Поль Гольбах. Жаратылыстық саясат немесе басқарудың шынайы принциптері туралы әңгімелер
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Поль Гольбах — «Поль Гольбах. Жаратылыстық саясат немесе басқарудың шынайы принциптері туралы әңгімелер». /uploads/5d652a2b-9ecb-5b43-be10-2d72f47e3d87/cover.png
ЖАРАТЫЛЫСТЫҚ САЯСАТ НЕМЕСЕ БАСҚАРУДЫҢ ШЫНАЙЫ ПРИНЦИПТЕРІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР.
(1723-1789) – француз философы, саяси жазушы және ағартушы. Германияда неміс кәсіпкерінің отбасында дүниеге келген. Университеттік білімді Лейденде алды. Францияға көшіп келіп, үнемі Парижде тұрды, онда "Энциклопедияны" жасаған Д. Дидро мен Д'Аламбердің айналасында топтасқан ағартушылар тобына қосылды. Негізгі еңбегі - "Табиғат жүйесі" (1770 ж. Амстердамда жарияланған) – билеуші топтарға ашық саяси атой салу болды. Шығарма париждік парламенттің үкімі бойынша көпшілік алдында өртеліп жіберді (1770). Гольбахтың үйі феодалдық тәртіпке, абсолюттік монархияға қарсы шыққан француз ағартушылары қозғалысының бас пәтеріне айналды. Ойшылдың еңбектерінде адам табиғатын зерттеуге, сондай-ақ азаматтардың бостандықтары мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін негіздеуге көп көңіл бөлінді. Адам, қоғам және мемлекет мәселелерін ол билігі шексіз саясаткерлер елемейтін табиғат заңдарынан шығарды. Қоғам мен мемлекеттің дамуына, Гольбахтың пікірінше, едәуір шамада үкіметтердің, заң шығарушылардың қызметі, қалыптасқан басқару, тәрбиелеу, білім беру және ағарту жүйесі ықпал етеді. Әлеуметтік-экономикалық және саяси орта кісінің дамуына қалыптастырушы ықпал жасайды. Гольбахтың ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі 1789-1794 ж.ж. революция қарсаңындағы (ол оның басталуынан 6 ай бұрын көз жұмды) француз қоғамының рухани дамуына көмектесті.
II том
Жетінші әңгіме
ЖАЛПЫ АЛҒАНДА САЯСАТ ТУРАЛЫ
§ 1. Саясаттың анықтамасы
Саясат дегеніміз адамдарды басқару немесе оларды қоғамның сақталуы мен бақуаттылығына көмектесуге мәжбүрлеу өнері. Халықтарды бақытты қылу өнері жаны жақсы адам үшін ең ізгі, пайдалы және лайықты іс екендігіне күмәндануға болмайды; ол әрқашан философтардың, өз парызын жақсы түсінген парасатты азаматтар мен тақсырлардың толғамдарының пәні болды. Біз саясатқа мемлекетті басқару мен оның қажеттерін айқындау кезінде басшылыққа алынатын тәжірибе деген анықтама бере аламыз.
Жеке өмірінде азамат өз міндеттерін орындап, өзінің бақытын қамтамасыз ету жолында еңбек ету үшін тек өзін-өзі күтіп ұстап, өзінің мінез-құлқын реттеп отыруға тиіс; ал тағдырдың пәрменімен мемлекет.
басына қойылған адамдар өздерінің мінез-құлқы жалпы алғанда қоғамға едәуір ықпал ететінін ескеріп, өзін-өзі қадағалап отыруға да, сондай-ақ көбіне-көп тәжірибесі мен парасаты жеткіліксіз көптеген адамдардың әртүрлі мүдделерін, қарама-қайшы нәпсілерін тежеу немесе бағыттау жағын қадағалап отыруға да тіс; ақыр соңында, олар халықтар мен тақсырлардың көзін жеткізу көмегімен, ол жеткіліксіз болса – күш көмегімен басқара отырып, олардың мүдделерін біріктіруге ұмтылуға тиіс.
Нақты бір қоғамның мүшелерін жұмыла қимылдауға мәжбүрлеу шеберлігінен қиын ештеңе де жоқ. Көптеген адамдардың қарама-қайшы нәпсілерін бір мақсатқа және олар ылғи да бұрылып кететін ортақ орталыққа бағыттау өнерінен басқа ештеңе де соншалық алғырлықты, көрегендікті және ерік күшін талап етпейтін секілді. Адам ырқының барлық жеке пиғылдарын адамдардың бейіміне, жеке мүдделері мен соқыр сенімдеріне жиі қайшы келетін ортақ жоспардың жүзеге асырылуына жәрдемдесуге мәжбүр ету қабілеті, оларды заңмен анықталатын қоғамдық ырыққа бағындыра білу шеберлігі – өмір тәжірибесі үйреткен немесе философиямен қанаттанған кемеңгерліктің шын мәнінде ең жоғары көрінісі. Тек ең мінсіз кемеңгерлік қана мемлекеттік механизмнің әртүрлі серіппелеріне олар төзе алатын кернеу дәрежесін қамтамасыз етуге қабілетті; тек ең терең парасат қана, ескі серіппелер белгілі жағдайлардың салдарынан тиімді қимылдай алмайтын болған кезде, оларды алмастыратын жаңа серіппелерді ойлап таба алады.
Саясаттың міндеттері осындай. Бірақ бәрі емес. Қоғамның ішкі жағдайын бақылаумен қанағаттанбай, саясат оның шегінен тыс жерлерге де көз жүгіртуге мәжбүр болады; ол көрші халықтардың қарекеттері мен олардың мүдделерінің бағытын қалт жібермей қадағалап отыруға, олардың қаскүнемдіктерін тоқтатуға, олардың нәпсісінің билік құмарлығы мен ашқарақтығының зардаптарының алдын алуға, олардың қоғамға табиғи жағдайлар немесе азаматтардың еңбекқорлығы қамтамасыз ететін артықшылықтарға көз алартуына мүмкіндік бермеуге тиіс; ақыр соңында, басқа тәуелсіз қоғамдарды өз жоспарларының орындалуына жәрдемдесуге ынталандыруы тиіс.
§ II. БІРДЕЙ ЗАҢДАР БАРЛЫҚ ХАЛЫҚТАР ҮШІН ЖАРАМДЫ БОЛА АЛМАЙДЫ
Халықты басқару дегеніміз оның нәпсілерін тепе-теңдікте ұстау, олардың қауіпті зардаптарға жетелей алатындарын басып тастау және оған пайдалы бола алатындарын мемлекет пайдасына бағыттау деген сөз. Бірақ жекелеген индивидтердің нәпсісі секілді халықтардың нәпсісі ұшы-қиырсыз алуан түрлі; олардың пайда болуының, сақталуы мен түрін өзгертуінің себебі заңдар, салттар және әсіресе көп жағдайда табиғаттан, парасаттан және заңдардан күшті болып шығатын, және аракідік ең дана саясат үшін еңсерілмес кедергілер тудыратын адамдардың көзқарастары болып табылады. Осынау нәпсі, сондай-ақ әдеттің арқасында индивидтердің жанында тамыр жайған, соған сәйкес келетін әдет, былайша айтқанда, халықтың мінезін құрайды; бұл мінез барлық қоғамдар үшін бірдей бола алмайды. [...].
Сондықтан, барлық адамзат қоғамдарын бір ғана бірдей заңдардың көмегімен басқару әрекеті жай ғана күлкілі, парықсыз әрекет болып шығар еді; саясатқа ең жалпылама ережелерден басқа бірдеңені міндеттеу есуастық болар еді; практикалық қызметте басқарудың барлық жеке мәселелерін реттеу барлық жерде тегіс қателіктерге ұрындырып, зиян тигізер еді, ал оқыс жағдайлар тиісті міндеттеуді ұдайы керексіз етер еді. Барлық адамдарды бір ғана бірдей ережелермен басқару барлық сырқатты бір әдіспен емдеу немесе барлық адамдарға бір ғана бірдей өмір жоспарын міндеттеу сияқты соншалық әуейілік болар еді.
Шынында да, даму ерекшеліктеріне және географиялық жағдайына орай жаугершілікке бейім мемлекеттер бар; енді біреулеріне тыныштық пен бейбітшілік көбірек қажет. Әділетсіз әрі құдіретті көршілер қоршап тұрған енді біреулері өздерінің бақуаттылығын бұзатын кез-келген басқаға тойтарыс беруге әрқашан дайын тұруы керек; тағы біреулері өз жерінің құнарсыздығынан оларға табиғат бермеген дәулет көзін бейбіт саудадан іздеуге мәжбүр болады да, оларды көрші мемлекеттер өзінің неғұрлым құнарлы жерінің жемісімен жабдықтап отырады. Халықтар сондай-ақ өздерінің елдері алып жатқан аумақтың көлемімен де ерекшеленеді: бірінде ол ұлан-ғайыр, енді біреулер тар шекарада қысылған; біреулер теңіз жағалауын алып жатыр, енді біреулерінің су айдындары жоқ; біреулері табиғи бекіністермен қорғаулы, енді біреулердің тірегі - тек өз күштері ғана; біреулер қатаң климаттық жағдайда еңбек етуге мәжбүр болғандықтан табиғатпен айқасады да, соның арқасында мықтырақ, белсендірек, іскерлірек бола түседі; енді біреулер қолайлы климат жағдайында өмір сүріп, өз қажеттерін оп-оңай қанағаттандыратындықтан, арқаны кеңге салдыратын нәуетектік пен жалқаулыққа бой ұрады; біреулері жағдайын жақсарту үшін еңбек етеді, енді біреулері қалғып-мүлгіп жата береді, ләззатқа беріліп, бар жігерден жұрдай болады. Бір халықтарға ержүректік, өркеуделік, бостандыққа құштарлық тән, енді біреулері именшек, дәрменсіз және құлдық үшін жаратылған секілді көрінеді. Біреулері сауда-саттықтан мақұрым, қайыршылық күн кешеді, енді біреулері мыңғырған бай болып, сән-салтанат ләззатымен өзін бұзады. Ақыр соңында, әрбір халық белгілі бір заңдарды, салттарды, соқыр сенімдер мен дінді басшылыққа алады, ал басқалары өзге институттарға, өзге адасулар мен көзқарастарға бағынышты.
Демек, бір ғана бірдей заңдар барлық халықтарға жарай бермейді, оларды табиғат пен жағдай соншалық бөлек-бөлек еткен, олардың қажеттері де соншалық әртекті, сенімдері бір-бірінен соншалық алшақ. Саясат адамдар шындығында қандай болса, сондай күйінде басқаруы керек; заңдар адамдардың дәл қазіргі жай-күйін есте ұстауы тиіс. Құлықтың, сенімнің, салттың іріп-шіруі халықтарды табиғаттан алшақтатып жібергенде ең білімді кемеңгерліктің өзінің қолынан келетіні тек оларды сол табиғатқа кайта оралту ғана. Тұтас бір ұлттар, орасан зор әлемдік қоғамның осынау индивидтері, жекелеген қоғамдарды құрайтын индивидтер секілді, қателіктер жіберіп, алжасып жатады. Қоғамдар да, тірі организмдер сияқты, дағдарыстарды, есуастық, конвульсия, революция, тіршілік пошымының өзгеру сәттерін бастан кешіреді; олар дүниеге келеді, өседі, өледі, денсаулықтан айрылады, қайтадан сауығады, ақыр соңында, барлық адам баласы секілді, оларда да табиғат өзінің барлық туындыларына белгілеп қойған шекте балалық, жастық, қарттық шақтарын бастан өткереді және ажалға бас иеді.
§ III. БІРДЕЙ ЗАҢДАР БІРДЕ-БІР ХАЛЫҚ ҮШІН МӘҢГІЛІК ЖАРАМДЫ БОЛА АЛМАЙДЫ.
Сонымен, әртүрлі мемлекеттерде және тарихтың әртүрлі кезеңдерінде саясат халықтарды бір рет бекітілген тұрақты әдіс бойынша басқарудан да, олар үшін әрдайым тең дәрежеде пайдалы болатын заңдарды оларға міндеттеуден де құрала алмайды. Егер де ұлттар әрқашан бір ғана ахуалда болса, олардың қажеттері өзгерістерге ұшырамас еді, ал олардың көрегендігі олардың бастан кешіруіне тура келетін оқиғаларды күн ілгері көре білер еді; егер де олардың нәпсісінің әсері қарама-қайшы болмаса, оларға барлық заман үшін жарамды өзгермейтін заңдарды міндеттеуге болар еді. Бірақ заң шығарушы өз халқының сол сәттегі жағдайынан өзге ештеңені басшылыққа ала алмайды. [...] Бір кездері оларға өте пайдалы болған заңдар келе-келе өте зиянды бола бастайды; жаугер көшпелілер үшін жарамды заңдар саудагерлер мен диқандар үшін жарамсыз болып шығатын. Халықтардың алғашқы заңдары әрқашан қарапайым да санаулы болды; бірақ қажеттер өскен сайын бұл заңдар күрделіленіп, көбейе беруге тиіс болатын. Ақыр соңында, байлық құлықты бұзған кезде, дамудың әртүрлі кезеңдерінде халықтың жағдайының өзгеруіне сәйкес өзгертілуге тиіс заңдар барған сайын қитүрқыланып, көбейе түсетін адам нәпсісіне неғұрлым күшті бөгеттер қоюға мәжбүр болады.
§ IV. ЗАҢДАР МӘҢГІЛІК БОЛА АЛМАЙДЫ
Қоғамдық өмірдің ылғи да өзгеріп отыратын жағдайын ескермей тіпті ең дана ойшылдар мен заң шығарушылар ұдайы адасатын. Олар адамдарды бақытты, ал олардың үкіметтерін – орнықты қылу үшін өзгермейтін заңдар жасап шығару жеткілікті деп санайтын; олар өздері дүние салғаннан кейін де халықтар өздері көрген күйінде қала береді деп үміттенеді; олар уақыт дегеніңіз күтпеген оқиғаларды тудырып, өздері құлық ережелерін міндеттеген қоғамдардың түсініктері мен қажеттерін өзгертуі мүмкін-ау деп ойламады. Табиғаттың қойнауы мен тағдырдың жазмышында жасырынып жатқан оқиғаларды олар қалайша күн ілгері біле алмақ? Әдетте, тарихтың тәжірибесі ғана оларға әдеттер, соқыр сенімдер мен салттар ылғи да парасаттан әлдеқайда күштірек екендігін үйрете алатын.
§ IX. САЯСАТТА БОЛАШАҚТЫ КӨРЕ БІЛУ КЕРЕК
Ең дана заңдардың өзі белгілі бір жағдайлар жеткізуі мүмкін қолайлы немесе қолайсыз нәтижелерді күн ілгері білуге тек ұмтыла алады; сонда ол оқиғаларды дайындап, келешек бақыттың негіздерін күні бұрын қалап, сондай жағдайлар ұшыратуы мүмкін тажалды зардаптардан өзін қорғай алады. Дүниені басқарып отырғандардың қылмысты жалқаулығы мен бейғамдығын, сондай-ақ олардың адам өмірі мен қоғамның байлығын пайдасыз да шексіз соғыстарда оп-оңай ысырап ететінін байқай отырып; халықтардың бүгінін де, олардың болашақ тағдырын да жиі белгілейтін заңдарды шығарудағы дарынсыздықты, ақымақтық пен асығыстықты байқай отырып, адамдарды тек кездейсоқтық басқарады, парасаттылықтың саясатпен ортақ ештеңесі жоқ, адам тағдырын белгілейтіндер ертеңгі күнді ойламайды деп пішуге болады. Тек бүгінгі бақуатты қамтамасыз етуге бағытталған саясат – өте әлжуаз және ұшқары саясат. Саясатта оқиғалардың барысын болжап біліп, алдын алу керек. Саяси кемеңгерлік әміршілерге олар басқарып отырған мемлекеттердің тіршілігіне қауіп төндіретін кенеттен болатын күтпеген оқиғалар кезінде көмектесуге тиіс. [...].
§ XIII. САЯСАТ ТӘРБИЕ ЖӨНІНДЕ ҚОЛДАНУЫ ТИІС ӘДІСТЕР
Елеусіз ғана қимылдап, қоғамдық организмнің дамуын бөгемей, бұзбай, оған зиян тигізетіннің бәрінен құтылуына көмектесетін амалдар қандай? – деп бізден сұрауы мүмкін. Бұл үшін тәрбие мен оқудан сенімдірек амал жоқ.
Егер өкімет бодандарының білім алуына рұқсат берсе, егер мемлекет қайраткерлері болуға тиіс және міндеті халық қамын ойлау болатын жастар соқыр сенімдерден өздері босанып, олардың зардаптарының бүкіл қаупін түсінсе, олар соқыр да аңғырт тобырдың құтырған қызбалығын ауыздықтай алады, парасат сәулесі барған сайын кеңінен тарала бастайды да, біртіндеп ұлттың барлық бөліктері өздерінің бейіміне сәйкес келетін және жеткілікті жан-жақты білім алады.
Тәрбие мен білім саяси қайраткерлердің қолында халықтарға олардың қабілеттері мен ізгіліктерін дамыту үшін қажет сезімдер мен көзқарастарды сіңірудің ең сенімді құралы болып табылады. Жас кезінде адам өзіне тигізілетін ықпалға бәрінен тез беріледі, сондықтан үкіметтер үшін азаматтар арасынан болашақ көмекшілерін жастық шақтан қалыптастыру маңызды.
Әдетте жас адамдардың миын қатыратын дерексіз идеялар мен құрғақ ақылдың орнына, оларға өздерінің жаратылыстық міндеттерін білуді, әділет туралы ұғымды, жұртшылық сезімін немесе қоғамға сүйіспеншілікті, отанға адалдықты, ізгілікке бас июді, пайдалы болуға ізгі ұмтылысты сіңіру қажет. Осының бәрі, сөз жоқ, қоғамның қажетіне қолдану мүмкін емес бос саудайы ұғымдар көптеген тұл білімдерден әлдеқайда қызықты.
Адамдардың бақытсыз, ызақор және қоғамда өмір сүре білмейтін болуы тек қана олардың жетекшілерінің олардың шынайы мүдделері турасында оларға білім беру жөніндегі өздерінің міндеттерін елемейтіндігінен. Нашар үкімет тек адамдарды ыдыратады, олардың бойындағы инсаният сезімі мен жұртшылық сезімін мұқалтады, олардың жеке мүддесін қоғамдық мүддеден бөліп тастайды – қысқасы, бұл үкімет харамдық үкімет, сондықтан оның жақсылық дегенді білмейтініне қайран қалудың керегі жоқ. Хайуандық пен тағатсыздыққа бөккен, кез-келген жаратылыстық адами қарым-қатынаспен сенісуге кедергі жасайтын нашар заңдар, әділетсіз үкіметтер, азғын мекемелер, парықсыз салттар, -осының бәрі ешқашан жақсы азаматтарды қалыптастыра алмайды.
§ XIV. САЯСАТ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰЛҚЫ ЖӨНІНДЕ ҚАМ ЖЕУІ КЕРЕК
Халықтың құлқын қалыптастыруға нақ саясат міндетті; саясат олардың бойында өздерінің өмірі мен қауіпсіздігін қолдап, сақтау үшін, елдің гүлденуі үшін қажет қабілеттерді тәрбиелеуге тиіс. Егер халық саны мемлекет үшін аса маңызды болса, заңдар некені адамдар үшін қасиетті де қымбат етеді. Заңдар ізгі ниетті әкелерді мемлекетке адал бодандар тәрбиелеуге мүдделі етеді және бағынуды балалардың міндеті етеді, бұл олардың өздеріне берілмек білімді алуы үшін қажет. Заңдар азаматты алғыскер болуға итермелеуге және оны, жақсылыққа жамандығы үшін жазалауға тиіс, өйткені жақсылыққа жамандық қоғам мүшелерін тек жақсы дәнекерлермен біріктіретін сезім - адамдардың бойындағы бір-біріне тілектестік сезімін сөндіруі мүмкін. Әділетті заңдар ғылымды, өнерді және шын пайда әкелетін барлық білімдерді көтермелеп отырады; заңдар бодандарға әділетке сүйіспеншілікті сіңіреді, ол сүйіспеншілік олардың ортасынан алдауды, жалғандықты және адамдардың арасында сенімсіздік тудыратын басқа да міндерді аластайды. Үкімет үшін шапағатшыл азаматтарды басқару маңызды; мүшелері азғындаған қоғамды басқарудан қиын ештеңе жоқ.
Азаматтарды тәрбиелеу үшін олардың түсініктерін тазартып, ізгілендіру қажет; надандық пен соқыр сенімдер тек қана пасық адамдарды туғызады. Заңдар қоғамдық пікірді бағыттап, оның заңға үстемдік етуіне жол бермеуге тиіс. [...].
Қысқасы, үкімет тәні мықты да дені сау адамдарды өсіру қамын ойлауға тиіс. Ол бұған молшылық пен дәулетті қамтамасыз етіп, азаматтарды дене тәрбиесіне үйрете отырып, олардың тұрмыс жағдайын жақсарта отырып қол жеткізеді. Ол бодандарына салауатты инсаниятты тағлым ете отырып, оларда жақсылық істеу дағдысын қалыптастыра отырып, жамандықтан қатты қорқыныш тудыра отырып және мақтаулы істері үшін көтермелей отырып, олардың жүректеріне жол табады. Ақыр соңында, азаматтар мемлекеттің тірегі болуы үшін үкімет оларға қажет білім беру арқылы олардың парасатын тәрбиелейді.
Осы заманғы үкіметтердің көпшілігінің соншалық маңызды нәрселер жөніндегі масқара немқұрайдылығынан басқа ештеңе де көп таң қалуға лайық емес; Еуропада саясат азаматтарды тәрбиелеумен байыпты айналысатын бірде-бір, қайталап айтамын, бірде-бір ел жоқ. Тәннің шынығуы үшін гимнастика енгізілген, жүрегіне ізгілік егетін шынайы инсаният енгізілген елді еш жерден көрмейміз. Ал ғылымға келсек, ол аты-жөні беймәлім бірнеше азаматқа басы бүтін еншілеп берілген сияқты, оларды, мемлекет ешқашан кеңесуге де шақырмайды. Сондықтан, замандастардың арасында барлық жерде тек әлжуаз, білімсіз және ізгіліктен ада адамдарды ғана көретініңізге таң қалатын ештеңе жоқ. Біз мақтан тұтатын танымдарға қарамастан, мемлекет басқару туралы ғылым әзірге өте төмен деңгейде тұр.
§ XV. САЯСАТ МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ТӘРБИЕЛЕУІ КЕРЕК
Егер саясаттың ұлы өнері мемлекеттің мұқтаждарын қанағаттандыру ісін жүзеге асыру десек, онда саясат көргісі келетін азаматтарды қалыптастыруға қабілетті мектеп тек тәрбие ғана бола алады. Қоғам өмірінің жағдайына қарап, тәрбие жас азаматтардың назарын біресе ауыл шаруашылығына, біресе саудаға, біресе әскери өнерге аудара алады. Үкіметтердің көпшілігінің ең үлкен реніш тудыратын дерттерінің бірі – оларға ел басқаруда көмек көрсетуге қабілетті адамдарды тәрбиелеуге немқұрайды қарайтындығы.
Дарынсыз монархтың өз таңдауымен ең қиын міндеттердің атқарылуын талап ететін мемлекеттік қызметке тағайындаса болды, сол бодандар соншалық жоғары қызметте жұмыс істеу үшін қажет талант пен білімге не бола кететіндей эсер туындайды.
Сондықтан, халықтарға басшылықтың долбармен, жағдайға қарай жүзеге асырылатыны мүлдем таң қаларлық емес. Көптеген мемлекеттерде ең жоғары қызметтерде отырған адамдардың асығын алшысынан түсірген тек қана олардың шыққан тегі, өздері лайық емес даңқты есім, ештеңе туралы дұрыстап ойлануға қабілетсіз қайсыбір тақсырдың мейірімі, шын еңбегі бар азаматтардан сескеніп, жек көретін сарайдың айла-шарғысы мен өсек-аяңы.
Министр немесе мемлекеттік қайраткер болу үшін ақылды адам болу жеткілікті деп ойлау қате болар еді. Естілік, тәжірибе және адалдық жоқ жерде ақыл көбіне қауіпті қаруға айналып жүре береді. Қиял ақылдан үстем болғанда, сұмдық ағаттықтар жасау оңай. Таза адамның ақылы - қиратушы ақыл. Мемлекеттік қайраткерде өзінің кәсібіне сай келетін -дәйекті, кемеңгер әділетті ақыл болуға тиіс.
Амал нешік! Билеп-төстеушілер ие болатын қызметіне қажет қасиеттерден мүлдем мақұрым азаматтарды [...] тым жиі таңдайды. Халықтар тағдырдың құрбандарынан гөрі, монархтар мемлекет істерін жүргізуді тапсырғандардың құрбандарына анағүрлым жиі айналады. Мектептер барлық жерде әрі кеткенде жауынгер тәрбиелеу немесе юриспруденция деген атаумен әшекейленген түсініксіз ғылым саласынан үстірт білімдер беруге арналған; келіссөз жүргізіп, шарт жасасу өнерін, сауда істерін жүргізу, қаржы-қаражатты басқару, халықтардың шынайы қажеттерін анықтау ғылымын – қысқасы, саясатты үйренгісі келетін азаматтар үшін бірде бір мектеп жоқ. Әдетте соқыр кертартпалық пен күнделікті күйбеңді басшылыққа алатын дарынсыз министрлер билікті бір-біріне беріп жатады, ол билікті олардың бірде-біреуі ешқашан парасатты пайдалана алған емес; олар өз қарекеттерінде ежелгі, өздері үшін қасиетті соқыр сенімдерге сүйенеді, сөйте тұра олардың әрқайсысы өздерінің ізашарлары жүрген жолдан бас ауған жағына бұрылып кете береді. Оларда басқару мен жоспарлау ісінде ешқандай дәйектілік, ойда жоқ оқиғалардың алдын алатын құралдарды қамтамасыз етуге ешқандай талпыныс жоқ. [...].
§ XL. САЯСИ ЖЕТЕКШІЛЕР ҚОҒАМНЫҢ ЖАН-ЖАҚТЫ ДАМУЫНА БАС-КӨЗ БОЛУҒА ТИІС.
Саясаттың шын мақсаты мемлекет қажеттерін қанағаттандыру үшін әр түрлі заттар шығаратын азаматтар қызметінің әрқилы түрлері арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу болуға тиіс; тек осындай тепе-теңдік қана ұлтты құдіретті ете алады, оның бақуаттылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. [...].
Қолдың болуы тіпті де жеткіліксіз, оны жұмсай білу де керек; инсанияттағы секілді, саясатта қол бостық – мін анасы. Егер де қоғам өзінің бүкіл назарын бір ғана саудаға аударса, жинақталған байлық көптеген азаматтардың жалқаулыққа бой үру мүмкіндігін берер еді, ал басқаларда бұл рухтың құлдырауын тудырар еді. Сайып келгенде бұл байлық ұлттың жойылуының хабаршысы болған және бола беретін сән-салтанатқа, ашқарақтыққа, нәуетектікке және дертке апарып соқтырар еді.
Мемлекеттің барлық азаматтары жұмыс істейтін болуы керек, бірақ бәрі бірдей іспен емес; егер бәрі бірдей іспен айналыса бастаса, саяси жетекшілер оларды бұдан бет бұрғызуға міндетті болады. Ауыл шаруашылығы мемлекеттің барлық бодандарын асырауға тиіс; сауда оларды табиғат бермеген барлық қажет нәрсемен қамтамасыз етуге тиіс; фабрикант оларды киіндіруге тиіс; жауынгер оларды қорғауға тиіс.
Егер саясатттың міндеті әр алуан қызмет түрлері арасындағы тепе-теңдікті қолдап отыру болса, ол мемлекеттің азаматтары бөлінген әртүрлі адамдар мен сословиелер арасындағы тепе-теңдікті де сақтауы керек. Бір де бір адам, қандай жоғары орында отырса да, өзі сияқты заңның қорғауында болуға тиіс төмен тұрған адамдарды қыспаққа алу құқығына ие болмауға тиіс; бір де бір адамның, тағдыр оны қандай билікке көтермесін, отанға пайдасы бар азаматты менсінбеуге, сөйтіп аяқасты етуге құқығы жоқ. Тақсыр әрбір боданын оның еңбегі мен тигізетін пайдасына қарай құрметтеуге, қорғауға және марапаттауға міндетті. Білікті саясат әрбір есті азамат өзінің тегіне сәйкес бөліп берілген қоғамдық орнымен қанағаттануына бағытталған. Бақыт қоғамның барлық таптары үшін бар; мемлекет жақсы ұйымдастырылған кезде монархтан диқанға дейін созылып жататын берекенің тізбегі орнайды. Қанағат тапқан адам өзінің қызмет аясынан кетуді сирек ойлайды; ол тәрбиенің арқасында жастайынан үйреніп қалған әкелерінің кәсібін жақсы көреді. Халық, егер азап шекпесе, әдетте қанағатшыл да сабырлы; қарапайым да жаратылыстық қажеттермен шектелетін ол, олардың шегінен тыс нәрсеге назар аудармайды. Неғұрлым білімді немесе неғұрлым жоғары жағдайға көтерілген адам өзінің кәсібі, өмірлік саласы бере алатын нәрсенің бәріне қолы жетсе, орынды разы болады. Егер қайсы бір мемлекеттің барлық бодандарына онда өмір сүру ұнаудан қалса, бүл осы мемлекетті басқаруда әлдеқандай кемістік бар екендігінің айғағы. Адамдардың тұрақсыздығына қарамастан, әрбір адамды оның тағдырымен әлдебір инерция күші байланыстырып тұрады; адамдар оларды бұған беймазалық сезімі мен бақуаттылықтың болмауы мәжбүр еткенде ғана өз тағдырын өзгертуге тырысады.
Шынайы саясат мемлекетте бостандықты, халықтың елеулі өсімін, молшылықты, татулық пен қауіпсіздікті ұштастыра алады; бірақ осы міндеттердің бірде-бірі, егер саяси қайраткерлер бодандардың өздерін қалай ұстайтындығын қадағаламаса, оларды қызмет етуге жігерлендіріп отырмаса, жүзеге асырылмайды. Әрбір жақсы ұйымдастырылған қоғамның негізі ізгілік және қоғам игілігіне сүйіспеншілік болуға тиіс; қоғам мүшелері бір-бірін езіп-жанши, жек көре бастағанда, өз мүдделерінің ортақтығын түсінуді, өз нәпсісін тежеуді және заңдарды құрметтеуді қойғанда бірлестіктің ғайып болғаны, қоғамдық механизмнің қозғалыстары содан былай өзара үйлеспейді, оның жұмысын қиындата бастайды да, ол тоқтайды.
Сегізінші әңгіме
СЫРТҚЫ САЯСАТ ХАҚЫНДА, СОҒЫС, БЕЙБІТШІЛІК, ШАРТТАР ЖӘНЕ Т.Б. ХАҚЫНДА.
§ 1. Халықтардың өзара қарым-қатынастарында жекелеген индивидтердің өзара қарым-қатынастарындағыдай мораль мен парыз нормалары орын алуға тиіс.
Білімді саяси қайраткерлер мемлекеттің ішкі өмірінде және бодандарға өздерінің қарым-қатынасында ұстануға тиіс негізгі мақсаттар мен принциптерді қарастырып, енді олар байланысын сақтап отырған басқа мемлекеттермен қарым-қатынасында алдына қоюы керек міндеттерді зерттеп көрелік. Бәрі де адам баласы бөлінген қоғамдарды ұлы әлемдік қоғамға біріккен толып жатқан индивидтер ретінде қарастыруға болатынын айғақтайды. Табиғат әрбір парасатты қоғамдық тіршілік иесіне артатын міндеттерді әрбір халыққа да артады. Табиғат жеке қоғамның мүшелері арасындағы теңсіздік секілді, ұлттар арасында да сондай теңсіздік орнатты. Халықтардың арасында, сол мүшелер арасындағы секілді өзара қарым-қатынастар бар, олар да бір-біріне қажеттілікті сезінеді, демек, дәл сол заңдарға бағындырылуға тиіс. Ақыр соңында, адамзат баласының жаһандық қоғамында байланыстар болып, бір халық басқа бір халықпен солар арқылы бірігеді, бұл жеке қоғамның азаматы өз қоғамдастарымен бірігетіні секілді байланыс. Жеке адамның басқа бір адам жөнінде белгілі бір міндеттері болатыны секілді, ұлттың да басқа ұлттар жөніндегі сондай міндеттері болады; табиғат жеке адамға міндеттер жүктейтін секілді, ұлтқа да міндеттер жүктейді. Өмір тәжірибесі мен парасат осы тектес міндеттерден келіп шығатын ережелерді түсінуге мүмкіндік береді, ал осы ережелердің жинағы заңдардың әмбебап кодексін құрайды, оны әлемнің барлық ұлттары бірі қалмастан басшылыққа алуға тиіс. Бірақ, сорымызға қарай, бұл кодекс ұмыт қалған, халықтардың құлқын анықтайтын тақсырлардың көпшілігі оны қабылдамайды немесе қалай болса солай түсіндіреді.
Сонымен, хайуандық саясаттың бұрмаланған ережелеріне бағынбайық, олар ұлттар мен олардың әміршілеріне заңдар тіпті де тақсырлар үшін белгіленбеген, жоғарғы әміршілерді ешқандай міндеттер матамайды, олардың құлқының жалғыз ережесі өз мүдделерін сақтау, ал олардың құқықтарының жалғыз өлшемі тек күш қана болуға тиіс деп үйретеді. [...] Бейәділет адам өзін өмір сүріп жатқан қоғаммен байланыстыратын желіні үзеді, ал бейәділет саяси қайраткер өзін жаһандық қоғаммен біріктіретін дәнекерді үзеді.
Егер әлдекімнің осы ақиқатқа күмәні болса, ол тағдыр империя басына тым жиі қоятын қиянатшыл тақсырлар, беймаза жаугерлер, атаққұмар жаулап алушылар көрші ұлттар бойында қандай сезімдер тудыратыны жөнінде ойланып көрсін. Олар қоршаған мемлекеттерде, қылмыскерлер жеке қоғамның азаматтарының бойында туғызатындай алаңдау мен күдік сезімдерін, сенімсіздікті, үрейді қоздырмай ма? Халықтар өздерінің сенімсіздігін тудыратын билікті ауыздықтап, белгілі бір шекте ұстап түру үшін, оларды толғантатын қиянаттың жолын кесу үшін, олардың орынды қауіптерін қоздыратын пиғылдардың алдын алу үшін күш-жігер жұмсамай ма? Бейәділет саясаткерлер басқаратын халықтар өздерінің бұзылған тақсырларының қылмыстарын үнемі қанмен өтеуге мәжбүр болмай ма?
Тоғызыншы әңгіме
МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ЫДЫРАУЫ ХАҚЫНДА
§ I. Мемлекеттер ыдырауға қалай келеді
Өзінің үздіксіз дамуында табиғат тіршілік иелерінің бәрін жойылуға жетелейді; осынау мызғымас заңға физикалық, құбылыстар да, рухани құбылыстар да азды-көпті баяу ілеседі. [...].
Адам организмі секілді, мемлекеттік организмдердің ішінде де өзінің жойылуының ұрығы болады; адамдар сияқты олардың да азды-көпті ұзаққа созылатын денсаулығын пайдаланады; адамдар сияқты олар да ғұмырын өте шапшаң қысқартатын қатты науқастар мен дағдарыстарға немесе ғұмыр негіздерін бірте-бірте кеміріп, оларды біртіндеп әлсірететін үзірлі сырқаттарға ұшырайды. Ауру адамдар секілді қоғамдар сандырақ күйге, есалаңдыққа, революциялық төңкерістерге тап болады; алдамшы семіздік олардың құпия сырқаттарын көбіне жасырып тұрады; ажал өте жақсы денсаулықтың артынан аяңдай отырып, күтпеген жерден келеді. Әрқашан да тынымсыз табиғат кейде мемлекетті сауықтыратын, оны сырқаттар мен азаптан құтқаратын, былайша айтқанда, оны күл-тозаңнан қайта қалпына келтіретін адамдардың пайда болуына күтпеген жерден жағдай туғызады. Бірақ табиғат көбінесе ұлттарды тек қиратуға ғана қабілетті, айналасының бәрін жалмайтын, көзді ашып-жұмғанша құздан құлататын тіршілік иелерін тудыруға мәжбүр етеді.
Мемлекет өзінің әміршілерінің дерттері соншалық асқынып, оны қоғамдық тұтастықты сақтау үшін қажет кауіпсіздіктен, күш пен инсаният ұстындарынан айыратын дәрежеге жеткенде бірден ыдырайды. Осыны анықтап алған соң, біз мынаны кесіп айта аламыз: билеушілер қоғамды өзінің қажеттеріне сай келетін қызметке ынталандыру үшін керек рухани өрлеуді азаматтардың бойында сақтап отыруға қам жеуді қойған кезде; мемлекетте күштердің тепе-теңдігін сақтауды ұмытып, әміршілер басқарудың бір саласы барлық басқаларын екі бүктеп бір асауына жол берген кезде; қандай да бір ішкі дерттер себебімен құдіретінен, басқа ұлттардың арасындағы орнынан және өзіне табиғат сыйлаған артықшылықтарға сәйкес пайдалануға тиіс құрметтен айрылған кезде саяси организмге ыдырау қатері төнеді. [...].
Ұлт, үкіметі басшылыққа алатын принциптер сырқау, ал заңдар нашар да дәрменсіз болған кезде; өкіметке жиіркене қарайтын кезде; мемлекеттің барлық сословиелерін анархия жайлаған кезде; азаматтар өз мүдделерін отанының мүдделерінен оқшаулап, одан бойын аулақ салған кезде; азамат соғыстары азаматтарды бір-біріне қарсы қаруландыратын кезде; зорлықтың көмегімен мемлекеттегі басқару пошымы өзгертілген кезде; жатжұрттың басқыншылары оны бөлшектеп, тәуелсіздігінен айыру үшін елге басып кірген кезде; ақыр соңында, мемлекеттік механизмнің серіппелері әлсіреп, сән-салтанат қоғамдық игілікке немқұрайдылық пен жақсылыққа жиіркеніш туғызып, пайда беретін нәрсенің бәріне барлық ақыл иелерін енжар еткенде ол берекетсіздік ахуалында болады. Сол кезде мемлекетте бұдан былай азаматтар жоқ; онда байлыққа, ләззатқа және ұстамсыз өмір салтына жүгенсіз құмарлық қана жігерлендіретін азғын, өз отанынан қол үзген мақұлықтар қаптайды.
§ XXV. ЖАЛПЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАР
1. [...] Қоғамдық адамның табиғатына сай келетін және оны қоғамның басқа барлық мүшелері жөніндегі өз борышын орындауға міндеттейтін заңдар ғана - жақсы заңдар; инсаният дегеніміз көрсетілген міндеттерді жете түсіну; жақсылық арқауы - қоғамға пайда келтіру; қоғам өзіне пайдалы мүшелерінің бақуаттылығын қамтамасыз етуге тиіс; оларға көрсетілетін көмек және оларға берілетін артықшылықтар - оның азаматтарға билігінің негізі; ешқандай билік, егер оның мақсаты адамдардың игілігі болмаса, әділетті бола алмайды.
И. Адамдарды басқару дегеніміз оларды қоғамның мақсаттарына сәйкес өмір сүруге мәжбүрлеу үшін адамдар жөніндегі қоғамға тиесілі билікті жүзеге асыру. Үкімет қоғамның атынан қарекет жасайды, ол қоғамдық одақтың барлық мүшелерін өздерінің қоғамдық міндеттерін орындауға және тек ортақтықтың көрінісі ғана болып табылатын заңдарға бағынуға мәжбүрлеу мақсатында билікті яки күшті соның қолынан алған. Осыдан шығатын қорытынды: үкімет егер индивидтердің нәпсісі қоғамның игілігіне кереғар болса, сол нәпсіні жаныштауға және қоғамдық шартты жасасқан кезде адамдар өздеріне алған өзара міндеттерді орындауға оларды мәжбүр етуге арналған қоғамдық күш болып табылады. Қысқасы, үкімет қоғамда тұрып жатқан адамдарды мораль жүктейтін міндеттерді орындауға мәжбүр ету үшін өмір сүреді. Басқару пошымдарының әрқайсысының артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Егер үкімет қоғамның өз мүшелері жөніндегі міндеттемелерін дәлме-дәл және дәйекті орындап отырса және сол мүшелерді қоғамның мақсатына сәйкес қимылдауға міндеттесе, әрбір басқару пошымы жақсы болып табылады.
III. Тақсырлар солардың көмегімен азаматтарға билік жүргізу үшін сайлап, бекіткен қоғамның уәкілдері болып табылады; бірлестіктің көзқарастары мен мақсаттарына сәйкес басқаратын тақсырға бағыну дегеніміз – егеменді билік шығатын қоғамға бағыну деген сөз. Осылайша, тақсырдың құқықтары дегеніміз оған ұлт сеніп тапсырғысы келген құқықтар; бодандар тақсырға көрсететін мойынсұнудың себебі және осы мойынсұнудың өлшемі оның өкіметі ұлтқа беретін игілік, ал ұлт өзінің бақуатын шайқалтатын нәрсеге ешқашан келісім бермейді. Әділет – тақсырдың негізгі жақсылығы; ол қауіпке ұшырамай, одан бас тарта алмайды.
IV. Тақсыр бүкіл қоғам ырқының көрінісі болып табылатын заңдарға бағындырылған; ал азаматтар тақсырға бағындырылған, себебі оның бұйрықтары ортақ игілікке сай келеді. Баршаны артықшылықтармен қамтамасыз ететін және осыған орай баршаны қоғамдық билікке бағындыру құқығы бар қоғамның мүдделерінен өз мүдделерін бөлек қоятын азаматтар топтары жоқ. Әрбір тап ортақ игілікке өзінше жәрдемдесуге тиіс. Алауыздықтар, азаматтардың мүдделерін бөлшектеу – ұлттар әлсіздігінің және өздері зардап шегетін қиянаттың нағыз қайнар көзі міне осы.
V. Деспотизм билік басында тұрғандардың жеке мүдделерін ортақ мүдделерге қарсы қоюдан құралады. Бұл бір адамның немесе бір сословиенің бүкіл қоғамға заң ретінде таңылған әздектігі. Абсолютті өкімет тез арада тиранияға айналып кетеді, ал тирания тақсыр мен бүкіл басқарылатын халық арасындағы соғыс ахуалы, ол екі жаққа да бірдей қауіпті ахуал, бір де бір азамат өзінің жеке мүддесі үшін қолдамауға да, жол бермеуге де тиіс ахуал. Тақсырдың деспотизмінен немесе ойына келгенін істеуінен артық қоғамның мақсаттарына жат ешнәрсе жоқ; ондай жүгенсіздік азаматтарды байланыстыратын дәнекерлерді үзеді, олардың жүректерінен отанға сүйіспеншілікті, қызметке құлшынысты, еңбекқорлық пен жақсылықты аластайды, бүкіл қоғамның бақытын бір немесе бірнеше адамның қыңырлығынан құрбандыққа шалады. Шексіз билік ұлттарға нағыз және ұзақ бақуаттылықты пайдалану мүмкіндігін ешқашан қамтамасыз ете алмайды.
VI. Бостандық әрбір ұлттың және әрбір қоғамның етене құқығы, өйткені ол қоғамдық одақтардың сақталуы мен гүлденуі үшін айтарлықтай қажет нәрсе. Бостан болу – қоғамның игілігін қамтамасыз етуге бағытталған және қоғам мақұлдаған заңдарды ғана орындау деген сөз. Жүгенсіздік те деспотизм немесе тирания секілді қоғамдық игілікке жат. Жақсылық жоқ жерде бостандық мүмкін емес; өз кезегінде отаншылдық, жан ұлылығы, ар, қоғамдық игілікке сүйіспеншілік нағыз бостандықты пайдаланатын ұлтта ғана бола алады.
VH. Саясат қоғамның дәулеттілігі мен сақталуы үшін маңызды нәрсенің бәрін бірдей дәрежеде қадағалап отыруға тиіс. Заңдар мемлекет қажеттерінің қанағаттандырылуына жәрдемдесуге тиіс; ол азаматтарды еңбекке ынталандыратын, олардың бойына жақсылық пен отанға сүйіспеншілікті егетін, халық санының өсуін, ауыл шаруашылығының дамуын және шын пайдалы сауданы өрістететін, мінді аластайтын, мақтауға лайық қызметті және қоғам үшін қажет дарындарды марапаттайтын болсын.
VIII. Адамзат баласын табиғаттың өзі жақсы ұйымдастырылған жекелеген қоғамда орнатылатын заңдар секілді заңдар орнатқан орасан зор қоғам ретінде қарастыру керек. Халықтар – жаһандық қоғамның азды-көпті есті де құдіретті индивидтері; оларды басқа халықтармен бір мемлекеттің барлық азаматтарын біріктіретін міндеттер секілді міндеттер байланыстырады. Адам құқықтарының негізі жердің барлық халықтарының өмір жағдайына қолданылатын мораль нормалары болуға тиіс. Соғыстарды, зорлық пен кісі өлтіруге қалай қарасақ, сол тұрғыдан қарастыру қажет; жаулап алу - тонаудан өзге ештеңе де емес. Мемлекеттер арасындағы одақтар мен шарттар жеке тұлғалар арасындағы келісімшарттар, шарттар және одақтар секілді адалдықты талап етеді. [...].
IX. Бейәділет немесе өз міндеттерін елемейтін саясат ұлттарға күн сайын шыдатпас азап әкеледі. Тақсырлардың есуастығы мен зорлықтары, олардың қылмысты немқұрайдылығы секілді қоғамдарды әлсіретіп, оларды күйреуге жетелейді. [...].
Кез келген саяси жүйенің негізінде жатуы қажет шындық осы. [...].
"Гольбах П. А. Избранные произведения. В 2 т. Т. 2 М., 1963" басылымынан қазақшалаған Асхат ӘБ1ШЕВ.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру