастап, бойжеткендерше киім киеді. Махаббат сезімінің отына шарпылады. Осынау көріністердің қай-қайсысы да Шәкәрімнің поэмасында аса нанымды әрі шынайы халықтық қасиетте танылады. Бірінің жүрегіне бірі от салған жігіт пен қыздың өз сезімдерін ә дегеннен-ақ анайы түрде ақтара салмай, аса инабаттылықпен жұмбақтап жеткізуі де, дәл осы кездесу сахнасында екі жастың табиғи болмысындағы ақылдылық пен ибалылық белгілерінің көрініс беруі де сол кезеңдегі халықтық этикаға, ұлттық мінезқұлыққа, дәстүрлі мораль мен психологияға сәйкес мінездердің көрінісі еді. Автор баяндауының астарында міне осы секілді мазмұндық, тағлымдық тереңдік сезіледі. Шығарманың реалистік бояуын да осындай қасиеттер барынша жарқыратып айқындап береді. Шәкәрім поэмаларының қай-қайсысында да сол кезеңдегі қазақ тұрмысына тән әдет-ғұрыптық, этнографиялық, тұрмыстық қасиеттер, заңдылықтар мен тәртіптер мол суреттеледі. Осы арқылы ақын қоғамдық өмірді кең қамтиды, кейіпкерлерінің психологиялық күйлерін дәл жеткізеді. Оның айқын дәлелін аталмыш поэма басындағы эпизодтардан-ақ байқар едік. Қазақ атамыз ұлы жоқ болса қызын ырымдап ұлша киіндірген ғой. Сондай-ақ ғашықтар арасындағы сыр ешқашан да жай сөзбен айтыла салмаған. Жоғарыдағы қыз бен жігіттің жұмбақтасуының сыры осында. Осы ерекшеліктің тағы бір мысалы Қалқаман мен Мамырдың екінші рет кездесу сахнасынан көрінеді. Қыз бен жігіт бұл жолы бастаңғы үстінде жолығады. Бастаңғы - қазақ ауылындағы дәстүрлі әдет-ғұрыптардың бірі. Әке-шешесі Сәмеке ханның тойына кеткен құрбыларының үйіне жиналған ауыл жастары думандатып жатқанда Қалқаман Мамырдың тұсына жақын келіп, әнеукүнгі өзінің тілегіне қыздың жауабын күтіп жүргенін сездіреді. Бойжеткен де жігіттің көкейіндегі ойды дөп басып, реті келгенде жұмбақтап бір ауыз өлең айтады: Ауылымның күнбатысы қалың қамыс, Бүрсігүннен арғы күн болады алыс.
Жас кісіде бар болса жігер-намыс, Болып кетіп жүрмесін жатпен таныс,-дейді./206, 283/ Өлең жолдарының түпкі мәнісі өзгелерге беймәлім болғанмен, ақылпарасаты ерекше ғашық жастарға аян. Ғашықтар осылай деп уәде байласады. Уағдалы уақытта Қалқаман мен Мамыр ауылдың күнбатыс шетіндегі қалың қамыстың бойында жолығады. Бір өкініштісі - жастар арасындағы бұл жолғы әңгімеде салқындық бар. Әкесі Мамырды аяқ астынан әлдекімге айттыруды ұйғарған. Ата-ана сөзі заң болған заман. Оған қарсы қояр амал қайсы? Шынтуайтына келгенде екі жастың қосылуына қарсылық жасайтын бұдан өзге кедергілер де аз емес. Басқа себептерді былай қойғанда, Қалқаман мен Мамырдың қандастық, туыстық жағынан ілік-шатыстығы бар. Не істемек керек? Осы бір салмағы зіл батпандай сауал екі жастың жалындаған жүректерін жегідей жейді. Осы сәтте Шәкәрімнің кейіпкерлері қайта түлегендей күй кешеді. Олар жастық сезімге албырттықпен берілген көп жандардың бірі еместігін дәлелдейді. Ендігі жердегі екеуара сырласу үстінде қос ғашықтың ақылпарасаты айқын көрінеді. - Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір, Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір. Өзімді аяп тұрғам жоқ, сізді аяймын, Сен сау болсаң болар ем мен-ақ нәзір, - дейді/206, 284/ Мамыр. Қыздың осынау сөздерінен оның ел ішіндегі салт-дәстүр заңдылықтарын жақсы білетіндігімен қатар, Қалқаманға деген адал сезімі де жарқырап көрінеді. Ол ғашығының амандығын бәрінен жоғары қояды. Бұл кездегі Қалқаманның жайы да дәл осындай еді. Екеуі өз бақыттарының жолында қандай сын кездессе де төтеп беруге нық бел байлаған қалыпқа көшеді. Ғашықтардың жанарынан әлдеқандай бір үлкен сын алдында тұрған батырлардың ішкі қуат-күші жалын атқандай. Жүректерін пәк махаббатқа алдырған ғашықтарды ендігі жерде бірінен бірін айыратын күш жер бетінде жоқ секілді. Қиын сәтте ойлары он саққа шарқ ұрғанымен екеуінің де түпкі байламы ортақ. Уәде берік. - Мамыр-ау, айтып тұрсың әлденені, Шариғат қосады екен немерені.
Қайғы ойлап, жаман ырым айта берме, Алаңсыз сүйген болсаң анық мені, - деген/206, 284/ жігіттің байламына Мамыр өз шешімін қосақтайды. Осылайша жүректерін сабақтастырған екі жас қол ұстасып ауылға келеді. Елдің арасы әпсәтте абырсабыр күйге түседі. Қалқаманның мына хабарын алған Олжай Әнет бабаға шабады. Елге сыйлы дана қартқа бұл оңай тимейді. Келе-келе ғашықтар оқиғасы сүттей ұйып отырған ағайын арасындағы үлкен даудың өршуіне себеп болады. Екі жақтың бітімге келуі қияметке айналады. Мәмбетей жағы ешқандай келісімге көнер ыңғай берер емес. Қояр талабы - елдің атына таңба түсірмеу, сол үшін екі жасты өлтіру. Ал жігіт жағы мұндай жазаға қарсы. Шығармадағы өзара тартысқа түскен жақтардың позициясы осындай. Бірі бітімге де, қалыңмал алуға да көнбей жатып алса, екіншісі біреудің некелісін бұзбаған, өз сезімдерінің әмірлерімен жүрген жастарды жазалаудан бас тартады. Әйтсе де, оқиғаның барысы оқырманды бірте-бірте трагедиялық шешімге жақындата түседі. Осындай шиеленіс тұсында төркініне келген Мамырды өзінің ағасы, Мәмбетейдің батыры Көкенай садағының оғына байлап мерт қылады. Шығарма оқиғасының осы тұсында да қазақ тұрмысына тән салтдәстүрлік фактор бірінші планға шығады. Ғашықтар ғұмыр кешкен бұл дәуір ағайындық моральдың, ел мен ру қатынасының аса орнықты тұрған шағы болатын. Сол себепті де Көкенай Мамырды оққа байлар мезет туғанда ешкімнің ақыл-кеңесін қажет етпейді, өз әміріне жүгінеді. Тіпті жар дегенде жалғыз перзентіне ара түсуге қолында күші де, айбары да бар қыздың атаанасының да шамасы келмейді. Айналадағы қалың қауымның да үні естілмейді. Барлығы қыз бен жігіттің әрекетін айыптайды. Барлығының бағынатыны - ел ішіндегі салт-дәстүр тәртібі. Көкенай - сол тәртіптің сақшысы. Осы эпизод Шәкәрім талантының шынайы қуатын сездіргендей. Өлім мен өмірдің шекарасындағы қылкөпірде тұрған қыз бен Көкенайдың бетпебет келген сәті кімді де болса еріксіз тебірентеді. Шәкәрімнің Мамыры бұл фәнидегі соңғы мезетіне дейін өзін асқақ ұстайды. Өлімнен қорықпайды. Қайта енді ғана бүр жарып, көктеп келе жатқан жас өміріне балта шапқан Көкенайға қарап тұрып батыл үн қатады: Кешікпей мен өлемін, сен тірісің, Іс емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе, тілегім сол, Қалқаманды, Барасың тәңір алдына, білемісің?/206, 286/ Үкімге бергісіз қайсар үн. Көкенай бастаған қасаң түсінік өкілдеріне қарсы айтылған адамгершілік сөзі, дүниедегі нәзік сезім атаулыға араша түсер имандылықтың үні. Әйтсе де Мәмбетей жағы мұнымен тоқтамайды. Өлер қыздары өлді. Ендігі талап - Қалқаманның өлімі. Уақыттың заңы осындай. Туысқан ағайын арасында қыз алысып, сүйекке таңба салғанша, “еркек тоқты құрбандық” деген мың артық. Көкенай бастаған жақтың ойындағысы да, орындары да осы. Ақыры сөзге тоқтамаған тобыр осынау аласапыранның басынан аяғына дейін екі жастың өмірі үшін арпалысқан Әнет бабаны осы шешімге мойын ұсынуға мәжбүр етеді. Дел-сал күйге түсіп, нұр жүзін ащы тер жуған дана қарт сонда: “Қалқаман жүйрік атпен көлденең шауып өтсін. Көкенайдың атқан оғы дарыса кегінің қайтқаны деп білсін, ал Қалқаман аман қалса одан әрі мазаламасын,”- деген екен. Қиын да болса орынды шешімге кім қарсы болсын, екі жақ осыған тоқтасады. Сөйтіп Көкенайдың оғынан Қалқаман аман қалады. Мына көрініске куә болып тұрған жұрттың қуанышы ойранасыр. Осы сәтте Қалқаман ғана қуанған жоқ еді. Туып-өскен жұртынан осыншалық қиянат көрген жігіт ендігі жерде осынау опасыз елден безіп, көз көрмес, құлақ естімес алысқа кетіп қалады. Ағайындарының оны іздеуге әрекеттенген ниеті артынша бүкіл сахара басына төнген “ақтабаншұбырынды” алапатының дүрбелеңімен ұмыт қалып қояды. Елдің жадында сақталып қалған қайғылы хикаяның желісі осы. Алайда қарапайым айтушы мен тындаушы үшін мұндағы назар аударар мәселе қыз бен жігіттің аянышпен өткен тағдыры, махаббат драмасы болса, ал осынау астары терең оқиғаны ойшыл Шәкәрім мүлде басқа қырынан, өзгеше мазмұнда қабылдады. Ақын қыз бен жігіттің басындағы махаббат трагедиясының дерегін емес, соның айналасында өрбитін оқиғаның әлеуметтік астарын негізгі нысана деп білді. Біріне бірі қаншалықты ынтықса да белгілі себептермен қосыла алмай, өмірден жылаумен өткен ғашық жандар әр дәуірде болған. Олардың айналасында тілеулес жанашырлары да жоқ емес-ті. Сонда да болса, көптің сөзі көлеңкеде қалып, мұңлық жандар өз мұңдарын өздерімен бірге
мәңгілікке арқалап кете баратын болған. Поэма авторы осындай қасіреттің түпкі тамырына үңіледі. Шығарманың әлеуметтік астарының терең болуы да сондықтан. Оның идеялық арқауы да осыдан бастау алады. Поэмадағы негізгі ой арқауы - ғашығы Мамырды өлтірген, өзін ажалға байлап берген опасыз елдің ішінен Қалқаманның оқшауланып кетуі. Оның себебі - қоғамдағы әділетсіздік, ескілік психологиясы, ата-баба салтына негізделген халықтық сана. Қалқаманның оқтан аман қалған сәтте қуана айқайлаған қалың көпшіліктің ішіне еніп кетпей, жаралы күйде атының жалын құшқан қалпы сонадайдағы бір төбенің басына барып тоқтауы да шығарма идеясынан хабар беріп тұрған әдемі эпизод. Осы оқшаулану Қалқаманның жан дүниесіндегі алапат өзгерістерді, шариғат пен ұлттық әдет-ғұрып арасындағы тартысты көре тұрып, соған қарсы істер айла таппаған ағайындарына деген көзқарасындағы, перзенттік сезіміндегі төңкерісті байқатса керек. Бұл төңкеріс оның Ел қылып Тобықтыны тұра алмаймын, Ешкіммен ойнап-күліп жүре алмаймын. Өлерде аямады, қайда аяйды, Сендерге енді мойын бұра алмаймын,-деген/206, 289/ батыл шешімге келу сәтінде жарқ етіп көрінеді. Шығармадағы сан алуан оқиғалар барысында Қалқаман батыр ретінде суреттелмейді. Шәкәрім жігіт образын сомдауда басы артық әсірелеуге бармайды. Оның бейнелеген Қалқаманы қара күштің иесі емес, ерлік те жасамайды. Сонымен қатар ол адамдық сезімнің жетегінде зарланып еткен боркемік ез де емес. Оның бойында байсалды ақыл мен байыпты батылдық бар. Сүйгенін алып қашар сәттегі шұғыл шешімге келуі, поэманың соңында опасыз елін артқа тастап, беймәлім қиырға кетіп қалуы оның ішкі жан сарайындағы өмірдің қайшылықтарын жеңсем деген жігіттік жігерін, әділетсіздікке қарсы күрестегі батылдығын дәлелдейді. Бірақ бозбаланың мұнысы көзсіз ерлік, негізсіз батылдық емес еді. Ақылдың таразысынан өткен байыпты байлам болатын. Ол осынау кеңістікте жалғыз еместігін, соңында демеу жасайтын елі, Әнет баба секілді дана қариялары бар екенін ойлайды. Солар тарапынан күшті сүйенішті сезеді, соларға сенеді. Қандай қиын сәтте де, тіпті қатерлі әрекетке тәуекел етер кезде де ол Әнет баба бастаған елге арқа сүйейді. Өз ісінің оғаш еместігін, оны дәлелдерлік айғақтарын олар түсінер деп үміт
қылады. Сонымен қатар ол көзі ашық, саналы азамат екенін де көрсетеді. “Шариғат қосады екен немерені” деген сөздері оның бірқатар нәрседен хабардарлығын байқатса керек. Қалқаманның соңғы шешімі, яғни туған елінен кетіп қалуы жас жігіттің әділет жолындағы кұресінің бір көрінісі еді. Бір қарағанда шарасыздықтан туған қарсылық әрекет секілді. Ал мәселенің мәніне тереңірек үңілсек, бұл Қалқаман үшін тағдыр ұсынған бірден-бір жол еді. Ол мына ортада енді өмір сүре алмайды. Мамыры оққа ұшты, асқар тауындай арқа сүйеген елі мен Әнет бабада жақсылыққа жанашыр болар қауқар қалмады. Поэманың финалындағы Қалқаманның көкірегінде осындай сурет тұрды. Оның ішкі психологиясының ширыға-ширыға жеткен жері де осы тұс еді. Оның оқыс шешімге келуі осындай шиеленістің шарт үзілуінен туындаған әрекет болатын. Қалқаман образын идеялық биік тұғырға көтеріп тұрған қасиеттердің бірі де осы еді. Поэмадағы уақыт пен кеңістік аясында өткен осынау тарихи оқиғаның тұсында ел ішіндегі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрып заңдылықтары гуманистік, адамгершілік қағидаларына қарағанда біршама биіктеу тұрды. Рас, екі жастың тағдырына жанашырлық, аяушылық, амандығына тілеулестік сезімдері оқиға барысында мүлде көрінбейді деуге болмайды. Дегенмен оның бәрі де ел бірлігі, ағайын арасының тұтастығы жолында құрбандыққа шалынады. Поэмада ақын ел бірлігін бәрінен жоғары қояды. Сол себепті де болар, ойшыл Шәкәрім тарихи дамудың осы секілді ішкі заңдылықтарына, тіпті оның келеңсіздіктеріне де төрелік айтып жатпайды, қарсылық білдірмейді, өз үкімін ұсынбайды. Бір жағынан екі ғашықтың тағдырына жанашырлығын сездіріп, гуманистік қалпын танытса, сонымен бірге оған қарсы күштердің ісәрекетіне оң-теріс дегендей баға да бермейді. Тарихи кезеңнің мінез-құлық психологиясын бағалауды оқырманның үлесіне қалдырады. Қалқаман образының даралығы оның оққа байланып, тағдырының қыл үстінде тұрғандағы көңіл күйі мен іс-әрекетінен айқын көрінеді. Осы эпизодтағы қайғы тынысын Шәкәрім көпшілік қауымның көз жасымен жеткізеді. Поэмада Қалқаманның күйзелуі, торығуы сияқты сезім көріністері жоқ. Керісінше, қайғыға шомған ортадан енді бір мезетте Қалқаманның батыл да ашық үні естіледі. Ол егілмейді, елімен қоштаса сөйлейді. Өз өлімі мұнда жай ғана “мен өлемін, сендер қалдың” деген сияқты информация түрінде ғана беріледі. Оның үнінде жеке басының мұңы жоқ, сұм ажалға шарасыз мойын ұсынушылық та байқалмайды. Бәріне батыл тәуекел етеді.
Себебі оған ендігі жерде Мамырсыз өмірдің мәні жоқ. Әйтсе де ол артында қалып бара жатқан елінің тағдырына алаңдайды. Назасы нахақ жастың қате кетпес, Деймісің қалмақ сені тентіретпес.
Белгілі Мамырдан соң көп жүрмесім. Тұз-дәмін орта жүздің жеп жүрмесім. Жалғыз-ақ Тобықтының дұспандары Рахымсыз, бауырсыз ел деп жүрмесін, - деп/206, 288-289/ толғанғанда да ол өзінің көпшілік жағында екенін, ойы да, арманы да халқымен ортақтығын дәлелдегендей болады. Өзін оққа байлаған еліне қаншалықты қарғыс айта тұрса да, оның болашағын, халқының арына таңба түспеуін ойлайды. Тарихи дәуірдің моралі осы. Бұл тұста ол Көкенайлармен пікірлес болып шығады. Бәрінің де ойлайтыны ағайынның бірлігі, жақсылығы. Сүйіктісінен қапыда айрылған Қалқаман ата салтының өзіне шығарған үкімін аттап кете алмайды. Өйткені дәстүрлі салтты бұзу қасиетті заңды бұзумен пара-пар. Қалқаман да, Мамыр да ел ішіндегі осындай заңды бұзғандықтарын жақсы біледі. Екеуінің әдет-ғұрып қағидаларынан да, шариғаттың ережелерінен де мағлұматы аз емес. Сонымен бірге өз жүректерінің әміріне де қарсы тұра алмайды. Осылайша екі оттың арасына түскен Қалқаман мен Мамыр тарихи уақыт пен тарихи кеңістік ауқымындағы заңдылықтардың шырмауынан шыға алмайды. Бәлкім, бұдан да гөрі батылдау шешімге барып, екеуі қол ұстасып басқа аймақтарға кетіп қалғанда махаббаттарының тағдыры әлде қалай болар еді. Бірақ олар ондай ұйғарымға бармайды. Себебін жақсы біледі. Егер өздері дәл осылайша ата салтынан аттап кеткен болса, ел ішіне алауыздық кіріп немесе өзге де келеңсіздіктер болатынын түсінеді. Оларды қинайтыны - елінің күні ертеңгі абыройы, “өз ұлын өзі оққа байлаған, Әнет бабадай қариясын жер еткен неткен надан ел еді” деген атақтан алыс болудың жайы. Сондықтан да екі жас тарихи жағдайдың әміріне мойын ұсынады. Оған қоса “Деймісің қалмақ сені тентіретпес” деген Қалқаманның сөздері сахара халқының басына төніп келе жатқан тағы бір алапат қауіптің
ұшығын аңғартады. Көп ұзамай-ақ қалмақ жорығынан қан қақсайтын халқының зары, “ақтабан-шұбырындының” дүбірі оның құлағына келгендей. Тарихи кезеңнің мінез-құлық сипатын, ой-парасатын анық бейнелейтін тұлғалардың бірі - поэмадағы екінші басты қаһарман Мамыр. Ол - халықтық дәстүрлердің бүкіл қасиеттерін бойына жинақтаған тұлға, ұлтқа тән ізеттілік пен инабаттылықтың, ақылдылықтың символы. Өзге перзенті жоқ байдың жалғыз қызының ұл балаша киініп, еркекшора болып өсуі сол дәуірдің сипатына сәйкес көрініс екені даусыз. Шәкәрім бұл арада да тарих суретіне қиянат жасамайды. Абайдың өзге шәкірттерінің шығармаларындағыдай портреттік суреттемелер Шәкәрімнің аталмыш поэмасында жоқ. Ақын
өз кейіпкерлерінің ішкі-сыртқы тұлғасын суреттеп жатпайды. Бір ғажабы, Шәкәрімнің барлық дастандарында бұрынғы-соңғы жазылған махаббат жайындағы эпикалық шығармаларда кездесетін елден ерек сұлу қыздың бейнесі көрінбейді. Шәкәрімнің Мамыры да осы секілді. Ол - шынайы бейне, ауылда еркекшора болып өскен байдың қызы. Әке даңқымен бой түзеген ақылсыз жан емес. Бозбалаша киініп, қарына құрық іліп, жігіттермен қатар жылқы бағып жүрсе де, оның бойында қазақ қыздарына тән нәзіктік те, ибалылық та, саналылық та мол байқалады. Шәкәрім сыртқы портретін жасамаса да оның ішкі жан сұлулығын нақты әрекеттері арқылы түйсіндіре отырып, Мамырдың өзге де ғашықтық дастандардағыдай ару екеніне көзімізді жеткізеді. Мамырдың ақылы мен биік парасаты, сезімталдығы мен тапқырлығы поэмадағы Қалқаман екеуінің алғаш тілдесуі кезінде анық байқалады. Бұл жердегі қыз бен жігіт арасындағы диалогтың берер мағлұматы мол. Тұтастай алғанда, поэмадағы кейіпкерлердің өзара тіл қатысуына, монолог пен диалогқа ақын ерекше назар аударған, оларды өзінің айтар идеясын жеткізудегі бірден-бір құралы деп есептеген. Кейіпкерлердің диалогмонологтары арқылы сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды ақын аса шеберлікпен бейнелейді. Ақын кейіпкерлерінің бүкіл болмысын ашудағы монолог пен диалогтардың маңызы айрықша. Поэманың басты кейіпкерлерінің алғашқы кездесуінде жігіт қызға адамзат баласының жаратылуы жайында бір жұмбақ мысал айтады. Қыз жігіт сөзінің төркінін ә дегеннен-ақ түсінеді. Түсіне тұрып, өнегелі жанға тән жауабын ұсынады. Махаббатты сезіне білмеген адамның өмірінде мән болмайтынын тұспалдайды. Екі ғашықтың ойы, егіз жүректердің лүпілі дәл осы арада үндестік табады. Махаббат атты ұлы мұхиттың асау
толқындарының жалына жармасқан екі жасты тоқтатар күш жоқ сияқты. Дәл осы сәтте Мамырдың бойынан ғажайып бір қасиет - тәрбиелі бойжеткенге тән сабырлылық оты жарқ етеді. Мамыр да Қалқаманды ұнатады. Бірақ жүрегі “тыншымай, тулап, жүз құбылса” да ол жігітке уәдесін бірден бермейді. Үмітін де үздірмейді. Өзінің жан дүниесіндегі, мінез-құлқындағы өзгерістерді, ішкі түрленуді сездірмейді. Шындығында осы мезетте оның бүкіл табиғатында ғаламат жаңғыру болып жатқан-ды. Үйіне келе-сала бұрынғы киіп жүрген киімінің бәрін лақтырып тастап, қыздарша киінуі осы түрленудің хабаршысы еді. Шәкәрім аталмыш поэмасында өзге шығармаларындағы секілді қазақ тұрмысына тән дәстүрлі мінез, дағды көріністеріне айрықша мән береді. Атап айтқанда, қыз бен жігіттің өзара жұмбақтап сөйлесуі, ынтызар сезімдерін тұспалмен жеткізуі, өлеңмен тілдесуі тәрізді детальдар осының айғағы бола алмақ. Сондай-ақ, Қалқаман мен Мамырдың бастанғы үстінде, қыз-бозбала думанының ортасында отырып, өзара ұғынысуы да соны дәлелдей түседі. Адал сезімнің алауына шарпылып, сүйгенінің етегінен ұстайтын, яғни үлкен ерлікке бел байлайтын екіұдай мезетте Мамыр өз табиғатындағы сабыры мен ақылын жоғалтпайды. Басына төніп келе жатқан қатерді сезген Қалқаманның “өлсем де өзіңнен айрылмаймын, ісіміз шариғатқа қайшы емес, қол ұстасып кетіп қалайық” деген сөзін Мамыр бірден мақұлдамайды. Өзі де сондай ойда тұрғанмен ерекше ұстамдылық танытады. Өзін ғана ойлағаннан туған әрекеті емес еді бұл. - Қыз алған жоқ жақыннан Тобықты әзір, Өлтірем деп жүрмесін бізді қазір. Өзімді аяп тұрғам жоқ, сізді аяймын, Сен сау болсаң болар ем мен-ақ нәзір, - дейді/206,284/ ол осы бір сергелдең шақта. Ежелгі дастандарға тән дәстүрлі шешім. Бірі үшін бірі жанын беруге даяр жастардың соңғы сөздері қашанда осындай болып келеді. Әйтсе де бұл жолдардың астарында өздерінің әрекетіне орай ел арасында болашақта болуы мүмкін дау-шарды сезіну жатыр. Ел бірлігін ойлаушылық бар. Шынында да Қалқаман мен Мамырдың оқиғасы елдің ішіндегі ахуалды ушықтырып жібереді. Тартыстың бір басында Жақыным қызымды алды, ұнамаймын,
Қорлыққа тартып алған шыдамаймын, - деп/206,287/ Көкенай тұр. Екінші басында әрі ағайынның татулығын, әрі екі жастың амандығын армандаған Әнет баба жайғасқан. Шындыққа жүгінсек, екі жақтың мақсаты бір: елдің бірлігін сақтау. Бірақ қалай сақтап қалуға болады? Міне осы сауалға жауап табуға келгенде екі жақтың пікірі екі арнаға тартады. Далалық төреліктің заңымен құн алып, тоқтасуға Көкенай қарсы. - Ей, Баба, тәңірге аян адал ісің, Сүйтсе де ел бүлінер бір бала үшін. Болған соң қазақ та жау, қалмақ та жау, Бұл елдің обалына қалмаймысың? - дейді/206, 287/ ол. Бұл жолдардың астарында онсыз да “Жау жағадан алғанда бөрі етектен” дегеннің кебін киіп, жоңғардың алапат қатерінен ертеңгі күніне сене алмай отырған қазақтың ең болмағанда ішкі бірлігін сақтайық деген ұлы ниеттің жатқаны сезіледі. Ел бірлігі үшін “Еркек тоқты құрбандық” болуы тарихи сана талабына сай шешім. Оқиға барысында Мамыр Қөкенайдың оғынан көз жұмады. Үзілер алдында тілге келген қыздың Көкенайға айтқан сөздерінде керемет ірілік бар. Жалынышты жылау да емес, зарлы өтініш те емес. Мамыр өзінің Қалқаманмен мәңгілікке табысқанына, қатыгез ажал оны бұл бетінен қайтара алмағанына ризашылығын айтады. Ендігі тілегі - Қалқаманның амандығы. Көкенайдан соңғы рет сұрайтыны да сол. Мойныңа менің қаным халал болсын, Болма енді Қалқаманның қанына ортақ, немесе Екі қан ауыр болар бір өзіңе Сүйсінбе бұл рақымсыз мінезіңе, - деген/206, 286/ зілді жолдардан қыз табиғатындағы батылдық пен парасаттылық барынша жарқырап көрінеді. “Қалқаман-Мамырдағы” қай кейіпкердің іс-әрекеті болсын поэмада өзі ғұмыр кешкен тарихи уақыт пен кеңістіктің сипатынан, өз заманына сай психологиядан, салт-саналық қағидалардан өрбіп жатады. Ондағы тартыстың өзі психологиялық сипатта. Ол негізінен салт-сана аясындағы тартыс,
әлеуметтік ой-түсініктер арасындағы қақтығыс болып келеді. Ширақ драматизмнің, ішкі шиеленістің бастауы осында жатыр. Поэмадағы тартыс жай ғана махаббат қасіретін арқау етпейді, онда қоршаған ортаның психологиясындағы қайшылықтармен астарласқан салт-сана тартысы бар. Шығармадағы Әнет баба мен Көкенай бейнелері - бойларына заманына лайық қасиеттерді мол жинақтаған аса күрделі образдар. Олардың ішкі, сыртқы табиғатындағы күрделілік оларды бірыңғай жағымды немесе бірыңғай жағымсыз деп бағалауға жол бермейді. Әсіресе “Орта жүзге үлгі айтқан әділ”/206, 280/ Әнет баба бейнесі ішкі иірімдері мол трагедиялық образ болып шыққан. Бастапқыда ел ағасы, әрі би, әрі ғұлама кейпінде көрінетін ол бұдан кейінгі тартыстардың тікелей басы-қасында жүреді. Адалдық пен әділдіктің жоқтаушысы ретінде көрінеді. Қарсы жақтың қойған талабының сырын сезсе де ол шиеленісті мейлінше әділ әрі адам қаны төгілмейтіндей бейбіт жолмен шешкісі келеді. Шариғат қағидасын қару еткенімен, көздеген мақсаты елдің бірлігі, ғашықтардың бақытты өмірі болды. Әрине, Қалқаман мен Мамырдың қол ұстасып кетуі Әнет бабаға да оңай тиген жоқ. Уайымға батырды, ойландырды, көрген түсінен сескендірді. Соған қарамастан дана қарияның шешімі біреу ғана: “ел арасын ушықтырмау керек!” Осы ниетпен Мәмбетейлерді бітімге шақырады. Қарсылыққа ұшырайды. Тіпті өз ағайындары да “елдің обалына қалмайық, қыз жағының талабын орындайық, бір бала Тобықты үшін жанын қиса қисын” деген пікірге ойыса береді. Баба басындағы трагедиялық хал осы арадан басталады. Ырқына көнбеген көпшіліктің қайтсе де айтқанын істетер қалыпқа жеткенін аңғарған қарияның осы сәттегі жан дүниесі астан-кестен. Қарсыласар дәрмен қайда? Ер азаматын еріксіз оққа байлауға мәжбүр. Шынында да Әнет бабаның шешімі шарасыздықтан, көпке қарсы қолданар қаруы жоқтықтан туған болатын. Бір қарағанда, Әнет бабадай көпті көрген көненің қазақ ішіндегі аталастардың өзара қыз алыспауы жайындағы генетикалық қағиданы білмеуі мүмкін емес. Шығармада ол шариғат жолын басшылыққа алады. Шариғат жолын ұстағандағы Әнет бабаның мақсаты ізгі ниеттен, екі жастың қанына ортақ болмау тілегінен туады. Оның көпшілікке қарсылығының төркіні осында жатыр. Әнет баба - халқының басындағы қуанышты, күйінішті ахуалдың бәрін арқалаған жиынтық бейне. Сондықтан халықтың трагедиясы оның басындағы трагедия ретінде қабылданады.
“Қалқаман-Мамыр” поэмасы екі ғашықтың қайғылы хикаясынан кейінгі оқиғалардан деректер берумен аяқталады. Атап айтқанда, азаматын іздеуге бекінген ел көп ұзамай қасіретке ұшырайды. Жоңғар шапқыншылығы қазақты орныққан жерінен ауа көшуге мәжбүр етеді. Осынау “ақтабаншұбырындының” аласапыранында үдере көшкен елімен бірге ауған сапарында Әнет бабаның өзі де бір төбенің басында жүруге жарамай қалып қояды. Бір қарағанда, поэмадағы Көкенай образы мінез-құлқы да, іс-әрекеті де айқын бейне болып көрінеді. Шығармадағы тартыстың трагедиялық бағыт алуына, Мамырдың өліміне, елдің ішіндегі дау-дамайдың өршуіне тікелей Көкенай себепкер болады. Дегенмен Көкенайды белгілі ғалым М.Мағауиннің сөзімен айтқанда: “… қазіргі ұғымдағы “ұнамсыз кейіпкер” деп айту қиын. Ол да өз заманының перзенті, рулық-патриархалдық мораль сақшысы.”/207, 343/ Шәкәрім Көкенайға “Өзі батыр, мінезі қатты кісі” деген сипаттама береді. Шынында да поэма кейіпкерінің іс-қимылынан осы қасиеттер жиі аңғарылып жатады. Сонымен қатар ол әділ. Қашанда адалдық, тазалық үшін күреседі. Аталас ағайындығы бар Қалқаман мен Мамырдың оқиғасы оның жүрегіне найзаның өткір жебесіндей қадалады. Оның ұғымынша, бұл бүкіл елдің сүйегіне түсер таңба. Сол себепті де ол Кішік жағынан Қалқаманды жазалауды талап ете тұрып, “Ел болып Кішікпен бас құрамаймын,”- деп аса өктем сөйлейді. Оллаһи, біз кетеміз, қазір ауып, Менен басқа туысқан алсын тауып,- деген/206, 287/ сөздері арқылы Шәкәрім оның бүкіл болмысын, қара қылды қақ жарар қатал да әділ характерін ашып береді. Осынау жолдардан Көкенайдың қаталдық, қатыгездік, намысшылдық қасиеттері анық көрінеді. Мақсатына қол жеткізу жолында ол алған бетінен қайтпайтын батыл. Соның арқасында өз дегеніне жетеді де. Поэмада Шәкәрімнің өзі де Көкенайды “мінезі қатты” дегенмен “қатал, жауыз” деп тікелей қараламайды. Кейіпкерінің бүкіл қаталдығын іс-әрекеті арқылы көрсетеді. Ол - поэмадағы тартыстың өрбуіне себеп болатын екі түрлі түсініктің бірінің басында тұрған тұлға. Мақсаты - қисынсыз әрекетке, әділдіктің бұзылуына жол бермеу. Өзгелерден де осыны талап етеді Қалқаман Тобықты үшін жанын қиса,
Кетпей ме шаһит болып оның жаны?-дейді/206, 283/ ол Әнет бабаға. Қажет болса, адалдық, игілікті іс үшін жанын құрбан етуге өзі де даяр. Түптеп келгенде, Әнет баба мен Көкенайдың мақсаттары бір. Екеуі де ел ішінің бүлінбеуін ойлайды. Бірақ екеуі түпкі мақсаттарына екі түрлі жолмен жетпек. Әнет баба шариғат қағидаларын алға тартып, екі жастың дауын орайлы шешуге тырысады, Көкенай болса, әділдікке халықтық салтдәстүр, ұлттық мораль қағидаларын қорғау арқылы жетуге ұмтылады. Көкенайдың түсінігінде аталас жастардың қосылуы генетикалық тазалықты көздеген халықтық мораль қағидаларына қайшы келмек. Ол - күні ертеңгі адам ұрпағының азуына жол беру деген сөз. Сонымен бірге рудың сүйегіне түсетін айықпас таңба. Көкенайдың қатыгездігі де, намысқойлығы да осындай тазалықты корғау мақсатынан туындайды. Көкенай Қалқаман мен Мамырға деген дұшпандық кек жоқ. Оның әрекетінде қанішер зұлымдық та көрінбейді. Қайта ол халықтық әдет-ғұрып қағидаларына жетік, сабырлы да салмақты жан. Поэма кейіпкерлері психологиялық жағынан жан-жақты ашылған. Шәкәрім өз қаһармандарының сыртқы портреттік кескіндеріне көп назар аудармай, олардың жан дүниесін, мінез-құлқын, рухани қасиеттерін жете суреттеуге ден қояды. Олардың іс-әрекеттерінің психологиялық, мінезқұлықтық негізі айқын. Соған орай кейіпкерлер бейнесі нақты әрі нанымды. Қандай ситуацияда, қандай сипатта бейнеленсе де олар шынайы реалистік үлгіде жасалған көркем образ күйінде танылады. “Қалқаман-Мамырдан” кейін Шәкәрімнің эпикалық поэзия жанрында жазған елеулі туындысы “Еңлік-Кебек” поэмасы болды. Ол Абайдың көзі тірісінде, ұлы ұстаздың тапсырмасымен жазылған шығарма. Талапкер ақындарға қамқорлық жасап, оңтайлы тақырып ұсынып, олардың жазғандарын талқыдан өткізіп отыру Абай айналасындағы ұлағатты үрдістердің бірі болған. Ұлы ақын өзінің жолын қуған шәкірттеріне нақты тақырыптарға шығарма жазуды тапсырып отырған, сын тезінен өткізіп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеген. Шәкәрімнің “Еңлік-Кебегінің” жазылу тарихы да осындай. Олай дейтініміз, Абайдың баласы Мағауия да осы аттас поэма жазған. Екеуіне де бір оқиға арқау етіп алынған. Абай өзінің шәкірттерінің шығармашылық қарымын, ақындық өресін осылайша сарапқа салған болу керек. “ЕңлікКебек” Мағауияның алғашқы жазған шығармасы, - дейді М. Әуезов. - Өлеңдік жағынан ол әлі поэма тіліне жете шеберленбеген күйді танытады.
Тілге тұтқыр және анық поэзиялық ерекшелік жағынан қарағанда бұл поэманың да өзінше өз тұсындағы адамдардың шығармаларынан оқшау тұрған озғын жайлары бар.”/208, 189/ Осы туынды туралы белгілі ғалым А.Нұрқатов былай дейді: “Мұнда ақын тарихи оқиғалар мен тарихта болған жандардың тағдырын негізгі өзек ете отырып, сатиралық сипаты, әшкереушілік қуаты күшті реалистік поэма жасағанын көреміз. Бұл поэмадағы сатиралық, демократтық және гуманистік сарындар, сөз жоқ, Абай творчествосының әсерімен, ұлы ақынның тағылымы, өсиетімен тікелей байланысты еді.”/209, 146/ Бұл пікірлер Мағауия Абайұлының қаламынан туған “Еңлік-Кебек” поэмасының көркемдік жетістіктерін әділ бағалаған деуіміз керек. Ал Шәкәрім мұрасын бүркемелеп келген перденің ашылуы соңғы уақытта Мағауия мен Шәкәрімнің қатарласа, өнер жарыстыра отырып жазған осы туындыларын өзара сабақтастыра, салыстыра зерттеуге мүмкіндік тудырды. Екі поэмаға да ертеректе ел ішінде болған оқиға арқау болған. Кезінде дәл осы оқиғаның желісімен М. Әуезов “Еңлік-Кебек” трагедиясын да жазды. “Ұсақ ауытқуларды айтпағанда, барлық нұсқадағы оқиға, оның баяндалу реті, аяқталуы, аты аталатын адамдар, негізінен бірдей. Адам бейнелерін кескіндеу де ұқсас. Кебек - батыр. Еңлік - асқақ махаббат иесі, Кеңгірбай - опасыз болып көрінеді. Шыңғыстау, Орда, Хан, Доғалаң, Ашысу барлық нұсқада аталады”, - дейді /210, 14-15/ белгілі ғалым, академик Р.Нұрғалиев. Шәкәрімнің қаламынан туған “Еңлік-Кебек” поэмасының басында ақын оның жазылу мерзімі, онда баяндалатын оқиғаның тарихи ортасы, кеңістік пен уақыт өлшемдеріндегі нүктелері жөнінде жан-жақты мәлімет береді. Қалқаман мен Мамырды жаздым бұрын, Оқығандар байқадың оның сырын. Енді айтамын Еңлік пен Кебек сөзін, Тағы сынап көріңіз мұның түрін./206, 294/ Бұл жолдарға қарағанда, “Еңлік-Кебектің” “Қалқаман-Мамырдан” кейін жазылғаны анық. Осы кіріспеде автор оқиғаға алғышарт болған тарихи жағдайларға нақты шолу жасайды, оқырманын алдын-ала даярлап алады. Қалмақ жеңіп, қазақтан алған кегін Қалқаман қиссасында жазған едім.
“Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл Ақтабан шұбырынды болды”-дедім./206, 291/ Осылайша уақыт дерегіне дейін дәл берген ақын бұдан соң қалмақтан жеңіліп, Сыр бойынан жөңкіле көшкен елдің жайын, жолшыбай көрген азаптарын суреттей келіп, әңгімесінің соңын Келгені Тобықтының осы маңға Мың жеті жүз сексенге тақалғанда, Елді бастап әкелген Матай батыр Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға, - деп/206, 293/ поэма оқиғасы өтетін мерзім мен мекенге әкеліп тірейді. Шәкәрім бұл шығармасында өзінің “Қалқаман-Мамыр” поэмасына арқау болған тарихи жағдайлардың мерзімдік, мекендік сабақтастығын үзбейді. Жоғарыдағы кіріспеде айтылғандай, Қалқаман мен Мамыр оқиғасына қатысты баяндалатын “ақтабан-шұбырынды” дүрмегінен соң көштің аяғы Шыңғыстауға келіп тіреледі. Еңлік пен Кебек оқиғасы осы кеңістікте өтеді. Поэмада сол кездегі тарихи адамдар мен географиялық атаулар нақты көрсетіледі. Жалпы Шәкәрімнің барлық поэмаларында көрініс беретін мұндай нақтылық, уақыт пен кеңістік өлшемдерінің айқындығы “Еңлік-Кебектің” кіріспе бөлімінде ерекше қызмет атқарып тұр. Ол поэмадағы негізгі оқиғаның болмысын, шығармадағы трагедиялық ситуациялардың туу себептерін ашуда кейінірек үлкен роль атқарады. Поэманың әлеуметтік сипатын айқындайтын басты тұтқалардың бірі ретінде көрінеді. Ақын поэманың басында сол кездегі Шыңғыс өңіріндегі жер дауынан хабар береді. Ә дегеннен-ақ шұрайлы Шыңғыстау өңіріне көз алартқан Тобықты мен Матай арасындағы тартыс байқалады. Қырмызы қырды алып, берекелі бөктерге таласса да, бірде жауығып, бірде бітісіп жүрсе де Тобықтының есі-дерті Шыңғыста. Бұл өңірге олардан ертерек келіп бекіген Матайлар майлы жерді оңайлықпен бере қойсын ба?! Даудың басы осында. Шәкәрімнің “Еңлік-Кебегі” көркемдік жағынан болсын, идеялық нысаналылығы жағынан болсын елеулі туынды. Оған арқау болған оқиға Шәкәрімнің айтуынша, он сегізінші ғасырдың сексенінші жылдары шамасында Шыңғыстауда өткен.
…Кебек батыр алдағы болашағын болжау үшін Нысан абызға бал аштырады. Қарт абыз жігіттің ажалы беймәлім қара жартастың түбінде биік қабақ сұрлау қыздан боларын айтады. Осыдан сақтану керек. Өзін қатты ойландырған бұл жайды уақыт өте келе Кебек ұмытып кетеді. Қыраулы қыстың бір күнінде ол Хан тауынан түлкі қағып жүргенде адасып, кешкісін бір шал мен кемпірдің үйіне түседі. Осы үйде алғаш рет болашақ жары Еңлікпен кездесіп, тілдеседі. Қыздың айтуынша, оның құда түсіп қойған болашақ күйеуі надан жан. Қыз оны менсінбейді. Еңлік пен Кебектің осы түннен басталған таныстығы кейін шынайы махаббатқа ұласып, ақырында екеуі қол ұстасып қашып кетеді. Тау арасындағы бір қара жартасты мекен етеді. Еңлік босанып, ұлды болады. Екі ел арасында осыған байланысты дау туады. Қыз төркінінің қысымына шыдамаған жігіт жағы ақырында Еңлік пен Кебектің қайда екенін айтып қояды. Ғашықтар қапыда қолға түседі. Өздеріне біраз уақыт пана болған қара жартастың түбінде бірге қаза табады. Тастың қуысында бейкүнә сәбилері шырылдап қалады. Оқиғаның негізгі арқауы қыз бен жігіт басындағы махаббат трагедиясы болғанмен ойшыл Шәкәрім аталмыш дастанында сол кезеңдегі замана сипатына, әлеуметтік жағдайларға, қоғамдық қайшылықтарға айрықша мән бере қарайды. Айта кететін бір мәселе - мұндағы оқиға желісі осының алдындағы “Қалқаман-Мамырдағыға” ұқсас көрінгенімен “Еңлік-Кебектің” әлеуметтік астары одан әлдеқайда терең. “Қалқаман-Мамырда” халықтық салт-сана мен шариғат қағидалары арасындағы кереғарлықтар тартысқа түссе, “Еңлік-Кебекте” ел мен ел арасындағы конфликт, қазақ тұрмысына ежелден етене жер дауы, жесір дауы секілді тартыс сипаты басым. “Ақтабан-шұбырынды, алқакөл сұлама” оқиғаларына байланысты жағдайлар поэмаға тарихи сахна ретінде алынған. Шәкәрім шығармада көтерілетін мәселелердің қоғамдық және әлеуметтік табиғатын барынша терең ашу мақсатымен осы фонды шебер пайдаланады. Ақынның бейнелеуінше, осынау әлеуметтік тартыстың, трагедиялық мәреге жетелейтін қақтығыстардың түп тамырында ел басына күн туып, есіл жұрт үдере көшіп, паналауға қоныс іздеген тарихи кезеңнің зардаптары жатыр. Сыр бойынан ауа сырғып, бүкіл сахараны көктей өтіп келген елдің алдынан жиделі байсын, шүйгін жер, сап-салқын саумал бұлақты өлке күтіп тұрған жоқ еді. Жер дауы, жайылым таласы қатты өршіген. Рас, шығармада найманның көптігінен тобықтының сескенетіні бір рет қана айтылатыны болмаса, бұл дау туралы тікелей сөз болмайды. Дегенмен ол поэмадағы тартыстың кейбір
арналарынан хабар беріп отырады. Шәкәрім Еңлік пен Кебектің махаббат жолында қайғылы қазаға ұшырауын әлдебір рудың немесе белгілі бір топтың не жеке адамның мойынына қоймай, тарихи оқиғалар аясындағы қоғамдық, әлеуметтік тартыстың қаталдығына апарып телиді. Ғашықтардың дәл мынадай әлеуметтік қыспақтан аман қалып, бақытты ғұмыр кешуі мүмкін емес. Оқиға дамуының өзі осыған әкеліп тірейді. Айналып келгенде, бұл жалқы дерек, яки жекелеген ғашықтар басындағы жағдай ғана емес, бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі трагедиялық ахуал болатын. Сырттай қарағанда мүдде атаулының бәрі елдің ішіндегі тыныштықты қорғауға бағындырылғанымен, оған жетудің жолы қияметтің соқпағындай бұралаң. Еңлік пен Кебек те сол сапардағы құрбандықтардың қатарында. Құрбандықты жүзеге асыратын жеке адамдар емес, тұтас қоғам. Беделі биік Кабекеңнің, Кеңгірбай бидің сол себепті де жағдайға араша түсер дәрмені жоқ. Поэмадағы Қабекең бейнесі “Қалқаман-Мамырдағы” Әнет бабаға ұқсас. Әнет баба да, Қабекең де ғашық жастарға қол ұшын беруге ықыласты, бірақ соған жете алмайды. Көпшіліктің пікіріне қарсы тұруға дәрменсіз. Сондай-ақ, Қабекең бейнесінің Әнет бабадан өзгешелігі де бар. Әнет баба жастарға жанашыр болып, шамасы келгенше тайталасып, ақыр соңында шарасыздыққа шырмалып, трагедиялық халге түскен жан ретінде көрінсе, Кеңгірбайда оңдай күрескерлік мінез жоқ. Ол оқиғаның кей тұстарында ғана бой көрсетіп, тартысқа араласады. Шығарма соңында Кебекті ажалға байлап береді. Дегенмен оны да ақтауға болады. Өзара күреске түскен екі жақтың әлеует-күші тең емес. Жалаңаш білекпен жеңе алмайсың. Қабекең әлсіздер жағында. Заман - қара күштің заманы. Қабекеңнің әрекетіндегі батылсыздық пен шарасыздықтың түп тамыры осында жатыр. Осы тұрғыдан оны мүлде қаралау қиын. Ол да өз заманындағы әлеуметтік, қоғамдық жағдайлардың құрбаны. Салыстырып қарағанда, Мағауияның поэмасындағы Кеңгірбай басқаша сипатта көрінеді. Мағауияның Кеңгірбайы - Еңлік пен Кебектің басындағы трагедияның бірден-бір себепкері. Яғни онда Кеңгірбай қыздың қайын жұртынан пара алып, соның қайтарымына екі жастың жасырынған жерін айғақтап береді. Мұнда да әлеуметтік астар бар. Кеңгірбай бейнесі арқылы Мағауия сол кездегі қазақ қоғамының тағдырын қолына ұстаған байлар мен билердің озбырлығын сомдаған. Мағауияның Кеңгірбайы осындай үстемдіктің, әділетсіздіктің жиынтығы ретінде көрінеді. Оның бейнесінде қоспа сипаттардың, авторлық әсірелеудің мол болуының осындай құпиясы бар.
Шәкәрім басқа шешімге жүгінеді. Кеңгірбай секілді күрделі кейіпкерінің ішкі болмысын әсірелеусіз, мейлінше дәл беруге ұмтылады. Шәкәрімнің Кеңгірбайы - жан дүниесі күрделі жан, бір қылығы ұнамды болса, екінші әрекеті оғаш көрінер тұлға. Шығармасының әлеуметтік философиясын осылайша негіздей отырып, Шәкәрім кейіпкерлерінің образдарын сомдауға, көркем бейнелеу тәсілдерін қолдануға келгенде, ғажап шеберлік танытады. Поэмада ойдан шығарылғандай бір де бір нанымсыз эпизод жоқ. Кейіпкерлері де өмірдегідей қарапайым. Олардың іс-әрекеттеріңде, түсінік-танымдарында
заман ауанынан оқшаулық байқалмайды. “Қалқаман-Мамырдағы” сияқты мұнда да кейіпкерлердің сыртқы портретіне көп мән берілмейді. “Еңлік-Кебекте” ай мен күндей сұлу қыздың ғажайып бейнесі де, батыр жігіттің елден ерек тұлғасы да кездеспейді. Шығарманың бас кейіпкерлері Еңлік пен Кебектің портреттері бір-екі ауыз сөзбен, сараң детальдармен ғана беріледі. Дегенмен үстірт қарағанда елеусіздеу көрінер сол детальдардың өзінен қыз бен жігіттің бүкіл болмысбітіміндегі өзіндік ерекше қасиеттер бой көрсетіп жатады. Мәселен, Нысан абыздың аузымен айтылатын “биік қабақ сұрлау қыз” деген сараң сипаттама Еңліктің бойындағы өрлік пен тәкаппарлықты, қайсар мінезді айна-қатесіз беріп тұр. Оқиғаның финалында бұл болжам ақиқатқа айналады. Ал Кебекті Шәкәрім былай таныстырады ғой: Он бесінде Кебектің аты шықты, Атты, жаяу бәріне бірдей мықты. Көзі өткір қараторы жігіт екен, Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын алып, Соғыс десе тұрмайды қойса байлап. Жауға батыл, жақынға және әдепті, Кішіні іні, үлкенді ағатайлап./206, 294/ “Жасы бала болса да жаны отты” бозбаланың сырт тұлғасы да, мінезқұлқы да, батырлығы да осы шумақтарға сыйдырылған. Шәкәрім Кебектің
портретіне бұдан соң оралмайды. Оның барлық қасиеті “көзі өткір”, “кең иықты” деген тақ-тұқ теңеулермен шектелген. Әйтсе де Кебектің әрбір мінезін, батыр тұлғасын, әдептілігі мен өжеттігін жеткізуде осы шағын портреттік кескіндеудің өзі-ақ жетіп жатыр. Поэмада Шәкәрім Кебекті елден асқан батыр етіп әсірелей баяндаудан бас тартады, реалистік образ жасауға ұмтылады. Шынында да жігіт бүкіл оқиға барысында ешқандай батырлық жасамайды. Айқасқа түсер жалғыз ғана жері - өзін ұстауға келгендерге қарсы соғыс салған тұс. Мұнда да ол “бірталайын жаралы қылса дағы”, өзінен басым күшке қарсылық қыла алмай қолға түседі. Басқа ситуацияларда да Кебек өзін өмірдегідей қарапайым қалыпта ұстайды. О бастағы Нысан абыздың “ажалың биік қабақ сұрлау қыздан болады” деген сөздеріне мойын ұсынғандай кейіпте көрінетін секілді. Бірақ Шәкәрімнің Кебегі тағдырдың салғанына үнсіз бағынған жігерсіз жігіт емес. Алған бағытынан таймастай өжет, қатерден қаймықпайтын батыл тұлға. Батырлығы оның білек күшінде емес, жан сарайында, ақылпарасатында. Кебектің батырлығы мен қайсарлығы Еңлікпен алғаш танысып аттанарда айқын байқалады. Жолға шығар алдыңда үй іргесіндегі қара жартасқа бір, Еңлік қызға бір қарап тұрып Кебек Нысан абыздың айтқандарын ойына түсіреді. “Япыр-ау! Әлде сайтан, әлде жын ба, Кім бастап алып келді мені мұнда! Осы көрген түсім бе, иә өңім бе, Қалжыраған бақсының сөзі шын ба?
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде, Өлім көрмей қоя ма туған пенде. Қарап жүріп қаңғырып босқа өлгенше, Еңлік үшін өлгеннің қапысы не!…”- деп/206,180-181/ әрі дал болып, әрі өзін-өзі қайрап, тәуекелге бел буады. Бірі пәк сезімін аяқ асты етіп, бүкіл адамгершілік қасиеттен жұрдай ететін, енді бірі адал махаббат жолында құрбандыққа шалдыратын екі жолдың ең ауырын таңдаған қайсар жанның бейнесінде көрінеді.
Басына түскен жағдай Кебекті жасытпайды, ширата түседі. Ішкі рухани кіршіксіздіктен, адамгершілік тазалықтан туған қайсар мінез Кебектің бойынан үнемі көрініп отырады. Шығарманың соңында қозыкүреңімен ала қашқан сәтте аттан сырғып түсіп қалған жан жарын тастап кетпей, не көрсем де бірге болайын деген шешіммен ажал торына өзінің келіп түсуінде де осы мінездің нышаны жатыр. Осы арада айтпай кетуге болмайтын бір мәселе бар. Ол Шәкәрім шығармаларының текстологиясына қатысты. Атап айтқанда, “Еңлік-Кебек” поэмасы ақынның 1988 жылы “Жазушы” және “Жалын” баспаларынан жарық көрген екі жинағына да енген. Екеуін салыстырып қарағанда, поэма мәтінінің кей тұстары “Жазушы” баспасынан шыққан жинақта себепсіз түсіп қалған. Мәселен, жоғарыда өзіміз сөз еткен Еңлік пен Кебектің алғашқы танысу сәтіне қатысты алты шумақ осының кебін киген. Сол себепті поэмадағы әңгіменің желісіне нұқсан келген./206,302/ Яғни таңертеңгілік ат арқандауға шыққан Кебек пен Еңліктің біріне-бірі Мына жартас табыспақ болсын бізге, Мені ұмытып, жатып ап күдер үзбе. Осы араға үш күнде бір келіп жүр, Ең болмаса жұманы құр өткізбе, - деп/206, 180/ уәде байласатын тұсындағы қыз бен жігіттің арасындағы негізгі сахналардың бірі қысқарып қалған. “Еңлік-Кебектің” аса құнды қасиетінің бірі - қаһармандардың жанжақтылығы.”/210, 22/ Поэмадағы осындай бейненің бірі - Еңлік. Шәкәрімнің суреттеуінде ол қарапайым жан, биік қабақ сұрлау қыз ғана. Ал Мағауияның поэмасында Еңліктің сипаты былайша беріледі: Биік қабақ, ақ сұрлау, қара қасты, Тік маңдай, толық жүзді, қолаң шашты. Қарауында бір түрлі реңі бар, Сынап байқап қалатын жеңіл жасты.
Қыр мұрын, қызыл ерін, аппақ тісті, Ашық жүзбен жігітті тартар түсі. Барынша айтып бақтым суретін, Кебек ердің Еңлік қыз асығы осы. Шапаны теріс арқау, шағи камзол, Қымбатты ол заманда осы ғой бұл. Аяғында көк қасқа етігі бар, Бұрынғының артықша киімі сол.
Басында құндыз бөрік үкі таққан, Кестелеулі етегі, көйлегі ақтан. Бешпеті үстіндегі батсайыдан, Бек жақсы шығатұғын Бұхар жақтан./211, 164-165/ Мағауия бейнелеген сұлу қыздың көркіне киімі сай. Үстіндегі шағи камзолы, аяғындағы көк қасқа етігі, басындағы құндыз бөркі, етегі кестеленген көйлегі ару қыздың келбетін одан әрі әрлендіре түскен. Нанымсыз ештеңе жоқ, шынайы сурет. Шәкәрім мұндай суреттеуге бармаған. Бір-екі ауыз сөзбен Еңліктің көркі мен мінезінің негізгі нышандарын сездіреді де, қыздың бойындағы қасиеттерді іс-әрекет, қарым-қатынас үстінде, монолог пен диалог арқылы жеткізеді. Ақылына көркі сай қыздың образын оқиға барысында, тартыс үстінде сомдайды. Тағы бір ерекшелік - Мағауияның дастанында жігіт бірінші болып қызға деген көңілін білдірсе, Шәкәрімнің поэмасында Кебекті Еңлік оятады. Дегенмен қазақ салтына оғаш қылыққа аяқ баса тұрса да Шәкәрімнің Еңлігі өте сыпайы әрі инабатты. Қалай болғанда да осы эпизодтағы қыздың қылығын айыптау қиын. Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар, Әдепсіз қыз дейсің ғой әлдеқандай, - деп(206, 298) имене тіл қатады ол жігітке. Оның сөздерінен қыз бала қанша өжет, қайсар, тәкаппар болса да, оның әдеп алдында нәзік те шарасыз екені аңғарылып тұрады.
Осы эпизодтағы қыз бен жігіттің әңгімесіне Шәкәрім терең мазмұн дарытқан. Ақын қыз басындағы қиындықты, сүйгеніне қосылудағы кедергілерді, әдет-ғұрыптың тозығын сездірумен қатар, кейіпкерлерінің характерін ашуда да биікке көтерілген. Тартыстың шиеленісуіне себепкер кілтипан да осы арада: Еңлік атастырылып қойылған. Күйеуі надан біреу. Бірақ әдет-ғұрып заңына бағынса, оның да қолында белгілі бір күш, өзіне лайық правосы бар жан. Еңлік пен Кебектің бақытты өмір сүруіне бірінші кедергі болатын да осы кейіпкер. Нышаны жоқ бет аузында сақал, мұрттан, Бұрын да естуші едім жайын сырттан. Түн болса ұйқыдан бас көтермейді, Күндіз асық іздейді ескі жұрттан, - деп/206, 298/ Еңлік Кебекке жан сырын ақтарады, қанша риза болмаса да салт-дәстүр алдында өзінің шарасыздығын айтып, лүпілдеген жүрегіне пана тілейді. Ақылды қыз құр егілмейді, өзінің қайсарлығын, қорлыққа көне қоймайтынын сездіреді. Еңліктің осы сәттегі жан дүниесінде алапат дауылмен тайталасар нәзік сезім, қайсар үміт бар. Шәкәрімнің Еңлігі ақылына талғамы сай жан. Оның Кебекке ақтарған мұң аралас сырының аяғы ойлы толғамдарға ұласады. Еңліктің бұл арада әйтеуір сүйгенімнің етегінен ұстасам деген жастық албырттығы емес, әрнәрсені де ақыл таразысына салып қарайтын ақылдылығы көрінеді. Өзіне көз салып, көңіл аударып жүргендердің аз еместігін ол жақсы біледі. Солардың біреуімен кетер едім, Байқаймын, бәрі менің теңім емес,-дейді/206,299/ ол. Еңлік табиғатының жүрекжарды шындығы, міне, осындай. Басын имес тәкаппарлығы да, жақсы мен жаманды тап басып танитын талғампаздығы да бар. Кебекті ғана ол өзіне тең санайды. Кебектің алдында да осы сәтте қиын сауалдар тұра қалады. Ол ә дегеннен қыз сөзіне елтіп бас шұлғыған да, кесімді қарсылық айтқан да жоқ. Сабыры мен ақылына жүгініп көп ойланады. Сөйтіп қызды тағы сынамаққа ниеттенеді. Сол оймен қызға “күйеуің ертең-ақ адам санатына қосылар, әзірше аз күн ойын-сауық құрайық” дейді. Бірақ Еңліктің де жауабы дайын, өзінің шынайы махаббаттың, ар тазалығының құлы екенін айтады. Өйтіп уағда бермесең, әуре етпе,
Тең көрмесең телміртіп, тентіретпе! Қайда барсаң обалым жібермейді, Бірақ осы сөзімді ұмытып кетпе! – деп/206, 300/ тоқ етер тоқтамын айтады. Оның іздегені аз күндік алданыш емес, адал махаббат. Оның арманы - Кебек. Еңліктің шешімі біреу-ақ. “Қайда барсаң обалым жібермейді” деген сөздерден оның ендігі жердегі ауыртпалықтың бәрін қайыспай көтерер қайсарлығы байқалады. “Қайда барсаң обалым жібермейді” деген тіркес арқылы ақын шығарманың трагедиялық сипатын тағы бір еске салғандай болады. Поэманың басындағы Нысан абыздың Кебекке айтқан сөздерінің сызы осы тұста тағы да сезіледі. Поэманың финалында ғашықтар қолға түседі. Еңлік пен Кебек байлаулы. Ағайынның үкімі де әлдеқашан дайын: Өлім! Осы бір шытырман шақта тағы да Еңліктің тәкаппар сөзі айтылады. Кебекпен мені азғана арыздастыр, Өлген соң бірге қосып таспен бастыр. Мына бала - Тобықты баласы ғой, Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр, - деп/206, 308/ соңғы үш тілегін айтады. Дәл осы арадағы Еңліктің сөздері Мамыр қыздың өлер алдында Көкенайға тіл қатуымен ұқсас. Еңлік те, Мамыр да өлім аузында тұр. Алайда бұл екі эпизод сырттай ұқсас көрінгенімен ішкі драматизм жағынан екі түрлі. Мамырдың жалынышы жоқ қайсар үнінде “Қалқаманның қанын жүктеме” деген ғашықтық тілек басым естілсе, Еңліктің сөздері ашу мен ызаға толы. Шәкәрім поэмасының Мағауияның поэмасынан бір ерекшелігі осы тұста көрінеді. Мағауияда трагедияның түйіні шешілер сәт сәл босаңдау шыққан. Онда ажал алдындағы Еңлік қыз Кеңгірбай бидің атына ұзақ-ұзақ лағнет сөздер айтады. Бұл Мағауия поэмасының о бастағы идеялық нысанасына лайық. Ал Шәкәрімнің Еңлігі поэманың финалында сүйген жары мен перзентіне деген махаббатын ту етіп көтерген қайсар қалыпта көз жұмады. Поэманың басында эпизодтық дәрежеде көрінетін Нысан абыз бейнесінің шығарманың идеялық мақсатын ашуда елеулі орны бар. Ол - әлдеқандай бір тылсым күштің ғана емес, ақыл мен көрегендік қасиеттің де
иесі. Ол - айтқаны айнымай келетін құдіретті жан. Осынау құдіретті абыз Кебек алдына келгенде қарапайым пенделік қалыпқа түсіп, кешірім өтінеді, мейірбандық танытады. Енді бір сәт ақын жүрегінің қуатымен Нысан абыздың ғажайып бейнесі сомдалады. Мұңлы қоңыр дауысы шықса зарлап, Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап. А, дейді де тыңдайды анда-санда Құлағына кеткендей жын сыбырлап.
Екі көзін қан жауып, өңі қашып, Сұп-сұр болып, алартып көзін ашып. Шүлдір-шүлдір сөйлесіп жыныменен, Өзін-өзі тоқтатты әзер басып./206, 295/ Нысан абыздың образын тұлғаландырып тұрған оның Кебекпен кездесу сахнасы. Абыздың аузынан шыққан “ажалың биік қабақ сұрлау қыздан” деген сөздер бүкіл поэмаға трагедиялық сипат меңзейді. Осы сахнаны Шәкәрім мен Мағауия екі түрлі жырлайды. Мағауия Кебектің Нысан абызға келген сәтін тәптіштей баяндаса, Шәкәрім неғұрлым аз сөзбен шектелген. Шәкәрімнің “Нартайлақ-Айсұлу” поэмасы өмірінің соңында, 1929 жылы жазылған. Мұнда да махаббат драмасы баяндалады. “НартайлақАйсұлудағы” махаббат мәселесі ақынның алдыңғы поэмаларындағыдан өзгешелеу. Бұл жолы Шәкәрім өзге поэмаларындағыдай әлеуметтік, философиялық тереңдікке бара алмаған, жалаң махаббат драмасын әңгімелеумен шектелген. Көркемдік деңгейі жағынан “Нартайлақ-Айсұлу” Шәкәрімнің алдыңғы екі дастанының деңгейіне жете алмайды. Кезінде мұны Шәкәрімнің өзі де мойындағанға ұқсайды. “Жазған поэмаларымда “Нартайлақ-Айсұлу” поэмасының поэзиялық жағы “Дубровский”, “Ләйлә-Мәжнүн” поэмаларынан төмен. Оның негізгі себебі асығыс жазылуынан болса керек. Бірақ оның уақиғасы егер пьесаға аударылса қызықты болар еді,”- деп/212/ жазады Шәкәрім.
Поэманың бас қаһармандары Нартайлақ пен Айсұлу да “ҚалқаманМамырдағы” сияқты өзара туыстық ілік-шатысы бар жандар. Ағайынды кісінің балалары. Бірақ поэмадағы тартыстың негізгі кілті бұл емес. Шәкәрімнің алдыңғы поэмаларында рухани қағидалардың, түсінікұғымдардың қақтығысы бірінші кезекте көрінсе, “Нартайлақ-Айсұлудағы” тартыс ғашықтар басындағы оқиғаларға қатысты адамдардың арасындағы қарапайым тұрмыстық конфликт деңгейінде көрінген. Шәкәрімнің бұл поэмасында бұрынғы шығармаларындағыдай тарихи фон, мезгіл мен мекен деректерінің нақтылығы байқалмайды. Барлық оқиға аумағы шағын ортада, екі ауылдың арасында өтеді. Тіршілік түйткілдерін көрсету арқылы жан-жақты философиялық, әлеуметтік тұжырым жасау машығын Шәкәрім бұл жолы көрсете алмаған. Ақынның мақсаты дастанның кіріспесінде өзі айтқандай, салт-дәстүрдің кейбір көріністеріне қарсылығын білдіру болған. Қос қатын алу жаман салт екенін, Күндестік араздықтың шарты екенін, Қыз бермей сүйгеніне, малға сату Адамның ең рахымсыз анты екенін/206, 310/ ашып көрсету болған тәрізді. Поэманы жазу барысында Шәкәрім осынау шектеулі мақсаттың шеңберінен аспаған. Поэма “Әңгіменің сыры” деп аталатын кіріспеден басталады. Бұдан ары шығарманың кейіпкерлері таныстырылады. Олардың арасындағы туыстық қатынастарды, географиялық деректерді баяндауда ақын әдеттегідей нақты. Нартайлақ пен Айсұлудың ғашықтық сезімдері де бір ауыз сөзбен қысқаша айтылады. Шығарма финалындағы трагедиялық шешімге апаратын шиеленістің төркіні мынадай: Айсұлу Нартайлаққа болған асық, Үңгірде қосылып мауқын басып. Балғаның тірісінде Айсұлуды Матайға бермек болған баталасып./206, 312/ … Он бестегі Айсұлуға Матай ішіндегі Балқыбек байдың ұлы Барлы құда түскен. Болашақ күйеу баласына қыз әкесі Балғаның да көңілі толмайды. Сол себепті қызының қалыңмалын алмай, істі кейінге шегерген.
Ойы - Айсұлуды бермеу. Мұны сезіп, өкпесі қара қазандай болған құдасы баласына Ханым деген ақымақтау біреуді әпереді. Сөйтіп жүргенде ажалы жетіп Балға қайтыс болады да, апалы-сіңлілі Айсұлу мен Күнсұлудың тағдыры өгей ағалары Барғананың қолына көшеді. Құлқынын ойлап Айсұлуды Самсыға сатпақ ниетіне жете алмаған Барғана ендігі жерде қайтсе де Нартайлақ пен Айсұлудың жолына кедергі болуға тырысады. Зұлымдығына найза бойламайтын Барғана қарындасын бір кезде әкесі атастырып қойған жеріне, әйелі бар Барлыға тоқалдыққа береді. Айсұлу барған жерінде бір күн қызық көре алмай, көз жасына булыққан күйі өзіне өзі қол жұмсап өледі. Ағайындары ақылдасып Нартайлаққа Күнсұлуды береді. Шәкәрім аталмыш шығармасында махаббат хикаясын өзге поэмаларындағыдай әлеуметтік биік тұғырдан жырлай алмаған. Оқиға желісін қуалай баяндап отырып, көркемдік түйін жасау тізгінін босаңсытып жібереді. Поэмада бірімен бірі астасып, астарласып жатқан ірілі-ұсақты тартыс көп. Бұл шығарманың идеялық-көркемдік арқауын әлсіреткен. Содан да болар, кейіпкерлер образдарының сомдалуында селкеуліктер кездеседі. Дәуірінің сөзін айта алатын тұлғалы типтік характерлер жасалмаған. Нартайлақ пен Айсұлудың арасындағы ынтызар сезімді Шәкәрім кеңінен баяндап жатпайды. Тіпті мұнда Шәкәрімнің ілгерідегі поэмаларындағы Еңлік пен Кебектің, Қалқаман мен Мамырдың алғаш кездесуі, тілдесуі сияқты сәттер де суреттелмейді. Жастар Айсұлуды ағасы Барғананың таяққа жығып, қорлық көрсетуінен кейін ғана бірінші рет өзара сырларын ақтарысады. Қолында өгей аға қор қылғанша, Алмады-ау ажал жетіп мен сорлыны, - деп/206, 314/ егіледі мұңлық қыз Нартайлаққа. Айсұлудың басына осылайша қайғының қара бұлты үйіріледі. Самсының сыйға тартқан шапаны мен жамбысына масайраған қыз ағасы Барғана мен жеңгесі Былқылдақ Айсұлуды Самсыға бермек. Көнбесе оған Күнсұлуды қосып, Айсұлуды Барлыға тоқал етіп қосақтамақ. Оқиғаға Нартайлақ араласады. Ғашығын алып қашуды ойластырады. Бірақ қос мұңлық өз дегеніне жете алмайды. Тағы да арам пиғылды Барғана алдарынан кесе көлденең шығады. Шәкәрім шығарма тартысының желісін шиеленістіру үшін осы арада қыздың жүзігін деталь ретінде сәтті пайдаланады. Бүкіл трагедиялық жағдайлар жүзіктің Нартайлаққа жетпей қалуынан басталады. Ғашық жастардың адал махаббатына жанашыр жандар мен өз дегеніне жеткенше өш
ала беруді мұрат тұтқандар арасындағы тартыстың түп төркіні де осында жатыр. Сіңлісінен беріп жіберген Айсұлудың жүзігі жігіттің қолына дер кезінде тисе, оқиғаның бұдан кейін қай бағытта өрбитіні беймәлім. Шәкәрім мұндай көркемдік шешімді қаламайды. Кейіпкерлер басындағы барлық оқиға жүзіктің Нартайлаққа табыс етілуіне дейінгі уақыт кеңістігінде өтеді. Нартайлақ та өзгелерден ерекше адам емес. Қарапайым ел азаматтарының бірі. Шәкәрім үшін ол “Қаранайдың бір жалғызы” ғана. Поэманың бас кейіпкері болғанмен Нартайлақ образы шын мәніндегі көркемдік дәрежесіне жете алмаған. Оның қимыл-әрекеті босаң, тіпті кей сәтте нанымсыздау көрінеді. Шәкәрімнің бұрынғы поэмаларындағы ғашық жігіттер Қалқаман мен Кебек өз мақсаттарына жету жолында өмірінің соңғы сәтіне дейін күресіп өтсе, Нартайлақты олай деу қиын. Поэмадағы Нартайлақтың қатысуымен өтетін тартыс сахналары әлсіз. Ол ғашық жарының тағдырына ара түсіп, өз махаббаты жолында құрбан болмайды, бар қолынан келгені оқиға драматизміне ілесу, қайғының орнын толтыру ғана болды. Нартайлақтың бірден-бір батылдық танытқан сахнасы ғашық жары Айсұлу мен балдызы Күнсұлуды құтқару сапарында Самсының қылышынан жаралануы және кейінірек Самсыдан өш алуы ғана. Поэманың финалында Нартайлақ өзінің еліңде елу жасқа дейін өмір сүргені баяндалады. Поэмадағы Айсұлу образы бұдан әлдеқайда тереңірек. Ол да тағдырының бұйрығына көніп, өмірден қайғы кешіп өткен мұңлық тәрізді. Дегенмен оның іс-әрекетінен ақыл-парасаты мол, сезімге адал жан екені сезіледі. Бұл оның сөздерінен аңғарылып жатады. Шәкәрімнің өмірдегі дүниеқоңыздық пен арамдық психологияға қарсы айтар сыны да Айсұлудың аузымен өрнектеледі. Дариға! Бұл өмірден өлім артық, Жетімнің көрген күні осы болса! – дейді/206, 314/ Айсұлу Нартайлаққа мұңын шағып. Жай зарланудан гөрі өмірлік философияға парапар толғаныс бұл. Зарлы бойжеткеннің енді шегінер жайы жоқ. Неге де болса бас тікпек. Тіпті жеңгесі Былқылдақпен арадағы диалог үстінде де Айсұлу өзінің осындай кесімді батылдығын жария етеді: “Барлыға қосылмайды менің денем. Не басқа біреу алар, не жер алар, Ол сырды жасырмаймын, жеңгем, сенен./206, 316/
Осы сөздерден Айсұлудың батылдығы, қайсарлығы ғана емес, оған қоса ақылдылығы, әдептілігі байқалады. Өзін тағдырдың қатаң тәлкегіне итермелеген өгей ағасы Барғана жайына келгенде де ол “Бармайды аузым оны қарғауға да” деп тазалық танытады. Өзіне араша түсер күштің жоғын сезе тұра жасымайды. Оқиғалардың шиеленісі шарықтау шегіне жетіп, Айсұлу тағдырының трагедиялық шешіммен түйінделу сахнасын Шәкәрім сәтті бейнелеген. Айналадағы тұрмыстық ситуациялар қызды сондай трагедиялық шешімге еріксіз алып келеді. Нартайлақтан көз жазып қалғаннан кейінгі оқиғалар Айсұлудың психологиясын ширата, ширықтыра келіп, оны бәйбішеге қол жұмсауға мәжбүр етеді. Ғашық жарынан тірідей айрылып, шырылдаған нәрестесінің ертеңгі тағдырын мейірімді Томан кемпірдің қолына тапсырған Айсұлудың ендігі жерде тайынар жері жоқ, есерсоқ Ханымның қорлауына бұдан былай шыдай алмайды. Осынау сәт кейіпкер басындағы психологиялық драма диалектикасының шырқау шегі сияқты. Ендігі шешім біреу-ақ болуға тиіс. Шәкәрім оны өте сәтті тапқан: Айсұлу өзіне өзі қол жұмсап, асылып өледі. Қыз ағасы Барғананың образы бір қарағанда бірыңғай қара күштің, әділетсіздіктің символы болып көрінгенмен, оны типтік дәрежедегі бейне деуге келмейді. Барғананың іс-әрекеттері жеке бастың күйкі тіршілігінен туындайды. Ал Самсының образы “Қалқаман-Мамырдағы” Көкенай бейнесімен біршама үндесетін секілді. Өзінің көркемдік шешімі жағынан әрине Самсы мен Көкенай бейнелерінің айырмасы жер мен көктей. Дегенмен Самсыда Көкенайға тән қасиеттердің ұшқыны бар екенін де жасыруға болмайды. Самсы бейнесі поэмадағы трагедиялық ахуалдың себепкері. Оның Нартайлаққа қол жұмсауы кейінгі оқиғаларды күрт ушықтырады. Нартайлақ пен Айсұлудың махаббатына Барғанадан кейінгі қарсы күш те осы Самсы ғой. Поэманың бір тұсында ақын оның бойындағы адамдық қасиеттен хабардар етеді. Атап айтқанда, Барғана мен Самсының диалогы барысында Айсұлуға айтқанын істете алмаған Барғана Самсыға енді өзінің кіші қарындасы Күнсұлуды бермек ойын айтады. Бірақ Самсы Күнсұлудың тым жас екенін айтып, бұл ұсыныстан бас тартады. Бірақ іле-шала өзінің озбырлық пиғылына қайта оралады. Міне, Шәкәрім реализмінің өзгешелігі де осында, яғни өз кейіпкерлерінің бойындағы қарама-қайшы қасиеттерді осылайша шынайылықпен астастыра көрсете білуінде.
Самсы белгілі бір мақсаттың жетегінде жүрген жан. Оның арманы да Нартайлақтың арманы секілді - Айсұлуды жар ету. Бірақ өз мұраттарына жету үшін екеуі екі түрлі жолды қалаған. Поэмада осы екі желі - Нартайлақ пен Айсұлу, Самсы мен Айсұлу линиясы толық ашылмай қалған. Осыдан келіп шығарманың драматизмі босаңсыған. Күнсұлу, Томан, Былқылдақ, Барлы, Ханым секілді бейнелер поэмада әредік бой көрсететін эпизодтық образдар деңгейінде. Олардың ішінде көбірек есте қалатындары - Ханым мен Томан. Бірі ақылы келте, нағыз ұр да жықтың өзі де, екіншісі - өмір бойы күңдікте жүрсе де жүрегіндегі аналық мейірімін жоғалтпаған жан. Ханым - ен байлыққа шомылған, алдыма түсер адам жоқ деп есептейтін тоғышар кейіпкер. Ақыл-парасаттан да, әдептіліктен де жұрдай пенде. Оның Айсұлуға қатысты сахналардағы іс-әрекеті осыны дәлелдейді. Томан кемпір керісінше, Айсұлудың басына қаралы күн туып, киналған шағында оған мейірім шуағын төгуге ұмтылады. Томан образы әділетсіз ортадағы жылт еткен жақсылықтың белгісі іспетті. Жарық дүниеден өтіп бара жатқан Айсұлудың өз нәрестесін Томан сияқты ізгі жанға аманат етіп қалдыруында да үлкен символдық мән бар. Шәкәрімнің қай поэмасы болсын, осындай оптимистік рухта түйінделеді. Мәселен, “Қалқаман-Мамыр” Қалқаманның ажалдан аман қалып, алыс елде өз ұрпағын жалғастырғанын баяндаумен аяқталса, “ЕңлікКебектің” финалында да қос мұңлықтың артында шырылдаған сәби қалады. Нәресте - өмірдің жалғасы, тіршілік дамуындағы үздіксіздіктің белгісі. Ендеше “Нартайлақ-Айсұлуды” да Шәкәрімнің осылайша тұжырымдауы занды. Қорыта айтқанда, автор аталмыш сюжеттің негізінде шынайы тартысқа негізделген толыққанды реалистік поэма тудыра алмаған. Оған поэмадағы тартыстың жүйесіздігі, іс-әрекеттердің тым шашыраңқылығы себеп болса керек. Кей тұстарда кейіпкерлердің әрекеттерінде сенімсіз тұстар ұшырасады. Мәселен, Нартайлақтың қабірде жатқан Айсұлудың бетін ашып сүюін реалистік сипаттағы кейіпкерге тән әрекет дей алмасақ керек. Тұтас қарағанда, Шәкәрім шығармашылығы оның эпикалық поэзияда өзіндік орны бар ірі тұлға екенін аңғартады. Оның поэмаларын реалистік тұрғыдағы күрделі де көркем эпикалық туындылар, Абайдың жаңа үлгідегі поэма жасау бағытын жемісті жалғастырған шығармалар дей аламыз. Шәкәрімнің поэмалары он бір буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Ол ақынның өз ойын жеріне жеткізе баяндауына, кейіпкерлер басындағы драматизмді, күйзеліс-толғаныстарды әсерлі бейнелеуге мүмкіндік берген.
Атап айтқанда, шығармадағы мазмұнның өзі қара өлең формаларымен қабысып, үндестік тапқан. Поэма авторының оқиға желісін баяндау сарынынан, көркемдеу жүйесінен суреткерлік пен поэтикалық шеберлік, терең парасаттылық байқалады. Шәкәрім халықтың тарихына, этникалық, этнологиялық деректерге аса қанық. Сол себепті де оның поэмаларындағы халықтық сахналар әрі нанымды, әрі көркем кестелі. Әсіресе ол халық тілінің нақышты бояуын, мақал-мәтелдерді барынша ұтымды пайдаланады. Ақынның қай дастаны да халық ойының мәйегіндей мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерге аса бай. “Ас иесімен тәтті”, “Ел құлағы елу”, “Еркек тоқты құрбандық”, “Пәледен машайық та қашқан” сияқты тұрақты тіркестер ақын жырының кестесін әрлендіре түскен. Шәкәрім поэмаларында теңеулер, метафоралар, дыбыстық үндестіктің, ассонанс, аллитерацияның үлгілері мол. Сондай-ақ, қарапайым сөзді тосын қырынан қолдану, бейнелі түрде жұмсау суреткер Шәкәрімге тән қасиеттердің бірі. Мәселен, Шәкәрім ажал шеңгелінде тұрған Мамырдың аузына “Екі қан ауыр болар бір өзіңе” деген сөз салса, Кебекті сипаттауда “Жасы бала болса да жаны отты” деген бір қарағанда қарапайым тіркесті ұсынады. Осындағы “екі қан”, “отты жан” тіркестерінің бейнелі образдылығы қандай?!. Немесе, “Еңлік-Кебектегі” “Ей, Көбей, сұңқар қалай, тауық қалай?” деген бейнелі жұмбақтың астарына үңіліп көріңіз! Халық бейнесі Шәкәрім поэмаларында әртүрлі дәрежеде сомдалады. Ол негізінен мұраттарына жетуге ұмтылған ғашық жандарға жанашыр, тілеулес образдар қатарында. Шәкәрімнің өз айналасындағы әлеуметтік жағдайды жете білетіндігі, ой-топшылауларының тереңдігі халық бейнесін әртүрлі қырынан сомдауына мүмкіндік жасаған. Шәкәрім поэмаларындағы халық образы жақсылықтың да, жамандықтың да ұя салған ортасы. Қалқаманың тағдыры таразы басына тартылғанда әу бастағы жанашыр халық екі жікке бөлініп, есіл ерді оққа байлап берсе, Еңлік пен Кебекке де айналадағы көпшілік таяныш бола алмайды. Ал Нартайлақ пен Айсұлудың маңындағы халық поэма соңында бір-ақ көрінеді, сүйген жарынан өлідей айрылған Нартайлақты бауырына тартады. Аталған поэмаларында Шәкәрім бейнелі детальдарды ұтымды пайдаланады. Сол арқылы ақын халықтың тұрмысынан, рухани нанымсенімдерінен, салт-дәстүрлерінен хабар береді. Мысалы, Кебектің қыз үйінен ішетін “қарсақ жон қып езген құрты” сияқты детальдар осының айғағы. “Еңлік-Кебектегі” қыз әкесіне ұлттық дәстүрмен сыйға тартылған түлкі терісі
бастапқыда елеусіз болып көрінгенмен кейінірек Еңлік пен Кебектің трагедияға ұшырауына себепкер болады. Шәкәрімнің кейіпкерлері ерекше сұлу не жұрттан асқан батыр емес. Поэмаларда бұл ыңғайдағы нақты портреттер кездеспейді. Ақын өз қаһармандарының бүкіл портретін, ішкі жан дүниесінің сырларын шағын детальдар арқылы мүсіндейді. Шәкәрім үшін бір-екі бейнелі сөз немесе өрнекті тіркес қаһарманының ішкі-сыртқы портретін сомдауға жетіп жатыр. Шындығында Шәкәрім сомдаған он бес жасар Мамыр “әрі сұлу, әрі есті, еркекшора”, Еңлік “биік қабақ сұрлау қыз”, Барлы қортықтау, аласа, нашар бала, Ханым тантық қыз. Осы тектес қысқалық Шәкәрімнің портрет жасауға орашолақтығынан емес. Ол сомдаған шынайы портреттер жетерлік. Мәселен, Еңлікті атастырған жігіттің сипатына назар салыңыз: “Нышаны жоқ бет аузында сақал, мұрттан”, “Бетіне тумай тұрып түскен әжім”. Мұнда ақын өз кейіпкерінің бет бейнесімен бірге, ақылының, мінезқұлқының қандай екенін де жинақтай көрсетеді. Нанымды бейне, шынайы образ. Жасандылықтың ізі жоқ. Шәкәрім поэмаларының стилінде Абай ұстазының сарыны сезіледі. Абай тәрізді ол да дастандарын негізінен баяндау үлгісінде жазған. Айырмашылығы Шәкәрімнің поэмаларында авторлық түйінге, кейіпкерлердің диалогтары мен монологтарына мол маңыз берілуінде. Мұны ұстаз дәстүрін дамытудағы шәкірт ақынның жемісті ізденісі деп қараған жөн. Шәкәрім поэмаларындағы кейіпкерлердің ішкі толғаныстарынан, өзара диалогтарынан олардың болмыс-бітімімен қатар айналадағы ортаның психологиялық, әлеуметтік тынысы танылады. Тұжырымдап айтқанда, Шәкәрімнің аталған поэмалары Абай үлгісінде жаңа эпикалық шығармалар тудырудағы берекелі арналардың бірі болды. Сол арқылы Шәкәрім өзінің кең тынысты эпик ақын екенін дәлелдеді. Поэма жанрындағы Шәкәрімнің реализмі, өзіндік суреткерлік шеберлігі жаңаша қалып танытады. Сол себепті де қазақ поэзиясындағы сюжетті поэманың қалыптасқан үлгілері халықтың өз қиялындағы тамаша аңыз-әңгімелер негізінде жасалғандығын, мұның өзі сюжетті эпикалық поэзияның дамуына, поэма жанрының өркендеуіне, оның реалистік нақыштармен, тың өрнек, жаңа бояулармен баюына қыруар еңбек сіңірген ақындардың бірі Шәкәрім болғаны даусыз дей аламыз.
КӨРКЕМ ПРОЗА: ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕР
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиярмасыншы ғасырдың басы қазақ әдебиетінің даму тарихындағы ерекше бір сәулелі жаңғырулар кезеңі болды. Халықтың сонау сәби шағынан бері қарай жинақтаған ауызша қазынасы жаңа арналармен толыға келіп, ұлы Абай шығармашылығының құдіретті қасиетімен астасқанда ұлттық әдебиет қайта туғандай күй кешті. Оған көркемдік бояу-нақыштар, шынайылық, шыншылдық, сыншылдық өрнектер дарыды. Жаңа тақырыптар, соны идеялар, тың сарындар қосылды. Соның нәтижесінде көркемдік тәсілдер, бейнелеу құралдары жаңғырды. Өмір шындығын жаңаша әдеби-эстетикалық кестелеу қажеттігі туды. Әдебиеттің осылайша тақырыптық, идеялық аясының кеңеюі ендігі жерде оның жанрлық жағынан да молырақ қанат жаюын қажет етті. Алғашқы талпыныстар жасалды. Рас, бұл кезеңде ұлттық әдебиетте поэзияның, оның ішінде лириканың ролі күшті болды. “Туғанда дүние есігін ашады өлең” деп ұлы Абай айтпақшы, қазақтың бүкіл өмірі өлең сөзбен бірге жасап келе жатқаны ақиқат еді. Абайдан кейінгі дәуірде жаңа сипаттағы оқиғалы поэмалардың қатары көбейді. Жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық әдебиетте проза, драматургия, әдебиет сыны, публицистика туып, өркен жайды. Тұңғыш қазақ романы дүниеге келді. Дегенмен, қазақ әдебиетінде бұған дейінгі дәуірде поэзиядан басқа әдеби жанрлар болмады деген ұғым тумаса керек. Ұлттық әдебиетіміздің Абайдан кейінгі тарихында жанрлық жаңғырулар молынан көрінді. Пайда болған жаңа жанрлық түрлердің табиғатында фольклорлық жанрлар жүйесінің де, одан кейінгі халықтық әдебиетке тән толғау, айтыс тәрізді әралуан жанрлардың да нышандары айқын көрініп жатты. Бұлардың қайқайсысының да мәңгі сарқылмас көркемдік-эстетикалық қазына екені ақиқат
еді. Біз қарастырып отырған кезеңде өркен жайған әдеби жанрлар, сөз жоқ, міне осынау қасиетті қазынадан тамыр алды. Қазақ халқы - өзінің табиғатынан әңгімеші, естігені мен есіндегісін баяндауға шебер халық. Бір ғана ертегілерін алып қаралықшы. Рас, бұл жанр өзіндік жазуы қалыптаспаған ортада негізінен ауызша айтылып, біреуден біреуге жету арқылы таралғандықтан уақыт өткен сайын, айтушы өзгерген сайын оның мәтінінде үлкенді-кішілі өзгерістер болуы әбден заңды. Бірақ ол ешқашан да өзінің көркемдік бояуын жоғалтпаған, ғибратты мәніне, идеялық діңгегіне дақ түсірмеген. Белгілі фольклоршы ғалым С.Қасқабасов қазақтың халық прозасын аңыздық және ертегілік деп екі топқа бөліп, олардың әрқайсысына тән миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят және әрқилы ертегілер тәрізді жанрлық түрлерді жіктеп көрсетеді./213, 57/ Қарап отырсақ, олардың қай-қайсысы да көркем прозаның тамаша үлгілері екені анық. Сол себепті де біз жиырмасыншы ғасырдың басында туған прозалық туындыларды тақыр жерге шыққан шөптей қабылдай алмаймыз. Ол қазақтың ежелден келе жатқан әңгімешілдік, ертегішілік, баяндаушылық дәстүрінен нәр алып қаулай өскен жауқазын іспетті. Аталмыш кезеңдегі әдеби процесте болған құбылыстардың біріненбірін ажыратып, жеке-жеке қарастыруға болмайды. Олар өзара тығыз байланысты. Мәселен, жиырмасыншы ғасырдың басында көркем проза үлгілерінің пайда болып, нығайып, орныға түсуіне бірден-бір себеп болған әдеби құбылыстардың бірі – аударма деуге болады. Абай, Ыбырайлардың орыс әдебиетінен тәржімалаған түрлі мысалдары, одан кейінгі Ахмет Байтұрсынов, Бекет Өтетілеуов, Мұхаметжан Сералиннің түрлі аудармалары, Шәкәрімнің орыстың “Дубровский әңгімесі”, “Боран” шығармаларын қазақша сөйлетуі, сөз жоқ, қазақ әдебиетіндегі көркем прозаның тууы мен өркен жаю процесін тездете түсті. Оның үстіне академик С. Қирабаевтың сөзімен айтқанда “…тарихи оқиғалар легінің қабаттасуы, адам өмірі мен тағдырының күрделілігі, өлеңнің ауқымына сыймастай өзгерістердің молдығы прозаның дамуын жеделдетті.”/214, 22/ Шынында да, жиырмасыншы ғасырдың басында қоғамның рухани өмірге, мәдени дамуға, идеологиялық принциптерге қатысты көзқарасы күрт өзгерді. Бұл кезеңдегі әдебиетте де “…әлеуметтік және эстетикалықкөркемдік ізденістің қуатты екені бірден байқалады. Өйткені тұрмыс, тіршілік те, санадағы сезім де дәуір төңкерісіне кезікті де ескіні қирату, жаңаны орнықтыру процесі мейлінше қиын жүрді. Бұл бір. Екіншіден, патша заманында тұншыққан ой-пікір демократиялық негізде ағыл-тегіл айтылуына
мүмкіндік туды.”/215, 203/ Ғасырлар бойы қазақтың ақын-жыраулары мен ағартушылары арман еткен жақсылықтар ауылының қарасы көрінгендей болды. Түрлі жаңғырулар бірінен соң бірі болып жатты. Бұрын қолмен көшіру арқылы тараған жазба дүниелерді газетке, журналға басып тарату, кітап етіп шығару мүмкіндігі туды. Алғашқы газет, журналдар халықтың басындағы хал-ахуалды, мұң-мұқтажды көтерді. Осындай тарихи және көркемдік алғышарттардың негізінде жиырмасыншы ғасырдың басында ұлттық көркем проза өзінің алғашқы қадамдарын жасады. Рас, ол дайын күйінде, шынайы көркем прозалық шығарма қалпында бірден пайда болған жоқ. Үлкен әрі нағыз прозаға бару жолында әртүрлі көркемдік талпыныстар жасалды. Алғашқы шығармалар прозаға тән барлық сипаттарды бойына жинақтай алмай жатты. Бұл кезеңде әлі де болса ел арасында, көркемдік-эстетикалық ой әлемінде поэзияның, өлең сөздің ықпалының басымырақ екені сезіліп тұрды. Атап айтқанда, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”, Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелік”, Мұхаметсәлім Кәшімовтың “Мұңлы Мариям” сияқты алғашқы роман аталған шығармалары сол кезеңдегі қазақ прозасының ұлттық поэзия ықпалынан толық еншісін алып шықпағанын аңғартады. Мұндай талпыныстардың қатарында сол дәуірдегі қазақ қаламгерлерінің қаламынан туған әртүрлі шағын прозалық үлгілерді, әңгімелер мен мақала-очерктерді атауға болар еді. Мұның бәрі де шын мәніндегі ұлттық көркем прозаға апаратын ізденістер, игі қадамдар болатын. ”Прозалық жанр түрлері өздерінің поэзияға қарағанда кешірек пайда болуына байланысты өз бойына ілгерідегі баяндау тәсілдерінің барлық жетістіктерін сіңіреді.”/216, 145/ Қазақ жұртының ұлттық санасындағы өрлеу процесі және өзге елдер өмірімен, әсіресе төңкеріс аласапыранын басынан кешіріп жатқан орыс қоғамының тыныс-тіршілігімен байланысты кеңеюі қазақ қаламгерлеріне де қозғау салып, оларды ғасыр басындағы қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар төңірегінде қалам тербеуге алып келді. Дәл осы тұста әдебиетке лириканың ауқымына сия бермейтіндей кең тынысты тақырыптар қосылды. Ал оны бейнелеу, уақыттың, заманның сөзін сөйлеу үлесі, сөз жоқ, қадамын жаңа бастаған қазақ прозасының үлесіне тиді. Бұл салада М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердіұлы, С.Көбеев, М.Кәшімов, С.Торайғыров сынды талантты қаламгерлер еңбек етті. 1910 жылы таза проза үлгісіндегі тұңғыш көркем роман – Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамалы” дүниеге келді. Іле-шала С.Көбеевтің әйгілі “Қалың малы” жазылды. Рас, таза жанрлық сипаттары жағынан келгенде бұл кезеңде пайда болған романдарды түгелдей
прозаның осы күрделі түріне жатқыза беруге де болмас. Дегенмен нағыз роман жанрына барар жолдағы осынау көркемдік-эстетикалық талпыныстарды жоққа шығаруға, авторлардың өздерінің мақсаты мен идеясын жеткізу үшін қолданған “роман” анықтауышынан қашқақтауға да хақымыз жоқ. Қандай зәулім ғимарат болсын, бір-ақ күнде сол қалпында пайда бола қалмайды. Қазақ әдебиетінің тарихындағы роман жанрының тууына да осы көзбен қараған абзал. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ прозасының қалыптасуы мен оның жанрлық, стильдік, көркемдік тұрғыдан нығаюына, рухани әлемімізден өз орнын тауып орнығуына үлес қосқан қаламгерлердің бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болды. Өз тұстастары секілді ол да прозаның әр саласында қалам тербеді. Түрлі тақырыптарға барды. Дегенмен Шәкәрімнің прозасы ешкімге ұқсамайтын айрықша қасиетке бай болды. Мәселен, тұңғыш қазақ романының авторы Міржақып Дулатов әлеуметтік прозаның бастауында тұрса, Шәкәрімнің прозалық шығармаларында философиялықпсихологиялық сипат басым жатты. Бұл Шәкәрім қазақ прозасындағы философиялық-психологиялық арнаның бастауы болды деген сөз. “Ақиқат құбылыстарды философиялық тұрғыдан бағалауға ұмтылу және оны жеріне жеткізе талдап көрсету Ш. Құдайбердиев прозасының стиліне тән ерекше қасиет болды.”/216, 158/ Ақын Шәкәрімнің бүкіл поэзиясының өне бойына алтын діңгек болатын философиялық тереңдік, ойшылдық, өмірдің қарапайым құбылыстарынан, сезімнің жылт еткен ұшқынынан тұжырымды түйін жасау сияқты ерекшеліктер оның прозасына да осылайша өз бояуын сіңірді . Шәкәрімнің қаламынан көлемі, мазмұны, идеясы, стилі әралуан прозалық шығармалар туды. Оның ішінде ең алғаш жарық көрген туындысы 1911 жылы Орынборда басылған “Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі” болса, одан кейін “Мұсылмандық шарты”, “Үш анық ” тәрізді тарихифилософиялық трактаттары, “Бәйшешек бақшасы” атты қысқа әңгімелер топтамасы, “Шын бақтың айнасы”, “Мен жетпіс екі жасқа келгенше ” деп аталатын прозалық туындылары, ал 1925 жылы автордың өзі “қайғылы роман” деп атаған “Әділ-Мария” романы дүниеге келді. Көптеген мақалалар жазылды. Шәкәрім прозаның тарихи-философиялық трактат, мақала, әңгіме, эссе, роман сияқты көптеген жанрларында қалам тербеген. Рас, көлемі мен саны жағынан Шәкәрімнің прозалық мұрасын аса бай деп айтуға келмес, ал
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру