Ақын азамат. Сценарий
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Алматы, 1954 жыл
БІРІНШІ БӨЛІМ
Биыл Асан жетіде, Үсен бесте. Екеуінің де беттері, аяқ-қолы күнге мейлінше күйген. Асанның көйлек-дамбалы бар. Үсен тек көйлекшең ғана.
Егін ішіне кірерде Асан інісіне қайта-қайта айтып келді:
— Піскен.бидайды ғана аламыз. Сен тиме! Мен білем, мен басын ғана үзіп алам.
— Ия, мен қайтем? Әжем маған да тер деген.
— Сен танымайсың дейім, болмайды ғой өзі.
— Маған сен көрсет, піскенін алам.
— Жоқ дейім, ал ендеше мен сені ендігіде ертпейім. Саған айтайын ба, сен етегіңді ұста... мен үзіп алам, ал сен етегіңе сал, жинай бер, Үсентай, жарай ма?
— Жарайды ендеше! — деп, екеуі енді келісіп, биік бидай арасына ептеп басып кіріп кетісті.
Осылардай кішкене ұлдар мен шолақтұлымды қыздар, қатардағы егіндерде де, бүгінге ас болатын бидайларын теріп жүрген. Дәркембайдың Рахымтайы да қол дорбаға егін басын жиып апты. Бар бала бірге қайтқанда, дорбалары, етектері немесе шешіп алған қамзолша шапаншалары толы азық әкелді. Жүздерінде ырзалық бар. Осындайлық ойынмен, олжамен көп ұсақ баланың тобы Тайлықпай құдығында отырған өздерінің көп үйлі жыртық, қоңыр ауылдарына тақай беріп, бір көрініске тегіс таң қалысты. Ауылдың жанында салқар ұзақ көштей созылған, тіпті көп арбалар тұр.
Рахымтай өзге баладан бұрын аңғарып, бір жайды айтып қалды.
— Ой, балалар! Мынау қазақ емес. Ойбай, орыс! Әне орыстар. Мәтүшкелер де жүр! — деді.
Өзге балалар да енді байқады. Аттары доғарылған екен.
Бірталай арбаның үстінде дүңкиген шатырша қаптау бар. Көп арбаның сыртында қалың сақалды, ұзын шашты аталар, әкелер көрінді. Рахымтай мен Асан, Үсен және кішкене қыз Жамал — төртеуі обоздың қасынан өте берді. Осы кезде алдыңғы арбаның астында көлеңкелеп жатқан бір егде тартқан орыс мына балалар әкеле жатқан бидайды көрді. Орысшалап:
— Бұларда бидай бар, қандай өседі екен! Балалар, тоқта, бидайды көрсет! — деп еді, балалар сөзін ұқпады. Крестьян түрегеп, балаларға тақай берді. Мол сақал-шашы будырап, бурыл тартқан басы-беті үлкен орыс балаларға аса жат, қорқынышты көрінді.
Асан "қашайық!" деп еді. Үсен мен Жамал "Бізді ұстап алады" деп жылауға айналды. Өздерінің жылдам жүгіре алмайтынын ойлап шошынды. Бірақ жаңағы үлкен орыс мына балалардың қорыққанын көріп, жылы ұшырап күліп келеді.
— Постой, ребята! Бидайыңды көрсет! — деп келеді... Рахымтай енді есі кіріп қоса күліп:
— Өзіміздің бидай! — деді.
Жүргінші орыс бұларға "тоқта" дегендей бет белгі етті де, арбасына бұрылып, беркіне салып көп сухарь әкелді. Ақ нанның сухарьы екен. Балалар бұны көріп, шалға енді үлкен сеніммен қарады. Шал Үсеннің етегіндегі бидайдан бір уыс басты алды да, соның орнына сухарьды төгіп берді. Қалған үш балаға сухарьды тегіс үлестіріп жатыр. Балалар қуанып күле бастады.
— Сендерге сухарь, ал мен бұл жерде биыл бидай қалай шыққанын көрейін, — деп, бидай бастарын қос алақанымен үгіп тұр. Осы кезде балалар жүре беріп еді, енді бір-екі жалаңбас картаң әйелдер арбаларының астынан шығып, балаларға:
— Сють, сють бар! Сють бар!? — деп қазақшалап сүт сұрады. Олардың да қолдарында жарым қалаш сухарь бар. Енді айырбас жайын аңғарып Рахымтай мен Асан:
— Сүт бар...
— Біздікінде, әжемде сүт бар.
— Жүр, сүт бар... әне ауыл! — деп Рахымтай мен Асан өз ауылдарына шақырып тұр. Әйелдер ере бастады. Алдыңғы әйелдердің жол тапқанын көріп тағы бірнеше шешелер мен кемпір әжелер нандарын, сухарьларын алып ере бастады.
Ақыры бір топ әйелді жас балалар бастап, өздерінің көп үйлі аулына әкеле жатыр.
Әйелдердің артынан жаңағы бидай алған шал мен тағы бір крестьян ерді. Бұл ергендер осы обоздың басшылары. Алғашқы бурыл шаш — Афанасьич, қалған екеудің зор денелі, балуан кеуде сары мұрттысы — Федор, екіншісі, кішілеу денелі, өткір шүңірек көк көзді, түксиген қабақты ақ бас шал — Сергей.
Балалар бұл топты ертіп келе бере үйлеріне, әке-шешелеріне:
— Сүт сұрайды, мына кісілер... нан береді...
— Сукәр береміз! — дейді. Әже, сүт беріңдер! — десіп шешелерін шақырып, жүгірісіп жүр.
Ауылда үйлер көп. Азын-аулақ сүттерін алып шыққан әйелдер, кемпірлер жаңа келген орыс әйелдерімен араласып жатыр. Орыс әйелдерінің ішінде зор денелі, әжімді, қайратты жүзі бар, қолы, кеудесі еркектей кесек, орта жасты шеше бар. Оның өңі өзгелерден гөрі күнге көбірек күйіп, қара тартқан. Өзін барлық обоздың әйелдері "Мать Дарья" деп сөйлейді. Өзге әйелдер атынан сол Дарья қазақ әйелдеріне еркін сөйлесіп, сухарь-нан беріп, сүт-айран алдыра бастады. Ақылды, салмақты жүзі бар Дарья бір жағынан қазақ кемпірі Иіске, тағы сондай қартаң әйелдерге орысша қалжың айтады:
— Менікі — сенікі, — деп қазақшаламақ болады. Иіс пен Базаралының әйелі Өдек және Дәркембайдың әйелі Жаңылдар күлісіп, жылы ұшырап сөйлеседі. Олар: "Сүтті тегін ал — қонақсыздар!" деді.
Кейбір орыс әйелдері ақша шығарып еді, Жаңыл күліп, екі қолын сілкіп, басын шайқады.
— Керек емес, ақша керек емес!.. Біз сәудегер емес... Ал!.. Мә сүт! — деп тегін беретінін білдіріп, қолындағы шүмекті шелегінен бір топ әйелге сүтті өзі құйып берді. Ақшаны созған қолды қайта итерді, әрі басын шайқады.
— Жоқ, жоқ...
— Қарашы, өздері кедейлер... Ал ақша алмайды. Бізді қонақ деп тұр. Киргиз қонақты жақсы көреді... Солай ма? — деп, Дарья Жанылға және соның істегенін істеп жатқан кемпір Иіске, Өдекке де өте ырзалық көрсетіп тұр.
Ере келген еркектер де Дарьяның сөзіне бас изеп, мақұлдап қалды. Бірақ бұл еркектердің үлкен жұмыстары бар еді. Афанасьич күліп тұрған Жаңылға кеп, шала қазақшалап жөн сұрады:
— Ауыл қазақтікі мужик бар?
— Не дейді, мына кісі? Ұққаның бар ма? — деп Жаңыл күліп, дағдарып тұр.
— Осы, еркектерді сұрап тұр ғой деймін! — деп Өдек тапты.
Афанасьич оны мақұлдап бас шұлғыды.
Енді осы еркектердің керегін ұққан әйелдер үйде ауру Базаралы барын айтты. "Ол орысша да сөйлеседі" деп ойласты. Абылғазы, Дәркембайлар да осы ауылдың бір үйлерінде болу керек... Соны да еске алысып, әйелдер де еркектердің атын атай бастап еді. Бірақ енді бұлардың арасынан Өдек басымдау ажар көрсетіп, Афанасьич пен өзге екі еркекке қарады да, қолын бұлғап шақырып:
— Жүр!.. Мұнда жүр! Еркек бар! — деп ерте бастады. Үш крестьян Өдекке еріп Базаралыныкіне кеткенде, жанағы Дарья бастаған әйелдер және де өзге арбалардан ыдыстарын алып келген, жас балалары бар аналар, әжелер осы ауылдың бар үйлерін жағалап келеді.
Дарья әр есіктен қарап, көп әйелді ертіп, тәжірибелі көзімен нашар күйлерді танып жүр.
— Қандай жалаңаштар... Үйлері жыртық... іштерінде өңшең шоқпыт, киім де жоқ, бұйым да жоқ, — дейді. Кейде от басында құр бидай қуырып отырған шешелерді, жас қыздарды көріп: — Тамағын қарасаңшы, жалғыз бидай, — деп, бас шайқап келеді. Қазақ әйелдері Дарьяның атын қолма-қол өзгертіп, Жария қойып алды. Дарьяның сөздерін орыстың өзге әйелдері қостап сөйлеп келеді.
— Бір тамшы май да жоқ.
— Бұлардың сүттен басқа тамағы жоқ.
— Аш болу керек. Ал өздері ақша алмайды.
— Киргиздің деревнясы ғой бұл. Сорлы жоқшылық деревнясы! — десіп, әр әйел Дарьяны қостап жүр.
— Біздің Пензадағы деревнялардың жоқшылығындай.
— Дәл біздегі аш-жалаңаштың үйі! — деп, Дарьяға бойы тақау, бірақ одан да балғын, балуан денелі Фекла қатқыл үнмен кесігі сөйледі. Әлдекімге қарғыс айтып жіберді. Дарья да бағанадан бас изеп, ойланып келе жатыр еді.
— Ит кедейлік, бар жерде сенің сұмырай тұмсығың біреу-ақ!.. — деп, қасындағы әйелдерді ащы мысқылмен күлдіріп қойды.
Базаралының үйіне жаңағы орыстар ғана емес, сол ауылдың еркектері де жиналған: Дәркембай, Абылғазы, Қаңбақ, Тоқсан, Жұмыр да осында. Бәрі де бөгде қонақтарды қоршап алып, жапырласып отыр. Базаралының ауруы бар. Сарайы, кеудесі сау, бірақ белі бастырмайды. Қазір кеудесін көтеріп, орыстармен соқалап сөйлесіп, Дәркембайларға да сөз арасында қазақшылап түсіндіріп отыр. Афанасьичтің атын сұрап, оны "Апанас" қойған. Базаралыға Апанас өздерінің бір үлкен қиыншылығын айтқан.
— Семейден шыққанда теріс жолға түсіп кетіппіз. Бізге үлкен трактыға, бекет жолына барып түсу керек. Соған жолды біліп, бізді бастап баруға кісі тауып беріңдер. Біз оған ақы берейік, соны тауып беріңдер! — деп сұранған.
Осыны білген соң, Дәркембай:
— Я, кісі табамыз, береміз... мына отырған Қаңбақ әзір бос қой... Егінге орақ салғанша оралып келеді, барсын, — деген.
Каңбақта қарсы болмаған соң, үш жүргінші ырза болып, Қаңбаққа беретін ақылары туралы келісіп алды.
Енді Дәркембай бұлардың қайдан шығып, қайда бара жатқанын білгісі келді.
— Кода пойдом? Апанас, а-а!? — деп еді, Афанасьич түсіне қалды.
— Семирек... Семирек едем!..
— Бұ Семирегі қайсы?.. Ақирек. пе? — деп Дәркембай түсінбей, көршілес Сыбан қонысының бірін атады.
— Лeпca, Лепса! — деп Сергей түсіндіре түсті.
Базаралы енді аңғарып:
— Лепсі, Лепсі, Шұбарағаш, Қапалды айтады.
— Да, да, Қапал... Капальск, Лепса, Қапал.
— Е-е, Жеті-су! Түу, жер түбі екен ғой, қайдан келеді екен өздері? — деп Дәркембай әлі де біле түскісі кеп отыр. Базаралы бұл жөнді сұрағанда, Афанасьич қолын алысқа сілтеп жауап берді.
— Россия, Россейские!.. Мен Пензадан! — деп, — Федор мен Сергейді көрсетіп: — Тамбов! — деді.
Базаралы ішкі Россиядан, тіпті алыстан көшіп келе жатқандықтарын ұғындырды. Дәркембай олардың екі айдай көшіп келе жатқанын білген соң, басын шайқап, ойланып отырып тағы сұрады:
— Неге көштіңдер? Туған-өскен жерің емес пе? Атамекен қонысыңнан қандай зорлық айдады екен? — деп таңданып отыр.
Апанас бұл сұрауды ұққанда алақанын жайды.
— Жаман болды онда... Аш болдық.
— Жер тар болды ма? — дегенде, Апанас бас изей түсіп, өз халдеріне сәл ызамен күле түсті.
— Кімдерге жер көп, біздерге жоқ болды.
— Сонда қанша жерлерің боп еді? — деп Базаралының өзі сұрап еді.
— Жер мына алақандай! — деп, бір алақанын жайды. — Ал жоқшылық мынау менің зипунымның үлкендігіндей! — дегенде, Базаралы Апанастың сөзіне сүйсіне күлді.
— Көрдіңдер ме, не деп отырғанын!.. Жер алақанымдай, жоқшылық шапанымдай болды, — дейді...
— Алда сорлы-ай! Қалай келістіріп айтты!
— Сөз-ақ, ау! Жоқшылық деген сол-дағы! — десіп Абылғазы, Тоқсандар тегіс қостап қалды.
Апанас тағы да мысқылды жүзімен:
— Ал беда... Сенің мынау үйіндей! — деді. Базаралы тағы қостап күліп:
— Ал бастағы сор одан да үлкен, мынау сенің басындағы үйіндей болды, көшпей қайтейік! — дейді.
Тыңдаушы қазақтар Апанастың ақылына таңдай қағып тамаша егісті.
Дәркембай Апанасқа үлкен сеніммен, жылы шыраймен қарады.
— Бәсе, "Арқада жыл жақсы болса, арқар ауып несі бар?" деген екен ғой.
— Айтайын деп отырған өзі ғана емес, дәл, тіпті өзгенің де жайы ғой! — деп, Қаңбақ бас шұлғып отыр.
— Шын-ау! Бізде де сол емес пе?
Тоқсан да құптады.
— Бізде тек жер көп те, еккен егін алақандай, ал жоқшылығы мен соры өзімізге күнде таныс мойындағыш қой!.. — дейді.
Базаралы Апанасты қатты ұнатқан жүзбен қарап отыр еді.
— Сорлы, ердің тұқымы ғой... шыннан аумайды. Көзін ашып көргені сол, енді қайтсын солай демей. "Жетіскен елдің ұл-қызымын" деп жалған көкіп қыңыратқымайды той!.. — деп біраз отырды да, бір байлау жасады. Онысын әуелі Өдек пен Дәркембай, Абылғазыға арнап айтты.
— Айдауда жүргенімде орыстың нан-тұзын көп татып ем. Әсіресе осындай жоқ-жітіктің үйінен жәрдем көріп, ас ішіп, елге қашып жетіп ем. Алыс сапардағы мүсәпірлер ғой. Мұңы мен сөзі дәл өзімдікі тәрізді. Осында Өдектің бір жалғыз марқасы бар еді. Шанда бір қонаққа соярмын деп ем. Қазір соны сойып, осы жолаушыларды қонақ етейікші. Абылғазы, соны сен алғызып, сойшы! — деді.
Жұрт үнсіз мақұлдады. Өдек бұл кезде шай қойып жүр еді. Базаралы Апанастарға енді асықпай отырып қонақ болуды айтты. Олар бастарын шұлғып, қайран бола отырысып, ырзалық айтты. Базаралы және екі сөз айтты. Әуелі Апанаспен ақылдасып, осы обозда отыз үй келеді екен, соның шалдарынан тағы бес кісіні шақырды. Оларды Федор барып ертіп келетін болды. Және Тоқсан, Қаңбақтарға қарап Базаралы:
— Бұларға егіндеріңді көрсетіңдер. Біз жер тырналаған болмаса, егін еге білеміз бе? Қалай сеуіп, қалай жыртудың да әдісін сұрап қалыңдар! — деді.
Базаралының үйіне қонақ боп шыққан Апанастар, барлық тобымен егін басына барды. Оларға егіндерін көрсеткен Дәркембай мен Абылғазы болатын. Крестьяндар арасында жер сырын, егін мәнін аса жақсы білетін Сергей, бітік егінді аралай жүріп, бас шайқай береді. Апанас та шала жыртылған, әсіресе кесек қалған, малаланбаған егін тұсында қолына үлкен томар балшықты алып, Дәркембай мен Абылғазыға көрсетеді.
— Джаман!.. Джалкау! Сендер джалкау! — дейді. Күліп тұрып бас шайқайды. Турашыл кесек мінезді, алып денелі Шодыр қоса күліп, Абылғазыны бүйірден түртіп қойып, жерге түкіреді. О да Апанастың бір сөзін ұқпаса да, қайталай берді.
— Джаман... джаман!.. — деп келіп: — Чего там джаман!.. Плохо! Aй, как плохо сеете! Бить тебя надо, Абылғазы! — деп, Абылғазыны иықтан сілкіп қояды.
Орыстарға егінді көрсетіп жүріп кеш бата бергенде, атына мінерде Дәркембайдың өзі Ой құдық жақтағы жақын жотаға түсіп еді. Сонда Кіші Қасқа бұлақ жақтан осы жақын адырға қарай жайылып шыққан жылқы көрінген. Дәркембай сол жылқыға барды. Мал ішінде жүрген көп бақташы көрінбеді. Тек бір ғана балалау жігіт — күндізгі жылқышы бар екен. Соған:
— Шырағым!.. — деп Дәркембайдың көп айтқаны: — Мына жақын жерде көп кедейдің болымсыз егіні бар. Аз күнде орақ салғалы отырмыз. Түнде жылқышы ұйықтап қап, қалың жылқы егінге түсіп кетіп жүрмесін. Осыны бар жылқышыға айта гөр, жарықтығым! — деген.
Ал жас жігіт кешкі суға жылқыны жапқанда,бұлақ басында отырған бар жылқышыға және Әзімбайға да Дәркембай тілегін айтып берді. Әзімбай сазара түсіп, қайта сұрап, әр жайды түйіп отырғандай. Біраздан соң түнгі жылқыны өзі өргізіп, өзі билеп, бар бойдақты қайтадан егіндік жақтағы қырқаға қарай бұрғызды. Ымырт жабыла бере он шақты шоғыр қалың-қалың жылқылардың соңынан Әзімбайдай боп, қастарына бірді-екілі жылқышыны ертіп, бай ұлдары да шығысты. Бұнда Ақбердінің Мұсатайы, Майбасардың өзіндей дәукес Ахметжаны, Өсердің бақырауық Мақасы, жас, қызба бас Ақылпейісі, Таңшолпаннан Елеусіз дейтін барымташы, ұры бар. Осындай оннан аса жас жуан Ырғызбайлар өздеріне тілсіз шоқпар, сойыл етіп жүретін атқосшы-жылқышыларын ертіп шығыпты. Әзімбай кешелер өзі де жалғыз шолып, егінді көріп қайтқан. Енді түн жарымы тақағанда бар жылқыны өзі әдейі ысыра түсіп, сол қалың егіннің тап орта тұсына тақап әкелді. Тәкежан үйінің мыңын бастайтын күрең қасқа айғыр пысқыра түсіп, өзінің қалың үйірін шұбыртып, жүре шалып барады. Өзге жылқы топтары да, бар айғыр үйірлері де дағдысы бойынша күрең төбелге ере бастапты. Күрең төбел болса алдынан леп тартқандай, жақсы жайылым барын сезіп, жерге бас салмай ентелейді. Осыны жылқы алдына шығып аңғарған Әзімбай, барлық мырзалары мен құрбыларын, жылқышыларын шақырып алды да:
— Ал, жігіттер, енді аттан қонып, сабыр табыңдар. Осы арада әңгімелесіп жатайық! — деп арам күлкімен жаман ниет сездірді.
Бір ғана жас жылқышы:
— Е, мына жерде егін бар ғой, обал ғой! — дей берген еді, Әзімбай оны боқтап салды.
— Жат оттамай! Біреу егін егеді деп біреудің малы өрістен айрыла ма? — деген.
Даңғой Ахметжан мен бақырауық Мақа да әлдекімді боқтап жатыр.
— Жер тырмалаған боп, ата-бабамыз істемеген кәсіпті тауыпты! — деп Мақа кірісті.
— Елдің сұрын кетірді осы бір жатақ деген сұмдар! Өздерін түртіп көшіріп жіберу керек екен, — деді Ахметжан.
— Е, е, бір-екі рет еңбегін еш қылса, "итше жер тырмалап жаман ырым бастама" десе, өзі де көшеді, — деп Әзімбай, атынан түсіп жайланып бел шешіп жатыр. Өзгелері де осының ісін істей бастады. Аттарын тізгінінен қаңтарып қойып, шылбырларын жастанып, тегіс жатыса бастады.
— Көшу емес, босуға да түсер, ұясын ойрандаған арадай құжынар өңшең мұжық! — деп Ақылпейіс әрі боқтап, әрі ыржаңдап қояды.
Әзімбай бұны сүйсіне қостап, оның соңғы сөзін қайта-қайта еске алды. Бұлар осымен дәл осы жатыста ең үлкен сұмдық істеп жатты. Ал жылқы ше? Жылқы болса жайшылықтағы момын жазықсыз жануар,сондай асыл қасиет малы!.. Қазір өздерінің ендігі сипаты даланың өрті... меңіреу апаты, тілсіз жауы есепті болғанын білер ме еді олар! Міне, енді мың тұяқты, сан мың тісті жалмауыз обыр айдаһар болып созылыпты, қара шұбар қыбырымен бүкіл өңірді басып, егіндікке қарай тақады. Сол жеміт айдаһардың жарқыраған жалғыз көзіндей боп, күрең айғырдың мол қасқасы, айқындап жарқырап келеді. Әлі де ен алды сол. Барлық мың жылқылы қалың көпірді жиырма жер егіндікке жалпағынан әкеп, бастап кеп араластырған да сол күрең қасқа айғыр болды. Өзге шөптен сызаты көп, түн шағында әрі салқын, әрі қалың көкшіл бидай мол жылқының ту биелерін де, тай-құлыны, байталын да түгел қызықтыра тартты. Қаскөй иелері қаптатқан қара шұбар қалың пәлесі қазір тіпті әдейі ұрланып, өшігіп кіргендей. Бірде-бір айғырлар да, тайлар да кісінемейді. Оқыранып осқырмайды да. Тек жиі-жиі пысқырысып, мынау жайылысқа жеткендерін жылқылық сыбырларымен құптасқандай.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Ерте оянған обоздар енді аттарын жегіп алған, жүріске даяр боп қапты. Қаңбақты күтісіп тұр. Ал Қаңбақ. болса, таң атысымен өредегі атын іздеп ауылдан жаяу шығып еді. Егін жақтағы белге шыға бере, бар сұмдықты көріп жібергенде, жалғыз өзі ойбайды сап зар қақты. Осы кезде ерте оянып, бидайды көздеуге шыққан Дәркембай қарсы келеді екен. Иіс сияқты төрт-бес кемпір-шалдар да егіннен таңертеңгі шайға бидай басын тергелі қозғалған-ды. Солардың тобы ауылдан сытыла бергенде, алдарынан бақырып айғайлап, құстай ұшып келе жатқан Қаңбақты көрді. Болған сұмдықты бар сорлы бір сәтте түсінді. Енді аз уақытта бұның бәрі боп шулап, ауылға жүгірді. Барлық мол үйлі үш ауыл бір кісідей тысқа жүгірісті. Балалар да ояна жылап, шешелерінің етегінен ұстап, қайғыны сезіп қарбаласа, қақтыға зарлап жүр. Тынымсыз қарғыстар, қатты айғайлар, дауыс салып жылаған, ызалы үндер ауылдың үстін анық шабынды сағатындай дүрліктірді.
— Қырылғырдың малы!
— Төбеңнен ұрғыр қаскөйлер!
— Өртеніп өл, Ырғызбай!..
— Тұқым жұрағатың жылап өтсін, өңшең бай!
— Көз жасым жібермесін, қас-дұшпан!
— Жетімдердің зары соқсын!
— Жау! Жау ғой мынау!..
— Қастың ісі ғой бұл сұмдық! — дескен зар мен ыза ауыл ішін тегіс кернеді.
Базаралыға Дәркембай мен Қаңбақ Абылғазылар да осындай ашу наламен жеткен еді. Қазір Базаралы жол жүретіндей киініп алыпты. Бірақ тұра алмайды. Өзі аппақ боп сұрланған. Әлі аузынан шыққан бір ауыз үн жоқ еді. Тек қана тыстағы аналар мен балалардың, қамырыққан әкелердің зарын ғана тыңдап, жер төсегінде жүз төңкерілген.
Енді бірнеше басты еркектер кірісімен, ашулы ақылына мініп:
—Уай, қарғысыңнан қан құссын қас-дұшпаның! Сорлы елім! Соры қайнаған бейнетқорым, өңшең!.. Жетті, жетті зарын! Жә, ес жи түге! Есіңді жи, Абылғазы! — деп, бірнеше Абылғазыдай соқталы жігіттерді аңдап, соның бәріне енді әмірлі сөздерін шапшаң айтып кетті.
— Жылқысы егіннен шықпай тұрып, қазір ғана жүген-ноқта, арқан-баумен барыңдар да, таңдап-таңдап жүріп, тура отыз құр атын ұстап әкеліңдер. Өлген де бір, тірілген де бір бүгінгі күн... Не аянар жан қалды? Жиырма жер егін алпыс үйдікі еді. Әр жерім бір жарым аттың құны. Отыз ат дегенім сол. Алпыс үйдің екеуіне бір аттан. Осыны ұстап отырып айтысамын. Және қазір осы істің арты жанжал ма, төбелес пе, келеді ғой бар пәлесі. Сонда мінетін көлігің. Бар жөнел, осыны істеп келмесең, ел емессің, — деді.
Дәркембай да бұл сөздерді түгел қостады. Сонымен, енді бір шай қайнатым ішінде, айтқанындай, отыз құр ат кедей үйлерінің босаға-босағасына кеп байланып қалды. Дәркембай тынымсыз жүріп, сол аттың бәрін ерттеп те қойғызды. Әлі ауыл үсті шу-айғай. Кемпір-шал, бала атаулының дауыстап жылауына, қарғауына толы болатын. Бағанадан бұл ауыл үстіне орнаған шу мен әлекті түсінбеген және Қаңбақты ұзақ күткен Апанастар енді Базаралынікіне келіп, барлық жайды біліп алды. Біразда бүкіл обоз еркек-әйелі түгелімен мынау кедей, дос-жар қонағуар ауылға орнаған сорды білді. Оларда да қатты жанашырмен аралас өте жігерленген ыза оянды.
Базаралы "потраба" дегеннен-ақ оның берген бұйрығын Федор қатты қостаған.
— Потрабаның жазасы бұдан да қатты! "Мал иесі байларды соттау керек!" — деп, Апанастар көргендерін айтып, тегіс обоз боп қол қойып, куәлікте жазуға байласты.
Осымен, аз уақыт өткенде ауыл үстіне қалың салт атты қаптады. Олар: Әзімбай, Ахметжандар бастаған бай-мырзалар мен атқосшы-жылқышылар. Білектерінде сүйреткен сойылдары бар. Түнде, қызыл іңірде... ұйқыға әдейі кеткен бұл топ, күн шыққанша тұрмай жатқан. Тек алғашқы оянған Мақа, егін үстіндегі жылқыдан қалың шоғырды ұстап әкетіп бара жатқан жатақтарды көргенде ғана бақырып, "Аттан!" салған-ды. Әзімбай сол арада барлық қолын атқа қондырып жіберген. Жақын маңда жатқан басқа Ырғызбай ауылдарының жылқышыларын да тез шақыртып алды. Сөйтіп, жиыны қырық шамалы қол болды. Енді шоқпар-сойылды кезеніп алып, кедей ауылға кесір салмақ боп, анық мол пәлені іздеп келеді. Ауылға жеткенше қатты жүрістерін де бәсеңдетпеген. Әдейі бұл елді басынып, айбын көрсетіп, жасқанта жетпек. Шеткі ауылға жете бере Әзімбай ат үстінен ақырып әмір етті:
— Әй, жатақ! Кімің бар? Шық алдыма! — деді.
Бұл ауылда Абылғазы, Дәркембай мен Қаңбақ, Тоқсандар бар еді. Солардың басы көріне бере Әзімбай тілге, сәлемге келмей жатып айғайлап бұйрық етті.
— Босат! Тегіс босат жылқымды! — деп зіркілдеп тұр.
Үйде ауру Базарлы бұл үндерді естіп жатыр, бірақ тысқа шығар дәрмен жоқ. Тістеніп, қиналып орнынан қозғалғысы келсе де, белі жылжытпайды. Зығыры қайнап отыр. Мырзалар тобы ауылға келе бергенде:
— Потрава жасағандар келді.
— Бұлардың господалары әні!
— Жүр керейік, естиік! — десіп, Апанас, Федор мен шал Сергей үшеуі осы ауылға қарай аяңдаған.
Дәркембай Әзімбайға жауап айта бастады:
— Жау істемейтін істі істеп, қыруар аштарды ұлардай шулатып не болды? Тіпті, құба қалмақ заманы, шабынды болса, бұдан бетер қастық етер ме еді? — дей беріп еді, Әзімбай мен Ахметжан, Мақа, Елеусіздер жан-жақтан зекіре ақырып кетті:
— Сен жаулық етпей не істеп тұрсың?
— Ұйықтап қаппыз, айыпты ма екенбіз.
— Жылқыны не деп қолмен аласың?
— Кімді басынасың?
— Малда тіл жоқ, айуанмен бірге айуан болдың ба, түге. Босат!
— Сөзді доғар, босат жылқыны! — деп, шетінен сызданып, сұрланып ап тепсініп тұр.
Абылғазы бір сөзді бастап:
— Есе бересіңдер ме, арыз айтқызасыңдар ма, жоқ па? — дей беріп еді:
— Мә, саған есе! — деп тұрып Әзімбай қамшымен бастан тартып жіберді.
Абылғазы оның қамшысынан ұстай алып, бір-ақ сермеп жұлып алды. Өзіне сілтей беріп еді, осы кезде қызба бас Ақылпейіс бұны сойылмен салып кетті. Сол-ақ екен, төбелес бастала берді. Дәркембайға да қамшы жауып жатыр. Әр үйдің есігінен қарап тұрған қатын-бала азан салды. Абылғазы мен Дәркембайдың қасында болмаса да, әр үйдің тасасында аттарын әзірлеп, құрық-сойылдарын белдеуге қыстырып тұрған көп кедей бар еді, солар бір сәтте Абылғазының "аттан!" деген жалғыз айғайын ести бере сарт-сарт атқа қонып, жау топқа қарай:
— Ұрып таста!
— Ұрып таста! — деп қаптап қоя берді.
Абылғазы өзіне қаптаған сойыл мен қамшыдан әуелі басын қорғап, жалт берді. Аттыларға ұрғызбай, үйлер арасымен бұлтақтай қашты. Осы кезде жаңағы жігіттер айғайлай шапқылай шығып, Әзімбайларға тап берген-ді. Абылғазы ұшып отырып, ауыл ортасындағы өз үйіне жете бере, тасада тұрған Тәкежанның қара төбел атына қарғып мініп, белдеудегі қара шоқпарын қағып іліп, айғайды салып, Тәкежан аулына қарсы шауып шықты. Ағызып барып, жау тобына араласып кетті. Шоқпарды оңды-солды соққылады. Жігіттері атқа мінгенімен, жау тобынан аз екен. Жау қырық шамалы болғанда, бұлардың бары — жиырмадан артық емес... Дәркембай соққыға жығылып қалып, оны басынан аққан қанымен Өдек зорға көтеріп, үйге кіргізді. Жаралы Дәркембайды көргенде, Базаралы:
— Ә, құдай, бұны көрсеткенше, қор еткенше, жанымды алшы менің! — деп еңбектеп ұмтылып, есікке талпынып барады. Өдек сүйеп тоқтата беріп еді:
— Тарт, жұлқысып өлем жауыммен. Әпер шоқпарды! — деп, керегеде көлденең тұрған шоқпарды жұлқып, сүйреп ап, есіктен айғайлап:
— Қыр! Жой! Өл қолында, өшіңді ал! — деп ақыра шықты.
Соққы жеп, басы жарылып, енді үйде, төрдегі керегеге сүйене жантайып, қарт жүзі қуаң тартқан Дәркембайдың қасына Рахым жүгіріп келеді. Жылап жіберіп, әкесін құшақтай алып, аймалап, сүйемелеп жатыр. Дәркембай өз қасына баласы шырылдап келгенде, есін тез жиды. Жарасына бойын билетпей, қайраттанып алды.
— Қарашығым, жылама, шошыма! Түк те етпейді, — деп, Рахымтайды басынан сипап, бауырына басты.
Төбелес ауылдың үстінде. Есік алды, қораның ортасы — бәрінде де шарт-шұрт майдан жүріп жатыр. Аттан домалап жығылып жатқан жаулар да, жатақтар да бар. Айғай мен егес!
— Қайтпа! Қайтпа!
— Айрылмас! Айрылмас!
— Өлтір, жой! — деген үндер жаулар жағынан үдеп-үдеп шығады.
Базаралы ұмтылғанда, есін жаңа жия берген Дәркембай Өдекке ақырып:
— Ұмтыл, анаған ер! Сүйей бер! Мені таста! — деген. Тыста жауға жете алмаса да, шоқпарын үйіріп, жатақтарға ақырып, бұйрық беріп тұрған Базаралыны енді Өдек құшақтап сүйей берді.
Дәл осы кезде ел де, жау да күтпеген бір соққын араласты.
Апанас пен Шодыр айғай салып, бар обозға:
— Доғар атты!
— Айда көмекке! — деп бір-ақ бұйырған... Сол-ақ екен, барлық крестьяндар аттарын шапшаң доғарып жіберіп, көпшілігі жалма-жан жетектерін суырып-суырып алысып, жайдақ аттарына міне-міне шабысып шыққан.
Обоздағы Дарья, Фекла сияқты қатындар кешегі кедей үйлердің әйелдері мен балалары шулап жатқанын көріп, қолдарына балта, күректерді, айырларды алып жаяу ұмтылысқан. Апанас өзі де атына мініп, жетегін көлденең ұстап шапты. Федор бұдан бұрын жалғыз құйықтырып кеп, Абылғазыға қатарласа бере, жауға ұмтылды. Бұны Ақылпейіс иықтан салып өте бергенде, Федор оны білегінен бір салып қалды. Асыға ұрды. Сойылмен төбелесудің жөнін де білмейді. Қазақтың жырыңды сойылшылары бас пен білек, тізені көздесе, бұның ондай тақыспен жұмысы жоқ. Тек кез-келгенді белуардан көстите береді. Бір Ақылпейіс болмаса, өзге ұрғандары ат үстінен тымақша ұшып, домалай түсіп жатыр. Қазір енді Апанас пен басқа көп крестьян да соғысқа араласты. Ауыл үсті қыран-топан. Орыстар аздан соң, "Ура, ура!", "Ур-ра" деп, үлкен соғыстағы сүрендерін салып, білек құрыштарын енді жазып келеді.
— Уә, тілеуің берсін!
—Айналайын орысым!
— О, жолың болсын!
— Бала-шағаң игілігін көр! — десіп, байлары соққы көрісіп жатқан қатындар, шешелер бақандарын сермеп жүгіріп тыста жүр.
Дарья мен Фекла және тағы бірнеше батыл крестьянкалар бұл кезде ауыл ортасына жетіп, қазақ қатындарының ішіне араласып кетіп, бақандарды алып, ұмтылысып жүр. Тұстарына келген жақсы киімді жауларды жонынан ұрып қалысады. "Анчихрист!" — деп Фекла, "Окаянные звери" — деп Дарья, соғысқа әбден қызып алған, қорқу жоқ. Бір кезекте, осылардың екеуінің арасынан шапқылып өте берген бақырауық Мақа Фекланы сойылмен салып жіберді.
— Ах, сукин сын! Анчихрист! — деп, Фекла шап беріп, Мақаның атын ауыздықтан ала түсті.
— Айрылма... а-с!.. — деп бажылдай берген Мақаны Фекла жалғыз қолымен аттан жұлып түсірді. Мақа құлағанда да "айрылмастан" жүр. Бірақ Фекланың қатты сілкуімен шалқасынан сұлап түсті.
— Эх, сукин сын, барантач! — деп тұрып, бұның бажылдап жатқан шағында, Фекла өзінің жалаңаяқ табанымен қақ басқа теуіп-теуіп жіберді.
Осыны көрген қазақ қатындары сүйсініп:
— Шоқланы қара!
— Ойбай, Шоқланы қара!
— Ауызға тепкілеп жатыр... — десіп шулап жүріп, сүйсінгенінен күліп те жіберісті.
Өзінің әжесіне тығылып, табалдырықтан соғысқа қарап, жылап тұрған кішкентай Үсен де Мақаның масқарасын көріп еді.
— Шоқ! Ал, бәлем, шоқ! Шоқ! — деді.
Иіс кемпір Шоқлаға да ырза боп, кішкентай жетімегінің тіліне де сүйсініп, үні өшіп қатты күліп тұр.
— Айналайын Шоқла! Ұл-қызыңның игілігін көр!.. Өлде маған! — дейді.
Осы кезде қораның ортасына құлаған жаулардың бірнешеуін орыс әйелдері мен қазақ әйелдері қамшымен сабап, төбелеп жүрген. Крестьяндар араласқалы Әзімбай тобы соққы жеп, тайқи бастады. Ендігі төбелес дәл Базаралы үйінің тұсына жеткен. Абылғазы мен Шодыр, Апанас тізе қосып ап, оншақты мырзалармен қарш-қарш ұрысып тақай берді. Сонда Базаралы бар пәрменімен айғайлап:
— Жой, жаныңды сал! Қапта, кедей! Бей! Бей собак! — деп, жұлқынып ақырды. Дегеніндей, осы тұсқа өзге жатақ жігіттері де қаптай ұмтылды. Дәл Базаралының бұйырғанындай, жатақтың шоқпарлары мен обоздың жетектері Ырғызбай мырзаларына мейлінше майдан берді.
Осы ғана бір сәттің өзінде ауру Базаралының қан қоздырар айғайын ұққан намыскер егіншілер мен шодырлар анық бес мырзаны ұшыра-ұшыра домалатты. Осылардың құлағанын көрген соң, Әзімбайлар енді анық сырт берді. Соны сезіп, тағы өршелене ұмтылған Абылғазылар, енді бір қаптағанда, жаны аянкес мырзалар ауылдан сытыла берді. Шодырдың білегі жаңа қызып алған еді. Ол тура Әзімбайды көздеп ұмтылып жүр. Бірақ ананың аты жеткізбей, бұдан сытыла береді. Қазір Шодыр тағы соны бетке алып тебініп, ұмтылғанда, Әзімбай анық қашуға беттеді. Өзге тобы да азайып қалған қалпында, жөңкіліп жөнеліп барады.
Шодыр мен Абылғазы көп қуды. Бірақ жаулар жеткізбеді.
Осы күн ішінде Апанас пен Базаралы ақылдасып, барлық обоз адамдарының кедей елге болысқан бір мол куәлік қағазын жасады. Ол "потрава" турасындағы куәлік-акт. Осындай заңды көмегін тағы көрсеткен переселендер көп қолдар қойылған мол қағазды Базаралыға әкеп табыс етті. Енді барлық үш ауылдың еркек-әйелдері, бар баласы шұбырып келіп, жүргеншілермен ұзақ-ұзақ қоштасты. Екі жағы да бір-біріне көп-көп алғыстар айтысып, қимастан айрылысты.
Осымен кеш бата обоз жол тартты.
Енді бай ауылдардың тыныш қоймайтынын ойласқан егіншілер шұғыл кеңес құрып, екі түрлі байлау жасады: алдымен қаладағы ұлыққа крестьяндардың куәлігін қосып арыз жолдайтын болды. Бұл арызбен осы түнде, қалаға араласы бар, пысықша жігіт Серкеш жөнеледі. Екіншіден — Дәркембай мен Абылғазы қазір барлық жайды өз ауыздарынан білдіру үшін, Абайға баратын болады. Осы байлау бойынша екі тарапқа кісілерін аттандырып, кедей ауыл келесі күнді күтіп қалды. Дәркембайлар келгенде, Абай аулы кешкі асын ішкен жоқ еді. Әйгерімнің үйінде Абай, Мағаш, Дәрмен — үшеуі ғана отыр екен. Қонақтармен амандық айтысып болған соң, Әйгерім асжаулық жайғызып, қымыз сапыртты. Абай қатты қиналып, тыныштық ала алмады. Бір ауық көптен бойын меңдеген ел қайғысына кетеді.
— Өмірді неден бастасам, әлі сол орында тұрғандаймын. Залым жауызбен алысқан сайын, жеті басты жыландай. Бір басын шапсам, тағы біреуі туады. Өткені ме осымен қу өмір? Жұртым деуге ұялудан арылам ба, жоқ па?
Әкесінің өзгеше қапаланған күйін естіген Әбіш, Абай отырған оңаша үйге әдейі жалғыз келіп еді.
— Аға, бұл жолғы жауыздық та, жауыздық-жасаушы да қақ қасыңыздан шығып отыр. Ол бірге туған ағаңыз істеген қиянат, жыртқыштық болғандықтан, сіз ұялып та қиналасыз! — Абай Әбдірахманнан сүйеніш ақыл, көмек тосып қадала қарады.
— Жатаққа тиіп отырғандар әдейі сізге де тиемін деп, осыны істеп отыр. Солай емес пе?
— Рас айтасың.
— Ал, сіз ғой "көп халыққа қосылдым" деген жолыңыздан аумайсыз? — деп, Әбіш жауап тосқандай іркіле беріп еді...
— Аумаймын, қайтпай өлемін! Осы менің арманым мен сертім...
— Ендеше, сол жолда батыл іске бекініңіз!
— Қалай ет дейсің сонда, мен де сойыл алып атқа мінейін бе?
— Керек болса соны да істеңіз, тіпті! — деп Әбіш аса нық байлам айтты. — Мұндай жауыздық, зорлық. өзіне қарсы шыққан батыл қайратты көргенде ғана жасқанады. Базаралы, Дәркембайлар соны бастап қойды.
Абай осы ақылды шын мақұлдады.
Сондай күйде отырған Абайдың үстіне Дәркембайлар келген еді. Абай бұлармен өте қысқа сөйлесті. Ендігі бар сөз қатты берік қайратқа мінген жігерлі, тартыс сөзі.
— Қазір ас ішіп, үйлеріңе қайтыңдар. Ертеңгі күн бастарыңа не пәле келсе де, бар қайратым мен білгенім сендердің жолыңда. Мен сендердің қасыңнан табылам. Сөзім осы-ақ! — деді.
Дәрменді жатаққа бірге аттандырып, қасына екі-үш жолдас жас жігітті қосып берді. "Ертең сәскеден әрі қандай тың сөз бен іс болса, бәрін маған кісі шаптырып жеткізіп отыр" деп бұйырды. Кедей ауылға Ырғызбайдан Ақберді келді. Қасында бес жігіт бар. Оның да сөзі қысқа, қатал бұйрық болатын.
Ырғызбай жиыны әмір етіп отыр.
— Не бүгін кешке шейін, ұстап алған жылқыны түгелімен әкеліп, аяғымызға жығылсын! Болмаса ертең сәскеде тұрысатын жерін айтсын. Бар Ырғызбай атқа мінеді. Тек аулының үстіне барып тұрып, шаңырағын ортасына түсіріп ойран саламыз! — депті.
Ақберді Базаралының үйіне кеп түскен еді. Дәркембай мен Базаралы, Абылғазы — үшеуі оңашалап ақылдасқан да жоқ. Сөзді Базаралы билеп сөйледі.
— Пәлені бастаған мен емес. Ал сол пәле келіп жалмай бастаған соң алысқаным рас. Жылап өлмеймін, өлтірсең де, қырсаң да жағаңа жармасып өлем! Өзім іздеп бармаймын. Ал ізденіп келсін, келіп көр!
Бұл сөзді естісімен Ырғызбайлар тағы шапқылап түні бойы қол жинады. Енді Ырғызбайлардың түнгі әрекетін естігелі, Абай қатты қимылға басты. Өз қасындағы Ербол, Ақылбай, Мағаштан бастап, бар көршілерін жиғызып алды.
— Тұр, барыңдар. Осы маңдағы бар кедей ауыл, есесіз көптің бәр-бәріне менің атымнан сәлем жеткізіңдер. Қазір түн бойы, ертең ұлы сәскеге шейін тайлы-таяғы қалмай, жатаққа жетсін. Онда жете алмағаны менің ауылыма, менің қасыма жиылсын. Ырғызбай көп пе, ел көп пе? Танытайын мен оларға! — деді.
Айтқанындай, осы түнде бар жігіт жан-жаққа шапқылып тарасты. Сол түннің таңы қылаңдағаннан бастап Ойқұдық, Кіндікті, Қорық, Шолпан, Ералыдан — жан-жақтағы бар қоныстардан кедей атаулы жатақтарға қарай созылды. Мұнда ат мінгендер де бар. Әсіресе түйеге, өгізге мінгескендер көп. Бірақ барлық жұпыны киім, сұрғылт жүдеу жүзді азаматтың қолында шоқпар, сойылы. Жатақтардың жасағы ойда жоқтан осылай молая берді. Бұны істеп отырған Абай екенін білгенде, Базаралы ауруын да сылып тастағандай болды. Көздері де жайнап кетті.
— Келе бер!.. Кедей елім... келе бер! Бетің дұрыс!.. Атаның ұраны қоспай, аталының қорлығы қосқан қосарым, қасымнан табыл осылай! — деді.
Ал Ырғызбайлар түс бола бере атқа қонды. Үлкені де, жас мырзалары да тегіс сойыл-құрал қамдап апты. Жиыны жүз елудей ірікті сойыл соғар қастарында... Кешегі: "Тұрысатын жерін айтсын, болмаса, аулының үстіне барып, шаңырағын ортасына түсіреміз" деген уәде бойынша Ырғызбай қолы сіресіп қаптап, жай бастырып келіп қалды. Сойылдарын қолтыққа алған, тымақтарының құлақтарын жымыра байласқан, қанын іштеріне тартқан рақымсыз жендеттер келеді. Жатақтар, бар азамат мінерлік ат болмағанмен, қолда барын қамдап, ерттеп, сойылдарын ерлеріне сүйеп, әзірлене берді. Әсіресе өгіз, түйе мінген және жаяу қаруланған топ молайып, жыпырлап алыпты. Бәрі де Базаралы, Дәркембай үйлерінің сыртын ала топтанып, жауын тосып тұр. Көліктің жоқтығы, ит жаяулық анау қара нөпір боп, айбар шегіп жай бастырып келе жатқан, ат, көлікті, аспапты дұспан алдында бұлардың ажарын жауынгер ажар ете алмай тұр. Бірақ осы кезде екі жақтың да ойында жоқ оқыс бір көрініс туды. Ауылдардың егіні жақта аласа бел бар еді. Содан асып, кедей тобына қосылғалы дәл жүз қаралы қарулы аттылар шыға-шыға келісті. Бұлар желе-жортып кеп тақай бергенде, ең алда келе жатқан Абай таныла кетті. Бар кедей тобы жамырап қуанысты.
— Абай!
— Абайдың өзі де бар!
— О, жолың болсын, арысым! — деп, Дәркембай Абайдың алдынан өзі ұмтылды.
— Міне, Дәке, қасыңдамын... Келіп көрсін, алып көрсін сені жау! — дегенде, жұрт шулап алғыстарын ақтарып жатты.
Ырғызбайлар тақай беріп, бұл күйді көріп, іркіле бастап еді, алда келе жатқан Ақберді, Тәкежан, Ысқақ үшеуі ызалы болса да, естерінен адасқандай:
— Мынау кім?
— Абай ғой!?
— Кешеден жым-жырт жатқаны со ғой!
— Ал бұ не болды? Құнанбайдың екі баласы жағаласты ма! — деп, Тәкежан айғайлап, Абайға сөз тастап тұр.
Абай енді саспастан атын тебініп ілгері баса түсті. Қасындағы қалың жігіт тобын Абылғазы бастап, Абайға ере берді. Абай айғайлап тұрып, әмірлі сөз тастады.
— Сен Ырғызбай болсаң, мұнда қалың ел!.. Менің елім, менің туысым да досым! Шапқызбаймын, жөніне көш! Болмаса, Құнанбай баласы, алдымен менімен соғысасың! — деді.
Тәкежандардың артындағы көп Ырғызбай жасқанып, еріксіз қобалжи түсті.
— Қой, мынау масқара ғой!
— Жатақ үшін жанын береді бұл Абай!
— Қарап тұрып өзіміз арандасамыз ба? — деп, енді соғысар түрлері жоқ.
Абай соны аңғарып, енді тағы тақап, жерлей бастады. Жүзінде қазір төбелестің ашуы жоқ. Бірақ, әділ қазының, өкімшінің табалаған қаһары бар. Сонша ызғарлы да батыл жүз.
— Әй, Ырғызбай, мынау елді көрдің ғой!.. Өліспей беріспейді. Тек соқтығып көр, арындаған Ырғызбай, артың ашылады. Осылай етуді мен бұйырамын, мынау айыпсыз жылаулар болған жұртыма!.. Тек қазір кейін қайт та, үш кісі жіберіп сөзге кел! — деді.
Ырғызбайдан айғайлап жауап берген кісі жоқ. Олар тағы жалтара берді. Кейін алыстау серпіліп барып біраз ақылдасқан соң үш кісі бөлініп келді. Ол: Ысқақ, Ақберді, Шұбар болатын. Үшеуі де жүзбе-жүз келгенде, Абайдан ығып жүретін туыстар. Бұларды көрген соң Абай өзі де аттан түсті. Барлық өзге аттылар да кейін серпіліп, аттарын байласып жатты. Абайдың қасында тек Дәркембай, Дәрмен ғана қалды. Ысқақтар жастары кіші болғандықтан, Абайға сәлем беріп келіп, аттарынан түсті. Абай енді бұларды мысқылдап, ызамен күліп қарсы алды.
— Атқа мініп, сойыл ұстап Абай шықпайды. Еркек туған біз ғана дедіңдер ғой. Жоқ, сендердің ызаң дәл бүгін мені көрден де тұрғызар еді. Есесін әпермей, басыларым жоқ!.. Бітім мен билікті өздерің айт! Бұқпалама, көзіме айт!.. Қазір осы арада айтасың! — деп бұйырды.
Сөйтіп басталған сөз кешке шейін созылған ырғасуға түсті. Бірақ бұл күні Абай қайсар қаттылыққа тас бекініп, өз айтқанынан мызғымай отырып алды. Сонымен, кеш батарда келіскен байлау бойынша, отыз ат кедей аулында қала берді. Құнанбай ауылдарын осындай бір үлкен қақтығыс ұйқы-тұйқы еткен еді.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Бүгін таңертең Абайға болыстың атшабары келіп, бір топ хат, қағаз әкелді. Әбіш конверттерді жыртып, бар қағазды оқып шықты. Әкесінің сұрауы бойынша баян етті.
— Мынау бір қағаз Семейдің уездный начальнигінен.
Өзгелері хаттар. Біреуін Федор Иванович өзіңізге жазыпты. Оның маған да жазған хаты бар екен... Павлов хатын естігенде, Абайдың қабағы ашылып, сүйсінген жүзінен біраз жымиған ажар білінді. Ояз қағазының жайын қайтадан анықтай сұрай бастады да, сол қағазды өзі де оқымақ боп қол созды. Сентябрьдің бесінде Қарамола деген жәрмеңкенің орнында Семипалатинск, Устькаменогорск, Зайсан уездерінің бас қосатын чрезвычайный съезі болады. Сонда Құнанбаев келу шарт. Келмей қалуға жол жоқ дегенді сездірген. Федор Иванович хаты да Абайдың үстінен көп арыздар барлығын айтыпты. Павлов осыларды айта келіп, Абайға: "Менің мәслихатым, шақыру болса, қандай шенді чиновникпен болса да, өзіңіз жүз көрісіп, ашық, батыл сөйлесіңіз. Сіздің сахара халқы алдындағы беделіңіз бұл күнде молайған. Оны мен Зайсан, Устькаменогорск уездерінің қазақтарымен сөйлескенде, көп аңғардым. Халқыңыз сіздің қасыңызда. Одан үлкен тірі күнде ескерткіш жоқ. Ал тірлік деген — тай-талас, күрес екенін сіз екеуміз түсінген едік қой" депті.
Абай осы хатты Әбішке оқып отырғанда, құлшынып оянғандай болды. Павлов достығымен оның әркезде болған батыл ойы тағы да бір келіп, қолтығынан демегендей. Мағаш ояздан келген қағаздың жайсыздығын ескеріп, сол туралы сөйлеп ақылдасуды қажеттірек көрген еді. Оған әлденеден Абайдың өзі қарсылық байқатты.
Павловты тағы есіне алды.
— Павлов ұзақ өмір жасаса, ұзап өсетін адам боп көрінеді. Россияны біздің қазақ білеме? Өзгені қойып, менің үстімнен арыз жаздырып жүрген Оразбайлар не біледі? "Ақ патша", "Жандарал", "қорпыс", "Ояз" - осылар ғой білгені. "Орыс десе" — урядник, стражниктерді есіне алады. Ал Павловты кім деп білгенін ойлаңдаршы! Ұры-қары, қазына талағандар деп біледі. Тәкежан мен өзі аттандырып жүретін тынымсыз ұры, барымташы Саптаяқ, Күсен, Мынжасар, Серікпай деп біледі... — дегенде, жастар еріксіз күліп жіберді.
Қазір мысқылшыл, алғыр ойы оянған Абай шабытты күйде шешен де көреген.
— Шүкірлік, мың шүкірлік! Анық қалың қазыналы, өнер мен ой қазыналы ел — орыс еді. Соның құда, тамыры емеспін, паралап достық тапқам жоқ. Бірақ шын жақсы орыстың шынайы жақсылығына қол арттым. Өзім ғана артқам жоқ. Міне, құдайға шүкір, азды-көпті алғандарыңмен сендер де қол артып отырсың. Бірақ бізден, сізден кейінгі нәсілдің ырысын айтсаңшы! Олар барғанда молынан барып, халық пен халық болып қабысып табысады. Тарих көші солай беттейді. Осыным рас емес пе, Әбіш? — деді...
Әбіш үнсіз мақұлдап, барынша ден қойып, басын қайта-қайта шұлғыды. Жастар Абайдың бұрын көп айтылмаған үлкен түйінді сөзін аңғарып, тегіс қыбырсыз, қатты ойланып қалған екен.
— "Сол болашақ үшін бір шөмшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем, армансызбын" дегендеймін. Сөйтіп, біздің мұсылман ғұламалары талай жүз жылдар "ақырзаман", "ақырет күн" дегенді құлаққа көп құйып келсе, мен өзіме ең "ақыл заман", "жақын заман" алдымда қол созып тұрғандай көремін... Халқыңды, қауымыңды соған әзірлей беруді ғана біл дегем келеді! — деді.
Үлкен дәріс тыңдағандай болған жас достар біраз уақытқа бірге тынып қалды. Дәрмен, Мағаш, Кәкітай — үшеуі бір-біріне үнсіз қарасқанда, бәрінің көзінде де бұл сәтке үлкен ырзалық бардай.
— Тілеуің бергір, Федор Иванович, хаттарының өзімен де жақсы қозғау салды-ау! Көптен бері айтылмаған сөз туды ғой! — деді Кәкітай.
Абай Қарамолаға көп жолдас ерткен жоқ. Қасына алғаны Ербол мен Көкбай, Баймағамбет. Жастардан Мағаш, Дәрмен еді. Өзге жастан Кәкітай, Әбіш те бірге ермек болып еді, бірақ Абай оның екеуіне де ауылда болуды ұйғарды. Ал Әбіш болса, анығында, әкесінің бұл жолғы сапарына соңғы бір жұманың ішінде көп көмек, әрекет еткен-ді. Бірақ ол жайын Абайға айтпай, тек өзге жас достармен, Павловпен ақылдасып, соларды тегіс қатарына ала жүріп істеген. Ең әуелі осы жолы Қарамолада, жандарал алдында болатын жауап аз катер емес. Сол күдікті кезеңде зәкүншік, қағаз қой, арыз жанды кеңселер мен әкімдерге тосқауыл болатын деректі қағаздар керек. Соны Павловпен ақылдасып, анық түйген Әбіш, көп қағаздар жазуға кіріскен. Мұнда недоимщиктер ісі неден туғанын, қандай қиянат қасқырлық мінездер ел бейнет-қорын зарлатқанын жазды. Ел атынан жазды. Сол істе Абай "қарашығын" жинаушылармен ғана алысқан боп көрсетілді. "Егер Абай көмегі болмаса, сол күндерде сахарада үлкен лаң туып, кедей, малшы-қосшының атшабар, старшындармен қатты қақтығысып қалуы даусыз болғанын" айтты. "Осындай елге, даланың кедей жұртына жәрдемі көп жанашыры, әділеті зор болғаны үшін бүкіл қазақ даласындағы қалың ел оны біледі, сүйеді және ұлықтар алдына ақтайды" — осының растығына Шыңғыс болысының бар ауылнайдағы көпшілік халқы қолдарын қояды. Әбіш бұдан бөлек екінші арыз қағазды тағы жазды. Онысы: жатақ егінін ойрандаған потрава турасында. Жаңағы арызға жалғас, мұнда Абайдың отырықшы момын шаруаларды жабайы көшпелі және зорлықшылдардан қорғағаны айтылды. Бұл істің неден туғанын, растығы қандай болғанын қазақ емес, тіпті көлденең куә, орыс крестьяндарының да арнаулы акт жасап, айтып кеткенін келтірді. Крестьяндар жасаған актінің копиясын да Әбіш әлденеше рет көшіріп әзірледі. Сонымен, соңғы бірнеше күн ішінде Әбіш, Дәрмен, Мағаш барлығы боп, ел арызына Абайды қорғайтын жұрттың қолын қойғызып шықты. Бұл күндерде күзектерде жиі отырған Ералы, Ойқұдық, Кіндікті сияқты қоныстардың бәрінде де Шыңғыс болысының он бес ауылнайының сабағы бар еді. Солардың бәрін жанағы жігіттер аралап жүріп, анық халықтың тобын көрсетіп, қолдарын қойғызды. Бұл жолғы "приговор" — Абайға ел тілегін білдірген адал куәлік болды. Жатаққа осы қағаздармен келген Дәрмен болатын. Ол үйден-үйге кіріп жүріп, Иістің, Жұмырдың, Қаңбақтың, Тоқсан, Серкештердің — өздерінін де, әйелдерінің де қолдарын қойғызған. Бұл істе Дәркембай, Базаралы, Абылғазылар анық игіліктің талабы барын ұқты. Өздері жеке бастарының қарызындай санап, "Абай үшін қолым емес, қаным қажет болса, іркілем бе!" — десті. Жатақтың кішкентай балалары Рахымтай, Асан, Үсендерге шейін Абайға керек қағаз дегенді ұғып, шешелеріне қолдарын жақсылап қоюды тілек етісті. "Абай ағама керек", "Абай үшін көмек", "Абай ағаның ұлыққа беретін жауабына керек", "Біздің жатақ үшін жауапқа барады, жолы болсын!" — деседі. Дәркембай Әбішке өзі кеп ақылдасып, Абайдың қасына жатақтан Серкешті қосуға байланған және өзінің кәрі досы, Абайға қадірлі кедей ақын Байкөкшені де әдейілеп Қарамолаға жүргізетін болған. Барлық қолдар қойылып, қалың арыздар, актілер әзірленіп болған соң, Әбіш бір топ қағазды Семей губернаторының өз кеңсесіне Әлмағамбетпен жөнелтті. Және бір топ копияларды Қарамолаға, сол жандарал алдына ел-жұрт атынан Байкөкше мен Серкеш алып барады. Міне, Әбіштің алаңсыз болуын Абай өзінше ойлағанда, Әбіш әкесінің сапарына осындай оқымысты баласының жәрдемін қосқан еді. Дәл аттанар кезде, Абайдың оңаша шығарып алып, ақылдасқан жалғыз адамы — Павлов болды. Ол Абай сөзін тыңдамас бұрын, сырлас достық ажарымен, бір жайдан өтіліп алды:
— Ибрагим Құнанбаевич, көңілсіз жолға барасыз. Ал осы жолыңызға, тіпті болмаса, кейбір өз көмегім, мәслихатым керек болар. Менен не туралы болса да сұраңыз! — деді.
Абай Павловтың бұндайлық әзірлігіне, шын достық бейіліне алғыс айтты. Осыдан соң:
— Семейдің губернаторы осы жолы Қарамолаға келуі керек. Ол менің бұрын кездеспеген адамым. Қандай мінезді чиновник? Өзім жүзбе-жүз сөйлессем бе? Жоқ, әлде, менің үстімнен жауларым беріп жатқан көп жала, жалған шағымдар болу керек. Сол ретте, адвокат жалдап алам ба? — деді.
Павлов бұл жайлардың жауабын тез ойлады.
— Қазіргі Семипалатинск губернаторы жаңа келген адам ғой. Бұның бір мінезі "өзінен қорқып, жасқанған адамға рақымы жоқ" дейді. Ал "тура, батыл жауап айтатын адамдарға кейде ойламаған, күтпеген кешірім жасайтыны да болады" деседі... Осыны бір ескеріңіз! — деді.
Абай бас изеді.
— Бұны білдіргеніңіз жақсы болды.
— Екінші — әдейі сізге бір айтайын деген сөзім — патшаның қай чиновнигі болса да, қазақ даласын "жабайы, қараңғы, надандар даласы" деп біледі. Ал сіз олардың қайсысына кездессеңіз де, сол далада Ибрагим Кұнанбаевич бар екенін аңғартыңыз! Білсін олар! Намыспен танытыңыз. Ызамен білдіріңіз! Ең ақыры, бұл сіздің халқыңыздың намысы! — деді.
Павловтың қазір жүзі қызарып, қабағы түйіліп алыпты. Үлкен көкшіл көздерінде қайнаған ыза, әділ ашудың оты білінген. Дәл осы кезде, бұлардың қасына, үсті-басы шылдырлап, аяғын сарт-сұрт басқан біреу келіп қалды. Екеуі де жалт бұрылып қарап еді, қастарында жер астынан шыққандай, сарала қылыш асынған, қызыл жиекті киім киген, орта жасты жандарм тұр. Ауылда, сахарада — анық сарала жандарм!
— Господин Павлов, его превосходительство Семипалатинск полицмейстрінің арнап тапсыруы бойынша сізді, рұқсатсыз киргиз даласына кеткеніңіз үшін, лезде тауып, тұтқынға алып, қалаға жеткізу бұйрығымен келіп тұрмын. Тез менің соңымнан еріңіз! — деді.
Абай таңданумен қатар ызаланғандай болатын. Ал Павлов түгі кетпеген кісідей, жаңағы сіресіп, шытырлап тұрған жандарм төресіне тіпті бір елеусіз, болымсыз жандай қарады. Оқыстан келгеніне, бір сәтте, шіміріккен де жоқ. Көзін сәл сығырайтып, қатаңдау үнмен, жай ғана жауап тастады:
— Сіздің артыңыздан қазір ғана еріп кетпеймін! Оны сіз білуіңіз керек! — деді.
Полиция адамы түс шайған болып:
— Жоқ, бөгелуге кішкентай да аялым жоқ! Қазір маған еріңіз... — дей беріп еді, Павлов үлкен кекесінмен, салмақпен күліп жіберді:
— Артыңыздан қазір еріп, Семипалатинские, жүз шақырым жерге, менің жаяу бармайтынымды жақсы білесіз! Әуелі ат тапқызып ерттетіңіз! Өзіңізде ат болмаса, осы ауыл иелерінен әдеппенен, — деп, соңғы сөзді нығыздай түсіп, — маған арнап, ат сұрап алыңыз. Ал мен биыл соңғы рет жақсылап тұрып, тойғанымша, қымыз ішіп аламын! — деді.
Енді ғана Абай екеуі саспастан, орындарынан тұрысты. Осы күні Абаймен Павлов жандармның көзінше құшақтасып сүйісіп қоштасты. Барлық жастар тобы қымбат қонақты амалсыз аттандырып салды. Олар ұзап кеткен соң ғана, Абай да атқа қонған.
Дәл осы күндерде Базаралы да көбінше ат үстінде болды.
Қазір Базаралының жақын елдің қалын ауылдарын тынбай аралап жүруінде өзгеше мән болды. Ол енді Абай үшін бір еңбек етуге кіріскен-ді. Бүл ісі Дәрмен жатаққа келіп, Абайды қорғайтын "приговор" жинаудан басталған. Сонда Дәрменмен оңаша сөйлесіп, Абайдың басына осы жолы қастық көп, қатер барын білген соң, Базаралы жатақтың "приговорын" бергізуден бөлек, өзі үшін де бір байлау жасаған. Дәрменнің бұған айтқан оңаша сөзінде, әнеугі жанжалдан соң, Тәкежандар Абайды Құнанбайлықтан, Ырғызбайлықтан шықты, атадан кетті, ата жолынан безді... әруаққа қас, туысқа қас, атаның ұлына қас болды деп үн қосыпты. Ал Абай тергелетін үлкен істің бірі — былтырғы "қарашығын" недоимке, сонда "кедей көпшілікті қарсылық жолға бастады" деп те кінәлаушылар бар... Алыста отырса да, Абайға жыланша сұғын қадап, бағып отырған Оразбай бар. Оған жаңағы сөздің бәрі жанындай... — деп, осы күйлерді Дәрмен соңғы сырлар есебінде жеткізгенде, Базаралы ойлана түскен.
— Құнанбайдың ұлы емес, одан кетті десе, ата жолынан безді десе — дұрыс айтады. Кеткені рас, бірақ халыққа кетті... Халық үшін қасқырдай аталастарымен ұстасты ғой. Сол үшін енді жауапқа, сотқа ілінеді ғой?! Үндеме ендеше, бұл да халықтың жанын салатын, барын беретін жолы екен. Ал мен енді атқа міндім. Талай елден, таудай қағаз жиямын да, өз жолыммен Абайды қуамын! — деген.
Содан кейін жақындағы қалың күзеулерді бір жұмадай тынбай аралады. Базаралы науқасынан оңалып, қайтадан қайратты азамат қалпына келгенге қараша үйлердің үлкен-кішісі түгел қуанды. Жақында болған, Әзімбаймен шайқасқан жанжалды түгел естіген жұрт, тағы да Базаралының мінезі мен ісіне сүйсіне, сан аңыздар айтысып жүреді екен... Күзекте жиі отырған Мамай Көкшеден бастап, Жуантаяққа дейін бәрін қона-түстене жүріп аралаған Базаралы, қай ауылда болса да, Абай жөнінде өзінше бір достық ойлы сөздер сөйлеп жүрді. "Сан жерде талайымызға болысып, Абай еткен жақсылықты айтамыз. Ал біздің Абайға еткен бір жақсылық, достығымыз бар ма? Мынау соның қарызы!" — деп, кей ауылдың приговорын осымен жияды.Тағы бір ауылда: "Ұлық пен елдегі жуандар болып Абайға қарсы ұрандасыпты... Бұдан иянаттап нұсқайды, онда ұлық ұстайды, халыққа болыстың деп кәр тігеді. Олар солай ұрандасқанда, енді тым құрса халық Абай үшін бүлік етпеске бола ма?!" — дейді.
Тағы бір ауылдардың момын шаруа кедей-кепшігін жиып алып сөйлегенде:
— Абай халық үшін, халық Абай үшін алысады. Анық ақ, жолмен алысқан қайрат сапары осы болады. Бұдан артық игі жолда алысқан бұл сахараның қазағын білген емес! — дейді.
Осындай өздігімен бастап өзі жиған қалың қоржындар толы приговорларын алып, Базаралы да бір бөлек сапар шеккен. Сонымен, аз жолдаспен кеткен Абай Қарамоланың шербешнайына онша асығып жүрген жоқ. Бұл жолаушылар тобы Қарамола тұсына жетіп, Шар өзенінің бойын құлап келе жатты. Шардың жіңішке өзені көп бұралып, мөлдір суы үзілмей, баяу ағады. Кей жері жарлауыт болса, көп ағысының бойында әдемі, майда, көк майса шалғын бар. Өзен түбі таза құмайт, қатқыл керіш болғандықтан, су айнадай мөлдір боп сырғиды. Күзгі шөптің сәл сарғыш, буалдыр бойын жағалап, кейде майда жасыл шалғынды ақырын сілкіте тербетіп, бауырлай сылдырайды. Бұл өлкенің далалары қоңырқай. Ұзақ жота белдері қазір бозғыл тартқан. Шардың суын құлдап келе жатқаннан бері қарай, жолаушылар өзенді екі рет кесіп өткен еді. Енді үшінші рет тағы көлденең өтетін болды.
Байкөкше қазір барлық топқа үлкендік әмір етті:
— Аттарыңның ауыздығын алыңдар! Аттарды біраз суытып, анау арғы жағада сәл шалдырып та алайық! — деген.
Жұрттың бәрі атының ауыздығын аттан түспей тұрып алды. Абайға қатар келе жатқан Ербол, Абай еңкейе бергенде, оның денесінің толықтық, ауырлығын еске алып, өзі бұрын еңкейді. Әуелі Абайдың атының ауыздығын алды. Абай бұның қимылына сүйсінсе де, жеңіл әзіл айтты:
— Япыр-ай, тым құрмаса, "өз атын өзі суаруға жарамайды", — деп мазақта қылмайсың. Үп-үлкен басыңмен өзіңнен бұрын мені ойлауды бір қоймайсың-ау, Ербол!
Ербол күліп қойды.
— Е, баяғыдан бойға сіңіп кеткен жаман әдет қой. Сені "осындай шаруа қолынан келмейтін епсіз бақыр", — деп мүсіркеп үйренген әдетім ғой!
Мол дене, кесек келбет, қабілеті бар Абай туралы Ерболдың "бақыр", "мүсіркеу" деген сөздері жақсы әзіл еді. Жолдастары да күліп тыңдасты. Байкөкшенің аты өзгелерден озыңқырап, кең суға бата жалдап, тұнықты ішіп тұрған. Ол Абай мен Ербол екеуіне сықсия қарап, жымия бұрылды. Артқы топтан озып барған Байкөкше, өзеннің жағасына тақау біткен дөңгелек көденің шетіне түсіпті. Атының ауыздығын алып, шылбырымен оттатып тұр екен. Абайлар қасына келгенде, әмірлі бұйрық етті. Дауысы бағанағыдан да сергек, ажарлы.
— Жә, бәрің де ат шалдыр! Түс тегіс!
Жұрт үнсіз бағынды да, сарт-сұрт аттан түсіп, шылбырмен оттатып, ортаға Байкөкшені алып, қоршалай тұра қалысты. Әлі де өңі толқып тұрған Байкөкше, басынан тымағын ала берді де, "ахау!" деп, өзінін жарықшақ, бірақ әлі де зор үнімен шабытты бір сазға басты. Сығырая қараған ұзынша, қысық көздерінің көз жанары шамдай. Көз шарасынан төгіле саулаған шұғыла бар. Салған жерден сөзі саңғырлап, тыңдаушының сезім-санасына доп тиіп, қозғай соғып тұр. Төгіліп тұр. Төгіліп тұрған шешең әсем, алғыр өлеңде мазмұн да бөлек. Ол Абайға бұрылса да, анық қасиетке толы, шын шабытпен ширыққан тәкаппар жүзін аспанды мезгей, көтере түседі. Абайға жоғарыдан көз тастап сөйлейді. Өзінін үлкен мерзіміне сенген, көрегенше сөйлейді. Алдағыны болжап, бұлдыр сөзден бастады. Өткен түнде түс көріпті. Түсінде жалғыз Абайды қоршаған маңайды көріпті. Мұнар басқан бұлыңғыр күн екен. Ерте ме, кеш пе, аңғармапты. Қай мекен екенін де білмепті. Бірақ бұлдыр сағым ішінен жапа-жалғыз Абайды көреді. Ол сақтанып, бірдеңені күтіп тұрғандай. Сол шақта бір үлкен қарбалас, ұйқы-тұйқы күй болады. Енді аңғарса, Абайға жан-жағынан көп жарақты жыртқыштар ұмтылған екен. Бірі — қабаған қара төбеттей. Біреуі — бүйірі солған, аш көкжал бөрідей. Тағы бірі — қан иісін сезіп жаланып жүрген түлкідей. Қара жалды қабыландай, әлденелер қамап қысып алған. Тағы бір ұйқы-тұйқы қарбалас болып кетеді. Мұнар ішінде, ұмар-жұмар күй, Байкөкшенің көзінен жыртқыштарды да, Абайды да жасыра береді. Жүрек суылдап, көзге жас келеді. "Абай!" деп айғайлап, ұран тастайды. Жасқанған көзін енді бір кезде жаңағы қатер майданға қайта тастаса, дүние өзгеріп кетіпті. Күн шайдай ашылған екен. Жаңағы жыртқыштардың ортасында енді Абай емес, бір арыстан ортқып тұр. Аспанға атылып, жан-жаққа құлаштап от лақтырғандай, қайрат төгеді. Қара төбет, көк бөрі, зымиян түлкі, теріс азу қабыландардың жүні менен қанын жаңағы арыстан айналаға шашып, боратып төгіп жатыр. Белі сынған, жілігі үзілген, көз-басын қан жапқан өңшең қанқор, жаман жау енді сімтік-жәутік бопты. Әр жерде қынсылап, ыңырсып өлімші боп, өзді-өз жарасын жалап, жатып қапты. Майдан басылған. Енді биік орында, жапа-жалғыз тұрған арыстан: "Тағы да жауың бар ма?" дейді. Тақыр тасты тарпынып, сойылдай құйрығын шабынып, өз жонын өзі сабалап, айбат атып тұр екен.
— Көргенім осы, ал, жігіттер, атына қон! — деп Байкөкше сөзін бітірді де, атына қарай қозғала берді.
Дәрмен, Мағаштар таң-тамаша, қайран боп тұр.
Олар енді: "Әттең, есіл сабаз", "Айтқаның келсін, дуалы ауыз!", "Асылым, дегенің болсын!" — деседі. Сүйсінген сөздерін бітіре алмай жатты. Абай мен Ербол үндеместен Байкөкшенің соңына ерді. Кеш тақау, қоналқалық жерге әлі де жүре түсіп жету керек. Байкөкше енді арттағыларды қатарына ілестірмей, алға өзі түскен бойында, күдері бел күреңін ұзын қамшысымен қатты соғып қалып, бұлан құйрыққа салды. Борт-борт желіп жөнелді. Арттағыларының бәрі де созыла шұбатылып, еріксіз қатты желіске түсті. Байкөкше алда жалғыз келе жатып, енді ғана езу тартты. Бұны өз үйінде қонақ қып отырып, Дәркембай барлық жайға қандырған болатын. Сонда Абайдың Қарамолаға шақыртумен бара жатқанын айтқан.
— Қырда — қаракөңіл қазақ жуаны боп, қалада —парашыл төре, ұлық жуаны болып, бәрі қосылып Абайды қамағалы тұр! Сен осы жолы қасына ер. Есебін тауып Абайға қанат бітір, қайрат бер! Дәл осы күні өзгенің сөзі емес, сен екеуміз дем беруіміз керек. Жалғыз Абайды сүйейтін күніміз жетіп тұр! — деген. Байкөкше бұл сырын әлі бірде-бір жолдас, жолаушыға ашқан жоқ-ты. Күрең аттың екі жағында қампиған қоржын бар. Ондағы күтіп, сақтап келе жатқаны — Абайды ақтаған қалың елдің арызы, приговоры, актілері.
Байкөкшенің өз ниеті — осы қағаздармен жандарал алдына өзі кірмекші. Сондайлық бар жолаушы осы күні кешке Қарамолаға жетті. Абайлар тобымен келіп, қонақ, үйге түсті.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
Қарамоланың басына Оразбай да кеп түскен-ді. Ол көп кісі ертіп, сауын, сойыс малдарын айдап, үйлер көшіріп келіп орнаған. Қарамола шербашнайынан Оразбайдың ентелеп күткен есептері көп. Ең үлкен мүддесі — осы жолы қырда қазақ, ойда ұлық жаулығын жиып келіп, неғылса Абайды мерт қылу жолында. Түсте Оразбай ту бие сойғызып, өз үйлерінің қасынан тағы да екі үлкен аппақ үйлер тіккізді. Сабалап қымыз әкелдіріп, сабылтып жігіт-желең жүргізді. Түс кезінде түрілген семіз боз биені ұзын бұғалықтар ноқтамен қылғындырып әкелді. Бүгін жиылған көп достардың алдында бата тілетіп, көлденең тартқызды. ҚасындағыТобықты жуандарының жасы үлкені Байғұлақ еді. Содан бата тілетті, бозқасқа сойғызды. Бүгін кешегі қонақтарының үстіне, Семей оязының қала маңындағы болыстарын, Ертіс бойының болыстарын шақыртыпты. Оның үстіне Өскемен, Зайсан ояздарының осы жәрмеңкеге келген көп жуандарын, бай-бағландарында қоса шақыртқан. Өрдегі Семіз Найманнан Құрбан дейтін бай жуан бар. Ертіс, Алтай төрінен, Қаратай елінен келген Ережеп шақыртылыпты. Керей, Матайдың, Мұрын, Сыбанныңда толып жатқан мырза, төрелері осында. Барлығын қонақ еткен бір Оразбай. Ол бүгін де киімді жұпыны киініпті. Үстіндегі ақ шапан, басындағы аққоян бөркі ауыспаған. Бірақ төр алдында өзі отырып, бурыл басқан, сояу талды, ұзын қара сақалын сипай отырып, әрбір сөзді батыл, қатал үнмен өзі бастап сөйлейді. Бұлардың аузы бірігіп алса, ұлық кәрі қадалса да, қағазына іліндіре алмайды. Осымен алыстан, қабақпен сыр танысқан көп алаяқтар, Оразбайдың бозқасқасына, әрқайсысы өз ішінен сақ есебін ойлап келген. Қымыз, ас үстіндегі қысқа кеңестерінде түпте жатқан түйіндерін бұлар ашқан жоқ. Бір үйге бас қосып, бір бақырдан сорпа татысқаны "жетті, болды!" деп біліседі. Бұл шербашнайда бұлар бірін-бірі жамандамайды, жараламайды. Қайта бірі кетіп бара жатса, өзге бәрі бірігіп соның жолында алысып, сіресіп көреді. Енді бір кезекте Оразбай, өзінің қыңыр, қияс, қаскөй мінезі бойынша, орайын тауып отырып, әңгіменің бетін Абайға бұрып алды. Құнанбай баласы Ыбырайдың жайын бүкіл Семей облысы түгел біледі екен. Оның сөзі, өсиеті жетіп жатқан елдер де көп. Абайдың атын алғаш Оразбай ауызға алғанда, қонақта отырған ел жуандары емес, жай момындау ақсақал, бірен-саран бөгде жандар сүйсініп, еске алғандай болды. Бірақ Оразбай әңгімені тезінен теріске бұрып жібереді. Әуелі: "Абай ұлықтың теріс хатына ілініп тұр" деп, өздері ұлықшыл, жағымпаз, дәреже құмар болыс-төрелерді бір түршіктіріп алды.
— Семейдің оязы кәрін тігіп, шақыру жіберіп, Абайды осында алдырып отыр. Облыс соты көп іспен тергейтін тәрізді. Және, әсіресе жаңдарал кеңсесі қатты ашулы, кәрлі дейді, Абай басына. Осы жолы Абай мерт болмаса неғылсын! Ертең осы бәріміздің шарай тобымыздың алдында жауап алатын түрі бар деп, жандарал мен ояз кеңсесінің тілмаштары бізге сәлем жолдапты! — деді.
Бұл айтылған сөздеріне қарағанда, Оразбайдың өз басы жау ма, қалыс ағайын ба? Қандайлық көңілмен айтып отырғанын білдірмек емес. Бірақ, кейіннен бір-екі айналыс сөзде жуандар ішінде Абай үшін қынжылатын ажар көрсеткені болмады. Қайта, бәрінде де Абай басына, оның абырой-атағына қызғаныш ойлаған қыжыл бардай. Осыны аңғарып, кейбіреулерінің ұшқындаған сөздерін тыңдап алған соң, Оразбай енді сөзінің бетін ашты. Сонан соң Абайды ақ патшаға қарсы деп те жамандады. Елді мұсылманшылық жолынан, ата заңынан аздырушы деп те кінәлады. Қазақ жолымен келіп, өзге жуандар бұл күнге шейін естімеген тың жаланы тағы тапты. Онысы Құнанбай балаларына ортақ болып қалған мұраны Абай өзге туыстарына бермей, тартып алыпты. Қазір сондай зорлық етіп отыр! — деген сөзге сайды. Осыған жалғастыра, Абайды сараң, қарау, дүниеқоңыз етіп те көрсетті. Соның айғағы деп: "Әкесі Құнанбайға ас бермегенін қайтесің" — деп те салған. Бұл жөнге келгенде, барлық жуандар жамырасып сөйлеп, Абайды бірауыздан кінәлады. Қымызға қызып алған Сыбанның тәкаппар бір төресі, қолына домбыра алып тыңқылдатып отырып, бір ауыз өлең де айтып салды:
Сәлем де Ыбырайға, бөлем еді,
Ac беріп Құнекемді елемеді.
Ел жиып ағайыннан алғыс алса,
Аз ғана шығасынан өле ме еді? —
деп тоқтағанда, барлық топ қарқылдасып, мәзденіп күлісіп алды. Өлеңнің аяғын ұйқастыра алмай, "өлер ме еді" деген сөзді әдейі "өле ме еді" деп айтқанын өзінің ерен тапқырлығындай танытты. Сол бір олақ сөзін әсіресе қатты даурығып айтып, елден бұрын өзі тарқылдап күлген-ді. Абайды жамандасу жолында демдері қосылған жуандардың ішінен бір кезде Керей Рақыш одағайлап шықты.
—Осы әкеден бала артық туа ма? — деп, жұртқа айнала қарап, жауап күткендей.
Көпшілік "әкеден бала артып тумайды" дегенге бейім сияқты.
Рақыш сол аңғарды түйіп келіп, Оразбайдың ыңғайына қарай ықтап отырып, Абайды жамандап кетті:
—Ал, ендеше осы Абай, кешегі мұнарадай болған, қалың қазаққа бірдей абыройы бар Құнанбайдан өзін "артық тудым" деп отыр ғой. Көзі тірісінде әкемен жағаласып, жарғыласып өтіп еді. Өлген соң да сол әкенің атақ-даңқы аспасын деп, өзі басып отыр. Ас бермегені сол емес пе еді!? Көр топырағы жасырынбай жатып, әкесіне азғындық қиянат жасап отыр! Және осы асқақтықпен істеп отыр! — деді.
Оразбай бұл сөзді іліп әкетті:
— Бәрекелді, дұрыс айтады Рақыш. Жаман, жаманшылық етсе, оны тыятын талқы бар ғой. Ал, осындай өзі "жақсымын" деп шығып, өзі жаман жора бастап отырған, кешегі шын жақсының бауырынан шыққан, ел бұзар азғынға не істеу керек? Тым құрса, осы отырған өздеріндей ел жақсысы осындайларды арадан аластамас болса, жақсы болғаны қайсы, қасиеті кәне? — деп, талай бәлені төндіріп кеп тоқтады.
Сонымен, бозқасқаға шақырылған барлық жуан, ұлық пен атқамінер атаулының бәрінің алдынан Оразбай өз ниетін танытып, өтіліп алды. Бүгінгі жиынның табысы мол. Үш-төрт дуанның жуан атаулысы Абайды қорғап, оған ара түсіп, бір ауыз үн қататын тәрізі жоқ. Екінші — ертең ұлыққа Оразбай бастап арыз-шағымды молайтып берсе, осы отырған топтың талай адамы оңаша тергеуде Оразбайды қостап шығатыны даусыз. Үшінші — осы көп өлкеден жиылған барлық бай - бағланның арасында Оразбай найза басы боп көрінуге жарады. "Оразбай — бай" деген, "Оразбай — ендігі Тобықтының үлкен сөзін ұстаған, әлді-белді жуаны" деген атақ пайда болды. Оның үстіне осы Оразбай қаланың тілмаштарын да паралап алып қойған. Қонақтарын таратып, кешкі салқында тысқа қымыз сапыртып, ішіп отырған Оразбайдың көңілінде өзі құрып қойған тордың барлығына дәл риза болған, тоқмейілдік бар. Қарамола басына Абай дәл осы кеште, аз ғана топпен келіп, елеусіз ғана түсті. Оның келгенін сол іңірдің өзінде - ақ Оразбай біліп қалды. Абай барған жиындарда оған "сәлем береміз, амандасамыз" деп келетін топтар көп болушы еді. Бүгін Абайдың қасына қара халық адамдарынан арыз-мұңдары көп кісілер ғана келді. Атқамінер жуандардан бірде-бір кісі келген жоқ. Селдір топпен келген Абай, өзінің азғантай дос - жарандарының арасында, бүгінгі күнді оңаша, тыныштықпен өткізді. Келесі күн, түс кезінде үш-төрт дуанның болыстары, жуандары, ұлықтар түсетін ақ үйлер жаққа жалтақ-жалтақ қарасып тұрды. Болыс атаулының мойындарында жез шынжырға орнатылған үлкен жез знактар бар. Бұрын аталары сыйға алған шенді шапан, оқалы тон жамылғандар да бар. Аталарының өз кезінде алған сый шапандарын бүгін өз беделі таусылған ұрпақ, нәсілдің кейбіреуі әдейі киіп алыпты. Кең аланды қоралап, дөңгеленген алқа-қотан тұрыс бар. Әншейінде қазақ жиыны үнемі отырып сөйлесетін болса, қазір ұлықтың алдынан шыққанда, аяғынан тік басады. Намазда сапқа тұрғандай, амалсыздыққа көнеді. Наразылық, қажығандық білдірмей, шеттерінен шыдауға тырысады. Дағдылы әдеті бойынша, ұлықтар бұл жиынның алдына келуге асықпайды. Болыстардың аяққа басып, күткеніне бір сағат өтсе де, ақ үйлерге тақау жүрген атшабарлар, қызыл бөрік стражниктер, одан ары тұрған ұсақ төрешіктер, жасауылдар қатарларында әлі қарбалас қимыл жоқ. Ұлы сәске кезінде, Қарамола жәрмеңкесінің басы ың-шың, у-шу, әбігер қарбаласқа ауысқан. Шандатып шапқылаған, жүздеген аттылар жосыды. Қоңыраулары шылдырап, үлкен күймелер тройкалары лек-легімен келді. Бұл жолы ұлықтар үлкен айбатпен келеді. Бас түйістіріп келе жатқандардың өзі де әншейін емес. Үш ояздың үлкенді-кішілі ұлығы болып, бүкіл облыстың үстінен қарайтын әскери жандаралды ортасына қоршап алған. Жандарал болса, өз жүрісін айдын салтанатпен, мықтап келістіре білетін аса мәнді, бапшыл адам. Бұл жолы оның осы қазақ ортасына шығуына ерекше мән беріп, облыстық полицмейстер кеңсесі жай пристав, урядник, стражниктерден басқа, әлденеше жандарм офицерлерін, арнаулы полицейлерін қосқан-ды. Тілмаштар мен әр кеңсенің хатшылары және әр дәрежелі советник, тайный советниктер, тағы да мол топ болатын. Патшалықтың осындай бюрократтық, шеншіл шұбар тобы Қарамоладай кішкене жәрмеңкенің атырабын селдей басты. Күймелердің өзі құнан шаптырым жерге үздік-создық созылған. Ұлықтардың осындай айдын, айбатпен келіп түсіп жатқанын естігенде, өз басының кіріптарлығы жоқ, қайта ұлықпен астыртын жең ұшынан жалғасы бар болыс пен жуандар алыстан сүйсінеді. Абай қоралай тұрған топтың орта тұсына кеп, алға таман шықты да, тыныш қана жүзбен, болашақ күйді тосып қалды. Осының сәл алдында, өз ісінің аңғарын байқамақ боп, бір таныс тілмаш арқылы жаңа келген Лосовскийге сәлем айтқан-ды. "Маған сәл уақытқа жолығып кетсе екен!" деп өтініш білдірген. Сонда Лосовский, өзі түскен үйден жылмаң етіп шығып, салқын қабақ түйген бетте Абайдың алдына келіп, аса тұрпайы, жат мінез көрсетті. Корпус кеңсесінің бұл күндегі тайный советнигі — бұрынғы Лосовский емес. Абайдың үстінен түскен көп арызды, оязға қосылып, Абайға қарсы қатал түрде жұмсамақ ниеті бардай. Тек жандаралдардың қандай байлау жасайтыны мәлім емес болғандықтан, Лосовский өз сырын тұпа-тура аша алмады. Бірақ сонда да Абайдың сұраған сөзіне жауап бермей, айтайын дегенін тыңдамай, бір-ақ қана қатал сөз тастаған:
—Ибрагим Құнанбаев, бүгінге сіздің ісіңіз жаман. Өте жаман. Неге жаман болғанын мен айтпаймын. Өйткені сіз бар нәрсені білетін білімді, тәжірибелі адамсыз. Аса білімді адамсыз! Сол өте көп білгеннен, әсіресе, айыбыңыз үлкен болуға мүмкін. Осыдан басқа менің сізбен сөйлесетін сөзім жоқ. Көріскенше! — дегенде, түксиген қабағын жадыратпастан, қайта айналып жүріп кеткен-ді.
Абай осы кездесудің соңында, қасына ере барған Көкбай мен Дәрменге өзінің ісі осы жолы жайсыз бола ма деген қауіп айтқан.
—Лосовский құйрығын сыртқа салып қалыпты. Менің аман-сау күнімде тәуір шырайы бар сияқты еді. Қазір ұлық кеңселері теріс қарай бастауымен бірге, бұ да бұзыла қапты ғой, — деп, Лосовскийден қатты түңіліп қалған.
Ынта, бейілдері тек жоғарғы ұлық жаққа ауып алған, өзге адамға көз де, көңіл де тоқтата алмай алақтаған болыстар Абайды байқаған жоқ. Бірен-саран жақын жерден танығаны болса, онымен ерін ұшымен ғана амандасады. "Ұлық", "ұлық", "жандарал", "ояз", "біздің ояз", "әлгі біздің нашәндік" десіп, тыным алмай іштерінен пысып тұр. Абай енді сәл тұрып жаңағыдай болыстар ажарын аңғарған кезде, ұлықтар үй жағында жиі қозғалған қарбалас басталды. Жез қылыштар, жарқырауық түймелер, оқалы погондар болыстардың көздеріне жарқ-жұрқ етіп, оттай ыстық боп басылды. Бұндағы сапқа тұрған барлық қазақ болыстары шапшаң сыбырласып, шолақ-шолақ үндермен дабырласып, қожырап қалды.
—Ал, келе жатыр!
—Ұлық келеді!
—Ояздар!
—Ал, жандарал шығады!
—Пай-пай! Осы ұлықтың осындай бір айбаты-ай!
—Қошеметші нөкерінің өзін қарашы!
—Көздің алмасын сорады ғой!?
—Қайтіп ықтатып сілкіндірмесін!
—"Ұлықтың пысы басады" деген осы ғой! Тіпті арқама шейін тоңазып кетті! — деп, өздері болыс болмаса да, бір жуанның шылауында, қошеметші боп жүретін билер, атқамінерлер тыным ала алмай тұр.
Енді біразда жасауыл, жандарм, урядниктердің бері қаптап шыққан тобы, болыстар қоршауының екі шетінен кеп, қақ жарылып тұра қалды. Сонан ары осы жарылған топтың тап ортасында көптен күткен ұлық қонақтар көрінеді. Үлкен тендер, крест, медальдар таққан жарқыраған, сәнді тобы шыға келді. Ең алдында келе жатқан шалқақ төсті, биік бойлы қасқа бас төре. Ол келбетті адам. Дөңгелек жирен сақалы бар. Екі иығын жаңа эполет басқан, төсінде оқалы аксельбант. Толықтау қарнын көлденең буған оқа белбеу бар. Төсінен қиғаш түскен, әсем бауға ілінген, қарала күміс сапты, сәнді сұлу қылыш бар. Бұл ұлықты өзге қошеметші қоршаудың бәрі жалғыз оқшау болып алдына салыпты. Арт жағын ала полковник шеніндегі үш-төрт ояз келеді. Солар тобына ілесе, штатский қара фрак сюртуктер киген советниктер, хат жүргізушілер қозғалды. "Жандарал! Жандарал!" десіп, болыстар қатары сусылдаған сыбырмен үн берісіп қалды. Қамыс-құрақ басын ақырын жел желпіп, судырлатып өткендей, қысқа сыбыр қазақ тобын түгел айналып шықты.
—Жандарал!
—Ақ жандарал!
—"Ақ жандарал" десе дегендей!
—Өзі де аппақ марқасқа ғой! Айдыны да, келбеті де келіскен екен! — десіп, бағанағы қошеметшілер әлі де тыным ала алмайды.
Жандарал, жандармдар қатарынан шыға бере, оң жақтан бастап, қазақ болыстарының знакты адамдарының бәріне жағалай қол беріп амандаса бастады. Дәл жандаралдың сол жағында "керегім бола ма?" деп, ентелеп келе жатқан, аласа бойлы, семізше, шардақы денелі, таңқы мұрын, бітік көз қазақ тілмашы бар. Ұлыққа ең алғаш қол созған болыс Керей Рақыш еді. Ол шошақ төбе, қара елтірі тымағын кеудесіне басқан. Өзі жотасынан оқ тигендей, шұғыл бүгіліп, иіле қалыпты. Екі аяғы тыным таппай қозғалақтап, өбектеп кетті. Орта жасты адам болса да, әлі біткен кісідей. Буынын бекіте алмай қалбақтап, құрақ ұшты. Тілі де күрмеле береді. Бар аузына түскені "здрәсти, тақсыр!" деген сөз болды. Одан кейінгі болыстың да ақыл тоқтатып, ес жиғаны болған жоқ. Бұлар да тыпырлап, тымақтарымен, немесе бөріктерімен кеуделерін, қарындарын басады. Олардың жағалай айтқаны сол Рақыштың бір сөзі "здрәсти, тақсыр! Здрәсти, тақсыр!" болды. Жандаралдың артында келе жатқан суық түсті ояздар мұрт астынан жымияды. Жандарал қазақ тобын жағалап, орта тұсқа шейін келді. Әлі күнге "здәрәсти, тақсыр"-дан басқа, жөні түзу сөз тапқан бір қазақ жоқ. Бірде-біреуі жандаралға өздерінің аты-жөнін айтуға да жарамады. Енді бір кезекте жандарал Абайға тақап келіп еді. Оның мойнында знагі, үстінде оқалы шапаны жоқ. Бірақ қалаша, сыпайы сұлу тігілген ұзын бешпет, жұқа сұр шапаны бар. Келбетті жүз, ойлы пішінді Абай, бұның қасына жандарал келгенде, еркін маңызды тұрған қалыппен, титтей де өзгерген жоқ. Жандарал бар қазақтың тобынан басқармақ ажары, келбеті бар бұл қазаққа бір секундке таңырқағандай көз тастады. Абайға дабас иіп, қол созып амандаса берді. Сол кезде Абай да салмақты сыпайылықпен, тәрбиелі адамның қозғалысын жасап бас иді:
—Здравствуйте, Ваше превосходительство! — деді. Және ілесе жандаралдың қолын қысып, амандасып жатып: — Ибрагим Құнанбаев! — деп, өзін атап таныстырды.
Бұрын бөгелмей жүріп келе жатқан жандарал, енді Абайдан жарым адымдай кейін басты да, жалт қарады.
—Құнанбаев! А-а, әлгі ел бүлдіргіш Құнанбаев сіз бе?
Абай мен екеуі осыдан соң, қарсы көз қадасып, тұрып қалып, орысша жауаптасып кетті.
Абай тез жауап берді:
—Я, сол менмін, Ваше превосходительство.
—А, сіз неге ондай болдыңыз?
—Мен алысамын! Себеп солай...
—Неге алысасыз?
—Алысу — тіршілік заңы. Дүниеде жанды, жансыз заттың бәрі де алысумен тіршілік етпей ме? Мен ғана емес, тіпті сіздің өзіңіз де алысасыз, Ваше превосходительство.
Жандарал сәл ойланып, тоқырап қалды. Тағы бір адым шегіне түсіп, Абайдың бас-аяғын барлап, сүзе қарап өтті. Ол бір сәт қатты ызаланғандай. Басының қасқасына дейін қып -қызыл боп кетті... Мына салтанатты шығысында, осынша жұрт алдында әлдеқандай сахаралық киргиз мұнымен қорғанбай, қысылмастан жауаптасады. Жауабы қандай!? Сондықтан енді қатты зекіп сөйледі.
Тағы да қадалды:
—Сіз немен, кімге қарсы алысасыз?
—Мен жауыздықпен алысамын.
—Сізді неге көп жұрт жамандайды?
—Ода ғажап емес...Тірлікте жауыздық көп пе?Жақсылық көп пе? Менің білуімше, жауыздық пен жауыздар көбірек... Ендеше, олардың үні молырақ болуы да заңды...
Айнала жұртжым-жырттынып қалыпты. Оразбай тұрған жақ шетте, қазақша сыбыс, сыпсың сөз суылдап естіліп тұр. "Жауаптасып қалды ғой!", "Ұлықтың түрі кәрлі емес қой!", "Тілге келсе, тәсіл тауып кетер ме?" деген, қожыраған күдік сөзбен сұрақтарды Молдабай, Абралы, Жиреншелер айтып тұр. "Ұрсып тұр ма?", "Тергеп тұр ма?" деп, саңыраудай алақтап, жаманшылық тілесе де, дымы құрып тұрған Оразбай өзіндей орысшаға меңіреу Жиреншеден ентелеп жауап күтеді.
Жандарал Абай қасында әлі қарап, әлі кетпей тұрып алды.
—Сіз солай дейсіз бе?
—Солай деймін, Ваше превосходительство!
—Осы айтқандарыңыздың дұрыстығын сөзбен, іспен бекіте аласыз ба?
—Бекіте аламын деп бек сенемін.
—Ну... көрейік! Менің соңыма еріңіз! — деп, жандарал бұйыра сөйлегендей болды да, ілгері жағалап жүре берді. Абай бар қазақтың қатарынан шығып, салмақпен басып, жандаралдың қасына ерді.
Жай қара қазақ түгіл, тілмаштарға да жандаралдың жаңағы ең соңғы сөзі мен мінезі аңғарылмай қалды. Абай "алыс" дегеннің жалпы жайын айтып қана қойған жоқ-ты. Дәл осы сәтте сол "алысты" өзі ізденіп те тұрған. Ызалы қайсарлыққа нық бекіген байлауы бар, сонымен келеді. Бойы биіктеп, шоқтығы шығыңқырап, қазіргі Абай тіпті ажарланып алғандай. Қатар тұрған ұлыққа қол қусырған жағымсыз болыстардың қасынан Абай өзі де ұлықша, асқақ басып өтті. Бұл кезде ойда жоқтан Абайға пайдалы өзгеше бір құбылыстар байқалды. Жандаралдың Абайды қандай мінезбен еріткенін әлі аңғарған кісі жоқ болса да, кейінгі болыстар мен билер қастарынан Абай өте бергенде, шетінен оған да құрмет көрсете бастады. Әуелі жандаралға иіледі де, соның артынан лезде Абайға да қолдарын созып, қошемет қып, ұлық тұтып өткізіп жатыр. Жағына сөйлеп: "Мырза, жолыңыз болсын", "Абырой берсін, мырза" десіп, жалпаңдайды. Абайда үн жоқ еді. Бірақ жандарал бүл күйді еріксіз байқады. Өзі ашумен ерткен қазаққа барлық болыстар анық үлкен беделді адамдай қошемет, құрмет көрсетіп жатыр. Абайдың ішінде бұл күйдің бәріне мысқыл бар. Жандарал мұны айдындырамын деп ертіп, енді бұдан бар пәлекор жуандарды айдындырып тұрғанын өзі де андамай қалды. Ұлықтардың бұл былыққаны, шатысқаны шын күлкідей. Жандаралдың қазақ басшысына бар кездескені осы екі - үш минут бойында жағалай амандасып өтумен тамам болды. Ол топты айналған бетінде, алғаш келген ізіне қайта түсті де, бөгелместен кете барды. Топтан шыққанда, артына таман бұрылып, Абайдың келе жатқанын андап, соған бірер сөз ұн қатып бара жатқандай. Оразбай, Жиреншелер ұлық кете салысымен қатардан ұмтылып, Абайлардың сыртынан ентелеп, қарап тұр. Бұлардың сорына жандарал өзге, артындағы жолдастарына, ұлық нөкерлеріне қарамай, әлі де жалғыз Абаймен жауаптасып барады. Ең соңғы кезі бұл жөнелістің сырын ашса керек. "Абай жандарал үйіне кіре ме, жоқ есік алдынан ұлық оны басқа біреулеріне тапсырып бере ме!" деген ең соңғы үміт бар еді. Жиренше жандаралдың қозғалысына қарап тұрып, екі бүктеп алған қамшысымен санын бір салды. Жандарал өзіне тіккен сегіз қанат ақ үйге Абайды бірге ертіп кіріп кетті. Және басқа ұлықтан бірде-бір кісі бұл үйге кірмей, тыста іркіліп тұрып қалды. Кейін көрші үйлерге тарасып кеткен ояздар мен советниктердің жоталары ғана көрініп қалды. Жиренше мен Оразбай жаңағы көз алдынан өткен сырт ажарға қарап, іштерінен тынғандай болса да, әлі де қазіргі тұрған жерлерінен кете алмайды. Үнсіз қалпында екеуі де "Әлдене болар екен!" дегендей. Бір үміт, бір күдікпен аңырып, жандарал үйінін есігіне қадала қарайды. Екеуінің жанына тағы бір қазақтар кепті. Олар әлденеге көңілденіп, көтеріле сөйлеген адамдар тәрізді. Жиренше мен Оразбай қатар бұрылып, он жағына қараса, бұларды табалағандай боп, күлісіп тұрған Абайдың кісілері екен.
Ол — Дәрмен, Баймағамбет және жатақтың жас жігіті Серкеш.
—Мысы біржолата құрысын жаулардың, ананы қара! — деп, Серкеш Баймағамбетке жандарал үй жағын нұсқап, тағы бір жақсы белгі көрсетті.
Бітіктеу кішкене көзін сығырайтып, аузын мол ашып, мәз болып күліп тұр. Баймағамбет те қазір бұлардың көзіне түскен бір болымсыз көрініске анық көңіл бөліп, қуана сөйледі. Ол Дәрменді түртіп, ақ үйлер жақты нұсқап тұр.
—Анау урядникті көрдің бе, Дәрмен? Потносқа қойып екі стакан шай апара жатқан жоқ па? — дегенде, Дәрмен де сүйсініп күліп жіберді.
Жиренше мен Оразбайдың бұл болымсыз көріністен түйген жайы анық соққыдай болды. Екеуі қолдарын бір-ақ сілтеп, қабақ түйді де, сырт айнала жөнелді. Абайдың үш жолдасы мына жаулардың титығы мүлде құрып бара жатқанын тез аңғарып, әдейі даурыға сөйледі. Дәрмен бұрылып бара жатқан екі жуанның жотасынан оқ атқандай боп, олар үшін қазадай болған хабарды әдейі күліп айтып тұр.
—Жандарал Абайды айдатпақ түгіл, ардақтап жатыр. Үстіне оязды кіргізбей, жалғыз Абайды ғана кіргізді. Дәйім осылай Абай ағамның абыройы ассын! Қызғаншақ жауыздың қарасы батсын! — деді.
Өлеңдете сөйлегендей, көп жау, жауыздарға лағынет үкімін айтқандай сөйледі. Оразбай мен Жиренше бұның бірталай сөзін естіп тұрса да, елемеген, андамаған кісі болғансыды. Дәл осы кезде Оразбай Жиреншелердің ұлықтар үйлеріне қарап тұрған аңысын байқап, жана жандаралды шұлғып қарсы алған бір-екі болыс та тақап келді. Оның біреуі сөзуар, бәлеқор, пысықша болыс — Рақыш болатын. Олар Оразбай мен Дәрмендердің аралығынан келіп:
—Е, немене, не аңғардыңдар? Әлгі Абайды қайда әкетті — десіп, сұрау сала келіп тұр.
Дәрмен мен Баймағамбет осы арада бір-біріне қарап, ақырын иек қағып, көздерін қысысты. Сол сәтте "әу" десіп алғандай, екеуі алма-кезектеп, жандарынан жаңа шығарған лақапты даурығып айта бастады. Әдейі Рақыштар мен олардың ар жағындағы Жиреншелерге естірте сөйлеп тұр. Барды біліп, соған көпіріп, қуана дабырлап тұрған кісілердің қалпына ауысқан. Әуелі Дәрмен бастады:
—"Е, жандарал Абаймен осы жолы келіседі!" — деген сөзді текке айтты дейсің бе?
—Е, сол сәлем анық болды!
—"Өзге қазақты кісі көрмейді. Болыстар бар екен дейтін жандарал жоқ. Олардың знагін тазы иттің мойнына таққан қарғысы құрлы көрмейді!" деген сөз де дұрыс болды! — дей түсіп, Дәрмен бұрыла берді. Төстеріндегі знагын жалтыратып тұрған Рақыштарды жаңа байқаған боп, сәл қысылғансыды да:
—"Болыс-болыс емес, бар болыстың ұлығы осы жолы Абай болды" деп, советниктің өзі де айтыпты ғой! — деп қойды.
Баймағамбет іле жөнеліп:
—"Жандаралмен ұзақ сөйлессе болды, Абай тіпті төбе би де болады" депті советник!
—Оның рас. Дәл осы бүгін сонау үйден Абай төбе би болып шығады, көрерсің!
—Рас-ақ болды. Қара қазақтың айтқан сөзі емес. Үлкен ұлықтың өз кеңсесінен шыққан сөз бекер болушы ма еді? Көресің бе, әне! Жандарал үйінде тек жандаралдың бір өзімен Абай ғана!
—Үндеме, сөздің бәрі пісіп жатыр! — деп, бұлар тоқтасқанда, енді аңғарса, Рақыштар ымдап шақырған тағы бір үш-төрт болыстың бәрі Дәрмен мен Баймағамбетті сыртынан қоршап алыпты. Жанағы сөздерді түгел естіп тұр екен.
Мысы құрыған Жиренше де жақындап кепті. Ит көрген текедей боп, иегі мен сақалын омырауына тыға түседі. Екі көзін ежірейте қарап тыңдап қапты. Дәрмендер болыстарды жаңа байқаған боп, енді сыр білдірмегенсіп, сөздерін тыя қойды. Рақыш пен жастау, көселеу бір болыс екеуі мына екі жігітті жағалап кеп, жанағы естігендерін қайта сұрастыра бастады.
—Ой, не дедіңдер, шырақтарым-ау! Абайға ұлық солай сәлем айтып па?
—Әлі, солай деп советниктен сәлем келіп еді де! Туу, біздің қазақта надан-ау! Сол Абайдың абыройын қызғанып, қастық ойлап, ит боп жүргендері де бар-ау! Оны білдіңдер ме сендер?! — деп, осы соңғы сөзді Рақыш, Дәрмен мен Баймағамбетке шынымен жағынып айтты.
Дәрмен күліп жіберді. Рақыш кеше ғана, Оразбайдың үйінде Абай мұқатушының бірі болған. Жиренше, Оразбайлар да қол сілкіп, түстері қарауытып бұзылған қалпында амалсыздан сырт айналып кетті.
БЕСІНШІ БӨЛІМ
Абаймен жандарал арасында бірталай арбасып қандасқан әңгімелер өтіп жатқан-ды. Жандарал топ алдында кейбір сұрауларын қайталаумен қатар, өзінің жаңағы ызаланған күйін есіне түсіріп еді. Енді оңашада Абайға ашулы жүзбен қатал мінез көрсетіп, ақыра сөйледі.
—Алысамын, алысамын!... — деп, Абайды мазақтап, оның соңғы сөзін қайталап өтіп: — Сахарадағы бірінші сорт бүліксіз. Сізге қарсы барлық болыстардың инабатты, ұлықтарға сенімді адамдары өтініштер, арыздар жазған. Текке жазбаған.
Қазір осы арада, он екі сағат ішінде, сізді Семейдің түрмесіне жіберіп, содан әрі Сібірдің ең алыс каторгасына, қазақ даласы қайтып сіздің атыңызды естіместей жерге жіберуге дәлелім бар. Шыныңызды айтыңыз, сізге сахарадан не керек? Неге сіз, біз қойған барлық әкімдермен араздасып, жауласумен келесіз? — деді.
—Ваше превосходительство! Мен ол адамдармен сіздер әкім қойғандықтан алыспаймын ғой. Айттым ғой, олар жауыз болғандықтан алысамын!
Жандарал қатты тепсініп, столды саусағымен қатты ұрып тұрып:
—Ең әуелі сіз осы үшін жауап беріңіз! Әкім сайланған адамдарды "жауыз" деуге қандай қақыңыз бар?
—Олардың, шынын білсеңіз, мен ғана емес, өзіңіз де, жауыз демек түгіл, көбін жазалар едіңіз.
—Осы айтқан сөзіңізге дәлел келтіріңіз! Не сіз, көп волостной управительдердің қылмыстарын дәлелдеп атап бересіз. Менің көзімді жеткізесіз соған. Немесе, мен сізді осы үйден шығарғанда, қасыңызға жандармдарды қосып, түрмеге жөнелтетін боп шығарамын.
Абай әлі де сасқан жоқ. Жандаралға ойлы, салқын көзбен тік қарап тұрды да:
—Мақұл, Ваше превосходительство! Тек, бірақ маған барымды айтқызып, тыңдап шығуыңызды өтінемін, — деді.
Абайдың мынау жауап, мынау жүзінен соң жандарал оған бір сәт жалт бұрылып, ұзақ ойлана үнсіз тоқтап, қадалып тұрды. Сөйтті де, бірталай уақыт үнсіз жүріп қалды.
Абай өз ойын айтып жатыр:
—Қылмыстың бәрі қағаз жүзінде сансыз көп ауыр жұмыстар болғандықтан, ояздар тыя алмай, мировой судьялар анық бұзық жауыз адамдарды жазалай алмай қойды.
Қылмыстылардың атын санасақ: ұрлық, өтірік куәлік, талан-тараж, кісі өлтіру, үлкен шайқалар жасап, бір елден шығып, екінші елге барып мал талап қайту. Соның ар жағында әрбір мықты адамдардың сүйеуі, жауызды жаманшылықтан ақтап алатыны, жалғанға приговор жасау, біреуді өтірікпен жалалау, — осы істердің бәрінің үстінде пара, заңсыз, теріс билік, көп елді, момын елді жем ету, шығынға батыру. Мінекей, осындай істің бәрін жиып келгенде — жауыздық атанады. Жаманшылық атанады. "Соны істейтін кім?" десеңіз, көбінше елде отырған малы көп, жігіті көп, және керек десе, қазыналық печаті, кеңсесі де бар, әр болыста отырған атақты әкім адамдар. Ал барлық тынымсыз, шексіз көп жауыздықтар нәтижесінде, малынан айрылатын, есесіз қалатын, әділет таппайтын көп момын халық болады!
Жандарал тағы да Абайды сөйлете түсіп, сырын ашқыза бермекке бекіді:
—Құнанбаев, біз киргиз даласына тандап отырып, әкімдер сайлаймыз. Сіз оның бәрін жаман дейсіз, жауыз адамдар дейсіз. Оныңыз, менің аңғаруым рас болса, сіздің өзгеден бөлек убеждениеңіз емес пе? — деді.
Абайға салқын қарап, сынап, торып сөйлеп отыр. Бұл сөздің артында "елдегі әкімдер жаман болса, оларды сайлап қойып отырған біз де жаман боламыз ғой! Айтпағын сол ма?" дегендей, Абайды айыптауға бейім ажар көрсетті. Бұл ара арбасудың анық шетін, қатер жері еді. Абай айтарын айтты, өзімшіл, зорлықшыл ұлықпен бұдан ары шыншылдыққа басып, сыр ашысып сөйлескісі келмеді. Салмақпен қарады да, күліп жіберді:
—Ваше превосходительство! Мен ғұмырда бірінші рет сіз сияқты үлкен әкімге кездескендіктен, сіз билеп жүрген сахарадағы шын ауыр халдерді айту қажет қой деп білдім. Сіз болсаңыз, зор әкімсіз. Қолыңызда көп құдірет күші бар. Ал сізге біздің сахарамыз турасындағы шындық халдің көбі мәлім емес деп білемін. Соның біразын болса да сіз біліп кетсе екен деп әдейі айттым! — деді.
Жандарал бұл сөзді ұнатпады. Абайдың айтып өткен сөзін ұнатпау үстіне, жандарал қазір Абайдың өзін де ұнатпай отыр. Абайға суық қараған көзін жандарал есік жаққа аударып, қабағын түйді. Төрге қарсы отырған Абай да бұрылған еді. Үйге кіріп, есік жағында тік тұрып, тымағын қолтығына қысқан Базаралы мен орта жаста, сұлу сақалды, сыпайы ғана киінген орыс адамы тұр екен... Абай Базаралының бұл жердей шыққанына орасан таңданды... Оның жанындағы орыс адамын да жаңа таныды. Бұл қазақшаға жүйрік Семейдің сағатшысы Сабелей екен. Жандарал өз үстіне кірген көрнеу арызшыларға ызаланумен қатар, тандана қарады. Бірі орыс, бірі қазақ — екеуінің де қолтықтары толы будаланған қалың қағаздар. Қазағы ұзын, сымбатты бойы бар... сұлу бұрыл сақалды, аппақ кен маңдайлы, нұр жүзді, келбетті адам... Бұлардың артында, есік алдында оннан аса жұпыны киімді момын жүзді арызшы жандар, үйге кірмей, ашық есіктен бас иіп қана жандарал жүзіне қарасып тұр. Бәрі де үйге кірген Базаралы алуандас орта жасты, ұнамды түсті қазақ арызшылары:
—Бұ не?.. Кімдер? — дей берген жандаралға Сабелей шапшаң ғана жай білдірді.
—Ваше превосходительство, бұл келгендер Семипалатинск уезінің әр болысының арызшы қазақтары. Қазір бәрі де сізге бір ғана өтінішпен келді. Бәрі де приговор әкеп тұр. Мына қағаздар солар. Мені сізге арызымызды айтып бер!" деп сұрады. Өздері орысша білмеген соң!..
—Арызы не туралы? Не сұрайды?
—Олар, Ваше превосходительство, өздеріне ешнәрсе сұрамайды. Сізден қазақтың ақыны, халық жақсы көретін адамы Ибрагим Құнанбаев туралы өтініш етеді, — дей беріп еді, жандарал қағаздарға үнсіз ғана қол созды.
Сабелей мен Базаралы барынша шапшаң басып кеп, қағаздарды жандаралдың столына әкеп салды. Жандарал Абайға көз қиығын тастап еді, бірақ Абайдың жүзінде қатты таңданған халден басқа ешбір елес те жоқ екен. Базаралы болса, осы кезде Абайды мүлде көрмегендей, беті-жүзін танымайтын кісідей қарап, жандаралға енді өздігімен соқалап, орысша арыз айтып кетті. Тілі, қозғалысы аса қызық көрінген, келбетті қазақты жандарал амалсыз тыңдап қапты. Базаралы Абайды өзінің тын өнерімен тағы таңырқатып орысшалап тұр.
—Қырғыз степ слапой, тақсыр,— деп, ұзын сұлу аппақ саусақтарымен бір көзін басты. — Токмо один клаз ее, он Құнанбаев! Қырғыз степ глухой, тақсыр, — деп, бір құлағын да жанағы саусағымен басқанда, жандарал еріксіз езу тартты. Қазақ арызшы сондай тапқыр тәрізді. Базаралы даусын сенімдірек шығарды. Саусағын екінші құлағына апарды да: — Токмо оден ух ее, он Құнанбаев! Он не бойдит, — дейді өзі, бұл сөздерін Абайды көрмей тұрған кісіше айтып тұр. — Не можно! — деп, жүзін тез салқындатып бас шайқайды. — Степ томнай, глухой бойдет! — деп басын тағы шайқап: — Не можно! - деді.
Сабелей енді өзі де жымиып, жандаралға Базаралы сөзін орысша жеткізейін деп еді, жандарал оған қолын көлденең сермеп, кіріспеуге белгі жасады да, Базаралыға қарап отыр.
Базаралы әлі сөйлеп тұр:
—Қаспадан күбрнатр нобай шалабек! Наш пригоуар много... много... степ послал... Много-много степ просит. Наш пригоуар поскай пойдот санату, министр, белый сарь. Степ просит пустит нас министр, Петербор... сарь... псе пойдом! Тода пойдом! — деді.
Жандарал бұл тұста қабағын қайта түйді де, Базаралы мен Сабелейге "түсіндім, барыңдар!" деген белгі етті. Жауап айтып жылы ұшыраған жоқ.
Арызшылар арттарымен шегініп шығып кетті.
Жандаралға Базаралының жаңағы, соңғы сөздері анық үлкен әсер етті. Осы мәжіліс үстінде жандаралдың Абай турасындағы ойы әлденеше рет өзгерді.
Аздан соң жандарал тек салқын ғана бас иді де, Абайды қоя берді. Жандарал Лосовскийдің келгенін енді аңғарды да, езу тартып, күлімсіреп қалды.
Жандарал сол күні кешке жүріп кетті.
Осы кеште Лосовский үш оязбен бас қосып, байласқан сөзінде "ертең ашылатын шербашнайға ел жұмысын тексеруде, халыққа беделді адамдардан, билер сайлап алу керек" дегенді айтқан. Сол кеңестерінде халық ортасынан сайланатын бидің біреуі етіп Ибрагим Құнанбаевты белгілеу керек деген ойды анық байласқан болатын. Бұларға бүгін күндіз жандаралдың Абайға жасаған ілтипаты түгел жетіп, анық мәлім болған-ды. Екінші жағынан, Казанцев оязға бүгін таңертеннен бері, Қарамолаға жиналған қара халық көп тілек, армандар әкелген. Осының барлығында ақы-пұлын, адал малдарын жоқтаған, еселерін қуып келген арызшылар: "Жұрттың дауын шешуге, әділетпен тындыруға, халық алдында беделі, сенімі бар Абай сияқты кісілер би болып сайланса екен" деген. Осы кеште ел арыздарын тексеретін бидің бірі Абай болатыны мәлім боп қалып еді. Тілмаштарға берген паралары арқылы қыбыр-сыбырды алдын ала біліп жүрген сақ пысық болыстар мына жаңалықты елден бұрын аңғарыпты. Абай әлі бұл жайдан мүлде хабарсыз. Тек оның жолдастары бүгін жәрмеңке басында, көп арызшылар арасында өз бетімен әр алуан әңгіме жүргізген. Кейін Ербол мен Баймағамбет қана осы жайды жеткізген еді. Оның орайына аз уақытта Дәрмен келіп, ең соңғы хабарын айтқанда, Абай шын сүйсінді. Қазір жәрмеңке басындағы барлық Абайға тілеулес халық өз бетімен қуаныш, мәз-мереке жасап жатыр екен. Абайдың аман қалғанына қуанған нағыз момын жалпы жұрт. Әдейі арнап "солай етейік, бастық" деген ешкім болмаса да, сол жұрт өзі жиылыпты да, мерекеге кірісіпті. Бар жиын арасында Базаралы, Байкөкше бар екен. Солар енді Дәрменді Абайға жіберіп, "ертіп кел, елдің ортасында болсын!" депті.
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ
Абай Дәрменді, Баймағамбетті, Ерболды ертіп Қарамоланың сыртындағы, күнбатыс жақтағы сары жотаға шықты. Ойда жоқтан жиылған халық үлкен бір тойдағыдай молайып апты. Осы жәрмеңкеде болатын шербашнайға сан арызбен, көп мұңмен жоғын жоқтап келген тамам елдер мен болыстың бұқара момын көпшілігі. Бұлардың анық қалын ел атанған өңшең момын енбек иесі жандар екені бар ажарларынан танылады. Ен әуелі мінген аттарының көпшілігі арық, күн қақты. Кейбір шолақ жалғыз-жалғыз тұғырлар. Олардың үстіндегі ер-тоқымы да ескі, жыртық көпшігімен немесе ортасынан жыртылып жарылған үзенгілігімен, ескі қайыс жүгенімен және де жез, қара темір, әлде тіпті ағаш үзенгілерімен де — бар жайларды мәлім етеді. Мұнда барқыт ат көрпе, күміс жүген, қарала күміс жаптырған құйысқан, тартпа дегендер жоқ. Ескірген тоқымдардың арасында бірде-бір былғары қаптаған, сукномен ойылған тоқым-тұрман да жоқ. Бүл елдің үстеріне киген киімдері де шетінен сүр түсті шекпен, не көнетоз шапан. Бастарындағы әр рудың үлгісін көрсететін тымақтары да тегіс ескі елтірі, ұзын сеңсеңнен істелген. Ол тымақтардың тыстары арзан шыт, немесе жыртылған, жүні шыққан реңсіз қуқыл шүберек. Осындай анық кедей-кепшіктен, қалың бұқарадан шыққан халық бүгін Абайды өз ұлыңдай масайрап тосқандай. Бұл жұрттың бәріде Абайды ортаға алып, қуана қоршап, даурыға амандасып, шын бейілмен құтты болсын айтысты. Төбе басында Базаралы мен Байкөкше аттарынан түсіп, тосып отыр екен. Абай да аттан түскенде, жаңағы достары құшақтасып амандасты.
Абай Базаралыға қалжыңдап:
— Базеке, шыңыраудан алып шықтың ғой. Бүл жолы мен өз өнеріммен шырмала түспесем, құтыларым жоқ еді. Ал сенің бүгінгі сөзің бар ділмардан, бар жүйріктен, адвокаттан анағүрлым асып түсті-ау. Қалай айттың? Төбемді көкке жеткіздің ғой! — деді.
Базаралы жиын жұртқа "ойын-асыр салыңдар, осының өзі Абайдың амандықпен ортамызға жеткеніне арналған бір сауық-сайран болсын" деп еді. Сол арада жұрт екі топқа бөлініп, кесек денелі балуандарын шығарып, дағдылы тойдағыдай күрес салды. Аттар сыналсын деп көкпарға әзірленіп, бір топтар екшеліп жатты. Теңге алатын, аударысатын өнерпаз жігіттер де үлкен реттілікпен сайлана бастады.
Осындай ойын-сауық басталғалы жатқанда Абай Базаралыдан:
—Қалай ғана жол таптың? Жандаралдың үстіне кім жіберді? Неғып кіргізді? — деп сұрап еді.
Базаралы:
—Ойбай, Сабелей екеуміз ашпаған есік бар ма, Семей ұлығында! — Содан ары Абай анықтап сұрағанда, Базаралы нақтылы шынын айтты.
Расында, жандаралдың үйіне мұны жіберу кімге де болса оңай емес-ті. Үстіне қырдың қазағы түгіл, ояз бен чиновниктердің көбін кіргізбей отырған жандаралға арыз иесі Базаралының жол тауып кіруі ойда жоқ нәрсе, мүмкін емес еді. Бірақ Базаралының ендігі айтқан шыны бойынша, бұған жол ашып берген ақша — пара бопты. Жандарал үйін күзеткен үлкен жандарм төресінің біріне Савельев дәл бір сағат сөйлесіп, екі аттың құнындай ақшаны алақанына бастырып, содан соң жол алғанын Базаралы енді білдірді. Күндіз тамам арызшы көпшілік атынан қағаздар жазып, топ-топ кісіні Казанцев сияқты ояздарға беттеткен де Сабелей екен. Ертеңгі тергеу ісіне Абайды араластырсақ екен деген тілектерді айтқан да осы төбе басындағы өжет азаматтар болатын. Осы жайды біле отырып, Абайлар әуелі күресті қарады. Қазір бар жұртты әдісімен, күшімен мәз қып тұрған кесек балғын денелі қара жігіт — Әбді. Ол қатарынан үш балуанды келістіре соқты да, қолына алған түйіншек ішіндегі бәйге ақшасымен ақсия күліп Абайға келді.
—Абай аға, жаулармен алысқанда әмсе осылай соқсын деп, қазіргі бар күшімді өзіңе арнап едім. Сіз үшін қуанғаннан жығып тұрмын, мынау олжамды да сізге тарттым! — деді.
Абай Әбдіге алғыс айтып, сыйын алды да:
—Бәсе, жігер шығар жұртымнан осындай ақыл да шығушы еді ғой! Алысқанды, жығуды сенен үйренейін, Әбді! - деді.
Айнала жұрт күле бастады.
Осыдан кейін ат үстінен шапқылап кеп теңге алған жігіттер, аударыста жеңген азаматтар, көкпарда озыл шыққан, жыртыс алған сан елдің Әбді тәрізді жігіттері тартыс табыстарын "Абайға арнадық!" деп шапқылап кеп, бәрі де Абайға ұсынып жатты. Барлық мереке халық пен Абайдың бөлекше бір шат, ашық, шын көңілмен құшақ жайысып табысқанындай болды.
Осындай жайды сол даладағы жиында Байкөкше өзінше баян етіп берді. Абай мен Базаралы сияқты егде адамдар тобында тұрып Байкөкше өзінің зор үнімен аса бір мағыналы сөз бастады.
—Ия, халайық, бұл бір асыл мереке болды, шын қуаныш, қалтқысы жоқ халық қуанышы. Солай болғанда, бір жағынан, Абай үшін қуанамыз! Өзіміздің Абайымызды қатерден құтқардық деп қуанамыз. Ал осы қуаныштың екінші бір тарауы тағы бар. Ол өзіміздің елдігіміз үшін қуаныш, жақсылық үшін бірігіп, ынтымақ тілек қосып өз дегеніне жеткен адал, момын ел үшін қуанбасқа бола ма? Бұл анық елдік жол еді, әмісе осындай елдіктің жолы болсын! Әмин! — деді.
Айнала жұрт бұл сөзге қатты сүйсінді. Қарт ақынды қостап дауыстап "Әмин, әмин!" десіп бет сипап, мәз боп күлісіп, қатты қожырасып қалған көңілді дабырлар естілді. Кешке шай жиналмастан, Абай үйіне ойда жоқ, тың адамдар келе бастады. Абайдың да, жолдастарының да бұл үйде мүлде көреміз деген адамдары емес. Келгендер: бағана күндіз жандаралды қалбақтап тосқан, мойындарына знак, қарғыларын таққан болыстар. Бұнда Семей оязының бес-алты болысы бар. Оларды бастап келген Рақыш. Алдыңғы күн Оразбайдың үйінде отырып, Абайды сыртынан мұқатып, кекеткен, оған анық жауыққан болыстың бірі. Өскемен, Зайсанның да үш-төрт болысы мен төрелері келіпті. Енді шеттерінен Абайды жаңа ғана танып, бұның алдында құрақ ұшып тұрған кісі болысады. Советник — советник емес, ояз — ояз емес. Бейне бір "жарылқаса зор қылып, қарғаса жер қылатын" жарым патша Абай бола қалғандай. Бәрінін сөзі: "Сізге сәлем бере келіп едік", "сапарыңыз он болсын дегелі келіп едік", "көшеден ұлықты тосып алан көп болған соң, кішкене арқа-бастың кеңігенін тосып едік", "Сізбен сәлемдесіп, дидарласуды Қарамолаға жүрместен бұрын ойлап едік", "Сіздей көпке бірдей ел ағасымен жүз көрісу, сарқытыңызды ішу бізге қандай қанібет" деседі. Бәрінің сөзі, әр тілмен айтылғанымен, бір ғана бояма, екі жүзді жағымпаздықты, жаман жорғалықты танытады. Абай бұлардың ешқайсымен де жылы ұшырап сөйлескен жоқ. Қонақтарға қымыз ұсынылған кезде, өз ойымен тебіренгендей болып, бір толғаулы терең сөздер сөйлеп кетті. Ешкімнің бетіне қарамай, келбетті, ойшыл жүзін жоғары көтеріңкіреп, бір толғау тастап отыр:
—Қазақ деген халықтың соры қалын ғой. Санап бітіргісіз жоқшылығы, мұны көп. Сол сорының бірі — өзін билеп отырған өңшең зоры емес пе? Атқамінері, болысы, бек пен биі, хан мен төресі емес пе? Ойда ұлық қорласа, аяздай бой әкім қысса, үйден үрген итке ұқсап ел ішінен бәлеқор, парақор, неше алуан мансапқоры шығады. Бір ғана өз басынын, жалғыз өзінің, ататегінің барлығы, байлығы, әмір құдіретінен басқа, халық қамын ойлайтын бірде-бір мансап иесі бармысын? — деді.
Қатты ызамен, үлкен намыспен ширықты. Жағалай отырған болыстардың барлығына ұрысқандай боп, жирене қарап өтті. Жүрегінде шабыт бар. Ашулы шабыт болатын. Соның ұшқындаған отынан тамаша терең, ойшыл бір толғау туардай. Ақын атаулының ақындық, ыстық шабыт үстінде күйдіріп айтатын қанатты сөзі. Ол мансап жайына арналған-ды.
—Мансаптың бәрі қорлық емес, игілік үшін өзін құрбан ететін мансап адамға қасиет бітірсе керек. Ондай мансапты, сен адам болсаң, ит қорлықпен ұлықтың табанын жалап жүріп таппас боларсың. Халқыңа қадірің асқан жақсы болсаң, сондай мансап өзіңді өзі іздеп кеп тапса болар! — дей келіп, өлеңдей, үлкен даналық бар сөз айтты. — Биік мансап — биік жартас. Оның басына екпіндеп ұшып қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады! Міне, осының қайсысы болдың, осы отырғандар. Қыран болмасаң, халқың үшін жылан болдың емес пе?! — деді де, қабағын суық түйіп, өзге сөзден тыйылып отырып қалды.
Абайдың сөзі болыстардың барлығына, қамшымен қақ бастан қасқайта тартқандай, ауыр соққы болды. Бұны түсінбей қалған болыс жоқ. Астыртын жамандасуға айлакес, сырқынды болғанмен, мынадай үлкен әділ қазының алдында, ашық шындыққа бара алмайтын, арамза әкімдер, Абаймен жауаптаспай, тегіс томсарып үндемей қалды. Көбі сызданып, қабақпен өкпе көрсетіп, тым-тырыс отыр. Абай да бұларды қонақ етіп, қошемет қылмақ ниеттен аулақ еді. Аздан соң шапанын жамылып, Баймағамбетті ертіп, тысқа шығып кете барды. Басқалар да тарап кетті. "Абай өзіне амандасып, сәлем бере барған болыстарды масқара қыпты. Бетке қарғып айыптай сөйлепті!" деген сөз шықты. Бірақ бұны көпшілік естіген жоқ. Рақыш сияқты кей болыстар, Абайға кінә тағып кеткендіктен, Оразбайға шағым еткен.
Оразбай кекете күліп отырып, өзінің байлауын айтты:
—Шоқ-шоқ, бәлем. Абайшыл болыстар, сендерге со керек. Онда да зоры керек еді, Абайға табынудан тыйыламысың шетіңнен. Алдыңнан әлі де талай оралар. Одан әлі талайың талайды тартарсың. Қашан айттың деме! — деп, енді өзінің де мысы құрыған күйде, сөзін тыйған.
Бұл күнге шейінгі жасаған айлалы, арам қоршауы мен құрсауларын Абай бір-ақ қимылмен талқан етіп кеткендей. Оразбай соған ызалы да күйікті болатын. Бірақ ол Абайды жығатын жардың мүлде жоғалмайтынын осы жолы әсіресе анық танып біліп алды. Абайға жауыққан болыс пен жуан шонжар атаулының бәрімен де тұмсық түйістіріп, ауыз жаласып алғандай. Бүгін осы Қарамолада жықпаса да, "түбінде Абайды апарып бір құлататын ордың ортасын таптық" деп, ішінен соны медеу етті де, шербешный сияздың артын тосып отырып қалды. Бүгін келіп жатқан қонақтармен бірге қызық сауық, көңілді өнер қоса келетінін Әйгерім жақсы біледі. Шын бүгін Ақшоқыға өздерінін соңғы өнер, табыстарын асығып әкелген өнерпаздар аз емес. Осы күні кешке ел орынға отыра бергенде, тағы да тын қонақтар келді. Бұлар — Базаралы мен Көкбай. Екеуі бүгін кешке осы ауылдың желкесінде кездесіп, бірге келіскен-ді. Абай Базаралының келгеніне әсіресе қуанып, күле амандасып жадырап қалды. Базаралы келісімен-ақ үй ішін жарқын жүз, әзіл күлкі аралас сөздермен көңілдендіріп жіберді. Абай оны өзінің он жағынан жоғары отырғызған. Биік сүйек төсектен екі жастықты өзі әперіп, қалыңдатып көрпе де салғызды. Осы топтың әрі үлкені, әрі Абайға ең қадірлісі болғандықтан, жиын әзір тек қана Базаралының аузына қарайды.
—Жол ұзақ, шаршап келдің ғой, Базеке, жантайып отыр! — деп, Абай Базаралының шынтағының астынан ақ жастықты тақап қойды. Базаралы бір нәрсені есіне алып жымиды да:
—Шаршайтын орайым бар еді, бірақ бүгін көрген бір қызығым күн бойғы жол азығым боп, шаршағанды білдірмеді, — деп қойды. Үйдегі жас атаулы да, Әйгерім де Базаралыдан енді қызық әңгіме күтті. Абай өзінің алдында тұрған үлкен дөңгелек столға шынтақтап, бар денесімен осы қонағына бұрылды да:
—Ал, ендеше айтпайсын ба, Базым, — деп, жан-жағына көз салды да, — сені көрсе қызық күтіп отыратын жастарың анау, - деді.
Базаралы да бәлсініп созған жоқ. Қазір ол басын көтеріп алды. Үлкен бөлме жылы жағылған, дөңгелек стол үстінде жарығы мол лампа үй ішін және де көңілдендіріп тұр. Суықтан кеп жылы үйде жадыраған соң, Базаралының ақ жүзіне жұқалаң қызыл рең кіріпті. Жаңа өзі мезіреті жасаған әңгімесін айтар алдында Базаралы жастарға қарап сәл ғана өтінгендей боп сөйледі.
—Бүгінгі мәжіліс ақындар кезегі екенін сезіп отырмын. Абайдың қасында мен де бірге тыңдайын деп келген жайым да бар. Соның алдында жанағы өзімнің шыдам сызданып бастап қойған әңгімемді айтып берейін ендеше.
Мағаш ентелей түсті.
—Базеке-ау, сіз сөйлесеңіз, ақындар кезегімді алып қойды демейді.
—Мен бүгін Шыңғыстың бөктерінен шықтым, — деп Базаралы сөзіне кірісті. — Жол ұзақ болған соң, таң біліне аттанып ем. Сәскеде Көл қайнарға кеп, Жұман аулының жанындағы адырға кіре берсем, бір төбенің басында, үш ұйықтасаң түсіне кірмес бір қызық топ тұр. Қандай топ десеңші? Топ дегенім — төрт теке мен Жұман. Жалғыз түп бозқарағанға төрт текені тұқыртып байлап қойыпты да, солардың қарсы алдында, молдасындай боп, ақ таяқты сілтей түсіп, Жұман өзі текше тасқа отырып апты...
Үйдегі жұрт енді әңгіменің беті бір оқысқа соғатынын аңғарып күле бастады. Базаралы бар сөзін ашық үнмен ажарлы етіп, жандыра сөйлеп келеді.
—Күн жел еді, мен ық жақтан келгем. Қастарына жеткенімше сырт қарап отырған Жұман тықырымды да естіген жоқ. "Е-е, бұнда Ырғызбайдың бір келелі кеңесі бар ғой, тегі..." — дей беріп, Базаралы жағалай қарағанда, үйдің іші ду күлді. Абай бар денесі селкілдеп сықылықтай күліп қапты. Әйгерім де әсем күлкісі сылдырап, қызара қысылып, қатты күлді. "Базаралы басыма ұят та, кінә да болар... Аз да болса ақыл үйренейін тым құрса... Ендігі қалған Ырғызбайдың бұ да бір үлкені ғой" деп, атымды тұсап қойдым да, ақырын басып, сыртынан кеп тыңдап отырып қалдым.
Күлкісі тыйылмай мәз болысқан жұртқа Базаралы ендігі көргені мен естігенін баяндап жатыр. Болған хал былай екен. Жұман қойда жүрген баласы Месқараға келсе, ол осы текелер қойға маза бермей қойды депті. Күйек байлауға кешіккенін енді сезген Жұман төрт текені ұстатып алып, қарағанға байлатып қойғаны сол екен. Текелер бастарын тұқыртып, мүйіздерін төсеп тұр. Көздерінде айыбын білген белгі жоқ, қайта Жұманның сақалына ежірейе қарап, "сүзер ме еді өзі!" деп тұрғандай. Соны көріп, онсыз да ызасы келген Жұман төрт текені жеке - жеке де, тобымен де кінәлап жазғырып, ұялтып отыр екен. Базаралы кеп отырғанда, Жұманның ұзын таяғы әуелі төрт текенің төбесінен түгел бір жайқап өтті.
—Уа, төрт теке, қоралы қойға бүлік боп араласпадым деші кәне, бүлдірмедім деп көрші! Қой десе, сірә, қойдың ба? Құдай, әруақтан ұялдың ба?.. — дей түсіп, енді үлкен керіс үстіндегі қызыл кеңірдекке басты. Бір кезек таяғымен тақ еткізіп жастау қара текені мүйізінен салып қалып: — Қара теке, жастан шыққан тынымсыз бүлік сен болдың! — дегенде, қара теке сақалын салпылдатып, ырғып ортқып Жұманға ұмтылғысы келгендей болды. Жұман да енді екілене түсті:
—Қарашы бұны, сотқар да өзі, қыңыр да өзі, көрдің бе? Сақалы да сапсиып апты жас басынан Әзімбайдың сақалындай, — деді де, Жұман өзінін ендігі ойына мәз болып, кеңкілдеп күліп алды. Қазір шынында оның ойына қайдағы бір тапқыр қызық қиял кепті. Әзімбайды айтуы мұң екен, содан әрі текелері теке болмай, шетінен кісі болып сала берді. Қара теке — Әзімбай болғанда, осы текенің әкесі — сары теке қатар тұр еді. Оны Жұман сол сәтте Тәкежан етіп алды. Одан арғы бөрте текені — Жиренше деп, ен соңғы қарағай мүйіз, жуан мойын ор текені — Оразбай қып қойды.
Жұман мен текелердің содан соңғы кеңесі Базаралыға анық тапқыр, тамаша боп көрінгенді. Әзімбайдан бастап Тәкежан, Жиренше, Оразбай болған текелердің күйексіз күйдегі тынымсыз, ынсапсыз пәлеқорлығы теріліп саналды. Бәрі де момын жүрген ешкі мен қой атаулыны ертеден қара кешке дейін қырық бөлек қып, бықпырт тигендей мазалайды екен. Соларын беттеріне баса келе, Жұман тағы бір рет топшысын көтеріп желіге сөйлеп кетіп, Оразбай, Жиренше, Тәкежан, Әзімбай — бәрі бірігіп елді ылайлағанда бір Абайға қарсы қастық етіп жүргендеріне кеткен-ді. Жұман бір сәт өзін Абай етіп қойып та төрт текені кіналайды: "Халықтың қарғысы мойындарында... Мен момынды жылатпа, елді бүлдірме деген үшін сендерге жазықтымын ғой. Бірақ табарсың, елдің көз жасынан табарсың!" деп те қояды... Осы жайдың бәрін Базаралы неше алуан үнде салып, аса шебер ойнақы артисше баяндай келгенде, тыңдаушы жұрттың көбі ішек-сілесі қатып, тынымсыз қарқылдап күледі. Кейбіреулері жығыла қисайып үн шығара алмай, көгере қатып күледі. Абайдың да екі көзінен жас парлап, күлкіден діңкесі құрып, Әйгерім екеуі біріне-бірі сүйенісе күледі. Базаралы барды баяндап болды да, ең соңында:
—Жетпіс бес жасқа жеткенше мылжыңдап, мылжыңдап кеп, ең аяғында осындай ақыл тапқан Жұманды көргем жоқ па? Құдай қаны, мынасы қай Ырғызбай тапқан сөз еді?.. — деп әңгімесін бітіре берді.
Көкбай шайды ерте ішіп болған еді. Сол аңғарды таныған жұрт дастарқан жиылмай-ақ әр жерден күңкілдеп "жыр басталса" деген еді, Базаралы домбыраны өз қолымен алып, осындайдағы әдеті бойынша Көкбайға ұсынды. Содан ары тыңдаушыларды көп өтіндірмей Көкбай өз өлеңін жырлап кетті. Ұзақ ішілетін шайды аяқтаған жоқ - ты. Бірақ үлкен самауырды қайта демдеп әкелгелі алып кетіскенде, өлеңнің айтылып жатуы мезгілді сияқты еді. Көкбай бірталай уақыт жырлағанда, Абылайды мадақтап сөйлеген-ді. Енді самауыр қайта кіргенде, Абылайдың нәсілдеріне ауысып, соларды қошеметтей бастап еді. Дәл осы уақытта Базаралы Көкбайды санынан қақты да, "тоқташы" дегендей белгі етті. Көкбай Абайға қарап еді, көптен салқын қабақпен тыңдап отырған Абай да тоқтағанын мақұл көргендей екен.
Көкбай еріксіз шұғыл тыйылып қалды. Енді Базаралы іле сөйлей жөнелді.
—Бұрын сөйледі деп айып етпеңдер, жігіттер, осында менен басқанның бәрің, бастығын Абай боп, өңшең ақын екенсің. Ендеше, Қожанасыр айтқандай: "Осынша тауыққа бір қораз керек. емес пе!" Көп айтушыға бір тыңдаушы болсам, ойымды айтайын, — деп, Көкбайға салқын қарап алды.
Абай Базаралының бұл мінезін де құп көріп, айтуын өтінді.
—Айтсам, Көкбай, "алдияр" дедің, "асыл ханым" дедің, "әруағыңнан айналайын" деп те жалбарынып жатырсың. Аяғы Абылайдан өтіп, нәсіліне де тауап қылар тәрізің бар. Шынымды айтайын, жақпайды маған, Көкбай, мұның. Осы хан-сұлтанды көксеп, маңырап талай надан ақын баяғының өзін де тоздырып болмады ма, Абай?! Біз Абай сөзін естігелі осыны ұмытсақ мақұл емес пе еді? Көкейіме қонбайды, өйткені көңіліме жақпайды. Ал, адалын өздерін айт! — деп, Базаралы Абайға қарады.
Жұрт мына сын шыға бастаған шайды ішпей, сілейе тыңдап қалған екен. Абай Базаралыны қостап, ойлана отырып, бас изеді де:
—Осы сөз анық әділ сөз ғой. Айтып қойғанымыз болсын, айтпағанымыз болсын, бәрімізге де жетерлік сын екен, — деп ойлана отырды да, Көкбайға салқын қарап: — Ал Наурызбайлар көпті сорлатқан-ды. Сол қатты, қатал сойқандары үшін өз бастарына әділ жаза тапқан. Көпке қаза шақырғаны үшін тапқан қатты бүлік содырлар еді. Оны қазақтың қалын елінің қамқоры етпексің. Жалған! Бәрі де жалған! Алдамшы бояулар! Бұл күнде, бүгінгі нәсілде қазақты орысқа өшіктіруші қазақ халқына достық етпейді. Неғұрлым сол орыстың шын қасиетін танып, тың өнерін тез үйренуге жетпей, қазақтың көзі ашылмайды. Бұдан өзге өріс те, бұдан өзге шындық та жоқ. Мынау өлең жалған да теріс. Менің өмір бойғы тұтынған жолыма анық қарсы, қияс жолдағы өлең екен. Осылай айтпасқа әддім жоқ, — деп Абай ызалы қатал үнмен, Көкбайға аса наразы болып, сөзін аяқтады.
Шай енді мүлде ішілмей қалған. Үй іші жым-жырт боп, Абайдың енді тағы да айтар ой өрісін тосқандай. Қабақтары ашыла алмаған ақындар арасында енді сабыры таусыларман боп тіленіп отырған Дәрмен ғана бар еді. Қазіргі қатты сыншыл қабақтардан күдіктене түссе де, өжет өршіл көңілі қорғанған жоқ-ты. Сонысы сүйеу болды да, Дәрмен Абайға өтініш айтты.
—Абай аға, сынға толы боп, деген жерден шығады демеймін, бірақ менде бір тың жыр бар еді. Өзін бенде баласына оқыған жоқ ем, соны тыңдап, мінеп берсеңіздер қалай болар екен! — деді.
Абай Дәрменге жалт етіп үмітпен қарап қалып:
— Айтшы, сен айтып көрші! — деді.
Содан ары ақсұр жүзді, тықыр тығыз сұлу мұртты, отты көзді, қаршығадай алғыр кескінді ақын жігіт жедел созып өз жырын оқып кетті. Үй іші тегіс Абайдай бейіл қойып тыңдап қалды. Бұл дастан салған жерден осы үйдің ішіне түгел таныс қоныстар, қыстауларды атап, Шүйгінсу, Әзбергенге бет қойды. Қара дауылы қақап тұрған қатал күн, суық күз бүгін кешке соққын әкеле жатыр... аспанды қаптаған әлек бұлттары әлдекімге сор айдап келеді. Зорлығы мен сұмдығы күшті бай ауыл, киіз үйде ықтырмасына сиынған. Сол ауылдың шеткі жыртық лашығында жүдеген ауру ана бауырында қос бөбек лыпасыз бүрсең қағады. Олар Асан, Үсен... Зарланған кәрі сорлы әже — Иіс. Күн ұзын бай малының соңында жаурап ұшып қайтқан азамат Иса!.. Осы түндегі асқындаған дауыл, азынаған суық лашық, бүріскен аш-арық, панасыз момын да жазықсыз үй іші... Қатал қаскөй бай менен қабандай қырыс жыртқыш бай баласы, Исаның сабалуы. Ыққан қой... оны қуған Иса... Бұған әшіккендей дүлей дауыл, қар аралас суық жауын... Содан ары қасқыр... Қасқырлар! Исаның ер қажыры, батыр қайраты... Жанталас!.. Соңғы арлан бөрімен жекпе-жегі. Осы жайларға ақын жыры ауысқанда, үй іші тегіс демін ішіне тартқандай тынып қапты. Қыбыр еткен бір жан жоқ. Тек оқта-текте күрсініп, шошына сыбырлаған Әйгерім үні білінеді. Ойда жоқта, қақ қастарынан шыққан тың дастанның бар адамы, бар құбылысы кеше ғана өздерін қайғыртқан шер, сорымен, енді тіпті жақын кеп бар жүректі бүріп қысып жеткендей. Шебер ақын алмастай өткір сөзден, оттай сезімнен құдіретті жыр құрап үдеп барады. Азамат Иса, ардақты ұлан, ердің еріне бітпес қайрат атты. Неге атты! Кім үшін атты! Қатыбас, аямас, ер қадірін танымас дұшпаны үшін, адамның қасқыры үшін атты-ау, есіл ер!.. Иса ауру... Үй іші аш... Исаның көкірегінде арман, арылмас, айықпас арман.Зарлаған анам, жетім боп балам, төсек тартып жарым қалып барады-ау! Адам да емес, қорқау қасқырдың інінің аузында қалып барады-ау!.. Бұл тұста Әйгерім жылап жіберді. Бір Әйгерім ғана емес, Абайдың да көзі жасаураған, Дәрменнің өз көзінен де жас парлайды. Сандырақ... қасқыр емес, алысқаным Әзімбай. Сонымен өшті зор кеудеде үлкен от!.. Кетті асыл ұлан!.. Зарлап қалды қос жетімек — Асан, Үсен. Арлыға, айуан емес, адам ұлына, ағаға жаутаңдаған өтініш көзбен, әлсіз үмітпен қалды сорлылар!.. Осыдан ары жырының аяғын бітірмей Дәрмен орамалымен көзін басып, жылап отырып қалды. Жиын жым-жырт. Исаның анық қазір ғана дүниеден көшкен өлімнің үстінде отырғандай, қаралы... Барлық жүрек қапада. Абай да екі көзі жасқа толып, басын төмен салыпты. Демі дірілдеп, ауыр - ауыр күрсіне берді. Барлық өне бойы, кең кеудесі түгел сілкініп тітіркегендей. Ұзақ уақыт осылай отырып барып бойын тежеп, ойын жия бере, қысқа ғана тіл қатты:
— Некрасов, мынау Некрасов үні ғой. Орыс халқының шын зарымен арманды жанын танытқан Некрасов көкейімнен кетпей отыр. Бұны мен тапқан жоқ ем... Өзім таппасам, жетпесем, соған жетуші, табушы болса деуші ем... Жолың болсын, бауырым Дәрмен! — деді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру