Үш томдық шығармалар жинағы. І том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Ұлықбек Есдәулет
УДК 821. 512. 122 ББК 84 (5-Қаз)-5 Е 78 Қазақстан Республикасының Мəдениет министрлігі «Əдебиеттің əлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылды Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ.Есдəулет. – Алматы: «Қазығұрт» баспасы», – 2014.
ISBN 978-9965-22-483-6
1-том. «Қоңырау»: Өлеңдер, балладалар, верлибрлер, поэмалар. – 392-б.
ISBN 978-9965-22-486-7
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдəулеттің үш томдық шығармалар жинағының бірінші томына іріктелген тырнақалды туындыларына қоса таңдаулы лирикасы мен ақ өлеңдері, верлибрлері, балладалары мен поэмалары, сонымен қатар, соңғы он бес жылдың жүзінде жазылып, мерзімдік баспасөзде жарияланғанымен əлі жеке кітап болып жарық көрмеген топтама жырлары енгізілді. Ақын өз жырларында тіл мен діл, ұлт пен ұрпақ тағдырына алаңдап, табиғат пен сана-сезім, адам мен қоғам арасындағы тылсым байланыс сырына үңіледі.
УДК 821. 512. 122
ББК 84 (5-Қаз)-5 ISBN 978-9965-22-486-7 ISBN 978-9965-22-483-6 © Ұ.Есдəулет, 2014 © «Қазығұрт» баспасы», 2014
Темірхан Медетбек, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты КЕСКЕКТІ ЕРДІҢ СОЙЫНДАЙ МƏРТ АҚЫН (алғысөз орнына) Бізде екі қазақтың бірі ақын деген сөз бар. Өтірік дей алмайсыз. Өйткені қазақта не көп, өлең жазатын адам көп. Бұрын да солай болған, кеше де солай болған, қазір де солай. Бірақ айнымайтын аксиома бар: өлең шығарғанның бəрі əдебиет жасамайды. Шын əдебиетті қадау-қадау адамдар, яғни, ірі тұлғалар мен классиктер ғана жасайды, əрине, бұл да ұшқары пікір. Өйткені, тек қана ірі тұлғалар мен классиктерден тұратын əдебиет болмайды. Солай бола тұра, классиктері мен ірі тұлғалары жоқ əдебиет – нашар, əлсіз əдебиет. Себебі, əдебиеттің салмағы сол классиктер мен ірі тұлғалармен ғана өлшенеді. Басқа өлшем болмайды. Сенбесеңіз, əріге барып жатпай-ақ, Алатаудай биік, Қаратаудай қазыналы Абайдан бастап бүгінгі күнгі поэзияға дейінгі шығармашылық алқапты ойша шолып өтсеңіз, онда сіз, тіпті қаншама зерделі болсаңыз да, бəрін дерлік есіңізге түсіре алмайсыз. Əдебиеттің əр кезеңінен тек оншақты, асып кеткенде тек жиырма шақтысын ғана атауыңыз мүмкін. Яғни, əдебиетте орны бар, оған қомақты үлес қосқан, салмағы зор адамдар ғана еске түседі. Қалғандары көмескі тартқан, немесе ізім-қайым ұмытылған... Сол есіңізге түскен есімдердің өзін сұрыптап, іріктеп, електен өткізіп қарастырсаңыз, жазба ақындарыңыздың өзі азғантай бір шоғыр ғана болып қалады. Поэзиямыздың абыройы да, беделі де, бұл сөзімізді қаласаңыз да, қаламасаңыз да – сол шоғыр. Абыройлы, беделді сол шоғырмен иық тірестіріп қатар тұра алатындар, ешкімнің көңіліне қарамай турасын айтар болсақ, бүгінгі жер басып жүргендерден бірен-саран ғана. Сол бірен-саранның бірі – сөз жоқ, Ұлықбек Есдəулет.
Ұлықбек ерте көзге түсті. Тоғызыншы класта оқып жүргенде бір топ өлеңімен «Лениншіл жас» газетінің жарты бетін алып жарқ ете қалғанда, əдебиетке тегеуірінді таланттың келгенін үлкен-үлкен ақсақалдарымыздан бастап, есімдеріміз көпшілікке енді-енді таныла бастаған біздерге дейін түгел мойындадық. Қызыға қарадық. Қуана қол соқтық. Сонан кейін-ақ Ұлықбек қаламынан өлең сүйер қауымды тамсантып, тəнті еткен жырлар жиі-жиі, толассыз туа бастады. Туған жердің «шалғын исін ауаға орап сіміріп» сүрінеқабына алға ұмтылған сол албырт ақынның алғашқы мақсаты не болды екен? Сөйтсек, өмірдің қас-қабағынан балғын кезінде-ақ салқындық сезген ол, «жүрегінің отымен кең дүниенің дидарын жылытуға» асығыпты. Осы тұста ақын көбіне-көп, өзін қоршаған мына дүниеге, табиғатқа есігін де, терезесін де, жан-жүрегін де ашып тастап сөйлей бастапты. Табиғатпен бар болмыс-бітімімен жымдасып, онымен бірге тұтасып өріліп кеткісі келіпті. «Балғын қайың шашын өрсін бөлмеме, көбелектер қонақтасын төсіме»... Күндердің-күнінде табиғатқа бар болмыс-бітімімен сіңіп, шықтай мөлдірлік пен нұрдай сұлулықты жинаған ақын жүрегіне жанын қоярға жер таптырмайтын махаббат шоғы түсті. Оның сол кезде қызға ұсынған гүлі қандай десеңізші!.. Ол қызыл еді Менің қанымдай, Ол сұлу еді Сенің жаныңдай. Ол өндір еді Нəзік сезімдей. Ол мөлдір еді Сенің өзіңдей. Ол жалау еді Менің сөзімдей, Ол алау еді Сенің көзіңдей. Ақын ол гүлді «орман мен тауларды, шалғын мен бауларды кезіп», «шуақ пен бұлақтардан сұрап» таба алмастан, ақырында өзінің жүрегінен тауып ұсынған еді. Амал не, қанының қызылы
мен жанының қызуы сіңген сондай ғажап гүлді де қыз қолы кері қайтарды... Ақын алғашқы махаббаттың айықпайтын дертіне шалдықты... Бұл басы ғана. Ұлықбек сонан кейін де қаншама махаббат дертіне шалдығып, қаншама махаббат өртіне өртенеді десеңізші! Əр ғашық болған сайын өліп-өшеді. Өзегі күйеді, жаны күйінеді. Бірде жартасқа соғылған толқындай күлталқан болады. Енді бірде өртене-өртене күлі ғана қалады. Бірақ ол сол күлдің өзінен феникс сияқты қайтадан өніп шығады. Қайтадан ғашық болады. Қайтадан күйреу. Қайтадан... Қайтадан... Құдай-ау, қаншама ғашық болып, қаншама сарсаңға түссе де тартылу дегенді де, сарқылу дегенді де білмейтін неткен шалқар да байтақ сезім! Сол махаббаттың алаулы отына қайта-қайта күйіп-жанып өртенген Ұлықбектің əйтеуір əупірімдеп жүріп аман қалғанына бүгінде шүкіршілік етесің... Енді ақын бұл тақырыпқа, ғұмыр бойы айналып соғып отырса да, айнала тіршілікке бірде қайшыласып, бірде қақтығысып, бірде тартысып жатқан басқа да құбылыстарға ден қоя бастады. Ақын, ең алдымен ол шарпысулар мен тартысуларды адамның өз болмысынан, яғни ішкі дүниесінен, психологиясынан іздеуге кірісті. Құштарлана, қуана да біледі, Нəп-нəзік те қатал оның жүрегі. Абайсызда айтпас сөзді айтып қап Өз арынан жаза тартып жүреді. Қаршадайдан қатыспаған аз бəйгі, Ілуде озып, көбіне-көп озбайды. Сəл мақталса өзіне-өзі ырза боп, Өз бетінен өзі сүйе жаздайды. Қашқан кім бұл басталмастан төбелес, Сасқан бұл кім асқынбастан ерегес?.. «Сен өзіңсің» дейді маған бір дауыс, Басқа дауыс дейді маған: «Сен емес»... Бұл – адам бойындағы бірін-бірі ала алмай, текетіреске түскен екі ұдай сезім. Біреуі олай, біреуі былай тартып тұр. Бір адам екіге бөлініп, бір тоқтамға келер емес. Өзін-өзі бірде ақтайды, енді
бірде даттайды. Апыр-ау, бір адамның ішкі дүниесіне ерегес кіріп, келісімге келе алмай қырықпышақ болып жатса, мына дүниеде қандай үйлесім мен жарасым болуы мүмкін?!. Уақыт пен адам жанының психологиясы мен моралін қарастыруға құмар ақын осы бір кезеңдерде бір детальдан бірегей ой айтуға, фактінің өзін айтқаннан гөрі, оның қозғаушы күшін іздестіруге бейім екенін көрсетті. Сондықтан ол бір детальдан екінші детальді туындатып, бір фактіден екінші фактіні суырып ала білді. Тағы да олар бір оқиғаның қасаң хаттамалық фактілері емес, қолмен ұстап, көруі мүмкін емес, жықпыл-жықпылы көп психологиялық, моральдық фактілері. Ақынның «Əзəзіл» атты өлеңін қарастырып көрейікші. Көшбикенің тізеден шалғыны бар, Кеше қалса, шалынып шал жығылар. Қалың шөпті таптаған тобыр топтың Елеуреген жүздері сан құбылар. – Ыбырайда ызам бар сан талайғы, Қысас қылмай қыжылым тарқамайды. – Ал, қаптаңдар! Абайды сабаймыз деп Əбен сұмның көздері қанталайды, – деп басталатын өлең біздің бəрімізге белгілі оқиғаны – Абайды соққыға жығу оқиғасын арқау еткен. Ə дегеннен ширығып басталған өлең тек осы фактімен шектеліп қалмаған. Оқиық. Жылпос біреу Əбенді жанасалап, Дырау қамшы ұстатты оңашалап: – Бəрекелді! Абайды аямай ұр! Ала алмасын ешкім де арашалап!.. Қанды қамшы ақынға жауып кетті. Əлгі жылпос тұрды да бағып көпті: – Ойбай, Абай ағамды сабады! – деп, Хабарлауға оязға шауып кетті.
Көрдіңіз бе, соңғы екі шумақ арқылы бəріміз жақсы білетін əлеуметтік-тарихи факт астарынан психологиялық-моральдық факт сопаң етіп шыға келді. Көзге түспей кеп «Абайды саба» деп сұм Əбеннің қолына дырау қамшы ұстата салған, іле-шала «Ойбай, Абай ағамды сабады!» деп оязға шауып бара жатқан ол жанның өлеңде аты аталмаған. Жылпос біреу. Ар-ұяттан жұрдай, ізі білінбейтін жымысқы ондай жанның атының аталуы тіпті де міндетті емес, қимыл-қарекетінде, екіжүзді моральдық бет-бейнесінде. Ақын оны екі шумақтағы екі əрекеті арқылы тап басып, дөп көрсете білген. Сонымен бірге тарихи оқиғаны арқау еткен бұл өлең, сөз жоқ, бүгінгі күнге де тікелей қызмет етіп тұр. Қазір де біреуді-біреуге жып-жып етіп, «кіш-кіштеп» айдап салып, іле-шала оның əрекетінен жаны күйінгендей боп шошынып, сонан кейін түк білмегендей, оны аса биік моральдық категориялармен айыптап шыға келетін, адам мен адам арасына бүлік салып, айнала беріп өзі сүттен ақ, судан таза боп көріне қоятын, адалдық пен əділдікке тасада тұрып басқа біреудің қолымен тас лақтыратын сұмпайы, сілімтік əзəзілдер аз ба?! Ақын бүгінгі күн өзегіндегі əлеуметтік проблема арқылы кешегі тарихи оқиғаны тірілтіп отыр. Əсілі, Ұлықбек Есдəулет адам жанының қалтарыс, түкпірлерін ұңғыл-шұңғылына дейін тінткілеп, оның адамгершілік, имандылық сапаларымен азғындық, аярлық болмыстарын қазымырлана қарастырып, сол арқылы адамды ойлантуға, ар-ожданының айналадағы мың құбылып тұрған құбылыстарға үнемі сергек қарауына айрықша ден қойып, сол үшін беймаза күй кешеді. Осы бір қунақ сергектік пен бəйек беймазалық оны мына алыс пен жұлысқа, талас пен тартысқа толы нөпір өмірдің сырттай бақылаушысы, сырттай баға берушісіне емес, соның аптабына күйіп, аязына тоңа білетін атпал перзентіне айналдырған. «Бұлттар мен жылқылар» өлеңінен ақынның сол біз айтып отырған рухани портретін анық танып-білесіз. ...Көшеге шыға келген аңғал сəби аңтарылып, аспанда көшіп бара жатқан бұлттарға қарап қалыпты. Күн шапағынан алаулап өртеніп бара жатқан сол бұлттарды бір сəтке қызықтап тұрған бала көзі кенет көше бойымен тасырлатып шауып келе жатқан қаптаған қалың жылқыға түседі. Бала ойында қауіп те, қатер де жоқ. Қаперсіз. Өз дүбірлерінен өздері əбден еліріп, жын ұрғандай құтырып алған жылқылар көше ортасында қалақтай боп селтиіп тұрған құйтақандай сəбиді не қылсын?..
Тасыр-тұсыр... Таусылмайтын мол дүбір. Жылқы жапты аспанымды, сөнді нұр. Тас-тұяқтар зу-зу етіп төбемнен... Құлағыма ащы дауыс келді бір... Жалт қарасам – Қолын созып тұр анам. Жанары – жас... (Неменеге жылаған?) Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар, Көп тұяқтың астында мен дін аман! Ақын енді осы бір оқиғадан өмірлік сабақ табады. Оқиға енді өмірлік дəріске, ғұмырлық тəжірибеге айналады. Яғни, тірліктегі бір оқиға драматизмі ғұмырлық драматизмге ұласады. Жылдар деген жылқылардан аумайды, Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды. Тарпаң тұяқ тиіп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды. «Үшке шыққан кезің» – дейді Сонда анам. Бүгін міне отыздамын!.. Толғанам... Анам кеше тағы кірді түсіме Қолын созып жете алмай тұр Ол маған... Баласына жан ұшыра қолын созып, жетем деп жете алмай тұрған қайран Ана қарекетінен біз ылғи бір жел өтінде жүрген, қиындық пен қатердің тас тұяқтарының астында қалған өлең кейіпкерінің болмыс-бітімін, қазіргі бейнесін танимыз. Ақын тағдыры қашанда осы. Оның тағдыры тас тұяқтардың астында.... Ұлықбек Есдəулет, не болғанда да, жалпыдан жалқы мəн тапқаннан гөрі, жалқыдан жалпы мəн тапқанды қалайды. Яғни ол талшықтан тамыр тіршілігін, тамшыдан теңіз бен мұхит дəмін іздестіреді. Өйткені, ол өмірдегі сыртқы тұтастық ішкі үндестік пен жарасымдылықтың нəтижесі деп біледі. Сондықтан ол бөлшектен бүтінді танығысы келеді, бөлшектен бүтінді қарастырғанды жөн
деп біледі. Ақын ол ұстанымын таңдайын тақылдатып тақпақтап айта салмай, тағы да сол оқиға, деталь тəжірибесіне, өмірлік дəлелдер мен дəйектемелерге сүйеніп жеткізеді. Термометр сынды да, сынаптары ұстатпады, быт-шыт боп бірақтағы. Бытырадай пышырап,
тоз-тоз болып қолдан қашып, қуысқа тұрақтады. Бет-бетімен сызатқа кіріп тегі, Уысыма бірі де ілікпеді. Əр-əр жерден жылан көз жылтырайды Мазақ еткен секілді күліп мені. Бірақ ақын үшін термометрдің сынғаны себеп қана. Өйткені ол термометрдің сынғанына емес, əлі де болса аттаған сайын кездесе беретін «бірлік пен істің тұрлаусыздығына» күйінеді. Бірақ ақын күйгелектіктен ада. Сондықтан да ол: Мен білетін дүние – сынап болмас, Мен білетін дүние жиналады! – дей алады. Ақынның азаматтық ұстанымына алғаусыз сенгің келеді. Ылайым солай болғай... Дегенмен, ақынның ең басты ұстанымы – өмірді жан-жақты көрсету ғой. Ал өмір сан-салалы, сан текті... Бұл жерде біз Ұлықбектің тек қана өлеңдерін қарастырып отырғанымызбен оның «Қара пима» поэмасын мүлде атаусыз аттап кетуге болмайды. Өйткені, «Қара пима» поэмасы – Ұлықбек мүмкіндігінің қуат-күшін, оның потенциалын айқындап қана қоймай, оның шығармашылығын жаңа өріске шығарып, жаңа белеске көтеріп тастаған поэма. Оның фабуласын қара сөзге түсіріп қайталап жатпай-ақ қояйық. Өйтсек, оның поэтикалық құнын қашырып, əрін көмескілендіріп, əсерін түсіріп аламыз. Оны оқу керек. Тек айтарымыз, ішіп кеткен əке қатыгездігінен қор болған панасыз баланың аянышты халі кім-кімнің де жанын алай-дүлей етіп, көзіне ыстық жас үйірілтеді. Кезінде менің осы поэманы үлкендікішілі талай адамдардың еттері езіліп, сүйектері сырқырағандай боп, жатқа оқығандарын тыңдағаным бар.
Сондықтан да мен бұл поэманы қайтадан рухани айналымға түсіріп, яғни сахнаға шығарып, радиодан оқытып тұрса, қасаң тартып, қаталданып бара жатқан бүгінгі адам жанын сəл де болса жібітуге септігін тигізер ме еді деп ойлаймын. Осы тұстан бастап Ұлықбек ақын адам жаны мен қоғам бойындағы үздіксіз жүріп жатқан қарама-қайшылықтарды ғана емес, қайырым мен мейірімнің де суалып, тартылып бара жатқанын, егер бұл процесс осылай жалғасып кете беретін болса, түптің түбінде ол адамзат баласын сұмдық апатқа алып баратынын ашына жаза бастады. «Арал. Кертолғау» өлеңін оқып көрейікші. Тілім-тілім тілім кетті жарылып, күлім-күлім көзім қалды қарығып. Жырым-жырым жағалаудай ерінім бұлым-бұлым толқындарды сағынып.
Жүрегімді кім бар екен жебейтін? Тілегімді кім бар екен елейтін? – қапелімде қарап қалып айнаға өзімді емес, көрдім Арал шөлейтін. Сөз жоқ, Аралдың тартылуы, ең алдымен өктем де менмен адам мен қоғам бойындағы қайырым мен мейірімнің суалып тартылуынан болған қатер. Ал қайырым мен мейірім жоғалған жерде, бəрі де жоқ. Трагедия. Яғни, Арал құрыса, сенің де бұл өмірде бар болуың екіталай. Тілің жарылып, көзің қарығып,ерінің жырым-жырым болып қана қоймайды, мүлде тіршілік иесі болудан қалып, мүрдем кетесің. Тұлдыр бұта өспейтін шөлге айналасың. Ақынның айнаға қарап өзін емес, Аралдың шөлейтін көруі – сол трагедияны меңзейтін үрейлі метафора! Арал трагедиясының адамзат баласының трагедиясы екенін бұдан асырып қалай айтпақсың?! Адам мен қоғам бойындағы қайырым мен мейірімнің қаңсып кеуіп, аяушылық сезімінің сарқылуы қатерден қатер тудырмақ. Адамшылықтан шығасың, имандылықтан безесің. Ең сұмдығы – оған да бара-бара етің үйренеді. Оған бойыңды алдырып, етің үй-
ренгені сонша, өзің туып өскен табиғи ортаны аяусыз бүлдіріп қана қоймай, оны тіпті тұрпайы мазақ етуге дейін барасың. Нағыз масқара осында! Адамның осылай тұрпайыланып, құрдымға кеткендей боп құлдырауын Ұлықбектің «Мас шағалаларын» оқысаңыз одан əрі көзіңіз жете түседі. Сылқылдап қана арбап күліп, Тұрмайды теңіз төсектен, Араққа малып нан лақтырып Шағалаларды мас еткен, Жағалаудағы жігіттер. Машақты көктен қағып алып, Мəңгірген аппақ шағала, Құмдаққа құлап жаны қалып, Қалбаңдап жатыр жағада, Жігіттер оған мəз-мейрам. Ұшуға біткен қанаттардың Топшысы түптен қираған... Құдіреті қайда жаратқанның Аспанға құсты сыйлаған? Жігіттер солай мəз-мейрам. Міне, жүгенсіз кеткен есалаң есуастық! Табиғатты анамыз дейміз, апыр-ау, анаңды осылай қорлауға, осыншалық мазақ етуге бола ма?! Бұл жабайылықтан өткен жабайылық! Жағалауда жатып ап сол сұмдық көріністерге мəз-мейрам болатын даңғой да, дарақы жігіттерден біржола түңілгендей боп, «топшысы қирап» шағыл құмға топылдап құлап жатқан ақ ниеттей аппақ шағалаларды аяп тұла бойың түршігіп, жаның күйзеледі. Адам мен қоғам бойын мүлде жайлаған кеселді келеңсіздіктер мен кесірлі кесапаттарды көре-көре əбден ширатылып ширыққан ақын бойын кектей өткір кекесін, өттей зəрлі ыза буып алады. Күндіз-түні толассыз құйылып жатқан өтірік пен жалғандыққа, бір ол жағыңа, бір бұл жағыңа шығып, ала қанат сауысқандай шықылықтаған алдау мен аярлыққа шыдай алмаған ақынның жаны күйінеді. Ашынады. Осы біз неткен бақытты халық едік: Біреуге иек артпаса жүре алмайтын,
Өз үйін өз қолымен құра алмайтын, Өмірді өз бетімен сүре алмайтын, Белі тақым сағынып бұраңдайтын, Қит етсе қырамын деп ұрандайтын, Өзінен басқа ешкімді ұра алмайтын. Мұны енді кектей өткір кекесін, өттей зəрлі ыза демей, не дерсің?! Бұдан артық апшу, бұдан артық ашыну болар ма?! Қамығып, қабаржыған азамат ақынның кекесіні де, ызасы да, апшуы мен ашынуы да мұнымен біте қоймапты. Ханталапайға түсіп, талан-таражға ұшыраған, кім көрінгеннің қолжаулығына айналған, бар байлығы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан елінің бүгінгі аянышты тағдырын көріп отырған ақын қалай күйініп, қалай күйзелмесін?! Өлеңнің өзін тыңдайық. Тағы да ызалы ащы кекесін: – Жерұйық пенен Жиделібайсын... Жетті ғой бізге қанша ертек, Пешенеңе оның тигені қайсы? – Тигені жалғыз майшелпек! – Жемейсің бе енді, шелпегің қайда, Нəр сызбай неге ойландың? – Жомартпын өзім, ертегім бай да, Қонаққа сақтап қойғанмын. – Қорлықты дəйім аштықтан көрдің. Өзің-ақ жесең нетеді? – Үш жүз жыл бойы достыққа үйрендім, Сарқытын жесем жетеді... Онсыз да маған «əй, тентек» деуде Желтоқсан жыным қысқанда. Келіңдер, достар, майшелпек жеуге, Майшелпек Қазақстанға! Əркімге бір жем болған, келгенге де, кеткенге де майшелпек болған, қайран Қазақстаным-ай! Қара жерді қарс айырылып кеткенше тоқпақтап, аңырап жылағың келеді. Өзімізден де бар! Көнбіспіз,
көнтеріміз. Қайрат ете алмаймыз. Айбат көрсете алмаймыз. Бұтабұтаның арасынан сығалап, анда-санда ғана «ау, бұларың не»? дегеніңе, алдау мен арбаудан басқа айтары жоқ, лағынет атқыр бұл билік ыға қояр ма?! Керегеге кереге жалғап, уық қасына уық шаншып көп болып тұтаса бірігудің орнына, біреу «тəйт» десе дауыл соққан шіріген діңгектей боп дүңк етіп құлап түсеміз. Тіпті біз қазір ұшы-қиыры жоқ, шетсіз де шексіз байтақ Қазақстанда емес, «жетім бұрышта» жүргендейміз. Қазір не көп, өзінің алып жерінен пана таппай, босып жүрген үйсіздер көп. «Алматы толы – үйсіздер». Бірақ та: Ол үшін кім бар қайғырған, Алматы толы – жетімдер. Малдасын құрған маймылжан, торыңның маған шетін бер. Бұл енді кекесін де емес, ыза да емес, удай ащы сарказм. Сарказм болғанда да, осыншалықты оспадар сорақылықты көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп отырған мына қатыгез қоғам атына айтылған сарказм. Бірақ оған селт ете қояр кім бар дейсің?! Айта берсек, тізе берсек, Ұлықбекте бүгінгі азаматтық болмысбітімін көрсететін мұндай өлеңдер жетіп артылады. Ол Жаңаөзен қасіреті кезінде де жан-жүрегі қан жылап жазған «Қанды жұма» өлеңі арқылы жұрттың бəрінің ықыласына, ризашылығына бөленді. Оның өлеңі сонау Желтоқсан кезінде де еңіреп, Семей полигонындағы жарылыстар тұсында да зарлап сөйлеген болатын. Сондай-ақ, ақынның халық басынан өткен қауіпті де, қатерлі кезеңдері туралы жазған жырлары қаншама! Бір де бір рет тайғақтық көрсетпепті. Тайсалмапты. Мына қоғамның бетпақ кескініне қарап, айтатынын кесіп айтатын нағыз кескекті ердің сойындай мəрт Ақын болып қалыптасыпты. Ұлықбек Есдəулет жақында ғана бізді тағы да тəнті етті. «Жас алаш» газетінде оның «Атаңа нəлет, Көнбістік» деген ортақ тақырыппен жарияланған астар-тысы да, формасы да, ішкі мəні мен мазмұны да ерек бір бет өлеңдерін оқып, Ұлықбектің əрі тосын, əрі соны өріске шығып, жаңа белеске көтерілгенін көрдік. Жə, бұл енді жеке əңгіменің арқауы... Не болғанда да, өзімізге бұрыннан етене таныс «көне» Ұлықбектің де, енді міне бізді тəнті етіп отырған «жаңа» Ұлықбектің де ұстанымы – шындық, тек қана шындық. Сондықтан да ол зымиян-
дығы да, сұрқиялығы да көп сұм қоғамның шімірікпейтін жүзіне тік қарап, «шындықтың жетсең түбіне, түбіңе жетер ол сенің» дей алады. Рас сөз! ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТ Ұлықбек! Өлеңдегi серiгiмсiң! Қып-қызыл Сөздердiң шоғын үрлеп Күрсiнiп жатқан Көрiгiмсiң. Жерiмнiң үстiнен Бұрқыраған дауыл өтсе – Сенiң жаның Алай-дүлейлi Шаңға айналады. Елiң жараланса Сенiң сөздерiң – Сорғалаған – Қанға айналады. Жарылыстардан Далам Айырылып, жыртылып жатқанда; Үмiтiм Кесiлiп, қырқылып жатқанда – Айтып жыладың Қиянат, зорлықты. «Заман-ай» деп зарлаған Алтайдан шыққан дауысың Алатауды жылатып, Атырауды толқытты. Шемен боп қатқан Шердiң түйiнiн Шешiп жүргендейсiң.
Аспандағы Бұлттармен бiрге Көшiп жүргендейсiң. Сөнiп қалған оттарды Жағып жатқандайсың. Ертiс пен Едiлге қосылып Ағып жатқандайсың. Жалалы сөз күнi Қайғыдай боп Қабарып тұрасың. Жауыңның қылта тұсына Жебедей болып Қадалып тұрасың. Оңаша қалсаң Лапылдап жатқан жалын мен От лақтырып жатқан Жарқылға толасың. Шарқ ұрып ұшасың! Қонсаң да – Томарға емес, Шағала құс құсап Толқынға қонасың. Күлсең де Күрсiнiп күлесiң! Жүрсең де Жердiң шетiнде, Желдiң өтiнде жүресiң! Өйткенi заманың Орай да борай соғып тұр. Тағдырың солай болып тұр, Ұлықбек!
СУРЕТ Жұлқылайды жапырақты жел ерке, Қоңыр мақпал жамылады кең өлке. Алтын самай қайыңдарды қалғы деп Етегiнен тартқылайды көлеңке. Ай да туды айшығындай пүлiштiң, Күмбез көкте көзiн ашты мың ұшқын. Көкжиектi қимай сiңiп барады Көк шыңдарға кiрпiк тiреп күмiс күн. Бүкiл дала тыныштыққа бөлендi, Кешкi нұрлар майдай ерiп жөнелдi. Аспандайын дəптерiне түн – ақын Жұлдыздармен жазып жатыр өлеңдi. 1968 жыл ТУҒАН ЖЕР Жетi жаста, Тайға мiндiк, жарыстық, Балалықтың сол кез неткен қаны ыстық! Шалғын иiсiн ауаға орап сiмiрдiк Артта жатты будақ-будақ шаң ұшып. Жаңа көрдiм: Дала неткен кең едi, Бірінші бөлім ЖАРАТЫЛЫС
Басып өттiк талай төмен төбенi. Монтиып бiр көгендегi қозыдай Ақша бұлттар төбемiзден төнедi. Тай сүрiндi-ау, Тұяқ шалған тас па екен? «Жығылдым-ау!» (Тершiп кеттi жас шекем). Ауыртпады мамық майса қағып ап Туған жерде құлаған да жақсы екен… 1969 жыл ҰРШЫҚ Айналам ағаш гүл жарған, Күлкiге толы көк тоғай. Сезiмге сусар қыздарға Шаттық ап келген көктем-ай… Көгiлдiр гүлдер құшақтап, Мен дағы келем киiп көк. Бұлбұлдар отыр бұтақта Өзiнен əнi биiктеп. Балауса талдың бүршiгiн Көк моншақ дерсiң қарасаң. Иiрiп отыр ұршығын Күрсiнiп бақта жан апам. Күрсiндi неге – Бүршiк көк Ойлантты ма екен тал мына? Балауса кезi ұршық боп Үйiрiлдi ме екен алдына… 1970 жыл
ҚАР ЖАУҒАНДАҒЫ СӨЗ Қырбықтанған қиыршық қар –
тоңазыған көз жасы, Жанарынан аспанның Жылағанында шығып па ең, Қуанғанында шығып па ең, Қорыққанында шығып па ең, Торыққанында шығып па ең? Зыңылдатып əн айтып, Сорғалайсың биiктен. Көкiрегiмдi сарай қып, Мен өзiңе қараймын, Өзiң тектес арайлы, Аппақ, аппақ үмiтпен. Сорғалашы тынбастан, Асқарларды орап ал, Ойпаңдарға тола қал, Құйыл-дағы жамырап Сергiт, көркейт, жадырат, Жүректердi мұң басқан. Құшағыңа ал əлемдi, Құшағыңа ал өлеңдi, Құйқылжыған қиялдың Құйындатшы шанасын, Мөлдiр өмiр, пəк өмiр Маған жайнап қарасын. Жеңiлденсiн дене бiр Жаным жарқын күйге енсiн Тазалықты үйренсiн. Борап, борап басылшы Көңiл сенен нұр көрсiн. Апта алтынмен бақтарды, Орна дала төсiне
Мен алайын есiме Бар əлемге пəк көзбен Қарап өткен шақтарды. Жауа бершi белеңге, Өзек болып өлеңге, Ағарт таудың етегiн, Кейбiреулер сезiнсiн Қара оймен пəк əлемде Жүру ұят екенiн. Жауа бер, қар, жауа бер Құйыла бер қырға тiк. Жауа бер, қар, жауа бер Жүректердi жырлатып. Сыйға тартқан ару ма ең, Менiң байтақ аспаным, Сықырлаған əнiңнен Жылу тапты жас жаным… 1970 жыл КҮЗ КЕЛДI Астанаға күз келiптi-ау тағы да, Бiр кездегi көрiк, сəулет бақшада аз. Дəурен сүрген бұтағынан – тағынан, Құлап жатыр жапырақ боп Патша – Жаз. Жапырақ пен жаңбыр жерге бас ұрып, Шытырлаған шығарады саз бөтен. Қимастықпен Алатауға асылып, Жылап тұрған бұлттар емес, жаз ба екен? 1971 жыл
ҚАРА ЖЕР (Сағат Əшiмбаевқа) У-шу қала. Төбеде күн тұр күлiп, Мен келемiн жүрегiмдi жыр буып. Асфальт жол жатыр алда шыңылтыр, Жатыр алда көкiрегiн нұр жуып. Көздi арбап жарқылдайды ол айнаша, Мен келемiн ойларыммен арбаса: Асфальт жақсы-ау, Құрып кеткiр табанның Қара жерге iңкəрлiгi болмаса! 1971 жыл ТЕРЕЗЕМДI ЖАППАЙМЫН Терезенi жапшы дейсiң, Жаппаймын, Жабуға да батпаймын. Жауып қайтем, ашық тұрсын, досым-ау, Табиғаттың барлық көркi осынау. Ашық тұрсын сұлулықтан несiбе, Мен өзiмдi бөлем одан несiне. Балғын қайың шашын өрсiн бөлмеме Көбелектер қонақтасын төсiме. Тереземнен үйге кiрсiн шың-құздар, Жанарымнан от ұрласын жұлдыздар. Мен жаппаймын тереземдi дəл бүгiн, Жас тəнiмдi өпсiн менiң түнгi ызғар.
Өпсiн менi аппақ ернi Айдың да, Ұмыт болсын бiр сəт барлық қайғым да. Мен жатайын рахаттан талықсып Өзiм туған табиғаттың қойнында. Бөлшегiмiн табиғаттың өзiнiң, Терезеден төнсiн оның көзi мың. Күннiң нұры оятқан соң қытықтап Қоңырауын қақсын таңда сезiмiм! 1971 жыл САУЫР ТАУҒА ШЫҚҚАНДА Көлеңке жұлдызды тығылды ұрлап, Шыңырауға ептеп кiрiп. Күн шықты шығыстан туын бұлғап, Жал-құзды ерттеп мiнiп. Жантайған жотаны күн-батырдың Семсерi турап, тiлген. Бозторғай беткейде жырлап тұрды Беттегi сияқты мең. Сұңқарлар сұңқылдап көз iлмедi, Тауына əн арнады. Отымды үрледi көзiмдегi Сауырдың самалдары. Өстiм-ау осы таудың төменiнде Ойнақтап жорға тайдай. Ал оны жүрмiн əлi өлеңiмде Мен бiрақ ойната алмай. 1971 жыл
ТАБИҒАТ ПЕН АҚЫН Бұл жалғанда екеу ерке: Бiрi – ақын, Бiрi – табиғат долылықтан тұратын. Бiр-бiрiне айбат шегер екеуi, Тек екеуi бiрiн бiрi ұғатын. Табиғатта сезiм жоқ деп ойламан: Ол да – ақын! Бiлер мұны бойлаған. Ақыныңды ақын еткен табиғат, Кез келгенде мұндай сана болмаған. Бiрiн-бiрi жүрсе дағы тiрсектеп, Бөлек өмiр сүре алмайды бiр сəт те. Ол екеуi – екi қылыш! Қашан да Армандайды жалғыз қынға сыйсақ деп! 1971 жыл ҚАРАТАЛ – ҰЯМ Қарасам саған самала самал соқты алдан, Көркiңнен сенiң Көкiрегiмде от қалған, Қарасам саған Қап-қара айлы түндерде, Көзiме менiң жұлдыздар түгел шоқтанған. Тұлданған түндi жуытпай жерге тұрғандай, Көшеңде сенiң қасқиып қалған нұр қандай! Кеудемнен менiң суырылады небiр сыр, Тау болып жатқан сендегi қызыл қырмандай.
Бұралып тұрып Бұрымын өрген бұла бақ, Билейдi желмен Бұрқанған күйi тына қап. Бұлттанып бiрде, шаттанып бiрде жүремiн, Бар əнiң сенiң кеудеме кiрiп сыналап... Құландай жортып, Қаншама арман қашты алдан, Шаң жұтып қалып көзiме талай жас толған. Iзгi жандарың сонда көп демеу көрсеттi-ау, Қарлығашқа ұқсап құйылып түсiп аспаннан. Тəлiм ап сендей ұлағаты ұлы мектептен, Барамын бүгiн Болашағыма беттеп мен. Бағыңнан сенiң Бұлықсып ұшқан бұлбұлдай Ғасырдың көгiн кетермiн бiр күн көктеп мен!!! 1970 жыл АТТАНУ Мен бүгiн мiне аспанға заңғар кез келдiм, Мен бүгiн мiне топшыларыма сөз бердiм. Қарасын көрiп барлығы қыран демеңдер, Қанатын сермегендердiң! Сабат сайлардан Самала саздар қамшылап, Көкiректерге құйдырам ендi бал шұбат. Дəл бүгiн менiң таңдайымменен шырқайды, Жарқын жырынан жаңылып қалған əншi бақ. Босатам бүгiн Белдеуден барлық жорғаны,
Қарық қылам Қаңсып, адыра қалған арнаны. Қалады бүгiн көзiме менiң қарығып, Қапталға қатқан Қаңтардың қасат қарлары. Тандыры шыққан Тақыр бас дала, сүйек-шөл, Жаутаңдап қарар дəл бүгiн менен тiлеп сел. Домбыра сынды дүмбiрлеп ала жөнелер, Қолыммен менiң күйiне келген жүректер. Дəл қазiр менде сыймайтын жүк бар мың нарға, Адымыңды аш деп Ақбиiк арман тұрды алда. Төсiңде өткен жəудiр көз балғын шағымды Жауқазын етiп, Жайнатып кетем қырларға! 1971 жыл ҚОБАЛЖУ Өз iсiме жүз ұялам, жүз налып, Кеудемдегi жүрек емес, сыздауық... Бiр досымды өкпелетiп алдым мен, Бəрi сенiң кесiрiңнен, қызбалық! Дөңбекшимiн түн ұйқымды төрт бөлiп, Ең сұрапыл сəттерiмдi өткерiп. Тағдыр тепсе обал жоқ деп өзiме, Тiстенемiн иттен арман жек көрiп. Өрекпiген өз iсiме күйiнем, Өз-өзiме қара бұлттай түйiлем. Дар алдында əн салуға бар едiм, Ар алдында иманымды үйiрем. 1971 жыл
БЕС БАҒЫШТАУ (Ағам Бақытбекке ескерткiш) 1. Баян Серпiндi үндер серi өзендерден жарып сең, Көмiлушi едi, көк сағымдарға жазық бел. Көгiлдiр аспан сыпырып бұлтын тастайтын Баянын Бақыт тартқанда шалқар шабытпен. Көкжиектерден кеткенше тарап шұғыла, Клавиштерге қараушы едiм қызыға. Күйлермен кербез қосыла сонда мың арман Көкiрегiмнен кететiн ұшып сызыла. Бозамықтанған бұлт басты таудан жел тұрып, Бұрқырап бір сел басатын үйдi толтырып. Бүлдiрген бөктер шыңға ағам сонда ұқсайтын Босағасынан бұлақтар аққан жөңкiлiп. Сұңғыла саусақ секiре ойнап, сызылтып, Жарлардан жақпар жатушы едi жыр ыршып, Баяныменен отырғанда ағам от болып, Қам көңiлдерден кететiн барлық күз үркiп. Жанарларынан жарқылдай түсiп сан қылыш, Қомданысынан байқалушы едi жалын күш. Күйлердiң топан қапталын басып тұратын Шаттыққа толы ертеңге деген сағыныш. Сол күйлер ендi желпiмес таңғы самалдай Самала бұлақ тұр ендi заулап аға алмай. …Тұр қазiр баян иесін iздеп жаутаңдап Дүниеден басқа сиқырлы саусақ таба алмай!… 1970 жыл
- Аға Мен сенi, Аға, тұнық таң Нұр өргенiнде iздедiм. Аптығып жүрiп тұйыққа Тiрелгенiмде iздедiм. Өзiңмен қатар қыздарды Ұшыратқанда iздедiм. Көзiмнен Ойлап күндi алғы Ұшқын атқанда iздедiм. Жаныма талай iзгi ойлар Бөктергенiмде iздедiм. Жұп жазбай жүрген кездi ойдан Өткергенiмде iздедiм. Iздедiм сенi көктемнен, Бақ малынғанда шықтарға. Iздедiм сенi көк белден Ақтарылғанда Бұқтарма. Көктемi өтпей қызғалдақ Ерте өлгенiнде iздедiм. Кеудемдi жалын-мұң қармап, Өртенгенiмде iздедiм. Жапанда алар бiр тыным Пана жоқ болғанда iздедiм. Жауыма атар мылтығым Дара оқталғанда iздедiм. Iздедiм сенi ұшқанда Ширыққан күйi шектердiң, Шұғыласы келiп құшқанда Өзiңнен қалған көктемнiң!.. 1970 жыл
- Үйге түспеген жеңге туралы жыр Көргенiм жоқ мен оның түсiн өңдеп, Күткенiммен «бақыттың құсы ма ең?» деп... Ағам айтқан: «Асықпай алдағы жаз, Үйге келін, бауырым, түсiрем!» деп. Сонда ағамның көздерi күлiмдедi, Əнтек қана ерiнi дiрiлдедi. Иығымнан ақырын қағып қойып: «Солай, iнiм, жеңешең сұлу!» дедi. Қырларыма кеттi ағам гүл қаптатып, Сайларыма сыбызғы үн сырғақтатып. Белдерiме Бiр бұлақ бұлғақтатып, Жүрегiме жарқын ой құндақтатып. Ағам кеттi кеудеме көш өрлетiп, Сағындырған хаттары кешеу жетiп. Айдай сұлу жеңгемдi көрсем деумен, Айлар өттi көп ойды нөсерлетiп. Аңсап күткен көңiлдiң бұла бағы, Қайран жеңге, Құс па едiң қиядағы? Аппақ арай ұйыған ақша жүзiң Көрмесем де көзiме ұялады. Орға құлап, əттең-ай, жорға аттарым, Қара ала бұлт кеудемдi торлап қалың, Жеңге күтiп алыстан жүргенiмде... Айырылып ағамнан сорлап қалдым... Қақ айырды жүректi аспан құлап, Талқан болды кеудемде аққан бұлақ.
Жеңге жүзi көзiмде көлбеңдедi, Оңашада опынып жатсам жылап. Ғашық еткен ағамды от жанары, Кiм ең, жеңге, перi ме ең бақшадағы? Жанарымнан жүзiңдi жуа алмады Талай жаңбыр көзiмнен ақса дағы... 1970 жыл 4. Сағынып жүрмін сені, аға... Бейнеңдi асыл аңсаумен iздедiм сенi, жан ағам, Мiнезiңе ұқсап жатқан соң керiлген мынау даладан. Зымыран ойдың тiзгiнiн тұрақтата алмай қолыма, Iздеумен сенi зау-тасты, жарларға қайттым соғыла. Сен болып менi шақырып көкжиектегi бар сағым, Жете алмай сонда шаршадым, шаршаған сайын аңсадым. Сен болып маған жымыңдап саңылаулы аспан қараған, Сен болып көкiрегiнен қоңырау қаққан бар адам. Сенi iздеп қара нөсерде найзағайларға қарсы ақтым, Сенi iздеп, аға, жол қылдым арасын қосып алшақтың. Сұңқылдап ұшып сұңқардай заңғарға бардым «ағалап», Тұманды қудым таулардан қанатымменен сабалап. Қайранда қалған iзiме қалғанша қара қақ тұнып Мен сенi ойлап жүрушi ем арманымды алға лақтырып. Түбiнен iздеп дарияның, толқынды жүрдiм кескiлеп, Қиясын шолып құздардың құзарда қалдым кеш түнеп. Iздедiм сенi аңсаумен белiмдi бүкпей белеңнен, Шатырлы аспан шатырлап тұрса да төнiп төбемнен.
Аңсадым сенi иiсiне елтiп тұрғанда гүлзардың, Кеудемнен ескен бiр самал желпiп тұрғанда құздарды. Бiр дүбiр шықса жырақтан кеудемдi бiр ой мекендеп, Жүгiрдiм солай алқынған жүрегiң болар ма екен деп! Аңсаймын сенi алау гүл толған кезде де жолыма, Аңсаймын сенi бақытым қонған кезде де қолыма. Сағынам сенi, жолымды тауысқанымша сағынам, Аяқтап жырды, қабiрде қауышқанымша сағынам. 1971 жыл 5. Жас аға Көп жыл бұрын қайтыс болған жас ағам, Түсiме ылғи кiредi əлi, жасаған... Көрiп, бiлiп, бағып жүрген тəрiздi Менiң бүкiл тiрлiгiмдi тасадан. Жап-жас жiгiт жиырма беске толмаған, Жас та болса қалды аға боп ол маған. Сұңқар серi, сұңғыланың серкесi, Көшелiнiң көсемi едi сол заман. Сыймай кеттi... Сыйғызбады бұл мекен... Сығыр тағдыр көрсеттi ғой түр бөтен. Не сыры бар түсiме ылғи кiргендей? Желеп-жебеп, демеп менi жүр ме екен? Беу, жан ағам, жасы кiшi баламнан, Суретiңдi сүрте алмаймын санамнан. Менен қандай iнi шықты... бiлмеймiн... Сендей аға тапқан жоқпын ғаламнан! 2000-2008 жылдар
ДОМБЫРА Шанағына шаң жұқпас сал домбыра, Осы менiң бабамнан қалған мұра. Қалған мұра… жiгердi қамшылаған, Ғажап үні ғаламды таң қалдыра. Қалды маған мұра боп: Тау, бұлақтар, Сырғаларын сiлкiген таңғы бақтар. Қалды маған мұра боп: Боз iнгендер, Тұяғынан от ұшқан арғымақтар. Қалды маған: Кең дала.., көк теңiздер.., Жарма жолдар, жосылған көп-көп iздер... Бəрi-бəрi – домбыра шанағында, Оны сүйді деймiсiң текке бiздер?! Күмбірлетем мен оны күн құрғатпай, Жыр жазбаймын мен оны бiр жырлатпай. Орманына ойымның енбеймiн мен Өз қолымда қара орман судыр қақпай. Жанар берем мен оған жаудыратып Əн салдырам, бiресе зар жылатып. Шертіп өтем! Iлмеймiн керегеге Дарға асылған адамдай салбыратып! 1972 жыл
- Ақша қар, айлы аспанда қылаулайсың, Сен маған қайта оралған қиялдайсың. Сен келген бiр жапырақ аспан ба едiң, Зер салсам зеңгiр көктен бiр аумайсың. Ақша қар, қалықтайсың аспанымда, Əн салып ақ бұлттардың астарында. Сен менiң ең бақытты сəтiмдей боп, Бұлдырап жоғаласың қас қағымда. Ақша қар, өзiң үшiн құлпыру – құт, Дамылда жер бетiнде бiр тыным қып. Тумайсың еру үшiн, Туасың сен, Өмiрге беру үшiн бiр сұлулық! Жауасың жамырай да, жалғаса да, Ерисiң, ерiмеуге бар ма шара! Сүйем мен, сүйем сенi, о сұлулық, Бойыңда жылылығың болмаса да! 1971 жыл Жалықтым, əбден тойдым даңғазаға, Жүйкеңдi жүндей түтсе жан қала ма? Жүйрiкке жайдақ мiнiп жетсем бе екен, Жусаны желкiлдеген маң далаға. Көңiл ғой атой берген айдаладан, Əйтпесе қайран жүйрiк қайда маған? Айналма автобустың маршруты Тұсаса қадамымды қайда барам?
Кеңдiктi тəрк етiп кеп тығылғаным – Тар қапас құшағы екен, ұғынғаным! Арыны Арқандаулы арғымақтың Арқырап басылғандай – бүгiн халiм. Самал жел желпiп өтсе анда-санда, Серпiлiп, сергiп қалам қай-қашан да. Сол сəтте арқан үзер асау мiнез Саңқылдап дейдi маған: «Самға! Самға!» 1975 жыл * Ымыртта, ызғын қолатта Ырдуан арба ырғалып, Қопаңдап қойып қорапта Ылдимен үйге құлдадық. Екеуімiз – атам жəне мен, Елеусiз ғана келемiз. Ен дала төсi – қараөлең, Елтидi желге денемiз. Қыр үстiн өртеп отымен, Қырмызы жүзбен күн батты. Қызыға қарап отыр ем, Қайырылып атам тiл қатты: «Батысқа, балам, қызықпа, Батқан күн – бiздiң күнiмiз, Көкжиек деген сызыққа Сiңгенше ғана тiрiмiз. Уақыт зулап улы оқтай, Уатып өтер төзiмдi.
Сондықтан, балам, күн батпай, Айтып қал айтар сөзiңдi», – Дедi де демi дiрiлдеп, Демiгiп маған қарады. Батқан күн нұры бiрiндеп Көзiнен балқып тарады. Қарашығында мұң тұрды, Аядым қартты құнысқан. Қайырылып артқа күрсiндi, Таң iздегендей Шығыстан. 1974 жыл ҚЫЗЫЛ БИДАЙ Туған жердiң табынтқан қырқа-белiн, Қайран ата, соқақол диқан едiң. Қабiрiңе бiтiптi қызыл бидай, Қызыл бидай кекiлiн сипап едiң. «Диқансың ба, бəрiбiр, ақынсың ба, Досың болар туған жер, ақылшың да. Топырақта бақыт бар, ұғын» деушi ең, Сол топыраққа оранып жатырсың ба? «Мен – атаңның өлмеген арманы» деп, Қызыл бидай маған сыр толғады көп. Кеттiң бе екен ренжiп маған, ата, «Кетпенiме мұрагер болмады» деп. Жатты ма екен уыстап қолдарың дəн, Қызыл бидай өсiптi дəл жаныңнан?.. Сағындым ғой атаның алақанын, Қызыл бидай, сипашы маңдайымнан... 1974 жыл
ТАҢҒЫ СҮРЛЕУ Таң демiнен тоңазып желең төсiм, Ат суардым суаттан мен ертесiн. Жұлдыздары ерiген қуқыл аспан, Тықпалайды көзiме көлеңкесiн. Терiстiктен самал бар тиiп-қашқан, Сылдырайды тұсамыс иыққа асқан. Тiрелiптi суатқа суыртпақ жол, Қапталында төбелер иықтасқан. Шығыс белдеу жарқырап жез айылдай, Құс жолы өштi ғасырдың тозаңындай. Бояулары алмасқан дүниеге Қарай бергiм келдi бiр көз айырмай. Мынау, мiне – таңдағы əншi дала, Құлақ тiгем бозторғай даусына да. Мынау – суат, соған кеп сүңгiптi жол Осылайша жол бiткен таусыла ма? Жоқ, жүрекке мұң сүтiн емiзбейiн, Жарқын жолдан үмiттi мен үзбейiн. Суатқа кеп сiңетiн сүрлеу ғой бұл, Таң қойнына сiңетiн жол iздейiн. 1974 жыл ЖАҢБЫР АЛДЫНДА Жаумады бұлт күмбездi кезгенiмен, Аспан тұр өзi терлеп өз демiнен. Жанары жасаураған осы аспанды Бiреудiң көргендеймiн көздерiнен.
Көрдiм мен кең дүниенiң солғын шағын, Сөнiптi көкжиектен торғын сағым. Бурыл бұлт бiрсiн-бiрсiн жер тарпиды Тамшысы бұрқылдатып жолдың шаңын. Жау, жаңбыр, ағыл-тегiл, астан-кестең, Бұл да бiр бағым болсын бастан кешкен. Менiң де нөсерлейтiн мiнезiм бар Кеудемде найзағайлы аспан көшкен. Аспан-ау, сен бiр жатқан ақын əлем, Ғашықпын нөсерiңе, отыңа мен. Селдетсең – жас кеудемде терезе бар, Мен соны ашып тастап отырар ем! Болар-ау аспаннан да сыр бағуға, Адам – бұлт, жауу үшiн тырбануда. Селдет, бұлт! Долы дауыл қуып кетiп, Күнi ертең зар боларсың бiр жаууға! 1974 жыл IЗДЕР Өткен – өттi, бұл шақта дала да өзге, Жас толады ойласаң қара көзге. Текеметтiң үстiнде ойнаушы едiк Бауырсақтай шашылып бала кезде. Туырлықтың түрiлген етегiнен, Таң кiретiн самалдың жетегiмен. Боз жусанның иiсiне елтушi едiк Бейхабар боп көктемнiң өтерiнен. Кетер ме естен өрiмдей өндiр шақтар, Көрпе астында жандық бiз – мөлдiр шоқтар.
Қайталанбас тəттi бiр түс секiлдi Тəттi-тəттi түс көрген сол бiр шақтар. Балақ түрiп барушы ек жаз балыққа, Қалдырушы ек қанша iз саздауытқа. Толқын кешiп жүрсек те сезбеппiз ғой Толқын – дəурен тұрмасын бəз қалыпта. Өткен iздер бiр кезде алшаң жүрiп, Таптырмайды-ау бұл күнде сарсаң қылып. Жолымызды бiз, сiрə, тауысармыз. Қайта өтудi сол iзбен аңсап жүрiп. 1974 жыл * Шағылға барсаң шiлдеде Торсықтап сусын бөктергiн. Тамсаусыз болса тiлге де Сорасы келер көк тердiң. Шағылдың күнi шағырмақ Шекенi қысар құрсаулап. Сағағын аттың сабындап, Шашасын тұтар құм саулап. Құмдауыт жердiң оты асыл Қолатын iздеп барарсың. Үркiтiп буған масасын Соныға түсiп орарсың. Құмдауыт жердiң түгi бал, Тұсамасаң да ат тұрар. Сонаны сезбей қыруар Осқырынбастан оттығар.
Құлаштай шауып шалғынды Қарымыменен еркектiң, Жаныған шақта шалғыңды Жотаңды сүйер өртеп күн. Жейдеңдi шешiп лақтырып, Торсықтан жұтсаң ашымал. Кенезең кеңiп ашылар, Милықтан терiң жосылар. Дегдiмей жатқан дестеге Демiгiп сонда құлашы. Ширап бiр қалсын бос дене Арам тер шықсын шығасы. Бусанып, шыпшып, сорғалап, Бойыңнан шықсын арам тер. Бойкүйездiктен сонда да Құтыла алмасаң маған кел! 1975 жыл ƏЖЕ АЛАҚАНЫ Менiң əжем ақын жан болмаса да, Маман адам жүрекке жол жасауға. Төр алдында отырар қолмен – түбiт, Көңiлiмен ой түтiп қай-қашанда. Əсiресе, əжемнiң көзi нұрлы, Демде ұйытып əкетер сезiмiңдi. Шүйке бүккен аялы алақаны, Себетiндей ақ сүттей мейiрiмдi. Аясында жүрiп сол алақанның, Кiшiпейiл, зерделi бала атандым.
Уысындағы шомылып шуақ-селге, Жүрегiме мол жылу, мол от алдым. Аясында бесiкке бөленген ем, Аясында қол созғам өлеңге мен. Мейiрiмi шексiз мол сол қолдарға, Қарызым бар шексiз мол төленбеген. Сол алақан мұңайсам жадыратқан, Тоңдырмаған өтсе де небiр ақпан. Сол алақан көңiлдiң жайлауына Ойларымның қозысын жамыратқан. Мен сүретiн алдымда өмiр қанша? Есейгенше бөлмеппiн көңiлдi онша: Сипады ма лақтырып тастау үшiн Маңдайыма жазылған сорым болса?!. 1975 жыл ТАБИҒАТ САЗЫ Көгiлдiр таулар, көк таулар, Көзiмнiң ұшын шектеген, Баурайы – бақша, бақ-баулар, Етегi қырат, көк белең. Гүл-өрiм ашып iреңiн Жайнап бiр қапты жағалау. Бұлақ та сұлу дүниенiң Табанын сүйiп ағады-ау. Бозторғай сазы төгiлген, Буыныңды алар масайтып. Осынау өндiр өмiрге Кетерсiң қалай қош айтып?!
Батыста жүзген қызыл бұлт, Күнменен күлiп қоштасқан. Мұнарын көктен сырылтып, Дидарын, мiне, ашты аспан. Қиялдап кейде отырам, Қиыла қарап көкке мен. Сөйлеймiн бұлттың атынан Жаңбырым барда төкпеген. Ақын ба шабыт отынан Жанып бiр, ерiп кетпеген?! Адам ба тəйiр, сұлулық Санасына əсер етпеген?! Жүрерсiң қалай бұл жерде Бiреуге деген өкпемен?! Бiреуге деген қызғаныш, Бiреуге деген кекпенен?! Сұлулыққа да санасы Тазармас жанды жек көрем. 1975 жыл * Туған үйiмнiң терезесiнен Қазақстан даласы көрiнедi. Аспанында ақша бұлт керiледi, Ақша бұлтқа жолдаған сəлемiмдей Ошағымның түтiнi өрiледi. Менiң терезелерiм таңға ғашық, Қапталында тұрады бау жарасып. Уысыма iзiңдi қаттаймын деп Алақаны жатады жолдар ашып.
Тереземдi ақ жаңбыр жуады кеп, Тамшысында мөлдiреп тұрады көк. Мен үйiмнен шығамын туған жердiң Жүгiруге ерке бiр бұлағы боп. Туған жермен жанмын мен тынысым бiр, Туысым бiр, жауым бiр, ырысым бiр. Жүрегiмде тербетем туған жердi Жырламаса Отанын құрысын жыр. ШАЛ МЕН ЖАЗ Терезе нұрға боялды, Таң келе ме сiбiрлеп? Құсұйқы қарт оянды, Шүкiрлiгiн күбiрлеп. Айтты сосын: «Қарағым, Жата берме, жұрт күлер. Шығын кешшi даланың, Шықарға шық, сыртты көр». Тəттi ұйқыда немере, Ашар емес көзiн де. Сырт қызығы не керек, Өз қызығы өзiнде. Күркiлдедi шал əрең Күнестеп күн көзiнде. Естiмедi оны əлем Өз шуылы өзiнде. 1976 жыл
ҚАЛА МЕН ҚАРТ Шатыраш шаһар үстiне Шапақтап қонған шақта нұр, Жөнекей көзге түстi де, Жүгіндім барып қартқа бiр. Көзiндей көзi қыранның, Жүзiне жылдар жол салып. Түбiнде биiк кранның Тұқшиып отыр томсарып. Қолында – қайың таяғы, Қамыққан сынды шал мына. Қырғын боп өткен баяғы Қызығын еске алды ма? Сақалын уақыт сиялап, Санаумен жүр ме күн-айын? Өңiнде тұрған ұялап Өкiнiш пе, əлде уайым? Қатпады жауап сөзiме Тiстенiп, қолын бiр сермеп. Өңменнен өткен көзi мен Əжiмi ғана тұр сөйлеп... 1975 жыл ҚАЙЫҢ Өзегi берiш қайыңның Құнарда жатты тамыры. Долданған талай дауылдың Жүрмедi оған өмiрi.
Тамыры терең өркеннiң Өресi биiк болмақ-ты. Жаз келе желек бүркендi, Желегiн желпiп жел қақты. Ұя-жай iздеп қашықтан Сайрады келiп бұлбұлдар. Қоналқа қуған ғашықтар, Олар да жеттi құрғырлар. Бұйығы бойы таралып, Бұрымын төгiп, өрдi ол. Саясын жайлап халайық, Сiңiрдей сүрлеу келдi жол. Сонан соң, сұғып бəкiсiн, Сорды ғой сөлiн адамдар. Жiбермей тағы хақысын Қопарды түбiн қабандар... Мизамға мезгiл құлады, Тырналы сазбен тыраулап. Қапалы қайың жылады Қабығын сөлi бұлаулап. Қараша келе қар түстi Қымталды күллi қолтықтар. Қапталға қайың майысты, Қолаңын көме толқып қар. Жарықтық көктем құт берсе, Қалың ну болар шағы бар. Бүршiкке бұтақ бiткенше Адамның iсi түзелер, Қабанның тiсi қағылар! 1975 жыл
НАЙЗАҒАЙ ЖАРҚЫЛЫ Найзағай жарқылдаса Жарқ етiп жан дүнием Түлейдi жаңғырумен, Армандарым айтардай маған сəлем Көктемнiң жаңбырымен. Найзағай жарқылынан Қара бұлт жоғалады, Ақша бұлт жаралады, Дүниеге мөлдiр бiр нұр таралып Жер жаһанның билiгiн сол алады. Найзағай отпен осса жыртылатын, Бұлт емес балғын жүрек! Қалмайды ол қалғып, жүдеп, Жаһанның жарқылымен оянады «Дүние жаңғырды!» – деп. Найзағай ойнағанда – Жарқ еткен сəл нұрымен Дүние тазарардай шаң-кiрiнен, Босардай иық бiткен бар жүгiнен. Өкiнiш қылмас едiм өтсем егер Жарқ еткен найзағайдың тағдырымен. Асылы, менiң жаным туыс болар Оты бар, нұры бардың барлығымен! 1975 жыл АҚЫНЫҢДЫ ЕРКЕЛЕТ Сен – Жартассың, Ақын – толқын. Келдi саған еркелеп, Уа, Дүние, ақыныңды еркелет!
Он есе артық оның жүгi өзгеден, Ол көргендi көре алмайсың көзбенен. Жұрттан бұрын жаралайды ақынды Жауыз оғы жақсылықты көздеген. Жаһанды ол балайды өз үйiне, Қайғы-мұң мен шаттыққа да бұл ие. Шабытына өртенедi от болып Мəңгi жарық болсыншы деп дүние. Сел болғысы келедi оның шөл көрсе, Жел болғысы келедi оның көл көрсе. Желкендердiң құзырына жұмсар-ау Қолына оның қара дауыл, жел берсе! Ол жылайды жыламаған бұлт үшiн, Ол күледi ұмытылған күлкi үшiн. Өмiр деген өз анам деп еркелеп, Ол жыртады жақсылықтың жыртысын. Сен – Жартассың, Ақын – толқын, Келдi саған еркелеп, Келдi саған көкiрегiн өртеп от. Жыры бар ма, мұңы бар ма тыңдашы, Уа, Дүние, ақыныңды еркелет! 1974 жыл «ЖЕТIМ БАЛА» КҮЙI Күн астында – киiз үй, Керегесi көнерген, Көк түтiнiн жел өрген. Сықырлауық бесiкте Жетiм сəби жылайды.
Ана əлдиiн есiтпей Жұбанбайтын сыңайлы. Қаралы əке қасында Домбырасын бұрайды, Жетiм сəби жылайды... Күй басталды қоңырлап, Қам көңiлден шер ұрлап, Шайқалғандай шаңырақ Күй салмағын ауырлап. Шерлi, шерлi, шерлi күй Жан түбiнен келдi күй. Жұбау тартқан жүректiң Жүйесiне болды би. Жетiмдiк те несiп пе, Жұмыр басты пендеге? Ұл жылайды бесiкте, Күй жылайды пернеде. Киiз үйге күй сыймай Кең жаһанға ұмтылды-ай. Күйiк буған күйшiнiң Мұнша əуезден жүрегi Жүрген қалай жыртылмай?! Жармасады-ау мұң-нала Осындай да тұлғаға! Жетiм сəби жұбанды, Жұбанбады күй ғана... Жыл қанаты желдеттi, Жетiм өстi, ержеттi. Шерлi күйдiң шандозы Өмір күйiн өрлеттi.
Құлағыма сол жеттi, Жүрегiме сол жеттi, «Күй қазақтан туды ма, Қазақ күйден туды ма?» Осы ой менi тербеттi! 1975 жыл ƏЛДИ Қайда естiдiм бұл əндi, Жан досымдай сыралғы, Жүрегiммен тiлдескен, Қайда естiдiм бұл əндi? Жанға жақын əуен бұл Жетсе дағы жырақтан. Жыры ма екен əжемнiң Жөргегiмде жұбатқан. Келдi қайта оралып, Қаршадайдан таныс əн. Қасиеттi балалық, Əнiң келдi, өзiң жоқ. Қалай ғана табысам! Асылық па, тегiнде, Жазға ұласып көктемiм, Ой тоқтатар кезiмде Ойсыз күндi көксеуiм?! 1975 жыл
- * Киiз мiнез күн едi неткен мынау Мүйiзiнен шыңдардың кеткен қырау. Бүршiгiнен бу шығып шiлiктердiң Бозторғай боп жырлайды көктем жырау. Шарбы бауыр бұлттардың қабағы ашық, Шұғылаға аунайды араласып. Күн астында болатын Күнiкей қыз, Күмiсiңдi уыстап, далаға шық! 1975 жыл АЛАТАУ Түнедiк тауда. Таң жақын, Тұрлаусыз екен тауда түн, Иектiң жатыр астында Иiрген қойдай Алматың. Райлап көктiң қабағы Iңiрден iрең тарады. Үркер де үркер жұлдыздар Үйiрлеп үркiп барады. Жатырмын шөпте шалқамнан, Жер сызы өттi арқамннан. Құбыладағы қом бұлттың Күнгейiн күптеп өрт алған. Кеудесiн нұрмен күрмеп бел, Кемерге қонды күн – кептер. Арқамнан өткен сызымен Ыстық қой маған бұл бөктер. 1974 жыл
- * Осынау жиырма жасымда Қанша көңiлдi қалдырдым екен, Қанша үмiттi талдырдым екен – Жоқ есте. Қатал ма уақыт расында, Тентек жүрегiң жайланады екен, Тентек күндерiң айналады екен Елеске. Қашан да мынау өмiрде Қалады барлық жақсылықтарың, Iзгiлiк толы пəк қылықтарың Жадыңда, Ұмытылады, тегiнде, Жат қылықтарың – қақтаса жанды, Жамандық иiсi жоқ болса мəңгi Қаныңда. 1974 жыл КҮЙ ТАБАҚТАР Зайсанда, туған үйiмде, Зымыран ойдан көз iлмей, Отырмын мiне бүгiнде Баяғы бала кезiмдей. Сезiмнен тiлiм байлаулы, Өткеннен берiп бiр хабар, Бүгiн де, мiне, ойналды Күйтабақ, пластинкалар. Айқара ашық əйнектен Үңiлем түнге елеңдей.
Қарайды күлiп Ай көктен «Келдiң бе, ұлым?» – дегендей. Жаңғырған көкiрегiмде Жаңа бiр саздар шырқалар, Ойналса туған үйiмде Күйтабақ, пластинкалар. 1976 жыл * Жүрегiм-ау, сен кеудеме сыймадың, Мен бөлмеме сыймадым. Беу, тентегiм, неге бұлай туладың, Бұлқынысың бүгiн маған беймəлiм. Апырай-ə, отырғым жоқ бөлмемде, Асау көңiл əлденеге шөлдеуде. Аула жаққа ауа берді аңсарым, Бiр сəйгүлiк тұрғандайын белдеуде. Лақтыра сап қағаз бенен қаламды, Мұңнан безiп тұмандатқан санамды. Сырып тастап үстелді де жолымнан, Сырып тастап қабырғаны – қамалды, Тартып кетсем деймiн мен Қара жерге қадай басып қадамды. Тар құндаққа қалай қиып кеткенмiн Кең құшағын ашып жатқан даламды?! 1974 жыл
АҚЫН Отты аспан гүрiлдейдi, Тұяқтар дүбiрлейдi, Таулар селкiлдейдi, Баулар желкiлдейдi. Жерде де емес, Көкте де емес – Шабыттанған ақынның кеудесiнде! Ол – жебе Зымырайды ғасырдың кермесiнде. Ол – қазiр күй Безiлдейдi əлемнiң пернесiнде. Ол – құдiрет! Бүкiл дүние тек соның уысында! Ешкiм, сiрə, жеттi ме екен Мұндай билiкке тумысында! Оның кеудесiнде долы боран бар, Өз бұйрығына да шаққа бұрылған. Оның кеудесiнде ащы ойға толы əн бар Дайын тұрған ақтарылуға. Оның кеудесiнде жүрек емес – Жұмыр жер бар, Бұлқыныстар, дiрiлдер бар, Оның кеудесiнде түнек емес – Бар жүрекке от тiлеген жалындар бар, Көлеңкелердi кескiлеген сағымдар бар. Түйдек-түйдек көш тiлеген, Кiдiрудi бiлмеген, естiмеген, Арналарын тепкiлеген, Аппақ нұр – ағындар бар. Ол толғанады, өзiне емес, əлемге бақыт тiлеп. Айқай салғысы келедi, көз оттары мол жанады: «Ақ жүректерге ғашықпын», – деп. Лаулайды,өртенедi,
Ұялады, жиіркенедi Иiсi адам қалдырған күнəлардан. Ол адамдықты аңсайды! Сол үшiн тырбанады, Қиналады, шаршайды, Көз алдында сондықтан да Күнəдан пəк ертеңi тұра қалған. Отты аспан гүрiлдейдi, Тұяқтар дүбiрлейдi, Таулар селкiлдейдi, Баулар желкiлдейдi. Жерде де емес, Көкте де емес, Шабыттанған ақынның кеудесiнде. Бүкiл əлемнiң қақтығысы бар Оның кiп-кiшкентай бөлмесiнде. 1975 жыл «АЛТЫН ТАМЫР» ТОПТАМАСЫНАН МӨЛДІР ТАМШЫЛАР Бұлттар жабағы, Көктi жабады. Күзгi тамшылар Тамады, тамады... Күзгi тамшылар, Күзгi тамшылар! Болашақ бұршақ па, Əлде қар шығар! Терек, тал, шынар Терге малшынар.
Түндiгiн жапты ма Күзеуде малшылар! Күзгi тамшыда Көктем даусы бар! Көктiң көз жасы Қашан таусылар? Бұлттар түйiле ме, Қамшы үйiре ме? Осынау дүниеде Менiң де тамшыдай Орным бар шығар? Тамады тамшылар, Тамады тамшылар... 1977 жыл * Апа, менi оятшы ерте бүгiн, Баяғыдай қой жайсын тентек ұлың, Бозторғайдың жадында жүрген болар Ұя бұзар ылаңды еркелiгiм. Мал жапырған жазықтың көкорайын, Жалаңаяқ, жалаңбас аралайын. Жусағанда жусанға жуас қойлар, Жас шалғынға жантайып демалайын. Қара шашым желменен желбiресiн, Ту сыртымнан қарақтап, елжiрерсiң. Туған жерге ұлыңның ынтық жанын Сен түсiнiп, тек қана сен бiлерсiң.
Таң нұрында, даланың жаңбырында Құштар ем ғой саяқсып қаңғыруға. Қорықпа, Апа, мен саған ораламын Табанымның тiкенiн алдыруға! 1977 жыл ЖЫЛҚЫШЫЛАР Иiсi жұпар орманды асып, Иiр қобыз жолдарды басып, Салбырап самсоз, көз байланғанда, Самалдың арты желге айналғанда, Жылқышылардың қосына бардым, Жылқы мiнездi досыма бардым. Жандары қалмай, қонақ келсе олар Қуанады екен, осыны аңғардым. Iлiнiп қазан, құрылып мосы, Көңiлдiң жатыр бiлiнiп хошы. Қонақтың бəрiн Қыдырдай көрген Қазағыма тəн iрiлiк осы. Ақбұлақ қымыз, балы бар ауа, Қаныңа дəру, жаныңа дауа, Дəл мұндай лəззат келмеген болар Баяғы хан мен ханымыңа да. Ұры жел тыста ұлыды қатты, Ұядай қостың жылуы бапты. «Былтыр қыс соққан қасқырларым ғой» деп, Жылқышы маған тұлыбын жапты... 1977 жыл
АЛТЫН ТАМЫР (Оралхан Бөкеевке) Ағатай, ала кетшi тауға менi, Аңсатты ала қыстай жайлау елi. Атамның қымызынан дəм татайын, Биесiн биыл ерте байлап едi. Атам да жүрген шығар жолға қарай, Өткiзем демалысты ойда қалай! Бал дəмi таңдайыма үйiрiлдi, Сарсүйек болған шығар балқарағай. Тауға апар, тауды аңсадым жазықта мен, Əжеме алтын тамыр қазып берем. Кəрiге қажетi не дəрiгердiң, Тамырмен өзiм емдеп жазып келем. 1977 жыл АЛТАЙДЫҢ АҚ БОРАНЫ Алтайдың ақ бораны Алты күн тоқтамады. Алты күн көлiк – құстар Қанатын қақпағалы. Аядай аэропортта Кеудеме от толады. Алтайдың ақ бораны, Толастап тоқтамады. Шынымен бұл шiркiнге Адамның жоқ па амалы? Алты күн елегiзiп, Күдердi менен үзiп, Қойдың ба: «Жетпедi деп, Боранды неге бұзып!» Алтайдың ақ бораны,
Алтайдың ақ бораны... Алты күн болған шығар Жүрегiм соқпағалы; Сен менi «алдамшы» деп Сыртымнан соттағалы, Алты күн болған шығар... 1977 жыл АДАСҚАНДА Қара түн, тау iшiнде жортып келем, Өкпектен құс еттендi бөртiп денем. Жол жоқта адасқанға Ай да серiк, Ай батып кете ме деп қорқып келем. Желбегей жұқа лыпа қаусырынам, Ат басын жел өтiне қарсы бұрам. Бағдарсыз, байызы жоқ бейбақ болдым, Қаупiм көп, хабарым аз тау сырынан. Төбемнен қара ала бұлт түйiп қабақ, Дүние тұрды маған суық қарап. Ақ жүзiн кiрбiң шалып Ай да батты, Бүркенiп бұлт көрпесiн ұйықтамақ. Сөгiлiп қабырғасы қара бұлттың, Найзағай жарқылдаса алабұрттым. Мен дағы мақтандым-ау ұлымын деп, Тауды да табындырған дана жұрттың. ...Түн өттi, тылсым қойнау арайланды. Көз салып кескiнiме таң ойланды. Сыпырып қалбағайын сұсты таулар Елжiреп туысымдай қарай қалды. 1977 жыл
ТАУЛЫҚ МIНЕЗ Қой, жаным, қызығумен ерме маған, Мен болсам құштарлыққа көнген адам. Кiрпiгiм шарасыздан айқасқанша Осынау мазасыздау халде қалам. Қой, жаным, құр қызығып ерме маған. Қорқарсың мен жүзетiн долы өзеннен, Сенбесең бiр қарашы терезеңнен. Толқындар тасты аунатып жатқан жоқ па, Ал менiң жақын досым сол ежелден. Қорқарсың мен кешетiн долы өзеннен. Сен болсаң тауға тұңғыш келген адам, Қой деймiн, мерт боларсың, ерме маған. Құрсақтан топшылы боп туғаннан соң Құлашты дүлей суға сермеп алам, Қой, жаным, мерт боларсың, ерме маған. Долы ағыс алып қашар бас көрмеген, Мен сонда аймаласам тастарменен. Ертемiн толқындарды ерттесуге Сыралғы болса сумен жастан денең, Табысып жүзер болсаң тастарменен... 1977 жыл ҚАРТ ПЕН ҚЫРАН Əшiм қарт аралатты тауды маған, Апарды Марқакөлге жаудыраған. Қамшымен құсты нұсқап көкте жүрген «Бұл, – дедi, – кəрi бүркiт – шəулi, балам. Байқашы, анау шыңның керегесiн, Құз тастың қуысынан не көресiң?
Сол тұста шəулi бүркiт ұясы бар, Қоздырған қанатсыздың делебесiн. Қиядан көзiн салған дарияға, Қантүбiт балапан бар сол ұяда». «Алайық, арқан байлап балапанын, Бастаңыз» дедiм қызып қарияға. «Тəйт, құсты құлданамын дейтiн кiмсiң? Қызыққан киелiге кейпiң құрсын! Сен де бiр қантүбiтсiң! – дедi Əшiмхан, – Қырандар еркiн туған – еркiн жүрсiн!» 1977 жыл ҚОЛАМТА Қойнауда қоста отырып қоналқаға, Қараймын ошақтағы қоламтаға. Лапылдап лаулап келген оттың бəрi Жалынын осылайша жоғалта ма? Төңкерiп жылқышының шыны аяғын, Көз қадап қоламтаға мұңаямын. Жалын жоқ, отағасы көсегенмен Мосының қайырып ап бiр аяғын. Жылтырап қып-қызыл шоқ əлсiреуде, «Сөнуден арашалап қалшы» деуде. Ошақта отың сөнiп бара жатса, Өзiңе өз көңiлiң көншiген бе? Менде де көншiмейтiн көңiл болған, Мойымас жығылсам да өмiр – нардан. Кеудемде қоламтадай қоздап жатып Кетер ме лапылдамай небiр арман?!
Шоқ табы бiрде қызу, бiрде бəсең, Толтырды қостың iшiн нұрмен əсем. Менiң де өзегiмде шоқ жатқандай, Сол бiр шоқ тұтанар ма үрлемесең?! 1977 жыл ТҮБIР Келе жатып қалың бауда, Жалғыз аяқ соқпақпен. Сəл отырып дамылдауға, Бiр түбiрге тоқтап па ең? Елтiп барлық құс үнiне Шаттандырған бау iшiн. Тырысып па ең түсiнуге Табиғаттың дауысын! Сұлулыққа тамсандың ба, Қызыл бұлтты iңiрде? Сонда бiр сəт зер салдың ба Астыңдағы түбiрге? Сырын желге толғамайды, Өркенi жоқ томаршық. Қабықтан жас сорғалайды, Қалсаң егер сен аршып. Ойланарсың сен қайтарда Мылқау томар мұңайтар. Ара айтар ма, балта айтар ма, Оның сөзiн кiм айтар?! 1978 жыл
ҚЫЗЫЛ IҢIР Қалың орман қойнауына Қып-қызыл күн қонғанда, Қарағайлар жол бойында Қалың ойға шомғанда; Қып-қызыл боп мұнартпай ма, Қара жолдың шаңдағы? Жеңiлденiп қуантпай ма, Iштегi ойдың салмағы? Əр қарағай балағына Бiр көлеңке жармасып, Қорықса күннiң жанарынан Беттерiмен жер басып; Тiрлiгiңе тəубə дейсiң, Тоқмейiлсiп азырақ. Қайдан, қайдан ойға келсiн Күн батары қазiр-ақ. Көлеңке емес, адам болып Қуанасың туғанға, Саған орман сəлем берiп, Басын шұлғып тұрғанда. 1978 жыл БАЛҚАРАҒАЙ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА Қылқанды бұтақтары қарқарадай, Қасқайып қабақта тұр балқарағай. Басында жаңғақ қағып бiр бала отыр, Төменге əлсiн-əлсiн қорқа қарай.
Топырлап түсiп жатыр жаңғақтары, Бар шығар қорғасындай салмақтары. Қарық боп көзi тұнды сол баланың, Құмарлық ешнəрсенi аңдатпады. Жаңғақты болар көздiң құрты деуге, Мiнiп ап бiр бұтақты сiлкiгенде, Шарт етiп сынып кеттi iлкi демде Салмақ па, əлде тағдыр ырқымен бе? Құлады жерге қарай зулап бала, Көрген жұрт тұрып қалды шулап қана. Ешбiрi тырп ете алмай қалды сасып Жаңғақты мақтағандар қу жақтана. Құлады бала сол бiр қилы шақта, Тағдыры сыяр ма оның жыр кiтапқа? Зымырап жерге жете берген кезде, Iлiнiп қалды бала бiр бұтаққа! 1977 жыл АЛТАЙ АЯЗЫ Қызыл Ай қызыл көрiгiн басқанда Қақтаған қаңылтырдай шың қызарады. Отты жыландай зуылдап аспанда, Құйрықты жұлдыз ағады. Түн қара сəлделi Құдадай, Көкке жұлдыздан бал аштырады. Қызылшұнақ аязға шыдамай, Найзағайдай шатырлап ағаш сынады. Азынаған жұлдыздан да, Айдан да Бетiңе ызғырық ызғар ұрады.
Сiресiп жатқан сiрнелi сайларда, Күтiрлеп мұз жарылады. Тоңған төбеттер қыңсылап, бүрiсiп, Үйдiң есiгiн тырналап көредi. Қойшының ұлдары сақ-сақ күлiсiп, Ай жарығымен сырғанақ тебедi. Қап-қара таулар қабағы бұзылып, Қойнында құмығып қасқырлар ұлиды. Ұлыған үнi қалтырай үзiлiп, Бiр таудың барып астында құриды... КҮРКIРЕМЕ ӨЗЕНI Күн: – Күркiреме өзенi, Күркiреп кеп ағасың, Сарқырап кеп ағасың. Қазақтың жас баласын Қайда ағызып барасың? Қойнауынан Алтайдың Қайнап шыққан қара су. Жас баланы жұтқанмен, Қандай тойым табасың? Жылап қалды жан ана, Ғұмыр сыйла балаға. Шырылдатпай сəбидi, Шығар, шығар жағаңа! Өзен: – Шешесi оның шерменде, Су алуға келгенде, Жақпар-жақпар жырадан, Жас баласы құлаған. Құшағыма бөлендi, Менiң балам ол ендi.
Оның ыстық денесi Жылытады денемдi. Менiң асау толқыным – Оның мəңгi бесiгi. Жас сəбиге тағдырдың Осы болды кесiмi. Ұлыма ендi ашылар, Ұлы мұхит есiгi!.. ...Долданады долы өзен, Жұрттан суын қызғанып. Жағасында жақпар тас, Мелшиедi сызданып. Аласұрған толқында, Бiр батып та, бiр шығып, Ағып кетiп барады, Қайран құйттай тiршiлiк. Көзiн сүртiп сұр бұлтпен, Күн тығылды тасаға. Шырқырайды жағада, Жанұшырған жас ана. Дүлей толқын сəбиiн Алып қашып барады. Жас дененi аймалап Мауық басып барады... ӨСКЕМЕН ТУРАЛЫ ЖЫР Көтерiп туын шығыстан, асығып атса күмiс таң, От өрiп екпiнiменен төсiнен асқақ жыр ұшқан. Сырғасын малып Ертiске бiр ару жатыр жағада Тұлғасын соққан мырыштан. Сапардан қайтқан тырналар танымай қалса –
кешiрiм,
Шаһар бұл түлеп жататын балапан үйлер бесiгi. Жайқала жасыл желегi қала бұл алау таңдарға Айқара ашқан есiгiн. Соғады самал Алтайдан, бұлттарды нұрға қоса өрлеп, Кестелi ақша орамал орайды тұрба басын кеп. Күн бойғы қызу жұмыстан бусанып жатқан өлкенiң Таңдайы құрғамасын деп. Жырласам шығыс шынарын, көңiлде шалқар шалқып көл, Көкiрегiме орнайды керiлiп барлық барқыт бел. Қарасам бүгiн қала ма комбинаттағы кендердей Ағыл да тегiл шабыттан кетемiн дəйiм балқып мен… 1971 жыл АБЗАЛ ЖАНДАР Торыққан шақта жiгерден берген маған нəр Жарқын жүректi, абзал тiлектi адамдар, Ұлылықтарыңа бас иерiмде əдеппен Көкiрегiмде кiшiлiк оты алаулар, Сендер бар жерде безедi менен нала-өкпем,
күйректiк ойлар өзiмдi – өзiме жау еткен. Сендер бар жерде жазық боп жатсам тау болам, Сендер бар жерде қазық боп жатсам – бау болам. Сендер бар жерде кеудемдi билеп арман-əн, Аспаннан күнiм аумаған. Салыңдар менi қиынға Алысқа, қия-қиырға. Артыңдар маған аямай Артатын жүктi бiр ұлға. Жақсылық жолға жұмсайын Осынау шағын ғұмырда Кеудедегi оттың жалынын мынау лаулаған.
Сенiңдер маған, сенiмдерiңнен бақ табам, Сапарға дереу аттанам, Бұлбұлдарыңа бақ болам, Мылтықтарыңа оқ болам. Ер жiгiтте арман аз болар Елдiң үмiтiн ақтаған. Абзал адамдар келбетi күннен аумаған, Қатарларыңнан қадам озуға талпынып, Қарыс қалуға арланам. Сол үшiн дəйiм шарқ ұрып, Сол үшiн дəйiм қарманам. Достарың болар дос маған, Жауларың болар жау маған, Достарға ашар құшақтарыңның жылуы Қашанда менiң бойыма дарып, баураған. Жаныңның жарқын жалынына орап, Боранның даусын саз етпек, Қыраулы қысты жаз етпек, Мендегi мынау жас ғұмыр; Аралы жерден бал iздейтұғын əдетпен Бұлбұлды жерден əн iздейтұғын əдетпен, Мен жүрген жерден iздеңдер дəйiм жақсы жыр, Ертеңге қарай екпiнiмменен ерек мен Ортаңа жетсем сап дүбiр… Сендер деп ұшсам қанатым менiң талмайды. Тағдыр да маған шеңгелiн сала алмайды. Мейiрiмдерiңдi мейiрлене бiр қотара
жұтқым келгенмен (Жүректерiңнен мөп-мөлдiр кəусар көл көргем) таусылар емес Сусыным да ешбiр қанбайды. Мен деп бiлiңдер, күмбездi көкке шырқап ұшса бiр қыран жас, Қара бұлттарды турағысы кеп, жарқылдап шықса бiр алмас! Ормандарыңа орнармын бiр күн өрт жүздi
алау гүл болып, Асқақ гүл болып ажалдың да қолы жұла алмас! 1971 жыл ЕРТЕҢIМДI АҢСАЙМЫН Ертеңiм менiң! Сəулеңнен мəрмəр жыр саулап, Жанарларымда жұлдызым болып жүршi аунап. Шаттыққа толы жүзiңдi сенiң көрсетпей, Көкжиек сонау көзiмдi алды құрсаулап. Арманым асау артына менi бөктердi, Келсеңшi мұнда көтерiп мəңгi көктемдi. Ертеңiм менiң! Сенi iздеп алға қарап ем Кер бұрым дала көкiрегiме кептелдi. Сыбызғы ма едiң саздары сайда сыңсыған, Сапарға бастар шығарсың əлде сыршыл əн. Созылған балдай самала саумал болсаң сен, Сапырып iшпей тыншыман. Жосылып жортар жорға жел боп кел, ертеңiм, Жаяйын жарқын жанымның жалқын желкенiн. Жалын ба едiң көрiнбей жанған сиқырлы, Жақындамай-ақ жырақта тұрып өртедiң. Мен жiгiт едiм армансыз күндi ар көрер Таңыңды сенiң күтемiн ойға нəр берер. Ойласам сенi сəйгүлiгiмдi баптаймын Есiме түсiп ертеңгi өтер бəйгелер!!! 1971 жыл
САЛҚЫНДЫҚ Салқындық бар өмiрде сескендiрер, Мұны тағдыр толқынын кешкен бiлер. Салқындық бар таңдарда күлiмдеген, Бiр ызғар бар шiлденiң түнiнде де, Жылу қуған жүректi тiлiмдеген. Суық ызғар табасың көктемнен де, Көлеңкелер тоңады бөктерлерде. Суық жүздi танисың қарттан-дағы, Салқындықтың өңiнде сақталғаны – Өткен күнiн алдыңда ақтарғаны. Сары аяз бар, боран бар бұл өңiрде Салқындық жоқ тек менiң жүрегiмде. Көкiрегiм бəрiнен жылы менiң, Жүрек отын ту етiп жүгiремiн, Жылытам деп дидарын дүниенiң. 1971 жыл ГҮЛ МЕН ШӨЛ Ынтызар боп ынтық отты жанармен, есiңде ме, гүл ұсындым саған мен? Ол қызыл едi менiң қанымдай, Ол сұлу едi
сенiң жаныңдай. Ол өндiр едi Нəзiк сезiмдей, Ол мөлдiр едi Сенiң өзiңдей.
Ол жалау едi, Менiң сөзiмдей, Ол алау едi Сенiң көзiңдей. Сол бiр Гүлдi көп iздеп ем шарқ ұрып, Дүниенiң бар отына шарпылып. Күндiз күлкi, түнде ұйқыны ұмытып, Iздеп едiм бар сабырым сарқылып. Iздеп едiм орманнан да, таудан да, Iздеп едiм, шағылдан да, баудан да. Сол бiр Гүлдi iздеп едiм ерте-кеш, Сұрай жүрiп достардан да, жаудан да. Сұрап едiм, көрдiң бе деп шуақтан, Сұрап едiм, бiлдiң бе бұлақтан. Үңiлiп ем биiк пенен тереңге, Қарақтап ем жақыннан һəм жырақтан. Жуан жiбi жiңiшкерiп төзiмнiң, Диуанадай дүниеден безiндiм. Жер жаһаннан саған сыйлар Гүл таппай, Тауып едiм жүрегiмнен өзiмнiң! Саған, жаным, ұсынған ем Гүлдi сол, (Махаббатым болатұғын тұңғыш ол!..) Əттең, əттең!.. Қайтардың-ау қолымды!.. Содан берi менiң жаным – құмды шөл... 1971 жыл
КҮЗГI БОЯУЛАР I Боз қырау күзде бөз орман Базары тарқап бозарған. Бұл шақта аспан атынан Бұлағай бұлттар сөз алған. Тоңазиды əлем тоңмайдай Қабағында бiр тоң бардай. Жас талдар жалқау сiлкiнер Жауында қалған торғайдай. Көкайыл бұлттар күркiрер, Кеудесi қайнап күрсiнер, Көңiлiнiң құртын қозғаса Қытықтап өтiп түлкi – жел. Еңсерiп бұлттың легiн, Еркелер ме екен күле күн. Емiренер ме екен маған ол, Жадырар ма екен жүрегiм!.. II Қаланың күзi, Таңғы уақ, Тымырсық тұман тарады. Жалаңаш қалған жарлы бақ Қараған көзге қаралы. Пошымын бақтың парықтап Қалар кiм жүзi сұрланбай?! Қайыңдар шашын жайып сап, Жапырағын жоқтап тұрғандай. Зер салсаң, еңсең езiлiп, Зауықтан болар ада бой.
Сүреңсiз мезгiл мезi қып, Жабырқау тартар жадау ой. Өртенiп өзек ашиды-ай, Жуады жасың бетiңдi... Күзгi жапырақ жасындай Ғұмырың қалған секiлдi... «ЗАЙСАН ЫРҒАҚТАРЫ» ТОПТАМАСЫНАН * Капитан, шығайықшы каютадан, Бiздерден қайда қашар дайын тағам. Палуба шынжырына шынтақ тiреп, Қарайық толқындарға байырқаған. Шарқ ұрып, шабақ iлер шағалалар, Көгерiп көз ұшында жаға қалар. Көз қанық болғанымен балықшыға, Таңсық қой қай-қашаннан маған олар. Күн ашық, керек емес биноклiң: Бейнесi онсыз да айқын су бетiнiң. Көрiнер көлдiң өзi мың есе артық Көркiнен көңiлдегi суретiнiң. Аппақ бұлт, көкшiл аспан, жасыл айдын... Жаныма бұдан өзге не сұраймын! «Кеттiң ғой бала құсап» дейсiң маған, Көргенде туған жердi осылаймын!
ЗАЙСАН Матрос, суыр якорьды, Келмейдi тұрғым жағада. Көк теңiз менi шақырды, Шақырды шулап шағала. Аспанмен жатқан астасып, Теңiздiң төсiн бетке алып, Жағамен күлiп қоштасып, Кетейiк жолға аттанып. Иiс су сiңген денеме, Сiңсiншi иiсi балдырдың. Жол ашсын мынау кемеге Толқыны мендiк тағдырдың. Толқыннан жаным жаралған Дауылды ол да тұр тiлеп. Жағада ендi қала алман Шақырды теңiз күркiреп. Күйбеңмен қанша күн өттi, Бəрiн де қайта бастайын. Якорьға ұқсас жүректi Теңiзге мəңгi тастайын! ТҮНГI САЗДАР Тыңдап жатып шегiрткенiң шырылын, Сəл мызғышы, көздiң алып шырымын. Оянғанда өз кеудеңнен сезесiң, Кəусар бұлақ кеудесiнiң дiрiлiн. Жыршы құстар əнге бөлеп түн iшiн, Қандырады құлағыңның құрышын. Бұлтты серпiп Ай да тыңдар бұл əндi Құзар шыңға сүйеп қойып қылышын.
Көк шалғынды жатқан кезде астыңа ап, Құлағыңа сыбырлайды жас құрақ. – Ұйықта, ұйықта, ұйықта... – дейдi сыңғырлап Құлын үндi, құс ұйқылы тас бұлақ. Дала саған сəбиiңдей еркелер, Анаң боп та бесiгiңе еңкейер. Шырт түкiрiп шалқақтама, шырағым, Онда сенен туған жер де жиіркенер. АУЫЛ. ЖЫЛҚЫ. ЖАС БАЛА Таңғы ауыл, Торғын самал келдi жетiп, Селеулер сергiп қалды сəл дiр етiп, Ұйықтап жатып жылаған сəбидейiн Көк шалғын көз жасын тұр мөлдiретiп. Сүрлеу жоқ бiр кездерi мен жүгiрген, Мен тұрмын есейгенiн ендi бiлген. Соғады жүрек қана баяғыша Қорқамын кеудемдегi сол дүбiрден. Жылқылар менi көрсе елеңдесiп, Тұрғандай «жақындама, тебем» десiп. Жас бала жүгендеп жүр, Балалығым Дəл соған ауысқандай менен көшiп. Болғанмен жөнi бөлек, жолы өзге, Атайды анасы да оны кезбе. Бұл жылқы оны да ертең өгейсiнiп, Өзгерiп кетер ме екен бəрi лезде?..
ӨЛIАРА ЭТЮДI Қара Ертiстiң шытынап шыны реңi Мұз бетiне қызыл су жүгiредi. Жербауырлай жылымнан ұшқан буды Шытқыл ауа шым-шымдап сiңiредi. Шұғыласын шашқанмен шаттана Күн, Табы уытсыз өлiара шақ болатын. Əбiгерден босаған дəрiгердей, Дала жатыр айқарып ақ халатын. Қалғып кеткен аюдай асыранды Қарауытқан төбенiң басы қарлы. Күңгейдегi тебiннен қорек тапқан Қарғалардың қарасы шашыранды. Қызыл тұяқ қойлары тебiн қуып, Төбе үстiнде тұр шопан белiн буып. Қызыл суға ұмтылған көк серкенi Баласы жүр атпенен кейiн қуып. АУЫЛҒА ХАТ (Сейiлхан Райымхановқа) Ауылда биыл қар қалың ба, аға, Тағаладың ба тарланыңды, аға? Тазымен құмның қолтығын тiнтiп Шидарық жақты шарладың ба, аға? Жеңгейге сенiп мал-жаныңды, аға, Қансонарда аңға бармадың ба, аға? Адам мен аңның арасын тағы Қорғасын оқпен жалғадың ба, аға?
Ауылдың жинап шалдарын ғана, Бiр-бiрден түлкi байладың ба, аға? Түлкiден тымақ киетiн қарттар Азайып қалғанын ойладың ба, аға? «Ауылдан кетсең – болмадың, бала...» – деушi едiң, жолым оңғарылды, аға. Көрерсiң ертең маңдайға бiткен Үлкен бiр ақын болғанымды, аға. Бiлер ме ем барып хал-жайыңды, аға, Алар ма ем, шiркiн, қолдарыңды, аға. Қалада – тəнiм, ауылда – жаным, Жүрегiм, жырым, арманым – дала. БАЛА ҚИЯЛ Төркiндей көшiп жаз – келiн, Сары жұрт бопты сай, адыр. Қозы көш жерде көз көрiм Жадағай жалғыз мая тұр. Ұраңқай үйдей маяның Iргесiн үңгiп жептi мал. Хайуанға берсең қалауын Дүниенiң бəрiн жеп тынар. Кезiмде сонау баларақ Төсек қып мая төбесiн. Аспанды аймен тағалап Қағушы ем қиял шегесiн. Жатушы ем барлап түн жүзiн Жотамды ұйпап сағдар шөп. Жанарларыма жұлдызын Себетiн сонда заңғар көк.
Кей-кейде күмiс күн бетiн Қап-қара бұлттар айқарса, Көрiнбей күннiң сүлбесi Төңiрек күңгiрт байқалса. Қап-қара бұлтты тұтасқан Тастасам деушi ем, сыпырып. Ашылса деушi ем сүт – аспан Мұнардан мəңгi құтылып. Сезiмге жан ем жанқияр Жататын едiм қиялдап. Бүгiнде менi сол қиял Кететiн болды жиi алдап. ЖИДЕ Жалғыз түп жиде жолға өскен Жел сүйсе желең төсiнен, Жабырқау ғана сөйлескен Өзiнiң көлеңкесiмен. Аптапты жаз бен суық қыс, Төзiмiн оның өлшеп пе? Баласыз, байсыз, туыссыз, Ұқсайды ол жесiр келiншекке. Жемiсi оның биiкте, Ұмтылған қолға алдырмас. Шалдырмас суық, күйiкке Балғын жас жиде талдырмаш. Кезi жоқ сыңсып, зар төккен, Күтедi мейiр аспаннан. Жаңбырлы күнi жарқ еткен Жасыннан ғана жасқанған.
Жоқ қарап жүрген жүргiншi, Жидеге жақын келгенде, Жанына ерткен бүлдiршiн «Жемiсiн əпер!» дер кейде. Жүргiншi жұлар, немесе, Түсiрер атып жемiсiн. «Пiсiптi, болмас жемесе, Өскен ғой дейдi жеу үшiн». Жемiсiн бiз де жермiз-ау, Төменнен таспен атармыз. Тағдырды қатал деймiз-ау, Өзiмiз неге қаталмыз?! ИДИЛЛИЯ Мен бүгiн ұйықтайыншы бау iшiнде, Төсек сал, суық тимес, əлi шiлде. Жасымнан көз iлгендi жақсы көрем Бақтағы елтiп жатып дауыс, үнге. Аспанда бүгiн қандай ай тамаша, Жүзiп жүр қара бұлтпен тайталаса. Жарқырап жанбас менiң қос жанарым, Аққанын жұлдыздардың байқамаса. Сағындым арықтағы су сылдырын, Ағып кеп көкiрегiме кiрсiн бүгiн. Əйтпесе жоғалтармын түнгi бақтың, Бойымда бұрыннан бар сыршылдығын. Тiлдерiн жапырақтың үйренейiн, Самалмен тiл табысар күйге енейiн.
Ашайын соларға мен басқа жұрттан Жасырған сырым болса түймедейiн. Төсек сал, ұйықтайыншы бау iшiнде, Маужырап жатайын таң сəрiсiнде. Кəрi апам гүрпiлдетiп сиыр сауып, Оятар кiрiскенде шай iшуге. КЕМПIРҚОСАҚ Құбыланың бұлты ашылып, Жаңбыр саябырлағанда: Жапырағынан маржан шашылып, Жас талдар баяу ырғалғанда. Аспанға iлiне қалған Анау кемпiрқосақтың тамашасын-ай. Арқауын ашудас нiлiне малған Апамның алашасындай. Бұлттардан салбырап түскен, Аспанның алтыбақанындай, Тайбурылдай арғымақ өскен, Құртқаның алтын отауындай. Өрнектеп өрiлген нұрдан Туған жер құдiретi қосыла, Қиялдай көрiнген қырдан Құдайдың сүгiретi осы ма? ҚҰМ. ШӨПШIЛЕР Қомша құмдар қойнауы тұр əлi ысып, Мəжнүн талдар мүлгiп қапты майысып.
Екi шөпшi шағын мая түбiнде Маңдайлары жiпсiп отыр шəй iшiп. Күйiп тұр-ау, Жанып тұр-ау мына күн, Дүзгендерiн бүркенедi құба құм. Шөмеледе шыбындайды шалқұйрық Шала-шарпы шалып құмның құрағын. Шайға қанған көңiлi жай, хош кiсiң – Шал мақтады шөме тартқан бестiсiн: «Шаруаның дөңгеленер түрi бар, Жоңышқаға қоямын деп кешкiсiн...» Мизам қалып, Лүп еткен леп сезiлмей, Күн күйiп тұр, Болмас ендi көз iлмей. Шырт түкiрiп шалқайған шал мызғыды, Шекесiнен шiркей шақса сезiнбей. Шақырайып шағып-ақ тұр шыны күн, Шөпшi бала шешiп тастап шұлығын, «Атам, шiркiн, оянбаса екен», – деп, Ұрлап тартып отыр шалдың шылымын. «Атам, шiркiн, оянбаса екен», – деп, Отырды да темекiсiн лекерлеп, Атып тұрып шал жүрегiн тыңдады Көңiлiн бiр қорқынышты ой мекендеп!.. ...Шөпшiлердi кейiпкер қып, толғана Құм суретiн сызбақ едiм, болмады, ə? Атама ұқсап кеттi-ау сонау шаруа шал, Өзiме ұқсап кеттi-ау бұзық сол бала!
ШАЛ. ШАБЫНДЫҚ Шөп шауып жүр шабындықта шал кiсi, Кешкi нұрмен жарқылдайды шалғысы. Екi бетi нарттай жанған Күн жақта Салбырайды бұлттың алтын шарбысы. Қартпен, қайран, қоштаспапты күш əлi, Қимылында қуаттың жүр нышаны. Қапталында құлап жатқан құрақтан Қалқып қана алтын тозаң ұшады. Самал соқты сыбыр-сыбыр тiл қатып, Сабаз шалдың самай терiн құрғатып. Суға батқан алтын желкен секiлдi Салқар қырда бара жатыр Күн батып. Тамыздағы шөп түбiнде шық та жоқ, Тамшы тамды шыт жейдесi сықпа боп. Қарт көзiнде жарқ-жұрқ етiп ойнады Тартпа-орағын жанығанда шыққан от. Мəңгi нұрлы жанарындай уақыттың Бiлiнбестен бара жатыр батып Күн. Шабындықта шөп шауып жүр қара шал Құсын қуып сабылмай-ақ бақыттың!..
ЖАЛБЫЗ Жылғаның бойын жағалап, Жалбыздың иiсiн жұтқан шақ. Жапырақтардан домалап Жаңбырлаушы едi-ау шық моншақ. Жанары жұмсақ таң-қыздың Жамылып нұрын ақ желең, Жұпарын жұтсаң жалбыздың Жасарады екен жан, денең. ЖЕМЕНЕЙ ӨЗЕНI Тисе де таудың тасына басың, Жеменей, неге тасып ағасың? Бiз ашулансақ басыламыз ғой, Сен осы қашан басыла аласың? Сұмдарға жақпас сөзiне орай, Соққы жеп елдiң езiнен Абай Сонау бiр жылы жол тартқан едi, Зайсанға қарай – Өзiңе қарай. Наданға налып – Сөзiн ұқпаған. Бишiкештерден безiнiп бабам. Атының басын Зайсанға бұрып, Мұң шақпақ болды кезiгiп саған. Жiбермей жылап Жанкештi халық, Алдынан шығып жол кестi барып,
Абайды күтiп, Келер деп бiр күн, Жатырсың ба əлi дөңбекшiп ағып? Абайдың мұңын – даламның мұңын, Абайдың жырын – ғаламның жырын Мен оқып берсем қайтедi саған Жаңғыртып тұрып жағаңды бүгiн? Жеменейiм-ау, Жебедей жүйрiк, Өтсе де ғасыр кемедей құйғып, Абаймен сенi табыстырар ем, Қолымда болса зəредей билiк. Сұмдармен əлi бiтпеген егес, Ел мұңын ешкiм жүктеме демес. Сен танымаған тыныштық, тыным Маған да бүгiн түк керек емес! БОЙТҰМАР Бойтұмар бұл былғарымен тысталған, Ала аршамен аласталып ысталған. Талай адам тағып бұрын мойынға Киесiне құлай сенген тұс болған. Сəби кезде мен де таққам Жасырман, Сиқырына iштей сенiп, бас ұрғам. «Бұл бойтұмар сақтайды деп пəледен» Таққан апам сипап тұрып басымнан. Бүгiн, мiне, бойтұмарды ұмыттым, Бəрi қалды ырымшылдау қылықтың.
Батпандай қып тақтым сəндi галстук Бойтұмары секiлдентiп жiгiттiң. Қараталда қалған менiң кəрi анам, Тiлеп отыр: «Құлыным, – деп, – бол аман...» Мойнымдағы галстугым модалы Сақтар ма екен менi пəле-жаладан?! * Бiздiң ауылдың айындай айды Кездестiрмедiм еш жерден. Ешқандай бұлтқа ол қайырламайды, Будақтап жолын кескенмен. Бiздiң ауылдың түнiндей түндi Көрмедiм басқа жақтардан. Қойнында тұяқ дүбiрлейтiн-дi Бiз жайдақ мiнген аттардан. Көктегi ай бiзбен жарысатұғын Жармасып бұлттың жалына. Тiзгiннен қолым қарысатұғын Ат алып қашса тағы да. Жайдақ ат мiнген балалығым-ау, Қай түнге сiңiп кетiп ең? Аспаны соқыр қаланы мынау Қайдан таптым деп өкiнем. Сұлумен тұңғыш сүйiскен жерiм, Бал татып қалдың тiлiмде. Боз жусаныңнан бiр иiскер ме едiм, Ат тұсап, айлы түнiңде?..
ӨТКIНШI Көктемнiң көк аспаны көз бұлады: Төбеден төкпе бұлттың төндi лаңы. Булыққан қолы жетпей арман-нұрға, Дəл менше күйiндi ме, дағдарды ма, Жай түсiп жанарынан көк жылады. Мен тұрдым кетсем-ау деп жайға айналып, Таңданса жарқылыма ел таңдай қағып. Көкше бұлт көшкен шақта күн елiне, Жасын қып сақтауменен жүрегiнде, Менi де кетсе, шiркiн, шалғайға алып... ...Жауынмен бөртiп жатты аймақ, өңiр, Көмiлдiм толқын-толқын ойға небiр: Жаныңмен жай тiлдесiп, нұр тiлдесiп, Көгiңде қара нөсер бұлтың көшiп, Осылай өтедi ғой, қайран өмiр!.. * (Інiм Айтмұхамбетке) Мүлгидi сəукелелi тал, қайыңдар, Басыпты шыршалардың шалғайын қар. Қоншыма қар құйылып бақта келем, Кеудемде сəл сағыныш, сəл уайым бар. Биiк тұр аспандағы алашарбы, Көңiлiм неге менiң аласарды? Апыр-ау, бұл ғана ма аңсағаным Түнiмен қар күрейтiн қара шалды?! Ауылда жолды боран жасырғанда, Ақ түтек қас қарая басылғанда.
Түн бойы қар күресiп жүрушi едiк Сонау бiр ақ сақалды асыл жанға. Ол бүгiн қырда жатыр қар астында, Iнiм, сен зиратына жол аштың ба? Қайтайық тағзым етiп, Ұлы адам ғой, Қабiрiн кiшкентай деп қорашсынба... Айтiкен, есiңде ме, баяғыда, Атамның таласушы ек таяғына. Бiз демеу бола алмадық таяқ құрлы, Кəрiлiк тұсаулаған аяғына. Ол жатыр есiмi де аталынбай, Бiз жүрмiз балтыр сыздап, бас ауырмай... Кеттi ме қариямды ұмыттырып, Жасанған мынау өмiр жас арудай?.. ҚЫРКҮЙЕК ҚАРЫ Беймезгiл тұмшаланып таулар тұман Аспанда ақкөбелек қар қалқыған. Ызғырық ыдыратып сол тұманды Сабалап жапалақ қар жауды артынан. Бөктерде бой түзеген боз теректiң Суық жел сумаңдады алды-артынан. Жұп-жұқа қабығына қар жабысқан Жас терек жел жұлқыса сəл майысқан. Бұрымнан сауылдаған шолпыдайын Жап-жасыл жапырағы саулап ұшқан. Терекке қарап тұрмын арыла алмай Бойдағы алай-дүлей толғаныстан.
Сумақай суық желдi көзге iлмеген, Терекке ұқсас екем, сездiң бе, мен?! Алаңсыз көңiлiме күйе жағып Менiң де алды-артымнан сөз гулеген. ...Қараймын терiм сүрткен шаршы шытқа Ақ дүние кiршең ғой – тез кiрлеген... Тəйiрi, тазартармын күнi ертең-ақ Толқынды дарияға мезгiл деген. ТУҒАН АУЫЛ ТҮТIНI Ауылға бардым ақпанда, Ақ табан жолмен ылаулап. Үскiрiк үрлеп соққанда Үсiген бетiм қылаулап. Домбықса бетiм – Даламның Сүйгенi шығар жүзiмнен. Еңкейе бердi алау Күн Арайын жинап iзiмнен. Қарттармен аумас кiтаптан Тiлдесем бе деп жол тарттым. Оттарды зiм тұтатқан Үрлесем бе деп жол тарттым. Тербетер жанды ой қуған Адамға жол да бiр бесiк... Ауылым шықты алдымнан Түтiнi көкпен тiлдесiп. Қайтер ең, досым, сырғып күн, Балалығыңды ұрласа? Алдыңнан сол бiр тiрлiктiң Түтiнi қолын бұлғаса?!
ҚЫР ҮСТIНДЕ Күн киiнiп қызыл алау жейдесiн, Аймалайды көкжиектiң кеудесiн. Күн емеспiн күнбатысқа жоғалар, Қыр үстiнде мұңаямын мен несiн? Тiрлiгiмнiң тағы да бiр күнi өттi, Iзсiз өткен күндер менi жүдеттi. Өткенiм бе, ертеңiм бе – аңсарым, Қайда бұрам мынау жалғыз жүректi? Мен де өмiрден өтер ме екем бiр күнi, Жамалмастан жүрегiмнiң жыртығы. Өмiрге əлi өз отымды бергем жоқ, Жоғалтпаңдар тұтанбаған шырпыны! ЭРОЗИЯ Жақпар-жақпар тастар-ай, Шың едiң ғой басы бұлт, Көрiк берген заңғарға, Қырандардың тұрағы ең; Өрмелеушi ем асығып, Сызат берген таңдарға Қарау үшiн мына мен; Ендi аяққа бас ұрып, Жатырсыңдар шашылып, Жылан жықпал аңғарда Қотырланып қынамен. Жылынады жыландар Жылжып келiп қасыңа. Құйын қанат қырандар Қонбайды ендi басыңа. Жақпар-жақпар тастар-ай, Күн мен желден сұраңдар – Өмiр деген осы ма?
АСТАРХАН ДОСЫМ Астархан көрсе мəз болып шалқалай кеп, Иықтан менi ұрып қалатын: – Əй, хал қалай, – деп, – Ауылды ұмытқан ақын?.. Шарт ете жаздап əзiлге Шақ қаламын, Бұртыңдап сосын клубқа беттеп, Мен ақталамын: – Ауылды ұмытқам жоқ! – деп. Сол Астарханды жерлеуге кеш қалғанмын, Жете алмай сарқылды төзiм, Жолай еске алғанмын, Аяулы марқұмның сөзiн. Досымды əлi өзiмше тiрi көрем, Сағынам қылықтарын да. Айтшы, мен шыныменен, Ауылды ұмытқаным ба? Рас, мен кейде өмiрдi думан етем, Əлемнiң үлкен қалаларында. Қалада туған екен, Ойласам – Балаларым да... Құстай ұшамын жоғалтып сабырымды, Қалаға пара-пар көрем, Кiшкентай ауылымды «Үлкен Қаратал» деген... Көктем де келдi, Астархан, анаң қара, Жатыр ғой шыбықтар көктеп... Ақталам саған ғана: – Ауылды ұмытқам жоқ! – деп.
АУЫЛ БАЛАСЫ Бауырға басып өскен дала шөбiн, Ауылдың қарасирақ баласы едiм. Аңқау ем ажырата бiлмейтұғын Адалдық – арамдықтың ара шегiн. Ойласам – өткен дəурен мақпал жұмақ: Топ еткем айдалада аттан құлап, Шымшығы шүпiрлеген ши iшiнде Жаяу қап, намыс буып жатқам жылап. Қой қырықтым, шалғы тарттым, ертек ұғып, Ешкiм де жiбермедi ерке қылып. Өстiм мен өзге тiлдi бiлмесем де От пенен судың тiлiн ерте бiлiп. Боз талдай бүршiк жардым бұл ауылда, Сан босап, сан ширықты бұрауым да. Сауырын тосты талай сайтан – өмiр Өрт мiнез, өрiм дене дырау ұлға. Мен бүгiн бiлдiрмейтiн аза-мұңын Қаланың қасаң тартқан қазағымын. Тап-таза қолдарды да қысып тұрып, Сəлемнiң сағынамын тазалығын. Ауылдың қарасирақ балалары У-шуға ұмтылады қаладағы. Күнi ертең олардың да жүрегiне Сағыныш соқпа дерт боп жамалады. Шалқалап шақырса да шапқан құрақ Жiбермес қала деген қақпан, бiрақ. Шымшығы шүпiрлеген ши iшiнде Шыға алмай қалсам едi аттан құлап!
- * Маңайда маңып мизамы Маужырап жатыр сары күз. Күзеуде, киiз үй жаны – Тiкенi толған кəрiқыз. Əуре боп əуес iсiмен Шырпып жүр кемпiр ши құрғақ. Бұлдырап бұлттың iшiмен Барады құстар қиқулап. Қарайды қырға қарт шығып, Көзiнде күздiң тамшысы. Қарайды күн сап мəрт жiгiт Қолында қысқа қамшысы. Емiс те емiс саздарың, Əуелеп ұшқан құстар-ау. Өте де шықты-ау жаздарың Қайтесiң, ғұмыр қысқалау... Қысқалау, бiрақ ғажап тым, Құстар-ау, соны бiлiңдер. Қыздары құсап қазақтың Төркiндеп келiп жүрiңдер! КЕСIЛГЕН АҒАШ Жапырақтары жайқалып тұрған, Нар ағаш едi найқалып тұрған. Аран тiс ара қыршынын қиып, Шатырлап құлап, шайқалып тынған.
Томырық түбiр, Кесiлген ағаш... Жантайды жердiң төсiнде оғаш. Жан тəсiлiм боп, жан берiп жатқан Адамдай сұлап, көсiлген қораш. Қымбаттай түсiп тiршiлiк-арман, Күңiренiп тұр күрсiнiп орман. Құлаған ағаш... Құстары үрiктi-ау, Ашылмай қанша бүршiгi қалған?.. «Тiрлiк бар ма екен құрбан болмай...» деп, Түнередi орман қиналғандай боп. Батып тұр мұңға ағаштар Достың Жаназасына жиналғандай боп. Орманның көрдiм жыр кеткен кезiн, Қапа мен қайғы, мұң жеткен кезiн. Ағаш екеш-ау ағашқа дейiн Əсерi тиген бұл неткен сезiм?!. Айдары шербек ала таң шығып, Қайғырады орман шара таусылып. Сезбеген ұлдай жетiм қалғанын Қалғиды қамсыз балапан шыбық... ТАБИҒАТТЫҢ ЖЕЙДЕСI Күнi кеше жайқалған өндiр емен, Жапырағы саржағал, селдiреген. Табиғаттың жейдесi тозып қапты Ауыстыра аларсың ендi немен?.. Алғаш түскен қарымен ақыраптың Ағарады самайы атыраптың.
Бесiгiне түскен соң топырақтың Басқа өмiрi басталар жапырақтың. Қыстың күнi бұл баудың төңiрегi Құстың жүнiн жұлғандай көрiнедi. Ұлпа қарға үп етiп жел үредi, Бұтақтан қар бұрқ етiп төгiледi... ...Қарағаштың желегi жасыл əлi, Сар жапырақ табанға басылады. Кей адамдар ақ шашын жұлып тастап, Кəрiлiгiн осылай жасырады! ҚОҢЫР ӨЛЕҢ Əлемде басқа бояу таусылған ба, – Қоп-қоңыр: Орман, дала, тау-шыңдар да. Шығарар оқтын-оқтын даусын қарға, Дегендей «Мен де келдiм, саусыңдар ма?» Күткендей жүргiншiсiн сабыр сақтап, Қойнауға сiңiп жатыр қоңыр соқпақ. Күңгiрт бұлт дүниенiң көгiн қаптап, Қалғандай күн тұншығып, Өмiр тоқтап. Əлемнiң əлпетiнде – Ой нышаны, Қорқа ма жамылудан қарлы шəлi? Дегендей «Бiрiңдi де тоңдырмаймын», – Дүниенi құшағына тау қысады.
Бүлкiлдеп күз тамыры – Момын бұлақ, Жалықпай жалғап жатыр жолын жырақ. Қыс түсiп, Қар баса ма, мұз қыса ма, Жырына кiрмейтiндей оның, бiрақ. Қыс келер, Боранымен басар, көмер, Қартайған кiсiдей ғой қашан да жер: Күнi ертең қор боларын сезе тұрып, Үн-түнсiз тiршiлiгiн жасай берер!.. БОТАНА СУ Ботана су ағады құлай барып, Жалғыз адам жағада тұр ойланып. Оның жаны бұлақпен ағайындас Ашуланса таситын лайланып. Жағада тұр Иiлген сұрақ-ғұмыр: Лайлаған кiм екен бұлақты бұл? Екеуiнiң алдында бүкiл əлем Мелшиедi айыпты сияқты бiр. Бұлақ жатыр бұрқырап сай көшiрiп, Адам кеттi. Барады ол қайда өшiгiп? Лайлап ап жүретiн тұндыра алмай Дүниенiң заңы осы əурешiлiк...
- * Сұрықсыз күздiң сұрғылт тұманы Сəтенiн жаймен жайды атырапқа. Сабақтан тамшы сырғып құлады, Сырт етiп тамып сар жапыраққа. Жан ұрлайтұғын барымташы ма ең, Зираттың мəңгi қаралы аспаны? ...Бiр адам барып Бар ынтасымен Табыттың бетiн қаға бастады. Бiркелкi шыққан балғаның үнi Жегiдей жейдi құлақ құрышын. Балғаның үнi Жалғады, мiне, Үзiлiп кеткен жүрек дыбысын. Көп досын сол жан көмген бе дедiм, Шегенi тiптi қаққаны бекем. Шаншыған не бұл? Кеудем бе менiң, Табыттың əлде қақпағы ма екен?.. ЖАПЫРАҚТАР ЖЫРЫ I. Жаз өтті Жаз өттi жас дəурендей жарқыл қағып, Қызықтан қайран шақта тартынбадық. Толқынға киiп-жарып қойып кеттiк, Тұрмадық əр нəрсенiң артын бағып. Жаз өттi көкiректi құлазытып, Тағдырдан көп ұтылдық, Бiраз ұтып.
Иненiң жасуынан уақыт сусып, Ұстаудың табылмады лажы түк. Жаз өттi – өкiнуге үлгермедiк – Шоқ шайнап, Мұз жаладық, Күнге өрледiк. Көкiрек суынған соң, дүниенiң Көзге ыстық тартатынын бiлген бе едiк?! Əр ұрпақ өз жазында сайрандамақ, Тұнжыр бақ, Тұрғаныңмен жайраңдап-ақ. Басқа үйде не күтерiн қайдан бiлсiн, Бiр үйден сыйлы аттанған қайран қонақ?!. Жаз өттi... II. Қараша. Соқпақ Қараша... Қыр астында – қыс ылаңы, Көкжиек көлбетуде құсын əлi. Қайыңдар қоштасуға қолын созып, Сап-сары саусақтарын ұсынады. Күмбезден көзiн салған Күн де ойланып, Тұрғандай албырт шағын қимай, налып. Шалғыны ұйпа-тұйпа бақ iшiнде, Жол жатыр ерсiл-қарсыл шимайланып. Соқпағын əркiм салар өз жөнiмен, Күнi ертең шөп басарын сезгенiмен. Көрiнер қонған бақыт қонбағандай, Оған да көнбiс жүрек төзгенi жөн.
Жас буын өздерiнше салар соқпақ, Тiрлiктен сыбағасын алар шақтап. Көз нұрын, Жүрек отын сөндiрместен Бiр ұрпақ бiр ұрпаққа қалар сақтап. Соныдан соқпақ салып тырбанасың, Берер деп таңдыр түбi бiр бағасын, – Қалды ма, Қалмады ма келешекке, Соңына жүрген адам бiр қарасын... III. Күн өрмегі Шомылдырып бұлттарды шұғылаға, Күн еңкейiп барады құбылаға. Батқан күн мен атқан оқ қайырылмасын, Қанағатсыз қу көңiл ұғына ма? Келедi де кетедi осылай күн, Өтерiнен өмiрдiң шошымаймын. Қысқа жiптiң күрмеуге келмесiне Көзiм жеткен Тағдырдан не сұраймын?! Өмiр басын иедi өрлеп барып, Жолығар жұрт бұлаққа шөлдеп талып. Кəусарына бiреулер тамсанады, Таңдайында бiреудiң кермек қалып. Татқандаймын кəусарын, Кермегiн де, Не жетпейдi ендеше өр көңiлге? Құбылада – Алтын Күн – өрмекшi тұр, Алтын торлы өзiнiң өрмегiнде.
IV. Не бердің? Күн жауды ақ сабаумен сабап келiп, Артынан аспан шықты садақ керiп. Жаздағы бар қызықтың төлеуiне, Тоғай тұр алтындарын санап берiп. Аз берiп, көп алады тағдыр дəйiм, Өтерсiң өте шыққан жаңбырдайын. Сезбейсiң жауырыныңның жер қапқанын, Деп жүрiп алысқанға алдырмайын. Жастықта қанша мəрте қыбың қанды, Салмадың қанша азапқа шыбын жанды?! Төккен тер, Көз майыңның құны қанша, Құр босқа қанша қайрат шығындалды?! Безбеңдеп бар тiрлiгiн пенделердiң Өзгермес өз заңымен дөңгелер Күн. Жаздағы бар қызықтың төлеуiне, Бақ бердi жапырағын, Сен не бердiң? V. Таңғы шық Күрсiнбешi тiршiлiктi қысқа деп, Келешекке бiзден қалар нұсқа көп. Өмiр-бақи өзiңдi-өзiң сомдап бақ, Қапы қалсаң қайта соғар ұста жоқ – Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп. «Үмiтсiз жан – шайтан» дейдi қазақта. Күйреуiктер күйе берсiн тозақта. Аз тiрлiкте ақиқатқа тiк қарап, Пендешiлiк, пасықтықты мазақта. Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп.
Шөп түбiне шуақ түссе сыналап, Шымшық көздi шық қарайды сығалап. Қойшы, қалқам, саруайымға салынба Кəусар шықпен кiрпiгiңдi шылап ап, Құр күрсiнбе қайран ғұмыр қысқа деп. Мөлт-мөлт етiп тұрады да азырақ, Кебедi шық, кетедi ұшып қазiр-ақ. Семедi шөп ажарынан ажырап, Қайта өнедi қыс өткен соң азынап, Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп. Мөлт-мөлт еткен мөлдiрлiктi көргенде – Жер боласың жандар үшiн көр кеуде. Таңғы шықтың тағдырымен мөлдiреп, Ылайланбай өткен жанда арман не?.. Күрсiнбешi қайран ғұмыр қысқа деп... VI. Өртенген жапырақтар Буалдыр будай түтiн буып бақты, Желкек жел сейiлтпек боп қуып бақты. Қызусыз қу жапырақ қоздап жанып, Бұрқырап бықсуға да жуықтапты. Барады бұлдыр түтiн бақты аралап, Ағаштар ойланады отқа қарап. Жауыз от жапырағын жалмап жатыр, Жыл сайын жалмаса да жоқ қанағат... Сарғайған сар жапырақ – өткен күнiң, Үзедi уақыт жасап өктемдiгiн. Аспанға ағаш құсап талпынасың, Уыстап қалмақ болып көктем нұрын. Қаласа – алдына сап елпектетер, Дей алман тағдыр күшiн «ертек, бекер».
Жиып ап жапырағыңды ол Күзiң жетсе От қойып өзегiңдi өртеп кетер!.. Естимiсiң, Прометей?! VII. Өмірді сүю Жылуын жасыл жаздың iздедiм мен, Кешегi көктем қайда күзге күлген? Өмiрден өзге түктi мойындамай Ойпырмау, өтемiз бе бiз де өмiрден? Осыған – Қайта көктер ағаш емен – Несiне таңырқадым балаша мен? Шiркiн, дем – Бiрден бiрге ауыспай ма, Секiлдi сазы сырлы тамаша өлең. Күрмеуге келсе болды қысқа жiбiм, Кəдесiз кетпес деймiн күш, танымым. Кiрермiн Төстiк құсап кiрсем жерге, Тiсiнен Сорқұдықтың мыстанының. Жұрт айтса: «Өлмейдi, – деп, – адам жаны», Қашанда майдай жағар маған дағы. Талқыдан тастай қатқан тұлғаң, бiрақ, Сұмдық қой судай сiңiп жоғалғаны. Дегенге: «Бар зат ешбiр жоғалмайды», – Емексiп күптi көңiл алаңдайды. Тумайды-ау мендей ақын, Туса дағы Бəрiбiр мендей ғашық бола алмайды!..
БҰРЫШҚА ТҰР! Көтере алмай келеңсiз еркелiгiн, Жазалады əкесi тентек ұлын: – Тұр бұрышқа! – ақырды ашуланып, Батырындай бағзы бiр ертегiнiң. Қорыққанынан бұрышқа тұрды бала, Құйттай болып дөң-айбат түрдi қара: Анда-санда иығы селк-селк етiп, Пырсылдайды əредiк мұрны ғана. Əр бөлмеде – төрт бұрыш, орайы кеп Тұрып шыққан тентек бұл талай рет. Ол ойлайды: «Бұрышқа тұрмас ем-ау, Тусам егер үй-күйсiз жабайы боп...» Осы бала бұрышты жек көредi, Осы бала бұрышқа кектенедi. Анасына кей күнi, «Мен өскенде, Бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келедi. Сол тентекке жанымның қошы келген, Еркелiгiн мен болсам кешiрер ме ем? Шiркiн, оның бабасы бақытты ғой, Бұрышы жоқ үйлерде өсiп-өнген!.. Екінші бөлім ЖҮРЕК ПЕН ЖҮЙКЕ
- * Түңiлмеңдер ақыннан Дыр-думан қуып кеттi деп. Жүрегi тойға шақырған Көкiрегiн оның тепкiлеп. Ақынды жiбер еркiне, Тепсiнiп жырын оқысын. Өртесiн өлең өртiмен Дүниенiң күллi қоқысын. Сөз берме, мейлi сен оған Қызынса шыдап ол тұрмас. Шалқыса да асып шамадан Шабыты əсте сарқылмас. Кейiстi мiнез көрсетпе, Жырына қол соқ, со жетер. Сəбидей жүрген емшекте Ақын да қолпаш дəметер. МҰХИТ. ГОЛЬФСТРИМ АҒЫСЫ Демалысқа барғанда жазда менi, Сөзбен əкем сiлейте жаздап едi: – Хат жазуға қырсығы тиер болса, Қалқам, қор боп құр өлең жазба! – дедi. Бұрын болса аңқылдап, жеңiл тартып, Беретұғын көңiлдiң көлiн сарқып. Толқынындай мұхиттың ауыр сезiм Өтедi ендi сəт сайын өңiн шарпып. Өмiр жүгiн көтере иық талып, Қол бұлғай ма кəрiлiк жуық қалып.
Үлкен ұлы қайтқалы дүниеден Жүрер болды тұнжырап, тұйықталып. Ақ қырауы шашының қалыңдаған, Қабағынан қара бұлт арылмаған. Мұзды мұхит секiлдi өңi суық Бiр кездегi ақ жарқын, жалынды адам. Жалғыз ғана, Туғанда немересi Қабақ ашты-ау кеңiп бiр керегесi. Бiрте-бiрте жүзiне жылу кiрдi, Жылы ағыс бар мұхитта деген осы!.. ЖҰМБАҚ АЙТЫҢЫЗДАР... Жұмбақ айтыңыздар, шешейiк, Жұмбақсыз ғұмыр кешейiк. Дүние сырын барлаумен Келе жатырмыз ғой есейiп. Қиындық келiп бетпе-бет, Тағдырға жүрсек өкпелеп. Өзгеге кiнə артамыз, Өзiмiз қалып шеткерек. Бiреудi бiреу ұғынса, Көңiлдiң кiрi жуылса, Бұйығып жүрген жүректер Бiрiнен-бiрi жылынса. Жауапсыз сұрақ қалар ма, Дүние жұмбақталар ма? Бiреудiң асыл сезiмi, Бiреуге жұмбақ болар ма?
ВОРСКЛА ӨЗЕНI Назданған Ворскла1 қыз қылықты, Тұлпарын патша сенде жүздiрiптi. Жағаңа мен де келдiм, патша емеспiн, Адаммын одан гөрi iзгiлiктi. Жағаңа келiп тұрмын ертеменен, Əсем бiр су екенсiң еркелеген. Қосылып толқыныңа кетер ме екен Кеудемнен ағып шығып көркем өлең. Көңiлi жауды қуып тоғайғасын, Жоғалтып айдыныңа қол айнасын, Атапты ұлы Петр «ұры өзен» деп, Су айна ұрламайды, соны ойласын! Сен менен «ұры» деген ат алмассың, Көңiлiм толқыныңмен сапарлассын. Түбiңе тастайыншы өз айнамды, Патшаның айнасымен қатар жатсын! КӨШПЕНДIЛIК Ұнатпаймыз бұлттардың қаңғырғанын, Жақсы көрiп тұрсақ та жаңбырларын. Баяғыда Пушкин мен Лермонтов, Ұқсатыпты бұлттарға тағдырларын. Лермонтов, Пушкинбiз шетiмiзден, Аулақ бұрсын ол тағдыр бетiн бiзден. Бiр заманда бабам да қаңбаққа ұқсап Жел соққанда көшiптi не түрлi iзбен. Отырықшы ел болдық десек тағы, Ойға келер мынадай есеп бары: 1 Полтавадағы өзен аты, «айна ұрысы» деген мағына береді.
Күндi айналып зулаған Жермен бiрге Көшiп жүр ғой бiз жатқан төсек тағы. «Ораламыз, сау тұр!» деп жер-құрсаққа Ғарышқа да барармыз тағдыр тартса. Көшпендiнiң көкесi өзiмiз ғой Бұлттарды да кезбе деп жазғырсақ та. Қолшатырдың қажетi не, қозғама, Көк нөсерге көмiлейiк аз ғана. Сен едiң ғой жаңбыр жауса мəз бола, Жалаңаяқ жүгiретiн бозбала. Бүгiн көктiң рақымы түсiп тұр, Күзелген тал көктем нұрын iшiп тұр. Жадыңда ма, жайлаудағы терекке Жаңбыр жауса қорғалайтын күшiк бiр. Күшiгiңе күле қарап алыстан, Сен едiң ғой тамшылармен жарысқан. Жүгiргенде жаңбыр жуып жүзiңдi, Алғаш саған ақындық дерт жабысқан. Қолшатырға қол салмашы, тоқталшы, Алақан тос, қонақтасын көк тамшы. Тамшы деген – сенiң сəби бейнеңдi Мəңгi өзiнiң жанарында сақтаушы. Ұмытылам ба мен ертең, Ұмытылудан қорқамын. Семсердей қында көнерсем Мұңымды кiмге артамын?
Iлуде батқан бiр кештiң Жұтатын шығар менi өртi. Сонан соң ғұмыр сүрмеспiн, Төбемнен мəңгi төнер түн. Ұмытылам ба сонда мен, Есiне менi кiм алар? Ағар ма iздеп арнамен, Мен көзiн ашқан тұмалар? Бiр кезде ұстап даламда, Бостандық берген көбелек, Есiне менi алар ма, Қоя бердi екен неге деп? Мен үзбей кеткен бiр тал гүл Үзсе деп менi iздер ме? Мен мiнбей кеткен тұлпар бiр, Мiнсе деп менi iздер ме? Ұмытылам ба мен ертең?.. ЖЫРМЕН ҚОШТАСУ (Мұқағали ағаға) I Кеудемде күркiреген Қаршадайдан құдiретiм, Шiркiн өлең, есiл өлең, Досым өлең, Қош, Қош... Тiршiлiк көшiменен Кетiп барам, Қасымнан өтiп маған Кезек келдi.
Аз өкпемдi сен ғана көтере алдың, Досым өлең, есiл өлең, Жеке қалдым, Не ете алармын, – деп бiрақ қамығамын несiне мен? Ақтығым, адалдығым, Аян ғой саған, жырым. Санаулы күн, өлшеулi өмiрiммен Мен елiмнiң тiлеймiн амандығын. Түнеруде тағдырым, түнеруде Келешек күнге асығып, Мұң жасырып шабытты жүрегiнде Ұлы елiнде Жүретiн асқақ ақын Бас имей жатыр ендi бұл өлiмге. Бағытым – Барсакелмес, Бақытым – туған елiм, Шабытқа мұрша бермес Ақын боп туған едiм, Думан едiм, ер едiм оралымда, Шалқыта төккен едiм, Шарқ ұрып кеткен едiң Қайырылып маған бiр қарадың ба? Жоқ, қарамадың. Досым өлең, есiл өлең, Көңiлдердiң күмбезiн араладың, Жiгерлiнiң төзiмiн тағаладың, Жасықтардың жүрегiн жараладың, Ешкiмнiң де табанын жаламадың! Қош, Қош, Қош, Уа, жаңбырлы көктем-өлең, Ризамын, өкпелемен, өкпелемен. Мен сенi əкете алман өзiмменен Көпшiлiктен алғанмын, көпке берем!
II Сенбеймiн ақын аға өттi деуге! Сөне ме найзағайлы отты кеуде?! Көз алдым мөлдiрейдi, мөлтiлдейдi, Самал жел көздiң жасын кептiрер ме? Шынымен жыр күймесi доғарылып, Зор тұлға зерделерден бола ма ұмыт? Күмбiрлi күйсандықтай көкiректiң Тiлдерiн құрсаулай ма қара құлып? Сыйды ғой бүкiл əлем кеудесiне, Сыймады бұл əлемге ол несiне? Қаламын кiмге тастап кеттi екен Жеткiз деп жыр бəйгенiң көмбесiне?!. 1976 жыл * Құла түздiң қаңбағы Қайырылып артқа қарамас. Адамның қаңбақ болмағы Жарамас... жарамас... Қиық салсам артқыға, Көшкендейiн көп жалған: Желдi күнi жондардан Қаңбақ қуып алданған. Тастан тамыр iздеген Аңқау күннен не қалды? Қаңбақ қуып бiзбенен Қыр асты да жоғалды.
Баяғыдай бiз бармыз: Жоғалған жоқ жырымыз. Бiреулерге ызғармыз, Бiреулерге жылымыз. Дүние, қызық қуалап, Қанша жерге барыстық. Удан қашып, бал iштiк, Ойхой, дəурен, бəрi ыстық! * «Там человек сгорел» А. Фет Бiр адам өттi өмiрден, Бiр үмiт сөндi көңiлден. Бiр жұлдыз ақты көгiмнен, Кеуденi қайғы кемiрген. Бiр ағыс солай тоқтады, Сөндi бiр өмiр шақпағы. Маңдайы тасқа тiрелiп Өштi бiр ғұмыр соқпағы. Базарын бастан өткерген Бiр сапар солай шектелген. Қабiрiн оның жапты кеп Үзiлген гүлдер бөктерден. Тамшыдай бұлттан ыршыған Жалғыз-ақ жүрек тыншыған. Бiрақ сол жалғыз жүректе – Кеттi ғой талай сыршыл əн.
Тыншыған жүрек... Оны əлi Жоқтайды жұрты қаралы. Осы бiр отты дəптердiң Оқылмай қалды-ау парағы. Айтылмай кеттi көп арман, Айта алмас оны көк орман. Құлпытас та оны айта алмас Қаралы гүлге оранған... Айтылмай кеттi көп арман... АЛЬПИНИСТЕР Аспанында Алтайдың күн дөңгелеп, Альпинистер барады шыңға өрмелеп. Жалаң қия, Жақпар тас жап-жалаңаш, Алмағайып бередi кiмдер көмек? Тiк шаншылған найза шың, Құлама құз – Шыбын таяр шыңылтыр! Сұрамаңыз!.. Қылдырықтай арқанды саумалаған Жүрек жұтқан жандар-ау, сiрə, нағыз?! Жастық қуат, Лаулаған қайрат бойда Қылға iлiнген тағдырын ойлатпай ма? Кəрi қойшы қасымда күңкiлдейдi: «Ерiккендер! Одан да қой бақпай ма?» Шыңға шыққан жандарға құмартам да, Тiс жармаймын, Кəрiге кiнə артам ба?!
Альпинистер биiкке тырмысады, Қосақталып барлығы бiр арқанға. Табан тiрер тас тауып тақыр шыңнан, Тарландар-ай, Өтуде батыл сыннан. Үрейi ұшып қарайды жоғарыға, Төмендегi талайлар батырсынған. Шалқайғанда бөркi ұшып басындағы, Күңкiлдейдi қарт əлi қасымдағы: «Шың басына шыққаннан не табады, Тығып қойған бар ма екен асылдары?» Болмаған соң еш пайда түсiрерлiк, Түсiнбейдi жай затты түсiнерлiк: Пайдасының бар-жоғын тексермей-ақ Шыңға шық деп берiлген кiсiге ерлiк! Мөлдiр көкте тұрғанда күн дөңгелеп Ешбiр пенде қала алмас бiзден бөлек, Тағдыр атты арқанға қосақталып, Бiз шығатын бiр шың бар бiрге өрмелеп... ЖЫЛДАМДЫҚ НЕМЕСЕ МОТОЦИКЛ МIНГЕН ЕКЕУ Үш аяқ мотоциклдiң Көсiгiнде бала отыр, Бесiгiнде шал отыр. Тiзгiндегi ұлы мəз, Шалдың шыбын жаны отыр. Мотоцикл зулайды, Жел құлақта шулайды.
Долы желдiң екпiнi Шалдың көзiн сулайды. – Өлтiремiсiң, апыр-рым, Ақырын жүр, ақырын! – Ақырын жүрiп келемiз, Жылдамдық – жүз-ақ шақырым! Бала газды басады, Шал шошынып сасады. Дөңгелектiң астынан Жол зымырап қашады. – Жындандың ба, немене, Жай жүр, өлгiң келе ме? Бала күлер қарқылдап, Шал қушияр қалтылдап... Жас кезiнде жүйрiкпен, Қасқыр қуып шүйлiккен, Желден озған мына атай, Үрейлендi-ау, ұят-ай! Жас көңiлдi тасытқан, Қарт көңiлдi жасытқан Жылдамдықтың қуаты-ай!.. ТҮСIМДЕ БАЛА БОЛЫППЫН Түсiме бүгiн кiрдi ауыл, Түсiмде жүрдiм бала боп. Басымда ой жоқ зiлмауыр Жанымда мұң жоқ, нала жоқ. Пəтерден көшкен пəтерге – Пендесi емес қаланың, Тойынған бал мен шекерге Еркесi екем даланың.
Емшектен шыққан балама, Жүргем жоқ тiптi сүт те iздеп. Кiлегей тартқан анама Тұр екем деймiн «жұтқыз» деп. Түсiмде қудым көбелек, Қиналып шабыт қумадым. «Ақынмын мен, – деп, – керемет!..» Ешкiмге кiтап жумадым. Балалық деген осы да, Ойнаймын, ой да бақпаймын. Көп iшiп кеткен досыма Күйiнiп ұрсып жатпаймын. Жылғада жүзер қайығым, Жағада жортам бүлкiлдеп. Тергемес менi зайыбым: «Түнiмен қайда жүрдiң?..» деп. Баламын, мiне, түсiмде, Ысқырып айтам өлеңдi. Бiлмеймiн тiптi, iсiм не, Қасiрет, қайғы дегендi. Шiркiн-ай, қандай ғажайып, Балаға қайта айналу. Санаңнан салмақ азайып, Алаңсыз көңiл жайлану. Саяхат жасап оралдым, Балалық деген жұмаққа. Жатырмын келмей оянғым, Ояну қажет, бiрақ та!..
ТАЯҚ САТЫП ƏПЕРШI Қасына əкем шақырып бүгiн менi, Қалың ойын үркiтiп түрiндегi: – Буын қақсап, Аяғым бастырмай жүр, Таяқ сатып əпершi, ұлым, – дедi. От пен суды көп кешкен майдангердi, Қайырлатқан кəрiлiк қайдан келдi? Еуропаны жаяу-ақ кезген сарбаз Ыңылдайды ерiксiз «əудем жердi». Есiме алып сонда мен өтемеген Парызымды Əкеме мəпелеген, Бала күнгi өзiмдi елестеттiм: – Ойыншық сатып əпершi, əке, – деген. РОЯЛЬ Қандай мынау рояль мөлдiр едi? Қара түннiң бояуын төндiредi. Қақпағы ашық. Қаптаған клавишке Қалың ойда пианист телмiредi. Басқанында бұл күйшi клавиштi, Тыңдаған жан зəмзəмнан бұлақ iштi. Саз шалқитын сиқырлы саусақтардан Лəззаты пейiштiң рəуiштi. Клавиштер Бiрi – ақ, Бiрi – қара, Бiрi – шаттық, Бiрi – ой, Бiрi – нала.
Бейне бұған тұрғандай «еркелет» деп, Секiлденiп рояль тiрi бала. Ақ пен қара тiлдерi клавиштiң Самайына ұқсайды пианистiң: Қарашаны көп көрген қара орманның Қылаңытып басқандай қырау үстiн. Қара мен ақ қалайша жарасады? Жамылғандай аппақ қыз қара шəлi. Тiл қатады күйшiге қарсы алдынан Махаббатқа өртенген бала шағы. Өз-өзiнен күйсандық күмбiрлейдi, Қайғысынан кiсiнiң дым бiлмейдi. «Жас едi ғой күйшiмiз, өрт едi ғой, Қырау басқан самайын бұл кiм?» – дейдi. Күн нұрындай күй саулап тұнық көктен Арқа қозып, күйшiден ырық кеткен. Əттең, дүние-ай, шалқып бiр ойнар едi-ау, Зұлым соғыс бiр қолын жұлып кеткен!.. Қарсы алдынан өрбiген ноталары, Оқиды да жүрегi от алады. Теңiздейiн толқыған асау сазды, Көзбен көрiп, Көңiлмен қотарады. Алай-дүлей күй кернеп көмекейiн, Алмақ болып, өмiрден көп өтеуiн. Клавишке шабытпен төндi күйшi, Кеттi ұмытып қолының жоқ екенiн?!.
ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ПОРТРЕТ Өзiн-өзi ұнатпайтын бiр адам Өзiн-өзi iштей мiнеп, сынаған. Жардың түбiн үңгiп жатқан толқындай Жегi сезiм жолдас болып жүр оған. Бiрi шалып, Бiрi демеп – құласа, Iшiнде оның қос толқын жүр ұласа. Өзiн-өзi сынағанда серпiлiп, Шамданады ол басқа бiреу сынаса. Iшiнде оның қос сезiм бар арбасқан, Бiр-бiрiнiң жағасына жармасқан. Кейбiр шақта ұқсатады ол өзiн Жап-жасыл жас самырсынға қар басқан. Шөп жұлып ап тротуар жiгiнен, Иiскеп кейде көз iлмейдi түнiмен. «Аңсар болсаң ауылыңа қайт...» – дейдi Жақын бiр үн жүрегiнiң түбiнен. «Қала жақсы, қайтпа, – дейдi басқа үн, – Сен жыр үшiн ауылыңды тастадың». Қос кеменiң құйрығынан ұстап ап Ол жүзгендей тiршiлiкте қас-қағым. Құштарлана, қуана да бiледi, Нəп-нəзiк те, қатал оның жүрегi. Абайсызда айтпас сөздi айтып қап, Өз арынан жаза тартып жүредi. Қаршадайдан қатыспаған аз бəйгi, Iлуде озып, көбiне-көп озбайды. Сəл мақталса өзiне-өзi ырза боп, Өз бетiнен өзi сүйе жаздайды.
Қашқан кiм бұл басталмастан төбелес, Сасқан кiм бұл асқынбастан ерегес... «Сол – өзiңсiң!..» – дейдi маған бiр дауыс, Басқа дауыс дейдi маған: «Сен емес!..» ЖЫР ҮШIН (Iшкi диалог) «Жыр үшiн, Жыр үшiн мен жаратылғам, Жанарым Парнас жаққа қаратылған. Iлияс, Қасымдардың қалқасынан Көрiнбес көген көзге дара тұлғам, Бəрiбiр, жыр үшiн мен жаратылғам. Келмеппiн бұл өмiрге шайқау үшiн, Келiппiн сұлулықты байқау үшiн. Əзiрге ештеңем жоқ мақтанарлық. Жұртымды жарылқапты қай табысым?.. Бəрiбiр, менi ақын деп айтары шын...» «Аптықпа, Сап-сап, ақын, демiңдi бас, Ғұмырың жыр жолына берiлдi рас. Кəрiге зейнет құрлы жəрдемi жоқ, Сөздерiң кiмге дауа сенiң құлаш? Аптықпа, Сап-сап, ақын, демiңдi бас. Құрғақ сөз – кiлем емес – төсегенiң, Бiреуге пайдалы ма осы өлеңiң?..» «Жырыма тағдырымды тапсырғанмын, Өлеңiм өлсе өзiм де қоса өлемiн. Жығылдым жазғанына пешененiң!..»
«Алдыңда көп қой əлi ашар кенiң, Ақын-ау, жығылатын нашар ма едiң? Алайда кеспе жолын, Озар болса, Өзiңнен əлдеқайда жас əлдекiм, Жүйрiктiң жолын кесер нашар ма едiң?.. Қаймағын сезiмiңнiң сүз дегендей, Шөлiркеп жырларыңа тұз жегендей. Жырыңды жұртың iздеп жүрсе деймiн, Дефицит дəрiлердi iздегендей!» ...Басқа арман болар едi бiзде нендей?!. КАРДИОГРАММА Жаспын ғой əлi, жүрегiм неге ауырды? Ақсақалдардай арқалағам жоқ ауырды. Жаспын ғой əлi, жанымның өртi лаулаған, Қуантар шағым осы ғой менiң қауымды. Жүрегiм неге, жүрегiм неге ауырды?.. Беймаза басты тауға да ұрдым, тасқа да, Өзiмше болдым ұқсамасам деп басқаға. Ағаларым мен құрбыларыма еркелеп, Ақсақалдарға имене бардым жасқана. Ақын деп менi таныды асқақ астана. Болаттай берiк төзiмiм бар деп жүр едiм, Бүк түстiм неге, Сыр бердi неге жүрегiм? Лермонтовтың жасына жаңа жеттiм ғой, Мартыновым жоқ, Жоқ жəне шыққан дуэлiм, Шаншиды неге, шымшиды неге жүрегiм? Жаспын ғой əлi, Жаспын ғой, мiне, қарашы,
Заманым осы, Жанымның қайсы жарасы? Ақын деп бiздi ауырға салмай əуектеп, Əуейi болып əлсiрегем-ау шамасы, Ауырушы ма едi, əйтпесе ауыл баласы?.. Таныс боп жастай толайым ыстық, суықпен, Жүрмiн бе мүлдем мазасыз ғұмыр сүрiп мен? Қайраткерлердей халықтың қамын ойлаған Мемлекеттiк келiссөздерден шығып па ем? Ауырды неге, ауырды неге жүрегiм?.. АҚ ТЫШҚАНДАР Аткөпiр жем, Ағыл-тегiл су дағы, Ақ тышқандар, ай-хай, аунап-қунады. Мұнша бақыт бiтпеп едi туғалы, Басталды-ау бiр бейбақтардың думаны. Бейне бейiш – Питомниктiң iшiнде, (Көрдi дейсiң қайбiр тышқан түсiнде?) Қауiптi емес, мысық түгiл, кiсiң де, – Қарайды Адам қайырымды пiшiнде. Тышқандардың тiрлiгiне тəнтi боп, Қамқоршысы қасында жүр сан түнеп. Əр таң сайын ақпар жазар алты бет: «Жағдайлары жақсы бүгiн, жалпы» деп. Күллi тышқан қоңданыпты уайым жоқ, Кiсi көрсе құнжыңдайды қайыл боп. Қамқоршысы байқады да жəйiн кеп, Түртiп алды: «Тəжiрибеге дайын!» деп.
Тəжiрибе... Əлекедей жаланып Қамқоршылар қарнын жарды қан алып. Жатты артынша жер жүзiне таралып Сан тышқанның басын жұтқан жаңалық. Сезбесе де қанша ғұмыр сүрерiн, Жатты тышқан, Тiрлiк түбi – бiр өлiм. Операция столында Бiлерiм – Ойнап өлдi ол адамзаттың рөлiн. АБАЙҒА Бiр сезiм бұған дейiн арбаспаған, Қолыма алдырғанда алғаш қалам, Жырыма тырнақалды қуанғанмын Колумбтай құрлықты ашқан жан баспаған. Əр сөзi меруерттен соғылатын, Өзiмдi сезiнгенмiн «ең ұлы ақын». Сол бiр кез енжар ғана тыңдаушы едiм Эфирден естiлгенде сенiң атың. Буына балқып кетiп жас арманның, Классиктер тобына «қосарландым». Əдейi əдебиет сабағында Жырыңды жаттамай кеп екi алғанмын. Əлi ешбiр қырбық мұртым қырылмаған Кезiмде қызға тұңғыш қырындаған. «Мен үшiн Абайдайын ақынсың» деп, Тоғжан қыз құшағымда сыбырлаған. Жетелеп астанаға шiркiн арман, Өлең-жыр жүрегiмнiң ырқын алған.
Төрiнен Алматының сенi көрiп, Асқақтап былай деп те жыр шығарғам: «Ассалаумағалейкүм, Абай баба, Тұрсың сен тiзе бүкпей қалай ғана?.. «Сандуғаштай сайраған сотқар кiм?..» деп Сықпытыма сұқтанып шам ойлама. Мен сенiң құдiретiңдi өзiмше ұғам, Аз менде сендегi мол төзiм-шыдам. Тiрiлiп тұғырыңнан сəлемiмдi ал, Əйтпесе, сол тұғырға өзiм шығам»... Ақымақ, мас көңiлдiң тойынғаны-ай, Сонда да тұрдым сенi мойындамай. (Сол сəтте маған тисе обал жоқ-ау, Содырдан саған тиген сойыл, баба-ай). Мың есе биiк тұрған пақырлықтан Көрмеппiн құдiретiңдi соқырлықтан. Қазiр мен құлдық ұрған шəкiртiңмiн Өзiңнiң өлеңiңнiң отын жұтқан. Өмiрдi күрес емес, сайран көрген Сыздайды кейбiреуге қайран кеудем. Төрiнде өзiң тұрған Алматыға Осы бiр Көжекбайлар қайдан келген? АУЫЛ МЕН ҚАЛА Ауылдың бəрiн ертең бiз Айналдырамыз қалаға. Қора-қопсыны өртермiз, Ескiнi құртпай бола ма?!. Қалалық болып төрт түлiк, Зауытта баптап бағылар.
Түсiне жайлау, шөп кiрiп, Малшысын, мүмкiн, сағынар. Адам ше... Адам берiк қой, Ауылды қайтсін сағынып? Техникаға жерiк қой Сонымен жүрер сабылып. Киiз үй көрсек музейде Аспаннан түсе қалғансып: «Тұрды-ау деп сондай үйлерде, Айтар ма екенбiз мардамсып. Бiр кезде бiреу Əрең деп Архивке көп жыл қадалып, «Болыпты қымыз деген» деп, Ашатын шығар жаңалық. Ол кезде, бəлкiм, айналар Жер-көктiң бəрi қалаға. Кейбiреу, мүмкiн, ойланар Кездесiп жұпар далаға. Қыр желi сүйiп бетiнен Айтар ол келiп қауымға. «Қаланы ендi шетiнен Айналдырсақ, – деп, – ауылға!..» БАҚ IШIНДЕГI ҮЙ Шатыры қалқиған, Ескi үй тұр жалпиған бақ iшiнде. Қызығы, шыжығы, Қызыры, қызуы – бəрi iшiнде.
Шалқитын, тасатын, Шабытты жас ақын – үй иесi, Қоңырқай айлығы, Жоқ жəне байлығы, дүниесi. Осы үйде жалға алған Аумай ол хандардан алшаңдайды. Бөгденiң күйiне, Сарайдай үйiңе тамсанбайды. Қалаға көштi ендi Кешегi көшпендi қыр қазағы. Шабыты – арғымақ, Əлемдi алдына ап жыр жазады. Əйнектен төнедi, Ай нұрын төгедi өлеңiне. Сол сəтте қас-қағым, Ақынға басқаның керегi не?.. Асқақ бiр күйге енер, Əлемдi билеген патшадайын. (Ханшасы төсекте, Жыр жолын есептер – ақша – уайым...) Тоғаяр көңiлi «Жаздым, – деп, – ең ұлы поэманы».
Таңертең – ұлы емес, Патша емес, түк емес – оянады. Ендiгi iс «патшаға» – Апару бақшаға жас баласын. Соңында қалқиып, Қалады жалпиып баспанасы... ЖЕР МЕН АДАМ Келдi өмiрге жас бала, Қадам басты жасқана, – Тəй-тəй, – дедi Жер-Ана. Есейдi де шарқ ұрды, Ғашық отқа шарпылды, – Пай-пай! – дедi Жер-Ана. Жiгiт болды, жар сүйдi, Қызық көрдi əрқилы, – Ой-хой! – дедi Жер-Ана. Көрдi сосын соғысты, Қасымен қан төгiстi, – Қой! Қой! – дедi Жер-Ана. Кен қопарды, жер жыртты, Жарылқады ел-жұртты, – Балам! – дедi Жер-Ана. Канал тартып, тырбанды, Баққа орады қырларды, – Панам! – дедi Жер-Ана.
– Қазынамды, нəрiмдi Байлығымды, барымды, Сен ал, – дедi Жер-Ана. Дəуренi өттi, қартайды, Буынынан əл тайды, – Демал! – дедi Жер-Ана. «ЭЛЛАДА » ТОПТАМАСЫНАН ЕКІ ӨЛЕҢ ЗЕВСТІҢ ТОЙЫ НЕМЕСЕ ТҮНГІ ТЕҢЕУЛЕР Аспанның қиғаш қасындай, Дидарын бұлтқа жасырды Ай. Шашырап жатыр жұлдыздар, Терiлмей қалған шашудай. Жайнап тұр аспан моншақтай, Жұлдыздар – күмiс бауырсақтай. Теректер – соны терсем деп, Созылып тұрған саусақтай. «Жатыр, – деп – тойға жұрт келмей», Құс жолы сырын iрiккендей. Аспанды ақ бұлт сүртедi Айнаның жүзiн сүрткендей. ...Көктегi тойға бар əлем Қамданып жатыр Қарап ем... Шақырса Зевс Мен дағы Осы бiр тойға барар ем!
ҚАЖИ ҰСТА Қажи едi бiздiң ауыл ұстасы, (Жас жағынан осы ғасыр тұстасы). Тұрушы едi күмпiлдетiп көрiгiн, Бiр қолында балғасы, не қысқашы. Қашан көрсең қара терге малшынып, Көрiгiнен қара түтiн, шаң шығып, Қара төстi соғушы едi құлаштап, Қарымынан қара темiр жаншылып. Батпан балға жер сiлкiнте гүрсiлдеп, Басқан сайын балуан көрiк күрсiнбек. Жататұғын ұстахана сол шақта, Жер жүрегi секiлденiп дүрсiлдеп. Зiл түрендi зiркiлдетiп соққанда, Қызығушы ек шашыраған шоқтарға. Көрiнетiн құдiреттi Гефестей Қажи ұста қайраттанған шақтарда. Гефесiң не? Алыптан да отты адам, Ол өткенде бүкiл өңiр жоқтаған... Гефест құсап Прометейдей досына Ешқашан ол қанды кiсен соқпаған! АҚЫРАПТАҒЫ ЖАПЫРАҚ Ақырап келдi ақырып, Бақсыдай жынын шақырып. Жапырақ – тiлiн Ағаштың Ұшырды көкке сапырып.
Жұлынған тiлi жас шынар, Мылқаулыққа да бастығар. Бастығар, Iштен тас тынар, Қабығын, бəлкiм, жас шылар? Жұлқынып тұрған жүйрiк тiл, Жұлындың, Желмен құйғыт бiр! Сөйлейтiн кезде судырлап, Мылқау боп қалған тiрлiк бұл. Жезтаңдай құстай сайраған, Араша түсер қайда Адам? Орнында ма деп өз тiлiм Отырмын қарап айнадан... Аққұла болды атырап, Алқынба ендi, Ақырап. Жалғанның жоғын жоқтар ма, Аузымда қалған жапырақ?! ҚАСҚЫР МIНЕЗ «Бөрiлi менiң байрағым...» Сүйiнбай Қақпанға түскен қасқыр қапы қалып, Шайнады өз аяғын жатып алып. Кеудесiн қара түннiң күйдiредi Күйiнген көздерiнiң оты жанып. Қасарған қақпанды да қауып көрiп, Ырылдап, қанды езуден ағып көбiк, Ызадан қалш-қалш етiп тың тыңдады Қайырымсыз қара түннен қауiптенiп.
Аңысын аңдығандай жорта қашып, Шырқауда жұлдыздар жүр анталасып, Қанжардай азулары қарш-қарш еттi Қайрансыз қайран арлан жанталасып. Қиылған тамырлардан қан шұбырып, Қиналды тағдырының нарқын ұғып. Қасқырдың намысымен жан ұшырды Тұрғандай құлағында қаншық ұлып. Қарамай қан қақсаған жарасына Аяғын шайнап үздi аласұра. Өз қолын өзi кесер сол мiнездi Адамның берер ме едi баласына! ОТЫЗҒА КЕЛДIК От басып жүрiп ойланбай, Отызға кеппiз бiз дағы. Қара мен ақты айыра алмай, Көкiрек талай сыздады. Желiгiп думан-дырдуға, Жүрген жан қалай аңғармақ – Кете де жаздап құрдымға Шықтық-ау талай тал қармап. Қалмады бiзден қателiк Қозыдай болып жетiмек. Оған да кеттi ет өлiп, Апыр-ау, неткен соқыр ек?! Жар бастық талай сақтанбай, Жар болып жанға жақсы үміт. Басылып келе жатқандай Жынымыз жиырма бақсылық.
Жастықтың күнi кешкiрдi, Солығын басты махаббат. Есiрiп жүрiп, Ес кiрдi Сəбидей жеген шапалақ. Кеудемде қалып қойғандай Көктемнiң соңғы ызғары. От басып жүрiп ойланбай Отызға келдiк бiз дағы. Тағдыр-ау, Сонша жауыз ба ең, Қабағың неден суынды? Сан рет күйген ауызбен Тағы iшсем бе екен уыңды? ҚАЙРАҚ ПЕН ҚАНЖАР Серiлiк тiрлiк Қиын екенiн түсiндiм, Ең iрi құрлық – Үйiм екенiн түсiндiм. Қайырылмас қасым – Тиын екенiн түсiндiм, Айырылмас досым – Миым екенiн түсiндiм. Көңiлдiң кейде Дөнен емесiн түсiндiм, Өмiрдiң бейне Өлең емесiн түсiндiм. Қабiр де сонша Терең емесiн түсiндiм, Тəңiр де онша Керең емесiн түсiндiм.
Жүйкенiң жiбi Темiрге айналарын түсiндiм, Жүректiң түбi Көмiрге айналарын түсiндiм. Дəуiрдiң мұңы Кемiрген сайын жаныңды, Алмас қанжардай Өмiр қайраларын түсiндiм. МЕНIҢ ФАМИЛИЯМ «Оразбайдың ақын ұлы» Деген атқа лепiрiп, Астананың шақыруы Тынышымды кетiрiп. Ауылымнан жастау кетiп, Жеттiм үлкен қалаға. «Ұлы ақын Ұ.Есдəулетов!» Деген арман санада. Саяқ жүрiп, дала безер Сал-серiлеу дағдыммен, Сыра қуып, қала кезер Студент боп алдым мен. Кафелерде соғып кеуде Күпiлдедiм, мақтандым. Есенинше сөнiп кейде Кетуге де шақ қалдым. Бiр бөскен соң дес берем бе, Желмiнез ем ұшқалақ – Милиция Өскеменде Ақыл айтты ұстап ап:
– Əкең болса – полковник, Тəртiп бұздың, бұл қалай? Көрсетпе ендi ерке қылық, Фамилияңды былғамай... Қонақүйге кештеу жетiп, Кейiн естiп күлгенiм: Мен бiлмейтiн Есдəулетов Бастығы екен түрменiң. Ердiм бiрде қарасын боп Мұқағали жанына. «Есдəулеттiң баласы» деп Таныстырды ол жарына. Құшақтады Лашын кеп: – Бармысың, – деп, – бауырым?.. Жыласын кеп, сұрасын кеп: – Аман ба, – деп, – ауылым? Жауап таппай бұға бердiм, Мiңгiр-мiңгiр шатылдым. «Балдызы» боп шыға келдiм Мұқағали ақынның. – Мұқа, – дедiм былай шыға, – Əлгi Есдəулет кiм едi? – Алжастырды-ау құдай, сiрə... – Мұқаң мырс-мырс күледi: – – Ақын шалдың ұлы ма деп, Шатасқам-ау, шырағым. – Ол басқа ғой, Шыны керек, Менiң əкем – мұғалiм! – Бiз бүлдiрдiк, ендi үндеме, Жатыр қазан асылып.
Айта көрме сен бiрдеңе, Қоя салғын жасырып. Шындықты айтсаң – екеуімiздi Түк татырмай қумай ма? Туыс қылған екен бiздi, Туыстықты жумай ма?.. Балдыз болып соныменен, Бал шарапты сiмiргем. Мұқаңды ойлап тебiренем, Сағынамын бүгiн мен. Алматыдан Мəскеу кетiп, Байсалды бiр күйге ендiм. «Ақын Ұлықбек Есдəулетов» Деген атқа үйрендiм. Түрмешiнiң жалғызының Түспесе де құны əлi, Мұқағали балдызымын! – Дей салғым кеп тұрады!.. * Тағдырым тағы қырын қарады, Қырын-ақ, мейлi, Қарасын; Бақытымның да бұрылмағаны Тырнасын жанның жарасын; Көңiлiм аппақ парақтай едi, – Бiреулер жағып күйесiн, Тонап та менi, талап та менi, Топаста кетсiн үлесiм;
Ала жiбiнен аттамасам да Ала көзiмен атқанға, Ешкiмге мысық сақтамасам да Иттерiн ырылдатқанға; Бəлемнiң шиi шығып жүрсiн деп, Өсегiн қаулатқандарға, Қасқимай, аздап бұғып жүрсiн деп, Кесегiн заулатқандарға; Күйiнбен ендi! Жасымаймын да, Кетпейдi ендi ештеңем. Жырымды мұңмен асыраймын да, Тек... үйге қаңғып кеш келем. Кiремiн күмiс қарлы баққа мен, Айғайымды iшке iркемiн. Келгендей шауып арғымақпенен Буланған көздi сүртемiн. Айналам – əсем ағаштар ғана Толғаған тату тiрлiгiн. Тамыры жерге таласқанда да Сүйейдi-ау олар бiр-бiрiн. Аяңдап сосын зиратқа келем, Иiлер бiр сəт өр басым. Құлпытас болсам – қирап қалар ем, Шыдаймын адам болғасын.
- Кезiм бар менiң iштен тынатын, Кiтаптай ешкiм парақтамаған. Кезiм бар кейде Түссем – сынатын, Айнадай алтын жалатпалаған. Ашынсам кейде садақ та болам, Қылыштай тiптi жалақтап алам. Өш ала алмаймын ешкiмнен, бiрақ Өшiмдi келiп шараптан алам. Қалқансыз көңiл, сауытсыз жүрек, Қалады кейде жазықсыз жүдеп: Ақ түнде жауған ақша қарымды Тастайды бiреу жарықсыз күреп. Өкпе-бауырым суырылады, Өмiрге кейде қарағанымда. Қарадай апшым қуырылады, Жарамды иттей жалағанымда. Отқа жанбайтын, суға батпайтын Құз болып сосын төнiп бағамын. Отқа жанбайтын, суға батпайтын Мұз болып, бiрақ ерiп қаламын... Мен туыппын ақпандатқан боранда. Iзтай Арбатта емес, Мен туыппын арбада, Жол үстiнде шыр етiптi сар бала.
Арнап жүрген ақсарбас қой қалжаға Дəл сол күнi жем болыпты қарғаға. Мен туды деп миземептi нар дала, Күн де басын иземептi таңдана. Ертiстiң де ақ толқыны жалдана Жылдағыдай жосылыпты арнада. Мен туыппын, жол үстiнде, арбада, – Сүйiншi! – деп жазбапты ешкiм жарнама. Қалжа таппай тұрғанда əкем арлана, Жалғыз қойын жайратыпты жарлы аға. Мен туыппын жол үстiнде,
арбада, Май қарсаңы, сəуiр айы, жер қара. – Кiм екен? – деп, – Туыпты, – деп, – ер бала! Бiр серпiлiп қалысыпты ел ғана. Жеткiзсе де арлы əке мен жарлы аға, Сан адастым, сан соғылдым жарға да, Сан таңылдым өзiм туған арбаға Сан жем болдым қиянатшыл қарғаға. Қатарымнан қалыспадым қармана, Қанағат қып өстiм жоққа, барға да. Көктемдегi көктiң бұлты торлама Аспанымнан айыққан жоқ сонда да. Жол үстiнде келедi əлi сол бала, Жол үстiнде өледi əлi сол бала. Кешiрiңдер, Арбат, Лувр, Сорбонна, Маған ыстық өзiм туған сар дала!
- * Қан сонардай қарлы күнгi, Жазғырмаймын тағдырымды. Бiр кiсiдей сүйемiн мен Беу, адамдар, барлығыңды. Көргенiмде нарлығыңды Жүрегiмде жан жүгiрдi. Көргенiмде тарлығыңды Көздерiмнен қан бiлiндi. Хан да емеспiн,
қара да емен, Тағдырым да дара демен. Көрiпкел боп көргенiм жоқ Не де болса бара көрем... Бала да емен, аға да емен, Күтпеңдершi баға менен. Күндей жылы дидар көрсем Күншуағын ала берем. Бұл бiр өмiр –
жеке шынар Басы бұлтқа жете сынар. Аққа қара жұқпайтынын Дəлелдеумен өте шығар. Жазғырмаймын тағдырымды, Жаздырмаймын жарлығымды. Жалғыз өлең
жазсам жетер, Қан сонардай қарлы күнгi...
ЕМЕН Қажамаңдаршы құр босқа, Жетедi қайғым бiр басқа, Мөлдiрер едi лай су Менiмен жақын сырласса. Жүректе жатыр сүрi қар, Жанымды бiрақ кiм ұғар? Жаралған жоқпын темiрден Жалын мен мұздан шынығар. Жаралған жоқпын тастан да, Жайраймын сөзбен осқанда. Жапырағын жайған емендей Жанымды жайғам аспанға. Жаралған жоқпын еменнен, Жаралған жанмын өлеңнен. Нар емен құсап қапыда Найзағай түсiп өлем мен!.. * Осы мен осы, көп күлiп, Еркелеп кеткен жоқпын ба? Дарынымды өзiм доп қылып, Ертерек тепкен жоқпын ба? Ұшуды бiлген қаршыға Қона да бiлсе жөн болар. Тасты да тесер тамшыға Төселе берсем нем қалар? Осы мен осы, көп тасып, Сарқылып қалып жүрмейiн?
Жиiрек кеттiм шоқ басып, Шарпылып, жанып жүрмейiн? Көрсоқыр болса жас кезiм Жайым жоқ оған ақталар. Маңдайға бiткен қос көзiм Мiндетiн ендi атқарар. Есiгi ашық кеудеме Енiптi нұр да, тозаң да. Жаппаймын оны мен неге Өкiнбей тұрып тез онда? Ақындық – ашық есiк қой, Жо-жо-жоқ, тұрсын, жаппаймын! Тозаң да болса несiп қой, Тазартып оны жатпаймын! * Көңiлiн табам ба деп əр адамның, Көшелi кiшiлiкпен қарағанмын. Жайдақ су, Жайылмадан тапқаным сол, Жүн болып жүйкем бүгiн жараландым. Талпындым əр жүректi түсiнбекке, Зəуiде зая болды күшiм текке. Бiреулер бөктергiмен бөрлiктiрдi, Көлбетсем көңiлiмнiң құсын көкке. Жалбақтап жұртым, əсте, жан бақпаған, Ендеше несiне мен жалбақ болам?
Жетедi өзiмдi-өзiм тұсағаным, Құрысын алдын-артын салмақтаған. Жетедi мiнезiмдi жасырғаным, Тот басып тозар болды асылдарым. Төбелер жанартауға айналатын, Кешiрмей кiр табанға басылғанын. Тағдырдан сыйым қайда күткен менiң, Жетедi өзiме өзiм тiк келгенiм. Онсыз да пердесi көп дүниеге Пердемен қарағаннан түк көрмедiм... * Меңiреу болу менiң iсiм бе, Мүжiген қаңқу – миымда. Жеңiсiм менен жеңiлiсiм де, Мəлiм боп жатыр қиырға. Қалтарыс маған қол емес екен, Жалтарыс жанды сақтар ма? Орыным – майдан, төбелес екен Арпалыс жүрiп жатқанда. Жарақатым көп елемей жүрген, Жүректен қаным ақса да. Ешкiмдi итке теңемеймiн мен Өзiмдi қауып жатса да. Жұдырық барда төбелесемiн, Қашанғы күштi iркермiн. Тұмсықтың қанын елемес едiм, Жүректiң қанын сүртер кiм?..
ҚАЖЕТI ЖОҚ Қажетi жоқ! Ашымасын жандарың! Мейлi менi алдап кетсiн арманым, Мейлi менiң өртке кiрсiн орманым, Тұман басып, тұлан тұтсын таңдарым, Сағым сынып, аласарсын заңғарым, Аямаңдар! Ашымасын жандарың! Тағдырына тəнтi болмай қарғаның, Қырандардың қиян жолын таңдадым. Тартсам тағы қателiктiң зардабын, Түкпiрiмде тұншықса да арманым, Аямаңдар! Ашымасын жандарың! Жүре бермей жайбарақат – арқайын, Өз жүгiмдi өз жотама артайын, Қорқар болсам, өз арымнан қорқайын Тартар болсам өз сорымнан тартайын, Аямаңдар! Ашымасын жандарың! Тəуекелден таланымды табайын, Құнжыңдамай, қанатымды қағайын. Қуарғанша, Қурағанша самайым, Тағдырыммен тайталасып бағайын, Қажетi жоқ! Ашымасын жандарың!
ДОСТАРЫМ Сендердiң орталарыңда Жайраңдап жүрем, Жайраңдап. Сендердiң арқаларыңда Өмiрiм кiлең сайран бақ. Жабырқап Жалғыз қалғанда, Қол үзiп кейде сендерден, Сарнап бiр байғыз орманда Өзiмдi соған теңгергем. Сонау жыл балғын көрiнген Сезiмдер бүгiн сiрiдей: Айырылып қалдым көбiңнен Өлiдей... жəне... Тiрiдей... Сергелдең болған Серiлiк Сиредi – айтсақ жасырмай, Селменен кеттi-ау сейiлiп Сабаздар сайдың тасындай. Достарым – Тағдырластарым, Сендерсiз бақыт құрсын да. Жиылып сайдың тастары, Айналар ма едiк бiр шыңға!
АҚ САМАЙ Ақ түсiп қапты самайыма Шымқанған шыңдай мұз-қарға. Ақталам не деп ағайынға, Не бетiмдi айтам қыздарға? Қайда барса да күлiп кiрген Қалпымда қалып бағайын. Қылшылдап тұрған жiгiтпін мен, Қылауланса да самайым. Отыздан астым, Бiрақ тағы, Баласың дейдi ағалар. Самайға қырау тұрақтады, Түрi жоқ ерiп жоғалар. Ағарса, мейлi, Мұны неге, Сөз қылып, несiн сасайын. Ақ бояу аз ғой дүниеде, Оған да үлес қосайын!.. МУЗА Жанымды жатушы едi қаузап өлең, Жырақтап барамысың, Муза, менен? Қалайша өкпелете қойдым екен, Қисынсыз қысыр сауған қу жақ емен. Ешкiмге ешқашан ор қазыспадым, Жасымнан тал бойымды таза ұстадым, Сен келсең, бiр-ақ сiлтеп тұрар едiм Шатысқан дүниенiң казустарын.
Өзiңдi күткен сайын ұзағырақ, Бұлданып бағар болдың, Муза, бiрақ. Қайтемiз, – сен жалғыз да, ақын мың сан, Бəрi де тосып отыр тұзағын ап. Десе де ақын – жұмбақ, ақын – аңыз, Сен келсең, қайран Муза, қапыламыз. От тиген құйрығына қырғидайын Өлеңнiң аспанына атыламыз. Бiреуге ерсi екен деп бұл теңеуiм, Қашанғы күлтелейiн, бiлтелейiн. Сен келсең кең сарайға айналады Тар бөлмем ормандағы күркедейiн. Өмiрдiң өзiң жоқта өңi сынық, Тұрады тар қиямет қол ұсынып, Ақыннан жаутаң қағып жəрдем күтер Демiккен жер-дүние демi суып. Адамның бəрi туыс, бəрi бауыр, Көтерер қасiреттi халық ауыр. Адамзат аманатын арқалаумен Арқасы ақындардың əлi жауыр! * Алабұртып отырмын мен бұл шақта, Отырмын мен əлденеге сусап та. Көкейiмде бүлкiлдейдi бiр сұрақ, Сəбидейiн бүлкiлдеген құрсақта.
Серпiлмеймiн, Қуанбаймын, күлмеймiн. Не нəрсеге сусадым мен? – Бiлмеймiн. Атжүйрiктей босағаға жабысқан Жүрегiме жабысып тұр тiлдей мұң. Терезеден кең көшеге көз салам, Бiрақ маған бағынбайды өз санам. Айтарыңды айтсаңшы ендi, қайран тiл, Арқа-басың босады ғой, сөз – саған! Тыста аппақ қар жапалақтап жауар тiк, Бiрақ маған
ой салмайды олар түк. Аспан анау тiлiн жұтып қойғандай Аңыраяр ала көзiн алартып. Мұрсат алған сергелдең мен саудадан, Кешкi қала. Көгiнде қар аунаған. Неге бүтiн қуанбаймын қар жауса, Неге бүгiн кең дүние тар маған? Жапалақ қар жауар дағы жай табар, Көкейдегi сұрақты кiм қайталар? Тiс жармастай Табиғат та тым-тырыс, Тiлiн жұтып қойғаннан соң не айта алар?
АТА-АНА – Шешең бар ма? – Бар. – Əкең тiрi ме? – Тiрi. – Бақытты екенсiң, бауырым... ...Осы бiр ауызекi əңгiмеден Марқайдым, Жеңiлейiп қалды денем. Қашан да есiме алсам ата-анамды Көңiлiм сағыныштан мөлдiреген. ...Аулақтан арман қуып тайғанадық, Кəрiнiң қамын тiптi ойламадық. Түйдiк-ау: «Қайбiр жiгiт ата-анасын Жүрер деп қанжығаға байлап алып». Даңқ пен даңғазаны қуып тəуiр Неге бiз тарттық сонша суықбауыр? Бiлмедiк, түсiнбедiк Болатынын Жасқа – арман, ал – кəрiге жуық қабiр. Баласын ата-анадан алыстатқан, Құрысын мұндай арман табыс тапқан. Кей-кейде туған үйдi сағынғанда, Қабады-ау кеңiрдектен намыс-қақпан. Мал-жаны, пенсиясы – бəрi де бар, Мейлi, жоғалтпасын əлiн олар, Иiсiне перзентiнiң шөлдемей ме, Ауырса тiлдей хаты дəрi болар.
Елеңдеп кейуана мен отағасы, Ауылда тұрып жатар соқа басы. Бақытты ата-анасы бардың бəрi, Алайда, бақытты ма ата-анасы?! ƏКЕ ТУРАЛЫ ЖЫРЛАРДАН Биiкке бiткен бəйтерек Тереңге жайған тамырын. Өткiздiң бастан ертерек Өмiрдiң долы дауылын. Ойранға кiрдiң, от кештiң, Жаныңа түстi-ау жарақат. Өлiммен талай беттестiң, Шалдығып көрдiң шарапат. Туған жер деген ұяны Суытпай дəйiм жылы ұстап. Бүркiттей шолып қияны Биiкте жүрдiң тыныстап. Əкеге қарап ұл өсер Армансыз əке қайда бар? Толқынға толқын iлесер, Ғұмырға ғұмыр жалғанар. Ойлаймын, əке, өзiңдi Қызарып барып күн батса. Еске алам нұрлы сөзiңдi Жұлдыздар маған тiл қатса. Еңкейген белге қарама, Еңсеңдi елмен биiктет. Немерең жүр ғой қалада Бетiнен келiп сүйiп кет!
ЕКIНШI ҰЛЫҚБЕК (Əзiл) Микрофонды мiнбеден Мен жайлы сөйлеп Тұм-ағаң; «Талант, – дедi, – бұл деген», Жырларым, сiрə, ұнаған. Жолығып кейiн оңаша Қолымды қысып, күлiп кеп, Арқамнан қақты балаша: «Мықты ақынсың, – деп, – Ұлықбек. Сүйреуге жетер күшiң де Ақындық алуан жүктi сен. Лириктердiң iшiнде Өзiмнен соңғы мықты сен!» Қуанып, тасып мақтауға, Достарға жудым табанда. Ақындар бықып жатқанда Екiншi болсам жаман ба? Шынымен жырым ғажап па? Өтежан айтты өлшемiн: «Өзiмнен кейiн қазақта Лирик тумас деушi едiм, – Шығыпсың, мiне, не керек Жырыңа қыздар қырылар. Ақын екенсiң керемет Өзiме жетiп жығылар. Секiлдi Феттiң өлеңi Тұр екен жырың мөлдiреп. Ұлылық – күтсең келедi, Күтiп ем – маған келдi!..» деп.
Қуанып мынау мақтауға, Достарға жудым табанда. Ақындар бықып жатқанда Екiншi болсам жаман ба?! Бiр күнi келiп ретi Қеңшiлiк айтты: «Ей, бала, Қазақтың тiлiн бiлетiн Өзiмнен кейiн сен ғана. «Ырдуан арбаң» тым жақсы, Теледидардан тыңдағам. Сол сөздi менен ұрлапсың, Кей сөздi мен де ұрлағам». Бұл жолғыны ендi намыс қып, Дауласып сөзге жабыстық. Жарасып сосын табыстық, Арқаға тiптi қағыстық... Қазiр де мiне талайлар Мақтайды келiп көзiме. Асырса дағы Абайдан, Теңгермес бiрақ өзiне. Ұлылық сырын ашатын, Шетiнен түгел ең дана, Ақынның бəрi – бас ақын, Екiншi – жалғыз мен ғана. Бас изеп тұрып, мақұл боп, Бəрiне ашық пейiлмен, «Өзiмнен соңғы ақын» деп Абай да айтса деймiн мен!..
АСЫҒЫСТЫҚ Асықпайтын уақытта асығамыз, Ақиқатты несiне жасырамыз? Жолға шықсақ – Жетуге асығамыз, Жете салып, кетуге асығамыз. Таңда – Балабақшаға асығамыз, Түсте – алар ақшаға асығамыз. Мүлт кеткендi тергеуге асығамыз, Бiреу өлсе – Жерлеуге асығамыз. Таныса сап дайынбыз достасуға, Амандассақ Қайылмыз қоштасуға. Үйлене сап жатамыз ажырасып, Асығамыз болуға тағы ғашық. Жағаласып, сандалып, сабылысып, Жүгiремiз қашан да алып-ұшып. Төзiм құрып қалған ба, Тағат тозып. Жүрегiмiз кеткен бе сағатша озып? – Уақыт жоқ! – деп, Уақытқа бас ұрамыз, Осы бiздер қай жаққа асығамыз?!
БАР ЕДI МЕНIҢ БIР «ДОСЫМ» (Сапарлас сыры) Бар едi менiң бiр досым, Жаныма балап жүргем-дi. Аярлық сырын бiлгесiн Аулаққа салдым iргемдi. Əзiлдеп оған бiр өлең Жазып ем – бiттi! Жауықты! Кеудесi көктi тiреген, Қасым боп шықты қауiптi. Ысқаяқ досым тiсқаққан, Бастық боп бiрде өстi де. Қысқартты менi штаттан, Əзiлдi сол бiр кештi ме? Бұл жерден кеттiм басқаға, Илiкпес сұрын көргесiн, Сол жерге дағы, Масқара, Бастық боп келдi сол «досым». Қуылып тағы қаңғырғам, Түстiм-ау əуре-сарсаңға. Сол «досым» шықты алдымнан, Тентiреп қайда барсам да. Көз жұмды кеше сол досым, Айттым мен бүгiн балама: – Жерлеңдер менi, Өлгесiн Аулаққа, басқа молаға.
Себебi: Ондай сарамас, Жатпайды тыныш, бiле бер, Бiр күнi тырдай жалаңаш, Көрден де қуып жiберер... ҚАЗАҚТАРДЫ ҚАЗАҚТАРҒА ТАНЫСТЫРУ Қара суы ұйыған қазанына Қайран қалмас ел бар ма қазағыма? Қуанышын жүредi айырбастап, Дүниенiң азабы, Тозағына. Таңдай қағып отырып Чюрлениске, Бiр кебiстi сұғады бiр кебiске. Жылы сөйлеп, Ақ құйып шығарады, Жыланның да басына кiрген iшке. Қайда бейнет, Бiлмейдi қайда рахат, Қарық боп та қатырмас пайдаға қап. Мың жасайтын сияқты көредi өзiн, Қашан болсын керенау, жайбарақат. Шығарады қаласа аспанға Айды, Мақтамасаң түкке де мастанбайды. «Ұра берсең Құдай да өледi» деп, Алшаңдаса Аллаңнан жасқанбайды. Ашықса да ауламай судан балық, Ақ малтасын ас қылған сырдаң қағып. Өзiм десе көрсетер өгiз күшiн, Ашуынан қайтуы жылдам халық.
Ол қалауын тапқанда қар да жанар, Арба болмас, алары дорба болар. Қазанына ас түссе Елең қағып, Қонақ келiп қалар деп жолға қарар. Əн дегенде, Күй менен жыр дегенде, Төр аямас қайдағы кiрмеден де, Найзағайлы намысы оянғанша Жуас болып көрiнер жүндегенге. Той дегенде қараусыз қой қалады, Бармақ тiстеп барып ап ойланады. Ысқырығы жер жарып жүргенiмен, Бар болғаны бес ешкi айдағаны. Жұмақ та өлең ол үшiн, Тозақ та өлең, Серiлiгiн, Ерлiгiн ғажап көрем. Қазақ деген осындай қызық халық, Бұзық халық емес қой қазақ деген! АҚЫНДАР МЕН ҒАСЫРЛАР Бес ғасыр! Беу, бес жүз жыл! Асыл бəрi. Қойнына қанша қазына жасырмады. Қолына қайта қонбас лашындары – Қазақтың қайталанбас ғасырлары. Бес ғасыр қуанышы, мұң-наласы, – Елiмнiң елдiгiнiң жылнамасы. Алқакөл-сұламадан аққан өлең, Мейлi, құрғамасаң – құрғамашы.
Сабада сыздағанда сары қымыз, Бөлiнсiн, тарихшы дос, – тағы ұйқыңыз. Бес ғасыр ақындары жазған жырда Жатыр ғой бес мың жылдық тарихымыз. Қайсарлық қайнары бұл сарқылмаған, Найзағай соған туыс жарқылдаған. Махамбет тектен-текке басын берiп, Қызғыш құс тектен-текке шарқ ұрмаған. Ғасырдан ғасыр өткен зымыраған, Бiрi озық дей алмаймын, бiрi надан. Тарих та ұмытылып кетер едi, Ақындар жiбере ме ғұмыры оған? Жаманға жақсы сауыт болмас қорған, Өлеңнен түзелiптi алжасқан жан. Рахмет, адырнам мен алдаспаным, Қобыз бен домбыраға жолдас болған. Кiм өттi бес ғасырдың елегiнен, Ұрпақтар тiлдесiп жүр керегiмен. Қазiргi қабырғалы қалың ақын, Оларға тең келер ме өлеңiмен? Тең келсiн, тең келмесiн, түссiн асып, Танылсын топжарғандар күш сынасып. Аруағы ақындардың кездескенде Тұрады сол бес ғасыр мысты басып!
БҰЛТТАР МЕН ЖЫЛҚЫЛАР (Анам Роза Сейiтжанқызы Салықбаеваға) Жылдар деген жылқылардан аумайды, Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды. Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды. ...Сəби кезiм саңылаулап ес кiрген. Сыртқа шықтым. Ауыл күнi кешкiрген. Аспандағы алаулаған бұлттарға, Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен. Бəрi – таңсық. Қызылқұмар шақтамын, Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын. Көрдiм бiр сəт Көп жылқының мен жаққа Көше бойлап шауып келе жатқанын. Қашу қайда, Қорқу да жоқ ойымда, Тұра бердiм таңырқаған бойымда. Алып-ұшқан секiлдендi асығып, Сол жылқылар менiменен ойынға. Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан, Қалғандары қарғып жатты басымнан. Қарап қалдым бауырына аттардың Аспандағы бұлттарымды жасырған. Тасыр-тұсыр... Таусылмайтын мол дүбiр, Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр. Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен... ...Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!..
Жалт қарасам – Қолын созып тұр Анам, Жанары – жас... (Неменеге жылаған?). Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар... Көп тұяқтың астында – мен, дiн – аман! Жылдар деген жылқылардан аумайды, Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды. Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп, Қорқып кейде қап-қара тер саулайды... «Үшке шыққан кезiң, – дейдi, – сонда...» – Анам, Бүгiн, мiне, отыздамын!.. Толғанам... Анам кеше тағы кiрдi түсiме, Қолын созып жете алмай тұр Ол маған... ДАЛА Дала деген кеңiстiк қой өр-сайлы, Уақыт мұнда қозғалыстан шаршайды. Көз байлана киiз үйге кiрiп бiр, Көз шырымын алдыруды аңсайды. Уақыт бiзден, əсте, мұрсат сұрап па? Кiрсiн, қонсын!.. Киiз үй көп қыратта. «Уақыт байғұс сəл тынығып алсын» деп, Малшы алаңдап ұйықтамайды бiрақ та.
ТАУ САМАЛЫ Ақ самал соқты аңқылдап, Сабаттар қалды салқындап. Қанат қақпастан қалқыды, Қазбауыр бұлттар қаңқылдап. Қымсынбай соқты төрлетiп, Құраққа құлаш серметiп. Бөленiп жатқан бұлақтың Бесiгiн бипаз тербетiп. Сақауат сазын сырнайдай, Сiмiрдi сəуiр бiр қанбай. Арқасы қозып Ақ бас шың Аңқылдай сөйлеп тұрғандай. Үкiсiн таққан сəндi бау, Сыланды бейне сал-жырау. Əңгiмелескендей əкеммен, Серпiлiп мен де қалдым-ау. ҚЫСҚЫ БАҚ Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн, Қарадай жаны ауырар көрген кiсiнiң. Қабағын, қасын қыраумен қаптап қойыпты, Қаһарын қара қазақтың қатал қысының. Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн. Қымтанып қыстан құнысуы анау Талғардың, Қақайып қатып бүрiсуi анау талдардың. Қар басқан бақта қалтырап тоңып тұрғандай Жаны бар ма едi қаршадай мынау қарғамның? Қар басып қапты жалаңаш қыздың мүсiнiн.
Қыстан да бетер қатыгез бе едiң, мүсiншi, Қалқамның мынау қамырық халiн түсiншi. Құдiретiңе құл болып мəңгi кетейiн, Қаршадай қызды (үйiне барсын) түсiршi, Қар басып қапты қаршадай қыздың мүсiнiн. АЛМАТЫ. КӨКТАЙҒАҚ (этюд) Қаңтарда... Кенет... көктем кеп, Көшенiң буы көкке өрлеп, Көпсiдi миы былқылдап, Көнектей тоңдар көкпеңбек. Кешкiсiн, бiрақ ызғақтап, Көбiк қар көктi сызды аппақ. Көнтерлi тротуарлар Көнтиiп қалды мұз қаптап. Кешкi аяз тоңмен тақтайлап, Көк шыны көше – көктайғақ. Конькиiн тағып, Көген көз Көп бала тыста кеттi ойнап. Көбесi мұздың қақырап, Көктем де, сiрə, жақын-ақ. Көкбет қыс көнбей жатып ап, Көкшегiр көзi шатынап...
ТЕРМОМЕТР ҚИРАДЫ Термометр сынды да – Сынаптары Ұстатпады быт-шыт боп бiрақ тағы. Бытырадай пышырап, Тоз-тоз болып, Қолдан қашып, қуысқа тұрақтады. Бет-бетiмен сызатқа кiрiп, тегi, Уысыма бiрi де iлiкпедi. Əр-əр жерден жылан көз жылтырайды, Мазақ еткен секiлдi күлiп менi. Мазақ еткен секiлдi, Мазақ еткен, Мысым құрып менен де маза кеткен. Қанша арманға қолының жетпегенi Қаперiне кiрмейтiн азамат па ем? Бiр бүлiнсе iсi жоқ бiрлiкпенен Осы ма едi тұрлаусыз тiрлiк деген? Арманынан адасқан бейбақ аз ба Жүрегiнiң түбiне сыр бүктеген?! Құрысыншы құрғырдың қирағаны, Соған несiн бұл жүрек қиналады? Мен бiлетiн дүние сынап болмас, Мен бiлетiн дүние жиналады. ЖАНКҮЙЕР Стадион – Гулеген ара ұясы, Жанкүйер жұрт – желiккен кəрi-жасы. Қара бұлттың қаһарын түсiрердей, Жердегiнiң даңы мен дабырасы.
Жердiң шарын тепкендей жиырма «құдай», Теңбiл доптың тентiреп зырлауын-ай. Туласа да, қаншама зуласа да, Қарақұлып қақпаға жүр дарымай. Алпауыттар төнсе де анталасып, Жолатпайды қақпашы жанталасып. Жаны шығып жанкүйер жанығады, Жау үркiтер ұранға жорта басып. Күржиген шал Тауықтай күрiк болған, Күжiлдеген дауысы ырықты алған. Көлге төнген жартастай қабағында Түйiлiп кеп екi бұлт тұрып қалған. ...Қопаң етiп қақпашы iле бердi, Сопаң етiп сүлiк доп кiре бердi... «Қап!» деген қарт қолдағы құмырасын Қара жерге «қарс» ұрып түрегелдi. Шiркiн, шалдың шайқалды-ау шаруасы, Сыртқа шықты салбырап кəрi басы. Қара бұлтты жамылып қала бердi, Стадион – гулеген ара ұясы. Теңбiл доптан түңiлдi шал ақыры, Теңбiл такси, жаңбырлы қала түнi. Теңбiл тамшы. Қарғиды қақпашыдай Спидометрдiң де қара тiлi.
АЙНАДАҒЫ АҚ ШАШТАР Жүрегiмдi барады шарпып жалын, Аяқасты қарашы шарқ ұрғанын. Аяңдайтын шағында алып-ұшып, Албырттыққа алдырды-ау, антұрғаның. Қатал уақыт қайырылмай, Жаны ашымай, Талайларға сездiрген бағасын-ай. Мен осынау отыммен лапыл қағып, Жас боп қалғым келедi дəл осылай. Жаспын əлi! Жастықтан қайрат тапқам, Күйдiрген де, жандырған, ойнақтатқан, Ал... Айнаға қарасам – абыржимын, Сол құрғырды кiм екен ойлап тапқан?! * Апыр-ау, Сезiмiмнiң оты өшкен бе, Жоқ, əлде жүрегiмнiң етi өскен бе – Жыртығын жылтыр сөзбен саудалаған Ұқсап бара жатырмын көпестерге. Сеземiн бiр суаттың суалғанын, Жасанды жылағаным, Қуанғаным. Гүлiмнiң жұпарлысын жұртқа тартып, Құшақтап қалғандаймын қуарғанын. Тек қана аласармай Асқақ арман Тартады тыншымды алып,
Бастап алдан. Тар жолда тайғанақтап, талпынамын, Тағасы тарланымның таста қалған. Ұғушы ем жел сыбырын, Бұлақ тiлiн, Бiрi де түсiнiксiз бiрақ бүгiн. Шетелде нан табатын өнерiнен Айырылып қалған тiлмаш сияқтымын. Жоқтан өзгеге жасып қаласың, Өмiрге қайтiп ғашық боласың? Өлiмнен қорыққан – өлең жазбайды, Жылты жоқ неткен жасық баласың? Жылты жоқ неткен жасық баласың, Тiрлiктiң бiлмес ашық бағасын. Жалғанның жүгi желкеңе түсер, Жаныңнан жiгер қашықтағасын. Жаныңнан жiгер қашықтамасын, Иiлмей өтсiн пасыққа басың. Ақынның басы Аллаңа доп па? Алла да көзiн ашып қарасын! (Жұмекен Нəжiмеденовке) Мейлi, ашылмасын жұмақтың қақпасы маған, Бұрмай-ақ, мейлi, қояйын ат басын оған. Қуанар едiм басымнан сипағандай-ақ, Бiр сипаса келiп моламның көк тасын анам.
Жүрдiм деп айтпан тiрлiкте шоқ басып əман, Жұртымның маған көп кiнə тақпасы да аян. Шаруаға қырсыз шорағай мiнезiмменен, Бола алмай қойсам, қайтейiн отбасына алаң. Жүректiң мынау əредiк тоқтасы жаман, Түстi ме деймiн тағдырдың ноқтасы маған. Тоқташы, боран, Азынап соқпашы, боран, Туған жерiммен бiр жылап қоштасып алам. Тұтқасы болам тiрлiктiң, топсасы болам, Десе де пенде сезедi-ау жетпесiн оған. Өмiрдiң дəнiн өлтiрiп алмаса болды Бiрi мен бiрi бүлiнiп соттасып Адам. Ақылға келсiн, абайлап, тоқтасын Адам, Ұятын, арын, санасын сақтасын аман. Өлмеймiн сонда, өлмеймiн, өлмеймiн мен де, Ақымақ қылып ажалды жоққа шығарам! ҚЫРАН ЖЫРЫ Лебiң нəр болғанмен, құшағың бал, Босат менi: томаға, тұсауымды ал. Қайта айналып соғармын тұғырыма, Ерiк бершi, сiлкiнiп ұшарым бар. Келгенiм жоқ өмiрге ноқтаменен, Шулы қызық жүрермiн топта дегем. Алтайына аулақта шалмаған соң Қайран тiрнек түлей ме ботқа жеген? Пеш түбiнде қашанғы есiнейiн, Қосылайын сонарға, көсiлейiн. Түлкiлердiң алайын ес-үрейiн, Дүниенi өзiмше көшiрейiн.
Əлпештеген жетедi, аймалаған, Тояттайын тағыдай айдаладан. Жiбершi, тоңайған құс керенау ғой, Қонбағанда қолыңа қайда барам? Аяқ асты кеттi деп неден есi, Балағымнан баспашы, бөгемешi. Тартып тұрған өзiне жан-тəнiмдi, Аспандағы бұлттардың төбелесi. Пиғылым жоқ алақол бұзық-бөтен, Құс жастықта қалғыған қызық па екен? Өз қолыңмен лақтыршы аспаныма Тұсауымды əйтпесе үзiп кетем! НЕЛIКТЕН... Мен неге жиi қателесемiн?.. Нелiктен?.. Қателiкпенен өмiрге бiрге келiп пе ем?.. Күндерiмдi ойлап мақсатсыз, мəнсiз желiккен, Отырмын ендi өзiме есеп берiп мен... Нелiктен жиi қателесемiн?.. Нелiктен?.. Сенбейтiн жанға, сенбейтiн сөзге сенiппiн, Ермейтiн жанға, ермейтiн сөзге ерiппiн. Бермейтiн кезде ашуға ерiк берiппiн, Өзiмдi сүйген жүректi сөйтiп жерiттiм. Желiкпес жерде нелiктен сонша желiктiм?.. Жүремiн жиi өкiнiш жүгiн көтерiп, Көлеңкемдей боп қалмай-ақ қойды-ау қателiк. Парызым қайда жұртыма жатқан өтелiп? Кетем бе солай қателiктерге ет өлiп? Нелiктен жиi қателесемiн? Нелiктен?..
Майысар жерде майысу бiлмес бiр бетпiн, Күрмеуге келмес жiбiмдi бекер күрмеппiн. Iшiнде жүрiп той-думан, дырду, дүрмектiң Өмiрдiң той боп өтпейтiндiгiн бiлмеппiн. Мен үшiн сонда жаңсақсыз өмiр сүрмек кiм?.. Нелiктен жиi қателесемiн?.. Нелiктен?.. БАЛАЛЫҚ БАЛЛАДАСЫ Шыбық мiнiп, Жейденi қаспақ қылып, Тентек кезiм жүретiн сақ-сақ күлiп. Көршiмiздiң байлаулы төбетiне Ерiккенде ойнаушы ем тас лақтырып. Қарасирақ балалар жол көсеген, Өттiк бiрде топтанып сол көшеден. Байлаулы иттi көрдiм де, Тас заулаттым, «Сағынып-ақ» қалыппын мен кешеден. Тұра қуды қабаған қарғып тұрып, Бос жатқанын сол сəтте қалдық бiлiп. Тапыр-тұпыр бiздер де тұра қаштық, Балақтарға бозала шаң жұқтырып. Балалардың бəрiнен желаяқпын, Озып кеттiм оқ бойы оңай-ақ тым. Тал басына өрмелеу ойымда бар, Бiр iлiксем шетiне сая-бақтың. Жүйрiкпiн-ақ... Дəл соған сөз бар ма едi? Өтсе керек өштiгiм жаздан берi – Артта қалған баланың бiрiн қаппай, Қуып жетiп ит қапты озған менi!..
Көрдiм солай көкесiн масқараның, Содан берi ит десе жасқанамын. Кейде бiрақ... Тас атам тағдырыма, Бiле тұрып бiр күнi бас саларын!.. ЖЕР-АНА «Жер, жер» деп Қызыл тiлдi сайратқанша, Қайтедi қамын оның ойлап қойса. Тiрiде төбесiнде тайраң қағып, Құлаймыз құшағына қайрат тайса. Жақсың да, Жаманың да бiрдей оған, Кетпейдi есiгiнен кiрмей адам. «Сүйем» деп ертелi-кеш сарнасаң да, Сөзiңдi ол қажет қылмас құр бояған. Бiз оған Азғана жаз, азғана күз, Еркелеп, Төсiн емiп, назданамыз. Содан соң туған үйден безген ұлдай «Бұздық деп тарту күшiн» мəз боламыз. Нелiктен отадық бiз мына ағашты? Жер бiзден «нелiктен» деп сұрамас-ты. Сiлкiнсе, жанартау боп атылса да, Кiм оның қайғысына құлақ асты? Жанары жердiң, бəлкiм, суалады, Самайы сиреп, бəлкiм, қуарады. Сыйла оны! Белi бүкiр кəрi анаң да Кигiзсең жаңа көйлек қуанады!
ҚОЛЫҢДЫ БЕР, ҚАЗАҚСТАН! «Қолыңды бер, Қостанай!..» Ғафу ақын Қолыңды бер, Қазақстан, мен келдiм, Өзге өлкенiң өзенiнде тербелдiм. Сенсiз бақыт баянсызын бағамдап, Сенсiз жерде сең соққандай сенделдiм. Ошақтағы отың қайда, көсейiн, Нұрмен баурап, Бiрге лаулап өшейiн, Ақ селеуiң аймаласын денемдi Бауырымды, сауырымды төсейiн. Қайда, ағалар, аңқылдаған ағайын? Iнiлiкке, Бiр iлiкке жарайын. Басым жерде тоң жастанып тынғанша, Тасыңды өрге домалатып бағайын. Жылқың қайда? Бiрiн ұстап мiнейiн. Түлкiң қайда? Төнiп барып iлейiн. Бұлтың қайда? Хан көтерiп жүрейiн. Күлкiң қайда? Шалқып бiрге күлейiн. Құзың қайда? Гүл үзейiн басынан. Түзiң қайда? Көсiлуге асығам. Қымыз қайда, айран қайда ашыған? Қызың қайда – Бiр сипайын шашынан.
Қайда жүрсем қасиетiңе табындым, Сəлемiмдi ал, Қазақстан, сағындым! Қалам тұрсын, Құрық алам қолыма, Бiрiн бершi тұлпар толы табынның!..
КӨЗДЕРIҢЕ ҒАШЫҚПЫН Сенiң мынау тұп-тұнық көздерiңде: Мөп-мөлдiр бұлақтар бар, Сусынымды мен содан қандырамын, Маздаған шырақтар бар, Оттарымды мен содан жандырамын. Сенiң мынау қап-қара көздерiңде: Арыңның ақтығы бар, Жаныңның пəктiгi бар. Мен сенiң көздерiңе құмартамын Баладай тəттi құмар. Сенiң мынау жайнаған көздерiңде: Жүрмеген жолдарың бар, Жаның бар, арманың бар, Пейiлiңнiң кеңдiгi бар Асатын аспанның да аумағынан. Сенiң мынау айнадай көздерiңде Жан сырыңның ашулы сандығы бар, Жүрегiңнiң үкiмi, жарлығы бар. Сенiң көзiң ерiтер мұз-қарымды, Сенiң көзiң жұмсартар ызғарымды. Жанарыңның отына жүз өртенiп Мына мен жүз қарылдым. Мен сенiң көздерiңнен көп тыңдаймын Кеудеңдегi күйлерiн домбыраңның. Үшінші бөлім ІҢКƏР
Дауыл үнiн, көк нөсер жаңбыр əнiн, Арманыңның арнадан қарғығанын. Мен сенiң көздерiңнен от көрем де, Оқыстан найзағайым оянады: Жолдарды жолға ұрамын, Таңдарды таңға ұрамын, Өкiндiрiп бiр сəтке қалғығаным, Сiлкiнемiн, жайнаймын, жаңғырамын. Қанша үңiлдiм көзiңе – айта алмаймын, Бу боп ұшты, əйтеуiр, шалқар қайғым. Қуаныштан шалқыдым, тасып-толдым Өзiңе де, көзiңе де Мен солай ғашық болдым!.. 1970 жыл ҮМIТ ҚҰСЫН ҮРКIТПЕ Айдаланы жаңғыртып, Ақсүйек ойнар түн мынау, Алқынып соққан жүректе Айтылмай талай сыр жүр-ау. Ақ нұр жүзiң албырап Алдымнан шықсаң болмай ма, Ақ боз үйдiң түндiгiн Айқара жапқан, құрбым-ау. Ұяңдау құрбым, екеуімiз Үркердей оқшау тұрмыз ба? Үлкен сезiмнiң алдында Үйiрiлiп құлар құлмыз ба? Үмiттiң құстың үркiтпей Үкiдей ұшып сен жетсең Үңiлер едiм көзiңе Үңiлгендей боп жұлдызға!
Жолықпай жүрген арман ең Жалықпай қуған елес ең, Жаныма жылдам жетсеңшi Жоғалып кеттiң неге сен? Жаныма жылдам жетсеңшi Жүзiңдi көрiп жайқалған Жапырақ тектес жүректi Жел жұлып кетсiн демесең!… * Жүрегiм, саған обал жоқ, Тула да жыла, сыздап бақ! Ол қыздан мейiр саған жоқ, Сезiмiн алған мұз қаптап. Қырымнан қызыл көрiнсе Қызынып талай шабылдың. Қыруар қыздың көзiнше Ғашықтың тонын жамылдың. Мол едi сенде махаббат, Мысқалдай шашып тауыстың, Бiр бұлақ көрсең қаталап, Бас қоя бере ауыстың. Қызығып қырдың гүлiне Қырғындай тиген, ашкөзiм. Қарашы ендi түбiңе Қалып па титтей пəк сезiм? Кеудемде жүрiп адассаң, Жүрегiм, саған не жорық? Аяусыз соттан Ар ашқан Кетермiн бiр күн мен өлiп.
Арымнан сұра жансауға, Тидi ғой тасқа маңдайың. Бақытсыз ғашық болсам да Бақытсыз ақын болмайын! 1972 жыл * Шертетұғын сырым мол саған менiң, Ақтарайын көңiлдiң бар өрнегiн, Саған деген сезiмiм үзiлмесiн, Үзiлсе де ең соңғы алар демiм. Жақсылығын жалғанда өлшемеген, Өзiңдi мен сүйенiш еңсе көрем. Мен тағдырға бас иiп, бұл фəниде Бақ пен сорым өзiңнен келсе деп ем. Күмбiрлетiп кеудемiз əн өрлетсе, Жастығымыз жалынды, алаулы өтсе. Сен ояттың жүректiң жанартауын, Өзiң сөндiр соны ендi шамаң жетсе!.. 1972 жыл АЛТЫБАҚАН Айлы түн, ауыл сыртында Алтыбақанда тербелдiк. Аспалы арқан ырқында Қанаттай бейне сермелдiк. Төменде жатыр жанып от, Бiздiң де көзде шоқ жанып.
Ары да берi сан рет Зауладық, шiркiн, зауладық. Дүние бiткен дөңгелеп, Аунайды, көздi арбайды. Төнемiз бiрде жерге кеп, Бiрде көз бұлтты қармайды. Жымыңкөз аспан күлiп кеп, Құшағыңа ұйтқып кiрердей. Шығамыз шырқап биiкке Бетiнен Айдың сүйердей. Кеуденi шаттық кернейдi! Барады əлем бұлдырап. Балдəурен бiздi тербейдi Алтыбақан боп құлдырап. Думансыз өткен күн құрсын, Думансыз өткен түн құрсын. Барады басым айналып, Бақыттан ба, əлде... кiм бiлсiн! ЖАҢБЫРЛЫ ТАҢ Жаңа ашылған таң кiрпiгiн Жабады бұлт жабағы. Жаңбыр менен тал бүршiгi Тереземдi қағады. Кешiп өтiп көк өзендi, Тауып үйiң соқпағын. Сəулем, сенiң терезеңдi Мен де осылай қаққамын. Ендi кешiп көк өзендi Үйiңе жол таппаймын.
Шырағы өшкен терезеңдi Ендi қайтып қақпаймын. Жаңбыр бүркiп, жел есе ме, Сенi еске алған кезiмде? Жылап тұрған терезе ме, Жылап тұрған өзiм бе? ТҮЙМЕ Жадыңда болар қысқы бау, Ақ көбiк қардан аумаған, Сарыаяз сорып жаураған Бетiңдi қармен ысқылау. Жадыңда болар қысқы бау: Қыраулы қайың теңселiп, Қырауын бiзге жел төгiп, Сарсаңды күйге түстiк-ау. Сарыаяз сүйген жүзiңдi Құмартып сонда сүйгенмiн. Албырап пiскен жүзiмдi Тамсадым ба деп түйгенмiн. Кеткен жоқ əлi ұмытылып, Қалғаныңда əнтек бұлқынып Үзiлгенi бiр түймеңнiң. Ақ көбiк қардан сол түйме Табылмай қойды-ау, табылмай. Қараймын бүгiн сол күнге Аулақтап кеткен сағымдай. Мен кеткем басқа жолменен, Қалғансың iздеп түймеңдi. Үйренген екем сонда мен Сүймейтiн жанды сүймеудi.
ҚИЯЛИ ӨЛЕҢ Аспанның түбi – құрдымда Ай туды сүтi төгiлiп. Телмiре қарап тұрдың да Жыладың кенет егiлiп. Күмiсiн шашып табақ Ай, Қылаңытқанда сай-жылға. Қамыға қалып қарадай Қайырлап кiрдiң қай мұңға? Жыладың үнсiз, Жыладың, Жабырқау, жадау жүзбенен. Жүректегi асау бұлағың Жүгенделдi ме мұзбенен? Қос көлдiң бойы – кемерден Қара орман кiрпiк сiлкiндi. Жыладың үнсiз. Төбеңнен Толғана қарап түн тұрды. Көз сап ем мен де Ай – қызға, Бұзылды көңiл қаймағы. Ақ жүзiн жасы айғыздап, Жылап тұр екен Ай дағы... «Жылама!» дедiм... (Кеңес ол). «Ие бол, дедiм, көзiңе...» Сенi мен Айға емес ол, Айтылған едi өзiме! 1973 жыл
- Мен тағы ғашық болдым! «Алғашқы ма?» Жоқ, жоқ, жоқ! Əлде жүрек алжасты ма? Ойпырмау, махаббатым мерт болмап па едi, Ғайыптан қайта оралып жер басты ма? Мен ғашық болман деушi ем күйiктен соң Нелiктен сүйiп қалдым, сүйiп көрсем? Тас жiбидi десе де сенем ендi, Нəркез көз жүрегiмдi жiбiткен соң... Аспанға, Ақын, телмiрме, Тұңғиық түнде үмiтпен. Ол жұлдыз сөнген бұл күнде, Iздеме оны, ұмыт сен. Жүректi нұрмен баулыған Жауқар көз қайта қадалмас. Көз жетпес түнек қойнына Жерленген шуақ оралмас. Қалдырмай ешбiр зеңгiрде iз, Түнектiң болды ол құрбаны. Көгiңнен өшкен сол жұлдыз Көңiлiңнен өшпей жүр ме əлi? Жұлдыз ба – жұлдыз сөнгесiн, Тылсымға сiңдi-ау хабарсыз. Көңiлiңде қалған сəулесiн Сен де өшiр ендi амалсыз...
ҚЫЗДАРДЫҢ МАХАББАТЫ (Экспромт) Қыздардың махаббаты Ыраңды сайдағы ыза суындай Өз көзiн өзi аша алмайтын, Арнасынан ауытқып аса алмайтын, Қыздардың махаббаты тамшы тектес Қолдан жасалмайтын. Қыздар, қыздар! Тамшыдай мөлдiрейсiңдер, Бақыттың терезесiнен телмiресiңдер. Өз махаббаттарыңды ешкiмге сездiрместен, Өз кеуделерiңде сөндiресiңдер. Қыздардың махаббатын ұғу үшiн – Жаз болып жайнап, Қыс болып суу керек; Қыздардың махаббатын ұғу үшiн – Қыз болып туу керек! * Сенi ойласам қуанамын нелiктен, Тазаланып кiрбiң, мұңнан, желiктен? Неткен тəттi, неткен мөлдiр шаттық бұл Жан-жүйемдi елжiреткен, ерiткен? Неге ғана жымиямын сенi ойлап, Жүрегiмде лүпiл-лүпiл қан ойнап? Жанарымның аясында тұрсың ғой Кiрпiгiмдi қағайыншы абайлап.
АҚ МАХАББАТ, АППАҚ ҚЫС Арамызды жатыр бiздiң тау бөлiп, Асуларды аяз қысып, қар көмiп. Отырсың ба тысқа қарап əйнектен, Маған деген сағынышың сəл кемiп! Сендерде де жауған шығар мына қар, Бұл – өзiңнiң маусымың ғой ұнатар. Сенi ойласам елестейдi бəйшешек Қырау қыстың қойнауында гүл атар. Аппақ көше, аппақ-аппақ тау, орман, Бар дүние, бар табиғат жаңарған. «Сүйем!» деген сөз де жаңа секiлдi Айта-айта жауыр болып саналған. Бiз қыдырар бақты қалды қар басып, Аппақ дүние жанарыммен арбасып, Сыр шертедi: «Мынау нұрлы өмiрге Кiреукесiз пəк көңiлмен бол ғашық!». Қала жылы. Қар лақтырып бала мəз, Бүгiн түнде болар ма екен сары аяз? Ренiшiңдi жазба маған бұл қыста, Шаттығың мен сағынышыңды ғана жаз! ҚЫРАУ ГҮЛ Желбегей иығыңа бешпент iлiп, Бiр өзiң отырғанда кесте тiгiп. Телеграмма берместен, ескертпестен Үйiңе кiрiп барсам кешке күлiп...
Сен менi алар едiң қалай қарсы? Тұрғанда құшақтасып: «Абайлашы, Инем кiрiп кетпесiн кестемдегi...» – Дер ме едiң сасқалақтап, соны ойлашы? Қымсынбай сүйiп сенi ештеңеден, Сонан соң назар салып кестеңе мен, Қос қабат терезеңнiң қырау гүлi Кестеңе түгелiмен көшсе дер ем. Өрнегiң қырау гүлмен теңдеседi, Мақтармын шеберсiң деп мен де сенi. Демiңмен əйнектегi гүлдi ерiтiп, Жабар ма ең сонда күлiп пердешенi. Менiң де көңiлiмде қырау жатыр, Өзiңнен жүрек деген жырау – батыр: «Сен ғана ерiтер ең сол қырауды «Ерiтшi, ерiтшi...» деп сұрап жатыр. МАДРИГАЛ Өттi ғой өзiңдi ойлап көп күндерiм, Жетпей ме сағыныш күй шектiргенiң? Мен саған жыр арнаушы ем жүрегiмнен Айналып жүрегiме кеттiң менiң. Көп түндер өзiңдi ойлап көз iлмегем, Кiм маған тəттi ұйқыдан безiн деген? Түс көрсем тек өзiңдi көрсем деймiн, Бұл күйдi бұрын қалай сезiнбегем?.. Көкейге күллi көркiң ұялаған, Шынымен бiр көргеннен сүйе ме адам?
Бiлмеушi ем күнə деген не екенiн, Бiлдiрдiң – сенi сүймеу күнə маған! Жабыққан, я шаттанған шақтарда да, Жалғайды арамызды хаттар ғана. Бiрден айт байламыңды бiлтелемей Аяма, аялдама, ақталма да... Мен саған сүйемiн деп айтам ашық, Шалдықтым сезiмiммен тайталасып. Бұл – менiң ең ғаламат ғашық кезiм, Басқаға бола алмаспын қайта ғашық!.. Өзiңдi күнiм өтпес ойламасам, Атыңды жырға қосам, əнге қосам. Сен маған өз жүрегiм секiлдiсiң, Жаным-ау, жүрегiмнен қайда қашам?! МЕРУЕРТ Эх, Меруерт, Меруерт! Санам – түтiн, жаным – өрт! Сен туралы ойлардың Бүгiн маған бəрi дерт. Ақша жүзiң үлбiреп Көкшетаудың бұлтындай, Бiр қарасаң мөлдiреп Жүрек қалмас жұлқынбай. Жаның бейне Жұмбақтас, Көлденеңге тiл қатпас. Сымбатыңа сұқтанып, Ұясына күн батпас.
Өзiң жаққа бiр талмай, Қанат қақтым, Меруерт. Күнге ұмтылған Икардай Болар ма екем тағы мерт? Эх, Меруерт, Меруерт! ЗЕРЕНДI ҚЫЗЫ Толқып жатыр Зерендi, Сен отырсың қойтаста. Оқи берме өлеңдi, Кiтабымды қой, таста. Толқын бүрiккен көбiктен, Көйлегiң су болса да. Ынтығасың нелiктен, Жырларыма соншама? Ернi жүйрiк толқындар Балтырыңнан көп сүйдi. «Суға түсiп, салқындар Ойың жоқ па?» деп сүйдi. Көп берiлiп өлеңге, Қиял қуып күрсiнбе. Жырларымның сен əлде, Толқынында жүрсiң бе? Менiң бүкiл жырымнан Сұлу екен Зерендi. Ол да құшсын денеңдi, Шомылайық, кел ендi!
- * Мен сенi ғұмыр бойы iздегенмiн, Табудан үмiтiмдi үзбегенмiн. Сенбесең үңiл менiң iздерiме Сауырын соқпақ еткен жүз белеңнiң. Мұзартын көңiлiмнiң көшкiн еткен, Төбемнен талай-талай көштi көктем. Тамшы боп терезеңдi қаққан сонда, Дүрсiлiн жүрегiмнiң естiмеп пе ең? Сенi аңсап баурайында Көктөбенiң, Мазасыз күндерiмдi өткеремiн. Түбiнде мен бақытты болсам керек, Сен жайлы тəттi түстi көп көремiн. Құшағын қарсы алдымнан тұрса да ашып, Басқаға болмап едiм мұнша ғашық. Сəлемiң сенiң ғана серпiлтедi Көңiлiм көп нəрседен жүрсе жасып. Жан едiм жапан түздiң киiгiндей, Жүретiн жат суатқа үйiрiлмей. Жаным-ау, алдың баурап! Жанарыңның Бар ма едi қасиетi иiрiмдей? ҚАРА ТОН Ақ қар. Көк түн. Бояу аз. Жұлдыз көзi – суық мiр. Сақылдайды сары аяз, Ауа əйнектей сынып тұр.
Қақпалы үйдiң қасында Қара тонды жiгiт тұр. Тон iшiнен күледi, Қолаң шаш қыз – киiк бiр. Қысқы түнде қара тон – Махаббатқа баспана. Үйленiп үлде кисең де, Сол тонды, жiгiт, тастама?! СЕН МЕНI IЗДЕДIҢ БЕ? Сен менi iздедiң бе, – Күн алғаш күркiрегенде, Ақ жаңбыр сiркiрегенде. Қара бұлт қанатынан от жарқылдап, Көзiңе нұр түнегенде? Сол бiр күн есiңде ме? – Аспанның астауында Қара бұлт қайнап едi ғой. Найзағай жарқылдағанда Жанарың жайнап едi ғой. Өрмегi ұяңдықтың Қолымызды байлап едi ғой. Кенеттен күрсiнiп аспан Төбеден күркiреп төнген, Ақ жаңбыр сiркiреп берген. Бұлттардың қанатына сабаланып, Екеумiз қайың түбiн паналадық. Мен сонда көздерiңнен Қорыққан сыңай көрдiм. Өзгесiн сезбедiм мен – Құшағыма, өйткенi, құлай бердiң.
Сол жерге жиi барам, Өзiңдi сұрайтындай, Ақ қайың құшағыма, Сен болып құлайтындай! АЛЬБОМҒА I Мен сенiң көздерiңнен не сеземiн, Толқиды қос жанарың – қос өзенiң. Күнi ертең мұң болмай ма өз басыңа Мендегi қоламтаны көсегенiң?! Жаным-ау, менсiз де сен гүл атарсың, Жаныңды жырыммен-ақ жұбатарсың. Асықпа тамшы болсаң төгiлуге, Тым ерте тамып түссең күнаһарсың. Жүрегiм – махаббаттың астанасы, Сен оған өрт ұшқынын тастамашы. Сенiң пəк сезiмiңе билiк құрман Болсам да тағдырыңның дос-панасы. II Мен қайтемiн көңiлiм оянбаса, Сыр дəптерiн жүрегiм жая алмаса. Қанат берер ағаң боп қалайыншы, Қатал тағдыр қапылыс сенi алдаса. Жас гүлiңдi ұсынба жатқа бекер, Мен емеспiн солдырмай сақтап өтер. Қарамашы қадалып жүзiме сен, Жүзiмдi əлi мұңды жас соқпақ етер. Əрi жынды жаным бар, əрi мұңды, Бəрi жынды ақынның, бəрi мұңды. Ошағыма отынды бермей-ақ қой, Мен сөндiрiп алармын жалыныңды.
ЕРТIС ЖАҒАСЫНДА Отырдың аяғыңды суға малып, Жанында Ертiс жатты шулап ағып. Мен саған сыр ашпадым, тiс жармадым, Болмаса қарағаным құр қадалып. Мен сонда есiме алдым басқа адамды, Сағыныш кiрпiгiмдi жасқа малды. Сен маған «ойланба» деп айта бердiң, Бұзғың кеп арадағы тас қамалды. Ай туып өзiңменен амандасты, Дəптерiн махаббаттың саған да ашты. Көрдiм де көзiңдегi сезiм нұрын, Түсiндiм: Бəрi алғашқы, Бəрi алғашқы... Мен саған бақыт қана тiлегенмiн, Шаттанып сен де бiр сəт түрегелдiң. Ертiстiң алтын суын Айға шашып, Мəз болып күле бердiң, күле бердiң... Жағаның сiлкiндiрдiң жаһұт көгiн, Сол түнi сен шынымен бақытты едiң. Iшiмнен: «Шаттана бер, күнi ертең-ақ, Сенi де ойландырар уақыт» дедiм. САРЫ ЖАПЫРАҚ Күтудi махаббаттың нарқы санап, Отырдым саябақта алты сағат. Кеудемде үмiт пенен күдiк оты – Тұтанды бiр-бiрiмен шарпыса қап.
Жұтап тұр жалаң қайың жапырақсыз, Жұлыпты жас желегiн «ақымақ» күз. Сап-сары жапырағын маған əкеп, Сыйлады сенен гөрi жасырақ қыз. Ұсынып жымияды: «Алыңыз, – деп – Кiтаптың арасына салыңыз, – деп, Қыс бойы еш орманнан таба алмайсыз Осынау жапырақтың бəрiн iздеп...» Алдым мен «Рахмет, қарындас, – деп, – Қыс бойы бұл жапырақ табылмас», – деп. Жырымның парағына жасырып ем Кеттi ғой жүрегiммен бауырлас боп. Сенiмен көптен берi жолығыспай, Жанымыз келе жатыр əлi ұғыспай. Iшiнде кiтабымның тұр жапырақ, Сақталған саған деген сағыныштай... ГҮЛЗАР Мынау – гүлзар, екеуімiз гүл ұрлаған, Мынау – сол түн, торғайы шырылдаған. Тек сен жоқсың көзiңде жұлдыз ойнап, «Бақытты боламыз...» – деп сыбырлаған. Бұтағына теректiң Ай қонақтап, Үстiмiзге қанатын жайған аппақ. «Бiз бақытты боламыз, боламыз...» деп, Тұрдым сонда сөзiңдi ойға жаттап. Санам бүгiн сағыныш сазын ұқты, Тағдыр бiзге жасады қазылықты. Кеше ғана өзiңнен келген хатта «Бақытты бол... Кешiр...» деп жазылыпты.
Мынау – гүлзар, торғайы шырылдауда, Бүгiн бауға келгем жоқ гүл ұрлауға. Бұтағына ай қонған кəрi терек, «Бақытты боласың...» деп сыбырлауда... СЫНҒАН ƏЙНЕК Қысқы түнде қандай қызық қар кешкен. Айсыз аспан. Көшелерде шам да өшкен. Жалғыз өзiм жарым түндi жаңғыртып, Айғайладым аумай қалып «жарыместен». Жалғыз өзiм, атыңды атап дауыстап, Терезеңе қар лақтырдым уыстап. Айсыз, күнсiз, жұлдызсыз-ақ қысқы ауыл, Жап-жарық боп жатты сонда тыныстап. Мызғып жатқан тыныш тiрлiк, түн iшi. Сыңғыр еттi терезеңнiң шынысы. Аяз сорып, қырау қысқан əйнектiң, Аңдаусызда сынып түстi бұрышы. Күн жаумай-ақ су болды ғой көйлегiм, Құдай сүйер қылығым бар қай менiң?! Аңдаусызда алған екем сындырып, Көңiлiңнiң мөлдiреген əйнегiн... ХАТ (Көздеріңе ғашықпын – II) Жұмып кейде жанарымды нұр сiңген, Сырласқанда арман атты тылсыммен. Ту сыртымнан үп еткенде самал жел Елеңдеймiн сен шығар деп күрсiнген.
Ғашық жанды əлдилейтiн əн керек, Ғашық жанның басындағы хал бөлек. Жаңбыр жауса тырсылынан оянам, Iздеп келiп, есiк қаққан сен бе деп. Қашан болсын қайғы көрмей, жүр аман, Тағдырдан мен басқа тiлек сұраман. Күн астында сыңғырласа күмiс су, Сенiң күлкiң естiлгендей қуанам. Бiле бiлсең өмiр деген өткiншi, Аз ғұмырда көп қуаншы, көп күлшi. Маған ұқсап аспандағы Ай мен Күн Көздерiңе ғашық болып өтсiншi! БАЛ ДƏУРЕН Шыт көйлек терге шыланып, Шалғынға шалғы сермеп ем. Шалғайлау көлден су алып, Шабындығыма келген ең. Шiлденiң күнi. Сəске шақ. Дегдiмей жатты шабындық. Шоқ талды иiп қос жасап, Отырдық бiр сəт дамыл ғып. Жырақтау жерден арнайы Ынтықтың неге келуге? Тобарсып жүрсе таңдайы Тамсанып iшсiн дедiң бе? Суыңды маған ұсындың Ишара жасай именiп, Ернiңдi тiстеп қысылдың Монтиған момын күйге енiп...
Мен сонда судың iшiнен Бейнеңдi көрдiм мөлт еткен... (Сол түнi кiрдiң түсiме Жаралған қыздай ертектен). Жанарың ынтық сыр ашқан, Көрдiм де, қалдым ойланып, Кетсе ғой дедiм мына аспан Шаңырағымызға айналып! * Қызғалдағы самсаған, Қыз көйлектi гүл бақта Үндемейiн мен саған, Сен де маған тiл қатпа. Мейлi, көздi жауласын, Үзбе, тиме гүлге де. Таң бұлбұлы сайрасын, Сəл сабыр ет, үндеме. Жаспыз əлi, демек бiз Үлгi алайық гүл, жырдан. Гүлден нəзiк емеспiз, Əншi емеспiз бұлбұлдан. МАХАББАТ ДЕГЕН НЕМЕНЕ? – Шөлдеген жандай қаталап, «Махаббат... – деймiз, – махаббат!. Махаббат деген немене, Бұлақ па iшер жата қап?
Сиқыр ма көзге байқалмас? Ғажап па ешкiм айта алмас? Қазына ма екен қымбат бiр Қарызға берсең қайтармас? Махаббат деген немене? От болса егер сөне ме? Гүл болса егер, сола ма? Дəн болса егер, өне ме? Махаббат деген немене? Қолға ұстап, көзбен көре ме? Тамшыдай көктен түсе ме? Қамшыдай қолдан өре ме? Махаббат деген немене?.. Тəнтi еткен тəн бе, дене ме? Табылар бақ па, iздесең, Өзi iздеп, əлде келе ме? Сəуле ме, Сыр ма, Сезiм бе? Пəктiк пе, Ар ма, Төзiм бе? Мейiрiм бе екен ол əлде? Анамның тұрған көзiнде? Баяғы, бағзы заманда, Хауа Ана менен Адамға Еншi боп тиген махаббат Сый болып жеттi-ау маған да. Махаббат деген немене?.. – Айтайын, бiлгiң келе ме: Ол өзi жаңа, көне де Бабадан жеткен өнеге.
Күмəнiң болса өзiң бiл, Ғаламат ғашық кезiм бұл... «Сүйемiн» деген бiр сөзге Сыймайтын ұлы сезiм бұл! ЖАСЫРЫНБАҚ Тал түс. Көкте Күннiң добы домалар, Ауыл сырты. Көл. Қалғыған қоғалар. Қоға iшiнде қылт-қылт етiп жоғалар Жасырынбақ ойнап жүрген балалар. Жасырынбақ... Бала кезде бұғынып, Бұл ойынды мен де ойнағам тығылып. Қоға iшiнде аяқ-қолым жырылып, Көршi қызды көп iздегем жүгiрiп. Қалың қоға, құпиялы қамалдай, Көп кезгенмiн көршi қызды таба алмай. Көңілiмде сөне алмай, не жана алмай От бар едi тiлеп тұрған жанармай. Əр тұстан бiр ақ бантигi жалт етiп, Ұмтылған ем сол сəуленiң нарқы өтiп. Iздей-iздей өзек талып, əл кетiп, Қайтқан едiм бар уақытты сарп етiп. Содан берi жер де талай көгердi, Содан берi талай бантик көнердi. Ақын болып елге келдiм мен ендi, Ал көршi қыз жұмбақ нұрға кенелдi. Сəлемшi көп келiмдi де кетiмдi, Күн екiндi. Самал сүйдi бетiмдi. Көршi ауладан бiр құралай кекiлдi, Болды маған жасырынған секiлдi.
Жасырынбақ. Шын де, мейлiң, əзiл де, Бұл ойынды тастағам жоқ əзiрге. Қарамастан маңдайдағы əжiмге Қажет болса жасырынам қазiр де... Ұлы бесiн. Күз көзiне ала бұлт Аяқ асты тұра қалды жамалып. Қоға iшiнде iздегенi жоғалып, Жүгiрiп жүр жалаң аяқ балалық... МАХАББАТ ДЕБЮТI Шым көгерiп, Көбейген соң көбелек, «Қыс та кеттi-ау, Жаз да жеттi-ау» деген ек. Көгалдағы гүл үстiне не керек, Бүгiн, бiрақ... қар жауып тұр себелеп. Қар тиген гүл құлай жаздап тұр əрең, Қалай-қалай өзгередi мына əлем? Сен де бүгiн кетiп қалдың өзгеге Кеше маған «кетпешi...» деп жылап ең. Жалғыз тамшы жанарымнан түстi ағып, Бiр күш менi саған қарай ұшты алып. Кеше ғана «сүйем...» деген ерiнiң, «Сүймеймiн» деп тұрды бүгiн сұстанып. Ну сезiмiм селеудейiн селдiреп, Қызыл гүлге қарай бердiм мен жүдеп. Мамыр қары нақақ көздiң жасындай, Жауа бере, ерiп жатты мөлдiреп. Үмiттенiп тұрмын, бiрақ «Ерке лақ,
Өрiсiне оралар деп, ертең-ақ...» Келер күнге артпай ма үмiт осылай, Жас дебютшi алған кезде ерте мат?.. НАУРЫЗ Күннiң құйған сүт сəулесi əлi уыз, Науша құсқа нота ойнатты наурыз. Шатырлардан шүпiр-шүпiр құлайды Сүңгi мұрттай сынып түсiп сары мұз. Аллеясын екеуімiзге шарлатқан, Ала қыстай мына бақта қар жатқан. Көзбен шолып, Ойға шомып, Шарасыз, Бақ шетiнде қарап тұрмын шарбақтан. Сал дүние түскен сайын сəндене, Бiр ауырлап, Бiр жеңiлдер жан – дене. Ерiп жатыр қыстан қалған қасат қар, Iшiмде де ерiгендей əлдене. Қардың суы жерiк нəр ғой жер үшiн, Ерiп жатыр, Ери берсiн, Ерiсiн... Көңiлiмiз көншiп бiз де бiр күнi, Толтырармыз дүниенiң кемiсiн. Сары аязда сыңғырлаған ақша қар, Сылқ-сылқ күлiп жерге сiңдi, пəтшағар. Сенсiз келiп қол созам ба мен ендi Аппақ гүлiн ұсынғанда бақшалар?..
Көктеп ашып көктеменiң есiгiн Қар орнына – гүл қылтиса несi мiн?.. Қысты күнi қар үстiне мен жазған Ерiп кеттi-ау сенiң дағы есiмiң... Жаңа күндер жаңа ойларға шақырды Ескi əуендер əлдилеген ақынды. Еритiнiн бiле тұрып, еркем-ай, Қарға неге жаздым екен атыңды?.. * Ұмытпа, ұмытпашы осы күндi, Менi еске ал тербеткенде бесiгiңдi. Бұл тағдыр түсiмiзде табыстырар Бiздерге жазбағанмен қосылуды. Шарасыз құшағымыз айырылып, Қарадық қоштасарда қайырылып. Қайырлап қала бердi-ау сонда сенiң Толқыған көңiлiңде қайық – үмiт. Бiз ендi бұрынғыдай жолықпаспыз, Мен – жiгiт, сен – бейкүнə болып жас қыз. Бiрiмiз бiрiмiзге телефонмен Ешқашан түсiмiздi жорытпаспыз. Бiз ендi «жаным» десiп, «сəулем» десiп, Жүрмеспiз бұрынғыдай дəурен кешiп. Орманшы бөлiп алған көшеттердей Екеуімiз кеттiк екi орманда өсiп. Менi де, өзiңдi де кешiре бiл, Жадыңнан қатал ойды өшiре бiл. Қазықты қайырылар таба алмасақ, Сүремiз махаббатсыз несiне өмiр?
Сөзiңмен сезiмiмдi дiр еткiздiң, Келмейдi ендi күйбең күн өткiзгiм. Осынау шексiз ғарыш қойнауында Өзгенi жылытар ендi жүрек бiздiң. АУЫЛЫҢА БАРҒАНДА Талаураған таңдарға Тамсанатын шағымда, Риза боп жалғанға Əн салатын шағымда. Ал күреңмен лекiтiп, Ауылың жаққа аттандым. Буынымды бекiтiп, Жалғыз бардым, салт бардым. Екi кештiң арасы, Апақ-сапақ iңiрде. Кендiрлiктiң жағасы Елең еттi дүбiрге. Шықты алдымнан абалап, Ауылыңның иттерi. Астымдағы жарау ат. Үдiрейiп үрiккенi. «Əбес пе бұл келiсiм?» Дедiм iштей iркiле... Ауылыңның мен үшiн Аяулы екен... итi де!
САҒЫНЫШ Сағынамын. Жабығамын. Бағынамын жүрекке. Не қыламын? Бəрi мəлiм: сезiм осы – дiр етпе! Сүйiп қалдым. Тұйықталдым. Ұйып-қандым сырына. Биiк таудың шығып та алдым барса келмес шыңына. Құстар ғана құштарлана ұшты айнала төбемнен, Ұстамды аға, Тұспалдама, – өз сорымнан көрем мен! Қарлы асқарға, нар бастауға, бармас тауға шығыппын. Алжасқанда қалмас қайда алтын басы жiгiттiң?! АХИЛЛЕСТIҢ ӨКШЕСI Ақыл-естен осылай айырыламын деп, Бiр өтiп кеткен өзекке қайырыламын деп, Бiр ұрынған қақпанға тағы ұрынамын деп, Мен бұрын ойламап едiм. Уəжiм де жоқ ақталар, айта алар бүгiн, Көрем бе жоқ па, жүректiң жай табар күнiн? Түбiме жеттi бейсауат, бейхабарлығым Тағдырдың сырларынан. Мақтан көрушi ем өзiмнiң мықтылығымды, Өзiме деген сенiмiм бiттi бұрынғы, Кеудемнен тапты зiлзала – күптi дiрiлдi Сейсмографтар.
Сезiмге менi құрбан ғып, қайырлатқызған, Бiр қыздың отын жаққызып, қойын баққызған, Осалдығымды өзiме мойындатқызған, Қайран жүрек-ай!.. АЙШУАҚ ПЕН КҮНШУАҚ Есiме түсе бересiң неге? Жанымды жиi сыздатып? Жүректе жүзген елесiң – кеме, Желкендерiне мұз қатып. Арқырап келген ақшулан толқын Жарқырап қайтса бастығып, Қара жартастай қасқиған қалпым, Жолыңа қалам бас тiгiп! Төбемнен күнде ауысқанымен Айшуақ пенен Күншуақ, Сəулелi, нұрлы дауыстарымен Жанымды өтер шымшылап. Айқайлап Ай да, күркiреп Күн де: – Сүйемiсiң? – деп сұрайды. Тiрiмiн ғой мен! Сiркiреп кiмге, Бейуақта бұлттар жылайды? Сүйем бе, жоқ па – байқар едiңдер, Жас жуған жартас түрiмнен. – Ғашықпын! – деп-ақ айтар едiм мен Айырылып қалғам тiлiмнен...
БҮКIЛƏЛЕМДIК ТАРТЫЛЫС ЗАҢЫ Шығармай тысқа тартып ұстадым, Сезiмнiң ыстық шарпылыстарын. Көрдiм де сенi, Мойындап қалдым Бүкiлəлемдiк тартылыс заңын. Көрсоқыр болдым көрдiм де сенi, Қаперге кiрмей елдiң де өсегi... Жынданғам жоқ па? Ауылда маған: «Жасыңда жынды болдың» деседi. Самолеттердiң салондарында, Астаналардың алаңдарында, Ескерту алмай жүре алмас болдым, Өмiрде сендей адам барында! Өзiмнен-өзiм күлемiн кейде, Сiлкiнген жердей жүрегiм бейне. Мынау жұрт мүлдем жайбарақат қой, «Сүймей-ақ өмiр сүремiн» дей ме? Себепсiз сағат санап қаламын, Қалайша сенсiз тағат табамын? Өзiңдi ойлап, Өзiме бойлап, Таусылмас томдай парақталамын. Қиялда бiрге қонып-ұшамыз, Сабылысамыз, сағынысамыз... Бары рас болса тартылыс заңы – Түбiнде бiздер жолығысамыз!
МАХАББАТ ТƏҢІРІ Жаратылыста жоймайтын өмiрi мəнiн Махаббаттың да бiлем мен тəңiрi барын. Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен, Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын. Қос бұрымдарын иықтан серпе лақтырып, Қылықты қыздар ерiнiн қалқалап күлiп. Жалт қарағанда жiгiттiң жүрегi лаулап, Сана мен сезiм тұрмай ма салтанат құрып? Ойламас ешкiм ондайда қарақан қамын, Аққулар жүрер өргiзiп балапандарын. Қатар самғайды ғашықтық меңдеген жандар, Қарлығаштардай төске алып дала таңдарын. Жұптасып сосын үлкендер бата бергендер, Жарыса гүлдеп жатады қатар өнгендер. «Пiшедi тонын ұяда ана көргендер. Жонады оғын қияда ата көргендер». – Үйленiңдер! – деп үндейтiн əмiрi мəлiм, Махаббаттың да бiлем мен тəңiрi барын. Небiр аппақ сазандай сұлу қыздар мен Қосады ол жұрттың жаужүрек небiр ұлдарын. Жапырақ жайып жүректер жамырасқанда, Елжiрей қарап тұрады-ау тəңiр аспанда. Жас жұбайлардың жанында ол – үйленген кезде, Қайда кетедi, бiлмеймiн, ажырасқанда...
- * Атыңды сенiң өшiрiп едiм, Тақырыбынан жырымның, Мың тақырып боп, Асылым менiң, Кеудемде қайта тiрiлдiң. Өзiңдi мəңгi ұмытсам дегем, Ұмытқаннан соң сен менi. Жүректi тас қып құлыптамақ ем, Қолымнан ол да келмедi. Ұмытсам деп ем Бұрымыңды да, Көбелек қонған ұшына. Ұмытсам деп ем қылығыңды да, Жымиып күлер қысыла. Сезiм мен ойдың ара салмағы Нелiктен бұлай бұзылды? Кейде мен Қайда қарасам дағы Көремiн сенiң жүзiңдi. Сонау бiр жылы Бақта ұрлана Сүйiсiп келiп басқамен, Суретiң, тiптi хаттарыңды да, Паршалап жыртып тастап ем. Бағаңды түбi сездiрерiңдi Кеш бiлдiм, Ендi бөтенмiн... Байқамай сонда өз жүрегiмдi Паршалап жыртқан екенмiн...
СЫРНАЙЛЫ ТҮН Он төртке толған ересек баламын, Ағаммен бiрге шықтым клубтан. Жолда ағам маған бере сап баянын, «– Күте тұр, – дедi, – кетпей, Ұлықпан...» Зiлмауыр баян басқанда иықтан Ботадай боздар тисе саусағым. Əсем саздарды аспанды ұйытқан Сызылта алмай текке шаршадым. Шиқылға иттер шəуiлдеп үредi: «Бұл кiм дегендей, жүрген басынып?» Барқыттай барқын ауылдың түнi едi, Жұлдыздар көкте жатты шашылып. Барылдап баян бiресе терлегем, Келедi менiң əнiм қиысып. Сонау бiр үйдiң шамы да сөнбеген, Ағам тұр əне, қызбен сүйiсiп... Бiрiне-бiрi əрқашан аяулы, Оларға, шiркiн, əуен арнасам. Сайратар екем мен қашан баянды? Сүйiсер екем қызбен мен қашан? ЖҮРЕГIМДI АУЫРТТЫҢ ҒОЙ Жүрегiмдi ауырттың ғой, жарығым, Аласұрдым, арпалыстым, арыдым. Тағдырымды бүгiн ғана таныдым, – Бəрi уайым, бəрi күмəн, бəрi мұң. Жүрегiмдi ауырттың ғой, жаным-ай, Таудай көңiл талқан болды тарыдай.
Жүре берер тəңiрiн де танымай, Ақын – арлы, əрi жарлы, əрi бай?! Жүрегiмдi ауырттың ғой, ардақтым, Неге сонша ақырзаман орнаттың? Азуымды айға бiлеп, сор қаптым, Жем екенмiн ұшындағы қармақтың. Жүрегiмдi ауырттың ғой, асылым, Бұрқ-сарқ етiп, қайнадым да, тасыдым. Ақында ешбiр сыр болмайды жасырын, Ол бiлмейдi өмiр сүру тəсiлiн. Жүрегiмдi ауырттың ғой, балам-ай, Жалғыз өзiң бастағанда бұлағай, Күрсiнемiн: «Қайтсін-ау деп жыламай, Төрт əйелi түтiп жеген ұлы Абай!» * Даланың дымқыл тұманы Сипайды баяу бетiмнен. Жартыкеш көңiл тынады Қанттай болып кетiлген. Сидиып қалған сұр бұтақ Жел соқса көктi көсемек. Жыртық бұлт аспан тұр жұтап, Ошағы сөнген не себеп? Көңiл де көкке ұмтылмас, Қанаты су боп қалған ба? Барады-ау өтiп шiркiн жас, Қол жетпей талай арманға. Қоштасу деген оңай ма, Жауапсыз қалды-ау жалқы «хош...» Алайда, жаным, қалайда, Өзiңсiз жаным – жартыкеш...
ҚОС ҚАРАШЫҚ Жасыл сай. Бұйра тал. Бұлақ. Шатырлар шашырай қонған. Бел-белес, бұйрат – арғы жақ. Табиғат көшiне айналған. Мөп-мөлдiр, аспан ашық-тын. Сылқылдап бұлақ үн қатты. Тұсынан басқа лашықтың Бiр сұлу су алып жатты. Мөп-мөлдiр аспан ашық-тын... Iшiнде тал-шыбықтардың Отына қос қарашықтың Аңдаусыз шарпылып қалдым. Кенеттен долы жел тұрып, Бiр шоғыр бұлт айдап келдi. Жер мен көк бəрi желпiнiп, Бұлт басты қымтай бөктердi. Аспанды дал-дұл еттi де, Шулатты тал-шыбықтарды. Дүркiреп жаңбыр өттi де, Дүние малшынып қалды. Қыз кеттi басқа лашыққа, Сiлкiнтiп бiр рет маңын. Кiм бiлген қос қарашықта Соншама құдiрет барын!..
- * Ақынға шықпа, жас сұлу, Қалуың кəдiк жесiр боп. Күнi ертең шабыт тасқыны Жалынын оның өшiрмек. Қызықпа оның даңқына, Қаңғырар басың шуға мол. Қарыздар болып халқына Қалмауға белiн буған ол. Ол жүрер желдiң өтiнде, Жанына дамыл, жоқ тыным. Шықпа оған, шықсаң – өкiнбе, Өртенiп өтер көп күнiң. Жырына да оның алданба, Перi ғой ақын – пəтшағар, Ғашық боп ғайып арманға, Көзiңе ертең шөп салар... ПАРАЛЛЕЛЬ Келемiз тартып өрлерге Жолдармен түйiспейтұғын... Т. Айбергенов Алға аттап, алысқа басқан Жолдарда сапарласып бiз, Жақындап, алыстамастан, Келемiз қатарласып бiз. Ұқсас-ау күрсiнуiмiз, Көздегi жаңбырымыз да. Ұқсас-ау тiршiлiгiмiз, Пешене, тағдырымыз да...
Тұрмасақ құт-ұя болып, Емес ол қашықтығымыз. Қалады құпия болып, Бiздердiң ғашықтығымыз. Шақтарда кезiгiп жүрген Таусылмас ренiштерге, Ұқсатам өзiмiздi мен, Қосылмас рельстерге. Қосылса соқпақтарымыз, Бiр iзге түсiп, алайда, – Көтерген составтарымыз Апатқа ұшырамай ма?! * Ноқталай көрме сезiмдi! Сезiмдi шектеп не ұттың? Шалығы деме сөзiмдi Əсiреқызыл желiктiң, Келедi менiң сенi ұққым! Сүюдiң ыстық сертiнен Айныған жандар аз емес. Тiленiп тапқан дертiнен Қашатын құлға жаза кес! Сезiмiм менiң – серi өзен, Тау менен тастан қайтпаған. Сусасаң, кепсе кенезең Сырыңды бүкпей айт маған! Ашынғандаймын қамшы жеп, Көкейде жатыр сөз қайнап. Мөлдiреп, жалғыз тамшы боп, Дидарың қалды көзде аунап.
Бойыңдағы оттың ұшқынын Күлменен қымтап болар ма? Ықыласыңның ыстығын Суыта алмасын боран да! Ноқталай көрме сезiмдi!.. «ҚОЛЫҢНАН НЕ КЕЛЕДI?..» Қалқам! Менiң қолымнан не келедi? Түзей алам қисайған керегенi. Қапалының қайғысын бөлiсе алам, Туыспайтын туыстай кемедегi. Жанарымды жатса да аспан арбай, Ұшпаймын мен ғарышқа басқалардай. Жерден жетi қоян да таба алмаспын, Ғалым емен ғұлама қасқа маңдай. Жата берсiн мұхиттар толқын атып, Жерде жүру мен үшiн жарты бақыт. Бiрақ та мен... Кешкiлiк шаңын үрлеп, Жұлдыздарды қоя алам жарқыратып. Жан-тəнiммен ғашықпын нұрлы күнге, Жұртқа шуақ себемiн тiрлiгiмде. Қолыменен бiреудiң от көсемен. Айдап сала бiлмеймiн бiрдi бiрге. Ақынмын мен, Жыр тартам қоғамдасқа, Не келедi қолымнан одан басқа. Тəңiрмен де тең тұрып тiлдесер ем, Өзi келiп алдымен амандасса.
Тағдыр да бiр Шығайбай – шық бермейдi, Серiлiктiң заманы бiткен дейдi. Сəулем, сенi мəңгiлiк сүйе аламын, Одан басқа қолымнан түк келмейдi. ЖҮРЕК Жүрегiм өзiмде емес, қарындасым, Босатшы, жiбершi деп жалынғасын – Ұшырып туған жерге жiбергенмiн, Барсын да мауқын бассын, дамылдасын. Жүрегiм өзiмде емес, туу алыста, Ол кеткен сағынышқа, қуанышқа. Адасып жүрер ме екен тентек неме Жолына, менi сүйсең, шырақ ұста. Ұясы тұғыр болмас тас түлекке, Кеуде де мекен болмас жас жүрекке, Зарыққан Зайсанына ұшып кеттi, Сарынын Қара Ертiстiң естiмекке. Жiбердiм ұмтылғасын, талпынғасын, Тек кана талып қанат, алқынбасын. Атамас ешкiм менi қуыс кеуде, Кеттi ғой туған жерге, барсын... барсын!.. ТƏТТI МЕН АЩЫ Бiз тəттiмен қоштасқалы қай заман? Айналшықтап ащы iздеймiз жаймадан. Бала күнгi бал-бұл жанған жүзiмiз, Ендi бiзге кездеспейдi айнадан. Барлығы да тəттi едi ғой ол кезде, Тəттi-тəттi жас толатын қой көзге.
Тəттi-тəттi мұң келетiн көңiлге, Бүгiн, мiне, қайғы да өзге, ой да өзге. Сүйсек бiздер сүюшi едiк өртенiп, Ал жек көрсек – Жек көрушi ек жеркенiп. Сол бiр дəурен тəттi едi ғой, дариға-ай, Пəк едiк қой болсақ тағы боркемiк. Тəттi екен ғой алғаш алған демiмiз, Тəттi екен ғой ашуымыз, кегiмiз. Айрылғанда қазынадан қыруар, Тарлан тартып, таптық сонда ненi бiз? Сан сынаққа салды бiздi жiгiттiк, Тартыстық та, Талқы көрiп, Шынықтық. Тасқындарды тазартуға талпынған Қайда қалды қайталанбас тұнықтық? Толқындары жуасыған сол арна, Қайта-қайта қарғын құйса – толар ма? Адамзаттың бəрiн сүйiп шықсаң да, Тұңғыш рет сүйiскендей болар ма? АЛТЫН ИНЕ Кездесе қалсам өзiңмен Қалмайсың менi түйремей: Сөзiң де сенiң инедей, Көзiң де сенiң инедей. Кездесе қалсам өзiңмен Байланар тiлiм бiраз-ақ: Табамын содан мың азап, Аламын жəне лəззат.
Кездесе қалсам өзiңмен Кетесiң естен тандырып: Басым да қалар мəңгiрiп, Жаным да қалар жаңғырып. Кездессем болды өзiңмен, Сайрайды маған құс барлық: Жоғалып бойдан iштарлық, Оянар ғажап құштарлық! Жаным-ау, Алтын инеңмен, Шабақтасаң да мақұлмын: Жаза алып жүрген пақырмын, Тазарып келе жатырмын! ҒАШЫҚТАРДЫҢ ЖҮРЕГI Жас сұлу жеңгесiне сыр ақтарды, «Ол менi сүймейдi...» деп жылап та алды. Тұтатты əрбiр сөзi жеңгесiнiң Жанында сөнiп қалған шырақтарды. Ол дағы есiне алды ерке күнiн, Ойлады жас дəуреннiң келтелiгiн. Тiгуге асықпады қолындағы Ерiнiң бешпетінің желкелiгiн. «Жылама, бəрi де өтер, бəрi де өтер, Таңдайдан лəззаттың дəмi кетер. Күнi ертең есi кiрiп ессiз неме Сен үшiн бар ғұмырын тəрiк етер». «Жоқ, жеңге, ессiз деме, Ол – ақылды. Өзге емес, ол мен үшiн жаратылды.
Келмедi... Алдады...» деп қыз кемсеңдеп, Көзiмен тiнте бердi қара түндi. «Сен ондай қайырымсыз қасқаны ұмыт, Табылар одан да əйбат, басқа жiгiт. Бойында махаббаты болмағанның Күтпе сен ажарынан босқа үмiт». «Жо-жо-жоқ! Сүйемiн мен соны ғана, Ол болса санайды əлi менi бала. Сүймейдi... Мен... өлемiн... Ендi маған Өмiрден ондай бақыт жолыға ма?..» Сол кезде тықылдады қап-қара əйнек, Сыртында терезенiң «əттең-ай» деп, Кешiккен кездесуге жiгiт тұрды: «Қара басып, Құдайдың атқаны-ай!» деп. Өрт – сезiм, Көз жасының сырын əлi Кешiкпей өмiр – жеңге ұғынады. Осылай от пен суға суарылып, Жүрегi ғашықтардың шынығады! БIР КӨРЕМ ДЕ Бiр көрем де бiреудi сүйiп қалам, Оянады сезiмiм ұйықтаған. Өзiмдi-өзiм тежеймiн есiм кiрiп, Жүрегiмнен өзiмнiң биiк болам. Жүрек, бiрақ көне ме басынғанға, Бой бермейдi-ау күргейлеп жасырғанға. Ғашық болған қыздарым ғұмыр бойғы, Тiптi менiң көп шығар шашымнан да.
«Жыр арнашы маған да жiгiт болып», – Дейдi жарым кей күнi күлiп келiп. Дəптерiмнен бiр өлең оқи қалса, «Кiмге жаздың?» деп сұрар күдiктенiп. Жырларымды жаба сап ашық қалған, «Саған» деймiн сүреңмен сасып қалған. Оңашада өзiмдi қолыма алам, «Ғашық болман ендi деп, ғашық болман!» Қайда, бiрақ?.. От болып бұла денем, Тағы дегбiр қашады мына менен. Ала жiптен, алайда, аттау қайда, – Батырды да қорқытар күнə деген. Түсiн, жаным, бəрi тұр реңiмде, Сен сенбесең серi боп жүремiн бе? Ақындардың ақылы басында емес, Ақындардың ақылы жүрегiнде. САҒЫНҒАН ЖОҚПЫН Ай туды жаңбыр басыла, Жұлдыздың нұрын тартып ап. Жылға мен қақта шашыла Жарығы жатты жарқырап. Нiл көкте Нəзiк нұр – қамшы, Жарқ етiп сөндi құдды елес. Талдардан тамып тұр тамшы, Көз жасы да емес, шық та емес. Бiр сезiм менi толқытты, Сағыныш та емес, түк те емес.
Буланды көзiм, Ол тiптi, Көз жасы да емес, шық та емес. Сағынған жоқпын сенi мен, Дəл өзiң құсап ұмытқам. Сен емес, түн ғой демiмен Кеудемдi менiң жылытқан. Сағынып сенi қайтемiн?.. Еске де алғам жоқ, тегi... Жай ғана, а-нау Ай Сенiң Келбетiңе ұқсап кеткенi!.. МЕН СЕНЕМIН Мен сенемiн... Қайта жанып өшкенiң, Нұрға бөлеп Қара Ертiстiң кештерiн, Тағдырыңды ұсынғандай қолыма Ұсынарсың асау қайық ескегiн. Мен сенемiн... Буға айналып өлi мұз, Гүлге айналып, нұрға айналып, тегi, бiз, Қатар жатқан қос жанартау демiндей Бiр-бiрiмiздi тұрар шарпып демiмiз... Мен сенемiн, Бұл жалғанда бақыт бар, Əттең, бiрақ ғұмыр жүйрiк, уақыт тар. Жаз шыққанша бұтағымыз майысып, Жапырағымызға қалар, бəлкiм, қатып қар. Мен сенемiн, Жұлдыздары аспанның Көз жасына ұқсас десе жастардың.
Менiң дағы жұлдыз толды көзiме, Қарағым-ау, қалай жұлып тастармын? Сенемiн мен: Сезiм кейде обаған, Ессiз ерiп, есiл кеткен сан адам. Мен сенбеймiн махаббатқа Егер де Бiр толқымай өтер болсаң сен оған! АМАЗОНКАНЫҢ ƏНI (Мадригал) Сен жеңдiң, Тiзе бүктiм, Жеңiлдiм мен. Патша едiм, құлға айналды тегiм бiрден. Жөнiңмен жүрер болдым сенiң жүрген, Еркiмдi қай сиқырың емiндiрген? Найзасы кiрпiгiңнiң дiр етпедi, Ұштығын суырмадың жүректегi. Емдедi ерiнiңнiң бiр өпкенi, Қолдастық – арамыздан қыл өтпедi. Мерейiң асып менен, Болып үстем – Сен жеңдiң. Бағындырдың менi күшпен. Бал екен у дегенiм менiң iшкен, Бақытты болғандаймын жеңiлiстен. Беймаза жүрек тiлеп бүлiк кейде, Жарыл деп жанартаудай үгiттей ме? Болғанша басыбайлы ұлық пенде, Не жетсiн еркiндiкке iлiккенге?!
ДƏУРЕН Күн – жалғыз, Бiз екеумiз қайықтағы, Жағадан жамырайды Жайық талы. Мамырлап суға қонған көктiң бұлты, Манаурап ұйқысынан айықпады. Иiннен сусып түскен орамалды Жұмарлап жуас толқын орап алды. Ескектен шашылған су моншақтары Бетiңе бiр-бiр күн боп қона қалды. Жайықтың шортаны, əлде қасқалдағы, Шошытты шолп етiп су шашқандары. Жағада жаққан оттың көк түтiнi Ақ бұлтты арқандап тұр аспандағы. Бас қосқан бiр қайықта тағдыр айдап, Бiздерге өзен өзi мөлдiр айғақ. Өшiрдi айдындағы бейнемiздi Бiр ұшы бұрымыңның салбырай қап. Жатты су үнсiз жалғап мəңгi көшiн, Жел тынып, Демiн үнсiз алды бесiн. Отырмыз жалғап бiз де жiбере алмай, Таусылған табиғаттың əңгiмесiн. Жазып ем суға сызып есiмiңдi, Əр əрпiң жазған бетте өшiрiлдi. Жоғалар суға жазған жазудайын, Дəурен-ай, тұрлаусыз ба ең осы ғұрлы?!
КӨБЕЛЕК Сен кеттiң, Қалдым қатып бағанадай, Суытты – жып-жылы едi мана маңай. Көр шеге – өкшелерiң көше бойлап, Жүгенсiз жүрегiмдi тағалады-ай. Сен кеттiң! Қала бердiм қара басып, Сезiмiм екiұдай боп жағаласып. Жырақтан сылаң етiп сұлу тұлғаң, Жарыққа бара жатты араласып. Сен кеттiң, Қала бердiм қараңғыда, Қара бұлт қаумалады санамды да. Соңыңнан қолын созып Ай жүгiрдi, Бiлмеймiн жете алды ма, таба алды ма? Қаншама жүрек менi айтақтасын, Сеземiн түбi оның да жай таппасын. «Бағыңды уысыңнан жiбердiң» деп, Тұрғандай ағаш бiткен шайқап басын. Соңыңнан Өзiме-өзiм күшiм келмей, Ұмтылдым ала-құйын, ұшып желдей, – Күйерiн бiле тұрып отқа ұмтылған, Тағдырын көбелектiң түсiнгендей!..
«ҒҰМЫРНАМА» ТОПТАМАСЫ (1985) ПЕТРОГРАД. ПУШКИН МЕН ЕСЕНИН Қақпасын қоймаған соң тақылдатып, Ақшасын болмаған соң жақындатып. Фотограф, Əрең ердi Есенинге Айта алмай алабұртқан ақынға түк. «Жынды ма...» «Иə, жындымын! Есенин – мен!» «Есенин... екенiңдi, бəсе, бiлгем». Петроград. Таңсəрi уақ. Сирень иiсi. Бос жатыр жүргiншiсiз көше мүлдем. Ескi бақ. Орындықта – Пушкин. Қола. Есенин Ескерткiштi құшсын бара: «Бiз – доспыз. Басшы бiздi суретке шал!» «Келмейдi милицияға түскiм, бала. Бұл үшiн екеуімiздi қамайды əлi...» «Қорықпа, құтылармыз қалай дағы». «Жарайды, қоймадың ғой, тəуекел!» деп, Қиқаңдап көнген болды шал айлалы. «Қалайсың қозғалмауға бiр азырақ, Жарық аз, түсiремiн ұзағырақ». Төртінші бөлім БАЛЛАДАЛАР
«Жарайды, мен шыдармын. Ұшқалақ ед – Сашадан қозғалмауын сұра, бiрақ». «Ендеше түсiремiн,
шыда кəнi...». Əккi шал аппараттан сығалады. Қос ақын құшақтасып қатар отыр Суретке түспек болып сыбағалы. Таңсəрi. Ұйқыда əлi бүкiл халық, Молайып келе жатты, шүкiр, жарық. Қола ақын мен бала ақын... Екеуара – Соғып тұр жалғыз жүрек лүпiл қағып. АТТИЛА ЖƏНЕ АКВИЛЕЙ АҚҚҰТАНДАРЫ Алдырмай Аквилей тас қамалы, Апта өттi гундер шабуыл бастағалы. Алты күн ала шаң боп қала түбi, От бықсып, Жебе жауып, Тас борады. Түнерiп Аттила тұр дөң басында, Үркердей нөкерi бар дəл қасында. Қар жауып қабағынан қатуланып, Iшiнде сексен сезiм арбасуда. Жеңiс пе, Жеңiлiс пе сыбағасы? Патшаға беймағлұм бұл арасы. Тесiлiп тас қамалға қарап тұрды, Анау ор – Анау – қақпа, Мұнарасы....
Көз салды көлегейлеп алақанын: Iшiне тартып апты қала қанын. Басынан мұнараның Аққұтандар Ұшырып бара жатты балапанын... – Алдияр! Не қылайын айта берiп, Сұм қамал алдырмай тұр – жайпар едiк. Римдi тұтас жаулап алғаннан соң, Асықпай шаппаймыз ба қайта келiп?! Əмiршiм, Ала алмаймыз бұл қаланы. Аттила арғы сөздi тыңдамады: – Аламыз! Шабуылдаңдар! Бүгiн кешке – Қожасы Аквилейдiң ғұн болады! ...Қаланы ғұндар кешке басып алды. Тойлады, Дұшпанының басын алды. Сауытын ақ сарайда шештi Аттила, Қасында батыр қыпшақ досы қалды. – Əмiршiм, Себебiм бар аялдаған, Рұқсат бер қоюға бiр сауал маған: Қаланың құлайтынын қайдан бiлдiң, Алты күн арамтер боп ала алмаған? – Бiлмесем қайда менiң хан атағым, Ата боп кiм ойламас бала қамын: Қаланың құлайтынын маған айтқан – Аққұтан, Ерте ұшырып балапанын!..
ПАГАНИНИ Құлпырып тұр қайран Ницца көктемi, Қандай əсем көкала бұлт көктегi. Күмбiр-күмбiр күйме келiп тоқтады, Баққа оранған шарбақты үйге шеттегi. Ойнақшып тұр аққу мойын аттары, Жас полицей күйме есiгiн аттады. Сiрi етiгiн сықырлатып сəнменен, Қылышымен қатты қақты қақпаны. – Паганини осында ма? – Осында... Бiрақ мырза... – Үйге баста, шошынба! – Мен – дəрiгермiн. Науқас едi Никколо. Сұмдық сырқат... Шаруаңыз тосын ба? – Король соты шақырғанда келмеген, Айып кесiп, Төле десе көнбеген. Тапқан екен науқастанар мезгiлдi, Барып тұрған алаяқ қой ол деген! – Жас полицей, Қолда сигар тұқылы, Маңызданып бiр қағазды нұқыды: – Паганини сотталды əне он жылға, Тұтқындаймын! Мiне, соттың үкiмi! – Ол науқас қой! Қысып жатыр қос өкпе! – Жоқ, ендi оны қылмыскер деп есепте! Кеу-кеулесiп кiрiп келсе екеуi... Паганини... Қайтыс бопты төсекте!.. Құлпырып тұр қайран Ницца көктемi...
ƏЗƏЗIЛ Көшбикенiң тiзеден шалғыны бар, Кеше қалса шалынып шал жығылар. Қалың шөптi таптаған тобыр топтың Елеуреген жүздерi сан құбылар. – Ыбырайда ызам бар сан талайғы, Қысас қылмай қыжылым тарқамайды. Ал қаптаңдар! Абайды сабаймыз! – деп, Əбен сұмның көздерi қанталайды. Қарайған топ қарадай қаны қайнап, Қолдарына түкiрдi «а, құдайлап». Оқшау үйде ойланып отыр Абай, Қалың елдiң қамығып қамын ойлап. – Абайды ұрып... Əй, кiмнiң дəтi шыдар?.. – Тарт тiлiңдi! Атаңның ақысын ал! ...Ақын түскен ақ үйге төнiп келдi, Сайланған топ сойылы, сапысы бар. Жылпос бiреу Əбендi жанасалап, Дырау қамшы ұстатты оңашалап: – Бəр-рекелдi!.. Абайды аямай ұр! Ала алмасын ешкiм де арашалап! Қанды қамшы ақынға жауып кеттi... Əлгi жылпос тұрды да бағып көптi: – Ойбай, Абай ағамды сабады! – деп Хабарлауға оязға шауып кеттi...
ШЕЛЛИДIҢ ҚАЗАСЫ Тып-тымық теңiз. Толқынның да жоқ төбесi. Қирады қалай – «Ариэль» – Шелли кемесi? Жанын жеп Байрон жан досын iздеп жеткенде, Жағада жатты Шеллидiң жансыз денесi... Аһ ұрды Байрон айырылып кейiп-кеспiрден, Соққыдан сұмдық сенделiп барып ес кiрген. Марқұмның жұрты атқарып ақтық борышын – Мүрдесiн отқа өртедi ескi дəстүрмен. Шырт еттi шақпақ. Шалды от Шелли сүйегiн, «Бақұл бол, бауырым!.. Басымды мəңгi иемiн...» Алаулай жанды аяулы ақын мүрдесi, Булықты Байрон көз жасы жуып иегiн. Еңсесiн езiп, Сығады сөлiн сұм қайғы, Улайды бiр ой: «Есiл ер екi тумайды...» «Шындықтан өзге Құдай жоқ» деген Шеллидi Еш декан ендi университеттен қумайды. «Құдайсыз құлды қуырдақ қылсаң да – Құнсыз деп, «Дiнсiздiң болар тəрбиесi де дiнсiз» деп, Шиеттей екi баласын тартып алғандар, Жəдiгөй жүзбен жабыққан болды үнсiз кеп. Өксiдi Байрон өртенгендейiн өз басы, Кiрпiктен бетiн күйдiрiп ақты көз жасы. Бажыған əлем, Байронмен бiрге боздашы, Қажыған жүрек, Қаралы күйдi қозғашы:
«Көзiңдi аш, өмiр! Өртенiп жатыр өр ақын Сормаңдай дүние! Сорың да көп-ау соратын. Күл болсын күлкiң, Бүл болсын мүлкiң, сұм жалған, Шейт болды Шелли – шығатын едi-ау сорақың. Келбетi достың көңiлден қалай көшедi, Көз алдымда тұр сырласқан бiр кеш кешегi. Кенеттен сонда тереземiздi қиратқан, Көшеден атқан көксоққандардың кесегi. Екеуімiз сонда тұрмастан, мойын бұрмастан, Селт етпеп едiк сол сəттi қимай сырласқан. Тас бұза алмаған, Қас бұза алмаған сол сезiм Қапыда қирап, Күмбезiн көрдей түн басқан. Өртендi Ақын! Өзi де өшпес өрт едi! Өршiген жалын өлiмнiң бетiн серпедi. Өзегiн жаудың өртеумен өмiр сүрген жан, Өзегiн достың өлгенде, мiне, өртедi. Хош, хош бол мəңгi! Хош, қайран Шелли! Хош ендi... Өлеңнен алдың өмiрге кеткен есеңдi. Ақымақтарға аңдытып қойған ақынды, Айыптамаспын өз Отанымдай еш елдi. Хош, қайран досым! Бақұл бол, досым. Хош ендi...».
КҮЛКI МЕН ҚАСIРЕТ ...Ауыстырар актер болмай оңтайлы, Серке бүгiн өзi ойнады Қоңқайды. Байғұс Қоңқай қол қусыра қалбақтап, «Ақтоқтым ба, хазiрет?» деп аңқайды. «Мен адаммын, қатынынан жүрегi Шайлыққан!» – деп күрсiнсе, – жұрт күледi. Қайтсін елдi қырып салмай Қоңқайдың Шүйiрмек ерiн, жыпық көздi сүреңi. Сар күпiсiн сiлкiп тастап жотаға, Күпсiнiп бiр қызыл сөздi қотара: «Жұрт Қоңқайдың қаптады, – деп, – тойына!» Қалшияды: «О, тоба, – деп, – о, тоба!» Қыран-топан қалың күлкi буынды ап, Құшырлана қол соқты жұрт дуылдап. Қарт Серкенiң жаны жылап тұрғанын, Қайдан бiлсiн қамсыз қалың шуылдақ?! Күркiредi күлкiнiң де толқыны, Басылмады шапалақтың солқылы... Қасiретiн сезбедi ешкiм, Серкенiң... Ұлы қайтыс болған едi сол күнi!..
ҚАН ҚҰЮ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ҚОЛТАҢБА (Əбдiкəрiм Ахметовке) Дəрiгер бүгiн тағы да Болғаннан кейiн құйып қан. Ақынның келдi жанына Əзiлдей күлiп миықтан: – Сұрланып келiп едiңiз, Нұрланып, мiне, тұрдыңыз. «Жасарып қалдым» дедiңiз, Бiз онда сiзбен құрбымыз. Жаздырсын жарқын өлеңдi Құйдырған жаңа қаныңыз. Тағы бiр рет... Ал ендi, Қолтаңба бере салыңыз... – Мен дайын! Қолын бұлдар кiм?.. Бiр қарап қалам ұшына, Созды ақын қолын Журналдың Қыз нұсқап тұрған тұсына. – Қолтаңба маған сөз емес, Сен үшiн берем қолтаңба. Қойды ақын қолын Өзi емес, Дəрiгерлер жазған сол «томға»... Қалжыңдап жатыр: – Ал құрбым, Тойыңа барам жақында... Жетер ме күшi аурудың Қолтаңбасы бар ақынға!..
ЕСКЕРТКIШ ЖУҒАН ƏЙЕЛ «Қырқа бар Алматының шығысында...» Жыры тұр тамсандырып тiл ұшында. Қырқада – Сол ақынның ескерткiшi, Таулардың тұрпаты бар тұрысында. Ақын тұр Боз жусан мен селеу кешiп, Басынан будақ-будақ өлең көшiп. Жанына жыр дəптерiн салып алып, Баратын жас ақындар сəлемдесiп. Қыс өттi қалтыратып көк пен жердi, Сүйретiп көк шылбырын көктем келдi. Қуанды тас мүсiн де көрiп бүгiн Көктемге аман-есен жеткендердi. Өткерiп қар-лайсаң лақса күндi, Жүзiне Ескерткiштiң дақ шалынды. Бiр əйел Тас мүсiндi жуды келiп, Аялай көпiршiтiп ақ сабынды. Оранды ақша бұлтқа ақын бiр сəт, Сүрттi əйел Ақ жiбекпен басын қымтап. Көрдi əлем ескерткiштiң жылағанын, Көзiнен мөлт-мөлт етiп асыл бұршақ. Арзымас асылың не, Күмiсiң не? Тiршiлiк көз жасының тұр iшiнде. Мүсiндi сүйдi сонда мұңлық əйел, Сүйе алмай қалды ма екен тiрiсiнде?
АҚЫНДАР ТАҒДЫРЫ (Қажығали Мұхаметқалиевке) «Жет, ойбай! Жылан шақты жас баланы!..» Жыландай суық хабар осты Ананы! Iсiнген саусағынан сəбиiнiң. Сорды уды Бiткен Ана басқа амалы... Сырмаққа түскен сəби сұлай барып, Сəт сайын өңi кiрдi шырайланып. Анаға – Қомнан ауған шаңырақтай Дүние бара жатты шыр айналып... Дөңбекшiп, Сол Ананың баласындай, Дүние, Байыздашы аласұрмай. Денеңе у дарытпай емдеп алар Тағдыры Ақындардың дəл осындай!.. ШАЯХМЕТ Шаяхмет тақыр басты, быртық бет, Арам шөптi күрегiмен қырқып кеп, Екi иiнiнен демiн алып ентiгiп, Айғайлайды: – Iркiт қайда, iркiт? – деп. Дəл өзiндей тақыр басты, быртық бет, Ұлы жеттi: – Əке, мiне, iркiт, – деп. Желпiлдеген баласына жекiдi: – Не ғып жүрсiң əр тақтаны түртiп? – деп.
Жекiгенге бала бүгiн жаси ма, Ақ торсықтың аузын жайлап ашуда: – Күрек деген қалды емес пе модыдан, Мiнсеңшi, əке, жаңбырлатқыш машина! Шаяхмет: – Тақылдама, тек, – дедi, Қай сасқаны күрегiмдi сөккенi?.. Сонау жылы, сен iштесiң, бұл көкең Күрекпен-ақ орден алған жоқ па едi?.. Оған жетер еш мəшине жоқ, тегi, Мəшинең де, жаңбыр да бiр көктегi, О несi-ей?! – деп қолына алып кесенi, Оңтайланды толы iркiттi төккелi. – Сонау жылдар жетiле алмай тарықтық Жарылқаған осы Жер ғой қарық қып, – Шаяхмет шашты iркiтiн арыққа, – Бiзден бұрын Жер iшсiншi, жарықтық?.. ЖЕЗДЕ Тентек ем текке қызынар Қиқарлау бала кезiмде. Əлi де соның iзi бар Сезiмiм менен сөзiмде. Тентектiң жауы – жездесi, – Кеудеме талай толды «кек». Əпкемнен аян безбесi «Балдызым бұзық болды» деп. Аңдатпай кесiп айылын, Атынан оны жығамын.
Əпкемнен күтем қайырым Ашылған шақта ылаңым. Ашуға əпкем сөз берер, Қабақты мен де түйемiн. Апыр-ау, қалай төзбек ол Атынан жықсам күйеуiн! Ал жездем күлiп жайменен Үстiнiң шаңын қағатын. Қолына түссем сонда мен, Қытықтап өшiн алатын... ...Тентектiк үшiн не түрлi Бұралды бiрде құлағым. Мендегi əйбат кекiлдi Қиқалап құртты мұғалiм. Дəптермен жауып төбемдi, Долданып келдiм үйге мен. Зомбылық-зорлық дегендi Сол күнi тұңғыш бiлген ем. Жыладым жатып ызадан, Қағытып жездем мəз болды. «Таз болар деушi едi жылаған, Мiнеки, басың таз болды». Сүрттiм де жасын көзiмнiң Сөйледiм зiлдi: «Жүр əрмен, Шашыңды жұлсам өзiңнiң Жылар ма ең, əлде шыдар ма ең?» «Шыдаймын» дейдi көңiлдi, Күлкiсi батты шымбайға. Шашына салдым қолымды, Шыдамын байқау тұрды ойда.
Қайратты бiткен қара шаш, Шеңгелдей тартып тұрғаным. Сұрамай жездем араша, «Осы ма, – дейдi – жұлғаның? Жүрсiң-ау босқа соғып нан, Қайраты қайда балдыздың? Келмейтiн шығар қолыңнан Сабағын да үзу қарбыздың!» Саусаққа шашты орадым, Жұлқыдым қатты уыстап. Жұлынған шашқа қарадым, Тұрғандай бейне ту ұстап... Ал жездем, жездем... күледi... Бай едi неткен төзiмге? Қолымда шашы тұр едi... Сол сурет қалды көзiмде... ...Бүгiн жоқ, жездем... Ол кеттi, Қаза боп қоғам мүлкi үшiн. Өлерде: «Ажал, кел» дептi Бұзбастан нұрлы күлкiсiн. Артында қалды жиенiм, Мiнезi қонған осыған. Бетiнен оның сүйемiн, Сипаймын қара шашынан...
ЖЫЛАН ОРДАСЫН ӨРТЕУ (Бейсен Кенжебековке) Сауыр таудың қойнында бар бiр аңғар, Сол аңғарды мекендейтiн жыландар. Жықпыл-жықпыл, қорыс-қопа, ши, шеңгел, Желмен сыңсып, күңiренер кiлең зар. Қаулап өскен қараған мен миясы, Өрiп жүрген улы жылан ұясы. Топырағынан тышқан iзiн таппайсың Зəрдей ащы жемiсi мен жуасы. Қызуымен қақтағанда күн ысып, Қалың қаулан қалтырайтын құнысып. Шұқанақта қара шұбар жыландар Шұп-шұбар боп жататұғын ұйысып. Заттың бəрi шұбар едi мұндағы, Шұбар едi тас пенен шөп, гүл – бəрi. Көз аударсаң жыландарға көп қарап, Шұп-шұбар боп көрiнетiн Күн-дағы. ...Шiлде кезi, Шiлiңгiр күн тұр жанып, Бiр топ бала бұғып жеттiк ұрланып. Құжынаған, быжынаған жыландар Жатыр екен шырмауықтай шырмалып. Жұрт аузында жылдар бойы жүрерлiк Жеткен едiк жасамақ боп бiр ерлiк. Шартылдатып шырпы шағып жан-жақтан Шадырадай шөпке тастап жiбердiк. Күйiп тұрған жықпыл жыныс лап еттi, Қаулаған өрт аңғар iшiн əкеттi.
Ұйқы-тұйқы, аласұрды жыландар Сақ-сақ күлiп сайтандай от сап еттi. Ұмар-жұмар, опыр-топыр үймелеп, Ию-қию, жыпыр-жыпыр кимелеп. Сансыз «сүлiк» састы сусып сумаңдап, Лап еткенде қалың қопа, ши кенет. Жанталасқан, арпалысқан жыландар, Жанұшырып, қайшыласқан жыландар. Ысқырынып, отты шаққан жыландар, Өрт жалынмен жауша алысқан жыландар. «Құжынаған, қарашұбар жыландар, Күйгенi бар, шаласы бар жыландар. Жан-жағынан жалын тiлi жалаңдап, Сумаң-сумаң аласұрған жыландар. Ордалары ойрандалған шұбарлар, Қара орманы майдан болған шұбарлар. Жарық күнi қараң болған шұбарлар, Тағдырлары тамамдалған шұбарлар... Бiрi жерге, бiрi көкке ұмтылып, Бiрi отта, бiрi шоқта бұлқынып. Мың оралып, мың жазылып, серпiлiп, Сансыз сабау сабағандай жүн-түбiт. Шиыр-шиыр ширатылып бiреуi, Шиыршық боп қырға атылып бiреуi, Бұратылып, шырматылып бiреуi, Құлар басын құмға тығып бiреуi. Шыбын жаны шырқыраған жыландар, Түтеп, жанып, бұрқыраған жыландар. Шоқ iшiнде шатыр-шұтыр атылып, Сапырылды сұрқы жаман бұл аңғар.
Жыланға да жан аши ма шынымен?.. Жар басынан жадау жүзбен үңiлем. Сүйретiлiп сүйрiктей бiр жыланшық, Жылжып бара жатты шидiң түбiнен!.. Тiс жармадық, тiл қатпадық кетерде, Байғұстарды өртедiк-ау бекерге. Жанарымнан тамып түскен Тамшы жас Тажал өрттi сөндiруге жетер ме?! Күнəсi мол беу, балалық шақтарды-ай, Кете барған ар алдында ақталмай. Кейде жанды қоярға жер таппаймын, Жүрегiмдi сол жыландар шаққандай. ШОҚАН МЕН ДОСТОЕВСКИЙ Еркелеп аққан Ертiстiң жағалауында, Екеуден екеу ұрынып қалып жауынға, Малмандай болған Шоқан мен Достоевский Бұрыла салды бүйiрде жатқан ауылға. Жарқабақ бойын жағалай бiткен тал-шiлiк Жалтаң көз болды жауынға тұтас малшынып. Өзеннiң бетiн басты да кеттi аппақ бу, Аяқ астынан ақ жұмыртқадай аршылып. Беттедi бұлар берiрек тұрған бiр үйге, Бойкүйез иттер пейiлсiз шықты үруге. – Қонақтар келдi! – Төрлетiңiздер! Бой тартып, Достоевский бөгеле бердi кiруге. Есiктен сосын еңкейiп барып бас сұқты, Үй iшiне де үйрендi көзi, бастықты.
Шоқанға жақын шалғайлас орын ұсынған, Шалды да көрдi шынтақтап жатқан жастықты. Киiз үй iшi төрiне сырмақ төсеген, Жарқырап кеттi ошақтағы оттан көсеген. – Мал алдырт, кемпiр, келдi ғой күткен кiсiлер, Құмалағыма көрiндi деп ең кешеден... Достоевский түсiнбесе де Түсiндi, Малдасын құрып отыра да алмай қысылды. Жандарал ма деп жасқанар жорта сыңай жоқ, Сабырлы кемпiр сапырып қымыз ұсынды. Осы бiр сəтте сырттағы жаңбыр басылып, Түрiлдi iрге, Түндiк те түгел ашылып, Көзұшы сонау Ертiстiң арғы бетiнде, Кемпiрқосақтың кермесi тұрды асылып. Ошақтағы оттың ойнақтап жатқан жалқыны, Керсенге түсiп, Қымызбен бiрге қалқыды. Шоқаннан шыққан француз иiсмайы емес, Жұпарын шашып жалбыздың иiсi аңқыды. Көргенде қонақ түрiлген үйдiң iргесiн, Еске алды кенет Тобылдың торкөз түрмесiн. Кереге торлы, терезе торлы, Бəрi – тор... – Кəпірдің қымыз iшiне жақпай жүрмесiн... Кеседен Шоқан сыздықтай жұтып сəнменен: – Федор Михайлович, бұл өзi нағыз бал! – деген. – Геродот жазған атақты қымыз осы ғой, «Жасарып жаның, жадырайды деп бар денең...»
Iлулi тұрған қобызды қария қолға алып, Ысқышын сипап отырды үнсiз толғанып. Қонақ та ендi құмарта iштi қымызды, Басында бiрер ұрттаған едi зорланып. «Бес жылдан берi келiп ем жұтып у талай, Бұйырып бұл дəм, бал iштiм мiне, бұл қалай? Сергiтер жанды сиқырың бар-ау бойыңда, Абылай ханның алтын жүректi ұрпағы-ай!..» Демiмен шарпып, Дегдiтiп дархан даланы, Аңқылдай естi Семейдiң салқар самалы, Шу ете қалды ауылда иттер таласып, Бiр ақбоз құлын аулақта шауып барады. Құйрықты қойды жетелеп келiп бiр жiгiт, Есiктен қарап алақан жайып тұр күлiп. Бəрi де таңсық, бəрi де бұған бейтаныс, Бəрiн де бұған жасап жатқандай қыр қылып. Дастархан толы – белгiсiз алуан-түрлi дəм. Жайдары Шоқан, ақпейiл қария, нұрлы маң. Сабырлы жүздi ақ кимешектi ақ кемпiр, Сiңiрлi қолмен ұсынып қымыз тұр бұған. Кешiкпей қарт та кезектi бердi əн-жырға, Қобыздың үнi ұқсады мұңлы тағдырға. Қуанышы да, қайғысы да еркiн неткен ел, Даласы – əнге, Бұлттары толы жаңбырға! Петербургте айырылған азаттығымен, Семейде сергiп табысқаны ма шынымен? Тайсалған тұтқын тамсана жұтып қымызды, Еркiндiк дəмiн сезгендей болды тiлiмен!..
САЛАСПИЛС Мүсiндер... Мүсiндер... Қаралы мүсiндер, жаралы мүсiндер. Қайратты мүсiндер, азалы мүсiндер. Аралап келемiз: Шалғынға шық тұнып қалыпты, Мөп-мөлдiр тұнық шық, Сəбидiң көз жасы тəрiздi. Бұл жерде жалмауыз, Адамның терiсiн жамау қып, Жердiң жыртығын жамаған. Бұл жерде жендеттер Уақыттың өзiн де дарға асқан. Бұл жерде қасiрет инесi, Жүректi жүрекке қапсырып тiгедi. Бұл жерде қанатын қомдайды Бойдағы кегiңнiң балапан құстары. Бiр сəби көшеде жыласа Жамырай жаутаңдап қараймыз, – Бұл жерде жетi мың жас сəби Шырқырап жылаған... Қасiрет!.. Қаншама қасiрет!.. Ойласаң төбе шаш тiк тұрар! Бесінші бөлім АҚ ӨЛЕҢДЕР
Жетi мың жас донор Қаншама қандарын бергенiн, Қаншама көз жасын төккенiн, Қаншама Аштықты, Қаншама Ауруды, Қаншама Азапты, Қаншама Ажалды көргенiн Санауға Шашың да шақ келмес!.. ЦИРКТЕГI ОЙ Алабажақ аренада жылпос қолды жонглер Шар тастарды қақпақылдап ойнайды. Бiр шар кенет түсiп кеттi қолынан... Күлдiк бiздер, Күлу үшiн келдiк қой. Алабажақ кеңiстiкте уақыт деген жонглер Планеталарды қақпақылдап ойнайды. Бiр шар түсiп кетпес пе екен қолынан?.. Күлемiз-ау, Күлiп болған жоқпыз ба?.. АЖЫРАСУ I Жетедi!!! Кетедi бұл үйден!! Қазымыр, Қатыгез, Құр кеуде Қалсыншы қырсығын құшақтап! Жайылып жастық боп, Жолына құрбан боп,
Жанын сап, Жер жамап жүрсе де Жөн бiлер жар қайда? Бұлағын суалтқан, Құрағын қуартқан Құр күйбең Қу тiрлiк, Қор болған махаббат, Қар жауған қабақтың құлы ма ең? Жас жуған көкiрек, Жасынан жас жiгер, Жаралы жүрек пен Жүн болған жүйкенiң Бодауын кiм берер? Жетедi! Кетедi бұл үйден! Тұщы еттiң тартуы – Ап-ащы таяқ па? Жазықсыз жүректiң жүлдесi – Сұп-суық сөз бе едi? Жекуден жер болған Жасқаншақ жас перзент, Жел соқса желп етер, Жапырақ болды ма? Өскелең өндiрдiң Өмiрiн өксiтiп, Өзегiн өртетiп, Өрiсiн тарылтып, Өңез жеп жүргенше, Өлгенi артық-ау! Жетедi! Кетедi бұл үйден!!!
II Көшеде – күн кетiп барады. Көк такси көлденең тоқтады. Жас əйел, Жас сəби, Тамшы жас... Тамшы жас – кебуге айналған, Ең соңғы тамшысы ол, Тартылған дарияның. Ең соңғы нүктесi ол, Ең соңғы сөйлемнiң. Жалаңбас жас жiгiт Жан-дəрмен жүгiрiп келедi. Жүйткiген жұлдызға Жүгiрiп кiм жеткен? Көшеде – Күн кетiп барады... ƏНГЕ ОДА Өмiр өзi өлтiргенде Бойыңдағы пəк сезiмдi, Тамырынан тiрiлтетiн Əн, əн ғана, əн ғана! Өмiр өзi ылайласа Бойыңдағы бұлағыңды, Бастауынан тұндыратын Əн, əн ғана, əн ғана! Мен ұшқанда, сен ұшқанда, Ол да ұшқанда бұл ұядан, Соңымыздан жаңғырығар Бiз айтқан əн, əн ғана!
ҚЫЗЫЛ IҢIР. ҚЫЗҒАЛДАҚ Қызыл iңiр. Қызғылт қыр. Қыжым аспан. Қызыл жел. Қызыл көйлек қыз бала, Қызылбауыр бұлттарға, Қыр басында қызынып, Қолын бұлғап қарап тұр. Қызыл iңiр. Қызғылт қыр, Қыжым аспан. Қызыл жел. Жел өтiнде желбiреп, Қырда тұрған қыз бала Жердiң – Көкке ұсынған Қызғалдағы секiлдi!.. ҚАЙРАН БАУЫР Талқы мен тездiң туысы – тауқымет тасы мың батпан, қабырғасы əлі қатпаған, ақыл тiсi əлі шықпаған, ернiнен уызы кеппеген, өз қолы өз аузына жетпеген, қарымы қорам, құлашы тұтам, тартысқа түсiп, тайғақты кешiп көрмеген бүлдiрген жүрек баланың тауанын шағар ма екен деп, жығасын жығар ма екен деп, қарайлай берем соңыма. Қарайлай берем, қулығына құрық бойламас, қолқасын қырау қымтаған, қармағы қанды, қаймана, құдыретi болса қолында
тағдыр бiткендi шотына салып шығарып, Жер шарын дағы таразыға тартып бағатын, қарбыздай тiлiп, қабығын жарып көретiн, жүрiсi сұйық, жүрегi суық бiреулер, қолымен оның от көсеп, қағаздан аппақ көңiлiн қарадан-қарап кiрлетiп кетер ме екен деп... Қайран бауыр!.. КIМ ӨШIРЕР Өшiрiп жатыр суретшi қағазға түскен кескiннiң көңiлге кемiс көрiнген керексiз, құнсыз тұстарын. Өшiрiп жатыр бет-жүзiн күлгенi үшiн өтiрiк, өшiрiп жатыр көздерiн қарағаны үшiн қастықпен. Өшiрiп жатыр құлағын қаңқуға қайымдығы үшiн, өшiрiп жатыр ерiнiн өсекке бейiмдiгi үшiн. Өмiрде дағы аз ба екен өзегi өлi мүскiндер, сүтпенен сiңген сұм ниет сүтпенен сүртсең кетер ме? Солардың суық қолынан жаныңа түскен жараны арыңа түскен дақтарды құдірет бар ма өшiрер?!
ШЫҢЫРАУ ҚҰДЫҚ Сусамырды суарған шөлейттегi шыңырау сырты аптап, iшi сыз менiң жаным секiлдi. Шегендерiн сығымдап, қаусырса да қара жер қабырғасы қайыспай қасқайып тұр шыңырау... Табандағы тұныққа қолы жетпей бiреудiң тас лақтырып түбiне тереңдiгiн өлшеген. Қанып iшiп кəусарын, қайыл болса бiреулер, былш еткiзiп бетiне бiреу кеткен түкiрiп. Қудық жаны – тұнық су, талқан болмай қайтедi, тастан ауыр түкiрiк, қауып түссе жүрегiн? Керуендердi кенелткен Шөлейттегi шыңырау, сырты аптап, iшi сыз, менiң жаным секiлдi. Төбесiнен өтедi, құмды боран дүркiреп, тұнығына шөгедi, ұлы ғасыр тозаңы.
Замандардан замандар зымыраған шақтарда, көзiн жұмып қайнары, қаусағанда шегенi, жiбiтпесiн сезсем де, ғасырлардың таңдайын, көзiн оның бiр Керуен – аршырына сенемiн!..
ВЕРЛИБРЛЕР, АҚ ӨЛЕҢДЕР, ҚАРА ӨЛЕҢДЕР ҚҰМСАҒАТ сыйлады маған құмсағат, құм толтырған сұм сағат – құйылғандай көзіме құйылады сауылдап, секунд санап, күн санап, минут санап, жыл санап, кірпігім кейде жұмылар əр түйірін ауырлап. құм сағатта құм қанша? сұм жалғанда құн қанша? аспан жерге түседі көзіңді ашып-жұмғанша... ЖЕЛТОҚСАН неге, неге Желтоқсанда зығырданым қайнайды? табаным – тайғақ, қоғамым – жалтақ, өмірім – озғақ, заманым – тозғақ, қабағым – қарлы, қанарым – жарлы, келешек – бұлдыр, Алтыншы бөлім «ҚАРҒАЛДАҚ». ЖАҢА ДƏПТЕРДЕН (2000 – 2014)
көрешек – тұлдыр, жүректе – қыжыл, санада – кіжіл, пейілдер – таяз, көңілдер – аяз, сыртым – аран, ішім – боран... неге, неге Желтоқсанда зығырданым қайнайды? аспан деген не нəрсе – есігі ме Тəңірдің? жер дегенің не нəрсе – бесігі ме қабірдің? жұлдыз толы аспанға ағаш құсап қол созам, жерге бойлап тамырым тереңдерге жол салам. көк қалады көк болып, жер қалады жер болып, екеуінің арасы елдеспейді бəрібір... ей, Жер мен Көк, Жер мен Көк, екеуің де əрі жүр!.. бір сəби туса – бір жұлдыз жанады дейді – өтірік... бір адам өлсе – бір жұлдыз ағады дейді – өтірік...
пешенең – берік қалқаның, періштеңнің қорғайтыны рас... таусылғанша талқаның судан тал қармайтының рас... қартайса қарға қартайсын, біздікі не – құр əуре... ортайса мұхит ортайсын, біздікі не – құр əуре... адамға берген қамшының сабын қысқа қиғаны-ай... бүлдіргесін бүлдірмей, алса – сөзге ілдірмей, тез алса екен қинамай... тағдырымнан: гүл сұрап ем – бау берді, тас сұрап ем – тау берді, дос сұрап ем – жау берді; тағдырымнан: сыр сұрап ем – сабыр берді, нұр сұрап ем – жауын берді, жел сұрап ем – дауыл берді. тағдырымнан: от сұрап ем – өрт берді, сөз сұрап ем – дерт берді, атым содан ерттеулі...
- жанарыңа жасырған жүз құпияңның тым болмаса біреуін; жүрегіңе жүктеген мың-сан жұмбағыңның қыл аяғы біреуін шамасы жетсе шешуге – не ойыңның астарын, не сөзіңнің тұспалын, не көзіңнің күрмеуін ұға алмаған пұшайман болар ма еді бақытты?.. парық білмес пақырға пірсіз пəрмен қайда деп, тұлдыр бітпес тақырға қона қоймас Ай да кеп... қауіп-қатер, өлім-жітім құрымай, қайғы-қасірет қуанышқа жол бермей, қаріп-қасір, жетім-жесір азаймай, неге өлең жазасың деп сұрама; жер бетінен жауыз ниет жоғалмай, өлі ақиқат көзін ашып, қол алмай, əділет, ар, ұждан, ынсап оралмай неге өлең жазасың деп сұрама! ДІҢ Қазақпысың – көресің: ғашық болсаң – жүрекке кірген жебенің де қуантары болады; жасық болсаң – тұзақталған арқанның да жұбантары болады – періштенің пəрмені деп мойынсынып өлесің;
ал, алайда, Қазақ деген ұлы ұлтыңнан қашпасаң: қылқындырған ажырғы мен қарғыға, басыңдағы ноқтаға, қолыңдағы кісенге, аяқтағы тұсауға, ауыздағы құлыпқа, мойынсыну мүмкін емес ешқашан! * атаңа нəлет көнбістік! қолында өлер адамға құшақ жайып, қол қыстық; таспен атқан тажалға табақ тартып, төр бердік; аса жұртқа теңгердік, қонақжайлығымыз қыр асып, дара қылығымыз – дарақылыққа ұласып, кішіпейілдігіміз гүл ашып, төменшік тартсақ – оң көрдік; жағымпаздықпен теңдесіп, құлшылықпен шендесіп, намысымызды қасқырдай қармап, көңілдің үзігін басқұрдай жалғап, достықтан биік тау жоқ деп, ниеттен терең көл жоқ деп, ебелектей елбектеп, көбелектей көлбектеп, конақ көрсек құладық делбе болған аттай делбектеп; көкейімізді кек теспей, өкпемізді оқ тесіп, өлер жерін білмейтін, өлермендей өрекпіп,
жалаңаяқ от кешіп, етімізден ет кесіп... көлденең көк аттыға көмек қып: біреу үшін желге ұштық, біреу үшін жер құштық, айналайын ақ пейіл, атаңа нəлет көнбістік!.. * ешбір сағат шырылдап, ешбір əтеш қиқулап, ешбір азан шақырып, оята алмаған Оймауыт, – ұйқыңды жылы қой жауып! о дүниенің ұйқысы бұ дүниеге дəрі емес, өлгенінше түс көрер біздің ұлт сонша кəрі емес, өлі ұйқыда жатқандай бері емес, бірақ, əрі емес, оята да алмады-ау, айтыс, аттан, ерегес... тіліне мініп шапқанда жел жетпейтін елеулі, ұйқыдағы арудай ұйып қалған қалаулы, құйып қойған ыдыста суып қалған сорпадай санасы елге тоң-торыс, ерітіндідей мақтауға елтіп қалған елтеріс, төрелері – тойымсыз, төлеңгіті – тобасыз, елдің ісі дегенде елп етпейтін еріншек, жұрттың ісі дегенде жалт беретін жасқаншақ, ұлттың үні дегенде селт етпейтін сескеншек, ар-намысы – əткеншек, кежегесі – көткеншек, оянар ма ұйқыдан, кеңірдектен шап берсек!
ЕЛДІҢ ІСІ мінезі – мінсіз, көңілі – кірсіз, ақылы – ақаусыз, адымы – матаусыз қайсың бар? тез өссін деп бидайды кекілінен тартқан кім еді? ормақ боп ши-қурайды сақалынан алған кім еді? күші сыймай бойына Толағайдай алып болған кім еді? қара күшін көмкеріп, төңкеруін – төңкеріп, тау астында қалып қойған кім еді? беу, сендер де бір-бір толағайдай таусыңдар! елдің ісі дегенде бұғынбайтың қайсың бар, тығылмайтын қайсың бар, елдің жүгі дегенде қайыспайтын қайсың бар? майыспайтын қайсың бар? Елдің Ісі дегенде! ЖАЛАЛАДДИН РУМИДЕН биліктің бұтағының жемісі удай, нəті лас, тіпті, жиып-теріп алуға да татымас. дүниенің дастарханы дəм-татусыз кəкір ас, тіпті, қонған шыбынын қууға да татымас. шахтар – мұқым қатыбас, бар тартуы – бақыраш, тіпті, тірлігі дəріптеуге де татымас.
ЖАЗМЫШ жалғанның жалғандығына иланбай, диірменде де дінін сақтап, қиналмай, бұғыз тесік көрінсе бұғып қалған бидайдай, талқаннан аман қалам деп; жаңбыр-жаңбырдың арасынан құрғақ кеп, соның өзі бір бақ деп, төсегінде қара терге малшынып, бастырылып, жаншылып, дастарханы жиналмай, кете барған тəн суып... жақсы адам еді, жуалдыздың көзіне сыйғандай, жүректе жүрген имандай... опат болды ойрандардан аман кеп, озмыш қайда, жазмыш осы... амал жоқ... * аспан – ала жейдесін сығып, аппақ жаңбырын төгіп жатқанда; асқар таулар малақайын лақтырып, ақ бұлақтар алақайлап аққанда; көктемнің көрімдігін сұрап келген қарлығаш, құлдық саған, құлдық! қалың тоңды жарып шыққан тұңғыш бəйшешек, құлдық, саған, құлдық! АҚ БҰЛАҚ ПЕН АҚША БҰЛТ қалаға алғаш аттанғаным есімде: сонау Зайсан жерінен бір бұлақ пен бір ақша бұлт ере шыққан менімен;
бірі – жерден, бірі – көктен жебеді ме, білмеймін, ақ бұлақ – үміт, бір құшақ бұлт – тілдей мұң; бірі жылап, бірі құлап қалатын-мыс қит етсе, қылаяғы, тұсынан иіскеп ит өтсе... өзімнің де жүрегімнен қан сорғалап тұратын сорғымаған шикі етше... сор қалаға сормаңдай боп сорға бола келіппін: кірсіз де пəк, мөлдір еді екеуі, екеуінің кетті, білем, кетеуі, шулы қала, улы ауа – өтеуі... өттей өмір өтіп жатыр, өрттей ғұмыр өшіп жатыр: менде шығар бар айып! ақ бұлағым лайланды, ақша бұлтым қарайып... екеуі де өзім құсап ескірді ме, білмеймін, жүрегіме қарасам: қатып қалған сүрдеймін... АУАДАҒЫ ЖАУАПТАР (Боб Диланнан) Асқар таулар торығуы керек қанша жыл, Теңіз шайып кеткенше? Асқақ тұлға зарығуы керек қанша жыл, Бостандыққа жеткенше? Өмірде адам бұғуы керек қанша бұл Түк көрмеген боп өткенше? Жауабы, жаным, ілініп тұр ауаға, Жауабы оның қалықтап жүр əуеде.
Басын адам көтеруі керек қанша рет, Көк аспанды көруі үшін? Кісіге құлақ бітуі керек қанша көп, Елдің өксігіне мəн беруі үшін? Қаншама адам қырылуы керек малша кеп, Сұмдық қырғын келгенін сезуі үшін? Жауабы, жаным, ілініп тұр ауаға, Жауабы оның қалықтап жүр əуеде. ДУАЛИЗМ сөзім мен ісім үйлеспей, сырым мен шыным сəйкеспей, екіұдай ербең күй кешіп, екіұшты ойға мінгесіп, екі кеменің құйрығына жармасып, екі сезіммен арбасып, өтер ме екенмін өмірден өзегімнің көзін шел басып? Екіленіп, білек сыбансам көп іске: бірі бастап оң іске, бірі үндеп теріске, бұйыртты мені бөліске екі иығымдағы екі періште!.. ҚОС ҰСТАЗ Өмір мен Уақыт – екі Ұстаз: Өмір – Уақытты саралауды үйретсе, Уақыт – Өмірді бағалауды үйретсе, бірде тірлікке тұл болып,
бірде уақытқа құл болып, абдырап-сасып біз жүрміз артымен сүңгіген үйрекше. ИТКЕ – МАРЖАН? есуасқа ғашықтық не, сезім не? сезім оған салмас тіпті көзін де... бұл сөзімді шын де, мейлі, əзіл де: Махаббат келсе – ақылы сайға, көңілі жайға, мінезі байға келеді! келеді де айналдырады Мəжнүнге!.. ЖЫЛҚЫ ЖЫЛЫ қыл арқаннан қылқынып, біздің Қазақ сілкініп, жылқы жылы шығады жылқыдайын жұлқынып!.. ат үстінде ояу-ды, аттан түсті – қалғыды... жан-жүрегі қаяулы, запырандай зар-мұңы... ат үстінде басқан ол бар əлемді тақымға! Қасым салған қасқа жол айналды ма тақырға? аттан түсті – айрылды... ат басындай айбаттан, қанатынан қайрылды, айрылды қайраттан; аяқ-қолы маталды, бұғау түсті мойынға, əзəзілден от алды, жылан кірді қойынға... жаяу қалып жасыды, еңбектеуге көнбеді, алшы түспей асығы тізерлеуі жөн бе еді?
ескірмейтін дəстүр ол – Еркіндігі құс кеуде, Есім салған ескі жол еске қайта түскенде, – дүниені шайқаған көрсетсін бір ғажапты, атқа мінгіз қайтадан жаяу қалған қазақты! түпкі атасы түрікше тұтанып бір ұмтылсын, ат пен қазақ біріксе бөгет болып кім тұрсын?! «МЫҢ БІР ТҮН» Өткен шақтың өртінің отын алсақ... Балалығын бір бейбақ отыр аңсап. Тəтті түстей түседі есіне оның «Мың бір түнді» тығылып оқыған шақ... Сыныптарда сықырлап қаламұштар, Сия сауыт, сызғыш пен санағыш бар... Бұрымынан тартқанда көрші қызды Бойын билеп алатын сан ағыстар. Өшіріліп дəптерден екілік сан, Кеш түскенде жанатын жетілік шам. Сағыныштың суырып сөресінен «Мың бір түнді» тағы бір оқып-ұқсаң... Таққа мінген көңілі көкке ұласқан, «Мың бір түндей» бұл өмір өтті бастан. Шахризада айтпады оған ертек, Шахзаман да бұл емес шоқты басқан... Есіне алса бала кез, бұлдыр күнді, Еріксізден аңсайды «Мың бір түнді»... Екілік сан – ғұмыры – жетілік шам... Алдамаған бұл жалған... құрғыр кімді?..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру