Кәусар
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Серікбол Хасан
Серікбол ХАСАН
КӘУСАР
СЕНІМІ СЕРІК БОЛҒАН… (алғысөз орнына)
Пікір білдіру немесе белгілі бір мәселені жазу керек болғанда, әрине, өзіңе ең қанық тақырыпқа еркін сөз аласың. «Тексермегеннің сөйлеу құқы жоқ» демекші, беймәлім дүниелерге орынсыз килігудің қисынға келмейтіні онсыз да белгілі. Мұны айтып тұрғаным, қолымдағы «Кәусар» жыр жинағының авторы Серікбол Хасан бауырым маған таныс, жәй таныс қана емес, біршама қанықпын. Серікболдың студенттік шағы, бүгінгі қызметтегі алғашқы қадамы, қаламгерлік жағындағы тереңге тартқан еңбегі, ізденіс іздері, кісілік көзқарасы, дүние танымы жөнінен біршама ден қойып жүрген інілерімнің бірі. Сондықтан да қолжазбаны оқып шығып, бір-екі ауыз көзқарас білдіруді өзіме міндет санадым. Ең алдымен кітаптың аты болып белгіленген «Кәусар» сөзіне тоқталар болсақ, ол туралы Құран Кәрімде айтылған. 108-сүре «Кәусар» деп аталады. Онда: «Мұхаммед (с.ғ.с) шын мәнісінде саған Кәусарды бердік (Кәусар: жәннаттта бір көл немесе көптеген игілік, Пайғамбарлық, Құран, Шапағат т.б). Сондықтан, Раббың үшін айт намазын оқы, Құрбан шал. Расында, дұшпаныңның өзі ұрпақсыз қалады», - деген үш аят бар. Демек, Кәусардың түп төркіні Құранда жатыр. Түсінігіміз бойынша айтар болсақ, бұл дүниедегі ізгіліктері мен сауабын молынан жиып, иманды болып ол дүниеге аттанған құлға (адамға) Алланың ұжмақта сыйлық ретінде беретін игілігі екен. Ол – ауызекі сөзде және жазба әдебиетімізде шөлді басатын, жанға рахат беретін бұлақ, мөлдір, балдан да тәтті өзен. Кәусар – тазалықтың, рухани құндылықтың жоғары деңгейдегі нышаны. Басы ашық бір нәрсе, Кәусардан дәм тататындар Бір Аллаға иман келтіргендер екені даусыз. Құран – Алланың сөзі, ондағы әрбір баян толассыз шындық. Ендеше, Серікболдың Кәусар сөзін тұлабойы тұңғышына есім етіп қоюы тегін емес (мүмкін Алла нәсіп етсе болашақ перзентінің атын да Кәусар қояр). Әрине, үлкен тақырып кесек ой, ең бастысы тура жолды табуды көздеген, пәнидің қызығын ғана қуушылықтан гөрі бақидың бақытын да бірге аңсаған, екі әлемін есінен шығармаған құлдың ізгі ниетінің туындысы. С.Хасанның жарық көрген шығармалары мен ақындық келбетіне назар аударар болсақ, ұлы мұратты көмбе еткен оның шынайылық пен сыршылдықтың желісін қатар тартқанына көз жеткіземіз. Қазақтың қара сөзін икемді пайдаланып жыр моншақтарына өз орны-орнымен тізіп қолдануынан соны аңғардым. Өлеңге тән буын, ұйқас, әуезді үйлесім, көркем сурет, астарлы ой, ішкі иірімдер әдемі үндестік тауып жатыр. Серікболдағы сабырлы қалып, жібектей көркем сыпайылық өлеңдерінің өрімінен көрініп тұрады. Мақтадай үлпілдектік, мамықтай жұмсақтың әрбір жырынан менмұндалайды. Жинақтағы «Аңсар» деген бірінші бөлімде «Сен жайлы» деген өлең бар. Ол – ақынның сүйген аруына арнаған сыршыл жүректің, іңкәр көңілдің көрінісі. «Кәусар» деп аталатын екінші бөлімдегі «Өсиет» және «Айуан» өлеңдері (бұл өлеңдерде мәнді ғибрат бар) – тұтас тұлғасымен құйылып түскен шымыр жырлар. Айтары анық, имандылықты арқау еткен, «бәрекелді» деуге тұрарлық шумақтар.
Жас қаламгердің бұл жинағының бас-аяғы жинақы, жүйелі, әдемі құрылымы бар. Кейбіреулер секілді «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп төпелей беру немесе кітап деген осы екен деп тоғыта беру атымен жоқ. Демек, талғам бар, өлшем таразысы өзінде. Сол арқылы әр сайдан ағып келген бұлақтардың бір арнада тоғысқан жыр өзенін сездіреді... Соңғы кезде қалам ұстап жүрген біраз ағайындар Алланың, пайғамбардың (с.ғ.с) атын өзінің жазбаларында келсін-келмесін тықпалап көрсететінді тапты. Серікболдың «Пайғамбар» деген өлеңінің жазылуы арамызда жүрген сондай қаламгерлердің түсінбеушілігіне тойтарыс негізінде туған. Бұл туралы Абай «Аллаға ауыз жол емес» деген тұжырымын баяғыда-ақ айтып кеткен. Ал Абайдың бүгінгі таңдағы «шәкірттері» Абай таныған Алланы тану былай тұрсын, алты иманның бірі – Пайғамбарға (с.ғ.с) шек келтіріп, Құранда анық айтылған Мұхаммедтің (с.ғ.с) соңғы пайғамбар екендігі туралы әліппелік сауаттан бейхабар! Пайғамбарлық ғылымның бетін ашпай тұрып әлдебір пайғамбар келуін күтеді. Ал өзі түсінбейтін, байыбына бармайтын тақырыпқа қалам тарту – арысы аласушылық, берісі – ұят. Ендеше, Серікболдың: Алланың елшісі Мұхаммед нәбиім – Ақырғы пайғамбар, ақырғы Ұлы адам, - деп жауап беруі орынды емес пе?! Енді қалыптасқан үрдіс бойынша жинақтағы жырларға ішкерілей кіріп қадағалап айтар болсақ: Мен бармын, (өлімді ойлап жатқаным-ай!) Сан мәрте сиынамын Хаққа құлай. Тірлікте іс оңалар, жөн түзелер, Тек қана тозағыңнан сақта Құдай! – деп толғанғанын көреміз. Мұндайда «жарайсың» демегенде не дейміз?! Ол дүниесін ойламаған адамның бұл дүниесі оңала қояры кәдік. «Келер шақ» деген бір ғана шумақтан тұратын қысқа өлең бар: Қуанышым, бар мұңым... Айтарым аз ақтала. Келер күннің тағдырын, Белгілейтін Хақ қана! Қысқа да нұсқа деп осыны айтса керек. Астарында ислам құндылықтарының діңгегі, алты иманның бірі – Жаратқанға мойынұсыну жыр тілінде кестеленіп тұр. Айналамыздағы ағайынды айыптай жөнелу, әрине, әбестік. Десек де, қайдан келгенін, қайда жүргенін, қайда баратынын бағамдамай, құлқынның құлы, нәпсінің жетегінде өмірін өткізетіндер мол. Уақыт өтер, қалар таңба, Біз қонақпыз, күйі мәлім. Өмір берген Жаратқанға, Басымды иіп сиынамын, – деген өлеңі арқылы түсінген оқырманға «қонақтың» жөнін айтып ғалам деген үлкен үйдің Иесінің кім екенін жеткізіп тұр. Ғибадат жаса жол барда, Арзан-ау, қимай жиғаның. Ақырет күні болғанда,
Араша болар – иманың! – десе өзін мұсылманмын деген құлға ұғынықты ой бар. Тіршілікте көмекші көкелер, дем берер ағалар, қолпаштаған куәгерлер көп болғанымен алғаш бетпе-бет келетін қабірдегі жалғыздықта бір ғана серік – иман ғана азаптан арашалаушы екенін сездіреді. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа», - деп данышпан Абай атамыз бізге ой тастаса, Серікбол інім: Ас-ауқат, арым бар, Барша адам – бауырым. Ақиқат жағында, Ақындық ауылым, - деп үн қосады. Баршаны бауырым деу, ақындықтың ауылын Ақиқаттан таңдап алу – мұсылманның жолы. Бұл үрдіс – үзілмеген ақ сәуле. Енді тағы бір қырынан бүгінгі замандағы ұлтымыздың орынсыз мінездерін сынай отырып: Шариғатқа шарқы жетпес молда көп, Өлімді елге өкше тірер ол да кеп. Қаралы үйдің қазанынан қазы іздеу, Қазақтарға қанға сіңген болды әдет, - десе орынды айтылған шүбәсіз мінездеме. Осы жолдардың авторы 20-дан енді асқан жас жігіт емес, 60-ты алқымдаған аға деуге татырлық. Бұл шумақ ойдың өскендігін, сананың сараланғанын танытса керек! Өмірге келген әрбір жан иесі ең алдымен таза адам, толық адам болуға міндетті. Ал, ақын сол адамдар арасынан ойын оздырған, танымын тереңдеткен кісі. Сондықтан оның сөзі жүрекке жетеді. Сонда ғана: Иманның жолы – дара, хақ, Иманның жолы – ғаламат, - болмақ. Жинақта «Менің «крышам»» деген өлең бар. Тақырыбы айтып тұрғандай, ойға жетелеп назарыңды аудартады. Шынында, бүгінгідей бүлк ете қалса, көкесін көлденең тартатын, «артқан түйеңнен, сүйенген иең күшті болсын» деген заманда «крышамен» санаспай болмайтынын көріп жүрміз. Ал ақын ініміз өлеңде екі «дос» арасындағы әңгімені сабақтай келіп астарлы ой түйеді. Сүйеніші де, сенгені де бір Алла екенін жақсылап жеткізеді. Тәңірім күндер берсе күркіремес, Арманның ақ көшіне аттана алам. Адамнан бақыт тілеу мүмкін емес, Қамқоршым – Жаратушы Хақ тағалам! – деп тұжырымдайды. Әрі үйлесімді, әрі тосын, ақылға қонатын шешім. Келесі бір бізді тоқтатқан өлең – «Ғылым дамып барады...». Әрине, ғылымның дамығаны, заманның жаңғырғаны абзал. Сол дамыған техника мен өнер арқылы Жаратушыны тануға, көз жеткізуге әбден болады. Біздің ғылым деп отырғанымыз – әуел бастан бар, тек сыры ашылмаған жұмбақ күйіндегі ақиқат. Алла барлық құпияны білуші – Саттар және Латиф. Бар ғылымның иесі – ғалымдар зерттейді, ашады, жарыққа шығарады. Ол тек бардың сырын біліп сыртына шығарады, жоқты таппады, ештеңені қолдан жасаған жоқ. Ендеше, ғылымданған сайын Иемізді тануға тиіс едік. Керісінше, күпірлік етіп, әлінен
асқан пенденің тірлігі өкінтеді. Осындай ішкі толғаныстарды шерткен Серікбол өлеңін: Жақындаған сайын сол, заманақыр, Түседі екен тілге дақ, санаға кір. Ғылым дамып барады, ал адамдар, Ғаріп жанға айналып бара жатыр... – деп мазасызданып алаңдауын, жан азабын тартады. Алғаш жинағы шығайын деп отырған азамат үшін осының өзі – үлкен жетістік. Ақынға мінез керек деп қолдан тағдыр жасап, дақпыртты малданып өмір сүріп жатқан бауырлар да арамызда бар. Менің қуанғаным Серікбол Хасан сыпайы, сырбаздығымен бабалар салған үлкен жолдың үстінде екен, әрі өнерге шынайы берілу, көкжиегін кеңейтуге деген талпынысы қуантады. Алғаш атқа мініп алыс сапарына аттанғалы тұрған ұлдың артықшылығын айтып арқадан қағуды мақсат еттім. Өзге де кемшіліктер бар делінсе, «көш жүре түзеледі».
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын. 1-дәптер
АҢСАР
Ауады да тұрады, аңсарым-ай! Әлі сен есімдесің, Аршалы сай… Мұқағали
КӘУСАР ЖЫР
Кейде тіпті өзіме-өзім сенбеймін, Ізіме енді оралмаймын бір басқан. Өлең үшін өртенбеймін, өлмеймін, Кәусар жырға шомыламын тынбастан. Өзгелерден менің сертім тым бөлек, Өлең үшін жанды қинау жоқ менде. Шабыт үшін болмаймын да күйгелек, Шүкір айтып отырамын өткенге. Кәусар жырға шомыламын, мастанып, Аққу құстай тербелемін көлдегі. Өмір – менің көңілімнің дастаны, Өлең – менің өмірімнің өрнегі. Солай ғана тарқалады мұң-шерім, Кәусар судың құдіреті бәлкім бұл. Байқасаңыз, менің әрбір күндерім, Өлеңімнің шумағы боп қалқып жүр.
Кәусар суды қанып ішсем болғаны, Жүрегімнен төгіледі кәусар жыр. Өлең менің өмірім ғой ол дағы, Оралмайтын құлын шағын аңсап жүр. Өлеңменен жеңілдетем мұңымды, Өзгелер де алсын тапса керегін. Өмірімнің мәні болған жырымды, Өлгеннен соң өздеріңе беремін. Өлең жазсам, өмір сүргім келеді, Дәптерімнің қайта бастап жаңасын. Кәусар жырға сен де шомыл, себебі, Қайғы-мұңнан бір серпіліп қаласың...
ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК ЖАРАЛЫ
Басқалардан парқы бөлек, Болғасын ба сыңарсыз. Кеудедегі жалқы жүрек, Қай кезде де тым әлсіз. Әлсіздігі соншама оның, Жалғыздықтан қан жылап. Таппайынша аңсағанын, Бейбақ басты дал қылад. Мылқау миға амал бар ма? Айтқанына көнеді. Жүрек қылған қадамдарға, Бас шұлғиды үнемі. Сол жүректің қандайы да, Сұлулықты сүйеді. Сүйгендігі маңдайына, Таяқ болып тиеді. Сүю деген – асылында, Жазылмайтын жара шын. Қол жеткізбей ғашығына, Таппайды екен дауасын. Бұл да өмірдің заңы болар, Жалғыз жүрек – жаралы. Жұбын табу жанын ұғар – Бар жүректің қалауы. Мінез жасар тосын қанша, Болғандықтан дара тым. Сыңарына қосылғанша, Таппас жүрек тағатын...
СЕН ЖАЙЛЫ
Сен жайлы жазылар жыр әлі, Асылым, жанымды жылатпа. Сен жайлы айтқым кеп тұрады, Сөз таппай қиналдым бірақ та. Жыр болып кеудеме сыймаған – Асылым, дертімнің емісің. Шабытты шақтарды сыйлаған, Ардақты адамсың мен үшін. Асылым, жырлаймын сені әлі, Тағдырдың жазуы сөнгенше. Бөлістің сәттерді ең ауыр, Тағатың қашады мен десе. Сен – менің мәңгілік жырымсың, Алдымда нұрланған дидарың. Сен маған өмірде, гүлім, шын, Ең үлкен қуаныш сыйладың.
ОЛ КЕЗДЕ
Сендегі сезімді білмеймін, Мендегі... жанымды өртеді. Қарамай уақытқа... түн мейлі, Мазасыз мұңлы әуен шертеді. Сендегі төзімді білмеймін, Мендегі ықылас тым басқа. Әлдебір шырынға шөлдеймін, Біреуді іздеймін тынбастан. Сендегі білмеймін күй қандай? Менікі қанатсыз құс сынды. Ешкімнің сөзіне иланбай... Жалғыздық ішімді пыстырды. Оралмас ол күндер, қош енді, Қайырылмас қаяусыз он сегіз. Таптатып талай түн көшеңді, «Махаббат – жалған» деп бөсеміз. Ол кезде тарпаңдай туладық, Оңаймен шықпайды ойымнан. Достардың ортасын шулатып, Табылып қалармын тойыңнан. Шақырсаң...
АРМАНДАҒЫ АРУ
Дірілдеп күпсек ернің... Күн көзің күліп кетті, Жұп-жұқа жүрегімнің қыртысын дірілдетті. Сыңғыр үн, кербез бейнең – күніге құмартқаным, Әлсіздеу әлпетіңе әлі ешкім ілікпепті. Қылықты қыз баласың... Қаяусыз құлын жаның, Қарулы көздеріңнен қатқылдау сыр ұғамын. Қиялшыл сезім құсым, қалықтап қияларға, Бейнеңді бір көрмекке еріксіз бұрыламын. Аспанда сыңар ай-күн... Түндіктен сығалаймын... (Білемін, бұл түріммен ешкімге ұнамаймын). Ару қыз армандағы, иіскетші маңдайыңнан, Өзіңнен бұдан басқа ештеңе сұрамаймын.
СЕНІ ІЗДЕДІМ...
Құстар сайрап, жер жібіп... жылығанда, Тайдан құлап табаным жырылғанда, Сені іздедім еркелер арасынан, Өмірімнің шын мәнін ұғынғанда, Бейнеңді таба алмадым... Дала гүлдеп, дариға құлпырғанда, Байыз таппай жүрегім бұлқынғанда, Сені іздедім сылқымдар арасынан, Ақ пейілім арманға ұмтылғанда, Лапылдап жана алмадым... Топ тырна мекеніне асыққанда, Қайғы-мұң жігерімді жасытқанда. Сені іздедім аққулар арасынан, Айдыныңа құмар бір ғашық қарға, Жаныңа бара алмадым... Қара жердің қойнауын қар жапқанда, Қарулы аяз жанымды шаршатқанда. Сені іздедім, аяулым, ақырғы рет, Қолын бұлғап біреу тұр Ар жақтан да, Таусылды бар арманым...
САРЫ ҚЫЗ
Сезіміңізге сай, Жаратқан берген сәніңіз, Тамұқ түндерден тынышым қашып, жүдедім. Күміс күлкіңді сағынып бүгін, сары қыз, Алладан сізге амандық қана тіледім. Албырт сезімге бой берме бірақ, аруым, Аспандап кетсе суыту оны қиын-ақ. Ақ-адал ғана ағалық тілек – анығы, Аллаға сенің бақытың үшін сиынад. Керемет келбет, моншақтай көзің, бал ерін, Барлығы... бірақ мен үшін емес, білемін. Әйбат тәніңнен тәттілік іздеп, әдемім, Кереуетіме тұншыққан күйі түнедім. Сүйрік саусағың, толқынды шашың, нұр жүзің, Еліктіргенін жасыру қиын, сірә да. Сағынсаң менің суретімді көр, бұлбұлым, Жаныңа, бірақ, жылылық менен сұрама.
Кеш, қалқам, мені... Келемеж қылма арымды, Келмеске кеткен күндерді ойлап нетесің? Үдере тулап үрпиіп қалған жанымның, Орындалмайтын арманы болып өтесің...
БӘРІ ДЕ ӨЗГЕРГЕН...
Бәрі де өзгерген... тұр-тұлғаң, Арманың алысқа ұмтылған. «Осы әйел – үйінің гүлі», - деп, Өзгелер мақтайды сыртыңнан. Бәрі де өзгерген... түрің де, Әдемі ең балауса күніңде. Бір кешкен бақытты күндердің, Елесі қалыпты бүгінде. Бәрі де өзгерген... тәтті үнің, Жоғалып қалғандай нақ бүгін. Қап-қара жанардың оты өшкен, Жарыңа сыйланып пәктігің. Бәрі де өзгерген... анасың, Жетектеп жүретін баласын. Балалық шақтағы үлгіңді, Балаңа үйретіп барасың...
КӨКЕШІМ
Жеткізер шындығым сол ғана, Менде жоқ, сүйкімдім, жаман ой. Мені іздеп қарама жолға да, Бақытың басқада... бара ғой. Ақымақ ағаңды нетесің, Арманның артынан бар, кәне! Кім білер, сен шығар, көкешім, Айтулы жігіттің арманы. Сен сондай бақытты екенсің, Шақырып жол жатыр, қарашы! Кім білген, сен шығар, көкешім, Атақты ақынның анасы. Албырттық әкелер азап тым, Сабырлық сүзгілер саналы ой. Ұрпағын көбейтер қазақтың, Анасы... жұбыңды таба ғой.
ХАТ
Хатыңды тоқтатпа, өтінем, Әр сөзің жолданған – маржан бай Асығып жететін шетінен, Хаттарың азайып қалғандай. Мәніңді жүрмін бе аз ұға, Өзіңнен хат күту – басты арман. Жүрекке құйылған қазына, Шабытым өседі хаттардан. Тоқтатпа, хатыңды, қылықтым, Әр сөзден мың рахат табамын. Үніңе күн санап құнықтым, Қаламды құрғатпа, қарағым! Хат күту – бүгін де болды арман, Кеудемде белгісіз сабылыс. Туп-тура өзіме жолданған, Бұл хаттар – ып-ыстық сағыныш. ҮКІЛІ ҚЫЗ (әні Жақсыбек Қалелбектікі) Үкілі қыз – көктемім, Қол жетпейтін көктегі. Сағынышқа айналып, Көз алдымнан кетпедің. Қайырмасы:
Айдай едің жасыңда, Үкілі бөркің басыңда. Ақ әжеңнің алдында, Бақытты едің расында... Үкілі қыз – жыр-әнім, Табылды ма сыңарың? Қай жігіттің бағына, Тудың екен, шынарым? Қайырмасы: Үкілі қыз – арманым, Аялаған ардағым. Сағындырған, қалқаға, Осы әнімді арнадым... КӨКТЕМІМ (Әні Жақсыбек Қалелбектікі) Бір жүрген күндер кешегі... Оралмас, сірә, бақыт. Бұл сезім мөлдір деседі, Біреулер жылап жатып. Ай жүзің ұйқымды ұрлаған, Тұрағаны-ай нұрын шашып. Берсе Ием сол күнді маған, Айтар ем сырымды ашып. Қайырмасы:
Күлімдеп сен жүрсің көктемім, Қажытты қара түн... Қылықтым, қауқарым жоқ менің, Қақпаңды қағатын. Жаныңды жылатсам кеш, күнім, Жүруші ең ағалап. Таппаған сезімім еш тыным, Өзіңе аманат. Өшпейді көңілімнен күліп тұрған, Қаяусыз ақ дидарың. Өмірде білмеппін, қылықтым-ау, Осындай шат күй барын. Айырылмас аққуым өзің едім, Айдында жұп құраған. Кеудемде маздаған сезім кенін, Мен қалай ұқтыра алам?! Қайырмасы: Күтумен сен жүрсің көктемім, Санаулы сағатың... Кешірші, амалым жоқ менің Сені іздеп баратын Кіршіксіз көңілдің, шаттығым, Аспанын мұң басқан. Ұмтылмас ешқашан тәтті күн, Екеуміз сырласқан.
БАСҚАША БОЛАДЫ...
Жаралы жас жаның суыққа тоңады, Өмірдің ыстығын сезінген жоқ әлі. Жылама, қылықтым, сен мұны ұмыттың – Өмірде бәрі әлі басқаша болады... Жаныңды таптасаң, пәк ғұмыр солады, Арыңды сақтасаң, бақытың қонады. Жылама, қылықтым, өтеді күліп күн, Өмірде бәрі әлі басқаша болады... Сендегі пәк сезім бәрінен жоғары, Шайқалта алмайды тағдырдың бораны. Жылама, қылықтым, соңын тос үміттің, Өмірде бәрі әлі басқаша болады...
ТАЛ МҮСІН
Тағдыры қиын талдырмаш, Тана көз – тәтті қылығы. Гүліңді нәзік солдырмас, Табылар әлі бір іні?! Тал мүсін тәмпіш, тана көз, Тәніне ешкім тимеген. Тәттіге құмар баласың, Ешкімге басын имеген. Телусіз жүрген тұйығым, Теңіңді ізде тектіден. Тәңірдің берер сыйы мың, Әлі де ешкім жетпеген...
МЕН ЖАЙЛЫ
Мені біреу жаман дейді. Кім білген? Сырт көздерге момақан боп жүрмін мен. Жиырманың төртеуіне келгенше, Ештеңені емеспін ғой бүлдірген. Мені біреу жаман дейді, сыртымнан, Торғайдай-ақ, танысаңыз, түр-тұлғам. Жамандыққа туылғаннан жаным қас, Жан емеспін жауыздыққа ұмтылған. Мені біреу жаман дейді, десін де, Ес білгелі ештеңе жоқ есімде. Жамандыққа ілеспедім, білгенім, Еріп келем жақсылықтың көшінде. Мені біреу жаман дейді, шын шығар, Ниетім жоқ қарсылыққа құлшынар. Ақыл – басшы, сезім – серік мендегі, Сезімімді дәлелдейтін күн туар.
АРМАН
Бір білерім, ешкіммен жоқ есебім, Өзім сырлас жандармен кеңесемін. Өзіменен өзі бір жүрген пенде, Аларым аз, көп бірақ берешегім. Жылы құшақ күтпеймін ешкімнен де, (Жылылықты мен өзі кеш білгем бе?). Жаназама жақсылар келсе болды, Күнделігім жыртылып ескіргенде. Жиырманың үшеуін қалдырдым да, Алға аттадым. Отымды жандырдым ба? Басқа салған сынағын келем көріп, Қуанышы бар шығар тағдырдың да? «Болашақтан күтемін керемет күн», - Деп жүріп-ақ жастықты елемеппін. Ана өмірге барғанда – ақыретке, Не бітірдің десе, мен не демекпін?
Тәубе етуден жоқ менің басқа амалым, Сәжде сүйіп, жанарға жас та аламын. Өткен күндер өкініп жатқан кезде, Қалай болар жаңа өмір бастағаным? Арманым көп, кеудеде үміт, күдік, Күнә басам кей кезде біліп тұрып. Бұ дүниенің бақытын аңсаймын кеп, Қияметтің қаһарын ұмыт қылып. Әлі талай суықтан тоңар жаным, Бар тағдырым көктегі Оған мәлім. Ақын бола алмасам, өзіме сын, Адам болып аттансам жоқ арманым...
БІЗДІҢ ЖАҚТА
Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға... Табылды Досымов Біздің жақта көк тіреген таулар жоқ, Шыңдарымен шабыт берер баршаға. Есесіне тау тұлғалы жандар көп, Қонақ келсе құшақ жайып қарсы алар. Біздің жақта өзендер мен көлдер бар, Балық аулап құмарың бір қанатын. Сусылдаған құмдар, сорлар, шөлдер бар, Басқан сайын жаның рахат табатын. Мекен қылған Қиғаш, Шора жағасын, Біздің жақтың адамдары – қызба жұрт. Нұржау менен Қанышкеннің арасын, Тірлік қылар апта сайын жүз барып. Қыр өмірі таудағыдан өзге тым, Тау жоқтан ба, аспан жақын бізге анық. Бірінен соң бірі жауып күн көзін, Ала бұлттар қарайтындай қызғанып.
Біздің тілек аспан жаққа заулайды, Ұмтылады тым биікке асығып. Арманымыз тауға ілініп қалмайды, Орта жолда бұлтқа барып асылып... Біздің аудан – қыры менен суы бар, Израилдің даласындай көлемі. Жалыққанда тас қаланың шуынан, Ауыл жаққа тартып кеткім келеді... ТҮС Жұмекен Сабырұлына Түн екен... Мен ғашық бір ақын тірі екен, Саябақ ішінде... жабыңқы жыр оқып. Жүректен жұп-жұмыр шумақтар түлетіп, Жадырап отырды Жұмекен. Қызық, ә, Мен оған қараймын қызыға, Біреулер жырларын жамаса... үндемей. Жайуат қалыпта, жалпыға дым демей, Жақындап келді ол тұсыма...
Түн екен... Жанына мені ертіп жүр екен, Жұмекен атымен аталған даңғылдың, Бойынан шайырдың жырлары жаңғырды, Соны естіп... қуанып тұр екен. Қыс екен, Ақынның мүсіні мыс екен, Қар басқан бейнені қолымен тазалап... (артымнан бір адам түрткені мазалап...) Оянсам барлығы түс екен. Иә, түс екен!
ЖЫР
Қауызын әлі жара қоймаған қамсызым, Қымсынба, қалқам... Балапан жырым қанат қақ. Қаламды қолға ап, шабытым қысқан әр түнім – Қағбадағыдай қажылық сынды, ары аппақ. Тамылжып таңда төгіле түсер тіл-үнім – Тәттіге құмар, тынысы биік төр едің. Түрткілеп мендік кеудемнің тылсым дірілін, Түнерген күйі түйінсіз қалдың, өлеңім! Сабырсыз емен, сайтаннан сұсым қашпаған, Сағаттар бойы сана-сезімде тыныс жоқ. Сазарған күйі, садақпен қарсы оқталам, Сәйгүлік мініп, сәтті өлеңімдей қылыш қып.
КЕШЕ
Мен кеше... шоқ басып жүргем-ді, Мұңымды түсінбеді ешкім. Бақытты отбасы дегенді, Тек қана түсімде кештім. Мен кеше... жападан жалғызбын, Жаныма жоламады ешкім. Қан жұққан артымда қалды ізім, Білемін... молада емеспін. Мен кеше... басымды тасқа ұрдым, Тағдырға налығам жоқ-ты. Бар жұртты өзіме қас қылдым, Шыным сол, сағынам көпті. Мен кеше... бәлкім кетер ем көніп, Естелік қанасың бүгін. Ажал-досымның жетегіне еріп, Зымырап барасың күнім.
ҚҰЛАЗУ
Жанары суланып дала тұр, Жалғызбын... енбеді үйге ешкім. Қажытып жіберді қала тым, Қалжаурап қалғыған күй кештім. Көрінсем... түріме күледі ел, Сан-саққа жүгірді бастағым. Жазып ем әдемі бір өлең, Әйтеуір аяқсыз тастадым. Жабыңқы... жанардан нұр қашқан, Бүлінтіп барады бұ сезім. Түнгісін жұлдызбен сырласқам, Не үшін? Соны әлі білмедім... Ешкім де жаныма келмейді, Жалғыздың жаралы халі бұл. Жылтылдап жанарым сөнбейді, Жыпылық қағумен әлі тұр. Жүрегім кеудеме сыймаған, Асаудай тулаған қалпында. Қозғалған сайын ол, қиналам, Тұрғандай ажалдың алдында.
Өзімді алдаймын өлеңмен, Таусылып барады шыдамым. Күн сайын кездігін кезенген, Қажытып жіберді мына күн...
ҒЫЛЫМ ДАМЫП БАРАДЫ…
Жақындаған сайын сол заманақыр, Ғылым дамып күн сайын бара жатыр. Жұмысыңа әп-сәтте-ақ жеткізетін, Темір дырылдап далада тұр. Сан ойланып жазбайсың хат та бүгін, Бір-ақ секунд көтерер апта жүгін. Е-майл, м-агент – жүйріктер бар, Интернетте газетің – апталығың. Бәрі де оңай бұл күнде, бәрі-бәрі, Сан техника саған кеп бағынады. Тілін білсең болғаны тетіктердің, «Тілегенің алдыңнан табылады». Жақындаған сайын сол заманақыр, Түседі екен тілге – дақ, санаға – кір, Ғылым дамып барады, ал адамдар, Ғаріп жанға айналып бара жатыр…
М-АГЕНТ
Бүгінгінің қазақтары үйге кеп, Ақ қағазға хат жазбайды аптығып. Жаңа заман, жаңа ғасыр, күй бөлек, М-агентпен білдіреді тәтті үнін. Бүгінгілер шығын қылмас сөзді аса, «Шын көңілмен сүйемін! - деп, – Мен сені!» «МСС» деп қысқартады, болмаса, «Жүрек» белгі-смайлигін шертеді. Танысының суреттері тұрса нақ, «+10» деп бағалауы бар тағы. Ынтық болып жүгірмейді күн санап, Барлық жүкті М-агентке артады. Бірі-бірінің көрмесе де түр-өңін, Суретпенен сыйласады қос ғашық. М-агентпен біріктіріп жүрегін, Алған олар «е-майлмен» достасып.
М-агентпен сырласады күні-түн, «Статуспен» іс-қимылын ымдайды. М-агентпен білдіреді үмітін, Қайғысын да М-агентпен мұңдайды. Улап жатқан уақыттың алтынын, Біреулерге бұл М-агент – тамаша! Біреу жазса ішіндегі бар сырын, «Блогпен» бәрі үн қосады таласа. Бүгінгінің қазақтары тым басқа, М-агентпен құртып жатқан санасын. Интернетте отыратын тынбастан, «Қайран, қазақ қайда кетіп барасың?»
МЕН ТУҒАН ЖЕР
Мен туған жер – Мамыражай мекен бір, Маңында жоқ тау түгілі тасы да. Малын бағып, майпаң қағып көкем жүр, Әскердегі ұлын күтіп асыға. Мен туған жер – Ерекшелеу дала бір, Құмға да бай, суға да бай, Хақ берген. Қарны шығып қалбақтап жүр қара қыз, Кеше ғана көрші ағамыз ап келген. Мен туған жер – Балығымен базарлы, Бұл күндері азайыпты-ау ол да аса, Жайылымға асығатын азанғы, Бірен саран қой-сиыры болмаса. Мен туған жер – Венеция – суы мол, Мен туған жер – құрғап жатқан Сахара. Құм үстінде құжынаған түйелер, Жайқын қорып шыр-пыр еткен шағала.
Мен туған жер – Жұмекендей жырға ынтық, Ерлерінде Махамбеттің ызғары. Құрманғазы күй төгілтсе құйғытып, Хиуаздайын қайсар жүрек қыздары. Мен туған жер – Қарапайым қара ауыл. Құжырамнан ұшырған-ды ел мені де. Ақ үмітін алға жалғап даланың, Азамат боп оралайын жеріме...
БЕУ, АЛМАТЫ...
«Беу, Алматы... Қайдасың?» - деп жар салып, Нән қалаға жеткен едім кеше мен. Хан Абылай ескерткіші қарсы алып, Алматымен бір боп кетті пешенем. Содан бері арман қуып, алға аттап, Анда-санда Ақ Жайықты сағынам. Түсіме енді ауылдағы нарқоспақ, Көрдім оны Алматының бағынан. Беу, Алматы... Жастығымның куәсі, Көкіректен көзін ашты бұлағым. Өзіңде екен ақындықтың тұмасы, Жатағымда тұңғыш жырды құрадым. Арлы ұлдарын арқасына өңгеріп, Алатау тұр ақ сақалды – дана қарт. Ақ қайыңдар ажарыңа өң беріп, Сұлулықты сезінемін ғаламат.
Қадіріңе жете бермес былайғы, Сенің даңқың басқалардан биік тым. Маған сенің бір аруың ұнайды, Өзіңді де өліп-өшіп сүйіппін. Қала өмірі, бітпейтұғын тірлігі, Қажытса да тұрам сені сағынып. Сен сыйладың қарақат көз құрбыны, Қадіріңді түсінбедім әлі ұғып. Сенде өтеді бір күн асып бір күннен, Беу, Алматы... Сұлусың ғой тым ғажап! Жадыланып қалдым білем мүмкін мен, Бір өзіңнен кете алмай жүр бұл қазақ! ҰСТАЗЫМ – АРДАҚТЫМ (әні Өктем Әлтаевтікі) Нұрын шашқан білімнің бар сыныпқа, Жүзі әрдайым жүретін күлімдеумен. Асыл ұстаз үйретіп жақсылыққа, Бәрімізге сарқылмас білім берген. Қайырмасы:
Ұстазым, ұстаз – анам, ардақтым-ау, Өзіңдей менің асыл жан анам да. Әлемді шықсам дағы шарлап мынау, Айнымас аяулы адам таба алам ба? Кеңейтіп көкжиегін бар баланың, Үлгісін көркемдіктің қолданасың. Үмітін, өскіндердің жалғап әнін, Жетелеп болашаққа жол саласың. Қайырмасы: Ұстазым бір өзіңдей жылы ән бар ма? Біздерге септің білім, беріп үміт. Ұшамыз ертең алыс ұлы арманға, Ұстаздың ұлағатын серік қылып. АЙЯ (әні Сәкен Дәрібаевтікі) Шаттық нұрын төгіп мерейіне елдің, Тәтті үміт болып дүниеге келдім. Кең пейілі тасқан, мол мейірі асқан, Айя деген ақылды, ару қыз менмін.
Бақыт гүлін терген бақшасынан әннің, Жақұт үнге ерген мен де өнерлі жанмын. Жұпар шашқан гүлдей, күлімдеген күндей, Әнімменен озып өнер тобын жардым. Бабалардың көшін жалғаған жол – ізбін, Көліміз мол шалқар, жеріміз бар біздің. Тілді-дінді сақтап, баба үмітін ақтап, Қасиетті елге қорған болар қызбын. Қалықтаған қыран, төбемізде бар күн, Мәнді өмірді жырлап, сәнді әуенге салдым. Ел деп соққан менің кішкентай жүрегім, Азаттықты жырлар арманы көп жанмын.
БАУЫРЫМ, БІЛІМ АЛ...
Ол – кәусар ілімнің төрі еді, Бәріміз сол жерден нәр алдық. Жүректен өрілген өлеңі, Мінеки, ақын боп таландық. Ол – биік асқартау шыңы еді, Аспанға қол созып алқындық. Өмірде, сондықтан үнемі, Барынша тек алға талпындық. Ол – терең судағы маржан-ды, Ұмтылып теңізге сүңгідік. Биіктен тайғанап қалған күн, Төменнен тірек боп тұрды үміт. Ол – шексіз көкжиек екен тек, Біз алар қамалдар – (жалған бақ). Әлі іздеп келеміз, секеңдеп, Әдемі өмірді армандап... Бауырым, білім ал, тағы да... Өмірде сол ғана керегі. Білімің бар болса жаныңа, Бақытың өзі іздеп келеді.
ЖАТАҚХАНА. ЖАЛҒЫЗ КӘСТӨМ
Жан жақтан жиналған жастармыз, Жоғары білімге ұмтылған. Студенттік өмірге аттандық, Қызық ол, қарасаң сыртынан. Студентпіз – білімге құштар жан, Орнымыз – жатақ (һәм) ханамыз. Балалық бұлбұл боп ұшты арман, Кей сәтте қиналып қаламыз. Бәріміз, шетінен мырзамыз. Аштықты білдіргің келмейді. Көндіккен өмірге ырзамыз: «Өтеді, - дейміз ғой, - е, мейлі!» Бөлмеде жалғыз-ақ кәстөм бар, Иесі бір жомарт ер еді. Кәстөмін үтіктеп, әсемдеп, Үстіңе кигізіп береді.
Үстіңде жылтырап кәстөмің, Кей кезде кештерге барасың. Онда да сол күні бәстесіп, Кәстөмді ұтсаң-ақ аласың. Бір жаққа аттанар болсаңыз, Қыңқылдап әлгіге «шеш» дейсің. Ашуға берілсе ол тағы: «Жоқ», - деген нашар сөз естисің. Талайға бақ болған сол кәстөм, Бүгінде бар ма екен, білмедім?! Жатақтан кеткен күн жалғасты, Жартылай бақытты күндерім... Су жаңа кәстөмім бар қазір, Кигеннен, ұзақтау тұрғаны. Қай жанға қызмет қып, қайда жүр, Студенттік шағымның жұрнағы?!
БЕС КҮНДІК БҰЛ ДҮНИЕ...
Бес күндік бұл дүние, сорынан бағы басым, Талантың болса ғана талайға таныласың. Төрге озып шығу үшін көкеңнің курткасын, Үстіне іліп беріп талай жыл жағынасың. Бес күндік бұл дүние, бағынан бары басым, Әйтеуір көп ішінен әзер-ақ табыласың. Әккілік көрсетпесең, әндемде жоқ боласың, Басыңды көтермесең, барыңнан қағыласың, Бес күндік бұл дүние, сападан саны басым, Біреуді жалындырып, біреуге жалынасың. Басқаның ыдысына ырысты құйып беріп, Өзіңе тұқыл қалмай еріксіз жабығасың.
Бес күндік бұл дүние, жанынан малы басым, Ешқашан өзгермейтін күндерден жалығасың. Мейірімсіз бұл жалғаннан мезгілсіз мезі болып, Мейірімін күнде шашқан мектепті сағынасың.
ТҮРМЕДЕГІНІҢ ТІЛЕГІ
Тойларда биледік, ән салдық, Ұйқысыз таңдарды қарсы алдық. Соғылды бокалдар – сайтандар, Сананы суалтқан дел-сал ғып. Қайғырдық, қуандық, түнердік, Темекі тұтатып шірендік. Қолтықтап қыздарды – күнәні, Қимасын қашырып жібердік. Тасыдық... Тапанша серік қып, Көшеде, кафеде желіктік. Достасып ірі іспен – қылмыспен, Көп жанның көз майын еріттік. Күн өтті... Кірген бе енді есім, Түрменің тірлігін көргесін?! Тәңірден тілерім тек қана, Мұндай сор ешкімге бермесін!
ЖЕЛТОҚСАН
Бақытсыз болса да, Жылтырап дала жайнады. Жол беріп шыршаға, Иілді қарағай да әне. Жасанды күлкілер... Жұрт жатыр тілектер тілеп. Сезімдер бүлкілдеп, Табысып жүрек пен жүрек. Балалар қуанып... Балға да, барға да қанық. Қайыршы жүр әне, Көшеде зарлы әнін салып. Желтоқсан – желді күн, Суықта солған гүл еді. Қолға алып теңдігін, Азаттық алған күн еді. Көргенім күнде осы – Ақталар қашан арманың? Жаңа жыл төрге озып, Азаттық... тасада қалдың.
ӨТТІ КҮНДЕР
Өтті күндер, Қайғыртты текке өткені, Қайта оралмас күндердің өтеуі не? Көзім жетті, кездердің мектептегі, Барлығы да өткінші екеніне. Өтті күндер, Зымырап жыл, айларым, Таңертең мен шығамын үйден күліп. Ұмытып та кетіппіз Құдай барын, Дүниеден биіктеп, билеп жүріп. Өтті күндер, Айтайын несіне сын, Келешегім тағы не бүлдіреді. Күліп кеткен күндердің несібесін, Жылап тұрып өтермін, кім біледі?!
ОРАЛУ
Құм далаға қалдырып құлын шақты, Алматыға аттанды ол арман қуып. Ұланының кеткенін біліп жатты, Қу ағаштар тамыры қалған құрып. Талаптанып... Көргенмен сынап бағын, Жас өскіннің өмірін аяды кім? Тағдыр оның тұрпатын ұнатпады, Астына алып қатыгез таяғының. Өмір ерте есейтті... Ұқты бәрін... Қиналғанда Иесін ұлықтады. Көкесі көп көлденең мықтыларың, Жас баланы маңына жуытпады... Жылдар өтті жарысып... Уақыт жүйрік... Оқу біткен... Жас маман... Өмір жаңа... Сан сынақтар төнгенмен ағып келіп, Өзгермеген баяғы көңіл ғана...
Ақ пейілмен асықпай бала күнгі, Орындап ол келеді тілегенін. Қай кезде де жанына қаламы үлгі, Шабыттанып төгеді жыр-өлеңін. Кім біледі, қаншаға созыларын Бұл ғұмырдың, Қанша ырыс қонады әлі? Алла жазса, Атырау, өз ұланың, Мекеніне қайтадан оралады...
АҚИҚАТ
Жыл санап түтіп, жұлқынған нарық, Азғындап кетті-ау алып төр. Әйтеуір, алға ұмтылған халық, Сүзгіге өзің салып көр. Алқымнан азап алады-ау анық, Етегін жимай көктемдер. Шылым дегенің далада қалып, Есірткіге еріп кеткен бе ел?! Жүргендей бір мен, қисынын тауып, Жүк артар келіп маған көп. Жалақы тауып, жанұя бағып, Адымдап жүрген ағам жоқ. Алдайды-ау, тегі, пейілін салып, Кербездер үйге енген боп. Самаурын салып, сиырын сауып, Шай қойып жүрген жеңгем жоқ. Көріп-ақ тұр-ау Жаратқан да анық, Алдында көздің бәрі нақ. Ардақтылары араққа алданып, Аңырап жүрген шаңырақ.
Ақшаға бар іс алдана қалад, Айтусыз содан талай үн. Танысың менен қалтаңа қарап, Табысып жүрген ағайын. Мұң мен құсаға етегі толып, Темір торда өтер жыл, айлар. Келісім шартпен «некелі» болып, Керісіп жатқан жұбайлар. Біреулер күтіп жоғалған ұлын, Тосумен өтер: «Кеп қалар!». Зәрлі уын шашқан қоғамға бүгін, Сан сырлы сансыз секталар. Парасы менен табысын бөліп, Қарнына тыққан құлқындар. Нәпақа үшін намысын беріп, Сылаңдап жүрген сылқымдар. Ақиқат осы – ғасырдың дерті, Тізбектей берсек тағы бар. Ақылмен ғана – асылдың кілті, Болашағыңды танып ал! БІРДЕ... немесе ҚОЛ ТУРАЛЫ ЖЫР
І. Бірде... Көркем шара болды, Ән-жырға әуес ел келді. Жұрт ерекше баға берді, Жан жарасы емделді. Жүректегі жара табы, Көңілден тез ғайып боп. Сарт-сұрт ұрып алақанын, Жамырасты халық көп. Риза бәрі, бала-шаға, Жеткіншек те, кәрі де. Қызығы, бұл тамашаға, Тегін келді бәрі де. Бергендейін оңынан дем, Бишілер жүр ырғала. Жұрт жабыла қол ұрғанмен, Қол соқпады бір бала. Бірақ оның жанарында, Жалын шашып дара нұр. Кінәлідей жан алдында, Қол ұрмайды бала бұл. Көрінгенмен саналы боп, Қылығы осы, көнеді. Көнбеске де амалы жоқ, Қолдары оның жоқ еді...
ІІ. Бірде... Жиып дүйім елді, Бір ағамыз той қылды. Көңілдің де күйі келді, Қарынды да тойдырды. Ақын ағам өлең оқып, Сусындатты бар жанды. Жырын жұрттың бәрі ұнатып, Талантына таң қалды. Осы тойда тілек айтып, Би биленіп, ән салды. Үйлеріне күле қайтып, Жиылған жұрт тамсанды. Ел көзінен өзі бөлек, Қайта-қайта қол ұрып. Жиылғанның көзі көред, Біреу шықты жұлынып. Тамсанды ма, жоқ талабы... Бұл қылығын кім ұқсын? Қолын ұрып тоқтамады, Пейіл де шын, қылық шын. Несі екен ә, қызып тасқан, Неге мұнша алқынды?! Білдім кейін, жүзік басқан, Қолы толған алтын-ды... БАРЫС Бекзат Саттархановқа
Алты Алашқа сүйікті еткен, Асып туған текті ер едің. Жұрт жетпеген биіктікке, Жиырма жаста-ақ жеткен ерім. Атой салып халқың жатты: «Бекзат ұлдың еңбегі ерен!» Жиырмаңда оттай жарқылдатты, Махаббатың елге деген. Ұлттық қаның – намысың бар, Қайсар рухты текті өренім. Ұлы көштің ағысында, Қолың бұлғап кеткен едің. Амал нешік, ажалға ара, Бола ала ма адам аты?! Қайдасың сен, Азат, Дара – Қазағымның қазанаты?! Тірлігіңде тас-түйін ең, Толағайдай күшің бар-ды. Адалдығың, Пәктігің мен Артыңда адал ісің қалды. Барыстайын мықты болып, Жастығында жанған оты. Сендей болса ұлттың ұлы – Қазағымның арманы осы. Бүгін сендей барыстар жоқ, Қарсақтар жүр айбат шегіп. Ақыршы аға, арыстап боп, Інілерге қайрат беріп...
Таудың асыл барысы едің, Биігінен құламаған. Есіміңді мәңгі сенің, Ұмытпайды-ау, сірә далам! Уақыт – жүйрік... Алға асады, Алаш үшін туған ұлан. Сендей тұлпар болмасам да, Тілдей ғана жыр қалдырам. 2-дәптер
КӘУСАР
Кеудеме қайғы толған соң, Кәусар сумен жуынам... Дулат
ӨЗІМ ЖАЙЛЫ
Мен бармын... Рухым да бар, тәнім де аман, Кеудемде жастық отым жалындаған. Жүректе ар-иманым, Жаратқанға, Бас иіп, басқа жанға табынбаған. Тірімін... Өлерім хақ, көнем, білем, Өзімді жұбатамын өлеңіммен. Алыстан арман қуып алқынбаймын. Алладан медет күтем, келер күннен. Адаммын... Түрі – мәлім, сыры – жұмбақ, Амалым ақыретте тірі қылмақ. Алланың жазған жасын жасап келем, Бірі – арзан күндерімнің, бірі – қымбат. Мен бармын... (Өлімді ойлап жатқаным-ай!) Сан мәрте сиынамын Хаққа құлай. Тірлікте іс оңалар, жөн түзелер, Тек қана тозағыңнан сақта, Құдай!
ҚАЙРАН, ӨМІР
Қайран, өмір, Бүгін бар да, ертең жоқ, Тіршіліктен табылды ма тұрағым?! Жас күнімнің сөнгені ме бекер деп, Жастығымды құшып талай жыладым. Қайран, өмір, Көп ішінде бүрсеңдеп, Ессіз күнім, өтті-ау талай ұмтылған. Қадіріңді жақынырақ білсем деп, Қабірімнің орнын іздеп құтырғам. Қайран, өмір, Ақ жүрегім қақ тағы, Құлшылыққа асық, қане... Құдайға. Сынақ қайғы-қасіреттің аптабы, Бір-ақ рәкат намазыма шыдай ма?! Қайран, өмір, Қадіріңді шын ұқтым, Мен – пендемін, кету үшін келемін. Кәмілі мен Жаратушы Ұлықтың, Әмірі мен тағдырына сенемін.
Қайран, өмір, Мен білемін қайда бақ, Ар-амалым маңдайымда жазулы. Ием – Алла, Лә илләһә илла Аллаһ, Пайғамбарым Махмұд – Оның расулы.
АҚЫН ДОСЫМНЫҢ АЙТҚАНЫ
Дей жүріп (жұмыр жерді мекен қылып): «Өмір неткен тәтті еді, балдай мына!» Жылайтұғын жерлерде бекер күліп, Жасады екем, Жасаған, қандай күнә! Жас күнімді бекерге сайрандатып, Біреулердің мен жүрдім өсегінде. Қалды екен қайғысыз, қайран уақыт – Қамсыз күнім қай қыздың төсегінде. «Қалтаң толып ақшаға, қайғы-қамсыз, Ләззатына өмірдің батыңыз!» - деп. Қалпымыздан адамдық айнығанбыз, Бокалдардың түбінен бақыт іздеп. «Шарап бізге шын шабыт береді», - деп, Сіміруші ек селт етпей шайша мына. Өрнек қосып өзімше өлеңіме, Қаншама өлең арнадым қайдағыға.
«Қызды сүю – сезімнің шын төресі», - Дедік біздер нәпсіге ерік беріп. Сөйтіп жүріп қалыпты күндер өтіп, Сөйтіп жүріп ағыпты өмір кеміп... Өкініп-ақ, қалады өлсем жаным, Соңғы тілек тілейін, мен де Сенен. Қалған ғұмыр қайғыға көмсең-дағы, Ендігі өмір ессіздік бермеші, Егем!
МЕНІҢ «КРЫШАМ»
Екеуміз отырыстан бұрын қайттық, Келеміз жол қысқартып әңгімемен. «Бір сұрақ қойсам деп ем, шыныңды айтшы, Крышаң кім?» - деп сұрады әлгі менен. Досымнан күтпегем-ді мұндай қылық, Білдім де бірдеңе іздеп бәлсінгенін: «Айтайын, тек бірақ-та, құмдай сіңіп, Әңгіме осы арада қалсын», - дедім. (Кетердей сол мезетте-ақ орға жығып, Сенсеңіз, менің аузым – торығаны). «Крышамның» өмірдегі қорғанымның, Білсеңіз, Рахман, - дедім, - оның аты». Шаттанып «құпиямды» ашқанына, Асығып мекеніне ол кете барды. Таң қалып жолдасымның қашқанына, Жаяулап жол үстінде жеке қалдым.
Ес жиып отыр едім ертеңгі күн, Ентігіп жұмысыма жетті ол тағы. Ойлап ем енді нені шертер бүгін, «Әлгі ғой, - әңгімесін деп жалғады. – Көрген ем көпшіліктен сұрастырып, Таппадым, (білдірмеп ем жан-адамға). Алдың-ау өз ойыңнан құрастырып, Сен айтқан Рахман өзі бар адам ба? – Мұныңды естімесін надан, білмес, Соны ойлар саналы өрең бар ма сенің? Рахман – жаратылған адам емес, Ол – қамқор Жаратушы Алла, – дедім. Мұндай да болады екен масыл-ермек, «Крышамның» болыпты оған не керегі? Оқ бойын отырса да ашу кернеп, Таңдантты ештеңе де демегені.
Отырып ой-сүзгіге салсам бүгін, «Крышасыз» өмір сүру қиын екен. Қалғанын кім біледі қанша күнім, Сондықтан, тек жақсылық жиып өтем. Тәңірім күндер берсе күркіремес, Арманның ақ көшіне аттана алам. Адамнан бақыт тілеу мүмкін емес, Қамқоршым – Жаратушы Хақ тағалам!
УА, ЖАРАТҚАН!
Уа, Жаратқан! Алла атымен абзал жырымды бастадым, Аңғал құлыңды алауырт тілден сақтағын. Ағаттық қылып, адасып жүрген жандарға, Аманат сөзім танытса, шіркін, Хақ барын! Уа, Жаратқан! Ғазиз нұрыңа табынумен өтсін барша күн, Ғаріп күндік пен ғапыл тірліктен шаршадым. Ғинаят тілеп: «Ғайбатшыл жаннан сақта!» - деп, Ғарасаттағы ғажап күнімді аңсадым! Уа, Жаратқан! Кемдетпей ешкім, кемдіксіз өтті бал шағым, Келісті күндер келмеске кетті қанша мың. Кәдік келтірмес кәміл жырларым көкке өрлеп, Көгершін сынды биікте жүрсін, «КӘУСАРЫМ»!
ҰЛЫ ШЕБЕР
Ол кезде біз оқушы едік... балғын ек, (Ол кезде аңыз біздер үшін Арғы бет). Қылатынбыз күнде-күнде білместік, Тұратынбыз тақта алдында жәудіреп. Ол кезде біз білмейтінбіз Хақ барын, (Күнде-күнде жалған өлең жаттадық). Көргеніміз – төрдегі анау көк жәшік, Ермегіміз – доп қуалау шаттанып. Дін жайында ұқпайтынбыз әлі біз, (Біздер үшін Дарвин жалғыз сәніміз). Ұстазымыз: «Бабаң кім?» - деп сұраса, Бірауыздан маймыл дестік бәріміз. Қайтіп бұлай жүрекке иман бекиді? Бұдан кейін кештік талай не күйді. «Жаратушым жар бола көр!» - десем мен, «Құдай жоқ!» - деп мұғалімім зекиді.
Ұстазыма не айтпақпын ақтала, Олар үшін мен біртүрлі, жат бала. «Ұлы ақын», - деп бастаса ағай сабағын, Мен айтамын: «Ұлы – жалғыз Хақ қана». Қол бұлғады сол бір қызық мектебім, Адасқан күн әлі есімнен кетпедің. Аллаһыма сәжде қылып бес уақыт, Ақиқаттың ауылына беттедім. Ғаріп басым ғибадаттан талмапты, Бүгін, міне, тағы да өлең арнатты... Шын туынды адамзатты жаратқан, Ұлықта деп Ұлы Шебер Аллаһты!
МҰСЫЛМАН ДҰҒАСЫ
Жаратушы жалғыз Ием, қуат бер, Азабымды, тозағымды жеңейін... Мұқағали Сан сүріндім өмір деген жолда асқақ, Раббым, Аллам, күнәмізді кеше гөр. Жаһаннамның жалынынан қорғаштап, Қияметте кәусар толы кесе бер! Тағдыр менің соқпағымды ақ қылғай, Раббым, Аллам, намазымды қабыл ет. Тозағыңнан тозаңдай да тарттырмай, Азабынан сақтасыншы ақырет! Құран ашсам... шыға келем нұрланып, Раббым, Аллам, саған үнім жетер ме? Шын дүниенің сыйлығынан құр қалып, Бес күн дүнием босқа өтпесін, бекерге. «Біздер үшін күлкі, ойын – бұл өмір», Раббым, Аллам, асыл дінді аз ұқтық. Құлдарыңның сүйіктісі қыла гөр, Қос дүниеңнің нығметіне асық қып.
Төбемізден иман нұры төпелеп, Сақта бізді апаттардан жердегі. Раббым, Аллам, сауаптарды еселеп, Сақта бізді азаптардан көрдегі. Кеш қарайып, атар тағы жаңа таң, Өтер-кетер өкпелетіп сағым жыл, «Амин» десіп жайдық Саған алақан, Осы айтылған дұғамызды қабыл қыл!
БҰ ДҮНИЕНІҢ ҚОНАҒЫ
Күллі ғалам, Мына маң – О мекеннің жай-қамы. Күлгендер һәм жылаған, Бәрі де ертең қайтады... Бейқам тірлік, Бейпіл сөз – Бейнет, зейнет... қалады. Кесір тірлік, кейкілжің, Бәрінің бар жауабы... Тағдыры... һәм ар-мұңы, Өткінші өмір о дағы. Адамдардың барлығы – Бұ дүниенің қонағы... Бар ғаламның Басшысы... Бұйрығыңыз хақ маған. Ертең... мен де аптығып, Өзің жаққа аттанам. Пейіш нұры шалқыған, Кәусар дәмі таңдайда... Жәннат – шәрбат аңқыған, Жазыла ма маңдайға? Осыны ойлап, Ұзақ мен... Қурадым һәм жайқалдым. Қош айтысып, бұ жақпен, Мекеніме қайтармын!
ӨЛІМНЕН КЕЙІН...
Шақырту келсе Алладан, Ажалға қарсы тұрар кім? Өмірде өлмес бар ма адам, Өлімді мен де құп алдым. Өткінші мынау жалғанда, Қылмаған болсаң жақсы амал. Алдына Хақтың барғанда, Себебің қайсы ақталар? Дайындық қылмай қайтар күн, Би-билеп өтсең дүрмекте. Торына түсіп шайтанның, Ғұмырың өксіп жүрмек пе? Иманды дос қыл жаныңа, Құлдан бол Хақты шын ұғар. Өлімнен кейін тағы да, Өмірдің барын біліп ал!
ПЕНДЕМІН
Мен – пендемін... Пенде мәңгі тұрар ма?! Кетеміз ғой Хақтан бұйрық келгенде. Тағдырымның қожайыны – Бір Алла, Ал мен – пенде, Шерлі ғұмыр, Шерменде. Пенделікпен бұзып алсам не бір іс, Жаттан емес, Хақтан медет тілегем. Ел дегенде ет жүрегім егіліп, Жан-тәнімді жұлқып-жыртып жіберем. Иманым мен амалымды қосақтап, Зыр уақыттың уысында жоғалам. «Бұл пендеңді тастай көрме тозаққа, Сақтай көр, - деп жалынамын, - О, Аллам!» Ұмтылғаным... Ұмытпасам Құдайды, Есейгенім... егер маған ес кірсе. Кеудемдегім ағыл-тегіл жылайды, Көк мешіттен азан даусы естілсе. Мен – пендемін, Ием – Аллаһ, жыр – тілі, Ғұмырымды алған жоқпын мен сайлап. Кім біледі, Мені де ертең дүрлігіп, Қолын бұлғап шақыра ма Кеңсай жақ? Мен – пендемін. Еркімде жоқ ешбір іс, Еншімді де бөліп бермес енді ешкім. Бір жеңіліс – Өмір бойғы өкініш, Бұл тірлікке қайта айналып келмеспін. ................................................................. Деп рухыммен тілдестім.
ЖҰМАҒА АСЫҒУ
Көтеріліп күн нұры қия көкке, Жұма күннің жадырап атты таңы. Дәл осы күн орналар Қияметте, Бақ-сорымыз сыналар сәт туады. Бекер күнін өткізген баладайын, Сәт санап біз келеміз күнә басып. Ақыретіңді ойласаң, ау, ағайын, Аптада бір келетін жұмаға асық! Қу дүниеге құл болмай, құлшылық қыл, Ақыреттің тек амал – алтын тағы. Мешітке бар, жұмада құлшынып бір, Бес күндік бұл дүниенің бар сұрауы. Ерік берсең нәпсіңе, сол – тығырық, Намазы жоқ мұсылман жай таба ма? Хақты сүю және де қорқу, үміт! Дүниеде бұл үмітсіз шайтан ғана.
Ақыретте қорғамас атақ, ұран, Қызды емес, Құдайды жүр сағынып. Қияметтің қорықсаң қаһарынан, Жұмаға бар, жұмақты қылсаң үміт. Душар қылмас, Жаратқан, тозағына, Тозақтықтар – тайғандар олар жолдан. Қайтқан күнгі қабірлік азабыңа, Жұма күнгі намазың болар қорған. Білместікпен ол өтті бала шағың, Жастығыңды желікке берме мұны. Ақыретте тартасың жан азабын, Өкініштен өртеніп өлген күні.
ҰЛЫ АЛЛАҺ
Нұр Аллаһ, Жол бастаған шырағым бар – қасиетті Құраным, Жәннат – Кәусар, жерде Зәмзам – бұлағым. Сен Мөлдірсің, ал мен болсам... Құдай-ау! (Өзге жанға өтірік жыр құрадым). Ұлы Аллаһ, Амалымды асыр, шайтанымды қашыр, қу, Болмасыншы енді азап, мехнат, ашыну, Сен Ұлықсың, ал менікі... Құдай-ау! Сенің ұлық Нұр бейнеңе бас ұру. Бір Аллаһ, Атым – адам, ісім – надан, көп күнәм, Тозақ барын кімге, қайтіп ұқтырам?! Сен Мәңгісің, ал мен болсам... Құдай-ау! Бүгін бар да, ертеңгі күн жоқ болам. ЖҰБАТУ немесе орамалды аруға жауап (М.Шахановтың «Жігерлендіру» өлеңінің ізімен)
Сен жыладың, аруым, Көп көрдім деп тағдырдың тар сынағын, Қоймады деп жазмышым қамшылауын. Сен жыладың, Жанардан жасың тамып, Болдым деп масыл нағып? Тағатым құрып бітті деп, Таршылық мені күтті деп. Сен жыладың, Тағдырым мені тепті деп, Бұл өмір не боп кетті деп. Адамдар сөзге салды деп, Басқаша ойда қалды деп. Сен жыладың, Ешкім де селт етпеді, Сенің айтқан сөзіңді ертек деді. Құлақ аспай сөзіңе кері кеткені. Өзегіңді күйдірді өртеп тегі. Жә, жә, болар, Шыдайсың, шамаң бар ма? Бәрімізді жұтатын мола барда, Бақидағы бақытың – Орамалда. Орамалда бәрі бар, иман-арың – Бұл өмірден бақиға жинағаның. Сабырыңмен сүйреді о да алға, Ендеше, үлкен мән жатыр орамалда. Хақ Тағала қарап тұр бәрі-бәрін, Қанша қыздың көшеде қағынғанын. Қимасынан бір сәтте-ақ арылғанын. Таршылықта туысын тастай қашып, Арын пұлдап, теңгеге табынғанын. Ал сен болсаң, жәннатқа адымдадың.
Ерік берме сондықтан, жасқа тағы, Саған ертең сәтті күн басталады. Сені сөккен жандардың жанарынан, Қияметте қайнаған жас тамады. Көтер, қане, басыңды, Күніңді босқа өткізіп пе едің, Тағдырдың жолы бұралаң саған. Елемей өмір сәтсіздіктерін, Жәннатқа жетер шыдаған адам. Бәрі айтты саған: Дәстүрді бүлдірдің деп, Зор қауіп төндірдің деп. Жасыңнан орамал тағып, Өзіңді өлтірдің деп. Бәрі айтты саған: Жұрттар сенен шошынып қарайды деп, Бар жамандық өзіңнен тарайды деп. Салтыңнан аттадың деп, Ұлтыңды таптадың деп, Білмейді-ау, олар, әй, мұны, Орамал деген – әйелдің көркем байлығы. Арын сақтаған – ұятты, Қыздардың бәрі ана-а-у періште сияқты. Тірлікте бірақ сендерді, Тілдейтіндер бар, Жылататындар бар. Күндейтіндер бар, Ұнататындар бар. Жанын салып қорлайтындар бар, Араша түсіп қорғайтындар бар. Қиналып бекер жылама, аруым, Санаңа мұны құйып ал. Пендесін бұлай сынаған бүгін, Алланың ертең сыйы бар. Өр кеуде баққа жеткізіп пе еді? Өңмеңдеп барып өлмесе, Өмірдің сынақ-сәтсіздіктерін, Қуанып қарсы ал, ендеше!
КЕТЕМІЗ
Кетеміз біздер, Мына күн – Пендеге берген сынақ бір. Басыңда, әне, сыңарың, Жанарын сулап жылап тұр. Қалады, Бәрі – бір нүкте. Жанұя, Жиһаз, Жан жарың. Таяныш болған тірлікте, Қолтығыңдағы балдағың. Кетеміз... Бітті... Қош бәрі, Аспандап жүрген күндер де. Сыйласып жүрген дос та әне, Ұмытып жатыр бір демде... Өлесің. Бәрі қалады, Кетеміз түбі мына біз. Кеңдігіне сыймай даланың, Ғайыпты мекен қыламыз.
ЖАЙНАМАЗ
Көрісумен өткізетін бұл күнін, Біздің жақта бір дәстүр бар ибалы. Сол ғұрыптың құрметіне Нұргүлім, Жасыл-ала жайнамазды сыйлады. Жайнамазды іліп қойдым төріме, Бөлмеміздің кіргізсін деп нұр-өңін. Күннен-күнге айналды да ол өліге, Құрдан-құрға құртып алды реңін. Түсінбедім, жайнамаздың бұл сырын, Бос тірлікке бағынушы ем бұрын тек. Сол бір күні кеудемдегі тылсым үн, Бұйрық берді: «Жайнамазға жығыл!» - деп. Нәпсім әлек мені иманнан қорғап та, Күннен-күнге кеудем күйіп барады. Қара басым білмеппін ғой сол шақта, Жайнамаздың сәжде екен ғой қалауы.
Ал бүгінде алыс кеттім ол шақтан, Өмірімді өрнектеймін өлеңмен. Жасыл-ала жайнамазға көз салсам, Ала-құла өткенімді көрем мен...
ӨМІР ДЕГЕН...
Бұ дүниенің жаралуы текке емес, Сарқыраған судың да бар сұрауы. Өмір деген өткелі мол көп белес, Құлап қалсаң бәріне өзің кінәлі... Жақсылық та, жамандық та бір сенен, Кінәліні басқа жақтан іздеме. Жүрегіңе жылу еніп жүрсе егер, Сол жылуға жылынады мұз дене. Тағдырыңа кінәлама өзгені, Қайғыңа да қатысты етпе Құдайды. Көзбен көрмей, алып-қашпа сөзге еріп, Жалпақ жұртқа жария етпе, мұны әйгі. Қу дүниенің құлы болма, қырсығып, Мол дүниең алып қалмас азаптан. Тірлігіңде Құдайға қыл құлшылық, Амал ғана құтқарады тозақтан.
Нәпсіге ерген бауырларым жүр қанша, Ешқашан да қанбайтұғын құмары. Өмір деген – көзді ашып-жұмғанша, Сарқылатын секунттардан тұрағы…
ҚАРАҒАШ
Көршімнің алма бағында, Өсуші еді бір қарағаш. Көрдім мен оны жақында, Қалыпты ол мүлдем жалаңаш. Баптайтын еді иесі, Сақтайтын еді ғұмырын. Қарағаш болса жиі өсіп, Биіктей берді құнығып. Беретін жоқ бір жемісі, Құлаштап қана барады. Алма ағаштарға тиісіп, Жайыла берді сабағы... Қалыпты ол бүгін «шешініп», Есіктен енді кеше күз. Ертең-ақ біз де кеш ұғып, Дәл сондай күйді кешеміз. Лаулаған отқа күйеміз, Құтылар одан шақ қайда? Ағаштай турап Иеміз, Отын қып бізді жақпай ма? Жалаңаш шықтық жатырдан, Енеміз көрге жалаңаш. Қайғысыз таңды атырған, Секілді анау қарағаш...
Қалатын кезде жақ ашпай, Білемін, Ием тергейді. Қияметте қара ағаштай, Қурағым менің келмейді.
АДАСУ
Бұл ма өмірдің болғаны әділ сонша? Жан достарың жаныңды жиі алдады. Жолдасыңнан көргенің жәбір болса, Жылылықты аңсайсың ұяңдағы. Байлардың да қылғаны барымталық, Ақиқаттың бұл күнде арзан дәмі. Пиғылы арам адамдар жанын салып, Қарлы аяздай тоңдырар қаңтардағы. Жан – жаралы, рух – ғаріп, суық – тәнің, Алдыңда әйтеу күндегі таныс бағыт. Бейпіл сөзге беріліп құрыпты әлің, Жақсылардың жанынан алыс қалып... Адасудың арты – мұң, алды – қауіп, Тірлігінен шаршайсың тас қаланың. Тығырықтан шығатын жолды тауып, Тәубе етуден жоқ екен басқа амалың?!
ҚАРАҢҒЫ КӨР
Жайшылықта жүргенмен жайраң қағып, Күлкі-ойынның түбінде бар сұрауы. Қабірге енген құр кеуде, қайта айналып, Шықпайтынын аңғарып... алқынады. Жақының да жоқ онда туысың да, Құтыла да алмассың пара беріп. Жазылған соң… жатасың қуысында, Жаратқанның жазғанын пана көріп. Қараңғы көр... Төзгісіз жазасы бар – Жан-тәніңді өртеген сынақ ауыр. Арылмассың Алланың азабынан, Ақыр мейлі, жер теуіп жыла, бауыр! Құтылмассың, ажалдан қашсаң-дағы, Еншісі бар қара жер қайта алады. Тірлігіңде тура жол тапсаң ғана, Жәннат үйде жаныңыз жай табады.
Жайшылықта жүргенмен жайраң қағып, Қам тірліктің түбінде бар сұрауы. Ғұмырыңда қылмасаң пайдаңды алып, Ертеңгі күн кеудеден жан шығады...
ӘБЕС ӘДЕТ
Тірі адамға ағайыннан мал қайғы, Амал емес, ақша жиып, қармайды. Өлгеннен соң омырауын жас жуып, Қабірінің басына кеп зарлайды. Тірі адамға көрсетпей-ақ кешірім, Кеше оның теуіп кеттік есігін. Өлгеннен соң ойбай салып, ағынан, Жарылып кеп мақтаймыз ғой есімін. Тірі адамға тірлікте күн бермейміз: «Бүйтіп тірі жүргеніңше, өл», - дейміз. Өміріңде запы болған досыңды, Өлгеннен соң кешіктіріп жерлейміз. Тірі адамды қалтасымен сыйлаймыз, Арақ қойып, сыра құйып қинаймыз. Қайыр сұрап қолын жайған міскінге, Садақаға бес-он теңге қимаймыз. Бүгінде елім өлгенге жүр той қылып, Шектен шықтық, шайтан алған бой мініп. «Жеті», «қырқы», «жүзі» деген «дәстүрден», Қайтқан адам қабірде «отыр» қаймығып. Шариғатқа шарқы жетпес молда көп, Өлімді елге өкше тірер ол да кеп. Қазалы үйдің қазанынан қазы іздеу, Қазақтарға қанға сіңген болды әдет. «Қаза-қайғы бардың малын жұтады», Жақыны өлген – сынған емен бұтағы. Шариғатқа шаңы жұқпас салт сыйлап, Жыртық үйден жыртыс алып зытады. Тірі адамға тірлігінде бәрі бар, Уақыты бар Жаратқанға табынар. Өлгеннен соң ақыретте жаныңнан, Ақша емес, амал ғана табылар, Амал ғана табылар!!!
ҚҰБЫЛА
Мына ғұмыр – тірліктегі нұрлы аспан, Сенің жаның – күнәдән пәк гүл-шыбық. Екі ісің жөн – Өмірге сай із тастау, Аллаға арнап жасалатын құлшылық. Аялы өмір аямайды, жарығым, Аллаға арнап жинасаң да мол бұйым. Адамдығың, Амал-сының, Ар-үнің – Ақыретке апаратын сол сыйың. Әй, адамзат, Білесің бе қайда бақ?! Жүрегіңді ұқ, Жарамды іспен бүтінде. Жұматайдың қателігін қайталап, Жатқа өкпелеп құбылаға түкірме.
ШҮКІР
Шүкір, Алла! Адам қып, жарық бердің, Аңнан артық санам бар – бәйтерегім. Ақылыммен алысқа барып көрдім, Айуан болып аш жүрсем қайтер едім?! Шүкір, Алла! Тіл бердің тасты үгіткен, Хабарым бар Хақ сөзі – кәлимадан. Өмірімді сүрмеймін аптығып мен, Көп ішінен міскінді тани алам. Шүкір, Алла! Ес бердің, арнадың нәр, Содан бері келемін сайрауменен. Ар алдында ант берген арманым бар, Ақ жолынан Алланың таймау деген.
ҚАРҒЫС
Бала едім ғой, бүлінерін білген кім, Шанамменен зулап ойнап жүргенмін. Абайсызда қағып кетіп біреуді, Қарғыс естіп үлгердім. «Қата қалғыр, құрып кет!» - деп бастады, (Қарғыстың сол белгілі ғой астары). Бес жасымда лағнет естіп өзгеден, Өң-түсімнің қашқаны... Содан бері сұрқым да онша болмап ед, Жүруші ем тек: «Алла, өзің қолда!» - деп. Бір сөзімді қиыс айтсам аңдамай, Оралады жолға кеп. Хақсыз көптің табасына қалдым ба? Жылт-жылт үміт қол бұлғады алдымнан. «Малғұн» деген бір сөзі үшін көкемнің, Сөзім сіңді жаңбырға.
Ұрпағы өшсе шашын жұлып еңкілдер, Кей пендені кім қолпаштап, көркім дер? «Мола болғыр» деп қарғайтын жалғызын, Ауылдағы кемпірлер. Алла сақтап арсыздық пен қатеден, Жүрген соң ба, Жүректе жоқ жат өлең. Пәк жүрекке жылу сыйлау үшін мен, Жағымды жыр әкелем. Танымал боп шықпасам да төрге игі, Тілегім көп... Тәңір өзі бергей-ді! Тек өзгенің қарғысына ұшырап, «Мола болғым» келмейді.
ПАРЫЗ
Алла де, Хақ де, Тәңір де, Ұқсас-ақ ұғым бәрі де. Алланың адал жолын тұт, Асықсаң өмір мәніне. Ишара жаса, иман ал – Қамқоршы ол сәтте қиналар. Адамның нағыз асылы – Амалы көбі, жиған ар. Амалың сенің – иманың, Намазың – Хаққа иланым. Оразаң менен зекетің, Қағбаға барып жиғаның. Тұрғанда толмай пәс көңіл, Хаққа иіп басты сәжде қыл. Әлеміне еніп кетпесең, Әп-сәтте өтер әсте өмір.
ЖАРАТҚАНМЕН ЖҮЗДЕСУ
Уақыт өтер, қалар таңба, Біз – қонақпыз, күйі мәлім. Тәубе қылып Жаратқанға, Басымды иіп сиынамын. О дүниелік оралманбыз, Ортақ біздің дәм-тұзымыз. Жыл ішінде жоғалған, Біз – Жаратқанның ләңгісіміз. Дүние – толқын, жалған бәрі, Жаннан тәтті мұрамыз да. Мәз ғұмырымыз солғанда әлі, Бәрін де ұмыт қыламыз ба? Періште де, пері де емен, Пендемін мен – Хақтың құлы. Уа, Жаратқан, Сеніменен. Жүздессем бір сәтті күні. Уақыт өтер, қалар таңба, Біз қонақпыз, күйі мәлім. Өмір берген Жаратқанға, Басымды иіп сиынамын.
КЕШІР, АЛЛА!
Атқанда күліп шығыстан жұманың таңы, Қиямет күнін еске алып жыладым тағы. Өткінші өмірге малданып жүрген адамдар, Алдамшы екенін білмейді-ау мынаның бәрі. Білмейді-ау олар, білсе егер бұлай етер ме, Жаратпады ғой біздерді Құдай бекерге. Ең құрығанда жұмада мешітке баршы, Пайдасы тиер өмірден жылай кетерде. Өткізбе, бауыр, бекерге күніңді бүгін, (Қалдырған қанша ғұмырдың ұғындың сырын?) Жұманың білмей сауабын Жұмабай бауыр, Езгілеп отыр үстелге шылымның күлін. Жақсы бол десең, қасарып жұлқынады ерік, Қалғанын сезбей Қаһардың бұлты да төніп. Бес күндік ғапыл ғұмырдың білмей бағасын, Жұмагелді отыр нәпсінің ырқына көніп.
Сауапты айтсаң, ол саған зиянды айтады, Қиямет жоқ деп (кеш Алла!) қиялдайды әлі. «Өз күнәм үшін жауапты өзім берем», - деп Жұмажан жатыр төсегін қия алмай тағы. Мейірін шашып атқанда жұманың таңы, Бауырларды ойлап қаперсіз, жыладым тағы. Өткінші өмірге малданып жүрген жандарға, Сауаптан көрі, тәттірек күнәнің дәмі. ............................................................... Кешір, Алла!
ӨСИЕТ
«Тәңірім маған тоғыз өсиет айтып қалдырды, мен оларды сендерге жеткіземін. Олар мыналар...» Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен Адамбыз ғой адал жолмен бақ табар, Атақ қалар, абырой да, тақ қалар. Анау өмір арқамыздан қақпайды-ау, Соны бір сәт түсінбей ме басқалар? Адам өлер, амал қалар, ар қалар – Себе білген тірлігіңде жанға нәр. Бұл өмірді өзімізше сүрсек те, Амалымыз ақыретке арналар. Алла берген ақиқаттан аспасақ, Иман жиып, ибалы іс бастасақ. Мұхаммедтің өсиетін орындап, Пайғамбарлық парасатты сақтасақ. Тоғыз амал, тоғышарлық бір арна, Бұл өмірде адам мәңгі тұрар ма?! Өсиетін пайғамбардың ақтасақ, Жай табармыз кеудеден жан шығарда.
Жақсы мінез жүк болмайды саған түк, Хақтан қорық, өмірдегі бағаңды ұқ. Исламның ең алғашқы талабы – Өзіңе де, өзгеге де АДАЛДЫҚ. Алдымыздан қол бұлғап тұр сағым жол, Өмір – сынақ, өзгелердің жанын көр. Бейбіт күнде туралықтан таймасаң, Бұлдыр шақта басқаларға ӘДІЛ бол. Ақыл айтып, көлгірсімен саған тым, Бауырым-ау, сенсіз бар ма маған күн?! Байлық емес, байсалдылық – ер бағы, САБЫРлы бол, «сабыр түбі – сары алтын». Біз, мұсылман, бір-біріне АЙНАмыз, Ал бүгінде бағыт бұрдық қайда біз?! Ағайынмен араздассақ тірлікте, Ақыретте тие қоймас пайдамыз.
Пендеміз ғой, төземіз де сынаққа, МӘРТтік жаса, ұнат мейлі ұнатпа. Адамдарға асар қылу – мол сауап, Ал «сараңдар кірмейді (екен) жұмаққа». Өштескеннен, сірә, өспейді есімің, Жауды сыйла, сынбас сонда бесігің. Өмірдегі көркем мінез, келісті іс – Өзгелерге деген іңкәр КЕШІРІМ. Саналы адам ардан асып кетпейді, Ілім жина, түнек қылмай текке үйді. Үнсіз кезде үлгілі ОЙҒА ШОМЫП жүр, Адамзатқа ақыл артық етпейді. Аллаһ саған өмір берді үкілеп, Тылсым сәтте тілімізбен бүтін ек. Жаратқанға жағам десең, жамағат, Алланы ЕСКЕ АЛ, асау тілмен зікір ет.
Адам үшін ақыл ғана жан азық, Болашақты болжамайық бал ашып. Бұл дүниеде жетем десең бақытқа, БІЛІМ ІЗДЕП, оқу оқы таласып. Біз – адамбыз, Алла – біреу, азап – шын, Ар-намысын аспандатып Қазақтың. Өсиетін пайғамбардың орындап, Қақпасынан алысталық тозақтың. Пендеміз біз, Өктем амал, өр кеуде, Өзімшілдік өрге қарай өрлеуде. Тек тілерім, қалмайықшы өкініп, Өмірімізге өлім келіп төнгенде. ............................................... ӨЛГЕНДЕ!!!
АРАША БОЛАР – ИМАНЫҢ
Әһлі кітап – Құранды ұқ, Лағынет айтып қарғама. Сүреден әрбір нұр алып, Жайлы орын ізде жандауа. Адассаң алда азап бар, Ғалидан үстем бар ма адам?! Қанша арыс шықты қазақтан, Бірі де тірі қалмаған. Пасаттық қылып, қорланба, Тасаттық істеп, зікір ет. Ақырет күні болғанда, Араша түспес үкімет. Мәуіттің рас келері, Дәуіттің алған бар ұлын. Адамның амал сенері – Ақыреттегі жарығың. Ғибадат жаса жол барда, Арзан-ау, қимай жиғаның. Ақырет күні болғанда, Араша болар – иманың!
БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ
Бүгінгі күн достарыммен біргемін, «Жаным» деп кеп құшақтайтын жарым бар. Ертеңгі күн қасыма кеп кім менің, Қиналғанда қабірімнен табылар. Бүгінгі күн дайын төсек, тамағым, Жарым құйған ыстық шайға жылимын. Ертеңгі күн қабірімде қараңғы, Жалғыз қалған аш қасқырдай ұлимын. Кең дүниеге сыймай бүгін шар кеуде, Қадіріне жетпей жүрмін күн-айдың. Ертеңгі күн суық қабір – тар жерде, Қаһарынан қорқып Хақтың жылаймын. Бүгінгі күн жүрмін босқа жай күліп, Амалға емес, жаманға асық құмарым. Ертеңгі күн қабірімде қайғырып, Өкініштен маңдайымды ұрамын.
Бүгінгі күн маңынан су-көлдердің, Жер еншілеп, үй тұрғызу – арманым. Ертеңгі күн құшағында сол жердің, Қияметке дейін азап тартамын. Ертеңгі күн қалмас үшін қамығып, Құдайыма шын құлшылық қылайын. Бүгінгі күн Жаратқанға жалынып, Қабірімде қинамауын сұрайын...
ӨМІРДІҢ ӨЗІ – МЕКТЕП
Шыр етіп өмірге келгенсің, Сезбедің өмірдің қыр-сырын. Күн сайын есейіп, гүлдендің, Күн сайын жайнадың, құлпырдың. Сөмке асып мектепке барғансың, Әліппе бетінен «А» танып. Балдырған өмірге алдандың, Шын ғұмыр әзірше, жат анық. Мектептен үйрендің барлығын, Білімнің кәусарын шын ұғып. Түсініп Тәңірдің жарлығын, Маңдайың сәждеге жығылып. Айырып ақ пенен қараны, Мектептен аласың тәлім мол. Ұстаздың әр айтқан сабағы – Ақиқи өмірлік жарық жол. Мектептің көп бізге берері, Ал кейін сағынып, аңсайсың. Есейген күндерде келеді, Партаға жатып-ап шалқайғың.
Мектептің білімі, сірә, кем, Іздейміз әлі де тірнектеп. Шындығы, қоршаған мына әлем – Өмірдің өзі де – бір мектеп.
МАЙМЫЛ ЕМЕН...
Мен маймылдан жаралғам жоқ, Құрысын! Әлдекімдер сөксе сөксін бұл үшін. Түп тамырым – ақ топырақ, Ием – Хақ, Маймылға ешбір ұқсамайды жүрісім. Жаманға еріп, адасатын адам көп, Жебе атуға жасқанбайды ол саған кеп. «Тегім – маймыл» деп жүргендер – тексіздер, Менің маймыл аталатын бабам жоқ. Мен маймылдан жаралғам жоқ, Шыным бұл! Хақ қаласа шашады анық күнім нұр. Сен адаспа: «Жаралдым, - деп, - хайуаннан», Адасқанға адамдықты ұғындыр.
ҚАБІРДЕГІ ҚҰЛ
«Құтқаршы әке, Құтқаршы ана, Қиын бүгін, мына халім! Құтқаршы әке, Құтқаршы ана, Жалынамын, сұранамын! Жазығым не, Жазғаным не, Өз жолыммен жүргенім бе?! Құтқаршы ана, Құтқаршы әке, Шыдамаймын енді мүлде...» ...Зар қақты құл, Құлын даусы Жаңғырады шудан бетер. Желең жігіт ғұмырында осы, Аллаға амал қылған ба екен?! Зар қақты құл, Жаны – тәтті... Мәңкүр-Нүңкір салды сұрақ. Жанып-күйіп тәні жатты, Жауап таппай қалды бірақ. От қарыды, Күйді бетер... Түрін көрсе қашады адам. Ақыретке сыйлық етер, Ештеңе де жасамаған. Ораза жоқ, Намаз мүлдем... Садақа да берген емес. Тірліктегі талас күнде, Өзінше бір жүрген елес.
Дайындық жоқ өліміне, Дарақылау келіпті өсіп. Тұмар тағып көлігіне, Бал аштырған, серік қосып. Алла құлы, Сор алдың ба?! Өмір өтті текке құрып. Тал бесікке қонарыңда, Тәңір саған сепкен үміт. Алла құлы, (Күнәлірек...) Текке сөнді жастық жалын. Құрығанда бір-ақ рет, Мешітке де бас сұқпадың. Анау анаң – дара бақыт, Нұрың еді мақтанатын. Қарттар үйін жағалатып, Ана сүтін ақтамадың. Міне, амалың, Еткен ісің – (Бергелі тұр тозақ алып). Машқардағы кептелісің – Өзің құрған – өз амалың. Кеш ұқтың ба, Өтеуің не?! Көр азабы – Қылау ғана, Ақыреттік мекеніңді, Белгілейтін бір-ақ Алла. ҒАПЫЛ ҒҰМЫР (баллада)
Иман жиып, ізгілікке ұмтылған, Ғұмыр бойы ғибадатқа құлшынған, Иса деген қарияның, Білімі көл-дарияның, Жалғыз ғана бұлағы: «Адам қанша жасайды?» - деп сұрады. Көп ойланып, төсегіне барды да, Немересін отырғызып алдына, Жанарына жас тығылған, Қарттық атты қастық ұрған, Қалт-құлт еткен құр кеуде: «Адам жасы былай... – деді, – білгенге...» Бір күрсініп, буырқанып от демі, Төсегінен терезеге беттеді. Айналаны сүзіп өтіп, Қалғанына күзі жетіп, Қайран қалды жай ғана, Жанарынан ыстық жасы тайғанап...
«Тіршілікке жүрсең дағы құнығып, Қас-қағым сәт бұл адамның ғұмыры. Көздің ағы-қарасындай... Азан, намаз арасындай – Ғұмыр деген су сынды», – Деп Иса шал ауыр-ауыр күрсінді. «Қуаныштан мен туғанда салт қой деп, Әкем маған азан айтып, ат қойды. Дос-жаранын тойдырып, Думандатты той қылып. Жүрген кезде жарасып, Сол азанның оқылмады намазы. Түсіндің бе?» – деді атасы тіл қатып, – «Содан бері сүрдім өмір жылдатып. Ғұмыр-кемем шыр айналып, Өмір-өзен ылайланып, Соңғы мәрте сілкініп, Жартасқа кеп соғылады бір күні.
Сәби күнгі шақырылған азанның, Үнін келіп толықтырар қаза-мұң. Үлкен-кіші, бала шаға, Жиналады жаназама. Уақытта сол таразы, Оқылады азанымның ең ақырғы намазы. Қуан, қайғыр, тоғыз, тоқсан жылды сүр, Азан, намаз арасындай – бұл ғұмыр. Бітуге шақ ғұмырым, Сен осыны, ұқ, ұлым! Сүресің сен неше жыл, Оны жалғыз Жаппар Ием шешеді». Өн бойынан табылатын иманы мен өрлігі, Иса ақсақал төсегінен тұрмай қойды сол күні. Кеудедегі шыбын жан, Ет-сүйектен құрылған, Тастап тіпті тәнді де, Ғапыл ғұмыр ұшып кетті мәңгіге.
Саусақпенен санарлық-ақ сарқылатын күндер де, Көзді ашып-жұмғандай-ақ өтіп кетер білгенге... Ілім-ғылым жиғаныңмен, Асыл амал, иманыңмен, Өзіңді әр кез үлгі қыл, Азан, намаз арасындай бұл ғұмыр. АСЫҒЫСТЫҚ ЕТПЕҢІЗ (баллада) «Қай кезде де көрсете біл дес үлгі, – Деген үкім құлағыма жетті еміс. – Қылкөпірде тұрсаң-дағы шешімді, Шығаруға асығыстық етпеңіз!» Бұған куә, мына әңгіме үлгілі, Түсінгендер түйсігімен талғамдар. Тек тілерім, аңдаусызда бір күні, Көлденеңнен кесім айтып қалмаңдар. ... Өмір сүрді қаусаған шал жырақта, Болған еді жалғыз ұлы, бір аты. Көзі түсіп ел патшасы сол атқа, – Мұны маған сатарсың? - деп сұрады.
– Жартысын-ақ қазынамның ұсынам, Жалғыз атты бересің бе? - деп еді. – Досын қашан сатып еді мұсылман, Жалғыз атым – жалғыз досым, - дегені. Ал таңғысын жоқ боп шықты қорада ат, Белгілі деп ханның ұрлап алғаны. Ауыл жұрты жаман шалды табалап: «Барға – базар болғанда..., - деп жалғады. – Байыр едің, қалдың енді қарайып, Жалғыз атты аяп едің, жыланып. – Асығыстық етпеңіздер, халайық! Болжам жасау ерте шығар тым әлі. Кім біледі, қандай уақыт қарсы алар, Мүмкін, бұл да жақсылықтың арқауы – Деп еді шал, қарқ-қарқ күліп басқалар, – Әй, сен де.., - деп қолын сілтеп тарқады.
Он тай ертіп қайтып келді бұрынғы ат, Шындығында ол, ұрланбапты... қашыпты. Мұны естіген баяғы жұрт «ырымдап», Келген атқа кесім айтып асықты. – Атың сенің бағың екен, кеш бізді, Сенікі жөн, біз жаңылдық, білмедік. Деп еді, Шал тыңдамастан ешкімді, Тағы лезде шыға келді түнеріп. – Асығыстық етпеңіздер, жамағат, Ат келгенмен, артын оның кім білген?! Қуаныш па, қайғы ма оны жобалап, Болмағанға болжам айтып білдірмен. Күлді ел тағы, Уақыт өтпей баласын, Қарияның тай таптапты, сынды аяқ. Мұны естіген ауыл жұрты таласып, Шалды келіп мүсіркепті, күнде аяп.
Шал айтыпты: – Асығыстық етпеңдер, Шындық осы – сынды ұлымның сүйегі. Шешім айтпай... істің соңын күтсеңдер, Жақсылыққа жалғастырар Иеміз?! Айтқандай-ақ, шауыпты елге жау қалың, Жинапты хан барлық ерді майданға. Қанжар ұстар жігіттерді қауқарлы, Қару беріп жауға қарсы қойды алға. Қара шалдың жаралы ұлы үйінде, Жарамсыз деп алдырмады құлынын. – Кемтар ұлың бағың екен сенің, - деп, Тіледі жұрт оралуын ұлының?! Бар халыққа басу айтты шал тағы: – Асығыстық етпеңіздер, ақтала. Кім шаттанар, ал кім азап тартады, Нығметін белгілейтін Хақ қана.
Мүмкін бақыт, мүмкін қайғы көкке өрлер, Құлшылық қыл, сақтар бәлкім бір Алла. Күдер үзіп, асығыстық етпеңдер, Жаратқаннан жаманшылық сұрама! Бұл әңгіме ғибрат болар, (болмас та), Тірлігіне тәлім алар керегі. Жақсыны ойла, өзгелерге ор қазба, Өткен қайтып оралмайды себебі. АЙУАН (баллада) Сынамақ боп шошқаны, Оқымысты ғалым. Азығына арақ қосқаны – Адам үшін залым. Азықты әкеп орнына, Қойғаны сол, Епті. Нәжіс толған қойнына, Бір нән шошқа жетті. Иіскелеп кеп әлгіні, Тістеледі... жеді. Болар қандай тағдыры, Шошқа сезсін нені?! Өзгелері жетті де, Жатты азықты асап, У-шу болып кетті де... Басталды үлкен шатақ.
Лықа тойып араққа, Алғаннан соң сылқып, Бірін-бірі далақтап, Жей бастады түртіп... ... Жетті ғалым жеңіске, Доңыз сырын ұқты. Кірісті енді белді іске, Шошқа аңдығыш мықты. Келесі күн азыққа, Құйды тағы арақ. Жеп қояр деп қызықтап, Тұрды ғалым қарап. Иіскелеп кеп аз... Ұқты... Әлгі шошқаң епті, Арақ толы азықты, Бір-ақ теуіп кетті. P.S. Доңыз құрлы санасы да, Жоқ адамдар – пақыр, Сорлы араққа таласып-ап, Әлі де ішіп жатыр...
ҮШ ШАҚ
ӨТКЕН ШАҚ
Өткен шаққа өкпем жоқ, Өмір өтті көктем боп. Қуандық та қайғырдық, Алдымызда өткел көп. Бала болдық, бал – тілі, Ойын қудық әр күні. Мұғалима апайдың – Орындалды «жарлығы». Парта алдында паңдандық, Тақта алдында таң қалдық. Алматыға келген күн, Пәтер-мәтер жалға алдық. Студент болдық, күн – елік, Бақта-көкте түнедік. Жатақхана, қарын аш, Ілбіп басып жүр едік. Кеткен шағым – өткенім, Бал балалық сәттерім. Қош болыңдар, мәңгіге, Сендерге өкпем жоқ менің!
ОСЫ ШАҚ
Осы шағым, қош келдің – Бойда қуат, жанарда әр. Арманым да көп менің – Алынбаған қамалдар. Осы шағым – гүл өңім, Қайта келмес дәуренім. Келер шақтың үрейін, Азайтумен әуремін. Аз жазамын әрдайым – Мүмкін ол да жеңісім. Сәжде сүйіп маңдайым, Амалдайды мен үшін. Жанұямның мол сәні, Жанымды ұғар жарым бар. Думандатып ортаны, Достарым жүр жанымда. Осы шағым – мәз әнім, Жүрмін құлап, өрлеп те. Келер шақтың азабын, Уа, Тәңірім, көрсетпе.
КЕЛЕР ШАҚ
Қуанышым, бар мұңым... Айтарым аз ақтала. Келер күннің тағдырын, Белгілейтін Хақ қана!
ҚАЗАҚТЫҚ…
Ағызайын биіктен жыр бұлағын, Ақиқатты қалмайым басып-бүгіп. «Қазақпын» деп өзімше үн қыламын, Ақпаратын орыстың азық қылып. Болашаққа жүргенім сенемін деп, Тастардай бір Тәңірім гүлге көміп. «Қазақпын» деп кеудемді керемін кеп, Түріктердің киносын күнде көріп. Өзгелерді жүргенім сынай қарай, Мүлігім жоқ болса да мүлде менің. «Қазақпын» деп қуанам, мұнайға бай, Еврей берген бақырмен күн көремін. Берген бәлкім Тәңірдің сыйы бізге, Басқалардан көп біздің білеріміз. «Қазақпын» деп ерлеймін, үйімізде, Техникасы жапонның – тірегіміз.
Тойларға үйір жанымыз, тамашаға, Думандатып жүремін күліп анық. «Қазақпын» деп әндетем оңашада, Неміс берген көлікке мініп алып. Бұл қазақтық баршаның бағы сынды, Өзге ұлттардан еңсесі биік мүлде. «Қазақпын» деп қайраймын намысымды, Қытай тіккен киімді киіп күнде. Азаттықтың айтқанмен жырын таңға, Арды ұмытып, ойладық қарын қамын. «Қазақпын» деп мақтанам, ұмытам да, Қалың елдің ұйғырға бағынғанын. Туғаныма қазақ боп тамсанамын, Ұлтым үшін ұлимын аракідік. «Қазақпын» деп жаһанға жар саламын. Орыс шалдың бөлмесін пана қылып…
ПАЙҒАМБАР «Адамзатқа бір Пайғамбар келердей, Сезінемін, сенем әрі өлердей…» Бір ақынның өлеңінен Жоқ, аға... Келмейді ешқандай пір адам, Бұл Жерді Бір Аллаһ рухымен құраған. Уақытша мына әлем – біздерге сын-алаң, Тозаққа жолдама алатын құлаған. Жоқ, аға... Аллаһтан пайғамбар сұраман, (Ел тыныш, жұрт разы, дін аман). Аллаһтың елшісі Мұхаммед нәбиім – Ақырғы пайғамбар, ақырғы ұлы адам. Дәл бүгін мына әлем – кәпірлер мекені, Пәк Жердің абыройын ойрандап өтеді. Адамды алдайды, дін құрап, жұрт жинап, Ал өзін ақырғы «пайғамбар» етеді. Біз болсақ, сіз айтқан кешеміз жарлы күн, Ұмытып Аллаһтың Хақтығын, Барлығын. Тым терең тыраштап, тыныштық іздейміз, Құрбан қып өзгенің арманын, ар-мұңын. Жүр ойлап әр адам қарынын, құлқынын, Қанша жан нәпсіге құл болып жүр бүгін. Аузы арақ сасыған, өзі – адам, рухы – өлік, Осы ма, ей адам, аңсаған тірлігің?! Ақырзаман төніп тұр алдыңнан аттан сап, (Шіркін-ай, ақыретке Адам боп аттансақ?!) Тырнағына Тажалдың тікендей қадалып, Шәһид боп өлгенді жүргенім қатты аңсап. Ерте ме, кеш пе екен, бұл Өмір сөнеді, Әр құлдың қабіріне қара бұлт төнеді. Шыңғырған дауыстар… Шыдарлық қауқар жоқ, Пайғамбар емеспіз, Пендеміз себебі...
ӨЛЕҢ ЖАЗҒЫМ КЕЛЕДІ
Өлең жазғым келеді... Өлең болып өрілгім. Талай-талай тәтті ойдың құшағына көмілдім. Қаламымды қолға алып, қанағатты ұмытқан, Күндерімді еске алсам... Көрем оның көбін мін. Өлең жазғым келеді... Өлең бірақ не теңім? Құшақ жая тосады менің Кәусар мекенім. Білетінім – әйтеуір, бірдеңелер сызғаным, Күлетінім – ертең күн... Бәрін тастап кетемін. Өлең жазғым келеді... Өлмес өлең, із-таңба, (Құсни сәлем жолдаймын аспандағы құстарға). Өлең – өлмес өрнегім, тірлігімнің куәсі – Мені еске сап тұратын... Мәңгі ұяма ұшқанда. ***
Кезім еді, етек жиып... ес білген, Таңғажайып тәтті күйді кештім мен. Оны көрсем тыным таппай мендегі – Жүрегімнің дүрсілі анық естілген. Оны көрсем... қалатындай қан жүріп... Ұзақ уақыт «ғашықтықтан» алжыдым. Кең даланың әп-әдемі, құлпырған, Әперуге дайын едім бар гүлін. Талай уақыт армандаған «сыңарым», Бүгін, міне, жанымда тұр бір адым. Жігерімді жидым дағы, жақындап, «Есімің кім, қарындас?» - деп сұрадым. Сұрадым да, өз кеудеме сыймадым, (Қайдан білгем, оның бұлай қинарын). Біраздан соң әлгі сұлу сызылып, Деді маған: «Білмесеңіз, Зинамын!».
Жүргенімен көзіме ару көрініп, Бойламаппын әлеміне үңіліп. Есімі үшін есім кеткен сол қыздан, Мәңгілікке кеттіп лезде жерініп...
БЛОКТАҒЫ ЖАЗБАЛАР
Жүріп келем, жолыммен жүріп келем, Кеудемдегі кішкентай үмітпенен. Хақ дініне құрметпен қарағанға, Қолымдағы барымды жырып берем. Жайнамазға, бауырым жығылсаңыз, Жолығасыз жәннатта Ұлықпенен, Хақ исламға бірақ та біліммен кел, Білместіктен шығады бүлік деген. *** Құдайдан шын құлшынып сұрасаңыз, Таңірге естіледі бір-ақ үнің. Сондықтан, бәріміз де ұнатамыз, Аптада бір келетін жұма күнін. Бұл күні оқы намаз, құран – ізгі, Жіберме ұлық күнді сағым қылып, Сәждеде сіз сұраған дұғаңызды, Құдайым жібереді қабыл қылып...
*** Нұрын шашып ғайыптан Хақ Тағала, Қай шақта да біз, қазақ иманды едік. Жүрсеңіз де қай жерде, Жаппар Алла, Нұрландырсын жүректі иман беріп. Ал иманды адамға амал – азық, Аттап күнә баспаған елден едік. Мол сауаптар жияйық жағаласып, Кеткенінше тәніміз көрге еніп... Батыс бізге төккенмен зәһар-уын, Дінімізді сыйлайық құрметпенен. Бабам қазақ ақтығын сақалының, Ешқашан да күнәмен кірлетпеген... *** Бес күндік өмір өткінші, сынақ адамға, Бәрі де ертең қалады мына жалғанда. Ажалынан Аллаһтың құтылып кеткен, Айтшы, бауыр, саналы бір адам бар ма?
Жердің жүзі жайнаған – тіршілік дара, Құлпырады шығыстан күн шығып дала. Жаратқанның сыйлығын қарымта қылар, Хаққа қылған шынайы құлшылық қана. *** Білмеппіз біз осыны бұрын дүрмекте, Ұмтылдық-ау тірліктің сырын білмекке. Аллаһтың берген санаусыз нығметі үшін, Жаратқанның сыйлаған күнін құрметте! Жолды таптым иманым бұйырып маған, Елге бақыт тілеймін сиынып Саған, Кісі болып кеудемді көтергенменен, Ақыретте алдыңа иіліп барам. *** Көзім салсам далама, керемет ғалам, Фаниден мен қалайша берекет табам. Басқаны емес, жәннатты аңсадым Аллаһ, Одан басқа жалғанда не керек маған?
Болсын тыныш, өзіңнен сұрарым, елім, Қағбаңа мен жүзімді бұрамын Сенің, Тіліме келіп тірелер ақырғы үнім, «Лә иллаһа иллалаһ» – ұраным менің. *** Бақыт – сенің фаниде басты арманың, Өтті талай сол жолда нұрсыз күнің. Бір-ақ мәрте иманның татсаң балын, Білер едің алтынның құнсыздығын. Пайғамбардай таныт бір ізеттілік, Құлшылығың – бақиға жиған гүлің. Амалыңды арыңа күзет қылып, Жүрегіңе ек, бауыр, иман гүлін. *** Иман – сусын, ал жүрек – тостағаның, Мөлдір суға мұң-қайғы малынбасын. Қияметте, бауырым, қос жанарың, Өзің қылған күнәңмен жабылмасын.
Сан күнәдан аттадың білмей жүріп, Көз алдыңда қу нәпсі кердеңдеді. Жарқыраса жүрегің күндей күліп, Қараңғылық қашады кеудеңдегі. *** Түкке тұрмас түбінде жақұтың да, Дін екен ғой діңгегі дүниенің. Қос ғаламның жеткізер бақытына, Құран Кәрім – кітабы Бір Иенің. Жұлдыздар да мәңгі емес аспандағы, Бұл өмірде бар қане, өлмес кімің? Қанша жерден ажалдан қашсаң-дағы, Қабір – сенің кіретін соңғы есігің. *** Арамдыққа жолама, Инабатты боласың. Көршіңдікін тонама, Үйіңе тыныш қонасың. Бар нәрсеңді тастама, Дәулеттісі – бір өзің, Білгенді үйрет басқаға, Сау-саламат жүресің.
*** Жеті түрлі күнә бар, Керек содан сақтану. Өсімқорлық – сірә, бал, Сиқырлықпен мақтану. Шүбәлану Алладан, Елден безу, қан төгу. Жетімнің малын саудалау. Жала жауып, ант ету. *** Досыңа да сыр ашпа, Қиын кезде қас қылар. Дұшпаныңмен жауласпа, Түптің-түбі дос болар. *** Кем емес, түгелмін, Денім сау, бас аман. Ұлымын бір елдің, Мың тәубе, Жасаған! Жарлы емес, ортамын, Айтпадым күпірлік. Аллаһтан қорқамын, Қанағат, шүкірлік! Ас-ауқат, арым бар, Барша адам – бауырым. Ақиқат жағында, Ақындық ауылым. Пейілім – бүтіндік, Мейірім – таң атқан. Жүремін шүкір ғып, Мың тәубе, Жаратқан! ***
Агентпен басталып таңымыз, Агентпен бітеді күніміз. Сырласып отырмыз бәріміз, Мұңдасып отырмыз біріміз. Агентте құпия-сырымыз, Агентте қуаныш-мұңымыз. Сәт санап өлсе де күніміз, Өзіміз әйтеуір тіріміз. Уақыттың айырмай бағасын, Агентке арбалып барасың. Келмеске жоғалған күндердің, Беретін Бір Алла бағасын! Агентпен басталып күніміз, Агентпен батады түніміз. Сырғыған санаулы ғұмырдың, Сұрауы боларын біліңіз...
МАЗМҰНЫ
Д.Байтұрсынұлы. СЕНІМІ СЕРІК БОЛҒАН... ............................................. 3 1-дәптер
АҢСАР
Кәусар жыр ............................................................................................................ 8 Жалғыз жүрек жаралы ..........................................7.............................................. 9 Сен жайлы ............................................................................................................ 10 Ол кезде .................................................................................................................11 Армандағы ару .................................................................................................... 12 Сені іздедім… ...................................................................................................... 13 Сары қыз .............................................................................................................. 14 Бәрі де өзгерген... ................................................................................................ 15 Көкешім ............................................................................................................... 16 Хат ........................................................................................................................ 17 Үкілі қыз .............................................................................................................. 18 Басқаша болады... ............................................................................................... 20 Тал мүсін .............................................................................................................. 21 Мен жайлы ........................................................................................................... 22 Арман .................................................................................................................... 23 Біздің жақта .......................................................................................................... 24 Түс ......................................................................................................................... 25 Жыр ....................................................................................................................... 26 Кеше ...................................................................................................................... 27 Құлазу ................................................................................................................... 28 Ғылым дамып барады... ...................................................................................... 29 М-агент ................................................................................................................. 30 Туған жер ............................................................................................................. 31 Беу, Алматы… ..................................................................................................... 32 Ұстазым – ардақтым ........................................................................................... 33 Бауырым, білім ал… ........................................................................................... 35 Жатақхана. Жалғыз кәстөм ................................................................................ 36 Бес күндік бұл дүние… ...................................................................................... 37 Түрмедегінің тілегі ............................................................................................. 38 Желтоқсан ........................................................................................................... 39 Өтті күндер .......................................................................................................... 40 Оралу ................................................................................................................... 41 Ақиқат ..................................................................................................................42 Бірде... немесе қол туралы жыр ........................................................................ 44 Барыс ................................................................................................................... 46
2-дәптер
КӘУСАР
Өзім жайлы .......................................................................................................... 49 Қайран, өмір ......................................................................................................... 50 Ақын досымның айтқаны ................................................................................... 51 Менің «крышам» ................................................................................................. 52 Уа, Жаратқан! ...................................................................................................... 54 Ұлы Шебер ........................................................................................................... 55 Мұсылман дұғасы ................................................................................................ 56 Бұ дүниенің қонағы ............................................................................................. 57 Өлімнен кейін... ................................................................................................... 58 Пендемін ............................................................................................................... 59 Жұмаға асығу ....................................................................................................... 60 Ұлы Аллаһ ............................................................................................................ 61 Жұбату немесе орамалды аруға жауап .............................................................. 62 Кетеміз .................................................................................................................. 64 Жайнамаз .............................................................................................................. 65 Өмір деген... ......................................................................................................... 66 Қарағаш ................................................................................................................ 67 Адасу .................................................................................................................... 68 Қараңғы көр ......................................................................................................... 69 Әбес әдет .............................................................................................................. 70 Құбыла ................................................................................................................. 71 Шүкір ................................................................................................................... 72 Қарғыс .................................................................................................................. 73 Парыз ................................................................................................................... 74 Жаратқанмен жүздесу ........................................................................................ 75 Кешір, Алла! ........................................................................................................ 76 Өсиет .................................................................................................................... 77 Араша болар – иманың ....................................................................................... 79 Бүгін және ертең .................................................................................................. 80 Өмірдің өзі – мектеп ........................................................................................... 81 Маймыл емен... .................................................................................................... 82 Қабірдегі құл ........................................................................................................ 83 Ғапыл ғұмыр (баллада) ....................................................................................... 85 Асығыстық етпеңіз (баллада) ............................................................................. 87 Айуан (баллада) ................................................................................................... 90 Үш шақ ................................................................................................................. 92
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру