Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 25 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Болат Мырзатай
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
МЫРЗАТАЙ БОЛАТ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға ақын, сазгер, журналист Мырзатай Болаттың таңдамалы өлеңдері, әдебиет пен өнер сыны, сондай-ақ, ән-күйлері енгізілді.
Мырзатай Үйсінбайұлы Болат 1947 жылдың 12 қарашасында Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында туған. Ақын, сыншы, журналист, педагог және сазгер. Еңбек жолын «Жетібаймұнайгазбарлау» экспедициясында мұнайшы-оператор болып бастап, 1966 жылы Жетібайдағы жұмысшы-жастардың кешкі мектебін бітірген. 1971 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология (қазақ тілі мен әдебиеті) бөлімін тәмамдаған. 1971-1985 жылдары Жетібайдағы №8 орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. 1977 жылы өз пәні бойынша облыстық педагогикалық оқулардың бас жүлдегері болған. 1982 жылы мұғалімдік іс-тәжірибесі теледидар арқылы республика ауқымына таратылған. Ол шығармашылыққа баулыған дарынды жастар әдеби-журналистік салада жемісті еңбек етіп жүр. Ол - әріптестерінің еңбегін насихаттауға да елеулі үлес қосып, баспасөз арқылы он бес мұғалімнің іс-тәжірибесін таратқан. 1984 жылы ұстаздың педагогикалық еңбегі КСРО Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен аталып өткен. М.Болат 1986-1991 жылдарда Қарағия аудандық «Түлеген түбек» газетінде редактордың орынбасары, 1999 жылы облыстық «Хабар» газетінде редактор, 2000-2003 жылдары республикалық «Үш қиян» газетінде Бас редактор болды. Осы жылдар ішінде жұртшылық оны өткір тілді журналист,
білікті редактор ретінде таныған. 19942003 жылдарда Қарағия аудандық мәслихатының қатарынан екі шақырылымына депутат болып сайланып, белсенді қоғамдық қызмет атқарған. М.Болаттың өлеңдері әр жылдарда республикалық газет-журналдарда жарық көріп, ақындардың «Қарлығаш» (1981 ж.), «Жыр-моншақ» (2003 ж.) жинақтарына, сондай-ақ, мектеп оқушыларына арналған «Маңғыстау әдебиеті» (2008 ж) атты хрестоматияға енген. Ақынның поэзиясын Өтежан Нұрғалиев, Қадыр Мырзалиев секілді қазақтың көрнекті ақындары жоғары бағалаған.
М.Болаттың Алматыдағы «Бабамұра –М» баспасынан «Бір арман» (2009), «Оқшау сөз» (2010), «Бостан сөз» (2012)атты өлеңдер, әдеби сындар, публицистикалар кітаптары жарық көрген. Оның тағы бір қыры – сазгерлік. Музыка мамандары мойындаған «Маңғыстау» атты әні, «Ыңғайтөкпе», «Қара жорға», «Домалатпай» деген күйлері бар. Сазгердің «Қара жорға» күйі – А.Жаңбыршы құрастыруымен 2008 жылы шыққан Маңғыстау күйлерінің «Нарату» жинағына енген.
КҮРЕТАМЫР
(Таңдамалы) «Күретамыр» - таңдамалым еді!.. Осы еңбегімді - әкем Үйсінбай мен анам Әлипаның аруағына бағыштадым!.. Автор
ЖЫРЫМ – ЖАННЫҢ ЖАЛАУЫ
ЖҮГІРУ
Арым кешіп жүгірдім – Табанымды сыдырдым!.. Тікен кіріп өкшеме – Тызақтадым – бүліндім!.. Шағыл кешіп жүгірдім – Батып-шығып, жығылдым!.. Құлық* жағып отырып – Табаныма үңілдім... Тауға қарай жүгірдім- Өкпем өшіп, сүріндім! Тас біткеннің табанға – Бататынын ұғындым... «Тай жегендей – талабым» - Бір тынымсыз баламын!.. Тарсылдаумен табаным – Қашан тыным табамын?.. Кімге шаттық әкелдім?.. Кімге бақыт әпердім?.. Бар болғаны, әзірге, Бақытымын әкемнің!.. Білмей өмір дерегін – Таппай жанның керегін... «Жетемін,-деп, - арманға-
Жүгірумен келемін! 1965 ж. Құлық* - құм жәндігі. «Табанына құлық жаққан бала – жүйрік болады» деген ұғым бар.
КҮН БАТҚАНДА
Кешкі кез. Қызыл шапақ арайланып, Барады түнге қолын жалғағандай. Күміс ай көк аспанды шарайна қып, Қарайды күннің көзін арбағандай. Осы кез күн – сұлуға бір сын еді, Қара түн жақындады қабақ түйіп... Кәрі шал жайменен тек күрсінеді – Кешкілік батқан күнге қарап тұрып. 1966 ж. КАСПИЙ ТОЛҚЫНЫ Бұйра толқын арқандайын есіліп, Кәрі Каспий жатыр тағы төс ұрып. Бұлқан-талқан мен де шалқып отырмын, Шабыт-жырдың айдынында көсіліп. Ақ көбігін – ақ жаулығын бұлғалап, Жағалауды жатыр толқын жұлмалап. Ерке сазан жоқ болды тек жарқ етіп, Мынау жарық дүниеге бір қарап...
Жаңа ғана жатқан теңіз дөңбекшіп Қалыпты ғой ішін тарта енді өксіп... Жүрек деген менде де бір асау бар, Кейде толқып басыламын мен де өстіп!.. 1966 ж. КӘРІ ШЕШЕМ БАСЫНДА Күйімен тіршіліктің тербетілген, Маңғыстау хас сұлудың келбетінде. Жан ана, даусымды сен естимісің?.. Көктем ғой, көктем қазір жер бетінде!.. -Бір хабар болмады,- деп, - сенен тіптен, Бар шығар сөздерің де менен күткен. Қайтейін даусым саған естілмейді – Арада кісі бойы-ақ тереңдіктен!.. Балаң да алданыш боп түтінге бір, Баяғы таусылмайтын ісінде жүр. Сенің де ақ тілеуің, армандарың – Балауса жырларымның ішінде жүр.
Тек уақыт Сені менен бөлек етіп, Қырлардан басын бермей келеді өтіп. Асығыс, мен де тағы кетіп барам Аяттың орнына бір өлең оқып!.. 1966 ж. КҮЗГІ ЖАПЫРАҚТАР Күзгі дауыл – табиғаттың жендеті, Жапырақпен жауып жатыр жер бетін. Қарақшы – уақыт шешіндіріп кеткесін – Жасыл бақтың сарғайыпты келбеті. Жапырақтар жанарында жас тұнған Дірілдейді аяғыңның астында. Долы дауыл екілене соғады – Табиғаттың кәрі ауруы асқынған. Жарқын жаздың бір белгісін көре алмай, Көзім көрген суретке де сене алмай, Кеудем – дауыл, жаным менің – жапырақ, Тұрып қалдым, төрелігін бере алмай!.. 1967 ж.
КОНТРАСТ (Алматыда қар жауғанда) Алматыға жауып жатыр ақ мамық, Табандарда қалып жатыр тапталып!.. Мамық еді, нәзік еді керемет!.. Қара табан жатыр жерге шегелеп!.. Жанарында жалын лаулап, күлкі ойнап, Аққұба қыз он сегізін жүр тойлап. Балалығы, еркелігі баяғы – Көкке қарап алақанын жаяды... Көнген, сірә, тағдырына жыламас, Тұнжырайды жапырақсыз қу ағаш. Көріп алар бәріне де көнбісті, Қыңқ етпейді, әйтеуір тек жер мықты!.. Алматыға жауып жатыр ақ мамық, Табандарда қалып жатыр тапталып! Мамық еді, нәзік еді керемет!.. Қара табан жатыр жерге шегелеп!..
Осы бір жай жүрегімнің қақпасын – Жазып едім дүсірлетіп жатқасын. Тағдыр нәзік сезіміңді сенің де Табандарға тапталудан сақтасын!.. 1967 ж.
ТЫҒЫЛМАҚ
Болыпты бір іс күлгендей, Тығылмақ ойнап жүргендей. Жүз бойжеткеннің ішінде – Көріппін алғаш түсімде... Ай болған кезде - жарты нан – Өңімде көрдім артынан. Жеп қойғым келгем «айымды» - Түсінесің бе жайымды?.. «Жарық барында көрінбе, Түнде кел, түнде, ерінбе!.. Аңсарым менің, сенің де – Кезек берейік ерінге»... Дегенмен солай ыңшыңсыз, Қалғансың сен де үн-түнсіз... Кеудеме басың құлап бір, Тұрғансың сосын жылап құр... Сезеді құрғыр жүрегім, Ұзамаспыз-ау, білемін. Ойыннан шыққан от шығар – Жарасымы да жоқ шығар!.. Тығылмаққұмар «ұрымын», Ай-шалық жанның бірімін!.. Сыпсың сөз шықпай тұра ма?.. Сол қыздың атын сұрама!.. 1967 ж.
ҚЫРҒАУЫЛ – ТОҒАЙ Сырдың бойында, Достың тойында, Түртіп жүректі, Жүрдің ойымда... Көздеп аулақты, Тілек қаулапты. Топ боп тоғайға, Шештік бармақты!.. Тоғай құлдап біз, Қызық қумақпыз... Атып қырғауыл, Саят құрмақпыз!.. Кешке таныстым, Әлі алыспын... Сәулем-қырғауыл, Төзім тауыстың!.. Қызыл-жасылым, Жүрші ақырын... Көрер басқа «аңшы», Талға жасырын!.. Қанат сермеші, Жаным тербеші... Естір біреулер – Күле бермеші!.. Күн бар – сырғаңда, Мін жоқ тұлғаңда!.. Қайтем құс атып- «Құсым» тұрғанда!.. Тоғай шолайын, Келсін орайың. Ілген қырғауыл – Мен-ақ болайын!.. Қырғауылым-ай!.. Ырғалуын-ай! Бөтен біреуге – Бұрма жүзің-ай!
Айнамкөзім-ай!.. Жайнаңкөзім-ай!.. Түсті өзіңе – Қайдан көзім-ай?.. 1967 ж. ЖІГІТШІЛІК Ойда жоқта кезіктірдім, Күлкіңмен-ақ еліктірдің. Алма ағаштың саясында Бауырыма еніп тұрдың... Сүп-сүйкімді, аппақ едің, Құшағыма шап-шақ едің... Алма ағашқа шық түскенде – Өзің іздеп тапқан едің!.. Таудың қызы ерте пісер, Қос алмасы тең тебісер!.. Құрбы көңілін қалдырмайын, Өкпелесе – емшегі ісер!.. Түкпірінде алма бақтың Ерініңнен бал жалаттың... Шықтасылға* шара бар ма?.. Не болғанын аңдамаппын!.. Қызыл апорт – піскен алма, Томпыл қағып түскен алма... Өзің келіп ұрынған қыз, Ерінімді тістеп алма!.. 1967 ж.
Шықтасыл* - «орны толмайтын, қайтпайтын шығын» деген мағынада. АДАСҚАҚ (Әділбай Жүсіп шығарған әні бар) Шаттанып, тасып едім, Білмеймін көз тиді ме?.. Сен-дағы ғашық едің, Білмеймін, сөз тиді ме? - 2 рет Адасқан мен болдым ба, Жұлдызын айыра алмай?.. Аңыраған сен болдың ба, Тұйғынын қайыра алмай? - 2 рет Жапырақ желмен ұшып, Күзгі бақ күрсінгенде – Бақытты кездер үшін Өкініп жүрсің бе, әлде? - 2 рет Жастық-ай, сыймай жерге, Құйқылжып, құйындаған!.. Мені енді қинай берме, Бақытым бұйырмаған!.. -2 рет 1968 ж.
ЖОЛЫҢА ҚАРАЙ-ҚАРАЙ... (Шығарылған әнді де, сазгерді де ұмыттым. Өлеңім қалды). Бірге өскен құсым едің қарғадайдан, Арманның ақ қанатын айға жайған. Ұшырып алыппыз-ау махаббатты, Бүгінде арамызды жалғамайды ән! Қайырмасы: Жалғамайды ән!..Самғамайды ән!.. Жарылып қалған айнам!.. Арман-құс ұшып кеткен Қонушы ед талға қайдан?.. Бұл қалай жүдеткенің өрімталды? Жолыңа қарай-қарай көзім талды... Сен мені ақын қылдың арманы көп, Үзіліп жүрегімнен сөзім тамды!.. Қайырмасы: Сөзім тамды!.. Көзім талды!.. Күйреттің сезім-талды... Мен бір құс сыңар қанат, Ұшарға жерім тар-ды!.. 1968 ж.
СЕН ЖӘНЕ МЕН Сен – мендегі қуанышсың шаттық құсын жырлатқан, Сен – мендегі қайғысың ғой салмағы бар мың батпан!.. Мәңгі бірге бірге досым да – сен, басқа досым – мың елес.. Бітіспейтін жауым да – сен, басқа жауым түк емес!.. Сенен алыс, кетсем алыс – қайғыңды алып кетермін, Шын қайғырмай білмеспін мен қуаныштың не екенін!.. Әттең, менің жүрегіме – қуаныш та сыяар ед, Жылар жерде жыламасам – күлу маған қиямет!.. Мен жыласам, шын жыласам – теңіз болып кетермін!.. Сен бір қайық – толқынымда жалғыз желкен көтердің!.. Кеудемде сен зымырарсың қара дауыл айдаған, Астан-кестен толқырмын мен –сені жатам аймалап!.. 1968 ж.
КЕЛЕМ ЖАЛҒЫЗ... Көкіректе мың сан ойлар ағылып, Келем жалғыз көше бойлай, тыныш шақ. Айда-жайда түнгі аспанды жамылып, Қыз – Алматы жатыр тағы тыныстап. Жоқ қой кездер еленбейтін түнгі ызғар, Өзіңменен бар қызықты тең бөліп. Келем жалғыз жымыңдайды жұлдыздар, Ақ қайыңдар бұралады сен болып. Әлсін-әлі зорлағандай өзімді Ыңылдаймын көңілімді жеңдіріп. Жоғалтқандай сенің сыршыл көзіңдіСол үйдің де алдым шамын сөндіріп!.. Келем жалғыз. Уақыт таңға таяды, Қайыңдостар сыр сұрайды анталап. Келем жалғыз.Мың сан ойлар баяғы – Алматының түнгі аспанын аралап. 1969 ж.
ТЕҢІЗ КЕШІ Ғашығын күні бойы көктен іздеп, Шаршаған Күн құлады көк теңізге!.. Табиғат осынау бір сұлу сәтін Тұрғандай оң көзімен өткеруге. Сұлулық дүниесінде қағып қанат, Әлемге алуан бояу жатты тарап. Табиғат қолындағы жер-кеседе Шайқалған тентек теңіз – қызыл шарап!.. Ендігі Ай – патшадан етті ме үміт, Бір Жұлдыз тұра қалды көкке ілініп. Көк теңіз Күн – сұлумен құшақтасып, Асығыс түн – көрпеге кетті кіріп!.. Қайтеді, қызғанса да – тұрар шыдап, Бір шетте бұлт та қалды жыламсырап. Қызара теңіз беті толқындайды, Бұл – оның ұялғаны шығар, сірә!.. 1969 ж.
ПЕРРОНДА
Вокзал. Перрон. Құжынаған көп халық – Теңіз дерсің. Соған құяр – мен бұлақ. Достар болып күтіп тұрмыз топталып, Көрінбедің, Келмей қалдың сен бірақ!.. Шіркін көңіл!.. Уақыттан біз озбадық. Соңғы қалған секундтарды санаймын!.. Бітті бәрі!.. Кетті поезд қозғалып... Терезеден жалтақ-жалтақ қараймын... Құшағына алды, міне, жыр-ару... Шіркін перрон! Қыз-жігітке екен сын. Көз ұшында қол бұлғайды бір ару – Енді келген сен емес пе екенсің?!. 1969 ж. КҮН МЫНАУ... Достарменен биікте бір ән салып, Жүрші бірге, тауға шығып қайталық. Құшақ жая күлім қаққан күн мынау, Үйде жалғыз қалғаның не, құрбым-ау!?.
Бұлттарменен жатқасын ғой қосылып, Алатауды биік дейді осы жұрт. Сол биікте төбемізден сүйіп күн, Көңіліміз биіктесін сүйіктім!.. Балалықты тағы да бір келтіріп, Қайтайық біз гүлге етекті толтырып. Құшақ жая күлім қаққан күн мынау!.. Үйде жалғыз қалғаның не, құрбым-ау!?. 1969 ж. СЕНІ ОЙЛАСАМ Демеймін мен мынау күндер өтпеді – Өзің бөлек араны ашып кеткелі. Ақырындап жабылып-ақ жатады Өмір – ағын күндерімнің беттері... Мінезім бар баяғыдай аңқылдақ, Күлсем солай бұрынғыша жарқылдап!.. Көкіректен ұшып кетіп жатасың Бір-екі ауыз өлең болып там-тұмдап...
Көңілім сол кеңдігіндей даланың, Өзің жайлы сырғиды әлі қаламым... Сен кеткелі өзгермедім десем де, Сені ойламасам – бір өзгеріп қаламын!.. 1970 ж.
БІР ЖАРЫҚ...
Көзіңде бақыт – нұр барын – Ақының болып жырладым. Арманға толы сөзіңді – Шәкіртің болып тыңдадым. Бұл – мендегі бір сыр, жаным!.. Тумаған әлі жыр үшін, Жармаған бүршік гүл үшін!.. Бір жарық алдан шақырар Қол бұлғап маған күні-түн. Бұл – менің жаным, үмтім!.. Күй болсаң - сені тартайын, Жыр болсаң – сені айтайын. Ұйқыңнан тәтті оятып, Мазаңды алам таң сайын... Бұл – менің даусым, айқайым!.. 1970 ж. АПТАП ЖӘНЕ ЖІГІТТЕР (Қаражанбас барлаушыларына) Аптап. Шілде. Маңдайды от қарып бір, Сайын далам ыстыққа қақталып тұр. Мына дүние от болып кеткен жоқ па, Ойпырмай, лап етуге шақ қалып тұр!.. Шыжыған Күн астында алаң – ашық,
Ащы тер шаң-тозаңға араласып, Ғажап-ау неткен жандар бұрғышылар, Еңбек еткен отпенен жағаласып!.. Жоқ! Менің қорқынышым бекер екен, Жастық жігер оттан да бетер екен!.. Бұлшық еттер шымырлап бойға сыймай, Фонтан боп та атылып кетеді екен!.. Таратып орыс, қапқаз, қазаққа ырыс – Тындырған Маңғыстауда ғажап бір іс. Жүздері тотығыңқы бұрғышылар – Шыныққан от ішінде болат-құрыш!.. Ынжықтың зәре-құтын қашырғандай, Еңбектің майданына шақырғандай, Маңғыстауда от-жалын жігіттер көп «Отқа салса күймейтін» батырлардай!.. 1970 ж.
МАҢҒЫСТАУЫМ МЕНІҢ! Абыл күйінен от болып сазынан демін, Қашаған – жырмен сірә да, Жазылар ма едің?! Сұр замандардың тоңына Көмілген бақыт, Көп күттірдің-ау Жұртыңды, қазынам менің!.. Құт – мекен болып жалыннан Жаратылғандарға!.. Тарта бер енді, алыбым, Замандарды алға!.. Мен сенің алауларыңды Алдымнан көрем – Мәңгілік бақыт іздеген Адамдар барда!.. 1970 ж
ҚАЛАМҚАСТАҒЫ МҰНАРАДАН
РЕПОРТАЖ
Жатқан еді ұйқыға тұншығып қыр, Таң алдында жігіттер құлшынып бір... Арпалысқан сәт еді қайрат-жігер... Фонтан атты қара Жер жұлқынып бір!.. Мұнайшылар бір-бірін аймалап құр, Бақыт – тамшы көздерден тайғанап жүр!.. Аппақ болып тістері жарқырап жүр... Үстеріне қап-қара май борап тұр!.. Әлі талай осылай таң атады, Тамсантып, құдіретіне қаратады!.. Ашыла бер бер еңбекші Маңғыстаудың Май-май болған ырысты алақаны!.. 1970 ж. ДОСҚА ХАТ (Жәкібай Құрмантаевқа) Жалаң аяқ құм-көшені шаңдатып, Күні кеше бір жүгірген тентек ек... Балалықтың бал-базарын шаңға атып, Айрылысып кеттік біздер ертерек!..
Біраз болды тастап кеттік, ол рас, Жұлдыз санап отыратын түндерді. Арман атты асау тұлпар мойымас Екі тарау жолға салды біздерді!.. Мүмкін, сенің тығыз шығар уақытың, Күнделікті жұмыспенен жүргенде. Көркіменен шығып қалған аты тым Көрші қызың алаң қылып жүр ме әлде? Абзал досым, жазбай кеттің көптен сен, Қалдым ғой мен әндеріңді сағынып. Кейде сұрғылт күндерімді өткерсем – Жалқы жүрек кететіндей жарылып!.. 1971 ж. ҚЫЗДЫ СҮЙІП БІР ЖІГІТ (Г.Гейнеден) Есі кете сүйді жігіт бір қызды, Бірақ, сорлы тосылғанын білмеді!.. Кешіккені -ақ үмітті күрт үзді, Кейін кетті басқан адым ілгері.
Көздерінен қайғыменен жас тамып, Қыз да кетті, қайтсін енді, жол қысқа. Жас жігіт пе?..Тағдырынан жасқанып, Қала берді бармақ тістеп, қол –қысқа!.. Басқаға тек кездеспегей – тілегім; Жаңалық деп жараспайды естуге. Қарс айрылды-ау сенің де пәк жүрегің, Бұл оқиға күлкі әкелмес ешкімге!.. 1971 ж. БУРЛАК (Н.Некрасовтан) Кеудемен, иығымен, қыл арқанмен – Тартады-ау дәу қайықты қыл арқанмен. Бұршақтап тұла бойдан төгіліп тер, Қапырық талма түсте төзімін жер!.. Шаршаңқы дауысымен жылап тұрып, Шырқайды-ау «Емен» жырын құлап-тұрып. Батырдың ұйқысымен оянады ол – Жеткізбей нән қайықты қоя ма ол!..
Моншада терін сүртіп, таң атқанда – Көр оны айлақ жаққа баратқанда!.. Үшсомдық қыстырулы белдігінде, Уақ та бар – қарайлайды енді кімге?.. Тоқтаусыз қабақ жаққа қарай барып, Әуелі тұрып қалар сәл ойланып... Алдымен бір-ақ тартар арақ алып, Жайланып көңіл шіркін қалары анық!.. Қутыңдап кеткендей ме – жасарып тым?.. Әйеліне базарлық – мата алыпты... Қарындасқа – орамал, балаларға – Ойыншық – ат алмайтын шама бар ма?.. Ұмытпай шіркеуге де тәжім қылып, Кешеңдеу барады енді жолға шығып... Үйіне қашан жетер? Жер де алыс... Құдайым! Жеткіз оны, бер демалыс!.. 1971 ж.
ҰЛЫҒАН ОРКЕСТР
(Г.Гейнеден) Басқа бақыт санаған ба?.. Тойың болды – бітті жырың. Даңғырлайды барабандар, Трубалар алмай тыным. Бұзып-жарған таңғы райды Контрабастар қызу істе... Біз үшін тек зар жылайды Періштелер үзілісте!.. 1971 ж. БАҚЫТ ДЕГЕН... (Диалог) -Бірге міндік өмір деген кемеге, Бір сұрау бар, көрсетсеңші өнеге... Жөнін айтшы, өзің айтшы, ақылдым, Бақыт деген немене?.. -Менің үшін көрінбейді Сенде мін, -Бір өзің ғой тапқаным да сенгенім!.. Өзің барда неге іздеймін бақытты?.. Бақыт деген – Сен!.. – дедім. 1973 ж. ЖАҢБЫРДАН СОҢ Жаңбырға бөккен даланы-ай!.. Шомылған... дені тазаны-ай!.. Мөлтілдеп жатқан шұқанақ – Көрінер көзге танадай!..
Жаңбырдан соңғы ауаны-ай!.. Көкірек ашқан ғажап –ай!.. Иісің неткен тәтті еді, Мөлдіреп жеткен самал-ай!.. Ішімді мұңым жаламай, Күмпиді көңіл сабадай!.. Шүпілдеп қана отырмын Қымызға толған шарадай!.. Мәз болды жаным баладай, Көтердің көкке ағадай!.. Не дейін саған, не дейін?.. Мейірбан Күнім – Анам-ай!.. 1977 ж.
ҚҰМАРШЫҚТЫҢ* ТАЛҚАНЫ
Мұртты гүржі* билеп тұрған заманда, Тұрмыс елді илеп тұрған заманда... Соғыстан соң көзін тырнап ашқандар – Жолыққанбыз нан көрмейтін зауалға!.. Ердің көбі өрт – майданда жұтылып, Аз малыңды «займға» деп сыпырып!.. Бала-шаға, шал-кемпірдің үстінен Уақыт желі соғып тұрды құтырып!.. Қатын-қалаш белбеулерін шұбалтып, Ертелі-кеш қағатын-ды құмаршық. Бейшаралар оралатын діңкелеп Арқасына жібергендей құм артып!.. Ашқан қарын – тамақ түрін таңдай ма?.. Жаратқанның бергені сол маңдайға!.. Құмда өсетін құмаршықтың талқаны – Татыр еді тақылдаған таңдайға!..
Не күтесің жоқтық көрген санадан?.. Кешір мені ақ бөлке мен таба нан!.. Баладайын кейде отырам телміреп – Құмаршықтың талқанына қараған!.. 1980 ж. Құмаршық - құм өсімдігі. Мұртты гүржі -И.В.Сталин.
МОЙЫНДАУ Бұзылды-ау өңім, қысылды-ау менің алқымым.. Домбырам шегі үзілді-ау тапай тартуын!.. Сарғайтып өтті арада жылжып сан жылдар, Сағынтып әлі келесің мені, алтыным!
Жүргенмен қазір құландай безген қағынан, Мен түбі, күнім, қасынан сенің табылам. Сен берген қайғы, сен берген азап – бір өмір, Қолдан жасаған қуанышымды не қылам?!
Көзіме толып найзағайлардың жарқылы, Кеудемде менің шулаған қаздың қаңқылы!.. Арманшыл жүрек ақын боп кеттім ақыры, Өлмейтін сол бір сезімді жырлау арқылы! Үмітпен келем, күдікпен келем қанша жыл... Төбемде бұлтым төгіп те төгіп жауса бір!.. Алыстап қалған тайраңшыл – тайлақ - күндерім, Бас біліп қалдым арқамды тіліп қамшы өмір. 1981 ж. ЖЕТІМ БАЛА (Баллада) Өртеніп барады ауа – Кептіріп кенезені. Тұмшалап қара бала Жауып жүр терезені... Бұл да бір сорлы бала – Тағдыры сыртын берген Шешесі – болды мола, Ағайын қырқын* берген. Көзінің жасы кепті, Басылды жылағаны... Құдайы «нәсіп» етті Тағы бір «сыбағаны!..»
Жатырған қан түкіріп Әке де әлсіреді... Барады жан қысылып... Баласы – бар тілегі!.. «Ғұмырдың шаңды желі Кеудемді қақпанын-ай!.. Кіндіктен жалғыз жалғыз еді, Ұлымды сақта, Құдай!..» Үмітін үзген ауру Құлынын қия алмады. Дерті оның жұқпалы ауру Баласын сүйе алмады!.. Білініп шаршағаны – Бала да жатыр әні... Түсінде аңсағаны – Анасы шақырады!.. Аурудың тұманданған Көзінен көшеді бұлт. Жалынып бір Алладан – Сонда да етеді үміт!.. «Құлдығым тірі жүрсе – Адам боп қалды ғой!..» - деп. «Ізімнен күні күлсе – Үмітім жанды ғой...»- деп. Еріні шыт-шыт болып, Бейшара күбірлейді. Күн батса – қырсық торып, Кірпігі ілінбейді!..
Тер қатып қабағында, Бермейді жанға медет. Дүние – жанарында Ойнайды қанкөбелек!.. Дем жетпей тұншығады, Шыдар ма ұзақ түнге?! Ертең де күн шығады, Жарығы, бірақ, Кімге? Ұзамай қара бала Әкесін көміп келді. Жүрегі жара бала – Үміті сөніп келді!.. Баяғы кескіні жоқ – Айналды тас – балаға! Жылайтын ешкімі жоқ, Бұл – енді басқа бала!.. Құшаққа қысып тұрған – «Жалғыздың Жары - Құдай!..! Жетімге түсіп тұрған Жалғанның жарығын-ай! 1981 ж. Қырқы* - қырық күндік садақасы. АҚ ЖАЙЫҚ. ҚАРА ШАЛ. (Баллада) Онда жұнттай жігітпін, Шауып жүрген күлікпін!.. Барар жерге бөлгенде - Атырауға іліктім!..
Алматыға «Қош!..» -дедім, «Оқудан – қол бос» дедім. Сен сұрама, мен айтпан – Көңіл шіркін өскенін!.. Талай жерді аралап, Қиял-құсым балалап... Барып қалдым дәм айдап, Ақ Жайықты жағалап!.. Дендер*деген жер екен, Жайық – сумен телі екен. Балық аулап нәпақа Айыратын ел екен. Жолдастарым – мұғалім, Құрып ауын-құралын, Балық аулап, тынбайды – Судан тауып мұралын!.. Үлкен кәсіп – білгенге!.. Кәрі-жасы бір демде Жағалауды толтырар – Қызыл балық жүргенде!.. «Маңғыстаудың киігі», Су болардай киімі!.. Жар басында тұрамын Біртүрлілеу - бұйығы... Бекіренің бүйірі-ай!.. Тұмсығының сүйірі-ай!.. Қарық болған олжаға Балықшының жиыны-ай!..
Асып, бірін қуырып, Сорпасынан сіміріп... Отырғанбыз қауқылдап, Су азығын сіңіріп!.. Жанар оты қоздаған, Қалжыңы бар тозбаған!.. Қуақы шал қиқиып, Бағыттады сөз маған: «Қалай, балам, хал?..»-деді, «Ұялма, астан ал!..»-деді. «Жайық толы балыққа – Біздің осы мал!..»- деді. Сөзі жағып жаныма, Ерік бердім жағыма... Менде қарап отырмай, Тидім шалдың «шамына»!.. «Балық тимес жүрекке, Ас екен ғой тыз етпе!.. Қампитқанмен қарынды – Қайдан жетсін сүр етке!.. Бозашыда* - қырда өскен, Өзен емес – құм кешкен!.. Шұбат ішіп, ет жеген, «Басқа тамақ – құр!»-дескен...
Біздей шөлдің «аңына» - Болмас бұдан – «мағына» - Деп қоямын әзілдеп Ақ Жайықтың шалына. «Тез пісетін керім!»-деп, «Асқазанға жеңіл!» - деп Күліп жатыр ол-дағы Әзілімді «желімдеп»... Сосын тағы қоймайды, «Баласымен» ойнайды... Қармақ салып «суыма» - Тереңірек бойлайды!.. «Оқу оқып, жөн білген, Бала екенсің сөз білген!.. Айналайын түріңнен – Жаман шалды көзге ілген!.. Сұлу қыз көп осында, Көп кідіріп, тосылма!.. Таныссаңшы бірімен, Көңіліңнің қошында!.. Тірі жаннан қорықпа!.. Аттан, бала, «жорыққа»!.. Біреу тисе – маған айт, Жіберемін моргқа!.. Сүйгеніңді алсаңшы, Осында бүр жарсаңшы!.. Күйеу болып Берішке, Ақ Жайықта қалсаңшы!..»
Деп бір шалым сілтейді, Қағып-жүрек шіркейді... «Маңғыстауда не бар?..»-деп Және бір сөз тіркейді!.. «Мұнда жетіп-толам ба?.. «Күшік күйеу» болам ба?.. Есім барда – елімді Таппаймын ба, одан да!..» Деп қаралай ұшынып, Көзімнен от ұшырып!.. Атып тұрып орнымнан, Шыға бердім сытылып!.. «Жастың ісі – шала»- деп, «Өкпешілін қара!» - деп... Күліп қалды қара шал; «Мені досқа сана!..» - деп... Уақыт желі арбайды, Күнді-күнге жалғайды... Шалдың сөзі әнеугі Қыр соңымнан қалмайды!.. Талай тойға барғанмын, Шырқап әнге салғанмын!.. Қайқылардан қайырып, Балын жұтып жалғанның!..
«Кездесер - деп алдан кім?» Және тойға барған күн... Ақ шабақтай бір қызды Жолықтырып қалғанмын!.. «Ақ шабаққа» таласып, Ала көзбен қарасып... Жүрген біраз жігіттер Кетті ақыры жарасып!.. Ақ Жайықтың «шабағы», Үлпілдеген тамағы: «Ағай – бала, қойшы!..» – деп, Дірілдейтін қабағы... Сол бір жәудір көзімді, Үлбіретіп сезімді Таптап кетпей, Құдай-ау, Ұстап қалдым өзімді!.. Мен де айтпаймын: «Қалам!» – деп, «Осында бүр жарам!..»- деп, Ол да ашылып айтпайды: «Маңғыстауға барам!..»- деп. Сосын біраз жүрдім де, Жинақталып бір күнде... Жігіттерге «қош» айттым, Бұйда-жібім түрдім де:
«Туған жерге қайылдық* Жеңді, достар жайымды ұқ!.. Ренжіме, қара шал! Болмай қалған қайын жұрт!.. Қош, өзенім – Жайығым, Бар кішкене «айыбым»... Маңғыстауға бұрыппын Көңілімнің қайығын!..» Сөйтіп, судан өткенмін... Туған жерге жеткенмін!.. Қарыным ашып қалғандай – Кезіктім-ау етпен мың!.. Не көрмеген сырттанмын!.. Заһардан да жұтқанмын!.. Отыз жасқа жетпей-ақ Асқазанды құртқанмын!.. Ас жемеймін ұтылап, Сыра да ішпен құтылап!.. «Балық болса!..» - деп қоям, Еттің нанын шұқылап... Әй, Беріш шал! Беріш шал! Демепсің-ау теріс, шал!.. «Жеңіл»,-деп ең балықты, Сөзіңде не кеміс бар?..
Сол шалымның білгені-ай!.. Балағымнан ілгені-ай!.. Суға мұрын шүйірген Қайран жастық күндер-ай!.. Жаны жайсаң, жақсы адам – Ерекше еді басқадан!.. Шал есіме түседі – Ауырғанда асқазан!.. Жайығына – сыңар шал, Өз елінде шынар –шал! Мені талай толқытқан Тәтті әзілге құмар шал!.. Белгісі еді ескінің... «Көз жұмды!..» -деп естідім. Иман тілеп қартыма – Дұға қылдым кешқұрым. Жігіт едік жұлындай, Кетті жылдар бұрылмай!.. Ақ Жайықтың көктемде Мөңкіп аққан суындай!.. 1982 ж. Дендер* - Атырау облысындағы аудан. Бозашы* - Маңғыстаудағы үш түбектің бірі. Қайқы* - Маңғыстауда сал-серілерді осылай атайды. Қайыл* - «шын берілген» деген мағынада.
ОЛЖА
«Аппақ қарды омбылап, Көктем іздеп келем мен». Т.АЙБЕРГЕНОВ. Қанатын жайған әсем Көктемім қайда?..»- десем... Өтіпті «айдан – аман», Жетіпті «жылдан – есен!..» Көктемім өрлей келген, Желдетіп төрлей келген... Ояттың сезімімді – Жүректе өлмей келген. Жаңбыры – ұйқыашары, Самалы – күй шашары!.. Жібітіп тоңдарымды – Жаныммен ұйқасады!.. Желпітіп маңдайымды. Ашады сарайымды. Көктем мен ақын біткен Әуелден ағайынды!.. Кеудемнен ағылып ән, Барады салып ұран!.. Ұрланып күн қарайды – Бұлттардың жабығынан... Екеуі ақырындап... Ойнайды жасырынбақ!.. Сезім-ау көктем деген – Кететін ақылыңды ап!..
Ақылым – Ай қараған... Сәтімді пайдаланам!.. Көктемнен бір өлеңді – Осылай байлап алам!.. 1985 ж. БӘЙГЕ Қазомырау кіл жүйрік Шауып кетіп барады, Жел тұрғызып, ауаны Жарып кетіп барады!.. Көкіректі ашытып, Жанып кетіп барады!.. Барабанын жүректің Қағып кетіп барады!.. Бала біткен қиқуды Салып кетіп барады. Дауыстары құлақты Шағып кетіп барады!.. Асау мінген біреуі – Налып кетіп барады... Қабаттасып онымен – Зауық кетіп барады!.. Атқұмардың көңілін Тауып кетіп барады... Қызық қуған жанына Жағып кетіп барады!.. Топтан озып үш тұлпар – Анық кетіп барады».. Әнебіреу шаң жұтып, Қалып кетіп барады...
Көз ұшында көп ноқат – Ағып кетіп барады!.. Бірін-бірі жібермей, Батып кетіп барады!.. Ноқат көзден жоғалып, Шаңыт кетіп барады... Иесі кім? Белгісіз... Даңқ кетіп барады!.. Аттан жүйрік қиялым – Ауып кетіп барады... Бәйге қалып жайына – Лағып кетіп барады!.. ж. ӨМІР (Әділбай мен Түгелбайға ескерткіш) Ай! Сол күнгі адамның да көптігі-ай!.. Арасында тек солардың жоқтығы-ай!.. Өлім шіркін жас-кәріңді таңдамай, Тура келсе - қағып түсер оқ бір-ай!.. Кеше бірге сөйлейтін ек желпініп, Жастық шақтың салтанатын келтіріп. Бір бел топырақ салуға да қабірге Зорға үлгеріп тұрмын, міне, ентігіп!..
Көп күректер төбе басын шаңдатып, Құм суырып көрсетпейді маңда түк!.. Тағдырына тістеніп тұр қарт әке – Үндемейді көкірегіне қан қатып. Үндемейді шетте тұрған бір бала, Кеудесінде қайғысы бар зілқара. Жанарынан жас тамады сырғанап, Жас қабірге жалтақтайды мұңдана. Шапқылап жүр құртақандай інісі, Ойнақтайды, басқада жоқ жұмысы... Үндемейтін адамдар мен төбенің Тек сол ғана секілдідей тынысы!.. Азаматтың қайғысынан бүгіліп, Ошарылып тұрған едік кідіріп... «Мына адамдар неге жүрмейд?» дегендей, Әлгі тентек кетті бастап жүгіріп... Азалы үйден жоқтау енді жол салды, Өзекті өртеп, суырып бір қолқаңды.
Ас қойылған дастарханды жағалай – Жиналған жұрт үнсіз біраз томсарды. Жесір өксіп, құрбысына зар төккен, Кейуанадан жылай-жылай әл кеткен. Тыныштықты бұзды сол сәт самауыр, Бұрқ-бұрқ қайнап, даусы шығып әндеткен... Қашанғы енді шыдасын-ау ұдайы, Біраз жұрттың кіріп қалды шырайы. Ондайлардың қайғысынан мүләйім – Самауырдың әндеткені шынайы!.. Суреттен қарап тұрды сол жігіт – Кең жайылған дастарханға мол қылып... Мен отырдым басын шалып әр ойдың – Көкірегімнен он сан сұрақ өргізіп. «Самауырдай қайнап тұрған шағыңда!.. Өмір – күрес қайрап тұрған шағыңда!.. «Неге - деймін,- көз жұмады жақсылар, Гүлдей өсіп, жайнап тұрған шағында?!.»
Осы өкініш өзегімді өртеді, Өмір, бірақ, өзінше жыр шертеді!.. Бейіт басы түсті есіме тағы да, Түсті есіме сол жігіттің тентегі... Кеудемізде екі сезім күресіп, Тұрғанымен біразырақ тіресіп... Қала алмадық біз бейіттің басында – Ілби бердік сол сәбиге ілесіп. Пенделікпен пенделікпен налимын... Көрсетті ғой іс-қылығы сәбидің!.. Ұқтырды ғой самауырдың әуені, Өмір, содан шындығыңды танимын! 1990 ж. АҚҚУ СЫНДЫ ӘУЛИЕ (Есімқұл көріпкелдің асында оқылған өлең) Халайық көкейіңді тапқым келер, Бір отты жүрегіңе жаққым келер!.. Есімқұл атам десем – көз алдыма: Киелі құс төресі аққу келер!..
Адамдар – арманымен күшті дейді, Қиялмен аспанды да құшты дейді!.. Ер Бекет, Есімқұл мен Аманбайлар – Құс болып көк жүзіне ұшты дейді!.. Мен өзі бұл аңызды сөкет демен, Сол үшін де Есімқұл, Бекет дегем!.. Аққу сынды жандарға ұшқан лайық – Көңілді жеті қатқа жетектеген!.. Есекем,! Ел сыйлаған аруағың бар, Ішінде көп әулие салмағың бар!.. Халқыңның ақ тілегін аспандаттың, Қартым-ау не арманың бар, не арманың бар?!. Қабағын Ай мен Күннің сезген қартым, Табиғат тамыршысы – безбен қартым. Елінің амандығы алаң қылып, Қасиетті Маңғыстауын кезген қартым...
Сапарға жаяу-жалпы төзген қартым, Сөйлепсің көңіл-айна – көзбен, қартым!.. Қанша айтсам – қадіріңді тауыспаспын Пәнейі бір-екі ауыз сөзбен, қартым!.. Жырымның белгілі ғой не демегі – Көңілдің бұл әншейін көбелегі... Жар болғай жаныңызға, жақсы қауым, Есімқұл әулиенің «бөгелегі»...* 1994 ж. *Маңғыстаулықтардың аузында: «Есімқұл әулие көріпкелдік ойларын айтар алдында бөгелегімен ақылдасады екен» деген сөз бар. ҚОРҒАСЫН (Мәрия марқұмның рухына) Ғұмыр кештім көп жыл жерім тарылмай, Өмір - өзен ағысынан жаңылмай... Жас ортада айрылдым өзіңнен, Кетермісің енді емің табылмай? Сен кеткесін кеудем болды қорғасын,
Қорғасынды – жуды талай көз жасым... Біліп жүрдім, білсем-дағы қайтейін – Қорғасынның көз жасына болмасын... Көкірекке қорғасын – құрт толғасын – Белгілі еді оңайлықпен оңбасым!.. Той-думандар жабырқатып жанымды, Талай жерде кішірейді боз басым!.. Жадау көңіл жалғыздықтан – тоңғасын, Үй-орманым иесіздіктен тозғасын: «Бұл жүрісім – не жүріс?» - деп аңырып, Ой ойладым жыл жарымдай озғасын. Әйел – заттың жүйрігі мен жорғасын Іздемедім – іздетпеді қорғасын!.. Жүріп-жүріп бір адамға тоқтадым – Ол да өзіңдей иманжүзді болғасын!..
Қыз бойжетіп, тапты бақыт – жолдасын, Ұл ержетіп – қорғар болды өз басын. Қарап тұрсам – мұның бәрі от екен – Ери берді, ери берді қорғасын... Күндер кешем көп қайғыға салынбай, Енді жиі бұзылмаймын сабындай... Кей-кейде тек күңгірт тартып отырам – Еріп кеткен қорғасынның қағындай!.. 1996 ж. СУЫҚ ТОРҒАЙ Аяғы қыркүйектің шығып болмасАпырай, келіп қалды-ау суық торғай!.. Жаз кетті жадыраған апыл-ғұпыл – Артында бір нәрсені ұмытқандай. Қабағы жадау күздің суық қандай, Келетін биыл ерте суық бардай. Басылар жынды желдің түрі жоқ қой – Жан созған жапырақты жұлып болмай!..
Отырмыз күн райын біліп болмай, Топтанып ұшты тағы суық торғай. Базарға кеткен балам көрінбейді – Жем болған саудагерге шыбық борбай... Барады аспан-жерден сұрық қалмай, Қара жел құтырып тұр жыныққандай!.. Жүрегім – суық торғай қалтырайды – Бір пәле қанатынан қырыққандай!.. 1996 ж. ЕЛУ ДЕГЕН... Әлме-жәлме жас қой бұл елу деген, Оңай ма өзі елуге келу деген?.. Жаратқанның маңдайға жазғаны бар, Жазғаны сол – салғанын көру деген... Жастық қайда сүйетін сезімменен?.. Қайрат қайда шаршауың сезілмеген?.. Мінез біздің тентектеу қайда қалған – Жүргізбейтін өзіңді жөніңменен...
Қыз қайда «сәулем» деген, «өзім» деген, Сүйетін бар әлемді көзіңменен... Атқан оқтай зымырап бара жатқан – Осы ма, әлде жалғаншыөмір деген!.. Бар ғой, бірақ ертеңге сену деген, Көп қой әлі біздерде төзім деген!.. Елу – деген жайқалған бәйтерек-ау – Жапырағы бойында, жел ілмеген. Бос мақтанға еліріп, семірмеген, Аға – жасқа жетіппіз «елім» деген!.. Тарпаң едік, бүгінде жорға болдық – Сауырына су құйса төгілмеген!.. Жеріміз бар ма біздің жегілмеген?.. Сонда да өрекпиді көңіл-дөнен!.. Жігіттіктен әлі де дәмеміз бар, Әлме-тәлме жас қой бұл елу деген!.. Елу деген!.. 1997 ж. АРМАН КҮНДЕР (Ибрагим Алтыбай шығарған әні бар)
Алыс қалған жастығым жадымда әлі, Жадымда әлі бұрқасын, дауылдары. Туған жердің ой-қырын шарлаған кез, Жадымдасың алыптың адымдары. Қайырмасы: Жадымдасың, жастығым арман – күндер, Қиындықтан таймаған тарлан күндер. Туған жердің төсінде мәңгілікке Мұнара боп шаншылып қалған күндер! Жадымдасың, жастығым, қайран күндер, Ерен еңбек, от жалын, сайран күндер. Алпыс бірдің шілдесі, жадымдасың Жетібайдың атағын жайған күндер. Қайырмасы: Мұнаралы жастығым – сағынышым, Сені ойласам кетеді жанып ішім. Қол бұлғаған алыстан алау-күндер – Маңғыстаудың сөнбейтін жарығысың!.. Қайырмасы: 1999 ж. ЕР ИСАТАЙ (Ибрагим Алтыбай шығарған әні бар)
Қан майданда ерек жүрген, Маңғыстауы – жебеп жүрген!.. Төбесіне бұлт үйрілсе – Бекет Атам демеп жүрген!.. Қайырмасы: Ер Исатай, алыбым-ай!.. Бөлек еді-ау қалыбың-ай!.. «Жерге қалай сыйды екен?» - деп, Пенделікпен налыдым-ай!.. Адастырмас жарығын-ай!.. От пен оқтан ықпап едің, Бетің қайтпас сырттан едің!.. Жүзбен жалғыз арпалысып, Жау жағасын жыртқан едің!.. Қайырмасы: Жұлдыз болып аққандайсың, Құс ұйқыға батқандайсың... Арасында тұра келіп, «Жау қайдалап» шапқандайсың!.. Қайырмасы: 1997 ж. МАХАББАТҚА ШӨЛДЕУ (Айтберген Жаңбыршы шығарған әні бар)
Сері едім, қамсыз жүрген салқам едім, Сен – мені табындырған қалқам едің!.. Жаным-ау елжіреген жүрек сөзін – Өзіңе жеткізе алмай, шаршап едім!.. Қайырмасы: Түсінбедің! Түсінбедің! Мен қазір жанған оттың ішіндемін!.. Сезесің бе?.. Сенесің бе?.. Мәңгіге қалып қойдың сен есімде!.. Кім ұқсын аңыраған әнші жайын!.. Мен де бір жарты жүрек, жалқы қайың. Өзіңді сүйген едім, күйген едім – Қол жетпес аспандағы алтын айым!.. Қайырмасы: Өмірдің бір жүзбедік өзенінде, Білмеймін енді сені көремін бе?.. Жаным-ау су тамызып кетсеңші бір – Мәңгілік махаббатқа шөл ерінге!.. Қайырмасы: 2000 ж.
СОҚЫР АҚЫЛ (Памфлет) Қабағын жүрген кісі түйіп ерен – Көшеден сол ағамды жиі көрем!.. Дәудірлеп анадайдан сәлем берем, Қайтейін адам-тағы киік емен».. Бұл ағам тоқтау бермес шамалыға, Сөйлейді ашу жиып қабағына: «Қадалсын – дейтін едім,-маңдайыма – Інімнің кірген тікен табанына!.. Әлі күн ісің шала – тарыдайсың, «Орыссың» ағайынды танымайсың!.. Білмеймін, көп оқумен – не бітірдің?.. Мұнымен туысқанға жарымайсың!..» Сөздері көңіліме татымай түк, Қараймын көзімді құр бақырайтып!.. Құдай-ау, қайта-қайта қолын сілтеп, Ағам тұр үсті-үстіне ақыл айтып:
«Жүрісің кімге керек төресіген? Үйіңнің су ағып тұр төбесінен!.. Ауылда жалғыз өзің – «Жаяу Мұса», Нарықтың қалып қойдың кемесінен!.. Тура сөз жеткізе ме мақсатыңа?.. Сөйлейсің жиналыста мәстатыңа*! Газетте қалталыны мақтап тұрсаң – Шығарар кітабыңды ақшасына!.. Көзіңді аш, айналаңа қара, бала!.. Бүгінде бақ береді – пара ғана!.. Ұрмайды кісілікті мына заман, Құр босқа қанатыңды сабалама!.. Шұбырған мына жүрттың ісі – жүлік! Тұрады берсең ғана – іші жылып... Сені де Қожанасыр санайды олар, Бетіңе қарағанмен - тысы күліп!.
Ақылды жатқанымен құйып ағам, Бір сөзі қауағыма ұйымаған!.. Көрмеймін әңгімесін шыбын құрлы, Не деген ақымақпын – «тұйық» адам!.. Жайыңа қоймас, бірақ «тасқын» ақыл, «Болсам да неше батыр», састым ақыр!.. «Сөзіңіз – аузыңызда»»-дедім-дағы, Ағамның «оқуынан» қаштым ақыр!.. Сөзімнің оны ұмытсам - болмас дәмі, Сол еді ағайынның «қолбастары»!.. «Джиптен» түсіп жатыр шоң-ініміз, Ол-дағы, қарап тұрмай сөз бастады: «Белгілі талайларға атың аға!.. Өзіңе өкпелімін ақын, аға!.. Тойыма келмегенің - не болғаның, Бұл інің жай адамды шақыра ма?!
Бүгінде атың керек елге тегі, Оқытып мақтау өлең, желдетеді!.. Ініңнен қызыл сөзді аядың ба, Көтерсең мәртебемді – нең кетеді?!.» Ініміз қызарақтап, ісінеді – Бұл да бір жаратпайтын «кісім» еді!.. Ақша алған есіл-дертін бейшараның, Мұндайлар өлеңнен не түсінеді?.. Бұлар тек біледі ғой – алатынды... Күмпілдеп, сайран құрып қалатынды!.. Келгенде кісілікке – бәрі ноқай!.. Пенделік базарында – бәрі ақылды!.. Сауысқан – кісімсиді-ау қарлығашқа!.. Қайтеміз бас ауыртып мандымасқа!.. Көшеге шыға қалсаң – кіл «данышпан»!.. Сөзімді қор қылдым-ау арзымасқа!.. 2001 ж. Мәстатыңа* - «құр далаға, құр босына» деген мағынада. ӨЛІ ЖАҢБЫР (Памфлет)
Бұл қырдың жел соқпайтын күні бар ма, Ұқсайды да тұрады жаны барға!.. Тартқанда шаң-қобызын құтырынып, Тесік таба алмайсың тығыларға!.. Содан ба, көңіл құрғыр - сынық арба, Сынық арба, білмеймін, тынығар ма?.. Аспаннан топырақ жауып бес күн ұдай – Жүр едім қара таппай ұрынарға!.. Апырмай, бір қара бұлт шүйіп келді, Қабағын үнсіз ғана түйіп келді, Жалт та жоқ, күркір де жоқ, бір ғажабы, Аспаннан қара жаңбыр құйып берді!.. Мәз қылып үлкен-кіші ауылдасты, Ой-қырдың көп ұзамай шаңын басты. «Мектепте бір жиналыс болады»,-деп, Көршілер қапелімде дабырласты...
«Бір мықты әдейі арнап келген»,-дейді, «Үміткер парламентке ерден»,- дейді. «Сенсеңіз айтқанына ұжмақ орнап, Ауылды шығармақшы көрден!» - дейді. Жаңбырмен келген ерді көрмек үшін – Біразы жәй әншейін ермек үшін!.. Шұбырды мектеп жаққа жиыншыл жұрт – Тағы бір өтірікке сенбек үшін!.. Үміткер ананы айтты, мынаны айтты, Тізбелеп жоқты-барды құрап айтты. Көп жайды, шыны болса, «жылап» айтты, Жұқалап біреулерді сынап айтты. «Мен жүрген аппақ жүрек балаң»,-деді, «Көңілім халқымды ойлап алаң»,-деді. «Құдай-ау, қамқор болар азамат жоқ, Жатыр-ау жетімсіреп далам!» - деді.
«Бір мешіт қарттар үшін салам»,-деді, «Ақшаны клубқа да табам!» -деді. «Болмаса мен секілді панаң»,- деді «Ауылдың көрген күні қараң!» - деді. Сосын бір пәлсапалап – тағдырды айтты, Аспандап, Жаратушы – жалғызды айтты. «Шөп шығар, мал да ұзамай тойынар»,-деп, Соңында сыртта жауған жаңбырды айтты!.. «Деген бар: Жаңбырменен – жер көгерер, Деген бар: Алғыспенен – ел көгерер. Ағайын егер мені сайласаңдар – Түзеліп, тірліктерің дөңгеленер!» Талайдың желге ұшырып күдіктерін, Осылай тәттіледі үміткерім!.. Мұндайда қарап қалар ауыл бар ма, Шығарды сөзге жорға «күліктерін!..»
Қалғандай орындалып армандары, Әлгіні мақтап бәрі жалбаңдады. Бар ма екен әлденені аңғарғаны – Тек қана үндемеді шалдар жағы... Е, бәсе! Арттан бір шал тұра келді... Қонаққа көз – мылтығын бұра берді... «Ай, мынау абыройды алады-ау!»-деп, Қипақтап әкім-қара бұға берді... «Әй, шырақ, жаңбырың не, сасқаның ба?.. Тірліктің белгісі жоқ аспаныңда!.. Көгіңде күн күркіреп, атойламай, Жарқылдап айналада от ойнамай, Жауғанның несі жаңбыр болушы еді?.. Онымен қай қазаның толушы еді?.. Мен айтсам мұның аты - өлі жаңбыр!.. Жауғанға, жәй әншейін, о да сан бір...
Айтайын, оған да рас. Шөп шығады, Шөп шыққаны бар болсын – тек шығады!.. Жалғанда оны жеген мал семірмес – Сенің сөзің секілді боп шығады!.. Сенің сөзің секілді – дерегі жоқ!.. Өлі жаңбыр - өлі су... керегі жоқ!.. Адамға сөзден басқа берері жоқ – Заманға тап болдық-ау кенеуі жоқ!.. Қайдасың, тектілігім – мықтылығым?! Деп едім сенің де бір шықсын үнің!.. Өлі жаңбыр – сөздерге телмеңдеумен Менің де жаным арып, бітті күнім!..» Деді де, тентекшалым тұрып қалды... Дауысы – зал ішінде тұрып қалды!.. Байқадым, біраз бастар сұлық қалды!.. Ішімде ит-өкініш ұлып қалды!.. Мұндайды көтермейді біздің ауыл!..
Демеді. «Арық атқа – тізгін ауыр». «Маңызды» әңгіме айтып дамыл-дамыл, Жүйкесін қасқа шалдың қылды жауыр!.. «Тілегін азаматтың қабыл алмай, Неңіз бар осыншама жанығардай?.. Қонаққа арнап келген мұныңыз не?.. Үлкенде болмаушы ма еді сабыр, Алла-ай!» Осылай мүтәйімдер «ақыл» айтты, Құбылып құбақандай – сатып айтты!.. Ақ сөздің ақиқатын біле тұра – «Тентекті» аямастан атып айтты. Көп ауыз біріккесін не демейді?.. Ұрмайды, шындығыңды елемейді!.. «Жалғыздың - үні шықпас» деген осы, Төбеңнен ұрғандай қып шегелейді!..
Жықпылы, жырасы жоқ жасырынды... Білмеген тексіздікке бас ұруды!.. Мәрт шалым!.. Дегенменен жай ойнатып, Кеттің-ау бір түсіріп жасылыңды!.. Тұрған жоқ күбі күтіп сапырулы, «Сөз» бітіп жұрт та сыртқа асығулы... Аяғын жиналыстың тосқандай-ақ – Күн шығып, жаңбырың да басылулы... «Жұртына» іш, бәлкім, жылып тұрды, Мұртынан қонақ жігіт күліп тынды... Ұзамай бағыт ұстап қала жаққа – Ытқыды иномарка сүзіп қырды!.. «Екпіні әлгі шалдың қатты ғой!» - деп, «Әрнені әлін білмей шатты ғой!»- деп, Әлдекім әлгі суды шалпып өтті: «Әйтеуір, жаумағаннан жақсы ғой!» - деп.
Алдырып пейілдерді қара суға, Осылай күнім өтті нанасың ба?.. Несіне шырылдайсың сорлы жүрек, Жұрттан асып, пейішке барасың ба?! 2001 ж. ИТ ЖЕТЕКТЕГЕН ӘЙЕЛ (Памфлет) Бұл өзі – бір сұмдықты білген өлең!.. Жанымда иттей ұлып жүрген өлең!.. Қазағым, Көкбөрі едің, қой болдың-ау, Басыңа ит сарыса үндемеген!.. Ит пен құсты құтыртқан заманымыз, Қайда қалып барады адамыңыз?!. Жалпақ шешей болу ма еді амалымыз?.. Түбі содан жетпесін ажалымыз!.. Түкпірін жүрегімнің қазайын да, Бір жайды жеткізейін ағайынға. Қалада жанымызды түршіктірген – Оқиға болып еді жаз айында...
...Бір қатын көше бойлап бүлкектеген – Иті бар жетегінде тірсектеген... Жан-жақтан қарап қапты ондаған көз: «Бұлардың құпиясын білсек!»- деген... Жай емес, әлгі жүріс – нән көрінді!.. Содан да қарағанға – таң көрінді... Қапталдан көзін сатқан қайыршыға: Майлы сорпа, ақ бөлке нан көрінді!.. «Көрерменнің» дені - әйел шаушылдаған, Өлмелі бір шал да жүр қалтылдаған... Балалар асфальт кесіп жүгіреді – Пысқырмай машинаға «пампылдаған!..» Жүзіп келе жатқандай шайқап қатын... Бадырақ көз, шот желке, қайқақ қатын!.. Кертіп жеп, жүзіп ішкен бордақы ғой, Майбөксе, қотанаяқ, тайпақ қатын!..
Кердең қағып кете алмай - май басқаннан, Түрі бар ішіп-жемге шайлап қалған... Итіне бірдеңе деп «тіл» қатады, Келді екен бұл қалаға қай жақтардан?.. Сылқымның мойнында – алтын шынжыры бар, Белінде қолтелефон – дыңғылы бар!.. Қара саннан келетін жырық қаптал – Үстінде алабажақ тұлдыры бар!.. Жетектегі ит жер иіскеп түртінеді – Шулаған жұртты көріп, іркіледі. Ит көрмеген секілді қатар тобыр – Бір-бірін баса-көктеп итінеді!.. Қымбат-ау қарғы бауы алтындаған, Көрсеңші медальдарын жарқылдаған!.. Оқпандай үңірейген ауызын-ай, Қос езу екі жақта салпылдаған!..
Қазан бас, берен шықшыт, сойдақ тісті, Сіңірлі аяқтары белі күшті... Жараның іздері бар денесінде – Бұл өзі көрген ит-ау талай «істі!..» Ортаға байлар ақша ұрған шығар... Қанқасап ит жұлыспақ қылған шығар!.. Қарысып ана тістер өндіршекте – Талай иттің тынысы тынған шығар!.. Түрі бар пәтшағардың адам жейтін: «Саған да ауызымды салам» -дейтін. Мына жұрт сонда-дағы ентелейді, Ой жоқ. «Өзімізге шабар!»- дейтін... Ит шіркін қайдан ұқсын қызыққанды Көрмеген, сірә, мұндай «бұзықтарды»... От шашып көздерінен, арс-арс етіп, Тарбиып төрт аяғы тұрып қалды.
Қатын да жер тебініп, сілкінеді, Алға тартса – жұлқиды иті кері!.. Алас-қапас телефон шалмағанда – Бұдан жаман болуы мүмкін еді!.. Кенеттен айқай салды әлдекімдер: -Қайыршылар мырзаға жол беріңдер!.. Сөйткенше, ит пен қатын «Джипке» мініп – Заматта ұзап кетті, көзкөрім жер!.. Ауызы әлгілердің ебедейлі: «Жол берің»»-деп ойпырмай, ежелейді. «Итті – «мырза» дегені – не дегені?..» Сұмдық сауал ойымды шегелейді!.. Оны айтқан ауыздардың «жазығы» жоқ!.. Ел болдық-ау жолы бар – қазығы жоқ!.. Өзіне-өзі күлмей ме қайтсін қазақ – Адамының ит құрлы қадірі жоқ!..
Қайыршың – бұрыштарда қалшылдаған, Заманым, ұнамайды қалпың маған!.. «Дәурені өр қазақтың-қайда қалдың?..»- Өлгенше осы сауал – шаншу маған!.. Үнім қайда ақжарма – аңқылдаған?!. Күнім қайда айдарым алтындаған!?. Алдымнан, бульдог-иттей арсылдаған, Заманым, қорқынышты даусың маған!.. Толтырып өлеңімді шаршы – бетке, Осылай нүкте қойдым памфлетке. Қазақтың жеткен жері осы боп тұр – Білмедім памфлет пе, портрет пе?! 2002 ж. КОТТЕДЖ (Памфлет) «Бас дегенің – қарыннан Биігірек бітпей ме?..» Жұмекен Нәжімеденов. Нән шаһарда тұратын... Сарай салды бір ақын!.. Күнін айтты «жуатын» - Көрсетпекші қуатын!..
Бай – ақынды байқарға – Құтты болсын айтарға!.. Шақырғасын - жөнелдік Үлгі көріп қайтарға!.. Пысық деймін асылы, Бүгінгінің ақыны – Қол бұлғайды жалтырап – Коттедждің шатыры... Көп мақтаушы еді береуді. «Мецанат,-деп,- жігерлі!» Жеткен екен ақыры – Тапқан екен тіреуді!.. Ісіміз жоқ өнжейлі* Кім сыйласын мендейді?.. Сөзін сата білгендер – Осылайша мөрлейді!.. Алабайлар* - шынжырда... Маңайлама құрғырға!.. Жақындасаң – жаныңды Жібереді жұлдызға!.. Қақпаны өзі ашқаны – Жұртты мәз қып тастады!.. Жерді жарып кетердейАлшаң-алшаң басқаны!.. ...Қол-аяғы істіктей – Жігіт еді жіптіктей... Домаланып қалыпты – Жүрген екен іш бітпей!..
Шүкір еді дарыны – Өзгеріпті қалыбы!.. Құшақтаса бергенде – Тіреп қалды қарыны!.. Таң қалдырды нән залы – Жарқыраған шамдары!.. Табаныңда жолкілем, Қандай екен әр жағы?.. Алдымызға ас келді, Бұрқыраған бас келді!.. «Мұндай болмас күнде той» - Көзімізге «жас» келді!.. Ағы менен қызылы, Қысқасы мен ұзыны... Шөлмек келді жымыңдап – Тойдың тентек – қызығы!.. Уылдырық бас-басқа, Не жетеді жақсы асқа?!. «Жаман қарын жарылсын!..» Атқа қамшы бас, қасқа!.. Шұбат келді кеселеп, Құйып жатыр еселеп... Тәбет құрғыр тартпайды, Біле алмадым – не себеп?.. Оркестрі дүмпілдеп, Кілең дәулер күмпілдеп!.. Қошаметтеп ақынды – Сөйлеп жатыр біртіндеп...
Ақын отыр күлімдеп- «Бақыттымын бүгін»-деп Ағыл-тегіл тілектіБойына енді сіңірмек!.. «Көрініп тұр жиғаны – Қандай мұның иманы?..» Деп отырсам, мәссаған, Шыққан екен жинағы!.. Ашық-жарқын дидарыЖігіт қой бұл ибалы... Бәрімізге қол қойып, Бір-бір кітап сыйлады!.. «Достарыма – сырым» деп, «Соңғы жазған жырым»- деп... Сосын өлең оқыды Қолды сермеп, гүрілдеп!.. Жуандарға төрдегі – Қарап қойып өрледі!.. Сөзі дәмсіз демесең – Еңбегі ғой, еңбегі! Ақын емес – құлғана* Қу шығыпты бұл бала!.. Қирап қапты өлеңі... Тап келгендей зіл-зала!.. Өлеңінен әттең, із, Қалмас, сірә, «қап» деңіз!.. Түсінеміз ақынды – Есін алған коттедж!..
«Ғимараттың жан-жағы Аман тұрғай» –арманы!.. Қорғанындай Қытайдың – Қоршау енді салмағы!.. Мақтау жазғыш немеге – Шарбақ деген немене!.. Мінер небір кемеге!.. Шығар талай төбеге!.. Ақша жасау – амалы, Тайған екен табаны!.. Оны шыңға шығарар – Салып қойған қамалы!.. Өлген екен бір ақын – Коттеджде тұратын!.. Өлгені емей немене – Боқташаққа құл ақын!.. Қожасына арнағанӘнін айтып сарнаған!.. Кең сарайда нем бар ед?.. Болып шықты төр маған!.. Тоғышарлық билеген, Мас қатынды сүйреген!.. Кісілігі күйреген – Сыймай кеттім үйге мен!.. «Отыр, аға, отырлап!..» Ақыным жүр лоқылдап... Мазамды алып барады – Ашу деген қотыр лақ!..
Коттедждің «күйіне»- Түкірдім де биіне!.. Өзегімді от жалап – Тартып кеттім үйіме!.. Қор болма сен, жақсы өлең!.. Абай жазған патша - өлең!.. Коттеджде шайыр жоқ, Шын иеңді тапшы, өлең!.. Біразырақ қышқылдап, Сөз сөйледім мысқылдап!.. Кір шалмаған жүрегім – Отырам ба сыпсыңдап?!. 2002 ж. Өнжейлі*- өнімді, өнікті деген мағынада. Алабай* - иттің ірі тұқымы. Құлғана* - тышқанның бір түрі. ШАЛ МЕН ТЕҢІЗ (Баллада) Бұрынғы тірлігі жоқ сабылысқан, Баяғы жастығы жоқ алып-ұшқан!.. Ой жейді көкірегін – кәрі мыстан, Жүрегі күйіп кеткен сағыныштан!..
Қу жаны өткен талай жарылыстан!.. Сүлдері аман шықты тағы қыстан!.. Бір үйде қартайғанда жалғыз қалыпЖан еді тілерсегі шалынысқан... ...Жасында жүрер еді теңіз кешіп, Балықшы достарымен ерулесіп... Сүйретіп бекірені керілдесіп, Жағадан балық асар жер іздесіп... Сол күндер қиялда енді ұшырасып, Барады кәріліктің мысы басып!.. Сүйегін суық алған бейшараның Тұрады теңіз десе – құты қашып!.. ...Әнебір ақ орамал тартқан әйел – Бақыттың қызығына батқан әйел!.. Жетектеп бара жатыр балаларын – Теңіздің ақ самалы жаққан әйел!..
Барады еске салып бал күндерін, Тарылтып одан бетер шалдың демін... Арқасы – тілеп отыр күн қызуын, Жақтырмай салқын теңіз, таудың желін. Қош айтып он жыл бұрын жан -жарына, Құдайдың көніп едің салғанына!.. Ұзамай жалғыз ұлын теңіз жұтып, Қарауды қойып алды жан-жағына!.. Теңізді содан бері жек көреді, Түсінде өлген ұлын көп көреді... «Жағаға шығар мені!» - деген үні Оянса – кеудесіне кептеледі!..» Неткен бұл судан сұйық өмір еді!.. Сықылды қара-құрым төңірегі! Түндерде әсіресе ай қараңғы Қу теңіз - мола болып көрінеді!..
Тағдыры - жылы шырай танытпаған, Күні жоқ өзгелердей шалықтаған... «Сүйегін көрсем ұлдың» деген үміт – Жойқынның жағасына қазықтаған!.. Теңіздің күні батып, түн келеді... Жалқы жан қоңырайып, үндемеді... Апырай, қайтер екен күзге жетсе?.. Сорлының түрі мынау шілдедегі!.. Қобызын күңірентіп жел тартады, Саусағы жетім шалдың кем тартады... Түсінде жүреді ылғи суға кетіп, Шамасы, қарияны – жер тартады!.. 2003 ж. ҚАР КҮРЕГЕН (Баллада) Бусанып, күрер ме едім сүрі қарды?.. Кім сүйер оты қашып, суығанды?.. Өлеңім әуелден де шағын еді, Кеудемде соның тақ-тұқ «жыны» қалды!..
Қалың қар болды, міне, ай жатқалы, Көңілдің ұстатпайды жай-жапсары... Жастығым сығалай ма жер түбінен?.. Елес бұл қайдан келген, қай жақтағы?.. ...Жас едік екеуміз де қар күреген... Білмеймін, балаң жүрек жанды неден?.. «Осы қар – таусылмаса» деп тіледік, Қорықтық: «Анаң қара!..» әңгімеден.. Қар кешіп, қара қарға алшаңдаған!.. Жоқ еді сол сәттерде шаршау маған!.. Жатырған бұрқыратып омбы қарды... Қайтер ед сонда көзің салсаң маған?.. Жас едік: сен де бәсең, мен де бәсең, Арада – айтылмады сөздер әсем!.. Қар шашып ойнауға да жарамадың – Менде емес, жерде жүрді көздер әсем!..
...Қыз шіркін қалмайды екен жерге қарап!.. Өзіңе талай жігіт қылды талап... Көктемде қара сумен сен де кеттің Мендегі сүтсезімді қылып шалап!.. Болмасқа – бордай тозып, күнім қирап... Жүрдім де біразырақ, тарттым ширақ. Жас басым көп ұзамай болып тирақ*, Қамдандым жол жүрмекке кітап жинап... ..Бір күні күтпеп едім, хат келіп тұр... Лүпілін жүрегінің ап келіп тұр!.. «Бұл несі келіншектің?» деген сауал – Дәркүмән көңіліме тап келіп тұр!.. «Кездестір – бақытыңды алдан!» - депсің, «Қайтейін, аппақ едім қардан!»-депсің. «Бір пысық, сендей емес, қағып кетті, «Шәйгөннің* құлағында қалғам!»-депсің!..
...Сол жылы Маңғыстаудың күні туып, Мен-дағы Алматы астым, оқу қуып... Кітапқа, басқаға да уақыт тауып, Құтырдық жігіттіктің жыны буып!.. Жігіттік қу арақпен тайласқанда – Шығардық талай-талай «айды» аспанға!» Асылып небір сылқым мойнымызға – Мәз болдық көңіліміз жайласқанға!.. ...Ақыры жалықтырды бойдақ жүріс – Сезімсіз қар кешкендей ойнақ жүріс... Баяғы қар күреген сәттерімнің – Тұрмайтын тырнағына өтті бір іс!.. Сол тырнақ қартайғанда бүрді мені! Бүргені – жүрегімді тілгіледі!.. Самсаған қыс-ақпанның сүңгілері – Елестің кемесіне міндіреді...
Ат басын әлдеқашан тежегенмін... Құр елес, неге келдің, неге келдің?.. Түсімде – қар күретіп ақмаңдаймен, Өңімде – қамалатып кезеген мұң!.. ...Тіршілік базарынан құр қалмаған, Бүгінде біз – жаман шал құржаңдаған... Періште ұшып кеткен неге оралсын – Сондағы тазалықтан із қалмаған!.. ...Қалтылдап, сыртқа шықсам – таям құлап, Одан да үйдің іші баяндырақ! «Үйкүшік тірлігімнің күні құрсын!» - Десем де, жаны құрғыр аяулырақ!.. ...Ақ қардай кіршігі жоқ алыс жылдар, Құдай-ау, жер түбінде қалыпсыңдар!.. Апырмай, мына күннің қақауын-ай, Көзімнен сырғанатып қар – ұшқындар!..
...Білмеймін, елес кезіп, адастым ба?.. Бір пәле күтетіндей жар астында... Көктем кеп, сирағымнан суырмаса – Біржола қалдым, міне, қар астында!..
...Күндер-ай, он жетім-ай, балғын едім... Қонақтап көкіректе қалды демің!.. Опырмай!.. Елу алты үскіріп тұр... Қайтейін, өлеңіммен қар күредім!..
2003 ж. Тирақ- пысық деген мағынада. Шәйгөн - шай қайнататын шағын ыдыс.
БІР АРМАН
Көкіректе бар еді – Тұнып қалған бір арман... Өлең жаза алмадым – Шығып, шіркін, құмардан!.. Жырым қалып жайына, Өтті жылдар шұбалған. Секілдімін кең арна – Ылғал жепей суалған!.. Қалай ғұмыр кешкенмін – Бос жүрістен торықпай?.. Таланат бізде бар еді-ау – Дәу демеймін тобықтай!.. Сол «тобықтың», Құдай-ау, Киесінен қорықпай... Қалай ғұмыр кешкенмін – Бір пәлеге жолықпай?!. Айқай-сүрен мақала – Жазып жүрген «шығармын!..» Замананың сазымен – Атымызды шығарған... Нәзіктігім бар еді, Сол асылым жоғалып. Өтіп кетті жылдарым – Мақалаға омалып!.. Нанасың ба, жан досым, Түсіме өлең кіріп жүр!.. Ақ сезімнің түндігін – Жарқыратып түріп жүр!..
Жатқызбай жүр жайыма – Нұрғалиев* «салқыны»...
Сиқырлап жүр жанымды –
Раушанов* алтыны!..
Тыныштықбек* «аңқылы»,
Гүлнар қыздың жан сыры, Қалбай құрдас қарқыны!..
Соның бәрі өткендейМенің кеудем арқылы!.. Ұйықтап қалған шабыттың – Оянғандай сарқыны!..
Өлең қамап жүр мені – Жүрегімді құр-құрлап, Жатқызбайды жайыма: «Тірімісің тұр-тұрлап!..»
Көкірегім күмбірлеп – Жырға толған сықылды!.. Үміт кесем тағы да – Нұрға толған сықылды!..
Кемем жүзіп келеді – Жатып қалған қайырда!.. Қарап қалмай, Мырзеке!.. Желкеніңді дайында!..
Ақ тілегім, жан Алла, Қанатымды қайырма!.. Рас болса бергенің – Осы күйден айырма!.. Наурыз - 2004
*Өтежан Нұрғалиев, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Гүлнар Салықбай, Қалбай Әбдіраман – ақындар. АЛАТАҒАНАҚ (Аурудың көзімен) Қартайып қар жатыр, Жер – алатағанақ. (Жарылып кетпегей қу жүрек –қағанақ...) Сақалым қауғадай – алынбай ай өтті, Айнадан қарап тұр қайыршы – сабалақ!.. Ала қар сүйкімсіз – ақпанның қалдығы, Су болып жылайды – айтатын бар мұңы... Жел мен күн жеміріп – жер жұтып барады, Қаратпай арғыны – уақыттың тарлығы!.. Қыс – боран өтіп ед өкпені сүңгілеп, Қара жел тұр енді кеудені үргілеп!.. «Жазға бір жетем бе – қармен-ақ кетем бе?..» Сұм сауал барады жанымды тілгілеп!.. Наурыз - 2004
ӘРІ - СӘРІ Бір уыс болып отырмын – Кеудемде күнім ойнамай. Мына бір жауынсымақтың – Аңыртып мені қойғаны-ай!.. Жауған да емес – жаумаған, Енесі оның - ала бұлт. Қара сабадан аумаған – Қай жақта жүрсің мама – бұлт?.. Моншағын санап тамады... Төбелеп құйып кетпеді-ау!.. Жабыққан қартаң жүрекке – Желді бір нөсер жетпеді-ау!.. Қызығар еді моншаққа – Алыста қалған балалық... Толтырсын қайдан ортамды – Бүйірі солған шала бұлт!.. Әрі де сәрі тірліктен – Көңілім отыр аңырап!.. Жарытпай қойған енесі – Қозы сықылды маңырап!.. Тамыз -2004
СЕКІЛДІ Ақын ем киелі құс – қу секілді!.. Бос қуыс - өткен ғұмыр құр секілді!.. Желбіреп кете алмадым Ту секілді!.. Жарқырап бір шықпадым Күн секілді!.. Арманым – таусылмайтын мұң секілді, Жігерім – шашылады құм секілді. Аспан-жер – мағынасыз шу секілді, Күндерім – бетіне аққан су секілді!.. Тапқаным – берекесіз пұл секілді, Оны да біреу ұрлап жүр секілді!.. Баққаным – қайыры жоқ ұл секілді, Татқаным, тамақ емес, у секілді!.. Заманым – ұстатпайтын сұм секілді, Сол сұмға біздің ерік құл секілді!.. Көңілі бұл қазақтың кір секілді – Тағдыры жар басында тұр секілді!..
Қатарға басы жарты ұрпақ келді – Мәлімсіз не істейтіні – жын секілді!.. «Бақсының моласындай жалғыз қалдық! – Айтқаны Абай шалдың шын секілді!.. Қыркүйек – 2004 ӨТКІНШІ Қайда, төр – менде... Едім өр кеуде!.. Аштым жүректі – Жаным сенгенге!.. Болдық бір «мықты» - Сөйлеп шындықты!.. Біреу – сескеніп, Біреу – үздікті!.. Көңіл марқайып, Күлдік шалқайып!.. Мақтау тыңдадық – Құлақ қалқайып... Уақыт зырлауық – Өтті ұрланып... Шындық тасада – Қалды шырмалып!.. Көкте – жүрдік те, Жерді – білдік пе?.. Күннің – күнінде – Шөктік күлдікте!... Мезгіл күшін-ай!.. Қылған ісін-ай!.. Сұп-сұр безерген – Күлдің түсін-ай!.. Қараша -2004
ДОН-КИХОТ Ат үстінен найзасын – Соза шапқан Дон-Кихот!.. Жел – диірменге атойлап – Қоза шапқан Дон-Кихот!.. «Табамын, - деп, - әділдік», Көп шауыпты Дон – Кихот!.. Ақырында қылышы – Боқ шауыпты Дон-Кихот!.. Сонда-дағы арманын – Тот баспаған Дон-Кихот!.. Адамдардың жанына – От тастаған Дон-Кихот!.. Ойламаған бас қамын – Мен де сондай қасқамын! Қанша шабыс қалып тұр – Елу жеті жастамын!.. Әкім-қара тулайды – Тұзым түсіп шабына!.. Ала көзбен атады – Таласардай тағына!.. «Пәленшеке!..» дейтінге – Тілім менің келмейді... Елдің айтқан ақылы Жарғағыма енбейді!..
Бала-шаға уайымдар: «Кімді жеңер жайың бар?..» Маған дәйек қонбаған – Ондай сөзді пайымдар. Досым мақалдатады: «Әй, сенікі – құр шығын!..» Кім ашады. Құдай-ау, Жүрегімнің тылсымын!?. Мейманасы тасқанның – Қисайтам,-деп қылшығын!..» Шырылдайды кеудемде – Шындық атты шымшығым!.. Қанша жерден ақсадым, Қаншама рет қақсадым!.. Қақсауменен жүріп-ақ – Талай итті жасқадым!.. Дүниені ұстап тұрЕрінбейтін ерегес. Мәңгіліктің заңы сол – Бітіспейтін төбелес!.. Ыржаң қақты заманым!.. «Қылам, - деме – келемеш». Дон-Кихоттар өлмейді, Соңы, сірә, мен емес!.. Тамыз – 2004
ШАЙТАННЫҢ ШӘРІ (Бүгінгі қайқының арманы) Кәрілік – байлайды екен адам бағын, Шырқатып асау әнге сала алмадым!.. Саусағым перне қуып жүгіре алмай!.. Мүдіріп, қоңыр сазбен амалдадым... Адайда: Жеті Қайқы: Қойбас, Қайып – Бүгінде алдырмай тұр қамалдарың!.. Бойымды әбеқоңыр әуен жайлап – Көңіддің өңі кетті, шабандадым. Бұрқырапсарқырамай ағын суым – Ойдағы жайылмадай баяуладым. Кеудені жеп қойыпты қу темекі – Серідей топтан қалған жаяуладым... Ептеуші ем Жылкелдінің «Құнан нарын» – Одан да тайғанап жүр табандарым!.. Қайыптың «Жадау көгі» қиял болып - Мойындап, өз шамамды бағамдадым!..
Өнердің базарында - топылған жұрт, Біреулер үкілеп жүр жамандарын!.. Қайтейін, бір әумесер қор қылады: Досаттың «Ырғамасын», «Жамалдарын!..» Есіл ән, даңғырлаққа жем болдың-ау, Соны ойлап, жаным күйіп алаңдадым! Әулігіп, құр айқайға басатындар – Ойлай ма, ән түсінер адам жанын!.. Батыстың тарқылына есің кетіп, Көк өскін, бұзылып тұр замандарың!.. Шайтанның шәрі болып жүрген жерің – Жұлып жеп екі иықты, далаңдадың!.. Жоғалған әнің де бір – жаның да бір, Жын-ойнақ ортасында қамалғаның!.. Біздермен кетер білем алтын әуен – Көзімнен бір-бір ұшты самалдарым!.. Желтоқсан -2004
ЖЫР ТУРАЛЫ Жырым – анығым!.. Қандай қанығым!.. Түндей қап-қарам!.. Күндей жарығым!.. Желдей жеңілім!.. Жердей ауырым!.. Шындап түсіңді – Енді таныдым!.. Қаңтар – 2005
МАСКҮНЕМНІҢ ӨЛЕҢІ
Бір күні көк теңізге жылап бардым – Жұбаныш қу жаныма сұрап бардым!.. Айқайлап ол да жылап жатыр екен Қаңғының тыңдамады сұрақтарын!.. Білмедім не істерімді қалбалақтап, Жүрдім де әрі-сәрі сандалақтап: «Мас болып жатыр екен бұл теңіз!..» -деп, Қалама бет түзедім қаңғалақтап!.. Үйім жоқ, жұмысым жоқ жүріп тұрған – Қалада нем бар мені қызықтырған?.. Қоянша басқа теуіп қатын-бала – Құдайым қу заһарға құнықтырған!.. Осы ма деп жүргені. «Өмір – балдай!..» Барады көнім кеуіп, төзім қалмай!.. Адамға сандығы жоқ біз бір сүлде – Жалғаннан өтіп барам шөлім қанбай!..
Ойым бар у татыған көкейімде: Тағы да теңізіме жетейін бе?.. Жүргенше жұрт көзіне салық болып – Біржола балық болып кетейін бе?!. Шілде -2005 «ШАЛ ЕМЕСПІН – ШАЛҒЫМЫН...» (Әзілшыны аралас) Кемпірім күңкілдейді: - Алжығыр! – деп, -Байлама құйрығыңа қалжуыр! – деп... -Мен өзім туылғаннан кінәз* едім, Қалайша отырамын жаужұмыр жеп?!. Сен мені оқытпашы, Айман – шырақ!.. Әуелден таңдағаным – майдан-сынақ!.. Қартайса – тән қартаяр, жаным барда – Мұндайға отырайын қайдан шыдап? Тұтқасы дүниенің әкім деп ең?.. Шалыңды: - Бас сағаттап жатыр! – деп пе ең?.. Иттермен ұғысар ем – ит емеспін, Соларға талай-талай қапым кеткен!..
Қаланың қызы емеспін, алма жеген... Анамыз: - Ұл тудым!.. – деп қалжа жеген. Өсірген кәрі шешем қайсар қылып, Ар сатып, байымадым саудаменен!.. Жақсыға – ақ жаңбырдай себеледім, Жаманға – асау аттай тебегенмін!.. «Шалғымын – шал емеспін, шауып кетем!..» «Шал» десең – он жыл бұрын неге келдің?.. Бұл Айман – тапқан екен шалды бұққан!.. Жалғанда біреу бар ма жанымды ұққан?.. Шал болсам – қос тентекті кімнен тудың?.. Емес-ау көктен түскен, жерден шыққан!.. Білесің, екі-үш жылдан үстім қотыр, Жұқпалы кесел емес, адам шошыр!.. Бұл өзі - әкімдердің «сыйлығы» ғой, Ішіме сыймай, сыртқа шыққан нөпір!..
Сапырап саясатты қоқыр-соқыр... Жүйкені қара қарға күнде шоқыр!.. Демалсын бір азғантай алтын тәнім, Сен кемпір, қышындырмай, жөніңе отыр!.. Шалменен – кемпір сірә жау болады!.. Арада сәлдекейден* дау болады!.. Дегенмен, аналардан бұл да жеңіл, Салыстыр: қарақұрт пен қандаланы!.. Бұл міне – маңдайыма мөрім білем!.. Шалыңды іздей көрме төгіндіден!.. Қоғадай жапырылу қолдан келмес: Не істеймін?.. Не қоямын?.. Өзім білем!.. Білерсің қадірімді өлгенімде, Ел-жұртым «Мешітбайға» көмгенінде... Жыларсың: - Қайтпай ұшқан қаршығам!..- депАртымнан жоқтау айтқан сөздеріңде...
Болғасын мекен басқа, тұрақ бөлек, Естілмес, сірә даусың құлаққа кеп... Басыма әкімдер де барар мүмкін: -Өлгені қырсық шалдың рас па?.. – деп! Ақпан – 2006 Кінәз - төре, кірпияз деген мағынада. «Шал емеспін – шалғымын, шауып кетем!» - сатирик Оспанхан Әубәкіровтың сөзі. Сәлдекейден - «сәл нәрседен, сәл заттан» деген мағынада.
АҚША
«Ақшаны – жақсы көрем!..» А.С.Пушкин Қаржының қиындығын – кешті Пушкин... Пенденің қалтарысын – шешті Пушкин!.. Артына қалдырыпты кепті Пушкин: «Ақшаны жақсы көрем!..» - депті Пушкин!.. Шіркіннің көкірегі кең екен-ау!.. Жасырмас осал тұсын ер екен-ау!.. Әңгімең, шындық қасқа, берекелі-ау!.. Пендеде – осы жағы кем екен-ау!.. Қамы үшін тіршіліктің – зырылдарсың... Қу қалтаң тесік болса – шырылдарсың!.. Алтынды көрсең, жаным, жымыңдарсың – Ақшаны жек көретін кімің барсың?.. Сәуір – 2006 СУ!.. Туып судан – су... Өнер қуғансу!.. Езіп малтасын – Өлең қылғансу!.. Айтар түгі жоқ – Құрғақ ділмәрсу! – Іші боқ сасып – Бетсіз діндәрсу!..
Кеңес құрғансу – Шыңда тұрғансу!.. Жалған ағады – Құдай ұрған су!.. Тамыз – 2005 МИРАС Сағынып бауыр – қимасты, Көкіректі мұң басты!.. Көзіндей көріп өзінің – Құшақтап сүйдім Мирасты!.. Жанарымнан жас шықты – Көңілдегі тас шықты!.. Жүреккүбірткейлінің Сары суын шапшытты!.. Үндемейді ұл Мирас, Көп ойнамай жүр Мирас. Алты жаста әкеден – Қалып еді бұл Мирас. Жарқырап тұр күн бүгін, Жадырашы, құлдығым!.. Енді қайтып тағдырың, Көрсетпегей сұмдығын!.. Жетім қалған үйіңнің – Көтереді жүгін кім?.. Кенжесі ғой бұл Мирас – Былтыр өлген інімнің!.. Наурыз – 2006
ҚАЙШЫЛЫҚ Қашанғы шерте берем мұңшыл өлең?.. Еңсемді түсірді ғой гүлсіз өлең!.. Тырышқан шал-кемпірдей түрсіз өлең – Қабағы ашылмаған күңкіл - өлең!.. Түрім бар – бүгін тағы жыр тілеген, Жеттің бе, ақ жауыным, сіркіреген?.. Ағады сарайымда бүлкіл өлең, Мінеки, келіп қалды түртіп өлең!.. Тұрғанда жан-жүректі шымшып өлең – Толғанда көкірекке шүмпіп өлең... Жазып бір тастайыншы күлкілі өлең!.. Деп біраз қаламымды сілкілегем!.. Ұзамай шыға берді үркіп өлең!.. Болмасты - болмайды екен түрпілеген!.. Біздерге – бөтен екен күлкі деген!.. Біреудің ойнамайын мүлкіменен!..
Қойдың-ау отқа салып, шіркін өлең!.. Дос қылып ащыменен – сілтіменен... Кеудеме қамап сені тастар едім – Болса, егер, үнсіз өлең, тілсіз өлең!.. Сәуір – 2006 АПАҚ-САПАҚ Күн батып, бара жатыр көз байланып, Көршілер отыр едік сөзге айналып... Оқыстан бір әйелдің даусы шықты – Жол жақтан зар илеген ойбай қағып!.. -Баламды қу машина кетті қағып!.. Әнеки, көз ұшында барады ағып!.. Артыңда қасқа қылып қалдырғанша – Алмайды мен бейбақты Құдай не қып?.. ...Деп зарлап жол үстінде әйел отыр, Жөңкіліп, жұрт жүгірді апыр-топыр!.. Тілегін бір қыршынның кесіп кетті-ау – Іңірде жын қуған ит көңілі соқыр!..
Жұбатып бейшараны зар қамаған, Мүрденің басында жүр аңдап адам!.. Өлімі бүгінгінің апақ-сапақ – Аспаннан айды көрдім қан жалаған!.. Мамыр -2006
МӘҢГІЛІК ЗАҢЫ
Шыдатпай кәрі жыны – ынтазары, Желапам бүгін қауырт жүн сабады!.. Қарт бура – Каспий тағы шыға келді – Тарпынып, үркіткендей су табаны! - Құтырып, күмпілдетіп мың сабаны – Жайқыным арсы-күрсі үн салады. Зау толқын атылғанда қарауытып – Шекесін тентек судың күн шалады... Табиғат – қара дауыл құрсанады – Кім оған қарсы келіп, «мін» тағады?.. Жағалау ағал-жағал. Сақау жартас – Аспанға үнсіз ғана мұң шағады... Маусым -2006
БАҚЫЛАУ «Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген – Поэзия секілді бір саулы інген...» Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ Адам шіркін – замананың кебегі, Көп ақынның құрып кеті дерегі!.. Жылдан-жылға ой-санаңды жеңеді – Ұлы мұхит Жұмекеннің өлеңі!.. Желпіндірмей, тура сөзге бақсақ бір – Күн қалды ма ана ақында тақпақшыл?.. Бір ағамыз болғанымен ашпақ сыр – Шиырлайды бір орынды таптап құр!.. Өлең емес, эстрада - өрісі, Әнсымаққа шумақ құрау – төл ісі!.. Бір құрдастың – тесік-тесік шөміші... Өлерменнің - тірісі не, өлісі!.. Жиіркентіп ақсақ өлең, жыртық ән – Түсінде оның Ақын күлер мұртынан!.. Ой ұрлап жүр бір ініміз қыртуан*- Жұмекеннің қонып кеткен жұртынан!..
Алынбаған сыйлық жайлы бал ашып, Ұры-қары иттей үріп, таласып!.. Ақырында – біреуінің «бағы» асып, Бара жатыр «қан-майданнан» тарасып!.. Осындайға - өлеңінде күлген Ол!.. Шайтандықтың сұм – пердесін түрген Ол!.. Мәңгіліктің тұлпарына мінген Ол!.. Пенделіктің жетер жерін білген Ол!.. Әр айтқаның қорғасындай, алыбым! Шын ақынды мойындатқан қалыбың!.. Абай – жырға астасқандай шалымың – Ғасырларға барар білем жарығың!.. Мен де отырам әр сөзімді «сатып» ап... Кеуде соғып, құр қайтейін қақырап?!. Жұмекенім – тұратындай бақылап, Жалған айтсам – қарайтындай шатынап!.. Шілде – 2006 Қыртуан* - «сөзі сұйық, мылжың» деген мағынада.
ҰЙҚЫСЫЗДЫҚ Түсіп тұр тереземнен күңгірт сәуле – Жайлаған күңгірт сәуле жым-жырт бөлме... Жанымды жеп барады түн-тыныштық, Жаралап, жабырқатып, үңгіп кеуде... Тұтылған әйнегіме – шаршы перде, Шаршатқан шаршы перде – жарты пенде!.. Төсекте төңбекшимін түн орталап – Сыйғызбай ұйқысыздық алшы төрге!.. Санамда сұп-сұр ойлар жұлқыласты, Жүйкемді піскіледі!..Мылтық атты!.. Сарнатып сарыуайым көкіректі, Тағы да есімді алды – ұйқы қашты!.. Қашанғы жата берем есім танып, Қаржалып тысқа шықтым – ішім жанып!.. Түн еді ай сәулелі сүттей жарық – Қапелімде қаратпады көзім қарып...
Аппақ қар Ай – Жұлдызбен салып ойын... Жалтылдап, қызықтаған түннің тойын!.. Шомылып дүние жарығына – Азырақ байсал тартты тұлабойым... Құлақты түртеді аяз қылып ермек, Көңілім кеткендей ме көкті төрлеп... Ұйиды уыз ауа. Емге жел жоқ. Оралып үйге кірер менде жөн жоқ!.. Жол тартып Ай астына кеткім келді... Аяғым барған жерге жеткім келді!.. Білмеймін кімге өкпелеп жүргенімді, Қағынып жынды адамдай тептім жерді!.. Келеді маған қарай біреу жосып... Ой, Алла-ай, діріл қағып, тұрдым шошып!.. Мен құсап сәуір салған сорлы ма екен?.. Әлгіні, не де болса, қалдым тосып... Қаңтар – 2007
АЛПЫСЫМНЫҢ АЛДЫНДА
Жыр жазғам елуімде «Елу» деген!.. Сонда бір, қайран жастық, сені іздегем!.. Жаратқан, бергеніңе – мың шүкірлік – Әлі де «алжыған шал» дегізбеген!.. Бұйырса, күзде келем – алпысыма, Әзірге көнбей жүрмін «талқысына». Білмеймін, неге мені шұқылайды – Сәл артық жүздің келдім жартысына!.. Қаңтардың биыл тағы сұсы қатты!.. Сол «иттің» аздап маған тісі батты... Көшеде талтаң басып жүргізбейтін – Пәлеге тұсаулы аттай ұшыратты!.. Жүрісім - әрі де емес, бері де емес... Аяғым – бұрынғыдай берік емес!.. Кеткен бе ағаш болып бұл шіркінің – Асылы Қалбайдікі*, менікі емес!..
Құласам – шамалыда тұра алмаймын... Болмайды асыққанға – тыраңдаймын!.. Сондайда – көк аспанды жиі көрем!.. Әрине, аспан сырын ұға алмаймын!.. Ақындар жыр жазады аспансырап... Қайтемін артық сөйлеп – астамсырап!.. Құс емен, ұшқыш емен – көкте нем бар?.. Арман жоқ жалпақ жерде жатсам сұлап!.. Кеттім бе, пәлсапалап сөзді бұрып, Біреулер жатысыма тұр-ау күліп!.. «Шалдарға – жастығымда мен де күлгем!..»- Деймін де, үстім қағып кетем тұрып!.. Алпысым – шүкірлігін білдіреді... Жетпісті – көрген жоқпын, кім біледі!.. Сексен мен тоқсаныңды айта көрме – Құрысын төсегімді бүлдіреді!.. Қаңтар – 2007 Қалбай* - автордың ақын құрдасы Қалбай Әбдіраманов.
СӘЛЕМ АЙТТЫМ ШАЛДАРҒА!.. «Президент болар едім – уақытым жоқ...» Есенғали РАУШАНОВ. Пысықтар – татымайтын талғамына!.. Таң қалам Жетібайдың шалдарына!.. Қинайды: - әкім бол!-деп жөнсіз мені, Қарамай қоғамдағы «салмағыма!..» -Турашыл, таза кісі - өзің! –дейді,.. -Ұнайды жазғандарың – сөзің!..-дейді. -Сайлар ек бірауыздан әкім қылып – Түтілді аналардан төзім!..-дейді. -Көңілге-көңілден су бермек үшін, Әкім-ақ болар едім сендер үшін!.. Мен деген – ақынмын ғой!..Жаралмаған Астаудан – жалған сөйлеп жем жеу үшін!..
Кім мені сыйғызады ондай жерге?.. Түрткілеп шығармай ма –«иесі» кімге?!. Мылқау күш – жүріп еді қашан жөнге?! Тазалық – шығып еді қашан төрге ?!. Заманың – түкіре ме арманыңа?.. Құдайдың – көнесің де салғанына!.. Биліктің – кіре алмаспын шарбағына!.. – Деп бүгін сәлем айттым шалдарыма!.. Қаңтар -2007 ШАНДА-ШАНДА... Өлеңді мен жазамын шанда-шанда... Онда да қыста келер анда-санда. Қар жауса – тазарады жан жүрегім... Сондайда деймін: «Шабыт, самға, самға!..» Өлеңнің сан қиясын шарласам да – Сөз табам қабырғамды қармасам да!.. Келмейді жұлығымнан Шөмішбайлар* - Абайдың аңғарына бармасам да!..
«Үздірмей – сөздің көшін жалғасам ба?..» - Десем де – батып қалам жазда шаңға!.. Қап бәлем, жапалақтап қар жауып тұр – Өлеңнен бар «өшімді» алмасам ба!.. Қаңтар -2007 Шөмішбай*- белгілі эстрада ақыны Ш.Сариев. КҮШІК Ауламызға үретін-ді, Құлдыраңдап жүретін-ді... У жұтты да бір күн күшік – Тапты барып күресінді!.. Мынаусы да бірден ұшып... Құтаймады бізге күшік!.. Қаңсып қалды итаяғы... -Жандос*, тағы ізде күшік!.. ...Мұның аты – Саққұлақ па?.. Еркелетпе, шапқылатпа!.. Сарайға апар, естілмесінҮрген үні жат құлаққа!.. Табылды ғой «жұмыс» маған, Енді қалай тыныш табам?.. «Күшім-күшім!..»- дей ме біреу?.. Кәззап шығар у ұстаған!..
Бұған әзір бекембіз-ау... Сақ төбеттей екенбіз-ау!.. «Бұ қайсың?..»- деп арпылдаймын – Итке айналып кетерміз-ау!.. Ақпан – 2007 Жандос* - ақынның ұлы. ДОМБЫРАНЫҢ ЕКІ ІШЕГІ (Орын Құлсариевке) Кетсе – бірге кетіседі... Жетсе – бірге жетіседі!.. Бірі қатты, бірге тәтті – Домбыраның екі шегі!.. Екі шектей сабаласып – Ғұмыр өтер жағаласып!.. Жылдар емес – біткен іспен Өлшенеді ара қашық!.. Қолында оның тұр домбыра, Көп тартылған жыр-домбыра... Ұрпағына сазы қалса – Болмағаны құр домбыра!.. Күймен жаулап өмір-шыңды – Маңғыстауға терің сіңді!.. Кемеліңе келіп тұрсың – Бітік өскен егін сынды!..
Өнерді бір майдан деп ең – Елге тисін пайдам деп ең!..- Абыл, Есір, Өскінбайдан – Ардағымсың қаймақ жеген!..
Жетпіс бестің - астары бар... Алынбаған аспаны бар!.. Орекеңді шал демеңдер – Қазанының қаспағы бар!.. Ақпан – 2007 Жетпіс бес - кейіпкердің жасы.
АПТЫҚ Көп адам –желдің желбең ебелегі... Туа сап – Күнді қуып жөнеледі!.. Жүргенде: «Әне, жетем! Міне, жетем!..»- Босайды буынының «шегелері»...
«Апыр-ау, бұл жүгіріс не береді?.. Мұрса жоқ!.. Маңдайдан – тер себеледі! Алқынып екі өкпесі түске жетпей – Байғұстың еріндері кезереді!..
Түс қайтақажығаны сезіледі... Жүйкелеп, еңсе шіркін езіледі!.. «Жоқ,-дейді,- жер-жаһанда Күннен озған»- Бұл кісі кімге өкпелеп, егіледі?.. «Сорлым-ау!.. Аптығың бас! Күн кешкірді!..» (Осы өзіме де мұңды естілді)... Алақтап – аспан жақтан не қарайсың?.. Әдет қой есек дәме... Бұл да ескірді!.. Күн батса: «Ертең тағы шығамын!..»- дер... Тағдырың: «Сені – жерге тығамын!»-дер... «Адамдар – бойына шақ іске ұмтылсын!» - Балаға осыны айтың, мұғалімдер!.. Ақпан -2007 ж. САЯСАТ Белгілі Пәленұлы... залым еді!.. Қасқаның – шайтандығы қалың еді!.. Жалғанда қиянаты жаннан асып – Талайдың көз жасына қалып еді!..
Бір күні Пәленұлы...Құлап түсті!.. Қонақ қып – туыстары ұзақ күтті... «Құдайдан былай емен!» дейтін ерді – Ауылдан оқшау жатқан қырат жұтты!.. «Жәмиғат!.. Пәленұлы – жақсы адам ба?..» Деп біреу үш қайтара қақсағанда: «Жақсы адам!..Жақсы адам!..» - деп шулады жұртОсындай баға беріп «қасқа» жанға!.. Жаманды қай қылығы көгертеді?.. Біздің жұрт саясатқа шебер, тегі!.. Біреуді өмірбақи сыбап жүріп – Өлгенде: «Жақсы адам!..» - деп жөнелтеді... Құдайға жазып пенде қағынады!.. Шындыққа молада да жарымады!.. Шайтанды – періште қып шығармай-ақ... Үндемей қоя салса не қылады?..
Ағайын, боқтан – алтын іздемеші!.. «Жаманды – жақсыменен бір» демеші!.. Залымдар аңдап басып жүрсін десең – Молада, ең болмаса үндемеші!.. Наурыз – 2007 БАҚ ҚАЙДА?.. (Қалбай Әбдіраманға) Әй, құрдас, ақын құрдас, Қалбай, Қалбай!.. Қазақтан шетте жүрдің шалғай-шалғай. Көп көріп өнеріңді қарақалпақ – Жеткенсің Маңғыстауға зарлай-зарлай!.. Ақын бар бұл қазақта жүз бәленбай!.. Өлеңін – соның көбі жүр баға алмай!.. Төлеген, Мұқағали көзіндейсің – Отырам қазынаңа мін таға алмай!.. Жыр жазсаң – «қазағым» деп емірендің, Теңіздей тербетілдің, тебірендің!.. Ішінде жүз ақынның – сазы бөлек!.. Құрдасым – арыстанжал, сені көрдім!..
Жүрмейсің жиындарда өсіп-бөсіп, Қулықсыз қарағымсың ашық-тесік!.. Лақтырып отырғаның жүрегіңді – Отына өлеңжырдың кесіп-кесіп!.. Жалғанның қызылына қызықпадың – Жұқардың асыл сөздің тізіп дәнін... Кетпесең жарар еді дәруіш боп – Тастадың былайғының сызып бәрін!.. Алтыным – келе жатқан бағаланбай!.. Бақ қонды пысықтарға – саған аумай!.. Қоясың ыңыранып анда-санда – Қан толған көздеріне жаралы аңдай!.. Ақпан – 2007 ЕКІ АДАМ (Орақ Байғалиевқа) Мен деген – мен емеспін!.. Өзіммен – ерегеспін! Мен деген – қайшылықпын!.. Қып-қызыл төбелеспін!.. Демеймін: «Жеке адаммын»... Мен деген –екі адаммын!.. «Екеудің» ортасында,- Жүгірген есалаңмын!..
«Екеуі» керіседі,- Айқайға еріседі!.. «Менімді» көкпар қылыпБеріспей - өліседі!.. Тебеді зілдей қылып, Түтеді жүндей қылып!.. «Екеуі» қабақ ашса – Отырам күндей күліп!.. «Мен! Мен! Мен! Мен!» - дейсіңдер, «Төрт жағым тең!» дейсіңдер... Адамдар білесің бе, Сендер де мендейсіңдер!.. Сендер де екі адамсың: Төлеген – Бекежансың*!.. «Екеудің» тұтқынында... Білмеймін, не табарсың?.. Мен деген – мен емеспін!.. Сен деген – сен емессің!.. Тұрамыз от пен судан – «Екеуге» телі емес Кім?..
Сіз бен біз – кім боламыз?.. Арпалыс – жыр боламыз!.. Арпалыс тоқтағанда – Шашылып, күл боламыз!.. Сәуір – 2007 Төлеген – Бекежан* - «Қыз Жібек» жырының қаһармандары. ТЫНЫС Аспанын қаңғырлатып – Сәуір тұр жаңбырлатып. Кемпірім бүкеңдейді – Шелегін шалдырлатып... Балалар – ойынқұмар Шапқылап, тойын қылар!.. Жағаны көтереді – Шоңжелке – мойындылар... Көгім бар – шүленсіген, ЖерАнам күреңсіген... Ит біткен үй айналып – Қағады сүмең-сүмең... Сайлардан құламалыЖұлқынып су ағады... Сілкініп бұтақтары – Қарағаш жұбанады. Ақ жаңбыр – қара жаңбыр... Жанымды аралап жүр!.. Ыс басқан жүрегімді – Нұрымен тазалап жүр!..
Дегенде: «Үзілді үміт!»- Тұр, міне, жуындырып!.. Ішімде еріп жатыр – Сұп-суы мұзым күліп!.. Пәлен күн төніп-төніп, Құйды да төгіп-төгіп... Шаршаған тамшыларымБарады сөніп-сөніп... От сиреп бұлт ішінде – Айналды бүркісінге... Тіршілік шөлін басқан Аспаным нұр-пішінде!.. Түтілген жабағы – бұлт Салмайды ала бүлік... Керіліп кемпірқосақ – Басқұрын қалады іліп!.. Табиғат оянарсың – Сұлудай боянарсың!.. Менің де өлеңімнің – Құмайы қоян алсын!.. Тіршілік, түрленерсің!.. Өлгендер – гүлдеп өлсін!.. Бер, жаңбыр, күнге кезек – Шілдеде бір келерсің!... Сәуір – 2007 ӘНШі (Әбіл Жұмағалиевқа)
Қарайлап аққан жылдар тізбегіне, Жәутеңдеп өткен күннің іздеріне... Уақыттан – шылбыр үзіп кету қайда?.. Алпысқа құрық бердік біз де, міне!.. ...Жас едік, көктем едік... көп жыл бұрын... Онда да дәл осындай -жазғытұрым!.. Шетпеден -Жетібайға Әбіл келіп – Көрсетіп кеткені бар әннің «түрін»!.. Сол күні біздің үйге Әбіл келді – Сағынтып көптен күткен бауыр келді!.. Дарылдақ көп әншінің біреуі емесСапырған ән мұхитын дауыл келді!.. Қос кемпір: біріапамыз, бірі – шешем, Басқаға болмағанмен, бізге – көсем!.. Көз көрген ағайынды сұрап жатыр: «Қарағым, жүрсің бе,-деп,- аман-есен?..»
...Дауысы - көктей өтіп шаңырақты – Ұзамай Әбіл әнді аңыратты!.. Жас алып, көздеріне, көңіл босап – Қос кемпір арманды сөз жамыратты!.. Ән шіркін ағып жатты серпінменен – Үн қосып, сал-домбыра еңкілдеген!.. Білмеймін, ән соқты ма, жел соқты ма – Түндігі ағаш үйдің желпілдеген!.. Өзім де үйге сыймай – тыншым кетіп, Ән-дауыл жүрегімді дүрсілдетіп... Қиялдың аспанына сапар шектімАрманның желмаясын бүлкілдетіп... Шегіне жетпесем де байтақ әнніңМен сонда шын Әбілді байқағанмын!.. Бораш пен Өткілбайым* тірілгендейКөңілдің көк теңізін шайқағанмын!..
Сен солай шертіп едің жүрек қылын... Бүгінде сол шіркінің жұлым-жұлым!.. Арман не ертең-күнге шыдас берсеӘбіл-ау, сенің әнің, менің жырым!.. Сәуір – 2007 Бораш, Өткілбай* - маңғыстаулық белгілі әнші – сазгерлер. Әлдебіреу - Әлдекімге оқ атты... Ойлауынша: «Мүлт кетпеді – дөп атты!..» Әлдекімнің қисаймады мұрты да – Жұрт шулап жүр: «Жазықсызды неге атты?..» Әлдекімнің – артық еді өнері, «Жазығы» сол – алтын еді өлеңі!.. «Оқатқыштың» іштарлығын білетін – Содан шығар, салқын еді сәлемі... Әлдебіреу тағы-тағы оқ атты!.. Қаны қайнап – үсті-үстіне боратты!.. «Нысанаға» дарымады бірі де – Кіл соқыр оқ берекесін жоғалтты!..
Әлдекімнің – көкірегі кең еді!.. «Аққа – Құдай жақтығына» сенеді!.. «Бас мергеннің» кім екенін білсе де: «Анау – олай, мынау – былай» демеді!.. Әлдебіреу - Әлдекімді көп атты... Тебеді енді босап қалған қорапты!.. Атқан оқтың жоғалмапты бірі де – Қайта айналып Өзін тапты – омалтты!.. Мамыр2007 АЙНАЛМА (Экологиялық өлең) Жайықты келіп алғаны – Жағаға қолды салғаны!..» Мұрат МӨҢКЕҰЛЫ. Каспийім – суымды алды... Жүрегім – жырымдалды!.. Теңізім - өкпем еді... Тынысым – тығындалды!.. Мұнара – нөпір еді... Өгіздей өкіреді!.. Суымды былағайлап – Езуі көпіреді!.. Көпіріп, жын шашады – Лоқытып, у шашады!.. Балықтың демі құрып – Тыпырлап су шашады!..
«Қарама бетіме!» - деп, «Өзі өлген бекіре!» - деп... Теңізден әлдебіреу Ыржияр кекірелеп!.. Жағаға – көлік келді... Біреулер төгіп терді – Сүйрелеп шетке қарай, Өртеп жүр өліктерді!.. Теңізім – тынымды алды... Қанша жыл – күнің қалды?!. Дүңкиген өлі итбалық – Жағада мұңым қалды!.. Айдыным – тұл көрінді... Қабағың – зіл көрінді... Аққуым сынық қанат – Сүйрей тұр сүлдеріңді!.. Көз жазып егізіңнен – Айрылсаң теңізіңнен... Маңғыстау, Сен қаларсың – Балықтай демі үзілген!.. Каспийің тулап-толып – Жатар ең бұлдап көрік!.. Бір күні қалармысың Тақырда – тулақ болып!..
Маңғыстау – қайран анам!.. Бақытың тайған анам!.. ... Бұл жерге неге келдім?.. Кеткенде – қайда барам?!. Маусым – 2007 Айналма* - қой ауруы. ЖАРТЫ ЖАН Былтыр күзде ауру таптым. Биыл шүкірмін. Ауырғалы қағаз қаралап отырғаным осы. Автор. Болғаны ма күнәм қалың?.. Шырқау шыңға шыға алмадым!.. Не болғанын біле алмадым... Іште қалды жүз арманым!.. Белгілі ғой сыры маған – Бұл аурудың түрі жаман!.. Сол қолым бар – суымаған... Оң қолым бар – жылымаған... Оң жақ көзім, оң құлағым – Нашарлығы болды мәлім... Қаным ұйып, болдырамын – Тамырларым тоңдырамын... Былдыр-былдыр тілім – жарты... Ұмытшақпын – миым жарты... Боп-боз болған түрім – жарты...
Домбырасыз үнім – жалқы!.. Кем-кетігім «түгенделіп»... Бостан – босқа күлем келіп!.. Сәл нәрсеге жылаймын да – Тоқтай алмай жүрем кеміп!.. Ойда жоқта инсульт соққан!.. Аман қалдым ажал-оқтан!.. Қара қоңыз емеспін бе – Дүние боғын домалатқан?.. Мен сорлыны жақта, Құдай!.. Үсті-үстіне атпа бұлай!.. Балаларым жастау едіЖарты жаным сақта, Құдай!.. Қыркүйек – 2008 ЖАҢБЫР КҮТКЕН Жаңбыр жаумай шілдеде – Күтіп едік «бірдеңе»... Шық-шылауда болмадыТостағаным толмады!.. Шаттандырмай жүректі – Тамызым да құр өтті. Жер – Ананы жүдеттіТөбемізден күн өтті... «Бірдеңеміз» іздеген – Бірге келді күзбенен!.. Дүбірлетіп жер-көкті!.. Келе мінез көрсетті!..
Бұлттарды жел тақымдап – Аспан жерге жақындап – Бола қалды тып-тыныш – Осынысы дұп-дұрыс... Көк күмбезі күмбірлеп – Сөйлеп берді дүңгірлеп... Миллион тамшы алысып – Жерге асықты жарысып!.. Құмандатып төкті кеп!.. Тұмандатып төкті кеп!.. Нөсер болды ересен- «Күзгі жаңбыр» демесең!.. Қыркүйек – 2008 КҮЗ.ОҚУ. (Балақайдың өлеңі.) Тамызымды тауыстым – Қыркүйекке ауыстым... Мініп кетіп тайына – Ойын қалды жайына... Қара жерді терлетіп, Жаңбырлатып, желдетіп. Ойға бөлеп біздердіМазасыздау күз келді... Жалқаулықпен шығыстымЕнді оқуға кірістім... Кітаппенен шөлімдіҚандыруға кірістім.
Ілім-білім тоғысар, Шеке мимен толысар!.. Терсем күздің жемісін – Ол да менің жеңісім!.. Қыркүйек - 2008 ҚАРА ҚАЗАН Әкем өлген, жарым өлгенСол «межеге» барып өлген... Қазан дейтін айым барУайым жейтін жайым бар... Алаңдаймын қазан -айға – Тағы мені мазалай ма?!. Болар екен күнім не?.. Қазан – айым, мұның не?.. Дертім бар ғой жанды жеген... Той-садақа қалды менен!.. Той-садақам өзімдеЖүрегімде, көзімде!.. Біреулердің өлімінеҚарай алман көңіліне... Көңілайнам-қараңғы... Ақыл да жоқ жарамды... Жасыл жазым еңсеріліп, Қара қазан төңкеріліп, Басып қалған күйесіМен сорлыға тиесі...
Сөздерім де күйе-күйе... Келдім жардың жиегіне... Қара қазан, құтырма, Иманымды ұшырма!. Қыркүйек – 2008 ҚАДІР ТҮНІ (Арылу) Заһарды жұттым өлгенше – Қырыққа жасым келгенше... Талай нәрсені бүлдірдімШалалығымды білдірдім!.. Қыз-келіншектер тиісіпЖасымда жүрдім сүйісіп... Олардың бәрі өткіншіҚайрылмай солай кетсінші!.. Жарты орыс болған оңа ма?.. Ұстаған жоқпын ораза... Жыр төксем-дағы қағазға... Жығылған жоқпын намазға!.. Мақтанып, аузым көпіріп... Айтпадым, бірақ, өтірік!.. Көлденең дәулет жимадымАдалдық болды иманым!.. Болғанмен әзіл-қылжағымҚиянат жанға қылмадым... Көтеріп туын шындықтың – Сөйледім сөзін мұңдықтың!..
Жаман мен жақсым тең емес, Білемін, мұным жөн емес!.. Тайлағым да сол, нарым сол – Пенде емеспін бе, барым сол!.. «Жақсылық көрсем - өзімнен, Жамандық көрсем - өзімнен». Жоқ еді ашу-аразым – Қалтылдап тұр ма таразым?.. Болыпты, міне, түн жарым... Өзіңнен тілек қылғаным: Рахымы шексіз кең Алла, Не көрсетсең де – ырзамын!.. Қыркүйек – 2008 ТҰЩЫҚҰДЫҚ Тұяғы кем кәрі аттаймынТастақ жерді жаратпаймын... Құмда ойнаған баладай-ақЖүргім келеді жалаңаяқ... Көсік-жуа дәмін алып, Құмаршықтың дәнін алып, Батпалармен* жымыңдасып, Сары селеумен сыбырласып, Ата-бабам ізін басып, Туған жердің құмын басып-
Тұщықұдық барғым келді, Құшағыма алғым келді!..
Бұл мекенде – жалындаған Қарт Сәттіғұл дамылдаған...
Ізтұрғаным*- қақпан белім, Мамық болсын жатқан жерің!..
Ұясынан шетте жүрген, Қартайғанша текке жүрген,
Сені іздеген балаң едімДенсаулыққа алаң едім...
Сынық мүйіз серкедейінСүйкенейін, еркелейін!..
Алтын құмға үйір күнім, Оралсаңшы, құйын – күнім!..
Шығарсаңшы «күшті» қылып, Өзің емде, Тұщықұдық!.. Қазан -2008 Батпа- құм жәндігі. Ізтұрған-ақынның досы, сатирик-жазушы І.Ахмет.
АҚЫН
«Ақынның-ақылы кірмейді. Ақыл кірген күні – ақындықпен қоштасады». Өтежан НҰРҒАЛИЕВ. Оның өзі – бұл заманға «бөтен» аң!.. Осындай сөз айтып еді Өтежан... «Жас алпыста, Ақылым жоқ.Неге?» - деп, Мен де өзіме сұрақ қойғам шегелеп!.. Ширауы кем, жиі үзілгіш жіптей бірӘттең, маған бүтін ақыл бітпей жүр!.. Ақыл қонса – мен де пысық болар ем, Дәулет жиып, семірер ем, толар ем!.. Анығы сол – маған ақыл бітпейді, Отбасым да менен оны күтпейді!.. Ақындықпен қоштасатын мен емес – Шайтандықпен достасатын мен емес!.. Данышпандық тұғырына қонбаққаТалай ақын жүгіріп жүр –«болмаққа»... Бірақ, оған жібермейді ақылы – Босатпайды боқ – дүние тақымы!..
Ақындық пен өтірікті жалғауға – Жаралмаппын адамдарды алдауға!.. Құдай куә, бұра сөйлеп, азғам жоқӘлі күнге жалған өлең жазғам жоқ!.. Қараша2008
ДҮНИЕ – ЖАЛҒАН...
(Сүйікті ұлы Айдос өлгенде ақынның – зайыбы Айманға шығарып берген жоқтау-өлеңі) Жаратқан Алла, кең едіңПендеңді сүйеп, демедің!.. Басыма зауал түссе де: «Осының қалай?»-демедім... Айдосым, қыршын жасыңда – Сапарға қайтпас жөнедің!.. Жаратқан хақтың ісінеАмал жоқ, халқым, көнемін!.. Мен осы үйге келгендеБалауса-балғын бала едің... Анаң сықылды сабырлыБала да болсаң – нар едің!.. Алтыннан құйған асықтай... Күмістен соққан қасықтай... Төредей болған патшам-ау!.. Өлімің жаным жасытты-ай!.. Қиындық кездер болды ғойОны да, жаным, білемін!.. Өздерің аман болсын деп – Саулықтарыңды тіледім!..
Жиырмаға жасың жеткендеБір ауру саған жабысты!.. Айырылмай содан алты жылҚабаған иттей қарысты! Жылма-жыл сұрқос асқынып – Қу сүйек болып жүдедің!.. Ақыры үзіп тындың-ауБір әулет жанның тілегін!... Айдосым жолға шықты ғойТауысылып дәмі-татары!.. Қызықсыз – қыршын кеткеніңҚайтейін, жанға батады!.. Жеткізбей кеткен арман-ай! Дүние неткен тарлау-ай!.. Аурулы әкең уайым жеп- Тістеулі қалды бармағы-ай!.. Жалғандажалған-жалған-ай!.. Құдайдың басқа салғаны-ай!.. «Ажалға-сабыр», халқым-ау, Аман да жүрсін қалғаны-ай!.. Ақпан – 2009 АБАЙДЫ ҚАЙТСІН !.. Ақынын иттей қабадыӨлеңді қайтсін адамы!.. Дүние қуған қазаққа – Мал-мүлік болса, жарады!..
«Ақырып теңдік сұраған!..»- Махамбет еді ірі адам!.. Сөзі өтпей төре-қазаққаҚызғыш құстайын жылаған!.. Қазаққа – ол да жақпаған!.. Оған да – сұмдық сақтаған!.. Абайды қайтсін «кіл надан»- Дүние боғын таптаған!.. Жұмекенімді-білмеген!.. Мендейдікөзге ілмеген!.. «Ақша!.. Ақша!..Бизнес!.. Капитал!.. Қазаққа – Ай мен Күн!»-деген!.. Жүрегімжаным тыншымайӨртенем, күйем шырпыдай!.. «Пендеңді – қара күйеден Тазартшы,-деймін,- бір Құдай!..» Қазақтан – күдер үзбеген!.. Қияли ақын – біз деген!.. Кім үшін өлең жазамын?.. Сорлымын соны білмеген!..
Көп қуған қызыл түлкініІнге де кірер бір күні!.. Рухы - өлді қазақтың!.. Қалғаныжебір құлқыны!.. Сәуір – 2009 КӨСЕМ ҚЫЗЫ МАҢҒЫСТАУДЫҢ!.. (Ибаш Жанболатованың – 90 жылдығына). ...Жетімсіреп ауыл қалды!.. Қырғын-соғыс жарыңды алды!.. Жиырма екіңде – жалғызыңмен Жабырқаулы жаның қалды!.. Ибаш апа!.. Жүрегіңде-мұң болса да... Қайғы-шеріңмың болса да!.. Атқа міндің!.Ел басқардыңШынашақтай қыз болсаң да!.. Ибаш апа!.. Мейірімнің -талын ектің... Жетімдерді – жалын еттің!.. Қайтпас-қайсар мәрттігіңдіӨміріңе қалып еттің!.. Ибаш апа!.. Ер-қызы едің балықшыныңБағындырған даңқ шыңын!.. Әр жерде де көрініпті-ауАқыл-ойға алыптығың!.. Ибаш апа!..
Сан қиянды-кешіп едің... Жүз түйіндішешіп едің!.. «Көсем қызы Маңғыстаудың – Ұлдан қымбат!..»- десін елің!.. Ибаш апа!.. Қараша – 2010 КІТАПЖАПҚАН (Ізтұрған Ахметтің шығармалар жинағына – соңғы сөз). Ізтұрғаным!..Жинағың бар-ізің бар!.. Ізің барда: салмағың бар – тұзың бар!.. Бұл кітабың - өміріңнің мысалы: Тәттің де бар, қаттың да бар – мұзың бар!.. Прозаңда – мұңы басым сырың бар... Сатираңда – біразырақ «жының» бар!.. Бұл кітапта – сағынышы достардың!.. Ер көңілің – азаматтық үнің бар!..
Кітабың бар – Сенің енді Күнің бар!.. Сөзің аманұмыт қалмас түрің бар!.. Жұртың үшін – шаршап едің тірлікте!.. Шаршағанға: Мәңгілік бар – Тыным бар!.. Әумин!.. Қазан -2011 ЗАМАННЫҢ ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІСІ (Памфлет) Ызалы жанда – тыныш жоқ... Мырзабек – үйде. Жұмыс жоқ!.. Бала-шаға да тоң-торыс... Жұтаған тірлік. Дыбыс жоқ!.. Пара беретін – пұлы жоқ!.. Бара беретін – «түрі» жоқ... Жұмыссыз - үйге сыймайды!.. Жігіттің, былай, міні жоқ!.. «Дипломнан» басқа – малы жоқ!.. Жарытып ішер дәмі жоқ!.. Жан жоламайды үйіне – «Құр аяқтың – сәні жоқ!..» Жігітім еді – теңеу жоқ!.. Жұмыссызда – бедел жоқ!.. Теріс айналды туысқан – Олардан тамғы-демеу жоқ!..
Қол ұшын созар жаны жоқ!.. Жылмаңдық онда – тағы жоқ!.. Жемқорлық озған замандаМырзабектердің бағы жоқ!.. Айқын бір бағыт – жөні жоқ!.. Қисынын тапқан жолы жоқ!.. Құрдымға кеткен тірлігі!.. Кірейін десекөрі жоқ!.. Мырзабек ердің – несі бар?.. Қоғамына - өші бар!.. Сорпа-су сұрап ұлитын Шарбақта жалғыз «досы» бар!.. Мырзабек ердің – кімі бар?.. Тележәшігі – үні бар... Оның да кейде ауысып – Жалған айтар «жыны» бар!.. Қасқаның және мұңы бар: Өтпейтін уақыт – сыны бар!.. Атып та болмас таңы бар!.. Батып та болмас күні бар!.. Тозығы жеткен үйі бар... Құлдыраған күйі бар!.. Айран да болған ақыл бар... Ашып та кеткен миы бар!..
Заманның қызыл түлкісін – Аулай алмады бұл кісің!.. Айыра алмады момындықЖылпос нарықтың түр-түсін!.. Үгіліп кетті – Мырзабек!.. Бүгіліп кетті – Мырзабек!.. Жемқорлық енген қоғамнанТүңіліп кетті – Мырзабек!.. Жалғаннан жаны түршігіп!.. Ауа бір жетпей –тұншығып!.. Үйіне сыймай Мырзабек – Бір кіріп жүрді, бір шығып!.. Шоқ болды кеше – Мырзабек!.. От болды кеше – Мырзабек!.. Шаршаған жүйке шыдамай – Жоқ болды кеше - Мырзабек!.. Тәңірге жетіп наласы – Зарлады қатын-баласы!.. Сорлыны зорға жөнелтті – Берілді әзер қарасы!.. Қатыгез тірлік – талқы бұл – Туғызды бүгін жалқы жыр... Нар еді-ау қайран Мырзабек!.. Пейіште нұры шалқығыр!..
Бұл емес еді – тамшы-жыр... Бұл емес еді таңқы-жыр!.. Құлдырап тұрған қоғамға Сілтенген тентек қамшы – бұл!.. Өмірдің жолы – мың бұрау... Момынға түсті қылбұрау!.. Мырзабектерім – мың сан-ау... Түбіне жеткен құлдырау!.. Қыркүйек 2012 КЕЛІН КЕЛДІ АУЫЛҒА (Ибрагим Алтыбай шығарған әні бар). Той да келді біздің ауылға, Біздің ауылға.Барша қауымға. Жетті, міне, келін де, Сәлем салып туыс-бауырға!.. Қайырмасы: Ей, келінжан! Ей, келінжан! Құтты болсын қадамың!.. Асыл қарағым!.. Осы ауылда көрер қызығың, Жастық қызуың. Сүйген «бұзығың»... Ұрпағың да осында, Осы ауылда өмір-сызығың! Қайырмасы: Ей, келінжан! Ей келінжан!
Тау боп шашу шашылсын!
Бағың ашылсын! Қызықпашы байлық жиғанға, Оған иланба! Ұмтыл иманға! Жақсылық пен жамандық Бір басыңа, шіркін, сыйған ба?..
Қайырмасы:
Ей, келінжан!
Ей келінжан!
Анасы бұл ауылдың!
Туыс-бауырдың! Қыркүйек2012
БАУЫРЛАСҚАН ДҮНИЕ «Аға» дейді Ерекен, «Аға» дейді Мұрат та Бұлар да бір ер екен
Қалдырмаған ұятқа!..
«Аға» деді аңқылдап, Сақалды інім Ырза* да... Жайнаң қағам жарқылдап Самауырдай үр жаңа!..
«Аға» деген сыпайы Темірхандай* ініміз. Жоғалмаған ұпайы Қадірлінің біріміз!..
Абызындай даламның Ағалармен көктедім. Амангелді* - ағамның Алдын кесіп өтпедім!..
Жеткізгенді* көргенде – Тұратын ем иіліп... Жақсыларым өлгенде – Күйреп қалдым күйініп!.. Ақ көңілі баладай Ағаларды көп көрдім!.. Байбазарды* данадай Сыйлағанды дөп көрдім!.. Жаңғалақтау ісімді Аға-бауыр сөкпеді. Іні-бауыр түсінді, Сырттарына теппеді.. Шалқайғанға – шалқайдым, Абыройым төкпедім!.. Еңкейгенге – еңкейдім, Кішірейіп кетпедім!.. Ініліккежарадым, Ағалыққа – анықпын!.. Сөйтіп жүріп, қарағым, Шал да болып қалыппын!.. Қылып жүрмін ырзылық Қанағатшыл күйіме. Көрсете бер мырзалық,
Бауырласқан дүние!.. Желтоқсан – 2012 Ерекен – балалар жазушысы Е.Қорабаев. Мұрат – журналист-редактор М.Жетекбай. Ырза ақын-журналист Ы.Оңғарбай. Темірхан – журналистұстаз Т.Түйте. Амангелді – автокөлік маманы А.Мұрынбаев. Жеткізген – мал маманы Ж.Өмірбаев. Байбазар – тіл жанашыры Б.Ербақы.
СЫНЫМ –КӨҢІЛ ҚАЛАУЫ
ӨНЕРДІҢ ӨЛШЕМІ – БІРЕУ!
(Қашаған жүлдесі сарапқа салынған Республикалық айтыстан) Таяуда облысымыздың орталығы Ақтау қаласында өлең сөздің өрен жүйрігі Қашаған Күржіманұлының 150 жылдық мерейтойының дүркіреп өткендігін ел біледі. Солардың арасындағы бастысы, жұрт ықыласын ерекше аударғаны – ақындар айтысы болды. Жарысқа республиканың облыстарының, сондай-ақ, Өзбекстанның айтулы жүйріктері қатысып, ұлттық өнеріміздің мерейін көкке көтерді. Қалалық мәдениет үйінде жиырма төрт ақын қатысқан өнер додасы үш күнге созылған еді... Бірінші күн
Жүргізуші ортаға айтыскерлердің алғашқы жұбын шақырды. Олар соңғы жылдарда жақсы көріне бастаған қызылордалық ақын қыз Лена Әбдіхалықова мен керекулік (Павлодар) Бейсенбі Мұқажанов болып шықты. Сөзді Бейсенбі бастап, қос ақын да көрерменмен жылы амандасты. Олардың бастау өлеңінде 362 әулиелі Маңғыстау, осы өлкенің негізгі тұрғындары – жауынгерлігімен аты шыққан Адай халқы, аруақты Ер Бекет аты мадақталып, жырға қосылды. Мысалы Бейсенбі: -Алдымен әруағыңа басымды ием, Әйгілі Бекет – ата әулиеге!-десе. Лена ақын: -Қазақтың бір аспанын тіреп тұрғанБірлікшіл деп естуші ем адайларды! – деп толғанады. Біз мұны - Қашаған ақынның туған жері мен еліне көрсеткен құрметі деп түсіндік! Айтыста: облысымыздың орталығына Ақтау атының қайта оралғаны, көршілес Гурьевтің – Атырау аталғаны, сондай-ақ қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың аты үлкен қуанышпен жырланды. Қазақта бұрынғы атаулары қайтарылмай жатқан ірілі-уақты мекендер әлі де көп. Соның бірі – заманында қазақ жерінде қырғын салған қанқұйлы атаман Ермак аты берілген Павлодар облысындағы қала. Айтыста Лена осы жайды айтып, өкініш білдірді. Соған орай Бейсенбінің: -Егер де сол Ермакты құртар болсам – шақырам Жаңаөзеннің жігіттерін! – дегені, Ленаның: -Ермакты құлатуға мен де барам,
Жан едім, қыз болсам да, сауыт киген! – деген сөздері – халықты марғау тірліктен арылуға, тастүйін бірлікке тағы да ұрандағандай естілді! Біз: «Алғашқы айтыс біршама тәуір өтті, қарсыласына қарағанда, Лена шалымдылау ма, қалай?» деп топшыладық. Келесі жұпта сахнаға шыққан маңғыстаулық жас ақын Жарас Көрпелиев пен ақмолалық (Целиноград) Шәймерден Қадауовтың қадамы алысқа бармады... Айтысты Жарас тәп-тәуір бастағандай еді. Өкінішке орай, алғашқы кезекті алған сәттен-ақ қонақ ақынның мойны босап, тілі күрметіле берді... Мас ақынның не айтып-не қойып жатқанын түсіну мүмкін емес еді!.. Қазылар алқасы «айтысты» ұзатпай тоқтатып – дұрыс жасады. Сөйтіп, Шәймерден қарсыласы Жарастың бағын байлағаны өз алдына, көрермен көпшілікті де жерге қаратты. Біздің көңілімізде: «Ондайы бар, ақын жігіт жер түбінен неге келді? Енді еліне не деп барады?» деген ащы сауал қалды. Сахнаға 65 жастағы қарт ақын Өтепберген Әбдіразақовтың (Ақтөбе) сөзінде нақтылық жетпейтіні, жалпылама әңгімеге бой ұратыны байқалып тұрды. Өзбекстанның Мырзашөл аймағынан келген айтыскердің сөздері оған қарағанда әлдеқайда уытты, жинақы көрінді. «Теңіздің дәмі – тамшысынан білінеді» дегендей, Бөрібайдың жауаптасулары көп жағдайда ілгері түсіп отырды. Бір мысал: қарт ақын оған: «Аралыңның жайын айтшы?» -деп сауал қойды. Сонда Бөрібай ақын: -Бар елге қайыршы боп мен отырмын – Алдыма Аралымды жайып қойып!.. деп әсерлі жауап қайтарды. Бұл кезкелген ақынның аузына түсе қоймайтын суретті сөз еді!.. Маңғыстаулық жерлесіміз Қамбар Оразовтың өнерін әр жерде де көріп жүрміз. Ол – соңғы үш-төр жыл бедерінде айтыстың соңына шындап түсіп жүрген талапкер. Қамбар, сөз жоқ, арқалы ақын, суырып салмалық өнерден де құралақан емес! Алайда, оның айтыстарын көре жүріп: Бұл өнерпазда сөздің қауызын тастап, дәнін айырып аларлық білім, талғам, ақындық мәдениет пен ізденіс кемшін соғады-ау! – деп топшылаушы едік. Бұл айтыста да оның сол деңгейден көтеріле қоймағанын байқадық. Өкінішке орай, айтыста сонымен жұптас болған керекулік (Павлодар) Амангелді Асқаров – одан да төмен өнер көрсетті. Торғайлық Жадыра Құтжанова – талай-талай республикалық додаларға түсіп, солардың бірінде бас жүлдені иеленіп, ақбоз ат мінген, сөйтіп атағы жалпақ жұртқа кеңінен мәлім болған ақын. Содан да болар тойға жиналғандар Жадыраны зор қошаметпен қарсы алды. Оның қарсыласы – соңғы жылдарда көрініп жүрген алматылық талантты ақын Бек Оспанов екен. Айтыс: қайны мен жеңгенің арасындағы өткір әзіл-қалжыңға құрылып, қызыққұмар жұртты қыран-топан күлкіге батырды!.. Әрине. Қашаған секілді, қай тақырыпқа салсаң да, шашасына шаң жұқтырмай, дөңгелетіп алып кете беретін дүлдүл айтыскер сирек тумақ. Сондықтан, көпшілік ақынның өзінің оң жамбасына келетін тақырыптарға бұра тартарын әбден түсінуге болады. Бұл айтыс: алматылық жүйріктің нағыз бейім тұсы - әзілқалжың екенін көрсетті. Бектің: «Бір бұтың менікі екенін білмейсің ба?» - деп артықтау кеткен жайы да болды. Соған орай: «Жоныңнан таспа тіліп
алармын-у» деп Жадыра – «жеңге» наз білдірді... -Сыдыртып таспа тіліп алатындай, Менің жоным сиырдың терісі емес!.. «Қайнысының»- «жеңгесіне» табан астында қайырған ұтқыр жауабы осы! Сөйтіп, Бек ақын – айтыстың өн бойында атқаты қарсыласына дес берген жоқ!.. Жырсүйер қауым соңғы оншақты жыл бедерінде айтыс сахнасынан түспей келе жатқан жамбылдық ақын Серік Қалиевті жақсы біледі. Оның бұл жолғы қарсыласы – бертін жылдарда аты ауыздан-ауызға көшіп жүрген атақты жас жүйрік, додалы жарыстарда маңғыстпулық жерлестерінің мерейін көкке көтеріп жүрген айтулы Мэлс Қосымбев еді. Сахнаға Мэлс шыққанда – дабыстап қол соққан жұрттың көпшілігі орындарынан тұрып кетті!.. Бұл – халықтың талантты перзентіне деген сүйіспеншілігінің белгісі еді Ақындар «әп» дегеннен-ақ жеңіл-желпі әзіл-қалжыңға бой алдырмай, салмақты жырға ойысты. Бұл бағыт Мэлстің: -Айтайық ақиқатты – ақынбыз ғой, Қайтеміз әзіл айтып – бала болып,- деген бастау сөзінен-ақ көрінді. -Ал, енді домбыраңды қолыңа алып, Шығаршы құдығынан айды аспанға!.. Немесе: -Сен енді желкеніңді кере бергін – Мен тастай тұрайыншы зәкірімді... Бұл өлең жолдарынан біз Серіктің, әлдебір ақындардай, жауыр болған сөздерге жармаспай, ойын бейнелі жеткізуге ден қоятын ақын екенін байқадық. Сайыстың бір тұсында Серік араққа бой алдырған қандастарымыз үшін – күйініп, өкініш айтты. Мэлстің бұған орай айтқан сөзі оддан да асып түсті: -Халқыңнан неге сонша түңілесің?.. Арақ емес, арманын айтпайсың ба?! – деген жолдардан ақынның: «мұндай дертке кінәлі, адамдар емес, олар өмір сүрген қоғам!» деген астарлы ишарасын, наразы көңілін ұғуға болатын еді.
ЕКІНШІ КҮН Бұл күні жиырма төрт ақынның он екісі өнер сынына түсті. Шымкент – қазақтың айтыс өнері жарқырап келе жатқан, өлкелердің бірі. Себебі, оның айтулы айтыскер Әселханы бар, қырғи тілді Мұхтары (Құралов) бар, былтыр Алматыда өткен республикалық айтыста біздің Мэлспен тең өнер жарыстырған жас Каримасы (Оралова) бар!.. Шымкенттіктер бұл сапар жарысқа кейіннен шыққан жастарын (екі ақын) жіберіпті. Соның бірі – балғын айтыскер Қалима Жетпісова көрінеді. Оның қарсыласы, «отыз алты жастамын» деп өзі айтқандай, талай сайысты көріп, ысылған өскемендік белгілі жүйрік Абаш Кәкенов еді!.. айтыстың басталуынан-ақ Қалиманың, жас болғанымен, осал еместігі көрінді. Домбырасын баппен толғап, нәзік те биік дауыспен шырқай жөнелді. Сосын, өзін – қызғалдаққа, қарсыласын – қыранға теңеп барып ат басын іріккендей болды. Домбырасын төкпектей
тартып, құйындай ұйытқыған Абаш салғаннан-ақ қыз бен жігіттің сөз қағысын қолайлайтынын байқатып, көңіл шіркіннің қашан да жас боларын, қартаймайтынын жырға қосты... Сосын Қалиманың алдында өлеңмен көлденеңдеп: -Үйден шыққан жігіттің бәрі – бойдақ, Келеді көңіліңді таба бергім!.. – деп ойқастады. Сондағы Қалиманың: -Елімде – неше миллион бойдақтар бар... Не қылам, Абаш сені дәмі кеткен!..- деген жауабы – отқа тұз сепкендей еді!.. Қарсыласын қалай да кідіртпек болған Абаш ақын – Қалиманың шашының қысқалығын айтып, әдіс қылды... -Басымыз аман болса - өседі ғой, Алдымнан бір Төлеген табылғанша! – деп – Қалима қыз мұның да уәжін тауып кеткендей. Біз бұл айтыстан – ақындарымыздың қатары тағы бір жас талантпен толыққанын көріп, қуандық. Кезінде айтыскерлік талантымен жарқырап көрінген талдықорғандық жас ақын Жандарбек Бегімбетовтің өнерін жырқұмар қауым көп тамашалай алмағанын білеміз. Дарынды жас – қаскөй біреулердің қолынан қазалы болып, өнерін кеңге шаша алмай, ерте озған-ды!.. Қашаған тойына сол Талдықорғаннан келген жас жүйрік Оралхан Сабытаев пен өзбекстандық Нұрхан Түймеқұлова алдымен Жандарбек ақынның әруағын еске алысты. Содан соң олардың айтысы – қайны мен жеңге арасындағы қазақы әзілоспаққа ойысты. Қос ақынның сөз қағыстыруларында бір-бірімен сабақтастық, тұтастық байқалып, ұтымды оралымдар мол көрінді. Жарасымды өткен сайыста – Оралхан ақынның сөздері шымырлау шықты. Атыраулық Салауат Исақаев пен маңғыстаулық Нұрлан Қосымбаев. Бұл жас талапкердің екеуі де іргелі тақырыптарды жырлауға талпыныс білдірді. Нұрлан: -Ел болдық бүгін, міне, егеменді – Шашылған жеті мүшесін жинаған ел! –деп бейнелі сөйлесе, Салауат: -Алаштың ала туын желбіретіп, Дариға-ай, күн туар ма отыратын!.. – деп азаматтың арманды сөзін айтты. Айтыс соңында бізге Салауат ініміздің мойны озықтау секілді көрінді. Көпшілік – олардың өнеріне ұзақ қол шапалақтап, алдағы жолдарына сәтсапар тіледі. Оралдық белгілі айтыскер Дариға Мұштақова мен шымкенттік Әбдіхалық Әбдірайымұлы өз сайыстарында сыпайылық шеңберінен шықпай, әсем өнер жарыстырды. Айтыстың бастауында Әбдіхалық: -Кітабыңмен танысып, жылап жаттым – Бір перзентке зар болған қайран бабам!.. – деп Қашаған ақынның артында ұл баладан тікелей ұрпақ қалмағанына үлкен өкініш білдірді!.. Өз кезегінде: -Тойына Қашекемнің қызмет қыл деп, Жіберген мені осында өскен елім, - деп даусы жібектей есілген Дариға ақынның ізет-ибасы да жарасымды естілді.
Келесі бір сәтте Дариғаның жақында белгілі оқиға өткен Оралдан келгеніне тіреп Әбдіхалық: -Орыс – қазақ жеріне таласты ғой!.. Ол иттерге не болды, басылды ма?..- деп сұрақ тастады. Көпшілік Дариғаның: -Ақыры, байтал түгіл, бас қайғы боп, Қашты ғой, бет-бетіне бытырасып!.. – деген жауабын ризалы күлкімен қарсы алды. Сондай-ақ осы айтыста қазақ ұлтын тастүйін бірлікке шақырған жалынды жырлар толғанып, осы бағытта табанды қызмет қылып келе жатқан «Парасат» қоғамының төрағасы Сайын Шапағатов ағамыздың атына жылы сөздер айтылды. Келесі кезекте өзбекстандық Отарбав Шалқар мен көкшетаулық Есекеев Жұмабай бақ сынасты. Жұмабай ағамыздың домбырамен өлең айтысынан арқа өнерпаздарының мәнер-машығы байқалып-ақ тұрды. Алайда оның ақындық өнері ойымыздан шыққан жоқ. Жұмекеңнің сөзінде, айтыстық сипаттан гөрі, арнау өлеңге тән белгілер басым болып, алтын уақыт көбірек шығындалды!.. Осы бір сөз сайысында Шалқар ақынның талант мүмкіндігі толық көрінбей қалды!.. Өкінішті!.. Біздің білуімізше, қазақтың айтыс өнеріне соңғы бір-екі жыл бедерінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен келген бір мықты ақын бар. Ол –маңғыстаулық Сабыр Адаев. Оның қарсыласы - алматылық белгілі жүйрік, Сүйінбайдың немересі Ермек Жұматаев болатын. Біссімілләдан-ақ мұның алдындағы талай айтыстарда талай ақын айтқан сөздерді қайталаған Ермек: -Ассалаумағалейкүм, Адайларым, Қазақтың тіреп тұрған бір бұрышын, - деп - әдеттегі айдау жолға түсіп қоя берді... Сабыр жаңағыдай сан мәрте қайталанған мақтау сөзге қолп етіп, қуанған шырай білдірмеді. Қарсылас ақыны да, көрермені де күтпеген – оқыс бұрылыс жасады. Оның айқын мысалы: -Күндіз-түні Адайды ойлап жүрген жандай – Шыға сап сахнаға «Адайладың!..» Үйшікке жолың түсіп бара қалсаң – «Қазақтың пайғамбары – беріш! – дерсің... Ақынның жүргендігі жараспайды – Тарысы піскен жерге тауық болып!.. -«Көзінше мақтағанша, көтеріп ап – Отқа сал!..» дегенді, ақын, білемісің?..- деген уытты өлең жолдары. Сосын Сабыр: -Ал, енді Адайды айтшы, рұқсат бердім, Сен өзің Адай жайлы не білесің?.. деп салмақты сұрақ қойды. Бұған орай білері жоқ Ермек нақты сұрақтан жалтарып, «қойдың шарын – қоянның шарына» қосып кетті!.. Егер, бұрынғы ақындардай сөзге тоқтайтын мәдениеті болғанда Ермектің ат тізгінін тартар тұсы осы еді!.. Сабырдың: -Ақыным, ойың шолақ, сөзің шолақ – Сиырдың ит талаған құйрығындай!.. деген сөзінен соң да тоқтамай шаба
берді!.. Сабырдың ойлы өлеңіне бойламаған біраз жұрт – Ермектің ұйқастары тастай, тілі күлдіргі, бірақ арғы түбінде парық-пайымы мен ұстамы аз арзан сөзіне қосыла шауып, қол шапалақтап отырды... Бұл түсінген адамға Сабыр ақынның талант тегеуіріні айқын көрінген айтыс еді!.. Үшінші күн Қазылар алқасының шешімімен қорытынды айтысқа он ақын шықты. Бұл күннің алғашқы жұбы Серік Қалиев пен Абаш Кәкенов болды. Жүлдеден дәмелі қос жүйріктің қайсысы да аянып қалған жоқ. Қашан да тауып сөйлеуге, ойлы сөз айтуға бой ұратын Серіктің: -Құйқасын жырдың беремесек – Ұйқасыңды не қыласың! – дегені – көңілімізге орнап қалыпты!.. «Домаланған» бойын айтып, өзіне мін таққысы келген қарсыласына Абаштың: -Аласа деп сен мені кінәлама... Әкемнің осы болды жасағаны!..- деп ұтқыр жауап қайырғаны әлі есімде. Біз олардың, негізінен тең айтысына куә болдық... Дегенмен, Абаш ақынның сөздері – пысығырақ шыққандай!.. Салауат Исақаев пен Лена Әбдіхалықованың сөз қағысында атыраулық жастың аздаған басымдығы байқалып, айтыстан айтысқа өсіп келе жатқан талант оты көрінді. Біз оны, жастығына қарамастан жауап қайыруға төселіп қалған ақын деп шамаладық. Бек Оспанов пен Мэлс Қосымбаевтың айтысы да тартысты болды. Дегенмен, түйдек-түйдек төгілген Мэлс сөздері – салмақтырақ шықты!.. Оразымбетов Бөрібай мен Жұматаев Ермектің деңгейлес ақындар екендігі көрінді. Бірақ, алматылық ақын – көрермендер назарын көбірек аударды. Жадыра Құтжанова мен Сабыр Адаев. Бұлар – Қашаған жүлдесіне шыққан ең соңғы айтыскерлер болатын. Өкінішке орай, бұлардың айтысында – жұртты таңдандырарлықтай тартыс тумады. Айбынды қарсыласынан қаймыққан Жадыра қарындасымыз – шиеленіске бармай, сөзді жұмсартып, бітім қазығын айналсоқтай берді!..Сабыр да осындай мүжәлсіз халге түскен қонақ қызға тиісе кетудің есебін таппай – жіпсіз байланған сыңайлы!.. Төрешілер алқасы ұзақ кеңескеннен кейін – айтыс қорытындысын хабарлады. Бас жүлдеге қос ақын: Ермек Жұматаев (Алматы) мен Сабыр Адаев (Маңғыстау) ие болыпты. Жүлделері – кілем жапқан бір-бір ақбозат. Екінші орында: Жадыра Құтжанова (Торғай) мен Бөрібай Оразымбетов (Өзбекстан). Үшінші жүлде иелері: Бек Оспанов (Алматы), Мэлс Қосымбаев (Маңғыстау) және Абаш Кәкенов (Өскемен) болды. Бұл ақындарға да бағалы жүлделер тапсырылды. Қалған ақындардың өнері ынталандыру және көтермелеу сыйлықтарымен аталып өтілді. Осы сәтте, өзіміз де солай болатын шығар деп шамалағандай, сахна мен залда әжептәуір дау-дамай туды!. Сыйлықтау үстінде – жүлделі орыннан дәмелі талай ақын өкпелеп, реніш білдіді! Айтыста сөз тантитын адамға – Сабыр Адаевтың даралығы айдан-анық көрініп тұрды!.. Солай бола тұра Сабырға алматылық ақын Ермек Жұматаев
қабаттастырылып, оған да бас жүлде ұсынылды. Бұл – қазылық еткен мырзалардың – «қонақ сыйлағаны», «жерлестеріне тартты» деген қаңқу әңімеден қашқаны, сөйтіп, өздерінше ақылды саясат ұстанғаны секілді! Егер, бізге «билік» тигенде – ақындардың жүлделі орындарын былайша белгілеген болар едік: Бас жүлде (біреу - Сабыр Адаев. Бірінші орын (екеу): Ермек Жұматаев пен Мэлс Қосымбаев. Екінші орын төртеу: Бөрібай Оразымбетов, Абаш Кәкенов, Бек Оспанов, Серік Қалиев. Үшінші орын (бесеу): Салауат Исахаев, Әбдіхалық Әбдірайымұлы, Дариға Мұштақова, Оралхан Сыпатаев және Қалима Жетпісова. Өнердің өлшемі – біреу!.. Оның аты - әділдік!.. Ақын өнерін бағалағанда: айтыскердің қайдан келгені де, жас-кәрілігі де, еркек-әйелдігі де бұрынғы атақ-даңқы өлшем болмауға тиіс!.. Ақын нақты айтысқа қандай деңгейде өнер көрсетті – соған дайын бағасын алсын!.. Уақытында әділ бағаланбаған таланттың – қайғысы бөлек!.. Талай ақынның, талай дарынның түбіне жеткен - осы теңгермешілдік!.. Біз Қашаған жүлдесі сарапқа салынған республикалық айтыстан екіұдай сезімде шықтық. Оның бірі – қазақтың айтыс өнеріне талантты жастардың жаңа толқыны келгеніне қуанған үміт сезімі де, екіншісі – дарындарды бағалауда, бұрын да кездескен, әлі де орын алып отырған солақайлыққа ренжіген күдік сезімі!.. Лайым, жақсылығымыз жақын болғай, өнер сүйген қауым!.. («Түлеген түбек» газеті. 19.10.1991 ж.)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ НАЗАРЫНА ҚАЗАҚТЫҢ ҰРАНЖЫРЫ!.. (Қазақстан Гимнінің сапалық деңгейі хақында) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің
Ұлттық рәміздеріміздің қатарында өмір сүріп келе жатқанына таяуда – сегіз жыл толады екен... «Уақыт – төреші» деген рас. Кейінгі кезде баспасөз бен теледидарда Гимн сапасының нашарлығы жөніндегі әңгіме күшейіп тұр!.. Бір «қызығы», біздің оқушы назарына ұсынып отырған бұл мақаламыз – бұдан сегіз жылға жуық бұрын – Республиканың Гимні жаңа қабылданып, баспасөзде жарық көргеннен кейін-ақ ұзамай жазылып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жолданған дүниеміз еді. Аталған газеттің редакторы: «Таяуда ғана қабылданған Гимн туралы іле-шала қайта әңгіме қозғаудың жөні жоқ»,- деді ме, әйтеуір мақаланы баса алмаған!.. Арада қаншама жылдар өтті, дегенмен сол сөзіміз ескірмеген секілді, қайта, оның «дәурені» енді туған секілді!.. Асылы, ел арасында әлдеқашан қалыптасып кеткен көзқарастан ығысатын болса керек, бүгінде біреулер Гимн мәтінінің нашарлығын сол кездегі саяси жағдайға жауып, жауырды жаба тоқығысы келеді... Бірақ, «нашарлықтың» түн төркіні онда емес еді ғой!..
Теледидардан сөйлеген енді біреулер: «Көршілес Ресей әлі күнге өз Гимніне мәтін таба алмай жүр, ал біз болсақ!..» деп, ауызбайлық айтады... Ормандай орыс - таппай жүрген жоқ шығар!.. Әйтпесе бізге ұқсап, көрінген сөзге жармаса кетуді білмей жұр дейсіз бе?!. Сонымен, «ескі мақаланы» оқып көріңіз... Автор. Айтпасыма қоймаған мазасыз ойларымды ортаға салып, ағымнан жарылсам деп отырмын, қазағым!.. Менің бұл әңгімемнің талайларға жайсыз тиетінін сеземін. Дегенмен, қаншама атақты, беделді десек те, жеке адамдардың абырой-әжетінен гөрі, елдік, ұлттық мүдде биік тұрмаушы ма еді?! Мен қолыма қалам алғанда – осы бір салиқалы ойға табан тіредім!.. Республика жұртшылығына белгілі, тарихқа таяуда ғана кеткен 1992 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің жаңа нұсқасы бекітіліп, күшіне енді... «Бекитін дүние бекіп, болары болып кеткенде – бұл не сөз!» - деп шоши көрме, көпшілік!.. Мемлекеттік Ұранымыз – Елдік жырымыз ойдан шығып, көкірекке қонып, жүректі тербеп жатса – «той өткенде – даңғыра» қағып неміз бар?! -Еркіндік қыраны, шарықта, Елдікке шақырып тірлікте! Алыптың қуаты – халықта, Халықтың қуаты - бірлікте! Қазақтың «азуын айға білеген» ақберен ақындары-ау, қара сөздің қаймағын ішкен прозашылары мен әдебиетшілері – ау, Махамбет пен Абайды, Мағжан мен Ілиясты, Қасым мен Мұқағалиды, Жұмекен мен Төлегенді, Жұматай мен Кеңшілікті көкірегіне құйған талғамы биік зерделі де зиялы жұртым-ау, өздерің айтыңдаршы, Гимнге қайырма болған осы шумақта сезімді селт еткізер күш-қуат бар ма?! Талантсыз, шабытсыз, отсыз, қансыз жазылған, бесенеден белгілі аксиомапікірлерді өлең өлшеміне кәсіби кәнігілікпен айдап апарып түсірген жай әншейін тақылдақ тақпақ емес пе бұл!? Ақындықты өнердің шыңына балап, Әулие көрген қазақтың Гимні (Ұран –Жыры) осындай болса - жетіскен-ақ екенбіз!.. Егер осы Гимнді ғайыптан пайда болып келіп, әлгі Абайлар, Мұқағалилар оқып, тыңдап көрсе қайтер еді, күлер ме еді, жылар ма еді!? Әттең Бердібек Соқпақбаев айтқандай «Өлгендер қайтып келмейді»,- ғой!.. Гимннің соңғы шумағы: -Талайды өткердік, өткенге салауат,- деп басталады да, кенеттен: - Келешек ғажайып, келешек ғаламат! – деп көкке шырқап шыға келеді! Осындай көпірме көбік-сөзден жүрек айнитындай болған жоқ па едік, жұртым-ау!.. Менің ұғымымда Гимн– классикалық деңгейде жазылған өлең болуы керек. Олай болмаса – оның несі Гимн?! Ал біздің таяуда бекіткен «дүниемізде» - классиканың жұғыны да байқалмайды!.. Әрине, қай дүние болмасын, өзінің жаратушысына тартпай тұрмайды! Гимн мәтінін қолымызға алып, авторларының кімдер екеніне көз жүгірткенімізде-ақ көңілімізге күмән кіргенін жасыра алмаймын!.. Гимнге
авторлық жасаған төрт ақынның бірі – аты жалпақ жұртқа белгісіздеу Жадыра Дәрібаева көрінеді. Біз оның өлеңдерін газет-журналдардан сиректеу болса да, ұшыратушы едік. Ортанқол ғана ақын. Тап, Гимн туғызатын жүйріктің түрінен емес-ті!.. Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев. Бұлар – қазақ өлеңінің қашаннан белгілі сарбаздары емес пе еді?..Сөйте тұра Гимн мәтіні әлсіз шыққан!.. Сонда бұлай болып шыққаны осы үштіктің Гимн жазар тұсқа тап келген кездейсоқ сәтсіздігі ме, әлде қолдарынан бар келгені осы ғана болғаны ма?! «Бары – да сол, нары да –сол!..» Біздің бұл сұраққа берер айқын жауабымыз осы! Әрине, мұндай кесімді пікір дәлел-негізсіз айтыла салмаса керек. Сондықтан ойымызды тарата отырайық. Бұл үшеудің ең атақтысы да, таланттысы да, әрине, Қ.Мырзалиев. Біздіңше, оның ақылды да, ойлы өлеңдерімен жұрт жүрегін жаулап, дәуірлеген тұсы – алпысыншы жылдар. Біз оның «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары» секілді тамаша жыр жинақтарын ұмыта қойған жоқпыз. Себебі, жол жылдарда поэзияға қатты құмартқан, өзіміз де өлеңге талап қылған жас өрім студент болғанбыз. Қадыр ағамызға Қазақстан комсомолының сыйлығы берілгенде – сол сыйлықты өзіміз алғандай қуанғанымыз әлі есімізде! Өкінішке орай, Қадыр ақын жетпісінші жылдар басталғасын-ақ өзін-өзі қайталап, жүріп өткен ізін шиырлай берді. Берегіректе оған Республиканың Мемлекеттік сыйлығы да берілді. Бірақ, одан өзгерген ештеңе жоқ. Асылы, Қадыр - өлеңді салқын ақылға, айтпақ ойға құрып, сезім мен сурет оттылық жағы жетіспей тұратын ақын. Оның осы қолтаңбасы – Гимн мәтінінен де көрініп тұр. Тұманбай Модағалиев. Қадыр алған қос сыйлықты бұл да қанжығасына байлаған ақын. Тұмағаңның сыршыл жырлары, әсіресе жастар жанын баурап, аты ауыздан түспеген жылдарды неге ұмытайық!.. Т.Молдағалиев шығармашылығының шыңы – сол алпысыншы жылдардың аяқ шенінде жарық көрген «Зулайды күндер», «Жүрегім менің сапарда» жыр жинақтары болды. Өкініштісі сол, ұзамай ол да белгілі дәрежеде, Қадырдың кебін киді. Ақын шығармашылық тұрғыда өспеді, қайта айтары да, әсері де аз ащы ішектей шұбатылып келетін өлеңдері – оқушыны жалықтыратын болды!.. Қайтейік, Гимнге ол да құрық салыпты!.. Қазақта өлең жинақтарын ең көп шығарған ақындардың бірі – Мұзафар Әлімбаев болуы мүмкін. Айтпақшы, ол да Мемлекеттік сыйлықтың иегері. Өз басым ақындарды, кітабының санына немесе алған сыйлығына бола емес, талантына жығылып оқушы едім!.. Не пәленің барын білмеймін, Мұзағаңның жазғандарына бұрын-соңды ішім жылып көрмепті!.. Бұған, асылы, ағамыздың, өзіне қарағанда, деңгейі жоғары әріптестері (арасында өз тұстастары ла, інілері де бар) «кінәлі» болады да!.. Гимн «шаруашылығына» сөйткен Мұзағаң да араласқан көрінеді!.. Біз әдебиетті тек классиктер ғана жасамайтынын түсінеміз. Қазақ поэзиясының тарихында бұл ағаларымыздың да өздеріне лайықты орындарының барлығына, әсте шек келтірмейміз!.. Бірақ қазақтың: «қолың көтермейтін шоқпарды – беліңе қыстырма!, - деген сөзін де естен шығара алмаймыз!..
Бұрынғы Мемлекеттік Гимнді (мәтінін жазған авторлар: Ғабит Мүсірепов, Қайым Мұхамедханов, Әбділда Тәжібаев) – жарты ғасырға жуық серік қылған екенбіз. Обалы кәне, партиялық идеологияға бағындырылған сөз демесек, сол Гимннің поэзиялық әсер-қуаты – біздің жаңа қабылдаған дүниемізден көш ілгері болатын!.. Соның мына бір-екі жолына ғана назар аударайықшы: -Торлаған тұманнан жол таппай тұрғанда – Лениндей күн шығып, жарқырап атты таң... Әттең, саяси-идеялық «тұздығы» күшті, әйтпесе, мұны көркемдік тұрғыда әлсіз сөздер деп айта алмасақ керек-ті!.. Заманында КСРО Гимнінің 12 буынды өлең үлгісімен жазылғаны белгілі. Оның «шапағаты» бізге де тиіп, кезінде Қазақстан Гимні де сондай өлең өлшемімен жазылған. Енді жаңа Гимн жазылар қарсаңда: «Сол бұрынғының музыкасы (жазғандар: Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди) қала берсін, тек соған жаңа мәтін жазылсын!,-деп біржақты ұйғарым жасалғаны бар. Көріп отырғанымыздай, композиторлар құрамының әр ұлттың өкілдері болуы керектігіне тағы да мән беріліп, баяғы «интернационализм» саясаты Гимнімізге тағы да жармаса кетті!.. Сөйтіп, мәтін жазатын ақындар 12 буын мөлшеріне тағы да бағынуға мәжбүр болды!.. Мұның, белгілі дәрежеде ақындардың мүмкіндігін шектегені анық. Әрине, мықты талант қандай үлгі - өлшемді де бағындырып, поэзиялық тұрғыда қуатты дүние жасай алады! Өкінішке орай, бізде нақты істің нәтижесі бұған керісінше болып шықты ғой!.. Сонымен біздің бұл тұста ашып айтатын түйінді пікіріміз мынадай: Қазақ Гимнінің мәтіні де, музыкасы да қайтадан жазылуға тиіс!.. Енді, алдымыздан: «Оның өлең өлшемі қандай болуы керек?» - деген сұрақ та шығады. Әрине, қазақ өлеңі - өлшем түрлеріне жарлы емес!.. Десек те қазақ үшін бір буынды қара өлеңнің орны бөлек!.. -Қазақтың қара өлеңі – құдіретім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген!- деген сөзді классик ақынымыз Мұқағали Мақатаев жайдан-жай айтпаған! Егер қазақтың ән қазынасына назар аударсаңыз – оның небір інжу-маржандары осы өлшемнің аясында туғанын байқар едіңіз!.. Өз басым он бір буын дегенде: әр тармағының бунақтары – 3-4-4 үлгісінде келетін өлшемге ерекше ден қоямын. Себебі, ол: ақынға - әнге лайық өлең туғызу мүмкіндігін молынан береді! Гимн әңгімесінен шығарып айтар және бір пікіріміз – ендігі жерде әсіре «коллектившілдік» ауруынан арылу қажет!.. «Коллективтен» - дүбәра, құрама дүние ғана туады! Өнердің біртұтас құйма туындысын – жеке адамдар жасайтынын ұмытпасақшы! Бір ақын – бір композитор – екеуінің ғана үйлескен бірлігі, біздіңше, нағыз Гимнге апарар сенімді жол – осы!.. Гимн мәтіндерінің соңғы байқауында – сарапшылар алқасына қанша ақынның шығармасы түсті?.. Олар кімдер?.. Бұл сұрақтардың жауабы бізге белгісіз... Дегенмен, таңдау (сапалы мәтіндерді ғана айтып отырмыз) – аз болған секілді!.. Әйтпесе, жоғарыда қабылданған мәтінге тоқтап, тап соған Гимн мәртебесін беретіндей басымызға не күн туды дейсіз?!. «Ал, сонда
Гимн жазуға қабілеті мол жететін ақындар мен композиторлар бар ма бүгінгі қазақта?» - дерсіз, көпшілік! Болғанда қандай!.. Қазақ поэзиясында өз басым Сырбай Мәуленов пен Қуандық Шаңғытбаевты дара қоямын. Сырағаң мен Қуан-аға, жастары ұлғайып келгеніне қарамастан, жүгірісінен танбаған, өлеңдерінің іші күйлі, сырты сырлы, жыр сарайларына жарықшақ түспеген жүйріктер!.. Аға ақындар: қазақ өлеңінің тайпалған жорғасы Сағи Жиенбаевтың, өзегіңе өрт болып түсетін Өтежан Нұрғалиевтың шығармаларын бей-жай оқу мүмкін бе?.. Қазақ поэзиясында қомақты іс тындырған орта буын өкілдері: өлеңмен сурет салатын Дүйсенбек Қанатбаевты, азаматтық тұғыры қашан да биік Темірхан Медетбековті, өлең – тұлпарын дәйім қиынға салып жүретін адуын жүйрік Иранбек Оразбаевты кім білмейді?!. Осы мықтылардың арасында Мемлекеттік сыйлық алғаны – жалғыз Сырағаң екен!.. Басқаларына сыйлықтың үлкені тұрмақ, «комсомолы» да бұйырмапты!.. Себебі, көп жағдайда, оларға өлермендігі басым пысықтар жол бермеген!.. Соңғы бес-он жылдың бедерінде қазақ поэзиясына қоғам мен адамның ұңғыл-шұңғылын тереңнен қопарып, қазып айтатын күрделі ойдың ақындары келді. Біздіңше: Есенғали Раушанов, Мейірхан Ақдәулетов, Светқали Нұржанов, Тыныштықбек Әбдікәкімовтер осы қатарда. Бұл төртеуден қазақ өлеңінің күтері көп. Біз үшін Әбубәкір Қайранов, Ертай Ашықбаев, Шәмшия Жұбатова сынды талантты ақындар жазған дүниелер де бір төбе. Қазақ жырының жайлауына: Сабыр Адаев, Жұмабай Күлеев, Темірғали Көпбаев, Гүлнәр Салықбаева, Оңайгүл Тұржанова секілді анық талантты жастар ат басын тіреп, өлең қостарын тігіп жатыр... «Иә, қазақта Гимн жазуға құдіреті жететін мықты ақындар бар ма?.. Бар болғаны қандай!.. Ал, Гимн жазатын композиторлар дегенде, ойымызға: азаматтық әуендерге жиі бой ұрып жүрген Нұрғиса Тілендиев, Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов, Теміржан Базарбаев, Ескендір Хасанғалиев, Жақсыгелді Сейілов, Жанбота Тұяқбаев, Табылды Досымов секілді таланттар оралады!.. Бүгінде радио мен теледидарды өлеңі шатты-бұтты, сазында қазақ рухы жоқ әуенсымақтар жайлап барады!.. Сондайларды «туғызған» дүбәра-дүмшелер Гимн «ауылынан» аулақ жүрсін!.. Соңғы Гимн қабылданар қарсаңда: «Гимн болуға лайықты дайын әндеріміз тұрғанда – уақыт кетіріп, жаңадан шығарма туғызудың не қажеті бар?» - деген де пікірлердің шаң бергенін білеміз. Бұл орайда көп адамның ойына Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтей қос шебердің қолынан шыққан әйгілі «Менің Қазақстаным» әнінің оралғаны да жадымызда. Бұл бағытта біз де біраз ойланып көргенбіз. Сөз жоқ, «Менің Қазақстаным» - халық пен бірге жасасып келе жатқан мықты ән!.. Бұл әнді біз де сүйсініп айтамыз!.. Бірақ, ол - әуелден Гимнге арналып жазылмаған!.. «Менің Қазақстаным – Гимн болуы керек»,- деп жүрген туысқандар біздің: «Болған үстіне – болсын!» - деген игі тілегімізден туған пікірімізді теріске
жорымағай!.. Біздіңше, Гимн, балаға да, ересекке де – барша адамның айтуына ыңғайлы, баршаның талғамынан шығатын, оның үстіне барынша терең шығарма болуға керек!.. Ал, біз сөз қылып отырған бұл шығарманың музыкасында, негізінен балаларға лайықты ойнақы да жеңіл, салтанатты сипат басымдау. Сонысына сай, ән өлеңінің әрбір тармағы – 6 буынмен ғана шектеліп, тым келте қайырылады!.. Сөйтіп, әнде, тұтастай алғанда тақпақтық сипат басымдау болып шығады!.. Мұндай сипат әннің сол тұрысында - өз табиғатына жарасып тұрғанымен, Гимнге артылар салмақты жүкті көтере алмайды!.. Сондықтан, біздіңше қаншама керемет ән болғанымен, «Менің Қазақстанымды» - Гимнге айналдырудың жөні жоқ!.. Гимн қабылданар қарсаңда, басқа жұрттың ойына оралды ма, оралмады ма, білмедік, біздің назарымызды аударған бір ән болды. Ол – белгілі композитор Өмірбек Байділдаев пен Мақсұтбек Ниязбековтің (өлеңін жазған) шығармашылық одағынан туған «Туған ел» деген ән еді!.. Осы шығарманың салмақты сазы байыпты да, нәзік азаматтық әуені – Гимнге сұранып-ақ тұрғандай көрінген. Өлшемі де: жоғарыда өзіміз айтқан 3-4-4 бунақты, 11 буынды қара өлең үлгісінде. Әттең, «Туған елді» жазған ақын, өлеңінің «техникалық» жағын келістіргенімен, керемет әуенге сай – керемет поэзия туғыза алмаған екен!.. «Менің Қазақстаным» секілді, «Туған ел» де өз орнында мықты ән!.. Бірақ, Гимн емес!.. Себебі, ол да әуелден Гимн болып жаратылмаған!.. Гимн –Гимн болып тууға керек!.. Басқа жолдың бәрі жасанды!.. Жасандының жайы белгілі... Мақаламыздың мақсатынан туатын және бір ұсыныс –пікіріміз – «Гимн» сөзінің қазақша баламасына қатысты болып отыр. Бүгінгі баспасөзімізде, одан басқа да бұқаралық ақпарат құралдарымызда «Гимнге» балама ретінде – «Әнұран» сөзі қолданыла бастады. Бір қарағанда, осы сөздің өзі-ақ көңілге қонатын секілді. Қадеге жарай беретін секілді... Ал, осы сөздің мағынасына тереңірек ой жүгіртсек ше?.. Біздіңше, « Әнұран» - «Гимнге» толық балама бола алмайды!.. Себебі, мағынасы да, беретін әсері де «Гимннен» еш кем түспейтін – «Ұран -Жыр» деген ып-ықшам сөз тіркесі бар!.. Ойымыз дәлелді болсын, осы екі баламаның: «Әнұран» мен «Ұран-Жыр» мағыналарын сөз тіркесі құрамында салыстырып қарайықшы... «Қазақтың Әнұраны». «Қазақтың Ұран-Жыры». Мағыналық және сезімдік әсер күші жағынан осы екеуінің қайсысы «Гимн» ұғымына етене жақын тұр?.. Әрине, сөз жоқ, соңғысы – «Ұран-Жыр»... Қазақ бабамыз, әдетте, әнмен емес, жырмен ұрандаған!.. Гимн (Ұран – Жыр) айтылатын ұранды жерде, әннің емес, жырдың «жалы» биік тұрады!.. Әнде –жекелік сипат басым, содан да – оның салмағы жеңілдеу, жырда – елдік (жалпылық) сипат басым, сондықтан да – оның «тұзы» ауырлау!.. Ендігі жерде «Гимннің» мағынасын – «Әнұран» секілді әлсіз сөзге қор қылмайық!.. «Ән» мен «Ұранның» зордың күшімен біріктіріліп тұрғаны болмаса, мағыналық байланысын былай қойғанда, түрлік тұрғыда да үйлесіп тұрғаны шамалы!.. «Гимннің» теңі – «Ұран-Жыр!..» Түйін Енді мақаламыздан туындаған жинақты пікірлерімізді ортаға салайық. «Ұлттық Мемлекеттік Гимндер - әр елдің Мемлекеттің
эмблемасы болып табылады»,- дейді «Қазақ совет энциклопедиясы». Қазақ - өлең сөздің кемеңгері Абайды, саз өнерінің әулиесі Құрманғазыны туғызған талантты халық!.. Ондай халықтың ҰранЖыры неге әлсіз, неге осал болуға тиіс?!. Егер, менің Мемлекеттік ҰранЖырын айтып тұрған сәтімде жан-жүйемді қозғап, жүрегімді толқыта алмаса, жанарыма жас келтіріп, елдік, ұлттық сезімімді оята алмаса – оның несі Ұран-Жыр!.. Ал, біздің таяуда қабылдаған Ұран-Жырымызда – ондай құдіретті күш жоқ!.. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыс қайтадан қолға алынуы керек, жалғастырылуы керек!.. Алдымен поэзия мен музыканы барынша терең түсінетін, тамыр-таныстыққа бұрмайтын турабилерден – Республикалық сарапшылар комиссиясы құрылса!.. Сосын, осы комиссия сарабынан өткен, яки, Ұран-Жыр болудан анық үміткер шығармалар (мәтіні – нотасымен бірге) «Егемен Қазақстан» газетінде үзбей жарияланып, Республикалық теледидардан тұрақты (әрқайсысы бірнеше реттен) орындалып тұрса!.. Істің барынша жүйелі де жинақы жүруі үшін ол шығармалар тек осы ақпарат құралдарында ғана халық талқысына салынса!.. Мемлекеттік ҰранЖырды таңдап алу тарихи оқиға болғандықтан, онда жеңімпаз болған ақын мен композиторға – айта қаларлықтай сыйлық жасалса!.. Сондайақ, осы мақсатта жақсы шығарма туғызып, жүлдегер болған авторлардың еңбегі де ескерілсе!.. Біздіңше, бұл дегеніңіз, талантты қадірлей білу ғана емес, халыққа патриоттық тәрбие де беру деген сөз!.. Тағы да қайталап айтамыз, Ұран-Жырды таңдап алу – арзан науқанға айналып кетпегей!.. Мықты Ұран-Жыр туғызу үшін – бір жыл мерзім жететін шығар деген ойдамыз!.. Егер, онда да халық ойынан шығатын үздік шығарма тумаса – асығыстыққа ұрынудың еш қажеті жоқ!.. Таңдау мерзімін тағы да ұзарту керек!.. Әйтеуір, тағы да өкінішке ұшырап, екі жұмыс қылып жүрмейік!.. Тәуелсіз қазақтың «елім!» деп еңіреген біртуар ақындары мен сазгерлері, мен сіздерді осы бір қасиетті істен тартынбауға, бойларыңдағы Жаратқан – Алла берген талант-дарынды осы жолға аянбай жұмсауға шақырамын!.. Керметті – ел таниды!.. Кереметті жасаңдар, таланттар!.. (Мақала 25.01.1993 ж. жазылып, жеті жылдан соң – 24.11.2000 ж. «Үш қиянда» жарық көрді).
БҰЛҚЫНЫП ЖАТҚАН ЖАНАРТАУ (Темірхан Медетбековтің ақындығы туралы) Өлеңнің сиқыры бар!.. Егер, сен поэзияны шын сүйген болсаң - өлеңін беріліп оқуыңа қашан да көндіріп, қасыңнан табылатын «өз» ақындарың болмақ!.. Мен үшін сондай сиректің бірі - өзімнен бір жас қана ұлылығы бар, Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне түсіп жатқан Темірхан замандасым!..
Жақында оның жыр-жинақтарын тағы бір парақтап оқып шықтым... Сонда неге екенін қайдам Қазақ университетінің тіл-әдебиет бөлімінде оқыған (1966-71) жастық жылдарым, осы Темірхандар поэзияғға келген кезеңнің сағынышты суреттері көз алдымда көлбеңдеп тұрып алғаны... Сол жылдарда университеттің филология факультетінің жанында ұлы суреткер Мұхтар атын иеленген әдебиет үйірмесі жұмыс жасады. Сол бір әдебиет отауына барып тұруды әлдеқашан танылып, атағы шығып кеткен қаламгерлердің өздері де шет көрмеген!.. Себебі, үйірменің жиындарына барғанда – олар сол кезең әдебиетіндегі жас күштердің бет-бағдарына барлау жасаумен қатар, өздерінің де қай тұста, қай шамада келе жатқандарын аңғарып, өздерінше ой түйіп жүретін Онда - өлең-көштің дәупірімдерінен бастап, сары ауыз балапандарына дейін жыр оқитын!.. Өйткені, ондай биік дәрежелі поэзия мектебі – Алматының еш жерінде болған емес!.. Мен шығармашылық ерекшеліктері жағынан бір-біріне еш ұқсамйтын атақты ақындар: Мұқағали Мақатаев пен Төлеген Айбергеновті, Өтежан Нұрғалиев пен Сағи Жиенбаевты, Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевты, Фариза Оңғарсынова мен Марфуға Айтқожинаны сол үйірменің жиындарында тыңдағанмын!.. Ол жылдарда өлеңқұмар студент біткеннің аузында талантты ақын Марат Отаралиевтың да аты жүрген!.. Сол кештердің қызулы сәттерінде керік кеуде, алып тұлға, асқақ үн, ай маңдай ақын Мұқағали аға оқыр жырының бірін «Қайран жеңгем» деп атап бастап, өлеңінің өн бойында тыңдаушысының жан-жүрегін шайқап-шайқап, теңіздей толқытып, сан күйге салып барып: -Сағынып жүрсің бе, әлде, қадірлім-ай, Баяғы жастығыңды майданда өлген!.. – деп тоқтағандажанарымызға жас толып, орнымыздан тұра келіп қол соғатын жаны нәзік бозбала біз едік!.. Сол бір жылдарда қазақ поэзиясының қазіргі көзі тірі классигі Өтежан Нұрғалиевтің де орда бұзар отызын кешіп жүрген шағы еді!.. Өтежан ағамыз сонда тентек көздерінен жалын шашырап тұрып: Мен өмірде домбыраның тиегін – Биігірек ұстағанды сүйемін!.. Адамдарға жетсе екен деп дауысым – Сар садақты сәл қаттырақ иемін!- деп ширыққанында – тұла бойымыз от аралап өткендей күйіп-жанып қалатын да біз едік!.. Егер, біз адамды - өзінше бір әлем, өзінше бір жұмбақ десек, сол жұмбақтың жұмбағы – ақындар!.. Сондай шешуі қиын жұмбақтың бірі – кейін марқұм болып кеткен Жұматай Жақыпбаев болған. Сол Жұматай, сырбаз, төре, ерке Жұматай мінберге баяу басып шығып, миығынан күліп тұрып, майда үнмен жай бір әзіл сөзді жүрдім-бардым айта салғандай қылып қана: -О, Ләйлі!.. Мен – саған Мәжнүн емеспін Жынданып кететін!.. деп өлең жолдарын тізе жөнелгенінде – сол сөздердің астарында қанша мұң мен сырдың жатқанын кезінде сезіндік пе, сезінбедік пе білмеймін!..Кеңшілік Мырзабеков (ол да марқұм болып кетті ғой!..) жұрт
алдына шығатын да өлеңді – мінберді жығып кетердей болып арындап, қызуланып, асып-төгіліп оқитын!.. -Мен де күлемін, Сен де күлесің. Ол да күледі – Бәріміз күлеміз Табиғат берген қауқармен! – дегенінде – зал толы жұрттың жарыла күліп отыратыны бар еді-ау!.. Жасырып қайтейін, ол күлегештердің көпшілігі – ақынның әлгі сөздерінде жатқан астарлы философияны аңғара алмағаннан, «табиғат берген қауқардың» жоқтығынан күлетін!.. Қай ақынның қау жұмбағын – қуыс кеуде жай пенденің қайсыбірі анық ұғынып, біліп болған!..
Әрқайсының талант деңгейі әрқилы болғанымен, сол жыр кештерінде құнан-дөнендерін алғаш бәйгеге қосып, әдеби ортада әжептәуір таныла бастаған Темірхан тұстас: Зейнолла Тілеужанов, Нұркенже Хасенов, Серікбай Оспанов, Нұрлан Оразалин, Серік Тұрғынбеков, Жарасхан Әбдірашев, Сейсен Мұхтарұлы, Күләш Ахметова, Дәутәлі Стамбеков, Несіпбек Айтов секілді жастардың арасынан сол кезде Қазақ педагогикалық институтының тарих бөлімінде оқып жүрген өз ауылдасым Орақ Байғалиевты да оқта-текте көріп, көңілім қуанып тұрар едім!.. -Жас едім мен, жауқазын ем, бозала таң, бозбала, Махаббаттың сөздері әлі көп айтылып тозбаған.
Қызғалдақты қырларға алыс қызық қуып бармағам, Арғымақтай арманға асау қолымды әлі созбағам. Кенет.., тегі, жаймашуақ болу керек, бір күні, Тұр екенсің жанарыңда бір тамшы жас іркіліп. Содан кейін кеудеме бір күмбір етіп – күй толқып, Содан кейін кеудемде бір құйын ойнап жүр, күнім!.. Сырт қарағанда, тұлғасы нардай болып көрінетін нән Орақтың ақын жүрегінен сол жылдарда осындай нәзік, мөп-мөлдір жәудір жырлар үзіліп түскен!..
Әдебиет кештеріне Алматының әлдебір бұрышында отбасымен пәтер жалдап тұратын, педагогикалық институтта оқитын Темірхан да анда-санда келетін. Жыр толғайтын жас ақындар арасында жарықшақ, бірақ, арғы жағында әлдебір қуатты, бұлқынысты дүмпу қатар шығып жататын оның даусы да айрықша естіліп тұрар-ды!.. «Кеме келсе – қайық судан шығар» дегендей, осы дауыстың салмағы – «өзім» деп жүрген талай мықтымның мысын басып тастағанын көзім көріп, жүрегім сезген!.. Себебі, ол – қазақ поэзиясына ойы-сойы, бітім-болмысы бөлек ақын болып келді ғой!..Жыр кешіне бір келгенінде ол баршамызды таң қалдырған «Отыз алты градус» деген өлеңін оқыды!.. «Отыз алты градусы несі!» деп, алдымен, өлеңнің атының өзін таң көріп, сосын, «градуспен - бұл шіркін не айтпақ?» дегендей, жұмбақ кешіп отырған бір жұрт... Бақсақ оның айтпағы: «қарт па, әлде бала ма, хан ба, әлде қара ма, ер ме, әлде, қор ма, мейлі кім болса-болсын, бәрінің де қызуы – отыз алты градус» деген оқыс ой екен ғой!..
-Дүние жатыр аласұрып, аунақшып, Отыз алты градуста қайнаған!.. Әлгі өлеңнің тобықтай түйіні – осы. Ақын біткеннің әлімсақтан жырлап келе жатқаны, алдымен, адам. Бірақ, адам – объектіге тап осы қырынан келіп, оны тап осылайша күтпеген бұрылыс жасап жырлаған ақын Темірханға дейін болмаған!.. Ендеше, мұны – ақынның жаңалығы, дүниені тек өз көзімен көре алған даралығы демейтін не жөніміз бар?!.
Әдетте, ақындардың, әсіресе, жастықтың жалаулы шақтарында махаббат тақырыбына көбірек ден қоятыны белгілі жай. Бұған олардың осы бір мәңгілік тақырыпты жазбасына қоймайтын жастығы – себепші!.. Бұған – олардың басқа тақырыптарға шама-шарқы жете бермейтін тәжірибесіздігін қосыңыз!.. Бір кереметі, Темірхан ақын поэзияға келген бастау жылдарының өзінде-ақ, қатарластарына қарағанда есейгендік танытып, махаббаттан өзге өмір құбылыстарын да көбірек құнттапты. Ол махаббат тақырыбына келсе де – тек қана өз жолымен келіпті!.. Ойымыз орнықты болсын, ақынның жастығында жазған «Махаббатқа естелік» деген өлеңінен үзінді оқып көрелікші:
-Әлі есімде сол көктемнің сол түні, Нөсер шуы, найзағайлар жарқылы... ...Мәңгі есімде қалсын деді-ау бұл көктем, Екеумізге қарап алып құрметпен, Найзағайын жарқылдатып әр тұстан- Аспан бізді асығыс түсірген-ді суретке...
Байқасаңыз, бұл өлеңде Темірханнан басқа ақындардың махаббат жырларындағы «мен мұндалап» жүретін гүл де, жас жігіттің қыз-қалқаға жүрегін ұсынған елжірек сөздері де жоқ. Соған қарамастан оның оқушыға беретін әсері, әлгі жырлардан артық болмаса еш кем соқпайды!.. Рас, өлеңнің «орындалысы» олқылау, бірақ, онда көктемнің найзағайы жарқылдаған нөсер-шулы түнінде жапырақтарынан су сорғалаған ағаш түбіне тығылған, махаббаттың мастығымен табиғаттың осы бір оқыс мінезін де елей қоймаған қыз-жігіттің сезім кереметі бар!.. Бұл жарық жалғанның қараңғы түндерінде қыз-жігіттің нешемесі «найзағайын жарқылдатқан аспанның астында асығыс суретке түскен» шығар-ау!.. Сондай сәтті Темірхан ақын ғана дөп басып, жырына азық қылған ғой!..
Алпысыншы жылдардың аяқ тұсында республикалық әдеби газетімізде қазақ сөз өнерінің толағайы Әбіш Кекілбаев «Тани білсек – талант көп» деген шағын мақала жариялады. Сонда кім көрінген үшін ауыз ауыртпайтын сарабдал сыншы ағаның назарын – поэзиямыздағы кейінгі толқын арасынан үш жас ақын ерекше аударған екен!.. Сол үштің бірі – Дүйсенбек Қанатбаев, екіншісі – Кеңшілік Мырзабеков те, үшіншісі – Темірхан Медетбеков болуы кездейсоқтық емес-ті. Оны Темірхан ақын кейінгі шығармашылық жолында мықтап дәлелдеді де!..
Сөйтіп жүргенде біз: «Медетбеков оқуын тастап, отбасымен Маңғыстау асып кетіпті!.. Сол жақта Ералиев (қазіргі Құрық М.Б.) деген жерде тұрып, қатардағы жұмысшы-барлаушы болып істейді екен!..» деген оқыс хабарды естігенімізде – ерекше таңданған жоқпыз!.. Себебі, өлеңі де , өзі де мәрт ақыннан мұндай қадамды күтуге әбден болатын еді!.. Содан соңақ, қазыналы түбек – ақын жүрегінің қазығы да, өлең-жырының азығы да болып кетті!.. -Тұрсың сен бар жақта, бар тұста – Сорларда, мекенде көнерген. Шыныққан сан аптап, сан қыста, Шығасың алдымнан жұмысшы – Маңғыстау, мұнара денеңмен!.. Әлі де сан жазық, сан алап Сен шығар – тұғырлар.
Тулайды қан болып,
Тұлғаңды аралап трасса, құбырлар!..-деп жазды ақын «Жұмысшы Маңғыстау» деге өлеңінде. «Тұлғасын трасса, құбырлар қан тамырлары секілді аралаған мұнара денелі жұмысшы Маңғыстау!..» Өзін мұншама қанық бояу, күрделі де тың жаңалықты теңеумен суреттегенді – ақынның жырлау объектісі «Маңғыстау» тап бұған дейін көрмеген шығар!.. «Мұнайшы-барлаушылар», «Астан-кестең ашуланды Атырау», «Көшпелі вагондар», «Киіз үй», «Жұмыс киімі», «Түйелер», «Дүниені дүрліктіріп жұлқылап», «Шежіреші» «Геологтар», «Құм көші», «Жерлес теректерге» - бұлардың қай-қайсысы да ақынның Маңғыстаудың өткені мен бүгінінен ойып алған салмақты жырлары. «Маңғыстау желін сағынғанда» деген өлеңінде ақын:
-Мен өзіңсіз тұншығып, Тымырсық боп барамын!.-деп ағынан жарылады. Бұл – ақынның «екінші тынысын» ашқан Маңғыстауға деген сағынышы!..
Энциклопедияларда жанартауға (вулкан) –«ежелгі грек мифиологиясындағы от құдай» деген анықтама берілген екен. Олар өздерінің ерекшелігі жағынан: жалын шашып, тұрақты атқылап тұратындар, сөнгендер және су астында дүмпіп, бұлқынып жататындар деп – үш түрге бөлінетін көрінеді. Егер біз әрбір талантты ақынды – бір-бір От құдайы немесе Жанартау деп қабылдасақ, онда өз басым Темірханды – бар «қайратын» сыртқа көп шығара бермейтін, тереңдегі арпалысының өзімен-ақ тартып, дүмпіп, бұлқынып жататын «құпиялы» жанартауға ұқсатар едім!.. Өлең сөздің сөздің «тілін» білген адамға – ақынның бұл ерекшелігі ол жазған талантты жырлардың көпшілігінен-ақ аңғарылып тұрады. Ойымызды ақынның «Телеграф» сымы үзілген жерде» деген өлеңінен алынған үзінді арқылы тиянақтап көрейік: - Сымдар, сымдар, кеңістікті әжімдеп, Дүниенің денесінде оралған – Үзілді ме дауылдардан, бораннан?.. Жіп-жіңішке өне-бойын аралап, Қайғылы бір хабар өткен кезіндеҮзілді ме аласат бір салмақтан?!.
Өлеңнің нақ «Темірханы» - әлгі «бұлқынып жатқан жанартауы» қай жерінде?.. Әрине, телеграф сымның аты – сым емес пе, оған өз бойынан өткен хабардың қайғылы-қайғысыздығынан келіп-кетер не бар?! Бірақ, Темірхан жырлауында - әлгі сымның қайғылы хабардан үзіліп түскенін көресің де, соған сенесің де!.. Бұл жерде жансыз сымға жан беріп, жүрек беріп, сол арқылы оқушысының да жүрегіне салмақ салып, оның ақыл-ойсезімін билеп алған – ақынның әлгі біз айтқан ерекшелігі – «бұлқынып жатқан жанартау» талантының құдіреті!..
Үлкен ақындардың – таланты таңқыларды өзіне еліктіріп, үйіріп алатын кереметі бар екенін көріп жүрміз. Кезінде Темірханның да ондай еліктеушілері болған!.. Бірақ, қазақ сөз өнерінің қадау-қадау құмбылдарының бірі Асқар Сүлейменов айтқандай: «Стильсіз жазушы, өз стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп, калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады». Олар Темірхандардың әлгі айтқан «бұлқынып жатқан жанартауының» маңайынан да жүре алмайды!..
Сөз жоқ, әр ақынның поэзия әлемінен алар орны – шығармаларында айта алған философиялық ой шамасымен де өлшенеді. Егер ақын ондай тереңдікке бара алмаса – ол өмір-алыптың қыры мен сырын аша алмай, тек сырт көрінісін төңіректеген құрғақ қызықтаушы деңгейіндеде қалар еді!.. Темірхан ақын өлеңдерінде аракідік өзіндік философия айтуға да талпыныс жасап отырады. -Махаббаттан, өлеңнен, сағыныштан- Адам кейде гүлдейді елуінде. («Адам кейде»...) Немесе: -Қалған кезде керексіз боп өмірге – Жоғалтады иттің өзі иттігін. («Қаладағы иесіз иттер»)
Біз бұл үзіктерден, ақын - Темірханмен бірге, философ – Темірханды да көреміз. Кезінде біреулер бұл ақынға бағыттап: «Өз аты Темірхан болғаны секілді, оның жазатыны да кілең техника, темір-терсек, өлеңдерінде техникалық терминдерді көп қолданады», - дегендей, жойдасыз сын айтты. Басқа ақындар «техникадан» поэзия таба алмаса – оған Темірхан кінәлі ме екен?! Шындығына келсек, ол – темірдің құрамын, физикалық немесе химиялық қасиеттерін емес, сол темірмен істес болмауы мүмкін емес бүгінгі заман адамының жаны мен жүрегін жазып жүрген жоқ па?!. Техника заманындатехникалық терминсіз жыр жазу мүмкін бе?!.
Темірхан - өз өлеңдерінде әлгі айтқан, «техника» әлеміне ғана емес, адам жанының нәзік құбылыстарына да бара алған ақын. -Үңірейіп жан дүнием тұр қазір – Ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай... Немесе: Есітемін түкпірінен жанымның – Байғыз даусын сұңқыл қағып жылаған. Жалғыз қалған адамның «ымырттағы аңғал-саңғал қыстаудай үңірейген, жан түкпірінен сұңқыл қағып жылаған байғыз даусын естіген» көңіл-күйі. Өз басым Темірханның жоғарыдағы өлең жолдарынан ерек суреткердің қолтаңбасын танимын!.. Ақын табиғат суреттерін жасауға да тек өзіне тән даралықпен барады. «Қаладағы қалың тұман» деген өлеңге назар салыңыз:
-Тартып тұрған секілді анау бір жігіт Темекісін су астында тұрып ап. Әрине, өмір олай болмайды. Бірақ ақындық қиял-күштің мықтылығы сондай – бұл суретті қабылдамасына қоймайды!.. -Тұман кенет ашылды да, қала – Жер үстіне қалқып шықты қайтадан. Әлгінде ғана су астында қалып, демі тарылғандай болған оқушы енді кеңстікке шығыпғ «уһ» деп кеудесін кере дем алғандай күй кешеді!.. Бұл да Темірханның – ақындық бір «сиқыры».
Кезінде бұл ақынның атына: «Т.Медетбековтің өлеңдерінде әуен-әуез, саз жоқ, қолданатыны – жай прозалық тіркестер ғана»,- деген сын айтылғаны да есімде. Сонда менің: «Темірхан – Қасым Аманжоловтай скрипкашы емес қой. Жұмекен Нәжімеденов пен Жұматай Жақыпбаевтай домбырашы емес қой, оның өлеңдерінде әуен-саз қайдан болсын, жаңағы сын – орынды айтылған сын екен-ау»,- деп ой түйгенім бар. Кейін, жүре келе, бұл ойыма күмәнмен қарағандай, тіпті, одан бас тартқандай болдым!.. Енді, осының себептерін тарқатып көрейін. Иә, домбырашы-музыкант ақын Жұматайдың алғашқы өлеңдерінде әуен-саз мол болды!.. Оның өзінен-өзі ән мен күйге сұранып тұратын әуезді жырларын тек тыңдай бергің келетін!.. Сол Жұматай марқұм қысқа өмірінің соңғы жылдарында әлгі әуен-сазды азайтып, салмақты ой мен мұңға ден қойды! Неге?.. Ал, Жұмекен ағамыз мықты музыкант бола тұра, өлеңдегі әуенділікке әуелден де көп құмартпаған!.. Ол өз поэзиясында біраз үзіліс жасап, сол аралықта: «Ақ шағыл» «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» секілді романдарын жариялап, енді өлеңін одан әрі жалғастырғанда – бұрынғы азғантай әуен-сазын да тастап, прозалық дерлік тіркестерге ауысты. Бір кереметі, оның ұлы өлеңдері де поэзиясында осы «прозалық» сипат бел алған тұста дүниеге келді! Неге?.. Біздіңше, оның себебін Жұмекен ақынның өлеңдерінде әуен-саз барынша азайғанымен, есесіне оларында ішкі динамика мен тереңдік, ондағы бетке шыға бермейтін, бірақ оқушысын «тұтқыннан» шығармайтын қуатты шарпылысты сезімдер мен ой толқындарының ерекше күшейгендігінен іздеуіміз керек шығар!.. Осы ретте, мен әуезді өлеңді – жанартаудың көзіндей арбап, от шашып тұратын түріне ұқсатар едім!.. Ал, өлең ешкімге «тәуелсіз», дара таланттардың қолынан шыққан жағдайда, пәлендей әуен-сазсыз-ақ немесе тереңде бұлқынып жатқан жанартау қуатымен-ақ жаныңды баурап алар-ды!.. Бұл ретте менің жанымды: «заманы құбылып, қайшылығы молайып тұрған ғасырдың соны ақындары да күрделі ойларға бастайды-ау, асылы, олардың қорғасынойлары әуен-сазды өлеңге сын да бермейтін шығар-ау!»- деген ойлар баурайды.
Кейінгі жылдарда Өтежан ағамыздың (Нұрғалиев) өлеңдерінде де әлгі «прозалық» сипаттың бел алып жүргені бекерден-бекер дейсіз бе?!. Мұның
бәрі мені: «Ж.Нәжімеденов, Ө.Нұрғалиев, Т.Медетбековтердің ақындық табиғатында, шығармашылық ізденіс жолдарында бір-біріне, алыстан болса да үн қатысып, ұғынысып қалатын бір туыстық бар-ау, олар әуен-әуезден саналы түрде қашқақтаған екен-ау!»- деген ойға тірейді. Әрине, бұлай дегенде: «ақынның бәрі осыларға ұқсасын, әуен-саздан аулақтасын!..» демейміз... Асылы, кімге қай жол қолайлы, оны әр ақынның талант табиғаты мен ізденісі белгілер болар!.. Біздіңше, бұл – қазақ поэзиясы зерттеушілерінің арнайы назар аударуларына тұрарлық, елеулі мәселе!..
Егер, біз: «Үлкен ақындардың шығармашылығы кілең мықты өлеңдерден тұрады», - десек – қателесер едік. Оларда, керемет жырлармен қатар, тәуір, тіпті, ортанқол өлеңдер де бола береді!.. Себебі, өз басым шабыт пырағы ылғи бабында тұратын ақынды білмеймін!.. Мүмкін, содан да шығар, кейбір өлеңдерінде Темірханның шұбалаңқылыққа ұрынатыны бар... Егер, өлең шумақ сайын күшейе түссе – оған не сөз бар!.. Менің «қызық үшін» ақынның, сондай өлеңдерінен бірқатар шумақтарды алып тастап, ықшамдап, сосын қайталап оқығаным бар... Одан әлгі жырлардың салмағы жеңілдемеген секілді... Темірхандар – болашақтың ақыны!.. Сондықтан, оның өлеңдерін қайта қарап, сүзгіден өткізгені теріс болмас еді!..
Мен Темірхан ақынды – қазақ өлеңінің Абай бастаған үркердей ұлылар тобына қосып, әлек болмаймын!.. Оның, баста болмағанымен, кеуде тұстан ойып алған өз орны бар!.. Екінің бірі өлең-сөзден дәме қылатын қазақ деген халықтың ортасынан шығып, мұндай биікке көтерілу – қай сөз зергері үшін де үлкен мәртебе!.. Темірхан замандасымыз қазақ поэзиясы алыптарының бірі Жұмекен Нәжімедеов дүниеден өткенде шығарған «Ақын жүрегіндегі жарылыс» деген жоқтау-жырында: -Күресіп енді өтерміз Кеткенше жүрек жарылып!- деп серт сөзін айтқан екен!.. Ол осы сертіне қашан да адал болып келе жатқан ақын!
Темірхан ақын жыр-тұлпарын бұдан бұрын да Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне қосып көріп еді... Жүйрік көп қой! Онда сәті түспеген... Бұл сапарда да бәйге жолына кілең «ығай мен сығай» шыққан ба қалай?.. Дегенмен, Темірхан – таланттың жөні бөлек қой, бөлек!.. («Үш қиян» газеті. 15.12.2000 ж) ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА НАРЫ (Әбіш Кекілбаевтың саясатшылығы жайында шағын сөз)
Кезінде облыстық «Маңғыстау» газетінен орын тимеген бұл мақала бұдан бес жыл бұрын (23.10.1995 ж.) – Республика Парламентінің Мәжіліс сайлауы алдында – депутаттыққа үміткер Ә.Кекілбаевтың туған жері Маңғыстауға келуіне орай жазылған. Бұл – қабырғалы зерттеу емес. Бар болғаны үміткердің саясатшылық қырына аз-кем назар аударылған насихаттық сипаттағы мақала ғана. Туған жер!.. Сенің алдыңда – бала да бала, дана да бала!.. Адамдар бірбірінен артық болса болар, бірақ жер басқан пенденің ешбірі өзіңнен ұлық та болып, биік те болып көрген емес, туған жер!..Мұны, әсіресе, Әбіш аға қандай кішіктікпен және қалай тап басып айтқан десеңізші!..
«Сөйтсем, мен дәл сол арада туыппын. Мен туған жер – мен туғанда біздің үйдің тігілген орыны екен. Көйлегімді шешіп жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмір-бақи ұмытпайтын көрінем. Енді мен бұл араны, көзімді байлап қойса да, табатын көрінем. Енді тағдыр мені кең дүниенің қай қиырына айдаса да – бұл араға тапжылтпай тауып келе алатын көрінем. Енді мен туған ата-анамды қалай жақсы көрсем – жұмыр жердің осы бір пұшпағын да сондай жақсы көретін көрінем. Өйткені, ол маған өмір сыйлапты, мынау кең дүниені түгел сыйлапты. Сөйтсем, ол жылы мен жетіге келген екем. Сөйтсем, мен сол күннен бастап аяғымның астындағы мыңқ етпейтін қара нардай мығым жерге зер сала қарайтынды шығарыппын. Зер сала қараған сайын қара жердің жұмбағы көбейе түседі. Сол жұмбақты шешуге бола ма екен сірә?»
(«Ұйқыдағы арудың оянуы».1979 ж.) Атакүлдік Маңғыстауының өткені мен бүгінін және ертеңін ғылыми зерделеген зерттеу кітабында туған жердің қадір-қасиетін осылайша да бір толғаған сөз жампозы бүгінде жер мен ел-жұмбақтың, адам-жұмбақтың, өлең-жұмбақтың, мың шешуі демейік, жүз шешуін тапқан сұңғыла-абызға, дүлдүл қаламгерге, данагөй саясатшыға – елім-қазақтың маңдайына ұстар қадау-қадау қара нарларының біріне айналып отыр!..
Өткен жылы Әбіш аға өзінің қасиетті топырағынан Республика парламентіне мүшелікке ұсынылғанда – оның заңғар тұлғасын, биік беделін пәс еткісі келген біреулердің: «Ой, Кекілбаев деген, бар болғаны жазушы ғана ғой, одан саяси қайраткер қайдан шықсын!..» дегендей пікірсымақ айтқаны бар! Иә, Кекілбаев – жазушы және жазушы болғанда қандай!.. «Қазақстанның халық жазушысы» атағын тұңғыш алғандар қатарындағы дарабоз, «Үркер», «Елең-алаң» романдары үшін Республика Мемлекеттік сыйлығын алған жүлдегер жазушы!.. Әлгіндей сөз жүгірткендердің, әрине, ақын мен жазушының, ғалымның, өнер адамдарының, басқаларға қарағанда халқына жан-жүрегімен әлдеқайда жақын тұратынын әлде, білмегені, әлде, білгісі келмегені де!.. Заманында Әз-Жәнібек ханға ақылшы болған АсанҚайғы бабамыз, одан беріде үш жүздің атынан сөз айтқан: Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, немес Абылай ханға жөн сілтеп, мемлекет ісіне ықпал еткен Бұқар жыраулар – асыл сөзді қайратты қару еткен саясатшылар да емес пе еді?!. Заманында Шоқан мен Абайдың да саясатқа қол қойғанын, тіпті ел басқару ісіне де араласқанын білмейміз бе?.. Кешегі бұлағай-бурыл заманда алдымен халқына жалынды сөзімен қызмет қылған: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин секілді қаламгерлер де сол саясаттың тайқазанын қайнатпады ма?.. Кекілбаевты «бар болғаны –жазушы ғой»... деп үлкен саясат әлеміне олқы санап жүргендер сол Кекілбаевтың «Үркері» мен «Елең-алаңы» орыс патшасына бодан болған қазақ заманының көркем
шежіресі ғана емес, сол дәуірдің саяси сыр-сипатын да терең толғаған үздік туындылар екенін бағамдап, пайымдап көрді ме екен?!.
«Ылғи бір елге бағдар жасау, тек саяси тәуелсіздікке ғана емес, экономикалық тәуелсіздікке де қысымды күшейте түседі». («Тыраутырау тырналар». 1973 ж.) Ә.Кекілбаев отыздың ішіне жаңа кірген жс шағында жапон еліне барған жолсапарынан жазған осы кітабында-ақ көпті көрген аққаптал саясатшылар деңгейіндегі осындай салмақты сөзді айта алған ғой!.. Тәуелсіз де жас Қазақстан мемлекетінің өз экономикасын өз бетінше дамытып кетуге қапелімде қуат-күші жетпей, шетел инвестициясына ділгер болып отырған бүгінгі күнінде – саясатшы Кекілбаев бұдан жиырма екі жыл бұрын шегелеп айтып қойған жоғарыдағы көреген ойдың ащы шындығы жатқан жоқ па?..
Аталмыш кітабында жапон жұртының арғы-бергі тарихына, мәдениетіне, мемлекеттік құрылымы мен елдік салт-дәстүр ерекшеліктеріне асқан білімдарлықпен, қаламгерлік және саясатшылық зерделілікпен талдау жасаған Ә.Кекілбаевтың: «Шұлықты да, саясатты да жалаңаш әйелдің суреті арқылы өткізеді», деп сын айтқаны және бар Кейінгі жылдарда дамудың нарықтық жолына біз де бет алдық. Қатты «дамып» бара жатқанымыз сондай – теледидардан көретініміз де сол, тіпті үйіміздің қақ төріне іліп қоятынымыз да сол - «жалаңаш әйелдің суреті!..» Біздің қазақ – материалдық байлықтың жолында – жан қазынасын құрбан етіп, рухани жалаңаштанып қалмаса болғаны да!.. Кезінде жапондар өміріне орай көреген қаламгер-саясатшы айтқан жоғарыдағы сөздердің – бүгінде бізге осындай ой түйіндетіп, сақтандырар жайы да бар ма қалай?..
«Бұрын көрмеген жердің - ой-шұңқыры көп». Әсіресе, нарықтың бастау кезеңінде Қазақстанға айқын жол көрсетердей боп – шетелдерден кімдер келіп, кімдер кетпеді!.. Ә.Кекілбаевтың «Бетерден де бетер бар» деген салмақты еңбегі – осы бір талмау тұста жазылып, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Бұл шығармасынан біз, шаршысына толған саясатшы Кекілбаевты ғана емес, зерттеуші, тарихшы, заңгер, парламентар, социолог, экономист Кекілбаевты да таныдық!.. Батысшығыстағы өркениетті елдердің бұрын өткен жолы, яки, нарыққа өту кезеңіндегі мол тәжірибесі дейсіз бе, біздің қазақтың осы бастау сапарда тек өзіне лайықты жолды таңдап ала білуінің ділгірлігі дейсіз бе, президент, парламент және сот билігінің дербестігі мен тұтастығы және онсыз демократиялық мемлекет құрудың мүмкін еместігі дейсіз бе – қазіргі күрделі уақыттың сан-сапат жұмбақты сұрақтарына жауап іздеген зерделі оқушы бұл еңбектен - өз қажетін тапқан болатын!.. Сонда сұңғыла зерттеуші-саясатшы ұсынған құнды тұжырымдар біздің Республикамыздың нарыққа өту барысында, іс-тәжірибесінде ескерілді ме екен – күмәндіміз!.. Біздің білуімізше, кезінде бұл еңбекке орай республикалық баспасөзде жалғыз адам – премьер-министрдің сол кездегі орынбасары Қ.Сұлтанов қана үн қосып, ой айтқан. Өкінішке орай, оның өзі де Ә.Кекілбаев деңгейіндегі терең талдау – тұжырымдарға маңайлап бара алмаған!..
Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» деген еңбегінің жарық көруіне орай республикалық баспасөзге берген сұхбатында Ә.Кекілбаев: «Қоғамдағы ынтымақ – жас тәуелсіз мемлекет үшін ең басты саяси құндылық болып табылады»,-деп және бір өзіндік түйін жасаған. Шындығында да, бүгінгі Қазақстанның басты тірегі – осы ынтымақ пен бейбітшілік болып отырғанын көрмеуіміз мүмкін бе?!
Өткен жыл еліміздің Президенті мен Үкіметіне де, Кекілбаев бастаған Парламентіне де оңайға соққан жоқ. Әсіресе Үкіметтің атына сын көп айтылды. Әрине, қазіргідей ел басына ауыр салмақ түскен кезде: «Бұл қалай болды?»-деп және айта алмаспыз. Бас-аяғы бір жылдың ішінде елеулі іс тындырған парламент таратылып кетті. Ол да өзіміздей ет пен сүйектен жаралған адам баласы ғой, қаншама көнтерілі дегенмен, өзі басқарған құрылымның таратылуы – Кекілбаевқа да оңай тиді дейсіз бе?!. Нар тұлғалы азамат сонда да сыр бермеген, алтын сабырын сақтаған! Оның осы қасиет қалпын сол күндерден кейін көп ұзамай «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан да аңғарғанбыз...
Өткен жылы Парламент сайлауы қарсаңында Әбекеңнің (қасында маңғыстаулық белгілі азаматтардың бірі Дүйсенбі Әріпов пен танымал ақын Светқали Нұржанов бар) Жетібай кентіне келіп, сайлаушылармен өткізген кездесуі, сонда берген саяси сабағы – есімізден кетпейді!.. Сонда бір оқырманның: «Әбіш аға, сіз соңғы жылдарда саясатқа шындап бет бұрдыңыз. Сөйтіп жүргенде – оқушы жұртыңыз жазушы Кекілбаевты жоғалтып алмас па екен?»-деп «қызық» сұрақ қойғаны бар... Сонда үміткердің сайлаушыға берген жауабы мынау: «Мен қазірде елу бес жастамын. Ел басына күн туған мынадай алмағайып кезеңде саясатқа араласпай қала алмадым. Дәм-тұз таусылмаса, жазушылық кәсібіме алпыстан ары да уақыт жетер-ді..» Ойланып көрсек, оқырманның әлгі сауалы асығыстау қойылған да секілді. Саясатқа анық бет бұрған кейінгі жылдары, оның ішінде Парламентке төраға болған өткен жылы, шетелдерге делегация бастап барған сапарлары мен Алматыда жатжұрттық меймандарға жасаған саяси қабылдаулары – қаламгер-саясатшы Кекілбаевтың жүрегінде ізін қалдырмады, оның шығармашылық ойына азық болмады деп айта аламыз ба?.. Сол көзбен көргендерінің, бастан кешкендерінің күндердің күнінде томтом құнды кітаптарға айналып, оқырманын қуантпасына, рухани қазынамызды және байытпасына – кім күмән келтірер?! Бүгінде терең философияға суарылған талантты шығармалары дүниенің төрт бұрышын аралап кеткен Әбіш Кекілбаевтың аты заманымыздың әлемдік деңгейдегі сарабдал суреткерлері дат Кнут Гамсун, швед Август Стриндберг, американдық Джон Голсуорси, орыс Михаил Шолохов, жапон Рюнескэ Акутагава, қазақ Мұхтар Әуезов, австриялық Франц Кафка, француз Альбер Камию, қырғыз Шыңғыс Айтматов, колумбиялық Габриель Гарсия Маркес, неміс Герман Гесселермен қатар тұр!.. Бүгінде салмақты саясатшы Кекілбаевты да алыс-жақын шет елдердің басым көпшілігі таниды!..
Оның талантына зор құрметпен қарайтын жұрты – жақында үлкен қуанышқа бөленді! Ол - Әбіш Кекілбаевқа ЮНЕСКО-ның Бас директоры, ақын, қоғам қайраткері Федерико Майор және Алматы мен Семей архиепископы Алексиймен бірге, республика Президентінің 1995 жылғы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының берілуі. Президент Жарлығында көрсетілгендей, ол – мұндай биік құрметке: «Қазақстан халқының тарихына, рухани мұрасына құрмет сезімін қалыптастыратын терең әдеби және публицистикалық шығармалары үшін» ие болып отыр!.. Ұлы суреткердің, салмақты саясаткердің ерен еңбегінің мемлекеттік деңгейде тағы да бір мойындалғаны деген осы да!..
Үлкен саясаттың тайқазанына түскендердің басында бола беретін пәтуасыз талас-тартыс, асығыс сөйлеп, артық кету сияқты әрекеттер саясаткер Кекілбаевтың нар тұлғасына мүлдем жат екені – кім-кімге де айқын аңғарылса керек-ті!.. Мысалы, оның қаламгер ретінде атақ-даңқы шет жұрттарға кеңінен мәлім әріптесі А.Солженицынның саясат майданындағы оғаш қылықтарын – жалпақ жұрт жақтырып отырған жоқ!.. Аты әлемге мәшҺүр ақын, лингвист-ғалым О.Сүлейменовтің саясатшы ретінде жасап жүрген кейбір мәлімдемелері, шынымызды айтқанда, қарнымызды аштырады!..
Ертеректе жазылған «Күй» повесінде Әбіш ағаның «Ноқталы пенде, тірлігіңде тебіспе. Өлім екпе, өмір ек. Жарық жалғанның мән-мағынасы сонда»,-деп мәңгілік ой айтқаны бар еді-ау!.. Бір ғажабы, ол – саясаткерлік сапарында да осы темірқазық – жұлдызынан маңдай аударып көрген емес!.. -Әбіш Кекілбаев Парламент депутаттығына үміткер болып - өз туған жері Маңғыстаудан түсуге бел буды!.. Артық туған перзентінің - өз жерлестерінің де, қалың қазағының да көңілін қалдырған жері жоқ еді!.. Қайта сол асыл ұлы қашан да, қайда да туған елінің даңқын асырып, абырой – айдынын аспандату жолында тер төгіп келеді емес пе?!. Мерей – жұлдызың биіктей берсін, Әбіш аға – нар аға!..
ӘБІШТІ ҚОРҒАУ (Төрт пікірталас) А.) Кие мен күйе (Әбіш Кекілбаев – солақай сынның құрбаны болуға лайық па?.) «Пілдің тірі бәсі де – мың тіллә, Өлсе, тері бәсі де – мың тіллә!..» Кейінгі жылдарда қазақтың кемеңгер жазушысы, ұлы ойшыл, көрнекті саясатшы Әбіш Кекілбаевқа бірқатар баспасөз құралдары тарапынан беталды құла шабуыл жасау әрекеті бел алып тұр. Біз білгенде оны бастаған – «Солдат» газеті Содан соң – тәуелсіз «Алтын орда» (Бас редакторы – М.Ақдәулет) газеті. Біржар жылдықта бұл басылым Ә.Кекілбаевты негізсіз ғайбаттаған, бір емес, бірнеше мақала шығарды...
Біз кезінде М.Ақдәулетұлының пендешілігін оқырманға көрсетіп жазсақ деп оқталғанбыз, бірақ, оның қазақ поэзиясы мен баспасөзіне сіңірген үлкен еңбегін ескеріп қана тоқтағанбыз!..
Өткен жылы қазақ баспасөзінің «ақсақалдарының» бірі – «Жұлдыз» (Бас редакторы – М.Мағауин) журналында (№9) ақындық, жазушылық, сыншылық – осылардың қай-қайсысын да жарытпаған Бегділдә Алдамжаров деген шалағайдың Ә.Кекілбаевқа «шот салуды» көздеген «Евгений Онегинді» Гоголь неге жазбаған?..» деген шалдыр-шатпағы шықты!.. «Өлі жандарды» Пушкин неге жазбаған?..» деген атпен жарық көрген әдеби мақаласымен ой таластыруға тырысқан!.. Б.Алдамжаровтың сондағы поэма жанрының табиғатына орай жасаған теориялық тұжырымдары, мүмкін жобаға соғатын да шығар?.. Бірақ, өз мақаласында Ә.Кекілбаевты жерменжексен қылуды мақсат тұтқан ол сөз қылып отырған негізгі тақырыбынан (поэма жанрының теориясы мен тарихы. Авт.) жалт бұрылып, кемел суреткердің жазушылық стиліне ауыз салады!.. Оны: «Мәселен, ол өз прозасында кейіпкерді іс-әрекет үстінде көрсетпей, ауызекі сөйлеуін мүлде алып тастап, тек қана оның дүниесінде не болып, не қойып жатқанын ғана суреттейді. Бұл жағдай оның барлық хикаялары мен әңгімелеріне тән», - деп орынсыз сөгеді!.. Сонда Б.Алдамжаровтың жойдасыз пікіріне бақсақ – дара стильді суреткер ретінде атақ-даңқы жер-дүнияға кеткен Ә.Кекілбаевтың: Шыңғыс хан, Әмір Темір, Әбілхайыр хан, Гүрбелжін ханым, Жаппар шебер, Абыл күйші, Еңсеп құдықшы секілді әдеби бейне ретінде әрқайсысы бір-бір әлем болып табылатын ондаған кейіпкерлерінің жансыз қуыршақ болғаны да!..Шығармаларын кейіпкерінің ой ағынына, ішкі толғанысына құратын жазушы жалғыз Ә.Кекілбаев деп кім айтады?! Әлем әдебиетінің алыбы Ф.Достоевский, Нобель сыйлығының иегерлері: дат К.Гамсунның, орыс И.Буниннің, француз А.Камюдың, колумбиялық Г.Маркестің немесе А.Сүлейменовтің («Бесатар», «Адасқақ» хикаяттарын еске түсіріңіз.Авт.) әлгі сыншысымақ терістеп отырған стильді қолай көргенін қай әдебиетші білмейді!.. Мұндай стильге бет бұру осы журналдың Бас редакторы Б.Алдамжаровтың «кумирі» - М.Мағауиннің кейінгі шығармаларынан да аңдалады емес пе?!. Оның өмір-бақи жете алмай жүргені – осы бағыт, осы тәсіл, осы стиль еді ғой!.. Мұндай әдеби стильді меңгерушығантоғайда бір кездесетін кемеңгерлердің, шеберліктің шыңына да шыға алған, шыңырауын да қаза алған хас шебердің ғана маңдайына жазылар айрықша бақыт екендігі есі дұрыс пендеге аян болса керек!.. Немесе, автордың: «Ә.Кекілбаев кейіпкерлерінде мүлдем іс-әрекет жоқ, ауызекі сөйлесу жоқ» дегені қай сасқаны?.. Сонда Б.Алдамжаровтың жарымжан логикасына сүйенсек – Шыңғыс хан (Ә.Кекілбаев кейіпкері. Авт.) – жарты әлемді іс-әрекетсіз (сөйлеспей-ақ қойсыншы! Авт.) бағындырған болып шықпай ма?.. «Ә.Кекілбаев шығармаларында мүлдем диалог жоқ», - дегені – автордың қай сандалағаны?.. Мұның жалған сөз екендігі кез-келген оқырманға белгілі емес пе?..
Осы жерде: «Өзі басқарып отырған журналға осындай берекесіз сөздің шығып кетуіне белгілі ғалым-жазушы ағамыз М.Мағауин қалайша жол берген?» - деген орынды сауал туады. Біздіңше, мұның да ерекше «құпиясы» жоқ секілді!.. Қайда да «бірінші» болудан дәмелі, «Мен» деп сөйлеуден танбайтын («Мен» деген романын оқыңыз. Авт.) іштар, қызғаншақ Мұхтар Мағауин өзінен таланты асқан Әбіш Кекілбаевты көре алмайды!.. Сондықтан да ол «Жұлдызға» - Б.Алдамжаровтың «боқташағын» тықпалауға зәру!.. Біз кезінде осы бір уақтыққа қарсы қалам сілтесек деп те ойлағанбыз. Бірақ: «Ондай-ондайға – алып Әбіш апшымас!» деп тағы да сабыр сақтағанбыз!..
«Сөйтіп жүргенде...», - дейсіз бе? Сөйтіп жүргенде - Ә. Кекілбаевқа биылғы екі санында қатар 29 қаңтар,06 ақпан, 2004 жыл) республикалық «Жас Алаш» газеті (Бас редакторы Ж.Қорғасбек) және ауыз салыпты!.. Бірақ әйгілі қаламгер-саясатшыға қарсы «Алтын орда» мен «Жұлдыз» секілді тура шабуыл салмай, құйтырқы «жүріс» жасапты!.. Бұл газет бұрын да Ә.Кекілбайұлының: «Қазақ жастарының барлығын жұмыспен қамтамасы ету керек. Сонда олар қартайған ата-аналарын зейнетақысыз-ақ бағады!» деген келелі сөзінің өңін айналдырып: «Ойбай, Әбіш «шалдарға пенсия берудің керегі жоқ» депті-міс», - деген әңгіме қоздатқан!.. Газеттің ендігі «әрекетінің» себебі - Ә.Кекілбаевтың «Асар» партиясының Парламенттегі фракциясына кіруі көрінеді!.. «Жас Алаш» осыған: «Бұл қалай?» деп таңданғансиды. Бұл «таңдану» - айтулы тұлғаның аталған партияның фракциясына кіруін жақтырмаудан туған «таңдану» болатын!.. Мұның себебі де белгілі. Себебі сол – «Жас Алаш»» кейінгі кезде «Ақ жол» партиясының құрылтайын аузының суы құрып жазғанын көзіқарақты оқырман біледі. Торды әріректен тастаған газет бірнеше қаламгерге: «Ә.Кекілбаевтың бұл қадамына қалай қарайсыз?»-деп сауал салады. Әріптесінің «қадамына» - М.Шаханов: «Мұндай қадамға қаламгерлер ойланып баруы керек» - деп тура жауаптан тайғақтайды!.. Күлкілі... Сонда: «Басқалар ойланбаса да болады»,- дегені ме?.. «Жас Алаштың» жігіттері кімнің кім туралы не айтуы мүмкін екенін шамалапты-ау!.. Сауалнамаға шақырған үшінші адамы – Қ.Жұмаділов болып шығыпты!.. Бұл – кезінде Ә.Кекілбаевтың Мемлекеттік сыйлық алған әйгілі «Үркер» романының бас кейіпкері, қазақ халқының Аршылан перзенті Әбілқайыр ханды «опасыз» деп пәлен мәрте қаралаған, сол арқылы үздік шығарманың авторын аяусыз табалаған кәдімгі Қабдеш ағамыз ғой!.. Ол – газет тілшісінің сауалсымағына орай: «Жалпы, бұл жөнінде өзімнің пікірім бар. Бірақ мен дәл осы жерде үндемей қалайыншы. Халықтың өзі айтсыншы, халықтың айтқаны жөн шығар»,-деп көлгірсиді!..Бұл «жұмбақтың» шешімі де қиын емес. Оның аты – халықты Ә.Кекілбаевқа айдап салу!..
«Жас Алаш» тілшісінің сауалына байланысты Әбекеңнің өзі: «Асар» партиясына мүше еместігін, оның Парламенттегі фракциясына ғана мүше екендігін, Парламентте депутаттың жеке тұрып - өз ой-пікірін жүзеге асыруы қиындығын, әлгіндей қадамға сол үшін барғандығын, сондай-ақ басқа партиялардың ешқайсысын да жоққа шығармайтындығын айтқан!.. Сонда «Жас Алаш» неге ала-бөле Ә.Кекілбаевты «нысанаға» алған?.. Біздіңше мұның жоғарыдағы сөз болғаннан басқа да себебі бар.Ойымызды таратып айталық. Парламентте атағы дүрілдеп тұрған белсенді депутаттар,
көп болмағанмен, бар ғой. Мысалы, қызуқанды Ш.Мұртаза немесе кез-келген мәселеге араласа кететін С.Әбдірахманов!. Бірақ, соған қарап, Ә.Кекілбаевқа қарағанда, Шерағаңның ой-пікірлері терең, немесе, Серік ініміздің сөзі пәтуалы деуге болар ма?! Асылы бар гәпӘбекеңнің саяси тұлға ретіндегі үлкен беделінде, салмағында жатқан шығар?.. Әсілі «Жас Алаш» Ә.Кекілбаевтай толағайдың - өз тілеулесі «Ақ жолға» бет бұрмай, - «Асар» фракциясына ауып кеткенін қызғанған болар!.. Әйтпесе, біресе таңданған болып, біресе өп-өтірік түсінбеген болып Әбекеңнің бұл қадамын соншама «жыр» қылатындай несі бар?!
Бұрын белсенді саясатта көрінбеген М.Мағауин мен Қ.Жұмаділов күні кеше «Ақ жолдың» құрылтайында жүрді емес пе!.. Егер,«Жас Алаш» «сенсация» іздегіш болса – бұларды қалай көрмей қалған?! Ал, Ә.Кекілбаев дегенде – қиялай соқтығып, шахматтағы аттың жүрісін жасайды!. Сөйтіп, журналистер саяси құйтырқыға барып, оның зор беделіне кір жұқтыруға, сол арқылы оны халықтан алыстатуға тырысқан!..
Бұл жерде қай фракцияға кіреді – бұл әр депутаттың өз шаруасы емес пе!.. Кімнің не қылғанында қай газеттің несі бар?» - деген сауал да атой салады. Бізді сөйлетіп отырған қандай ма бір партияның (ішінде «Асар» да бар! Авт.) қамы емес, әріптестеріміздің екіжүзді әрекеті екенін оқырман дұрыс түсінсін!..
Әдебиеттен хабарлы көпшілік – орыстың ертеректе өткен М.Крылов деген ақынының «Піл мен қанден» (Абайдың аудармасы. Авт.) атты мысалөлеңі бар екенін білетін шығар?..Қысқаша мазмұны мынау: Біреу қаланың көшесін қақ жарып піл жетектеп келе жатады!.. Кенет қапталдан бір жұдырықтай қанден шыға келеді де, пілдің алдынан шәуілдей үріп қоймайды!.. Көпшіліктің көзі оған да түседі!.. Тоқтайтын қанден жоқ!.. Шәушәу!.. Мұның тым ерсі тірлік екенін түсінген бір ит шыдамай қанденге: -Қой, жарқыным, қойсаңшы! – деп қалады Сонда оған қанден қандай жауап берген десеңші!.. Оқиық: -Жұрт мұнымды көрмей ме?.. Батыр атақ бермей ме?..
Қой, бұл қанден – ер шіркін, Пілге де үрген демей ме?!. Біздіңше, Ә.Кекілбаевтың жағасына немесе балағына жармасып жүргендердің әрекетінде – осы мысалдағы қанденнің күйкі тірлігіне қатты ұқсастық бар!.. Әбіштің жазушылық құдыретіне көлеңке түсіргісі келетіндерге құлаққағыс бұрынғы-соңғы қазақтың өлеңінде – Абай! Жазушылығында - Әбіш!.. Біріншілік – осы екеуінде ғана!.. Әбіштің шығармашылығы – «түбінде шамшырақ жанған мұхит» (Қашаған) секілді!.. Сол мұхитқа мың миллион қанден барып, үрсінші – не шығарар екен?!.
Саяси ақыл-ойға Ә.Кекілбаевтан терең (жүйріктерді айтпаймын! Авт.) кімің бар, айтшы, қазақ?!. Әбіштің сары алтындай сабырына, кісілігінде, кімнің қандай шарқы бар?! Сол баяғы Абай айтқан: -Жаны аяулы жақсыға қосамын деп – Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып!.. Ақыл-ойының алыбына Нобель сыйлығын алып бермей-ақ қой, ең болмаса, тірлігінде құлағына тыныштық берсеңші!.. Әріптестеріміздің кімді пәлелеп жүргендеріне есеп беретін уақыты әлдеқшан жеткен секілді!.. Киесіне күйесін жаға беретін ұлт – ұлт болып жарыта ма?!
Аты мәңгілікке кететін Әбіштей алып – біздің қорғауымызға зәру болмас!.. Бірақ, халық әділ сөзге қашан да зәру!.. Біздің қолымызға қалам алдырған да сол!. Мақаланың бастауындағы Қашаған ақынның сөзіне көзіңді тағы бір салшы, оқырман!.. («Үш қиян! Газеті. 11.03.2004 ж. «Жұлдыз» журналы №4. 2004 ж.)
Ә) ТҰЗЫ ТАТЫМАЙТЫН СӨЗГЕ ТОҚПЫН!..
(«Азат» газетіне – жауап-хат) Республикалық «Азат» газетінің 2004 жылғы 12 мамырдағы санында Дінәш Нұрмұхамбет дегеннің «Кімінің мәңгілік, кімнің әңгүдік екенін бір Алла біледі...» деген аты «ән салып» тұрған етектей мақаласы шықты!.. Онысы республикалық «Үш қиян» газетінің 2004 жылғы 11 наурыздағы санында біздің авторлығымызбен жарық көрген «Кие мен күйе» деген сын мақаланы – бірыңғай мансұқтау мақсатын көздеген, тұзы татымайтын негізсіз, жай әншейін дәйексіз «әңгіме» болып шығыпты!..
Маңғыстауда шұбатқа көк суды құя-құя, әуелгі қасиетті дәмінен мүлде айырылған, сөйтіп, сусынның қадірсіздеу түріне айналған сұйықтықты «көк шалап» дейді!.. Дінәш замандасымыздың жазғаны – тап сондай нәрсіз «көк шалап» болып шыққан!.. «Неге бұлай?» - дейтін шығарсыз. Оған дәлел – шаш-етектен!.. Бәрін рет-ретімен айталық...
Әдетте, мәдениетті басылымдар қандайма газет-журналмен, немесе, жеке автормен «айтыс-тартысқа» барған жағдайда – қарсы жақ пен өздерінің пікірін бір нөмірде қатар, немесе, нөмір аралатып беріп, оқырманның екі жақтың да айтқан уәжімен толық танысуына, сөйтіп, олардан нақты ой түюіне мүмкіндік туғызатын еді. Бірақ, өздерін «демократияның бір ұстыны» санап жүрген «Азаттағы» әріптестеріміз – ондай «ерлікке» бара алмапты!.. Бұл – біреуді алдын-ала байлап қойып, сосын, емін-еркін тепкілеу секілді, тым ыңғайсыз нәрсе!.. Олар, егер, қайшы пікірдегі қос мақаланы бірге шығарса - өздерінің сөздері «пышақ құрлы болмай» қалатынын шамалаған шығар!.. Содан, дара «шауып», жаңағы «шалап-сөзді» шығарған да!..
Сөзі тура «Үш қиянда» - «Кие мен күйенің» жарық көргеніне үш айға жуықтады!.. Әншейінде басынан сөз асырмайтын «Алтын орда» содан бері неге тым-тырыс жатыр?.. Бұл – аталған басылымның «Үш қиянда» өз атына айтылған орынды сынды мойындағаны емес пе?.. «Алтын орда» - «кетпеннің басын бассасабы маңдайына тиерін» білді. «Азаттағы» дінәшшілеп – татымсыз «әңгімеге» ұрынған жоқ!.. Автордың ең болмаса осыны ұқпағаны өкінішті»..
Мұны аз десеңіз, «Жұлдыз» журналы 2004 жылғы 4санында «Кие мен күйені» көшіріп басты!..Сонда бұл не?.. Журналдағылардың ақылынан алжасқаны ма?.. Жоқ, қайта, ақылға келгені шығар!.. Өздерінің тым артық кеткенін біліп, Әбекеңдей зор бедел иесінен кешірім сұрағандай болғаны, біздің мақаламыздағы ой-пікірлерді, жақтырсын-жақтырмасын, қабылдағаны шығар!..
«Кие мен күйе» мақаласында: «Қайда да «бірінші» болудан дәмелі, қашан да «Мен!» деп сөйлеуден танбайтын («Мен» деген романын оқыңыз Авт.) іштар, қызғаншақ Мұхтар Мағауин өзінен таланты асқан Әбіш Кекілбаевты көре алмайды!.. Сондықтан да ол «Жұлдызға» Б.Алдамжаровтың «боқташағын» тықпалауға зәру!»- леген тура айтылған сөздер бар еді. Әсіресе, осы сөздер – Д.Нұрмұхамбеттің «шиқанын» жұлып алған секілді!.. М.Мағауиннің көрнекті ғалым-жазушы екенін жұрттың бәрі біледі. Ал, сол ағамыздың кісілігі қандай екен?.. Біздің жоғарыдағы сөздерімізге шек келтірушілер болса, онда, олар – сол кісі жөнінде белгілі тұлғалар айтқан мына пікірлерге назар аударсын:
«Мен өзім Мұхаңа (М.Мағауинді айтып отыр. Авт.) арнайы хат жаздым. «Өліге де, тіріге де тиісесің. Сен – заңғар жазушысың...Халықтың тарихын екі-үш ғасырға жылжытқан адамсың. Мен сенің осындай еңбегіңді жоғары бағалаймын. Ал, жаңағыдай жаңсақтығыңды кешіре алмаймын»,- дедім. (Қазақтың әйгілі киноактері Асанәлі Әшімовтің «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатынан. 18 мамыр.2004 ж.)
«Мен, мен...», «мен данышпан» деп бір Мұхтар (Бұл да М.Мағауинді айтып отыр. Авт.) шығып еді, онымен тайталасып, «мен данышпан» деп,.. екінші Мұхтар (М.Шахановты айтады авт.) шыға келді. (Белгілі жазушы Сәкен Жүнісовтің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатынан 14 мамыр, 2004 ж.)
Бұл сөздер қосымша түсіндіруді қажет етпейді. Көкірегін даңққұмарлық пен өзімшілдік жайлап, қызғаныштың қызыл итіне ерік берген адам – ешкімді де (тіпті бұрынғы досы Әбішті де Авт.) аямайды!. «Кие мен күйеде» Әбіш десе, «аллергиясы» ұстап қалатын тағы бір жазушы – Қабдеш Жұмаділовтің атына да аз-кем сын айтқанбыз Бұл жөнінде – Д.Нұрмұхамбет ештеңе демепті. Дейтін ештеңесі болмаған ғой, шамасы!..
Құрғақ ақыл айтып «мораль оқуға» құштар автор бұрынғылардан: Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафиндерді көзі тірілерден - Ә.Нұрпейісовті «қозғай» отырып бізге «Ә.Кекілбаевты «бірінші» дегенің – ұят емес пе?» - дегендей қыр көрсетеді!.. Құдайға шүкір, біз де қара жаяу емес, қазақтың да, шетелдің де классиктерін бір кісідей оқыған, әдеби талғам қалыптастырған адамбыз. Біздіңше, Әбіштің барлық жазғанының, кем дегенде, тоқсан пайызы – классика!.. Өз басым қазақта мұндай биік самғаған жазушы бар деп білмеймін!..Бәйге бермес тұлпардың алдынан арқан керуді қоятын, теңгермешілік «ауруынан» айығып, кімнің кім екенін мойындайтын уақыт жеткен жоқ па?!
Д.Нұрмұхамбет - Ә.Кекілбаевты «көкелей» қалыпты! «Асар» партиясының фракциясына кіргені үшін – оған «өкпелей» қалыпты!.. «Жорға – сөзге» мұндай шебер болар ма!.. «Өкпесін» алдымен ағаның өзіне айтпай, газетке кекесін-мақала қылып шығаратын мұндай «іні-бауырдан» Құдайым Әбекеңді сақтай көрсін!.. Бұл Д.Нұрмұхамбет «Асар» партиясының кездесулерінде – жұртқа мәйкі мен кепкі таратып жүргенін де Кекілбаевтан көретін шығар-ау!. Д.Нұрмұхамбет мақаласында «Әбекең – кім-кімді де орнына қоятын, қарсы пікір жазып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін дәлелдеп, өзгенің көмегінсіз-ақ өзін ақтап алуға құдіреті жететін жазушы»,-деген «әдемі» сөздер бар.. Біз білсек, Әбіш ондай мақаланы жазбайды!.. Себебі, балағына жармасып жүргендердің ( арасында «Азат» газеті де бар. Авт.) уақ тірлігі – оның «ауыз ауыртуына» тұрмайды! Біреуге жасаған қылдай қиянаты жоқ жазушы не үшін ақталуы керек?.. Ақталса - Әбіштің артынан қайта-қайта тас атқандар ақталсын!.. Ұялса – солар ұялсын!.. Әбіш, кейбір даңққұмар даңғойлар секілді, ешқашан «Мен данышпанмын!..» деп өзеуремеген адам. Әбіш біреулерді жөнсіз ғайбаттап, аяғынан да шалмаған!.. Биік талант пен кісілік – оның бір басына сыйып тұр!..
Бірқатар пенделерде, егер, өз мақсаттарына қажет деп тапса – Алланың атын да «саудаға сала қоятын» ауру бар!.. «Кімнің «мәңгілік» екенін бір Алла біледі...» - деп көсемсиді Д.Нұрмұхамбет. Ә.Кекілбаевқа – «мәңгілікті» қимаған ол – осындай бір «жүріс» жасаған көрінеді!. Болашағында кімнің кім болатыны – сол пенде шыр етіп, дүниеге келгенде пешенесіне жазылып қойылмақ! Әбіш – Алласы Сөз құдіретін берген, маңдайына «мәңгілік» бақыты жазылып туылған алып!.. Ондайлармен – ойнамас болар!..
Дінәш әріптесіміз, мақаласында өзі мәлімдегендей, «Азат» газетінің он екі кітап шығарған Бас жазушысы болса да, Әбекең мен бізге «арнаған» ұзақсонар «әңгімесін» - жеріне жеткізе алмапты!.. Солай болатын да жөні бар!.. Себебі, ойы тайыз, тұзы жеңіл сөз – қашан да алысқа ұзамаған!.. Д.Нұрмұхамбеттің осы «сарыны» - Ғ.Қабышевтың жақында ( 24 мамыр, 2004 ж.) «Жас Алашқа» берген сұхбатында да байқалады... Ұйымдастырылған зат қой – оған да таң қалған жоқпыз!.. (Автордан: «БАҚ туралы» Заң талабын бұзған «Азат» газеті – бұл жауапты жариялауға жарамады!.. Содан -16.09.2004 ж. «Үш қиян» газетіне шықты.)
Б) ҒАББАС ҚАБЫШЕВТАН ЖАЛЫҚТЫМ!. («Жас Алашқа» жауап-хат) «Жас Алаш» газеті оқырманының қаперіне берейік. Ақтауда шығатын тәуелсіз «Үш қиян» газетінің 2004 жылғы 11 наурыздағы санында – біздің авторлығымызбен «Кие мен күйе» деген сын мақала жарық көрді. Рас, мақала өзі сынаған «кейіпкерлерінің» қышыған жеріне тиердей дәрежеде өткір жазылды!.. Оның себебі біреу: ол – кейінгі жылдарда бірқатар басылымдар тарапынан қазақтың кемеңгер жазушысы, белгілі саясаткері Әбіш Кекілбайұлына орынсыз күйе жағып, оның зор беделіне көлеңке түсіру
науқанының бел алғандығы!.. Сол мақаладағы сөзіміз өңмендерінен өтіп кеткен болу керек – содан бері, әсіресе «Жас Алаш», «Азат» газеттері осы тақырыпты қайта-қайта өзеурей жазып, соңымыздан қалар емес!..
Біздің ойымызша, «Кие мен күйе» қай басылымның атына нақты қандай сын айтылды – оның жауабы да дәл осы бағытта өрбуі керек. Өкінішке орай, бізге бағытталған «жауап-сындарда» - пәлендей нақтылық жоқ, есесіне, бөстекі қызыл сөз көп!.. Мысалы «Кие мен күйе» мақаласында «Жас Алашқа» айтылған «әңгіме» біреу ғана болатын. Ол – партиягершіл жалаң мақсат көздеген аталған газеттің демократия шекпенін жамыла отырып, Ә.Кекілбаевты аяқтан шалмақ ниетте құйтырқы сауал-пікірлер ұйымдастырғаны!.. Мұның дәл солай екендігі – мақаламызда бұлтартпастай дәрежеде дәлелденген де еді!.. Сондықтан бұл бағытта нақты айтар жауабы жоқ «Жас Алаш» жөнді сөзге тоқтаудың орнына, бұрынғысынан бетер бетпақтанып, біздің мақаламызда («Кие мен күйе») өткір сынның бір ұшы тиіп кеткен Ғаббас Қабышев деген жазушыдан – осы мәселеге арнайы соқтығуды мақсат еткен көлдей сұхбат алып, онымен де қоймай, оның тағы бір пікірін шығарып, ұйымдасқан түрде қаралау науқанын одан әрі өршітіп отыр!..
Сонда Ғ.Қабышев «Жас Алашқа» берген сұхбаты («Б» десең – Бәкеңе тиеді, «Т» десең Тәкеңе тиеді...» 25 мамыр, 2004 ж.) мен мақаласында («Жазушыға адвокат керек пе?» 03 маусым, 2004 ж.) бізге қандай-қандай «уәж» айтады екен – соларының негізі бар ма екен?.. Енді соларына аз-кем тоқталайық. Ғаббас ағамыз бізді «мысық», «шашбайлаушы», «ұрда-жық», «көргенсіз», т.б. деп сөгеді. Ішін қызғаныш жайлаған адам не демейді?! Айта берсін!.. Жасы ұлғайып келе жатқан ағамыз ғой, мүмкін жүйкесі сыр беріп жүрген шығар... үлкен сыйлаған қазақпыз ғой, ондай-ондайларына түсіністікпен қарамасақ – біздің кім болғанымыз?!.
Сонымен бірге Ғаббас ағамыз. «Өз басым Әбішті – қатарынан оқ бойы озып кеткен жазушы дегенге иланбаймын»,- депті!.. Иланбай-ақ қойсын!.. Онысында – біздің қандай шаруамыз бар?.. Себебі, бұл сөздер – оның өз пікірі, өз түсінігінің жеткен жері!.. Ал, біз болсақ, Әбішті: «Қатарынан – оқ бойы озып кеткен жазушы!»- деп санаймыз. Бұл енді – біздің ойымыз, біздің пікіріміз!.. Ер-тұрманын бауырына алып тулаған Ғабекең, бір қызығы, біздің осы байламымызға қайта-қайта шаптығады!.. Мұнысымен бұл кісі – не өндіреді?.. Түсінбеймін!..
Ғ.Қабышевтың «Жас Алашпен» бірлікте ұйымдастырған солақай жарияланымдардың өне бойынан: «Үш қияндағы» мақала - Ә.Кекілбаевтың тапсырысымен жазылған!..»- деген ой атойлап-ақ тұр!.. Сөйте тұра ол кісі: «Мен олай деген жоқпын!»- деп безек қағады. Ағамыз – мұншама неге құбылады?.. Таңмын!.. Әлде, жұрттың бәрін – сөз ауанын түсінбейтін соншама ноқай көре ме екен?! Егер, Ә.Кекілбайұлы, өзіне адвокат іздейтін болса - өз туған жері Маңғыстаудан шығатын «Үш қиянда» несі бар? Басқа бір өңірден шыққан, бізден гөрі атақтылау, аузы да дуалырақ біреуді (бәлкім, әлденеше адамды. Авт.) таппас па еді?!. Ғ.Қабышев ағамыздың, ең болмаса
осыған ақылының жетпегені қайран қалдырады!.. Асылы құрғақ сөз, құр айқайдың адамынан – бұдан артықты күтудің өзі де бекер ме немене?! Өз басым Ғабекеңнің сатира жанрында жазған шығармаларын да оқымаушы едім!.. Қазақтың классик Оспанхан бастаған талантты сатириктері тұрғанда – оны қайтейін!.. Ағамыздың жоғарыдағы сын-мақалалары да – сол шамасынан аспапты!.. Қайда барсын, «зауыты» бір ғой!..
Ә.Кекілбайұлының соңына шам алып түскен «Жас Алаш» осы тақырыпқа, бір емес, екі емес, төрт рет айналып соқты!.. Мұның аты, демократия емес, жауығу!..Аталған газет – осы «жолда» бір айтқанын қырық қайталаудан аспайтын Ғ.Қабышевтың «қызметін» үш рет пайдаланған екен!.. Басқа оқырманды білмеймін, өз басым Ғаббас ағамыздың «дежурный әңгімесінен» қатты жалықтым!.. Соған орай, «Жас Алаш» бір ұсыныс-пікір айтқым келеді. Енді соны жеткізейін! Бұл тақырыпқа тағы орала қалсаңдар – Ғ.Қабышев ағамды ауыстыра көріңдер!.. Ел іші ғой, басқа біреу табылар!.. Тыңнан қосылған «жүйрікті» қызықтау – оқырманға да жақсы емес пе?!. Іздесеңдер – табатындарыңа кәміл сенемін!..
Айтпақшы, бұл – Сізде жарияланған төрт материалға қатысты беріп отырған жалғыз жауабым!.. «БАҚ туралы» Заң бар дегендей, жарық көрмей қалып, ұят болып жүрмесін!..» Қолмен істегенді мойынмен - көтерер болар!..» Ал, әріптестер, аман болыңыз. Жазар көбейсін!.. (Автордан: Өзіміз де күткендей, «Жас Алаш» - бұл жауапты да жариялаудан жалтарды!.. Амалсыздан, «Үш қиянның» 23.09.2004 ж. санына шығардық.)
В) КҮННІҢ КӨЗІН – ЖАБА АЛМАЙСЫҢ!..
(«Жас Алаш» газетіне – тағы да реплика!..) «Жас Алаш» көптеген басылымдарға қарағанда, әжептәуір оқылатын газет!.. Бірақ, кейде «артық» қыламын деп – тыртық қылатын» жайлары да баршылық».. Мықтыға қайта-қайта жармасып, «алтын» ұпай жинағысы келе ме, әлде біреулер қоярда-қоймай айдай ма, әйтеуір, осы газет - Әбіштей ой алыбына, сүйкене беретін «ауруынан» әлі күнге арылар емес!..
Аталған басылымның жуырдағы сандарының бірінде (10 қараша, 2005 жыл.) Аманжан Жақып деген автордың «Жасырын жазбалар» атты ойтүйіндері жарық көрді. Оқыдық. Сол кісі әлгі «Жазбаларының...» бір жерінде: «Әбішті әзір Әуезовке балап жүр. Әйтсе де, Әлемдік Әуезовтің ауылы Әбішке әлі алыс-ау!..»- деп -өзінше «сәуегейлік» жасапты!.. Ол - айтқан екен!.. Енді, осыған қатысты пікірімізді біз айталық!.. «Әбішті әзір Әуезовке баласа» - балайтындай кереметі болғаны да!.. Бұл жұрт М.Әуезовтей ұлыға өзін-өзі мадақтаудан жалықпайтын М.Мағауин мен Қ.Жұмаділовті баласа – көрмей жүр ме екен?!.
«Әлемдік Әуезовтің ауылы Әбішке әлі алыс-ау!» - дейді. Иә, «әлі алыс» боп тұр! Неге?.. Біздіңше, оның басты себебі, Ә.Кекілбаев талантының тіпті де олқылығында емес, оның әлемге танылу мүмкіндігінің шектеулі болуында, ел болып қолдаудың кемдігінде жатыр!.. Мұхтар Әуезов - әзірге қазақтан шыққан жазушы ретінде Әлемге танылған жалғыз тұлға!.. Оны біз де мақтан етеміз!.. Бірақ, шындықты айталық, егер, өз тұсында жан-жақты қолдаушы күштері болмаса – жалғыз талантпен ол кіісі де тым биікке шырқап кете алмас еді!..
Мұхаң негізінен, қазақты – орыс билеген кезеңде ғұмыр кешкен адам. Соңғы алған әйелі де сол орыс ұлтынан еді. Оның Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург. Авт.) оқып, Москвада қызмет қылған тұстары да бар. Атақты орыс жазушылары бастаған дос-жараны да көп болды. Алтын – басына зауал туғандаоны қорғап қалған да солар – орыстың мықтылары!.. Оның ұлы жазушы ретінде Әлемге аты шығуына, белгілі дәрежеде, септескен де, әрине, солар!..
Мұхаң – кезінде Қазақстанды ұзақ жылдар билеген, КСРО басшылығының алдында зор беделі бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен туған құда болған. Ұлты орыс емес, қазақтан шыққан таланттың өз тұсында кеңінен жолы болуына – мұның да «өзіндік әсер-ықпалы болмады» деп айта аламыз ба?.. Осындай демеуші күштер болмағанда – Мұхаңның да Қазақстан ауқымынан шыға алмай қалуы ғажап емес-ті!.. Заманында Мұхтар Әуезовтей данышпанды да көре алмаушылар болған! Бірақ, олардың қатары бүгінде Әбіш Кекілбаевты жылдарға созып жамандап, күндеп жүргендердей тым көп болмаған!..
Ұлы Мұхаңның кезінде әлемге кең танылуына қатысты жоғарыдағы кейбір пікірлерімізді жазбасақ та болатын еді!.. Бірақ, бірі өлі, бірі тірі – қос кемеңгердің арасына қайта-қайта от жақпаса – жүре алмайтындар бізді жөнімізге қойып отыр ма?!.
Біздіңше М.Әуезов - әлемдік тұрғыда өзіне жарасымды орнын алған асқақ шың болса, көзі тірі классик Ә.Кекілбаев, сондай биікке лайықты бола тұра, өз қандастары етегінен тартып тұрған жетім шың!.. Ал, ғайыптантайып, өз қазағы қоярда-қоймай ұсынып, Әбіш – Нобель сыйлығын алды екен-ақ дейікші!.. Одан – М.Әуезов шыңы аласарып қалар ма еді?!. Әлемдік деңгейге тағы бір кемеңгерін шығарса – қазаққа көптік етер ме еді?!.
Кешегі өткен ұлы шайырымыз Жұмекен Нәжімеденов, бүгінгі ақындарымыздың әрі ағасы, әрі данасы бола тұра, өлшеулі ғұмырында қайран таланты еленбей де, ескерілмей бара жатқан Өтежан Нұрғалиев, проза теңізінде терең тыныспен ағатын Төлен Әбдіков, қазақ поэзиясында өз жасау-жаңалықтары бар Есенғали Раушанов пен Тыныштықбек Әбдікәкімов!.. Әлемдік биікке бұларды да шығарсақ – қазақ үшін артықтық қылар ма еді?!.
Қазақ көркем ойының аспанына тас ату тоқталар ма екен?!, Қатты күмәнім бар!.. Себебі, әлемдік деңгейге басқалар түгілі, ақын біткеннің пайғамбары, ұлылардың ұлысы Абайдың өзін әлі күнге шығара алмай жүрген «алтыбақан – алауыз», сорлы жұрт емеспіз бе?!. «Күннің көзін – жаба алмайсың!» - дейді. Мұны – бұрынғының қазағы айтқан!.. Қазіргінің қазағы мұндай сөзге түсінер ме екен?!. Қатты күмәндімін!.. Біреулерге жосықсыз тиісуге шебер болғанымен, өзіне тиетін өткір сөзден өлердей қорқатын «Жас Алаш», бұрынғы әдетіне басып, біздің бұл жауабымызды да жариялауға тәуекел етпес!..
(Автордан: «Жас Алаш» жарықтық әрине, бұл жауаптан да қашты!.. Соттасып - өзімді кішірейткім келмейді!.. 18.11.2005 ж. жазылған бұл репликаны, ақыры, кітабыма кіргіздім!..) Ә.КЕКІЛБАЕВ ПРОЗАСЫНДА - ӨМІР ПӘЛСАПАСЫ (зерттеу-мақала)
Кітап оқығанды, теледидардағы атыс-шабыс пен төбелеске құрылған құрғақ оқиғаны қызықтағандай, жай әншейін уақыт өлтіру деп ұғатын түйсіксіздер болмаса, көзіқарақты жұрттың елеулі бөлігі детектив шеберлері Конан Дойл, Жорж Сименон, немесе Агата Кристилердің өзінен сырттап, заманымыздың әлемдік деңгейдегі сарабдал суреткерлері: дат Кнут Гамсун мен швед Август Стринбергті, жапон Рюнескэ Акутавага мен колумбиялық Габриель Гарсиа Маркесті, американдықтар Джон Джойс пен Артур Хейлиді, француздар Марсель Пруст пен Альбер Камюді талғап, екшеп оқитын дәрежеге жетті!.. Оларды жай оқып қоймай, сол кітаптардан өмірлік сабақ – терең пәлсапа (философия. Авт) іздейтін болды. Сізге өмірлік пәлсапа қажет пе, дәлірегі қазақ даласының пәлсапасы қажет пе, онда Сіз жоғарыдағы шет жұрт жазушыларының атағына жығылып, бірыңғай құлай бермей, олардан тереңдік әлемі бай болмаса, еш олқы соқпайтын өз суреткеріңіз, өз ойшылыңыз Әбіштің шығармаларын да бір мезгіл оқып, ойға батып, бойға сіңіріп көріңізші!..
Жазушының жиырма бестен жаңа ғана асқан қызыл-жасыл шағында оқырман талқысына ұсынған «Күй» повесінде сонау бір мекенге сыймай, біраз жылдары қанды қақтығыспен өткен қазақ, түрікмен жұрттарының ауыр да талайлы тағдыры көз алдыңнан сурет болып өтіп, көкірегіңе қорғасын салмағымен құйылып қалмаушы ма еді?! Шығармада «қанға – қан!..» үрдісін ұстанып, өшпес кек қуғанды мұрат көретін жанның бірі – түрікмен ауылының көсемі Жөнейіт батыр-ды... Қазақ қолының шабуылы үстінде онекіде бір гүлі ашылмаған түрікмен қыздарының масқаралануы, оның қарымы ретінде – бір топ қазақ бозбаласының адам көрмеген қатігездікпен мәңгүртке айналдырылған сорлы тағдыры, адай батыры Дүйімғараның қолымен тірілей көрге көміліп, оқыс қаза құшқан кеудемсоқ батыр Көкбөрі, ақыр соңында табиғат қару ұстаудан гөрі, өнер қууға арнап жаратқан өз ұлы Дәулеттің адайлармен болған кезекті бір шайқастағы өкінішті өлімі – соның бәрі есті батыр Жөнейітті ойланатпаған емес, толғантпаған емес, бірақ ол оқиғаларға түбірлеп мән беріп, райынан қайтуға – өзімшіл көкірегі ырық бермеген!..
Екі жұрттың арасындағы егесті күндердің бірінде – түрікмендер ұрыссоғыста еш шаруасы жоқ, далада аң қағып жүрген пәнейі жан-адай күйшісін қолға түсіретін еді ғой... Повестің тұтқын күйшінің түрікмендердің ортасында толғанысты бір күй тартатын, күй әсерінен үй толы адам біткеннің қатты қобалжығаннан жанарларына жас үйіріп, «торға түскен торғайдай болып», көздерімен жер шұқып қалатын естен кетпес бір сәті бар-ау!..
«Аяушылық жоқ жерде – адамшылық та жоқ!.. Өзің бөтен елге жасанып барсаң – жараланып қайтқаныңа ызаланба!.. Ол үшін көктегі Құдайды да, жердегі жауыңды да қарғама - өзіңді - өзің қарға!.. Жат жерде көргеніңе бола өршеленбе, қайта тәубеңе кел!..» - дейтін еді ғой күйші тартқан домбыра!.. (Ә.Кекілбаев. Екі томдық «Таңдамалы шығармалар». Алматы «Жазушы» баспасы .1989 жыл 1-том, 247-бет.)
Алайда Жөнейіт батыр осыны ұға тұра – бетінен қайтпайды!.. Күйшіні айдаладағы айдау жолдың бойына апарып, жер бетінде кесер басын ғана қалдырып, тірідей көмдіреді... Бір ғажабы, ол - әлгі күйшіден бәрібір құтыла алмайды!.. Жазықсыз жан ояуында –ойынан, ұйықтаса – түсінен шықпайды!.. Ақырында жебір ой мүжіген, санамен сарғайып, жүйкесі тозған Жөнейіт жанымен жағаласып жатып көз жұмады!.. «Ноқталы пенде, тірлігіңде тебіспе!.. Өлім екпе - өмір ек!..» Жарық жалғанның мән-пәлсапасы бізге – осыны ұқтыратын еді ғой!..
Классик-қаламгер «Ханша-дария хикаясы» повесі мен «Аңыздың ақыры» романында – «Күйшіде» айтқан өзекті ойларын одан әрі дамытып, кеңейте, тереңдете түседі. Бұл екі шығарманың екеуінің де бас кейіпкерлері – қаһарынан қан шашыраған билеушілер. Біреуі – атақ-даңқы мен айбары жер жаһанды тітіренткен әйгілі Шыңғыс хан да екіншісі – соған жетеғабыл ӘмірТемір.Екеуінің де түпкі мақсаты біреу: ол – ақ найзаның ұшымен, қара қылыштың сұсымен, қаптаған қалың қолдың күшімен жер бетіндегі екі аяқты біткенді табанға салып, жекедара билік құру!.. Олар, белгілі дәрежеде, сол мақсаттарына жетеді де!.. Алайда, «асқанға – тосқан» бар екен!.. Дүние – жалғанның – оларға да әзірлеп қойған, олардан да зор, олардан да қатал «әзірейлі» бар екен!.. Повестің соңында Шыңғыс ханның таңғұт ханшасы Гүрбелжін сұлудың қолынан мерт болуы – соның бір дәлелі!.. Ал, романның ақырында өзі екі көзін бірдей ойдырып тастаған шебер жігіт Жаппардың елес суреті албастыдай басып, ажал құрсауында жатқан Әмір-Темірді көретініміз – соның және бір айғағы!..
Жойқын күштің құлы мен күңі болуға – кеудедегі қу жанның қамынан басқа ештеңені ойлауға қауқарсыз, құр сүлде пенделер ғана бейіл!.. Ал, «жаным – арымның садағасы» деуге ерік -күші жететін ерлер, аяулы махаббат пен қасиетті өнер жолында ажалға да тура баратын өр рухты қайсар жандар - әлгі бейшаралардың тобына қосылмақ емес!.. Олардың тәнін – жоқ қылу мүмкін!.. Алайда, олардың өршіл рухын өлтіру, олардың кейінгі ұрпаққа деп сеуіп кеткен үлгі дәнін жер бетінен, адамдардың жүрегінен аластау – еш мүмкін емес!.. Егер, сондай ұстындар болмаса – дүниешіркін әлдеқашан тепе-теңдігінен айрылып, әлгіндей қанішер билеушілердің табанында тапталып, ойран-ботқасы шығып, қу медиен құла далаға айналар еді!..
«Ханша-дария хикаясы» мен «Аңыздың ақыры» - оқырманның таным дүниесін дамытып, осындай пәлсапалық күрделі ойларға бастап қана қоймай, әркімнің де жүрегіне ертеңгі үмітті күнге деген сенімнің терең тамырлы бітік дәнін егеді!..
Туысқан қырғыз жұртынан шыққан көркем сөздің айтулы шебері Шыңғыс Айтматовты бәріміз де білеміз!.. Себебі, біздер, бүгін аға буын ұрпақ, сол қаламгер жазған туындыларды құныға оқып өскенбіз!.. Үлкен жазушының кейінгі кезеңдегі романдарына халық аңыздары да кіріктіріліп, олардың – шығарманың айтар ойы мен идеясына қызмет етіп жүргені де жадымызда. Айтулы, қаламгер сексенінші жылдардың бас тұсында жариялаған «Ғасырдан да ұзақ күн» романында сондай бір аңыздан шығарып – адам-мәңгүрттің бейнесін жасады... Мұны кезінде Мәскеу сыншылары бірауыздан: «Әдебиетке келген жаңалық!..» - деп бағалап, бірыңғай ден қойды!.. Бір ғажабы, әдебиетке Шыңғыс Айтматовтан он жылдан кейін келген Ә.Кекілбаев біз мақаламыздың басында сөз қылған «Күй» повесінде (сондағы мәңгүрт бозбалаларды еске түсіріңіз!.. Авт.) одан жиырма жылға жуық уақыт бұрын жасап кеткен-ді!.. Әбекең Шыңғыс ханның да образын «Ханша-дария хикаясында»- бұл әріптес ағасынан талай жыл бұрын сомдап үлгерген еді ғой!.. Біздің мұндай салыстыруды алға тарта отырып, қазақ әдеби сынының Әбіштей заңғар таланттардың шығармашылық-ізденіс табыстарын уақытында бағалау тұрғысында - әлжуаз болғанын, бойкүйездік танытқанын, сондай бейтараптық салқынынан өзі де арыла алмай отырғанын үлкен өкінішпен айтпасқа әддіміз жоқ!..
Ә.Кекілбаев 1971 жылы «Шыңырау» повесін жариялады. Мұның атына сай – заты да шыңырау, адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарына тұңғиық тереңнен барған, оқырманға өмірдің қатал шындығын тағы да зерделеткен аса бір ойлы шығарма болғаны есімізде. Қаламгер бұл повесінде сирек кездесетін ауыр кәсіптің адамдары – құдықшылар әулетінің тағдыр-талайын алға тартады... Оларды жер бетіндегі тірліктің қым-қуыты мен қызығынан алшақтатып, сонау зымыстанның түбіне түсіретін, әрине, жоқшылық!.. Бұл ауылдан шыққан Дәріжан құдықшының да өмірі – осы тірлікпен өтіп еді... Ендігі кезек – оның бұлалау өскен немере інісі Еңсепке келіпті!.. Жазушының өз сөзімен айтқанда: «Еңсептің де жастық дәурені – алыс жолда күн батқанша жүріп-жүріп кеп, тек таң атқанда ғана бел шешпей сұлай кетіп, көз шырымын алған суыт жүргіншінің түн ұйқысындай тым тәтті, тым қысқа болды. Зерделі жігіт ауыр кәсіптің қыр-сырын көп ұзамай-ақ меңгеріп алды. Құдықшылық тірлікке көндікті. Алайда, адам сорлының шыңыраудың түбіне өзін-өзі айдап түсіруге күші жете тұра, сол тұңғиық қапаста көңілінің көзін, арманы ойын байлап – ұстап тұруға құдіреті жете бермейді екен де!.. Еңсеп те сол: қолына – күрегі мен қайласы серік, көкірегіне – одан да арпалысты,, одан да тынымсыз ауыр ойлары серік!.. «Адам, асылы, өмір деген көтерем тұғырды бас-көзге төпеп, бақыт қуған сайын – одан соғұрлым алшақтай түсетін сияқты ма қалай?.. Бақыт қуған адамның тапқан бақытынан – жоғалтқан бақыты көп болса керек.» Шыңыраудың табанында тұрып: «Су көзіне жетем!..» деп жер түбіне ұмтылған құдықшының осылайша ой түбін ұңғитын сәттері көп!..
Адам шіркіннің кеудесі, сыртынан қарасаң, құшағыңа сыйып кетер дөңбек қаралы ғана шағын дүние... Ал, шағын әлемнің ішіне – тар қапасына ой жүгіртіп қараңызшы! Ондағы айқұшақ қауіп, тар мекенде тоғысып та, соғысып жатқан сан-сапат сезімдердің шеті мен шегіне ой-санаңыз жетіп болар ма?.. Соның бірі – Еңсеп қазған шыңыраудан да қатерлі қызғаныш сезімі!..Жер бетінде осы қызғаныштың қыл тұзағына шырмалмауға қауқары жететін пенде баласы бар ма екен?.. Бұл тұзақтан ет пен сүйектен жаралған сондай көп пенденің бірі – Еңсеп құдықшы да құтылып кете алмаған!..
Айналасы бірер жылдың бедерінде талай дүмдінің құдығын қазып, көзге түскен Еңсептің де атақ-абыройы көп ұзамай-ақ жалпақ Маңғыстауға белгілі болып қалатын еді ғой!..Сөйтіп жүргенде Қалпақ деген құдықшы шығып, өнерді бұдан да асырған!.. Жұрт енді бұрынғыдай Еңсепті төңіректемей - әлгі Қалпақ құдықшыға құлаған сыңайлы!.. «Қалпақ қазған шыңыраудың тереңдігі – пәлен құлаш болыпты, түген құлаш болыпты!» Бұл едің айтатыны - сол!.. Еңсептің ішіне қызғаныштың қызыл итін жүгірткен де, мұның алдында түк жазығы жоқ Қалпақпен алакөз қылған да, еңбегімен тапқан шағын дәулетіне қанағат қылдырмаған да, Үстірттің дөңіне шығарып, бұрын бұл аймақта көз көрмеген терең шыңырау қаздыруға итермелеген де - сол жұрттың кеу-кеу әңгімесі!.. «Сондай бір шыңырау қазсам, әлгі «қалпақшыл» бола қалған жұрттың аузын өзіме қарай қисайтсам. Қалпақ құдықшыны сөйтіп бір мұқатсам, сосын, мен қазған шыңырау «Еңсеп қазған» атанып, атағым дәуірлеп, артымда өшпес атым қалса!..» Осы бір пенделік пиғыл – Еңсеп сорлыны алды-артына қаратпаған!.. Шыңыраудың түбінде жер қазып, борша-борша терге түсіп, арасында сәл бір бойын тіктеген сәттерінде де де - әлгі бақталасының суреті көз алдынан елес беріп, бір кетпеуші еді ғой!.. Сол бір елес күшейген сайын – мұның қайласы да қара жерге үсті-үстіне кірш-кірш қадалып, артынан жау қуып келе жатқандай арпалысушы еді-ау!.. Сол бір бәсеке-қуғынның, сол қызғаныш-қуғынның айдауымен бұл да жерді үңги берген, үңги берген, ақырында «Әл бітті, жан шықты» дегенде – діттеген жеріне жетіп тынғандай еді!.. Оған да місе тұтпай, судың көзін әлі де аша түссем деп – қайланы тағы да сілтеп баққан!.. Қайланы соңғы сілтегені – жадында, көз алдының тұманданып бара жатқаны – жадында, тіпті, құдықшы Қалпақтың миығынан күлген суреті көз алдынан соңғы рет көрініп, жалт бергені де – жадында! Одан арғысын білмейді!.. Өзі қалаған шыңыраудың түбімен қосылып, сонау ұлы теңізге шығып кететін асау арнаның тентек толқыны – Еңсепті жұтқан да тынған!..
Сөйтіп, оның артында – қапелімде жұртты шошытқан қанды шыңырау, кейін – дүйім елді қарық қылған, Үстірттегі ең терең, ең сулы шыңырау қалған!.. Бір өкініштісі сол – оны жұрт, құдықшының өзі армандағандай, «Еңсеп қазған» деп емес, «Еңсеп өлген» деп атап кетіп еді!.. Осы шығарманы оқып шыққаныңда – жүрегіңді өмір бойына тер төгіп, алайда соның жемісін көруді тағдыры маңдайына жазбаған сорлы құдықшыға деген ащы аяныш сезімі кернеп, өзіңнен-өзің пұшайман болатының бар!..Өмір шындығының көркем шындыққа қапысыз айналғандығы, қаламгердің оқырман жүрегін қапысыз жаулап алғаны дейтініміз – осы болатын шығар!..
Әбіш ағаның адамды шыңырау ойлардың тереңіне батыратын «Шыңырау» повесін оқығанымызда – ойымызға американ жұртынан шыққан ұлы суреткер, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуейдің оқырманды теңіз – ойлар мен құрсау сезімдердің тұтқынында ұстайтын «Шал мен теңіз» повесінің оралатыны бар!.. Бұл – бекерден-бекер емес қой!.. Әлем әдебиетінің тарихында пәлсапалық-психологиялық тұрғыда мұншалықты дәрежеде кемел шеберлік танытқан суреткерлер – некен-саяқ!..
Таланттардың тағдыры!.. Жүйріктердің тағдыры!.. Бұл – дүниежалғанның тұңғиығына бойлап, мәңгілік сауалдардың жауабын іздеген небір марқасқаның қаламына ілінген тақырып. Л.Толстойдің «Аршыналасы», Ш.Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысы», сосын Ә.Кекілбаевтың «Бәйгеторысы» - соның мысалдары. Дәуренді күнінде Аршыналаның – асқан желіскерлікпен, Гүлсарының – тайпалған жорғалықпен, Бәйгеторының – алдына қара салмас жүйріктікпен аты шыққан!.. Әсіресе, Бәйгеторының басына қонған бақты айтпаңыз!.. Сөзді жазушының өзіне берейікші. «Бәйгеторы талай жарыста алдына жан салмай келді. Бәйге алған сайын оның селдірлеу қарақошқыл жалын бір сипауға құмарлар көбейе берді... Адамдар неғұрлым сылап-сипаған сайын – бұның да көңілі өсе түсті. Бәйгетөбеге жиылған жұрттың у-шуы да миына инедей қадалмайтын болды. Қайта жұрт шуылдаңқыраған сайын – тақымы қызады. Жарыс жоқта да, жылқыдан гөрі, адамға үйір. Маңына жылқы жолап кетсе – едіреңдеп аузын ала жүгіреді». Сөйтсе, өмір деген – ылғи озудан, адамдардың қошамет-гуілінен тұрмайды екен!.. Дәуренінде оздырған жалғанның – күндердің күнінде шаң қаптырып кететін құқайы да бар екен!.. «Күні кеше ғана тек мұның маңына жиналатын көп шуылдақтың жартысы – енді Көктеңбілді қоршап алатынды шығарыпты... Сол жылы күзде тағы шапты. Көктеңбіл – қарақшыға қара үзіп келді. Бұл жолы Бәйгеторының қасында бәйгі бала мен сейістен басқа жан қалмады... Бұрын бұның ду көргенде тықыршып тұра алмайтын, ағын судай асып-тасатын көңілі енді жиын көрсе – жан шыдатпай шамырқанатын мәңгілік шор жара түйіп кетті.».
Бұл күнінде өзіндей талай тұлпардың үмітін үзіп – соңында қалдырған еді-ау!.. Базарлы дәурен күндердің күнінде - әлгі Көктеңбілдің тұсынан одан да өткен жаңа бір жүйрік болып ағып өтпек!.. Өмір-жалған, дүние-жалған, қысқа күнде қырық құбылып, тұратын пенде – жалған деген осы да!.. Сол бір таусылмайтын көп жалғанның – қатал шыңы да осы!.. Әбіштің «Бәйгеторысы» бізге осыны ұқтырған. Бұл – қаламгердің жүйріктер тағдырынан шығарып, өмірлік пәлсапа айтқаны, сөйтіп, мәңгілік көп сауалдың біріне және бір жауап берген!..
Жазушының «Тасбақаның шөбі» әңгімесі - әрі жақын, әрі ағайындас, әрі бала күндерінен бірге өскен құрбысы Қарабала мен Оңбайдың мінезқұлқын, кісілік қасиеттерін салыстыра отырып, үлкен ой түйетін ерекше туындысы. Жасынан алғыр, оқу мен сөзге бірдей жүйрік, өнерлі боп өскен Оңбайдың тағдыр-талайы – бір бөлек те, біртоға жуас, сабырлы, оқу-тоқу мен
сөзге де қырсыз болған Қарабаланың жолы - өз алдына дара... Оңбайдың көрмегені де жоқ: ол соғысты да көрген, одан шолақ аяқ боп оралғасын – колхозға басқарма боп та көрген, одан басқа да түрлі қызметтің тізгінін ұстап көрген!.. Оның талайлармен ұстасып – иті қырын жүрген жайы тағы бар!.. Кезінде соғысқа жарамай, ауылда қалған Қарабаланың «балға мен төстің айтысын тыңдап» өмір бойы ұсталық құрғаннан басқа – көрген ештеңесі жоқ!.. Әйтеуір ешкімнің бетіне жел болып келмепті, міндетті жұмысына адал болыпты!.. Ән екеш, ән дегенде де бар білетіні – «Қызыл азбан». Оны да Оңбай досынан үйренген!.. Оны да өзі әлденеге көңілденген сәттерінде ғана ыңылдап айтатыны болмаса, көп алдында «әу» деп ауыз ашып көрмепті!.. Былай қарағанда, Оңбай – лаулап тұрған от та, Қарабала сол оттан қалған шала секілді!.. Өмір-шіркіннің – жай ойға сыя бермейтін қайшылығын, бірақ бұлтартпас шындығын қараңыз!.. Өзі мүгедек, оның үстіне аурулы болғасын – жеке машина сұраған Оңбайдың аудан басшыларына талай мәрте барып, тауы шағылған жайы бар».. Ендігі жерде – ондай жүріске жарайтын денсаулығы жоқ-ты!.. Сөйткен Оңбайдың, бір кездерде аузымен құс тістеген асау Оңбайдың – бұл тұрғыда оның ширегіне де келмейтін Қарабаладан осы шаруаны тындыруды сұраудан басқа амалы қалмаған!.. Мүгедек құрдасының көңілін қимай ауданға аттанған Қарабала - әлгі шаруаны бір күнде жайғап, машина берілетін рұқсат-қағазды алады да қайтады!.. Бұған – оның өзі де, Оңбай да таң қалады!.. Сөйтсе, кезінде Қарабала ұстаның қолқайырын - әлгі аудандағы басшылар да көрген екен де!.. Қарапайым ұста, қашан болсын, алдына келген жанның меселін қайтаруды білмеген, еңбегін міндет қылуды білмеген екен де!.. Сонда, бар гәптің осы тұста боп шыққаны ғой!.. «Тасбақаның шөбі» әңгімесінің авторы – адам өмірінің мән-мағынасын, оның өмірден алатын орнын осылайша да бір зерделеп, қаламгерлік жолында тағы бір ізденіс танытып, жаңа сөз айтқан!..
«Өмір –күрес» деген қағида әлімсақтан бар. Ол – адамға тән: жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, жомарттық пен сараңдық, кісілік пен қараулық, кеңдік пен төрешілдік, туралық пен көлгірлік, ашықтық пен ішмерездік секілді бір-бірімен бітіспес қасиеттердің күресінен, солардың бірде – бірі, бірде – екіншісі жеңіп, мәңгілік тайталасқа түскен айқасынан тұратын майданды әлем!.. Сол майданның «соғысы» тоқтаған жерде - өмірдің де мән-мағынасы жоғалмақ!..
Ә.Кекілбаев «Есболай» атты әңгімесінде де осы бір өмірлік майданның қайтпас қайсар жауынгері, біздің замандасымыз мәрт Есболайдың бейнесін жасайды. Дөңгеленген шымыр әңгіменің оқиғасы да шағын. Ауыл дүкенінің ішінде – топырлаған жұрт... соңғы түскен ділгір тауар – кілем саудасы да бітуге айналған... Қалып тұрғаны – жалғыз кілем!.. «Жақында тұрмыс құрған қызыма апарам!..»-деп, сол кілемді сұрап – дүкенші Дүйімбайға жалынып тұрған Бибатпа кемпір!.. «Мұның - алатын адамы бар!..» деп шалқайған Дүйімбай!.. Осы оқиғаның үстіне ауылдастарының бірі – «мәрт» десе, еді біреулері – «жынды» атап жүрген Есболай қарт тап болмағанда – сорлы кемпірдің кілемнен үмітін үзген жері еді!.. Осы ауыл-ауыл болғалы, осы дүкен-дүкен болғалы, әлгі кемпір де, Есболай шал да бұл дүкеннен кілем
алып көрмепті!.. Бүкіл ғұмырында әділетсіздікке төзіп кеөрмеген Есболай мына жайды көре тұрып – шыдап қала алмайды!.. Дүкеншімен дауласа тұрып, оған қатты-қатты сөздерін айта тұрып - әлгі кілемді Бибатпа кемпірге Дүйімбайдан тартып алғандай қылып, алады да береді!.. Сорлы Бибатпада – қуанғаннан ес қалмаған!.. Төрешілдер билеген жерде – бұның арты қайдан жайдан-жай қалсын!.. Дүкенші Дүйімбайдың - өзінің басқарма ағасы Жиынбайға Есболайдың үстіне арыз түсіріп, басқармада шалдың мәселесі қаралатын жері ғой!.. Фашистермен соғысып, Варшаваға дейін барған Есболайдың «жаудан қайтпаған жүрегі» - ауылдың төрешіктерінен қайдан қайтсын!.. Азғантай ауылды алтыға бөлетін ағайыншылдық мерезді, қорғансызды шетке қағып, дүмдінің сөзін сөйлейтін құбылма мінезді сынап – олардың да «сыбағасын» беріп шыққан!.. Өйткені – оның жүрегі, ісі ақ, артында өзінің сөзін сөйлейтін жұрт та бар – Есболай соған сенеді!.. Дүйімбай-Жиынбайлардың мысын басатын да – сол!.. Әділеттің ақ туы бір мезгіл қалтылдаса – қалтылдар, бірақ, Есболайлар тұрғанда жығылмақ емес!..
Есболай қарттың аузымен айтылатын мына түйінді ойларға назар аударыңызшы: «Осы күні жұрт аузын ашса – «Бірлік – тірлік» деп қақсайды да, іс істесе барлығын тентек балалардың ойнындағыдай «шілдік-білдік» қылып жіберуге шебер боп алыпты... Әншейінде көлеңкеде отырып пышпыштағанда – жұрттың бәрі де мәті би. Ал, бетке айтуға келгенде – жан табылмай қалады!.. Олар сөйтіп жыбырлап-сыбырлап жүргенде – жаман Дүйімбайлардың бөркі дағарадай боп, бетіне қаратпай кетеді!..
Гуманист Әбіш, сыншыл Әбіш, мысқылшыл Әбіш – қоғамды жайлап алған жұлынқұрт мінез-құлықтың бетпердесін осылайша сыпырады, бүгінде қатары сиреп бара жатқан Есболайдай ерлерді осылайша көкке көтеріп аспандатады!.. Егер Есболай тектес ерлер ортамызда жүрмесе – дүниені әділетсіздіктің қара түнегі басар еді!.. Дүниенің тепе-теңдігін сақтайтын солар Есболайлар-ау!.. Мәңгілік сауалдардың бір жауабы – осы!..
«Әңгімеде көрініс тапқан – кешегі кеңес заманының шындығы ғой!.. Ал, бүгін ше?.. Бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде – төрешілдік тыйылып қалды ма?.. Нәйіс рушылдық жойылды ма?.. Әділет орнап тұр ма?..» - деп сұрарсыз оқушым!.. Қайдан тыйылсын, қайдан орнасын!.. қайта бұрынғыдан да асқынып бара жатқан жоқ па?.. Жемқорлық пен парақорлық ауруын қайтеміз?.. Бұл Есболайлардың азайып, Дүйімбай-Жиынбайлардың зорайып бара жатқанының белгісі емес пе?.. Кейінгі ұрпақ қайтер екен?.. Қайда барар екен?..»Есболайды» қайта оқығаныңда осындай күбірткейлі – ойлар да басыңды қатырады-ау!..
Біз классиктің бірқатар шығармалары негізінде аз-кем ой айтқан болдық. Ұлы суреткерлер жазған шығармалар қайталап оқыған сайын – жаңа бір қырын танытып, бұрынғы оқығаныңа үстемелеп ой қосып отырады. Кезінде қазақ көркем сөзінің және бір мықтысы Асқар Сүлейменов: «Ұлы шығарманың – үдесіне шығу мүмкін емес!,-деп еді. Осы сөздің - Әбіш Кекілбаев прозасына да тікелей қатысы бар!.. (Автордың ескертпесі: Бұл зерттеу мақала 2000 жылы жазылған. 26.03.2009 ж. «Үш қиянда» жарық көрген). КЛАССИК ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ?.. (Есенғали Раушановтың ақындығы хақында) Мені жалықтырмайтын - үш ақын бар...
«Пендеде бір іс бар – жалығу деген»,-дейді Абай. Осы «жалығу» ойлы - оқырманға да тікелей қатысты. Өлең десе – ішкен асын жерге қоятын мұндай адам күндердің-күнінде бір мықтыны (мысалы: Тұманбай ағамызды.Авт.) біразырақ қызықтап оқиды екен де, араға, аз ба, көп пе, уақыт салып барып, одан өткен бір жүйрікке (мәселен: Қадыр ағамызға. Авт.) тап болып, алдындағы Құдайдай көріп жүрген «әулиесінен» - жеритін көрінеді!.. Жылдардан жыл өткенде - әлгі «жеруіктен» - кезінде қазақ өлеңіне тұтқа болған немесе бүгінде болып жүрген тұлғалардың көпшілігіне «осы қалай?» деп қарайтын «мінез» шықса – оған да таң қалмаңыз!.. Сонда, бұл шіркінге не жетпейді?.. Шынында, қызық өзі... Қазақ өлеңінің Абайдан бергі небір інжу-маржаны жетпегендей, қайта айналып, тағы да сол Абай «шалды» айналсоқтай беретіні несі?.. Сонда әрқайсысы бір-бір ұстын: сезім патшасы Мағжан мен жыр даңғылы Ілиястың, арманы асау Қасым мен мұңы басым Мұқағалидың, ақпа-төкпе Төлеген мен қарсы бұтақты Өтежанның, сыбызғы сырлы Сағи мен күйлі-сазды Жұматайдың – мұның тақиясына тар келгені ме?.. Әрине, Абайдың қасында, ептеп тарлау соғатын болғаны ғой!.. Сонда бірінен-бірі өткен әлгі дүлдүлдердің өзіне өткел берместей – Абай ақсақалдың соншама не сиқыры бар еді?!.
«Жеруіктің» патша көңілі айтады: «Оның жұмбағы ой мұхитының тұңғиық тереңінде, қасиеті – сөз топырағының шексіз құнарында»,-дейді. «Абай – Күн секілді, басқа ақын-ғаламшарлар соны айналып жүрген секілді!»-дейді. «Ол – да Абай еді!»-деп алжаспалық!.. Десек те, қазақ өлеңінің керуенінде сол алыпқа жетеқабыл, Абай – шалыс бір сөз сұңғыласының өткенін ескермеске болар ма?!. Оның атыой қатпары қатқабат, артында өзі айтқандай, « жеңілдігі шабыттай, ауырлығы табыттай» ақындық қазынасын қалдырған Жұмекен Нәжімеденов!... Оның бір өлеңінде: -Неше түрлі жалқау мен қырсау мінген, Поэзия секілді бір саулы інген. Ботасы өлген секілді ертеде оның –
Абай жатқан бауырында кер төбенің!- деп күңіренсе –күңіренетіндей де жөні бар еді!.. Абайдан қалған «улы сия, ащы тілдің» теңдессіз мұрагері Жұмекеннің, басқа сөз байлығы өз алдына, өлеңіне орынсыз жармасқан сыншысымақты: «Пародистер, мәз болмай-ақ қой бұған, Қаламыңның мұрынын сүрт әуелі!..»- деп қағып тастайтынының өзі – қайталанбас үлгі емес пе?!. Талғамды оқушы өлеңнен, алдымен, өз жанына өлмес азық болар салмақты пәлсапа іздейді!.. Оның таусылмас кені – кемеңгер Абай шығар, қала берді, қоңыр өлеңнің «қатепті қара нары» Жұмекен шығар!..
Өз басым қазақтың жыр ордасына құбылыс болып кіріп, бүгінде әбден шаршысына толған, жазғаны оқырманының да ой қазанын толтырған бір ақын болса, ол – Есенғали Раушанов шығар деп білеміз!.. Онда өлеңді терідей илеп, жеңіл жазатын, ұйқасты ұршықша үйіріп, Асқар Сүлейменовше айтқанда, «ырғақты ыңқылдатып», оқушысын терең ойға омбылатып отыратын талап қуаты бар!.. Оның мықтылығы сондай – кейде жырды әлдебір тылсымның күшімен ойнап отырып жазғандай көрінеді!.. Бірақ, осы «ойынның» артында кемел ой мен алғыр зерденің, іргелі ізденіс пен терең білімнің, тек өзінше жазуға ұмтылар қайсарлық пен ауыр еңбектің жатқанын қалай ұғынбассың!..
Алдыңғы Абай атасы мен Жұмекен ағасы секілді өлең қуған замандастарына – Есенғали ақынның да көңілі көншімейтіндей!.. -Дінсіз кәпір мен екем, Менде де бар соққан жүрек дамылсыз. Иттей дос боп – иманымдай сенер ем, Қыл аяғы, өтірік те дарынсыз!..- дейді ол. Мұндай «астам» сөзді - өзіне бек сенгендер ғана айта алса керек!..
Қасиетті қара өлеңнің қадірін кетіріп жүргендерден теріс айналатын ақын – Қазақтың Баба – жырын жасаған сөз құдіреттерінің алдында сондай кішік!.. Бүгінгі қазақтың ертеңіне алаңдаған ақынның – ұлтының «еркін жайлап, кең көшкен» ертедегі арда дәуіріне (ХҮ ғасыр) арманмен үн қатып, жорықшыл бабаларына мұңын шаққаны да жарасымды!.. Мынау «Қарға бойлы Қазтуған» деген отқа оранған жырдан үзінді: Біз-дағы азын-аулақ сөз айтсақ: Өрімнің әр талында – дерт жатқан, Өзегінде - өрт жатқан, Сабында - сары алтынның буы бар, Қол - қарығар аларға, Көз – қарығар қарарға – Сен құлданған қамшының Ол – бүлдіргісіне жарар ма?!
Осы тоғыз тармақты оқып шыққаныңызда-ақ – ақынның өзіндік «бетбедері» біршама аңғарылып-ақ қалады. 1. Өлеңнің – жыраулар поэзиясына суарылғандығы. 2. Ағып тұрған айшықты тіл. 3. Жолдан-жолға ширыққан динамика мен айтқыштық. 4. «Дерт» пен «өрт», «бу» мен «у» жайлаған қамшының естен кетпес суреті.5. Тармақтардағы буын өлшемін әдейі бұзып, оны - өлеңнің көркемдік қызметіне жегу. 7. Тоғыз жолдың «басын» бірдеммен қайырған тұтастық!.. Мұны – үздік шыққан шеберлік, феномен деуге келеді!..
Тыңнан түрен салуға ұмтылу – Е. Раушановтың айнымас серті!.. Оқырманның - өсу шарты да осы!.. Есенғали таңдаған тақырыптардың өзі-ақ – оқушыны байлап тастайды!.. Ол бір өлеңін «Қарағайға жай түсті!..» деп атапты. Адам баласының көрген-білгенінде – «жай түскеннен» жайсыз не бар!.. -Көкте бұлттар қызылшеке айтысты. Шарт ете қап қарағайға жай түсті!.. Балағында жүрген кеше, заман-ай, Үрді самал абалай!.. Әй, ит мінез, табалай бер, табалай!..
Өлеңнің бастауында-ақ «әңгіме» жай түскен қарағайдың күні кеше балағында жүрген самалдың абалап-табалауы үстінде, табиғаттың бір сәттік жайсыз құбылысынан – пенделердің сатқындық қалпына, иттігіне ауысып жүре береді!.. Осылайша, ұтқыр «жүріс» жасаған ақын: -Қарағайға жай түскен жоқ, дұрысы, Жайды өзіне тартып алды қарағай!.. Оқалы тау, балғын майса, баршын көк, Орман аман қалсын деп – дегендеонымен бірге сенің де ет жүрегің езіліп, найзағай – оттар жарқылдап, санаңды зілмауыр ойлар басып қоя береді!.. Ақын одан әрі: -Ал орман ше, ән-күй тыңдап құсынан, Маужырайды күнге қарап ысыған. Шырт түкіріп, өтеді өзен ыңыранып-
Жанып жатқан қарағайдың тұсынан!..-дегені де – көз алдыңнан жақсылыққа-жасылық, қайырымға-қайырым түгілі, өзгелер үшін өртке түскен есіл ердің өзіне – жындысүрей қасқаны көргендей, сырт айналып қарқылдай күліп бара жатқан бейопа қаражүректердің сұлбасы көлбең қағады!.. -Асыра айтып, сілтер болсақ арыға – Тобыр айтқан, айтады, айта береді: «Қарағайға жай түседі, қауіпті ол, Жоламаңдар маңына!» - деген трагедиялық түйінмен аяқталады өлең!..
Жарық көргеніне он жыл («Қазақ әдебиеті» газеті 11 наурыз, 1994 жыл.) болған осы бір тұзды жырды қаншама рет қайталап оқыдым десеңізші!.. Қашан оқымайын, көзімнің алдына «қарағайдай» қатар түзеп, «қазағым», «халқым», «елім» деп отқа түскен: Махамбет, Сырым, Әлихан, Ахмет, Мұстафа – сынды еңіреген ерлер келеді».. Сосын, бүгініңді ойлайсың!..Сұңғыла ақын: Біздің таудың қарағайлы орманы – Селдір, сидам боп келеді бұл күнде!..- деп, бұл ойыңды да тап басып қойыпты-ау!..
Егер, осы бір ауыр тақырып ізденісі кем біреудің қаламына іліксе – «көзінің жасын көл қылып – жылап» немесе құрғақ ділмәрсіп, арзан ақыл айтып, жаныңды жеп жіберер еді!.. Шүкір, бұдан біздің Есенғали – сынды «қарағайдай» санаулы ақындар сақтап тұр!..
Біздің «жеруік» талғам-тарызымызға салғанда, қазақтың мәңгілік ЖырҚағбасына: бұрынғыдан – Абай, кешегіден – Жұмекен, бүгінгіден – Есенғали – осы үшеуі ғана анық кірген секілді!.. Бұлардың ізін басқан үркердей шағын топтан – осы «үштікке» енді кімдер қосылмақ?.. Ол алғашқы жинағымен-ақ («Ақшам хаттары») даралығын мойындатып, Ә.Кекілбаевтай кемеңгерден лайықты бағасын алған, өкінішке орай, кейінгі шығармашылығында, жазғандарының күрделілігі сондай әдебиетшілердің өздері түсініп болмайтын жағдайға жеткен Тыныштықбек Әбдікәкімов бола ма – белгісіз!..
Ол – жыр нөсері толастап көрмеген асау талант, қырық жасында өлеңдерінің үш томдығын («Таң қауызын жарғанда») шығарған ағыны қатты дария, сөйте тұра, әлі де бір тынысы ішінде жүргендей көрінетін Светқали Нұржан бола ма – білмедік!.. Бәлкім, ол - адам жанының құпия сырларына, әсіресе, соңғы жинағында («Аспандағы аңсарым») тереңдеп барған бөлекше лирик, бір өлеңінде. «Өлімнен басқаның бәрі - ойын!..»- деп өмірдің тым ащы пәлсапасын айта алған ойгер, бірақ, бірыңғай көңіл-күйді жырлағандықтан, әр тарапқа көз салғысы келетін оқушысына кей-кейде суықтау көрінетін Гүлнар Салықбай болар ма – айта алмадық!.. Біздіңше , Жыр-Қағбадан – аты жалпақ қазаққа беймәлімдеу, ғұмырының көп жылдары Қарақалпақ жерінде өтіп, Ақтауға беріде қоныс аударған, ағалық жасқа жеткен (елудің жетеуінд.Авт.) сойы бөлек талант, бір өлеңінде: «Тайсалып қалың орманнан – Жалғызға түсер найзағай!» - деп көңілімізді астан-кестен еткен махаббат жырларының бірінде: «Көзіңнің жасын теріп алайын!..»- деп жүректі лүпіл қақтырған (онда – мұндай жаңалықты сөз аз емес!.. Авт.) сөйте тұра, кейбір жазғандарында мөлшерсіздеу сөйлеп кететін Қалбай Әбдіраманов та үмітті!..
Мақаламыздың басты тұлғасы Е.Раушановтың - өлеңнен басқа жанрда да ірі қаламгер екені аңғарылады!.. Оның эсселерінің өзі өлеңдей оқылып, таңсық тақырыптарға жазған танымдық мақалалары, білмекке құмарлық шөліңді қандырады!.. Бұрын шалғыны жапырылмаған соныға бару, жазатын жайына ұрымтал тұстан құрық салу, тың фактілер мен деректерді, қарабайыр тізбелемей, көркемдік қалыпқа түсіріп, оқушыға дәмдеп ұсыну – қаламгердің айнымас дағдысы!. Ақын жазған мақаланың өзі – зерттеу еңбектей болып шығатыны содан!.. Е.Раушанов шығармашылығының бұл салаларына да зерттеуші-ғалымдардың назарын аударатын уақыт жеткендей... Жоғарыдағыдай ақындардан қара үзіп шықпағанымен, өлеңде өз жолын тапқан, бүгінгі поэзия көшінің кеуде тұсында келе жатқан Есенбай Дүйсенбаев, Дүйсенбек Қанатбаев, Иран-Ғайып, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәулетов, Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбек Айтов, Байбота Серікбайұлы, Әбубәкір Қайран, Ертай Ашықбаев, Сабыр Адай, Ғалым Жайлыбай, Болат Жетекбай, Жанат Әскербекқызы секілді таланттардың үлкен тобы да байыпты сыншы-зерттеушілерін күтуде!.. Бір қызығы осылардың арасында ағалық жасқа жеткендерінің дауысы – жыр базарында күні кеше саңқылдап –ақ тұрғандай көрінуші еді!.. Өлеңге кейінгі жылдарда қосылған тегеурінді толқын бүгінде оларды да бұрынғы позицияларынан ептеп ығыстыра бастағандай!.. Сөз жоқ, «тегеурінді толқынды» да уақыт сыны іріктейтін болады!.. Өсудің бұлжымас заңы – осы! Тұсында әдебиетте «мода» болған талай ақынның аты бүгінде ұмытыла бастауы – соның дәлелі!..
Өкінішке орай, кімнің кім екенін уақытында нақты бағалап, алтыны мен бақырын, асылы мен жасығын айырып отыратын поэзия сыны – бүгінде «қирап» қалған!.. Қирағаны емей немене, қазіргі сынның күні, білікті әділ сөзінен гөрі, біреулердің «басын жарып, көзін шығаруға» бейіл Бегділдә Алдамжаров ағамызға қарап қалғандай!.. Сөйте тұра, оған «рахмет» айтуымыз керек-ақ!.. Себебі, қалай айтса да, ұзақ жылдардан бері ұйқы басып жатқан әдеби ортаны бір оятты емес пе?!.
«Әр қаламгер - өзін жазады»,-деседі. Біреуді оқып отырып: «Осының өзі қандай адам екен, мұның кісілік қалпы қандай екен?..» - деп ой кешуіңіз – табиғи нәрсе. Бұл, әрине, біз сөз қылып отырған Е.Раушановқа да қатысты. Есенғали ақынның бір өлеңінде: -Ұлы адам-ақ болар ем, әншейін бір, Обалына қалам ғой өзгелердің!..- дегенін оқып, күліп алдық!.. Бұл – ақынның атақ-даңқ жолында есі кеткен көп өлерменді мысқылдап, белден басқаны емес пе?..
Өзінен бір тілшінің: «Басқалар өткізіп жатады.Осындай айтулы ақын бола тұра, Сіз шығармашылық кештеріңізді өткізуге ұмтылмайсыз!.. Неге?..» - деген сауалына оның: «Жиіркенемін»,-деп бір сөзбен жауап бергенін де оқығанбыз!..
Есенғалидың – қандайма бір әдеби науқандардың бел ортасында белсеніп жүргенін көре бермейміз!.. Алпысыншы жылдардың аяқ шенінде Қазақ ұлттық университетінде өтетін әдеби кештерде, белгілісі бар, белгісізі бар, ақындардың омыраулап, төсін соғып (бәрі бірдей емес, әрине. Авт.) жарыса өлең оқып жатқандары есімде!.. Сол жиындарға Жұмекен ағамызды шақырғанда – келмеуші еді!.. «Газет-журналдар жариялап жататын түрлі әдеби бәйгелерге немесе ақындардың мүшәйраларына – Есенғали да қатысыпты!..»-дегенді естімедік!.. Өкініші у-ду мен арзан қызықтан, өздерінөздері жарнамалаудан биік тұрған бұл екеуі, есесіне, айтулы іс тындырып, поэзияның ұлан-асыр бәйгесінде ат оздырды!.. Әдебиетте «жаманның» жақсыға еліктеуі – заңдылық!.. Олардың арасында бір мықтыға еліктей-еліктей, жаза-жаза пәленбай кітап шығарып, ақын атанып жүргендер де бар!.. Бір ғажабы Е.Раушановқа еліктеу мүмкін емес!.. Себебі, оның өлеңі қандай «жауға» да алдырмайтын қамал секілді!.. Ол үшін – Есенғали болып туу керек!..
Кейінгі жылдарда баспасөзде Есенғали Раушановты: «Көзі тірі классик»,- деген пікірлер шаң беріп қалып жүр!.. Ақын ендігі шығармашылық жолында, бірыңғай романшы болып кете бере ме, әлде Жұмекен ағасы секілді прозаның ауылында біраз шаруа бітіріп барып, өлеңіне тың тыныспен қайта орала ма, ол – қаламгердің өз ісі!.. Қай жанрда қалам тартпасын, өз басымыз – оның классик, әдебиеттегі қайталанбас құбылыс екеніне шек келтірмейміз!..
Біреулер айтады: «Үлкен таланттарды бір-бірімен салыстырудың қажеті жоқ. Себебі, олардың әрқайсысы бір-бір әлем» - дейді. Иә, мықтылардың өз «әлемі» болатыны рас!.. Мысалы: Дулат пен Шәкәрімнің, Әбділдә мен Сырбайдың, Төлеужан мен Ғафурдың, Фариза мен Қанипаның, Кеңшілік пен Жарасқанның әлемі дегендей!.. Бірақ, ақындардың жазғанын талғам таразысынан өткізе отырып, салыстырмасақ - әркімнің жеткен биігін, өзіндік бағасын қалай білерміз?!. Мақаламызда біз ұстанған позицияның – талайларға ұнамайтынын білеміз!.. Е.Раушанов – қазақ поэзиясында бетбұрыс жасаған, тыңнан жол
салған талант!.. Оны – көрмей, мойындамай тұра алмадық!.. Қашаннан қалыптасқан стеротип – түсініктерден қиыс кетуіміздің басты себебі де – содан!.. Әйтеуір, ішімізде құлта қалдырмай, ақ сөйлеуге тырыстық!.. Бұған кім қалай қарайды – оны әркімнің патша – көкірегі біледі!.. (Үш қиян» газеті» газеті. 24.06.2004 жыл) ШЕКТЕУДІҢ ДЕ ШЕГІ БАР!.. (М.Өскінбайұлы атындағы Республикалық күйшілер сайысының жаңғырығы)
Күрескер-ақын, дауылпаз күйші-композитор Махамбет Өтемісұлының жылдық мерейтойына арналған ондаған шаралардың бірі – Республикалық күйшілер сайысына былтыр еліміздің түкпір-түкпірінен ұзын саны 36 домбырашы қатысқан екен!.. Бір «қызығы», Маңғыстаудай өнер ұялаған өлкенің күй дүлдүлдерінің бірі Мұрат Өскінбайұлының туғанына 100 жыл толуына орай жуырда Ақтау қаласында ұйымдастырылған сондай байқауға, бар болғаны, 12 домбырашы ат қосты... Тіпті, салыстыруға келмейді – алдыңғының үштен бірі ғана!.. Маңғыстаудың өнері (абыройбеделі деп түсініңіз. Авт.) дегенде өзегін жұлып берер ондаған патриотазаматтар аянбай тер төгіп, қыруар қаржы жұмсалған. Бас бәйге – екі бірдей автокөлік тігіліп (домбырашылар байқауында бұрын болмаған жақсылық. Авт.), көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызған, негізіне абыройлы өткен өнер сынына қатысушылар, шынында да, неге мұшама аз болды?!.
Біздіңше, біріншіден, Маңғыстауда өткен күйшілер байқауының алдын-ала насихаты, жарнамасы кем болды!.. Бұл өзі республикалық сайыс болғандықтан, оның өтетіндігі және жарыс шарттары республикалық ақпарат құралары (газет,теледидар) арқылы, кем дегенде жарты жыл бұрын хабарлана бастап, сынға дейін тұрақты жалғасын тауып отыруы керек еді!.. Сонда, жер-жердегі домбырашылардың орындалуы биік шеберлікті қажет ететін, барынша күрделі Маңғыстау күйлерінің қыр-сырына біршама қанығып келулеріне жағдай туатын-ды!.. Біз білгенде, республиканың облыстарына – бұл хабар кеш барған! Сондықтан, дәмелі күйшілердің қиын сынға ойдағыдай дайындалып үлгере алмаулары себепті – байқауға қатысушылар қатары ұйымдастырушылар шамалаған мөлшерден әлдеқайда аз болып шыққан!..
Сондай-ақ бұлай болуының және бір себебі – күй орындаушыларға қойылатын шарттардың біржақтылығынан, нақтырақ айтқанда, шектеудің тым күштілігінен болды-ау деп те ойлаймыз. Пікірімізді таратып айтайық. Бұл жерде негізгі әңгіме – сайыскерлер қалайда тартуға міндетті күйлерге қатысты. Олар: туғанына ғасыр толған Мұраттан – «Өрен» мен «Жеңіс», халық күйлерінен – «Көроғлы», Абылдан «Абыл», Есірден – «Ақжарма», Құлшардан – «Кербез керік», Өскінбайдан – «Бұлбұл – Ақжелең» мен «Жаңылтпаш» деген күйлер болатын. Мұндай қатаң шектеу қою, осы өлкенің төл өнерпаздарын айтпаған күннің өзінде, Маңғыстаудан шалғайда тұратын
(өздерін байқау шарттарын кеш естіген. Авт.) домбырашылар үшін – тым артық талап ету емес пе?.. Мысалы, байқауға қатысушы қалайда: Абылдан – «Абылды», Есірден – «Ақжарманы» немесе Құлшардан – тек «Кербез керікті» орындауға неге міндетті болады?.. Оларға осы композиторлардың өздері қалаған (немесе – барынша шебер меңгерген. Авт.) кез-келген күйін тартуға неге мүмкіндік берілмейді?.. Домбырашының нақты шама-шарқын білу үшін – осының өзі-ақ осал талап болмайтын еді ғой!.. Бұлай еткенде – Маңғыстау күйлерінің көбірек қамтылатыны және бар еді-ау!..
Шектеудің шексіздігі салдарынан екі күнге созылған сайыста той иесі Мұраттың екі-ақ күйі («Жеңіс» пен «Өрен») орындалды. Бұдан: «Айтулы композитордың басқа күйлері неге көпшілік назарынан тыс қалды?»-деген орынды сауал тумай ма?.. Егер, мұндай шектеулер болмағанда – сайыскерлердің оларды қамтуы әбден мүмкін еді ғой!.. Бұл жерде біреулердің: «Онда, домбырашылар орындалуы оңай, жеңіл күйлерге жармаспай ма?»- деп қарсы пікір айтуы да ғажап емес!. Иә, олай болуы да мүмкін. Бірақ, домбырашылардың бәрі бірдей оңайға жүгіре ме?.. Сөйткен күннің өзінде, кімнің қандай «салмақпен» және қалай шапқанын бағалап отырған төрешілер бар емес пе?..
Байқау барысында біздің және бір аңғарғанымыз – жарыс шарттарындағы шексіз шектеудің қырсығынан – көрермен қызығушылығына, белгілі дәрежеде, тұсау салынғандығы!.. Бір ғана мысал . Осы сында домбырашылар міндетті түрде тартуға тисті шығармалардың бірі - Өскінбай атамыздың «Жаңылтпаш» деген күйі болды. «Тәртіп» солай болғасын амалдары қане, жарыстың соңғы жарты күнінде ғана осы күй сайыскерлер тарапынан (әрқайсысы бір реттен.Авт.) 12 қайтара тартылды. Өсекеңе «обал болғаны» өз алдына, мұндай көп қайталау, көрерменмен қоса, осы сынға қазылық жасаған мамандардың өзін мезі қылып жібергендей!.. Егер, сайысқа Махамбеттің тойындағыдай 36 домбырашы қатысқанда – не боларын айтпаңыз!.. Оның үстіне, «Жаңылтпаш» өзінің атынан да көрініп тұрғандай, қандай ма бір тақырыпты түбірлей ашуды мақсат етпеген, бар болғаны, өзімен күй тартысына түскен өнерпазды жаңылдыруды көздеген, бар «қызығы» - орындалу техникасында ғана жатқан шығарма емес пе?.. Күйден, жаңылтпаштан гөрі, мазмұнға бай, саз іздейтін құлақтың құрышын бұл шығарманың бір-екі рет, асса үш-төрт қайтара тартылғандығының өзі қандыратын еді ғой!..
Сайыс шарттарын түзушілердің: «Біз домбырашыларға биік талап қою арқылы – нақтылыққа ұмтылдық!.. Себебі, кейінгі жылдарда республикада, негізінен, осындай тәжірибе қалыптасқан»,- деп қарсы дау айтуы да мүмкінау!.. Оларға біз айтар едік: « Әсіре нақтылықтан арылып, қалыптасқан (бәлкім, қасаң тартқан.Авт.) тәжірибені – жаңадан жетілдіру қажет!..»- деп!.. Байқауда орын алған және бір өкінішті жағдай – сайыста өнер жарыстыруға жастары 45-тен асып кеткен күйшілердің жіберілмеуі!.. Жарыс үстінде Маңғыстауға аты белгілі, даңғыл домбырашы, әсіресе, жергілікті композиторлардың күйлеріне жетік Аманқос Жүнібековтің: «Бұған – мен
неге қатыспаймын?..» деп өкпе білдіруі өте орынды болды! Шынында да, оның жасының апысқа келгені болмаса, басқа қандай «жазығы» бар еді?..
Өнер бәйгесі – (домбыра тарту, ән салу, жыр айту, айтысқа түсу, т.б.) дегеніміз – бұлшық ет пен қара күшке ғана «бағынатын» жер қазу, балшық илеу, тас көтеру секілді қара жұмыс емес қой!.. Білебілсек, кешегі: Шамығұл, Мұрат, Алым сықылды жүйріктердің көзін көре қалған Аманқостар, бүгінгі жастарға қарағанда, «бұрынғының үлгісіне» бір табан болса да, жақын тұрған жоқ па?!. Талантты жастар кәрі тарландардың «тықпасын» - алмас болар ма?!. Қарт домбырашылар – кейігі толқынның жаңалығын көріп, ой түймес болар ма?.. Егер, жоғарыдағыдай «жас-кәрі» деп шектеу қоймағанда – қатысушылар саны да барынша көбейіп, Ақтауда өткен сынымыз – домбыраның нағыз аламанбәйгесіне айналатын еді-ау!..
Республикалық домбырашылар байқауының негізгі жүлделері – маңғыстаулықтардың өздерінде қалды. Төрешілер де олай-бұлай бұрмаламай, күйшілердің шеберлік деңгейін әділ бағалады!.. Бұл – жерлестеріміз үшін үлкен мерей болатын!.. Оған әрине сол сәтінде өзіміз де қуанғанбыз. Дегенмен, жарыстан соң біздің көкірегімізде мықтап орнап қалған нәрсе – ол емес еді!.. «Сонда оның аты не?»-дейсіз бе?.. Оның аты, қолда жеткілікті қаржы да, күш те бола тұра, Маңғыстау күйлерін республика ауқымында кеңіне насихаттау мүмкіндігінің жете пайдаланылмай қалғадығы!..
Рас, мұндай ірі мәдени шара - өлкемізде алғаш рет ұйымдастырылды. Соған орай бірқатар олқылықтардың орын алуы заңдылық та шығар!..Асылы, бұл секілді үлкен істерге алдын-ала жан-жақты ойласып бармай болмайдыау!.. Тиісті орындар мен ел азаматтары мақалада айтылған пікірлерге: «Біткен іске – сыншы көп!» - деп шекелеп қарамай, ой таразысынан өткізер, сөйтіп орынды деп санағандарын алдағы күндерде ескере жүрер деген сенімдеміз!.. («Үш қиян» газеті. 18.11.2004 ж.)
ЕСКЕРКІШТЕР – ЕЛДІГІҢНІҢ БЕЛГІСІ!..
(Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияның назарына.)
Адам баласымен бірге жасасып, оған рухани азық болып келе жатқан өнер түрлерінің қатарында сәулет пен мүсін туындылары да бар. Егер, ол шын өнер жаратылысы болса – оның адамдарға берер тәрбиелік-эстетикалық сыйын қандайма бір өлшемге сыйғызу мүмкін емес!.. Сан жылдар қызыл империяның қысымында келген қазақ жұртында – ескерткіштер мен монументтер тұрғызу мәдениет тым баяу дамыды!.. Өз дегенін діттеген өктем саясат, негізінен, өлі дүниелердің тууына, жағдай жасады!.. Сол дәуірде орын тепкендерінен Алматыда – Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштер болмаса, пәлендей елеулі туындыны еске түсіруіміз қиын!.. Қазақстан өз алдына ел болған кейінгі жылдарда да - әзірге ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп болмай тұрған секілді. Дегенмен,
мүсіншілеріміз бен сәулетшілеріміз ізденістен мақұрым деу – шындыққа сыйспас! Алматыда – Мұқағали ақынға, Ақтөбеде - Әбілқайыр ханға, Атырауда – Исатай мен Махамбетке қойылған ескерткіштерді «жақсы» десіп жүрміз. Осы қатарға бәлкім, белгілі қоғам қайраткері Тобаниязға арналып Ақтауда орныққан ескерткішті де ( шебері – Қ.Байғазиев) қосуға болатын шығар?.. Есесіне Абылай, Кенсесары хандарға соғылған мүсіндердің сын көтермейтіндігі туралы – баспасөзде жиі жазылып жүр. Заманында мықты саналған Алматыдағы Абай ескерткішіне де сын айтылуда. Асылы, бұл – талғам талаптың өсе бастағанының нышаны болса керек!..
СЫН КӨЗІМЕН ҚАРАСАҚ!..
«Ескерткіш-кесенелер» дегенде – Маңғыстауда жағдай қалай болып жатыр?.. Ендігі сөздің арқауы осы...
...Тіршілік ауанымен жолға шықпай тұрмайсың. Сондайда, туған өлкенің қаласы ме кентіне, әлде , ауылына бар, назарыңды ерекше аударатын нәрсе: белгілі тұлғаларға қойылған ескерткіштер, соғыстан оралмаған боздақтарға һәм тәуелсіздікті айшықтауға арналған ірілі-уақты монументтер. Біз, сәулетші-мүсінші маман болмасақ та, үлкен қалаларда көргені, аз-маз оқығаны бар журналист болғасын, әрине, олардың тұсынан – сын (нақтысы, жанашыр. Авт.) көзбен қарамай, ой түймей өте алмаймыз!.. Сонда солардың көпшілігінен айқын аңғарылатыны, ниет түзу болғанмен, кәсіби шеберліктің, біліктің кемдігі, талғамдағы қарабайырлық!.. Әзірге одан асқан үлгіні көрмеген ауыл баласының олардан алатыны, әрине, сол қарабайырлық қана!.. Рас әлгіндей белгі-кешендер салынған тұста, әсіресе, ауылдарда талғам-білігі жоғары шеберлердің табылмағаны, қаржының жетіспегені, қолдың қысқалығынан «барымен-базар» болғаны да белгілі. Көзге қораштау көрінетін олардың пәлен жылдар бойына, белгілі дәрежеде, патриоттық тәрбие құралы болып келгенін, әлде де «көзге шыққан сүйелдей» болып тұрғанын түсінеміз. Сөйте тұра кезеңдік ғұмырға ғана ие сол құрылыстардың күні өтіп бара жатқанын, оларды жаңалау қажеттігін де пайымдаймыз.
«Ауылға – жарай береді!»- дейтін бәкене түсініктен арылатын кез жетті емес пе?! «Қазақтық қалпымыздың, ұлттық мәйегіміздің көзі...» - деп күмпілдегенде – дауысымыз жер жарады!.. Қашанғы алдаймыз?.. Қашанғы алданамыз?..
ҚАШАҒАН АҚЫН ҚАЙСЫСЫ?
Біздің Маңғыстауда ел тізгінін ұстағандардың ескерткіштер мен монументтер тұрғызу ісіне жүрдім-бардым қарайтыны сондай – кей реттерде адам түсініп болмайтын ерсі жағдайлар қалыптасқан!.. Соның нақты мысалы – қазақ жырының айқын жүйрігі Қашаған ақынға қойылған ескерткіштер!.. Бізде олардың саны – екеу. Қайсысы анық Қашаған – біліп болмайсың!.. Оқырманның есінде шығар, бұл екеудің алғашқысы – ақынның 150 жылдығы тұсында Ақтауда ашылған. Бірақ, атағы республикаға белгілі мүсіншінің қолынан шыққанымен – сәтсіз дүние болды!.. Оның бойында – «қайырытпай кеткен жүйрікке» тән қайрат та, айбат та жоқ еді!.. Халық –
сыншы ғой, сүмірейіп қалған мүсінге көңілі толмай оны күлкі қылды!.. Биліктегілердің сондағы тапқан « жолын» қараңыз!.. Жарамсыз ескерткішті мүлдем алып тастаудың орнына, жұрттың көзапара көзін алдап, оны Жаңаөзенге апарып қойды!.. Сол бір ұят істі тұсында «Үш қиян» келеке қылып жазған да!.. Бірақ, оған ұялып-қысылған басшылар болмаған!.. «Ақтаудан ауған Қашағанның» Жаңаөзенде сол тұрғаны - әлі күнге тұр!..
Содан, көп ұзамай Ақтауда – аталған ақынның екінші ескерткіші пайда болған!.. Бұл – алдыңғысына мүлдем ұқсамайтын, оған қарағада «тірлігі» бар, домбырасын шалқалай шалып, жырлап отырған, ноқтаға толық, шомбал Қашаған болып шықты!.. «Жаңаөзенге кеткенді» көре қалған жұрт бұған, әрине, шүкір етіп жүр!.. Бірақ, мұны да «Көргенде - көңіліңді ашатын Қашаған ақын осы ғой!..» - деп сүйсінетін озық туынды деу қиын! Бұлай деуімізге себеп – қорғасымен «киінген» ақынның көңілді ашпайтыны!.. Қашаған ескерткішіне байланысты біздің нақты ұсыныспікірлеріміз мынадай... 1.Ақынның Жаңаөзенде тұрған жарамсыз ескерткішін мүлдем алып тастау керек!.
2.Ақтаудағы мүсіннің қорғасынын «шешіп», қола не мыспен «киіндіру» қажет.
ДОСАННЫҢ – ИСАСЫ ҚАЙДА?
Маңғыстау ауданының оралығы Шетпеге бара қалсаңыз басында - дулыға, үстінде – сауыт, бір қолында – шоқпары, алыстарға қырағы көз тігіп, шалқақ та мығым отырған ер Досанның ескерткішін көресіз!.. Ол әрине, қалай болса солай жасала салынған дүние емес!.. Сол отырысының өзінен-ақ кеудесін кернеген кек пен сыртқа тепкен қайраттың, қайтпас қайсарлықтың лебі есіп тұрғандай!.. Дегенмен, ескерткішке – бірдеңенің, нақтысы «біреудің» жетпей тұрған жайы бар!.. Басқа жұртты білмеймін, өз басым көрген сайын ойлаймын: « Ер Досан – ана бір бұлағайлы жылдарда өзімен бірге қол бастасқан қандыкөйлек жолдасы Исасын іздеп, жалғызсырап отырау!..» - деп... Маңғыстаудың кеудесін жатқа бастырмайтын бостаншыл жұртының басынан кешкен сол бір қанды оқиғаларды халқымыз қашан да: «Иса-Досан көтерілісі», - деп келген!.. Әлі де солай деумен келеді!.. «Халық айтса – қалпы айтпайды!..» Соған қарамастан кешегі тәуелсіздік алған жылдарда жоғарыдағы көтерілістің қос көсемінің бірі, ел басқарған қайраткер, өзі ақын, өзі би Иса Тіленбайұлының тарихи еңбегін бағалауда – солақайлықтар жасалды!.. Исасыз Досан – халықтың жадына да, тарихқа да жасалған қиянат!.. Қателікті, уақыт ұзатпай түзету қажет!..
Нақты ұсыныс: заманында өмірдің от пен суын қатар кешкен Иса мен Досан бүгінгі ұрпақтарының көз алдында (ескерткіште) бірге тұрғай!..
БАРЫС ПА – МЫСЫҚ ПА?..
Облыс аумағында ой-талғамсыз орнатыла салған дүниелер аз емес!.. Солардың бірі – Ақтау қалалық әкімшілігінің алдынан орын алған «Қайық!..» Біздіңше, ол – ешқандай тәрбиелік «жүк» көтеріп тұрмаған, көше сәніне де қосары жоқ, басы артық тұрған зат!.. Соған орай: «Оның орнына – қазақтың тәуелсіздігіне, ұлттық идеологияға қызмет ететін көрнекті ескерткіш неге тұрмайды?» - деген орынды сауал туады!..
Енді, облыстық әкімшіліктің қарсы алдындағы – «Достық» алаңына бет түзеңіз!.. Алдымен назарыңызды «Фонтан» құрылысы аударады. Сын көзімен қарасаңыз, сол құрылыста, фонтандықтан гөрі, сіресіп қалған мұнаралық сипат басым!.. Бұдан да, дәлдеңкіреп айтсақ, «фонтан» деп жүргеніміз әлдебір марқұмның басына қойылған тас-белгі секілді көрінеді!.. Соның салдарынан, оның төбесінен төмен аққан суда «фонтандық белгі» аңғарылмайды., көңіліңді ашпайды, ойнамайды, еркелемейді!..
Сол «Фонтанның» жанында – бала көтерген әйелдің мүсіні тұр. Әдетте, әйел адам жас сәбиін көтергенде – оны құлатып алмаудан сақтанып, қос қолымен құшақтай, бауырына қысып тұрар еді!.. Мұнда, керісінше, әлгі әйел талпынған баланыбір қолымен ұстаған!.. Құдды, жансыз қуыршақ ұстағандай!..
Сонда, мұны жасаған шеберде – қарапайым логиканың болмағаны ғой!.. Сосын, әйел-мүсіннің бет-жүзіне қараңыз... Қазақ емес, қазақ түгілі, өңінде шығыстық белгі жоқ – еуропалық!.. Маңғыстаудың төріне қоятын басқа ештеңе табылмағандай, оның бұл тұрысы – қай тұрыс?.. Әсіре – саясаттың түріне қараңыз, әлгінің бәрі аз болғандай «шетелдік» әйелдің үстіне – қазақ үйінің қаңқасын тігіп қойыпты!.. Бұл – мазақ емей немене?!.
... Енді, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден шығыңыз да – Ақтауға баратын жолға түсіңіз!.. Ұзамай, сізді жол жиегінен үйілген тас үстіне қойылған «Барыстың» мүсіні қарсы алады!.. Далалық кеңістікте орнай қалған әлгі мүсін – көзге өте кішкентай, уақ, қораш көрінеді!.. Мұражайға, не, әлдебір бөлмеге қойылса, әрине, онысы байқалмас та еді!.. Бірақ, кең далада тұрғандықтан, барыс емес, құдды, мысық сықылды аңғарылады!.. Оған қоса, қимыл-қозғалыс үстінде бейнеленбегендіктен, жолаушыға – жансыз қуыршақтай жағымсыз әсер қалдыратыны тағы бар!.. Бұл, асылы: «2030 жылдарға қарай Барыс боламыз!» - деген саяси ұранның «жемісі» шығар?.. Бірақ, мүсіннің – ойсыз, талғамсыз орындалуы және лайықты орнын тауып қойылмауы себепті – адамға да, саясатқа да пайдалы қызмет көрсете алмай, күлкілі күй кешіп тұр!..
Ұсыныс: Мұндай өлі дүниелерге орын алдырып, елді мағнасыздыққа ұрындыра берудің еш қажеті жоқ!.. Оларды – алып тастау керек!..
АТАҒОЗЫ – ЕР ШОТАН
Қазақ - батыр халық!.. Тарихтың небір қанды қырғындарын бастан кешкен оның – батыр болмас жайы да жоқ!.. «Кіші жүзді – найза бер де, жауға қой!..» Бұл сөзден – Қазақ байтағының батысын мекендеген жұрттың алабөтен ер мінезі, ерекшелеу тағдыры көрінеді!.. «Адайда – алпыс батыр!»,-деседі. Қалмаққа қарсы қанды жорықтар, Атамекен үшін болған қарулы қақтығыстар, орыс отаршылдығына мойынсұнбаған тентек бұрқақтар – осылардың қай-қайсысында да Адай батырларының, айдыны аспаса, жігері жұқарып, найзасы мұқалып көрмепті!.. Басы жерге жетсе де – беті қайтпаған бұл не деген қайсар жұрт?!. Қарап отырып – қайран қаласың!..
«Алпыс батыр...» Мүмкін, одан көп те шығар, бәлкім аз да шығар?.. санап көрген емеспіз. Әйтеуір, халық саны шағын ғана осы бір өңірден – жалаң қылыш жайсаңдардың аз шықпағаны анық!..
Маңғыстаулықтардың сол бір қаһарман аталарының әруақтарын ардақтап, ерлік еңбектерін қасиеттеп, облыс орталығынан – айтулы ескерткіш орнатар жөні бар-ақ!.. Атағозы, Шотан, Есекмерген, Лабақ, Бердібек, Есболай, Өмір, Шабай, Құлыбек, Досан, т.б. Осылардың осалы бар ма еді?!. Арттарына аңыз ерген, аттары ел аузында жатталған осы ерлердің әрқайсысына бір-бір ескерткіш қойса да – көптік етпес еді-ау!.. Бірақ, олай ету – мүмкін емес қой!.. Бәрінің бірдей ескерткіш болып қатар түзегені – шарт та болмас, бәлкім?.. Сондықтан, талғап-талғап, олардың ең көрнекті деген бір-екі өкіліне тоқтаған жөн бе, қалай?.. Біздің ойымызша, жол – Атағозы батыр мен ер Шотан секілді. Бұл әрине, басқа батырлардың өр тұлғасын кеміткеніміз емес, аталған екеуі туралы жазылған тарихи-зерттеу мақалалар мен ел-жұрттың соңғы жылдарда айтып жүрген ой-пікірлерін ерекше ескеруден жасаған тұжырымымыз. Бұл жерде Атағозы мен Шотанның – аға буын батырлар екенін, олардың алдыңғысының туғанына 2004 жылы – үш ғасыр толғанын да ескеріп отырған жайымыз бар.
Сонымен, бұл бағыттағы нақты ұсынысымыз мынадай:
1.Ақтаудағы «Достық» алаңында Атағозы – Шотан батырлар бейнеленген еңселі ескерткіш қойылса...
- Заманында Маңғыстау топырағында жау қайтарған айтулы ерлердің ұзын саны анықталып, аталған ескеркіштің тұғыртасына, жас шамаларын ескере отырып, аты-жөндері тізіліп жазылса!..
ЕРМЕМБЕТ -МӘТЖАН – ЕКІ БИ
«Сөз тапқанға – қолқа жоқ» деп мақалдайтын қазақ – ел басына күн туған қиын тұстардың талас-тартысында, түйіні шешілместей көрінген күрделі дау-шарларда ақ-қараны айырып, тереңнен ой шалған, көкейге қонар түйінді сөз тапқан айыркөмей би-шешендердің аузын бағып, олар кескен үкімге тоқтауды да білген!.. Кәрі тарих – сөз билігін ұстаған ірі тұлғалардың мемлекеттік деңгейдегі істерді шешуге араласқанын да айтады. Шүкір, кейінгі жылдарда: қазақ билерінің алтын сөздері түзілген жақсы жинақтар, олардың шығармалары мен қызметін сөз еткен зерттеулер шыға бастады!.. Бірақ, бір өкініш те бар!.. Ол, әзірге Астанада: Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге қойылған ескерткіштер болмаса, басқаларының тұлғаларын көз алдымызда (көшелерімізде) асқақтата алмай жатқанымыз!.. біле-білсек, оларды ұлықтайтын көрнекті ескерткіштер – қазіргідей қазақ тілінің қадірі
кетіңкіреп, еңсесі түсіңкіреп бара жатқан тұста ерекше қажет болып тұрған жоқ па?!.
Маңғыстау билері!.. Беріде шыққан бір-жар еңбектер болмаса, олардың зерттелуі де, соған сәйкес, бүгінгі ұрпаққа танылуы да – кемдеу соғып жатқан жайы бар!.. Дегенмен, көкірегі ояу жұрт шешендік өнердің айтулы шеберлері – бұл өңірде де аз өтпегенін біледі!.. Ермембет, Иса, Мәтжан, Тілеген, Ораз, Бәйменбет, Көбен, Айдарбай, Оразбай, Тобанияз, Қабыл, Қарабала, т.б. сөз жүйріктері – осы қатардан табылады!.. Біздіңше, бұлардың арасында басқаларына қарағанда, би ретінде ел аузында – ерекше аты, артында – салмақты да мәйекті сөз қалғандары Ермембет пен Мәтжан. Жұрт бұл екеуін – ел басқару ісіне белсене араласқан қайраткер тұлғалар ретінде де біледі!..
Әлім Бүкір сыншы айтыпты деген беделді сөз бар Ол: «Ермембет – сөздің атасы, Мәтжан – сөздің анасы»,-деген емес пе еді?.. Заманында неміс этнографы Р.Краутц түсірген Маңғыстаудың үш биінің (Ермембет, Иса, Мәтжан) фотосуреті бар екені белгілі. Жергілікті талантты суретші, марқұм К.Сарбасовтың аталған фотосуреттегі тарихи тұлғалардың көшірме-бейнесін түрлі-түсті бояулармен анық та, қанық етіп салып кеткенін білеміз. Ол суреттері – соңғы жылдарда мерзімді баспасөзде жарық көріп те жүр. Мұндай үлкен «олжа»- мүсінші-шеберлердің жұмысын «біршама» жеңілдетпек!..
Қорытынды пікір: Ақтау қалалық әкімшілігінің алдында тұрған «Қайықтың» орнына – Ермембет-Мәтжан билер бейнеленген тұлғалы ескерткіш тұрғызылса!..
«АДАЙДЫҢ – ЖЕТІ ҚАЙҚЫСЫ...»
Маңғыстау – қазақ байтағында ежелден өзіндік өнер дәстүрі қалыптасқан, өзінің ән, әүй, жыр мектептері бар ерекше өлке!..Қазақ күйінің кемеңгерлері: Абыл мен Есір, жыр телегейі Мұрын, ән сұңқарлары: Қайып пен Қойбас шыққан бұл өлкеде ғұмыр кешкен өнер тарландары жүздеп саналатын шығар!.. Сондықтан, оларды тізбелеп жатудың жөні болмас!..
Мақала мақсатына орай «Қайраткері мен батыры, ақыны мен биі елепескерілгенде – Маңғыстаудың өнеріне неге ескерткіш қоймасқа?» - деген орынды сауал туады. Біздіңше жауабы айқын бұл сауал – ешқандай қарсы пікір туғызбаса керек!.. «Ал, сонда – таңдау қандай болмақ?..» «Үміткерлер» - тым көп!..Бізді ерекше қинаған да – осы соңғы сауал!.. Ұзақ ойланыптолғаны жүріп, ақыры, анық тоқтағанымыз – «Адайдың – жеті қайқысы» болды!.. «Ондай тоқтамға не себептен келдіңіз?»-деп сұрарсыз. Айталық. Біріншіден, бұлар біреу емес, екеу емес, өнер саңлақтарының үлкен тобы – жеті адам».. Бірдің еңбегі қандай – жеті адамның еңбегі қандай?!. Екіншіден, «Адайдың – жеті қайқысы...» деген отты тіркестің: қашан да селт еткізіп, қанша естісең де, жалықтырмай, естіген сайын – көкірегіңде дүбір салып, жүректі лапылдатып қоятын «кереметі» бар!.. Үшіншіден, мұндай ескерткіш: «қайқыларды» білмейтін сырттан келген мейманға, немесе кейінгі жастарға таныстыру үшін – таусылмайтын әңгіме, таптырмайтын тақырып емес пе?!.
Ендігі бір ескертпе: «Жеті қайқы – көп адам!.. Кейде бір адамның мүсінін – келістіре алмай жүрген жайымыз бар!.. Оның бәрін ескерткішкесенеде қатарластыра тізіп қойғанда – көзге қалай көрінбек, көңілге қандай көрік бермек?.. Асылы, бұл – мүсінші-шеберлерден ерекше шығармашылық ізденісті, тың шешімді талап ететін жұмыс болса керек!.. Тақырыпшаға нақты пікір: Жаңаөзен қаласында мүмкіндігінше, кең алаңда – «Адайдың жеті қайқысына» ауқымды ескерткіш ашылса!..
ТҮЙІН-СӨЗ
Қыруар қаржы шығарылып, үлкен еңбекпен салынатын ескерткіш-кесене – көшіріп-қондыра салатын дүңгіршектер емес!.. Сондықтан қайдан-кімге және қандай ескерткіш салынатыны алдынала мұқият зерттелуі, бұл мәселені жергілікті жердегі талғамды басшылар мен білікті мамандардың Ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссиямен бірлікте түбегейлі кесіп-пішіп, келісілуі, алынған жобаға кең ауқымды конкурс жарияланып, таңдаулы делінген бірнеше нұсқаның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық талқысына берілуі – басты шарттар деп білеміз!..
Күн сайын елдің көз алдында тұрып, өлшеусіз тәрбиелікэстетикалық қызмет атқаратын олардың – адамдар көп жүретін, орталық алаңдарда, кең жерде орналасқанына, «мен мұндалап» тұратын (әрине, оғаш емес. Авт.) айбынды да еңселі, биік тұғырлы болғанына не жетсін!.. Мамандар: «Ескерткіштер сырты қабыршақтанып, онысы желмен ұшып, тез қарайып, бейненің өңін кетіретін қорғасынмен емес, қола немесе мыспен қапталуы керек!..»-деседі. Дұрыс айтады!.. «Арзанның – жілігі татымас!..»
Маңғыстауда, кесене, немес там салудың белгілі шеберлері болғанымен, кәсіби мүсіншілер жоқтың қасында!.. Бұл ретте жалғыз-ақ мықтымыз бар! Ол – Көшер Байғазиев!.. Жалғыздың аты – жалғыз! Оған ізбасарлар дайындауды қолға алатын уақыт та жеткен секілді!.. «Мақалада айтылғандар – бұлжымайтын ақиқат пікір» - дейтін астам ойдан аулақпыз! Көпшіліктің алып-қосар, ойлы, дәлелді ұсыныстары болса, ол – елге қуаныш!.. Пікір айтсақ – мәселеге таза жүрек, сарабдал ақылмен келейік!..
ӘН МӘТІНДЕРІНЕ – АБАЙ БОЛАЙЫҚ!..
Рухани қазынасы (өлең-жыры, ән-күй және тарихы) жете зерттелмей, жалпақ қазаққа кеңінен танылмай, Қазақстан ауқымында әлі күнге лайықты бағасын ала алмай келе жатқан Маңғыстаудың бір байлығы - әндері. Әнді – адамның жаны десе де болады. Сол «жанымыздың» жайы қалай?.. Кейінгі жылдарда бізді осы сұрақ ерекше мазалайтын болды. Оны басты себебі - ән мәтіндерінің (сазын айтып отырған жоқпыз. Авт.) белгілі бір қалыптасқан тәртіпке түспей, әр әншінің аузынан әрқалай шығып жүргендігінде. Жаһандану толқыны күннен-күнге бел алып, қазақтың дәстүрлі өнері кейінге ығысып бара жатқан қазіргі кезеңде бұл әрине алаңдарлық жағдай!..
Мойындауымыз керек, кезінде бұл бағытта әжептәуір ізденіп, Маңғыстау ән керуенінің бұйдасын қолымызға ұстатқандай қылып кеткен бір тұлға болса, ол – белгілі өнерпаз, өлкетанушы Шыртанов Ізбасар ағамыз еді. Оның нақты мысалы – сол Ізекең жинастырып, құрастырып, алғысөзын жазып, 1994 жылы Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының тікелей араласуымен Ақтау баспаханасынан шағын таралыммен шығарған «Маңғыстау әуендері» жинағы. Аталған жинаққа ұзын саны 21 ән енген. Кейінгі жылдарда Ізекеңнің мәнді ісін тәп-тәуір жалғастырып жүрген бір азамат бар. Ол – музыка маманы, суретші Тілегенов Алтынбек деген ініміз. 2001 жылы Алматыдағы «РОСТ» баспасынан осы Алтынбектің құрастыруымен «Адайдың жеті қайқысы» деген шағын жинақ шықты. Бас-аяғы 15 ән енген бұл кітапшаның безендірілуі жаман емес. Сондай-ақ онда жеті сазгердің – автордың өзі салған суреттері бар. Өкініштісі, «Маңғыстау әуендері» секілді бұл жинақтың да таралымы тым аз.
Бүгінде бұл тарапқа Айтберген Жаңбыршиев, Светқали Нұржан, Балсұлу Қондыбай секілді өнер адамдары ат ізін салып жүр. Көріп отырғанымыздай, Маңғыстаудың дәстүрлі әндерін жинақтап, ізеуірттеп жүргендердің қатары тым сирек. Әзірге қолымыздағы елеулі еңбектер солар ғана болғандықтан жуырда І.Шыртанов құрастырған «Маңғыстау әуендері» жинағы мен А.Тілегеновтің «Адайдың жеті қайқысы» кітапшасын салыстыра отырып, ізеуірттеп шықтық. Сараптама барысы қос жинақтың бірінде кеткен олқылықтың орнын – көп жағдайда екіншісі арқылы толтыруға болатынын көрсетті. Нәтижесінде өз тарапымыздан бірқатар ұсыныс-пікір айтуға да мүмкіндік туды. Егер, оқырманның жасалған салыстырусараптамаға сондай-ақ, біз айтқан пікірлерге алып-қосар дәлелді де құнды ойлары болса - ән өнеріміз үшін олжа деп түсінеміз. Автор.
1.Өскімбай Қалмамбетұлы. Ақын да, сазгер әнші-күйші де өздері болып келетін «жеті қайқының», әрине, жалпы қыңыры жоқ. «Жүйріктен жүйрік озар – жарысқанда» дегендей, сол жетеудің арысында ойымызға алдымен оралатыны - Өскімбай. Аталған қос жинаққа айтулы өнерпаздың үш әні енген. Солардың бірі – «Кербез Айша» Оның қос мәтініне зер салсаңыз – алғашқы шумақтың бірінші жолында аздаған айырма барлығы көрінеді. Ән сөздерінің сол тұсын оқиық: 1.Жүрмісіз аман-есен, құрбым Айша? («Маңғыстау әуендері»). 2, Алыстан іздеп келдім, кербез Айша. («Адайдың жеті қайқысы».)
Біздіңше, дұрысы – соңғы нұсқа. Себебі, біріншіден, әннің шығу тарихына қатысты айтылып-жазылып жүрген белгілі әңгіме бойынша, Өскімбай – Айшаның атағын алыстан естіп, іздеп келеді. Бұл нұсқада сол әңгіме нақтыланып тұр. Екіншіден, мұнда әнге ат болған «Кербез Айша» тіркесі де «мен мұндалайды». Сонымен бірге, «Маңғыстау әуендеріндегі» бірінші шумақта «құрбы» сөзінің орынсыз қайталанып кеткендігі көзге ұрады. «Кербез Айшаның» мәтінінен тағы бір аңғарылған жайт бар Ол - ән сөзінің аяқталмай автор (Өскімбай) ойының тиянақталмай қалатыны. Мәтіннің соңғы жолдарына қараңыз: 3.-Жолдасым қасымдағы сыбырлайды: «Айшаның қытығына тиші»-дейді.
Одан әрі не болады?.. Белгісіз. Себебі, әннің бітер жері (финалы) жоқ. Өнер мұраларын жинақтаушылар алдағы уақытта осыны мықтап ескерсе!..
Енді Өскімбайдың аталған жинақтарына кірген «Жеті бұлбұл» әні туралы. Бірінші шумақтың алғашқы екі жолына назар салыңыз:
- –Жиналып жеті әнші желе жеттік,
Бірігіп серілікпен елге жеттік.
(«Маңғыстау әуендері»).
5.-Жиналып жеті әнші желе кеттік,
Бірігіп серілікпен елге жеттік.
(«Адайдың жеті қайқысы»).
Мұнда да нақтысы – соңғы нұсқа. Себебі, «Маңғыстау әуендерінде» «жеттік» сөзі орынсыз қайталанған.
Аталған жинақта осы әннің екінші шумағының екінші жолы: «Өнерді жасымыздан өрнек еттік»,-деп келсе, «Адайдың жеті қайқысында»: «Өнерді жасымыздан ермек еттік»,- түрінде берілген. Біздіңше, осы екі нұсқадан да мәтінге үйлесіп тұрғаны –«өрнек еттік». Ал, «ермек еттік» тіркесі бірінші шумақ соңындағы тап осындай тіркесті ретсіз қайталап, бөтендік танытып тұрғандай. Өскімбайдың жинақтарға кірген соңғы әні – «Жирен жорға». Басаяғы-екі шумақтан тұратын ән «Маңғыстау әуендерінде» былай берілген: -Тоғыз жыл сені, жирен, қолға бақтым, Төгілтіп талай тойда жорғалаттым. Алысты жақын еткен жануарым, Теріңді тебінгіден сорғалаттым.
Суырылып көп алдында шығамын деп, Күн демей, балшық демей, омбалаттым. Теңселіп талай топта алған жүлде, Мінеки, ақырында сорға баттың!.. Егер, соңғы шумақтың бірінші жолындағы «алдында» сөзін – «алдына» деп дұрысына өзгертсек – бұл нұсқаның еш кемі жоқ. Есесіне, «Адайдың жеті қайқысындағы» мәтінде кейбір олқылықтар бар. Олар: «тебінгіден» сөзінің – «тебінгідей», «омбалаттым» сөзінің – «омбылаттым», «баттың» сөзінің – «баттық» болып кеткені.
- Жылгелді Теңізбайұлы. Нәзік лирикасымен тыңдаушының жүрек қылын шертетін бұл өнерпаздың «Дәурен» атты әні», «Маңғыстау әуендері» жинағында болмағанымен, «Адайдың жеті қайқысына» кірген. Оның мәтінінен пәлендей олқылық байқамадық.
Жылгелдінің белгілі «Құнан нар» әні аталған екі жинақта да бар. Соған біршама тоқталыңқырап кетпесек болмайтын тәрізді. Алдымен, әннің алғашқы шумағының екінші жолына көз тігіңіз:
-Берейін керек десе, құмарларға.
(«Маңғыстау әуендері»). Біздіңше, «керек болса» дегеннен гөрі – «керек десе» деген тіркес, стильдік тұрғыда мәтінге етене. Осы шумақтың үшінші жолында да айырма бар. Қараңыз:
-Ит дауыс бұрығыдай аңқымайды. («Адайдың жеті қайқысы»). Дұрысы, «аңқымайды» емес, «аңқымайсың» болуы керек. Себебі, бұдан – баяғы жастық шағыңдағы «ит дауысына» қарата сөйлеген қайқының көңіл-күйі нақты көрініп, өлеңнің поэтикалық қуаты артқан. Осы шумақтың төртінші тармағы былай келген: -Жас келіп, қартайған соң амал бар ма?.. («Маңғыстау әуендері»). -Жас жетіп, қартайған соң, амал бар ма?.. («Адайдың жеті қайқысы»).
Осы жолдардағы «жас жетіп» дегенге қарағанда «жас келіп» тіркесі ән мәтініне стильдік тұрғыда табиғилау. Сондай-ақ соңғы тіркестегі екі сөздің («жас» пен «келіп») үндесуі, алдыңғысымен («жас» пен «жетіп») салыстырғанда жарасым тапқан. Бұл жерде жалпы поэзияда, соның ішінде, ән мәтіндерінде дауыс, дыбыс үндестігі заңдарының сақталуы қажетті шарттардың бірі екендігін ескергеніміз жөн.
Мәтіннің осы жолындағы «амал бар ма?..» деп келетін соңғы тіркес бізді ерекше ойландырды. Себебі, бұл тіркес («амал бар ма?..») өлеңде айтылатын оймен мағыналық тұрғыда үйлескенімен, бірінші-екінші жолдар соңындағы «құнан нарға» және «құмарларға» сөздерімен толық ұйқасқа түсе алмай, әсем әннің көркемдігіне көлеңке түсіріп тұр. Сөз болып отырған екі жинақ өз алдына, «амал бар ма?..» тіркесін осы әнді республикалық теледидардан айтып жүрген белгілі әншілеріміз де қолдануда. Біздіңше, Жылгелдідей әмбебап өнерпаздың мұндай әлсіз ұйқасқа барып, өз әнін орынсыз ақсатуы мүмкін емес!.. Сондықтан, әннің соңғы жолына: «Жас келіп қартайғаннан сұрау бар ма?..» деп сәл-пәл өзгеріс жасауды ұсынамыз. Бұдан әннің көркемдік бітімі (ұйқасы да, мағынасы да.Авт.) ұтпаса, ұтылмас еді!.. Енді әннің екінші шумағына келейік:
Құнан нар жүк көтермейді бел кеткен соң, Кең жайлау құлазиды-ау ел кеткен соң. Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды, Дірілдеп, аяқ-қолдан әл кеткен соң. («Маңғыстау әуендері»). Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Ен жайлау құлазиды ел кеткен соң. Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды, Дірілдеп, қол-аяқтан әл кеткен соң. («Адайдың жеті қайқысы»). Осы қос мәтіндегі мына тіркестерді: «қара нар» емес – «құнан нар», «жүк көтермейді» емес – «жүк көтермес», «ен жайлау» емес – «кең жайлау», «ел көшкен соң» емес – «ел кеткен соң», «қол-аяқтан» емес – «аяққолдан» деп қалыптастыруды ұсынамыз..
«Құнан нар» әні «Маңғыстау әуендері» екі шумақпен шектеледі. Ал, «Адайдың жеті қайқысында» оның: -Бұл әнді сатып алдым құнан нарға, Беремін өз бәсіне құмарларға. Кешегі өтіп кеткен жиырма бес жас, Күн қайда енді қайтып бұлаңдарға! – деп келетін үшінші (соңғы) шумағы бар. Әннің орындаушылары ендігі жерде осы шумақты да ұмытпай қосып айта жүрсе дейміз. Шолтаман Байсарыұлы. Әзірге көпшілікке бұл өнерпаздың «Дәләйшім» әні ғана белгілі. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дегендей, осы жалғыздың өзінен-ақ оның өмірден өзіндік ой түйіп, пәлсапа айтуға бейімдігі көрінеді. Біз, білгенде, «Дәләйшім» әнінің алғашқы шумағы (дәл нұсқасы. Авт.) былай келетін:
-Екеу-екеу мінеміз тал кемеге, Екеу қайтып сиямыз тар кемеге? Он сегіз бен жиырманың арасында Ауытқиды ит көңіл әр немеге!.. Өкініштісі, «Маңғыстау әуендерінде» осы шумақтың «тал кемеге» тіркесі – «сал кемеге», «әр немеге» тіркесі – «әр кемеге», сондай-ақ, «Адайдың жеті қайқысында»: «ит көңіл» тіркесі – «көңліміз» болып жаңылыс жазылып кеткен. Біздіңше, бұл әннің екінші шумағы (дұрыс нұсқасы): -Қара бұлақ қайнаған тастан шығар, Айқын жүйрік жұлқынған жастан шығар. Аяғыңды жігіттер аңдап басың, Алыс емес, дұшпаның – достан шығар!- деп келуші еді
«Адайдың жеті қайқысында» бұл шумақтың: «қайнаған» сөзі «қайнары», «айқын» сөзі –«алқын» делініп, қателікке жол берілген. «Маңғыстау әуендерінде» -бұл шумақ мүлдем жоқ. Әннің соңғы шумағындағы ақырғы жолға назар салыңыз: -Қол ұстасып жүрсек те жап-жалаңаш. («Маңғыстау әуендері»). -Қол ұстасып жүрсем де жап-жалаңаш. («Адайдың жеті қайқысы»). Осындағы «жүрсек те», мен «жүрсем де» тіркестерінің мағынасын мәтін ішінде салыстырып көргенде – соңғысы дұрыстыққа келеді.
4.Тұрсын Алдашұлы. «Маңғыстау әуендері» жазған алғысөзінде І.Шыртанов бұл өнерпаздың шығармашылығына орай: «Әндерінен жастық жалын еседі» - деген екен. Қос жинаққа кірген үш әнін бажайлау үстінде бұл пікірге біз де ден қойдық. Сол үштің бірі – «Айырық» әні. Әннің алғашқы шумағының соңғы жолы «Маңғыстау әуендерінде»: -Бар еді қыз-қырқынға қайырымым, - деп дұрыс жазылған. «Адайдың жеті қайқысында» осы тармақтың соңғы сөзі «қайырымыз» болып, қиыс кеткен. Енді әннің екінші (соңғы) шумағына тұтас назар аударыңыз: Жасымнан құмар болдым ым мен жымға, Қарадым көзді сүзіп құрбыларға. Өнердің өзенінен жүзіп өттім,
Халқымның өкпесі жоқ бұл Тұрсынға. («Маңғыстау әуендері»). Біздіңше, ұйқасы олпы-солпы болып тұрған мұндай шумақты дәл осы күйінде Тұрсын ақын шығарды деуге келмейді!.. Бұл, асылы, ән мәтінін жеткізушілерден кеткен қателік шығар!.. «Адайдың жеті қайқысындағы» нұсқаның бұдан айырмасы – біреу ғана. Ол – «ым мен жымға» тіркесінің – «ән мен жырға» деп алынып, мәтін көремдігінің бұдан да нашарлап кеткені!.. Сөз олып отырған мәтінді бүгінгі мықты ақындарға жөндетіп, «сыңғырлатып» алуға болар-ақ еді!.. Бірақ, ондай жағдайда автор сөзінің «сүйегіне» біраз нұқсан келмек!.. Әлде, «барымен базар» болып, сол күйінде жүре бере ме?.. Ойланарлық жағдай...
Тұрсынның «Оймауыт» әні екі жинақта да екі шумақпен берілген. Соның алғашқы шумағын оқиық: -Оймауыт, сары мауыт, мауыт-мауыт, Сарымды сағынамын ауыт-ауыт. Есіме, беу қарағым, сен түскенде – Құладым Ақбозаттан есім ауып. («Маңғыстау әуендері»). -Оймауыт, сары мауыт, мауыт-мауыт, Жарымды сағынамын ауыт-ауыт. Есіме, сен түскенде, беу қарағым, Құладым Бозжорғадан есім ауып. («Адайдың жеті қайқысы»).
Аңғарсаңыз, соңғы нұсқадағы «жарымды» дегеннен гөрі, алдыңғы нұсқадағы «сарымды» деген сөз ойға сыйымды, поэтикалық тұрғыда күштірек көрінеді!.. Неге бұлай деп отырмыз?..Әдетте, «жар» деп-жігіттің қосағын, әйелін айтады. Асылы, автордың «сарымды» деп отырғаны – сары алтындай бойжеткен – қыз болса керек!.. Оның солай екені («қыз» екені. Авт.) соңғы шумақтың екінші тармағынан («Беремін қызға сарқыт тойған болып») да көрініп тұр. «Беу қарағым» тіркесі... Үндестік заңын ескергенде, үшінші тармақтағы «беу қарағым» тіркесінің лайықты орны – жолдың ортасы болуға тиісті.
«Ақбозат» және «Бозжорға»... Асығына жастық әнін жолдаған Тұрсындай қайқы-серінің мінгені, «Ақбозаттан» гөрі, «Бозжорға» («Адайдың жеті қайқысы») болса керек!.. Тағы бір ескертпе. Соңғы шумақтағы дұрыс берілген «қойған» сөзі – «Маңғыстау әуендері» жинағында «тойған» болып, орынсыздау алынған...
Т.Алдашұлының үшінші әні: «Маңғыстау әуендерінде» - «Көл қайнар», «Адайдың жеті қайқысында» - «Тас астау», «көл қайнар» аталған көрінеді. Біздіңше, әннің атын – «көл» мен «қайнарды» біріктіріп, «Көлқайнар» деп алған дұрыс. Себебі, «Көлқайнар» - жердің аты, біріккен сөз. Екіншіден, осылай алғандда - әннің аты әрі ықшамдалмақ, әрі сұлулана түспек!.. Үшіншіден «Тасастау» сөзі мәтіннің ішінде былай да «менмұндалап» жүр. Сол да жетеді!..
Оңтайы келіп тұрғанда, осы пікірімізді тиянақтауға қызмет ететін мына бір деректі еске ала кетелік. Маңғыстаулық қаламгер Дүйсен Бекмұратовтың көрнекті қайраткер Тобанияз Әлниязұлы өмірінің соңғы күндерінен сыр шерткен «Көлқайнар, сені сағындым!..» деген новелласы бар. Сондағы «Көлқайнар» - Тұрсын Алдашұлының сөз болып отырған «Көлқайнар» әні... Біз осы әннің бірінші шумағы мен қайырмасының үш нұсқасын (І.Шыртанов, А.Тілегенов және Д.Бекмұратов нұсқалары.Авт.) салыстыра отырып, дәл мәтін төмендегідей болады деген тоқтамға келдік. -Қандай жақсы Маңғыстау қыс-қыстауға, Күнаралап суарып, жылқы ұстауға. Наурыз туа көші-қон жайын айтып,
Көшіп барсаң, Көлқайнар – Тасастауға. Қайырмасы: Көлқайнарға, Көлқайнарға, Қара жерде жақсы екен жылқы айдарға. Өкінішке орай, дұрыс мәтіндегі: «жайын» сөзі – «жайлы» («Маңғыстау әуендері») және «жайнайтұғын» («Адайдың жеті қайқысы») «көшіп барсаң» тіркесі – «көшіп алсаң». «Қара жерде» тіркесі – «Қара жорға» («Адайдың жеті қайқысы»), «жылқы айдарға» тіркесі – «жылқы айдауға» («Маңғыстау әуендері» және Д.Бекмұратов) нұсқасы болып, жаңылыс жазылып кеткен. Әннің екінші шумағын оқыңыз: -Қынай белді қыздар-ай, қиылған қас, Бірге отырып жақсы ғой ішілген ас. Құмырсқа бел торымен келгеніңде –
Күліп шықса алдыңнан бір қолаң шаш. («Маңғыстау әуендері»). Қынай белді қыздар-ай, қиылған қас, Бірге отырып жақсы ғой ішілген ас. Тобылғы мен торы атпен барғаныңда- Күліп шықса алдыңнан бір қолаң шаш. («Адайдың жеті қайқысы»). Біздіңше, осы екеуінің көңілге қонымдырағы – «Маңғыстау әуендеріндегі» нұсқа. 5.Досат Бәймембетұлы. Жеті өнерпаздың бір биігі – Досат. Оның шырқау дауысты қажет ететін құмбыл әндерін - әншінің әншісі ғана жеріне жеткізе алса керек!..
«Досаттың ырғымасы» аталатын әйгілі ән – А.Тілегенов шығарған кітапшада бар да, І.Шыртанов жинағында жоқ. Есесіне, «Маңғыстау әуендеріне» енген «Досаттың әні»- «Адайдың жеті қайқысынан» орын таппапты. Біз бұл екеуін алғашында: «Бір-бірінен аттары ғана бөлек – бір ән шығар?..» - деп топшылағанбыз. Бақсақ, мәтіндері бір-біріне мүлдем соқпайтын әр басқа шығармалар болып шықты!.. Бұлардың мәтіндерінен пәлендей олқылық байқалмады.
Досаттың маңғыстаулықтар арасында көбірек тараған және бір әні – «Босмойын». Дәстүрлі әндердің көп жағдайда он бір буындық (қараөлең ұйқасымен. Авт.) өлшемде шығарылатыны белгілі. Соған қарамастан аталған жинақтардың екеуінде де «Босмойынның» алғашқы шумағының үшінші жолы буын саны – 12 («Құс жас-тық, пат-ша-йы, көр-пе, бел-денмамық» болып, ән өлшеміне сыйыспай қалған. Осыны («Құс жастық, патшайыдан – белден мамық»- деп, сәл өзгертіп алса – жарасып кетпес еді?.. Шумақтың соңғы жолында да «кінәрат» бар. Қараңыз: - Жатады қандай жігіт сол қойынға?.. («Маңғыстау әуендері»). -Жатады қандай жігіт бұл қойынға?.. («Адайдың жеті қайқысы»).
«Сол қойынға – бұл қойынға». Әрине, дұрысы – алдыңғысы!.. Бұл ән «Маңғыстау әуендерінде» - бас-аяғы екі шумақпен шектелсе «Адайдың жеті қайқысында» - бес шумақты қамтиды. Соңғы жинақтағы мәтіннің үшінші шумағында: «Құрбылар, қылаңытып қайда болдың?» -деп келетін тармақ бар. Біздіңше, осындағы «қайда болдың?» тіркесін – «қайда жүрсің?» деп ауыстыру керек. Шумақ мәтініне – осы тіркес етене. «Босмойынның» қос жинаққа да енген соңғы шумағы былай келеді: -Көкжарда, көп жатқанда, ай жатармыз, Самаурын саздың суын қайнатармыз. Осыдан салқын түссе елге кетіп, Көздерін босмойынның жайнатармыз. («Маңғыстау әуендері»).
-Көкжарда, көп жатқанда, ай жатармын, Самаурын саздың суын қайнатармын. Осыдан аман-есен елге жетсем – Көздерін талайлардың жайнатармын. («Адайдың жеті қайқысы»). Бұл екеуінен көңілге анық қонатыны – «Маңғыстау әуендеріндегі» нұсқа. Екінші нұсқаның кемшіліктері былай да көзге ұрып тұрғандықтан – оларды тізбелеп жатпадық!.. Досаттың тағы бір айтулы әні бар. Оның аты – «Маңғыстау әуендерінде» - «Жамал», «Адайдың жеті қайқысында» - «Жамал-ай» деп беріліпті. Осыны «Жамал» деп орнықтырған жөн. «Ай» шылауының мәтін ішінде болмаса, ән атына қажеті жоқ!.. Алдымен әннің бірнші шумағының үшінші жолына назар аударайық:
-Бірге отырған ауылың көшіп барады. («Адайдың жеті қайқысы»). Мұндағы «ауылың» - «Маңғыстау әуендерінде» «ауылым» деп алынып, қиыс кеткен. Енді әннің қайырмасына қараңыз: -Жамал-ай, Жамал-ай, Не жаздым қалқам, саған-ай?!. («Адайдың жеті қайқысы»). -Жамал-ай, Жамал-ай, Не жаздым саған, сәулем-ай?! («Маңғыстау әуендері»). Қай тұрғыдан алғанда да, үйлесіп тұрғаны – алдыңғы нұсқа. Екінші шумақтың үшінші-төртінші тармақтарына көңіл аударыңыз: Кезең жерде кез болған едің, Жамал, Айдын көлдің аққуы саған ұқсап. («Адайдың жеті қайқысы»). -Қасіретіңе, ақ Жамал болдым риза, Айдын көлдің аққуы саған ұқсап. («Маңғыстау әуендері»).
Дұрысы бірінші нұсқа. Себебі онда берік мағыналық тұтастық бар. Сондай-ақ одан қыз-жігіттің кездесу суреті көңілге ұялап қалатыны тағы бар. Соңғы нұсқа оған қарағанда, әлсіз көрінеді. Әннің: «Ақ көйлектің етегін алтындаған» - деп басталатын соңғы шумағын «Маңғыстау әуендерінен» көре алмадық. Есесіне, ол «Адайдың жеті қайқысында» бар болып шықты. Әншілер – мұны ескере жүргей.
6.Тастемір Боранқұлұлы. Айтулы өнерпаздың туған жерге деген ыстық сезім төгіліп тұратын «Маңғыстау» әні аталған жинақтардың екеуіне де кірген. Бірақ, мәтіндерінде аздаған олқылықтар бар. Мысалы, бірінші шумақтың: «Ортадан шауып шыққан тұлпар едік», - деген үшінші жолындағы «тұлпар едік»,- деген үшінші жолындағы «тұлпар едік» тіркесі «Маңғыстау әуендерінде» - «тұлпар едім» болып, жаңылыс кеткен. Бұл жердегі сөз, Тастемірдің бір өзіне ғана емес, ағасы, әйгілі ақын Нұрым екеуіне ортақ болы тұрғандығы ескерілмей қалған.
Соңғы шумақтың алғашқы жолы «Маңғыстау әуендерінде»: «Маңғыстау, ойың терең, тауың биік», делінсе, «Адайдың жеті қайқысында»: «Маңғыстау ойың терең, қырың биік»,- үлгісінде келеді. Біздіңше, дұрысы – соңғы нұсқа. Себебі, «ой» сөзінің дәл антонимі, «тау» емес, «қыр». Екіншіден, Маңғысту таулары – пәлендей биіктігімен ерекшеленбейді. Соңғы шумақтағы: «Айналып кете алмадым көзім қиып» -деп келетін екінші жол Тастемірдің бұл әнді Маңғыстудан аттанып бара жатқанда (әлде аттанар қарсаңда.Авт.) шығарғанын аңғартады. Соған сәйкес, автордың осы шумақтың 3-4 жолдарында («Маңғыстау әуендері»). -Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң-
Көзімнің жүре алмаспын жасын тиып,- дейтіндей жөні бар. Ал, «Адайдың жеті қайқысындағы» нұсқа: -Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң- Көзімнің жүре алмадым жасын тиып,- депқателікке ұрынған. Неге бұлай деп отырмыз?.. Себебі, бұл нұсқа бойынша, ән, Маңғыстауда емес, қайқының барған жерінде – басқа жақта шығарылғандай көрінеді. Екіншіден, жоғарыдағы мәтін ішінде, «жүре алмаспын» дегенге қарағанда – «жүре алмадым» тіркесінің поэтикалық қуаты әлдеқайда әлсіз.
Әннің: «Сұрасаң руымды – Жаманадай», - деп басталатын екінші шумағы «Маңғыстау әуендеріне» енбей қалған. «Адайдың жеті қайқысы» жинағына кірген осы шумақты - әнсүйер көпшілік ескеріп айта жүргей!..
- Әділ Өтеғұлұлы. Бұл – «жеті қайқы» арасында әндерінің асқақ өрлігімен ерекшеленіп тұратын тұлға.
Оның «Әділдің қара әні» атты шығармасы екі жинаққа да екі шумақпен кірген. Өкініштісі, әннің: Ой, дөңгей, мына дөңгей, дөңгейдөңгей», - деген жолдан басталатын шумағы «Адайдың жеті қайқысында» орын таппаған. Сондай-ақ, әннің: «Барады аулым көшіп жаймаменен» - деген жолдан бастау алатын шумағы «Маңғыстау әуендерінде» жоқ. Сондықтан, ендігі жерде қолда барды толық пайдаланып, әнді үш шумақпен айту керек. Енді әннің екі жинақта да бар мына шумағына қараңыз: -Түйемді ойтаң жерге шөгергенім, Соңына салқамдықтың көп ергенім. Жарты құрт жанқалтадан жарып жеген Құрбыдан сөйтіп жүріп не көргенім?.. («Маңғыстау әуендері»).
-Түйемді ойпаң жерге шөгергенім, Соңына сылқымдықтың көп ергенмін. Жарты құрт жанқалтада жарып жеген Құрбыдан сөйтіп жүріп не көргенмін?.. («Адайдың жеті қайқысы»). Екі нұсқаны салыстыру, алдымен: «ойпаң» және «ойтаң» сөздеріне назар аудартады. Әділ «ойпаңды» біле тұра «ойтаң» сөзін таңдапты. Неге?..Себебі, Маңғыстауда «ойпаңның» орнына – «ойтаң» деп те қолданыла береді. Бұл жерде автордың маңғыстаулық екенін ескеріп қоялық.
«Салқамдықтың» - «сылқымдықтың». Жұптас келтіріліп отырған бұл сөздердің мағынасына тереңдеп бойласаңыз – алдыңғысының орынды қолданылып тұрғаны аңғарылады. Әділдей ел еркесі қайқы-серілерге, әрине, салқамдық тән!.. Өз басым «сылқым» деп сырты жылтыр, іші бос «бойы бұлғаңдарды» (Абай) түсінемін. «Жанқалтадан» - «жанқалтада» Бұл екі сөздің алдыңғысы – мәтінге барынша кірігіп, өз орнында тұр. Әділдің «Жайма қоңыр» деп аталатын әні «Маңғыстау әуендеріне» кірмеген көрінеді. Есесіне, бұл ән «Адайдың жеті қайқысы» жинағында бар. Ондағы ән мәтіні де көңілге қонады.
А.Тілегеновтің «Адайдың жеті қайқысы» кітапшасы – жоғарыда сөз болған жеті өнерпазбен шектеледі. Ал, І.Шыртанов құрастырған «Маңғыстау әуендері» жинағында –олардан басқа да бірнеше маңғыстаулық әнші-сазгердің шығармалары қамтылған. Енді соларға тоқталып көрейік. Қайып Қорабайұлы. Заманында Ақбөбек-Қайып оқиғасының ел аузында аңызға айналып, кейін бірқатар әдеби шығармаларға өзек болғаны белгілі. Десек те, қос ғашықтың трагедиялық тағдырын өлмес әндері арқылы тап Қайыптың өзіндей бере алған ешкім жоқ!..
Ән сұңқарының «Маңғыстау әуендері» жинағына ортақ тақырыпта енген үш шығармасының (екеуі –«Ақбөбек», біреуі – «Дариға-ай» деген атпен кірген.Авт.) мәтіндерінен олқылық байқамадық.
«Маңғыстау әуендерінен» орын алған төртінші ән – «Жадау көк». Өз жинағына жазған алғысөзінде І.Шыртанов ағамыз: «Жадау көк» әнінің шын аты – «Жалау көк». Жастар жағы сайқымазақтандыра айтамыз деп, «Жадау көк» қылып жіберген», - дейді. Ол кісі солай дей тұра, өз айтқанын өзі терістегендей, жинағында әннің атын «Жалау көк» емес, «Жадау көк» деп беріпті. Ән мәтінінде де «Жалау көк» тіркесі еш жерде кедеспейді, бірыңғай «Жадау көк» болып келеді. Зерттеуші ағамыздың жоғарыдағы пікірімен келісу қиын. Себебі, дүлдүл Қайып әннің атын да, затын да кезінде әбден біліп туғызған!.. Бұл жерде, «Жадау көк» делініп отырған, әрине, Қайыптың астына мінген аты. Әннің сазы мен мәтінінен көңілі де, астындағы аты да жадау ғашық жардың ащы зары төгіліп тұрған жоқ па?! «Жадау көк» дегеннен ән – жадамайды да, сайқымазақтанбайды да, қайта, тереңдеп, салмақтанып, күшейе түседі!.. «Жалау» деген сөздің бұл әнге түк қатысы жоқ!.. Енді әннің мына жолдарына назар салыңыз:
-Самдағы елден келемін керге мініп, Алтын тоға, оқ басты ерге мініп. Өлі айрылмай Бөбектен – тірі айрылдым, Одан жақсы еді қалғаным жерге мініп. Осындағы «жерге мініп» дегені – «жерге кіріп» болуы керек. Шумақтағы соңғы «мініп» сөзі, асылы, баспаханадан кеткен қателік!.. Смағұл Кенжәліұлы. Жинақта бұл автордың екі әні бар. -Астыма мінген атым – Құлақасқа, Құдыққа шеген салдым құламасқа. Ауылың бірге отырған көшіп барады, Беріп кет сақинаңды сағынбасқа.
Бұл – «Әләушан» әнінің бірінші шумағы. Осындағы «сағынбасқа» деген соңғы сөз алдындағы «әріптестерімен» ұйқаспай, әнді әжептәуір ақсатып тұр. Ақындық алымы әннің басқа шумақтарынан айқын көрініп тұрған өнерпаздан мұндай олақтық кетуі мүмкін емес сияқты. Сондықтан, «сағынбасқа» сөзін –«жыламасқа» деп ауыстыруды ұсынамыз. С.Кенжалыұлының сұлу суретке толы «Су сарай» әнінен ақындық шеберлік байқадық. Әннің аты да тың көрінеді. Шығарманың мәтінінен – қандайма бір кемшілік аңғарылмады. Насихаты кемдіктен-ау осы ән құлағымызға шалынбай жүр!..
Нәрік Жарылғасұлы. Бұл өнерпаздың аталған жинаққа «Нәріктің әні» деген атпен кірген шығармасында ұйқастың әлсіздеу тұстары ұшырасады. Дегенмен, одан ән пәлендей әлсіреп тұрмағандықтан, солкүйінде-ақ айта беруге болатындай. Халық әні «Қарагөз» Бұл – І.Шыртановтың «Маңғыстау әуендері» жинағына енген соңғы шығарма. Өлеңі мен сазы бірнен-бірі өтіп, жаныңды нәзік желпіп, еркелеп тұратын бұл әннің маңғыстаулық нұсқасын кезінде Беріш Қазихан жеткізген. Оны көп жылдардан бері айтулы әншіміз Күріш Тасболат шабытты орындап жүр. Ән мәтінінен – мін таппадық. ТҮЙІН-СӨЗ
1.Біз сөз қылған екі жинақ Маңғыстаудың дәстүрлі әндері топтастырылған арнаулы әдебиеттердің алғашқы қарлығаштары болғандықтан, оларда бірқатар олқылықтардың орын алуы – заңдылық. Алдағы уақытта бұлардың орнын – басқа сазгерлеріміздің шығармалары да қамтылған, толықтырылған жинақтар басар. Біздіңше, оларды құрастырып, баспаға дайындау барысында білікті музыкатанушы мен поэзиялық талғамы жоғары әдебиетші-маманның (немесе, ғылымға бейімі бар ақынның.Авт.) берік одағы керек. Кей жағдайда жинақты құрастырушыларға тарихшы-маманның кеңесі қажет болуы да мүмкін. Жинақ құрастырудың да ғылым екенін естен шығармауға тиіспіз!..
2.Жоғарыдағы «Маңғыстау әуендері» жинағы грамматикалық және пунктуациялық қателерден аяқ алып жүргісіз. Ондай кемшіліктен «Адайдың жеті қайқысы» да кұр емес. Егер олардың дайындауына филолог-мамандар араласқанда – жинақтар, сөз жоқ, сауатты да салмақтырақ болып шығатын еді. 3.Ән жинақтарын құрастырушылар осы бағытта бұрын-соңды айтылып-жазылған ой-пікірлерді саралап, пайдалы дегендерін іс барысында ескеріп отырса – түпкі нәтиже жаман болмас-ты. («Үш қиян» газеті. 20.04.2006 ж.) ОҚШАУ СӨЗ (Пәлсапа орнына) *** Өзімшіл адам - өзінен басқаны көрмейді!.. Себебі – көңілі соқыр! Көңілі соқырдан –көзі соқыр артық!.. ***
Ашудың емі – сабыр. Аурудың да емі – сабыр. Қазақ айтқан: «Ажалға да – сабыр!..» *** Л.Толстойдың «Крейцер сонатасын» оқығанымда – студент едім... «Музыка – ақыл-ойды топастандырады», - деген сөзіне қайран қалдым!..Бір күні Бибігүл Төлегенованың концертіне тап болдым!.. Концерттің соңында әнші – «Бұлбұлды» шырқады!. Әннің шарықтаған тұсында –көзімнің жасы тұрмады!.. Тіпті, демім тарылып кеткендей болды!.. Күшті дауыстың «сиқыры» («музыка» деп түсініңіз!..М.Б.) – адамның жан-сезімін тұтқындап алады екен ғой!.. «Топастанған ақыл-ой»- далада қалады екен ғой!.. ***
Қызғаныштың – көзі жаман!.. Ондай көзден: кеңдік – күтпе, теңдік – күтпе, кемдік – күт!.. *** Көкбет қатын – былағайлап аққан таудың суы секілді. Ықты-жарды білмейді!.. *** Азуын айға білеген: Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Махамбеттерге қарағанда, қазақтың Өтежан Нұрғалиевтен өзге қазіргі ақындары – қоянның көжегіндей ғана!.. Олардың рухы да, тәуекелі де, шындығы да – жұпыны!.. Солардың бірі – менің өзім!.. *** Жоқ беделді – қолдан жасамайды!.. Қолдан жасалған бедел де – түбі тесік кемең де бір!.. *** «Ажал оғы – балдан тәтті!..» Қандай қатты, қандай тәтті сөз!.. ***
Лев Толстойдан біреу: «Әйелге – қалай едіңіз?..» - деп сұрапты. Данышпан жазушы: «Жас шағымда – тоймайтын едім!..» деп жауап беріпті. Сонда ол - өзінен басқа да талай еркектің құпиясын жайып салған болды-ау!.. *** Соғыс ауруымен – тирандар ғана ауырады!.. Олардың ауруы, өзімен кетпей, дүн-дүнияны жалмап кетеді!.. *** Қазақта рушылдықтың асқындап тұрғаны сондай – тағы да жалған тарих жасалып жатыр!.. ***
Қазақтың ән өнерінде: біріншілік сөз жоқ, Арқада, одан кейін – Батыста, содан соң ғана – Жетісуда!.. Қазақтың күй өнерінде – бірінен-бірі өткен жүйріктер көп!.. Дегенмен, ең тереңі – Маңғыстаудың Абылы!.. Оның қасында Сүгір мен Қазанғаптың өзі – жеңілдеу көрінеді!.. *** Кәрінің серігі – ой!.. аурудың да серігі – ой!.. Біле-білгенге, байлықтың байлығы – сол!.. *** Биліктен: арын сатып, жәркелештеніп алған марапат – атағы көп, бірақ кісіліктен, иманнан – татары жоқ құзғындар да бар!.. ***
Көп ақындардың жазғаны – адамды сендірмейді!.. Себебі, олар өз олқылықтарын, толстойшылап – жасырмай айтудан қорақады!.. Өздеріне қарамай - өзгеге ақыл айтуға ұмтылады!.. Олардың арасында – жалған мақтауға семіріп, көздерін аша алмай қалатын парықсыздар да ұшырасады!.. Жансыз – қансыз, көркеуде өлеңді – солар жазады!.. Жасанды оқырманды – солар қалыптастырады!.. *** Ешкім оқымайтын кітап шығарып жүргендер көп!.. Олар: өздерінің дарынсыздығын да, жұртқа күлкі боларын да жақсы біледі!.. Олар тек бір нәрсені білмейді – ұятты білмейді!.. ***
Адам психологиясының сұңғыла білгірі Федор Достоевский: «Жек көре тұрып та – ғашық болуға болады!»- деген екен. Жас едім – сөздің байыбына бармаппын!.. Кейін: өзі ғашық болған әйелдің теріс жүрісіне – көз жұма қараған, біле тұра, «білмеген» талай еркекті көрдім!.. «Шыдайды риза болып жар ісіне- Қорлық пен мазағына табынса да!.. (Абай). Бұл да сол емес пе?!. *** Бұдан қырық жыл бұрын пейілі кеткен қазақты – қаладан ғана көретін едім!.. Қазір олар қалада да, далада да қаптап отыр!.. Себебі қазақтың пейілін – ақша жалмап қойған!.. Мұның түбі – құрдым емес пе?!.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайлар – қазақ үшін арыстандай арпалысып, жанын беріп еді!.. Қазіргі қазақ зиялыларының – тәні де, жаны да аса қадірлі!.. Оларға, біртүрлі, жаның ашиды!.. (2009 жылдың қараша-желтоқсан айларында жазылды).
ӘН-КҮЙІМНІҢ АЖАРЫ!..
МАҢҒЫСТАУ Маңғыстау, күнің аптап, желің тентек, Менде де саған тартқан сезім тентек!.. Ғасырдың тұйығында тынып келіп, Аспанға атқылаған селің тентек!.. Қайырмасы: Маңғыстау – мерейім, Мерейлі сөз терейін, Күн аптаған ерніңе Қарлығаш – жыр қанатымен Бір тамшы су себейін!.. 2-рет Маңғыстау – Қашаған мен Абыл өлкем, Қырларың құйын кезген сағым өлкем. Андыздап мұнаралар аспаныңа – Атағың алыс кеткен дабыл өлкем!.. Қайырмасы: Маңғыстау – жыр мекен, Ақындары дүр мекен!.. «Абөбектей» ән қайырған, «Ақжармадай» саз қайырған – Перзенттері гүл мекен!.. 2-рет
Маңғыстау – мұнаралар орманысың, Темірдей жұмысшының қолдарысың!.. Аңсарын адамдардың арқалаған – Бастайтын болашаққа жолдарысың!.. Қайырмасы: Маңғыстау – құштарым, Ұшырдым жыр құстарын!.. Айта алмадым жай тілмен, Топырағыңды май сіңген – Маңдайыма ұстадым!.. 2-рет
МАЗМҰНЫ ЖЫРЫМ – ЖАННЫҢ ЖАЛАУЫ Жүгіру Күн батқанда Каспий толқыны Шешем басында Кәрі Күзгі жапырақтар Контраст Тығылмақ Қырғауыл – тоғай Жігітшілік Адасқақ Жолыңа қарай-қарай... Сен және мен Келем жалғыз... Теңіз кеші Перронда Күн мынау... Сені ойласам Бір жарық... Аптап және жігіттер (Қаражанбас барлаушыларына) Маңғыстауым менің! Қаламқастағы мұнарадан репортаж Досқа хат(Жәкібай Құрмантаевқа) Қызды сүйіп бір жігіт (Г.Гейнеден) Бурлак (Н.Некрасовтан) Ұлыған оркестр (Г.Гейнеден) Бақыт деген... (диалог) Жаңбырдан соң Құмаршықтың* талқаны Мойындау Жетім бала (баллада) Ақ жайық. Қара шал. (баллада) Олжа Бәйге Өмір (Әділбай мен Түгелбайға ескерткіш) Аққу сынды әулие (Есімқұл көріпкелдің асында оқылған өлең) Қорғасын (Мәрия марқұмның рухына) Суық торғай Арман күндер (Ибрагим Алтыбай шығарған әні бар) Ер Исатай (Ибрагим Алтыбай шығарған әні бар) Махаббатқа шөлдеу (Айтберген Жаңбыршы шығарған әні бар) Соқыр ақыл (памфлет) Өлі жаңбыр (памфлет) Ит жетектеген әйел (памфлет) Коттедж (памфлет) Шал мен теңіз(баллада) Қар күреген (баллада) Бір арман Алатағанақ (аурудың көзімен) Әрі – сәрі секілді
Өткінші Дон-кихот Шайтанның шәрі Жыр туралы Маскүнемнің өлеңі «Шал емеспін – шалғымын...» Ақша Су!.. Мирас Қайшылық Апақ-сапақ Мәңгілік заңы Бақылау Ұйқысыздық Алпысымның алдында Сәлем айттым шалдарға!.. Шанда-шанда Күшік Домбыраның екі ішегі (Орын Құлсариевке) Аптық Саясат Бақ қайда?.. (Қалбай Әбдіраманға) Екі адам (Орақ Байғалиевқа) Тыныс Әнші (Әбіл Жұмағалиевқа) Оқ Айналма (экологиялық өлең) Жарты жан Жаңбыр күткен Күз.оқу. (балақайдың өлеңі.) Қара қазан Қадір түні (арылу) Тұщықұдық Ақын Дүние – жалған... Абайды қайтсін !.. Көсем қызы Маңғыстаудың!.. (Ибаш Жанболатованың – 90 жылдығына). Кітапжапқан (Ізтұрған Ахметтің шығармалар жинағына – соңғы сөз). Заманның қызыл түлкісі Келін келді ауылға СЫНЫМ –КӨҢІЛ ҚАЛАУЫ Өнердің өлшемі – біреу! Қазақстан Республикасы парламентінің назарына Бұлқынып жатқан жанартау Қазақтың қара нары Әбішті қорғау Ә.Кекілбаев прозасында - өмір пәлсапасы Классик деп кімді айтамыз?.. Шектеудің де шегі бар!.. Ескеркіштер – елдігіңнің белгісі!.. Сын көзімен қарасақ!.. Қашаған ақын қайсысы?
Досанның – исасы қайда? Атағозы – Ер шотан Ермембет -Мәтжан – екі би «Адайдың – жеті қайқысы...» Түйін-сөз Ән мәтіндеріне – абай болайық!.. Оқшау сөз (пәлсапа орнына) Ән-күйімнің ажары!.. Маңғыстау ән
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру