Мезгіл әуендері
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
МЕЗГІЛ ӘУЕНДЕРІ
ЖАЗУШЫ
МОЙНЫНА АРҚАН ТҮСІП, КҮШ БАТПАҒАН… Мойнына арқан түсіп, күш батпаған, көнбеген жаз – кермеге, қыс – қақпаға, бір асау әлі қашып жүрген сын-ды, құрыққа сол күндері ұстатпаған. Айдаудан, арыздардан, қамалғаннан, қырсыққа қырсық үстеп жамалғаннан, бір «бұзық» әлі бағып жүрген сын-ды сол күндер абақтыдан аман қалған. Қусаң да бұғалықпен, құрықпенен, әккі ұры, әккі асаудай бұғып төмен, бір өлең әлі ұстатпай жүрген сын-ды Абайдың да қаламына ілікпеген. СОҒЫС ЖЫЛЫ ЖАЛҒЫЗ СИЫР САУЫН-ДЫ… Соғыс жылы жалғыз сиыр сауын-ды, біздің ауыл сауынымен ауыл-ды. Күтетұғын сауынындай біреуді ел кісілікпен, махаббатпен жігермен.
Бригадир адам еді ол қара сұр – көп жұмыстан тотыққан-ау шамасы. Маңғаздана қарайтын-ды біздерге бригадир қонған үйдің баласы. Ауызына қарайтынбыз түп-түгел қарайтұғын бүкіл ауыл, бүкіл ел. Атын әкеп беру оның, тіпті де, біздер үшін төбелессіз бітті ме. Ешкім бізді жібермесе де ерікке, бір шыбыққа міне сала желіп кеп. Соған ұқсау үшін ашу шақырдық, шылым тарттық бригадирге еліктеп. Жалғыз соған шағынатын бір ауыл, түспесе де домбыраның бұрауы. тиятұғын тентек бала жылауын. Қиятұғын күлкілерін үлкендер, Жалғыз қолдың саусақтары секеңдеп, темекі орап, ылғи төрді мекендеп, күрсінетін еді ағамыз сол шақта «ел басқару қиын жұмыс екен» деп...
1967, 1982 СОҚЫР ТЕКЕ Көзді таңып, сүрініп, әкетті деп «жеті ұры» іздеуші едік жүгіріп, соқыр болып өтірік. Ұстата ма шын ұры соқыр түгіл, айыққа: кететін-ді бұрылып, таппадың деп айыптап. Ұстап алсаң, сор бұ да өшіңді бір аласың: көзін таңып, орныңа «соқыр» ете саласың. Ұстағанша, мазақ қып досың күліп, әрине, көретінсің азапты. көзі бардың бәрінен. Теке емеспіз, елікпіз, ей, балалық, желіккіз! Теке қоймай құтылмайтын едік біз. Кінәлайтын жұрт өңге айдаладан сөйлеп құр. Ұрсатұғын үлкендер жаман ырым ғой деп бұл. Жаман ырым? Жәйдан-жай сөз де айтылмас боп алды. бір ағамыз майданнан шын соқыр боп оралды.
Көздің жоғы жаман-ақ ербең қағып қолдары, әлдекімді шамалап ұстамақ-ты ол-дағы. Тайқып жүрдік жолынан, үрейлендік, отырдық. Кім түссе де қолына жіберердей соқыр ғып. Іздейтін ол тарығып, кеудесін бір кек кернеп, – бар қаскүнем, бар, ұры соны тонап кеткендей. Ұстата ма шын ұры, соқыр түгіл айыққа. Қалды ағамыз бұрлығып, әлдекімді айыптап. Біз қойдық қой, әрине, ойын қалды, жетілдік. Бірақ ағай әлі де ойнап жүрген секілді... 1967, 1982 СТУДЕНТТЕР Сілкіп тастап шаштарын, ойнап оқып жатқа жыр, лекциядан қашқаны – Бас почта жақта жүр. Галстукті сүйірлеп, бәтіңкені сүйірлеп; сүйір жігіт, келеді ЖенПИ жақка үйір боп.
Кербездер аз шынында, ең кербезі – қырсызы, жарайды ол да, шығуға Тюз-дің алдын бір сүзіп. Ал, біреуге ауырлау кино көру «батты» әзір; содан кейін ауылға уақыт жоқ деп хат жазу. 1967, 1982 СҮЮ ҮШІН ЖҮР ҒОЙ ЖҰРТ КЕҢЕС СҰРАП… Сүю үшін жүр ғой жұрт кеңес сұрап, сүйетін жан былай сүй демес бірақ. Саған ұқсас қыз көрсем – айрылғым жоқ, бұл, әрине, мықтылық емес, шырақ. Жанарыңды қоя тұр дөңгелетпей, көздің жасы тұр қазір емге жетпей, саған ұқсас қыздарға – осалдаумын, (мықты болғым кеп жүрген мен де жоқ қой).
Бәрі – сүю, құдайым оңдасын тек, жанса – жансын жүректер, тоңбасын тек. Саған ұқсас қыздардың сүйем бәрін, маған ұқсас жігіттер болмасын тек. 1967, 1982 СӨЗ ІЗДЕСЕҢ МАҒЫНАЛЫ, БАҒАЛЫ… Сөз іздесең мағыналы, бағалы, босқа өзіңді қамшылама, сабама, Ауылды ойла, тасып кеткен кезіңде – түсесің өз сабаңа. Ауыл бүгін оқымайды демеші, оқиды – тек кітаптардың төресін. Кездеріңде өзіңе-өзің сенбеген, ауылды ойла – сенесің. Ауылды, дос, артта қалды демеші, сонда жатыр адамдардың төресі. Ауылды ойла, кездеріңде тарылған – кеңіп сала бересің. ТАБИҒАТ Қасиет бір, қадір бір, – баста қырау, сақалда ақ: шыңдар отыр сабырлы, жөнелердей мақалдап.
Қарттық пен тау ашына, кінә да жоқ тағар түк; не шықса да басына жібереді ағартып. Ал, шыршалар түу сайдан тауға өрмелеп, асылып, бара жатқанға ұсайды қартаюға асығып. ТАБИҒАТТАН БОЛАДЫ ОЛ… Табиғаттан болады ол; табиғат қой, тегінде, болатұғын ала қол ақыл-ойды бөлуде. Мына адам ба? міні көп, солай де де – жүре бер. Күшің жоқ-ау құдірет, жонып-жонып жіберер. Болмайды оған, сен еппен – нені болсын қолыңнан өзің жасау керек қой, жөндеу үшін соңынан. Мына біреу бас мүлде ағаш ожау есебі; бұл басқа да жас күнде ми тұрыпты деседі.
Ал, жас жігіт жүр бірде шашып-төгіп, қарпынып: кімге қосарын білмей ақылының артығын. Біреу, әне, тірі өлді, көлеңке ойға ұялап: қараулығы біреудің қайрымдыға қиянат. Неғыласың, көздеме шағынуды еңіреп, өнерде ел өзгеден кем көреді мені деп. Қолдан келмес құрысын дау шығарма, барын ал, шағын болса ыдысың – аз құяды, налыма. ТАЛАЙ МАЙДАН, ҚАН ТӨГІС ТҰСЫНДА ДА… Талай майдан, қан төгіс тұсында да, не көп болса – жер көп, ел қысылмаған. Бәрін, беріп, даланы сақтап қалған, ерлігіне мақтану үшін бабам. Кетіскен бір тер үшін ұсынбаған, бір сөз үшін суытқан түсін жаман. Атын түсіп, шапанын шешіп берген, мәрттігімен мақтану үшін бабам.
Сақтанған тек, қанымен қызу келген, азаматпен аралық үзілгеннен. Сенім үшін семсерін ауыстырып, серті үшін бесіктегі қызын берген. Найзағайдай рухпен шатырлаған, жалғыз сөзін жауының батырмаған; «Жан керек» – деп, мақалдап – батырға да, қыр басында енді, әне, жатыр бабам... 1967, 1982 ТАҒДЫРДЫҢ ДА ҚҰДАЙДЫҢ… Тағдырдың да құдайдың тек сен үшін шығарған сол «қаулысы»: балаң – ерке, күйеуің – жалқау кісі. Бірін сыйлап, біріне төзуменен біраз жерге кеп қапсың, байқаймысың.
Менің қамым – әйтеуір балаң қамы; мен де қамыңды іздеп ем – таба алмадым: Қара қасың мақтадым – сыланғаның, қара шашың мақтадым – таранғаның таздың таранғанындай – неге күлдің? Бар құрметім: өзіңе сене білдім. Экраның – бір менің қас-қабағым, театрың – күлкісі бөбегіңнің. Басқа қыздар бұрымын түтеді кеп, модалардың кезегін күтеді кеп. Ал, сен жүрсің ас үй боп – «шаштаразың», ательең – азық-түлік дүкені боп. Кимедің сен дүкеннің тар етегін, білмедің сен, білмеген – кәрі етеді. Соның үшін ырзамын: білмедің сен менен басқа мықты ақын бар екенін.
1967, 1982 ТОБЫЛ Қару ғып қайсарлық пен қоңырлықты, қара су қазып апты-ау жолын мықты. Әдейі көзін алдау үшін көптің Табиғат қайратты ұлын момын қыпты. Шалдардың әзіліндей епті, астарлы, Толқындар қажайды еппен көк тастарды. Жағаны жаймен сипап аймалайды, орнына жалғыз қарпып жеп тастаудың. Сыр, мұңын көрсете алмай жайып бекер, бәрін жайып көрсетсе – байып кетер... Тайыз боп танылғысы келеді оның сонда осы... терең болу айып па екен?! Аяйсың. Сүйінесің, жүгінесің, құмартып тереңдіктің түбіне осы. Неғұрлым терең болса өзен деген, со ғұрлым үңілесің!
Құбылып, қыртыстанып, не түрге еніп жатпайды ол; болмаса аздап көпіргені. Сабырлы, салмақты оймен ағад Тобыл қазақтың қара өлеңі секілденіп. 1967, 1982 ҚАЛАЙ ӨТСІН ӘЙТЕУІР БІР ӨТЕР КҮН… Қалай өтсін әйтеуір бір өтер күн, дала сені тіріде жыр етермін: дәл бүгін сыңғыр қағып тұрған жоқ қой, кескен кісен білегін Құрекеңнің. Шындық қана кеудеме құйған дыбыс, өтірікке ұста емен иландырғыш: дәл бүгін жалаң қағып тұрған жоқ қой, Махамбеттің желкесін киған қылыш. Әркім де әлденені етеді арман, әркім ойшыл кезінде жеке қалған: бірақ әлі Қособа көлдерінде жатқан сын-ды жол тосып Бекежандар.
ҚАМШЫ Бала десе – нан көрген кездерінде шешен еді шешеміз сөзге мүлде. Алла атынан алдымен алғыс айтып, ұстатты әкеп қамшыны жездемізге. Босап кетіп буынсыз кәрі көңіл, ойлап көріп жездеміз әрі-бері, қамшы үшін әкемізден қалған со бір, қуантты жарты қаптай тары беріп... Қамшы түгіл әке де сол дүбірде жоқ боп тынды. Қорлық қой көндігу де. Содан соң тек нан кірсе түсімізге, жездеміз де енетін болды бірге. Бертін келе шешеміз сөзден гөрі. түйер болды түсінде сезгендерін: «Қамшы осады түн сайын, дейді, арқамды, Сол қамшыдан айрылған кезден бері». 1967, 1982
ҚАНШАМА ҰЗАП АЛҒА ТҮССЕҢ ЖҰЛЫНЫП… Қаншама ұзап алға түссең жұлынып, мезгіл саған дәл сілтейді құрығын. Жүрек жиі соққан сайын, жол ұзап, одан сайын қысқарады ғұмырың. Жолың ұзақ, жолаушы дос, айныма, ұзақ жол мен қысқа ғұмыр – қайғы ма. Ұзақ жүрсең: басың сенің мықтаса, ақылының қысқасынан айрылар. 1967, 1982 СЕНДЕ ТУҒАН, ЕЙ ДАЛА, ЖАС БАЛАЛАР… Сенде туған, ей дала, жас балалар, аман болсын қорлықтан, масқарадан. Өңменімен өзіңді сүйген жігіт пәтер алсын, тым құрса, астанадан. Қумас үшін тағы да сағымыңды, шертпес үшін бір күйді тағы мұңды. дарынсыздар қайын ата тапсын мықты, дарындылар үйренсін жағынуды.
Жазу кем бе, әйтеуір, күту кем бе, кемшіліктен емеспіз, шүкір, кенде. Бір жаманды бір әйел туа салса, дала, саған ұқсайды ол түкіргенге. Бұл сөздерді бәз біреу десе де ерсі: өсірерсің жақсыңды, еселерсің; жырлай берсін ақындар, жырлай берсін, өсе берсін достарым, өсе берсін. 1967, 1982 СЕН АҢҚАУ ЕҢ АҚ ҰЛПА БҰЛТ СЫҚЫЛДЫ… Сен аңқау ең ақ ұлпа бұлт сықылды, мен қатал ем қатпарлы шың сықылды. Сен жақсы едің – бірден сенен бастадым, мені мақтап жазылған сөз сықылды. Мазасыз ең мықты сұрақ сықылды, жазасыз ем – керең құлақ сықылды. Сен қызық ең – бірден сенен бастадым, газеттің ең соңғы беті сықылды.
МОЛШЫЛЫҚ Бұл өлкенің көлге айналған шалшығы, майға айналып кеткен білем балшығы; кетіскенді келістірер көңлі бар, бөлінгенге берері бар енші ғып. Тұрмыс күйлі болған соң да жан асыл, жеңгейлер жүр үйге киіп жаңасын. Ит жатпайды сүйек үшін таласып, тәтті ұсынсаң – ұмтылмайды баласы. Кейбірі кем, кейі әрине артықтау, келін дәме етпейді екен сарқыттан. Шым жібектен шоферлердің көйлегі, пішеншінің шымылдығы – барқыттан. Еңбек қызу ал күн ыстық-ашық деп, жатпайды ешкім бригадирден қашып кеп. Машиналап есептейді астықты, арағыңды санайды да жәшіктеп.
Бәрі бар, тек жоқшылық жоқ, ниетіңе босағада керінбейді еш «жетімек». Салынбайды екен құлып шоланға, ұят бітсе сұғанақтың бетіне... Асық ойнауды ұмытып ем, дәл шыным: иірдім мен талай асықты алшы ғып: бір хатшыны шофер екен деп қалып, директормен шатыстырдым малшыны...
1967, 1982 МЫҚТЫ АҚЫНДЫ ТАС БЕКЕМ…
Мықты ақынды тас бекем, мақтап айттым; сұмдық-ай: дұрыс екен, жақсы екен деп бір досым күлді жәй. Шығар мүмкін бұ да аяу, күтпеп едім, кенеттен күлген несі, кұдай-ау, таң қалдырам демеп пе ем?! әй ақынды және бір оқып бердім; жұтынып, күлкі қалып жаңағы шыға келді түтігіп. «Жана ма екен қызығып, жазамын деп отты ғып, көрсеткенде қызуын, сөйлей ме екен соқтығып!» Дұрыс дедім – қайтейін: баса алмады ентігін. Дұрыс дедім, әйтеуір кейіді ол – мен күліп. Көріп тұрмын: құрбының батты ойына тап басып. Ақын-дағы жырды бұл жазғаны ғой батқасын!
1967, 1982 МЫҚТЫЛЫҚ БАР, ОСАЛДЫҚ БАР ҒАЖАЙЫП… Мықтылық бар, осалдық бар ғажайып сұлуларда, соның бірін жазайық: Мықтылығы – ғашықтары көп оның, осалдығы – соның көбін елеуі. Мықтылық бар сұлуларда не түрлі, ең бастысы – осалдығы секілді. МҰНАРЛАНСАҢ ШЫҢ ДЕЙДІ – ЕЛЕҢДЕЙДІ НЕ БІЛІП… Мұнарлансаң шың дейді – елеңдейді не біліп, құмарлансаң білмейді – терең дейді сені жұрт. Теңізде емес, – кемерде ақтара алмай жатқан жыр, содан шығар өнерде мақтана алмай жатқаның. Сені ұнатқан түсінер – терең деген бүгінгі, көріп жатқан кісі жоқ іздеп келіп түбіңді. Тереңмін дер едің-ау – судан ұят-ау жалған, биікпін дер едің-ау – ұят екен таулардан.
1967, 1982 НЕГЕ ЕСІМЕ ТҮСТІ ЕКЕН ЕСКІ ЖЫРЫМ… Неге есіме түсті екен ескі жырым, неге аңсадым ескі-ескі досты бүгін. Кідірте тұр асыңның түсіруін, достар келіп қалатын кешқұрым. Суытты ма лақабы көптің бөтен, лақапшы еді бірінің келіншегі. Жақсы жырымды оқыса – келуші еді, келмегені – жаза алмай кеттім бе екен? Кешікті ғой, дос қайда, таныс қайда жақын едім – сол үшін алыстай ма. Кешегідей тағы да жалғызбын мен, «Кетік» қайда, япыр-ау, Әбіш қайда? Кідірте тұр асыңды, өліп-талып түңілейік, түңілсек сеніп барып. Асықтың деп жатуға дау сап жүрер әлде болса біреуі келіп қалып...
1967, 1982 ОЙЛАНУДАН ШЫҒАР-АУ БАСЫ ҚАТЫП… Ойланудан шығар-ау басы қатып, ақынның атануы жасық ақын. Жасимыз, тұнжыраймыз, жатырқаймыз, бала боп көрмегендей асық атып. Туғандай ой боп бірден, «екіндіміз» таянған кісі құсап кетіп жүрміз. Қарындасқа қырындап кештіғұрым, бойдақ боп та көрмеген секілдіміз. Бір көйлек екі көзді сегіз қылып жүруші ек, бізді ана емес, емізді үміт. Шалбардың қыры кетсе – қайғы қазір, ғұмыры көрмегендей өгіз мініп. Ойланбай қарамасақ ештеңеге, шығар-ау қонғандықтан кештеу өнер. Бүгінгі молшылықты көрген сайын, кешегі тапшылығың еске келер.
1967, 1982 ОЙЫҢ ҮШІН СОТ БАР МА, ЖАЗА БАР МА… Ойың үшін сот бар ма, жаза бар ма, жаза болса – дәл мені жазалаңдар: «өршіл үнін өмірдің» ұқпағандай, өлең жаздым қайғыға, қазаға арнап. Неге? Неге дейсіз бе? Неге деген сұрақ қойсам ернімде кебеді өлең. Құй сен, сенбе өзің біл, осы сұрақ Мені мынау столға шегелеген. Кез келгенге оп-оңай неге дейсіз, неге десем мен егер – елемейсіз. Көлеңкесіз бола ма, айтшы, Шуақ, жан қайғысыз жана ма, өлең – ойсыз. Неге? Неге? – Апыр-ай қиын бұйым, көп «негені» жинады миым биыл. Сұрақ деген неғұрлым-қойылса оңай, жауабының солғұрлым қиындығы.
Қиындыққа сот бар ма, жаза бар ма, жаза болса – дәл мені жазалаңдар... ОСЫ ЖЕР ДЕП КЕУДЕНІ… Осы жер деп кеудені қос анары түртіп бір, ыза-ашуы келіп еді – алды шылап кірпікті. Бір кеш жалғыз жүрер де, екінші күн кетеді: назын айтып біреуге бір арылса жетеді. Түсін, мейлің түсінбе, сенің де өтті қорлығың, сорлы болмау үшін де, кетеді қыз сорлы ғып. Ойланып ал әуелі, кінәлама адамды: сұлуларың әдемі сүйіп кетсе жаманды, әуре болма үгіттеп; жорта істейді қыз байғұс: жақсы, жақсы жігітте оянсын деп қызғаныш. 1967, 1982
ОТ БАСЫ Жарақат бар жанымда – ашып қалма, атом жәйлі, жер жәйлі ой осып салған. Аштық пенен жетімдік туралы ойлар, ұйқтап жатқан ұлымды шошытпаңдар. Түнгі ойларың түк те емес – жаза ғана, әр минуты келеді азап ала. Жесірліктер туралы қасіретті ой, ауру, кәрі шешемді мазалама. Ұл қайғысыз еркі бар есеюге, қайғы адамды өсірер десе – күлме. Тек айрылу туралы ашқылтым ой, дөңбекшітпе жарымды төсегінде. Ұйқта тыныш үй-іші, санаңды ап шын алаңдатса тек жақсы ой алаңдатсын. Жұмсақ төсек, дүние – сендердікі, бататыны болса, тек маған батсын!
1967, 1982 ПАРАДОКС Күй мейлің: жақсы әйелді – еркегі, жүйрік атты – тізгіні, жақсы авторды – жазғаны билейді. Күл мейлің; жаман еркекті – әйелі, жаман атты – тізгіні, жаман жырды – авторы сүйрейді. САБАҚ Кешірімшіл ұстазың қаққанымен арқаға, жағрафия сабағы, әсіресе, картаға қиналатын едік-ау көп-көп іздеп, көп іздеп, тауларды іздеп баттық біз талай-талай теңізге. Мемлекеттер арасы – ирек сызық қинайтын,
бірін-бірі сызықтар сүйреп шығып қинайтын. Қай жағыңа қарасаң – бас қатырар шимай тұр. Шимайлаймыз бүгін де өнер жәйлі, үй жәйлі, кей шимайың ми түгіл, қағазыңа сыймайды. Мемлекеттер арасы – шекарадан гөрі, тек, адам менен адамның аралығы қинайды.
1967, 1982 САЛАҚТЫҚ БАР САҚТЫҚТАН ДА КҮШТІРЕК… Салақтық бар сақтықтан да күштірек: бір салақтың қалтасынан түсті ме, тері-шилан жолда жатты, қыдырған үш жас жігіт келе қалды үстіне. Бірі көріп – өз көзіне тұр нанбай, екіншісі – тас төбеден ұрғандай. Үшіншісі шошып кейін шегінді, шыңыраудың жиегінде тұрғандай. Тапқан ақша шығар-ау бұл қасықтап, әлде, мүмкін... қой, қой оған асықпа, «Сен ал!» – деді. Мүмкін бұ да күш еді? «Сен ал! – деді екіншісі – ішелік» – «Сен ал!» деді үшіншісі қайқайып, «Сен ал!», «Сен ал!», «Сен ал!» – деді үшеуі. Бірақ ешкім бас салмады демігіп, кетті бәрі, кетті кейін шегініп. Үрейленді алдарында ақша емес, жатқан сын-ды әлдекімнің өлігі. Бәлкім олар сескенді ме мынадан: көрді ме деп төртінші боп бір адам. Сондықтан да көше оңаша болмады? Жо-жоқ, үйтіп бата алмаспын «күнәға». Тапсырса ғой милицияға: бір ұнап қалар еді, жасамады мұны да; бұрылды да кетті үшеуі. Қалды өсіп ақша толы әмианның құны да... Тыңда, жолдас!. Сол үшеуі қаймыққан жолдағыны жан емес қой пайда ұққан. Аштығынан емес шығар – қызықса, ақша жатса – болмас мүмкін байлықтан?!
1967, 1982
САҚТАН, ДОСТЫМ, ҚЫЗЫҚТАН…
Сақтан, достым, қызықтан! Жақсылардың көзі отыр, Олар сезсе қиындық – қуанатын, төзетін: қызық кітап, әдетте, тез таусылып қалатын, қызық күндер, әдетте, кететұғын тез өтіп. 1967, 1982 ҚАРАЙ-ҚАРАЙ ҚАСЫҢА… Қарай-қарай қасыңа, қарлығашты ұнатқам. Қарай-қарай шашыңа қара орманды ұнатқам. Көп үңіліп көзіңе тереңдікті таптым ба. Ери-ери сөзіңе, ерімес боп қаттым ба. Қуа-қуа сезімді сездірмеуді үйрендім. Көре-көре өзіңді, көрші қызға үйлендім.
ҚАРЫНДАСТЫ СӨЗБЕН ІЛІП «ТҮЗЕТЕ»… Қарындасты сөзбен іліп «түзете» жөнелсе олар – таңданбаңыз сіз өте. Құны азайған дүние көп, жігітке ең құнсызы: бірге оқыған қыз екен. «Қыз» дегені алабұртып жаны ысып, – іздегені – ақша сұрау, алысып ойнайды да қыздарымен КазГУ-дің, ойлайды кеп ЖенПИ-дегі танысын. Жасықтарға батылдық боп қызғаны, қыздан бұрын жүрсе де ылғи «жүзді» алып, «өз қыздарын» сыйлайды олар тек қана өзге ВУЗ-дың жігітінен қызғанып. 1967, 1982 ЯПЫР-АУ МЕН НЕҒЫП АЛҒАМ САМАЙДЫ… Япыр-ау мен неғып алғам самайды, кәріліктің келгені ме, қалай бұл? – өз көзіне өзі сенбей; шынымен қартайғысы келмей отыр ағайдың.
Ақ мұрттарды жұлады да тал-талдап, сақалыма өтпейд дейді балтаң да. Айна алдында үбектеп кеп жөндейді әжімдердің кеткен жерін талқандап. Сұлулығы – жастығы ма жеңгейдің, – оңғы кезде жеңгейге де сенбей жүр. Мезгіл жағады ақ қырауын өндіріп, ал, ағаның талдап жұлғаны – өнбейді… Уақыт сондай, Қырсығады, көнбейді, сақал, шашты, тек өзінше жөндейді. Одан сайын қартайтады ағайды, одан сайын жас көрсетіп жеңгейді.
1967, 1982 ҮМІТІ КӨП КҮНДЕР ЖАҚСЫ… Үміті көп күндер жақсы, ұйқың қап, жанып тұрып ән айтасың, күй тыңдап. жан желігің елге сыймай, үй тұрмақ, Жар белінен құшақтайсың «сиқырлап». Өкінішті түндер жаман, ұйқыңды ап бітер бәрі – жанды ерітер күй тұрмақ. Ән орнында – жөтел қалып қиқылдап, жар орнында – төсек қалып шиқылдақ. 1967, 1982 ҰЙЫС-ҰЙЫС БҰЛТ ШАШЫ – ТАРАМАУДАН БОЛДЫ МА… Ұйыс-ұйыс бұлт шашы – тарамаудан болды ма, қуыс-қуыс тастары – қарау ойлар болды ма, қойнаулары түнек бір – қиянаты секілді, көрсетуге жүректі – ұялатын секілді. Еті өлген-ау биікке – бауыры тас, басы өлік,
еңкеймеуі шыңдардың өскендіктің әсері. Қата-қата тас болып көніп кеткен секілді, өсе-өсе, ақыры, өліп кеткен секілді… 1967, 1982 ҚАНДАЙ ІСТІ БАСТАСАҢ ДА ҚУАНЫП... Қандай істі бастасаң да қуанып тез бітуін күт дейді, басталған том, тұр, әне, келген жерім бүктеулі. Босқа тегіп терімді, ашқаныммен сүріне, ашқан есіктерімнің жабылған жоқ бірі де. Маған қымбат құс бар бір – жоғары ұш, жоғары: сені атар дұшпанның оғы біткен жоқ әлі. Үміт бар ғой әркімде, кеуде соған тоқ кейде: маған ұсынар гүлдер әлі ашылған жоқ дейді. Ашылғам жоқ тіптен де, көңіл бар тек күткен көп: қайғырып та біткем жоқ, қуанып та біткем жоқ.
Бастап қойған кітабым біткенінше еңсеріп, ауа сені жұтамын нық басамын, жер, сені! Бір есігім жабылса, жабылғанша түп-түгел, шыңдар, сені бағынтам, бұлттар, сені түттірем. Сені атқан оқ қаңғырып құлағанша, төзім ғып қуам сені, жаңғырық, қуам сені, әділдік! Мен құшар гүл бұтағы қурағанша, еңсеріп ауа, сені жұтамын, нық басамын, жер, сені. Болса деп ем болары, жансам деп ем тағы бір: сонсоң маған бәрі анық, сонсоң маған бәрібір.
1967, 1982 ҚАРТ ДИҚАН Арық қара бір шал жүр, арық қара, қармалып арық қолдар талып қана сипайды егін басын, сирек тіске үзіп ап дән түйірін салып қарап. Бәрі тез сезгенімен «сүттенгенін». кәрі көз ойдан өзге түк көрмеді. Секілді сөйлегені – сүйінгені, иілгені секілді – бүктелгені. Тоқтының иленбеген пұшпағындай, саусақ та болады екен қысқа мұндай! Қарулы қолдарың да қалтырайды-ау аяса әр нәрсені ұстарында. Сипайды әр масақты дір-дір етіп, саусағын күйдірердей күлбіретіп, айрылып калатындай бос ұстаса, сықылды қатты ұстаса бүлдіретін
Немесе... жетсе кімнің күні күзге, қарт шебер атайды ғой мұны бізде. Диқан да шебер сын-ды, жүргендей ол бітірген бір ісінің мінін іздеп... 1967, 1982 АНА Ойлатпай өсірем деп жаман пиғыл, әлдекімге өкпе артсақ – одан тыйдың. Тағдырдың бізді соққан «бұзау тісі» алдыменен, анажан, саған тиді. Жүзбесе де сол жылдар күнің күліп сөйлемедің ешқашан түңілдіріп. Күн көрдік қой бір қолда бес саусақтай бірімізді біріміз жылындырып. Ұлды ерке етіп, ал, қызды қылықты етіп, өсірем деп жүн түттің, шұлық тоқып. Қуанған сәттеріңде – құштың, бізді, жылағың келген кезде тұрып кетіп.
Біздің жыртық көйлекті жамай-жамай, қалыпсың қартайғаныңды абайламай. Жесірлік өтті; бірақ қара түндер ақ шаш боп қоныпты ғой самайға, ана. Кетті, кетті келмеске өткен күндей жүрген кезің аязда шекпен кимей. Өкпелетсең де өзіңе кейде бізді, есіріпсің өзгеге кектендірмей. Кеткенім жоқ әзірге елтіп, асып, көргеніммен көп жайды талқыласып. Біреуді жек көрейін десем бүгін, ылғи, ана, алдымда сен тұрасың. 1967, 1982 ТЫМ АЩЫ АЙТСАМ, КЕЙІМЕ… Тым ащы айтсам, кейіме, ісінбей кет. Тым тәтті айтсам мән берме, түсінбей кет. Тәтті сөзден – ақыл, ой ауырады, тәтті жеген сәбидің тісіндей боп.
Тек тәтті сөз емес қой сүйікті етер, бәрін тәтті айта алман иіп бекер. Тәттіге ылғи үйренсе таңдай байғұс, ащы татып бір күні күйіп кетер. Пәк көңілге, бет-жүзге қарамай түк, ащы сөзді кейде мен қалам айтып. Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған, кезің болсын тәттіні қаламайтын. Өкпелеме, мен емен «таза» жендет, тұзды сөзбен ойым жоқ жаза бермек. Асыл жанның өзі – бір жарақат, жарақатты ащымен жазады емдеп. ӨТТІ, ӨТТІ, БІР ТҮН ӨТТІ, ӨТТІ КҮН… Өтті, өтті, бір түн өтті, өтті күн, сүйенгенім – келер күннің көптігі. Кеше тартқан күйді бүгін ұмыттым, кеше тапқан дос жанымда жоқ бүгін.
Өтті, өтті... домбырамның сазды үні, жүрегімнің қайғысын қаз, қаз мұңын, қазып, қазып шығар асыл мазмұнын... Қастарымның, қинайтыны, көптігі, достарымның, сыйлайтыным, аздығы. Бірақ, бірақ шатағы сол, шатағы: кеше батқан ай бүгін де батады, кеше еріткен – ерітеді бүгін де, алғы күннен түңілме, дос, түңілме. 1967, 1982 УАҚЫТ – ҚАШЫҚТЫҚ ДЕП ҚАЛАМ ҰҒЫП… Уақыт – қашықтық деп қалам ұғып, сол қашықтық – жаңа ой, жаңа білім, Ал, бос уақыт дегенің менің үшін столым мен төсегім аралығы.
ШӨПТІҢ ДАУСЫН, СУ ҮНІН…
Шөптің даусын, су үнін, күлген көлді қысылып, бала-бақша шуылын, аяқтардың тысырын, тілеймін мен – бекер ме?! Тілеймін мен: бір түні бұзып кетпесе екен деп Зеңбіректер зіркілі. 1967, 1982 АҚЫН ДЕГЕН КӨП БІЗДЕ… Ақын деген көп бізде, тіршілікте бірі ұтылса, енді бірі ұтады: өткіз мейлің, өткізбе «темпланға» кітабын. Көп ақынды шығарды сыншылармен жекпе-жек: біреу мықтап қуанды, енді біреу өкпелеп. Сенде қазір аз өкпе, таниды жұрт біртіндеп, тек жиі бар газетке, бастыққа кір бүлкілдеп. Солай, достым, барлығы, тақырып тап, жаз, жүгір. Жаман пейілтарлығы, – жақсы жырдың аздығы.
Өстік содан жоғары, «сәт сапар» бар батадай. Бізді де енді соғады атымызды атамай... 1967, 1982 СҮТ ОРНЫНА СУДЫ ҰЙТТЫҚ… Сүт орнына суды ұйттық, сөз орнына аңқылдақ, жезімізді жылмиттық бергісіз ғып алтынға. Қайда айырма: бір болды осалдық пен мықтылық. Ақыл болса – үйрендік, ауру болса – жұқтырып. Жер мен көкке теңеп ек, арзан, қымбат арасын. Ол теңеу де, не керек, ескіріпті-ау, шамасы. Себебі: мен ұтылдым, қабырғаммен сөйлестім – аспан жақын сықылды көңілінен кей достың. Анау алыс дегенді жақындатсақ анық біз, мынау жақын дегенді алыстатып алыппыз. Жанын жақса от ұстап, берер бетті «бүтіндеп», Нокаут аз бокста, ұпайменен ұту көп.
Дана емессің – даңқың құр, сүйсіну де – ой деп пе ең, Сары құмды алтын ғып, алмас кесіп әйнекпен; Жезді алтын деп мейлің Мақта! Сенген болам ғой. Жездің түгі кетпейді, тек алтынға обал ғой. Бал орнына – су жұттық, жыр орнына аңқылдақ, жезімізді жылмиттық бергісіз ғып алтынға Анау қымбат дегенді арзандатсақ анық біз, мынау арзан дегенді қымбаттатып алыппыз. КҮДІК ҚАСҚА ӘМАНДА… Күдік қасқа әманда Түртіп сорып жүректі, өңменіңе қадалған кірпік болып жүдетті. Үміт байғұс аманда масыл болып жүрекке, алдыртпайтын адамға асыл болып жүдетті. ШҰБАТЫЛЫП ЖАЗА БЕРУ ӨНЕР МЕ…
Шұбатылып жаза беру өнер ме, таусылмайды соған біткен күш нағып. Жарасады жалыны бар өлеңге жақсылардың ғұмырындай қысқалық. ШЫҚҚАНДАЙСЫҢ АТ ТА ЕМЕС, КИІК МІНІП… Шыққандайсың ат та емес, киік мініп, шабасың кеп шаң түтіп, құйықтырып: Мақсат сын-ды алыстан көрінген тау, жеткізбейді, қарашы, тиіп тұрып. Ұмтылғаның барыңды салып бір шақ, түк болмапты мезгілмен салыстырса. Жетем дейсің жап-жақын көрінгесін, бүйтпес едің әуелден алыс тұрса. Аласа екен алыс тау; бала шабыт, сөне көрме жалт етіп жана салып. Алыс мақсат, жақын боп көрінбеші, асқар таулар, алдама аласарып!
ҚЫЗДАР Сүйіп қалса – аһ ұрып, алданады гүл иіскеп; билер сонсоң қатырып «чарльстон» мен «твиске». Жаңа жылап, енді, міне, күліп тұр – о, түсінем, түсінем: «Ұятсыз» деп тілдеп алып жігітті аяйды ептеп ішінен. Ұнатады қазіргі қарындастар сезгенді, өткірлеуін әзілдің, астарлысын сөздердің. Ұнатпаса – күліп құр, қоштасумен шектелер. Бәрінен де жігіттің, жасықтарын жек көрер. 1967, 1982 ҚЫР МАҢДАЙЫН СҮЙІП ТҰР… Қыр маңдайын сүйіп тұр мұнар деген бір елес. Шыққаныңша биіктік, шыққан соң не? Түк емес. Қартаясың, көнбе сен ал өс деген үгітке, ақ шаштарға сенбесең
тік биікке шығып көр. Сүйт. Биікке барма аса, ұмтылғанның тарт қолын, шыңға қара шанбасаң, биік болу – қарт болу. Биік болу – жаза бір, қар жамылып, мұз басып жатысу ғой сазарып, кетісу ғой сыздасып. Бұлақ емес, су ақты көгал тамаша бүгін. Хан жайлау сияқты қайран аласалығым. 1967, 1982 ӨНЕР ...Кірпік – жебе, қасын ол садақ қылып, ататұғын көз оғын қадап тұрып, жігіттерді ыза ғып, келетұғын ұнау үшін қыздарға сабақ біліп. Елтіп ұғып алған жан, еріп оқып, қалатұғын кей күндер «кері кетіп». Бір сабақта қыздарға қалса ұнамай, бәрін тастап кетердей көрінетін.
Пластинканың бейне бір ескі беті, қыз деген сөз ызылдан естілетін. Кербез жігіт жүретін секілді еді, ұнау үшін қыздарға бес жыл оқып. Оқитұғын, көнетін, көз ілмейтін, нені болсын аларда – өзім дейтін. Ұнау үшін бәрі тек, біреуді ол да ұнататын «ыңғайы» сезілмейтін. Ұнау – оңай жақсыға! Туған, егер бес жыл өтсе – біздің де қуған өнер. Ал, кейде бір жақсыны тану үшін, ғұмыр бойы оқуға тура келер. 1967, 1982 ӨНЕРЛІ ЖАН ҚАЙЫССА – ТІРШІЛІК ҚОЙ… Өнерлі жан қайысса – тіршілік қой, тағдыры оның – майысқақ бір шыбық қой: қалай исең олай и – арқаңды осар; ондай кезде хақың бар, күрсініп қой.
Шыбықты жұрт, ойлама, сүйеді-ау деп, ойла одан да соққан қол киелі-ау деп; шыбық осқан жерлерде сүйек-ау деп, оған тиген – маған да тиеді-ау деп. Өнерлі жан қайысса – байқалмайды, не көтеріп жүргенін айта алмайды. Кімге тисе сол шыбық оған тисін, тек өнердің арқасы қайқаңдайды. Ән-жыр болсын ұғынып көздегенің, тағдыр болсын ғұмыры төзбегенің; өнер қанша әдемі болам десін, өмір бірақ істейді өз дегенін.
ӨСЕК ДЕСЕ – БӘРІ ДЕ БЕТТЕМЕДІ… Өсек десе – бәрі де беттемеді, өсек десе – бәрі де жек көреді. Түсіп қалса өсектен көреді әкім, өсектен көрді есепші – жетпегенін. Сыналса ақын – өсекті тергейді екен, кір алса атын – өсек деп терлейді екен. Сол өсекті айтпайтын кісі ғана ештеңені өсектен көрмейді екен. 1967, 1982 ТЫҢДАП ЕДІҢ КҮЙІМДІ СҮЙІП, ТҮЛЕП… Тыңдап едің күйімді сүйіп, түлеп, бірте-бірте мен содан биіктедім; Түрім гипс секілді ед, сенің үшін алтын болып шықты ғой менің ішім. Сұлу емес едім мен – болып кеттім, батыр емес едім мен – жеңіп кеттім. Тыңдай-тыңдай күйімді жаныма ендің, көре-көре жүзімді көніп кеттің.
1967, 1982 ТҰРМЫС Көңілдің көзге шығып жарықшағы, су қосып керосинге, жағып шамын, шешеміз от тұтатып жылытатын, бір талын сіріңкенің жарып шағып. Жарытпады жабығып жаншылып та, кейісе шығатын тек даусы мықтап. Есімде, көп күлмеңдер деп ұрсатын, күлкі де өкінтердей таусылып қап. Қара шәлі жарасты өз басына, сенді ол тек сол шәлінің тозбасына. Жыласаң – жылама деп тағы ұрсатын, таусылып қалатындай көз жасы да. Тамақ жәйін сөз етсе... кейде, кенет кебетін таңдайымыз бейне кенеп. Ондайда отыратын, ойланатын, айтпайтын, бір ғажабы, сөйлеме деп.
Кей күні қап ұстасын – бір арлансын, Мейлі бір нан ұстасын – құмар қансын – қолдары дірілдейтін, ұстағаны таусылып запы еткеннен шығар бәлкім?! Еске алсаң – мұңаясың, білем мен де: бел байлап ед әйтеуір тіленбеуге. Байқасақ: үйреніппіз сол күндерден, сөзден өзгенің бәрін үнемдеуге. 1967, 1982 ХИКАЯ ...Ат шананың үстінде тұр топ адам, орын берді ығысып жұрт арадан – отырды әкем. Жүгіріп әжем үйден алып келді, есімде бір таба нан. Әлде бата, әлде ырым іспетті ме, көндірмек пе «құдайды» күштеп тілдеп? Кетік нанды ап кірді әжем үйге – әкеме шетінен бір тістетті де.
Содан әжем, жығылған есеңгіреп, ұрсып-ұрсып жұбатты шешемді кеп: «баланы еміз, бұзауға шөп әкеп сал, жұғын етпей жусаңшы кесеңді» – деп. «Жүрек бұрса құдайға – жай бұрмаған, пәнде басын тәңірім қайда ұрмаған! Тістелген нан ешқайда жібермейді, жібермейді – келеді, қайғырма оған. Ырым ғой бұл, алла бар, қалмайтұғын, нан жарықтық бақсы емес алдайтұғын, ерте болсын, кеш болсын қайтып келіп, тауыспақ ол осы бір нанды әйтеуір».
Келіп жатты майданнан... кетіп жатты... жаназаға, тойға да ел жетіп жатты. Жау қанша адым шегінсе жерімізден, сонша бала білмеппіз жетім қапты. Күте-күте жақсылықты одан-бұдан, мешел әжем жайғасты төр алдына. Қара шашы таусылып – қайғы қалды, семіп жатты сандықта ораулы нан... Жылдар өтті... Әжем де әлі бітіп, кәрілікті мезгілден алып ұтып. Сартап болды сандықта нан баяғы, ол да жатыр, қарашы, әлі күтіп. Үміт шіркін жақсы ғой – жанға жайлы, мен де күтем – оны әжем аңдамайды. Сенердеймін мен де оған – кетік нанға, ал, шынында нан бар ғой? Алдамайды!...
1967, 1982 ШАБДАР Жарыстың болса керек кәрі мықты – тұяқтар тасты шашып тары қыпты. Жеткенде нысанаға Шабдардың тек табаны қақ айырылып жарылыпты. Майданға кетті әкеміз. Содан қайтып, ат қалды «Шабдар жорға» бола алмайтын: Жорғадан – жүріс, бізден әке кетті, мезгіл құсап ізіне оралмайтын. Ал, Шабдар тұрды суып күні-түні, бір кезгі бәйгелері ұмытылып. Есімде, бұзау шапса да елеңдейтін, болды ма тұяқ үні – үміт үні? ...Арзан шақ – кез келгенге күле кетіп, Шабдарға «әзіл ойлап» – жүген етіп, әрнені сылдыратсақ: жалт қарап бір ышқына кісінеп кеп жіберетін...
ШАРАСЫНАН ЖҮРЕКТІҢ АРМАН АСЫП… Шарасынан жүректің арман асып кеткен кезде жас төгіп алған асыл. Көз жас үшін біреуден ұяласың, біреуге көрсетуге арланасың. Тар көрініп кең пейіл үй-іші бір, аз көрініп жарыңның күміс үні, жаныңменен алғашқы жылағаның, секілді екен алғашқы сүйісуің. Тиген шақта тұрмыстың балғасы дөп, жаншады екен бір сәтте бар қасірет. Алғаш рет кісіден көңілің қалып, танисың-ау өзіңді алғаш рет. Одан әрі? О, досым, сұрама әрі – домбыраңның құлағы бұралады: қайғыра алсаң, ол – сенің жұбанғаның, жұбанғаның – сезгенің күнәң барын.
1967, 1982 ШЫМ-ШЫМДАП СЕЗГІШ ЖҮРЕК СЫЗДАРДА ӨЛІП… Шым-шымдап сезгіш жүрек сыздарда өліп, маған – жылу, жар үшін ызғар болып, қолтықтап конспект, кітаптарын, тұрады біздің үйге қыздар келіп, Имене амандасып, иіп басын, сабағын әңгіме ғып, тиіп-қашып табақтан қос саусақпен шымшып татып, отырады жарыммен иықтасып. Атып бағам әзілмен, тілмен көздеп, жанады олар сөз сырын білген кезде. Жар отырар жалтаңдап екі жаққа, жатыр ма деп бір пәле күлген көзде. Қысыласың, сол сәтте сезім күшті-ақ, өз пиғылың алады өзіңді ұстап. Аға болып, әке боп, содан кейін отырасың кінәсіз сөзіңді ұштап.
Отырасың «сап, сап» деп, сүйіп барып өзіңді-өзің жатырқап, күйіп, талып; өз жүрегің еместей кеудеңдегі, өз көйлегің еместей иықтағың. 1967, 1982 ШЫНДЫҚ Дым өтпес ұлтанындай етікшінің, қояр ек сені, мықтап кесіп, тігіп, – күштінің шынтағындай көне киген сыймадың әр жерден бір тесіп шығып. Анда бардың – мінезің іш пысатын, мында келдің – күн езіп, түсті шашың. Қалтаға да сыймадың, қынсыз пышақ, немесе, секілденіп, ішкіш ақын. Сонда да саған түгел жаққымыз кеп, көңілшектің көзі еріп – қатты мұз боп. Ұнау үшін өзіңе жан ұшырдық, атамызға жүргендей ақтық іздеп.
Есепке де, өсекке ала қашпа от сыймадың, дау мен жанжал аралас боп. Иініңе түк ілмей осыншадан әлі күнге келесің жалаңаш боп. 1967, 1982 ШЫНДЫҚ Неге мұнша кешікті деп таңдана, ас пісіріп күтпе көп; жерім де көп бармаған, ісім де көп бітпеген. Кешікті деп қарама, ерте келсем – ол да сын. Жүрдім, рас, далада, үйде өзің болғасын. Кінә тақпа, құрсыншы, күттің, рас, күнімен. Ауырып қап бір сыншым, Көңілін сұрай кіріп ем. Күткеніңді – ар көрме, мән берме ондай-ондайға. Жалақысы бар жердің, Жиналысы болмай ма. Өкпелейсің несіне, ал, айтайын дұрысын: кетіскен бір досыммен табысып ем сыра ішіп...
1967, 1982 МЫНАУ ОЙДЫҢ ТӘТТІСІ-АЙ, ҚАНАР МА АДАМ… Мынау ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам, тым тәттілік таңдайды ояр болар. Үміт деген әдемі көбелек қой, қай жеріңе гүл өссе – соған қонар. Мынау, ойдың ащысы-ай, болар, болар! Тым ащылық... қайтесің, обал болар. Күдік деген Сауысқан, ал сауысқан қай жеріңде жара бар – соған қонар. Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап, жараң ашып, гүл тоңып жыпылықтап; бір жағыңнан көзді арбап көбелегің, сауысқаның бір жақтан шықылықтап. МЕЙІРІМ Даланың өзі ескерткіш өткен күнге, сондықтан көкірегі теп-теңбіл де: Шаттықтар – қурапты да шөппен бірге, қайғылар – шөгіп қапты төккен күлде.
Ерліктер – ерлік үшін есеп берме, артсаң – о да жүк болар есектерге; аңқаулық – жабылмайтын есіктерде, жалқаулық – жиылмайтын төсектерде. Достықтар – шық-тамшыда тұнып қалған, қастықтар – қураған бас күліп қалған; адалдық – армандарда, ал мейірім, мейірім топыраққа сіңіп қалған. 1967, 1982
БЕЛОМОРДЫ ШИЫРЫП… «Беломорды» шиырып, тіп-тік ұстап иығын, оқуға емес, фотоға түсетіндей киініп, күліп қана қабағы – сөздің іздеп иінін, жігіт бола қалады – ел баласы бұйығы. Қойнындағы дәптерін жаза-жаза өлең ғып, үйренеді содан соң сыраға ақша төлеуді. Жо-жоқ, сынап жатқам жоқ, – өзіміз де сол едік, стипендия алғанда қалушы едік кенеліп. Айырма тек: алғашқы жылдардағы ақын ұл, келе-келе сыншы боп «заказ» алар ақырын. Ақындық пен сыншылық – ақыл беріп қатырып, мұғалім боп ауылға аттанады ақыры.
1967, 1982 БІР СҮЙІНІШ СЕЗІНГЕНШЕ… Бір сүйініш сезінгенше, сол әлі жүрек байғұс арып-ашып болады. Анда-санда бір соғатын қуаныш, анда-санда бір келетін қонағым, келер болсаң – сүйінте кір, кір демеп, мен де сені мақтап талай кірген ем; келерде тек достарыммен бірге кел, кетерде тек қастарыммен бірге кет. 1967, 1982 БІР ТАҒДЫРМЫЗ… Бір тағдырмыз, қайғы арман ортақ бізге соққы да; бір қазыққа байланған екі жетім тоқтыдай, екеуміз де ынжықпыз, екеуміз де сенеміз, екі ұшындай бір жіптің бір-бірімізге ереміз. Бір тағдырмыз, дегенмен дауымыз бар не түрлі. Ұнатқан бір өлеңді екі оқушы секілді.
БІТТІ, БІТТІ БІРАЗ БЕДЕЛ ТҮСІРІП… Бітті, бітті біраз бедел түсіріп, түйсіксіздік – жанның арам ісігі, ол да кейде алаңқы боп, қинайды біреу тым «кем», біреу «артық» түсініп. Тауық сын-ды бір үйретсе қыт-қытқа қалмайды екен, алдайды екен жұрт мықтап: жыр жазып ем – бір танысым ұялтты «Статьяңды оқыдық» – деп, «құттықтап». Өнерге үлкен талап бар ғой, асылы барлық талап – талап емес, осыны ұқ. Құрекеңнің «Кішкентайын» шертсең сен, жігіттер бар: «Жібер, – дейтін, – қосылып». Рас, жан көп алатұғын ұғына, ой тоқтатар әр теңеудің ығына. Ал, кейбіреу қарайды екен алдымен мұқабаңның қатты-жұмсақтығына. Бұлай айту ащылау ма? Сен өйтіп аз нәрсені жазба дейсің кеңейтіп. Сені кей жан бұлдар, бірақ, біліп қой, кітап құнын тиражына көбейтіп. Қанша байтақ болғанымен, тапшы әлем Өлшегенге мұқабамен, ақшамен. Салмағың, шын, қатырмамен өлшенді, сатылмайтын өнер жасай бастап ең .. Жүрсің, әйтеу, айналайын түсінік, біреуді ит қып, біреулерді кісі ғып...
БҰЗЫЛМАСЫН ҰЯ БІР… Бұзылмасын ұя бір, туған ауыл, от басы; сол от басын қиял ғып біттің әбден, тоқташы. Ұя жақсы, тек онда балапан боп сыясың. Шықпас еді қырандар қия алмаса ұясын. БҰЛТТАР ҚАМАП, ШЫҢДАР ӘРЕҢ ШЫДАП ТҰР… Бұлттар қамап, шыңдар әрең шыдап тұр, неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Жапырақтар жұлынып тұр, құлап тұр, неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Күз аспаны сындырып тұр, сыбап тұр, - Неменеге мәз боп күлді бірақ бұл? Жас бұталар ебіл-себіл жылап тұр, Онда-дағы күлді мәз боп бірақ бұл?! Қарс айрылсын қара шыңдар қақырап бір, жылағаны былай тұрсын жапырақтың – мен түгілі, табиғаттың өзі де ойланта алмайды екен-ау, шын ақымақты.
БҰРАУ КЕРЕК, ҚЫЛБҰРАУ, СЫНАУ КЕРЕК ШЫҢҒЫРСА… ...Бұрау керек, қылбұрау, сынау керек шыңғырса, ауырмайтын жандарға тұмау керек тым құрса. Керек, керек ағайын, бәрі керек дер едім, ауыртуға кей басты дәрі керек дер едім.
ГҮЛ МҰҢЫ (Монолог) Тегі менің шын екен жаралғаным өзге боп, көрінеді екенсің сорың үшін көзге көп. Бәрі сені қызықтап жатқанымен, шын ұнап кетсең егер көңліне – қояды екен жұлып ап. Қызығушы көп екен болғандарға әдемі, қысқалығы ғұмырдың – сұлулығының әлегі. Танисың-ау жақсыны, ей, саусақтар, әмірлі, сипай ма екен маңдайдан жұлу үшін тамырды! Ғашық болса біреулер – оған да мен кінәлі. Айрылысса қос ғашық – мен тапталам табанға, қалса екі қас достасып – сақтанамын одан да. Сүйіп тепсе, немене – гүлім дей ме сол үшін, тиіп кетсе денеме дірілдеймін сол үшін. Толған сайын қорқамын – сенен келер немене, қонған сайын қорқамын көлеңкелер төбеме: нелер жеңіл бүгінде – азаң батқан секілді, төбемде – өмір, түбімде – ажал жатқан секілді... 1967, 1982
ДАЛА, ДАЛА, ДАЛА ҒОЙ ЖАТҚАН АСЫЛ… Дала, дала, дала ғой жатқан асыл, ала шықсақ бір жасап, боп қаласың; самалына сағына төсіңді ашсаң, дала құсап далиып мақтанасың. Көзің бәрін көңліңе құяр бояп, көргендерің кеудеңе сиярдай-ақ; бір төбеге шығып ап, бар даланы менікі деп саласың ұялмай-ақ. Қойны-қоншыңды аралап жиен-желі, ойнаған боп ақырын тиер келіп; қарт нағашы сықылды қауқыл қағып, мәз боласың сен бәрін иемденіп... Арқалай бер, арқала, жетер жүгің, қайратты екен бойың да бекем, мығым; үлкен күдік ойыңа салады-ау тек өзіңнің кіп-кішкене екендігің.
ДАҢҚТА ДӘМ БАР ДЕЙДІ… Даңқта дәм бар дейді, өзінше әркім гулейді. Аз татқандар: бал дейді, көп татқандар: у дейді. ДОСҚА ДЕГЕН СЕНІМНЕН АЙРЫЛМАҒАН… Досқа деген сенімнен айрылмаған, қасиетін жоймаған қайғыңда да, сараң берген тиындай сирек-сирек, сен ұқсайсың дәл маған, қайрымды адам. Көкейіңде көкшіл ой қатып мұздап, берген сертін жар құшып жатып бұзған, сеніспеген махаббат... сен де ұқсайсың сүйген жаны сырт берген, бақытсыз жан. Жүргендерге кінә көп қалам ұстап – бұл жолдарды оқушым жарады ұқса. Ауру адам көрсем мен ауырамын, үйткені ол тұрады маған ұқсап.
Өсірдік пе екеуміз мәпелесіп ақымақтық атаулының ата-енесін? Сен де маған ұқсайсың егізімдей, ғұмыр бойы жүрген жан қателесіп. Сен де маған ұқсайсың – мақтана алам, сен де маған ұқсайсың – мақтана алам. Салқындығың жағынан сен де ұқсайсың, тыным алып... табытта жатқан адам. Бәрің маған ұқсайсың. ұста, байла, жақсы ойларды басымнан шықсам айдап. Көңілдерің, қаупім тек, қалар деген өзім түбі сендерге ұқсамай қап. 1967, 1982 ДӘЛЕЛ КЕРЕК ҒЫЛЫМҒА – КІМ ЖАСЫРДЫ… Дәлел керек ғылымға – кім жасырды, қойны-қоншын архивтың сырлас үңгіп. Тым болмаса алдайтын бір ғасырды, шындық керек ғылымға – бұл да шындық.
Ал, ғылым шындық үшін керек екен; дәл осыған оқушым не дер екен: тірінің сену үшін тірлігіне, тіріні кейде өлтіріп көреді екен. 1967, 1982 ЕМЕС-АУ БҰЛ ЖӘЙ ТОЛҒАС, ЖӘЙ ЫРҒАЛЫС… Емес-ау бұл жәй толғас, жәй ырғалыс: сүю үшін туғандар тұйық халық, күйгенде де – күйеді сүйіп барып. Шыңға қонған бұлт сын-ды тиіп қалып, зор жүрекке қайғы да қайырлағыш. ЕРКЕСІҢ-АУ, ДОСЫМ СЕН… Еркесің-ау, досым сен, шүкір, күндеп көрген жоқпын ешкімді ұтып жүр деп. Түсе алмаған ғұмыры оқуымды,
асықпаймын, әрине, бітіргім кеп. Рақатсың, досым сен, Жүріс осы Бос деп ұқсаң – бір мықтап кірісесің. “Қайрат” жеңіп, “не зачет” алған күні, түк ойламай, тым құрыса бір ішесің! 1967, 1982 БІР СЫР АЙТАЙЫН БА, АҚЫН… Бір сыр айтайын ба, ақын, рас, саған ауыр бұл: қол создырған қымбатың қолыңда қас жауыңның. Басың бақыр тиын бір, рас, саған бұл да ауыр: босқа... босқа сиындың – алдап кетті «құдайың». Шын сыр айтайын ба, ақын, жіберші енді бүріп бір: ала алмаған қымбатың алақаныңда жүріпті. Басың алтын, ал, жаса, «алтын» ойлар жанбақшы. «Құдай» сені алдаса, сен «құдайды» алдапсың. 1967, 1982
БІР АЗАМАТ КЕЛДІ ДЕП БІЗ БІЛЕТІН…
(Калинин атындағы совхоз инженері Зейнұр Сейдеғалиевке.) Бір азамат келді деп біз білетін, ауыл барсаң көрсетер қызыметін. Бір сөзіне күлсең сен, одан сайын тырысады сөйлеуге қызық етіп. Өздерінше күлсең сен сақылдап-ақ, ағайынмен аралық жақындамақ. Үй иесі соған мәз; көрші-қолаң: келді десе алыстан ақын бала. Оңды-солды алдыңа сап тағамын, қысылтады сені аса баптағаны. – Бүгін мына төсті ұста, ырым болсын, ертеңге бар кемпірдің сақтағаны. Аға болып, қамқор боп, бауырға ала, өзіңе ептеп ұрсады – ауырлама; көргің келсе адал жан, биік жанды, аласарған кезіңде ауылға бар!
1967, 1982 "ШАҚШАБАЙҒА" ҚАРАП Сұйық алтын – талып тұрған арай ғой, Үйдің артын малып тұрған арай ғой, көргің келсе «Шақшабайдың» келбетін, күреңітіп күн батарда қарай ғой: әр тамшы су күміс болып ағады, әр кесек тас алтын бола қалады. Жомарт болмас, Жұмбақ болмас дәл мұндай Робинзон Крузоның аралы. Көкжиегі бірте-бірте алыстап; қарысады қолың сенің тал ұстап. Ақ қайыңдар көлді кешіп кетеді, көтеріп ап жасыл-торғын етегін. Жіңішке бұлт қызарады тілдей боп; бояушыдан әнтек кеткен міндей боп; шыңның ұшы – алтын киік аумаған, әу деп қалсаң – ырғып кететіндей боп.
Байқа, байқа! Мұнда қара, тұра қал, Хабаршысы шығар түннің сірә олар қап-қара боп, ағаштарды тасалап, ирелеңдеп келіп қалды жыралар!.. 1967, 1982 АЙТҚЫШ ДЕЙДІ БІР АСА… …Айтқыш дейді бір аса, әзілдері – жанар май; сұлу-сұлу құдаша, сүйіп-сүйіп алардай. Дастарқанда – тамада, тұрады-ау бір қыдиып, қыздар жағын бағалап, жігіттерге жымиып. Жымияды… Сонымен бәрі “оңдалып” жөнеді, бір қалыңдық жолымен он қалыңдық келеді. Той көбейер (үндеме), той соңында: о, құдырет, құшақ-құшақ гүлменен, альбом-альбом сүгірет. Түйеді ғой жұрт ойды, айтқаныңмен әзіл ғып: бітуі екен бір тойдың екіншісіне әзірлік.
1967, 1982 АЛАТАУЫҢ – АБАЙ ЖАЗҒАН ӨЛЕҢДЕЙ… Алатауың – Абай жазған өлеңдей, жаратылған мықты болып «өлердей». Қатып қапты тағдырына мас болып, «құдайына» не жалынбай, не көнбей. Ал, төбелер? Төбелер ғой – дау қанша, көгерер ғой қазан қары жауғанша. Төбе шығар асқар Алатауды сол қазақшадан орысшаға аударса. АПОРТ Шын піскендер осылай пісетін де: жасқанардай маңынан кісі өтуге; дауыстасаң қаттырақ – үзіле үркіп топырлап кеп алдыңа түсетіндей. Шым-шым өтіп күн шуақ піскен қызыл, кінә сын-ды қол салу, тіспен де үзу. Аш пейілдер ішіне – азаппен тең, тоқ пейілдер үшін ол – түстен қызық. Үзілді үні – ауада уылжып бір,
қызылдығын – көңілге жылу ғып тұр. Ауыз салудан гөрі, дәл мен үшін, көзбен жеуге ылайық сұлулық бұл. Бәрі де өсіп, піседі-ау ексең егер? Ойда піссе, осылай кексе келер: пісіп тұрған апортты көрген кезде жырдағы шикі жерің еске келер. 1967, 1982 БАЙҒҰС ДАЛА, БІЛМЕППІН ҒОЙ, КЕТЕМ БЕ… Байғұс дала, білмеппін ғой, кетем бе көп сырыңа көңіл бұрмай бекерге: көңіл кірің – қоңырлығың екен ғой, қоңырлығың момындығың екен ғой; көлгір желің – өпкен ерін екен ғой; көкжиегің – жетпегенің екен ғой; қаңбақ көшсе – қартайғаның екен ғой; қазан-сайлар ортайғаның екен ғой;
Қайран дала, білмеппін ғой, Алматыға кетерде қайырылып қараппын-ау бекерге: қурайлардың әндеткені жоқтағаның екен-ау, жал-жал болып шөккен құмдар тоқтағаның екен-ау; Бүлдіргендер – бал ұсынып, мені өзіңе балағаның екен-ау, қарақаттар – мөлдіреп бір қарағаның екен-ау. 1967, 1982 БАЛА БОППЫН… Бала боппын: бақ талап, ойламаппын ғұмырда; жалғыз ұлды қақпалап, өзіңді шын ұғуда. Бала боппын: көрдің бе, бата алмаппын дірілдеп, сенен өзгелердің де жақсы екенін білуге. Есейіппін: қызумен жүріп қалып кешқұрым, кешіккенде жүзіңнен бір суық сөз естідім. Есейіппін: бүгінгі қабағыңнан түсінген, және де... өз мінімді ойлай-ойлай ішімнен.
1967, 1982 БАР НӘРСЕНІҢ ДӘЛ БҮГІН – БОЛҒАНЫ ҒОЙ КЕШЕ ДЕ… Бар нәрсенің дәл бүгін – болғаны ғой кеше де, Мезгіл кесе шайқалса – толғаны ғой деседі. Бүгінгіні өшірмеу үшін жан сап – несі мін – ертеңгіден сұрасақ жалбарына кешірім. Қасы азайып өлгеннің, шығады екен досы үдеп, бас изейміз көндігіп, өмір деген осы деп. Кеткендердің өлік боп – бәрі дана десіп ек, кектегенің желік пе – естелік жаз есінеп. Шын таланттан Бақ пен Даңқ соң жүрсе егер уақыт қой. Бақ не керек талантқа – талант өзі бақыт қой? Іренжісең, ағайын, бір жиында ұрсып кет – жүр-ау біраз досыма сондай бақыт – қырсық боп. Жанып ұшпай тістен сөз жүдеп өлер, ішімде ой, осыған да кейбіреу жүре ме деп түсінбей; Бір кісінің ғұмыры дегеніміз: шынында Кеше менен Ертеңін арасындағы ұғым да. Бүгін жазған жырыңды өшірерде, бейлі ғып кешегіңді мақтайды – «кешіреді» кей жігіт. Көрер күнің көрші енді деседі де өшіріп, өлетінің ертеңгі – кешегіңе кешірім. Түбінде еркең ер жетер – береріңді шамалы бүгін берсең нең кетер – ертең өзі де алады.
1967, 1982 БАСЫҢА ОРАЛҒАНДА КҮЙ ТҰМАНДЫ… Басыңа оралғанда күй тұманды, өзіңнің тап болғанда сиқыңа әлгі, сезгенде көп биікті шөгіп кеткен, немесе көргенде бір күйкі жанды, жаныңда жадау ойлы әуен аунап, кірпіктен көңіл жасы құрғамай қап, көкірек ортайғанда, ей, Алатау, жақсысың-ау шағына бір қарауға. 1967, 1982 БЕЛ ОРАҚТЫҢ ЖАРҚЫЛЫ… ...Бел орақтың жарқылы көзді кессе, найзағайдай – елестей Ол – «итжығыс» тәртібін білмегендік емес қой. Бала болып, тәп-тәуір ойнап едік, әрине. Айыр, күрек саптауды бұрын білдік бәрінен. Бұзау бағып, лақ бағып «шаруа жігіт» саналдық: жүгірсек те, мақтан ғып шөңге өтпейтін табанды.
Желдеп кетсе бір ешкі шапалақ жеп – сый көрдік. Жасырынбақ, күресті кейін барып үйрендік. Ойын деген – әдемі, ойнамасаң – адамсың Шаруа біліп әуелі, ойнадық қой содан соң. Біз – осындай жандармыз; таң қаламыз тағы да: бала болмағандардың ақын болғандарына. 1967, 1982 БЕЛЕТ Қиын белет – бар жауың, құлатқанда бірер кеп, сенің қайғыра алмауың, – қуанбаудан білем деп. Бірақ кейбір «қатені» түзетем деп жүрмеңдер: Миғұлалар «екі» алып, «бестік» алса білгендер. Бәрін оқып, бірін тек үлгірмесең зорыға, суырғанда дірілдеп, сол ілігер қолыңа. Қол шыққанда барлығы сәттілік ап келетін. Қырсыққанда: барлығы оқымаған белетің.
1967, 1982 БӘРІН АЙЫРСАҢ БОЛАДЫ… Бәрін айырсаң болады, тек қана қайғы менен ақындарға тоқтама. Ол екеуін ажырату, есебі су мен сүтті айырудай деседі. Бірақ су да «күнелтеді» су болып, бірақ сүт те «күнелтеді» сүт болып; ал, қайғысыз ақын – белсенді емес пе, ақыны жоқ қайғы да бір өлексе. БОЛМАҒАН СОҢ МАХАББАТСЫЗ… Болмаған соң махаббатсыз. сүюсіз, өмір өссе – атамақсыз: тыюсыз. Қалай ғана тыйылады, ырғалған қыз бен жігіт күйіп-жанып тұрғанда. Жазғырасыз жанды-гүлді, түк ойсыз: махаббаттың мәңгілігін тілейсіз. Қалай мәңгі демек едің, бір жанға: айрылысу менен өлім тұрғанда.
1967, 1982 БІЗДЕ ҮШ ТҮРЛІ ПІКІР БАР… Бізде үш түрлі пікір бар, үш түрі бар – шүкір де, бірі: өзіңе айтылар – жырыңды тез бітір, бер; екіншісі: сен жәйлі айтылады басқаға, ал, үшінші: ешкімге айтылмайтын пікірлер. ЕСТЕЛІК Қарыса әлі сол соғыс ызғарлары, ол да сенен шығар-ау із қалғаны. Кеселер түгел сынып үлгірген жоқ, көнергенмен дастарқан сіз бардағы. Қыз-ойнаққа айналып сұқпат кешкі, қара етіктің табанын мықтап тестім. Төр төсектер бүтін тұр әлі бірақ, үйткені оған сенен соң шықпапты ешкім. Сіз бардағы біткенмен қазы, қымыз, көп аузында әлі жүр әзіліңіз. Кім біледі жығылмай тұрған шығар, бір жұртта ат байлаған қазығыңыз.
Домбыраң да сондағы бұрауында, ішекке қонған тозаңын тұр ауырлап. Сен мінген ат сүйегі қурағанмен, сені көрген кісілер жүр ауылда. Бәрі ескерткіш өзіңе тұнып тұрған, бәрі сені келеді ұмыттырмай. Жанды, жансыз – бәрі де сені айтады, әжем қайтсін келер деп үміт қылмай. 1967, 1982
ЖАМАУ Осы күні жыр жаздық, көйлек көк те, Әжім салды демеші бейнет бетке; бейнеті аз бүгіннің, көйлегі көп, іші пысқан жұрт қайтсын сөйлеп кетпей. Көп сөйлеудің өзі де қартайтады, сөйлемесең болмайды жарты ай тағы. Үндемеген соң бізді жақсы ағалар жас ақын деп, әрине, жорта айтады. Бір жалған ой іліксе сөйлеміңе, кішіреймес кінәдай дейді еліңе. Әрбір жаман жырыңа қынжыласың, жаңа жамау түскендей көйлегіңе. 1967, 1982 КІСІ БОЛСА КӨТЕРІЛЕР… Кісі болса көтерілер, биік деген жетеді: альпинисте екі өмір бар, екеуі де өтеді. Біріншісі: шыңды барып, құшу үшін кетеді. Екіншісі: мың бұралып, түсу үшін кетеді.
Әзіл сөзді көтеріңдер, айтсақ егер түйілмей: кей әкімде екі өмір бар, екеуі де қиын ғой. Біріншісі: жаңа орынға бару үшін кетеді. Екіншісі: сол орында қалу үшін кетеді. КҮН БАТТЫ, КӨТЕРІЛДІ ТҮТІН ҚЫҢЫР… Күн батты, көтерілді түтін қыңыр; қайда әлгі жапырақтың бүтіндігі: саудырап өрім-өрім бұталар тұр, диуананың шапаны сықылды бір. Жел қайда соғатұғын көлге қарап? Құшты самал шалғынды белден орап. Күздің жомарт екені рас білем – ағаштарға берді алтын теңге қадап. Сұйқыл тартып шикі айран-шалапша әлем, шұбырған бұлт бейне бір арабша өлең. Ай дөңгелеп аспанға шыға келді, жиырма тиын сықылды (жаңа ақшамен)...
1967, 1982 КӨЙЛЕК Көйлек кір-кір, қалайша кірлеу емес – тозғаны Шешем байғұс жамау сап, алатын бір қозғалып. Есімде жоқ қой менің, етік қалай тесілді. Есімде жоқ көйлегім, тек жамауы есімде. Өйткені ол баттиып көз алдыңда қалатын: қара жамап, ақ киіп – үсті-басың ала-құла болатын. Көйлек жуу... сергелдең – жамаулардың өрнегі; жуылғанын көргенмен, жайылғанын көрмедім. Қыстың мұзды суына түспедің не, түстің не: шылапшында жуылып, кепсе көйлек үстіңде. Көйлек тозғыш, қалайша жамалғаны – тозғаны: шешем тағы жамау сап Қоятын бір қозғалып. 1967, 1982 КӨТЕРМЕЙДІ КӨЛКУДІ, КӨБЕҢСУДІ… (Абай ескерткішіне) Көтермейді көлкуді, көбеңсуді,
қайратты ойдан өрілген өлең сырлы; қатал заманнан шыққан қайрымды жан, қара тасқа көктеген емен сын-ды. Дара туған тұлғалар, ең кемінде қалады екен ешкімге теңгерілмей. Осал ортадан шыққан мықты кісі, мықынсыздың буынған белбеуіндей. Қазналы жан алтынын төккен күлге, күл боп жанып кетіпті көппен бірге. Қараңғы елде жарқырап туған өлең, қара түнде маздаған отпен бірдей. Емен-дағы құласа – бетеге екен, дара туған тұлғаң да өтеді екен. Тек қана қараңғыда жанған оттың, жарығы тым алысқа жетеді екен. 1967, 1982 КӨҢІЛІМНЕН КЕТПЕДІҢ… Көңілімнен кетпедің, сенің көңілің мендей ме. Өкпелегіш деп мені, өкпеледің сен кейде.
Солай... білсең түсіне, пәлен екен деме енді. Ренжітпейтін кісілер ренжігіш келеді. КӨҢІЛІМНІҢ ЛЕКІТПЕСІ СЕКІЛДІ… Көңілімнің лекітпесі секілді, шідерімнің бекітпесі секілді. Отау үй боп құралғанда ең алғаш көрші берген кетік кесе екілді; қолға сеніп: «шап» дегенім секілді, жанға сеніп: «шат» дегенім секілді, тұңғыш ұлым, ең қымбатым, сенімім, тұңғыш жазған сәтті өлеңім секілді. 1967, 1982 ІЗІ – АППАҚ ТАСПАДАЙ… Ізі – аппақ таспадай, Ракеталар жүгіріп Шыққан кезде, аспанға ілініп қалар гүрілі. Одан гөрі... бір түрлі мына аспанға сиқырлы, жарасатын сықылды қарашаның қиқуы.
ӘЖЕ…
Әже, Әлде «жүрегің толып» кетті, әлде бір көңілсіз ой қонып кетті – Мені көрсең бүгінде, бар білерің жылау да емес, кемсеңдеу болып кетті. Әлде шаншу алды ма бүріп іштен, іше алмайсың шайды да бұрын ішкен. Тұра келсең – қаласың кездік құсап, ал, жантайсаң жатасың бір уыс боп. Алақаның сай-сай боп таңдай құсап, қарын, – қармақ болыпты, болмай құшақ. Неге қорқа қарайсың айналаға шірік бұтаққа ұялаған торғай құсап. Бір ауырлық әйтеуір санада тұр, қорқыныш пен уәйімді паналатып. Күннен-күнге еңкейтіп мына мезгіл қайда ғана әкетіп бара жатыр? 1967, 1982
ӘЗІЛ СӨЗГЕ БЕЙЛІ ҒЫП АУДАРАДЫ БӨСКЕНДЕ … Әзіл сөзге бейлі ғып аударады бөскенде – қазір төбе дейді жұрт, тау болады өскенде. Табиғаттың осы бір мінезінен үмітті, төбешік боп кішкене топ-топ етіп жігіт жүр. Қазір жаңа – бір кезде көне болған шығар-ау, қазіргі тау бір кезде төбе болған шығар-ау. Бірақ қарлы шыңдарды қалтыратқан талай бір, «төбелігі» Пушкиннің, «төбе күні» Абайдың. ӘЗІЛ Үйрегі жоқ; қонбаған қазы қайтып көл секілді көргенге аз ұнайтын ынжық жігіт шықты ілез шоқтық алып, күлдіріп ед бір қызды әзіл айтып.
Бола ма екен күлкісіз күйлі көңіл, күлдіре алсаң – бастығың да илігеді. Әзілі үшін ақылды бас кесілген, әзіл үшін бір сұлу сүйді мені. Әркім өзін қылжақпен тыңайтқалы әзіл сөзді қыздарға кім айтпады. Күлдіргенің біреуін әзіліңмен – екіншісін ғашық қып мұңайтқаның. Жүрген асыл емес бұл біз ғана ұстап, отырғам жоқ мен бәрін қызға нұсқап. Байқап тұрсаң, басталған жақсы әзілден махаббат та, ажал да, қызғаныш та. 1967, 1982 ӘЙЕЛ Үбектейді, үй-іші – көлденең шөп жатпайды. Столыңды жиысып, кітабыңды қаттайды. Келгеніңде даладан бәйек болып, біртүрлі көрінесің сен оған жүдеп қайтқан сықылды.
Бір жымиып ішіңнен, құс жастықты бауырға ап, Қырып қайтқан кісідей шіренесің ауырлап Ылғи солғын боп түрің көрінеді, күтіп кеп бәтіңкеңді кептіріп, балағыңды үтіктеп, жүргені ылғи тегістеп, бір кіріптар пендедей: Сен ішкенді – ол ішпей, сен жегенді – ол жемей. Әйел сондай. Кемдікүн шашын сипап, асын жеп, жүргендейсің сен бүкіл жақсыларға “масыл” боп. 1967, 1982 ЛЕКЦИЯ Жазса – қалам әрең-әрең жүреді, Жігіттердің біреуі – “ауру”, бірі – “өлі”, бірі күтсе мұғалімнің ауызын, қоңырауды күтіп отыр біреуі. Жо-жоқ, ұстаз, бұл зал – сенің үйіңдей, айтарыңды әдемі айттық – күйінбе. Айтушыға – бәрі ақиқат, бәрі анық, Тыңдаушыға, түсінесің, қиын ғой.
Ал, соңғы жақ залдың бұрыш – тұйығы: өлең жазып отыр біреу құйылып. Айтыматов оқып бірі, біреуі түртіп ойнап көрші қыздың бүйірін. Мың-сан арман – студенттер әлемі, Сусағанға – бәрі ғылым, бәрі өмір. Еңбекқорға – қазына ғой, қазына, жалқауларға – құтылмайтын бәле бір. 1967, 1982 МАҚТАНАТЫН АДАМ ДЕП, АТАМ ДЕП БІР… Мақтанатын адам деп, атам деп бір, салған ізі десек те жатар көп күн, дала саған болады көңіл айтса, қазасы үшін кешегі Махамбеттің. Барлық жүйрік бір туды, бір-ақ өлді, бір-бір аңыз әрқайсы «мұра» берді; дала, саған болады көңіл айтса, ажалы үшін кешегі «Құлагердің».
Сарқынды, сап ойларын ішіндегі тұрған шақта ел де енді түсінгелі... дала, саған болады көңіл айтса, кешегі өткен Мұқаңдар үшін де бір. Кеткен орнын бәрі де қоңырайтса... тарих-ата толтырар оны қайтсе; дала, саған болады көңіл айтса, дала, саған болады көңіл айтса!
1967, 1982 КИІМ ДҮКЕНІНДЕГІ ОЙ ...Тоқтады ақыр «костюмдер» деген жерге, жүрген жандай кеудесін өлең кернеп: бірін өлшеп кең деді, бірін тар деп, үшіншісін шығарды төмендеу деп. Таппады ма шынымен мықты киім, бірі – жылтыр, біреуі – түкті бұйым, нашар екен матасы деді, бірақ «кең» менен «тар» аузынан шықты жиі. Әрнені бір көсеу-қол көседі көп, пұлың болса талғамың да өседі үдеп. Бірақ маған өзге сыр тіл қатады, екі түрлі бетіндей бір матаның: кең деп кейіп іздегенше алас ұра, кең костюмды алмай ма ағасына, – үлкен бешпет қымбаттау шығар бәлкім? Жо-жоқ, ол қарамады бағасына. Тарды көрсе тарта ма салқын іші, тар деп неге айтады болса інісі, «кеңді» ағаға апарса, «тарды» – ініге, базаршының емес пе алтын ісі? Түк болмаса дүкеннің толғаны да, сай келмесе киюге, қолға алуға, «кеңді» киер ағасы, сыймай жатса шешіп берер іні жоқ болғаны да. Оңда мұндай ой жоқ деп өршеленбе; «тарды» алар ем бір іні берсе мен де... Кіндіктен жалғыз жандар кінәшіл ғой, бәр-бәрі тек өзімен өлшегеннен. 1967, 1982
КЕҢДІК Кім келмеді бұл жерге, кім кетпеді. Тозған арқан секілді ірмектеліп. ұмыт қапты іздері, Кейбірінің өзі қапты тарихқа бір бет болып. Дастарқаны көңіліндей толы ортаға кінә тақты талайлар, тағар тағы. Кір жаулығын әжемнің жамандапты, қымызына қызып ап Сарыарқаның. Талайлардың күн сорып бетін қызыл, бесіктерден алыпты отын бұзып. Пушкин ғана қия алмай аттаныпты, Тарас қана терегін отырғызып. Талай достар елпілдеп келді, білем, талай қастар еркіндеп енді, білем. Соның бәрі бабаның ерлігінен, соның бәрі даланың кеңдігінен.
1967, 1982 ЖАН КЕШПЕГЕН КӨЛ СҰЛУ… Жан кешпеген көл сұлу, жан баспаған қыр сұлу, қайыршыға – бәлсіну, қайраттыға – күрсіну; қатыбасқа – нәресте, қайрымдыға – арамза; ашылған соң – бәрі ескі, ашылған соң – бәрі арзан. 1967, 1982 ЖАТАҚХАНА Шалқасынан ашып тастап есікті, үш-төртеуі дауға басса бөсіп бір, кеше кештен қайтқан бірі көңілді айна алдында үш тал мұртын есіп тұр. Таңдайына тәтей салған құрт ұнап, ақ көңіл дос күліп жатыр жыртыла. Ауыл исін білдіреді бұрқырап, ілінген тор терезенің сыртына. Әдемі ғой – тым шулылау десең де, сабақтан да кетпес мұнда есең көп: кітап ашық жатады ылғи төсекте, оқу дегенді ұмытуға кесел боп.
Жатақхана – тамаша жер: сен де аса сене алмассың көңілсіз деп алдаса. Стипендия алған күндер, тек қана, қаңырап бос қалатыны болмаса. 1967, 1982 ЖАҒА АЛМАДЫМ КӨБІНЕ… Жаға алмадым көбіне, жайында адам басқа келсе жақпас ой – уәйім маған. Тек жарыма жақтым мен, жақтырды ол: мақтап едім тамағын дайындаған. Маған көп жан жақпады, жақпады әлі, осы күннің есігін аттағалы жарым ғана жақты тек, жақтырдым мен соңғы жазған жырымды мақтағалы. Мақсатымыз «кең ойлап», «қиыр кешіп», түсініссең түйеді бүйір несін. Біздің үйде «жұмысын» жүргізеді, «Кулинария-әдеби» үйірмесі.
ЖАҚСЫ ДЕСЕ – ЖЫЛЫНЫП ЖҮРЕК ЖІБІП… Жақсы десе – жылынып жүрек жібіп, жаман десе – жұлынып бірер жігіт, мінімізді өзіміз мойындаған өзге біреу көрсетсе – ренжідік. Ақтарыла қап кейде қақырап кеп, сындық кейде шөлмектей шатынап кеп. Ақымақтық жасаппыз алпыс түрлі, көрінбейік дегенде ақымақ боп. Бәрі жора бұлданбақ, ісінбекке, айқай салдық бізді жөн түсін деп те. Адалдықтан тайқыппыз кейде өзіміз, арам болып көрінбеу үшін көпке. Жігіт атын тұтқанмен көрпе қылып, асы біткен аяқтай төңкеріліп, қызартыпты бет-жүзді бояудай ғып, нені мықтап жасырсақ – сол көрініп.
Жақсылығың не керек бір жанбасаң, жамандығың не керек бір жанбасаң, жамандығың үшін бір жасымасаң, жақсылығың үшін бір бұлданбасаң?! 1967, 1982 ЖИНАҚ БІТТІ… Жинақ бітті; жуықта «мезгіл-әуен» бітпейді. Оқушы дос, ұмытпа, келген жерді бүктеуді. Тағы оқырсың; ақтарып табарсың да нашарын. Бір кітапты жапқаның – екіншісін ашады. Соңғы беттің түйгені, соңғы сөзі деп пе едің: келетұғын күндерім – оқылмаған беттерің...
ЖУРНАЛИСТ Біреуді ізгі дегеннің өзі де ізгі ой... Ол жәй адам кәдімгі өзіміздей. Жазғаны да сонша бір елеулі емес, газеттерден қалсаңыз сөзін іздей. Тұнса-дағы тың тіркес, ой салалы, әр жазғаны жатпайды той саналып. Оның үшін бар құрмет жетіп жатыр летучкада арқаға қойса қағып.
Таңертеңгі жазғанын кеш күдікпен оқиды өзі – Не бопты, ескіріп пе? «Есерден де жақсылық шығад – дейді ол, бірақ оған қарау жөн естілікпен». Сүрінгенді дем беріп, демей келіп, бүлінгенді теңгеріп, теңейді өліп. Жақсы сөзін себуге көмейдегі, жақсы адамның қалайды көбейгенін. Адал жандар, таныстар қимас қылық – пішенші мен қойшының сыйластығы... Әккі жемқор әкімін алдына ұстап, сылт-есепші сылтауын жинастырып қарбаласар; тың тіркес, ой салалы, туып қалар, ойлауды қойса-дағы. Оның үшін бар құрмет бітіп жатыр летучкада арқаға қойса қағып. Жазып кетті... Ілікті.... Шатады деп, кейде арыз артында жатады үдеп. О, бейнетқор, бақытты бауырым менің, еңбегі бар – лаузым, атағы жоқ!
1967, 1982 ЖЫМЫСҚЫ ЖАУ ОЙ ОЙЛАП ЖАТТЫ ЖАМАН… Жымысқы жау ой ойлап жатты жаман, тізесі емес, ниеті батты маған. Саған сеніп, көк мылтық, тыншымадым, саған сеніп, күрегім, таптым амал. Неден қорықса адамдар, менен де әрі, соған жау боп шығыпты – сене алмадым. Ерлігіммен талайды жауықтырып, елдігіммен қорқытып келем бәрін. Қаһарлы жау жеңілді – ісі қалды, қара бұлттар шегінді – сұсы қалды. әлі бірақ біреулер жүрген-сынды шекарамның осалдау тұсын аңдып. 1967, 1982 ЖІГІТ КЕТТІ ЖАРАЛЫ… ...Жігіт кетті жаралы – кінә арттыңдар несіне: әр қызға бір қадалып қарайтыны несі деп.
Семья тозды ішінен жүр ол да өзін табалап.. көйлегі тозған кісілер матадан көзін ала ма. ЖІГІТ СӨЗІ ЖЫЛЫ ТИСЕ ЖАНЫНА… Жігіт сөзі жылы тисе жанына қыздың тыңдағысы келер тағы да, ойламайды сол жігіттің бір кезде жалтақтарын өзге қыздар жағына. Сыпайы емес, рас, бәрі бір ыңғай, қайсыбірі жүре алмайды «ұрынбай» – қыз таң қалар ыстық сөзін жақсының, жаманның да айта аларын ұғынбай. 1967, 1982 ЖҮРЕ ТҰРШЫ… Жүре тұршы, пұл болғанша бір малың, өлімді ойлау – не берер, жүре тұршы, үйленгенше ұлдарың, есейгенше немерең. Қопарылсаң тым ерте дауыл күнгі емендей, ұл-немерең күні ертең, «әжем қайда» демей ме?
Не айта алам, ұл – ынжық, не бере алам енші етіп; Отырам ба күмілжіп, суретіңді көрсетіп? Қарау керек «обалға», немереңнің бата – емі. Керек шығар оған да, бір «шүйке бас» әперу?.. 1967, 1982 ИМЕНШЕК СӘУЛЕ ЖҮЗІП ЖҮР… Именшек сәуле жүзіп жүр, жәй қысылатын сықылды. Жайнайды келіп қызыл гүл, қайғысыз ақын сықылды. Қайыңдар сұлу, сұрама, толысқан белің емес пе? Қарайып қапты жыралар – қамыққан көңіл емес пе? Жылжиды Тобыл жарқырап, арманды да болар-ау: ұлылардың артында қалған мұра болар-ау. Бұталар ойдан сызбай түк, бықсып-ақ тұрған шығар-ау, мені ұнатқан қызды айтып сыпсыңдап тұрған шығар-ау.
КЕЙ СӘТТЕРІ СЕМСЕРДЕ ДЕ – ҚҰР АТАҚ…
Кей сәттері семсерде де – құр атақ сыныңды ел семсер ғой деп жүр атап. Семсер болса – жігіт ұстар семсерді, сол семсерге шабуылда рақат. Найза деп те атайды жұрт түрленіп, сондықтан да біразымыз сүймедік. Найза болса – жігіт ұстар найзаны, көсеу ұстап күйбеңдеген қай залым?! Табылғанда білектілер тағы бір шоқпар дейді енді біреу қағынып. Шоқпар болса – жігіт ұстар оны да, таяқ ұстап жүр біреулер сорыма: семсер бүгін май-тот болып налытты, қию емес, қайзалау бар – анық бұл. Барымтада жоғалыпты шоқпар да, жігіт аты – Махамбетте қалыпты. Дау бола ма ақынында жігітте,
жара салса қайзаламай, тіліп тек: жылайсың ғой: өнеріңді үміт деп, құлайсың ғой: өлеріңді біліп кеп! Айтайықшы астарланбай, ұрланбай, арамызда ақылдылар жүр қандай! Кей сын сізді мең-зең етер, найза емес, құм толтырған кенеп қаппен ұрғандай. 1967, 1982
КЕШТІҒҰРЫМ ЕКІ ЖАН ЖҮЗІП БАҚҚА…
Кештіғұрым екі жан жүзіп баққа кіріп келді гүлді ұстап, қызықпаққа. Қызық тапқан жан үшін гүл-бақ егіп, бұлар тапты рақат үзіп, таптап: Жас жігіт жанын салды – қызулы еді, гүлдер тұрды алдында үзілгелі. Лақтырды біреуін ақ деп алмай, енді бірін тым ерсі – қызыл деді. Отырды олар майсаны жаншып, басып, бір-біріне еріндер талшық тасып. Жұлды тағы бір шоғын мөлдіретіп, (кеткендей боп көрінді жер дір етіп) қолын созды бойжеткен үлгірмеді – қарт бағбан ақырып келді жетіп: – Неғылғаның жатқаның бүйір малып, асырайтын шөп беріп сиыр ма қыз... – түтін болып шал тұрды... (қарындасым, артық айтса айыпқа бұйырмаңыз). Намысты еді жас жігіт – ашу бар-ды, таспен ұрып бағыбанның басын жарды. Қан боп қалды кәрия, әлсіз қолмен жинап жатты гүлдердің шашылғанын... Кетті екеуі тағы да жүзіп баққа, Нені ұқпаса – дәл соған қызықпаққа. Гүл өсіріп бағыбан таяқ жесе, бұлар тапты рақат үзіп, таптап. Жалба-жұлба болды ала – қираған ба, әрең тұрды кей гүлдер қиралаңдап. Жігіт жүрді серігі асыққанша, гүлдер қалды үгіліп, жасып қанша... Бүлінумен ақыры бітеді екен сұлулыққа топастық ғашық болса. 1967, 1982
МЕЙМАНДОС Ауыл барсаң «Волга» мін – үйлеседі, «Волга» міну қонаққа сый деседі. Ағып келсең алдыңнан әже шығар теріс киіп кебісін, кимешегін. Кісі келді, мезгіл жоқ кідіріске, асыққанға болады бұрылыс көп – сүрініп, бірін тастап, бірін істеп, кетеді үй маңы кіл жүгіріс боп. Қонақтан жасырған боп «кінәлі ісін», келінге інішек келер су алысып. Қарт кетер теріс қарап пышақ қайрап, – қалады жымың етіп бұған ішің. Жолшыға керек, сірә, сый да мұндай, хақың бар мықтылығыңа илануға, қақ төрге қисаясың қасиет боп, сол үйдің мейманы емес, «иманындай»
Жанынан сезіліп бір аңсау бары, әңгімесі – секілді ән салғаны: ақсақал қойын әуел сойып алып, сұрайды ат-жөніңді сонсоң барып... Бір үйдің өзің енді күтімдісі, көсем жігіт, көңілі бүтін кісі кеуде хош, мықтысың да мықындысың.. Босаған көп шөлмекті көрген кезде қонақ емес, шапқыншы сықылдысың. 1967, 1982
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру