Арман Қала
Сәуле Досжан
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Оқырманға ұсынылып отырған «Арман қала» - деп аталатын жинақ бес бөлімнің басын құрайды. Алғашқы бөлімі елордасы – Астана мен жаңа қаладағы жарқын мінездерді жырлайды. «Сөз туралы сөз» қасиетті көркем сөзді, өлең-жырды мадақтау болса, үшінші бөлім «Жарым, саған арнадым» - махаббат пен кешірім, жүрек жылуы мен адалдыққа арналған. Төртінші бөлімдегі өлеңдер жанына жақын жандарға өрілсе, соңғы бесінш
СӘУЛЕ ДОСЖАНОВА
АЛМАТЫ
«Қазығұрт» баспасы
Сәуле Мағазбекқызы Досжанова (Қожахметова)- Қазақстан
Жазушылар Одағының мүшесі. «Жыртәж» өлеңдер жинағының
және «Үшінші есіктің құпиясы», «Жатқа туған бала» прозалық
шығармалар жинақтарының авторы.
Оқырманға ұсынылып отырған «Арман қала» - деп аталатын
жинақ бес бөлімнің басын құрайды. Алғашқы бөлімі елордасы –
Астана мен жаңа қаладағы жарқын мінездерді жырлайды.
«Сөз туралы сөз» қасиетті көркем сөзді, өлең-жырды мадақтау
болса, үшінші бөлім «Жарым, саған арнадым» - махаббат пен
кешірім, жүрек жылуы мен адалдыққа арналған. Төртінші бөлімдегі
өлеңдер жанына жақын жандарға өрілсе, соңғы бесінші бөлімге
«өмір өзенінде» туған толқынды көңіл күйі топтасқан.
Сондай-ақ бұл жинақта ақын Есенғали Раушановтың «Құстар
біздің досымыз» атты кітабының әсерінен туған құстарға арналған
өлеңдер топтамасы да бар.
Осы еңбегімді әкем Қожахметұлы Мағазбек пен
анам Кәкенейқызы Айшаның рухана арнаймын
Бірінші бөлім
Арман қала - АСТАНА
Көкшіл әйнек үйлерін көркемдейді,
Арман қала ай сайын өркендейді.
Парижды емес, бұл күні еуропалық
«Астананы бір көріп өлсем!»,- дейді.
Астананы бір көріп өлу
Астана өсіп келеді балақандай,
Мәпелейді Отаны алақанда.
Ғимараттар жарысып зеңгір көкке,
Бәйтеректің сымбаты дара қандай.
Қазағымның басына бақ орнады,
Сарыарқаға қайта хан тағы орнады.
Жағасына ел қонып, есі кетіп
Есіл орап ағады Ақ Орданы.
Доғадайын иіліп көпірлері,
Жағасында арқар тұр секіргелі.
Қолдап еккен қарағай, қайыңдардың
Жапырағын күн сүйіп, желкілдеді.
Көкшіл әйнек үйлерін көркемдейді,
Арман қала ай сайын өркендейді.
Парижды емес, бұл күні еуропалық
«Астананы бір көріп өлсем!»,- дейді.
Самұрық. Бәйтерек және Астана
Беу, Самұрық!
Ұя сап, жер шегіне,
Жалғыз түп бәйтеректің өркеніне.
Алтыннан жұмыртқаң бар,
Қалып едің сүйікті ертегіде.
Дүние-ай,
Сол жалғыз жұмыртқаңды
Жылда жалмап айдаһар құныққан-ды.
Дауылдатып, сағынып жеткеніңде
Ұяң бос!
Ұлып қалдың...
Содан,
Алысып жалмауызбен,
Тұқымыңды тұз қылған қанды ауызбен
Жеті күн, жеті түн бойы шайқасып,
Жеңіп шықтың ертеңге жалғау іздеп.
Бұл сенің ғана жеңісің емес еді,
Зұлымдықтың сөгілген көбесі еді.
Бабаларым қалдырған ертегі етіп
Бостандықтың көрінген төбесі еді.
Бұл сенің ғана жеңісің емес еді!
Содан бері,
Жылдарға жыл жалғасып,
Бәленбай жүзжылдық кетті алмасып.
Сол бәйтерек,
Сол алтын жұмыртқамен
ХХІ ғасырға жетті арбасып.
Өмір түсті өзінің сабасына,
Сарыарқада,
Есілдің жағасына
Азат елдің орнатқан астанасы.
Тыныштықтың айналды қаласына.
Сол қаланың орталық алаңында,
Баяғы бәйтеректің дарағында.
Самұрықтың сары алтын жұмыртқасы
Жарқырайды нұр шашып тарабына.
Жаңа Астана!
Орнаған жер көгіне,
Жаңа өмірі ұқсайды ертегіге.
Бәйтеректің нұрымен армандарын
Жалғастырған жаһанның өркеніне.
Жаңа Астана күллі әлем назарында,
Айналған бейбітшілік базарына.
Ертегідей өмірді бейнетіне
Жаратқан бере салған қазағыма.
Хас батырды көргендей
Генерал Сәт Тоқпақбаевқа
Сізді көрсем,
Жақын, ізгі
Сезім болып тербеледі көгенде ой.
«Сәт»,- деп қойып атыңызды,
Өміріңіз сәтті болсын деген ғой.
Сәтті болып жүрсінші деп әр ісі,
Ата-анаңыз ұлы тілек тілепті.
Сәттілік пен жақсылық кеп жарасып,
Ер болдыңыз арыстандай жүректі.
Әулетке емес, ұлтқа ұл болған баласыз,
Өтті ме әке барыңызды мият қып?!
Керек жерде кесіп айтып саласыз,
Ұлтыңыздың алдаспаны сияқты.
Алла Сізді қазағыма бергендей
Қорған болып жүрсінші деп жан салып.
Сізді көрген, хас батырды көргендей,
Тұлғаңызға қарап қалар тамсанып.
Сізді көрсем, бауырымдай еркелеп,
Бір жақсылық жасағым кеп кетеді.
Алматының жауынындай ертелеп
Жібек сезім өткінші боп өтеді.
Сізді көрсем, ағатай - жақын, ізгі
Сезім болып тербеледі көгенде ой.
«Сәт»,- деп қойып атыңызды,
Өміріңіз сәтті болсын деген ғой!
Көктемгі Астана
Күн нұрын төгіп, ақ теңі қыстың шешілді.
Сеңі бұзылып, мұзы еріп жатыр Есілдің.
Жағалаудағы Астана қыздай сыланып,
Көктеммен бірге мерейін жұрттың өсірді.
Ақ орда анау, мәрмәрі күнмен мөлдіреп,
Төбесіндегі байрағы көкке желбіреп.
Көк күмбезінің үстінен қыран қалықтап,
Тәуелсіздіктің тәтті ғұмырын белгілеп.
Алдында алаң, шыршалар әсем тізіліп,
Су бұрқақтардың бет моншақтары үзіліп.
Қос қақпа бойлап «Қазына» менен «Самұрық»,
Алтынға ұқсап, қарайды көздер қызығып.
Ғимараттары Мәжіліс пенен Сенаттың,
Таласып көкке жаяды шыны қанатты.
Алтын жұмыртқа шағылып күнге жарқырап,
«Бәйтерек» тұрар таңдантып әрбір қонақты.
Көпірлер қандай, доғаша көркем иіліп,
Жиектеріне түрлі мүсіндер жыйылып.
Өткен ғасырда қалашық еді, мінеки
Астана болды бағына елдің бұйырып.
Астана болды, аударып жұрттың назарын,
Күн сайын өсті ертегідейін ғажабы.
Елорда осы - төрінде Еуроазияның
Қазақстанның әлем таныған ажары!
Сәуірдегі Астана
Не боп қалды аспанына қаланың,
Сәуір бойы ашпайды күн қабағын.
Астананың салтанатын бұлт басып,
Суық сорып жүргіншінің табанын.
Сәуір болды, тәуір болмай тұр бірақ,
Басып кеткен жерің мидай былжырап.
Аузыңды ашып жұтқан ауаң тоңдырып,
Қара суық бір жағынан ұрғылап.
Есіл жатыр, мұз қалықтап бетінде,
Қырау ұстап көпірлердің шетінде.
Қыстан шыққан қала жатыр қалтырап,
Сарыарқада, қара желдің өтінде.
Қайырлы таң нұрлы Отан
Қайырлы таң, Астана!
Қайырлы таң, нұрлы Отан!
Сыр ашпаған басқаға
Жүрегімді жырлатам.
Көңілімнің көгіне,
Бұлбұлдарын сайратам,
Өңіріңнің төріне
Жыр қазанын қайнатам.
Тәуелсіздік, азаттық
Әлқисасы тірліктің.
Жүз ұлт сыйлап қазақты,
Бауыр болып бірлікті.
Көк байрағың желбіреп
Көкте күнмен таласты.
Туған халқың елжіреп,
Қуанышпен қарасты.
Жас мемлекет десек те,
Жаңа астана құрадың.
Әлемдегі есепте –
Еуразия тұрағың.
Жаңа астанаң – бас қала,
Құлаш жайып барады.
Жаңа ордаңа Астана
Әлем назар салады.
Орта Азия көгінде
Шырағдандай жанасың,
Салтанатты шеруге
Барыс болып барасың.
Арқа жақтан тасқындап
Көмір, темір шығады.
Маңғыстаудың астында –
Қара алтынның бұлағы.
Оңтүстікте – ақ мақта,
Солтүстікте – ақ бидай.
Батысыңда – ақ қайың,
Шығысыңда – қарағай.
Жетісу – жер жәннаты,
Көкөніс пен жеміс көп.
Алатау мен Алматы –
Қалды екінші өріс боп.
Көк тіреп Хантәңірің,
Қарт Каспийің толқиды.
Атырау-Алтай өңірің,
Дәулеті тасып шалқиды.
Есілдің бойын жағалай,
Ел қондырдың әулетті.
Қалыңдығы қоғадай
Жиып бердің дәулетті.
Ортасына айбатты
Ақ ордаңды орнаттың,
Көтеріп көк байрақты,
Қыраныңды самғаттың.
«Қазақ елі» көк тіреп,
«Перамидаң» жер тіреп,
«Бәйтеректі» орнаттың,
Ел орданың көркі деп.
Қайырлы таң, Астанам!
Қайырлы таң, нұрлы Отан!
Сенен шабыт бастаған,
Жүрегімді жырлатам.
Сарыарқаның самалы
Сарыарқаның соғады сар самалы,
Сар даланың осы ғой аңсағаны.
Бұлым-бұлым белдердің қары кетіп,
Жер-Ананың ериді сонша жаны.
Сарарқаның соғады қоңыр желі,
Саф ауамен дем алып көмірлі елі.
Қорым-қорым қыраттың қары кетіп,
Қара тана тағады өңірлері.
Сарарқада соғады алтын күрек,
Сар даланы тербетіп салқынды леп.
Арқа-жарқа болады адамдары
Бір-біріне жолдасып жарқын тілек.
Қайың туралы жыр
Қайың тұр қырда,
Көз тартып жасыл желекпен.
Әппақ балтырын еркелей келіп жел өпкен.
Жапырақтары мың жүрек болып желбіреп,
Күш-қуат алып Жер-ана берген қоректен.
Қайың тұр қырда,
Бойжеткен қыздай бұралып,
Қабығын аршып, сырғасы әсем, сыланып.
Бүршіктері мен бұтақтарымен тыныстап,
Көктегі күннің сәулелерінен нұр алып.
Қайың тұр қырда,
Келіншектейін сызылып,
Арбалып қалып, сымбатына әсем қызығып.
Жасыл желекті жастық шағыңды еске алып,
Қараймыз оған көңліміз кейде бұзылып...
Мінез
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Икрам Адырбекұлына
Керегі жоқ үгіттің,
Көңіліммен тұшындым.
Парасатын жігіттің
Сізді көріп түсіндім.
Керегі жоқ ұқтырып,
Ер-азамат былай деп.
Көрген адам тік тұрып,
Шындығына құлайды.
Күндіз демей, түн демей,
Ұш- қиырсыз ісіңнің,
Сізді көріп, үндемей
Бітетінін түсіндім.
Сабыр менен төзімнен
Тұлабойы тұратын
Бар екенін сезіндім
Халық үшін бір әкім.
Көктем биыл кешікті
Жалықтырып,
Ақ боранға түттіріп,
Қымтай жауып есікті.
Көктем биыл кешікті...
Зарықтырып,
Жас көңілді күпті ғып,
Тербетер жыр бесікті.
Көктем биыл кешікті...
Талай-талай,
Қаратпай оң-солына,
Жел қойынға үрледі.
Жас жүректер бүрледі...
Қарай-қарай,
Қыз көктемнің жолына
Ашып таста есікті...
Көктем биыл кешікті...
Ай көрдім, аман көрдім
Ай көрдім, аман көрдім,
Туыпты тік қадалып.
Айшықты заман жердің
Өзегін құтқа малып.
Ескі айда есіркедің,
Жаңа айда жарыт, Құдай!
Тілеудің өсір кемін,
Жан-басқа ғаріп қымай.
Ай көрдім, нұрын төгіп,
Қарайды Жердегіге.
Жаратқан жырын сеуіп,
Тәубе еттім бергеніңе.
Жарықтық шалқаламай,
Туғаның дұрыс шығар.
Ақ қарды қалқаламай,
Тұрғаның ырыс шығар.
Тұлпарлардың ішіндегі қазанат
Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген сәулетші Саматбек Бөкебайға
Саматбек!
Түркістанның мыңнан озған өрені,
Көбесөгер ортасында жебенің,
Болатысың ортасында шегенің.
«Жақсылығын айт деген бар жақсының»
Нұрыңды бір тасытайын деп едім.
Тұлпарлардың ішіндегі қазанат,
Адамдардың ішіндегі азамат.
Жандүниең жанып тұрған қазан от.
Дос-жараның алушы еді түңілсе,
Саған келіп жүректерін тазалап.
Тек сұрса – Абай, Мұхтар ұрпағы,
Мен білетін жігіттердің сұлтаны,
Жөн білетін жігіттердің сұңқары!
Әкең Тәжен қасиетті кісі еді –
Яссауийдың орманының бір талы.
Алла сүйген құлын салар сынаққа,
Көңіліңнің асқар тауын құлатпа.
Халимашың шуақ қосып қуатқа,
Әлі-ақ мініп Астанада самғарсың,
Өзің құйған алтын қанат пыраққа.
Бүгін тартып жатқанымен тереңі,
Ерге дәулет иіріліп келеді.
Таусылмасын өміріңнің белеңі,
Ер Махамбет, Мәншүк қызды «тірілткен»
Өзіңдей ұл қазағыңа керегі.
Саматбекжан, айналайын жасыма!
Бұл да өтер сынақ боп қас-досыңа.
Жүргеніңде жан дүниең ашына
Демеу болар біздер барын ұмытпа,
Жан теңгермес сенің ғазиз басыңа.
Күн шығып келеді
Арайын таратып көкке,
Күн шығып келеді.
Әлемге шуағын төккен
Тіршілік көреді.
Нұрынан адамзат қуат ап,
Өсіп-өнеді.
Жұлдыздың түндігін жапырып,
Күн шығып келеді.
Тірінің таңын атырып,
Үміт береді.
Нұрынан жүректер жылынып,
Махаббат өреді.
Түннің қылмысын жасырып,
Күн шығып келеді.
Гүлдердің қауызы ашылып,
Хош иіс төгеді...
...Нұрланып барып батқанда
Бір күн өледі...
Сарыарқаға биыл қыс ерте келді
Сарыарқаға биыл қыс ерте келді,
Ызғырық жел зарлы күй шертеді енді.
Қазан кетпей, қараша жетпей жатып,
Ақ боранға орады-ай ертегі елді.
Көкке өрлеген үйлерді қабат-қабат,
Дүлей дауыл шайқайды сабап-сабап.
Көпірлердің үстінде көк тайғанақ,
Көліктердің табанын жалап-жалап.
Таңғы аязы барады бетті қарып,
Күн көрінбес бұлыттан көкті жарып.
Ұйқы басқан қаланың көлігінен,
Бүрсең қаққан жүргінші шетке ығады.
Қызыл-жасыл гүл басып ертегі елді,
Бір ай бұрын дүние көркем еді.
Қарағай мен қайыңды мұз құрсаулап,
Қыстан хабар күткізбей, ерте келді.
Қайран жастық
Жалт ете түсті жастығым,
Жатахананың алдында.
Жанымның сол сәт тасқынын
Игере алмай қалдым ба?
Күлімдеп жастық жас қыздай,
Дірілдеп оған қарадым.
Есігін қайта ашқызбай,
Дүрілдеп кетіп барады.
Шоқтай боп жанып жанары,
Албырап жүзі алмадай.
Көздерді тартып анары,
Аяқ пен қолы балғадай.
Жібектей шашын жел тарап,
Бұралып белі қайыңдай.
Сымбатына ел қарап,
Бара жатыр, құдайым-ай!
Садаға болып ізіне,
Жүрегім тоқтап қалғандай.
Жап-жас сол қыздың жүзіне
Қадалып қалдым, арман-ай!
Көше сыпырған қыз
Жап-жас бір қыз түрініп тастап білекті,
Нәп-нәзік қолмен тастай ғып ұстап күректі,
Қопсытып түбін талдарды баптап келеді,
Көшені бойлап тізіліп тұрған ретті.
Күнде осы ісі, күнкөріс деген оңай ма?
Көше сыпырып, тазалық сыйлап маңайға.
Ағашын ақтап, гүлдерін баптап жүреді,
Оянып ерте, оранып таңғы арайға.
Қараса оған тұрғындар түрлі көзбенен,
Көрсетер мінез аяныштарын сезбеген.
Көше сыпырып адал еңбекпен нан табар,
Өз ісін біліп, мақсатын ойлап көздеген.
Кемпірқосақ
Желтоқсанда сен тұрғанда қасымда,
Кемпірқосақ көрінді қыс басында.
Ондайда жыл жайлы болар деуші еді,
Жақсылыққа бастады ма расында.
Биылғы қыс шындығында көктемдей,
Әлем бізге мейірімін төккендей.
Екеуміздің қуаныштан көңіліміз
Кемпірқосақ тұрған жаққа жеткендей.
Биылғы қыс - жайлы болып Арқада,
Әппақ қарға оранды да бар қала.
Сол ақ қардай сезіміңді жырладым,
Ақтарып сап өлең сүйер ортаға.
Өмеке, сіз жүрген жер құт-береке
Алаштың ардақтысы Өмірбек Байгелди ағама
Өмеке!
Өмірің – бек, атыңыздай.
Тегінде би бар арғы затыңызда.
Дегдар жан парасатпен сөйлегенде,
Халқыңыз бағынады хақыңызға.
Бойыңыз граниттен құйылғандай,
Ойыңыз сан ғасырды шиырғандай.
Адамға берілер бар қасиетті
Жаратқан сізге ғана бұйырғандай.
Ағатай!
Билік айтып ел ішінде,
Жүресіз келтіріп бір келісімге.
Манастың тойын жасап қырғыздарға,
Кеңітіп алғаның бар өрісіңді.
Тарихтың тереңіне сүңгіп жүріп,
Көмбесін ақтардыңыз үңгіп жүріп,
Таптыңыз Елібайды еңіреген,
Қытайда жерін аңсап мың жыл бұрын.
Таң елі пір тұтатын ірі ақынын,
«Түркі!»,- деп,
жаны жырдан тұратынын
Дәлелдеп шыққаныңыз асыл аға,
Ұлтыңның алғаныңыз рахымын.
Жамбылды әкім болып жайнаттыңыз,
Жастарға жігер беріп, қайраттыңыз.
Сенатта Спикер боп заң шығарып,
Қазанын Парламенттің қайнаттыңыз.
Сіз жүрген жерге Өмекем, құт қонады,
Сіз айтқан сөз халыққа құп болады.
Сіз келіп бата берген шаңырақтың,
Ырысы бағыменен жұп болады.
Мейір мен махаббаттан жаратылып,
Зерде мен зеректікпен дара тұрып
Ағатай, өнеге боп отырыңыз
Әділеттің айырып қара қылын.
Алатаудың арланы
Суретші бауырым Жеңіс Кәкенұлына!
Алатаудың етегі, ата-баба мекені,
Арғы бет пен бергі бет араласып кетеді.
Ортасында Хантәңір, басы- мұзарт, бауыры - жаз.
Тауда туған адамдар шыңға тағзым етеді.
Тауда өскен ұланның таудай биік арманы,
Заңғар көктен шолады, қыранға ұқсап бар маңын.
Мың күнге тең бір күні жақсылармен өткізген
Ғұмырына қызықпас жүз жасаған қарғаның.
Ортасында сол жұрттың Хантәңірге табынған
Арғы бетте сен өстің, сурет салып сағымнан.
Бергі бетте мен өстім, Шәлкөдені жаз жайлап,
Сәлем жолдап ағаңа, жырға оранған бағымнан.
Жер жәннәты сияқты Алатаудың бауыры,
Жанға шабыт береді дауылы мен жауыны.
Қабағыңнан әрдайым шуақ төгіп жүргенмен,
Қаламыңнан сезілер екендігің тау ұлы.
Тауда өскен ұланның шыңға ұмтылар арманы,
Шынардайын көк тілер ойларының орманы.
Тауда ойнаған жасындай өнеріңмен жарқылда
Ортасында ел-жұрттың Алатаудың арланы.
Биліктегі бір қыздың жыры
Жалғыздан-жалғыз қашанғы жүре берейін,
Оңаша сәтте өксікке толып көмейім.
Ханзада емес, қиялдан түске енетін,
Қараша жігіт өңімде келші көрейін.
Қатарым кетті көтеріп бір-бір шаңырақ.
Баласы өсіп, туыс пен жекжат жамырап.
Күндіз жұмысым алданыш болып айтысып,
Түнде төсекте жатамын жалғыз маңырап.
Астымда тағым, айтқаным жүріп тұр бүгін.
Ағайын-туыс қаратып барлық тірлігін,
Дүрілдіп тұрмын.
Дірілдеп тұрам төсектен,
Ашылмай бір күн қалар ма екен деп түңдігім.
Ойлардан түпсіз моншаққа толып жанарым,
Түндегі жанған шамдарын санап қаланың.
Терезе алды, төсектің маңы жол болып
Сансырап кетем от болып жанып табаным.
Солай да солай, жылдарым өтіп барады.
Жүректі – жара, сезімді – нала орады.
Жасырақ кезде демеуші болған ағатай,
Менен де жастау, еркелеу қызға қарады.
Қонаққа барсам, әйелдер жарын қызғанып,
Жанарларынан жүдеу жанымды мұз қарып.
Жабығып қайтам, билік пен атақ әдіре қап
Жарасса екен деп бір азаматпенен дәм-тұзым.
Жалғыздан жалғыз!
Қорқыныш еді бұл қандай.
Бүгінгі түнде талқаның бітіп тұрғандай.
Ұшы-қиырсыз күтумен түнім өтеді,
Өзім көрмеген қиялда туған бір жанды-ай.
Ақ бұлттардың үстінде
Біздер мінген алып кеме,
Көкті жарып келеді.
Бұлт керуені қалып төмен,
Көңілге жыр өреді.
Әппақ бұлттар ақ күмістей,
Шағылып көз арбайды.
Қанаттанып, толқып іштей,
Сырды жырға жалғаймын.
Бұлттан асып, көңілім тасып,
Жырдың жайдым желкенін.
Ақ бұлттармен араласып,
Жайды өлеңім өркенін.
Қандай ғажап, ақ бұлттардың
Үстінде ұшып, жырлаған
Шабытымның шаттықтарын
Жаным сезіп нұрланам.
Ақ бұлттармен арайланып,
Ұшақ іші кеткендей.
Жыр көңілдің сарайлары
Зеңгір көкке жеткендей.
Айшуақты өміріңіз басталды
ҚазҰУдегі ұстазым Намазалы Омашұлына
Ой – шуақты жылдар асып асқарды,
Айшуақты өміріңіз басталды.
Жорналшының даңғылын сап келесіз,
Шәкірт етіп қаламы ұшқыр жастарды.
Жағып талай дарындының шақпағын,
Ұстаздықпен сан жүйрікті баптадың.
Айналдырып ұлттың ұлы жолына
Тауағаң мен Темкеңдердің соқпағын.
Бүгінгі күн – ертең тарих, бәрі аңыз,
Журналистпен жаңғырады санамыз.
Бұқараға керек боп тұр құжаттай,
«Алаш көсем сөзі» жайлы жобаңыз.
Әуезовтай, Қабдоловтай Сізді де,
Пір тұтамыз, ісіңізді ізгілеп.
«Ең алғашқы дәріс алған өкшелес –
Шәкіртім ғой»,- деп жүргейсіз бізді де.
Бекзат бітім нағыз асыл тұяқты
Жазушы Рақымжан Отарбаевқа
Отты жанар оятатын ұятты,
Бекзат бітім нағыз асыл тұяқты.
Алшаң басып ақсарайға енесіз
Ағылшынның ақсүйегі сияқты.
Қап-қара шаш желкеңізге төгіліп,
Қою қастан қаһармандық көрініп.
Ұлттың жоғын Сіз айтқанда кетердей,
Халқыңыздың қабырғасы сөгіліп.
Салаланған саусақтарды жайып сап,
Сөйлегенде турасынан қойып қап,
Өнер түгіл өзге ауылдың батыры
Ауыз ашып сөз айта алмас айыптап.
Жазғаныңыз жорға шықты бүгінде,
Көтереді заманның қай жүгін де.
Біздер түгіл қытай сүйіп аударып,
Таратылып жатыр және Сібірге.
Кітаптардың ордасында отырып,
Өткен күнді, кеткен күнді сапырып,
Ақ қағазға түсіріңіз тарихты
Махамбеттей теңдік сұрап ақырып.
Жүрек сатам
Баллада
«Жақындарымның бақытты болашағы
үшін жүрегімді сатам..»
«Караван» газеті,2008 жыл,18.04.№16
Адамдықтың бұзамын тас қамалын,
Жүрек сатам!
Қалмады басқа амалым.
Қалжырадым, түңілдім барлығынан.
Бағамын деп заманның қас-қабағын.
Әкем анау –
Кеңестің қара құлы.
Бүгінде – сал, қәдірсіз бала құрлы.
Шешем сорлы,
Тірліктің қамытынан
Жүрегін де, білегін жара қылды.
Қайран жарым,
Ақ үрпек балапандай,
Сүйкімді едің өсірген алақанда.
Түте-түте болыпсың асылым-ай,
Көпшіл едің, айналып қарақанға.
Жансерігім,
Жайнайтын кезің еді.
Запыраны заманның сезіледі.
Қарап тұрып өңіңе шүберектей
Қан жылайды жүрегім езіледі.
Ерке қызым,
Жарығым, жазығың не?
Арналады жүректің назы кімге.
Қалай тоқтау қоямын бағыңды аш деп,
Билік айтқан жастыққа қазы күнге.
Жалғыз ұлым,
Тұяғым артымдағы.
Жан әкеңді ит өмір алқымдады.
Сен мақтаныш етердей бола алмадым,
Менен саған дәулет те артылмады.
Тар пәтерден
Бір кезде әкем алған,
Шыға алмадық қайтейін, дүние жалған.
Бақытты еткім келгенмен өздеріңді,
Байлық жинай алмадым, аттап ардан.
Отыз сегіз жыл болыпты мен туғалы,
Азамат-ақ жігітпін, ер тұлғалы.
Жаным дала-даласы шыққанымен
Жүрегімде сызат жоқ серпімді әлі.
Жалғыз жүрек,
Болып тұр саудаларым.
Соны сатам, сұрамай сауға жаным.
Соны сатам, жанұям сендер үшін!
Жауынгердей лақтырған жауға барын.
Жүрек сатам!
Алсаңдар армансызбын.
Мүшесі екен демеңдер қорғансыздың.
Осы жүрек, Отанын отбасымен
Адал сүйді шыңында жалған құздың.
Адал болды досына, қасына да,
Не қиындық көрсе де жасымады.
Тек саудаға түсіп тұр қайран жүрек,
Түпкірінде шырқырап ғашық әні.
Жүрек сатам,
Аманда Ай-Күніміз.
Бұрын мұндай көрмедік қайғыны біз.
«Адам және өмірі»,- депті Ата заң,
Мемлекетте теңдесіз байлығымыз.
Десе қайтем,
Жоқ болса басқа амалым.
Еркек тоқты құрбандық жастанамын.
Менің мынау мейірбан жүрегіммен
Бақытты болыңдаршы басқаларың.
Ана – ауру,
Әке – сал,
Жарым – нала.
Сыз үйде күркілдейді екі бала.
Мен жалғыз тырбанғанмен болар емес,
Күшігінен таланған шықпас дара.
Сондықтан сатам жалғыз тірегімді,
Құрбан ғып отбасыма бір өмірді.
Ақшалы ағатайлар, алыңдаршы,
Адамдарды шын сүйген жүрегімді.
Ақшалы ағатайлар, өздеріңде
Бәрі бар, өмірді енді көздедіңдер.
Өзгенің маңдай тері тамған жерде,
Жүрегі соғып тұрсын өзгенің де.
Ағалар алмастайын жарқылдаған,
Алыңдар жүрегімді аңқылдаған.
Кеудеңде соғып тұрып сол ақ жүрек,
Орнатсын ортаңызға алтын заман.
Екінші бөлім
СӨЗ туралы сөз
Он сегіз мың ғаламның қасиетін ашып,
Құдіретті сөзбен тасқа басып,
Адамзат жазып жатыр, жазып жатыр.
Жыр тұмар
Мен бір жыр жазсам шіркін, бойтұмардай
Естігеннің жаны еріп, ой туардай.
Сезімі ғашықтардың бір-біріне
Тек қана сол өлеңмен айтылардай.
Сол жырмен намыс, арды биіктетіп,
Көрсетсем адал жанды сүйікті етіп.
Махаббат, парасаттың қасиеті
Тұмар боп тұрса соған сыйып кетіп.
Бір рет тыңдағанның көңілінен
Кетпесе, үнсіз ерсе әміріне.
Адамдық, адалдықтың ақ жолында
Шырақтай жанып тұрса өміріне.
Осылай жазсам, шіркін, деп келемін,
Жан менен жырдың жасап жекпе-жегін.
Жырқұмар оқырманның жүрегіне
Тұмардай түйілсе деп отты өлеңім.
СӨЗ туралы сөз
І Адамзат пен хайуанның аражігін Ажыратып, Сөз пайда болды әуелі. Әйтпегенде қосаяқтының қарақұрым Арман-тілегі тау еді.
Басқаша ойлайтын боп алды,
Басқаша көреді көзі де.
Өздері топтасқан қоғамды
Тәуелді етіп өзіне.
Бәрі жабылып өзгеше тапты ойды,
Қайталай-қайталай әрнеге ат қойды.
Солар арқылы өзара сөйлесті,
Төрт аяқтылар ере алмай қап қойды.
Сөйтіп адамзаттың тілі шықты,
Бірін-бірі сөйлесіп ұқты.
Екі аяқтыны адам еткен – СӨЗ,
Құдіретті боп шықты.
Содан бері,
Біреуді біреумен табыстыратын,
Біреуді біреуге шағыстыратын,
Тағдырларды тоғыстыратын,
Елді елмен шабыстыратын,
СӨЗ болды!
Қаныңды қыздыратын да,
Көңіліңді мұз қылатын да,
Арандатып айтылып,
Антыңды бұздыратын да
СӨЗ болды!
Мейіріңді тасытатын да,
Жаныңды ашытатын да,
Сағыңды сындырып,
Көңіліңді жасытатын да
СӨЗ болды!
ІІІ
Он сегіз мың ғаламның қасиетін ашып,
Құдіретті сөзбен тасқа басып,
Адамзат жазып жатыр, жазып жатыр.
Он сегіз мың ғаламның кереметін ақтарып,
Қасиетті сөздермен апталып,
Адамзат тарихты қазып жатыр, қазып жатыр.
Айтылып та, жазылып та сөз шіркін
Қайталанып жатыр күніге мың дүркін.
Қантамырдай күллі ғалам бойында,
Қайталанып жатыр сөзің, ойың да.
Құдіреті, қасиеті сол –
СӨЗДІ
Кімнің, қалай қолданғаны жайында.
Жыр жазбаймын..
«Өлең деген тумайды жайшылықта..» Мұқағали
Борандатып, жауындатып алмаса,
Жыр жазбаймын, болып құры далбаса,
Оқығанға мазақ етіп өзімді,
Не ғыламын жамап-жасқап сөзімді.
Түйдектеліп, келмесе егер төгіліп,
Жыр жазбаймын, «өлеңші» боп көрініп.
Оқығанның селт етпесе сезімі,
Не ғыламын сөзді қуып, езіліп.
Қазақ деген ақын халық әу бастан,
Сол қасиет бәрімізге жалғасқан.
Оны бұлдап, өлең етіп базарға,
Керегі не таппағандай жазарға.
Нағыз ақын сырқыратса сүйекті,
Нағыз өлең жарып шығар жүректі.
Шын ақынның жүрегі атша тулайды,
Шын өлеңде шын сезімдер шулайды.
Нағыз ақын нашар ұйқас қумайды,
Нағыз өлең жайшылықта тумайды.
Іңкәрлік
«Ақын қыз» деп атамады мені ешкім,
Мен де олармен бақталасқан емеспін.
Мұқағали туған жерде тудым да,
Тілім шыға жырға құмар боп өстім.
Жүрегімнен төгілетін өрнегі,
Өлең жаздым, көптеу болып кермегі.
Іште жатпай қойғаннан соң шығардым,
Кейбіреуше болмады жыр ермегім.
Екі жолды ұйқастырып, жыр құрап
Отырмадым өзімді-өзім бұрғылап.
Будақталып, шумақталып келеді ол
Көңілімнің жағалауын ұрғылап.
Екі өлеңді тасқа басып, алқынып
Жүгірмедім «мен болам деп ақының»
Жинай бердім жүрегімнен туғанды
Жидашысы сияқты боп халқымның.
Біреу білді, біреу мені білмеді,
Ақын екен деп көзіне ілмеді,
Жаза берем жаратқанның бергенін
Өлең үшін дәметпей еш жүлдені.
КАЗГУ-ге
Тұрғыласымнан талабымды оздырдым,
Талпынып келіп, табалдырық тоздырдым.
Бабам айтқандай білім жолында,
Тебен инемен құдық қаздырдың.
Қасиетті ұяға имене келдім,
Жалықпай оқып, үйрене бердім.
Жыл өткен сайын білім- теңіздің,
Тереңін сезер күйге ене бердім.
Балапан едім, қанатым қатты.
Қарашаңырағым сана шыңдаттым.
Ұлы Мұхтардан дәріс тыңдаған
Ғұламалардың данасын таптым.
Дегдар ұстаздың мұрасын алдым,
Кітаптың жидым кіл асылдарын.
Қарлығашыңды өмір жолына
Ұзатып салып, қыр асып қалдың.
Біліп іздесе – сен алтын көмбе,
Білім-байлыққа қазына тең бе?!
Жиған-тергенін халыққа жұмсап,
Түлектерің жүр тұтқа боп елге.
Соларға ұқсап, санатқа еріп.
Білгенімді бар халыққа беріп
Келе жатырмын, ұлтымның сырын
Сөзбенен зерлеп, өлеңмен өріп.
Елім бір сен деп
Еренқабырғаның бауырынан,
Қарадаланың сауырынан
Жауқазын жырыммен,
Жарып шығып ем.
Содан бері елім,
Жырлап келемін.
Аспантауымның аясынан,
Аққайыңды ауылымның саясынан
Сүйреп нар талап,
Арман арқалап,
Бағымды іздедім,
Жырымды үзбедім.
Алатауы бар, Сарыарқасымен,
Жырладым біраз белортасымен.
Қайда жүрсем де,
Елім бір сен деп
Өсті өренім,
Жырлап келемін.
Дүние шіркін
Бойжетіп едім,
Қызғалдақ болып үйдегі.
Бозбала біткен сұғымен көздің түйреді.
Сүйкімді едім, сүйріктей ғана болсам да,
Жұматай сүйген Ләйләдай ешкім сүймеді.
Қалаға келіп,
Қырмызы гүлдей құлпырып,
Қадірлі болдым, жігіттер біраз ұмтылып
Жүргеніменен көрсете алған емеспін,
Жұматай сүйген Ләйлаға ұқсап бір қылық.
Содан да болар,
Жырына ешкім қоспады.
Тарихта қалар ғажайып сәттер тоспады.
Көпшілік көрер тіршілік кешіп келемін,
Көңілдің кейде құрғамай жастан тостағы.
Ерекше жүріп,
Бөлекше өмір сүрмедім.
Татқан да емен, жастықтың ырду-дүрмегін.
Төрт құбыла түгел сияқты көрінгеніммен
Көріп-ақ келем дүниенің шіркін бір кемін.
Барыма шүкір,
Барыма тәубе дейін де,
Қарай бермейін, өкінішпенен кейінге.
Жұматайға ұқсап атымды жырмен өрмей-ақ,
Қалам ұстаған бөледі бір жан мейірге.
Жыңғылды ауыл
Жыңғылды ауыл жағасында Іленің,
Сол жыңғылдың гүліне ұқсап реңім
Бойжеттім де астанаға бет алдым,
Арман қуып, аласұрып жүрегім.
Қоңырауын қағып шеңгел қош деді,
Сексеуілдер бізден биік өс деді.
Кете бардым қиял көшке ілесіп
Жыр айдынға салып өлең ескегін.
Сол кеткеннен оралмадым қайтадан,
Өзің жайлы сағынышым айтады ән.
Өзің жайлы жыр жазатын жүректі
Өмір мынау Ілеге ұқсап шайқаған.
Жықпылында бөдене мен қырғауыл
Жортып жүрген «Жыңғылды ауыл» - жырлы ауыл.
Өзім өскен сол аралға қайтар ем,
Өмір мынау бет бұрғызбас бір дауыл.
Ұлы өзеннен ұлы өмірге тамшылар,
«Жыңғылдыдан» жалғызаяқ жол шығар.
Сол соқпақпен Сарыарқаға тап болдым,
Талайыма жазылғаны сол шығар...
Жырға құрмет
Жиып-теріп менің бар өлеңімді,
Кітап етіп бастырып, бағаладың.
Еңбегімнің осынша еленуі
Көңілімнің пырағын тағалады.
Көзіңдегі шуақтан ерен өткір,
Сезімдерге бөленіп керемет бір,
Ертегідей өмірден сен сыйлаған
Еріп жүріп жазамын керемет жыр.
Күндерімді жетелеп апталарым,
Самайларға ақ күміс қақтағанын
Байқамаппыз, балалар біздей болып
Бекетіне жастықтың тоқтағанын.
Ширек ғасыр өзіңе ғашық болып,
Кемерінен шаттықтың асып-толып
Көлдей кітап болыпты жазғандарым
Абыройдай жиналған қасықталып.
Мың тәубелеп жылдарға бірге өткізген,
Өлеңіммен сезімді үрлеткізем.
«Жыр тәж» жасап басыңа кигізіп ем,
Қызмет – бізден болғанда құрмет – Сізден.
Екеуміздің өміріміз бір дәурен
Біреу күліп, біреу біліп айтатын,
Біздердегі шын махаббат бір аңыз.
Сол шіркінді жырламады қайсы ақын
Білмек болсаң ғашықтардан сұраңыз.
Біреу біліп, біреу күліп қарайтын,
Екеуміздің өміріміз бір дәурен.
Тұлабойға бір тәтті мұң тарайтын
Мен келемін сол дәуренді жырлаумен.
Қабағыңды бағып сенің сәт сайын,
Көңіліңді жалықпадым табудан.
Қызығым-ау, мен неге одан шаршайын,
Маңдайыма осы болса жазылған.
Көңіліңе бір қуаныш мекендеп,
Көздеріңнен төгіледі нұрсәуле.
Қайтсем сені бақытты етсем екен деп,
Махаббатпен жырға бөлеп жүр Сәулең.
Сездірмейсің жүрегіңнің сырларын,
Ұнамай жүр жүргенім мен тұрғаным.
Түсінуге тырыспайсың жарыңды,
Өлең жазып отыратын ұрланып.
Парасатты, сырбаз болып сырт көзге,
Көрінуге тырысасың бір кезде.
Түсінуге тырыспайсың жарыңды,
Өлеңіне қосатұғын жұртты өзге.
Сыр ашпайсың, мен де сұрай бермеймін,
Өлең жазып, өздігімше "ерлеймін".
Жүрегімді жарып шыққан жырларды,
Жүрегімнің түкпіріне жерлеймін.
Себебі ешкім естімейді, білмейді.
Жазғандарым жан отымды үрлейді.
Өлең менің өмірімді өрнектеп,
Өлең менің тағдырымды гүлдейді.
Білгің келсе, өмірімді бұрынғы,
Айтар еді, оқыр болсаң жырымды.
Безер едің кісіліктен — бүгінгі,
Сезер едің шуағымды, нұрымды.
Жаза алмасаң...
Жазылмады...
Барлығынан түңілдің.
Оңашада ой қымызын сімірдің.
Сен отырсың ақ қағазға көміліп,
Қабағыңа қарап, құлдай жүгірдім.
Неден ғана жазықты боп қалғамын,
Қалай ғана табылмады талғамың.
Ойда жоқта түсіп кеттім ойпаңға,
Бір әйелдей жасаушы едім жар қамын.
Біздің үйде тәтті болса – сенікі,
Біздің үйде жақсы болса – сенікі.
Еркелейсің менің жалғыз ұлымдай,
Жұбайыңа не көрсе де көніңкі.
Анда-санда кейін тартып кегежең,
Қырсығасың түскендей боп төбеден.
Жан жуытпай маңайыңа қоясың,
Тарпаңдайын үйірінде тебеген.
Түңілмеші,
Сен түңіліп кетердей,
Ештеңе жоқ, өмір қайда шекердей.
Білем, жаным, жаза алмаған күндерің
Көрінеді құйын қуып өтердей.
Жазған жақсы,
Жалпақ басып жалғанды,
Айтқан жақсы,
Жүректегі арманды.
Ақ қағазда жорғалаған қаламға
Қарап қалам көргендей боп Тарланды.
Жаза алмаған күнді «өлді» деп санайсың,
Өзіңді-өзің абақтыға қамайсың.
Балағыңнан тістелейді ұйықтатпай,
Ши бөріше шақылдаған талай сын.
Жазылмады бүгін, сірә, түңілме,
Ойыңды жи, сақта күшті іңірге.
«Алла әмірін өзгертпейді» - асықпа,
Сен асықсаң – жалбарынам тәңірге.
Еркектерді қорғау
Ғашықтық жайлы жер-көкте
Ғаламат жырлар өреді.
Ғасырлар бойы еркектер
Әйелді жырлап келеді.
Әйелге арнап сезімін,
Еркектер естен танады.
Махаббаттарын өзінің,
Өнерлеп сурет салады.
Әйелге арнап мың тілде
Жазылды кітап қаншама.
Әйелді сүймеу мүмкін бе,
Тас жүрек еркек болса да.
Әйелді сезбеу мүмкін бе,
Еркекке өзін бағалар.
Шын сүйіп өткен бір күнге
Мың күнің құл боп жоғалар.
Бастарын тігіп жолына,
Әйелдің болып құрбаны.
Қайда да еркек қолына,
Гүл ұстап келіп тұрғаны.
Қаншама ғасыр осылай
Еркектер жырлап келеді,
Үшінші мың жыл досым-ай
Бізге енді кезек береді.
Қанеки, қыздар біз енді,
Еркектер жайлы жазайық.
Қорғаумен жүріп біздерді,
Байғұстар қапты азайып.
Болсын деп енді жыр басы,
Жазылды осы бір өлең.
Еркектің ғажап тұлғасын
Жырға орап жұртқа жіберем.
Қазақтар ерсі дегенмен,
Дәстүрді бастап жаңаша,
Еркекке арнап өлеңмен
Бастадым кітап тамаша.
Сезімімді айтып жарыма,
Өлеңмен өрем сырымды.
Жолына қарап сарыла
Төгемін жүрек нұрымды.
Жүргенмен өзін мият қып,
Жарымның жаны тым нәзік.
Алғашқы балам сияқты,
Еркелетемін жыр жазып.
Қасиет тұтып әр ісін,
Қабағын бағып жүремін.
Өмірімнің онсыз мәнісі
Болмайтындығын білемін.
Қанеки, құрбым, еркекті
Аялап жырға бөлейік.
Біз үшін олар тер төкті,
Жатырмыз содан көбейіп.
Елуге келдім...
Елуге келдім,
Есігін қағып іңірдің.
Жарты ғасырда
Жалғанға мен не сіңірдім.
Жырыма қосып,
Жанына жұрттың үңілдім.
Микрафон алып сырсұхбаттарға жүгірдім.
Елуге келдім,
Еліме туған не бердім.
Ұсына алдым ба?
Біртума затын шебердің.
Бәйгеге қосса,
Бөгелмес жерде бөгелдім.
Көріне алмай,
Тұлпары болып өнердің.
Жазғанын тартып,
Жаратқан Ие шебердің.
Жартымды тауып,
Перзенттер сүйіп, көгердім.
Елуге дейін
Алмас кездіктей егелдім.
Елуден кейін –
Еңселі болғай келер күн.
Сіз сөйлегенде
Алтыншаш Жағановаға
Сіз сөйлегенде!
Іреп сап ұлықтарды,
Пенде түгіл дүние тынып қалды.
Аузыңыздан шыққан әр сөзіңізге,
Жүз ұлт ұйып, жүз жігіт құрықталды.
Сіз сөйлегенде!
Ұлтыңызды таныстырып,
Иманын, парасатпен табыстырып.
Пенде түгіл, дүние дірілдеді,
Бойынан қан, көзден жас жарыстырып.
Сіз сөйлегенде!
Қазақты биіктетіп,
Бұза алмады-ау еш адам киіп кетіп.
Ата-анаңнан айналып тұрды халқың,
Сізді тапқан алтындай сүйікті етіп.
Жалғыз арша
«Сүймей жүрген өмірді
өмір демен өткерген..»
Қанипа Бұғыбаева.
(Ақын апам Қанипа Бұғыбаеваның рухына )
Бір әйел бар-ды,
Жарының жанында жүріп
Ғашықтық жырын жырлайтын.
Сол әйел – жарды,
Жанының жарасын біліп,
Ақын арулар сыйлайтын.
Бір әйел бар-ды,
Жанының жұмбағы көп
Шешуін ешкім таппайтын.
Сол әйел – жарды,
Махаббат жырлары көп
Ақын жігіттер мақтайтын.
Сол ақын арқалы,
Сүймеген өмірді
Өмір деп білмейтін.
Басқаның отын жырымен үрлейтін.
Адал, пәк қалпында,
Зүбәржат тасындай жарқылдап
Жоғалғанын жұрт әлі білмейтін...
Сол ақын әйелдің
Сыңар аққудай зарлаған көктегі,
Жырлары өзіндей текті еді.
Ғашық жүректерде
Жауқазын болып көктеді.
Қара ниеттерге
Шұғыласын да төкпеді.
Сол асқақ қалпында Алатауына беттеді.
Ұлбике ақын тірілді
ҚР Президенті Мәдениет орталығының директоры, ұлт мұрасының жоқшысы Мырзатай Жолдасбековке
Қайран Ұлбике!
Надандықтың құрбаны,
Жұлдыз еді, күміс көмей, жыр жаны.
Бір сорлы ұлдың жұдырығы астында,
Бір сорлы ұлттың аспанынан зырлады.
Әнге салса, теңселетін тау, дала.
Сөзі оқтай атылатын жауға да.
Қайран шешен, кетті арманда топастан
Жалғыз жанын сұрай алмай сауғаға.
Айтысқанда алдына ешкім шықпады,
Қаршадай-ақ қызын халқы құптады.
Талас бойын табындырған дара еді,
Жаман күйеу жібек жанды ұқпады.
Қайран Ұлбике!
Таңдайында бұлбұл ұя салғандай,
Маңдайында жыр шолпаны жанғандай,
Атастырған ақылы кем еркектің
Аяғында өліп кетті арманда-ай.
Содан бері,
Талай-талай су ақты.
Ақын халық ашты талай бұлақты.
Талас бойлап талай ділмар шықса да,
Ұлбикені айтып халқы жылапты.
Ұмытпапты,
Салған әнін даласы,
Жырын жалғап ағып жатты Таласы.
Екі ғасыр өтсе-дағы арада,
Жазылмады Ұлбикенің жарасы.
Зарлай-зарлай қыздар жасын тауысты.
Содан бері, талай заман ауысты,
Аманаттап кеткен артта халқына
Ұлбикенің жырымен жұрт қауышты.
Зұлымдықтың болса-дағы құрбаны,
Ұлбикенің өлген емес жыр-жаны,
Тартыспенен өтіп кеткен тағдырын
Көк ордада Жолдасбеков жырлады.
Несіпбегі, Сәулебегі – жабылып,
Сахнаға алып шықты табынып.
Драманы көрді халық тік тұрып,
Жүрген екен сорлы қызды сағынып.
Сөз қәдірін түсінгенге жыр үлгі,
Ақын халық сыйлаңдар бір-біріңді,
Ақын халық сыйлаңдар бір-біріңді!
Екі ғасыр өткеннен соң оянып,
Ақын Ұлбике қайта тірілді!
Сенің әнің
Лена Әбдіхалықоваға
Сенің әнің басып жүрек пернесін,
Тыңдағанды әлдилейді сазымен.
Сенің әнің үзіп сезім кермесін,
Жандырады жүректерді назымен.
Сен ән салсаң теңселеді көкте Ай,
Бар ғашықтың шерін қозғап тереңнен.
Тиегіңнің ағытылып кеткені-ай,
Жанды билеп әсем үнің өлеңмен.
Сен ән салсаң күллі дүние құлпырып,
Тыңдағанды тербетеді күй бөлек.
Жүректерден ғажап жырлар бұлқынып,
Тұлабойды тәтті сезім билемек.
Сен салған ән
Дәл өмірдің өзіндей,
Бірде тәтті, бірде ащы шалқиды.
Сол әніңмен ақтарылған сезімдей,
Көкірегімде бір сағыныш толқиды.
Шыңғыс Айтматов бақиға кеткен күні
Тағы бір ер кетті ұшып қазанаттан,
Қайғы-шердің түспеді қазаны оттан.
Айырылды тек қана қырғыз емес,
Түркі жұрты ту еткен азаматтан.
Аты – Шыңғыс,
Атағы – Алатаудай.
Түр-тұлғасы ұқсайтын Қаратауға-ай,
Ата – қырғыз болғанда, Ана – қазақ,
Телі емген еркелеп қара тайдай.
Тартыстарда тілімен от қарыған,
Салым алған талай даңқ көкпарынан.
Бір жүз елу тілінде дүниенің,
Жазғандары сөйлеген, бақ дарыған.
Ұлылықтың тірі аттап есігінен,
Түркі әлемі мақтанған есімімен.
«Шыңғыс» қойып аттарын ұлдарының,
Кітаптарын жастаған бесігіне.
Шоң кісі еді, күллі әлем сыйлайтұғын,
Әрбір сөзін гаухардай жинайтұғын.
Қара жердің қойнына кеткенің бе,
Арысым-ай, өзгеге қимайтұғын.
Жетім көңіл
Түкке тұрмас нәрсеге араздасып,
Түсініспей қаламыз кейде екеуміз.
Оңашада көңілді қағазға ашып,
Жүректерді жырға орап сөйлетеміз.
Өткеніміз қала ма себеп болып,
Бір ызғырық кей-кейде тоңдырады.
Бал дегенім татиды кебек болып,
Жұбатады жанымды жаңбыр әні.
Кемпірқосақ секілді түрлендіріп,
Қолдан жасап жүрмін бе өмірімді.
Жырын жазып, әрдайым жүрген күліп,
Кім түсінер жетімдеу көңілімді.
Шүкір... шүкір...
Шүкір...
Шүкір,
Тірлікте қысқа мына,
Махаббаттың шығарып ұшпағына.
Мәпелейсің, мен жүрмін өлеңдетіп,
Жырыммен у ішкізіп дұшпаныңа.
Тіпә...
Тіпә,
Мың алас тіл мен көзден.
Қу тірліктен кейбіреу тірі безген.
Сен екеуміз басқаға көрінеміз,
Күмбез салып жүргендей асыл сөзден.
Тәубе...
Тәубе,
Жаратқан бергеніңе,
Сенің – мені, мен – сені көргеніме.
Сөз киесін пір тұтқан өзіңменен,
Ермек етпей, асылын тергеніме.
Мың тәубелеп,
Гүл жайнап атырабым,
Жұрт қызығып қарардай отырамын.
Өлең деген өлкеде еліме арнап,
Жыр қазанын үмітпен сапырамын.
Мойылдыға ода
О, Мойылды!
Суың – дәрі, саз балшығың ем екен,
Айып болмас қасиетіңді құдіретке теңесем,
Төрт тағандап саған келген зыр жүгіріп кетеді,
Содан болар халқыңның ықыласы ересен.
Суың – шипа, саз- балшығың қуатты,
Мойыл өскен жер екенсің, адамдарың шуақты.
Қасиетіңнен айналайын топырағың мен саф ауаң
Зарлап келген мүгедектің жан-жүрегін жұбатты.
О, Мойылды!
Дертке – дауа, жанның нағыз шипасы,
Өзің екен табиғат пен адамзаттың құйқасы,
Топырақтан жаратылған пендесіне құдайдың
Сенің емің сеп болады тағдырымен ұйқасып.
Соны біліп, өзіңді іздеп ағылады жан-жақтан,
Саған келіп жазылады өмір салған салмақтан,
Саған келіп шағынады Анасына айтқандай
Саған келіп арылады қайғы-мұңнан зарлатқан.
О Мойылды!
Сен аман бол, сен тауысылма бірақ та,
Шақыр бізді табиғаттан алыстасақ жыраққа,
Саған келіп жалғыз жанның табайық та шипасын,
Құлан таза айығайық зыр жүгіріп құр аттай!
Сәлемімді қабыл ал, Қызылордам
Қызылорда қаласына 190 жыл, облысына 70 жыл толғанда
Сыр анасы – деді де алты Алаштың,
Теңеу таппай тойда жұрт алқаласты.
Алпыс ақын айтысып мақтағанмен
Манап ақын сияқты айта алмасты.
Қобыз үні тербеткен қайран далам,
Аралында кемелер қайраңдаған.
Сырдың елін желімен сазға салған
Нартайыңдай болайық қайдан ғана.
Сырға жырды аямай үйіп берген,
Днепрден, Рейнеден биік көрген.
Лайлы суын, масасын, бақасын да
Әбділдадай бар ма екен сүйіп көрген.
Тарихыңды ақтарған қызығар-ды,
Тас көшеңде арыстар ізі қалды.
Жас қаладан айналып астанаға,
Ақмешіттен атандың Қызылорда.
Баяғыда Сыр тасып ай-жылында,
Балық тулап Аралдың айдынында.
Жағасында құм басқан күнге қызып,
Бала біткен ойнайтын тай-құлындай.
Жалынды күн жандырып жапан қырды,
Жатса-дағы қой бағып шопан жүрді.
Егіншілер ерлетіп Қызылорда –
Ақ күріштің отаны атандырды.
Орынбордан алып ең астананы,
Аймақ болдың бүгінде асқаралы.
Иелі өңір болған соң киелі жол –
Ғарышқа да өзіңнен басталады.
Айналайын Ақмешіт – Қызылордам!
Сыр жағалап құт қонған, қызыр қонған.
Көшесінде тербеліп сәмбі талдар,
Қызыл гүлден өрілген қызыл қорған.
Ғимараттар сап түзеп салтанатпен,
Ескерткіштер ерлерді арқалы еткен.
Қобыланды қосылды қатарыңа
Қазанханның ордасын талқан еткен.
Ақ алтын мен қара алтын еселенсін,
Қазағымның көгертсін көсегесін.
Қуандықов қуантып қалың жұртын,
Қызылордам мәртебең өсе берсін.
Қасиетін айтқанда әр өңірдің,
Жырға сенің теңейді әлеміңді.
Сырдың елі өзіңе арнап салған
Келінің ем қабыл ал сәлемімді.
Жағасында дәрияның жалаңаяқ,
Шеңгелге де, шөңгеге қарамай-ақ
Менің-дағы келеді асыр салғым,
Туып-өскен өзіңде баладай-ақ.
Артығали Ыбыраевты еске алғанда
21 жаста,
Тоқтады ақын жүрегі.
Жанының отын халқына жағып жүр еді.
Жанының отын арттыра жағып жүр еді.
Елі үміт күткен ұл еді!
21 жаста,
Қыршын жас кетті үзіліп.
Ғашық жүректің қара жер көрді қызығын.
Қабір басына келетін болмай жар, бала
Қабір тасында жырлары тұрды тізіліп.
21 жаста...
Арманы шіркін көп еді...
Анасы айтып, көзінің жасын төгеді...
Баяғы кезде баллада жазған бір сұлу,
30 жыл бойы қабіріне гүлдер егеді.
Жазып тастау
Алуан-алуан күйлер билеп сананы,
Өмірде оттар,
Көңілде оттар жанады.
Соның бәрін ақ қағазға түсіріп,
Жазып тастап, жаның рахат табады.
Жазып тастау!
Бақыт еді не деген.
Өткір ойлар,
Ұтқыр ойлар жебеден.
Тесіп өтіп торғауытын өмірдің,
Құлдырайды құлындайын тебеген.
Ақтарып сап көңіліңнің сырларын,
Азаттық ап,
Бостандық ап жырларың.
Содан барып жүрегіне басқаның
Ұялайды, еніп алып ұрланып.
Қатын елді билегенде қараң ба?
Мен әйелмін,
Білем содан шамамды.
Қанша мақтап асырса да бағамды.
Бақа басты еркекке ұқсап, дүние-ай,
Мекеге бір апарғам жоқ анамды.
Мен әйелмін,
Көрінбейтін еңбегім.
Сезілмейтін жанғаным мен сөнгенім.
Алты алашқа атын қанша жайсам да,
Шежіреге бірге әкеммен енбедім.
Біздің қазақ,
Ұлға арманда, қызға емес.
Қатын қандай іс қылса да ізгі емес.
Қайсар қызы тұрса да ұстап бір үйді,
Шаңырақтың иесі деп іздемес.
«Жалғыз перзент,
Жаратқанның бергені,
Соған да үшкір, қызым ұлдан кем ба еді?»,-
Дейтін әкем мені қайрап жасымнан,
Содан ба екен тасым менің өрледі.
Ақтасам деп,
Әкемнің сол үмітін.
Сансыз кітап ақтардым кеп күні-түн.
Атам, әкем жалғастырған тегімнің
Жырдан таптым үзілмейтін кілітін.
Мен ақынмын,
Әйел екем бірақ та.
Тіршілікте жеткендеймін мұратқа.
«Қатын елді билегенде қараң ба?»
Жауап таппай жүрмін осы сұраққа.
Бетховен, Анна және «Симфония №9»
Баллада
«Симфония №9» Ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің 1824 жылы
саңырау болып қалғанда аяқтаған соңғы шығармасы. Оның құрамына
Фридрих Шиллердің поэмасы бойынша жазылған «Қуанышқа ода» кіреді. Бұл симфония хормен үндесе келе он сан аспаптың сазы аза тұтқан 74 минөттік неміс тіліндегі алғашқы үлгісі «Хоральной» деп те аталады. Осы симфонияға маэстро алғаш әрі соңғы рет өзі дирежерлік жасап Вена ақсүйектеріне тыңдатты. Компазитордың құлағы естімейтіндіктен шатасып кетпес үшін қарсы алдына соңғы махаббаты Анна Холцті отырғызып қойып қосымша дирежерлік жасатқан. Бұл нағыз ғажайып ғаламатқа ұласқан ұлы сазгердің соңғы концерті болған...
Музыкамен әлдилеген Батысты,
Ұлы Сазгер қасіретке кез болды.
Құлағында әуен біткен шатысты,
Құлағында дыбыс біткен өзгерді.
Тұлабойға құйылатын шым-шымдап,
Қайран әуен қайда ғана жоғалды.
Түндер бойы отырады тың-тыңдап.
Бүркітшідей күтетұғын сонарды.
Бара-бара дүм-дүние тыншыды,
Біржолата естімейтін боп алды.
Құлағына құйылатын құлшынып
Сол бір саздар, сол бір саздар жоғалды.
Әуені жоқ, дыбысы жоқ күн кешіп,
Ұлы Сазгер қорлық көрді теңеусіз.
Табиғатпен жүргенімен тілдесіп –
Адамдарға болып қалды елеусіз.
Саусақтары аспапта ойнап, ноталап
Түсіретін көңілдегі саздарын.
Құлақ керең, қос жанары боталап
Кім біледі симфония жазғанын.
Маэстроның жанын жеген сезімді
Жүрегінен ақтарып ап, күй ақты
«Тоғызыншы симфония» сезілді,
Аласұрған тау өзені сияқты.
Тыныштықта болды ма әуен кіліті –
Ұлы сзгер буырқанды теңіздей.
Махаббаттан үзілгенде үміті,
Анна келді музаменен егіздей.
Элизадан кейін сүймей ешкімді,
Жүрген еді ұлы сазгер түңіліп.
Мұң, уәйым егіз екен, кеш білді,
Анна келді өміріне үңіліп.
Анна келді!
Жібек желдей көктемгі.
Желпіп өтті құса мен дерт, қайғыны.
Маэстро ғажап сезім өткерді,
Қайта туды «сонаталы Ай түні».
Құлақ керең, жүрек бәрін сезеді.
Сезім қысса сазгер сірә, шыдай ма?
Қуаныштан гүлденіп кеп өзегі,
Гимн жазды «Құлшылық деп Құдайға».
«Құдай сені жіберді ғой елші ғып»,-
Деп Аннаға сүйсініп кеп қарайтын.
Көкірегінен жалын атқан дем шығып,
Көздерінен нұрлы сәуле тарайтын.
Сол махаббат, сол шабыттан күш алып,
«Тоғызыншы симфониясын» ойнатты.
Бойындағы тарап барлық құсалық
Ойындағы бұлбұлдарын сайратты.
Анна отырды қарсы алдында...
Жаратқан,
Бұдан асқан бақыт бар ма ол үшін!
Император Вена жұртын қаратқан,
Қолын соғып, кеңітті бір өрісін.
Оркестрді хорға әкеліп қосатын
Шығармада жұрт шешетін сыр қалды.
Тыңдағанның жан-дүниесін босатып,
«Тоғызыншы симфония» шырқалды.
Авторымен тұңғыш және соңғы рет,
«Тоғызыншы симфония» ойнады!
Анна арудың жанарына мөлдіреп,
Жас келді әрі нәзік жүзі жайнады.
Сезіп қалған, ұлы сазгер шаттанды,
Шиллер жырын оркестр мен хор шырқап
«Қуанышқа ода» айтылып жатқан-ды
Бейне көкке атқылаған ақбұрқақ.
Зал ішінде саздар құрып салтанат,
Маэстро тұрды асқақтап шабыттан.
Махаббат па?!
Махаббатқа мархаббат.
Сезімдердің бұлақ көзін ағытқан.
Симфония аяқталып, зал іші –
Жұрт тік тұрып, дүркіреді шапалақ
Әттең сол бір құрметтің дауысын
Естімеген ұлы сазгер қапалы-ақ.
Сол сәтте Анна жүгіріп кеп қолын ап,
Маэстроның жүзін бұрды халыққа.
Қолшапалақ бейне өртше жалындап,
Бетховеннің жаны кетті қалықтап....
Үшінші бөлім
ЖАРЫМ, САҒАН АРНАДЫМ
Жырларым жақса шамдарын,
Менің де бағым жанғаны.
Құшағымда атса таңдарың,
Сенің де бағың жанғаны .
Өзіңе ғана жан-жарым,
Кітабымды осы арнадым.
Бұл кітап саған арналған
Ақтарған барлық арманын,
Кітапты саған арнадым.
Ондағы жырлар сондай-ды,
Сезімді ғажап қозғайды.
Оқыған адам тебіреніп,
Сүйгенін ойлар еміреніп.
Көңіліне жыр-құс қонады,
Мен құсап ғашық болады.
Жап-жарық болып бар маңы,
Ап-анық болып арманы,
Жер құсап Күнді айналып,
Өзінен өзі байланып.
Қасында жүріп сағынар,
Не көрсетсе де бағынар.
Тұлабой тоңып-жанады,
Содан да рахат табады.
Табыла бермес жер-көктен,
Адамды билеп, тербеткен,
Махаббат деген сұмдықты,
Мойындап ащы шындықты
Ақтарып жазған сырларды,
Жаттайды осы жырларды.
Әр шумағынан төгіліп,
Елес боп бейнең көрініп,
Аққудай жүзген жарасып,
Қызығып жұрттар қарасын.
Жан жүрегімен езілген,
Үлгі алсын біздік сезімнен.
Топайкөгім
Топайкөгім,
Арқаңа ерің батып,
Баурыңа терің қатып.
Қайтсем мені бақытты етем деп
Қатарымнан қалдырмай, тепеңдеп,
Келе жатырсың.
Топайкөгім,
Күндіз күлкіңді тиып,
Түнде ұйқыңды қиып.
Қайтсем тарихымды тереңдетем деп,
Елімді әлемге танытып кетем деп,
Келе жатырсың.
Сол еңбегің біреудің көзін тұндырып,
Біреулерді қызғаныштан жынды ғып,
Терің кейде ақталып, кейде ақталмай,
Сөгіле сыналып, көбіне мақталмай
Келе жатырсың.
Кейбіреу көп жазады деп тиіседі,
Кейбіреу жоқты қазады деп тиіседі.
Өзің ешкімге тиіспей,
Еңбегің құрметпен түйіспей
Келе жатырсың.
Сонда да, еңбегім текке демей,
Ешкімге өкпелемей.
Даңқың тарыдай,
Дақпыртың дардай,
Топайкөгім.
Еңбегіңді еле деп Құдайдан тілейін,
Қолымнан келгенше құлдығыңда жүрейін,
Басқа не дейін...
Үнсіз бір-бірімізді ұқтық...
Сол топтың ортасында,
Жай болмай,
Мен жаққа мойын бұрғаның,
Көзіңді қадап тұрғаның.
Ықыласыңның арқасында,
Мен де нұрланып,
Қарадым, жаным, ұрланып.
Сол топтың ортасынан,
Бөлініп тұрып,
Шетін шығарып сырдың,
Мен жаққа қарай жүрдің.
Ерлігіңнің арқасында,
Мен де жұлқындым,
Саған қарай ұмтылдым.
Сол топтың ортасының,
Тыңдамай өсек-аяңын
Үнсіз бір-бірімізді ұқтық.
Қол ұстасып жолға шықтық,
Сол сезімнің арқасында,
Ажырамай іргеміз,
Содан бері біргеміз.
Сені сүю
Сені сүю,
Әлпештеу!
Білесің бе?!
Қандай бақыт өмірдің күресінде.
Түк сезбейсің тірліктің азаптарын
Біреу үшін қапылып жүресің де.
Неңді ұнаттым!
Өзгеше дара тұлғаң.
Тарпаң мінез, аңғалдау жаратылған.
Жазғанда ақ қағазға патшадайын,
Күрессе жеңілмейтін қара құлдан.
Сені сүйдім!
Тебірентіп жүрексізді
Менің ғажап сезімім дір еткізді.
Махаббатты біздегі досың құптап,
Қызғанышпен дұшпаның күн өткізді.
Имену
«Жазушы» деген баспаның тап-тар холында,
Танысып едік, топ қағазың бар қолыңда.
Атымды айтып, өртеніп кеттім ұяттан,
Жатқандай болып оранып от пен жалынға.
Именіп тұрдым, бір үрей билеп соншама,
Атыңнан үркіп, әйгілі болған баршаға.
Содан қалды ма, келемін әлі именіп
Айналсам-дағы шаңырағыңдағы ханшаға.
Жаныңда жүріп жалындап тұрған күйге енем,
Жаныңда жүріп, жақсы көрсең де именем.
Иіліп жүріп қызмет жасай берейін,
Жаным-ау менің кемемді өрге сүйреген.
Сол жылы
Сол жылы Алматының күзгі айында,
Өсек қаулап, жұрт шулап біз жайында.
Біреулер жанымызды тілгіледі,
Біреулер себетұғын тұз дайындап.
Екеуміз қосылмаса екен деп...
Сол жылы бізді бір күш әлдиледі,
Білмейміз бақ биледі, сор биледі.
Екеуміз көзді жұмып кете бардық,
Паналап жүрек деген тар күймені.
Әйтеуір бөлінбесек екен деп.
Содан соң, талай-талай күз алмасты.
Жазмыштың жазуларын тізе алмаспын.
Көшіне адамзаттың ілесіп ап,
Бабалар салған жолды біз жалғастық.
Тіршілік үшін тепеңдеп...
Пал және Сен
Бойжеткен кезім дос қызға еріп үмітпен,
Палшыға бардық арылтар деп бір күдіктен.
Тұнбасын қарап мен ішкен қою кофенің,
Бір хабар айтты пешенемдегі жігіттен.
«Әліпбидегі бесінші әріп тұр түсіп,
Сірәде – аты, жаман да емес түр-түсі.
Бірақ та оған баратын жолға түскенше,
Тағдырыңызға таңба сап кетер бір кісі.
Жаратқан саған көрсетіп ашық алақан
Үш қыз бен бір ұл сүйдіреді екен, балақан.
Дәулетің тасып, дәуренің жүріп тұрады,
Жамандық көрмей жалғанда басың қарақан.
Бірақ та соның бәріне қолың жеткенше,
Шегесің мехнат, тар, тайғақ жолдан өткенше.
Жылдардан жылға ұласып барып кезігер,
Туған жеріңе кешігіп жеткен көктемше»,-
Деп палын ашты Тамара ханым паңданып,
Мен қарап қаппын қою кофеге таңданып.
Кішкентай кесе түбінде тағдыр жатқандай,
Көрсетіп берді санама бейне шам жағып.
Атеист едім сыймады палы ұғымға,
Ертесі-ақ бәрін ұмытып қалдым шынында.
Арада қанша жыл өтті, қанша сандалдым,
Айналды сірә шырқырап жаным шыбынға.
Сарқылып сезім, таусылып төзім жүргенде,
Кездестің маған, шынымен палшы білген бе?
Жолымыз қалай қиылыспаған сонша жыл
Жырымды жазып, жүрген екенмін іргеңде.
Неге кеш кездестік
Өкініш еді бұл қандай!
Өзіңді көріп,
Өзегім жанып тұрғандай.
Өзіңді көріп,
Жастығым түсті есіме
Жүрегімдегі тамырдың бірін жұлғандай.
Ертерек неге көрмедім!
Жігіт едің ғой,
Жол бастап жүрген елдегі.
Жігіт едің ғой,
Қазақтың сөзін қастерлер,
Көзіңе неге түспеді өлең өрнегім.
Жырыма қостым атыңды,
Басқа не дейін.
Көңлімнің көлін сапырдың.
Басқа не дейін...
Бір түйін болып кептеліп,
Жалыным жыр боп атылды.
Не көрсең де төзе бердің
Сағыңды сындырайын деп,
Біреулер санатқа ілмеді.
Барыңды құм қылайын деп
Жабылып жүндеді.
Шыңыңды шыңырау деді,
Күндеді.
Жігеріңді жасытайық деп,
Әдейі-ақ тізімге қоспады.
Миыңды ашытайық деп,
Көлгірсіп жасқады.
Сенің адал көңіліңді
Ластады.
Бәсіңді төмендетейік деп,
Ғайбаттап кітап та жазды.
Басыңды төмендетейік деп,
Алдыңнан ор қазды.
Соңында өздері
Азды.
Әдейі арандатайық деп,
Жабылып арыз да жазды.
Жауларын қоғамдатайық деп,
Өткенді қазды.
Сені шабандатайық деп,
Өздері тозды.
Іштарлық күйіктерінен
Жалаңдап қатты,
Шығатын биіктеріңде
Табандап жатты.
Жаныңды күйдіріп,
Небір жала да жапты.
Соның барлығында төзімді баптап,
Сабырлы болдың, өзіңді сақтап.
Рахмет саған, сол үшін
Баянды болсын жемісің.
Сен және оппоненттерің
Неге осы саған-ақ,
Жүрегіңді жаралап,
Аш кенеше жабылып
Жатады олар табалап.
Сен ешкімнің нанын
Аңдымаушы ең, жаным.
Оларды ұйқтатпайтын,
Сендегі от-жалын.
Неге осы сен үшін,
Жұртпен болмай келісім
Бидайдайын қуырылып,
Тарылады өрісің.
Сен ешкімнің бағын
Қызғанбайсың, жаным,
Сенен артық жазар
Оларда жоқ дарын.
Неге осы сендегі
Сөз кестелеу өрнегі
Қызғандырып өзгені,
Өзіңе көп кермегі.
Сен олардан бұрын,
Дүниенің сырын
Тасқа басып қойдың,
Содан саған қырын.
Сен және Алатауым
Сапарласаң жолыңда боп тілеуім,
Сағыныштан солғын тартып гүл өңім.
Өзің жайлы және Алатау туралы,
Қызыл-жасыл түстер көріп жүремін.
Түңілгеннен тіршіліктен тау асып,
Жүргенімде Алатауда адасып,
Кездестің де, «өткенімді өртенген»
Тектіліктен сұрамадың жақ ашып.
Сұрамадың, намысыма тимедің,
Кері кеткен тағдырымды сүйредің.
Тәнті қылдың әр ісімен күн сайын,
Шындығында әу басында сүймедім.
Жүре сүйдім, жүре көріп ісіңді,
Ынтықтығың ықыласымды түсірді.
Алатауда кездестірген арланның
Тау сияқты парасатын түсіндім.
Сезіміңнің ағытып сап тиегін,
Жылдар өтті қолұстасып, сүйеніп.
Тау тағысын таңдандырған өзіңді
Алатаудай асқақ көріп сүйемін.
Өзің болып өмірімнің тірегі,
Жылдан жылға арайланып реңім,
Алыстасаң – Алатау мен Сен жайлы
Қызыл-жасыл түстер көріп жүремін.
Биіктеу
Ұмыттырып, жан жасыған сәттерді,
Махаббатың маған шуақ ап келді.
Аспанымда күн сияқты нұрланып,
Жүрегіме жыр тұтатып, от берді.
Ұмыттырып, қорлығымды көп көрген,
Ықыласың мен жетпеске жеткерген.
Аспанымда ту сияқты желбіреп,
Алып шыққан не бір қиын өткелден.
Ұмыттырып зар илеген кезімді,
Алғандаймын бір өзіңнен төзімді.
Аспанымда ай, жұлдыздай жарқырап,
Биіктеттің мен арқылы өзіңді.
Сәт сапар тілеп
Әр сапарға соңғы рет шығарғандай,
Ұзатып сап қараймын құмар қанбай.
Сәл жымиып қолыңды көтересің,
Сәуле шашып бойыма шырағдандай.
Үнің қалып жан тербер құлағымда,
Кетіп бара жатасың ірі адымдап.
Анаңдай боп сүйсініп қарап тұрам,
Еркелеткен ұланын «шырағымдап»
Шүкір айтып осынау шағыма мың,
Ұзағаннан қасымнан сағынамын.
Мен де кетіп барамын үйге қарай,
Жыр құстары ұялап бағыма мың.
Х Х Х
Махаббатпен мені ұшпаққа
Шығаруға тырыстың.
Сезім тұнған жеміс-бақта
Жыр жазуға кірістім.
Махаббатпен мені аялап,
Қоярға жер таппадың.
Сезіміңе жан саялап
Мен жырымды баптадым.
Махаббатпен мені әлемге
Періште етіп көрсеттің.
Сезіміңе кенелем де
Жыр өруге тер төктім.
Сен аялап махаббатты
Мен өлеңді тербедім.
Көкке жаздық, шапағаты
Орасын деп жер бетін.
Екеуміздің жырымызды
Жастар жаттап өссін деп.
Өлеңге орап нұрымызды
Тасқа бастым кескіндеп.
Сол сәт...
Үндемегін, үндеме біз оңаша қалғанда,
Қандай рахат тең келер осы сәтке жалғанда.
Жанарыңның нұрына шомыламын еркелеп,
Еніп кеткен сияқты ертегі бір орманға.
Үндемегін бұл сәтті сөз жеткізе алмайды,
Сезімдерді көрінбес арман жібі жалғайды.
Сағынышпен табысып, бір-біріне сыр айтқан
Екі жүрек жарысып дүрсілдеуден танбайды.
Үндемегін бұл сәтке еш ләззәт жоқ тең келер,
Жазирасы жаныңның жыр боп бойда өрмелер.
Періштедей жүректі адам ғашық болады,
Мұндай сәтті ешқашан өткермейді пенделер.
Махаббаттың әнімен тербетілген күймеден,
Көкке ұшасың қанатсыз сол сезіммен билеген,
Керегі жоқ еш сөздің, көзің сайрап тұрады.
Мұндай сәтті ешқашан өткермейді сүймеген.
Сондықтан да сөзбенен әуре болма ұқтырып,
Саған қарай берейін, жанарыма шық тұрып.
Сөзбен сурет салатын жүз жігіттен, үндемей
Ғашық еттің өзіңе,
Міне нағыз мықтылық!
Қуанышым...
Бір туысым «Таңқалдырып оқығанды қаншама,
Аспандатып кітап жаздың соншама.
Дүкенбайды сараң дейді мына жұрт,
Саған қанша сахабадай болса да.
Тапқандайын жігіттің хас серісін,
Жырларыңның соған арнап көбісін
Жүргеніңмен Дүкенбайды біледі ел,
Абыз болып көрінсе де сен үшін.
Қисайтып ап бір жағына дәу басын,
Жүргенімен жазуына жау басым.
Тегіс жерден сүрінеді Дүкенбай,
Тыныш күнде сақиналап сау басын.»,-
Деді езеуреп, кеткендей-ақ бір кегі,
«Туыс» деген туырлықты бүркеніп.
Масайрайды мен үндемей тұрғанға
Қалғандай-ақ, одан бәсім бір кеміп.
Аты да жоқ, заты да жоқ далағай,
Мәз болады, тұқырттым деп қарадай.
Сезінбейді-ау, қызғаныштан тұрғанын
Дүкенбайдың шылғауына жарамай.
Үндемедім... жыр желеген жайдым да,
Қағаз алып қайта шықтым айдынға.
Жұртты қайтем,
Сол қалпында Дүкенбай –
Қуанышым, рахатым, қайғым да...
Сен де адасып, мен де адасып
Сен де адасып,
Мен де адасып жүр едік,
Тағдыр жайлы талас туса іредік.
Қияндағы бір бақытқа қол жетпей,
Қиялдағы бір өмірді тіледік.
Сен де жарты,
Мен де жарты жүр едік,
Қу тірліктен тарамыстай сірі едік.
Жалқылықтан безердей боп жүдедік,
Жартымыздың табылуын тіледік.
Мен өзіңді,
Өзің мені көрдік те,
Ғашық болдық сезімге ерік бердік те.
Көз көрмейтін бір тартылыс күшімен,
Орналастық екеуміз бір ендікке.
Мен өзіңе,
Өзің маған тартылып,
Жүректердің отына ыстық шарпылып,
Уық қадап, шаңырақты көтердік,
Мойнымызға әулет жүгі артылып.
Біз қосылған күнге ода
Астана 2008 жыл. 30 қаңтар
442 ай,
13260 күннен бері біргеміз!
Өзімізше, тас қамалдай іргеміз.
Кітаптарың – ұрпақтарға мұрамыз,
Менің жырым – үлдеміз бен бүлдеміз.
13260 күн мен түн,
Екі жарты боп келеміз бір бүтін.
Үй болған соң сылдырлайды ыдыс та,
Күтпейді екен әркез алдан нұрлы күн.
Сен тарпаңдау,
Мен еркелеу болғанмен
Бір жан болдық, екеуге ортақ арманмен.
Бір жан болдық, екеуге ортақ жүрекпен
Жағаласып, жалған десе жалғанмен.
Үй болған соң,
Кейде жетіп, жетпейді.
Көңіліміз күнде шуақ төкпейді.
Өміріміз бірде – ілгері, бірде – жәй,
Тамырымыз жылдан-жылға көктейді.
Әрбір күнге,
Әрбір жылға қуанып,
Маңайыңды мейірімге суарып,
Кенжетаймен шаңырақта отырмыз
Төрт баланы төрт отау ғып шығарып.
* * *
Аруларға алыстан ат арылған,
Сенің бітпес серілік сапарыңнан
Шүберекке түйіп-ап қу жанымды,
Талай таңды атырғам қатарынан.
Күн де талай бататын күй ақтарып,
Ай да талай туатын қияқтанып,
Сен шалдығып жетуші-ең "қыз қуудан"
Біздің үйдің жалғызы сияқтанып.
Қызғанбадым, қыз тартып алады-ау деп,
Анаңдай тек қуандым аман-ау деп.
Жастығы өтіп барады, ойнап-күлсін,
Ат айналып қазығын табады-ау деп.
Жақсы өмірді күтумен ертеңімнен,
Жаңылмадым, жазбадым сол сенімнен.
Енді маған сағынып сыр айтасың,
Жастығымды ұрлаған серке күннен.
Ерке күнді, ой, сол бір серке күнді
Есіңе алып жазасың "ертегіңді".
Мен отырмын төзімнен шаш ағарып,
Жары болып жігіттің ер көңілді.
Сенің қуанышың
Дүкеңнің Мемлекеттік сыйлық алғанда айтқан сөзі
Деме маған:
«Басын алдың жүлденің,
Жолын аштың үлде менен бүлденің».
Атақ пенен ақша тәйір сөз ба екен,
Ең бастысы – сен қуанып жүргенің.
Саған дейін қалай жалғыз жүргемін!
Саған дейін қалай өмір сүргемін!
Мына түйір алтыныңның құны сол –
Сен қуанып, маңдайымнан сүйгенің.
Талай жылғы көздің майын тауысып,
Жазған еңбек оқырманмен қауышып.
Сөз бәйгеде қара салмай алдына
Сыйлық болып келгені ғой ауысып.
Мұрағатта сан тарихқа үңілдім,
Жаза-жаза тіршіліктен түңілдім.
Сол кездері мені сүйреп жарыққа,
Бұл сыйлыққа сен де еңбек сіңірдің.
Қағаз, қалам байлап тастап көзімді,
Барлығынан безіп кеткен кезімде,
Жиып-теріп менің бала-шағамды
Ие болдым деп айта жүр өзіңді.
Атақ алып тасысын деп айбарым,
Анадайдан көрінсін деп айдарым.
Жазбаушы едім,
Жатқызбайтын күні-түн,
Мені айт деп қайдағым мен жайдағым.
Мен айтпасам қазақ көрген азапты,
Мен айтпасам тарихтағы тозақты,
Ешкім жазып кетпейтіндей есірдім,
Бәрін ұмтып тірліктегі ғажапты.
Сол ұмтылыс,
Сол құлшыныс сүйрелеп,
Жаза бердім ойларды ойлар кимелеп.
Мұрағат пен кітапхана үй болған
Жазушының отбасына күй керек.
Сен жасадың бәрімізге сол күйді,
Сенің отың бүгін көкке шалқиды.
Жан серігің бас бәйгені алғанда,
Қуаныштан бүгін көңілің толқиды.
Көңіліңе бақыт құсы мекендеп,
Қуан, жаным, сен қуанса екен деп
Тағы талай биіктерге ұмтылам,
Ел аманда, сен аманда жетем деп».
Алақаның аялап...
Алақаның аялап алақанымды,
Жетегіңе алып, тербетіп нәзік жанымды.
Келе жатқанда теңдесіз осы бақыттан
Жандүнием іңкәр сезімге малынды.
Көзіңнің нұры ерітіп жүйе-жүйемді,
Балқыды бойым, сөзбен айтқысыз күйге енді.
Бауырыңа кіріп, есімнен танып қалыппын,
Тапқандай болып жердегі жалғыз иемді.
Осылай жаным, өзіңді сүйіп қалыппын,
Ақтарыла сырыңды айттың, қанықтым.
Сенесің бе, сенбейсің бе білмеймін
Мен де өзіңдей сүйіп көрмеген ғаріппін...
ӨЗІҢЕ
Келешекке алаңдаған
Бірімін ғой пенденің.
Сенсіз өмір қараң маған,
Сенгін мейлі сенбегін.
Сені білмей қалай бұрын,
Өмір сүріп келгемін.
Сенсің жалғыз арай-күнім,
Сенгін мейлі сенбегін.
Жанға — шуақ, тәнге — ләззат,
Өмірлік жар, некелім.
Өзіңменен сездім ғажап,
Бақыттың не екенін.
Бағып қас пен қабағыңды,
Құлың болып өтемін.
Жалғап өмір сабағыңды,
Арманыма жетемін.
Мен қайтейін ән-жырыңды,
Сенсіз өтсе дүрмекпен.
Әр күнімді, әр жылымды
Ұлықтаймын бірге өткен.
* * *
Алладан тілеп амандық
Перзент сүйіп, жар құшып.
Ешкімнен көрмей жамандық
Өмірдің өтті жартысы.
Атаның атын шығарып,
Ененің істеп талабын.
Ағайын жұртын құп алып,
Туыс етуге жарадым.
Жарымның бағып қабағын,
Болсам деп жалау жанына.
Серік болуға жарадым,
Сезімді құл ғып жолына.
Жарымның тілеп тілеуін,
Көрсем деп заңғар биіктен.
Жанында құл боп жүремін.
Шуағы тасты иіткен.
Балама төгіп мейірім,
Балбырап жүрем, мәз болып.
Өкпе жоқ менде кейіимін,
Жарыма ғана назданып.
Тәңірдің берген шыдамы,
Шуақты күнге жеткерген.
Жаратқан Ием құп алып,
Осы қызығымды көп көрме.
Х Х Х
Сұп-суық болып кей-кейде,
Сөйлескің келмей ешкіммен
Жүргенде сендік «гөй-гөйге»
Үндемей ғұмыр кештім мен.
Абайдың өзі күйгеннен,
«Дерт»,- депті сөздің өнерін.
Бір кезде мені сүйгенмен
Білгенмін «дерттің» жеңерін.
Құлы боп ойдың сарқылмас,
Өзіңмен-өзің жүресің.
Жазудан басың артылмас,
Жаратқан беріп үлесін.
«Ауырлау,- дейсің,- мінезім»
Қаламай думан-дүрмекті.
Бір кітап болып бір өзің
Оқшаулау жұрттан жүрмексің.
Келістім, бірге өзіңмен
Тып-тыныш өмір кешуге.
Қарсы алып бәрін төзіммен
Шынардай көктеп, өсуге.
Сен маған кездестің
Қулық-сұмдығын асырып,
Бассыздау біреу басынып,
Жүргенде жылап жасырып,
Сен маған кездестің.
Жалғыздық – қаншық үргенде,
Қорқыныш жайлап іргемді.
Жабырқап-жүдеп жүргенде,
Сен маған кездестің.
Жоқ еді ешбір сүйеуім,
Тірлігім – қомында түйенің,
Жүргенде, болсам деп күйеуің,
Сен маған кездестің.
Аштырып өмірге көзімді,
Оятып өлген сезімді,
Сүйдіріп алдың өзіңді.
Осылай сен маған кездестің,
Бақытты ете алмастай өзге ешкім...
Саған жеткенде
Әрең біліп мекеніңнің дерегін,
Қалыңдықтай желбіреткен желегін,
Қуаныштан құстай ұшып келемін.
Сен тұратын сол қаладан, жарығым
Сездім бірден жүрегіңнің жалынын,
Тіпті басқан іздеріңді таныдым.
Мамырдағы күн нұрына тап келіп,
Сағыныштан тұлабойым жатты еріп.
Сен жұтатын ауа қандай тәтті еді!
Сен тұратын қала гүлмен құлпырып,
Тау басынан бұлақтары бұлқынып,
Ағып жатты өзің жаққа ұмтылып.
Сол таудағы аққайыңдай иілген,
Сол бұлақтай мөлдіреген күйімде,
Саған жеттім салтанат боп үйіңе.
Отауыңа отырғызсаң өзің біл,
Отбасының махаббатын сезіндір.
Менің саған сөз айта алмас кезім бұл!
Мейір мен мерей
«Мен суықтау адаммын ғой, шырағым,
Аралассыз, құралассыз тұп-тұйық.
Сен мейірімді бола гөр,- деп сұрадың
Қоңыртөбел өміріме құт құйып.
Екі балам.Анам.Жалғыз бауырым
Отбасымен қабағыңды бағады.
Енді солар сенің туыс- қауымың,
Енді солар өркендейтін сабағың»,-
Дедің-дағы бәрін маған жапсырып,
Кете бардың, жазуыңның соңынан.
«Сонша жанды мейірімге тапшы ғып,
Сені берген Алла шығар оңынан.»
Содан ба екен анасындай бәрінің
Айналама шуақ болғым келеді.
Жасқа – жаспын, ал көңілге – кәрімін,
Көгертсем деп әулетіңнің терегін.
Ел ішінде бәйбіше боп еленіп,
Шапағат пен нұрға толды маңайым.
Келіндер де ерте салып сәлемін,
Әже болдым – ағармастан самайым.
Қоңыртөбел өміріңе құт болып,
Тасыттым ба мерейіңді білмеймін.
Жабайылау жазушыға жұп болып,
Жидесіндей Сыр бойының гүлдеймін.
Айкезбе
Дәл мендей ешкім ұқпас жаныңды айқын,
Тек сенің жырыңды оқып, әніңді айттым.
Өзіңді түсімде де күнде көрем,
Ғашық боп қалыппын ғой, енді қайттім.
Дәл мендей ешкім жақсы көрмейтіндей,
Жаныңа жағып, рахат бермейтіндей,
Ұмтылам, маған сонша не болғаны
Бір сәттік назарыңа шөлдейтіндей.
Сабырлы емес па едім қай кезде де,
Өлеңім бұл сырымды жайды өзгеге.
Іздеумен кітабыңды әр дүкеннен,
Айналдым күндіз жүрген айкезбеге.
Бір сыр болды...
Жүрегімнің түпкірінде жүретін,
Бір сыр болды, өзім ғана білетін.
Анда-санда көріп қалған мен үшін,
Сіз күлгенде күллі дүние күлетін.
Көрген сәттен жырлар қағып қанатын,
Көңілімде мың сан шырақ жанатын.
Біз тұратын сол қалада кеш бата
Сіз жүргенде жолдар жарық болатын.
Сөзіңізді алаш тыңдап тұратын,
Сізді көру болып жалғыз мұратым
Жүргенімде сағыныштан оңаша,
Жүрегімде мөлдір бұлақ тұнатын.
Осы сырды ақтара алмай ешкімге,
Осы өлеңді жаздым сірә, кеш мүлде.
Сол жымиған сәбидей пәк қалпыңда
Жүрегімнің түпкірінен өштің бе?.
Тәңірім тапсырыпты...
Тәңірім тағдырыма серік етіп,
Сені – балға, ал мені – көрік етіп.
Жаратыпты тірліктің төсіндегі
Соқсын деп сөз өрнегін берік етіп.
Тәңірім қол ұстасып бір жүрсін деп,
Сезімін сенімімен білдірсін деп
Жаратыпты өмірдің у мен балын
Екеулеп тасқа басып үлгірсін деп.
Екеулеп сөзден сарай салдырсын деп,
Өлеңмен махаббатын жандырсын деп
Жаратыпты ұлтының өнегесін
Үлгі етіп кейінгіге қалдырсын деп.
Тәңірім бізге солай тапсырыпты,
Серік қып келешекке жақсы үмітті.
Екеулеп тасқа басып таратсын деп,
Әлемді түбі билер жақсылықты.
Бір ерке жігітке
Алла-ай, кейде мінезі жүз құбылып,
Үйіріле салады күзгі бұлыт.
Борандатып, қарлата жөнелгенде
Көрсете алмай қаламыз ізгі қылық.
Әдіре қап кешегі тату кездер,
Жебедейін қадалар қату көздер.
Бас білдірмес асаудай атылғанда
Айдалаға кетеді басу сөздер.
Содан кейін әп-сәтте күн ашылып,
Көңілінің көгілдір бүрі ашылып,
Бәрін ұмтып кетеді, балаға ұқсап,
Маңайыңа кеткендей нұр шашылып.
Содан кейін еркелеп асып-тасып,
Кететұғын кезі бар жұртты басып.
Үндемесе қорқамын, науқас па деп,
Сірә, сол мінезіне болдым ғашық.
Мойындату
Дүкеңнің өзі туралы айтқаны
Ашу келіп қалды ма,
Шықпа менің алдыма!
Орып түсер ойран сап,
Арандарсың шалғыма.
Шақпақтанып жанарым,
Қасқырындай даланың.
Қарсы келген адамды,
Талапайға саламын.
Анда-санда шырағым,
Борандатып тұрамын.
Өткізіп ап құйынды,
Керегіңді сұрағын.
Не десең де қош көріп,
Жүре алмаймын көшке еріп.
Өмірде өз жолым бар,
Отырарсың ескеріп.
Тұнық болса көңілім,
Тыныш болса өмірім
Тырысамын ақтауға
Жардың адал сенімін.
Х Х Х
Бірге тұрып сонша жылда ұққаным,
Ешқашанда саған қарсы шықпадым.
Сенің сөзің заң сияқты мен үшін
Осы болар өмірде бар ұққаным.
Бірге тұрған сонша жылда байқадым,
Ешқашанда шайқалмады ой-тағың.
Жазып тастап, жаздай жайнап жүресің,
Осы болар қызметіме қайтарым.
Бірге тұрып барымызға бекем боп,
Кеудемізге бақыт құсы мекендеп.
Екі жақтап күзетеміз қайткенде,
Осы дәурен тарқамаса екен деп.
Егіз екенбіз
Сөздерімен жон арқадан таспа алар,
Сен жайында не демеді басқалар.
Көргендей боп сенен бақыт шырағын,
Естімеді құлағым.
Сөздерімен мақтаменен бауыздар,
Сен жайында сайрады керауыздар.
Кездіктей боп жаттың қынның түбінде
Естімедім бірін де.
Сөзімен де, ісімен де сендіріп,
Сен жайында не айтпады төндіріп.
Сыңарым деп, өзіңді іздеп шарқ ұрдым.
Магниттей тартылдым.
Тоқтатпады «тарихың» да бұрынғы...
Түсінбеді ешкім осы сырымды,
Бірін-бірі іздеп жүрген екеуміз,
Шындығында егіз екенбіз.
Мен үшін....
Мен үшін сенің әрбір сөзің дәрі,
Мен үшін сенің ісің өмір нәрі.
Жаныңда жүріп ғашық болғаныма
Қайран қалып қарайды жұрттың бәрі.
Өзіңнен басқа рахат керек етпей,
Өзіңнен тауып бақыт кереметтей,
Қызығып қарайды дос-дұшпандарың
Жүргеніме ешкімге елең етпей.
Таң қалып сан азапқа төзгеніңе,
Тамсанып ақылыңа, сөздеріңе.
Жаһанда сенен батыр көрмейтінім,
Тулатар жан сезімін өзгенің де.
Жатса да сан шаруа киіп кетіп.
Жыр жазам сені жұртқа сүйікті етіп.
Жаныңа жалау болып әрқашан да
Жүрсем болды атыңды биіктетіп.
Тыныштығым бұзылғанда
Тыныш еді ғой көңілім,
Тыныш еді ғой өмірім.
Қай жақтан ғана сап етті.
Жеңілтек деген жемірің.
Тыныш еді ғой Ай, Күнім.
Тұнық еді ғой айдыным.
Білдірмей қалай бүлдірді.
Тауып ап жолдың айрығын.
Адал деуші едім мен сені,
Асқақтау ұстап еңсені
Жүргенде алды жүректен,
Намыстан кеттім теңселіп.
Ағымды кетті арамдап,
Тағымды алды тарамдап.
Жау шапты кіші ордамды
Жүргенде әрең қоғамдап.
Үйіме айдап бір бұлтын,
Іріткі салды бір сылқым.
Айрандай ұйып жүргенде
Алдыма тосып қанды ұртын.
Жарылды жардың төсегі,
Лапылдап жұрттың өсегі.
Адыра қалды махаббат,
Аңыздай болған кешегі.
Үн-түнсіз күндер еңсеріп,
Шаңырақ тұрды теңселіп.
Түңіліп, түтеп жүргенде
Жұбату айттың сен келіп.
Ару Сырдың жағасында
«Ару Сырдың көрсетем деп аққанын»,-
Алты қанат үй тіктіріп шаттанып,
«Ақарықта» ала жаздай демалдық
Өмірі естен кетпейді сол шақтарым.
Сыр сияқты толып ағып сезімің
Ағы менен қарасындай көзіңнің
Айнұрың мен Әселіңе көрсеткен
Дәурені еді дәуірлеген кезіңнің.
Сұлу Сырдай тұнып аққан шілдеде,
Туған жерде жоғалтқандай бірдеңе
Кетуші едің мың ойлап, жүз толғанып,
Күтуші едім бәйбішедей іргеде.
Асып-тасып кемеріңнен Сырға ұқсап,
Оралушы-ең шабыт алып бір құшақ.
Өзен бойлап келе жатқан алдыңнан
Шығушы едім көктен түскен нұрға ұқсап.
Сыр бойында қыз-жігіттей табысып,
Жанарларда бір қуаныш жарысып.
Атқа мініп қыдырушы-ек дәурен-ай,
Жақындассақ қос үзеңгі қағысып.
Соның бәрі кеше еді ғой, кеше еді,
Есіме алсам сағынышым өседі.
Сырда өскен арманшылдау жігіттің
Махаббаты көкейімді теседі.
Бірге болу
Бірге болған түндерден көз ілмеген,
Таң тамаша атады өзіңменен.
Шыққан күнге қараймын шырайланып,
Жанды ерітер жып-жылы сезімменен.
Бірге болу бақытын кім ұғады,
Меніменен күллі әлем тынығады.
Еркелеймін алдыңда ұяң ғана
Бойжеткендей шықпаған қылығы әлі...
Бірге болған күндерден салтанатты,
Жүрегімнен қағады ән қанатын.
Жайқалады жанымның жапырағы,
Жырлар жазып тыңдаған таңқалатын.
Бірге болу өзіңмен теңеуі жоқ,
Дәурен боп тұр өмірде егеуі көп.
Тарқамаса екен деп осы сәттер,
Соғып тұрған жүректің бебеуі көп.
Түсімде көрдім
Түсімде көрдім,
Жеткендей қолым айға анық.
Жаныңда жүрмін, бақыттан басым айналып.
Жаныңда жүрмін, сөзбенен айтып жеткізбес
Таңғажайып, тәтті бір сезім бойды алып.
Түсімде көрдім,
Жаным-ау шын ба, жалған ба?
Жаратқан жомарт жеткізіп сол сәт арманға.
Ұшып барамыз, белгісіз жаққа бұлтты асып,
Мінгесіп алып қос қанаты бар тарланға.
Оянып кеттім,
Тәтті түс сол сәт кетті еріп,
Көзімнен ұшты жаңағы бақыт кептерім.
Жыладым үнсіз, жас болып еріп арманым,
Кеудеме қатты өмірлік тас боп кептеліп.
Мен асықсам...
Біреу тартып алатындай үлесін,
Ештеңеге асықпаймын білесің.
Мен асықсам, саған ғана асығам,
Сарыарқада соққан желге ілесіп.
Жайып тастап көңілімнің желкенін,
Жер қозғалса қозғалмаймын мен тегі.
Мен асықсам, саған ғана асығам,
Жалғау үшін арманымның өркенін.
Мені ешнәрсе алаң ете бермейді,
Топан суың тобығымнан келмейді.
Мен асықсам, саған ғана асығам,
Сахарадай саған жаным шөлдейді.
Жүрегімнің қуырып бар танабын,
Саған қарай алып-ұшып барамын,
Миллиондаған адамдардың ішінен
Сені ғана танып тұрар жанарым.
Төзімді едім, сабырлы едім бір жандай
Мазам кетті жалғыздық кеп ұрғандай.
Сені тауып бұратпасам кілттерін,
Күллі дүнием иесіз боп қалғандай.
Ауырсаң
Болды ма осы тағдырдың сыбағасы,
Жиі ауырып есімді шығарасың.
Жаутаңдайды қамығып екеумізге
Балаларың қатпаған бұғанасы.
Сен ауырсаң, үй суып, күй кетеді.
Суық үрей көңілімді билетеді.
Тәңір шіркін білдірмей отбасының
Көтеруге бар жүгін үйретеді.
Дыбысың мен бақылап тынысыңды,
Құрақ ұшам, алмауға тынышыңды.
Сен басыңды қағаздан көтермейсің,
Жазу деген патшаның құлы сынды.
Қаламсабың қағазда жүгіреді,
Тарих біткен әріп боп тіріледі.
Жаның рахат тапқанмен жазғаныңнан,
Тәнің көзге көрінбей тілінеді.
Қарамайсың, ауырған – сынғаныңа,
Үңілесің өмірдің жұмбағына,
Әпенділеу қалпыңмен жүре берші,
Кейіпкер боп жарыңның жырларына.
Біз де есейіп қалыппыз
Ғашықтықтан жүруші ең есің ауып,
Біз де есейіп қалыппыз, бесін ауып....
Енді менің шықпайсың маңайымнан
Өткен менен кеткенді есіңе алып.
Тәтті күндер қашанда тез өтеді,
Бағы жоқтар бақтыны сөз етеді.
Апам бізге күн сайын ескертетін;
«Татулыққа үйдегі көз өтеді»
Күнде тәтті болмайды, кейде ащылап,
Сен томпайып, мен болсам көзді шылап
Қалғанменен, артынша ұмытылып
Татуласа салушы ек тез жақсылап.
Екі жүрек бағынып бір тағдырға,
Жастығымыз ұрланып жылдан-жылға
Самайымыз ағарып, сәл алқына
Қолұстасып шығамыз қырдан-қырға.
Міне осылай, төрт маусым алмасады,
Шырқалады өмірдің талмас әні.
Ееумізді тербеткен ұлы сезім
Ұл мен қызды әлдилеп жалғасады.
Үнсіз махаббат
Екеуміз екі қиырдан,
Кездесіп қалдық ойда жоқ.
Жүректерге кеп құйылған,
Жалындап сол сәт бойдағы от.
Тағдырға жаным, мың тәубе,
Бақытқа осы тап келіп,
Жанардан ұшқан нұрсәуле
Жанарға барып жатты еріп.
Көздермен ғана ұғыстық,
Сөздердің болмай керегі.
Тұлабойымызда ып-ыстық
Ғажайып сезім өреді.
Сезімі судай тасыған,
Ұғысқан көзбен, үні жоқ.
Махаббат деген осы ма,
Ғашықтар үшін тілі жоқ.
Екеуміз тілсіз, түнгі әлем
Біз үшін жатты сырласып.
Жүректерді үнсіз тыңдап ем.
Жаныма кетті ұласып.
Екеуміз.
Үнсіз махаббат...
Дүние-ай, қандай тәтті еді.
Көзіңнен ұшқан шапағат
Балқытып бойды, жатты еріп...
Екеуміздің ертегі әлеміміз
Артқа тастап ХХ –шы ғасырды,
Кеш болса да бағым менің ашылды...
Көркемсөздің хас шебері тіл қатпай,
Келіп тұрдың, иіп үлкен басыңды.
Келіп тұрдың, сәл жымиып жұмбақтау,
Сөз айтпадың ең болмаса бір мақтау.
Сонда білдім, көзбен ғана ұғысар
Махаббаттың кереметі – тіл қатпау.
Сері емес-ең, қыз біткенді еліткен,
Сонда-дағы айырып бар еріктен
Жалғыз ауыз сөз айтпай-ақ, қолымнан
Ұстағанда бара жаттым еріп мен.
Бұзып-жарып көңілдегі түнекті,
Табыстырып тіл қатпай қос жүректі,
Үндемей-ақ мені асқарға шығардың,
Содан бері жыл артынан жыл өтті.
Тұлпардайын ғажап алтын тұяқты,
Зымыраған күндерменен күй ақты.
Мені жаным жетеледің әлемге –
Андерсеннің ертегісі сияқты.
Сол әлемді ханышадай биледім,
Тербетіліп ішінде әсем күйменің
Әулетіммен, сәулетіммен салып ап,
Сол күймені махаббатпен сүйредің
Салтанатпен, мархабатпен жар салып,
Жүзжылдықты, мыңжылдықты қарсы алып.
Келе жатқан біздік ертегі әлемге
Келер ұрпақ қызығады, тамсанып.
Төртінші бөлім
ӘКЕ АМАНАТЫ
Сәуле шашып жүрсін деп маңайына,
Беріпті әкем осы атты талайыма.
Тәңірім де жіберді нұрландырып,
Тағдырымды атымның орайына.
Әке аманаты
Мәңгілікке жатты әкем бет бұрып,
Қолымды ұстап, айтты сөзін ақырғы.
«Қай кезде де көрсетіп тек тектілік,
Алты алашқа шығарарсың атымды.»,-
Деп үзілді зор аманат тапсырып,
Өмірбойы жауапты боп жүрсін деп.
Әке атын есіміне жапсырып,
Алып жүру оңай емес білсін деп.
Тағдырымның жолы бұраң болғанмен,
Сол аманат ешбір естен кетпеді.
Әке атын ел білсе деп арманмен,
Жүрегімде нәзік жырлар көктеді.
Сол жырларым көгершіндер сияқты,
Адамдарға жақсы хабар жеткізді.
Тасқа басқан әке атын мият қып,
Күндерімді жазуменен өткіздім.
Қалмаса да бір жаман ұл артында,
Мен тербеттім арманының бесігін.
Бұзбай айтқан аманаттың шартын да,
Алты алашқа жайдым әке есімін.
Әкем және есімім
Ашқанымда дүние есігіңді,
Әкем таңдап қойыпты есімімді.
Анам шексіз мейрімге шомылдырып,
Ән-күйменен тербетіп бесігімді.
Сәуле шашып жүрсін деп маңайына,
Беріпті әкем осы атты талайыма.
Тәңірім де жіберді нұрландырып,
Тағдырымды атымның орайына.
Маңайына жүрсін деп шуақ төгіп,
Қойған аты жаныма қуат беріп
Сәулеленіп салтанат құрғанымды
Қайран әкем көрмеді бірақ келіп.
Мәңгілікке өшпестей із боп серік,
Екеуміздің атымыз тізбектеліп
Алты алашқа жыр болып тарағанын
Көрмеді әкем Сәулесін іздеп келіп.
Жалғыз перзент өзіне аз еркеледі,
Соны ойласам жүрегім өртенеді.
Аманаты сияқты қойған аты,
Көрмеді әкем,
Өмірім көркем еді...
Анама
Мен едім – бар қызығы,
Мен едім – бар биігі.
Болмады көп қыз-ұлы,
Думаны боп үйінің.
Мен едім – бар өмірі,
Жемісі де – мен едім.
Таудай болып көңілі,
Мені көпке теңеді.
Медеу тұтып жанына,
Тілеп тілек күні-түн.
Жалғызының жолына,
Үкілеп бар үмітін.
Қайран анам кетті өтіп,
Арманға кім жетіпті.
Көршілерге соңғы рет
«Ақын қыз»деп кетіпті.
х х х
Ақтадым ба сол сенімді білмеймін,
Артындағы жалғыз қалған гүлдеймін.
Екі өлеңнің бірін арнап анама
Жүректегі жыр ошақты үрлеймін.
Анамның жүзігі
Әр көрген сайын өртене түсер өзегім,
Мына бір жүзік анамның қалған көзі еді.
Сағынған кезде сандықтан алып бірауық
Қолыма салсам, қолының табын сеземін.
Жақсы бір істі бастайтын кезде ырым ғып,
Қолыма тағам, сәттерді еске ап бұрынғы.
Қиналған сәтте тасынан көріп анамды
Күбірлеп қана ақтарып алам сырымды.
Анамның көзі – анамның асыл жүзігі,
Бала шағымның бөлініп қалған үзігі.
Қолыма салып, есіме алып отырсам,
Кинодай болып өтеді-ау шіркін тізіліп.
Аспантау...
Ауылым... бәрі де қалды жырақта,
Балалық деген аралға барып тұрақтап.
Кіретін із де шығатын із де жоқ онда,
Тек елес қалды жауапсыз, сансыз сұраққа.
Әр көрген сайын өткенім түсер есіме,
Ғажайып жүзік, ескіден қалған несібе.
Анамдай болып желеп те, демеп қой мені
Ілесіп келем өмірдің ұлы көшіне.
Анамның жанары
Жанымдай менің жан анам,
Жанарың қандай нұрлы еді.
Шуақтан сол бір тараған,
Көңілім көктеп, бүрледі.
Жүрсем де қайда анашым,
Жанарың мені жебейді.
Сағынып сол бір қарасың,
Мен өскен сайын көбейді.
Болсам да қанша жырақта,
Жанарың көріп тұрады.
Жеткізген мені мұратқа,
Сол көздің сірә, шырағы.
Балаға жаны елжіреп,
Анадай бір жан қарар ма?!
Жолымды баққан жәудіреп,
Мың алғыс сол бір жанарға.
Төр көрпе
Қ-а-ш-а-н...
Анам көшкелі басқа өмірге,
Жетімдіктен түзілді тас көңілге.
Көзіндей боп төрімде көрпеше тұр
Көзімдей боп бұлдырап жас көмілген.
Қызыл пүліш, көк пүліш, сарысы бар
Көрпешенің көз тартар әрі шығар.
Шет жағына ілмекпен салған өрнек
Сол заманның жазылған зары шығар.
Ақ шәйімен астарлап, бес елідей
Қойдың жүнін ханшаның төсегіндей
Тартқан екен, үстіне отырған жан
Сезінеді қызуын кешегідей.
Бар өнерін, мейірім, шапағатын
Салып тіккен, шөпшегі жата алатын
Сол көрпеге өтсе де жарты ғасыр
Жан анамның сезінем махаббатын.
«Шилі өзенді» айтшы
«Шилі өзенді» айтшы шідерін шешіп көңілдің,
Есіме түссін ескі бір кезі өмірдің.
Осы бір әнді анашым жылап тыңдайтын,
Содан ба, қайдам, естісем мен де егілдім.
Он төртке анам толғанда соғыс басталып,
Болыпты ойран балалық нұрлы аспаны.
Астықпен бірге басына қонып егістің,
Жастығын орып тастапты ауыл жастары.
Сағынып жүріп соғысқа кеткен жарларын,
Жеңгелер әнмен шығарады екен зарларын.
Үш бұрыштатып жолдапты сәлем майданға,
Бойжетекен қыздар соғыстың шеккен зардабын.
Адыра қалып, жар болсақ деген нар талап,
Жастығы өтті, арба айдап, дағар арқалап.
Егістік пенен қырманның екі арасын,
«Шилі өзенді» айтып өткізген екен қалқалар.
«Шилі өзенді» айтып, ағытып көңіл шідерін,
Бойжеткен қыздар кестеге тігіп тілегін,
Әжесі жүннен тоқыған шұлықтарға орап,
Майданға қарай жібереді екен «жүрегін».
Осы әнге салып жылайды екен зарына,
Жеңгейлер алған қаралы қағаз жарынан.
Осы әнді салған қотанда жалғыз бойжеткен,
Оянбай жатып сезімін соғыс қарыған.
Гимні болған сұрапыл сол бір жылдардың,
«Шилі өзенді» айтшы, өткені еске ап тыңдармын.
«Шилі өзенді» айтшы, анамды еске алайын,
Тірілтші қайта, сағыныш көмген жылдарды.
Анамның тағдыры
Жаралы жылда,
Қаралы оттың басында.
Ішінен тынып,
Бауырын жоқтап ашына.
Өсіпті анам.
Жанына батып,
Соғыстың татып у дәмін.
Ұзатылыпты,
Гүлдемей, солып жасынан...
Отымен кіріп,
Күлімен шығып үйінің.
Береке қылып,
Еңбекпен тапқан тиынын.
Өтіпті анам.
Пейілі теңіз,
Мейірі көл боп өмірден
Бабаларының
Аруақтарына сыйынып.
Жұтаңдау үйде,
Қатаңдау тірлік кешіріп,
Сабырмен жүріп,
Сырын да ашпай шешіліп,
Кетіпті анам
Жоғынан бар ғып,
Барынан нар ғып өмірді.
Жаратқан берген
Жалғыз қарғасын өсіріп.
Тарихы осы,
Тәңірдің жазған маңдайға,
Қайтеді енді,
Тағдырды пенде таңдай ма?
Атқан бір оқтай,
Шапқан бір аттай шықты өте,
Ащысы басым,
Тәттіге мейір қанбай ғап...
Он төртінші сәуір
Бітіп ғұмыры сабындай-ақ кетпеннің,
Бүгін анам дүниеден өткен күн.
Қара тұтып қалған күнді анасыз,
Жетімдіктің зарын жалғыз шеккенмін.
Сәуір еді, өрік бүрлеп жатқан-ды,
Тобылғының гүлі сәндеп шатқалды.
Туған жерге құстар қайтса қиядан,
Анам менің мәңгілікке аттанды.
Қолдарымен әлсіз қысып қолымды,
Үзілді анам, қалыңдатып сорымды...
Есеңгіреп жүрдім біраз бағытсыз,
Танып қалған болсам да оң-солымды.
Содан бері отығып та жетіліп,
Өз бетімше болып тастай бекініп,
Жылдар түгіл ғасыр кетті алмасып,
Жастығым да өте шықты секіріп.
Шапағатын төгіп құлға тәубе еткен,
Жаратушы берді бақ та, дәулет те
Жан анамның қабыл болып тілегі,
Өзім де ана болып қалдым әулетке.
Сен түсіме кірген күні, Анашым
Баяғы балалыққа оралғандай,
Бойыма нұр-шапағат таралғандай.
Асып-тасып жүремін күні бойы
Сен түсіме кірген күні, анашым.
Хан-тәңірінің бауырында – ауылымда,
Қосылғандай қайта сол қауымыма.
Асыр салып жүремін күні бойы
Сен түсіме кірген күні, анашым.
Кері айналып тірліктің дөңгелегі,
Мен – сәбидей, әлпештеп өңгелері.
Тербетіліп жүремін күні бойы,
Сен түсіме кірген күні, анашым.
Сағынышым сыздаған жүрегімде,
Сартаптанып сезілген реңімде.
Тарайды да, түседі сабасына
Сен түсіме кірген күні, анашым.
Сен түсіме кірген күні жан ана
Оралады сол бір сәттер санама.
Бауырыңда балапан боп жүргенім
Жалғасыпты бүгін маған, балама.
Төркіндеу (Әкемнен қалған қарашаңырақтың иесі бауырым Ізбасар мен келінім Мергүлге арнадым)
Төркіндеп қайттым,
Төріне шығып бауырдың.
Еркіндеп қайттым,
Өріне шығып ауылдың.
Бала боп қайттым,
Баяғы күнде жүргендей.
Дана боп қайттым,
Қәдірін жұрттың білгендей.
Төркіндеп қайттым,
Төбемді көкке тигізіп,
Еркіндеп қайттым,
Шекемді күнге сүйгізіп.
Жалаңаяқпен
Топырақ басып, тау асып,
Жастығымды іздеп,
Жарыммен бірге жарасып.
Төркіндеп қайттым,
Тілектестерім шақырып.
Жанының сырын
Ниеттестерім сапырып.
Тауға да өлең,
Тасқа да өлең шығардым.
Әнге де бастық,
Үніне салып ұлардың.
Төркіндеп бару!
Дүние-ай, қандай ғажайып.
Тіршіліктегі
Таусылмас күйбің азайып.
Арқа да жарқа,
Боласың әке үйінде,
Бойжетіп қалған
Бұлғындай көркем күйіңде.
Төркіндеп барып,
Толысып жаның қайтасың.
Елпілдеп, жанып
Сағыныш сазын айтасың.
Перзенттерің
Нағашылармен табысып,
Көзіңде моншақ,
Көңліңде жырлар жарысып.
Ерен бағы туралы жыр
(Алматы облысының Ұйғыр ауданының аумағында аты әлемге әйгілі «Шарын шатқалы» бар. Сол шатқалдың ортасында жер бетінде өте сирек кездесетін ерен (ясень) ағашы
өсетін бақ орналасқан. Ерен ағашы мен дәл осындай құм қорғанды шатқал әлемде Қазақстанда және Канада елінде ғана бар екен.)
Құм қорғанды «Шарынның шатқалында»
Ерен ағаш өсетін қорық бар-ды.
Әкемменен балалық шақтарымда
Кереметін көруге еріп бардым.
Өзен тасып шатқалдың ортасынан,
Еренді бақ маужырап тұрады екен.
Арқар шығып ойнаса жартасына,
Елік көріп мойынын бұрады екен.
Еренді бақ елде жоқ жалғыз еді,
Жапырақтар сыбдырлап сыр айтады.
Аяқ жолдың жиегі жалбыз еді,
Исі баурап көңіліңді мұңайтатын.
Он ғасырдан тарихты толғағанда,
Ақсақалдар отырса шолып қарап.
Он жігіттің құлашын жалғағанда,
Жетпейтұғын бар екен алып дарақ.
Ерен бақтың сол дейді қасиеті,
Май жаққандай жылтырар жапырағы.
Адам түгіл жануар бас иетін,
Мұз дәуірден қалыпты топырағы.
Құм қорғанның ішінде ақ күмбезді,
Ақ мола тұр кемінде үш ғасырлық.
Батыр ма екен, би ма екен сақ мінезді
Айта алмадық тарихын жұртқа сыр ғып.
Еренді бақ әлемде екеу екен,
Бірі – бізде, серігі – Канадада.
Шыбығының өзегі шекер екен,
Дәрі жасар білгендер жонады да.
Құм қорғанды Шарынның шатқалында
Енген Қызыл кітапқа жануары,
Ерекше бір қорғалған бақтарында
Жүрген кезді әкеммен сағынамын.
Құм қорғандар Шарынның мәртөбесі,
Қасиетті, қадірлі атырабы.
Еренді бақ елімнің мәртебесі,
Жұрт шақырып жайқалсын жапырағы.
Жан аға
Бауырым Зәріп Бидайбекұлына
Ағайынды үшеуге үміт болған,
Үш үйдің ортасында жалғыз оғлан.
Үш Ана мейір салып, телі емізіп,
Төр әпке төрт жағынан әнге салған.
Рулы ел күндіз-түні тілек тілеп,
Бір ұлды жаратқаннан сұрапты кеп.
Қыздарға төркін болар, қарттарға – ие,
Басқадан болсыншы деп жүректірек.
Тілепті жаңасында айдың мынау,
Бір ұлды қыздарынан айбындылау.
Үш бірдей отбасыға қамқор болар
Басқадан болсыншы деп қайрымдылау.
Қойсын ба рулы елдің ақ тілегі,
Алланың ықыласы тапты келіп.
Қожахмет әулетінде ұл туылып,
Ағайын сүйіншісін жатты беріп.
Зәру боп жеткен соң ба арманына,
«Зәріп»,- деп ат қойыпты ардағына.
Ел-жұрттың қабыл болып қалағаны,
Ержетті қамқор болып жан-жағына.
Еркелеп, бала болып ойнамады,
Ер жетті ел қамы боп ойлағаны.
Кімі бар адасқанда жол көрсетер,
Сүрінді талай жерде, тайғанады.
Сонда да беті қайтпай алғанынан,
Қадамдап баса берді арманына.
Атаның ұлы болмай, халықты ертті
Қаумалап ұйғыр-қазақ жан-жағынан.
Тұратын жұрт күзетіп есігінде,
Күтетін түйін етіп шешімін де.
Ұлы боп Бидайбектің ел сұрады.
Жетпеді қайран Әке осы күнге.
Жалғыз ұл жапырағын көкке өрлетіп,
Ағайын алдындағы өткелді өтіп.
Кіші әке – Оқай менен Мағазбекке
Жететін апта сайын ат терлетіп.
Қуантып әкелерін, аналарын
Қол алып кететұғын паналары.
Баласын Бидайбектің үлгі етіп
Ауылда өсіретін балаларын.
Жан Аға, Хан-Тәңірдей алдымызда
Жүре бер, таразы боп арлымызға.
Атадан қалған қарашаңыраққа
Ұшамыз, сіз сағынып қалдыңыз ба?!
Ағаш сандық
Ағаш сандық қошқар мүйіз өрнекті,
Сені көріп бір сағыныш тербетті.
Біздің үйдің ең төріне жайғасқан
Заманында мүлік едің көрнекті.
Ағаш сандық қызыл-жасыл сырланған,
Сыр шертесің сағынышты жылдардан.
Саған әкеп барын анам тығатын,
Болмаса да дүниесі жырғалған.
Қақпағыңды қара құлып күзетіп,
Сыр бермейсің көктем өтіп, күз өтіп.
Ашылмасын дегендей-ақ құпияң
Үстіне анам он бес көрпе тізетін.
Одан кейін шілтер жапқыш жабатын,
Кілтіңді алып шашбауына тағатын.
Содан сен де тымырайып тұрушы-ең,
Құпияңмен алып жұрттың тағатын.
Сол қалпыңнан әлі жоқсың өзгерген,
Естелік боп балғын, тәтті кездерден
Төркінімнің ақ жайлаудай төрінде
Сен-ақ қалдың ақ сандығым көз көрген.
Ақ кимешек киген ана
Қарқаралы өңірінің ардақты анасы Күлнәзия Әшімқызына
Ақ кимешек киген ана – несібе,
Сені көріп – анамды алдым есіме,
Сені көріп – енемді алдым есіме.
Ағыл-тегіл жылайын ба басымды
Сағыныштан қойып алып төсіңе.
Етек-жеңі мол тігілген көйлегің
Көлбеңдейді, есіме сап бейнені.
Анамдай боп мейірлене сөйледің,
Енемдей боп мейірлене сөйледің.
Ақ кимешек киген әппақ ләйлегім.
Оттай болды кеткеніңде кезіге,
Қошқар мүйіз, қыжым қамзол көзіме.
Сен анамдай көріндің де өзіме,
Сен енемдей көріндің де өзіме!
Жан дүнием бо-с-а-а-п кетті езіле.
Балаларыма
Райгүл, Ізбасар, Айнұр, Әселге
Сендерге қарап - өзімді көрем,
Сонау бір албырт кезімді көрем.
Біріңнен қолаң шашымды көрсем,
Біріңнен қас пен көзімді көрем.
Сендерге қарап жарымды көрем,
Ұлттық намыс пен арымды көрем.
Біріңнен қызу мінез байқасам,
Біріңнен талап-дарынды көрем.
Сендерге қарап, жылдарды санап,
Уақыт өтуде жастықты тонап.
Арманға ұмтылып мына өмірге
Жүргендей болып бес күнгі қонақ.
Балапандарым, балақандарым!
Дара тағдырлы, дара таңдарым.
Жетектеп келем келешегіме
Жанымды ерітіп алақандарың.
Сендермен бірге алға ұмтылып
Келе жатырмын күнге құлшынып.
Менен ілгері кете беріңдер,
Ере алмай қалсам жолда тұншығып.
Өмірге жаққан шамшырақтарым!
Көңілге жаққан жаншуақтарым!
Ұрпағымды да ұлтжанды етер
Менің жырларым қамшылап арын.
Айнұр мен Әселге
Үйемелі-сүйемелі екеуің,
Мен шықпаған биіктердің өтеуі.
Сен екеуің арқылы –
Бүтінделген өмірімнің кетеуі.
Сендер сүйреп арманымның арбасын,
Күндер – айға, ай – жылдарға жалғасып.
Сен екеуің жүрдіңдер –
Думандатып Досжановтың ордасын.
Сендерменен отбасының бақытын
Қызықтадым, менің екі жақұтым.
Сен екеуің арқылы –
Анашыңның өсіп жатты хақы тым.
Үйемелі-сүйемелі талдарым,
Сендер менің сүйенішім, қорғаным.
Сен екеуің жүретін
Ұзақ болсын, даңғыл болсын жолдарың.
Райгүлді ұзатарда
Райгүліміз әулеттің мақтаны,
Ата-ананың сүтін адал ақтады.
Аққу еді алақанда өсірген,
Ұясынан жатыр қанат қаққалы.
Туғаннан соң жат-жұрттық боп жаралып,
Артта қалар бал-дәурен шақ балалық.
Келіңіздер босаға аттар тойына,
Бата беріп, бірге ұзатып салалық.
Текті жердің ұрпағы деп білейік,
Бақытына ортақтаса жүрейік.
Келіңіздер ұзатылар тойына,
Ағайын боп ақ тілектер тілейік.
Құдаларыма
Кеңесқазы мен Күләш Сағатаевтарға
Тұңғышымның ата-енесі –
Тұңғыш көрген қызығым.
Енді маған жат емессің,
Табысқан соң қыз-ұлың.
Менің қызым – сенің балаң,
Ал, біздікі – сендегі ұл.
Сендер артқан сенім маған,
Сыйлап жатыр кең көңіл.
Құдай қосқан құдаларым,
Құйрық-бауыр асайық.
Құдай беріп сұрағанын,
Қатар ұзақ жасайық.
Тұңғыш көрген қызықтарым,
Төс қағысып, табысып,
Ортақ болып «бұзықтарың»
Өсе берсін жарысып.
Тұңғышымның туыстары –
Думан-тойдың бұлағы.
Тал боп өсіп шыбықтарың
Жайқалсын көк құрағың.
Толғаныс
(Айнұрға! 2009 жылғы 7 ақпанда Әбілмансұр туылғанда)
Бүгін түннен бір жақсылық күтем мен,
Тез босанғын, тез айырылғын тікеңнен.
Әлемдегі ана біткен әкелеген
Осы жолмен адамзатты сүт емген.
Ана біткен нұрға оранып етегі,
Қасиетті осы жолдан өтеді.
Бибіпатма пірім желеп-жебейді,
Анасы мен туар торсық шекені.
Толықтырып көңіліңнің шарасын,
Алла жазса – бүгін ана боласың,
Шаңыраққа бүгін сәби келеді
Жарып шығып анасының қанасын.
Өміріңе тауып нағыз жарасым,
Сен де қызым, бүгін ана боласың
Шаңыраққа келе жатыр бір елші
Біріктіріп екі жұрттың арасын.
Райгүлім ана болғанда
Қызым сен де ана болдың, анаңдай
Құшағыңа қысып тәтті балаңды
Емізесің мейіріңді салып кеп,
Ұсынғандай теңдесі жоқ тағамды.
Толықтырған бақытымның арнасын,
Сенің ұлың – менің өмір жалғасым.
Ержеткенде оттың басын күзетпей,
Ел-жұрты мен Отаныңды қорғасын.
Бір атадан жалғыз едім, тарықтым
Әр перзентін тілеп алған ғаріппін.
Сенің ұлың – ағайынды жоқтамай,
Жоғын жоқтап жүрсе екен халықтың.
Қызым, сен де Ана болдың мен құсап,
Ағайынға көрсете бер кең құшақ.
Ұлтың өссін әлемдегі елге ұқсап,
Ұлың өссін ұлтын қорғар ерге ұқсап.
Ұлыма
Ізбасарға
«Ұл тудым!»,- деп асқақтанып еңсем де,
«Ұл тапты»,- деп қалжа жегем мен сенде.
Сынғаныңды көрсетпегін ұланым,
Сәл шегініп қалғаныңды көрсем де.
«Ұл тапты!»,- деп аспандатып өңірі,
«Ұл таптым!»,- деп тебіренді анаң көңілі.
Күресіңді көрсем екен, көрмейін
Жүргеніңді іздеп өмір жеңілін.
Тағдырында не көрмеген халықпыз,
Небір қырғын-жойқындардан қалыппыз.
Содан ба екен, туған жерді қорғайтын
Алдыменен ұл тілеген ғаріппіз.
Ұл тілеген ұлттың туын көтерер,
Ұл тілеген жауға нөсер төпелер.
Алдаспанның басы астында жатқанда
Ұл тілеген кеткен кекті әперер.
Содан қалған,
«Ұл »дегенде ұланым,
Жарқырайды отбасының шырағы.
Тілегіне лайық боп халықтың,
Көтеріп жүр Отаныңның ұранын.
Үш батырға
Жолбарысхан,
Әбілмансұр,
Заңғарым –
Үш немерем, үш батырым, жандарым.
Думандатып ақ сарайды жүріңдер,
Жағып менің шабытымның шамдарын.
Үш бұзығым, үш қызығым сұраған,
Менің бақыт жұлдызымды құраған.
Жалғыз қызын жалауы етіп жанының,
Менің анам ұлға зар боп жылаған.
Жомарт Алла толтырды ма сол жоқты?
Жомарт Алла толтырды да сол жоқты!
Үшеуіңді бере салып әжеңе,
Түгендеді өмірінде бар-жоқты.
Жолбарысхан, Әбілмансұр, Заңғарым –
Көңілімнің арайланған таңдары.
Ақ әжеңнің жүрегінде біліңдер
Сендерменен өлең барын, ән барын.
Азат елдің ұланы
Тұңғыш рет күлді бүгін немерем!
Бұл шаттықты қай қызыққа теңер ем.
Жолбарысхан күлсе,
Әлем күлгендей.
Жаратқан-ау сүйіншіге не берем?!
Тұңғыш рет күлді бүгін ұланым,
Шарықтады көкке көңіл қыраным.
Жолбарысхан күлсе,
Әлем күлгендей.
Жалғастырып бақытымның бұлағын.
Қуанышқа бөлеп туған-туысын,
Тасытқандай от басының ырысын
Жолбарысхан күлді...
...Бөпем күліп өс.
Қазақ деген азат елдің ұлысың.
Жастарсыз ауыл
Ауыл мынау, төрт мезгілді санаған,
Той-думанын нарық заман тонаған.
Тыныштықтан мүлгіп тұрған үйлерде
Қарттар қалған хабар күткен қаладан.
Бақташылар қашқан малды қайтарып,
Кешкі ауылды дүрліктірер айтағы.
Бір кездері жастар жүрген бақтарда
Жапырақтар өзара сыр айтады.
Дөңгеленіп Айдың көкте табағы,
Мүлгіп жатқан ауылға кеп қарады.
Бір кездері жастар жүрген қырларда
Жел қыдырып, уілдеп ән салады.
Көк тіреген тауларының шыңдары,
Бұл ауылда сезіледі мұң бары.
Қариялар түн ұйқысы бұзылып,
Қайта-қайта тілипонды тыңдады.
Бір «құдайы тамақ» беріп қауымға,
Алып қалып немерені бауырға,
Ұлдары мен келіндерін жіберген
Жұмыссыздан сыймаған соң ауылға.
Енді келіп екі көзі төрт болып,
Жол қарайды, сағыныштан өрт болып.
Баспанасыз жүрген бала уайымы
Жабысады жүрегіне дерт болып.
Міне осындай қос үйінің бірінде,
Қарт күзетші тілипанның түбінде.
Есігі мен терезесі бекулі
Отау үйдің жастар үшін тігілген.
Міне осылай бүгінде өлі тыныштық.
Қайран ауыл – алтын бесік, ырыс-құт.
Жастары жүр алыс-алыс қалада,
Күндерді аңсап өзінде өткен тым ыстық.
Соғыстың соңғы солдаты
Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген ауылда Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің соңғысы Қозыбай НӘНЕНОВ өмірден өткенде
«Қозыбай көкең қайтты»,- деп,
Ағайын хабар айтты кеп.
«Қан кешіп келген ер еді,
Тағасы ердің тайыпты»,- деп.
Колхоздың мүлкін тірнектеп,
Кеңестің салтын құрметтеп,
Қозыбай көкем жүретін,
Мінезі қатал, бірбеткей.
Қозыбай көкем жүретін,
Әр істің біліп ретін.
Өтірік айтқан жан көрсе,
Сөзбенен сол сәт іретін.
Жалқауды жатқан тақымға ап,
Қуатын көкем отынға.
Айқайыменен күллі ауыл,
Қырманға тартар жапырлап.
Соғыстың соңғы әскерін,
Әке-шешеміз ес көріп,
Жүруші еді Ақтамда
Жеңіс күндері төс керіп.
Балақандарға ептеп тек,
Іштегі сырды шертпекке,
Майдандастарын жиып ап,
Келетін еді мектепке.
Балалар менен бала боп,
Көзінде қайта жанады от.
Естелік айтып беретін
Салғандай болып санаға от.
Майданда жауы қыйнаған,
Ер еді елі сыйлаған.
Ажалға ара түспедік,
Болсақ та қанша қыймаған.
Берлинді көрген ер еді,
Еңбекте көкжал бөрі еді.
Мезгілі жетіп мерт болды,
Ақтамның бәйтерегі.
Соғыстың соңғы батыры,
Болсын деп жақсы ақыры,
Осы бір жырды арнадым,
Түнімен ойды сапырып.
Көбей, қазақ
«...Қазақстан қартайып бара жатыр...»,-
Деп жазыпты газеттер қарабақыр.
Ұзақ өмір сүргенге кінәлідей,
Кемпір-шалдың жасын кеп санап отыр.
«Көбейіпті шал-кемпір елімізде,
Шығып алып барлығы төрімізге
Зейнетақы алады үйде»- дейді,
Жаңалықтай жеткізіп соны бізге.
Ағайынның айналған асқарына,
Жол көрсетер келешек жастарына
Қарияны көп көріп көш бастаған,
Қара басқыр жамандық бастады ма?!
Қартаймайтын сияқты өздері де,
Не көрінді, бәтшағар, көздеріне!
Қариясы бар үйде – қазына бар.
Санақшының түкірдім сөздеріне.
Білгіштерден үлгі алып Батыстағы,
Жүрген шығар біреулер шатысқалы,
Жапондарда аңыз бар, «Баяғыда
Көп көріпті қарттарды атұстары.
«Атауын» сап кішкентай қалтасына,
Қариясын көтеріп арқасына
Тауға апарып тастайтын болған екен,
Жем болсын»,- деп құзғынның ортасына.
Жаман дәстүр қанатын кең жайыпты,
Қарттығынан таба алмай өңге айыпты,
Тастай беріп тау жаққа, ел ішінде
Жөн білетін адамдар азайыпты.
Жау шапқанда қасқайып қол бастайтын,
Жасырынар халыққа жол бастайтын.
Қарт қалмапты, шулаған қатын-бала
Пана тұтып, дұшпаннан қорғаштайтын.
Табиғаттың ашулы дауылына,
Қуаңшылық немесе жауынына
Жол көрсетіп, білгенін үйрететін
Қарт қалмапты жапонның қауымында.
Дұшпандары қырыпты «тамашалап»,
Ұлардайын шулапты бала-шаға.
Қара күшпен еркектер жеңе алмапты,
Айла ете алмай хайуандар таласа да.
Білек күші, жастықтың қызуы да,
Жол көрсете алмапты бұзығына.
Жапондықтар қарттарды мойындапты,
Жөн көрсетер өмірде қыз-ұлына.
Қартын құзғын, жастарын жау қырыпты,
Аралдарда безіпті, қаңғырыпты.
Ғасыр өте «түсініп күнәларін»,
Жапондықтар қарттарын қалдырыпты.
Қарттарының алдына жүгінгелі,
Жапондықтар жүз жасап бүгіндері
Қариялы ел болып қазыналы,
Дәулеттеніп кетіпті ту ілгері.
Кімдер екен көп көрген қарияны,
Данышпанды, өмірлік дарияны.
Қарашаңырақ жанынан қада қағып,
Отау етіп шағарған әр ұяны.
Көп көрмеңдер, көңілін тонамаңдар,
Зейнетақы бердік деп санамаңдар.
Бар өмірін Отан мен балаға арнап,
Жүргендердің еңбегін бағалаңдар.
«Қазақстан қартайып кетеді»,- деп,
Батыстағы санақтың жетегіне
Байбаламдап отырмай, ойланыңдар,
Бір күн қарттық бізге де жетеді деп.
Еліміздің тілесек жасарғанын,
Көп көрмейік, қартайған «осалдарын».
Көктемдейін жаңартқан дүниені –
Бала болсын қазақтың бас арманы.
Келін біткен қуантып әр отбасын,
Сәбилерге бақыт кеп қонақтасын.
Көбейейік, қазағым, көбейейік
Өсіп-өнсін деп бізді жаратқасын.
Бір-бір сәби көтеріп арқасына,
Қариялар жарасып ортасына
Көбейейік, қазағым, батыраштың
Тамырымыз ұрынбай балтасына.
«Қазақстан көбейіп бара жатыр»,-
Деп күйінсін көршілер қарабақыр.
Көбейейік, қазағым, елу жылда
Елі миллион боламыз, қара да тұр.
Туған жер – Отанәз Ана
Өзгермелі, ауыспалы ғаламда,
Отан жалғыз,
Ана жалғыз адамда.
Екеуіне деген ұлы махаббат,
Талай жауды таптаттырған табанға.
Ана жалғыз –
Тар құрсағын кеңіткен,
Толғақ қысып сүйектерін еріткен.
Иілдіріп алпыс екі тамырын,
Бала емізіп, өмір күйін шерткен.
Және жалғыз –
Ешкім таңдап алмайтын,
Туған жерің – қанат қатып, самғайтын.
Отан – Анаң осы жерден басталар,
Жан алысып, жан берісіп қорғайтын.
Тауға ұмтылып, тасты жарып талабың,
Туған жерден басталады қадамың.
Күллі әлемді шарласаң да жүректе,
Соған деген тұрады бір дара мұң.
Сол дара мұң – сағынышың қайда да,
Серік болар барсаң да ұшып Айға да.
Бейбарысқа топырағын аңсатып,
Сол сағыныш алдаспандай қайраған.
Заманында Үндістанды билеген,
Бабырды да сол сағыныш илеген.
Шығыс халқы пір тұтқан әл-Фараби
Боз жусаннан басқа иісті сүймеген.
Елестетіп туған жердің аспанын,
Бөтен жұртта қиды қанша жас жанын.
Басқыншыны бауырға алып сан батыр,
Өліп кетті туған жерін жастанып.
Ақын өтті – құдіретіне тамсанып,
Әнші де өтті – құрметтеп ән салып.
Туған жердің қаратасын сөйлетті,
Суретшіні матап алып сал шабыт.
Қайда барып бітсе де өмір сапарың,
Туған жерге сағынышпен маталып.
Жүретұғын қазақтың бар арманы –
Отанымен жүрсе аты аталып.
«Шет жүрсем де даңқым елге жетсін»,-деп,
Алла нұрын ел-жұртыма төксін»,-деп
Отыратын қазақ күйсе қарғаған,
«Туған жерің өзегіңе тепсін»,- деп.
Қайсы әлемге апарса да мұратың,
Магниттей жіпсіз тартып тұратын,
Туған жерің – сағынышың тәп-тәтті
Еске алғанда жанға рахат тұнатын.
Өзгермелі, ауыспалы заманда,
Отан жалғыз,
Ана жалғыз адамда.
Екеуіне деген ұлы махаббат,
Таусылмайды, сарқылмайды ғаламда.
«Қарағым, сен соғысты көрмедің..»
Иә, апа, мен соғысты көрмедім,
Дүниеге тыныштықта келгемін.
Майдангердің перзентімін бірақ та,
Бейбіт күнде түгендеген төлдерін.
Менің анам соғыс жұтқан жастығын
Еске алатын, іші күйіп кешқұрым.
«Арба көрсе елеңдеумен өтті апам,
Арман болып, арба әкеткен қос құлын...
Күйеуі мен үш өрені бір айда
Аттанғанда жүрек шіркін шыдай ма?
Күніменен қырман басып қалжырап,
Түніменен жалбарынды Құдайға.
Біз үш қызы үш еліктей елеңдеп,
Жан көкем мен ағаларым келер деп,
Күніменен масақ теріп маужырап,
Түніменен хат жазушы ек өлеңдеп.
Балалықты туа сала жерлептік,
Бала болып бір ойнамай ержеттік,
Бесігінен балалықтың шыға сап,
Бойжеткеннің есігінен төрлеттік.
Әке қалды орманында орыстың,
Егіз ұл да ажал қуып жарысты.
Үлкен аға мүгедек боп оралды,
Отбасына орнына үш арыстың.
Үш бүктеліп жаудан келген қазадан,
Үш арысын жоқтауменен әз анам
Ағамыз бен үш елігін жетім ғып,
Көзін жұмды соғыс берген жазадан.
Ата-анасыз қалған жалғыз біз ба едік,
Алғы күннен тәтті үміт іздедік,
Үйлендіріп тірі келген жалғызды,
Ал үшеуін ғұмыр бойы іздедік.
Соғыс жылғы қыздар ерте бойжетті,
Аман келген майдангерде ой көп-ті,
Соғыс салған қайғы ауыр болса да,
Жеңістен соң ауылдарда той көп-ті.
Мен де ұстап бір әскердің қолынан,
Ұзатылдым, қалмай тағдыр жолынан.
Көп ұзамай қос сіңлім де қоштасты,
Балалықпен ұстатпаған жалынан.
Өтті солай біздің ащы балалық,
Майдан менен тыл ішінен жан алып.
Қыз болып та жарытпадық гүлге ұқсап,
Бозбалалар көз салатын қадалып.
Маңайыңда жетім менен жесір көп,
Барлығына қамқор болдық есіркеп.
Орынына опат болған жандардың,
Берді Құдай өздеріңді өсір,- деп».
Осылайша анам бізге үнемі,
Сыр айтқанда ауыратын жүрегі.
Ал, әкеміз он жетіде қан кешкен,
Сұрасаң да жақ ашпайтын, түнеріп.
Жамбасында қалған бір оқ әкеме,
Өмірбойы серік болды етене.
Анам жылап еске алатын Жеңісті,
«Қос бауырдың тірлігіне жете ме?»
Солай, апа, көрмесек те соғысты,
Ата-анамыз соғыс көріп табысты.
Соғыстан соң туылсақ та дәл біздер,
Тағдырымыз қайғысымен қабысты.
Жаралы да, қаралы да жылдары
Біздер тудық жалғастырып жылғаны.
Опат болған боздақтардың орнына
Біздер өндік сәмбі талдай ырғалып.
Дірілдетіп, дүрілдетіп жер бетін,
Өтті соғыс көрсеткендей ерге сын.
Біздер тудық қан майданда жоғалған
Елестетіп жауынгерлер келбетін.
Иә, біздер соғыстан соң төлдедік,
Жылағанды жұбаттық та ерледік.
Жетім-жесір, зарлап қалған жандардың
Қабағына қарап өсіп шерледік.
Содан ба екен жүрегіміз тым нәзік,
Жылағанды жұбатамыз жыр жазып.
Қай заманда туылсақ та ТЫНЫШТЫҚ –
Бәрімізді матастырар бір қазық.
ҚҰСТАР .... ҚҰСТАР ЦИКЛІ
Бұл өлеңдер ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушановтың «Құстар. Біздің досымыз» кітабын оқығаннан кейін туылды.
Ұлар
Алтай менен Ұлытау аспанында,
Ақар-шақар таулардың асқарында
«Ұлар» деген текті құс болады екен
Жырға қосқан батырлар дастанында.
Ақар-шақар таулардың ұшағында,
Ақша бұлтты аспанның құшағында.
«Ұлар» деген ұлы құс болады екен
Аңшылардың түспейтін тұзағына.
Құмар аңшы қояр ма жолға түссе,
Қапияда бекзат құс қолға түссе
Адал, асқақ, тәкәппар қалыбында
Өледі екен тұншығып торға түссе.
Асқар таудың басында тобырымен,
Ұлар шулап ән салса қоңыр үнмен.
Арғы бетте елді аңсап ағайындар
Егіліпті жүректің тамырымен.
Өр Алтайдың басында ұлары бар,
Тарқамайтын еліне құмары бар
Сол ағайын оралды туған жұртқа
Тырнағынан ұлардың тұмары бар.
Тырналар
Құрықтай мойнын алдыға тастап сәнменен,
Сұңқылдап үні мұңға бір толы әнменен.
Әуенге бөлеп аспанды ұшып барады
Тырналар тобы оятып жұртты таңменен.
Қарашадағы аспанда азан шақырып,
Қанатыменен қазбауыр бұлтты жапырып.
Барады ұшып балалығыңдай оралмас,
Көңілдің көлін астан да кестен сапырып.
Сыбызғыдайын сызылтып әнін қайырып,
Барады ұшып, жібек қанаттары жайылып.
Даусын-ай шіркін, адамға ұқсап зарлаған
Туған жерінен жатқандай зорлап айырып.
Барады ұшып, жалқы саз қалды көк тербеп,
«Туған жерімнің аспаны қандай көкпеңбек,
Туған жерімнің бұлттары қандай түбіттей
Не жетсін, шіркін, аман-сау қайта жеткенге»,-
Деп зарлап ұшып барады, қысқа сайланып,
Қимастықпенен ауылды қайта айналып
Үшбұрышталып көзімнен кетті ғайып боп,
Төменде тұрдым көңлімнің шығып ойраны.
Ақ дегелек (Ләйлек құс)
Ақ дегелек, жібек қанат көркемім,
Гөзел құсы аптап сүйген өлкенің.
Хабаршысы – келе жатқан көктемнің,
Оңтүстіктен жайып жасыл өркенін.
Ақ дегелек, сені халық нәзік деп,
Аялайды нәзік жырлар жазып кеп.
Әлдилейді баласын да « Басқадан
Ләйлек әкеп берген бөпем озық» деп.
Ал сен болсаң, серігіңмен асыға
Ұя салып тұт ағаштың басына.
Бауырыңа басқан балапаныңды
Лақтырасың айсыз түнге жасыра...
Өлмегенін шайнап, тістеп тастайсың,
Өзімшілдік ит мінезден аспайсың.
Әлем сені адал құс деп біледі,
Шын жауыздық бетпердеңді ашпайсың.
Бір әсемдік көрінеді түріңнен,
Ішкі сырың сезілмейді үніңнен.
Шығармайсың дыбысыңды тістеніп,
Төбелесіп жатсаң да бір-біріңмен.
«Киік» құссың – не көрсең де ішіңде,
Тымпиясың моп-момақан пішінде.
Қанат серпіп, еш дыбыссыз өлесің,
Жандай болып қылмысыңды түсінген.
Қараторғайым
Жылмен жарысып жеттің бе?
Желге жабысып жеттің бе?
Туған топырағыңды иіскеп,
Жермен қауышып өптің бе?
Әлемнің шарлап шалғайын,
Жеттің бе Қараторғайым?
Ұяңды сайлап тербелер,
Туған жеріңде тал-қайың.
Жүрегің жанып жеттің бе?
Қанатың талып жеттің бе?
Оятып орман - тоғайды
Әуезді әніңді төктің бе?
Асқардан аңсап өттің бе?
Бұлттардан шаршап өттің бе?
Жеткенше жағың қарысып,
Сағыныш сазын төктің бе?
Наурызды алып келдің бе?
Сазыңа салып келдің бе?
Қарсы алып Қараторғайым,
Қуанып жүрміз, көрдің бе?
Қарлығаш келді
Мамыр еді, мамыражай түн еді,
Көкек даусы тыныш кешті тіледі.
«Меніменен қарлығаш та келді»,- деп
Қуаныштан жарылады жүрегі.
Қасиетті құс келді деп ту алып,
Хабарлайды байғұс көкек қуанып.
«Қарлығашы адамдардың келді,- деп
Қанатымен құтқаратын су алып.
Ертесіне таңғы араймен таласып,
Қос қарлығаш үйді айналып жарасып
Ұшып жүрді, сағынышын сездіріп,
Біз де тұрдық көзайым боп қарасып.
Ит арқасы қияндардан жол алды,
Қарлығаштар мекеніне оралды.
Адамдардың қарындасы – қарлығаш
Бір заманда топырақтан жаралды.
Есігінің маңдайына ұялап,
Балапанын бала біткен аялап
Қарлығаштар өсіп-өніп жүреді
Адамдардың маңайында саялап.
Айырқұйрық, ақ тамақты киелім,
Сайрайды кеп көкке созып иегін.
Оқ жыланнан қорғап қалған баланы
Қарлығашты Ана біткен сүйеді.
Байғұс қыз ба, байғыз құс па?
Байғыз құс сорлы қыздың үніменен,
Байғұс-ай, зар айтасың түніменен.
Қарғысынан әкеңнің қаңғып кеттің,
Ағаларды сағынып ініменен.
Байғыз құс – құсқа айналған қалыңдықсың,
Күн бата ішті өртеген зарың шықсын.
Әкеңнің қаҺарынан безді бәрі,
Сорлы қыз іздеп кеп кім жаныңды ұқсын.
Ақылдан ашу басым заман еді,
Бір аңыз сол заманнан қаған еді.
Дәулеті сәулетіне сай келгенмен,
Әкесі байғұс қыздың надан еді.
Сұлу қыз балиғатқа толғанынан,
Айттырушы көбейді жан-жағынан.
Қатын өлген саудагер тіллә шашып,
Айырды қызды сүйген арманынан.
Қызығып саудагердің тапқанына,
Жалғызын салғысы кеп қақпанына,
Жүргенде қыз жігітпен қашып етті,
Қарғыстың алды әкесі оқпанына.
Ал содан қалай жансын бағы қыздың,
Ал содан қалай жансын бағы қыздың!
Зарлағыш жұдырықтай құсқа айналып,
Сембейтін болып қапты жағы қыздың.
Кеткен соң құсқа айналып саяқтанып,
Сол қызды «байғұс-ай» деп аяп халық,
Жүргенде «байғыз» болып кетіпті құс,
Қалыпты аңыз солай аяқталып.
Аққу көрдім
Шыққыр көздің көргенін мен жырлаймын,
Аққу көрдім хауызынан бір байдың!
Киелі құс бұрышында зообақтың,
Жатыр екен сәулесімен нұрлы айдың.
Құс төресі-ау, мына зорлық-зомбылық,
Жіберген бе сені есіңнен тандырып,
Екі көзің қып-қызыл боп қарадың,
Менің нәзік жүрегімді жандырып.
Толқынымен ойнап өскен Каспийдің
Аққу едің, тауығы боп тас үйдің,
Таранбайсың, жүнжіп тұрып қараумен
Менің ақын көңіліме жас құйдың.
Аққу ұстап байшыкештер масықты,
Маңғыстаудан ұшаққа сап тасыпты.
Сыңарыңмен жүруші едің жарасып,
Қалай тұрсың, сағынбай сол ғашықты.
Көктің төсін кернеп назды әндерің,
Қосақталып ұшушы едің сәнденіп.
Енді тұрсың үйқамақта сорлы аққу,
Тәрік болып қайран ғана сән-көрік.
Перизат құс сен аруға теңелдің,
Қасиетті киесі едің сен елдің.
Сыңарысыз өліп қалар деуші еді,
Алатауға қалай жалғыз жөнелдің.
Сені айырған сыңарыңнан сол байдың,
Қайтіп қана дәті жетіп қорлайды.
Халық сүйген құсты қамап, мақтанып
Жүріп тапқан сол дәулеті оңбайды.
Көкекті ақтау
баллада
1-жыр
«Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні келтеде
Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде»
Зейнеп деген бір сұлу
Болған екен өрімдей.
Екі көзі танадай,
Мінезі пәк, баладай
Сол сұлуға ер Көкек
Жоқтығына қарамай
Ғашық болып қалыпты.
Денесі де ірі екен,
Қас батырдың бірі екен.
Зейнеп те оған ынтығып,
Уағдаласып жүр екен.
Әйелдер сөз тасып кеп,
Әкесіне жетеді.
Бай кедейді нетеді,
«Сорлы кедей, сасық,- деп
Зейнебімнің не теңі.
Ар жағында дәрияның
Саудагердің ұлы бар
Жар болады некелі,
Мақсатына жетеді»,-
Деп бір тулап кетеді.
Бай мінгенін ашуға
Естіп қалып екі жас
Бел буады қашуға.
Оны мыстан сезіп қап,
Жеткізеді сарайға.
Әке қолға ап Зейнепті
Айнытпаққа қалайда
Ғашық дерті оңай ма?
Қыз да қайта қоймайды
«Менің көңлім тек қана,
Ер Көкекті қалайды»,-
Деп әкеге қасқайып,
Бірбеттеніп қарайды.
Байғұс ана зарлапты,
Байғұс әке алдапты.
«Қалағаным – Көкек»,- деп
Зейнеп тағы зар қақты.
Сағы сынған шал қатты
Жалғыз қызын қарғапты.
2 жыр
Қарғысы әке қойсын ба?
Сүйегінен өтіпті.
Жалғыз қызы Байсында
Құсқа айналып кетіпті.
Қарап жатпай Мыстан да,
Бар өнерін салыпты.
Сұмпайы боп құстан да
Көкек батыр қалыпты.
Содан бері орманда
«Көкек, Көкек»,- деп зарлап
Зейнеп сұлу арманда
Ұшады екен, көк шарлап.
Ар жағында теңіздің
Көкек батыр жүр қаңғып.
«Зи-неп, Зи-неп» ең ізгі
Деп сайрайды қызды ән ғып.
Қосыла алмай екеуі
Құсқа айналды осылай,
Ғашықтықтың өтеуі
Оңай емес, досым-ай.
Ертек, аңыз қаншама
«Көкек жаман құс,- деген
Тұқымына соншама
Кіл қиянат істеген.
Өмірі өтер думанмен,
Өзіне тек бас қайғы.
Жұмыртқасын туғанмен
Бауырына баспайды».
Жоймау үшін тұқымын
Өзі туып алады.
Басқа құсқа бүтінін
Ұясына салады.
Ары қарай секектеп,
Өзін-өзі шақырып,
«Көкек-көкек-көкек»,-деп
Кетер қара батырып.
Жұмыртқасын басқа ана
Басқанымен өпектеп,
Жарып шығар, масқара!
Атын атап «Көкек»,- деп.
Дейді ертектер ол жайлы,
Байғұс құсты қаралап.
Білмейді жұрт мән-жайды,
Тереңіне саралап.
Бөтен құстан байқасаң,
Ұзындау төс сүйегі.
Жұмыртқасын шайқаса
Жарып алар, біледі.
Сол қауіпті бір Алла
Сездіреді шамасы,
Жұмыртқасын шығарған
Өргізе алмас баласын.
Ұрпағына істеген
Қамқорлағы сол болар.
Бос ұяға «күшпенен»
Тастай салып жоғалар.
Болып тұрса жағдайы,
Балапанын тастай ма.
Ұя салып, шалжайып
Жұмыртқасын баспай ма.
Ала таңнан тепектеп,
Ши аяғы секектеп
Қай жетісіп жүр дейсің,
Өзін-өзі «Көкектеп».
Сондықтан да жарандар,
Байғұс құсқа қараңдар.
Ол шақырып жатқанда
Жылдарыңды санаңдар.
Адамдар да тепектеп,
Бірін-бірі өпектеп.
Жүргенде өмір өтеді,
Өздерінше секектеп...
Бесінші бөлім
ӨМІР – ӨЗЕНІ
Шашымды өріп, күмістеп самайымды,
Ұрпағыммен көбейтіп маңайымды.
Өмір-өзен ағады өлеңіммен,
Биіктетіп көңілде сарайымды.
Өмір өзені
Кеше ғана қыз едім қылығы бал,
Ортаны іздеп жүретін жыр ұғынар.
Өлеңқұмар жанымды байқап қалып,
Қағып түсті бір жігіт құрығы бар.
Содан кейін жар болдым, бала сүйдім.
Ағайынды қадірлеп жаны ашитын,
Берекесі мол болып дастарханым
Бәйбішесі атандым тамаша үйдің.
Кеше ғана отызда көркем едім,
Қылығыммен жарымды өртеп едім.
Зәкір салған бақыттың теңізіне
Жұбайымның көтерген желкені едім.
Шашымды өріп, күмістеп самайымды,
Ұрпағыммен көбейтіп маңайымды.
Өмір-өзен ағады өлеңіммен,
Биіктетіп көңілде сарайымды.
Кеше ғана қырықта емес па едім,
Қызыл-жасыл артта қап белестерім.
Көрінеді бүгінде қоңыр бел боп
Алдымдағы толқынның елестері.
Қош, Алматым!
Қош, Алматым!
Сенен көшіп барамыз.
Өзіңде өткен шағымыздың бәрі аңыз.
Сенде қалды мұрағатшыл бір жігіт,
Сенде қалды жырға құмар қара қыз.
Қош, Алматым!
Орта жаста Арқаға,
Көшіп барам, мың кітапты арқалап.
Шығармашыл, рухани орданы
Алмастырып ресмилеу ортаға.
Қош, Алматым!
Мәртебеңді басқаға
Алып бердік, жасап жаңа астана.
Сені ұмытпай есіне алып ұрпақтар
Жазылар-ау талай-талай әпсана.
Қош, Алматым!
Өкпелеме бізге сен.
Сағынышым басылар ма жүз келсем.
Жаңа қала, жаңа астана жақсы ғой,
Сендей жәннәт табылар ма іздесем.
Бір күндік ғұмыр
Көбелектің ғұмыры бір-ақ күндік.
Сол шындықты жүз жылда бір-ақ білдік.
Таңда берген жас жанын кешінде алған
Жаратқаннан бір медет сұрап тұрдық.
Қуыршақтан бөлініп таң нұрымен,
Таласады бір күндік тағдырымен.
Ұшып бара жатады табиғаттың
Дауылымен жарысып, жаңбырымен.
Жұқа, нәзік қос қанат дамыл алмай,
Ұшып бара жатады жаны қалмай.
Гүлден-гүлге қонады,
Ғашықтықтан
Байғұс жүрек болады жарылардай.
Ғашық жүрек, өмірге ділгір еді...
Қысқа ғұмыр арманын кім біледі.
Бір-ақ күнде туылып, ұрпақ салып,
Ұшып жүріп дүние-ай үлгереді.
Жалғыз күндік өмірді жалғайын деп,
Жанталасып, ұрпақсыз қалмайын деп.
Жанұшырған байғұсты ақын отыр
Жырға қосып, құқығын қорғайын деп.
Жауқазын
Табиғаттың құдіретінен сыр түйіп,
Жердің тоңын жарып шыққан қылтиып.
Дірілдейді жауқазынның күлтесі,
Көрген жанның көңіліне нұр құйып.
Алты ай қыста жатқан жерде сіресіп,
Қар үстінде қаһарман гүл тұр өсіп.
Үлбірейді жапырағы байғұстың.
Сұлулығы суықпенен күресіп.
Ортасында гүлдеп тұрып сыз-қардың,
Үлбірейді ерініндей қыздардың.
Таңғы аяз сүліктейін сорады
Қыстан қалған көңіліндей ызғардың,
Сонда-дағы белгісіндей көктемнің,
Жауқазын бар қар астында көп белдің.
Ғашығына соны сыйлар жігіттер
Қиынынан өткендей боп өткелдің.
Сабыр гүлі
( Герань – отбасындағы психологиялық ахуалды реттейді)
Күнге ұмтылып күлімдеп,
Қызыл герань тұр гүлдеп.
Нәзік, әсем күлтесі
Ескен желмен дірілдеп.
Қыстай үйде гүлдеді,
Сезімімді үрледі.
Шығарып ем аулаға,
Жатырқауды білмеді.
Ауланы алып жамырап,
Қою жасыл жапырақ,
Тез өсер, күй талғамай,
Гүлге оранып атырап.
Қыста өсірсең, үй жайлы,
Тыныш өмір сыйлайды.
Ал, көктемде шығарсаң,
Гүлі аулаңа сыймайды.
Мазасыздау өмірде,
Шуақ берген көңілге.
«Сабыргүл»,- деп атадым,
Гераньді иіскеп жеңілдеп.
«Өгей»
Өзегіңе тебен ине көктеген,
«Өгей» деген сөзді өлердей жек көрем.
Жанды салып бақтым қанша жетімді,
Осы сөзден қорлық көріп көптеген.
Көңіліме көл мейірім мекендеп,
Ана орнына ана болсам екен деп.
Жаным қалмай бауырыма бассам да,
Ағайындар қабылдады бөтен деп.
Балалардың жазығы жоқ, балаша
Жақын көрді, тату болдық тамаша.
Соның бәрін көре алмаған біреулер,
«Өгей» деді, жүрегіме жара сап.
«Жақсы болса көре алмайтын – ағайын,
Жоғың болса, бере алмайтын – ағайын»
«Өгей» дейді, өзегіңе біз қадап,
Осы сөзбен өлтірген-ау талайын.
Шыжғырады өсегінің табына.
От салады сөзбен екі жағына.
«Өгей» десе тумағанды табалап,
«Өзі болып» қараспайды тағы да,
«Өгейліктен» дейді әр істі өсіріп,
Өгейліктен десе кетер есіріп.
Маған салса жіберер ем бұл сөзді,
Адамзаттың санасынан өшіріп.
Аңса жеңешеме
Жазушы Марал Сқақбайдың аяулы жарына
Аңса!
Десе дегендей, аңсап жүрер жан едің.
Азалия сияқты ортамыздың сәні едің.
Сенен жеңгем үйрендік жар қадірін білуді,
Сенен жеңгем үйрендік әйелдіктің әлемін.
Аңса!
Десе аңса едің бір көрген жан сағынар,
Гүл майысып күлетін, қауыздайын жарылар.
Парасатты, пайымды, падишасы әйелдің
Сені тапқан Маралдай ағамыздың бағы бар.
Сүйікті Ана, жақсы әже, ел-жұртының ардағы,
Дастарханы жиылмай, бал таматын бармағы.
Сені мәңгі сапарға аттаныпты дегенде,
Адам түгіл Алматы қара тұтып, зарлады.
Қош, аяулы жеңешем, ағам сүйген асыл жар!
Сені қимай көңілде шатырлайды жасындар,
Сені қимай көктегі Күн де күйіп-жанады,
Сені қимай жылайды ағайын бар, досың бар.
Қош аяулы жеңешем, жамылғаның жібек боп,
Ұрпағыңды желей жүр, қиналғанда тірек боп.
Атыңа сай жан едің, асығыстау аттандың,
Сағынышпен өзіңе айлар өтпек, жыл өтпек.
Әсираға
Нан достарым көп шығар маңайымда,
Сен жан доссың бұйырған талайыма.
Бала кезден бірге өскен Әсирашым,
Ыңғайланып тұратын қолайыма.
Басқалардан ақылы, ары бөлек,
Мен тапсырсам бір істі жанып ерек
Атқарасың адал дос айтпағанмен,
Мен дегенде шығарда жаны бөлек.
Көрген емес алысқа салып ірге,
Не қиындық көрсем де болып бірге
Қатарласып келесің томпаң қағып,
Жолың бөлек болғанмен, жаның бірге.
Сен – Шығыста бұл күнде, мен – Арқада,
Мезгілді біз салғанмен кең арқаға.
Кеше ғана қыз едік Алматыда,
Өмір шіркін келіпті бел ортаға.
Қалмаймыз деп заманның керуенінен,
Тіршіліктің маясы желгенімен,
Көңіліміз әлі де қыз-дәуренде,
Төлқұжатта елуге келгенімен.
Атамның сыры
«Баяғыдай күн құйындап өтпейді,
Баяғыдай Күн де шуақ төкпейді.
Қоңырсалқын, ызғырықты болса да
Тіршілікте уақыт шіркін жетпейді.
Баяғыдай қызық емес жиын-той,
Баяғыдай мазаламас миыңды ой.
Бұйғы өмірмен тұйықталып жүрсең де,
Көңіліңнің тыншымауы қиын ғой.
Иә, көңіл көкдөнендей желеді,
Сыр бермейді, әлі жас боп келеді.
Қайрат қайтып, тұсаулы аттай болсаң да,
Көкірегің сайрап, қиял өреді.
Көңілімнің үзілмейді талабы,
Жүрегімде үміт оты жанады,
«Шатақшалды» қартайыпты демеңдер,
Келіссеңдер тағы тоқал алады»,-
Деп әзілдеп атам сырын ақтарды.
Әжеміздің көзі шалға оқталды.
Қарттың сыры ұнап кетіп жарыма,
«Жігіт болып» бір сапарға баптанды...
Бірі кем дүние-ай
Талай тағдыр ойран боп,
Талай ғасыр қайран боп,
Жайраған дүние-ай.
Тыңдағанды мұңайтып,
Тарихынан сыр айтып,
Сайраған дүние-ай.
Естіп баба тынысын,
Талай оғлан қылышын
Қайраған дүние-ай.
Қара жерді шайқаған,
Мың өшіп, мың қайтадан
Жайнаған дүние-ай.
Тұяғы бүтін тұлпарсыз,
Қанаты бүтін сұңқарсыз
Бірі кем дүние-ай.
Жоғыңа айтып салауат,
Барыңа жасап қанағат,
Жүрген дүние-ай.
Аюменен алысып,
Күшікпенен күресіп,
Үрген дүние-ай.
Өзі жатып жығылып,
Сүрінгенді сын қылып,
Күлген дүние-ай.
Заманға қарай адамы,
Түлкіден жаман арамы.
Болған дүние-ай.
Бауырлар ұмтып ұятты,
Мейірім беріш сияқты,
Толған дүние-ай.
Өзіңді не деп сөгейін,
Кәрімді қалай төгейін,
Жалған дүние-ай.
Төзбестің кебін киеміз,
Сонда да сені сүйеміз.
Арман дүние-ай.
Жылдар солай өтеді
Күн – аптаға,
Апта – айға ұласып,
Жылдар – жылға жалғастырып құлашын.
Қанатына қондырып ап жастықты,
Бара жатыр, бара жатыр қыр асып.
Бала кезде,
Есейгенше асығып,
Қыз – айнашыл,
Ұл – турникке асылып.
Әр минутты өткізе алмай жүруші-ек,
Көзіне бір көрінгенше асығып.
Бойжеткен де,
Бозбала да сабылып,
Қарашаңырақ ауылынан жабығып,
Соңғы жылды өткізе алмай кетуші-ек,
Алматыны көргенше бір зарығып.
Өтпейтіндей,
Кетпейтіндей жас шақтан,
Жеткізбестей жиырма бесің қашқақтап.
Алға ұмтыла беруші едік дүние-ай,
Уақыт бізге сап қойғандай тас қақпан.
Отыз асып,
Қырық басып білесің,
Уақыт пенен жастығыңның күресін.
Зымырайды күн менен түн жарысып,
Қайран жастық соған кетер ілесіп.
Қайратың да,
Айбатың да жетеді,
Қайранында жылдар жылжып өтеді.
Жастықтағы өтпей қойған уақытың,
Жас ұлғая арғымақ боп кетеді.
Ұйқы жайлы жыр
Тірлігің мен ойыңнан қалжыратып,
Басып келер бойыңнан балбыратып.
Кетіп бара жатасың кешке қарай,
Мініп алып ұйқының тарғыл атын.
Құшағында бар тірлік ұмытылып,
Түс көресің әртүрлі, құмы-қуыт.
Айды аралап, жұлдызды тамашалап,
Ертегіден қашасың жыны қуып.
Ұйқы деген – тәттісі тірлігіңнің,
Түйінделсе, сәттісі бір күніңнің.
Құшағында келеді жата бергің,
Түрілмеген астында түңдігіңнің.
Осы сәтті күдікті айдан-анық,
Жаулар кетіп жүріпті пайдаланып.
Еріккеннен бабалар шығармапты,
«Ұйқы – дұшпан» дегенді айдан алып.
Дәрі тамып тұр...
Бір ... екі... үш...
Құйып маған күш.
Дәрі тамып тұр,
Жасап қайырлы іс.
Темір инемен,
Жалғап білекке.
Көңіл күймемен
Шарлап жүректі.
Дәрі тамып тұр,
Емдеп жанымды.
Шамы жанып тұр,
Жырдың жалынды.
Көңіл дөненім,
Жортып өткенге.
Қанатты өлеңім
Шарлап көктемге.
Қиялмен барлап,
Жырлап тау-шыңды.
Жатқанда шарлап,
Дәрім таусылды.
Бойыма толып,
Қуат құйылды.
Жан рахат болып,
Шуақ құйылды.
Көңілім тасып,
Қиялым желді.
Құшағын ашып,
Шабытым келді...
Күнім өтіп барады деп...
Күнім өтіп барады деп ертеде,
Күйініпті қайран бабам өртене.
Неге өйтті екен, ала таңмен жарысып,
Қорқыт баба қыл қобызын шерте ме?
Түсінбеймін кешегінің адамын,
Санап күнін, санап әрбір қадамын.
Отыратын «табанда – деп ажалың»,
Түгендеумен жаратқанның амалын.
Ал, біздер ше?
Асығамыз ертеңге.
Біреу қуып тұрғандайын желкеңде.
Өткен күнге, кеткен күнге өкінбей,
Мәз боламыз кездесер сәт жеткенге.
Ойламаймыз қанатында әр күннің,
Жастығы өтіп бара жатыр әркімнің.
Атқан таңмен, батқан күнмен жарысып,
Жақындаймыз ауылына қартыңның.
Солай...
Солай өмір өте шығады.
Сарқылады қуатыңның бұлағы.
Топыраққа айналасың қайтадан,
Соны сезіп қариялар жылады.
Сабырға келу
Я, Аллам!
Кең едім ғой, кең едім ғой,
Жатпаған еш арамдық көнегімде ой.
Жамандық қапталған да мен едім ғой,
Табанда тапталған да мен едім ғой.
Шыдамды емес па едім салғаныңа,
Түссем де қай азаптың қармағына,
Бір жарық жетелейтін түнектен де
Үмітім үзілместен жалғаныңнан.
Сынбаған сынақтардан мен емес па ем,
Сабырлы дәрияға тең емес па ем.
Тарындым неге ғана осы жолы
Тағы бір қайрат қылсам жөн емес пе.
Уақыт өтіп бара ма?
Уақыт емес,
Біз өтіп барамыз ба?
Сия алмай ұлан-ғайыр даламызға.
Кейбіреулер санда бар, санатта жоқ,
Кейбіреулер аңыз боп арамызда,
Уақыт емес, біз өтіп барамыз ба?
Уақыт емес,
Біз шығар ұтылатын.
Құмсағаттың ішіне жұтылатын.
Күні біту біреуге пайда шығар,
Күнә тартпай дұшпаннан құтылатын.
Дәм таусылса біз шығар ұтылатын.
Уақыт емес,
Біз шығар жоғалатын.
Жастығы, күш-қайраты тоналатын.
Содан ба, қу тірлікте бұйырғаны
Жалқы өмір, жалған дүние саналатын.
Кім болсақ та біз шығар жоғалатын.
Уақытты
Қайтіп алдап соға аламыз?
Өмірде шарқ ұрады шағаламыз.
Кезінде еңбек ет те, ұрпақ қалдыр
Әйтпесе, бір күн ізсіз жоғаламыз.
Уақыттың емін солай таба аламыз.
Х Х Х
Ажырасып жатыр ерлі-зайыпты,
Бірін-бірі түсінбеуін айып қып.
Біраз жылдар ұстап келген шайқалтпай,
Шаңырақтың бақ-тіреуі тайыпты.
Ажырасып, талақ етті бір-бірін,
Сонша жылғы еңбегі мен тірлігін.
Бір кездегі табыстырған екеуін,
Махаббат та мазақ болып жүр бүгін.
Ажыратып сот міндетін атқарды,
Шаңырақ та, кереге де тапталды.
Екеуінен жаратылған баланың
Жүрегінде жазылмайтын дақ қалды.
Ана аяулы, әке қымбат одан да,
Сот үкімі басты үшеуін табанға.
Сәби жүрек тұншығады, айта алмай,
Кетіп бара жатқандай боп боданға.
Бәрі бітті.
Кетті бәрі бетімен,
Суып, жат боп шыға келді шетінен.
Сәби ғана қиналады әкесін
Сағынғанда ет кескендей етінен...
Адыраспан
Жақсылық, адалдыққа серік болып,
Қасиеті тіл-көзден берік болып.
«Адыраспан» деген шөп өсетұғын,
Адырлардың төсіне көрік болып.
«Қасиетіңнен айналдық адыраспан,
Сізді бізге жіберген тәңір-аспан»,-
Деп өлеңге қосушы-ек теріп жатып,
Бір топ қыздар көңілі жадырасқан.
Аналардан қалдырған өсиет деп,
Адыраспан жинаушы-ек қасиеттеп.
Алма жүздер албырап қайтушы едік
Күндей болып құлаған көкжиекке.
Тағдыр
Өткенімнің бәрі бүгін ескірді,
Түпкірінен жүректің үн естілді.
Қайталанған жылдар бойы бір өшпей,
«Тағдыр» екен оның атын кеш білдім.
Не көрмедім теңізінде өмірдің,
Талай долы толқынына көмілдім.
Жету үшін бақыт деген аралға,
Тағдырымның арбасына жегілдім.
Қайран жастық түс сияқты әдемі,
Өте шықты көптеу болып әлегі.
Махаббаттың бір сырқаты аты оның –
Тағдыр екен, табылмайтын дәл емі.
Бақ жұлдызың жана ма әлде, жанбай ма?
Татыса өмір бал не кермек таңдайға,
Төзесің де мойындайсың амал жоқ,
«Тағдыр ғой»,- деп жазылғаны маңдайға.
Шаштараз
Ұйпа-тұйпа, ебет-себет шашыңды,
Ретке сап, ағарғанын жасырды.
Кереқарыс ақ маңдайың ашылды,
Келбетіңнің көркемдігін асырды.
Едірең мұрт, қаба сақал күзелді,
Инедейін кірпі шаш та түзелді.
Көзін тастар көшеде бар қыз енді,
Дірілдетіп жүрегіңді, тізеңді.
Табындырар
Дұшпанын да, досын да
Шаштараздың құдіреті осында!
Шарасыздық
Айыра алмай қорқаудан қабыланды,
Сағым сынып, көңілім жабыланды.
Ортасында жүріп-ақ қалың жұрттың
Ормандағы перідей тағыландым.
Тазы болып шала алмай түлкілерді,
Айла асырған сыртымнан күлкіледі.
Бармағымды тістеймін, бар білгенім
Жанарыма ыстық жас іркіледі.
Не келеді қолынан жаулықтының,
Оңашада жылаудан қарлықты үнім.
Есебімді бір Алла түгендесін,
Түсінгенге осы айтар барлық шыным.
Жайлаудағы жыр
Аспанның әсем өлеңі –
Ақ бұлттар көшіп келеді.
Батыстан ұшқан Шығысқа
Ұзатқан қыздың желегі.
Күн сұлу Жерге нұр құйып,
Зеңгір көк балқып, тұр ұйып.
Ақ бауыр бұлттар жүзеді,
Көлдегі бейне тұңғиық.
Жап-жасыл жайлау, бұлттар ақ,
Сәулесі Күннің тұр тарап.
Ақбоз ат мінген ер жігіт,
Жайылған қойын жүр қарап.
Жайлауда таңды қарсы алып,
Жүректі билеп бар шабыт,
Жырымды жұрттан жасырған
Жартасқа айттым жар салып...
Жан екенсіз шуақты
Сарыағаш шипажайының бас дәрігері Айтбай Тәсіловке
Айтеке!
Оңтүстіктің күніндей, жан екенсіз шуақты.
Танысқалы сізбенен талай-талай су ақты.
Жарты ғасыр халықты шипажайдан күтесіз,
Сарыағаштан туатын Темірқазық сияқты.
Еңбегіңіз жырменен мыңжылдыққа жалғасты,
Алдыңыздан Айтеке, өтті небір марқасқа.
Зәмзәм сумен суарып, лебіз айтып шипалы
Қоймайтынсыз келгеннің мейірі қанбасқа.
Ақ халатты абзал дос жана берсін еңбегің,
Еміңді алған жақсының көңілінен сөнбегін.
Көргенің мен көңілге түйгеніңді топшылап,
Қол босыңда төгілдір қарасөздің өрнегін.
Әйел мұңы
Уақыт емші,
Бәрі ұмтылып кетеді дегенімен,
Мен бір мұңның шыға алмай көгенінен
Осы өлеңді өзіңе жаздым ұлым,
Қалам емес, жүректің тебенімен.
Уақыт емші,
Емдейді жан баласын.
Жады ұмытшақ дегенге шамданасың.
Тәнге салған жаралар жазылар-ау,
Жазылмайды екен-ғой жан жарасы.
Тәубе етесің,
Шүкір деп көргеніңе,
Желмаясы өмірдің желгеніне.
Сенің сорлы тағдырың кей кездері
Айналса да біреудің ермегіне.
Мұңаярсың,
Мұңыңды кім ұғады.
Жалғыздықтан үнің де құмығады.
Алатаңнан тірлігі түнге ұласып,
Әйел байғұс бәріне шынығады.
Жаны жара,
Жүрегі құрау-құрау,
Көңілі қаяу тарқамас, көзі бұлау.
Сенің анаң жүретін бір кездері,
Тағдырына әйелдің болып жырау.
Содан ұлым,
Күндердің бір күнінде-ей,
Өмірі іріп айранның іртігіндей.
Отбасының қайтадан бірікпесін
Сезгенде анаң шықты да кірпік ілмей
Қолын бірақ сермеді, кеткенінен
Қайырылмады артына өткеніне.
Сол күйігі ешқашан жазылмады,
Әйел болып биікке жеткенімен.
Ауылдағы келіншек сыры
«Дүниедегі ең үлкен бақыт біреудің өзіңді өзгеден қызғануы екен ғой» «Рухтар жерден кетеді Т.Нұрмағанбетов»
Мына бір кітап апырмай,
Жанымды тербеп кеткені.
Сезімнің гүлі жапырлай,
Тұлабойымда көктеді.
Пенделік келді басыма,
Әйел боп бұрын сезбеген.
Мені де біреу расында,
Қызғана ма екен өзгеден.
Бақыттың осы бір дәмін,
Тұщынып өзім татпадым,
Жарымнан ішкі сыр мәнін,
Сұрауға тағы батпадым.
Тентектеу мінез сезімін,
Жасырып ұстар ішінде.
Махаббатын да өзінің
Жүреді өзі түсінбей.
Ықылас тіпті білдірмей,
Уақыттар өте береді.
Басына ноқта ілдірмей
Жүргендей өзін көреді.
Қызғану былай тұрсыншы,
Сезім жоқ ешбір арада.
Жесірдей жылғы қырқыншы
Жылап та алам қорада.
Перзентке ана болып тек,
Жүргендей сыйып осы үйге.
Көзіме жасым толып кеп,
Көңілім үнсіз жасыйды.
Неліктен ауыл еркегі,
Айтпайды сырын ақтарып.
Күйменен бәлкім шертеді,
Сүйгеннен дәйім сақтанып.
Өтеді солай өмірі,
Томаға тұйық, қамығып.
Әйелдерінің көңілі
Сандықтай кілтке жабылып.
Әйел деген құдірет
Бәрін бағып, бәрін байқап жанары,
Біріне мұз, біріне күн қабағы
Бола жүріп, тигізбей тіл орағын
Әйел болу оңай емес, қарағым.
Бәрін көріп, кейде болып көрмеген,
Бәрін біліп жүрсе де боп білмеген.
Әрнәрседен үзіп алмай хабарын
Әйел болу оңай емес, қарағым.
Бәрі жақсы сырттан байқап тұрғанға,
Барлығы бар, қажет еткен бір жанға
Шайқап алмай бақытының шарабын,
Әйел болу оңай емес, қарағым.
Бір қолынан нәрестесі ержетіп,
Бір қолымен жер-әлемді тербетіп,
Бауырында – тыныштықтың аралы.
Әйел болу оңай емес, қарағым.
Құрсағында адамзатты көтерген,
Құшағында махаббаты өтелген.
Әйел деген – құдірет қой, құдірет
Бізді өмірге әкелетін бір рет.
Берен келінге
Берен сұлу!
Қыз едің жаны жалын.
Өзгеріпсің көп жылда танымадым.
Кезінде еркетотай бұлғаң қағып,
Іздеп жүр ең жігіттің бағы барын.
Іздеймін деп бағы мен тағы барын,
Ойға алмаушы-ең тауыңның шағыларын.
Арманына өрлікпен жетер болса,
Сен жетер-ең әйелдің қабыланы.
Дәулетінде әкеңнің асып-тасып,
Кербезденіп жүруші-ең алшаң басып.
Қара қызды менсіне бермеуші едің,
Бала кезден өскенмен қолтықтасып.
Ширек ғасыр өтіпті!
Мезгілдің жүйрігін-ай,
Борық бопсың бір кезгі сүйрігім-ай.
Келін болып түсіпсің біздің елге,
Не істерсің Алланың бұйрығына-ай.
Шыққандайын астынан құба белдің,
Абысын боп алдыңнан шыға келдім.
Дәулетті емес, әулетті ағайынмен
Отауыңның жанады шырағы енді.
Берен сұлу!
Тең көрсең де өзіңе көрмесең де,
Үзсең де үзбесең де емешеңді.
Қайнағаң мен қайнымның арқасында
Жолы үлкен деп жүрерсің жеңешеңді.
Жұматай мен Ләйлә
Өмір өзін дөкей де етпей, дүр де етпей,
Өткен ақын тентек мінез, бірбеткей.
Сарноқайдан шыққан ғашық мәңгілік
Ләйләсінің теңеуіне жыр жетпей.
Тірлігінде атақ та алмай, тақ көрмей,
Өткен ақын, жырдан басқа бақ көрмей.
Тек Ләйләсін асқақтатып аңсаумен
Ер Мәжнүнді ойнап өткен актердей.
Марапат та, құрмет те сұрамай,
Өткен ақын тағдырына жыламай.
Ләйләсіне жазған жырын оқысаң,
Тоғжанына қол жетпеген Ұлы Абай.
Пенделерге періштедей көрініп,
Өткен ақын, сынығындай серінің.
Ләйлә аруға бағышталған жырымен
Әспеттеген қызын туған жерінің.
Жетімханада
Жетімхана.
Тас бөлме..
Бала жатыр қуыста.
Түрі бейне аш кене,
Қолына нан уыстап.
Көздерінде – қорқыныш,
Қабағына мұң ілген.
Жоқ ешқандай тартылыс,
Мына өмірден түңілген.
Жамылғысы үстінде –
Бит қабығы секілді.
Сыр ашпайды ешкімге,
Сөйлемеуге бекінді.
Жайы қандай екен деп,
Сұрайтындай кімі бар.
Сол қуысты мекендеп,
Қиялымен жылынар.
Бала емес пе, жаны пәк
Арманға бір батады,
...Ақ мамасын тауып ап,
Құшақтасып жатады...
Мойынына асылып,
Еркелейді, жылайды.
«Мені кімге ашынып,
Тастадың деп сұрайды».
...Баяғыда мұның да,
Бар еді әке-шешесі.
Жүгіретін құлындай,
Жерге тимей өкшесі.
Үйлері де болатын,
Күйлері де жайлы еді.
Аяқасты қанатын
Жайып үйге қайғы енді.
Жан көкесін көшеде,
Көлік қағып мерт болды.
Ес қалмады шешеде,
Жазылмайтын дерт болды.
Қара шашын жайып сап,
Қала кезіп жүретін.
Адамдарды айыптап,
Сақылдап кеп күлетін.
Күндердің бір күнінде
Ана кетті жоғалып...
Қарт әже пеш түбінде
Отыратын омалып.
Жетім кемпір, жас сәби
Қыста қатты жүдеді.
Терезе мұз, тастай үй
Сыртта боран үдеді.
Сорлы кемпір сол қыста
Жете алмады көктемге,
Болмады ешбір туыс та,
Сәбиді алып кеткенге.
Жалғыз қалған байғұсты
Алды жетімханаға.
Бақытты өмір айға ұшты,
Жат ортаны паналап.
Содан бері қанша қыс,
Қанша көктем, күз келді.
Ақ мамасын аңсады,
Үмітін бір үзбеді.
«Бір күн келіп қалар»,- деп,
Елеңдеумен жүреді.
«Мені тауып алар»,- деп
Дүрсілдейді жүрегі.
Бала емес пе, жаны пәк
Арманға бір батады,
...Ақ мамасын тауып ап,
Құшақтасып жатады...
Ақынның ғашық жүрегі
(Мұқағалидың күнделіктерін оқығаннан туған еді)
«Қарасаздан ұшқан қарлығаш», Күнделіктер кітабы. Жалын баспасы,
1999 жыл.
14 февраль, 1974 жыл. «Сонымен достар, Бүкіл менің жазғаным – бар жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қам жеулері мен қуанышы туралы поэма».
2 май, 1974 жыл. «Білгендерін істеп бағуда. Не жаза бар бәрін қолдануда. Милицияға да бірнеше рет тапсырды. Енді қаматпақ ойлары. Көлеңкемнен қорқатын халге жеткізді. Милиция қашан келіп, қашан алып кетер екен деп қауіптенемін. Әнеу күні милицияда асылып өлмек те болдым, балаларымды қимадым. Мойыныма тұзақ салып сәл тұрдым да ойландым...»
21 сентябрь,1974 жыл. «Менің белгісіз досым! Сен маған;өз семья, өз үйің, өз ошағың бар, тағы саған не жетпейді дерсің? Жоқ, олай емес, менде семья, ата-ана, туыс жоқ. Мен өмір сүріп жүрген үйүй емес, тіршілігімдегі табыт.Онда неменеге өмір сүріп, семьяңның қамын жеп, пірі болуға тырысып өлең жазып, кітап шығармақ болып жүрсің дерсің. Жауап берейін: балаларым үшін, өз тамшы қаным үшін. Қалай болған да да олар менің өмірімнің жалғасы ғой. Кейде олар да – менің кішкентай жыртқыштарым да – маған өз тырнақтарын көрсетіп қояды, кез-келген уақытта менің жанымды ауыртуға, қатты жарақаттауға олар да даяр. Олар үшін, әйелім үшін мен әке, күйеу болудан баяғыда қалғам, ақша табатын мәшинеге айналғам. Олар мені солай қабылдайды, солай таниды. Менің ішімде әлдене өлген, оны енді қайта тірілту мүмкін емес...».
31 январь, 1975 жыл. «... Мен өлімнен қорқам ба? Қорқам. Қорқатын себебім; өмірдің қуанышын татып көргем жоқ, творчествоның қуанышына жолыққам жоқ, бар өмірімді жоқшылықта, жоқшылықтан үнемі үрейленуде өткіздім. Қысқасы, туғанда да, өмір сүргенде де және өлгенде де біркелкі болу; ештеңе де өзгермеу – қашанда қорлық қой..».
*** - Шын ба? - Шын ғой! Өзің жазып отырсың. - Адам қандай қатігез! - Қоғам қандай соқырсың! Алты Алашың пір тұтатын қайран Мұқаң, қайтейік, Сыр дәптерді оқығанда – ақын емес, пақырсың.
*** Күнделіктер жабырқатты менің нәзік жанымды, Тасытты кеп кеудемдегі аққан қызыл қанымды. Адамдар-ай сонша неге саңырау боп, соқыр боп, Сөндірем деп арпалысты лаулап жанған жалынды.
Күнделіктер ақын жазған құлазытты, шаршатты,
Сол заманда-ақ, қайран ағам дүниеге жар сапты.
Жазып, жазып ақ қағазға қырық бес-ақ жасында,
Тәрк етіпті, дүниені, қуанышты, мансапты.
Кете барды, өте барды күнделіктер қалдырып,
Аурухана төсегіне улы шарап алдырып.
Мына жарық дүниеге сия алмастан, қимастан,
Қарай-қарай кейінгіге екі көзін талдырып.
Ақын жазған күнделіктер жанарымды сулаған,
Менің нәзік, сенгіш, адал жүрегімді улаған.
Жыр тұлпары кете барды, қапаланып, мұңданып,
Менің үшін ғұл ғаламда мұндай ақын тумаған...
Күнделікті оқып алып, ағыл-тегіл жыладым,
Тағдыр неге аяды екен ақын жаннан шуағын.
Тағдыр неге қатал болдың, таусылмады сұрағым....
Өлең болып маған қарай келе жатты бір ағын.
Сыр дәптерді оқығанда жүрегімді ұңғылап,
Өлең болып маған қарай келе жатты бір бұлақ,
Отырдым да жаза бердім, өлеңің не мұндайда,
Соқыр көзден жас шығады жүрек жатса шын жылап.
Қарасаздың қарлығашы қанатыңмен жыр сеуіп,
Жүруші едің, саған дос боп кездескені-ай, кіл кеуік.
Үйің – салқын,
ал, босаға – қара жердей болса да,
Басқалардай кете алмадың, сол тірлікті бір теуіп.
Басқалардай қанша ғашық болсаң да сол адамға,
Кете алмадың, «мен болмасам болмайын, сол аман ба?»,-
Деп жырлайтын әттең, ғазиз жүректің
Тап келгені-ай, туылғаны-ай қадір білмес қоғамда.
Қайран ғана өзі ғашық, өзі нәзік жүректі,
Түсінбеді тірі пенде гүл сезімін күл етті.
Күпі киген қара өлеңге шекпен жапқан ақынды,
Адам қорлап, заман зорлап көрсеткені ай білекті.
Қайран ақын, мейірімді әке, қайырымды жар болатын,
Тек жоқшылық– қорқынышы, сан қайырған қанатын.
Мінбеде ме, түрме де ме – жалғыз жанға бәрі бір,
Өлең оқып ақтарылып, ақын жүрек жанатын.
Май шамға ұқсап жырмен шашып маңайына сәулесін,
Қызықтырмай терезеден тамылжыған бау да есін,
Мейір төгіп, маңдайынан сыйпайтұғын жан бар ма?
Бірге деген таныс жанның бәрі ұмытты тәубесін.
Сыр боп кіріп, жыр боп шығып жататұғын жылдары,
Жырдан бөлек алданышы – қыздары мен ұлдары,
Сол бір тамшы қандары үшін отбасының тозағы –
Мойынына киіп алған мәңгілікке азабы.
Төңірегі сыйламады, барлығынан түңілді,
Сонда-дағы солар үшін жан аямай, жүгірді.
Баспалар да,
Басқалар да,
Айналаның барлығы,
Сабылысып, айыртпады ала таңнан іңірді.
Таңғажайып өлеңдерді баспагерлер оқымай,
Талай сызды, шерлі жырды көкірекке тоқымай.
Ақын көзі тірісінде тиын болған жырларды,
Бүгінгі ұрпақ әнге қосып шырқап жүр ғой, апыр-ай.
Жүргенінде өкінішті, жаны болып үш бөлек,
Миы – мұзды мұхит болды, ал, бауырға не істемек,
«Жүрек жасап көтеріліс» - төсек тартып ауырды,
Дәрігер қыздар ине сұқты білегіне піспелеп.
Содан кейін ден-саулығы біртіндеп сыр береді,
Шайқатылып теңселеді, жырдың алып терегі.
Зар боп жүріп жақсылардың мейріміне дүние-ай,
Ғашық болып жыр төгетін ақын неткен өр еді.
Сонда-дағы тастамады, безбеді от басынан,
Тағдыр өзі таңдап жүріп кигізген ноқтасынан.
Шығармасы шатқаяқтап, үрей билеп өмірін,
Жоқшылықты көп көрсе де, сыр бермеді жасыған.
«Мен өлімнен қорқам!»,- дейді бізге ақын сыр етіп,
Жазып жатып байғұс жүрек кетті ма екен дір етіп.
Ұлы ақынның жалғыздықтан туған ғажап жырына,
Дұшпандары сын айтқан боп газет иттей үретін.
Пысқырмайтын біреуін де ғашық жүрек жырлайтын,
Тамып кеткен көздің жасы қағазда кеп құрғайтын.
Таңды түнмен, түнді күнмен шатастырып кей кезде,
Жазып....
Жазып...
Ұйықтап кетіп, төсегінен тұрмайтын.
Солай-солай жырлағаннан зорықты ма байғұсым,
Естеліктер жазғыштарға жылымай-ақ қойды ішім.
Шолпан туа тоқтап қалды, тоқтап қалды жүрегі,
Тағы да бір ауырлатып қазағының қайғысын.
Атқан таңмен бірге атпады ақын жүрек бұлқынып,
Шыққан күнмен бір шықпады ақиық жыр жұлқынып.
Қалың қазақ, қайран жұрты қара тұтып жатқанда –
Кеш түсініп жоқтады жұрт дүниеа тескен құлқынын.
Ақын өлді!
Ғашық жүрек ұшып кетті ғарышқа...
Бұл өмірдің азабынан пенделерден алысқа.
Содан бері естеліктер айтылғанмен не түрлі,
Тиетұғын сөз болмады қазақылық намысқа.
«Бәрі жақсы,
Бәрі ғажап!
Өмір мынау – жалған»,- деп,
Еске алады, «Алып-ұшқан ақындарда арман көп.
Сол арманның құшағында түсінбедік біз оны,
Қала алмадық»,- дейді өкініп, ұлы ақынға қорған боп.
Ал, ақынға қорған емес, мейір еді керегі,
Күнделіктен басқа ешқайда қалмағандай дерегі.
Соны ешкім түсінбеді, ұға алмады дүние-ай,
Болса да өзі сездірмеді,
Қайран ақын өр еді.
«Жазылар естеліктер мен туралы»,- деп кетті,
«Біреулер жан еді дер өр тұлғалы»,- деп кетті.
«Біреулер тұлпар еді, дер де мүмкін,
Бүтінделмей кеткен бір ер тұрманы»,- деп кетті.
«Айтып өтті барлығын кір жасырмай жүрекке»-
Жырмен жауап беретін ақымақтау білекке.
Тарыққанда, торыққанда алып кетсе мілиса,
Жырмен жауап беретін қамаса да түнекке.
«Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін»,- деп кетті.
«Өмірім осылай-ақ өтші мейлің»,- деп кетті.
Алайда аласапыран тіршіліктің,
Алдында күресе алмай тек сілейдім,»- деп кетті.
Айтып өтті дегенмен,
айта берсе арман көп,
Сондықтан да бұл өмір аталады «жалған» деп.
Артта қалған еңбегін ақтарғанда, өткенге,
Өлең болып азуын ақситады арлан кек.
«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім»,- дегені-ай,
«Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің»,- дегені-ай.
«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім»,- дегені-ай.
*** .... Мәңгілікке өзімен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер!?
Аударылып жырлары алуан ұлттың тілінде,
Естеліктер ол жайлы жазылуда бүгінде.
Бірақ ешкім шынымен ақтарылып, кеткен сол,
Запыранды айтпайды ғашық жүрек түбінде.
Сол күйікті бассам деп шарап ішіп улаған,
Сол күйіктің дертінен арғымақша тулаған.
Дәл сол шақта иіскеп маңдайынан бір сүймей,
Ұлы ақынды өсектеп, төңірегі шулаған.
Кетпеу үшін беріліп, көзсіз долы ашуға,
Жазушылар үйіне жан күйігін басуға
Бара қалса, алдынан шыға келер сыншылар –
Даяр тұрған дұшпандар жан жарасын қасуға.
Содан қайта өршиді күйіп тұрған жүрегі,
Сондайда бір «жанашыр» табыларын біледі.
Ілесіп ап соларға уды басып уменен,
Ағыл-тегіл масайрап, өлең оқып жүреді.
Ал, бұл Мұқаң ондайда шалқып жатқан теңіз-ді,
Пегасымен құйғытып, Поэзиямен егіз-ді.
Поэмадан поэма, әр түн сайын қағазға,
Тастап кетті артына өшпейтұғын көп ізді.
Ғашық жүрек ондайда іздейтін жан серігін,
Қыздыратын жырымен көңілінің көрігін.
Сондай нәзік жүректі,
Сүттей таза көңілді,
Жігіт еді ғажайып, кімдер неден жеріді.
Буы ма екен шабыттың,
Уы ма екен шараптың
Араларын суытып, абақтыға қаматты.
Қарасазда жүргенде қос қарлығаш ардақты,
Алматыға келгенде неге жерге қаратты.
Бақ бұйырмай өтсе де,
Тақ бұйырмай кетсе де.
Енді ондай жан тумас Алатауға ексе де.
Сол біртуар ақында қара халық білмейтін,
Бір әлсіздік болатын Ахиллестей өкшеде.
Сол әлсізі – жүрегі,
Сол нәзігі – жүрегі.
Содан туған жырларын кей сыншылар іреді.
Содан туған жырлардың жолын санап баспагер,
Содан туған жырларды жұрт табыс деп біледі.
Жыр сүйдірді ақынды,
Жыр күйдірді ақынды.
Күйген сайын жүрегі жанартауша атылды.
Ұлы ақынды аяулы халқын мәңгі сүйетін,
Суық қоғам қорлады, қорлағандай пақырды.
Жан сезімі болмаса,
Жар төзімі болмаса,
Ақылды айтып үйрету дегеніміз далбаса.
Ғашық жүрек жабығып кетпес па еді жарылып,
Махаббатты алғашқы мейірімге жалғаса.
Бәрі жақсы жасында,
Бәрі жақсы басында.
Қайдан ғана шығады жаман адам ашынған.
Ақ пейілмен жүрсе де, ақ көңілін білсе де,
Өз-өзінен көбейер дұшпандарың досыңнан.
Ішіп келсе – кешіріп,
Ісіп көрсе – өсіріп,
Отыратын кімі бар, қайта кетер есіріп.
Ақын достар әнеки, қалт еткенін аңдыған,
Жақын достар әнеки, көңілін сырт көшіріп.
Өмірдің сол құрғаны,
Тас төбеден ұрғаны.
Соңғы кезде барлығы батырады тырнағын.
Айналасы салқындау, сезінбейді дүние-ай,
Өздерінің жолында болып жүрген құрбанын.
«Айналайын, көкең тек,
Сендер үшін тепеңдеп,
Тірлік жасап жүр еді, енді қайтсем екен?»,- деп.
Барлығынан түңіліп, мойынына арқан сап,
Кетсем дейді мәңгілік ұйықтап жатар мекендеп.
Сап сап көңіл, сап көңіл, ақын еді ақ көңіл,
Көзі түссе тесіктен, сыртта жайнап жатты өңір.
Көз алдына тізіліп балалары келді де,
Күтіп тұрған сияқты болды алдында жақсы өмір.
Әлсіздікті талқан ғып,
Лақтыра сап арқанды.
Қайта шықты күреске өлеңдерін қалқан ғып.
Өлмейтұғын махаббат жырын жазып ұрпаққа,
Көңілдердің көгіне жарқыратты Шолпан ғып.
Осылайша естілмей жүрегінің соққаны,
Сөне берді-ау жанарда лаулап жанған оттары.
Әділетсіз өмірмен қоштасқандай ышқынып,
Ұлы ақынның жүрегі мәңгілікке тоқтады.
Шолпан туа ақын көшті ғарышқа,
Мынау соқыр,
Мынау надан пенделерден алысқа.
Құлағында «Реквием» үні сызылды,
Жүрегінде соңғы шумақ тізілді...
Тіршілікте жан құлазып, саяқсып
Жалғыз еді,
Жалғыз жатып үзілді...
Бір ай бойы келіп тұрған тасқындап,
Қайран жырлар қалды жастық астында.
Ауысымды қабылдауға келгенде
Кезекшіге қарап жатты тас тұлға...
Отбасынан,
Одағынан айғайлап,
Жетті бәрі жоқшы болып байбайлап.
Тірісінде у ішкізген біреулер,
Өлең арнап жүрген болды қайғы ойлап.
«Тас тұлғаға» келе сала бас ұрып,
Бірі шындап, бірі өтірік ашынып
Жатқанында, бір ай бойы ақынның
Жазғандары жатты еденде шашылып.
Есіл еңбек тапталды да табанға,
Есіл өлең айналды да сабанға.
Еден жуғыш орыс әйел сыпырды,
Сыртқа қарай,
Жыр не керек наданға...
Мазмұны
1 бөлім
Астананы бір көріп
Бәйтерек
Хас батырды көргендей
Көктемгі Астана
Сәуірдегі Астана
Қайырлы таң, Астана
Сарыарқаның самалы
Қайың туралы жыр
Мінез
Көктем биыл кешікті
Тұлпарлардың ішіндегі қазанат
Ай көрдім
Құстың махаббаты
Күн шығып келеді
Сарарқаға биыл қыс ерте келді
Барыс жылына
Қайран жастық
Көше сыпырған қыз
Кемпірқосақ
Өмірбек ағайға
Алатаудың арланы
Биліктегі бір қыздың жыры
Ақ бұлттардың үстінде
Айшуақты жылдарыңыз басталды
Бекзат бітім...
Жүрек сатам
2 бөлім
Жыртұмар
Сөз туралы сөз
Жыр жазбаймын
Іңкәрлік
КАЗГУ-ге
Елім бір сен деп
Дүние шіркін
Жыңғылды ауыл
Жырға құрмет
Екеуміздің өміріміз
Сездірмейсің
Жаза алмасаң
Еркектерді қорғау
Елуге келдім
Сіз сөйлегенде
Жалғыз арша
Ұлбике тірілді
Сенің әнің
Шыңғыс Айтматовқа
Жетім көңіл
Шүкір..шүкір...
Мойылдыға
Сәлемімді қабыл ал, Қызылордам
Артығалиды еске алу
Жазып тастау
Қатын елді билегенде
Ән тарланына
Бетховен, Анна және «Симфония №9»
3 бөлім
Бұл кітап саған арналған
Топайкөгім
Үнсіз бір-бірімізді
Сені сүю
Имену
Сол жылы
Пал және сен
Неге кеш кездестік
Не көрсең де
Сен және оппоненттерің
Сен және Алатауым
Биіктеу
Сәт сапар тілеп
Махаббатпен мені ұшпаққа...
Сол сәт
Қуанышым
Сен де адасып
Біз қосылған күнге ода
Аруларға алыстан
Сенің қуанышың
Алақаның аялап
Өзіңе
Алладан тілеп...
Сұп-суық болып
Сен маған кездестің
Саған жеткенде
Мейір мен мерей
Айкезбе
Бір сыр болды
Тәңірім тапсырыпты
Ерке жігітке
Мойындату
Бірге тұрып
Егіз екенбіз
Мен үшін
Тыныштығым бұзылғанда
Ару сырдың жағасында
Бірге болу
Түсімде көрдім
Мен асықсам
Ауырсаң
Біз де есейіп қалдық
Үнсіз махаббат
Екеуміздің ертегі әлеміміз
Құстар...құстар циклі
Ұлар
Тырналар
Ақ дегелек
Қараторғайым
Қарлығаш келді
Байғыз құс па...
Қапастағы аққу туралы
Көкекті ақтау
4 бөлім
Әке аманаты
Әкем және есімім
Анама
Анамның жүзігі
Анамның жанары
Төр көрпе
Шилі өзенді ...
Анамның тағдыры
Он төртінші сәуір
Сен түсіме кірген күні
Төркіндеу
Ерен бағы туралы жыр
Жан аға
Ағаш сандық
Ақ кимешек киген ана
Айнұр мен Әселге
Райгүлді ұзатуға
Құдаларыма
Толғаныс
Райгүлім ана болғанда
Ұлыма
Үш батырға
Азат елдің ұланы
Жастарсыз ауыл
Соғыстың соңғы солдаты
Көбей қазақ
Туған жер – Отан, әз Ана
Қарағым, сен соғысты көрмедің
Азалия гүлі
5 бөлім
Өмір өзені
Қош, Алматым!
Бір күндік ғұмыр
Жауқазын
Сабыр гүлі
«Өгей» деген...
Аңса жеңешеме
Әсираға
Атамның сыры
Бірі кем дүние-ай
Жылдар солай өтеді
Ұйқы жайлы жыр
Дәрі тамып тұр
Күнім өтіп барады деп
Сабырға келу
Уақыт өтіп бара ма
Ажырасып жатыр
Адыраспан
Тағдыр
Шаштараз
Шарасыздық
Жайлаудағы жыр
Жан екенсіз шуақты
Әйел мұңы
Ауылдағы келіншек сыры
Әйел деген құдірет
Берен келінге
Жұматай мен Ләйлә
Ұмыт мені
Айырылысуға өкіну
Кісі жары
Ит өмір дейді
Басталды бір уайым
Жетімханада
Ақынның ғашық жүрегі - Поэма
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру