TELEGEI

Home

Ғалым Әріптің таңдамалы шығармалары 9-том

Әдебиет порталы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғалым Әріптің таңдамалы шығармалары 9-том

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Әріптің «Дүрия-дүние», «Жұлдыз-ғұмыр», «Ақын арманы(азабы)», «Төрт толғау» сынды кітаптарына енген лирикалық өлеңдері ғана емес, поэтикалық

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

ҒАЛЫМ

ӘРІП

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы –
алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі.
Әріп Ғалым Бисембіұлы –
алқа төрағасының орынбасары,

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық
филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы–
облыс әкімінің кеңесшісі,
заң ғылымының докторы,
Өтегенов Айтуар Оспанұлы

(кітапты құрастырушы,
жауапты шығарушы-редактор),
Қосбармақ Рахат Құсайынұлы
(жауапты редактор),

Мыңжас Темір Мыңжасұлы
(ақын)

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Әріптің «Дүриядүние», «Жұлдыз-ғұмыр», «Ақын арманы(азабы)», «Төрт толғау» сынды кітаптарына енген лирикалық өлеңдері ғана емес, поэтикалық құлашы кең поэмалары, толғаулары, балладалары да іріктеліп, сұрыпталып «Томирис» деген атпен ұсынылып отыр.

Ойлы да сыршыл туындыларда «елім, жерім, көлім, қазағым мен түркі дүниесі-тегім»» деп тебіренген, күңіренген арда көңілді ақынның азаматтық асқақ даусы, өмір сүйген өршіл рухы мен адамдарға деген ізгілікті үні анық естіледі.

Ғалым Бисембіұлы ӘРІП Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылындағы орта мектепті 1976 жылы бітірген соң, алғашқы еңбек жолын облыстық «Коммунистік жол» газетінде корректорлықтан бастады, әдеби қызметкер болды. 1977 жылы КазГУ-дің журналистика факультетіне күндізгі бөлімге түсіп, 1982 жылы тәмамдады. 1982-84 жылдарда Алматыда «Жалын» баспасында поэзия редакциясында кіші редактор, редактор қызметтерін атқарды. Редакторлық (баспагерлік ісі) курстан өткен. 1984-88 жылдар аралығында облыстық «Коммунистік жолда» тілші, секретариат қызметкері, жауапты хатшының орынбасары. 1988-90 жылдарда Ақтаудағы Абай атындағы мәдениет сарайында нұсқаушы-методист. Осы жылдарда облыс көлеміндегі тұңғыш Наурыз мейрамы, ПГМК кәсіпорнының 30 жылдығы, Ақтаудың 30 жылдығы мерекелерін өткізуде олардың сценарийлерін жазып, әрі ұйымдастырып, қоғамдық белсенділігімен көзге түсті. Ақтауда қазақ мектептері, бала бақшалары, өнер мектебінің ашылуы, жабылып қалған қазақ тіліндегі газеттің қайтадан жарық көруі, өлкедегі қоғамдық-саяси өрлеулердің қызу ортасында болды. 1990-94 жылдарда қалалық-облыстық «Маңғыстау» газетінде тілші, жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі, ал 1994 жылдан бас редактордың бірінші орынбасары.

«Жыл он екі ай», «Жақсы жұмыс», «Көңілді тоқсан», «Қарлығаш», «Абитуриент-77», «Мерейлі мекен», тағы басқа жинақтарға топтама өлеңдері енген. Өзінің дербес «Жүрегімнің толқындары», «Асау жүрек», «Дүриядүние», «Асылдың сынығы», «Каспий трагедиясы», «Жұлдыз-ғұмыр», «Рух жанартауы», «Ақын арманы»(азабы), «Төрт толғау» атты поэзиялық, прозалық, публицистикалық кітаптары жарық көрді. Форт-Шевченко қаласының 160 жылдығына арналған «Жаңарған Ақкетік», Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған «Отты жылдар жаңғырығы» кітаптарының авторы. «Гармония» атты жыр жинағы ақын Р.Рябцовскаяның көркем аудармасымен (жолма-жол аударған Раушан Әріп) орыс тілінде басылып шықты. Жазба ақындардың жылғы Алматыда өткен республикалық тұңғыш Мүшәйрасына Маңғыстау облысынан бірден-бір қатысушы. Ғ.Әріп журналистер мен ақындар арасындағы облыстық, республикалық бәйгілерде жеңімпаз, жүлдегер атанды. Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне мерекелік медальмен және ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері.

ТОМИРИС

(таңдамалы)

Маңғыстау!..

Маңғыстау, неткен шексіз ұлы ұғым ең,
Төсіңнен нәріңді емген бір ұлың ем.
Бесіктен белім кетпей шырылдадым,

Оянып бозторғайдың шырылымен.

Отыққан туған жердің тұнығымен,

Қыр асқан құба белден құлының ем.
Толғаған тоқсан ауыз толғауыңды,

Өзіңмен тіні үзілмес жұлының ем!

Маңғыстау – ұраным ең, ұрығым ең,
Жалғасқан асылдардың сынығымен.
Ауылдан алыс кеттім қала кезіп,
Асау мен ардалардың қылығымен!

Ұстанып елдік ерен сезімді алға,
Ұстанып ұлттық рух, төзімді алға,
Шыңдардың шарықтармын шырқауында,
Туған жер, о киелім, Өзің барда!!!

Бірінші бөлім

Көңіл-көздің дүрбісі

Еліңді сүй!
Еліңді сүй!
Сүй еліңді!
Сезім-шың!

Ел дегенде ет-бауырың езілсін.
Ел дегенде көкірегің сөгіліп,
Ел дегенде қаныңды ойла өзіңнің.

Ел дегенде өзегіңді өрт шалып,
Тұрсын дәйім от-жанарың шоқтанып.
Ел дегенде ұйқың қашып елегзіп,
Елмен бірге қуана біл шаттанып.

Елмен бірге заман жүгін мойынға іл,
Өле-өлгенше ел-жұртыңа қайыр қыл.
Қара нардай көтеруге ауырды,
Елің үшін жан беруге дайын тұр!

Ел дегенде асау жүрек ұрғылап,
Шыбын жаның тұрсын сенің шырқырап!
Туған Отан – абыз Атаң, тұғырың,
Ғазиз Анаң –сарқылмайтын шымбұлақ..

Сенің Елің, менің Елім – байтағым,
Байтақ Дала- әз әулие, әйбатым.
Бар әлемді құшағына сидырып,
Бауыр басар қасиетін байқадым.

Қайран Елім, қайран халқым, Қас-Сагым,

Ашық болғай ала бұлттан аспаның.

Сен еліңді ерекше сүй, азамат,

Кетпеу үшін боданында басқаның.

Еліңді сүй, сүй еліңді, есті ұлан,
Қия-көкке бастайсың сен жас қыран!
Елін сүйген елге қызмет жасамақ,
Елді сүю – баршамызға басты ұран!

Байтағым

Тәңірдің тартқан талқысын

Тағдырлы Далам-ай!

Қан кешіп өткен халқы үшін

Айбынды бабам-ай!

Кеудемді кернеп шабытты үн,

Шалқимын шаттанып.

Арайлап таңы бақыттың,

Басыңа бақ дарып!-

Байтағым!

Қайырмасы:

Отанын, жерін сүйген,

Күмбірлеп жаны күйден,

Елдіктің мәнін түйген –

Берендерім!

Ноқтасын ұстап көштің,

Қоңыр жел болып естің,

Ұйқысыз түндер кештің –

Кемеңгерім!

Сүйенер жалғыз тірегім,

Ұлы Елім сен едің!

Қазақтың бүкіл жүрегін

Пір болып демедің!

Бабалар қолдап, киелер,

Нұрлы жол –сара басталған.

Көшбасы Ол, көсем, иегер,

Көкбөрі сынды Астанам!

Қайырмасы:

Азаптан шыққан Киелім,

Мазаққа қалма енді!

Қазағым – қаным, сүйегім,

Шарықта, талма енді!

Әулие қолдап, әруақ,

Таймасын тұғырың.

Қазанат-тұлпар-арғымақ-

Болсыншы мәңгі ғұмырың!

Қайырмасы:

Ең сұлу әйел
Жәйлап қана салып көр жанар ұшын,
Болмысы оның тым бөлек, дара мүсін.
Жер бетіне тіршілік таратушы,

Жер бетіне жаралған Адам үшін!

Жүрісі де өзгеше, қылығы да,
Түсіне гөр жан сырын шын ұғына.
Кеудесінде күмбірлеп әлди-әні,
Балбұлақтың ұқсайды тұнығына.

Бөлек оның көзінің қарасы да,
Күн сәулесі құйылған санасына.
Ұлылық пен мейірім ұялаған –

Бас имей гөр адамзат Анасына!

Бар пендеден мен оны даралаймын,
Көзге кірбің ілгенін қаламаймын.
Одан асыл, одан пәк тіршілік –пәс,
Еш әйелді оған тең баламаймын.

Жер бетінде сұлу жоқ одан асқан,
Бұл әйелдің бейнесі дара-дастан.
Дәуірлердің қарамай ауырына,
Жаратушы ұрпақты сан алмасқан.

Одан мүлде көрмедім мықты әйелді,
Сақтай білген жалауын жықпай елді.
Білесің бе сен оны, білесің бе,
Адам сыйлар өмірге Жүкті Әйелді?!

Одан Сұлу, көрмедім Мықты Әйелді!!!

Ата Заң
Туған Ел- бақытымның бұлағындай,
Жүректен тұра алар ма жыр ағылмай.
Айналған өмірімнің өрнегіне –

Ата Заң – арқа тұтар ұранымдай.

Туған Ел – шырқау биік шынарымдай,
Келеді қалықтағым қыранындай!
Мәңгілік киелімдей қастер тұтар –
Ата Заң – мойынға ілер тұмарымдай.

Туған Ел – алтын таңның шуағындай,

Мен де бір жарқылдаймын шырағындай.
Айнымас адалдықтың туы сынды-
Ата Заң –елдігімнің Құранындай!

Туған Ел – табан таймас тұғырымдай,
Шаншылсам шаңыраққа уығындай!
Апарар адамзаттық ұлы көшке –
Ата Заң – қазағымның РУХындай!

Тойға шашу
Қасиетті қара шаңырақ –Форт-Шевченко(Ақкетік)
шаһарының 150 жылдығына

Бабам да сенсің, Кетігім, данам да сенсің,
Байтағым бүкіл нәр алған анам да сенсің.
Болмысың бөлек жаралған, баһадүр қалам,
Бозарып жатқан даңғайыр даламдай кеңсің.

Бақ құсың қайта оралды басыңа қонып,
Бақытыңменен, бағзы өңір, асыға жолық.
Барша жұрт бүгін баса алмай көңіл аптығын,
Балбұлақ сезім бүлкілдер тасына, толып.

Берекет берген керемет бесігім менің,
Бар әлем білген киелі есігім-төрім,
Болашақ бүтін ұрпақтар баяны болар –
Бас қалам, мәңгі жаңғырар есімің сенің!

Бұла күш бойды кернейді тойыңды көріп,
Барады тағдыр-тарихың ойымды бөліп.
Бұл жерден өзі нешебір нарларың өткен-
Батыр да ақын, сұңғыла, зайырлы болып.

Бұл жерде діңі қаланды қамалдың ескі,
Беделі, бағы байырғы қаламның өсті.
Басқаға бермей намысын Бекеттің–елдің,
Біртуар ерлер күн кешкен саналы, есті.

Білемін бәрін:өткенді, өлкемді нұрлы,
Бәтуалы шалдар болжаған ертеңгі күнді.
Базарлы болған шағыңда Кетігім-Фортым,
Біз шалқып-тасып төгеміз желкенді жырды.

Бола бер дейді туған ел шашуын шашып,
Бусанып бойың барады құшағыңды ашып...
Бұрқырап жатқан көкшулан арқырап айдын,
Бәріміз бірдей күркіреп күш алып-тасып:

Биігің – заңғар
қараймыз Қаратауыңа,
Бауырыңнан өнген балаңдай әр отауыңа.
Бейкүнә сәби секілді аялай күткен-

Бас иіп көзді саламыз бақша-бауыңа.

Болатын демеу қашанда нақ сүйенерім,
Бір аунап қалған болар-ау әулиелерім.
Бәріңе айтар, ағайын, ақ тілек жауын,
Бірлікке бізді бастайды бар киелерім.

Берекелі іске бас болған ту ұстарларым,
Білегі бірге, жүрегі ұғысқан халқым.
Бүгінгі Кетік қаламның жүз елу жасы-
Баршаға құт боп дарысын, туысқандарым!

Әулие тіл
Ойламан өшеді деп тілім менің,
Ана тіл - әулие тіл – Пірім менің!
Мың мәрте басымды иіп жүгінетін,

Тілімді сақта Құдай, Ұлы Елім!

Тағдырдың көрсем де сан тар заманын,
Жараспас жасық жандай зарлағаным.
Түркінің туын тіктер Қазақпыз біз,
Тілімен кестелеген арман-әнін.

Атса да таңдар талай мұнарланып,
Танытты тарландарым қыран қалып.
Атақты арыстарым арқасында
Ана тіл бүлінбеді шұбарланып.

Ана тіл – қазақ тілім, арқаландым,
Көздегі кіреукедей тарқаған мұң.
Ананың ақ сүтіндей аялаумен-
Енді оған қорған болғай барша халқым.

Беу, досым, безенейік тілді бүгін,
Ана тіл – рухы ата күлдігінің!

Қазақша сөйлескені қос қазақтың
Белгісі бірлігі мен тірлігінің.

Көзіме іркілген шық жас емес пе,
Қайран тіл, көңіл-күйің пәс емес пе?
Киелей алмаса елім қадір тұтып,
Қарабет болу нағыз осы емес пе?

Қайрайық, намыс отын үрлейікші,
Қысылмай, қамсыз қалып жүрмейікші.
Қастерлей білмесек біз ана тілін,
Қазақ боп босқа ғұмыр сүрмейікші!

Бас ию
Төлі едім шалқар қоныс, иен даланың,
Көзіме оттай ыстық кең алабым.
Бас ием киемдейін Көк Тәңірге,

Бас ием алдында мен Жер-Ананың.

Сол Дала бағын берген, жалын берген,
Бойыма отты намыс, дарын берген.
Бас ием қасиетті бабаларға,
Қан төгіп, сол жер үшін жанын берген.

Жүректе ағыл-тегіл жатыр ағын,
Жүректе жолбарыстай батыл арын.
Бас ием Бекет атам аруағына,
Бас ием әулиелі өр топырағым!

Бас ием Қазақ деген ұлтыма мен,
Бас ием текті тайпа-жұртыма мен.
Таныған Адайымды алты алаш,
Таныған Маңғыстауды бүкіл әлем!

Қазақтың қаны бірге, туыс бәрі,
Туған жер – туған елдің ту ұстары.
Маңғыстау – Қазақстан донорындай,
Маңғыстау – ұстарадай уыстағы.

Бас ием бөлек бітім, нар қылыққа,
Бас ием көшелілік, арлылыққа.
Бас ием Отан деген ұлы сезім,
Құлақта тұрар мәңгі жаңғырыққа.

Көңілім қимас досқа шын құлаған,
Шыбын жан шындық іздеп шырқыраған.
Ханның да қаһарынан қаймықпаймын,
Халқымның алдында ал құлдық ұрам!

Толқындай тербелтеді жанымды жыр,
Тірегім әке – асқар шың, алып тұғыр!
Бас ием мың-сан мәрте анашыма,
Сыйлаған шексіз бақыт – жарық ғұмыр!

Туған ел
Сүйер болсам қалай Күнді – жарықты,
Сүйем сондай Қазақ деген халықты.
Тумысынан жаратылған тұлпар боп,

Сүйем сондай арда мінез алыпты.

Қазақ деген қанды халық, ер халық,
Ұсақтықтан аулақ жүрер арланып.
Пасықтықтан бөлек оның ауылы,
Жасықтықтан жалы биік нар халық.

Қазақпын деп мақтанамын мен дәйім,
Барша әлемге жазық менің маңдайым.
Қазағымның жүрісі сол арқайын,
Қаралыққа жаны бір жат жандайын.

Қазақпын деп мақтанамын төс керіп,
Жалпақ жұртты тума-туыс, дос көріп.
Ақ көңілін ашық жайған халықпыз,
Қазағыма кім шыға алмақ өштеніп?!

Біз – қазақпыз, бөлінбеген іргеміз,
Үш бірдей Жүз – мәңгі-бақи біргеміз.
Қара халық табысады қашанда,
Қанымызда болғаннан соң бір негіз.

Қазақпын деп мақтанамын әманда,
Бірге болсақ, алынар сан қамал да.
Хандар өтер, халық қалар жоғалмай,
Менің мынау даңғайыр кең даламда!

Бабалардың қозғар болсам ерлігін,
Жырлар едім тоқтамастан кемді-күн!
Бүгін менің қайта келді теңдігім,

Алға қояр арман-мақсат ендігі –
Қазаққа тән қасиетім, елдігім!

ҚАБЫРҒА ТУРАЛЫ ЖЫР

Тәңір-әмір тал-ғұмыр сый еткелі,
Тағдырыма болғам жоқ жиі өкпелі.
Тар жол, тайғақ кешулер талайында
Тылсым-әлем, әз-ғалам сүйеп мені.

Жүрегіме күмбірлі күй еккені,
Таусылғанша жанымның тиек-демі,
Періштелер аулына қоңсы қондым...
...Жындар бір күн қоршалап, иектеді...

Көз алдымда дөңгелер елес беріп,
Әзәзіл боп арбайды кеңес беріп...
Ақыныңды ол қалғандай абайламай
Ар, Намыстан жаралған егеске нық.

Жол кессе де үрікпес қара мысық,
Тірлікте бір тартпаған сана сұлық,
Ақынменен алыспақ кер ниетте,
Адалдықты пір тұтқан, адамшылық.

...Пойыз, купе, тағдырдың сыны бүгін
Түсті басқа ілініп құрығы-мұң...
Кеттім ұшып құлдилап төмен қарай
Жын қуам деп түйілген жұдырығым...

Кетті қирап... тас-талқан... қабырғам үш...
Баратқандай таусылып жанымда күш...
Жан-жағымнан қаумалап бауыр, келін,
Шақырады қол бұлғап Сабыр, Намыс...

...Жиырма бес күн жаттым-ау төсек тартып,
Қозғала алмай, бір жақпен, төсек батып...
Қабырғаның ойладым жайын терең,
Жабықпадым, мұңланып, жас ақтарып...

«Ех!» деп терең күрсіндім көкіректен,
Есіл ерге бола алмас өмір өктем,
Шабар едім баяғы батырларша,
Жын-шайтанды қумаққа төңіректен...

Бас айналған, ес танған қоғам көрдім,
Жолдан тайған «жемді ауыз» адам көрдім.
Теңселеді дүние, іріп-шіріп...
...Ертеңіне елімнің алаң болдым...

Үзілгендей өңеште жұлын-үнім,
Үздігеді бейшара құлын-үнім...
Ертең үшін қасқайып тұра алмаймыз,
Ер дегенің «сүйектің құлы» Бүгін.

Өзді-өзімнен күйінем осындайда,
(Жүрегімде, дей берем, жасын ойна!)
Жан менен Ар, Абырой асқақ болсын,
Сырқыраған сынық бұл басылмай ма?

...Ежелгі Еренқабырға түседі еске,
Қытайдың қорғаны да осы емес пе.
Қабырға қалқаныңдай, семсеріңдей,
Қабырға тұнып тұрған жыр емес пе?

Жалаңаш – қабырғасыз жүрегің де,
Жалаңаш – өкпе, бауыр, бүйрегің де.
Жалаңаш - ішек-қарын, өт, ұйқы без,
Қабырғаң –қорғаушың да, тірегің де.

Еремін ерен ойдың жетегіне,
Пәлсапа пәтуалы өте, міне.
Кеңеспей қабырғаңмен іс қылмайсың,
Бойласақ ұлы өмірдің өзегіне.

Бойласақ өзегіне ұлы ағымның-
Жазылар тән жарасы бұл ақынның.
Жанымның жаралары жазылса ғой,
Ел деген өрен едім мұратым мың.

Ел десе жан-әлемнің қозғап шерін,
Адасқан боз ботадай боздар едім.
Баяғы Қорқыт бабам секілденіп,
Тереңнен шер-шеменді қозғар едім...

Беу, халқым, жазып па едің тынысыңды,
Бол аман, шайқап алмай ырысыңды.
Сүймейді сұңқар- уақыт құнысуды,
Заманның күн кешуді құлы сынды.

От беріп елдік, ерлік сезімге енді,
Сілкінер түнгі ұйқыңнан кезің келді!
Арғымаққа шақ келді алмастырар-
Төзім деген төзгісіз боз інгенді!

Қабырғасыз ел – күшсіз-ғаріп болар,
Қабырғасы елімнің – халық болар.
Қабырғамен санасса хан-төрелер,
Қабырғалы ел қанатты, алып болар!

...Мен осынау ұстанам өсиетті,
Ел дегенде кеулейді жас иекті...
Қазақ үшін, ағайын, Ел менен Жер,
Қабырғадай бүтіндік қасиетті!

СИЫНУ

Әр істе, достым, болғай-ды санада түйін,
Санаң бір болса, түркілік санаңа сиын!
Тәңір деп көкке қарайды Құдайдың құлы,
Тәңірдей көріп баһадүр бабаңа сиын.

Бөгдеге бодан делқұлы санадан арыл,
Ақ жүрегіңмен әрдайым Аллаға жарыл.
Көкірегіңе кір жұқса, көңілің –соқыр,
Мәңгүрттік ғұмыр кешкенге – дүние-ғапыл.

Ақыл мен сезім үйлессе үрейің болмас,
Періште жанды пендеге Құдайың жолдас.
Шабыт та қонар бойыңа самғауға биік,
Қырандай қиял қалықтап қанатың талмас.

Көңілің қуыс тартпасын сиынар жатқа,
Түркілік санаң сүйресін бұйырар баққа.
«Қазағым!» деген текті ұлан, Қазаққа сиын,
Қаныңды қозғап, қайралып, сілкінер шақта!

Сиыну үшін түйе біл санаға түйін,
Қастерлі баба-дәстүрді санама қиын.
Көк Тәңір менен Көк Бөрі айбарың болып,
Көсіліп жатқан киелі Далаңа сиын!

Қорғаның болар атаң мен анаңа сиын!

Жақпайды маған, жігітім, желөкпе күйің,

Ағымдар, елес-сағымдар – нәлетке – тиым!

Үш жүз алпыс әулие,
Пайғамбар соңы,
Пірлердің Пірі,
Кие –

Аруақ –
Бекетке сиын!!!

ӘУЕЗОВТЫҢ ЖАН АЗАСЫ

Жапония.
Токио.
Қараңғы түн...
Көңіл дертті...

Шақта бір алар тыным.
Дөңбекшіп ұлы жүрек қарс айрылып,
Жанарға кешкі ымырттай жамалды мұң...

«Апырай,
Тұрған жоқ ем жас алғалы,
Адамның күйінгенде босар жаны.
Жапондар!

Жүз он миллион халық екен,
Өмірде мұндай елдің жоқ арманы.

Қазағым, беу, қазағым, қайран елім,
Көсілген кең жазира байтақ елім.
Кең даланы көмкерген баяғыда,
Көктүрігім, қазағым қайда менің?!

Шексіз, шетсіз аймақты қанжығаңа ап,
Күн кештің тарихыңда қанды қасап.
Бодандықтың түрілмей бет пердесі,
Бақытыңа жетер ме ең мәңгі жасап?!

Беу, қазағым,
Еншің ед ұлы Дала,
Кеңдік қана сиятын ұғымыңа.
Қыршынынан қиылып қандастарым,

Балта шапты қаскөйлер ғұмырына.

Ату, асу, аштық пен арандату,
Ашты аранын қазаққа заман қату.

Азаттықтың жолында алысқандар,
Шейіт кетті жұтқандай зәһардан у.

Қалтарыста қалды да нақ дұшпаны,
Қазақ пенен қазақтың аңдысқаны,
Жаудай көріп, көрсетіп бірін-бірі,
Тап-тап болып күресіп, тартысқаны.

Бірте-бірте айрылып еркінен,
Қойдай болып бөрлікті бөрі тиген.
Боз ботадай боздайды бір ұланың,
Жүрегімен, жанымен сені сүйген!.»

...Таңғасалым...
Мұхаң ғой жүгінері,
Кірген-ді ішке жазушы інілері.
Ғұламаның кейпіне көз салған-ды,

Жанарының кірбіңі білінеді.

Қарай берді...
Бәрі де түсіне алмай,
Үңіледі ұстаздың жүзін барлай..

– О, жігіттер, дүниеде ең қор нәрсе,

Айтыңдаршы, не болды қысылардай?!

Дәл осындай көкейде сұрақ тұрды,
Қаламгерлер Мұхаңа құлақ түрді.
Өзіне-өзі жауабын қайтарарда,
Ұлттық тұлға күйзеле жылап тұрды:

– Халқың азда, бауырлар, қор болғаның,

Тәуелсіздік, жер мен тіл – арман-бағың.
Қазақ қашан болады жүз миллион,
Кім көреді қазақтың зор болғанын?!

Қадалды ма дерт боп бұл өзегіне,
Келешекті жүрегі сезеді ме,
Шер-шеменнен ақыры айыға алмай,
Шекті сапар ғайыптың өзеніне...

БИІК БОЛ!

Ұлы өмірдің жүзгенде өзенімен,
Көлденеңдер көк сағым кезегімен...
Өнбойыңды аулақ тарт ең әуелі

Өтірік пен өсектің өзегінен!
Биік бол!

Тамыр тартса туған жер төсегінен,
Текті жанның бола алмас меселі кем.
Аулақ ұста бойыңды, аулақ ұста,
Қара басты ойлаудың кеселінен!

Биік бол!

Басталады ұлы Отан отбасынан,
Ұлы өмірдің айрылма олжасынан.
Туған елді жұлдызды көкке сүйре,
Қамыт кимей надандық ноқтасынан.

Биік бол!

Сүрсек сайран ғұмырды өрнегімен,
Адам көктей алады еңбегімен.
Кісіліктің күш алып шеңберінен,
Күншілдіктің қашалық шеңгелінен!

Биік бол!

Болсын десең, жүзім шат, ғұмырым ән,
Табыла біл шындықтың шығырынан.

Бет-жүзіне қарамай ақиқатты айт,
Бос мақтанның қаша біл құрығынан.
Биік бол!

Көшелі істің табылып байтағынан,
Кішіліктің көрінсең ойпаңынан,
Жан баласын өмірде жамандама,
Әлдекімнің аман жүр айтағынан.

Биік бол!

Тіршіліктің жерініп ұсағынан,
Табыла біл кеңдіктің құшағынан.
Болсын десең абырой ұзағынан,
Жағымпаздық аулақ жүр тұзағынан.

Биік бол!

Қаралықтың қара үзіп қоршауынан,
Жемқорлықтың жүр аулақ жемсауынан.
Ала жібін аттама өзге жанның,
Тоңмойындық бол аулақ құрсауынан!

Биік бол!

Парасатқа суарып тірлігіңді,
Пайымменен сүре біл бұл ғұмырды.
Өмір деген өткінші дүниеде
Абыроймен алып жүр шылбырыңды!

Биік бол!

ЖАҺАНДАНУ ЖАЙЛЫ ЖЫР

Менің сөзім тек қана Қазақ үшін,

Қазақ үшін,

Ел үшін,
Сәл де болса жалғасам деп қол ұшын.
Ей, бауырым, сен де маған қолың соз,
Жырларыма құлағың түр ол үшін.

Білесің бе, білесің бе, сенің бабаң,

менің бабам,

Қас-Сақтар,
Туған жерін қорғапты ғой қас қақпай.
Кең даланы ұрпағына сый еткен –
Баба даңқы бермек мәңгі асқақтай.

Көкбайрақты желбіретіп, Ту ұста,
Тығылма сен тышқаншылап қуысқа.
Көкбөріге сиынған ер қорықпас-
Тәуелсіздік тұрған кезде уыста.

Білесің бе, Көк Түріктің Дабысын,
Тұлпарының оқыранып тұяқ қағысын.
Жалпақ әлем жалтақ-жалтақ еткен кез,
Батыр бабам қорғап елдің намысын.

Тумысында тұғырлы, тұрпаты өктем,
Кең даланы жайлаған Ғұндар өткен.
Тоныкөк, Білге қаған, ер Едіге,
Тоқтамыс, Темір сынды шыңдар өткен.

Томиристей патшайым қыздар өткен.

Білесің бе, кәр төксе қаһарланып,
Бабам менің баһадүр атанды анық.

Қарасаңшы көсілген кең далаға,
Мұндай байтақ бар ма екен жаһанда алып.

Құлағың түр, ал енді сара сөзге,
Сара сөз бе, білгенге дара сөз бе,
Менің сөзім арналар бар қазаққа,
Болсын мейлі жырларым дала кезбе.

Шерлі сөзім шығар-ау шақарланып,
Менде де бар бабамдай қатаң қалып.
Беу, қазағым, мықты бол өзіңе енді,
Босбелбеу боп, сор кешпей жаһанданып.

Құл болады құл-сана шылауға ерген,
Тұл болады құр дала тонау көрген.
Құрығында кетпейді құтырғанның
Ащы-тұщы бір татқан ұлан-елмен.

Түрлі зәрін төксе де жаһан мейлі,
Қауіп-қатер, төнсе де қаһар мейлі,
Қазақ жерін қорғайтын қазақ керек,
Қазақ елін қорғайтын қазақ керек,

Қазақ басы бір болса азат дейді,
Бірліксіз ел тірліксіз, мазақ дейді...

Білесің бе, беу ұлан, ғалам сырын,
Ең әуелі пайымда бабаң сырын:
Жаһандану жаңғақтай жалт береді,
Қасиеттей білсең сен Далаң сырын.

Дала сыры- елдіктің ерен жыры,
Тектіліктің қаныңда тереңдігі.
Бекем болсаң анаңның тіліне сен,
Ұлтжандылық болмыстың кемелдігі.

Бабаң сенің сор емес-Рухты Ел,
Сен, ендеше, қарағым, уықты кер.
Шаңырақты ұстайтын мұрагерім,
Тумысыңнан жігерлі, уытты кел.

Бұзылмасын уласа өр санаң ніл,
Туған ел деп күнбе-күн бусана біл.
Жаһандану – жын-кұйын секілді ғой,
Қарсы келсе, қағынтып су шаша біл.

Айтқанымды әсте бір қате көрме,
Жүрегіңді қыздырсам отты өлеңге!
Бабам-Қазақ оздырып арғымағын,
Бой бермейік жаһан мен жат әлемге!

...Адам іспен танытар мәрт екенін,
Мен де сынбас өмірде қарт еменің.
Жарым келіп тіл қатты анадайдан,
«Көрейін деп, мен енді «Мәртебелім!»

– «Мәртебелім!»

Қой, қалқам,

не дегенің,
Мәртебелің-мен болам
Ерен ерің...

– Мәртебелім сенсің ғой –Қазақ Ұлы,

Көрейінші киноны, кемеңгерім!..

...Үнім өшті.
Алайда, ойым алаң,
Мұндай күйден қалай мен тойына алам?
Түрік, қытай, кәрістің фильмдері,

Қала берді Батыстың ойынынан...

Жалаңаш қыз, жын-ойнақ, кесірлі ісі,
СПИД, секс, жауыздық, есірткісі...
Жаһандану сілкіне секіріп тұр,
Жағадан ап Уақыттың екіндісі!

Қуат алған даңғайыр даласынан,
Баба Даусы саңқылдап санасынан,
Беу, қазағым, ақының үн қатады,
Жаһанданбай жаһанға тіл қатады,

Әзәзілді сілкілеп жағасынан...

ДАҒДАРУ

немесе баба үніне үн қосу
Сарабдал ойды түйетін дүние көшінен,
Замана жайлы заулатып тұлпар көсілем.
Өңім бе түсім, кірмей ме есім, білмеймін,

Бабамның үнін естіп бір желдей есілем.

Тағы да бүгін батырың кешті тосын сәт,
Ойым жоқ мүлде, кім болсын мейлі тосылмақ,
Бабалар абыз салмақтап сауал тастайды,
Баласы егер ойы бар болса жосылмақ.

– Қарағым, айтшы, тыныш па өзі ел іші,

Ырысы қалай, береке, бағы, тынысы?
Өзалдан сонау шалқыған шалқар жер қайда,
Қорғап бір кеткен бабаның қайқы қылышы?!

Тіліміз қайда май тамған нәрлі, әуезді,
Қаймағы қалған көрсе де небір сан езгі,
Баяғы бар ма қазағым төсін қағысқан,
Айқара көңіл, турайтын ірі, жаны ізгі?!

Баяғы қалпы қалды ма сана, мый, есі,
Төрінің қазақ болды ма өзі иесі?!
Бағасын егер білмесе бардың, аялап,
Тоңмойындарды Жердің де ұрмақ киесі!..

Қыдыр боп келген аталы сөзді аңғарып,
Қалған бір жайым болғаны-ай менің дағдарып.
Қатардан қалмай, ел болып кеттік дер ме екем,
Қызырлы атам жұмаққа барсын таң қалып.

Бабалар бірақ ұға бір қойса шайырды,
Бата бір қылса, ұрпағы үшін қайырлы,
Көңіл де өсіп, мерей де тасып қалар-ау,
Жыр толғай білсек парасат пенен пайымды.

Егемен елдің ертеңгі жайын ескеріп,
Қанымда жоққа бармадым әсте бөспелік.

– Бұғалық салған бодандық сана жоғалмай,

О, Қыдыр атам, қиын ғой кету көшке еріп.

Аталы сөзді әуелі жерден бастадың,
Балаңды аздап мүдіртіп сөзден жасқадың.
Байқаңыз Сіз де, баяндап Біз де берелік,
Төрелік емес, айтылар ойдың астарын.

Жарасса жақсы-ау қазаққа қазақ сүйеніп,
Жеріне байтақ, төріне етсе иелік,
Жыпырлап кеткен жымысқы жын мен перілер,
Аранын ашып, басқа да шықты-ау жиі өріп.

– Алданған жемге өзіңнен, көкем, сазайың, –

дегендей енді төрімде небір қожайын...
Қазақтың ұлы құл болып жүрсе есікте,
Қазақтың қызы заманның тартты азабын...

Жер менен тілім – тілім де тілім, тым өгей,
Тақымнан басар көлден бір ұшқан шүрегей.
Еркімді алған кезімде еңсем түскені –
Арқамнан күнде соғылып жатқан дүредей...

...Сөйледім солай, сөйледім мүлде мақтанбай,
Әйтпесе, жырлар қауқарым кенен ақ таңды-ай!..
Біле бір білсек, түсіме енген Қыдыр қарт,
Менсіз де елдің жағдайын біліп жатқандай...

Ендеше, достым, қайтеміз бекер екпіндеп,
Мақтанып қайтем қиядан асып кеттім деп.
Дағдармау үшін –желкеден алып жемқорды,
Дарға асып қойса, сөге де қоймас көп тілдеп.

Осындай заң бар Араб пен Иран елінде,
Қонады дерсің періште сынды көңілге.
Сорғанша тоймай жабысып елдік желінге,
Елменен бірге тигізсек нәрді ерінге...

Қазаққа сонда келмейді ешбір дағдарыс,
Рух пен Жанда – Ел үшін болса арпалыс...
Дағдарыс деген –Жер менен Елдің тағдыры,
Дағдарыс деген – байлықты дара малданыс!..

Ұлтына бөлер елінің ұлттық табысын,
Қайдасың, қайда, ел үшін туған, арысым!?
Қыдыр атамның алдында сонда дағдармай,
Дәріптер едім қазақтың жорға шабысын!!!

БАЛЫҚТАР

«...Балық шоқжұлдызы бойынша туған адамдардың ішінен
өте талантты жазушылар, суретшілер, әртістер, сазгерлер,
өнер адамдары шығуы мүмкін. Көпшілігі медицина, педагогика,
дін саласында еңбек етіп, теңізші, етікші, балықшы, биржа ісі

мамандықтарын меңгереді.

Балықтар йога, астрология, хиромантия, құпия күштерге
сену іліміне бейім болып келеді...»

(Шығыс жұлдыз-жорамалынан).

Біз – Балықпыз,
Балық деген бәтуалы халықпыз:
Ніл-мұхиттың түпсіз бір әлеміне сүңгитін,
Жан әлемнің қыртыстарын үңгитін,

Тұңғиықтан мың-құпия сыр тартып,
Жүрекке жүк, ел, жер үшін мұңды артып,
Адамзаттың шері жанға тым батып,
Аруақтар аян беріп, үн қатып,

Кең даланың жасылындай жайқалып,
Аспан кезген ақша бұлттай найқалып,
Кей күндері айналғандай ғайыпқа,
Кей күндері әнге салып қайықта,

Бойымызда болса да ақыл, байып та,
Айқай салып кетсек кейде айып па?!
Тұлабойдан тылсым күштер оянып,
Көз алдымыз мың-сан жақұт боянып,

Жер-Анадай бірде иіп, бусанып,
От жанардан көктем самал-нұр тамып,
Жылылықтың нәрін сеуіп адамға,
Мейірленіп он сегіз мың ғаламға,

Жұлдыз-сәуле тұрсақ шашып бір кезек,
Найзағайдай жарқылдаймыз бір мезет,
Бұл не дүние, қызыл-жасыл бір әлем,
Айналамыз ағыл-тегіл жыр-өлең,

Көңіл бірде шалқып, бірде босайды,
Көрем жақсы наурыз деген осы айды,
Көздің алды, көрсе көзім, кіл теңіз,
Көңіл сырын қалай, сірә, іркеміз?

Аласұрған айдындайын күйдеміз,
Кейде біздің сыр береді жүйкеміз.
Ақжал толқын Балықтарға -Тәңір сый,
Болмас бізде пәстік сезім, дамыл күй,

Күн көзінен қуат алған жанды арбап,
Секілдіміз атқан таңдай рауандап,
Жыл басы боп бесік жырын шертеміз,
Сәбидейін ұлы өмірге еркеміз,

Данадайын көсем, шешен кейде біз,
Баладайын кейде бейқам пендеміз.
Ет-теріден жаралса да денеміз,
Рухтансақ, басқа әлемге енеміз.

Дауыл да біз, жауын да біз, пай-пай-пай,
Дарияларда еркін жүзген тайсалмай,

Біз балықпыз,
Біз балықпыз,
Балықпыз,
Алабөтен арлы туған халықпыз.

Күн кешпестей пайым менен парықсыз,
Мәңгі алаудай тұрсақ дейміз жанып біз.
Ешкімнің де айтағына ермейміз,
Ешкімнің де өсегіне сенбейміз.

Ешкімнің де бопсасына көнбейміз,
Хас тұлпардай шапқан сайын өрлейміз.
Ешкімге де айта алмаймыз құр өкпе,
Еш кінәрат болмас біздің тілекте.

Көк Тәңірін балай білген тірекке,
Құдайымыз, иманымыз жүректе!

*** «Өзің кімсің?» деп бірауыз сұраңыз, Өзім жайлы – Жыр жалғасы – бір ауыз: ...29 ақпан...

таңға ауғанда...
Періштелер «әумин» дескен - ұлы абыз.

Гүл-көктемнің басы болып баянды,
Ұл-нәресте тіршілікке оянды...
29-ақпан түні...
Бірінші

Наурызға да келіп, міне, таянды...

Бұл ғаламда небір тосын жаңалық,
29 ақпан...

төрт жыл жоғалып...
кетеді екен...

біз де сонда ғайып боп,
Жыл құсындай келеміз бе оралып?..

Өмір – жұмбақ,

адам – жұмбақ,

жыр – жұмбақ,
Келем тылсым табиғаттан сыр тыңдап...
Нән балықтай ніл-айдынның төсінде,
Сағат тілі соққан сайын сыртылдап...

Өзегінде өмір шамын дарытқан,

Айналайын айдын сәні – Балықтан.
Құдай берген қасиетті қастерлеп,
Күш аламыз ерен қуат-шабыттан.

Беу, Балықтар, бар болмысы үйкескен,
Талмай жүзіп, тағдырымен үйлескен.
Жұлдыздардың баршасымен жарасты,
Біздің бақыт баян тапқан Бикешпен...

О, Құдірет!
Билегенде сезім-дүр,
Жер мен Көктің елшісіндей сезіндір.
Кемерінен асқан теңіз тәрізді

Тасып кетсек көңіл, шіркін, өзің біл.

Біз бе екенбіз тәтті өмірге мас адам,
Біз бе екенбіз ағыл-тегіл бос адам,
Сырт көздерге емеспіз бе есалаң,
Сақта өзің, о ғұлама Жасаған!

ИТБАЛЫҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

«О кезде, деді әкем, қайран, бәрі,
Көк теңіз – мәңгіліктің сайран-бағы,
Балықтар тайдай тулап, құстар сайрап,
Бақуатты ғұмыр кешті ел қайраңдағы».

Жайы бар көнеден сыр ақтарғандай,
Қартымның көңілі өсіп, шаттанғандай.

– Қызыл су мұз бетіне кілкігенде,

Итбалық көш түзейтін шақтар қандай! –

дейді де, жалғар әрі бірер ойды,

– Сол кезде тартар теңіз кілегейлі,

Итбалық Күнді мұз деп Күншығысқа
Көшеді пәк сезіммен үрегейлі...

Итбалық жайында айтсақ қанады айыз,
Өрбітер өз ұрпағын таза, нағыз...

Туады күшіктерін мұз үстінде,
Көк мұзда – аппақ күшік – ғажап аңыз...

Ұғу да теңіз сырын бақыт шығар,
Өтті ғой небір ерлер алып шынар.

Жаяулап ақ күшікті соғып алар,
Айырттан етік киген балықшылар.

Ақ мамық – ақ күшіктен күрте ілер,
Ақ күшік он күн өтсе қайта түлер.
Қап-қара жылтыр тартқан сол күшіктен
Басына оқсаулы етіп бөрік киер...

Ол кезде...

Итбалық та,

Қызыл балық
Жүреді жағалаудың тұсында анық.
Айырар нәпақасын сол теңізден
Жағаны мекен еткен дүйім халық.

Алсаң да қанша балық, сонша толып,
Байлығы көрген емес орта болып...
Шалқыған шалқар айдын-дариямыз
Қазаққа ырыс пен құт-қамба болып.

Итбалық өлмейді еш ажалынан,
Қырылар төтеннің тек тажалынан...
Күйрете түйреп өтті Бүгінді әкем,
Ой қозғап Баяғының базарынан...

Көз салып көк айдынның кемеріне,
Сол ойдың ерем мен де жетегіне...
Қарт Каспий кемсеңдеген секілденді:
«Тажалдың құрбаны боп кетемін бе?!»

«Байқаймын, содыр-сойқан аямайды,
Теңіздің әлемін кім аялайды?!
Барар жер, басар тауы таусылғасын
Балықтар қайда барып саялайды?!»

Осылай жас төккендей Айдын-Ана,
Шер-шемен, жан-жүрегі қайғы-жапа...
Қайдасың, арашашы беу, адамзат,
Қайдасың, ер-азамат ойлы, дана?!.

БЕУ, ҚАЗАҚ!

Шағымда

шалқып көңіл,

күйім келген,

Бойдағы

құйсам дауыл

құйын желден,
Иа, Бекет,

Ата-баба,

Аруақтар,
Бүгін бір сырласайын

дүйім елмен.

Иа, бабам,

перзентіңді қуатты еткен,
Жайым бар

жаным жалын

шуақ төккен.
Білмеймін,

мәңгі маздар

шырақ па едім,
Бұл өмір

менің үшін

бұлақ неткен!

Маңғыстау,

киелі өлкем,

берендісің,
Өзіңнен

алдым сыйды

кенен мүсін.
Мәрт мінез – қанымдағы –

Ұран Отым,
Аруағым,

шыңыраудай

тереңбісің?!

Өзалдан

ақтарғанда

жыр-тізгінін,
Жана бер

алдан жарық

Жұлдыз-түнім.
Беу, Қазақ,

шектелмеймін

өз тегіммен,
Маған дос

әрбір қазақ

ұл-қыз –Күнім!.

Туғам жоқ

тек бір аймақ,

өлкем үшін,
Жыр жаздым

Кеше,

Бүгін,

Ертең үшін.
Беу, қазақ,

тұғырлы боп

Болашағың,
Керілсін

Келешектің

желкені шын.

Кейде мен

кейбір оймен

ғайып кетем,
Күйзелсем,

кешем күйді

айып бөтен,
Қазақтың қасиетті қара жері,
Көз салсам келбетіңе байыппенен.

Демеймін атым озды бұл өмірде,
Беу, қазақ, не іркілді жүрегіңде?!
Жастардың келген едің қаныменен,
О, біздің Тәуелсіздік ұлы еліме!

Білсеңіз, жақсы күнді жан қалайды,
Ақынды ешкім алдап, арбамайды.
Қазақтың көзін сүзіп жұмағына,
Қорқаулар жан-жағынан анталайды.

Баяғы сауыт киген дулығалы,
Мен – батыр, ел, жер үшін құлшынары.
Жер менен теңіз, дала пәршеленсе,
Қан ойнап, жанардан жас ыршытады.

Беу, қазақ, шағың келді қайралатын,
Жүрекке байлап намыс айбалтасын.
...Қазақ деп соңғы сөзді айтармын мен,
Пейішке ауған кезде қайран басым!..

АДАМЗАТТЫ ІЗГІЛЕНДІРУ

Адамның заты өзалда таралса нұрдан,
Адамның заты кенде емес тамаша ұлдан.
Адамзат үшін жаралған данагөйлерім
Адамзат үшін алысып араша тұрған.

Адамзат десе, адамның бәрі бір бауыр,
Адамды адам күйретсе жаныңа ауыр.
Адамзат үшін жаралған ақылгөйлерім
Адамзат үшін күй кешер алапат дауыл.

Адамзат деген білгенге Ақыл мен Сана,
Адамның заты бола алмас ақымақ қана.
Адамды адам болуға шақырды Бүгін –
Түріктен туған текті ұлан батыр да дана.

Жайсаңдарымен марқайса Жер-Ана асыл,
Көркем бір ойға дем берді кең Дала жасыл,
Пайғамбарлардан Парасат Рухын алған,
Ғұлама-бекзат туғызды замана-ғасыр.

Адамзат үшін болғанда бақ жолы жұмбақ,
Данышпан ойшыл өз сырын ақтарып тұрмақ.
Адамның жанын емдеуде - әлемнің құлпы,
Қапысыз қияс кетпейсің хақ жолын таңдап.

Адам боп жүрмей шалт кетсең адасып қалып,
Алғаусыз жанды әлдекім аяқтан шалып,
Аллаңа сиын, Хақ-Тәңір көтерер көкке,
Ештен кеш жақсы, ес жисаң алжасып барып.

Өмірге адам келгенде келісті, нұрлы,
Бола алмас деме пенделер періште ғұрлы,
Жүректе иман, жаныңда балбұлақ тұнса,
Жұтқандай самал желпиді өрісте қырлы.

Жүрегің лағыл болғанда, маңдайың жарқын,
Жарқырап атар алтындай таңдарың әр күн.
Жаз көңіліңді жайып бер күллі адамзатқа,
Жүзіңде мейір-махаббат шамдары жансын.

Балбұлақтайын тұнғанда жаныңда жақұт,
Бойкүйез бола алмайсың сағымға батып...

Адами мынау әлемнің жұмбағы сыршыл -
Адамды сүйіп ғаламнан табуда бақыт.

Адамды сүю – қасиет, даралық тұлға,
Адами ғұмыр-пәниде қараулық қылма.
Екіжүзді, пасықтық, керниет – сорың,
Шайтани-әлем, бауырым, арамдық бұл да.

Пәниге мынау келгесін

арымыз таза,
Жайсаң бір тірлік кешсек-ау жанымыз таза.
Жанымыз таза жаралсақ, тәніміз таза,
Жан менен тәнге жан берер қанымыз таза!

Жағаң бір жайлау:

бұқпаса ішіңде мыстан,
Ішіңе дендеп енеді пішінде дұшпан,
Құрығын салмақ «жауларды»

аластай білген –
Адами-әлем-ғарышта аққу боп ұшқан...

Адами болмыс, әлбетте, Аллаға аян,
Пайғамбарлардан тін тартар ғалами баян...
Философ біткен үн қатты

Ғасырға мынау:
«Адамзат, сені құтқарар, адами саяң!!!»

Адами саяң – мөп-мөлдір сезімді болу,
Адамға сеніп, сабырлы, төзімді болу.
Адами мынау ғұмырдың мәні мен сәні -
Ізгілік атты әлемнен Өзіңді көру!

Қара басы мен ойламай жұртының қамын,
Ұлтының даңқын асырды, түркінің даңқын!
Жаһанға Біз де жар салдық ерлерді қолдап,
Адамзат, ес жый, кетпесін жұлқынып әркім!

Ләйім ақжол ақниет талпыныстарға!
Ләйім жол жоқ соғыс пен қақтығыстарға!
Ядролық қарулар, есерлік, езгі,
Өктемдік, өкпе, өпірем алқыныстарға!

Қапысыз опық жегізер ойранның бәрі,
Байбалам нағыз Израйл, Иранның кәрі.

Бейбітшілік пен теңдіктің жалауын керсең,
Шартарапқа шашар шапағын Иманның шамы!

Адамның мейлі діні мен жынысы бөлек,
Жүрегі жауһар жандардың ырысы бөлек.
Адамзаттың қауымын бірлікке бастар-
Ұлағат ұрық себетін ұлы ісі керек!

Адамды адам бөлмесін түсіне қарап,
Елдерді елдер бөлмесін күшіне қарап!..
Адам-затты бағалар туыпты Дәуір –

КЕЛІСІМ,

ДОСТЫҚ,

ІЗГІЛІК ісіне қарап!
Ақындық аңсау:

Ақиқат - әлемнің нұры,
Адамзатты әлдиле, өлеңнің жыры!
Жаратушы ғаламды –

ХАҚ-ТӘҢІР-АЛЛА,

Басыңды ій АДАМ,

Адам бол,

Кемелдік сыры!

ЖҰМА ӘУЛИЕ

Мазам жоқ,
Мазасызбын бала кезден...
Мазам болар
шақтарда дала кезген...

Мынау шалқар көз салсам кеңістікке,
Мың-сан сұрақ андыздар сананы езген.

Өмір-ғажап, заманның зарғағы жоқ,
Сайран-ғұмыр кешкеннің арманы жоқ,
Елімізде еркіндік еншілеген,
Көгереміз, көктейміз тал-бағы боп.

Күндер өтіп, замана ағыстайды,
Бағзы баба бейнесі алыстайды...
Түнібойы дөңбекшіп, төңкерілдім,
Ақын қалай жанымен алыспайды?!

Ойлар, ойлар...
Сығымдап жүрегімді,
Ақтара алмай іштегі тілегімді,

Күңірендім, күйзелдім, күреңіттім:
«Кімдер бізге сыйлады бұл өмірді?»

Қанат қағып қасиетті жыр көшіне,
Ұлы өмірдің ұмтылсам жүлдесіне,
Аян беріп шақырды бабаларым,
Қоныс тепкен мәңгілік қыр төсіне.

Бұл ғұмырдың мәнісін сараладым,
Жанымда бар жан жарым, балаларым,
Маңғыстауда жерленген жеті атамның
Жатқан жерін бір сапар араладым.

Арғы тегің болмаса ақылды анық,
Арқаланбас адуын ақын халық,
Алтыншы атам – атақты Жұма әулие,
Қауымына бет алып жақындадық...

Қаражанбас, Қаламқас өңірі – сор,
Бұрды балам төбеге көлігін ол...
Көкке көлбеп көк түтін құладүзде,
Жебеді Ата ұрпағын көңілі зор...

Адасқандай болып ек...
сағым Дала...
Ұрпағына дем беріп шақырды Ата...
Қырға жеттік...

жалын да, түтін ғайып,
Самал ғана желпиді дамылдата...

О, Құдірет, демей гөр, әз әулие,
Ұлы өмірдің байқасақ өзегі не?
Ата-баба өшпейді рухтары,
Шарапаты мол тиген өз еліне.

Қуат алып бойына арайлы ерден,
Туған халқы зайырын талай көрген,

Көрегенді, көріпкел, шипагерді-
Әз-әулие ел-жұрты санай берген.

Бар өмірін халқына арнай білген,
Жаратылыс тылсымын барлай білген,
«Жұма әулие» атанған Жұма әулие,

Қыран құстай қияға самғай білген.

Ұзақ жылдар қалып ек жаңылысып,
Атамызды қалыппыз сағынысып.
Пай-пай, кемел дүние, кемеңгерім,
Әруағы жүр екен әлі де ұшып!..

...Шырақ жақтық...

күш алып, елеңдесіп,
Жанымызға жеткендей көлеңкесі...
Ата-бабаң оянып кеткен кезде,
Қозады екен адамның делебесі!..

Бүгін біздің Рухтың мерекесі,
Кейінгі өрген шөпшектің шөбересі.
Тас тарих сөйлейді –құлпытасы
Заманында салдырған немересі.

Немересі – Сарбас би салуалы,
Үстем болған оның да аруағы.
Әз әулие атасын әспеттеген,
Парасатты, пайымды, пәтуалы.

Сарбас биден Смайыл дара туған,
Тумысынан батыр боп жаратылған.
«Адай көтерілісінің» көсемі, көшбасшысы,
Тектілердің нағыз ол санатынан!

Текті болу – жүгіңнің зілбатпаны,
Бабалардың баяғы қымбат бәрі.
Қасиетін бойдағы жоғалта алмас,
Бектеміс-Жұма әулие ұрпақтары!

Әке Түсінбей әлі жүрсің бе, Жүрмісің ,әлде, қия алмай? Ұлыңды ойлап күрсінбе, Мақтан тұт тіпті ұялмай.

Еркімді өзім алайын,
Емеспін енді жас бала.
Ортамда сүйген қалайын,
Ұшырар баптап астана.

Жүректі жарған өлеңім
Жатқанда қайнап миымда:
Тағдырға не деп көнемін,
Тағдырды жеңу қиын ба?!

Бұйырған мынау өмірден
Бұйығып қалай өтейін?
Онанда аспан көгіне
Аққу боп ұшып жетейін.

Самғаумен талмай,
Қалықтап,
Арманға қарай жүзейін.
Шырқауға шыңда шарықтап,

Өзімше бағыт түзейін.

Болғанмен балаң тәттілеу,
Бақытым жолын байлама.
Ұлыңа тілеп ақ тілеу:

«Аман жүр,-деші,-қайда да».

Мақсатым емес,
Мақтанып
Қалдыру бір сөз артыма.
Бойымда барды ақтарып,

Берсем деп едім халқыма.
1981жыл.

Анашым
Мазам болмай, көңілім алаң менің,
Елестейді Күн-бейнең, анам сенің.
Мен өмірде жаныңда жүре алмадым,

Арман қуған қиялшыл балаң едім.

Алыс кеттім ауылдан, бауырдан да,
Тас-түйін боп төс кере дауылдарға.
Қиналамын қасыңнан табыла алмай
Қан қысымың тасынып ауырғанда.

Сарыуайымға, білмеймін, салындым ба,
Бөленеді біртүрлі жаным мұңға.
Екі көзің төрт болып ұлыңды ойлап,
Жолға қарап келер деп сағындың ба?

Сезем, анам, сарыла күтеріңді,
Келеді деп үзбейсің күдеріңді.
Ойлап мені түнімен күйзелдің бе,
Мұңға орантып арайлы реңіңді.

Қылығым да аз болмас сүйінерлік,
Келмеді деп жайың бар күйінерлік.
Мына тұрған қол созым ауылыма,
Бара да алмай жүрмін-ау жиілетіп.

Кешіре гөр, анашым, кеш ұлыңды,
Ардақ тұтам ақ сүтің, бесігіңді.
Жүрегімнен мәңгіге өшірмеспін,
Ана деген әулие есіміңді!

Түркі дүниесіне тіл қату
Мағжан ата рухына

Тұранның түлесе дер кең даласы,
Түркінің тікте бойды бел баласы.
Түріміз, діліміз бір, түбіміз бір,
Туың тік, түркі дүние – Алты Алашы!

Тірлікте біз кешпелік арзан-ғұмыр,
Тін тартып тереңдерден арман-тұғыр.
Түркістан ұлағатын ұран еткен,
Текті ұлан - тұталық та Мағжанды пір!

Тынысты келді, туыс, жазар шағың,
Толағай жүзеге аспақ әз-арманың.
Тарихын тани білсе түркі жұрты,
Тегінде сейілер-ді жанарда мұң.

Тағдырдан ескен кезде жылымшы леп,
Түркіге толғаналық ғұмыр тілеп.
Тәуелсіздік Қазаққа бұйырғанда
Түркия таныған-ды бірінші боп!

Тәңір-ай, толғайыншы, толғайыншы,
Түркінің намысын бір қорғайыншы.
Теңіздей тебіреніп, еміреніп,
Тылсымнан қобыз-үнмен сарнайыншы.

Тынымсыз домбырам да бебеулесін,

Тоныкөк, Күлтегіндер жебей берсін!
Түркіге түңілместей РУХ берген -
Тарланым – Мағжан сынды елеулі есім!

Түріктер тастан сомдап нар тұлғасын,
Төрінде асқақтаған алтын басын.
Түркістан
тәлім алып

Анкарадан,
Төрінде ер мүсіні жарқылдасын.

Түркістан – мұқым түрік қағанаты,
Түркінің осында ұран – жағар оты.
Мағжанды ұлықтасақ, ұлықтайық,
Түркіге шексіз болған махаббаты!

Қазақ қызы
Ұлтының сөзі десек қарияны,
Ұлтының қыздар болар ар-ұяты.
Ұрпақтан ұрпақтарға ұластырар –

Ұлағаттап салт-дәстүр –дарияны.

Ардақтап ана тілін, баба жырын,
Сүйеді ол қыр жұпары, дала гүлін.
Өн бойынан аңқыған жусан иісі,
Қастер тұтқан халқының даналығын.

Дініне берік, жаны елім деген,
Жасай бер туып-өскен жерім деген,
Қазақтың көргенімде хас аруын,
Еміренем, ерекше тебіренем.

Намысына тәнтімін, бас иемін,
Тұмар еткен бабалар өсиетін.
Қайран біздің қаракөз қарындастар-
Сақтай білген жұртының қасиетін.

Ұлттық мирас-мұраны асқақ тұтып,
Тәрбиеңмен жаманды жасқандырып,
Көріне бер шыңдардың шырқауынан,
Тектілігің жанардан жас тамдырып!

Тал бойыңа өрлікті жиып алып,
Ұлы өмірден жүргейсің сиыңды алып.

Ұйқысынан оянып Томиристер,
Өнеріңе қол соқсын дүйім халық.

Қалықтасын қияға арман құсы,
Жүректегі лауласын от-намысың.
Бұл өмірде ешқашан қияс кетпес-
Бола білген ұлтының мақтанышы!

Дүлдүлдейін топ жарса Құлагері,
Тәңіріне тәубе етер ұлан-елі.
Ұл деп, қыз деп ұрпағын бөле жармас,
Ұлтын сүйген –ұлтының мұрагері!!!

Мұра
Шуақты шақ шашып нұрын, күлімдеп,
Наурыз тойы жатыр өтіп дүрілдеп.
Халқымыздың танып озық дәстүрін,

Шаттанамыз жүрегіміз дірілдеп.

Шаттанамыз кең көшеде көсіліп,
Мақтанамыз мерейленіп, тасынып.
Кәрі жартас жібігендй тұр балқып
Асау теңіз арнасына бас ұрып!

Жаға-жайлау, өмір -өлең, өрт-жаның,
Беу, азамат, халқың барда қорықпағын.
Көтереді қайда жүрсең сол халық-
Жүрегіңде сезінсе сәл от барын!

Лаула, лаула! Болмайды енді тірілмей,
Келешекке көз тігелік түңілмей.
Сүйеу болып бірімізге біріміз,
Арамыздан ала мысық жүгірмей.

Нұр-шапағын тұрса шашып жарық күн,
Маздамайды ел, жер үшін жанып кім?!
Туған дала тынысы үшін, ағайын,
Мұрасына үңілейік халықтың!

Қазақстан
Беу, Далам, ұлы анам – Отаным,
Қонысы қаһарман атаның.
Ел болып еңселі, ес жиып,

Жайылды жаһанға атағың.

Кеудені кернейді шаттық үн,
Қазаққа арайлап атты күн.
Қайыспас ерлерім халқына
Ұсынды мәңгілік бақ гүлін.

Еңсеріп езгісін өзгенің,
Сейілді қарақат көзде мұң.
Көкірек қайқайып қылыштай,
Ұланым қорғайды өз жерін.

Езілме, жүрегім, егілме,
Ез санар қабырғаң сөгілсе.
Еркіңді ессізге берме енді,
Қалықта ғасырдың көгінде.

Бауырым, құшақты жай, кәні,
Бұрқылда бақыттың қайнары.
Білек те, жүрек те болсын бір,
Бұзылмай ырыс-құт қаймағы.

Қазағым,
Азатым,
Қанатым,
Жаңғырса жарасар сана тың.

Сарабдал ой түйіп ақылмен
Күн туды ертеңге баратын.

Сүрлеуден сілкініп көнерген,
Жаратыл жаңаша өнермен.
Айдынның төсінде тайқымай,
Жүзе бер көк жалау кемеңмен.

Шарпылмай отына кезеңнің,
Ағысы тәрізді өзеннің,
Шеттегі ағайын оралып,
Шалқытсын туған жер, өз елін.

Шартарап жатқанда жалт қарап,
Абырой –сенімді ақтамақ.
Қазағым, құс боп ұш ертеңге,
Ақ мамық көгершін ақ қанат.

Теңдікпен үндесіп бейбіт күн,

Танытқын үлгісін ерліктің.
Еңбектің көрігін қыздырып,
Үлгісін көрсет сен елдіктің.

Зымыран замана қас-қағым,
Сәл шалыс қадамды баспағын.
Ғарышқа сал тура даңғыл жол,
Тәуелсіз Қазақстаным!

1993 жыл.

Елбасы анты
Елім,
Ерім деп маған
Төріңді бүгін бұйырттың,

Түндігін түріп,
тұманын серпіп тұйықтың,
Тұнжырап жатқан
Далаңа тыныс бердің де,

Бойыңды билеп,
көңліңді демдеп, ұйыттың.

Көзімді қадап
көсілген шалқар бейнеңе,
Қазақпын деген
мақтаныш қонар кеудеме.

Бабадан қалған
тектілік тұрпат тіріліп,
Дарияда талмай
ілесті көшке дәу кеме.

Елім,
Егемен болдық,
елдіктің күйін шертетін,
Бұрауы келіп

тұрғандай сазды перненің.
Алдыңда сенің
мың мәрте тұрып бас ием,
Егемен елім,

Кеше мен Бүгін,
Ертеңім!

Жерім,
Бабадан қалған
баянды байлық-мұрамсың,

(Қиястық қылсам,
Аталар, жауап сұрарсың).
Тулақтай жердің
аялап ырыс-нәсібін,

Болмағым парыз тым аршыл.

Жаныңа сенің
келтірмей мүлде кінәрат,
Алармын шара
іс қылмау үшін бір ағат.

Барыңды базар
етуге барды салармын,
Өмірде керек, әрине, сабыр, қанағат.

Қасиет сіңген
Қара жер сенің құлыңмын,
Қайқайған қылыш
секілді қайсар ұлыңмын.

Қанына тартып
жаралған қазақ баласы,
Қадірін білмек
сыйлаған халқы тұғырдың.

Халқым,
бұл үшін мың-мың
өзіңе айтар алғыс-сыр,
Аялай берсін

жүзіңді жарқын таңғы нұр.
Атағың сенің
алысқа кетсе деп едім,
Жер-жаһан танып мәңгі бір.

Қайнарым сенсің,
тұп-тұнық мөлдір бұлағым,
Шынарым да өзің,
ұраным да өзің,

шырағым.
Халқымның даңқы
ғасырдан асып ғасырға,
Қазақтар десе

бар әлем түрсе құлағын.

Өмірлік мақсат,
нақ осы арман көксеген,

Болашақ ғұмыр
боларға баян бек сенем.
Бұйырған бақ-тақ:
Еліме,

Жерім,
Халқыма
Ақ адал қызмет етумен дәйім өтсе екен!!!

Санадағы сілкініс
Ей,қазағым, ел болдық қой еңселі,
Көтеретін күн де келді еңсені.
Есебіне қоспаушы едім ездердің,

Ер мінез деп еркін өскен мен сені.

Аш көзіңді, жый есіңді, түрегел,
Замандасым, сүйсең елді шын егер.
Жалт-жұлт етіп ақ алмастың жүзіндей,
Жүрмесек біз бұл дүниеде кім елер?!

Мәңгүрт болып мал бағумен күні өткен,
Өтті заман, өттік тұман-түнектен.
Енді, халқым, намысыңа қайралып,
Өртене біл елді сүйген жүрекпен.

Жер-Анаға
құйғанда Күн-шұғыла,
Шомыл сен де Көктәңірдің нұрына.
Туған елді, туған жерді сүйетін-

Үміт артқын өр мінез қыз, ұлыңа.

Қалар болсаң қапияда жасып сен,
Кеше қоймас қайран Дала ашық, кең,
Өзгелердің бопсасында кететін,
Қатар қонба екіжүзді, пасықпен.

Ерлігі ерен халқыма мен ғашық ем,
Сен мен үшін баға жетпес асыл ең.
Алатауға сүйенгендей сүйенсем,
Көкте қыран, жарқылдаған жасын ем.

Жаманатқа қимасам да тегінде,
Оралады небір ойлар көңілге.
Жарқылдап шық мынау жаңа өмірде,
Жайбарақат жүретұғын жөнің не?

Ей, қазағым, еңсе тікте, көтеріл,
Баста алға мәрт боп туған бекем ұл.
Қатар тұрсақ сын сағатта бас қосып,
Кеуде ұрғандар айыл жияр нешебір!

Тіршіліктен не пәтуа тым-тырыс,
Керек қазір келер күнге ұмтылыс.
Туған елдің қамын ойлап дәл бүгін,
Санамызда жасалық бір сілкініс!

х х х
Ойсыз жүрсем, мұңсыз жүрсем аз-ақ күн,
Мазам қашып, жаным жүдер қазақпын!
Күйбеңменен күн өткізгеннен артық –

Бұл өмірде көрмедім мен азапты!

Жыланумен күн кешкенше тірлікте,
Тағдырыңа қойған ләзім бір нүкте.
«Дүниеге қаланбасақ кірпіш боп»,
Сүрмедік не өмірді бұл, сүрдік не?

Ұқсамау тек жануарға, жәндікке –
Қарын қамдап, қызыл қуу, сәндік пе?
Көтереді өз басына түскенін
Олай десек, құмырсқа да, қандік те!

Серпіл, досым, серпіл сен де ендеше,
Жүре бермей жылуы жоқ пендеше.
Туған жерге тұлабойдың бер отын,
Күн кешкенше жандайын бір өлмеші!..

х х х
Тәуелсіз елдің ұланы,
Қайсар бол қайтпас, қырағы.
Бола біл елдің шырағы,

Самғаған биік қыраны.

«Қазақ!» деп таңда оянып,
Жұртыңнан қалма аянып.
Көгерер сонда Отаның,
Ел болып еркін, бай, алып!

Елім деген жанымды ұқ!

Ұйқыдасың сен әлі,
Қашан ұйқың қанады?!
Ойласаңшы Даланы-
Күн-құшақты Ананы.

Зауал бұлты тарады,
Заман заулап барады.
Көп ұйықтаған шала мас-
Көш соңында қалады.

Ес жиятын заматта,
Талпын таудай талапқа.
Тарланбоздар жатпасын,
Тойып алып тамаққа.

Тойса қарын тамаққа,
Бақыт деген сол-ақ па?
Басқа шығып битіңіз,
Өзің жүрсең балақта?

Намыс, жігер, ерім-ау,
Қайда қаның сенің-ау?
Ие болар өзің ғой,
Қасиетті жеріңе-ау!

Беу, қазағым, қазағым,
Еркіндікте жаз адым.
Көрудей-ақ көрдің ғой
Талайлардың мазағын.

Есіңді жый, бауырым,
Құрыспасын жауырын.
Құнысуды сүймейді
Құдіретті дәуірің!

Атқанда таң нұрланып,
Қарамайды ер ұрланып.
Бақытына жетпейді
Жүрген жандар бұлданып.

Сілкін, Далам, қалың жұрт,
Жүрегіңді жалын ғып!
Елім деген бір ұлмын,
Елім деген жанымды ұқ!!!

Бәріміз баласымыз бір атаның
Адамдар , сендерді мен ұнатамын,
Бәріміз баласымыз бір атаның.
Көргенде күндей нұрлы жүздеріңді

Көктемгі құызғалдақтай гүл атамын.

Арайлап атқанда әрбір бұла таңым,
О, қандай ,деймін, ғажап Ұлы Отаным.
Кеудемді шаттық толы шабыт кернеп,
Ашамын жүрегімнің жыр-отауын.

Самалмен сағымды бел тербетіле,
Жайнаған қарап далам келбетіне,
Өзімді шын бақытты сезінемін
Адам боп келгеніме жер бетіне.

Алаудай құлпырғанда дос реңі,
Шын пейіл мерейіңді өсіреді.
Қашанда жүрер жанды елжіретіп,
«Бауырым!» деген бір сөз осы мені.

Жауласса бірге жандар қаны, тегі,
Күймесін қалай ғана жаның енді?
Адам боп қалайықшы о, адамзат,
Адам боп ұғыңдаршы бәрің мені.

Бәріміз баласымыз бір атаның,
Сендерді сүйем сондай, ұнатамын.
Адамдар бар деп жердің бетінде мен
Мәңгілік өзімді-өзім жұбатамын.

Ана туралы ән
Өлеңі Ғалым Әріптікі
Әні Жайшылық Төребаевтікі

Жарық күндей жан анам,
Жаз дидарың - алтын таң,
Жақұт –сәуле жан-жағына таралған.
Өзің жайлы салам ән,

Өмір бойы нәр алам,
Жан балаңмын жүрегіңнен жаралған.

Шабыт құйдың шалқыған,
Шуағыңа балқыған-
Перзентіңмін пірге сені балаған.
Шұғыла шашқан ғаламға,

Барша жұртқа – адамға,
Шаттық сенің жүрегіңнен жаралған.

Жақсылық тек тілегің,
Жалын-оттай нұр-өңің,
Айналасың, толғанасың балаңнан.
Ізгілікті әр ісі,

Бұл тірліктің мәнісі-
Бақыт сенің жүрегіңнен жаралған.

Заула, егемендік тұлпары!
Көк байрағым желбіреп асқарымда,
Алтын шуақ төксе Күн аспанымда,
Ауыздығын шайнаған арғымақпен

Айға да біз жетерміз қас-қағымда!

Аман болсын туған ел қайғы-мұңнан,
Абай болсын алыс жұрт айбынынан.
Айналаға тарасын жақұт-сәуле,
Аңсап жеткен азаттық таң нұрынан.

Жайым болмас дәл бүгін іркілерге,
Тұяқ тарпып тұлпарым сілкінер де!
Тәуелсіздік, теңдіктің туын тіктеп,
Жар салады жайсаң ұл бүкіл елге!

Көз қызығар көркіне қазанатым,
Тұғырына қонып нық азаматым,
Заулай ағып барады болашаққа,
Жария етіп ғаламға қазақ атын.

Заман-заңғар,
ілесіп ұлы ағынға,
Арғымақтың ойнармын құлағында.
Қазақстан – бақытым, бұлағым да,

Арқасүйер Отаным – қыраным да!

Туған жердің ерлері
Көнбейтұғын көлденеңнің ырқына,
Көңілімнің хошы келер жұртыма.

Қынабында қылп-қылп еткен қылыштай,
Жанарының жалт-жұлт еткен жылтына.

Мінезіне мәрттік тұнған марғасқа
Маңғаз ерлер ұқсайды өткір алмасқа.
Бірде дауыл, бірде толқын ашулы,
Бірде теңіз мізбақпайтын жартасқа.

Пысқырмайтын тірлігіңе далбаса,
Күркірейтін алаяқтар алдаса,
Көкірегінде от-намысы бар оның,
Ел дегенде – жан-жүрегі қан-жоса.

Мәймөңкені сүймейді оның суқаны,
Тәуекелге қашанда бел буғаны.
Бауырындай жаяр саған құшағын,
Шындықты айтсаң шымырлатып құйқаны.

Құйқылжуға салар болсаң не түрлі,
Қанжар-сөздер тілгілейді бетіңді.
Топырағына тартпай тумас тұғырлы ер –
Туған жердің аруанасы секілді...

Желтоқсан айы қаралы
немесе
Аза жыры

Қазақ елінің азаттығы жолында шейіт кеткен есіл ер
Қайрат Рысқұлбековтің рухына
----------------------------------------------

Желтоқсан айы қаралы,
Қанды жас көзден ағады,
Қазақтың арын арлауға,
Қазақтың жерін қорғауға,

Жарқылдап отты жанары,
Жалынды ұрпақ саналы
Бастаған қайсар рухқа
Бұйығып жатқан қаланы.

Ұланын елдің басынып,
Жендеттер қару асынып,
Жауыздық қылып жалалы,
Ашылды арсыз араны...

Ерлердің есін кетірмек

Есірткі менен арағы...
Арандатудың жолы осы
Басқа амал-айла шамалы,
Ызадан күйіп кектенген

Жастар да лаулап барады.
Талайдан жанды жеп келген
Түйсіксіз жанның қанауы...
Ал енді оған жоқ шыдам,

Танысын өжет Даланы,
Жанардан жас боп ыршыған
Тереңде жатқан наланы,
Талқан боп, мейлі, кетсе де,

«Бұзылмас достық» қамалы,
Намысты ұлан белсене,
Бостандық жолын қалады.
Ертеңін елдің кім ойлар

Болмаса жанның алаңы?
Езгіге қарсы атойлар
Маздады жастық алауы!
Ескілік жүйе ышқына

Соңғы рет демін алады.
Дегендей «бізде күш мына»,
Жағаға қолды салады.
Өрімдей қызды шашынан

Сүйретіп, әне, барады.
Әулекіленген сұмдардың
Құмары содан қанады.
Намысы берен жас Қайрат

Алысып бірде қалады.
Қарулы дұшпан мастанып,
Тепкілеп кейде алады.
Қыларға дәрмен таба алмай,

Жолбарыс жүрек жаралы...
Қанжоса болған қамалдай
Қазақтың қызыл алаңы!..
Қапияда ерлер қаза боп,

Күн туды басқа қаралы,
Халқымыз үшін аза боп,
Өшер ме ащы сабағы!
Бұл-дағы нәубет екен ғой,

Жатсынар Ескі Жаңаны,
Көңілге түйіп бекем ой,
Таңдайық жолды саралы.
Құйғанмен жылу сәулесін,

Сызды ғой атқан таң әлі,
Азамат ерлер кеудесін
Желпісін Дала самалы
Желтоқсан айы...

Боздақтар –
Күн еді ол бір қаралы.
Қайда да лаулап маздақтар,
Жарқылдап жүрсін жанары!

Шалқыма
Жаным жайлы, ой –мұхит, көңіл сергек,
Желпінтеді жел беріп өмір-дүрмек.
Замананың көшіне ілеспекке,

Жүрегімнен ұқсайды жыр еспекке.
Ұлы уақыт ұйытып сезім нәрін,
Шашады нұр шуағын көзім-жалын.
Шабытты кез шалқыған күйге ұласып,

Күннен күнге барады ұйқы қашып.
Тұла бойда бұрқана тулап қаным,
Тымырсыған тірліктен аулақтадым.
Тіктегенде түзеліп ел еңсесін,

Ақтарылып барады өлеңдерім.
Қалғып-мүлгіп күй кешер жайым нешік,
Жата алмадым елді ойлап уайым кешіп.
Жан бағысын ойлаған жігіт пе екем,

Ел мүддесін қорғаймын тұрып бекем.
Дала десе, мұрагер баладаймын,
Түн ұйқысын төрт бөлген анадаймын.
Замананың самалы беттен сүйіп,

Еліктірді жанымды көктем-киік.
Мынау күнде алаудай маздап ерек,
Құрысқанын жаурынның жазбақ керек.
Саналының оянып сүйсінісі,

Көре алмаған кісінің күйсін іші.
Күн кешпесек бомайды шалқып-тасып,
Түнгі жұлдыз секілді жарқылдасып.
Аман болса ақиық жампоздарым,

Қанатынан қайрылмай ақ қаздарым,
Өмір-айдын төсінде жүзер, халқым,
Ата-көштің бағытын түзер халқым!

х х х
Қарақан бастың қамымен
Қорғалай берме, қандасым.

Қазақтың атқан таңы мен
Азаттық жолын таңда шын.

Беліңді бекем буынып,
Қызмет қыл туған халқыңа.
Жауыңның жанын қуырып,
Алдаспан сынды жарқылда!

Жаңғыра бер, Жазирам!
Елім жайлы ойласам,
Жанарыма толар жас,
Өткеніне бойласам,

Жаным маза таба алмас.

Далам дархан болса да,
Батыр-бабам қорғаған,
Дұшпан көп боп соншама,
Көгін түнек торлаған.

Қамын ойлап халықтың,
Білегінің күшімен,
Қорғапты елді, жарықтық,
Найзасының ұшымен.

Туған жер деп қиып жан,
Тартқан азап, қасірет,
Тағдыр қатал бұйырған –
Біз осындай халық ек.

Салып заман ойранын,
Сілкісе де талай сын,
Қынабында қайралып,
Жарқылдапты, жарайсың!

Беу, қазағым, бауырым,
Есіңді жый, қауымым.
Қара нарша көтерген,
Дәуірінің дауылын.

Көкте күнің тұр күліп,
Тізгініңе бол мығым.
Жайнау үшін тіршілік,
Тұтасатын туды күн.

Қадамыңды дұрыста,
Туды қолға нық ұста.
Құшағыңды аш туысқа,
Жан-жақтағы ел, ұлысқа.

Жолың шалғай, сәт сапар,
Сәйгүлікті қамшыла.
Туды-ау күнің жан салар
Маңдай терге малшына.

Жасара бер сан түлеп,
Жаңғыра бер, жазирам.
Жүректегі бар тілек-
Жайнағаның, қазынам.

Қазақстан – нұрлы аспан,
Таңғажайып жыр-дастан.
Ғасырлармен сырласқан,
Заманамен бір басқан.

Өткеніңді ойлап ем,
Жанымды мұң кеулеген.
Бүгініңді той көрем,
Бойды шабыт кернеген.

Қазақстан, байтағым,
Қарыштай бер, қарышта.
Жәннаттайын жайнағын,
Самға, самға, ғарышқа!

Халық батыры
Бауыржан Момышұлына
-----------------------------------

Еңсесі ерен биік Ерім менің,
Елім деп, жерім деумен еңіредің.
Ешкімге есең кетпей еркін жүріп,
Есерді мысыңменен жеңіп едің.

Еңселі тұлғаңа сай мәрт мінезің,
Ерекше өтті лаулап отты кезің.
Егесіп дұшпанменен қан майданда,
Естілді намыс қайрар қатты сөзің.

Дұшпанның қалмай мазақ, табасына,
Жауыңның салдың қолды жағасына.
Жат жұртқа бермес үшін тулақтай жер,
Туладың күн туғанда ел басына.

Шоқтай боп кекке тұнған жанарыңнан
Шоңдығың, дөң айбатың аңғарылған.
Жимадың айылыңды Отан үшін,
Жау оғы бұрқаса да жан-жағыңнан.

Қаймықпай өлімнің де елесінен,
Хас батыр, мәңгі орын ап ел есінен,
Қасқайған қаз қалпыңда ғұмыр кештің,
Өмірдің өрге жүзіп кемесімен.

Жалтақтап жан бақпадың жаралы аңдай,
Айнымас қара жолдан қара нардай,
Қаныңа сіңген дара қасиетіңмен-
Даңқыңды қалдырыпсың бабалардай.

Танылып атың бүкіл дүйім жұртқа,
Ел болып тағы өзіңе сиындық па,
Жан едің аруағы үстем дүниеде,
Жан, Баукем, сен демеу бол қиындықта.

Заманның запыран боп зары кейде,
Адамның ауырардай жаны бейне.
Қазағыңды қорғаштап тауқыметтен,
Орныңнан бір аунап түс ұлы кеуде!

Азаматқа сын
Заман-заңғар
сұңқарлар қиясында,
Жан бағарлар бұғады ұясында.

Жалын атқан жампоздар жанып туған
Үңіледі халқының мұрасына.

Уақыт-ұлы!
Шырқатар шабыт беріп,
Елің үшін құлдилай ағып келіп,
Қыран мінез танытсаң,

Шоқ жұлдыздай
Сәуле құйсаң санаға жарық беріп!

Осы өмірде жанғаны сонда бағың,
Туған халқың тапқаны қолғанатын.
Қара бастың күйттесе қамын ерлер,
Дүниенің қорлығы сол болатын.

Ей, азамат, есің жый, еңсе көтер,
Есіл ғұмыр өтпесін күңсіп бекер.
Туған жер мен туған ел деген кезде
Жас тамшысы жанардан ыршып кетер.

Жас дегенің – жүректің қаны сынды,
Әйгілейді арың мен намысыңды.
Ұстараның жүзіндей лыпыл қаққан –
Әспеттейді ел-жұрты арысыңды.

Жылыстады өткен күн үрей болған,
Жарқын заман нұр шашты шырайланған.
Қазақ сынды халыққа нарлар керек-
Қайтаруға тұнығын лайланған.

Замандасқа
Жүрекке артып зіл ауыр,
Жұлқына ғұмыр кешсек пе?
Жағамыз жайлау,

бірауық
Желпіп бір самал ессек пе?

Жалындап өтер жас ғұмыр
Жабығып, зая кетер ме?
Жан бақсақ егер бас бұғып,
Жылыстап дүние өтер ме?

Жалынан алып Уақыттың,
Жағасына қол салсақ па?
Жауқазын өмір – бақыттың
Жарасым-жолын тапсақ па?

Жағада қалмай жаңғақтай,
Жарысқа түсер күн туды,
Жосыған босқа қаңбақтай
Жоғалтып күйбең шіркінді.

Жорғаңды, достым, мін ерттеп,
Жосылтып біз де байқалық.

Жаярмыз тамыр күні ертең,
Жусан боп қырда жайқалып.

х х х

С.Шапағатовқа
Бос сөйлеуге әуеспіз,
Бойда жоқта бекемдік.
Батыр ұрпақ емеспіз

Алла тәуба етерлік.

Бес саусақтың басы бір
Бірікпейтін болдық па,
Сөзге келсе қазымыр,
Істе де сол даурықпа.

Жүгінемін мұндайда
Ұлы Абайдай алыпқа,
Жаны күйген ылғи да
Өзі туған халыққа.

Бір-бірімен дүрдараз,
Ымыраға келмейді.
Өңшең жалған кіл қораз
Жұртты қалай ел дейді?!

Айға ұмтылса біреуі,
Тобығынан қағып бір,
Өздері іштен ірейді,
Не жау тиген халық бұл?!

Елім деп бір ер шықса,
Жерім деп бір ер шықса,
Оған еріп қол шықса,
Дейді өзгесі:малтықса.

О, замана, не сұмдық,
Әруақтар, кешіңдер.
Тайынбастай шешіндік,
Бастайды алға есіл ер.

Біз жасаймыз ұлы істер,
Қолдап сендер тұрғанда.
Күтеді алда жеңістер,

Асыл туған ұл барда.
х х х

Еңсе тіктеп ел болмай,
Ертеңді ойлап оқ жонбай,
Ең бір түзу жолды алмай,
Ез болуға арланбай,

Ес болардай қол болмай,
Ерек туған ұл болмай,
Емексіп біз өтерміз.

Арғымақты орғытпай,
Тұлпарларды қарғытпай,
Домбыраны шалқытпай,
Қаңбағыңды қаңғытпай,

Дала тұнбай барқыттай,
Салбөкседей, салғырттай
Енжар болсақ нетеміз?

Ей, азамат, есің жый,
Жанарыңның жасын тый.
Жүрегіңнен жасын құй.
Өзіміздің асыл үй,

Өзгелерден басым күй,
Әруақтарға басыңды ій,
Қолдаса ел боп кетерміз!

Өмір
Өмір жайлы ойлай қалсақ, бауырлар,
Мойындағы жүк дегенің ауырлар.
Күнделікті қым-қуытың – тұл тірлік,

Оның өзін өмір деуге дауым бар.

Жылдар жылжып, көшіп уақыт керуені,
Тығырыққа тірейтіндей пендені.
Сенделесің сең соққан бір балықтай,
Өмір бейне өрмекшінің өрмегі.

Барады ағып сол тымырсық дүние,
Тығыласың тышқаншылап үйіңе.
Арыла алмай күнделікті күйбеңнен,
Түн баласы күрсінесің күйіне.

Шешім таппай жұмбағына өмірдің,

Ұйқы қашып өткен жоқ па небір түн.
Сол өмірдің құпиясы көрінер –
Астарынан Күрес пенен Көңілдің.

Күрес деген басталады өзіңнен,
Көрінеді ұшқын атқан көзіңнен.
Туған жер деп, туған ел деп толғансаң,
Халқың сені ер-азамат сезінген.

Бұқпай төмен ұрпағыңның алдында,
Ұқсап өтсең түнді тілген жарқылға,
Ұлағатын бабалардың сіңірген
Ұландарың қалса өзіңдей артыңда.

Тай-құлыны секілденіп Даланың,
Жеткіншегің жаза берсе қадамын,
Абыроймен өткіздім деп есепте,
Бұл өмірдің өзгеше бір парағын.

Жан сырыңды ашық жайып адамға,
Жақсылықты жасап-ақ бақ ғаламға,
Көңіліңде тығылмасын түйткілің,
Бұл өмірді қия көрме арамға.

Ей, бауырым, құлағың түр бір сәтке,
Бұл өмірді жандырып бір сүрсек пе?!
Сен, ендеше, сезік салма сенімге,
Сен,ендеше, тайғанақтық көрсетпе!

х х х

Халқының қаны сіңген келбетіне,
Ел үшін кеуде керген жел өтіне,
Ез емес, ер мінез боп жаратылған
Көңілдің хошы келер ерлеріме.

Жүрегім тыным бермей ұрғылаған,
Жан едім тереңімнен жыр құраған.
Даңғайыр жігіттермен Дала болып,
Жусанның жұпар иіісі бұрқыраған.

Шалқыдым асау теңіз – дариямдай,
Шабыттың шарпуынан арыла алмай.
Жасасын жайсаң мінез азаматтар,

Сыйласаң, сыйлайтұғын жаны қалмай.

Атырдым ондай жанмен таңды бірге,
Достардың қалған ізі әр күнімде.
Солармен өмірімді думан еттім,
Жүруге дайынмын да мәңгі бірге.

Сырымды мен оларға жайып тұрам,
Дос барда көзден мұңды ғайып қылам.
Қашанда көңілімді көркейтеді –
Қазақтың жігіттері сайыпқыран.

х х х

Соңғы кезде ой басады, мұң қалың,
Толғанады терең бойлап бұл Ғалым.
Көшкен бұлттай жылдар жөңкіп аулаққа,
Жастығымның ала кетті-ау гүл бағын.

Көкірегімнің күйі қайда дауылды,
Ағыл-тегіл шағым қайда жауынды?
Шалқып жүрген ақын қайда өрт мінез,
Аңсай сүйген туған дала, ауылды.

Сағынышпен еске алатын бауырды,
Кездер қайда қаным тасқан арынды?
Кең дүниеге сыя алмай сенделіп,
Ғұмыр кешкен күндерім-ай жалынды.

Өтті бәрі,
өкініш жоқ өзімде,
Өмір сүйген махаббат бар көзімде.
Ақыл тоқтап, ойлылыққа ұласып,

Шалынғым-ақ келмейді ұшпа сезімге.

Тұла бойда қалса-дағы қызу-от,
Желпінсем де бал шарапқа қызып ап,
Желік құмар тіршіліктен беземін,
Жанұямнан жоқтай артық ұжмақ..

Солай деймін, бекем менің жүрісім,
Жынды құсап кешкен тірлік құрысын,
Жазғы самал секілденіп желпиін,
Жан-жарымның кеңітейін тынысын.

Өз ошағым ғана емес, ұлы елім
Сеземін ғой сенім артып жүрерін.
Жас жетпістен асқан ата-анам да
Білемін ғой ұл тілеуін тілерін.

Ей,азамат, енді өзіңе бол мығым,
Елден ерек тасамын деу – сорлы ұғым.
Одан-дағы қазағыңа қорған бол,
Көрсеттірмей көлденеңнің қорлығын.

Осы сөзді өзіме-өзім серт қылам,
Жүрегімде оянады өртті ұран.
Бәріміз де елдің қамын ойлайық,
Құлағың түр, қайсар қандас, беу, қыран!

Алданбайық арзанына тірліктің,
Марғасқасы атанайық жігіттің.
Осы ойымды арнадым бар қазаққа,
Үзігінен ұстағандай үміттің.

Ауылды аңсау
Тағы тұр ма сезіліп күз лебі,
Мына желің не іздеп үздігеді?
Менің жаным құс болып ауылға ұшып,

Жүргім келер ата-ана, бауыр құшып,
Тумысымнан жан едім туыс құмар,
Тірлік кейде жаурынды құрыстырар,
Кеуде керіп замана өкпегіне,

Жете алмадым кең жайлау бөктеріне,
Айлар менен апталар ағыстады,
Адамдайын жүрмін мен алыстағы,
Сағыныштың кептері самғайтындай,

Көңілімнен мұнар-мұң қалмайтындай,
Қанат та бар шырқасам талмайтындай,
Сонда жайым не елге бармайтындай?
Болмайды екен өзімді қайрамасам,

Бойда қанды тулатып қайнамасам,
Тірлігім не бауырды баурамасам,
Ата-анамның көңілін ауламасам?!

Үрей
Үрке берем , адамзат, үрке берем,
Секілденген құбыжық бір пәледен.

Арашашы бола алмай Жер-Анаға,
Зағип болып қалардай қайран Дала.
Қорқа берем, күйініп, көңіл күпті,
Қараңғы ойға жетелер өмір тіпті.

Желегінен айрылып сортаңданып,
Жапа шексем қайтермін жерім құтты?!
Жұрттың бәрін жоқ жайым дос көрердей,
Қойдай момын бола алман өшкен елдей.

Естімесе даусымды бүтін қазақ,
«Қаратаудың басынан көш келердей!..»
Үрке берем, ағайын, үрке берем,
Жазғандайын қапаста, түрмеде өлең.

Жырға қосар кең Далам тілім-тілім,
Ақиреттің азабы бұл не деген?
Арман болып алыстап албырт жасым,
Ағыл-тегіл жүрмеймін шалқып-тасып.

Ақиқатты айтпасқа амалым жоқ,
Қор болар деп қорықпай алтын басым.
Үркемін мен, үрейім – ел тағдыры,
Үркемін мен, үрейім – жер тағдыры.

Топан сумен жер бетін толтырардай-
Тәңірінің төпейді сел-жаңбыры...

х х х
Тыншытпаса орамды ойлар миымды,
Мазасыздау тағдырыма сиындым.

Маубас доңыз мәз болады тойғанға,
Мағыналы тірлік жайлы ол ойлар ма?

Маңғазсынып, кісімсіген тұл-пенде,
Мекіреніп, қоразсынып жүргенге.

Жаны қуыс дүмше менен дүбара
Ит-жыныңды қоздырады-ау, сұрама!

Атпал ерлер түн ұйқысын төрт бөлер,
Ел деп, жер деп тұла бойы өртенер.

Дүрілдеген дүниеден шет қалмай,
Кең даланы дүбірлеткен Сақтардай,

Құс ұйқылы, сергек көңіл болмас па,
Ұқсайтұғын жарқыл қаққан алмасқа!

Сауал қойған атар таң мен батар күн,
Мына өмірде қалай бей-жай жатарсың?

Миды ашытпай, жауыр болмай жауырын,
Мимырт тірлік жер қаптырар, бауырым.

Зердеменен көз салайық әрнеге,
Жын-пері ме, жел-құйын ба, әлде не?

Замананың шылбырына жармасып,
Жұлқысалық, тартысалық, арбасып.

Түн баласы құлай салмай төсекке,
Ойға шомсақ туған Дала- бесікте.

Беймезгіл шақ: бір ме, мейлі екі ме,
Жұлдыз санап жатқан қандай сәкіде!

Қыс түнінде жел үніне құлақ түр,
Жер-дүниең күңірене жылап тұр!

Ертеңі үшін ұйқысына алаңдар –
Жан бағам деп жанұшырған адамдар.

Қара мысық жас сәбише зарлайды,
Кім біліпті, кімді, не үшін қарғайды?

Уайым-қайғы, ой мен мұңсыз түн өтпей,
Атпал ерді қоймайды-ау бұл жүдетпей.

х х х
Жел ызыңы, жел зары
Жанға маза таптырмас.
Жер тағдыры, ел қамы

Ер ұйқысын қандырмас.
Ебелектен еш қайран,
Жартастар да мізбақпас.
Хас батырлар қасқайған

Қас-жаудан да бұлтармас.

Жанбағардан не қайыр,
Жанып тумай жасындай.
Жаны күйген беу, шайыр,

Езді көріп осындай.
Ех, дүние, замана,
Түлкібұлаң тарттың ба?
Халқын сүйген адамға

Зілдің жүгін арттың ба?!

х х х

Соғыс боп жатыр бір жақта,
Қаһарға мінген Иракта,
Ливан да анау құлдықта,
Кувейт те мынау құлдықта.

Құлағын әлем түреді
Өрт шалған осы құрлыққа.
Өңешін біреу кереді
Мәз болып берген жарлыққа.

Көнгісі келмес кімнің де
Көрсеткен күшін қорлыққа.
Ұшынып тұрған күн мүлде,
Шыдамас ешкім зорлыққа.

Аспанның жүзін бұлт шалды,
Қап-қара түнек о жақта,
Кімді кім неден құтқарды,
Кімдерің қалды мазаққа?

(Тумасын күндер мұз-қарлы,
Айналдым біздің қазаққа).
Таба алмай көңілім жауап бір
Ойландым кейбір сұраққа.

Адамзат үшін қауіпті
АҚШ па, әлде, Ирак па?!

Соғыспен ешкім көктемес,
Кектенсең өршір отты егес.
Әділетке жоқ өкпе еш,
Азаттық үшін күрескен

Елдерді ешбір сөкпе, дос.
1.02.1991.

Түркия
Аңсарым ауа берді алыс жаққа,
Құмарттым қандастармен таныспаққа.
Түркия- түркілердің құт мекені,

Тартады тамырласым табыспаққа.

Жол түссе бауырластар жаяр құшақ,
Жақынмен жолығысу аяулы шақ,
Түріктің Анкарасы, Ыстамбұлы,
Ойлаймын қарсы алар деп Далам құсап!

Бірге ғой тегіміз де, дініміз де,
Бірге ғой тіліміз де, діліміз де.
Бас иіп сиыныппыз – Көк Тәңірге,
Бірге ғой жүрегіміз, үніміз де.

Заманның желпи соғып желі оңынан,
Сілкінді селкеу мұңнан дала-қыран,
Таңы атып атышулы түркілердің,
Аумайды желдей ұшқан пырағынан!

Көңілдің көкжиегі көтеріліп,
Қиядан қияларға жетеді үміт.
Түркия – туысқандар Отаны ғой,
Түріктер – текті туған жетелі ұлт.

Жат жұртқа бермей туған топырағын,
Жайнатып, жайқалтуда жапырағын.
Қызығып, құштар болып, мерейі өсіп,
Арман ғып Түркияны отыр ақын.

Муза
М.Мақатаевқа
---------------------
Ол өмірге сыймады

мынау жарық пәниге,...
Мейлі, мәңгі қалады
муза-әлем боп әр үйде.
Қайран Мұқаң оянса

ұйқысынан кенеттен,
Бағы жанар қазақтың
жыр көгінде, әрине!
Ех, дүние, жүрекке

іркесің бе шер-шемен,
Тәтті ұйқыға алданып
тірлік кешкен пенде емен.
Асыл арыс түсті еске

қабірінде мызғыған
Үні саңқ-саңқ естіліп

тұрғандайын бөлмеден.
Жүрегімді жаулады
жыр-музаның тылсымы,
Ақынды ойлап жанардан

ыстық тамшы ыршыды...
Поэзия піріне
тәңірімдей табынып,
Көктеп келе жатқандай

үмітімнің бүршігі...

Қайрақ
Өмір-қайрақ, мейлі қанша қайрасын,
Өткір жүзің өр қалпынан таймасын.
Өмір-өзен өткелінен өтерде

Өзеуреген өштіге кек қайнасын.

Өмір-қайрақ, қайрап қанша сынға алсын,
Өршеленген алмас жүзің сынбасын.
Құр өбекке сынаптайын сырғыма,
Өжет ердің таныта біл тұлғасын.

Өмір-қайрақ, мейлі, қанша жонса да,
Жарқыраумен жатсын таңдау – жол сара.
Жабығумен, мұңмен күнің өтпесін,
Тауқыметі тағдырдың зорболса да.

Жанға жара салмас үшін жан өңге,
Жанарыңды шалмас үшін көлеңке,
Күркіресең күн тұтылып, жау шошыр,
Жанартауың жатсын бұғып тереңде!

Мұқалдмасын сынық тартып назарың,
Бұқсаң төмен, батпан жүктей азабың.
Бабалардың әруағын қорламай,
Қынабыңда қайрала біл, қазағым!

Мен – қазақтың ұлымын!..
Қазақ деген халықтың сарбазымын,
Ата-бабам қанындай ар-намысым.
Атқа мінер күн туса

айыл жимай,
«Аттандайтын!» азулы мен де арысың.

Өктемдігін кеше алмас өзгелердің,

Өр мінезді, асаулау, боз дөненмін.
Көңілім де даламдай дархан-дария,
Әулиемдей пір тұтам сөз-өнерін.

Мен – қазақтың ұлымын, түркі – тегім,
Қия-құздың қайсарлау бүркіті едім.
Тақымыма тар келер құзғын-қарға,
Кез келгенін тағының үркітермін.

Жүре алмаймын тегінде бұғып төмен,
Жаралыппын от мінез-құлықпенен,
Туған ел мен туған жер тағдыры үшін
Жанып-күйіп тұрмай ма жігіт деген?!

Бұралқы ит пен мысықтар
Еркін өскен, ерке өскен дала ұлына
Қай мінезін танытпақ қала мына?
Аңсыз келе жатқанда аңғал көңіл

Қандені де жармасып балағыңа.

Сөйлейтұғын ой жоқ-ты кінә тауып,
Алдан шыққан, өзді-өзі , міне, қауіп:
Тайыншадай тоқмейіл мына дәу ит,
Тайсақтасаң, сыңайы алар қауып.

Мына қала кеткен бе итке толып,
Баратқандай бәтшағар битше өріп.
Былғайтұғын болды ғой елдің ішін
Бұралқы ит пен мысықтар өсіп-өніп.

Үрсе келіп біреуі шабаланып,
Кейбіреуі арс етіп қабары анық.
Қабағыңды қатайтсаң сұс танытып,
Зытып кетер құйрығын жымып алып.

Бұзылады соған да көңіл күйің,
Ырылдасқан тегінде өмір қиын.
Ымырасыз барады күндер өтіп,
Тіл ұшына оралып небір түйін...

Тамшалы
Қатігездеу далам-ай, қайран ,тандыр,
Құдіретіңе болмайын қайдан таң бұл?!
Қара жердің қансын деп кенезесі,

Құдай өзі жаудырып қойған жаңбыр!..

Мың-сан тамшы ...
төгеді...
мың-сан ғасыр,
Табиғаттан Тамшалы туған асыл.

Айналаның барлығы сортаң дала,
Ал Тамшалы көк шалғын қызыл-жасыл.

Бұл ғаламда тылсым көп тосын келген,
Көз сұқтанып, көңліңнің хошы келген.
Тамшалым-ай, Тамшалым, қасиетті –
Бабаларым баһадүр төсін емген!..

Әмірін-ай Алланың еміренген,
Көрген адам бас шайқап тебіренген.
Жаратқанның жұмбағы, құдіреті –
Тамшалыны перизат, пері дер ем!..

Қара теңізбен сырласу
Қара теңіз,
өзіңмен Каспий –егіз,
Теңіздердің бәріне жастық негіз.

Жарымды алып жағаңа келіп тұрмын,
Толқыныңмен алыстым, желіктірдің.
Жүрегіміз жөнелді лүпіл қағып,
Жаным жүзі жайнайды күлім қағып.

Қара теңіз,
Сен неткен көркем едің,
Су періште секілді ерке ме едің?
Ентелеген толқының есімді алды,

Өрекпіген жүрегім басылмады.
Аруымның ай жүзі алтынданып,
Хор қызындай жымиды жарқыл қағып.
Тұла бойды алғандай сиқыр билеп,

Жағажайға шықтық-ау сылқым күйде...

Қара теңіз,
Көңілді демдедің бе,
Жанымыздың жарасын емдедің бе?
Біз де бір кез өзіңдей тасып едік,

Алып-ұшып қосылған ғашық едік.
Дауылына шыдамай жас көңілдің,

Кей күндері ой-мұңы басты өмірдің.
Шарпысып та қалушы ек толқындардай,
Ғұмыр кештік бәрібір салқындамай.

Қара теңіз,
өзіңдей өршіл едік,
Жанған сайын
маздаумен өршіп едік.

Қым-қуыты тірліктің шаршатқанда,
Асқақ айдын, бір сені аңсатқанда,
Маңғыстаудан жол түсіп келдік саған,
«Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бердік саған,

Қара көздің тілегін қабыл алғын,
Қара теңіз, рухыңа табынамын!

Жемқорлық
Халықпыз ғой кеуде керген, кең қолтық
Дер едім мен,
ашты аранын ең қорлық,

Жалпақшешей боламын деп жалтақтап
Жүрген кезде жегідей жеп жемқорлық.

Жаулығы аздай қара ниет, жат көздің,
Кер пиғылы-ай іштен шыққан ашкөздің.
Жұтылумен бара жатқан Далам-ай,
Бола алмай тұрғаным-ай бас, көзің.

Дер едім мен дара туған сүйікті ел,
Кер қылығын көрсем күйем күйіктен.
Жемқорлықтың жетегінде кетпесе,
Табылар ма ед қыран ұшқан биіктен!

Көсегесі көгерсе деп Даламның,
Құрақ ұшқан мен көгершін балаңмын.
Ұлт түбіне жете ме деп жемқорлық,
Жер-Анадай алабөтен алаңмын.

Зәрін шашып құртпай қоймас жегі құрт,
Өн бойымды барады алып кеміріп.
Кекіріктен азып жүрген кей дәулер
Кердемсиді ел үстінен семіріп.

Күндер жылжып, уақыт, шіркін, алға асып,
Өтеді өмір заманамен арбасып.

Сол өмірде жүреді екен жер басып,
Жемқорлар да жең ұшынан жалғасып.

Жеңіл оймен қарайтұғын бүгінге,
Жемқорға да зауал келер түбінде!
Кіретұғын тесік таппай теңселер,
Қияметтің туған нағыз күнінде!

Ар және арлылық туралы
Нәпсі қуып, жаны менен тәні азған
Заман келді алаяқтар сан озған...
Қиямет пен қиянатқа хақ-қарсы,

Қайда кеттің, о тектілік Ар-Ождан?!

Ерлеріме ермек болып нан табыс,
Күйттеп кетсе құлқын қамын, жан бағыс..
Түнгі мысық зарғағындай қырнап іш,
Сені іздеймін, о тектілік Ар-Намыс!

Үміт күтіп далам жатыр далиған,
Ерлерім жүр аумай қыли-қаридан,
Өкпесі өшіп талапай мен тонаудан,
Бабам жатыр, жоғалды деп Ар-Иман!

Жотасына жұғын болмас нар ісі,
Қайда, қайда қазағымның арысы?!
Қайда, қайда қазағымның намысы,
Қайда, қайда айналайын Ар Ісі?!

Пәни-жалған - соғар сағат, өтер күн,
Ақиқатын айтар бекер, бетердің...
Ей-азамат, биік ұстап еңсеңді,
Шамаң келсе, Ардың Жүгін көтергін!

*** Біреулер жүр өзді-өзінен зор болып, Түк бітірмей кеуде керіп өр болып. Қуыс кеуде, пасық көңіл, бос мақтан, Маңдайына жазылған ба сор болып?!

Құдай өзін жаратқан ба қор қылып,
Айналасын тұман-перде-тор қылып?
Ар мен Ождан, Иман, Намыс жоғалған,
Қайдан шықтың қасиетсіз сорлылық?!

х х х
Кейде өзімнен күйінем де, қамығам,
Кейде өзімнен жабығам да, зарығам,
Менің үшін Ардың нағыз биігі -

Елді сүю, жерді сүю деп ұғам.

Базбіреуді дер ем аса жақсы адам,
Кейпін көрем бір жағынан ақсаған...
Ар алдында асқақ бола алмайды,
Жоғалса егер ұлттық дәстүр, салт-санам!

Тілін сатқан - ділсіз болар, тамырсыз,
Тексіздікке тартар менің жаным сыз.
Ана тілін мансұқ етіп жүргеннің,
Бәрі топас, бәрі мәңгүрт, бәрі арсыз!

Баба-далам, Ана-тілім, Иманым -
Сан ғасырлар сары алтындай жиғаным.
Замандардан заман ауып кеткенде,
Жоғалтып бір алардайын қимадым.

Сол үшін де сазға салып сарынды,
Аямаспын бойдағы күш-барымды.
Талай жерде сын-талқыға түскенде,
Сақтап қалдым Намысым мен Арымды!

Кетем кейде сара жолда ашық тым,
Тірлігіне жаным қас қой пасықтың...
Қазағымның Ар-Намысын қорғаған –
Нағыз Қазақ, мен өзіңе ғашықпын!

Қан Шығардай боп бойда шыбын жанымыз, «Қазақ!» десе қайнаса ғой қанымыз! Қазақ десе, қабырғамыз қайысса, Қаншыл болсақ, аршыл болсақ бәрімізҚашық жүрер бұл даладан жауыңыз!

Ер басына күн туатын келсе күн,
Кімге артады үміті мен ел сенім?
Жатар үйде қансыз қаннен-қаперсіз,
Қара дауыл шарпыса да жер бетін,

Қалса, мейлі, айдын шалқар көл жетім.

Ағат болар айтар сөзді айтпаған,
Ақиқатты ашу жағын арт маған,
Асыл халқым, жаның күймей тұра ма,
Көрсең қазақ өз қанына тартпаған.

Жетегінде жүретұғын өзгенің,
Жымысқының құртса қандай көздерін.
Қазақ десе, қаным шапшып кетеді,
Қансыздардың қылығына төзбедім,

Қанжар-жырмен тілгілеуді көздедім...

х х х
Жүрегімнен жатыр менің қан ағып,
Жүрегімнен жатыр менің қан ағып,
Жүрегімнен жатыр менің қан ағып,

Алпыс екі тамырыма таралып.

Қуат алып өнбойыма сол қаннан,
Қызба жаным теңіздейін долданған.
Жон арқама әруақты қонғызып,
Кезім қанша қыран құсап қомданған.

Асау қаным, алабөтен ағысым,
Арым да сол, от-жалыным, намысым.
Жүрем дәйім жанған алау ішінде,
Өр өзеннің күркіріндей дауысым.

Қозса қаным кейде өзімді билемен,
Өзге әлемде жүргендейін күйге енем.
Қарсы келген неше жойқын дауылды
Бір алапат жанартау боп күйретем.

Кей күндері тәтті өмірді тербетем,
Білем, білем, бұл ғұмырдан ерке өтем.
Ыстық қаным ағыл-тегіл тасиды,
Өлең болып өзегімді өртеген.

Жүрегімнен жатыр менеің қан ағып,
Жан-дүнием қан-жүректен нәр алып.
Жансыз болып, қансыз болып жүрмейін
Жарық күнге жалғыз реет жаралып.

Жүрегімнен жатыр менің қан ағып...

Қадыр түні
Әбіш Кекілбаевқа
----------------------

Өмір тәтті дер едім күніменен,
Өмір тәтті дер едім мұңыменен.
Бар әлемді өткізіп жүрегімнен,
Мен ұйықтамай жатамын түніменен.

Бұл сырымды жарым мен қызым білер,
Ой-мұхитта жайым бар жүзіп жүрер.
Бойымдағы жұмбақты ұғар ма едің,
Сараласаң сараптап түсімді егер.

Менің көрген түстерім бір ғаламат,
Киелеймін әрбірін сырға балап.
Өзім үшін өшпейтін тарих сынды
Туындаған тылсымнан бұл мұрағат.

Тілек қосқан тілекке ата-баба,
Толғатқанда төл ұлы жата ала ма?
Қолтығымнан жүреді демеп дәйім
Мынау жатқан көсіліп дана дала.

Әулиелер дем берді, аян берді,
Періштедей жаныма таяу келді.
Солар мені біртүрлі қоритындай,
Аман сақтап жүргендей аяулы ерді.

Ағат кетсем ақылын аямады,
Жәннат-төрден құшағын жая алады.
Артығырақ жол шеккен сапарларда
Ғалым талай бабасын саялады.

Жалын құйды Пір Бекет сиынғанда,
Арыстан бол дейтіндей сиың барда.
Ұлағатын ұғындым миым барда,
Көзім қадап қырандай қиырларға.

Шалыс бассам, шалдарым демесіндей,
Тербетеді Пайғамбар кемесіндей.
Ата-баба, әруақ қолдағанда,

Жарқылдаймын алдаспан-жебесіндей.

Түс көремін...
тағы да талай-талай,
Жүреді ылғи жақ болып маған Құдай.
Көне күмбез –

баһадүр бабаларым
Ғұмыр кеш деп тұрғандай алаңдамай.

Елдің әрбір ісіне солар себеп,
Жасампаздық дәстүрді тұрар демеп.
Сәлем айтып жатады әулиелер,
Рухына ұлтының ұран-қорек.

Мұсылманын демейді, текті жұртын,
Жаңғыртса деп тілейді сәнді ғұрпын.
Сәлем тасып әулие әлемінен,
Тағатсыз мен күтемін таңды әр күн.

Түс көріппін...
Тағы да...
Қадыр-түнде,
Арыла алмас шаттықтан жаным мүлде,

Қожаназар ұрпағы –Қыдыр ата-
Кекілбайдың Әбіші тағып жүлде:

Құшақтапты дөненін бәйгедегі,
Қазақ тәнті данышпан, әйгілі Ері.
Қадыр түні дем берсе Әулие Әбіш,
Қор болмаспын дейтіндей ой-кемелі.

14.01.2000

Ақ қанат көбелек
Сайын дала...
Армансыз, дос, шалқып көр,
Ақ қанатты көбелекше қалқып көр...

Шалқар дүние жаяр ыстық құшағын,
Боз жусаны бұрқыраған барқыт бел.

Еркіндіктің әлеміне шығып бір,
Шырқыраған тірлігіңді ұмыт қыл.
Ақ қанатты көбелекше тербеліп,
Алаңы жоқ бейкүнә өмір сүріп біл.

Қайдан, қайдам...
Өмір – майдан болып тұр,
Алынбаған алдағы асу толып тұр.
О, табиғат, қырға шықсақ кей-кейде,

Арман үшін ақ көбелек жолықтыр...

Бейбарыc
Елдікті айту - әрбір ұлтшыл үйге сын,
Сөз бенен іс тапса қандай үйлесім.
Біздің үйдің қазақтары бас алмай

Көрдік бірде Бейбарыстың киносын.

Бұл фильмді түсіріпті арабтар,
(Арабтарға бұл өмірде сауап бар).
Қорғап қалған мұсылмандар әлемін-
Мәңгі өлмейді Бейбарыстай дарақтар.

Ұлы дала төскейінде шыр еткен,
Қыран бала туған батыр жүрекпен.
Арабтардың қастер тұтар тұлғасы-
Беу, Бейбарыс, тектілікті ту етен.

Сол ерлікті дастан етіп, дәріптеп,
Тарихына жазған алтын әріппен.
Он ғасырдай уақыт шіркін өтсе де,
Бірге жасап келеді Ол халықпен.

Бастан кешкен баян ғұмыр көшелі,
Зар заманда қайтпаған бір меселі.
Мысыр елін билепті ғой бұл қазақ,
Нар тұлғалы, мамлюктердің көсемі!

Қайрат қылған елдің қамын шын арлап,
Жат қоныста басқа қонған шынар-бақ,
Беу, Бейбарыс, аласармас биігің,
Ақын біткен ағыл-тегіл жыр арнап.

...Бір күндері таусылды да сериал,
Қияларға кетті самғап бір қиял.
Опасыздық жеткен ақыр түбіне,
Бейбарысты о дүниеге кім қияр?!

Өзгелердің жатқа бермей Отанын,
Қилы шақта желбіреткен жалауын,

Бейбарыстай сұңғыла ойлы түркіні
У бергізіп өлтіртіпті Қалаун...

Әу басында кино көрген сүйініп,
Он жастағы қызым кетті күйініп,
Көзінен жас, қабағынан қар жауып,
Қара аспандай қарайды кеп түйіліп!

-Қалаунды өлтірейік, жауызды,
Дос-серігін сатып кеткен нағызды...
Дейді қызым, жұдырығы түюлі,
Көргеннен соң кино-тарих-аңызды...

-Қарағым-ау, заман заңын біліп қой,
Қалауын да алмас қылыш жігіт қой.
«Ханның басын хан алады» деген бар,
Тақ-таластық қанға сіңген ғұрып қой!..

...Өлтірсе де қаны бірге әңгүдік,
Жалпақ жұртқа даңқы жеткен жаңғырып,
Тектілік пен көсемдіктің символы –
Бейбарыстың өшпейді рухы мәңгілік!!!

Қасірет
«Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ індетіне
шалдыққан балалардың саны 143-ке жетті. Мамандардың
айтуынша, кеселді жұқтырғандардың басым көпшілігі –екі

жасқа дейінгі нәрестелер. Аурудың қалай таралғандығы
туралы қорытынды жасаған дәрігерлер ВИЧ балаларға қан
құю кезінде жұққандығын айтып отыр».
( Газеттен).

Қапалымын...
Зарлы-заман танытып қатал үкім.
Қорған бола алмаған баласына-
Қорқау-қоғам , ұлыған батады үнің.

Күйзелемін...
Қара таппай, қарманып, сүйкенетін.
Шейіт болып бейшара шараналар,
Қайғы шеккен анадай күйге енемін.

Азап-тағы...
Шерлі-көзден шүмектеп жас аққаны...

Шеттерінен ғаріп боп нәрестелер,
Қасіретке шарпылды қазақ қаны...

Қорлық қандай...
Дімкәстікке дүние шалдыққандай.
Көзді жұмып сәбилер тағдырына,
Базбіреулер байлыққа малтыққандай.

Жанды ұққандай...
Жан баласын көрмедім арды ұққандай.
Жалпақ жұртқа жеткізіп жан айқайды,
Жапан -түзде дауысым қарлыққандай...

Мазақ-тағы...
ВИЧ дегенің тажалдай тозақтағы...
Тек-тамыр тереңіне балта шапқан,
Қалай өспек, ағайын, қазақ саны?!

Түсімде тағы, түсімде...
Қиялым ұшқан қияға
Қияли қалпым қалам ба?
Арманым менің қиянда-

Алдырмас асу адамға.

Тартса да күндер күйбеңге,
Жүрегім менің заңғарда!
Түн бойы тылсым күйге ене,
Оянам сыршыл таңдарда.

Ұйқыбас өмір – жауындай,
Ұйқысыз пендең мен едім.
Үдере соққан дауылдай
Үздіксіз тербер жел едім.

Маңғыстау -маңғаз өңірім
Санамды менің селбеген.
Өзіңмен егіз өмірім,
Өр әуенімен тербеген.

Бабалар дәйім дем беріп,
Бастайды тұнық ғажапқа!
Шабытқа бойды кернетіп,
Қызмет ет дейді қазаққа!

...Түсімде кеше,түсімде,
Атадан аян берілді.
Тұп-тура қыран пішінде
Тұлғам бір менің көрінді.

Маған шын,саған өтірік,
Қалықтай қанат қағамын.
Қыран боп маған көрініп,
Қолдауы ма ата-бабаның?!

Не болсын,мейлі,жәй емес,
Ұқсамас мынау өңіме.
Билеген мені қай елес,
Сүйреумен зеңгір көгіме?!

Білмедім,достым,білмедім,
Әуейілігім бе бұл менің?
Дүниеге әлде құр –тегін
Келмеген кие-ұл ма едім?!

Текті Барыс
Бозаң қырдың бұласы – бөрі сынды,
Батылдығы арландай, арыстандай.
Қазағымның айбаты, ары сынды,

Айға ұмтылып шапшыған барыс қандай!

Тажалдан да таймайтын сесі мықты,
Тайқымайтын табаны тарланым-ай!
Жасын жанар, мәрт мінез, төсі мықты,
Киелі қыр тағысы – тарпаңым-ай!

Туған елмен тел өскен дала дүрі,
Таң нұрынан жаралған бек асылым.
Дауысы мен даңқы да, даралығы
Тауып тұрар тегінде жарасымын.

Дүлдүл десем, дариға-ай, тіл тимесін,
Дөңгеленген дүние орамында.
Даламдайын дүр етіп сілкін де шын,
Тербеле бер тіршілік тарамында.

Өнебойын өртеген отты намыс,
Өрекпісе өзгеше түрге енер ме?
Көк Тәңірдің еркесі – Текті Барыс,

Көзін тіккен кербезім күллі әлемге!

Мың мәрте тағзым
Хақ-Тәңірге сиынып, Көк-Бөріге,
Замананың бойсұнбай өкпегіне,
Зауалдармен алысқан Ел едік біз,

Тап келген сан тағдырдың өткеліне.

Туған елдің көз салсам өткеніне,
Куә болам күллі азап шеккеніне,
Қуаларым – көнекөз қариялар,
Ұқсайды нақ өмірдің мектебіне.

Менің үшін адам жоқ аяулы одан,
Күн туғанда ел басына аянбаған.
Көрге тығып фашисті,
Жеңіс туын

Желбіретіп, Берлинге жаяу барған.

Отан үшін от кешкен сарбаздарым,
Танытатын болмысын марғасқаның.
Сендер үшін мыр мәрте тағзым етіп,
Жазса қандай ерліктің жыр-дастанын.

Ұлылыққа ізетпен бас иетін-
Ежелден бар халықтық қасиетім.
Аталардың арманын алға жалғап,
Алып өтсек өшірмей өсиетін.

Жойылмасын ұлтжанды елдігіміз,
Жойылмасын дархандық, кеңдігіміз.
Сынық сүйем жұқтырсақ бабалардан,
Байқалмастай ешқандай кемдігіміз.

Ұлағатын сіңіріп ұлы Жеңіс,
Әкелердің алдында жүгінеміз.
Тәуелсіздік көтеріп Туын биік,
Мың өлсек те, мың мәрте тірілеміз!!!

х х х
«Біз соғысты көрген жоқпыз».
Д.Исабеков, повесть.
Мен көргем жоқ соғысты!

Көрдім өмір бақытын,

Бақытты боп тұр бүгін
менің туған Уақытым.
Көз ашқалы «іңгалап»
таусылмады шаттығым,

Қолға қалам алғалы
сарқылмады шабытым.

Мен соғысты көргем жоқ!
Естімедім дыбысын,
Естімейін мәңгіге,
дыбысы оның құрысын!

Отан үшін жан қиған
миллиондаған адамды
Ойлай қалсам, алайда,
тарылады тынысым.

Мен көргем жоқ соғысты!
Исін де оның сезбегем,
Білетінім – жаралдым
үш оқ тиген кеудеден.

Сондықтан да әрқашан
қақым бар ғой, ағасы,
Сұм соғыстың жарасы
жүрегімде деуге мен!

1984 жыл.

Туған жердің самалы
Өнбойыңа өр қасиет құя алар,
Туған жердей ұжмақ сынды ұя бар.
Туған жердей қасиетті кие бар.

Ескен кезде елжіретер самалы,
Асау қаның, от намысың оянар.

Қаратаудың күнгейінен соғатын,
Салқын самал, салқам ауа дара тым.
Сергіп бойың, жұпарына қанатын.
Шабыт билеп шарықтайсың қияға

Бар секілді қырандайын қанатың.

Сол самалда, тентек желде – зор ұғым,
Сіңірген жан баса алмастай арынын,
Өмір бойы үрлей берер жалынын.
Сол самалда – махаббат пен шапағат,

Сол самалда – парасат пен парығың.

Есіл ерің есер сол бір самалдай,
Көсілер кеп дауасы мол далаңдай.
Атамекен нәрін емген адамдай.
Тірлік кешпес барлыққа ол алдана,

Қара бастың қамы үшін алаңдай.

Ердің дерті – туған жердің обалы,
Күй кешеді кейде мұңлы, қапалы...
Дамыл таппай жартасты ұрып жатады...
Көкірегі – тұнып тұрған тектілік,

Туған жердің бейне кәусар самалы...

Боздайды бота
Боздайды бота,
Десеңші неге боздайды?
Тірлігі осы, апырай, ала жаздайғы.

Жанына барсаң жәудіреп тана көздері,
Иіскелеп әбден, өліп бір кете жаздайды.

Боздайды бота,
Ұғады мұндай сазды кім?
Әуені оның әуезді сондай, назды тым.
Енесін іздеп егіліп, бәлкім, жүр ме екен,

Жанына маза бермей ме,әлде, жазғы күн?

Боздайды бота...
Боздайды неге?
Кім білген?
Шырқырап өзі кетеді кейде тым мүлдем.

Бұ-дағы бейне күй сынды екен шертілген,
Боздайды бота,
Боздайды сазды мұңлы үнмен...
Боздаумен жүрген боз бота сырын кім білген?..

Жел Соққан сайын жел үдеп екіленді, Тағдырынан, білмедім, не тіледі? Уіліне, әйтеуір, құлақ түрсем, Ол біртүрлі сыңсыған секілденді.

Желдің-дағы өзіндік сыры бар ма,
Сыры бар ма, беймәлім мұңы бар ма?
Уілдейді күні-түн жағы сембей,

Бұ жұмбақты тірі жан ұғынар ма?

О, ағайын, сөзіме нанасыз ба,
Жел ұқсайды бейне бір панасызға.
Алабұртып қашанда көңіл-күйі,
Бола бермес ләйім мазасы да.

Байқалады сыңайы жабыққандай,
Жабыққандай, құлазып зарыққандай.
Бір қарасаң жел-дағы ақын сынды-
Алай-дүлей боп жүрген шабыт қонбай...

Дала суреті
Өр, Маңғыстау, өлеңсің тұнып тұрған,
Өздік қалпың өзгені қызықтырған.
Өрекпіген басардай кей көңілді,

Өжет ердің кейпіндей биік тұлғаң.

Көзім салсам кең дала –алқабыма,
Сүйсінумен қараймын тарпаңыма.
Маң-маң басып аяғын нар түйелер,
Мойын бұрмай барады жан-жағына.

Көзім салсам Қаратау жотасына,
Шаң жұқтырмас жортқанда шашасына,
Тау тағысы – архарды көре қалам,
Ұқсап туған мәрт мінез Даласына!

Бір жағында қияның көкжал жүрер,
Ортекедей орғуды о да білер.
Жия қоймас айылын жылқыдан да,
Айғырлар да арланның қолында өлер.

Құз-қияның басына бүркіт қонар,
Қызыл көрсе қанатын сілкіп қағар.
Сайын дала төсінде сайыс қызса,
Мізбақпайтын жартастар мүлгіп қарар.

Бір қиянда жүйткітіп киік-пері,
Делебесін қоздырар жүйріктердің.
Жер апшысын қуырып сәйгүліктер,
Іштей келіп тұрады «құйғыт» дегің.

Қалай таңдай қақпассың қайран қала,

Намысыңды қайрайды сайран Дала!
Қатыгездеу өлкені бағындырған –
Қасиетіңнен айналдым қайран Баба!

Қайта оралу

Әулиелі топырақ
Әуелден бекер жатпаған.
Мынау маңғаз атырап
Марғасқалар баптаған.

Кешегі бір күндерде
Бағы бейне тайғандай.
Оранып Дала мұң-шерге,
Бабалар жатты жайланбай.

Талайлардың тағдырын
Тәуір еткен жер еді.
Құшағына ап барлығын,
Бауыр еткен ел еді.

Дала
Мұңайғанда
Көңілім алабұртып,
Жыр аңсаған жан әлем

Далаға ынтық.
Кең дүниені кезіп бір кеткім келер,
Алыс-алыс сапарлар шеккім келер.
Қамалғанша қаланың қапасына,

Қайран жүрек ынтығар Даласына,
Дала деген – баланың анасы да,
Мейірім-сәуле құятын санасына.
Бал бөбекпіз бәріміз жерден өнген,

Сол Даладан нәр алған жөргегінен,
Қанат қағып кетсек те ұлы өмірге,
Ұялайды туған жер жүрегіңде.
Сол Даладан табасың кеңдікті де,

Сол Даладан табасың өрлікті де.
Заманамен құбылмай, шіркін, Адам,
Жұпар иісі жусанның бұрқыраған,
Жүрмейміз бе өмірде дала болып,

Кең даладай көл-көсір, дана болып...

х х х

Таң күлгенде
көктемдей кейіпке еніп,
Нұрға малғым келеді жанарымды.
Күн-шұғыла жер төсін сүйіп, еміп,

Қандырардай менің де құмарымды.

Жүрегіме ұялап жылу нәрлі,
Дүниеге қараймын махаббатпен.
Тұла бойым өртеніп қызу қанды,
Сәулеленер арайлы таң-шапақпен.

Жауа алмаған бұлттар
Көктің жүзін бұлт басыпты қоймалжың,
Көкке қарай көзім сүзіп ойландым.
Көктемеде тамар деймін тамшы-шық,

Көк-жасыл боп сәні кірер жайлаудың.

Көк аспаным көздің жасын іркіп жүр,
Құймай ма екен баяғыша сіркіп бір.
Түк түсінбес тымырсыған дүние,
Табиғатты бұ не түлен түртіп жүр?

Тірі өліктей боп-боз сиық, реңі,
Кім біледі жаралы ма жүрегі?
Жауа алмаған көшті бұлттар үдере,
Әлденеден ұшқандай боп үрейі...

Бейнеуде шаң жауғанда
Той күні еді,
келе қалған қырсықты-ай,
Шаң борады үйіріліп ұршықтай.

Үздік-үздік үрдіс мінез танытып,
Ұйтқығанда дем алып көр тұншықпай.

Шаң жауып тұр, шаң борап тұр аяусыз,
Тіршілігің тыныс таппай мазасыз,
Дүниеге шыркөбелек айналған
Таң-тамаша қаласыз.

Әзәзілдей құтырынып жын қаққан,
Жаратылыс жаңылған ба ырғақтан,
деп ойлайсың,
тұз секілді жабысқақ

үсті-басың шаң қапқан.

Той күні еді,
сыртқа қазан асуға
ұмтылып ек тап болдық қой «шашуға»,
Дімкәстейін су көтермес сіркесі,

Бұл табиғат неге басты ашуға?!

Нөсер
Тал шайқалып, жапырақтар сусылдап,
Танго билеп тұрғандай ма сыршыл бақ.
Таңғажайып шиқылдаған құс әні,

Төгілтеді жезсырнайдай – бұлбұлша.

Таңғы әлемнің шағы осынау тербеді,
Тұнып тұрған дерсің аңыз-ертегі.
Тәй-тәй қылып ертеді ана жанына
Тұлымшағы желбіреген еркені.

Тына қалды дала кенет тылсым сәт,
Тамшылады тереземе тырсылдап.
Тамшы деймін, жаушы деймін, жаңбырым,
Тарту етіп мен берейін жыр жырлап.

Төкті нөсер,
кең даланы ұйытып,
Бусандырып – төсін жердің иітіп.
Тамашаға көз тігеді тірі жан,

Тыныс берген табиғатқа сүйініп...

Көктем
Келші, көктем, шуағыңды шашып кел,
Айқара ғып құшағыңды ашып кел.
Асау өзен, айдындарың арқырап,

Ақшулан боп ағыл-тегіл тасып кел!

Ерікті алып сұлу сенің келбетің,
Ізгі сезім әлдилесін жер бетін.
Келші, көктем, құшағыңды жайып кел,
Саумал самал сүйіп беттен ерке тым.

Бар дүние жатқан кезде бусанып,
Иіскесең жұпар атқан жусанын,
Өмір бойы арманың ол жеткізбес –
Көз алдыңда мәңгі тұрар ніл-сағым.

О, көктемім, сен өмірдің кілтісің,
Жүректердің ұшырасың жыл құсын.
Сен соншалық сезімталсың, сергексің,
Жарқын шырай, жылы жүзді, нұрлысың,

Көктем –ару
гүлге оранып тұр мүсін.

Сүмбіле
Асау айдын арнасынан асады,
Көзің салсаң көңлің толқып, тасады.
Жағалауда жан біткенің сиреген,

Сыңсу сынды сезіледі жаз әні.

Күн де суық, түннің де тоң-сызын-ай,
Жаз-дәуреннің таусылған ба қызығы-ай?
Құстардың да шықылығы сейіліп,
Басылған ау Күн аптабы, қызуы-ай.

Сезім-күйім дегендейін алғаусыз
Сары алтын шаша сұлудайын күлді-ау күз.
Қарап тұрсаң, құбылмалы қылығы,
Табиғаттың тірлігі де тұрлаусыз.

Бірде жазы, бірде күз, қыс,
гүл-көктем,
Жаратылыс кешеді күн дүрмекпен.
Кеше ғана жайдары еді, жаз-тұғын,

Сүмбіле кеп өңді өзгеше түрленткен.

Ғажап дерсің,
айналаңа зер сала,
Жайқалады алтынды алқап,
кең Дала.

Егін пісіп, егіс берсе мәуесін,
Елмен бірге марқаяды Жер-ана.

Күннен-күнге – күн де салқын сыңайлы,
Кім сүймейді жанға жайлы бұл айды.
Сүмбіледе су суиды демесең,
Сүмбіле-ару

хор қызындай шырайлы.

Көшеді бұлттар...

Көшеді бұлттар, көшеді бұлттар,көшеді,
Қоштасар қимай көк аспан - өлең-төсегі.
Көшеді бұлттар көкжиектерді бетке алып,
Көшеді бұлттар, көшпелі ғұмыр кешеді.

Көшеді бұлттар, көшеді бұлттар жөңкіле,
Көшкен бір зулап қап-қара бұлттар дерті не?
Көшеді алыс, асықты қайда, білмеймін,
Көшеді бұлттар,

қоймастай Тәңір еркіне...

Көшеді бұлттар жұлдыздар сынды үзілген,
Көшеді бұлттар сағым боп елес түзілген.
Көшеді, әне, аттанып суыт бейуақта,
Келте бір ғұмыр танытып кейпін жүзінен.

Көшеді бұлттар, ызыңдап жел де еседі,
Көшеді бұлттар, қайтқан бір жандай меселі.
Аңғартып мынау жанталас тірлік жалғанын,
Қашқандай болып қоп-қою бұлттар көшеді...

Жаз Көңілімнің кептері, қайда самғап барасың, Шағаладай көктегі неге қиқу саласың? Жаз айында жаным бір маза таппай толғана, Қиял, шіркін, қалықтап, құсша қанат қағасың.

Тұла бойды ой билеп муза-мұңнан арылмай,
Қызу қаным өртеніп лапылдаймын жалындай.
Талай күндер зуылдап дүрмекпенен өткен бе,
Тағы да жаз келіпті, неткен жүйрік апырмай.

Өткен күндер қалады елес болып сағымдай,
Жаның барда кеудеңде аласың ба дамылдай,
Сәйгүлікке мініп ап құйғытқым-ақ келеді,
Кең даланы сүйемін қаным менен жанымдай.

Жүрем қанша, бауырым, құрсауында қаланың,
Туған жерден нәр алған арманы асқақ баламын.
Жаз айында жадырап жүрудің мен орнына,
Сағынышты сезіммен мұңға оранып барамын.

Ауылды да аңсаймын жұпарына ынтығып,
Бауыр десе жүрегім өрекпиді жұлқынып,

Қалай көңіл аумасын Алматыдай шаһарға,
Аңыз қала – астана айтатындай жыр ғылып!

Пай,пай, шіркін, жаз шыға кетсең кезіп әлемді,
Тамаша ғой, тамаша, шарласаң ғой бар елді.
Саяхаттап, сайран сап, сапар шегіп жүрсеңіз,
Бұғау салып ірікпей көңіл, шіркін, дөненді.

Жаз күніндей жарқырап сонда өмірің гүлденер,
Сылдыр қағып ақбұлақ бар тіршілік түрленер.
Жаз айында шабыттың пырағына мініп ап,
Жан-дүниең сайраса, жүрекке өлең-жыр келер.

Ай-хой, жаздың күнін-ай, тұла бойды тұр өртеп,
Күн шыққанда нұрланып, кімнің өңі түнермек?
Жарқын жүзбен, жәмиғат, жолықсақ біз жымиып,
Табиғатпен жарасып, Адам жаны түлемек!

7.06.95.

Еркімді бер, дүние!
Бәлкім, мені базбіреу желпінді дер,
Не десе де о жағын еркім білер.
Мен өзімнің иемін өміріме,

Еркімді бер, дүние, еркімді бер!

Қолқа салғыш бәрі де мына маған,
«Елге кел,-деп,-жыр жазба»-жылады анам.
«Зоотехник бол» деген әкемді де
Ұқпадың деп жанымды кіналаман.

Олар жүрек сырымды сұрамады,
Маған жалғыз сонысы ұнамады.
Сұлулықты жыр етсем, асыл жарым
Ілік іздеп, қызғанып, сынағаны...

Артық демен, әрине, ақыл-ана,
Жан емеспін күйбеңшіл, пақырана.
Неге мені қинайды, неге мені,
Елікте деп өзіне ақын аға?!

Ұят қайда!
Қойыңдар, жетер, тегі,
Керегі не мазалап бекер мені.
Қожайын да күйдірді

Керек кезде
Шамды өшіріп қоятын пәтердегі.

Еу, ағайын, мақұлда, мақұлдама,
Тіл қатайын сендерге батыл ғана:
Табиғаттың төлтума еркесіндей –
Сүйеді әман жүрісті ақын дара!..

1981 жыл.

Арғымақ
Арыны артық жалқыдан,
Тұяғын тұлпар тарпыған,
Шашасына шаң жұқтырмай,

Шауып бір шығар шаршыдан.

Шалдырмас жүйрік пырағым,
Желдейін жүйткіп тұратын.
Шамалы жерде аңдатар
Шалымы бөлек қуатын.

Жампозбен жаны табысқан,
Тайбурылменен жарысқан,
Ақалтеке сипатты,
Арғымақ болып ағызған.

Аршылан болсын таймастан
Ауыздығымен шайнасқан,
Азуын Айға білеген,
Айбары асқан алдаспан!

Айдарынан жел ескен,
Айдынмен асау теңескен.
Адымы айлық жерді алар,
Аршындай асып белестен.

Артық боп кермес кеудесін,
Асылдың жиған көмбесін,
Арғымақ атқа баладым –
Азамат ердің бейнесін.

Т.Айбергенов рухына
Өлген жоқ ақын, өлген жоқ,
Оралар жылда көктем боп.
Мәңгі бір маздақ, жас қалпы,

Жүрегін жалын, от кернеп,
Оралар жылда көктем боп.

Тірліктен жүрем сыр ұғып,
Тірліктен сезем ұлылық.
Туғанда наурыз қайтадан,
Ұйытып жанды жылылық,

Келеді Ақын тіріліп.

Сүйеді ол бүкіл жер бетін,
Өмірге өзі ерке тым.
Өшпес нұр етіп Жаратқан,
Өзіндік болмыс – келбетін,

Өлмейді Ақын, сенгенім.

Сеземін үнін самалдан,
Далиған дархан даламнан,
Тербетіп өткен дүниені,
Әлдилеп ізгі сан арман,

Өлмес боп Ақын жаралған.

Ақ жауын жыры төгілген,
Самғаған сұңқар көгімнен:
Өзегін жарға өлеңді –
Ақтарған аппақ көңілден,

Дей алман өтті өмірден.

Ғашық боп, бәлкім жыр-қызға,
Шекті ме сапар жұлдызға?
Жер асты оған тән емес,
Ақынға өлім – бір елес,

Оралды Ол қайта наурызда.

Демеспін көсем, көреген,
Шабытқа бойды бөлеген:
Өлген жоқ ақын, өлген жоқ,
Оянды қайта көктем боп,

Тұлпары жырдың-
Төлеген!

Періште-көктем
Көктемім келді,
көктемім, көктемім келді,
Жымиып қана күледі көкте күн енді.

Жібектей самал желпісе бетіңнен сүйіп,
Анаңдай ыстық сезілер өпкені тегі.

Көктемім келді,
не деген тамаша еді,
Қуантты ғажап, мәз етіп балаша мені.
Қайың да сылаң қағады арудай ерке,

Соқпасын білген секілді қараша лебі.

Көктемім келді
сән беріп бар айналаға,
Атады қызыл шапақты таң арайлана.
Жайқалып қырда

көз тұнар жауқазындары,
Періште-қыздың
кейпімен қарайды дала!

Мұрагер
Көргендей топты жарған Құлагерді,
Бұл қалаға бүйрегім бұра берді.
Ақкетігім, әз шәһар, Форт-Шевченком,

Сен деп білем даңқыма мұрагерді!

Тарихтың тылсым сыры иініңде,
Тәттісін де көп таттың, күйігін де.
Неше заман басыңнан ауғанымен,
Сен қалдың Ар мен Намыс биігінде!

Күңіренген нешебір ақындарым,
Қамал бұзған нешебір батырларым,
Тобанияз бастаған тұлғаларым,
Ту ұстаған, ел бастап атырабым!

Өнбойыңда қатпарлы өзегің бар,
Таусылмайтын ерлік жыр -өзенің бар.
Өткеніңе тереңдеп бойлар болсам,
Қилы-қилы бақ-дәурен, кезеңің бар.

Білемін, толғасам да тауыса алман,
Бірте-бірте оралды алыс арман.
Сен бүгін қайта оянып, дүр сілкініп,
Жандайсың бақытыңмен қауыша алған.

Жолдарың жөңкіліпті шыңға асыға,
Байлықтың сапар шектің тұнбасына.
Өрледім де қия-құз, қыр басына,
Көзім салдым қаланың тұлғасына.

Пай,пай, далам қалайша жаңғырады,
Көздің жауын алады, таң қылады.
Көк теңізге керемет көрік беріп,
Кемелер келісті боп сән құрады.

Көп қарадым көзімді тайдыра алмай,
Жаңа өмірге бағзы өңір жайлы қандай!
Ақкетіктің ажары есті алардай,
Баян-ғұмыр кешеді қайғы болмай!

Өсе бер, өркендей бер, өрісті елім,
Ұлысқа ұя болған қоныс-төрім.
Құтты болсын мерейтой, Ақкетігім,
Ұрпаққа үлгі сенің даңқ, жеңістерің!

Қарсылық
Егер менің өр өлкеме тіл тисе,
Сайқымазақ сайқал сөйлеп күйдірсе,
Өсекқұмар, шайпау әйел секілді,

Кей «сабаздар» арам тер боп түртінсе,

Егер мені алаяқ, қу алдаса,
Намысыма тиер сөзін жолдаса,
Қарсы келіп менің ата-тегіме,
Туған жердің аруағын қорласа,

Көкірегі тас қараңғы дүмшеңіз,
Билік айтып көсемсініп жүрсе, біз
Ондайлардың мысын басып бәлсінген
Топастарды тоқтатармыз, білсеңіз!

Кім де болса, сөздің жетпей парқына,
Былапыттап тіл тигізсе халқыма,
Тұла бойдан дауыл ұрып, қан тулап,
Шыға келем кеуде керіп, шарқ ұра!

Халқым үшін қандай қиын шақта да,
Даярмын мен түсу үшін отқа да!
Жарты елі жауыздықты кешпеймін,

Ей, өресіз, өр өлкемді даттама!
Кәллаң кетер!
Сөз сөйлей біл сақтана!!!

Теңізбен сырласу
Көк теңіз!
Ғашықпын саған,
асықтым саған сол үшін,

Өр толқындарың
созар ма маған қол ұшын.
Өжетпін мен де,
Сен, мейлің, сенбе!

Көк теңіз!
Мөлдірсің неткен,
іңкәр боп көптен жүрмін мен,
Жаныма жұқпас

титімдей тозаң, кір мүлдем.
Тұнықпын мен де,
Сен, мейлің, сенбе!

Көк теңіз!
Шалқарсың қандай,
кең пейіл жандай
қолы ашық,

Жаныма нұр құй,
жомарт жүрекке жол ашып.
Мырзамын мен де,
Сен, мейлің, сенбе!

Көк теңіз!
Жұлқылап, жұлып,
Жартасты ұрып, сабала,
Өзіңдей өршіл

жас ақын келді жағаңа.
Сырымды ұқшы,
Жырымды ұқшы,
Жанымыз –егіз,

Көгілдір теңіз!

х х х
Армысың, Каспий,
бабамның бағзы көзіндей,
Арқырап аққан

күні мен түні көз ілмей.
Арқасы қозған
аруақты далам төсінде
Арқасүйерім –

айдыным бары өзіңдей.

Адуын толқын
бас бермес бейне асаудай,
Алас ұрады
тірлігі жоқтай қасармай.

Апырай, оның
арынынан дауыл оянар,
Арпалысса бір
ашуын мүлде баса алмай.

Алысып тұрмын
өзіммен мен де, жаныммен,
Ақырып келіп
тасимын жастық жалынмен.

Ағыл да тегіл
ағытар жырдың тасқынын,
Асылым, Каспий,
жағаңа келдім тағы мен!

Жаңбырлы сәт
Ататұғын әр таңдай күліп мәңгі,
Ана-жаңбыр жуады шыбық –талды.
Алабұртқан ақ қайың бұтағында

Мөлдір тамшы мөлтілдеп тұрып қалды.

Көктемеге қыз-көңіл елтіген бе,
Жүректердің жалынды өртінен бе,
Жалаңаяқ барады бойжеткендер-
Мойынсұнбай жер беті көлкігенге.

Шабытты ақын жырындай ақпа-төкпе,
Ақ жауынға масайған бәйтерек те.
Алматы-ару бақытты ғашықтайын
Осылай бір құяды-ау оқта-текте...

Нұржаннатым – ең қымбатым
Сөзі мен әнін жазған - автор.

Күннің нұры, ай жүзі - келбетінде,

Келді «іңгәлап» бал бөпе жер бетіне.
Ботақаным тіл-көзден аман болғай,
Шүкір делік Құдайдың бергеніне.
Қайырмасы:

Бала-бағым – жыр-қанатым,
Ең қымбатым – Нұржаннатым.
Ән саламын, тамсанамын,
Аумай қалған түр-сымбатың.

Өсе берші былдыр қағып,
Біздер үшін күлкің – бақыт.

Анаң сенің әлдилеп, ерке етеді,
Әжең бағып, бесікті тербетеді.
Апаң сені әлпештеп, әндетеді,
Атаң сені аялап, әупетеді.

Қайырмасы:
Бала-бағым, жыр-қанатым,
Ең қымбатым – Нұржаннатым.
Ән саламын, тамсанамын,

Аумай қалған түр-сымбатың.
Өсе берші былдыр қағып,
Біздер үшін күлкің – бақыт.

Үлкендерден ақ тілек, батаны ала,
Атана бер ләйім «Ата бала».
Үш жүз алпыс әулие, Бекет бабам,
Қолдай берсін туған жер, Отан-Ана!

Екінші бөлім

Жүрек – сырдың сүзгісі

Жұлдыз-ғұмыр
Бесіктен алып терең тынысымды,
Алланың жанарыма нұры сіңді.
Сиынып аруақты бабаларға,

Жазамын құрысым мен тырысымды.

Бабалар – асқақ рух, мұратымдай,
Киелер қолдап дәйім тұратындай.
Жалын-от жанарымда жарқылдаған-
Әулиелі әлемнің пырағындай.

Жүрекке ұялатып сезім-селін,
Өзімді Баба-ұрпағы сезінемін.
Көк Тәңір –Жұлдыздардың ғаламынан-
Шашады нұр-шапағын көзіме Күн.

Емес бұл сағым сынды елес мүлде,
Білмеймін, табиғатпен тел өстім бе,
Лапылдап жанарымда жанған отты-
Лаулаған жұлдыз-ғұмыр демеспін бе!

Жалау ғып алауды өмір сынағында,
Күш құям кеудемдегі жыр-ағынға.
Жауады жан-әлемнің жақұт-сыры,
Жұлдыздай жарқылдаған шырағымда!

Мұң Мұңсыздық – дертім ол менің, Жаныма жақын жолатпа. Мұңсыз мен жүрсем, сөнгенім, Сөнгенім менің -өлгенім,

Келгем жоқ, өмір, қонаққа.

Білемін мәңгі жасаман,
Болмайын, бірақ, масыл ұл.
Боркемік пенде, жасық ұл,
Ұлы өмір , менмін ғашығың,

Мұңыңнан қалай қаша алам?

Мұңсыз мен жүрсем сорлымын,
Босқа өткен күндер – ол күнім.
Мұң барда жыр боп шалқыдым,
Сезімге селдей балқыдым,

Құсың боп көкте қалқыдым.

Асылым менің жарық күн,
Демеймін ойсыз, ғаріппін.
Кетпейін барға мастанып,
Астамсып жұрттан төс қағып,

Ойласам қамын халықтың.

Мұңымнан мені айырма,
Мұң-сағым сүйрер қиырға...
Уайымсыз жүрген жандарда
Жансыздан қандай айырма?

Баста, өмір, мені арманға!..

х х х
Өмірді өлшеймін мен өз бағаммен,
Адамнан жылы-жылы сөз бағам мен.
Әлдекім тасыр мінез танытса егер,

Әруақты бабамдай боп қозғалам мен.

Ұғысқан жандарменен ашық кетем,
Көңілдің от-жылуын шашып кетем.
Ізгі бір сезімімен тілдескенді
Кіршіксіз пейіліме ғашық етем.

Ешкімнің ермесем де жетегіне,
Достармен шыңдарды асып кетемін де!
Өмірді өле сүйген өрен едім,
Пәниден патша-күймен өтемін де!

Өзімді тар ортада қор санаймын,
Топасқа ашылуды ар санаймын.

Жанымның тылсымдарын ұға алмайтын
Жандарға жұғыспауды жөн санаймын.

х х х

Күндерім күйбеңменен тұтылуда,
Бұ Ғалым ұлы уақыттан ұтылуда.
Жырламай жүрегімнің пернелері,
Жастық шақ жан бағыспен жұтылуда.

Көкірек кейде қарыс айрылардай,
Жөнім бар басым шайқап қайғырардай.
Жігіт ем жанарыма алау жаққан,
Желісім әлі шабан тай-құнандай.

Бойдағы буырқанған тасқын қайда,
Мас болған дүниеге жас күн қайда?
Бұйығып өте шықса өмірің – қор,
Ондайын тірліктен не, достым, пайда?

Бұрқанып бұрынғыша күн кешелік,
Балқытып жанды әнмен, жыр еселік.
Пәс-ғұмыр пешенеге жазылмаған,
Пәниде күйкі-күнмен күреселік.

х х х

Жанар ма, жанбас, бәлкім, бір күн бағым,
Жанымның жаяиын бал сыр-жұмбағын.
Жылты бар жанарының, жарандарым,
Жаныма келіп кәусар жыр тыңдағын.

Адамдар, ашылайық ақтарылып,
Болмасын алтын таңдай шақтар ұмыт.
Бәріміз ғасырласпыз, замандаспыз,
Жүрелік замананы мақтан қылып.

Көңілдің ақ маржанын алға жайып,
Ғұмырды кешсек деймін бір ғажайып.
Адамдар адам қалпы өмір сүрсе,
Дүниең тартпақ емес алмағайып.

Па, шіркін, өмір қандай, өлең қандай,
Барша жан бақыт үшін жаралғандай.

Адамдар көзіндегі Күн-жылудан –
Тіршілік ұйып жаны нәр алғандай.

Жарандар, тыңда жырым құлақ қойып,
Тоқмейіл топас күйден жырақтайық.
Жаратқан өзімізді адам етіп,
Үмітін Жер-Ананың біз ақтайық.

Қашанда қарсы келмей табиғатпен,
Жанымыз жарасып бір жәмиғатпен,
Жүзіміз жарқыл қағып жүрелік те,
Өмірге қарап ұлы махаббатпен!

Лирика
«Лирикаң қалай, Ғалым? Лирикаң өшсе, сен де
өшесің, өшкен, таусылған ақын боласың...»
Ақынжанды асыл досым,

марқұм Сағат Матекевтің сөздерінен.
Әуелден асық едім арман-мұңға,
Білмеймін, күйбең-күнге алдандым ба,
Білмеймін, тоқшылықты малдандым ба,

Білмеймін, мұңсыз болып қалғанмын ба?!

Осы екен жанға батар дертім менің,
Қайда екен өзек жарар өртім менің?
Өлгенше өзіңменен біргемін деп,
Қайда екен жырға берген сертім менің?!

Өрлігім қайда менің өрекпіген,
Өршумен өрге жүзер, өр екпінмен?!
Мәз болып келгенім бе тегі, апырай,
Талғажу еткеніме қоректі мен?!

Бойдағы рух қайда , алау қайда,
Маздаған мәңгі оттайын жанар қайда!
Шыр етіп дүниеге келгенде адам,
Дүр етіп күн кешуге жаралмай ма?!

Өтер-ау күндікші өмір, пасық ғұмыр,
Беу, көңіл, ел-жұртыңа басыңды бұр.
Қайдасың жаны бірге қайран достар,
Қайдасың қайран жастық, ғашық ғұмыр?!

Қалғандай өмір жолы тұйықталып,
Демеңдер қалды ақының бұйықты анық.
Өмірдің шоғын бірге үрлейікші,
Бекерге күй кешпелік күйіп, налып.

Зымырап өткен сайын уақыт-тізбек,
Әр күні дәуренімен бақыт түзбек.
Сағат дос болмаса да қасымызда,
Теңізге баралықшы шабыт іздеп.

Сапырып сусындар мен сырды бөлек,
Мен-дағы толғайыншы жырды бөлек.
Беу Музам, құдіреттім, Лирика,
Сондайда қолтығымнан жүрші демеп...

х х х

Жасын ем...
Жасып қалған жайым да жоқ,
Жан емен барына мәз, уайым да жоқ.
Білсеңіз бұғалыққа көнетұғын,

Тұл мінез қанымда жоқ, бойымда жоқ.

Жүргенді сергек қалып
жөн ұғатын,
Жан едім
өмір парқын ұғынатын.

Кей күні бір беймағлұм шайтан түртіп,
Беймаза кезім де бар жынығатын...

Ақынға аласұрған айып деп пе ең,
(Ұқса ғой осындайда жайымды, әттең).
Кеш мені, көңіл таза, ар таза боп,
Байқамай кезім болса «шайып» кеткен.

Әрине, жан емеспін дәрмені кем,
Жаңылғым келмес өмір өрнегінен.
Кеш мені қызбаланып,
шығып кетсем

Парасат пен сабырдың пәрменінен!..

Бәрібір мен жүрермін дара қалпым,
Дүниеге ақ адал боп жаралғанмын.

Тура қарай аламын ақиқатқа,
Дәл осы қасиетімді бағаларсың!

Жан сарайы
Нұрлан Оразалинге
-------------------------

Үш томдық кітабыңыз қолға тиіп,
Мен ауылға оралдым...
Олжаны үйіп...
Әр парағы –

Ой-сезім...
Жосыласыз,
Секілденіп қырдағы жорға-киік...

Жанды тербеп...
Самал боп есілесіз,
Жаратылыс жұмбағын сезінесіз...
Шалқар-әлем,

Шабыттың пырағымен
Кең даланың төсінде көсілесіз...

Шапқан сайын төске озып
орғытасыз,
Арғымақтай алымды, арлы нағыз.
Адамдарға, достарға сену екен-

Бойға жалғыз сіңісті бар «күнәңіз».

Ұялаған ұятты жанында мұң,
Тұнық сырдың шашасыз лағылдарын...
Көнбейтұғын өр дауыс қараулыққа,
Ақиқатты айтпаса ақын ба ақын?!

Адалдықсыз өмірде бар ма бақыт,
Көкірегіңізден жыр-маржан толғады уақыт.
Қазынаны жидыңыз қалай ғана,
Жан сарайға –сыр сандық сонша жақұт?!

Жан екенсіз тәңіршіл бір кісідей,
Азаматтық, кісілік үлгісіндей.
Бола алмайсыз сырғыған сынаптайын,
Қырдың сайқы қып-қызыл түлкісіндей.

Әр жолыңыз – Нұрлының нұрлы ісіндей,
Зымыраған тірліктің түр-түсіндей.
Сыршыл жаның – бұлақтың сыңғырындай,
Сыршыл жаның – қүрақтың сылдырындай,

Алғауы жоқ арудың күлкісіндей.

Шөлдеп еді апырай сырға жаным,
Сыршыл дүние ашты ғой бір ғаламын.
Нұрағаның оқысам өлеңдерін,
Нұрланамын, ой кешем, мұңланамын...

Бойыңызға қондырып ұлы күшті,
Сыршыл жырға жан-әлем жүгіністі.
Француздың ақыны Пьер Ронсар-
Секілді поэзия – РУХ ұшты!..

Жарасым

Жарасады әйелге
самал желге өптіріп,
Ерке елікше елтіп бір
еліктірер пәк қылық.

Ерін сүйсе ес танып,
махаббаттан масайып,
Жалын атып жүрегі,
жанарында от тұнып!

Жарасады әйелге
Күн көзіндей күлу де,
Жатса бұлақ сылдыры
сыңғырлаған үнінде.

Сөйлегені ұқсаса
жас сәбидің тіліне,
Мейірімі төгілсе
жылу есіп түрінде.

Жарасады әйелге
жанға шуақ іздесе,
Сүйгенінен ғұмыры
ішкі үмітін үзбесе,

Болам деген жігіттің

болмашы бір қылығын
Әшкере ғып өзгеге
жұрт алдында тізбесе.

Жарасады әйелге
қашып аулақ ұрыстан,
Жағаласпен күн кешпей
татулыққа тырысқан.

Әйелдердің бақыты –
жанұяның бақыты,
Асыл ару айрылмас
қолындағы ырыстан.

Гүл-гүл жайнап өтсе деп
нұрын шашқан бұл өмір,
Құлпырады өзі де
секілденіп лала гүл.

Жарасады-ау әйелге
жайраң қағып жүргені,
Қызғалдақтан осындай
жайнап туған дала, қыр!

х х х
Мұңайып қалсам кейде мен:
ондайда жаным өзім де ұқпас тылсым сыр,
Жүректен жарып

шығады дерсің жыр-сыңғыр.
Зымырап мынау
ағындап жатқан фәниде
О, Муза, мені

құдіретіңмен сілкіндір.

Тұқшиып төмен
өткізер күнін пенде ме ем,
Өмірге мынау
өкіну үшін келмегем.

Іздесең мені
үйіме келші қайран дос,
Болайын қыран
қияға құлаш сермеген.

Ақтарсақ сырды,
шалқытып құсын көңілдің,

Бар мәнін сонда
ұғармыз ұлы өмірдің.
Бопсалап тірлік
кешкенше келте ғұмырда,

Келеді дәйім
ақ жауын болып төгілгім.

Біреулер, бәлкім,
кінәлар бізді жаратпай,
Жаттанды ойды
қылармыз бейне талақтай.

Қайтесің достым,
қайтесің жұрттың қаңқуын,
Үйіме келші
тылсым біір түнде таң атпай.

Сонда біз тірлік кешпейміз
мүлде жаттанды,
Қарсы алып бірге
тұрармыз атар ақ таңды.

Кетерміз кезіп
көктемгі жасыл бақтарды,
Еске алу үшін
елестей сол бір шақтарды...

х х х

Көзіме менің жас тұнған кезде
көңлімнің босап кеткені,
Жүректен ыстық ағыстар сел боп,
сезімнің боздап шектері,

Бүтіндей мынау тұлабойымнан
ақ жауын құйып селдетіп,
Жанымның жайлы толқынды,
Һәм, қайғы шеккені.

Көзіме менің жас тұнған кезде
шұрайлы шағым сол болар,
Жанарым жасқа малынса-дағы
шуағым төгер мол болар.

Дүниеге мынау қара тас болып
жаралған пенде емес ем,
Тірлікте мынау шарасыз кейде
көз алдың тұман-торланар.

Көзіме менің жас тұнған сәтте
жаныма жақын кел,қалқа,
Көңілдің көлі көлкіген тұста
көкеңнен керім жан бар ма,

Қиял да, шіркін, көкжиектерге
қиялай ұшып кетеді,,
Ұқсаймын өзім аспандағы айды
сұрайтын сәби-аңғалға..

Ынтығам дәңім
баладай бейім
талпынған алыс арманға,
Жамандық деген

болмаса деймін
осынау пәни-жалғанда,
Мұндайда менің көкірегімнен
көгершіндерім ұшады

Мол мейірімін төккісі келіп
айнала , туыс, бар маңға.

Көзіме менің жас келіп егер
жаңбырдай болып құйылса,
Қарақат жанар, қарағым менің,
бірауық келіп сиыншы, ә?

Қанатым бардай қалықтап сонда
қияға самғай ұшармын,
Жан еріп кетер –
Жер-Анадайын –

жанарым жасқа жуынса...

х х х

Мына өмірге сыймай кетер ме екенбіз.
Мына өмірді қимай кетер ме екенбіз?
Ұлы өмірмен қоштассақ та қай күні,
Сол өмірге ғашық болып өтерміз.

Біз өтерміз мүмкін бір күн аз жасап,
Сол аз жылда жалын болып маздасақ,
Керек кезде дауыл болып дүлейлі,
Жайшылықта жарқырасақ жаз құсап.

Жүрсек кейде ұшқан құстың кейпімен,

Күйіп-жанып от жүректің өртімен,
Салқын қабақ танытқанда дүние,
Шарпыласың тіршіліктің дертімен.

Соған бола боламыз ба құса біз,
Қақсақ қанат биіктерге ұшамыз.
Жарық күнге іңкәр болған жан едік,
Бар әлемді бауырлардай құшамыз.

Дархан ниет далаға ұқсас кеңдікпен
Ақ көңілді адамдарға ентіккен...
Ақшуланды теңіз көрсе тасынып,
Арғымақтай шабытына жел біткен.

Өмір сүру мүмкін емес бір қалып,
Өмір емес кешкен тірлік сұрланып.
Қаумаласа жан-жағыңнан достарың,
Ғажап дүние шұғыла шашар нұрланып.

Сол өмірге симай кетер ме екенбіз,
Жанға шуақ сыйлай кетер ме екенбіз?
Лапылдаған мәңгі алаудан айнымай,
Кім біліпті, өшпес күйге жетерміз?

Кім біліпті, тірлік кештік бекер біз?

Түсімдегі жыландар...
Жылан – Шығыс халықтарында тіршілік бастауының
нышаны, әрі білім, даналық нышаны деп есептелген.
Халық даналығы.

Таң алдында...
Көрем түс таң алдында,
(Әр түсімді жұмбаққа балармын ба?)
Жаным жақын жүр ме екен жұлдыздаға,

Табиғаттан тін тартып жаралдым ба?
Таң алдында көрем түс, таң алдында.

Әр түсімнен сиқырлы оянамын,
(Ғажап түстер көрер ме жай адамың?!)
Күні бойы арылмай бал сезімнен,
Құлпырады жүректе сая-бағым,

Әр түсімді әспеттеп, аяладым.

Тәттілікке тәнті еткен Жасаған-ай,
Жүрем дәйім түс көрсем мас адамдай.

Көзімдегі көл-сағым арылмайды,
Көңілдегі толқуды баса да алмай,
Жүрем дәйім түс көрсем мас адамдай.

Талай менің түсімде қыран жүрді,
Талай менің түсімде ірі аң жүрді.
Көкжалын да көрген ем, құбыжығын,
Тағы бірде түсіме жылан кірді...

Бұ шіркіннің шыны ма, ойыны ма,
Оратылып алыпты мойыныма...
Мынау өзі қайтеді дегенімше
Жан-жарымның кетті еніп қойынына...

Жарым деймін, беу жарым, сыңар-жаным,
Жүрегімде жүр менің мың арманым.
Тәңірімнің тартқан бір тартуы ма,
Төсегімде көсілген жылан-бағым?

Тірлігімнің бар мәні нақ осында,
Алтын ұям ұйыған жарасымда.
Түсімдегі жыландар...
Кием бе екен,

Жұмбақ күйді кешкендей расында,
Тұрмын балқып...
өң мен түс арасында...

х х х
Серігім де сен мәңгі, сенімім де,
елігім де, еркем де, керімім де.
Ай жүзіңді ұйқыға қимағандай

кейде шошып оянам жеті түнде!

Қызғаныш па, сезім бе, сағыныш па,
өрекпіген көңіл ме алып-ұшпа,
Балаға ұқсап жатасың бал тыныста,
мендік жүрек тұрғнда жарылыста!

Сомдай алмай бейнеңді өлеңімде,
қалам ұстап құр босқа келемін бе?
Дәріптемей махаббат ұлылығын,
жыр жазудың , асылы, керегі не?!

...Нұрлы бейне,
өңіңе қарап тағы,

ақ жауын сыр құйылып баратқаны...
Алғанында өн бойды сезім билеп,
сезілмейді сиқырдай таң атқаны.

Өмір –ұлы,
ол өмір – жүзің сенің,
түн болғанда бақыттан көз ілгенің.
Күні бойы жадырай жарқын жүріп,

жаз көңілдің шуағын сезінгенің.

Мен де сонда шабыттың пырағымын,
жүрегімнен төгемін жыр-ағынын.
Ғашық сезім мәңгіге жоймақ емес
толқын атқан баяғы бұлалығын.

Серігім де сен менің, сенімім де,
елігім де, еркем де, керімім де,
Мейірімге жанымды ұйытпаққа –
бал кейпіңе қараймын жеті түнде!

х х х
Сен, ренжіме,
көзіңдегі мөлдір тұнба бұлақты,
жүзіңдегі өмір сүрген қуатты,

өңіңдегі ізгілікті, шуақты –
маржан жырдың жолдарына ілмесем,
күннен-күнге қызғалдақтай гүлде сен.

Жазғытұрғы таңғы нұрдай аяулы,
шұғыла шашып мың-сан сәуле бояулы,
құлпыра бер, махаббатым, баянды.
Шапағына шарпылайын мен-дағы,

елжіретіп сезіміңнің бал дәмі.

Сонда Күн де нұрын төгіп малынта,
айналармыз біз қып-қызыл жалынға,
көңіл мас боп өзің барда жанымда,
осы өмірдің бар қызығын татармыз,

рауандаған алтын таңдай атармыз.

Күз өкпегі көңілге дық сала алмай,
есерміз біз көктемдегі самалдай,
тіршіліктің жұпарына қана алмай,
жанарыңда тұрған тұнық жақұт-нұр,

мәңгі муза, айнымайтын бақыт бұл,
төгілмесін қалай ғана шабыт-жыр?!

Сен ренжіме,
Жыр арнамай жүрсің деп соңғы кезде,
Тағдыр сыйы – жұп ғұмыр мәңгі бізге.
О, ақыным, мұндайда шалқы лезде.

Ғашық жарым,
өмірім де өзіңсің, өлеңім де,
көңілім де шат күйге бөленуде,
сыр сандығым – сезімім тереңімде...

Сол баяғы ынтыққан бұла қалпы,
менен саған осындай мұра қалды.

«Сен – капитан»....
Жүрсең жұмсақ жүрегің
нар маядай иіп бір,
Мен өзіңе боламын

жан-тәніммен сүйіп құл.
Жанымызбен жарасып,
тағдырымыз қосқанда,
Жолығады дедік пе

екеумізге күйік бұл.

Әйел жаны - әулие,
ер деген де тас емес,
Үлбіресе гүл-жүрек,
көңіл қалай босамас?

Үлпілдеген сезімді
үкілей біз алмасақ,
Алтын таңдай әлемнің
ғұмыры ұзақ жасамас.

Бұл әлемді баласақ
теңіздегі кемеге,
Капитаны кім екен?..
Іркілемін мен неге?

Ер басыммен...
Жо-жо-жоқ.
Билеушім бол сен ізгі,
Ақылды бол,

арлы бол,
алау жақ өр кеудеме.

Күннің нұрын құйып ап

бұлт шалмайтын бейнеңе,
Жан жарыңа сен мәңгі,
оны ешқашан жау деме.
Біз келеміз, жарығым,

ұлы өмірдің көшінде,
Жарға жықпас тегінде
жас жұбайды әлдене!.

Ұзақ-сонар тіршілік...
не жолықпас пендеге,
Бұлқан-талқан болмайық
ашу түйіп әрнеге,

« Сен – капитан» дедім ғой,
басқара біл ендеше,
Майда тілмен тербей біл,
өктемсіп құр терлеме.

Әйел жаны жұқа тым,
жұмсақ болған жарасар,
Күн шуағы секілді
жарқыраса ана, жар,

Дүниенің тұманы
тозаңынан сейіліп,
Жүректер де жазылар
болған небір жарадар.

Әйел-ана емші ғой
тіршіліктің бәріне,
Сусындаған бар адам
махаббаттың нәріне,

Соныменен жеңеді ол
қатігездік дегенді,
Бір ғаламат сиқыр бар
жаны менен тәнінде.

Сен де, жаным, сол күйің
жанды баурап, бағындыр,
Жүрегіңнен төгілсін
өмір сүйген жалын-жыр,

Құдіретің сол болсын,
махаббатың зор болсын,
Көзің тайса сәл ғана

тағат бермей сағындыр.

Сонда саған бас иіп,
біз де күшке енерміз,
Буырқанып қан тамыр,
оттай жанар денеміз,

Махаббатқа ұйыған
ғұмыр-дария төсінде
Толқындардан тайсалмай
өрге жүзер кемеміз!

х х х
Күлімдеп сен келсең ғой, пай, қашанда,
Асау көңлім ұқсамас жайбасарға,
Жалынымды үрлесең жалыныңмен,

Кім біліпті, арманмен Айға асам ба?

Күлімдеп кел, сен, жаным , ерке назбен,
Айдындағы үйлесіп аққу-қазбен,
Жанарыңда жүзбесін ашу, қайғы,
Жарасып бір жүрсеңші мәңгі жазбен.

Күлімдеп кел қасыма, тұнжырама,
Қарақаттай көзіңе мұң шылама.
Алтын таңдай жүзіңді ұнатамын,
Ақ бидайлы секілді нұрлы дала!

Күлімдеп кел сен маған күндей болып,
Түнерсем де кейде мен түндей болып,
Жауқазын-жыр төгілер жүрегімнен,
Өзің тұрсаң қып-қызыл гүлдей болып.

Күлімдеп сен келсең ғой, пай, қашанда,
Күлкі барда күмістей Айға асам ба?
Күңіреніп жүргенде жаным менің,
Көңілімді аулашы анда-санда,

Күлімдеп кел жаныма қай-қашанда.

Түн Мен соншалық бақытты жан болайын, Тағдыр-тартыс иеленген жеңісін. Бәрібір де түнің мұңлы, ағайын, Сырға толы, қияли шақ мен үшін.

Ұйқы қанша алсын есті талдырып,
Өлең-өзек-сағымдайын-сағыныш.
Тұла бойды бал сезіммен балқытып,
Жүрегімде болады сан жарылыс.

Жанартау боп атылардай алқынып,
От-жүректің шарпыламын өртіне.
Түні бойы ширығамын шарқ ұрып,
Түннің қарап таңғажайып көркіне.

Шабытыма жел берер де сол менің,
Ай мен Жұлдыз,
алқара көк түнгі аспан...
...Сенделемін кезіп ішін бөлменің,

Жым-жырт түнге көзім салып мұңдасқан...

Ностальгия
Сағынып жеттім сендерге,
Сел-сезім тұнып кеудемде,
Сарғая көзді тастаймын

Сағымы жүзген белдерге.

Оралып жастық әлемі,
Тербейді сазды әуені.
Көз алдыма көлбеңдеп,
Жүздерің жарқын келеді.

Бәрі де ыстық көңілге,
Шуағын нұрлы төгуде.
Бірге оқуға жаралдық
Келгенде ұлы өмірге.

Қызық та күндер өтті ғой,
Қилы да күндер өтті ғой.
Арманға толы албырт шақ
Босардай көңіл тәтті ғой.

Аулдан алыс аттанып,
Арғымақтарды баптадық.
Бірге оқыған достарды
Аңыз ғып айттық мақтанып.

Дөңгелеп дүние ұршығы,
Ағыстап жылдар сыңсыды.

Көңілде қайта оянды
Көктемнің жасыл бүршігі.

Жанымыз жайнап, жасарып,
Сәніміз сондай жарасып,
Тізбегін сөздің ағыттық,
Бір-бірімізбен таласып.

Жүректің құсы шарықтап,
Барамыз алыс қалықтап.
Болайық аман, бауырлар,
Тірлікте мынау тауып бақ.

Болайық бауыр біз деген,
Бір-бірімізді іздеген.
Жолығып тұрсақ бірауық
Сағыныш толы жүзбенен.

Тағдырдан тарту толайым –
Болдық біз бүгін көзайым.
Сағынып жеттім сендерге,
Сағынып маусым – жаз айын.

х х х
Ай туыпты аспанда...
дала тымық,
Бал кейпіңе қараймын бала қылық.

Бұла күнгі пәктіңктің табын сездім
Жанарыңнан жылты мол, қара, тұнық.

Қарай бердім жүзіңе, қарай бердім,
Көктегі айдай сен неткен арайлы едің!
Қаңқылдаған қасымда қоңыр қазым,
Жарты жаным болғансың қалай менің.

Қараймын да пәк, елік келбетіңе,
Берем сертім өзіңді ерке етуге.
Бозбала шақ қайта кеп оралғандай-
Бойды тәтті сезімдер тербетуде...

х х х
Сені маған Тәңір өзі жіберген:
Осы арудың болшы деумен серігі,
Қосағыңның болшы деумен сенімі,

Жеті құрлық жердің шарын кезсең де,
Жолықпайды одан асқан керімі,
Ғажап деумен жаратылыс елігі!

Алғаш рет көргенімде гүл-өңмен:
Жанарыңнан жақұт-сәуле шашылып,
Сөйлеп едің ақ бұлақтай ашылып...
Мендік жүрек жанартаудай бұлқынып,

Жалын сезім оянды да ғашықтық,
Сөйлеп едім толқын сынды тасынып.

Ұлы Аллам аппақ тілеу тілеумен:
Төгіп өтті жанымызға ақ нұрын,
Аямады ақ нөсерлі жаңбырын.
Бал құрақтай балауса шақ кезінде

Ұйығанбыз махаббатқа бал-шырын,
Жырақтасақ, көзге ұялап тамшы-мұң.

Егіздейін бір ананы тем емген:
Жалғыз жүріп бұл ғұмырды сүрместей,
Жүзі жайнап, ойнап-тағы күлместей,
Жан-тәніміз жаралған бір жандармыз,

Түсінісіп тұратұғын тілдеспей.

Шағым болса менің кейде түнерген,
Сенің отты жүрегіңнің күні өртер.
Білем, жаным, жетті көзім, білем мен,
Сені маған Тәңір өзі жіберген.

Құлым болшы десең болам құлың мен,
Тәнті етесің баладай пәк түріңмен,
Ерітесің, елжіретіп үніңмен,
Сені, жаным тең санаймын

Тәңірім
тарту еткен мынау ұлы ғұмырмен!

х х х
Жаны ізгі жандарға жаным асық,
Жарқын жүздің бәріне жаным ғашық.
Жағаң жайлау жүргенге не жетеді,

Жаз көңілді жандармен жақындасып.

Мерейің де өседі осындайда,
Өмір бір-ақ берілер, осыны ойла.

Жуып кетсе жаныңа бауырыңдай –
Жылу құяр жүректен досың бойға.

Сыйласқанға не жетсін, міне, осылай,
Қатқанша іште шер-шемен сыр ашылмай.
Менің өзім сүйем кей жігіттерді-
Жырға қосып Ғамзатов Расулдай!

х х х
Елдейін мынау қалыпты өмір кеше алмай,
Еліріп жүрсем, есіріп жүрсем асаудай,
Елігіп кетсем, ерме боп кетсем кей күні

Ер мінез келген ерекше достан қаша алмай:
Кешерсің мені...
Ақкөңіл жаным айдын боп менің тасиды,
Жүрмейін қайда шуағы көздің шашулы,

Оныма қарап біреулер, бәлкім, ұнатар,
Түңілер, бәлкім, кезімде көрсе ашулы.

Сондаймын өзім,
кезім жоқ мүлде жасанды,
Кешеміз ғұмыр тымырсық тегі қашанғы,
Кешерсің, қалқам, кешерсің біздей бәдәуи,

Кең дүниеге тамсанып келген масаңды.

Кетермін кейде сезім мен көңіл жанды аулап,
Майда бір сөздер, әуеннің сазы, ән баурап,
Кешерсің мені көңліңе сызат түсіріп,
Сеніскен доспен сырласып қалсам түнде аулақ.

Қайтейін, жаным, өтуде өмір құйындап,
Кетеді кейде мұң іліп көзге қиындап,
Арамыз алшақ бөліне қалған сәттерде
Шын жақын достың айқара көңілі бұйырмақ.

Айдын ғой өмір, онда біз жүзген кемелер,
Құрдымға кетер сүйеніш таппас жекелер.
Ғайыптан тайып іс түсер болса басыңа,
Жан достар бірге нардың да жүгін көтерер.

Еркектің өзі ерсі де болар кей ісі,
Шектен бір шықса орынды-ау ару кейісі...
Кешерсің мені кезбедей кейде сенделіп,
Бұйырмай жүрсе жанұямның жұмақ-пейіші...

х х х
Өлең-жыр қуған арманшыл бала едім мен,
Өмірге мынау ынтыққан албырт көңілмен,
Кең дүниенің жайылған жарқын құшағы -

Қарсы алған мені қашанда ыстық пейілмен.

Мен кімге тегі жүрген ем шағым , кінә артып,
Бәрінен маған ақниет жандар мың артық.
Жүргенде шалқып жылдарым жылжып барады
Алыста қалған сағымдай болып мұнартып.

Көңілім менің жанға да жат боп жайылмай,
Тербеліп жүрдім ырғалған аппақ қайыңдай.
Адамға тегіс жақсылық ойлап тек қана,
Кештім ғой дүние бірінен-бірін айырмай.

Ғаламнан мынау осылай шалқып өтерміз,
Бұйырса бір күн армандарға алыс жетерміз.
Өмірге менің өзімнің мүлде жоқ өкпем,
Өмірге мынау нұр шашып келген екенбіз.

Тірлікте әсте болмайды қар-мұз құрсанып,
Кешелік ғұмыр дауылды желдей бұрқанып.
Жастығым, шіркін, зымырап алып кетер-ау,
өтеді уақыт байқатпай тіптен ұрланып.

Арғымақ атым, ағылшы сен бір іркілмей,
Дүние-дәурен өтеді дерсің бір күндей.
Бойымда барды халқыма беріп кетейін,
Өтеді уақыт сиқыршы сынды білдірмей.

х х х
Мені іздеген жігіттер, мені іздеген,
Өздеріңді өзіммен егіз көрем.
Көңілдері жүретін толқын атып,

Үйлесетін жандары теңізбенен,
Мен ұнатқан достар-ай, мені іздеген.

Өмір – қысқа, біз де бір құйын ба едік,
Бірімізге біріміз үйір ме едік,
Ақтарылып тұрмай ма адам деген,
Ақ жауындай төгіліп құйып келіп,

Біз өмірді осылай сүйіп едік.

Алдамшыдай тірлігің өтер, кетер,
Пендешілік қым-қуыт – бәрі бекер.
Сыйластықта ғұмырдың бар қызығы,
Жақсы жандар жылу-от жағып өтер.

Өрен едім өмірге құштар асқан,
Ер мінезді жандармен төс қағысқан.
Доспен бірге самғаймын қияларға,
Қиял, шіркін, сірә, алыс алып ұшқан...

х х х
Көзімнің шуағындай,
Жанымның бұлағындай,
Жалын-күш-қуатымдай,

Көктегі қыранымдай,
Мәңгілік мұратымдай –
Балаларым.

Сендермен мақтанам да,
Қуанып, шаттанам да,
Өмірлік бақ табам да,
Көңілім елжірейді

Баладай тәтті адамға.

Бақытты жүздеріңде
Мәз күлкі жүзгенінде,
Тағдырға тағзым еттім,
Әке еткен өздеріңе.

Балапан құрақтарым,
Жанарым-шырақтарым,
Балауса шыбықтарым,
Қошақан, лақтарым –

Сүріңдер ғұмыр тәтті,
Болыңдар шын бақытты.

х х х
Жүрегім менің, сабала,
Жүрегім менің, сабала.
Жартасты соққан жас толқын

Жаныңа сенің жаға ма?

Үдеген дауыл далада,

Үздіге келдім жағаға.
Үрейлі сұрқы теңіздің
Үркітіп тегі баға ма?

Шаңқылдай ұшып шағала,
Шарықтай қиқу қаға ма?
Шабытсыз қалай жүрсің деп,
Шамдантып мін де таға ма?

Түнеріп қара көкте бұлт,
Түйіле қарар кектеніп.
Тымырсып қалай қаларсың
Тұрғанда жүрек өртеніп?!

Алай да дүлей күй кештім,
Айдынмен асау үйлестім.
Арқамды менің қодырар-
Теңізді қалай сүймеспін?!

х х х
Өмірге не үшін келіп ек, достым, біліп көр,
Бәйгіден дәйім жүрейік болып үміткер.
Арғымақ сынды жосылтып жүрер қашанда

Артық бір туған азамат көңіл жігіттер.

Келгесін мынау дүниеге, достым, бақ сына,
Тәңірім әркез жақ болар өзі жақсыға.
Жаралып жарық ғаламға жанып өтпесек,
Жағада қалған жаңғақтай болсақ жақсы ма?

Намысты ердің сенімі болар алға нық,
Кешпес те тірлік азғана бақты малданып,
Мәнісі болмас бұғынып өтер ғұмырдың,
Күйбең күндерден азамат қашар арланып.

Бес күн тірлікте буа біл бекем беліңді,
Ерікпей босқа, еліңді ойла, еліңді!
Көркейтпек үшін кең дала, шалқар жеріңді,
Моншақтай етіп төге біл маңдай теріңді!

*** Ұлы өмірге ғашық боп жаралыппын, Туған жерден бойыма нәр алыппын. Туған жерден бойыма қан алыппын,

Туған жерге кірпіш боп қаланыппын.

Толғатқанда сыя алмай арнасына,
Әруақ кеп қонтын арқасына,
Әулиелі өңірдің перзенті едім,
Туған жердің табынған әр тасына.

Киелі өлкем нұр сеуіп санасына,
Бағын берген бар бол деп баласына.
Туған жердің мен де бір перзенті едім,
Басын иген, сиынған бабасына.

Қайсар өлкем қатайтым қанатымды,
Қақ жарардай жан болдым қара қылды.
Көтерумен келеді туған жерім –
Жарқыратып жұлдыздай жанарымды.

Бойда барды берейін мен де еліме,
Малданбайын маңдай тер, еңбегіме,
Бекет атам түзеп тұр бағытымды,
От-шарпуын құяды келбетіме.

Сол қызудан кеудемде шырақ жанып,
Жаным сырын жырменен тұр ақтарып.
Үш жүз алпыс сиынып әулиеге,
Күннен-күнге барамын қуаттанып.

х х х
«Өз аталарың дәметіп жүр...»
Жан-жарымның көрген түсі,
бақсы-балгердің сөзінен.

Құмда туған бала едім құнары мол,
Тауда өсіппін шипалы бұлағы мол.
Білім іздеп жүріппін, өнер қуып,
Алматыда шыршасы, шынары мол.

Арманы асқақ жан едім бала күннен,
Астанада қалуды қаладым мен,
Алатаудың асқарын аңсасам да,
Жағушы еді жаныма дала мүлдем.

Таусылғандай шыдамым, төзімім де,
Сартап болған сағыныш сезімі ме,

Қанатымды қомдадым елге қарай,
Алып-ұшып туған жер – бесігіме.

Құшақ жайып Маңғыстау еміренді,
Мендік жүрек теңіз боп тебіренді.
Күңіренген Даламның күйін кешіп,
Азынаған желіндей екіленді.

Арса-гүрсе өмірдің дүрмегінде
Жасқануды, жасуды білмедім де,
Жылдар, шіркін, ағыстап өте берген
Тайталасып тағдырмен жүргенімде.

Тәңіріме балардай киелерім,
Ұланыңмын туған жер, сүйер елін.
Қайда , мейлі жүрсем де тірлік кешіп,
өздерің тек - өмірлік сүйенерім.

Өздерің тек – құдірет, қайнарым да,
Маңғаз жатқан киелі байтағымда,
Ата-бабам ұлынан дәметердей –
Қаражамбас, Қаламқас аймағында.

Мен өзім де іштейін сезінген ем,
Тартып тұр-ау ыстық қан, сезім деген.
Барып қайттым басына Атамыздың,
Ұл-қызымды бірге алып өзімменен.

Азаматқа бұл өзі парыз болар,
Аталарға бас ию қарыз болар.
Әулиелі өлкемді аралаған –
Әр сапарда әлемет маңыз болар.

Ата-бабам баласын тербетіпті,
Қысылған бір сәттерде дем беріпті.
Мен оларға тұрайын тағзым етіп,
Ортаеспенің маңында жерленіпті...

Жан жарыма
Жусанның исі-ай, дедің сен бірде қыр шығып,
Жұпарына оның жан дүниең елтіп тұншығып.
Жауқазын гүлі өзіңсің нағыз сол қырдың,

Жарасқан содан жұптасып біздің тіршілік.

Жаныммен сүйем, жаратқан ием – Даламды,
Жүрегім менің Даламнан жылу, нәр алды.
Жусанын қалай қаласа көңілім
Дәл сендей

Аруын солай аңсадым жәудір жанарлы.

Көзіңде сенің – бұлақтың мөлдір келбеті,
Қылығың бейне ботаның кейпі ерке тым.
Жанымда өзің отырсаң қасың қиылып,
Қазағым жайлы күйімді терең шертемін.

Өмірде мені өзіңе қосқан - бағым бар,
Шабытты жардан алады шайыр-ақындар.
Бақытым тұнып жүзіп жүр сенің көзіңде,
Жыр болып содан шашылар жақұт-лағылдар.

Жүрегің берген, асылың көрген арысың
Жүйткіген мынау ғұмырда бермес намысын.
Жастықтың оты, көңілдің шаты көктемдей,
Жасаймын бәрін жалынды ыстық жар үшін.

Тартылыс заңы
Мені өзіңе тартады
Сендік жүрек – қуатың.
Сендік жүрек арманы –

Менмін бақыт – мұратың.

Іңкәр жүрек ынтығып,
Бірін-бірі іздейді,
Жырақтаса, жұлқынып,
Үміт жібін үзбейді.

Тартысып та қалғанмен,
Таптым сені бағыма.
Бағыналық арман мен
Тартылыстар заңына...

х х х
Сен аман боп жүрші, жаным, ләйім,
Арманым да, ардағым сен – Күн, Айым.
Тұнба бұлақ секілденген көздерің

Тәңіріден мұңланбауын сұрайын.

Қатты кетсем жүрегіңді жаралап,

Ақбұлақтай көңіліңді қаралап,
Ақымақтың ашуы деп білерсің,
Қызғанышы қызған шоқтай ғаламат!

Қайтсем де мен бой ұрамын бір саған,
Аққұсымсың, аруымсың аңсаған,
Бүкіл мынау ғұмырымның мәнісі,
Бір өзіңсің қиялым да, ой-санам.

Қарап саған қанатымды қомдаймын,
Қайда жүрсем піріңдей боп қолдаймын.
Тірі жүрсем қара жердің бетінде,
Шаң тигізбей қызғыштайын қорғаймын.

Сыр Ақ көңілін жайғанды Асылыма баладым, Ақ бұлақтай қайнарлы Сырласыма санадым. Жасы үлкенмен ұғысып, Жақсыларға жұғысып, Жазылады тынысым, Жаным жасап, ырысым, Ашылады бағым да, Жайнап атар таңым да. Сыйласа жас, кішілер, Жайым бар ғой кішірер. Жайсаң жанды кісілер – Бірін-бірі түсінер. Жылысөзге ұйимын, Күн шуақтай жылимын. Түсі игімен тілдессем, Төгіледі жыр-кестем, Өмір жайлы ойласам, Адам жайлы толғасам, Жақсылыққа үндеймін, Арам ойды білмеймін, Бауыр болса адамдар, Өмір одан алар нәр, Жанып туған жайсаңдарАдамзатқа ой салар, Қамын ойлап халқының, Ойлы өткізер әр күнін, Парқын біліп әр істің,

Жолын салар ғарыштың,
Елім десе еңірер,
Арғымағын тебінер,
Сөз сөйлесе төгілер,

Ойдан өрнек өрілер,
Әуейі жан бола алмас,
Ар-намысын жоғалтпас,
Осы менің түйгенім,

Жасықтарды сүймедім.
Жалын атқан достардың
Қостым жиі бастарын.
Көңіл құсын шалқытып,

Тұла бойды балқытып,
Сырласқанды ұнаттым,
Сылдырындай бұлақтың
Тілдескен бір сәттерде,

Жыр тіземін дәптерге...
Жаны жайсаң – сыйласым,
Жақынымдай қимасым.
Бәрі-бәрі көңілде –

Жарқыраған өмірде,
Мәні солай тірліктің,
Тұман-түннің – түндіктің
Сілкіп селкеу пердесін,

Бойды шабыт кернесін.
Жаулық қылған пендеге,
Жауықпаймын мен неге?!
Жауыз көрсем қаталмын,

Хан ығардай қаһарым.
Кегім егер қайнаса,
Жыным егер ойнаса,
Арыстанша ақырып,

Әбжыланша атылып,
Әруағымды шақырам,
Дүлей желдей қағынам.
Ел намысын бермеймін,

Жер намысын бермеймін.
Тажалдаймын жауыма,
Жарқын құшақ – бауырға.
Бауырмалмын, қаншылмын,

Ерлік іске жаршымын,
Ерді сыйлап дауылпаз,
Дұшпандарым – жағымпаз,
Алаяқпен алыстым,

Тілгіледім, жаныштым,
Жәдігөйді жек көрдім,
Залымдарға кектендім.
Қарақан басты ойлаған,

Тірлікке арзан тоймаған –
Жылтырларға жуыспай,
Тура жанды туыстай –
Жақын тартып жүрегім,

Іштей ширап жүремін.
Қаралыққа қарсымын,
Қаталдаумын, бар шыным.
Ұлы өмірді жыр еттім,

Әділетті ту еттім.
Маңғыстауым – тұрағым,
«Бекет!» - ата, ұраным!

Ашу мен ақыл
Ашудан жүзің қабартып,
Ашынып кейде түтейсің.
Арыстан көзді алартып,

Албасты жындай үдейсің.

Арқаңды жүрсе қоздырмай,
Ақылға дәрмен қылар ең.
Арпылдап шықса құзғындай,
Апырмай, қалай шыдар ең?

Адуын мінез танытпай
Асылы, жүрсең болдың қор.
Арқырап келер шабыттай,
Алысып жүрсең, орның зор.

Абай да болған асыл іс,
Ашуға жеңіс бермеген.
Айдындай өмір сабылыс,
Ақшулан дүлей кернеген.

Ағаттық қылмай, алайда,
Апшымай тірлік кеше біл.
Амандық болсын, соны ойла,
Ашуға берме есе бір!

х х х

Ағыл да тегіл тасыған
Ақ теңіз сынды арнадан,
Аруақтарға бас ұрған,
Абызша,

қобыз сарнаған
Адуын бір кез асау ем
Атылған жанартаудайын,
Апырай неден жуасыдым,

Шағымда төгіп саулайтын?
Нөсердің шағы өтті ме,
Неліктен қалдым тынғансып?
Түбіме күйбең жетті ме,

Санамды езіп, тым жаншып?
Жаным-ай, неге шөктім мен
Жанатын нағыз уағымда,
Жалынды өршіл екпінмен

Жарып бір шығар шағымда?
Жылады бүгін жүрегім,
Бұлқынып шықты жыр-ұшқын,
Өлең бар менде, білемін,

Жазылар ертең тынысым.
Балалық күннен қосылған
Бәйгенің қалмай соңында,
Намысты ер ем жасымнан,

Ауыр жүк қалмас жолымда.
Сайра да, тілім, тіз өлең,
Сәйгүліктейін жаз белің.
Заман да өңін түзеген,

Жайнайды бейне жаз керім.
Жүректі қайта тулатып,
Қынаптан алған қылыштай,
Халқыңның жанын бауратып,

Қызыл тіл, қайрал құрыштай!

х х х
Кезім жоқ бұл өмірде бопсалаған,
Жігітпін барға көңіл тоқ санаған.
Жайсаңға жанның сырын жайып салам,

Аянып көрген емен жақсы адамнан.

Кей кімдер мұны , бәлкім, түсінбейді,
Ондайға өр көңілім кішірмейді.
Жаралған мәрмәр тастай мәртті жаным,
Қайтадан боркемік боп пішілмейді.

Қалармын мұзарт шыңдай осы қалпым,
Ерітер жан-жүректі досым жарқын.
Ақкөңіл, арамза емес, адал жанға
Әрдайым құдірет санап бас ұрармын.

х х х

Түнеріп те жүрем-ау түнек күйде,
Асау тұлпар – жұлқынар жүрек кейде.
Жаурынымды қоздырса жел үскірік,
Кетердеймін желпініп, үдеп бейне.

Дауыл болсам, мен тездеп басылмаспын,
Ашуымнан ашынған ашылмаспын.
Адуын бір келсе де дүлей пері,
Албастысын басымнан асырмаспын.

Аруақтанып кетсем ғой бабамдайын,
Қобыз сарын күңіренер даламдайын.
Сезінермін өзімді желмаямен
Қорқыт бабам жіберген адамдайын.

Мен күшіме енгенде тылсым сырмын,
Дөйді көрсем, доңызды дүр сілкіндім.
Менің сезім-түйсігім қалар мәңгі,
Жүрек, шіркін, кетсе де ыршып бір күн!..

х х х
Сергіп бір жүрген шағымда
Серілік мені буады,
Сырлас дос іздеп жаныма,

Жүректен жырлар туады.

Сүйетін жігіт едім мен
Айқара көңіл ашқанды,
Сұп-суық сұрғылт өмірден
Қалайды жаным қашқанды.

Көктемдей болып құлпырып,
Желпініп жүрсек керім-ді,
Жүрегің -бұлақ жұлқынып,
Сырлас дос іздер сері үнді.

Па, шіркін, пәни-тірлікте

Жарасым тауып жан-әлем,
Дос келер деген үмітте
Күндерің өтсе дәмемен.

Оларды күтіп жалықсам,
Мен өзім маза таппаймын.
Ойларға шомып жабықсам,
Тып-тыныш үйде жатпаймын.

Кетемін кезіп даланы,
Кетемін шарлап қаланы,
Достар да мәз боп қалады,
Көңілдің есіп самалы...

х х х

Сөйлемеймін суайттай мақтанып құр,
Жыр толғасам сырымды ақтарып бір:
Менің мына кеудемнен дауыл ұрып,
Көкірегімде қып-қызыл от жанып тұр!

Кәдімгі от!
Бір дүлей іште бұққан,
Бұл денемді қайтермін ыстық атқан!
Ақша қармен ысқылап,

қызуымды
Басармын ба ұлпа алып қысқы бақтан.

Шағым туды,
дер шағым,
мазда, жаным,
Шарпы әлемді, іркілмей жаз қаламым...

Жалын-жүрек сыймастай жер-дүниеге,
Өртен өлең, жетеді аздаған мұң...

х х х
Тартысы мол тұл тірлік
Ағысындай айдынның,
Ғұмыр емес бір күндік,

Қуаныш та, қайғың мың.

Асау айдын толқыны
Арса-гүрсе соғады.
Адуындығы арқылы

Сұс көрсетіп бағады.

Бірі қалса именіп,
Шығар бірі жұлқына.
Бірін-бірі итеріп,
Жатыр теңіз бұрқырап.

Ал адамдар –пенде ме,
Бас иетін тағдырға,
От сөнбесе кеудеде,
Болар мәңгі шалқуға.

Серпіп тастап сел мұңды,
Өзіңе, дос, бол мықты.
Жоғалтпасаң сенімді,
Көрмессің еш кемдікті.

х х х
«Душа просит покоя...»
А.Блок.

Айдын көңіл асып-тасып арнадан,
Тіршіліктің қызығына қанбаған.
Той-думанмен жатыр өтіп дүние,
Жарық күнге тойынатын бар ма адам?

Жаным – дауыл, қалай ғана бұйығам,
Өмір, шіркін, жалғыз рет бұйырған.
Бал бақытын аямаған қашанда
Тәңірінің құдіретіне сиынам.

Жанарыма сәуле сеуіп, нұрлы еткен,
Өтті күндер, өтті жылдар дүрмекпен.
Қуанышты шақтар барда шуақты,
Бұл өмірді тыным тауып сүрмек пе ем?

Ағыстайын өрлігінен таймаған,
Отты жүзім Күн көзіндей жайнаған.
Ақ пейілім ақтарылып адамға,
Жүрегімде сандуғаштар сайраған.

Мен ғашықпын ұлы өмірге соншама,
Дейді көңіл: бұйықпа да шаршама!
Дамыл таппай болмас кейде бірауық,

Күтер алдан алтын сәттер қаншама!

Үшінші бөлім

Жастық-дәурен – Жыл құсы!

Ояну туралы
Ояну керек!
Ұйқыдан,әлде қалғудан,
Үйрену керек жасын боп аққан жарқылдан!

Арылу керек бойкүйез,бей-жай сезімнен,
Асығу керек алғанда өмір алқымнан!

Ояну керек!
Ояту керек сананы,
Көп жатпау керек жандардай бейне жаралы.
Ертерек тұрып көз қырын салып Ертеңге,

Ояту керек!
Қаланы,бүкіл Даланы!

Ояну керек!
Ояншы, достым,сен мезет,
Болсайшы әркез құс ұйқы пенде елгезек.
Ертемен тұр да еліңді оят ұйқыдан,

Жүргенше жасып,тигізу керек елге сеп.

Көзіңді аш,достым,қолыңды созғын арманға,
Көріну керек келген соң пәни-жалғанға.
Көру де керек,
көрмеу –бұл ісі соқырдың,

Тарылмау керек,
дархандық керек тарланға.

Қараңғы құрсын,

жарқырай түссін жарық күн,
Есейе берсін санасы біздің халықтың.
Өмірге мынау келген жоқ адам ұйықтауға,
Сонда да кей жан білмейді қадірін жарықтың!

Қараңғы түнде ұйқыда,бауырым,көп жатпа,
Көз салу керек БОЛАШАҚ атты жол жаққа!
Бәріміз,достар,серпиік түннің құшағын,
Тез жету үшін бақыттың нұры мол шаққа!

Жүрегім
«Не может сердце жить покоем».
А. Б л о к.
Шалқыған мынау өмірде

Шабытсыз жүру – о да мін.
Дүниеге адам тегінде-
Толқын боп келген болатын.

Бұлқынуға да қақың бар,
Дүрсілдей бергін, қаға бер!
Мазасыз болар ақындар,
Дабылшым менің бола гөр!

Халқыңның тілі өзіңсің,
Жүрексіз жырлау мүмкін бе!
Барыңды әлем сезінсін,
Айта бер еркін, іркілме!

Не керек болса, көр бәрін,
Кеуде тос дауыл өтіне,
Ақынның аппақ арманын
Апарып мұхит шетіне!

Өз ырғағыңда тұра алмай,
Соққыла, жаным садаға!
Барып қайт самғап қырандай
Куба мен Гренадаға!

Ливаннан да хабар ал,
Тисе де сәлдей септігің,
Никарагуа тағы бар,

Тарқата көрші тек мұңын!..

Алаңдай бергін, алаңда,
Тұрмаймын қарсы жолыңа.
Естілсін үнің ғаламға,
Әміріңді өзің орында!

Соға бер лүпіп, соға бер,
Жасықтық кетсін әріге.
Кей-кейде сақ та бола гөр,
Керексің маған әлі де!

х х х

Бәрі маған жетеді, бәрі маған,
Шаңырағым, ошағым, жарым аман.
Қайнар бұлақ секілді қайран ғұмыр,
Тұнығынан шөлдесем қанып алам.

Әлпештеген атам мен анам да сау,
Әлдилеген бөпешім – балам да сау.
Сағынғанда еске алып, ой тербетіп,
Қиял құсын ұшырам алаңдасам.

Ағайын да, туыс та – аман бәрі,
Амандығы олардың – маған дәрі.
Мен өзімнің бойыма күш құямын,
Қасиеттен бар жақсы адамдағы.

Содан болар қасым жоқ, достарым көп,
Мені ешкім жеңе алмас босқа күндеп.
Кімге болсын тұрамын құлшынып бір
Жақсылықты жасап тек тастағым кеп.

Ағалар да жетеді мейірімді,
Білетұғын менің пәк пейілімді.
Жылыұшырай қараса олар маған,
Бұра берем мен-дағы зейінімді.

Ініден де ізгілік аямадым,
Ізет көрсем, келеді аялағым.
Адамдардың асығып ортасына,
Таң нұрымен таласа оянамын!

х х х
Дүниеде жеткізген бе жігітке арман,
Жүрегі от сезіммен ұрықтанған :
Менің ғой келер дейсің Пушкин болғым,

Шалқып бір шайқап ішіп тұнық балдан.

Дүниеге масаң көңіл мас бола бер ,
Тереңнен жаныңды ұғар досқа кенел.
Жүр жүзіп өмір-теңіз кемесінде,
Жыр жазбай бірақ лағыл таспа бекер.

Осылай қайраймын да өзімді өзім,
Жүрегім еміреніп,езілгесін:
Өлеңмен өмірімді өбемін де,
Шалқимын шабыт күшін сезінгесін.

Мұндайда болам қыран,жолбарыс та,
Дайынмын мейлі қандай арпалысқа...
Таяқ жеп тағдырының талайынан,
Біздің күн айналмайды тоң-торысқа.

Жетелеп қай қашанда сенім алға,
Санамды бір құдірет жеңіп алған...
Қайтесің, Пушкин болсам дейді жүрек,
Жігітке жеткізген бе тегінде арман...

х х х
Адамдағы ақ ниетке елжіреп,
Алғыс-жыр боп төгіледі сел-жүрек.
Кім болмасын ақ жауындай көктемгі

Ақ пейілін алып келсе болды тек.

Мен де ол жанға ашыламын айдын боп,
Талайларға жан сырымды жайдым көп.
Бір-ақ ауыз жылы сөзге еримін,
Ол болмаса,одан артық қайғым жоқ!

Сірке бұлттай сал бойына сыр бүккен,
Сұрқай,суық,сұмдарыңнан түршіккем.
Сенімсіздік ұялайды жаныңа,
Сәл де болса көңілдегі кіршіктен.

Ондайларға өртенердей өзек шын,

Зымиянды іреп сояр қажет сын.
Дүниеге Адам болып келген соң
Адамшылық қасиетке не жетсін!

х х х
Тегі мен жүре алмаспын алабұртпай,
Мазасыз секілді бір бала құрттай.
Пендеуи тіршілігің жаныма жат,

Күйкі өмір сүре алмаспын ана жұрттай.

Мен тегі жүре алмаспын қамалып та,
Бой жазсам ақынға ерсі саналып па?
Қаланың тар бөлмесі бұғалықтай,
Біз сынды саяқ өскен далалыққа.

Ежелден құмармын мен бал бұлаққа,
Талайды төстей озған арғымаққа...
Қайтейін өзгелердің не дегенін,
Көңілмен сүрем өмір шалқып-ақпа...

х х х

Жігіттер, өткізбейік босқа күнді,
Дүние өтер-кетер қас-қағым-ды.
Күйбеңнен қолдарың бір босағанда,
Ой-мұңнан серпілтсеңші достарыңды.

Көңілсіз болып кетсе тегінде өмір,
Жүрегім күрсінеді егіле бір.
Тып-тыныш тірлігіңнен жалығып тез,
Аңсайды той-думанды сері көңіл...

х х х
Серпіліссіз, бұғып жүрген күндерім-
Менің іштей тынып жүрген күндерім.
Тымырсимын күзгі бұлттай түнеріп,

Қалғандайын өлеңсіз құр сүлдерім.

Оған қарап сөнді деп, дос, ойлама,
Жалын атқан жүрегіммен ойнама!
Жанарымда жарқылдайды от-ұшқын,
Келгенім жоқ бұл өмірге жәй ғана!

Ортасынан ауып кеткен түн-жарым,

Естімейсің десе де ақын мұң-зарын:
Азабы да, рахаты да жетерлік-
Мен өзімнің ғұмырыма ырзамын.

х х х
Өзіммен-өзім сырласып,
Келемін кеме-қиялда...
Жүрегім болған жыр-ғашық

Шақырар шырқау қиянға.

Алматы жүрдім кезінде,
«Ауыл!» - деп соқты жүрегім.
Сағыныш тұнып сезімде,
Сарғаюменен жүдедім.

Оралып туған жерімнің
Жүрсем де жұтып ауасын,
Алматы десе егілдім,
Таба алмай жүрек дауасын.

Бар онда тарлан жігіттер,
Жарысқан жырдың көшінде.
Жүлдеден мен де үміткер,
Тулаймын Далам төсінде!..

х х х
Бөлесе де бақытқа жыр-қаламым,
Уақыт өткен сайын мен мұңланамын.
Жатпағасын жазғаның жарық көріп,

Тұнғанынан не пайда сырға жаның?

Кәусар бұлақ Шығыстың ақындары-
Бауырымдай жаныма жақын бәрі.
Олар ғашық сұлулық атаулыға,
Жансыз бенен жандының затындағы.

Осы көзбен қараймын мен де өмірге,
Біз болармыз ынтыққан пенде гүлге.
Жаралған ғой жан дүние жырлау үшін,
Аққу болып қалқуға көл бетінде.

Көншітпей жүр көңілді әттең, бәрі,
Жұғар емес жүрекке көқтем нәрі.
Маңғыстаудан жылда ұшам Алматыға,

Арман - Өлең,
Алатау шатқалдары!

*** Күндер өтіп барады, күндер өтіп, Ақ қағазға төнемін түнделетіп.

Апта жылжып барады, апта жылжып,
Сенделемін бейуақта бақта жым-жырт.

Жылыстайды айлар да дөңгеленіп,
Бірте-бірте басылар менде желік.

Жылым мені қарсы алар сүйіп тұрып,
Өрісімді, өремді биік қылып.

Жүрегіме өлеңім жүгін артар,
Жанарымның сол сәтте мұңы тарқар.

Дүлей шабыт күшіне енгенімде,
Өзіме-өзім күркірей сенгенімде-

Аруақты Даламдай арқаланып,
Тілден маржан төгермін бал тамарлық...

*** Аққу боп маған кезіге, Арманым болған, қалқам-ай, Айтқан бір әзіл сөзіме, Ашуың жүр ме тарқамай?

Ақынның сері мінезін
Артыққа, жаным, балама.
Сүйгенім менің – бір өзің,
Саялар мәңгі санама.

Бір кінә болса менде егер,
Өткен күн үшін кеш бәрін,
Күндемеу үшін өзгелер,
Күрсінбеу үшін достарым.

Шешімге келсек шалағай,
Жүрерміз кейін қайғырып.
Байқамай қалған баладай-

Бақытымыздан айрылып...

х х х
Жан-тәніңмен шын езіліп сүйгесін,
Мінез деген табады ғой үйлесім.
Бір сәтсіздік үшін сату – қүнә ғой,

Бақыт толы махаббаттың күймесін!

Ойлау керек тәтті күндер елесін,
Елжіресе, ашуыңды жеңесің.
Тағдыр-толқын аудара алмас бір соғып,
Арман толы ғашықтардың кемесін!

х х х
Теңіз жақтан соққан самал
Тітірентіп төсімді,
Көптен күткен көктем-жамал

Көңілімді өсірді.

Көкірегім сайрап бұлбұл,
Жан сарайым кеңіді.
Жарқын жүзім жайнап бал-бұл,
Жан жүрегім еріді.

Бейне масаң бұла ғашық,
Теңселемін,тербеліп.
Құсша самғап,құрақ ұшып,
Жасағым кеп еркелік.

Дала қандай,ауа қандай!
Өмір қандай ғажайып!
Қыс кірбіңі тарағандай,
Ашу бұлты азайып.

х х х
Жүрегімді алып келемін:
Бойдағы жігер күшімен
Лаулаған өрттің ішінен,

Алаулы отқа шалдырмай,
Қып-қызыл шоққа жандырмай.

Өлермен болып сүйгенмен
Келемін сақтап күймеуден.

Күйіну тең ғой күйреумен-
Өмірден мұны үйренгем.

Жүрегімді алып келемін:
Қуаныштармен жол бастап,
Қасіреттерден қорғаштап.
Қайғыдан қатты күрсінбей,

Соқса да мейлі дүрсілдей,

Болмайды оны жеңбеуге,
Шықтым ғой керіп мен кеуде:
Болашақ үшін терлеуге,
Бақытты қолдан бермеуге-

Жүрегімді алып келемін.

х х х
Сен де тыныш,мен де тыныш,тынышпыз,
Ұры уақыт өтіп жатыр ұрыссыз.
Ойлап көрсек бәрі тыныш секілді,

Жүрек,бірақ,қалмайды ғой жұмыссыз.

Жүрміз қазір үнсіз іштен тынып біз,
Кездескенде сөйлесеміз құлықсыз.
Сендік арман қандай екен?
Білмеймін...

Мендік арман...
Түсімдегі қырық қыз...

Соңғы кезде алыстадық,қашқақтап,
Қайсымыз да кете алмадық асқақтап.
Шаршадық па,тыныш тірлік іздедік,
Жанарларға жасықтау бір жас сақтап.

Байланыссыз бірте-бірте ұзадық,
Ерімей жүр көңілдегі мұз анық.
Кеш болғанда мұңайып көз саламыз,
Батып бара жатқан күнге қызарып...

Көрсеттік-ау махаббатқа жан сауға,
Шын сезімдер шыдамайды шаршауға.
Бір өзіңді сүйетінім рас-ау –
Суысам да,жүрек сені аңсауда!..

х х х

Өмірде күн кешкем жоқ алыспастан,
Кезім көп бірақ менің шалыс басқан.
Басынан не өтпейді бұ пенденің,
Онымның өзі де бір ғарыш-дастан.

Білемін,талай жерде қателестім,
Алайда,тәтті өмірге жат емеспін.
Сүюге,махаббатқа жаным іңкәр,
Топас бір қуыс кеуде жан емеспін.

Тағдырмен бақыт үшін жағаластым,
Әрине, кей күндері жаза бастым.
Сыр – теңіз,тауысайын қайсыбірін,
Сірә да оны түгел жаза алмаспын.

Жеткізбей сағымдай боп арман-алып,
Өкінген сәттерім де болғаны анық.
Десе де мен ешқашан мойымадым,
Жасықтық деген,шіркін,жолда қалып!

х х х
Таң ертемен жанарым шұғыла шашып,
Жүрегіммен сырласам жырға ғашық!
Ғасырымның көшінен қалмайын деп,

Ғарышпенен өлеңім жүр таласып!

Бала күннен аңсаған арман асқақ,
Талпынбасам,кетердей жолға тастап.
Уақыт-тұлпар жеткізбес уайымсызға,
Ұшқыр қиял тұрмаса алға бастап!

Қолға қалам алғалы алмай тыным,
Өлең сүйіп келемін балдай шырын.
Қыран болғым келеді
Ұшқан сайын

Шырқау биік шыңдарға самғайтұғын!..

х х х
Білмеймін,болам ба адам,оңбаймын ба,
Білмеймін,болам ба ақын,болмаймын ба?
Білмеймін,өзді өзімді қинап бекер,

Білмеймін,жүрегімді зорлаймын ба?

Білмеймін,бұ тірлікте босқа жүрмін,

Білмеймін,тиді пайдам досқа бір күн?
Білмеймін,бақыт менің құшағымда,
Білмеймін,астында ма басқа қырдың?
ма басқа қырдың?

Білмеймін,жақсымын ба,жаманмын ба,
Білмеймін,бұл дүниеге алаңмын ба?
Білмеймін,бір бәдәуи кезбе ме екем,
Білмеймін,мен бір жұмбақ ғаламмын ба?

Білмеймін,ештеңені білмеймін мен,
Қуанып,шаттанбаймын,күлмеймін мен.
Көңлімнің осынау кей сәттерінде
Тылсымын ішке түйген түндеймін мен...

х х х
Жалын шарпып тұрса да кеудемізден,
Жасып,жүнжіп жүреміз кейде біз де.
Жалғыз қалсақ жай таппай жалын жүрек,

Жанға тағат таппаймыз бөлмемізден.

Шуақ іздеп қашанда ізгі өмірден,
Жарастығын жан тауып жаз көңілмен,
Жаға жайлау жүреміз дос-жаранмен,
Жалғыз қалсақ,күй кешіп өзге мүлдем,

(Жалғыз жүру асылы бұйырмаған,
Жақын жансыз тіршілік қиын маған).
Ғұмырыңды бір кешер тағдырлас боп,
Бір-біріңе әманда сиыншы ,Адам!

Поездағы ой
Болғасын маған демалыс,
Мен кеттім,қалдың сен алыс.
Қимастық билеп бойымды,

Көмейде жүзді бір ағыс.

Жас па екен ыстық іркілген?
Барамын босап біртүрлі...
Қол бұлғап қалған,қалқам-ай,
өткізем қалай бұл түнді?

Атқанша таңым арайлап,
Жатармын,сірә,сені ойлап.

Елестей берші ,еркем-ай,
Жүзіңде жарқын нұр ойнап.

Перронда
Пойызбен бірге қозғалып,
Теңселіп ессіз халде бір,
Жүректі бейне мұз қарып,

Сезімге түсіп әлдебір,

Қимастық билеп бойымды,
Қарадым саған соңғы рет.
Сол сәтте менің жайымды
Түсінсең, жаным, болды тек.

Пойызбен кенет жарысып,
Жүгіргім келді қалмастай.
Бойымды сан ой жанышып,
Тілгілеп кетті алмастай.

Қарадым көкке елтумен,
Қанатын құстың армандай.
Жүрегім менің сен мінген
Вагонда кетіп қалғандай...

х х х
Па,шіркін!
Неткен аңыз өмір деген!
Сүреміз қызық құмыр көңілменен.

Жігіттер пейілімен мас қылады,
Жаралғам достық үшін тегінде мен!

Ғажап-ау ақындағы сезім деген,
Ел-жұртты көрем бауыр өзімменен.
Жаңа жыл...
таңға дейін көз ілмеген

Кездерде шаршауды бір сезінбегем.

Мейлі ғой,жүрек ептеп мазаласын,
Музыка тербесе өлең жаза аласың.
Мына бір бал сусыннан сапырайын,
Жанымды мөлдір етіп тазаласын.

Жатса да тыным тауып бәрі ұйқыда,
Тамаша таңым үшін жаным қия,
Сөнгенше Шолпан жұлдыз жыр толғайын,

Бойыма жаңа жылдан жалын жия.

Сонда мен толғанармын асқақ тұрып,
Жырымды тыңдар дерсің достар ұғып.
Күндерді сауық-сайран бірге өткізген-
Тарихта қалдырармын дастан қылып...

х х х
Ей,Адам,бір-біріңе сүйіп қара,
Жақтырмау –жанға біткен күйік,жара.
Жаныңда болмаса егер дос-жараның,

Шыңдарға шырқамассың биік, дара.

Бауырым,міне солай,мұны ұғып па ең,
Сүр өмір махаббатпен,жылылықпен.
Білсеңіз жанын болсын аямаған –
Халықтың қамын ойлап ұлы біткен.

х х х
Дауыл жүрек
дауа таппай,
Жүнжіп,жүдеп,

ауа жақпай
қысқы күндей түнердім.

Жанды ұқтым кім,
бар не шара?
Мен – мықтымын,
Мен -бейшара!

Жылармын ба,
Күлермін?..

х х х
Болмайды ақыныңның кейде күйі,
Көңілім азынайды желдей жиі.

Біртүрлі күңіренген сәттерімде,
Налыған жолдар тізем дәптеріме.

Серіпсем де тұман селін кейінірек,
Жүремін сарғаюға бейімірек.

Осы күй,бәлкім,мендік муза ма екен,
Жүректе жүрсің неғып азалы өлең?

х х х
Сен – тамашасың!
Қуанасың бақытқа балаша шын.
Ақ қайыңның астында сүйгенімде,

Ерініме түсетін қара шашың.

Күлкілерің ғажап-тын,
сыңғырлаған,
Кездерімііз көп еді-ау түнді ұрлаған...
Айта жүргін сүйгенім бар деп менің –

Махаббат мөлдірлігін шын жырлаған...

х х х
Бейнеуде жүрген
бейкүнә
Бейтаныс қыз ең бір кезде...

Бейнеңе көңлім тойды да,
Бейбаққа айналдым лезде.

Бейне бір болып делқұлы,
Бейшара жанның күйінде:
Беймаза жүрек толқыды,
Бейуақта бардым үйіңе...

Бейқам сен жаттың ұйқыда,
Беймезгіл уақыт,
бей-жаймын...
Бейнеу,қыс...

боран ұйтқыған...
Беймәлім...
жанды қинаймын...

Беймәлім...
денем өртенген...
Бейне оты жанды арманның...
Бейнеңді бір-ақ көргеннен

Бейшара ғашық болғанмын...

х х х
Түнде мысық жылағаны жағымсыз,
Ондай кезде тартады әбден жаным күз.
Шырылдайды-ау тоңғанынан жарықтық,

Құшағына алғанында қар үнсіз.

Неткен қатал сықырлаған қыс,боран,
Зар айтады терезе де мұздаған.
Естігенде жылағанын сәбидің,
Менің-дағы жан-жүрегім сыздаған.

Бал бөбегім қолында еді қарттардың,
Сағыныш қой көңіліме артқан мұң.
Босаңдау жан босамайын мен қалай,
Естіп жатып сыңсығанын бақтардың?..

х х х

Кейде менің жүрегім
Ауыр тартып қыжынар.
Кейде менің нұр-өңім
Бұлтты күндей бұзылар.

Кейде менің көздерім
Мұң көліне бөгер ме?
Кейде менің сөздерім
Ағыл-тегіл келер ме!..

х х х
Болса да шағың нағыз жанып тұрар,
Ырду мен дырду мәнсіз жалықтырар.
Босқа өткен күндер ішті өрттей жалап,

Күрсінтер,өкіндірер,қамықтырар.

Ұзатпай есің жисаң,бұ да тәуір,
Сосын кеп бассаң қамшы құлаға бір.
Уақыттың қалмай ұшқыр арынынан,
Ей, Адам,ұрпағыңа мұра қалдыр.

х х х
Таң атады,күн батады өз хақынша,
Барады өтіп қыс дегенің уақытша.
Тереземнен төгіледі көктем –нұр,

Самал желпіп,толқыған бір ақынша.

Тамаша ғой айналайын табиғат!
Қатып қалған бір мінезге жаны жат.
Көңілдегі кірбің тоңын ерітсе,
Күндей күлер Адам атты перизат!

САҒАН ҚАРАП...

немесе Махаббат философиясы
Бибігүл Қалауқызына
------------------------------
Саған қарап әр таңымды атырдым,

Саған қарап ай-жұлдызды батырдым.
Саған қарап жүрегіне от тұнар,
Саған қарап жаны жібір ақынның.

Саған қарап билер мені дүлей күш,
Саған қарап дауыл болып үдейміз.
Саған қарап самал болып желпініп,
Саған қарап ғұмыр кешем үрейсіз.

Саған қарап теңіз болып тасамын,
Саған қарап кемерімнен асамын.
Саған қарап рух алып жаныма,
Саған қарап жанардан нұр шашамын.

Саған қарап бұлбұл құсша сайрадым,
Саған қарап жігерімді қайрадым.
Саған қарап шүкір етіп тағдырға,
Саған қарап әр күнімді тойладым.

Саған қарап тарқайды бар ашуым,
Саған қарап толғатады ғашық-үн.
Саған қарап мынау жарық дүниенің,
Саған қарап ұғынамын асылын.

Саған қарап менің жаным ериді,
Саған қарап төгем маңдай терімді.
Саған қарап сүйіп мынау пәниді,
Саған қарап сүйем туған жерімді.

Саған қарап сүйем туған елімді.

Саған қарап басамын мен қара жер,
Саған қарап жүйрікпін мен қаракер.
Саған қарап күш жиям да бойыма,
Саған қарап атанамын дара ер.

Саған қарап махаббатым маздаған,
Саған қарап құшақ жаяр әз-ғалам.

Саған қарап қыран болып қалықтап,
Саған қарап шалқытады боз далам.

Саған қарап бес күн тірлік баянды,
Саған қарап бәрі маған аяулы.
Саған қарап жүрегімде ізгілік,
Саған қарап мейірімім оянды.

Саған қарап алысқа ұшты сағым-мұң,
Саған қарап қою бұлттан арылдым.
Саған қарап күйзелісі азаяр,
Саған қарап менің ақын жанымның.

Саған қарап бола алмаймын қатал да,
Саған қарап міне алмаймын қаһарға.
Саған қарап бейбіт күнді тілеймін-
Саған қарап мынау жалпақ жаһанға.

Саған қарап кететіндей бақ орнап,
Саған қарап ел ертеңін бағамдап,
Саған қарап сен сияқты деймін мен
Саған қарап ниет болса адамда ақ.

Саған қарап күй кешпеймін беймаза,
Саған қарап жаным жауһар, ой таза.
Саған қарап тірлігіме шаттанып,
Саған қарап жүрем бірге бой жаза.

Саған қарап күй кешпеймін сенделе,
Саған қарап әнге салам тербеле.
Саған қарап деймін ару-ақ құсым,
Саған қарап деймін, қане, еркеле.

Саған қарап күн кешпеймін күйгелек,
Саған қарап санам ақыл түйді ерек.
Саған қарап кеңіп жаным сарайы,
Саған қарап шалқар шабыт – күй бөлек.

Саған қарап күн кешемін бір аңыз,
Саған қарап деймін: «жаса, бұла қыз!»
Саған қарап қаракөзі қазақтың-
Саған қарап болса деймін күнәсіз!

Саған қарап пасықтық жоқ бойында,

Саған қарап жасықтық жоқ бойында,
Саған қарап болса деймін арулар-
Саған қарап ғашықтық бар бойында!

Саған қарап бұ ғаламды болжадым,
Саған қарап түсті қолға олжа мың.
Саған қарап Әйел заты –ұлылық-
Саған қарап сезгендеймін ол жағын.

Саған қарап жанын қияр бала үшін,
Саған қарап сездім Ана дара ісін.
Саған қарап бой көтеріп тектілік,
Саған қарап тікті туын Ар үшін!

Саған қарап қорған болып кешірім,
Саған қарап шайқалмады бесігім.
Саған қарап жырдан нөсер құйылып,
Саған қарап елге мәлім есімім.

Саған қарап бар тіршілік әуезді,
Саған қарап барлық жанның жаны ізгі.
Саған қарап ойлаймын мен балалар,
Саған қарап өтесе деп парызды.

Саған қарап құтты менің ошағым,
Саған қарап жас баладай босадым.
Саған қарап Өмір мәнін ұғынып,
Саған қарап Өмір сүрдім, Қосағым!

Саған қарап маңдайымда жанды бақ,
Саған қарап алып-ұшты арғымақ.
Саған қарап патшадаймын мен өзім,
Саған қарап орнағандай алтын тақ.

Саған қарап сылдыр қағып балбұлақ,
Саған қарап өркен жайды тал-құрақ.
Саған қарап ұл, қыздарым, келінім,
Саған қарап немерем жүр балбырап.

Саған қарап менде туыс, дос та көп,
Саған қарап болдым пенде қас та жоқ.
Саған қарап көңлімде жоқ кінәрат,
Саған қарап ашық маған аспан-көк.

Саған қарап мен жүрмеймін алаң боп,
Саған қарап әр кезде де болам тоқ.
Саған қарап мынау жарық дүниеде,
Саған қарап менен күшті адам жоқ!

Саған қарап күмбірлеймін күй сынды,
Саған қарап, жаным, әркез сүйсіндім.
Саған қарап Өмір парқын пайымдап,
Саған қарап сұлулықты түйсіндім.

Саған қарап жаз күніндей жайнадым,
Саған қарап тылсым сырға бойладым.
Саған қарап төсіндегі теңіздің-
Саған қарап жұп аққуды ойладым.

Саған қарап жалған демей жалғанды,
Саған қарап мәңгі деймін арманды.
Саған қарап мәңгі деймін махаббат,
Саған қарап сүйем деймін жан жарды!

Саған қарап деймін жүрші дін-аман,
Саған қарап ұзақ ғұмыр сұрағам.
Саған қарап өмірімнің өлшемі-
Саған қарап басымды идім Ғұламам!

Саған қарап мен ұқсаймын құлыңа,
Саған қарап ұқсаймын делқұлыға.
Саған қарап философқа ұқсаймын,
Саған қарап ұқсаймын мен ұлыға.

Саған қарап балқып жүйке, жаным да,
Саған қарап жүгінемін сабырға.
Саған қарап шаңырағым тіктеліп,
Саған қарап берік уық, қабырға.

Саған қарап сыйлап барлық адамды,
Саған қарап сенен жаным нәр алды.
Саған қарап самайымнан сипаған-
Саған қарап еске аламын анамды.

Саған қарап көкжиегім кеңіс тым,
Саған қарап таттым балын жемістің.
Саған қарап сынақтарда сүрінбей,

Саған қарап таттым дәмін жеңістің!

Саған қарап өрнек тауып өлеңім,
Саған қарап – кәусәр ішкі әлемім.
Саған қарап бар бақытқа бөленіп,
Саған қарап, саған қарап келемін...

Төртінші бөлім

Самға, талма, жыр-құсы!
(поэмалар, толғаулар, балладалар)

Таяу уақыттарда біздің облысымыз да Мемлекеттік тілде іс
қағаздарын жүргізуге, ана тіліміздің абыройын көтеруге кең
көлемде көшеді деп межеленуде.Ендеше тіл – бүгінгі таңдағы ең
көкейтесті мәселе деп кесіп айтуға әбден болады.Соған орай ақын

Ғалым Әріптің сонау ел санасы енді ояна бастаған 1989 жылы
жазған осы тақырыпқа арналған поэмасын өмірлік маңызын
ескере отырып, көпшілік назарына ұсынып отырмыз.

( Облыстық «Маңғыстау» газетінен).

Қазақ тілі – қанатым
Поэма

Жаным да осы, арым да, намысым да,
Қаным да осы жүрегім ағысында.
Қазақ тілі – қыраным алтын қанат,
Қазақ тілі – бұлағым,дауысым да!

Қазағымның үні де ол,әуені де,
Ән-жыры да сарқылмас,өлеңі де!
Тартатұғын тарихтың тереңіне
Тіл дегенің – қазына әлемі де.

Қазына әлем,кәусарым,майда тілім,
Жылдан-жылға жетіліп,жайна тілім.
Нәр алатын өзісің қайнарымның,
Рухындай туған ел,байтағымның!

Тілім десе келеді айқай салғым,
Қияларға самға деп қайран халқым.
Қайда барсам жөніне жүгіндірер –
Киелі сөз,әулие ата-салтым.

Мен бағындым осынау қызыл тілге,
Жарқылдауға жан құмар,қызу кеуде.
Барқыт түнде шоқжұлдыз жымыңдаса,
Жүрегімнен жыр-маржан үзілер ме?

Бас иемін мұндайда әруаққа,
Махамбеттей,Абылдай арғымаққа.
Ел мүддесін тілімен кестелеген
Еліктеймін солардай жалын-отқа.

Еліктеймін,күш-қуат жиям бойға,
Жетелемес мұндайда қиял қайда?
Ана тілі дегенде арлы азамат
Ар-намысты сатудан ұялмай ма?!

Ана тілі – бұл менің қазақ тілім,
Қылбұраудан,қыспақтан азат тілім.
Өмірдің алмағайып өткелінде
Басынан сан өткерген азапты мың.

ІІ Ойларым жатыр пісіп,сараланып, Жүрегім жыласа да жараланып, Айтайын көшелі елдің ұлы едім мен Ақынын хан көтерген қара халық.

Халық ем өлең-сөзсіз күн кешпейтін,
Жыр барда қайғыңның да бұлты еспейтін.
Мойнына салып мейлі бұғалықты,
Бас кеспек болса-дағы,тіл кеспейтін.

Ақыл сөз, дана сөзді пір санаған –
Айналдым асылымдай ар-санадан.
Қосқанда «Қаратаудың көшін» әнге,
Жанары жасқа тұнып,жасаураған.

Болса да небір заман анталаған,
Жауға жерін бермеген,таңдан Адам!
Далиған дариядай Дала мынау -
Қымбат болды десеңші қандай оған!

Туған жер қандай ыстық қарыс сүйем,
Ер бар ма сол жер үшін қан ішпеген!!!
Ресейге сол жер үшін бодан болып,
Тағдыры өзектесті орыспенен.

Шағы аз ба,бірақ,достым,қысым тартқан,
Патшаның қазағыма тісі батқан.

Күндес ел бір жағынан іштей іріп,
Бақ құсы бастарынан ұшып жатқан.

Кең жері көшпелі елдің талақтанып,
Жөңкіген бай-манабың алақ қағып.
Өзгеріп жер аты да,тіл де қүрау,
Жасқауын қанша жұрттың жамап алып.

Қазағым соншалықты қор ел ме еді,
Ұлыс-ты өзінше бір әлемдегі.
Ұқсамас өзгелерге өрнегі – алтын,
Айшығы өзіне тән өнердегі.

Осы тіл бірте-бірте шектеу көрді,
Осы тіл бірте-бірте тежеу көрді.
Сұйылып бара жатты бірте-бірте
Азияның ақиық шешен елі...

ІІІ Тіл өшпес халқы барда,елі барда, Ел қамын жеген арыс ұлы барда. Қаншама қарғыс атқан заман болсын Кенде емес бұл қазақ та қара нарға.

Атқанда ұлы Қазан таңы күліп,
Маздаумен шырақ шашты жалын үміт.
Халқымның жанарына нұр құям деп,
Шықты ғой неше алуан жанып жігіт.

Бәрі де Ленинге сеніп мәңгі,
Жолында жаңа өмірдің жаныққан-ды.
Алаштың арын арлап шығамын деп,
Алапат азаматтар арып қалды...

ІҮ Үскірік боран есті сонда барып, Таң нұрын уысына қармап алып. Сол боран кетті тінтіп тұлабойды, Жер бетін жайлады өрт жалмап алып.

Жойқын өрт ел басына нәубет болды,
Сойқанды қазақ деген әулет көрді.
Бір жақтан аштық алса алқымыңнан,

Бір жақтан аждаһадай зұлмат келді.

Тақсырлар таққа мініп сонша тағы,
Адамды айуанша қоршалады...
Аузыңды ашсаң болды айдап,қорлап,
Жүрегін зиялының пәршалады...

Ойласақ соны көзге қан толады,
Зымиян,заманының зәнталағы –
Жымысқы түлкідейін,қарсақтайын
Аңдыстап жан-жағыңнан анталады...

Тірлікпен күн кешпеген текке күйкі
Ерлерім елім деген отқа күйді.
Тілді ғой тарғыл заман тілімді де,
Тежеді ағыл-тегіл төкпе күйді...

Біртіндеп ар-намыс та тайыз тартты,
Кім білсін,кей кімдерде айыз қанды?
Қазақтың қайран тілін тұмшалаған
Соттаса деймін дүмше жауыздарды.

Жүрегің қалай енді жұлынбасын,
Халықпыз әу бастан-ақ мұңы басым.
Кім білген немересі айтқан сөзді
Келерін атасының ұғынбас күн?

О,сұмдық,қалай шошып дір етпейін,
Замана,бопсың талай түнектейін.
Сонда да бір әділет болады деп,
Сенуге алдағыға жүрек бейім.

Ү Шерінің шегі бар ма қазағымның, Жазылған маңдайына азабы мың. Ұқсаймыз сондай халық болғанға біз Тағдырдың жемі сынды тұзағының.

Шалғанда соғыс өрті кеше елімді,
Алғанмын фашистерден мен кегімді.
«Отан!» деп отқа кірдім айыл жимай,
Ерлікпен жаңғыртқанмын ертеңімді.

Кеудеме мәрттік мінез тұрақтанды,

Өтті сан батыр қазақ сынақтарды.
Қарт Жамбыл от жүректен жыр ақтарды,
Жырынан бүкіл Отан қуаттанды.

Қаймықпай тура жолдан дауылдарда,
Бас болып солдат қауым-бауырларға,
Жауына қарсы шабар арыстаным –
Кім жетер қаһарманым Бауыржанға!

Хош ,достым,айта берсем мақтаным көп,
Тұрғаны осыменен тоқтағым кеп...
Жеңістен кейін қайта сайрап едім,
Қайран тіл,қара тасқа соққаның кеп...

Осылай қызыл тілден кешеуледім,
Жайымды ұқпады жан мешел менің.
Қара бұлт бір үдеріп көшкенімен,
Тілімді тоты құстай безенбедім...

ҮІ Тамырлап кеміріпті жегі құртың, Жетелеп тұңғиыққа мені құрдым. Тілің бір байланғандай,көзің мөлт-мөлт, Не болды жаутаңдардай тегі,құрбым?

Заманға көзбен қайта оң қарадым,
Тасимын,толқимын да,толғанамын.
Тіліме ел қатарлы теңдік берген
Азамат арыстарым – ер-қанатым.

Арайлап нұрлы таңым қайта туды,
Ел үшін ер-азамат белін буды.
Жаңғыртып бүкіл елді қайта құру,
Көнекөз қарттар көздің жасын жуды.

Өшкенім қайта тұтап маздап жанды,
Өр ағыс тасытқандай қозғап қанды...
Өмірге қайта әкелдік
Жазықсыздан

Жаладан жапа шеккен боздақтарды.

Қысса да қаскөй жылдар қаһарымен,
Нұрландым жаңа күннің шапағымен.
Қабыстым қайта салтым,дәстүріммен,

Табыстым Жүсіпбек,Ахмет,
Міржақып,Мағжан,
Шәкәріммен!

ҮІІ Сіңірген бойыма әкем ел сүюді, Сіңірген бойыма әкем жер сүюді. Сіңірген анам менің жүрегіме Сүюді қаным тамған бесігімді.

Мен де айтам ұрпағыма-ұланыма,
Қанып іш деп ана тіл бұлағынан.
Өз елін,жерін,тілін сүйген Адам
Өмірде жетпей қоймас мұратына.

Анаңның тіліменен көгересің,
Толтырып бақытыңның кенересін.
Қазақша сөйлеп тұрған балдай етіп,
Атасы сүйген қандай немсересін.

Қанатым – қазақ тілі самғайтұғын,
Самғасам ешқашанда талмайтұғын.
Анамның аппақ сүті секілді ғой
Сәбиі емген сайын қанбайтұғын.

Рухым – ана тілі,бағым менің,
Мәңгілік ажырамас асыл кенім.
Қандары оянсын деп тереңінде
Ақтардым әлеуметке жаным шерін...

1989 жыл.

Қазақ қандай халық?
Бұл сауалға іркілердей жөнім не,
Көл секілді көлкиді ойлар көңілде.
Қазақ деген қандай халық, айтайын,

Жөргегінде қайта келген өмірге.

Жете сүйген ұл едім мен ұлтымды,
Жетесіз деп даттамаймын жұртымды.
Жасықпын деп айта алмаймын әманда,
Жоғалтуға айналсам да ғұрпымды.

Бабалардың қалған болса жұрнағы,

Аман болса атқамінер ұлдары,
Қайран елім қанатынан қайрылмай,
Қалар қағыс қай-қашанғы мұң-зары.

Өзгелердің езгісіне көне алмай,
Қайран Далам келімсекке тоналмай,
Қаз қадамын Ертеңіне басса нық,
Дейді жүрек, бәрі оңынан болардай.

Қазақ – кемел, дариядай Данасы,
Қайсар туған ел билеген Ағасы.
Білім кенін жиған күллі әлемнің,
Аз емес қой тонның алтын жағасы.

Солар болар елдің тұлға, панасы,
Марғасқа етіп жаратқа-ау анасы.
Алынбайтын асудан да тайсалмай,
Асқақ шыңға жететұғын шамасы.

Болса сондай бар қазақтың баласы,
Биіктесе ой-өресі, санасы,
Дейді көңіл,
жан-жағына қарайлап,

Сілкінердей марғау жатқан Даласы!

Е-хе-хе-хей!
Айқай салып көрем бе,
Ей, бауырым, құлағың түр өлеңге.
Намысыңның жаны алмас қанжарын,

Жетіле түс мұқалмастай өнерге.

Сенен мәрттік күтеді өмір күрделі,
Қоя тұрғын үлде менен бүлдені.
Күнделікті күйбеңіңнен бой үзіп,
Ұлы жарыс жолын таңда жүлделі.

Елдің қамын ойлау керек, жер қамын,
Бабалардың аманатын, арманын –
Келешекпен жалғау парыз бүгінгі,
Замананың арқалап зіл-салмағын.

Бұл қазақтың арманының жоқ шегі,
Баяғыдан азаттықты көкседі.
Баян-ғұмыр бақытына қол жетіп,

Ел болуға ұмтылды енді еңселі.

Базарына қайта оралып әуелгі,
Құйқылжытты қоңыр сазды әуенді.
Өзіне сай өрнегімен ұйытып,
Баурап алу бар ниеті әлемді.

Тұнып келген тереңдегі лағылдар –
Жаңа өмірге шашудай боп ағылар.
Шапағатын шашып тұрса шұғыла,
Жүректерге жарқын үміт жағылар.

Қазақ көрген аз емес қой қайғы-мұң,
Танытатын күн туды енді айбынын.
Көкбайрақтың астына кеп жиналып,
Пәтуасын есіне алсын Майқының!

Парасат пен парықты ләйім мұрат қып,
Қазақстан – ұлы ордасын тұрақ қып,
Бүтін қазақ жер жүзіне жиналып ,
Алға басса ақыл-ойды шырақ қып.

Жарқын көңіл, қолы ашық халқым-ай,
Жаңғыртуды қажет қылар салтың-ай.
Ұрпағыңды ақылменен баулышы,
Көпті көрген абыздарым, қартым-ай.

Дүниенің тарылғанда тынысы,
Өз жайыңды қамдау болар дұрысы.
Құшағыңды жая берме жат жұртқа,
Шашылмасын – Жер-ананың ырысы!

Беу, қандасым, әр ісіңе бол қатал,
Аңғалдыққа бой алдырсаң сорлатар.
Білек те бір, жүрек те бір болсыншы,
Онсыз өзге әңгіртаяқ ойнатар.

Арамызда алауыздық жойылып,
«Алаш!» деген отты ұранға бой ұрып,
Іштей ширап, шыңдалайық, шырқайық,
Атағымыз шартарапқа жайылып.

Сенің маған мәлім, қазақ, сипатың,
Дәл бүгінгі дабысың мен тұрпатың.

Қашан заман ілесесің көшіне,
Көз қарырдай керемет боп сымбатың?!

Аз көрмедім қаракөзді қаны жоқ,
Маскүнемді өлекседей жаны жоқ.
Өз халқына топырақты шашатын-
Аз көрмедім алаяқты ары жоқ.

Ондай мыстан –елге дұшпан,сұм, жауыз,
Халқын сату –опасыздық бұл нағыз.
Жансыз бенен жағымпаздан арылмай,
Көтерілмес шөгерілген тұлғамыз.

Татулық пен бірлік керек ел үшін,
Үдетелік желмаяның желісін.
Барша қазақ жұдырық боп жұмылып,
Көрелік тек сол тірліктің жеңісін.

Таталық та бірге тәтті жемісін.

Қазақ қандай деп сұраса
не дермін,
Жақсы десе, келісермін, көнермін.
Күйе жақса менің туған халқыма,

Сол пенденің қолында мен өлермін!
1992 жыл.

РУХ пен ЖІГЕР
О, аруақ, демей гөр,
О, Бекет, желеп-жебей гөр!
Оғландының басында –

Ордасын тікке кемеңгер!
Автор.
Арқаландым
Ар биік,

Марқаландым
Жал биік,
Ата-бабам бойыма
Асау етті нәр құйып!

Өртеніп тұр
Өнбойым,
Қыз-қыз қайнап маңдайым!
Күйіп-жанып жүремін

Күңсік болмай әрдайым.
Шыңым шырқау айбатты,
Далам шалқар байтақ-ты.

Кезген екен ерлерім
Көсілген кең аймақты.
Сұрғылт сынды боз дала,
Сырын терең қозғама.

Күңіреніп жатса да,
Боз маядай боздама.
Тектілікті тел еткен-
Тентіремес ел өктем.

Тума тұрық-болмысы-
Жаралған дейді бөлектен.
Алпамсалы тұлғалы
Арда мінез ұлдары,

Аттандаса жауына
Талақ етер мұрғалы.
Кесек пішім-тұрпаты
Тұяғын тарпып тұлпары,

Батырына мәп келген
Қазанаттың сымбаты.
Төрт құбыла тең келген,
Шеттерінен мәрт келген,

Бес қаруын жасанып,
Сәйгүлігі ерттелген,
Құлақ тері бусанып,
Құрыш қанып, бап келген,

Көшіп-қонған ел едім,
Түзден тапқан қорегін,
Түлетіп ту өлкені,
Тірлікке бөтен бөледім.

Тентектің де тентегі –
Табиғаттың төлі едім.
Кие мекен – тым құтты-
Маңғыстау мен Үстіртті

Мың-сан жылдар жайлаған-
Ұлыс едім дің мықты.
Түлікке толды жазирам,
Түледі түбек – қазынам.

Атышулы аймақ деп,
Тарихқа мәңгі жазылам.
Бұрынғы өткен бабамның-
Жұрнағы болып жаралдым.

Қайсар да мінез қожасы –
Осынау жарты аралдың.
Сертке салсаң берікпін,
Сенімді жанға серікпін.

Ұсақтық – ұят іс болар,
Ірілеу турап келіппін.
Мен мен едім, мен едім,
Тасиды толып кемерім.

Тегімді айтып толғасам,
Өрекпіп өршір өлеңім.
Маңғыстау – маңғаз мекенім,
Өркендеп, өсіп, өнермін.

Артық та туған Бекетім –
Тәңіріме бейне теңермін.
Шыдармын қалай шаттанбай,
Сөйлермін қалай мақтанбай.

Әз әулием – тірегім
Қолтықтан демеп жатқандай.
Саңқылдап шығар үніміз,
Жасық емес, іріміз.

Оғландының басынан
Қол бұлғайды піріміз!
Қазаққа біткен Даралық,
Қазаққа біткен даналық,

«Бекет!» деп білек біріксе,
Ел болар едік нар, алып!
Есіңді жый ел-жұртым,
Есті алмасын жан-құлқын,

Рух пен Жігер оянса,
Ерекше болар сән-ғұрпың.
Тағзым етсек Атаға,
Талайлар түсер сабаға.

Тағзым етсек Атаға,
Қылау түспес араға.
Қазақ қазақ бола алар,
Қасиет кіріп оңалар.

Көреген, көсем, көріпкел,
Пайғамбарлармен пара-пар,
Бекетті биік ұсталық,
Ғаламат бойға күш дарып,

Сүйенген, сенген Киеміз –
Пәле-жаладан құтқарып.
Азулы халық атансақ,
Жүректе намыс атойлап.

Жолымыз болып, жанар бақ,
Нешебір бөгет қамалды ап.
О, Пір Бекет, Аруақ,
Өзіңнен қуат дарымақ.

Ұлы дүние көшінде-
Кешеміз ғұмыр дауылдап.
Сенгеніміз Ер Бекет,
Ергеніміз Пір Бекет!

Рухымызды асқақтап,
Ұлы Бекет тұр демеп!
Желеп!!!
Жебеп!!!

...Қырандар қалқып кенет!!!

Сұңқарлар жас болмайды
«Тезірек ұшып-үйренуі үшін балапанды
мерзімінен бұрынырақ ұядан қуу керек».
Ағылшын нақылы.

«Адам болатын бала жас болмайды».
Қазақ даналығы.
Толғанайын, толғайын,
Толысып тұрған ұрпаққа

Толымды сәлем жолдайын,
Тамыры терең зәузатқа
Татымды тілек арнайын.
Сөйлегім келді шешіле,

Көкірегім нұрға малынып,
Заманның ерсек көшіне,
Ауырмас жүрек қабынып.
Туған жердің төсіне

Жұлдыз боп тұрсақ жағылып.
Жастардың уәжі осындай
Жарқырап туған маңдайы.
Тектіден тұяқ-асылдай

Сөнбейтін шырақ-шамдайы.
Түйсініп тұрса тереңнен
Бабадан қалған әуезді,
Өлеңнен жақұт терем мен

Көргенде кесек мінезді.
Көңілім кетер марқая,
Сөйлеймін сонда шалқая,
Қазақтың озса баласы,

Желетін мен бір желмая.
Әкелер жолын қуа алған,
Ерлікке белін буа алған,
Өнерден озып өзгеден,

Білімге жанын суарған,

Мен бір жүрген Қыдырмын –
Жастарды көрсе қуанған.
Соларды көріп мастандым,
Шарпып бір соқса жас толқын,

Алынбас бар ма асқар шың?
Шуағы қандай бойыңа
Ашылып тұрған аспанның,
Келеді ойға жолдары

Жазылар жаңа дастанның.
О, жастарым, жастарым,
Дәуірі бірге достарым!
Сілкінелік қанатты,

Серкелер сұңқар санатты.
Ұшарсыңдар ұшпаққа
Ұштасаңдар талапты.

Тегінде Тәңір ұнатпас
Жалқау менен масылды,
Көзіңдегі бұлақты аш,
Көрмекке ғажап ғасырды!

Туып тұр сенің Уақытың,
Қонып тұр сенің бақытың.
Тура жолдан айныма,
Нөсерлесін шабытың.

Құйқылжытып төге біл,
Өмір сүріп, өне біл.
Қиядан шолып ғаламды,
Сұңқар құсап көре біл.

Туған жер мен ел үшін
Бойдағы күшті аяма,
Өркенді болсын өрісің,
Өмірлік болсын жеңісің,

Өрлеген кезде қияға,
Шапағат шашып ұяңа,
Жұртыңды ал бүкіл саяңа.
Қарақан басты қамдама,

Күнкөріс жайын таңдама.
Ел-жұртым деп еңірер,
Қабырғасы сөгілер-
Ерек туған жан ғана.

Тоқмейілсіп тегінде,
Тірлік кешпе алдана,
Жасындай жанып көгімде,
Жебеушің болссын маң дала!

Адам боп келсең өмірге,
Адамзат жүгін арқала!

Самғаған сайын шарықтар
Сұңқар сынды құс болар,
Болса да қанша алыптар-
Жер шарында халықтар:

Сұңқарлы елде сұс болар,
Сұңқар болса ұланы,
Сенімді, сақ, қырағы,
Қайрат қайтпас, күш толар,

Сұңқарлардың ұрпағы –
Салтын биік ұстанар.
Қанаты қалса қайрылып,
Қайтпайды оның айбыны.

Сұңқарды сұңқар тастамас-
Мәрттігімен әйгілі.
Болмайтын мүлде бақталас,
Бір-біріне сайлығы-

Текті құстың байлығы.
Тағылым солай тараған,
Ұрпағын тегіс аздырмай,
Тұлпардай түгел жараған.

Семсердей жүзі жалаңдар,
Ертеңін елдің бағамдар,
Ертеңіне елдің алаңдар-
Ерек туған есті ұлан,

Сендерге берер бағам бар!
Мынау заман – құт заман,
Адасады ұқпаған.
Алға асады ләйім

Арманы асқақ мықты Адам!
Сендердің туды күндерің,
Қия-шыңнан гүл терің!
Жағады менің жаныма

Сұңқардай отты түрлерің,
Саңқылдаған үндерің.
Санадан кетпей сүйікті ел,
Самғауың болып биіктер,

Бермеңдер басын жүлденің.
Ырыстарың мол болар,
Қайда да жолды оңғарар:
Бір Алла, Бекет-Пірлерің!

Ақтау – арман қаласы
Ару-Ақтаудың 30 жылдығына
-------------------------------------
Киелі, Далам, Маңғыстауым менің,

маң басқан нарлар,
маңғаз мұнаралар,
асау айдын мен
аңызақ шөлдің,

кәрі таулар мен
шағыл құмдардың,
наркескен мінез
марғасқа ерлер мен

түзде жортқан
тағы аңдардың
Ордасы,
Бақыт пен байлық,

атақ пен абырой,
даңқ, мерейден
тасынып, тасып,
толып бір жатқан

арнасы,
Ақтаудай сенің
азамат төлің
арқасын кеңге салып бір,

Жиырмаға толған
жас арулардың
болғандай бұла құрдасы.
Ақтауың сенің

ақ мәрмәр кейіп,
ақшулан толқын
жартасты сүйіп
толқиды,

Жаға-жайларда
шағалалардың
шаңқылыменен,
аққу-қаздардың қаңқылыменен

қиялың жүзіп,
ойыңыз алыс шалқиды.
Ақтауға келсең
арманның қалқып

сүңгуір сынды
заулаған жүйткіп
қайығыменен,

Сырласқың келер
сымбатты, сұлу,
сылқымсып күлер
бұралған сиқыр қайыңыменен,

Ақтауым менің
әсемдігімен
әлемді арбап,
атағы шарлап

жүр кезіп,
Ару қыздарға
жарасқан жұбы
адай кескінді,

арда мінезді,
азаматтық пен мәрттікке дәйім
сай ұлыменен!

Ақтауым менің
отты да ойлы,
сұңғақтау бойлы,
жас жігіт сынды,

зәулім биікке өрлеген,
өздік өрнекпен,
еңбек-бейнетпен
мүсіні сом боп,

мәрттігі зор боп,
зейнетін көріп ерлеген.
Ақтауым менің
алыс шақырымдарға,

шет жұрттарға
шығатын алтын қақпадай,
Ақтауым менің
қыран тәріздес,

сұңқар қаладай
Ғарышқа құлаш сермеген.

Ақтауға келсең,
адамды көр сен
жаятын құшақ айқара,
Шұғыла жүзді

шуақты жандар
сезімді тербер қайда да.
Ақтауым менің –
ырысы менен берекесі де,

ынтымағы мен мерекесі де,

ырзығы мен рахаты да,
шапағаты мен ұлағаты да
бай қала.

Ақтауым менің-
арман мен жастық,
береке, достық шаһары,
Ақтаудың таңы

алаулап атар
шашылып алтын шапағы.
Көресің мұнда
жымдасқан білек,

жарасқан көңіл
сан ұлттың сері-жампозын,
Көресің мұнда
кәрі мен жасты,

көргені көлдей Атаны,
керексе берер батаны.

Ақтауым менің-
әруақты жердің
әйгілі елдің
бауырынан өнген жайсаңы,

өзгеге намыс бермеген өршіл
өжет те ердің қайсары.
Көрсең де қашан
қарсы алар сені

көңілмен көктем жайдары,
Жас жігіттейін
желпініп тұрар
жел ескендейін айдары.

Ақтау қаладан-
көрегендік пен көрікті,
сәулеткерлік пен өрлікті,
еркіндік пенен ерікті,

жасампаздық пен шеберлік,
биіктік пенен тереңдік,
табасыз- бәрін табасыз,
өлместей мұра-өнерді.

Еліңе еңбек етпесең,
Биікке самғап жетпесең,
Бас қамын ғана күйттесең,

Халқыңа қандай қайырың?
Ақтауда тұрған жұрағат,
Сөзімде болса ұлағат,
Қайрасын сізді шайырың.

Маңғыстау деген мекенде
Астана –Ақтау екен де,
Айналып келсең жер жүзін,
Ақтауға сәні жетер ме?!

Тұрып ап сондай шаһарда,
Ер жігіт тыныш жатар ма?
Еліңнің ойла, дос, қамын,
Ілессін десең қатарға.

Тұрғанда заман алға озып,
Ілгері ұмтыл, қол созып.
Еліңнің ойла қамын сен,
Кетпесін десең жер тозып.

Жоғалтпай ұлттық нәріңді,
Дәстүрің менен дәбіңді,
Құлшына дәйім өмір сүр,
Сындырмай мүлде сағыңды.

Ақтауым – мәрттік қаласы,
Ақтауым – шаттық қаласы.
Әлпештеп оны өсірген –
Маңғыстау – қазақ Даласы!

Маңғыстау – ата-анасы!!!

Отызға толып жасұлан,
Дариядай көңіл тасыған.
Ақтаудың асқақ тұлғасы –
Жаралған ақық-асылдан,

Көрген жан – бәрі бас ұрған.

Қолдасын сені Тәңірім,
Өшпесін алау-жалының,
Қошқар-Атаға жерленген
Өлі әруақтардың да бәрінің –

Рухы сені қолдасын,
Қуат ал содан, бол басым.

Жүрсін деп жұртың жыр қылып,
Ақтаудай аппақ ордасын,
Өлеңнің селін ақтардым-
Бойыма шабыт қонғасын...

1993 жыл

Сүйінқара серті
Поэма
Маңғыстау емес мүлде иен дала,
Маңғыстау –маңғаз жатқан кие дала.

«Бұл неткен айдалада батпан құйрық» -
Деп әркім кете алмаған ие бола.

Қалдырып артына сан өлі, құрбан,
Жеті жұрт аттың басын кері бұрған.
Азуы алты қарыс арғымақпен,
«Аттандап» Адайлардың Елі тұрған.

Ерлер көп бұл Қазақта текті туған,
Ел үшін ерлік іске белді буған.
Емексіп, есірген жау ентелесе,
Есінен тандырып бір кекті қуған.

Жортса да жат жерліктер талайлаған,
Шайлығып жүректері абайлаған.
Қорықпай бағындырып құладүзді,
Қабыланша қайрат қылу – Адайға тән.

Кең дала, асау айдын арнасы бар,
Тәңірден бұл Адайдың олжасы бар.
Хақ-Құдай хас батыр ғып жаратса егер,
Үркіту үрейіңмен қолда шығар.

Ұлыста Маңғыстауды мекен еткен –
Көш бастап, қол бастаған Шотан* өткен.
Жерсінтіп елін,
өзі жел өтінде

Қалмаққа қырғын салған о да кеткен.

Ізінен ілесті іні – Сүйінқара,
Аймаққа атышулы сыйы дара.
Тағдырдың алмағайып кезеңінде
Ел, жерді ойлауменен күйіпті о да.

Қарақан бастың қамын күйттемеген,
Айрылмау –арман мен серт құт мекеннен.
Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Адайы іштей іріп түртпелеген.

Туғанда ата-анадан сойы бөлек,
Туған жер дегенде асқақ ойы бөлек.
Тұлғасы тау секілді кесек бітім,
Көзі – шоқ, жүрегі –от, бойы бөлек.

Сұстанса ақырады арыстанша,
Жау шошыр ұсқынынан алысқанша!
Маната* қиясынан күркіресе,
Отпанға* жаңғырығар дауыс қанша!

Ұқсамас жол ортада шалдуарға,
Жаралған Намыс пенен Ар қуарға –
Аршылан, артық туған Сүйекемді –
Теңепті Абыл ақын Қарқуарға!

Қарқуар –аң төресі, һәм, түз бөрісі,
Кім білсін, суын айғыр, су перісі?!
Кім білсін, самұрық па алтын қанат,
Тарпаң ба Тайбурылдай сырт келісі.

Тегінде бұл Адайда батыр көп-ті,
Тебінген асау тұлпар, асыл текті.
Түскенде ел басына қауіп-қатер,
Қас-жауын жекпе-жекте шауып кетер,

Алмастай жарқылдаған жасын көп-ті.

Жалқы емес, жалпы елдің көзайымы,
Батырды мадақтаудың жоқ айыбы.
Сүйеніш, пана болған байтағына -
Сүйекең – Маңғыстаудың қожайыны.

Емес Ол барымташы жол торыған,
Есіл Ер өле-өлгенше Ел қорыған.
Сезілер Сүйекеңнің Өшпес Рухы –
Үстірт пен Бозашының жондарынан.

х х х
...Суық күз. Бұлт көмкерген сұр аспанды,
Хауыс* кеп ақырапқа* ұласқан-ды.

Сүйінқара ауылы ойға құлап,
Тапқан-ды жаға бойлық туысқанды.

Керел* мен Бозашыны* жайлаған ел,
Ежелден еркіндікті ойлаған ел.
Жеменей, Жары, Қосай, Қаратоқай*,
Бойына бес қаруын сайлаған ел.

Қарсы алып қарқуардай Ер Сүйінді,
Ерлігі, билігіне ел сүйінді.
Орыспен, Хиуамен тең тұрғылы –
Көргесін көсемдігін ел сиынды.

Батырға әулиелік қонған еді,
Қиядан қияндарды шолған еді.
Жүрсе де қай шетінде боз даланың
Халқына қалқан еді, қорған еді.

...Жау шапты...
бір күндері хабар жетті,
Зар заман...
Ер басына зауал кепті.

Жоғында Сүйінқара аулын шауып,
Хиуаның үш мың қолы қаһар төкті.

Қапыда қалды батыр бармақ шайнап,
Ерлері ес жия алмай қалған жайрап.
Қылыдан* тағалы атпен теңізге өтті,
Шегініп, шамырқанып, кегі қайнап.

Өлтіріп Кежі інісін қанішерлер,
Олар да шеттерінен жаны сірлер,
Ат басын Қаламқастан кері бұрды,
Баскесер, қарақшылар, тағы-дүрлер.

Өш алу –Хиуаның көксегені,
Адайдың батырлар ғой бек сенері.
...Сегіз жүз әскер жиып Сүйінқара,
Қас-жауын орта жолда өкшеледі...

Ерлерге не тәйірі жол салмағы,
Ерекше ауыр Намыс, Ар салмағы.
«Жан әке, абай бол!» - деп жан ұшырды,
Қос қызы –Айсалқам мен Жансалқамы.

«Кеткенде қос өрімің жау қолында,
Басыңнан бақ-дәулетің ауғаны ма?!
Иелік ете алмасаң аумағыңа,
Не қайыр батыр болып туғаныңа?!!»

Кектене, күйіп кетті Сүйінқара,
Аруақ қонған сұсты күйін қара!
...Қасында Құлбарақ бар Қаратоқай*,
Тиді кеп қақ ортадан құйындата!..

Ұрандап айбалтамен ұрыс салды,
Аз қолмен жарты жауын қырып салды...
Үдере қашты дерсің үріккен жау,
Тарылып ту өлкеде тыныстары...

Құлбарақ – серттескен дос бақұл болды,
Сарбаздар дұшпаннан кек алып өлді.
Беріштен он жеті ер шейіт болып,
Адайдан көзсіз ерлер мерт болып,

Көз жұмды Бүркіталы*, Сатыбалды*.

Ерлікпен қаза болған қапияда-
Қос ұлдың жан жарасы жазыла ма?!
Тағдырдың тақсіреті төнгендей ме,
Сүйекең сүйеу болған жанұяға?

Ортаға түскендей боп шаңырағы,
Ит ұлып, қорада қой маңырады.
Кісінеп жылқы, түйе бошалады,
Азалап бүкіл аймақ, атырабы!..

...Сүйекең есін қайта жиып алған,
Түнеріп, қас-қабағын түйіп алған.
«Маңғыстау, о киелім, дей береді,
Мен үшін сен боларсың биік арман.

Қайғылы көңілімді күйретпеспін,
Ешкімге бұл даланы илетпеспін.
Жер басып жұрсем егер кек қайырып,
Жат жұртқа Маңғыстауды билетпеспін!»!

Ездікке мойны бостар алдырады,
Көрсе өлім, күйреп басы қаңғырады.

Ал Сүйінқара батыр, дара батыр-
Ұрпаққа ерлік дәстүр қалдырады,
Дабысы кең далада жаңғырады!

Бұл дәстүр -өз жеріңе иелігің,
Ел қорғау – ежелден де киелі ұғым.
Асылдығын сездім мен, ағайындар,
Сүйінқара батырдың сүйегінің!

Туған халқы тұғырлы сүйеді ұлын!

*Сүйінқара – ХҮІІІ-ХІХ ғ.-да Маңғыстау өңірін Ресей империясы мен Хиуа хандығының езгісіне бермеген, отарлаушылыққа көнбеген ірі қолбасшы, дипломат, сұңғыла саясаткер, азулы батыр. *Шотан – ХҮІІ-ХҮІІІ ғ.-да Әбілхайыр ханның бас сардары(Кіші жүзге) атанып, қалмақпен қырқысқан, одан кейін Қазақ мемлекетінің Адай ұлысын байырғы ата-баба мекені Маңғыстауға бастап келген даңқты қолбасшыбаһадүр. *Маната,Отпан* - соғыс жағдайында ұран отын жағып, белгі беретін бірі Маңғыстаудың қараойындағы, екіншісі Үстірттегі биік шың-шоқылар. *Хауыс(қазан), ақырап(желтоқсан) – ескіше ай аттары. *Керел, Бозашы – жер атаулары. *Жеменей,Жары, Қосай, Қаратоқай-ру аттары. *Қылы - Қаламқастағы тұщы теңіз бен кезіндегі ащы теңіздің(кейін сорға айналып кеткен) ортасындағы қылдай жер. *Айсалқам, Жансалқам – Сүйінқараның қыздары. *Бүркіталы, Сатыбалды – Сүйінқараның ұлдары. *Құлбарақ – Маңғыстауды Адаймен бірге қоныстанған Қаратоқай Беріштің атақты әулие-батыры.

Перзенттік парыз
немесе анамды жоқтау
Асыл анамыз Дарайы Ұлықпанқызының рухына
-------------------------------------------------------------

Жүректі басып қайғы-мұң,
Тұтылып туды Ай-Күнім.
Сөнгендей болды Жұлдызым,
Сарқылған сынды байлығым.

Таусылған сынды базарым,
Кернейді бойды аза-мұң.
Анашым еді ардағым,
Анашым еді ажарым.

Орыны толмас қазаның.

Тоғыз ай, он күн көтерген,
Өмірге бізді әкелген,
Асыл бір туған Анаға
Парызы кімнің өтелген?

Көкірек қалай шерленбес,
Жанарға қалай сел келмес?
Айрылдық біз де ақыры
Анадан жанға теңгермес.

Бесікке бөлеп тербеткен,
Есті бір ұлан, ерке еткен,
Түн ұйқысын сан бөлген,
Қиналған кезде дем берген,

Табылмас тұлға жер-көктен,
Жан-жылуын шипа еткен,
Жақсылыққа үйреткен –
Анадан асыл айрылып,

Жан қиналып, күй кеткен,
Тірлігім тартты көңілсіз,
Өксікке толды өмір-күз,
Анасыз ғұмыр кешудің

Өзі де мүлде мәнісіз.
Сыймай да кетем жерге мен,
Сезімім босаң пенде ме ем,
Елестеп есіл анашым,

Селкілдеп жылап шерленем,
Көзімнің жасын тыймаймын,
Қимаймын тіптен, қимаймын.
Жалған бір істей сұм ажал

Санама менің сыймайтын.
Қолдаса Алла, бір Құдай,
Құдірет қонып шіркін-ай,
Мәңгілік өмір сыйлайтын:

Анама бақты орнатып,
Анама тақты орнатып,
Көтеріп көкке жүрер ем,
Басыма қонып зор бақыт.

Болды ғой бәрі арманым,
Тағдырым салды салмағын.
Мойынға ауыр жүк артып,
Заулайды дүние-жалғаның.

Еркелік күндер тиылды,
Өмірден түйдік түйінді.
Ендігі қалған тірлікте
Анасыз пәни бұйырды.

Жоғалып жылу-тірегің,
Жұлқиды үзіп жүрегің.
Жиілеп елес беретін –
Іздейсің отты реңін.

Жан еді неткен алаулы,
Жан еді неткен аяулы.
Кешегі дана қалпында
Елестер жүзбен ояулы.

Боламын оны көргендей,
Жаныма Ол таяп келгендей.
Астында аты арғымақ,
Болады аян бергендей.

Жүзінде байып, мықтылық,
Тұрғандай бәрін ұқтырып,
Жасымаң дейтін секілді
Келсе де көзге шық тұнып.

Өр пішінменен анам-нар:
«Қош болың, дердей, балам ал...»
Үстінде зерлі киімі,
Басында аппақ орамал.

Еңсесі мүлде түспеген
Анашым сондай күшті екен.
Баласын әлі қорғаштап,
Жүрген бір кие-құс па екен?

Бойыма мәрттік құяды,
Рухым қайта оянды!
Тұрғандай демеп анашым,
Тіршілік кеш деп баянды!

Іс қылса Тәңір нетемін,
Артына тәуба етемін.
Анашымның ақ сүтін
Ақ адал ғып өтермін.

Адалдық жолын ұстармын,
Адамдық жолын ұстармын.
Әуелден өзім жақсылық
Жасауға жұртқа құштармын.

Кіршіксіз менің пейілім,
Анамнан алған мейірім.
Ата-анамның арқасы –
Алшаңдаған сейілім.

Қалыппыз енді анасыз,
Үш бұтақ – үш ұл баламыз.
Тамырымыз таралып,
Жапырақ жайып барамыз.

Бұл өмірдің парқындай,
Бір рулы елдің рухындай
Бар ғой тірек-панамыз:
Қилы ғұмыр өткерген,

Бәрі-бәрін көп-көрген –
Ел сыйлаған әкеміз
Қанша құса шеккенмен,
Сабыр етіп шектелген,

Көздің жасын көрсетпей,
Көмейіне кептелген.
Ауыр боп тұр бұл қаза
Соғыстағы шептерден,

Тар жол, тайғақ өткелден.
Алпыс жылдай отасқан,
Татулығы жарасқан,
Жұбайынан ажырар

Жан күйзелер шақ келген.
Бөліп тұр ғой жол-ағыс,
Тағдыр осы опасыз.
Маңдайыңа жазылған

Тірлік дәмін татасыз.
Болса Алланың пәрмені,
Пенденің жоқ дәрмені,
Бір құдайдың ісі ғой

Қанша ғұмыр сүрмегі.
Жаратылыс заңы ғой
Қарт кісінің өлмегі,
Деп айтады әкеміз

Көргені көп, көргені.
Күйзелгенмен өзі де,
Басу айтқан сөзі ме,
Көңіл, шіркін, босайды

Көзім түссе көзіне.
Тұрғанымен амал не,
Ет-бауыры езіле,
Сезімімді іркемін

Уақыт-зілін сезіне...
Қош бол, дейміз анажан,
Тумысынан балажан.
Сеніміңді ақтармыз

Бізді азамат санаған.
Өсиетің, ақылың
Бойымызға тараған.
Өзің туған ақының

Өлең-кірпіш қалаған.
Менің екі бауырым
Дара тұлпар жараған.
Тату-тәтті тұрармыз

Қыл өтпейтін арадан.
Бопса тірлік кешпеспіз
Бас қамымен қарақан.
Елдің қамын ойлармыз,

Жердің қамын ойлармыз
Мирас қоныс бабадан.
Сан асуды өтерміз,
Биіктерге жетерміз

Қалып қоймай қарадан.
Рухымыз өшпейді
Өзімізге бекембіз.
Артының болып қайыры,

Сырқатынан айығып,
Аман жүргей әкеміз.
Жан едіңіз әуелден
Екеуіңіз тел-егіз.

Шайқатылып кеткенмен,
Түзу жүзгей кемеміз.
Мынау өмір – көк теңіз,
Сүйеу - Әке, Ағкеміз.

Бала-келін, немере,
Ағалар мен жеңгеміз,
Апалар мен жездеміз.
Тумаластар қаншама,

Ел боламыз біршама.
Бір кісідей жиылған
Мың рахмет баршаға.
Нағашылар, жиендер,

Құда-жекжат, күйеулер,
Бажалар мен бөлелер,
Тілекші дос-жарандар –
Мықты тұғыр-тіреулер...

Өмір болмас қазасыз,
Кім тартпаған азабын?
Аман болың бәрің де,
Айналайын, қазағым!

Жан болғасын мазасыз,
Біз, ақындар, жазамыз.
Анамызға арналды
Ащы зарлы азамыз.

Жайлы болғай тұрағы,
Бақи-дүние жұмағы.
Ұлан-ұрпағы артында –
Сөнбейтұғын шырағы!

Орындалды дер едім
Арманы мен мұраты!
Қалды мәңгі жүректе
Нұрлы бейне, ұлы аты!

Бұ дүниеде жан болдық
Жоғалған ең қымбаты.
Соңғы тілек: бұйырғай
О дүниенің жәннаты.

Аман болғай ләйім
Артындағы зәузаты...

Осыменен тынайын,
Сақта өзің, Құдайым!

Сүйінғара сыбағасы
Әбілхайыр Спанға
--------------------------
Дұшпанын сүре қуған атойлатып,

Астында асау айғыр ат ойнатып,
Жүрегі түкті болып жаралған ғой,
Адуын, арда мінез Адай халық.

Алғанда жау жағадан, бөрі етектен,
Бабалар желеп,жебеп,демеп өткен.,
Адайдың аруағы үстем шығып,
Нешебір найзаласса кереметпен.

Сескеніп есіл ерлер қайратынан,
Үркіпті жат жерліктер айбатынан.
Жауларын жапыратын тулақ етіп,
Адайлар жаралған ғой жай отынан.

Бұл өлке ұлылықтан нәр алыпты,
Әкеліп өмірге сан нар, алыпты.
Көктәңір, Көкбөрінің пәрменімен-
Адайлар алтын нұрдан жаралыпты.

Жеті жұрт келіп-кеткен кие мекен,
Адайға болған жалғыз ие мекен.
Маңғыстау –үш жүз алпыс әулиелі –

Тентекті, тектілерді сүйеді екен.

Кең дала, көк теңізді енші еткен,
Еліне мәңгілікке меншік еткен.
Адайдың баласының қансызы жоқ,
Шетінен ақкөз, өжет,өршіл,өктем.

Ерлерім ту өлкені бағындырған,
Дұшпанын қарсы келген қағындырған.
Алаштың бағы үшін жаралған ғой-
Пір Бекет – ұлылыққа табындырған.

Адайға Жаппар Алла бәрін берген,
Ер бол деп еңсең түспес әмір берген.
Ту тігіп Маңғыстауға Атағозы,
Ер Шотан, Есекмерген, Тәңірберген.

Ер Қармыс,Ер Төлеп пен Ер Қонайым,
Балуанияз,Лабақ,Досан, Ер Шабайым.
Құлбарақ - Қаратоқай Есболайдан,
Қалғаны – жүрек жұтқан бәрі Адайым.

Тұрмамбет, Балуанияз, Қожагелді,
Бұлар да жаудың көрін қаза келді.
Бермеген Маңғыстауды бөтен жұртқа-
Адайға борышты ма Қазақ Елі?!

Жо-жо-жоқ, артық айту айып болар,
Ақында даналық пен байып болар.
Адайдың артық туған қасиетін –
Кез келді қазағыма жайып болар.

Алашқа аты шыққан дара дүрлер,
Адайда - арыстандай баһадүрлер.
Айылын жиып кейін аттаныпты,
Аяғы тиген мұнда жаһангерлер.

Ерлердің бәрін бірдей санамайын,
Сұрыптап, сүзгілейін, саралайын.
Еліне екі ғасыр қорған болған -
Сүйінқара бабаны даралайын.

Ол барда кеңге жайып ел қанатын,
Сәні мен жарастырған салтанатын.

Ешкімнің көнбейтұғын езгісіне,
Сүйінқара - нағыз қаранар болатын.

Жаралып тумысынан өзі текті,
Тентектеу ел-жұртына сөзі де өтті.
Алмағайып осынау дүниеде-
Текетірес майданға көзі жетті.

Хиуаға мәңгілік кегі кетті,
Қапияда інісі Кежі кетті.
Қос ұлынан айрылып қиналса да,
Қасіретке Елі үшін төзім етті.

Күйттемей күйбең менен қара басын,
Қорғады Ол маң даланың шекарасын.
Маңғыстау топырағын басқан жаттан –
Алыпты «Сүйінғара сыбағасын».

Бермесе, тартып алар тепкісімен,
Жаулары шошынды оның екпінінен.
Аумайды ол елге пана- асқар шыңнан,
Халқына қалқан болған ерлігімен.

Талатпай туған жерден тулақтайын,
Жүрген ол тым ірілеу турап дәйім.
Ақыл менен жүгініп Ар, Намысқа,
Маңғыстауы болған ғой қымбат дәйім.

Ұнасын , базбіреуге ұнамасын,
Қасиеттеп ұстаған қыр-даласын,
Сүйінқара- бабаның дәстүрімен –
Қазақтың қастерлейік сыбағасын!

Каспий трагедиясы
Поэма

Дәуірлер дүппуінен аман келген,
Қарт Каспий , не құқайға шамаң келген,
Бұл күнде жер астынан жік шыққандай
Басыңа алабөтен зауал келген.

Мен бүгін ойлап едім өткеніңді,
Көрмеп ем мұндай қайғы шеккеніңді,
Жерорта, Азов , Каспий, Қара теңіз-
Тарихтың тылсымынан жеткеніңді: .

Білем мен, бәрі-бәрін білемін мен,
Сүйемін сені жаным, жүрегіммен.
Тетистей ніл-мұхиттан ажыраған,
Қарт Каспий, төрт теңіздің бірі едің сен.

Мен сені анам деймін, бабам деймін,
Сен маған елестейсің адам кейпің.
Жеті атам көк теңіздің төсінде өткен,
Күн кешіп әкем менен маған дейін.

Ағайын, айтатұғын анық шыным,
Мен деген баласымын балықшының.
Қаламқас, Қаражамбас – атамекен,
Тереңге бүгіп жатқан тарих сырын.

Астында шұбар аты асау келген,
Есболай, Итемген бай қасына ерген.
Қаумалап жан-жағынан Жарылары-
Ел бастап Маңғыстауға Шотан келген.

Мекендеп содан Керел, Жандауырды,
Жерсінткен өңшең өжет – жан бауырды.
Ел қорғап, жерін,суын, нуын қорғап,
Өткізген ата-бабам сан дәуірді.

Болса да қанша жаулық жат арнадан,
Қонысын ата-бабам сата алмаған.
Кешегі қысса-дағы кеңес заман,
Үдеріп бәрі бірге кете алмаған.

Еске алсам әрідегі Сақ заманын,
Тұлғаммен Томиристей мақтанамын.
Бөктіріп қанға басын Кир патшаның,
Дұшпаннан елі-жұртын сақтағанын.

Ешқашан от-намысын күйретпеген,,
Ешкімге ен даласын илетпеген.
Ен тағып айдынына Кас-пи деген,
Ешкімге сақтан басқа билетпеген.

Каспий бұл – қазақ деген, сақ деген ғой,
Дайларсыз мұнда дәурен өтпеген ғой.
«Маңғыстау –сонадайдан тозаңытқан»-

Қазақтың маңдайына бақ мекен ғой.

Бұл мекен , беу ағайын, ұлы мекен,
Әулие-әруақтар күңіренген.
Асау айдын асардай арнасынан,
Күркіреген күнімен, түніменен.

Сол көк айдын тап болып талайына,
Қайғы шөкті көңілдің сарайына.
Қарт Каспийге анталап қол салғаны,-
Қанжар сұғып жатқандай Адайыма!

Біреулердің қанғандай шын құмары,
Ал қарт Каспий шыдауда,шіркін әлі.
Өктемдікке төзбейтін өршіл теңіз
Бір күндері бұлқынып, жұлқынары,

Мәлім маған, ей қазақ, мәлім маған,
Басып жүрген қара жер бәрің де адам.
Бағың болған көк теңіз сорың болар,
Байлам осы ескертер ақын саған.

Керек емес маған еш шетелің де,
Олар үшін озбырлық не тегінде!
Теңізімнен айрылып қалған күні,
Бұл өмірден зарлаумен өтемін бе?!

Иеленіп кірмелер төрді бүгін,
Қарт Каспиім өгейлік көрді бүгін.
Әулиелер сілкініп ұйқысынан,
Естір Тәңір теңіздің шерлі үнін.

Теңізім толғанады, толғатады,
Ұрпағына ұлысты тіл қатады.
Өнебойын у кеулеп, өзегіне
Қара майды құйғаны тым батады.

Сұмдық осы болмаған бұрын әлі,
Сумаңдаған суық қол ұрынады.
Бауырынан өрбіген баласындай –
Балықтары мың-мыңдап қырылады.

Таусылғандай сан ғасыр-ғұмыр әні,
Жан-жүрегі үзіліп, жұлынады...

Арал сынды тәлкекке салмақ үшін
Әлдекімдер , ашкөздер құнығады.

Аралыңнан айрылған қазақ едің,
Тағдырыңда аз болмас жазаң сенің.
Әбден ашқан аранын Каспий үшін
Көлденең көк аттыға мазақ едің.

Айта алмаймын дәл бүгін алғыс саған,
Ақылына жүгінер намысты адам.
Ата-бабам кешірер мына мені,
Айтар болсам дәл бүгін қарғыс саған,

Ауызыма алайда болам ие,
Безертесің ұлыңды ,беу, дүние!
Кезертесің ернімді теңізімдей,
Мейірімге шөлдеген ұлы кие!

Мен теңіздің төлі едім, тасынатын,
Қайдан туды , апырай, басыма күн?
Қарт Каспийге қатерлі төнді қауіп,
Ей, адамзат, қалай мен жасырамын?!

Табиғатты аялап, аясақ шын,
Болмайық та құрбаны саясаттың.
Мөлдірлігін жоймаған баба Каспий-
Қазақ үшін тұғыры Болашақтың!

Ағалар, тізгінді тарт, абайлағын,
Еліміздің ертеңін көп ойлағын.
Карт Каспиім аман боп тұрса ғана,
Бере бермек мол ырыс Құдайларың.

Ал егер адамдайын арандаған,
Ашкөздікке жол берсек жалаңдаған,
Өзгелерге теңізді тарту етіп,
Тірлік кешсек бейшара, амалдаған,

Ел боламыз ертеңі, айдыны жоқ,
Айдыны жоқ елдердің айбыны жоқ,
Айдыны өлген елдердің қайғысы көп,
Қайғысы көп елдердің байғұсы көп.

Сән түземей аққулар бола ма айдын,

Шаңқылдамай шағала тола ма айдын?
Қызыл балық, ит балық, қара балық,
Құрбаны боп кетпегей қара майдың!

Беу, ағайын, жаны үйлес теңізбенен,
Мен – балықпын, теңізбен егіз денем.
Шыбын жаным шырқырап, шырылдаймын,
Айдыныма амандық жол іздеген.

Қасиет бар туған жер әр тасында,
Қасиет бар көк теңіз арнасында.
Ойып орнын алып тұр қалай ғана,
Қазақстан әлемнің картасында?!

Бұғалыққа көнбеген баба далам,
Даралықтан жаралған дана далам.
Саған бақыт тілеймін қарт Каспийден,
Саған бақыт тілеймін Жер-Анадан!

Бір-ақ тілек тілеймін Нұр-ағадан,
(Құқым болса сұрардай бірақ одан):
Қорғап өткен қанымен батыр Бабам -
Біз айрылып қалмайық мұралардан!

Жер мен ел
Публицистикалық поэма

Қамы үшін күңіренсем халқымның,
Қапастан да келмес менің тартынғым.
Қасиетті қара жері қазақтың,
Намысыңды қорғауға мен талпындым.

Қазақ жері!
Дабысы еді даңқымның,
Елдік дәстүр, ерлік дәстүр, салтымның!
Қожайын боп көлденең көк аттылар,

Шамырқандым шар болаттай, шарқ ұрдым.

Бұл өмірдің терең бойлар парқын кім,
Қадірі жоқ қолда барда алтынның.
Кен байлығым – ел байлығым тәрк боп,
Құрсауында кетпеу керек әркімнің!

Далам үшін бабаларым қан кешті,

Жорықтар мен соғыстарды сан кешті.
Тулақтай жер бермеу үшін дұшпанға,
Шеттерінен болған батыр, жанкешті.

Қаны, жаны, ары менен намысы,
Бәрі ел үшін, пай, қазақтың арысы!
Ұлан-байтақ жазираны бөктеріп,
Кең әлемге болған жария дабысы!

Елдігің мен ерлік жолың, санатың,
Кеңдігімен өлшенеді даланың!
Ұлы дала – хас батырлық өлшемі,
Ұлы дала – кеңге жайған қанатың.

Бабаларым қорғап суық қолдардан,
Аман алып өткен қилы жолдардан.
Қытай, қырғыз, орыс, татар, қалмақ, сарт,
Түркмен, парсы, дүнген, башқұрт, жоңғардан!

Заманында болған талай жер талас,
Қауіп-қатер бірге жүріп кешті Алаш.
Замандардан заман ауған кезінде,
Сол жер үшін болған қырғын, жанталас.

Ал, қанеки, кім-кіміңнен мықты екен,
Кім сенімді ақтап өзі шықты екен?
Қазақ жері – рухындай қазақтың,
Қазақ үшін қасиетті құт мекен!

Жерді ойласам, елді ойлаймын, елімді,
Елді ойласам, буам бекем белімді.
Егемендік алғанменен, ағайын,
Көлеңке көп түсіретін көңілді.

Иеленіп жер-қазына-кенімді,
Иеленіп отырмын ба төрімді?!
Мына заман түлкі болып бұлғаңдап,
Қырғи салған бөрідей боп көрінді.

Көз алдымда далам жатыр дөңбекшіп,
Көз алдымда анам жатыр дөңбекшіп.
Сан ғасырлар нәрін беріп өсірген –
Баба-дала панам жатыр дөңбекшіп.

Кеуде керіп кете алмаймын мақтанып,
Сыртқы келбет-сұлулыққа сұқтанып.
Жер байлығы – елге ырзық болғанда,
Халқым есін жияр еді құт дарып.

Мен қорқамын, жерді жұтқан обырдан,
Ат төбелі секілді аз тобырдан.
Қазақ жері кез-келгенге сатылып,
Сезіп отыр оны қари-соқыр жан.

Кеніштерім –менікі емес , оныкі,
Кеніштерім елдікі емес, сенікі.
Кәсіпорын, фабрика, зауыттар,
Жемқорлардың жетегінде кәнігі.

Кең даланың шығып жатса тозығы,
Ол ел жұрттың бола алмайды озығы.
Қазақ жері қор болмасын өзгеге,
Қазақ жері!

Қазақ - оның қазығы!

Қазақ десе, жерім десем, сілкінем,
Ғапу еткін, қатты кетсем мүмкін Ел!
Көз алдыма келер менің Көкбөрі,
Көк сүңгімен «аттандаған» түркілер!

Көз алдыма елестетсем өткенді,
Жадымызда жаңғырады көп белгі.
Кең сахара, саумал ауа, құлагер,
Көп ойлаймын көлбең сағым, көк белді.

Заманға асық ел ырысын төкпейтін,
Заманға асық бүкіл ел боп көктейтін,
Ақын деген арда туған халық қой,
Ақын сөзін хан-патша да сөкпейтін.

Менің елім – Болашаққа көз тігер,
Есіл Ерім Елі үшін сөз тігер!
Егемендік еншісінен айрылмай,
Халқым менің , шын елдігін сездірер!

Аталардан аманат қой Ел үшін,
Басты байлық – күреселік Жер үшін!
Жеріміздің Елім татып жемісін,
Туған елдің біз тойлайық Жеңісін!

х х х
Деді бірде сырттан келген мейманым:
«Жерің бар ма Маңғыстауда ей, Ғалым!»
. ..Жеті атамның жатқан өлең-төсегі,

Қайран менің о, киелі аймағым!
Өзің жайлы тебірене ойладым.

Баба-далам, қасиетіне бас идірген,
Барша жұртты сүйіндірген, сүйдірген.
Ел қорғаудың, жер қорғаудың үлгісін -
Ұлағаттап, көңілге ой түйдірген.

Бір төлің ем өрген ана-төсіңнен,
Жыр төлің ем сәйгүлікше көсілген,
Атойлаумен Ар мен Намыс алдында,
Белді буып, шекпенімді шешінгем.

Қазақ десе күйіп кетер ұл едім,
Қазақ десе жанып кетер ұл едім,
Қазақ десе қаным қайнап , қайралып,
Қазақ десе , отқа оранып жүретін,

Жалаң төс ем жалын атқан жүрегім!

Маңғыстауым –байтақ әлем, шалқарым,
Тұяғынан тас ұшатын тарпаңым,
Сенің түспей талан менен таражға,
Тарихтарға жол тартуың –арманым.

Беу дүние , сенде кеткен ақым бар,
Бабасынан РУХ алар ақын бар.
Маңғыстаудың ұланғайыр даласын-
Меншіктеуге түгелімен хақым бар!

Мейманыма меңзегенмін осыны,
Сәл бір бәсең тартқан сынды дос үні.
Деді тағы: «Жер соныкі болды ғой,
Алшысынан түссе кімнің асығы!»

О, жасай бер, дедім сонда байтағым,
Ақының жоқ райынан қайтатын,
Жер халыққа бұйырмаса тегінде,
Үш жүз алпыс Әулиеге айтамын.

Туғаным жоқ тумысымнан қағынып,
Тұрғаным жоқ Тәңіріге шағынып,
Тұрғаным ғой ақиқатқа бағынып,
Әкімдерді әділ сотқа шақырып!

Ұлылар достығы
Мұхтар Құл-Мұхаммедке
---------------------------------
Қазақстан

Республикасының
тұңғыш
Президенті

Нұрсұлтан Назарбаев бүкілхалықтық референдумнан кейін қайта сайланған соң өткізілген той дастарханында лебіз білдіруге сөз сұрап алған белгілі азамат, республикалық «Атамұра» баспа-корпорациясының президенті Мұхтар ҚұлМұхаммед пәтуалы әңгімемен жиналған зиялы қауымның назарын аударады. Мәселенің түп төркіні – Ел ағаларының, соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев пен айтулы тұлға Әбіш Кекілбаевтың терең достығының арқауында.

Келіп ед бағы байланып,
Жасанды көңіл жайланып.
Халқымның асты мерейі,
Қазақтың Ханы сайланып.

Ұлан-той осы ғажап күн
Телегей-теңіз сөз ақты...
Көтеріп көкке көк Тәңір,
Қолдады дейсің қазақты!

Бұл Қазақ кімнен сор болған,
Заманында зор болған.
Оралды жаңа дәуірге,
Неше бір өтіп жолдардан.

Ғасырлар өтті тайғақты,
Батырлар өтті айбатты.
Кешегі нәубет кезеңде
Кетті ғой қалқып қаймақты.

Кетті ғой небір тарландар,
Арыстандар мен арландар,
Азаттық үшін алсып,
Ажалға қарсы барғандар,

Үзілген есіл армандар.

Осылай халқым күйрген,
Іштен бір ыза түйнеген.

Жарқырап таңым қайта атып,
Тәуелсіздікке сүйреген.

Тұра бір елді Нарларым,
Тұлпар бір тектес Тарпаңым.
Он жеті миллион халыққа
Сайланып шыққан бар Ханым!

Ерекше туған Елбасым,
Жарқылдап тұрған Алмасым.
Елінің болып қорғаны,
Ертеңге бұрды көш басын.

Кеудесі жақұт –Нұр екен,
Келісті туған Ұл екен.
Елімен бірге жасаған,
Елімен бірге түлеген,

Көреген, Көсем, Ұлы екен!

Азуын айға білеген,
Жер менен Көкті тіреген,
Патшадай даңқы болса да,
Бекет- әулиеге түнеген,

Тәубешіл пенде бірі екен.

Бұйыртқан Тәңір бағына,
Отырды келіп тағына.
Салтанат- сәннің үстінде
Айтылды тілек ағыла...

Ақталған сынды зор арман,
Ашылды сара жол алдан,
Арналды ханға асыл сөз,
Ақ киізге оранған.

Сөздің де бар ғой үстемі,
Сауық бір қызған тұс па ед,
Сұрады сөзді жас жігіт,
Толқуды басып іштегі.

-Айтып көр, қане,-деді хан,
Қозғалып жәйлап тағынан.
Жиналған небір жақсылар,
Айнала оның маңынан,

Шетінен сырбаз, дені паң.

Сөйледі сонда жас берен,
Озық бір оймен өскелең:
-Ұлылар ұлы болмай ма,
Жанында серік, доспенен!

Жүргенге жалғыз қайғы бар,
Жалғыздың таңы айрылар.
Бағы бар елдің Ханының
Жанында Жайсаң сай тұрар!

Бұл жерде бар-ау айтарым,
Бөлек бір жайды байқадым.
Туған ғой Ол да ел бағына,
Таусылмас шексіз қайнарым.

Дара бір туған данамыз,
Ағамыз біздің бар Абыз.
Өнбойы тұнған ұлылық,
Бейнебір дария, даламыз.

Айбатты ер десең, айбатты ер,
Саясаткер десең, саясаткер,
Қайраткер десең, қайраткер,
Көреген десең, көреген,

Суреткер десең, суреткер...

Қияға ол талай өрледі,
Мансапқа жетті, терледі.
Төмен бір түссе қызметтен,
Ұсаққа көңіл бөлмеді.

Тоң-торыстықты сүймеді,
Сабырмен өзін биледі.
Тонын да ашу үстінде
Айналтып теріс кимеді.

Жоймады Сізбен достығын,
Қазаққа достық – басты ұғым.
Жарасып екі Ұлы Адам,
Көрсете берсе бастығын.

Сол болар соқпақ үлгілі,

Халықтың бастау-бірлігі.
Жақсылар жүрсе жарасып,
Жұртына түгел қарасып,
Жаман да болмас тірлігі.

Жанарда, Аға, тұр ағын,
Келгендей болды-ау жылағым.
Арманшыл қазақ халқының
Артуы үшін даңқының,

Қосарлап шабың, Пырағым!

Достықтарың үндессін,
Иықтасып күн кешкін.
Алынып асқар асулар,
Көшке ұлы халқым ілессін.

Татулық болсын елімде,
Бейбіт күн болсын жерімде.
Қос Қыраным, қалықта,
Елді бастап көгімде!..

Жігіт сөзі еркін-ді,
Берді білем серпінді,
Ел билеген ағалар
Ұғынысып желпінді!..

Тереңдерге бойлаған,
Есті жігіт сайраған,
Ерек туған жан еді,
Ол да Ел қамын ойлаған.

24.06.1998 .

Түсімдегі тұлпарлар...
Түс көрдім...
Таңға салым...
алабөтен,

Жазира,кең бір жазық алап екен.
О,ғажап,сізге өтірік,өзіме шын,
Күй кешіп құдіретті барады екем.
Керемет сөз жетпестей сезімдемін,

Қауышып тұрғандаймын даламенен.

Көрінген сонадайдан қыр басынан

Күш алдым Шотан,Досан тұлғасынан.
Абылдың асқақ жыры тербегендей
Қауымның табылыппын дәл қасынан.

Үшеуі асқақтайды сонадайдан,
Жүргені-ау кетпей әлі олар ойдан.
Адайдың атышулы арыстары
Жүр екен не дәметіп балақайдан.

О,менің бабаларым сүйенетін,
Түсіме күмбез тамдар жиі енетін.
Сый етіп жіберіпті қазанатын –
Қолдаушы қайда жүрсем киелерім.

Тұлпардың тоқтасам ба сипатына,
Тең келер жануар жоқ тұйнағына.
Асауым асыл текті ойнақтайды,
Жалт етіп көзін қадап жан-жағына.

Тұрқына көзің салсаң таңқалардай,
Тамсантып есіңді алып арбағандай.
Аттаса алты айшылық жолды алып,
Қияға қыран құсап самғағандай.

Батырлар жырларында айтылатын
Адуын осы болар айғыр атың!
Есік пен төрдей келген кең кеудесі,
Жүрегі шамалының шайлығатын.

Көздері жалын болып жанатындай,
Түндегі жұлдыз болып ағатындай,
Керімсал кең даланың самалындай,
Баяғы батырлардың қанатындай.

Тұлпардың тұр екенмін тұсында мен,
Толғанған,алабұртқан пішінменен.
Жуастау тағы бірі бар секілді,
Аумаған жаратылыс,түсіменен.

Аумаған қазанаттан жөні бардай,
Оның да үстінде көп меңі бардай.
Алғашқы арғымақ ат атасы ма,
Екеуі бірін-бірі танығандай.

Артына қазанатым қарайлардай,
Па,шіркін,сергек мінез рай қандай!
Соңынан ерер серік жуас болмай,
Болғанын өр құлықты қалай ма Алла-ай!?

Бұл тұлпар тіл тиердей болмысынан,
Дүлдүл боп жаратылған тумысынан.
Айналдым қазанаттың алымдысы,
Айналдым арғымақтың жалдысынан.

О,пәлі,тіфә,тіфә,сақта құдай,
Қалайша жатам тыныш ақтарылмай.
Кеудеде оянады өжет рух,
Даланы дүбірлеткен сақтарымдай.

Біз деген ұрпағы едік батыр Дайдың,
Кезінде кең әлемге атым жайдым.
Астыма арғымақ ат мінгенімде,
Талайды тайсалдырып,тақымдаймын.

Түсімде сол киелі ат тұрды жақын,
Жүр дей ме биігінде бір қияның.
Жүйрік боп жетіп еді жампозыңа
Ұйытар ұранындай ұл ұяның.

Әлде бір мен қияли адам ба екем,
Білмеймін жақсы ма екем,жаман ба екем?
Түндердің ортасында оянамын
Тілдесе күңіреніп бабамменен.

Түсімде дүркін-дүркін аян берген
Қазанат тұлпар,бәлкім,анам ба екен?
Сол күні төл баласы оза шауып,
Жанына желеу берген,демеу берген.

Кім білсін,менің шалқар бай мекенім,
Самғатсын деді ме екен ой-дөненін.
Сезініп пырағымдай пәнидегі
Жұртыма жүрегімді сөйлетемін.

Ешкімнен артық-тасып кеткен емен,
Мен де бір ел қатарлы пенделерің.
Дауылды тұлпар-ғұмыр кешсем деген
Жатыр ғой іштей бұғып кеудедегі үн...

Алаштың арыстары
Текті қаннан жаралған тарпаң елім,
Тумысыңда адуын, арлан едің.
Тарихтың сан ғасырлық тарамында

Талмап едің, қияға самғап едің.

Демеймін кезің аз ба құлдыраған,
Талай мейлі кешсе де мұңды далам.
Сен бүгінге жетіпсің ғұрпың аман,
Сен бүгінге жетіпсің құлқың аман.

Халқым менің, түспеген еңселері,
Ер мінезді ерлер ғой ел сенері.
Көл-көсір боп көсілген байтақ жерім,
Бабамның қаныменен өлшенеді.

Бойларына дарытып асқан жігер,
Бағындырған даланы көшпенділер.
Тұтам жердің қадірін
Сол жер үшін

Қырғын шайқас дұшпанмен кешкен білер.

Сол жер үшін сертінде тұрысатын,
Алысқанмен алысып, жұлысатын.
Қайран біздің баһадүр бабалар-ай,
Даңқты еткен ұлты мен ұлыс атын.

Сендерді ойлап, өткенге үңілемін,
Дәстүрім бар жүгінер ұлы менің.
Батырлардың бағасын бағамдаймын,
Есі кеткен ездерден түңілемін.

Мен де «өлеңді жазбаймын ермек үшін»,
Ақиқаттың ашқылтым кермегі шын.
Рухына бас иіп жыр жазамын,
Басын тіккен өлімге ерлер үшін.

Заманының азулы арыстаны,
Ғапыл кеткен Алаштың арыстары!
Тәуелсіз Тұран үшін жанын қиған,
Алдаспандай жарқылдап намыстары!

Қазағын салсам деумен сара жолға,

Тіксем деп туын биік Алашорда!
Қияларға самғаған қырандар-ай,
Текті тұрпат тарпаңға жарасар да.

От жүрегін «елім!» деп алға ұсынып,
Мұстафа, Әлихан, Ахмет Байтұрсынов,
Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанбектер
Арқалады абырой арлы іс қылып!

Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Әуезовім,
Туған елге дарытқан жан азығын.
Зұлмат заман шарпылып жаласына,
Жапа шекті қара нар –бар асылым.

Маңғыстау да назардан қалыс қалмай,
Айрылдым неше саңлақ арыстардан.
ҚазЦИК-те төраға Жалау Мыңбай,
«Ақкөз Адай» атанған нағыз тарлан.

Тобанияз хан болған тұғырлым-ды,
Төлесін тұлпар тектес тұkымдым-ды.
Оразмағанбет,
Нұрсұлтан, Зұлқаш, Байбоз, Қойсары, Ержан –

Шейіт етті шетінен ғұмырлымды.

Ащы жас –көзімізде кермек қалды,
От-намыс бойымызды кернеп алды.
Алаштың артық туған асылдары –ай,
Артыңда өнегелі өрнек қалды.

Сол ерлікті жазсам деп дастан етіп,
Мен бүгін көк теңіздей тасқан едім.
Ұлтын сүйген ұл-қызды ұлықтай біл,
Көкбөріден күш алған асқақ елім!

От-намыс алауы
немесе
қаһарман қазақ жастары Маңғыстаулық ауылдас інім,
жалынды ер Аманжол Қортабаевпен сырласа отырып, барша

желтоқсаншы батыр бауырларыма арнадым.
Автор.
-----------------------------

Бодандықтан ноқта үзуді көксеген –
Бұғып іште жатушы еді шер-шемен.
Бір мезетте оянды да от-намыс,
Дейді жүрек, дүрсіл қағып «Өршелен!»

Бұл қазақты кім дейді өзге халайық,
Өзді-өзіңе билетпесе, ол – айып.
Жайлы орын неге бермек Колбинге,
Жиырма бес жыл атқа мінген Қонаев?!

Жиырма бес жыл тақта отырды Дін-ағаң,
Елі, жері өсіп-өнді дін-аман.
Көлденең көк атты келсе ал енді,
Қазақ туы болар әбден құлаған...

Отты намыс өнбойларын өртеген –
Жас түлектер шықты алаңға ертемен...
Бодандықтың бопсасына көбеске
Белді буып, арды қуып ерлеген.

Атойлайды көкіректен ыстық қан,
Асау мінез жарасып тұр жастыққа!
Орталықтың озбырлығын осындай
Қалай ғана баламасссың қастыққа?!

Баба дала күңіреніп кеткендей,
Қайсар қала ерлік жырын шерткендей.
Көше бойы теңселеді нөпірден-
Жымдасқанда алынбайтын шептердей.

Әулекінің өзгертпекке шешімін
Тербетті олар жаңартулар бесігін.
Қасаң қоғам жүрегіне қанжар сап,
Қаққан еді тәуелсіздік есігін,

Ел болуға ұмтылудың несі мін?!

Өктемдіктің қылпыл қағып қылышы,
Қазағымның өшірмекке тынысын,
Қазағымның өшірмекке өр үнін,
Тырысты әбден тәркілеуге ырысын.

Теңдік болмай, болмайды екен дос керім,
Төкті дейсің қас жауындай әскерін.
Қатыгездік құралына жүгініп,

Сезбейтіндей Ел Рухы өскенін.

Рух барда жеңілмейді өр халық,
Біле білсе, қазақ деген нар халық.
Жарық жұлдыз сеіклденген жастары-
Бабабалрдан қалған Намыс, Арға нық.

Бейбіт шеру ойламаған байыбын,
Әскерден де жияр емес айылын.
Ел намысы жолында олар айқасты,
Ертеңгі ұрпақ көреді деп қайырын.

Фашистердің ұсықыны бар келбетпен –
Қанды жауыз мұздай суды селдеткен.
Қалқан ұстап, сілтегенде сойылын,
Аумай-ақ тұр ата жауың – жендеттен.

Тағдырының аз көрмеген азабын,
Осы күндер ерек шықты қазағым!
Қақыратып ескі жүйе пердесін,
Күлге ұшырды қаскөйлердің мазағын!

Азап көрген, қуғын көрген жан қанша,
Қайрат сынды өтті өрендер арманда.
Алдаспандай жарқылдаған жастарым
Алысты ғой қасық қаны қалғанша.

Мың тоғыз жүз сексен алты...
үрейлі,
Жеңді қазақ аждаһадай дүлейді.
Бар әлемді дауылы оның шарпыған-

Соққан сайын май құйғандай үдейді.

Шынардайын шырқау өскен шыңдағы,
Жастарымның бөлек екен тұрпаты.
Құтқарған да құрсауынан құлдықтың-
Қазағымның қыздары мен ұлдары!

Осы жолда текті ұланым тер төкті,,
Осы жолда кекті ұланым қан төкті.
Бар әлемді көктей өтіп дабысы,
Тітіретті жаңғырығы жер-көкті.

Өлекседей іріп-шіріп денесі,

КСРО...-сөгілгендей көбесі.
Он бес елге егемендік әкеліп,
Жүзеді еркін бостандықтың кемесі.

Бостан ғұмыр бой балқытып, баурайды,
Қазақ Елі қаһарманнан аумайды!
Сексен алты!..
От-намыстың алауы-

Мәңгі сөнбес маздақ болып лаулайды!

Сол жастарды қай батырдан кем көрем,
Бәрін-бәрін жолбарысқа теңгерем .
Ердің бірі – маңғыстаулық Аманжол,
Қияларға қыран-құлаш сермеген.

Желтоқсанда түрдің сен де білекті,
Қырда туған жігіт едің жүректі.
Мәңгі маздақ ұшқынына айналып,
Серпігенсің жай отындай түнекті.

Тарихтарға кетер ме екен есімің,
(Сенен, бәлкім, сұрар Дәуір кешірім).
Сексен алты,
Желтоқсанда, бауырым,

Қақтың сен де Тәуелсіздік есігін,
Тербетсем деп туған елдің бесігін!..

ПЕШЕНЕ

немесе маңдайдағы жазулар...
О, Құдайым,
құлдық ұрған құлыңмын,
Үмбетіңмін,

міндетім мың ұлыңмын.
Шапағатың, шуағыңа жылындым,
Мың-сан ғалам жұмбағыңа үңілдім,
Сырларым мен жырларыма жүгіндім.

Өмірім боп
Өзің жазған тағдырың,
Өріледі өрнектермен әр күнім.
Өзегімнен от шығады өртеніп,

Өлең-селдің төккенімде жаңбырын,
О, Тәңірім, ол да өзіңнің жарлығың!

Тербелгендей тәтті әуенмен әз-әлем,
Жаратлыс жан толқуын сезер ем.
Адамдарды анасындай әлдилеп,
Дейді жүрек: ағыл-тегіл жаз өлең...

Дейді жүрек: тасқыныңды еселе,
Толғамасаң, Тәңір оны кеше ме?
Жыр жазуға, нұр шашуға жаралдың,
Маңдайыңа жазылған сол пешене.,

Дейді жүрек: тасқыныңды еселе!

Иә, иә, шексіз менің алғысым,
(Ақ көңілді, ақын жүрек, алға ұсын).
Адамдарға ақ өлеңді арнаумен,
Әз-ғұмырдың самғата бер ақ құсын.

Жырларыңнан жарық-ғалам нәр алсын,
Жырларыңнан жалын-алау таралсын.
Жырларыңмен шарпып өтіп дүниені,
Дейді жүрек: өмір шамын жағарсың.

Сол – пешенең,
сол – маңдайда жазуың,
Сен- ақынсың,
мықты темір қазығың.

Өлең сенің - өміріңнің өлшемі,
Өлең сенің - өшпейтұғын азығың!

Ақын болсаң, Көк-Тәңірден елшісің,
Ақын болсаң, адамзатқа емшісің.
Оқи білсең маңдайдағы жазуды,
Ұқтырғаның ұлылықтың белгісін.

Мен ойландым, көп ойландым, толғандым,
Бір күйзеліп, бір қуанып, жайландым.
Әр адамның маңдайының жазмышы,
Тылсымына қалай оның бойлармын?

Бар ғаламға болсам да мен тілеулес,
Бұл өмірден кетер ерте, біреу кеш.
Бір қарасаң, адам жаңқа секілді,
Бүгін барсың, ертең жоқсың, түк емес.

Жарым дедім, ең жақыным сол ма екен,

Жұмбақ шешсем, о қылығым оң ба екен?
-Жоқ!-деді де,-Алла деді бір ғана,
Өз сөзіне тұратұғын ол бекем.

-Жаным,-дедім мен Тәңірге тіл қатам,
(дей алмаймын дегенімді тыңдатам),
Ізгілік пен мейірімнен жаралған –
Сен секілді шалқығанда қымбат ән:

Жаратқаным жазу жазар саған сан,
(Жаратқанның бір жұмбағын таба алсам),
Жақсылықтың кетті дерсің жолында
Жарты жолда ал мен ғайыптан жоғалсам.

Ұлы өмірді сен барасың алға алып,
Балаларға болашақты жалғатып.
Тағдыр жазып жүзге келген кезіңде,
Бұзылмағай жаз дидарың бал қалып.

Пешенеңе жазылғанды екшедім,
Өшпейтұғын ғұмыр жолын көкседім.
Жаның сенің Күн нұрынан жаралған –
Жасарыңа ұз-а-а-қ мендік бек сенім!

Ц У Н А М И

немесе А д а м з а т қ а е с к ер т у
Поэма

Қара жерде болар болса бір қайғы,
Ақын жаны алағызбай тұрмайды.
Қасірет көп,қатері көп дүниеде-
Ақын қалай бақыт жайлы жырлайды?!

Құлағың түр,беу,Адамзат ,даусыма,
Қатты айтсам,түйреп айтсам апшыма.
Иман іздеп,жан-әлемге ем іздеп,
Ұқсаймын ба сарнап кеткен бақсыға.

Құлағың түр,беу,Адамзат,үніме,
Қарамайды деме неге түріне?
Жер-жаһанның біле білсек ертеңі-
Тапсырылған эстафета тіріге.

Бәріміздің Адам-Ата тегіміз,
Адам-заттың,Хауа-ананың еліміз.
Қауашаққа ақыл құйған Тәңірім,
Ой-саналы Адам болу теңіміз.

Жаратылыс-он сегіз мың ғаламда,
Жанды тірлік жете алмайды Адамға.
Нағыз Адам саналы да,сәулелі,
Парасат пен парық деген бар онда.

Кейде тасып,асып алыс кетеміз,
Өзгелерге қоқан-лоққы етеміз.
Хақ-Тәңірдің қолын ұстап тұрғандай,
Оқшауланып үстемсиміз неге біз?!

Құлағың түр,АҚШ,Ресей,Қытайым,
Естілікпен бағың жанып,құтайың.
Өркениет көшін алға апармақ,
Тани білген Көк Тәңірі-Құдайын!

Біле білсек,мына бізге жер ортақ,
Біле білсек,мына бізге көк ортақ.
Оны қанша алсақ та біз бөлшектеп,
Ұлы өмірден табылар-ау көп ортақ.

Табиғаттың тін-жүрегін жаралап,
Тауды бұзып,тасты жардық таласа.
Теңіздердің тереңіне бұрғы сап,
Ормандарды кескіледік аралап.

Жер қойнауын тілгіледік,иледік,
Мұхиттарды,мұзарттарды биледік.
Жетіқат жер астын тегіс қазбалап,
Адамзатты Адамша біз сүймедік.

Өрлегендей өркениет көшіне,
Қала салдық,қару жидық көсіле.
12 қыркүйекте,АҚШ-та
Уақыт сабақ салды сенің есіңе!

Бүтін әлем дағдарысқа кезігіп,
Күштілердің күшейгендей сезігі...
Әлсіздердің азайғандай төзімі,
Ырық бермей кекке толы сезімі!..

Кей-кімдегі ой –адамзатты билемек,
Түптің түбі құрдым кетіп күйремек.
Бүкіл Әлем бара жатса адасып,
Дей алам ба : «Қазағыма тиме тек».

Адамзаттың болса да алтын ғасыры,
Адамзаттың болса да сан асылы,
Адамзаттың аз ба небір тасыры,
Ей,Адамзат,есіңді жи,асылы!..

Жан-жағымда соғыс өрті тұтанып,
Іштей өзім күй кешемін құсалық.
Державалар алысқа көз сүзеді,
Теріс пиғыл тізгініне тұсалып.

Ізгілікке тұрар едім іш тартып,
Өркен жайса,махаббат пен құштарлық.
Бір-біріне көз алартқан бұл әлем-
Тұнып тұрған ішмерездік,іштарлық.

Бұл өмірден табылмастай дос керім,
Менің осы дүниеден сезгенім.
Бәрінің де ойлайтыны бүгінде:
«Байлық қайда,кілті қайда өзгенің?»

Әркім аулақ тігіп алып ордасын,
Қымтайтындай шарғасынша қалқасын.
Жер-жаһандық төніп тұрған қатерлер,
Адамзаттың болашағы –арға сын.

Ақын болсақ.мына бізге тіл шығар,
Бір күндері бұл замана қырсығар.
«Талай-талай жер астынан жік шығар,
Жік шыққанда қос құлағы тік шығар».

Бәрі жақсы дей алмаймын,дей алман,
Бұл сөзімді құп көрер-ді бір Аллам.
Заманақыр болар кезде демей ме,
Адамзатың шығар ессіз құмардан.

Құмарлығы –біреулердің нәпсісі,
Құмарлығы-азайғаны арлы ісі.
Құмарлығы-өктемдік пен озбырлық,

Қорқытпастай Құдайдың да қарғысы!

Тоқтам айтар таусылғандай ақылман,
Үркердеймін мен осынау ғасырдан!
Адамзатқа абай бол деп айтуға,
Алла өкілі –кім бар басқа Ақыннан!

Абай болшы,абай болшы,Адамзат,
Ақымақтық - бұл өмірде саған жат.
Жарты әлемді сабасына түсірген,
Цунамилер,сілкіністер жаман зат!

Мен қорқамын,шақырамын сабырға,
Беу,Адамзат, суғарыл сен ақылға.
Ақырзаман ауылынан алшақтап,
Бақытзаман ауылына жақында!

Түйін түйіп Ұлы Өмір хақында!!!

Қыранмен сұхбат
Баллада
Көк жүзінде ұшып жүр:
шағала да,

қарға да,
Шағала еркін қалқиды,
қарға болса зорлана...
«Ей, шағала, аспанмен табасың сен жарасым,

Ал сен, қарға, қалбағай, биіктікті қорлама!»

«Құс патшасы, қыраным, қайда жүрсің сен өзің,
Ақ, қараны айырар қайда дүлей мінезің?
Шағаладай шандоздар шалқи берсін көгінде,
Қарғадайын қарабет

қандай оны білесің!.»

Бұл ойыма өр қыран маңғаз басын шайқады,
«Болмас жайды айтасыз, оң да болса қайдағы,
Шығып алған төбеңе таусылар ма қарға бұл,
Құртсаң бірін, қарқылдап, мазаны алар қалғаны...!

«О, қыраным, дей бердім, мен де ішімнен түңіле,
Жетер қарға бір күні өзіңнің де түбіңе.
Жанарыңның жарқылын сен оларға қадап көр,
Қарға біткен қашқақтап, тығылар ма ініне...

Қара қарға ақыры ақ қардан да қара үзер,
Қарғаңызға қол емес, біле білсек қара жер».
«Жоқ,-деп қыран бас шайқар, қара жерге –анаға
Қарға болсын, амал не, іштен шыққан бала»,-дер.

Жауап таппай бұл сөзге іштен тынып, тиылдым,
Жауар бұлттай түнеріп, нөсер болып құйылдым.
Қалбалақтап күн кешкен қара қарға шіркінге
Қыран ұшқан көк жүзі, қалай ғана бұйырдың?!

Жер бетінен дей бердім, қашан өшпек қаралық,
Көкке қалай самғайды, көрде аяғы қарға нық?
Қаламыма жармастым әділетсіз дүниеде,
Қарға самғап жүргенге жаным күйіп, арланып.

Жұлдыз жанар ғұмырда ерік беріп қарғаға,
Топас ойға тұтқын боп, тірлік кешіп алдана,
Көкке ұшқан кей қыран өз жандарын қорғаумен
Кейде одан да жерінген, қарға-өмірден арлана...

Қайтпек енді?
Қарғаға
болғанынша қол бала,
Кешкенінше пәс ғұмыр тәтті арманы қор бола,

Түңілген ғой, жарықтық, тұл секілді пәниден,
Болғанымен тілекші өр ұлына сорлы ана,

Алтын таңның шапағы қара бұлттан қайысып,
Қаралық пен ақ әлем бір-бірімен сайысып,
Қанша ғасыр жасаған текетірес дүние
Шайқалған ғой алапат долы желмен майысып.

Долы желмен майысып, кәрі емендей қажыған,
Өмірінің өтпелі қысы менен жазынан...
Сезем Бүгін, Әділет, сенің өршіл Рухыңды,
Дәуірімнің дауылпаз ерлік үнді сазынан.

Осы сазбен өзім де мәңгі өмірді тербеймін,
Қасиетсіз қарғаның тұл тірлігін тергеймін.
Менде сенің даусың бар, естір болсаң, замана,
Құдіретің бар сенің тұла бойды кернейтін.

Мен өзіме сенемін,
сендім және Бүгінге,

Жарқын заман – жыл құсым – қыран болған күнінде,
Жұлдызың боп жарқырап, Айың болып туармын,
Қарғаларды құртармын жер бетінен түбінде!

Қазығұрт
Нұрғали Оразға
-------------------
Аңызға мүлде бергісіз

Алтын бір шақтар өтіпті-ау.
Арманшыл, албырт кезіміз
Аңдатпай сыңсып кетіпті-ау.

Асылдай бейне тозбайтын
Алыста қалған күндер-ай,
Адамның жанын қозғайтын
Жайларды кеппін жырламай.

Өмірге мынау пәк қарап,
Өлеңмен өріп тірлікті,
Шымкентте жүріп апталап,
Көктемге көңіл ынтықты.

Жылуын шашқан әлемге
Мамыр да сондай нұрлы еді.
Біз оны қосып өлеңге,
Тергенбіз қызыл гүлдерді.

Жауқазын тұнған жасыл қыр
Сезімді біздің шайқаған.
Жан достар болып асыл кіл,
Жыр-шақтар еді-ау тойлаған.

Жап-жасыл майса үстінде
Жағамыз жайлау жатып біз,
Көретін бейне түсіңде
Ойлаушы ек жайлы бақыт-қыз.

Бұлқынған менің көңілім
Алматы жаққа ұшқан-ды,
Санаған өзім өмірім,
Сонда бір аққу құс бар-ды.

Кейуана сынды досымыз
Кезіп бір таудың ұшарын,

Жыр оқып мұңлы дамылсыз,
Жартасқа жайған құшағын...

Жанарың жатан көл іркіп,
Күйінген едің сен сонда,
Бақытым не деп өмірлік?
Түйілген едің сен сонда...

Қазығұрт басы – қызғалдақ,
Тұнып бір тұрған жыр шағы,
Оқыдым өлең қызға арнап,
Жақпады саған бұл тағы...

«Проза», дедің ,күбірлеп,
Роза гүлі ойыңда...
Жайыңды ұқтым түңілмек,
Деуменен «сабыр, қайғырма!..»

...Өмірдің өзен өткелі-ай,
Бұралаң тағдыр жолдары.
Бұлақтай сыршыл шақтар-ай,
Мұңлы бір ғашық арманы.

Алған бір сайын сені еске,
Қазығұрт көзге елестер.
Ол күндер қиял емес пе,
Ұмытылмас мәңгі белестер.

...Сол таудан жиған гүлімді
Алматы әкеп сонда мен:
Оқып бір тұрып жырымды,
Қызыма сүйген жолдап ем.

Қазығұрт тауы – аңыз тау,
Бабадан қалған асыл тым.
Әсерде ғажап қалғызды-ау-
Жауқазын беткей, жасыл шың!

1980 жыл.

Поэзия көгінің пайғамбары
Қай заманда болмасын, қай дәуірде
Адам-пенде жете алмас мәңгі өмірге.
Сол Уақыттың Дауысы, Үні болып,

Ақын өлмес самғаған жыр көгінде.

Қазақтың да даңғайыр даласынан
Жарып шығып халқының арасынан,
Шайыр өткен нешебір пырағыдай –
Шаң жұқпаған шапқанда шашасына.

Өміршеңі өнердің өлең болар,
Дара туар дарынды ғұламалар.
Жүрегімен толғаған заман жырын
Ақындардан шын асыл мұра қалар.

Ақын асқақ шыңда өскен шынар болса,
Қия-көкте шырқаған қыран болса,
Шабытыңның қозады делебесі,
Жанын оның халайық ұғар болса.

Күңіреніп «елім!» деп күркіреумен,
Өлең болып, жыр болып сіркіреумен,
Ғұмыр кешті ұлы ақын заманында
Қараңғы елі, жұртына нұр тілеумен.

Ғұмыр кешті өн бойы аза болып,
Бірде тірі, бірде өлі –қаза болып,
Қазағының көргенде сорлы күйін,
Ақын қайдан күн кешсін маза болып?

Өртенеді, лапылдап, жанады да,
Жармасады дауа іздеп қаламына,
Өртеп шыққан өзегін өлеңімен
Сөз арнайды қазақтың наданына.

Ақынды ұқпас кер кеткен өшер елде,
Тіпті тастың лақтырар кесегін де,
Өзін де оның, сөзін де лағнаттап,
Сыйлай білмес ұлысын, көсемін де.

Білген оны Абайым заманында,
Өмір сүріп түнектің қоғамында.
Ол кездері қазағым қараңғы еді,
Ол кездері оранды дала мұңға.

Сілкімекке сол мұңның перделерін,
Ақын жырмен ағытты елге шерін.
Біреу ұқты, біреулер ұқпады оны,

Жақұт-жырдың қазына-көмбелерін.

Дүлдүл болып жаралған болмысынан,
Дәуірінің үрікпей Ол мысынан,
Дара шапты қарсы боп қаралыққа,
Дәру алып жақсының алғысынан.

Қай кезде де жұғар ма аққа қара,
Арғымақтар орғытып шапса дара,
Абай қалды мәңгілік Абай болып,
Даңқы оның жаңғырып паң далада.

Ақыны бар Абайдай – ұлы халық,
Көтереді замана жүгін алып.
Ел тағдыры тұрады көкейінде,
Толғатқанда жүрегін жыры жарып.

Сол жолдарды оқыған зердесімен,
Даналықты таниды әр сөзінен.
Сезіледі күмбір күй құйылғандай
Домбыраның қос ішек пернесінен.

Абай десе, кеудең -ән, кеудең-өлең,
Жыр нөсері секілді термелеген.
Кең далада көсілтіп шырқап салсаң,
Абай әні – жаныңды тербер әлем.

Сол әлемнен бойыңа күш аларсың,
Самғау биік шыңдарға ұша аларсың.
Әруағынан ақынның қанат бітіп,
Адамзатты бауырша құша аларсың.

Абай – Ақын, Әулие – Абай бабам,
Алтын таңды аңсады Ол арайлаған,
Менің Қазақ еліме, Отаныма,
Нұр шұғыла шуағы тарайды одан.

Ол өлсе де ғасырдың бастауында,
Мәңгі тұрмақ Күнім боп аспанымда.
Поэзия көгінің пайғамбары –
Асқағым да Ол менің, асқарым да!

Есімі оның таралып жер-жаһанға,
Алыстарды атағы шарлағанда,

Абайы бар халықтың мерейі өсіп,
Танытты ақын қазағын бар ғаламға!

Адай атам
нағашыларым - Қаратоқай Беріш
пен Қосай ауылы және Мұңал- Жары-Бектемісім хақында
Толғау

х х х
Мен айтайын бабамнан,
Жанби мен Татан анамнан,
Қандырайын хабардан,

Адам ата о баста
Топырақтан жаралған.
Оны артық жаратқан
Он сегіз мың ғаламнан.

Туыппыз Әнес бабадан,
Атамыз сол тараған
Ғазірет Ғайса пайғамбар,
Атасыз туған анадан.

Дүйім Баян кеткесін,
Алты жыл анық өткесін,
Шыңғыс туып Арқардан,
Күндей балқып тарқаған.

Одан туып барша хан,
Халқына әділ қараған.
Бұрынғы өткен жақсыдан,
Бұл шежіре, жәдігер,

Қағида болып қалыпты-ай.
Он төрт қабат аспан,жер,
Жаратылған нұрдан деп,
Атамыз Сафи Салолла,

Ғазіреті пейіш пайғамбар,
Бір шөлмектің ішінен,
Рахым еткен күшінен,
Бір тамшы тамған судан деп.

Ғазіреті Ғайсаны
Мәрия ерсіз туған деп,
Тілегі қабыл пендеге,
Ғайыптан дәулет болған деп,

Жарқыраған сәулеге
Сарай іші толған деп.
Су бетінен «қаймақ» жеп,
Балапан тапқан қаз бен қу,

Құлақ салсаң сөзіме,

Зейін қойсаң өзіме, Топырақ пен күлге аунап, Жұмыртқа тапқан тауық бар... Аржағы тектіден тараған, Аузына халық қараған, Білгенге Адай асылдың Нәсілі нұрдан жаралған. Осы бір сөздер көңілімде, Бұрынғы өткен үлкеннен Қағида болып қаланған... Қашаған Күржіманұлы. («Адай тегі туралы» толғаудан үзінді) «...Адаевский род искони отличался особою дикостью нрава и своеволием и поэтому с ним всегда начальники старались поступать осторожно и делали уступки, чтобы не раздражать их без особенной надобности... Адаевцы – это был такой народ, который не признавал над собой никакой власти. Живя особняком от прочих киргизских(казахских) родов и не соединяясь с ними узнами родства, эти воинственные сыни степи, любившие пожить на чужой счет и поживится чужим добром, не только грабили русских, но нападали и на киргиз, и на хивинцев, и на туркмен , и на текинцев... Лошади адаевской орды считаются самыми лучшими из породы киргизской. Они высоки, стройны, легки и выносливы»...»

Олег Иванович Середа
1891 г., газета «Русская мысль».
(Гауһар Еділхан, заңгер,
Алқажан Еділхан, өлкетанушы).

Дәл бүгін сырды қозғап Геродоттан,
Жайым бар тым әріден орағытқан.
Дайлар мекен тауыпты өзалдан-ақ
Арал-Каспий – тел теңіз аралықтан.

Дайларды ад, ада, ата дескен,
Дайларың иен далада талай көшкен.
Руникалық таңбалар Алтайдағы-
Нағыз Адай таңбасын салады еске!

Бұл Дайдың Құдаймен де жаны жақын,
Ежелгі аңыздарға бағын ақын,
Адайлар алтын нұрдан жаралыпты,
Деген сөз шындық болып табылатын.

Тәңірім нұрдан да адам жарата алған,
Тектісін Күн нұрынан тарата алған.
Әнес Сарай айтқандай Атаұлдары-
Өзгелер арасында дара тұрған.

Бұл адам егіз дейді жер-көкпенен,
Жер-Ана, Көк зеңгірің Еркек деген.
Адайдың жаратылыс жұмбақтарын-
Қашаған қиыстырып өрнектеген.

Ешқашан ел бола алмас текті рухсыз,
Талайды тәубасына келтіріппіз.
Көкбөрісін ту етіп көкке ұлыған,
КөкТәңірге сиынған Көктүрікпіз!

Ниеттің оңтай болып құбыласы,
Құдайдың Адайға ыстық ықыласы.
Арда Адай жерде Құдай өкілі ме,
Аты ұқсас, сөзіміздің бұл расы.

Арғы Адай, арғы Дайдан сөз өргенде,
Ақиқат алшақтамас, сезем мен де.
Бергі Адай арғы Дайдың бір сілемі,
Жауап көп тілін заржақ безенгенге.

Кезі жоқ бұл Адайдың тексіз болған,
Кезі жоқ әлдекімнен кемшін болған.
Тектілігін жоймайтын тұлпар мінез,
Өзгеге үстемдігі шексіз болған.

Әрине, әр заманның салмағы бар,
Бір кезде басынан бақ тайғаны бар.
Қыдырқожа кенжесі - Қанбибіні
Байқожаұлы Елтайдың алғаны бар.

Қыдырқожа - інісі Байқожаның,
Берекеге толтырған тайқазанын.
Байқожа көшпей қалып оңтүстіктен,
Жаулық пен көрген небір қайғы азабын.

Өткенді бұл күндері салмақтар кім,
Қолынан өліпті Ол қалмақтардың.

Артында Ата, Қалпақ, Естай, Елтай-
Жыр етер көне тарих қалғандарын.

Ата өліп, одан есен Темір қалды,
Қалпақ пен Естайды да жау ұрған-ды.
Босанып артта қалған арулары,
Дүниеге Беріш пенен Таз туады.

Ер Елтай ертіп іні, жеңгелерін,
Туыстың шығар іздеп өңгелерін.
Құдайдың қарасқаны демеспіз бе,
Іздеген сұрағанға тап келерін.

Батырдың тұлғасы еді баласы Елтай,
Жақсыдан қалған тұяқ бір асылдай.
Ел кезіп, туыстарын табады іздеп,
Мәңгілік жоғалмайтын мұрасындай.

Ол кезде сойқан соғыс әр күн толы,
Бұралаңсыз болмақ, сірә,кімнің жолы?
Алыстан ат арытып жеткенінде,
Қыдырқожа кемпірі таниды оны.

Жеңгесі Жанбибідей бітімді еді,
Әулеттің бәйбішесі тым іргелі.
Қыдырқожа аулына шапқан жауды
Қырып салған Елтайды ол құтым деді.

Келгенде кешкіғұрым отағасы,
Көңілден ақтарылды ой-арнасы:
«Қанбибіні қосалық Елтайжанға,
Бір емшекті емген жоқ ең бастысы.

Елтайды Ұлы жүз деп ұлықталық,
Отырған барша жауды қырып салып.
Көрші-көлем, ел-жұртқа осылай деп,
Ал бірақ арғы тегін ұмытпалық.

Бұл Елтай –бауырластан өз баламыз,
Сапары суыт екен толған аңыз.
Бір емшекті ембесе, шариғатта
Некелесу ол-дағы болған бір іс...»

Осылай Қанбибі-Алтай некелесті,

Тындырды Жанбибі-ана кемел істі.
Амал не, айлар өтіп, бір жорықта,
Ер Алтай қапияда оққа ұшты.

Бұл хабар Қанбибіні шошындырды,
(Сол күні ұйқысынан шошып тұрды).
Шаранасын толғатып шала туып,
Шаңырақты бір бейнет тосып тұрды.

Қыз да өлді, ел қорғаған күйеу де өлді,
Тасыған дәл бұрынғы күй өзгерді.
Сол жерде Қыдырқожа сырын ашып,
Ағайын, ел-жұртынан сүйеу көрді.

Қалың ел оның сөзін мақұлдады:
-Болмайды Елтайжаннан жақын-дағы.
Шырылдаған бұл перзент Адай болсын,
Арғы Ад, Дай Баба атындағы.

Осылай Адай есін жия келді,
Киелі шаңырақты, ұя көрді.
Онбір ұсақ Байұлы(Қыдырқожа),
Онекінші оғылан Адай болды.

Арысы Алшын бабам: Әлімқожа,
Дүреген Байқожа мен Қыдырқожа.
Есентемір, Беріш, Таз, Адайды айттық-
Байқожаұлы, бала еткен Қыдырқожа.

Өзінен Қыдырқожа: үшеу сиық,
Сұлтансиық, Бақтысиық, Қыдырсиық.
Олардан: Алаша, Байбақты,Қызылқұрт, Масқар,
Тана мен Жаппас және Шеркеш, Ысық.

Барлығын қоссақ болар он екі ата,
Байұлы – бір қауым ел алған бата.
«Жауға қой найза беріп Кіші Жүзді»,
Қолдасын баршамызды Алшын баба!

Алшынның арын қуған Адай елмін,
Тепкісін тар заманның талай көрдім.
Тартқан сайын теперіш, тайқымастан
Тұлпардай асау текті жарай бердім.

Тағдырдан зауал тартсын мейлі талай,
Кесек турап келеді айбынды Адай.
Өзінің жері, көлі, тілі, рухы,
Мәңгіге ұласады баяғыдай.

Тарих аз тым ертеден тұнып жеткен,
Тәңірім Атаұлына нұрын төккен.
Адайлардың асырып аруағын,
Табаны тайқымайтын тұғырлы еткен.

Рухын асқақ ұстап әрдайымда,
Адайдың мін болмаған тал бойында.
Бір заманда қазақпен бірге көшкен
Әзірет Алатауы баурайында.

Жетісудан Сауран мен Шу айналып,
Ел-жұрты суға кеткен Құдайке налып.
Кемпірімен кеңесіп Келімберді,
Ағаға қыз әперген ел айналып.

Бұл өзі аруы екен түрікменнің,
(Жөні жоқ ақиқатты іріккеннің),
Сол ару Тәзіке-Қосай - қос ұл туып,
Бұл екі бағы жанған жігіттердің.

Фариза –қыз Махамбет - Тәзікеден,
Қосайдың алты ұлының бәрі бекем.
Батыр көп:Тоқтамыс пен Тоқмамбеті,
Атағозы,Есекмерген, Тәңірберген...

Осылай өсе берген, өсе берген,
Ешкімге кезі болмай есе берген.
Іні менен келіннің кемелдігі-
Қалдырып ұлан-ұрпақ көшелі ерден.

Келсе де жас жетпіске, ғұмыр өтті,
Деместен мәрт Құдайке шүкір етті.
Жайылған үрім-бұтақ, кемі болмай,
Мен-дағы мақтан тұтам ұлы текті.

Сол тектің дарасы еді Дарайы анам,
Ай жүзі алтын Күндей арайлаған.
Өз тегім Келімберді-Мұңал мейлі,
Қосайдан қан жұқпайды қалай маған?!

Аналар – сыйлайды ғой өмірді олар,
Қосайға қай кезде де көңілім толар.
Демей ме: «Жолға шықсаң Қосайды ерт,
Алдыңнан ақ күн туып жолың болар».

Ал енді оралайын өз додама,
Дейтіндей бабам: «сөзді қозға, бала».
Өткенді ойлап кетсем күңіреніп,
Көз салам – Маңғыстаудай боз далама.

Секілді бәрі ертегі бұл күндері,
Құлпытас, оба, аран, үңгірлері...
Мен үшін...
Түседі еске бабалардың

Қазанат, найза, садақ, сүңгілері...

Дей алмас маған ешкім: «таспа, шырақ»,
О заман бұ заманнан басқашарақ.
Тұлпарын тебіндірген бабаларым-
Тарихын кеткен мәңгі тасқа қашап.

Шотанның даңқы өшпес шұбарының,
Төлеп пен Балуанияз құласының.
Ер Қармыс күреңінің аты шықты,
Сүйіннің(Сүйінғара) көк найза, көк тұлпарының.

Ерлерім жау шошырлық талай шықты,
Лабақ, Өмір,Есен, Сүгір, Шабай шықты.
Бердәулет пен Жоламан, Дауымшар, Рах,
Ер Төлеп, Есенияз бен Қонай шықты.

Амантұрлы,Қабыл мен Жанұзақ бар,
Төленді, Әмин, Темір, Қозыбақ бар,
Кенжебек, Сармыс, Досан, ер Исатай,
Шоғыдан қырық батыр – елі мақтар...

Көбен би, Ерменбет би, Жары Мәтжан,
Тілеген, Мәмбетнияз, Иса – бәрі мақтан.
Абыл, Ақтан, Аралбай, Сәттіғұл, Түмен,
Ыбырайым ахун жыр-нөпір арқыратқан.

Өткілбай, Әлқуат,Шамғұл, Жанжігіт, Нұрым,

Дүйсембай, Бүркітбайым төккен жырын...
Шолтаман, Досат, Әділ, Жылкелді, Тұрсын,
Өскінбай – өңшең Қайқы, кіл дүлдүлім...

Осылай қанат жайып Келімберді,
Құдайым алты ұлына өмір берді.
Адайдың шаңырағын ұстап қалар,
Кенже ұлы Мұңалына көңіл бөлді.

Мұңалдың шыға берді дүрлеп аты,
Толысып өсті дерсің ел қанаты.
Батыр мен би, байларың, Пірің де сол-
Мұңалдың асты әбден салтанаты.

Мақтанар ұл да шыққан ұраным деп,
Ерлік пен парасатқа тұрар үндеп!
Жеменей Ерменбет би арқаланды-
«Кісі бойы, қол созым Мұңалым деп»!

«Мұңалым – жел жақтағы панам деді ол,
Қара нар, алынбайтын қамал», деді ол.
Мұңал ошақ, Мұңалжар – тарих ізі,
Мұңал десе, соғады самалды жел.

Мұңалым – Адайымның арқа-белі,
Топ жарар, айбыны асқан маңмаңгері.
Ол барда орыс, қалмақ, Хиуа, түрікмен
Ала алмай Маңғыстауды арманда еді.

Құладүз атанғанмен бағзы дала,
Өңірде Адай атам озды дара.
Жеті жұрт келіп- кеткен киелі өңір,
Алайда, иесі Адай – жалғыз ғана.

Толғасам бабам өткен ұлан жолды,
Жетісу, Түркістан, Алтай, Тұран жолды,
Сыр, Нарын, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағызым,
Ұрпағы сала білген «Мұңал жолды»!

Мұңалдан -Әли, Бәйімбет, Жаулы, Шоғы,
Алақұнан...
жоқ мұның даулы жағы.
Жаулы атамыз – жазғандай Кекілбаев

Адайдың жауға салар дәу қыраны.

Жаулыдан - Жары, Ескелді, Қосқұлағың,
Пір Бекет - Қосқұлақтан хас қыраным.
Жарыдан неше жайсаң -жақсы шықты,
Адайдың тайпасына бас қылатын.

«Адай Жары – Мен Жары» деседі елім,
Осылай дүреп дәйім өсе бердім.
Қашанда даңқы алысқа кете берген,
Тектілік тумысынан көшелі елдің.

Сол Жары – сегіз арыс семсерімдей,
Адайдың Рухының өлшеміндей.
Жары барда Адайым алшаң басқан,
Жауына жиі аттанып сәл шегінбей.

Сөз еткен ауыздылар ең көшелі,
Жарының Адайда орны төр деседі.
Жәрдем Кейкін аралап Бозашыны,
«Жары деген – ру емес, ел» деседі.

Бұ Жары деседі жұрт тарыдан көп,
(Қытай да жұғыса алмас Жарыға кеп).
Әр Жарыда Шотанның жүрегі бар,
Бабалардан қанменен дарыған кеп.

Кеудеде сырт дұшпанға түйерде кек,
Жарыға Адай ұлы сүйенді тек.
Жарының жарқылдаған мәрт мінезі,
Жұғысты нағашылы-жиенді боп.

Осылай Жары деген жасын туған,
Жарыдан неше жақұт-асыл туған.
Жеті жұртты желкелеп қуып шығып,
Кезі жоқ Маңғыстауда басындырған!

Тарихтың келді-ау кезі бәрін қазар,
Адайда атағы асқан бар үш Назар:
Саназар, Қожаназар,
Ал олардың

ішінде Қыдыр көрген - Жары Назар.

Үй тігіп отырғанда қыр басынан,
Келген қарт – Қыдыр ата сұлбасынан.
Сесінен секем алған ол пірадар,
Шотанның өр даусы мен тұлғасынан!

Жасаңдар мәңгілікке сұңқарларым,
Даланы дүбірлеткен тұлпарларым!
Бабаларды арналсын ұлықтауға,
Бауырлар, дәл бүгінгі думандарың.

Жарының бір баласы Бектемісім,
Бектеміс – ахун болған текті кісім.
Бабамыз Сыр бойында қалған дейді,
Шарапат тірісінде төккені шын.

Бектеміс – тақуа жан, зайырлы екен,
Діл мен дін – рухани пайымды екен.
Көрегендік, көсемдік, кемеңгерлік-
Бойға біткен пірадар қайырлы екен.

Ақұқұба, ашаң жүзді, ұзын бойлы,
Болмысы – бір ғанибет пішін дейді.
Аузынан шыққан сөзі сом алтындай,
Кіші Жүзге белгілі кісің дейді.

Қасиет қалған осы қанымызда,
Ар-иман, отты намыс– жанымызда.
Бабалардан генменен таралады,
Небір ізгі қасиет бағымызға.

Қашанда парыз: ұстау – Отанды асқақ,
Ер жігіт баспас жерін талай баспақ,
Адайлар Маңғыстауға оралған-ды,
Жарыдан Назарұлы Шотан бастап.

Бір келген сол Шотанмен бабамды айтам,
Тарихтың тылсымынан орайлатам.
Шотанмен бел немере Қамай, Самай,
Мамай мен Сүйірбасты қалайда айтам.

Ер Мамай тым ертерек жазым болған,
Үйленбей, бір шайқаста қаза болған.
Сүйірбас Харазымға сапар шегіп,

Ұрпағы ажырамаған қазағынан.

Бұл күнде ол да біраз дүйім ел-ді,
Аз емес Маңғыстауда сүйінері.
Қамай менен Самайдан туыстары-
Бесшоқыдай соншалық биік еді.

Қамайдан Байжігітің жаралады,
Бектеміс атасынан нәр алады.
Үдербай, Көлбай, Сары, Сығай, Болат,
Байжігіттен бесеу боп таралады.

Қамай қайтып, жеңгесін Самай алды,
Ақжігіт туып одан арайланды.
Құлтан, Жұма, Қазыбай, Сегізбай, Бәлімтай,
Ақжігіттен көп болып тарайды әрі.

Осылай Самай даңқы дүр етеді,
Бұл өзі сол заманның реті еді.
Бір шапқында арулар олжа болып,
Қалмақ қызы Өкінді Ол жар етеді.

Құтты болып Өкіннің орамалы,
Ұрпағы өсіп, өніп таралады.
Құлшымбай, Құттыбай, Шақабай, Боранбайлар,
Өкін болып аталып келеді әлі.

Самайға Тәңір ұзақ ғұмыр берген,
Тауыпты шын бақытты жұмыр жерден.
Мал беріп қыздай әйел тағы да алған,
Ал одан Есенбайдай ұлын көрген.

Ендеше Есенбайды өрбітелік,
Ол-дағы шамасынша өсті делік.
Айдабол, Бостан, Қуандық, Сүйіндік боп,
Кем болмай қатарынан келді делік.

Тегінде таусылар ма ұлы желі,
Демеймін бұл ешқашан үзіледі.
Бәрі де Бектемістің балалары,
Бәрі де Бектемістің ұлан-елі.

Атағы заманында Адайға асты,
Тағдырдың зұлматы да талай басты.

Қалдырып көшкен еді амалсыздан,
Жандауыр, Ортаеспе мен Қаламқасты.

Ақеспе, Ұлыеспе, Ауызеспе,
Тышқанжар, Долгий, Саға – бәрі де есте.
Мекендеп жаға бойын үш сан ғасыр,
Кешкен-ді баян-ғұмыр ұлы көште.

Ғайыптан тайып бір күн зауал келді,
Әйтпесе, басынан бақ ауар ма еді?!
«Бектеміс – нар мая сауған теп-тегіс» боп,
Нар мая әлі күнге сауар ма еді?!

Жұртымның күн туғанын басына шын,
Несіне, кімнен тегі жасырамын?!
Қысымын да күшейтіп күннен-күнге,
Кез еді ол айласын да асыратын.

КСРО күшпен елді көшірген-ді,
Сұм заман алабөтен есірген-ді
Бектеміс, Тіней, Қаратоқайдың,
Елдігін елден қуып өшірген-ді.

Беріштен Қаратоқай Құлбарағым,
Тінейден Тәңірберген бір дарағым.
Қыз алып, қыз берісіп Бектеміспен,
Күн кешкен көрші-қоңсы құдаларым.

Өз шекем Орын - Беріш-Құлбарақтан,
Жан екен жанарынан нұр таратқан.
Бір ағасы Темірбай дүлдүл мерген,
Ал Сұраубай хақ шайыр жыр боратқан.

Олар да бізбен бірге қоныс ауған,
Көк теңіз, аунап-қунар өріс ауған.
Көлбеңдеп көк сағымдай қала берген,
Қаламқас, Қаражанбас – таныс аудан.

Осылай жұртым менің саяқ кеткен,
Қия алмай туған жерден аяп кеткен.
Отырған табанынан айрылғасын,
Кейпіне босқан елдің таяп кеткен.

Үш ғасыр мекен еткен атырабын,

Қия алмай соры, құсы, топырағын.
Қол бұлғап ата-баба қауымдары,
Жатыпты желеп-жебеп сан ұрпағын.

Қаламқас, Ақсиын мен Күшік, Жұма,
Нұр-Мәйке, Қарағашты, Жыңғылды әулие.
Бәрі де Бектемістің қауымдары,
Болуға тиістіміз бүгін де ие,

Қолдағай тұқым-теберігін ұлы кие!

Толғасам Бозашыда ерлігім мың,
Мен талай тарих сырын келді ұғынғым.
Бүгінде қайта басым қосылғаны,
Белгісі оралғаны елдігімнің!

Аз емес ата-бабам даңқы асқаны,
Жарқылдар заманында алдаспаны.
Шотан мен Сүйінқара әскерінің -
Мол екен Бектемістен сарбаздары!

Қашанда қанында ерлік өр ағайын,
Нешебір кешкен заман алмағайым.
Бермеген бірақ ешбір қас-дұшпанға,
Кең алқап – Жандауыр мен Керел бойын.

Оқ бойы заманынан озық болған,
Оларға оқу,білім азық болған.
Көк теңіз көп елменен елдестіріп,
Осы жер Бектеміске қазық болған.

Көк теңіз десек те біз дәру-бағы,
Белінен шешпеген бес қаруларын.
Тайсалмай ел қорғаған Ерлер түгіл,
Мәрт болған Қаламқастай арулары!

Аз емес топты жарған тарландарым,
Ақтаған ата-баба армандарын.
Бектеміс қасиетін бекемдеген-
Несібек-Нұр, Жұма мен Ержандарым.

Сақтайын ата намыс, мұрамды анық,
Иманға жүгінейін Құранды алып.
Смайыл Сарбасұлы көсем болып,
«Адай көтерілісін» бастаған ұран салып!

Әкесі Сарбас биден жаралады ол,
Арысы Жұма әулиеден таралады ол.
Жұманың немересі Әбдірахман,
Бес қаруы белінде саналады Ол.

Осылай сыр шертеді құлпытасы,
Батырдың бедеріндей түр-тұлғасы.
Қасында бірге жатыр Қытайы ана,
Тарихтың іштей тынып сыр-тұнбасы...

Өмір де –«Ақсиында», «Қапамда» -Әріп,
Ол-дағы «Адай банды» атанды анық.
Тектілік болмысынан тая алмаған
Тағдыры танытса да қатаң қалып.

Бисембі, Дүйсембі сол Әріпұлы,
Бойында - Адай-Мұңал- Жарылығы.
Жақсымен мақтанғанның жаттығы жоқ,
Әкеміз, ағамыз да – халық ұлы.

Жүректен небір маржан сөз төгіле,
Тереңдеп кеткенім бе өз тегіме?
Тегінде байырқалап баянымды,
Келіпті дем басардай кез де, міне.

Мен өзім туған жерден нәр аламын,
Жаңғырар бабам ізі санада мың.
Тірі болсам оятып бабаларды,
Қаламқасқа талай сан ораламын.

Бозашы, жаға бойлық , кәсіп – балық,
Бабалар көк теңізге ғашық болып...
Түзеумен түйелердің керуенін,
Мыңғыртып мал да өсірген машықтанып.

Ешкімнен шағымыз жоқ олқы соққан,
Текті елміз тумысынан алғыс алған.
Жасай бер Бектемісім-Мұңал-Адай,
Басталар көне Дайлар, арғы Сақтан!

Қазақ болу
немесе тоқсанның тұғырындағы
әкеммен сырласу

Толға, толға, домбырам,
Бағзының күйін шерте біл.
Бағзыдан қалған - мол мұрам,
Бағзыға елді ерте біл...

Біз ҚАЗАҚ деген ел едік,
Еркіндік -ерен еншіміз.
Қай жұртыңнан кем едік,
Кем еді кімнен өрісіміз?

Біз ҚАЗАҚ деген ел едік,
Көкірегі тұнған намыстан,
Елдікпен көңіл демедік,
Жауларды жеңіп алысқан.

Қанға тартқан қазақпыз,
Арға шапқан қазақпыз.
Бұл күндері (аз-ақпыз),
Аз болсақ та, азатпыз.

Тәуелсіздік, азаттық,
Тәңір сыйы демес ем...
Кешегі 1986-ЖЕЛТОҚСАН-
Бабалардың елесі ең!..

Ол –елдігі қазақтың,
Ол - ерлігі қазақтың,
Ол - бірлігі қазақтың,
Ол - теңдігі қазақтың.

Жерің,тілің, ділің бір,
Мұңың, жырың, діңің бір,
Иманың бір, дінің бір,
Нақ ҚАЗАҚ боп өмір сүр!

Мынау шалқар даланың
Қасиетіне бойла, елім.

ҚАЗАҚЫ ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ-

Келешегін ойла, елім.

Уақыт, шіркін, дүрбелең,
Жылыстап жылдар кетер ме,
Етпеске не бар күнде елең,
Болмайық қамсыз бекерге.

Зуылдап жатқан замана,
Қыр түлкісі тәрізді...
Атадан қалған аманат-
Қарттарым қайда жаны ізгі?

О, әкелер, көкелер,
Көненің көзі кәкелер,

Ұлт алдында
Ұрпақтың –
Парызы қалай өтелер?!

Қалдырып артта іздерді,
Демеңдер уақыт – күз келді.
Ақсақалды абыздар,
Іздейміз дәйім сіздерді.

Аулақтау жүріп кейде біз,
Көзден бір тайса бейнеңіз,
Жоғалтып алған жақұтын
Жандайын билер ой-теңіз...

Көңлімде сәуле оянып,
Жүрегім босап езілер.
Бұл дүниенің баяны –
Қарттардай болып сезілер.

Егерде-ки бір күні
Сейіліп кетсе қатары...
Жанарға жас іркіліп,
Белгілі-ау жанға батары...

Мен сонда өксіп, жылармын,
Қарттарды іздеп нар мүсін.
Көзімді жасқа бұлармын,
Қазақтың іздеп болмысын.

Қазақтың іздеп ғұрыпы,
Алтын да арқау қазығын,
Қайда деп қазақ ұрығы,
Қаңқылдап шығар қаз үнім.

Қаңқылдамай қайтейін,
Саңқылдамайын қайтейін,
Шайқалып тұрса қайтейін,
Қазақтың арғы тұнығы...

Шыңыраудан кәусар тартатын
Қарттарым еді шығыры.
Қара нар жүгін артатын,
Қайыстай бекем тұғыры.

Қайтерміз ертең тарланым-
Олардың өтсе ғұмыры?!

Қазақ деген кім еді,
Енші еттік қалай бай дала?
Әуелден қазақ ұлы еді,

Қазақты демең қаймана.
Айбыным асып қайда да,
Тығылған жоқпыз тайгаға.
Қанжар боп қасқа қайрала,

Досқа аштық құшақ айқара.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Толғауды қалай өзің біл.
Зерделі болса тыңдарман,

Қозғалық САҚ пен ҒҰНДАРДАН.
Көкбөрі болған көкке ұлып,
Көктәңір-Құдай-Көктүрік.

Көксүңгі қолда ойнатып,
Кек алған жауын жайратып.
Өтсе де заман нешебір,
Қайтпаған мүлде меселі,

Еске алсам ерен ерлерді,
Мерейім менің өседі!
Түркістан-Тұран, Алтайым,
Жетісу, Арқа –байтағым,

Атырау менен Шыңғыстау,
Маңғыстау сынды айбатым!

Дүрбелеңді дүние,
Төксе де қанша кәрі-уын,
Жарақты ерлер жерге ие,
Ойнатқан алмас қаруын.

Ерлердей тұлпар тулатып,
Суытпай аяқ, түн қатып,
Персия сынды сұсты елдің,
Тас-талқан етіп әскерін,

Тәубасына келтірген,
Кир патшаны өлтірген,
Басын қанға бөктірген,
Томирис сынды аруым!

Массагет, дайлар, каспийлер,
Исседон, аримаспийлер,
Кемерлер, теле, хазарлар,
Оғыздар, түрік, аландар,

Ноғайлар, башқұрт, татарлар -
Бәрі де туыс, жарандар!
Жайым жоқ менің алаңдар,
Жазира Ұлы Далам бар!

Арал мен Каспий –айдыным,

Аз емес теңіз-байлығым!
Көз жетпес шексіз, қараңдар!

Тарихты көктей өткенім,
Тылсымға сапар шеккенім,
Білгенім демен көп менің,
Ел Жады-Рухын серпіп бір,

Бабамды мақтан еткенім!
Кең Дала бабам сыйы еді,
Әр сүйем жерім киелі.
Бабадан қалған Жерұйық -

Барша жұрт, халқым ие еді.
Сол Дала түссе бөлшекке,
Сырқырар Бабам сүйегі.
Сиынған ел ек Жер-Көкке,

Кемел жан түйін түйеді.
Қалмайын десек қарғысқа,
Ие боп бата-алғысқа,
Аманат – Дала –Ар-нұсқа,

Азамат, мұны алға ұста!

Қастерле,
ғұмыр қан-қасап
Кешумен ерлер өткенін...
Алып Ер Тұңға – Афрасиаб,

Ишпақай сынды Көкбөрім!
Күлтегін менен Тоныкөк,
Бумындай берен ер өткен,
Естеми оның інісі,

Артында қалған ірі ісі,
Түменге түрен салыпты,
Артында ізі қалыпты...
Көктүріктердің сарыны,

Өшпестей рухы дарыды,
Ер түрік қаны ойнайды,
Еске алған кезде әріні!
Ашқанда алтын сандықты,

Демеймін даусым қарлықты.
Айтар ем Беріш Бейбарыс
Артық бір туған мамлюкті.
Билеген араб әлемін,

Жүрек бір жұтқан жолбарыс,
Құдайдай бейне көретін

Өтіпті-ау тарпаң ол да арыс.
Ассирия, Вавилон,
Жаулаған Рим қаласын,
Еуропаның төрі мен

Жерорта теңіз арасын:
Еділдей ерім өтіпті,
Ғұндардың даңқы жетіпті.
Түркия сынды ұлы елді

Мирас қып елге кетіпті.
Шетінен кілең арлылар,
Қыпшақтар менен қаңлылар.
Ұлы жүз-Үйсін ұлысым,

Он екі ата тынысым.
Орта жүз – алты арысым,
Қыр мінез, құмай, барысым!
Жиырма бес таңба Кіші жүз,

Айқаса білген Ар үшін!
Бұл - біздің ата тегіміз,
Бұл - біздің ҚАЗАҚ еліміз.
Көкбайрақ тұрса желбіреп,

Қатаяр арқа-беліміз!
Тек ие болып желкенге,
Кемеміз жүзсін ертеңге!
Ерлерім бастап, ел қостап,

Беу, елім, өсіп, өркенде!

Беу, Тұранның Ұлы Елі!
«Қазақ!» боп қайта сайраған.
Бағаңды байқап, біл енді,
Бабаңды еске ап қайтадан.

Бұл қазақ қалай дүреді,
Дескенде қайта қайралам.
Бұл ҚАЗАҚ өзі кім еді?-
Әкеме қарап ойланам.

Даладай дархан тілегі,
Кеңдікке пайым бойлаған.
Қазақ деген ежелгі,
Тұлпар мінген дүр еді.

Жауға сүңгі кезеулі,
Шайлықпаған жүрегі.
Қасық қаны қалғанша
Тұтам жер үшін айқасқан.

Елінің бағы жанғанша,
Ерлік қылған қоймастан...

Біз үшін бәрі мақтаныш,
Не сойқан өтті-ау аттаныс..
Жат емес бізге текті арыс-
Шыңғыс хан, Темір, Тоқтамыс...

...Сан өтті шайқас ерен мың,
Кетердей жасық безіне,
Хонтайшы Қалдан Цереннің
Айылын тартты өзі де.

«Шұбырынды етіп ақтабан,
Алқакөл сұлама» атанған,
Шақта да жерін сақтаған,
Өтті ғой ерлер не тарлан!..

Сақтай гөр, Тәңір, апырай,
Ел қорғап өлер батыр-ай!
Әйтеке, Төле, Қазыбек би,
Хандардың ханы Абылай!..

...Әлқисса, далам Маңғыстау,
Ер Шотан бастап ту тіккен,
Санада мұны мәңгі ұстаң-
Қазаққа Бекет Пір біткен!

Сүйінғарадай сойылдым-
Қарқуардай ер өткен...
Сұңғыла, шайыр, пайымдым,
Нешебір дүлей дүр өткен.

Әрбіреуі оның есіл ер,
Жүзіндей болған алмастың.
Бабалар мені кешірер,
Саусақпен санай алмаспын...

Ақ патшаны шайқалтқан
Досан батыр жолы өзге.
Ақкөздігін байқатқан,
Адайлық салып мінезге!..

Сол баһадүр бабалар
Бейнесі кетсе елестеп,
Бабалық ізге пара-пар-
Әкеммен көңіл кеңеспек.

Даналық, сабыр болмаса,
Өмірдің мәні далбаса,
Жұқанадай болса да,
Жұрнағы бола алмасақ:

Мынау абыз қартыңның-

Өмірі өткен дабылмен,
Халқының ойлап, салтының
Жауһарын жиған ақылмен.
Ақылдың кені - ой мен сөз,

Ағылып шығар алтындай.
Әр ой мен сөзді бойлап кез,
Құйылған қайнар сарқылмай.

Сөз анасы – бұлақ сол,
Тек зерделей құлақ сал.
Сөзге қонақ берелік,
Ақылманға ерелік.

Тақтақ билер сөз бастар,
Тайбурылдай ойқастар.
Туырлықты ел топтасар,
Қара нарлар көш бастар.

Бұрынғының сөз ләмі-
Бүлінген ел азады.
Бірлікті елдің әрқашан
Бүлк-бүлк қайнар қазаны.

Ақиқат боп арман-ән,
Озса дейді қазағы!

Болса егерде пәтуа,
Қарттардан тәлім алалық.
Мәз болмай өмір шатына,
Ертеңге көзді салалық.

Әкеміз біздің өмірде-
Дәуірмен тете - Ол кісі.
Ащы мен тұщы – бәрін де-
Өткерген бастан Ол кісі.

Мақтады демең,
тегінде –
Тірліктен түйін мол кісі.
Жаны, қаны, өңінде-

Қазағымның болмысы.
Болсам деп өзім, пай, сондай,
Билейді-ау ойлар өрелі,
Ақсақалдарым, ай маңдай,

Әңгіме айтар келелі.
Тоқсанға келіп тайсалмай,
Алшаң басып келеді!
Пай, неткен мынау жарасым,

Көз керек алмай қарардай.

Бар қазақтың баласын
Құшағына алардай.
Сөзі жақұт, тіл кесте,
Шымыраулы ой - тереңдік.

Бар қазаққа бір бітсе,
Абыз қарттай кемелдік!
Жүрекке жүк артар ек,
Көңілдегі сыз еріп,

Болашаққа тартар ек,
Көшіміз сонда түзеліп...

Жас ұрпақ, қайда барасың,
Ұға біл терең сен мұны,
Қайда еді, айтшы, қарағым,
Тектіліктің төркіні?!

ОЛ - сенің шыққан түбірің,
Тарқата білгін тегіңді.
Желкілдеген ғұмырың
Болады сонда сенімді.

Жеті атадан әрі асып,
Он екі атаға барғайсың.
Білігің тұрса таласып,
Далада, сірә, қалмайсың.

Босқа өтпесін жас күнің,
Сәулелі боп өс, жарығым,
Атасалт, атадәстүрің,
Қазақы болмыс-қалыбың:

Арна тартар қарттардан,
Абыздарға құлақ түр.
Дәл бүгінгі шақтарда,
Ел болу жайлы сұрақ тұр.

Елдіктің дәні ертеде,
Бабадан қалған қанда тұр.
Қияға қанат серме де,
«Қазағым!» деумен таңды атыр.

Беу, қазына қариям,
Аз емес еді-ау көргенің,
Ағып тұрған дариям,
Айналаңды тербедің.

Аузыңнан шыққан саф алтын-
Түйсікті жанға дауалы.
Сөнбесін оты жанардың,
Айқара жұтып ауаны.

Құйған бір нөсер жауындай,
Арылмай сөзің аталы,
Жүрек пен басың ауырмай,
Бере бер елге батаны.

Маңғыстау көшін бастаған
Сау болсын жақсы-жайсаңдар.
Қарттары барда саспаған,
Қанына тартқан қайсарлар.

Адай көтерілісіне қосылып,
Соғысты кешкен қарт екен,
Ел мен жер даңқын өсіріп,
Тұлғасы ерек мәрт екен,-

Деп құшақ жайса інілер,
Бүгіннің олар батыры.
Ағаға іні жүгірер,
Болса егер бірдей ақылы.

Кетсе де сәл-пәл әр тайып,
Отырар төрде марқайып,
Ақсақалдарым, жасай бер,
Ақылмен жеткен қартайып!

Тоқсанға толса әкеміз,
Қария қазақ – елге ортақ..
Танытып елдік өте біз,
Ерлерге кемел қонды бақ.

Ақылды адам кең келер,
Алыстан шолып болжайды...
Әулиелер мен әмбиелер-
Ақ ниет жанды қолдайды!

Құйылып шабыт күтпеген,
Айтты ғой аз сөз ақының.

ҚАЗАҚТЫҚ ЖОЛЫН ДІТТЕГЕН-

СӨЗДІҢ ДЕ БОЛАР МАҚҰЛЫ!

Томирис
Поэма
Арайы алтын нұрдай Ай қызыл өң,
Ажары асқан Ару «пай,мүсін!» ең(!)-

Аруақты Апатайым - Томиристей-
Массагет-Сақ, Дах-Дай қызы екен!

Тәңірім елден ерек шырай берген,
Көркіне көрген жігіт құлай берген.
Көркіне Өрлігі мен Ерлігі сай,

Құдірет пен Құзырет Құдай берген!

Әлқисса, «ол кезде» деп сөз өрейін,
Арқаланып, тілімді безенейін.
Кең Даламды олжадай көріп жүрген-
Жетесізге жыр-қару кезенейін.

Дала десе бойында құлық берен,
Өзімді өршіл өрен- жігіт көрем.
Өткенді өнеге етіп Бүгінгіге,
Ойланса деп даңғойлар үміттенем.

...Ол кезде Арал-Каспи егіз екен,
Тарих пен тағдыр солай негіздеген.
Аймаққа атышулы көз алартып,
Нешебір дүлейлерің жер іздеген.

Ол кезде қос теңіздің саласы бір,
Саласы бір, ағысы, сағасы бір,
Батыс - Скиф, Шығысың - Сақ атаған-
Қазақтың қасиетті Даласы бұл!

Бұл күнде ісінгенше болып-толып,
Бағзыны ойланайық шолып көріп.
Сол Даланы уыстан шығармасқа,
Өмірі өтті ерлердің жорық болып.

Жер қорғау – елдің, ердің тұрқы бекем,
Ел мәңгі ата қоныс –жұртыменен.
Қара жұрт –қасиетті ШАҢЫРАҒЫМ,
ҚАЗАҚ деген қастерлі ұлтыменен!

О, Далам, ұлы өмірден ақыл түйем,
Жыр-ұлың толғанады, асыл кием!
Көсілген ніл-дария сахараны-
Бағындырған Бабама басымды ием!

Намысым қайралады қайрақтайын,
Аруақтар құяр бойға айбат дәйім.
Жер үшін қанын төккен бабамды ойлап,
Дөңбекшіп түніменен жай таппаймын.

Жер десе, шақтарым бар қаным қозар,

Кеулейді кейде долы жанымды ызғар...
Ерлермен бірдей ел мен жер қорғаған-
Санамда жаңғырады Тәңір-қыздар!

Тәңірқыз, әлде Темір, Тұмар қыз ба,
(Есімін екшелеуден ұтармыз ба?!)
Есімін Томирис деп еншілеткен,
Гректің Геродотын сынармыз ба?!

Жо-жо-жоқ, тигізді олар бар қайырын,
Сақтардың хан көтеріп ханшайымын.
Мен-дағы көрейінші бір толғанып,
Сілкінсін орнынан бір патшайымым!

х х х
Жалтарман жанарымда жасын барда,
Құлатып ниетімді асылдарға.
Біздің мынау дәуірге дейін өткен-

Ой салдым алты-сегіз ғасырларға.

Дәуірлер құлағыма үні келді,
Баяғы болмысына түрім енді...
Баянын тарта берді бағзы әуендер,
Үзілмей тарих деген ұлы желі.

Жел беріп баба рухы-қуаттары,
Жанардан отты жастар жиі аққаны.
Баһадүрлер көрінді көз алдыма,
Тарпысқан тұлпарлардың тұяқтары!

Жер десе, кеңірдегін үзіскендер,
Жер десе, бұқадайын сүзіскендер,
Жер десе, бере алмаған қарыс сүйем,
Қорғаған ұясындай Ұлысты Ер!

Ақтаған азаматтар ел сенімін,
Ата-ана, бала-шаға, жар сенімін.
Ежелден көрші-қоңсы қоныстасы ед,
Сақ біткен атағы асқан Парсы елінің!

Персия жарақты ел-ді жариялы,
Жағалай қоныс тепкен дарияны.
Сақтарға иек артып жаулап та алған,
Вавилон, Ассирия, Медияны.

Сонда да ойландырып өріс тары,
Өзгенің қызықтырған қоныстары.
Шарықтап шартарапқа жетіп жатты,
Парсының шапқыншылық соғыстары.

Тасып тым Кир патшаның мейманасы,
Сақтардың есін алды кең даласы.
Массагет-Дай тайпасы – Сақ көсемі-
Елшімен Томириске сөз салады...

Кир патшаның талабы
Сөйледі парсы елшісі өктемірек,
Өрекпіп, өпірем тым, өркөкірек,
Бұйрық рай бұрқылдап дауысынан,

Былайша сұсты сыңай ол лепіред:

-Ей, Сақ қызы, даңқың зор батырлықта,
Хош көреміз Сізді Біз жақындыққа...
Дүрілдеткен ғаламды Кир патшамыз
Сізді алғысы келеді қатындыққа!..

Қарсы келсең, білесің оң болмасын,
Қарсылығың басыңа сор болмасын.
Парсы менен Сақ елін біріктіріп,
Кир патшаның басасың оң жамбасын!..

Елшінің, жан-жағында әскері бар,
Бір жауап Томиристен тосқаны бар...
Томирис
Жанарынан жалын шашып,

Тілімен елшілерді осқаны бар:

-Ей, парсының керіауызы, тарт тіліңді,
Енді бір сөз...-
деп ойла жақ тілінді!..
Менің елім –Сақ елі, Сақ даласы,

Өз елімнен тапқанмын бақ-тұғырды!

Патшаңа айт, ойы - тайыз, ақыл тайды,
Ешкімге Сақ қыздары сатылмайды!
Арандату, арсыздық, айтаққа еріп,
Сақтың елі ешқашан аһ ұрмайды!

Көктәңір, Оттәңірге табынатын,
Жер-Анаға халықпыз жаны жақын!
Даламызды өгейге енші етпейміз,
Біз емеспіз бөгдеге бағынатын!

Қасқайған аш қасқырдай ұлып тегі,
Үзілсін Кир патшаңның үміттері!..
Мендей болса сақтардың арулары,
Желкеңді үзер тепсінген жігіттері!!!

Бұзғың келіп елдігім, шаттығымды,
Көршіңізге көрсеттің жаттығыңды.
Енді ойла өзіңнің сақтығыңды,-
Деген кезде елші де жалт бұрылды...

-Онда соғыс!-деп кетті- бірауыздан,
Сескенбеді Сақ елі кілауыздан.
Сыр тарталық ендеше, ағайындар,
Шындықпенен шендескен бір аңыздан...

Соғыс
Жеті жұрт келіп-кетіп, Адай деген
Өр халық атандырған арай мекен!..
Ол кезде Әбескүн, Дай, әлде Хазар,

Деп Каспи теңізімді атайды екен.

Қос бетін қоныс еткен сол өңірдің,
Толғайын толғауларын көне жырдың.
Бабадан баян тартып кеткен кезде,
Көлкіген көк айдындай төгеді ұлың!

Бағзысыз Бүгін болмас өрелі елге,
Беу, тарих, қияс кетсем сөге көрме!
Қанқұмар Кир патшаны талақ еткен,
Томирис рухы ұшып бір келер ме!

Әлқисса, кесапат сөз «соғыс!» деген,
Киелі сөз ғой «ата қоныс» деген!
Сол ата қоныс үшін қанын төгіп,
Ерлерім өліспей бір беріспеген!

Болса да бақ таласы, тақ таласы,
Ездерді тарихтың бар жақтамасы!
Томирис сынды аруды туған екен,

Қасиетті Маңғыстау –Сақ даласы!

Туғасын тумысынан болып текті,
Өмірі аттан түспей жорықта өтті.
... Естіген елші сөзін Кир патшаның
Көздері қызыл қанға толып кетті!..

...Күз күні. Кешқұрым шақ. Дала төсі,
Ширықты екі жақтың ерегесі.
Жасанған жау жарағын қалың әскер,
Жасақтың тең секілді терезесі.

Әуеге ұран оттар лапыл қақты,
Дарылдап дауылпаздар дабыл қақты...
Тұлпарлардың тұяғы тітіретіп,
Бір сұмдық тұрды күтіп атырапты...

Кир патша күпсінеді, ісінеді,
Қайрайды қайта-қайта тісін енді.
Қатыннан жеңіліс бір тауып қалса,
Қасқиып қалатынын түсінеді.

Сенделіп арлы-берлі кезе берді,
Жүрегі әлденені сезер еді...
Байқады...
Сайыпқыран Сақтың қызы

Көктегі жауар бұлттай безереді.

Томирис
Тау секілді тұлғаланып,
Тұрған жоқ от жанарын нұрға малып,
Қайсарлық қаны ойнайды жүрегінде,

Қолдары қайта-қайта қынға барып.

Қасына Спаргапис ұлы жетті,
Ол биыл жасқа толған кәмелетті.
Көздері шоқтай жанып
Анасына

Өзінің бекем ойын мәлім етті:

-Жан ана, әкем шейіт қан майданда,
Шалқайған ер еді ол шалқайғанға!
Жауыздың жағын екі айырар-ды,
Кемсіткен кесір сөзі байқалғанда!

Мен енді әке орнын жоқтата алман,
Тепсінген тұлпарымды тоқтата алман!
Күпсінген Кир патшаны жоқ етемін,
Көкірегім намыс пен кекке толған!

-Жоқ, ұлым!
Томиристің сөзі өктем,
-Жоқ менің, айналайын, өзіңе өкпем.
Парсымен қанды шайқас күтер бізді,

Ежелден бұл ақиқат көзім жеткен.

Сен сақ бол, тұяғысың Ерен Ердің,
Еліне қорған болған кемел Ердің.
Кемсіткен анаңды емес, Сақтың елін
Сазайын Кир патшаның мен берермін!..

...Екі жақ алға бастап ауыр шепті,
Жебелер қорғасындай жауып кетті...
Біресе парсы басым, біресе сақ,
Бір-бірін қиян-кескі шауып кетті...

Дейтіндей Жер-Анамыз: «обал-дағы»,
Қан-қасап, бас доптайын домалады...
Шыңғырған, еңіреген, өкірген үн,
Екі жақ жан берісіп, жан алады...

...Кенеттен...
Қиқулаған дауыс жетті,
Баудай ғып, жау жағының жарып шепті...
Томиристің қосалқы әскері бұл-

Сақтардың арулары асыл текті.

Тосын күш ...
Парсыларды тосылдырды,
Атты әскер жауды қойша осып қырды.
Шайқастың шекке жеткен шамасында

Сақтардың күші мүлде басым тұрды!

Бұл күні парсыларды қара басты,
Саусақпен санарлықтай сарбаз қашты...
Жекпе-жекте жеңісті иеленіп,
Томирис тұрды ұстап Дара Басты!..

-Қумаңдар, қашқан жауды, қаша берсін,
Үдеріп қашқан сайын боса берсін...
«Сақ!» деген сөз естілсе құлағына,
Сезгендей құдіретті саса берсін!

Осылай үн қатты да Тәңір- қызы,
Естілді ерегескен әмір-сұсы:
-Кир деген қанға құмар патша едің,
Құдайдың тиді саған қағындысы!

Қанға той! Қанішер жау арын сатқан,
Қан құшып Сақ қызынан «дамыл» тапқан!..
Хан басын қанға толы тұлыпқа сап,
Лақтырды дарияға сарыл қаққан!..

х х х
Осылай сыр толғайды аңыз сөзі,
Осылай жыр толғайды ақын өзі.
Осындай еркек жалды арулардың-

Па, шіркін, бар ма екен қазір көзі?!

Десек те далам бүтін, дариям бар,
Қаламқас, Мәншүк пенен Әлиям бар:
Есті қыз өсірсе деп арман еттім,
Қазақта қасиетті жанұям әр!

Демеңдер мынау ақын ақылсынды,
Ақтардым тарих жайлы асыл сырды.
Томирис апам кейде түседі еске,
Текті ару көрсем егер батыр сынды!

Қазақтың еске түссе азап-мұңы,
Қазақтың еске түссе азаттығы:
Ерлердей ел қорғаған,
Ұрпағы өсіп,

Ержүрек еске түсер Қазақ Қызы!!!

Рух Һәм Досан батырдың абақтыдағы арпалысты сәттері (һәм ақын Рахат Қосбармақов ініме)

«...батырлықты, мәрттікті қатты қастерлейтін елдің Батырлық жырының қаһарманының қылықтары қалай болғанда да сол елдің салттық-

дәстүрлік шеңберіне сиюы қажет, сөйтіп, өзін жұртқа жексұрын көрсететін қылықтан аулақ болуы керек. Жұмат Тілепов, филология ғылымдарының докторы.

х х х

...Сонда Досан сөйледі:
-Уайым айтпа маған, деп,
Рұқсат етем саған деп,
Сүйегім тұтам қалғанша,

Қайыспаймын бас ұрып,
Ойлама мені бас иіп
Патшаға барад деп,
Хауіп етпеймін дұшпаннан

Ажалдан бұрын алад деп.
Мен аруананың баласы,
Мыңқ етпейтін нардаймын,
Иығымды кессе де,

Қапталымды тессе де,
Ауыр жүкке болдырман,
Бес қару белде тұрғанда
Шыбын жаным сау болса,

Етегіне дұшпанның
Басымды салып қор болман.
Айырылмаса көк тұлпар
Бұрынғы шабыс қарқыннан,

Әлі де жауға алдырман,
Етіме таңба салдырман.
Кем болған жоқ атағым
Қарсының ұлы Тарғыннан.

Серттескен жолдас сен едің,
Арыстаны елдің мен едім,
Дұшпанның есін тандырған.
Халық айтты, бізді батыр деп,

Енді барсақ бас ұрып,
Айтпай ма бізді қатын деп,
Бұл айтқан сенің сөзіңді
Тыңдамаймын мақұл деп...

...Неверский деген бір ояз
Сотталғанда айтулы:
-Берем,-деп саған қысымды-ай,
Патшаға мен жазам деп,

Таудай қылмыс ісіңді-ай.
Сонда Досан айтулы:
-Таусылған жоқ қайратым,
Алдап, арбап ұстадың

Қан төгісіп қастасқан
Сен едің менің дұшпаным.
Ат үстіне мінген күн,
Бойыма қару ілген күн

Ақ алмасты суырып,
Заманасын қуырып,
Әскеріңді қырған мен едім.
Өзіңдей ояз Рукин

Қаза тапқан сүңгімнен,
Солдатын қырдым бір жүрген
Ат жүйрігін ойнатып,
Ақ сүңгіні бойлатып,

Ойран салған мен едім
Әскеріңді бүлдірген
Енді жоқ менің арманым.
Ақ сауытты жамылып,

Алмастан қару тағынып,
Мінуге тұлпар таңдадым.
Ломакин генералыңның
Жасқанбай атқан оғынан

Бөрідей тартып қоңынан,
Жүрген жолын қандадым.
Қапы қалма боқ солдат,
Талайыңды қандадым!

Сәттіғұл Жанғабылов.
(«Досан батыр» толғауынан үзінді, 1939 жыл)

Досан батырдың тұтқындағы монологы
(Үзінді)
...Жығылып жалы жалынның,
Сарыуайымға салындым.

Тұтылды шіркеу тағы да
Терезесіне жанымның.
Сейіліп сергек сенімім,
Жылауық бұлттай көңілім.

Өңменім-бәсең, өң-өлі,
Жел үрлегендей желігім.
Көрешегіме көнсем де,
Келешегіме сенсем де,

Көңілімде – мұң, көзде – дым,
Етекке кетті еңсем де.
Жанымда жанбай жалыным,
Ей, өмір-аяз қарыдың.

Беретіні жоқ безбүйрек
Бедеу тағдырға налыдым.
...Көргем жоқ өмір молдығын,
Тым ерте қурап, солды гүл.

Соңы жоқ сордың сорасын
Сораптап ішкен сорлымын...
Рахат Қосбармақов.

Сәл шегініс
Тұлабойдан бұрқанған дауылды леп,
Алдаспанға санаушы ем жалын жүрек.
Боз ботадай жырларың боздап кетіп,

Өзекті өртер өлеңің жанымды жеп...
Төзбесімді білмеймін, төзерімді,
Ағат ойға аһ ұрмақ ақын жүрек.
Арпалысқан патшамен кезеңімді

Жазсаң етті «хас батыр қағынды!» деп.
Түңілдірдің...
Түрменің торы ішінде
Сарыуайымға мәрт Досан салынды деп?!

Алысқан Ер Намыс пен Ар үшін де,
Мойынсұнып тағдырға бағынды деп?!
Ұлы өнердің мұраты – рух себу,
Рухсыз ой айтпас ем жағымды деп.

Рухсыздық дертінен ұрық төгу-
Қоздырып та кеткендей қанымды кеп...
Кінәлама әрі іні, әрі балдыз,
Түйреді деп ащылау Ғалымды көп.

Ақындардың десек те бәрі жалғыз,
Айтатұғын әр ойға ақыл тірек.
Адай деген халықта әлсіздер жоқ,
Айта алмас жан патшаға бағынды деп.

Адай деген халықта қансыздар жоқ,
Астамсыған Рукиннен алынды кек.
Адуынды күй кешкен ата-баба,
Ерлер сөзі: «Ел үшін қаныңды төк!»

Ей,Рахат, рухыңды аласартпа,
Артық айтсам, сындырма сағыңды тек!

х х х

Бойға біткен дем беріп нар талабың,
Дүйім елдің «АР»-ын сен арқаладың.
Бабаң Досан, Дихан мен Орақ, Алғи,
Жүрсің жалғап Бүгінмен тарпаң атын.

Дүйім халық жүгінсе бабаларға,
Жөніміз не қиясқа жалтаратын.
Мынау жатқан көл-көсір дала барда,
Заман туды жыр-нөпір ақтаратын.

Уақыт жетіп емдеді жараны Алла,
Бабалармен шақ туды мақтанатын.
Бабалар-ай, түсірмес арға таңба,
Езді көрсе, от жанар шоқтанатын.

Ақкөздігі атойлар арда жанға,
Абай келіп, патшаң да сақтанатын.
Тым биікте шоқтығы – дара тұлға,
Келді кезең «Досан!» деп жар салатын.

Келді кезең қиялдың қанатында
Ерлік ізбен Ертеңге аттанатын...

Тарпаңдық
немесе Досанның тар қапастағы күңіренген сәттері
Арқалап шер мен шеменді,
Түссем де торға мен енді,

Таспа тілім жонымнан,
Кескілесе де денемді,
Бас иіп кетпен ар сатып,
Бас имеу – түпкі мақсатым.

Сындырса-дағы опырып,
Қабырғаларымды қаусатып.
Шығарман тамшы жасымды,
Түңілтіп дұшпан-қасымды.

Алдында тізе бүкпеспін,
Алса да кесіп басымды.
Елінің болған тірегі,
Біз едік түздің түлегі,

Қатепті қара нарлардың –
Езіле бермес жүрегі!
Ерлерге сенім артқанда ел,
Жолбарыс сынды жортқан ек.

Жасанған қару-жарағын -
Жасқанып жаудан қорықпап ек.
Кетпеуі үшін басынып,
Көтердік басты ашынып.

Дүрлікті өңір, дүрлерім,

Теңіздей болып тасынып.
Кешірмес өзге өктемін,
Шегінер жай да жоқ тегін.
Қасқайып қарсы алдық біз

Патшаның зеңбіректерін.
Атойлап жауға аттандық,
Жеңуге тапап шақ қалдық.
Қол бастаушы Рукиннің

Қылышпен басын шапқанмын.
Салуды үрей жөн көріп,
Сүңгіме алдым өңгеріп.
Сұсымнан қашқан көп әскер

Талқаны шықты сенделіп.
Күш басым дұшпан үрікті,
Бастадық ойран-бүлікті.
Айласын ақыр асырып,

Салғандай жауыз құрықты.
Сарқылып, қалмай амал түк,
Түрмеге келіп қамалдық.
Азаттық үшін алысқан

Есіл ерлерге саналдық.
Жойсақ та талай жендетті,
Көкейде арман, кек кетті.
Арыстан туған арыстар –

Елдік намысты бермепті.
Ездікті Адай сүймеген,
Ешкімге басын имеген.
Сүйкеніп келген сұстының,

Қашырып құты-ұсқынын,
Сүңгімен шаншып, түйреген.
Тектілік тіннен таймапты,
Жігерін дәйім қайрапты.

Бөгдеге бере салмаған –
Маңғыстау – маңғаз байтақты!!!
Беу, туған жер, ұлы өңір,
Жасымай ғұмыр сүре біл.

Ертеңге жарқын жол ашар,
Бұғауға түскен бұл өмір.
Мен өлермін, өлермін,
Түскенін басқа көрермін.

МӘҢГІ ӨШПЕС РУХ боп,
Айналып қайта келермін.
Сүйемін туған елімді,
Сүйемін туған жерімді,

Қия алмай барам баршаңды,
Қарулас серіктерімді.
Қош болың бауыр, кең Далам,
Қарасам көзім талмаған.

Қапияда кетсем ғайып боп,
Тақпассың айып сен маған...
х х х
Кетсе де ол күн келмеске,

Айнала қоймас елеске.
Тәуелсіздікке қол жетіп,
Өрледік биік белеске.

Ақпатша тақтан құлады,
Ленин «көсем» сұлады...
Қос батырға ескерткіш-
Ақкетік...

Жартас ұшары...

Иса тұр жарқын жол нұсқап,
Досан тұр намыс, Арды ұстап!
Ерлердің рухы оянды,
Қалды артта дәуір тар-қыспақ.

Замана жүгі артылса,
Төрелік дәстүр би қуса.
Найзамен елін қорғайтын,
Досандай тусын Ер туса!

Жырлаған дүлей шақты бұл,
Жанғабылұлы Сәттіғұл!
Бабаңнан, Қазақ, тәлім ал,
Баянды болсын тақ-тұғыр!

ӘУЛИЕЛЕР ӘЛДИІ

(Ә.Кекілбаевқа)
Әуен тартып өзалдан ұлыс әні,
Әулиелер әлемі ұғысады...
Әуелден-ақ әуезді әз-ғаламға

Әулиелік әріден жұғысады.

Жұмбақ-әлем, мың сырға бөккен дала,
Баяғыдан баян-жыр шерткен дала.
Дуадақтар қонатын боз төбеден
Ұшырады ұланды неткен дана.

Көз сүрінер кеңістік шалғайынан
Бал тамызып баланың таңдайынан.
Бағзы-Баба көрініп бейнесінде,
Емірене иіскейді маңдайынан.

Желпігендей бейне бір таң самалы,
Жалпақ-әлем бусанып ән салады.
Толғайтындай аңыз-жыр-әпсананы,
Абыз-дала желбіреп ақ сақалы.

Абыз-дала, жөңкілген сағымдана,
Дүрілдейді, дүмпиді дабыл қаға.
Асау мінген хас батыр секілденер,
Дес бермеген дүлей мен дауылға да.

Даусы келіп нешебір көсемдердің,
Даусы келіп нешебір шешендердің,
Дәуірлерден жетеді жаңғырығып,
Құлағына түйсікті жас өреннің.

Әлімсақтан сыр шертіп құлын-әні,
Бала-сана көп жайды ұғынады.
Құлағында – байғыздың зарғағы да,
Құлағында – қасқырдың ұлығаны...

Құлағында - дала үні шымырлаған,
Құлағында - баба үні сыбырлаған...
Құлағында - азалы желдің үні,
Шегірткенің сазды үні шырылдаған.

Құлағында - ботаның боздағаны,
Суын айғыр сыр-ғажап қозғағаны...
Боз жусанды иіскеген боз балаңыз
Қалай сүймес мұнартқан боз даланы?

Құлан жортпас құладүз бойды алады,
Көне қауым...
Құлпытас...
Ой салады...

Ұлан-ғайыр көсілген кеңістікте
Бебеулетіп абыз-қарт күй шалады.

Сәби-жүрек әлдене сезеді ме,

Жүзетіндей сезімнің өзеніне.
Қайран дала әлдилеп тербетеді,
Туған жері ұялап өзегіне.

Дала, шіркін, десеңші, жұмбақ қандай,
Періштелер «пірім!» деп тіл қатқандай.
Бір жағынан сахаба, киелер кеп,
Фәлсапасын өмірдің жырлатқандай.

Бір жағынан машайық көрінеді,
Көкейінен төгіліп көңіл өрі...
Бір жағынан жезтырнақ, жалмауыз бен
Елестейді жын-шайтан, перілері...

Құмбыл дүние-ай,
Қобызын безілдеткен,
Құйын соқса, қаңбағы безіп кеткен...
Қаратаудай қасқайып тұратұғын

Қас түлегін қатепті, төзімді еткен.

Дала әуені өзінше сарнатады,
Таусылмайтын «гөй-гөйін» аңдатады...
«Аман болсын тіл-көзден асыл ұл» деп,
Шарананы шағылға аунатады.

Ата-баба, аруақтар демейтіндей,
Әулие-әмбиелер жебейтіндей.
Құм үстінде жаралған қара бала,
Бұл баланы бәрі де елейтіндей.

Тылсым сырға бала да ұйып кетті,
Құлағына көненің күйі жетті...
Адамзатқа айтар ой, айтар сөзді –
Құлағына Құдай кеп құйып кетті!..

х х х
Тәңір-Алла ұланын сүйіп текті,
Бір басына бәрін де үйіп-төкті.
Кенен ақыл, теңдессіз талант беріп,

Парасат-пайымын да биіктетті.

Құдай сөзін құп алған бала талмай,
Құба белден жол тартты қара нардай.
Әлгі мынау жырлаған әз-ғаламның

Бар жұмбағын болжап бір таба алардай.

Бақ жұлдызын ашқанда бұла таңдар,
Ұлыларға жарасар ұлы армандар.
Мырзайыр-құм, басталған Басқұдықтан
Туған жер мен жүректе ұлы Отан бар!

Мәңгүртке де мәрттіктің жағар отын,
Сәулеліге тигізген шапағатын,
Қазақ сынды халықтың феномені-
Арқалаған адамзат аманатын!

Сүйінді әлем қазақтың данасына,
Рухани өрлеген дара шыңға!
Жетпісінің желдіртіп желмаясын,
Келеді Ол даңғайыр Даласында!

Қауышады күнбе-күн еліменен,
Көз салады Маңғыстау төріне кең...
Тыныстап тұр ұлы Әбіш Кекілбаев-
Үш Жүз Алпыс Әулие деміменен!

Бибігүл
(Поэма)
Бұл өмір маңыз берсек терең болар,
Көңілде көк тасқындай өлең толар.

Қай жерде жүрсем-дағы тірлік кешіп,
Бибігүл – сүйрер алға кемем болар.

Ол менің мәңгі сүйер жаным деймін,
Өтермін бұл ғұмырдан дауыл кейпім.
Бибігүл – жарым менің болса-дағы,
Өзіме етен оны бауыр деймін.

Біз, бәлкім, жүрміз кейде алыс кетіп,
Сөйлейміз кей күндері намыс келіп.
Қаншалық қатты келіп қалғанменен,
Жүректен сезім келер ағыс болып.

Бұл ағыс – менің бүкіл иірімім, Махаббат әлемінің ұйығымын. Өмірді өлшеп дәйім өтермін мен Тағдырдың тұмар етіп бұйырығын. *

Бибігүл – бұйырмысы пешенемнің,
Аруы – ардақ тұтар көшелі елдің.
Ол мені қолтығымнан жүрсе сүйеп,
Өршіген өр толқындай өсе бердім.

Ол маған асау айдын – шабыт берді,
Үйіме бақ құсындай бақыт келді.
Ару Ол –бал сезімге суаратын.
Жүрегі қанға толы жалынды ерді.

Ол менің - өмірімнің өзегіндей, Сарқылмас ішкі әлемнің өзеніндей. Бес күндік мынау пәни тіршілікте – Мәңгілік мирас етер кезеңімдей. * Ғұмырым тәттілікпен өлшенеді, Бұ Ғалым неге шалқып, белсенеді? Тәңірім тіршілікті тұрса тіреп, Болайын үмбетіндей мен сенері.

Пенде едім Құдайыма құлдық ұрған,
Дүние жатыр өтіп ұлы думан.
Мен жүрмін шалқып-тасып, шайқап ішіп,
Бақыттың қанбайтұғын тұнығынан.

Бибігүл дейтін менің бұлағым бар, Бибігүл десе жүйткір пырағым бар. Бибігүл десе көңіл босайды ғой, Бибігүл десе шаттық жыр-әнім бар. * Сезімнің дариясына бой ұрайын, Жүректің әмірін мен мойындайын. Жас күннен жазмышыма жазылды ғой Сыланған аппақ ару қайыңдайын.

Ол деген – жарық күннің тұтқасындай,
Тұп-тұнық пәк әлемнің тұнбасындай.
Көргенде оның алтын ақ дидарын,
Төгілер өлең, шіркін, жыр-Қасымдай!

Өмірге келсем-дағы қарапайым, Дүниеде түкті сезбес баладайын, Әлдилеп әлі мені келеді ғой, Баласын жанға қимас анадайын. *

Бас иіп өтермін мен оған дәйім,
Құшақтар көл сезіммен даламдайын,
Қайда мен жүрсем-дағы кезбе болып,
Қориды қасиетті панамдайын.

Жүректен сезім сел боп құйылатын,
Тәнті етіп ай жүзіне ұйытатын,
Осынау жарық әлем періштесі –
Бибігүл – бақ құсым ғой сиынатын.

Өзінің табындырып пәктігімен,
Жаныма сөнбес алау жақты мүлдем.
Келемін қол ұстасып Бибігүлмен,
Өмірдің көңіл шалқып шаттығымен.

Тағдырым аямады шарапатын, Төгеді әр күн сайын шапағатын. Мен жүрмін бақытым деп Бибігүлдің – Нәркестей жанарының қарақатын. * Шошынтар түнек сынды бұлтыменен, Шағымда қара аспандай күркіреген, Еріксіз іліктіріп есті алады – Еліктей екі көздің жылтыменен.

Кезім көп өзім де ұқпай дауыл болған,
Жүрекке жанартаудай жалын толған,
Дос та ұқпас жауым түгіл сәттерімде –
Бибігүл жанымды ұғып қолымды алған.

Мен, бәлкім, құйын ба едім, жасын ба едім,
Қай күні өмірде бұл жасып едім?
Дүрмегін дүрілдетсем дүниенің,
Бибігүл – шабыт алар асыл кенім.

Мен өзім тәтті өмірге масаң ба едім,
Құрықты салдырмайтын асау ма едім?
Мәңгілік он сегізге тұрақтаған –
Бір жүріп Бибігүлмен жасарды өңім.

Кей күні саябырсып сабыр табам,
Күндейін жауар алды дамылдаған.
Сыйлатпай қояды ма сезім-желік,
Сұлуым – Бибігүлдей жарым маған?!

Қалайша сөз сөйлейін жорғасынбай,
Жүрем бе тынып іштей қорғасындай.
Аруым – алтын өзен арнасындай,
Отауым – ұлы бақыт ордасындай.

Сезінем өзімді өмір патшасындай,
Бибігүл – сол патшаның ханшасындай.
Жайқалған жапырағым – ұлым, қызым-
Бағымның жасыл желек шыршасындай!

Шыдар ма, шіркін, көңіл шалқып ақпай,
Шабамын, шарықтаймын арғымақтай.
Аруым арқыратса ақыныңды,
Балалар қояды ма балбыратпай?!

Өмірдің ұлы көші – бәйгесінде
Іркемін атым басын мен несіне?
Бос мойын күн кешемін қалай ғана,
Бақыттың қол жеткізіп көмбесіне.

Жазылған жарқын ырыс маңдайыма –
Бибігүл нәр құяды өнбойыма.
Жүректен ағыл-тегіл ағыс келіп,
Саф алтын сөз ұйиды таңдайыма.

Бұл деген махаббаттың айғағындай, Бибігүл –сарқылмайтын қайнарымдай. Осындай асыл ару жарды құшқан – Бар ма жан бұл фәниде бай Ғалымдай?! * Ешкімнің қызғанбаймын несібесін, Көсілсем, достым мені кешірерсің. Мендейін сүйген болсаң қосағыңды, Өмірдің бар қызығын сезінерсің.

Ондайда таусылар ма шаттығың да,
Өртеген от сезімнің шарпуы да.
Осынау Тәңір тартқан тағдыр-күйдің
Тынысы – таңдап сүйген аққуыңда.

Ол сені жан-тәнімен сүйсе құлап,
Сүрінсең, бауырыңдай күйсе жылап,
Айнымас артық туған ару болса,

Сезімі секілденген айнабұлақ.

Ол үшін біз тұрармыз тағзым етіп,
Аймалап, аялдармыз бал қыз етіп.
Бар адам қосылсыншы бақытына,
Дүниеден баз кешпейік жалғыз өтіп.

Бағалай білейік те бардың бағын,
Құдайым тауып қосқай жардың бәрін.
Бибігүл екеуміздей қол ұстасып,
Ағайын, баршаңыз да жарқыл қағың.

Жанарда мұңның көлі көлкімесін,
Жүрекке шын ғашықтық өртін берсін.
Айрылмас жұбым болып жарасатын –
Бибігүл – менің үшін мәңгі есім!

АҚЫНДАР

немесе өзім туралы
Бұл күйіммен мені бір күн жыр ұрар,
Бұл күйімен ақын бір күн құтырар.
Дауыл атқан ішкі жаным әлемін,

Сірә да жан табылар ма ұғынар?

Оны айтасың, ұға алмай жүр жақын жан,
Кім іздейді дәтке дәру ақыннан?
Ел қатарлы жүрсе бүгін қалыпты,
Ертеңгі күн жанартаудай атылған.

Жүрсе өзі дүниеге ойы алаң,
Одан сырт та айналады кей адам.
Тар секілді оған пақыр тірлігің,
Ақын көзі қарайды ғой қиядан.

Ол жүреді дүниені тербетіп,
Қиял құсын қияндарға серметіп.
Ақын да бір шырылдаған балапан,
Тағдыр оны жаратқан ғой ерке етіп.

О, бауырым, айтып,айтпай не керек,
Ақындарды ауру жандар деме тек.
Кең даламен қанат қаққан бейкүнә
Ол-дағы бір нәзік жүрек көбелек.

Қаралап сен жанын оның нетесің,

Сүйкенсең сәл жаралап-ақ кетесің.
Дауылдарда алып шығар алып та Ол,
Тағдырының толқын соққан кемесін.

Ақын жүрек әрі нәзік, әрі отты,
Ол-дағы бір дерсің қыран қанатты.
Ақын аңғырт болғанымен баладай,
Арқалы да, әулиедей әруақты.

Көп жайларды салып көрсек ақылға,
Титімдей де жазық болмас ақында.
Ұқпағанға ұнамауы мүмкін-ау
Келмей жүрген кездерінде бабына.

Атым шықса демейді Ол әлемге,
Жүрек сырын жайсам дейді Өлеңге.
Ол жырлар ед сұлулықты тек қана,
Кей пенделер түсірмесе көлеңке.

Сондықтан да көзінде оның кіреуке,
Өшпенділік оты да бар реңде.
Кінәмшілдеу жүрегі де жаралы,
Жүзі де тым дімкәс жандай жүдеу ме?

Кім шыдамақ, міне, осынау мұң-күйге,
Тағдыр өзі ақыныңды сілки ме?
Беу, дүние, қара тастай безерген,
Жынданардай боп жүреміз бұл күнде.

Қалай ие болам жүрек шіркінге,
Басады да тұрады ләйім дүрсілге.
Әкем айтты: «Өзіңе, ұлым, бол мығым,
Жаныңменен жылама да, күрсінбе».

«Қайғыға да қара,деді Ол, сабырмен,
Өзді-өзіңді тізгіндей біл ақылмен.
Әке сөзін құп алсам да іштейін,
Қалай жартас болмақшымын жалын мен?!»

«Жоқ!-дедім де, еңсемді тік көтердім,
Бұл өмірде осы күйде өтермін,
Мұңланармын, жылармын да, күлермін,
Кім біліпті, жынданып та кетермін...»

Соғыс көрген кәрлі көзі әкемнің
Өз сөзіне тұратындай бекем тым.
Деді тағы: абай болшы , асыл ұл,
Бұл тірлікте кезігеді қатер мың...

Одан сайын қызып кетті от денем,
Мейлі, қатер, кезі келсе өртенем,
Дедім күйіп, күресемін бәрімен,
Қаталмын да, дүниеге ерке мен.

Шашып тұрса алтын шапақ шуақ күн,
Жаным –арай, жаз өмірді қуанттым.
Жүзін көрсем жарқын көңіл жандардың,
Мөлдірлігі билер мені бұлақтың.

Жаны жайсаң жанға жайып жақұт-сыр,
Бүкіл ішкі әлемімді ағыттым...
Жанымды ұғар жанды көрсем сезінем-
Балдай дәмін дүниедегі бақыттың.

О, қайран дос, айқара ашық құшағың,
Саған қарай қиялыммен ұшамын.
Келші бермен, жанымды ұққан азамат,
Тарқат шерін ішімдегі ызаның.

Бұл күйімде мені бір күн жын ұрар,
Бұл күйінде Ақын бір күн құтырар.
Осы күйде Ақын мәңгі өте ме,
Жайым жоқ еш неде болса бұғынар.

Жағдайым не тышқаншылап тығылар,
Бұқсаң төмен, бықсық жандар сұғынар.
Мен өлмеспін топасыңды түйремей,
Халқым ақыр жан сырымды ұғынар.

Жұрты ұқпай талай ақын өткен ғой,
Жұрты ұқпай көбі қайғы шеккен ғой.
Дүниеге қарай алмай безеріп,
Талай ақын отша жанып кеткен ғой...

Талай ақын
мұратына діттеген
жете алмай,
душар жайға күтпеген...

Айтқан олар айтатұғын, жерінде,
Арамзадай ішке пиғыл бүкпеген...

Кейде мен де шырай берсем қатулы,
Кей алаяқ күйеледі атымды.
Туған сайын заман оңнан жарқырап,
Ұғады ғой ақ жүректі ақынды.

Сенем бұған, сөзімнің бар негізі,
Нағыз ақын – мәңгіліктің егізі.
Ақын деген жартасты ұрған сабалап,
Табиғаттың асау толқын-теңізі!..

Еңлік
(баллада)
Семей облысындағы екіқабат әйелдер үнемі үрей үстінде.
Олар радиацияның тұқымға тигізер зардабына қанық. Бұл аналар

сәбиді дүниеге әкелгесін де қорқыныш жетегінен арыла алмайды.
...Еңлік бес оқитын қатар құрбыларына қарағанда бес жасар
балаға көбірек ұқсайды...
(Газеттен).

Тұрғандай далам бүкіл зарға бөгіп,
Қою бұлт көктің жүзін торлап өтіп,
Ел аман, жерім аман дей алмадым,
Тартқанда тағдыр-зауал қайран Еңлік.

Іңгалап ол да өмірге көз ашқан-ды,
Көрем деп ойлады ма қара аспанды?
Туған жер тулақ сынды иі қашқан,
Адамзат шошытулы жаратқанды.

Көрмеді-ау бір күн қызық Еңлік мүлде,
Етектен тұрар тартып кемдік күнде.
Жап-жарық дүниеден түңілгенде,
Күйзелер қалғандай бір қара түнде.

Азаптың тозағы осы фәнидегі,
Мұң осы Семей жақта әр үйдегі,
Атомды жара берсе іргесінен,

Зым-зыя болар бір күн ел іргелі.

Жас іркіп екі көздің шырағына,
Бүк түсіп бұғады үйде мына бала.
Лағнет – айтары оның заманаға,
Сәт сайын бомба үні кеп құлағына!..

1990 жыл.

Заманақыр
(баллада)
«Қаратаудың басынан көш келеді...»
Халық әнінен.

Жерінің де, көлінің тозы шыққан,
Зағип болған сорлыдай көзі шыққан,
Көкжиектен күлсе де Күн сәулесі,
Өз үйінде именіп өзі бұққан.

Тұла бойда ойнаған қаны жоқтай,
Сал ауру секілді жаны жоқтай,
Бар байлығын сыпырып кетсең-дағы,
Ұры-қары, жауыңмен дауы жоқтай.

Қойдай момын, шықпайтын сілкіленіп,
Бауыр еті жатса да тілгіленіп,
Дала – жара, теңізі жым-жылас боп,
Төксе де аспан тұз-жаңбыр сіркіретіп.

От мінезбен тұрмайды ол өршеленіп,
Не керек деп ойлайды мұнша желік.
Жанын беріп шықпас па халық деген,
Жермен бірге өн бойы пәршеленіп.

Дауыл күнді осынау армандаймын,
Жалын күнді осынау армандаймын.
Жанымызды түймесек шүберекке,
Нағыз өзі болармыз сормаңдайдың.

Жаныма жат жалған сөз, жалған қайғың,
Жанарымның жасын көр, малмандаймын...
Жүрегіме түсті дерт – дала шері,
Жан-тәнімді торлап бір алғандай мұң.

Дейді біреу: тым жақын заманақыр,

Жер бетінен жоғалар адам пақыр...
Шашын жұлып жылардай Арал-Ана,
Тағдырына көндігіп Далам жатыр,
Дандайсыған даңғойлар талап жатыр...

Кеуде ұрғанмен не пайда бала-батыр?!.

Ғұмыр-ғайып
(баллада)
...Үзілді уыз бал ғұмыр,
Күйінер, күйреп жас ана.

Үмітін үзіп мәңгі бір,
Берді ерік зар мен құсаға.

Етегі жасқа толса да,
Болмаған еді еш қайран.
Асқынып дерті соншама,
Емдеуден сәби кеш қалған.

Шырылдап туған шарана
Шарғсыз шақта шейіт болды.
Тіл қата алмай анаға,
Пәниден мынау жоқ болды.

Армандап көрген тұңғышы
Азаппен көзін жұмды ақыр.
Кетті ұшып алыс жыл құсы,
Көзайым жалғыз – жас қабір...

Гүл мен ақын
(баллада)
Өзі де ерек туған өрен еді,
Көктемгі бейне жасыл терек еді.

Жылтында жанарының жақұт тұнған
Жас ақын тумысынан бөлек еді.

Кей сәтте жаз күніндей нұрланатын,
Кей сәтте ойға шомып, мұңланатын,
Сұлулық атаулыға көзі түссе,
Сыр сандық – суаратын жырға жанын.

Ғашықты шығарды есін ақыры кеп,
Оянды қыр гүліне ақын жүрек.
Жан сырын жайып еді жауқазынға,

Жауқзын жауап берді, бақыт тілеп:

-Тегінде ерекше жан ақын деген,
Сөзімді құп алғайсың ақылменен.
Сен мені жырға қоссаң, дән ризамын,
Тек қана үзбеуіңді мақұл көрем,

Болайын мәңгі ғашық ақынменен...

Үш тал гүл
(баллада)
Таң қалады өзі де...
Қалампырдың үш талы

Түсе қалса көзіне...
Ортадағы тек бірі
Солар емес әлі күн...
Жайып бейне жатқандай

Құрғақ суға тамырын...

Кеште еді ғой бұл өзі
Туған күнін тойлаған,
Жолдастары түр-түрлі
Талай букет сыйлаған.

Мына біреу гүлдерді
Ұсынғанда жан досы,
Көздің жауын алардай
Әсем еді жайнаған.

Ең бір ғажап жері енді
Бұ қызықтың мынада:
Солды екеуі күн өтпей
Одан артық тұра ма!

Ортадағы тек бірі
Солар емес әлі күн...
Өтті апта, қос апта
О ғаламат, сұрама!

Таң қалады өзі де...
Қалампырдың үш талы
Түсе қалса көзіне...
Семіп қалған қос талды

Судан алып тастады ол,
Сүйе берді ал біреуін
Жан жүрегі езіле!

Әйелдер әлеміндегі әңгіме
Күн сенбі, дала бұлтты, күз әдемі,
Келгенмін қой базарға түс әлеті.
Мал таңдап, сойдыруға кезек күттім,

Той, қонақ – бұл қазақтың бір әдеті.

Жел үрлеп, тығыламыз ықтасынға,
Жасамыс жандар кілең тұр қасымда.
Бір әйел өткен күнді еске алады,
Уақыттың қалып қойған жылғасында:

-Балауса бір уыстай денем болды,
Ақырған аюдайын енем болды.
Төрт қызы төрт жағымнан анталаса,
Бетерден деген осы бетер болды!

Тұрмыстың тауқыметін арқаладық,
Тірелді намысымыз арға барып.
Тік тұрып тілерсектен қонақ күтіп
Жүргенде арайлайтын таң да ағарып.

Талмастан жұмысты да атқарамыз,
Қуанып, елмен бірге шаттанамыз...
Ауырдың үстіменен жүруге әуес
Қазіргі келіндерге таң қаламыз...

Бір апа сөз арнасын бұрғандай ма,
Адам көп, асығып бір тұрғандай ма?
-Қалада қой союға тиым сапты,
Қазан да астыруды тыйғандай ма?

Апырай, малды мейлі сойдырмасын,
Атағын жайсыз іспен жайдырмасын.
Қазаққа, Адайға тән ағаш үй мен
Қазанды тұғырынан тайдырмасын...

Бұл сөзді іліп кетті бір келіншек,
-Хакімің жан емес қой бір келімсек.
Еділің еңіреген ер емес пе ед,
Билікпен жайы бар ма тым келіспек?

Ақтаудан АЭС салмақ деседі жұрт,
Демеймін бостан-босқа бөседі жұрт...
Бір кезде салдырмаймын деген Еділ,

Бұл күнде самал желдей еседі кілт...

Өзеннен келіп едік көшіп енді,
Ақтауды мадақтаймыз несіне енді?
Астана, Алматыға қашамыз ба,
АЭС-тың дабыры үстем естіледі...

Тағы да тақырып дүр өзгереді,
Қозғады аққұба әйел сөз келелі:
-Ғарыштан құлдилаған метеорит
Құлайтын қара жерге кез келеді...

деп газет, ғаламторлар үркітуде,
Ғалымдар жауап таппай іркілуде...
Ақырзаман ауылы алыс емес,
Желтоқсанда дүние сілкінуде!..

Бір ару орамалды бөлді сөзді,
Тарқатып саясатты өргізеді.
-Қатерлі шаққа келді Таяу Шығыс,
Тарих тірі болсақ көргізеді.

Дейді ғой аңдамаған от басады,
Тосқын бар кім егерде көп тасады.
Иран мен Сирияға - Орыс, Қытай,
Түркияға – НАТО жақтасады!

Мұсылман мұсылманға оқ атуда,
Оқ атуда, жаңбырша боратуда!
Айдап салып алыста АҚШ отыр,
Адамзаттың күйместен ар отында!

Дүниенің дөңгелеп қас-қабағы,
Жер-Ана жанарынан жас тамады...
Дейді ғой сәуегейлер көп ұзамай
Үшінші жаһандық соғыс басталады!..

Танытып өзімізше ер, жігіт қылық.
Ертеңнен жүруші едік үміт қылып,
Әйелдер әлемінің әңгімесі
Байқасаң, тұнып тұрған біліктілік.

Жанымды кеткен ойды үгіттіріп,
Ішімде қайтем енді бүгіп тұрып?

Әйелдер адамзатқа алаңдайды,
Ғаламның бар болмысын ұғып, біліп.

Әйелдер көп хабарды аян етті,
Әйелдер көп сырларды баян етті.
Әйелдердің аңсары – бейбітшілік,
Әйелдер жек көреді қияметті.

Әйелдер ізігіліктен шырағым бұл,
Әйелдер мөлдірліктен бұлағым бұл.
Ей, Адамзат, ес жиып, тәубеңе кел,
Әйелдер әлеміне құлағың түрІ

Қарт майдангердің келіні
Құлыншаққа
-------------------
Сөйлейтін сөйлесе сөз шабыттанып,

Дана қарт бір кісідей бақытты анық.
Тағдырдың талқысына бой бермеген,
Ғұмыры ақылды іске бағытталып.

Жаманға жаны ешқашан жұғыспады,
Даланың жұпарымен тыныстады.
Жақсымен, жайсаңменен дәурен кешіп,
Өмірде еселенді ырыс-бағы.

Құшағын көпшілікке жая білген,
Адамға жылы сөйлеп аялы үнмен.
Қыр-сырын жалпақ дүние пайымдаған
Үндесіп бар болмысы баяғымен.

Әр сөзі қазақ деумен қайталанып,
Әлі күн толғанады ойға батып...
Күн көзі көкжиекке жасырынды,
Барады ұясына Ай да батып...

Тоқсанның тұғырынан асып барып,
Ақсақал ажарында асыл қалып.
Кәрілік дәу құрығын тастаса да,
Жатқан жоқ тірлігінен жасып қалып.

Дүние дөңгеленген шыр айналып,
Бұл күнде кетсе-дағы шырайды алып,
Қартыңыз төсек тартып жатып қалмай,

Келеді үйдің ішін бір айналып.

Тоқсанда десек-дағы хәл кетеді,
Өмірді пайымдауға әл жетеді.
Немере, шөберені қызықтатқан
Құдайдың құдіретіне тәубә етеді.

Болғасын ниет-құлық түзу пенде,
Әр күннен үміті оның үзілген бе?
Шошып та кетер дейсің өзді-өзінен
Өткен күн көз алдына тізілгенде...

Мың тоғыз жүз жиырма бір, тауық еді,
Елдің де жағдайы тым ауыр еді.
Атысқан ақ пен қызыл алапат кез,
Жұт пенен ашаршылық қауіп еді...

Артынша алабөтен зұлмат келді,
Жауыздар Адай деген қырмақ елді.
Сардарлар, сарбаздардың сағы сынбай,
Намысты қолдан бермей қырда өлді.

Сұр заман сұмдығына шара бар ма,
Нешебір түсті құрық қара нарға.
Отыз бір, отыз жеті зауалдарын-
Тартқан-ды сол кездегі балалар да.

Құртты ғой тарғыл заман аталарды,
Арыстар өтті өмірден тәмәм арлы.
Артынша соғыс өрті бұрқ етті де,
Сталинград - қан майданға кете барды...

Қудалау, соғыс пенен жоқшылықта,
Күндері өткен еді таршылықта...
Соғыстан аман келіп, бейбіт күнде
Қырық жыл кешті ғұмыр баршылықта...

Қырық жыл атқа мінді айыл жимай,
Жақсы атын жамандыққа шалындырмай.
Ақылменен абырой жинай білді,
Әлсіздікке өнбойын бағындырмай.

Тоқсаннан да асты Ол тайынбастан,
Тағдыры ғұмырынан айырмастан.

«Қарт қой Ол сүйегі асыл» деседі жұрт,
Таңғалыс сезімінен арылмастан.

-Шынында,-дейді келін қолындағы,
Кісі ғой бұл бекзаттық жолындағы.
Ешқашан жан-тәніне кір жұқпаған,
Тап-таза кіршіксіздік қанындағы.

Тектінің тектісі Ол, ақсүйегі,
Өнеге өмірінің әр сүйемі.
Қазақтың ұлылығын әспеттейтін-
Енеміз Дарайыдай жар сүйеді.

Дегенде,
Қарт көңілі қамыққандай,
Дүниенің бар мәнісін жаны ұққандай,
-Айтайын менің тоқсан жасауыма,

Айтса да небір пікір халық қандай:

Өрейін өрелі ойды саралықты,
Өмірден түйген түйін, даналықты:
Өлместің күйін кештім бұл күндері,
Құлыншақ менің үшін жаралыпты!

Атаның сөзін мақұл жұрт санайды,
Қартымыз жүдеу жанға ұқсамайды.
Келіні жуындырып, күтіп, бағып,
Қалса да ұйқысынан шаршамайды.

Тәңірдің тартқан бағын қарияға,
Біз бүгін жыр ғып төктік жарияға.
Қарттардың батасымен көгереді ел,
Болса егер текті келін жанұяда!

Болғасын өмір қыс пен күз де келер,
Кәрілік бір күн Біз бен Сізге келер.
Қарттарды мәпелеген шарапатты –
Келіндер Құдай қолдап жүзге келе

АҚЫРЗАМАН жайлы ой

Арайланып алтын нұр таң атқанда,
Жалбарынып жүрелік Жаратқанға.
Ұлы Тәңір паш еткен құдіретін-
Он сегіз мың ғаламды жаратқанда.

Жымдастырып қойған-ау бәрін түзіп,
Тағдырында әркімнің – кәміл сызық...
Фәлсафасын ұға алмай тіршіліктің,
Табиғатты тәрк еттік заңын бұзып...

Көк аспанды айырып, тілгіледік,
Қара жерді қақ бөлді бұрғы керіп...
Көк теңіздің флора, фаунасын
Қап-қара май мыстандай қуды келіп...

Цунамилер, Торнада - бір аймақта,
Жанартаулар енгендей дүлей шаққа...
Жер шарының жартысы егесуде,
О, Адамзат бүлінді-ау, Құдай сақта!

Бір жақтарда ормандар өртенуде,
Дөңгеленген дүние кер кетуде...
Табиғат пен Адамзат тайталасып,
Тыныш заман болмай тұр жер бетінде.

Кім өлшеген шамасын ғұмыр-жастың,
Тауанына тағдырдың ұрынбас кім?
Қайдан келмек, ағайын, қауіп-қатер,
Қайдан келмек селдетіп ұлы тасқын?

Екі мың он екінші жылың келді,
Желтоқсанның жиырма бірі бүгін келді...
Майялықтар болжаған ақырзаман-
Дүрілдетіп болды ғой дүйім елді.

Қорықпадым мен өзім, мал жимадым,
Ұлы өмірде байлығым – ар жиғаным.
Қазағым да, адамзат көктесе деп,
Жырым төктім, құр бекер шалжимадым.

Қазағым аман болса деп тіледім,
Елжірейді ел десе, ет-жүрегім.
Ақырзаман деген не, ағайындар,
Ақырзаман деген не, тектілерім?!

Ақырзаман?..
Кім білген?..
Келеді ме?,,
Төбемізден қара аспан төнеді ме?!

Он сегіз мың ғаламың опырылып,
Қара жер қабатына енеді ме?!

Білмеймін сенбесіме, сенеріме,
Мәңгі тірі табиғат өледі ме?!
Өркениет, апырай, өшеді ме,
Адамзат жетті десек кемеліне?!

Тартылып айдын бір күн суала ма,
Кім білсін, тасып теңіз, су ала ма?
Ақылынан алжасса адамзатың,
Ібіліс,жын-шайтаның қуана ма?!

Кім білсін, қалай келмек ақырзаман,
Ақырзаман, не деген атың жаман!
Ақырзаман уытын қайтарардай,
Қайдасың, дана құлық, ақылды адам?!

Сана-сезім тұрғанда сан құбылып,
Түзе алмаспыз тегінде мәнді ғұрып.
Өзалда ақырзаман болмас үшін –
Адамды жаратқан ғой арлы қылып.

Бұл заман мойынға жүк көп артады,
Замана жауыр етті жон арқаны...
Ақырзаман келерде, Адам затың,
Адамшылық болмысын жоғалтады.

Қозғасам көкіректен қоламтаны,
Өткеннің өшпестей боп қалар табы...
Ақырзаман боларда, ағайындар-
Бір-біріне қол жұмсап, оқ атады...

Болса да жаралғанда қаны бірге,
Бола алмайды, амал не, жаны бірге...
Жаңаөзен...
Желтоқсанның шері кетпес,

Зауалы запыран боп әлі күнге...

Елінің еске түссе ер түлегі,
Егіліп, езіледі ел жүрегі...
Тумайды деп кім айтар ақырзаман,
Түршіктіріп, түңілтіп белгілері...

Ақырзаман болады-
Тілім кетсе!
Ақырзаман болады-
Ділім кетсе!

Ақырзаман болады-
Иманым мен
КөкТәңірге сиынған дінім кетсе!

Қуанар ем...
Баршаға үнім жетсе,
Қуанар ем...
Жанымнан мұңым кетсе...

Бабамұра – жеріме ие болып,
Баянды боп болашақ – ғұмыр жетсе!

Адал болып келгенде өмірге адам,
Көкірек соқыр болмасын, көңіл харам.
Жер-Ананың ұрардай кепиеті-
Ақырзаман деген бұл – обырзаман!

Бір-ақ сәтте кетеді ғапылға адам,
Айтып қалар тіл берген ақынға әман.
Ей, Адамзат, есің жи, ақылға кел,
Адамзатты жеңбесін ақырзаман!

Кейде өзі қалардай үздігіп дем,
Адам жаны жұтаса ізгіліктен...
Білсе білер бір Алла Тағаламыз-
Тіршілікте не барын бізді күткен!

21.12.2012.

МАЗМҰНЫ

Бірінші бөлім

КӨҢІЛ-КӨЗДІҢ ДҮРБІСІ

-----------------------------------------
Еліңді сүй –
Байтағым –
Ең сұлу әйел –

Ата Заң –
Тойға шашу –
Әулие тіл –
Бас ию –

Туған ел –
Қабырға туралы жыр-
Сиыну-
Әуезовтың жан азасы-

Биік бол!--
Жаһандану жайлы жыр-
Дағдару—
Балықтар-

Итбалық туралы баллада-
Беу, қазақ!-
Адамзатты ізгілендіру—
Жұма әулие--

Әке –
Анашым –
Түркі дүниесіне тіл қату--
Қазақ қызы –

Мұра--
Қазақстан –

Елбасы анты –
Санадағы сілкініс –
«Ойсыз жүрсем...» -
«Тәуелсіз...» -

Елім деген жанымды ұқ! -
Бәріміз баласымыз бір атаның-
Ана туралы ән –
Заула, егемендік тұлпары! -

Туған жердің ерлері –
Желтоқсан айы қаралы –
Шалқыма –
«Қарақан бастың...» -

Жаңғыра бер, жазирам! -
Халық батыры –
Азаматқа сын –
Замандасқа –

«Бос сөйлеуге әуеспіз...» -
«Еңсе тіктеп ел болмай...» -
Өмір –
«Халқының қаны сіңген...» -

«Соңғы кезде...» -
Үрей –
«Тыншытпаса...» -
«Жел ызыңы...» -

«Соғыс боп жатыр...» -
Түркия –
Муза –
Қайрақ –

Мен – қазақтың ұлымын!..-
Бұралқы ит пен мысықтар –
Тамшалы –
Қара теңізбен сырласу –

Жемқорлық –
Ар және арлылық туралы –
Қан –
«Жүрегімнен...» -

Қадір түні –
Ақ қанат көбелек –
Бейбарыс –
Қасірет –

Тектілік –
Түсімде...-
Текті Барыс –
Мың мәрте тағзым –

«Мен көргем жоқ соғысты...» -
Туған жердің самалы
Боздайды бота –
Жел –

Дала суреті –
Дала –
Жауа алмаған бұлттар –
Бейнеуде шаң жауғанда –

Нөсер –
Көктем –
Сүмбіле –
Көшеді бұлттар –

Жаз –
Еркімді бер, дүние! –
Арғымақ –
Т.Айбергенов рухына –

Періште-көктем –
«Ауылға жиі-жиі...» -
Мұрагер –
Қарсылық –

Теңізбен сырласу –
«Армысың, Каспий...» -
Нұржаннатым-ең қымбатым...--

Екінші бөлім

ЖҮРЕК-СЫРДЫҢ СҮЗГІСІ

-----------------------------------------
Жұлдыз- ғұмыр –
Мұң –
«Өмірді өлшеймін...» -

«Күндерім...» -
«Жанар ма...» -
Лирика—
Жасын ем...-

Жан сарайы--
Жарасым –
«Мұңайып қалсам...» -
«Көзіме менің...» -

«Мына өмірге...» -
Түсімдегі жыландар –
«Серігім де...» -
«Сен ренжіме...» -

«Сен – капитан»... –
«Күлімдеп кел...» -

Түн –
Ностальгия –
«Ай туыпты...» -
«Сені маған...» -

«Жаны ізгі...» -
«Елдейін мынау...» -
«Өлең-жыр қуған...»-
«Мені іздеген...» -

«Көзімнің шуағындай...» -
«Жүрегім менің...» -
«Өмірге...» -
«Ұлы өмірге...» -

«Құмда туған...» -
Тартылыс заңы –
«Сен аман бол...» -
Сыр –

Ашу мен ақыл –
«Ағыл да тегіл...» -
«Кезім жоқ...» -
«Түнеріп те...» -

«Сергіп бір...» -
«Сөйлемеймін...» -
«Тартысы мол...» -
«Айдын көңіл...» -

Үшінші бөлім

ЖАСТЫҚ ДӘУРЕН – ЖЫЛ ҚҰСЫ!

-----------------------------------------
Ояну туралы –
Жүрегім –
«Бәрі маған...» -

«Дүниеде...» -
«Адамдағы...» -
«Тегі мен...» -
«Жігіттер...» -

«Серпіліссіз...» -
«Өзіммен...» -
«Бөлесе де...» -
«Күндер өтіп...» -

«Аққу боп...» -
«Жан-тәніңмен...» -
«Теңіз жақтан...» -
«Жүрегімді...» -

«Сен де тыныш...» -

«Өмірде...» -
«Таң ертемен...» -
«Білмеймін...» -
Поездағы ой –

Перронда –
«Па, шіркін!..» -
«Ей,Адам!..» -
«Дауыл жүрек...» -

«Болмайды...» -
«Сен – тамашасың!...» -
«Бейнеуде жүрген...» -
«Түнде...» -

«Кейде...» -
«Болса да...» -
«Таң атады...» -
Саған қарап...--

Төртінші бөлім

САМҒА, ТАЛМА, ЖЫР-ҚҰСЫ!

(Поэмалар, толғаулар, балладалар)
-----------------------------------------
Қазақ тілі – қанатым(поэма) –
Қазақ қандай халық? –

Рух пен Жігер –
Сұңқарлар жас болмайды –
Ақтау – арман қаласы –
Сүйінқара серті(поэма) –

Перзенттік парыз –
Сүйінқара сыбағасы –
Каспий трагедиясы(поэма) –
Жер мен Ел(публицистикалық поэма) –

Ұлылар достығы –
Түсімдегі тұлпарлар –
Алаштың арыстары –
От-намыс алауы –

Пешене –
Цунами –
Қыранмен сұхбат(баллада) –
Қазығұрт –

Поэзия көгінің пайғамбары –
Адай атам...—
Қазақ болу—
Томирис(поэма)

Рух—

Әулиелер әлдиі--
Бибігүл(поэма) –
Ақындар –
Еңлік(баллада) –

Заманақыр (баллада) –
Ғұмыр-ғайып(баллада) –
Гүл мен ақын(баллада) –
Үш тал гүл(баллада) -

Әйелдер әлеміндегі әңгіме--
Қарт майдангердің келіні—
Ақырзаман жайлы ой

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙