Мазмұнға өту
Home

Үш томдық шығармалар жинағы. ІІІ том

Ұлықбек Есдәулет

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Үш томдық шығармалар жинағы. ІІІ том

Авторы: Ұлықбек Есдәулет

© Ұ.Есдəулет, 2014 © «Қазығұрт» баспасы», 2014 УДК 821.512.122 ББК 84 (5 Қаз) Е 78 Қазақстан Республикасы Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ.Есдəулет. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», – 2014.

ISBN 978-9965-22-483-6

3-том. «Əбілхаят»: Эсселер, естеліктер, жолжазбалар мен еркін баяндаулар. – 392 бет.

ISBN 978-9965-22-485-0

Көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдəулеттің «Əбілхаят» атты бұл кітабына əр жылдары жазған эсселері, естеліктері, жолжазбалары жəне бірқатар тарихи ұлы тұлғалардың ғұмырларының беймəлім қырларын ашатын, қиын да қызықты тағдыр-талайынан сыр шертетін деректерге бай еркін баяндаулары топтастырылды. Шұрайлы тілмен кестеленген туындылар қызықты да тартымды оқылады. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

УДК 821.512.122

ББК 84 (5 Қаз) ISBN 978-9965-22-485-0 ISBN 978-9965-22-483-6

Əбдімүтəл ƏЛІБЕКОВ ТҰЛҒАЛАР ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР Өлеңдерді ғана емес, мақалалар мен ес те лік-эсселерді де ақындар жазса ғой, шіркін!.. Көрнекті ақын əрі журналист Ұлықбек Ес дəулеттің «Əбілхаят» деп аталатын эссе лер, естеліктер, жолжазбалар мен еркін баяндаулар кітабын (туындының жанрлық си патына автордың өзі осындай айдар тақ қан екен) оқығанда осы ойға беки түсесің. Кітаптың «Зерде», «Таным», «Пайым» деп аталатын үш бөлімнен тұратын өрім атау ларының өзі-ақ оқырманды қызықты əлемге жетелей түскендей болады, əрі жи нақ пен танысқан кезде ол үмітің толық ақта лады. Себебі, ақиық ақынымыздың өзі осы кезге дейін ұдайы халқымыздың талантты тұлғаларының ортасында жүріп, шығарма шы лықпен жемісті айналысып келеді. Ал нəзік сезім иесінің, сыршыл сурет кердің үнемі тарпаң тұлпарлар іспетті та лантты тұлғалар ортасында жүруі де, бай ып тай қарасақ, ұлтымыз үшін үлкен олжа екен. Оған осы кітап куə. Өйткені, автор сондай тұлғалармен бірге жүрген кездегі көрген-түйгендерін жадында ұстап, енді міне, уа қыт өте келе, солардың бəрін жүрек сүзгі сі нен өткізіп, мөлдіретіп қағазға түсіре білген. Сол арқылы бүгінде біз сол дара дарын иелерінің өздерінен де, өзгеше қы лық тарынан да хабардар болып, бүгінде о дүниелік болып кеткен қайсыбіреулерін та ғы бір елжірей еске аламыз. Тіпті, осы жазбалар арқылы біз олар ды қазір де бір сəт өз ортамызда жүр гендей сезінеміз десек те болады. Естелік сипатты мұндай жазбалар бізге, əрине, осынысымен де қымбат. Ұлықбек Есдəулет – өте білімдар ақын. Сондықтан оның өз оқығандарын зерделеп, осы орайдағы өз пайымдауларын оқырмандар мен бөліскені ризашылық сезіміне бө лейді. Бұл кітап талайлардың көңіл көкжие гін кеңейтіп, талант табиғатын толығырақ танып білуге себін тигізіп қана қоймай, та лапты жастарымыз үшін шығармашылық бұ лағының бастауы болуы да ықтимал. Мə селен, кітаптың «Таным» мен «Пайым» деп аталатын бөлімдеріндегі «Гомер соқыр бол маған!», «Эзоп туралы езутартарлар», «Лəйлі қандай болған?», «Дантенің дастанының аты қандай?», «Бетховен неден

өлген?», «Атым тай Чехов», «Сəбеңнің маузері», «Пер ғау ындар… пирамидалар… папирустар… елінде», «Румыния қыпшақтары», «Суретші Павел Кузнецовтың «Қазақ сюитасы» (əрине, біз бірсыпырасын ғана санамалап отырмыз) деген тақырыптарының өздеріақ жаңа деректерге жаны сергек жандардың ешқай сы сын да енжар қалдырмас дейміз. Ал «Өткен шақсыз өмір немесе Ыстықкөл драмасы» деректі хикаяты мен «Қазақстан келешекке крест арқалап бара ма?» деген мақаласын – ақын ғана емес, тамаша журналист, ел тағ дырына, ұлтымыздың келешегіне енжар қа рай алмайтын Ұлықбектің ізденімпаз ды ғы ның сəтті табысы жəне ойшылдық өресінің тағы бір белесті биігі деп айтар едік. Сондай-ақ оқырман кітаптың «Зерде» деп аталатын бірінші бөліміндегі эссе лер мен естеліктерден де көп ғибрат ала рына күмəніміз жоқ. Əрине, бүгінгі қазақ əдебиеті эсселер мен естеліктерге кенде емес. Солардың ішін де есімдері қазақ қауымына кеңінен танымал тұлғалардың азаматтық қырларын дəл ашып, оны заман сипатымен салғастыра отырып сөз ететін, келешек ұрпақтарға құн ды мұра болып қалатын дүниелер де бар шы лық. Ұлықбек Есдəулеттің мөлтек сыр лар дан тұратын бұл кітабы да осы қатарды өзіндік айшығымен толықтыратын толымды туынды болып шыққан. Адамның тағдыры əрдайым-ақ адамды қызықтырып тұрады. Тіршілік осылайша жалғаса берсе, халқымыздың келешек ұрпақ өкілдері бір кезде: «Шіркін-ай, өткен ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасыр дың басында өмір сүрген адамдар қандай болды екен? Солардың ішінде осы біздің қа зақтар қандай болды екен? Олардың мінез-құлқы мен ұлттық болмысы қандай болды екен?» деген сұрақтарды өздеріне қойып, солардың жауабын іздегендей болса, шын ды ғына келгенде, оларға жауапты тек көр кем романдардан ғана емес, ең алдымен ос ындай шеберлікпен жазылған эссе-есте лік терден де таба алатынына күмəніміз болмаса керек. Ұлы деген атауға ие орыс əдебиетінің «алтын ғасыры» ХІХ ғасыр екені рас болса, қазақ əдебиетінің сол «алтын ғасыры», қазір жұрт жиі ауызға алып жүргеніндей, расында да ХХ ғасыр болып қалуы ғажап емес. Өйткені, жазба əдебиетіміз негізінен осы ғасырда өркен жайғанына қарамастан, бір ғана ғасырда осыншама əдебиет алыпта ры ның қатар өмір сүріп, қилы-қилы тағдыр кешіп, аттың жалы, түйенің қомында жүрсе де, жанталаса еңбек етіп, болашаққа осын ша ма мол əрі құнды мұра қалдырып үлгер гені жəне сол арқылы ұлттық рухымызды өзгеше биікке көтеріп кеткені

есті кісіні ойландырмауы да, таңдандырмауы да мүм кін еместей көрінеді. Сондықтан да Ұлықбек Есдəулеттің өзімен замандас, сыр лас, аралас-құралас, дос-жаран болған сондай тұлғалардың бірқатары туралы жаз балары, сөз жоқ, қызықты оқылатын, көп ақпарат беретін танымды да тағылымды дүниелер болып шыққан. Кітапқа енген эсселер Ұлықбектің өзінің лирикасы сияқты, көлемі жағынан шағын, ойға бай əрі мейлінше тартымды. Тақырыпта ры тауып қойылып, шешен тілмен төгіл діре жазылған, əрқайсысы жеке бір новел ланың жүгін көтеріп тұрған бұл естеліктер халқымыздың талай-талай тау тұлғалы талант иелерінің келбетін көз алдымызға əкеле қояды. Əрі бұл тізімде кімдер жоқ десеңіз ші? Сағи Жиенбаев, Мақсұтбек Майшекин, Ғафу Қайыр бе ков, Сырбай Мəуленов, Оспанхан Əубəкі ров, Кең шілік Мырзабеков, Шөмішбай Сари ев, Жа рас қан Əбдірашев, Тоқаш Бердияров, Мұқа ға ли Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Дəуітəлі Стам беков, Асқар Сүлейменов, Рамазан Тоқ таров, Шона Смаханұлы, Иманғали Тасмағамбетов… болып кете береді. Əрі осылар туралы əң гімелеу бары сында жол-жөнекей өзге де қан шама танымал азаматтардың есімдері ау ызға алынып, дара мінездері мен пендешілік қылықтары бой көр сетіп жатады десеңізші! Ең бастысы, осы кітапта тек жекелеген да рынды тұлғаларға ғана емес-ау, тұтас ұлты мызға тəн қазақы мінездер: жан жомарт ты ғы, шешендік, əзіл қой лық, замандастар мен құрдастардың бір-бірлеріне базына айтып, еркелей білетіндігі, соны екінші біреулерінің түсіне де, көтере де білетіндігі сияқты тамаша қасиеттер нақты мысалдармен өрнектеліп, ұмытылмас əсер қалдырады. Кім білсін, жоғарыда аты аталған қалам гер ағаларымызға тəн ізгі қасиеттердің көбі сол өткен ғасырда өмір сүрген жандардың өздерімен бірге қалып та қояр ма екен, бəлкім. «Бүгінгі жастар бірбірімен сол аға ла рындай етене араласып, еркелей сыйласа алар ма екен?», «Қазіргі құрдастар мен замандастар бір-бірімен солардай əзілдесіп, еркеліктері мен базынасын тап солардай кө тере алар ма екен?» деп те ойлайсың кейде. Бұл кітапта осы орайда жаныңды елжірететін деректер, шығармашылық иелерінің дарындылығын, шешендігі мен тапқыр лы ғын, сонымен бірге, өздеріне ғана тəн пендешілік дара қылықтарын көрсететін қызықты мысалдар көп-ақ. Осы кітапты оқу арқылы біз үлкен шығармашылық иелерінің көбінің «бастары қалыпты ноқтаға сия бермейтін» кесек те күрделі мінез иелері екеніне көз жеткіземіз. Өмірде дара мінезсіз дара шы ғар машылықтың да жоқ екендігін пайым да ғандай боламыз.

Төменде осыған бірер мысал келтіре кетпесек, бəлкім, бұл мақаланы жазудың мəні де болмастай көрінді бізге. Оның үстіне, бір мың дана кітап кімге жетеді? Оқырман, ең болмаса, газет арқылы «дəмін татсын». Мəселен, сол кезде Арқалықта тұратын белгілі ақын Қонысбай Əбілевке КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өту үшін кепілдемені даңқы дүрілдеп тұрған сатирик Оспанхан Əубəкіровтің өзі бермек болады. Сөйтсе, Осағаң марқұмның қолтаңбасы жұрттыкінен өзгешелеу екен: «О»-сы қағаз дың жарты бетін алып, аяғы шимайланып бітетін көрінеді. Досына кепілдеме алу үшін арада жүрген кітап авторы əңгімесін одан əрі былай өрбітеді: «Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» əрпі көзіме ерсі көрініп-ақ тұрды. – Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедім мен. – Ерепейсіз үлкен ғой. – Өзімнің қолым осындай, – деген Осағаң жайбарақат. – Кішірейтіп қойып бермейсіз бе, бұл Мəскеуге дейін баратын қағаз ғой. Біреу-міреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтеміз? – деймін шырылдап. – Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел біледі. Осы қолымды қойып талай кітап жазғанмын, осы қолымды қойып, талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтін біреу табылса, менің қолым қойылған мына мүшелік билетімді қоса апарып көрсетіңдер. Бұдан былай осы билеттің маған керегі де шамалы. Мə, қоса апарып өткіз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куəлігін кепілдемемен бірге маған ұстата салғаны… «Алмаймын», – деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам… «Енді маған керегі шамалы», – деп еді жарықтық… Бір айдан кейін бақилық болды. Дəмі таусылғанын сезіп жүрген екен-ау деп ойладым («Кепілдеме», 27-28 бб.). Ұлттық əдебиетімізде теңдесі жоқ сатирик болған, шығармалары сияқты, өзінің де тұла бойы күлкіден ғана жаратылған Осағаң марқұмның бұл қылығына қалай күлмейсің, қалай сағына елжіремейсің? Əйтпесе, кітаптың ақын Тоқаш Бердияров туралы əңгімеленетін «Тентек Тоқаш» деп аталатын эссесін алайық. Ақын ағасы жарыққа шығуын көптен күтіп жүрген кіта бының сол жылдың жоспарынан тағы да тү сіп қалғанын білгенде, оның себебін басы лым ның редакторы болған Ұлықбек інісінен де көреді де, ауыр тіл тигізіп

алады… Мұн дай да намысты інісі қарап тұрсын ба, жа ға сынан ала түседі. Мəселенің мəн-жайына сон да ғана қаныққан Тоқаш ағасы өзінің жаң сақ кеткеніне көзі жеткен соң, інісінен табан астында кешірім сұрап, оны «Қа лам гер» кафесіне ертіп апарып айыбын жуады… – Тоқа, – дейді енді бір сəтте ағасына деген ашуы тарқап, жайбарақат əңгімеге кіріскен інісі, – Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай жүрген шығарсыз?.. – Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құ даш – бəрі шетінен мықты еді. Ол ұзақ əңгіме. Солардың бəрін араққа үйреткен мен едім. Бəрі өліп қалды. Мен əлі тірі жүрмін» (39 б.). Ал енді байыптай қараған жанға осы шап-шағын естелікте бəрі де бар. Тентек мінез де, сондай болғанына қарамай, ақиқат тың алдында тік тұрып, өз кінəсін лезде мойнына алған кісілік те, інінің ағаға деген кішілігі мен кешірімділігі де бар. Тағы бір мысал. Ұлықбек – Мəскеудегі əдебиет институтының студенті. Отбасы бол са шиеттей балаларымен Алматыда. Ол кездегі жастардың тұрмыс жағдайы да белгілі ғой, алып бара жатқан артық-ауыс ақша кімде бола қойсын? Сөйтіп жүргенде, Мəс кеудің «Литературная учеба» журналына Ұл ықбек тің бір топ өлеңдері жарияланып, соған 150 сом қаламақы қойылған болып шығады. Бұл ол кезде білдей бір инженердің айлық жа ла қысы шамалас қомақты ақша. Автор соны алуға барса, редакция оны Қа зақ стан Жазу шылар одағының адресіне жөнел тіп жіберіпті. Алматыға келген соң іздестіріп көрсе, оны Жарасқан Əбдірашев ағасы сенімхат арқылы поштадан алып, Шөмішбай Сариев досы екеуі «ішіп қойған» болып шығады. «Қалай?» – деп сұрамай ма мұндайда інісі? – Қалай дерің бар ма, кəдімгідей… – Кəдімгідей? Сонда… пошта оны сендерге қалай беріп жүр? Извещение менің атымда ғой. – Сөз болғаныңа. Баламысың деген! Со ны да білмей… Кəдімгідей, сенің өз атыңнан сенімхат жазып, өз қолыңды қойып, Жазу шы лар одағының мөрін соқтырып, поштаға сол сенімхатты апарып өткізіп, ақша алып, сосын … кафеге барып, жақсылап тойлап, ішіп қойдық… Басқа біреу емес, сенің өзің нің денсаулығың үшін… өзіңнің өлеңдерің үшін… Құлағың қатты шулаған шығар? – деп «жұбатады» ағасы інісін («Я, Джамбул Джабаев, доверяю…» (150 б.).

Сөйтсе, олар осындай жолмен Шым кент тегі Тұрсынай Оразбаеваға, Маңғыстаудағы Темірбек Медетбековке, тіпті, о дүниелік бо лып кеткеніне ғасырдан асқан Жамбыл бабамызға əлдеқалай алыс жерлерден келген қаламақыларды сенімхат жазу жолымен алып, «тойлап қойған» болып шығады. Бұл көп ұлттар үшін жат (мəселен, Еуропа жұрты мұндай əрекетің үшін сотқа сүйреуі де мүмкін), негізінен біздің қазаққа ғана тəн қылықтар шығар деп ойлаймын. Адам мен адамның арасын қу дүние мен күншілдік аша бастаған, адам мен адамды көбіне-көп тағы да сол қу дүние мен осы жолдағы мүдделестік қана жақындастыра бастаған мына заманда сол ағаларға тəн жақсы қасиеттер сақталып қалар ма екен? Бұл да сұрақтардың сұрағы болса керек. Ақын əрі публицист Ұлықбек Есдəу лет тің талантты тұлғалар туралы бұл кітабы оқырманға осы төңіректе ой салуымен де құнды дегіміз келеді. «Егемен Қазақстан» газеті Сəрсенбі, 7 қыркүйек, 2011 жыл Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы ТАҢДАУЛЫ 10 КІТАПТЫҢ БІРІ – «ƏБІЛХАЯТ» «Мəдениет» телеарнасында əр кітапты үш əдебиетші бірігіп талдап, əдебиетіміздің қысқаша шежіресін жасап жатқанымызға азғантай уақыт болды. Бұл жобаға «Алқа» журналы мен «Халық сөзі» газеті де атсалысқанын айта кетуім керек. Сонымен екі жылда жүзден астам кітап туралы пікір жарыстырдық. Сұхбаттарымыз түрлі сайттарда да қайталап басылып, оқырман пікірін жинауға да мүмкіншілік туды. Міне, солардың негізінде жан-жаққа хабарласып, соңғы кезде жарық көрген үздік он кітапты анықтағымыз келген. Сол оқылымды он кітаптың тізіміне Ұлықбек Есдəулеттің «Əбілхаяты» да кірді. Əрине, онда Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны», Таласбек Əсемқұловтың «Талтүсі», Адам Мекебаевтың «Құпия қоймасы», тағы басқалары бар. Ұлықбектің кім туралы жазса да аялап жазатыны ұнапты. Таңдау бар, демек, əдебиет те бар деген қорытындыға келдік.

БIРIНШI БӨЛIМ ЗЕРДЕ Эсселер, естелiктер

Əбден қартайған əкесі дүниеден озарда жалғыз ұлын шақырып алып, қолына бір кішкентай құмыра ұстатып, өсиетін айтты: – Балам, менің саған мирасқа қалдырар малым да, жаным да, барлық қазына-байлығым да – мынау бір құмыра су ғана. Бұл кəусар суды мен бар ғұмырымды сарп етіп, арқа етім арша, борбай етім борша болып жүріп, қаншама қиындықпен зорға таптым. Бұл – əбілхаят – өмір суы, оны ішкен адам мəңгі өмір сүреді, – деді. Баласы: – Əке, ендеше осы суды өзіңіз ішіңіз. Ауырып, қиналып жатырсыз ғой. Маған сенің аман-есен, тірі жүргеніңіз керек, – деді. Əкесі: – Онсыз да азды-көпті ғұмыр сүрдім. Ыстық-суықты, қызық-шыжықты бір кісідей көрдім. Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Шешеңнің барында бұл іздеген шипалы су қолыма түспеді. Ал қазір бүкіл қатарластарым да дүниеден озып кеткен соң ендігі жерде маған бұл қасиетті судың қажеті қанша?.. Ал сен болсаң əлі жассың, болашағың алдыңда, осы суды ішсең мəңгі ғұмыр сүретін боласың. Жалғыз өзің емес, бүкіл ұрпағың да мəңгі өмір сүрмек. Ала ғой, ұлым, саған өмір сүру керек. Əжетіңе жарат, – деп қасарысып, ішуден үзілді-кесілді бас тартты. Əкесі көз жұмған соң, азалы ұлы бір күні құмыраны сыртқа алып шығып, тығынын ашып, кесеге құйып, ішерішпесін білмей, мөлтілдеген суға қарап ойланып отырды. – Бұл судың əбілхаят екені рас па? Мəңгілік өмірдің маған қажеті бар ма, жоқ па? – деп айналасына қарады. ƏБІЛХАЯТ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Дүние сұп-сұр екен. Тау да, тас та, топырақ та, аспан да, шөптер мен ағаштар да сұрланып, қанын ішіне тартып алған ызғарлы қара күз еді. Сұм жалғанда ешбір қызық жоқ сияқты. – Сонда мен мынау сұрқай тірлікте дос-жарансыз жалғыз өзім итшілеп мəңгі өмір сүрмекпін бе? Бұл тірі азап емес пе? Бүкіл ұрпақтарым да солай мəңгілік азап шекпек пе? Əкем ішпеген суды мен неге ішпекпін? – деген ойдан түршіккен ол қолындағы суды айналасына шашып жіберді. Əбілхаят суы сол жерде өсіп тұрған шыршалар мен қарағайларға шашырады. Олар мəңгілік жап-жасыл болып қалды.

«СЕН СҰЛУДЫҢ» СЫРЫ Бұдан көп жыл бұрын, бірде бөлмедегі радиодан беріліп жатқан əнге құлақ тосып отырып, əйгілі ақын Сағи Жиенбаев ағамыздан: – Осы «Бəрінен де сен сұлу» деген Шəмшінің əнінің сөзі Майшекиндікі емес, Мағжандікі екені рас па? – деп сұрадым. – Рас деуге де, демеуге де болады, – деді ол. – Деуге болатыны – Мағжанның дəл осындай атақты өлеңі бар, деуге болмайтыны – сол өлеңді Мақсұтбек ақсақал көшіріп алмаған. Негізгі айтар ойы мен образын алып, ықшамдап, əнге лайықтап, буынын өзгертіп, қайта жазып шыққан. Мағжанның өлеңі он бір буынды: Білем анық, жанға жайлы май сұлу, Жарқ-жұрқ еткен майда нажағай сұлу. Қызықты орман, көңілді еркін кең дала, Күміс табақ – көкте жүзген ай сұлу. Кешкі ескен жібек, жылы жел сұлу, Хош иісті түрлі түсті гүл сұлу. Əдемі аспан – төбедегі көк шатыр, Асқар тауы, дариясымен жер сұлу. Сылқ-сылқ күліп, сылдыр қаққан су сұлу, Көлге қонып, қаңқылдаған қу сұлу. Бейне айнадай жарқылдаған айдыннан Күн шығарда көтерілген қу сұлу. МАҒЖАНҒА БАРАР ЖОЛДА

Шаңқай түсте өткір алтын күн сұлу, Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу. Толып жатыр түрлі сұлу дүние, Бəрінен де маған, сəулем, сен сұлу! Ал Мақсұтбек Майшекиннің «Бəрінен де сен сұлуы» сегіз-ақ буыннан тұрады. Сенбесең, салыстырып көр. Айтары бір болғанмен басқа өлең. – Бəрібір қайталау ғой. «Жиендіктің» нағыз өзі. Міне, қараңызшы: Жаз күнінде жайнаған Масатыдай жер сұлу. Аққу-қаздар тойлаған Айдын шалқар көл сұлу. Нұрын төккен қырмызы Аспандағы күн сұлу. Жымың қаққан жұлдызы Айлы кеште түн сұлу. Тəрбиелі тамаша, Бал мінезді жар сұлу. Таңданарлық қараса, Талай абзал бар сұлу. Өзгеден де ең сұлу, Өмірлік дос тең сұлу. Өзім сүйіп ұнатқан Бəрінен де сен сұлу! Бұл – бар болғаны ана өлеңнің көлеңкесі, екінші нұсқасы. Плагиатор ғой. Осы ұрлығы түбінде ашылады деп қорықпай ма? Жазықсыз атылып кеткен жанның еңбегін қымқырғандардың өзін де құрту керек қой! – дедім мен қызбалана.

– Тым қатты кеттің ғой. Сен мына түріңмен қазақ ақынжазушыларының жартысын қырып саларсың. Тəк-тəк-тəк... Безобразие, – деп Сəкең əзілге бұрып, сырбаз жымиысына салды. – Сонда, немене, өстіп, «Өзі жоқтың көзі жоқ» деп, біреуіміз Сəкеннің «Сырсандығын», екіншіміз Ілиястың «Құлагерін» иемдене берсек не болғаны? Əншейіндегі тырнақ астынан кір іздеген қырағы сыншылар осындайда қайда қарайды? – Ақталмаған адамға ешкім араша түсе алмайды. Екіншіден, «Айтып істеген ұрлық – ұрлық емес» деген бар. Кімді болсын жөн-жосықсыз кінəлай салу, сыртынан соттау оңай. Майшекин деген мықты ақын болмас, тіпті ақын да емес шығар, бірақ жақсы адам болатын. Білуші едім. Көп жылдар бойы Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған. Ол: «Бұл – Мағжанның атақты өлеңі, «Мағжанның өзі ақталмаса да өлеңін ел айтып жүрсін» деген ниетпен мұны Шəмшінің əніне арнап əдейі қайта жазып, өз атымнан тараттым, тағдыры арашаланған кезде басын ашып, иесіне қайтарамын», – деп ешбір жасырмастан үнемі айтып жүретін. Жəне ол жарықтық «Мағжан түбінде ақталады» деуден танбай кетті. Сондықтан, əн жинақтарында «Сөзін жазған М. Майшекин» деп тұрғанымен, бұл өлеңнің негізгі сарыны Мағжан Жұмабаевтікі екенін, басқаны қойып, «үш əріпке» дейін түгел біліп болған шығар. Жағдай осындай. Ақталмаған адамның аты да аталмайды. Литода қара тізім тұр. Қағып тастайды. Заманның беті біртіндеп бері қараса Мағжан да қайта оралар. Мен бұл жерден ешқандай ұрлық, «жиендік» көріп тұрған жоқпын. Таза ниеттен туған ғой. Меніңше, Мағжаннан сөз ұрлағандар басқа бір мықтылар ма деймін. Ақталуына жан-тəнімен қарсы болып жүргендер солар сияқты. Əйтпесе Мағжаннан кімге зиян келеді? – деп Сағи аға миықтан жымиып қойды. Сол күннен бастап марқұм Мақсұтбек Майшекин деген ақсақалға көзқарасым түзеліп, ішім жыли бастады. Бұрын атын естісем жиырылатын едім. Əндер мен əншілер жөнінде жазылған шағын кітапшасын да оқып шығып, оның өнерге деген іңкəр жүрегін түсінгендей болдым.

ҚАЙДАСЫҢ, МАҒЖАННЫҢ «ЖАҢҒЫРЫҒЫ»? – Шіркін, Абайдан арыда да, беріде де Мағжанға жетер лирик жоқ қой! Сен оның мына бір өлеңін тыңдашы, – деп серпіліп алған Сағи аға бұрын-соңды мен естімеген бір əдемі өлеңді жатқа оқи жөнелді. Жырдың тұла бойы суретке тұнып тұр. Көзге елестейтіндей мөлдірлік. Тау ішіндегі жолаушы. Айлы түн. Мұнартқан тау суреті. Ат дүбірі. Жаңғырық. Жалғыздық. Жолаушы жаңғырықпен тілдеседі. …«Өлем бе, – дедім, – қаңғырып?» «Өлесің!» – деді Жаңғырық… Тау шатқалындай түбі терең, құзар мұң. Зерігу мен торығудың арасындағы күй. Өмір, болмыс, шындық деген бұ дүниелік ұғымдардың бəрі шынайылығын жоғалтқан, көрген түстей алдамшы, жаңғырыққа айналған. Жəне мұның бəрі осы өлеңнің астарында жатқандай, ашық айтылмаған. Жаңғырықтың тілімен тағдырдың өзі сөйлеп тұр: «Өлесің!..» Сағи аға: – Бұл – Мағжан Жұмабаевтың «Жаңғырық» деген өлеңі, – деді. Өлеңге қатты қызықтым. Сөзсіз классика екенін сездім. Суреті көз алдыма келді. Əсерлі. Əредікте есіме түсе берді. Маған бұл өлең ұлы ақынның бүкіл шығармаларының ішіндегі ең сұлуы секілді көрінді. Осындай өлең жазғым келді. Мен Мағжанның атын алғаш бала кезде Сəкен мен Сəбиттің шығармаларынан кездестіріп, Əбділданың «Өмір жəне поэзиясында» мысал үшін келтірген өлең шумақтарын оқып, кемшілігін түсінбей дал болған едім. «Мынадай жақсы өлеңдерді несіне сынайды екен?» – деп басым қатқан. Қай жерден оқысам да – кілең сынап-мінеу. Сөйтіп жүріп, жыр жолына жаңа түскен сонау ізденгіш өспірім шақтың өзіндеақ менде Мағжан жырларына деген іштей қызығушылық оянған. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, оның жырлары қолға түспеген соң өзіне тартқан өзгеше жұмбақ, тылсым əлем болып көрінді.

Жетпісінші жылдардың басында, университеттің алғашқы курсында жүргенімде, ақын Несіпбек Айтовтың жалға алған пəтерінде есікті іштен іліп алып, екеуміз Мағжанның қолдан көшірілген бір топ өлеңін жасырын оқығанымыз бар еді. «Профессор Рымғали Нұрғалиевтен алдым», – деген ол сыбырлап. «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Сүй, жан сəулем», «Сен сұлу», «Гүлсімге»… т.б. төгіліп тұрған лирикаларды ентелей оқып, өреміз жеткенше, өзімізше талдаған болдық. «Сөз жоқ, əдемі өлеңдер, сұлу сезімдер». «Керемет! Ұлылық лебі есіп тұр». «Кей жолдарда символизм көзге ұрады. Өз заманының мықтысы». «Біздің заманға да келіп тұр, кеше ғана жазғандай». «Сырт пішіні ескілеу ме, қалай? Кейбір ұйқастары да əлсіздеу… Əрине, өлең техникасы бір орнында тұра ма?». «Мына өлеңдерде партия мен өкіметке қарсы түк жоқ қой. Жариялануына несіне тыйым салған?». «Ол үшін алдымен ақынның өзі ақталуы керек». «Ұлтшыл, пантүркистік өлеңдері бар деуші еді, оларын қоя тұрып, осындай зиянсыздарын шығара берсе қайтер екен?». «Кеңес өкіметіне теріс қарап, шетел асып кеткен Бунин, Бальмонт сияқты Мағжанмен тұстас бүкіл ақындарын орыстар əлдеқашан ақтап алып, шығармаларын жарыққа шығарыпты. Əрине, олардың идеялық-саяси адасуларын, көзқарасындағы қателіктерін ашып көрсетіп жазған. Бізде де сөйтсе ғой! «Халық жауларының» бəрі əлдеқашан ақталған жоқ па?» Пікірлеріміз осы төңіректен аспаған. Бірақ ол кезде мен, шынын айтсам, Төлеген Айбергеновтің өлеңдеріндегі мінсіз сұлулықты құлай жақсы көріп, оған ешкімді теңгермейтін едім. Өзге ақындардың шығармаларына Айбергеновтің призмасымен, өлшемімен қарайтынмын. Содан ба, əлде бір дегеннен тісім бата қоймағаннан ба екен, менде ол тұста Мағжанға еліктеу-солықтау болмады, соңына түсіп іздеп, қуалап оқи да қоймадым. Бір жолы Алматыдағы «Шахта» деп аталып кеткен асханада сəл қызыңқырап қалған Мұқағали ағамыз зор құлашын жайып, қос қолының саусақтарын жазып жіберіп, ауаны көлденең қайшылап, көзін жұмып, шашы төгіліп: «Əлдиле, өлім, əлдиле, мені де, өлім, əлдиле», – деп зор даусымен күркіреп

отырғанын көрдім. Өз өлеңі болар деп ойлағанмын. Өйткені Мұқаң сол тұстағы бір отырыста өліп қаламын ба деп қорқып жүргенін айтқан болатын. Бұл өлеңнің Мағжандікі екенін сəл кейінірек естідім. Сол жылдарда Жазушылар одағына келіп жүрген, түртұлғасы кинодағы үнді ханымдарына ұқсас, елден ерекше киінген, ақ жаулықты, қараторы өңді, айрықша ұялы қара көзді, бетіне əжім жүгіре бастаған, кексе тартқан келісті бір əйелді көріп, ақын Дүйсенбек Қанатбаев ағамыздан: – Мына кісі кім? – деп сұрағанымда: – Мағжанның əйелі Зылиха апай осы, – деген жауап алғанмын. – Мағжанның əйелі? Ол кісі тірі ме еді? – Тірі болғанда қандай! Мағжанды ақтатам деп өмір бақи осылай жүгірумен жүр. Олжас пен Əнуар Əлімжанов, Мұрат Əуезовтер барып, халін біліп тұратын көрінеді. Мен оны Мəриям Хакімжанова сияқты ақын апалардың бірі ме деп қалған едім. Сосын беймəлім тарихтың көзін көргендей, ұзап кеткенше Зылиха апаға ұрланып қарай бергенім есімде. Енді бірде «Қазақстан» баспасында істейтін сыншы ағамыз Қуанбек Боқаев өз əріптесі Ғалым Мұхамеджанов деген ақсақалға мақтауымды келістіре таныстырған соң, ол: – Ақын болсаң – Мағжанша жаз! – деп табиғатқа, қысқы жолға байланысты мен естімеген бір-екі өлеңді төгіп-төгіп жіберді. Тұнып тұрған сурет. Ұлттық бояу. – Бұл ғасырда Мағжанға жетер ақын туған жоқ. Бала кезде оқығаннан жатталып қалған өлеңдер ғой, – деген ол. Ұлы ақынның кітабын қайдан табуға болатынын сұрағанмын. – Қайнекей Жармағамбетовте бар еді. Ол кісі қайтыс болған соң біреу алып кетіпті. Ал Ғабеңде бар. Бірақ ол кісіден сұрай алмайсың. Жалпы, Мағжанның кітабы кейінгі жылдары Түркияда басылған көрінеді, – деп жауап берген Ғалым ақсақал. Сөз ұстасы Ғабит Мүсірепов қайтыс болған күні жазушы Жайсаңбек Молдағалиев аға кездесіп қалып, мені: «Шалдың шаруасына көмектесейік», – деп ертіп алды. Аз-маз қолғабыс тигізіп, онсыз да кісі көп болғасын үйге қайттым. Неге екенін білмеймін, жол-жөнекей, түнгі трамвайда келе жатып, Ғабеңнің кітапханасындағы Мағжанның кітабы туралы ойла-

дым: «Жетімсіреп қалатын болды-ау», «Қайнекейдегі кітабы секілді əлдекімнің қолтығында кетеді-ау», «Кім де болса, жырдың бағасын білетін жөні түзу біреуге бұйырса екен». Күндердің күнінде қайта жарық көретініне сенімім кəміл еді. Ал соңыра Сағи ағадан естіген «Жаңғырық» маған ерекше ұнады. Жаңалық ашқандай болдым. Қайталанбас жауһармен танысқанымды бағамдадым. Өлең жүрегімнің бір түкпіріне орнап, кей-кейде есіме түсетінді шығарған еді. Енді осы өлең арқылы менде Мағжанға деген ыстық ықылас, жаңа құштарлық оянды. Жетпісінші-сексенінші жылдарда Мағжанның өзінен гөрі оның орыс, Еуропа поэзиясындағы ұстаздары мен тұстастарының өлеңдерін тауып оқу оңайырақ болатын. Солай істедім де… Кітапханаға барып жүріп, алдымен символистерді шетінен індетіп, еңсере бастадым. Олардан Мағжанды, ол оқыған мектебін көрдім. Акмеистер мен имажинистерге, футуристерге де зер салдым. Кейінірек олардың Артюр Рембо, Поль Верлен, Шарль Бодлер сияқты ту ұстар түпкі көсемдерінің де тамырын басып байқадым. Ақыры, əр кезде, əркімдерден алып, «Ақсақ Темірдің сөзі», «Шолпы», «Күншығыс», «Пайғамбар», «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», т.б. сияқты өлең-дастандарын үзіпжұлып оқи жүріп, Мағжан ақынды біртіндеп тани түстім. Бұл кезде поэзиямыздың олқысы Мағжансыз толмайтыны анық бағамдалған болатын. 1988 жылы Жазушылар одағында хатшылықта жүргенімде басшымыз Олжас Сүлейменовтің кабинетінде жабық есік жағдайында чекистермен кездесу болды. Оған одақ хатшылары мен басқарма мүшелерінің бір тобы ғана қатыстырылды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, генерал Сапар Əбдірахманов бірнеше басқарма басшыларымен келіп, біздің алдын ала жазбаша дайындап берген бірқатар сауалдарымызға жауап берді. Кездесу тақырыбы репрессия құрбандары жəне тарихи ақтаңдақтарды жою болатын. Біздің сұрақтарымыздың ішінде арыстарды ақтау мəселесі де бар еді. Əңгіме осыған тірелген кезде: «Мағжандарды ақтауға КГБ неге қарсы болып отыр? Олар кезінде жазықсыз жазасын өтеген жоқ па?» – деген сұрақ қойдық.

Генерал С. Əбдірахманов: – Сіздер бұл мəселеде Қауіпсіздік комитетін босқа кінəлайсыздар. Олардың ақталуына қарсы болып отырған біз емес, өздеріңіз, өз жазушыларыңыз. Мынау – Мағжан Жұмабаев шығармаларын ақтау жөнінде 1961 жылы құрылып, жұмыс істеген мемлекеттік комиссияның қорытынды қағазы. Біз осыған сүйенеміз. Мұнда: «Кеңес үкіметі сау тұрған кезде Мағжан Жұмабаев шығармаларын ақтауға болмайды», – деп жазылған. Соңында комиссияның төрағасы, ақын Əбділда Тəжібаевтың қолы тұр. Мінеки, сенбесеңіздер көріңіздер, – деп құжатты алдымызға тастады. Қағазды қолдан-қолға өткізіп, ары да, бері де айналдырып қарап, Əбекеңнің аты-жөні мен өзі қойған таныс қолын көріп, қайтарып бердік. Бұл біз күтпеген жауап еді. Ештеңе айта алмай, үніміз өшіп қалды. Өз басым шынын айтқанда, жерге кірердей ұялып кеттім. «Өз қолыңды өзің кесемісің?» дегеннің кері келді. – Егер осындай басқа бір арнаулы үкімет комиссиясы құрылып, олардың шығармаларын ақтап жатса, біз қарсы емеспіз, – деді генерал. Міне, сол тұста бір топ жастар ұлы арыстарымызды ақтау, қазақ тіліне мемлекеттік мəртебе беру туралы мəселе көтеріп, Жазушылар одағында басшымыз Олжас Сүлейменовтің рұқсатымен, алдымен «Жазықсыз ағалар жадымызда» жəне кейінірек «Мəдениет экологиясы» атты атышулы кештер де ұйымдастырған едік. Олжекең шетелге жол жүріп кеткен соң Одақтың Қ. Тұрсынқұловтан өзге екі-үш хатшысы «Жазықсыз ағалар жадымызда» атты кешті өткізуге үзілді-кесілді қарсы болып, жарнамаларымызды жыртқызып, əлек қылды. Əрқайсысы, алдымен партияда жоқ ең жас хатшы – менімен жеке-жеке қатаң сөйлесті, көне қоймаған соң екінші хатшының бөлмесіне шақыртып, бəрі жабылып қысып, райымнан қайтармақ болды. Ағаларымнан естіген сөздерім: «Екінші Желтоқсан жасағың келе ме? Осындай даңғазаны үнемі өз атыңды шығару үшін істейсің! Жазушылар одағына КГБ-шыларды қаптаттың. Одақ сенің митинг өткізетін орның емес. Осыдан титтей тəртіп бұзыла қалса, жұмыстан қуыласың.

Шыдап болдық…». Сонда да қыңырайып, көнбедім. Бағымызға қарай шетелде жүрген Олжас аға келіп қалып, кеш өткізуге рұқсат берді. «Егер іштері толып жүрген жастарды одақтың залына жібермесеңдер, олар көшеге шығып жиналыс өткізеді. Екінші Желтоқсан солай пайда болуы мүмкін. Сондықтан рұқсат берген жөн», – деді ол секретариатта. Одақтың мəжіліс залында ине шаншар орын болмады. Кешке арыстардың ұрпақтары да тайлы-таяқтысы қалмай келді. Осы кешті ашуға əуелде уəде берген Əлжаппар Əбішев ақсақал, неден қорқып-сақтанғанын білмеймін, жемежемге келгенде тайқып, қатысудан бас тартты. Дегенмен, кеште аға жазушымыз Сафуан Шаймерденов аталы сөз сөйледі. Жиналыс өте қызу өтті. Біз осы кеште ақталмаған арыстарымыздың бұған дейін ұшыраспаған фотосуреттері мен құжаттарын тұңғыш рет көріп, көзайым болдық. Арыстардың ұрпақтары бірінен кейін бірі сөйледі. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне арыстарды ақтау туралы ұсыныс жолдауға қарар қабылданды. Есімде қалған бір жайт, осы кеште А. Байтұрсыновтың бір сирек фотосуреті қолды болып, жұртшылыққа əкеліп көрсеткен қызы зар қағып қалды. Көргендердің айтуынша, оны белгілі бір қаламгер-ғалым ағамыз қағып кетіпті. Қысымға қарамай, көп кедергімен əрең өткізген біздің бұл жиналыстарымыз, кейін білуімше (сол тұста Орталық Партия Комитетінде сектор басқарған академик С. Қасқабасовтың айтуынша), арыстарды ақтау туралы қаулыны қузауға оңды əсер еткен екен. Көп ұзамай Орталық Комитет хатшысы Өзбекəлі Жəнібековтің мұрындық болуымен ақжолтай қаулы да шығып, Мағжандар ақталды. Арыстарды, айналып келгенде, уақыттың өзі ақтап алды. Өйткені бұл кезде, Сағи аға айтқандай, заманның беті біртіндеп бері қараған еді. Бірде біз «Литературная учеба» журналының Алматыдағы күндерін ұйымдастырып, оған басқалармен қоса сексенінші жылдардағы орыс əдеби сыны «жаңа толқынның» көшбасшысы атандырған, кейін Америкада тұрып өмірден озған Алексей Парщиков деген мəскеулік дарынды ақынды да шақырттық. Ол бізге Мағжанның аудармашысы ретінде қымбат

еді. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері осы А.Парщиковтың аудармасымен Мəскеудің əдеби журналдарында жарияланды. Оған ұлы ақынның тағдырын түсіндіріп, өлеңдерінің жолмажол аудармасын беріп, аудартып жүрген біздің мəскеулік жазушымыз Роллан Сейсенбаев болатын. Қонақтарды Жазушылар одағының Шығармашылық үйіне орналастырдық. Шығармашылық үйінде сол тұста Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апа мен қызы Ұлжан тұрып жатқан. Əбден қартайған, бірақ өзін бақытты сезініп жүрген Зылиха апаға ақынның бірден-бір аудармашысы Алексей Парщиковты ертіп апарып таныстырдым… Апамыз қатты қуанды. Алексейдің Мағжаннан аудармаларын тауып оқыған екен. Аудармашы досымыз да сол жүздесуден қатты толқып қайтты. Кешқұрым Жұматай, Ғабиден, Аманхан сияқты ақындарды қатыстырып, Мағжан ақынның мəскеулік тəржімашысының құрметіне Шығармашылық үйінде шағын дастарқан ұйымдастырдым. Оған Зылиха апай өзі келе алмай, қызы Ұлжанды жіберді. Отырысымыз өте қызу, шулы болды. Біздің ақындар Парщиковтың аузын ашқызды. Оған Жұматай Жақыпбаев өзінің орысша жазған өлеңдерін оқып, Аманхан Əлім орыс-еврей қарым-қатынастары туралы дəріс берді. Парщиков Гүлнар Салықбаева туралы сұрады. Жамыраса мақтап бердік. Бұның алдында Мəскеуге бір барғанымда мен Парщиковқа Гүлнар Салықбаеваның өлеңдерін (жолма-жол аудармасын) берген едім. Оған қатты əсер етіпті: «Бізде қазір мұндай терең ақын жоқ, өзге, жаңа Цветаеваны оқығандай болдым. Тіпті бұл Цветаева да емес, бөлекше əлем. Оқып отырып, өзімнің өлең жазғым келді. Реті келсе орысшаға аударамын», – деді. Сол Парщиков көп ұзамай мұхиттың арғы бетіне кете барды. Біздің Гүлнардың өлеңдерін аударғанаудармағаны беймəлім. 1993 жылы Анталияда Түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайы болған кезде мағжантанушы, тəржіман түрік ақыны Фархат Тамырмен таныстым. Кейін де бірнеше рет кездестік. Бір басқосуда ауыздықсыз кеткен сыңарезу бір ноғай демократы қызды-қыздымен: «Қазақта батыр жоқ. Қазақтардың өз батырымыз деп жүргендерінің бəрі – біздің ноғайлының батырла-

ры. Сырттан иемденіп алған», – деп салды. Сонда осы Фархат Тамыр жұлып алғандай: «Егер қазақтан сендердің батырларың көп болса неге жерлерің аз?» – деп аузына құм құйған болатын. Фархат Тамыр қазақша таза біледі екен. Мағжан шығармалары арқылы бүкіл қазаққа ғашық болыпты. Зылиха апа дүниеден озғаннан кейін Мағжанның шаңырағын ұстап қалған қызы, журналист Ұлжан Жұмабаевамен Сыртқы істер министрлігінде біраз жыл қызметтес болдық. 1996 жылы мен оған Фархат Тамырдың өзі қолтаңбасымен сыйлаған Мағжанның түрік тіліндегі кітабын əкеліп бердім. Сол жылы Мағжан Жұмабаев атындағы республикалық мүшəйраға қатысып, бас жүлдесіне ие болғаным бар. Бір қарағанда Мағжанға түк қатысым болмағаныммен, өзімше іштей бір байланысым да бар сияқты. Ұлылықтың өзіне тартар магниті бар-ау. Əркімнің өз Мағжаны бар. …Міне, жиырма жыл бұрын Сағи ағадан естіген сол өлең, сол «Жаңғырық» бүгін де есіме түсіп отыр. Əттең, екі-ақ жолы… Қалғаны ұмытылған. Ал сонда бұл өлеңді Сағи Жиенбаев қайдан жаттап алды екен? Кезінде тəптіштеп сұрамаппын. Енді пысықтай қоятын ол ақын да бүгін арамызда жоқ. Дүниеден кенеттен қош айтпай кете қояды деп кім ойлаған? Бəлкім, оның мұраларының ішінен осы өлеңнің көшірмесі шығып қалар? «Жаңғырықтың» жадымда барын іштей қайталаймын: …«Өлем бе, – дедім, – қаңғырып?» «Өлесің!» – деді Жаңғырық… Түгел ойға түспейді. Кезінде ұмытылмайтындай көрініп еді. Неге түгел жазып алмадым екен? Өкінішті… Есте қалған екі жолының өзі бір дастанға татырлық. «Теңіздің дəмі – тамшысынан» дегеннің дəл өзі. Нағыз асылдың сынығы. Көзге ыстық, көңілге дəт. Бұл «Жаңғырық» өлеңі Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісіндегі жинақтарында, баспасөздерде жариялануы мүмкін, бірақ кейінгі ешбір кітабында жоқ. Орны үңірейіп бос тұрғандай. Еш жерден ақынның осындай өлеңі бар деген дерек те ұшырастырмадым, іздеген де ешкімді байқамадым.

Мағжантанушымын деп жүргендердің кейбірінен суыртпақтап сұрап байқасам, ешқайсысы естімеген, оқымаған. Кейде маған «Жаңғырықтан» қалғаны екі-ақ жол болса да ақынның кітаптарына кіргізілсе қайтер еді деген ой келеді. Шумақтарын кейін түгендей жатармыз… «Қайдасың, қайда, «Жаңғырық?..» P.S. Жақында əйгілі ақын Темірхан Медетбек ағамыз маған бір дерек айтты. 1964 жылы ҚазПИ-дің тарих-филология факультетінде оқып жүргенінде оларға басынан талай тауқымет, қуғын-сүргінді өткерген доцент Кəрібаев деген ақбас ғалым сабақ берген екен. Сол кісі бірде, оқу бағдарламасында жоқ, əлі ақталмаған ақын Мағжан Жұмабаев шығармашылығы туралы заманнан қаймығып-қорықпастан дəріс оқып, талдап-таразылап, аса жоғары бағалай келіп, жырларын жатқа соққан екен. Солардың ішінде «Жаңғырық» деген өлең де болыпты. Осы туралы айта келіп, Темірхан аға:

– Одан да шықты жаңғырық, Бұдан да шықты жаңғырық. «Өлем бе, дедім, қаңғырып?» «Өлесің!» – деді, Жаңғырық... – деген бір шумағы ғана жадымда жатталып қалыпты. Қалғаны есімде жоқ, – деді. Сосын сəл ойланып барып: – Мен Мағжанды зерттеп оқыдым, оның шығармалары туралы мақала да жаздым. Бірақ бұл өлеңі кітаптарында кездеспеді. Сен іздегендей осы өлеңді мен де іздедім. Бірақ, «көрдім, білдім, оқыдым» деген жан кездестірмедім. Бір нəрсенің басы ашық: Мағжанның «Жаңғырық» деген ғажайып өлеңі болғаны анық. Бірақ қазір жоқ! Оны білетін адамдар өмірден өтіп кеткен. Ол өлең неге жоқ болып кетті? Неге кітаптарына кірмеді? Білмеймін... Бəлкім, баяғы доцент Кəрібаев сияқты білімді ғалымдардың біреуінің болмаса біреуінің үйіндегі жеке архивінде жатқан шығар? Күні келер, сəті түсер, əлі табылар деп ойлаймын, – деп Темағам əңгімесін үлкен дəмемен аяқтады. Осы сөзімен менің де сығырайған үмітіме май тамызғандай болды.

– Қостанайға барып қайтайық. Бірге жүр, – деді Ғафаң 1983 жылдың жазында. Мəскеуге оқуға жиналып жүр едім, қуана келістім. Көп ұзамай-ақ ұшып жеттік. Бəдеш апай үшеумізді облыс басшысы Василий Демиденко өз кабинетінде бір қолына қымыз, бір қолына шұбат ұстап қарсы алды. – Ғафу Қайырбекович, – деді ол, – сіз туған жеріңізде қымыз ішсеңіз де, шұбат ішпеген шығарсыз. Дəм татыңыз. Қазір Атыраудан түйе əкеліп сауып отырған шаруашылықтарымыз бар, ал қымыз қазір барлық совхоздан кездеседі. Өздеріңіз көресіздер. – Даусынан мақтаныш лебі есті. Қостанайдан бізге ақын Ақылбек Шаяхметов қосылды. Жолай Тобыл жылқы зауытына соғып, арғымақтарды қызықтап көріп, Жітіқара ауданына бет түзедік. Жол ұзақ, тақтайдай тегіс, кең, жазық дала. Ғафаң зеріктірмей, түрлі қызық əңгіме айтып отыр. Жігіттің домаласа өрге тасы, Озады самолеттен машинасы; Иван Шухов дейтұғын мына кісі, Белінде салпақтайды флягісі. Иван ішіп тұрғанда Ғафу ішпей, Кісінің келеді екен жылағысы, – деген секілді суырыпсалма шумақтарының қалай туғанын айтқызып, қарық боп тыңдап келеміз. Келе жатып, жол бойында желмен жоны қылаңдаған ақселеулі даланың ақшулан ҒАФУ КӨЛІ

толқынына қарап отыр едім, Ғафаң кенет көлікті тоқтатып, жерге түсті. – Айналайын, ақселеулерім-ай, аман-сау барсыңдар ма? Сендерге бауырымды бір төсейінші, бір аунайыншы, – деп жол бойындағы көкке сұлап жата кетті. Қолдарын созып, ары-бері аунады. Селеудің əлі жебесі қатпаған балғын сабақтарын саусақтарымен аялай сипалап, мауқын басқандай иіскелеп біраз жатты. Сосын орнынан тұрып, үстін қаққыштап қойып, бізге бұрылып: – Бұл селеудің мықты қасиеті бар. Мына қара жерді «тың игереміз» деп қанша жыртып, қанша егін ексе де бой бермеген осы селеу. Туған жерімді бермеймін деп, сырттан келген бидаймен қатты күрескен, аянбай соғысқан қаһарман өсімдік осы. Бұдан асқан патриот жоқ. Сондықтан бұл селеуді қанша жырласақ та артық емес, – деді. Ел аралап, кездесулер өткізе бастадық. Біз бір ауылға келгенде кеңшар басшылары: – Ғафа, сізге қанша ат мінгізсек те аздық етеді. Біздің жерімізде бірнеше кішігірім көлдер бар. Соның біреуін өзіңізге сыйлап, сіздің атыңызбен атасақ деп едік. Қалағаныңызға бірден есіміңізді қоямыз. Өзіңіз барып көріп, таңдаңыз, – десті. Ғафаң сəл ойланып, бұрылып маған қарады да: – Сен мендей емес, сулы жердің баласысың ғой. Ауылыңда талай болып, Ертісің мен Бұқтырмаңды, Зайсаның мен Марқакөліңді, басқа да қаптаған суларыңды көргем. Сондықтан көлдің жақсысын сен білуің керек. Мына ағаңмен бірге барып, таңдап қайт. Сенің дегеніңе тоқтаймыз, – деді. Расында да, біріне-бірі жақын орналасқан бірнеше шағын көл бар екен. Көлікпен аралап, ойқастап, қарап жүрмін. Алғашқы біреуінің қамыс-қоғасы көп, екіншісінің жағасы батпақтау екен. Үшінші көлге келгенде көзім жарқ еткендей болды. Айдыны ашық, қаз-үйрегі сымпылдап ұшқан, əр тұсында тұңғиық лала гүлі бар, тұнық, мөлдір сулы осы көлге көңіл-аңсарым ауды. Біраз уақыттан соң Ғафу ағамен бірге қайта оралған кезде əлгі көл жағасына ақбоз үй тігіліп қалғанын көрдік. Жағалауға келіп, көлді қызықтап қарап тұрмыз. Айдындағы аппақ

гүлдерінің түйетабан жапырақтары желмен төңкерілгенде астары қып-қызыл болып, көздің жауын алады. Көлді бəрі жамырай мақтасып жатыр. Ауылкеңес төрағасы қол қойылып, мөр басылған қаулысын алып шығып, дауыстап оқыды. Қатар тұрған соң көз жүгіртіп қарадым. Орыс машинкасына басылған, «і» əрпінің орнына леп (!) белгілері қойылған қазақ тіліндегі қаулы екен. – Мінеки, бұл көл бұдан былай «Ғафу көлі» аталады, – деді ол қағазын бүктеп салып жатып. Бəріміз де қол шапалақтап, Ғафаңды құшақтап, сүйіп, құттықтастық. Ғафаң өз көліне өзі үн-түнсіз қарап тұрды. Мен «сулы жердің баласы» екенім есіме түсіп, тез шешініп, көлге қойып кеттім де құлаштай жүзіп, айдында ағараңдаған гүлдерге жеттім. Бойлап байқасам, көл терең екен. Алақандай аппақ гүлдің біреуін демім жеткенше тереңірек сүңгіп барып, сабағын ұзындау етіп түбіне жақын үзіп, жағаға алып шықтым. Бəдеш апайға əкеліп: – Ғафу көлінің алғашқы гүлі өзіңізге, апай, – деп ұсынғанымда толқығаннан жеңгеміздің көзінен жас ыршып кетті. Қолында аялай ұстап тұрған ақ тостаған гүлдің сабағы телефонның шнурындай шұбатыла сүйретіліп, судан шығып болмады. Бəдеш апай гүлдің атын сұрады. – Бізде мұны тұңғиықгүл деп атайды, – дедім. – Əсиягүл деген де аты бар, – деді Ғафу аға. – Əсиягүл деген жақсы екен! – дестік бəріміз де бірауыздан. Жиналғандар: – «Ғафу көлдің əсиягүлі» деген өлең жазыңдар, – десіп жатты. – Жазамыз, жазамыз, – дестік, үш ақын «Кім алдымен жазар екен?» дегендей бір-бірімізге қарап қойып (ақырында Ақылбек жазды). Көл жағасындағы киіз үйге шақырылған кісі аз болып шықты. Ғафаңның көлін «жуып» отырмыз. Неге екенін білмеймін, Ғафу аға көл иеленген кісіге ұқсамайды, көңілі сынық. Құлықсыз. Ықылассыз. Жарқылдаған əзіл жоқ. Мұнысын түсінбей отырмын. «Көлдің несі ұнамады екен?» деп қуыстана бастадым. Кеңшардың директоры екі иығына екі

кісі мінгендей алып денелі кавказдық жігіт еді, оның орыс келіншегі де өзіне лайық өте кесек денелі екен, одан төменірек отырған зоотехник келіншекке де қазақта көп кездесе бермес аса ірі, зор тұлға бітіпті. Біздің Ақылбек ақын да қапсағай денелі жігіт. Осылардың ортасында бəкенелеу Ғафаң жəне жеңгей үшеуміз шөмиіп-шөмиіп, кішірейіп отырмыз. Ғафаңның қабағы ашылатын түрі жоқ. Барған сайын еңсеміз, иініміз түсіп барады.Тілектер, тостар айтылғанмен, ішкілік те жүрмей қойды. Ғафу аға қарама-қарсы отырған еңгезердей екі дəу келіншекке қабағының астымен үн-түнсіз кезек-кезек қарап қойып отырып, бір кезде: Жігіттің жүрегіне оқ атқандай, Қыздары Қостанайдың қолақпандай! – деп салды. Біз ду күлдік. Орыс келіншек ештеңе түсінген жоқ. Ал қымыз сапырып отырған қазақ келіншегі ерекше мырс етіп, бетін басып, үйден ытқып шығып кетті де қайтып оралмады. Біз күлісіп, дуылдасып, жанданып қалдық. Сөйтсек, сері Ғафаңның көңілі ашылмағаны айналасында көз тоқтатар қыз-келіншектің болмағанынан екен. Бізді кеңшардан кеңшар шекарадан шығарып салып, қарсы алып, біріне-бірі өткізіп отырды. Екі «Волганы» біріне-бірін құйрық түйістіріп қойып, жүк салғышын дастарқанға айналдырып, сусындарын сапырып, құя бастайды. Бұл жолы қарсы алған дембелше келген, қозы қарынды партком хатшысы бірден Ғафаңа «құрдаспыз ғой» деп қойып, өрескелдеу қалжыңын жаудыра бастады. Болмай бара жатқан соң Ғафаң: – Менімен құрдас болатындай сен өзің қай жылғысың? – деп сұрады. Ана кісі жасын айтып еді, біздің ағамыз: – Əй, жігітім! Сенің менен үш-төрт жас кішілігің бар екен. Біз де сендей толық болғанбыз, содан кейін солып қалғанбыз. Қабақтай қарным бар екен деп бастырмалата берме, – деп бетін қайырып тастады. Дегенмен, Ғафу ағаның киіз үйдегі суырып айтқан «қолақпандай» қос жол ұйқасы алдағы ауылға бізден бұрын ба-

рып қалыпты. Оған көзіміз бірден жетті. Келіп ат басын тіреген үйге кірсек, аумағы ат шаптырымдай қонақ бөлмені қыз-қырқынға толтырып қойыпты. Ғафаң бірден өзгеріп сала берді. Көзі жайнап, көңілденіп, шеттерінен құшып, сүйіп жатыр. «Ұлықбек, Ақылбек, неғып тұрсыңдар, сендер де сүйіңдер!» – деп қояды. Дастарқанға отырар алдында қол жууға шыққанда Ғафаң: «Бұл Қалижан, Хамит ағаларымыздың əдісі ғой. Олар «Егер бір қызға көзің түскенін басқалар сезіп қоймасын десең, қатар тұрған қыздарды түгел сүйіп шығу керек. Сонда ешкім күдіктенбейді» дейтін еді», – деді бізге өз қылығына ақталғандай. Ғафаңның осы көңілденгені көңілденген болды. Аса қатты шабыттанып, неше түрлі тапқыр əзілдер айтып, қайтақайта тост көтеріп, өзі де ішіп, өзгелерге де алғызып отырды. Өз өлеңдерін жатқа соқты. Бізге де өлең оқытты. Қыза келе Қасымның «Дариға, сол қызын» шырқады. Жүзі балбұл жанып, отырыстың гүліне айналды. Бір таңырқағаным, мұндай шабыты ұстаған тұста Ғафаң кəдімгідей ажарланып, тіпті бетінің шешектен қалған шұбар дақтары жоғалып кетеді екен. Ақындық арқа деп, міне, осыны айт! Бір уақта маған тоқпан жілікті ұстатып: «Мынаны жақсылап мүжіп, пышақпен егеп қой!» – деп елеусіз тапсырды. Мен емеуріннен түсініп, айтқанын асыра орындадым, жілікті жұртқа білдірмей пышақпен айналдыра əбден егеп, сіріңкемен де күйдіріп қойдым. Бір мезгілде Ғафаң: «Дайын ба?» – деді бұрылып. Жілікті қолына ұстата қойдым. Ғафаң орнынан тұрып, елдің назарын тегіс өзіне аударып алды да, дастарқанды айналып барып, кеңдеу жерге отырып, əлгі жілікті алдына қойып, оң қолының жұдырығын орамалмен жақсылап орап болған соң ерсілі-қарсылы бірнеше сермеп барып, бір-ақ ұрып, сындырып тастады. Жұрт шу ете қалды. Сондай жіліктің біреуін Ақылбек те ұрып сындырды. Дастарқаннан тұрған соң, аттанар тұста бүкіл қыз-келіншек Ғафаңмен таласа сүйісіп қоштасты. Бұған қызыға қарап тұрған қалжыңбас партком хатшысы Ғафаңа бата алмай, Бəдеш апайға:

– Күйеуіңіз қыз-қырқынды қырып сүйіп барады ғой, қызғанбайсыз ба? Қалай шыдап жүрсіз? – деп іліп қалды. Оған Бəдеш апай байыппен: – Ғафаңның жасы қазір елудің алтауынан асты. Ақын емес пе, алпысқа дейін сүйіп қалсын, Құдай бұйыртса, енді бір төрт жылдан кейін өзіме қалады ғой, – деп жауап берді. Сол естен кетпес сапардан бері қаншама жыл өтсе де көзімнің алдында, көңілімнің төрінде Ғафу көлі мөлдіреп жатқандай көрінеді. Жағасында – Ғафаңның өзі.

АЛҒЫ СӨЗ Кеңшiлiк Мырзабеков сəлем айтып жатыр деген соң iздеп барсам, өзi сұратып алдырған бiр топ өлеңiмдi «Социалистiк Қазақстан» газетiне шығармақ болып отыр екен. – «Бес өлең» деген жаңа айдар аштым, өзiңнiң өлеңдерiңмен бастаймыз. Əр ақынға бiр классик алғы сөз жазады. Сенiң өлеңдерiңдi Сырағаңа апарып берiп едiм. Қолы тимей созып кеттi. Сəлем берiп, кiрiп шықсаң қайтедi? – дедi. – Кiргенде не айтамын? – Осылай да осылай. Кеңшiлiк iнiңiз берген өлеңдердiң авторы мен едiм. Сол өлеңдер «Социалистік Қазақстанға» шығайын деп жатыр. Газетке сiздiң алғы сөзiңiз керек екен деп айт. Кеңшiлiк өзi айтты де! – деп үйретiп жiбердi. Сырбай Мəуленов басқаратын «Қазақ əдебиетi» газетiнiң редакциясына имене кiрдiм. Екiншi курстың студентiмiн. Ол кiсi көп күттiрмей қабылдады. Кеңшiлiктiң үйреткен сөздерiн жобалап айтып шыққандай болдым. Сырағаң үлкен кабинеттiң төрiн толтырып, төбедей болып отырады екен. Үлкен басындағы бұйраланған шашы қара бұлттай дудырап, даусы гүрiлдеп, асықпай сөйледi. Алақандай көздерiнде мейiрiм бар. – Айналайын Ұлықбек! Қандай мықты болса да, Кеңшiлiктiң сөзi маған заң емес. Маған ананы жазсын, мынаны жазсын деп приказ бермей жайына жүрсiн. Əйтсе де, сенiң өлеңдерiңе көңiлiм толып отыр. Тiптi «Боздақтар» деген бiр өлеңiңдi өзiмiздiң «Қазақ əдебиетiне» бастырып жатырмын. Жеңiс күнiнiң нөмiрiне дəл келе кеттi. Қысқасы, өлеңдерiң жақсы. Бiрақ алғы сөз жаза алмаймын, – дедi Сырбай аға. СЫРНАЙ САЗДЫ СЫРБАЙ АҚЫН

Бағанадан қысылып-қымтырылып отырған маған өлеңiмдi өзi мақтаған соң жан кiрейiн дедi. – Аға, жақсы болса неге алғы сөз жазбайсыз? Ал ақыр жазбайтын болсаңыз, ол өлеңiмдi де өзiме қайтып берiңiз. – Жоқ, жаза алмаймын. Жазбайтын себебiм бар. Ол газетте Балғабек Қыдырбекұлы деген бiр бастық бар, сол маған көптен берi бiр публицистикалық мақала заказ берiп жүрген. «Менiң өтiнiшiмдi құлағыңа қыстырмай, қол астымдағы Кеңшiлiктiң айтқанын iстедiң», – деп қылт ете қалады ғой. Сыйласып жүрген адам. Ал анау өлеңiңдi ендi өзiңе қайтара алмаймыз. Бiздiң газеттiң бетiнен көретiн боласың. Осы жұмада, – дедi. Иiнiм салбырап, нəумез боп қайттым. Сол жұмада «Қазақ əдебиетiнiң» бiрiншi бетіне «Боздақтар» деген өлеңiм жарқ ете қалып, курстастар қауымы бiр шуылдасты. Қуанбасқа, жумасқа шарам қалмады. Ал Сырбай аға сол кезде менiң өлеңдерiме бұл жолы алғы сөз жазбағанмен, кейiнiрек бəрiбiр жазды, 1981 жылдары, он шақты жыл өткен соң. Жазғанда да орыс тiлiнде... Алғы сөзi екi жерде, «Комсомольская правда» газетi мен «Молодые поэты Средней Азии» деп аталатын мəскеулiк антологияда шыққан менiң өлеңдерiмнiң аудармасымен бiрге жарияланды. ТАҚЫРБАС Сексенiншi жылдардың басында, шiлiңгiр шiлдеде демалысқа шығып, шашымды тақырлата алғызған күнi Жазушылар одағының екiншi қабатына көтерiлiп келе жатыр едiм, қарсы алдымнан ақын Сырбай Мəуленов аға кездестi. Сəлем берiп өте бергенiмде: – Əй, Ұлықбек, тұра тұршы, – деген гүжiлдеген даусынан кiлт тоқтадым. Ол мол денесiмен бұрылып тұр екен, жақындап келген менiң жап-жалтыр басыма қызыға қарап қалды. Сау қолының күректей алақанымен құйқасын сипалап-сылап қойды. Алақаны ып-ыстық екен.

– Ойпырмай, сенiң басың қандай əдемi бас едi. Аршыған жұмыртқадай ғой тiптi. Мына қарашы, аппақ, тап-тақыр! Мiнеки, теп-тегiс, жұп-жұмыр, доп-домалақ! – деп таңдайын қақты. – Осындай сүйкiмдi басым болса, шiркiн, мен де дəл сен құсап... шашымды айнадай ғып қырғызып-ақ жүрер едiм... Айдарымнан жел есiп дегендей... Əттең! Басымның түрi мынау: бомбы түскен сияқты. Құйқасы құрым-құрым. Жырым-жырым. Ойпыл-тойпыл! Қиқы-шойқы! Тақырлатып жүруге елден ұят, – дедi Сыраға бiртүрлi мұңайғандай. Маған ол кiсi сөзiн əзiлдеп бастағандай көрiнiп едi... БЕКЕР БОЛҒАН... Жазушылар одағында үлкен жыр кешi болып, қазақтың Алматыдағы ақсақал-қарасақал ақындарының бəрi жапатармағай өлең оқыды. Қарт бүркiттей саңқылдап Қалижан Бекхожин, баршын тартқан даусымен дүниенi үйiрiп Хамит Ерғалиев, күндей күркiреп Сырбай Мəуленов, дауылпаздай Ғафу Қайырбеков, жарқылдап Жарасқан, мақамдап Кеңшiлiк... «Никарагуалап» Мылтықбай Ерiмбетов көзге түстi. Тынышбай Рахимов мiнбеге шығып, шашын сiлкiп тастап, өлеңiн оқи бергенде залдағы бiр келiншектiң баласы жылап қоя бердi. Тынышбай сəл кiдiрiп, микрофонға жөткiрiнiп, өлеңiн қайта бастай бергенде бала қайта жылады. Тынышбай сəбидiң даусы семгенiн сабырмен күтiп, бастай бергенде бала тағы шар ете түстi. Залдағы жұрт ду күлдi. Бiреу: – Əкесiн танып тұрған бала ғой, – деп жұртты одан бетер күлдiрдi. Тынышбай соған қарамастан, түк саспай-ақ Мұқағали туралы естелiк өлеңiн келiстiре бабымен оқып шықты. Сiлтiдей тынып тыңдаған жұрт əсерлене қол соқты. Бала да қайта жыламады. Мен «Бұрышқа тұр!» жəне «Почта көгершiнi» деп аталатын екi өлең оқыдым. Шыға бергенде Күлəш Ахметова апай тоқтатып:

– «Бұрышқа тұр!» жаңалығы бар өлең екен. Əттең, жұрт түсiне қоймады, – дедi. Кеш бiтiп, жұрт тарқап жатты. Бiр кезде əлгiнде ғана ең алдыңғы қатарда отырған Ақсақалдар алқасының төрағасы Əлжаппар Əбiшев жұрттың iшiнен көзiнiң iлгешегiне менi iлiп алып, бiрдеңе айтқысы келiп, емпеңдей басып келе жатқанын байқадым. Байқадым да сыртқа жылыстай бастадым. Себебi, сол ақсақалдан көбiмiз қорқатын едiк. Əлжекең қалар емес. Бiр қарасам, саусағының ұшын маған қарай шошайтып, жақындап қалған екен. Бiр бүйiрде бiреумен сөйлесiп тұрған Сырағаны байқап қалдым да, пана iздеген торғайдай солай қарай ойыса бердiм. Оларға мен де жеттiм, Əлжекең де жеттi. Келе: – Əй, бала, сенiң əлгi оқыған өлеңiң не? – дедi зiлдене. – Қайсысын айтасыз? – дедiм. – Əлгi апатқа ұшырағандар ұшырған көгершiн туралысы... Ол не қылған өлең өзi? Астары жаман ғой... Сен, бала, немене?.. Совет адамдарын апатқа ұшыратып... Ел аман, жұрт тынышта... не жазып жүрсiң?! – деп шұқшия түстi. Өзi екi иiнiнен дем алып тұр. Менi қуам деп ентiккен. Аузыма сөз түспей, булығып қалдым. – Əлжеке, не бүлiнiп қалды? – деп Сырбай аға сөзге араласты. – Мына бала, қаршадай болып, астары жаман өлең жазыпты! Əлгiнде өзiң де тыңдадың ғой? Жас бастарынан осылай бұзылады. Бара-бара не болады бұлар? Жөнге салмайсыңдар ма? Мəн-жайды бiрден түсiнген Сырбай аға: – Əлжеке, мен сiзге бiр əңгiме айтайын, өзiңiз де естiген шығарсыз? – деп Əлжаппар Əбiшевтiң назарын менен аударып, өзiне бұрып алды. – Иə, – деп кескен томардай денесiмен ұмсынып, құлағын тосып, Əлжекең жiби түскендей болды. Қасымызға тағы екiүш адам үйiрiле қалды. Мен бiр пəледен құтылғандай «уһ» дедiм. – Сонау жылы ел басқарып отырған Жұмабай Шаяхметов Сəбит Мұқановты алдына шақырып алып: «Сəбе, мен

жақында жарық көрген «Мөлдiр махаббат» романыңызды мұқият оқып шықтым. Бұрынғы «Адасқандарды» өзгертiп, қайта жазуға не мəжбүр еттi?» – деп сұрапты. «Ол ендi былай ғой. Мен Мəскеуге барып, «Қызыл профессура» институтында оқып, бiлiмiмдi толықтырып, жетiлдiрiп келiп, бұрынғы «Адасқандар» романын партиялық, саяси-таптық тұрғыдан қайта қарап, өңдеп, өзгертiп, жақсартып, қайта жазып шықтым емес пе», – дептi Сəбең. Сонда Шаяхметов: «Сəбе, бiздiң сенi оқуға жiбергенiмiз бекер болған екен», – дептi. Мiнеки, Əлжеке, бұл да соған ұқсас мəселе. Мынау Ұлықбек те Мəскеуге барып, Əдебиет институтында оқып келiп, осындай қисық өлеңдер жаза бастады. Сiздердiң о баста Ұлықбектi Мəскеуге оқуға жiбергендерiңiз бекер болған. Ол ендi осындай өлең жазбай қайтсiн? Өйткенi оқуы көп. Оған өздерiң кiнəлiсiңдер... – деп күркiрей сөйлеген Сырағаң жұртты ду күлдiрiп, сөзiн аяқтады. Əлгiнде ғана менi қуырып жiберердей болып келген Əлжекең бүкiл кеспелтек денесiмен селкiлдеп, кеңк-кеңк күлiп, көзiн сүртiп жатқан кезде, бiр «ажалдан» қалғаныма шүкiршiлiк етiп, сытылып шыға бердiм. ТӨРТIНШI МҰҚАБА Қайсыбiр жылы ақын Сырбай Мəуленовтің «Қызыл қайың» деген жыр жинағына редактор болып бекiтiлдiм. Ол кiсi «Жазушы» баспасында графикте тұрған кiтабының қолжазбасын құрастырып, бiр қарап беруге қолы тимей жүрдi. Жəне жинағының көлемi де толмай жатқан. Бiр күнi Жазушылар одағының фойесiнде Сырағаң ақын iнiсi Серiкбай Оспанов екеумiздi ұстап алып, оңашалап: – Серiкбай, сен үйдi бiлесiң, Ұлықбек кiтапты бiледi. Екеуiң бiрiгiп, бiздiң үйге барып, шай-суандарыңды iшiп отырып, жаңа жинағымды дұрыстап құрастырып берiңдер. Мə, мынаған екеуiң шөлдесеңдер сыра iшерсiңдер, – деп Серiкбайдың қолына он сом ақша ұстатты. Қалтасы жұқа бiз соған да қарық болып қалдық.

Серiкбай екеумiз Сырағаның үйiн еркiн жайладық. Сырбай ақында не көп – өлеңнен көп нəрсе жоқ екен. Бұрқыраған, қобыраған көп өлең. Талайының тақырыбы жоқ, келгенiн келгендей жазып тастай бередi екен. Ана папканы ашып қалсаң да, мына тартпаны тартып қалсаң да... Ауық-ауық өзi звондайды: «Пəлен жердегi түген суырманы қарап көрiңдершi», – деп. Қарап көремiз – бiр-екi өлең шыға келедi! Тағы бiреуiн нұсқайды – суырып байқаймыз – тағы бiр будасы! Оқып көрсең бəрi мықты! Бiрiнен-бiрi өтедi. Ұйқастары балталасаң бұзылмайтын! Серiкбай екеумiз екi күн жүрiп, кiтапты құрастырған болдық. Сырағаң өз қолжазбасын ашып та қараған жоқ. Бiзге сенгенi ме, əлде уақыты жоқ па, бiлмедiм. Жинақты өндiрiске жiберер кезде ғана бiздiң «Жазушыға» қаламақы алуға бас сұқты. – Сыраға, байқауымша, кiтабыңыздың мұқабасы жұқа боп шығатын түрi бар. Соны қалыңдатсақ па деймiн. «Əжептəуiр көлемi бар ғой, қалың мұқаба берiңдер», – десем, өндiрiс-жоспарлау бөлiмiндегi қыздар: «Жоспарда солай тұр, өзгерте алмаймыз. Ал Сырағаң өзi бастықтарға бiр кiрiп, рұқсат əперсе болды – төртiншi, тiптi жетiншi мұқаба беруге дайынбыз», – дейдi. Əбiлмəжiн Жұмабаевқа ма, Есет Əукебаевқа ма, бiреуiне кiрiп шықсаңыз қайтедi? – дедiм. Сырағаң мол денесiмен ұмсынып: – Қыздар не беремiз дедi дейсiң? – деп аңтарыла сұрады. – Төртiншi немесе жетiншi мұқаба беремiз дедi, – деп қайталадым. – Жоспарлағаны қандай екен? – Биттiң қабығындай жұқа мұқаба. Жай қағаз. – Жетiншi мұқаба деген қандай болады? – Дермантин. Терi сияқты. Ең мықтысы! – Ал төртiншi мұқаба деген ше? – Ол қалың, қатырма қағаз болады. – Ойпырмай, өзi қалың, өзi қатырма деймiсiң? – Иə, өзi қалың, өзi қатырма! – деп нығарлап жатырмын. Кiтабы қалыңырақ болып шықса деген ниет.

– Ойпырмай, ə! Бiр қыздар беремiз дейдi, онысы қатырма қағаз болып шығады, оның өзiн бастықтарына барып жалынып сұрамасаң берер түрi жоқ. Əй, Ұлықбек, сен ондай қатырмамен басымды қатырма! – деп Сырбай аға селкiлдеп күлiп алып, бұрылып жүре бердi. Мен орнымда қаттым да қалдым. КЕПIЛДЕМЕ Арқалықтан Қонысбай келдi. Курстас досым, сатирик, жазушы. Кейiнiрек Қазақстанның халық ақыны болды. Өзiмiздiң Жазушылар одағы шақыртыпты. КСРО Жазушылар одағына мүшелiкке қабылдануға бiр кепiлдемесi жарамай қалып, құжат толықтауға келген бетi. – Құжаттарың дұрыс сияқты едi ғой. Не боп қалды екен? – дедiм мен. – Өткен жолғы өзiң жолығып алған Оспанхан ағаның кепiлдемесi ендi керек болмай қалыпты. – Е, неге? – Өлген жазушының кепiлдемесi жарамайды, тiрiсiмен ауыстыр, – дейдi. – Шарты солай екен. Оспанхан аға жақында ғана қайтыс болған. Дүние саларынан бiр айдай ғана бұрын Қонысбайға кепiлдеме берген едi. Мен өзiм барып алғанмын. Мiне, ендi иесi көз жұма бере сол қолтаңба iлiкке жарамай қалыпты. «Өлдiң, Мамай, қор болдың» деген осы... Бұрынғы кепiлдеменi алуымыз былай болған едi. Қонысбай Əбiлов сонау Арқалықтан маған өтiнiшпен хабарласқан. «Ғафу Қайырбеков пен Сейiт Кенжеахметов ағаларым екi рекомендация берген, ендi үшiншiсiн Оспанхан Əубəкiровтен ал, менi жақсы бiледi», – деген. Осекең өзiммен есiктес көршi тұратын баласы Азаматтың үйiне ара-тұра келiп тұрады, келген сайын менi шақыртады, екеумiз бас қосып, шүңкiлдесiп, əзiлдесiп шай iшiп, шарап алатын едiк. – Осаға, Қонысбай iнiңiзге кепiлдеме берсеңiз қайтедi? – дедiм бiрде.

– Ол иттiң өзi қайда? – Арқалығында жүр. Келгенде жолығады ғой. – Əй, Ұлықбек, осы сен Мəскеуден оқып келген жоқсың ба? – Иə. – Ендеше болды. Менiң жазған қазақшам ертең Мəскеуге жiбергенде жарамай қалуы мүмкiн. Сондықтан Қонысбайға деген кепiлдеменi ертең өзiң менiң атымнан орысша қатырып тұрып жазып əкел. Қол қойып берейiн, – деген Оспанхан аға. Ертеңiне Осекең өз үйiнде отырып, машинкаға басылған жарты бет кепiлдеменi алдына жайып қойып, мен ұстатқан қаламмен «О» деген əрiптi өте үлкен етiп дөңгеленте сызды да, арғы жағын шимайлай салған... Оспанханның «О-сы» парақтың бос тұрған тұп-тура жарты бетiн опырайтып алып жатыр. Сосын жеңгемiзге өзiнiң КСРО Жазушылар одағына мүшелiк билетiн тапқызып алып, қарап, нөмiрiн тiзiп жазып шықты. Оқшырайған «О-ға» осқырына қарап қалдым. Обадай болған «О» əрпi көзiме ерсi көрiнiп-ақ тұрды. – Осаға, мынау шимайыңыз не? – дедiм мен. – Ерепейсiз үлкен ғой. – Өзiмнiң қолым осындай, – деген Осағаң жайбарақат. – Кiшiрейтiп қайта қойып бермейсiз бе, бұл Мəскеуге дейiн баратын қағаз ғой. Бiреу-мiреу қол емес, құр шимай екен деп сенбей жүрсе қайтемiз? – деймiн шырылдап. – Қанша қойсам да қолым осындай! Басқаша қоя алмаймын. Одақтағы ел бiледi. Осы қолымды қойып талай кiтап жазғанмын, осы қолымды қойып талай қаламақы алғанмын. Егер бұл Оспанханның қолы емес деп сенбейтiн бiреу табылса, менiң мына мүшелiк билетiмдi қоса апарып көрсетерсiңдер. Бұдан былай осы билеттiң маған керегi де шамалы. Мə, қоса апарып өткiз, – деп «Союз писателей СССР» деген алтын жазулы алақандай қызыл куəлiгiн кепiлдемемен бiрге маған ұстата салғаны... «Алмаймын», – деп шыр-пыр болып, жеңгейге қалдырып, қашып шыққандай болғам... «Ендi маған керегi шамалы», – деп едi жарықтық... Бiр айдан кейiн бақилық болды. Дəмi таусылғанын сезiп жүрген екен-ау деп ойладым.

Мiне, сол кепiлдеменi қайта алу керек болды, ендi алғанда да Сырбай Мəуленовтің өзiнен! Арыстанның аузы болмаса да аюдың апанына барудан кем емес (ол кiсiнiң бүркеншiк аты «Аю» болатын! Естуiмше руы солай көрiнедi). Сырағаңды iздестiрiп-сұрастырып көрiп едiк, науқастанып жатқан болып шықты. Совминнiң ауруханасына беймезгiл келiп қалыппыз, есiгiнен де сығалатпады. – «Тихий час» бiткенде келiңдер, 2 сағаттан кейiн, – дедi күзетшiсi. Бiзде бiрақ күтуге уақыт аз, дегбiр жоқ едi. Қонысбай екеумiз екі кварталды алып жатқан аумақты аурухананың темiрден соғылған биiк-биiк дуалдарын екi айналып шықтық. Кiрiп кетердей, секiрiп өтердей жыртықтесiк таба алмадық. Сосын мен күзеттен тасалау бiр пұшпағына келгенде жан-жағыма қарап алып, биiк дуалға өрмелеп шығып, арғы жағына секiрiп, iшiне топ ете қалдым. Қонысбай сыртта күтiп қала бердi. Сырағаңның палатасын сұрастырып тауып, есiк қағып, рұқсатпен кiрiп бардым. Ағамыз үлкен бөлменiң төрiндегi жалғыз үлкен төсекте шалқасынан көсiлiп, ояу жатыр екен. Менi көрiп кəдiмгiдей қуанып қалды. Үстi-басы, бiлектерi толған шым-шытырық түтiктер, системалар. Төсегiнiң аяқ жағындағы биiк iлмекте төңкерiле iлiнген бiрнеше құмырадан бүлкiлдеп, ауасы бұрқылдай тамшылап, түтiк бойлап аққан мөлдiр сұйық дəрiлер тамырына құйыла сiңiп жатыр. Жөн сұраса бастаған кезде Сырағаның көзi аяқ жағындағы iлулi шишаға түсiп кетiп, маған: – Коридорда медбике бар, сол қызды тез шақыра қойшы, – дедi. Тысқа шығып, медбике қызды таба алмай, əр есiктi бiр тартқылап жүр едiм, Сырбай ағаның: – Ұлықбек, Ұлықбек, мұнда кел, тез жет! – деген күркiреген даусын естiдiм. Ышқынған секiлдi естiлдi. Тез жетiп келсем, қолымен анадай iлулi тұрған дəрi құмыраларын нұсқап жатыр екен. – Анау түтiктiң ортасында тоқтататын тетiгi бар, соны тез бұрап, тоқтат! Оңға бұра! Жап! – дедi алқынып. Көрсеткен

тетiктi тез бұрап, айтқанындай қылдым. Мөлдiр түтiктiң iшiмен төмен жылжып бара жатқан ауа көпiршiктерi кiлт тоқтап, бiр орнында мөлдiреп, мұз боп қатып қалғандай болды. Сырбай аға көкiрек кере «уһ!» деп ауыр күрсiндi. Бiраз үндемей жатты. Сосын: – Көрдiң бе, Ұлықбек, анау аспалы шынының дəрiсi бiтiп қалғанын? Менiң қолым жетпейтiн жерде тұр. Егер сен əлгi жерде соны бұрап жауып, тез тоқтатпағанда анау түтiктiң iшiндегi ауа тамырым арқылы менiң қаныма кетiп қалатын едi. Ал қанға ауа кеттi дегенше жүрек тоқтады дей бер. Сен менi бiр ажалдан алып қалдың! Шамасы, сенi бүгiн маған Құдай айдап келген болар. Əлi су iшкiлiгiм бар екен, – дедi толқып, алабұрта сөйлеп. – Менi айдап келген Қонысбай iнiңiз ғой, – дедiм мен əзiлге бұрып. Екеумiз бұдан соң Қонысбайды бiраз мақтасып, баяғы Оспанханнан қалған кепiлдеменiң қайта басылған дайын мəтiнiне қолын қойғызып алған соң қоштасып, қайтуға жиналдым. – Ұлықбек, бүгiнгi мынау оқиға өлеңге сұранып тұр. Сен осыны жазшы, – дедi Сырбай аға қоштасарда құшақтап тұрып. – Жақсы, жазайын, – дедiм мен. «Қанға ауа кетсе өлiп қалатын едiм. Су iшкiлiгiм бар екен» дедi-ау деп ойладым сыртқа шығып келе жатып. Осы оқиғаны Қонысбайға айтып: «Болмашы көпiршiктен де кiсi өле ме екен?» – деп сенерсенбесiмдi бiлмедiм. Жылдар өте түсiнгенiм, сол жолы, шындығында да, бiр ажалдан қалған екен. Өйткенi, менiң Құдайы көршiм, аса дарынды жазушы Асқар Сүлейменов дəл осындай жағдайда анасы мен жарының көзiнше, тұшпара жеп, əзiлдесiп отырып кенеттен үзiлiп кетiптi. Қанына көпiршiк кетiп қалған... Аспалы құмырадағы дəрiнiң түгесiлгенiн ешкiм байқамаған деседi... Сырбай Мəуленов осы оқиғадан кейiн он шақты жыл өмiр сүрiп, бiрнеше кiтап жазды. Бiрақ мен Сырағаң күткен

сол өлеңдi əлi күнге дейiн жаза алған жоқпын. Неге жазылмайтынын бiлмеймiн. Кейiнгi жылдары денсаулығым сыр берiп, сол Сырбай аға жатқан ауруханаға түсiп қалып жүремiн. Ең алғаш түскенде дəл сондай түтiктен көзiмдi алмай қадала аңдып жатқанымды сезiп қалған медбике: – Аға, қорықпаңыз. Қазiргi түтiктер жiңiшкерек жасалған. Қанға ауа кетпейдi, – дедi. – Бұрын «Байқап тұрмаса тамырға көпiршiк кетiп қалады» дейтiнi қайда? – дедiм. – Бұрын болған. Қазiр ондай қорқыныш жоқ. Дəрi таусылғанда система өзi тоқтайды. Сенбесеңiз тексерiп көрiңiз, – дейдi жайбарақат күлiп. Тексерiп көрдiм... ТІЗЕ Сырбай Мəуленов Мемлекеттiк сыйлық алды. Соны табыс ететiн күнi маған телефон соқты. «Əбдiлданы Тұманбай қолтықтап барады екен, сен менi қолтықтап апар», – дедi. Екеуміз Жазушылар одағының төменгі қабатына түскен кезде сырттан кіріп келе жатқан Жұбан Молдағалиев қарсы ұшыраса кетті. Екеуі шұрқыраса амандасып, мəре-сəре болып қалды. Біраздан бері көріспегені көрініп тұр. Бірін-бірі марапат-жетістіктерімен, кітаптарымен құттықтасты. – Қалың қалай, шал? – деді Жұбағаң. – Ауру-сырқаудан аманбысың? – Шүкіршілік, – деп жауап берді Сырағаң. – Тек мына бір тіземнің сырқырап ұйықтатпай жүргені болмаса... – Əй, өзің де кезінде талайға тізеңді батырып едің, соның зардабы шығар, – деді Жұбан аға оны арқасынан қағып қоштасып. Екеуінің қосыла қарқылдаған күлкісі Жазушылар одағын басына көтерді.

Мен мектепке баратын 1961 жылдың жазында ауылымызға ақын Əбдікəрім Ахметов пен композитор Бекен Жамақаев келді. Əкем елге келген өнер адамын қонақ қылмай жібермейтін əдетімен оларды үйге ертіп əкеліп, мал сойып, ұлан-асыр отырыс жасады. Əбдікəрім аққұба жүзді, ұялы көзі нұр шашқан жайдары, əзілқой кісі екен, ал бидай өңді, жағына пышақ жанығандай Бекен ағамыз сəл тұйықтау əрі мұңдылау көрінді. Ақын ағамыз ұйқастырып, тақпақтай сөйлеп, осы ауылдың өз адамындай болып, үлкен-кішінің бəрімен бірден қалжыңдаса бастады. Ал композитор болса көп үндемей, бастықтар құсап мойнындағы шоқпардай галстугін сипалап, ыздиып тұрып, қылтиып отырды. Дегенмен, менен екі жас үлкен апайым Бағдат Бекен Жамақаевтың сол тұста жаңа шыққан, ел аузындағы əндері «Махаббат вальсі» мен «Ертіс вальсін» нақышына келтіріп орындап бергені сол екен, композитор бірден өзгеріп сала берді, тіл бітіп, даусы шығып, шабыттанып, арқаланып, Бағдатты айналып-толғанып, төбесіне көтеріп əкетті. Одан Əбдікəрім аға да қалыспай, кезі келгенде «Телефон» атты əдемі суретті бір кітапшасын оған қолтаңба жазып сыйлады. Апайым кітапшаны ашып жіберіп, сол жерде тұра қалып дауыстап, судыратып оқи жөнелді. Мəз болған ақын мені де шақырып алып, атымды сұрап, əлі мектепке бармағанымды естіген соң, кітапшасының қадірін біле қоймас деді ме екен, маған ұсынбады. Кітапшасының түрлітүсті суреттеріне қызығып қалдым. ӨЛЕҢ ҚУАЛАУ

Бар ықылас өзіне ауған Бағдат апайым бірден жұлдызға айналып шыға келді. Мен болсам құр қызыққаныммен өнер дегеннен жұрдай едім, не домбыра шерте білмеймін, не əн салар дауыс бермеген. Кімнен үйренгенім есімде жоқ, сол кездегі жатқа білетін тақпақтарым: Діңгіл, Діңгіл, Діңгілбай, Діңгілбайдың қызы бар. Екі емшегі тоқпақтай, Иіріп қалған сопақтай… немесе: Жігіт сүйсең мені сүй, Байға тисең маған ти, – деп келетін, шетінен бейпіл, бəдік шумақтар болатын. Сондықтан ұялыңқырап, қонақтарға көп жақындай алмай, сырғақтап, сырттан бақылаушы болумен шектелдім. Əкем өзімді қонақтарға таныстыра салысымен сытылып шыға берген себебім де содан. Дегенмен, біраз уақыттан соң менің де бір керегім болып қалды. «Əкең шақырып жатыр», – дегенге жүгіріп жетіп келсем, олар дастарқан басынан əлі тұрмаған екен: – Балам, мектеп директоры Мəкеш Əукебаевтың үйінде мына ақын Əбдікəрім ағаңның өлеңдері қалып қойыпты. Үйін білесің ғой, шауып барып, соны əкеліп бер. Жаңа өлеңін оқиын десе жатқа білмей жатыр. Жүгір, бір аяғың онда, бір аяғың мұнда болсын, – деді əкем. Менің ұғымымда, ол кезде біздің ауылда «өлең айту» деп əн салуды айтушы еді. «Өлең оқу» дегенді бірінші естуім. Мен көрген ауыл ақындары Ержан Ахметов те, Рахметолла Тоқтарбаев та осындай отырыстарда өлеңді домбыраға қосып, əндетіп суырып салып шығаратын немесе «Қабанбай батыр», «Арқалық батыр» сияқты ұзақ жырларды мақамдап жырлайтын. Үйдегі қаракөк патефонға күйтабақ ойнатып,

басқа да жырларды тыңдағанмын. Сондықтан домбырамен əн салмайтын ақынды бірінші рет көрген маған «өлең əкел» деген сөз «күйтабақ əкел» дегендей болып естілді. Сонда да болса: – Өлең деген немене? – деп сұрадым мен жұлып алғандай. Əкем бірден қонаққа əзілдей бұрылып: – Əй, Əбдікəрім, ақын мен емес, сенсің ғой, мына менің балама «өлең» дегеннің не екенін жəне оларыңды дəл қайда қойғаныңды өзің дұрыстап түсіндіріп жіберші, – деді. Ақын аға мені қасына шақырып алып: – Айналайын, «өлең» деген қағазға жазылған қолжазба болады. Сол қолжазба кеше біз қонақ болған Мəкеш ағайыңның үйіндегі шкафтың үстінде папкасымен қалып қойыпты. Барып: «Ақын аға Əбдікəрім өзінің өлеңдерін сұрап жатыр» десең, қолыңа ұстата қояды. Соны маған тез əкеліп берсең болды. Əкеліп бересің бе? – деді менің арқамнан қағып тұрып. «Өлең», «қолжазба», «папка» дегеннен түк түсінсем бұйырмасын, миым шатасып кетті, сонда да: – Əкелемін! – дедім мен өзіме сенім артқанға дардай болып. Ауыл ортасындағы Мəкеш ағайдың үйіне көшенің шаңын бұрқыратып отырып, жүгіріп жетіп келдім. Үйде балашағасы өріп жүр екен. Үлкен қызына: – Біздің үйдегі қонақ боп жатқан ақын ағай сіздердің үйлеріңізде өлеңім қалып қойыпты деді. Сол өлеңді алып кел деп жіберді. Шкафтың үстінде тұр деді, – деп ентігімді баса алмай бастырмалата жөнелдім. Тілеуіңді бергірлер көп қинамай, бір шеті баумен байланған, картоннан жасалған қомақты буманы қолыма ұстатып тұрып: – Ол кісінің өлеңдері, сыртындағы жазуына қарағанда, осы папкада болуы керек, – деді. Өлеңнің не екенін ұқпай тұрып, бұл буманың «папка» деп аталатынын мен ол кезде қайдан білейін? Əріп танымайтын кезім, сыртындағы жазуын да оқи алмаймын. Өзімнен үлкен буманы қос қолдап құшақтай ұстап, үйге қарай ұшып келе жатып, жол-жөнекей мені бір қызығушылық сезім биледі: «папка» дегеннің ішіндегі беймəлім «өлең» де-

ген құпияның не екенін, қандай болатынын көріп-біліп алғым келді. Жалма-жан тұра қалып, буманы тіземе қойып, байланған бауын шешіп, абайлап аша бастадым. Неге екенін білмеймін, маған сол сəтте əлгі «папканың» ішінен торғай тектес бір нəрсе пыр етіп ұшып шығатындай болып көрінді. «Өлең деген қандай болады екен?» деген құмарлық ой əбден меңдеген болуы керек. Ақырындап ашып қарасам – ішінен торғай тұрмақ, шіркей де ұшып шыққан жоқ. Машинкаға басылған текше-текше, жыпырлаған жазу толы қағаздар екен. Оқи білмеймін. Сонда да болса парақтап қарап тұрмын. «Өлең! Өлең!» деп сонша əулиедей əспеттеп алдырып жатқандары осы ма, тəйірі?» – деп, көңілім қоңылтақсып, қызығушылығым су сепкендей басыла қалды. Содан буманың бауын қайта байлағанымша болған жоқ, қолымнан сырғып түсіп кетіп, ішіндегі парақтарды жел суырып ала жөнелді. Шаңды бұрқыратып, тұра кеп қудым. Бумадағы қалған өлеңдер қобырай берген соң жол шетіндегі бір үлкен таспен үстін бастырып кеттім. Өлеңдер қашады, мен қуамын. Біздің Үлкен Қаратал ауылының орталық көшесін бұрқыраған өлең алып кетті. Қонақтың бір қағазын жоғалтсам нағыз масқараның көкесі бола ма деп, ұялғаннан жанұшыра жүгіріп жүрмін. Кей парақтар жол шетіндегі жусанға, шөпке ілігіп, кейбірі көшеден өтіп барып, біреулердің шарбағына, үй іргесіне жабысып қалып жатыр. Əйтеуір, бірқыдыру уақытта əупірімдеп жүріп, «қашқан өлеңдерді» əрең-пəрең жинап-теріп алдым. Содан қомақты буманы жерге жатқызып қойып, əлім келгенше реттеп, асықпай бауын байлап, бір мезгілде үйге қорқасоқтап, абыржи əкелдім. Папканың сырты шаң-шаң, айғыз-айғыз. Ішіндегі өлеңдері де оңып тұрмаған болуы керек. Дегенмен, бұл кезде қонақтар кеу-кеумен біраз жерге барып қалған екен. – О, өлең келді! Өлең келді! – десіп, серпілісіп, дүрлігісіп қалды. Басымнан сипап, буманы қолына алып, шиеленген бауын шешіп, ашып қалғанда ішінен шаң бұрқ етті; маған

«айналайынын» айтқан ақын аға сыр берген жоқ, бірер парағын суырып алып, əлдебір өлеңді саңқылдай қоя берді: Дос жүрегі – шарайна, Сылтауыңа қарай ма? Бүлдіріп алма қалайда, Кір шалдырма, жарай ма? Абайла, бауырым, абайла… Жұрт тым-тырыс тыңдап қалды. Ақынның биязы даусы өлең оқыған кезде өзгеріп, күшейіп кетті. Тапсырманы орындап, бумасын қолына аман-есен табыс еткеніме шүкіршілік еткен мен ашып-шашып, өлеңін кірлеткенім үшін сөгіс естімей тұрғанда табанымды жалтыратуды ойлап, сыртқа зыта жөнелдім. Міне, содан бері қырық жылдан астам уақыт өтсе де сол бір желді күні ауыл көшесінде жанұшырып өлең қуалап жүргенім əлі есіме түсе береді. Қазір мен кейде өзімді Жер шарын айналдыра өмір бақи өлең қуалап жүргендей сезінемін. Алайда «өлең» деген құпияны білдім деп əлі де айта алмаймын.

ШЕШЕДЕН БОҚТАУ Тоқаш Бердияровты алғаш көргенімде, ол өзінің шапаты денесіне өзі сыймай, əлденеге, əлдекімге зығырданы қайнап жүргендей көрінді. Жазушылар одағының бірінші қабатында қарадан-қарап тісін шықырлатып, қара тері биялайлы екі жұдырығын біріне-бірін сарт-сарт ұрып, арлыберлі теңселіп жүр екен. Шүңіректеу көздері мағынасыз тесірейіп, ұрынарға қара таппай тұрғандай. Содан болар, сыртынан «бұзық, төбелескіш, тентек» деген сияқты арқалы ақынға «жарасатын» жамау-теңеулер жиі айтылатын Тоқаш ағаның жаңа кітабына редактор болып белгіленгенімде аса қуана қойғаным шамалы. Бірақ оның қолжазбасын екеулеп қолға алғанымызда мен бұрынғы өзім үстірт білетін Тоқаңды танымай қалғандай болдым. Алдымда шалбарының қыры сынбаған, мұнтаздай, барынша сыпайы, ұстамды кісі отырды. Өлеңдерін мақтағанымда мұздай көзі жібіп, кəдімгідей марқайып, жадырап, арқа-басы кеңіп сала берді. Шындығында да Тоқаш Бердияровтың жырлары ерекше, кедір-бұдыр ойларға толы болғанымен, жазылысы жағынан қамшы салдырмайтындай жорға еді. Менің редактор ретіндегі айтқан талап-тілектеріме екі сөзге келмей келісіп, кейбір өзі байқамай қалған оғаштау тұстарын тап-тұйнақтай түзеп берді. Қолжазбасын тездетіп баспаға жөнелттік. – Өлеңдерімнің қырқылмай өндіріске кеткені өмірімде тұңғыш рет. Осы жолы ғана. Сенің арқаңда. Əйтпесе маған бұлар не көрсетпеді дейсің... Өзім не көрмедім, өлеңім не көрмеді?.. Бұл жолы бірінші рет. Ризамын, – деді ол. МұныТЕНТЕК ТОҚАШ

сына мен де риза болдым. Содан бері Тоқаш аға мені көрсе бұрылып амандасып, іштарта сөйлесіп жүрді. Айлар жылжып өтіп жатты. Алайда аман-есен аттандырған қолжазбадан хабар болмай кетті. Тоқаңның ендігі сұрақтары: – Бала, кітап кешікті ғой, версткасы келген жоқ па? – дегеннен басталатын болды. Жаңа келген жас редактормын, жауабым келте. – Сен иығыңды қиқаңдатқанды қой. Барып, өндіріс бөлімінен сұрап біл. Мен кірсем, бəрі кірпідей жиырылады. Гранка неге кешігіп жатқанын анықта, – деді ол бірде даусын суытып. Бардым, сұрадым. «Жақында келіп қалар, баспаханада кезек күтіп жатыр» дегеннен өзге жарытымды жауап ала алмадым. Тоқаштың кітабы туралы бастығым Сағи Жиенбаев та мандытып ештеңе айта қоймады. Күн артынан күн жылжып жатқан. Баспаның митың жұмысы. Өндіріс. График. Қаптаған қолжазба бас көтертпейді. Ол кезде баспаның тақырыптық жоспарына енген қолжазба, саяси кемшілігі болмаса болды, сөзсіз жарыққа шығуы керек. Көркемдік деңгейі төмен болса автордан бұрын редактор жауапкер. Сондықтан ақындығы шамалы талай автордың талай-талай шалағай өлеңін қайта жазып берген кезіміз болды. Ол замандағы баспаның формуласы: «Кітаптың осалдығы – редактордың кемшілігі». Мұндайда қайтіп бас көтерерсің? Сондай күйбең-митың күндердің бірінде «Жазушы» баспасы поэзия редакциясының ауыр емен есігі сарт етіп шалқасынан ашылып, ішке иегіндегі бес тал шоқша сақалы шошайып, Тоқаш Бердияров кіріп келді. Босағада тісін шықырлатып, ызғарлана қарап тұрып, табанын жерге қадай-қадай басып, төрге озды. Шетте отыратын менің ұшып тұрып берген сəлеміме пысқырып та қараған жоқ. Бара, төрдегі Сағи Жиенбаевқа шаншыла қарап тұрып, сұқ саусағын шошайтып, бас-көз жоқ: «Өй, шешеңді!..» – деп сіміртіп сыбай жөнелді. Боқтығының аяғын орысшаға ұластырды. Сағи аға сілейіп отырып қалды. Оған қарама-қарсы отыратын ақын Əбдікəрім Ахметов:

– Тоқашжан, саған не болды? – деп қозғала бастап еді, саусағының сұғын тапаншадай бұрып, оған да тарпа бас салды: «Оттамай отыр! Сенің де шешеңді!..» Енді менен жоғары отыратын Шона Смаханұлы ағамыз қашанғыдай шаңқылдаған ащы даусымен: – Əй, Тоқаш, тарт тіліңді! Тападай тал түсте жұртты сыпыра боқтап саған не көрінген?! – дей бастап еді, Тоқаң енді оған да бар денесімен шалт бұрылып: «Тап сенің де шешеңді!..» – деп ауыз толтыра сыбады да, ештеңені елең қылмастан, қалай келсе солай тісін шықырлатып, нығарлай басып, сыртқа шығып жүре берді. Бізде үн жоқ, отырып қалдық. Есіктен шыға беріп қайта кірді де, маған да əлгі саусағын шошайтып: «Сенің де шешеңді!..» – деп ауыз толтыра бір боқтап, есікті сарт еткізіп жауып кетті. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Біздің ауылда шешеден боқтамайтын еді. Өмірімде мұндай боқтық естіп көрмеген менің бірден қаным басыма шапшып, соңынан сыртқа қалай жүгіріп шыққанымды өзім де байқамай қалдым. Тоқаш аға ұзай қоймаған екен, жетіп барып, айшайға келтірмей, ту сыртынан бас салып, құшақтап көтеріп алдым да, дəліздің бұрышына қарай сүйрей жөнелдім. Біздің редакциямыз Жазушылар одағының бірінші қабатындағы ең шеткі бөлмеде болатын. Дəл қапталында, бұрышта, дəліз біткен жерде – подвал басталатын. Шағын денелі Тоқаңды баспалдақпен дырылдатып сүйреген күйі төменге түсіріп, алакөлеңке подвалдың қабырғасына жаныштай, қылқындыра қысып жіберіп: «Неге боқтайсың?! Кітабыңа көмектескеннен басқа менің не жазығым бар?! Сақалыңды жұлып қолыңа берейін бе?!» – дедім ашудан қалшылдап. Тоқаш аға қырылдап: «Əй, əлгілердің бəрін боқтап, кетіп бара жатсам, сен қалып бара жатыр екенсің. Сосын сені де боқтай салып едім», – деді. Қапелімде аузыма сөз түспей қалды. Қапсыра қысқан саусақтарым жазылып қоя берді. «Мінезің бар екен. Маған өзің ұнап тұрсың. Жүрші, коньяк əперейін... «Қаламгерден»... – деді Тоқаң түк болмағандай. Енді тіпті не айтарымды білмей қалдым. Жаңағы ашуымның бəрі тарқап жүре берді, қалай күліп жібергенімді өзім байқамай қалдым.

Сөйтіп екеуміз жоғары көтеріліп, «Қаламгердің» барына бардық. Тоқаң екі жүз грамм коньяк пен қара кофе алдырды. Жайласып отырдық. – Боқтаған себебімді айтайын, – деді ол ашыла сөйлеп, – менің өзің дайындаған, «əне-міне шығады» деп күтіп жүрген кітабымды графиктен келесі жылға ысырып жіберіпті. «Версткасы неге кешікті?» деп сұрай-сұрай, «Кітап фабрикасына» барсам, ондағылар маған баспа бастықтары қол қойған графикті көрсетеді. Сен одан бейхабарсың. Аузыңды ашып жүрсің. Түк білмейсің. Бəрін ана Сағи біледі. Бірақ бəрі ішінде, жасырып, айтпайды. Оның қасындағы менің достарым, сенің ағаларың Əбдікəрім мен Шона да мұны білуі керек. Бірақ олар да баспаның құпиясын авторға ашпайды. Тісқаққан, кəнігі. Оларды боқтаған себебім сол. Ал маған осы жайды сен де білетін сияқты көрініп кеттің. Соны менен жасырып айтпай жүр ме деп, сені де боқтап салдым. Өмірімде қиқаланбаған, ойдағыдай бір дұрыс кітабым шығатын болды ғой деп үміттеніп жүр едім. Өз арқаңда. Авансы неше ай бұрын жұмсалып кеткен. Кітабым биыл шықса, қалған қаламақысы да қолыма биыл тимек еді. Алпыс проценті. Əжептəуір ақша. Айлығы жоқ адамға қаламақыдан басқа не керек? Биыл шығуға тиісті кітабымды келесі жылға ысыратындай мен кімге не жаздым? Мен еш рахат дегенді білмеген адаммын. Жастай соғысқа кірдім. Одан беріде жөні түзу отбасым болған емес. Бар өмірімді осы өлеңге арнадым. Міне, бірақ менің өмір бақи көргенім осындай қорлық. Қайтіп ашынбайын? Қайтіп боқтамайын? Айып етпе, айналайын. Жазығың жоқ екен. «Ер шекіспей бекіспейді». Осылай ағалы-інілі болып жүрейік. Бір сұрайтыным – өліп кетсең де өтірік айтпа. Өмірде де, өлеңде де... – Тоқа, Төлеужан Ысмайылов, Төлеген Айбергеновтер туралы айтып беріңізші. Жас кездерінде қандай еді? Солармен де талай бірге жүрген шығарсыз? – дедім мен сəлден кейін. – Нағыз ақындар еді ғой. Жанып тұрған от болатын. Төлеужан, Төлеген, Мұқағали, Құдаш – бəрі шетінен мықты

еді. Ол ұзақ əңгіме. Солардың бəрін араққа үйреткен мен едім. Бəрі өліп қалды. Мен əлі тірі жүрмін. Даусында тірі жүргеніне масат емес, мұң бар еді. Жалғызсыраудан туған мұң болар. Əлде сағыныш па екен?.. Дастарқанымызға басқалар келіп қалып, əңгімеміз аяқсыз қалды. ПЫШАҚ ПЕН ҚАМШЫ Жұмыста отырғанмын. Аяқ астынан қайта-қайта айғайлаған бір ащы дауыс шықты. Баспаны басына көтеріп барады. «Не болып қалды?!» – деп бөлмеден атып шықтым. Ащы дауыс директордың бөлмесінен естіліп жатыр. Жүгіріп кірсем, ат шаптырым кабинеттің ортасында Шона Смаханұлы ағамыз біреуді жерге алып ұрып, үстіне атша мініп, алқынып отыр екен. Ауық-ауық: – Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп өзі ышқына айғайлап қояды. Даусы құлақты кесердей тым өткір-ақ. Қос қолымен аттың жалына жабысқандай желкесінен қатып ұстап алған. Жерге жаныштап, тізерлей мініп отыр. Астындағы иленіп жатқан кісіде тырс еткен үн жоқ. Баспамыздың бастығы Əбілмəжін Жұмабаев ағамыз боп-боз болып, креслосының жанында сілейіп тұр. Əлденеден тілі байланып қалған сыңайлы. Аса мəдениетті, сезімтал кісі мұндай оқыс оқиғадан есі ауып қалған болуы керек. – Тұрсынзада! Адам! Дүйсенбек! – деп қоймай айғайлайды Шона ағамыз. Ентіксе де даусы əлемге жетіп жатыр. – Шөке, олар жоқ, мен келдім, – дедім мен. – Сенің керегің жоқ. Шамаң келмейді. Мынау жатқан ит тұрып кетуі мүмкін. Шақыр ана дəу ағаларыңды! Дүйсенбек! Тұрсынзада! Тез жетіңдер! – Шөке-ау, не істеу керек? Айтсаңызшы! – дедім мен оның астында етпетінен жатқан кісіге үңіле қарап. – Шөке, босат, қоя бер... Мен қойдым... – деді астындағы кісі. Даусынан таныдым – жерде жатқан ақын Тоқаш Бердияров екен.

– Сен қоймайсың! «Қойдым» дегенің өтірік! Ұлықбек, шақыр деймін Тұрсынзаданы. Шақыр бір-екеуін. Дəулерді шақыр. Сенің əлің келмейді. Бұл қанішер тұрып кетсе, екеумізді де ұрып кетеді. Мен басып отыра тұрамын. Тез жүгір! Осы кезде Шөкеңнің ащы даусына қараң-құраң кісі жиналып қалды. Іштерінде ол шақырған Тұрсынзада Есімжанов, Адам Мекебаев, Дүйсенбек Қанатбаев та бар. Кілең денелі жігіттер. – Шөке, тұрсаңшы, болды ғой... – дейді əбден жуасыған Тоқаш аға үні құмыға шығып. Шона ағамыз орнынан тұра қоймай, Бердияровтың белінде отырған күйі жиналғандарға өз қылығын түсіндіріп əлек: – Əлгінде директордың кабинетіне қолжазба көтеріп кіріп келсем... Мынау оңбаған... Əбекеңе пышақ салайын деп... жалаңдатып... пышағын кезеп тұр екен. Кəдімгі үлкен пышақ! Қолында! Енді болмағанда Əбекеңді жарып тастамақ! Бастықты пышақтатып қарап тұрайын ба? Жүгіріп келдім де, бас салып, қолын қайырып, пышағын тартып алдым... Өзін жерге алып соғып, содан бері басып отырмын. Құдай қолдап, күш қосты. Қалай алып соққанымды өзім де білмеймін. Енді қоя берейін десем, тұрып кетсе, əл бермей, сабап кете ме деп, қорыққанымнан жібермей басып отырмын. – Шөке, болды ғой, қоя бер, саған тиіспеймін, – дейді Тоқаш аға тұқырып жатып. Бəріміз жабылып алдымен Шонаны, соңынан Тоқашты орнынан тұрғызып, ажыратып қоя бердік. Тоқаң бойын жазып, үстін қаққыштап тұрып, онсыз да өзіне-өзі келе алмай аңтарылып тұрған баспа бастығына: – Кітабымды биыл шығармасаң бəрібір бір күні бауыздап кетемін! – деп доқ көрсете шығып кетті. – Айттым ғой қанішер деп... Өздерің естідіңдер. Көрдіңдер ғой! Міне, мен болмағанда... Нақақ қан төгілетін еді. Құдай айдап кіре қалмаймын ба? Қолында мынадай үлкен пышақ (Шөкең білегін созып көрсетті)! Қайда кетті өзі? Осы жерде жатқан шығар... Қанжар болуы керек! Осы жерде, ешқайда кеткен жоқ. – Мынау ма? – деп мен үстел астында жатқан бір бəкіге көзім түсіп, жерден көтеріп алып шықтым. Кішкентай ғана

бəкі. Ұшы тұтамдай ғана. Қарындаш ұштауға жараса жақсы. Шөкеңнің көзіне зорайып көрінген сияқты. – Тіпті титтей ғой, – дедім мен. – Жоқ, оның пышағы бұдан үлкенірек болатын, – деді Шона ағамыз бəкіні танымай. ...Бірер апта өтті. Бір күні ойда-жоқта бөлмеге тағы да Тоқаш аға кіріп келді. Өткен жолғыдай емес, түсі жылы, кіреберістегі менің сəлемімді алып, адамша төрге оза беріп еді, Шона ағамыз орнынан қарғып тұрып: – Кет, оңбаған, кет! Жақындама! – деп даусы шаңқылдап, үстелінің суырмасынан мен көрмеген бір дырау қамшыны суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп жіберді. Ауаны тіліп ысылдаған қамшыдан лажсыз ыққан Тоқаш аға: – Ау, Шөке, сəлемдесуге болмай ма? – деп қауіпсіздеу жерге шегініп тұрды. – Шық деген соң шық, қанішер! Сенің сəлемің де, өлеңің де керегі жоқ! Ендігəрі бұл бөлмеге аттап басушы болма! Шық! – деп Шона ағамыз бұрынғыдан бетер айбат шегіп, қамшысын одан əрмен үйіре түсті. Тоқаң мырс етіп күліп, сыртқа шыға жөнелді. Кейін осы оқиға тағы бірнеше мəрте қайталанды. Тоқаш кіріп келсе болғаны, Шөкеңнің шаңқ еткен ащы даусы шығып, қамшысы ысылдап қоя береді. Тоқаңның сəлемдесуге шамасы келмей шыға жөнелетін болды. Бірде Шона аға екеуміз жұмыстан бірге қайттық. Алыстан Тоқаш ағаны көріп қалған мен: – Шөке, алдымызда, əнеу бұрышта біреулермен Тоқаш Бердияров тұр. Ішіп алған сияқты. Қазір келіп ұрынса қайтесіз? Қорықпайсыз ба? – дедім. – Несіне қорқам? Жақындап көрсін! Қамшымен тартыптартып жіберейін! – деді ол. – Қамшыңыз кабинетте қалған жоқ па? – Тоқаш сыртта жүргенде қамшымды бөлмеде қалдырып мен жынды болыппын ба? Қамшым өзімде. Қайда жүрсем де алып жүремін, – деп Шона ағамыз жеңінің ішінен дырау қамшысын суырып алып, төбесінде үйіріп-үйіріп қойды. Бұзау тіс қамшы ауаны осқылап, жыланша ысқырды.

ЖҰМБАҚ ТӨБЕЛЕС Бірде ақын Əнуарбек Дүйсенбиев баспаға келіп: «Мына балдызымды бүгін маған бер», – деп Сағи ағадан мені сұрап алды. Ол кісінің зайыбы, «Қазақ əдебиеті» газетінде корректор болып істейтін Рабиға апай – біздің зайсандық. Əнекең екеуміз «Қаламгердің» барына барып, тауықша қонақтап, аздап кофе ішіп отыр едік, Тоқаш аға кіріп келіп, қарап тұрды. Аздап қызулау көрінді. Екпіні қатты. Мен орнымнан ұшып тұрып сəлемдеспек едім, Əнуарбек аға: «Сен қозғалмай отыр!» – деп мені иығымнан басып, орныма қайта отырғызып қойды. Тоқаң да отыруға ыңғай танытпай, бізге де жоламай, бардың ішінде екі қолын артына ұстап алып, арлы-берлі кезді де жүрді. Ешкіммен сөйлеспейді, еш үстелге отырмайды. Бір кезде белгілі бір жас ақын-сыншының жанынан өтіп бара жатып, отырған орындығының арқалығынан бар күшімен тартып қалып, шалқасынан құлатты да: «Егеуқұйрық!» – деп, қайырылмай ары-бері өтіп кете берді. Мұндай тосын қылықты күтпеген əдепті жігітіміз орындығымен құлағанына қып-қызыл болып ұялып, жерден түрегеп жатты. Бұған күлісіп алдық. Бір мезгілде Тоқаш аға шөккен түйедей болып отырған Əнуарбек Дүйсенбиевтің қасына келді де арқасынан бірекі түртті. Құдды есік қаққандай. Əнекең жерге түсіп, екеуі əлдене деп сөйлесіп тұрды. Мен дəл осы кезде назарым басқаға ауып кетіп, екеуінің сөздерін ести алмай қалдым. Байқағаным: топыдай ғана Тоқаш аға өзінен əлденеше есе биік, таудай денелі Əнекеңнің жағасынан сол қолымен бойы жеткенше жымқыра ұстап, оң қолымен əлі жеткенше бірнеше қайтара ұрып-ұрып жіберді. Қимылы өте шапшаң екен, Əнекеңнің шықшытына бес-алты соққы бірінен соң бірі жауып кетті. Бірақ оған алпамсадай Əнекең былқ еткен жоқ. Тіпті шыбын шаққан құрлы көрмей, жоғарыдан маңқия қарап тұрды да, оң қолының жұдырығымен Тоқаңның иек тұсынан бір көміп жіберді. Тоқаң анадай жерге ұшып барып, тəлтіректеп, құламай қалды. Тісін шықырлатып, мойнын ішіне тығып тағы келе жатыр еді, арашаға ұмтылдық; жұрт

жабыла жүгіріп, қаумалап, сыртқа алып кетпегенде ақыры не болары белгісіз еді... – Əнеке, не боп қалды? – дедім мен у-шу басылғасын. – Итім біліп пе? – деді Əнуарбек аға. Екеуінің неге төбелескендері қасында отырған маған жұмбақ болып қалды. КІТАП ЖУУ Тоқаш Бердияровтың сол кітабы ақыры келесі 1980 жылы жарық көрді. Тоқаң көптен күткен бұл жинағына айрықша қуанып, қаламақы алғанда поэзия редакциясындағы редактор інілерін түгел ресторанға отырғызып, жуып беріпті. Ригаға сапарлап кеткен мен бұл қызықтан құр қалдым. Ол кезде «Жазушы» баспасы Жазушылар одағынан «Баспалар үйінің» бесінші қабатына, қазіргі орнына көшкен болатын. Бірде жұмыстан кейін «Салют» кафесінде Тоқаш ағамен кездесіп қалдық. Бірігіп біраз сыра сыздықтатқан соң ол маған: – Кітабымды жуғанда қатыса алмадың. «Ештен кеш жақсы» деген. Бір жыл кешіксе де туралмай, күзелмей шыққанына шүкір. Сенің еңбегің сіңді. Бірақ сыбағаңды Бақыткерей Ысқақов ішіп кетті. Жүр, мен саған үйді көрсетейін, – деді. Талантты жас ақын Мəди Қайыңбаев ініміз екеуміз Тоқаш Бердияровқа еріп жөнелдік. Үйі қазіргі «Атакентке» жақын, Əуезов пен Ботаника бульварының қиылысында екен. Бір қабатты, бірнеше бөлмелі жеке үй. Жеңгеміз басын ақ орамалмен таңып алып, ортаңғы бөлмедегі диванда бүркеніп жатыр екен. Нешінші, қай жеңгеміз екенін білмедік. Бізді көре сала, дыбысын шығара ыңқылдай бастады. Ара-арасында: – Басымның сақинасы ұстап жатыр. Уһ... Басым-ай, басым-ай! – деп қояды. Мəди екеуміз: – Алтын жеңеше, қайныларыңыз іздеп келгенде бұл неғылған ауру? Басыңызды көтеріңіз, қазір-ақ емдеп жібереміз, – деп жақындап келіп, бізбен амандасуға басын көтергенде екі бетінен сүйіп едік, жеңгеміз əп-сəтте сауығып, ұшып тұрып, көңілдене шай қамдауға кірісті. Симуляция.

Шамасы, Тоқаң қонақтарымен мас болып келіп, мазамды ала ма деген қаупі болса керек. Бойжетіп қалған қызы бар екен. Мəди соған қырындап қояды. Отырысымыз жақсы болды. Тауып-тауып тост айтып, суырып салып өлең шығарып отырдық. Əңгімеміздің ұзынырғасы мынадай: – Сіздің Қажытай Ілиясовқа «Мен Сəбеңді боқтап кеткен күні сен Сəкенді ұрып кетіпсің» дегеніңізді естіп едік. Сəбеңе неге тиіскеніңізді жөнді білмейміз. Сəбең: «Жазушылар одағын кілең жүліктер қаптап кетіпті. Жүліктер! Милиция шақырыңдар!» – деп қырылдай айқайлапты дейді. Сол қалай болды өзі? – Басқа пəле тілден. Бəрі өзімнен болды. Сəбең менің қалжыңымды түсінбей қалып, шу шығарды. Əйтпесе боқтап нем бар? – Не қалжың айтып едіңіз? – Дəретханада қатар тұрып қалдық. Мен: «Сəбе, кімнің мүшесі үлкен екен, салыстырайық...» – дедім. Сəбең соған шамданып... Шудың соңы мені одақтан мүшеліктен шығару туралы мəселе қозғауға ұласып кетті. Мүшені айтам деп мүшеліктен айырылып қала жаздадым. – Əнуар Əлімжановпен төбелесіпсіз ғой? – Төбелес деуге келмес. Алдымен мен оны бір ерегескенде күтпеген жерден шықшыттан соғып нокдаунға жібергенмін. Оның бойы ұзын. Мендей екеу. Сонда да дəл тигіздім. Ал екінші жолы мен баспалдақпен көтеріліп келе жатсам, ол төмен түсіп келеді екен. Бұл жолы ол ұрды. Бірінші хатшымын деген жоқ. Маладес екен. Детдомда төбелесіп өскен бала ғой. Өзі менен жас. Жоғарыдан соқты. Сонда да жығылмадым. Жоғарғы жақтан соғудың преимуществосы болады. Соны пайдалана білмеді. Дұрыс тигізе алмады. Ел айырып жіберді. Əйтпесе... Əнуарға: «Бар соққың осы-ақ па?» – деп күлдім, – деді Тоқаш аға. Осы тұста ішімдік таусылып қалды. Тоқаң əйелінен ақша сұрап еді, ол аузын қу шөппен сүртті. Мен Мəдиді дүкенге жұмсап едім, «адасып кетемін» деген сылтаумен ол сол үйдің қызын қоса ерте кетіп, бір шөлмек шарап алып келді.

Əңгімеміздің жалғасы: – Жазушылар одағының соғысқұмарлыққа қарсы бір жиналысында сіз сөз сұрап мінбеге шығып: «Сол соғыстарың болса болсыншы. Ататын бірер адамдарым бар еді», – деген көрінесіз. – Айтуын айттық қой. Құдай біледі, ондай адамдарым əлі бар, – деді Тоқаң. – Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гауптвахтасында жатқан жеріңізден сізді Қалмұқан Исабаев шығарып алыпты дейді ғой? – Ол рас. Қалмұқан сол қаланың əскери коменданты екен. Оның кейін жазушы боларын кім білген? ...Осындай қысыр əңгімемен сол домбай бөтелкені орталаған кезімізде өзімізбен қосыла сілтеп отырған жеңгемізге кенеттен жал бітіп: – Болды! Бітті! Осы жетеді! Енді ішсеңдер мас болып қаласыңдар! Сондықтан қалғанын мен тығып қоямын! – деп айдынданып, «билікті» өз қолына алып, біздің тостағандарымызға тамызып-тамызып қана құйып, қалғанын тығындап, басқа бөлмеге алып кетті. Тоқаш аға ыңғайсызданып: – Балалардың өз шарабын өздеріне бұйыртпайсың ба? Өз ақшасына алған жоқ па?.. Менің кітабымды жуып жатыр ғой. Ұят болады. Қой, қайтып əкеліп құй, – деп еді, құлағына да қыстырмады. Уақыт біраз жерге барып қалған екен. Біз рахмет айтып, қайтуға жиналдық. Тоқаң жалаңаш етіне қой терісінен иленген, жүні ішіне қаратылған жеңсіз бешпент киіп, есік алдына ере шықты. Жеңгеміз де бірге шықты. Тоқаң əлгі шараптан əлі үмітін үзбей: – Жолаяқ деген болмай ма? Əлгі қалғанын əкеп құйып жібер, – деп қалды. Сол-ақ екен жеңгеміз шаптығып: – Атауыңды ішкір, атауыңды ішіп болған жоқсың ба?! Енді түк те татырмаймын! Ештеңе де жоқ! Сен де кет осы балалармен бірге! Қараңды батыр! Бар, құры! – деп бар күшімен Тоқаш ағаның желкесінен жұдырығымен түйіптүйіп жіберді. Қағілез денелі Тоқаң шатқаяқтап барып тоқтады. Көкжелкеден аңдаусыз тиген соққы оңай ма, ауырсынып қалғаны байқалды. Бірақ əйеліне бұрылып, бір ауыз сөз қатқан жоқ. Бізді құшақтап:

– Ал, бауырларым, осыған риза болыңдар! – деп қоштасты. Əншейінде арыстандай айбатты болып жүретін Тоқаш ағаның аяқ астынан сүтке тиген мысықтай болған мына түріне қарап, аяп кеттім. Жол бойы көз алдымда жеңгеміз оны желкесінен түйгіштеумен болды. Сол сурет əлі күнге дейін көз алдымда...

«ЖЫНДЫ» 1973 жылы қысқа салым Алматыда жас ақын-жазушылардың кеңесі өтті. Семинарларға бөле бастағанда мен Қадыр Мырзалиевтің секциясын таңдадым. Жазушылар одағының бірінші қабатындағы кең кабинет. Қадекеңнің көмекшісі ретінде ақын Аян Нысаналин шетімізден тізімдеп отыр. Əрқайсысымыз орнымыздан тұрып, қай облыстан келгенімізді, қайда оқып, қайда жұмыс істейтінімізді сайрап жатырмыз. Бір мезетте таудай денесімен Мұқағали Мақатаев кіріп келіп, шүңірек көзін жағалата барлай қарап тұрды... – Сен қай баласың? – деді оған Қадыр аға. Күліп жібердік. Мұқаң жымиып, езуін жиғанша Аян ағамыз да əзілмен: – Мұқағали Мақатаев. Мəскеу. Студент! – деп шұқшиып тізімге енгізген болды. Тағы да ду күлдік. Сөйтсек, Мұқағали аға шынында да Мəскеуден келіпті. М. Горький атындағы Əдебиет институтының Жоғары əдеби курстарында оқып жүрген кезі екен. Ол: – Мына жас перілердің өлеңдерін тыңдауға келдім, – деп, ұсынған төрге шықпай, бір шетке отыра салды. Ретімен өлең оқимыз. Алма-кезек талқылау. Мұқағали да бар ынты-шынтымен тыңдап отыр. Көкшетаудан келген Жəркен Бөдешев, Жезқазғаннан Жүрсін Ерманов ерекше жырларымен көзге шалынды. Қадыр ағамыз бір жас ақынның (атын ұмыттым) өлеңдері туралы айта келіп: – Сөз саптасында еркіндік бар. Табиғилық сезіледі. Тура Мұқағалиша жазады екен, – деп мақтаңқырап еді, Мұқағали ағамыз: МЕН КӨРГЕН МҰҚАҒАЛИ

– Əй, Қадыр, сен мынау бала екеумізді бір қапқа салып қойдың ғой. Сыя қояр ма екенбіз?.. – деп орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Түскі үзіліс кезінде Мұқағали аға кездесіп қалып, манағыдай емес, сəл қызыңқырап алған екен: – Қызталақтар, бері келіңдер. Қадырдың семинары бітсе, енді менің семинарым басталады, кəне, өлең оқыңдар, – деп бізге де оқытып, өзі де оқи бастады. Ол күркіреген даусымен бір өлеңін оқып тұрған кезде кеудесі талыстай, мойны бітеу, дөй қара біреу келе сала, ай-шай жоқ, Мұқағалидың арқасынан жуан жұдырығымен бар күшімен дүңк еткізіп бір қойды. Өлең оқып тұрған Мұқаң ыңқ етіп қатты ауырсынып қалып, мол денесімен бұрылып: – Өй, жынды, сенбісің? Жөншілікпен өлең де оқытпайсыңдар. Мен бұл жерде өз семинарымды ашып тұрсам... Өкпемді аузыма түсіре жаздадың ғой. Жынды... – деп кеңк-кеңк күле берді де, бізге. – Бұл Рамзай ғой... Рамазан Тоқтаров деген прозаик ағаларың, – деп таныстырып, – «Ертіс мұхитқа құяды», – деп қосып қойды. «Ертісіміз» қарқ-қарқ күліп, «мұхитына» қарай жөнелді. Қайсысы «жындырақ» екенін айыра алмай қалдым. «РЕКВИЕМ» ҚАЛАЙ ТУҒАН? Кейінірек, содан он шақты жыл өткенде, Мұқағали алты ай оқыған сол Мəскеудегі Əдебиет институтының Жоғары əдеби курсында Рамазан Тоқтаров аға екеуміз де екі жыл бірге оқыдық. Жетекшіміз, орыстың белгілі ақыны Александр Межировтың алғашқы дəрістерін тыңдағанда-ақ мен Мақатаевтың «Реквием. Жан азасы» поэмасының қалай туғанын түсіндім. Орыс ақындары құрметтеп «мэтр» атайтын Межиров алғашқы бірнеше сабақты қатарынан Пушкиннің «Моцарт пен Сальериіне» арнады. Алдымен спектакль мəтіні жазылған күйтабақ ойнатты. Опера арияларын магнитофон таспасынан тыңдатты. Өзі əр шумақ, əр сөзіне терең талдау жасап, жанын сала түсіндіруге тырысты.

Соңынан атақты бір театр əртісін шақырып əкеліп, поэманы мəнерлеп оқытты. Моцарт: Так слушай. Недели три тому, пришел я поздно Домой. Сказали мне, что заходил За мною кто-то. Отчего – не знаю, Всю ночь я думал: кто бы это был? И что ему во мне? Назавтра тот же Зашел и не застал опять меня. На третий день играл я на полу С моим мальчишкой. Кликнули меня; Я вышел. Человек, одетый в черном, Учтиво поклонившись, заказал Мне «Requіem» и скрылся. Сел я тотчас И стал писать – и с той поры за мною Не приходил мой черный человек; А я и рад: мне было б жаль расстаться С моей работой, хоть совсем готов Уж Rеquіеm. Но между тем я... Сальери: Что? Моцарт: Мне совестно признаться в этом... Сальери: В чем же? Моцарт: Мне день и ночь покоя не дает Мой черный человек. За мною всюду Как тень он гонится. Вот и теперь Мне кажется, он с нами сам – третий сидит.

Бұл үзіндіден Пушкиннің бұл шағын трагедиясының Мұқағалиға «Реквиемге» ғана емес, орыс ақыны Сергей Есенинге де «Қара кісі» поэмасын жазуға түрткі болып, қозғау салғаны анық байқалады. Тағы бір сабақтарда неміс ақыны Райнер Мария Рилькенің «Дауыстар» атты поэмасындағы «Жетімдер жыры», «Жесірлер жыры», «Соқырлар жыры», «Қайыршының жыры», «Алапестер жыры» сияқты толғаулары сөз болды. Мұқағали ағамызға Пушкин мен Рилькенің осы шығармалары қоса-қабат қатты əсер етіп, «Реквиемді» туғызғаны айдан анық. Бұл жауһар туындыларды мен де оқып, мен де тыңдадым. Маған да əсері ерекше болды. Алайда, Мұқаңның «Реквиеміндей» тылсым сырлы дүние менің қаламыма орала қоймады... Тверь бульварындағы институттың біз оқитын корпусында үлкен қара диван тұратын. Оқу бөлімінің меңгерушісі Вера Аверьяновна Малюкова: «Бұл – Қазақстанның диваны», – дейтін. Оның себебін кейін түсіндім. Александр Межиров бірде үзіліс кезінде: «Мына диванда бізде тыңдаушы болған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев кейде ұйықтап жататын деп естідім. Оны жұрт ішеді десті. Бірақ ол менің сабағыма ешқашан ішіп келген емес. Жойқын талант еді. Оны неге сақтай алмадыңдар?» – деп сұрады. Бұл маған ғана емес, бүкіл ұлтымызға, қоғамымызға, мемлекетімізге қойылған сұрақ еді. «БАТЫР БАЛА БОЛАТБЕК» Бірде ақын Дəуітəлі Стамбеков екеуміз бас поштаның тұсынан өте бергенде: – Əй, батыр бала Болатбек, бері кел! – деген зор дауысқа жалт қарасақ, еңгезердей, ақ көйлегі алқам-салқам бір кісі Дəуітəліні саусағының ұшымен шақырып тұр екен. – Мұқағали аға ғой, сəлем берейік, – деді Дəуітəлі. Жақындап, жарыса сəлем бердік.

– Əй, батыр бала Болатбек, менде атаңның басы бар, сенде не бар, қосылмаймыз ба? – деп ол қалтасынан Лениннің бейнесі бедерленген бір сомдық сөлкебайды шығарып, алақанында салмақтай секіртті. Біз соңғы ақшамызды жұмсап қойған едік, қалтамыздан ондай «атамыздың басы» да табылмай, қибыжықтап, тезірек жылыстай жөнелдік. – Ағамыз қойған атың жақсы екен, – дедім жолда. – Менің «Балдырғанға» Болатбек туралы өлеңім шыққан еді, содан бері мені Мұқаң «Батыр бала Болатбек» деп атайтын болды, – деді Дəуітəлі. ҚОЛТАҢБА Бір күні ҚазМУ-дегі сабақ үстінде есік сарт ашылып, аудиторияға курстасымыз, əнші Жəнібек Кəрменовпен бірге Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Стилистикадан дəріс беретін ұстазымыз Бəри Манасбаев: – Айналайын Мұқағали, мен сабақ өткізіп жатырмын ғой. Болмайды. Кейінірек үзілісте келерсің. Бара тұр... – деп шыр-пыр болды. – Əй, Бөри, – деді Мұқағали оның есімін бұрмалап, – сен ылғи оқытып жүрсің ғой, мына жас ақындарға мен де бір рет сабақ беріп көрейін. Бізге қызық керек: – Оқытсын, оқытсын! – деп шуылдап, өре түрегелдік. Бəри ағай амалсыз келісіп, мінбедегі орнын босатып беруге мəжбүр болды. Мұқағали мінбеге шыққаннан кейін қолтығына қысқан кітаптарын алып шығып, жоғары көтере көрсетіп: – Мынау – менің баспадан жаңа ғана шыққан «Аққулар ұйықтағанда» деген өлең жинағым. Бояуы кепкен жоқ, сатуға əлі түспеген. Менен басқа ақындар осындай кітабы шыға қалса, ең алдымен бастықтарға, редакторларға, өзін мақтап жазатын сыншыларға жағымпазданып апарып сыйлайды. Ал мен ондай атқамінерлерге емес, өздеріңе əкеліп отырмын. Авторға тиесілі он данасын жаңа ғана алдым,

соны енді сендерге таратамын, – деп қолына қалам алып, қолтаңба беруге ыңғайлана бастады. Жігіттер: «Маған! Маған!» – деп ұмтылысқанда арасына мен де қыстырылып, кітапқа қол созып жатыр едім, ең алғашқы болып автограф алған Жəнібек Кəрменов қолымнан тартып: «Бері шық», – деп жұрттан жырып алып шықты. – Ақын ағаның кітабын тегін таратып алғанымыз ұят болады. Сен екеуміз жігіттерден ақша жинап жіберейік, – деді. Біз тиын-тебен жинап болғанша Мұқаң да қолтаңба беріп, кітаптарын таратып үлгерген еді. Біреуден бір сом, біреуден үш сом, бес сом деп жүріп, қалтамыздағы барымызды жинап, Жəнібектің қолына ұстаттық. Ол бүктеп апарып, Мұқағалидың кең шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді. Ақын ағамыз кітаптағы өлеңдерінің бір-екеуін оқып беріп, бізді де қарық қылып, өзі де разылықпен қоштасты. Мұқаңа ақша жинаймын деп жүріп кітапсыз, қолтаңбасыз қалдым. Бəрібір бəрімізге түгел жетпейтін еді. Түстен кейін сабақтан шықсақ, университет қарсысындағы «Аққу» кафесі тұсындағы арқалықты ұзын орындықта манағы Мұқағали ағамыз қолы салбырап, шашы шашырап, шалқасынан, беймарал ұйықтап жатыр екен. Қасынан өткен милицияның бірде-бірі оған тиіспеді. Таңырқап, қарай-қарай айналып өттік. «ЖЕЗДЕ» ҚазМУ мен «Алматы» қонақүйінің ортасындағы жұрт «гармошка» атап кеткен «Гүлдер» кафесінде сыра ішіп, өлең оқып отыр едік, Мұқағали аға кіріп келді. Төрімізге шығарып, сыйлай бастадық. Ішіміздегі еті тірі ересегіміз Серік Байхонов ол кісімен бұрыннан аралас-құралас екен. Бізбен таныстырды. – Ақын болса өлең оқысын,– деді Мұқаң. «Ымыртта ызғын қолатта», – деп жайлап бастап оқып шықтым. Ол сəл тұнжырап отырды да:

– Тағы оқы! – деді. Бірнеше өлеңді тағы жатқа соқтым. Мұқағали аға ықыласын жасырмады. – Маған алғы сөз сұрап талайлар келеді. Несіпбек Айтовтан басқасына жазған жоқпын. Ол да талант. Қайсыбіреуге жазғанша осы саған неге жазбаймын? Саған сəт сапар тілеп, алғы сөз жазып берейін, – деді. – Ұлықбекке «сəт сапар» керек емес. Қадыр Мырзалиев жазып қойған, – деді менің «адвокатым» Байхонов. – Ə, Қадыр тағы алдымды орап кеткен екен ғой, – деген ол, – сен осы ақын Есдəулет Кəндековтің кімісің? Баласы емеспісің? – деп сұрады. Ондай қарт ақынның болғанынан хабардар едім, көзəйнекті, үшкір селдір сақалды суретін де көргенмін. Мен жауап беріп үлгергенше, аузы жылдам Серік Байхонов: – Дəл өзі! Ұлықбек сол Есдəулеттің баласы, – деп жіберді. Менің үнім шықпай қалды. – Алғашқы өлеңіңді қайта оқышы, – деді Мұқағали. Қайта оқыдым. Байқаймын, əсер еткен сияқты. – Жаңа өлеңдерімді жатқа білмей тұрғаным. Сенің мына өлеңдеріңе жауап беретіндей жырлар үйдегі қара дəптерде. Үйге жүріңдер, өлең оқимын, – деді Мұқағали. – Барамыз! – деді Байхонов. Құрқол бармайық деп, жолда бірер шөлмек шарап алдық. Алакөлеңке ортаңғы бөлменің терезе пердесін ысырып еді, самаладай жарқырап кетті. – Мынау менің жазу үстелім, ал мынау тұрған менің Абайым, – деді Мұқағали кірген бетте. Үстел үстінде ақ гипстен сомдалған ұлы ақынның бас мүсіні тұр екен. – Осындағы «Мен – абайтанушымын» деп кеуде қағып жүргендердің ешбіреуінің үйінде мұндай Абай мүсіні жоқ. Менде ғана бар! Көрдіңдер ме? Егер мен үйге кейде сілтеңкіреп келсем – Абай атам теріс қарайды, ал сау келсем – оң қабағын береді. Сондайда мен жазуға отырсам – Абай атам диктовать ете бастайды. Менің жазып жүргендерім – өз өлеңдерім емес, Абайдың диктовкасы, – деді Мұқағали Мақатаев ағамыз. Біз мүсінді тамашалап тұрғанда Мұқаң мені шынтағымнан ұстап, асүйге жетелеп əкеліп, əйеліне:

– Лашын, сүйінші, міне, мен сенің бауырыңды тауып əкелдім. Бұл – Ұлықбек деген сенің Есдəулет атаңның баласы екен, өзі де тұқымына тартқан, мықты ақын, – деді. Сол-ақ екен, Лашын жеңгей мені бас салып құшақтап, көрісе жөнелді: – Айналайын бауырым, бармысыңдар?! Менің де артымнан іздеп келетін туыстарым бар екен ғой! Жездеңнің жүрісі болса мынау, осының етегінен ұстаймын, бабын табамын, баласын бағамын деп жүріп төркінімнен ажырап қалдым. Қалай, ел-жұрт, ауыл-аймақ аман ба? – деп көзінен жасы мөлтілдеп, ет жақындарының аттарын атап сұрап, жік-жапар болды. Мұндайды күтпеген мен абдырап, сасып, аузымнан сөзім түсіп, күмілжіп тұрмын. Не айтарымды білмей, біресе бас шайқап, біресе бас изеп, мұрнымнан міңгірлей бердім. Мұқағали менің сасқан түрімді байқады ма, тез ажыратып ала жөнелді де «үйіріме» əкеліп қосып кетті. Ол қайта айналып келген кезде мен: – Мұқа, сіздің əлгі айтқан Есдəулетіңіз кім еді? – деп сұрадым. – Есдəулет Кəндеков деген ақынды естуің бар ма? Сен соның баласы емес пе едің? – Жоға... бəрін бүлдірген анау Серік Байхонов қой. Мен сонау Өскеменнің Зайсанында туғам, Есдəулет деген бабам екен, көрген де емеспін, ол кісі басқа адам, сіздің Кəндековке сорпасы қосылмайды. – О, қызталақ, мен сенің əкеңді Қаскелеңнің Есдəулетімен шатастырғам ғой. Ондай-ондай бола береді. Ештеңе етпейді. Ең бастысы, кімнен тусаң да сен ақынсың. – Оған түк қатысым жоқ. Лашын апайдан ұят болды ғой. Мен ол кісіге барып айтып, ешқандай да туысы еместігімді түсіндіріп келе қояйын, – деп асүйге ұмтылып едім, Мұқаң: – Енді болар іс болды, тыпырламай отыр. Менің байқауымша, қазанға қазы-қарта түсті, тоңазытқышқа көп жұлдызды коньяк келіп қалды. Соның бəрі Лашынның төркінінен келген «інісі» – сенің құрметіңе. Сен – балдыз, мен жезде болдым. Осы туыстықты жуу керек. Əйтпесе, қазір барып шыныңды айта қалдың дейік, одан не ұтамыз? Онда

жеңгең ашуланып, мына мол дастарқаннан түк татырмай, өзіңді үйден қуып шығады. Сенімен қоса мені де қуады. Сондықтан енді қыңқ етпе! – деп басу айтты. Өтірік айта алмайтын кезім еді, ілкіде нəумезденіп отырып, біраздан соң, қыза келе, «балдыздың» рөліне кіріп кетіп, Құдай бере салған «жездеммен» қылжаққа бастым. Тіпті бір сəтте: «Өлең оқи алмайсың, олай оқымайды, былай оқу керек!» – деп қолындағы қара дəптерін жұлып алып, шырылдап оқып тұр екенмін. – Əй, мынау балдыз тентек қой өзі, – деп Мұқаң кеңккеңк күле береді. Кейін естісем, Мұқағали Мақатаев радиода диктор болып істеген, жырды мəнерлеп оқудың хас шебері екен. Оны мен қайдан білейін?! ШЫТ ОРАМАЛ Сол бір тұста Алматыда қалың тұмау өршіп тұрған. Бізді қойып, Мəскеудегі Брежневтің өзі тұмаудан қажып, КСРО Ғылым академиясының президентін шақырып алып: «Грипке қарсы бомба ойлап табыңдар!» – деп бұйырыпты деп естіген кезіміз. Бір уақта, мұрным біте берген соң, қалтамнан беторамалымды шығарып едім, Мұқағали аға байқап қалып: – Орамалың жақсы екен, қайдан алдың? – деп сұрады. Оның дардай басымен қайдағы бір түкке тұрмайтын беторамалға көзі түскені таңырқатып: – Осы жолы ауылға каникулға барғанда... Бір нағашымыз қайтыс болып, жаназада жыртысқа тиген, – дедім. – Қаншаға келіп еді? – Жүз төртке келіп қайтты, – дедім мен. – Жүз төртке деймісің? Апырым-ай, ə?! Ұзақ жасаған екен. Алжымай өлді ме? – деп Мұқаң ынтыға түсті. – Жоқ, алжымай өлді. Оны жүзден асты деп ешкім де ойлаған жоқ. Өйткені өле-өлгенше ауланың қарын күреп, сыпырып-сиырып, тыпыңдап, тыным алмай жүріп, ауырмайсырқамай жүріп кетіпті. Пысық шал болатын.

– Қане, бере тұршы, – деп Мұқаң қолын созды. Ұстата бердім. Беторамал дегенім ақзу шыт матаның қиығы болатын, əдемі теңбілдері бар. Мұқағали оны қолымен аялай ұстап, бетіне, маңдайына тигізіп, умаждап-умаждап қойды да: – Əй, балдыз! Мен кейінгі кезде өліп қаламын ба деп əлденеден қарадай қорқып жүрмін. Сен мына орамалды маған бер. Ырым болсын. Жүз жасаған нағашыңның жасын берер ме екен? Ал сен менің орамалымды ал. Айырбастайық. Жассың ғой. Алдымен менің жасыма жетіп ал. Арғы жағын тағы көре жатарсың, – деп, қалтасынан өз орамалын суырып алып, маған ұстата салды. Шыты шылқылдаған тер екен. Бірден қалтама сүңгіттім... Біраз уақыттан кейін үйге қайтып келе жатып, тұмаудың кесірінен тағы да мұрын сүртуге тура келді. Қалтамнан алып шыққан шыт орамалды тұмсығыма апарар-апармастан бірден тыжырындым: ащы тердің қоңырсыған күлімсі иісі мүңк етіп, қолқамды ұрды, өзі шылқ-шылқ! Кірпияз емес едім, сонда да болса жағымсыз жат иісті жақтырмай, жиіркеніп, жолға лақтырып жіберіп, кете бардым. ...Күндер өтті. Бірде Жазушылар одағында Жарасқан Əбдірашевті күтіп тұрсам, бір сақалды орыс маған қарап: – Сен кімсің? – деді. – Мен – ақынмын! – дедім шіреніп. – Қандай ақынсың? – Мықты ақынмын. – Атың кім сенің? – Ұлықбек Есдəулетов. – Ондай ақынды естімеппін... – Естімесең – естисің! – Ал мен сенің ақындығыңды бірден тексере аламын. – Қалай тексермексің? Мен орысша жазбаймын. Түкті де түсінбейсің ғой. – Қазір менің бір досым осында келуі керек. Соған тексертемін. Ол бəрін дəл сынайды. – Ол кім? – Келгенде білесің.

– Өзің кімсің? – Ақын Сергей Киселевпін. – Тоқта, сен Өскеменненсің ғой. Естігенмін. Екеуміз жерлеспіз. – Мені білемісің? – деп сақалды орысым кəдімгідей қуанып қалды. Сосын: – Міне, менің əлгі айтқан досым келді, – деді. Қарасам – келген Мұқағали Мақатаев екен. – Мұқағали, досым, – деді Сергей, – мына жас жігіт мықты ақынмын дейді. Сынап берші. – Сен, Сергей, əлі күнге дейін Ұлықбекті танымайсың ба? Мен оны білемін. Балдыз, сен сыйлаған орамалды мен əлі сақтап жүрмін. Міне, көрдің бе? – деп ол ақшұбар беторамалды қалтасынан көлең еткізіп суырып алды да, – менің саған берген орамалым қайда? – деп сұрады. – Мен... оны... – деп күмілжіп барып, «...лақтырып жібергенмін» деп айтып қала жаздап, – басқа киімнің қалтасында қалдырып кетіппін... – деп құтылдым. «Несіне лақтырдым екен?». Осы ой мені əлі күнге дейін мүжиді. «Тым болмаса жуып алуға болар еді ғой...» Ақын аға қайтыс болғаннан кейін, жетісі өткен күні, күйіктен ішкен оның досы Сергей Киселев: «Мукагали, постой!» – деп айғайлап, биік балконнан секіріп өлді деп естідік... «МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВҚА ЖОЛ БЕРІҢДЕР!» Бірде ақын досым Ерлан Бағаев екеуміз тротуарда келе жатыр едік, соңымыздан: – Жол беріңдер! Жол беріңдер! – деп айғайлаған зор дауыс естілді. Аңтарылып тұра қалдық. Күркіреп келеді. – Жол беріңдер! Жол беріңдер! Мұқағали Мақатаевқа неге жол бермейсіңдер? Əлде оның еңбегі сіңген жоқ па? Жол беріңдер! Жол беріңдер! Əлгінде ғана «Шахта» деген асханада қос қолын қайшылап, шашы төгіліп: «Əлдиле, өлім, əлдиле», – деп өлең оқып

отырғанын көрген едік. Барып сəлем бергенбіз. Шарабын əпергенбіз. – Жол беріңдер! Ығысып жол бердік. Күндей күркіреп, бұлттай бұрқырап қасымыздан өте шықты. Соңымыздан мырс-мырс күлкі естілді. Мойын бұрсақ, жоғары курс студенттері Сауытбек Абдрахманов пен Заманбек Əбдешев екен. Мысқылшыл Сауытбек: – Үлкен ақын келе жатқанда кішкентай ақындар жол береді екен ғой, – деп түйреді. Сəл жүре түскенде Алматының қазіргі Абылай хан жəне Бөгенбай көшелерінің қиылысында əлгінде ғана екпіндей озып кеткен Мұқағали ағамыз тұр екен. – Əй, балалар, бері келіңдер. Мына қаптаған машиналардың біреуі мені басып кетер немесе мен біреуін басып кетермін. Көшеден өткізіп жіберіңдер, – деп Ерлан екеумізді құшағына алды. Сөйтіп қолтығына кіре берген бізге алмакезек қарап қойып: – Сенің əкең Ұзақ маған көп жақсылық жасаған. Сен менің өз бауырымсың. Оны білемісің? – деп Ерланның бетінен сүйді де, маған бұрылып, көзін алайтып: – Сен қызталақ қайдан жүрсің? – деді көшеден өтіп болған кезде. – Қазір Жазушылар одағына барамын. Мен кіргенде ондағы отырғандардың бəрі қашып, індеріне тығылады. Тіпті кабинеттерін кілттеп алады. Бірге жүріңдер, қызық көресіңдер, – деді. «Іздегенге – сұраған», біз екеуміз елеңдеп, елеурей бастап едік, Мұқаң Жазушылар одағының табалдырығына жете бере кілт тоқтады. – Жоқ, «қызық көрсетем» деп сендерге зияным тиіп кетер. Əлі жассыңдар. Болашақтарың алдарыңда. Менімен жүргендеріңді біреу-міреу көріп қалса: «Бұл екеуі Мұқағалимен бірге ішіп жүрген», – деп ағаш атқа теріс мінгізер. Қайтыңдар, қызталақтар! – деп екеумізді өз қолымен кері бұрып, сауырымыздан сипап қоя берді де өзі ішке еніп кетті. «Қайт» дегенге қайта қояр деген, ізінше біз де кірдік. Мұқағали аға кіреберістегі айна алдына барып, шашын тарап, костюмінің жағасын, өңірін түзеп, түймесін салып,

салиқалы-салмақты болып шыға келді. Сол-ақ екен, іштен шығып келе жатқан бірнеше жазушы бұрыла қалып, онымен жамыраса амандасып жатты. Біз жақындамай, сырттай бақылап тұрдық. Əлгі жазушылардың біреуі: – Əй, Мұқағали, сен енді адам болыпсың ғой, – деп қалып еді, Мұқаң бірден шарт кетті: – Сен, немене, мені бұған дейін адам емес, есек деп пе едің?! Ағамыз нілдей бұзылып, бұрқан-талқан ашуланып, «Қаламгерге» қарай тартты. Əлгі абайсыз ба, қасақана ма, айтылған бір ауыз сөзден-ақ жараланып қалғаны анық еді... ҚАЗ ҰРЛАУ «Жазушы» баспасына Нарынқолдан ақын Еркін Ібітанов келді. Оның есіміне мектеп оқулығына кірген «Қойшылар» поэмасы мен курстасым, нарынқолдық ақын Батық Мəжитұлының дəріптеулері арқылы қанық едім. Қолжазбасының жайын сөйлесіп отырғанда үстімізге екпіндей басып Бекен Əбдіразақов кірді. Амандық-саулықтан соң: – Əй, Еркін, күнде келіп жатқан жоқсың, былай шығып, жүз грамм əпермейсің бе? – деді ол. Еркін аға шырт етті: – О ненің ақысы? – Біз сенен күнде ішіп жүрген жоқпыз ғой... – Ауылға келсеңдер: «Бұлар астанадан келіп қалды», – деп біз жайылып жастық, иіліп төсек боламыз, мал сойып, алдарыңа арақтан дария ағызамыз. Енді қалаға келсек тағы да солай, біз сыйлаймыз. Сонда əділет қайда? «Дүние – кезек» деген бар емес пе еді? Қонақжайлықты ұмыттыңдар ма? Қайта Алматыға анда-санда бір келгенімде менен дəмете бермей, бір уақыт өздерің де бірдеңе əперулерің керек емес пе? – Еркін, бері қарап, сөз тыңдашы. Алла тағаланың өзі бізді мынау аш қалаға қамап қойғанда, бізді асырап, басымызды жазып беріп тұру үшін сендерді берекелі ауылда қалдырған.

Сендер – ауылда, біз – қалада. Ауыл қаланы асырауы керек. Бұл – тағдырдың жазмышы, Құдайдың бұйрығы. Одан қашып құтыла алмайсың. Ауылдан келген екенсің, қаладағы достарыңа жүз грамм əперу – ақындық парызың. Бұған тоқтамасаң өзің біл. Əйтпесе маған мына Ұлықбек інім-ақ əпереді. – Жас балаларда қайдағы ақша? Бауырларыма салмақ салғанша өзім-ақ көтерейін. Ал, кəне, жүріңдерші, – деп Еркін аға «Қаламгер» кафесіне қарай жол бастады. Əңгіме ағытылып қоя берді. Мен реті келгенде сөз желісін өзі бірге өскен Мұқағали ақынмен достығына бұрдым. Бұрынырақ Батық Мəжитұлынан тыңдап, құлақта қалған кей əңгімелерді өз аузынан естігім келді. – Бір күні аудандағы маған ауылдағы Мұқағали телефон соқты. «Осылай да осылай, жеңгең төркінімді сағындым деп ауылына кетті, балалардың бəрін нағашыларын аралатуға ертіп əкетті. Үй де бос, қол да бос. Жалғыз қалдым, іш пысты, бəрін тастап тез жет!» – деді ол. Жұмыс орным – Нарынқолдың аудандық газеті, аты «Советтік шекара», редактордан ауылдың бір науқанын жазып келуге сұранып, Қарасазға тарттым. Мұқағали онда мектепте мұғалім. Жаз кезі, оқушылар каникулда. Тау қандай, ауыл қандай, салқын самал, құлпырып тұр. Екеуміз бірер күн көрмесек сағынысып қалатын едік. Келсем Мұқағали ағам қазанға былқытып ет асып қойып, күтіп жатыр екен. Портфеліме бірер шөлмек сала келгем. Соны шығарып жатсам, Мұқағали: – Ондайды өзің келетін болған соң жəшігімен алып қойғанмын, несіне əуре болып жүрсің? – дейді. – Екеумізге жетеді, ешкімді шақырғам жоқ, керегі де жоқ. Басқалар біздің əңгімені түсінбейді. Содан басталды дейсің! Буда-буда өлең оқимыз. Балалық шақтың əңгімелерін айтысамыз, поэзия туралы, ақындар туралы, оқыған кітаптарымыз туралы, өзіміз туралы, болашақ туралы... таусылмайтын тақырыптар... Армандарымызды айтысамыз, сыр шертісеміз. Əзіл-қалжың, əңгіме мен өлеңді де, арасындағы жүз грамды да үзгеніміз жоқ.

– Еркін, сенің жасың кіші болғандықтан менен кейін өлесің. Кейін екеуміз туған ауылға алдымен кеткен менің атымды қояды. Сонда саған ауыл жетпей қалатын болды ғой... – Оқасы жоқ, Мұқаш, ауылды сенің атыңмен-ақ атай берсін, маған ауданның аты да жетеді, – деймін мен. Сонымен көзді ашып-жұмғанша дуылдаған төрт күн өтіпті. Сол төрт күн бойы үйден аттап шықпаппыз. Төртінші күні қарасақ, есіміз кіресілі-шығасылы. Арақ əлі жеткілікті болғанмен үйдегі азық таусылған. Қарын аш. Аш өзегімді жалап барады. Ішкен у ішті күйдіре бастады. Байқаймын, Мұқағали да оңып отырған жоқ. – Мұқаш, шипа бітті, асқазан күйіп барады. Бұдан əрі закускасыз ішуге шамам жоқ. Қайдан тапсақ та тамақ тауып жейік. Шіркін, сорпа болса... – деймін ішім қыжылдап. – Кеш түссін, Еркін, – деді Мұқаш ағам, – көз байланғанша тіскебасарсыз-ақ лаждай тұрайық, сосын сыртқа шығамыз, бəрі де болады... Оның «сыртқа шығамыз» дегенін мен қас қарая біреудің үйіне қонаққа барамыз деп ұғындым. Кеш түсіп болмады. Аш қарынға ақаң жүрмейді, сонда да тауып-тауып тост айтып, ар жағымызды алдарқатып, зорланып жөнелтумен болдық. Өлең оқуға шама болмай қалды. Содан əупірімдеп кешке дейін жеттік. Ел орынға отыра Мұқағали орнынан түрегеліп, ауладан екі таяқ тауып əкеліп, бірін маған ұстатты, бірі – өз қолында. – Ал, кеттік! – деді. Таяқтың не керегі барын түсінбедім... «Шамасы, бос жүрген қабаған иттерден қорғанатын болармыз...» Ішек түгел шұрылдайды, қарын ұлиды. «Кімнің үйіне барар екенбіз?» Көз алдыма дайын дастарқан елестейді. Төрт күн, төрт түн бойы тапжылмай ішкіліктің түбін түсірген адамның түрін де, жағдайын да өздерің білесіңдер. Бетіміз шалбар-шалбар, маңдайымыз мыж-мыж, қолымыз қалт-қалт... Көшеге көрініп, басқа жора-жолдас, туған-туыстың үйіне баратын бет жоқ. Сонда да қалтырап-дірілдеп ауладан шықтық.

Ауылдың маужыраған қоңыр кеші. Үйді айнала бергенде, қайдан кездескені белгісіз, алдымыздан қырқылдаған екі қаз көлденеңдеп шыға келді. Сол-ақ екен, Мұқағали: – Мынауы – менікі, анаусы – сенікі, ұр таяқпен! – деп бір қаздың қылқиған ұзын мойнынан періп қалды. Мен де жалма-жан құлаштап, екіншісінің сорайған мойнына таяқ сілтедім. Қатып-семген қатты таяқ қоя ма? «Қырқ» етуге шамасы келмей, қылжың етіп екеуі де құлады. Тыпырлаған екі қазды бас салып, жұмарлап қойынға тықпыштадық. Жүгіре басып, салақтатып аулаға əкеліп, қараңғыда жан дəрмен бауыздап жіберіп, құшақтап үйге кірдік. – Өшір шамды, өшір! Көршілер көріп қоймасын... Жүнін жұламыз, – деді Мұқағали. Перделер түсірілді. Жалп етіп шам өшті. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда бытырлатып қаздың жүнін жұлып отырмыз. Екеумізде де үн жоқ. Дүрс-дүрс жүрек, пыс-пыс мұрын мен сытыр-сытыр қауырсынның дыбысы ғана естіледі. Ұрлық қылып көрмеген адамға оңай ма? «Иесі кім болды екен? Енді, мейлі, кім болса да... Сенде жазық жоқ, менде азық жоқ. Құдай өзі кешірсін...». Осы ойымды жиғанша болған жоқ, тастай қараңғыдан Мұқағалидың: – Жақ шамды, жақ! – деген ышқынған даусы естілді. – Е, неге? Не боп қалды? – Жақ деген соң жақсаңшы енді... – деді даусы бəсеңсіп. Орнымнан тұрып барып, қараңғыда қақтығып жүріп, қабырғаны сипалап, шамды жақтым. Қарасам... Біз отырған бөлменің іші бұрқырап ұшқан аппақ мамық. Құдды қарлы боран. Сол бұрқыраған аппақ мамықтың ортасында аруақтай ағарып, шөккен түйедей Мұқағали отыр. Қолындағы қаздың мойнында қарғыдай тағылған ала жібі бар екен, соны саусағына іліп алып, көтеріп: – Ай, мынау Лашынның төркінінен тұқымға əкелген қаздары ғой. Мойнындағы жібінен танып тұрмын. Асырап көбейтемін деп жүрген. Неше күн бойы қамаусыз қалыпты. Қалай естен шығып кетті екен, ə?.. Оны білгенде кеш түсуін күтпей-ақ, əлдеқашан сойып алатын едік қой... Ұрланбайақ... – деп Мұқағали орнынан серпіліп көтерілді...

Сөйтіп, Мұқағали ағаң екеуміз «ұрлап» қаз сойып, сорпасын ішіп, əл жинағанбыз, – деп Еркін Ібітанов ағамыз əңгімесін аяқтады. Менің көзіме аппақ мамық ішінде ағара мұнартқан ақынның алып тұлғасы елестеді.

ЖАД Атамыз қазақ «Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатынға сенбе» десе де, меніңше, жастан сыралғы болса, сол екеуіне де сенуге болатын сияқты, бірақ өзіңнің жадыңа сенуге болмайтынын кейінгі кезде анық түсіндім. Кеше ғана ұмытылмастай көрінген, санаңда сайрап тұрған жайттар бүгін көмескі тартқан. Кеше ғана тасқа қашағандай, өшпестей сөздер зердеңнен сүртіліп қалған. Көз, құлақ, ми үшеуі жабылып, түкке тұрғысыз қағаз бен қаламды айырбастай алмағаны ма? Достоевский де күнделіктерінде өз жадының осалдығына күйінеді. Дəл менің жасымда... Ол Достоевский ғой. Көрмеген қорлығы жоқ. Кемеңгер классик. Оның қасында менікі əншейін айналайын шығар. Дегенмен, қынжылатындай-ақ бар. Əсіресе көп жыл көрші тұрып, күнде араласып-құраласып жүрген Асқар Сүлейменовтен естіген қайталанбас сөздерін есіме түсіре алмағанда... Осыған байланысты туған шумақ: Еске сақтау қабілетім нөлге тең... Кейде отырып көз жасымды көлдетем: Өмір бойы мен оқыған кітаптар «Қай наданға оқылғанбыз?» дер ме екен? Дегенмен... ҚҰДАЙЫ ҚОҢСЫ

ҮШ «ФАШИСТКА» – Бұл дүниеде үш «фашистка» бар, – деді көршім Асқар Сүлейменов темекісін өзіне ғана тəн дегдарлық мəнермен сорып қойып. – Оның бірі – менің шешем Айтотым, екіншісі – Фариза Оңғарсынова, ал үшіншісі кім екенін білесің бе? Ол əдейі пауза ұстап, темекісінің түтінін шүйірмектеп, шеңберлеп жібере бастады. Бұл – əлденеге бекінгені. Түрінен əзілдеп не шын айтып отырғаны білінбейді. – Білмеймін, – дедім. «Шынында да үшіншісі кім болды екен?» – Үшінші «фашистка» – сенің қызың Назым, – деді Асқар Сүлейменов. Бетіне жалт қарадым. Көзінің тылсым тұңғиығынан əлдебір көмескі от жылтырады. Күлімсірегені. Онсыз да құс тұмсығы одан сайын қусырыла имиіп, үстіңгі ерніне төне түсті. Соңғы кезде бурыл араласа бастаған қалың қара шашы жатқызған жағына жылмиды. Бұл – қуланғаны. – Неге? – дедім мен. – Неге Айтотымды «фашистка» дейсіз? – Өйткені ол ешкімді мойындамайды, – деді Асекең. – Ал Фариза апай ше? – Нағыз «фашистка». Ол да ешкімді мойындамайды. «Фашистка» болмаса байға тиетін еді ғой. «Шешеңіз бас жазғызбайды. Сосын – «жау». Фариза жұрттың көзінше бетіңізге арақ шашып жіберген. Ол да «жау». Ал менің екінші сыныпта оқитын қызым ше?..» – Жақсы, ол екеуі «фашистка» бола қойсын. Ал менің қызымның не жазығы бар, əлі кішкентай емес пе? – дедім мен. – Оның жазығы – өмірі ешкімнен жеңіліп көрмеген менің шешем Айтотымды жеңгені. «Фашисті» «фашист» қана жеңе алады, бұны білу үшін көп оқудың керегі жоқ. – Қайтіп жеңіпті? – Шикарно! Кеше Айтотым өзі өз болып немересі Еңлік пен сенің қызың Назымды мектепке апара жатады. «Ұлықбектің үйіндегі əлгі келіннен ұят болды. Балаларды мектепке кіл сол апарады. Бір рет мен де апарып келе

қояйын», – деп кеткен. Содан жолда келе жатқанда Назым томпаңдап алдыға түсіп, жеткізбей оза берсе керек. Оған ілесе алмай шаршап, ентігіп ыза болған Айтотым мысы құрып: – Əй, таспаха, машина басып кетеді, бездеңдемей бізбен қатар жүр, – депті. Сонда Назым: – Сен сияқты алжыған жаман кемпірмен қатар жүргім келмейді, – деп жауап беріпті. Қаршадай қыздан мұндай жауап күтпеген Айтотымның аузына сөз түспей, мат болып қалыпты. Үйге: «Құрттай таспахадан жеңіліп, аузыма құм құйылып қайттым», – деп келді. Мен білсем, бұл – менің шешемнің өмірде тұңғыш рет сөзден тосылуы. Ал ондай «фашистканы» жеңген Назым да сөзсіз «фашистка» болмай кім болмақ? – деді Асекең темекісін баппен сөндіріп жатып. Енді түсіндім – содан бір күн бұрын ғана таңертең біздің үйге бас сұғып, келінінің қолынан шай ішіп отырған Айтотым маған қарап: – Əй, Ұлықбек, осы сен де, мынау отырған келін де езулерің жиылмай, ыржақтап қалған немесіңдер. Ал анау қыздарыңның тумысы бөлек пе, кімге тартқан өзі? – деп сұраған болатын. – Кімге тартқаны қалай, өзімнің аузымнан түсіп қалғандай емес пе? – дедім. – Түрін айтып отырған жоқпын. Түріне шай құйып ішейін деп пе ең? Мінезін айтып отырмын. – Е, мінезі не екен? – Өздеріңнің сықпыттарың мынау. Қыздарыңның мінезі сендерге тартпаған ғой. Таспахадай болып алып, əлден кісі баласын менсінбейді. Тұқымдарыңда қожа мен төреге қатысты ешкім жоқ па еді? – Ондай ешкім жоқ. Бірақ Кеңес үкіметіне дейін біздің жеті атамыздан билік үзілмеген деуші еді. Солардың біреуіне тартса тартып кеткен шығар. Тұқымымызда оқымысты молдалар да болған екен, – дедім мен. «Мажыра би, Қопа би деген бір-екі бабамыз өз өңірінің əйгілі кісілері болған екен» дегенді əкеміз таратып айтып

отыратын еді. Соны Айтотыма айтқан соң, қосыңқырап, жеті атаға жеткізіп жібердім. – Қайдам, əйтеуір тегін бала емес, – деп еді Айтотым… Сол əңгіменің төркіні енді белгілі болды. Жылдар өтті. Бір күні Асқар Сүлейменов есіктің алдында қырқынан жаңа шыққан жиені Бекзатты көтеріп жүр екен. Көңілді. Сəлем бердім. – Бұл – Император, – деп таныстырды ол қолында талпынған құрттай немересін əуектеп. Қызы Қарагөз бен күйеубаласы Досханның кішкентайлы болғанын білетін едім. – Түрінің жаманын-ай, тіпə, тіпə, тіпə! – дедім мен. – Бұл – талант! – деді Асекең. – Ал өзі талантты адамға түрдің түкке де керегі жоқ. Мен сəбидің бетіне жорта үңіліп қараған болып: – Мынауыңыз нағыз «фашист» қой, – дедім. Асекең мырс етті. Сəлден кейін балконға шықсам, ол Императорын көтеріп, өзенге беттеп барады екен. «БАЛАҢНЫҢ ЕСІ ДҰРЫС ПА?» – Сенің анау таспаха қызыңның есі дұрыс па? Бір жері ауырмай ма осы? – деді Айтотым жұлып алғандай маған тіктеп қарап. Дастарқандағы тамам жұрттың көзінше. Қолымнан шанышқым түсіп кете жаздады. Қонақтардың бəрі бұрылып қарай қалды. – Неге олай дейсіз? – дедім осқырынып. Ар жағымның бəрі тікірейе бастағанын сездім. – Сол қыздың бір жері ауыратын сияқты. Қарату керек. – Еш жері де ауырмайды. – Дені сау болса неге түн ортасында ботадай боздап жылайды? Бізге ұйқы бермейтін болды. – Қойыңыз, апа, бала болған соң жыламай тұра ма? – Жоқ, мынаның жыласы тіпті елден ерекше, алабөтен. Жылағанда даусы тіпті бес қабат үйді басына көтереді. Шынында да бір жері ауыратын болуы керек. Басы түзу ме еді өзінің?

Айтотымның менің кішкентай қызым туралы бұлай дегені жаныма қатты батып кетті. «Қорғаныстың жақсысы – қарсы шабуыл». Есемді жібермеу үшін тал қармап қалайын дедім: – Менің қызымның есі дұрысы дұрыс қой. Əлі кішкентай. Еркелеп жылайтын шығар. Ал сіздің өзіңіздің балаңыздың есі дұрыс па осы? Соны айтыңызшы, – дедім. – Қай баланы айтып отырсың? Қайсар ма? Еңлік пе? Олардың бала боп «қыңқ» еткен дыбысы шығып көрген емес. – Олар емес. Мына қасыңызда отырған балаңызды – Асқар Сүлейменовті айтамын… Басы ауырмай ма өзінің? – Тек отыр! Не дейді?! – Айтотым маған тіктеліп қарай қалды. Көзі өткір-ақ. – Баламның есі дұп-дұрыс! – Əй, білмеймін. Егер есі түзу болса түнгі сағат төртте тұрып алып неге домбыра тартады? Қарату керек шығар… – дедім мен. Айтотым бұрылып баласына қарай берді. Асекең мырс етті де үндемеді. Онысы түн жарымында домбыра тартатынын мойындағаны болуы керек. Ол кісі түн ортасында кейде домбыраны қойып, дутар тартып, ұйғыр мақамдарын ыңылдайтын кездері де болушы еді. Кейде классикалық музыкалар ойнататын. Жазғы түндерде ашық балконнан ғажайып бір сарындарды тыңдап, бір қабат жоғарыда тұратын мен де рахаттанушы едім. ТЕМЕКІ Жазып отырғанмын. Түн жарымында телефон шар ете қалды. Көтердім. Асқар Сүлейменов ағамыз екен. – Ұлық, шылым таусылды, – деді даусы күңгірлеп. – Менде бар. – Қандай? – «Қазақстан». Апарып берейін бе? – деп елп еттім. – Жоқ. Əкелме. – Əлде өзіңіз келесіз бе? – Жоқ.

– Дəлізде кездесеміз бе? – Жоқ. Үйден шықпа. – Енді не істейін?.. – Үйіңде жіп бар ма? – Қандай жіп? – Кəдімгі, ине сабақтайтын… – Бар шығар. – Шылымыңмен қосып, балконға алып шық. – Ине керек жоқ па? Асекең телефон құлақшасын тастай салды. «Жіпті не қылмақшы? Балконға шақырғаны несі?» Түк түсінбеген күйі ақтарып жүріп, əрең деп бір орам жіпті тауып, «Қазақстан» сигаретінің бір қорабын алып балконға шықтым. Асқар Сүлейменовтің пəтері дəл астымызда, төртінші қабатта. Ана бір жылы Жазушылар одағы бəрімізге саяжайлық жер беріп, жапа-тармағай оны-мұны егіп көргенбіз. Менің салған картобым бітік шығып, Асекеңе келіп: «Асаға, еккен бəреңгім үйге сыяр емес, осы үйдің еденінен подвал қазбақ болып отырмын, көмектесесіз бе?» – деп қалжыңдағанмын. Көршім сөз төркінін бірден түсініп: «Үйіңнен жертөле қазсаң жақсы болады екен, бізге көктен картоп жауады десеңші!» – дегені бар. Ол кісі өз балконында тұр екен. Алматыдағы жаздың жайлы түні болатын. Бір қолымда темекі, бір қолымда жіп, өз балконымнан төменге аңтарылып қарадым. – Андағы шылымыңның бірнешеуін жіпке байлап, төмен салбырат, – деді Асекең. – Есік ашсақ, үйдегілер оянып кетеді. Айтқанын айнытпай істедім. Темекіні жіппен салбыратып жатып: – Мынауыңыз жақсы əдіс екен, – дедім оның табан асты тапқырлығына сүйсініп. Ол кісі темекісін тұтатып алып, құшырлана бір-екі сорды да қолын сəл көтеріп: – Хоп, мəйлі! – деп бөлмесіне кіріп кетті. Балконында шеңбер-шеңбер түтін қалып, біртіндеп сейіле берді. ...Бұдан былай бір-бірімізге темекіні балкон арқылы беріп тұратын болдық.

«ШОҚЫНҒАН ҚАЗАҚТАР» Асекең үйге кіріп келген бетте сөредегі кітаптардың ішінен көзі түскен біреуін бас салып суырып алып: «Мен мынаны оқуым керек», – деп қолтығына қыстыратын. Бірақ кейде алған кітабын қайтара қоймайтын. Екі жыл Мəскеуде оқығанда «Кузнецкий мосттағы» «Жазушылардың кітап дүкенінен» қолға түсе бермес кітаптар сатып əкелген едім. Солардың əлденешеуі Асекеңнің сөресінен орын теуіп қалды. Барып сұрасаң кейбірін қайтарып береді, ал өзіне аса ұнағандарын: «Əлі оқып жатырмын, кейін аласың ғой», – деп созбақтап, бермей жүре беретін. Сөйтіп мендегі М. Əуезовтің көп томдығының тамтығы ғана қалған. Өмірінде тез қайтарғаны – «Қазақтың мал атаулары» деген кітап. Онда да сол кітаптың мұқабасындағы «мал» деген сөзді қара сиямен сызып, «Қазақтың Əбітай атаулары» деп өзгертіп əкеліп: «Тамаша кітап екен. Енді бұл кітапты Иранбек Əбітаевичке көрсет», – деді даусы ар жағынан құмыға шығып. Ол көршіміз, ақын Иранбектің қожадан қыз алған əкесі Əбітай ақсақалды «жезде», Иранбекті «жиен» деп қатты қалжыңдасатын. Екеуінің өзара əзіл-шарпысуларында мен көбінесе Иранбек жағына шығыңқырайтынмын. Ал Асқар аға маған тиісе қоймайды. Шымбайыма шаншу сөз батып кете ме деп аяйтын болуы керек. Бірде преферанс сызып отырғанымызда Асекең Иранбекті сөзбен іліп, еңсеріп, біраз жерге апарып тастады. Ол да беріле қоймай, көмекке мені кірістірді. Жақында ғана Ресейдің Таулы Алтай өлкесі арқылы Моңғолияға барып келген едім. Сонда Қосағашта отырып, «Сібірдің Усть-Кан деген жерінде шоқынған қазақтар тұрады» деп естігенмін. Солар туралы құлақта қалған жағымсыз жайттарды тілге тиек етіп: – Асеке, Таулы Алтайдағы Усть-Кан деген жерде болдым. Сонда шоқынған қазақтарға жолықтым. Бабаларының бастарын суға малып, тұншықтырып, зорлап шоқындырған екен. Шоқынбаса өлтіретін болған соң амалсыз дінін айырбастаған көрінеді. Ұлы Отан соғысы кезінде іштерінен бір-

неше Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Бірақ фамилиялары орысша болған соң оларды ешкім қазақ санатына қоспай жүр. Үйлеріне кірсем, бір бұрышында икона ілулі тұр. Ескі дəстүрді ұстанамыз деп табаққа салып бас тартады екен. Доңыздың басы. «Астан үлкен емессіңдер» деп, танауын таңқитып, алып жетіп келді. Тамаққа қарамай қаштық. Сөйтсек біз жай кісі емес, беделді поптың үйіне түсіппіз. «Кімсіңдер?» деп сұрасам, «қожамыз» дейді. Қожалар қайда жүрсе де діннің басында жүреді екен-ау, – дедім мен өтірік шынын араластырып соғып. – Шоқынған қожалар деймісің? Əй, қожалар шоқынып па? Бұлардан бəрі шығады. Мынауың қызық екен, – деп Иранбек мəз болып қалды. Асқар аға түйіліп, тұнжырап біраз отырды. Сосын: – Шын ба? – деп маған қадала қарады. Көзі тесіп барады. – Шын,– дедім бетім бүлк етпей. – Қожа емес, не керей, не найман шығар? Діндері несториан? – Өздері «қожамыз» деді ғой, – дедім мен дүдəмалдау. Ол сенер-сенбесін білмей тұғжиып отырып барып: – Қазір келемін, – деп жылдам орнынан тұрып, сыртқа шығып кетті. Иранбек екеуміз бір-бірімізге иек қағып, «Асекеңді бір мұқаттық-ау» дегендей іштей масайрап қалдық. – Рас па? – деп сұрады Иранбек. – Өтірік, – дедім мен. – Ендеше мұны қайдан шығардың? – «Шоқынған қазақтар» деген сөз есімнен кетпей жүр еді... Оның үстіне ана жылы Мұзағаңмен бірге Зайсан, Марқакөлге барғанымызда профессор Тұрсынбек Кəкішев ағамыз: «Алтайда шоқынған қазақтар бар деуші еді. Соларды іздеп жүрмін», – деп қоймаған. Жынға тиіп... – Тапты ма? – Қайдан тапсын?! Бір ақсақалдан ол: «Осы өңірде шоқынған қазақтар бар көрінеді. Білесіз бе?» – деп сұрап еді, əлгі шал: «Сенің өзіңнен басқа шоқынған қазақ көріп тұрған жоқпын», – деп қатырған.

Асқар аға өз үйіне барған екен, кеткенінен келгені тез болды. Қолына желбіретіп бір фотосурет қиындысын ұстап келіп: – Сенің шоқынған қазақтарыңның түрі мынадай ма? – деп менің алдыма тастай салды. Қарасам: кəріс пе, жапондық па, əлде якут, əлде алтайлық ойрат, қолына шырақ ұстап тұрған бір поптың суреті екен. Кеудесінде керіскедей кресі бар! Бір ғажабы, кім болса да түрі, бет əлпеті менің өзімнен айнымайтын біреу. «Сойып қаптап қойғандай» дейтін сөз дəл келеді. Тек кекілін маңдайдан келте кескен, үстіне ұзын қара ряса киген. Асекең бұл суретті қайдан тапқанын білмеймін. – Осы да қожа ма? – деді ол. – Сібірде ұзақ тұрған соң олардың да түрлері өзгерген болар, – дедім мен далбасалап. Асекең мұртынан күлді. Иранбек екеуміз тағы да жеңіліп қалдық. АЙТОТЫМНЫҢ АРАҒЫ – Жүз грамм бар ма? – деді бірде Асқар Сүлейменов кіріп келіп. Үйдің бір бұрышындағы қуыста тұрған шөлмекті көрген едім, мөлтілдетіп құя қойдым. Ол кісі шалт қимылмен бір тартып жіберді де, екіншісін құйғызбай, – кейін тағы бір келіп ішермін, – деп шығуға ыңғайланды. – Үйге алып кетпейсіз бе? – дедім мен. – Болмайды. Айтотым ішкізбейді... Онда былай істейік. Сен бұл шөлмекті мына тоңазытқыштың есігінің ішкі жақтауына, міне, мына жерге салып қой. Бұл менікі болады. Басқа ешкімге құюшы болма. Керегінде өзім келіп ішіп тұрамын, – деп үйіне кетіп қалды. Мен біздің үйдегі келініне ескертіп қойып, бұдан былай тоңазытқыштың өзі айтыпкөрсеткен қуысында Асекеңнің «сыбағасын» сақтап жүрдік. Таусылса тағы бірін алмастырып, өзі айтқан орынға салып қоямын. Кейде екеулеп кірісеміз. Ол кісіге үйде менің бар-жоғым бəрібір, керегінде келіп, тартып жіберетін. Ол кісінің «сыбағасына» қонақ келсе де қол салмайтын едік.

Бірде əйелім: – Мына жерге үш жартылық тығып қойып едім. Көрдің бе? – деп сұрады. – Оны Асқар аға екеуміз ішіп қойғанбыз, – дедім мен. – Қашан? – Қашаннан бері. Аз-аздап, жүздетіп жүріп тауыстық қой... – Ол Айтотымның арағы еді. «Үйде тұрса балам ішіп қояды» деп, біздің үйге əкеліп тыққан болатын. – Қанша тықса да, айналып келіп, Асекеңнің өзіне бұйырғанын қарашы, – деп күлдім. – Күлгенді қой, Айтотыма арақ қарыз болдық, үйіне қонақ келетін болып сұратып жатыр, қайдан тапсаң да үш жарты тауып əкел. Ұят болады, тездет, – деді əйелім. Күлкім көмір болып, тентіреп арақ іздеп кеттім. Өйткені Горбачевтың заманы, ішімдік қасқалдақтың қанындай қат болатын.

«ЕРТІС МҰХИТҚА ҚҰЯДЫ» Бала кезімде кездейсоқ қолыма түскен қомақты бір романның аты маған ерекше тартымды болып көрінді – «Ертіс мұхитқа құяды». Өйткені сол Ертіс өзені біздің ауылдың іргесінен ағып өтетін еді. Жалма-жан үйдегі үлкен картаны жайып жіберіп, ирелеңдеген Ертістің көгілдір шимайдай арнасын қуалап қарасам, шындығында да ол Солтүстік мұзды мұхитқа құятын болып шықты. Таң-тамаша болдым. Бұл деген мен үшін Американы ашқандай жаңалық еді. Тек біздің Ертісіміздің атын жол-жөнекей неліктен Обь деп өзгертіп жібергендеріне түсінігім жетпеді. Əлгі кітапты құмарта оқып шықтым, авторының есімі де содан бері есімде қалып қойды. Сол Рамазан Тоқтаровтың «Терістік шұғыласы» атты жолжазба кітабы іле-шала табыла кеткенде де үлкен бір қазына тапқандай қуандым. Жазушы бұл кітабында Ертіс өзенінің мұхитқа құятын сағасына барып, қалай құйғанын өз көзімен көру үшін арнайы жасаған саяхатын шұрайлы тілмен қызықты баяндаған екен. Ертіс Қытайдан ағып келіп, біздің Үлкен Қаратал ауылының тұсынан он бес-жиырма шақырымдай жерден көлденеңдеп өте бере, алдымен Зайсан көліне құятын. Көлге құйғанша Қара Ертіс, ағып шыққанда Ақ Ертіс атанады. Ағысы қатты, толқыны аңдамасаң қайығыңды төңкерердей асау. Үлкендерге ілесіп Ертіске бара қалғанда осы бір асау өзеннің шымырлаған толқындары сонау сан мыңдаған шақырым жердегі алыс мұхитқа қанша уақытта жететінін ойлап басымды қатырушы едім. Сонда өз қолымнан суға лақтырып жіберген қайдағы бір тал бұтағы қазір қай тұсқа жүзіп барып қалды екен деп сол балалық шақта талай ойланғаным есімде. РАМЗАЙ

Кейінірек Рамазан Тоқтаровтың өзін көріп, сөзін естіп жүрсем де бұл балалық əсерім туралы ол кісінің өзіне айта қоюдың реті келмеді. Кезінде Мұқағали Мақатаев бізге: «Бұл – менің досым Рамзай», – деп таныстырғанмен, есімін ертерек естіген жазушы ағамен Мəскеуде екі жыл үзеңгілес боламын деп ойлаппын ба? «МОҢҒОЛ-ТАТАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ» М. Горький атындағы Əдебиет институтының Жоғары əдеби курсына оқуға түскен қырық жазушының ішінде бізбен бірге екі моңғол оқыды. Саяси экономикадан Горбачевтың ұстазы болған атақты профессор Ищутин ақсақал өзінің ең алғашқы сабағында-ақ біздің əрқайсымызбен жете танысуға тырысты. Əр тыңдаушының шыққан республикасы мен ұлты тізімдегі аты-жөнінің тұсында көрсетулі тұрған. Əр елден келген бес татар, екі қазақ, бір-бірден қырғыз, өзбек, қарашай, балқарға қоса əлгі айтылған екі моңғолды көрген кезде профессор Ищутин басын шайқап: – Иə, Əдебиет институты биыл моңғол-татар шапқыншылығына ұшыраған екен! – деп еді. Сол екі моңғолдың мінез-құлықтары да, шығармашылығы да екі түрлі. Үнемі ыржиып күліп жүретін сылыңғыр арығы – Юмсурен комсомол-партия белсендісі екен, жазғандарының жілігі татымайтын көкжасық болып шықты. Ал түрі қазанның тұтқышындай шойқара Пурэвсурен ауызы құрғамайтын ішкіш болғанымен, шын мəніндегі дарынды қаламгер екені көп ұзамай анықталды. Бірде жатақханада түн ортасында Пурэвсуреннің біздің Кеңес өкіметіне қатты ренжіп, түңіліп тұрғанын көрдім. Ол Кеңес адамдарын орысшалап шешесінен түк қоймай сыбап тұр екен. Əншейінде орысшаға əрең тілі келетін ол боғауыз сөзге келгенде қамшы салдырмайтын болып шықты. Бұл Андропов заманы болатын. Дүкенде арақ-шарап қат, ішімдікті таксистер сататын. Анықтап білсем, Пурэвсуреніміз түн ор-

тасында бір таксисті тоқтатып, арақ алмақ болса, ол пəтшағар ақшасын алып, өзін итеріп тастап, аңсаған ащы суын бермей кетіпті. Көліктің нөмірін де байқай алмаған. Күйінген түрін көріп, əкеміздің құны емес қой деп, түн ортасында, жатақханаға жақын таксопаркке ерінбей барып, бір жартылығын əкеліп, алдына тарттым. Бұған қатты мəз болып, жүрегі жарылардай қуанды. Ол содан бері мені орысша не айтса да сөзіне «а» əрпін қосып айтатын əдетімен, «мой казаха» деп өзімсініп айтатын болды. Осы Пурэвсурен өзінің жерлесі Юмсурен туралы: «Я его боюсь, он – монгольский КГБ!» – дегені есте. Бір күні екеуі Мəскеудегі моңғол елшілігіне қонаққа кетіп еді. Пурэвсуреннің бір көзі қанталай көгеріп, күмпиіп ісіп қайтты. – Не болды? Жолда біреулер ұрып кетті ме? – деп жанашырлықпен сұрап едім: – Ештеңе де болған жоқ. Өзіміздің Елшімен төбелесіп қалдым, – деді. – Неғып? – Елшілік үйінде моңғол архиын ішіп отырып, сөзге келіп қалдық. Елші мені: «Оқудан шығартып, елге қайтарып жіберемін», – деп қорқытпақ болды. Мен: «Мə, шығартасың!» – деп Елшіні тұмсықтан бір қойдым. Ол да атып тұрып, жұдырықпен менің көзіме салып жіберді. Онысы жақсы болды, есесіне мені оқудан шығартпайтын болды. Мұндағы менің ішкен-жеген, жүрген-тұрғанымды Елшіге жеткізіп жүрген анау Юмсурен ғой, – деді Пурэв. Ол сол тұста Моңғолияның тұңғыш Президенті болған Очирбат туралы айта келіп: – Очирбаттың идеологі – Зардыхан Қинаят деген қазақ ғалымы. Біздің елде оның абырой-беделі аса жоғары. Зардыханның лекцияларына жұрт іздеп жүріп барады. Залға сыймай, аузы-мұрнынан шығып отырып тыңдайды деуші еді, – деді. Кейін Моңғол Халық Республикасының барлық марапатына ие болған осы Пурэвсурен Мəскеуде жүргенде біздің Рамазан Тоқтаровпен қыл өтпестей достасып кетті.

«МАСҚАРА! МАСҚАРА!» Ə дегенде бізді шет тілі топтарына бөлген кезде Рамазан Тоқтаров француз тіліне жазылып еді, мұғалімі онымен бірекі ауыз французша сөйлескеннен кейін: – Сіз француз тілін менің өзімнен кем білмейді екенсіз. Текке уақыт кетіріп оқымай-ақ қойыңыз, – деп шет тілін оқудан басын азаттап берді. Өзі біз сияқты ауылда емес, Кереку сынды өндірісті қалада туып-өскен Рамзай ағам орыс тіліне де жетік еді. Сөйткен Рекең бір күні маған шарасы таусылып келді: – Бауырым, анау Пурэвсуренге алыстан бала-шағасы келіп жатқанын білесің. Сонау жердің түбіндегі Улан-Батордан. Енді соларды бөлмеме қонаққа шақырайын деп қазан көтеріп едім. Бірақ қонаққа шақырып отырғанымды əлгі Пурэв досыма түсіндіре алмай-ақ қойғаным. Əлде менің орысшам жетпей тұр ма? Не екенін білмеймін. – Қалай? Ол не дейді? – Мен Пурэвке: «Біздің қазақ салты бойынша, сыйлас досыңның алыстан ет жақын туысы келсе, қонаққа шақырып үй көрсетеді. Қой сойып, күтіп-сыйлайды. Сенің алыстан əйелің мен кішкентай ұлың келді. Сондықтан сен оларды ертіп, менің бөлмеме қонаққа кел», – десем, ол түсінбей: «Ол менің əйелім ғой!» – деп ыза болып айқайлайды. Мен бұл жындыға қонаққа шақырғанымды ұқтыра алмай-ақ қойдым. Əлде моңғолдарда қонақ деген ұғым жоқ па? Ет болса пісіп қалды, дастарқан жаюлы тұр. Қанша əуреленіп, дайындалдым. Соның алдында оған «Курица не птица, Монголия не заграница» деген қалжыңым жақпай қалып еді. Əлде содан қырсығып отыр ма екен? Сен барып тігісін жатқызып, шақырып берші. Сені «мой казаха» деп жақсы көреді ғой, – деді Рамазан. Бардым. Пурэвсурен бөлмесінде шалқасынан түсіп жатыр. Сау сиырдың боғы емес. Қашанғыдай масаң. Үстелде аузы ашылған ішімдіктен басқа түк жоқ. Оларда ішкенде тіскебасар, сусын деген болмайды. Құрғақ. Қашан болсын, досына: «Рамазана, ты што, русский што ли, почему заку-

сываешь?» – деп ұрсып жатқаны. Əйелі баласымен коридордағы теледидар бөлмесінде отырғанын тұсынан өтіп бара жатып көргенмін. Пурэв менің келгенімді көріп, қуанып, орнынан ұшып тұрып, арағын ала жүгірді. Мен: – Сен неге Рамазан досыңның бөлмесіне қонаққа бармайсың? – дедім. Пурэв жалт етіп маған жақтырмай қарады да, үндемей, қолындағысын өзі тартып жіберді. Сосын тостағанын қайта толтырып алды. Ерні жымқырылғанынан сөйлегісі келмей тұрғанын байқап: – Біздің қазақта қонаққа шақыру деген салт бар. Сені, əйелің мен балаңды Рамазан досың қонаққа шақырып отыр. Дастарқан дайын. Жүріңдер, – дедім орыс тілінде барынша түсінікті етіп. – Болмайды, – деді Пурэв. – Неге болмайды? Бөлмеңде жападан-жалғыз ішкеннен жақсы ғой. – Болмайды. Ол – менің əйелім, – деді ол. – Əрине, сенің əйелің. Оған дау жоқ. Қонаққа сені əйелің екеуіңді шақырып отырмыз. Балаңды да ертіп алыңдар. – Болмайды деген соң болмайды! Ол менің əйелім дедім ғой! Менің əйелім! – Оның даусынан ашу-ызасы анық сезіле бастады. – Пурэвсурен! Əйел – сенікі. Сен – біздің досымызсың. Сондықтан əйеліңмен келуің керек. Келесіңдер ғой? Келістік пе? – Келіспеймін! – Сен келіс. Сен барсаң мен де ішемін. Жүр кеттік. Рамазанға барайық. Күтіп отыр. – Сен де боласың ба? – Міндетті түрде боламын, – дедім. Пурэвсурен ішімдікті толтыра құйып тағы бір тартып жіберіп, бет-аузы жиырылып сəл тұрды да, қатты күрсініп, қиналған үнмен: – Жарайды. Бара бер. Келістім. Тек сен үшін ғана. Тек сен үшін ғана, мой қазаха, – деді жыламсырап. Қуанып, ұшып Рамазанға жеттім. – Келісті. Көп əуреленіп, əрең көндірдім. Маған: «Бара бер», – деді. Қазір келеді, – дедім асыға-аптыға. Екеуміз етті

түсіріп бола бергенде есік қағылып, бөлмеге Пурэвтің əйелі кішкентайын жетелеп кіріп келді. Оларды төрге шығарып: – Қош келдіңіздер! Ал Пурэвсурен қайда? – деп жарыса сұрадық. – Ол келмейді. Жатып қалды, – деді əйелі. Рамазан маған жалт қарап: – Əлгінде көндірдім дегенің қайда? Бар, жүгір. Қайтсең де ертіп əкел, – деді. Жазған құлда шаршау бар ма? Қайта жүгірдім. Келсем Пурэв дəл манағыдай төсекте шалқасынан жатыр. Көзі жұмулы. Келе: – Рамазан күтіп отыр, – деп қолынан тартып сүйрелей бастадым. Сөйтсем: – Сұраған əйелді жібердім ғой. Енді саған не керек? Мен ұйықтаймын, – деп қолын сілтеген «қонағымыз» аунап түсіп, шынымен-ақ ұйықтап қалды. Пұшайман «жеп», салым суға кетіп қайтып келдім. Рамазан: – Келмесе келмесін. Енді қайтеміз? Жоққа жүйрік жете ме? Одан да Фильдрус пен Сашаны шақыр. Қара көбейтіп отырайық. Ертең Пурэвке: «Əйеліңе тиіскен жоқпыз» деп айтуымызға да жақсы болады, – деді. Пурэвтің кішкентай ұлы мені көре сала, жүгіріп қасыма келіп, моңғолша əлденені айта бастады. Мені моңғол екен деп қалған болуы керек. Сонда барнаулдық жазушы Саша Родионов досым: – Əлі құп-құйттай болса да, қарашы, əлден моңғолша біледі, – деп күлдірді. Біз ғой, сомадай басымызбен түк білмейміз. Дастарқанымыз біразға созылып, Пурэвсуреннің моңғол телеарнасында жұмыс істейтін əйелінен сол елдің жаңалықтарына қанықтық. Соңынан Пурэвтің əйелін, келгеніне ризашылық білдіріп, сый-сыяпатпен бөлмесіне шығарып салдық. Біраз уақыттан кейін қарасақ, əйелі баласын жетелеп, бөлмеге кіре алмай, коридорда сенделіп жүр екен. – Есік ашпайды. Қатты ұйықтап қалған болуы керек, – деді қысылып. Біз төртеуміз жабыла есігін тоқпақтап жүріп, бірқыдыру уақытта əрең ашқыздық. Қарасақ, Пурэвсурен досымыз əлі

шалабурыл, ала дамбалының ышқыры төмен түсіп, жалаңаш күйі ойнақтап сыртқа шыға келді. Буыны қатпаған ботадай коридорда қалтақтап тұр. Арлы-бері біз танымайтын қайдағы бір қыздар бетін басып өтті. Балалар жазушысы Фильдрус Камалов бұған намыстанып: – Пурэв, мұның не?! Елден ұят емес пе?! Бұл масқара, позор ғой! – деп еді, оны құлағына қыстырған Пурэвсурен жоқ, əйеліне қарап қолын шошайтып: – Саған масқара! Масқара! Позор! Позор! – деп айғайлады. Біздің біреуімізбен ашына болып, көзіме шөп салды деп ойлаған болуы керек. Амал қанша, əйелінің сүттен ақ, судан таза келгенін оқу біткенше оған дəлелдей алмадық. Бұдан кейін моңғол атаулыны қонаққа шақырып əуре болмайтын да болдық. «ҚАРАТОРҒАЙ» ƏНІ Өзім өнерден мақұрым болсам да, Мəскеуге жазушы Жəркен Қабышев ағамыз жасап берген жақсы домбырамды ала барған едім. Сол шешен домбыраның қызығын қарашайдың Шымкентте өскен жазушысы Білəл Аппаев пен өзіміздің Рамазан Тоқтаров көрді. Бірде Мəскеуге ақын Қайрат Сəуірбекұлы Бақбергенов келіп, Жазушылар одағының біздің жатақханамен қабырғалас қонақүйіне тоқтады. Тек есігі ғана бөлек. Екеуміз кешке қарай қонақүй асханасында кофе ішіп, Алматы мен Мəскеу жаңалықтарын айтып отыр едік, ұзын бойлы, иықты, толқын шашты, пошымы келіскен бір жігіт кіріп келіп, бізге қарап тұрды. Көзінің сəл қысықтығы болмаса, бітімі Олжас Сүлейменовке ұқсайды. – Мына қазақ кім екен? – дедім мен. – Ол қазақ емес, бурят. Екеуміз бір бөлмеде жатырмыз, – деді Қайрат. Ол тамақ алып, біздің қасымызға отыруға рұқсат сұрады. Таныстық. Бурят драматургі Владимир Осипов екен. Дəм үстінде мен оған буряттан гөрі қазаққа көбірек ұқсайтынын айтып қалдым.

Ол біраздан кейін маған қарап: – Сіз қателескен жоқсыз. Менің əкем қазақ, соғыстан келмей қалған, шешем бурят қызы, он екі жасымда қайтыс болып, балалар үйінде өстім. Содан ұлтым бурят, аты-жөнім орысша болып жазылып кетті. Алматыда əкемнің туыстары бар деп ертеректе естігенмін. Жалғыз əпкем іздеп тауып жүрген. Мен олардан бейхабармын. Орыстың атақты драматургі Александр Вампиловпен бірге өстім, соның əсерімен драма жаза бастадым да, орыс жазушысына айналдым. Бірақ ішімдегі бір арманым қазақ жазушыларымен танысу еді, бүгін соның реті келгеніне қуанып тұрмын, – деді Владимир Осипов. Мен бас салып: – Ендеше сізді қазақтың нағыз романшысымен таныстырайын, жатақханаға қонаққа жүріңіз, – дедім. Ол кезде Алматыда табылмайтын еттің түрлері Мəскеудің дүкендерінде сіресіп тұратын. Өзі өте арзан. Бар да ала бер. Кейде Алматыдағы бала-шағаға ет көтеріп келген кездеріміз де болған. Самолетте үш жарым сағат ұшқанда мұзы ерімей жететін. Сөйтіп, көрші дүкеннен ет сатып əкеліп, қолма-қол қазан асып, дастарқан жайып жібердік. Төрге Владимир Осиповты шығарып, Рамазан Тоқтаровпен таныстырдым. Екеуі бірден тіл табысты. Рамазан біраздан кейін қолына домбыра алып, əдемі қоңыр даусымен толқытып Арқаның əндеріне басты. – Володя, сен қазақтың ішінде қаракесек болуың керек, пошымың ұқсайды. Бізбен жиі араласып тұрсаң қайта қазаққа айналасың, – дейді Рамазан. – Жоқ, енді менен қазақ шығара алмайсыңдар. Буыным да, қаным да қатып кеткен, – дейді Владимир Осипов. Оған «Қараторғай» əні ерекше ұнап, қайта-қайта айтқызып тыңдады. Мəжілісіміз ұзаққа кетіп, кеш жаттық. Владимир менің бөлмемде қонып қалды. Бос диванға төсек салып бердім. Күн демалыс. Таңертең ұйықтаңқырап қалған екенбіз, бөлмеге Рамазан ағам амандасып кіріп келді. Сонда қонағымыз Владимир Осипов төсектен басын жұлып алып: – Рамазан, «Қараторғайды» айтшы! Осы əн түнімен менің түсіме кіріп шықты. Осы əннен менің қазақ қаным ой-

нады. Қазақ екенімді сезініп ояндым, – деп орнынан ұшып түрегелді. Осы қандасымыз Владимир Осиповтың арқасында ертеңіне Е. Вахтангов театрында қойылған оның «Аңшылық маусымы» спектаклінің тұсаукесеріне қатысып, фуршет дастарқанында спектакльді қойған атақты режиссер Евгений Симонов, басты рөлде ойнаған Лениндік сыйлықтың лауреаты, СССР халық артисі Василий Лановоймен танысып, тост соғысып, төс қағысып қайттық. Бұл бурят қазағы Владимир Осиповтың осы театрда қойылып жатқан екінші спектаклі болып шықты. Дарынды драматург екені көзге ұрып тұрды. Арқауы – өзі туған Сібірдің өмір-тұрмысы. Жазушылар одағына əлі қабылданбай жүр екен. Мұндай драматург бізге де артықтық етпес еді. Біз Владимир Осиповты атажұртыңа кел деп Қазақстанға шақырдық. Ол Алматыға жиі келгіш бурят ғалымы, өз көршісі Ердени Улановтан кейін бізге анда-санда сəлем жолдап жүрді. Қазір байланысымыз үзілді. Біз Рамазан ағадан айырылдық, ал ол тірі ме екен?.. МЕРЕЙТОЙ МЕН МАШАҚАТ Жақында Кереку қаласы өз тумасы Рамазан Тоқтаровтың 70 жылдығын тойлап, əсерлі кештер мен кездесулер ұйымдастырды. Соның бірінде: «Курстасым Рамазан Тоқтаровтың алпыс жылдығына шетелде жүріп қатыса алмадым, ал елу жылдығында өзім асаба болып, тойдың аяғын төбелеске айналдырып жіберіп едім», – деп жұртқа естелік айтып бердім. Ол былай болды. Біздің Жоғары əдеби курс Рамазан Тоқтаровтың елу жылдығына орай отқа жанбайтын асбест қағазға жапсырылған қабырға газет шығарды. Онда топы киген трусишең Тоқтаровтың машинка басып отырған жартылай жалаңаш суреті, біздің курстас ақындардың Рамазан ағаға арнаған өлеңдері, Александр Родионовтың Рекең үшеуміздің Өскемен мен Зайсанды аралаған сапарымыздан жазған «Поездка в Найманистан» деген жолжазбасы,

қаламгер шығармашылығы туралы басқа да материалдар мен суреттер жарияланды. Алматыдан келген Күлмəшкен жеңгеміз бен Əдебиет институтында оқитын қызы Бақыт жайған дастарқан төгіліп тұр. Қырық жазушы өз тілінде əн салып, жатақханадағы той тамаша өтіп жатқан. Біздің курстың партком хатшысы, ставропольдік прозашы Владимир Кожевников деген сабаққа бармай, домалап ішіп жататын қудың өзі еді. Өзімізге жайлы болады деп ішуге бейім жігіттер бəрімізді үгіттеп, сайлап алған. Горбачевтың жерлесімін деп кеуде соққанда төсі сынып кете жаздайтын. Сол парткомымыз Рамазанның тойына майор шеніндегі қотиындау бір əскери жерлесін ертіп келіпті. Үзіліс кезінде əлгі майор маған: – Сенің атың айтуға қиын, сондықтан сен Олег боласың, – деп қарап тұр... Намыстанып қалдым. Ол тіпті қарсылығыма қарамай, мені «Олег» деп атай бастады. Мен ызаланып: – Егер менің атымды бұдан былай орысша атайтын болсаң – аузыңды бұзамын. «Ұлықбек» дегенге тілің келмесе атамай-ақ қой! – дедім Тоқаш ағам құсап тісімді шақыршұқыр еткізіп. Менен мұндай мінез күтпеген ол бетіме таңдана бір қарап, бұрылып кете барған. Бұл кезде кунгфу деген Шығыс жекпе-жегімен бір жылдан аса айналысып жүрген менің жұдырығым бір тұмсықты бұзарлық дəрежеге жетіп қалған болатын. Құрдасым, əзілқой ақын Қонысбай Əбілдің менің сүйегімді білгісі келген біреуге: «Ол каратэнің ішіндегі күнпу деген рудан ғой», – дейтіні сол тұста. Тренерім – Михаил Андреев деген «Тополиный пух» сияқты танымал эстрадалық əндердің сөзін жазған томскілік орыс ақыны, өмірін өлең мен спортқа ғана арнаған сүрбойдақ, жетпіс сегізінші жылы Полтавада танысқан ескі досым, бірге оқитындықтан күнде жаттықтыратын. Бала кезінен бір қытайдан үйреніп шығыпты. Аяғымен аспандағы айды тебердей шебер, қара белбеуі бар. Переделкино орманындағы кунг-фушілер базасына барып, аптасына екі рет өзі де жаттығып келетін. Маған: «Сенің тынысың кең, сондықтан тартып жүрген темекіңде шаруам жоқ, бірақ жынды суды татып алма, ақын болғандықтан эмоцияның

адамысың, төбелесіп қалуың мүмкін. Кунг-фуды меңгерген адам кісінің бетіне тіке қарамауы керек, кикілжіңге соқтырар барлық жағдайдан қашқақтай білуі керек», – деп үйрететін. Бірақ мен оның ілімін толық игере алмаған дүмше болуым керек, ара-тұра бір-екі ұрттауға кетəрі емес едім. Төңірегің түгел татса қалай аман қаларсың? Сонымен, той тарқағанмен жұрт тарқамай, дүрілдеп, жатақхана коридоры жартылай би алаңына айналып кеткен бір тұста құлағыма Александр Родионов досымның: «Ұлықбек, көмектес!» – деген жан дауысы жетті. Қарасам, коридордың екінші бір тұсында біреулер Сашаға жабылып жатыр екен. Жұрттың басы мен қолдарының арасынан сары шашы мен сақалы жалбырап көрініп, бой бермей жағаласып жүр. Алтайда туып-өсіп, бұрын геолог болған, Сібірдің сары аюындай өзі де дүлей күш иесі еді. «Екеуміз жерлеспіз», – деп жақын тартып жүретін. Жүгіріп барып, досымды арашалай бастадым. «Арашаға бір таяқ» деген сөз расқа айналып, менің өзіме де бір-екі соққы тиіп кетті. Сол кезде бір жарым жылдық жаттығуым маған көмекке келді. Ұмтылғандардың бірнешеуі аяқ-қолдары қайырылып, құлап-сұлап түсті. Ішінде мені «Олег» деп атамақ болған сүйкімсіз майор мен Горбачевтың жерлесі де бар. Ортаға «қой-қойлап» Күлмəшкен жеңгем келген соң ғана басыла бастадық. У-шу байырқалап, Рамазан ағамыздың тойы бөлме-бөлмеде жалғасты. Ертеңіне Саша көршім екеуміз таңғы шайымызды ішіп отырсақ, екпіні үй жыққандай ентігіп Роллан Сейсенбаев ағам жетті. КСРО Жазушылар одағындағы Қазақстан Жазушылар одағының жауапты өкілі. Онсыз да алақандай екі көзі енді тіпті атыздай. Келе: – Идиоттар, не бүлдіріп жүрсіңдер? – деді. – Ештеңе. Кеше тойға неге келмедіңіз? – Сенің идиот ағаң мені шақырған жоқ. Бүгін құлқын сəріден Əдебиет институтының ректоратынан маған қоңырау шалынды. «Осылай да осылай, сенің бір қазағың юбилей өткізеді, екінші қазағың бүкіл қонақтарды сабайды. Сен одан бейхабарсың. Арыз түсті. Таяқ жегендердің ішінде

партком хатшысы мен оның қонағы, ішкі əскердің майоры бар. Барып анықтап қайт. Үлкен шу болып жатыр. Жағдай қиын. Мəселе қаралмақ», – деді. Болған жайды майпаздап айтып, тілін тауып, көңілін орнына түсіргендей болдық. Ол ректоратпен сөйлесіп, жағдайды реттеуге сөзін беріп аттанды. Курс екіге жарылғандай болды. Бізбен біразы сөйлеспейді. Партияға мүше болмасам да көп ұзамай курстың партия жиналысына шақырылдым. Күн тəртібіндегі мəселе біреу: «Тыңдаушы Ұлықбек Есдəулетовтің тəртібін қарап, оқудан шығару». Жиналысқа Жоғары əдеби курс проректоры, белгілі ақын Владимир Сорокин өзі қатысып отырды. Бір жарым жыл бірге оқыған орыс достарымыздың көбі бірінен соң бірі мені айыптап сөйлеп, қара аспанды жаудыра бастады. «Орыстан досың болса беліңде балтаң болсын» деген осы-ау», – деп мен отырмын іштен тынып. Ақтап сөйлеген Саша Родионов, Фильдрус Камалов, қырғыз ақыны Асан Жақшылықов, малқар ақыны Абдуллах Бегиев қана. Рамазан Тоқтаров тойын жалғастыруға Алматыға, елге кеткен болатын. Басты айыптаушы жəне жапа шегуші партком хатшысы болғандықтан, көбінің үні шықпай қалды. Басында мəн бермеген екенмін, басқа төнген бұлт тіпті қоюлануға айналды. Сонда ұғынғаным: менің қол көтеруім талайдың империялық ұлы сезімдерін қорлап кеткен екен. «Қайдағы бір қаймана қазақ баласы қалай ғана батылы барып орыстың беделді білдей азаматын ұрып жығады? Жəне бірін емес, бірнешеуін? Өзі партияда жоқ болғанымен қоймай, адал коммунистерге қол көтереді! Əрі Мəскеудің төрінде! Артына неге қарамайды?!» Іс насырға шапты. Төнген қауіпті енді шындап сездім. Іштей: «Осы оқуды Олжас Сүлейменов те, Мұқағали Мақатаев та бітірмей кеткен. Олар содан нашар болған жоқ қой. Тек оқи алмай шықты деген аты жаман-ау. Елге не бетіммен барамын?» – деп те ойлап отырмын. Мəселе дауысқа салуға тірелген кезде Александр Родионов орнынан атып тұрып:

– Егер ақын Есдəулетовті оқудан шығаратын болсаңдар, мені қоса шығарыңдар. Ол бұған дейін ешкімді ренжіткен емес. Ақкөңіл, қайырымды жігіт. Шатақ менен шықты. Оны көмекке шақырған менмін. Егер мен: «Ұлықбек, көмектес!» деп айғайламасам, ол бұл төбелеске араласпайтын еді. Сондықтан оқудан оны емес, мені шығаруларың керек. Егер оның бір өзін ғана оқудан шығарсаңдар, сендердің əділетсіз шешімдеріңе наразылық ретінде мен де оқуды тастап кетемін! – деп қайта-қайта сөйлеп, қасарысып тұрып алды. Сібірден шыққан саңлақтар қатарындағы Александр Родионов – Шукшиннің жерлесі, Мəскеудің көптеген көзі тірі классиктері мен кеудесі көк тіреген мықтылары, Жазушылар одағы басшылары да санасатын беделді жазушы болатын. Оны сыйлайтын, қарсы келе алмайтын былайғы орыстар енді бұлғақтап, беті бері қарай бастады. Бағанадан қоздап тұрған шовинизм шоғы əлсіреп, өлімсіреп қалды. Осы кезде буырқанған жиналыс басынан бері үндемей отырған проректор Владимир Сорокин сөз алып: «Оның тəртіп бұзып, біреулерге қол көтергені кешірімсіз-ақ, тіпті ақтауға жатпайтын жат қылық. Бірақ жолдастық, достық парызға адалдығы үшін бір жолға кешірім жасауға болмай ма? Бізге мұндай сенімді адамдар керек. Менің ұсынысым – қатаң сөгіс беріліп, оқуда қалдырылсын», – деді. Осы сөз қаулы болып бекіді. Кейін мені проректор өзіне жеке шақырып алып, ұзақ əңгімелесті. Сөз соңында: «Байланысымызды үзбейік. Егер біздің Жоғары курсқа оқуға жібергің келетін дарынды ақынжазушың болса аты-жөнін атап айтып, хат жазып жібер немесе телефон соғып хабарлап қой. Біз оны өз адамымыз ретінде квотадан тыс қабылдаймыз. Өзім деген бір екі қаламгерге қашанда орын табамын», – деді. Біз дос боп тарқастық. Мен оның осы аманатын бір-екі рет орындадым да. Мысалға, Ғабиден Құлахметов Мəскеуге оқуға солай қабылданған болатын. Оған ақын Аманхан Əлімовті де тапсырған едім. Жазушы Александр Родионов болса қазір Барнаулда аман-есен тұрып жатыр. Ресейдің Демидов, Шукшин атындағы бірнеше беделді сыйлықтарының лауреаты атанды.

Осыдан бес жыл бұрын Семейде Роллан Сейсенбаев ұйымдастырған Абай күндеріне келіп, біз «ұлы», ал түріктер «жынды» атайтын І Петр өзінің отаршылық қанқұйлы саясатына қарсы болғаны үшін дарға асып өлтірген Сібірдің алғашқы генерал-губернаторы, князь Матвей Гагарин туралы «Азъ грешный» атты тарихи жаңа романын: «Сені туған жеріңде кездестіргеніме қуаныштымын. Астана – Барнаул көпірін орнататын кез келді. Алтайда өзіңнің досың бар екенін ұмытпа!» – деген қолтаңбасымен сыйлап кетті. Кітабының форзацында сол тұстағы қазақ ордасының картасы жарияланған екен. Екеуміз Рамазан Тоқтаровты сағына еске алдық. Жəне кетерінде: – Ұлықбек, мына трилогияны жазу үстінде қаншама мұрағатты ақтардым. Сонда біздің Барнаулдың мұрағатында қазақ тарихына қатысты қаншама құжаттар мен материалдардың мұрты бұзылмай қат-қат, том-том болып шаңға көміліп жатқанын көрдім. Сендерге өз тарихтарың керек емес пе? Бірде-бір қазақ ғалымының саусағы тимеген. Тисе аты-жөні жазылып қалар еді. Егер сендерден біздегі өз тарихтарыңа құмартатын біреу-міреу табыла қалса маған жібер. Мен оны тура қазынаның үстінен түсірейін, – деді. Дос деген осы. Сібірде жүріп, орыс басымен біздің тарихымызға жаны ашиды. Бұрынырақ ол менен Əлкей Марғұлан еңбектерін сұрап алған болатын. Мен жақында Родионовтың сол ұсынысын қазіргі бас тарихшымыз Мəмбет Қойгелдіге айтып едім, ол жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті. Бұйыртса, жаз шыға екеуміз итжеккенге аттанатын шығармыз... Родионовқа... Рамзайсыз...

Осыдан біраз жыл бұрын қарындасым қайтыс болып, қажалып жүрген кезімде, Алматыға ат басын бұрған Атырау облысының əкімі Иманғали Тасмағамбетов қоңырау шалып, көңіл айтып, демалыста екенімді білген соң, өзімен бірге еліне алып кетті. Бара сала көкқасқа джиптің руліне өзі отырып, алдымен Атырауды аралатты, артынан Сарайшыққа апарды. Қалада – жаңа көпірден бастап, Бейбарыстың, Құрманғазы мен Динаның ескерткіштерін, қос мұражай мен театрды, Алтын адамды, жаңа мешіт пен университетті, Жайықтың жөнделіп, жол салынған жағалауын көрсетті. Сарайшық жақта хандардың пантеонын, жаңа мұражайды, су айдайтын мұнараны көрдім. Кейбірінің архитекторы өзі екен. Сарайшықтың тарихына біршама көзімді ашты. Су жағасында жұмыс істеп жатқан археологтардың қазбасына бардық. Өткен ғасырлардың көрханаларын ашқан екен. Енді болмаса су шайып əкетіп жатыр. Сенсациялық табыстары да бар болып шықты. Оралдық археолог аялап əкелген, топырақтан жаңа ғана аршылған ХІІІ ғасырдың жез шырағданын қолыма ұстап тұрдым. Хан бұйымы екені айдан анық. Жасыл тат жамылған. Сарайшықтағы көне бұйымдар мұражайынан да қатты əсерленіп қайттым. Жолда келе жатып: «Шопырымның өзі академик, осы əлемде менен мықты ақын бар ма?» – деген атақты Хамаңның – Хамит Ерғалиевтің əйгілі сөзін еске түсіріп, күлісіп алдық. – Менің Хамаңнан қай жерім кем? Шопырымның өзі əкім болған соң бұл дүниеде менен мықты ақын жоқ шығар? – дедім мен Иманғалиға. Ол: ТІКҰШАҚ ХИКАЯСЫ

– Əкімдердің бəрі осылай өздері рульге отырып, ақындарды көлікпен алып жүрген кезде ғана нағыз демократия орнайды, – деп салмақты жауап берді. Ертеңіне, өзім орналасқан «Каспий» қонақүйінің асханасына «Таңғы шайға шақырып жатыр» дегенге кіріп келсем, Иманғалидың жанында ғарышкер батырымыз Талғат Мұсабаев отыр екен. Екеуден-екеу. Талғаттың орнынан ұшып тұрып: «Ассалаумағалейкүм!» – деп ескі таныстарша құшақтаса амандасып, кішіпейілділік танытқаны қатты ұнап қалды. Батырмын, қаһарман ғарышкермін деп бəлсіну жоқ. Барынша сыпайы. Қасынан орын ұсынып жатыр. «Қарапайымдылық – ұлылықтың бірінші белгісі» дегенді оқығанмын. «Еңкейгенге еңкей...» Шай үстінде Талғатпен шүйіркелесе кеттік. Ақеден, аңқылдақтығына қоса сөз тыңдай да біледі екен. Жатырқау, жатсыну жоқ. Күнде бірге болып жүргендей етене. «Сізден» бастап едік, тіпті аяғында «сенге» көштік. «Қашан келдіңіз? Атырауды аралап үлгердіңіз бе? Не көрдіңіз? Не байқадыңыз? Бұрын болып па едіңіз? Жаңа өлеңге əсер ала алдыңыз ба?» дегендей сұрақтарын жаудырып жатыр. Құдды бір менен интервью алып отырғандай. «Ғарышкер емес, журналист болса қандай болар еді? Биікте емес, қасымызда жүрер ме еді? Əй, қайдам... Қолынан келмеген соң көкке ұмтылған болар?». Үлгергенімше жауап беріп жатырмын. – Кеше Имекең джиптің руліне өзі отырып, алдымен Атырауды аралатты, артынан Сарайшыққа апарды. Бір жұдырықтай шойыннан құйған шағын мүсіншеге қайран қалдым. Қайықта жайраңдап отырған қазақтың шонжар байын мұрты салбырап, қабырғасы ырсиған бейшара орыс ескекшісі Жайықтан өткізіп бара жатқанын бейнелеген. Судың түбінен табылыпты. Оны тек көру керек! «Бай мен бейшара» деп атаса да болады. Үлкейтіп, еңселі ескерткішке айналдыратын-ақ мүсінше екен. Шіркін, Астананың немесе осындағы орыс тілдес бір қаланың қақ ортасына қоладан құйып, биік тұғырға қасқайтып орнатса ғой! Қазақ – кеуделі, орыс төменшіктеп отыр. Орта ғасырдағы өмір шындығы, – дедім.

– Өткен жолы бала-шағаммен келгенімде Сарайшықты бізге де аралатқан. Бірақ ол мүсінді көрмеппін. Қызық екен, – деп Талғат тəптіштеп сұрап, ынтыққандай болды. – Жақында ғана табылды. Сен оны міндетті түрде көруің керек, – деді Иманғали. – Тəке, маған қарағанда Атырауда көрмегеніңіз көп екен ғой. Керемет мүсіншеден де құр қалыпсыз. Машинаның руліне де Имаштың өзі отырмаған шығар? – деп əзілдемек болдым. Ғарышкердің түсініңкіремей қалғанын көзінен байқап, – кеше мені Имекең рульге өзі отырып, өзі алып жүрді, шопырын үйге қалдырып кетіп, қала мен даланы түгел өзі аралатты. Сіз келгенде шопырыңыз басқа болған шығар, – дедім. Талғат Мұсабаев əзілге де жүйрік екен: – Имекең сені «ақынсың» деп, төрт дөңгелекті машинамен қара жердің бетінде алып жүрген екен, ал мені өткен жолы келгенімде «ұшқышсың ғой» деп, қанатты тікұшақпен аспандатып алып жүрген. Жер мен көктің айырмасы бар шығар, – деді. – Кеше машинаны өзі жүргізді. Ал былтыр тікұшақты өзі ұшырмаған болар? – дедім мен ығына жығыла қоймай. – Имаш па? Тікұшақтың пилотының орнына өзі отырып, өзі ұшырды. Бір рет штурвалды сұрағым келіп еді, көзінен шашырап тұрған ұшқынды байқап, «өзі ұшыра түссін» деп райымнан қайттым. Сөйтіп, бүкіл облысты аспанмен аралатты. Ұлықбек, мен саған бір қызық айтайын. Жұрт мені ғарышқа қайта-қайта ұшқан космонавт-батыр, Ресейдің геройы, Қазақстанның қаһарманы дейді ғой. Десе десін. Бірақ мен, қырық жерден батыр болсам да, сол жолы қатты қорықтым, – деді Талғат күліп. – Е, неге қорықтыңыз? Тікұшақ автомашина емес қой. Имекең дұрыс ұшыра алмады ма? – Жоқ, Имаштың тікұшақты ұшыруында гəп жоқ. АСтан кем емес, виртуоз ұшқыш. Оқуын оқымай-ақ, қайдан үйреніп алғанын Құдай білсін! Талант – қайда салсаң да талант! Міне, нағыз əкім! Ол бір жолы маған дублер де болған. Қолынан бəрі келеді.

– Дублер болғаны қалай? – Тоқтардың ғарышқа жаңа ғана ұшқан кезі. Мен оның дублерімін. Халықтың қошеметін бірге көріп жүрміз. Бізді бір-екі сапарға Иманғали бастап апарды. Жастар министрі кезі. Бірде Қызылордада жүргенде мен аяқ астынан ауырып, ыстығым көтеріліп, жұртпен кездесуге шыға алмай қалдым. Кездесуге Тоқтармен бірге Иманғали кеткен. Əйелі егіз ұл туған бір азамат сол кездесуге қос сəбиін құндақтап, ғарышкерлерге ат қойғызуға алып келіпті. Өтініш-тілегі: екі ғарышкер екі нəрестеге өз есімін азан шақырып қойып берулері керек. – Иə, содан? – Содан, кездесуді ұйымдастырушылар менің орныма Иманғалиды «Бұл – Талғат Мұсабаев» деп таныстырып жіберген ғой. Түріміз ұқсап тұр. Екеуміз де қараторымыз. Ар жағын өзің айтшы, Имаш... – Жақсы, айтсам айтайын,– деді Иманғали. – Бірақ мені: «Ғарышкердің дублері Талғат Мұсабаев» деп таныстырғандары сəл ыңғайсыздау болды. Дегенмен, баланы балпанақтай қылып алдыма алып келгенде, «Мен Талғат емес едім» деп ат-тонымды ала қашудың жөнін таппадым. Содан, амал жоқ, ұсынып тұрған жас сəбидің құлағына: – «Сенің атың – Талғат!», «Сенің атың – Талғат!» – деп үш рет «өз атымды» айғайлап, азан шақыруға тура келді. Сөйтіп, жиналған жұрттың алдында еріксіз «дублердің дублері» болып, Талғаттың рөлін ойнап шықтым. – Міне, Имаш маған бір кезде солайша «дублер» де болған. Бұл өз мықтылығын тікұшақта да көрсетті. – Онда несіне қорқып жүрсіз? – Менің қорыққан себебім: біз мінген тікұшақ əбден ескі екен, қирайын деп тұр. Бір жағына қырындап тарта береді. Кейде қалш-қалш етеді. Шашылып қала ма дейсің. Зəрем зəр түбіме кетті. Шынымды айтсам, мен өзім үшін емес, отбасым үшін қорықтым. Имаштай асыл досым Атырауға қонаққа шақырған соң, ел көрсін, жер көрсін, қазақтың дəстүрін тани берсін деп, бар бала-шағамды түгел салып алып едім. Егер алда-жалда тікұшақ сонда топ етіп құласа,

бəріміз бір-ақ сəтте жоқ болып кетеміз ғой. Жаман айтпай жақсы жоқ. Қолымызда жаңа туған құртақандай немереміз бар еді. Өзі сондай тəтті. Алдымен сол кішкентайым үшін қорықтым. Əйтеуір Құдай өзі сақтады. Ғарышта мұндай қорыққан емеспін. – Сонда ғарыш қауіпсіздеу болғаны ма? – Жоқ, мəселе онда емес. Ғарышта жеке өз басыңды ғана бəйгеге тігесің ғой. Өзің өлсең – ұрпағың аман қалады. Көңілге сол медет. Ал мұнда бүкіл үй ішің... бала-шағаңмен. Əрине, қорқынышты. Иманғали, сол тікұшақ қайда қазір? Құлап қалған жоқ па? – Əлі ұшып жүр. Ескіргені рас. – Əкім жайбарақат жымиып қойды. – Сен одан тезірек құтыл. Ресейде мұндай техниканы баяғыда-ақ темір сынығына өткізер еді. Айтпады деме. Құдай сақтасын, сол тікұшағың құлауға дайын тұр. Басқа, жаңа тікұшақ сатып алуға осы облыстың ақшасы жететін шығар. Басқа болмаса да Атырауда байлық бар ғой, – деді ғарышкер. Əкім үндемей қалды. Ол, шамасы, бітірген істерін айтпағанда, өзі енді қолға алған 38 ауылды газбен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу мен асфальттау, тоқтап тұрған алып зауыттарды іске қосу, Сарықамыстағы тұрғын үйлер мен Атыраудағы гипермаркет құрылысы, мұнай өңдеу құрылғыларын жаңарту, мектептерді компьютерлендіру, мəдени ошақтарды жандандыру, облыс экологиясын түзеу, жұрттың жағдайын жақсарта түсу, т.б. сияқты сансыз шаруаларға қыруар қаржы табу мəселесі тұрғанда қайдағы бір жаңа тікұшақ туралы ойлағысы келмеген де болуы керек.

ҚОНАЛҚА Студент кезім. Үзіліс кезінде біреу маған: – Сені ақын Кеңшілік Мырзабеков шақырып тұр, – деді. Бардым. Қасында бізден курсы жоғары бір студент бар екен. Кеңшілік мені «Ұлқаш» дейтін. – Ұлқаш, ақшаң бар ма? – деді. – Бар болса бізбен жүр. – Сабақты қайтемін? – Бүгінше таста. Бізден қалған оқу ғой. Ақынға көп білімнің керегі не?.. Оқу өтіп кетсе өлең жаза алмай қаласың. Бұл – Кеңшіліктің аты аспандап тұрған тұс. Өзі университетті көп жыл сырттай оқып, бітіре алмай жүрген. «Кеңшілік сөйтіпті», «Кеңшілік бүйтіпті» деген сияқты қауесеттерге өзі май құйып жүретіні тағы бар. Мысалы, студенттер арасында: «Кеңшілік Мырзабеков бір жерде Олжас Сүлейменовке: «Эй, «Половецкий край», иди сюда!» – депті. Сонда оған Олжас: «Иди отсюда!» – деп жауап қайтарыпты». «Кеңшілік бір топ өлеңін оқыған екен, оған Мұқағали: «Бала, сенің тілің шығып келе жатыр, ал менің тілім ішіме кіріп барады», – депті» деген сияқты лақаптар тарап жүрген. Кеңкең бізді «Гармошка» кафесіне бастады. Сыраны сіміріп, жырды сіңіріп отырмыз. Кеңшілік өлеңдерін өзінің ерекше мақамына салып, əндете оқиды. Оқығанда ырғалып, толқып, орындығынан ауып түсермен болады. Күлдім, ойнадым кезінде, Бір күн ойладым, Сезімге Кеудем жүргенде күмбірлеп, Құл боп кетермін құрғыр деп. КЕҢШІЛІКТІҢ ҮЙІНЕ БАРУ

Ақсары жүзі алабұртып, қоңырқай бұйра шашы ширатыла түседі. Өлеңдері тұнып тұрған сурет. Керемет бояу. Ұлттық нақыш. Балқаймақ тіл. «Анар», «Қарлығаш дəурен», «Əубəкір», «Қайрақ», «Желдер»... Шетінен ғажайып жырлар. Ал мен өз өлеңдеріммен қатар оған оның: «Қырық бірінші жылы қырманға барғаным есімде», – деп басталатын өлеңін жатқа оқып бердім. Қуанып, мəз болып қалды. Қырық бірінші жылы қырманға барғаным есімде, Тайынша жетелеп, тырбаңдағаным есімде. Қолымда орағым да жоқ, қайрағым да жоқ, Құрдан-құр барғаным есімде. Кешке жақын, дала салқын, Орып алған егістік қарабарқын. Қасымда Қайролла бар, Қайролла қара нар-тын... – Кеңке, – дедім, – осы өлең өзіңдікі ме? – Енді кімдікі? – Қырық бірінші жылы қырманға барып жүрсең, сонда қай жылғысың? – Бұл енді соғыстың, тылдың суреті ғой... – Сен соғыстан соң тумап па едің? Тумай жатып қырманға барғансың ба? – Осы менің он алты жаста жазған өлеңім. Басқалардың басынан өткен шындық. Алдыңғы толқынның бəрі майдан, тыл тақырыбын қозғағанда, еліктеп, жарыса үн қосқаным ғой. Менде бұл тақырыптағы жырлар аз емес. Көзіміз көрмесе де елден естіп, көңілде қалған жайттар. Осылайша ұзақ отырдық. Бірімізді-біріміз бірде мақтап, бірде сынап қоямыз. Бір кезде: – Қазақтың тілін жақсы білетін өзімнен кейінгі ақын сен ғанасың. «Ырдуан арбаң» – мықты өлең. Бірақ сол сөзді сен менен алғансың. Менің бір өлеңімде бар болатын, – деді ол. – Ол өлеңіңді оқымаппын. «Ырдуан арба» деген біздің ауылдың сөзі, – дедім мен де жеңістік бермей.

– Мойында. Алғаныңды мойындасаңшы. Менің қанша сөзімді алғанын сен тұрмақ Мұқағали да мойындады ғой, – деп Кеңшілік те қоймады. Бір сөзге таласып, біраз жерге барып, əжептəуір кежілдесіп басылдық. Ақыры бір-бірімізді арқаға қағысып, мақтау майдай жағып, лепіріп, мəз болыстық. Соңында Кеңшілік ағам орындықта шіреніп, екі аяғын айқастырып, үстел үстіне шығарып қойды. Оған даяшы орыс əйел шаңқылдап, айғайлап, берекемізді кетірді. – Бəтеңкеңді түсіріп отырсаңшы, – дедім. – Америкада ресторанда жұрт осылай отырады. Кинодан көрмеп пе ең? Кешегі Есениндер осылай жүрген. Нағыз ақын болу үшін өстіп аздап ішіп, шатақ шығарып жүру керек. «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған», – деп Қадыр ағамыз тегін жазбаған, – деді ол. Ақыры бізді кафеден қуалағандай шығарды. Қасымыздағы Ермек Əзімбаев бір шаруасы барын айтып, қоштасты. Мен де жатақханама қайтпақ едім, Кеңшілік жата-жабысты: – Жеңгең Зинура ауылға кеткен. Үйде ешкім жоқ. Əңгімелесіп, өлең оқып, жата кетеміз. Ертең сабағыңа біздің үйден бара саласың. Бірге жүр, – деп жібермеді. Ол Развилкада тұрады екен. Автобустан түскен бетте сол жердегі шағын дəмханаға бас сұқтық. Енді шарап сораптау басталды. Біраздан кейін Кеңкең көптің ішінен бір жасы үлкен адамның түп етегінен ұстап, таскенеше жабысты: – Аға, танысайықшы. Ол кісі атын айтса, Кеңшілік қолма-қол ұмытып қалып, қайта-қайта сұрайды. Мезі бола бастағанына қарамай: – Аға, өлең тыңдаңызшы, – дейді тіптен жақындап. – Шырағым, мен өлең түсінбеймін, – деп анау қаша бастады. – Онда əңгімелесейікші, – дейді тақымдап. – Əңгіме білмеймін. – Сіз білмесеңіз мен айтамын, тыңдаңызшы. Əлгі мосқал кісі үстелден-үстелге қашты. Ол қайда барса Кеңшілік соңынан қалмайды. «Қой-қойлаған» мені елең қылар емес. Ақыры ана кісі сыртқа шығып кетті. Соңынан қалмай біз де шықтық. Кеңшілік бара құшақтамақ болып:

– Аға, неге сонша қашасыз? Қорқасыз ба? Сіз бізден қорықпаңыз. Біз ешкімге зиянымыз жоқ бір жүрген сорлы бейшарамыз. Ешкімге əліміз келмейді. Қорықпаңыз. Төбелес білмейміз. Біреу бір ұрса бітті, құлап қаламыз. Тек əңгімелесейікші, – деп тағы да қиылды. Сол-ақ екен, қашқақтап жүрген кісіге жал бітіп, көтеріліп, айдынданып: – Не?! Төбелес білмеймін деймісің?! Онда неменеге сонша жарбаңдап, жабысып жүрсің?! Өй, əкеңнің!.. Бір соғып шалқаңнан түсірейін бе?! – деп жұдырығын оқтанып тұра қалғанда Кеңшілік те, мен де күліп жібердік. Əлгі кісі бізге қарап тұрып-тұрып, жерге бір түкіріп, кетіп қалды. Енді Кеңшіліктің жалдамалы пəтеріне қарай келе жаттық. Тар көшеде бала жетелеген бір əдеміше келіншек қуып жетіп, бізден оза бастады. Соңында базардан алған азық-түлікті теңдей көтерген еңгезердей күйеуі келе жатыр еді. Кеңшілік кейіндеп қалған күйеуін байқаған жоқ, тұсымыздан өте берген келіншектің білегіне шап беріп жармасып: – Қарындас, танысайықшы, – деп желімдей жабыса кетті. Келіншектің аузына сөз түспей, білегін босатып ала алмай, бұлқынып тұрып қалды. – Кеңке, қоя бер, күйеуі келе жатыр, – десем естімейді. Есіл-дерті келіншекте. Емініп тұр. Сөйткенше күйеуі де келіп, қолындағы заттарын жерге қойып: – Əй, саған не керек?! – деп арасына килікті. Менен биіктеу Кеңшілік оның қасында бота-тайлақтай болып қалды. Зіңгіттей бойды көріп, қысып ұстаған балғын білекті тез қоя беріп: – Ə, бұл сіздің əйеліңіз бе еді? – деді сасқалақтап. Есі бірден кірді. Əйелі шырылдап ортаға түсіп, жігітін сүйрей жөнелді. Екі иығына екі кісі мінгендей дəу қазақ екен. Ашуланып үлгермеді. Құдай біледі, əйтпегенде екеумізді де оңдырмауы кəдік еді. Сөйтіп, кештетіп Кеңшіліктің күні бойы жете алмаған үйіне де келдік. Шындығында да пəтері бос екен. Екі бөлмелі. Бір бөлмесіне маған төсек салып берді. Өзі басқа бөлмеге

жайғасты. Сілем қатып, əбден шаршаған мен көп сөйлесуге де шамам келмей, тырайып, қатып ұйықтап қалыппын. Бір заманда шырт ұйқыда жатқан мені Кеңшілік оятып тұр. Тұрғым келмейді. Басым дың-дың. Құлағыма əлдеқайдан еміс-еміс əйел даусы шалынады. Кеңшілік еңкейіп, құлағыма сыбырлап: – Ұлқаш, тез тұр, Зинура келіп қалды. Сен енді қайт, – деді. – Қалай қайтамын? – деймін ұйқым ашылмай. – Сағат неше болды? – Қазір түнгі сағат бір. Соңғы автобусқа үлгересің. Сыртқа шығайық, – дейді. Көзімді уқалап, тырнай ашып, сыртқа шығып келемін. Кеңшілік қасымда күңкілдеп сөйлеп, ақталып əуре. – Жеңгең «қарсы ал» деп телеграмма беріпті. Онысын мен көрмей, пошта жəшігінде қалып қойыпты. Содан ауылдан арқалаған ауыр жүгі бар, үйге əрең жеткен көрінеді. Қарсы алмағаныма қатты ашуланып келіпті. «Мына жатқан масың кім?» деп ұйықтап жатқан саған шүйлікті (Ұзын шаш қойып жүретін жиырмадағы сақалсыз жас кезім. Жеңгеміз ə дегенде алакөлеңкеде мені кіммен шатастырғанын Құдай білсін). Ұрыс естімей тұрғанда жатақханаңа қайта ғой. Бағанағы өзіміз кірген дəмхананы тапсаң, аялдаманы да табасың. – Ол қай жақта еді? – Міне, мына көшемен тура жүресің, содан екі көше өткенде солға бұрылсаң, тағы бір көшеден соң оң жақта аялдама, сол жақта дəмхана... – Жарайды... Ал, жақсы, – деп дірдектеп, қара түнге сіңіп кете бардым. Развилканың қап-қараңғы көшелерімен сенделіп келе жатып, ақыры адасып кеттім. Бір тұсқа келгенде біреулерден жөн сұрап едім, орыстың ішіп алған кілең бұзық жігіттері екен, жан-жақтан жұдырық жаудырып, өзіме жабыла кетті. Бірер ұрғандары тұмсығыма тая тиіп үлгерді. Алғашқы курстарда спортпен əжептəуір айналысып жүрген кезім, жанталаса сілтесіп бағып, əупіріммен əрең қашып құтылдым. Қараңғы көшелермен бас ауған жағыма тартып келемін. Не бір такси кездессеші... Содан тентіреп отырып, таңға жақын

«Саяхат» автовокзалынан шықтым. Əжетханасына кіріп, «əшекейленген» бет-аузымды жөнге келтіріп алған соң, күту залындағы жолаушылардың арасына жайғасып алып, ұйқымды қандырдым. Содан бір апта уақыт өткенде, жырылған ерін, сүрілген қабақ тегістеліп қалған кезде, мені Кеңшілік тағы да сабаққа іздеп келіпті. Ұмытпасам, ол бұл тұста «Жетісу» газетінде істейтін. Ақын Жүрсін Ерманов екеуі сырттай оқып, бітіре алмай жүрген. – Қайда жүрсің? Неге хабарласпайсың? – деді ол мені жазғыра сөйлеп. – Немене, есіңе енді түстім бе? – Не, адасып кеттің бе? – Қырқыма бір-ақ келмедің бе? – дедім. – Мен саған түсіндіріп едім ғой... – «Тірімісің? Қалай жеттің?» деп неге сұрамайсың? Əлде бүгін «Марқұм Ұлқаштың жетісін беріп жатқан шығар» деп дəмеленіп келдің бе? – дедім мен. – Қоярда-қоймай үйіңе апарып қондырып, түн ортасында қуып шыққан жоқсың ба? Жолда біреулер өлтіріп кете жаздады. Қан жаладым. – Айып менен. Жеңгең ұрысқанда есім шығып кетіпті. Ұйқылы-ояу... Өзім қызумын... Кейін өкіндім. Сені жібермеуім керек еді... Жүрші, былай шығайық. – Енді көрмегенім сенің үйің болсын, – дедім ызаланып. Бірақ «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деген де сөз бар ғой... ҚАЛЖЫҢ Оқу бітіріп, қызмет істеп жүрмін. Əлі үйленбеген кезім. Бірде Қызылордадан ақын Иранбек Оразбаев келді. Екеуміз оның бір жерлесінің үйіне қонаққа барып, кеш қайттық. Алматының жарық түні. Жаз мезгілі. Кеңдеу көшеден такси ұстамақпыз. Мен Горный Гиганттағы жалға алған пəтеріме, ол «Алматы» қонақүйіндегі бөлмесіне бір-бірімізді сөзбен «сүйреп» келеміз.

Иранбек: – Саған да, маған да бармайық, мынау тұрған Кеңшіліктің үйі, сонда барып қона салайық, – деді. – Бармаймын, – дедім. – Сенің пəтерің тар, жалғыз төсек. Менің қонақүйіме бөтен адамды енгізбейді. Ертең күн демалыс. Екі бөлініп жүреміз бе, мұнда досымыздың үйі тұрғанда? Босқа арыбері сандалғанша... Амалсыз көндім. Сонда да кежегем кері тартып келеді. Иранбек Кеңшіліктің пəтерін біледі екен, бірден тауып, қоңырауын шырылдатты. Біраздан кейін ар жақтан: – Бұл кім? – деген Кеңшіліктің даусы естілді. – Біз ғой, ашсаңшы, – деді Иранбек. Есік ашылды. Ішке ендік. Ортаңғы бөлме бос екен. Біріміз диванға, біріміз креслоға отырдық. Кеңшілік ұйқысын аша алмай, қырыстанып тұрғаны байқалды. Түрі үрпі-түрпі, қабағын түйіп: – Бұл не жүріс? – деді. Иранбек түсіндіріп жатыр: – Қонақтан шығып едік. Сенің үйіңе жата кетейік деп келдік. – Сағатқа қарамайсыңдар ма? Түнгі сағат үш болды. Осындай уақытта кісі үйге келе ме екен? – Келсек, сен бөтен емессің ғой. Өз досымызсың. – Жоқ, сендер сынап келіп отырсыңдар. Əдейі... Үйде арақ жоқта. Соны біліп... – Кеңшілік, сенен кім арақ сұрады? – Сұрамасаңдар – сұрайсыңдар. Зинура болса ұйықтап жатыр. Оны оятуға болмайды, таңертең ерте жұмысқа барады... Сендерге кім тамақ береді? – Оятпай-ақ қой. Тамақ ішпейміз, қонақтан тойып шықтық. Біз жай ғана қона кетуге келдік. Осы бөлмеге қисая саламыз. Таңертеңге дейін. – Өстіп те кісі келе ме екен? Түннің жарымында? Əй, сағатқа қарамайсыңдар ма? Үш! Түнгі үш қой! Сынап келгенсіңдер! – Кеңке-ау, біз бала кезден дос емеспіз бе? Саған досымыз деп келдік. Ешқандай бөтен ойымыз болған жоқ. Жай келе салдық. Бізге ештеңенің де керегі жоқ. Əлде сен дос емессің бе? Ендеше оныңды айт.

– Дос екені доспыз ғой. Бірақ, Ираш, дос болсаң күндіз келмейсің бе? Бұл келістерің достың келісіне ұқсамайды... – Кеңшілік, достық деген круглосуточное понятие емес пе? Əлде сен күндіз дос болып, түнде дос болмайсың ба? Бұл тапқыр сұрақтан тосылған Кеңшіліктің аузына сөз түспей қалды да: – Жарайды, Иранбектікі жөн делік, ал, Ұлықбек, саған не жоқ? – деді маған бар денесімен бұрылып. Онсыз да зордың күшімен келіп, əрең шыдап отырған мен орнымнан атып тұрып, сыртқа ата жөнелдім. Иранбек те ілесе шықты. Екеуміз де түтігіп кеттік. Төменгі қабатқа түсіп, аулаға шықсақ, Кеңшілік балконында дамбалшаң күйі қалқайып тұр екен: – Иранбек, Ұлықбек, қайтыңдар! Қалжыңдадым, қайтыңдар! – деп түнді басына көтере айғайлады. Қарамадық. – Қалжыңды түсінбейсіңдер ме-е?! – дейді даусы соңымыздан жаңғырығып... Қайырылмай кете бардық. Қалжыңды түсінбедік. Түнгі үште де солай қалжыңдасуға бола ма екен? Кім білсін, күндіз қалжыңдасса түсінген болар ма едік?.. КЕҢШІЛІК ПЕН «КЛЕОПАТРА» «Жазушы» баспасында жүргенде Кеңшіліктің кітабына редакторлыққа бекітілдім. Жұмысбасты болып, қолжазбасын реттеп, өткізуге қолы тимей жүрді. Екеуміз бір жолы əңгімелесіп келе жатып: – Кеңке, баяғы кезде оқыған «Қарлығаш дəурен» деген өлеңің қайда? Ешбір жинағыңнан көрінбейді ғой? – деп сұрадым. – Сол өлеңімді шығарта алмадым, ылғи алынып қалады, – деді ол. – Ендеше осы кітабыңа енгізші, мен шығарып берейін. Классика ғой, – деп едім, балаша қуанды. Дариға, біздің баста да Қарлығаш дəурен көп тұрмас.

Жығылсақ – жер ғой баспана, Жер бізді көкке лақтырмас, – деген шумағы жатталып қалған еді, соны оқып бердім де: – Мұның несінен қауіптеніп жүргендерін түсінбеймін, заңға қайшы ештеңе жоқ қой, – дедім. – Білмеймін, бір-екі кітабымнан алынып қалған соң енгізуді қойғанмын. – Саспа, шығарамыз, – дедім сеніммен. Осы əңгімеден кейін Кеңшілік құлшынып, жаңа кітабының қолжазбасын тез арада дайындап берді. Бұрын жарық көре алмай жүрген бірнеше өлеңі қосылған сол кітап «Замандасқа сыр» деген атпен баспадан шықты. Кеңшілік риза. Кітабын жуғысы келіп, ретін келтіре алмай жүрді. Бір күні Алматыда жүріп жатқан Голливудтың атақты «Клеопатра» фильміне қырғын кезекке тұрып, өлдім-талдым дегенде «Алатау» кинотеатрына екі билет сатып алдым. Қасымда келіншегім бар, армандай екі билетті қолға түсіріп, кассадан қуанып шыға бергенімізде, Кеңшілік ағам, қайдан келгенін білмеймін, тұтқиылдан сайтандай сап ете қалды. Көктен түскендей: – Келіннің қасыңда болғаны қандай жақсы болды! Киноны қойыңдар, үйге қонаққа жүріңдер, – деді бірден. Көптен ынтықтырып жүрген «Клеопатраны» енді көреміз бе деп сайланып тұрған біз ат-тонымызды ала қаштық. Бірақ Кеңкең қоя ма, үйіне барудан қанша бас тартып баққанымызбен, əрең жеткен билетімізді қолымыздан жұлып алып, киноға кіре алмай жүрген, танымайтын, көлденең біреулерге ұстата салып, аузымызды аппақ қылды. Мəз болып олар кетті. Кеңшілік, əй-шəй жоқ, Бейсенгүл екеумізді екі қолтығымыздан алып, көшеге қарай дедектете сүйреп шықты. Ықты-жарды тыңдау қайда? «Шақырғанда бармасаң, шақыруға зар боласың», – деп те қорқытып қояды. Тіпті əншейінде ұстатпайтын такси де аяқ астынан табыла қалып, алды-артымызға қаратпай үйіне ала жөнелді. Күн кештетіп қалған. Заулаған такси аулаға кіргені сол, Кеңшілік:

– Сендер бара беріңдер, мен қазір келемін! – деп көліктен түсе сала, құйын-перін бір жаққа жүгіре ұшып жөнеліп, көзден таса болды. Көп қабатты, көп есікті, бір-біріне жалғанған ұзын-шұбақ үйдің ауласында қала бердік. Ұлы Қытай қорғанында тұрғандаймыз. Тым құрыса пəтерінің нөмірін де айтпай кетті. Неше жыл бұрын Иранбекке еріп бір келгенім есіме түсіп, əйеліме: – Үйін білемін. Қазір табамын. Төртінші не бесінші қабат болуы керек, – деп қоямын. Бірақ табу қайда? Есте қалмаған. Ел орынға отырған кез. Көз байланған. Подъездер де қараңғы. Есік алдында кездескен бірер тұрғындардан: «Ақын Кеңшілік Мырзабеков қай пəтерде тұрады?» – деп сұрап көріп едік, мандыған жауап болмады. Көп дайындалып, көксеген «Клеопатрасын» көре алмай, қолына ұстап тұрған билетінен де айырылып қалған келіншегімнің бұртыңы енді бұрқылға ұласа бастады. Екі оттың ортасында қалғандай болдым. Сол аулада Кеңшілікті жарты сағат күттік. «Əне-міне келеді» деп күткенде уақыт өте ме? Шіркіннің шыбын-шіркей болып, қайда шауып кеткені мəлімсіз. Бізді айдаладай аулаға тастап, жөншілігін айтпай кеткені де жанға батты. Қашанғы күтеміз? Таксиді тұсынан тоқтатып түскен екі подъездегі барлық пəтерлердің есігін шырылдатып шықтық. Бес қабатты екі айналып шықтық. Аяғы ауыр келіншегім əбден шаршады. Табылар емес. Пұшайман болып аулада тұрмыз. Бір мезгілде дəл қасымызға бір такси келіп тоқтай қалып, жолаушыларын түсірді. Босағанын көріп, отыра қалдық та, «шүу қарақұйрық» деп үйге тартып кеттік. Кино да, дастарқан да жоқ. Екеуінен қоса қағылдық. «Клеопатра» да, Кеңшілік те бұйырмады. Салымыз суға кетіп, қарадай қапаланып, жүдеп-жадап қайттық. «Көрмегенім Кеңшіліктің үйі болсын», – деймін іштей кіжініп. Ертеңіне жұмысқа Кеңшілік хабарласты. Ренжулі. «Кеше қайда кетіп қалдыңдар? Таппай қалдым ғой?» – дейді. «Өзің қайда кетіп қалдың?»

«Сендерге «Үйге бара беріңдер» деп, жүгіріп, жабылайын деп жатқан дүкенге бардым. Үйде арақ жоқ еді. Дүкеннің директоры бір əдемі келіншек болатын, орнында екен, соны айналдырып, тілін табамын дегенше, уақытты байқамай отырып қалыппын. Екі шөлмек коньяк, бір сервелат алып, үйге келсем, жоқсыңдар. Сендер үйде ет салдырып қойып, Зинурамен əңгімелесіп, шай ішіп отырған болар деп асықпай келсем... Қап!..» «Бұйырмаған деген сол. Алдымен дастарқаныңды сайлап алып шақырмаймысың? Немесе пəтеріңнің нөмірін айтып кетпедің бе?» «Баяғыда тастай қараңғыда тауып келіп едіңдер ғой. Сен білетін шығар дедім. Сендерді көргенде қуанып кетіп едім, арақ жоғы жолда есіме түсті ғой. Ендеше, давай, үйге бүгін келіңдер. Бəрі дайын, ештен кеш жақсы». «Осы тойғанымызға риза болайық, Кеңке. Бүгін біз «Клеопатраға» барушы едік». «Онда ертеңге...» «Жо-жоқ, рахмет! Ертең де «Клеопатраға» барамыз!» Міне, сөйтіп, алматылық өмірде Кеңшілік пен Клеопатра сыйыспады. «ҚУЫРДАҚ ДАЙЫН» Содан бергі Кеңшілік ағамның көп мақсатының бірі «өкпемді тарқату үшін» мені үйіне бір келтіру болды. Мен де шамам жеткенше бұлтарып, бармаудың талай əдіс-тəсілдерін қолданып-ақ бақтым. Бұлтарғаным бар болсын, қаншама дəмнен, қаншама қазы-қарта, сыбаға, соғымнан қағылдым десеңізші... Оның шақыруы да қызық. Неге екенін білмеймін, кездесе кеткендегі əдемі əңгімеміздің бір тұсында əйтеуір: – Үйден бір дұрыстап дəм татуың керек еді. Келіннен де ұят болды, – деген сөз шығатын. Бір күндері жұмыс кезінде, түске таман: – Ұлқаш, үйден келіп қуырдақ жеп, жүз грамм ішіп кет, – деп звондайтынды шығарды.

Баспа жұмысынан шыға алмаймын. Түскі үзілісте барыпкеліп үлгеру қиын. Бірде тағы қоңырау шалды. Сөз арасында: – Екінші жеңгең қуырдақ қуырып жатыр еді, – деп бір қойды. Осы «екінші жеңгең» деген сөз тағы бір күні естілгенде мен шыдамай: – Кеңке, ұсталып қалмайсың ба? Үйге əкелгенің не? Қауіпті ғой. Мұныңды қойсаңшы, – деп едім, ол: – Неден қорқам? Үлкен жеңгең күндіз жұмыста. Екінші жыл, осылай күндіз үйге тамақ істетіп жүремін. Сен де сөйт. Рахат! – деді бет бақтырмай. Өзінің үйреншікті ырбаңы. Өзіне жарасатын. Бірақ сол «рахаттан» тез-ақ ши шықты, енді бір сағаттан кейінгі даусын танымай қалдым. – Ұлқаш, Ираш бар ма? Ираш? Тез Иранбекті телефонға шақыршы, – деді даусы дірілдеп. – Не боп қалды? – Болды ғой... Пəле болды... Ешкімге айтпа. Ирашты тапшы! Ираш керек! – Үні жалынышты. Телефон құлағын ұстата бердім. Сөйлесіп болған Иранбектің түсі сұрланып: – Анау ағаң үйінде бір қатынмен ұсталып қалыпты. Əйелі үстінен түскен көрінеді. Шатақ шығып, бүлініп жатыр. Бармасам болмас, – деп тез жиналып, Сағи Жиенбаевтан сұранып, шыға жөнелді. Одан ары не болғанын кейін егжейтегжейлі естісем де, баяндамай-ақ қояйын, оның қызықшыжығын Иранбек өзінің «Жел-Жуан» комедиясында əсірелеп-ақ жазды. Мен осы оқыс оқиғаға қатысты болған басқа бір жайтқа тоқталайын. Жігітшілік жасаймын деп, «ұрлық» үстінде қолға түсіп, тордағы торғайдай болған Кеңшілікті əйелімен жарастыра алмай, əуре болып, қажыса керек: – Зинура, Кеңшілік біреумен жүрген екен, одан өшіңді алып, сен де біреумен жүр, – деп Иранбек ақыл беріпті. Сөйтсе, қатты сасқан қайран Кеңкең: – Ираш-ай, өйтіп үйретпеші, ондай ақыл айтпашы, – деп жалынатын көрінеді. Ашу мен қызғаныш, намыс буған

жеңгеміздің беті қатты. Іс насырға шауып, ушығып, жағдай қиындай бастайды. Содан Иранбек пен Кеңшілік басқа бір амал ойлап, сол үйде көрші тұратын ақын Шөмішбай Сариевке барып: – Шөке, мына Кеңшіліктің көңілдесімен ұсталып қалғанын естідің. Соны сен өз мойныңа алмасаң, əйелімен ажырасып кететін болды, – деп қолқа салады. Аңқылдақ Шөмішбай: – Жарайды, мойныма алсам алайын, бірақ Жұмагүлге ескертіп қоймасақ пəле болар, – деп елп ете қалады. Содан Шөмішбай əйелі Жұмагүлді көндіріп, «Кеңшілікті құтқару» операциясына кірісіп кетеді. Екеуі шыны-аяқ сылдырлап жатқан шаңыраққа келіп, «мəн-жайды» түсіндіре бастайды. Ашу меңдеп, «ажырасамнан» басқа сөзді ұмытып қалған Зинура жеңгейге Шөмішбай: «Ол қыз менің көңілдесім, үйлеріңе ертіп келген мен едім. Кеңшіліктің түк қатысы жоқ. Арақ əкелуге дүкенге шығып кеткенім сол-ақ, дəл сол мезгілде өзің келіп қалып, шу шығарыпсың», – деп сендіре бастайды. Жұмагүлдің көзінше Кеңшілікті сүттен ақ, судан таза етіп, ақтап сөйлеп, бар «күнəні» өз мойнына алып, ант-су ішіп отырған Шөкеңнің сөзіне сенген Зинура жеңгей райынан қайтып, дастарқан жайып, шай демдепті. Ішектеріне жүз грамм жүгіріп, жылы қабақ орнай бастаған тұста Кеңшілік жарықтық көңілденіп кетіп: – Осы Шөмішбай үйіне қанша қыз əкелсе де бір ұсталмайды. Мен өмірімде бір рет əкеліп едім, ұсталып қалдым, – деп шынын айтып қойып, бəрін бүлдіріпті. Енді бұрынғы бұрынғы ма, бір емес, екі əйел қоса тулап, қос шаңырақ қоса сілкініпті. Шөмішбай досы, көршісі Кеңшілікті құтқарам деп, өз басына тілеп алған «пəледен» əрең құтылған көрінеді. «БІРІНШІ НӨМІРЛІ ЖУРНАЛИСТ» Сексенінші жылдардың ортасында Кеңшілік «Қазақ əдебиеті» газетінде қызмет істейді. Мұнда да ол «Жетісу», «Со-

циалистік Қазақстан» газеттеріндегі үрдісін жалғастырып, құлаш-құлаш көркем очерктер, көлдей-көлдей эсселер жазады. Журналистің қазанын қайнатып, қара сөзбен жырлап бағады. Тілі шұрайлы, сезімге бай туындылардың бірінен соң бірін береді. Жұрт жабыла мақтасады. Бір жолғы лездемеде Көпен Əмірбеков тұрып: – Кеңшілік Мырзабековтің қара сөздері өлеңдерінен де мықты! – деп мақтапты. Сөйтіп, жиналыстан соң Көпен өз мақтауына риза болған шығар деген оймен қолын алайын деп Кеңкеңе жақындап келсе, ол ашудан жарылардай болып: – Əй, Көпен, сен неге менің ақындығымды төмендетесің?! Сонда сен мені ақын емес дегенің бе?! – деп дүрсе қоя береді. Сасып қалған Көпен «əке-көкелеп» əрең қашып құтылыпты. Дегенмен, мұндай мақтауларды ести-ести көңілі өскен Кеңшілікке бірде күндізгі бір басқосуда желпініп отырған кезінде: – Жұмысың сені іздемей ме? Ішіп көзге шалынсаң шығарып жіберуі мүмкін ғой, – депті бір ағасы. Кеңшілік: – Жоқ, мен ішкенде көзге көрінбеймін ғой. Жұмысқа бармай қалсам да түк етпейді, – дейді Сырдың суы сирағынан келмей. – Неге? – Бастық мені «кетем» десем де жібермейді. Өйткені «Қазақ əдебиетіндегі» бірінші нөмірлі журналист менмін. Сондықтан ең керек адам да менмін. Менен асатын ешкім жоқ! – деп есе түсіпті. Сонда бірге отырған бір қызметтесі: – Ең керек адам болсаң, «Жұмыстан шығамын» деп өтініш жаза қойшы, тексеріп көрейік, – дейді отқа май құйып. Лепіріп отырған Кеңшілік бас редактордың атына өтініш жазып бере қояды. Содан жұма күні асықпай жұмысқа келсе, бас редактордың бөлмесінде жиналыс өтіп жатыр екен. Кешіккеніне кешірім сұрап кіріп келіп, отыра қалайын десе, бас редактор Шерхан Мұртаза:

– Кеңшілік мырза, сіз өз өтінішіңізбен жұмыстан босатылғаныңызға екі күн болды, бара беріңіз, – деген екен. Бұл əңгімені мен Көпен Əмірбековтен естідім. ...Маған кейде Алматының бір көшесінен Кеңшілік ағам шыға келіп: «Ұлқаш, үйге жүрші...» – дейтіндей болып көрінеді. Сондайда бір жолғы «Шақыруға зар боларсың» деген сөзі еске түседі... «ФЕОДАЛИЗМДІ САҒЫНУ» Сонау бір жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ақын Кеңшілік Мырзабековты іздеп барып, Ақселеу Сейдімбеков ағаға жолығып қалдым. Тік күректей алақанында жоғалып кеткен менің кішірек қолымды салалы саусақтарымен қысып тұрып: – Осы күнгі кейбір жастар қол алысып, сəлемдесудің жөнін білмейді. Амандық жоқ, саулық жоқ, өлген балық ұстатқандай қолын бере салады. Ондай сүлесоқ сəлемді алғың да келмейді. Сенің сəлемің, міне, білетін адамның берген қарапайым ілтипатты сəлемі. Осылай, кісінің көзіне тура қарап, ықыласпен қол қысыса амандасу керек. Қолың мен көзің сəлемдескен адамға деген сенің шын ниетіңді білдірмек. Дұрыс, – деп бір қойды. Сосын: – Кеңшілік қазір келеді, отыра тұр, – деп орын ұсынды. Аядай кабинеттің босаға жағындағы қабырғада тарқатылған ұзын қалың қара шашы иығынан аса төгіліп, тірсегін көмген бір сымбатты бойжеткеннің үлкен суреті ілулі тұр екен. Қап-қара қолаң шашы қара дариядай болып, тасып, толқып, төгіліп жатыр. Соған менің назарым ауғанын байқап: – Міне, қазақ қыздары осындай болуы керек. Бұл суретті Қарағанды облысында тілші болып жүргенде түсірген едім,– деді. Сəлден кейін Ақаң бұрышта тұрған қоқыс шелегінен шеті қылтиып жатқан əлдебір қағазды саусақ ұшымен іліп алып шықты. Екі-үш параққа ирек əріптермен толтыра жазылған

мақала ма дедім. Маған соны көрсете отырып, бір əңгіме бастады. – Əлгінде ғана осында Сəду Машақов деген ақсақал келіп, мына жазған дүниесін газетке басуды сұрады. Байқасам, сын мақала екен. Сын болғанда да басқа емес, бір əннің сөзіне жазылған солақай сын. Қазір көп айтылып жүрген Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» дейтін тамаша əні бар ғой. «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім – ауылым» деп басталатын өрелі өлеңін Жабайыл Бейсенов деген ауылдық ақын жазған. Сəду ақсақал сол əннің сөзін тас-талқан сынапты. «Бұл деген ескілікті көксеу, феодализмді сағыну, баяғы киіз үйде тұратын қараңғы, надан, тұрпайы тұрмысты аңсау, қазіргі техникалық прогресс, советтік социалистік өрлеу заманында мұндай кертартпа əнмен қайда бармақпыз? Гүлденген дəуірде жусан мен жуаны жоқтап жүрген не қылған бейшаралық? Сондықтан бұл əн эфирден алып тасталуы керек», – деп жазыпты. Содан мен ол кісінің бетіне қарап отырып, жаймен ғана: – Ақсақал, сіз осы күнде лимонад-фанта ішесіз бе, əлде қымыз-шұбатты тəуір көресіз бе? – деп сұрақ қойдым. – Əрине, қымыз бен шұбатқа не жетсін, дəм-татусыз көк суды кім ішеді? – деді ол күлімсіреп. Шамасы, мен өзіне ұсынуға сусын таңдатып отыр деп қалған болуы керек. Ойында басқа түк те жоқ сияқты.. – Ал, сосиска мен қолбаса жегенді жақтырасыз ба, əлде қазы-қарта, жал-жая жаға ма? – дедім. – Қарағым Ақселеу, баланың сұрағын қоймасаңшы, туралған қазы-қарта тұрғанда былжыраған сəсиске жеп жын ұрып па? – деді ол, енді ғана əлденеден күдіктенгендей болып. – Ендеше, ақсақал, мына мақалаңызды ешкімге көрсетпестен алып кете қойыңыз. Сіз жазған жоқсыз, мен оқыған жоқпын, – деп қолына ұстата беріп едім, сілейіп, қалың көзілдірік ішінде көзі жыпылықтап біраз тұрды да, сөзімнің төркіні миына жеткен кезде мына мақаласын өз қолымен қоқыс шелегіне лақтырып кетті, – деп Ақселеу аға бар денесімен селкілдей күліп, əлгі «туындыны» шелектегі жылы орнына қайтадан атып ұрды.

Мен кірген бөлменің бір қабырғасына мүйізі шаңырақтай бұғының басы қағылған екен. Əлдеқашан сөнген жанарларына шыныдан қос қарашық орнатылған. Тұмсығы сүйір, құлағы жұқа, сірə, жас бұғы болса керек. Кітаптарға сірескен сөрелердің, люстра, стол, кресло, телевизордың қатарында бұл табиғат еркесі қалай келген? «Қай өңірдің шүйгінін шалып, суын сүзіп іштің екенсің, жас бұғы?». Ішімнен оған осылайша сұрақ қоямын. Жас бұғы мызғымайды. Қос жанары люстра аясында суық сұспен жарқырап, қабырғадан қарап тұр. Тарам-тарам айбарлы мүйізінің бір бунағына шыбын қоныпты. Назарым бұғыға ауа берді. Мұны байқап қалған қарт ана: – Бұл – Жəнібекжанымның Дегелең тауынан əкелген сыйы. Дəулетқали Қошаев деген аңшы жігіт Жəнібекті қонаққа шақырыпты. Өзі де ағып тұрған домбырашы адам екен. Таң рауандаған мезгілде атқан бұғының басын қаратікен тұзбен қатырып Жəнібекке сыйлапты. Өнерлі адамның, өнерді түсіне білген жанның көрсеткен құрметі ғой. Жарығымды тіл мен көзден сақтасын! – деп келіні Тотымен бірге ас қамдауға кірісті. Үй иесі, жас əнші Жəнібек те бұғы басына бұрылып бір қарап алды да жымиып: – Осы бұғыға қарасам-ақ болды, «Аңшының əнін» салғым кеп тұрады. Кейде бір саят құмарлығыңның оянатыны болады. Қансонардың қызығы бір төбе де, өзге қызықтар бір төбе ғой, – деп қолына домбырасын алып, құлақ күйіне келтіре бастады. Бұғы басына ту сыртымды беріп, бұрылып отырсам да əлгі суық жанары жотамнан қадалып тұрғандай болып, беАҚСАҚ ƏНГЕ АЯҚ САЛУ

рекем кетті. Жəнібек əн бастады. «Аңшының əні». Ойнақы, көңілді сазды сұлу əн Жəнібек айтқанда тіпті құлпырып кетеді екен. Жанға жайлы сазды дауыс пен саят əуені мені біртіндеп өз иіріміне тартып, ырқына бағындырып бара жатты. Көз алдыма көктен сорғалап шүйілген құс, қашқан аң, жүгірген тазы елестеп, саятқұмарлық сері сезім көкейімді қытықтағандай болды. Бұрылып бұғыға қарасам, əлгіндегі мұздай суық жанары жұмсарып кеткендей екен. Кəдімгі жадыраған жарқын нұрлы жанарға айналыпты. Көңілімді қобалжытқан мазасыз ой-сезімдер де ада болғандай. Көкірегім кеңіп, жаңғырып, қунап қалыпты. Күйімнің кілт өзгергені өзімді де таңырқатты. Бұл қалай? Əннің құдіреті ме, əншінің құдіреті ме? – Cен жақсы келдің. Бүгін үйде əн «атасы» Жүсекең болады, əдебиетіміздің ақсақалы Сапекең де келмек. Сапарғали ақсақал Əсет деген ұлымның кіндік атасы еді. Бүгін сол Əсеттің туған күнін атап өтеміз. Бірге бол, əн тыңда, шежіре шалдардан дəріс ал, – деп Жəнібек енді мені жібергісі келмеді. Кешікпей-ақ біз күткен қадірлі қонақтар – Жəнібектің ұстазы, қазақтың қаз дауысты əншісі Жүсіпбек Елебеков пен халқымыздың қадірменді адамдарының бірі, жазушы Сапарғали Бегалин ақсақалдар да келіп, отырыс қызығы басталып кетті. Жүсекең өзінің концерттік сапарынан қызықты əсерлерді əңгімелеп, Сапекең Жамбыл мен Тəттімбет өмірінен шежіре шертті. Жүсекең біздің өтінішіміз бойынша Қасымның «Өзім туралысы» мен Естайдың «Жайқоңырын» шырқады. Жақсы отырыстың қызығы жалғаса берді. Қонақтар енді Жəнібектің «əу» деуін қолқалады. Осы кезде Жəнібектің досы Құныпия деген əнші, жас ғалым жігіт: – Жүсеке, Жəнібек Абайдың жырына əн шығарыпты, соны өзінен тыңдап көрсек қайтеді? – деді. – Абайдың жырына деймісің? Рас па, Жəнібек? – Жүсіпбек мол денесін шапшаң бұрып, оған қарады. Өңі қату, көзінде сұрақ белгісі бар. Ұстазының мысы басқан Жəнібек: – Жай сөз ғой, аға... Ұлы өлеңге əн шығару қайда бізге?.. – деп күмілжіді.

– «Жел соқпаса, шөп басы қимылдамайды». Сонда мына жігіт өтірікші демексің бе? Əн шығарғаның рас болса, жасырма, айт, кəне, айт! Атақты əнші қанша бұйыра сөйлегенімен, Жəнібек оның алдында өз туындысын сарапқа салуға батпай отырды. – Осы күнде кім көрінген Абайға əн шығарғыш болып алды. Тыңдағанмын талайын! Тағы да тыңдайын, айт! – деп Жүсекең шынымен ашуланып, қызына сөйледі. Жаңа ғана «Жайқоңырды» айтып болып, жадырай қалған жүзі қазір тіпті сұстанып кетті. Өткір көздерінен суық ызғар ұшқындайды. Жөпелдемеде абдырап қалған шəкірті: – Əншейін, жай ғана... Ақын сөзі көңілімді мазалай берген соң, əн ырғағына салып едім... Əйтпесе маған əн шығару қайда, Жүсеке?.. – деп бұлтара жауап берді. Абай əнін, жырын қатты құрметтеп, сөзімен де, өнерімен де оған кіршік жуытпауға тырысатын Жүсіпбек бұл сөзге тоқталмады. – «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» деген Абай. Кемеңгер сөздің қасиетін ұғынар кімдер бар? Айтшы, қане, Абай жырына шығарған əніңді, сен Абайға əн шығарған екенсің ғой. Ал тыңдайық! – деп жас əншіге шаншыла қарап, домбыраны ұсынды. Жəнібекке шегінер жер қалмады. Жаңағы сөз батыңқырап кетсе керек, өзін-өзі қамшылап, ширыға түскен сияқты. Өңі қатуланып, қолына домбыраны алды. Жазық маңдайынан тер шықты. Сыншыл көзге əнім ұнамай қалар ма екен дегендей қынжылуы басым сияқты. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп басталған сазды əуен лықсып төгіле жөнелді. Əн иірімі терең, сыры тұңғиықта екен. Тыңдаған сайын шымыр-шымыр қайнаған толқынды əсермен өзіне баурай берді. Жүсіпбек қарағайдай қатайып отырып тыңдап қалыпты. Жүзінен толқу белгісі аңғарылды. Жас əншіге ілесіп, əн əуенін іштей қайталап отырған секілді. Басын изеп қояды. Əн аяқталған кезде ашуы тарқап, қуана сөйледі. – Жəнібек-ау, əнің аяқталмапты ғой. Жақсы-ақ əн екен, бірақ ақсақ əн екен! Сенікі бірыңғай мұңға жуық. Мұңның

өзі асқақ, ойдың өзі терең де жарқын болуы керек. Абай жырының қасиетінің өзі сонда ғой. Сен бір күні маған кел, əніңе мен былай деп аяқ салып берейін, – деп даусын толқыта, құбылта шырқап-шырқап жіберді. Жаңа ғана мұңды сезімді қозғаған əуен енді серпіліп, қанаттанып кеткендей əсер берді. Жəнібек те, біз де арқамыздан ауыр жүк түскендей көңілденіп сала бердік. – Абай сөзінің мəнін дөп басып тұрған əуен екен бұл, – деп Сапекең де өз бағасын беріп жатыр. Өнер тарландарынан осындай жоғары баға алған Жəнібекте не арман бар деп ойладым мен. Қандай орта болса да шаршы топты өз аузына қаратып, əнімен де, шешен тілімен де жұртты ұйытып əкететін қасиет нағыз өнерпазға тəн десек, ол осы Жəнібек бойында да мол жатыр. Желпініп алған Жəнібек енді «Жайқоңырға» басты. Естайдың бұл əнін Жүсекең жастыққа тəн жігермен, қызу жалын қосып айтушы еді. Жəнібектің «Жайқоңыры» өзгешелеу екен. Өзгешелігі сол, ол бұл əнді өз мінезіне сай етіп, жайдары жымия түсіп, асықпай, баппен, қоңырлата салды. Əн нəзік лиризммен айтылып, көкейге қонып, жан сарайымызды жылытқандай болды. Бір əн ұстаз бен шəкірттің орындауында екі түрлі əсер беріп, екеуінде де тыңдаушыларын тұңғиық тереңіне тартып алды. Мен осы əнді тыңдап отырып, Жəнібекпен алғаш қалай танысқанымды есіме түсірдім. * Университетке оқуға қабылданған бір топ жастарды ауылшаруашылық жұмыстарына көмекке Шелек ауданына аттандырды. Жастардың жүрген жері қашанда ойын-сауық, думан ғой. Біздің де ортамыз думан еді. Жұмыс аяқталып, кеш түсе, ел орынға отырар мезгілде студенттердің Қорамдағы жатағында əзіл-қалжың ойын-сауыққа ұласып, жұртты көңілділік жайлайтын. Алғашқы күндері секірме ырғақты, құлшынған, құтырынған музыка ойнатып, желіге билеп жүрген жастардың сезімін селт еткізген бір жайт болды...

Қоңыр мақпал кеш еді. Желікпе əуенге беріліп, делбе болған жылқыдай демігіп, делебеміз қоза биледік. Бір сəтте Қонысбай деген ақын жігіт: – Балалар, би жалықтырып жіберді. Əн тыңдайық! – деді. – Радиодан ба? – деді біреу. – Жоқ, əншінің өз аузынан. – Немене, бізбен бірге КазГУ-ге Жүсіпбек Елебеков оқуға түсіп пе? – деп қағытты біреу. – Жоқ, Жүсекеңнің шəкірті Жəнібек Кəрменов бізбен бірге оқуға түсіпті! Жəнібек Кəрменов! Бұл есімді мен алыс ауылда жүріпақ радиодан естіп едім. Əнін бір-екі рет тыңдап, ұнатқаным болмаса, жете таныстығым жоқ еді. Студенттер орта бойлы, дөңгелек жүзді, толықша келген жігітті дуылдаса қаумалап ала жөнелді. Біреулер домбыра тауып əкелді. Жəнібек домбыраны қолға алып, аққұба өңі алаулай жанып ортаға шықты. Домбырасын иығына тірей ұстап, шанағына құлағын тоса құлақкүйіне келтірді де, ішектерді қағып-қағып жіберіп, биік дауыспен екпінді бір əн бастады. Жұрт сілтідей тына қалды. Жанбота, осы ма еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің? Əнші үнінде буырқанған ыза-кек, ащы запыран бар. Булыққан күштің жанартаудай бұрқ еткен долы қуаты, асау екпіні бар. Осынау биік, зор дауыс əншінің көмейінен емес, əлдеқайда тереңнен, көкірегінен, бүкіл тұлғасынан, жүйкежүйесінен суырыла шығып жатқандай. Оқуға жаңа түскен барлық студенттердің өңдерінде таңырқаныс нышаны ойнап шыға келді. «Осынау құдіретті əнді бүкіл қасиетін жоғалтпай бізге жеткізіп беріп тұрған əнші, шынымен, өзімізбен бірге темекі жапырағын жинап жүретін томпиған тұйық жігіт пе?» деген ой қыз-жігіттердің санасын торлап алғанға ұқсайды. Бəрі де əншіден көз алмай үнсіз тұрып қалыпты. Бірнеше күн бірге жүріп, ортамызда тамаша əнші бар екенін білмеппіз-ау.

...Қамшымен топ ішінде ұрып еді, Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ. Əншінің əр лебізі аузынан жалын атып шыққандай. Бұл – қорлық пен зорлыққа шыдамайтын, көнбейтін өр мінездің, ер көңілдің тас-талқан жан ашуы. Көктемгі бұзылмаған сеңнің күркіреген үнімен, əлде таудан құлаған қар көшкінінің дүлей күшімен, қаһарлы екпінімен туыс бір сезім екен. Осы сезім бəсеңдеместен биіктеп барып, шиыршық атып, кілт тынды. Тынған кездің өзінде де тынбағандай, əн əлі аяқталмағандай, əлі де айтары бардай, бойындағы бүкіл қуатын сарықпай кейінге сақтап тұрғандай əсерде қалдырады. Күні туып, кезі келгенде шиыршық атып, серіппедей жиырылып тұрған сол күш ақтарыла жөнелердей көрінді. Əн тынды. Көпшілік күрсінді. Бағана ғана жайраңдап, көңілді жүрген жастар əлдекімге ызамен, кекпен қарағандай болды. Ол Жанботадай, Поштабайдай озбыр күш иелеріне, қайырымсыз сол бір қоғамға, сонау бір келмеске кеткен зұлым заманға деген ашу толқыны мен қарғыс белгісі еді. Біз, студенттер, Жəнібектен қайта-қайта əн салуын өтіндік. Ол тартынбайды. Басын изеп қойып, бір əннен соң екіншісін төгілтіп ала жөнеледі. Əн аяқталған сəтте ду ете түсеміз: – Жəнібек, тағы бір əн! – Жəке, Ақан серінің əнін шырқашы! – Исаның «Желдірмесін» желдірт! Мұндай өтініш сөздер Жəнібек əн бастаған сəтте сап тыйыла қалады. Əнші енді бірде домбырасын асықпай баптап шертіп, сазды бір əуенге салды. Əуенде кең тыныс бар, үлкен кеңістікке аршынды топшымен қалықтай қанат сермеп ұмтылыс бар. Созады Біржан даусын қоңыр қаздай, Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай. Сабырлы басталып, қоңыржай леппен көтерілген əсем дауыста мөлдір, нəзік мұң сазы байқалады. Дүниедегі қатал-

дық, қатыгездік атаулыға нəзіктік, сыпайы сұлулық арқылы қарсы тұрған «Адасқақ». Əннің нəзік əуезінде қаншама қайрат, қуат, жігер күші жасырынып жатыр десеңізші. Қайырмасына келгенде Жəнібектің жүзі жанып, үні өрлеп шырқауға шығып, биіктен саулаған күн сəулесіндей түрленіп, құйқылжып құйылды. – Қайран Біржан!.. – Əн аяқталғанда осы сөз естілгендей болды. Бұл сөзді кім айтты? Əлде барлығымыз да осы сөзді ішімізден күбірлеп тұрдық па екен? Жəнібек домбырасын біреуге ұстата салып, топтан сытылып шыға бергенде дүркірей қол соғылды. Құлағымызда аспандағы айды қармаған асқақ дауыс жаңғырығып тұрды. Жанға жағымды, кінəраттан, жарықшақтан ада, табиғаттың өзіндей қарапайым əсем дауыс екен. Қыркүйектің сол бір кеші мөлдіреген ашық аспанымен, сыбдырын ұмытқан қою жапырақты терек-талдарымен, кірбіңсіз ақ дидарлы айымен, жымыңдаған жылы нұрлы жұлдыздарымен жадымызда қалды. Біз сол күні айналамызды, бір-бірімізді бірінші рет көріп, көңілімізбен сезінгендей, бірінші рет шынайы адал сезіммен, ақжүрек сұлулықпен бетпе-бет кездескендей болдық. Ол да бір дəурен екен... Мен Жəнібек Кəрменовпен алғаш осылай танысқан едім. * Жəнібек екеуміз Жүсекең мен Сапекең ақсақалдарды үйлеріне шығарып салып, түнгі Алматы көшесінде таза ауамен тыныстап, əңгімелесіп келеміз. – Жəнібек, репертуарыңда жүзден аса əн бар. Олардың басым көпшілігі – халық əндері мен халық композиторларының əндері. Бүгінгі əндер жоқтың қасы. Осының сыры неде? – деп сұрадым мен. – Халықтың іші қазына-байлық қой. Халық əндері – осы байлықтың үлкен бір пұшпағы. Олар – ата-бабаларымыздың жан сұлулығының айнасы, ат басындай алтыннан да ардақты асыл мұра. Халық əндерін өз репертуарыма негіз етіп алудың бір себебі осы асыл мұраны жұртшылыққа, келешек ұрпаққа

жеткізушілердің бірі болсам деп жасымнан армандауда жатса керек. Əншінің мұраты əр əннің мəнін, мазмұнын, қадірін, қасиетін түсініп, терең сезініп жəне қалың қауымға да жеткізе айту дер едім. «Құр айқай бақырған құлаққа əн бе екен?» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қасиетті мұрамызға жауапкершілікпен қарамайтын əншілер де бар. Тұлпардан қалған тұяқ та, сұңқардан қалған қияқ та жылдар жылжыған сайын шаңға шомып, тозуы мүмкін. Арманым – асылдың құнын уақыт талқысынан тоздырмай сақтап, арзандатпай келер ұрпаққа аманат ету, – деді ол. Жəнібек бүгін де жазушылық жолға бет бұрғанымен де, өзі жасынан етене болған сүйікті өнері – əншілігінен қол үзіп көрген емес. Əн – ол үшін өзімен бірге туған егізіндей, өмірдегі ең қымбат, іңкəр дүние. Жəнібек салған əндерді тыңдап отырғанда менің есіме орыстың ұлы жазушысы Н.В. Гогольдің: «Халық əндері – халық өмірінің барлық жағын бейнелейтін, шындыққа, сырға толы, жарқын, көзі тірі халық тарихы», – деген сөздері оралды. Біз халық əндерін орындаушы бүгінгі күміс көмей, жезтаңдай халық таланттарын өткен ғасырлар рухын бейнелеушілер ретінде бағалауға тиістіміз. 1976 жыл

Анау қалып бара жатқан ауылдың аты Жданов, – деді əнші Жəнібек Кəрменов «Уазиктің» терезесінен көз ұшын нұсқап. «Қайда барсаң да «Ждановтан» көп нəрсе жоқ. – Елең ете қоймай: – Менің қайын жұртыммен аттас ауыл екен, – дей салдым. – Саған «қайын жұртыңды қоя тұр» дейін десем, бұл Шұбартау өзіме де қайын жұрт. Атақты Ақтамберді жыраудың зираты сонда жатыр. – Кəдімгі Ақтамбердінің?.. – Кəдімгі. «Күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мінер ме екенбіз?..» – Қойшы, – дедім мен сеніңкіремей, – дəл осы ауылда ма? – Дəл осы ауылда! «Қызық, бұл жақтың қазағы Абай мен Мұхтардан басқасын көзге іліп, көп елей қоймайтын сыңайлы. Шəкерімнің өзін əрең-əрең мойындай ма, қалай? Ұлыларға еті үйреніп кеткен. Биіктен түспейді. Жөпшеңдіні мойындамайды. «Глобализм ауруы» дейтініміз осы емес пе?» – Бұрыла кетсек қайтеді, – дедім мен, – теледидарға түсіріп алайық. Əніңе көрініс етіп монтаждаймыз. – Шəкер Əбенов ақсақал да дəл сол ауылда тұрады. Ондай ақынды естуің бар ма? «Естімек тұрсын бірнеше рет көрдім. Алматыға қызы екеуі келген. Бір жолы Сырбай аға біздің «Жазушы» баспасына ертіп əкелген. Жұдырықтай шалдың тілі мірдің оғындай. Сөздері кесек-кесек. Қыз-қырқынды айтқанда қутың-қутың етеді. Күндей күркіреген Сырағаңның өзі сол шалдың алдында құрдай жорғалағанын көрдім. Құрметі СПИРТ

ғой. Шəкер ақсақалдың дастандарын кітап етіп шығарып бергенбіз». – Естігенде қандай! Таудың бір қырғызы ертеректе ойға түсіп келіп, Ыстықкөлге барғанын айта берсе керек, – дедім мен, қырғыз ақыны, досым Əкбар Рысқұловтан естіген əзілді тілге тиек етіп. – Одан ауылдастары: «Көлге барғаның рас болса, пароходты да көрген шығарсың?» – деп сұраса: «Пароходты көру тұрмақ жегенмін!» – деп жауап беріпті. «Пароход» деген бір балықтың аты екен деп қалған ғой. Сол сияқты, баяғыда ол шатақ шалды көру тұрмақ табақтас та болғанмын. Баспадан кітабы шыққанда бізге жақсылап жуған, – дедім (бірақ осы «табақтастығым туралы» асығыстау айтқанымды кейін сездім, өйткені барғасын атымды атап, Сырағаң мен Сағи ағаларды көлденең тартқанмен де шал мені жыға таныған сыңай білдірмеді, теледидардың сол тұста өріп жүретін көбедей көп тілшісінің біріне санады ма, маған тіпті көңіл де аудара қойған жоқ). – Ендеше, бұрылсақ бұрылайық, – деді Жəнібек, – сəлем бере кетеміз. – Тіпті жақсы, – дедім мен, – екеуіңнің əңгімеңді теледидарға түсірсек қатып кетпей ме? – Бұл Шəкер Əбенов деген қырсық шалдың жасы тоқсанға келді. Бүкіл тұқымымен тарихи тентек. Əкесі Əбен ұлы Абайды сабаған атақты бұзық болған. Ал өзі Жамбыл қайтқанда: Өлеңді мен айтпаймын кекесінмен, Өлеңді мен айтамын төтесінен. Отыз жыл Сталин деп бақылдаған, Қазақстан айырылды текесінен! – деген жоқтау арнаймын деп сотталып келген. Одан бұрынырақта отыз жетінші жылдың репрессиясына да тілінен ілініп кетіп, өз еркімен майданға сұранып, айыптылар батальонының құрамында соғысып, ерлік көрсетіп, ордендер алып қайтқан. Штрафбат дегенді ол кезде өлімге айдаған көрінеді ғой. Матросов содан шыққан,– деді Жəнібек Кəрменов.

Ол кісінің атын талай естіген едік. «Шəкер Əбенов айтыпты» деген қанатты сөздер мен қисық-қыңыр шумақтарды, тіпті «боғауыз» өлеңдерді де талай құлағым шалған. Жаттап алмақ та болғанмын. Шəкер Əбеновтің үйі ауыл шетінде екен. Қабырғасына «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген дағарадай əдемі тақта ілінген. Бізді қызы қарсы алды. Шал өзі төсекте жатыр. Қуанып басын көтерді. Тілі сайрайды: «Азырақ сырқаттанып қалдым…» «Теледидарға түсіреміз» деген соң жасыл шапанын, жарқыраған лағыл тас орнатқан үкілі тақиясын киіп, түрлі інжу-маржанмен өрнектелген асатаяғын ұстап, аласа жозыға келіп отырды. Баяғының сал-серісінің нағыз өзі. Үш ішекті домбырасын тізесіне көлденең сүйеп қойды. Жұдырықтай шал. «Ауырдым» дегенмен өзі қунақ, көзі ойнақы, тілі қуақы. – Балапанын ерткен тауық құсап сен қайдан жүрсің? – деді Жəнібекке. Жəнібек майын тамызып сөйлеп, мəн-жайды түсіндіріп жатыр. Бала-шағасымен, бізбен таныстырды. Арасына мен де қыстырылып қоямын: «Əнші Жəнібек Кəрменов туралы телепортрет түсіріп келеміз. Алматының концерт залында оның үлкен кешін өткіздік. Ендігі түсіруді туған жерінде жалғастырып жүрміз». Сөзімнің ұзын-ырғасы осы. – Үйіңізді іздейміз деп ауылдың сыртына шығып кете жаздадық, ата. – Ана жолы бір жазушылар келіп, əрнемені сұрап күні бойы отырды. Атын айтсам танисыңдар. Көп нəрсені жазып алды. Тамақ астырып, қонағасы бердік. Əбден түн болғанда əлгі жазушылардың біреуі: «Ата, бұл ауылдың қонақүйінің қайда екенін айтып, сілтеп жібермейсіз бе? Сонда барып қонсақ...» – дейді. «Көрсетіп жіберейін» деп аулаға алып шығып, есіктің алдында созылып жатқан көгалды жасаң даланы көрсетіп: «Міне, мынаның бəрі біздің ауылдың қонақүйі, бар да қона бер», – дедім. Өзі ауыл көрмегендей, мұндай кішкентай ауылдан қонақүй іздегеніне орай айтқаным ғой, – деді Шəкер ақсақал. Шалдың сөзінің бəрі қырсық: «Кемпір

əлдеқашан кеткен. Қызым екеуміз ғанамыз. Қызымды бай алмайды, мені Құдай алмайды». – Ата, Жəнібек балаңыз екеуіңіз əңгіме айтып, əн салып отырыңыздар. Мен сөзге араласпайын. Мына балаларыңыз теледидарға түсіре берсін. Ешкім білмейтін əніңіз бар ма? – дедім мен. – Атаның ондай əндері көп, бірақ сараң адам ғой, бізге айта қояр дейсің бе? – деді Жəнібек естірте. Оператор түсіруге белгі берді. Жəнібек қолына Шəкер атаның домбырасын ұстап, сөзді бастап кетті: – Ата, бүкіл қазақ екі ішекті домбыра тартып жүргенде сіз елден ерек үш ішекті домбыра тартасыз. Осыны мен де үйренсем деп едім. Үйретесіз бе? – Сен мұны үйренуге қартайып қалдың ғой, Жəнібекжан. Маған ертерек келуің керек еді. Ертерек келген анау Жарқын Шəкəрімовке, Келденбайға үйреткенмін. – Сіз де осынша жасқа келгенше қартайдым деп отырған жоқсыз ғой. Сіздің жасыңызға жеткенше мен де үйреніп шығатын шығармын. Үйретсеңізші. – Тоқал əперсең – үйретейін. Əпересің бе? – Əперем, ата, əперем. Алматыда басы бос кемпір көп. Таңдағаныңыз – сіздікі. Тек үйретсеңіз болды. Үш ішекті домбырамен мен де əн салып көрейін. Бізге осы домбыраңызбен өз əніңізді айтып бермейсіз бе? Əншілер орындай қоймаған біреуін бастаңызшы. – Ана бір жылы, жастау кезімде, Алтай жаққа бардым. Сонда орыстың Оксана деген қызына көзім түсіп, мына бір əнді шығарған едім. Аты – «Алтайға бір барғаным». Бір-екі жыл бұрын əлгі əнші Қайрат Байбосынов келіп, осы үйде

жатып, бұл əнді ұнатып, айтпақ болып, сөзін жазып алып, қолқалап үйреніп кетіп еді. Айтып жүр ме, білмеймін. Өзім естігенім жоқ. Енді жастар айтпаса, бізде бұл күнде кеуде қалмады ғой. – Дегенмен, айтып көріңіз. Даусыңыз əлі де баршылық қой. – Алматының кемпірлері экраннан көріп, даусы жоқ деп сөгіп жүрмесе айтайын, – деп барқын тартқан даусымен «Алтайға бір барғаным» деп, қоңырлатып бастап, əуелетіп əкетті. Əдемі сазды, əуенінің бояуы қою, кең құлашты əн екен. Қартайғанына қарамай, əжептəуір дауыспен айтып шықты. Теледидарға түсіріп болдық. Бізге керегі 4-5 минуттық сюжет еді. Режиссер Руслан мен оператор Талғат асай-мүсейін жинастырған соң, Шəкер ақсақалдың қызы шай жасап, дастарқанға шақырды. – Мына балалар жүз грамм ішсін. Анау тұрғаннан алып кел, – деді отағасы. «Анау тұрғаны» спирт екен, аздап су қосып ішіп, кезекпен көсіліп тост сөйлеп, тіліміз шығайын деді. – Мен бір кезде арақты көп іштім, тіпті көп ішкенім сондай, «Поллитровка» деген атым шыққан алқаш болдым. Бірақ мен сондай елден асқан атақты ішкіш бола тұра, қатынымның қасында ешқашан да арақ татып алмаушы едім. Ал, Жəнібек, сен болсаң менен де өтіп кетіпсің, қатыныңды ертіп жүріп ішеді екенсің, ə? – деді Шəкең ақсақал. Біз күліп жібердік. Жəнібектің келіншегі Тоты жеңгей мырс етіп, сыртқа шыға жөнелді. Оған Шəкең: – Əй, Жəнібек, сен қатыныңды неменеге сыртқа қашырып жібердің? Мен айналдырып қояды деп қорқып отырсың ба? – деп тағы бір іліп түсті. Күлкіден езуіміз жиылған жоқ. – Ішіңдер, балалар, ішетін кездерің ғой. Мен де ішер едім, денсаулық сыр беріп, кейінгі уақытта ауырыңқырап, осыны іше алмай қалдым. Тəуірленсем тағы көремін ғой. Маған қарамай іше беріңдер. Тек байқап ішіңдер, тамақтарыңа мақта кетіп қалмасын. Беліме жағып жүрген спирт еді… Ішіңдер, ішіңдер… – деді Шəкер ақсақал. Сəлден кейін шалдың батасын алып, жолға шықтық.

ҚОЛТАҢБА Аяулы азамат, ұлт қайраткері Алтынбек Сəрсенбаев бүгінгі күндері атағынан ат үркетін арыстан жалды журналистерге айналған Еркін Қыдыр, Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Шəмші Пəттеевпен жəне менің туған інім Айткенмен (Шын аты Айтмұхамбет. Қазір Л. Гумилев университетінің профессоры) сонау сексенінші жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университетінде бірге оқып, үзеңгілес жүргендіктен, елге аты белгiсiз ерте кезден таныс болдым. Достары болған соң, Айткенмен бірге кейде «Горный Гиганттағы» біздің жалдамалы пəтерімізге де келіп, жеңгелерінің шайын ішіп кетіп жүрген бұл жігіттердің бəрі де, ішінде Алтынбек те бар, мені сол кезден бері аға тұтқан. Ал Алтынбекті журналист ретінде алғаш білгенім оның «Арай-Заря» журналында қызмет істеген кезі болса, жақынырақ танығаным «Өркен-Горизонттағы» редактор болған тұсы. Ол бірде Семейде орындалып, жаңа ғана елге тарала бастаған «Заманай» əнінің мəтінін нотасымен сұрап алып, өзі басқарып отырған басылымға жарияламақ болды. Бірақ Орталық Комитет рұқсат бермей отырған əнді жариялауға шамасы келмеген кездегі оның қынжылып, қиналғаны есімнен кетпейді: – Ұлаға, – деді ол тістеніп, – мынау «Главлито» деп аталатын цензура сіздердің «Заман-айларыңызды» газетке шығып бара жатқан жерінен алып тастады. Бұлар түкті де түсінбейді екен... Сіз өкпелемеңіз. Бұл əн жарыққа шығады əлі... Шындығында да, көп ұзамай уақыты келіп, «Заман-ай» жарыққа шықты. Содан тоқсан жетінші жылы бір шаруамен «Алматы» санаторийінде «Менің Əуезовім» деген эссе-романын жазып жатқан ұстазым, академик Зейнолла Қабдолов ағамыз-

ға жолығуға барып едім, бөлмесінде болмай шығып, іздеп жүргенде бильярдта жүрген Алтынбек Сəрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Əлихан Бəйменовті кездестіріп, шұрқырасып қалдық. Олардың ұсынысымен мен де қолыма таяқ алып, бір-екі шар соғып байқадым. Тастаяқтан көп хабарым жоқ кезім, өзімше нобайлап көздеп жатыр едім, Мұхтар: – Ұлаға, ол тасты атпаңыз, түспейді, одан да мына тұрған оңайын атыңыз, – деді. – Мен сияқты ойын білмейтін адамға қай тасты атса да бəрібір емес пе? – деп ұрып қалып едім, Құдайдың құдіреті, əлгі түспейді деген шардың екеуі де зырқырап барып екі лузаға сүңгіп кеткені. Өзім де таң-тамаша қалып тұрсам, дəл сол сəтте бір жаққа шығып кеткен Мұхтар інім піл сүйегімен өрнектелген бір тамаша кий əкеліп: – Ақындардың арқасы болады деуші еді, соған көзім жетті. Сіздің бұдан былайғы өмірде де көздегеніңіз құр кетпесін. Мынау аса қымбат таяқты арнайы жасатып едім. Үшке бөлінеді. Ініңіздің тартуы деп қабыл алыңыз, – деп қолыма ұстата берді. Аяқ астынан кий құшақтап, айран-асыр болып қалдым. Олар болса: – Ал енді бөлмеге жүріңіз, сіздің мерген таяғыңызды жуайық, – деп мені жетелей берді. Шай үстіндегі сол жарасты отырыста Алтынбек маған бұрылып: – Ұлеке, сіз барғалы еліміздің сыртқы саясаты біраз жөнделді ғой, енді ішкі саясатына қайта келмейсіз бе? Кезінде МИД-ке кадр жетпей жатқанда сізді біздің министрлік көмекке жіберіп еді. Енді қайта өзімізге ауысыңыз, бірге қызмет етейік, – деді əзіл-шынын араластырып. – Несі бар, ойланып көрейік. Дұрыстап шақырсаң неге келмейін? – дедім. Қызық болғанда, көп ұзамай, оқу бітіріп келген дипломат кадрлар молая бастағанда сыртқы істер қызметінде жүрген қаламгерлерге деген сондағы кейбір басшылардың көзқарастары суынып, Исраил Сапарбаев, Айтан Нүсіпханов, Төрегелді Тұяқбаев – бəріміз бірімізден кейін біріміз ол ме-

кемеден кете бастадық. Мен Алтынбек Сəрсенбаев басқаратын Мəдениет, ақпарат жəне қоғамдық келісім министрлігіне жұмысқа ауысып, жарты жылдан кейін жаңа астанаға аттанған көшпен бірге Ақмолаға сапар шектік... Алтынбек бастығыма айналғаннан соң да маған деген оң қабағын өзгерткен жоқ, теледидардың студиясын жатақханаға айналдырып тұрып жатқанымызда ел қатарлы пəтер алуға да көмектесті. Мен барған департаментке көп жылдан бергi бiр досым бастық болған екен, көргенде теперiштi содан көргенім. Газет-журналға өлеңім не мақалам жариялана қалса, немесе теледидарға шығар болсам ұнатпай: «Жұмыс істеудің орнына газет пен теледидардан түспейсіз», – деп жиналыста сынап, қытымырлық көрсете берді. Бірақ дəл сол кезеңде министр Алтынбек Сəрсенбаев өзіне шақырып алып: – Теледидарға берген сұхбатыңызды көріп, «Егемен Қазақстанға» кең көсіліп шыққан «Аталар қойған атаулар» деген проблемалық мақалаңызды оқып шықтым. Осылай жиі шығып, жиі жазып тұрыңыз. Сіздің жұрт алдына əр шыққаныңыз біздің министрлікке таптырмас жарнама, – деді. Министрдің сол сөзі дəтке қуат болып, бастығымның құқайынан арашалап қалды. Енді бірде Алтынбек: – Темірхан Досмұхамбетов деген қатар жүрген қанаттас досымыз елуге толып жатыр еді, соған өлеңмен бірер шумақ құттықтау жазып беріңізші, – деген өтініш жасады. Көп созбай жазып бердім. Министр қайта шақыртты. – Ұлаға, мынауыңыз тым салмақты болып шығыпты. Мұны мен ел алдында оқиын деп едім. Жұртты елең еткізетін əзіл араластырып жазсаңыз қайтеді, – деді. Енді қиналайын дедім. Темірхан Досмұхамбетовтің атын естіп, биік лауазымын біліп жүргенім, бір-екі жиында жақыннан көргенім болмаса, таныстығым жоқ. Өмірбаянына қарасам, кезінде өте мықты спортшы, ал нарықтың бастапқы жылдарында Иасауи атындағы халықаралық туристік компанияның білдей бастығы, кейінірек Спорт жəне туризм министрі болған екен. Енді тіпті үлкен қызметте. Алғаш көр-

генімде шашы селдіреп, төбесі көрініп қалған жігіт еді, кейін қап-қара шашқа ие болып шыға келді. «Парик емес. Бір шетелге барып, медицинаның соңғы жетістігімен құйқасына шаш ектіріп келіпті-мыс» дегенді естіп едім. Естіген құлақта жазық жоқ. Осыдан бірнеше шумақ əзіл тудырдым. Оның спортшылығын айта келіп, туристігіне тоқталдым. Əлемнің кезіп жүрген кең даласын, Сен өзің Иасауиге бел баласың. Қазақта шашы түскен жігіттер көп, Қайтадан шаш шыққаны сен ғанасың... Алтекең бұл өлеңге ішек-сілесі қата күліп, тойға апарып оқып қайтты. Ол əзіл-қалжыңды жақсы көретін. Жақсы əзілге бүйрегі бұрып тұратын. Енді бірде таңертең министрлік алдында кездесіп қалдық. Ол көлігіне мініп жатыр екен. Мені көріп, кідіріп, жақындап келуімді күтіп тұрды. Келіп сəлемдестім. Ол сағатына қарап: – Ұлаға, сіз жұмысқа сағат онда келесіз, ал анау бастығыңыз он бір-он екіде келеді. Бұларыңыз қалай? – деп қабағын жорта түйген болып, қуақыланып, сынай қарады. – Маған жұмысқа бастығымнан кеш келуге болмайды ғой, – деп едім, мəз болып күліп, машинасына отырды. Ол жастардың Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының тағдырын шешкенде де комиссия мүшесі ретінде менен жұрт алдында ашық пікір сұраған кездері болды. Айтыс ақындары Мұхамеджан Тазабеков пен Аманжол Əлтаев, ақынжазушылар Дидар Амантай, Айгүл Кемелбаева, ақын Маралтай Райымбеков туралы пікірлеріміз бір жерден шыққаны есімде. Сондай бір жолы журналистика саласындағы сыйлыққа ұсынылған Думан Рамазан туралы екеуміздің пікіріміз сəйкеспей қалды. Мен өзім прозасын тəуір көретін Думанның кандидатурасын қатты қолдаңқырап кеттім білем, ол: – Қандай еңбегі бар? – деп сұрады. – Еңбегі зор. Кенесары бабамыздың басын іздеп, бармаған қаласы, кірмеген мұражайы, ақтармаған мұрағаты жоқ.

Мына сыйлыққа ұсынылып отырған кітабы сол сапарлардан туған. Лайықты, өте құнды кітап, – дедім. Министр сонда: – Ендеше, былай болсын. Біз бұл жолғы «Дарын» сыйлығын бүгінгі нарық заманындағы ең көкейкесті тақырып – экономиканы жеткізіп талдап жазып жүрген талантты қызға берейік. Ал Думан Рамазан сыйлықты Кенесары бабамыздың басын тапқан кезде алсын, – деп жұртты ду күлдіріп, комиссия мүшелері түгел оны қолдап кеткен болатын. Сол тұста Алтынбек Сəрсенбаевтың көп жылдан бергі сенімді серігі талантты жазушы, тəжірибелі баспагер Əлібек Асқаров еді. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың бір тізгіні соның қолында. Мен оған көп жылдан бері жазып жүрген «Киіз кітабымды» жарыққа шығару туралы кезектi өтініш айтып едім: – Алтекеңнің алдынан бір өтсеңші, – деді. Реті келгенде алдынан өттім. Ол кітапты шығарып беруге уəдесін беріп тұрып: – Əлекеңе мен айтты деп айтыңыз. Жоспарға енгізе берсін, – деді. Мəз болып шығып, тездетіп Əлібекке сəлемін жеткіздім. – Ендеше кітабыңның мəселесі шешілді деп есептей бер. Жоспарға кіресің, – деп ол да құлағымды көтеріп қойды. Содан былайғы біраз уақыт бойы Əлібек ағамның «Жоспарға кірдің», «Жоспарда тұрсың», «Осында жүрген сенің кітабың шықпағанда кімнің кітабы шығады?», «Мен отырғанда саспа», «Мемхатшы өзі алғы сөз жазған кітапты шығармай өле алмай жүрміз бе?» деген сияқты сөздерін малданумен болдым. Бірақ, көп ұзамай сол жоспардан сызылып қалғаным кездейсоқ мəлім болды. Əлібек Асқаровтың қоластында қызмет істейтін Райхан Мəженқызының компьютері аяқ астынан істен шығып қалып, баспалар шығаратын кітаптар тізімі басылған дискетін министрліктің қаптаған компьютерінің бірде-біреуі ашпай қойыпты. Содан компьютершіге барса, ол: – Бүкіл министрлікте сіздікіндей ескi жүйеде жұмыс істейтін екі-ақ компьютер бар. Екіншісі Ұлықбек Есдəулетте, соған барыңыз, – деп маған бағыттап жіберген екен. Мен

сол Райхан əкелген дискетті компьютеріме салып, ашып жіберіп, жоспардан өз кітабымды іздеп, таба алмай қойдым. Өтірік айта білмейтін Райхан ару аузын аша алмай қалды. Мен: – Тізім соңғы рет кімнен шықты? Министрден бе? – десем: – Жоқ, Əлекеңнен, – деді сасқалақтап. Мен жоғарғы қабатқа тұра ұмтылдым. Ашу буып келеді. Қарсы алдымнан Əлібектің өзі шыға келіп: – Ұлықбекке бір сəлем, – деп қолын ала жүгірді. – Менің кітабымды сызған қолыңды алмаймын. Не бетіңмен ұсынып тұрсың? – деп сəлемдеспей, кілт бұрылып кетіп қалдым. Бір аптадан кейін министрлікке бірнеше депутат келетін болып, соларды қарсы алуға Алтекең Əлібек екеумізді бөліпті. Амал жоқ, бардым. Əлібек екеуміз қонақтарды күтіп, кіреберісте қатар тұрмыз. Тоң-торыспыз. Сөйлеспейміз. Біраздан соң Əлібек ағам ақтала бастады: – Алда көп ақын-жазушының юбилейі келе жатыр. Бəрі елу-алпысқа толып жатыр. Соларды жоспарға кіргізіп едік, сен сыймай қалдың. Сенікі юбилей емес қой, – деп бір қойды. Ішімнен: «Елуге толуыма əлі төрт жыл бар. Кеңшілік, Оралхандар елуін көре алмай кеткен жоқ па?» – деп тұрмын. – Біздің жерлестер көп шығып барады. Семейдің Өскеменге қосылғаны да қиын болды ғой, – деп екі қойды. «Олардың маған қатысы қанша? Мен əдебиетке солардан бөлек келіп едім ғой?» – деймін іштей. – Қайтыс болғандар көп. Оларды шығармасақ тағы болмайды, – деді. «Қайтыс болмағаныма кінəлімін бе?» – деймін тағы іштей бұрқылдап... Сосын: – Алтекеңнің алдынан өтші. Сол кісі тізімге енгіз десе, бірден енгіземін, əлі де кеш емес, – деген кезде мен шыдамай кетіп: – Əй, Əлеке, осыдан жарты жыл бұрын мені Алтынбектің алдынан өткізіп едің ғой. Министр келісімін бергенде, сенікі не? Өз қолыңмен тізімнен сызып тастап, енді кінəңді министрге жапқың келе ме? – дедім. Əлібек Асқаров бұл

қызметте көп жыл істеп, жілігін шағып, майын ішкен, əбден тісқаққанның өзі ғой, ұстата қоймады: – Сонда да болса министрдің жазбаша рұқсаты керек. Ауызша келісіммен іс бітпейді. Мені қалай жамандасаң олай жаманда, бірақ өтінішіңе Алтекең бұрыштама соқпаса, кітабың жоспарға кірмейді. Сөйт, менің тілімді алсаң, кітабым шықсын десең, Алтынбектің атына хат жаз. Тiптi менi шығармай жатыр деп жамандап жаз. Менің де басым екеу емес, – деді байыппен... Сол тұста «Ана тіліне» бір топ өлеңдерім жарық көріп, соны оқыған дарынды жазушы Төлен Əбдіков пен Мемлекеттік хатшы, халық жазушысы Əбіш Кекілбаев бірінен кейін бірі телефон шалған. Екеуінің де сөзбен арқамнан қаға келіп сұрағандары: – Мұндай өлеңдерің көп пе? – болған. Мен соңғы он екі жыл бойы «Киіз кітап» деген атпен осы тақылеттес өлеңдер жазып жүргенімді айтқанымда, Əбіш Кекілбаев: – Маған сол қолжазбаңды əкеліп берші, қарап, танысып шығайын. Қазіргі кезеңде халыққа осындай ел мен жер туралы өлеңдер керек. Қадыр Мырза Əли ағаңа айтсам: «Кезінде бұл тақырыпқа «Жерұйық» деген кітап жазғанмын», – деп мəн бермей қойды, – деген. Мен «Киіз кітаптың» қолжазбасын қобыратып, Əбекеңе қуана апарып берген едім, ол кісі тұп-тура екі ай өткенде шақыртып, қолыма өзі жазған көлемді алғы сөзін ұстатып қоя берген болатын.. Əлекеңе деген ашуым басылған соң министр Алтынбек Сəрсенбаевтың атына өтініш жаздым: «Құрметті Алтеке! Шығармашылық жағынан бұрын-соңды қолқа салған жерім жоқ еді. Мынау он екі жыл бойы жазған «Киіз кітабымды» өз қолыңызбен жоспарға енгізіп беруіңізді сұраймын. Қолжазбамды халық жазушысы, Мемлекеттік хатшы Əбіш Кекілбаевтың алғы сөзімен ұсынып отырмын. Анау Əлібек ағама салсам, бұл кітабым шығуы үшін не елуалпысқа толуым керек немесе тезірек өлуім керек екен». Қолымды қойдым да, көмекшісіне ұстатып кеттім. Ертеңіне Əлібек Асқаров телефон соғып, «Ұлаш, сүйінші, кі-

табың жоспарға кірді. Тез жет, Алтекең керемет бұрыштама қойыпты», – деді. Ұшып жеттім. Əлекең мəз-мейрам, арамызда түк болмағандай, жарқылдап: – Ұлаш, мынаны оқышы. Министрдің не деп жазғанын. Жаңа мені шақырып алып, өзі оқып берді, екеуміз рахаттана бір күліп алдық. Əзілге шебер ғой. Мінеки, – деп өз өтінішіме жазылған бұрыштаманы көрсетті. Онда былай деп жазылған екен: «Əлеке! Ұлағаңды өкпеге қисақ та, өлімге қимайық. Кітабын шығарып беріңіз! А.Сəрсенбаев». Министрдің сол пəрменімен «Киіз кітабым» Астанадағы «Елорда» баспасынан 2000 жылдың аяғында жарыққа шықты. 2002 жылы жоғары сыйлыққа да ие болды. Бұл тұста қайсыбір «сыншым» бұрмалап жазып жүргендей емес, Ə.Кекілбаев Мемлекеттік хатшылықтан сенаторлыққа ауысып кеткен, ал Алтынбек Сəрсенбаев Қазақстанның Ресейдегі Төтенше жəне Өкілетті Елшісі болып тағайындалған еді. Бiр күнi сол тұста «Елорда» баспасынан жарыққа шыққан «Киіз кітапты» төмендегідей қолтаңбамен көмекшiсi Қадырдан Мəскеуге беріп жібердім: Ардақты Алтеке! Кең жүрек, биiк ойлы жiгiт деп мен, Өзiңдi құрмет тұтам бiлiп көптен. Қазақтың мəртебесiн көтере бер, Жұлдызың жана берсiн тұнық көктен! Бұл кiтап қоржынымда көп сүрленiп, Жарыққа өз арқаңда шығып кеткен. Қабыл ал бiр өкпеге қиса-дағы Өлiмге қимайтұғын Ұлықбектен! 2002 жылғы 22 наурыз. Ол Мəскеуде Елшi болып отырғанда бiр топ журналист ЕврАЗЭС-тiң бiр жиналысына бардық. Сол жолы оның тұлғасы шетелдiк мықтылардың ортасында да жоталанып кө-

рiнiп, жан-жақты толысқан нағыз мемлекеттiк қайраткер екенi сөзiнен де, iсiнен де байқалып тұрды. Ол мен бiлгелi сөзi мен iсi бұлжымай бiр жерден шығатын азамат болатын. Екi сөйлемейтiн. Алтынбек кейiн Алматыға қайта келгенде де, бiржолата оппозицияға кеткенде де бiздiң арамыздағы сыйластық сол күйi суыған жоқ. Қарым-қатынасымызға қылау түспедi. Жолыққан жерде қашанғыдай емен-жарқын амандасып, əдемi əзiлiн қыстырып қоятын едi. Министр болып билiкке аз мезгiлге қайта оралғанында ол бас редакторлармен жеке-жеке кездесу ұйымдастырды. Сонда нарықтың қиынқыстау кезеңiнде газет-журналдарды жабылып қалудан сақтау үшiн Гурский деген орынбасары екеуi «Қазақ газеттерi» сияқты серiктестiктi ойлап тапқандарын айта келiп, ел еңсесiн көтере бастаған ендiгi жерде демократияландыру жолында баспасөз арасындағы бəсекелестiктi дамыту үшiн əрқайсысына еркiндiк беру керектiгiн айтып едi. Əттең, кертартпа күштер ол мақсатына да жеткiзбедi... Мен Алтекеңнің өз өтінішіме жазған бір ауыз бұрыштамасын есіме ала отырып бүгін ойлаймын, бұрын-соңды біздің қазақ біреуді өкпеге қиса да өлімге қимайтын еді ғой... Ал қайран қайраткер Алтынбекті қолдары қалтырамай өлімге қиғандарға не айтуға болады? Заман өзі не болып барады?

АҚЫННЫҢ ТӨРТ ƏЙЕЛІ – Жерлеу комиссиясына сені төраға етіп тағайындадық,– деді Сайын Мұратбеков ағамыз қайтер екен дегендей бетіме үңіле, барлай қарап. Онсыз да қатпарлы маңдайы сызық-сызық болып, жиырыла түсті. Сөзінің «төраға» деген тұсына келгенде көзін көкке бір сілкіп қойып, сұқ саусағын маңыздана тіке шошайтты, қиналған бет əлпетінен «басқа қолды-аяқты хатшы табылмағандықтан... екінің бірінің қолынан келе бермес аса жауапты міндетті... асқан зор күдікпен... сенімсіздікпен өзіне артып отырғанымызды осы пəтшағар түсіне қояр ма екен?..» дегендей күптілік сезіндім. Жазушылар одағы хатшыларының барлығынан да жасым екі есе кіші болғандықтан, шындығында да, «атқа жеңіл телпекбайы» мен едім. Кенеттен қайтыс болған əйгілі сатирик ақын Шона Смаханұлымен қоштасуға кешеден бері абырсабыр дайындық жүріп жатқан. – Марқұмның сүйегін туған жеріне апарып, жерлеп қайту керек. Өзінің өсиеті солай. Сенен басқа баратын хатшы болмай тұр. Бізде басқа да шаруалар бастан асып жатыр. Тез жолға дайындал, – деп бітірді лауазымы бірер саты жоғары Сайын аға. Мен мүдіріп қалдым. «Бұрын кісі жерлеуге ешқашан бас-көз болып көрмеп едім» деп қалай ақталып, шегінермін? Тапсырманың аты – тапсырма. Бас тартудың жөні жоқ. Сəл ойланып: – Жерлеудің жөн-жоралғысын жақсы білетін бір ақсақал қосып берсеңіз жақсы болар еді, – дедім. Жүрексінгенім рас. «Аты дардай ардагер ақынның мүрдесін туған жұртына соқа басым сопайып қалай жалғыз апарамын?» ШОНАНЫ ЖЕРЛЕУ

– Болсын, – деді Сайын аға. Сол күні Жазушылар одағындағы марқұммен қоштасу рəсімінен соң Шона ағамыздың туған жері Талас жаққа шұғыл аттандық. Шөкеңнің отбасынан бір емес, екі əйелі, бір баласы бара жатты. Сайын ағамыз партизан-жазушы Қасым Қайсеновті көндіріп берді, фольклоршы Балтабай Адамбаев өзі белсеніп шықты. Шəкірттерінен көзін көкшитіп Көпен Əмірбековті қосып алдық. «Ауылдас ағам еді...» – деп ҚазМУ-де кино түсіруден сабақ беретін Қоянбай Ахметов ілесті. Сөйтіп қарамыз көбейіп қалды. ...Заңы қытымыр Кеңес заманының өзінде Шона Смаханұлы төрт əйел алған болатын. Бұдан бір ай бұрын шамасында ол кісіні бір тойда көргенмін. Жуық маңда қайтпасқа жүріп кете қоятындай емес еді. Соңғы үйленген жас келіншегімен сатырлатып, лезгинка билеп жүрген. Қолды-аяққа тұрмайды. Екі табаны жерге тимей, шыр көбелек айнала, зыр-зыр етеді. Алпысты орталаған адамның осыншалық ширақ қимылына, жиырма бесотыздардағы жас тоқалын шырқ үйіріп жүрген қызу қарқыны мен екпінді күйіне бəріміз де іштей-сырттай таңырқап, тəнті болған едік. Бүгін сол кіші жеңгеміз құртақандай ұлын жетелеп келіп, Таласқа бізбен бірге барғысы келді. Жетектегі екі-үш жасар баласы танауы таңқиып, ештеңеге түсінбей айналақтап қарайды – сойып қаптап қойғандай, құдды Шона! Аузынан түсе қалған. Пайғамбар жасынан асқан басымен өзінің көшірмесін туғызып жүрген жойқынның мұндай мықтылығына қалай таңдай қақпассың?! Шөкеңнің үлкен екі əйелі бізге ермекші болған кіші абысынын: «Мына шақалақ алыс жолды көтере алмауы мүмкін. Ауыртып аларсың. Балаларды бағып тыныш отыр. Өзімізақ жерлеп қайтамыз», – деп қайтарып жіберді. Екеуі: «Ал мынау қыз – Шона ағаларыңның үшінші əйелінен туған қарындастарың», – деп Шөкеңнің енді бір қызын көрсетті. Оның да танауы тəлпиіп, көзі бақырайып, «мен де Шонадан туғанмын» деп тұрғандай. Өзі еңіреп жылап жүр екен. «Бұларды шешесі екеуін ертпейміз, үйге қарасын. Ал енді ағаларыңның мына баласы барып топырақ салады», – деп екінші əйелінен туған ержеткен ұлын ертіп алды. Түбіт

мұрты тебіндеп, жігіт болып қалған екен, танауы таңқиып, көзі дөңгеленіп, ол да айтпай-ақ «Шонаның бел баласымын» деп тұр! Марқұмның мəйiтiн жеке катафалкаға салып жөнелтіп, өзіміз кішігірім автобусқа отырып, жолға шықтық. Алматыдан шығып, Жамбыл жаққа апаратын кең сүреге түскен кезде манадан бері өзімен тете абысынымен шүңкілдесіп отырған бəйбіше жеңгеміз: «Қайным, жолдағы Отар стансасында ағаларыңның тағы бір баласы əскерде жүр еді, соны сұрап алыңдаршы, ертіп алайық, əкесіне топырақ салсын», – деді. Жол-жөнекей Отардағы əлгі айтқан əскери бөлімге бұрылып, Қасым аға екеуміз кіріп, Шонаның тағы бір баласын командирінен сұрап алып, шешелеріне əкеліп қауыштырдық. Жеңгелеріміздің сөз лəміне қарағанда, Шона ағамыз оны балалар үйінен асырап алып, бəйбішенің бауырына салған көрінеді. Бірақ тумыс-бітімі басқа деуге ешбір келмейді, бұл неме де танауының екі тесігі көкті көздеп, көзі бағжиып, Шөкеңнің өз тұқымы, бел баласы екенін айтқызбай-ақ дəлелдеп тұр. Екі ұлы егіз қозыдай ұқсас. Балалар үйіне Шөкеңнің өзі өткіздіріп, өзі қайтарып алған сыңайлы. «Ұқсамасаң тумағыр!» – дестік. Қасекең əскердегі баланың маңдайынан сүйіп, бəріміздің атымыздан көңіл айтты. Ары қарай жүріп кеттік. Қордай асуынан асқанда, түн ішінде, көліктеріміздің жанармайы түгесілуге айналды. Май құю стансасына келіп, қаңтарылып тұрып қалдық. Бұл бір жанармай дегеннің қат кезі. «Аздаған бензин бар, бірақ оны құю үшін бастықтардың арнайы рұқсаты керек», – десті. «Сыйлы адамның сүйегін жерлеуге апара жатырмыз, ішімізде атақты батыр жазушы Қасым Қайсенов бар», – деп едім, май құюшылар жүгіре шығып, сəлем берісті. Бірақ: «Бензин құя алмаймыз, басымыз екеу емес», – деп күмілжіді. Қасекең мəн-жайды білген соң, стансаның құжырасына кіріп, қара телефонға қонжиып, қолма-қол ауданмен байланысты. Бірқыдыру мезгілде салып ұрып аудан басшысы өзі жетті. Батыр Қасым мен марқұм Шонаның атын естігесін шыдап жата алмапты. Азамат екен.

Көні кепкен көліктеріміздің көмекейін аузы-мұрнынан шығарып толтырып берді. Автобус ары қарай найқалып-шайқалып, марқұмның туған ауылына қарай асықпай жол тартты. ДӨКЕЙ Қазақта қайбір сайрап жатқан жол болып еді? Көлікті қумай, тізгінді тарта жүргенде Шөкеңнің туған ауылына түн ауа əрең іліктік. Кеңшар орталығының шағын қонақүйіне ат басын тіреп, кіріп келсек, ат шаптырым бөлменің қақ ортасындағы қазы-қарта мен арақ-шараптан, жеміс-жидектен қайысқан ұзын үстелдің төрінде қоқайып-шошайып, «Ойықтың» үш бастығы отыр екен. Төрдегісі – алпамсадай шой желке, нағыз алпауыт, дөйдің өзі. Кеңшар директоры Ералы Дадабаев. Даусы гүр-гүр етеді. Қасындағысы партком хатшысы мен бас есепші. Үшеуі де күшейіп алған. Сөздеріне бақсақ, «бізді күте-күте», ағаларын «аза тұта-тұта», сілтей берген сыңайлы. Əжептəуір жерге барып қалысқан. «Шақырып келтіре алмайтын, іздесек таптырмайтын, жолы түсе бермейтін аса ардақты қонақтар, аруағыңнан айналайын Шона ағамыздың арқасында қолымызға өздеріңіз келіп түсіп отырсыздар», – деп екпіндеп бастап: «Кешіккендеріңіз үшін штрафной», – деп тап-тап беріп, баса-баса құйып, бізді де суарып, өз дəрежелеріне тезірек жеткізіп алмаққа ұмтылды. Алдымен дүниеден өткен ағамыздың қадір-қасиетін айтып, «Тойлап жүрген жоқпыз, қаралы жиын, азалы жаназаға келдік», «жол соғып, шаршап қалыппыз» деген сияқты уəждерімізді құлаққа да қыстырмастан, тізеге басып, жалы күдірейген əлгі дөкейлер «алып қой», «ал, давайды» жиілете бастады. Күні бойғы мотор даусынан екі ақсақалымыздың онсыз да мүкіс құлақтары тарс бітіп қалыпты. Дастарқандағы дəм мен ішімдікке де онша сұғына қоймады. Селқос, сүлесоқ. Қысап, зорлап ішкізбек болып, оларға қарата лақтырған бірер бұралқы сөзі өтпей, босқа шығын болған Ералы ағамыз:

– Ей, Ұлықбек, мынау екі саңырау шалды қайдан əкелдің? Не əңгімеге, не ішіске жарамайды екен. Батыр дегендер, ақсақал дегендер басқаша болатын еді, – деп бастап, қызған адамның бірсыпыра сөзін айтты. Қасым ағамыздың бір ашылып, бір жабылып отырған құлағы дəл осы сандырақты естіп қойып, ренжіп қалғаны!.. Сонда да сыр бермей: – Ай, дарагой, мен шаршадым, апарып жатқыз мені, – деп орнынан кіржиіп түрегелді. Қолтықтап апарып, көрші бөлмедегі салулы төсекке жайғастырдым. Əлгінде Балтабай ақсақал: «Мен де осы елдің перзентімін. Сарысуда туғаныммен Таласта тұрғанмын. Өз елім деп келдім», – деп бастап, ұзақ сөйлеп, ақ тілекті тост айтқан еді, Қасым аға оны да естіген екен, маған: – Анау ғалым шал осы елден бірдеңе дəметіп отырған сияқты. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» деген бар. Ардақты азаматы қайтыс болып жатқан елдің сый-сияпатына көп елікпеңдер. Кісі жерлеуге келгенімізді естен шығармаңдар. Конверт ұсынып жатса алмаңдар, аруақ алдында ұят болады, – деп таудай денесімен теріс қарап, бүркеніп жатып қалды. Қожайындардың қолдарына түсіп қалған «жазған құл» Көпен екеуміз болдық. «Жуас түйе жүндеуге жақсы». Көресіні əбден көрдік. Екеумізді əлдерінің келгенінше «қинап», өздері де, біз де əбден титықтағанда таң ата əрең тарқастық. «Тарқадық» деген жай сөз, Дадабаев деген дөкей көкеміз енді: «Мен үйге қайтпаймын, сендермен əңгімелесіп жатамын», – деп қиғылық салып, біз жайғасқан бөлмедегі Көпеннің төсегіне киімшең қисая кетіп еді, əлдене деп тілі бұралып жатып, қор ете түсті. Қорылы қонақүйді басына көшірді. Өзі бір төбеге айналып, төрде түйенің жарты етіндей болып жайрап жатыр. Көпен өз төсегіне өзі қолы жетпей, басқыншы бастықты не оята, не тұрғыза алмай, көзі одан ары көгеріп, пұшайман болды. Амалы құрыған ол Ерекеңнің үстіне шығып алып, ойына келгенін істеді: біресе аяқ-қолын созып, керіліп жатты. Біресе атша мініп, қос бүйірден тебінді. Арыбері аунап та байқады. «Өмірімде директордың үстінде ұйықтап көрмеппін. Арманыма бір жетейін», – деп көсіліп,

ұйықтамақ та болды. Былқ еткен бастық болмады. Ояна ма деп, төсектің пружинасын кергілеп, ары-бері ырғатылып, тербетіп те бақты. Дадабаев ағамыз оған да миземей, талыстай болып, теңкиіп, шалжайып, қорылына баса берген соң түк шығара алмай шаршаған Көпеш басқа орын іздеуге мəжбүр болды. Осындай «қонақжайлықтан» соң көзім əрең ілініп кеткен екен, сырттан біреу жүгіріп кіріп: – Аупартком хатшысы келіп қалды! Тұрыңдар! – деп бізді төсектен суырып алды. Даусы да жағымсыз неме екен. Түрі өрт сөндіргендей. Көпен екеуміз атып-атып тұрып, жуына бастадық. Дадабаев басын да көтерген жоқ. Баяғы қорыл – сол қорыл... «Баяғы жартас – бір жартас...» Сөйткенше болған жоқ, аудан басшысы шыдамай, өзі де кіріп келді. Мұнтаздай қара киінген, жасы да үлкен, келісті келген, салиқалы адам екен. Бізбен амандасып болып, қасындағыларға: – Бұл не жатыс? Оятыңдар! – деді. Шырғалап жүргендер «Ереке, Ерекелеп» шырылдап бақты. Дадабаевтың қорылы жоғалған, дыбысы да өшкен. Пыс-пыс мұрын. Былқсылқ дене. Бастық бұлардың əрекетінен түк шықпағанын көргеннен кейін білек сыбанып өзі кірісіп, Дадабаевты қос қолдап, ырғап-ырғап оятпақ болды. «Ералы, біз келдік, тұрсаңшы!» – деп қояды. Ол былқ етпеді. «Жартасымыз» – жартас-ақ... Енді хатшы барынша дауысын шығарып: – Əй, Дадабаев, тұр! – деді. Байқаймын, шарасы бітіп, шындап ашулана бастады. Өзін елең етпей, теріс қарап теңкиіп жатқан директорды шіреніп тұрып май құйрықтан бір тепті. «Жартасымыз» ауырсынып қалған болуы керек, сол заматта жотасын бұра бері аунап: – Неге тебесің, а?! – деп ақыра атып тұрды. Екі көзі қыпқызыл. Дəу жұдырығын түйіп, хатшыға: – Өй, əкеңнің!.. – деп төніп келіп, кенет тани кетiп: – Ассалаумағалейкүм, сіз екенсіз ғой, кешіріңіз, – деп шегіншектей берді. Біз күліп жібердік.

Далада өңменнен өтер ызғырық суық бар. Ақырап айы болатын. Бір қарасақ, əлгінде ғана бас жазып алған Ерекең енді қарақұрым ауыл жұртын клуб ғимаратын айналдыра тырқырата қуып жүр екен. Өзі шалабурыл. Жарықтық Шона ағаның мəйітін жерлестерімен қоштасу үшін клуб ішіне қойған еді. Дадабаев жиналған жұртты зырқыратып кіргізіп, шырқыратып шығарып жүр. Бейне бір дүркіретіп қой қуалағандай. Біз түсінбей аңтарылып қалдық. Аупартком хатшысы шындап ашуланып, қызылкөзденген директорды қасына шақыртып, шетке алып шығып, қатты ұрысты. – Құры! Қараңды батыр! Жоғал! Көзіме көрінбе! – деген ызалы сөздері бізге де еміс-еміс естіліп жатты. Əп-сəтте жынын алдырған бақсыдай болған Дадабаев ағамыз иіні салбырап, сыртқа сытылып шығып, жайына кетті. Қасымызда тұрғандар: – Дадабаевтың дəуірі бітті... Құритын болды. Ертең бюроға салып, партиядан айдап шығады... Құрымаған несі қалды? Өзі де есіріп кетіп еді. Ешкімді тыңдамайды. Көкірек... Кісі өліп жатқанда өстіп іше ме екен? Жай кісі өлсе бір сəрі... – десті. Ол кеткен соң жұртшылық тыныштанып, Шона ағамен қоштасу, сөз сөйлеу, жаназа шығару, жерлеу рəсімдерінің бəрі де өз ретімен ың-шыңсыз өтті. Қабырғасы қайысқан жұрты қатты қайғырды. Марқұм туралы қимас сөздер көп айтылды. Біз де жүрекжарды лебіздерімізді ақтардық. Шөкеңмен «Жазушы» баспасында қызметтес болған едiм. Ұлт мүддесi, ана тiлiмiз үшiн жанын салып жүрген қайтпас қайраткер ағамыз едi. Сықақ өлеңдерiн бала кезден оқып өскенмiн. Мейiзбай жүр қарынға жари алмай, Семiзбай жүр қарыннан арыла алмай; Сентябрьде ВУЗ-ға түстi, Октябрьде қызға түстi. Ноябрьде сəлем айтты, Декабрьде үйге қайтты;

«Мен! Мен! Мен!» – деп төсiн ұрады, Төсi сынса несiн ұрады? – дегендей шымшымаларын жатқа бiлетiнмiн. Ол кiсiнiң жымиып күлiп тұратын жайдары жүзi көз алдымда, Жазушылар одағының жиналыстарында ащы даусы жер жара шаңқылдап оқыған өлеңдерi мен Алматыда қазақ мектептерiн ашуға шақырған үндеулерi құлағымда. Шөкең көзі тірісінде өзінің ескерткішін жасатып, ауылына жеткізіп қойыпты. Қабірінің басына орнатылатын болды. Ас беріліп, Құранға қол жайылды. Қайтарда бізді аудан басшылары пойызбен қайтарды. Қасекең айтса айтқандай болды, шығарып салушылар əрқайсымызға конверт ұсынып еді, алудан бас тарттық. Жəне алмағанымызға қуандық. Жүрдек пойыздың зіркілімен жабырқап келе жатып, біз жолда Дадабаевты сөз қылдық: – Байғұсқа обал болды-ау... – дедік. – Ақкөңіл азамат екен... Болмашы кінəсі үшін бекер күйіп кетті-ау... – дедік. – Ағадан айырылған оңай ма? Аза тұтып, қайғыдан ішкен ғой... – дедік. «Бізбен ішіп несі бар еді?» демедік. «Шона ағамыз өзінің бүкіл сатирасында бастықтармен күресіп өткен еді, мына бір бастықты да өліп жатып құлатып кеттіау...» демедік. Шынымен жанымыз ашыды. Күндер өтіп жатты. Бір ай өтер-өтпесте Жамбыл жақтан Шона ағамыздың қырқына шақыру келді... Шақыру жіберген аупарткомның жаңадан тағайындалған бірінші хатшысы... Ералы Дадабаев жолдас болып шықты... Оны алып тастамақ болған бастық өзі қызметінен айырылып қалған екен. – Орнынан түседі деген адамды өсіріп жіберген айналайын Шона ағамның аруағы-ай!.. – дедік... Шымшыма Шөкең, əзiлқой Шөкең, күлдіргі Шөкең сөйтіп о дүниеде жатып бізді тағы күлдірді.

Бір Жарастың барар жері белгілі, Бір Жарастың барар жерін кім білсін? Ж. Əбдірашев ТАРАМЫС Ерлан Бағаев екеуміз тал түсте кафеде самса жеп, лимонад ішіп, жүрек жалғап отырдық. Екеуміз де абитуриентпіз. Құрдаспыз. 1971 жылдың жазы. Алматы ерекше сұлу. Табиғат тамылжып тұр. Мен журналистикаға құжат өткізгенімді айттым. – Мен де сенімен бірге журфакқа барсам деп едім. Бірақ əкем: «Бір үйге бір журналист жетеді. Сен точная наукаға бар», – деп жатыр. Мəскеудің Менделеев атындағы химиятехнология институтына тапсыратын болдым. Емтиханды осы Алматыда қабылдайды екен, – деді Ерлан. Мектепті Алтын медальмен бітірген оған бір «бестік» алса жететін еді. – Шіркін-ай, екеуміз бірге оқып, бірге жүреміз ғой деп ойлап едім. Енді кездестік пе дегенде жолымыз тағы айырылатын болды-ау, – дедім мен. – Пошта бар ғой, хат жазып, хабарласып, өлең жолдап тұрармыз, – деп Ерлан алдарқатып жатыр. Осы кезде кафеге жасы үлкен үш жігіт кіріп келді. Үшеуі бірінен-бірі өткен сыптығыр. Ішіндегі ең арығы кірген бетте: – Ерлан, хал қалай? – деп бізге бұрылды. Мен оны қазақша білетін кəріс шығар деп ойладым. Əлгі кəріс қос сызықшадай екі көзі күлімдеп, қыстан шыққан сағдар сабандай қоңырқай шашы жалбырап, ерні жыбырлап, жақындап келеді. ЕКІ ЖАРАС

– О, Жарасқан ағалар келді! – деді Ерлан қуанып. Орнымыздан атып-атып тұрып амандастық. Кəріс пе дегенім атақты ақын Жарасқан Əбдірашев болып шықты. Ерлан таныстырғанда Жарасқан бетіме жалт қарап: – Ұлықбек сенбісің? Өзіңбісің? Оқуға келдің бе? Мынау миллион халықтың ішінде екеуің бір-біріңді адаспай қалай тауып алдыңдар? – деді жымиып. Мен оны бірден жыға танымай қалғаныма ішімнен қысылып, бірдеңе деп міңгірлегендей болдым. – «Жалын» журналындамын. Кіріп шық. Өлең əкел. Бірге келсеңдерші, – деп Жарасқан қолын ұсынып, бетіме сынай қарап тұрып, өз үстеліне кетті. Кішкентай көздері суынса кісінің өңменінен өтердей өткір екен. Қасындағы достары даяшыға не алдырғанын білмеймін, ол сол орнынан бізге: – Əй, жас перілер, бірдеңе ішесіңдер ме? – деп дауыстады. Даусы ашық екен. – Жо-жо-жоқ! – дестік екеуміз жарыса. – Оларың жақсы екен, – деді Жарасқан. Одан ары оның бізбен ісі болған жоқ. «Жас перілер» дегені маған ұнап қалды. Кенет менің көзім оның бокал ұстап отырған ақ сидам білегіне түсіп кетті. Жас баланың білегіндей шілбиген, жіп-жіңішке, ашаң екен. Жалпы бұл жағынан менің өзімнің қолдарым да жетісіп тұрғаны шамалы еді. Бұдан да бетер жіптіктей қолды тұңғыш кездестірген шығармын деп мырс ете қалдым. Ерлан иек қағып, неге күлгенімді сұрады. – Қарашы, Жарасқанның қолы менің қолымнан да өткен шидей екен, – деп едім, ол салыстыра қарап отырып, басында дыбысын шығармай, аузын баса, тұншыға күліп еді, аяғында қарқылдап қоя берді. Мен де қосыла күлдім. Бір жақсысы, өзімен-өзі дуылдасқан басқа жұрт бізге назар аудара қоймады. – Сендердікі не? Сондай да білек бола ма екен? – Ерлан үстел үстіне маңғаздана шынтағын тіреді. – Міне, білек деген қандай болуы керек?! Қол күрестіремісің өзі? – деді. Екеуміз ойламаған жерден қол тірестіре кеттік. Ол қолы сүйектілеу, білегі жуандау болғанымен əлжуаз екен, тез-ақ жығылып қалды. Қолы жығылғанмен жүні жығыла қойған жоқ.

– Əй, сен өзің тарамыссың ғой? – деді таңырқап. Бірінші сыныптан бастап турникке асылып, күресіп өсіп, аудан жүлдегері болғанымды қайдан білсін? Бірге күресетіндер мені бала кезден «тарамыс» дейтін еді. – Мықты ақындар тарамыс келетінін көріп тұрған жоқсың ба? – деп, Жарасқан жаққа иек қағып, сидиған білегімді білеп, əзіл-шынын араластыра мен де бір мардымсып алдым. Жарасқан ағаны да өз қатарластары «тарамыс» деп атайтынын ол кезде мен қайдан білейін? Оның жас ақындардың арасына кең таралып кеткен: Мен өзім жастайымнан арақ іштім, Қанша ішсем де мас болмас тарамыспын! – деп басталатын əзіл өлеңін кейін өзіміз де жатқа айтып жүрдік. СОНЫ СОҚПАҚ Осы Жарасқан Əбдірашевтің ерекше талантын алғаш «Ақ бұлақтар» атты өлеңінен-ақ мойындағанмын. 1969 жылғы «Жас керуендегі»... Осы бір өлеңде түбі тереңнен көрініп жатқан тұп-тұнық сезім, албырт көңіл, алқынған, алабұртқан ақжарма жүректің лүпілі тұр. Мəңгі өлмейтін, өшпейтін ыстық лүпіл. «Ақ бұлақтарды» қайталап оқыған сайын бір қимас арман, бір мұңды өкініш жанымды қоса-қабат шарпығандай болады. Келер жылы жарық көрген «Найзағайлы жаз» кітабын жастанып оқығаным есімде. Маған ол алғашында өзім жырына құлай ғашық болған таңғажайып Төлеген Айбергеновтің жалғасындай көрінген. Оның жырларындағы аса қуатты тегеурін, буырқанған толқын, ауыздықсыз асау мінез, бет қаратпас ыстық жалын баурамай қоймайтындай еді. Жарас ағамыз өзінің бір кітабын «Соны соқпақ» деп атаған... Сол жылы Ерлан Бағаев Мəскеуге кетті де, мен оқуға түсе алмай ауылға қайтатын болдым. Елге жүрер алдында

Жазушылар одағындағы «Жалын» журналының редакциясына Жарасқанды іздеп бардым. Құдай иігенде, алдымнан өзі кездесе кетті. Шағын кабинетте хал-жағдай сұрасып отырып: – Былтыр «Лениншіл жасқа» шыққан екі топтамаң да ұнады. Содан «Жалынға» да екі өлеңің шықты. Жаңа бір талантты ақын келді деп шын қуандық. Сенде Төлеген Айбергеновтің лебі бар екен. Өз сөз саптасың да əр жерден сезіледі. Сен енді сол ə дегендегі биігіңнен төмендемеуің керек. Одан да ары өрлей түсу үшін көп оқымасаң болмайды. Əлем классиктерін талдап-түсінуге тырыс, – деп бастап, бірсыпыра ақыл-кеңес берді. – Əр ақынның өз жолы болуы керек. Мына өзіңнің аспаннан түсе қалмағаның сияқты жол деген де аспаннан түсе қалмайды. Жол деген – сенің ізің. Міне, қарашы өзің, – деп ол бір парақ ақ қағазды алып, шимайлап сызып, сурет сала отырып сөйледі. – Міне, мынау шөп өскен жасыл дала делік, сен осының қай жерінен жəне қалай өз жолыңды бастайсың? Əлгінде айтқанымдай, ешкім бірден көктен түсе қалып жол салмайды. Өйткені ақындар парашютист емес қой, төбеден топ етіп түсе қалатын. Жоқ жерден жол басталмайды, жалғасады. Мысалы, мына жақта үлкен жол жатыр делік, сонымен жүріп келіп, анау тұрған киіз үйге бару үшін өз соқпағыңды салуың керек. Махамбеттің алдында Қазтуған, Шалкиіздердің жолы сайрап жатқан, Махамбет солардың жолын жалғай жүріп, өз бағытын тауып алып, кейінгіге қалдырған. Абай өз алдындағы Бұқар, Дулат ақындардың, Физули, Шəмси, Сайхалилардың, Пушкин, Лермонтовтардың жолымен жүріп келіп, өзінің соқпағын салып, ұлы даңғыл жолға айналдырған. Сен де Төлеген Айбергеновтің салған жолымен жүре бермей, өз сүрлеуіңді табуың керек. Əйтпесе күндердің күнінде соның көлеңкесінде қалып қоясың. Уақыт өтеді, ыстық-суық басылады, жұрттың қазіргі ықыласы суи бастайтын кез келеді, сонда сен өз бетіңді, өз қолтаңбаңды, өз стиліңді көрсетпесең поэзияда Ұлықбек болып қала алмауың мүмкін, – деді. Сосын оқуға түсе алмай қалғанымды естіп, енді не істемек ойым бар екенін сұрады.

– Білмеймін. Осында келе жатқанда Өскемендегі облыстық газет редакциясына кіргенмін. Сондағы Тоқтарбек Қызықбаев, Серік Ғабдуллин сияқты ақын-жазушылар: «Бірнеше очеркіңді қол тигізбей жарияладық. Оқу бітірмесең де дайын тұрған журналист екенсің, бос орындар бар, бізге бақандай екі тілші керек, жұмысқа орналас. Кейін сырттай оқып аласың. Біздің көбіміз сырттай оқығанбыз», – деп бірінен кейін бірі жік-жапар болып жабысқанда: «Жоқ, қалмаймын! Оқуға түсемін!» деп күмпиіп, құлағыма қыстырмай осында кетіп едім, енді иттей боп қайта баруға ұялып жүрмін, – дедім. – Жоқ, ұялатын ештеңе жоқ, сенікі дұрыс болған, оқысаң, іштей оқы, сырттай оқығанмен білім болмайды. Сол редакцияға қайта барып жұмыс сұра, орын болса қабылдар, болмаса тоныңды шешіп алмас. Мүмкін, Зайсаныңның аудандық газетінен орын бұйырып тұрған шығар. Тіпті болмаса, «екі қолға – бір күрек» деп, ауылыңа тартып кетерсің. Бірақ ол жақта қалып қоюшы болма, көп жүрмей Алматыға қайтып кел. «Ақындар провинцияда туып, астанада өледі» деген сөз бар емес пе? – деп Жарасқан ағам күліп қоштасты. Қоштасып тұрып: – Айтпақшы, сен «Жалынға» дұрыстап шыққың келсе, бара салып ең жаңа өлеңдеріңді іріктеп, таңдап, машинкаға бастырып, менің атыма салып жібер. Суретіңмен! – деді. АҒА АТАНҒАН НЕ СОРЫМ? Өскемендегі қаламгер ағаларым мені барған бетте дедектетіп облыстық газеттің бас редакторы Мұқан Əбуғалиевтің алдынан бір-ақ шығарды. Ол кісі əрқайсысы шаңырақтай екі көзəйнегін кезек-кезек ауыстыра киіп қарап, менің бетіме сүзіле, үңіле отырып, фамилиямды естіген соң, кейбір шимай-шатпағымды есіне түсіріп, шырамыта кетті. Сөйтіп бірден жұмысқа алындым. Бірақ бұрын бос тұрған тілшілік орындарға ҚазМУ-ді тəмамдап келген екі журналисті қабыл-

дап қойған екен, мен тапсырмамен мақала жазып тұратын «корректордың көмекшісі» болып іске кірістім. – Сен бүгіннен бастап «Ұлыаға» атанасың. Біз бəріміз де сені Ұлыаға дейміз. Ұлыаға! Естідің бе? Осыған құлағыңды үйрете бер, – деді сол күндері ақын Серік Ғабдуллин бүкіл жұрттың көзінше. Мектепті жаңа бітірген, он жетіге енді толған мен оның бетіме былшитып тұрып «Ұлыаға» дегеніне қысылып қалдым. Кекетіп, əжуалап тұрғандай көрінді. – Сен қысылма, біздің газетте бір-бірімізді «аға» деп атау, «аға» деп сөйлеу баяғыдан бері дəстүрге айналған, – деді жазушы Мүсілім Құмарбеков. – Мысал үшін, Кеңес Юсупов – «Кеңаға», Серік Ғабдуллин – «Серіаға», Заутдин Шəмшиев – «Зəуаға», Қуанбай Қозыбаев – «Қуаға», Жүніс Ибраев – «Жүнаға»! Міне, көрдің бе? Біз бəріміз де ағамыз. Аға бола білу керек. Аға деп сыйлай білу керек. Мына менің екі атым бар: бірі – «Мүсаға», екіншісі – «Данышпан». Өз басыма екіншісі көбірек ұнайды. Өйткені мен өзім бала кезімнен данышпан екенімді білемін. Бірақ, мұндағы дəстүрден шыға алмай, амалсыздан «Мүсаға» болып жүрмін. «Ұлыаға» дегенге əлі-ақ құлағың да, етің де үйреніп кетеді. «Қуаға» мен «Жүнағадан» жақсы ғой... Сөйтіп мен ойламаған жерден бір-ақ күнде «Ұлыаға» атанып шыға келдім. Алғашында əкемдей адамдар маған «Ұлыаға» деп жатқанда жерге кірердей ұялатын едім, келе-келе шынымен-ақ көндіге бастадым. Редакциядағы ең жасымын, полк баласындай ерке болмасам да, əлдебір қумүйіз ағамыздан басқасы арқамнан қағып жүрді. Жауапты хатшымыздың жарты сөйлем жаза алмайтын сол бір макетші орынбасары мені көрсе қарадай жиырылып: «Аяқ астынан мынау ақынсымақ қайдан келді? Кімнің кадры өзі? Оқу бітірмеген шалапұшықты кім əкелді? Бұл блат дегеннің кірмейтін жері жоқ!» – деп мені ə дегеннен қырына алып, əр жерде іліп-қағып, шанши сөйлейтін болды, «отырсам – опақ, тұрсам – сопақ» қылып, мүйіздей бастады. Басқалар мақұлдаған мақалаларымды кейде өзінше шимайлап, қысқартып, «құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп

шұнтитып» жіберетінін білдім. Мұндайды көрмеген басым, не істерімді білмей, қарадан-қарап қапаланып, жазықсыз жараланып жүретін едім. Үлкенді беттен алу деген жоқ. Ыза буып, сыртқа шыға жөнелемін. «Бүйткен газеті құрсын» деп ауылға тартып кетсем бе деп те ойланып қоямын. Ешкімге шағынғым да келмейтін. Осы газетте бұрын істеген Оралхан Бөкеевтің өзі осындай біреудің қысастығына төзе алмай жұмыстан кетіп қалды деп естігенмін. Сол күзде Өскеменнен Алматыға – Жарасқанға жолдаған өлеңдерім сүрленіп көп жатқан жоқ, «Жалын» журналының жаңа жылдық беташар санының ең бірінші бетінде мойным қылқиып, көзім ежірейген, шашым едірейген суретіммен жарқ ете қалды. Өлеңдерім көл-көсір көп, үш-төрт бетке көсіліп жатыр. «Көздеріңе ғашықпын» деп аталатын топтама. Ішінде Сағат Əшімбаевпен пікірлескеннен түйген екі шумақ өлеңім де бар. Бір дəуірлеп қалдым. Жарасқан ағама алғысым шексіз. Осыдан бастап, редакциядағы əдебиетке қатысы бар, қатысы жоқ ағаларымның өзі менімен санаса бастады. Заутдиннен бастап: – Ұлыаға, өлеңіңді жу, – дегендер шықты. Алғашқы айлықты да жуғызған. «Жалынға» жаңа шыққан өлеңдерімді де жудым жəне өлең жуу дегеннің не екенін біліп алдым. – Ұлыаға, мынау тырнақ көптен бері жас ет жемегеннен жібімей жүр. Сен мені бір дұрыс жерге апарып, түстік əперіп, осы тырнақты жақсылап жібіт. Анау Ошағаң мен Хадағаңды ертіп алайық, – деді жақын жегжатым Қасымхан Малаев ағам. Əпердім. Тырнағы да, өңеші де жібіп, көңілденіп қайтып келе жатқанда мені оңашалап: «Мынау бір генеральский обед болды. Біздің үйде балашағаның көп екенін білесің. Соларды асырау бұл ағаңа оңай соқпайтынын байқаған шығарсың. Диктовкамның арқасында ілдалдалап, жан бағып жүрмін ғой. Екеуміз жақын туысқанбыз. Сен екі күн демалыста біздің үйде жатып, менің атымнан өлеңмен үлкен бір очерк жазып бер. Жан адам білмесін. Өлең-очерктің қаламақысы жақсы болады. Өзім де жазар едім, бірақ сенің жазғаныңдай болмайды ғой. Сөйтіп, ағаңның абыройын бір көтеріп таста. Тақырыбын,

фактісін өзім айтамын. Сонсоң... анау «Жалынға» шыққан өлеңдеріңнің қаламақысын маған байла. Əкең де солай істер еді. Жалғыз басыңды асырауға айлығың да жетіп жатыр ғой. Қаламақыны қайтесің? Сыйла маған! Келістік пе, Ұлыаға? – деді. Мен келіскен түрмен басымды амалсыз изеп едім, – ендеше, əкел, қолыңды! – деп қолма-қол қол алысып, өзі кесіп жіберді. Қасағаң – қоғамдық тілшіден өскен бұрынғы мұғалім, өзі лирикаға да килігіп қоятын сатирик, өмірі қолына қалам алып мақала жазбайтын, блокнотына фактіні түртіп алса болды, машинкаға бірден ауызша айтып бастыратын суырыпсалма журналист. Табиғатты суреттегенде қаламмен жазғаннан артық төгілдіретін еді. Бəріміз таңғаламыз. Аға – өзімдікі. Айтқанын қылдым. Мен жазып берген өлең-очеркі лездемеде қатты мақталып, ақын аты аспандап, мені үйіне қонақ етті. Ара-тұра: – Əй, Ұлыаға, «Жалынның» қаламақысын менсіз алып, жұмсап қойған жоқсың ба? – деп пысықтап жүреді. – Жо-жо-жоқ! – деймін. – Байқа! – деп тырнағы жіби бермейтін саусағын безеп қоятын. Күндердің күні болғанда Жарасқан шығарған өлеңдердің қаламақысы да келіп жетіп, Қасымхан ағама тұтасымен апарып, шып-шырғасын шығармай қолына тапсырдым. Ол да риза, мен де риза. Өйткені мен бұдан былай жай бала емес, «Ұлыаға» болдым ғой! Оңай деймісің? СОҒЫСТАН СОҢ ТУҒАНДАР – Бүгінгі «Қазақ əдебиеті» газетіндегі мақаланы оқыдың ба? – деді бірде Жарасқан Əбдірашев жатақханаға іздеп келіп. Қасында Шөмішбай Сариев пен Ибрагим Исаев бар екен. – Қай мақала? Ол тақырыбын айтып еді – оқымағаным белгілі болды.

Студенттік дастарқанға жайласып отырып, əңгімені жалғастырдық. – Үлкендер «Біздің поэзияда жас буын жоқ. Олар қайда?» деп ауыздарын қу шөппен сүртіп жатыр ғой. Біз оларға: «Жас толқын бар! Ол – мына бізбіз!» деп анықтап айтуымыз, дəлелдеуіміз керек, – десті олар. – Оны қайда барып айтамыз? – дедім мен. Олар күліп жіберді. – Əй, «баламысың» деген. Ешқайда да барып айғайлаудың қажеті жоқ. Жұп жазбай, шалдардың көздеріне түсіп жүрсек те жетеді. Кештерде біріміз қалмай өлең оқуымыз керек. Өзіміздің буынымыз туралы дүркін-дүркін мақала жазып, газет-журналдарға жариялап, өлеңдерімізді де шығарып, көрініп отыруымыз керек. Алматыда осы төртеумізден басқа Кеңшілік Мырзабеков пен Күлəш Ахметова бар, Қызылордада Иранбек Оразбаев, Жамбылда Тынышбай Рахимов, Маңғыстауда Темірхан Медетбеков, Талдықорғанда Жұматай Жақыпбаев, Шымкентте Тұрсынай Оразбаева жүр емес пе?! Біздің бəріміздің басымызды қосса, əне, үлкен күшпіз, бір қауым елміз ғой! «Жас толқын жоқ!» деп көкіп жүргендердің аузына құм құюға болады əлі! Ерлан Бағаев қайда? Мəскеуден ауысып келді деп еді ғой? – Əкесі қайтыс болған соң Алматыға ауысып келген. Осында. Химфакта оқып жүр. Бүгін үйінде шығар. – Ендеше, шақыр Ерланды, бүгіннен бастап біз пышырапшашырамай, бір буын, бір толқын болып, топтанып бірге жүруіміз керек. Сонда бірден байқайды. Жалғыз-жарым жүрсек көзге де ілмеуі мүмкін. Үшеуміз үш күн ақылдасып, біздің буынға Ерлан Бағаев екеуіңді қосуға келістік. Мен мынадай ат ойлап таптым: «Соғыстан соң туғандар буыны» деп атаймыз. Қарсылық бар ма? – деді Жарасқан. – Дұрыс қой, бірақ... – дей беріп едім: – Өзің құдайшылығын айтшы, «Соғыстан соң туғандар» деген ат қатып кеткен жоқ па? Қалай? – «Соғыстан соң туғандар» жақсы-ақ. Бірақ біз... – Əлде қарсысың ба?

– Жоқ, қарсылық жоқ қой. Бірақ біз, Ерлан Бағаев екеуміз, тың игерген кезде туғанбыз ғой. Соғыс қайда, біз қайда? Біз «Тың жылы туғандар» деген буынға жататын шығармыз, – дедім. – Сендер бізден 6-7 жас кіші болсаңдар да жастай танылып, өз қатарларыңнан бұрын шығып, əдебиетке бізбен тұстас келдіңдер. Сондықтан сен екеуің бар, біз бар – бəріміз бір толқынға жатамыз. Сенің айтып отырған «тыңыңның» өзі де соғыстан кейін игерілген жоқ па? Сонымен, болдық. Сөз бітті! Енді көп созбай, Ерланға звонда, «Қаламгерге» тарттық! – деп Жарасқан кесіп тастады. Бұдан кейін «Қаламгер» кафесі Құдайдың құтты күні біздің бас қосатын жерімізге айналды. Сабақтан шыға солай тартатын болдым. Бізді «Соғыстан соң туғандар буыны» деп тани бастады. Жарасқан бір кітабының атын да «Соғыстан соң туғандар» деп атады. МИЛИЦИЯ ШАҚЫРУ Алматының ескі алаңындағы Əлия мен Мəншүк ескерткіштері тұрған бақта, Панфилов көшесі жағында бұрын «Аққу» кафесі болғанын, ондағы хауызда бір кезде аққулар жүзіп жүргенін қазіргі жастар біле бермес. Сол кафеде Жарасқан екеуміз түс əлетінде сусындап отырдық. Күн шыжып тұр, бірақ мұнда салқын сабат, самал жел. Рахат. Жарасқан көзі күлімсіреп əңгіме бастады: «Ана бір жылы, дəл осы үстелде сыра ішіп, бір-екі досымды күтіп, жалғыз отыр едім. Сайтандай сап етіп, Есенғали жетіп келді. Жизақтан келіпті. Тойып алған екен, келе маған сүйкеніп, тиісе жөнелді. Не жазғанымды білмеймін. Тілі жаман, неше түрлі сөз айтып, əбден жыныма тиді. Иығымнан бір-екі нұқып жіберді. Нұқыған жері ауырып қалды. Төбелесе кетейін десем шамам келмейді, босқа таяқ жейтін түрім бар. Алдында Аманхан екеуі жабылып, Рафаэль Ниязбековті ұрып кетті дегенді естігенмін. Қасындағы мен танымайтын біреу, ол да қызу екен, бірақ қызу болса да, əйтеуір қақпайлап

басқа үстелге алып кетті. Əйтпесе Есенғалидың мені ұрғысы келіп, жұдырығы қышып тұрғанын байқадым. Қарасам, анау жердегі үстелге отырып, күжілдесіп сыра ішуге кірісті. Қолдан келер қайран жоқ, тілі, қолы, боқтығы өтіп кетті. Не істерімді білмей іш қазандай қайнап барады. Менің сыйласып жүрген адамымның бірі – Қарақалпақстаннан көшіп келген Еділ Демеуқұлов деген ақын болатын. Милицияда істейтін, милиция болғанда нағыздың өзі – Попов көшесіндегі «Айықтырғыштың» бастығы еді. Ыза буып отырып қарасам, анадай жерде автомат-телефон тұр екен. Бардым да, Еділге телефон соқтым. Жұмысында отыр екен. «Осылай да осылай. «Аққу» кафесінде отырмын. Ішіп алған бір-екі мас жігіттер маған тиісіп қояр емес. Келіп, соларды «Айықтырғыштарыңа» алып кетіңдерші», – дедім. Содан орныма келіп, теріс қарап, түк болмағандай сырамды ішіп отыра бердім. Көп ұзамай анадай жердегі ағаштың тасасынан Еділ көрінді. Оған Есенғали отырған үстелді білдірмей сыртынан нұсқап көрсете қойдым. Сол жерге табан астында бірнеше милиционер барып, отырғандардың қолдарын қайырып, ала жөнелді. «Бұларға тиіскенді көрсеттім» деп іштей қыбым қанып, ашуым тарқап, Еділмен сыра ішіп, сайрандап, үйге қайттым. Бірақ өйтіп қыбым қанғаны бар болсын... Содан таңғы тəтті ұйқыда жатсам, құлқын сəріден есігімнің қоңырауы шар-шар етіп, безілдеп ала жөнелді. Шырт ұйқыдан шошып ояндық. Жеңгең есікке барып келіп: «Өзіңнің ақын інің Шəкизада келіп тұр. Қасында милиция бар», – деді. Барсам, шынымен өзімнің жақын бауырым Шəки тұр. Түрі абыржып кеткен. Қасында милиционер. – Құтқаршы, аға, мына пəледен, құтқаршы, – дейді. – Не боп қалды? – деймін. – Кеше елден Есенғали келіп, «Аққу» кафесіне шақырып, сонда сыра ішіп отыр едік, аяқ астынан бір топ милиция жетіп келіп, ай-шайға қаратпай, қолымызды қайырып алды да кетті. Содан «Айықтырғыштан» бір-ақ шықтық, – дейді. – Есенғалиды да ұстады ма? – дедім мен.

– Жоқ, Есенғали дəл сол кезде дəретханаға кеткен еді, аман қалды. Мыналар басқа бір жігіт екеумізді апарып жауып, əбден ұрып, түнімен иттей қылды. Енді «Айыпқа 30 сом төлемесең босатпаймыз» дейді. Паспортым осылардың қолында. 30 сом беріп, мені құтқарып алыңызшы, аға, – дейді інім. Амал жоқ, Нəзік жеңгеңнен жалынып-жалпайып, 30 сом сұрап алып, Шəки інімді милициядан босатып алдым», – деп Жарасқан Əбдірашев əңгімесін аяқтады. ҒАЖАП ӨЛІМ Жарасқанның юморында шек жоқ еді. Қайдағыны тауып айтып, қайдағыны тауып жазып, адамды күлмейтін жерде күлдіріп жүретін. Бірде үлкен лауазымды бір ақын ағамыз қайтыс болып, Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойэні қызыл, қара маталармен төгілдіре көмкеріп, биік ұзын үстелдің үстіне аузы ашық бос табыт орнатып, жасандыра қаптап, қаралы жаназаға əбден дайындаған екен. Тек мəйіттің келуіне ғана қаратып қойыпты. Марқұмның сүйегін əлі əкелмеген, фойеде жан адам жоқ. Жарасқан, Шөмішбай үшеуміз төменнен көтерілгеніміз сол, мынадай салтанатты көргенде аузымыз ашылып қалды. Əсіресе Шөмішбай қатты таңырқап, қайта-қайта таңдайын қағып: – Керемет қой мынау! Мұндай бұрын болмайтын еді... Ғажап қой, керемет қой мынау! – деп тамсана қайталай берді. Жарасқан ойланбастан: – Шөке, егер сонша қатты қызығып тұрсаң ана табытқа барып жата қалмайсың ба? – деді оған. Үшеуміз күлкімізді тыя алмай, сол жерден тұра қаштық. ҚЫРЫП САЛАЙЫН БА? ...Енді бірде Кеңсайдағы зират басынан Оралхан Бөкеевті жерлеуден келе жаттық. Жарасқан, Иранбек үшеуміз бір көлікте отыр едік. Мен өз ойыммен болып:

– Бір байқағаным, кейінгі кезде бір жаққа сапарға шықсам болды, бір жақыным, жолдасым не бір досым қайтыс болады. Жезқазғанда жүргенімде курстасым Жəнібек Кəрменов қайтыс болды. Шымкентте жүргенімде Кеңшілік Мырзабеков марқұм болып кетті. Осы жолы Оралхан ағамның қазасын Ақмолада жүріп естіп, жедел ұшып жеткенім. Топырақ салуға үлгердім, əйтеуір, – дедім. – Мына мен де кейінгі уақытта сондай құбылысты байқап жүрмін. Қызылордаға кетсем болды, бір досым қайтыс болады. Соңғы рет Қызылордада жүргенімде Сағат Əшімбаев қайтыс болған. Үлгеріп келіп топырақ салғам, – деді Жарасқан. – Əй, Жарасқан, бұдан былай сен Қызылордаға кете көрмеші, енді мына мен өліп қалуым мүмкін, – деді Иранбек. Жарасқан оған бұрылып, көзін сығырайта қарап отырып: – Осы мен Қызылордаға біржолата көшіп кетіп, бəріңді қырып салайын ба? – деді. ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ Жетпісінші жылдардың ортасынан бастап Жарасқан мен Шөмішбай алдымен «Жалын» журналында – «Тура би трибунасы», кейінірек «Жұлдыз» журналында – «Əділсын Жұлдызұлы» деген айдарлармен əдебиеттегі кемшіліктермен майдандасып, «кісі өлтіретін» сындар жазып, көп қарсылас жинап алды. Олардың найзасына ілігіп кеткендер түрлі жолдармен қарымта да қайтарып жатты. Жазушылар одағындағы талқылау жиналыстары мен баспасөз беттерінде олардың өздерін де оңдырмайтын пікірлер айтылып, жазылып жүрді. Соның салдарынан екеуі де лайық бола тұра, қанша ұмтылғанмен, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына қол іліктіре алмады. Бұл Жарасқанның «Мағжанның құйыршығы» деген атқа ие болған тұсы еді. ...Бірде «Ара» журналында Мыңбай Рəшевтің «Сарыуайымшыл сарнама» деген атпен Жарасқанның өлеңдерін түкке алғысыз етіп сынаған өткір мақаласы, тіпті мақала

емес – əдеби фельетоны жарық көрді. «Ара» журналының аса уытты кезі. Ол сынаған басшылар орнынан ұшып кететін. Сатирик ағамыз Жарасқанды мұқату үшін тілінің барлық тікенін қадап-ақ баққан екен. Сол күндердің бірінде бас поштаның алдында Жарасқан кездесіп қалып, менен: – «Арадағы» мақаланы оқыдың ба? – деп сұрады. – Оқыдым. Солақай сын ғой. Ондайды көзге ілме. Оқырман ақ-қарасын өзі-ақ ажыратып алар, – дедім жанашырлығымды сездіріп. – Соған сасайын деп тұрған мен де жоқ. Мен өзім Əбдірашев болсам – сол Рашевтан төрт əрпім артық қой! – деді ол ойланбастан. ШАҚАР Сол тұста оған көзбе-көз, бетпе-бет келіп тиісетіндер де аз болмайтын. Бірақ Жарасқанның ешқашан біреуден қорқып, ығып, я айылын жиғанын көрген, естіген емеспін. ...Бірде «Қаламгерде» отыр едік, ойламаған жерден Аян Нысаналин ағамыз бұрылып келіп, Жарасқанға ай-шай жоқ сұқ саусағын безеп: – Мен сен күшікті құртамын! – деді зілденіп. Аян ағаның өз заманында ұрғанын құлататын мықты болғанын еститінбіз. Жарасқан: – Мені құрту үшін алдымен анау саусағыңды бүтіндеп кел, – деп қолма-қол шақ ете қалды. Сөйтсек, Аян ағамыздың сұқ саусағының бір буыны жоқ екен. ...Бірде Жазушылар одағының ішінде Мұхтар Шаханов ағамыз Жарасқанға ызғарланып: – Əй, сен өзі не жазып жүрсің, шегірткенің айғырындай болып ап?! – деп кəрін төкті. – Өзің кімнің айғырысың? – деді оған Жарасқан. Мұндай тапқыр, шақпа жауаптарға қалай күлмессің?

«Я, ДЖАМБУЛ ДЖАБАЕВ, ДОВЕРЯЮ...» 1983 жылы күзде Мəскеудегі М. Горький атындағы Əдебиет институтының екі жылдық Жоғары əдеби курсына оқуға кірдік. Бір-екі ай өткенде Павел Калина деген ақын дəрістесім: – «Литературная учеба» журналының редакциясы сені іздеп жатыр. Тəп-тəуір қаламақың бар екен. Алмаймысың? – деді. Сол журналда Мəскеуге өзім келер алдында бір топ өлеңдерімнің тəржімасы жарияланған. Студент атаулыға ақшаның артықтық етпейтіні бесенеден белгілі. Əсіресе, балашағасы жұртта қалған ақын-студентке екі есе керек. Тезірек қалтаға баспақ болдым. Бірер күнге Алматыға барып қайтсам деген ой да жылт етті. Қазақы көзбен қарағанда, Мəскеу – құмырсқаның илеуі, жынның ұясындай сапырылған, жойдасыз үлкен шаһар. «Жатақханаға жақын жерде» дегеннен соң, алғашында жаяу тартып кетіп, редакция үйін таппай, сандалып, табанымнан тозып, шаршап қайттым. Араға бір апта уақыт салып, мекен-жайын нақтылап сұрап, метросының, көше қиылыстарының сұлбасын сызғызып алып, қайта іздеп шықтым. Бірақ бұл жолы редакцияны тапқанымнан, бухгалтериясына кіргенімнен не пайда? Құр қалта қайттым. Маған тиесілі 150 сом қаламақыны олар екі-үш күн бұрын ғана Алматыға, Қазақстан Жазушылар одағына поштамен аударып жіберген болып шықты. «Уақытында келіп алмағаннан», – деді. Күндердің күнінде стипендиям қолға тиіп, алып-ұшып Алматыға да келдім. Бала-шағаммен, ел-жұртпен шұрқырасып, көзайым боп жатырмыз. Тай-құлындай тебіскен досжарандарды да сағынып қалған екенмін. «Қаламгерде» қаламдастармен қауқылдасып, мауқым басылмай жатып Мəскеуден жолданған қаламақымды іздей бастадым. Жүз елу сом деген ол кезде əжептəуір ақша. Білдей бір қызметкердің айлығымен, баспа редакторының жалақысымен бірдей. Салыстыру үшін алсақ, Алматы мен Мəскеу аралығына қатынайтын ұшақ билеті 62 сом тұратын.

Ол кезде, мен көргенде, Қазақстан Жазушылар одағының кіреберісіндегі арнайы үстелде түрлі хат-хабарлармен бірге кеңқолтық Кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен жолданған қаламақылардың пошталық аударым хабарламалары да менмұндалап, жайрап, самсап жататын. Біздің қаламгерлер олардың ішінен өз атына келгенін тауып алса, қуанысып, бір-біріне жуып, жуғызып жүргеніне талай куə болғанмын. Сонымен қоса, əлдебір республикадағы газет-журналдар немесе баспалар біздің классиктеріміздің кей шығармасының аудармасын жариялай қалса, оның кейбірі, əлдеқашан бақилық болғанына қарамастан, қаламақысын Жазушылар одағына жолдайтын еді. Олардың арасында өздері өлі-тірісін білмейтін сүйікті жазушыларына хат салушылар да аз болмайтын. Бірде дүниеден өткеніне оншақты жыл болған Сəбит Мұқановтың атына да бір үшбу хат келгенін көріп, айран-асыр болғаным бар. Бұл жолы сол үстелден менің атыма жіберілген пошта хабарламасы табыла қоймады. Біраз уақыт бұрын сонда жатқанын көргендер бар. Жазушылар одағының кеңсесіне кіріп сұрап едім, ондағы қыздар менің атыма əлдебір жақтан шынында да пошта аударымы келгенін, бірақ біраз уақыт жатқан соң оны ақын Жарасқан Əбдірашев алып кеткенін айтысты. Жарасқан ағамен сол күні-ақ жүздесіп қалдық. Жайраңдап көрістік. – Жəке, – дедім, – менің атыма келген извещениені сен алған көрінесің, өзіме берсеңші. – Қайдағы извещение? – деп ол өзімнен қайта сұрады. Мен оған «Литературная учеба» журналына шыққан өлеңдерімнің қаламақысын Мəскеуден бері іздетіп келе жатқанымды, іздеген жоғымның ұшығы өзіне келіп тірелгенін айттым. Жəкең бұлтара қойған жоқ: – Ə, сен сол түкке арзымайтын тиын-тебенді сұрап тұрмысың? – Тиын-тебені несі? Əжептəуір... Бақандай жүз елу сом... – Тəйірі, жүз елу сом да ақша болып па? Соны да сөз етіп...

– Жəке-ау, ол саған ақша емес шығар, бірақ мен сияқты студентке... оның үстіне шетте жүрмін... ал мұнда шиеттей бала-шаға бар дегендей... – Жə, жылай берме. Басқа қаламақыларыңды түгендеп алсаң да жетеді. Енді ол ақшадан күдеріңді үз. Шөмішбай Сариев екеуміз əлдеқашан оның басына су құйып қойғанбыз, – деді. – Қалай? – Қалай дерің бар ма, кəдімгідей... – Кəдімгідей? Сонда... пошта оны сендерге қалай беріп жүр? Извещение менің атымда ғой? – Сөз болғаныңа. Баламысың деген! Соны да білмей... Кəдімгідей, сенің өз атыңнан сенімхат жазып, өз қолыңды қойып, Жазушылар одағының мөрін соқтырып, поштаға сол сенімхатты апарып өткізіп, ақша алып, сосын... кафеге барып, жақсылап тойлап, ішіп қойдық... Басқа біреу емес, сенің өзіңнің денсаулығың үшін... өзіңнің өлеңдерің үшін... Құлағың қатты шулаған шығар? – Сонда... Енді... – Айттым ғой енді іздеме деп! Жалғыз сен емес... Шөмішбай екеуміз талайлардың, оның ішінде Шымкенттегі Тұрсынайдың да, Маңғыстаудағы Темірхан Медетбековтің де əр жақтан келген қаламақыларын талай рет осылай алып, дəл солай ішіп қойғамыз. Темірхан өзі айтқан «ала беріңдер» деп... Біз Маңғыстауға барсақ құятын арағы, ал өзі мұнда келсе бізге жұмсайтын тиын-тебені ғой. Екі есеп, бір қисап. Басқа елдердегі баспалар мен басылымдар біздің авторлардың нақты мекен-жайын біле бермейді. Содан пошта аударымдары осында алыстан келіп түсіп, іздеусіз, иесіз айлап жатады. Уақытында алмаса, пошта оны келген ізімен сол республикаға қайтарып жібереді. Сөйтіп, босқа күйеді. Ал біз болсақ, оны игілікке жаратамыз. Оны айтасың, бір жолы біз Шөмішбай екеуміз атам заманда сүйегі қурап қалған Жамбыл атамыздың өзінің қаламақысын алып, жұмсап қойғанбыз. Қара жер хабар бермесін. Аруағы риза болсын, – деді Жарасқан қызды-қыздымен. – Ақшасын құртып қойсаң аруағы қалай риза болмақ?

– Аруағынан айналып, атын ардақтап, қайта-қайта тост көтерсең қалай риза болмасын? Тіпті қуанғаннан аунап-аунап түскен шығар. Ол кісіге енді қаламақының керегі не? – Қызық екен, – дедім мен. – Жарайды, Темірхан екеуміздің көзіміз тірі ғой. Ал өткеніне қырық жыл болған жарықтықтың ақшасын қалай алып жүрсіңдер? – Қалай дерің бар ма... Былай болды. Прибалтикада шыққан бір жинақта жарияланған өлеңдері үшін Жамбыл Жабаевтың атына осында азын-аулақ ақша келіпті. Эстонның бұғалтырлары Жəкеңнің марқұм екенін білмей, поштамен Алматыға, біздің одаққа жібере салған ғой. Аударым қағазы үстелде сарғайып көп жатты. Ары өтсек те, бері өтсек те, көздің құртын қозғап, қызықтыра береді. Оны алатын жан жоқ. Бір күні Шөмішбай екеуміздің қалтамыз тесіліп, бас жазуға түк таппадық. Əлдеқайдан оқыста келіп қалған, жатқан-тұрған қаламақымыз жоқ па екен деп қарақтап, сол үстелді айналшықтап, сипалақтап көрдік. Қолға қарға тышар болмады. Жамбыл атамыздың атына келген қаламақы қағазы болса, көздің жауын алып үстелде жатыр. Екеуміз бөлмеде басымыз мəңгіріп, шиқылдап отырғанда бір ой келді. Содан мен сенімхат жаздым. Орыс тілінде. Бас поштадағылар орысша жазбасаң бермейді. Ақшаның қағазы ғой. Жауапкершілігі көп. Сонымен, былай деп жаздым. «Осылай да осылай... Доверенность... Я, Джамбул Джабаев, доверяю причитающееся мне сумму столько-то рублей получить Джарасхану Абдирашеву, номер паспорта такой, серия такая...» деп Жамбыл атамның орнына өзім шимайлап қол қойып, Шөмішбайға «заверяю» деп бұрыштама жазғызып, Жазушылар одағының бұғалтыр қыздарына апардық, олар бір сөзге келмей сарт еткізіп, мөр соғып берді. Оларға шоколад немесе шампан апарып береміз. Бітті! Ал поштада өңкей мыңқиған сауатсыз əйелдер, орыстілділер отыр. Жамбылды əлі тірі деп ойлайды. Бұ дүниелік емес екенін білсе, бізді маңына жолата ма? Міне, біз жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың өзінің қаламақысын ішіп қойғанбыз! Сталинді, бүкіл əлемді аузына қаратқан великий Джамбул! Ол Ленинградтық өреніне

өлең арнаса, біз алматылық өреніміз! Ал Жамбылдың жанында сенікі не? Əншейін ғой. Суыртпаққа татымайды. Сен өз жолыңды жуып, Шөмішбай екеумізді ресторанға апарып сыйласаң да сол ақшаң кетпей ме? Одан да көп жұмсауың мүмкін. Солай емес пе? – деп арқамнан қағып тұрып, сөзін өзіме мақұлдатып алды. Қалай бас изей бергенімді білмей де қалдым. Сосын менің өз-өзіме келгенімді күтіп тұрмай, – қой, жүр одан да «Қаламгерге»! Сенің жолыңды өзім жуып берейін, – деді Жарасқан шашы жалбырап, ақсия күліп. Сол күлкісі өзіне жарасатын еді. Барсақ, «Қаламгер» кафесінде Шөмішбай шалқып отыр екен. Бұл əлемде өзінен өзге ұлы ақын жоқ. Еркелеп, есіп отыр. Бізді құшақ жая қарсы алып, бас салып сүйе бастады. Өзі сүйіп болған соң, «Енді мені сүй!» деп қинайтынын қайтерсің?! Алдында қымбат коньяк. «Белый аист». Кімнің қаламақысына келгенін бір Құдайдың өзі білсін... «ЖЕР ҚОЗҒАЛСА...» Мəскеудің Жазушылар одағындағы Əдебиетшілер үйіне бара қалып едім, сондағы өкіліміз Роллан Сейсенбаев кездесіп: – Алматыдан Мұхтар Шаханов пен Ақселеу Сейдімбеков келіпті. Ауғанстанға бара жатыр екен. Чистопрудный бульвардағы өзіміздің Өкілдіктің қонақүйіне тоқтапты. Келе сені сұрады. Кіріп, сəлемдесіп шықсын деп жатыр, – деді. Қазақстан Өкілдігі алыс емес, қонақүйі де сол жерде. Амандаса бардым. Екеуі үлкен бір бөлмеде екен, қуана қабылдап, дастарқан жайып, тоңазытқыштан елден əкелген қазы мен «Қазақстан» коньягін шығарды, көзден бұл-бұл ұшқан «Қазақстан» шылымын сыйлады. Ақселеу аға сырбаз қимылмен жеңді білектей сүр қазыны шетінен кертіп отырып, сөз бастады: – Ұлықбек бауырым, сені шақыртқан себебіміз – анау бір соғыс жүріп жатқан Ауғанстан деген шатақ елге кетіп барамыз. Баяғыда Елші болып жүрген Грибоедовтың өзін таптап

өлтірген бұзықтау жұрт. Осының алдында ғана мен Сырағаң – Сырбай Мəуленовпен, Жарасқанмен бірге Өзбекстанның Газли деген қаласына барғанда алапат зілзала – жер сілкінісіне тап болып, қараптан-қарап боқ басында өліп қала жаздадық. Су ішкілігіміз бар екен, аман-есен қайттық əйтеуір. Бір ажалдан қалдым ба деп едім. Енді ертең мына Мұхтар ағаң екеуміз қанды қасап, қырғын болып жатқан ауған еліне ұшпақшы болып отырмыз. Комсомолдың тапсырмасымен. Осыдан қаңғыған оқ тиіп кетпесе аман-сау қайтып келерміз. Бəрін дəм біледі. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар ғой. Бұл Мəскеуде қанша жүз қазақ жүрсе де бізге Роллан екеуіңнен жақыны жоқ. Əсіресе, оқуда жүрген сенің жолың бөлек. Өзіңе елдің дəмін таттырып, жолымызды жуып, ырымын жасап кетейік дегеніміз ғой. Мынадай сүр қазыны сағынған да шығарсың. Ауыз тие отыр. Бірінші сөзді өзіңнің жақсы көретін ақын ағаң Мұхтар Шахановқа берейін. Ал, Мұха, мына інімізге қарата бір əу деп жібер, – деп баптай сөйлеп, бір рюмке коньякты мөлтілдете ұсынды. Мұхтар аға: – Ақселеу, Аха-ау, қоя-ақ қой, мен ішпеймін ғой. Мен ішпеймін ғой, – деп қолын қайтарып, ат-тонын ала қашты. – Ішпесең де тост айтып жібер, – деп Ақселеу аға да қояр емес. – Жақсы ініміз жат жерде оқуда жүрген жоқ па, осындайда айтпаған тілекті қайда айтасың? – Жарайды, тілек айтуға болады. Бірақ мынау кəпіріңді тіпті татып алмаймын, – деп рюмканы қолына алуға əрең көнген Мұхтар аға микрофонға сөйлегендей тамағын кенепкенеп жіберіп, сөз бастады: – Ұлықбек, айналайын, жақсы көретін інімсің. Сені сонау бала күніңнен бауырыма тартып, жақындатып жүретінімді өзің білесің. Мен өзі мектепті де дұрыс оқи алмаған сауатсыз адаммын. Жастай трактор айдап, оқымай қалғанмын. Кешкі мектеп болмаса, жарытып ештеңе бітіргем жоқ. Бірақ өзім қанша сауатсыз болсам да, өзің сияқты ақын інілерімнің оқып жүргеніне қатты қуанамын. Үлкен жердің оқуы да үлкен болады. Дəл сенің білім қуып жүргеніне тілектеспін, əйтпесе мен сауатсызбын ғой, – деп тағы бір қайталаған кезінде, Ақселеу аға іліп алып:

– Мұха, сауатсыздығыңды мойындағанның өзі үлкен сауаттылық қой, – деп салды. Мен күліп жібердім. Мұхтар аға қызарып, ыңғайсызданып қалды. Оны байқаған соң ерсілеу күлгеніме ұялып, əңгіменің желісін өзгерткім келіп: – Аға, «Газлиде жер сілкінісіне тап болдық» дедіңіз бе, соны айтыңызшы, – дедім. – Сырбай Мəуленов ағамыз, Жарасқан Əбдірашев ініміз үшеуміз Газли қаласындағы қазақ, өзбектерге қонақ болып, ұзақ отырып, көңілденіп, желпініп, қонақүйге кештеу қайттық. Содан шырт ұйқыда жатсақ, таң елең-алаңда жер-дүние гуілдеп, гүрілдеп, дірілдеп, азан-қазан, əлем-тапырық болып, бір пəле басталды да кетті. Соғыс па, атом бомбасы жарылды ма, білмейміз. Жатқан қонақүйіміз жын соққандай қалшылдап ала жөнелді. Жер сілкінгенін сонда сездік. Бəріміз жандəрмен далаға қашып шықтық. Қолымызға не ілінсе соны үстімізге іле салып, сыртта үрпиіп, дірдектеп тұрмыз. Бұрқыраған шаң-тозаңнан түк көрінбейді. Біреуді біреу біліп болмайды. Шулаған, күңіренген, жылаған, айғайлаған, бақырған жұрт. Зілзала басылған соң қарасақ, маңайдағы көптеген үйлер қираған. Кейбіреуі тып-типыл. «Көп адам қазаға ұшырады» десіп жатты. Біздің қонақүйіміз əупіріммен құламай қалған екен. Қабырғалары арса-арса. Сырағаң екеуміз қатар тұр едік, Жарасқанды көре алмадық. Ары-бері қарасақ – үшті-күйлі жоқ! Зəреміз кетті... – Ақселеу, Жарасқан қайда? – дейді Сырбай аға. – Білмеймін. Зілзала басталғанда сыртқа шыққан шығар деп ойлап едім, – деймін мен. Үшеуміз үш бөлек бөлмеде едік. Жаман айтпай жақсы жоқ, Жарасқан əлденеге ұшырап қалды ма деп, жүрегіміз суылдап, құтымыз қашып кетті. Қабырға басып қалуы мүмкін ғой? Енді оны қонақүйдегі бөлмесіне іздеп барайық десек: «Мейманхананың қабырғасы құлап, төбесі түсіп кетуі мүмкін» деп қызметкерлері ішке кіргізбейді. Бірақ ондайға тоқтайтын Сырағаң ба? «Жүр, Ақселеу, кеттік ішке! Жарасқанды іздейік!» деп күркіреп, аюдай денесімен бұзып-жарып жөнелді. Соңынан мен де ілестім. Бөлмесіне барсақ, міне қызық: біз айырылып қалдық па деп қорқып жүрген жұдырықтай Жарасқанымыз бет-

аузы, үсті-басы шаң-тозаң, топырақ-топырақ болып, төсекте шалқасынан ұйқыны əлі соғып жатыр екен. Жер сілкінгенде де оянбапты. Міне, ұйқы! Дауыстап та, түрткілеп те көрдік. Болар емес. Нағыз алыптың ұйқысы! Қоярда-қоймай оятып едік, көзін ашып, басын көтеріп алғанда бет-жүзінен топырақ саулап қоя берді. «Неге ұйқы бермей шулап жүрсіздер? Бас жазамыз ба?» – дейді. Ал кеп күлейік! Мұндай қуанбаған шығармыз. Сонда Сырбай аға тұра қалып: Сөйлегенде сөз қалмайтын Жарасқан. Жер қозғалса қозғалмайтын Жарасқан! – деп суырып салып өлең шығарды. Міне, сондай бір тозақтан аман-есен оралып едік, енді екіншісіне кетіп барамыз. Бəрімізді де Тəңірім өзі сақтап жүрсін. Сол үшін тартып жіберейік, – деп əңгімесін аяқтады Ақселеу аға. АРТИСТ Сонау кеңестік жылдары Жарасқан елден бұрын «Жигули» көлігін сатып алды. Ары-бері жүйткітіп тоқтамай жүрді. Бірде жүргізушілік куəлігінен айырылып қалып, қайтарып ала алмай, қанша күн зыр жүгіргені бар. – Правоңнан қалай айырылып қалып жүрсің? – деп сұрадым реті келгенде. – Сен одан да «Қалай қайтарып алдың?» деп сұрамайсың ба? – деді ол. – Бір отырыста, рульде жүрсем де, жігіттердің көңілін қимай аздап «жүздетіп» қойып едім. Содан келе жатып, бір кішілеу көлденең көшемен орталық даңғылға шыға келіп едім, қайдағы бір мотоциклистердің ортасына түсіп қалдым. Олар мені қақпайлап апарып, бір тұйыққа тоқтатып, кабинадан суырып алды. Сөйтсем, мен байқамай Қонаевтың заулап келе жатқан эскортының ішіне кіріп кетіппін. Қалай киліккенімді өзім де білмей қалдым. Құдай қаңғыртайын десе қиын емес қой. Олардың күзет қызметі менің правомды сыпырып алып,

үсті-басымды, көлігімді түгел тінтіп, əбден тергеді. Содан түтік үрлетіп, ішкенімді анықтап, машинамды айып тұрағына қойғызды да, өзімді əрең босатты. Егер менің эскортқа байқамай қызулықпен кіріп кеткеніме көздері жетпесе қамап тастар ма еді? Содан правомды қайтарып алудың əрекетіне кірістім. Бұл əрекет емес, қып-қызыл машақатқа айналды. Қай жерде де менің қызылордалық ағаларым отырған жоқ па, жылап-еңіреп бір ағама бардым. Ол МАИ-ға телефон соқса, олар менің правомды қайтарып беруден қорқып, одан жоғары инстанцияға жібере салды. Оған барсам, одан ары жіберді: «Егер жай ғана көше ережесін бұзған болса бір сəрі, куəлігін бірден қайтарып бере салар едім, мына шатақ мəселе жоғары жақтың бақылауында тұрғандықтан қолдан келмейді. Басым екеу емес», – деген сөз əр кеңсеге барған сайын алдымнан шыға берді. Мен де əртүрлі ағаларымды салып, куəлігімді қуалай індетіп, жоғары кабинеттерге өрлей бердім. Ақыр соңында менің атышулы правом Жиенбаев деген министрдің алдынан бір-ақ шықты. Ол кісіге де бір дөкей ағам арқылы жол таптым. «Аса дарынды ақын, ұлы тұлға» деп ішіңді кептіріп, əбден мақтауыңды асырдым. «Өзі келіп жолықсын» деді. Куəлігіңді сол кісінің қолынан өзің барып алатын болдың. Қабылдауына жазылып, алдына кір», – деді əлгі дөкей ағам. Жазылып, кезекке тұрып, əрең деп кірдім, министрге кірудің өзі мұң екен. Кірсем – ат шаптырымдай кабинеттің ең төрінде қаздиып жалғыз өзі отыр. Адымдап барып, амандасып, не мəселемен, кімнен келгенімді баяндап едім, ол маған орысшалап: – Ей, артист, почему пьешь за рулем? – деп сұрады. Мен: – Вы ошибаетесь, я не артист, я – поэт! – деп едім ол: – Артист, поэт – для меня один черт. Вот, получи свое право. И больше не пей за рулем! До свидание! – деп куəлігімді қолыма ұстата берді, – деді Жəкең. – Кейінгі кезде «Жигулиіңді» жүргізбей жүрсің ғой? – Жақында сатып жібердім. – Жап-жаңа машинаны несіне саттың? Жұрттың қолы сондай көлікке жетпей жүргенде? – деп сұрадым.

– Мен содан бері ішсем рульге отырмайтын болдым. Кейде екі күннің бірінде аузымыз босамай қалады. Сондай кезде машинама Нəзік жеңгең мініп алатын болды. Сосын оған да, маған да жоқ болсын деп, саттым да жібердім. Енді рахат болды – бес жұмыс күні алаңсыз арақ ішемін. Ал сенбі мен жексенбі – мен үшін қасиетті күндер, осы екі демалыс күндері кабинетімнің есігін ішінен бекітіп алып, жазу жазамын. Телефонға шақырттырмаймын. Ешкімді кіргізбеймін, ешкімді қабылдамаймын. Сол күндері марқұм əкем тіріліп келсе де есік ашпас едім, – деді Жарасқан ағам. ЕСЕНИННІҢ ЖҮРГЕН ЖЕРІ Қадыр Мырза Əли ағамыз ана бір жылы Сергей Есениннің кітабын аударып шығарып, мол қаламақы алған күні «Қаламгерге» келіп, өмірінде бір аста-төк шашылған. Əншейінде «Менен ақша сұрама, ақыл сұра» дейтұғын, қалтасы қаттылау көрінетін ағамыз əдетінен жаңылып, сол күні кафеге бас сұққанның бəрін қонақ етіпті. «Қадекең коньякты суша ағызды», – десті куə болып, дəм татқандар. Сол оқиғадан бірнеше күн өткенде Қадыр аға кездесіп қалып: – Мен Есениннің кітабын жуған күні сен қайда болдың? – деп сұрады. – Суармаған адамым жоқ. Əншейінде жүргізбей кесе-көлденең көлбеңдеп жүресіңдер де, сондайда қара көрсетуді білмейсіңдер, – деді. – Жақсы хабар жата ма? Дақпыртын естідім, аға, бірақ өзім де білмеймін дəл сол күні қайда жүргенімді, – деп жауап бердім. – Сенікі «Сорлы Көкбай қор болды-ау, осыншадан құр қалып» дегеннің кері болды. Бір сыйлайын дегенде осылайша таптырмай кетесіңдер. Аузыңның салымынан көр енді. Қадекең айтқызбай дөп басып тұр, онысы рас. Көбінесе, қажет кезде, қажет жерден табылмай қалатыным бар еді. Ертеңіне-ақ Жарасқан:

– Кеше «ақ түйенің қарны жарылған күн» болды. Қадыр ағам бұрын-соңды болмаған жомарт қылық көрсетіп, «Қаламгерде» «ашық есік» дастарқанын жайды. Кім не ішем десе де еркі, бəрі ағыл-тегіл. Коньякты өзен етіп ағызып, шампанды дарияша тасытты. Қадыр – Қадыр болғалы, «Қаламгер» – «Қаламгер» болғалы мұндайды кім көрген? Есенин мен Мырзалиевтің адресіне айтылмаған тост жоқ. Ащы судан татып алмайтын Қадекеңнің өзі де ауыздығын алып, аттың басын жіберді. Бұл енді құлақ естіп, көз көрмеген, нағыз айта жүретін жуыс болды, – деді. – Аяғы немен бітті? – деп сұрадым əңгімесіне ынтығып. – Аяғында елдің бəрі дырылдап кетіп, біреуді біреу білмей қалды. Біз Қадыр аға екеуміз бірге қайтып едік, үйге қалай жеткенімді білмеймін. Қадекең екеуміз бір-бірімізді сүйемелдеп келе жатқан сияқты едік. Соңы бұлдыр-бұлдыр. Екеуміз де үйге жетіп жығылыппыз, əйтеуір. Ертеңіне шекем сынып ояндым. Звондап, Қадекеңнің халін білсем, ол кісі: – Үйге қалай жеттік өзі? Ештеңе білмеймін. Өмірімде есімді жоғалтып көрмеп едім. Быт-шыт боп ауырып жатырмын, шеге ме, бұтақ па, бірдеңе бір жақ шекемді оңдырмай сызып кетіпті. Сыртқа шығатын бет жоқ. Өз халің қалай? – дейді. Мен: – Сіз кеше айды аспанға бір шығардыңыз ғой. Мен-дағы не болғанын білмей қалыппын. Бір тобығым ауырады, ақсап қалыппын, шалбарымның бір балағын бірдеңе жырып кетіпті. Сіз екеуміз бірге қайтып келе жатқан сияқты едік. Кімді кім үйге жеткізгені есімде жоқ. Басым да сынып тұр, – десем, айтқыштықтан алдына жан салмайтын Қадыр ағам: – Ештеңе етпейді, Есениннің жүрген жері қашанда осы ғой, – деп жауап берді, – деп Жарасқан əңгімесін аяқтады.

ТҮНГI ТОНАЛУ Өтежан Нұрғалиев, Жарасқан Əбдірашев үшеуміз бірде Жазушылар одағының фойесінде жиналыстан шығып тұрғанбыз. Жəкең қашанғысындай езу тарта жымиып алып, бір сөздi сабақтады. – Кеше Қуандық (Шаңғытбаев) ағаның əңгімесін қимай, үйіне дейін шығарып салып едім. Есік алдына келгенде Қуан ағаң: «Ақыр келіп қалдың, үйге кіріп, бір шыныаяқ шай ішіп шық», – деді. Айтып келе жатқан əңгімесiн аяғына дейін тыңдап кетейін деп, «Кірсем – кірейін» деп келісе қойдым. Содан Қуан аға үйінің есігіне келіп, қоңырауын басып еді... арғы жағынан Жұмекен Нəжімеденов есік ашып тұр! Біз сасып қалдық. Жұмекен аға болса қатты қуанып, жарқылдап: – Ассалаумағалейкүм, Қуан аға! Жарасқан інім де келіп қалыпты ғой. Үйге кіріңiздер, жоғарылатыңыздар, – деп күліп тұр. Ештеңе түсінсем бұйырмасын. «Көршiсi болар, пəтердің есігінен шатасқан шығармыз» деп ойладым. Сөйтсем, бұдан жарты ай бұрын Қуандық аға жаңа үйге көшіп, оның босаған пəтеріне Жұмекен ағамыздың отбасы ауысып кірген екен. Қуанаға оны есiнен шығарып алып, мені ескі əдетімен байқамай бұрынғы мекен-жайына ертіп апарған ғой. Амал жоқ, екеумiзге Жұмекен ағаның үйiне ерiксiз қонақ болып, Нəсiп жеңгейдiң мол дастарқанынан дəм татуға тура келдi. Содан түн ортасында шығып, үйге қайтып келе жатыр едiк, бiр қараңғы көшеде бiр топ бандиттер бiздi аяқ астынан қоршап алып, пышақ тақап, қалталарымызды тiнтiп, тонауға кiрiстi. Бəрi орысша сөйлейдi. Бiр кезде Қуан аға жерге жата кетiп: «Лежащего не бьют!» деп айқайлай бастады. Бəрi сол кiсiнi орнынан тұрғызбақ болып жатқанда мен қолымдағы сақинамды лып еткiзiп тез шешiп алып, туфлиiмнiң iшiне салып жiбердiм. Өйткенi сақинаны көрсе саусағыммен қоса кесiп алып кете ме деп қорықтым. Сондай оқиға болғанын бiреулерден естiген едiм. Қуан аға жерде жатып: «Я все это Жанибеку расскажу!» деп айқайлап едi, əлгiлер бiздi тастай салып, тапыр-тұпыр, дүркiреп қаша жөнелдi.

– Жəнiбек деген кiм едi? – дедiм. – Қуандық ағаның баласы. Мықты боксер көрiнедi. Əлгi жүлiктер соның атын естiп қорықты ма, əлде дегендерiне жеттi ме, əйтеуiр iзiм-қайым жоқ болды. Бiрақ қалтамыздағы қалған-құтқан ақшамызды сыпырып əкеттi. Түк iстей алмай қалдық, – дедi Жарасқан. – Ондай оқиға менiң де басымнан өткен, – дедi Өтежан аға. – Бiрде түнде келе жатқанымда менi де екi-үш жiгiт ұстап алып, кеңiрдегiме пышақ тақап тұрып, қалтамды түгел сыпырып алған. – Кеңiрдегiңiзге пышақ тақағанда қорыққан жоқсыз ба? – деп сұрадым. – Жоға, ондайда адам қорықпайды екен, тек «нервничить» етедi екен, – деп жауап бердi Өтағам...

БАЛАМІНЕЗ ДƏУІТƏЛІ СƏУЕГЕЙЛІК 1972 жылдың күзі. ҚазМУ-дің алғашқы курсында оқу басталар-басталмас тұста үлкен поэзия кеші өтті. Ат шаптырым аудитория аузы-мұрнынан шығып, бөшкедегі балықтай сықасып, сығылысып отырмыз. Найзағайлы жаздай жарқылдап Жарасқан, іңкəр дүниедей Кеңшілік, қазақы Пушкиндей Шөмішбай, нартайлақтай найқалған Несіпбек, «қарагөздетіп-паровоздатып» көзі көкшиген Көпен, қалаға келе ауылын аңсаған Танабай, «елигайлатқан» ерке мақамды Ғабиден... бірінен кейін бірі күркіретіп өлең оқып жатыр. Бəрін де айтқызбай-ақ танып отырмын, кейбірінің кітаптарын, кейбірінің газет-журналдардан жырларын оқып, суреттерін көргенмін. Жүйке-жүйені жыр биледі. Біресе құлаққа ұрған танадай тыныштық. Біресе дүркіреген шапалақ. Маған бəрі таңсық. Кешті жүргізуші – əр сөзін мəнерлеп, мақамын қайыстай соза сөйлейтін көзəйнекті дөкей – университеттің М. Əуезов атындағы əдебиет үйірмесінің жетекшісі, доцент Сұлтанғали Садырбаев болып шықты. – Келесі өлең оқитын Дəуітəлі Стамбеков! – деп хабарлады ол əдеттегідей əндетіп. Əлдекімге еліктеуі ме, өз дағдысы ма, бірден білу қайда? Мінбеге ұршықша үйірілген икемді қимылмен орта бойлы, қараторы жүзді, қиықша мұрты бар, екі көзі дөңгеленген əдемі жігіт шықты. Оны бұрын түрін көрмесем де бірден тани кеттім. – Жақында мен «Жазушы» баспасының поэзия редакциясына барып едім – есігі тарс жабық екен. Əнеки, алдымдағы

поэзияның есігі жабық! – деп бастады ол. – Тұтқасын ары тарттым, бері тарттым – ашылмайды. Мылқау есікті дүңкілдетіп ары қақтым, бері қақтым – ешкім ашпайды. Поэзияға мені ешкім кіргізер емес. Жолатқысы да келмейтін болуы керек. Содан, босқа келдім бе деп, сырттан темір лом əкеліп, поэзияның есігін бұзып кірсем – ішінде малдасын құрып Қадыр Мырзалиев отыр екен! – деп бір орағытты. Жұрт ду күліп, шапалақ ұрып жіберді. Сөзіне таңырқап қалдым. – Менің байқауымша, бүгінгі поэзия екі түрлі бағытпен дамып келеді, бірі – азаматтық лирика, екіншісі – нəзік лирика. Азаматтық лириканың негізін салған – Маяковский, нəзік лириканың бастауы – Есенин. Біз осы екі жолдың қайсысын таңдауымыз керек? Меніңше, егер алда-жалда осы Совет өкіметі құлай қалса – Маяковский қоса құлайды. Осы қоғаммен бірге күні бітеді. Сондықтан оның жолы – уақытша. Ал Есениннің поэзиясы – мəңгілік. Өйткені қоғам өлгенмен табиғат өлмейді, махаббат өлмейді. Оны жырлаған поэзия да ешқашан өлмек емес. Мен осы бағытты таңдадым, – деп сілтеп барып, өлеңін оқып кетті. Жұрт сілтідей тынды. Оның қандай өлең оқығаны есімде жоқ, қаперіме кірмеген де болуы мүмкін, құлағымда «Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса...» деген сөзі саңқылдап тұрып қалды. Əйтеуiр, бұған дейін төрде падишадай болып отырған кешті жүргізушінің салиқалы жүзінің кенеттен əлем-тапырық бұзылып кеткені анық көз алдымда. Əжептəуір кейпі бірден бұзылып жүре берді. Ол Дəуітəліні тоқтатып үлгермек түгілі, естіген сөзінен есін жия алмай, есеңгіреп қалған болуы керек. «...Егер алда-жалда осы Совет өкіметі құлай қалса»... Оғаштық па? Барып-тұрған оғаштық! Өйткені бұл 1972 жыл болатын! Кеңес өкіметінің нағыз дəуірлеп тұрған шағы! КГБ мен цензураның қылышынан əлі қаны тамып тұрған тұсы! Біздің сəби-бала кезімізде ұстаздарымыз: «Сексенінші жылдары коммунизмге жетеміз», – деп миымызға құйып, сендіретұғын. «Коммунизм» дегеннің не екенін біз қайдан

білейік? Бірде сол сұрағыма үлкендердің біреуі: «Коммунизм дегеніміз – рахатизм», – деп жауап берген. Тағы бірде «Балдырған» журналында өзіміз қатарлы бүлдіршіндердің суреттерін бірнеше бетке қаптата беріп, төбесіне: «Бұлар коммунизм тұсында өмір сүреді!» деп жазғанын оқығанда қатты қызыққанмын. Сол арман-коммунизмге мен емес, сол суреттері шыққан балалар ғана баратындай көрініп, үлкен тойдан қағылып, рахаттан құр қалғандай өкінішті əсерде көп жүргенім есімде. Сондай тəтті елес, қиялмен өскен санама Дəуітəлінің мына сөзі мұздай су құйғандай əсер етті. «Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса»... Мəссаған!.. Бұл сөз сол кештен кейін-ақ журфак студенттері ортасында талқыға түсті. Көпшілік мырс-мырс күліп, бірауыздан: «Ақындар жынды ғой, жындылар не айтпайды, сандырақтай береді», – дегенге сайды. Түкпірімде «Дəуітəлінің сөзінің жаны бар ма?» деген ой жылт етіп, ұялап қалды. Кеңестік жүйенің құлар-құламасы туралы ойдың түбіне көзім жетпеді, құларына сенгем де жоқ, бірақ поэзияның қай бағытының өміршеңдігі туралы пікірі қисынды көрінді. «...Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса»?!. Келе-келе Дəуітəлінің ойының дұрыстығына көзім жетті. Бірақ, əттең, қанша жылдан кейін... Сол кештен тұп-тура 12 жыл өткен соң Мəскеудің Əдебиет институтының қабырғасында профессор Куницынның кеңестік жүйенің іріп-шіри бастағаны туралы дəрістерін тыңдай жүріп, қырық елден келген курстас ақын-жазушыларға: «Біздің Дəуітəлі Стамбеков деген бір талантты ақынымыз солай деген», – деп айтқанымда отырғандар екіге жарылған: жартысы – «дұрыс», жартысы – «бұрыс» деп шықты. Біразы əзілге сайып тынды. Дегенмен, Дəуітəлінің сөзінің дұрыстығы дəлелденуі үшін тағы бір он шақты жыл керек еді. Сандырақ деп жүрген сөз соңыра сəуеге айналды. Ақын Дəуітəлі Стамбеков Кеңес өкіметінің құлағанын өз көзімен көріп, тəуелсіздіктің тоғыз жылын бастан кешіп, құрыған денсаулығына қарамастан «Тамұғым мен жұмағым» атты өлмейтін өлең кітабын жазып кетті. Ол сол өз денсаулығын құртқан қоғамның келешегіне 20 жыл бұрын күмəн келтірді. Бұл көріпкелдік емей немене?

Енді бүгін қараңыз – Маяковский бастап, бəріміз жапатармағай жырлаған сол қоғам əлдеқашан құлаған. Қираған жұртына тіпті қаулап шөп шығып кетті. Біз енді сол шөпті жырлап жүрміз. ШӨЛІРКЕУ Жортып келеміз. Жортып келе жатқан сол баяғы Дəуітəлі екеуміз. Жортып келе жатқан себебіміз – Алматының көшесінен сыра іздеп жүрміз. Іздегенің қашан табыла қоюшы еді? Анда да жоқ, мұнда да жоқ. Желпілдеп қайда жетіп барсақ та, екпініміз тау жыққандай болып ентігіп қайда келсек те шіркіннің сырасы əлгінде ғана таусылған болып шығады. Түс ауғанмен қырық күн шілдедегі қала қайнап, ауа жанып, өртеніп тұр. Ыстық бізді қойып шаһардың ішіне түсіп кеткен, асфальт тобарси балқып, қоңырси еріп жатыр. Жас баланың еңбегіндей, басқан сайын былқ-былқ етеді. Дем алсаң қолқаң күйердей қапырық, шөлдегеннен тіліміз аузымызға сыймай келеді. – Дəуке, тұра тұршы, мынау автоматтан газды су ішіп алайын, – деймін шыдай алмай. – Жоқ, болмайды, одан да мына құртты сор, – дейді ол шалбарының терең қалтасынан қоңырқай екі ежігей құрт шығарып, біреуін сүйсіне жалап-жалап қойып. – Ойбай-ау, ежігей одан сайын шөлдетпей ме? Сырасы құрысын, табылмаса қойсын. Краннан су ішсек те қайтайықшы. Қаталап өлетін болдық, – деймін мен кіржиіп, кейіп. – Сіркем су көтермеуге айналды. Табаннан тоздық қой... – Əлі де əбден шөлдей түс. Адам əр нəрсеге еңбегін сіңіріп барып қолын жеткізуі керек. Оп-оңай кездесе кеткен сырада не дəм, не мəн болады? – дейді. Дəуітəлінің сыра жөніндегі философиясы мығым. Қисынына тіс батпайды, ешбір дау айта алмайсың. Сөйтіп, мені дедектете ертіп келе жатып: – Менің Сəулебек Жəмкенов досымның сыра жөнінде мынадай мақал-мəтелдері бар: «Сыраны сіміріп ішпе, сіңіріп

іш», «Құстар жиналса – ұшайын дегені, достар жиналса – ішейін дегені», – деп күлдіріп қоятынын қайтерсің?.. Мен де қарап қалмай: – Оспанхан ағамыздың: «Бір шөл бар. Шөл шөлмекпен жоғалмас па екен? Əй, осы бізді түбінде шөл алмас па екен?» дегенін де қосып қой, – деймін езуім күлуге жарамай келе жатып. Шын шөлдеген адамның аузы икемге келмей қалады екен. БАЛА МЕН ЖҰМЫРТҚА ХИКАЯСЫ Дəуітəлі қайсыбір күні кешкілік бақшадағы баласы Расулды жетелеп алып, «Қаламгерге» келді. Бірнеше жас ақын қауқылдасып отыр едік. – Күн ұзақ. Үйге ерте жетіп барған қызық емес. Сендермен бірге отыра тұрайын, – деді. Ортамыз толып қалды. Бір кезде көрші үстелге Толмачев деген досымен Олжас Сүлейменов келіп қонжиды. – Анау ағаңды танисың ба? – деді Дəуітəлі қасымызда біздің əңгімеде шаруасы жоқ, өзімен-өзі шиенің шиедей сөлін ішіп, қаннен-қаперсіз, монтиып отырған баласына. – Ол – Олжас Сүлейменов аға! – деді ол бірден танып. – Сен Олжас ағаңның қандай өлеңін жатқа білесің? – деп еді, ұлы да жанып тұр екен, бірден: Эй, Половецкий край! Ты табунами славен... – деп аңыратып қоя берді. Сəбидің саңқылдаған даусы жұрттың бəрін өзіне қаратты. Олжас та əңгімесін доғара қойып, құлақ түрді. Өлең аяқталғанда бəріміз қол соқтық. – Бар, Олжас ағаңа сəлем бер, – деді Дəукең. Ұлы тартыншақтап еді: – Жүр, өзім таныстырайын, – деп қолынан ұстап апарды. Олжас еміреніп: – Атың кім, айналайын? Кел, танысайық. Менің атым – Олжас, – деп гүрілдеп еді, бала:

– Менің атым – Расул! – деп тақ ете түсті. Олжекең өзі қатты сыйлайтын Ғамзатов сынды үлкен ақынның атын сəбидің аузынан естігенде (Расул деген Алланың да бір аты ғой!) селк етіп, басын жұлып алғандай болды. Мүмкін жай ғана елең еткен болар, маған бірақ солай көрінді. Сол отырыстан тарқағанда Дəуітəлі мені əдеттегідей үйіне шақырды. «Қайдағы бір қуыстағы қуықтай пəтерде жападан-жалғыз өзің жатқанда не бітіресің, жүр біздің үйге, шүйіркелесіп, жантайып жатып, жеңгеңнің шайын бірге ішейік», – дейтін Дəукең жұмыстан шыққанда екі күннің бірінде. Өзі қала сыртында, жер түбіндегі Қарасу ауылында сыншы Кəдірбек Уəлиевтің коттеджінде тұрады. Барсаң қайту қиын. Қонып қалуға тура келеді. Сондықтан көбіне қашқалақтайтын едім. Ертеңгі күн демалыс болғасын осы жолы келісе кеттім. Көз байлана екеуміз Расулды екі қолынан жетелеп алып, көліктен көлік ауыстырып, ақыры 1-Алматы вокзалының түбінен Қарасудың автобусына отырдық. Күні бойғы сабылыстан ба, əлде бірер саптыаяқ сыраның салдары ма, қалжыраған екеуміз де қалғып кетіппіз. «Қарасуға келдіңіздер! Қарасу аялдамасы! Қарасу!» дегенді естіп оянып, орнынан жылжи бастаған көліктен секіріп-секіріп түсіп қалдық. Көшені басымызға көтере самбырлай сөйлесіп, салып ұрып Дəуітəлінің үйіне кірдік. Əншейінде жарқылдап қарсы алатын əйелі Фарида жеңгей бізге біртүрлі аңтарыла қарағандай болды. Бұрынғыдай емес, сəлемі де селқос көрінді. «Бұл қайдан жүр?» деп ойлап тұр ма деп, енді мен ыңғайсыздана бастадым. Көзімен үсті-басымызды түгел шолып шығып: – Дəуітəлі-ау, бала қайда? Немене Расулды бақшадан алмағансың ба? – деді. Дəуітəлі маған, мен Дəуітəліге қуыстана қарап, состиып қалыппыз. – Алғанмын, алғанмын. Жаңа ғана бала бар еді ғой? – деп Дəукең маған алақтап, шыр айналып, үсті-басын сипалай бастады. – Не дейсіңдер?! Бала қайда?! Қайда кетті?! – деген жеңгейдің даусы оғаштау шығып кетті.

«Бəсе, бала қайда?!.» Ұлды автобуста ұмытып кеткенімізді енді білдік. Дəуітəлі екеуі қатар отырған болатын. Екеуміз үйден ытқып емес, атқып шықтық. Алыстағы аялдамаға бар күшімізбен жүгіріп келеміз. Құйындай ұштық. Реактивті самолет те бұлай зауламайтын шығар! – Қалай ғана ұмытып кеттік? – деймін мен ырсылдап, ентігімді баса алмай... – Əлгі автобус Николаевкадан қайтады. Соңғы аялдама сол. Қайтар жолда ұстап алу керек, – дейді Дəукең де екі иінінен зорға дем алып... Түн ортасы. Соңғы автобустар қалаға, паркке қайтып жатыр. Автобус көрсек қол көтеріп, алдынан шығып, айғайлап тоқтатамыз. Аялдамаға тоқтай қалғанына секіріп мініп, ішін қараймыз. Бала үшті-күйлі жоқ! Көкке ұшып кеткендей зымзия! Түн ортасынан ауа бастады. Үрейіміз ұшып кеткен. Түрімізден де адам шошитын болар. «Енді қайттік?!» деп, тыпырлап, күдеріміз үзіле бастағанда жарығы өлімсіреген бір автобус көрінді. – Осы! Осы! – деп айғайлап жіберді Дəуітəлі сыртқы пошымынан тани кетіп. Салдырлап келіп тұра қалған көліктің ішіне секіріп кірсек – өзгеге өтірік, маған шын – Дəуітəлінің баласы бағанағы отырған орындығында пырылдап əлі ұйықтап жатыр! Ешкім орнынан қозғамаған! Ал автобустың ішінде шопырдан өзге бір жолаушы қалмаған. Басқа жұрттың бəрі түсіп қалыпты. Бала дін-аман! Бізден бақытты адам болмады. – Баламның табылғанын жуамыз! – деді Дəукең. Алақайлап үйіне келдік. Фарида жеңгейдің қабағы бірден ашылды. Бұрынғыдай жадыраңқы, мамыражай күй қайта орнады. Енді баланың табылғанын жууға кірістік. – Мама Фазыловна, – деді Дəукең өз балаларының мақамына салып, – бізге ішімізді майлау үшін екі шикі жұмыртқа əкеліп бере қойшы. Ішейік. Дəуітəлі маған көзін қысып қойып, алдымызға келген шикі жұмыртқаның біреуін алып, маған көрсете отырып, екі

сопақ жағынан да инемен нығарлап, мұқият тесті. Тесіктің біріне ернін тақап, ішіндегі бүкіл уызын түк қалтырмай сорып алып, жұтып қойды. Сонсоң сол жұмыртқаны менің қолыма ұстатты. Сыртынан қарасам бүп-бүтін, кəдімгі жұмыртқа, бірақ іші бос қауақ! Лезде үрлеген шардай жепжеңіл болып қалыпты. Таңырқап қарай бердім. Кəдімгі болымсыз ине өткен болмашы, елеусіз тесіктен жұмыртқаның бүкіл ішіндегі ағы мен сарысын түк қалдырмай сорып алғанына бірден сене қалу да қиын еді. «Ішіндегі сұйық су емес, қоп-қою нəрсе еді ғой? Бұл не сиқыр?» деп ойладым. Ол менің үнсіз сұрағымды көзімнен оқығандай, қуланып: «Физиканың заңдылығы!» – деп сұқ саусағын көкке шошайтты. Содан кейін екінші жұмыртқаны да дəл солай тесіп, ішіндегісін түгел маған сорғызды. Енді Дəукең: «Қарап тұр, қазір жеңгеңді қатырамын. Ол аңқау!» – деп маған сыбырлады да: – Фарида, мына жұмыртқаның іші босап қалған сияқты қой, бұзылып кеткен жоқ па, қарашы, – деді оған ұсынып. Жеңгей жұмыртқаны қолына ала салып, шайқап-шайқап жіберді. Ішінде уызы жоқ, жеп-жеңіл неме қайдан шайқала қойсын? Пышақпен аздап тесіп, шұқып, абайлап жарып көріп еді – іші бос болып шықты. Жеңгей таңырқап, өз көзіне өзі сенбей тұр. Ештеңеге түсінбей, айналдырып қарайды. – Мұндайды бірінші көруім, – деді ол. – Мə, онда мына екіншісін көрші, – деп Дəукеш басқасын ұстата қойды. Оны да шайқап көріп, қабығын жарғанда іші бос кеуек болып шықты. Жеңгеміз аң-таң, айран-асыр. – Тауықтар да халтура туатын болған ба? – деді Дəуітəлі. – Қайдан білейін, дүкеннен алдым ғой, мұндай да болады екен-ау, ə? – деп жеңгей таңдайын қағып жатыр. – Мұның атын аборт дейді! – деді Дəукең. Екеуміз күлкіден шашалып, ішегіміз түйіліп, екі жаққа құладық.

СӨГІС 1977-1979 жылдары «Қазақстан пионері» газетінде Дəуітəлі Стамбеков, Тынышбай Рахимов, Бейбіт Қойшыбаев, Сайлаубай Жұбатыров, Мəди Айымбетов, Серік Жанəбілов, Мереке Құлкенов, Гүлсім Мұқышева сияқты ақын-жазушылармен бірге қызмет істейтін едік. Біздің редакцияға Өтежаннан бастап көптеген қаламгерлер, түк жұмысы болмаса да, бас сұққанды тəуір көретін. Бастығымыз Фариза Оңғарсынованы қосқанда біздің ортамыз кішігірім Жазушылар одағы секілді əсер беретін. Фариза апайдың мінезі қатал, тілі өткір. Айбынынан ығамыз. Телефонға «иə» деп жауап берсең де сөз естіп қаласың. «Алло» деп неге айтпайсың, өз үйіңде отырсың ба?» – деп түйреп тастайды. Алдынан есік аша қоймаған бір жігітімізге бола біздің бəрімізге: «Жігіттер, джентльмендіктерің жетіспейді екен!» – дегенде жерге кіріп кете жаздағанбыз. Бірде апай: «Іштеріңде кімкімдер ішімдік ішеді?» – дегенде мойындамай, бəріміз бас шайқап, тек қана Дəуітəлі: «Табылса неге ішпеске?» – деп ду күлдірген. Апай кейбір отырыстарда бізге өлең оқытатын. Дəуітəлі небір тамаша өлеңдерін төгіп-төгіп жіберіп: Шешін, қатын, Еркіндік те жалаңаш! – деп жүзін құбылтып, көзін ойнақтатып, қолдарын көкке созып тұра қалып, жасанды əртістікпен аяқтайтын. Бала мінезі мен бүкіл ерке қылығы өзіне жарасып тұратын. Оның үстіне Дəукеңнің бойына елде жоқ ғажап əншілік біткен. Ешкімде жоқ өте бір əдемі, мұңды бояуы бар аса биiк дауыс еді. Егер ол ақын болмағанда атақты əнші болар ма еді, кім білсін? Сол кезде аты жаңа шыға бастаған композитор Қыдырəлі Бақтыгереев екеуінің жас жұбайлар туралы əсем əні бар. Соны шырқайтын. Кейде ортаға шыға келіп, тамылжытып «Дудар-айға» басатын. Егер ресторанда отырғанда əн сала қалса, «Орныңа орыс-қазақ таласып жүр» деген жолды: «орыс» деген жерінде көрші үстелде отырған бейтаныс орыстарға сау-

сақ ұшымен сілтеме жасап, «қазақ» деген тұсында қазақтарды нұсқап шырқайтын еді. Əрине, жұртты күлдіру үшін. Дəуітəлінің аузынан тастамайтын ақыны Қызыларайдан шыққан дара дарын Серік Ақсұңқарұлы болатын. Қашан болса да Серікті, оның өлеңдерін насихаттап, өлеңдерін газет-журналдарға жариялатып жүргеніне куəмін. Ақсұңқарұлының «Клеопатра» дейтін поэмасы барын сол кезде-ақ Дəукеңнің аузынан естіп едім. Бір жолы маған газеттің Жеңіс күніне арналған санын алдын ала дайындау тапсырылды. Бірақ мен 1 Мамыр мерекесі қарсаңында елге кетіп, айналшықтап қалып, жұмысқа бақандай үш күн кешігіп жеттім. Ол тұста Фариза апай басқа жұмысқа ауысып кеткен еді, бас редактордың міндетін жауапты хатшы Бейсенбай Сүлейменов атқарып жүрген. Бірақ өзімізбен бірге екі күннің бірінде кешкілік преферанс ойнайтын мінезі жұмсақ Бейсенбайды өз қатарластары мен жасы үлкендер көп тыңдай бермейтін. Мен жұмысқа шыққан күні Бейсенбай жиналыс өткізді. Күн тəртібінде – Дəуітəлі екеуміздің мəселеміз. Мəн-жай былай болыпты. Мерекеден соң бастық Бейсенбай Дəуітəліні шақырып алып: – Анау Ұлықбек жолдан кешігіп жатыр. Сондықтан 9 мамырдың материалдарын дайындауды сен мойныңа ал, – деп маған берілген тапсырманы соған жүктеген екен. – Жақсы, – деп келісе кеткен Дəукең жеме-жемге келгенде бұл шаруаны ұмытып, ауылдан келген бір-екі курстасын қонақтатып кеткен көрінеді. Сөйтіп, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегендей, газеттің алдағы санына шығаратын материал табылмай, редакция түгел «күйіп, түтеп, жанып» жатқан үстіне түсіппін. Жұмыстан қалған кінəмді сезініп келген мен тағылған айыпты бірден мойындадым. Ал Дəуітəлі болса: – Бейсенбай, сенің есің дұрыс па? Анау Ұлықбек өз кінəсін мойындап отырған жоқ па? Менде нең бар? – деп дауласа кетті. Б. Сүлейменов соған қарамастан: – Стамбековке де сол тапсырма берілген болатын. Орындамады. Қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Сондықтан тап-

сырманы орындамағаны үшін Есдəулетов пен Стамбеков екеуіне де бірдей қатаң сөгіс жарияланып, жеке карточкасына енгізілсін, – деген қаулы қабылдатып жіберді. Мен жұмыстан шығарылмағанымды місе тұтып үндемей отырмын. Орнымда қалғаныма тіпті іштей мəзбін. Ал Дəуітəлі болса: – Маған неге бостан-босқа сөгіс бермексің?! Дұрыс емес! Ұлықбекке берсең бер. Маған берме! – деп бұрқан-талқан ашуланып шыға келді. Бейсенбай да қызынып: – Стамбеков, сен дауласпа. Не десең де, саған қатаң сөгіс жарияланып қойды. Естимісің? Саған қатаң сөгіс бердік! – деп қолын шошаңдатқанда, Дəуітəлі ашудан дірілдеп, орнынан ұшып тұрды: – Берсең бере бер, бəрібір мен ол сөгісіңді алмаймын! – Аласың! – Алмаймын сөгісіңді! – Аласың деген соң аласың! Алдырамын! – Алмаймын дедім ғой, алмаймын! Екеуі қызылкеңірдек болып қалды. Біз күлкіге тұншығып, сыртқа шыға жөнелдік. ХАТШЫНЫҢ ШКАФЫ 1988 жыл. Жазушылар одағы басқармасына хатшы болып сайландым. Бірде кабинетіме Дəуітəлі кіріп келіп, құшақтай құттықтап: – Мына орныңды жумайсың ба? – деп жымыңдады. – Дəуке, қазір жиналысым бар, кешке таман болмаса... – дегеніме қояр емес. – Сені пленумда сайлаған өзіміз. Сен мына біздің – жастардың секретарысың. Сондықтан біздің басымыз ауырып, балтырымыз сыздайтын болса ең алдымен сен жауап бересің. Мысал үшін, қазір менің басым болмай тұр. Оны түзеп беру – сенің басты міндетің, – деп тақымдап қоймаған соң, қалтама қол салып: – Дəуке, өзің барып біреулермен бас жаза қойшы, мен шыға алмаймын, – деп жетерлік тиынын беріп, əрең құтыл-

дым. Бірақ «құтылдым» дегенім бекер екен, біраздан кейін Дəукем қызара бөртіп қайта жетіп келді. – Бірге ішетін бір адам табылсашы. Мына жартыны жалғыз өзім еңсере алар түрім жоқ. Екеуміз көрейікші, – деп қойнынан аузы тығындалған шөлмекті суырып алды. – Ой, Дəуке, қазір менде жиналыс болады, жұрт келе бастады. Болмайды! Болмайды! Жұмыс! – деп шыр ете түстім. – Ə, онда жақсылап бір тартып алайын да кетейін, – деп ол көне кетті. Тездетіп, су толы графиннің жанындағы стаканға мөлшерлеп құйып, төңкере тартты да қалтасынан домалақ құрт шығарып, таңдайына сап, тамсап аз тұрды. Сосын есік жақтағы киім ілетін шкафты ашып, əлгі орталанған шөлмекті апарып қойды. – Бұл – сенің сыбағаң, – деді. – Ішкің келсе ішерсің. – Жоқ, мен қойып жүрмін, алып кет! – деп азар-безер болдым. – Ішпесең – ішпе, мен өзім келіп ішіп тұрамын. Осында қалсын, басқа біреулерге беріп қойып жүрме. Мына ыстықта арақ арқалап жүрем бе? – деп ол шыға жөнелді. Содан ол қайбір күні күтпеген жерден кіріп келіп: – Орнында тұр ма? – деп сұрап, өзі ашып, өзі құйып, бір тартып жіберіп шыға жөнелді. Бірде бөлмеде ұйғыр əдебиеті секциясын жинап, бір мəселені талқылап отыр едік, есік ашылып, Дəуітəлі кіріп келді. Ішке кіріп, үн-түнсіз маған қарап, бас бармағы мен сұқ саусағын көлденең шошайтып, стаканның белгісін көрсетті де, сұқ саусағымен кеңірдегін шертіп қалып, шкафты ашып, теріс қарап күбіжіктеп тұрып, өзіне керек тірлігін тез-ақ атқарып, қайта сыртқа шыға жөнелді. Мен назар аудармаған болдым. Ол шыға жөнелгеннен кейін барып ұйғыр жазушысы Шайым Шаваев акамыз артына бұрылып, аңтарылып: – Дəуіт мұнда не істеп жүр? – деп сұрады. – Поэзия секциясының бір қағазына келген болар... – дедім мен.

«ОЙНАП КЕТПЕЙ МЕ?» 1979 жылы «Жазушы» баспасының поэзия редакциясына күтпеген жерден атақты партизан-жазушы Қасым Қайсенов кіріп келді. Атып тұрып, жапа-тармағай сəлем бердік. Қасым аға бастығымыз Сағи Жиенбаевтан бастап, Əбдікəрім Ахметов, Шона Смаханұлымен жағалай амандасып болған соң, жұмысқа жаңа келген, жасы кіші Ерлан Бағаев екеуміздің сəлемімізді алып тұрып, түр-тұрпатымызға барлай қарап: – Ай, Сағи, мына бір шиеттей, кішкентай балаларды қайдан жиып алғансың? Бұларың жұмыс істей ме өздері, анау терезеден көрініп тұрған балалар дүкенін жағалап, ойыншық ойнап кетіп жүрмей ме? – деп салды. Отырғандар ду күлді. «Ақынбыз!» деп апайтөсімізді ұрып, жөпшеңкіні көзге ілмей, кеудемізге күмпиіп нан пісіп жүрген Ерлан екеуміз не айтарымызды білмей, қысыла қызараңдап қалдық. Ол кісіні «иттен» шығарып салып келген соң, Сағи аға жұмсақ жымия отырып, Қасекең туралы бір-екі аңыз-əңгіменің тиегін ағытты. «ДҰРЫС БОЛҒАН ЕКЕН...» Қасым Қайсенов бірде «кəдімгі» Сəбит Мұқанов ағасына телефон соғыпты. Сəбеңнің өндіріп жазып жатқан кезі, сіңбіруге мұршасы жоқ. Үлкен үстелдің үстінде роман, оның қасында поэма, оның қасында əңгіме, оның қасында өлең, хикая, зерттеу мақала, жолжазба, очерк, хат... дейсің бе, барҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ҚАСЫНДА

лық жанрдағы жазылмыш қолжазбалары қаз-қатар жайрап жатады. Сəбең бірінен шаршаса, екіншісіне ауысып жазады екен. Ондай кезде біреу-міреу телефон соға қалса, трубканы иығы мен иегінің арасына қыстырып алып: «Дұрыс болған екен» деп қойып, тыңдар-тыңдамастан жазуын жалғай беретін көрінеді. Сондай бір тұста Сəбеңің телефоны шырылдайды: – Ассалаумағалейкум, Сəбе! Сізге звандап тұрған мен – партизан ініңіз Қасым Қайсеновпын ғой. – Əликүмсалам, Қасымжан! Дұрыс болған екен... – Сəбе, мен сізбен ақылдасайын деп едім. – Дұрыс болған екен... – Есіңізде шығар, соғыс кезінде менің бір көзіме ұшқын тиіп, зақымданып еді ғой? – Е, дұрыс болған екен... – Соңғы кезде көзімнің сол жарақаты қайта қозып жүргені... – Е, дұрыс болған екен... – Дəрігерлерге көрсетіп едім, операция жасаймыз дейді... – Е, дұрыс болған екен... – Соған келісім берем бе, жоқ па? Əлде басқа бір жақтарға барып емдетем бе? Соны ақылдасайын деп ем. Əйтпесе, көзімді ойып алып тастайтын түрі бар. – Е, дұрыс болған екен... – депті тағы да жазу үстіндегі Сəбең Қасым ағаның сөзіне құлақ қоймай. Бағанадан əзер шыдап тұрған батыр Қайсеновты сол кезде əбден ашу қысып, телефоннан: – Ай, Сəбе! «Дұрыс болған екен, дұрыс болған екен» дейсіз! Көзімді ойып алып тастаса – соқыр болмаймын ба? Оның несін дұрыс деп тұрсыз?! – деп ақырыпты. Сонда сасып қалған Сəбең трубканы қолына ала салып, жалма-жан: – Е, Қасымжан, соқыр боламын дейсің бе? Онда дұрыс болмаған екен, – деп жауап беріпті.

«ҚАЙСЕНОВШЕ ЖАРАСТЫРУ» Бір жылдары Қасым Қайсенов «Жазушы» баспасы директорының орынбасары, əрі жергілікті кəсіподақ ұйымының төрағасы (сол заманның тілімен айтқанда – местком) болып тұрған кезде баспа директоры шақырып алып: – Қасеке, біздің баспаның қызметкері, өзіңіздің ақын ініңіз Əбдікəрім Ахметовтың отбасында шатақ шығып, ыдыс-аяқ сынып, шаңырағы шайқалып жатыр. Месткомның бір-екі мүшесін ертіп апарып басу айтып, келініңізбен екеуін жарастырып қайтыңыз. Əйтпесе ажырасып кетуі мүмкін. Əбдікəрім де майдангер ғой, сізді сыйлайды, сөзіңізді жерге тастамас, – дейді. Қасым аға екі-үш адаммен келсе, шынында да ұрыс шыққан үйдің иті қырын жүгіріп тұр екен. Бара үлкендігіне салып, басу айта сөйлесе – ашуынан қайтуы жылдам Əбдікəрім інісі екі сөзге келмей, тез-ақ иліге қалады. Бірақ оның долырып алған əйелі сөзге қонақ бермей, бұрынғыдан бетер өршеленіп, көкайылдана беріпті. – Келін шырағым, ақылға келші. Ақын болған соң артықауыс еркелігі болған шығар. Қоя қойшы, – десе де қоймай, онан сайын шаптыға түсіпті. Өзін «кісімісің» демей, не атағын, не сақалын сыйламай, бетпақтана бергенін көріп түңілген Қасым Қайсенов: – Ай, келін шырағым-ай, осы өзіңнен де бар-ау, – деп қалыпты. Сол-ақ екен, бағанағы боран – боран ба, əлгі келіннің аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып: – «Қасым, Қасым» дегенге құтырған неме, сенің де жайыңды білеміз, – деп бастап, бітістіруге келген «қайнағаның» бетінен алып, төбесіне шай қайната жаздапты. Туғалы мұндай ауыр сөз естіп көрмеген асау Қасым ашу буып, орнынан атып тұрып, ақырып: – Ай, Əбдікəрім, сен мынадай шайпау қатынмен қалай тұрып жүрсің? Мен енді сені мұндай оңбағанмен бір күн де отастырмаймын! Айда, жүр, жина шамаданыңды! Сені алып кетіп, өзім басқа қатын тауып беремін! Кеттік! – деп, абдыраған Əбдікəрімді алды-артына қаратпай ала жөнеліпті.

Сөйтсе, бірер күннен кейін əлгі кесірлі келіннен баспа бастығына арыз түскен екен. Онда: «Біз Əбдікəрім екеуміз сүттей ұйып отырған тату-тəтті ошақ едік. Қасым Қайсенов деген бір қызылкөз пəле келіп, күйеуімді азғырып, ажырастырып алып кетті...» – деп жазыпты. Қасым аға туралы хикаяны ендігі жерде сол Əбдікəрім Ахметовтың сөзімен жалғастырайын. Əбекең де əңгіме айтқанда екі көзі ұшқындап, бет-аузын қимылдатып, артистерше рольге кіріп кетуші еді. 143-ТІҢ ƏЛЕГІ 1955 жылы баспаның поэзия редакциясына ақын Ілияс Есенберлин қатардағы редактор болып орналасты. Ірі жазушы ретінде əлі танылып, атағы шыға қоймаған, филармонияның бастығы болып жүрген жерінен қаржылық қырсыққа ұшырап, бірер жыл түрмеге отырып, бостандыққа шыққан соң, мамандығы бойынша тау-кен саласында істеп келген кезі. Кеңсе жұмысына мойынсұна, көндіге алмай, қолжазба оқудың орнына жиі-жиі «боза» қуып, «бошалап» кете берді. Редакция меңгерушісі Ғафу Қайырбеков бақылап қараса, оның алдындағы қолжазба-жинақ қанша күн өтсе де 143-бетінен ары оқылмай, ашылған күйі жата беріпті. Содан қаламы ұшқыр Ғафаң Ілияс Есенберлинге арнап: Кеше көрсең 143, Бүгін көрсең 143, Апта көрсең 143, Айда көрсең 143! 143-тен аспайды Ілияс деген бір ішкіш! – деп, «143-бет» деген шымшыма шығарып, фотосуретін қиып жапсырған əзіл суретін салғызып, баспаның қабырға газетіне іліп қойыпты. Бұл өлең ілезде ауыздан-ауызға тарап, ел-жұрт жатқа айта бастайды. Қырсыз қызметкерді мекеме масыл қып ұстай ма, ақыры Қасым Қайсенов басқарған

жергілікті комитеттің жиналысының шешімімен Ілияс Есенберлин қызметтен шығарылады. Содан он жылдан астам уақыт өткенде Есенберлиннің қолы ел басшысы Қонаевқа жетіпті. Алдымен өзінен бұрын «Айқас» па, «Қатерлі өткел» ме, əлде əлі жарық көрмеген «Қаһар» романы ма, бір кітаптары жетсе керек. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» сай келіп, кездесуге көп талпынған оны Димекең де қабылдай қалыпты. Сөйтсе, мамандығы тау-кен инженері Ілекең кезінде Дінмұхамед Ахметұлымен бір кеніште бірге жұмыс істеген-мыс. Қонаев оны ұмытпаған екен. Есенберлиннің шығармасын оқып, дарынына риза болып, қабылдауда айтқан ой-пікіріне ден қойып, ескі көзтанысының бір қалауын орындауды ұйғарады. Сөйтіп, Ілияс Есенберлин айды аспанға шығарып, он жыл бұрын өзін сыйғызбай жіберген «Жазушы» баспасына ойламаған жерден директор болып сарт ете қалады. Ел аң-таң. Жаңа бастық келген бетте «əй-шайға» қарамастан, бір-екі бұйрықпен баспадағы ең абыройлы адамдар қатарындағы Қасым Қайсенов пен Ғафу Қайырбековты жұмыстан қысқартып тастайды. Онымен жұлдызы жараспайтынын бірден сезген Қасым аға қыңқ етпей кеңседен шығып жүре беріпті де, əділет іздеген Ғафу ақын ашуланып, бұрқырап, Есенберлинмен жолығып, көзбе-көз тілдеспекші болып, баспадан бірден кетпей, айналсоқтап жүріп алған. Бірақ Ілекең бұйрық берген бетте іле-шала бір жаққа жедел аттанып кетіп, таптыра қоймайды. Баспаның бас редакторы Аманжол Шамкенов болса адуын ақынның ашу-ызаға толы сөздерін немқұрайды тыңдап, мұрнын шұқылап отыра береді. – Мен кіріп келсем, ашулы Ғафаң бастырмалатып, Шамкеновке айғайлап жатыр екен: «Бұл не сұмдық?! О заман да бұ заман баспаның редакция меңгерушісі қысқаруға ұшыраушы ма еді?! Бұл – барып тұрған бассыздық! Кісі артық боп жатса, қысқартуға менен басқалар жетпей ме? Қоластымда кіші редактор, қатардағы редактор деген сияқты көдедей көп қызметкер тұрғанда білдей меңгерушіні қысқарта ма екен! Бұл – əділетті белден басқандық! Заңсыздық! Əй, Аманжол! Аузын буған өгіздей неге үндемейсің? Бірдеңе десеңші!?» – деп қалшылдаса,

үстінен мың қой айдаса мыңқ етпейтін терісі кең, шамдануды білмейтін Шамкенов шұқылап отырған өз мұрнынан бірдеме тауып алып, көкке шертіп жіберіп, жерге түскенше көзімен ұзатып отырды да, саусағын нығарлап, танауының екінші тесігін шұқуға кірісті. Пулеметтен атқандай боратқан көп сөзіне бір ауыз жауап ала алмаған қызуқанды Ғафу ақын қорланып, долданып, күйіп-пысып шыға жөнелді. «Тесік моншақ жерде қалмайды» демекші, көп ұзамай Қасым Қайсенов Жазушылар одағының Əдеби қорына директордың орынбасары, ал Ғафу Қайырбеков «Қазақ əдебиеті» газетіне бас редактордың орынбасары болып орналасты. Бірақ бір жылдан кейін газеттің бас редакторымен бірге орнынан босап қалған Ғафаңның: Орынбасар – ойын ба? Бас кетсе қоса кететін мойын ба? – дейтін атақты афоризмі тарихи шындықтың куəсі болып қалды. Бірақ, «143-тің» машақаты мұнымен біткен жоқ. Төрт жылдан кейін, романдары жыл сайын шығып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болып, атағы аспандаған Ілияс Есенберлин Жазушылар одағының екінші хатшысы болып сайланып, түкірігі жерге түспей тұрды. Ол қызметке кіріскен бетте Əдеби қордың директоры Əбдірашит Ахметовты шақырып алып, орынбасары Қасым Қайсеновты жұмыстан қысқартуды талап етті. Қасымды қатты сыйлайтын Əбекең қатты састы. Бастық дігерлеп қоймаған соң, екі оттың ортасында қалып, амалы құрып, Қасымға мəн-жайды ашып айтуға мəжбүр болды. Қасым оған: – Жазушылар одағының екі күннен кейін болатын жиналысында Əдеби қордың атынан мен есеп беріп сөйлейін, сен ауырған болып, сылтауратып жатып қал. Сол жиналыстан соң өз еркіммен жұмыстан кетейін. Сенің екі дүниедегі достығың осы болсын, – деп, қоярда-қоймай, бастығы Əбдірашит Ахметовты осыған көндіреді.

Жиналыста сөз алған Қасым Қайсенов мінбеге шығып, Əдеби қордың жұмысы туралы қысқаша сөйлеп келіп, сөзінің соңында: – Мына президиумда отырған Ілияс Есенберлин бастықтығын пайдаланып, мен қайда барсам сол жерден мені індетіп қуалап, қысқартып жүр. «Жазушы» баспасынан қуды, Киностудиядан қуды, енді Жазушылар одағының Əдеби қорынан да қуып отыр. Ертеңнен бастап жұмыстан кетемін. Өздерің қараңдаршы. Осы Есенберлин бұрын өле ме, мен бұрын өлем бе? Оның түрі мынау. Өзі – дімкəс. Мыжырайған бұл қалпымен қаншаға барар дейсіңдер. Қайтсе де менен бұрын өлетіні анық. Құдай біледі, мен одан кейін кетеріме сенемін. Сондықтан, мен бүгін өз балаларыма мынадай өсиет айтып келдім. «Мен өлгенде, анау Ілияс Есенберлин жатқан жерге емес, басқа зиратқа жерлеңдер. Өйткені ол қаныпезер мені сол зираттағы көрімнен де тыржалаңаш қуып шығуы мүмкін» дедім», – деп, күркірей сөйлеп, мінбеден түсіп кетіпті. Сол күні өтінішін жазып, қысқартуға түспейақ өз еркімен орнынан босаған екен. Қасым Қайсенов содан кейін ешбір қызметке араласпапты. «15 БӨЛМЕЛІ ПƏТЕР» Енді бірде түс əлетінде Ерлан Бағаев екеуміз ақын Нұтфолла Шəкеновке баспадан шығып жатқан жаңа кітабының версткасын көрсетіп жатыр едік, бөлмемізге Қасым аға бас сұқты. Əдетінше Сағи Жиенбаевты іздеп келген екен. Оның орнында жоқтығын байқаған соң, Нұтфолла ағадан хал-жай сұрады. – Жазушылар одағында кеңесші болып істеп жүрмін. Жақында жаңа пəтерге кірдім, өзім елу жасқа келіп қалдым, міне, таңдамалы кітабым шығып жатыр, шүкір, Қасаға! – деп Нұтекең ақтарыла жөнелді. Қасым аға: – Е, жаңалығың көп екен, құтты болсын, – деп, арқасынан қағып қойып, бізге бар денесімен бұрыла сөйледі: – Бұл Нұтфолла ағаларың үй алғыш. Үй алғаннан бұрын қатын алғыш. Осы Нұтфолланың талай-талай үйлену тойын-

да болғаным бар. Санынан жаңылдым. Бата бере-бере, тост айта-айта шаршағаным есімде. Бір қызығы – Нұтфолла əйел алған сайын Жазушылар одағынан үй сұрайды. «Байқұс ақын бала-шағасымен баспанасыз жүр ғой» деп, Жазушылар одағы бұған үй береді. Ағаларың ол үйде тұрақтап көп тұрмай, жаңа қатын алып, Жазушылар одағынан тағы үй сұрайды. Жазушылар одағы «ақынымыз азып-тозып жүрмесін» деп, жаны ашып, тағы пəтер береді. Сөйтіп жүргенде, сонау жылы кезекті бір əйелімен шатақтаса берген соң Жазушылар одағы бұл Нұтфолланы Мəскеуге Əдебиет институтына оқуға жіберген. Бұл ағаларың ол жақтан да құр қол қайтпай, орыстың бүлдіршіндей бір қызын сары шашын желкілдетіп, жетелеп келген. Келе үй сұрады. Одақ өзін болмаса да, бұның етегінен ұстап, жылы ұясын тастап алыстан келген əйелін мүсіркеп, жас семьясын аяп, тағы үй берген. Нұтфолла, сен қазір сол əйеліңмен тұрасың ба? – Жоқ-ə, – деді Нұт-ағаң, – одан ажырағалы қашан? Ол орыс қатыннан əрең қашып құтылған жоқпын ба? – Мінеки! Бұл ағаларың бірде əйеліне «4-5 күнге командировкаға кеттім» деп, жол жүгін көтеріп, қоштасып кетіпті. Сөйтіп, дəл сол өз подъезінде, бір-екі қабат төменде тұратын, басы бос, көңілдес келіншектің үйіне кіріп кетіп, ен қызыққа батып, ешқайда шықпай екі күн жатыпты. Екінші күні түн ортасы ауғанда қойнындағы келіншек: «Асүйдегі қоқыс тұрып қалды, үй сасып кетті, тысқа шығарып, күресінге төгіп келші», десе: Нұтфолла: «біреу көріп қалмай ма» деп ыршып түсіпті. Келіншек: «Мен қараңғыда далаға шығуға қорқамын, қазір кім көрер дейсің, бəрі ұйықтап жатыр емес пе, тез апарып төгіп келе ғой», – деп Нұтекеңді қолына шелек ұстатып, дамбалшаң сыртқа жұмсап жіберіпті. Нұтфолла қоқысты ауладағы үлкен жəшікке төгіп, бос шелегін көтеріп, ысқырып келіп, есіктің қоңырауын үсті-үстіне баспай ма? Сонда есікті көңілдесі емес, өз əйелі ашыпты. Есік алдында – екі күн бұрын алысқа іссапарға кеткен Нұтфолла, қолында қоқыстың бос шелегі, өзі қара тұрсимен қалтырап, сасып тұрған көрінеді. Сөйтсе, көңілдестің қойнынан көңілі өсіп шығып, есіне өлең түскенде дүниені ұмытып, байқамай

шатасып, өз үйінің қоңырауын басқан екен. Бұдан кейін шатақ шықпай қайтсін? Солай болғаны рас қой, Нұтфолла? Нұтфолла ағамыз не «рас», не «өтірік» дей алмай күле берген. – Міне, көрдіңдер ме? Нұтфолла ағаларың бұл қосақтарының ешқайсысымен соттасып, үй-мүлік бөлісіп, əуре болмаған. Дүниенің, бала-шағаның бетіне де қарамай, қара шамаданын көтеріп, үйінен шығып жүре береді. Мықтылығы, бұны дəл сол кезде басқа жақта жаңа қалыңдығы күтіп, желегін жамылып, бұған байға тиюге дап-дайын отырады. Нұтфолла қатын алған сайын үй сұрайды, сұраған сайын Жазушылар одағы үй береді. Сұрай берген бұнда да ұят жоқ, үй бере берген Одақта да ұят жоқ. Егер сол алған пəтерлеріңді біріктіріп, бір жерге қосса – кемінде 15 бөлмелі үй болып қалған шығар? Солай ма, Нұтфолла? – деп Қасым аға оған ажырая қарады. Нұт-ағамыз сəл ойланып қалды, көкке қарап, көзін жұмып, саусақтарын бүгіп, тез-тез санап жіберді де: – Қасаға, қалай дəл таптыңыз? Шынында да 15-16 бөлме болып қалыпты, – деді. Бəріміз ду күлдік. Қасым аға: – Сен əлгінде елуге толдым дедің бе? – деп сұрады. – Иə, келіп қалдым, – деді Нұтфолла. – Тоқта, тоқта, сен елуге енді келдім дейсің... Мен сенің өлеңдеріңді сонау бала кезімнен оқып өскем. Тіпті кейбіреуін жаттағам да. Сөйтіп жүрген мен əлдеқашан алпыстан асып кеттім, ал сен əлі елуге тола алмай жүрсің бе? Осы сенің жасың өтірік қой деймін! – деп, Қаскең бізді тағы бір күлдіріп алып: – Сағиға менен сəлем айтыңдар! – деп шығып кетті. Сөзінің жаны бар екен. Бойы тəпелтек болғанымен, алты қырдың астынан естілетіндей зор дауысты Нұтфолла Шəкенов университетті 20 жасында бітіріп, əдебиетке ерте араласып, 21 жасында тұңғыш кітабын шығарып, ерте танымал болғанын кейін білдім. Айтса – айтқандай болып шықты.

ДОЙБЫ Қонаққа кешігіңкіреп келдім. Төрдегі креслода – партизан-жазушы Қасым Қайсенов. Түксиген қабағын ашып, маған бір қарап қойды. Үйдің иесі ақын Тоқтарбек Қызықбаевпен дойбы ойнап отыр екен. Сəлемімді алар-алмастан: – Ай, залатой, мынау ағаң аңқау екен, ұтылып қала береді, өзің келші! – деді. Отыра қалып, кірісіп кеттім. Дойбымен бала кезде көп əуестенгенмін, мектеп жасында аудан чемпионы болғаным да бар. Содан ба, Қасым ағаны ет қызуымен байқамай, жөппелдете бес рет ұтып жіберіппін. Сол-ақ екен Қасекең Алтайдың қоңыр аюы сияқты қоңырайып, «менің денсаулығым болмай тұрғаны» деп, орнынан ыңыранып тұрып, ырғала басып, есіктен шығып жүре берді. Қаншама шаужайына жармассақ та қайырылып қарамады. Буы бұрқырап, асүйде түсіріліп жатқан тамақ, тартылар бас, дастарқандағы құюлы коньяк жайына қалды... Ошарылып, аңтарылып, есік алдында біраз тұрған соң, қайта оралмасына көз жеткенде, үйге қуыстана кіріп, омалып отырып қалдық. Тоқтарбек ағам онсыз да алақандай екі көзі одан арман алайып, маған өмірінде бірінші рет суық қарады: – Беу, бауырым-ай, бір-екі рет ұтыла салмадың ба? Батыр адамды ренжітіп жібергенің болмады ғой... – Ренжіп қалатынын мен қайдан білейін, «ағаң аңқау екен, өзің кел» деген соң... – деп сөзімнің аяғын жұтып, кiрпiгiммен жер шұқыдым. «Шынында да ұят болды-ау...» деп, кетеуім кетіп, өкіне бастадым. – Ол енді қайырылмайды, тамақты əкеле беріңдер, – деді Асыл апа. Үн-түнсіз үстел басына отырдық. Мұндайда тамақтан ас қалай өтсін? – Ештеңе етпейді! – деп Асыл апа сөзге араласып, басу айтты. – Ағаларың өзін сыйлап, қоғадай жапырылған елдің бəрін карта мен дойбыдан ұта-ұта əбден жаман үйреніп алған. Сондықтан ұтып жібергенің өте дұрыс болды. Өзіне де сол керек. Егер де сен өтірік ұтылып, соныңды Қасым

сезіп қалса, бұдан былай жек көріп кетер еді. Жалғандықты жаны жақтырмайды. Титтей көлгірлігін сезе қалған кісіні ол қайтып маңына жолатпайды. Қасым ағаң ренжіп кеткен жоқ, мен білсем, «інім мықты екен» деп, қайта саған риза болып кетті. Абыржымаңдар. Өзіміз-ақ отыра берерміз, – деп еңсемізді көтерер пікір айтты. Бұл сөз дүдəмəл ойды сейілткендей, дəтке қуат болды. КӨШЕДЕГІ ТӨБЕЛЕС Қасым ағамен бұдан бұрын да осы дастарқанда бір-екі рет дəмдес болған едім. Сол отырыстарда батыр ағамыз коньякты үлкен фужер-бокалға толтыра құйдырып, андасанда ғана бір тартып жіберетін. Інілеріне: «Сендер андағы құрттай рюмкемен тост жібермей сілтегенде менен көп ішіп қоясыңдар» дегені ойымда қалыпты. Дəм үстінде сол есіме түсіп, мен Асыл ападан: – Қасым ағаның коньякты үлкен фужермен ішкенін көрдім. Бұл – қазіргі жетпістің желкесіне шыққандағы құлаш сермесі. Ал Қаскем жас кезінде қалай ішуші еді, мысалы, соғыстан келген кезінде?.. – деп, Қасым ағаның хикаяларын суыртпақтай бастадым. – Ə, ол кезде ме? Ол кезде... Қазіргідей фужер, бокал, рюмка дегендер қайдан болсын? Тіпті стакан да жоқ. Қалайы крөшкенің өзі қат. Сондықтан банкімен ішетін. – Банкімен? Қандай банкі? – Кəдімгі жарты литрлік. – Сонда сол банкінің нешеуін ішеді? – Бір отырғанда бес-алтауын төңкереді ғой. – Ол дегенің бес-алты бөтелке арақ қой! Мас болмай ма? – Неге мас болмасын? Болады... Бірақ ешуақытта қайсыбіреулер құсап буынынан, не есінен айрылып, бұлғаңдап, бұралаңдап, қисалаңдап көрген емес. Тіпті тілі күрмеліп, не сөзінен жаңылған жері жоқ. Қанша ішсе де маған ешбір көзін алартып, былапыт сөйлеп, не қол көтеріп, мастық мінез көрсеткені болған емес. Өзім де босқа килікпеймін ғой. Ағаң

əбден ішіп болды-ау деген кезде, «енді үйге қайтайық...» деп қолтығынан ұстасам, бір ауыз сөз айтпастан орнынан тұрып, бұйдаланған бурадай болып жүре беретін. Ол кезде қазіргідей автобус, трамвай, такси деген сияқты қаптап жүрген көлік қайда, қыл аяғы арба да жоқ. Түу қияндағы Тастақта тұрамыз. Қаланың бір пұшпағынан екінші шетіне қарай жаяулап жетеміз. Сонда жол бойы «бейсеует төбелес кездеспесе екен» деп Құдайдан тілеп келе жатамын. – Төбелес болса ше? – Ойбай, онда ағаңды ұстап тұра алмаймын. Ешкім де ұстап тұра алмас еді. Қанша адам, кіммен-кім төбелесіп жатыр, оған бəрібір. «Сен былай тұра тұр» деп мені шетке ысырып қойып, ақырып-бақырып, қызып жатқан төбелестің тура ортасына қойып кететін. Содан бəрін шетінен лақтырып, ұрып жығып, құлатып, сұлатып, жайратып тастап, «ал енді үйге қайтайық» деп қасыма келетін. Таң қалатыным, əлгіндей төбелестен Қасым сап-сау болып, айығып шығатын еді. Түрі мен сөзіне қарасаң – тіпті түк ұрттамағандай! Төбелес десе жаны кіретін еді ағаңның. «АЙРАН! АЙРАН!» 1944 жылы қыста Қасым соғыстан келді. Ұландағы əкеме апарып таныстырмақ болдым. «Күйеубалаң қан-майданнан аман-есен батыр болып оралды» деп, бет-жүзін көрсеткім келді. Бұрын көрген жоқ еді. Қасым он тоғыз жасында, мен он алты жасымда қосылдық қой. Мен оның Шəмшиқамар деген қарындасымен Өскеменде бірге оқып жүргенде танысқанбыз. Ол Тарғын деген жердегі маған 40 шақырым тауды асып, Асубұлақтан велосипедпен келіп жүрді. Бір құрбым менен «бұ жігіт кім?» деп сұрағанда «герой» деп жауап бергенім есімде. Өйткені, ол кезде қайбір сайраған жол бар, иен таудан асып, бір көріп, тілдесіп кету үшін сонша жол жүріп келетін. Сонша жол жүріп түнделетіп қайтатын. Сөйтіп жүргенде бір күні ол маған «қосылайық» деді. Өзі бірбеткей, тентек болатын. Оның бұзақы түрін көрсе əкем

ажыратып жібере ме деп қорқып, оған таныстырып жатпайақ етегінен ұстап кете бардым. Əлі ақыл тоқтатып болмаған жастық кез қой. Қасым Өскеменде техникум бітірген соң, Павлодарға жұмысқа орналасып, сонда көштік. Содан Қасымды əскерге əкетті. Одан кейін соғыс басталып кетті. «Жау тылына тағы ұшып барамыз» деген бір хатынан кейін хабары үзілген. Өлі-тірісін білмей жүргенімде Жұмағали Саин аға Украинадан тауып алып, соғыстан азат болған елде, өзі соғысқан жерде, бір ауданда əжептəуір қызметтің құлағын ұстап жүрген жерінен жетелеп əкеліп берді емес пе? Бұл бөлек əңгіме. Қыстың көзі қырауда екеуміз Алматыдан елге жол тарттық. Бір жерде келе жатып, түн ортасында ағаңның айран ішкісі келді. Жеті түнде ұйықтап жатқан жұрттың үйлерінің терезесін соққылап, барқыраған жаман дауысымен көзге түртсе көргісіз қараңғыда «Айран! Айран!» деп айқайлайды. Үрейі ұшқан жұрт айран бермек түгілі, есігін де ашпайды. Сонда да жеті түнде бүкіл елдің итін шуылдатып, қоймай жүріп, бір ауылдан айран тауып ішкен ағаң ғой бұл. УКРАИНАДАН ОРАЛУ – Қаскеңді Жұмағали Саин қалай тауып əкеп жүр? – деп сұрап қалдым. – Ол былай болған, – деп Асыл апа əңгімесін бастады. ... – 1944 жыл еді. Бірде мен қызмет етіп жүрген газеттің (қазіргі «Егемен Қазақстан») редакторы Қасым Шəріповке бір жұқалтаң кісі келіп, майданнан жараланып келгенін, енді өзі соғысқан Украина жаудан аза болған соң, қайта барып майдандас достарын тауып қайтпақ болып отырғанын айта бастады. Ол күнде бүгінгідей жеке-жеке кабинет деген жоқ, бəріміз бастығымызбен бірге бір бөлмеде ұйлығып отырамыз. Сондықтан əлгі кісінің əңгімесін тыңдаған сайын жанымды қоярға жер таппай, Қасымның дерегін сұрағым келіп, безектеп барамын. Ақыры шыдай алмай, бар батылымды жиып:

– Ағай, менің де күйеуім Украинада соғысқан еді, білмейсіз бе? – деп сұрадым. – Аты-жөні кім еді? – Қасым Қайсенов деген ініңіз. – Жоқ, ондай жігіт бізбен бірге болған жоқ. Атын да естімеппін, – деді ол. – Былтыр «тағы да Украинаға аттанып барамыз» деген хатынан кейін хабар үзілді. Ол кезде Украина азат етілмеген кез еді ғой. Сұрай жүріңізші. Мүмкін бір жерде кездесіп қалар, – деп қоймадым. – Қарағым, мен Жұмағали Саин деген ағаң боламын. Ендеше, күйеуіңе арнап хат жазып қой. Жолға шығарда ала кетейін, – деді ол. Мен Қасымға арнап хат жазып қойып, Жұмекең ағаның келіп алып кетуін күтіп жүрдім. Ол кісі шамасы оны ұмытып кеткен болуы керек, редакциямызға қайта соққан жоқ. Содан күндер өтіп жатты. Бір күні ақын Əбу Сəрсенбаевтың жан жары Лəзиза Серғазина апай маған: – Асылжан, сүйінші! Күйеуің табылды! Жұмағали Саин ағайдың үйіне бара ғой. Сол кісі ертіп əкепті! – деп сүйінші сұрады. Рас па, өтірік пе, сенейін бе, сенбейін бе деп, екі өкпемді қолыма алып, жүгіріп, сұрай-сұрай жүріп, үйін таптым. Кіріп келсем – орыс əйелі отыр екен. Кіре салып: – Қасым келді ме? – деп сұрамаймын ба алып-ұшып... – Келді, – дейді жайбарақат, ілулі тұрған əскери киімдерді көрсетіп... – Қайда? – деймін алабұртып. – Моншаға түсіп жатыр. Отыра тұр, – деп орындық ұсынды. Отырғаныммен байыз таба алмай, ілулі киіміне қараймын. Ақыры сыртқа шығып кетіп, Лəзиза апайдың үйіне барып отырдым. Онда да дегбір жетпей, жүгіріп əлгі үйге қайта келдім. Кіріп келсем, олар моншадан шығып, үйге кірген екен. Жұмағали ағай: – Келін, сұраған күйеуің осы ма? – деп күліп тұр. Қасым мені бас салып құшақтап, ернімнен жабыса сүйді. Ондайды көрмеген мен қатты қысылып, жерге кіріп кете жаздадым. Бұрын еріннен сүйетін əдеті жоқ еді, соғыстан үйреніп келген екен. Содан үйге бірден қайта қоймай, Жұмекеңдермен

əңгімелесе отырып арақ ішті. Маған да іш деп қояды. Бұрын татып алмайтын еді. Оны да үйреніп келіпті. Бұл ағаңа соғыс талай нəрсе үйретіп жіберіпті ғой. Сөйтсем, Жұмағали аға «хат жазып қой» деп, маған берген уағдасын ұмытып кетіп, Украинаға барғанда өзі соғысқан жерлерді аралап жүріп, партизан-қазақтар туралы сұрастырған ғой. «Осында Вася деген қазақ бар» деген соң, шақыртып сөйлессе, біздің Қасым болып шығыпты. Өзі бір аудандағы əжептəуір лауазымды жұмысқа тағайындалған екен, елге қайтқысы келмей қипақтаған сияқты. Мені ұмытпаса да, хабарсыз қалған соң, жөнін тапқан шығар деп ойлады ма, кім білсін? Əлде сол жақтан біреуді тауып алды ма, ол жағынан ағаларың тіс жармайтын. Қойшы, содан, Жұмағали аға «Сені жан жарың, қосағың күтіп отыр, сұрау салып жатыр» деп, қоярда-қоймай елге алып қайтқан беті екен. Сөйтіп ағаларыңды еліне əкеліп табыстырған жаны жаннатта болғыр Жұмағали Саин аға болатын. Кейін де, Қасым талай жерде қиындыққа кездескенде зыр жүгіріп, ара түсіп, ақылын айтып, ағалығынан жазбады. Қасымның жазушылар ортасына кіріп, көптеген аға-іні, дос тауып, өзінің де жаза бастауына бастабында сол кісінің ықпалы тигені айдан анық. Қасым да ол кісіні қатты құрметтеуші еді. ҚОЙ БАУЫЗДАУ Ауылға жетіп, күйеубаласын əкеме таныстырдым. Əкем бір қой алдыртып, Қасымға: – Мына қойды өзің бауыздап, жайғамасаң, ауылда мал соятын еркек кіндік қалмады, бəрі де соғыста, – деді. Қасым ойланып жатпастан, жалма-жан қойды тізесімен жерге жықты да, табанымен басып тұрып, қолына ұстатқан пышақпен алқымынан орып-орып жіберді. Басын құбылаға қарату, төрт аяғын жіппен буу деген рəсімдер қаперіне де кірген жоқ. Қой толық бауыздала қоймай, қаны шашырап, жаны шықпай, тұяғын серпіп, қорқырап жатыр. Қасым: «Өтпейді екен!» деп қолындағы қан-қан пышақты лақтырып

тастап, қойдың денесін аяғымен басып тұрып, басын қос қолдап ұстап, мойнын бұрап-бұрап жұлып алды. Сөйтіп тұрып: – Мына қойдың мойны фашистің мойнынан да мықты екен, – деп қояды. Мұндай сорақылықты бұрын көрмеген елдегі əйелдер мен кəрі-құртаңдардың жаны түршігіп, «шала бауыздалып, арам өлген қойдың етін жемейміз» деп қашты. Көп жыл өткенде, ана бір жылы осы Қасым ағаларың машинасына салып үйге бір тірі қой əкеліпті. Ұлымыз бен күйеубаламызды шақырып, «екеуің сойыңдар» деді. Қалада туып-өскен соқталдай екі жігіт қой бауыздай алмай тыраштанып, əлектеніп жатқанда Қасым ағаларың: – Қазақ деген қойдың төрт аяғын буып, басын құбылаға қаратып, бісмілласын айтып адамша бауыздамас па? – деп ақыл айтып тұр екен. Мен де тек тұрмай: – Сенің де қойды қалай бауыздағаныңды білеміз, – деп едім, ашуланып: – Сен де қайдағыны ұмытпайды екенсің, – деп кілт бұрылып үйге кіріп кетті, – деді Асыл апа. ҚАСАПШЫДАН АЛҒАН ЕТ Соғыстан соңғы жылдардың бірінде Қасым үйге кештетіп келді, қасына ертіп алған бір қонағы бар екен. – Үйде ет жоқ еді, енді қайттім? – деп мен сасқалақтап қалдым. – Мен онда қасапшыдан ет əкеле қояйын, – деп, Қасым тез жиналып тұра жөнелді. Қонақ үйде қала берді. Мен қазанға қара суды құйып қойып, сақырлатып қайнатып отырмын. Ет келгенде сала қоймақпын. Қасым сол кеткеннен ұзақ жоғалды. Қасапшының үйі жуық маңда болатын. Неге кідірді екен деп менен маза кете бастады. Қонақ болса қанша қозғалақтағанымен – қайтсін, ол да күтіп-ақ отыр. Ақырында менің төзімім таусылып, Қасымды іздеп, қасапшының үйіне беттедім. Барсам – саған өтіріқ, маған – шын, ағаларың үйді де, үйдегі қонақты да ұмытып, қасапшымен карта ойнап отыр!

– Қасым-ау, Қасым, ет қайда? Үйде қонақ күтіп отыр ғой, – десем, маған мойын бұратын түрі жоқ. Бір кезде қасапшы əйеліне бұрылып: – Анау оралған етті Асылға бере салшы, – деді. Əйелі ұстатқан бір кесек етті алып, үйге қарай ұштым. Келген бетте, қазандағы қайнап жатқан суға сала қойдым. Көп ұзамай еттің иісі бұрқырай бастады. Қасым болса əлі жоқ. Бір кезде сақыр-сұқыр есік ашылып, қасапшының əйелі кіріп келді де, таңдана қараған маған: – Əлгі ет басқа біреудікі екен, келіп іздеп жатыр, иесіне беруіміз керек, қайтара ғой, – деп қарап тұр! Амал жоқ, қазанда қайнап жатқан етті сүзіп, суырып алып, қолына ұстатып қоя бердім. Амал қанша? Қасым ағаңның осындай да қызықтары болатын, – деп күлді Асыл апа. Асыл апаның ауызша айтқан əңгімелерінің өзінен ашылмай қалған жазушылық қабілеттің ұшқынын көргендей болдым.

ҚАҺАРМАНДАР

– Ай, залатой, – деді телефондағы дауыс. Тани қойып: – Ассалаумағалейкум, Қас-аға! – дедім үнімді қаттырақ шығарып. – Мынау тау жақтағы үйге көшкелі бері жалғызсырап қалдым. Бұрынғы күнделікті ағылып келіп жататын кісілердің аяғы тыйылды. Тіпті телефон да болмай, тас қапасқа түскендей күй кешіп едім. Сендер де іздеп келуді білмейсіңдер. Орталықтағы бұрынғы үйге жиі келіп жүруші едіңдер ғой. Неге ұмыттыңдар? Тым құрыса, мына партизан ағамның халі қалай екен деп амандасып, бір жүз грамм ішіп кетпейсіңдер ме? Бүгін ғана үйге телефон орнатып, сендерге соғып жатқаным ғой. Əдрісті жазып ал. Келсеңші. Мен де саған ілесіп Зайсандағы үйіңе дейін барып едім ғой, əкеңнің асына қатысып едім ғой, – деді дауысы күңгірлеп. – Жақсы, келемін, Қас-аға, келемін! – дедім, көңілі көтеріле берсін деп, дауысымды жарқын-жарқын шығарып...

Соның алдында Алматыдағы Ритц-Палас мейрамханасында өткен үлкен бір қонақасыда көрген едім. Жүрсін Ерман екеуміз шеткерірек үстелде отырғанбыз. Бір жігіттердің сүйемелдеуімен Қасым аға кіріп келе жатты. – Барып, сəлем берейік, – дедім Жүрсінге. – Жарбаңдап жүгіріп жүреміз бе, кейін сəлемдесерміз, бір көзімен алыстан бізді бəрібір көрмейді, – деді Жүрсін. Сонымен, соңыра сəлем беретін болып, орнымызда тыпырлап, отырып қалдық. Қасым ағаны қарсы алушылар төрге оздырып əкетті. Ақсақал ретінде алдымен сөз алған ол өз тілегін айтып болған соң көп ұзамай қайтуға жиналғанын дастарқандағы өзге жігіттермен қауқылдасып отырып, байқамай қалыппыз. Тек біздің тұсымыздан өтіп бара жатып тоқтап: – Ай, балалар, амансыңдар ма? – дегенде селт етіп, бас көтеріп, көре қалып, сəлемдесуге тұра ұмтылдық. Бар еңсесімен бұрылып, бізге қарап тұр екен. Жүрсіннің «бір көзімен алыстан бізді бəрібір көрмейді» дегені бекерге шықты. Құшақтап, бетімнен сүйіп жатып: – Үйге келмей кеттіңдер ғой. Мен сендерді сағынамын ғой, – деген құлағыма тақап. – Барамыз, барамыз, – деп едім, аяқ астынан жол жүріп кетіп, ойым орындалмай қалған. Күйбең тіршілікпен жүріп, Қаскеңді естен шығарып алыппын. Ол кісіге үйдегі келіні арнайы «Қаһарман» дейтін коньяк алып қойған. Соны алып барармын деп іштей түйгем. «Сабақты ине сəтімен» дегендей, Өскеменнен Алматыға келіп жүрген досым Түсіпхан Түсіпбеков дəл сол күні хабарласа қалды. Келген шаруасынан қолы босапты. Екеуміз қасымызға сатирик Еркін Жаппасты алып, Қасым ағаның үйіне тарттық. Көктөбенің бөктеріндегі еңселі жаңа үйінде жалғыз өзі ұйықтап жатыр екен. Есік ілінбеген. Ас үйінде немересі ме, күтушісі ме, бір қыз жүр. Басқа ешкім көрінбеді. Еппен оятып едік, бізді көріп жылап жіберді. – Ай, залатойлар, барсыңдар ма? Амансыңдар ма? – деп шетімізден құшақтап, сүйіп жатыр. Қатты сағынғаны көрініп тұр.

– Мені жылатпай жиі келіп тұрыңдар, қарақтарым, – деді тарам-тарам аққан көзінің жасын сүртіп. Сосын: – Мені енді жылатпаңдар, – деп қайталады. Біз де елжіреп кеттік. Сəл мауқы басылған соң: – Шешелерің ауруханада жатыр. Бірер күнде шығады, – деп қойды. – Сен қашан келдің? Ел-жұртың аман ба? Не жаңалық бар? – деп Түсіпханнан хабар-ошар сұрады. – Мынау қай бала? – деп менің қасымдағы жігітке көз тоқтатты. – Қасым аға, бұл – «Қазақ əдебиетіндегі» менің тізгіншім, аты – Қаһарман! – дедім. – Қаһарман? – деп қайталап сұрады. – Иə, Қаһарман, – дедім мен, – ал мынау – «Қаһарман» коньягі, келініңіз əдейі сізге арнап беріп жіберді. – Ол «Қаһарманыңды» былай қоя сал, бұл Қаһарманың бізбен бірге дастарқанға отырсын, – деді Қасым аға. Дастарқан үстінде ежелгі əдетімен жіңішкелеу биік фужерге толтыра коньяк құйдыртып, бізге ақ тілегін айтып, ақтай қылып алып қойды. Жасы 89-ға келген ақсақалдың мына қимылынан соң бəлденуді артық көріп, біз де аянып қалмадық. – Сонымен, сенің атың Қаһарман болды ғой? – деп тағы да нақтылады ағамыз. – Иə, Қаһарманмын, – деді ол. – Е, енді білдім, ендеше маған сенің атыңды присваивать еткен екен ғой, – деп бізді ду күлдірді.

ТЕЛЕФОН ОРНАТУ – Осыдан бір апта бұрын осы үйге Мемлекеттік хатшы Оралбай Əбдікəрімов келді. Өзі біртоға, қарапайым жігіт қой, байыппен: – Қасым аға, мынау Елбасының өзі Сізге арнайы беріп жіберген Президенттік стипендиясы. Қабыл алыңыз, – деп, қолындағы қомақты пакетті ұсынды. – Ай, Оралбай қарағым, – дедім, – Нұрекеңе көп рахмет. Мынау үйге өзі кіргізіп кетіп еді. Тау жақта, таза ауада, жаңа үйде тұрсын деген шығар. Қамқорлығына ризамын. Бірақ мұнда келгелі түрмеге қамалғандай халге түстім. Бұрынғы үйімдегідей жағдайымды біліп тұратын келім-кетім адамдардан ажырап қалдым. Мұнда иттің үргенінен басқа тырс еткен дыбыс жоқ. Украинаның орманында да мұндай болмаған. Ешкім хабарласпайды. Хабарласатын телефон жоқ. Неше ай болды, осындағылар телефон орната алмай табаннан таусылғанына. Сондықтан, Оралбай бауырым, мен бұл ақшаны алмаймын. Осы күйінде шып-шырғасын шығармай Нұрсұлтанның өз қолына қайта апарып бер. Құнына бір телефон орнатып берсін. Осы стипендиясының ақшасы бір телефонға жететін шығар, – дедім. Ол: – Ақсақал, о не дегеніңіз?! – деп шоршып түсті. – Телефонды онсыз да орнатып береміз. Бүгіннен бастап өзім кірісемін. Телефон болады. Орнатылады. Ешкімге айтпай-ақ қойыңыз. Өзім мойныма аламын, уəде беремін, – деп бəйек болып, ақшадан құтылғанына қуанғандай, асыға аттанып кетіп еді. Тілеуіңді бергір, сол Оралбай бауырым, міне, сөзінде тұрып, бір аптаның ішінде осы телефонды орнаттырды, – деді Қасым аға көңілі көтеріліп. Біз Қаскеңнің телефонын жудық. Ол кісі мейірленіп, арқа-жарқа көңілденіп, бір жасап қалғандай болды.

ҮКІМ Менің есіме ол кісінің 85 жасқа толғандағы бір-екі сөзі түсті. Ел-жұрт жабыла мақтап жатқанда айтқаны: – Сендер менің ішімді кептіріп, бағамды асырып, жеркөкке сыйғызбай мақтап-ақ жатырсыңдар-ау. Бірақ мен өзімнің кім екенімді өзім білемін ғой, – деді. Жансерік-хатшысы, тумаса да туғандай баласы болған суретші, қаламгер Еркін Нұразханов мерейтойдан кейін: – 85-ке толған қандай болады екен? – деп сұрады. Қасым Қайсенов оған: – 85-ке толған – ату жазасына бұйырылғанмен бірдей болады екен. Үкім қашан орындалады деп күнде күтіп отырасың, – деп жауап берген. Міне, сол жауаптан кейін төрт жыл өткенде біз Қасым ағаның жаңа телефонына құтты болсын айтып, дуылдасып жаттық. Өзі айтқандай «үкімнің» орындалуына бір жарым айдай ғана уақыт қалғанын біз қайдан білейік?!. ОСПАНХАННЫҢ ОСПАҒЫ Қасым ағаның туған жері Ұлан ауданында 95 жылдығын өткіздік. Деректі фильмнің, Еркін Нұразхановтың Қасым аға туралы кітабының тұсаукесері болды. Сол күндерде Асыл апаның інісі, қазақтың көрнекті сатирик-жазушысы Ғаббас Қабышевтен бір əңгіме естідім. – Жетпісінші жылдардың ортасында Қасым Қайсенов, Оспанхан Əубəкіров үшеуміз шалғайдағы бір ауданды араладық. Кездесулерде Қасекең партизандар өмірінен əңгіме айтып, мен шағын сықақтарымды, Оспанхан өзінің əзілоспақ өлеңдерін оқып жүрдік. Оқырман жұртшылық Қаскеңе көп сұрақ қояды. Батыр ағамыз ұтымды жауап беріп, кездесулер өте қызғылықты өте бастады. Бірақ алғашқы кештеріміз қанша тартымды болғанымен, Қасым ағаның қабағы ашылмай, төмен қарап, тұнжырап, түйіліп, жауар бұлттай түнере берді. Себебін басында бірден ұға қоймай,

іштей мазасыздана бастадым. «Бақсам бақа екен» демекші, батырдың жынына тиіп жүрген түйткіл Оспанханның өлеңінде болып шықты. Осекең жаңа жазып, ыстық-суығы басылмағандықтан ба, өзіне қатты ұнайтын болуы керек, бір «Қиямет» деген əзіл өлеңін кездесу сайын оқып жүрді. Оспанханның: Мимырттың бір баласы бар, Өз сөзімен айтсақ, Бала емес, Қып-қызыл пəлесі бар. Мұны əкесі есепке Бес жасынан үйретті, Шырт ұйқыдан оятып, Құлағынан тартып сүйретті, – деп басталатын сол сықағының ішінде мынадай жолдар бар екен: Əй, сенің аяғың нешеу? Екеу ғой шамасы? – Екеу, – дейді баласы. – Дұрыс. Ал енді мына есепті шығаруға тырыс. Мысалы, сен Мектепке келе жатқанда, Құдай тас төбеңнен атқанда, Бір аяғың шарт етіп сынды. Құладың. Тыңдап тұрсың ба, ей, жынды? Сонда қанша аяғың қалады? Ойланшы өзің шамалы? – Қазір папа, айтып берем, Егер бір аяғым сынса, Үйге қайтып келем... – Əй, құлағың нешеу? – Екеу.

– Ал, ендеше мына есепті шешіп алғын, Мысалы: Мен бір құлағыңды кесіп алдым. Сонда құлағың қанша болады? – Көп болады. – Есек! Мына басың жоқ болады! Қап, мына ит бітірді-ау төзімді. Əй, егер бір көзіңді Ағызып жіберсем, Қанша көзің қалады? Ойлансаңшы шамалы. – Онда соқыр болам. – Ақымақ! Сен онсыз да соқыр баласың! ...Мынадай қиямет əкең болса, Сен де соқыр боласың! Осы өлеңнің соңына таман, «бір көзіңді ағызып жіберсем қанша көзің қалады» деген жеріне келгенде Қасекең өзінің соғысқа берген көзі есіне түсіп, тұқшиып, қыржиып, бір қабағын қалқалап, мазасы кете бастайды екен. Оны байқап жатқан Оспанхан жоқ. Кездесу сайын одан арман құтыртып оқиды. «...Егер бір көзіңді ағызып жіберсем, қанша көзің қалады?» деген жерде пауза ұстап, залға сұраулы жүзбен сүзіле қарап тұрады. Ел-қыран топан. Бірақ əлгінде ғана өзі де əзілмен сөйлеп, елді күлдіріп əңгіме айтқан Қасекеңнің қас-қабағы жиырылып, қолма-қол қатайып, өңі суып кетеді. Түсінген адамға оңай ма? Көз алдыңда боғыңмен жасты біреу, бет-аузы бүлк етпестен көзіңнің кемістігіне тиісіп, бетіңе басып жатқаны кімге ұнасын?!. «Соқыр десе Құнанбайға тиеді». «Кісісі асылып өлген үйде арқан туралы əңгіме айтпа» деген бар емес пе? Құдайдан сұрап алған ауру емес, қанды соғыстың зардабы, қан майданның ылаңды ізі. Қайта, Қасекең шыдап, бұрқырап келген қаһарын сыртқа шығармай, үш күн бойы ашу-ызасын іште ірке біліпті. Шарт етіп ашуланса қайтер едік?

Оспанхан менің ескертуімнен кейін өзі де ұялып, бұл өлеңін айналып өтіп, басқа сықақтарын оқи бастады. Келесі кездесуде «тағы да көзіме тиісе ме» деп қауіптеніп отырған Қайсеновтың енді қабағы жадырап, көңілі көтеріліп, бұдан былайғы жерде: – Мынау Оспанхан деген өзі тауып айтатын, тіліп жазатын өте талантты сатирик! – деп мақтап сөйлей бастады. «ОРМАНДА ЕРТІП ЖҮРЕТІН БАЛА» Досым Сəдібек Түгел телефон соқты. – Мажарстанға ұлттық ат ойындарын өткізуге кетіп барамыз. Алматының орталық ипподромында жолашар рəсімін өткізбек едік. Тай сойып дайындалып отырмыз. Соған Венгрияның Елшісі Степановты шақырсақ, батыр ағамыз Қасым Қайсеновтың батасын алсақ деген ойымыз бар еді. Соған қолұшын берсең? – деген өтініш білдірді. Сыртқы істер министрлігінде істеп жүрген кезім. Мəдени байланыс жəне ЮНЕСКО істері жөніндегі бөлімді басқарамын. Айтып отырғаны – халықаралық мəселе. Илеп жүрген терімнің бір пұшпағы. Айналысып жүрген шаруам болғасын екі сөзге келмей қолұшын бердім. Рəсімге Степанов өз көлігімен баратын болды, Қасым ағаны мен жеткізетін болып келістік. Ипподром бастығы, белгілі атбегі Қилан Нұртазиновпен біраздан таныс-біліспіз, бірнеше рет дастарқандас болғанымыз бар. Оның күндіз көбіне қаңырап бос жататын ипподромында көлік жүргізуді үйреніп, рөлге машықтанғам. Қиланмен таныстырған осы Сəдібектің өзі. Қасым ағаны алдымен Қиланның кабинетіне алып кірдім. Екеуі бір ауылдан. Бірақ бір-бірімен бірінші рет танысты. Қасым аға батыр тұлғалы ірі адам екені белгілі. Ал Қилан інісі одан да ірі болып шықты. Қасым ағамыз бізге қанша дəу боп көрінгенімен, ат əрең көтерердей зор денелі, батыр бітімді, еңгезердей еңселі жігіттің жанында кішірейіп қалды. Қанша айтқанмен, қартайып, еті қашып, шөккен кезі ғой.

Сонда інісінің алпамсадай бойына қарап тұрып, Қасым Қайсенов: – Шіркін, сен маған соғыс кезінде кездессең ғой – Украинаның ну орманында пулемет арқалатып, қасыма ертіп жүретін бала екенсің! – деді сүйсінісін жасыра алмай. «НЕГЕ ҚАШЫП ЖҮРСІҢ?» Ана бір жылы Аягөзде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдық тойы өткізілетін болып, мерзімді күні жақындап қалғанда Қасым аға қоңырау шалды. – Ай, залатой, сен менімен жүр. Аягөздегі тойдан үштөрт күн бұрын Өскеменге барып, өткен жолы кірмей кеткен əлгі Метте деген əкімге жолығайық. Елге керек бір шаруа шығып тұр, – деді. – Аға, мен «Қозы Көрпеш» жырының тойына баруын барамын, бірақ одан бір күн ерте шыға алмаймын. Өйткені соған арнап материал дайындап жатырмыз. Газеттің шаруасы бастан асып тұр. Анау Талаптан інімізбен сөйлесіп, қасыңызға қосып берейін, мені қозғамаңыз, – деп азар-безер болып, ақталып, ермей қалдым. Шындығында да, газеттің ұйымдастыру жұмыстарының төңірегінде бір шешуін таппаған өткір мəселелердің əлегімен сол жолы бірден аттанып кетуге дайын емес едім. Қасым аға жазушы Талаптан Ахметжанов бауырымызды қасына алып, жедел жиналып, елге тартып кетті. Аягөзге біз түскен күні Өскеменнен оралып, Қасым аға да жетті. Қабағы салыңқы. Маған ба, басқаға ма, əйтеуір біреулерге өкпелі екенін бірден сездім... – Өскеменде үш күн жатып, анау Метте деген əкімге кіре алмай қайттым. Əдейі арнап барған шаруа шешілмеді. Мүмкін, сен жүргенде басқаша болар ма еді? – деді тұнжырап. – Неғып кіре алмадыңыздар? – Ит біліп пе? «Қабылдамаймын» десе кете берер едік. «Күтсін, қабылдаймын» деп əбден əуре-сарсаң қылды. «Аяқ

астынан аудан аралап кетті, бір жерде жиналыс өткізіп жатыр, қолы тимей жатыр, келеді» деп, үш күн алдады. – Қас-аға, мен мына тойдың бағдарлама, жоспарын оқыдым. Міне, мұнда «кешке облыс əкімінің қабылдауы болады» деп жазылыпты. Бұл – Меттенің өзі сіз бен бізге, тойдың құрметті қонақтарына қонақасы-дəм береді деген сөз. Астанадан Мəдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі келді. Ендеше тойға əкім де келіп, міндетті түрде қатысуға тиіс. Кіре алмағаныңызға ренжіп қайтесіз. Бүгін сол əкім сіздің алдыңызға өз аяғымен келеді. Сонда жолығып, шаруаңызды айта қойыңыз, – дедім. Расында да, кешке бізді үлкен дəмханаға қонақасыға жинады. Той əлі басталмағаннан кейін, орындарға отыра қоймай, топтанып тұр едік, министрді қапталына алған облыс əкімі Виталий Леонидович Меттенің өзі де кіріп келді. Кіріп келді де, ең алдымен, өңірі орден-медальға тола жарқырап, өзі қасымызда қасқая қарап тұрған Қасым Қайсеновке өзінше қазақшалап: – Салям Алейкум, – деп мəнерлей сəлем берді. Қасекең оның сəлемін алар-алмастан күркіреген дауыспен: – Ай, Метте, дарагой, я уже 55 лет немцев не убиваю! Почему избегаешь от меня? – деп жіберді салған жерден. Бүкіл жиналған жұрт ду күлді. Оны қабылдамай қашқақтап «күнəға батқан» облыс əкімі Метте аузына сөз түспей, қысылғаннан қып-қызыл болып кетті. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, сол кеште Метте Қасым ағаның қасынан шырғалап шыға алмады. Тарту-таралғысын тартып, көпшік қойып сөйлеумен болды. Қасым ағаның үш күн жатып, айта алмай қайтқан бар шаруасын шешіп бергеніне күмəн жоқ.

ҚАРА ТІЗІМ – Маған Киевтегі достарым хат жазып: «Вася, енді Украинаға келуші болма», – деп жатыр, – деді Қасым аға бірде «Жас қазақ» газетінің редакциясына келіп. – Неге? – дедім таңырқап. Өйткені, Украина – біз білгенде, Қасым Қайсеновтің екінші Отаны. Өзінің қан майданда өткен жастық шағы ғана емес, бейбіт өмірдегі бүкіл саналы ғұмырымен, тағдырымен, қаламгерлік жолымен жалғасқан, байланысқан елі. «Менің бүкіл кітаптарым Украина туралы, украиндар жөнінде жазылған, Қазақстан тақырыбына көп жазған емеспін», – дегенді өз аузынан естігенмін. Сондықтан, жанындай жақсы көретін, жылара барып тұрмаса көңілі көншімейтін Украинадағы біртіндеп сиреп бара жатқан қарулас достары партизан Васяға «енді Украинаға келме» деуі мүмкін емес сияқты көрінді. – Украиндар да өз тəуелсіздігін алғаннан кейін президент сайлаған жоқ па? Билік басына Леонид Кравчук деген бұрынғы коммунист келген. Бірақ ол өзі бір кездегі украин ұлтшылдарының тұқымы болып шықты. Оның атасының өзі 20-30-жылдары поляк əскерінің құрамында совет өкіметіне қарсы соғысқан көрінеді. Біз партизан болып жүргенде, неміс-фашистерін ғана емес, Советтерге жан-тəнімен қарсы болған талай украин ұлтшылдарының да көзін жойдық қой. Олар бізді аяған жоқ, біз оларды... Орман ішінде кездесе қалсақ, сөзге келмей атыса жөнелетінбіз. Кейбіреуін тірідей қолға түсіріп, қалың орман ішінде ағашқа асып кеткен кезіміз болған. Ал енді сондай бір ұлтшылдың баласы енді бүгін президент болған соң, əкелерінің кегін іздемей ме? Соғыс кезінде партизандарды басқарған командирлердің бəрін қамтыған қара тізім жасап, соттамақ, жазаламақ болып жатқан көрінеді. Сол қара тізімнің жуан ортасында мен де тұр екенмін. Украинадағы достарым: «Мына Кравчук деген Президент «біздің ұлтшылдарымызды қырған партизандарға өлім жазасы лайық, тірі жүргендерін шетінен жазалаймыз» деп, тізім жасап, науқан ұйымдастырғалы жатыр. Сен де сол қара тізімге ілігіп тұрсың. Сондықтан əзірше

Украинаға келмей-ақ қой. Елің, жерің басқа болса да, ұстап алып, сотқа тартып жүрер», – десіп хат жазыпты, – деді Қасаға. – Е, ондай болса, бармай-ақ қойыңыз. Кравчук қанша тұрар дейсіз? Ол орнынан түскенде бір-ақ барарсыз, – дедім ақылдымсып. – Жоқ. Олай болмайды, – деді Қасым аға. Қабағы түйіле қатуланып, түксиген қастары түйісіп, сəл ойланып барып сөзін жалғады: – Ол кезде біздің совет өкіметі билік құрып тұрды. Мен сол өкіметті қорғап соғыстым. Оған қарсы болғандарды неміс пе, украин ба, кім болса да ұлтына қарамастан қырып-жойдым. Өйткені, біз оларды жоймасақ, олар бізді құртатын еді. Енді басқа заман келді, сол баяғыда бізбен соғысқан украин ұлтшылдарының енді бағы жанды. Дүние кезек деген. Өкімет ауысқан екен, билік қолдарына тиген екен, олар енді, мейлі, бізді атып, ассын, соттасын. Өйткені, енді біз оларға кедергі келтіруіміз мүмкін. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Не істесе де көріп алуға дайынмын. Қан майданды бірге кешкен достарымнан жаным артық па? Сондықтан Украинаға жақында тағы да аттанайын деп отырмын, – деп Қасым аға сөзін жігермен аяқтады. «ЖАЗАДАН ҚАШҚАН» – Қасаға! Осы Сізді қаһарман, батыр деп жүргендердің бəрінікі – бос сөз! – дейді бірде Қалтай Мұхамеджанов Қасым ағаның үйінің төрінде тобылғы түстес торы коньякті толтыра тартып жіберіп, шалқып отырғанда. Дастарқандағы жұрт түгел тіксініп, үдірейіп қалады. Қалтайдың əзілі ме, шыны ма – ажырату мүмкін емес. – Меніңше, Сіз соғыстың қарсаңында советтік заңды өрескел бұзып, бас сауғалаған адамсыз! Ол кезде ондай қылмыс жасаған адамның Совет өкіметінің құрығынан қашып құтылуы мүмкін бе? Қайдан болсын?! – деп үстей түседі Қалекең.

Мына күтпеген сөзге абыржығандар: – Ол не қылмыс? – Қалтайжан, сен не деп кеттің? – десіп таңырқап жатыр. – Соғыстың қарсаңында біздің Қасым ағамыз мына Асыл апамызды 16 жасында, балиғатқа толмай жатып, алып қашып үйленген екен. Кəмелеттік жасқа жетпеген, əлі он екіде бір гүлі ашылмаған күнəдан пəк, шиеттей қыз баланың көз жасына қарамай шырылдатып үйлену дегенің нағыз заң бұзушылық емей не? Тіпті, барып тұрған қылмыс емес пе? Содан Қасым ағаның басына да бұлт үйіріле бастайды. Ол заманда Советтің қатал заңынан қашып құтылар бір-ақ жер бар, ол – жаудың тылы! Міне, содан Қасекең ағамыз түрмеден құтылу үшін, жаудың тылына қайта-қайта парашютпен секіріп түсе берген екен. Жұрт оны «жау тылында жылдап жүріп, сансыз ерлік жасады» дейді, шындығында Қасекең немістің тылында, Украина орманында совет өкіметінің түрмесінен қашып жүрген көрінеді, – дейді Қалтай ағамыз. Өзі де қуақы сөзді жақсы көретін Қасекең бұған риза болып, кеңк-кеңк күле берген екен. Бұл əңгімені де Асыл ападан естідім. БАСЫП ОЗУ Сонау бір жылы Аягөз төңірегінде ұлы ақын Дулат Бабатайұлының кесенесі ашылып, басында үлкен ас берілді. Астан соң Жүрсін Ерман, Несіпбек Айтұлы үшеуміз көлікке отырып, пойызға асықтық. Алдымыздағы бір джип асықпай, баппен жүріп, шаңдатып, бізге жол бермеген соң, жүргізушіге: – Шаңға тұншығатын болдық қой. Газды басып, анау машинадан озып кетші, – дедім. – Озуға болмайды! – деді ол саспай. – Неге болмайды? – Онда батыр Қасым Қайсенов аға отыр! Ұят болады! – Енді қайттік? Пойыздан кешігетін болдық қой? – деп сасқалақтай бастадық. Сонда Несіпбек жұлып алғандай:

– Қасым ағаның көрмейтін көзі жағынан озып кетейік, – демесі бар ма?!. Аз уақыт ойласқан соң, солай істеуге бекініп: – Бас! Оз! – дедік тізгіншіге. – Қай жағынан? – деді ол. – Көрмейтін көзі жағынан. – Сол жағынан озайын ба, оң жағынан ба? Көрмейтін көзі қай жағында еді? – дейді сабазың. Енді шындап сасайық дедік. Күнде көріп жүрген кісінің қай көзі көрмейтініне мүлде мəн бермеппіз ғой... Ақыры солай істедік... Бірақ қай жағынан озғанымыз есімде қалмапты. ЕКIНШI БӨЛIМ ТАНЫМ Жиған-тергендер, еркiн баяндаулар

Ежелгі заманның ұлы ақыны Гомердің суқараңғы соқыр болғанын біз кезінде мектеп оқулықтарынан оқып білгенбіз. Тіпті, ол кітаптарда эллинизм дəуірінде (демек, Гомер өлгеннен кейін алты-жеті ғасыр өткен кезде) зағип ақынның Александрияда жасалған бас мүсінінің суреті де келтірілетін. Ал бұл күнде осы Гомердің көз жанары амансау болған деген тұжырым жасауға жан-жақты негіз туып отыр. Ресей профессоры А. Портнов өзі жүргізген бірқатар зерттеулерден соң осындай ұйғарымға келді. Өзінің айтуынша, ғалым: «Ойланып көрейікші, егер іштен соқыр болып туған жағдайда Шекспир, Байрон, Пушкиндер өз таланттарын толық аша алар ма еді? Екі көзі жоқ адамдар оқырманды аса байқағыштығымен, көркемдік бояуларының байлығымен, табиғат пен дүниенің қыр-сырын дəл де нəзік сипаттап-суреттеуімен таңғалдыратын ұлы əдеби шығармалар туғыза алар ма еді?» – деген сұрақтарға жауап іздемек болған. Профессор Портнов «Илиада» мен «Одиссеяны» зерттей келіп, алдымен поэмаларда жиі кездесетін «ірі жəне ұсақ пландарға», тамаша «табиғат суреттеріне», үздіксіз өтіп жататын көріністердің түрлі-түстілігіне назар аудара отырып: «Мұндай жолдарды көзі жоқ суқараңғы ақынның жазуы мүмкін бе?» деген ойға тіреледі. Ол мысал ретінде төмендегі шумақтарға баса назар аударған: Жап-жалпақ тұқым ұшырғыштан теп-тегіс қырманға сауылдай құйылып, қап-қара жержаңғақ пен жап-жасыл бұршақ дəндері ыршып жатыр… ГОМЕР СОҚЫР БОЛМАҒАН!

  • Толқын жоғары көтергенде ол алдына тез көз тастап, қарсы алдында жуықта жатқан жерді көрді… Қысқытұрым жай лақтырғыш Кронион шығады да, желдерді жуасытып, асқар таулардың басын жəне жартастардың жотасын көміп, гүлдеген далаға жəне егістіктің дембелше диқандарының үстіне үздіксіз қар себеді; Жағалау мен бурыл теңіздің айлағына жауған қарды ақ толқындар жүгіріп келіп жұтады… * Егер теңіз жəндігін ашамайлы төсегінен күшпен жұлып алсаң оның аяқтарына көптеген ұсақ тастар жабыса қалады… (Жолма-жол аудармалар) Міне, осындай шумақтарға мұқият зер салған профессор Портнов: «Гомердің дастандары – əлемнің бірінші ақыны бізден де гөрі байқағыш əрі қырағы болғандығына бұлжымас дəлел», – деген тұжырымға келді. «Егер Гомер шындығында да соқыр болған жағдайда оның поэмаларында дыбыс пен түйсік жəне иіс алдыңғы орынға шығып, көріністік теңеулер төменшіктеп қалған болар еді. Мен көріністік, дыбыстық, түйсіктік жəне иістік теңеулерге есеп жүргізгенімде, Гомер сыртқы дүние туралы ақпараттардың 85-90%-ын көзге елестету арқылы, 10%-

ға жуығын есту арқылы, ал қалғанын түйсік пен иіс сезіну арқылы беретіні анықталды. Ал мұндай бөлініс айнала төңірек туралы ақпараттардың 90%-ын көзбен көру арқылы алатын дені-қарны сап-сау адамға ғана тəн», – дейді ол. Ал бірақ біз неге осы уақытқа дейін Гомер соқыр болған деп келдік? Бұл үшін біз Александрия шаһарының зияткерлері мен пəлсапашыларына «қарыздар» көрінеміз. Жə, бəрін ретімен баяндайық. Ежелгі гректердің өздерінде Гомердің соқырлығы туралы ешқандай мəліметтің иісі де жоқ. Ал ақынның алғашқы мүсіндік кескіндері ол дүниеден өткен соң шамамен үш жүз жылдан кейін ғана пайда болды. Бір қызығы, сол көне мүсіндердің бəрінде Гомер көзі бар адам ретінде бейнеленген. Ұлы ақын жерленген деп есептелетін Хиос аралынан табылған, біздің дəуірімізге дейінгі ІV ғасырға жататын бақыр ақшаларда Гомер Зевске ұқсас етіліп, кең ашылған жанарымен бəдізделген. Көзі бар ақынның бұдан басқа да көптеген бейнелері сақталған, бірақ олардың бəрі Ескендір Зұлқарнайын негізін салған эллинизм дəуіріне дейін жасалған. Ұлы қолбасшы Мысырды жаулап алғаннан кейін онда өз есімімен аталған қала салғаны белгілі. Александрия эллиндік мəдениеттің əлемдік орталығына айналады. Дəл осы қалада «ұлы зағип» Гомер туралы ұғым пайда болған. Александрия пəлсапашыларының арасында көкірегінің көзі бар таңдаулылардың (яғни, сол пəлсапашылардың өздерінің) «соқырлық көзі» («зрячесть слепоты») – сауаты аз, мəдениеті төмен тобырдың «көз соқырлығынан» («слепота зрячести») жоғары екендігі туралы əңгіме қозғау белең алған. Міне, сол тұста Александриядағы Гомер храмында «соқыр ақынның» атақты бас мүсіні жасалған көрінеді. Сол кезеңде Александриядан шыққан пікірлер мен талғамдарға эллиндік мəдениеттің бүкіл сауатты əлемі құлақ түріп, ден қойып тұрғандығын атап айту керек. Сонымен, егер александриялық данышпандар Гомер соқыр болған деп санаса, ендеше дəл солай болғанына ешқандай дау болуы мүмкін емес еді.

Ал бұдан кейінгі кезеңдерде ақын шығармашылығын зерттеушілер оның зағиптығы туралы аңызды қуаттап, «Одиссея» жырындағы туа соқыр болған əйгілі əнші Демодокқа арналған: Муза оған ол туғанда Жамандық пен жақсылықты қоса тартып – Көзін оның қараңғы етіп, Есесіне тəтті дауыс сыйлаған, – деген жолдарда ол өзінің соқырлығын меңзеп отыр-мыс деп түсіндірді. Алайда профессор Портнов əлгі шумақтарды бұлайша түсіндіруге келіспейді. Ол Гомердің аңыздағы соқырлығы туралы «Наука и жизнь» журналында жариялаған мақаласында: «Егер Демодок туғаннан зағип болып, айнала төңіректің түсі мен түрі, бояуы дегеннің не екенін білмесе, онда ол ешқашан да Гомердің кейпін ала алмақ емес деген ой келеді. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, ақсақ Құдай-ұста Гефес өзінің айныған əйелі Афродитаны соғыс Құдайы, көркем Арейдің құшағында жатқан жерінен темір тормен ұстап алғаны туралы Демодоктың ойнақы да эротикалық əнінде ешбір заттың бояуы, түр-түсі жəне оның сипаты жөнінде ештеңе айтылмайды. Бірақ Демодоктың əнінде Гомердің дастандарында көп кездесе бермейтін дыбыс, үн белең алады. Жұрттың бəрі де «гомерлік күлкі» деген ұғымды білсе де, осы əйгілі күлкіні тудырған Гомер емес, Демодок екеніне ешкім де назар аудармапты. Өйткені тек оның əнінде ғана Құдайлар Гефестің ақ төсегінде алаңсыз жатып темір торға түскен аңқау көңілдестерге екі рет өлгенше күледі. Демодоктың əні – зағип ақын тыңдаушыларды қимыл мен дыбысқа ден қоюға қалай мəжбүр еткенінің классикалық мысалы болып табылады. Гомер өз поэмасына басырдың əнін «көңілашар бағдарлама» ретінде енгізгенге ұқсайды, мұны ол əн авторының атын көрсетіп жəне оны көңілді халық мейрамын суреттеуге қосып, тіпті бүгінгі заманның этикасы тұрғысынан да өте сыпайы, селкеусіз жасаған», – деп жазады.

Қартайған кезінде Гомер шындығында да басырлыққа ұшырауы əбден ықтимал, бірақ бұл оның шығармашылығына ешқандай да əсерін тигізе алмаған. Сонымен, ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымдарға қарама-қайшы, Ежелгі Грекияның ұлы ақыны тумыстан соқыр болмағаны анықталды.

«ЭЗОП ДЕГЕН КІМ?» Алпысыншы жылдары орақ тілді Оспанхан Əубəкіров «Лениншіл жас» газетіне қазақ сатирасының жай-күйі туралы мақала жазып, «Эзоптан Ислам Шұғаевқа дейінгі сатириктер» деген тіркес қолданыпты. Сөйтсе, мұны оқыған И.Шұғаев: «Эзоп деген кім? Өзі қайда істейді?» – деп сұраған көрінеді. Осы сұрақ қазір де көлденеңдеп қоятыны бар. Тарихта екі Эзоп болған. Біріншісі – біздің дəуірімізге дейінгі VI ғасырда өмір сүрген ежелгі грек сықақшысы, мысал жанрының негізін салушы. Аңыз бойынша, ол жас кезінде өзінің усойқы тілінен зардап тартыпты, оның əжуасына ызаланған біреулер оны жартастан лақтырып жібереді де, аяғы сынып, өмір бойы ақсақ болып қалыпты. Бұл Эзоп өзі бас терісі келіспеген, кейіп-кеспірден жұрдай, басында билігі жоқ құл болған. Сөйте тұра ол өз заманының қияли данышпаны ретінде халықтың құрметіне бөленеді. Эзоптың атақты мысалдары ежелгі Римнің мысалшысы Федр (б.д.д. І ғасыр) мен көне гректің мысалшысы Бабрийден (б.д. І-ІІ ғасыр) бастап, бергі Лафонтен мен Крыловқа, Абай мен Байтұрсыновқа дейінгі талай мықтылардың тəржімалық өңдеуінен өтіп, бүгінгі күнге жетті. Ал римдік трагик-əртіс болған екінші Эзоп Клодий (б.д.д. І ғасыр) туралы бүгінге жеткен мəлімет мардымсыз. ҚҰЛ МЕН ҚҰС Өзін философ санайтын Ксанф деген бір байшыкеш бірде құл базарына келіп, сатып алуға құл таңдап жүреді. Ол көз ЭЗОП ТУРАЛЫ ЕЗУТАРТАР

тоқтатқан тұлғалы, көрікті екі құлдың ортасында сол кезде шойнаңдап, көзге қораш Эзоп қыстырылып тұр екен. Ксанф көре салып: – Мынаны қараңдар, іс жүзіндегі философия деген осы: саудагер мына екі құлының мықтылығын айқындап көрсету үшін олардың ортасына ана бір кембағал-кемтарды тұрғызып қойыпты! – деп дауыстайды. Сөйткен ол əлгі келісті екі құлдың бірін сатып алайын десе, ақшасы жетпей қалыпты. – Сен одан да мені сатып ал, – депті оған мыжырайған Эзоп. – Жұмысқа жарамайтын жарымжан сені қайтемін? – депті Ксанф оны қомсынып. – Саған ақылшы керек сияқты, – дейді құл. – Сен ылғи осындай сөзуарсың ба? – деп бай философ таңырқап қалады. – Сөйлейтін құстар қашанда қымбатырақ тұрады, сондықтан мені тезірек сатып ал! – депті Эзоп. Ксанфқа Эзоптың бұл сөзі ұнап кетіп, оны қолма-қол сатып алған екен. Ал ақын келе-келе, расында да, өз қожайынының ақылшысына айналыпты. ӨГЕЙ ШЕШЕ Бірде Ксанф қасына Эзопты ертіп, дастарқанға шөп-шалам алуға бақшашыға барыпты. Ксанф өзіне керек көкөністерін таңдап алып, енді ақшасын төлейін деп тұрған кезде бақшашы оған: – Егер сен маған мынаны түсіндірсең, осы алғандарыңның бəрін тегін берер едім: мен қанша баптасам да, жерге еккен жемістерімнен гөрі арамшөптер басым шығады, неге бұлай? – депті. Ксанф бұған жауап бере алмай аңтарылып қалады. Сонда Эзоп: – Егер кез келген əйел екінші рет күйеуге шықса өз балаларына – ана, ал күйеуінің бұрынғы əйелінен қалған балаларына өгей шеше болады. Сонда ол, сеніңше, кімнің баласын жақсы көріп, көбірек тамақтандырар еді? – дейді.

– Əрине, өз баласын, – деп жауап беріпті бақшашы. – Міне, жер де сондай. Өзінен туған өсімдіктерге ол ана да, сенің еккендеріңе өгей шеше емес пе? – депті сонда Эзоп. ƏРІ ТƏТТІ, ƏРІ АЩЫ… Бірде Ксанф Эзопқа үйге достары қонаққа келетінін айтып, ең бір дəмді тағамды дайындап қоюды тапсырады. – Қонақтар келгенде дүниедегі ең мықты тағам дайын тұрады, – дейді Эзоп саспай. Сөйтіп ол базардан тіл сатып əкеліп, қонақтарға қуырып береді. Қонақтар соншалық сүйсініп жей қоймайды. – Дүниедегі ең мықтыңның түрі осы ма? – деп Ксанф көңілі толмай, ашу шақырады. – Иə, – депті Эзоп, – дүниеде тілден артық ештеңе жоқ. Тілсіз сен дүниеде ештеңе де істей алмайсың: айтарыңды айта алмайсың, ешкімге бұйыра алмайсың, бере алмайсың, ала алмайсың, мемлекет те құра алмайсың, онда тəртіп орнататын заң да шығара алмайсың, бəрі-бəрі, оның ішінде сенің философияң да бар, тілдің арқасында өмір сүреді, Ксанф! Эзоптың бұл сөзіне қожасы да, оның қонақтары да ештеңе айта алмапты. Келесі күні Ксанф тағы да достарын қонаққа шақырып, Эзопты сынау үшін: – Енді бүгін базардан ең дəмсіз тағам сатып əкел, – деп бұйырыпты. Эзоп тағы да тіл əкеліп, пісіріп беріпті. – Кеше сен дүниедегі ең дəмді тамақ – тіл демеп пе едің, бүгін енді оны неге ең дəмсізге санап отырсың? – деп мысқылдапты Ксанф. – Өте дұрыс айтасың, қожайын, – деп жауап беріпті сонда Эзоп бүлк етпестен, – дүниеде тілден жаман не бар? Ерегесті де, төбелесті де бастайтын сол, алдау, арбау, қызғаныш, өсекті өрбітетін, айтыс, тартыс, соғысқа апарып, жұртты қыратын да осы тіл емес пе? Міне, қазір, Ксанф, сенің өзің де тілдің көмегімен мені сөгіп тұрған жоқпысың?..

«ҚАЙДАН БІЛЕЙІН?» Бір жолы көшеде Эзопқа қала əкімі жолығып қалып, қайда бара жатқанын сұрайды. – Қайда бара жатқанымды білмеймін! – деп қисық жауап береді Эзоп. Қаланың бастығы ол өзін мазақ қылып тұр деп ойлап, шамданып қалады да, сақшыларды шақыртып, Эзопты түрмеге жабуды бұйырады. Олар қолын қайырып əкете бергенде Эзоп: – Мен саған айттым ғой! Көшеде кетіп бара жатып түрмеге түсетінімді мен қайдан білейін?! – деп ышқына айқайлапты. Эзоптың тапқырлығына таңғалған əкім оны табанда босаттырып жіберген екен. МОНШАДА БІР-АҚ АДАМ Бірде Ксанф Эзопты: «Моншада кісі көп пе екен, біліп кел», – деп жұмсапты. Қайтып келген Эзоп Ксанфқа моншада бір-ақ адам бар екенін айтыпты. Қуанып кеткен Ксанф моншаға жедел жетіп келсе, адам аузы-мұрнынан шығып, толып жүргенін көреді де ашуланып: – Неге өтірік айтасың?! – деп Эзопқа дүрсе қоя береді. Сонда Эзоп: – Анау жатқан тасты қарашы. Мен келгенде сол тас теңкиіп табалдырықта жатыр екен, жұрттың бəрі соған сүрініп, боқтап жатты, бірақ ешқайсысы да оны жолдан алып тастауды білмеді. Олардың ішінен біреуі ғана сүрінген бойда əлгі тасты көтеріп, алысқа лақтырып тастады. Міне, содан кейін мен бұл моншадағы жалғыз адам сол кісі ғана болар деп ойладым, – деген екен саспастан.

Əзірбайжанның ұлы шайыры Низами Гəнжауи (11401209) «Ақынның ерлігі – ғашықтығы» деген екен. Оның 1188 жылы жазылған əйгілі «Лəйлі – Мəжнүн» атты дастаны сол ғашықтыққа арналғаны мəлім. Өмірдегі шын аты Қайыс болған ақын Мəжнүннің өлеңдері «Cтихи о Лейли» деген атпен өткен ғасырдың 80-жылдары орыс тілінде де жарық көрген. Оның бір топ өлеңдері ақын Ə. Балқыбектің тəржімасымен «Қазақ əдебиеті» газетінде де жарияланған. Сол Қайыстың өмірбаянында мынадай қызықты дерек бар. Қайыс ақын Лəйліге ес-түссіз ғашықтықтан ғажайып ғазалдар шығара жүріп, асылына қолы жетпегендіктен шерленіп, Мəжнүнге айналғаны əмбеге аян. Өзінің əдемі даусымен ғашық ғазалдарын жылап жүріп əндеткен өрімөрім дəруішті көріп, əуенін тебірене тыңдаған сол өңірдің шахы оның əйгілі Мəжнүн екенін білгенде жаны ашып кетіп, уəзірлеріне: «Бейшараның ғазалы қандай зарлы еді? Жүректі қозғады ғой. Бүйтіп еңіреп, тентіреп жүре бермесін. Мынадай керемет əн-жыры үшін мен оған аңсаған Лəйлісін алып берейін. Мəжнүнді жуындырып-шайындырыңдар, жағдайын жасаңдар. Сосын менің атымнан Лəйлінің əкесіне барып, алдынан өтіп, қалыңмалын төлеп, қолы жетпеген сол ғашығын Мəжнүнге əкеліп қосыңдар. Өмірден зарлап өтпесін, бұл ғашық ақынның сауабын алайын», – деген екен рақымы түсіп. Шах айтты – орындалды. Мүлги əндетіп отырған Мəжнүнге жөн-жобасымен күйеуге тиюге көндіріп Лəйліні алып келеді. Бірақ Мəжнүн алдына келген іңкəрі Лəйліге бұрылып та қарамай, ыңырси зарлап отыра береді. Сонда Лəйлі шыдай алмай оны құшақтай алып: «Мəжнүн, жылама, міне, мен ЛƏЙЛІ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

саған өзім келдім», – десе, байғұс ақын оған қарап: «Жоқ, сен Лəйлі емессің! Менің Лəйлім басқа болатын!» – деп танымай, айқайлап, жанына жолатпай қойыпты. «Мəссаған, безгелдек!» деген осы шығар. «Мəжнүн өз ғашығын өзі неге танымады екен?» деген сауалдың жауабын табуды оқырман қауымның өзіне қалдырайын… Ал біз «Лəйлі қандай болған?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Ол шынында да, Низами бастаған Шығыс жұлдыздары жырлағандай, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу болған ба? Парсының ұлы ақыны Сағди (12131292) бұл туралы былай депті: «Мəжнүннің Лəйліге деген ессіз ғашықтығын естіген шах Лəйлідей аруды бір көруге құмартады. Бірақ Лəйліні көріп, көңілі түсіп қалады. Өйткені оған Лəйлінің түрі өзінің гареміндегі қыздардың ең көріксіз дегенінен де өңсіз болып көрінеді. Бұл жөнінде қасындағы уəзіріне айтса, ол: «Əміршім, Сіз оған Мəжнүннің көзімен қараңыз!» – деген екен.

Дантенің қандай комедия жазғанын білесіз бе? Бұл сұрақ оқырманға ерсі де күлкілі болып көрінуі мүмкін. Өйткені Данте Алигьери əйгілі «Божественная комедия» атты туындының (сөзбе-сөз аудармасы «Құдайлық комедия») авторы екенін жалпақ жұрт тегіс біледі. Оны біздің ғажап ақынымыз Мұқағали Мақатаев «Құдіретті комедия» деген атпен кезінде қазақ тіліне өте шебер аударып шыққан. Алайда, Данте кезінде өз шығармасын жай ғана «Комедия» деп атағанын бұл күнде ешкім біле бермейді. Ал осы «құдайлық» немесе бізше «құдіретті» деген сөз алғашқы атауының қатарына ұлы итальян ойшылы дүниеден өткен соң 200 жылдан кейін ғана қосылып, тіркескен көрінеді. Сол тұстағы баспагерлердің ойынша, кітаптың бұл өзгертілген атауы бұрынғысына қарағанда «тартымдырақ» болуға тиіс екен. Бұдан ол бұрынғысынан тартымдырақ болды ма, жоқ па, бүгін мұны анықтау қиынырақ, ал туындының алғашқы атауы ешкімнің де есінде қалмағаны айдан анық. ДАНТЕНІҢ ДАСТАНЫНЫҢ АТЫ ҚАНДАЙ?

Бетховеннің өлімі туралы əртүрлі аңыздар бар. Бірінде ол сары аурудан өлген делінсе, екіншісі бойынша бауыры ірігеннен, ал үшіншісінде тіпті мерезден (сифилис) қайтқан болып шығады. Бірақ жуықта осы аңыздардың күллісінің күлі көкке ұшты. Соңғы зерттеулер бойынша, ұлы композитордың түбіне жеткен… кəдімгі балық тағамдарына үйірлігі болып шықты. Жақында Чикаго денсаулық сақтау университетінің ғалымдары осындай ұйғарымға келді. Олар Бетховеннің бір тұтам шашын үш жыл бойы ерінбей-жалықпай зерттеген болатын. Оларға композитордың бұл баға жетпес қымбат шашын кезінде «Сотби» аукционынан сатып алған, оның талантына табынушы əйел əкеліп берген екен. Шашқа жасалған күрделі радиациялық анализ оның құрамында қорғасынның көлемі шамадан тыс көп екенін көрсетті, ал бұл жайт ғалымдарды мынадай қисын жасауға итермеледі: ХІХ ғасырда Германия мен Австрияның ауыр өнеркəсібінің күрт дамуы бұл елдердің экологиясына кері əсерін тигізді. Ол кезде экология туралы ешкім бас ауырта қоймаған уақыт болатын, сондықтан зиянды өндіріс қалдықтары үнемі өзенге ағызылып отырды, содан улы қорғасын судағы балықтың бойына жиналып, онымен бірге қала тұрғындарының дастарқанынан барып шығатын. Композитордың ғұмырнамашыларының жазуынша, Бетховен Венада тұрған кезінде қонақта бірер тостаған ақ шарапты буы бұрқыраған форельмен қоса тартып жібергенді ұнатады екен, ал оның күнделікті дастарқан мəзірінде үнемі шортан мен қара балық болған көрінеді. БЕТХОВЕН НЕДЕН ӨЛГЕН?

Куəгерлердің айтуынша, ұлы композитор асқазанының қатты ауырғанынан азап шегіп өлген, бұл бəрінен бұрын оның қорғасыннан уланғанын дəлелдейді. Бұл болжамды, сондай-ақ, оның шашында сол заманда мерезді емдеген дəрілердің құрамына кірген меркурийдің ешбір ізі болмағаны да растай түсіп отыр.

Бірде Қожа Ахмет Иасауиге түркістандық бір сопы келіп былай деді: – Менің оқығым келеді, бірақ менің өзім мен ақиқаттың арасында тұратын кітаптың да, ұстаздың да көмегінсіз оқысам деймін, өйткені кез келген ұстаз тұрлаусыз, кез келген кітап бос. Иасауи оған былай деп жауап берді: – Байқаймын, сен ауызсыз тамақ ішіп, асқазансыз тамақ қорытқың келген сияқтысың. Мүмкін, сен аяқсыз жүріп, түк төлемей сатып алғың келетін шығар?.. Бəлкім, мен саған көмектесіп қалармын, бірақ ол үшін сен өз денеңнің əлгі айтылған мүшелерінен айырылуға тиіссің! Бір сəтке ойлашы, сен өзің асқазансыз қалай қоректенбексің, өзің жек көретін сөздің көмегінсіз сопылықты қалай таппақсың, қалайша сен ақиқатқа шөлдей тұрып, оның қайнар көзін тəрк етпексің? Мүмкін, кітапсыз оқып, ұстазсыз дəріс алып, негізді тану туралы қиялдау деген тіпті қызық шығар. Сондай-ақ, сиқырлау мен дуалау туралы армандау да дəл сондай қызық болар. Бірақ бұл қызықтарды жиып қойсақ, осы істерден қандай нақты нəтиже шықпақ? ИАСАУИДІҢ ЖАУАБЫ (Ыдырыс шахтан)

Флоренцияға келген адам алтынмен апталған осы қаланың кірсе шыққысыз сəнді сарайлары мен еңселі ескерткішмүсіндерін көріп, ұлы Микеланджелоның сиқырлы қолынан шыққан мəңгілік өлмес туындыларға таңдай қаға тамсанары анық. Қайта тумас өнер иесі артына аса мол мұра қалдырған. «Давид», «Моисей», «Сикстин капелласы», «Христі жоқтау», «Сұмдық сот», «Кашинадағы шайқас», «Пьета» жəне тағы басқа ғажайып мүсіндер мен ғимараттарды, суреттер мен фрескаларды дүниеге келтірген итальяндық мүсінші, суретші, архитектор, ақын Микеланджело Буанароттидің (1475-1564) өмірі мен өнері, міне, бес ғасырдан кейін де əлі зерттелу үстінде. Бір қызығы – осындай қайталанбас жəдігерлерге өзінің алтын уақыты мен асыл қуатын аямаған Микеланджело өмірде, өкінішке орай, өте сығыр сараң болған көрінеді. Жақында жарық көрген «Микеланджелоның байлығы» атты кітабында Флоренцияның Сиракуз университетінде дəріс оқып жүрген американдық өнертанушы-профессор Рэб Хэтфилд ұлы тұлғаның мұрағаттан табылған қаржылық жеке құжаттарын зерттей келіп, осындай байлам жасайды. Біз болсақ «Бұл қалай?» деп таңдануға мəжбүр болдық. Біз білетін оқулық кітаптар мен мақалаларда Микеланджело қысқа жібі күрмеуге келмей қиын тірлік кешкен, сіңірі шыққан кедей суретші, тайқы маңдай тағдыр иесі ретінде суреттелетін еді. Жұрт оның осындай таршылықта жүріп жасаған мінсіз мүсіндеріне таңдана тұрып, өзін іштей мүсіркеп қоятын. Ал оның өмірін сегіз жыл зерттеген Хэтфилд енді Микеланджелоның ондаған миллион доллар байлығы болғанын МИКЕЛАНДЖЕЛОНЫҢ САРАҢДЫҒЫ

жəне бұл байлықты ол жұрт көзінен жасырып, аса ашкөздікпен сақтап, соқыр тиынын да жұмсамауға тырысқанын құжат жүзінде дəлелдеп отыр. Микеланджелоға бұл байлық қартайғанда келмеген, 89 жас өмір сүрген оның бар ғұмырында сандығында тығулы жатқан ақшасы болған. Тек ол өз байлығы барын ешкімге білдіргісі келмей, ешкіммен бөліскісі де келмей, өмір бақи «жоқ», «жоқ» деп жылап өткен. «Ол барлық замандардың ең бай суретшісі болған, – дейді Хэтфилд өз сұхбатында, – бірақ ол бұл байлығын тіпті өз үй іші мен əулетінен де қызғанып, олар қаржылай көмек сұрап жүрмес үшін өмірі ақша жетпейтінін айтып, тағдырға назаланып, өмір бақи шағынумен болған». Микеланджело бір жаққа барғанда ақша үнемдеу үшін өзінің бірнеше көмекшісіне бір ғана төсек жалдайды екен. Ол 30-ға толған кезде бұған дейін-ақ «Давид» пен «Пьетаны» сомдап қойған кезі болатын, ал атақ-даңқы өскен сайын оның қаламақысы да өсе түскен көрінеді. Профессор Хэтфилд Микеланджелоның бұрын белгісіз болып келген банк құжаттарын кездейсоқ тауып алыпты. Ол Сикстин капелласының төбесіндегі кейбір көріністердің жасалған мерзімін анықтамақ болып, сол кезеңде жазылған Микеланджелоның хаттарын шұқшия оқыған екен. Бұларда осы жұмыс туралы айтыла келіп, банк есепшоттары еске алыныпты. Хэтфилд бұл құжаттарды талмай іздестіре жүріп, оның замандасы Леонардо да Винчидің бұрын əбден зерттелген есепшоттарының арасынан тауыпты. Бұл құжаттарда жүздеген мың бүгінгі АҚШ долларына тең алтын ақшалар туралы жазылған екен. «Бұл цифрларды көргенде өзім зерттеп жүрген Сикстин капелласы тарс есімнен шығып кетті», – деп жазады Хэтфилд. Ол бұдан кейін Микеланджелоның осы жəне басқа да есепшоттары мен қаржылық құжаттарын, хаттарын, өмірбаянын, қысқасы, барлық мəлімет-ақпараттарды бір-бірімен ұштастырып, біріктіріп, байланыстыра зерттеді. Соның нəтижесінде ұлы шебердің бейнесі аса табысты əрі адам таңырқарлық сараң кəсіпкер ретінде айқындалып шықты. Мике-

ланджелоны өз заманында қатты бағалаған, сондықтан оған төленген қаламақылар да өте мол болған. «Флоренциядағы Лауреантия кітапханасын безендіру кезінде ол папа VІІ Клементтен ай сайын айлық алып тұрған, оның көлемі қазіргі өлшеммен алғанда жылына 600 мың долларға пара-пар», – дейді Хэтфилд. Папа ІІ Юлийдің құлпытасын жасау үшін Микеланджело 10 млн. доллардан астам ақы алыпты, сөйте тұра ескерткішті бітірмей кеткен екен. Ол өзіне тапсырыс түскенде, қаламақының үлкен бөлігін үнемі алдын ала, іске кіріспей тұрып санап алуға дағдыланған көрінеді. Үлкен ғимараттарды безендірген кезде, биік мүсіндер жасаған уақытта көмекшісіз жұмыс істеу мүмкін емес. Тиын санағыш Микеланджело оларға да, өзінің бала-шағасының күнкөрісіне де еріксіз ақша шығара отырып, өз қаражатының негізгі бөлігін барша жұрттан жасырып баққан. Римдегі Микеланджело дүниеден өткен үйде ешқандай жиһаз қойылмаған, онда ешқандай кітаптар да, бұйымдар да болмағандықтан былайғы жұрт оны өмірден өзегі талып, жүрегі сазып өткен бейбақ жандардың қатарына қосқан. «Микеланджелоның ізімен» атты кітап жазып жүрген Фред Плоткин деген итальян өнертанушысы суретшінің бұл дүниеқоңыз қылығын оның бір заманда қаржыдан қатты қысылғандығынан болар деп түсіндіреді. «Өйткені қазіргі күннің өзінде де біз ол туралы өте аз білеміз. Микеланджелоның өз хаттарында жазылған мəліметтер суретшінің көңіл күйінің əсеріне əбден малынған. Ал ол өз көңіл күйінің қараңғыланып, күрт түсіп кетуінен көп зардап шеккен адам еді», – дейді ол. Ал Хэтфилд өз кітабында: «Кезінде Микеланджело туралы көзінің тірісінде өз бағасын ала алмаған, өзіне лайық құрмет көрмеген, ғаламат еңбегі дұрыс еленбеген суретші болған деген пікірдің қалыптасуына шығармашылар туралы кең тараған, қалыптасқан ескі ұғым əсер еткен, – дейді. – Егер спорт пен кино жұлдыздары туралы сөз бола қалса, біз олардың қанша табатынын бірден есептеп біле қоямыз, ал суретшілер бізге əмісе қиянат көріп, қасірет шеккен адам-

дар секілді көрінеді де тұрады. Оларды ешқашан бай деуге болмайтын тəрізді. Олардың шіріген байлығына да ешкім сенбейді. Өйткені олар үнемі аш жүруі керек сияқты», – дейді профессор.

Əйгілі «Робинзон Крузоның» авторы, ағылшын жазушысы Даниель Дефо (1660-1731) өз өмірі жайында: «Мен он үш рет қатты байып, он үш рет қайыршы халге түстім, соның ішінде əлденеше рет патша сарайынан түрмеге ауысқан кезім болды», – деп жазған екен. Өмірде көрмегені жоқ Дефо жасы жер ортасынан асқан шағында даңқы шығып, жағдайы жөнделіп, көңілі демделіп, төрт құбыласы сай адамға айналады. Лондонның лайықты орамынан еңселі үйге ие болып, бала-шағасы – ұлы мен үш қызының, немерелерінің ортасында мəре-сəре өмір сүріп, өзінің сүйікті ісі – романдарын жазып жатады. Сонымен қоса «Əлемдік шолу» атты апталық газет те шығарады. Бұл оның негізгі бизнесі болады. Қолы қалт еткенде үй жанындағы бақты күтіп-баптағанды жақсы көреді. Сөйтіп атақты жазушы қартайғанда бақытқа кенелдім бе деген-ақ еді. Бірақ, алдамшы бақ дегбірсіз Дефодан тағы да жалт береді. «Адамның бағы мен соры өз қолында» деген сөз шындыққа айналады. Құдай алжастырайын десе қиын ба? Өкінішке қарай, алтын көрсе жолдан таятын періште құсап, Даниель Дефо бір ұрымтал сəтте аяғын шалыс басады. Аяқ астынан «алжасқан» ол ортақ істе жүрген Мист деген өзінің серіктес-əріптесін ойламаған жерден оңдырмай алдап, опасыздықпен орға жығып кетеді. Бірақ онысынан өзі де кəрі қойдың жасындай қалған ғұмырында опық жеп өтеді. Амал қанша?.. Жасалған иттік те атылған оқпен бірдей. Үзеңгілес досынан алданып, қолындағы барынан айырылып, сазға отырып қалғанына көзі жеткен сəтте Мист мырза ашу-ызадан жарыла жаздап, қылышын суырып алып, Дефоны жарып тастамаққа тап береді. Жаны мұрнының ОПАСЫЗДЫҚ ЖƏНЕ ОПЫҚ ЖЕУ

ұшына келіп, жалт берген жазушыны маңайындағы жұрт жаналғыштан жабылып жүріп арашалап, анық ажалдан əрең аман алып қалмаса, сол жерде ол мерт болып, жайрап жатар ма еді?.. Бірақ, төтелеп келген бір зауалдан аман-сау қалғанымен, Дефоның бұдан кейінгі өмірі адам айтқысыз азап-тозаққа айналады. Араша артық болған екен… Ішіне кек толып, шемен қатқан Мист қаптаған қалың жұрттың көзінше: «Мені жер соқтырып, оңдырмай алдап кеткені үшін атың өшкір Даниель Дефоны ит өлімімен өлтірмесем – жер басып тірі жүрмейін!» – деп серт береді. Ол өзі де бір діні қатты кəпір екен, екі араға қаншама белгілі, беделді адамдар елшілікке жүгіріп, араағайын болып кірісіп, татуластыруға талпынса да қаны қатып, ешкімге илікпейді. Сол күннен бастап, белінен қылышын, қолынан тапаншасын тастамай, үйде де, түзде де Дефоны аңдып, қуалап, өлтірмек үшін індетіп, ізіне түсумен болады. Сөйтіп, бұдан былай жазықты жазушы жан сауғалап, қайда барса да алдынан қылышын жалаңдатып, əзірейілдей жендеті шыға келеді. Оңай ма, өз қателігін сезінген əрі төбесінен үнемі төнумен болған өлім қатерінен қатты қорыққан, қартайған шағында басына түскен мұндай сұмдық сынға, тағдырдың тосын тəлкегіне төзе алмай, жүйкесі əбден тозған Дефо ақыры жынданып кетеді. Лондоннан қашып шығып, аты-жөнін өзгертіп, қаладан-қалаға жасырынып, əбден азып-тозады. Қайда қараса да көзіне қан толып, қылыш ұстап өзіне тап берген қорқынышты Мист көзіне елестеп, қуыстан-қуысқа тығылумен болады. Қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шығады. Ақыры ит мініп, ирек қамшылап, барар жері, басар тауы қалмаған ол Лондонға жасырын қайтып келіп, белгісіз бір кемпірдің оңашалау үйіне қоныстанады да, көп ұзамай елеусіз қайтыс болады. Оның дүниеден өткенін жақын-жуықтарының бірі де білмей қалады. Жетпіс бір жасқа толған жарықтық жазушының сүйегін ол өлген үйдің иесі – жалғызбасты кемпір қалай жерлерін білмей қатты сасады. Сөйтіп марқұмның жол қапшығындағы жеке заттарын аукционда арзанға асығыс сатып, содан түс-

кен азын-аулақ қаражатқа үй-күйсіз қаңғыбас ретінде жерлей салады… Ағылшынның реалистік романының негізін қалаған, өз ғұмырында 250-ден астам шығарма жазып, жариялаған, өз заманының белгілі қоғам қайраткері болған, туындыларында өмірсүйгіштікті насихаттаған, əдеби өмірге өлмейтін Робинзон Крузоны берген, оқырмандар сүйіктісіне айналған қайталанбас қаламгер осындай қасіретті жағдайда сұм жалғанмен қоштасты. Құдай басқа салмасын. «Өзгеге ор қазба, өзің түсесің» деген ғой арғы-бергі данышпандар, өздері біреуге ор қазып, содан опық жеген кезде айтқан сөз болар. Бірақ дəл осы мақалдың бəсі мен беделі бүгінгі заманда да бес тиын сияқты.

НЕМЕСЕ ОЛАРҒА ОРТАҚ ШЕГІРТКЕ ТАРИХЫ Орыстың ұлы мысалшысы И.А. Крыловтың шығармашылығымен қазақ оқырмандары Абай атамыздың əйгілі аудармалары арқылы жете таныс. Оның көптеген тəржімалары тіпті төлтума туындыдай қабылданып, жатталып кеткен. Орыс əдеби тарихында осы «Крылов атай» туралы аңыздар мен күлкілі əңгімелер аз емес. Көбісінде мысалшының қомағайлығы мен ашқарақ-мешкейлігі сөз болады. Оның бірінде былай делінеді: Крыловтың асқазаны бұзылып, дəрігерлер оған қатаң диета белгілейді. Тамақсау жазушыға бұл оңай тимейді. Бірде қонақта отырғанда ол дастарқандағы самсаған дəмді тағамдарды көзімен ішіп-жеп отырса керек. Қарын шұрқыраған, тəбет оянған, аран ашылған. Əттең, тамақ ішуге болмайды… Оңбаған диета! Жазушының осы пұшайман халін басқа бір жастау қонақ байқап қалып, мысалшыны ел алдында əжуа қылмақ оймен: «Мырзалар! Қараңыздаршы, Иван Андреевич тамаққа қалай сұғын қадағанын! Көзімен біздің бəрімізді де жеп қойғысы келіп отырған сияқты!» – депті. Соңғы сөйлем Крыловтың өзінің «Ит үйшігіндегі қасқыр» дейтін жұртқа кеңінен белгілі мысалынан алынған болатын. Крылов өзін түйреп өткен мысқылға саспай: «Сен қорықпай-ақ қой, маған шошқа етін жеуге тыйым салынған», – деген екен. Замандастарының айтуынша, Крылов асқазанының ас қорытпауынан қайтыс болған тəрізді. Ал шындығында да солай болған ба? Біздің осы тұжырымға шəк келтіруімізге КРЫЛОВ, АБАЙ, ЛАФОНТЕН

негіз табылған сияқты. Крылов 75 жас жасаған. Бұл жазушы адам үшін, əсіресе ол заманда аз жас емес. Егер ол шынында да қарны тоймайтын түпсіз мешкей болса, сол уақыт өлшемімен сонша ұзақ өмір сүре алар ма еді? «Энциклопедия заблуждении. История» кітабындағы деректерге көз салсақ, бір қызығы, Крылов мұздай суға шомылатын ең алғашқы морждардың бірі болған көрінеді. Ол сəуірден бастап қарашаның аяғына дейін (27 қараша) суық суға түседі екен. Бұл жұрт ойлағандай емес, оның шыныққандығының, зор денсаулығының белгісі. Енді осы Крыловтың атақты «Стрекоза и муравей» атты мысалына келейік. Оны ұлы Абай «Шегіртке мен құмырсқа» деген атпен қазақ топырағына сіңіріп кетті. Егер сөздікке бақсақ, «стрекоза» дегеніміз шегіртке емес, инелік. Ендеше Абай оны неге «шегіртке» деп алған? Осыған орай, КСРО халық артисі, атақты қуыршақшы Сергей Образцовтың мына бір пікіріне назар аударып көрелік: «Стрекоза и муравей» мысалын, неге екенін белгісіз, үнемі балалар кештерінде орындай беретіні түсініксіз. Бұл – балаларға ешбір қатысы жоқ шығарма. «Стрекоза» деген не өзі? Бұл қандай жəндік? Крылов бұл мысалды Лафонтеннен тəржімалаған. Түпнұсқада ол инелік емес, шегіртке екен. Егер сөз төркініне зер салсақ, Крылов та инелікті емес, шегірткені жазып отыр. Орыстың халық тілінде шегіртке «стрекоза» деп аталады. Орысша «стрекает» деген сөз секіруді білдіреді, ал егер «стрекочет» болса, онда жəндік өзінің тісті аяқтарымен қанатын ысқылағаны. Ол – скрипкашы, биші, əнші – бұл үздіксіз ұша беретін инелікке емес, шегірткеге келеді. Міне, бұл – тілдің нағыз мағынасына үңілген, сөздің құнарын, шұрайын зерттеп-білген адамның сөзі. Орыстың осы «стрекоза» сөзін орыстардың өз ұғымымен жайдақ алып, инелік деп аудара салмай, түпкі болмысына зер салып, арғы мəнін түсіне білген Абай атамыздың сұңғыла көрегендігіне қалай тəнті болмассың?! Ол түпнұсқада инелікті емес, шегірткені кейіпкер етіп алған ХVІІ ғасырдағы ұлы француз мысалшысы, ойшылы Лафонтен шығармашылығымен де жете таныс болуы əбден мүмкін.

МУЗЫКА ШЫҒАРУ ОҢАЙ МА, ӨЛЕҢ ЖАЗУ ОҢАЙ МА? Ұлылық дарыны өте ерте ашылған композитор Моцарт ең алғаш жеті жасында Майндағы Франкфурт қаласында концерт беріпті. Концерт біткен кезде оған он төрт жас шамасындағы бір бала келіп жолығады. – Сен музыканы өте керемет тартасың! Мен бұлай ойнауды еш уақытта да үйрене алмаспын, – дейді ол. – Неге олай дейсің? Сен үлкен емессің бе? Тек қана байқап көру керек. Егер болмай жатса, нота жаза баста, – деп жауап беріпті кішкентай Моцарт. – Мен өлең… жазып жүр едім. – Бұл тіпті қызық. Жақсы өлең жазу музыка жазудан анағұрлым қиынырақ қой. – Жоқ, бұл тіптен оңай. Өзің жазып байқап көр, – депті сонда ересектеуі. Моцартпен сөйлесіп тұрған бұл бала Гете екен. КІМ КІНƏЛІ? Бірде белгілі екі адамның келіспеушілігі үлкен даудамайға айналып кетіпті. Сол тұста бір танысы Гетеге келіп: – Мына айтыс-тартыста екеуінің қайсысынікі дұрыс, қайсысы кінəлі? – деп сұрапты. Сонда Гете: – Бұл дауласушы екеудің ішінде кім ақылдырақ болса, сол кінəлі, – деп жауап беріпті. МОЦАРТ ПЕН ГЕТЕ

Ана бір жылы өзбектің көрнекті жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Камил Яшен Алматыға келіп, оған атқосшылыққа мені қосты. Кешкілік қонақүйдің алдында сейілдеп жүргенде ол маған Хорасанның билеушісі Əбілғазы Құсайын Байқара сұлтан туралы əңгіме айтып берді. Құсайын мырзаның маңдайына басқан аққу мойын ақбоз арғымағы бар екен. Бір күні сұлтан Гераттағы өз сарайының алдында, тамам жұрттың көзінше сол арғымағына əйгілі ақын Əлішер Науаиді (1441-1501) қолтықтан демеп мінгізіп, өзі тізгінінен ұстап, атын жаймен жетелеп жүріп, ақынмен асықпай əңгімелескен көрінеді. Сол əңгімеден жаны жадырап, көңілі өсіп сарайына келсе, уəзірі: «Əміршім, өзіңізге ғана лайық тұлпарыңызға қарапайым бір пендеңізді мінгізгеніңіз, оны өзіңіздің жаяу жетелеп жүргеніңіз дұрыс болмады. Керісінше, өзіңіз ат үстінде отырып, оған жетелету керек еді. Ел алдында беделіңізді сақтағайсыз», – дейді. Сонда Құсайын Байқара сұлтан уəзіріне: «Ол ақын ғой, ақындар биікте жүруі керек, біз олардың тізгінін ұстап жүрсек, сол да жарайды. Біз кетеміз, олар қалады», – деп жауап беріпті. Осы əңгімені бүгінгі əкімдердің құлағына құйса ғой деген ой келеді. Дегенмен, басы асау тəкаппар ақындар да кім көрінгенге тізгінін ұстата қоймас. АҚЫНДАРДЫҢ ТІЗГІНІ

Шығыс жұлдыздарының ішінде Əбдірахман Жəми (14141492) сынды көзі тірісінде аса қатты ардақталған ақын жоқ екен. Оның өз заманындағы атақ-даңқы мен бедел-абыройы адам таңғаларлық биік дəрежеде болған. Хорасанның əміршісі Құсайын Байқара сұлтан оны өзіне ақылшы, рухани ұстаз, пір санаған. Əлішер Науаиді Байқара сұлтанға ертіп əкеп таныстырып, қамқорлығына алғызған да Жəми болатын. Ол кезде Хорасанның билігіне Солтүстік-батыс Ауғанстан, Солтүстік-шығыс Иран жəне қазіргі Оңтүстік Түркіменстанның кең-байтақ жерлері қарайтын. Жəми соншалық жоғары беделге ие бола тұрып, сарай төңірегінде емес, Гераттың шетіндегі қараша үйінде құбаша, жұпыны тірлік кешкен. Оның сол ұядай үйіне атақты ақсүйектер, ғалымдар мен ақындар, кедей шаруалар мен қолөнершілер, білім қуған жастар, басқа да көптеген жұрт сұхбаттасуға, ақыл-кеңес алуға, уағыз-дəріс тыңдауға, білім ұштауға, бата сұрауға алыс-жақыннан ағылып келіп жатады екен. Ғұлама Жəмидің жасы кіші замандасы Уасифидің жазуынша, сол уақыттағы белгілі ақынның бірі Қази-заде Жəмиге сəлем беруге Гератқа келіпті. Қази-заде өзіндей мықты ақын үлде мен бүлдеге оранып жүруі керек деп есептеп, басына шаңырақтай сəлде орап, үстіне жібек пен паршадан жарқылдаған, сусылдаған киім киіп, көлденең жөпшөңді көзіне ілмей, паңдана басып жүретін көрінеді. Ол Жəмидің үйінің ауласына алшаңдай кіріп, сəкінің төріне шығып шіреніп отырған кезінде үйден көнетоз сырма шапан киген, өрнек-кестесіз ақшыл тақиясының үстінен шағын шалманы орай салған, көзге қораштау қартаң кісі шығып сəлемдеседі. Қази-заде үй қызметшісіне ұқсаған күйкентай шалдың сəлеміне пысқырып та қарамай, орнынан тұрмастан, көзге ілмей: «ҚАҚПАС ШАЛ»

– Отағасы үйде ме? – деп сұрайды. – Осыған дейін үйде болған, – деп күле жауап береді қария. «Қызық екен! Мықты адамдарға қашанда осындай бір қақпастар қызметші бола қалатыны несі екен? Тіпті дұрыстап жауап беруді де білмейді. Сөйте тұра күлетінін қайтерсің?» деп ойлайды Қази-заде. Сосын əлгі қартқа қарап: – Əй, қақпас неме! Бар да қожайыныңа айт, Систаннан Қази-заде амандасуға келіп отыр де! Бері шығып, бізбен жүз көріскені игі болар еді деп айт, – дейді. Өзін танымағанын байқаған Жəми қарқылдап күліп жібереді. Қази-заде: – Ей, Тəңір алғыр, сен неменеге күлесің? – деп шамданып қалады. Айтып ауыз жиғанша, Жəмидің үйінің ауласына Гераттың белгілі адамдары, ғалымдар мен ақындар кіріп келеді. Олар Жəмиді көре сала, қолдарын кеуделеріне басып, иіліп, жарыса сəлем беріседі. Мұны көрген Қази-заде: «Жəми деген неткен ұлы адам, мынадай қасқа мен жайсаңдар тіпті оның түкке тұрмайтын қызметшісінің өзін соншалық қалай құрметтейді?» – деп таңырқап қалады. Бұдан кейін олардың бəрі Жəмидің қонақ қабылдайтын бөлмесіне кіреді. Жəмидің өз үйіне келген қонақтардың бəрінен төмен, бұрышқа таман отырып, дастарқанға қызмет жасайтын əдеті бар екен. Келгендер əңгімелесе бастайды. Қази-заде осы кезде қасындағы қонақтардың бірінен: – Мына қақпас шал біздің келгенімізді ғұламаға əлі хабарламай неғып отыр? – деп сұрайды. Ол мұның құлағына: – Сіз не, басқа жақтан келіп пе едіңіз? Өзіңіздің айтып отырған сол «қақпас шалыңыз» – үй иесі Жəми ғой, – депті сыбырлап… Менің ойымша, осы оқиғада Қази-заденің тіліне «қақпас» деген қатқыл сөзді Құдай тағала қайта-қайта тегіннен оралтпаған болар. Айшылық айналасындағы ақындар мен ғалымдарды, байлар мен бектерді өз аузына қаратқан атақты шайыр, ғұлама Жəмидің тек мадақ пен мақтауға, қошемет пен құрметке ғана еті үйреніп кетпесін деген болу керек.

Бұл күнде «Паскаль заңын» кім білмейді? Мектеп оқулықтарынан бізге есімі жақсы таныс француз ғалымы Блез Паскаль (1623-1662) Клермон қаласында белгілі математиктің отбасында туған екен. Ол бесіктен белі шықпай жатып, сəби кезінен-ақ əкесіне еліктеп, математикамен айналысып, ерекше қабілетін байқатып, бүкіл есепті шекілдеуікше шаға бастапты. «Іштен оқып туған» дейтіннің нақ өзі. Əкесі оның айрықша дарынын көргесін мезгілінен бұрын есейіп кетуінен қауіптеніп, одан үйдегі есеп кітаптарын жасырып ұстайтын болған екен. Бірақ бала Блез əкесінің дос-жаран математиктерімен өзара əңгімелерін қалт жібермей тыңдап бағып, естігенін көңіліне түйе береді, сөйтіп жүріп-ақ геометрияны меңгеріп алады. Əкесі бірде оның бала ұғымына сай келмейтін аса ауыр есептерді өздігінен шығарып, өте күрделі еңбектер жазып жүргенін байқап қалып, оқып көріп, таңғалғаннан əрі қуанғаннан жылап жібереді. Содан былай оған математиканы дұрыстап оқыта бастайды. Блез енді жүре келе əкесінің берген білімін місе тұтпай, өз тарапынан математикалық жаңалықтар аша бастайды. Оның табыстары атақты ғалымдардың назарын өзіне бірден аударып, күллі ғылым əлемін ерте мойындатады. Қаршадай баланың теңдессіз математик атағы сөйтіп əлемге тез жайылып кетеді. Ақылды баланың тым ерте келген «ғұлама ғалым» деген атақ-тан басы айнала қоймайды, қайтаынта-жігері бұрынғыдан да арта түсіп, ғылыммен одан да өткен құлшыныспен ерекше шұғылдана түседі. Бұдан оның атақ-даңқы тіпті өрлей береді. Ол жап-жас кезінде-ақ геометрияның ең негізгі теоАТАҚ-ДАҢҚТАН АТ-ТОНЫН АЛА ҚАШҚАН

ремаларының бірін тауып, арифметика, алгебра, сан теориясы, ықтималдық теориясы жөнінде аса терең ғылыми еңбектер жазады. 18 жасында есептеу машинасын ойлап табады. Бірақ, бір өкініштісі, бар дүниені ұмытып, ғылыммен қатты айналысудан Блездің онсыз да осал денсаулығы күрт төмендеп, ол жасөспірім кезінен-ақ ауыр науқасқа шалдығады. Соның кесірінен ол əкесінің өтінішімен ғылыммен күніне екі сағат айналысып, ал қалған бос уақытында философиялық кітаптар оқуға көшеді. Бұдан енді оның бала кезінен бойына сіңген діншілдігі арта түседі. Ол Эпиктетті, Декартты, Янсенді, Монтеньді оқып, санасына сіңіре бастайды. Оның өмірін зерттеушілер «Ғашықтық азабы туралы пайымдаулар» деген еңбегін мысалға алып, Блез Паскальдің жас кезінде бір ақсүйек əйелге ғашық болғанын, бірақ ол əйел мұның пəк, албырт сезіміне немкетті қарағанын тілге тиек етеді. Сондықтан махаббаттан тауы шағылған Паскальдің алдынан екі жол шығады, ол өмірлік мүддесіне айналған ғылыммен айналысуға ұмтылу əрі соның арқасында аспаннан жауып жатқан атақ-даңқты тəрк ету жəне осы тіршілігінің бəрі Құдайға құлшылық етудің жанында бос əурешілік екенін сезіну еді, енді оның өмірі осы екеуінің арасындағы күреске айналады. «Адамдар ақылсыз жəне бұның өзі ортақ ережеге айналғандықтан ақылсыз болмау да өзінше ақылсыздыққа жатады», – деп жазған екен Паскаль сол кезде. Осы тұста, ол ғылымды тастауға бел буа бастаған мезгілде, Торичеллидің бос кеңістік туралы зерттеулерін оқиды да, бұл мəселенің дұрыс шешім таппағанын бірден байқап, оның тəжірибелерін қайталап жасап көреді. Сөйтіп, ол өзінің ауаның қысымы туралы атақты жаңалығын ашады. Бұл жаңалық өзіне бүкіл ғылым əлемінің назарын аударады. Бұрынғы бұрынғы ма, оның атақ-даңқы енді тіпті дəуірлейді. Ол енді өз атағынан мезі болып, зардап шеге бастайды. Қайда барса да мадақ, марапат, көпшік қою мен көпіртіп мақтау құлағын сарсылтып, Блез енді осы даңқпен қалай күресудің жолын қарастырады.

Сондағы ойлап тапқаны: ол ұзына бойына жыпырлата көп ұсақ шеге қағылған белбеу жасатып, сол тікенек белбеуді киімінің ішінен жалаңаш беліне тағып алады. Қай жерде өзіне мақтау айтыла бастаса болды, Паскаль екі шынтағымен белбеуді өз денесіне қысып, батырып, баса бастайды екен. Сол кезде белбеудің сансыз істік шегелері денесіне қадала кіріп, етін шаншып, ауырта жөнеледі, ол өзіне жаңбырша жауатын тəтті мадаққа берілмеудің жолын сөйтіп тапқан екен. Паскаль 32 жасында бар тіршілік қызығынан баз кешіп, дінге құлай беріліп, монастырьға тақуа болып кетеді. «Адамзат өзін күнəкар санайтын тақуаларға жəне өзін тақуа санайтын күнəкарларға бөлінеді», – деп жазады ол осы тұста. Ол енді кедей, қайыршы өмір салтын ұстануды мақсат етіп, діни философиямен түбегейлі айналысады. Бірақ Құдай берген атақ-даңқ оның соңынан бұл жерде де қалмайды. Оның науқасы да үдей түседі, бірақ ол қиналысын еш сездірмей, ешкім көрмеген төзім көрсетіп, бүкіл аурудың жан қинаған азабын қуанышпен, көтеріңкі көңілмен, шүкіршілікпен қабылдап, бүкіл алыс-жақынның бəрін таңғалдырады. Осы тұста ол сатиралық прозаның шедевріне айналған «Провинциалға хат» деген туындысын, өзі дүниеден өткен соң жарық көрген «Ойлар» атты философиялық шығармасын жазады. Ол бар болғаны 39 жас өмір сүріп, ғылымға да, əдебиетке де қыруар пайда келтіріп, қолынан қаламы түспеген күйі өмірмен қош айтысады. «Адам жалғыз өлуі керек, адам жəне өмірді де дəл солай сүруі керек», – деп өзі жазғандай, өлерінде төсектен басын көтеріп, айқын да жарқын дауыспен: «Жаратқан, мені тастама», – деп барып, үзіліп кеткен екен. Л. Толстой Паскальдің «Ойлар» атты еңбегін «Таңғаларлық кітап» деп бағалаған.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙