TELEGEI

Home

Асыл нәсілдер. Пьеса. II нұсқа

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Асыл нәсілдер. Пьеса. II нұсқа

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Төрт актылы, жеті суретті пьеса

Адамдары

Дәуренов Иса - министр, 42 жаста.
Есенов Сәлім - ғылым орталығының басшысы, 40 жаста.
Назарбеков Бек – малшаруашылық институтының директоры, 35 жаста.
Балашов Василий Иванович - профессор, 50 жаста.

Бектенов Сапар - ғылым кандидаты, жас ғалым.
Есіркеп - үлкен шабан, 60-та.
Әсия - келіні.
Қанипа - қызы.

Балжан - әйелі.
Сейітова Сара – жас маман,Балашовтың аспиранты.
Першин - министрліктің мал маманы.
Молтай - шабан, 28-де.

Бекбол - қарт шабан, Есіркеп тұрғылас.
Ұлбала – шабан
Дәмелі - шабан

БІРІНШІ АКТ

Бірінші сурет Министр кабинеті. Жиылыста Есенов, Назарбеков, Балашов, Бектенов, Сейітова және шабандар: Есіркеп, Әсия, Бекбол, Молтай бар. Д ә у р е н о в. Одақтық Министрлер Советі Қазақстанның мал шаруасы туралы неше рет арнаулы қаулы алды. Отан соғысы мынау. Сын жылдарда, сын күндерде, құр ғана "еңбек етіп жүрмін, қарап жүргем жоқ" деген сөз қанағат емес. Ол аз. Өнер сөзін күтеді жұрт та, жұмыс та. Өнімді ойы бар, бүгін мен ертеңгі үлкен өрісті түгел қамтып ойлайтын табысты ойларыңды естімекпін. Мәжіліс міндеті осы. Сондай кеңеске әзірсіздер ме? Е с е н о в. Жолдас министр, біз жиын ойларымызды да және таластарымызды да түгел әкеліп отырмыз. Б е к т е н о в. Таласымыз көп екені рас. Өзіңіз қоятын талапқа қарай айтсақ деген ойларымыз аз емес. Д ә у р е н о в. Осы жиынның алдында қойылатын талаптың өзін айтайын. Ғылым сіздерде. Халықтың ғасырлық тәжірибесі сіздерде, тәжірибе базасы сіздің институтта. Қолдарыңда он мыңнан аса қой бар, он жылдан аса тәжірибе жасап келесіздер. Жасыратыны жоқ. Мал өнімі нашар. Қыс сайын жұт бар. Жыл айнала өлім бар. Украина -Аскания-Иова қойын тудырды, Кавказда жаңа тұқым рамбулье шықты. Сібір мериносы мынау қасымыздағы Рубцовкада туып отыр. Биология, генетиканың, жалпы селекцияның Қазақстанда мал жөнінде жаңа жеміс берері бар ма, жоқ па? Қазақстанның бұрынғы мәдениетсіз өскен шаруасы пайдаланған Алатау, Алтай, Сарыарқа, Сыр, Жайық, Есіл, Ертіс кең-байтақ өлкелерінің ішінде мал мекендемеген жер бар ма еді? Ол түгіл, мынау Бетпақ, Қызылқұм, Мырзашөл, Мойынқұм, Бозой, Сартауқұм, Қарақұмдардың жылына бір мезгіл болса да мал тұяғы баспаған топырағы, малдың азуы шалмаған қылтанағы бар ма еді. Сол өлкелердің әрқайсысына сәйкес жаңа асыл қой тұқымдарын берсек көп пе еді? Біз бірде-бір жаңа тұқым бермей отырмыз. Бекер ме? Міне, енді бір де болса жаңа тұқым ұсынасыздар ма? Жоқ па? Ойларыңда не жүр? Қолдарында не табыс бар? Қандай таласың, қандай күдігің, қандай сының бар?Соның бәрін ортаға салыңдар. Е с е н о в. Мынау Қазақстанның мал шаруасы жөніндегі картасы. (Картаны ілгізіп, жанында тұрып сөйлейді.) Осы карта бойынша 175 миллион гектар жайылыспен пайдаланатын жер бар. Жаңа жолдас министрдің атаған жерлері. Осы өлкеде малды қысы-жазы жайып бақсақ, 120 миллион қой өсіруге болады. Егер осы жердің пішендігін шауып, малды қолдан асыраймыз десек, жиыны 50-55 миллион ғана қой өсірер едік. Осы 175 миллион гектар жерде қандай пішендік, қай жерде бұлақ, бастау, қай жерде құдық, бос су бар, қай тұсы жайлау, қайсысы қыстау, қаншалық мал сыйғыза алады. Және жүйе жүзінде, жаңа жолдас Дәуренов айтқандай, бағытпен ізденсек, қандай тұқым малды өсіруге мүмкіншілік бар, бұның бәрін біз зерттедік, білдік. Ендігі сөз мал мамандарында. Тек жолдас министрге айтар бір дауым бар. Бізде көбінше ғылым бір бөлек, тәжірибе бір бөлек келеді. Сол айып алдымен мал шаруасын ұйымдастыратын аппарат осы өзіңіздің системаңызда, сіздің аппаратта. П е р ш и н. Айып жалқаулық, надандықта. Малды өзі туып, өзі өссін дейді, шөпқор жасамайды. Шаруалар асыл тұқым алғысы келеді, күткісі келмейді. Асыл нәсіл еңбекпен туып, мешеуліктен жойылады. Айып басқаруда емес, мәдениетсіздікте, мешеулікте. Сол мешеулік осы мал шаруа институты, оның тәжірибе базасы өздеріңізде жоқ па? Сіздер мал өлтірмей отырсыз ба? Сіздерге де мешеулікті егіп отырған біздің аппарат па? Е с е н о в. Мәселені жолдас министр кең қойып отыр. Әңгіме сан миллион қойың жөнінде, жолдас Першин. Мешеулікті айттыңыз, жақсы айттыңыз, бірақ сол мешеуліктің тірі пішіні дәл осы отырған сіз. Сіз бар жерге талғаусыз, ойсыз жаңа тұқымдарды жаппай араластыруға салғансыз да, былықтырып қойғансыз. П е р ш и н. Не дәлелмен айтасыз бұл сөзді, әлде сіздерді сынауға, сіздермен дауласуға да болмайды деп білесіз бе? Е с е н о в. Сөзім дәлелсіз болса, дауласыңыз. Сырдағы қой Ертісте өсе алмайды. Алатау өлкесіне үйлескен қой Көкшетау, Қостанайда өсе алмайды. Сіздің өзіңізге бақтырып өсіру керек еді. Колхоз-совхоздың шабанын кінәламай, сонда өз басыңызды өзіңіз ұрар едіңіз. Уәде бойынша еркін сөйлесейік, шын сөйлесейік. Сол үшін ең алдымен өзін ақтап, өзгені сынап, кінә мен қылмысты төменгінің бәріне үлестіріп беріп, өзі тоғышарлықпен малтығып отыратын мінез соққы көрсін. Қазір бар күдігі мен дауларын ортаға салғандарын көріңіз мына жұрттың. Сөйлеңіздер, өнімді сөзге кірісіңіздер, жолдастар!.. Б е к т е н о в. Жолдас министр! Сіз атаған талап халық шаруасы үшін де, ғылым үшін де ең орынды және ең нақтылы талап. Жаңа тұқым шығарар мезгіл жетті... Соны шығарар үміттерің, сенімдерің бар ма, жоқ па, дедіңіз. Мен осы жөнде мал шаруа институты, оның ішінде тәжірибе базасы профессор Балашов ісін айтамын, Институт бастығы профессор Балашов болып, іздегенін тапқан жоқ. Академик Ивановтың ғылымдық табысты тәжірибесі Украина, Кавказ, Сібірде ғана жаңа тұқымдар туғызып қойған жоқ. Жақын уақытта Азербайжанда да бір жаңа тұқым жарыққа шыққалы тұр. Смарагдов, Садыхов және Қара Мамәт оғлы сияқты үлкен шабанның тәжірибесімен Азербайжан тау мериносы да өз орнын алғалы отыр. Сондағы Көдабек, Шамхор аудандарының тау мериносы жаз Арменияның Севан көлін жайлап, қыс Кураның бойын қыстайды. Қыс қыстау, жаз жайлауының арасында Азербайжан тау мериносы 500-600 шақырым жер жүрді. Міні, жаңа тұқым тудыру деген осылай. Тудырдық па біз жаңа тұқым сондай? Тәжірибеміз он жылдан асты. Тұл жылдар. Тудырғамыз жоқ. Қазақтың қазақы қойы бар еді. Дүние жүзінде ең асыл қой осы еді. Жалғыз міні - жүні. Біз сол қойды өз ортасында өсіре берсек, мал санының басына келгенде бүгінгіден кем қойғанда, екі есе артық малға ие боп отырар едік.

Б а л а ш о в. Олай болғанда, сізше не істеу керек, жолдас Бектенов? Б е к т е н о в. Мен Қазақстанның көп облысында өсе алмай, өне алмай жүрген шала меринос, шалағай отарлардың бәрін қазақ қойының өз нәсілімен қайта асылдандыру керек деймін, профессор Балашов. Қазақ малы - ғасырлар тәжірибесінің малы. Соның өзін өз ішінде асылдандыру - бірінші міндет.

Д ә у р е н о в. Тұқым араластыруды қалай дейсіз?
Б е к. Тұқым араластырмау керек дейсіз ғой?
Б е к т е н о в. Жоқ, тұқым аралассын.
Б а л а ш о в. Қашан аралассын? Кейін бе?

Б е к т е н о в. Жоқ, қазір аралассын. Бірақ ол асықпай істелсін. Ол тек тәжірибе жүзінде жүрсін. Әр тәжірибе сыналып қорытылғанда, нәтижесі жаңа тұқым болсын. Сол жаңа тұқым ішінде, менің қиялым, қазақ қойының бар сипаты сақталсын да, тек жүні асылдансын. Тағы да профессор Балашов тәжірибесін сынаймын. Бұдан тұрақты тұқым шықпайды. Балашовтың қойы мына тұрған Семей облысына барса, бар прекостай итшілеп таусылады. Ол түгіл, қатты қыста мынау, мыңдаған қойлар өскен Сартауқұм, Бозой, Мойынқұмда бір қыс қыстап шығуға шыдамайды. Сол сыннан өтпей, құрметті профессордың тәжірибесі әлі "бір аяғы жерде, бір аяғы көрде" тұрған, дерексіз тәжірибе деймін. Б е к. Сіз өзіңіз осы жолда ешнәрсе істедіңіз бе? Балашов тәжірибесін жете білмей жойып отырсыз, өз тәжірибеңіз бар ма?

Б е к т е н о в. Бар, мен бастадым.
Б е к. Оныңыз қайда? Жерде ме, аспанда ма?

Б е к т е н о в. Оным сіздің базаның адамдарына да мәлім. Мына жолдас Сейітова мен белгілеген методикамен таныс. Б е к. Методика бастағы нәрсе. Біз қолдағы тәжірибені сөйлегелі келіп отырмыз, қысыр кеңес емес. Б е к т е н о в. Білемін, сіз профессор Балашов тәжірибесінің фанатигісіз. Болмаса, істің негізі методикада, дұрыс жасалған методикада екенін аңлар едіңіз.

Б е к. Қой шаруасы құйынды күтпей, құнарлы істі күтеді.

Б е к т е н о в. Методикасыз құнарлы іс болмайды.Құйын деген сол болады. Мен сіздердің тәжірибеңізден де арқар қой мен қазақ қойын араластырған Белов тәжірибесінде көп ғылымдық методика бар деп білемін, олай десеңіз. (Шабандар арасында күлкі.) Б е к б о л. Ол әлгі мойыны жіңішке, мүйізі арқардай, басын көтере алмай тұрған қой ма?

М о л т а й. Оның есесіне жүйрік қой дейді ғой.
С а р а. Және бір қасиеті иісшіл, дыбысшыл қой.

М о л т а й. Безеген жүйрік болу үшін май да жимайды дейді. Өзі оның бәйге қой болса керек. Мына кісінің айтуына қарағанда, өсіретін қой сол қой ғой деймін. Әрі қой, әрі Шыңбұлаққа көкпарға салатын тұлпар қой болса керек. Шіркін, әрі қойың, әрі атың болатын малдан асыл не босын. Ә с и я. Әрі иісшіл, әрі дыбысшыл болса, біздің ақ қойды күзететін, сақ төбеттің орнына да жүрет те. М о л т а й. Е, бір қасиеті тағы шықты. Әрі қой, әрі тұлпар, әрі сырттан. Бектеновтың ғылымы бүйте берсе бізді пыраққа да мінгізер. (Күлкі.) Б е к т е н о в. Жолдастар, күлмеңіздер, сіздер өсіреміз деп жүрген тұқым қора мен маяны ықтамаса, қысқа етер қарсылығы жоқ. Қатты қыстың алдында қасқырдың аузындағы қозыдай. Сын, сын, қыс сыны, құм сыны, бұл тәжірибенің шынын ашсын. Б а л а ш о в. Менің базада жасаған он жылдан артық тәжірибем бар. Жолдас Бектенов үлкен күдік айтады, өзге көп сөзінің ішінен бір сөзінде дұрыстық бар, ол сын, сын дегені. Құмменен, қыспенен сынау дегені. Он жылдық тәжірибемізді біз де сынсыз аяқтамақшы емеспіз. Жаңа тұқым дүние жүзінің барлығында адамның ұзақ еңбегінің нәтижесінен туған. Бәрінде таңдау менен талғау үстінде табиғат жағдайы және сол жағдайда тәрбиелеу арқылы нәсілдік сипатты өзгерту ғылымдық негіз болып келеді. Жаңағы құм сияқты, қатты қыс сияқты үлкен сындарды, соңғы сындарды қойларымыз адақтап өтпей, қорытынды айта алмаймын. Сол сынды анықтап, өткізуге күш салысыңыздар, көмек етіңіздер. Б е к. Мен Балашов жолдастың сөзін түгел қостаймын. Бар көмек, бар ықылас әзір өзгеге шашырамай, әр жаққа алап ұрмай, тек бір Балашовтың ісіне берілсін. Ең болмаса, бірінші жаңа тұқымды туғызсыншы. Соны туғызады деп сенеміз. Б е к т е н о в. Сіздердің бұл күнге шейінгі тәжірибеңізден мен сол арманыңыз орындалмайды деп есептеймін. Б а л а ш о в. Біздің нәтижемізге көзіңіз жетпей тұра, сол тәжірибе жасағанымыздың өзін де айып дейсіз бе? Б е к т е н о в. Шығар нәр жоқ, өзі аса қымбатқа түсетін тәжірибе болса, ондай үшін кінәламақ түгіл, жазалауға да болады. Б а л а ш о в. Бұның бәрін сіз қазақ қойының өзіне ғана қайту керек дегенге дәлел етіп айтасыз ғой. Мен мәдениетті қой шаруасын өсіруді мұрат етемін. Сіздікі алға ұмтылу емес, артқа айналу! Бекер деңізші осыны. Б е к т е н о в. Құрметті профессор, сіз бұны менің қазақ қойын атағаным үшін айтып отырсыз ғой. Солай ма? Ол қойды Одақтық Академия және Москваның зоотехникалық институты да атамақ түгіл, зерттеп те жүр. О да артқа қарау ма?

Б а л а ш о в. Олар материал ретінде, танысу ретінде зерттеген жоқ па? Б е к т е н о в. Сіз академик Ивановтың шәкіртісіз ғой! Сол кісі қазақтың барлық қойын зерттеп пе еді? Жоқ па еді? Б а л а ш о в. Зерттеп еді. Ірі, орта, ұсақ деп үш топқа бөліп зерттеп еді. Ия, одан не қорытпақсыз? Б е к т е н о в. Қорытпағым, ол кісі қазақ қойына тек материал ғана деп қараған жоқ. Үстірт қана шолған жоқ, ол қойдың бүтін Қазақстан өлкесінде 22 түрлі географиялық варианты барына шейін айырмап па еді? Текке істеді ме? Сол қой тұқымы керексіз, нәрсіз жарамсыз дегеннен солай істеді ме? Б а л а ш о в. Академик Иванов қазақ қойы туралы үлкен ғылымдық қорытынды жасау үшін зерттеді. Бұл тұқымның қасиетін атай отыра, барлық сипаты табиғи сұрыптаудан ғана пайда болған. Онда селекцияның қатынасы жоқ еді. Ал, селекциясыз, жаңа түрлі мәдениетті қой шаруасын жасай аламыз ба, жоқ па? Жоқ, әрине. Сіз бен біз селекцияны қажет десек, қолдансақ қана ғылым қайраткері боламыз. Одан бас тартсақ, кімбіз? Жабайы мал мен жабайы ғана түрдегі көшпелілікті қолдансақ, кім боламыз? Б е к т е н о в. Сіздің селекцияңыз не берді? Не тапты? Тапқаныңызды кім таныды? Өзгені қойғанда, он жыл қасыңызда жүрген шабандар жұртшылығы қабылдады ма? Қабылдаған жоқ, таныған жоқ. Б е к. Шабандардың өкілдігін шабанмен бірге еңбек еткен кісі алады. Сізде әлі ол жоқ. Д ә у р е н о в (шабандарға). Біз ендігі ақылды сіздерден сұрайық... Сол өздеріңіз еңбек етіп жүрген тәжірибе базада сіздер нені құптап, нені жақтырмағандарыңыз бар? Соларыңызды енді сіздер ортаға салсаңыздар екен. Б е к б о л. Кәрі қойдың жасы үлкен, ісек қойдың басы үлкен - дейді, шырақтарым. Ісек қой, ғылымды білген өздеріңсің. Біз ғылым адаспайды деп ойланамыз. Бірақ жалпы тұқым араластырып жүріп, жаңа нәсілдерін алып жүріп, бір нәрсені қатты кейіс етемін. Осы тұқымдардың өлім-жітімі көп, қыс қана емес, көктем мен жазда да шығыны көп. "Аллаңнан ойбайым тиыш" деп, мен қазір осы Сапар баланың жолын мақұлдап отырмын. Көшіп шаруа жүргізетін болсақ, осының сөзі сөз ғой. Е с і р к е п. Барар жерің Балқан тау, о да біздің көрген тау. Бекбол, сен де шабан, мен де шабан, қазақ қойы тұр ғой, онымен көшкен күн де мәлім. Бұрын әр мақұлықты құдай жаратты деуші ек. Енді осы он жыл ішінде құдайсыз да жарататын ғылым құдіреті бар екен деп сенген адаммын мен өзім. Біреу қойдың жүйрігін, біреу қойдың құйрығын көксеп қиялдап жатыр. Мен өзім осы Балашов ұстаған ғылым бұйрығымен қиялдап-ақ бір жағаға жетеміз ғой деп сеніп жүрмін. Оған екі түрлі себебім бар. Біреуі Балашовтың өзі. Ол әрі маман, әрі шабан. Қыс болса құмда, жаз болса жонда, үнемі қасында. Шаруаның ыстық-суығына бір күйіп, бір тоңып күн кешеді. Ондай төс табандаған еңбек тек кеткенін көргем жоқ. Екінші сенімім, Балашовтың неге айтпайтынын білмеймін, біздің тәжірибе малымыз бар. Өзін ақ қой деп жүрмін. Дәл осы Балашовтың ақ қойына сене бер. Іс шықса, осыдан шығады. Д ә у р е н о в. Есеке, сол қойды қатты қысқа, пішенсіз, қорасыз қалың құмға айдап салып, бір жыл сыннан өткізу керек дейді. Мынау Сапардың пікірі сол. Соны сіз қажет деп білесіз бе? Жоқ, әлде сынап болдық дейсіз бе? Е с і р к е п. Сынап болдық демеймін. Қатты сынау керек, дәл сол айтқаныңдай сынау керек, оныңа тұрдым.

Д ә у р е н о в. Әсия не дер еді!
Ә с и я. Мен Балашов пен Жәкемнің айтқанын қостаймын.

М о л т а й. Әркім өзі шыққан тауын биік босын дейді ғой. Мен таза прекостың елекшісімін. Бірақ тәрбие мен тәжірибе дейсіздер ғой, жылдан жыл асқан сайын осы өлкеде осының да шығыны азайып келеді. Бақпағанға бақ келе ме? Мен осы прекоспен әлі де қажымай-ақ әлектенер едім. Осының өзін тәрбиелеп, Алатаудың тумасы етіп алсақ, содан не озсын дер едім. П е р ш и н. Осы дұрыс сөз. Бұрынғы тәжірибе, міні, осындай талапты, еңбекші шабан қолында осылайша ақталмаққа керек. Е с е н о в. Рас, ғасырлық тәжірибенің далаға тасталатын күні жоқ, оны қостау құр ескішілдік емес. Бірақ онымен отырар біз жоқпыз. Бүгінгі биология ғылымы сіздердің қолыңызға табиғатты өзгерту құралын береді. Бәріңіздің таласыңызда, еңбектеріңізде Мичурин, академик Лысенко аты аталып жүреді. Лысенко жай табиғаттың талдау, таңдау арқылы кіргізген өзгерісін біз аз жылда басып, жеңіп енгізуіміз керек дейді. Жолдас Бектенов! Ғылымда ертеңгіні ойласақ, озғын ой керек. Онда қиял болса, қанат болсын. Ісіңмен, тәжірибеңмен жең. Өнер тауын жең дейміз. Таппай талассаң, ол ертеңгі ойлау болмас еді, кешегіге алаңдап қана қалу болар еді. Ал, Василий Иванович, нәтижеге келгенде біз биылғы жылдарда шын нақтылы жемісті сіздің ғана тәжірибеңізден күтеміз. Еңкейсең құм, шалқайсаң Алатау - сіздің тәжірибе майданыңыз. Бар сенімді база да, институт та, ғылым ордасы да, жолдас министр де сізге артады деп білемін. Д ә у р е н о в. Жаңа тұқым керек. Бір тұқым болса, әуелі соны туғызып беріңіздерші. Төрт облысқа жарамды бір тұқым болса, әзір бәйгенің алды сол. Олай болса, бүгінгі әңгімені, таласымызды екі түрлі қып қорытамыз. Бірінші, профессор Балашов алдағы жаздың бонитировкасы, отбивкасы арқылы алдағы қыс сынына жаңа тұқымды қапысыз әзірлейді. Екінші, біз "сынға алыңдар, қорытынды жасаңдар, жаңа тұқым ұсынамыз" деп, одақтық орындардың алдында сөз көтереміз. Байлау осы. Бәріңіз де өзді-өз қорытындыңызды осыған қарай жасаңыздар. (Осыдан соң мәжілістің ресми жағы бітеді. Тамақ келеді. Ас үстінде әр жерде қалжың, әзіл сөздер кетеді. Бектенов пен Сара оқшау. Есіркеп пен Бекбол бірге, Молтай мен Әсия бір бөлек.) Е с і р к е п. Беке-ay, бұ сенің жаңағы "кәрі қойдың жасы, ісек қойдың басы" деп бастағаның не қылғаның?

Б е к б о л. Е, жолың болғыр, маған мақал айтқызбайын деп пең, тегі? Е с і р к е п. Қой баққан елдің мақалы да қойдан келеді екен демес пе мына жұрт. Сенің аузыңа тым құрса түйе мен сиыр да түспеді ме? Б е к б о л. Ия, түйені айтсам, жармаспай қояр ең сен. "Түйенің танығаны - жапырақ" деп, онда да сынамай қалармын деп ең? Е с і р к е п. Сыналсаң да, "жығылсаң нардан жығыл" деп, әдейі айттым десең, сөзге мығым болмас па ең? Б е к б о л. Мығым ба, шығын ба бұның? Қарық қылғаның сонда маған жығылғанды айт дегенің бе? Е с і р к е п. Е, жығылсаң жер көтереді, қайтушы еді? Жығылмағанда жетісіп тұрғаның кәні? (Күледі.) Б е к б о л. Е, сүйтіп мені осы үстел басында, тып-тыныш жерде-ақ бір жарға апарып жығайын деп отыр ма едің. Осы сен, саған ерсем мен қарық болам ғой, тегі, тегі... (Күлісіп кетеді.) Б е к т е н о в (Сараға). Сара! Жұрттың бәрі сөйлегенде сіз жалғыз тартынып қалдыңыз. Балашов ұстазыңыз, мен замандасыңыз. Сіз қай оймен үндемедіңіз? Енді білсем болар меді? С а р а. Білмек босаңыз айтайын. Ашық айтқанға айып етпеңіз. Мен сіздің сөзіңіз бен мінезіңізден әрі ұялып, әрі ызаланып отырдым. Б е к т е н о в. Е-е,барлық сыпайы сипат, қасиеттің бәрін өз бойыңызға жиып отыр медіңіз! С а р а. Бәсе, сол сыпайы - сыпайылық, такт... сіз келеке етерлік мінез емес... Сізге әсіресе қажет сипат болар еді.

Бектенов. Ақыл айтпақ екенсіз, ұғындыра айтсаңыз болар мекен? С а р а. Біздің кей жастарда білімге жетіліп болмай, желіге шығатын ұрыншақтық қалмайды. Еңбегіңіз, тәжірибеңіз жоқ болса да, Балашовтың жағасынан алсам, жармассам көрінемін дедіңіз ғой осы жиылыста. Бек ермеді? Б е к т е н о в. Ал, құп дейік. Бұл жағымсыз мінездің бір шеті болсын. Бірақ оның екінші шеті тағы барын ойладыңыз ба?

С а р а. Оны білсеңіз, сіз айтарсыз.

Б е к т е н о в. Айтайын, ол дәл сіздің мінезіңіз. Өзін бастаған оқымыстының тәжірибесін сынарлық ойдан сақтанып, оның орнына тек соған сиынып өсу. Тек қана бағынып, көлеңкесі ғана боп өсу бар. Осы ма маған сіз ұсынар қасиет. С а р а. Өзі біліп, өзі тауып болғанша ұрсысып өспей, ұғысып өсу бар жас оқымыстының жолы емес деңізші, кәні! Б е к т е н о в. Рас, оңай жолмен олай өсетін де бар. Таласа жүріп, табысқа жететіні тағы бар.

С а р а. Дерексіз, іссіз талас - дилетант мінезі.
Б е к т е н о в. Бұны істеріңіз жеңген күні айтыңыз, білдіңіз бе.
С а р а. Жеңетініме мен сенсем, не дейсіз?

Б е к т е н о в. Ол сеніміңізді келер қыста көрермін. Мойынқұмда құмдай шашылып жүрмесін сеніміңіз.

С а р а. Шашылмай, ақталып шықса не дейсіз.

Б е к т е н о в. Ендеше, мені кінәлап, айыптағыш сөзіңізді сол күнге сақтаңыз, ұқтыңыз ба?

С а р а. Ұқтым... Сақтадым соған. (Бұлар жүріп кетеді.) М о л т а й. Әсия, бүгін қойларыңыз жарысқа түскендей бір айқасу болды-ау. Қайран Сайлыбектің болмай отырғаны, бүгін оның шоқтығы шығар еді.

Ә с и я. Қойлар сыры байқасқанда, өзің жеңілген кісі тәріздімісің? М о л т а й. Дауа болмас. Қойың құмға бармай, бүйтіп өтіңді сыртыңа теуіп алыпсың, бәйге алсаң, мүлде жалыңнан да сипатпассың. Ә с и я. Намыс шегіп, ертең қара жерге қараймын-ау десең, алдынды көрер ақылың бар жігітсің ғой, отарыма келіп, шабаным бол.

М о л т а й. Айтам ғой тегі, тең праволы болмай, бағынушы бол де. Ә с и я. Ісің тең болмаса, тең бол деп сені ардақтап, аялайтын менің не күнім түсіп еді!

М о л т а й. Бақыр басты еркек емеспін бе, алды-артыңды ойлай айт. Ә с и я. Бұл сөзіңді озғын боп тұрған күніңе сақтасаң етті, байғұс. Базарың өтіп бара жатқандай не көрінді? Жабайы күйінде салмақты сөзің де қаңбақтай.

М о л т а й. Мақұл, бұныңды достық ақыл дейін.

Ә с и я. Болсын, жақсылықта көріселік. (Дәуренов, Бектенов, Балашовтар қайта келеді.) Б а л а ш о в. Менің шалымның құмға, сынға барар кезде алаңы көп. Осының үй ішінен басқа, менің сіздер атап отырған соңғы сында сеніп, сүйенер кісім тағы жоқ. Д ә у р е н о в. Есеке, мына бауырыңдай боп кеткен Балашовың бар. Ер-азаматтан кем емес, келінің Әсияң бар, қызың Қанипа бар деп естідім. Қажет болса, келер қыстың сынына тағы да қарт қажырды алаңсыз бір жиып салып, қасқарып көре аласыз ба? Жоқ па? Осыған не дейсіз? Е с і р к е п. Азаматтарым! Мен осы күнде үлкен бір қапалықта жүрген адаммын. Қауқарым жоқ қой, менің бұ күнде.

Д ә у р е н о в. Неге, ақсақал? Бұ қалай, не қапалық?

Е с і р к е п. Жалғыз балам Сайлыбек әскерге кеткелі үш жыл боп еді. Содан бір жарым жылдан бері жарты ауыз дерек жоқ. Өзім хабар ала алмадым. Сұрау салып, дәл дерегін әперуші және болмады. Ауыр міндет артам дейсің. Барар-ақ ем. Бірақ баламнан хабарсыз, құмға жалғыз кеткесін қайғы мен мұң басып, біржола жасимын да, асыл шаруаңды шашып аламын ғой. Д ә у р е н о в. Солай меді. Ендеше, Есеке, балаңыздан хабар әперуді мына Сәлім екеуміз міндетімізге алсақ қайтер едіңіз? Е с і р к е п. Қарағым-ай, ол ауру да болса, кем де болса, тірі деген бір дерек әперсеңдер, мен жалғанның жартысындай салмақ салсаң да көтере бермес пем?!. Д ә у р е н о в (ойланып, Есенов пен Балашовқа). Іс тетігі Есекең. Ал, Есекең тетігі Сайлыбектің хабары болды-ау. Аман болғай-ақты Сайлыбек.

Б а л а ш о в. Тірі болса екен тек.
Е с е н о в. Аман болса екен азамат.

Шымылдық

Екінші сурет Жаз. Алатау жоны, тәжірибе базасының жайлауы - Үшқоңыр. Алыста қарлы асқарлар. Сахна жартасты, тасқын сулы, көк орай биіктері көп Шыңбұлақ бойын көрсетеді. Балашов пен Сейітова Сара әр отардың отбивка күнгі үлкен шаруасын жаңа бітіріп болған. Екеуі оңашаланып, сахна шетіндегі биікше көк дөңеске шығады. Б а л а ш о в. Міні, көп күндерге созылған бір еңбекті, отбивканы аяқтап келдік. Қорытынды қолымызда. Ырза болатын қорытынды ма, Сара, қалай аңғардыңыз? С а р а. Василий Иванович! Ақ қой туралы мен ғана емес, өзіңіз де ризасыз ғой деймін. Б а л а ш о в. Семіруі жақсы. Жүні жақсы. Қозылары ерте піскен. Салмағы қазақ қойынан ауыр шығып отыр. Жазғы сында мойымас беріктігін, артықтығын анықтады. С а р а. Есекеңнің үй іші тек бәйге үшін риза емес, қойларының барлық басқа қойлардан озғанына әсіресе қуанышты. Б а л а ш о в. Мені Есіркеп табысы қуантады. Тек үлкен сын, анық сын алда, алыс құмда. Ауыр қыста. С а р а. Ол сыннан ақ қойды алып өткізсе, өтетін кісі тек қана Есекең емес пе? Б а л а ш о в. Әрине, соның отары, соның үй іші. Бірақ бір үлкен қиыншылығымыз бар, Сара. Сайлыбек жоқ. Есіркеп болса кәрі, әрі баласын ойлап көңілі жарым. Үй іші, көмекшілері әйелдер. Тек үш-ақ әйел. Ал, құм деген ат үсті, көп жүрісті, еркек қайратын керек етеді. Бүгінгі болған қозыларымен санағанда, ақ қой өзі мол отар, мың қой болды. Сол мың қойдың отарын тұтас жіберіп сынаймыз. С а р а. Василий Иванович! Он үш жылдан бергі тәжірибе арқылы дүниеге жаңа келген тұқымның барлығы мың-ақ қой. Бүкіл дүние жүзінде бір-ақ мың қой екен. Бұлар жұтта қырылып қапса, нәсілге кім қалады? Жарым санын тым құрса жақын жерде, қатты қысылып кетсе сүйенерлік азық, пішен қоры бар жерде ұстамаймыз ба осы? Б а л а ш о в. Сара, бұл жөнде ұғысып, келісіп алайық. Біз әуелі қыс жайылысына бұл тұқым қойларын ондап салдық, соңғы жылдар жүзге жеткіздік. Осыдан он жыл бұрын, ол шақта жасырақ едім рас, бәлки, қиялшыл болған болармын, бірақ сондағы арманым осы тұқым санының мыңға жеткенін тосқам. Сол арманды жылым, барлық көп жылдардың қорытындысын жасайтын жылым - осы алдағы жыл. С а р а. Бар жақсы ниет, тамаша еңбектер бір-ақ қыста төгілсе қайттік? Сараң дүлей, өлі құмдар арасында аппақ сүйек боп, шашылып біте ме деп қорқамын. Б а л а ш о в. Олай болса, бар тәжірибем, бар талабым тас-талқан боп желге ұшқаны. Жастық кезім болса бір сәрі. Өмірімнің ең өнімді, жемісті шағын Сартауқұм, Мойынқұм жеп, жұтқаны, желге шашқаны. Бірақ басқа жол жоқ, осыған бекінеміз де, соған басамыз. Мың қойсыз көп сансыз тәжірибеде тиянақ жоқ. Оған сыншы жұрт құр ғана бір лаборатория табысы есебінде қарайды да тұрады. Қазақ "шешінген судан тайынбайды" дейді ғой. Біз бұл жолы, ('ара, мынау Шыңбұлақтың қарлы, суық суына, ызғарлы тасқынына іркілмей түсетін боп отырмыз. Еңбек еш болса, амал не, дәрмен қайсы! (Ойланып қалады. Екеуі де тас басында біраз үнсіз отырысады. Аздан соң.) Біз қазір үш мың метрдей биіктеміз. Биікте әуе қандай таза. Дүние неткен жым-жырт. С а р а. Биіктеген сайын үнсіздік мол, үлкен биіктің бәрінің басы ұзақ тиыштыққа шомып тұрады. Б а л а ш о в. Дәл айтасыз. Биіктеген сайын үнсіз, мол сабырлы, кең тыныштық бар. Табиғат даналық танытады. Дүниеде, өмірде биіктің, үлкеннің бәрі айғайсыз, дырдусыз келеді. С а р а. Василий Иванович! Сіз табиғаттан сабақ алғандай, терең ой қорыттыңыз-ау деймін. Бірақ бір шындықты ескермей, елемей отырғаныңыз бар сияқты. Анау сарқырап жатқан Шыңбұлақ ше? Маған онда жым-жырттаудың жанды өмірінің үзілмес бір суылы бар көрінеді. Ол мәңгілік құздар, тектұрлардың, терең шаттардың үздіксіз демалысы сияқты, сарындаған тынысындай емес пе? Балашов. Сара, сіз мені ойшыл десеңіз, мен сізді ақын сезімін көрсеттіңіз деймін. С а р а. Василий Иванович! Біз бір-бірімізді жақсы мақтастық қой деймін. Бірақ сіздің терең ойыңыз да, менің қиялым да, бір тәуірі, ақ қойлардан алыстамайтыны бар еді. Әне, анау беттен бері қарай асып жайылған сол Есекең отары, ақ қойлар жайылып шықты. Көп қасиетін жайылысынан да аңғаруға болады. Бүйір сүйесіп, тығыз жүріп,жабыса жейді. Тұмсығы тиген жерде тұрып қалады. Жайылған түрінін өзінде де өмір үшін, тірліктегі орны үшін, жабыса тырмысып, талаптанған асыл нәсіл. Б а л а ш о в. Байқауыңыздың бәрі дұрыс, Есіркептің үй ішіне үйреткен мол тәжірибесінің бірі де осындай байқағыштық сияқты. Әсіресе қыстыгүні таңертең, түс, кеш кезіндегі қой мінездерін көз алмай, күн-түн сайын өзінше байқап отырады. Ғасырлар бойындағы тәжірибенің әрбір асыл жағын мен осы күнге шейін Есіркептен оқып жүргендей боламын.

С а р а. Менің де байқаған-тоқығаным болса, солардан.

Б а л а ш о в. Сондықтан да Есіркеп, Әсияларға сеніп, сүйеніп құмға жіберем. (Шабандар әңгімелесіп келе жатады: Есіркеп, Бекбол, Молтай, Ұлбала, Дәмелілер бар.)

М о л т а й. Сүйтіп, бұ шабанның қайсысы озған болды бәйгеден?
Б е к б о л. Бәйге алғанның бәрі озған, өзі емес пе көп алған.

М о л т а й. Қарт біздің шылдың етеді-ау. Озған өзім болсам, өзімді өзім танымас пем? Ұ л б а л а. Бұршақта өлген он қозың сіледі-ау сені. Жас қозылардың обалы жіберсін бе? Енді, міні, байы әскерге кеткен менің отарымнан да жігіт басыңмен артта отырсың. М о л т а й. Сенің байың жоқ болса, менің әйелім жоқ, менің қайта осыныма да шүкірлік десеңші. Ұ л б а л а. Түк шүкірлік етсемші. Әйтеуір өзіңді бұлдай бересің-ау. Түшкіргеніңе де жәрікімалда дей берсін дейсің бе. Б е к б о л. Аз болса да бұның алғанының бәрі басынан садақа. Балашов бастаған осы топты бүгін қонақ ету Молтайға жол. Е с і р к е п. Жолды айтып тұрған Бекболмысың тағы? Жолды білген айтпас еді, бастар болар еді ғой. Б е к б о л. "Айтпас еді" деп, неге айтпасын?! "Алпысқа келгеннен ақыл сұра" деп неге айтты ендеше? Е с і р к е п. Е-е, атаң қазақтың бар мақалын өз пайдаңа жаратып бақсаңшы, әйтеуір. Сүйтіп, алпыс жасыңды салар жерің осы деп тұрмең! Бірақ осыдан да жығыласың-ау, тегі.

Б е к б о л. Қайтіп жығылам?

Е с і р к е п. Жығылатыныңды айтайын. Ең әуелі - біздің мына жаңа заманымыз не дейді? Алдыңғы тәжірибелі аға арттағы жасқа үлгі көрсеткенде іспен көрсетсін дейді. Бұл бір ме? Екінші - ескі мақалды алсаң, "жол ағадан болғанда, тон - жағадан" деп пе еді, жоқ па еді? (Күлкі.) Б е к б о л. Уа, жолың болғыр, ол айтқаны берермен емес, аларман жолы емес пе еді. Е с і р к е п. Әб-бәсе! Көрдің бе қиялауын, тегі, бар жол-жораны жұрт тек Бекболдың пайдасына жаратқан дейім. Сен бермеске Бекбол болдың ғой. Текке Бекбол атандың ба?..

Б е к б о л. Жо, мен ең алдымен саған жол бермеске Бекбол болғам ендеше. Е с і р к е п. Жол бермес емес, ас бермеске десеңші одан да. Жә-жә, мұртың қара құрттың мұртындай тікірейіп кеткен екен. Жарғыласқан болмаса, жарасуға келмессің бүгін. Жолың босын, жолың болғыр. Ендеше, бәрің тобыңмен біздің үйге жүріңдер. Әсия екеуміздің қонағымыз болыңдар.

С а р а. Рақмет, Есеке, біз онсыз да сіздің күндегі қонағыңызбыз ғой. Е с і р к е п. Мейлі болсын, күнде болсаң, күнде көңілім өседі Балашов екеуіңе. Балжан бағанадан Балашовтар бүгін қонақпен келеді деп күтіп жүрген. Бекболды жәй қағытып тұрмын. Кемпірім бүгін түсінде ана Сайлыбегін көріпті. Қай бейнетте жүргенін кім біледі қарағымның. Әке-шешесін, жар-жараның еске алып жүр ме деп, соның амандық, тіршілігіне ағайын-туған үйге келіп дәм татсын деп еді. Жүріңдер! (Сара пен Молтай қалады, басқаларының барлығын Есіркеп ертіп кетеді.)

С а р а. Қайран Есекең баласын күнде айтады.

М о л т а й. Несін айтасың, Сара. Үй іші боп отырғанда қара өзектері қарс айырылады. Сайлыбек қандай еді, өзімнің де қимас досым еді. Кемпір мен шал түн ұйқысын төрт бөледі. Сендер әлі қысқа, құмға ақ қойды осылармен жіберем дейсің, қысқа шейін Сайлыбектен аман деген жақсы хабар келсе, онда мың қойыңа тағы мың қой қос. Жалғыз үй жіберсең де, жардай ауыр салмақ салсаң да, нардай көтереді. Ал, бірақ Сайлыбек хабарсыз қала берсе, қыс салмағын көтере ала ма, жоқ па, білмеймін. С а р а. Менің де ойымдағы уайым осы. Бірақ Василий Иванович Есекеңнің үйінсіз, басқа ешкімге сене алмайды. Тапсыра алмайды. (Бектенов келеді.)

С а р а (орнынан тұрып амандасып). Сапар! Қаладан келдіңіз бе? Б е к т е н о в. Қаладан. Ерте келмек едім, бірақ бір жаңа хабар жөнінде Сәкең мен министр екеуі ақылдасып, солардың сөз байлағанын тосып, бөгеліп қалдым, Молтай.

М о л т а й. Не хабар?
Б е к т е н о в. Хабар Сайлыбек туралы.
С а р а. Немене, айтыңызшы тез! Аман ба екен?

Б е к т е н о в. Министр мен Сәлім екеуі көктемде Есекеңе берген уәделері бойынша фронттың басынан төменіне шейін сұрау салып отырып, дерек алыпты. Сайлыбек Мәскеу түбінен жауды қуғаннан Смоленскіге жеткенге шейін анық арыстандай қайрат етіпті. Ленин орденіне ұсынылған екен. Бөлімінде ол қадірлі жауынгердің бірі бопты. Осы туралы өзі жаралы боп госпитальде жатқан командирі майор Сафронов фронт командованиесінің сұрауы бойынша мынадай хат жазыпты. Сайлыбек қаза тауыпты, командирі өз қолымен қойғызған жерін, қабіріне жазылған соңғы сөзін де келтіріпті, мініки. М о л т а й. Қайран Сайлыбегім, қадірлесім, қимасым-ай! Кеткенбедің сен келмеске. (Жылайды, бәрі үнсіз.) С а р а. Амал қані! Рас болды ғой. Әсия былтыр осындай бір жаманат хабарды өзі де алып еді. Бірақ дәл дерек болмас деп, үй ішінен жасырып жүр еді. Анықталды ғой. (Тақтақ.) Иә, Сапар, енді сізден менің өтінішім бар, бұл хабарды сіз Есекеңе айтып қоймаңыз, білдіңіз бе?

Б е к т е н о в. О не дегеніңіз. Айтсам қайтеді?

С а р а. Айтсаңыз, біздің мынау биылғы ісімізге, отар ісіне залал келтіресіз. Бұнда Әсияның байлауы бар. Не хабар болса да Есекеңнен әзірше жасырмақ. Оны Әсия Балашов арқылы Сәлімге де айтқан, ұқтыңыз ба?

Б е к т е н о в. Сара, сіз мені не деп шегелеп отырсыз өзіңіз. С а р а. Қалай ойласаңыз, солай ойлаңыз, Сапар. Осыны сізге қатты ескерту міндетім. Б е к т е н о в. Ә, сіз мені Балашовпен таласы болғандықтан әлденеге барады деп отырсыз-ау, э?! Бұныңыз мен намыстанарлық мінез екен. Бірақ менің ғылымдағы таласым азаматтық, адамшылық қарызымды ұмыттырған емес-ті. Білдіңіз бе! Сіз асығыстық, жеңілдік еттіңіз. Ендеше, тыңдап болыңыз. Министр мен Сәкең жаңағы жәйді естіп, өздері көп ақылдасып, ойласып, Балашов пен сізге, Сара, айрықша сәлем айтты. Қазір тек Әсия мен Қанипаға ғана білдірсін де, қарттарға өлі-тірісі мәлім емес, бір соғыста хабарсыз кетті, әлде бір госпитальде жатқаны, я басқа бір жөннен, басқа бір жаққа ауысып кеткені белгісіз десін. Ол күнгі командирлері қаза тауып, жоқ болып кетті. Содан дәл дерек беретін кісі жоқ. Қаза тапты деп ойламаймыз деген сияқты сөздер айтып, Сара мен Балашов қарттарды жұбатып қойсын, деп әдейі тапсырды. Міні, Сара, енді не дейсіз? С а р а. Ой, Сапар, ең алдымен сіз мені қатты ұялттыңыз. Мен адасып отыр екем. Кешірім етіңіз, Сайлыбек хабары туралы сол айтқаннан артық ақыл да жоқ. Үміт пенен уақыт қарттардың емшісі болсын. М о л т а й. Әй, жауыз дұспан қанішер немістің пашисі-ай, қанқор жауыз-ай, сан асылды алдың-ау. Дүниеде сендей жауыз дұшпан болар мекен? Серігім-ай, бауырым-ай! (Жылап отырады. Әсия мен Қанипа келеді.)

Ә с и я. Сара, қонақтар мен көкем сізді күтіп отыр, жүріңіздер. Қ а н и п а. Сапар ағай да кепті ғой, жүріңіздер бәріңіз де. Біздің қонағымыз болыңыздар.

С а р а. Барамыз. Бірақ сәл аял етіңдерші екеуің, Әсия, Қанипа.
Қ а н и п а. О не? Немене, Сара? Қаладан қағаз келді ме?
Ә с и я. Қағаз? Әлде бір хабар бар ма!
С а р а. Хабар, рас хабар...

Ә с и я. Әлде Сайлыбектен бе?
Қ а н и п а. Я сәт!.. Әлде ағатайымнан ба?

Ә с и я. Молтай! Молтай, бері қарашы! Құдай-ау, көзіңде жас қой. Рас болғаны ма жаманат... Сұмдық хабар?! (Қанипа мен Әсия жылап жібереді.)

Ш ы м ы л д ы қ

ЕКІНШІ АКТ

Үшінші сурет

Сахна тойға арналған қызық сәні бар, өзгеше бір көріністі байқатады. Біріне-бірі есіктерін тақап, жиі қонған бес үй. Солардың ортасындағы дөңгелек алаңның үсті жабық. Ол жер көп бояулы, кең шатыр тәрізді. Әр үйдің есігі осы алаңға шығады. Алаңда тойға жиылған мәжіліс. Әр үйде де қонақтар бары байқалады. Ән, айтыс, сауық, домбыра, баян, кейде скрипка лебіздері естіліп жатады. Ортадағы алаңда, төрде Балашов, Есіркеп, Бекбол, Бек, Сапар, Сара, Молтай, Әсиялар. Б е к (қасына Молтай, Қатталарды алып). Қадірлі қонақтар! Мынау жас жолдастар тапсырып, мен бір өтініш айтқалы тұрмын. Рұқсат па?

Б е к т е н о в. Айт, дерек бер, деректір! Өтінішің керек тұр.
Б е к. Қалай ұйқастырады. Сүйтіп, бір ақын дайын тұр деп қойыңдар, балалар.
Д а у ы с т а p. Айтыңыз, Беке! Бек!

Б е к. Айтсам, біздің шаруа адамдарының бүгін бір жақсы бас қосуы екен. Алты ай жазды еңбекпен ада қып, енді қатты сыны бар қысқа тақап кеппіз. Малменен жан-жаққа тарап, айырыла көшеміз. Бұл сол малды ұзату тойы. Қыс боса қайтейік! Қысқа қарсы еңбек бар, қажырлы еңбек жеңбек бар. (Молтайға.) Ұйқасып кеткенін қарай көр! Ия, сүйтіп, шабан атаулы тойға кетсе, маман атаулы қойды қайтып амандайым деген ойға кетеді. (Молтайға.) Тағы ұйқасып шыққанын көрдің бе? (Жастар күліп, қостайды.) Біреу құмға кетеді, құмдағы сынға кетеді... Тағы ұйқасты ма? Ал, қадірлі қонақтар, осы менің аузыма өлең тегін түсіп тұрмаған білем... Қысқасы, мына жастар ән салайық, өлең айтайық, айтысайық дейді. Мақұл ма? Д а у ы с т а p. Бәрекелде! Сөз-ақ! Ән... өлең, айтыс босын! Дегенің босын, Беке! Б е к. Дегенім босын ба? Олай болса, тойбастар мына үлкендерден босын да. (Молтайға.) Бұ да ұйқасқа жүре ме, Молтай? Молтай. Е-е, шала-шарпы бұ да кәдеге жарайды. Айтысты өзіңіз бастасаңыз қайтеді.

Б е к. Жоқ, жол ағадан болғанда, тон - жағадан.
Молтай (өлеңдетіп). Арлан бөрі соғады тау сағадан.
Б е к. Бәсе... Бекең бастайды ендеше.

Б е к б о л. Жә! Бір атаның ұлы, өзі ұлы орыс халқының азаматы мына Балашов бастасын.

Б а л а ш о в. Беке, мені қой, қойсаңшы.

Б е к б о л. Е-е, төскейде мал, төсекте бас қосылған Балашовсың. Бір ауыз ән таппайсың ба?

Б а л а ш о в. Жоқ, ауылдың алты аузы қайда? Әуелгі әнді Бекбол өзі айтады. Е с і р к е п. Рас, жығылдың, Бекбол. Өзің баста. Бекбол. Сен менің тек жығылғанымды бағып отырасың-ау! Кәрі басыммен бар жастың алдына түс дегенше, қорғамассың ба? Е с і р к е п. Қорғап сені жау алып бара ма? Ағаң Жамбыл дүние жасының алдына түсіп, ән салғанда, кәрімін деп қашан іркіліп еді? Айт, баста!

Д а у ы с т а p. Бәрекелде! Мақұл айтты. Беке, кәні, Беке!

Б е к. Әпкел домбыраны! (Домбыраны Бекболға беріп жатып.) Бәсе сөз жүйесін тапса, домбыра иесін табады. Тек бастап беріңіз.

М о л т а й. Е-е, алтын лебізіңізге құмармыз деңіз.
Б е к б о л (әндетіп).
Уай, алтын Жәкем, ендеше,
Кешегі асыл ағам бар,

Ақындығы жора боп,
Содан бізге қаған бар.
Уа, мінеки, сөз тыңда,
Жиылған өңкей жарандар,

Азаматым КИЖ-дің,
Ұлы, қызы шабандар.
Уай, әуелі сөз тыңдағын,
Әуелгі өлең арнағын.

Сынға кетіп барасың,
Ісің жаман бомасын.
Күнге қалма көктемде,
Еткеніңді жамандар!

Уай, соңғы сөзім ән босын,
Уа, мінеки сауық сал!..
Әннен қалар болмасын,
Жүзден жүйрік болғанда,

Мыңнан тұлпар толғасын,
Уай, іркіліп сірә қамаңдар!
Ортаға түс әніңмен,
Қайсының да кәрідей,

Қандай өнер шамаң бар.
(Жұрт ду қостайды.)

Бірақ жаңа мынау үлкендер маған айтқын деп зорлап еді. Мен бұларша бомайын, тегі. Мен бар кәрінің намынан айттым, әнді өзгең, жасың айтқын. Б е к т е н о в. Жаңа Сара Балашов үшін айтатын тәрізді еді. Сол кісі айтса екен.

С а р а. Мен айтсам, сіз тек қалармын дейсіз бе, Сапар?!
Б е к т е н о в. Сізбен кетсем, қайда кетсем арманым жоқ десем не дейсіз?

С а р а. Бұл сіз айтатын сөзге ұқсамайды ғой? Ісіңіз бен сөзіңіз қайшы болғаны ма?

Б е к т е н о в. Ісім сізге қарсылық па еді?
С а р а. Сыншылық еді ғой. Бекер ме еді?
Б е к т е н о в. Сын түбінен шын достық тумаушы ма еді?!
С а р а. Сыншылық - шартты достық қой.

Б е к т е н о в. Тұрақты достық сол емес пе екен?

С а р а. Достық қарауылсыз-ақ бірге көшіп, бірге көріп, бірге шыдасатын достық болсашы.

Б е к те н о в. Ендеше, сынап жүрген мен өзім де сынаулы екем ғой.
С а р а. Енді не деп едіңіз? Кей сыншыны сыналушы дүниеде сынамаушы ма еді?
Б е к т е н о в. Түйдім, Сара...
Б е к. Ән, ән күтеді.

С а р а. Кімді? Нені?
Б е к. Сіздердің дауларыңыздың аяғын.
С а р а. Кім айтсын ендеше?
Б е к. Сіз айтыңыз.

Б е к т е н о в. Мен қосыла айтайын.

Б е к. Қысылғанда қосылып, кең-байтақта айырыла кететін сені қосып қайтеді кісі?

М о л т а й. Жеке босын, бірге босын, әйтеуір тегіс айтсын.
Б е к. Кімдер?
М о л т а й. Сіздер.
Б е к. Ендеше, Сара, бастап беріңіз.

С а р а (Сапармен қосылып).
Қарғалы ұзын өлке жерім деймін,
Көп шабан еңбек сүйген елім деймін.
Тәуекел өр қанаты деген күйде,

Қандай-ақ сөз бен сыннан жеңілгеймін.
Жол болсын, жонға, құмға барар достар,
Артында қайратыңды халқың қостар.
Қандай күн, қай шұқырда кетсең-дағы,

Ойлай жүр, мұнда қалған қалың дос бар.

М о л т а й. Жаса, Сара! Жақсы айтты. Естідің бе? Қайда, қайдасың, ақын шабандар! Ұлбала, Дәмелі, қарап қалар сендермең?

Б е к б о л. Айт, бәсе, шабандардың сендер де сәлем қошын айтып қал.
Д а у ы с т а p. Ұлбала, Дәмелі!
Балашов Сараменен досымыз да,
Жазы, қыс бірге болар қасымызда,

Бейнетті берік болып, бірге көшіп,
Әніме әнін қосад босымызда.
Тағы да Сапар деген досымыз да,
Бірде бар, бірде болмас қасымызда,

Сыры бар бірде бие, бірде түйе,
Жақпадық кәріміз де, жасымыз да.
Б е к. Ал, сыншы Сапар, халық сыны өзіңді қалай қармайды.

Б е к т е н о в. Аптықпа! Аңғарсаңшы! Жаққан күні өзімді табатын болмады ма, кәрі-жасы да?!

Ұ л б а л а. Ағайын, ырза болғын осымызға.
Д ә м е л і.
Кезекті берген мақұл жасымызға.
Талайдан талғап озған Молтай отыр,

Тамағын кенеп отыр қасымызда.

Б е к. Мақұл, ендеше, Молтай босын. Шабан. Е-е, әріптесі кім болад? Молтаймен айтысатын әйел кәні?

Ұ л б а л а. Әсия ше, айтар ма екен?

Д ә м е л і. Шіркін, қандай айтушеді, тек Сайлыбек кеткелі әнді, өлеңді қойып кетті ғой.

Ш а б а н. Бәрекелдай, Әсияны естірмеді, Беке.

М о л т а й. Ал, Әсияны тыңдағыларың келген екен, мен бір амал етіп көрейін де.

Б е к. Кейітпейтін амал ма?
М о л т а й. Мен соқтығам.
Ұ л б а л а. Қой.
М о л т а й. Уа, өзіне соқтықпаймын.

Б е к. Енді кімге?
М о л т а й. Қанипаға... Қайын сіңлісі ғой.

Ұ л б а л а (күліп). Уа, қу-ай! Айласын қарашы. Қанипа ән білмейді, соны қысам дейді ғой.

Д ә м е л і. Қанипа қысылған соң, Әсия ара түседі дейді. Қарасаңшы.
Ш а б а н. Молтай, есебін таптың. Әсияны бір тыңдайық.

Б е к (Молтайға). Бас әніңе! Қадірлі қонақтар! Енді мынау Молтай айтыс бастаймын дейді. М о л т а й. Әнім – еңбегімнің әні. Еңбекте кіммен жарыссам, айтысымда да сонымен жарысам.

Қ а н и п а. Ой, бар болғыр. Тапқан екесің әзілдесіңді.
М о л т а й.
Қанипа, ашуланба, өзіңді айтам,
Өзіңе көптен іріккен сөзімді айтам.

Барады алты ай қысқа аулың алыс,
Мұнда айтпай, енді қандай кезімде айтам.
Жарыстан социалдық сөзді қозғай,
Айтысып көрші бізбен көпке созбай.

Биыл жаз отарыңмен жарысып ем,
Жеңдім деп тілің айтад, ісің озбай.
Е с і р к е п. Уай, өлеңмен өтірік айтушымеді?
Қ а н и п а. Мені айтыса алмайд деп есіп отыр ғой.

Е с і р к е п. Неге айтыса алмайд? Жіберме есеңді.
Бек. Айт, есеңді жібересің бе?
Қ а н и п а. Жоқ, айтыса алмаймын, Жәке!
М о л т а й.

Айтысқа шықпағаның сақтанғаның,
Білместі сылтау қылып ақталғаның.
Жеңдім деп ел аулақта желдей есіп,
Бос болып шықпады ма мақтанғаның.

Е с і р к е п. Уай, ендеше, Әсия қарағым, өзің айт.
Қ а н и п а. Айтшы, Әсия, әдібін қолына берші осының.
Ә с и я. Әнді ұмытып та кетіп ем. Сөзде қаңқу жаман.
Б е к. Жарайды, рақмет. Ал, ана үйдегілерді тоқтат.

Ш а б а н. Уай, тоқтаңдар, Мұнда келіңдер тегіс.
Ұ л б а л а. (Молтай мен Әсия айтысады.)

Ж ұ р т. Бәрекелде сөз-ақ, Әсияны тыңдаймыз. Сағынып ек. Айтқын. Молтай да тыртысып бағар. Ал, Молтай, соқ, баста!

М о л т а й.
Әсия-ау, ісіңе әнің көрік екен,
Қасында Қанипаң бар серік екен.
Жарыста біз жеңдік деп лақап шаштың,

Жеңіліп, мен сыбаға беріппекем?
Отарды сен баққанда, мен де бақтым,
Табысты сен тапқанда, мен де таптым.
Сый берген Балашов пен Бектер отыр,

Жаланы сау басыма қалай жаптың.
Ш а б а н. Сөз, соқ! Соқ тағы!
Ұ л б а л а. Жабысты ма жез қармақ.
Д ә м е л і. Ойбай, бұл да жез таңдай.

Ә с и я.
Ей, Молтай, айтқаның жөн, қойың бақтың,
Мен қашан жақсы жүрсең жала жаптым.
Өз атын көкек өзі шақырады,

Қалайша он қозының жайын таптың?!
Мен сенің сол сырыңды ашпас едім.
Ес білсең қақпанды өзің баспас едің,
Жеңіліп, жығылғаның ұмыт болды-ау,

Өйтпесе, бүгін бүйтіп аспас едің.
Д а у ы с т а p. Сөз! Жаса! Соқ! Молтайды соқ!
Б е к. Ал, бәлем Молтай. Ақталып көр.
М о л т а й.

Жасырман он жас қозы бір күнде өлген,
Дауыл мен бұршақ соққан сүргінде өлген.
Мал түгіл, ажал келсе адам да өлер,
Талай да талай асыл күлгін де өлген.

Ә с и я.
Сол бұршақ келіппекен сені құрсап,
Қой, қозың өлер екен бұршақ ұрса-ақ.
Ол дауыл бізге-дағы баса соққан,

Қозыны қырмаспедік сенше тұрсақ.
Шыныңды айт шарай топқа, Молтай ерім,
Қозысын тастай қашқан асыл шерім.
Жеңіліп жөн сұрайсың бүгін бізден,

Мен айтсам, жеңілгенің, қашқан жерің.
(Жұрт қатты қостайды.)
М о л т а й.
Қайраттан мен қаймығып қалғаным жоқ,

Олжаны жатып ішіп алғаным жоқ,
Сәтсіз күн, не сөзі бар шаруамен,
Ол мал басында болғаным жоқ.
Ә с и я.

Айтпағын сәт күніңді сәтсіз күн деп,
Қаштың ғой қозымен бір өлермін деп.
Амандап алтын басың алып қаштың,
Ұялма, қызғаншақтар сөйлер күндеп.

Бұл тойды жұрт аңғармас қандай той деп,
Мен тұрмын той қуанышы Молтай ғой деп.
Он қозы садағасы азаматтың,
Ер басы қор боса да алтын ғой деп.

Бұл тойдың мен айтайын тойбастарын,
Қызығын былай жауып қой басқаның.
Тойлайық, қуанайық барлығына,
Молтайдай елден асқан сер қасқаның.

(Жұрт ду күліп, Әсияны қошеметтейді. Молтайға айтқызбайды.)
Д а у ы с т а p. Өлдің, Молтай, мұрттай ұштың! Доғар.

Б е к. Төрелігі Бекендікі, Бекең айтсын. Бекбол. Уай, айтып айтпай несі бар? Алып соқты, жұлып соқты десең бәрі болды. Атаңа рақмет, Әсия шырақ! М о л т а й. Жә, халайық, жеңілдім. Міні жолым, міні сыбағам. (Домбырасын Әсияның аяғына қояды.) Ал, тек бір-ақ ауыз - басқа бір бөгде сөз айтқызасың ба, жұрт?

Ә с и я. Айтсын, айт!
М о л т а й.
Ал, Молтай, жұрт алдында шекіскенің,
Жеңіліп осы болды жетіскенің.

Олжам бар, ойласаңдар, жоқ еді ғой,
Көп жылдар Әсияны есіткенің.
Әрине, жеңілген жер естен кетпес,
Сүйекке бұдан артық соққы да өтпес.

Жалғыз-ақ Әсиядан ән есіткен,
Молтайдың іші кепсе, іш нәрсе етпес.
(Жұрт қатты күліп, бұны да жақсы қостайды.)
Е с і р к е п. Уай, азамат, жеңілсең де жөнді білдің, ер өзің болдың ғой.

Бекбол. Бәсе, жығылса да, жағаласа тұрғаннан без.

Е с і р к е п. Соны айтсаңшы. Айтыста алдырғанын білмегеннен жаман бар ма?.. Ұялмас бетке жалықпас жақ бітеді деп. (Үлкендер тұрып, тарай береді.)

С а р а. Молтай, мен де сондай ырзамын сізге.

М о л т а й. Е, Сара, оны айтпасаңыз да білемін ғой. Сіздер ақ қойды баққан Әсиядан кімнің озғанын сүйермін дейсіз.

С а р а. Жеңілгеннің бәрі тоқтар жерін сендей білсін де.
Б е к т е н о в. Бұныңызға дауым бар, Сара! (Екеуі күліп кете береді.)

М о л т а й (Әсияға оралады. Орталық оңашаланған, тамақ тартыла бастаған. Кейбір үйлерден ақырын, баяу ән келеді). Әсия-ау, осы жұрттың бәрі жеңіп шыққан тап мендей, мені мақтағаны несі осы?

Ә с и я. Жұрт былай тұрсын, Молтай, мен де елден ерек сүйсініп отырмын. М о л т а й. Әнің шыққанына бір ырза болып ем, әзіліңе тағы ырзамын десем бе екем?

Ә с и я. Қалжыңым топас болып, көңілің қала ма деп ем.
М о л т а й. Көңілі қалғанда мен нені ойсыратам, Әсия?!
Ә с и я. Жоқ, сені ренжітіп, мен несіне жетісем?

М о л т а й. Көңіл қалыспаған құрбыластығың ғой. Айтыспай біліскен қабақтан асыл бар ма екен?

Ә с и я. Сыйластық сақтамаған оңа ма?

М о л т а й. Айтыс былай тұрсын, көптен іш тартып сөйлескен де жоқ едім, шыныңды айтшы, жалғыз жүріп, барыңды жыр етесің бе, қалай? Ә с и я. Жыр ететінім рас. Жаңғырығып жартас, тым-тырыс тау тыңдап тұрғандай болған соң әр жайды тере берушем. М о л т а й. Сондай оңашадағы сырыңды да бір тыңдамаппын. Менен де мақрұм кім бар дейсің?

Ә с и я. Сыр деп менде қай жасырын бар деп ең?
М о л т а й. Өзіңдікін айтпайсың. Менікін сұрамайсың ғой.
Ә с и я. Сыр өзі ашылады. Қолқаға келуші ме ед.
М о л т а й. Ендеше, айыбы болса, бас үстіне, мендегіні бір тыңдашы.

Ә с и я. Өзім айтқызғалы отырмын ба осы?

М о л т а й. Өзің емес, өзегімді жарған өз ішімдегім еді. Күндер кетіп, жылдар жылжып жатыр ғой. Тірлік өз тілегін етпей қоя ма? Арзан тілек айтпаймын, Әсия. Бір жерде сен жалғыз, бір күйде мен жалғыз. Жастай білген қадірлесім ең. Ендігі қадіріңді мен сақтайын, келер өмірді екеуміз бір қосайық десем, мен кімге тентек көрінер екем. Алдымен өзіңе жат көрінер ме осы сөзім?

Ә с и я. Ә-й, Молтай-ай, арада талай қиын асу жатқан жоқ па еді!
М о л т а й. Қай, қай асу, Әсия-ау?!

Ә с и я. Біз заманымыздың ұл-қызымыз, алдымызды аңдамасақ азаматтығымыз кәні? Соғыс анау, басың жас, денің сау. Артыңа алаң қалдырып қайтесің? Бұл бір деші. М о л т а й. Отан қорғаудан тартылып, іркілген мен жоқ ем, бірақ мұндағы еңбегі керек деп жібермей жүр ғой.

Ә с и я. Мен де бұған әзір емеспін.
М о л т а й. Неліктен олай дейсің?

Ә с и я. Біздің ақ қойдың отары, бастығы Жәкем боп, биыл құмға, сынға барады деген сөз бар емес пе? Солай баратын болса, мен Жәкемді жалғыз жіберем бе? Және өзімнің де жеті жылдық еңбегім сіңген ақ қой екен. Соның қиын да болса, ең қызықты жылы биыл екен. Аяқсыз, тиянақсыз қалай тастайым? М о л т а й. Әсия, бұл сөзіңнің бәріне құлдық. Ал енді, мен бір ақыл айтайын ба? Ақ қойдың құмға баратыны анық. Бірақ барғанмен, құмның аты құм. Жәкең кәрі, сендер әйелсің. Онда еркек қайраты қажет. Жас қайрат керек. Есекең осы жағынан қатты қорғанып, тартынып жүрген жоқ па! Ал мен болсам, бір басым, әке, шеше менде жоқ. Оның болса, баласы жоқ. Ол менің еңбек досым. Мен қайрат серігі едім. Сен екеуміз баласы неге болмаймыз, қанат, құйрығы неге болмаймыз Есекеңнің? Неге бірігіп болыспаймыз осы сында?

Ә с и я. Сен өз отарыңнан босай аласың ба?

М о л т а й. Ақ қой үшін, әсіресе биылғы жыл үшін кім босамайды. Бір Балашов емес, ол бәріміздің, барлық КИЖ- дің намысы емес пе? Ә с и я. Бұл сөзін көңіліме қонды, Молтай. Ендеше, мен бұны Қанипаға дәл осылай айтамын.

М о л т а й. Ол қарсы болмас па екен?

Ә с и я. Ол маған қайын сіңлі ғана емес, мектепте бірге оқып, бірге өскен достығымыз бәрінен бөлек еді. Бүгін-ақ, ең алдымен-ақ ақыл қосарым сол. Ол мақұлдайды. М о л т а й. Ол мақұлдаса, ендеше, құмға көшпес бұрын тойымыз босын, жарай ма?

Ә с и я. Босын, Молтай.

М о л т а й. Жаным Әсия. Арманым ең, асыл жар. Әзілмен айтыс бастап ем... Жеңілгенім бағым ба екен?

Ә с и я. Менің де мынау жарық айлы кештей, өшкенім жанған шағым ба екен?

Шымылдық

Төртінші сурет
Есеновтің кабинеті. Есенов пен Балашов.

Е с е н о в. Ал, Василий Иванович! Қыс тақап келеді. Өзіңіздің ең соңғы байлаулы сөзіңізді естімекпін. Қапыңыз жоқ па? Не айтасыз маған? Б а л а ш о в. Сәлім Есенович! Мен әзірмін, бірақ мың қойды кіммен жіберемін, кімге сенемін дегенге келгенде, бір Есіркептен басқа жан жоқ. Есіркепсіз құмға бара алмаймын. Ал, оны зорлауға, күйін көріп отырып, тағы да бекіне алмаймын. Шал баласын ойлап, соны тосып көп жылайды.

Е с е н о в. Бұл халден шығыс бар ма, жоқ па, тегі?
Б а л а ш о в. Бір шығыс болуға мүмкін еді, бірақ...
Е с е н о в. О немене еді?

Б а л а ш о в. Әсия Молтайға тиетін болған. Ал, Молтай ақ қой отарына, Есіркепке көмекке биыл құмға баратын болған.

Е с е н о в. Я дұрыс, жақсы ғой, ақыл ғой осы.

Б а л а ш о в. Дұрыс еді, бірақ Әсия Молтайға тиіп, енді соны Есіркепке айту қалған еді. Той да әзірленіп болған еді. Дәл сол күні повестка келіп, Молтай әскерге кетті.

Е с е н о в. Содан соң!!

Б а л а ш о в. Содан соң не босын! Тағы да Есіркептен Сайлыбектің өлімін жасырып, Әсияның Молтайға тигенін тағы жасырып, бәрін жасырып қойды. Не істейді. Бірақ есі бар тәжірибелі қарттар емес пе, уайымнан босамайды. Е с е н о в. Сүйтіп, енді тағы да бар тетік, бар байлау Есіркептің өз басында. Солай ма?

Б а л а ш о в. Өз басында, бір басында.
Е с е н о в. Ол кісі мұнда келді ме?

Б а л а ш о в. Кеше қалаға менімен бірге келген. Бүгін осында бірге келмек еді. (Хатшы әйел кіреді.)

Е с е н о в. Есекең келді ме?
Х а т ш ы. Келді. Жаңа келді, Сәлім Есеніч!

Е с е н о в. Мұнда шақырыңыз. (Есіркеп кіреді. Сәлім орнынан тұрып.) Әссәлаумағалайкүм, Есеке! (Қолын алып амандасады.) Исекең екеуміз әдейі сәлем айтып, шақырып ек. Қазір мен министрге келгеніңізді хабарлайын. Сол кісіге барамыз! (Телефонмен министр Дәуреновпен жалғасады. Телефонда сөйлейді.) Исеке! Балашов пен Есіркеп келіп, менде отыр. (Телефонды тыңдап.) Ия, Есекең де келді. Дені сау, үй іші де амандық дейді. Ал, біз сіздің кеңсеге барсақ деп едік, қазір уақытыңыз бола ма? (Тыңдап.) Ә, онда тіпті жақсы, мақұл, мақұл, тосамын. (Балашов пен Есіркепке.) Министр өзі келмекші. Есекең келген болса, өзім барайын, сәлем берейін, мені сонда тосыңдар дейді. Қазір келеді.

Е с і р к е п. Рақмет, шырағым.

Е с е н о в. Есеке, осы күнгі шабанның көбі құмды қыстаудан тосаңсып кетті-ау, ә?! Құмның өзі де қыспен бірге қабағы салбырап, адамды жүдетіп тұратын ауыр өлке ғой?! Е с і р к е п. Е, көптен құмға бармаған шабандардың шау боп кеткені бар ғой, Сәке? Бірақ өзіміз бала күннен-ақ сол құмның құланындай шұқырында туып, шоқысында ойнап өскеннен бе, құм қорқытады екен демейміз. Қайрат барда, көңіл берікте құм уайым, қыс уайым ба, тәңір. Кейде бір уайымға құмды айтсаң, екінші уайым қайрат қайтқан кәрілік болады. Үшінші, үй-жайдың, өмір жәйдің үзілмес мұңы тағы жүреді. Бәрінен де сондайды айтсаңшы. Е с е н о в. Рас айтасыз. Құм да, құм емес те көңілде алаң болса, уайым болса, салбырап жүдеу көрінеді ғой. Сонда құм жүдеу көңілге әсіресе жадау болады ғой.

Е с і р к е п. Өзің құмда болғаның бар ма еді, тегі?

Е с е н о в. Бар еді, Есеке. Жаңағы өзіңіз нобайын айтқандай, басымнан кешкен бір ауыр шағым бар еді. Ол кезде жасым он бірде болатын. Әзім деген ағам бар еді. Әкеден ерте айрылып, сол ағамның тәрбиесінде өскем. Азамат соғысының уақыты, ол кісі большевик еді. Жұмыскерден шыққан, қазақтың алғашқы большевигінің біреуі болатын. Сібірге Колчак орнап, ағам қашқылықта жүрді. Бір шақ ақтар, алашордалар ұстап апарып, қатерге түсті. Колчактың өлім вагоны деген вагонына салып, Сібірдің алыс бір жағына алып бара жатыпты. Сонда ағам жолдан қашып, аман-есен елге келді. Бірақ ауылға жетуі мұң екен, артынан он екі кісі отряд қуа келіп, тағы ұстап алды. Қасымыздағы орыс поселкесінің кедей крестьяндары ағаммен дос болатын. Түнде соларға шауып барып, хабар айттым. Әкем жоқ, өзге аға-бауыр жоқ. Шешеміз зарлап жүр. Әлімді отряд әкетіп барады деп жылап айттым. Сонда поселкенің жиырма шақты жігіті шапшаң қаруланып келіп, отрядты тегіс байлап алып, ағамды азат етті. Ағам Түркістанда большевик үкіметі бар, Бетпақтың құмынан өтеміз де, сонда барып, Отанымызды табамыз. Сені сонда оқытамын деп, мені ертіп алып, жол тарттық. Қыс түсті. Қалың құмның ішінде Шу аяғына тақай бере елге іліндік. Әлі де алда алыс жол бар. Елге іліндік те, жаңа бір көз ашыла ма дегенде, үлкен copғa түстік. Ағам сүзек болып ауырып қалды. Мен бала, жолдасымыз елді жөнді білмейтін тек бір момын адам еді... Құмды сонда көрдім. Үйге кірсем, ыңқылдап, өне бойы от жалындап, қиналып, азап шегіп жатқан ағам. Жалғыз ағам. Елдің көптігі, дүниенің кендігі немене. Менің басымдағы бар аспан жылап тұрғандай бір ағамның тілегіндемін. Тысқа шықсам, сонда құм, айнала құм, құлазыған өзі суық, өзі сараң, сұр дүние. Жасым он бірде-ақ. Қуат-қайратым да жоқ. Әрі жалғызбын. Әрі білген білігім де жоқ. Ағам жайланып жататын жақынымыз да жоқ, танысымыз да жоқ. Сол ыстығы асқындап тұрған қатты аурудың үстінде және бір ауылдан бір ауылға жылжып ауысып жүріп, ауырып келеді. Бір күні бір қадам болса да Түркістанға қарай, совет үкіметі бар жерге қарай жақындай бергіміз келеді. Алдымызда асқардай. Сол асқарға өрлеп шықсақ, ар жағында амандықтың, жақсылықтың, кішкене өмірімнің күні күліп шыққандай болады. Бірақ құм. Құм - тауымен, қу - шұқырымен, сараң шөп ыраңымен, сояу қурай сүткенімен күн сайын бір күйден аумайды. Жүдеу күй. Жүріс баяу, жол өнбейді. Күнде құм, күнде құм. Сол жолда жүре ауыра бейнет шеккен ағам, жер ортасы көктөбеде қаза тапты. Өлерінің алдында бір арманы мен едім. " Әкеңнен бір жетім қалып ең, жетім етпеспін деп ем, менен тағы жетім қалдың-ау. Енді кішкене жүрегіңе қайраттан басқа жиярың жоқ. Өлмейсің. Құмнан да қорықпа, басыңдағы ауыр күннен де қорықпа. Тарта бер, алға қарай тарта бер. Алдыңда Түркістан, большевик Отаны. Мынау менің хатым да арызым. Қай шаһарға ілінсең, сондағы партия, басшылық орнына көрсет" деп, қолыма қағаз берді. Мен сонымен бала өмірімнің ең алғашқы ауыр күндерін бастадым. Жаңа айттыңыз ғой, құмда көңіл орнында болса, бәрі оңай деп. Мен сонда ағам кішкентай сәл тәуір болғандай, бері қарағандай болса, қуанып қарағанымнан ба, білмеймін, құм таулары да, шұқырлары да, жайылған малы, жайғасқан елі де сондай бір жақсы рахат дүние сияқтанып кетеді. Ал, ағам қысылса, құм дегеніңіз мойныма түскен қыл тұзақтай, темір құрсаудай көрінеді құтқармастай. Сонда байқап едім, қайда жүрсе де кісіге құм қиын емес, көңілдегі күй қиын екен. Үміт пенен қуаныш, қуат серік көрінсе, ақыл, қайрат сүйеніш боп жүрсе, құм да бір, құз да бір екен. Е с і р к е п. Ой, Сәке-ай! Сен де жас басыңнан осындай ауыр күй кешіп едім десеңші. Қабырғаны қайыстыратын жәй екен. Ібіретті әңгіме екен ғой мынауың. (Дәуренов кіреді, Есіркепке сәлем беріп, амандасады. Бектенов пен Бек бірге келген.) Д ә у р е н о в. Есеке! Сізге ақыл салудан бұрын, әуелі мына басқа жолдастарға бір жәйді мәлім етейін. Сонада, көктемде болған мәжілістен соң мен, біздің ЦК мен Министрлер Советінің рұқсаты бойынша, Москвада, Одақтық орындар алдына мәселе қойғамын, жаңа тұқымды ұсынғамын. Және осы қыс бойында, сол тұқым туралы бар сындарыңызды жасаңыздар. Көктемде, қой қоздар кезде, соңғы сындарыңызды ада қып, қорытындыңызды айтыңыздар дегемін. Соған бүгін хабар келді. Москвадан тұқымды сынап алатын арнаулы комиссия белгіленіпті. Бұл жерден сол сыншы комиссияға мүше қып біздің Першин мен мына Бектеновті алыпты. Сүйтіп, ол жақ ісімізді сынменен қорытуға осылайша әзір отыр. Жә, біз қалаймыз?

Е с е н о в. Біз сынға шыдаймыз да, барды саламыз дегеміз жоқ па? Д ә у р е н о в. Ендеше, неге мына институттың директоры Бек жаңа маған келіп, әлі қалай бекінеріміз мәлім емес, қыс құмға барамыз ба, жоқ па, анық байлай алмай отырмыз дегені несі.

Е с е н о в. Рас, дәл сол жердің ақылдасатыны бар, Исеке.

Д ә у р е н о в. Сонда биыл қыс тағы созып, тағы құмға бармай қалу мүмкін бе? Онда сыннан өткеніміз қайсы? Тегі, құмнан өтпей, алты ай қыс сонда қыстатпай, сол құмда қоздатпай, қорытынды жасай аламыз ба? Бектенов, сіз не айтасыз? Б е к т е н о в. Құмда қыстатпай, қорыта алмаймыз.Жаңа тұқым туды деп ауызға да ала алмаймыз. Қасиеті бар қойдан бөлек дегенде, құм мен таудың өзгеше қойы дегенде, нені айтамыз? Ондай халді профессор Балашовтың өзі де жақтамас деймін. Б а л а ш о в. Құмда қыстатпай, соңғы сыннан, қорытынды сыннан тұқым өтті деп мен айтпақшы емеспін. Б е к т е н о в. Қысқасы, жаңа тұқымға құмға бару қажет. Болмаса, Мәскеудің жаңағы, жолдас министр айтқан комиссиясы да қабылдамайды. Комиссияның бір мүшесі мен екем. Алдын ала айтып қояйын - көктемде құмға қоздатпайтын болсаңдар, сондағы нәтижелеріңді көзіммен көріп, қолыммен ұстап шықпай, ең алдымен мен өзім қостамаймын. Б а л а ш о в. Қостамаңыз. Мен өзім де оны сізден сұрамаймын. Үйткені әзір емес бір қойым жоқ. Мың қойлы отарды жаңа тұқымның бар санын, жұтағаны жұтап қалар, түгелімен құмға, сынға салмақпын. Д ә у р е н о в (Бекке). Бек, енді сені бөгеп отырған тұсауды айтшы. Сен неге осы ең соңғы жарым жылда, бір қысқа келгенде жалтақтап, күдіктене бересің? Б е к. Исеке, күдік иесі тек жалғыз мен болсам, жарам оңай ғой. Тәжірибеге барып салғалы отырған профессор Балашов әзір. Бірақ бұ кісі бір жағынан әзір де, бір жағынан ауыр салмақ күдік айтады. Д ә у р е н о в. Сүйтіп, бар байлаудың тірелген жері Есіркептің өзі десеңші. Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады демейсің бе!

Е с е н о в. Ал, ендеше, мал иесінің өзі айтсын да, Есекең айтсын. Е с і р к е п. Сай сайға құяды, бәріңнің сөзің сарқып келіп, бір сағаға құйып жатқанын сезіп отырмын. Мен ойымда өзгем бар, бөлек жайым бар деп, ойдағымды айтып қайтейін. Менің де қазір көкейімде отырған біреу-ақ, тек сол он үш жылдың, мына Балашов бастаған еңбектің бір тетігі, тиянағы болса екен деген арман. Бірақ жақсы болғанмен, серіктерің әйелдер, мен босам қайраты аз, шал боп барам. Балашовты аяймын. Малды аяймын. Мені осыдан азат қыл деп, ашып айтуым абырой ғой деп отырмын. Д ә у р е н о в. Есеке, бұныңыз арзан сөз емес. Бұлдану емес, шыныңызды айтып отырсыз. Бірақ бұл қой тұқым болған күнде, шын асыл нәсіл болған күнде де, бақташыны ылғи тепсе темір үзетін жастан, сауыт киіп, сайман асынған батырдан, балғыннан ғана жиып береміз деп кім кепіл болады. Сөзді кесіп айтайын, асыл тұқым екені рас болса, со сіздің әлсіз күшіңізбен де асылдығын көрсетіп, ақтап шықсын. Біздің сенгеніміз сіз, сізге сенбейтін қой болса, онда өлмесе, ома қапсын. Б а л а ш о в. Рас айтады. Мың қойға жүз қойшы салып, жаңа тұқым таппай-ақ қойдым. Есенов. Есеке! Бұл да бәріміз үшін керек және сізге де арылып алатын, ашық сөз. Ерекше қайрат тілемейміз, тек осы күнгі Есекеңдік қалпыңыздан басқа түктілеріміз жоқ. Е с і р к е п. Тәңір-ау! Құмға жалғыз өзім барып, жұтатып, қырып жатсам да, маған сын жоқ дегеніңіз бе?! Д ә у р е н о в. Сын жоқ дегеніміз. Сіздің қолыңыздан жұтаса, сіз білген, сіз жайған құмды жерсінбесе, сын жоқ. Дегеніміз деген. Е с і р к е п. Енді кесесе беріп, саудалай беріп қайтейін. Бұны да Отан тілегі дейін. Қартайсам да, бір майданның жекпе-жегіне бір шығып көр деген кезең екен. Майдан жалындаған жастың қыршын өмірін де қиып жатыр ғой. Соларды ойлағанда, менің аянар нем болар дейсің. Сүйтіп, мен барайын, Балашов жолынан немді аяйын. Б а л а ш о в (барлық ырза болған адамдардың ырзалық сөздерінен қатар). Есеке! Рақмет! Ес білгеннен бергі еңбекті өмірімнің қақ жарымының қорытындысы еді. Сондықтан да сенсем саған ғана сенем деп, барымды берсем, сенің ғана қолыңа берем дедім. Менікі ғана емес, көп табысы өзіңдікі де. Барлық жәйді өзің таптың. Қадірлі қартым, досым, жолың болсын. (Екеуі бірінің-бірі қолдарын қысып, қатты құшақтасады.)

Ш ы м ы л д ы қ

ҮШІНШІ АКТ

Бесінші сурет

Қыс. Құм іші. Құм төбелер арасындағы шұқырда отырған жалғыз үй, Есіркеп үйі. Үйде Әсия, Қанипа. Қ а н и п а (тыстан келіп). Бүгін тағы тұрақтамайды ғой деймін. Шұбыра береді. Шұбыра береді. Ә с и я. Тұмсығы ілінсе тұрып алушы еді, шөбі әбден біткен ғой, бұл қоныстың да.

Қ а н и п а. Қойдың бүйірі солып, ашыға бастағаны да бар.
Әсия. Қыс ортасы да болған жоқ. Бұл кезден жүдетсек не болады.

Қ а н и п а. Тағы көшпей, тағы құмға батпай болмас. Елден де шырқап ұзап барамыз жалғыз үй. Ә с и я. Жәкем құмнан қоныс тауып келсе жарады. Оның да шөбі жаман боп жүрмесе... Қ а н и п а. Онда жайылыс болмаса, қайда барарды кім білсін. Бұ да бір уайым боп тұр. Ә с и я. Осындай күнде... Қыс қысылшаңына отар жаңа түскенде, қиын күнде мені айтсаңшы. Қ а н и п а. Менің де ойым он бөлінеді. Қойды бір ойласам, сені екі ойлаймын. Жәкем білсе, ол не дейді.

Ә с и я. Рас, айналаңның бәрі тығырық боп кетті.

Қ а н и п а. Япырай, Молтайға тигеніңді күздің өзінде неге білдірмедік осы кәрілерге. Ә с и я. Амал қанша, Молтай кетпесе, білдірер едік. Ол болса, әскерге кететін болды. Бірге тұрмайтын болды, әзірше. Ерте күйіндіріп қайтеміз демедік пе кәрілерді. Алғаннан айтпадық қой бұл кісілерге. Бір қыс та болса, мына қысқа әсіресе білдірмей-ақ сыр қып сақтайық демедік пе! Өзің айтқан ақылың да сол емес пе еді?

Қ а н и п а. Айтып ем, рас... Бірақ сол енді қапы боп тұр ғой. Ә с и я. Менің бүгінгі мына жәйім болмаса, ол қапы болмас еді ғой. Бірақ мынандай болады деп кім ойлады. Қ а н и п а. Мен апамды бірдеме етіп жұбатар ем, тоқтатар ем-ау алдасам да, Жәкемді айтсаңшы енді.

Ә с и я. Апам не деді? Не деп жылап жүр? Қашан айтып ең?

Қ а н и п а. Бағана таңертең айтып ем. Қой шетінен қайтпай жүргенін көрмеймісің? Көз жасын үйде көрсетпейін деп жүр ғой.

Ә с и я. Қайран апатайым-ай! Шешемнен де жақын едің-ау. Не деді? Айтсаңшы!
Қ а н и п а. Қарғам-ай, Сайлыбекті не деп қиды деп бір жылады.
Ә с и я. Қайдан білсін? Молтайды білді ме?

Қ а н и п а. Айттым ғой. Соған тиетін болған, мен де сырларын білетұғын ем. Әлдекімнен дегізбей, әкесі бары да тәуір екен деп, оған біраз тоқтағандай болды.

Ә с и я. Үйтпесе апам бола ма?

Қ а н и п а. Қыс аяғына жеткенше жасыра тұрсаңдар нетуші еді деп те көрді. Баласы қозғалыпты деп ем, ендеше шал білмей қоймайды. Ол білсе, отқа түседі. Анық сор мынау ма еді деп, осыдан соң ағыл-тегіл жылап жөнелді. Сайлыбек өлген ғой. Бұл - бір сұмдық емес, көп қаза ғой менің басыма келген. Айтпай тығып жүрсіңдер ғой, өлген ғой жалғызым деп, Сайлыбекті жоқтап, дауыс айтып қалды. Ана жүрегі жаңыла ма.

Ә с и я. Соңғы тірегі сол үміті еді...

Қ а н и п а. Әлде бір ойдан екеуіне Сайлыбектің өлгенін естіртсем бе екен? Сонда сенің бар шыныңды да айтар едік. Қылмысты кісі болмай, жазықсыз болар ең. Әйтпесе бұлар көзіне ұятты кісі боп қайтіп жүресің. Ә с и я. Жоқ, Қанипа. Бұны айтпа. Баласы өлгенін қазір білсе, мынау елсіз, күнсізде екі кәрі жылаумен көздері көр болады. Түс көрсе, бал ашса, үмітпен жүр ғой. Мынау қинау қыста ендігі жалғыз тіректерін құлатпа. Онымен түзелетін дүние жоқ. Қ а н и п а. Сенімен араз боп, саған лағынет айтса, әрі Молтай жоқ, әрі мынау шағында, сенің өзіңнен не қалады? Кінәсіз күйіп, отсыз өртенумен сен қайтіп жүресің? Ә с и я. Мен жаспын ғой. Мен көтерем, өлер деймісің. Тек кәрілерді өртеме. Бұныңа рұқсатым жоқ.

Қ а н и п а. Барлық қиыншылықты бір басыңа алғаның ба?

Ә с и я. Қиыншылық деп қайтер дейсің. Арам жүріс емес. Өмірім де адал. Еңбегім де адал. Тек Жәкем ашу үстінде аулақ кет демесе болғаны.

Қ а н и п а. Оны да істемейді демейік, кәрі кісі ғой...

Ә с и я. Тіпті қуса да, отар сыннан шықпай, мен тастай алам ба? Халық тапсырған қарызымды тастап қашам ба? Қ а н и п а. Бәсе десеңші. Бірақ Жәкемнің ашуы қатты еді. Томырық қой, не деп, не қыларына көзім жетпейді. Не деп тоқтатарымды да білмей тұрмын. Ә с и я. Мен де дәл өзіңдеймін. Құр қысылғанымнан басқа ақыл да табар емеспін.

Қ а н и п а. Тым құрса осыны Молтай біліп жүрсе де бір сәрі еді. Ә с и я. Соңғы хатым әлі жетпепті. Бірақ мынау алдыңғы хатында сондай бір жұбаныштар айтқан. "Асыл жар" деп өлең шығарып жазыпты. Мені сондай тілек, тірек барда қайғы жеңбес. Тек қарттарды қажытып алмайық. Онда отар ойран болады. Осыныма бақ.

Қ а н и п а. Сүйтіп, Жәкеме жәйді айтамыз ғой?

Ә с и я. Жүзім шыдамайды, бірақ енді жасыратын жәй қалған жоқ. Айт, өзің айт. Е с і р к е п (келеді). Балаларым, менің үш күндей құм кезіп, не тауып келгенімді білдіңдер ме?

Қ а н и п а. Не таптың, Жәке?
Ә с и я. Шаршап, қажымадыңыз ба, Жәке? Үш күндей құмда түнедіңіз бе?

Е с і р к е п. Құмда түнемей, кім үйін тігіп тұр еді, балам-ау! Азығым бар, атым мықты. Құмға бір кіріп алған соң армансыз шолып алайын, қыс қыса берсе, ақ қойдың жаны қайда-қайда қалады деп, даланың тағысындай жорта бердім.

Қ а н и п а. Сүйтіп, енді құмға көшеміз ғой!
Ә с и я. Құм өзі жақсы ма екен? Бұнда қой жүдеп барады ғой.

Е с і р к е п. Қой жүдеп қапты. Жаңа жолай қарап кетіп ем. Енді бір күн аял қылмастан құмға тарту керек. Құмның бергі шеті соя екен. Бірақ арырақ кірсем, қызығы сонда шықты. Биыл изені етектей, еркек дейтін шөбі де тықыр боп, дәнді боп шығыпты. Балаларым, сендермен ақыл қосқалы отырмын. Жұртымыз сенді, азамат атаулы сендер мен Балжан төртеумізді төрт батырдай көріп отыр. Ақ қойдың отарын амандап ығамыз десек, енді артқа, өзге елге алаңдауды қоялық. Қыс ортасы осы ғой, құмның от жерлерін қуалап көше берейік. Қай шұқырда он күн, қайда он бес күн жайылыс бар, қай жерде отын болар сүткен бар, ескі көң бар. Бәрін тегіс болжап келдім. Осыдан көшкенде қонатын шұқырдың басына қарақшы да тігіп келдім. Енді екеуің отарыңды амандай, ілгері тарта беруге шыдаймысыңдар, жоқ па?

Ә с и я. Әттең, Жәке-ай? (Шұғыл өзгеріп, шығып кетеді.) Е с і р к е п (жалт қарап, сескеніп қап). Бұ қалай? Кебім жақпады ғой Әсияға. Бұған жақпаса, мен қайда барам. Тас діңгектей сүйенген, сенгендерім сендер емес пе ең? Әсия емес пе еді? Ол ұнатпады ма? (Балжан кіреді.) Енді қайтіп қойды амандаймыз? Не болған? Бұнысы қалай, Қанипа-ау. Ақылдасқысы да келмеді. Құмға да бармайық дегені ме? Айтсаңшы жәйін. (Қатта үндемейді.) Сен айтшы тым құрса. Не болған өздеріңе, түгі? Әсия бұрынғы Әсия емес қой.

Қ а н и п а. Жәке, оның рас, Әсия бұрынғы Әсия емес.
Е с і р к е п. Не деп тұрсың? Маған өкпелі ме?
Қ а н и п а. Саған өкпелі емес, сенен ұялып, жүзіңе қарай алмай кетті.

Б а л ж а н. Ұялғанынан жерге кіргендей болады сорлы, бақыр. Менен де бүгін түскендей именіп жүр.

Е с і р к е п. Е, не ғыпты, не жазыпты ол?

Қ а н и п а. Жазғаны сол, Жәке, Әсия жүкті боп қапты. Ішінде төрт айлық бал асы бар. Е с і р к е п. Не дейді, не дейді, тәңір-ау, мына сорақылар. Аядай үйіме, аялап алақаныма салған күйіме, не деп тұрсың. Шын ба, сен, сен айтшы-әй! Б а л ж а н. Не дейін, мен не дейін, байғұс-ау! Жаманат жалған болушы ма еді? Е с і р к е п. Бұны естігенше, ол, жоғал десең етті. Сайлыбекті сүйтіп қор етті ме? Енді несіне жүр менің қасымда? Осындай жат па еді маған Әсия? Бұндай деп пе ем? Бұнысын білсем, сенер ме ем, биыл берер ме ем елге сертімді. Япырай, тірідей ел бетін көре алмастай, көрге көмді-ау мынау мені. Жоғалмай неге жүр? Қайтермін. Жоқ, өлсем де құтылам мұнан, кетсін, кетсін. Жоғалсын көзі. Қарасы өшсін, қараң өшкірдің. (Әсия кіреді.)

Қ а н и п а. Абайлап айтсаңшы, Жәке. Айналаңды ойлап айтсаңшы. Е с і р к е п. Ойлайтын нем қалды. Құрттыңдар ғой мені. Құртты ғой Әсия. Іште бір жара, тыста бір жара боп шықты ғой. Мал мынау. Қыс. Жұт алқымнан келгені тағы міні. Күзден неге өшпеді қарасы. Мені ел аулаққа, есізге, құмға әкеліп, көзімді оямын деген қастығы ма еді? Неге қалмай мұнда келді.

Қ а н и п а. Жәке, қатты айтсаң да, қата айтпасаңшы.
Е с і р к е п. Қай сөзімде қата бар екен?

Қ а н и п а. Әсия саған еріп келген жоқ. Шаруаға сенімен тең ие қып, өкімет жіберген соң келмеді ме? Е с і р к е п. Менің үй ішім, менің балам боп келмеп пе еді, не айтып отырсың?

Қ а н и п а. Айтқаным сол, қорлама Әсияны. Өзі де жетісіп жүрген жоқ.
Е с і р к е п. Е, со жаққа шыққансың ғой, тегі.
Қ а н и п а. Айтарыңды айтып болдың, Жәке. Енді ойланып сөйле.
Е с і р к е п. Болыстым де сөйтіп.

Қ а н и п а. Болыстым, рас.

Е с і р к е п. Ә-е, солай ма? Ендеше, бірігіп ап аластағаның мен екем. Мен кетейін. Жақсы ит өлігін көрсетпейді деп еді. Ит құрым жоқпын ба? Жоқ болайын, бұл қорлықты көтеріп тірі жүргенше. Ә с и я. Жәке, Жәкетай, сіз неге кетесіз! Сіз жан баласына жазықты емессіз. Кетуші табылады. Көзіңізге күйік болмай, кетейін, мен кетейін. Е с і р к е п. Рас, Сайлыбектен жолыңды айырған соң, мені нағыласың. Бетіңнен жарылғасын. Ә с и я. Жарайды, ендеше, сыйыса алмадым ғой, мен кетейін. Қаңғып кетсем де, қазір-ақ кетейін. (Киімін қамдап, жөнелуге айналады.)

Қ а н и п а. Тоқта, Әсия.
Е с і р к е п. Тоқтатпа.
К а н и п а. Осының шының ба, Жәке?
Е с і р к е п. Жәйіңе отыр, Қанипа, күйдірме!

Қ а н и п а. Олай болса, ал мынау үйінде өзің қал. Жалғыз қал. Мен де саған жоқпын. Мен де кеттім. Әсия, аяғың ауыр күйінде есіз құмның ішінде қаңғыртпаймын жаңғыз сені, мен бірге кетем. Ала кет мені. Б а л ж а н (екеуін ұстап). Құдай-ау, не деп тұрсың, түге? Сен екеуің мені көзіңе ілесің бе, жоқ па? Ұрысқан әкең, ал менің не жазығым бар еді? Мен анаң, мені қай жағыңа тастап барасың екеуің, тегі.

Е с і р к е п. Кетсін, түге. Кете берсін. Жоғалсын бар азғыны көзімнен.
Қ а н и п а. Кетеміз. Жібер!

Б а л ж а н. Кетпейді, кетпейсің. (Ат дүбірі естіледі.) О, тәңір, қарс айырылды ғой сорлы жүрегім. Сорлы басым қаңғыды ғой. (Балашов, Бек кіреді. Амандық, үй іші жым-жырт.)

Б а л а ш о в. Немене, амансыңдар ма? Шал, халің қалай?

Б е к. Әсия, Қанипа, дендердің сау ма? Малдарың аман ба? Шеше, күйің қалай? (Амандық солғын.)

Б а л а ш о в. Қойың жүдеп, қинап тұр ма, Есіркеп?
Е с і р к е п. Я, қой қинады. Қинады ғой, Балашов.

Б а л а ш о в. Қойыңды жаңа көріп келдік. Көп қойдың бүйірі солып қапты. Құмға жете алмай отырмысың?

Е с і р к е п . Менің қанатым қырқылып отыр.

Б е к. Не болған өзі? (Әсияға қарайды, ол шығып кетеді.) Немене, шығындарың асып бара ма? Е с і р к е п. Шығыным асып тұрғаны рас. Бірақ әзір мал шығыны емес, адам шығыны. Баламдай боп кеткен мынау жаңағы келінім өліп отыр.

Б а л а ш о в. Не дейді. Қандай жұмбақ?

Е с і р к е п. Жұмбақ сол. Жақсы келдің. Келініммен айрылғалы отырмыз. Ол кеткелі жатыр.

Б а л а ш о в. Ол қалай, Әсиясыз бола ма?
Б е к. Онсыз отар не болады?

Е с і р к е п. Отарды ол ойлайтындай емес. Балам жоқта бала көтеріпті. Жүкті бопты. Кәрі мені құмға әкеп, жерге тықпақ бопты. Соны жаңа біліп, не ол кетсін бұл үйден, не мен кетейін деп отырмын. Оны кетірсең, мен бірге кетем деп, мынау қызым Қанипа жаңа бірге жиналды. Осы тойдың үстіне кеп отырған жоқпысың екеуің.

Б е к. Қанипа-ау, бұ не, жарықтығым-ау?

Қ а н и п а. Онысы рас, Әсияға Жәкем кет деді. Ол кетпек болды. Елсіз, күнсізге екіқабат Әсияны жалғыз жіберіп мен адаммын ба, жоқ қасқырмын ба жаны ашымас? Төрт жыл күйеуін тосқан да сол еді. Бұзық емес еді. Соны ұғынбасақ, адам болғанымыз қані. Өзі де бір жағынан малды ойлап, бір жағынан Жәкемнен қысылып өлердей боп жүр, қайтейін, мен қайтейін. Е с і р к е п. Балашов-ау! Қазақ пенен орыста, алыс пенен жақында қай күн қысылсаң, сол күн ақыл саларым өзің ең. Айтшы осы. Осындайға қай әке шыдайды? Мен осы бауыздалып өлсем, орынсыз деп айтар жан болар ма? Қ а н и п а. Сөзі міні осы. Не кетем, не өлем дейді. Әкемдей болған едіңіз, Балашов, бабын табыңыз мына дертіміздің. Айтыңызшы ақылыңызды. Б а л а ш о в. Есіркеп, маған ақыл саласың. Ал, мен айтатын ақылым, ойлансаң, ашуланбай ойласаң, өзің білмейсің бе. Сен өзің бар шабанға ақыл айтатын адамсың. Сенің келінің, қызың жаман адамдар ма еді? Бұзық емес еді ғой. Бірақ жас болған соң, жастық болмай ма? Соны білмесек, сені мен біз неге көп өмір жасадық, ойланбасақ бала болмаймыз ба. Бұл жерде сенен де, менен де Қанипа ақылды болып тұрған жоқ па? Ойланшы, қарт. Е с і р к е п. Жоқ, жоқ, айтпа, Балашов. Кетір, кетір бірімізді. Айыр. Айырыңдар мені мына келінім, мына пәледен.

Б а л а ш о в. Ойланбадың ба? Сөзің тек осы ма, Есіркеп.

E с і p к e п. Бұдан айырмасаң, мал да қырылады. Ақылдасым болған да қанатым еді. Енді үй ішінде оқтай атысып отырып, ол қайтіп малға қарайды. Мен қайтіп алаңсыз қайрат етем. Сөзім біреу-ақ. Айырыңдар. Әкетіңдер ертең. Әкете көріңдер.

Б е к. Есеке-ау, үшеуден үшеу қалып, сілең қатады ғой.

Е с і р к е п. Сілем қатса қатсын. Соны жоқтатпасты өзіме алам. Өлсем де осы отарды амандап өлем. Б а л а ш о в. Оған рұқсат берер біз емес. Сенің қолыңнан өлмеске жұмсайтын қасың біз емес. Әсиясыз күшің жетпейді. Босқа өлтіре алмаймын сені мен.

Б е к. Тым құрса біз қайтып кісі жіберейік, соған шейін шыдаңыз, Есеке! Е с і р к е п. Жоқ! Оған да шыдарым жоқ. Бір күн бірге кешу жүз күн қуатымды алады. Сенемісің осыған, жандарым. Б е к. Есеке! Біз сізге артқан міндетті Әсияға да артқамыз. Оның мойнында да өкімет алдында жауаптылық бар. Жаңағы сөзіңізді ойланбасаңыз, сіз қателесесіз. Әсия сізге келін болса, өкімет алдында жауапты қызметкер. Мемлекеттік міндет үстінде тұрған қызметкер. Сіз босатсаңыз да, мына күнде біз міндеттен босата алмаймыз. Арттағы отарлардың не боп жатқанын білдіңіз бе сіз?

Қ а н и п а. Не боп жатыр?

Б е к. Көріп келдік. Осы құмға шейін қар қалың түсіп, сіреу боп қалды. Бар отарда жұт араласып отыр. Жем, көмек және жете алмайды. Аман қалсаң, қалатын тек өзің ғана деп келмедік пе?

Б а л а ш о в. Сонда да құм сақтайды деп, тезінен құмға көшіргелі келдік.
Е с і р к е п. Құмға мен өзім де бүгін кеткелі отырған жоқ па ем?

Б е к. Бәсе, онда біз бірге көшіріп, апарып саламыз. Ап, сізге құмда бір төрт емес, тағы төрт жерде төрт кісі болса да аздық қылмай ма. Әсия кетсе, бар тынысың біткені емес пе? Б а л а ш о в. Тым құрса біз қайта қайтып, орнына кісі жібергенше, шыдам тап. Болмаса... Бітті, бәрі бітті. Қырылды деп біл. Бар еңбек... Бар мал. Өзім өртедім, жоқ қылдым де. Е с і р к е п. Ойпырай, қинады-ау мені мына күн. Отқа салды-ау мына күй. Еркіммен кеп, еріксіз торға түстім-ау. Бүйткенше, бейбітшілікте отырып бомбы түскендей, бұлан-талан үйде отырғанша, анау жеміт жауға қарғыс оғымды атып, жастығымды алып өлсем етті...

Ш ы м ы л д ы қ

Алтыншы сурет

Құм шұқырдың ішінде Есіркеп үйі. Бұл сахнаның бір шеті. Өзге жердің көбі сырт. Құм таулар. Үй биікше жерде. Арырақ ойдым-ойдым, онда қой жатқан тәрізді. Түн. Аспанда ауыр қара бұлттар көшеді. Әсия қой күзетіп жүр.

Ә с и я (жалғыз, ақырын ән салады).
Асыл жар ойлаймекен әріптесін,
Болғандай егіз қозы серіктесін.
Оны - еңбек, мені майдан сынаса да,

Тірлікте тілек аумас беріктесін.
Асыл жар, қажыр, қайрат серік босын,
Азамат қасиеті көрік босын.
Жалынмен жауды жойып, елге келед,

Деген ой жар көңілінде берік босын.
(Қанипа шығып тыңдайды.)
Сағынғаным,
Асыл жарым,

Өзіңді аман көрмек -
Көңіл зарым.
Асыл жар берік серік, өмір досым,
Кеткелі бір өзіңмен көңіл қосып,

Қос қанат қуаныштың оты жанад,
Сәт сағат табыспақты жүрмін тосып.
Сағынғаным,
Асыл жарым,

Өзіңді аман көрмек –
Ынтызарым.
Қ а н и п а. Тыңдап қаппын. Әнге түскен бе, Молтай хатындағы "Асыл жар?"
Ә с и я. Дауылды түн болса да, адастырмас жұлдызымдай серігім болды.

Қ а н и п а. Аяғында қайырмасы жоқ еді. Өзің қостың ғой. Қалай дедің? (Әндетеді. Әсия қосылады.)

Сағынғаным,
Асыл жарым,
Өзіңді аман көрмек -
Ынтызарым.

Ә с и я. Хат та, хабар да жоқ. Молтай жәйі да мұң боп барады. Соны қосқаным ғой. Қ а н и п а. Бүгін Молтайдан бір дерек болар-ау деп өзім де күтіп ем, болмады ғой. Ә с и я. Бірнеше айдан бері бір тіл әкелуші жеткен екен. Содан Молтай хаты келмеген соң... Не болғанды кім біледі... Бірдеңе бұ да сезу ме... ішімдегі кішкентай құлыншағым да бүгін кеп қозғалады.

Қ а н и п а. Қойшы, апамша бал ашпай. Хаттар кешігіп келіп те жүреді ғой. Ә с и я. Аз заманда кішкентай дүниеге келеді екен. Бірақ бұны бөтен көрер, жат көзбен қарар дүние жоқ па?

Қ а н и п а. Кішкентай балаға қанша дүние қажет.
Ә с и я. Жәкем әлі күнге маған бір ауыз тіл қатқан емес.
Қ а н и п а. Бір Жәкем бе?
Ә с и я. Одан басқа кімім бар?

Қ а н и п а. Одан басқа кең дүние, ел-жұртымыз бар.
Ә с и я. Олар менің бұл жайымнан не біледі? Білгенде не деп қарайды.
Қ а н и п а. Олар біледі және сені кінәлап отырған жоқ.
Ә с и я. Өзің де бал ашып тұрмысың, қайдан біледі.

Қ а н и п а. Таң атқан соң жарықта өзіңе көрсетіп, қуантайын деп ем. Газет бетінде біздің отар туралы, сын еңбегіміз туралы үлкен сөз жазылыпты. Жәкем мен сенің еңбегіңді аса мақтапты. Екеуіңнің суретіңді де басыпты.

Ә с и я. Не дейсің, айналайын-ау! Мені де шын жазып па?

Қ а н и п а. Жазғанда қалай! Суретіңді тіпті үлкен қып, Жәкеммен бірдей етіп басыпты. Ә с и я. Айналайын елім-ай! Әнеугүні суретімізді әкетіп еді. Балашов пен Бек қой, жәкетайларым. Қ а н и п а. Оның үстіне министрдің өзі, Исекең өзі Жәкеме және хат жазыпты.

Ә с и я. Не депті?

Қ а н и п а. Әлі ашқам жоқ, Жәкем асын ішіп, жылынып, жайлансын деп қойдым. Қазір оқимын. Жүріп тыңдасаң қайтеді. Ә с и я. Түн жаман боп тұр. Бұлтты көремісің, құм ұшқындайды. Аспан қап-қара. Дауыл бола ма деп тұрым. Күзетті тастамаймын. Бірақ жылдам барып оқы да, маған кеп айт. Бар, шапшаң. (Қанипа кетеді. Әсия "Асыл жар" әнін салып кетеді.)

Е с і р к е п (үйде). Жаңа Қанипа қайда кетті? Исаның хатын оқып бермей.
Б а л ж а н. Әсияға кеткен ғой. (Қанипа келеді.)

Е с і р к е п. Әсияны да жазыпты. Кәзит Әсияның бұнда қандай боп жүргенін қайдан біледі.

Қ а н и п а. Білсе жазбас деппең, Жәке?
Е с і р к е п. Жазғанда мақтамай, жамандап жазар еді.
Қ а н и п а. Әсияның еңбегі өз еңбегіңнен кем бе еді?
Е с і р к е п. Онысы кем дедім бе?

Қ а н и п а. Ендеше, сенің жаман деген жағыңа қарап отырған жоқ.
Е с і р к е п. Оны білсе, қарар еді.
Қ а н и п а. Білсе де қарамас еді.
Е с і р к е п. Е, адамгершілік қайда?

Қ а н и п а. Адамгершілікті жұрт сізше ғана ойлайды деп пе ең?
Е с і р к е п. Е, менің жұрттан өзге не сорақы ойым бар еді.

Қ а н и п а. Жұрт үй іші тұрмысқа сіз сияқты ата-келін деп, баяғы бабамыздың көзімен қарамайды ғой.

Е с і р к е п. Жаманды жаман деп те қарамай ма сонда?
Қ а н и п а. Сіздің жаман дегеніңіздің бәрі шын жаман ба екен?
Е с і р к е п. Қой, ақтамай! Айтпа ол сөзіңді!

Қ а н и п а. Жәке, бір-ақ сөз сұрайын. Дәл осы істі Әсия істемей, Сайлыбек істесе қайтер ең?

Е с і р к е п. Қандай істі?

Қ а н и п а. Мысалы, тіпті Сайлыбек осы жолдан басқа бір әйел дос тауып, соны үйіңе өзімен бірге ала келсе, қайтер ең? Үйге жолатпай, аулақ кет деп қуармең? (Есіркеп үндемейді.) Қумас ең. Той да жасар ең. Ал, біздің жұрт осындайда ер де, әйел де тең дейді. Сіз болсаңыз, келінім, жесірім деп отырсыз ғой. Е с і р к е п. Жә, қой, ақтаушы болмай. Одан да ана Исаның хатын оқып бер маған. Сен ауламайсың менің көңілімді, сол дауалайды. Қ а н и п а (хат оқиды). "Қадірлі қартым Есеке! Тамам отардан бөлініп, жаңғыз өзің қалып, құмға жалғыз үй кеттің деп естіп жүрмін. Анау майданда жаумен жағаласып жүрген ерлермен өзіңіз де теңсіз. Жұтпен жағаласқан кәрі батырымыз деп отырмыз. Тек жолыңыз болсын! Алыста, жалғыздықта жүріп әр түрлі мұң ойлайтыныңды да білеміз. Профессор Балашов бар жайыңызды айтып келген. Осының бәрінде жалғыздық қапалықта бір өзім-ау, ай далада жалғыздыққа тасталған, ұмытылған бір жанмын ғой деп ойлай көрмеңіз. Артында қамыңды бірге ойлап отырған елің бар. Өзіңіздей көпті көрген, көнеден ұққан бір мысал сөзім бар еді. Соны айтайын. Бүркіт жұмыртқасын жалтыр тастың басына сақылдаған сары аязда, ақпан-қаңтарда салады екен. Салады да, өзі бауырына баспай, қасында бағып отырады. Тек күн жылынып, көктем болған соң ғана басады дейді. Жұмыртқасын балдыр күнінен ыстық, суыққа шынықсын деп сүйтеді. Қара өзегін қақ жарып шыққан өз баласын жақсы көргендіктен, өмірдің ауыр-жеңіліне шыдатып, солай қиында, қинауда өсіреді екен. Сонда кей жұмыртқасы аязға шыдамай шатынап, жарылып та кетеді. Сынбай шыдағанын кейін бауырына басып, бүркіт ана бала ғып өсіреді екен. Міні, сіз де барлық үйіңізбен, малыңызбен бұндағы жұртыңызға сол аязда туған бүркіт ұясындайсыз. Сүймегеннен, жәйіңізді ұқпағаннан есіз-елсізге жалғыз тастап отырғамыз жоқ. Тек осыны ескеріңіз. Не қиыншылық болса да, осыны ойлай шыдаңыз. Содан әрі өлмеген жанға жадырап жаз да шығар. Ұя басар ана қырандай, жылы ұясына Отаның, анаң да ала білер. Осыны ойлаңыз. Айтарым осы-ақ. Қош, Есеке. Інің Иса". Е с і р к е п. Япыр-ай, ә! Мынау жанашырдың сөзі-ау! Әкеңдей жанқиярдың айтатын сөзі ғой. Анада бір осы құмға кетуге бекінуіме себеп болған Сәлімнің де сөзі бар еді. Мынау мынадай жан сөзін айтып отыр. Бұл маған айтқан қамқор сөзі. Маған енді не тірлік, не жұбаныш қалды деп жүрсем, досың бармын деп отыр ғой. Мынау сөз.

Ә с и я (сырттан). Қанипа, ай, Қанипа!
Қ а н и п а. Немене, Әсия?
Б а л ж а н. Шықшы, бірдемеден қысылып жүр ме, немене?!

Е с і р к е п. Білші, дауылдан сескеніп жүр ме? Баршы! (Қанипа киініп кетеді.)

Б а л ж а н. Уа, о не, Әсия қарағым? Жаурап жүрсің бе? Үйге кірші. Ә с и я (тыстан). Жаурағам жоқ. Бірақ дауыл қатайып, құм борап тұр. Қойлар ереуілдеп, тегіс тұрып алды, ығып кете ме жаурап. Және қасқыр ұлып тұр.

Е с і р к е п. Мен де киінейін. Шығамын әзір.
Қ а н и п а (тыста). Қасқыр қай жақтан ұлиды?

Ә с и я. Білмеймін, тілеуі құрғыр. Тегі-тегі, осы құмның бәрі қасқыр боп кеткен бе деймін. Жан-жақтан ұлып азан сап тұр, жалмауыздар. Жүрші, қойдың ең шетінде екеу болайық тым құрса. (Екеуі де кетеді.) Б а л ж а н. Айналайын-ай! Түн боса тыным жоқ. Аяғы боса ауырлап жүргені анау.

Е с і р к е п. Әй, сен де бір, қойшы әрі. Аяғы ауырлағанда нең бар. Б а л ж а н. Е немене! Сенің өзіңе не боп кеткен осы. Баласын қайтіп ойламайсың.

Е с і р к е п. Иесі жоқ, әкесі жоқ баласын сен ойлауың қалып па?
Б а л ж а н. Әкесі жоқ деп кім айтты?
Е с і р к е п. Е, не деп отыр? Білушімең әкесін?
Б а л ж а н. Білем.

Е с і р к е п. Не дейді?!
Б а л ж а н. Әкесі - Молтай.
Е с і р к е п. Не дейді мынау... Молтай?!
Б а л ж а н. Бәсе, Молтай. Ол әскерге кетпесе, Әсияны алмақ бопты ғой.

Е с і р к е п. Япыр-ау, әкесі бар, күйеуі бар. Ол Молтай ма еді? Қ а н и п а (сырттан асығып үйге тақап кеп). Жәке, Жәке, апа! О не, Қанипа? О немене? Қ а н и п а. Қойға ие болу қиын боп тұр. Қасқыр осы шұқырды тек қамап алғандай, айнала ұлып тұр. Тақап қалды тіпті. Шығыңдаршы.

Б а л ж а н. Жүгірші, ұмтылшы.

Е с і р к е п. Қазір, қазір! Япырай, қыс бойы жұт тұмсығын да, құс тұмсығын да тигізбей, өкпемді аузыма тістегендей аман сақтап кеп ем. Жүрші сен де, шықшы бір шетіне. (Жөнеледі.) Б а л ж а н. Еңбегіміз шашылып, есіл мал кесірге ұшырар ма екен? (Тысқа шығады. Әр тұстан қой күзеткен айғай, айтақтары естіледі.)

Қ а н и п а (айғайлап жүгіреді). Қасқыр, қасқыр!

Б а л ж а н. Қасқыр! Тілеуің құрғыр жалмауыз, айтақ, ұмтыл! О, сығыр, қырып кетті-ау. Қойды қақ жарды. Босып, шошып жүргенін қарашы жануардың. Әсия! Жаным! Әсия... Қасқыр... Кеп қалды ма?! Әні! Ойбай, міні, тажал, тажалдың иесі... Әсия... Е-е! Айналайын-ай! Сәулем-ай! Әсия-ау... Қалқам-ау! Бәсе, бәсе, ұр, ұр! Серейттің бе? Сәулем-ау?! Ә с и я (бәрі шыға береді, қолында шоқпары, үлкен көкжалды сүйреп алып шығады). Міні, апа! Мынау арланы. Бәрін бастап жүрген осы сұмы.

Б а л ж а н . О, сәулетайым. Азамат, еркек садаға кетсін сенен! Ә с и я. Алдыма өзі келгені. Қойға аузын салып, көзі тұнып кеткенін көрмеймісің.

Б а л ж а н.Сәулем-ай, қайтіп шошымадың. Тыным алшы, малы құрсын. Ә с и я. Жоқ, жоқ, атамаңыз, апа. Қойды бөліп әпкетті ме деймін масқара қып. Мынаны тағы ұрып, әбден өлтіріп ал. Мен бөлінген қойдың соңынан кеттім. Жәкеме айт, шапшаң атын тауып, атқа мініп, соңымнан жетсін. Б а л ж а н. Тоқта! Өлесің ғой. Қайтіп жүгіресің, жаным-ау. Болмады, жан ұшырды-ау! Жүгіріп те кетті тіпті. Ә, сұм қадам, мә! Мә! (Қасқырды ұрады.) Осы шұқырдан басқа жер құрып қалды ма саған, жалмауыз!

Е с і р к е п (жүгіре шығады). Немене? Әсия, қап? Не боп кетті?
Б а л ж а н. Немене? Әсия, Әсиядан садаға. Көрдің бе?!
Е с і р к е п. Қарағым-ау, не дейсің?

Б а л ж а н. Әсия емес пе ұрып жыққан. Жанын сап жүрген осы емес пе? Жаңа бөлінген қойды тағы қуып кетті. Артымнан атпен жетсін деді. Е с і р к е п. Бәсе, жаңа қатты үркіп жүрген қой тыныш тауып қап еді. Мынау күшік бөрілерді бастаған үлкені арланы ғой.

Б а л ж а н. Уа, айнал, айналсаңшы Әсиядан. Ұмтыл, мін, мінсеңші атқа. Е с і р к е п. Мінейін. Жөнелейін. Айналайын-ай! Әсия-ай! Азаматым-ай! Серігім-ай! (Жөнеледі.)

Б а л ж а н. Айтақ, айтақ-ау! Айтақ!
Ш ы м ы л д ы қ

ТӨРТІНШІ АКТ

Жетінші сурет

Есіркеп отары. Айнала жаңа ғана көктеп келеді. Үйдің сырты көрінеді. Алысырақта жас қозы қамалатын жер үйшіктер нобайы білінеді. Үй жанында діңгектерге отыртқан шатырша-көлеңке. Онда сырмақ, алаша.

Б а л ж а н. Немене, енді қайтпексің?
Қ а н и п а. Қайтерді білмеймін. Қояр жер жоқ, қырылады-ау енді.

Б а л ж а н. Түні суық, биылғы қыстың бізден аяғаны жоқ қой, Ұлбала неге келіпті? Қ а н и п а. Әсияның орнына кепті. Кісі келген соң, Әсия бұл үйден кетсін деген емес пе еді Жәкем? Б а л ж а н. Босанғаны жаңа да, торалып болмай, қуатын болдық па? Не боп кеттік осы біз?

Қ а н и п а. Жәкем жылымастай кетті ғой, бір бетімен.
Б а л ж а н. Бала туғалы үйге тіпті басын да сұққысы келмейді.

Қ а н и п а. Ендеше әні, Әсияны кетіретін Ұлбала келді. Әсия мен кетсем де, Жәкем биылғы еңбегінен игілік көрсе екен дегенді өз басынан артық ойлайды. Есіл Әсия. Б а л ж а н (Әсия шығады). Сен неге шықтың, әлі торалып болмай неге шығасың, жатсаңшы.

Ә с и я. Қайдан жатайын?
Қ а н и п а. Жазылып алшы, үйге бар!

Ә с и я. Жазылдым, қорықпа! Немене қозы көбейіп, қояр жер болмай, жастай суықтан қататын болды ма?

Б а л ж а н. Барар жер жоқ.
Ә с и я. Япыр-ай! Өлген қозы көп пе?

Б а л ж а н. Өлген жоқ, енді өлетін боп тұр. Шал да қысылып, безек қағып жүр. Әй, биылғы қыс-ай! Қу немістен кем болмадың-ау сен де маған.

Ә с и я. Балашовтар не дейді?

Қ а н и п а. Қозылардың салмақтарын өлшеп жатыр таңертең келгеннен бері, әлі түк айтқан жоқ. Ә с и я. Қозыны үйшіктен шығаруға болмайды, әлсіз, өліп қалады десе, біржола сорладық қой! Б а л ж а н. Қарағым-ай, тым құрса босанған күніңде де тыным таппадың-ау, баршы үйге.

Ә с и я. Тоқтаңыз, Балашовтар келеді. (Балашов, Сара, Есіркеп.)
Қ а н и п а. Немене, Сара, қозылар қалай? Қайда қоямыз ендігісін?
С а р а. Тұра тұр. Василий Иванович айтады.

Б а л а ш о в. Салмақтар тегіс мәлім, сіз өлшеулеріңізді көрсетіңізші, Сара. (Сараның қағазын ашып қарап.) Менікі де осындай. Қозылар туралы ғана емес, бұл ақ қойдың қыстан қалай шыққанының да соңғы дерегі. С а р а. Шешуші дерегі. Василий Иванович, сіздікі мынау. Салмақ қандай жақсы, өлген бір қозы жоқ. Қатты жұттың өзінде де ақ қойдың күйлі шыққанынан осылай ғой.

Б а л а ш о в. Дұрыс айтасыз, Сара. Ендеше, Қанипа, қорқынышың бекер дейік.
Ә с и я. Я, сәт, не дейсіз?
Е с і р к е п. Немене, алғашқы туғандарын шығаруға бола ма?
Қ а н и п а. Қайдан шықсын, қатып өлмей ме?

Б а л а ш о в. Жоқ, Қанипа, бұларды енелері мамық төсекте өсірем деп сертпен тапқан жоқ. Тәрбие, тәжірибе деген осы. Бұл тұқым он жыл бойында асылданғанда осымен асылданған болар. Шығарыңдар.

Е с і р к е п. Балашов! Асығыс емес пе?
С а р а. Былтыр да осылай етпеп пе ек!
Е с і р к е п. Жыл былтырғы емес, күн әлі суық қой.
Қ а н и п а. Былтыр мұндай көп қозы бар ма еді?

Ә с и я. Онда суық түндерде өлгені де боп еді ғой.

Б а л а ш о в. Саспаңдар. Былтырдан биылғы төл тағы аса түскен. Былтырғы жылы қыста туған қозыларыңнан, биылғы қатты қыста туған қозыларыңның алғашқы күнгі салмағы да артық тұр, міне. С а р а. Ал, үш күн, бес күн тұрғандар салмағы және былтырғыдан әлдеқайда артық.

Б а л а ш о в. Бұда биылғы құмның қосқан қасиеті.
С а р а. Биылғы сапасы бөлек.

Б а л а ш о в. Менің отаршы, зимовщиктерім, төрт геройым, үндемеңдер, шығара бер қозыны.

С а р а. Әні, сүйтіп қауіпті, күдікті ғой, Қанипа.

Б а л а ш о в. Енді келсін комиссия, сыншы комиссия көріп шықсын даулы отар күйін.

Е с і р к е п. Бектенов те бар ма?

Б а л а ш о в. Бар, одан басқа сынайтындар да бар. Әдейі қоздап жатқан күндердегі қой, қозы жәйін көріп қорытпақ. Сенің де, менің де - бәріміздің он төрт жылғы еңбегіміз өкімін олар бүгін айтпақ.

Е с і р к е п. Өздері өзге отарларды біле ме?

Б а л а ш о в. Біліп келеді. Салыстырып сынаңдар деп өзге отарларға жібергем.

Ә с и я. Тек әділ босын комиссия.
Б а л а ш о в. Әділ болмаса, тура айтатын кісілер де бар.
Е с і р к е п. Кімдер бар?
Б а л а ш о в. Министр өзі бастап, Сәлім де келе жатқан жоқ па?

Е с і р к е п. О, не дейсің? Жаным-ау, бүгінгі күн бар күннің бәйгесі, таразысы десеңші. Қ а н и п а. Келді, келе жатыр. Әні, бері келеді. (Дәуренов, Есенов, Бек, Бектенов, Першиндер.) Д ә у р е н о в (Есіркептермен тегіс амандасады). Есеке, қыста, құмда келе алмасақ та, енді тым құрса мына қайтқан сапарыңызда жетпесек, айып болар деп келдік.

Е с і р к е п. Рақмет, Исеке, бұларыңа да рақмет, қарақтарым! Есенов. Есеке, алты ай қыс құм мен жұты, қысы мен қасқыры бір сынап еді. Енді елге қарай басқанда алдымнан тобыңмен тағы тосып тұр ма едің, тағы сынағалы жеттің бе? -деп ұрыспайсыз ба? Біз сынап шыққан топпыз ғой.

Е с і р к е п. Сәке, өзің айттың, ар жағын мен несін қазбалайын. Е с е н о в. Ендеше, бұнысы рұқсаты ғой Есекеңнің. Ал, сыншы комиссия, сіздер кірісе беріңіздер. (Балашов, Бектенов, Першин, Сара, Бек, Қанипа, Әсиялар бөлек кетеді.)

Е с і р к е п. Сынасын, әбден армандарынан шықсын.
Е с е н о в. Қойларым айтарын айтып болған деңіз.
Е с і р к е п. Дейтінім рас.
Д ә у р е н о в. Бәсе, биылғы қыстан қиын болар дейсіз бе комиссия.

Е с і р к е п. Қыс қиын болды ғой, бірақ екеуіңізді тірі көрсем, бір алғысымды алдымен айтармын деп ем. (Балжан шай жасайды.) Д ә у р е н о в. Есеке-ау, біз сізден наразы сөз есітеміз десек, әлі алғысың да бар ма еді? Е с і р к е п. Адамға тірлікте не жақын? Жан жақын да! Сол жаным қысылып жүрген шақта, Исеке, өзің жазған хатың қандай болды десеңші. Одан бұрын, Сәлім, күзде бір айтқан міселің, жетімдік шағың о да үлкен тірегім боп еді. Екеуіңнің екі сөзің қыстайғы қорегім болды. Несін айтасың.

Е с е н о в. Есеке, ол көмегіңізге жарайды деген кімнің ойында бар. Е с і р к е п. Ойбай, не дегенің, Сәке, жақсы сөз - жан азығы. Басшысы патша болса, елі кеще болады депті бұрынғы нақыл. Өнер атаулы еңбекпен, бейнетпен табылады. Маған соны тап дедің де, сынға салдың. Бірақ сала отыра, сүйеп отырмадың ба. Мен хатыңды дәл қойға қасқыр шабатын күні түнде жаңа оқып отыр ем. Сол бір сөздерден ұдайы жұбаныш тауып ап, сонымен әл жиып жүрдім ғой. Д ә у р е н о в. Жақсы көп, Есеке. Үлкен қажырлы еңбек өзі адамға тәрбиеші тез де болады. Сіздің еңбегіңіз, еңбек үстінде тапқан мінезіңіз көпке жақсы үлгі. Сіз бізден нәр алдым дейсіз. Мен сіздің сырыңызды тыңдап отырып, өзіңізден сабақ алып отырғандаймын десем, не дейсіз. Е с і р к е п. Тек сабақ жақсылыққа себеп болсын. Ісімді мыналарың не деп шығар. Бектенов, комиссия не дер. Мен осы отырғанда, тілім анау-мынау деп отыр ғой, ал көңілім алпыс жасты ұмытып, тап бір атқа шапқан баладай боп отыр. Сүйреңдеген сөзуар шалдың малы мақтандырмаса, сүрен аттағаны со да. Осы ой бар ішімнің көкейін тескен ой десеңші.

Е с е н о в. Осыншалық жанын берген еңбек құр кетер ме?

Е с і р к е п. Кім білсін, менің кәрілігім емес, еңбегімнің дәрілігі болса, соны таныса болат та Бектеновтер. Д ә у р е н о в. Сынасын, армансыз сынасын. Өзімізге өзіміз кешірімпаз болсақ, қарқ болмаймыз. "Жеңсікшіл ел жетпей матайды, жел өкпелер шын деп ойлауының" керегі жоқ емес пе! Е с і р к е п. Асыл сөз. Мен бұл Сапар деген бапаның омырауын өз басым қатты қостайым.

Е с е н о в. Келе жатыр, не дер екен өздері. (Комиссия келеді.)
Д ә у р е н о в. Жә, комиссия деректері жетерлік пе?

П е р ш и н. Бізде өзге отардың бәрін қарап келген дерек бар еді. Мұндағыны және тегіс алып қарап, бұрынғы бірнеше жылғы белгілерімен салыстырып тұрмыз. Е с е н о в. Деректер болса, жолдас министр, осыдан бір жыл бұрын қаладағы кабинетіңізде басталған мәжілістің аяғы бүгін мына қан шеңгелде, Есекең отарында, ақ қойлар жанында созылды деп жариялайсыз ба? Қайтесіз! Д ә у р е н о в. Сондағы жиын түгел екен-ау. Ал, мәжіліс құмар болсаңдар, созылған дейік. Кәні, салыстырған деректеріңді айтыңдаршы. Б а л а ш о в. Ақ қойдың Сара мен Есіркеп уәде берген әуелгі бір қасиеті - жүні жібек болмақ еді ғой. Әуелгі сынды содан бастайық. Саулық қойлар жүнінің әр талының жіңішкелігі бредфорд классификациясы бойынша 64 сапалы 21,9 микрон, еркек қойдікі — 60 сапалы 24,4 микрон. Дұрыс па осы айтқаным, жолдас комиссия мүшелері.

П е р ш и н. Дұрыс.

Е с і р к е п. Құм бұл қойдың жүніне әсіресе жәйлі болды ғой. Құмда құлпырды. Шудалана түседі екен құмда.

Қ а н и п а. Жәке, комиссия мақтасын да.
Е с і р к е п. Жаздым, бақтым аузымды. Сонысы бар ма еді.

Б а л а ш о в. Соңғы үш қыстың екі қысы, жұты қалың қыс еді. Сонда прекостан дөңгелек есеппен 10,4 процент шығын, қазақ қойынан 3 процент шығын. Ал, ақ қойдан 2,5 процент шығын шықты.

Е с і р к е п. Онда да бес қойды қасқыр өлтірді ғой.
Қ а н и п а. Жәке!..
Е с і р к е п. Болдым, қойдым.
Д ә у р е н о в. Бұл сан дәл ғой.

П е р ш и н. Дәл, дұрыс.

Б а л а ш о в. Өсіміне келсек. Соңғы үш қыстың салыстыру есебі бойынша қазақ қойы 100 саулыққа 105 қозы болса, ақ қойдың өсімі прекоспен тең түсті. 100 саулыққа биыл 135 қозы, тұсақ қоздағаны 122 қозы, прекос та сондай.

П е р ш и н. Бұл есеп те дәл.

Д ә у р е н о в. Ал, осы сапалар, осы деректер жаңа тұқым, асыл тұқым туды деуге жетерлік не жоқ? Б е к т е н о в. Жаңағы деректердің бәрі дұрыс, рас. Фенотиптік ерекшелік жағынан бұның бәрі нәтиже есебінде мәлім. Бірақ осыған биологиялық, жүйелік дәлелдер қажет. Оған химиялық анализ шарт. Сол жаңа тұқымның анатомиялық, физиологиялық қандай өзгерістері барын айта аласыз ба, профессор?

Б а л а ш о в. Оны әзір айта алмаймыз.
Б е к т е н о в. Бұл ғылымдық жағынан қажет жұмыс деп білесіз бе?
Б а л а ш о в. Қажет деп білемін.
Б е к т е н о в. Білсеңіз, ол деректің бүгін жоғын не дейсіз?

Б а л а ш о в. Жоғын жоқ дейміз. Ол біздің алдымызда тұрған міндетіміз, дұрыс көрсетіп тұрсыз дейміз. Б е к т е н о в. Есеке, менің бір сұрағым сізде. Дәл осы қойыңмен сол Бозой, Мойынқұмда Шу қойы, не Еділбай қатар жайылса, қайсысы озар еді? Соны айтыңдаршы. Е с і р к е п. Айтсам, мен өзім қазақ қойын, соның ішінде Шу қойын, тағы әлдеқандай бұ қойын түгел көрген кәрі қазақпын. Анау Арыстан бап, Әзіреті сұлтаннан мына шеті Алакөл, Ақсуға шейін, осы бір жағы құм, бір жағы Алатау ғой. Соның бәрін білген едім. Атам қазақ киіз туырлықты қазақ боп қой баққалы осы өлкеге бұндай қой салып көрген жоқ. Түкті қошқарым, құтты қошқарым, батпан құйрық, келенайым деген баяғы Қарынбай, Қарабай, Шығайбайдан бергі бар қойлы байды тірілтіп әпкелші. Мына қойды көрсе, соларың да бұрынғысын садаға қып, осыны әке деп құшақтай түсетініне қолыңды бері әпкел. Исеке, бар Қазақстанға тарат осы қойды. С а р а. Бар Қазақстан емес, Есеке, Қазақстан қойының 50 процентін беретін түстік, шығыс облыстарға деп ұсынамыз біз.

Б е к. Ал, осы деректермен де комиссия қорытынды айта ма? Жоқ па?
Д ә у р е н о в. Жә, Бектенов, сіз қалай ойлайсыз?

Б е к т е н о в. Мен жаңағы профессор Балашовтың жауабынан соң, комиссияның қорытынды жасауына деректер жеткіліксіз бе деп тұрмын. Қорыту асығыс болар деймін.

Д ә у р е н о в. Сіз қалай ойлайсыз, Першин?

П е р ш и н. Жолдас Бектенов, асықпай қорыту жағында. Мен де соны теріс болмас деймін.

Д ә у р е н о в. Солай, сүйтіп комиссия қорытынды айтпайтын болды ғой.
Б е к т е н о в. Солай болғаны ғой. (Тым-тырыс.)

С а р а (Балашовқа). Василий Иванович! Сіз бұл байлауға қарсы пікір айтасыз ба?

Б а л а ш о в. Жоқ, Сара, комиссия ерікті. Мен не айтам?

Сара. Ендеше, рұқсат етіңіз, жолдас министр, Василий Иванович айтпаса да, мен айтам. Комиссияның бүгін қорытынды жасаудан тартынғанына қарсы дау айтам. Рұқсат па?

Д ә у р е н о в. Рұқсат, Сара, айтыңыз!

С а р а. Жолдас Бектенов, менің сұрағым сізде. Фенотиптік ерекшеліктерден, сізше, тектік жаңалық сипат, тұқым өзгерту сипаты танылуға бола ма, жоқ па?

Б е к т е н о в. Тұрақты ерекшеліктер болса - танылуға болады. С а р а. Он үш жылдық тәжірибе бойында, үнемі асылданып өзгеріп келіп отырса, ол тұрақты ма, жоқ па? Б е к т е н о в. Он үш жылдық белгілерді тұрақтылық, мәңгілік деп сіз айта аласыз ба? С а р а. Ал, академик Иванов Аскания жаңа тұқымын он үш емес, тіпті он-ақ жыл тәжірибесімен тұрақты деп танытпап па еді?

Б е к т е н о в. Танытқан-ды, ол рас.

С а р а. Бәсе, рас. Әрине, жаңа тұқымды қолдан тудырып болмайды. Ген билейді деген жол да бар. Менделизм, морганизм, Бетсон, Гермак та аз айтқан жоқ оны. Бірақ бұл біздің совет ғылымының жолы ма еді? Б е к т е н о в. Жоқ, ол формальная генетика жолы. Бірақ біздің ғылымдық дәл дерек тілегеніміз теріс пе? С а р а. Рас, анатомиялық, физиологиялық өзгерістерді білу керек дегеніңіз теріс емес. Ол алдағы зерттеу міндеті. Бірақ мына қойдың бүгінгі осыншалық өзгешеліктеріне қарап, сол өзгерістер жоқ деп айта аласыз ба?

Б е к т е н о в. Айта алмаймын.

С а р а. Ендеше, жаңа тұқым туды, тұқымдық сипаты айқын демеске қандай хақыңыз бар? (Бектенов үндемейді.) Е с е н о в. Өте дұрыс айтты, Сара. Комиссияның өз еркі. Ал, біз осыны анық табысымыз деп таныған жұртпыз. Енді осы Балашов тәжірибесін бар түлік малға тарату біздің мал шаруа институтының міндеті болады. Бұл - бір. Екінші, Исеке, Министрлер Советіне қаулы ұсынып, осы тұқымды келер жылдар он мың, отыз мың, содан әрі 48 жылға 70 мыңға жеткізуді колхоз-совхоздарға шарт етіп қоюыңызды өтінемін. Анық есептерім бар, зерттелген есептер. Қазір төрт облысқа, кейінірек алты облысқа осы тұқым таралатын босын деймін. Ал, өзім ғылым ордасы атынан-ақ тұқымды тудырған табысты Отанымыздың ең үлкен сыйлығына ұсынамын. Д ә у р е н о в. Сәлім бір қорытындыны айтты, сол бағыт. Соғыс бітісімен алда бесжылдық қайта туын көтереді. Отан шаруасын тағы бастайды. Сол алғашқы бесжылдық міндетінің бірнеше облысқа белгіленетін бағыты шаруаның бір саласында, қазір осы Есекең үйінің жанында шешіліп отыр. Екінші міндет тағы тұр, ол құмға келетін осы малды өсіретін, қысы, жазы кешуден толасы жоқ мал иесі шаруалар қамы, адам қамы. Құм мал құты болса, адам бейнеті болмасын. Осы Есекең өз үйі, мынау жаңа босанған Әсия жағдайы қандай, жүрейік, соны шолайықшы біраз. Б а л а ш о в. Бұл сөзді жақсы бастадыңыз, жолдас министр. (Дәуренов, Есенов, Балашовтар жүріп кетеді.) Б е к т е н о в. Рұқсат етіңіз, Сара. Мен енді бір шындықты айтпасқа шарам жоқ. Үндемей, іркіп қалсам, қыңырлығым, ұсақ өзімшілдігім болар еді. Сіз мені қатты тоқтаттыңыз ғой. Сіздердің еңбегіңіз жеңді ғой... С а р а. Сапар! Қандай жақсы еді мына мінезіңіз, Сапар! Енді тек осыны Василий Иванычқа өзіңіз айтыңызшы.

Б е к т е н о в. Сол маған сын ба еді?
С а р а. Біз сыналып болған күні сын сізге ауысады деспеп пе ек?
Б е к т е н о в. Ендеше, мен сіздердің тәжірибеңізден оқимын деймін.
С а р а. Сіздің азамат қасиетіңізді мен де барымша қадірледім, Сапар.

Б е к т е н о в. Бірақ мен әлі дәмем үлкен болғанмен, дерегіме жеткем жоқ қой. Менің ісім алда тұр. Қиялым әлі үлкен. Келер сын жылдарда сол өсе берсе деген ғылым қиялым барын білсін. Бір тұқым емес, сан тұқым. Бірінен-бірі асқан тұқымды Арқаға, Ертіс, Жайық, Сырға да бере берсем деймін.

С а р а. Соныңыз үшін мен сізді іштен көптен құрметтеуші ем.
Б е к т е н о в. Бірақ әлі біріне тәжірибем жеткен жоқ.

С а р а. Жетпеген арман емес. Талап жолындасыз. Жол алыс болса да жақсы, жарқын ғой. Б е к т е н о в. Ендеше, сол алыс жолыма осы тәжірибеңізбен ерер ме едіңіз, Сара?!

С а р а. Сізбен жер түбіне болса да бірге еруге бармын.

Б е к т е н о в. Сүйсіндім, Сара. (Министрлер келеді.) Василий Иваныч! Биологияның жүйелік талаптары алдағы ғылымдық міндетім дедіңіз ғой. Соныңызда анық оқымыстының жауабы айтылды. Мен ойланып болдым, болдым да сізді құттықтаймын. Үлкен шын достықпен, сіз тапқан тәжірибеден өзім де оқып, үлгі алам деген сертпен құттықтаймын. (Екеуі сүйіседі.) Б а л а ш о в. Менімен қатар, мынау қартты қоса құттықтаңыз. Әсияны да бірге құттықтаңыз.

Б е к т е н о в. О, қадірлі қарт, сенен де оқимын.

Е с і р к е п. Оқығаның сол босын, Сапар, тағы да осындай мен құмға алып кететін жаңа тұқым бер. Және сен соны бересің. Б е к т е н о в. Беремін, Есеке. Айтқаның өмірлік міндетің деп тұрмын. Сол тұқымды тағы осы жақсы үйіңмен, мынау шешем, мынау Қанипа, анау батыр серігің Әсиямен бірге құмға алып көшетін күнді тосам.

Е с і р к е п. Дегенің босын.
Ә с и я. Жолыңыз болсын. Бірақ мен ол жолда болмаспын.
Е с е н о в. Неге! Әсия не деп тұрсың?
С а р а. Бәсе, мына кішкенеңді неге алып тұрсың? Жүргелі тұрған кісіше?

Ә с и я. Жүрмей қайтем.
Қ а н и п а. Кеткелі тұрған жоқ па Әсия.
Б е к. Неге? Қайда кетеді?

Б а л ж а н. Менен кетем деп тұрған жоқ па бұным. Ішімнен тумаса да, қиын-қыстау бір кешіп, туғаннан артық жұбанышым болған жаным еді. Кетем, Ұлбала менің орныма келді. Жәкемнің айтқан сөзі орындалсын. Мен мына жаңа туған кішкентайыммен кеттім деп тұрған жоқ па.

Е с е н о в. Бұл қалай? Осылай ма еді, Есеке-ау?

Е с і р к е п. Ендігі сөз менде қапты. Сәке, Исеке! Менде екені рас. Мынау кішкентайға ат та қойылған жоқ еді. Жүзіне де қарағам жоқ ем. Әлі жүрегім жылынып болған жоқ-ты бұған. Бірақ, Әсия, сен сөзімді тыңдашы. Жадырап жаз да шықты. Қара тастан басқаның бәрі жібіп, исініп, қуанышпен гүл атып тұрғанда, жібімес, иілмес мен бе едім. Молтай менің еңбек досым болатын. Бөтенім емес-ті. Өзім етіп өсірмесем, маған серт. Бөтен едің десе, бұған серт. Жеңдім кәріліктің кәрі күйін. Жауды құртатын жеңіс тақап келгенде туған қошақан еді бұл. Мені де жеңіп туды. Бұның аты Жеңісбек босын. (Баланы қолына алады.) Қошақаным, бал бөпем, Жеңісбегім босын бұл менің. Сен ешқайда бармайсың. Бұл менің бауырымда өседі. Молтайын, әкесін тосып. Қал, кеш, балам, кәрі Жәкеңді. (Әсияның бетінен сүйеді.)

Ш ы м ы л д ы қ

1947

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙