Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 15 том
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Сайын Назарбекұлы
Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы
САЙЫН НАЗАРБЕКҰЛЫ
РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:
Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры
АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:
Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақынжазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, сәулеткержазушы Сайын Назарбекұлының шығармалары енгізілді. Тағдыры туған жер толғантып (Әңгімелер, триптих әңгімелер драмалық шығармалар)
Назарбек Сайын Назарбекұлы 1941 жылы 2 қаңтарда өмiрге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Сәлетшілер Одағының мүшесі. 1958 жылы мектеп бітірген соң еңбек жолын Таушық автобазасында жүргізуші болып бастап, оны Өзен мұнай-газ iздеу экспедициясында жалғастырды. 1964–69 жылдары Алматы политехникалық институтында оқып, құрылысшы-инженер мамандығы бойынша бітірді. Ректорат шешiмiмен ұстаздық жұмысқа қалдырылып, 1975 жылға дейiн мұғалiм, аға мұғалiм деңгейiнде студенттерге дәрiс бердi.
1975–80 жылдары “Маңғыстаумұнайгаз” өндiрiстiк бiрлестiгiне қарасты Жаңаөзен қаласындағы жөндеу-құрылыс мекемесiнде бас инженер, мекеме басшысы қызметін атқарды. 1980–89 жылдары Алматы құрылыс техникумында ұстаздық еттi. 1989-1992 жылдары республикамыздың ұмытылуға айналған ұлттық қолөнерiн қалпына келтiру, қайта жандандыру, осы шаруалармен айналысатын шеберлердi бiрiктiру жолында үлкен еңбек сiңiріп, Қ.Тілеуханов басшылық еткен “Мирас” атты өндiрiс-шығармашылық кооперативiн құруға атсалысты.
1992 жылы өзi туып-өскен Маңғыстау өңiрiнде – қазақ халқының ұлттық өнерінің көрмесіндей Маңғыстау өлкесінің мирасын жинақтау, соның iшiнде тас өнерiн елге таныту, жетiстiру мақсатында “Парыз” атты шағын мекеме құрды. 1992 жылдан берi бiраз зираттық сәулет ескерткiштерi өмiрге келдi. Маңғыстауда Абыл, Досан күмбездерi Маңғыстау шеберлерiнiң тарихи қалыптасқан күмбездiк сәулет өнерiнiң ұлттық формасын, мағынасы мен сипатын сақтай отырып жаңа кеңiстiкке қадам басты. Шеберлерге жаңа үлгi көрсетiлдi.
Қазақ халқының ЮНЕСКО шеңберiнде тойланып өткен атақты тойларының негiзгi ғимраттары көрнекті сәулетші оның қолынан өтiп, ұлтымыздың ұлы перзенттерiне тұрғызылған Абай, Шәкәрiм мұнаралары, Мұхтар Әуезовттiң ата-анасы Омархан–Нұржамал кесенелерi дүниеге келді. Исатай-Махамбет кешеніне кеңесшілік көмек көрсетті. Ұлы Абай жерiнде тiкелей араласуымен Тоқтамыс батыр күмбезi, Дiлдә, Әйгерiм, Ақылбай, Шәкiр Әбенов сағаналары өмiрге келдi. Мамай батыр, Көкбай ақын және Кеңгiрбай баба күмбездерiнiң өмiрге келуiне де елеулі үлес қосты. Осы еңбектерi үшін 1996 жылы “Құрмет” орденiмен марапатталды. 1996–97 жылдар Оңтүстiк Қазақстан облысында “Домалақ-Ана” кесенесiнiң жобасын жасап, құрылыс жұмыстарын жүзеге асырды. 1999 жылы “Хан Ордалы Сарайшық” кесенесiн өмiрге әкелдi. Осы еңбегi үшiн Атырау облысының Махамбет Өтемiсов атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Сайын осы шаруалардан қол босаған сәттерде өлең, әңгiме жазуменен де шұғылданды. Алғашқы өлеңін ол 46 жасқа толған кезінде жазған. Қазір оннан астам кітаптары бар. 9 томдық толық шығармалар жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. «Қазақ халқының шежіре-тарихы. Адай тайпасы» атты шежіреші Ж.Жылқышыұлымен бірге дайындаған 8 томдық еңбегі Алматы қаласындағы «Үш Қиян» баспасынан жарық көрді. Сондай-ақ “Парыз” (1994), “Абай басқан Жидебай топырағы” (1995), “Шерқала” (1996) өлеңдер жинағы, үш томдығы ( 2001), “Сырласым бол” ой-толғам кітабы (2004), “Менің Ақ Ордам”, таңдамалылыры (2006), «Ұлы Дала Ұлдары», (2009), т.б. кітаптары жарық көрген.
АҒА ЖАЙЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Өзi жазып отырған дәуiрдiң тыныс-демiн, бояу-реңiн, салт-дәстүрiн, бip сөзбен айтқанда, бiтiм-болмысын бұзбай, көкiрегiңе сол табиғи қалпында көшiруге ұмтылатын прозашы өз кейiпкерлерiнiң мiнез-құлқын беруге де ұста. Сайынның тарихтан тамыр тартқан прозасында елге тұтқа ерлер, ipi, кесек мiнездiң адамдары көбiрек көрiнедi. Шотан мен Балуанияз батыр, Шыли сыншы, Жүсiп шебер, Бақажан, Сағындық, Саназар, Қоштай секiлдi
ipi байлар осы қатарда. Олардың атын көпшiлiк, негiзiнен, түрлi нұсқадағы аңыздық сипаты басым әңгiмелер арқылы ғана бiлетiн. С.Назарбекұлы шығармашылығы арқасында бұл тарихи тұлғалар ел санасына берiк орныға түскендей. Сайын прозасы дегенде, мiндеттi түрде айтылуға тиiстi қадау-пiкip бар. Ол-қаламгерiмiздiң алпыс жасында қазақ қара сөзiнiң майданына бел шешiп түскенi. Шыны керек, бiздер, маңғыстаулықтар, тағдыры тартысқа толы туған өлкемiздiң өткенiнен кемхабармыз. Сайын, айналма соқпақтарға түспей, көп жағдайда тарихқа тура тартады. Сайын прозасы сол үшiн де қасқалдақтың қанындай!.. Мырзатай Болат әдебиетші Мүңгүрт пен Мәңгүрт (әңгіме)
...Бұл бір ерекше әңгіме... ...Көркем шығарма деуге де ауыз бармай отыр... ...Бар уақиға көзге көрінген, құлаққа естілген, түс болып елестеген күйінде баяндалмақ...
...Мен, демалысқа шыққан, уақытын өзі пайдаланатын, қалада тұратын көп зейнеткерлердің бірімін. Бірақ үлкендікті толық мойындай қоймаған қартпын. Әлі де болса әлемде болып жатқан уақиғаларға елең ете қалатын, әсем көріністерге сезім шығындай алатын кісімін. Осыларға қосымша мен табиғатты қызықтаудан, ұлы жаратылыс құдіретіне табынудан жалықпайтын қасиетім де сарқыла қойған жоқ. Содан болар, күн жаңа шығып келе жатқан кезде теңіз жағасында қыдыруды әдетке айналдырып алған әдетім бар... ...«Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» дегендей, сол мезгіл аспанның да, жер бетінің де нағыз нұрлы, нағыз әсем шағы. Сезімді адамға сол сәтте табиғаттың сыйға тартар әсері мол. Аспан алашұбар бұлтты болса тіпті жолым болғаны. Па, шіркін, талай әдемі суреттер көз алдымнан өтті ғой! Жаңа рауандап келе жатқан күн сәулесі әуелі бұлтқа түсер еді. Сол кезде бұлттардың әр қабаты сан түрлі түске боялады да, көре алатын көзі барларды, ояна алатын сезімі барларды бір ерекше рахат сезімге бөлей бастар еді. Бұлттар бірде айдаһардай иреңдеп асығып бара жатса, ендігі сәтте арыстандай азуын көрсетіп бір орында тұрып қалады. Енді бірде шудасы желкілдеген қара бураға айналса, келесі сәтте арындаған арғымақ боп бауырын жаза, ұшып бара жатады... Тек қана сол суреттердің тез алмасатыны қандай өкініш десеңізші. Бірақ сол аз уақыт ішінде біраз басыңды шайқатып, біраз таңдайыңды қақтырып та үлгереді... ...Бұлтттарды не түрлі құбыжықтарға айналдырар сәулесімен біршама еліктетіп алғаннан соң, жылтырап Күн жарықтықтың өзі де көріне бастайды.
Құдды, көкжиектен тура саған қарай ағып келе жатқан сұйық алтын қарғыны ма дерсің. Бірақ құдіреттің аты – құдірет. Ұзақ қаратпайды. Сен сол сәттен бастап теңізге назар аудар. Енді күн сәулесімен құбылуға теңіз толқындарының кезегі келеді. Толқындар бұлттардан да тез құбылғыш. Сан түске боялып, әр толқын күн сәулесін өзінше түсінетіндей, өзінше қабылдайтындай бір-біріне ұқсамайтын түр тауып алып, адам жанын шаттыққа бөлейді, сезімін ләззәт сәулесіне шомылдырады... Теңіздің беті баланың алғашқы салған суретіндей түсініксіз өрнектер мен түстер. Жыбыржыбыр... Сан құбылған түстер мен өрнектер картасы... Балалардың күнге қаратқанда сан түске бөленетін ойыншығындай... ...Мен бүгін де өз әдетімнен айныған жоқ едім. Бірақ сәл ертелеу ме, әлде тұман әсері ме, аяқ жолыңды анық аңғара алмайтын шамада шығыппын. Тұманның арғы жағында қалың бұлт та бар болар, әйтеуір әлі қараңғылау екен. Теңіз дыбысы естіліп жатыр. Ұсақ толқынның құмды жағадағы шылпылы, ірі толқынның жартасқа соққан күрсілі өзгермейтін құбылыс. Бүгін жел жоқ, теңізде тыныштық. Бірақ толқын атты ғажап құбылыс желдің бар жоғына қарамай, өз тіршілігін жалғастырып жатады. Ұсақ толқындардың «мен теңіздің ерке ұлымын», «мен міне аман-есен жағама жеттім» деп сүйінші сұрап жататын қуанышты шылпылын естіген кезде жаның жай табады. Әрегіректе, бір шақырымдай жердегі жартасқа соғылып, торыға күрсінер толқындар да теңіз тіршілігінен хабар беруде. О дыбыс ойын баласының шуылы емес, ол ұлы тіршілік дыбысы. Ол – теңіздің жүрек соғысы, алған демі... Қасіреті мен қуанышы... Ойы мен өкініші... ...Мені осы ойлардан оятып жібергісі келді ме, әлде қапыңды таптым деп қуана ма, бір ерке толқын аяғыма аялай сүйкене, шаттана шылп ете қалғаны. Таңғы салқында аяқты сулап алғанмен үйге барып киім ауыстыруға еріндім. Кептірініп алмақ болып теңіздің күрсіне ыңқылдап жатқан жақтағы үйреншікті тас орындығыма беттедім. Ол тас үстінде өзім әкеліп төсеген ешкі терісі жататын. «Е, әнеки!» деп көңілдене жақындап келемін. Кенет тоқтай қалыппын. Тағы да, аяғымды суға малып алғандай шошына тоқтадым. Менің меншік тасымның үстінде жарбиып біреу отыр. Мені көрмеген секілді, қасына келгенше қозғалмады. Ал мен болсам шошып қалғандықтан болар, сәлем жоқ, сауқат жоқ: – Ау, кімсің? – деппін. Ол маған сәл бұрылып қарады да: – Мәңгүртпін! – деді. – Мәңгүрті несі? – Мәңгүрт! Немене естімеген сөзің бе? Кәдімгі мәңгүрт тағы! – Әкеңнің қойған аты ма? – Жоқ! Мен балықшы едім. Қылжақпас балықшыларға теңіз үстінде ермек керек, мен дегенде бір жыны бар. Солардың таңып жүргені ғой. – Содан басқа сөз таппағаны ма?
– Жоқ, олар тапқыш. Олар мені бұрын олай атамайтын. Маған бұл атақ мен «Мүңгүрт» деген балық етін жей бастағаннан бері таңылды. Балықшылар солай атай бастап еді, Құдайдың құдіреті, сол атақ маған желімдей жабысты да қалды. Осы күні кейбір келіндерім сыртымнан «Мәңгүрт қайнаға» дейтін көрінеді. Қанша тырыссам да құтыла алмадым. Енді өзім де үйреніп кетіппін, тіпті байқамай «Мәңгүртпін» дейтінді шығарыппын. – Қызық екен. – Солай. Бұл қызық уақиға. Ал енді өзің кім боласың? – Мен ау салған атақты балықшы болмағанмен, қармақ салып балық ұстауға құмарлардың бірі едім. Содан зайыбым мені «Балықшы» деп атап кетті. Сен де солай атай беруіңе болады... ...Сәл үнсіздік орнап қалды... ...«Мүңгүрт» балық етін жей бастағаннан бері... ...Қызық уақиға дейді. Бір нәрсе есіне түсіп отыр. Шынымен қызық уақиға ма екен?.. ...Осы сәтте мүңгірт балыққа қатысты бір уақиға маған да елес беріп өтті... ...Бала кезіміз. Күні бойы теңізден балық аулаймыз. Ұстаған балықтарымызды шелектегі суға тастай береміз. Бір жолы әкем кілең уақ балықтар арасында жүзіп жүрген екі-үш мүңгірт балықты теңізге лақтырып жіберіп, бұл балықты өлтіруге де болмайды, жеуге де болмайды, бұл балық қасиетті балық деген болатын. Кейін үйіміз теңіз жағасынан алыстап кетті де мүңгірт балық естен шығып та үлгеріпті... – Мүңгүрт балықты жеуге болмайды деп естіп едім, оны неге жемейді? – Балықшылар мүңгүрт балықты «арам балық» деп те атай береді. – Арамы несі? Мына шексіз көк теңізде, мына шалқыған шалқарда жүріп те арам болатын нәрсе бола ма? – Болатын болғаны ғой. Олар бір түрі келіссіздеу, өңсіз балықтар. Құдды, орыс қатындар жетектеп жүретін, бет-ауызы ыржиып кеткен ит секілді. Ұлы Жаратушы солай жаратқан. Теңіздегі барлық лас нәрсені сол балықтар ас етеді екен. Тіпті балықтардың нәжісін де сол балықтар қорек ететін көрінеді. Былайша айтқанда теңізді тазартып тұру үшін Ұлы Құдіреттің жаратқан тіршілік иесі. – Соны біле тұра сіз неге жейсіз? – Бұрын мен де жемейтінмін. Менің мүңгүрт балықты жеп кетуіме Хрущевтің кесірі тиді. – Кәдімгі Никита Сергеевичтің бе? Қалайша!? Сонда Сіз, Сіз Хрущевпен таныс болдыңыз ба? Бірнеше сұрақты бірден қойып, жауап алғанша асығып отырмын. – Дәлірек айтқанда ол емес оның күйеу баласы болатын... Атын ұмытып атасының атын айтып отырғаным ғой. – Аджубей ме? – Сол болса керек.
– Сіз онымен де таныссыз ба? – Таныспын деуге де тұрмайды. Бір күнге жуық бірге болып едім. – Қызық екен! Москвада кездестіңіз бе, әлде Киевте жолықтыңыз ба? – Жоқ. Сол жігіт бір жылы, атасы СССР-ды басқарып тұрған кезде, біздің Ақтауға келіп кеткен болатын. Мен сол уақытта бір банкте шофыр, қазір жүргізуші деп атайтын болып жүр ғой, жүргізуші болып істеп жүр едім. – Ал... Сосын... ...Ол ойланып кеткендей еді. Есіне түсіріп отыр ма, әлде қай тұсынан бастағаным дұрыс деп ойлана ма, әйтеуір біраз отырыңқырап қалды да, әңгімесін қайта жалғастырып әкетті. Бұрын да көп айтқан, өзіне ұнайтын уақиға болса керек, менімен ісі болмай, ойлана отырып, өзімен-өзі қалғандай кейіпте сөйлеп кетті... ...Бір кезде өзіне қалай «Мәңгүрт» атағы тағылғаны туралы естелік әңгімесін баяндап отыр... ...Москвадан атақты қонақ келеді деп, теңіз жағасына үш киіз үй тіктірді. Нағыз қазақ ауылы болды да қалды. Қазіргі он бесінші шағын аудан жобасы. Сол қонақты қарсы алып, құрмет көрсету біздің банкке, мен жүргізуші болып істейтін, банкке тапсырылыпты. Мен сол жаңа тігілген ауылдың қарауылы да, қызметшісі секілді болып үш күн жаттым. Үш күн бойы теңіз жағасында өзім қосшы, өзім қожа дегендей. «Бұндайлар балық аулауға құмар келеді. Балық аулаймын десе қасында боларсың» дегесін үйімдегі барлық балық аулайтын құралдарымды әкеліп қойдым. Бастықтар қапылып жүр. Әуелі әдемі киіз үй іздеді. Үлкен басшылар үш үй тігіңдер депті. Тәуір үй тігетіндерге бұйым салдық. Үйлер де табылды. Ол уақытта үйді жалға тікпейтін. «Бәленшенің үйі түгенше келгенде тігіліп еді» деген атаққа риза болатын. Үйлерді жабылып жүріп тігіп те алдық. Банкімізде қыз-келіншектің шеті жоқ. Бірақ үй тіге білетіндері аз екен. Үй тігіліп болғасын, құрметті қонаққа қазақы ақ қой іздеп, оны азар таптық. Маңғыстаудың атақты құнан қойлары құрып кетуге айналғанын сол жолы, сол орыстың арқасында түсіндім. Қайда барсаңда құйрығы салпылдаған кілең қаракөл. Көз үйреніп кеткенсін оны да мал деп бақтық қой, әйтпесе түрі де, мінезі де өзгеше жануар болатын. Тапқан қойымыз құйрығы дирмендей әдемі мал екен. Жарықтықты өлімге қимай біраз отырдым. Ақыры білетінімді айтып, құбылаға қаратып бауыздап, ішекқарнын әйелдерге тапсырып, бір шыбықпен ішін бүріп алып, асықпай үйітуге кірістім. Тап-таза боп әдемі үйітіліп еді. Бас терісі тұтас аппақ екен, бір қылтан қалдырмадым, бір жерін күйдірмедім. Қандай мәртебелі қонақ болса да ұялмай ұсынатындай бас болып шығып еді. «Қонағымыз келе жатыр, қазанға ас сала берсін» деген хабар жеткеннен соң тайқазанға қой етін түгел салып асып қойдық. Бір кезде шаңын шұбалта шұбырған машиналар легі көрінді. Ретретімен тоқтап жатыр. Олардан түскен айғыр топ адамдар ілгері қозғалды.
Біздер ортадағы киіз үй маңында бір топ адам болып күтіп тұрмыз. Үй иелерінің ішінде қазақша киінгендері де бар болатын. Үшінші күнге созылған қарбалас қимылдар мен нұсқаулар біздерді біршама тәртіпке келтіріп те тастаған болатын. Бірақ бәрі бос еңбек болыпты. Біздің қапылысымыз кәдімгі «дәм болсын» болып шықты. «Қай жағынан шығып қаламыз» деп уайымдай күткен қонағымыздың киіз үйлерде де, бізде де шаруасы болмады, бірден теңіз жағасына тартты. Біздің ортамыздағы жасамыс әйел, бір киіз үйдің егесі: «Аталарымыздың орыспысың дейтіні осы екен-ау, арнайы өзіне тігілген үйге әуелі бас сұқпас болар ма?» – деп, ренішін білдірді. Оның өкініш сөзі біздерге де ауыса бастағандай. Бәрімізді көңілсіздік сезімі билеп алғандай болып еді. Бірақ әлгі орыс теңізді көріп кәдімгідей көңілденіп қалды. Мен де маңайында жүрмін. Бастықтар маған «дұрыс киініп келерсің» деп тапсырған. «Жұрт мені қонақ орыстың қасында жүрген ауыл атқамінерлерінің біреуі деп ойлайтын болар» деп өзімді-өзім масаттандырып қоямын. Жағада олар біраз жүрді. Не айтқандары есімде де қалмапты. Тек қана әлгі қонақтың «Қандай таза теңіз! Теңіз қандай таза еді!» деп қайта-қайта мақтағаны, таңданғаны есімде қалыпты. Мен болсам әлгі орыстың аңқаулығына таң қалған едім... ...Теңіз таза болмағанда қайтеді... ...Алла тағала таза болсын деп шетсіз, шексіз етіп жаратып, шалқарын шалқытып қойса?... ...«Қасиеті атады, теңізге түкірме» деп ақсақалдар ақыл айтып жатса... ...Ұлы Жаратушы нәжістен тазартып тұр деп мүңгүрт балығын жаратса... Теңіз таза болмағанда қайтеді... ...Қонақ басқаны жүре тыңдап, көбіне өзі сөйлейтін кісі екен. Көп сөйледі... ...Бір уақытта мына ұлы теңіздің жағасында өтіп жатқан, Москва мен Маңғыстау жайсаңдарының кездесуіне менің де қажетім болып қалыпты. Кейін ойланып қарасам сол күні құрметті қонағымызға менен басқа ешкімнің де, ешнәрсенің де қажеті болмаған секілді... ...Қонақ сөйлей-сөйлей жалыққан кезде «бұ теңізде балық бар ма?» деп сұрапты. Сұрауы мұң екен біздің бастық мені шақырып алды. Орысша мектеп бітірген едім. Саулап тұрмын. Орысшаны әлгі орыстың өзінен артық сөйлейтін секілдімін. Теңіздің, теңіздегі балықтардың жағдайын баяндап бердім. Қажет болып қалса деп балық аулау құралдарын дайындап қойғанымызды да естіртіп жатырмын. Ара-арасында көз қиығымды бастығыма салып қойып, Каспий теңізінің қызыл балықтары туралы, патша заманында оларды Мәсеу мен Петербургке қалай жеткізіп тұрғаны туралы әңгімелеп тұрмын. Басын изеп, бастық маған риза екенін байқатып қояды. Мен бастығымның пайдасына асқаныма едәуір арқаланып, көңілдене сөйлеп тұрмын... ...Бір кезде әңгіме де аяқталды. Әлгі орысты біз қабылдап жатырған секілді емеспіз, ол бізді, тіпті Маңғыстау өлкесін өзі қабылдап тұрғандай еді.
Ақыры қабылдау уақыты аяқталғандай болды. Ол біздің атқамінерлеріміздің бәрін таратып жіберіп, қасында мені ғана қалдырды. Менің балық ұстайтын құралдарымды бір қарап шығып іске кірісті. Балық аулаудың жөнін білетін болып шықты. Ет піскенше біраз мүңгірт балық ұстап та үлгерді. Қуанышында шек жоқ. Әр Мүңгүртті теңізден суырып алған сайын масаттана риза болып, шаттана қуанады. Мен ішімнен: «Біздің балықшылардың бір қайық толтырып бекіре шығарып жатқан сәтін көрсе, мынаның жаны шығып кетуі мүмкін-ау» деп ойлап қоямын. Түс мезгілінде ағаш үйдің маңында топталып жүрген бастықтар бізді етке шақырды. Қонақ ұстап отырған қармағын қимады ма, қайта-қайта қармаққа ілініп жатқан балық қызығынан айыға алмады ма, шақырғанға бармай отыра берді. Жалғыз ауыз тіл қатты. – Өздерің тамақтана беріңіздер... ...Ол ауық-ауық шелегіне қарап қояды. Санап отырған секілді боп көрінеді маған. Санын онға жеткізгісі келе ме? Мен де санамақ боламын. Бірақ олар араласып кетіп санатпайды. Он шақты Мүңгірт шелектегі су ішінде жүзіп жүр. Түскі тамақтың мезгілін әуелі қарынның сездіретін әдеті бар емес пе. Балық аулау қанша қызықты болғанмен, «жұтқын тамақ» бұйрығы одан өктемірек қой, қашанда. Бір кезде ол балық қуыратын таба сұрады. Қонақ қабылдауға дайындық кезінде бәрін ойлапты, бәрін ұйымдастырыпты. Бірақ Мүңгүрт қуыратын табаны ойламапты. Таба қыздыратын газ мәселесін шешпепті. Таба жоқ екенін естіген ол қонақ үйге барып өзі ұстаған балығын қуырып жемек болды. Біздің бастықтардың өтінішіне қолды бір сілтеді. Мені ала кетті. Балық қуырудың мәнісін біледі екен. «Ұн бар ма, тұз бар ма» деп қажет заттарын түгендеп алған болатын. Қатырып қуырды. Күйген майдың, қуырылған балық етінің иісі, қарынның сұрағына өз үлесін қосып жатыр. Солардың әсері де болған болар, әрі жемеуге орыстан да қаймығып мен де «Мүңгүрт» етіне тойып алдым. Әуелі аздап сескеніп, «арам балықты қалай жеймін» деп тітіркенген де болатынмын, бірақ қырлы стаканды толтыра бір-екі тартып жіберген соң, «Мүңгірт» еті, «арам балық еті» ата тамағындай үйреншікті болып кетті. Өңештен ойланбастан өте бастады. Содан бастап оны жей беретін болдым... ...Осы жерден мен әңгімеге араластым. – Ол саған же деп те айтпапты, өзің жепсің. Сонда сенің алдыңда оның қандай жазығы бар деп ойлайсың? – Жазығы да жоқ болар, мен тек қана үйітілген ақ қойдың етінен ауыз тимей, оны құмар қылған Мүңгірттің дәмі қандай екен деп, әуелі дәм татып қарадым. Жұп-жұмсақ, тәп-тәтті балық екен. – Саған да обал болған екен. Өзің үйіткен ақ қойыңның адал етінен ауыз тие алмай, арам балықтың етіне тап болып... – Шошқа етін жегендей нәрсе ғой. Арамнан бір ауыз тисең, арғы жағы жалғасып кетеді екен. Арақ та сол, шошқа еті де солай.
– Шыныменен солай ма екен? Сонда адам біраздан соң арамның арам екенін де ұмытатын болғаны ма? – Қайдан білейін? Бірақ осы кезде мен мүңгірт етін жемейтін болдым. – Арамсынасың ба? – Жоқ! Мүңгүрттерді шетінен май басып, еті дәмсізденіп кетті. – Семірсе дәмдірек болмай ма? – Жоқ, оның етінен мұнай исі шығатын болып жүр... – Ол қалай? – Бұ күнде олар, Мүңгірттер, теңізді ластап жатырған қоқыстар ішінде ең қауіптісі мұнай екенін сезетін секілді. Содан барып әуелі соларды құртпақ болып жанталасады-ау деп ойлаймын. – Сезеді деймісің? Ғажап-ай! – Құдай біледі, сезеді. Алла тағала оларды теңізді тазарту үшін жаратқан ғой. Содан барып олардың өз міндетін атқартатын түйсігі әуелі теңізге тамған мұнай қалдықтарын залалсыздандыруға жұмсайтын болар. – Ғажап екен... – Солай шырағым... – Бірақ мен ол балықты «Мүңгірт», Сізді «Мәңгүрт» атау орынсыз ба деген ойға қалып отырмын. – Оны өзің білесің. Маған тіпті осы атым ұнайды. Соңғы кезде мүңгүрт балықтарды өте жақсы көріп кеттім де, өз атымның соларға ұқсайтынын мақтаныш тұта бастадым. – Мүңгірттерді жақсы көріп кеттім дейсіз бе? Демек теңіз тағдыры сізді ойландыратын болғаны ғой? – Солай болар. – Түн ортасында бұ жерде неғып отырсыз? – Теңіздің күрсінгенін тыңдаймын... Маған теңіз түнімен жылап шығатындай боп көрінеді... Көмектескім келеді. Жұбатқым келеді... Бірақ алып теңізге асықтай балықшының не пайдасы тимек?.. ...Маған бұрын да теңіз тереңінен күрсіне шығар дыбысы ғажап әсер ететін. Ол бір ұлы ойдан туар, шешуін ақыры адам пенделері ойлап табар, содан барып бір ғажап жаңалық ашар құбылыс секілді көрінетін. Мәңгүрт ақсақалдың Мүңгүрт балық туралы әңгімесін естігеннен кейін мен бұл құбылысқа басқаша мән бере бастағандаймын. Теңіз дыбысы бұрындар мен ойлағандай ойлы жанның ойдан туған күрсінісі емес, ол енді жетім баланың жылау алдындағы тұншығысы секілді әсер ететін болып алды... ...Осы ой басымнан кетер емес. Қартайған шағымда аса ауыр жүк болып алды... ...Сол дыбыс ішінен Мәңгүрт ағайдың даусын да ажыратып алатын болдым... ...Сол дыбыс ішінде Мүңгүрт балықтың да жан айқайын сезіп отырғандай боламын... Мәңгүрт ағай секілді мен де шарасыздық күй кеше бастадым...
...Енді күнде ерте тұрып өзімнің тас орындығымнан Мәңгүрт ағаны іздейтін болып алыппын. Кездестіре алмай жүрмін. Кездесе қалсам оған осы орындықта отырып қалғып кеткен сәтте көрген бір түсімді айтып бергім келеді. Аурып қалмады ма екен?.. ...Қайда жүрсе де аман болғай да, ағайын... ...Сол түсімді енді сіздерге әңгімелеп бермекке бекіндім... ...Ешкі терісін төсеген өзімнің тас орындығымның үстінде отырып қалғып кеткен екенмін деймін... ...Ойыма Мәңгүрт ағаймен арада болған әңгіме түсіпті... ...Мәңгүрт ағай теңізді мұнай майынан тазартамын деп Мүңгірт балықтар тез семіріп барады деп еді-ау! Сорлы балықтардың ден саулықтарына мұнай қалдықтарының зияны тимесе жарар еді... ...Осы ойдың басқа келуі мұң екен, теңізді шолп еткізе шоршып шықты да, құйрық қанаттарын аяқ етіп, қақшаң-қақшаң, қаздаң-қаздаң ете бой жазып, бір Мүңгірт балықтың алдыма келіп тұра қалғаны. Адамша сөйлейді... Тапсынып сөйлейді... – Әй, Мәңгүрт! Амансың ба? – дегені. – Менің атым Мәңгүрт емес, Балықшы. Мен Мәңгүрт емеспін. – Жоқ Мәңгүртсің! Біз үшін барлық адам Мәңгүрт! Сіздер де біздің әр қайсымызға ат тағып жатпайсыңдар ғой. Сіздер үшін біздердің бәріміз де Мүңгүртпіз. Сол секілді Сіздер де біздер үшін шеттеріңнен Мәңгүртсіңдер. – Қой олай деме! Мәңгүрт деген жаман сөз. Мәңгүрт деп ошақ қамын ойламайтын, туған жеріне деген сағынышы жоқ, анасын ардақтамайтын, ұрпағын қамқорламайтын адамдарды айтады. – Міне дұрыс, онда адам біткеннің бәрі Мәңгүрт екені рас болып шықты. Біздер адамдардың әлгі өзің айтқандай қасиеттерін байқаған емеспіз. Жер Ана, Теңіз Ана деп атайсыңдар. Басқаны былай қойғанда сол Жер Аналарыңа, Теңіз Аналарыңа не құрмет көрсетіп жатырсыңдар?.. ...Мүңгірт қызынып алған... ...Ыржиған аузы да жып-жинақы болып кеткен. Жып-жып етеді. Кәдімгі трибунаға шығып сөйлеп үйренген шешен шенуіктен бір айырмасы жоқ... ...Бұлтты атқыласа... ...Теңізді жаңбырдай айырса... ...Бұлақты құрғатса... ...Жер ылғалын төменге түсіріп жіберсе... ...Өзен арнасын бұрса... ...Көлді кептірсе.. ...Әлемді қоқыспен толтырса... ...Маймен былғаса... ...Балықтың тірілей жатырын жарса... ...Ұрпағын қырса...
...Бомба жарып есалаң қылса... ...Уылдырық шашуға өзенге жібермесе... ...Мен естімеген сұмдықтарды Мүңгүрт білетін болып шықты. Апандай аузы жып-жып етіп сөйлеп тұр. Қанатынан қол жасап алыпты, шошаң-шошаң етеді. Саусақтарын басып санап жатыр, санап жатыр... ...Құдайға шүкір санап шығуға қауырсын қанатының саусақтары жеткілікті екен, әйтпесе адам пендесінің саусақтары жетпей қапаланар еді... ...Ойланып кетіп тағы не санағанын естімей қалыппын, бір кезде:
– Каспий ластанбағанда қайтушы еді, а? – шаңқ ете қалғаны... ...Мен де адам баласымын. Адам ісі үшін арланамын. Мүңгірттің адамдарға таққан кінәларына шамдана бастаған секілдімін. Оған есе жібергім келмейтіндей. Олардан мен де жалма-жан кемшілік іздей бастаппын. – Сіздердің де өз міндеттеріңді ойдағыдай атқарып жүргендерің шамалы. – Жала жаппа. Оны қайдан байқадың? – Сендер, Мүңгүрттер, соңғы кезде теңізді тазартуды қойдыңдар... ...Мен де мүңгірт балыққа шындап ұрса бастаппын. Өзінің маған істегенін өз алдына келтірмекпін... ...Теңіз түсі өзгеріп барады... ...Күннен-күнге көкшіл теңіз сарғыш теңізге айналып барады... ...Лайлана бастады... ...Жағадағы құмға дейін шіріп, көгеріп бастады... ...Жағада өздеріңнен басқа балық қалмады, таза су іздеп тереңге кетіп жатыр... ...Сенің қырсығыңнан басқа балықтар қырылып жатыр... ...Сен болсаң жатып ішер болып алғансың.. ...Бір тұтам кішкентай балық едің, енді бір қарыстан асып барасың. Осылай жалғаса берсе бара-бара бір құлаш балыққа да айналарсың... ...Жұмыс жасамайсың... ...Әбден семіріп алғансың... ...Жатып ішерсің... ...Теңізді тазартпайсың...
...Бір мезгілде әлгі балықтың әжептарқы қатты дыбыс шығарғаны. Дыбыс болғанда мен ешқашан естімеген дыбыс. Соншалық қорқынышты дыбыстан шошып, аң-таң болып қарап қалыппын. Сөзден де, ойдан да айрылып қалыппын... ...Ол билікті өз қолына алып алды. Енді ол маған қайтадан жекіп бастады...
...Ей кілең Мәңгүрт! Мені кінәлауға қалай дәттерің барады!.. ...Теңізді ластап жатырған мен емес, сендер емессіңдер ме?.. ...Сіздердің теңізге тастаған қоқыстарыңды жеймін деп, теңізге ағызған мұнайларыңды ішемін деп, мен Жаратқан бұйырған өз міндетімді атқаруға қолым тимейтін болды!.. ...Тұла бойым толы тұз бен мұнай!.. ...Міне қараңдаршы! Мен енді кімге ұқсаймын!..
...Осыған Мәңгүрт сен жауаптысың!... ...Мойында Мәңгүрт екеніңді!.. ...Ол мені жауапқа тартып тұрған тергеушіге айналған секілді... ...Ал мен болсам оның алдында күнәлі жандай мүсәпір халге түсіппін... ...Шындық мойындатпай қоя ма, мен Мүңгірттің айтқанына түсіне бастағандаймын, мойындай бастағандаймын... «Кілең Мәңгүрт» деген сөзіне шамданбайтын да болып қалыппын... ...Мүңгірт тақылдап сөйлеп тұр. Мен тілден айрылғандай, үнсізбін... ...Мүңгүрт мені масқаралауын тоқтатар емес. Бірте-бірте үдетіп барады. Ал мен болсам ақталар ештеңе таба алмай, адамдық болмыстан айрылып, өзімді-өзім қорғарлық халім қалғанмаған секілді. Ұят пен өкініштен өртеніп барамын. Тынысым тарыла бастады... ...Енді сәл уақыт өтсе шыдай алмай «Жетер! Мен Мәңгүртпін! Мен Мәңгүрт екенімді мойындадым!» деп айқайлап жіберуге шақ қалып тұрмын... ...Осы масқара сәтте мені қасымнан ұшып өткен шағаланың шаңқ ете қалған ащы даусы оятып жібермегенде менің одан арғы тағдырым не болары белгісіз еді...
Ақтау. Ақпан 2010. Айрақты тауының соңғы Құлжасы (әңгіме)
Біздің балалық шағымыз қаладан шалғай ауылда өтті. Сатып алатын нан болмайтын, әр үй өз нандарын өздері дайындайтын. Аналарымыз әуелі ашытқы қосып қамыр илейді. Ашытқының күшімен қамыр көтеріледі. Ошақтағы отқа таба қыздырылады. Бір шама қызған кезде нан салатын табаға қойдың құйрық майы жағылады. Дайын қамырдың шетінен «ашытқы» деп бір үзіп алады, илеген қамыры жеткілікті болса «собалақ» деп баласына бір үзіп береді. Шикі қамыр таба жобасындай етіп дөңгелетіледі де қызған табаға салынып ошақтағы шоқтың астына көміледі. Әуелі нанның үсті піседі. Нанның үстіңгі жағы піскен шамада нанды аударып салады. Ал собалағы бар бала оны ошақ қозына көміп пісіріп алады.
Сол кездегі ана қолымен пісіріліп шыққан нандардың ерекше өзіне тартып тұратын қасиеті болатын. Мен оны жаңа шығып келе жатқан күнге ұқсататынмын. ...Міне бүгінгі күн де шығып келеді... ...Оттан шығарып жатқан анам нанындай боп, тұла бойымды ерекше сезімге бөлей, сағыныш атты құдіретті шақыра сол күнгі күн де көрініп келе жатты. Табиғат өз міндетін қай уақытта да мүлтіксіз орындайды емес пе. Әуелі жарты таба нандай боп көрініп алып, енді күрең наннан алтын табаққа айнала бастаған күн менің сезімтал жүрегімді өз нұрымен мол шарпып жібергендей еді. Бүгінгі ерекше күн өзіне ғашық бір пендесінің өміріне, тіршілікке деген сеніміне ерекше өзгеріс әкелмек болыпты...
...Алдымен әлгідей етіп сезіміне бір малып алған күн, артынан мені жолға шығуға итермелепті. Уақыт атты мейірімсіз озбырдың бұғауындағы бір пендесін босатып, тіршілік атты билеуші қатігездің құрсауынан бір күнге құтқарып алыпты. Әрқашан сағынышты Шерқала мен Айрақты тауларына жол шектіріпті. Мен бағына беріппін. Тек қана бұл жолы әдеттегі әдетіме басып сапарлас жолдас іздеп әлектенбеппін. Есейген шақта айрылмас жолдас болып алған ой атты егізімді жол серік етіп алып тартып кетіппін. Әлгі егізім, жол серігім сұрақты жаудырып келеді... ...Неғып тез шешім қабылдадың?.. ...Талай табан етін тілдіре жалаңаяқ жүгірген сары топырағыңның жылуын сағындың ба?.. ...Қызылқала үйінділерінің үйінді тас емес адам тағдыры екеніне, ел қасіреті екеніне көз жеткізген жасыңда қайта үйінді басына шығып ой толғап көрмекпісің?.. ...Шерқала үңгірінің аузында ар жағындағы айдаһарлар мен бөлтеберлерден сескене отырып, солармен шайқасқан аңыз батырларын еске түсіргің келді ме?.. ...Ақмыш бұлағының Шерқала жығындағы қарабауыр жұмыртқасы секілді шұбар ала жұмыр тасты белдеу төбе бауырындағы анаң екеуің қазған жертөленің орнына барып тағы да бір рет мұңға батпақсың-ау, сірә?.. Ара-арасында өзіме-өзім де сауал жолдаймын... ...Қызыл қыш үйіндісін ол кезде неге Қызылқала атағанын ойлап па едім, осы, мен?.. ...Мына шексіз әлемде біздің Маңғыстаудай ғажап жерлер бар ма екен?.. ...Өз туып-өскен топырағымның бір кезде үлкен мәдени орда, саяси орталық болғанын, дүние жүзінің саяқатшылары мен сәудегерлерінің мыңдаған шақырым жол жүріп кездесер орнына айналғанын әлгі сұрампаздарға жауап ретінде мақтана еске ала отырып, жолдың біраз бөлігін ұтып та тастаппын... ...Адам қызық қой. Қызылқаланың әлемді бір-біріне жалғастырып жатқан жібек жолы атты күре тамырының бір түйіні болғанын сезінген шақта, бағзы орта ғасырдағы бабалар тындырған шаруаларда өзіңнің де үлесің бардай айбаттана, масаттана түседі екенсің! Айбаттанғаным сонша осы жолы өзімнің Қызылқаламды мақтаныш тұту үшін келе жатқандаймын. Тіпті оның даңқын өзгелерден қызғанатын да секілдімін. Біздің елдің адамдары қандай болған! Қазір де ешкімнен кем емес! Ауыл адамдары шетінен ізгілік пен қайырымның құймасы! Ешкімді ерітпеппін. Өзіммен-өзім болмақпын. Ақмыш маңын құмарым қанғанша аралап, бұлағынан су ішіп, Шерқаланың, не Айрақтының бір қуысына қона салуға да қарсы емеспін. Далада жаңғыз қонуды жаным сүйеді. Дайындалып шықтым. Көкірегімде қуанышты сағынышпен қоса мұңды сезім де оянып келе жатқандай. Ол – енді қолға түспес, қайтып оралмас нәрсені іздейтін секілді.
Сосын да мені мұңға батыратындай. Ол – уақыт атты қатыгез құдіреттің күшімен мәңгілікке артта қалған балалық шақтың елесі еді. ...Сескеніп те келемін. Олар мені жатырқап кетпеді ме екен? Өзім де тосырқап қалған болармын. Алғашқы рет ел көзінен тасаланып сол бір қыз бетіне ернімді тигізген домалық тасты таба алар ма екенмін?.. ...Ақмыштың тыныштығын қорғап тұрған тәртіпті сарбаздарындай домалақ тастар едірейе қарсы алып, тосырқаған кейіп танытар ма екен? Көктемі жаңбырсыз өткен сар топырақты дала өгей шешедей бедірейіп, шырай бермей жатса не деймін? Мұнарлы Қаратау, ажарлы Ақтау бөктерлері не дейді?.. Сезімтал жүрекке өз туған жерің мен еліңнің адамдары бейтараптық танытып жатса азамат арқалар ауыр жазалардың бірі... ...Бұл сезімдер маған тағы бір тосын ой оралтқандай еді. Туған жерді ана атандыра жүріп біз сол анаға деген сағынышқа мауқымызды баса алмай, өзімізді өгейсітіп, іздеп бармай оны жетімсіретіп жүрген жоқпыз ба екен?.. «Әуелі анаңа, әуелі анаңа, әуелі анаңа...» демейтін бе еді... Біз осы ұран тұтар нақылды аяқ асты еткендерден емеспіз бе? Біз – «әуелі өзіме, әуелі өзіме, әуелі өзіме» атты ұрандыларға айналып кетпедік пе?.. ...Осы әңімені жазғалы отырып, сол сапарым туралы ойланып қарасам, жолда келе жатып-ақ әлгідей ойға батқан мен, сол күні бір тосын уақиғаға кездесу үшін шыққандай екенмін. Солай болатыны әу бастан анық болған екен... Солай болды да... ...Әрине, жасы жетіп қалған кісілердің артын ойлағанда сағынары да, өкінері де жеткілікті болады. Алтын бесігімді, сүйікті ауылымды сағынғанда көз алдыма елес боп орала кететін суреттердің бірі Тиген-Қабақтың әр шағыр бұтасының түбінде бұғып жататын қоян көжектері болса, тағы бірі Шерқала мен Айрақтының маңында ауыл малдарымен аралас жайылып жүретін қарақұйрықтың сүйкімді лақтары болатын. Олар адам мен табиғаттың жарасымы секілді еді. Бір көктемде қарақұйрық лағын біраз уақыт бағып та көргенмін. «Қазанның күйесі жұқса өліп қалады» дегенге үйдегі қазанды жауып қоюға тырысатынмын. Бір көршінің «семіргесін сойып жейміз ғой» деген бір ауыз сөзі лағымды қарақұйрық үйірлеріне қосып жіберуге итермеледі. Неге екенін қайдам, қалалық болып кеткен шағымда үй малдарын соншалықты сағынған кезім есте жоқ. Ал қарақұйрық атты жаратылысты сағынатынмын. Оның сәніне бұ тіршілікте жылқы малынан басқа ешкім таласа алмайтын болар... Шерқала маңында қарақұйрық көп болатын. Кенет үріккен кезде қарақұйрық текесінің жүгіріп бара жатқаны емес секіріп кеткен ойыншықтай боп, ауада ілініп тұрып қалатын суреті ешқашан жадымнан өше қоймас. Үлкендер қарақұйрықтан көрі арқарларды көбірек әңгіме ететін. «Айрақты тауының басы арқардан жыртылып-айрылады» деп отыратын. Олардың қай түні, қай мезгілде Айрақтының жалғыз құз соқпағынан түсіп суға келетінін де дәлеп айтып отыратын. Бір жолы Айрақтының бір шыңының ұшында
тұрған арқарды көргенім де бар. Жарықтық қарап тұра беруге адамды жалықтырады екен. Қозғалмай қатып қалыпты. Міне сол жер осы маң болатын. Тежеткішін басып машинамды тоқтаттым. Баяғы арқар көрген шыңымды танып та тұрмын. Сол шошақ тас туралы есіме Іздібай аңшыдан естіген бір аңыз түсе кетті... ...Маңғыстауды билеген бір хан басына аласапыран заман туып елінен, жерінен қашатын болады. Бар қазынасын күн жаңа шығып келе жатқанда Айрақты тауының бір шошақ төбесі түсіретін көлеңкесінің ұшына көмген екен дейді. Бірақ сол күннің Жаратқанның 365 тәулігінің қай күні екенін білетін кім қалды дейсің? Мүмкін ерінбейтін біреу бір жыл бойы таң алдында бір шұқыр қазып, еңбегі ақталып, тауып та алар... Атақты аңшы Іздібай қарт Маңғыстау аңдары туралы, аңшылары туралы естелік айтудан жалықпайтын. Ізекеңнің бір естелігі... Ол: Сенің әкең Назарбектің Найзабек деген ағасы болды. Әулие кісі еді. Маған аңшылықты сол үйретті. Ол бір жолы алты қадақ дуадақ атып алған болатын. Мен: Алты қадақ дуадақ кімге кездессе сол атып алмай ма? Ол: Жоқ шырағым, ондай аң тек қасиетті кісілерге ғана кездеседі... Нанарсың ба, нанбассың ба... ...Тиген жақтан келе жатқан біраз машина көзге түсті. Мен соларды күтіп тұрып қалып едім, бірақ олар маған жетпей Айрақты тауының шығысы жағына қарай бұрылып бара жатты. Аз ойланып барып мен де сол көштің соңына түстім. Олар таудың шығыс жағындағы бір қуысқа жақын аялдап, жабасалма киіз үйлер мен шатырларын тіге бастады. Мен аралап сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасып жүрмін. Мал да сойылды. Ас та желінді. Бата да берілді. Әңгіме де аяқталды. Ас рәсімін өткізіп болып, адамдар жинақтала бастады. Жан-жағыма көз тастай тұрып, Іздібай қарттың тау жақта оқшаулау отырғанын байқадым. Әңгімесі қызық ойлы ағаға жақындап келемін. Сексеннен асқан қарт аңшы мені анадайдан көңілдене қарсы алып: «Сайынбысың?» деп, танығанын білдіріп жатыр... Тағы да сәлемдестік. Амандық-саулық сұрастық. Соңынан әңгімеміз бүгінгі асқа ойысты. Аузы сөйлеп отырғанмен Ізекең көзі Айрақты тауының бір бедеріне тұрақтап қалған секілді, сол нүктеден көзін ажырата алар емес. Менің көзімнің де сол нүктені іздеп отырғанын байқаған ол бүгінгі ас туралы әңгімені қайта жалғастырып кетті... ...Мотоцикл дейтін пәле шыққалы дала малының басына күн туды ғой. Соны мінген санасыз балалар қарақұйрықты да, Айрақты арқарларының да тұқымын құртты. Әлгі жігіттің әңгімесін естідің ғой. Өздерінің Айрақтының соңғы Құлжасын қалай олжаламақ болғанын, жолдасының қалай опат болғанын әңгімелеп бермеді ме... Бейне, бір шаруа тындырған ерлерлей лепіріп... ...Естіген едім. Соншалықты ашкөздік пен қанағатсыздықты, соншалықты ессіздік пен санасыздықты сезіне отырып тыңдаған едім.
Жұрт талай естіген уақиғасы болса да, баяғы батырлар жырын тыңдайтын ауыл адамдарынша сілтідей тынып қалыпты. Бейне халық қаһарманымен кездесу өткізіп отырған жиын дерсің. Бұ жұрт құлағына тек қана қызық уақиға керек секілді. Шындықтан көрі бұлар жылтыраған жалғанға неге құмар болды екен? Ас иесінің көзінен жас көріне берді. Артында тұяқ қалмаған жалғыз ұлын аяай ма, әлде ұрпақсыз өтіп бара жатқан өзіне жаны ашый ма, әйтеуір көзін сүрте береді. Қырықтарға келіп қалған әлгі әңгімеші кісі әлі сөйлеп отыр... ...Сонымен, бір сәтсіз күні екі мотормен екі жас жігіт Айрақтының басына шығады. Бар армандары талай рет алдырмай кеткен арқардың ерекше зор денелі құлжасын олжалау болыпты. Ол Айрақты тауының басына шығып жайылатын үйірден қалған ең соңғы мал екен. Талай рет тығырыққа тіредік деген шақта да не бір қиын құз-жартастан секіріп құтылып кете береді екен. Бұлар осы жолы құлжаны Айрақтыңың шығыс жағына, биік ұшпа жағына қарай айдамақ болып келіседі. Тау үсті қалың қара жусан, жусан аралары тас. Абайламасаң болмайды. Әрлі-берлі Айрақты үстін екі-үш аралап өткенде жалғыз құлжаны да кездестіреді. Ол да әдеттегісіндей шыңнан секіріп құтыла алатын жағына тырысады. Бірақ екі мотор күші мен машина жылдамдығы амалсыздан арқарды бұлардың қалаған бағытына ойыстырады. Әңгімешіл жігіт арқардың кеңістік жағын ала, екіншісі артынан еріп отырады. Ақыры қуғыншылар ара қашықтықты аңшының оқ шығарар жобасына дейін қысқартады. Ол әлі сөйлеп отыр. Жұрт тып-тыныш. ...Мен жылдамдығымды сәл тежеп, мылтығымды көтере бердім. Құлжаның тұтас қамшылар жағы көз алдымда. Жамбас жобасын көздеп шүріппені басатын сәтті күтіп келемін. Осы жолы құтқармасыма көзім жетіп те қалып еді... ...Бір сәтте құлжаның кенет тоқтай қалып, жалт бұрылғаны. Бұрыла сала жақын келіп қалған қуғыншыға қарай атыла секіргені. Секіріп барып мотоциклді үстіндегі аңшысымен бірге мүйізіне іліп алып Айрақтыдан қарғыды да кетті... ...Ізекең әлі бірдеңелер айтып отыр екен. Құлақ түрдім... ...Жұрт бұдан жиырма жыл бұрын мерт болған балаға ас беріп жатыр. Ал мен ол бала асына келген жоқпын. Мен бұдан жиырма жыл бұрын тұқымы құрыған Айрақтының соңғы Құлжасын еске алуға келіп отырмын... ...Соңғы Құлжа еті ешкімге бұйырмапты... ...Аңшы жігіттің де сүйегін ала алмаған. Екеуінің де мүрдесі биік құз басында қалыпты. Тек қана талқаны шыққан мотор қаңқасы етекке дейін домалап жетсе керек... ...Әкесі баласының рухына деп сол тұсқа тас үйеді. Соның басына келіп жыл сайын ас береді... ...Мен енді мерт болған баланың емес, Айрақтының соңғы Құлжасына берілген асқа қатысқандай әсерге ендім...
...Менің көзім де Ізекең қарап отырған алаңды тауып, сол жерге ілініп қалғандай... Менің көзіме баланың емес Айрақты тауының соңғы Құлжасының күн жеп аппақ болған сүйегі елестеп отыр... ...Бар ойым соңғы Құлжаның ерен ерлігінде еді... ...Үйірінен түгел айрылған еркек безді, ер мінезді асыл жануар жаналғыштардың оның да жанын алуға келетінін білген болар... ...Әлгі ерлігін ойланып істеуі де мүмкін-ау!.. ...Әлде кенеттен, амалсыздықтан, шарасы қалмаған кезде туындаған төтен ерлік пе?.. ...Бұл құбылыс мүмкін жоғарғы жақтан беріліп жатқан ишара ма? ...Не де болса ол ерекше жаратылған жануар!.. ...Ой арты ойға жалғасады. Обал болған екен. Адамдар олардың тұқұмын құртып жіберіпті. Олардың жазығы – етінің адалдығы. Көк домбайдай күші бар жануар өздерін өздері қорғай да алмайды... ...Ұлы Жаратушы еті адал мен еңбегі адалдың бәрін неге жуас етіп жаратты екен?.. ...Мал да солай, халық та сол секілді... ...Оңай олжаға құмарлар аң біткенді қырып таусуға айналды... ...Еңбегі адалдар да өмірі жарып бір тойып тамақ іше алмай, иығы бүтінделіп бір киіне алмай өмірден өтеді... ...Озбырлар оларды тонап та жатады, қиындық пен өлімге айдап та жатады... ...Ей, Ұлы Жаратушы! Күшті менен әлсізді теңестірер, арам менен адалды ажыратар бір жағдай жасамайсың ба?..
...Ей, Ұлы Жаратушы! Бұларға бір-бірін жақын тұтарлық, бір-біріне жаны ашырлық сана берсейші!.. ...Мен енді ас тарқағанда оңаша отырып осылайша дұға жасап, бетімді сыйпадым... ...Аллатағала дұғамды қабыл еткей дағы... Ақтау. 12.12.2009
АҒЛЕН
Маған бұл әңгіме желісін Тасболат Мақташ Сабырбайқызы айтып берген еді. Мақташ (Ұштаған аулының тұрғыны) ұзақ жылдар автоклуб меңгерушісі қызметін атқарады. жылы Үстүрттің Ұлы Қыземшегшіндегі жайлаудағы мал ауылда өнер көрсетіп, сол күні жетпіс жастағы, “Ағлен кербез” атанған әженің үйіне қонып шығады. Маңғыстау жұрты ұйқы алдында қонағына бір зерең шұбат ұсынады. Келінінің қонағына шұбат дайындай бастағанын байқаған әже «бұ қонаққа өзім берейін» деп, шұбатты келін ашқан күбіден емес, екінші күбіден береді. Төсектері бір бөлмеге салынған Мақташ Ағлен әжеден екінші күбінің сырын сұрайды...
...«Ағлен кербез», «Ағлен мәтөк» атанған бұ кісі Қырда, Үстүртте мал қамымен көшіп жүріп жаз бойы ауыз суға Ойдағы, Маңғыстаудағы Қаратау бұлақтарының суын алдырады екен... Ол үйде шұбаттың күбісі де, су сақтайтын метей де екеу болатын болған... Ағлен көңіліне жаққан қонағына өз күбісінен шұбат құйып, өз метейінің суынан шәй қайнатып беріп, құрмет көрсететуді әдетке айналдырыпты... ...Ағленді жұрт тек қана мәтөктігіне бола емес, адам пендесі естімеген ерекше ерлігі үшін де құрмет тұтыпты... ...Мақташ екеуі сырласып, әже өз өмірі туралы сыр шертеді...
– Әнші екенсің, Мақташжан! Біздің бала кезімізде айтқан әндерді айтып, жүрегімізді сағынышқа бөлеп кеттің. Қыз күнімде мен де ән салатынмын. Сені жақсы көріп отырмын ба, әлде жастығымды сағынып кеттім бе? Әйтеуір жүрегім сағынышқа толып, құлағым ән тілеп, жүрегім саз тілеп барады... – Сағыныш сезімін қалай әдемі сөзге айналдырдыңыз! Мынадай сезім сағындырмай қоя ма? Сол сағынышты сезім ішінде қандай жігіттер жүргенін кім білсін?
– Біздің заманымызда жігітке көз салуға әдет қоспайтын. Қыз қылықтарын көп қолдандырмайтын. Бірақ біз ән айтатынбыз. Барлық сезім сол әндер ішінде кететін. – Ағлен апа, мына ән табақ, күй табақ дегендер ел өнеріне қауіп туғыза бастады. Жастар солардан үйренгіш. Ал халық әндері қалып барады. Әнкүйлеріміз ұмытылып барады. Сосын мен тек қана ескі әндерді айтуды әдетке айналдырып алдым. – Ие, адам мінезі де, ойы да әртүрлі. – Солай ғой. Сіз, мысалы, шұбатқа екі күбі жасатып қойыпсыз. – Мен қатты жиркеншек адаммын. Соның салдарынан менің үйімде су сақтайтын екі метей, шұбат ашытатын екі күбі болады. Жұрт сыртымнан, «Мәтөк Ағлен» деп ат тағып қойыпты. Олар менің ішкелі отырған суымның дәмі түгілі, ойыма түсіп кеткен кейбір ойдан да жиркенетінімді қайдан білсін. Сол «адамтағы», сол «бөлтебер» есіме түсіп кетсе әлі күнге өз денемнен өзім жиркенемін, өзімді өзім жек көріп кетемін... – «Адамтағы» дейтін кім? «Бөлтебер» деген не сөз? Ағлен әже менің сұрақтарыма жауап қайтармай әңгімесін жалғастыра берді. ...Әкелеріміз, балаларын жасқа толмай тұрып атастырып қойған, қатар көшіп, қатар қыстап жүретін бесік құдалар екен. Екеуінде Кеңес өкіметі байлар тізіміне кіргізіп, тәркілейді. Ауылдың бас көтерген азаматтарын жер аудара бастайды. Аман қалғандары жаяужалпылап құмға сіңіп, жер ауып кетеді. Бесік құдалар түрікпен елінен пана табады. Сол жақта оларды тағдыр тағы кездестіреді де, біздерге 16 жасқа толғаннан соң шаңырақ көтеріп береді... ...Біздің алғашқы тойымыз 1932 жылы, көктемде, тойланып еді... Алғашқы той дегеніңізді түсінбей отырмын деп едім, Ағлен менің бетіме бір қарап алып, әңгімесін жалғастыра берді. ...Той қай уақытта да той ғой... ...Жарлы жасаса да той, бай жасаса да той... ...Той дастарханы қазіргідей асып-төгіліп жатыр ма, әлде сол кездегідей азғантай ғана бауырсақ дастархан бетін жаба алмай, мені қайсысы аузына салып жіберер екен деп, зәресі кете бүрісіп жатыр ма, бәрі бір, тойдың аты той. О күнде де халық тойға барған. Бұ күнде де той тойлап жүрміз. Тойға адам тамақ ішу үшін бармайды, той қызығын көру үшін барады. Халық тойды қызықтайды. Халық тойда өнер көрсетеді, өнерлерін салыстырады. Тойда өздерін көрсетеді, өздерін салыстырады. Қыз-келіншектер де, бозбалалар да тойда көзге түсіп қалуға, сөйтіп атаққа ілінуге тырысады. Әрине, жұрт үйлену тойға екі жанның қуанышына қуаныш қосу үшін барады. Тойдың болғанынан болатыны қызық екені рас. Тойға тек той иелері емес, барлық адам дайындалады. Тойшылар күнделікті күйбең тіршілік бұғауынан босаудың тағы бір сәті түскеніне қуанады.
Барын киініп, жоғын сұрап күбініп жатқаны. Жастар табылғанын тағынып, көріктісін киініп тойға дайындықты шыныменен тойдың бір сүбелі мүшесіне айналдырып жібереді. Қыздар жеңгесінен сырға қалап, келіншектер енесінен білезік сұрап “осы тойға бір тағынып келейінші” деп жалынып жатқаны... ...Ағлен маған емес, осы сөздерді өзіне айтып отырғандай. Сәл қырын қарап әңгімесін баппен баян етіп отыр.
...Біз бұ жасқа жеткенше тойдың не түрін көрдік те, бастан да өткіздік... ...Бірақ, менің өз тойымдай, алғашқы тойымдай тойды ешкімнің тағдырына жазбағай... Ей, Алла, өзің сақтай гөр!.. Ағлен айтар әңгімесінің шағын кіріспе бөлігін аяқтаған секілді. Ол енді менің бетіме «өзің әңгіме иесі ме едің?» дегендей, барлай қарап қалыпты... Мен тыңдап отырғанымды білдіргім келіп: «Неге олай дейсіз? Неге сақтай гөр дейсіз? Сізге біз қызыға қараймыз» – дедім. ...Шырағым, жылтырағанның бәрі алтын емес деген бар емес пе. Біз де соның біріміз... ...Әкем де, атам да заманында тұлпар таңдап жүйрік жаратқан, мал шашып елге бай атақтарын таратқан белгілі кісілер болыпты. Менің әкем де, атам да нағыз сейістер болыпты. Ал сейіс дегендер жаратылысы ерекше, өзгеше қауым болады. Олар әйелін тұмшалап ұстар қызғаншақ өзбек күйеудей, жүйрігін кекілінен қара тұяғына дейін жабулайды дейсің. Жалғыз ұлына көз тиеді деп қорықпайтын солар, әлемнің барлық көзінің сұғы соның атына бағытталғандай тұлпарын тұмшалайды дейсің. Аттарына бағытталған әрбір тәуір сөзді атынан аударып «тілің тасқа» деп, қара тасқа бағыттайды дейсің. Жабуын сыпырар кезде өзі табынатын барлық қасиет иелеріне жалынады дейсің... Олардың бәйгіден озық келе жатқан алдыңғы ат көрінгенге дейінгі үміті мен дәмесін кім сезіне алар?.. Ал «алдыңғы ат баран болмай құла болып» шыққандағы олардың өкінішіне кім езіле алар?.. ...Аламан жарыстан кейін тойдың бір сәні палуандар күресі... Бура санды, арыстан кеуделі алып жігіттер үстаса кеткенде деміңді ішіңе тартып, тыныссыз қалмайсың ба? Сол кезде демің түгіл жүрегің де соқпай қалатын болар... Ниетің түсіп тұрған палуан екінші алыпты аспандата көтеріп кеткен шақта бар тамырыңды қысып ұстап тұрған бір нәрсе өз арнасын ашып жібергендей боп, кеудеңдегі бір қап ауаны бір-ақ атқытасың. ...Нағыз той қызығы ат шабыс пен палуандар күресі ғой! Сол екеуінің нәтижесі ел аузында өмір бойы әңгіме болып қалады. Кейбіреулер сондай тойлар әңгімесін әсірелеп айта білгені үшін атақты болады. Әр үйдің құрметтісіне айналады. Тіпті өмір бойы тамағын асырайды.
Маған тағдыр ондай тойды бұйыртпады. Қыз күнімде менің тойым қалай өтер екен деп ылғи армандайтынмын. Балалық-ай десеңші... Ал, жарайды... ...Сен секілді өнерпаздар той патшасы ғой! Барлық ел солар маңында. Біреулер «пай-пай»-лап, таңдай қағып жатады. Тағы біреулер әншіге үн қоспаққа тырысады. Өз шамасын байқамай, шаршап келе жатқан тұлпарға ілесе алмай қалатын тұғырлардай, күлкіге айналып жатады... ...Қыз күнімізде, көктем айындағы қызғалдақ ғұмырымызда, той қызығын талай бастан кештік қой... ...Бірақ менің тойымда бұлардың бірі де болмады. Бізді үйлендіргенде елдің әлгідей тойларға шамасы жоқ болатын. Олар, қызықтау үшін емес, тіршіліктің ұлы заңына бағына ғана балаларын жұптастырған болар... Ол кезде жұрттың жүзі жүдеу, күйі жұтаң... Қәзіргідей қоңын есікке сыйғыза алмай қырындап кіретін әйелдер болмайды... Қарны қампайған еркексымақтар түсіңе де кірмейтін кез... ...Заман адамдардың түсі мен мінездері түгіл денелерін де өзгертіп жіберетін болар, асылы… Қазіргі заман қызық... Ессіз адамдар… Егесіз дүние... Жатып ішер мешкейлер... Тегін тамақты талапайлап жеп семіргендердің түрінен жиіркенемін. Біздің заманымызда ондайлар болмайтын. Атылып, айдалып, айыпталып, запы болып қалғандар тірі қалудың қамын ғана ойлайтын. Жай да, күй де таңдамайтын. Бір нәрсенің пәлесіне қалмауға тырысу – өмір сүрудің басты ережесіндей еді. Өз елі өгейсітіп, басқа жерге шақырусыз қаңғып келген адамды шет елдің, жат жұрттың мысы баса беретін болса керек. Барлық қамы, айтары балаларын жеткізіп өлу болатын… Біз паналаған жердегі көрші үш-төрт үй түрікпендеріміздің барлығы да аузында Алласы бар, жүзінде иманы бар кісілер болып шығыпты. Қазақтарды өгейсітпепті. Бірақ ауып жүрген жұрт өздерін кішік сезінетін. Ұсқындарында аштықтың таңбасы анық көрінетін. Кескіндері су жылғалап тастаған Маңғыстаудың әк төбелерінің бөктеріндей сызық-сызық боп, шандырланып жататын. Олардың қайғы жеп әжім басқан беттеріне қарап жаның ашитын. Біздің алғашқы сол тойымызға кілең өңсіз адамдарды “Той дегенде қубас домалайды” мәтелі ғана жинаған секілді. Өз тойым болғасын жұрт назарына көп көңіл аударған болуым керек, олардың бет-жүздері әлі көз алдымда. Тойға бір киерін киіп келгеніне қарамастан жастар жағы да жүректі кернеп тұрған қуаныш пен шаттықтың жоғын байқата, жасқаншақтана, имене сөйлеп, сол маңайдан тойға келген екі-үш түрікпендердің аузын бағып, ыңғайына көшіп қалған түрлері бар. Біздің адамдардың бәрі өңсіз, бәрі жасық секілді көрініп еді сол күні...
...Мен олар жүзін ешқашан ұмытқан емеспін. Мүмкін кейінгі сегіз жыл бойы мен тек соларды ойлағандықтан, сағына еске түсіргендіктен сол күнгі олар суреті көңіліме орнығып қалды ма?.. ...Ағлен сол бір кездегі өз басының емес, аулының ауыр тұрмысын әңгіме етіп отыр. Бірдеңе көргісі келгендей көзі жоғары жақты аралап кетеді. Өз сөзін өзі қостағандай боп, ара-арасында басын изеп-изеп қояды... Мен үнсіз тыңдап отырмын. Ауық-ауық оның сөзіне өзімнің ойым жарыса жөнеледі... Әңгімешінің сөзімен лағып, өзімше сол шаққа кетіп те қаламын... Мен де сол заман уақиғаларына араласып кетемін. Сол тойдағы Ағленді көз алдыма елестетемін...
...Жоқ, тойдағылардың бәрі бірдей әлгідей болмаған шығар. Жетпіс жас көркіне көлеңке түсіре алмаған Ағлен апа, Ағлен сұлу сол кезде қандай болды екен?.. ...Әлгі күйкі көріністердің, жоқтық пен жадаулықтың бәрінің орнын толтыра, ажары айсыз түндегі ақшолпандай боп отырған болар-ау жарқырап! Жаратылысы мінсіз, Алланың ерекше ықыласы түскен жанға қақтаған күн де, қаптаған қайғы да өз таңбасын баса алмаған болар-ау... Мен сол ойларымды көз алдыма елестете бастадым... Тіпті, тойға қатысып отырғандаймын... ...Той басталып кеткен... ...Жастық – сұлулық! Жас болғасын бәрі әдемі... ...Қалыңдық реңі жаңа ғана, таң алдында ғана ашылған алқызыл гүлдей боп алауратып отыр. Байдың қызы ғой. Үстінде бір киері сақталып қалған. Сулулық аңсаған барлық жанарларды, қызыққа құмар құмарпаз көздерді тек өзіне ғана тартып тұрған ерекше сұлулық. Жаратқан бір берген кісісіне аямай береді емес пе. Ғажап көркінің үстіне оның мінезі де жарқын, жүзі де мерейлі. Бұны көпсінсең, Ағлен әңгімешіл де. Отырған ортасын ерекше сезімге бөлеп, жарқылдап сөйлеп отырады. Оған назары түскен кісі бірден көзін тайдырып кетуі екіталай болған шығар... Ол шаттана күліп жібергенде, дүниенің ең әдемі сазы Ағлен күлкісі дегенге сене салар едің... Шебер қолымен қалағандай әппақ тістері жарқ ете қалғанда дүниенің ең асылы Ағленнің ақмаржан тістері десе көне салар едің...
...Ерке өскен өткір қыз кісі бетіне тура қарайтын. Жас жігіттер үшін бұл ерекше ауыр сынақ болған болар. Шуаққа толы, ойлы тұнық қара көз мейіріммен өзіне қадала қараған кезде талайдың көкірегінде оны басқа жанның бәрінен қызғана, “шіркін-ай, менің жарым болса!” деген ой, кейін ұзақ уақыт жанын жегідей мүжір арман ой, пайда бола кеткен де болар. Ондай арманның пайда болуына Ағленнің болашақ жарының жуастау мінезі, кескінсіздеу кейпі де әсерін тигізе бастар еді. Нағыз жігіт Ағленді ол түгіл өзіне қиғысы келмейтіні түсінікті құбылыс дер еді...
..Көрікті қыздың көңілсіз тойы аяқталып, тойшылар далаға шыға бастаған кез екен... Астарындағы ақалтеке арғымақтарының бастарымен алысқан екі түрікпен, тойшыларды баса көктей тоқтайды. Екеудің бірі тойдағы түрікпенді танып: “Бұ қазақтар неменеге жиналып жатыр?” – деп, күркіреген даусымен аспан астын, жер үстін күңірентіп жібереді. Түрікпендердің бірі Ағленді нұсқап «қыз ұзатып жатыр» деп жауап қатады. Ағлен үшін сәтсіз шыққан сол күннің сәтсіз мезетінде кездесе кеткен сол адам – түріккпеннің баскесер аларманы Дүрдімен оның қанішер досы Тұрды екен. Ағленге көзі түскен түрікпен алыбы біраз үнсіз тұрып қалады. Бір кезде Ағленге тіл қатады...
...Ағлен, әңгімесінің осы жеріне келгенде, қорқыныштан денесі қалтырап, даусы дірілдеп, менен қамқорлық іздегендей, қолыма жабысып, бүрісе қалып еді... Біраз үнсіздіктен кейін ол әңгімесін қайта жалғастырып әкетті... ...Ол маған жақындады. Мен оның алып құбыжық секілді бет бейнесінен, жабайы бөлтебер адам секілді денесінен қорқып қол-аяғым қалтырап кетті. Тым жақын келіп тоқтады да, ат үстінен жолдасына қарап гүж ете қалды.
– Мына қыздың сұлуын-ай! – Рас айтасың! – Бұ сұлу нағыз ер жігіттің жары болуға лайық! – Дұрыс айттың! Панасына тығылар жан таба алмай, арбалып қалған торғайдай дір-дір етіп қозғала алмай тұрмын. Ол атынан түсіп менің қарсы алдыма келді. – Сен менің әйелім боласың! Оның қорқынышты түсінен, одан да қорқынышты әлгі сөзінен кейін тіпті зәрем ұшып тілім байланып қалғандай еді. Ол маңайында жан жоқтай қайтадан жолдасымен сөйлесіп кетті. – Қаңғып жүрген қазаққа лайық па осындай сұлу? – Жоқ! – Ендеше бұ сұлуды мен аламын! – Нақ сұлулар қашан да ер жігітке жарасады! Жеңісіне масаттанған жанша, енді ол маған бұрылды. – Бұған не дейсің сұлу қыз? Менің қорқыныш сезімнен туындаған үрейімнен түрікпеннің қазақты кемсіте сөйлеген сөзіне тұтанған намысым қажарлылау болып шықты. Сол намыс қамшылап, есімді жиғызғандай еді... – Сендей құбыжықтың қасына жатқанша өзімді-өзім бауыздап өлтірермін! – Өле алмассың! – Онда өзіңді өлтірермін!
– Онда екеуміздің де тағдырымыз шешілді дей бер! Сенің менің әйелім болатыныңа ант етемін! – Менің сөзім де анттың сөзі болсын! Иманыңды оқып жүр! Ауылдың бас көтере алар еркектері қарақшыдан сескеніп, қыздың төңірегіне топтаса бастаған екен... Тұрдыдан тізгінін қолына алған Дүрді алып денесіне қарамай лып етіп атына мінеді де, арғымағын аспандата бір секіртіп алып шаба жөнеледі.
Әлгі уақиғаға куә болғандар біразға дейін де үнсіз қалады... Тек қана көрші түрікпен: «Айналайын-ай, сені енді қандай тағдыр күтіп тұр екен? Күнің не болар екен? Ол айтқанын орындайтын болар!” – депті. Көршінің уайым сөзі олардың тоқтап қалған тіршілігіне жан бітіргендей болып, тойшылар тарасып кетеді... ...Ағлен даусы дірілдеп, үнсіз қалды. Мен иығына қолымды салып жан ашырлық емеурін білдіріп едім, ол солқылдап жыласын келіп... ...Мәс-саған, мен де жылайын келіп... ...Ағлен содан бастап сақтанып жүріпті. Етігінің қонышына өте кішкентай кездік салып алады. Ауылдан алысқа шықпайды. Жыл өтеді. Уақыт бәрін ұмыттыра бастайды. Қалың малына қырық жеті атайтын бай ауыл келіні, қалыңынан асырып жасау жасататын дәулеті шалқыған әкенің сүйікті қызы Ағлен жалаң көйлекпен ұзатылып, жыртық кебіс сүйретіп өмір сүреді. Бұлардың жас шаңырақтарының мал еншісі секілді болған көк есекпен күйеуі екеуі құмнан қураған сексеуіл тасып күндерін көреді.
Бір күні құмнан кештетіп келе жатып, қапталдан қосылған, ат тұяғының дүбірін естиді. Ағлен жүрегі дәл болжайды. Қызылы семіп бара жатқан күн астына сескене қарап тұрғанда бұны Дүрді көжек алған бұркіттей, іліп әкетеді... ...Сол күннен бастап бұлар ұзақ жылдар ел бетін көрмей, дала тағыларынша өмір сүреді. Дүрді, бейтаныс жақта, Қарақалпақ, Үстүрт дөңінде аламандық құрып, қарақшылықпен айналысады. Солай сегіз жылы өтеді. Ұлдары да бес жасқа толады...
...Дүрді – қарақошқыл топырақтан илемей домдай салған балшық секілді, аса ірі, өңсіз кісі еді. Кейін ұзақ жылдар бірге тұрып, одан балалы болған кезде де бетінің өңсіздігі мен көзінің сұстылығы бетіне тура қаратпайтын. Өңсіздігін өзі де жек көретін болуы керек, өзіне тіке қарағанды ол да жақтырмайтын. Сол алғашқы кездескен күні онымен батылым барып, қарсыласқаныма, солай сөйлескеніме өмір бойы таң қалумен келемін... ...Ағлен даусы бірте-бірте қатая бастады...
...Оған берген антым менің ойымнан бір сәт шыққан емес. Сырымды жасырын сақтадым. Тамағымның тоқтығына, киімімнің көктігіне Дүрдіге алғысымды да айтып қоятынмын. Оған қарсы келмедім. Құдай сәтін салар деген дәмеден торықпадым. Жан мен тән бөлек нәрселер екен. Жаныңмен соншалықты жек көре жүріп, тәнің жақындасқасын одан бала көтеріп, кірін жуып, шаруасын істеп жүре беріппін.
Ұзақ күттім. Дүрдіні өлтіргенмен Тұрдының кек аларын, мені тірі жүргізіп қоймасын сезетінмін. Олар бөлек ауыл болып жеке қонатын. Қауіпқатерге толы жорықтарының бірінде Тұрды қаза болса деп тілейтінмін. Сөйтіп жүргенде «Іштен шыққан жыланның ирелеңдегенінің жақсысын-ай!» дегізгер бала пайда болды... Бес жасқа толған кезі еді... ...Өз баласын... Нәрестесін... Жауыз-ай!... Қалай қолы барды екен?..
...Ағлен тағы да көз жасына ерік берді. Бұл жолы ол бетін менің иғыма басып өксіп-өксіп, ұзақ жылады... Кейін түсіндім. Оның жанын нәрестесінің өліміне өзін жазықты сезінген жанның өкініші қинайды екен... ...Ағлен Тұрды тірі тұрғанда ойлағанын ойын іске асыра алмасына әбден көзі жетеді. Ойлай-ойлай, ақыры айла табады... ...Дүрді мен Тұрдыны араздастыру қажет екенін түсінеді. Сондай жағдайда ғана олар бір-бірімен хабарсыз кетеді. Арасы алшақтайды деп шешеді. Ақыры, «сен жоқта маған қол салды» деп Тұрдыны жамандайды. Өзі көгертіп қойған дене жарақаттарын көрсетеді. Дүрді сол бойда атына мінеді. Қайтып келгенде Дүрдінің кісі өлтіріп келгені белгілі болады.
...«Бір кезде өмірлік доспын деп, қан қосысып анттасқан арамның қанынан көйлегімді тазартып таста» деп, қан-қан көйлегін шешеді... ...Мен арманды мезгілімнің жеткенін түсіндім. Сыр білдірмейін деп көйлек қанын ұзақ жуып, жан-жағыма бағдарлай қарап, уақыт өткізуге тырыстым. Күн бұлтты еді. Түн қараңғы болады. Қате жібермеу үшін қайта-қайта түнде істемек әрекетімді қайталап айтып, ой жүгіртіп қоямын... ...Қапы қалмау үшін шамды жағып қойсам... ...Өткір кездікпен күре тамырын тереңдеу бір тартып жіберсем... ...Шамды сөндіре салып, есіктен шығып үлгерсем... ...Күре тамырдан бауыздалған жан ұзаққа шыдай алмас... ...Бауыздап жібергенде қой байғұс бір-екі ышқынып, аяғын бір-екі серперлікке шамасе жететін еді ғой... Талай қой бауыздап отырып, Дүрдіні осылай бауыздасам ғой деп армандайтынмын... Дүрді ертегі алыптарынша алаңсыз ұйқтайтын. Сол күні де солай болды. Алқынған жүрек аптығын басу үшін қатты, тереңдеу қайта-қайта ауа жұтып алып: «Ей, Алла тағала! Кешіре гөр, күәкәр қызыңды!» деп күбірлеп, Дүрдінің күре тамырын шалып жібердім. Қан бетіме ұрып, көзім тұманданып кетті. Дегенмен шамды сөндіріп есікке жүгірдім. Ол ұшып тұрып табалдырықты аттатпай мені ішке суырып алмақ болып жатқанда, кездікпен қолына тағы бір рет ұрдым. Дүрді қолын босатын жіберді. Мен далаға қараңғыға сүңгіп, жоғалып бара жаттым. «Құтылдым» деген ой жүрегімді қуанышқа толтырып, даусым да шығып кеткендей болды. Сол сәтте өз дыбысымнан қорқып кетіп тып-тыныш тұра қалдым.
Дыбыс қайта естілгендей болды. Сонда ғана дыбыстың баламның дыбысы екенін түсіндім... Оянып кетті ме екен? Ол оянатындай айқай-шу болмаған секілді еді? Әлде, мені үйге қайта кіргізейін деп анау оятты ма екен? Баланы жазым етпес пе екен?.. Осы ой мені қатты шошытты. Жалма-жан жан ұшыра үйге жүгірдім. Қалтамдағы оттықты шағып жіберсем, жанталасып қырылдап жатқан Дүрдінің қолында бес жасар баламның мойыны жатыр екен. Кездігіммен қолынан тағы бір ұрып баланы жұлып алып далаға жүгірдім... Әлім құрып бара жатып баламның денесі суып бара жатқанын байқадым. Балам тыныссыз қалыпты... Сол сәтте мен де талып бара жаттым...
...Ағлен дәл соғыс басталар алдында арғымақ мініп, аруана жетектеп Маңғыстауға жетеді. Шеттеп кеткен өз аулы да бұ кезде туған жерге оралған екен. Ағайындары той жасап бұрынғы еріне қайта қосады. ...Өз күйеуім айтарлықтай көркі, мақтарлықтай өнері болмағанмен ғажап мінезді, сабырлы кісі болатын. Ұзақ жылғы үмітсіздіктен кейін қайта табысып, бақытты өмір сүре бастап едік. Әттеген-ай, ерімді де, бақытымды да «соғыс» деген індет жалмап кетті ғой. Артында бір ұлы қалды...
Отызға жетпей отырып қалған Ағлен, қаншама адам сөз салса да, жаңадан тұрмыс құрмайды... ...Әуелі күйеуімді аман келтіре гөр деп Аллаға жалынып дәмемен уақыт өткіздім. ...Одан торыққасын Жалғызының тілегін тіледім. ...Алла бірін бермегенмен бірін берді. ...Жалғыздың да жапырағы жайылады екен. Бірнеше үйге айналды. ...Жаяудың да шаңы шығады екен, өрісіміз малға толды... ...Бұ күнде бақыттымын!
...Кім білген!.. Жай адамның бақыты дегеніміз – елдің тыныштығы мен ердің еңбегі ғана ма?.. ...Құдайға шүкір!... ...Өкініш көп еді, бәрінен де құтылдық. ...Арман да көп еді, шетінен орындалып біткен секілді. ...Қазір жан-жағым толы өз үйлерім, өз тумаларым! ...Немерлер үйі. ...Күйеу балалар ауылы. ...Құдалар ауылы... ...Бақыттымын! Тек қана осы шексіз бақыттың оған бір де бірі бұйырмай, барлығының маған қалғанын айтамын-ау!.. ...Бұ бақыттарға менен гөрі ол лайық еді... 21.07.2006 ж. Әкенің ашуы
Менiң әкем бiраз жылдар бойы Жаңаөзен қаласынан бар болғаны қозы көш жерде ата-бабасының ғасырлар бойғы кәсiбiмен айналысып, азғантай шаруасын күйттеп, айлыққа қарап қалған, оқыған балаларына шамасы келгенiнше көмек көрсетiп отырып едi.
Бiр күнi, таза ауамен сергiп қайтпақ боп әке үйiне жаяу тарттым. Жаз бен көктемнiң астасқан шағы болатын. Жер ылғалы кеуiп аяқ астынан шаң көтерiлiп жатқанымен шөп әлi балғын түрiн жоғалта қоймаған екен. Көк майса жусандар менi қалайша бiр искемейсiң дегендей ажарлана қарайды. Маңғыстауды өгейiндей ұстайтын табиғаттың биыл бiр мейiрлi жылы болса керек. Аса от жылдары болмаса бұл маңда көп көрiне бермейтiн мортық, ебелек, еркек сияқты асыл шөптер де аз емес. Мен бiр тал жусанды жұлып алып бiраз уақыт искеп барып аузыма салып дәмiн алдым. Баяғы дәмi. Кенет тандайыма жусанның емес көк жусанды өрiстен қайтқан түйенiң шикi сүтiнiң дәмi тати кеткенi. Мәтөк кемпiрлердiң – бүгiн малды жусанды жаққа шығармаңдаршы – деп жататын кездерi де өмiрдегi ең бiр қимас шақтай-ақ, көкiректi жаралай, сағындыра еске оралды. Осылай ойланып келе жатып ауарайының өзгере бастағанын да байқамай қалыппын. Күн астынан жөңки шыққан бiр шөкiм бұлт – жақындаған сайын жарты аспанды толтыра, бiр зiлi бар екенiн сездiре, қатулана түстi. Кенет бағыты белгiсiз жел пайда болды да, машинаның iзi бетiн “шұбыртпадай шимайдап” тастаған даланы көзапара көзден ғайып қылды. Бiр қадам жердiң аржағы ақтозаңды белгiсiздiкке айналған. Iле-шала жер жарылып, аспан айырылып кеткендей қорқынышты зор үннен зәресi кеткен жел менi пана тұтқандай шыр айнала үйрiлiп, аяқ астын да көзден таса еттi. Мен амалсыз көзiмдi тарс жұмып, екi құлағымды алақаныммен баса, бүктетiле отыра кеттiм. Сәл тыныстағандай бiр сәтте бағзы заманнан бергi таныс иiс, оттың иiсi ме, тастың иiсi ме, әлде екеуiнiң иiсi ме, жетiп қалған екен. Бала кезiмiзде от сұрай барғанымызда шалдар мақтасын тұтата алмай шақпақ тасын қайта-қайта соққанда дәл осы иiс мұрынды қытықтаушы едi. Жаңбырдың жақын қалғаны белгiлi болды. Жаңбыр болғанда да шелектеп төгiп өтетiн нөсер болар. Ойымды аяқтап-та үлгермедiм-ау деймiн, мың-сан аттың дыбысындай дүсiрлеп келiп қалған ол, келесi сәтте жердi бұрқ-бұрқ еткiзiп барып, селдетiп жүре бердi. Мен жүгiруге ыңғайлы болсын деп шалбарымды, аяқ киiмiмдi шешiп алдым да, соншалықта жанға жайлы Тәңiр нұрына, аспан нұрына шомыла жүгiре женелдiм. Арасында бала кез еске түсiп: – Жау жаңбыр! – Жау жаңбыр! – деп бар даусыммен шаттана айқайлап та қоямын. Табиғат еркелеткiсi келсе жасы қырыққа келгендi де бала қылып жiбередi екен ғой. Бұндай нөсер ұзақ жауса не болмақшы. Бұрқ-сарқ етiп зәренi ала, құтыңды қашыра келгенмен дүниенi рақат сезiмге қарық қыла, ашуы тарқаған әкеңдей… артынан көктемгi күн де мандайыңнан өбетiн.
Ойыма сәттi түскен сөз болды-ау бұл өзi. Шыны да сол. Табиғаттың мына тiрлiгi – дәл менiң әкемнiң мiнезi. Ол кiсi де сәл нәрсеге бола кемерiнен асқан қазандай сарқылдай қайнап барып басылады. Содан өз мiнезiне ыңғайсызданғандай жуып-шайып, әзiлдей сөйлеп, тiптi кейде бауырына қыса басыңнан искей болған уақиғаны ұмыттыра, жайма-шуақ күлiп отыратын кездерi болатын... О, Тәңiрi, мына жадырай шығып келе жатқан күн дәл өз әкемдей болып көрiнiп кеттi. Мен кiлт тоқтап, күнге аңтарыла қарап қаппын. О, Тәңiрi!.. Дәл әке ашуындай!.. Дәл әке мейiрiндей!.. Көкмойнақтың үйірі
90 жасқа жеткендерді ұзақ өмір сүрді деп, ел-жұрты шүкіршілік етіп, мақтан тұтып жатады. Бірақ тоқсандағылардың кейбірі жеткен тоқсанын азсынатын кездері де болады екен. Солардың бірі, атақты Зілқара би, Зілқара батыр тоқсанға жуықтаған шағында өзіне сұрақ қойған кісіге: «Кеше туып, бүгін өлгелі жатқан адамнан не ақыл сұрап отырсыңдар», – деп, өзінің өкінішін жасыра алмаған екен. Тіршілікті қимағаны о кісінің мүмкін өз өмірін қалағанындай өткізгендігінен бе екен... Елі аман, жұрты тыныш болды ма... Мүмкін қимайтыны көп, қайғысы аз болған болар... Қалай десек те Зілқараға 90 жыл ғұмыр аз болып көрініпті...
Ал, елі мен жеріне қайғылы қасіретті, азалы азапты, сұмдық кесапатты ала келген Кеңес өкіметімен бес жыл бірге өмір сүрген Шырақ атты қазаққа бес жылдың өзі мәңгілік құтыла алмас тамұқтай болса керек. Ол бес жыл ішінде (1932-37 жж.) бәрінен айрылады. Елі тәуелсіздігін жоғалтады. Тәуелсіздік жолына күреске шыққан біраз халқы әуелі соғыста қырылса, артынан аштыққа ұшырайды. Шырақтың: «Көлденеңім көп отау, Қырқа жағым қырық отау, Ойпаң жағым он отау», – деп мақтана жырға қосқан ауылы тұл қалады. Бәрінен айрылған ол, 17 жастағы жас бала, тарих дөңгелектерінің арасына түсіп, қатыгез тағдырмен бетпе-бет кездеседі. Бірақ уатылып кетпейді. Жігерлі жаратылған азаматтың бойындағы еліме, жұртыма қалай пайдамды тигіземін деген азаматтық міндеті оған асыл тұқымды Көкмойнақтың үйірін сақтап қалуға жігерлендіреді. Бұл ойға себеп болған «адамнан зият жануар» көкмойнақтардың өздері болады. ...Қашып келді қайтадан, Талай жерді аралап. Туырлықсыз тұл үйді, Қараң қалған мың үйді, Иіскеп жүр жағалап... Көкмойнақтардың бұл ісі оған қуат береді. Шырақ бала бұл тірлік атты берекесіз, өзі үшін мәні кеткен өмір атты жаратылысқа әлі де болса керегін сезінеді. Енді ол азапқа толы өмірін жалғастыра беруге дайын еді. Өйткені оның алдына бұл тірліктегі ең соңғы қимасы, Көкмойнақтың үйірін қамқорлау міндеті туындайды. Ағайындарынан, жалпы адам қауымынан түгел айрылған Шырақтың бар арманы енді асыл тұқымды көкмойнақтарының тұқымын сақтап қалу
болады. Ол алдындағы бір үйір жылқыға мал есебінде қараған жоқ, мыңдаған жылғы ата-бабасының еңбегі деп қарады. Шырақ баланың жаратылысы да, көргені де, алған тәрбиесі де жаратылыс заңымен үндесіп жатты. Сондықтан да ол Көкмойнақтың үйірін пайдаға асыруға болатын бір үйір жылқы деп емес, мына ұлы жаратылыстың бір қажетті тетігі деген түсінікпен қарады. Шырақ секілді адамның алдындағы осы малдан мал есебінде пайда көремін деп ойлауы да мүмкін емес еді. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабасы сұрыптап, баптап, асыл тұқымға айналдырған көкмойнақтарының көз алдында құрып бара жатқанына Шырақтай кісі көз жұмып әрекетсіз қарап отыруы мүмкін емес еді. Ол – осы жылқыларды тіпті жауларына өзі бағып беруге де даяр болатын. Тек қана тексіз өкіметтің тексіз белсенділері Көкмойнақтың үйірін, тұқымын құртып жібермесе болғаны. Ол – табиғатпен үндес жан еді. Көк биеге сен деп емес Сіз деп тіл қататыны да сондықтан болар. Бұл үкіметтің тексізден көрі тектіге өші көп болды. Билер мен өнерпаздарға, байлар мен батырларға, сауаттылар мен діндарларға қатты шүйлікті. Барлық тектілерді алдымен ажал құрығына іліктіру жолын іздеді. 1932-37 жылдар арасы, Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған аштық пен репрессия жылдары, бұрын-соңды адамзат тарихында болып көрмеген сұмдықтың басы болды. Осындай адамзат пендесіне әдейі жасалған қастандық Маңғыстауға басқа жерлерден сәл ертерек келсе керек. Бар ғұмырын бостандықта өткізген, өздерін «Адай деген ел едік!» деп мақтана жырға қосатын адайларға бұл жылдар азаға толы, жылау мен жоқтау шығарудың жылдарына айналды. Маңғыстау адайлары алғашқы тәркіге ұшырап, бірнеше рет жаңа өкіметке қарулы қарсылық көрсеткен ел. Қатты қырғынға да ұшырады. Содан олар жаралы да, ызалы да еді. Сол кезеңге тап болған Шырақ атты жас бала 5 жыл өмірін (1932-37 жж.) жабайы адамша, жалғыз өткізеді. 17-де жасым бар деп дерек қалдырған ол, өзін тым тез есейтіп жіберген жаңа өкіметтің байларды тәркілеу және елді мәңүрттендіру саясаты, оны іске асыру жолындағы қатыгездіктері туралы ғажап толғау (поэма) жазып қалдырады. Бұрынғы өкімет кезінде жасырып ұсталған бұл шығарманы еліміз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанов мырза жарыққа шығарып, арсыз заманда боған аюандық қылық туралы ащы шындықты жария етеді. «Көкмойнақтың үйірі» атты бұл азалы толғауды Есенғали Раушановтың әкесі жырлаған екен. Артында ұрпақ қалмағандықтан аты-жөні, ата-тегі ұмыт болған бұл жігітке біз Шырақ деп ат қойып отырмыз. Өжет жігітімізді Томирис заманында елін құтқару үшін өзін құрбандыққа шалған батыр баланың атымен атағанда біз оның рухы бұдан 2500 жыл бұрын өткен қазақ батыры рухымен үндес болып, шығармасын оқыған жастарға жігіттік намыс пен елге қызмет етудің үлгісі болар ма деп ырым еттік.
Шырақтың жасы отызға жетпей өмірден өтсе де, ақын атағы болмаса да, мәңгілік ел есінде қалатын шығарма жазып кеткені анық. Бұл шығарма талантты ақындық сезімнен гөрі амалсыз ашынғандықтан туындаған дүние. Бұл шығарманы іште жанып жатқан күйік, «іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» атты амалсыздық секілді қасірет күші туындатқан. Бұл өлеңмен құрастырылған қасіретті адамның ыза жасы мен алапат күш алдындағы дәрменсіздктен туған күрсінісі деп түсіну қажет секілді. Бұл шығармаға қуат беріп, оқушысының жаны мен тәнін оқып болғанша ширықтырып ұстап тұратын күш – ол тексіз қоғамның тексіз өкілдерінің аюандық қылықтарына қарсы оянған жап-жас қазақ баласының намысы мен жігерінің ширығуы. ...Біздің қазіргі жастарымыз қажет болған жағдайда босаңсып бара жатқан намысын қайрап алғысы келсе, елі мен жеріне арнап мақсатты тер төккісі келсе осы толғауды оқып шықса дұрыс болар еді... Өйткені бұл шығарма өз бағасын еш уақытта жоғалтпайтын еңбек...
Біздің бүгінгі әңгіме еткелі отырған кісіміз осы шығармасын жасы жобамен 27-ге толғанға дейін жазған болар деп ойлаймыз. Осыдан басқа шығарма жазғанын естімедік. Сондықтан ол отызға толмай офат болған болар. Егер тірі қалса шығармашылық жұмыспен айналыспаған шығар. Он жеті жасында Кеңес өкіметі оның жұртын тәркіге ұшыратып, қарсылық көрсеткен ауыл азаматтарын түгелдей қырып жібереді. «Көкмойнақтың үйірі» атты көлемді дастанында ол 1932 жылы 17-де жасым бар десе, жобамен 1915 жылы туған секілді. 1937 жылы 22 жасында сотталып, жер ауып бара жатады.
Ол бала болса да адайлардың Кеңес өкіметіне қарсы бірнеше рет күреске шыққанын өз көзімен көрген адам. Көтеріліс аяусыз жаншылып, адайлар қатты жазаланғанына жаны күйзелген бала. «Көкмойнақтың үйірі» атты толғау былайша басталады... Әлхисса болар сөз басы, Ақылдың иман жолдасы, Бұл күндері болғанда, Ақыл мен иман бүлінді... Біз бұл шығарманың мәтінін, осылайша үзіп-үзіп, түгел беруді жөн санап отырмыз.
Алғашқы шумақтан байқайтынымыз жаңа өкіметтің, бұрын ел басарып көрмеген жаңа басшылардың ел басқарарлық ақылы да, адал боларлық иманы да жетіспей жатқаны. Ел билігі өз ұлты өкілдерінің қолында тұрған елде өздері төңкеріс ұйымдастыру арқылы билікке таласу – ақыл мен иманның жетімсіздігінің бірден-бір көрінісі. Автор осы алғашқы төрт жолымен-ақ бұ дүниені дұрыс имани түсінікпен, кісілік ақылмен өткізген кісі, о дүниелік мәңгілік мекеніндегі иманын қамтамасыз ете алатынын байқатып та үлгереді. Өзінің философиялық ойға бейім жан екенін сездіреді.
Бірақ тағдыр, заман атты билеушілер кісінің ойлағанын орындата бермейтін секілді. Қыс қыстап, жаз жайлап дегендей, жайына өмір сүріп ұрпақ өсіріп жүрген, кісілігін ғана емес малын да асылдандыруға тырысып жатқан бұл елге жау шабады. Ордасын ойрандайды. Мал-дүниесін тәркілейді. Жан-тәнін азаптайды. Бір саусағына зақым келтіргені үшін зорлықшыға құн төлетпей жаны жай таппайтын бұл халықты орыс патшалығы арты сұраусыз қырғынға ұшыратады. Заманына тап болған, Қармаққа жұртым ілінді. Ақ ордамды ойрандап, Оңдырмасы білінді. Отыз екі деген жылында, Самның бозғыл құмында, Біздің адай қырылды. Ақырын берсе салауат, Құлап жатқан көп өлік, Бұйрат та құмды жағалап, Түлкі сарып сырыққа, Қарға қонды құрыққа, Қара шыбын балалап. Қырылып жатқан халықтың, Көзін ғана ойып жеп, Құзғын ұшты табалап...
Қандай қорқынышты сурет. Егер сол қырылып жатырғандар өзіңнің ата-бабаң екенін сезінгенде (содан бері 100 жылға жуық уақыт өтсе де) жандүниеңді астан-кестен ете, бойыңды ыза, жүйкеңді намыс ширықтыра бастайды екен. Шіркін-ай, сол Шырақ дейтін баланың маңдайынан сыйпар ма еді... Бірге қосылып жылар ма еді... Көкмойнақтарын бірге бағысар ма еді... Бұдан артық ел басына түсер қандай нәубет болуы мүмкін...
Түлкі сарып сырыққа... Бұл сөз – есіз қалған ауыл суреті. Сырық – кез келген қарашаңырақтың қасиетті мүлкі. Қасиетті болғанда да толғатқан келіндері асылып тұрып ұрпағын өмірге әкелер сырығы. Қазақтың ең қасиет тұтар дүниесіне ең сақ аң түлкі сарып жатса, ең сақ құс белдеуга қыстырған құрық басына қонып отырса... Бұл – бұл елде тірлік жоғалғанының көрінісі... Әуелі жау қырып кеткен, артынан аштыққа ұшыраған халықтың көзін ойып жеген қара шыбын мен құзғын құс... Бұдан артық жаза, бұдан артық қорлық болар ма... Соларға, елді осыған жеткізген сыртқы жауға, өз ішіңдегі жақсының сүрінгеніне қуанатын құзғындар, Көкбөрілер қосылып жатса ... Автор «табалайтын құзғындар» деп бұл жерде байлардың байлығын, кісі атанғандардың жұрт алдында көтеріңкі беделін көтере алмайтындар
туралы айтып отырса керек. Ондайлар қай заманда да кездесіп жатады. Олар өздерін пайдаланғысы келетіндердің атар оғы да, сілтер қамшысы да бола алады. Және оны рахаттана тындырады. Адам атты кейбір құзғындардың бұл өмірді өздерінен ілгері кеткен өз бауырларынан қызғанатыны соншалық, тіпті олардың айдалғанына, атылғанына өз үлестерін міндетіндей сезіне молынан қосып жатады екен. Алапат күшіне сүйенген мейірімсіз жауыздық...
Зобалың бастарына түскен қайғылы қарындастар... Аяғана кісен түсіп, жүрістен жаңылған жүйріктер... Тындырған істеріне рахаттанған құзғындар... міне, Шырақтың «Көкмойнағындағы» сол заман көріністері. Қарға қонды құрыққа, Қара шыбын балалап. Қырылып жатқан халықтың, Көзін ғана ойып жеп, Құзғын ұшты табалап.
Соның бәрін жас бала көріп жүр. Кеше ғана мақтаныш тұтар елі бар еді... Сауыны жетіп ыңырана өрістен қайтып келе жатқан түйелерді елестетіп көріңізші... Жанынан жаралған ботасын сағынған, ақ сүтін аузына тамызуға асыққан, ұлы жаратылыс аналық мейір сыйлаған аруана... Автор соларға теңеп отырған, кеше ғана «саулы інгендей ыңыранған», ұрпағына ақ адалын беріп, азамат етіп өсіріп жатқан жағдайлы ел... Қазақ халқы, өздері қазақ тілінде сөйлей бастағалы, сонау шумерлер заманынан бері қарай талай соғысқа қатысқан шығар. Оларға талай жау да шапқан болар. Бірақ тек қана қару ұстап өзіне қарсы шыққандарды емес, сөз ұстайтын естілерін, көргендерін көңілінде сақтауы мүмкін саналыларын қоса құртып жеберген жау кездеспеген екен... Қарындас болды қара бақ, Жүйрік болды шабан ат, Ойға да қырға ел ауды, Саулы інгендей ыңыранған, Маңғыстаудың қара ойы, Кімге дермін аманат...
Бұл он жеті жасар баланың айтар сөзі емес қой. Бұл – жаны елім мен жұртым деп қана тіршілік ететін азаматтың сөзі. Енді бұл уайымды Шырақ айтпағанда кім айтады, елде бас көтерер адам қалмады ғой. «Саулы інгендей ыңыранған, Маңғыстаудың қара ойы, Кімге де дермін аманат...» – деп, ел тағдырын ойлап, пұшайман болады, бұл бала. Сөйтіп жүріп өзі большевиктердің үгітіне сенгенін де байқатып қалады. Жанашыр ата мен азғырушы әзәзіл сөзі бір-біріне сәкес болатыны секілді, жас адам олардың сөзі сәйкес болғанмен қылығы бөтен екенін ажырата алмай қалады.
...Өңім осы, түс емес. Ойлап тұрсам мынау іс, Бәлшебектің ісі емес. Ақыл айтқан әр бастан, Замана парқын шамалып. Әр нұсқаны саралап... Большевиктер бұлай етпеуге тиіс еді дейді. Бізді (Кеңес өкіметі кезінде туғандарды) тәрбиелеген ұстаздар мен тарихшылардың Ленин білмей қалды, Сталин естімей қалды деп «күн көсемдерімізді» ақтамақ болатыны секілді, Шырақ дейтін азаматтың адал көңілімен қабылдаған бәлшебегіне деген сенімі әлі жойылмаған кезі секілді. Асыл сойдың баласын, Алып кетті бір түнде, Дұшпансың деп қаралап. Он жетіде жасым бар, Қиылған қара қасым бар, Тастап кетті бала деп, Жүгірсем де ағалап...
Сөйтіп ол әуелі әке мен ағадан айрылады. Содан соң бәрінен айрылады. Мал-мүлкі де тәркіге түседі. Қазақ халқы қай уақытта да «мал-жаның аман ба?» деп амандасатын жұрт. Бұл малға деген халық көзқарасы. Осы шығармада да сол көзқарас алдыңнан шығып отырады. Автор азаматтың да, малдың да тектілігіне ерекше көңіл бөле алған. Қамшы құйрық қызыл нар, Қаны таза бізің нар, Мұрнынан тізіп оны алды, Ауыл үйді аралап...
Біздің еліміз малды тек қана мал деп ұстамаған. Малды өзімен тең ұстаған. Соғыс жылдары анамның өрістен сауыны болып үйге қайтқан қара мая атты жалғыз сауын түйесін «жарығым» деп қарсы алатыны, маңдайынан сыйпап, мұрнынан сүйетіні әлі көз алдымнан кеткен жоқ. Көкмойнақтың үйірі-ай, Домбыра тартсам күйім-ай, Айқайласам әнім-ай, Ашырқансам дәмім-ай... Малын жауларының сабағаны да жанына батады. Оның түсінігінде мал мен адам бауыр. Ал Көкмойнақ соны дәлелдейді. Қашап келіп тұл боп жатқан үйлерден өз иелерін іздеп жүрген көкмойнақтың әрекеті оған деген тек қана сүйіспеншілік емес, тіпті одан да терең бір құпия сезімдеріңді оятып жіберетін секілді.. Алдына салып айдады, Бишігімен сабалап. Малдан зият жануар,
Қашып келді қайтадан, Талай жерді аралап. Туырлықсыз тұл үйді, Қараң қалған мың үйді, Иіскеп жүр жағалап. Күнді ертемен оянсам, Айналайын көзіңнен, Оқырынып келеді, Көкіректі жаралап. Қол кісенсіз байлаулы, Іш қазандай қайнайды, Атым жалған жапалақ...
Ойран болып, адыра қалған ауылды жоқтаушылар мен аза тұтушылар енді екеу болды. 17 жасар баланың ауыр жүгін Көкмойнақ үйіріндегі көк бие жеңілдетіп жібергендей еді. Ол да бұл зауалды жанымен түсінгендей. Өткен өмірлерін аңсаған олар бірін-бірі іздейтіндей, сүйеу болатындай. Басына қара түнек орнаған, өмір сүрер тәжрибесі аз жас жігіттің халқының өткен шағын сағына еске алуы да әдемі, шынайы. ...Бұл салғырттың ойында Нелер де батыр өтпеді Жауды көрсе жараған...
Ол заман адамдары өздерінен басқа жау деген жұрттың бар екенін мойындай өмір сүретін болса керек. Жаудан келер қауіпті кәдімгі бұйрықты, болып тұратын құбылыс деп қарайтын секілді. Оның қалай да болып тұратынын мойындаған ел. Батырлары «жауды көрсе жараған»... демек ол өзін жаумен қақтығысқа дайын ұстайтын кісі. Олар солай тәрбиеленеді де, солай ойлайды. Соның арқасына кісілене түседі, еліне қажетірек адамға айналады. Ол өзінің болашақ батырлығы ел үшін қажет екенін сезіне ержетеді. Бірақ мынадай жау олардың түсіне де кірмеген. Бұл жаулар жекпежекке шақырып, соғыс ережесін сақтап тұрмайды. Кісілік, сөз, уәде дегендер олар әдетінен шығып қалғанға ұқсайды. Бір ауылдан бір тірі адам қалдырмай қырып салған кездері де болған.
Маңғыстау елінде «тақтақ» сөзі ерекше жады бар, шешен биге, құйма құлақ шежірешіге, көкірегі ойлы, әр сөзі кемеңгерлікті танытар тұлғаларға арнала айтылады. Сөз десе бұлты тараған Нелер тақтақ өтпеді... Солар сөзін естіп өскен ұрпақ та, Шырақ секілді толғана алады. Ұл туады анадан Ботасын жоқтаған түйенің, елі жауға шабылған елдің әкесі мен баласын, құлдыққа түскен ұлы мен қызын жоқтаған зары... Аруанадай зарлаған Қиқуды естіп даладан... Жоқтау мен зарлау ана міндетіндей... Сондай ана келбеті, даладағы қиқуды естігенде зарлай бастайтын ана зары...
Шырақ ақын өз аулын, елін сағына суреттейді... Қатар қонған ауылдар. Ауылда болып тұратын «қиқудан» сақтанған, сақтық үшін көкмойнақтары әр түнде белдеуге байлаулы тұратын, айт десе атып тұратындай ел жігіттері. Түн ішінде «аттан» деген бір ауыз ұран сөз оларды ерттеулі, қаңтарулы тұрған көкмойнақтарының үстінен бір-ақ шығарар еді... Кеңес өкіметі алғашқы адай көтерілістерінің бірін басқан кезде елдегі бесатар мылтықтарды түгелдей жинап алған болатын. Сол бесатарлардан жасырып тапсырылмай қалғандарын ер басына іліп алып, көкмойнағын ойнатып, «жауды аз ба көп пе деп санамай», жалғыз да болса қарсы шабуға үйретілген адай жігіттері...
Кеңес өкіметі генерал Толстовты ығыстырып Үстүрт арқылы Маңғыстауға құлатады. Әбдіжамал Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романында суреттелетіндей жолдағы елді көшіріп, құдықтарды көміп, шөлдеген, ашыққан ақ әскерлерлі зор шығынға ұшырайды. Адайлар Толстов әскерлері өз жеріне жеткенде бірде шетке шыққанынан тартып алып, бірде өлгендерінен жинап алып, үй сайын не кереге басында, не ер басында бесатар ілулі тұратын болған. Бірақ жаңа өкіметтің аса сақ саясаты елді қарусыздандыра алған еді. Жаңа өкіметке сенгендері соншалық, «бәлшебектің ісі емес» деп, халқы қырылып жатқанда да оларды ақтауға тырысты. Көлденеңім көп отау, Қырқа жағым қырық отау, Ойпаң жағым он отау, Белдеуінде әр үйдің, Таң аспаса Көкмойнақ, Ол ауылдың несі артық, Сынбаған сартас моладан. Көксауыр жона ақбас ер, Ақбас ердің басына, Бесатар мылтық ілмесе, Оны да жігіт санаман. Осы екеуі болмаса, Артыма қимай қараман...
Таң асырған Көкмойнағы болмаса, ер басында ілулі тұрған бесатары болмаса біздің Шырақ атты баламыз ол ауылды менсінбейді. Менсінбейтіні соншалық, кетіп бара жатып артына да қарамайды. Қайтерсің... Заманы өткен ел... Тағдыры қор еткен ер... Елін қорғай алмай қорланған ерлерінің зары... Бұл ел қай заманда да ерлігімен, байлығымен, мәрттігімен атағы шыққан ел болатын. Автор «сол қайраттан не көрдің» деп, етегін жасқа толтырады. Қасқа да болған ерлерім Сол қайраттан не көрдің... От қару кезеңінде кешеуілдеп қалған біздің халық басқаларға оңай олжа болды.
Амалсыздықтан ата-бабадан қалған бар асылын айғақтап, түгендеп жау қолына тапсырып жатырған ел. Ұстап та берді айғақтап Қалған да мұра бабадан. Мынау да мынау мынау күн, Қасырет күн жылау күн, Қасымда қалаш кемпір шал, Бала-шаға болмаса, Айрылып қалдық қайтейін, Бас көтерер ағадан...
Өз жерінде өгей еткен тажал күштен пана іздеп, тірлік қамымен шет жұртқа, кешегі жауласқан еліне қашқан жұрт. Кеше ғана бір-біріне қиқу туғызып жүргендер енді бір-біріне пана болатын халге жетеді. Адайлардың Кеңес өкіметі құрығынан қалғандары негізінен түркімен даласында жан сақтайды. Екі ел де жаңа жаудың ортақ жау екенін, қауіпті жау екенін түсінген еді. Сол кезде сыртқы жауларман ауыз жаласқан Көкбөрілер. Елді де, ерді де аямайтын да, ашындыратын да солар. Осы арада ел ауды, Аз аумады мол ауды, Кең Маңғыстау кең ием, Кер жусанды саладан. Жиен де ағам Көкбөрі, Өлексеге тоқ бөрі, Жағдайымды айтып ем, Атаңа нәлет қорс етіп, Әрі айналып кет деді. Түбі шикі құл баулы, Ашамайда келген ит, Арам да төлден өрген ит, Қаным да қатып мен кеттім, Тағы үрер деп абалап...
Елінен айрылып тірі қалған жалғыз жігіт. Малынан айрылған малжанды адам. Бұл жерде оның ұлтын сүйуі, ұлтының малын қамқорлауы ерекше. Тұйыққа тірелген, бар болғаны он жеті жастағы бозбала. Бәрін жайпап келе жатқан сұмдық күшке қолынан келгенше қарсы тұрмақ. Ата- бабалары өлген, әке-ағалары айдалып кеткен, ақыл сұрар, қамқор болар ешкімі жоқ, жалғыз.
Күйзелген еліне қамқор бола алмайды. Қолынан келері – жауға қолды болған көп мал ішінен асыл тұқым көкмойнақтарды сақтап қалсам дейді. Мына сұмдық заманның өтпелі кезең екеніне, ертең баяғы заманының қайта оралатынына сенеді. Сол сенім ата-баба еңбегін сақтап қалуға итермелейді. Бір түнде жаңа өкімет тәркі жасаған көп мал ішінен өздерінің көкмойнақтарын бөліп әкетеді. Ашыққанда көкбиесі құлын емізгендей емізеді. Үстірттегі қалың сексеуіл орманға, Түлейге жасырынып, бой тасалайды. ...Жол тірелді тұйыққа-ай Бесатар мылтық иықта-ай. Тәуекелге бел будым. Бел буған жерді айтайын, Ана Үстүрттің етегі. Көз талатын қиыр-ды, Қиырға салып жиырдым, Жинап-теріп бір түнде, Қуып кеттім үйірді-ай. Көк Жұлынды тағалап, Ұзын санын сұрасаң, Торқа жалды тоғызды-ай, Серке санды сегізді, Санап шықтым аралап...
Шіркін қазақ халқы... Адамгершіліктің бар тәрбиесін бойға сіңірген... Сөздің асылын сөйлеп, астың адалын жеген түз баласы... Мыңғыртып малын өсірген... Ақ сүтін сауып, ақ ірімшік пісірген... Жал-жаясын асып, қазанын түсірген... Қойын сауып май алған... Айыр інген сүтінен балқаймақ қайнатқан, Жылқысын сауып қымыз піскен... Аруанасын сауып шұбат ішкен... Осылардың бәрі намысты жігіт жанын қинайды. Ана бие, көк бие, Арда құлынға ұқсатып, Аузымды ашсам емізді. Ортасында жатқанда, Көзден аққан қанды жас, Омырауыма құйылды. Ұйқтатпайды түнімен, Бөрі-шағал қамалап. Тұсап қойдым жаныма,
Көк биені тағалап. Қос бұлақтың тамында, Көк Жұлында жанымда, Сол көк бие кісінеп, Тамам жылқы жиылды. Заман қысым салғанда, Түзден нәсіп бұйырды. Бекет Атам мешітін, Бес күн жаттым паналап. Сәрсембінің сәтінде, Дүркіретіп қуалап, Құмға сіңіп жоғалдым, Қу Түлейді сағалап...
Ол өз ерлігіне риза. Жаңа өкіметтен кек қайтарғандай болады. Өз ерлігін қызықтайды. Адай жылқысына жүрісте шақ келер мал жоқ дейді. Қуыс қолтық қылаң да, тесік өкпе қазанат та оған ере алмайтынына сенеді. Ал, қуыс қолтық пен тесік өкпе нағыз жүріктік белгісі. Ондай қасиеттер жаратылыс сыйы. Көкмойнақтарға тіпті олар да шендесе алмайды деп мақтанады. Бұл нағыз махаббат. Оның бұл мақтанышының дұрыстығын жүз жыл өткенде қазір өткізіліп жатырған аламан жарыстар, аттарды алыс қашықтыққа жіберіп сынаған жарыстар дәлелдеп берді. Сондай мақтанышты, бұ заманда, біз басымыздан кешіріп жатырмыз. 90 шақырымдық, 120 шақырымдық жарыста адай арғымақтары алдына жан салмады... Сол Шырақ атты жігіттің Көкмойнағына тең келер дүние жүзінен тұяқты жануар табылмады. ...Көкмойнақтың баласы-ай, Көз ұямның қарасы-ай, Көңілімнің даласы-ай, Ере алмайды жүгірсең, Шұбалаң құйрық шұбар да, Қуыс қолтық қылаң да, Қарабайыр арғымақ, Тесік те өкпе қазанат, Жарыса алмас бұлар да. Тобан аяқ жабы емес, Қол-аяғы жіптіктей, Жіптіктей болса болаттай, Болат оңай сынарма, Доңыз да мойын қара емес, Басы жеңіл бұрарға...
Осы жерде ақынның (біз ол ақын емес еді дегенімізбен) нағыз ақындық қырлары таныла бастайды.
Жау көрген, жауласып әдеттенген ел адамдарына жылқы малы ерекше қадірлі. Оны ардақтауға неше түрлі бастан кешкен уақиғалар себеп болады. Ақындық сезімі әсерлі теңеулерді табады. Бір атасы құлан ба?.. Бір атасы бұлан ба?.. Тойға мінсе жайнағы... Жауға мінсе айбары... Мініп шықсам құтыртып, Айтқызбай-ақ таниды, Түбі атамды сұрар да... Міне осы сөздерді айтқызып отырған елі мен жеріне деген, ер азаматтарына деген махаббат пен мақтаныш. Кеңес өкіметі қаншалықты санамызды талай рет сүзгіден өткізіп тазартқанмен ел жігіттерінің намысы әлі күнге сақталғанына, баяғыдай екеніне, қажет кезде лау ете қалатынына сенімдімін. Кезенген жауға тап болсаң Бұдан да артық көлік жоқ Кескілесе шығарда!.. Майға бөгіп қалмайды, Бір атасы құлан ба!.. Сабау да кірпік, тұнық көз, Бір атасы бұлан ба!.. Құлағын кері қайырған, Мылтықты көр де оны көр, Қос құлағын жымарда!.. Біздің де елдің адамы, Сәске болмай озады, Үш Құдықтың арасын, Таң намаздан шығарда!.. Қыс тоғысса терлетер, Жаз тоғысса өрлетер, Беріктігін сынарда!..
Махаббат атты құдіретті сезім осындай болғанда ғана елін сүйген ер жігіттер ешкім істеп көрмеген теңдессіз ерліктерін өмірге әкеліп жатады. Ойлап қарасақ жап-жас жігіт Шырақтың ерлігі Томирис заманындағы елінің тәуелсіздігі үшін өзін-өзі құрбандыққа шалған қойшы бала Шырақ ерлігіне, Ор бұлақ шайқасы батырларының қайсарлығына, адайлардың алпыс адаммен 300-ден астам Хиуа сарбаздарын тас-талқан етіп, тұтындалған мал-жанын арашалап қалатын ерліктеріне тең ерлік. Жігіттің Отанына деген, елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімі қаншалықты шынайы болса, оның тындырар ісі де, ерлігі де соншалықты маңызды болмақ. Елін сүйген, астындағы тұлпарына сенімді, жүрегі жаудан қайтпайтындай тәрбие алған жігіт ойланбастан: «Кезенген жауға тап болса, Бұдан артық көлік жоқ, Кескілесе шығарда...» -- дей алады. Қазақтар «ат – ер қанаты» дегенде біліп айтқан. «Мініп те шықсам құтыртып, Айтқызбай-ақ таниды, Түбі атамды сұрарда» деген жолдарда
біздің бұ жігіттің бойында қаншама өзіне деген сенім, жұртына деген мақтаныш, тұлпарына деген сүйіспеншілік жатыр. Жатырған жоқ, асыптасып, қайнаптөгіліп жатыр. Үш Қиянның қазағы, Қақ тұрады алдында, Бәсеке дәурен құрарда. Мініп те шықсам құтыртып, Айтқызбай-ақ таниды, Түбі атамды сұрарда. Тойға мінсем жайнағым, Жауға мінсем де айбарым, Төбемдегі байрағым, Талыс танау көрігім, Жанымдағы серігім, Асылын хаюан демесең, Малдан бөлек елібің. Түлкі дейін түн қатып, Бөрі дейін жол тартып, Жирыла талып жүргенім.
Талай ерлік дастандарын оқыдық. Бірақ батырлардың өз тұлпарына деген «ат жалының әр талын тарақпен тарап сүйгенін» естімеппіз. Қаба жалдың әр талын Тарап тұрып сүйгенім. Сізден де басқа жылқыны Ат екен деп мінбедім. Көлік те құрлы көрмедім Тақымыма бір тисең Ағын судай өрледім. Маңғыстаудың бұл төлі Топтан озған ілкі едік. Оза көшіп ен қонған Сегіз Арыс жұрт едік. Сегіз арыс ішінде Егер де қатын-ай қалса бір Туар да мендей баланы.
Бұл жігіт өзін ойлауды қойған. Сегіз арыс адайдың бір әйелі туар біздей біреуді, бірақ көкмойнақтарды «сені қайдан табады» деп уайым етеді. Сені де қайдан табады... Қамықпа жаным-ай қамықпа, Әр асқанға бір тосқан, Мына қаза басылып, Жұлдызың ертең жанады... Соны да неге білмейді, Көкбөрілер манағы... Бұралқы итке ас құйсаң Түбі өзіңді қабады... Бірақ амал нешік. Ол жекпе-жектің заманы өткенін сезінбепті... Сөзді қадір тұтқан адамдар туралы де, уәденің құлы болып өмір сүретіндер заманының да озып кеткенін кеш байқапты.
Құр ерліктің құны бір оқтық заман туғанын да бойына сіңіріп үлгермепті... От қарудың аты от қару. Оны құр ерлікпен жеңе алмайсың, қылышпен турап түсіре алмайсың. Заманның осылай өзгергенін кеш ұғынған, біле тұра амалсыз пулеметке садақпен, зеңбірікке қылыш пен қарсы шауып қырылған адайлар Маңғыстауды елсіз қалдыруға айналып еді Арасында жүрген Көкбөрілер жаудан жаман зиянын тигізді. Шет елге асып кеткендердің артынан барып алдап әкеліп, зұлым саясаттың жемі етті. ...Байрамалы Марыдан, Бесқаладан арыда, Түбі жекжат түрікпен, О да қойдай үріккен. Оған да барсам бір күні Тиер ме дедім сауабы. Ат құмарлау жұрт еді Көкмойнақты көргенде Бас салмаса жарады. Хиуа, Бұхар қала еді, Егін еккен салалы, Ат қадірін не білсін, Соқаға айдап салады. Сұмырай болды ғой бұл заман Сұмдық болды ғой ойлаған Көкіректе күйген жан Қайдан да байыз табады...
Шырақ бас қамын ойлауды қойған. Оның бар ойы бір үйір жылқысы. Түркіменге барсам сауабы тиер ме деп дәметеді, бірақ атқұмарлау ел еді, алып қоймаса деп уайым ойлайды. Хиуа, Бұхара ат қадірін қайдан білсін, соқаға салып жер жыртады деп қорқады. Кеше ғана жүз жыл жауласқан түрікпені «түбі жекжат түрікпен» жаңа жаудың қасында бауырындай болып шығады. Олардан баспана сұрап жатудың қажеті жоқ еді. Көшпелі ел. Көшіп бар да қоныстана бер. Бірақ жерінен айрылған Көк бие мен елінен айрылған біздің батырымыздың қанды жасы кеппейді. Өйткені олар екеуі де Отан сүйгіштер еді. Жан-тәнімен беріле сүйетін. Харезмнің көк майсасы да, орыс орманы да олар үшін Маңғыстаудың қара тасына тұрмайтын еді. Көк бие елге қашан қайтамыз дегендей «Жатсам-тұрсам айналып, Қабағыма қарады-ай» деп, туған жерге сағынышын арттыра түседі.
Оның соңғы қызығы баба малынан қалған бір үйір Көкмойнақтың үйірі болатын. Қалған өмірінің бар мағынасы да сол еді. Суатқа барғаны да, олардың суаттан шұбап қайтқаны да оған көңіл сыйлайтын. ...Қанды жастан кеппейді Көк биенің жанары-ай, Жатсам-тұрсам айналып Қабағыма қарады-ай, Асыр салып жатпайды Арда құнан, жабағы, Құлап ішпес тұздыға Тобын жазбай барады Тобын жазбай қайтады...
Соныменен үш жыл өтеді. Жасы жиырмадан асады. Көшпелі елдің жерін де, малын да жаңа өкімет тартып алды да, жұрт аштықтан қырыла бастайды. Ақыры халық соңғы күшін жинақтап жаңа өкіметке тағы қарсы көтеріліске шығады. Осы жолы жеңілетінін біле тұра шықты. Шықпауға болмайтын еді. Үлкендер жастар намысын қайрап беріп өлгісі келді. Ұрпағым ез болып кетпесін деді. Дегеніне жетті. Намысты қайрады. Жанын берді. Үш жыл жүрдім аң болып, Жалғыз басым даң болып. Амал өтті жаз өтті, Күз түсуге қарады. Іргесі бүтін бір ауыл Кең түбектен таппадым. Тірі адамнан ақпанда Бүкшеңдеген шал көрдім, Құрып жатқан қақпанын. Көктемеде бір көрдім, Көсік қазып жатқанын. Қара күзде бір көрдім, Сіресіп өліп жатқанын. Ашық екен жанары, Көмген де болдым сауап деп, Аршып көне моланы...
Бұл қасірет ол кезде тек қана адай елінің басындағы нәубет емес еді. Бүкіл қазақ даласы өлікке толды. ...Студент кезіміз. Раушан Айтжанова деген дос қызым болды. Сол қыз өзінің өкіл әкесі Сақбаев Сапы деген кісімен таныстырды. Сәкең ол кезде ҚазССР Жоғарғы сотының мүшесі екен. Бір күні әңгімелесіп отырып өз басынан өткен бір уақиғаны әңгімелеп берген еді... ...Қазіргі Ақтөбе облысының бір ауданы. Тергеушілік жұмыста. Жасырып өз қойын сойып жеген бір ауыл адамының үстінен арыз түседі. Тексеріп келуге екі тергеуші жіберіледі. Ара қонып баратын жол болса керек. Жарты жолға жеткенде ен далада жалғыз киіз үй кездеседі. Тәркіге ұшыраған
бір байдың үйі екен. Жаңа өкімет бұлардың азаматын итжеккенге айдап, маңайдағы ауылды колхозға көшіріп, бұларды жалғыз үй қалдырып кетіпті. Жас келіншек екі баласымен далада қалады. Көшерге көлік жоқ. Жаяу кетуге екі нәрестемен дәрмен жоқ. Тергеушілер сол үйге қонып, жол азығынан оларға да аздап дәм татырып, ертелетіп жүріп кетеді. Барған шаруаларын бітіріп қайтып келе жатса баяғы жалғыз үйден түтін шығып жатыр екен. Бұлар тағы да сол үйге түспек болады. Аттарын қаңтарып үйге кіреді. Үйде қазан асылып жатады. Бұлар көрген балаларды іздеп көзімен үй ішін шолып өтеді. Бала біреу. Қазандағы асылып жатырған еттің мән-жайын ұққан тергеушілер бұл үйге тоқтай алмай жүріп кетеді... Бұ заманда ол үкіметті жоқтаушылар, саясатын жақтаушылар әлі де бар. Өз тоқтысын сойып жегені үшін екі күндік жолға екі азаматты тексеру жүргізуге жұмсайды. Қырылып жатқан халықпен шаруасы болмайды. Сүйтіп те жүріп қыс кетті, Басқа да бір қиын іс келді. Қыстаған жерім айтайын, Шыңыраудың табаны. Үстімнен түсті бір күні, Сегіз жігіт сайланған, Сақырлап мылтық жарағы, Әй-шәйіме қаратпай, Кәне банды беріл деп, Жан-жағымнан қамады-ай. Малды өткіз деп біреуі, Бұғып айқай салады. Бұл мал емес сен малсың, Иттен де туған арам-ай. Үңірейіп төніп тұр Көп мылтықтың араны...
Қай шыңырау екенін кім білсін. Үстүрттің үсті толы шыңырау. Жаңа өкімет аш халықты өз ыңғайына көндірудің амалын тапқан. Шені барға шен беріп, наны жоққа нан беріп еді, арсыздар бір-бірінің үстінен сыбыс айтатын болып шыға келді. Кейбірі үкіметтен де асып түсіп атсызжөнсіз біреуді қаралап хат жазуды әдетке айналдырады. Жаңа өкіметке керегі де осы еді. Сол саясат пайдасынан өзгеден озық барлық саналылардан құтылды. Ел мәңгүрттенуге бет алды.
Мына үстінен түскендер, жаңа өкіметтің сондайлардан ұйымдастырған жасағы болар. Шүріппені бір бастым, Жата да қалды-ай сегізі, Сегіз де кесек албасты... – дегеніне қарағанда үкіметтің қарулы әскері емес деп ойладық. Сонда тұрып сөйледім, Сөйлегенде бүй дедім, Сөзге қонақ бер дедім, Жақынырақ кел дедім. Сөз тыңдайтын олар ма, Мылтығыңды таста деп, Жанымды алып барады... Кісінеген ышқынып, Көкбиенің дауысы, Құлағымды жарады. Енді маған елдік жоқ Құдай да қылды амал жоқ...
Жарықтық мал да болса жауды танитын сезімі болса керек. Иесін сақтандыра шыңғыра кісінеген көк бие Шырақтың есін жиғызады. Ол бос сөзді қояды да бесатар шүріппесін бір басады. Қалыбына көн қатса, Жеті атамнан озалдан, Ажалынан өлген адам жоқ. Мен кімнің шікірасы, Тәңірден басқа панам жоқ. Өле де кетсем артымда, Інім де жоқ ағам жоқ, Ас беретін елім жоқ, Елсіз де болсаң молаң жоқ... Шүріппені бір бастым Жата қалды сегізі, Сегіз де кесек албасты. Көк Жұлынға міндім де, Ия сәт деп жөнелдім, Қашқан ерде табан жоқ...
Міне Кеңес өкіметінің адайларға таңған, кейбір ағайындарымыз әлі күнге әзіл етіп солай атайтын «Адай бандысы» дегеніміз осындай жандар еді. Мына «бандымыз» бәрін білетін, бәріне көнген, өз санасымен іс істеп жүрген жан. Әркімнің соңына еріп бос салпақтап жүрген босбелбеу емес. Оның жеті атасында өз ажалынан өлген ешкім болмапты.
Оның жетінші аталары Жоңғар-қазақ, бергілері қалмақ-қазақ соғыстарына қатысқан болар. Ал жақын аталары адайлардың соңғы жүз жыл бойы түркімен, Хиуа хандығы, орыс патшалығы атты жауларымен қақтығыста шейіт болғандардан болар. Өзінің де тағдыры солай болатынын сезінеді. ...Қашқан ерде табан жоқ, Қапыда кеттім қайтейін, Қайрыла алмай артыма. Кірме де болып жыл жүрдім, Бесқаланың халқына, Қарақалпақ сартына, Түрікпен ішін шарладым, Жүгерме киіп басыма, Шерік болып асына. Жалға бермес қонағын, Басы жерге жеткенше, Жәуміт ауыл сақтады, Құпиялап жасыра. Ағайыным болмады, Іздеп келген қасыма.
Көк ала Орда көк Орда, Қалы кілем сол Орда, Адыра қалғыр жетпейді, Маңғыстаудың тасына. Теке Жәуміт қазмойын, Байласаң да төріңе, Келмейді ғой ол дағы Көкмойнақтың шеніне... Міне, нағыз Отан жанды азаматтың тіршілігі. Өзіне пана болған ел қадірін түсіне отырып, асына табақтас (шерік болып асына) болғанына арлана жүріп, сол елдің қай Ордасы да (астанасы деп түсін) өз Маңғыстауының қара тасына жетпейді.
Оның Маңғыстауда бауыры қалмағанын естідік қой. Бірақ оған Отаны қымбат еді. «Сүйегім Мағыстауда қалса» арманы жас бала бойына сіңіп үлгерген. Ол еліне қайтуды, жауына берілуді жөн көреді. Өз еркімен беріліп, Көкмойнақтар тұқымын аздырмай кейінгі ұрпаққа мирас етсем деп шешім қабылдайды. Мың ой келді басыма, Тағы да келдім тар жерге, Жасыма жігіт жасыма. Келген жерім айтайын, Кетік деген қала еді. Өзім келдім тал түсте, Батағаның басына. Жөнімді айттым солдатқа, Сыр бүкпедім жасыра. Жауап алды Қара адам, Ит сықылды қабаған, Байдың ұлы осыма, Жылқы айырған даладан. Кімнің малы бұл дейді, Басқа сөзді білмейді. Бұл бір асыл тұқымды, Бар қалғаны осы еді. Өзім бағып берейін, Десем дағы жалына...
Ондайға түсінетін адам қайда. Байдың баласы атты «қара таңба» оның маңдайына басылған айып секілді еді. Жұрт бабасының байлығына мақтанбай арланатын халге жетті. Кедейлік Алласы берген ырзығы, өзі жасаған ерлігі секілді көретін болды. Жарлылығына ұялмай, бардың баласы, байдың ұрпағы дегеннен зәресі кететін. 1937 жылы оны соттап, жер аударады. Ол уақытта күдікті деп есептелінген адамды жазықсыз деп атау тергеушінің өзінің мемлекетке жаулығын дәлелдер себеп еді. Сондықтан бәрі жер аударылды. Бәрі де жазаланды. Біразы атылды.
Құлағына ілмейді, Отыз жетінші жылында. Алып шықты қаладан, Абақтыдан қамаған, Айдарханға асыр деп, Пәрмен берді Қара адам...
Осылай, тек қана адам баласына емес, тұтас Жаратылысқа еңбек етем деген бір бала, «он жетіде жасы бар, Қиылған қара қасы бар» бала, СССР атты мемлекеттің алдында «Адай бандысы» аталып жазаға тартылады. Біз айрылдық осылай, Маңғыстаудай даладан, Ұзын да жатқан саладан. Көз алдымнан кетпейді, Абақтының алдында, Арба сүйреп барады, Арса-арса көкмойын, Оқыранып қараған. Және де естен кетпейді, Ер салдырмас сен бе деп, Көк биені сабаған, Ит сықылды қабаған, Бағанағы Қара адам. Асыл досым ардағым, Енді айналып келгенде, Қайдан да сені таба алам...
Тұтқын болып «Біз айрылдық осылай, Маңғыстаудай даладан, Ұзын да жатқан саладан» туған жерін қимай бара жатқанда, «Үміт – ең соңғы болып өледі» дегендей, бір үміті іште кетіп бара жатады. Ол Көкмойнақтың үйірін жаңа үкіметке тапсырып еді. Бағып бермек болған. Бірақ үміті іске аспады. Арманы орындалмады. Енді ол өзін намысын жоғалтпаған, жолбарыс жүректі жігіт екенін сезіне, анда-санда өзі шығарған «Көкмойнақтың үйірін» айтып, өзін-өзі шер тарқату ғана қалған еді... Жолбарыс жүрек, білекті, Жігіт те едім жүректі, Кешегі бір заманда, Қилы да қилы күн өтті, Соларды айтып толғасам, Көкіректе қатқан шер, Біразырақ тараған...
Жаны жұмақта болғыр Шырақ кейін сүрген өмірінде «Көкмойнағының үйірін» айтып, осыншама бір басына түскен тамұқтағылар көтере алмас азап мен қайғыны, нар түгілі зіл (мамонт) көтере алмас ауыр жүкті талай рет аздап жеңілдеткен де болар... «Көкмойнақтың үйірі» бізге де соншалықты әсерлі. Еміл Елдос мырзаның зар-жоқтауға айналдырған осы толғауын тыңдаған сайын: Жұдырық түйіле түскендей... Жүрекке қан қатып тынысың тарыла бастағандай... Намыс басқа шауып, ақылға да көнбей, өзіңді бір нәрсеге ұрындырардай әсерге бой алдырасың...
Ақыры Шырақ атты марқұм мырза жағдайын бастан кеше: Соларды айтып толғасам, Көкіректе қатқан шер, Біразырақ тараған... дейтін жағдайды бастан өткізе отырып, мен де азда болса шер тарқасын дегендей, осы мақаланы жазуға отырдым... Астана. 17.06.2012 ж.
ТРИПТИХ ӘҢГІМЕЛЕР
АДАЙ АРҒЫМАҚТАРЫ (триптих) Шұбар ат жалы
Алла тағаланың бiр сәттi күнi пейiлдес iнiм: “Аға, үй күшiк болып жата бересiң бе? Жеңгемiздiң қасы қаншама жайлы болғанмен Сiз үшiн дала құшағы – бар құшақтан жылылау, дала топырағы – бар мамықтан жұмсақтау екенi бiзге белгiлi ғой. Бозашы биыл қоянды. Үш қоянға ұлқсат қағаз алдым. Даланы бiр аралап қайталық,” – деп, телефон соққаны. Жас алпысқа жетiп, баяғы ұр да жық қуат кемiп, лыпып тұратын дене шау тарта бастаған кез – кiсiнiң ағайынға қайыры тиерлiк мансапты жұмысы болмаса, көршiкөлеммен аямай алысып-берiсерлiк мол дүниясы болмаса жай ғана ағалық беделдiң берекесi кете бастайтын кезi болса керек. Бiр кезде адамды кiсi атандырған, жiгiттi аға атандырған азды-көптi еңбектерiнiң бара-бара құны кемiп, есiркеп еске ала жүрерлiкке жарамай, тiптi кей-кезде зиянына шығып жататын кезi де болады екен. Iнiнiң бұл шақыруы менiң бұға бастаған өзiмшiлдiк сезiмiме қуат берiп, бiраз жалдандырып тастаған едi. Бiр күн дайындалып жолға шықтық. Күздiң жаңбыры аздау жақсы кезеңi болып шықты. Аң кездесе қоймай, мақсатсыз жүрiстен жалыққан мен, көлiгiмiздi
анадайдан көрiнген төбеге, дәлiрек айтсақ төбеден гөрi қысқалау қыратқа ұқсас жалға қарай бұрғыздым. Басына ауыл қондыруға жарамағанмен бiр шама тегiс, сәл созыла сұлаған құмдақтау жал-төбе болып шықты. Талай жолаушыны жолынан қалдыра басына шақырған төбе болуы керек, табиғатқа ойран салып өтер өркениет iздерi сайрап жатыр. Қалбыр дейсiң бе, қаңылтыр дейсiң бе… Дегенмен ақшотауы мен шағыры, түйеқарын мен балықкөзi араласа өскен бұл төбенiң әлi де сәнi кете қоймапты. Мiне ғажап, аласалау обасы да бар болып шықты… Құмды даладағы тас оба менi бiрден ой теңiзiне шомылдырды да жiбердi. Осындайда адамға бұралқы сұрақтар да үйiр-ақ… …Бұл оба ненiң белгiсi?.. …Маңайында тасы жоқ бұл қиянға оба үйген кiм болды екен?.. …Тасты қайдан алған?.. …Бұл жәй оба емес әлде кiсi мүрдесi ме?.. …Жас жiгiттер түстiк қамына кiрiсiп кеткен. Олардың елсiз далада, иесiз төбеде шәйнек iлген мосысы, астына жағып жатқан газы – мынау техника заманынының бұл азаматтарын сонау қазақтың көшпендi бабаларының тұрмысымен жалғастырып жiбергендей едi… …Менiң үйiндiнi зерттей қарап жүргенiмдi байқаған – денесi сәл ертелеу молайғанына қарамай ел аралалауға, жол жүруге жалықпайтын, Бозашы өлкесiнiң тiрiсi түгiл өлiсiн де “жатқызып-өргiзетiн” осы сапарға шақырған iнiм қасыма келiп: “Сәке, бұл жалдың, мына обаның тарихын бiлесiң бе?” – дегенi. – Жоқ. – Бұл жер “Шұбар ат жалы” деп аталады.
Екеумiз де келiсiп қойғандай обаға сүйенiп отыра кетiппiз. Iнiм бiр шама әңгiмешiл, бiр шама ел тарихынан хабары бар адам едi.
Екi-үш ғасыр бойы ауыздан ауызға көшiп, құлақтан құлаққа жетiп, айтылған сайын ызасы ұмытыла, алыстаған сайын қасиетi арта түскен, ежелден бұл өлкенiң әр перзентi өзiнен кейiнгi ондаған ұрпақтың өмiрiне өнеге, ерлiгiне үлгi ретiнде үлкенi айтудан жалықпайтын, кiшiсi тыңдауға ерiнбейтiн “Шұбар ат жалы” атты хикаяны бастап кеттi… …Сонымен… Қазақ-Жоңғар шайқастарында ерлiк даңқымен атағы бар қазаққа танымал болған, жасы жетпей ақылы толысқан, он бесiнде батыр, жирмаға толмай ел ағасы атанған Шотан батыр адайлардың алғашқы легiн Үстүрттен Маңғыстауға құлата бастайды… …Сонау бiр аласапыран заманда еркiмен бе, ерiксiз бе, әйтеуiр, адайлар Жошы, Бату тұқымына ерiп Қырым мен Қап (Кавказ), Таң (Дон) мен Қазақ (Азов) асып кеткенiнде есiз қалған Маңғыстауды түрiкмендердiң егдiр, шәудiр деген тайпалары иемденiп, бауыр басып кеткен болатын. Кейiн жоңғарлар да қоныстас бола бастаған. Адайлардың ата қонысы Маңғыстауына осы ораларында алғашқы келген алпыс үй Бозашының солтүстiк шығыс жағына қоныс тепсе керек… Егдiр-шәудiр мен адайлар арасы Шұбар ат уақиғасына дейiн ынтымақты, тату көршiлiк жағдайында болыпты. Бұл татулыққа негiзгi себеп болған егдiр-шәудiлердiң өз
бауырлары Жәумiт түркiмендер шабуылына ұшырап, қолды болған малжанын адайлардың көмегiмен қайтарып алғаны себеп болғанға ұқсайды. Соның арқасында аз үй адайлар Маңғыстау ойына құлағанда түрiкмендер онша тарлық жасамады. Тегi бiр екi ел тез араласып кетiп едi. Тарих дөңгелегiнiң бiр бейбiт кезеңiне тап болған бұлар той тойласып, ас берiсiп, бақ пен байлық бәсекесiне түсiп, абырой мен атаққа таласып, келiндi бiрге түсiрiсiп, қыздарын бiрге ұзатысып жатты. Бұл жолы да олар бiр-бiрiн тойға шақырысты. Ал бұл той – ерекше той болатын… Байлығы аңызға айналған Ескелдi Саназар бай қыз ұзататын болып елге сауын айтқалы, бас бәйгеге тоқсан жетi байтал тiгiлетiнi ел құлағына шалынғалы Маңғыстау ойы түгел атбегiлiк өнерге бет бұрғандай болатын. Бiрақ бәйгiден дәмелiлер де, ат жаратпайтындар да Саназардың бас бәйгi “бiр атақты қыздың қалыңмалы” деген шешiмiн қолдамайтын. Өзара әңгiмелерiнде "Түрiкмен арғымақтарынан бiзге аламан жарыстың бас бәйгесi түгiл, от басының орамалы да ауыспас" деп күңкілдесетін. Саназар түрiкмендерге сыйлық көрсеткiсi келсе қора-қора малынан ушусыз бөлiп бере салмай ма дейтіндер де табылып жатты. Ел намысының ескерiлмегенi қалай? Ертеңгi күнi өз елiнiң басқа жұрт алдында абыройы олқы, көңiлi орта болып тұрарын қалай сезбейдi?.. Саназар бай адайлардан шашуға жететiн байлық табылғанмен шашуға арналған намысының жоқ екенiн бiлуге тиiс едi ғой... Ел Саназарды тiрi әулие санап жүргенде, не ойлағаны бар екен?.. …Адайлар бұл кезде ұзақ жылдар бойғы сұрапыл соғыстардан сәл қолы босап, бейбiт өмiрдiң қызығы мен бәсекесiне, шаруа мен тiршiлiк қамына көбiрек көңiл аудара бастаған кезi болатын. Әлгiдей қаңқу әңгiмелер Саназар байдың құлағына да жетiп жатты. Бiрақ бай қамсыз емес-тi. Ол әуелi Шотан батырмен ақылдасқан. Батырдың ақылымен Арқада қалған атақты зергер, ұста, тамшы Жүсiп пен сыншы Шылиды алдыртты. Шотан батыр түрiкмен көршiлерге адай елiнiң өнерi мен күшiн, ауызбiрлiгi мен адуын мiнезiн, әсiресе жiгiттердiң әскери рухының жоғарылығын, есебiн тауып, байқатып отыру керектiгiн қайта-қайта айтудан жалықпаушы едi. Маңғыстаудың ежелден адай жерi екенiнiң дәлелi ретiнде Жүсiп шеберге Аузорпа жерiндегi ескi қорымдағы бiр баба басына Азау даласында салдырғандай бiр сағана тұрғызу жүктелдi. Той артынан баба басына тәу ету ойластырылды. Тойға дайындық жұмысы қыз ұзату үшiн емес бiрте-бiрте түрiкмендермен бәсекеге түсу мақсатына айналып бара жатқандай едi. Саназар басқа шаруалардан сәл қолы босаса жылқы аралап жүрген сыншыға жететiн. Өзiне бiткен сан мыңдаған жылқы iшiнен жалынан сыйпарлық бiр мал таппаған Шыли сыншыға оның соңғы күндерi сенiмi кете бастады. “Тоқсан жас бұл сыншыны да жеңген екен” – деп, қолдағы дәмелi аттарын Шылидан басқаларға жараттыра бастаған.
…Тоқсанға келсе де қарттыққа әлi бой алдыра қоймаған Шыли аз ұйықтайтын кiсi екен. Бүгiн де тым ерте тұрып, ауыл сыртындағы төбе басында, жаңа шығып келе жатқан күндi қарсы алып тұр. Қасына келген Саназарға бұрылып қарамастан: – Тонау не? – дедi. – Күн ғой! – Ой бар болғыр, менi күндi танымайтындай алжыды деп тұрсың ба?.. Күннiң астындағы не деп тұрмын. – Ол бiр кiшкене төбешiк. – Ал, бай-еке, сүйiншi.! Сол төбешiктiң арғы жағында тұяқты жылқы түгiл қанатты құсқа шалдырмас арғымақ тұр. Кәзiр таң алдында аруақтар аян берген болар түсіме кірді. Аттарды келтiр, барып қайталық… Бұлар сүт пiсiрiмдей уақытта, асығыстау желе-жортып төбе басына да жеткен едi. Төбенiң күншығыс жағы тiршiлiк ұясындай жып-жылы қазан шұңқыр екен. Жан-жағындағы қырқалардан сәл ертерек көгере бастапты. Жаңа шығып келе жатқан күнге өз тынысымен тiрлiгiн бiлдiре үн қосып жатқандар. Таң мезгiлiн дұрыс пайдаланып қалалық дегендей боп, бiрбiрiнен алдындағы көктi қызғанғандай қапылып, жерден қылтиа көтерiле бастаған көк басын бырт-бырт үзе асығыс қыбырлап жүрген қойлар, оларға қарап қатып қалған қимылсыз қойшы. Бүгiнгi қой қарбаласынан да, ертеңгi өзi себепкер болар ел дүрбелеңiнен де бейхабар, басы салбырап мүлгiп тұрған қойшының шұбары. Ат қасында жатқан қазақы арлан төбеттер… Олар иттiгiн бiлдiрерлiк ырым жасап “әуп” ете түстi де, “бiздiң бар шаруамыз Шұбардың ұйқысын қору ғана” дегендей, орындарынан да қозғалмады. Бейсеубет жолаушылардан сескенгендей кейiп танытқан қойшы, жеделдете басып атына жетiп, тез қимылмен айылын тартып, асығыстау мiнiп те алды. Жақындай бере байды танып даурыға сәлем берген оған ернiн жыбырлатқаны болмаса назарын шұбар аттан аудара алмаған Шыли сыншы: – Тап соның өзi! – дедi, сенiмдi үнмен. – Япырым-ай, ә? – дедi Саназар, күдiгi барын байқатқандай боп. Қойшының ер-тұрманын аудартып тастап, қаражал Шұбар атты жетегiне алған Шыли қарт сол күннен бастап бұл өмiрде Шұбар аттан басқа да тiршiлiк мұраты бар десе таңырқардай едi. Шұбардың тұла бойынан оған ұнамағаны аттың күтiмсiз кеткен тұяғы ғана болды. Кiсi қолы тимеген мүйiз тұяқ ұзара өсiп жарылып, тiптi кейбiр жерлерi кетiлiп те кетiптi. Тұяқ мұнтаздай тегiстелдi. Шұбарға арнап тiгiлген үйге тақырдан саз алдыртып, оны тұяқ еркiн бататындай етiп күнiне бiрнеше мәрте ылғалдатып екi жұма атты сазға тұрғызды. Ендi Шұбардың тұяғы дөңгелене, мүсiндене сәнiне келiп, шапқанда ат салмағын қиналмай көтеретiндей, қатты ысып кетпейтiндей қалыңдап, сыншының көңiлi бiтерлiк дәрежеге де жеттi. Саназардың өзi таңдап берген екi балаға кезек жем бергiзiп, су құйдыртып алыстан бағып тұратын сыншы, қолда өскен, кiсiге үйiрсек малдың қай балаға көбiрек мейiрлене қарайтынын анықтай алмай, бiраз күн екi ұдай боп та жүрдi. Ақыры, Шұбардың бiр күнi алдыңғы балаға назар аудармай сәл кейiн келе жатқан Шопанқұл қолындағы шелек суға бас
қойғанда, Шыли көңiлiн басты. Сол күннен бастап жеке-жеке үш тiршiлiк иесi бiртұтас денеге айналды. Тiршiлiк қазығы Шұбар ат та, Шыли мен Шопанқұл тiрлiгi Шұбардың жемi мен суы, сiдiгi мен тезегi, терi мен терiсiне байланысты болып қалды. Анда-санда Саназар бай келiп бұлар қасында ұзақ отырып, Шылидан ат жарату өнерi жөнiнде, адайлардың соңғы рет Маңғыстаудан қашан кеткенi, осы ұзақ қилы замандарда не iстеп, не қойғаны жөнiнде әңгiме тыңдайтын.
Басқа уақытта күш-қуатын үнемдегендей боп ыммен бұйырып, қолмен жұмсап отыратын сейiс, Саназар келсе қабағы ашылып, көзi нұрланып, аяқ астынан әңгiмешiл кiсiге айналып жұре беретiн… – Ақсақал, Сауранда Үш Жүздiң бас қосып берген асында Сiз ат оздырды дейдi ғой! Сiздiң арқаңызда “адайлардың көкмойыны” деген сөз шығыпты, ол не сөз?.. Талай естiп жүрген бұл әңгiменi Саназар атақты сейiстiң өз аузынан естiгiсi келгендей, сыр тарта сұрақ қойды. – Ой шырағым-ай, о заманда кiм ат жаратып қарық қылып жатты дейсiң? Ол кез – күнде қиқу, күнде шабуылдың кезi емес пе? Дәмелi атты бiрекi күн сылап-сипап қоса салатын уақыт едi ғой ол. Бiз осы ұзақ ғұмырымызда жас болдық, өмiр сүрдiк деп айта алмаймыз. Шешiнiп төсекке жатып, уайымсыз ұйқыдан оянған күндерiмiз аз болды. Ешкiмнiң басына түспегей ондай заман. Жоңғар деген жау шығып, ел берекесi қатты кеткен кез едi ғой… Тәуке хан бiздердi Алатаудан Сауран маңына көшiрiп, елдiң бас аяғы жиналмай, тiптi кейбiр ағайындарға хабар тимей Алатау маңында қалып, үйiрiне қайта қосыла алмай да қалмады ма… …Маң дала… …Тұп-тұнық ауа… …Тылсым тыныштық… …Әр бұта – дала көркi… …Әр оба – ел тарихы… …Соларды ел мұрасына айналдырар әңгiме… …Соларға табынған болмыс… …Соларды аңсаған сезiм… …Обаға сүйенiп ой толғап отырып, қиял қанатында бағзы замандар уақиғасына араласып та кетiппiн… …1710 жылдары қазақ халқының басына бiр зобалаңның жақындап қалғанын сезген Тәуке хан – Түркiстан, Сауран маңына атағы мәлiм ержүрек тайпаларды қоныстандыра бастайды. Ноғай мен қазақ айрылысқан заманда Едiл-Жайық бойынан Алатауға қоныс аударған, ерлiк даңқы ертеден мәлiм адай тайпалары Хан бұйрығымен Сауран маңына орналасады. Осы кезеңдегi жоңғар-қазақ шайқастарында атағы шыққан алты тайпаға Төле би кейiн: Асыл тусаң Керей бол Үш қазаққа мерей бол. Уақ болсаң Шоға бол Даулы iсте жорға бол. Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол, Найман-Қоңырат болсаң Матай бол.
Байұлы болсаң Адай бол, Үйсiн болсаң Ботпай бол – Бұл алтауы болмасаң Қалай болсаң солай бол – деп, мадақ сөз айтқан екен. Адайлар осындай жағдайда қоныстанған Сауранын үш айнала көшiп, сол маңайда жарты ғасырдан астам арпалыс соғыспен ғұмыр кешiп, 1770 жылдар жобасында (жоңғарлар елi жер бетiнен жойылғаннан кейiн), Сауранды өз иелерiне босатып, ата-баба қонысына бет түзейдi де, алдымен Жайық, Жем, Үстiрт маңына жетедi. Қазақтардың ұлы хандарын көрген, қазақ елiнiң бiртұтас ел болып сыртқы жауларымен азаттық соғысында шыныққан адайлар орыс мемлекетiнiң қолдан құрған Бөкей хандығын мойындағысы келмейдi де, алғашқы легi Қырдан Ойға құлай бастайды… Ол кезде бұ қоныс түріпендер иелігінде болатын. Сонау Жошы хан, Батый хан замандарында – Маңғыстаудан ҚырымКавказға, ноғай заманында Едiл-Жайыққа, қазақ хандығы құрылғасын ЕдiлЖайықтан Алатауға, Алатаудан Түркiстан-Сауранға көшкен, бес ғасыр бойы қасиеттi ата-бабаларының сүйектерiн жат жерде қалдырған адайлар өз мекенiне үлкен сағынышпен қауышады. Алыста қалған баба мұрделерiне деген құрметiн жаңа тұрғызған мазарлары арқылы көрсеткендей болып, ерекше сәндi күмбездер тұрғыза бастайды… Ал өткен күндерге деген сағыныштарын әр төбеге оба үйiп басқандай болады… Маңғыстауда басы бос төбе болып жарытпайды, оларды не оба, не мола қарайтып тұрады. Әр обаның өз уақиғасы, әр моланың өз тарихы бар… – Түрiкмендер де жылқы малын құрметтейтiн ел. Ақсақал! Сiз байтақ қазақтың Үш Жұзiнен де өнер асырып, атақты аста ат оздырғанда осы азғантай егдiр-шәудiрлерден де сескенесiз бе? – Әрине, бiрақ түрiкмендерден де ат оздыруға болады. Ол үшiн бiрiншiден жылқы танып, сосын оны дұрыс жарата бiлу қажет. Сонан соң бiздiң аттарды осындай тойларда екi көш, ал үлкен астарда үш көш жерден жiберген дұрыс. – Шұбарыңыз қаншаға шыдайды деп ойлайсыз? – Әуелi елу-алпыс шақырымға жiберiп бiр байқап көрелiк… …Асығып – сенiң тынышыңды да алмайтын, кешiгiп – сенiң берекеңдi де кетiрмейтiн уақыт деген өзi бiлiп, өзi тындырар құдiрет бұларды той күнiне де жеткiздi… …Той көктем мен жаздың астасқан шағына сәкес келдi… …Бар тiршiлiгi тоқтышақ жұмыршағының тойғанына, ене мал емшегiне жүгiрген сүт молдығына байланысты көшпелi елдiң көңiлi өсiп, қанағаты молайып, қарнының да, көңілінің де тоят табатын кезi. Осы уақыт күнi-түнi iрiмшiк пiсiрiп құрт қайната еңбек ететiн де, той тойлап ас бере көңiлденер де мезгiлi… Той – аз ауыл берiштер тобын бастап Есболайдың, оның әрқайсысы бөлек-бөлек ауылға айналған балалары – Итемген, Көтен ауылдарының келуiмен басталды. Көптен бiрге көшiп, бiрге қонған ағайындар, тойға
келмей қалғандардың атын атап, түсiн түстей iздеп те жатыр. Ендi аз уақытта түрiкмендерден басқалары түгел түгенделiп те қалып едi. Сәске түс шағында негiзгi қонақтар – түрiкмендердiң де қарасы көрiнген. Саназар оларды қарсы алуға әдейi дайындаған алпыс жiгiттi атқа қондырып, өзi бастап шықты. Шотан батырдың бұл әрекетi – бiрiншiден адайлардың өз ата-баба қонысы Маңғыстауына түрiкмендердiң шатақсыз қоныс бергенiне бiлдiрген ризашылығын бiлдiру болса, екiншiден, керек болған жағдайда, атқа қондырар азаматы барлығынан да хабардар ету болатын. Той сәттi басталып, жақсы өтiп жатты. Бiрақ бәсеке бар жерде даудан, көршi бар жерде жаудан қашып құтыла аларсың ба?.. Аттарды қарақшыға жiберер жерде ешкiм астына от жақпай-ақ пiсуi жетiп тұрған даудың иiстене бастаған буы өз-өзiнен бұрқ ете қалды. Алдымен екi көш жердiң қай төбеден басталатыны дауға түстi. Ақыры оны қозы көш жерге берi жылжытып барып мәмiлеге келiстi. Содан кейiн бәйгi жолында балаларға жол сiлтеп тұратын қарақшы аттылар санына таласты. Ақыры бiр адай, бiр түрiкменнен жетi қарақшы қоймаққа келiстi. …Бұлардың болмашы нәрсеге бола дауға дайын, жанжалға жақын тұру себебi – әзiрге екi ел арасында ашық айтыла қоймағанмен, өкпе-бауырды кеселдi дерттей сыздатып бара жатқан, жер мен қоныс уайымы едi. Алпыс үй адайға бола Бозашыдан айрылуға айналды. Ал алпыс үй алты жүзге айналса не болмақ?.. Бозашы емес, Маңғыстау қоныс бере алар ма оларға?.. Алты жүзi алты мыңға жетпесiне кiм кепiлдiк бере алады?.. Онда аз ауыл егдiр, шәудiрге Қарақұмға дейiн ысырылуға тура келер… Қиян шет Маңғыстауда отырғанда желкелеп жүрген Жәумiт ағайындар бұларға құшағын аша қояр деймiсiң?.. …Ал адайлар болса тегi бiр туыс ел емес пе едiк дейдi… …Өз жерiмiзге, ата-баба қонысына қайта оралсақ, жанжалсыз жерiмiздi босатпай ма дейдi… Бұл ойлар жүйкеге тиер, жүрек сыздатар ауыр ойлар болатын. Содан да болар, осындай жағдайға ұшыратып отырған адайлар көзге түссе, түрiкмендердiң сыздаған жарасынан сыз шығып кетiп, бетiн сыйпағалы отырған алақаны жұдырыққа айналып жүре беретiн. Кей-кейде орынсыз шектен шығып кеткендерiн байқап, сабасына қайта түсуге сылтау таппай отыратын да кезi болатын. Бұл жолы да ширығып отырғандарды сәл босатып жiберуге Шылидың бiр ауыз сөзi себеп болды. Көптi көрген қарт қарақшыға жақындаған бәйгi аттарды тартудың шабандоз балаларға қауiптiлiгiн нақты мысалдармен дәлелдеп, ендiгi жерде ат тартуды доғаралық деген ұсынысқа екi жақ бiрiгiп қартқа қарсы тұрды. – Демiгiп келе жатқан жануарды сәл демеп жiбермесек, не үшiн келемiз тойға? – дедi, бiреуi. – Қарақшыға жақындағанда қосыла шауып қол ұшын бермесек аулымызға ат оздырдық деп қалай мақтанып барамыз? – деп, бұра тартты, бiреуi. – Қанымызға қызу берерлiк қызығымыздан айырмақсыз ғой!..
– Онда қай аттың озып келгенiн тойға бармай, үйде жатып та естiмеймiз бе?.. Шыли ұсынысы қабылданбады, бiрақ бұл бәрiне керек сөз болып шықты. Аңдысып отырған екi жақты сәл нәрседен де болса мүдделес етiп, олардың осы әңгiме үстiнде тым алшақтап кетуiне мүмкiндiк бермегендей болды… …Осы кезде даладағылар, айтылып жатқан әңгiмеден хабары жоқ, қызықшыл жандар, бұл тойдан жанына керектiң бәрiн де алып жатқан болатын… …Адайлар түрiкмендердiң домбыра сазына бас шайқасып, таңдайларын қағысса, әндерiнiң үнi көмекейге кептелiп шыға алмай қалатын жерiнде қыран-топан күлкiге батты. …Түрiкмендер адай термешiсi терме сөздерiн үстi-үстiне төкпелеп, құлақ естiп, сана саралалап үлгере алмай жатқанда: “Әй адайлар, асықпасаңдаршы. Әлде тағы да көшетiн болып, барлық жырларыңды айтып кеткiлерiң келiп жатыр ма” – деп, келеке еттi. Бұл тойда қымыз да көп болды, қызық та мол болды. Адай әйелдерiнiң етегiн ышқырына қыстыра салып, бiр-бiрiнiң белдерiнен гөрi мойындарынан ұстауға тырысатын күрес-жағаласын көргенде түрiкмендер де аттарынан түсiп қала жаздап, қауқылдасты. Өмiрi өзге әйелдiң аппақ арқасы түгiл жылт еткен балтырына көзi түспеген түрiкмендер күресiп жатқан келiншектердiң тағы қандай жерi жалаңаштанып қалар екен дегендей, ер еңселi, палуан пiшiмдi қазақ әйелдерiне тамсана таңданумен болды. Күлкiге мас болып басы былғақтап, түсiп кеткен сеңсең бөрiктерiн ат үстiнен қамшыларымен көтерiп алып, көздерiн бiр сүртiп бастарына киiп жатты. Ал келiншектердiң жаяу жарысында түрiп алған балақтары жазылып кетiп, өз балақтарына өздерi сүрiнiп құлағандарын көргенде бұл топыраққа ендi қайтып адам баласының жасы тамбастай, аспанын бұлт торламастай едi. Қымыз тәнiн, ойын жанын жадыратқан тойшылар бұл сәтте қызықтың бiр сәттiк, өмiрдiң бiр оқтық екенiн ұмытқан да болатын… Халық қызыққа тоймастай едi… …Кенет көп күлкiнi, көтерiңкi көңiлдi “аттар көрiндi” деген бiр ауыз сөз су сепкендей басып тастады… Жұрттың бұ мiнезі қазақ пен түрiкмендердiң сәнi мен қызығы, өмiрiнiң қасiретi мен қуанышы – тойда ат оздыру болғаны ма? – деген сұрақ қойғызғандай едi. …Бәрiнiң ойында жалғыз сұрақ – кiмнiң аты?.. …Жүзiнде жалғыз абыржу – кiмнiң аты?.. Ас, тойларда көбiне аттары озық келiп жүретiн түрiкмендердi, жап-жаңа ғана әзiлi жарасып тұрған қазақтар ендi қызғаныштың суық ызғарына шалынған сұқты көздерiмен ата бастады. Кәзiр сеңсеңдерiңдi аспанға лақтырып мәз боласыңдар-ау” – деген қызғаныш оты едi, ол…
– Жалғыз келедi! – Боз ат! Үстiнде бала жоқ секiлдi! – Жоқ, баласы бар, жалына жатып алыпты! – Саназардың Шұбары! – Әруақ!.. Әруақ!.. Әруақ!.. …Кәзiр ғана адайлар үшiн қол жетпес биiкте тұрған түрiкмендер ендi көзге iлiнбек түгiл, көңiлден де орын ала алмай қалған болатын. …Кеше қойшы мiнiп жүрген жаман шұбар, керек болса ешкiмнен ұрқсат сұрамай кез-келгенi мiне шабатын шабан шұбар осы сәтте ұсынсаң қолың жетпестей алыстап сала бердi. Ендiгi жерде оның арқасына тақымың тимек түгiл, жалын сыйпайтын жерге қолыңды жақындата алмайтындайсың. Еңселерi биiктеп, аруақтары айбындап тұрған адайлар кешегiсiн де ұмытып, ертеңiн де болжаудан қалған секiлдi. Тап осы сәтiндегi жеңiсiн барынша пайдаланып қалайын дегендей түрiкмендердi тұқырта түсуде… Бұлардың ақалтеке арғымақ деп жүргендерi сақалтеке ешкiлер екен ғой. Бiрде бiреуi кiсiнеуге жарамай жолда тұрып бақырып, бауыздалған ешкiдей құлап жатыр дейдi… Бұлардың аттары бiздiң қатындарды жiберген жерден жiберсең алдына жан салмайды… Жылқы етiн жейтiн бе едi бұлар?.. Жейтiн болса боршаға қарық болатын болды ғой… Қонақтар кенет бөлектене, шоғырлана бастады. Жарыста аты қалып қойған олар өздерiн-өздерi кiсi санатынан шығарып тастағандай, шеттей бастады… Түрiкмендер азалы едi, ендi ызалана бастады. Арғымақтарының қазақтың жабысынан қалып қойғанына күйiп бара жатқан намыс атты сайтанына, ақыл атты ұялшақ перiште сезiмнiң әлi келмей бара жатты. Едiр, шәудiрдiң ханы аталған Ұланақ бектiң көзiнiң оты мұп-мұздай боп жанжағын қарып тұр. Ат жаратушылар оның бетiне ендi қайтып тiке қарай алмайтын халге жеткен. Ұланақ маңайындағыларды сыз жанарымен тағы да бiр сүзiп өттi де: “Ендi не iстеймiз?” – дедi. Адайларға беделiң бар, ер құнын берсең де осы Шұбарды сатып ал – дедi, бiр түрiкмен. Бесатарымды алғызбадың, адайлардың
сыбағасын шұбардың маңдайынан кiрiп желкесiнен шығар бiр-ақ оқпен бере салатын едiм – деп, құтырынды тағы бiреуi. Кешегi алпыс кiсiмен алдыңнан шыққаны бiзге етiлген құрмет емес, ол көрсетiлен күш. Бұлар Маңғыстауға сыймайтындай боп көбеймей тұрғанда, осы аз ауылды келген жерiне қайтару керек. Оған жүрегiмiз тұрмайтын болса, онда қоныс iздей бергенiмiз дұрыс болар. Бiр шешiмге тоқтайтын кезiң келген секiлдi. Егдiр мен шәудiрдiң ойы осы. Сен не десең де бiзге дұрыс. Тұрыс десең тұрысамыз. Кетiс десең кетiсемiз…
…Бұл әңгiме Саназардың асқа шақырғаны туралы хабаршының келуiне байланысты, үзiлiп қалды да, Ұланақ қасына аз адам ерiтiп, бай үйiне бет алды. …Атақты байдың үйiне бұл маңайдағы жұрттың сөзiн сөйлер билер мен қаруын ұстар батырлар, малын бағар байлар мен елiн бағар ақсақалдар шақырылған екен. …Көптiң аузында көптен көрмеген тойдың қызығы мен бұрын көз көрiп құлақ естiмеген түлпар туралы әңгiме… Шұбардың әлi бiр көш жерге еркiн жетерлiк демi мен күшi қалғандығы туралы мақтаулар… …Шылидың көрiпкелдiгi мен өнерi… …Ас желiнiп болып, бата жасалғасын Саназар шақырулы қонақтарына арнайы дайындалған сыйлықтар үлестiре бастады. Бiрi тiгулi шапан кисе, бiрi шапандық матаға, бiрi дайын тымақ кисе бiрi тымақтық аң терiсiне ие болып жатты. Кезек Ұланаққа жеттi. Саназардың қызметшiсiнiң қолындағы бұл өңiрде көп кездесе бермейтiн, асыл матадан тiгiлiп, алтын менен апталған, күмiс пенен күптелген сәндi шапан жұрт назарын ерекше тартып бара жатты. Саназар шапанды қолына алып, Ұланаққа арнап сөз бастап кеттi. …Мынау асыл шапан Алла тағаласы бақ берген, ақылымен елхалқының сүйiспеншiлiiне бөленген жоғары мәртебелi Ұланақ бек сiздiң иығыңызға лайық деп тауып отырмыз. Қазақтар ат-шапан деп қосарлап айтады. Кермеде атыңыз байлаулы. Тойымыздың жақсы өтуiне атсалысып, ағайындық пейiлдерiңiздi танытқаныңыз үшiн ризашылығымызды бiлдiремiз. Елiңiзге достық сәлемiмiздi жеткiзiңiз. Бұйымдарыңыз болса оны да айта отырыңыз. Қолымыздан келгенiнше орындауға тырысып көремiз. Ұланақтың көкiрегiндегi манағы мұзды мына көрсетiлген құрмет жiбiтiп жiбергендей едi. Елп ете қалмағанмен қыңыр тартпай жақсы жауап қатып, ат-шапан сыйлығына рахметiн айтты. Оның қазақтарға айтқан рахметi шамына тиiп кеткендей төрт-бес түрiкменнiң ең төмен отырғаны қолындағы терiнi айналдыра қарап: “Әй, осы терi бiздiң түлкiлi сайдағы бiр түлкiнiң терiсi-ау! Ендi өзiме басқаның сыйлығы болып қайта оралып отырғанын қарасашы. Ал, Ұланақ бек, жаңа Саназар бай бұйым сұра демедi ме? Мана бұйым сұраса Саназадан Шұбар атты қалаймын деп тұр едiң ғой. Есiңнен шығып кеткен жоқ па?” – деп, отырған қауымға шешiлуi қиындау бiр түйiндi ұстата салды. Ұланақтың өз аузынан шықпаған бұл сөз егер аузы жеңiлдеу адайдың бiр шалы: “Естiмеген елде көп деген осы екен ғой. Мыналары басынғандық қой” – демесе, мүмкiн елеусiз қалар ма едi, қатер едi. Айтылып кеткен осы сөз Ұланаққа тiл қатқызды. Ол жайлап қана: “Ондай бұйым сұрағымыз келгенi рас едi. Бiрақ басынғандықтан емес балам сол Шұбар атқа құмар болып қалыпты. Саназар берген ат-шапан бұйым сұрататын емес. Сiздерге мен ендi бұйым ретiнде емес, сол Шұбарды маған сатыңдар деп салмақ салғалы отырмын” – дедi. Тағы бiреу бiрдеңе бүлдiрiп қоя ма дегендей басқалардан бұрын жауап қатқан Шотан батыр: “Жарайды, қонақтар ниетiн бiлдiрдi ғой. Мал иесi Саназар, ақылдасып көрер. Сiздер аттанғанша жауабын да бермес деймiсiң?” –деп, орнынан тұратындай ыңғай бiлдiрдi.
“Қош, сау” айтысып тойға келген ел тарасып жатты. Саназар қасында Шотан мен Есболай бастаған аз ғана ел ноқтасын ұстағандар қалыпты. “Ажырасатын ағайын қимасыңды сұрар – деген екен аталарымыз. Бұлар қимасыңа жабысып отыр. Бiр ат елге тыныштық бола ала ма?. Жауласудан жалыққасын осы түбекке келiп тығылмап па едiк. Жауласуды емес бейбiт өмiрдi iздеп келмедiк пе? Берелiк сол атты. Бiрақ бұлар кетiсудi ойлаған секiлдi. Бiр атпен бiтiсе қояр деймiсiң? Кейiн тағы бiр нәрсе ойлап табар. Қамдану керек пе деп қалдым ғой” – дедi, болашақ болар бiр дүбiрдi сезгендей болып, Шотан батыр. Саназар, сен не айтасың дегендей, Есболайға қарап едi, ол Шотанға қарап, сөзiн соған арнағандай етiп айтты. “Егер олардың ойы Шотан батыр ойлағандай әрiде болмай, атқа құмарлықтан туып жатса, онда түрiкмендерден мал сұрамай адам сұрау қажет. Түрiкмендер қызын басқа ұлтқа бермейдi. Қыз сұралық, мүмкiн бұл әңгiме түйiнiн өздерi шешер” – дедi, бұл iстiң шатаққа айналмауын қамдағандай боп. Ақылдаса келiп, түрiкмендер мүмкiн қыз беруге келiсе қоймас деген дәмемен, Шұбар атты бiр қыздың қалың малы деп бағалады. Келiспесе, кетiсуге себеп iздегенi. … …Жақсы басталған той арты ел басшыларына соншама ауыр салмақ артып кетiп едi. …Тойдан сұрағанын алып қайтқан түрiкмендер екi елдiң қақ ортасындағы бiр төбе басына аялдап, Шұбарды орталарына алып, көңiлдерi толмай, өздерiнiң арғымақтарымен салыстырып жатты. Бойы анау, тұрқы мынау, осыдан қалай шабыс шығады?.. Мойны қамшының сабындай. Ал осы Шұбардың сыйрағы манағы мен мүжiген қазақ қойдың асық жiлiгiнен онша ұзын емес пе деп тұрмын… Мынаны арғымақтардың қасында мiнiп жүруге бiздiң жiiттер ұялатын да болар!.. …Ұланақ мана мылтығын iздеген түрiкмен жiгiтiне ым қағып: “Ал адайлардан кегiңдi алсаң мiне тұр алдыңда олардың қимасы, бердiм еркiн саған” – дедi. “Мынадай атақ-даңқынан кешегi қойшының торшолағы атанған күнiм жақсы екен-ау” – деп, өкiнiштен салбырап кеткендей, сұлқ тұрған Шұбардың басын, үзеңгiге көтерiле бере қайқая шапқан түрiкмен қылышы мойнынан бөлiп әкеттi… Ышқына шапшып, атып кеткен Шұбар, өз басынан қарғып өтiп, жерге дүрс ете қалды… …Түркiмендер де шу ете түстi… …Тойдан кейiн екi күн өткен. Мал баққан ауылдың тiршiлiгi сәл саябыр табатын сәске түс шамасында Саназар үйiнде қалғып жатқан Шыли ұшып тұрып: “Тұр бай-еке! Бiр жаманат хабар жақындап келiп қалды!” –дедi. Есiкке таласа далаға шыққан екеуiнiң көзiне сар даланы дүбiрге толтырып, батыс жақтан жұлдыздай ағып келе жатқан салт атты iлiктi. Түрiкмендер бiдеңеге ұшырады ма екен?..
Түрiкмендердiң өзi аттанып келе жатпасын?.. Теңiзден түспесе, бұл жақтан келер жау жоқ едi ғой, солардан басқа?.. Әне-мiне дегенше ауылға жақындап, атынан түскен өз жылқышысын таныған бай: “Хабар жау туралы болмады. Әйтпесе ондай хабар хабаршыны атынан түсiрiп, әдеп сақтатып қоймас едi” – деп, өзiн-өзi жұбатқандай болды. Қамшысын бүктей ұстап бiлемдей, жағын ашпай тiстене сөйлеген жылқышы, сәлем берместен: Түрiкмендер Шұбар аттың басын шауып өлтiрiп, далаға тастап кетiптi – дедi, күйiне. Шотан батыр сезген екен, айтқаны келдi – дедi, Саназар бай, қасындағы сыншыға абыржи қарап. – Әй, дiнсiздер-ай, қолы қалай көтерiлдi екен! Аруақты мал едi, атар аруағы, тексiздердi – дедi, Шыли. Шапқыншылар жан-жаққа аттанып жатты. Iңiрге тарта, осындай қысылтаяң кезде ақыл қосарлық ел жақсылары, түгел жиналып та қалған едi… Хабар осылай. Бұны түрiкмендердiң анық жаулыққа шақырғаны деп түсiну керек шығар – деп сөз бастады, Саназар бай, болған уақиғаны толық баяндап болып. – Қайда барсаң Қорқыттың көрi деген екен аталарымыз. Жаугершiлiк өмiрден қанша қашсақ та, ол iздеп тауып алып тұр-ау, бiздi. Бiрақ түрiкмендер бiздердiң құмырсқадай қытаймен де, жөңкiген жоңғармен де, орманнан көп орыспен де ұстасып көргенiмiздi бiлмейтiн болар. Олар салмақ салса бiз айбат көрсетермiз. Олар айбат көрсетсе бiз қайрат көрсетермiз. Бiр амалын табармыз. Өткенде салмақ салып Шұбар атты алып кеткесiн мен Арқадағы елге хабаршы жiбергенмiн. Келiп те қалар. Жiгiттер бiраз аламанды ерiте келер деп те ойлаймын. Малды ауылға жақындатыңдар. Қарауыл төбелерге кiсi қойыңдар. Басына отын үйiңдер. Кешегi алпыс жiгiттi қару-жарағын дұрыстап ертеңге дайын етiңдер. Басқа шаруалардан қапы қалмаудың қамын iстеңдер – деп, барлық билiктi де, сөздi де Шотан батыр өз қолына алды. “Ендi хабаршы келген күнi бiздiң үйде кездесемiз” – деп, ел басына күн туғанда ел басшысы өзi екенiн танытқандай едi… …Төбе басына ел көп жиналды. Шұбар ат өлiмтiгiн көмiп, үш нарға арттырып алған тастан оба үйiлдi. Кеше хабар айтып келген жылқышы Шұбардың құйрығын кесiп алып құрығына байлап оба басына шаншыды… …Көшелi торы мiнген Шотан батыр айбындана жан-жағына көз тастап, қамшысын жоғары көтердi де, бүкiл Бозашыны жаңғырықтырар зор дауыспен сөйлеп кеттi. Ағайындар! Елдiң елдiк атын тек қана адамдарының ерлiгi мен мiнезi шығарып қоймайды, байлығы мен малы, өнерi мен өнегесi де шығарады. Сондықтан да бiздер ешкiмге құдығымызға түкiртпей, малымыздың басына ұрғызбай, жерiмiз бен малымыздың қасиетiн сақтап келдiк. Өнегемiз бен өнерiмiздi қадiр тұтқандықтан өзiмiздiң қасиетiмiздi сақтап келдiк. Кәзiр өз қолдарыңызбен мына төбе басына көмiлген тек қана бiр Шұбар ат мүрдесi емес, ол елдiң намысы да. Шұбар ат сырты түк мал емес едi, ол елдiң қасиетi мен киесi, арманы мен үмiтi едi. Әйтпесе ол Шыли сәуегөйдiң түсiне кiрер ме
едi! Бүгiн көмiлген мына намысымызды аршып алғанша бiздiң тыныш өмiр сүруiмiз мүмкiн емес. Соған белдi байлайсыңдар ма? Әлде ит-құсқа жем болып жатырған бiр мал соңында ел басын қатерге тiгер қылыққа бармайық дейсiңдер ме? Шешiңдер кәзiр!.. – Байлаймыз басымызды! – Қорлыққа қор болған бас кiмге керек! – Бiзге бас емес намыс қымбат!.. …Батыр риза болғандай “бәрекелдi”, “бәрекелдi” дедi де, шулап бара жатқан жастарды тоқтатып: – Естерiңде сақтаңдар, осы төбе бүгiннен бастап “Шұбар ат жалы” деп аталатын болады… Бұл уақиғаның немен аяқталары белгiсiз. Бiрақ адайлар намысын таптатыпты деген сөз артымызда қалмасы анық!.. Ендi уақыт өткiзбей iске кiрiсу қажет! Тап осы арадан Ұланақ аулына аттанамыз. Жiгiттердi бастап баратын өткiрлеу жас керек. Кiмге сенiп тапсырамыз?.. Саназар: – Қаһарлы Ұланақ көзiне қасқиып қарай алатын қасқыр мiнездi қайсар керек болса да, тапсырған сөзiңдi бұлжытпай айтып барар тақ-тақ таңдай керек болса да, мына Қараны жұмса, ұятқа қалдырмас” – дедi. Саназар сөзiн ойланбай қабылдаған Шотан батыр Қараға қарап: “Кәзiр жүз жiгiттi менiң көзiмше он-оннан сапқа тұрғызасың. Сол саптарыңды бұзбай, еш жерге аялдамастан, Ұланақ аулына барып менiң сәлемiмдi жеткiзесiң. Ол сәлем үш ауыз сөзден тұрады. – Бiрiншiсi – Намысымды қорладың, Ұланақ бек! Бiрақ бiз оны таптатып қоя алмаймыз! – Екiншiсi – ендi дәл жетi күннен соң Қырдан жетi мың әскер келедi, тұрысатын жерiн айтсын. – Үшiншiсi – оған дейiн менi шауып алам десе де еркi, мен дайынмын. Мiне осы үш сөз! – Осыларға қосымша, егер жүректерi оған тұрмаса жетi күнге дейiн Бозашыны босатып, батысы Жармыш, ортасы Ақмыш, шығысы Қошаққа дейiн ығысып қонсын! Сырттан қарауылдап тұрамыз. Айтылған жерлерге ығыссаңдар Қырдан әскер құлатылмайды! Басқа келiссөз болмайды. Барлық ендiгi iс-әрекет Сiздерге байланысты. Соғыс бастасаңдар – соғысамыз! Бозашыны босатсаңдар – бейбiт көршi боламыз! Iстi бастаған өздерiң, аяқтайтын да өздерiң боласыңдар… Жас та болса алып денедегi есепсiз күшiмен, қиқар мiнезiндегi өткiр тiлiмен көзге түсе бастаған Қара палуан “құп” деп жауап қатты… …Алла тағала жаратқалы елеусiз жатқан бұл төбе осы сәттен бастап “Шұбар ат жалы” деген атқа ие болып, ғасырдан ғасыр асырып айтылар аңыз желiсiнiң бас тақырыбына айналып жүре берген едi…
…Аз топпен ауылға қайтқан Шотан батыр мен Саназар бай үйiнде жиын құрып, Қарадан хабар күтiп қалған-ды. Ымырт үйiрiле сол кеткен күйiнде қатарларын бұзбастан, лек-лек болып он-оннан сап түзеп келе жатқан салт аттылар көрiндi…
…Қара палуан мен қасындағы үш кiсi бұлар үстiне кiрiп келгенде үй iшi тым-тырыс бола қалды да, қаншама жәйбарақаттық көрсетемiн дегенмен бұл кеңесте отырған үлкендердiң бар ойы, бар тынысы Қара палуан аузынан шығар хабарға бағыныштылығын сездiрiп алып едi… – Батыр аға, айтқаныңыз сол күйiнде орындалды. Сiздiң соңғы сөзiңiздi естiгенде Ұланақтың басы сылқ ете түсiп едi, содан мойын омыртқасы басын ұстай алмады, кәлләсiн көтермедi. Бiз жауап тосып ұзақ тұрмадық, қайтып кеттiк – деп, Қара аз сөзбен сапар барысын баян еттi. …Бұл кезде жүз түрлi ауыздан жүз құбылып түрленген Қараның Ұланақ аулына жорығы кешегi той әңгiмелерiн ысырып тастап, Маңғыстау ойпатын толтыра, Ойдан Қырға қарай Атырау толқындарындай жарыса кетiп бара жатты… …Уақиға айтуға да тұрарлық, тыңдауға да тұрарлықтай болған болса керек. Сап түзеген жiгiттер Ұланақ аулына жақындағанда құдықтан жылқы суарып жатырған түрiкмен аулының кiсiлерiне кезiгiптi. Жылқыларды қамшылап айдап тастап, астауға қой айырғандай он-оннан жiберiп, Қара әуелi аттарын суарып алыпты. Төбе басындағы азғантай адамдар iшiнде Ұланақ отырғанын естiген Қара, араласып кетпеуiн қатты тапсырып, жасағын төбе етегiнде сап құрған күйiнде қалдырып, өзi аттан түспей Ұланаққа сәлем берместен сөз бастапты… – Әй, түрiкмен ханы, Ұланақ! Қолқа салып сұрап алып, Шұбардың басын кескенде iздегенiң шатақ болса келдi мiне алдыңа сол iздеген шатағың! Менi Шотан батыр үш-ақ сөз жеткiз деп тапсырды. – Бiрiншiсi – егер ол адайлардың намысына тимек болса, онда дегенiне жеттi – деп, хабарлауды тапсырды. – Екiншiсi – Адайлар дәл жетi күннен соң жетi мың сарбазбен ұрысқа дайын болады. Тұрысатын жерiн айтсын – дедi. – Үшiншiсi – жетi күн күтiп жатпаймын десе қалаған уақытында бастай берсiн, қарсы алуға дайынмын, бiрақ бiз оларға жетi күн мұрсат беремiз, не ақылын жинауға, не әскерiн жинауға мүмкiндiк етемiз, өзiмiз ешқандай әрекет жасамаймыз – деп уәде еттi. Келiссөзге адам жiбермесiн, айла-шарғымен құтылам деп ойламасын. Бiзбен келiссөз Бозашының Жармыш, Ақмыш, Қошақтан бергi жағы босаған соң ғана басталмақ. Ертең сәрсембi. Келесi сәрсембiнiң таңында бiз осы жерден табыламыз. Ал егер жылжып қонсаңдар, онда жауласу тоқталды, келiссөздi бастауға болады дегендi бiлдiрмек – дегенде, Ұланақтың жағы байланып қалыпты… …Түркімендер бопсаға үш-ақ күн шыдапты… …Биыл Бозашыда қыс қатты болады. Оң жаға жақтың оты мол, бүкiл түркімен ауылдары солай көшкелi жатыр деп қауесет таратыпты… …Түрiкмендер орыс жерiнен қоныс алып қара қайықпен көшiп кеткен ағайындарының артынан көшкен дүрыс дейтiн көрiнедi… …Хиуа ханы түрiкмендердi көшiрiп алғалы жатыр дейдi… …Қонысын сақтай алмаса да намысын сақтап қалу жолында амалсыздық тудырып жатқан әңгiмелер осылайша жалғасып жатты…
…Жыл мен Күннiң, Тағдыр мен Таланның сәтiн күтiп отырған адайлардың көптеген ауылдары Шұбар аттың уақиғасы себеп болып, Қырдан Ойға құлай бастаған едi… Ақтау. 1.10.2000 жыл.
ШАЛБАС АТ
…Шалбас ат уақиғасын бiз Ергенғұл қарттан естiп едiк. Ол кiсi ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткендiктен көкiрегiнен шыққан әр ойдың орынды болуына, аузынан шыққан әр сөздiң мағыналы болуына мән берiп, ауыздан шығып ауаға тараған әр сөздiң тәрбиешi екенiн де есiнен шығармай отыратын адам екен. Ергенғұл аға бұл әңгiменi Маңғыстаудың аса бiр қадiрлi азаматы, көрнектi жыршысы, шежiрешi ақсақалы Сарманов Төребайдан естiгендiгiн айтып: “Жарықтық Төкең, естелiк әңгiмелер айтқанда өз ойынан бiр ауыз сөз қоспай естiген күйiнде айтатын, таза адам едi” – деп мақтап, Төрекең ақсақалдың шыншылдығына тәнтiлiгiн байқатып едi… …Кезiнде талай жанардың жасын ағыза, талай жүректiң етiне жара сала, екi ел арасына бiтiспестей қастық туғызған бұл уақиға, ендi екi жүз жылдан соң елдiң елдiгiн танытары – ерi, ердiң ерлiгiн танытары – тәуекелi, ал адам пендесiнiң намыс жолында қимас қымбаты жоқ екенiн мойындатар дәлелi ретiнде айтылып жатады… …Сiз де, қымбатты оқушым, осы әңгiменi оқи отырып – адамның мал ұшiн емес малдың адам үшiн жаратылғанын еске түсiрсеңiз, осы уақиға кейiпкерлерiнiң қандастары мен қарындастарын не үшiн құрбан еткенiн түсiнбей бас шайқасаңыз, олардың ақыл-өресi мен iс-әрекетiне баға берiп, сондай қадамға итермелеген қандай күш екенi туралы ой толғасаңыз, араарасында әңгiме авторын да есiңiзге ала отырарсыз… …Бұл уақиға адайлардың бiрте-бiрте сыналай кiруiнен ығыса-ығыса түрiкмендердiң кейбiр ауылдарының Бозашыдан Қаратау маңына қарай толық қоныс аударған кезiнде болған екен деседi… …Қысы қарсыз, жазы жаңбырсыз өтiп, шаруаға жайсыз тиген сол бiр сәтсiз жылы, Ақмыш-Жармыш маңын мекендейтiн түрiкмендер жылқыларын Бозашы құмдарына қыстатуға адайлардан ұрқсат алады. …Ата-баба қонысы Қияқты құмдарында жылқы қыстататынын естiгенде Құрбанның қуанышында шек болмаған едi. Өзi туып-өскен Бозашысын түбегейлi қайтарып алғандай болып, малына да, өзiне де үйреншiктi, туған жер топырағына жеткенше асық болыпты… …Жан-жағы теңiзбен қоршалған жарты арал, шұрайлы кең алқапта екi ел жылқышылары тез достасып, көптен көрмеген ағайындай тез араласып кеткен екен.
Құрбан – бiр шаңырақ астында бiр-ақ рет бiрге түнеп шыққан жанды бауырындай көретiн, бiр дастарханнан дәм татысқан бейтанысын қарындасындай сағынатын түрiкмен халқының ең жақсы үрдiсiнде
тәрбиеленген, ақкөңiл жан болатын. Қой сойып, қол қусырып қонақ еткен Доспамбет құрдасы – бұ күндерi оның жан берiп, иман бөлiсердей досына айналған. Өзi жоқта малының иесiз қалмайтынына көзi анық жеткен Құрбан бiрнеше рет Ақмыштағы аулына апталап жатып та келген. Бiрақ қай заманда да жүз жыл аштық жоқ, жүз жыл достық жоқ… Бұл жолы да солай болыпты. Бар пәле Шалбас биеден басталған екен… …Келешектi кiм болжап бiлген. Құрбан да болжай алмаған. Әйтпесе, Доспамбет құрдасына, ылғи арғымақ туатын, Шалбас биенi көрсетiп мақтанар ма едi? …Қарашы, Доспамбет, ана Шалбас биеге! Қарыны жер сызып келе жатырған Шалбас биенi айтамын… Сезесiң бе, құрсағында нағыз арғымақ жатырған жоқ па?.. Бұл биенiң тағы да арғымақ туатыны әлден-ақ белгiлi бола бастады… …Құрдасы Құрбанның аузынан сол сөз шыққалы, өзiнiң сол сөздi құлағы естiгелi Доспамбет жүрегi басқаша соға бастады… Содан берi көкiрегiне бiр әзәзiл орнығып алып, оны күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айыруға айналған… Доспамбет сол әзәзiл-сайтанды қуып шықпақ боп әлденеше рет талаптанып та көрдi. Әлi iстелмеген қылмысы үшiн кейде өзiнөзi жазғырып бастаса, сол әзәзiл ортаға килiге кететiн болып алды. Доспамбет өзiн-өзi даттап та көрдi, ақтап та көрдi… Бiрақ көбiнесе арашалауға құмар. Сондағы дәлелi – бұл түрiкмендердiң екi қылқұйрығының бiрi арғымақ, екi арғымағының бiрi тұлпар емес пе? Бiр құлыннан ештеңесi кете қоймас. Ал, Шалбас биенiң арғымақ құлын тумауы да мүмкiн ғой?.. Ауыл көршi, мал аралас… Бiр төлдiң ауыс-күйiс кетуi болып жатпай ма?.. Ал жаңа туған құлынның қаншасы ит-құс несiбесi… …Доспамбет Шалбас биенiң құлындайтын кезеңiн шамалап та қойған болатын. Тек сол шамада Құрбанды аулына жiберетiн бiр нәрсе ойлап табу керек... Қалай сәтi түседi деп арамдық ойлап жүргенде аяқ астынан сылтау табыла қалғаны… Қаратау бойындағы түрiкмен тамырына барып келген бiр кiсi сол жақта болғалы жатқан той туралы хабар алып келiптi. Доспамбет – Шалбас биенiң тумаған құлыны арғымақ болып, ол бәйгiге қосылып, атақты аста аты озып келген адайлар әлемге әйгiлi болып қалғандай қуанды… …Шалбас бие де Доспамбет пиғылының орындалуына көмектесейiншi дегендей, Құрбан жолға аттанған күнi-ақ үйiрiнен бөлiнiп, оңашалана бердi. Оттауын доғарып, қайта-қайта аунап, мазасыздана бастады… Доспамбет “иә, сәт” деп, болашақ жарыстарда маңдайы жарқырап, топ алдында жалғыз өзi жұлдызша ағып келе жататын Шалбас қасқаны көзiне елестеткендей, шыдамы кетiп, ат үстiнде тыныш отыра алмай, Шалбас биемен бiрге толғатып, бiрге мазасызданатындай жағдайға жеткен едi… …Көктемнiң сол жайраң күнiнде әдемi арғымақпен тойға кеткен Құрбан, үш күн той тойлап, кiр-қоңын жуғызып, қайтып оралғанша Доспамбет ойдағысын iске асырып та үлгерген болатын… …Тойдан қайтқан Құрбан мыңдаған жылқыны көзбен шола, көңiлмен түгендей аралап, жаңа құлындаған биелерге ризашылығын бiлдiргендей, құтты болсын айтқандай боп, әр төлдi көзi шалған сайын күлiмсiрей бас изеп,
төлдерiнiң түр-түсiн жадына тоқып келе жатты. Ақыры көзiне Шалбас бие де шалынды. Езуiне кiре берген қуаныш күлкiсi Шалбас биенiң бауырындағы құлынға көзi түсiп кеткен сәтте ғайып болып, Құрбан қатты тiксiнiп қалды. Аузынан емес көкiрегiнен жарып шыққан үн оған: “Мынау құлын емес күре ғой!” – дегiзген едi… – Ойпырмай, Шалбас биеге бөтен айғыр артылғаны ма?.. Әлде, құрдасы Доспамбет, қаралық жасады ма?.. …Найзағай отындай жылт ете қалған жымысқы ой, жаны таза Құрбанды, одан әрi қарай жамандық ойлауға жетектей алмаған-ды… Ендi сол ой, бес жылдан кейiн басына қайта оралып, құрдасы Доспамбеттiң кiсiлiк қасиеттерiне шек келтiре, түрiкмендердiң тойына адайлар қосқалы жатқан шалбас аттың түрiкмендердiң өз малы екенiн дәлелдеуге тырысып жатты… …Мәстектiң оңтүстiк жағындағы Тобықтының ойына түскен көл құрғамастан күз жаңбырына ұласатын. Көл суын қорғай айнала қонған түрiкмендер Ойдағы, Қырдағы адайларды осы тойға арнайы шақырған едi. Бұ кездерде екi жақ та, есебiн тауып, бiр-бiрiне барғыш-ақ. Екi ел араласа берсе, алыс-берiсi көбейе түссе деген үмiтпен ел жақсылары ойын-тойға бiр-бiрiн көбiрек шақырысатын…
Сәл нәрседен iлiк iздесетiн адайдың шатақ жiгiттерi бұл жолы тойға келмей қалды ма, әлде түрiкмендерден кiнә таппады ма, әйтеуiр, бұл той ерекше ың-шыңсыз өтiп жатты. Бәйгi аттарын: “Екi көш, ұш көш жерден жiберемiз” – деп керiлдесетiн адайлар бұл жолы бiр көш жерлiк қашыққа да үнсiз келiса салғанды… Шалбас ат көзiне шалынғалы сезiк атты жылан сезiм iшкi құрылысын түгел тiнтiп шыққан Құрбанның күткенi де осы сәт болатын. Олардың бiр көштiк жерге келiсе салғаны Құран күдiгiн дәлелдеп шыға келдi. Ойында ендi ешқандай сезiк қалмаған Құрбан той иесiн оңашалап, бұдан бес жыл бұрын болған уақиғаны айтып бердi… Ақылдасуға осы тойға қатысып отырған елдiң бас көтерер адамдары шақырылды. Олар аттардың бәйгеден келуiн күтудi, Шалбас ат келсе, жиналған елге осы уақиға туралы хабарлап, ал бәйгенi аттың шын иесiне берудi жөн дедi. Ал әзiрге әр ауылдың басты адамдарына ғана ескертiп, жiгiттердi дайындап қойған дұрыс деп шештi. …Бiр топ аттың алдында оқ бойы озық келе жатқан Шалбастың тiлеуiн тiлеп қапталдай қосылған адайлардың алдын орай, кiлең ұшқыр арғымақтарға мiнген түрiкмендер Шалбас атты қарақшыдан өте өз қамқорлықтарына алып, жабуын жауып, суытатын баласын мiңгiзiп, жанына басқа жанды жақындатпай оқшаулай бастап едi… Бөрiктерiн аспанға ата қуаныштары қойнына симаған адайлар ендiгi сәтте бөлектене, топтана бастаған. Шалбас атты баптап бәйгiге қосқан Доспамбеттiң ағасы Жексенбектiң ұсқыны кетiп қалыпты. Бiр пәленiң болғанын сезiп, айқай шуға араласпай, бес жыл бұрын болған уақиғаны сөз басталмай жатып мойындағандай жүнi жығылып қалған екен… Сол сол-ақ екен, өкiндiрген өкпелер мен әлi шешуi табыла қоймаған даулар әр көкiректен сызаттана жол тауып, бiр жылғаға құйылып, олары бiрiге сала үлкен арналы дауға айналып жүре бердi. Батырлары қаруға, билерi сөзге жармасты.
Екi жақтың билерi аз ғана сөз қақтығысынан соң тап осы жиылған ел алдында, дәл осы сәтте Құрбан мен Доспамбеттi ортаға шақырып жауаптау қажет деп шештi. Тойға келмеген iнiсiнiң орнына ат қосқан Жексенбек шығарылды. Шын сөйлейтiндерiне ант бергiзiсiп, құран ұстатылды. Әуелi ортаға Құрбан шақырылды. Ол сол жолы қалай тойға барғанын, хабарды Доспамбет жеткiзгенiн, содан соң Шалбас бие құлынын көргенде арғымақ күтiп жүргендiктен “мынау құлын емес күре ғой” дегенiне дейiн есiне түсiрдi. Бұрын-соңды ортаға түсiп ысылмаған, әрi қосқан атының түбiнде бiр шикiлiк барын сезген Жексенбек адайларды ақтап аларлық ештеңе тауып айта алмады. Оны жауаптаудан билердiң анықтағаны бұдан бес жыл бұрын iнiсi Дспамбеттiң көктем кезiнде енесi өлiп қалған бiр шалбас қасқа құлынды артып әкелiп, ерекше қамқорлауын өтiнгенi болды. Осы мойындаудың өзi түрiкмендерге Шалбас атты өз малымыз деп иемденуге жеткiлiктi дәлел секiлдi болып көрiнген. Көптiң пiкiрi де түрiкмендер дәлелiнiң тянақты екенiне ден қоя бастады. Ел алдында ұятты болып тарқамауы үшiн адай биi әзiрге Шалбас аттың түрiкмен жағында қала тұруына қарсы еместiгiн, бiрақ бұл даулы мәселенiнiң дұрыс шешiмi екi жақтың да Шалбас аттың ата-енесiн алып келiп тексергеннен соң анақталатынын баса айтты. …Осындай көпшiлiк жиналған жерде аруақтары айбындырақ түсiп жүретiн адайлар бұл жолы пысы басылып, жүнi жығылып, елдерiне қаралы көштiң соңына ерген адамдардай үн-түнсiз қайтып бара жатты. Ата жауы жоңғарлардың жер бетiнен жойылып кеткенiнше қырқысқан, тiптi қара құмырсқадай Қытайға қыр көрсетiп жатқан қалың қазағына арқаланып, күшiн көрсетiңкiреп, зорлығын өткiзiңкiреп үйренiп қалған адайлар мына қорлыққа қатты күйiнiп бара жатыр едi. Бiрақ өздерiнiң орталарында аз ғана адамнан құрылған батыл топтың бiр iске бекiнгенiн олар бiлмейтiн-дi… …Ортаға шығып күмiлжiген Жексенбек түрiн көргенде Қонай батырдың ұлы Бегеш түтiгiп кеткен. Мына сүмелек бiздiң ауылдың қатындарынан туған бала ма, әлде асыранды пәле ме?.. Түрiн қарашы, аз болса да осы тойда арқалы елi тұрғанда неге күмiлжидi? – деп, ым қағып үш-төрт серiгiмен шеткерi бөлiне берген.
“Ана судырақ билердiң сөзiне сенiп аттан айрылып қалмалық. Арымызға ондай таңба бастырып алсақ, онда ол таңбаны өзiңнiн емес он ұрпағыңның сүйегiнен жуып кетiре алмассың. Болашақ туар баланы ойламағанда, айтыңдаршы, елге барғанда оздырған аттарың қайда демей ме? Десе не деп жауап беремiз? Түрiкмендер тартып алып өзiмiздi айдап салды деймiз бе?.. Менi бұл маңда ешкiм танымайды. Өзектi жанға бiр өлiм, маған жұпынылау киiм тауып әкелiңдер, мен ел аралаған дәруiш болып осы жерде қаламын. Есебiн тауып қолыма түсiрсем Шалбасты мiне қашамын. Бiрақ сүлдерi құрып тұрған атпен бұлардан құтыла алмайсың. Бастарыңды намыс жолына тiгетiн болсаңдар онда мына үшеуiң: Мамырдың Серәлiсi – сен, Тоқабайдың Бiрәләсi – сен, Тоқтамыстың Еспембетi – сен, осы үшеуiң
торуылдап, осы маңайдан көз жазбайсыңдар. Бiр кiсiнi кәзiр мына топпен жiберемiз, ол бұлардың iшiнен он шақты батыл жiiттердi алып қалып Түлкiлi-Бөгенбай маңында күтетiн болады. Келiсесiңдер ме осыған?.. Ал келiссеңдер онда ел намысы үшiн бастарың қатерге тiгiлдi, өкiнбейтiн болыңдар! Келер ұрпақтан “бiр мал үшiн бастарын өлiмге тiккендерi несi” дейтiндер табылар, бiрақ бiздiң бұл iсiмiздi қарғайтындар табылмас. Ал Алла тағалаға iсiмiздi оңғара гөр деп жалынып, тiлек тiлелiк”… Бегеш батыр сөзiн бас изесе құптаған серiктерi беттерiн сыйпасты да, үн-түнсiз тарасып кете барды… …Киiм ауыстырған Бегеш, қолындағы таяғына сүйенiп, жұрт көзiн үйретпекке ауыл үйлерiн аралап көбiрек көзге түсумен болды. Ол қалай болғанда да атты дәл осы күнi қолға түсiрмекке бекiнген едi. Әзiрге Шалбас ат маңы босамай тұр. Не де болса жарық барында алу керек, қараңғы түссе таптырмай кетер деген оймен, үй-үйдi аралап, жарапазан айтып, берген ас-суларына алданған болып уақыт өткiздi. Бесiн намазын оқып алып, аттар байланған керме жақтағы шеткi үй көлеңкесiн паналап ұйқыға кеткен дәруiш-дюана ақыры күткен сәтiнiң туғанын шамалаған едi. Маңдайын кермеден сәл бұру ұстаған Бегеш аттар тұсына жақындай бере кермеге бұрылды да, ендiгi бiр сәтте Шалбасты мiнiп жортып бара жатты. Атқа мiне шаппай, атты алдырғанын бiлгенге дейiн бiраз жердi жәйбарақат ұтпақ едi. Ойы дұрыс болды. Айқай-шу басталып, мылтық ата бастағанға дейiн ол бiраз жерге жетiп те қалған-ды. Күн ыстығынан бұлыңғыр тартқан Аманқызылиттiң сеңгiр тұмсығына маңдайын түзеген көзсiз ер, Бегеш батыр жайдақ мiнген Шалбасқа тақымын қыса белгi берiп: “Ал жануар, сын сағаты туды бiздiң басқа! Көмектесе гөр!” – дедi, атқа жалынғандай болып. Арт жағына жиi көз тастап, байқап келедi. Бұның соңына бес-алты кiсi түсiптi. Оңтүстiк жаққа да, солтүстiк жаққа да шапқыншылар кетiп барады. Олар сол маңайдағы елдi көтерiп, Қырға шығар жолдарды кеспек. Бегеш өз болжамының дұрысқа шыққанын сезiп, құтылып кеткендей-ақ көңiлдене түстi. Тек қана бұл қалдырған үш тоқауылға қарсы бiраз кiсi келе жатыр. Бiреуiнде мылтық бары анық… Бiздiң жiгiттер ана көрiнген Тобықты жалының маңында күтiп тұрған болар. Алыстан атойламай, ұрымтал тұстан ұмтылса жақсы болар едi-ау… Тоқтамыстың Еспембетiн бекер қалдырдым ба?.. Тым жас екенiн ескермеппiн ғой… Тентек неме бiрдеңенi бүлдiрмесе жарар едi… …Кеше ғана отыз шақырымдай шабыстан келген Шалбас ат күшiн жинап қалған секiлдi. Қуғыншыларды онша жақындатар емес. Бiздiң адамдар қарсы кездессе, мүмкiн бiрге кете берген дұрыс болар ма?.. Осы ой басына оралуы мұң екен, кәп-кәзiр ғана “ұрымтал жерден тиiссе ғой” деген ойы өзiн шошындырып жiбердi. Оларға бiр араласқасын қашып құтыла алмайсың. Қаруланып шыққан бес-алты кiсi үш адамды тiрi жiбере ме?.. Шiркiн-ай, алдымнан қарсы шықса ғой… Бiрге тарта берер едiк… …Әнi-мiнi дегенше Тобықтының жалына да жетiп қалды. Тосқауылға қалдырылғандар көрiнбейдi… Әлде iлгерiрек барып жасырынды ма екен?..
Бегештiң көкiрегiн “әттеген-ай” деген өкiнiш тырнағы осқылап, қан-жоса ғып бара жатты… …Кенет арт жақта анық бiр нәрсенiң басталғанын сезгендей боп жалт бұрылып едi… Бұны селт еткiзген, жауларын сәл өткiзiп жiберiп, қапталдан қосылған үшеуiнiң ұрандаған айқайы болса керек… …Жауға шауып, жекпе-жек соғыстарда жырынды болып қалған бұларға қуғыншылардың соңында кейiнiрек келе жатқан үшеуi оңай олжа болып едi. Бiрiншi қылыш сермескен сәтте-ақ үшеуi үшеуiн түсiрiп тастап, iлгерi ұмтылысқан-ды. Бiрақ олар жауларына қылыш сермейтiн жерге жете алмай, бесатардың оғынан аттарынан домалап түсiп жатты. Тек қана бiр оқ Еспембеттiң өзiне тимей атына тиген екен. Аттың астында қалып, аяғын босатып ала алмай бұлқынып жатқан алып Еспембеттi түрiкмендер қыл шылбырмен домалатып байлап тастады… …Түлкiлi-Бөгенбайда Бегеш айтқандай он шақты кiсi емес, адам көп екен. Шалбасты жетектерiне алған қаруы жоқ бiр тобы iлгерi кеткенде Бегеш батыр киiнiп, қару-жарағын асынып, өз атына мiнiп те алған болатын. Серәлiлерден дәме қалмады. Бiрақ олар тiрi болса да, өлi болса да өз мiндеттерiн өтеп үлгерген едi. Алғашқы қарқынмен шыққан қуғыншылар жолда тоқтатылды. Түрiкмендер ендi Қырға асатын жақын жердегi асуға жеткiзбеуге тырысады. Асығыста көп қол жинап үлгере алмасы айқын… Олардың жолы бұл араны айналып кете алмайды… Бегеш жiгiттерiн үш топқа бөлiп, көзге түспейтiндей тасалау жерлерге орналастырып болғанда, Қырға шығар қия жолды бұлардан бұрынырақ иеленiп алмақ болып, асығыс келе жатқан түрiкмен жасақтары да көзге түстi… …Тәңертең сәтсiз шыққан бұл күн өз ұясына батуға тақағанда қазақтар Түлкiлi-Бөгенбай басына он шақты түрiкмендердiң мүрдесiн тайыздау қазылған қабiрлерге жерлеп те тастаған болатын… Содан берi сол жер “түркімен сүйегi” атала бастады… …Түркімендер де Сералы мен Бiрәлiнiң бетiн жасырып, қолға түскен Еспембеттi өз атына көлденең артып алып, ауылдарына қайтқан болатын… …Ембi тауларының басын жайлап отырған түркімен ауылдарында аяққолы кiсендеулi тұтқында жүрген Еспембет қорлыққа шыдай алмай, сәтi түскен бiр күнi шыңнан ұшып өлiптi. Ол жер кәзiр “Еспембеттiң қандығы” аталады…
…Бұл әңгiменi естiгенде ата-бабаларымыздың бiз әлi күнге толық түсiне алмай келе жатқан талай оғаш мiнездерi мен құпия қылықтары бұрынғыдан бетер тағы да сана жетпес жыраққа қашықтап, ақыл шешпес жұмбаққа айналып кете барды… Ақтау. 13.10.2000 ж.
БАЛУАНИЯЗ ҚҰЛАСЫ
Алла тағаланың ерекше мейiрiммен – махаббат пен сағыныш, iзгiлiк пен қайырым қасиеттерiне ие етiп, сонымен қоса соншалықты қатыгездiкпен – ақымақтық пен арсыздық, жауыздық пен жыртқыштық деген пәлелерiн де аямай бойына сiңiре салған адам атты тiршiлiк иелерiнiң Жердегi, Судағы, Көктегi мұқтаждарын өтеу үшiн құдiретi шексiз сол Алла он сегiз мың ғаламды да жаратыпты. Үштен бiрiне жан бiтiрiптi. Сол жан иелерiнiң кейбiрiне ақыл мен ой, өшiгу мен сүю секiлдi адамға тән қасиеттердi де қоса сыйлапты. Мiне осыларының iшiнде адамдарға – адамдардың өздерiнен де артық берiле алатын, адамдарды – адамдардың өздерiнен де артық жақсы көре алатын, сол адамдар секiлдi өздерiн өздерi ақыл мен сана арқылы басқара алатындары да бар. Олардың бiрi ит болса, бiрi – жылқы. Құдай сәтiн салған күнi ит жақындарымыз туралы да, адам мен иттiң мiнез жағынан ең жақын мақұлықтар екендiгi туралы да жазармыз. Ал бiздiң бүгiнгi әңгiмемiз жылқы туралы. Жылқы болғанда да Балуанияз Құласы туралы!.. …Бұл уақиғаның 1856 жылдың жазында болғандығы бiзге тасқа басылған тарихтан белгiлi. Ал аңызға айналып кеткен, Балуанияз Құласының түрiкмендер қолына түсiп, бiр жылдай тұтқын болып, ақыры қашып құтылып, мыңдаған шақырым шөл даланы кесiп өтiп, қожасының – оқ тиiп өзiнiң үстiнен ауып түскен жерiне жетiп жығылып, дәл сол жерде жан тәсiлiм еткенi туралы болған уақиғаны естiмеген бүкiл Маңғыстаудан тiрi жан таба алмассыз. Бiрақ сол бiр жыл iшiнде Құла ат басынан қандай уақиғалар өттi, қандай азаптар шектi, оны көпшiлiк бiле бермейдi. Бұл әңгiме сол туралы… …Балуанияздың мерт болғанына да жыл толыпты…
…Батырға ас берудi оның соңғы демi үзiлген, жау оғынан мерт болған жерi, қасиеттi қаны төгiлген жер – Қараған-Босағада жыл садақасын таратудан бастаған дұрыс деп шештi, ақсақалдар… …Жер арасы шалғай болса да Қараған-Босаға басына ел мол жыйналыпты. Дәл бiр жыл бұрын ел шетiне жау тигенiн естiгенде, асығыс: “Ал, кеттiк!” – деп, өздерiнен сан есе көп Хиуа әскерiнiң соңынан ойланбастан алпыс кiсiмен, алпыс кiсi емес алпыс арыстанмен ұран сала ұмтылған Балуанияз, өзiнен бес-алты есе көп жауды тас-талқанын шығара жеңедi. Жауларының тiрi қалғандары қаруларын тастап аттан түсе бастағанда, астындағы тұлпарына сенiмдi бiреуi жырыла жөнеледi. Балуанияз дәл осы жерде дұшпанын қуып жеткенде, құмалақтай қорғасыннан ажалын табады… …Мiне, қалың ел – Балуанияздың қаны тамған, бiр жыл бұрын жүздеген қыз-келiншектiң, бастарына түскен құлдық ноқталары сыпырылған осы жерге мiнәжат ете келiп, көз көрмеген, құлақ естiмеген ғажайыпқа кездесiп отыр. Өз көзiңмен көрсең де сенбестей, өз құлаңыңмен естiсең де нанбастай уақиға… Ел – Балуанияздың құлаған жерiне қойылған белгi тасқа тұмсығын тiреп, терiсi – iрелмей жатып тулаққа айналған, өзi – жаны шықпай жатып аруаққа айналған, бар тiршiлiгiнде бiр жұтым су iшпегендей, бiр оттам шөп аузына салмағандай боп арып-ашыған Балуанияздың Құласының үстiнен
шығады. Оның осы жерге, Қожасының өзiнiң үстiнен ауып түсiп қаны төгiлген жерге, қашан жеткенiн ешкiм бiлмейдi. Құла жұрттың жиналатынын бiлгендей, бәрiнiң келiп болуын күтiп тұрғандай, ел жиналып болған соң басын сәл көтерiп, елiмен жерiмен қоштасқандай жан-жағына көз тастайды да, соңғы күшiн жинап бiр кiсiнеп құлап түседi… …Осылай аяқталған Құла ат хикаяты былай басталған-ды… …Құла биыл қожасына өкпелi болатын… Өсе бастаған тұяғының қышуын қандыра, қоюлана бастаған қанын қыздыра маң даланы бiр көсiлтпегенi… Жалын тарап арулап, сауырын сыйпап жабулап тойға да мiнбедi. Құлағын да қасымады, құйрығын да өрмедi…Тұла бойында ширықпаған бiрде бiр мүше, тарамаған бiрде бiр түйткiл қалмайтындай етiп сылап-сипап баптайтын сейiс қолына тапсырып, бәйгiге де қоспады… …Бұ күндерi бұлшық еттерi мен сiңiрлерiн май баса бастаған Құла, өз денесiн өзi жатырқағандай, өзiн-өзi жатсынғандай күйде болатын. Тұла бойын шымырлата шарлап өтетiн қожасының: “Қанатым менiң! Тұлпарым менiң! Құла атым менiң!” – деп емiрене тұмсығынан сүйетiн сәттерiн сағынғанда: “Қайдасың, Қожайыным!” – дегендей, иен даланы сағынышқа толтыра, кiсiнеп жiберетiн.
Құла шөп шалуын тоқтатып, иесiмен соңғы қоштасқан жаққа қарап, ойға берiлiп кеттi… …Осы төбенiң күнгей бетiнiң шөбiн таусып шығуды мiндетiме алғандай-ақ, оттаудан басымды алмай, бәрiн ұмытыппын… Мен еске алмасам ол да алмайтын болар, мен ұмытсам ол да ұмытатын болар…
Құла өзiнiң мына ойынан шошып кеттi… …Тыпыршып, найзаның ұшындай қамыс құлақтарын тiп-тiк көкке шанша басын әнтек жоғары көтердi де, өз ойын өзi қостағандай басын “әрине солай, әрине солай” дегендей шұлғып-шұлғып жiберiп, жiберген қатесiнiң өшiн жерден алғандай, жердi қорс қылып, алдыңғы аяқтарымен тарпынып, тарпынып алды… …Әйтпесе, Қожасы бұрын мұнсыз аттап аяқ басатын ба едi?.. Бұл қарын қамын қамдап, оны ұмытқан екен… Бұл ұмытса о да ұмытады… …Қап, әттеген-ай дегiзген, iштен ышқына шыққан өкiнiштi шер дыбысқа айналып, өзiнiң шырқырай кiсiнеп жiбергенiн байқамай да қалды… …Менiң есiме түстi, ендi мен де оның есiне түсермiн!..
…Өзiнiң мына ойы ет пен қаннан жаратылған денесi түгiл қылдан өрiлген құйрығы мен мүйiзден құйылған тұяғын да қуанышты сезiмге бөлеп жiберген едi… Оны сол сезiмдер көтерiп бара жатты… Ол әуелi мойынын созып басын оқшырайтты. Сосын түп-түзу ғып құйрығын ұзарта созып жiберiп, серiппедей ширатылып бара жатқан бұлшық еттерiнiң күшiне шыдай алмай тұрған жерiнен секiрiп кеттi. Сол сол-ақ екен, ен дала төсi дүбiрге толып жүре бердi. Өзi күтiмдi кезiнде, жалы тараулы кезiнде қарсы соққан желден қос қарыстай боп тiкiрейiп құлақ түбiнен суылдаған әдемi дыбыс шығарып тұратын жалы, ендi ошаған мен қарiқыз тiкендерiнен ауыр тартып көтерiле қоймады. Құла, сендердi қалайда тiкелерiңнен тiк
тұрғызамын, дегендей ерегесе, екiлене жосылды… Жер таңдамады. Сай кездессе секiрiп өтiп, жар кездессе қарғып өтiп, мынау иен даланың сәнiн келтiре алатын да, оның тылсым тыныштығын бұза алатын да өзi екенiн дәлелелдеп бара жатты…
…Ол, осылайша ойнақтап жүрiп, төбе басында тұрған жылқышылардың өзi туралы не айтып тұрғандарын естiген де жоқ едi… Жарықтық, ана Құлаға не көрiнген?.. Ол тегiннен тегiн бұлай етпесе керек едi… Балуанияз батыр не жол жүргелi, не жорыққа аттанғалы жатырған болар ма?.. Балуанияз алыс сапарға шығарда Құланы баптап, таң асырып жатпайды дейдi ғой. Келедi екен де мiнiп жүре бередi екен. Құланың қасиеттiлiгi соншалық, бiр-екi күн осылай шауып, өзiн-өзi дайындап терiн де өзi алады екен, бабын да өзi табады екен. Құланың мына шабысы тегiн емес… Қара да тұр, бүгiн кеште, не ертең тәңертең келiп Құланы алып кететiн болар…
…Құла – құладұздi дүбiрге толтыра, аумақты ойды бiр-екi айналып алып, ендi үйiр-үйiр жылқылар жатқан төбе бауырына қарай екпiнiн бәсеңдетпестен ағызып келе жатыр…
“Бұл үйiрдiң қожасы менмiн! Аулақ кет!” – дегендей боп, алдынан қоқаңдай шауып шыққан үйiр айғырының қасынан сәл қиыс өте шыққан Құла дөң басына көтерiле бере кiлт тоқтаған едi… …Денесiнiң құрыс-тырысы жазылып қалыпты. Тұлабойы бiр шама ащы терден де тазарған секiлдi. Ертең мына ойды тағы бiр-екi айналып шықсам, қандай сапарға аттанса да Қожамды ұятқа қалдыра қоймаспын… …Ертесiне сәскетүсте асығыс жеткен бес-алты кiсi саяқ аттарды ауылға қарай дүркiрете қуған едi. Бәрiнен озық келген Құла Балуанияз отырған үй сыртына жетiп: “Неге менi қарсы алмайсың?.. Сағынып келдiм!” – дегендей оқыранып, тұлпар тұяқтарымен жердi осып-осып жiбердi. Қара жер қозғалмай қозғалмайтын Балуаниязды мына дыбыс ұшырып әкеткендей едi. Қолындағы қымыз толы кесенi төге-мөге жерге қоя салып, далаға атып шықты да, басын еңкейтiп мойнын соза берген Құланы құшақтай: “Қанатым менiң!” – дедi.
Тұлпарым менiң! Құла атым менiң!.. …Жайбарақат отырғандай болып көрiнген ауыл тiрлiгi өзгерiп сала бердi… …Жан-жақ ызы-қиқы… Бұғалық тастап, құрық салып жүрген ептiлер… Ат ұстап, ат ерттеп жатқан адамдар… Қол жайып, Құдайдан оң сапар тiлеп жатқан үлкендер… Ерлерi мен ұлдарын өлiм сапарына қия алмай жаны қиналған жұбайлар мен аналар… Мынадай ызы-қиқыдан жүректерiне қорқыныш кiрген балалар… …Дайындық жұмыстары да аяқталып болды. Алпыс сарбаз сардарын күтiп ат үстiнде сап түзеп тұр. Ақiреттiк сапарға тең бұл жорық қаншалықты қатерлi болса, өз қолдарымен өлiм жолына шығарып салып тұрған ел-жұрты соншалықты сабырлы едi…
Балуанияз батыр Қыбыла жаққа қарап, қолын жоғары көтердi де бәрi еститiндей зор дауыспен: Ей, Алла тағала! Күшi басым жауға өзiңнiң әдiлеттiлiгiңе сенгендiктен аттанып барамыз!.. Жолымызды оңғара көр!.. – деп бетiн сыйпап: – Ал, кеттiк! – дедi… …Құла бәрiн де түсiндi. Қожасының даусындағы екiлене шыққан қуат толы екпiн, ара-арасында Алласынан медет тiлеген уайым, дiрiлi сезiлген әлсiз тыныс – оған бұл сапардың барлық сырын ашып берген-дi…
Сол сәттен бастап жорыққа аттанғандар атқа да, адамға да тынысы мол шоқырақ шабыстан тынбастан күн қызылын семдiре аз ғана дамыл алған… …Әрқайсысы өз қоржындырынан алған бiр-екi бiлем құйрық майды турамай қылғытып, артынан ауыздарына құрт салып талмап сәл тыныстап жатқан түсi суық мынау жандарға қарап, Құла ат алда бiр пәленiң, зор пәленiң күтiп тұрғанын анық сезiп, тұла бойы дiр ете қалды да, Қожасына көз тастады… …Балуанияз – сарбаздарына болашақ ұрыс тәсiлiн ежiктеп, оларды ононнан бөлiп, қайта-қайта қайталап, бiр нәрселердi түсiндiрiп жатты. Кейбiр жас жiгiттерге егделеулерi ат үстiнен қылыштасу сабақтарын жүргiзiп жатыр. Бiрнеше пысық жiгiттерге қосақ ат берiп iлгерi шаптырды. Негiзгi жасақ жауға арттан тиiскенде олар екi қапталдан, Қараған-Босағаның адырларынан, шаңдата жылқы қууға тиiс болды. …Барымтадан түскен сан мыңдаған малды шашау шығармай шаңға тұншықтыра, мына сайы мен саласы көп, адыры мен төбесi мол қауiптi жерден кеңге шығарып кетуге жанталасқан жәумiттер адамдарға да қатал қарап келе жатыр едi. Алғашқы кездескен сайға айдаушының көзiн ала жалт бұрылған жап-жас бала қыздың көйлегi өткiр қамшының пышақтай жүзiнен дал-дұл боп қалды. Кеше ғана өз аулының не бiр айбары асқан, не бiр байлығы тасқан жiгiттерi жүзiне тура қарауға жасқанатын бұл арулар – бiз бiр елдiң ажары мен абыройы едiк деп, нұр жүздерiнен айнаға қарап қуаныш табатын едi. Ендi, бiр-ақ күнде, асқақ кеуде, адуын мiнез алпамсадай азаматтар түгiл, сол қасиеттi жер топырағынан жаралған қойшықойманшының өзiне зар боларлық – жалаң аяқ, жыртық балақ күңге айналып шыға келiптi… …Мал мен жанды шұбырта айдаған жүрiсi жәй, бiрақ тынымсыз жылжып бара жатырған күшi басым жауды Үстүрт дөңiне шығып кеткесiн аз адаммен ала алмайсың. Бұларды қуғыншылар өздерiнiң ұрыс салуға ең соңғы ыңғайлы жерi Қараған-Босағада қуып жеттi. …Алла сәтiн салып Балуанияздың барлық ойлаған ойы iске асты. Жаудың үш жағынан бiрдей шаң көрiндi. Соңғысы бұрын жетiп килiккенде, түрiкмендер бұрын соғысып көрмеген ұрыс тәсiлiмен, үстерiнен қаптаған селдей өте шығып, содан жалт бұрылып қайта қаптағанда, бiразы баудай қырқылып түсiп жатты. Оның үстiне бұлар мен қоса жауларына үрей атты дұшпаны да бiрге араласқан едi… …Астындағы қашаған қуатын атын тақымымен басқарып, екi қолындағы екi қылышын бала қолындағы зырылдауықтай айналдырған дәу
жылқышының бүкiл шатқалға симаған даусы да жаудың құтын қашырып бара жатты. Оның: – Жандарыңды сақтаңдар!.. Аттан түсiңдер!.. Ат бауырына тығылыңдар!.. – деп, жалықпай салған айқайы, қылыштасқан алпыс кiсiден кем еңбек сiңiрмедi… …Алғашқы сәтте бiраз қидаласқан дұшпан жәумiттер, қос бүйiрден қалың қол тақалған сайын, берекелерi кетiп, бiр-бiрлеп түсе қалып аттарының бауырына бүрiсе тығылып, берiле бастады. …Ендiгi бiр сәтте ұрыс та аяқталып қалған болатын… …Балуанияз бойын қуаныш сезiмi билеп бара жатты… Оның көкiрегiн: “Бiр де бiрi тiрi құтылмады” – деген, мақтаныш сезiмi кернеп, сол сезiм түлабойын жанға жайлы ем инемен түгел шабақтап өте шықты… Қараусыз қалып, төбе басына ұйлығып, болып жатқан ұрысты бақылап, бұлардың тiлегiн тiлеп, Аллаларына жалбарынып жатқан қыз-келiнiндерiне көзi түскенде, батырдың маңындағы бар тiршiлiктi тұман басып жүре берген едi… Кенет Балуанияздың құлағына: – Кеттi, кеттi! – деген екi ауыз сөз жеткенде, тап кәзiргi бастан кешiп тұрған барлық қуанышын бiреу сол сөз желiмен ұшырып жiбергендей әсер еткен-дi. – Кетерсiң атаңның басын! Құланың қуаты бойында тұрғанда сен жәумiттi сақалыңнан сүйреп әкелермiн, бұл араға… …Бұл сөз қым-қуыт, ала-сапыран, ызы-қиқы, шым-шытырық түсiнiксiз замандағы, оның ерлiкке толы өмiрiндегi аузынан шыққан соңғы сөзi болды… …Кетiп бара жатқан жауды көзiмен ұзатып тұрған Құла қожасы тақымын қысар-қыспастан-ақ ойын бiрден түсiндi… …Қашқынның қолы жаралы болу керек. Ұрыс басталар-басталмаста ол бұларға қарсы келген. Оң қолдарындағы қылыштарын ту ғып көтерген екi батыр бiр-бiрiнен маңдайларын аудармай тұп-тура қарсы шауып келе жатты. Бұйрық күтiп сақ шауып келе жатырған Құла оң жақ қапталын Қожасының оң жақ тiзесiнiң қыса түскенiнен тез жау атының мiнер жағынан өтуi қажет екенiн түсiндi. Бұ да оңға ауыса бердi, Қожасы да қылышын оң қолдан сол қолға алмастырып үлгердi. Бұндай кезде жаудың не қолы кететiнiн, не басы кететiнiн бұл талай көрген. Бұл жолы да солай болған… Жау қылышы күнге жарқырап ұшып бара жатты… …Құла ентiкпей, демiкпей жауларын еркiн қуып жеткенiне әбден риза. Ендi Қожасының тақымымен жетер бұйрығын күтiп жау торысының құрығымен тiстесiп келе жатыр. Жау қолында қауқар қылар қару байқалмайды. Найза да көрiнбейдi, қылыш та жоқ тәрiздi. Қожасы жауына арқан лақтырса осылай артында лесiп отырғаны дұрыс. Қылыш суырса жауды Қожаның қылыш ұстаған қолына шығару керек. Бiрақ Қожасы қылыш та суырмады, арқан да лақтырмады. Ақыры Құланың күткен сәтi де жеткен едi… Қожасы сол тiзесiмен сол жақ қабырғасына белгi бергенде Құла да серiппедей атылып бiрден жау тұлпарымен бүйiр тиiстiре қапталдаса бердi.
…Қожасы жауын қолмен аударып тастағысы келген болар… …Дәл сол кезде алтыатар мылтықтың киiм iшiнен атылғаннан булыға, “тыңқ” ете қалған, даусы шықты да Қожасы үстiнен аударылып бара жатты. Құла керi қайтпақ болып басын бұра берiп едi, ноқтасы жау қолында екен, тiптi артына мойын бұрып дұрыстап қарап та үлгермедi. Бiрақ, көзi бiр-ақ шалып қалса да, ол жер оның жанарына ендi ешқашан өшпестей таңба боп түсiп қалған едi… … Мiне, содан берi жылға жуық уақыт өтiптi… …Төрт ұзын саусақтары молақ болып қалған түрiкмен бұны көндiре алмай торығып, ат қылып мiне алмайтынына көзi жеткесiн, басқа бiреуге сатып жiберген едi…
Жаңа жерде Құла өзiнiң қатiгез-тоңмойын, сезiмсiз-надан жан қолына түскенiн жанымен де, тәнiмен де сезе бастады. Молақ қол түрiкмен қолында жүргенде арманы қашып құтылу болып, ретi келдi-ау деген сәттiң бiрiн де жiбермей сытыла қашып, бiрде шылбыры бұтаға оралып ұсталса, бiрде жүгенi аяғына iлiнiп қолға түсетiн. Молақтың қолында жүрiп жерi мен қожасын сағынғаннан туған жан азабын кешушi едi. Ендi бұның шылбырына “тышқан көз” иелiк еткелi, жан жарасына тән азабы қосылды. Әр үстiне отырғызған кiсiсi ұшып түскен сайын төрт аяғын буып тастап, шырқырата қызған темiр басатын. Бiраздан соң бұның тұла бойында қылшығы бар темiр басарлық жер де қалмауға айналды… …Құланың ендiгi арманы өлу болғандай, нәр сызбай қалды. Әбден арықтап, қашу түгiл өз аяғын көтерiп жүруге күшi жетпейтiндей қалге жеткен Құлаға ендi “тышқан көз де” назар аударуды доғарған-ды. Құла ауыл шетiнде қараусыз қалған бiр-екi күндiк бас бостандығын дұрыс пайдаланды да, бiр түнде: – Қайдасың туған жер! – деп, тартып кеттi.
Ұлы Табиғаттың нұсқауымен жол тауып, Ұлы Құдiреттiң қамқоршылығымен от оттап, аспаны сыйлаған аз ғана ылғалмен шөл басып, ең төте, ең қысқа, ең тура жолмен iздеген жерiн тауып жеткен-дi… …Баяғы көз алдындағы сурет сол күйiнде сақталыпты… Тек қана Қожасының құлаған жерiне бұның омырауына жетер тас шаншыпты. Барлық арманы орындалған Құла тасқа басын сүйеген бойда қалғып кеткен екен… Қанша тұрғаны есiнде жоқ. Маңайына жинала бастаған адамдар даусынан оянып кеттi…
…Бәрi де жақын келiп көрiп жатыр… Қатiгездiк сезiм iзгiлiк сезiмнен кiсiлiкке бiр табан жақындата түсетiндей-ақ, бәрi де аяушылық сезiмi туғызған тамшы жастарын бiр-бiрiнен жасырып, ығысып бара жатты. …Жақын келгендердiң бәрi де iшектерiн тарта бiр ышқынып, тезiрек шегiнiп кетiп жатыр… …Бiр де бiр адамның бұның жалын сыйпап құлағын қасуға, жылы сөз айтып қолын тигiзуге батылы бармады. Жақындық бiлдiрiп бiр сыйпап өтерлiк тұлабойында бiр шөкiм жүнi қалмаған, аяушылық сездiрiп алақан тигiзерлiк қызған темiр басылмаған бiр жапырақ терiсi қалмаған Құла денесiне, сезiмнен құралақан бiреу болмаса, қол тигiзу де мүмкiн де емес едi…
…Қайратының кемiп бара жатқанын байқаған Құла, ақыл тұнған жанарымен жан-жағын бiр шолып өтiп, зорлана бiр кiсiнедi… …Соңғы шығарған дыбысы бар күшiн бiрге ала кеткендей көзi тұманданып, басы айналып бара жатты… …Дегенiне жеткен, арманы орындалған Құла Қожасының алдындағы соңғы мiндетiн орындағанына көзi жеткен кезде бұ жалғанмен өкiнiшсiз қоштасып, мәңгiлiкке аттанып жүре бердi… …Құла ат, Балуанияз Құласы сол жерге жерлендi… …Сол күннен бастап Маңғыстаудың Ойында “Тұлпар Басы” атты жаңа жер атауы да пайда болған едi… Ақтау. 15.10.2000 жыл. КЕЛІНДЕР (триптих)
ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ КЕЛІН
…Жүре берсең көре бересің… …Естімеген елде көп… …Тал бесіктен жер бесікке жеткенше үйрен… Жаттауға жеңіл, айтуға оңай аталардың осы секілді асыл сөздерінің астарында кез-келген ойсыз қомағайға бірден жем бола қоймас қаншама терең мағына мен ақыл жетпес шексіздік жатыр десеңізші… Бір сәтті күні көптен бері алдында кішілік парызымды өтей алмай жүрген ел ақсақалы, әкемнің жеделдес інісі Төлесін молдаға сәлемдесуге бардым.
Ой шіркін-ай! Төкеңдей боп біздің де жасымыз сексеннің жетеуіне жетер ме екен?.. Жетсе біз пақыр мына шам-шырақ қарттай боп жанжағымызға кісілік пен имандылық сәулесін таратып отыра алар ма екенбіз?.. Алты жасынан бастап он бір жыл дін оқуын оқыған Төкеңді Кеңес үкіметі екі рет соттап, жалпы жобасы жирма шақты жыл түрмеде ұстаса да бұ кісінің жады – атақты архивте сақталған қымбат кітаптардай тап-таза, ойы – заңғар тау бұлағындай тұп-тұнық. Ол менің келуімді жақсы қабылдағанымен өзінің бір жаққа жүргелі отырғанын жасырмады. – Ерінбесең бірге жүр, менің жүзден асқан келініме сен де сәлем беріп қайтарсың – дейді. Келісе кеттім. Бүкіл жолды – жүзден асқан кемпір сексеннен асқан адамға қандай жағдайда келін бола алады – деген жұмбақты шешуге арнағанмен, ұтымды ештеңе еске түспестен, іздеген ауылға жетіп қалыппыз. “Үлкен кісі ғой, аузынан жаңсақ шыққан болар” – деген пікір басқаларынан басым түсіп, бұл сұрақты сөйлем соңына нүкте қойғандай едік.
– Әжем үйде – дейді, Төкеңнің сұрағына жауап қайтарған жас жігіт. Іздеген кісіміз кең бөлме төрінде жатыр екен. Қасында ойнап жүрген сәбилер… “Немересі емес екені анық, шөбересі ме екен, әлде… одан да алысы ма екен, оларды кім деуші еді?” – деген ой орала кетті… …Жүре берсең көре бересің… …Япырмай, сонда бұл кісі үш ғасырдың куәсі ғой! Басын сәл көтерген қарт ана, көзін сығырайта қолымен күн қағып, кірген кісілерді өзі түстегісі келіп әлекке түсіп жатқандай.
– Тұрып қайнағаңа сәлем етпейсің бе? Бұ не жатыс? Бұ не еркелік!.. Төкеңнің даусынан астарлы аяныш сезімі мен мұңды сағыныш сазы сезіліпақ тұр еді… Кімді аяп тұр екен?…Нені қимай тұр екен?..
Заманын қимай тұр деуге олардың заманынан алғаны шамалы. Қимайтындай замандастары қалмаған. Әлде “мың кұн жұмақтан бір күн тірлік” деп мақалдатқан пенделердің бұ жарық дүниеге деген құмарлығының құдіреті ме?.. Неде болса Жаратылыстың әлі біз мойындап болмаған бір жұмбағы болар… – Төлесінсің бе? Япырмай молдаеке-ай! Осыншалықты ұзақ өмірімде тап бүгінгі сені күткендей боп ешқашан ешкімді күтпеген болармын. Енді сен маған тәрбие беруге кешігіп қалдың-ау деп шамалап жатырмын. Сәлем етіп батаңды алар немере, шөбере келіндерің жетерлік еді ғой… Ой шіркін, бір күнгідей болмай өте шыққан өмір-ай!.. Жарықтық енем марқұм саған да сәлем еткізуші еді-ау!.. Мен үнсіз ғана тыңдап қалыппын. Манағы нүкте қойғандай болған сөйлем соңына енді сансыз сұрақ белгілері іліне бастағандай. Дегенмен “әліптің артын бағып” тыныш отырмын. – Мосыңа шәйнегіңді ілгіз, шәй ішіп аттанамыз” – дейді Төкең.
– Өз шаруасын балалар біледі ғой – дейді Төкеңнің жүзден асып кеткен келіні. Шыдамның да шегі бар демекші, мен жайлап қана Төкеңнен қарт ана жасын сұрадым. Ол үлкен кісінің бетіне біраз ойлана қарап отырып барып маған жүзін аударғаннан соң да “осыған айтсам ба, айтпасам ба” дегендей тұла бойымды зерттей шолып алғаннан кейін ғана “мың бір түн” ертегілеріндегідей бір таңғажайып әңгімені бастап кетті… …Ойыннан басқа уайым жоқ бала кезіміз. …Қызығымыз да, ермегіміз де далада, табиғатта. Тақымы тоқымға тиген баланың бір-екі меншіктелген тайы болады. Тайлы балалар үйір-үйір боп қыр асып қызық іздеп, ойға барып ойын іздеп шапқылайды. Жер от жылдары қызық та көбірек, ойын да молырақ. Ондай жылдары көші-қон арасы сиреп ауыл бір жұртында ұзағырақ отырып та қалады. …Адам аяғына, мал тұяғына тапталған шақта бүкіл даланы жұпарына малып жіберер балауса шөп исінен асар жанға дауа не бар дейсің, сірә? Көкірегіңді кере жұтқан сайын қомағайлана түсесің. Әр жұрттың есте қалар өз ерекшелігі, өз иісі бар. Көшіп келе жатып солары есіңе түскенде бар болмысың аңсарына жетуге асыға түскендей болады.
Ойын балаларына өз үйінен өзгенің үйі қызықтау. Мен көбіне өзімнен бір жас кіші Дүйімбайдың үйіне барғыштайтынмын. Ол үйде бізге “ай дейтін ажа, қой дейтін қожа” болмайтын. Баласының жалғыздығынан ба, әлде баласының жетімдігін ойлайтындығынан ба, әйтеуір Дүйімбайдың шешесі бетімізге жел боп тимейтін. Балалардың ол үйге құмарлығының тағы бір себебі сол үйдегі жас әйел біздерге үлкен мейіріммен қарайтын. Ол әуелі өзінің шомбал денесімен көз тартса, содан кейін өрескел ұзын, шамадан тыс жуан бұрымымен ерекшеленетін. Біз оны не жеңеше, не апа демей тұп-тура Зәбіхан дейтін едік. Зәбіхан ойыннан қайтқан біздерді соншалықты ықыласты жуындырып, ерекше құрмет көрсете ас беретін. Кейінірек ауыл арасы алыстап кеткен себепті мен оларды ұмыта бастадым. Әкем алты жасымнан молдаға берді де, мені ілестірген өмір арнасы бағытын күрт өзгеткендей еді. Балалық сезім алабұртып сені әр қияға шақырса дағы молданың сұсты жүзі мен оқу салмағы оны баса беретін. Бірде әкем ертеңгі күні Дүйімбайдың аулына садақаға жүретіндерін, соған мені еріте кететіндігін хабарлады. Аймаш шешеміз ел жиып ас бергелі, “нәпіл садақа” таратқалы жатыр екен. Бұлар – жесір әйел, жетім бала деп аталынатындардан. Бірақ садақаларына адам мол жиналыпты. Ас желінді. Қымыз ішілді. Қарттар мен аузы жеңілдер баталарын беріп жатыр. Бәрінің аузында Дүйімбай аты. Бәрі де сөнбеген ошақ туралы, ақ сүт емген адам туралы сүйсіне айтады… Түсініксіз сөздер. Жұмбақ ойлар… Дегеніңе жеттің – дейді. Ұзағынан сүйіндірсін, жалғызыңның жапырағы жайылсын – дейді. Дүйімбайың азамат болды – дейді… Мен таң қалып отырмын. Өзімнен бір жас кіші бала менен ілгері кетіпті. Азамат болыпты. Мен туралы ешкім әлі ондай сөз айта қоймаған болатын. Аймаш ана жүзі – ерекше қуанышты. Садақа емес тойда отырғандай. Ара-арасында асып-тасып лепіре сөйлеп кетеді. Жүзінен де, сөзінен де ерекше шаттықта екені байқалып тұрғандай еді.… Жиын тарқаған. Бірнеше топқа бөлініп кеткен біздің ауыл кісілері ен даланы дүбірге толтырып, тынық ауаны дыбысқа толтырып аспанның да, жердің де иелері өздері екенін бар әлемге паш еткендей көңілді қайтып келеді. Мен анам бастаған топқа қосылыппын. Баяғы жұмбақ әңгімелер қайта басталып кеткен… Аймашқа Құдай тағала қарасқан екен… Ақылды әйел ғой, әйтпесе бесіктегі балаға қатын алып береді деген кімнің басына келген… Аймаштың бағына ақ сүт емген адам тап болып… Он екі жыл күткен үміті ақталып… …Мәссаған!.. Сол үйде жүретін баяғы арқан бұрым, шомбал келіншек Дүйімбайдың қатыны болып шықты… …Естімеген елде көп… …Дүйімбайдың ата-анасының тұңғышы жайлауға көшіп келген күні Ойыл маңында өмірге келген екен... Қатар қонған көрші ауылдың да бір
шаңырағына дәл сол күні сәби келіп, келесі күні бұлар тойға шақырылады. Той үстінде жаңа туған нәрестелер атастырылып, әкелері құда болысады. Кеңес үкіметінің дүрбелеңінен балаларға шаңырақ көтеріп беру сәл кешігеді де жасы он алтыға толған жылы ғана той уақытын белгілеуге жағдай туады. Бірақ сол жылы күйеу жігіт аттан жығылып мерт болады. Бұл қайғыны әке жүрегі көтере алмаса керек. Айы-күні жетіп отырған жесір қалған зарлы ана ұл табады. Тойдың уәделі уақыты жеткен шақта еш адамға ақыл салмастан аз ғана топпен Аймаш ана айттырулы келінінің аулына келіпті. Құдалар сасады. Қалың малы түгел алынған. Айтылған серт бар, ұсталған құран бар, берілген бата бар. Бәрі дұрыс, бәрі орынды. Тек қана әмеңгер тым жастау, әлі бесікте. Қыздарынан он жеті жас кіші. Ал құдағайы болса келінін ендігі жерде бұл ауылда бір күнге де қалдырмақ емес. – Қызын ұзатсын, әйтпесе ертең-ақ араға түсіп бата бұзарлар шұбыра бастайды – дейтін көрінеді. Бұлар құдағайымен ақылдасып та, тайталасып та көрді. Түсіндіріп те, көзін жеткізіп те бақты. Обалды да, аянышты да еске алысты. Ара ағайын салып та, қоқан-лоққы жасап та байқады. Құдағайы көнбеді. Шақыр молдаңды! Әкел құранды! Жина жұртыңды! Ел алдында сертіңді бұзғаныңды құран ұстап тұрып хабарла. Сөтсең ғана бір Құдайға тапсырамын да тынамын. Әйтпесе екеу болып келдім, үшеу болып қайтамын. Менің шаңырағыма тағдырдың салған ауыртпалығының өтеуі осы деп білемін – дегенінен танбапты құдағайы. Бұлар ақылдасқанмен ақыл таба алмайды. Айла жасағанмен жүзеге асыра алмайды. Бар тапқаны – соңғы амалы қызын құдағайға жұмсамақ болады. Ая – деп айт деп үйретті. Он жеті жас үлкенмін ғой – деп салмақ сал деп үгіттеді. Балаң бесіктен шыққан жоқ қой – деп бетіне салық қылып қара деп қайрады. Аяқ астынан бәрі бос амал, бос сөз, бос қулық болып шыға келіпті. Қыз: “Менің құран ұстатып ант бұзғызып қарғысқа ұшырайтын жағдайым жоқ. Көнемін Тәңірімнің жазғанына”: – депті. …Сөз тоқтапты. Іс тыныпты. Шағын той тойланыпты. Міне енді Аймаш келінін алып еліне қайтқалы жатыр. Қомды түйеге оралған қоршау ішіне бекітілген бесік қасында енді Аймаш емес ұзатылған қалыңдық отыр. Сыңсу ұрдісін істемеді. “Мен жыламай аттанамын” – депті… …Әй бәсе! Біздің баяғы бес-алты жасымызда бас-аяғымызды тап-таза етіп жуып, тырнағымызды мұнтаздай етіп алып, бетімізден шөп-шөп сүйетін еді. Енді түсінікті болды, сонысы бізді жақсы көргендіктен емес, күйеуіне көрсеткен құрметі екен ғой… …Көбірек ойға батып кетсем керек, еркі өзіне тиген тор тайым мені берекесіз әңгімеге, орынсыз ыржаққа құмар қылжақбастар тобына араластырып жіберіпті… …Неге соншама жырқылдайды?. Ауыздарынан сілекейі аққанша қарқылдайды келіп, сорлылар. Ат үстінен ауып түсе жаздап бұлғаңдайды келіп, байғұстар. Тыныстары тарылып, өңдері күлгін тартып кеткенше күледі, пақырлар… Айтқандарына құлақ түріп келемін…
…Бір шамада әңгіме желісіне менде түсіне бастаған секілдімін… …Дүімбайдың үйленгеніне он екі жыл болыпты… …Үйлену тойына бесікке салып апарыпты… …Он екі жыл шешесінің қойнында жатыпты… …Жақын арада Дүйімбай түн ортасында шешесін оятып: “Апа, мен ендігі жерде Зәбіханның қойнында жатайын ба?” – деп, ұрқсат сұрапты… Дәл осы жерге келгенде бұ топтағылар біреуден бұйрық алғандай ду ете қалады. Біраздан соң мен де күле бастадым. Маған да қызық болып көрініп кетті. Шешесінен қалай ұялмады екен?..
Мыналар маңы адамды күнәға батырмай қоймайды екен – деген күдікпен мен олардан бөліне бастадым. Тайымды тебініңкіреп ілгері келе жатқан топқа қосылсам ауыл ақсақалдары екен. Олардың әңгімесі де осы тақырып маңында болып шықты.
…Тал бесіктен жер бесікке жеткенше үйрен… Міне осы уақиға соның дәлелі. Бүкіл ел болып бере алмас үлгіні жай ғана екі әйел көрсетіп отыр. Ант пен сертке, әдет пен ғұрыпқа, құран мен Құдайға солардай адал бола алған ел өзін өзгеге сүйсіндірмей қоймас… Бұлардың бұндай әңгімесі де, қабақтарынан қар жауған түстері де мені онша қызықтыра қоймады. Жан-жағыма алақтай қарап тайға мінгендерді іздей бастадым… …Төкең сол күні мүмкін тағы да біраз уақыт осы әңгіме желісін жалғастырған болар. Бірақ менің санам уақиғаны дәл осы жерге дейін ғана ұғыныпты… …Бір кезде ғана қайнаға мен келіннің соңғы сөздері құлағыма шалынып мен селт етіп оянып кеткендей болдым…
Кәзір баяғы қамқорлық қолыңнан келмей жүр-ау шамасы, біздің інішек үйге тұрмайтын болыпты ғой – дейді, Төкең қайнаға.
Ініңді жасы толғанға дейін жөргегін жуып, мұрнын сүртіп он екі жыл күткен едім. Алла тағала қанағатым мен шыдамыма берген болар, оған он үш перзент сүйгізіп, жалғыз басын жүзден аса жан еткен едім. Мен бұлданбағанда ол неменесіне бұлданбақ? – дейді келіні. Үлкендік жеңген қарт кісі ұзақ сөйлегеніне шаршаңқырап қалғандай. Біраз тыныстап алып – бұл әңгімені тоқтаталық – деді. – Келгенің жақсы болды. “Жаман айтпай жақсы жоқ” –дейді екен үлкендер. Алты жасыңнан Алланың атымен айтып, құранның тілімен сөйлеп келе жатқан жансың ғой. Артықшылығы болмас, менің иманымды айтып кет. Төкең: ”Әрине артықшылығы жоқ” – деп алып, сай-сүйегіңді сырқырата кұңірене жөнелді… … Дәл сол күні Төкең үйіне жеткесін көп ұзамай артынан жасы жүз төрт жасқа жеткенде дүниеден озған Аймаш ананың хабары жетіпті… 26.01.2000 жыл. Ақтау.
ҚАЛЫҢСЫЗ ҚЫЗ
Ат шалдыртып, бел босатып алалық – деп, жортаққа бергісіз аяңмен айғыр топ алдында келе жатқан, дене мүшелері жасына сәйкес сұлулана толысып, мол денесіне ерекше сән бере бастаған сақа жігіт астындағы меңсіз торы тізгінін тежей берді. Желсіз күнгі қайықтай сырғанай жылжып келе жатқан аққу мойын торы – басы сыңар езулей тартылғанда тұяғын жиі-жиі түйрей басып, көп алдында көлденеңдей билеп – Мен әлі жүрістен жалыға қойған жоқ едім ғой – деген өкінішін байқатқандай. Табиғаттың ең сұлу жаратылысы жылқы малының құдіреттілігін танытар, ақыл мен ашуды араластырып құйғандай ғажайып көзі, осы жолы иесіне шатынай қарап, мені неге рахат жүрістен айырдың деген ренішін білдіргендей екен. Мына көрініс көкірегі сезімді жанға – даланың сәні әдемі атқа мінген сұлу жігіт те, өмірдің мәні дәл осындай сәйкестігі табылған жарасым ба – дегізері сөзсіз еді… …Атын сәл тыныштандырып алып, енді үзеңгіге көтеріле берген, қабақ жүні қалыңдау, шаралы көзінің жанары шырайлана қарайтын, кез-келген қазаққа бұйыра бермейтін, самайы мен иегінің арасын тұтастыра иесіне айбат пен көрікті қоса силап тұрған қаба сақалды, қою мұртты жігіт ағасын, сәл артта келе жатқан қағлез атқосшы лып етіп түсе қала, бір қолымен торы тізгінін, екінші қолымен – осылай боларын білгендей атынан сәл сабырлылық, сәл еріншектік таныта түскен, Бақажан байдың қолтығынан демеп те үлгерді. Ат тұяғына басылар-басылмаста иісі бұрқ ете қалған дала жұпары – сіздерге мекиен далаларыңды сағынышты ететін тек мен ғана – деп, ен табиғат ішіндегі ерекше қасиетін еске салып жатырғандай. Ал сол жұпармен көкірегін тазалап, бар өмірін тек қана сол жұпарларды жұтуға бағыштағандай бұл адамдар – бар тірлікті бір-біріне жақындастырып, бар пендені бір-біріне құштар етіп қоя алатын ғажайып сағыныш атты сезімдерін ауық-ауық осы қош иіске малып-малып алып, туған жеріне деген сағынышы еш уақытта көмескі тартпас, тірлік тұтқасы қанағат пен шүкіршілік деп санайтындар санатынан еді… …Бұл жылдың көктемі шаруаға барынша жайлы болып басталған-ды. Мына құмдақтау төбе де биылғы молшылықтан хабардар екенін байқатады. Шөп киелісі жусанмен араласа тізеден келер еркекке, толарсақтан асар мортыққа, белуарға жуық бұтаға бөгіп, қылтия бастаған әр бүрін жапыраққа айналдыра, сан бояулы гүлімен жер сәнін келтіре, бұ дүниеде тірлік етудің адам пендесі үшін соншалықты бақыт екенін көз алдына елестете, далада туып, даланы сүйетіндер сезімін ұшпаққа шығарардай боп көріктенген кезі екен. Даланың осындай кезін сағына күтетін бұл тойшыл топқа мына көрікті төбе керемет шат көңіл силай салды. Кенет бәрі де қауқылдаса жерді мақтап, биылғы көктем отына разылығын білдіре, “жер қожасы сенсің, жер отын шалатын да көбіне сенің малың” дегендей, Бақажан байға бағыттай сөйлеуге, естірте айтуға тырысып жатты. Туа сала біреуге табынып, біреуге пенде боп жүруге құмар, адамдар атты бұл тобыр да дәл кәзір пайда болған өздерінің рахат сезімді сәтін, қуанышты шағын түгелімен Бақажан байға силай салғандай еді…
…Қағылез жігіттің ауыздығы алынып үлгермеген торысы басы бостығын пайдаланып бір-екі шалып үлгерген екен. Ат езуінен еркектің көк зеңбіл нәрі тамшылай ағып, шөптің нағыз дер шағы, нағыз балауса кезі екенінен хабар бергендей. Ауызындағы шөп дәміне риза болып кеткендей, басын шұлғып-шұлғып жіберген торыға қарап Бақажан: “Алла тағаланың байлығы шексіз ғой, берейін десе дәл осылай жарылғай салады. Мынау маңайға биыл екі-үш ауылды қатар қондырса да міні құрамас” – деді. Қошаметшілер – қай кезде де өз міндеттерін мінсіз атқаратындар. Осы жолы да олар жалма жан жол тауып кетті. Шөп мол шыққан жылдары кейбір адай байларының айшылық Арқаға көшпек түгіл, осы тұрған Үстіртке шығып қонбай, Бозашыны жаз жайлап, қыс қыстап қалатын әдеттерін Бақажан сөзіне байланыстыра, олардың көшпеуі де Бақажанның ақылынан туғандай, шөптің қылтиып көгергені де Бақажанның іскерлігінен болғандай дәрежеге жеткізіп, Алла тағала адам пендесіне сиға тартқан “қызыл тіл” атты құралын аямай-ақ пайдаға асыра бастады.
Бұл әңгіме, әрине, түбінде Бақажанның Алла тағаланың сүйікті құлы, Қыдыр атаның пейілі түскен қасиетті жаны екеніне ойыса бастары сөзсіз еді… Ойламаған жерден бір жас жігіттің әңгімеге орынсыз кірісіп кеткені…
Мен жақын арада Қыр жақтан келе жатып Қызықтың көп құдығының бірінен ат суардым. Сағындық байдың сансыз құлаларының тұяғы мен тісіне төтеп бере алмаған-ау деймін, шамасы. Яншейінде жайқалып тұратын Қызық маңы биыл жұтаң секілді екен. Қырдағы ел де, ойдағы ел де кәзір Сағындықты қатты байып кетті деп жүр ғой. Үстүрттегі өзінің көш жолынан ондаған жаңа шымырау қаздырып жатырған көрінеді – деді. Жігіт өз аузына кездейсоқ түсіп кеткен, ойланбай айтқан жалғыз ауыз сөзінің тек қана бұлардың әңгімесінің желісін емес, жалпы биылғы ел тіршілігінің қарекетіне де өзгеріс енгізіп жібертінін қайдан білсін. Жігіт сөзін ешкім қостай қоймады.
Бақажан түсінен бұл әңгімені көп жақтыра қоймаған кейіп байқаған Бәубек – биыл ол маңның жаңбырсыз болғанын, ал Алла тағала жаратқан ырзық пен байлықты мал мен жан пайдаланып тауысады деу ақылға қона қояр ма екен – деп, Сағындық бай атағына айтылған жігіт мадақтауын есепке алынбайтындай етті. Үлкен кісілердің ауыздарынан шыға бермегенмен көкіректерін бықси тұтап ыстап жататын – байлық пен бақыт жолындағы, атақ пен даңқ жолындағы бәсеке атты жұмбақ жарыстарынан хабары жоқ, Бәубек сөзінің төркінін де толық түсінбей қалған жас жігіт енді Сағындық байдың “Ағой”, “Қызық” атты мол сулы құдықтарын мақтап кетті…
“Тәңірім Бозашыға өзен бермесе де жер асты суын жаратарда пейілді болған болса керек. Сағындық құдықтары ешқашан сарқылмайды дейді ғой” – деп, Бәубекке ұнамай басталған әңгімені ушықтыра түсіп, өзінің көп алдында көсемси сөйлеп отырғанына мақтанғандай, жан-жағына тоқмейілси қарады…
Не дейді мына патшағар!.. Мені келемеш қылғандай ұтылап соғып!.. Кезек-кезек пайдаланылатын көп құдық сарқылушы ма еді. Ол түгіл өзіміздің Қарақұдық күні бойы қауғалағанда бір елі ортаймайды емес пе! Соны көрмей біреудің құдығын, біреудің байлығын сөз ғып… Ал біздің естуімізше Бақажан торылары сіздер мадақтап отырған Сағындық құлаларынан екі еседей көп. Мақтауға тұрарлық өз жақсыларың тұрғанда өзгені ұлық тұтуға шеттеріңнен құмар-ақ екенсіңдер. Біздің Бақажанға тең келер бай кәзір Бозашы түгіл бүкіл Маңғыстауыңнан табыла қоймас. Мақтаншақ деп өсектейсіңдер мені, қалай мақтанбассың!.. Біздің ауылдың Қияқты жағынан суға шұбырған жылқылар ізінен пайда болған жолдың тереңдегені сонша, кәзір құлын-тай көрінбейтін болыпты. Жақында аттан түсіп бір шаруа бітіріп тастайын деп бел шешіп отыра қалсам, жол жақтағы бұталар арасынан бір нәрсе қылт-қылт етеді. Бү не ғажап деп таңданып, қозғалмай сығалап отырмын. Бақсам – өз аулымыздың жалын күзеуге ұстап қалған, енді өріске кетіп бара жатырған тайлары екен. Жол тереңдігінен бойлары көрінбейді. Бұта арасында жасырынбақ ойнаған балалар басындай боп, қылт-қылт, жылтжылт етіп өтіп жатыр, өтіп жатыр… Соларды елемей Сағындық бай екен, “Ағой” сулы екен, “Қызық” от екен деп даурыққандарыңа таңым бар. Тек қана байлық емес жомарттығы пен мәрттігі жөнінде де өзіміздің Бақажан байға тең келер ешкім жоқ, кәзір!.. Бұлар адамның аузын орынсыз қыздырады осындайда…
…Бір қызса тоқтауы қиын Бәубекті осы шамадан кідіртпек болғандай, орталарындағы жасы үлкен қарттың қамшысына қолын созғанын байқаған Бақажан орнынан жеңіл тұрып, жүретіндей ыңғай танытқанда, басқалары да дүр көтеріліп аттарына бет алысты… …Ауқамды топ түске жақын атақты бай ауылға жай аяңмен, жан-жағын зерттей барлап, сынай қарап жақындай түсті... …Айрықша құрметке ие Бақажан бай, қасындағы төрт-бес кісісімен, өздеріне арнайы тігілген ерекше сәнді отау төрінде үйген шоқыдай тіп-тік боп, жинақы молдас құрып, босаға жақта қымыз сапырып жатқан күтуші жігіттерге қиялай көз жүгірте, үнсіз отырып қалыпты.
Әзірге саба ішіндегі жігіттер желін шығара, аяусыз піскілеп жатырған қымыздан тарқаған, сәлден кейін ауызға тиісімен тұла бойыңның райысқа, жан-дүниеңнің ләззәтқа бөленетіндігінен хабар бергендей болған жұпар иіс, үй ішін керней, жұрт пейілін еріксіз өзіне аударып алған. Қымыз құмарлардың тағатын таусарлықтай ұзақ сапырылып, шабандау құйылып, әдейі асықпай ұсынылып отырғандай болып көрінген қымыз толы зереңдер де міне енді қонақтар қолына тие бастады. Бұл өңірдің отын оттаған малдың еті де, сүті де ерекше дәмді болатын. Сүр қазы салынып бапты дайындалған қымыз толтырыла құйылған сырлы зереңдер – қонақтар аузынан күтушілер қолына екі-үш рет тынымсыз ауысып барып саябыр тартқан шақта – жол соқты боп, сусап келген кісілер кәдімгідей тыңайып, қымыздан басқа да бұ тіршілікте ойлайтын ойы, істейтін ісі барлығын еске түсіргендей еді…
…Маңғыстау елін түгел шақырып өткізілетін ұлы тойлар қарсаңында бұл ауыл осы өңірді аса қорғап, бұл маңайға мал түгіл дала аңының тұяғын да тигізбейді екен деп аңыз етісетін. Қорылғаны байқалып-ақ тұр. Көптен бері құйқасына тұяқ тимеген шұрайлы жер жомарт жанның дастарханындай тым ырзықты, тым пейілді…
Сәл суға тапшылығы болмаса бұл маңай Бозашының ең бір шұрайлы жері ғой. Биыл шөптің қалыңдығынан ат сүрінгендей екен – деді, төрдегі егде кісі, қасындағыларға басталар әңгіменің желісін тартып бергендей боп. Бірақ Бақажан байдың сол жағында отырған Бәубек: Бұл ауыл бізді қымыз іздеп келді деп ойлап қалғаннан сау ма?.. Келгелі сүт пісірім уақыт өтті, жол болсын айтар, мал-жан амандығын сұрар бір есті жан болмағаны ғой, сірә, бұл ауылда? – деп, қымыз сапырыып отырғандарды барлай қарап қойды.
Бәке, аз сабыр етіңіз! Ондай өкпені үйге кірген бойда айтпадыңыз ба? Мына бал қымыз дәмі ауылдың бір шалының сәлемінен кем түсіп тұр ма? Өкпеңіздің есіңізге қымыздан кейін түскені қалай?.. Бақажан ағасын сабырға шақыра, әңгімесін әзілге айналдырғандай боп, жымия күлді. Сол жылы шырайын өзгертпестен оң жағына қарап: “Бәкеңнің ешкім жоқта бойдағы желін аздап шығарып қойғаны да дұрыс. Яйтпесе, бұ кісі осындай жиында әуелі бір бұрқылдап, тасып алмаса көңілі тыншымайды” – деп, тентек аға мінезіне көп мән бермейтіндігін байқатты.
Төрдегі қарт, Бәубектің осындай жиында талай ұрындырып, қапы соқтырғанын Бақажанға да, басқаларға да ескерте кетейін дегендей: “Ағайынға бұлданбаған дұрыс. Ағайын шаруасына атсалысу барлық кісі міндеті. Ал “Атсалысу” деген тек қана қолдап қызмет ету немесе санап мал бөліп беру емес, ол – барға қанағат қылу, ықыласқа ыразы болу, кеткен азды-көпті кемшілікке кешірімшіл болу да. Айтпақшы, Бәубек, өзіңнің де бір тойыңның арты төбелеске айналып, масқара болмап па едік, бір кезде” – деп, оны тыныштыққа шақырғандай кейіп танытты. Бәубекке бұл сөз тура басына қамшымен тартып жібертендей әсер етті.
Ау, ақсақал! Мен бұралқы тоқты емеспін! Мені өз қораңа қарай жетектеп әуре болма! .. Оындай жиында айғызың қанғанша бір салғыласпасаң, той тарарда құлашыңды кере бір қамшы сілтеспесең – онда ол той емес босына өткізген уақыт тағы. Оларсыз тойдың қызығы бола ма?.. Ал қызық дегеннің өзі айта жүрерліктей, еске түсерліктей уақиғалар емес пе?.. Құдай сәтін салса бұл тойдың соңы да солай аяқталар… Шырағым, сенің дертіңе дауа жоқ екен. Ал төбелестің делік. Ал бас жарылып, қол сынды делік. Сонда оның арты жалғасқан дау, бітіспес араздық емес пе?.. Оны ойлап көрдің бе?..
Ауылда күнде кездесетін дау мен төбелесің, алыста анда-санда еске түсірер қаскөй жауың мен қасың болмаса жұртқа ер не үшін керек, елге би не үшін қажет?.. Қамшы сілтесінен ұлыңның қажарын, сөз саптасынан биіңнің шамасын байқайсың!.. Арты дауға айналады екен деп неге қорқасыңдар, даулассын анау билерің! Қиыннан қисынын тапсын. Жеңсін де ел мерейін
тағы да бір көтеріп тастасын!.. Оны ойлағандарың бар ма?.. Бәубек шынымен қызына бастағандай… Қамшысын құшарлана қысып, күнәкәрінің бетін анықтап көріп алайын дегендей, Бақажанның арғы жағында отырған өз аулының қариясына шатынай қарағанда, көзі жолшыбай Бақажанға да түсіп кетіп есін жиғандай, қолындағы қамшысын ірге жаққа тастай салды… Бақажан сыр бермей, бұрынғысынша жымиған күйі: “Жарықтық қасиетіңнен айналайын осы қымыздың біздің Баукеңмен қалай достасып жүргенін, екеуі бірігіп алса болды ешкімге жеңістік бермейді” – деп, болып өткен жаңағы қақтығыстың тігісін жатқызбақ, жуып-шайғмақ ойы бардай.
Бақажанның Бәубекті қағыта сөйлегеніне арқа таңғандай болған ауыл ақсақалы енді Бәубектің жүзінен көзін тайдырмай ажырая қарап отырып: “Адайдың өзің сияқты бір шатақ шалы көршісінің бір лақтық дауын, дау иесінен бір лаққа сатып алып, ақыры сол дауды екі рулы елдің қырылысына жеткізгенін ұмыттың ба?.. Сол дау шешілгенше ондаған адам өлген болатын. Билер деген, шырағым, сондай дауды даулау үшін емес, елді сондай жағдайға жеткізбеу үшін қажет” – деп, торыға күрсінді де, тез қайта жалғап: Айтыңдаршы, содан артық қандай сабақ керек сендейлерге!..
…Бәубек жүзінен қарт сөзін толық тыңдады-ау, тыңдаса түсінді-ау деп дәметерлік белгі сезіле қоймағандай екен… …Үйдегілер, оның ілгері ұмсына түскенінен, түрулі есіктен өткізе дала кездіріп жіберген жанарының бір нәрсеге мықтап қадалып қалуынан, ауыл алдында осы үйдегі қысыр әңгімеден маңыздырақ бірдеңелер болып жатқанын байқалғандай болды…
Мінгендерінің құласы көбірек екен, Сағындық ауылы болар – деп, өзімен-өзі сөйлескендей жай ғана күбірлеген Бәубек, кенет, жұлып алғандай ғып: “Біздерді тазыдай жылмаңдаған үш-төрт қызметшілері қарсылап еді, Сағындықтың алдынан бүкіл елі боп, тайлы-таяғы қалмай шұбырды ғой” – деп, сыздана шыққан даусымен, ішінде жатқан наразылығынан да хабар беріп үлгерді.
Сен, осы ауылдың ағайыны екеніңді ұмытып кеткеннен саумысың? Біздер сол қарсы алушылар ішінде жүрсек те ерсілігі болмас еді. Бұлданудың да, ілік іздеудің де жөні бар, ауа жайылмай, жөнге көшіңдер. Ағайындар ана қонақтарын да біздің үстімізге кіргізер. Жүріс бағыттары соны байқатады – деп, Бақажан аулының ақсақалы біртүрлі жинақталғандай, қарсы алуға дайындалғандай, тіпті қауіптенетіндей кейіп танытты…
…Бір топ адам бұлар отырған еңселі ақ отауға қауқылдаса амандық сұрасып, дабырласа сөйлесіп жақындай түсті. Бар назарлары соларға ауған үй ішіндегілер де тым-тырыс бола қалған. Есіктен сәлем бере кіріп жатқандарға іштегілер орындарынан тұрып ілтипат көрсетті. Енді араласып кеткен қонақтар жастарына, дәрежелеріне сәйкес үй төрінен бастап екі жағына орналаса бастады… …Мал-жан амандығы сұралды. Қоныс оты мақталды. Алла еске алынды... Бергенге шүкіршілік етілді. Барға қанағат қылынды. Тойға құтты болсын айтылды… Сөз сарқылғандай, сұрақ таусылғандай…
Байлар мен билер, жақсылар мен жайсаңдар деп атақ алған мәртебелі жандар қатысып отырған бұл жиыннан келелі кеңес, өнегелі әңгіме күткендей болған үй толы жан тыныштала қалыпты… …Маңғыстаудың Бозашысын Адай тайпасының Жары және Жеменей деп аталатын тақталары жайлайтын. Қоныстас рулар бір-бірімен атамзаманнан нағашылы-жиенді болып кеткен, әзіл-оспағы жарасқан, тату-тәтті ел болатын. Бақажан мен той иесі Қоштай Жарының Тәстемір, Дәулеталы арыстарына жатса, Сағындық ауылы Жеменейдің Бәйбіше тақтасынан тарайтын. Тыныштықты алғаш бұзған Бәубек болды…
Ау Бәйбішелер! Не үнсіз қалдыңдар?.. Тойға келген жоқсыңдар ма?.. Ялде сіздерге бұл той емес садақа деген хабар жетіп пе еді?.. Бәсе, жаңа топтарыңның ішінде бәйгі аттары көзге ілінбеп еді… Жаңа келген қонақтардың бірі мырс етіп күліп жіберді де: “Пай, менің Бәубек нағашым тебеген шағыр биеше құлағын жымитып отыр екен ғой!.. Сақ болалық.
Сәл қалғып кетсең құлақшекеден темір тұяқ сарт еткелі тұр екен, ашуы бар сияқты ғой!” – деді. Менікі ашу емес ыза! “Қап бәлем!”– деп қанша тырыссаң да түк шықпайды. Кей-кейде зығырданың қайнайды. Мына Сағындық біреудің бір қотыр тайын алдап алғаннан бері бұ маңайдың асы ас болудан, тойы той болудан қалмады ма? Кәзір басқалардың бір-бірінен сұрайтыны – Сағындық ат қосады ма екен? – деген сөз. Асқа барсаң да, тойға барсаң да Сағындықтың аты. Маңғыстауда қалдырып қоссаң да, Арқаға жеткізіп қоссаң да осының аты!.. Құлағына сыбырлайды, ерініне жыбырлайды дей ме, тезегін искеп, терін татып қарайды дей ме, әйтеуір бұл ат қосса басқаға дәме жоқ. Елді бұздың, жұрт сенің қырсығыңнан ат жаратудан жалыға бастады. Дем алсашы, басқалар да еңбегінің жемісін көрсін, ат оздырып елін қуантсын!.. – деді, тым орынсыз кінә таға, нағашылығын бұлдай сөйлеген Бәубек. Сағындық оның бетіне таңдана қарағанмен еш жауап қатпады. Ыңғайсыздана бастаған Бақажан:
Көңілдеріңе алмаңдар! Баяғы өздеріңнің тентек нағашыларың емес пе? Дегенмен бәйгі аттарың көзге шалынбады ғой – деді. Ошақ жарысқа, құнан жарысқа дайындаған бір-екі жас жылқылардың жағдаймен олар бұл маңға кешірек жетер. Ошақ жарысты жарыс деп ат жаратқан кімді көрдіңдер?.. Яркім астындағысымен қосыла салмаушы ма еді? – деп, Бәубек мырс ете қалды. Ошақ жарыста ат оздырмаған – аламан бәйгіден алапа аламын деп дәмеленбесе де болады – деген Сағындық сыншы сөзін той иесі де мақұлдай кетті.
Жарыстың бәрі бәсеке. Бәсекенің үлкен-кішісі болмас болар. Ол біреуді қапы қалдырып, ұрындырып кетсе, біреулерге атақ пен абыройды үйіп-төге салады. Ал ұтқан кісі тек өз басына емес, бүкіл еліне қуаныш шашпай ма? Сағындық ақсақалдың бұл өнері тек Бәйбішелер мен Жеменейлердің ғана емес бүкіл Адай мәртебесін сан рет үшпаққа шығарып еді-ау!.. Бірақ бұ күнде ел сол үшін оған рахмет айтудың орнына оны халық алдында сөге бастапты ғой – деп, дөңгелете қиған мөлдір қара сақалын
салалы саусақтарымен бір сипап өтті… Қоштай беделді де атақты адам. Атақты болуына жомарттығы мен байлығына қоса оның кербездік, мәтөктік қасиеттерінің де әсері аз болмаған сияқты. Қоштай туралы адам нанғысыз қызық әңгімелер көп болатын…
…Қоштай нағашыларына көрісуге барыпты. Жиенінің керіктігін әрі силап, әрі әзілге қосқан нағашысы: ”Жиенжан сен келеді дегесін ескі жұрттың иісінен жиіркенер деп таза жерге ауып қондым, ескі құдық суынан жерір деп жаңа құдық қазғыздым. Құдық суы тереңнен, тас астынан шықты. Тазалығына, дәміне мін тақтыра қоймас. Бие етінен ұшынар деп қонақ асыңа құлын сойғызып жатырмын” – депті… Алдына келген шәйден бір ұрттап қоя салған жиен қылығынан секем алған нағашысы: Не жаздық, жиенжан! – десе, – Суларыңда өлексенің дәмі бар екен” – деп, жауап қатады жиені. Жаңа қазылған құдық суында қандай өзге дәм болушы еді – дейді нағашысы.
– Маңында өлген малдың қаңқасы жатқан болар – дейді жиені. – Ойбай-ай, өлексе түгіл қу сүйек те жоқ болатын!.. – деп, ақталмақ болады, “мәтөк жиен” нағашысы. – Байеке, төрт-бес жыл бұрын біз осы жерді қыстап, сол маңға біраз мал өлімтігін көміп едік – депті, сол кезде, ауылдың бір адамы… …Қоштайдың жастау шағында, бір атақты адайға ас берілетін болып, оның сол асқа үй тіккені туралы да ел аузында қызық әңгіме бар. …Ас өтетін жерді өзі барып көрген Қоштай: “Мал тұяғы тиген бойда ала шаңға айналып кететін жер екен. Үйімізді өзіміздің Бозашы құмына тігелік” – деп, өз жерінен бір керуен құм алдыртыпты…
…Сол атақты Қоштай, той иесі Қоштай, назарын Сағындық бай аулының адамдарына көбірек салып, солар көңілін көбірек аулағысы келіп отырғандай. Соны байқаған ауыл ақсақалдарының бірі: “Сәке, сіздің бапкерлік өнеріңіз, сыншылық өнеріңіз елдің сүйіп айтатын әңгімесіне айналды. Сіз кездесіп қалған қойшының бір арық тайын бес байтал беріп, бұйымшылап сұрап алып жүйрік ат етіпті деп естиміз. Мен Алла тағаланың осындай ісіне қатты таң қаламын. Сіздің мыңыңыздан табылмаған өнер қойшының бірінен табылатыны қалай?” – деп, әрі сыншы өнеріне сүйсінгендей, әрі Тәңір құдіретіне табынғандай болды.
– Қас жүйрікке тапшылық қашаннан өмір заңы. Бағы бардың бәрі көсем бола алмас, жағы бардың бәрі шешен бола алмас... Тұяғы бардың бәрі тұлпар ма, қанаты бардың бәрі сұңқар ма... Содан да болар аталарымыз – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар – деп мақалдапты. Алла тағала жаратқандарын қойшының бірі, байдың мыңы деп ауыл-ауылға бөліп отырады деймісің. Қойшының жалғызы да тұлпар шығар мың санатында болатын болғаны ғой, шамасы – деп, біреуге жауап қатқаннан гөрі өзімен-өзі сөйлескендей болып, ой толғап кетті, Жары аулының биі. Өзіне ұнамды сөйлеген ауыл ақсақалына Сағындық кеішігіңкіреп жауап қаттты.
Ел ішінде бір жақсы болатыны сияқты, мал іші де жүйріксіз болмайды, тек қана оны тани білу қажет. Қиындықта, ел басына күн туғанда жарқ ете түсер, әншейінде көптің бірі боп танылмай жүре беретін ер жігіттей, ел назарына ілінбей, өмір бойы бағы жанбай кететін мал асылдары да жетерлік. Жақсы – жас кезінде көзге түскіш. Тек денесімен емес қылығымен де, қозғалысымен да ерекшеленіп тұрады. Жалпы малда да, адамда де қасиеттілер көп қой!.. Адам болар баланы кім іздеп, арғымақ болар тайды кім сұрыптап жатыр?..
Сағындық байлығын ерекше дәріптеудің сәтті кезеңі туғанын дөп басқан ауыл қарты: “Байеке-ау! Ағой мен Қызық арасына симай жатқан сіздің құлаларды аралап сұрыптап шығуға кісіге бір жыл керек болар, ал сонша малды сыншының көзімен қарап шығуға бір кісінің өмірі жетер ме? – деп, әрі мақтай, әрі қоштай әңгімеге араласты. …Бірде би, бірде бай, бірде той егесі сөйлеп, олар сөзін бұза-жара өңмендеуге һәм иба ғып, һәм сескеніп зорға шыдап отырған Бәубекке жай ғана ауыл адамының әлгі сөзі ыссы темірге су шашқандай әсер етті. Бәубек “шаж” ете қалды…
Бұ не өзі?.. Мынау маң далада Сағындықтан басқаға мал бітпегендей!.. Мынау аспан астында Сағындықтан басқа жан жоқтай?..Келгенімізге ет пісірім уақыт болды. Бірі Сағындықтың өз басы дейді!.. Бірі Сағындықтың құласы дейді!.. Сонда немене?.. Бозашыда Сағындықтан басқа жан қалмағаны, құладан басқа мал қалмағаны ма?.. Сағындық тумай тұрғанда да Бозашы жер атанған, адайлар бай атанған!.. Біздің Бақажан байдың Сағындықтан жылқысының екі есе, түйесінің үш есе, уақ малының бес есе көп екеніне бәс тігемін… Тұрдым мен соған! Ал кәні бай болсаңдар, батыр болсаңдар тұрысатын жерлеріңді айтыңдар!.. Мен ендігі жерде ноқталап қойып басыңа ұрғандай еткен бұл әңгімелеріңе көне алмаймын!.. Сағындық құлалары Қызықтың ойын толтырса, Бақажанның торылары Қызаннан Қияқтыға дейінгі, Қаражамбастан Қаламқасқа дейнгі ен далада құмырсқадай қаптап жатыр. Бақажанға тең келер бай бұ кезде сендердің бір ауыл бәйбішең түгіл ен адайыңнан табылса жарар еді?.. Кәне қайсың бар бәсекеге түсетін?..
…Сөйлеген сайын үдей түскен Бәубекке – үнсіз тыңдаған халықтың назары әсер етті ме, жонына қамшы боп тиер қарсылық сөз жетпеді ме, әлде айтарын айтып болды ма, әйтеуір, өзеурей бастаған сөзін кенет шорт үзді… Бәубек сөзге жармасқаннан-ақ, “бір жарға жығасың-ау” деп қауіптеніп отырған Жары биі үзілген сөзді тез жалғап әкетті. Елде бардың да, байдың да көп болғанына не жетсін. Жарлыжақыбайға сауынға мал беретін, жаяуға көлік беретін солар емес пе?..
Жомарттық пен сақилық тек қана бардың қолынан келер. Сондықтан бармын, баймын деп мақтанған да, жақсымын, жомартпын деп кеуде қаққан да теріс емес. Бәрі де елді жақсылыққа бастар әңгіме. Ен далада кездескен екі қазақ жөн сұрасқаннан соң “мақтанарлық” кімің бар дейді. Елдің сондайда бетке ұстарлары – батырлығы мен өнері үстем болған, байлығы мен билігі ел қадесіне жарағандары. Сондай кезде ел атына сөз ермесе, жігіт бетіне шіркеу түспесе деміз – Қоштай дейміз, Сағындық дейміз, Бақажан дейміз. Бермесе
де бай жақсы, жемесе де май жақсы. Арқа жақта, байлық салыстырып айтысып отырған бір ақынымыз мына Қоштайдың белдігін мақтап “Адайдың бір жігітінің белінде алпыс нардың құны бар” – десе, жер шеті қиянда жатқан Ұлы Жүз Үйсін Сүйімбай ақын қырғыз Қатағанмен айтысқанда: “Адай деген бір елім, о да менің бек елім. Желісінде алпыс аруана боталаса, маңдайы тайпақ кедей деп, сықақ қағып күледі” – дейді. Сонда Сағындық пен Бақажан байлығы тек қана өздерінің емес исі қазақтың ортақ қазынасына айналып кетіп тұр ғой. Оған Жетісуда жатып Сүйімбай ақын мақтанып жатыр. Міне елдің негізгі байлығы осы – Сағындықтың да, Бақажанның да байлығына мақтана білу!.. Ондай кісі бәрінен де бай, күншілдің көрген күні құрсын, ол бір “қоркөкірек” жан дағы… Міне солай, байлық тек қана айдаған малмен есептелмейді”… Жеменей биі Жары тентегінің бір теуіп қақ жара жаздаған ортақ астауын жамап-жасқап қайта пайдаға асатындай еткен еді…
…Әншейінде әзіл ретінде айтылып, сол күйінде қабылданылатын жәй әңгіменің аяқ астынан дауға айналып кету қаупі туғандай. Ыңғайсыз әңгіменің өз тойында, өз үйінде басталғанына өзін кінәлі санады ма, әлде тыныштандырғысы келді ме, Қоштай бұрын көп елей бермейтін Бәубекке қарап сөйлеп, тіпті ақталғандай болып отыр.
– Бәуке! Сіз мені кінәлап отырған секілдісіз. Менде жазық жоқ еді. Екеуі де қонағым. Бірін бір ата жақын деп ішке тартып, бірін бір табан алыс деп сыртқа теуіп отырған мен жоқ. Сіздің жаңағы сөзіңізге осы отырған екі бай онша назар аудармаса да, қасындағылар айрықша мән беріп, енді үлкен әңгімеге айналдырады. Мен тойыма шақырып алып ондай жүк арқалатып жібере алмаймын. Жәй әңгімені дау дәрежесіне жеткізіп отырған сіз. Екі байдың кісілігін қандай шеккіге саласыз?.. Байлығын қалай өлшестіріп шығасыз?.. Қайсысының салмақтырақ екеніне, қайсысының құндырақ шыққанына қалай баға бересіз?.. Бастаған өзіңіз, өзіңіз аяқтап тастаңыз..
…Бәубек шаңқылдап шатақ сөйлеп қана үйренген жан болатын. Өзіне арналып сабырлы айтылған әлгідей ұзақ көсем сөзге бірден жауап таппағандай біраз кідіріп барып тамағын кенеді… Қасында отырған Бақажан оның тізесіне қолын салып тоқтатты да: – Тойда қымызға тойған адамда көтеріңкі көкірек болатыны әуелден де белгілі нәрсе ғой. Бәубектің әлгі сөзінен бәріміздің де сескеніп қалған сыңайымыз бар. Ел жағдайын ойлаған адам солай етер. Ал мына Баукең өз басына біткен “қоркөкірек” атана ма, ел басына біткен “соркөкірек” атанда ма, елден сыбағасын ақыры бір күн алып тынар. Ал мен, Сағындық ағаны өзім ес жиғалы қадір тұтып келемін. Онымен бәсекем де, күншідігім де жоқ. Бірақ ендігі жерде “Бақажан ағасын айдап салып, Сағындыққа ауыр-ауыр сөздер айтқызыпты” деген әңгімеден қорқамын. Жаңа би ағамыз байлықтың тек қана айдаған жылқымен өлшенбейтінін айтты ғой. Халық Бәубек айтыпты демейді Тәстемір Жарылар солай дейді екен дейді. Күнде қыз алысып, қыз берісіп отырған көрші, ағайын ауыл арасында бетке шіркеу түсірерлік кіреуке қалмасын. Қоштай, сен, өзің екі ауылдың да арына тимейтіндей етіп, осы басталмаған дауды, ара ағайын ретінде тындыр!.. Ел
арасында кейін әңімеге айналып, қасиетті аталар аты орынсыз датталмасын. Өлшемін тауып өлшестір!.. …Аяқ астынан барлық салмақ Қоштайға түскендей болып қалып еді… …Нар тұлғалы, көрікті кісі жайлап төңірегіне ойлана көз тастап, өзіне қадала қалған көп жанардан жылы сезімге бөленгендей келбетті жүзі біртебірте жадырай түсті. Езуден басталған жымысқы күлкі ұлғая келе қас пен қабаққа жеткенде жарқ ете қалған көзі бір қызық шешім тапқанын байқатқандай…
– Жарайды, ағайындар!.. Екі жақ та билікті маған бере ме?.. Олай болса біздің ауылда осы жұртта жақын арада тағы бір той болады. Мен сіздерге ол тойға енді хабаршы жібермеймін, дәл кәзір өзім шақырамын. Бірақ сол той қонақтарынан бір сұрағым бар. Екі ауылға да бірдей талап. Бақажан малының дені торылар. Сол тойға Бақажан қасына ергендер – ені де бірдей, меңі де бірдей кілең торы дөнен мініп келсін. Ал Сағындық бай малының дені құла деп жатыр ғой. Олар да атаққа шыққан көп құлаларынан ені де меңі де бірдей құла дөнендерін дайындасын. Кімнің тобы көп – сол бай, сол атақты!.. Ал Сәке, ал Бақажан сіздерге осы шарт әділ болып көріне ме?.. Келісесіздер ме?.. Келіссеңіздер, менің ойымша, бұл нағыз жарыс, нағыз бәсеке… Бұл жарыстың ел айта жүрерліктей бас жүлдесі болуы шарт. Оны осы кезден хабарлап қойған дұрыс болар. Сәке, жолыңыз үлкен, силы ағасыз, жолды сізге берелік…
Сағындық жай ғана: “Шырағым, бармын деп те, баймын деп те мен ешқашан мақтанбаған кісімін, әрі оларды біреумен салыстыру деген ойыма да кірмепті. Жарлы десеңдер де көне беремін. Өздерің бастап, өздерің қоштап жатыр екенсіңдер. Бақажан не айтса сол болсын” – деді. Бәубек шатақтың орынсыз кінәлауынан ағайын көңілінде кір кетпесін деп қоштай салған бір ауыз сөзі, енді өз басына зіл салмақ боп қайта оралып, өзінің кісілігі мен тұлғасын таразыға тартар сынға айналып кеткендей болды. Бақажан ойланып отырып қалды.
…Қоштайдың – өз жүзінің нұрлылығын мақтан тұтқандықтан пайда болғандай кербездік, өзінің күш-қуатына сенгендіктен пайда болғандай батылдық, ұтымды сөйлей алатындығынан туындар өзіне деген сенім қасиеттері – оның қимылынан, іс-әрекетінен, аузынан шыққан әрбір сөзінен сезіліп отыратын. Сазды қоңыр даусымен, қалай орнағаны белгілі тыныштықты бұза “е..е” – деп жан-жағына қарап алды да, кенет Бақажанға қадала қарап: “Ал, Бақажан! Яңгімені бастаған өздерің, тоқтамы да өздеріңнен болсын. Сенің байлығың да, тапқырлығың да, қала берді кісілігің де тап осы арады сыналады, айт! – деді, қайрағандай боп.
Бақажан да ойын жинақтап үлгерген екен: “Қалыңсыз қыз беріселік!” – деді. …Ойда жоқта басталған әңгіменің арты қайда соқтырар екен дегендей, демдерін байқатпай жұтып, үнемдей шығарып отырған үй толы адамдардан Бақажан шешімін естіген шақта, бәрі бірден күрсініп қалғандай, ерекше дыбыс шықты… …Қалыңсыз қыз!.. …Атақты байлар ажарлы қыздарына тоқсан жеті сұрайтын!.. ...Тоқсан жеті байтал…
…Келеңсіз Бәубектің қымызға қызып тудырған дауы екі байдың біріне бес үйір жылқы болып шыққалы тұр… Бәрі де дыбыссыз. Бәрі де кезек-кезек көршілеріне қарасып, бұл шешімнің парқын көрші көзінен іздейтін секілді… Бір шама уақыт өткеннен соң барып, өздерінің жеңетініне көзі жеткендей болған Бәубек: «Енді бұл сөзді аяғына дейін жеткізіп тасталық. Берілер қыз байлардың өз сүйегінен бе, әлде ағайын да жарай бере ме?.. Күйеу кім болмақ?» – деп, уақиға тұтқасын қайтадан қолына алғандай боп.
Сәл әзілге сиярлық бұл әңгіменің осынша биіктеп кеткеніне таңданған Сағындық бай Қоштайға қадала қарап қалған екен. Қоштай жүзі нұрлана түскендей… Болашақ қызықты кәзір көріп отырғандай… – Ақсақал, Бәубектің мына сөзіне не айтасыз – деп еді. Ол ойланбастан: “Құдайға шүкір, немерелер жетісті ғой” – деді де үнсіз қалды. Бақажан да сол ойды қостайтынын білдіре: “Біздің ауыл да бой жеткен қыздан, ер жеткен ұлдан құр емес. Құдалық өз басымызда болсын” – деді. Жұрт назары қайтадан Қоштайға ауысыпты.
…Бә..ә..рекелді!.. Қоштай бұл сөзді соншалықты рахаттана айтқандай болды. Бәйбішелер тобындағы сәлделі кісіге: “Ал молда-еке! Екі бай келісімін батаңызбен бекітіп, құран сөзімен қасиеттеп тастамайсыз ба?” – деді. Молда ұлқсат сұрағандай, Сағындық бай мен оның қасындағы биге кезек-кезек көз тастап, екеуінен де құптарлық ишарат байқағандай боп “бисмиллаһи р-рахмани р-рахим…” деп, құран сүресін бастап кетті. Құран оқылып, бата беріліп, “Аллаһу акпар, Әмин!” деп, беттерін сипасуы-ақ мұң екен, бұл тосын уақиға туралы хабар – “құйынның құйысқанына қыстырыла”, “желдің жалына жабыса”, “аттың тұяғымен”, “адамның аузымен” – әрбір дөңнен дәм татып, әрбір ауылдан ас ішіп, әр қораға қонақ боп – Байтақ Маңғыстаудың Ойы мен Қырын аралап кете барды…
…Сағындық байды енді қайда барса да жұрттың мүсіркей қараған жанары қарсы алатын. Кездескендердің көзінде қалатын – “неге келістің?” деген сұралмаған сұрағы мен “енді қайтесің?” деген көмейіндегі көмескі үні бұған маза беруді қойды. Ал кейбір ақкөңіл аңқылдақтардың : “Апырмай, Жарылар бірі бастап, бірі қостап, біздің аңқау шалды оңдырмай түсіріп кеткен екен. Кейін айнып кетпесін деп батасын да әдейі бәйбіше молдасына оқытыпты ғой. Қалыңсыз қыз беріп сүйегімізге таңба болатын болды! – десіп жатқанын құлағы шалып та қалып жүр…
…Біраз күн лаулай түсіп барып екпіні сәл саябыр тартқан шақта маңайдағы бар ағайынға Сағындық шапқыншылары байдың қонаққа шақырып жатқандығын жеткізген еді. Ағайын түгел жиналыпты. Қонақ асы да берілді. Аяқ астынан неге шақырылғандарын түсіне алмай, байдан басталар әңгімені күтіп отырыңқырап қалған ағайынға Сағындық: “Ағайын мен сіздерге бір салмақ салғалы отырмын. Қоштай тойындағы уақиға туралы естіп жатырсыңдар. Бақажанның торылары қанша көп болса, Жарылардың өскен-өнген ауыл екенін өздерің жақсы білесіңдер. Оларға сан жағынан жету қиын болар, бірақ ұтылғанда да ұяттан ұтылмау жағын қамдағанымыз дұрыс.
Менің бұйымым – бәрімізде сол тойға қатысалық және мініс ат менен болмақ. Бүгіннен бастап жылқы аралаңдар, таңдаңдар, жуасытыңдар. Ел алдында құйрық-жалымыз шолтиып, күлкі болып қамау жағын ойлаңдар” – деп, тағы да нақты-нақты тапсырмалар берді. Содан бастап бәйбіше ауылы түгел атқа қонды…
…Рулары “Бәйбіше” аталғанымен бұлардың сол аттас аталары жоқ бұл адай тайпасы өздерінің рулық шежіресін былайша тарататын-ды: Адайдан Бұзау, одан Айтумыс, Айтумыс бәйбішесінен Шылым, Шылым бәйбішесінен Жан, Жан бәйбішесінен Меңдіқұл, Меңдіқұл бәйбішесінен Жанқұл мен Жанақ. Жанқұл бәйбішесінен Теке, Жанақ бәйбішесінен Түгел. Теке мен Түгел ұрпақтары өздерінің кілең бәйбішелерден өрбігенін мақтаныш тұтып: “Біз бәйбішеден туғанбыз!” – деп, басқа ағайындарына қыр көрсететін болса керек. Сол мақтаныш арты аталары Теке мен Түгелге жұғымды болмай, аттары ұмытылып, бұлар “бәйбіше” атанып кетіпті. Текеден Ұлжан, одан Өтеген, Өтегеннен Сағындық. Сағындықтың Тәңіріне етер шүкіршілігі мол болатын. Ел аузына ілінерліктей мал бітіп қана қойған жоқ, халық қастерлерліктей қасиет, құрмет тұтарлықтай өнер де беріпті. Сағындық үшін жылқы малының бойында жұмбақ ештеңе жоқ. Бұл қасиет Тәңірісінің бергені ме, бала күнінен жылқы малын жанындай жақсы көріп, қасы мен қабағына қарап өскендіктен бе, ерекше зердесінің арқасында көргенінен де, естігенінен де еш нәрсе ұмыт болмайтындықтан ба, әйтеуір ол жылқы малы туралы қате айтпайтын. Бас пен жанға да жарлы емес, бес саусағындай бес ұлы бар: Аймағамбет, Тасқара, Тайман, Төлеген, Тәңірберген. Өзінің бойындағы сыншылық қасиеті Тасқарасына да дарыған секілді. Бала күнінен желі басынан шықпайтын. Бір құдасы қалап алып кеткен “Жүйрікқұла” атты алғаш таныған Тасқара болатын… Ой шіркін өмір-ай! Кеше ғана құла тайын күшікше жетектеп жүретін Тасқараның Исасы да жігіт болып қалыпты… Құдай сәтін салып… әй қайдам?.. Аяқ астынан қалмаққа қарсы мың кісі қол жинап беретін Жарылар аз ауылға есесін жіберер деймісің… Дегенмен билік Алланың қолында ғой… Көптігіне сенген көбіне қапы қалатын, ал мен аздығымды ойлап қамданыңқырасам… Кім біледі… Алла тағала өзің жар бола гөр!.. Не болса да бергеніңе шұкір, барға қанағат…
…Соңғы кезде Сағындық ойы осылайша Тәңірісіне жалбарынумен аяқталатын болып кеткен еді… …Бақажан сәл нәрсені сылтауратып тойдан аз ғана топпен бөлек кетті, оңаша қайтты. Кешірімді, жайдары қалпынан өзгермеген бай жанындағы жас серігімен әңгімелесіп келе жатқан-ды…
…Қоштай “қызылшыл” кісі ғой. Тойдың ойын-сауығы да ерекше ұйымдастырылған екен! Бәрін өзі басқарып, бәріне өзі нұсқау беріп жүргенін байқадым. Қонақтарға да жеткілікті көңіл бөліп, үй бас сайын кіріп-шығып жүр. Осыны жұрт “кербез”, “мәтөк” деп күледі. Мен одан ел күлкі қыларлық жасанды қылықтарды байқай алмаған сияқтымын. Арты даужанжалсыз, ойын-сауығы мол – бұл той айта жүрерліктей жақсы той болды…
Бәке, бәйбіше аулының жігіттері қатты назаланып кетіпті, дейді ғой жұрт. Жарылар бірі бастап, бірі қостап, ал енді біреуі әдейі араға түскен болып, өздері бәсеке бәйгесін белгілеп – аңқау, жуас Сағындықты отырғызып кетті дейді екен. Бақажанның жаны да көп, малы да көп, әдейі ұйымдастырды деп сенбестік білдіріп аттаныпты деседі…
…Жап-жаңа ғана адам өмірінің барлық сәті кісі жанына қуаныш силайтындай әсердегі, мейірімді жүрегі мен жайлы мінезінің арқасында, байлығы мен барлығының арқасында көптеген тірлік қитұрқыларынан аулақ жүретін, бүгін де болған уақиғалардың жақсы жақтары ғана еске түсіп, жыпжылы боп келе жатқан Бақажанның нәзік сезімі – әлгі сөз қырсығынан қоламтаға “қор-р” еткізіп су құйып жібергендей – мұздап сала берді. Кілт тоқтап жолдасына ажырая қарап қапты. Енді бір сәтте есін жиғандай боп: “Ойнаған от басар деген осы дағы” – деді де, атын тұрған жерінен текіректете қозғап, “қозы көш” жердей жолды торының ең бір жайлы жүрісі – шоқырақпен қысқартып барып, көздеп келе жатқаны сол болды ма, әлде қазақ біткеннің төбе құмарлығынан ба, жолдан сәл қиыс қалуға тиіс, аласа төбешік басына көтеріле Бақажан атынан түсті…
…”Ойнай білмес енесін к…тке теуіп ойнайды” – деген осындайда айтылған болар. Жасына жетпей алжыған Бәубек сөзінің қырсығы елге тиюге айналыпты. Енді бұл іске ойланып кіріспесе болмас. Жаңағы айтқаныңды ауылға таратпаңдар. Бір ретін табармыз”… Бұл сөздерді Бақажан сонау заңғар көктегі жырым-жырым азғантай ала бұлтқа арнағандай, содан көзін айырмай, қадалып қарап тұрып айтты. Қасындағы жігіттің естіген, естімегенін де аңғармастан атына қонды. Ол қалған жолды үнсіз өткізді.
Сол күннен бастап Бақажан өзімен-өзі болып, мал аралап, жер барлап, қоныс қарап дегендей, жекелеу болуға тырысты. Сондай сапардан оралған бір кеште бәйбішесі: “Отағасы, бәсекеге қай қызыңды байлап келдің?” – деп, тосын сұрап қалғанда біреу қызған іскекті тәнінен өткізе жүрегіне жеткізе сұғып алғандай, ышқына тіксініп, қатты шошып қалған. Бұл сұрақтың жанын аямай жаралы еткенін байқасын дегендей Бақажан әйелінің бетіне кінәлай, назырқай қарап: “Бәйбіше бәрі де тағдыр ісі. Жаңағы сөзді аузыңа періште салса да, шайтан салса да мені аямайтындығы байқалды. Артын күтелік. Шеккі басы бізге ауып жатса, Құдайға шүкір, ауылда бес-алты қойшы бар ғой, біреуін ноқталармыз. Ал олар пайдасына шешіліп жатса онда біздің баста ерік болмайды. Сағындық құрығын қалағанына салады...
…Әңгіме арты аяқталмай жатып үй ішін батар күннің қызғылт сәулесіне толтыра, ай жүзі де сол сәулемен ерекше нұрлана, әкесін көргенде жарқ ете ете қалған ботагөз жанарындағы қуанышымен, әлгі әңгіме көлеңкесін түсіргендей күңгірт тартып тұрған үй ішін жап-жарық қылып жібергендей боп есікті айқара ашып кіріп келген өзінің сүйікті перзенті, атаққа іліне бастаған сұлу қызы – “Көке!” – деп айқайлап жіберді. Бұрын қызының сол сөзін естіген сәтте қатты-қатты соғып кетер жүрегі бүгін шаттана қуанбай, елжірей мейірленбей, тіпті тіксініп қалғандай. Осы әңгіме үстіне кіріп келгені орынсыз, мойнына орала құшақтап сүйе бергені ерсі қылықтай әсер алған әке, қызын бір қолымен ысыра, шеттете берді…
…Бақажан осы сәтте тек қана сүйікті қызы Әлимашты емес, бар тірлікті ысырып тастағандай еді… Ой мұхитына тереңдей батып, жанжағындағыларды мүлде ұмытқан кейіпке еніп алған-ды…
…Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды… Бұл бәсеке ағайын арасына сына қақпай тынбас… Қалай-қалай түрлендірген?.. Бірі бастап бірі қоштап арандатыпты дейтін көрінеді… Бірі ара түскен болып алдаса, бірі бітістіргендей болып қамқорситын көрінеді дейді екен… Бұл жала ғой!… Жоқ, неге жала, біз осы шаруаны өз бастарымызға өзіміз тілеп алған жоқ па едік?.. Олардың осылай айтуға қақысы да бар болар… Бір амалын табу қажет екен… Бірақ қолдан не келеді?.. Мен олай ойлаған жоқ едім деп айқайлаймын ба?.. Оны кім естиді?.. Не болмаса ерегестік делік, ерегес қай төрден шығармақ?.. Қалыңсыз қыз алдық делік, сонда не тынбақ екен?.. Бір жұтта тоқсан жетісі емес, мың тоқсан жетісінің терісі тулақтыққа жарамай, далада қалатын “сырты түк, іші боқ” жылқы дейтін мал емес пе еді, бұл?.. Ялде көктем сайын қасқырдың сыбағасына айналатын азғантай тайға бола ағайынмен жағаласпай-ақ қойсам ба екен?. Әлде… Жаратылысынан жаны жұмсақ, өзгеге зарар салмай өмір сүріп келе жатқан әрі мырза, әрі қайырымды атағы шыққан Бақажан басына орала кеткен осы ақылға ұйып қалғандай… Бақажан кенеттен көңілденіп сала берді. Жаны жай тауып, үлкен іс тындырғандай-ақ, сол күннен бастап өзінің жайдары күйіне қайта түсті. Ендігі жерде бәсеке жайын ойласа да қиналмайтын халге жетті. Араарасында болашақ құдаларын да еске түсіріп қояды. Сағындықтай тәуір ауылдан қыз алу да, қыз беру де кісі өкінерлік іс пе екен?.. Біз осы қуанудың орнына неге қапылып жүрміз?.. Олардың ойында не бар екен?.. Оларда да ұтсақ деген дәме бар ғой… Сырғаларын кімге дайындап жатыр екен?.. Әлимаш мінсіз сұлу, бұның өз ұрпағы… Кез-келген кісінің қолы жете бермес бала… Сағындық немерелері де біраз бар болар… Әлде сол ауылға келіндердің бірін төркіндетіп алған дұрыс болар ма?.. Ол ауылда болып жатқан әңгімеден хабарлы болып отырғанның зияны жоқ …
…Бақажан керекті торыларды даладан ұстатып та, желі басына айдап келіп те баптай бастады. Жүні түсіп қылшықтары күреңіте жылтыраған дөнендерді шыңғырта бұғалықтап, езуін жырта жүгендеп, борбайынан ақ көбігін ағыза шауып, күштеп жуасытып, ен салып белгілеп, құйрық жалын тарап сәндеп жатты… Балалардың да құдайы берген. Бір мінілген асауларға, есін жиғызбай қайта мініп, жосылта шауып, ауыздарынан қанды көбігін ағыза, желі басына құр сүлделерін жеткізіп, құмарларынан шығып жүр…
…Той күні де жақындап қалды. Бақажан жуасытылған дөнендердің ішінен тоқсан жетісін өзі таңдап алды да, қалғандарын үйірлеріне қайтарттырды. Мін іздеп қанша сұқтанса да олардың тұла бойынан енінен басқа мең де мін де таба алмады. Шеттерінен торыдан қараға жуық, жұмыр жон… Шеттерінен құйрық-жалы тазартылып таралған, тұяқтарына дейін артығы алынып дөңгелетілген, бір қарасаң көзіңді аударттырмас мінсіз дене… Шеттерінен бас асаулығы басыла қоймаған, көздерінен “біз байдың малымыз” дегендей тәкаппарлық пен өрлік сезіліп тұрған, ара-арасында бірбірінің көркін күндегендей тістесіп қалып, тебісіп қалып тұрған асаулары да,
үйірлерін сағынып күлдір-күлдір кісінеп тұрғандары да, үйірсектігін таныта иіскесіп тұрғандары да бар… Бақажан бөліп шығарған өз малына сұқтана қарап қапты… Жарықтықтардың қара моншақтай мөлдіреулерін-ай!.. Бұ тіршілікте жылқы сұлулығына тең келер бірдеңе бар ма екен, сірә?.. Қазақтың бақыты да, байлығы да осы қылқұйрық жылқысында ғой… Тойға аттанар күн де жетті. Бақажан тойшылардың мініс аттарын бөлек айдатып ала жүргізетінін хабарлады… – Тоқсан жетіден артығын неге босаттырдың? – Мініс аттарды неге қоса айдаймыз? – Бәйбішелер бүкіл жеменейге сауын айтып жатыр дейді, сенікі қай жайбарақаттық?
– Әлде Сағынбайға жаның ашып жүр ме? Аталарымыз әлің жетсе жық, аясаң тұрғызып жібер демеуші ме еді… – Бұл бәсеке тек сенімен Сағындық бәсекесі емес Жары мен Жеменей бәсекесі екенінен хабарың бар ма?.. – Бақажан өзіне қойыла бастаған осындай сұрақтарға ертең айтамын, барғасын түсінесің, сонда белгілі болады, ертең… ертең… деумен, жылы күлкісімен, жымия жауап қатуынан жазбады… Той болып жатқан ауылға бұлар Сағындықтардан бұрынырақ келіпті. Ауыл сәл жылжып қонған екен. Ырзықты, берекелі жыл. Шөптің сыры кетпеген, бояуы өшпеген көктемнің соңы, жаздың басы дейтіндей, мал көкке тойған, адам аққа молайған шағы еді.
Жанға жайлы көктем күні. Көңілді той. Қайта қауышқан ағайындар. Бәрі мәре-сәре. Бақажан аулының торы мінбей өз көліктерімен келгендері бірден қонақ үйлерге беттеді. Торы дөнен мінген тойшылар алдында Бақажан ұрыс қарсаңындағы қолбасшыдай шіреніп өзінің аққу мойын торысының үстінде, бұларды қарсы алуға шыққан Қоштай бай тобын күтіп тұр. Амандық сұрасылып, тойға құтты болсын айтылып, торы мінген тойшылар саналып, шаруа тынып та қалғандай еді… Бойында ыңғайсызданғандық сезімі бардай, сәл именіңкірегендей, сәл абыржыңқырағандай болған Бақажан замандасына мұңын шағып тұр…
– Бәубек кесірдің қырсығынан басымызға бәле тілеп алыппыз. Содан бері тыныштық жоқ. Ағайын арасына ши жүгіртушулер де табылып жатыр дейді. Бір ұшы Сізге де соғады білем, Қош-еке… Кейбір пысықтар Жарылар аңқау шалды алдап түсіріп, қалыңсыз қыз алмақ… Бәрін ұйымдастырып отырған Бақажан дейтін көрінеді… Арыма өмір бойы жуса кетпес таңба бастырып аламын ба деп уайымдап жүрмін… Тілеуімізді тілеп отырған еліміз бар. Осылар не тындырар екен деп, әр қадамыңды бақылап отырған сыншыларың бар… Біз қате қадам басыппыз…
…Бұлардың көзі енді түсті. Ауылдың шығыс жағындағы жатаған белестің жоны аттылы адамдарға тола бастапты. Мінгендері кілең құла, қарасы мол топ. Ақылдасып тұр ма, арттағыларын күтіп тұр ма, әйтеуір, өздерінің ішкі ниеттерін байқатқандай, осы тойға не үшін келгендіктерін ұмытпауға белдерін бекем буғандай, шашырамай, тас-түйін жинақталып алған тәрізді… …Қоштай құлалы топты сәл ұзақтау қарап қалғанына кешірім сұрағандай боп, жалыныштылау дауыспен: – Бақажан! Сағындық бай алдынан бірге шықсақ қайтеді? – деді. Ол келісе кетті.
…Аман-саулық сұрасылып, ат-көлік амандығы білісіліп, тойға құтты болсын айтылысып, айтып жіберген аманат сәлемдерден құтылысылып болған сәттегі сәл үзілісті падаланған Жеменейлер биі сөз бастап кетіп еді… …Бұл би атағы шыққан нағыз жорға болатын...
…Би – еріні ашылар-ашылмаста; тілі таңдайына жұғар-жұқпаста; іштен шыққан демі ауаға араласар-араласпаста; айтылған әр сөзі тұнық суға лақтырылған домалақ сай тасынан тараған мінсіз толқындардай дөңгеленіп; көктемде соншама көрікті көрінетін Бозашы құм шағыл төбелеріндей бұйраланып; аз ғана желге бола шабыттанып кететін ақ селеулі даладай шалқып; құлаққа шаңқылдап естілмегенмен шыңылтырлау, күмбірлеп кетпегенмен саздылау, әр сөздің әр әрпін танып алуға боларлықтай анық дауыспен төгілте жөнелді…
– Аман-сау барсыңдар ма, Жарылар! Менің түгел жеті атамның нағашылары, Жарылар! Сол жеті бабамның қайын жұрттары, Жарылар! Біздің ауылдың бар әйелдерінің төркіндері, Жарылар! Мына менің бойымдағы барлық сәнім де сендерсіңдер, мінім де сендерсіңдер, Жарылар!.. Өзінің ізінен өзі жиіркенетін Қоштай мәтөк пен сәлемін сатып ала алмайтын сырбаз Бақажан – сендерге не болып қалды бүгін?.. Қозы көш жерден қарсы алғандарың – нағашыларыңа көрсеткен құрметтерің бе?.. Жиен назарынан сақтанған қауіп пе?.. Жоқ әлде бәсекеден озатындарыңа сенгеннен туған, болашақ қыз берер құдаларыңа көрсеткен кішілік пе?.. Біз мына Сағындық екеуміз басымызды бәсекеге тікпейміз, кәзір бөлініп шығамыз. Бұл Жарылар тойға келген қонағын санап алады екен деген хабыр шығып жатыр ғой, санап алыңдар!.. Жүзден біреуі-ақ кем!.. Жүзге толтыруға бір құла дөнен, не бір бұзау ата баласын таппғанымыз жоқ. Сүйікті Алла тағаланың аты тоқсан тоғыз дейтін еді, біз соған тоқтадық!.. Біз бүгін байлықты да, көптікті де салыстырғалы келген жоқпыз. Керек болса біздің бір ауылдан жүз жігіт атқа қона алатынын білдіргелі келдік! Соған ағайыннан сүйінші сұрағалы келдік! Біз ұшін ағайын мерейі өссін деп келдік! Бұрын да талай құда болысып едік, талай құтты болсын айтысып едік. Ал бұл жолғы құдалық – өзгеше құдалық! Қыдыр көрген ауылдың баласысың, сен, Бақажан! Аузыңа періште салған болар – кім қыз ұзатса да, кім келін түсірсе де құтты болсын айтқалы келдік! Бұл ерекше құдалық барысында қысыр әңгіме айтылмасын ағайын, өкпеназға жол берілмесін ағайын, біз соны сұрағалы келдік, Жарылар!.. Атларымыз елді береке-бірлікке бастарлық талай іс тындырған болатын. Соның арқасында ел бірлігі беки түскен, ел ырысы арта түскен. Бақажан мен Сағындықтың бұл құдалығы ағайын арасына береке-бірлік әкелсін деп
тілелік, ағайын!.. Ей Жаратқан! Ей Аллатағала! Екі ауылдың құдалығын құтты ете гөр! Береке-бірлікке бастар сәтті қадам болғай!.. …Мәреден шабысын үдете түсіп өтетін қас жүйріктей, бір рет те тыныс алмастан, бір рет те ой желісін үзбестен сөзін екпіндете аяқтап, қолын көтере бетін сипаған биді “әмин”, “әмин” деген тілектер мен, “рахмет”, рахмет” деген алғыс ұндер ат үстінен көтеріп түсіргендей еді… Барлығы да сол сәтте аттарынан сыпырыла төгіліп кеткендей болды… Маңайға жанға жайлы тыныштық орнап қалған екен...
…Би сөзінің құдіреті ме, көз алдына қайта-қайта елестей берген сүйікті қызы Әлимаш бейнесінің әсері ме, күдікті көңілдің жай тапқанынан ба, әлде әзірге өзі ғана білетін ұтылыс өкініші ме, әйтеуір Бақажан айдалада жалғыз қалған жандай көңілі құлазып, денесі сүлесоқ тарта би қасына жақындай берді... – Би аға! Лебізіңіз қандай жанға жағымды еді! Бір тентектің қолшоқпарына қалай айналып кеткенімді ойлап қатты өкініште жүр едім. Сіздің ауыл жігіттері өкпелі аттаныпты деген хабарды да құлағымыз шалып жатыр. Аңқау Сағындықты арам Бақажан алдап қолға түсіріпті – деген нақақ жала да ел аузында бар дейді. Содан сақтанып бәсеке менің пайдама шешіліп жатса, қалыңмалын бірден өтеп кетейін деп менің аулым тоқсан жеті торы мініп келді, бұл тойға. Мен мына халық алдында бәсекеден ұтылғанымды мойындаймын. Қайтқан малда қайыр бар деген, айдап қайтармыз. Ең бастысы ұтылысқа өкініш жоқ. Сағындықтай жақсымен құда болу қуанышына ие болып тұрмыз… Қоштай тойы өткеннен кейін өзіңіз бастап құда түсіп кетіңіз..
…Бақажанның бұл сөзі ширыға қатуланып, ықтыра сөйлеп тұрған биді есебінен жаңылыстырып жібергендей. Ол мен енді не істеймін дегендей, екі алақанын жайып жан-жағына көз тастады… Сан саққа жүгіртіле, Жарылардың арамдығын оттық, Жеменейлердің аздығын тамызық етіп тұтатқан бәсеке мен өсек қазанында қайнап әбден піскен, жүйкелері бұралабұрала қыл арқандай ширыққан бәйбіше аулының басқа тойшылары да Бақажан сөзін естігеннен кейін ішегін босатқан домбырадай босаңсып, күбір-күбір әңгімеге көшті…
…Би қолын көтере маңын тыныштандырып алып, Сағындыққа қарап қайтадан сөз бастап кетті… – Сағындық! Ініңнің сөзінен сізге деген үлкен ықылас таныдым ғой. Ат жарысында озатыныңа сенімді болатын кездерің болған болар, ал осы жарысты ұтамын деп сене қоймаған боларсың. Бірақ кісіге өмір сүргізер “дәме” деген бір ғажайып бар ғой. Сол дәме сізге оңашада не деуші еді?.. Үкіні кімге тақ дейтін?..
…Соншама тырыса дайындалған, шаруасының оп-оңай өз пайдасына шешіле салғанына өкініші бардай, өңінен жеңіс қуанышы байқала қоймаған Сағындық самарқау сөйлеп: “Шырағым, Бақажан! Мен бұл бәсекеден бәйгі дәметіп келген жоқ едім. Сіз бұл істі өзіңізше шешіп келіпсіз, ақыл жастан деген осы да. Дәмелі болғанымызды да, арланғанымызды да жасырмаймын. Құдай қолдап, періште әмин десе өзіңнің Әлимаш деген балаңа үкіміз даяр. Өзіңнің тұстасың Тасқарадан Иса атты немерем бар. “Осы ма” деп ешкім қомсына қоймас деп ойлаймын… Ендігі ерік бізде болса, менің шешімім осы…
…Екі құда бір-біріне құшақтарын ашысып қарсы жүрді. Дәл осы сәтте “маза бермедіңдер ғой” деп, ықылым заманнан бері тыныш жатқан алып дөң жонын сәл қозғап жібергендей-ақ, биік басы бірден қозғалысқа түсіп, бал ара ұясының маңындай “ғыж-ғыж”, “ыз-ыз”, “гу-гу” дыбыс базарына айналып сала берді… …Асқан сұлулығымен ел аузына ерте ілінген, ерекше жақсы көріп, “жат жұртқа” қия алмай жүрген Әлияшын Бақажан бай осылай ұзатқан еді…
…Келін күтіп отырған бай ауылдың қыз-келіншегі мен бала шағасы, көкірегіндегі желдері әлі басыла қоймаған сауықшыл үлкендері түгел ауыл алдындағы дөңесте. Сағындық бай немересі Иса келін алып келе жатыр. Бұл ауыл адамдарын – келін келе жатыр, бай ауылмен құда болдық, атақты сұлуды келін етіп түсірдік – деген мақтаныш сезімдері билеп алғандай… Ел қуанышының төркінінде: – Келін бір шаңыраққа түспейді, бүкіл бір тайпа елге түседі… Жақсы әйел тек бір ошақ ұйытқысы емес, тұтас бір рулы ел берекесі – деген мағна жатқандай...
…Барлық уақиғаның ортасында болған қарт би Сағындық байдың қақ төрінде қасындағы аз адаммен мәзи әңгімеге алданып, құда күтіп отырғанды… Ойда жоқта басталып, ойдағыдай тынып, соңы мерекеге айналған бұл тойға ауыл дайындығы тым ерекше болатын… …Анау байтақ даланы, мынау тойға дайындықтан басқа уайымы жоқ ауылды, осы келін күтіп отырған әрбір пендені – “Келін келе жатыр!” – деген хабар шексіз қуанышқа кенелте салатындай-ақ еді…
…Бірақ “жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде” дегендей кенеттен үй сыртынан бір әйелдің: “Құдайым-ау! Бұ не деген дарақылық!.. Мына шаруаға көмектесер де жан қалмапты ғой… Не дерсің бұларға!.. Қалыңсыз өзі келе жатқан келінге соншама шабылып!.. Оның теңі бір шаршы шүбірек пен бір тоқты емес пе еді!” – деген, қызғаныш сілтісіне малынғандай ызғарлы дауысы, бидің пәлен күн “жақсылыққа болғай, елге игі әсер еткей” деп, іштей тілеп келген тұнығын астан-кестен ылайлап жібергендей болды… …Ойпырым-ай! “қалыңсыз түскен” деп те кемітуге болады екен-ау!.. Бұл халыққа қалай жағуға болар?…
…Бидің түксиген жалбыр қабағы кәзір бұларды көрмей-ақ қой дегендей жабыла берді де, ойы – мен сені бұлардан құтқарайын дегендей құлақ естіп, көз көрмеген шырқауға алды да кетті… …Әлимаш сұлудың өмірге әкелген ұрпақтары да көрікті болды деседі… Қыздары – Үбина, Бапина, Мадина, Зарина, Болар – Маңғыстау өлкесін талай сұлулармен көріктендіріп, талай ошақты келінді қылса керек… …Автор бұл еңбегін “қалыңсыз келген келін” Әлияштың тұңғышы Үбина сұлудың төрт ұлдан кейін зарыға күтіп көргендіктен “ханым да сен, төрем де сен” деп Қантөре атаған қызына арнағанда оның тек қана автор зайыбы болғандығы үшін емес, Қантөре Таужанқызының осы әңгіме
кейіпкерлері Сағындықтың жиені Бақажанның жиеншары екендігін ескергендігінде де еді…
КӨРПЕ АУЛЫНЫҢ КЕЛІНДЕРІ
Мәкең маңғыстаулықтардың аса қадір тұтып сыйлаған ұлдарының бірі еді. Опасыз дүние оны да сатып кетті. Міне, енді зайыбы жазушы сүйегін астанадан алып келіп, туған жер топырағына тапсырып жатыр. Қазаны аза тұтқан қарақұрым халық. Жерлеу дәстүрін білетіндер оны өз кезегімен жүргізіп жатыр. Далада ойдым-ойдым болып әңгімеге ыңғайласқан адамдар. Ярқайсысының бір биі бар, жұрт құлағы соларда. Топырағы торқа болғыр Маршал Әбдіхалықов адай тайпасының көрпе руына жататын. Біз қатысып тұрған әңгіме-дүкеннің қозғаушысы да сол ауылдан болып шықты. Есебін тауып аздап мақтанып алғанды да жек көрмейтін болуы керек, бір реті келгенде: Құдайтағала біздің көрпе ауылын әуелден де келінге салымды етіп жаратқан. Біздерде… – деп, бір ұзын сонар мақтаншылық әңгімеге түсіп кетті. Мен жалыға тыңдап тұрғанмын. Соны байқап қалған Лазыр ағай:
– Сен ана ақсақалдың сөзіне мән бере қоймадың-ау деймін. Көрпелердің қай заманда да келіннен аузы салымды болғаны рас. Алысқа бармай-ақ осы жерлеп жатқан Маршал аулын алайық. Мынау ақсақал Мәкеңнің зайыбы Күлсін туралы айтып жатыр ғой. Ал оның енесі соғыста хабарсыз кеткен азаматының артын күтіп, дүние қызығын талақ етіп, екі ұлын ешкімнен кем қылмай жеткізен кісі. Ал оның үлкен енесі, Есен келіні, Малта деген шешеміз, сыйпаттауға сөз жетпес кісі болыпты. Ол жарықтық ер азаматтың қолынан келмек түгіл, естігенде санасына сіңіре алмас қарекет жасаған кісі екен, – деп, жаңа бір әңгіме бастап кетті…
…Есен тек қана көрпелерге емес, бүкіл адайға қадірлі кісі. екен. Шат қорымындағы екі күмбездің бірі – Есен күмбезі. Жеті ұлы болыпты. Солардың бірі Жұмағұл Есен күмбезінің ішіне жерленген. Үстүртті қыстаған Жұмағұл бір жылы жұтап қалыпты. Кедейлікке арланған Жұмағұл елге қайтпай Бесқала, Хорезм жаққа ауып кетіпті. Жалғыз үй кірме атанып, бір елдің ығын паналап мүсәпірлік күн кешіп жүре берсе керек. Күндердің күнінде Жұмағұл қатты науқастаныпты. Дүниемен қоштасқандай болып жатып: “Якемнің ел сыйлаған атағына бір ауыз жақсы сөз жамаудың орнына сүйегі далада қалған Есеннің Жұмағұлы деген атқа қалдыратын болдым-ау” – деп, налыған екен. Ес болар елі жоқ, ас болар малы жоқ қиян шетте, бейтаныс жандар арасында жас келіншек, күйеуінің арманы құлағынан кетпей, жалғыз өзі зарлап қала берген.
…Сүйегі далада қалған Есеннің Жұмағұлы… …Осы сөз алғаш Жұмағұлдың аузынан шыққалы Малтаның бар блмысын билеп алған болатын. Қалған ғұмырында естір қарғысындай, бұл сөз есіне түсіп кетсе болды, төбе шашы тік тұрып, бүкіл жан тамырын мың аяқты жегі құрттар азаптай жыбырлатып, құныстырып, бүрістіріп жіберетін. Мына жатқан Жұмағұлға енді бәрі бір. Алдында не болары тек қана бір Аллаға аян, ал артында қалғаны – жалғыз мүрде, жалғыз арман, жалғыз әйел… Барлығы да жалғыз әйел мойнында, бәрі де зіл салмағымен жас келіншекті езіп барады, үгіп барады…
…Жас әйел белін бірдеңеге бекем буғандай… Ақ шүбіректі жайып жіберіп, құбылаға қарай жығылды да, басын саждаға тигізіп: Уа Аллатағала! Бұл ойға алған ісімде не мұсылманшылыққа, не адамшылыққа жатпайтын қылық болса күнәмді кешіре гөр! Пендемнің шын тілеген бір тілегін беремін дейді екенсің, бере гөр осы тілегімді! Ойға алғанымды іске асыруға көмектесе гөр! – деп, еңіреп жылап жіберіпті. Ұзақ жылауға уақыт жоқ, көз жасын сүртіп, бойын билеп: Уа, Қармыс бабам! Қайрат бере гөр! Уа, Есен атам! Желеушім бола гөр, жебеушім бола гөр! – деп, өзі көрмек түгіл, құлағы естімеген бір әрекетке кірісіп кетіпті…
…Қолындағы лыпып тұрған өткір пышақ мүрденің еттерін сүйектен ажырата бастады. Өмірінде ең бір ықиаттап істеген шаруасының бірі осы болуы керек, сүйекте қырым ет қалмай, жалаңаштанып жатты. Бір мезгілде бұл шаруа да аяқталды. Малта асығып жүр. Мүрде етін ақ шүбірек қалтаға салды, аузын буды, неге екенін өзі де білмейді, сыртынан тағы бір қабат шүбірекке орады. Содан соң қазылған шұқырға салды да тездетіп көме бастады. Шұқыр орнын теістеп болды да, білгенін оқып бет сыйпады…
…Етсіз мүрде көп жеңілденіп қалыпты. Ұқыптап тұздады. Арнайы дайындалған киіз дорбасына кейбір серейіп қалған жіліктердің сіңірін қиып жіберіп орналастырып салып алды. “Бұл елден алысырақ кеткесін күнге бір қақтап, желге бір кептіріп алу керек” – деп ойлап та қойды. Үйінің ішін ретке келтірді. Топырақ түскен алашаларын қайта қағып салды. Жуынды. Шайынды. Азғантай ас-су салған қалтасын киіз дорбаның үстіне салып, түндігі жабулы үйіне соңғы рет көз тастап, бағыты осы болар-ау деп жүріп кетті…
…Сол Хорезмнен Маңғыстау ойына құлағанша отыз күн жол шегіпті. Қасықпен тары жепті, оймақпен су ішіпті. Екі жыл қатар соққан жұт қырсығы ма, мынау ұшы-қиыры жоқ маң далада адам түгіл аң да кездеспеген. Бірақ Малта ешкімнен көмек дәметпесе керек. Бар күшін, бар азығын дәл отызға бөліп, оның әр бөлігін соншалықты дәлдікпен, үнемшілдікпен пайдаланып ілгері баса берген, жүре берген, жылжи берген, ілби берген… Алғашқы кезде бәрін өзі басқарып, өзі ұйымдастырса керек. Бара-бара оны тек қана бір сана билепті. Соңғы күндері сол сананы да тұман басып, Малтаны табиғаты белгісіз бір рух күші жетелегендей… Ол ел шетіне ілінгенде бір ауыз сөз айтуға еркі, аяғын бір басуға күші қалмаған кезі болса керек. Қанындағы Ер Қармыс рухы ма, жанындағы аруақтарға сенген сенім бе, әлде… соншалықты алыстан іздемей-ақ кез-келген жаны таза, рухы ластанбаған, ата-баба салтын құрандай қастерлейтін қарапайым жандардың кісілік парызы ма?.. Не де болса Малта шешеміз жасықтар мен пасықтардың
аңыз дей салатын, көзінде оты, көкірегінде сезімі барлардың басын шайқататын, жанын түршіктіретін бір іс істепті. Бұл іске куә болғандардан тіршілікте ешкім қалмаған сыяқты. Ал көргендерден естігендер баршылық. Не де болса бұны естіген кез-келген адамның бір іс тындырарлық әсер алатынына сенімім мол. Сондықтан да Малта шешеміздің аруағын аунатып, бұл уақиғаны жарыққа шығарып отырмын. Аруақ тыныштығын бұзсам кешірім өтінемін…
…Ал Сіз осы әңгімені оқып шығыңыз. Оқып шығыңыз да ой жүгіртіңіз. Ойланыңыз да дайындала беріңіз. Бұл ұзақ өмірде басқа талай қиындық кездесер. Ал кездесе қалса рухың дайын болса тәніңнің кез-келген қиындықты жеңіп шығуға мүмкіншіліі бар екеніне көзіңді жеткіз… …Ал Малта шешенің рухына бас ием деушілер табылып жатса маған хабарласыңдар. Лазыр Сәйдімұлы Тумышеâ ағаларың екеуміз басына апарып қайтамыз… …Шындығында да, аруағына бас иіп қайтуға тұрарлық жан емес пе?.. СОҢҒЫ ЕРЛІКТЕР (триптих)
ҚАРМЫС БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ ЕРЛІГІ Жон етіндегі найза ұшынан түскен ескі тыртық әуелі сыздап бастаған. Кейін сол жерде ісік пайда болды да, бірте-бірте жұдырықтай жараға айналып барып ақыры тесіліп тынды. Содан бері Қармыс батыр елдің даушарына араласуды, ағайынның той-томалағына баруды тоқтатып еді. Ауыр сырт киім түгіл жұп-жұқа көйлектің өзі ашық жараның аузына батпан салмақ түсіріп жанын да, тәнін де қатты азаптайтын. Өзінің өзіне риза еместігін байқатқысы келгендей: “Халық бізге батыр деп айдар таққанға мәз болып – мен батыр екенмін-ау! – деп, зор атақтан дәмелі болып келіппіз. Батырлығымыздың жобасын мына жара байқатқандай болды.
– Кісі келе жатыр көйлегіңді ки – деген қатын даусы құлаққа шалынғаннан-ақ жау найзасы кірш етіп еттен өтіп, кірт етіп сүйекке тірелгенде селт етпейтін дене енді абайсызда тиіп кетеуі мүмкін жібек шүбірек алдында қайыстай былқылдайтын болған. Біздің бұрынғы батырлық қылыққа балап жүрген қимылдарымыздың бәрі батыр болғандықтан туған ерлік емес, намыс қамшылағаннан пайда болар амалсыздық па деп қалдым” – деп еді, көңілін сұрай келген, осы елдің атақты биіне, мына отырысына ақталғандай болған, Қармыс батыр.
Көңіл сұрай келген Есен би Қармыс батырдың шарасыздық айттырып отырған мұңына бірден жауап қатпай, ұзағырақ отырып қалды. Жауап тосып сәл кідірген үй иесі ендігі ойын биге емес өзіне-өзі айтып отырғандай боп, жүзін қонағынан есік сықырлауығына қарай аударып: – Адамға қажет нәрсе намыс па деп жүрсек, ет пен сүйектен жаралған пенденің ең қымбаты өзінің шыбын жаны болар ма? – деп, сәл еңкіш тартып кеткен еңсесін түзетіңкіреп, шамадан тыс шалқайыңқырап отырды. Би де иіліңкіреп кеткен басын биіктете көтеріп сөзге араласты.
– Сіздің бұл ойыңызға қарағанда ел басқарған көсем мен сөз басқарған шешенге, қол бастайтын сардар мен жекпе-жекке шығар батырға батырлық пен тәуекелден гөрі намыстың оты көбірек қажеттірек болғаны да… – Жоқ, олай емес. Намыстылардың бәрінің бірдей ел де басқара алмайтыны, батыр да бола алмайтыны белгілі нәрсе емес пе еді… – Әрине, қол бастайтын кісіге, ел тағдырын шешетін басшыға ең қажетті қасиет ең алдымен иесін аптықтырмас салқын жүрек пен қандай қысылшаң шақта да адастырмай алып шығар ақыл және өзге жұрт өңін ажырата алмас айла мен амал болса, содан соң барып намыс пен тәуекел болар.
– Білмедім, би інім! Заманына қарай амалы!.. Бір кездерде алдыңдағы мақсатың анық уақытта мен үшін батырлық пен батылдық арасы, ожарлық пен тәуекел арасы түсінікті сияқты еді. Ал мына заман адамдарды шыққан тегін тексермей тозған шақта қоқыс шұқырға лақтыра беретін нәрсенің бір түріне айналдырып алыпты. Адам кәзір наурыз көжеге салар дәннің бірі секілді. Ақ ұн шығатын асыл бидай ма, атқа беретін арпа ма – бір қазанға салып қайнатып, бір ыдысқа құйып үлестіреді. Бірінің ерте пісетінінде, бірінің ылжырап кететінінде ешкімнің жұмысы жоқ. Біздің бас қауаққа, біздің ой быламыққа айналғандай, бұ кезде. Жасымызға жетпей алжи бастадық па?.. Бізді түсінбес адам қайдан өсіп-өне қалды?.. Ата заңын сыйламас заман қалай пайда бола қалды?.. Өзің сияқты билердің айтқан билігін де, ел тізгінін ұстаған биліктілердің ісін де түсінуден қалып бара жатырған секілдімін. Тіпті кеше ғана қалың жауға қарсы шапқанда білегің емес басыңды да сеніп бере тұрарлық серіктерің мен артыңа ерген інілерің енді мынау тыныштық орнаған кезде сол біз көрген бар қасиетін сауытымен бірге шешіп тастағандай. Кәзір оларды кім деп айтарыңды да түсіне алмайсың. Соғыста бәрі анық еді. Мақсатың белгілі, әр кісі бір сынағаннан өз шама-шарқын байқатып алатын. Бұ күнде аузынан дыбыс шығатынның бәрі биге айналып кеткен, жұдырығын түйе алатынның бәрі өздерін батыр қатарына қосып қойған. Кеше ғана шабылып жатырған дұшпан еліне, шашылып жатырған жау малына қанағат көзімен қарай алғандар бұ кезде өз ағайындарының арасындағы бір тоқты дауына бар өнері мен өмірін сарқа қызмет ететін болыпты. Ал өздері – елге жері мен жұртының қамын жеп жүрген қамқоршылардай-ақ бұлданады. Сөйлеген сөзі түгіл бүлдірген ісіне де жауап бермейді… Бұл адамдарға не болған?.. Желсөзділерге билік берерліктей, жемқорларға ерік берерліктей заманға не болған?.. Солардың жалғаны мол жел сөзі елдің бірсөзділік қасиетінен айыра ма деп қауіптенемін… Солардың ойланбай кірісер, бәсеке жолындағы қатеге толы істері елдің ерге деген сенімінен айыра ма деп қорқамын. Осылай жалғаса берсе алдымызда сөзге сенбес, ақылға көнбес ұрпақ күтіп тұрмасын?.. Бірбіріне аяу сезімін жоғалтар болса алдымызда адамдарының бірі қорлықта жүрер, бірі зорлықта жүрер заман күтіп тұрмасына кім кепіл?..
Ал мына ел тізгінін қолдарыңа алған сіздер осы бағыттарыңызды өзгертпесеңдер енді аз уақытта елдің тірісінде өзіне үлгі тұтар, өлісінде ұрпағына өсиет етер ешкімі де қалмас, би інім. Оның арты бүкіл ел үшін үлкен қатерге айналмақ. Айтақтала, айтақтала үрмей қалар алданған иттей, елді керенау, кертартпалыққа жеткізбек. Ал енді оның қортындысы – бар жұртты бірлікке құштар қасиетінен айырар. Байқаңдар шырақтарым, ел сенімінен айрылып қалып, нағыз керек кезінде елді бір жұдырыққа айналдыра алмай қалып жүрмеңдер… – Батыр аға, сонда сіздің бұл ойыңызды дұрыс түсінсек елге тыныштықтан соғыс пайдалы болғаны ма?
–Міне, көрдің бе? Айтылған сөздің әлсіз жерін қалай тапқышсыздар. Мен жан тәтті екен деп айтпап па едім. Соғыс өлім, тыныштық тірлік емес пе… Ел бірлігі үшін елге соғыс керек емес инабатты басшы керек. Бейбіт өмір мен тіршілікке не жетсін… Бірақ осы аздаған жыл ішінде адам мен адамның арасы қаншалықты алшақтай бастаса шындық пен өтірік арасы соншалықты жақындай бастады. Ойласаңдаршы, өмір сүріп отырған шаңырағыңды баласын әкесіне қарсы сөз айтуға, адамын қоғамына қарсы қол көтеруге дейін жеткізуге бола ма?.. Адам адамның, тайпа тайпаның намысын таптатарлық деңгейге жеткізуге бола ма?.. Біз деген өмір бойы ханы мен қарасы, байы мен жалшысы бір қазаннан көже ішіп келе жатқан ел емес пе едік?..
Ақылдан туар ағалық жолдан байлықтан туар өктемдік жолын жоғары қоя бастапсыңдар… “Ағасы бардың – жағасы бар” деген мақалды не істейміз ендігі жерде?.. Қалай пайдаланамыз? Ел ақылды көпті көрген мен көңілі түзуден сұрар болар еді, енді көп жинаған мен көлгірлене алатындардан сұрайтын болыпты. Сіздердің бұл ел басқару әдістерің түбінде байтақ елді, бар қазақты Құдай жаратқан табиғи қасиетінен ада қыла ма деп қорқамын. “Иа, Құдай! Бергеніңе шүкір” дейтін қанағаншыл пиғылына, аға силаған, ақыл тыңдаған ниетіне дақ түсіреме деп сескенемін.
Сарбазы мен сардары бір төсектен тұратын адамдары тең, қойшысы бейтаныс жолаушыға бай малын сойып қонақасы беретін пейілі кең ел едік… Міне осы қасиеттер келмеске кеткен күні қазақ халқының табиғаты да келмеске кетер… Соны, мына Сіздер, билік басындағылар, мінез-құлықтарыңды қазақылық тезге түсірмесеңдер өз қолдарыңмен жасап шығарарсыңдар… …Менің осы сөздерімнен шошынып, маған көп келе бермейтін едіңдер. Сәлем бере келгеніңе рахмет. Ал енді айтшы, не шаруамен жүрсің?.. Басың салбырай береді… Ойыңда ауыр бір нәрсе бар ғой…
– Сізді сырқатыңыз үйден шығармай тастапты дегесін, інілік ізеттің сәті түскен уақыты осы болды. Сосын бір жайсыз хабарды да өз аузыммен ескерте кетейін деп… – О не хабар?.. – Жақында Хиуа ханы бір биін жіберіп, адайларға салмақ салды. Төменгі адайлар орыстармен ауыз жаласып, теңіз жағасынан қамал салуға ұрқсат етіпті – деп айып тағатын көрінеді. Бір қайық кәпірлерге қарсы тұра алмайтын қандай елсіңдер?.. Сол қамал тып-типыл жоқ болғанша, кәпірлер енді қайтып келместей болып кәпірстанына оралғанша біздер мен адай
арасында достық мәміле болмақ емес. Бір жағына шықсын. Маңғыстауды орыс алатын болса біздің де елдігімізге қауіп тумақ. Біздің Кетіктегі орысқа құрығымыз жетпеген мен қырдағы адайларға қамшымыздың ұшын тигізерлік мүмкіншілігіміз бар – депті… …Қараңғы түнде көзі ұран отын шалып қалған қарауыл сарбаздай Қармыс селк ете қалды. Бидің мына сөзі оны “аттан, аттан”, “жау, жау” деген атой ұранынан кем шошытпады.
…Жарасын ұмытқан… Қанатын серпер алдында қомданған қырандай боп, орнынан көтеріле екі тізесіне отырып: “Япырым-ай, қиянда жатып дүние жүзіне билік жүргізуге құмар болған орыс патшасының көзінің сұғы да, көрші отырып өз ұясын қорғамақ болған Хиуа ханының оғы да мынау байтақ дүниенің жан баспастай қуысына тығылған аз ғана адай аулын тапқаны ма?”…
…Бұл ой Қармыс санасына сәуле жылдамдығымен әсер етіп, басына найзағай қуатымен соғып өтіп еді. Көпті көрген қарт батырға елдің алдағы болашағы анық елестеп өткендей болды… – Шырағым, сенің бұл сөзіңнің ауыртпалығы біз сүрген ұзақ өмірдің ең қиын кезеңі болып жүрмесін?.. Бар қазақтан бөліне көшіп ұмыт қалған бабалар ұясын баспана етеміз бе деген кезде тұзаққа мықтап ілініп жүрмесек қайтсін?.. Аз күнгі тыныштықтың шегіне жетіп қалған секілдіміз бе… Хиуа ханына тізе бүксең бас бостандығыңды сол күні-ақ жоғалтарсың. Бірақ бұл ұлтанды ел емес, жағаласа жүріп, кезек жығып, кезек жығылып күн кешуге болар еді-ау... Орысқа кішілік еткің келсе біраз жыл бұлғақтап барып ноқта салғызарсың, бірақ олар салған ноқтаны қайта сыпырып тастау қиынға соғар. Сен адай қанша бас асау болсаң да ормандай орыспен ұстаса аларсың ба?.. – Сонда басқа амал қалмағаны ма?..
– Қалмаған да шығар… Қандай амалдың дұрыстығын бір Алладан басқа кім біледі дейсің?.. Бірақ, қазағымыз: “Жалғыз жүріп жол тапқанша көппен бірге адас” – дейтін ел емес пе?.. Елінен адасып қалып, бостандығы түгіл, бет пішінінен айрылып қалғандар аз ба еді?.. Менің ойымша ендігі жерде жалғыз адай аулына оңаша бақыт іздеуді тоқтатқан жөн болар. Жалпы қазақ қай бағытқа бет алса солай қарай иілген дұрыс шығар. Қалың қазақтан бөлек ырзық іздеп, өзіңе жеке тағдыр таңдап не тындырарсың?.. Көппен көрген ұлы той… Ой, шіркін-ай! Қазақ біріксе әлі де шалқар теңізге айналар еді-ау! Бірақ бір тайпа адай басын біріктіре алмай жүргенде қырық ру қазақтың басын қалай қосарсың?.. Бұл қауіп тек біздің басқа емес, бар қазақ басына төніп тұрған қара бұлт қой… Борандаттырмай қылаулатып, селдеттірмей сіркіретіп сол бұлттың тарауын күткен дұрыс болар ма?.. Тапалып қаламыз ғой, таланып қаламыз ғой… Өзіңмен ит жығыс түсіп жүрген жоңғар Қытаймен кетіскеннен не тапты?.. Үш Жүздің туын ұстаған Әбілхайыр хан қазаққа жаны ашмайды деп ойлайсың ба… Елін сақтап қалудың жолы осы деген болар… Хиуаға бейімделсең олар сені орысқа қарсы қалқан етер… Ой, дүние-ой! Орыстар басқа шаруаларын түгендеп
болып, бізге жеткен екен ғой… Кезек дүние деген осы. Ендігі кезек солардікі болғаны дағы… Көпті бастан кешірген көреген би, қарт батырды сөйлетіп, ойын анықтамақ болып аңысын аңдап отырғанын ұмытып “дәл айтасыз!” деп батыр сөзін бөліп жіберді… Батыр ойы оның онсызда шапқалы тұрған қақпанының тиегін қозғап кеткендей әсер етіп еді… Қармыс батыр қиянда жатқан жауын болашақ істер жауыздығынан қаһарлы даусымен қорқытып қайтармақ болғандай, шамадан тыс қатты сөйлеп кетті…
– Мынау жалған дүниедегі елің мен жеріңе қатер туғызар, қасірет әкелер барлық уақиғалар әрқашанда бір ауыз сөзден басталатын. Міне сол қатерлі сөз жетіпті, Сіздерге! Тұтқиылдан сау ете қалмай алдын ала хабарлағанына қуандыңдар ма?.. Енді жаңағы өзің айтқан хабар да өз қасіретін көп күттіре қоймас… Ал, ел басшылары қандай қарсы қимыл жасап жатырсыңдар?.. Жиналдыңдар ма?.. Пәтуаластыңдар ма?.. Не істейтіндеріңді шештіңдер ме?.. Жасақтар жасақтала бастады ма?.. Ел шетіне қарауыл шолғыншылар жіберілді ме?.. Қармыс батыр сұрақтарына теріс жауап алғаннан соң қонағын ұмытқандай үнсіз отырып қалды…
Ас үнсіз желінді, қоштасу сәті де салқындығы сезіліп тұрған көздердің бір сәтке бір-біріне назар аударуымен ғана, ой мүжіген бастардың бір сәтке иілуімен ғана шектелген еді… …Батыр бұл жолы қонақ кетісімен көйлегін сыпыра бастайтын әдетін ұмытқан секілді. Жарасы да естен шығыпты. Тән жарасы енді батырды қинамайтындай… Дене дертін ұмыттырар көлденең кеселге ұшырағандай… Оба басына қонып ап, ұзақ қимылсыз қалатын дала бүркітіндей, екі тізесі мен шамалы кісінің сирағындай айлапат табанының башайларынан жасалған тұғырға орнығып ап, қақшиды да қалды…
…Ойланған сайын батыр қабағы түйіле түсті. Қырық-елу жыл бойы қолдарынан қылпыған қылышы мен желбіреген туы түспеген заманды, сол қиын кезде елге ағалық ете алғандер мен жұртқа жаға бола алғандарды ойша шолып өтті де, солардан кеше ғана ел тізгінін қолына алып, төрге төселген жұмсақ көрпеге майқұйрықтарын рахаттандырып отырғандарды, сөз билігіне ие болып, болымсыз тұлғасын би шапанының шалғайымен жасырғандарды, тіпті жау жоқта батыр атын иемденген жандарды көгендей тізіп, ой сүзгісінен өткізе, салыстыра бастады…
…Осыншама аз уақыт ішінде адамдардың соншама ұсақтап кетуі қай ақылға сыяды?.. Олар қандай тіршілік заңына бағынады?.. Кеше ғана “шабылғандар алсын”, “жоқ-жітікке қалсын” деп жаудан түскен мал мен дүниядан үлес алмай, бос қоржыны мен шыбын жанын олжа көретіндерге не болған?.. Кеше шабылған жетім-жесір мен бүгінгі кедейлікке ұшырап азыптозған жоқ-жітіктің қайғы-зарының айырмасы қанша?.. Өздері жаралған топырақтан жаралған елі емес пе?.. Тамырларын өз бабаларының қаны кернеген, жандарын өз аталарының рухы тербеген өз халқы емес пе?.. Ер жігіт солар үшін тірлік етпесе бұ сұмелек өмірдің жанды қинағаннан басқа
пендеге тартар жақсылығы аз секілді еді ғой… Әлде билік басына барғандардың өз заңдары бар ма еді?.. Елден бөлек жеке қызықтайтын өз қызығы, елден бөлек бағынатын өз ережелері болады ма екен?.. Қолына ел тізгіні тигендер сол бойда кісілік тізгінінен айрылып қалатыны неліктен?.. Бұлай жалғаса берсе елдің елдігі не болмақ?.. Қазақтың қазақтық қасиетінен не қалмақ?.. Бақташысыз қалған қойдай бытырап, әркім өзіне бұйырған жақтан несібе іздеп, тоз-тоз боп жоғалмақ па?.. Малды иіріп ұстап, өрісін тарылтса, шаң қауып көкжетел дертіне ұшырап, азып-тозатын… Иесіз тастаса бөріге жем болатын…
Елдің кәзіргі күні қойшысы той тойлап кеткенде отарға бөрі боп кеткен өз аулының иттері тигендей кезі секілді ме өзі, қалай?.. Немесе, қаншық қасқыр бөлтірігін үйретерде қорғансыз қозыны өлтіріп жемейтін, есін кетіре бөрліктіріп жүріп әр қайсысынан бір қарпып өтетін… Біздің ел басына сондай заман туған шақ болды, бұл кез. Елді басқаратын бір жан жоқ, бірақ бәрі би, бәрі батыр, бәрі әкім… Қойға қарайтын бір ит жоқ, бәрі бөлтірік!.. Қалай өз ауылын, өз жұртын талаудың айласын үйреніп жүрген бір жан… Енді ауыл иті аздық еткендей, алыстың бөрісі таламақ болғаны ма?..
…Ауыр ой денесін қақшитып қатырып тастаған Қармыс батыр әйелінің оң қолынан көйлек жеңін сыпырғанын да сезбеген екен. Тек қайнатылған дәрі шөп тұнбасымен жара аузын тазарта бастағанда ғана, тіршілік атты түсінуі қиын жұмбақ құбылыстың жанға батырар ауыртпалығын сезгенде ғана, тән жарасы жан күйзелісіне өз үлесін қосқанда ғана барып жан-жағына көз салды…
…Дертті қарттың сол күннен бастап не ауруы жазылғандай, не жүйке тамырлары жансызданғандай… Мезгілімен берсе тамағын ішеді, кешіктірсе сұрамайды… Ауырсынып дыбыс шығармақ түгіл қабағын да шытпайтын болғасын батырдың әйелдері жара сүртуге әуес болып алған секілді… Көңіл сұрай келендерге де айтар жауабы біреу-ақ… “Жара жазылды ғой” – деп, ол туралы әңгіме жоқтығын байқатады да қояды. Тіршілік шаруасын біржола ұмытқандай… Тек қана көптен мінілмеген жорық атының суын алдыра бастады. Ол енді күніне бір мезгіл денелі күрең аттың қасына барып, бір шақпақ қант беріп, жалын жұлқылап, құлағын қасып уақыт өткізетін әдет шығарғанды…
…Ауылдың пысық жігіттері бірінен соң бірі жан-жаққа жұмсалып жатты… Жұрт бұны сырқатынан сауыққандығының белгісі деп ұғынып, ошақ басы да, ауыл адамдары да қарт батырдың бұ қылықтарына көздері үйреніп, құлақтары қанығып қалғандай болып еді… …Бірақ, көп ұзамай батыр әйелдері аса құпиялап оның кей түндерді көз ілмей мелшиіп отырып өткізетінін сырластарына жеткізе бастады… Ауыл қатындары батырды бірдеңе иектеп жүргенге ұқсайды деген өсек тарата бастапты… Ал енді бірі батыр батыс жаққа телміріп ұзақ қарап тұратын болыпты, сол жақтан бірдеңе күтіп жүрген секілді, асылы бабамыздың күні санаулы қалып жүрмесін деген жорамал жасайды екен…
…Қармыстың күткен жаманат хабарын өзі күткен уақыттан әлдеқайда ертерек, дәметпеген бағыттан, ойламаған кісісі естіртті. Кісі емес, бәлиғатқа да толмаған, аузынан ана сүтінің дәмі әлі кете қоймаған жап-жас бала естіртті… …Жау аяқ астынан өсіп шыққандай боп бейқұт жатқан Мықтыбайдың ауылын саралатаңда қоршап алыпты… “Мықтыбай ауылы шабылса, көршісі Сарының ауылы да аман қалмаған болар, арасы жақын еді” – деді, ішінен Қармыс батыр. …Әкем мені таңатпай атқа жұмсаған. Ат сай бойын қуалай жайылған екен, шығатын жер таппай жүргенде, ауылды қоршаған шеті жоқ қарулы адамды көрдім…
“Хабар айтсын деп періште әдейі сайға түсірген ғой” – деген ой келді батырға… …Жау екенін білдім де қалың жыңғыл ішіне жасырындым… …”Ақылыңнан айналайын” – деп күбірледі қарт батыр… …Мал мен адамдарды шұбыртып айдап кетті… …Ел басшыларының Хиуа ханына берер жауабының кешіктірілгенінің қортындысы – деді, ызаланған Қармыс батыр…
…Олар ұзап кеткесін көзге түспей ауылға келсем… Бала еңіреп жылап жіберді… Қарағым-ай, сорлап қалған егесіз елің үшін жасың ерте төгілді-ау!.. Соңы болғай дағы – деп, қарт батыр баланы бауырына басты… …Сол күні Қармыс батыр мерт болған еді… …Сол күннен бері бір жыл өтіп артындағы елі Қармыс батырға ас бергелі жатырған.
…Қармыс батыр асына жиналған жұрт ен далаға симай кетіп еді… Асқа келген әр орташа ауыл екіден, үштен, барлары бестен, тіпті жетіден үй әкеліпті. Қыз емшек төбені айналдыра ауыл-ауыл болып тігіліп жатырған үйлер санына жету мүмкін нәрсе болмады. Санақшылар қай үйдің санатқа кіргенін, қайсысының саналмағанынан шатысып қала берді. Жалпы жобасы екі мыңнан асып кетіпті десті… …Қармыстың өз ауылы қақ ортада қалған… …Барлығының аузында Қармыстың соңғы ерлігі, көзсіз ерлігі…
…Дөп-дөңгелек қыземшек төбе маңында бір рулы елдің сан ғасырлар бойы ұрпағына үлгі етіп айтар аңызы боп кетер ердің ерінің ғана қолынан келер ерлік дастанның желісі тартылып, арқауы ширатыла бастап еді… … Осы әңгімелер астарынан жұрт бірте-бірте қарт батырдың өзін-өзі өлімге қиған қимылының мағнасын зердесіне жеткізе бастағандай… …Он мың ба, жирма мың ба, отыз мың ба, тіпті одан да көп пе Маңғыстаудың Ойы мен Қырынан, Үш қиянның батысы мен шығысынан, екі көк теңіз бен қос өзеннің ортасынан жиналған азалы жұрттың есебін шығару мүмкін емес-ті…
…Барлық таңдайды қақтырып жатқан да, барлық басты шайқатып жатқан да бір уақиға болатын… Бірінен-бірі естіп, айтқанға естіген қайталап айтып, енді естен шықпастай етіп түйіндеп, енді қайтып жан біткеннің жадынан өшпестей етіп бояуын қандырып бақты.… …Бәрі де Қармыс батырдың соңғы ерлігінің жәй адам ақылына сыймастығы туралы айтып жатты… …Бәрі де Қармыс ерлігінің ұрпаққа үлгі боп қалатындығы жөнінде әсірелей сөйлеп, шешендік танытып бақты… …Бәрі де Қармыс батырдың халық үшін жаралған жан екендігін баяғыдан білетіндігін болжап, көсемдігін танытуға тырысты…
…Қармыс батыр жау хабарын естігеннен кейін буырқаныпбұрсанып, мұздай темір құрсанып, қаһарына мініпті… …Шоғына ыза күйіпті… …Отына намыс жаныпты… …Елін сүйген ер адам, кім екенін танытты… …Сауытын сайлап киіпті… …Ауылда бары он жігіт, бәрін де үйге жиыпты… …Жаратулы күрең ат, “қарамсың” деп мініпті… …Солқылдаған көк найза, басыма “сайғақ” болар деп, оң қолына іліпті… …Жалаң етке боз шапан, “кебінім” деп киіпті… …Ең сүйікті немере, маңдайынан сүйіпті… …Ел-жұртымен қоштасып, тұлпарға тақым басады… …Қылаңытқан кең дала Қармысқа құшақ ашады… …Мұнарланған қырлардан құйын боп жүйткіп асады…
…Желмен сыңғыр салады, гауһар тізген әсемдеп, көк найзаның шашағы… …Жау қарасын көргесін Қармыс қарттың қаһары тау селіндей тасады… …Жау қарасын көріп, санын жобалаған соң Қармыс батыр қасына ерітіп шыққан сарбаздарын жан-жаққа хабарға шаптырады да, олардың қарасы көзден таса болғаннан соң… Алласына жалынып, ата-баба аруағына сыйынып… …Қабағын тастай түйіпті… …Ашуын бойға жиыпты… …Күрең атпен ойнақтап, жүрек жұтқан қарт Қармыс, осы істеген ерлігім ұрпаққа үлгі болар деп, көк найзасы оң қолда, ақ алмасы сол қолда, артынан жаудың тиіпті… …Қақ айырып жау қолын, бойлай өтіп шығыпты… …Ес жиғызбай тағы да ендей өтіп шығыпты…
…Екі өткенде Ер Қармыс он тоғыз жаудың сарбазын опат қылып кетіпті… …Мақсатына жетіпті… …Содан бері сан қилы жылдар талай өтіпті… …Қармыс батыр елінің санасына бекіпті… …Қармыс батырды қайталанбас соңғы ерлігіне елім деп соққан жүрегінің ел тағдырына биқам қараған биліктілерге деген ызасы мен тағдыр деген құдірет алдындағы амалсыздық сәті итермелеген болса керек… …Қармыс батырды қоршап алған жаулары жеті найзаға іліп жоғары көтеріп: “Халың қалай?” – деп сұрапты. …”Жаны шығар сәтінде жауының төбесінен найза бойы жоғары тұрған адамда арман болар ма!” – деген Қармыс батырды, жаулары жерге тастап жіберген екен… 21.11.2000 ж. Ақтау.
БӘЛКӨТТІҢ РУХЫ
Екі аңшы, немере ағайынды Шотан жарылар, бүгінгі сәтті басталған күніне әбден разы болатын. Тілалғыш баладай лыпып тұрған қажарлы кездіктерімен, сәске түсте атып алған құнандай құлжаны мүшелей жіліктеп, қалың еттерін жұқарта боршалап, тұздап жатты. Быйыл жер оты жақсы болған. Алла нәсіп етіп қақпанға түскен түз аңы қарақұйрық та, мылтық қарауылына іліккен тау аңы арқар да қоңды еді. Бәлкөт Кісәптің қазан отын жаңғыртпай, астындағы қозданған шоқтарын қозғап қана қойғанына қарап мосыға ілінген шағын шәуім қазанның түсірілетін мезілінің жақындап қалғанын сезіп отыр. Екі-үш жылдан бері қосшы бала етіп қасынан тастамай жүрген інісіне аға аңшының тағар міні жоқ еді. Бар шаруаны өзі біліп істейтін, ойдағыңды айттырмай тындыратын, аға көкірегін айнытпай таныр сезімтал, елгезек інінің нақ өзі болатын.
– Аға, тамақ пісіпті. Түсірейін бе, әлде шоқ қызуына бүлкілдей тұрсын ба? – Асықпа, мына шаруаны тындырып тастап, асқа бұратала отыралық. – Семізін-ай, жарықтықтың! Өзі де нағыз бір ай мүйіз, маңғаздың өзі екен! Жар басында қозғалмай сүт пісірім тұрып алғанын қайтерсің, жарықтықтың! – деді Кісәп, істеп отырған ісіне ризашылық білдіре. – Е…е… Мана бұл неге атпайды деп, мылтық даусы шыққанша қаным мұздап, денем суып қала жаздап еді. Сен бұ құлжаның көркі мен маңғаздығына көз суарып мылтық шүріппесін тарта алмай кідірген екенсің ғой!..
– Жоқ, аға! Арқар маған тіке қарап тұрды ғой. Тіпті жүрегінен тиізсең де бір секіріп құзға құлап кететін еді. Мен көлденеңдеуін күттім де, дәл бел омыртқасынан аттым емес пе!..
– Әй, бәсе, көп кідіріп едің-ау... Солай ма еді… Ал шындықты айтар болсақ сен кәзір мақтауға тұрарлық атақты мерген болып алдың!.. Арқарды бір секіртпей тұрған жерінде қалдыру – ол нағыз өнер!.. Менің енді саған үйретерім жоқ. Сенің осындай керек кезіндегі шыдамың, өзіңе-өзіңе сенімділігің мен білетін барлық мергендерден асып түсті. Әйтпесе жүрегінен атпаймын, беломыртқасынан атамын деп, қасқиып қарсы қарап тұрған арқардың көлденеңдеуін кез-келген аңшы сүт пісірім уақыт күтіп жата алар
ма?.. Жоқ, енді сен нағыз аңшысың. Менің көзім бұ күндерде мылтықты сығалауға жарамай қалды. Енді сен өзіңе жақсы қосшы жігіт тауып ал. Келесі жолы аңға өз қосыңмен шығасың… Өзің басшы боласың… Жастарға сенің де ақыл айтып, үлі көрсетер кезің жеткен секілді… Сенің өнерің біздің жобамыздан асып түсер деп дәметеміз… – Ой ағасы-ай, бізге Сіздей болу қайда… Аң аулау мен мылтық атуды үйренуге болар-ау. Бірақ Сіздің ойыңыз бен пайымыңыздың жобасынан шығу мүмкін бе?.. – Тағы не ойлап таптың?..
– Бәлкөт аға, ертең ауылға оралысымен Сіздің қасыңыздың адамдардан бір босамайтыны рас қой… Сіз ерекше кісі болмасаңыз соншама ел маңайыңызға үйіріліп жиналар ма еді?.. – Әй шырағым-ай!.. Бар өмірін елден шет жүруге тырысып, жалғыздыққа үйренген, мен сияқты үйірсіз саяқ аңшы кімге керек дейсің? Солардың ішінде мені іздейтіні жалғыз-жарым-ақ шығар. Көбін буы бұрқыраған ет асылып жатырған қазан шақыратын болса, бірсыпырасын қысыр әңгіме қызықтырады. Біразы дүрмекке ереді. Өмірде ең қиын нәрсенің бірі көпшілік ойын түсіну… Ал одан да қиынырағы сол көпшілік ойынан шығу. Ол тіпті мүмкін де емес болар…
– Білмеймін. Әйтеуір, Сіз мақтанбайсыз… Ол да көптің қолынан келмес қасиет болар… – Мақтана алатындай мен не тындырды дейсің… Ел айырыппын ба, жау қайырыппын ба?.. Ал жарайды, бұл әңгімелерді доғаралық. Мына қақталған еттерді іліп тасталық. Қан-суы ағып, біраз дегдіп қалсын. Сосын асыңды даярла. Асымызды ішіп алғаннан соң сен көліктерді алып кел, мен қосымызды жығып, буып-түйе берейін. Бүгін елге қайтамыз. Біраз ет жиналып қалды. Жарық барында Ман-Атадан құлап алалық…
…Екі аңшы сол күні күннің қызылы семер-сембесте Ман-Ата асуынан Ойға құлап, қалың жыңғыл тоғайдың шетіне кішкене итарқа қосын тігіп те үлгерген болатын. Шәуімін мосыға асып қойып, ертең елге жетерін, қай үйге қанша ет таратарын жайбарақат әңгіме қылып отыр еді… …Кенет Бәлкөт елең ете қалды. – Мынау не дыбыс?.. Көп тұяқтың үні ғой!.. Түн ішінде қауіпті асудан мал құлатпас болар еді?.. Шыңның асты да сай-сала, бейбіт уақытта, мынадай айсыз түнде кім жылқы айдайды?.. Жау емес пе екен?.. Ай жау болар, асылы?.. Келіп қалды ғой... Жасырынып та үлгермеспіз… Мен жауаптасайын. Ал сен үндеме, мылқау бала дей салармын. Бірдеңені бүлдіріп алармыз…
Екеуі келісіп те үлгермеді. Бұлардың күркесін ат үстінде тұрып көтеріп әкеткен әулетті қолдардың иелерінің көзіне мосы күзеткендей боп бүрісіп отырған екі кісі шалынды да, бұлардың көзіне түскені түсі суық сеңсең бөрікті қаптаған қарулы жандар еді… Балкөт орнынан зорға көтерілді. – Кімсің?.. – Аңшымын… – Қасыңдағы кім? – Менің қосшы балам ғой. Мылқау бала… – Ана жатқан ер-тұрмандарға қарағанда аттарың бар ғой? – Бар. – Жүріңдер аттарыңа – деді, мойылдай қап-қара сақалы бар өктем үнді біреуі. – Мына заттарымызды қайтеміз? – деп, Бәлкөт шашылып қалған қосына қарады.
– Кәзір аулын тауып берсең Сүйінқараның асыл заттарынан үлес бөліп беремін. Таба алмасаң енді саған дүние-мүліктің қажеті болмай қалар… …Сеңсең бөрікті қарасақалдың бір ауыз сөзінен Бәлкөтке бәрі түсінікті бола қалды… Жазда бір тойда жиналған жұрттың күні бойы әңгіме еткені Хиуа ханы мен осы өлкенің басшысы Сүйінқараның ара қатынасы туралы болған еді. Олардың айтуынша Хан осы жазда Сүйінқараға бір рет елші, бір рет шапқыншы жіберіпті-міс.
Елші: “Адайлар орыстарға теңіз жағасынан қала салдырмасын. Хиуа ханына зекет салығын уақытылы төлеп тұрсын. Маңғыстау арқылы өтіп жатқан керуеннен алған салықтарынан, “Сүйінқара сыбағасынан”, біздің үлесімізді беріп тұратын болсын… Әйтпесе Хиуа күш қолдануға мәжбүр болады” – деп, талап қойыпты-мыс... Ал адайлар баяғы әніне басатын көрінеді. Хиуалықтар мен орыстар түгіл қазақ ханының кейбір бопсаларынан бірде уәде беріп құтылса, бірде Хиуа мен орыстарды бетке ұстап уақыт өткізеді екен. Басқа қазақ рулары әйтеуір біреулерге тәуелді болып қалғанда, сол айласы пайдаға асып адайлар әлі күнге еркіндігі мен бас бостандығын сақтап жүр екен деседі…
…Екінші әңгіменің тақырыбы Хиуа ханының сүйікті әйелінің ұл туғаны туралы болып еді. Хан Сүйінқараға Тағанияз деген биін жіберіп сүйінші сұратыпты… Бұл да бір саясат болар. Бұдан сәл бұрын елші жіберіп салған салмағына адайлардың көзқарасын анықтамақ шығар… Ал бұлар баяғы дарақылықтан, баяғы ойсыздықтан құтыла алар емес… Сүйінқара қатты кетіпті… Ол қатты кете қойсын, ал мына парықсыз жұртқа не дерсің?.. Осыншама ел басына қауіп төндіруі мүмкін уақиғалардың ішінен бүкіл елдің ұғып алғаны, айғызы қана рахаттана еске алары Сүйінқара айтты деген бір ауыз сөз болатын…
...Сүйінқара батыр Хиуа ханының шапқыншысына: “Хиуаның бір қатынының асты қанады екен деп адайлардың той жасарлық қуанышы да жоқ, шабарманға берер сүйіншісі де жоқ депті”, – деп мәз болысатын… – Сүйекең айтады ғой!.. – Қорқа алмайды ғой, біздің Сүйекең!.. – Неден қорқады, Хиуа деген баяғы үйренген жау емес пе?.. …Бәлкөт қолымен жер тіреп, кенеттен шамадан тыс ауырлап кеткен денесін тіктегенше сол тойдағы осы сөздер санасын сан рет тілгілеп өтті. ...Сүйекең айта алады ғой деп кеңкілдей кұліп еді-ау… ...Ай, күлмей күмірә болғырлар-ай... ...Сүйекең кімнен қорқушы еді деп дандайсып еді-ау, олар?..
...Үйренген жау ғой деп қоқиланатынын қайтерсің?.. Ал жаудан қорықпайтындар, Хиуаны менсінбейтіндер қарсы алуға дайын болсаңдар бұлар келіп те қалыпты ғой?.. Қарқылдап мәз болатынын қайтерсің… Әттең дүние-ай!.. Бар мәні сондай даңғойлар қылығы мен керауыздар сөзіне тәуелді болып қалған бұл не деген тірлік… Ала жаз бойы бір сақтық шарасын іске асырмады ғой. Ең болмаса шабамын деп хабар салып жатырған жауынан ұялса еді, шіркіндер… …Қарасақалдың даусы тым сызды шықты. Дыбысы мен тұрпатынан өне бойын кернеген ыза мен кек елесі байқалып-ақ тұр еді…
– Баста, Сүйінқара көпектің аулына! – деді, бұлтартпас өктемдік пен бір кесер қатігездік сезіліп тұрған үнмен… …Бәлкөт жаудың қарулы тобын бастап жүріп кетті… Бірақ оның “сырты бүтін, іші түтін” болатын. Ол бар сабыры мен ақылын бойына жинауға тырысып, ой үстіне ой жамап келе жатыр еді… …Бұндай кезде ер кісі өз басының қамы мен шыбын жаны туралы ойды ең соңына қалдырғаны дұрыс… Жол көрсетпеймін дегенде де, жол білмейтін едім дегенде де бұл не ұтады… …Бұлар көнбесе ілгері жақ толы ел емес пе…
…Бір ауылға кезігеді, біреуді көндіреді… Ал ол кісі түн ішінде мына қалың қолды ауыл үстінен түсірсе ел жағдайы не болмақ?.. Хабар сәл бұрын жетсе бала-шаға, қыз-келіншек ең болмаса қамысқа тығылып, бас сауғалап үлгерер ме еді?.. Бұлар қай заманда да жас балалар менен көрікті қызкеліншектерге құмар болатын… Әлі күнге құл сатып, күң ұстайды… …Жаудың биқұт жатқан елге таң алдында тиіспек ойы бар секілді, аямасқа бекінген түрі де байқалып келеді… …Қатпастың сорын оңтүстік жағынан айналып барса Тасорпа маңындағы қыстауына қонған Сүйінқара аулына таң ата жетіп те қалуға болар… …Ол жолда ел көп. Бірі болмаса біріне кездесіп қалары сөзсіз…
…Ал Қатпастың соры арқылы тіке тартса тиіп тұрған жер… Бірақ қараңғы түнді пайдаланып сорды бір-екі айналдырса таң да атып қалар едіау!.. Сәті түссе біреу хабар жеткізіп ел-жұрт қапыда кетпес еді… Бірақ ол мен үшін соңғы сапар, өлім жолы болмақ… …Не істеу керек?.. Қайткенде қателеспейді?.. …Бәлкөтке өзі бастап барған жау сарбаздары ойрандап кеткен шабылған ауыл бейнесі елестеп кетті… …Шаңырағы орталарына түскен қасиет тұтқан ақ ордалар… …Шулатып жау айдап бара жатқан елдің ажары мен көркіндей қызкеліншектер… …Еңіреп зарлап қалған ел… …Ойраны шыққан жұрттың қақ ортасында өз еліне жау бастап келген Бәлкөт…
…Жан-жағында қарғыс жаудырған қатындар… ...Олар құдайды да, жауды да қарғамайды... …Барлық қарғыс тек қана бұған арналған… …Жазда хабар салып, күзге дейін мұрсат берген жау мәрттігі туралы ол жерде ешкім ештеңе дей қоймас… …Хабар алса да дайындықсыз отырған ел басшыларын еске алар деймісің… …Кеше ғана кеңкілдеп күлгендер күлкісі баяғыда ұмыт болған болар… …Олар туралы да бір ауыз да сөз айтыла қоймас… …Бар қарғыс Бәлкөт басына… …Аяусыз қарғыс… …Өмірден өтіп кеткен жеті атасымен қоса өмірге әлі келіп үлгермеген бар ұрпағын қоса қарғайды…
…Жоқ… Оларың бола қоймас, қатындар – деді, күбірлеп, Бәлкөт. Мен сендерге тұқым-теберігімді қарғатып қоя алмаспын… …Аруағынан айналайын аталарымды жатқан жерінде аунаттыра қоймаспын… Әлі өмірге келмеген менің немере, шөберелерімнің жазығы не?.. Қарғағышын бұлардың… Ол өзін қарғаған қатындарға өштесіп алғандай болатын… Енді оның жауы қасындағы қарулы топ емес, ерні сүреңдеген ауылдың қатындар секілді боп кетті… – Атаңның басын қарғарсың – деді, ол. Бұл шақта Бәлкөт бар ойын жинақтап, бар болмысын тас түйіндей етіп ширықтырып алған болатын…
– Құдайдың өзі мені қолдап тұр ғой – деп, күбір ете қалды Бәлкөт. Ол өзін барлық уақытта табиғат пен құдіреттің айрықша қамқорлығына бөленіп жүретіндей сезінетін қанағатшыл жан болатын. – Бұлар өз бағытын анықтай аларлық аспанда жымың етер жұлдыз да жоқ, лүп еткен жел де жоқ. Сорды үш айналдырсам таң да атып қалар. Бізді сыртымыздан не түйе қараған, не жылқы шолыған біреу көрмес дейсің бе?.. Көрсе мына мыңдаған аттылардың тегін еместігін сезбес деймісің? Сезсе елге хабар беруге ақылы жетер…
…Таң қылаң беріп, жан-жақ аңғарыла бастаған кез болатын. Түнімен үн-түнсіз бүлкіл аяңмен қалың қолдың қақ маңдайында келе жатқан бұлардың қасына үш-төрт кісі қапталдай шауып жақындай берді. Біреуінің қолында шағын қоржын. Қоржынды қолын жоғары көтеріп даурыға сөйлеп, жолдарын кесе алға шықты. Үндерінде үрей, қимылдарында асығыстық байқалады. Қалың қол иіріліп тұра қалды... …Бәлкөт бәрін де түсініп тұр. Бұлар бір қоржын тауып алыпты. Реті осылардың біреуінің жоғалтқан қоржыны секілді. Тез іздестіріліп, қоржыны түсіп қалған кісі де табылды. Жол басшыларының бұларды алдап, адастырып
жүргені белгілі болып қалып еді... Қарасақал бастық қаһарына мініп ақырып жіберді… – Сила біреуінің басын!.. …Қолындағы қоржынды лақтырып жіберіп, көз ілеспес шапшаңдықпен суырылып көкке көтерген ақ алмас әлсіз сәулемен сәл өңі кіре жарқ ете түсті де, Кісәп сорлының қанына боялып күңгірт тарта қалды. Солығы басылған тентектей жуасып, төмен салбырай қалған қылыш жүзінен жерге темған қан тамшыларының сол сәттегі тырсылы Бәлкөттің жүрегінің дүрсіліне сәйкес келіп кеткендей… Сол дыбыс күші оны аттан жұлып түсіріп еді…
– Бауырым-ай!.. Обалыңа қалдым-ау!.. Бәлкөт аттан түсуін түскенмен әуелі інісінің анадай жере ұшып кеткен басына барарын, не жақын жатқан денесін құшақтарын білмей, аңырып тұрып қалғанды... …Қарасақал басшы жан-жағының толық жарық бола бастағанын көргенде өкініштен басын шайқап-шайқап жіберіп: “Бізге енді мына жол басшының да қажеті жоқ. Қапысыз кезде Сүйінқара аулының үстінен түсе алмадық” – деді. …”Арымнан жаным садаға” дейтін асқар рухтан бастау алған, елім деп соққан жүректен жаратылған қып-қызыл қанымен туған жер шөлін қандыра, жаралы Бәлкөт денесі де шөгіп бара жатты…
...Шалғай төбе басында көп аттылыны көзбен шолып тұрған екі жылқышының бірі бұл кезде елге қарай жосылтып бара жатқанын білгенде Бәлкөт батыр өз өмірінің босына қиылмағанына қуанар еді… ...Бірақ, елім деп өмір сүргендер – қашан, қай заманда қуанышқа толы өмір сүріпті... ...Әзірге естіген жоқпыз... Ақтау. 10.04.2001 ж.
ЕСПЕМБЕТ НАМЫСЫ
Ойламаған жерде өз басына түскен осыншама ауыр жүкті қабырғасы қайыспай көтеріп кетуге де, асып-саспай ақылмен шешуге де Еспембет әлі тым жас болатын. Ол өзінің албырт жанын күйдіріп, сай-сүйегін сырқыратып бара жатқан нәрсенің намыс аталатынын да толық түсіне қоярлық шамаға жетіп үлгермегенді. Палуан аталып, батыр аты шыға бастаған жас жігіттің алдынан күтері көп болатын. Жолы болғыштығын аруақтардың қолдап жатқаны деп қабылдап, тіпті өзінің табиғатының ерекше жаратылғанына сеніп те қалғандай-ды. Құдірет қамқорлығына өмірбақи бөлене беретіндей болып көрінетін өркөкірек жігіттің тұтқындық, мүсәпірлік хәлі оның өкініш сезімін лаулата жағатыны соншалық, ет-бауыры сол ыссы өкінішке өртене, ылжырай езіліп бара жатқандай күй кешетін. Тағдыр бұрын оны жалқыдай еркелетсе, енді тастандыдай жетімсіретуде. Әсіресе, Ембі тауының ең шығыс жақ ұшпа шыңының маңына тігілген желкөз керегелі қара күркенің түрулі іргесінен көзіне боз далалы Бозашысы шалынып кетсе-ақ болды, тартып жатқан жан азаының үстіне қабат-қабат жаңа қайғылар жамалып, аласұра бұлқынатын. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, түркімендер жайлап отырған
осы тау басынан өз ауылы тұп-тура алақанында тұрғандай еді. Тұтқын болып аяқ-қолына қазықтаулы кісен түскелі, үш күн өтті. Үш күн нәр татпады. Барымта-шабуыл кезінде Еспембетті тұтқынға түсірген түркімендер бұны әуелі өлтірмек болып еді, артынан малға ауыстырғанды жөн деп тапты. Өзін жығылған ат астынан суырып алып, түркімендер домалатып буып тастағалы жағын ашып бұл бір үн шығармапты. Қанша сұрағанмен атын да айтпады, аулын да атамады. Үн-түнсіз қатып қалған. Тек қана шамадан тыс алып денеден анда-санда теңіз күрсінісіндей дыбыс тарап жатты. Ауық-ауық жаралы арыстандай ыңыранып, бұғаудағы барыстай бұлқынатын...
...Түркімен аулының бас көтергендері бүгін түгел бір жаққа кетіп, Еспембет есіз қалғандай еді. Ол аздап ақыл-есін жинағандай. Орынсыз бұқынуды тоқтатып, жан-жағына көз жүгірте бастағанды...
...Бес-алты үйден тұратын шағын ауыл екен. Таудың батысынан басқа жақтарының ұшпа шың екенін ол бұрыннан да білетін. Бірақ бұл таудың басына ел қонады деп ойламапты. Қол-аяғы байлаулы атқа өңгеріліп келе жатып жолда ауылдар кездескені есінде. Демек, көзге түспей қашып кету мүмкіндігі жоқ... Басына бостандық алудың жалғыз жолы – елге хабар беру, малға сатылу... Бұрын басына қиындық кездеспеген адуын жасқа осыдан артық қорлық жоқ секілді еді... Малға сатпақ... ...Тұрмысқа керек нәрседей боп малға ауыстырылып, өз аулына бармақ па?.. “Еспембет батыр”, “Еспембет палуан” қайда жоғалмақ?.. “Батыр Тоқтамыстың батыр немересі Еспембет” деген атақтан не қалмақ?.. Осындай ойлар басына келген сайын ол: “Одан да өлгенім артық!” – деп, қайталаудан жалықпады. Бірақ қол-аяғы кісендеулі кісінің өз еркімен өле қалуы да оңай шаруа емес секілді... Жер қазық етіп көмген кісен қанша жұлқығанмен қозғалатындай белгі берер емес... Жерді қазып босатырлық қолға ілінер ешнәрсе көрінбейді... Керегенің бір сағанағын жұлып алуға да қол жетпей жатыр...
...Кенеттен... Иә, сәт!.. Жар басында ойнап жүрген бес-алты жасар екі бала бұның күркесіне жақын келіп қалыпты. Біреуінің қолында – кішкентай белшік!.. Ол ішінен тағы да бір рет “иә, сәт” деп өзін-өзі демеп қойды... Әуестік жеңген екі нәресте босағадан қос қолдай ұстап бұған телміре қарап қалыпты. Таңданғаннан ұясынан шығып бара жатқандай боп көрінген мойылдай қап-қара, ботақан көздерге қарап, өзінің пенделік жағдайын ұмытқан Еспембет күліп жібергенін өзі де байқамай қалды... – Атың кім! – Берді! – Белшігің әдемі екен, көрейінші! – деп, қолын созған Еспембетке бала жүгіріп кеп белшікті ұстата салды... ...Еспембет: “Уа, Тәңірім, рахмет!, жібердің бе періштелеріңді!” – деді, аяқ астынан тілегін берген тағдырына ризашылығын білдіріп... ...Белшік қолға түскен бойда жанталаса қимылдап ол жер қазықтан темір кісенін босатып та алды... Осы уақытта қатқыл тау басын дыбысқа толтыра ауылға жақындап келіп қалған ат тұяқтарының дауысы да құлаққа жеткен еді...
...Жап-жаңа балаларға күле қарап отырған Еспембет мінезі шұғыл өзгеріп шыға келді. Бір қолымен кісен шынжырларын жинақтап ұстаған ол, екінші қолымен бір баланы бақырта қолтығына қысып алып, тұсауға үйренбеген тар тұсаулы аттай ебдейсіз қозғалып, анадай жердегі ұшпа жарға қарай жанұшыра қозғалып бара жатты. Балалардың бақырған даусы ауылдың бар адамын аяғынан тік тұрғызған еді...
...Жардың ұшар асына жеткен Еспембет сол маңайға жиналған жұрт билігін өз қолына алып алған... Ауыл адамдарын өзіне он шақты қадамнан жақындатпай тоқтатып қойды... Қатты шөлдегенін енді сезінгендей... Балаға су алдыртып ішті... Біраз уақыт өткесін асықпай көпке қарап: “Бердінің әкесі кім?” – деп сұрады. – Мен! – деп, бір кісі ілгері қадам басты. – Тоқта! – деп, ақырып жіберді, Еспембет. – Мына Бердінің тірі қалу қалмауы ендігі жерде өз қолдарыңда. Бұл бала өмір сүрсін десеңдер, менің қолыма салған кісен кілтін әкеліңдер! Кісен кілтін ашқан бойда балаларыңды босатамын...
Төрт-бес еркек азғантай кеңескеннен соң, бір бала қолына кісен кілтін ұстатып, Еспембетке жіберді. ...Аяқ-қолын бұғаудан босатып алған Еспембет қуанышты кейіпке енді... Түркімендер оны түсінбей дал болып тұр... Қалай құтылмақ ойы бар екен?.. Арғы жағы төрт-бес жүз метр құз... Мына жағы қарулы адамдар... – Әй түркімендер!.. Кәзір Бердіні босатамын. Содан соң мен сіздердің қолдарыңа түсе қоймаспын!.. Сіздерден бір сұрағым бар, орындайсыңдар ма?.. – Орындаймыз! – деп шу ете қалды, ауыл адамдары.
– Олай болса, сендім сіздерге!.. Тоқтамыс батырдың немересі Еспембет батыр деген мен боламын... Сіздерден сұрағым мынадай бір ауыз сөзімді еліме жеткізіңдер. “Еспембет өлер алдында қол-аяғын бұғаудан босатып алды. Ембі тауының ең биік шыңынан секірер шағында бас бостандығы өзінде еді!”... – Ал Берді бара ғой. Рахмет саған!.. Бала жүгіріп барып ата-анасына жабысты. – Мен азатпын!.. ...Еспембеттің “азатпын” деген қуанышқа суарылған шынайы айқайы биік тау басынан Бозашы даласына қарай өрлікке толы ғажайып намыс рухын тарата, өзімен бірге ұшып бара жатты...
...Осы уақиғадан кейін Маңғыстаудағы Ембі тауының күн шығыс жағының етегінде “Еспембет қандығы” деген жаңа жер атауы пайда болып еді... Ақтау. 14.04.2001 ж. ШОТАН БАТЫР (Екі актілі, алты көріністі тарихи драма)
АЛҒЫ СӨЗ
Он сегізінші ғасырдың ортасынан ауа бере екі жүз жылға жуық бірбірімен жиі-жиі қақтығыста болып, біріне-бірі «ақтабан шұбырынды», «аңырақай» секілді тарихтың қанды беттерін жазғызып, елді есінен кетпестей қасіреттерге ұшыратып келген жоңғарларлар мен қазақтар соғысы аяқталады. Бұл соғыстың кенеттен аяқталуына басты себеп болған жоңғар елінің қытай шапқыншылығына ұшырауы болды. Адам баласы тарихында бұрынсоңды еш жерде, еш елде болып көрмеген, қатыгездік пен өшпенділіктің шегіне жеткен, алғаш рет тұтас бір ұлтты жер бетінен құртып жіберген қылмыс-қырғын уақиға болады. Ұзақ жылдар бойы жоңғарлармен соғыс жағдайында өмір сүрген қазақ халқы енді соғыстан қолы босап, бейбіт өмірге бет бұрып, соған бейімделе алмай жатады. Адайлар он үшінші ғасырда Алшын тайпаларының құрамында Жошы мен Бату соңына еріп, Алтын Орда мен Ноғай Орданың сойылын соға, сол замандардағы ұлы уақиғаларға араласа, Қырым мен Кавказ, Дон мен Днепр жерлерінде жұртын қалдыра жүріп, он бесінші, он алтыншы ғасырлар шамасында ақыры Қазақ хандығы туының астына жиналған қазіргі қазақ халқын құрап тұрған тайпаларға қосылып, өзінің мәңгілік Отанын табады, таихтағы орнын анықтайды. Алатау мен Жетісуда ошағына от тұтатып, Түркістан мен Сайран маңында шаңырақ көтеріп жүрсе дағы бабалары бес жүз жыл бұрын қалдырып кеткен Маңғыстауды адайлар елі әлі ұмыта қойған жоқ болатын. Тарихи жағдай адай тайпасына өздерінің тарихи отанына қайтуына мүмкіндік туғызады. Адай тайпасының билері мен батырлары, ру басшылары мен байлары сан ғасырлар бойғы адайлар арманын іске асыруға кіріседі. Әуелі аңшы ретінде Маңғыстауға Есекмергенді жіберіп барлау жасатады. Сосын алпыс үймен Маңғыстауға Шотан батыр аттанады.
Ақыры, Шотан батыр бастаған аз ауыл орналасып болғасын, тұтас ел маңдайын бабаларының ата күлдігі Маңғыстауға бағыттап, бас аяғы елу жыл шамасында Түркістан, Сауран аймағынан Маңғыстауға қоныс аударады. Басты тұлғалар: Әжібай. Сөзін аспай-саспай жеткізе айтатын, сабырлы қарт кісі. Назар. Әрі бай, әрі батыр атанған қарт кісі. Шотан батырдың әкесі. Бәйбіше. Назар бәйбішесі. Жетісу, Алатау жақтың қызы. Шотан батыр. Назардың ұлы, елу жаста. Ел басшысы ретінде танылған, шешен сөйлейтін әрі би, әрі батыр, ірі кісі. Көсем би. Асығыстау, ойланбай сөйлеп қалатын, ақкөңілдеу кісі. Тоғыс би.
Маңындағы жұрттың қас-қабағын бағып отыратын, кісі назарын жықпай сөйлейтін адам. Қосболай батыр. Адайлармен қоныстас беріш батыры. Сайқы би. Күлдіре сөйлейтін қасиеті үшін Сайқы би атанған адам. Есекмерген. Аңшы. Батыр. Алып адам. Қосан батыр. Жас батыр. Назар байдың қоңсысы. «Қоңырат келін». Қосан батырдың әйелі. Сауран маңын жайлаған қоңырат руының қызы болғандықтан «қоңырат келін» атанып кеткен жас әйел. Бірінші акті. 1 көрініс. Шотан батыр Сахна ашылады. Қалың ойда отырған Шотан батыр. Ескі сарынмен орындалып жатқан жыр естіледі. Қазақ деген халықпыз...
Әй, қазақ деген халықпыз, Азаулыны ардақтап, Астана жұртын сайлаған. Стамболдан кем көрмей, Алмаға атын байлаған. Баса көктеп Қап тауын, Мұзына мәңгі таймаған. Еділ мен Жайық екі су, Днепр, Донды жайлаған. Адай деген ел едік... Әй, адай деген ел едік, Қазақтың қара баласын, Хан ұлына теңгерген. Жауына сойқан салсын деп Тентегіне жел берген. Терезесін тең тұтқан, Небір ұлы елдермен.
Қап тауында мәңгіге Адай атын қалдырып; Азаулыдай далада Адай мола салдырып; Қырымда қызын ұзатып; Ұрымда ұлын піштіріп; Бірде даха, бірде дай, Массагет боп, бірде адай, Мынау шексіз әлемнің Төрт бұрышын кезгенде; Жеті ханға ақыл боп, Сыпыра жырау өткенде, Маңғыстаудан Ауғанға, Асан қайғы кеткенде – Іздеді нені бабалар? Не ойлады даналар... Байтағыма жетем деп Еділге көпір салдырған. Жайықтан өтсе Сарайшық, Шалғынға атын шалдырған. Сарайшықта кеңесіп, Алтын тақты хандармен Дәрежесі теңесіп, Біздің сол бір бабалар Отырды екен не десіп?.. Жетісу жұмақ жаннатта, Мұңал ошақ от жағып;
Түркістан, Сауран мекендеп, Өртіне жоңғар қақталып; Басынан бірлік кеткенде, Қазақтың ары тапталып; Шұбырынды ақтабан, Аты содан сақталып... (жыр кенеттен аяқталады)
Шотан батыр. (күбірлеп) Шұбырынды ақтабан, Аты содан сақталып... Құдайым-ау! Бұл ойдан құтылатын күнім болар ма екен?.. Шұбырынды ақтабан ететін елімнің не жазығы бар еді?... Сәл оңаша қалсам өн бойымды түйрей өтіп, әр сөзі жүрекке найза боп қадалар не қасиеті бар сөз еді?.. Менің жер-жебіріме жете масқаралап... жанымды жаралап... Қинап болды-ау мені осы сөз... Не жазығым бар еді, менің?.. Өмір бойы енді осы сөз жерге қаратып өтетін болар ма? Бұ қазақ елімді жау шабады деп дайын әскер ұстамаса батырлар қайтеді екен?.. Мен қайтеді екем?.. Орнынан тұрып кетеді, қызына сөйлейді.
Бұйқыт жатқанда жау шапса қазақ саспай қайтеді? Сасқасын қашпай қайтеді?.. Қашқасын шұбырмай қайтеді?.. Шұбырғасын “ақтабан” болмай қайтеді?.. Бізге не дейді сонда, бұлар?.. Бір сәт тыныштық беруді қойды ғой маған, осы заржақ саз бен заржақ сөз... Сәл сабыр тауып, отырады. Жаудан құтылып, енді тыныштық табамыз ба десек, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан бездіретін пәлесі тап болды ғой, менің басыма... Жаудан кем болмады-ау мынау сөз!.. Кешіре көріңдер “ақтабан” боп шұбырған сорлылар! Қабырғалы елің тұрып паналар бұта таппаған пақырлар! Ханыңнан ақыл шықпаса, батырыңнан батыр шықпаса, шұбырмағанда не етерсің, сорлы ел?!.
Орнынан тұрып кетеді. Қызына, үдете сөйлейді. Жоқ! Қалай болғанда да біз кінәліміз... Біздің ұрпақ кінәлі. Сені қорғай алмаппыз!.. Аяғын жерге тигізбеспіз деген ата-ананы Алатаудан Қаратауға дейін жаяу шұбыртып... Не деген бейқамдық?.. Содан енді қортынды шығарар ма, бұ қазақ?.. Отырып ойланып қалады. Күбірлеп тағы қайталайды. Басынан бірлік кеткенде, Қазақтың ары тапталып...
Әй заржақ ақын!.. Сен не дегенсің?.. “Басынан бірлік кеткенде” дейсің бе! Сен әлде қазақтың бейқамдығынан емес, қазақтың басында бірлігі жоқтықтан болған деп отырсың ба?.. Сонда қалай?.. Хан мен төре халықты жүз-жүзге бөліп алып, бірбірімен келісе алмаса халықтың не жазығы бар еді, аузынан запыран, көзінен қан ағызарлық? Сен соны меңзеп отырсың ба?.. Хан мен төре мынау дархан далаға сыйыспаса қара халық “ақтабан шұбырындыға” ұшырай бере ме, сонда?.. Енді халықты қапы қалдырмау үшін не істеу керек?.. Мына ақынға сенсек хан мен төре дегенің халық үшін жоңғардан кем жау болмаған секілді ғой, асылы... Хансыз, төресіз өмір сүруге болмай ма сонда, бұ халыққа?.. Қайтсек қайғысыз өмір сүргіземіз, бұ сорлыларға?..
Шымылдық. 2 көрініс. Назар. Сахна ашылады. Киіз үй көрінісі. Сахнада Назар мен бәйбішесі. Назардың байыз таппай, бірдеңеге мазасызданып жүргені байқалады.
Назар. Әй Алла!, бергеніңе шүкір!.. Қазақ қамы, халық қамы деп қапылмайтын болдық па… Ойбай! елден айрылдық, ойбай жерден айрылдық деп зарламайтын да болдық па!.. Әркім өз от басының шаруасын ойлататын күнге де жеткіздің-ау, Алла тағала!.. Ұзағынан бере көр!.. Бәйбіше. Әумин. (бетін сыйпайды). Назар. Бәйбіше!.. Бәйбіше. О не, батыр-екесі. Назар. Апырым-ай! Шотан кешікті-ау… Бәйбіше. Батар-еке! Кеше ғана түс көрдім. Шотаным ақ боз атпен топ алдында келе жатыр екен. Жүзі жарқын екен деп қуанып отыр едің ғой. Сабыр етсеші, келіп қалар.
Назар. Азғантай жасақпен бейтаныс елге қалай аттанған!… Шақырусыз келген аз ғана жасақты өз жұртында отырған қабырғалы ел қаласа қыра салмай ма? Бәйбіше. Сақтай көр. Назар. Олардың тағдыры жау қолындағы қылыштың жүзінде емес пе? Қалай тыныш отырарсың… Аспанға қолын көтереді. Ей Алла, Сенен сұраған соңғы тілегім болсын! Елім деп еңіреп жүрген Шотанымның маңдайын ашық ете көр, пәледен қашық ете көр!.. Оны ойлаған ойына, бізді соның тойына жеткізе көр!.. Аллаһу акбер. Бәйбіше. (бәйбіше де Назарға қосылып «Аллаһу акбер» деп бетін сыйпайды) Батыр-еке, о не той! Алладан тілеп тұрғаның қандай той? Жасың сексенге келгенде… Назар. Балаң адай дейтін елімді бабаларының ескі қонысы Маңғыстау дейтін жеріне жеткізсем деп армандап жүр ғой. Сол шаруаның соңында жүр емес пе… Бәйбіше. Тірліктегі біз көрген бұл адайларыңның бірінің табаны тимеген жер бұларға қоныс бола алар ма екен? Назар. Шотанның ойы басқа. Аңыздарға сенеді. Сол жақта адайлардың 360 әулиесі қалған дейді. Ата-баба аруағы сол жерде күтіп жатыр дейді… Соған жетсек дейді… Аруақтар желеп-жебесе жұртым іргелі ел болар еді, бір жерге тұрақтанар еді дейді… Бәйбіше. Елім дегені ұнайды маған осы балаңның… Назар. Бәйбіше, Шотанның шақырған қонақтары, адайдың билері мен батырлары, бүгін біздің осы үйде бас қосады. Елдің беделді адамдарын шақырып алып, өзі жете алмай қалса… өкінішті-ақ. Бәйбіше. Сонда бұлар не сөйлеспек? Қыдырыстамай отырсашы, хабарыңды айтсашы. Назар. (отырады) Сенің балаң ендігі жерде Адай дейтін ел қай жерде мекен етпек, мәңгілік мекені қай жерде болмақ деген сұрақтарға жауап іздейді. Соны атақты билер мен батырлармен ақылдасып анықтағысы келеді!.. Бәйбіше. Батыр-екесі, бүгін үйге келетін кісілер ішінде менің төркіндерімнен ешкім болмайды ма? Білмедің бе? Назар. Ай бәйбіше-ай! Жетісуда қалған сенің төркіндерің түгіл, осы маңайдағы ағайындардың да аман-саулығын біле алмай жүрген жоқпыз ба… Мына аласапыран заман адастырды ғой адамдарды, ажыратты ғой бауырларды… Шотан осы жиынға осы өңірдегі басты кісілерді де түгел жинай алмайтын болдық деп отырған. Бәйбіше. Сонда балаң қай жаққа бағыт алғысы келеді? Назар. Шотан елді Маңғыстау деген жерге жеткізу керек деп жүр ғой, көптен бері. Мына билер, батырлар қолдап жатса сол жаққа жайлап ығыса берсек дейді… Ел маңдайын сол жаққа бағыттасақ дейді… Бәйбіше. Маңғыстау!.. Маңғыстау!.. Ол қай жақта? Біздің Алатау мен Жетісу жағы емес пе?
Назар. Жоқ. Маңғыстау деген батыс жақта. Бір кездерде біздің атабабаларымыз сол жерден қозғалған екен деседі. Бәйбіше. Мына қалың елден бөлініп қайда барғалы жүргенін, о баланың? Назар. Ол сол қалың еліңмен ақылдасып жүр. Көпшілігімен еездескен. Енді басын қосып ақылдаспақ. Сол үшін шақырып еді ғой!.. Кешікті-ау!.. Әй Алла, жолын бере көр жолаушымның!.. Бәйбіше. Келіп қалар. Назар. Бүгін билер мен батырлар Шотанға қарамай-ақ сөзімізді бастай берелік деп шешіпті. Қазір осы үйге келеді. Бұндай келелі әңгімені «қыдыр көрген Назардың қара шаңырағында басталық» депті би інім, Әжібай. Бәйбіше. Алла разы болғырлар, өркені өссін. Бізді, ағасының шаңырағын құрметтесе өздері де жастар құрметіне бөленер. Мен не ғып отырмын. Қызметшілерді шақырайын, ескертейін.
Орнынан тұрады. Назар. Олар әзірше оңаша сөйлескісі келеді білем. Үйге қызметшілер кірмесін. Қосан батыр мен «Қоңырат келін» ғана қызмет көрсетсін, соларды шақыр. Бәйбіше. Жарайды, батыр-екесі. Бәйбіше шығып кетеді. Назар жалғыз өзі байыз таппай тағы да үй ішінде қыдырыстап жүреді. Анда-санда «әй Алла, бергеніңе шүкір» деп қайталай береді. Үйге бәйбіше кіреді.
Бәйбіше. Батыр-екесі-ау! Жоңғар жаумен соғыс аяқталды дегелі Алатуым мен Жетісуымды, туған елді қатты сағынатын болып жүрмін. Назар. Адамның бәрі де сағынады ғой туған елі мен жерін. Бәйбіше. Мына апаттан аман қала алды ма екен, жау өтінде қалған жазғандар-ай?.. Соларды ойлағанда кей-кейде бұ дүниедегі жалғыз қалған жандай сезінемін… Назар. Қырық жыл қырғын болса да ажалдыға көріненр деген, жақсылығын тіле, бәйбіше. Бәйбіше. Жау өтінде қалған шиеттей бауырларым-ай!.. Бір анадан бесеу, бір атадан он бауырым бар еді… Бар ма екен тірлікте?.. Әлде?.. Сақтай көр Құдай!.. (Көзіне жас алады).
Назар. Ау, бәйбіше!, Босағаның не? Бейбітшілік бізге қуаныш күлкісін әкеледі десек, сақтап жүрген жасы да бар ма еді… Қой оның не… Босама, аман болар. Хабар да алармыз. Үйге Қосан батыр мен оның келіншегі кіреді. Келін сәлем етеді. Бәйбіше жасырып көз жасын сүртіп, келінге батасын беріп жатады. Қосан батыр. Аға, Шотан батыр кетерінде бүгінгі болатын жиын туралы елге көп дабыра қылмаңдар деп тапсырма беріп кетіп еді. Сосын сізден сұрауға да бата алмағанмын. Бұл не жиын?
Назар. Шырағым,бұл жиын бір шешім қабылдауға тиіс. Шешім қабылдағанда да ел көңілінен шығатын, елдің болашағын қамтамасыз ететін, шешім біткеннің ең дұрысы болуға тиіс. Ұрпағымыздың болашақтағы бағы мен соры да бүгінгі қабылданатын шешімге байланысты. Қосан батыр. Аға-еке-ай! Жүрегімді шымылдатып жібердің ғой! Назар. Енді туар ұрпағымыздың біздерге болашақта айтар алғысы да, қарғысы да бүгінгі билер мен батырлар қабылдар шешімінің дұрысбұрыстығына байланысты болмақ.
Қосан батыр. Батыр аға! Мына сөздеріңіз менің жон арқамнан суық терді шұбыртып, білек жүнімді білеудей қып жіберді ғой! Сонда елдің болашақ тағдыры бүгін ортаға түсетіндей қандай мәселе екен? Сырттан «қонақтар келе жатыр» деген дауысы естіледі. Назар. Қонақтарға есік аш. Қазір бәрін де түсінесің. Қосан батыр шығып кетеді. Шымылдық. 3 көрініс. Билер кеңесі. Билер мен батырлар назардың үйіне кіреді. Келін сәлем етеді. Адамдар амандасып, көрісіп жатады. Қосан батыр саба пісуге кіріседі. «Қоңырат келін» саба пұшпағын шешіп сырлы табаққа қымыз құйып, сапыра бастайды. Қонақтар салулы төсекке жайғасады.
Әжібай. Көріспегелі көп болды-ау, Назар аға! Қоныстарың жайлы ма? Мал-жандарың аман ба? Назар. Аманбыз. Кәдімгі «мұздай қаракөк» дейтіндей аманбыз. Өздеріңнің де мал-жандарың аман ба, билер мен батырлар!? Ат көліктерің арымай жеттіңдер ме? Сайқы би. Назар ағам халықтан алған не түрлі құрметті атағы көп болғасын, ешқайсысын айтқызбай бұ күнде тек Назар аға аталатын болыпты. Әйтпесе Назар бай, Назар би, Назар батыр – бәрі де осы кісіге халқы сыйлаған өз аттары еді ғой, бір кездерде.
Әжібай. Өз еңбегімен алған аттарының бәріне де бұ күнде өз бауырынан өнген баласы жетіп жатса, Назар аға Шотанмен атақ жарыстырмайын дейтін болар. Тоғыс би. Әлде ағамыз «Қыдар көрген Назар» деген жалғыз атты бәрінен артық санайтын болар ма… Назар. Рахмет шырақтарым. Жүрген жерлерің тыныш па? Көсем би. Елде тыныштық болушы ма еді, тәйірі! Өрістегі мал қосылса қойшылардың ұрысы, ойын баласы төбелесіп қалса қатындардың керісі!.. Ойбай-ау, тыныштық кетті ғой бұ жұрттан.
Сайқы би. Пай, пай! Халыққа қамын ойлайтын би керек дейтіні осы ғой, елдің. Бізің Көсем бидің халық үшін қалай қабырғасы қайысады. Көсем би. Сөйлеп қал. Назар. Жоңғар жаудың қытайдан аман қалғаны бар ма екен? Әжібай. Жайық, Жем, Маңғыстау жақта қырық мың түтіндей қалмақ қалыпты деседі. Жоңғар жағымыз тынышталды ғой. Назар. Ұзағынан болғай дағы. Әжібай. Құдайға шүкір Назеке, бәрі аман, бәрі жақсы. Тек қана «мына құлаққа ұрған танадай» дейтіндей тыныштық заман адамға күдікті ойларды көп туғызатын болып жүр. «Бұ не деген батпан құйрық» деп, жан-жағымызға жалтақтай береміз, әлі күнге. Назар. Жеткізді ғой бұндай күндерге, Аллатағала. Амансыздар ма деп жасқанбай сұрай алатын заман орнайды деп дәметіп пе едік? Бұрын амандықсаулық сұрағанда, өз-өзімізден қуыстанып тұратын едік.
Сайқы би. Ия, бұдан бір-екі жыл бұрын жұрт осындайда әуелі кімнің қай жерде, қай соғыста қанша сарбаздың мерт болғанынан бастаушы еді, әңгімелерін. Әсіресе мына Көсем билер сондайда көсемсіп кететін. Көсем би. Мені қағытпып отырмасаң саған ас батпайды ғой. Айта бер. Біз орынды жерінде, ойымызға келген сөзді айтпай қала алмаймыз. Айтамыз. Саған жақпай қаламыз деп үнсіз де отырмаймыз. Сайқы би. Пай, пай! Көсем бидің көсемсуін-ай! Көсем би. Саған сөз жоқ. Әжібай. Бұл екеуі біріксе басқа жұртқа сөз тиер деймісің.
Көсем би. Жарайды, сөйлей беріңдер, бізден ұлқсат. Әжібай. Назеке! Біздер досың түгіл жауыңа тілеместей өмір кештік емеспіз бе? Назар. Солай би інім. Өте қиын кезі бізге тап болды ғой бұл тірліктің. Айта жүріңдер, ұмыт етпеңдер, ел есінен шықпастай болсын. Әжібай. Есінде жүрсін дейсіз-ау, мен адам пендесінің басынан өткен қайғысын да, қуанышын да тез ұмытатынына таң қалатын болып жүрмін.
Назар. Ондай ұмытшақтар көбіне аруақ аттайтындар мен Аллаға сенбейтіндерден, қолынан іс келмейтіндер мен кісі сыйламайтындар. Өлілер аруағын ұмытқандар тірі қадірін де бағалай алмайды. Олар бөлек жаратылатын жандар. Әжібай. Жұрт осы бейбіт өмір сүрген бір-екі жылда сол күндерде бастан кешкендерін ұмыта бастаған секілді. Енді қилы заманда елге қамқор болған, берекесі кеткенде ұйытқы болған билер мен батырларды ауыл өсегіне қиятындар да табылып жатыр… Ел бізге түсінбей, біз елге түсінбей әлекпіз. Назар. Алланың ісі болар ма? Ел ниетін басқа жаққа бағыттамақ болғаны ма? Сайқы би. Алланың ісі ме, сайтанның ісі ме, әйтеуір өмір бойы біреуге өкпемен өмір сүретіндер елді бүлдіреді де жүреді.
Бәйбіше. Бәрімізде өкпешіл болып алдық. «Би» қайным көрінбей кеттің ғой. Менің өкпе арта сөйлейін деп тұрғанымды болжап білгендей бұрын жұдырықтап жатырсың ба? Әлде аға-жеңгеге уақытылы сәлем бермегенді ұятқа санамайтын заң шығарып алдыңдар ма? Әжібай. Жеңеше! Назың орынды. Биыл кезінде келіп көрісе алмадық. Жан-жағымызға тыныштық орнады дегенмен, жүрекке тыныштық орната алмай жатырмыз. Ауыл маңына түнде тосқауыл, күндіз қарауыл қоймасақ әлі тыныш ұйықтай алмаймыз. Назар. Бәйбіше жағдайды түсінетін кісі ғой, ойнап айтады. Әйтпесе ана әдетін, ата жолын сақтап өмір сүруге мына заманымыз мүмкіндік берді ме.
Әжібай. Жеңгеміз де сол үшін айтып жатырған болар. Ата жолын бүгінгі біздер ұмытсақ ертеңгі жастардан не күтеміз... Назар. Құдайға шүкір. Елге тыныштық орнай бастаған секілді. Қалай соғысамыз деп емес, міне енді қалай қоныстанамыз деп, қалай ұрпақ қамын ойлаймыз деп бас қосып жатырсыңыздар.
Әжібай. Ие солай! Шотан батыр жиналайық, ақылдасайық дегесін келіп жатырмыз. Шақырылғандар түгел жиналып болды ма, Қосан батыр? Қосан батыр. Шотан батыр орала қойған жоқ. Басқа шақырылған билер мен батырлар түгенделіп болды. Назар. Би інім! Осы жиынды шақыртып жүрген Шотан еді. Өзіңе де арнайы барып хабарластым деген. Қайтып ораламыз деген жобасынан үш күн кешігіп жатыр. Келіп қалар. Дем алып, кеңес құрып жата тұрыңыздар. Келін, қымызың дайын ба? Жолдан келген кісілер сусаған болар. «Қоңырат келін» қымыз құяды. Қосан батыр қымыз құылған зереңдерді алып бере бастайды.
Әжібай. Бәрекелді. Шотанның елмен ақылдасалық дегені дұрыс болды. Ақыл жастан деген осы дағы. «Ер соңымнан, көштік» десе де көше береді ғой. Бірақ Шотанның бұл ойы да, істеп жүрген ісі де көреген кісінің әрекетіне ұқсайды. Назар. Оны жалғыз Алла білмесе, кім білген. Әжібай. Ал енді жігіттер, «Сақтансаң сақтармын» деген. Жан-жаққа шолғыншы жіберіңдер. Бейқам болмалық. Тоғыс би. Дұрыс болар. Жау жоқ деме жар астында. Қамсыз қалмалық. Әжібай. Шолғыншыларға ең кемі қозы көш жерден бері жүрмесін деп тапсырыңдар. Көсем би. Назеке! Мына далаңның адам шығар төбесі де, жайланып отырар жалы да жоқ жер екен. Осындайға ауыл қасында биігі бар жер жақсы ғой, шіркін. Төбесіне шығып бел босатып, жан-жағыңа қарасаң болды бәрі алақаныңдағыдай көрінер еді. Сайқы би. Әй би-еке-ай! Сенің атыңды қалай тауып Көсем қойды екен. Сен төбе басына шығып бел шешкенде осы төбеден сарқырап өзен ағып, мына даланың шөлі қанып қалса ғой, шіркін!.. Көсем би. Сөзің бар болсын, сенің. Сен кез-келген сөзден астар іздеп, өңін айналдырып отырмасаң Сайқы атанар ма едің.
Әжібай. Жә, осы екеуің кездессеңдер қысыр сөз көбейіп кетеді. Бос сөзді бүгінше қоя тұрыңдаршы. Ал ағайын, бүгін біз осында әдейі жиналдық. Ойлаған ойымыз бар, алдымызға қойған мақсатымыз бар. Көсем би. Дұрыс. Әжібай. Осы жиынға шақырылғандардың барлығы бір атаның, адай атаның балалары. Құдай бауыр еткен, тағдыр көрші еткен мына аз ауыл беріштер мен шеркештер де бөтеніміз емес. Қосболай батыр. Дұрыс, дұрыс. Біз де атамыз атаңмен аталас, малымыз малыңмен қоралас бір құрсақтан тараған адамдармыз. Әжібай. Қазақ халқының ортақ жауы, ата жауы жоңғардан құтылып төсекте тыныш жатқалы да, аттансыз ұйқы қандырғалы да біраз уақыт болып қалды. Назар. Алла тілегімізді берді ғой. Көсем би. Тыныш ұйқыға біз әлі үйрене алмай жүрміз емес пе. Түсімде «Аттан, аттан!» деп шошып оянамын. Сайқы би. Өңің түгіл түсіңде «аттан» салып жүріп, өзің аттанбай қала беретінің қалай, Көсеке? Сізді қол бастады, жоңғар шапты дегенді естімеппіз ғой. Әжібай. Қоя тұрыңдар демедім бе? Не болғанда да енді сенің Көсем құрдасың жоңғар шауып батыр атағын ала алмайтын болар. О кәпірлер енді қайтып бас көтере алмастай болған көрінеді. Қосан батыр. Қазақты қан қақсамын деп жүріп, өздері қан құсыпты дейді ғой. Әжібай. Сорлылар Алланың қарғысына ұшырады ғой деймін. Құмырсқадай қаптаған көп қытай жоңғардың еркек кіндігінен тірі жан қалдырмай қырып салыпты. Бесіктегі баланы да аямады дейді. Тоғыс би. Астафралла! Мынау адам естімеген жауыздық қой. Ай біздің үлкендерді дана емес деп көрші! «Қара қытай қаптаса ақырзаман сол болар» деп, осыны болжап кеткені ме? Әжібай. Ағайындар енді аз жылда қайғы да, қасірет те, бәрі де ұмыт болады. Көрген қорлығың мен зорлығыңда да ұмытасың. Көрген азабың мен жеген таяғың да ұмыт болады. Алла жарылғайын десе осы далаңа енді он шақты жылда мал да сыймайтын болады, ел де сыймайтын болады. Көсем би. Бұ кездегі жігіттердің жан басына үштен, төрттен қатыны болса үйге бала толмай қайтсін! Күнде шауып малыңды айдап кететін жау жоқ болса далаға мал толмай қайтсін! Сайқы би. Осы сөзің дұрыс болды. Әсіресе сіздің ауылдың қалмақ қатындары төлшіл екен деп жұрт шулап жүр ғой. Бірақ қалмақ қатыннан туған өз балаларыңды қалмақ деп атайтындарың ұят екен.
Біреулер күледі. Біреулер сыбырласып қалады. Тоғыс би. Әй Көсем мен Сайқы! Осындай келелі кеңесте келеңсіз әңгімеге неменеге құмар болдыңдар?
Әжібай. (ыбыр-сыбыр басылғанша күтіп отырады да сөзін қайта жалғайды.) Жақында ел аралап Шотан батыр осы отырған әр қайсыларыңмен хабарласты. Ойын айтты. Осы кеңеске шақырды. Ойланарлық, қортындыға келерлік біраз уақыт өтті. Қоныс пен жайлау тарлығы бүгінгі күні ел аузындағы айрықша әңгіме болмағанымен енді біраз жылдан кейін қазақтарды әуелі бір-бірімен дауластыра бастары, артынан жауластыра бастары сөзсіз. Ағайын мен ағайын су мен шөпке таласып, дау бастар. Көзіміз соны көрмесе екен деп едік. Қайтсек қате баспаймыз? Қайда барып тұрақтаймыз? Ақылдасқалы жиналдық. Осы жолы бір шешімге келіп, соны іске асырмақ ойымыз бар. Ойларыңды бүкпей, біреуге жалтақтамай тура айтыңдар. Көсем би. Жалтақтамай сөйлейтін болсақ, бізді бұл жерден кім қуып жатыр? Қысы мен күзі жылы, суы мен оты мол, осы жерден артық қоныс іздеп қажеті не? Шотанның не ойлап жүргенін түсінбедім. Сайқы би. Бізді бұл жерге Тәуке хан Алатау жақтан көшіріп алыпты дейтін еді ғой. Жұрт әлі күнге Алатауда «Мұңал ошағымыз» қалды, ата қонысымыз қалды деп әңгіме етеді. Солай ығысқан дұрыс болар. Жетісу жерінен, күпір болсам да айтайын, жұмағың да артық емес шығар. Қосан батыр: Біздің елдің ұзақ жылдар қан төгіп қорғағаны осы жер емес пе? Осы жерге қорған болған елдердің бірі біз емеспіз бе? Олай болса осы жерде орнығамыз дағы. Менің жерім еді, босат дегеннің әуселесін көріп алармыз. Сайқы би. Ау жас батыр! Шамала, басқалар қатты кетсе де сен қатты кетпе! Сені бұл жерге қазықтап тастаған жердің қасиеті ме, әлде ана қымыз құйып отырған қоңыраттың сұлу қызының өзі ме? Қайнағаларың келіп әй күйеу жұртымды босат десе, жаңағы сөзіңді қайталай алар ма екенсің?.. Сенің батырлығыңды жоңғарлар мойындағанмен қоңыраттар мойындай қояр деймісің? Олар үшін сен бар болғаны күшік күйеусің. Қосан батыр. Сайқы би, Сайқы би дегенге Сіз тым артық кететін болыпсыз ғой би аға!.. Мені емес, қасыңыздағы мүжіп үйренген Көсем құрдасыңызды қажай берсеңізші!.. Мен сіздің құрт жеп мұқалған тісіңізге қаттылау тиермін! Мен бұл жерде күшік күйеу болғанда, күшік күйеу атанбайтын жерім қайсы екен? Сілтеші жөнін! Сайқы би. Көрініп тұр. Үлкенді үлкен деп сыйламас, ағаны аға деп танымас томырықтың өзі болмасаң болар еді? Қосан батыр. Сайқы би! Би аты бар кісі аңдап сөйлемес болар ма? Шоттың басын бассаң сабы маңдайыңа тиер демей ме?.. Туған жері осы болса, туған жерімде тұрамын десе ердің не жазығы бар екен? Өзіңіз суына мейір қандырып, малыңыз отына қарын тойдырып жатқан жерді даттайсыз, жердің не жазығы бар екен? Қолыңыздағы зереңге қайнағам еді деп ақ ниетімен ақ құйып беріп отырған келіннің не жазығы бар екен? Көсем би. Пай, пай! Мына бала қалай төгеді!
Қосан батыр. Сонша жылдан бері бірі күшік күйеу деп айтып көрген жоқ еді, бұл елдің бір адамы, сол қоңыраттардың сіздің алдыңызда не жазығы бар екен?.. Көсем би. Әй сойды-ау! Пай, пай! Сайқы би. Жарайсың жас батыр! Әлің жетсе атаң да болса жық, аясаң тұрғызып жібер деген екен. Аға деп те, би деп те ешкімді басындырма!.. Елге сендей жігіттер керек-ақ! Жарайсың!.. Әжібай. Осылай ғой, ата жолы. Аға інінің маңдайынан сыйпар болар. Тентектігін көтерер болар. Сондай ағаға іні де үйір болмақ.
Сайқы би. Дегенмен шырағым, біздің елімізге қазірдің өзінде халқы сыймай жатқан бұл жерден көрі, Жетісу жақ пайдалырақ болар. Көп адамдар да солай деп жүр. Әжібай. Бүгін бәрін айтыңдар, бүкпей айтыңдар. Көсем би. “Пәлен жерде пайда бар, барсаң пайда түгіл бақыр да жоқ” демеуші ме еді? Қосан батыр. Бабаларымыз екі рет көшкен бір рет өртенгенмен бірдей деген екен. Соны да ұмытпаңдар. Сайқы би. Апырым-ай мына батыр тақымдап қоятын емес қой!.. “Жоңғар жоғалса, сол жақта жер босамай ма” деген дәме де мені сол жаққа жетелей береді. Жарықтық талай шарладық қой ол жерлерді. Назар. Шұрайлы қоныс жақсы ғой, қазір қайырлы қонысты көбірек ойлайтын кез секілді.
Тоғыс би. Аталарымыз осы Түркістан-Сауранға дейін Алатауды қоныс еткен екен дейді ғой! Алатауға қарай ойысқан дұрыс болар ма деп ойлайтындар да бар. Көбіміздің ата жұртымыз да, нағашы жұртымыз да сол жақта көбірек қалған секілді. Сайқы би де сол ойда секілді. Қосболай батыр. Жарықтық Жетісуды жер жұмағы дейді ғой. Тек қана ол жақтағы ел бізді сыйыстыра ала ма, біз оларға сыйыса аламыз ба? Көсем би. Сыйыспайтындай не бар? Жауларын жауласқан біз емес пе? Кектерін қуысқан біз емес пе? Ақтабан боп шұбырғанда пана болған біз емес пе? Сайқы би. Ел сыйысар-ау, Көсем би сыяқтылардың осындай тілі сыйыстырмайды ғой ел мен елді. Көсем би. Ой, көкек! Нағыз көкек. Өз атын өзі шақыруын. Назар. Жас өспей ме, жарлы байымай ма демеуші ме еді. Қазақ маңдайына өмір бойы аттың жалында, түйенің қомында өмір сүру жазылған деймісің? Елдің етек-жеңі ертең-ақ жайыла бастар. Елдің екі жүз жылдық соғыста көрген қасіретін екі жылдық бейбіт күн ұмыттырар. Сол уақытта дәулет те керек болар, сәулет те керек болар. Шотан Маңғыстау жаққа көшелік деп жүр ғой!.. Әжібай. Апырым-ай!.. Ойларымыз онға бөлініп тұр екен ғой... Мен бір қортындыға келерміз деп дәметіп едім. Ойымызды бір салаға түсіре алсақ жарар еді. Жарайды, түс қайта тағы бір сөйлесіп көрелік. Соған дейін бірбіріңмен ақылдасып, ойларыңның артық-кемін салмақтап қараңдар...
Орындарынан тұрысады. Шымылдық. Екінші акті 1 көрініс. Шотан батыр. Қонақтар далада, ауыл сыртында жүреді. Қосан батыр қолымен күн шалып, бір атты кісінің жедел келе жатқанын айтады. Қосан батыр. Біздің шолғыншы жігіттердің бірі секілді ғой. Шотан батырдан хабар әкеле жатырған болар. Назар. Айтқаның келсін. Ие Алла!, бергеніңе шүкір. Әжібай. Билер мен батырлар аузы бірікпей, жан-жаққа тартып тұрғанда әрі қол бастап батыр атанған, әрі сөз бастап шешен атанған Шотан батыр пікірі керек-ақ болып тұр еді, бұл жиынға. Алла сәтін салғысы келген болар. Көсем би. Шотан нағашыларының еліне, Жетісуға жетектейді дағы. Басқа не айтар дейсің.
Хабаршы сахнаға шығып көпшілікке сәлем береді. Хабаршы. Ассалаумағалайку-у-ум, ағалар! Шотан батыр жасақтары жақындап келеді. Іштерінде Есекмерген батыр да бар. Көсем би. Жасағы несі? Ел шауып жүр ме? Бұлар қайдан келе жатыр? Сайқы би. Қуанып кеттің ғой. Ел шауып келе жатса үлес алғың келіп тұр-ау шамасы. Назар. Жаман сөзді айтпаңдаршы. Шотан өткен жылы Есекмергенді Үстірт пен Маңғыстау жақты барлап кел деп, қасына бір бала қосып жасырын ел асырып жіберген болатын. Енді өзі қасында ұстайтын жасақтарымен соларды алып келемін, Үстүрт пен Маңғыстау жерін көріп келемін деп кетіп еді. Содан қайтқаны ғой. Уәделі аптасына жетіп үлгерді.
Шотан батыр мен Есекмерген сахнаға шығады. Сәлемдеседі.
Назар. Аман оралдыңдар ма, балам? Шотан батыр. Жақсы. Бәрі дұрыс. Сәтті сапар болды, әке. Әжібай. Есекмерген көптен көзге түспей кетіп едің. Жасырын, арнайы шаруаға жұмсалған еді деп отыр ғой, Назар ағамыз. Шотан батыр. Би аға кешіріңіз! Ол сіздерден жасырын істелген шаруа емес. Ел берекесін бұзбалық, қисықтар аузына сөз салып бермелік деп шешіп едік, Есекмерген батыр екеуміз. Сосын, әлімсақтан өздеріңіз айта беретін Маңғыстау қандай жер екенін әуелі біліп алғымыз келгені ғой. Елге жақсы мекен, жайлы қоныс бола ала ма? Бола алмайтын болса, жұртты дүрліктірмелік деп ойладық. Әжібай. Дұрыс болған. Назар. Есекмерген шырағым! Маңғыстаудың құланы мен киігі малға жайылым бермейтін еді дейтін не сөз екен?
Есекмерген. Сол жердегі елдің малдарымен қосылып даланы толтырып сол аңдарыңыз жайылып жүр. Малға да, аңға да, адамға да жер жететін. Құлан мен киік көз үйренген аңдар ғой. Ол жақта еш жерде кездеспейтін құбыжықтар мен кісі киіктер де бар ма деп қалдық. Көсем би. Жыраулар жырындағы Маңғыстаудың құмдары тауларындай болады екен... Судан шыққан айдаһары асу бермейді екен деген аңыздары немене екен?.. Есекмерген. Аңыздардың бәрі рас па деп қалдық. Бұрын еш жерде кездеспеген талай ғажаптар бар секілді. Тоғыс би. Адайлардың үш жүз алпыс әулиесі қалған мекені еді деген не сөз екен? Есекмерген. Ескі әулиелер бар. Халық аузындағы Ман ата мен Сисем атаны таптық. Бірі Үстүрттің астында, бірі Үстүрттің ернегінде, маңында тұщы бұлағы бар жерлерде жатыр. Аралары алыс емес. Түркімендер осындай қорымдардың бұрыннан бар екенін айтады. Әжібай. Ол жерде мүрде басына қандай ескерткіштер қояды екен? Есекмерген. Ертедегі ескерткіштерден ол жерде сақталғандары өзіміздің Азау даласында қойып жүрген құлпытастарымыз бен кереге тамдарымыз секілді. Назар. Сонда, Маңғыстау деген қандай жер? Адам тіршілік етуге жағдай бар ма? Есекмерген. Алатау мен Қаратаудай сарқырап ағып жатқан өзені жоқ болғанмен жіңішке бұлақтары бар, Көкшетау мен Сарарқадай шалқып жатқан жер бетінде тұщы көлі болмаса да жер астында тұщы суы мол секілді. Арқаның қысындай қақаған қысы жоқ, ызғырықта мал мен жанға пана болар ығы мен сайы мол жер екен. Әжібай. Теңізі бар деген не сөз. Есекмерген. Маңғыстаудың үш жағы шалқар теңіз. Ал құрлықпен жалғастырар Үстірт дейтін дөңіне он шақты ат жолы арқылы шығыптүспесең, кез-келген жерге жол сала алмайтын шың мен құз. Қосан батыр. Жау жақындатпас қорған десеңші. Шотан батыр. Елін жауға бермес нағыз қамал.
Әжібай. Шотан батыр! Сені күтіп жатып мына ағаларыңмен біраз ақылдастық та. Ел тағдыры не болады деп сұрастырып та қарадық. Мынау тұрған жерімізде ұзақ тұра аламыз ба, алмаймыз ба деп ой тастадық. Енді өзіңді тыңдағымыз келіп тұр. Шотан батыр. Менің бұл мәселе бойынша баяғыдан айтып келе жатқан бір ұсынысым бар. Мойындайтын да бір қисыным бар. Адайларға бұл жердің де, басқа жердің де, тіпті жұмақтың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Мен бізді бес жүз жылдай күтіп жатқан ата-бабам күлдігін сағынамын. Жошы мен Батый заманынан бастап есіз қалған, мынау жұмыр қара жерде тіршілік пайда болғалы адай жұртына қасиетті мекен болған, сан мыңдаған жыл ата-бабамның сүйегі қалған атамның көң қорасы мен анамның үй тіккен қара жұрты қажет. Ұрпағымыз ата-баба аруағы желеп-жебеген кезде ғана, сол жердің киесіне айналған ата-ананың қасиеті қамқорлаған кезде ғана біз
қабырғалы елге айналатынына сенемін. Ман бала-шағаны Үстүрттің ала қырына, Маңғыстаудың қара ойына жеткізу керек деп ойлаймын. Шотан батыр қызына сөйлейді. Ау, ағайын! Ата-баба қара жұрты күтіп жатқанда басқа жер саған Жерұйық бола ала ма!.. Әжібай. Сабыр, сабыр, Шотан батыр.! Шотан батыр. Қалай сабырлы сақтарсың! Бұл сабырмен жайбарақат сөйлейтін сөз бе екен!? Мен он бес жасымда алғашқы ұрысқа дәл осы айда кіріп едім. Міне менің қырық жыл өмірім қырылған жаудың өлексесінен жиіркенумен, қаза болған бауырларымды жоқтап жас төгумен өтіпті. Бір күн бел шешіп, төсек рахатын көрмеппіз. Тағы да даусын үдете түседі. Ел қамы деген сөз ауыздан шыққанда біз бен сіздей адам жайбарақат отыра алар ма!.. Әжібай. Сабыр, сабыр Шотан батыр! Назар. Балам хан мен биін құрметтеген, сұрағын екі еткізбеген қасиет батырлықтың белгісі екенін білмеуші ме ең? Осы отырғандардың бәрінің де елі үшін қабырғасы қайысады, омыртқасы майысады. Сайқы би. Әй Шотан! Маңғыстау кететін болсаң сен ана арқадағы өзіңнің атыңдағы Шотан көлге ие етіп мені тастап кет. Жұртта қалған жоңғар қатынын тауып үй болайын. Есіз қалған мал жиып бай атанайын. Шотан батыр. Құрдас о не дегенің. Сенің мені тастап кет дегенің бар адайдың күлкісі мен көңілін тастап кет дегенің ғой! Жоқ, бізді сұрапыл соғыстарда аман сақтаған сіздей сөзге көңілді, қайғыға жеңілді, мойымас жандар қылығы болатын. Қалдыра алмаймыз. О жақта да жаусыз болмаспыз. Саған әйелдікке міндетті түрде жау қызы керек болса, ол жақтың қалмағы мен қызылбасы бар жер екен. Жау бар жерде жесір мен күң болар. Олар болса саған қатын да табылар. Бізді күлкімізден айырма. Сайқы би. Сояу қара басы қалған кісінің қатты күлгісі келеді екен. Соңғы кезде көп күлетін болып кеттім. Көсем би. Бұның қатын таба алмай жүрген несі бар. Өзі ғой алмай жүрген. Өткен жылғы жоңғарлар бар малын айдап кетіп, бар жанын мерт еткелі өзгерді ғой бұ кісі мінезі. Сайқы би. Жоқ, өзгерген жоқпын. Біздей адамға үй мен жайдың енді керек болатын реті бар. Әжібай. Келістіңдер ме! Жақсы болды. Ниеттеріңді Алла қабыл етсін. Ал сонымен бүгін не тындырдық деп қайтамыз? Біреулерің Алатауға оралсақ дейсіңдер. О да болар, алыс емес жетерміз. Бірақ ондағы ағайын құшақ жайып қарсы алмаса не етерміз? Бұ жақта қалғанда Арқаны жайлануға, Сауранды сайрандауға шамамыз жетер ме екен? Әр төбенің басында ағайын жұрттың атасы жатыр. Әр көкіректе атасына оқыр батасы жатыр. Сонда біз солардың арасында жүріп не тындырмақпыз?
Шотан батыр. Дұрыс айтасыз, Әжібай аға! Біз Қырымда қыз ұзатпап па едік? Ұзатқанбыз! Қызулана сөйлеп, бірте-бірте даусы жоғарылай береді.
Біз Ұрымда ұл үйлендірмеп пе едік! Үйлендіргенбіз! Кеше ғана аталарымызға мәңгілік құтты мекен секілді көрінген сол жерұйқтар бүгін қайда? Жаттың қолында. Енді олар біз үшін қайырсыз қоныс пен қайғыға толы естелік қана. Біз Қап тауының етегін қыстап, қырқасын жайламап па едік? Бір қыратын адай шыңы атандырмап па едік? Жердің Жұмағы секілді емес пе еді? Қайда сол адыра қалғыр қоныстар? Көсем би. Ой шіркін-ай! Шалдар аңыз етіп отырушы еді. Шотан батыр. Олар бізге құтты қоныс бола алмады. Бола алмады! Бола алмайтын да еді! Себебі біздерді желеп-жебеп жататын ата-баба аруағы жоқ еді ол жерлерде. Ол жерлер біздерге Отан бола алмады. Себебі ол жерлерде сіздердің әулие аналарың мен әулие аталарыңның кіндік қаны тамбаған жер еді. Тоғыс би. Дұрыс айттың-ау Шотан батыр. Алыстан келген ұланды ошақ күліне аунатып алатын ата әдеті тек емес болар. Адам атасы мен анасының маңдай теріне шыққан жеміс дәмін татпай жер қадірін біле алмас. Бірақ қайда сондай жер? Шотан батыр. Бар ондай жер, ол – Маңғыстау! Біз тек қана сол жерден бақыт пен береке таба аламыз! Қосболай батыр. Кім білген? Байтақ елді бір кісі көріп келді екен деп, белгісіз жаққа елді бастап кету де қауіпті болар. Шотан батыр. Қосболай батыр! Беріштерің Азаулы даласында «Беріш» атты қала салмап па еді? Салған! Мына шеркештер сол жақтағы «Шеркеш» деген жұртта өсіп өнбеп пе еді? Өнген! Қайда сол қалалар? Қайта сол қоныстар? Назар. Кешегі аласапыран күндері жан мен малды ойламадық. Ол кезде елдің елдігін сақтап қалу үшін жанталастық. Содан барып бытырап жүрген елдің басы бірікті. Енді сол бірлікті сақтап қалуға тырысыңдар. Ал тыныштық пен бейқамдық – ол қазақтың ішкі жауы. Сақтанбасаң бейқамдық салар іріткі жау әрекетінен кем болмас. Қосболай батыр. Жем мен Жайыққа, Үстүрттің үсті мен Маңғыстаудың ойына көшелік дейсіңдер. Ол жақтағы қалмақ пен түркімендер қайда кетеді? Шотан батыр. Міне сондықтан да адайлар ата қонысын босату керек. Басқа қазақ рулары да ата қоныстарына бет алып жатыр. Қосан батыр. Қазақтар қалмақпен көрші отыра алмайтын болар. Шотан батыр. Маңғыстаудан адайлардың кеткеніне бес жүз жылдай уақыт болған екен. Түркімен бауырың жерді бауыр басып та қалған болар. Оларды түсіндіреміз.
Назар. Енді жау жоқ. Жау жоқ жерде жанның да, малдың да тәттілігі арта түседі. Шотан батыр. Анау Жетісу мен Қаратаудың да, тонау Ұлытау мен Шыңғыстаудың да тірі жүрген иесі бар, көмулі жатқан киесі бар жерлер. Енді берісі елу жылда, арысы жүз жылда Үйсіндер мен Арғындар Ұлытауы мен Алатауына, Ертісі мен Жетісуына сыймайтын елге айналар. Әжібай. Бұл сөзіңнің жаны бар, Шотан батыр. Шотан батыр: Біздің желеп-жеберіміз де, құтты мекен боларымыз да 360 әулиелі Маңғыстау деген жер болар. Бетті соған бұру, маңдайды соған бағыттаған жөн болар. Ата-баба аруағы желеп-жебеп жатқанда ғана жер елге құтты мекен бола алмақ, сүйікті отан бола алмақ!..
Тоғыс би. Ол жақта әлі қалмақ пен түркімендер тұрып жатса, алдымызда ұрыс күтіп тұр десеңізші?..
Көсем би, Бола берсін. Жоңғарды жосытқан қазақтың қаһары қалмақты қаймықтырмас деп пе едің? Әжібай. Түркімен тұтасып жатырған ел екені рас. Бірақ түркіменнің көптігінен қорқып емес, түбі бір түркілігін сыйлау қажет. Олармен соғыссыз, ата қонысымызды иеленуге тырысып бағармыз. Назар. Би аға, сіз де, мына билер де Шотанның сөзін сөйлеп бара жатырған секілдісіз. Соған бәріміз де көнеміз деген сөз бола ма сонда? Әжібай. Шотан сөзінің жаны бар секілді. Біз енді бір күн мұрсат берелік билер мен батырларға. Ертең таңсәріде осы жерге жиналамыз да, шешім қабылдаймыз. Бір күн бойы сөйлесіңдер, түсінісіңдер. Ертең дайын жауаптарың болатын болсын.
Билер мен батырлар тарасады. Шымылдық.
2 көрініс. Есекмерген. Әжібай ауыл артында Есекмергенмен оңаша сөйлесіп жатады. Әжібай. Есекмерген шырағым, мен сені басқалардан бұрын шақыртып алып тұрғаным, сені оңаша тыңдағым келді. Бір жыл бойы елсіз жерде ассызсусыз қосшы балаң екеуің қалай өмір сүрдіңдер? Есекмерген. Ол жақта ел де бар. Су да бар. Ал ас дегенің бәрінен де көп. Аң мен балық, құс пен жұмыртқа дегендерің бір адамды емес, тайпалы елді де асырар еді. Әжібай. Түркімендер жай мәстәтіне жүрген кісілер ме, әлде биі мен батыры бар, ханы мен төресі бар ел ме? Есекмерген. Ол жерде Хиуа ханына қарайтын түркімендер тұрады. Әжібай. Онда мұсылмандар екен ғой. Есекмерген. Мұсылмандар.
Әжібай. Сонда саны қанша? Есекмерген. Олар көп халық емес. Ернекті жағалап бір-екі күн жүргенде жан кездеспейтін уақыттары болды. Ойға түскенде ауыл мен ауыл арасы атпен бір күндік жерлерде отырады. Әжібай. Қаласы бар ма? Есекмерген. Қала салмайды. Біздер секілді көшіп-қонып жүретін ел. Әжібай. Мылтық қаруы бар ма? Есекмерген. Бәрі болмағанмен ішінара мылтық ұстайтындары бар. Әжібай. Сен олармен қалай сөйлестің? Есекмерген. Түбі түркі ел екен, түсінісіп кеттік. Әжібай. Сен жүрісіңді қалай түсіндірдің? Есекмерген. Елден қашып жүрген қашқынмын дедім. Әжібай. Ал Маңғыстауды шөл жер екен дейтін еді ғой. Су жағы қалай? Есекмерген. Біз Шотан батырмен сырлас адамдармыз. Баяғыдан бері жыршыларымыз бен ертекшілеріміздің айта беретін адайлардың ата мекені қандай жер екен, баралық. Аңысын аңдап көрелік дедік. Ол маған Маңғыстауда ел тұруға, мал өсіруге жарайтын жер ме екен, бақыла, барла деп жұмсап еді. Адам аштан өлетін жер емес. Арқар мен құланның, киік пен қарақұрық дегендерің жұрттың малынан көп. Даладағы қояны мен құсы да, теңіздегі балығы мен итбалығы да адамды аштан өлтірермейтін. Алла тағаланың адамға деп жаратқан несбесі мол жер ме деп қалдық. Ағып жатқан өзені, шалқып жатқан тұщы көлі жоқ болғанымен, жер асында тұщы суы мол секілді. Ерте кезде шымырау қазып, қырық, елу құлаш тереңдіктен тұщы су алып ішіпті. Әжібай. Апырым-ай! Сенің есебіңе сенсек Жиделібайсын да, Жұмақ та сол жақта болды ғой. Есекмерген. Бәрінен бұрын бабаларымыздың қонысы деседі ғой. Әжібай. Шотан сені ол жақтан қайдан іздеп тапты? Қалай тапты? Есекмерген. Сол жақта Сисем ата деген бабаларымыздың қорығы бар екен. Сол маңайда боларсың деген. Бір-жар жылдан соң артыңнан өзім барармын. Сен аң аула. Жер таны. Түркімендермен таныс деп мені жұмсап еді. Әжібай. Артыңнан жылға жетпей барғаны, шыдай алмағаны болды ғой? Есекмерген. Солай да болар. Әжібай. Ал сенің өз ойың қалай? Елді сол жаққа бағыттауға болады деп ойлайсың ба? Түркімендер қандай ел екен?
Есекмерген. Таныстық. Түркімендер де дәл өзіміз секілді адамдар. Ал Үстүрт үсті мен Маңғыстау ойы босына жатқан кең дала. Қанша ел барса да сиғыза алар байтақ өлке. 3 көрініс. Шешім. Есекмергенмен сөйлесіп тұрған Би ағаға Назар, Шотан, Қосан батырлар сәлем береді. Назар. Би інім! Бүгінгі кеңестеріңді ерте бастапсыңдар ғой. Таңдарың қайырлы болғай.
Әжібай. Назар аға! Қыдыр көрген қасиетті адамсың ғой. Мен бүгінгі шығар күннен үміт күтіп, атар таңнан тілек тілеп тұрмын. Назар. Иншалла тілегіңді қабыл еткей. Әжібай. Жаратқанға жалбарынып, қате қадам бастырта көрме деп жалынып тұрмын, Назар аға!.. Өзімді Шотан батырдың арманы адайларға тыныштық пен береке әкелер еді-ау деген дәме жеңіп бара жатырған секілді.
Назар. Ниетіңді Алла қабыл еткей, шырағым!.. Біз де сол ойда жүрген жанбыз. Сүйегімізді ол жерге жеткізе аламыз ба, жоқ әлде жолда қалдырымыз ба, не де болса ниеттеніп жүрген жайымыз бар. Әжібай. Шыныңды айтшы, шырағым! Елді Маңғыстауға көшірелік деген ойды саған біреу айтты ма, жоқ әлде өзің ойлап таптың ба? Қайдан шығарып жүрсің, Шотан батыр? Тоғыс би шығады. Сәлемдеседі.
Шотан батыр. Дәл солай деп маған ешкім де айтқан жоқ. Мені осы жолға бастап жүрген бабаларымыздың аңыздары мен жырларындағы, термелері мен дастандарындағы арманы ғой... Әжібай. Дұрыс екен. Тоғыс би. Дұрыс болар. Жыршылардың сазында жан терберлік бір сағыныш сарыны жататын еді ғой. Соларды сен Маңғыстауға деген сағыныш сазы деп түсінген екенсің ғой... Дұрыс, дұрыс болар... Сахнаға Көсем би мен Сайқы би шығады.
Шотан батыр. Мен бұл жөнінде ұзақ ойланып, толғандым. Содан барып өткен жылы Есекмерген батырды Үстүрт пен Маңғыстау ойына жұмсадым. Көсем би. Не дейді? Сайқы би. Не десін! Бұлар сол жақтағы сулар мен шұрайлы жерлерді бөліп алыпты. Белгілеп келіпті. Көсем би. Онда бізбен несіне ақылдасып отыр? Тоғыс би. Көсем би! Жұрт сөзіне мақұлың аз болғанмен, ақылың аз адам емес едің. Мен Шотанға сенемін. Осы мәселеде ауыздың бірлігі керек болатын реті бар. Көсем би. Өзі біліп, өзі шешетін болса бізді несіне шақырыпты? Тоғыс би. Қарындасты қас етіп, бұралқыны бас етіп жүруге құмар қазақпыз ғой. Дегенмен Шотан батыр тек қана ауызбен емес, қолымен де іс тындыра алатынын байқатып жүр. Әжібай. Маңғыстау бос жатқан жер дейді... Бос жатқан жер болса түркімендерге де көрші керек болар, қорғаныш керек болар. Көрші керек
болса көсілген аяғын жинамас па, ата заңын сыйламас па? Келісерміз! Мен сіздерге Шотанды қолдалық деп ой тастағалы тұрмын. Шотан батыр. Біздер үшін Маңғыстау тек қана бос жатқан жер емес. Ол біздер үшін үш жүз алпыс әулие аталарымыздың сүйегі қалған жер! Біздерді сол үш жүз алпыс әулелердің аруағы шақырып жатырған жер!.. Қосан батыр. Шотан аға-ай! Осы сөздеріңізді ел-жұртқа дұрыс жеткізе алса, Маңғыстауға көшуге қарсы болар жан табылмас деп ойлаймын!.. Әжібай. Шотанның жастай-ақ айтар ақылы, берер билігі ел-жұртының ойынан шығып, оған Шотан би атағын бермеп пе еді, елі!.. Тоғыс би. Кеше ғана жоңғар жауға қарсы үш жүздің қолын бастаған, тек қана адай емес қазақ халқының намысын қорғаған, сол үшін халқы батыр атағын берген Шотанымыз емес пе?.. Қосан батыр. Қазір ел қамын ойлайтын Шотанға тең келер кіміміз бар? Жұртым үшін жан пида деп, жанын ортаға салып жүрген жоқ па!.. Әжібай. Дұрыс, дұрыс!.. Қарындас бастан бірлігің кетпесін. Бірлігің кеткен күні жат пенен жауға көрсетер дәрменің де кететінін ұмытпа... Сайқы би. Бәріміз де солай ойлап тұрмыз. Тек қана мына Көсем құрдас қарсы болмаса?!. Көсем би. Жоқ, мен қарсы емеспін. Менікі қарсылық емес. Шотан батыр. Ағайынға айтыңдар! Түсіндіріңдер! Ойлансаңдар етті! Адайлар қашаңғы халқы үшін қанын төккен батырларын кез-келген аты жоқ төбенің басына тастап кетпек?.. Ұрпағына үлгі боларлық абздарының басына барып бата жасай алмау деген не қорлық? Өзгелер қауымына жерлеп, өзінің атын қашаңғы ұмытпақ? Атасы мен анасынның атын есте қалдыра алмаса анадан туып не керек еді? Атаның атына ие болып жүре алмаса адай атанып не керек еді? Әжібай. Бұл сөзің рас, Шотан батыр. Сай сүйегімізді сырқыраттың, шырағым! Бұл жиын сізді түгел қостады. Елге де айтармыз. Ел де қостар. Ал ендігі ойың қалай, соны түсіндірші бізге. Шотан батыр. Сіздер қостасыңыздар енді әр ауылдан жігіті мол, жаны мол үйлерден алпыс үймен сол жаққа қозғалсам ба деймін. Ол жақтағы елдің бойын үйрете берелік. Араласа берелік. Әжібай. Аз емес пе? Қосболай батар. Аз деп жатсаңдар біздің ауылдан да біраз үй ала кетіңдер. Шотан батыр. Әжібай аға, біз көппен ол жақтағы тұрып жатырған елді шошытпалық дедік. Алпыс үйге тоқтаған себебіміз сол. Екі-үш түтіннің артық кемі байқалмас. Айтып қалдыңыз ғой, Қосболай аға, өзіңіздің ауылдан екі үй, шеркештерден бір үй дайындаңыз. Әжібай. Ел мен елдің арасына ат шаптырып, хабарын біліп отырамыз ғой. Шотан батыр. Ал билер мен ағалар! Олай болса елді жинап батасын алалық! Біз алпыс үйді жолға дайындалық. Қосболай аға, бізге қосатын үйлеріңді біздің ауылға көшіре беріңдер.
Әжібай. Ал адайдың батырлары мен билері! Ал, Назар би! Мен астымдағы шұбар арғымағымды осы жолға құрбандыққа атадым. Енді мінілмесін. Бос жіберіңдер. Маған ат дайындат. Енді бір айдан соң жаңа жұртқа көшіп қон. Елді жинап, сол жерде қалың елдің батасын алалық! Назар. Жаныңа балаған тұлпарың еді. Құрбандығыңды Алла қабыл етсін, Әжібай! Осы әңгіменің басы-қасында әуелден араласқан адамсың ғой, сол жиында ел жолына бата беретін де өзің боларсың... Әжібай. Болсын. Болсын. Шотан батыр. (қолын көкке жаяды) Ей Алла! (Шотанның қолын көкке көтеріп тұрғанын байқап басқалар да қолдарын жаяды) Ей Алла! Сапарымызды сәтті ете көр!..
Дауыстар: Амин!.. Амин!.. Амин!.. Ей Тәңірім! Маңғыстауымызға аман жеткізіп, еліміздің мәңгілік мекені ете көр!.. Дауыстар: Амин!.. Амин!.. Амин!.. Ей құдіреті күшті Жаратқан!.. Маңғыстауды халқымыздың құтты қонысы ете көр!.. Дауыстар: Амин!.. Амин!.. Амин!.. Шымылдық.
АҚБӨБЕК
Адам пендесі үшін тіршіліктің тірегі де мағынасы да – Ұлы Жаратылыс сыйға тартқан – махаббат сезімі!.. Ғашықтық сезім!..
Тумақ бар да өлмек бар. Демек ғашықтық пен қайғы сезімдері өмірде қатар аяқ басып, қатар жасайды. Шынайы махаббат иелеріне не заманы, не адамы кедергі жасап, сезімдері сәтсіздікке ұшыраса, арты қасіретке айналып ел назарына ілінсе, замандастары кезінде қуғынға ұшыратқанымен артқы ұрпағы оларды ақтаған, олар қасіретіне ел болып қайғырған. Баян мен Қозы, Еңлік пен Кебек, Ақбөбек пен Қайып махаббаттары бір-біріне қандай ұқсас болса, ұрпақтарының оларға деген ықыласы да сондай ұқсас. Құлшардай кемеңгері бар ел, Қойшы баладай өшпес жады бар халық ешқашан оларды ұмытпайды. Ерлік тек ер азамат ісі емес. Қысылтаң шақта, екіталай шақта ерлікке әйелдер ерлерден бұрын барады. Сондықтан да Ақбөбек ерлігі, Ақбөбек махаббаты халық махаббатының, әйел ерлігінің символындай болса, Қайыптай бейнелер қасиетті халық өнерінің символы.
Ақбөбек-Қайып уақиғалары 1881 жылы басталып, Маңғыстау өңірін дүр сілкіндірген екен. Бұл қасіретті махаббат туралы кезінде саздар мен әндер шығарылған. Олар ел жадында сақталып, әлі күнге жырланып келеді. Махаббаттың ең қасиетті құбылыс екенін әйгілеумен келеді.
Басты кейіпкерлер: Бөбек – Есжан байдың қызы, әнші, 16 жаста. Қайып – зергер-етікші, сазгер-күйші, ақын-әнші, өнерлі жігіт, 23 жаста. Дина – Бөбектің жеңгесі, 20 жаста. Есжан бай – Бөбектің әкесі, 50 жаста. Сәнтөре – Бөбектің анасы, 40 жаста. Қойлыбай – Есжан байдың ұлы, 25 жаста. Дина – Бөбектің жеңгесі, 20 жаста. Мамыртай – Есжан аулының қарт кісісі. Итбай бай – Есбергеннің әкесі, 50 жаста. Гүлсара – Есбергеннің шешесі, 40 жаста. Есберген – Итбай байдың баласы, 25 жаста. Кедей батыр – Итбай аулының адамы, 35 жаста.
Қойшы бала – Итбай аулының жалшысы, 10-12 жаста. Бегей – орта жастағы өз аулының бас көтерген азаматы. Бегей Бәйбішесі – Қайыптың рулас апасы. Қайыптың құрдасы – Бегей аулының жігіті. Құлшар – атақты күйші, қарт адам. Қарт кісі. Нөкер жігіт. Жігіттер, қыздар. Ауыл адамдары. Бірінші бөлім Алғы сөз 1-көрініс. Кездесу. 2-көрініс. Төбе басындағы кеңес. 3-көрініс. Есжан бай үйіндегі әңгіме. 4-көрініс. Шебер үйінің сырты. Күй сазы. Бөбек пен Дина. 5-көрініс. Шебер үйінің іші. Алғашқы кездесу. Алғашқы сезім. 15 6-көрініс. Айтыс. 7-көрініс. Шебер үйінің сырты. Даладан тыңдалған ән. 8-көрініс. Бай үйінің іші. Той қамы.
9-көрініс. Түн. Шебер үйінің сырты. Бөбек сыры. Табысу. 26 10-көрініс. Есжан үйі. 11-көрініс. Дина мен Бөбек шебер үйінде. 12-көрініс. Ғашықтар шешімі. 13-көрініс. Есжан үйіндегі қапылыс. Екінші бөлім 1-көрініс. Бегей ауылы. 2-көрініс. Итбай ауылы. 3-көрініс. Кедей мен Есберген. 4-көрініс. Қалашылардың оралуы. 5-көрініс. Қайып қасіреті. 6-көрініс. Қойшы бала. 7-көрініс. Бөбек пен қойшы бала. 8-көрініс. Қайып пен Бөбек. Қашқындар. 9-көрініс. Тұтқындар. Құлшар. Ант. 10-көрініс.Итбай ауылының адамдары. 11-көрініс.Бөбек пен Есберген. 12-көрініс. Қайып әнінің оралуы. “Ақбөбек” уақиғасының ақыры. Сөз соңы Алғы сөз
(Сахна ашылар алдында терме сарынымен орындалып жатады). Адай деген ел едік... Адай деген ел едік, Қазақтың қара баласын, Хан ұлына теңгерген. Жігерлі болып өссін деп, Тентегіне жел берген. Ортадан оза шапқанға, Дәрежелі шен берген. Заты қара темірге, Күмістеп бетін өң берген. Ақындар салған ұран-жыр, Батырына дем берген. Азаулыны ардақтап, Стамболдан кем көрмей, Алмаға атын байлаған. Әрі көшіп жат жерге Днепр, Донды жайлаған. Бері қарай ен дала, Еділге көпір салдырған. Жайықтан өтіп дем алып, Шалғынға атын шалдырған. Сарайшықта кеңесіп, Дәрежелі ханмен теңесіп, Біздің сол бір бабалар Отырды екен не десіп?
Қап тауында жайласа, Адай атын қалдырып; Азаулыдай далада, Адай мола салдырып; Қырымда қызын ұзатып; Ұрымда ұлын піштіріп; Бірде даха, бірде дай, Массагет боп, бірде адай, Мынау шексіз әлемнің Төрт бұрышын кезгенде; Жеті ханға ақыл боп, Сыпыра жырау өткенде, Маңғыстаудан Ауғанға, Асан қайғы кеткенде – Іздеді нені бабалар? Не ойлады даналар... Жетпеген соған бұ күнде Ұрпағында сана бар. Жетісу жұмақ жаннатта, Мұңал ошақ от жағып; Түркістан, Сауран мекендеп,
Өртіне жоңғар қақталып; Ауыздан бірлік кеткенде, Қазақтың ары тапталып; Шұбырынды ақтабан, Аты содан сақталып... Заманнан заман өткенде Қазақтың басы қосылып, Жауына соққы беріпті. Қол бастаған ерлердің Соңына жұрты еріпті. Беріштен шыққан Ағытай Адайда Назар, Шотан бар, Есенқұл мен Сабытай, Осы ерлердің қалыпты, Тарихта аты сақталып. Қазақтың басы бірігіп, Тапталған ары қазақтың, Алынған екен ақталып;
Он сегізінші ғасырда, Бес ғасырдай шет жүріп, Ата қоныс Маңғыстау, Айналып қайта жерленген. Ата мекен жерінде, Мерейі елдің өседі. Қасиетті Маңғыстау Ғашықтардың мекені. Шынайы сезім туғызар, Осындай дала деседі. Жырға қостық біз бүгін, Ақбөбек пен Қайыпты, Есте қалған кешегі. 1көрініс. Кездесу. Қазақтың дархан даласы. Жайылып жатырған бір отар қой. Қойшы бала домбыра тартып, “Жамал-ай” әнін айтып отырады. Бір топ нөкерлерімен Құлшар күйші сахнаға шығады. Олардың ән тыңдап тұрғанынын бала байқамайды. Ән аяқталады.
Құлшар. Әй, бәрекелді балам, тәуір әнші екенсің! Біздей жолаушылар кездейсоқ сенің әніңе кездесіп, көңілдерін бір көтеріп алды. Өнеріңе риза болып қалдық. Дауыстар. Риза болып қалдық. Даусы қандай еді! Болайын деп тұр екен! Құлшар. Атың кім балам? Қойшы бала. Ассалаумағалайком, ата! Ассалаумағалайком ағалар! Ата, әркімнің есігінде малшы болып жүрген баланың аты болушы ма еді? Оның аты “қойшы бала” болады дағы. Құлшар. Жоқ балам, мынадай өнермен адам өмір бойы “қойшы бала” болып қалуға болмайды. Айтпасаң, қайтара сұрамадым. Бір ғажап әнші бала көрдім деп жүрермін. Мен сені ендігі жерде “әнші балам” деп еске түсіріп жүреретін боламын.
Қойшы бала. “Әнші бала” деген ат маған да ұнап тұр. Мен әнді өте жақсы көремін. Бір естігенде кез-келген әнді жаттап аламын. Құлшар. Әнші балам! Аллатағала халықты жаратады. Солардың ішінде біреуін әнші біреуін ақын етсе, ал енді біріне не шеберлік өнер, не басқа өнер бере салады. Халық өнерсіз болмайды. Сені әнші етіп жаратқан екен, сен ел алдында сол үшін борыштысың. Сен бүкіл елдің жадысың. Ел аузына ілінген барлық әнді сол елдің өзіне айтып беруші де, ертеңгі ұрпаққа жеткізуші де сен секілділер. Қойшы бала. Ондай кісілердің жөні басқа болатын болар-ау!
Құлшар. Жоқ балам, атақты болу өнерлінің өз қолында. Өнерлі жан өнерін дамыту жолында еңбек етпей, көптің бірі болып, сол көпке араласып кетсе ол да бір “қойшы бала” болып қала береді. Ал өз өнерін сыйласа, оның өзінікі емес халықтың мүлкі екенін түсіне алса онда ол адам өз атағына “ұлы” деген сөз жалғатады, ал елін “қазақ шетінен өнерлі халық екен” деген атаққа іліндіреді. Қойшы бала. Атажан-ай, менің жүрегімді бір түрлі тулатып жібердіңіз ғой! Бірақ менің қолымнан не келеді дейсің?.. Құлшар. Бәрі келеді. Тек қана міндетіңе адал бол. Құдай жазса тағы да кездесерміз. Қош бол. Мен Құлшар деген атаң боламын.
Құлшарлар шығып кетеді. Бала аңырып тұрып қалады. Қойшы бала. Құлшар күйші!.. Жаңағы кісі Құлшар ата болғаны ма?.. Біраздан соң есін жиып “Қош бол, ата”, “Қош бол Құлшар ата” деп айқайлап, қолын бұлғайды. 2-көрініс. Төбе басындағы кеңес. Орталарында Бөбек бар, асық ойнап жүрген ауыл балаларының қасынан өткен төрт кісі (Есжан, Мамыртай, Итбай, Кедей) ауыл маңындағы төбе басына барып жайғасады.
Есжан. Алла тағала мал баққан шаруаға биыл аямай-ақ беріп тұр!.. Қараңдаршы, жердің масатыдай құлпыруын!.. Жақында күзге дейін жұрт аударып қонамыз деген жердің бәрін аралап көрдік, қалы кілемдей құлпырған қызғалдақ дала!.. Сіздер Маңғыстаудан келе жатырмыз дедіңдер ме?.. О жақтың оты қалай екен? Ел-жұрт аман ба?..
Итбай. Ел-жұрт аман, жер жақсы. Тек біздің ауылдардың қыстақтары биыл оншалықты емес секілді. Есжан. Ел-жұрт аман болса жарар. Күзге дейін жаңбыр да жауар, жер де көгерер. Итбай. Құда, “Тентектен тез хабар” дегендей, мен келген шаруама бірден кірісейін. “Тең-теңімен, тезек қабымен” деп біздерді айтқан болар. Жасымыз құрдас, тілегіміз мұңдас, нағыз “арасында жорға жүрер” деп айтарлықтай құдалармыз. Жаратқанның біздерге берген ырзығы да мол болды, санасып жатқан жоқпыз. Біріміздің сөзімізді біріміз жерге тастайтындай бұрын өз арамызда да, ағайын арасында да кірбің болмаған ауылдармыз. Мен саған сөзім өтеді деп келіп отырмын. Өткен жолы мына Кедей інім өзіңе сұрағымды жеткізген. Сылтау іздеп, жағдай айтып сәл нәрсені шешілмес түйінге авйналдыра бермелік. Есжан. Ау, құда, таусыла сөйлейтіндей не боп қалды, соншама? Кедей. Есжан құда! Бұ сұрақ жалғыз Итбай құдаңыздың сұрағы емес, тұтас бір рулы елдің Сізге салып отырған салмағы. Құдай қасиет берген көріпкел бақсылар Арқада алдағы қыс малға жайлы болады деп болжап отыр. Соларға сендік. Осы қыста Маңғыстаудың ойына құламай, осы жақта қыстап қалмақ ойымыз бар. Өзің білесің, Маңғыстаудан осы жерге дейін үдіре көшкенде бір айлық, асықпасаң екі айлық мезгіл. Қызыңыз ержетті. Балалар тойын күзде жасаймыз деген уәделерің бар екен. Ауыл арасы қашықтамай тұрғанда осы жазда тойды өткізіп жібергендерің бізге де, сізге де ыңғайлы емес пе... Арттағы еліміз біздерді шаруаны бітіріп келеді деп, құдасына беделі өтеді деп сеніп қалды. Есжан. Ай, Кедей шырағым-ай, тойды жасай салайық, қызды ұзата салайық деу айтар ауызға оңай болғанмен, біз үшін орындалуы қиын шаруа болып тұр. Жалғыз қыз еді. Бетіне жел боп тимей өсіріп едік. Кедей. Есеке-ау, бар қазақ қызын солай өсіреді емес пе! Бой жетті. Он алтыдағы қыз баланың не ойы бар екенін кім білген... Мүмкін ішінен “мені тезірек неге ұзатпай жүр екен әкем” дейтін шығар... Есжан. Тәйт, әрі! Не деп кеттің! Бөбекжан: “Мен ұлмын”, – деп, әлі күнге қыз киімін иығына ілместен келеді. Анау асық ойнап жүрген балалардың ішіндегі қызыл телпектісі сол, болашақ келіндерің. Кедей. Не дейді? Ұзатылайын деп отырған қызды балалармен асық ойнатып қояды деген не сұмдық? Еркелеткенде де солай еркелете ме, әсіресе, қыз баланы?.. “Ата-баба жолы” деген, ешкімнің қол тигізуге қақысы жоқ, қасиетті құрандай ережеміз бар емес пе? Мамыртай. (Жұмсарта) Бөбекжан еркелеу, бірақ ақылды бала. Кедей. Еркелік мін болмайды!.. Ақыл азық болмайды!.. Келін боп түскен кез-келген ерке қыз, бір-екі қажарлы абысындарының қолына түскесін, жіптіктей болып шыға келмейтін бе еді, тәйірі! Ақылы да кіреді, еркелігі де басылады... Мамыртай. Есекеңнің бәйбішесінің қорқып жүргені де сол ғой. Бұл бала ақылды да қайсар бала. Ертең жас келінді тезге саламыз деп сындырып аласындар ма, кім біледі?
Кедей. Тез қасында қисық ағаш жатпайды демеуші ме еді. Айттым ғой, сынбайды, түзетіледі. Түзетілгенде де жіптіктей болады, мызылып шыға келеді, әлі... Есжан. Менің де қорқып жүргенім біздің елдің осы мінезі. Бөбек маған үлдан да қадірлі бала еді. Айтқанын істемесем, ол баланың жүрегіне жазылмас жара саламын-ау деп қорқамын. Қалың малы алынған, бала сіздердікі, несіне асығасыздар?.. Әлі де бір жылдай жүре тұрса, бойынан балалығы кетер еді деп, бәйбішем зарланады да отырады. Итбай. “Төре тайғақ болса бітіп болмас, Төбе тайғақ болса шығып болмас” – дегендей, Есеке! Пайғамбар жасына жақындағанда, бойынан желі кетпеген бозбала сөзін айтып отырсыз ғой... Қазақтың қай қызы өз дегенін істету үшін туатын еді. Есжан. Солайы солай ғой... Кедей. Міне сөз!.. Сөз солай болғасын іс тынды емес пе! Сіздің солайыңызды біз де “Солай” деп түсінеміз! Сол сөзге тоқталық!.. “Жарайды!” деген бір ауыз сөзді сағызша шайнамалық. Итбай. Есеке осылай бір ыңғайға қарай қисайғаның дұрыс болды. Бәрімізде балаларымызды жақсы көреміз. Бәрімізде қызымызды қимаймыз. Ал сіз болсаңыз он алтыға толған қызды бала деп әртүрлі дәлелдерге көп жүгініп кетіп едіңіз. Осыған қарап мен Сіздің құдалық пейіліңізге күдіктене бастап едім. Есжан. Астафралла, не дейді! Ойпырмай, адам көңіліне шайтан кірсе, ойламайтыны болмайды екен-ау! Кедей. Болмай жатып, құдаңызды “шайтан көңілді” деп, күнәға батпаңыз. Сіздің көңіліңіздің де қандай екенін бір Жаратқанның өзі біледі. Есжан. Астафралла, астафралла! Алғашқы кездесуіміз осылай басталса, біз жарасымды құда болып жарыта алсақ жарар еді?.. Кедей. Есеке! Сіз бір сөзіңізден бір сөзіңізді асырып, не деп барасыз! “Шайтан көңіл” дейсіз бе, “құда болып жарытпаспыз” дейсіз бе! Есіңізде болсын, жаңағы сіз айтқан “шайтан” өзіңіздің көңіліңізді арбап, уәдеңізді бұзып, қызыңызды басқа біреуге бергіңіз келіп жүрсе... одан Құдай сақтағай... ондай күн туса, құрметпен ұзатылып, ардақталып келін болып түсетін балаң, ат көтіне өңгеріліп қалып жүрмесін... Итбай. Батыр, сабаңа түс... Аңдаусыз ауыздан шыққан сөз ғой... Мамыртай. Құдалар, сабыр... Сабыр етіңдер. Өздеріңіз қақпайлап апарып, зорлап айтқызған бір ауыз сөз соңын қудаламалық. Еліміз бар, жұртымыз бар, біз де баламызды ат көтіне өңгерте қоймаспыз. Ал, әзірге сабыр сақталық. Бұл ауыл Сіздерге қыз бермейміз деп әзірге айтқан жоқ. Кедей. Солай жөнге көшкен дұрыс. Әйтпесе, өткен жолы мен келгендеақ келісе салатын шаруа, енді жүргеніміз мынау, қайта-қайта сабылып... Мамыртай. Кедей мырза! Сіз де байқап сөйлеңіз. Бір рет жау қайтарған ерлердің қосын бастап едім, жесір айырып едім деп, қашаңғы сойылыңызды шошаңдатасыз, өзіңіздің еліңізге. Сол кезде Сізге жау қайтарысқан да, жесір айырысқан да осы ауылдың жігіттері болатын.
Итбай. Ай Кедей-ай! Байқасашы, бұлар Хиюаның барымташылары емес өзіңнің құдаларың емес пе? Кедей. Есжан. Сабыр, сабыр құдалар. Қыз сіздердікі дедік қой. Қыздың үйде анасы отыр. Бәйбішемен ақылдасайық. Кәзір қонақ астарың дайындалып жатыр. Астан кейін жауабын аларсыңдар. Орындарынан тұрады. Шымылдық. 3-көрініс. Есжан бай үйіндегі әңгіме. Есжан бай үйі. Мамыртай, Есжан, Сәнтөре, Қойлыбай ақылдасып отырады. Есжан. Бәйбіше! Ауылға құда келіп жатырғанда қызыңа ер балалармен асық ойнатып қойғаның не? Атасының алдынан жүгіріп өтті, жаңа. Баланың жүріс-тұрысына мән берер уақыт жетті ғой.
Үйге Дина кіріп, үлкендерге тізесін бүгіп сәлем етеді. Үйдегілер “бақытты бол”, “Тәңір жарылғасын” деп баталарын береді. Дина енесінің қасына жайғасады. Сәнтөре. Ұл киімін киіп жүгіріп жүрген баланы менің келінім деп ойлай қояр деймісің. Балаға ойнама деп қалай айтарсың. Ал құдаң неғып жүр екен? Есжан. Итбай бай қолқа салуға енді өзі келіпті. Биыл Арқаны қыстамақ ойымыз бар, күзде Маңғыстау ойына құламаймыз дейді.
Қойлыбай. Биыл бізге де сол дұрыс болар еді. Есжан. Жоқ, біз Маңғыстауда қыстаймыз. Бала-шаға туған жерге жат болып кетеді. Хиюамен қырық жыл қырқысып зорға бостып алған ата қонысты, бәлен жердің шөбі жақсы екен деп, кімге қалдырмақсыңдар? Сәнтөре. Ал, сонымен... Есжан. Сонымен олар балалар тойын осы жазда өткізіп жіберелік деп салмақ салады. Қандай жауап қайтарамыз? Сәнтөре. Не дейді? Әлі бала емес пе? Есжан. Бәйбіше! Өзіңнің он бес жасыңда осы үйдің түндігін ашқаныңды ұмыттың ба? Бөбек он алтыға толды ғой.
Сәнтөре. Жаста тұрған не бар. Біреу ерте жетіседі, біз жетісіп үлгерген болармыз, кезінде. Көріп жүрміз ғой, біреу кеш жетіседі. Біздің бала әлі бой жетіп үлгерген жоқ. Енді бір-екі жылдай күтсе денесі пісіп, санасы жетісіп деген сияқты, тұрмыс құруға дайын болар еді. Бұл өмірде піспей ұзатылған қыздың көрер қорлығындай азап бар деймісің! Тұншыға жыламсырайды. Дина. Бөпежанның, шынында да, балалық қылығы әлі тарай қойған жоқ. Екі жақтың да келіскен уақыты алдағы күз емес пе, сол күзді күткен дұрыс секілді.
Есжан. Шырағым-ай, сен де қосылып кеттің бе, мына енеңе... Бірақ ойламай отырған бір нәрселерің бар ғой. Ер назарын қалай қайтарарсың? Ана келіп отырған екі кісінің арғы жағында бір рулы ел жатыр, салмақ салып... Олар Арқаны қыстап қалса, біз Маңғыстауға көшсек ел арасы бір айлық жолға қашықтайды. Құдаларымыздың жағдайын ойласақ келіскен дұрыс секілді. Бөбекжанмен ақылдассақ па екен? Сәнтөре. Не деп отырсың, отағасы-ау! Қарашы ана іргеден, асық ойнап жүр емес пе? Баланың жүрегін жаралап, әлгідей сөзді айтуға кімнің аузы барады? Есжан. Айтатын жеңгесі бар емес пе?
Дина. Айтуын айтармыз-ау, бірақ ол көне қоймас. Өткенде бір әңгіменің ретінде тойды бір жылға кідірте тұрыңдар деп әкемнен сұраймын, әкем менің сұрағымды ешқашан екі етпейді деп сеніп отырған. Есжан. Алда, айналайыным-ай, балапаным-ай! Бұл өмірдің маған бағынбайтынын ол білмейді ғой, әлі. Мықты әкем бар дейді ғой. Ал әкесін тағдыр асықша үйіретінін қайдан білсін?.. Бәйбіше-ау, ақылыңды айтсаңшы, енді не істейміз? Қалтасынан орамал алып көзін сүртеді. Сәнтөре. Сен оларға Бөбекжанның сөзін жеткіз, бір жылға мұрсат сұра.
Есжан. Апырым-ай, қалай сұраймын, ыңғайсыз, тіпті орынсыз болатын болды-ау. Олар тойды жақындат деп бедел салады, мен болсам келісілген уақыттан да кейінге қалдырмақ боп шалқаямын? Олар бұны түсіне қоймас.
Сәнтөре. Түсіндір. Түсінеді. Есжан. Кедей тентегін тегін ерітіп келді дейсің бе, Итбай? Өз дегенін істеткісі келсе, соны қасынан қалдырмайтын әдеті, әуелден. Сәнтөре. Бұлар неге асықты? Біреу баламызды сыртынан өсектеп жүрген жоқ па екен, осы? Есжан. Неде болса бізге ауыр шаруа болды. Бұлар сұрағын орындатпай қоятын емес. Сұрақтары да орынды. Ал мен соны түсіне отырып тойды кейін қалдыр деп қалай сұраймын, бетім шыдар емес. Мамыртай. Әсіресе ана Кедей деген есері, батыр атын жамылып қоқанлоққы жасап, “ардақтаған қызыңды ат көтіне өңгертіп алма” деп, салмақ салып кетті. Сәнтөре. Не дейді. Құдайдан ұялмай ма? Әлгі сөзден кейін қайтіп құда болмақ?
Даладан ентігіп Бөбек кіреді, қолында асықтары. Әңгіме тоқтап қалады. Бөбек. Әке! Ана балалар мені мазақ етті, сені енді ұзатады дейді. “Күзде емес, осы жазда ұзатады” – деп, мәз болады. Енді олармен ойнамаймын да, оларға ерегескесін ұл киімін кимеймін де. Қолындағы асықтарды лақтырып жібереді. Дина. (Қыздың бетінен сүйеді). Ақылдым менің! Бұл сөзді періштең аузыңа салып тұр ғой сенің... Қыз киімін ки деп көндіре алмай жүргенде, міне енді, менің ақылдым, бар істің орайын өзі келтірді.
Сәнтөре. (қызын құшақтап маңдайынан сүйеді). Ақылыңнан айналайын! Не бар сол жаман балалардың қасында. Бой жеттің. Бой жеткен қыздың өз қызығы өз алдына. Жасау жасатамыз. Киім тіктіреміз. Есжан. Тентек балалар ғой олар. Аузына келгенін айта береді. Кәне, айтшы, қайсысы айтып жүрген. Бөбек. Айтпаймын. Әйтпесе, сен о баланы әкесіне сабатасың. Бірақ, Әке менің сенен бір сұрағым бар. Ана балалар: “Әкеңнің құдаларың келіпті, олар тойды осы жазда өткізейік деп әкеңді төбе басына алып шығып, қыстап жатыр” – деп, мені мазақ етті. Солары рас па?.. Егер сол сөз рас болса оларға айтыңыз – той жазда да емес, күзде де емес, келесі жылы болады деңіз.
Сәнтөре. Алда құлыншағым-ой! Әкеңді екі оттың ортасына түсіріп кетпесең етті... Бөбек. Оты несі? Ол не қылған от? Есжан. Келінжан, Бөбекке құдалар сұрағын жеткізіп көрші. Есжандар шығып кетеді.
Бөбек. Жеңеше, екі оттың ортасы несі? О не дегені? Дина. Кәзір Бөпежан! Мені асықтырма, састырма. Рет-ретімен айтайын. Құдалар ауылы биыл Маңғыстауға қайтпаймыз, осы Арқада қаламыз дейді екен. Бөбек. Қала берсін. Дина. Тойды күзге қалдырсақ, ел арасы ұзап кетеді, тойды келісілген уақыт күзде емес, сәл ертерек, осы жазда өткізейік дейді екен. Бөбек. Қыз алатын олар сұрақ сұрағанда, қыз беретіндер сұрақ сұрамай ма екен? Олай болса той біз сұрағандай күзде емес, солар айтқандай жазда болсын. Бірақ менің қалауымша осы жаз емес, келесі жазда болсын. Дина. Бөбекжан! Мен де айттым... Тек қана атам ыңғайсыз жағдайда қалып отыр. Ер назарын қалай жығамын, ар жағында бір рулы ел тұр ғой деп налыйды.. Бөбек. Бұлар неменеге асығады? Неменеге жандары шығып барады? Дина. Айттырулы қалыңдығы бар елдің, келініміз “ақ жүзді, абыройлы кезінде қашан қолымызға қонады” деп, асығатын қашаңғы әдеттері. Бөбек. Мені біреуі қызым еді десе, біреуі болашақ келінім еді десе мен қалауымды айттым. Басқа қосарым жоқ. Болашақ күйеу балаларыңа да соны
жеткізіңдер, менің атымнан. Ол өзі келіп жағдайды түсіндірмей ме екен бізге. Біздің ойымызда не бар екенін сұрамай ма? Ара түспей ме екен, қалыңдығына? Дина. Дұрыс, жеткіземін. Бірақ күйеу әзір келе алмайды ғой. Оған атабаба жолы ұлқсат етпейді ғой... Бөбек. Келмесе одан әрмен. Дина. Олай деме. Бөбек. Қандай аңқау болғанмын... Егер мен күйеуге шықпаймын десем, әкем мені тыңдайды, ешкімге де бермейді деп ойлайтынмын. Кей-кейде күйеу дейтін пәлеге шықпай-ақ өмір сүруге болмай ма деп сұрағым да келіп кететін. Дина. Әкең де, басқалар да елдің ыңғайында жүреді ғой. Ел әдетғұрпын сақтаса ғана сыйлы кісі бола алады. Мына біздің адай деген еліміздің байы да, батыры да ел еркінен тыс ештеңе істей алмайды. Ел өз дегенін істетпей қоймайды, әдетінен шығармайды. Ата-баба жолы десе болды қандай қисық та түзеліп, қандай қыңыр да жөнделіп жүре береді... Бөбек. Егер менің қалауым, менің сұрағым оларға бос сөз болса, онда қалағандарын істей берсін. Бірақ, менен ешқайсысы: Әке де, Ата да, Күйеу де, қала берді айтып отырған адайың да менен ыстық ықылас дәметпесін. Ал мен болсам, айтқаным айтқан, өз қалағанымды істеймін. Ұзатылатын қызының бір ауыз тілегін орындамаған ел, ел бола ма?.. Дина. Түңілме, жаным!. Үйреніп кетесің ғой. Бөбек. Үйренбеймін!.. Дина. Қамықпа, Бөпежан! Көндігіп кетесің әлі-ақ. Бөбек. Көндікпеймін!.. Дина. Қыздардың бәрі де солай тулайтын. Бөбек. Мен олардай емеспін... Дина. Тағдар өз талқысына салмасын, салса түзетпей қоймас. Бөбек. Мен талқыңа да халқыңа да көнбеймін...
Бөбек ызаланып шығып кетеді. Дина. Мына Бөпежанның ойын балаларының бір ауыз сөзіне бола бір күнде ержетіп қалғанын-ай. Бұл тірлік ес жиғызбай қоя ма? Жиғызады ғой есіңді. Есжан, Сәнтөре, Мамыртайлар кіреді. Есжан. Айттың ба? Бөбек не деді? Дина. Қыз алатын олар салмақ салғанда қыз беретін біздердің салмақ салуға қақысы жоқ па екен? Той солар сұрағандай жазда болсын, бірақ бұ жазда емес, келесі жазда болсын деді, Бөбек. Есжан. Солай десе солай болсын. Мен Бөбекжанды жылата алмаймын. Мамыртай. Қиын болды-ау. Қиналдың-ау, Есеке! Таразының бір басында жаныңа балаған балаң, екінші басында жолына жаныңды берер елің
мен құдаң. Қалай болғанда да бір шешімге келу керек болар. Оларды әрліберлі сабылтып қойып, қызықтап отыруға болмайды. Есжан. Қызулана сөйлейді. Не дейсіңдер маған?.. Менен не керек осыларға?.. Солар әдейі әңгімені ушықтырғысы келеді-ау деймін?.. Мамыртай. Олардың біздің айтқанымызға көнетін реті жоқ секілді ғой. Есжан. Олай болса мен Бөбегімнің еркінен тыс ештеңе істей алмаймын. Нағыз келіспесе қалың малыңды қайтып ал дейміз дағы... Менде басқа амал қалмады... кінә өздерінен... Болмас жерге бопса салып... Сәнтөре. Астафралла!.. Отағасы-ай, қатты қиналыпсың ғой... Нағыз оттың ортасында жүр екенсің ғой... Мен түсінбеген екенмін... біз баланың ойынын ойнап жүр екенбіз... Бере бер келісіміңді, баламен сөйлеміз, ұғындырамыз... Ұлдың киімін кимеймін деп өзі бүгін жаңа мінез танытып жатыр... Құдай аузына салған болар... Бір реті болар... Есжан. Апырым-ай, ә... Жарайды, бәйбіше. Баяғыдан бері осылай дұрысына көшпейсіңдер ме, адам жанын сонша қинағанша. Онда біз қонақтарға баралық. (Есжан көңілденіп қалады). Мәке, жауабымызды өзің айтып жеткізерсің.
Мамыртай мен Есжан шығып кетеді.
Сәнтөре. Ал келінжан! Ендігі үміт сенде. Бөпежаныңның жел жағына шығып кетпей, жанын жаралап алмай, жайлап түсіндір. Дина. Ол түсінер де, көнер де. Тек көгімізде Шолпандай жарқырап жүрген баланы жоғалтып алатын болармыз. Білмейді екенбіз. Қайсар екен ғой өзі. Сәнтөре. Уақыт емдейді ғой. Басылар. Сабасына түсер. Етегіне кішкентайлар жабысса бәрі де ұмыт болатын еді ғой... Дина. Я, солайы солай ғой. Көндігер. Ене, енді бізге қыз жасауын түгендеуге кірісу қажет болар. Сәнтөре. Дұрыс, дұрыс. Қайып деген атақты зергер, етікші, шебер бар демейтін бе еді. Соны алдырталық. Дина. Жақсы, оны мақтаулы шебер дейді ғой, жұрт. Сәнтөре. Қанша ерке дегенмен заты қыз емес пе, жасауы сәнді болса қызығар, содан ермек табар.
Дина. Қайдам?.. Мен Бөбектің бүгінгі мінезіне таңданып қалдым. Істеген ісі де, сөйлеген сөзі де тым салмақты, ойын баласының сөзі секілді емес... Бір күнде ержетіп қалыпты... Шымылдық. 4-көрініс. Шебер үйінің сырты. Дина мен Бөбек. Дина мен Бөбек шеберге тігілген кішкене қараша үйге келе жатады. Іштен естіліп жатырған “Абыл” күйінің сазын тыңдап, үйге кірмей кідіріп тұрады.
Дина. Мына күйдің қандай қасиеті бар күй еді. Адамның тұла бойын ширықтырып алып бара жатыр ғой. Бөбек. Жеңеше бұл Абыл деген атамыздың күйі. Дина. Кім шығарса да адамды бейжай қалдырмайтын күй екен. Бөбек. Мына күйді тартып жатырған кім екен? Абыл күйін осылайша тарта алатын кісіде арман бар ма екен?.. Дина. Шебер жігіт күйші, әнші дейтін. Тартып жатқан да соның өзі болар. Бөбек. Жеңеше, онда кіріп тыңдалықшы. Дина. Кірелік. Тыңдағың келсе тағы бір тартып бер деп сұралық. Ол кісіні шақыртып, ақысын төлеп, осы жерге сен үшін алдыртып отырған жоқ па? Қолынан келгенінің бәрі біздікі. Бөбек. Жеңеше, ұят емес пе? Жай кірелік те күй тыңдалық. Дина. Жақсы, сенің айтқаның болсын. Кірелік те күй тыңдалық.
5-көрініс. Шебер үйінің іші. Алғашқы кездесу. Алғашқы сезім. Бұлар үйге кіріп жай ғана сәлемдеседі. Жігіт бұлардың кіргенін байқамай қалады. Күй де аяқталады.
Дина. (ойнақы әзілдеп) Жас жігіт! Қолыңыз шебер болса да, көкірегіңіз күйге толса да құлағыңызда мүкіс бар ғой деймін. Біздердің сәлемімізге жауап қатпадыңыз ғой. Қайып. (Қайып бұларды енді байқап, орнынан ұшып тұрады). Есенсіздер ме? Кешіре көріңдер. Сәл нәрсеге жазықты болып қалатын бір жаман әдетім бар! Төрлетіңдер деуге төрдің де түрі мынау. Шашылып жатырғаны. Ал басқасының бәрі дұрыс. Қол да дұрыс, құлақ та дұрыс. Жүрек те жақсы, тілек те жақсы. Дина. Бәрекелде, жақсы болғаның бізге де жақсы. Келген шаруамыз мына Бөпежанға етік тіктіреміз бе деп келіп едік. Қайып. Тағы кешірім сұрайтын болдым-ау. Келінсің бе, жеңгесің бе?.. Мен әуелі Есжан байдың ұзатылатын қызы Бөбектің етігін тігуім керек еді. Со баланың жасауын дайындаймын. Уақыт болып жатса сосын көрерміз. Дина. Мен сол кісінің келінімін. Біз сізге жеңге боламыз. Мына баланың аты басқаға айтқызса Сіз айтқандай, маған айтқызса – Бөпежан! Сені осы ауылға осы бала үшін алдыртқан. Қайып. А..., а... Солай ма!.. Маған не болды? Жоқ жерден үшінші рет кешірім сұрап. Онда мен дайынмын. Таң атқалы күтіп отыр едім.
Дина. Әзірге кешірім сұрар жазығыңыз жоқ, бірақ сұрай беріңіз кешіріміңізді, ақыры бір жазықты болғанда пайдаңызға асар. Қайып. Жарайды, пайдаға асса асар, аспаса одан да жақсы, көрерміз. Ал онда “ұрыста тұрыс жоқ” деген. Кел қарындасым, мына орындыққа отыра ғой. Қайып жиналмалы тері орындықты жазып, Бөбекті отыруға шақырады. Дина. Бар. Отыра ғой, Бөпежан. Жеңгесінің артына тығылыңқырап, олардың сөздеріне көп құлақ аспай, кереге басындағы ілулі тұрған сәукеле, етік, жүзік үлгілеріне қарап қалған Бөбекті Дина итермелеп Қайып қасына жақындатады.
Қайып. Отыра ғой, қалқам. Дина. Шебер қайным, атам сізге сәлем айтып жатыр. Бөпежанның жасауын жақсылап істесін, еңбегіне сұрағанын алады деді. Қайып. Алла сәтін салса іс қылып шығарамыз ғой. Мен қарындасымның аяғының өлшемін алайын, Сіз ана етіктердің қай үлгісін қалайсыз, таңдай беріңіз. Сәукеле керек пе, алқа мен жүзік керек пе? Бірден айтыңдар. Той осы жазда болатын еді деп асықтырып жатыр. Үлгермей қапылып қалмайық. Ал ақысы туралы барлық заттар біткесін, жұмсалған мүліктерге, асыл заттарға байланысты әңгіме етеміз.
Қайып қыз аяғындағы шоңқайма етікті шешеді. Ұзын іш киім балағын балтырына дейін көтеріп, аппақ балтырға таң қалғаны байқалады. Екі алақанына салып сәл көтере ұстаған қолындағы балтырды еркінен тыс сыйпалай, шебер жанары бірте-бірте қыз сирағын, одан әрі қыз денесін бойлай қуалап, бет өңіне түседі. Қыз сұлулығына жас жігіт елтіп кеткендей, табына қараған күйінде мелшиіп, үнсіз қалады. Қыз Қайып жүзіне бір қарайды да, оны байқамағандай, көзі кереге басында болады. Дина. Мына дүниелердің бәрі керемет. Қайсысын таңдасақ екен? Қайып. (Дина сөзін естімей қалады). А, не дедіңіз?
Қайып сасып қалып, қыз аяғын ыңғайсыздау тастай сала, қалыптарды өлшестіре бастайды. Дина. Бөпежаннан сұрап жатырмын. Қайсысы сәнді деп сұрап жатырмын. Бөбек. Менің қай қалауымды істеп жатыр едіңдер. Маған бәрі бір. Қайып. Бәрі бір деме, қарындасым. Әр адамның өз қалауы болғаны жақсы. Қалаған нәрсеңді ұстап-тұтсаң қуанышың көбірек болады. Мысалы менің Керторы деген атым бар. Ол жануарды мен жүз атқа, тіпті мың атқа да ауыстырмас едім. Ол менің қуанышым. Сол секілді етігіңіз өзіңізге ұнамды
болса, сырғаңыз сәнді болса әр киген сайын сізге қуаныш әкелетін болады. Иесіне қуанышы жоқ болса – дүние, малдың көптігінен не пайда? Бөбек. Ағатай, біз, мағынасы түсініксіз бола бастаған мына өмір дегеннің қуанышы болады дегенге сенуден қалған жанбыз. Енді болашақ қуаныштан дәметпек түгіл күнделікті тіршілікті қызықтаудан да қалып бара жатырмыз. Қайып. Ойпырым-ай, қарындасым-ай! Сізді сонша торықтырарлық не боп қалды екен? Әлде болашақ жарыңыз ... Бөбек. Жо... Жоқ... Ол емес. Менің алдымда оның ешқандай кінәсі жоқ. Мені торықтырып отырған басқа нәрсе... Дина. Олай демеші, айналайын! Қайып. Апырмай, ә... Сіздің соншама торыққаныңыз қиын екен?.. Дина. (Дина Бөбек артық сөз айтып қоя ма деп ыңғайсызданып тұрады!. Олай деме... Саған не болған?.. Бөбек. Маған не болғанын Сен түсінбесең, біздің елде мені түсінер жан қалмаған екен. Дина. Түсінем ғой, жаным, түсінем ғой. Қайып. Жеңгей!.. (Әңгімені басқа тақырыпқа ауыстырмақ ойда, Динаға) Мен Бөбектің аяғына шақ қалып тапқанша сіз қалаған үлгілерді таңдап та үлгерерсіз. (Бөбекке) Сіздің атыңыз Бөбек деп естідік қой. Бөбек. Солай деп атапты ғой, әкеміз.
Қайыптың Бөбек аяғына қалып өлшестіргенінен қыз аяғын қызықтағаны ұзағырақ екені байқалады. Қайып. Сізді қалайша Ақбөбек деп атамаған? Бөбек. Ақбөбек деген жақсы ат па соншама? Қайып. Жоқ, соншалықты жақсы емес, бірақ Сіз әппақсыз ғой. Сізді Ақбөбек деп атамау мүмкін емес секілді... Ат қойған кісі қалай ойланбаған? Қалай таппаған?.. Бөбек. (Бөбек жүзінде әуесқойлық, жылылық пайда болады). Ойланған шығар-ау, бірақ мені солай атасын деп әдейі Сізге қалдырған ғой. Қайып. Әттең кешігіп қалғанымды-ай! Кезінде кездескенде барша жұртқа жай Бөбек емес, Ақбөбек дегізіп қоятын едім! Бөбек жымиып күледі. Көңілдене бастайды.
Бөбек. Неге кешіктіңіз! Кешіккен жоқсыз. Құдай сәтін салған күні үйленесіз, сосын қыз балалы боласыз да атын Ақбөбек қоясыз. Қайып. Жоқ, қарындасым! Мен енді қызымның атын емес, кім болса да алғанымның атын Ақбөбек деп өзгертетін боламын. Бөбек. Маңдайыңызға қап-қара қыз тап болса қайтесіз? Қайып. Қара болмақ түгіл, қазанның күйесіндей болса да, ұнатып алғасын маған о кісінің өңі ақтың ағы боп көрінер, аты да Ақбөбек болып, барша жұртты қуанышқа бөлейтін болсын. Тамаша ат қой! Тыңдаңызшы... Ақбөбек!.. Ақбөбек!.. Ақбөбек!.. Қайып балаша қуанады. Қайыптан жан-жағына бір жылы рух сәулесі тарап жатқандай... Бөбекке сол сәуле әсер еткендей...
Бөбек. Ой, шіркін-ай! Қандай жанның жұлдызы жанып тұр екен? Сол бақытты қыз қай жерде “ханнен қаперсіз” жүр екен... Қайып. Кім білген... Бақыт дегеннің не екенін?.. Дина. (Қолында бір етік үлгісі бар, бұлардың қасына келеді, Бөбекке қарап) Иә сәт! қабағыңнан қар жауып, діңкемізді құртып болып едің. Осылай шырайланып жүрсеңші. Бөбек. “Ақымақ ақыр заман болса да мәз боп жүреді” – жеңеше. Бөбек қайтадан тұйықталып қалады. Дина. Бөпежан, мынадай етікке қалай қарайсың? Бөбек. Етігі несі? Мені сол ауыл шоқаймен де қабылдайды. Жүрші, кетейікші. Дина. Келген шаруамызды тындырайық та. Бөбек. Шаруасы несі? Құрысыншы бәрі де.
Етігін аяғына асығыс сұға салып, орнынан тұрады. Екеуі шығып кетеді. Шымылдық. 6-көрініс. Айтыс. Бастаңғы жасап жатырған қыз үйі. Қыздар мен жігіттер айтысады. 1-қыз: Айтысты қалай ұйымдастырамыз? 1-жігіт: Әдеттегіше төрт жолды бөліп алып айтыса берелік. Қыздар: Келістік. Солай болсын. Қыздар мен жігіттердің әрқайсысы кезек-кезек екі жол өлең айтсын. Жігіттер: Айтыстың ең ұтымдысы осы ғой. Біз қыздарды тағы бір рет отырғызып кететін болдық., жігіттер!.. Қыздар: Көрерміз кезінде. Ал онда бастаңдар, жігіттер. Ерлер отырғанда әйелдер сөз бастамас болар. Жігіттер: Мына қыздың шошаңдауын... 1-жігіт: Қыз дегенде қыздар бар шошаңдаған,
Еркек көрсе болғаны қашам деген, дедімай-ау. 1-қыз: Жігіттер де жігіт бар көбік ауыз, Сілекейін сол сорлы басар немен, дедімай-ау. 2-қыз: Жігіт деуге жігіт бар момын бала, Жыртық-жыртық байғұстың тонын қара, дедімай-ау. 2-жігіт: Күлме қыздар жігіттің шапанына, Ұл тапқызу қолында соның ғана, дедімай-ау. 3-жігіт: Қыз дегенде қыздар бар қымыңдаған, Еркек көрсе ес кетіп жымыңдаған, дедімай-ау. 3-қыз: Өз атағын шақырған көкек мырза, Жала жапқан жұқпайды мұның маған, дедімай-ау. 4-қыз: Жігіт десек жігітті кесер екен, Қыз жамандап айтары өсек екен, дедімай-ау. 4-жігіт: Жамандаған бола ма, жасы жетсе,
Есіл-дерті қыздардың төсек екен, дедімай-ау. 5-жігіт: Қыз демей ме қыздарды қылығымен, Мына қыздар ақтайды мұны немен, дедімай-ау. 5-қыз: Қыз біткеннің мөрі бар ақталатын, Өтейсіңдер сол мөрдің құнын немен, дедімай-ау. 1-қыз: Жігітерде жігіт бар бейпіл ауыз, Қыз біткенді қымыздай дейтін ауыз, дедімай-ау. 1-жігіт: Қызды қымыз дегеннің айыбы не, Несібесін қалайда жейтін ауыз, дедімай-ау. 2-жігіт: Қыз дегенде қыз біткен сараң маған, Мен сұрасам берер қыз жаралмаған, дедімай-ау. 2-қыз: Алар едің сұрасаң аузың лас, Қия алмаймын ауызға арамдалған, дедімай-ау.
3-қыз: Жігіт десем қате сөз ауыздағы, Бұлар қасқыр, қызыл көз жауыз бәрі, дедімай-ау. 3-жігіт: Қара да тұр бір қасқыр дәл бүгін түн, Бір тоқтыны тамақтап, бауыздайды, дедімай-ау. 4-жігіт: Қыз біткеннің қылығы қайда қалған, Әлде ойнаған жігітпен сайда қалған, дедімай-ау. 4-қыз: Періштедей тазамыз, не десең де, Өз ниетің лайдан пайда болған, дедімай-ау. 5-қыз: Сөздерің жоқ кісіге ой саларлық, Қызға зәру не деміз қойса зар ғып, дедімай-ау. 5-жігіт: Ой салмайды жігіттер... сасады... тамсанады.. жоқ олай емес... алақтап жан-жағына қарайды... дедімай-ау... Қыздар: Шулап кетеді... жігіттер жеңілді... жігіттер жеңілді... жеңілді...
1-қыз: Жігіт қайда қыздарға ой саларлық, Анда-санда “жаным” деп қойса нандық, дедімай-ау. Осылайша құрбылар өнер қуып, Айтысына қыз-жігіт жол салалық, дедімай-ау. Бәрі қосылып: Алма ағаштың гүліндей-ай, Текеметтің түріндей-ай. Жастық дәурен барады өтіп, Сіз бен бізге білінбей-ай. Екі рет қайталайды. 7-көрініс. Шебер үйінің сырты. Даладан тыңдалған ән. Сахнаның бір шетінде Қайып (үй ішінде) етік тігіп, ыңылдап “Құнан нар”әнінің сазымен жәй дауыспен ән айтып отырады. Сахнаның екінші шетінде (үй сыртында) Дина мен Бөбек ән тыңдап тұрады.
Қайып. Көгімде бір жұлдыз тұр жарық жанған, Хал сұрар кім бар біздей ғәріп жаннан. Тығылып зарланамын бұ күркеде, Кең дала қуықтай боп тарылғаннан. Оһо-о-һоу-у-у, тарылғаннан-ай. Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық, Керторы оза шабар бауыр жазып. Ақбөбек тамағыңнан бір сүйгізсең, Болар ед мен сорлыға алты ай азық. Оһо-о-оһу-у-у, алты ай азық-ай. Бөбек пен Дина бір-біріне қарап таңдана, мақұлдай бас изесіп, әнді беріле тыңдап тұрады. Ән аяқталады. Қайып. Беу жалған!.. Орындалмас арман!.. Зарлан, Қайып, зарлан... Әншінің қатты күрсінгені естіледі. Бөбек. Ақбөбек деп ән салып отыр. Өзінің әуелден Ақбөбегі бар кісі болды ғой.
Дина. Олай емес қой, Бөпежан-ау! Мына сорлы етікші, соры қайнап қалыпты ғой. Бөбек. (шошып) Сорлап? Қалай сорлайды? Дина. Қолы жетпеске қол созғасын сорлайды. Бөбек. Мынадай жігіттің қолы жетпесі бола ма? Дина. Оның Ақбөбек деп отырғаны сенсің ғой, Бөпежан-ау! Бөбек. Кім екенін кім білген?.. “Талаптыға нұр жауар” демей ме? Ал талапты мен таланттыға нұр жауатыны рас болса мына жігіт құр қала қоймас. Дина. Баласың ғой, әлі! Ақылды адам түгіл, құс екеш қыран құс та өз жобасына қарай ілерін таңдар болар. Бөбек. Сонда армандауға да, ойлауға да болмай ма? Дина. Оған кім тыйым салушы еді. Бөбек. Әні қандай!..
Дина. Шынында да! Көкіректен әлгідей жыр, жүректен әлгідей саз шығуы үшін бойдағы сүйіспеншілік сезімнің мөлшері қанша болуы керек екен? Бөбек. Ол нәрсе өлшенеді дейсің бе? Анадай жан-жағына өнер шашып, жан-жағына нұр таратып тұратын жігіт түгіл, жәй біздердей жанның сезімін өлшей алар не бар дейсің? Дина. Мына жігіт лап етіп жалындауға айналған от қой!.. “Үп” деп үрлеп жіберсе болды, лау ете қалғалы тұр! Саған көңілі қатты ауып кеткен секілді сорлы жігіттің. Өзі шебер, өзі сазгер, өзі ақын!.. (Әнді қайталайды) Ақбөбек тамағыңнан бір сүйгізсең, Болар ед мен сорлыға алты ай азық.
Оһо-о-оһу-у-у, алты ай азық-ай. (Дина да сезімдене күрсінеді). Ой, Алла, осы мінезің қалай? Біреуге бәрін бере саласың, ал біреуге дым да жоқ... Бөбек. Екінші біреуіңіз біздің аға ма? (Жеңгесін келекелеп күледі). Дина. Жоқ, сіздің ағаңыз өз шаруасына мықты жан. Өз жолын өзі білетін кісі. Ал мына бейбақ ақылсыз жігіт екен. Сорлы... Сорлы... Бөбек. Біреуге көңілі құлаған кісі сорлай ма екен? Бақытын табады дағы. Ақындығы қандай! Сөздерін қалай қюластырған! Бұл жігіт сорлы жігіт емес. Таудай талабы бар, үйдей өнері бар адам. Дина. Бірақ есі кемдеу болар. Бөбек. Неге? Дина. Есі дұрыс адам ұзатылғалы жатқан қызға ғашық бола ма екен?
Бөбек. Ғашық болар жан жан-жағын есептеп алып ғашық бола ма! Періште жүрегіне сезім тастап жіберген сәтте, бар дүниені ұмытады дағы. Дина. Шыр жұқпаған қу кедей, бай қызына көз салып?.. Бөбек. Өнері теңестірмей ме?
Дина. Қанша өнерлі дегенмен, салт басты, сабау қамшының бірі ғой. Бөбек. Бардың ағасы мен інісі болса, өнерлінің халқы бар емес пе? Дина. Сен сол етікшіні қалай қорғасаң да, ұзатылғалы жатқан бай қызына үздігуі, оның есінің кемдігінің дәлелі. Сен, Бөпежан сақ бол. Ыңғай беріп, дәмелендіре көрме. Есі кем неме, аспандағы айға қол созып, қате түсініп қалар. Бөбек. Жан-тәнімен біреуге құлай беріліп сүйе алғаннан артық тірі пендеде бақыт бар дейсің бе? Есі кем етікші емес, жеңеше... Есі кем – мен! ...Есі кем сенің Бөпежаның болып жүрмесін? Дина. Не деп тұрсың?
Бөбек. Жеңеше! Менің жүрегімде үлкен сағыныш бар!.. Мына кісіні күндіз ойымнан, түнде түсімнен шығара алмайтын болдым... Көргім келеді де тұрады... барғым келеді де тұрады... Дина. Бөпежан-ай, саған не болған? Ойының ба, шының ба? Бөбек. Бар өмірімде жан сырымды соншама шынайы шындықпен тап осылай ашып айтпаған болармын, ешқашан, жеңеше! Мен ғашықпын!.. (Жеңгесін құшақтайды). Дина. О не дегенің, Бөпежан?.. Тыйыл жаным. Байтақ елге аты жайылған Бай атаның қызы етікшімен... Масқара-ай!.. Ертең халық не дейді! Олардың құлағына ызың тисе болды, масқара болдық дей бер!
Бөбек. Бізің қазақтардың мінезі қызық халық екен! Қайыптан тайып біреу біреуге ғашық бола қалса, тек қыздың жеңгесі емес, тіпті бүкіл ел болып масқара бола қалады екен... Сол қалай, неліктен жеңеше? Дина. Жүр! Ойбай, жүр Бөпежан! Үйге қайталық... Бөбек. Балаларының бір-біріне ғашық болып отау тігіп жатса ел болып масқараланғанша, ел болып қуанып жатпай ма?.. Сіз айта беретін масқара, ол не масқара? Дина. Мынау үй сыртында тың тыңдап тұрғанымыз ұят болар. Біреуміреу байқап қалар. Жүр! Жүр Бөпежан, үйге қайталық. Кейін келерміз. Ойбай-ай, ойбай!.. Енді не бетімді айтамын!.. Бөбек. Жеңеше неге жауап бермейсің? Дина. Ата-бабаң ғашықтық сезімді есі дұрыс кісінің ісі десе, әлі өмірге келмегендерді атастырып, қалыңмал берісіп, тумаған балаларының өмірін олар тумастан бұрын бастамас еді... Бөбек. Жеңеше! Мен ғашық болып қалдым! Ғашық болудың қандай бақыт екенін сен білсең ғой, шіркін! Етікші үйіне қарай бет алғанда, асығатыным соншалық, сол үйге жеткенше жүгіріп баруға дайынмын... Дина. (үрейлене) Күнім-ай, сен мені қорқыта бастадың-ау! Бөбек. (шаттана) Сенде қорқыныш! Менде қуаныш! Дина. Мен артын ойлап қорқып келемін! Бөбек. Мен қәзіргі бақытыма қуанып келемін!
Дина. Ой-бой, сөйлеме!.. Үніңді шығарма! Ертең-ақ қалың ел “гу-у” ете қалар. Жусанның да құлағы бар, бұл далада. Желдің ызыңы жеткізер, өзіңнің қимылың сездірер... Құдай-ай, өзің жар бола көр!.. Екеуі үнсіз қайтып келе жатады. Кенет жұлып алғандай боп, Дина “жоқ, олай етуге болмайды ғой!” деп дауыстап жібереді. Дина. Жоқ! Болмайды. Олай етуге қақың жоқ сенің! Шаңырағыңды, әке-шешеңді масқара етесің! Ертең бүкіл ел бетіңе түкіреді! Болмайды олай етуге! Бөбек. Сен не деп тұрсың? Кімге айтып келесің? Дина. Саған! Мен сенің жауың емеспін. Қайт бұл райыңнан! Мен сенің болашағыңды ойлап, зәрем ұшып келеді...
Бөбек. (мұңайып) Мен қайтармын-ау!, бірақ жүрекке еніп кеткен ана сезім деген пәлені қалай шығарамыз? Айтқанға көне қойса болар еді? Сол пәле айтқанын тыңдатпай қоймайды ма деп қорқамын, жеңеше... Мен де, сен де кеш қалып қоймасақ болар еді?.. Дина. Өзіңе-өзің ие бола көр, жаным! Сәл шыда. Тойың жақын. Арғы жағы бір қалыпқа түсіп кетеді ғой. Бөбек. Жоқ, жеңеше! Қалыпқа түсер реті жоқ секілді.
Дина. (Бөбекті құшақтай алады, жалына) Тыйыл, жаным, тыйыл!.. Бөбек. Ендеше, Жеңеше! Бірдеңеге ұрынбай тұрғанда Әкеме айтып, мына етікшіні еліне қайтарт. Етікшінің басқа біреуін алдырсын. Мен жүректегі жынға ие бола алмай қалсам шын ұят сонда болар. Көзден таса болса, мүмкін, көкіректен өшер. Дина. Не деп тұрсың?. Өзің ұшқалы отырған шаңырағыңның абыройын ойла. Жасы келіп қалған әке-шешеңнің жайғдайымен санас. Бір рулы жұртыңды бар адайға масқара етпе. Атақты шеберді қолынан іс келмеді деп қайтармайды. Жұрт не дейді? Ертең-ақ сан саққа жүгіртіп, өзіңді қарабет етіп шығарар.
Бөбек. Сондай болып қалмау үшін де о кісіні еліне қайтар деп тұрған жоқпын ба. Басқа амал жоқ секілді. Дина. Қайт, бұл райыңнан! Есіңде болсын, ел салтынан шын кетісетін болсаң менен достық пейіл таппайсың! Бөбек. Жан сырымды сеніп тапсырып тұрған бұл әлемдегі жалғыз жан сен едің! Бар дүние мені жалғыз қалдыруға айналдыңдар ма? Не жазығы бар еді, мендей қазақтың бір қызының, ғашық болуға болмайтындай?..
Дина. Менікі достық... Бөбек. Жоқ, жеңеше! Алла тағала сорлы қазақ қызына дос жаратпаған секілді!.. Қайтеміз, көрерміз, маңдайға жазғанын. Жалғыз сенерім сен едің... Енді тек қана жүректегі сезімге ғана сенеміз дағы... Менің ендігі жердегі досым – сезімім ғана болады!.. Бөбек жеңге қолынан босанып, кетіп бара жатады. Дина қуып жетіп: Дина. Менің ақ тілеуім тек қана сенің үстіңде екенін өзің де білесің ғой. Ана жалғыз ағаңның тілегін де сендей тілемейтін болармын. Құдай-ай, сақтай көр, өзің. Ақылды едің ғой, саған не болған? Енді екеуі құшақтасып бара жатады. Шымылдық жабылады. 8-көрініс. Бай үйінің іші. Той қамы.
Есжан байдың үйі. Той қамымен әңімелесіп отырғандар. Есжан. Байқаймын, соңғы кезде Бөбекжанның назары тәуір секілді. Сәнтөре. Қаншама ерке дегенмен заты әйел ғой. Етікшінің қолынан шыққан әсем заттар көңілін көтеріп жүрген болар. Есжан. Ей Алла! Жалғызымды жылата көрме.
Қойлыбай. (қуақылана) Маған жылайтындай не көрініпті? Одан да ана алдырған етікшілеріңді тежеп ұстаңдар. Жұрт оны әнші дей ме, күйші дей ме, бақсы дей ме, әйтеуір, бәрі табынып болыпты. Әйел халқы әуелден сондайларға құмар болатын. Өзінің ақ сайтаны бар болар. Осы маңайдың тойы онсыз өтпейтін болыпты. Қыздарыңның басын айналдырып кетпесін? Жылау сонда болар. Жалғызың емес бәрің, жыларсыңдар сонда. Шеттеріңнен еңіреп қалмаңдар. Есжан. Қой балам! Бөбекті ондай тәртіпсіздікке қалай қидың?
Сәнтөре. Жалғыз қарындасына қамқор болудың орнына айтып отырғанын қарашы. Бұ заманның жігіттері қарындасқа аға болудың да ретін білмейді. Ей, Алла! Сақтай көр, өзің! Қойлыбай. Сол ағалық қамқорлық, біздің сөзімізде, біздің ойымызда жатырған болар. Сәнтөре. Құда келген күні, өзі сұранып қыз киімін киіп еді. Қаншама ерке дегенмен, жас дегенмен іштей дайындығы бар ғой деймін. Есжан. Жарайды, доғарыңдар. Балам, той күні жақындағанда көшіп қонатын, той өткізуге ыңғайлы қоныс қарастырып қой. Қойлыбай. Қарастырдық та, таптық та. Мал түгілі аң баспасын деп қорық та қойып қойдық.
Есжан. Бәрекелді, балам. Жұрттың бәрі шаруаға сендей тиянақты болса ғой!.. Дұрыс болған. Ал, Келін! Бөбек заттарының дайындығы қалай? Дина. Бәрі дұрыс. Тек қана қызыңыз бітіп қалған әр нәрсенің мына жері былай екен, ана жері анадай екен деп, қайта-қайта бұздыра береді. Үлгереді ғой. Есжан. Шеберге айтыңдар, сұрағанын алады. Қойлыбай. Бір үйір жылқы сұраса қайтесің? Есжан. О кісіде де жоба бар болар. Істеген заты Бөбек көңілінен шықса, не сұраса да алады. Сұрағанын береміз. Қойлыбай. Сонша оңай олжа табады, неге шыр бітпейді, осындайларға... Есжан. Балам! Келісіп қоялық. Егер жасау Бөбек көңілінен шығып жатса, бір үйір жылқыны шебердің өзі таңдап алады. Ал ортаңқол нәрсе боп шықса үйірді өзің таңдап берерсің. Дина. Жұмсап жатқан асыл тастары мен алтын-күмістерінің шеті жоқ. Бөпежанның жасауы ешкімде болмаған жасау болатын болар. Қойлыбай. Сонша асыл заттарды қайдан алады? Дина. Қара тасты отқа салып балқытып күміс ағызып аламын дейді. Сәнтөре. Рас па, келін? Дина. Рас, рас... Есжан. Жә, жетер. Шаруаларыңа барыңдар.
Кетеді. Шымылдық. 9-көрініс. Түн. Шебер үйінің сырты. Бөбек сыры. Табысу. Түн. Бөбек жалғыз өзі жасырынып Қайып шеберханасына жақындайды. Іштен Қайыптың “Құан нар” сазымен ыңылдаған сазы, оған қосарлана балға дыбысы да естіліп тұрады. Бөбек те ыңылдап, әнді жаттап тұрады. Сахнаның бір шетінде етік тігіп отырған Қайып, екінші шетінде ән тыңдап тұрған Бөбек. Аузында ағаш шегелері бар Қайып ыңылдап отырады. Шеге таусылса өлеңді сөзбен айтады.
Бөбек. (сыбырлап) Әй, етікші! Әлгі әніңнің сөзі қалай еді?.. Ақбөбек тамағыңнан бір искетсең?.. Әлде бір сүйгізсең?.. Содан соңғы жолы қалай еді?.. Ұмытып қалыппын?.. (тығыршып сәл тұрады). Мына етікші бұлданып айтпай қойды ғой... Қой, кетейін... Көзге түсіп қалармын... Сөзі айтылмаған әнді тыңдағысы келмеген Бөбек қайтып бара жатады. Сол кезде Қайып әні естіледі. Қыз кері қайтады. Қайып. (өте мұңды да, сазды дауыспен) Ән салсам аңқытады тіл мен таңдай, Зер салсам өрнектерім күн мен айдай. Сөзіңе жалғыз ауыз зәру қылар, Ақбөбек, айтшы менің, мінім қандай? Бөбек. Тағы жаңа ән шығарған ба, мына етікші!?
Етікшінің етік тігіп отырғаны, аузының да бос емес екені байқалады. Арасында өлеңін жалғастырады. Қайып. Мақпалдай құлпырады екі бетің, Мақтадай үлбірейді-ау аппақ етің. Деміңнен жұпар есер, раушандай, Сен болдың, о дариға, есіл-дертім. Оһо-о-оу, есіл-дертім-а-ау... Бөбек. Сен білсең етті ғой, ағатай!.. Кімнің есіл-дерті кімде болып жүргенін? Қайып. (балғасын тастай салып, қолына домбыра алады. Өлеңін жалғастырады). Әуеде бір жұлдыз бар Темірқазық, Керторы оза шабар бауыр жазып. Ақбөбек тамағыңнан бір искетсең, Болар ед мен сорлыға алты ай азық. Оһо-о-оһу-у-у, алты ай азық.
Бөбек. (Қосылып айтып тұрады). Ақбөбек тамағыңнан бір искетсең, Болар ед мен сорлыға алты ай азық. Оһо-о-оһу-у-у, алты ай азық. Бөбек үй сыртынан есікке жақындайды. Кіргісі келеді. Батылы бармайды. Киіз үй босағасына сүйенген Бөбектің жылап тұрғаны байқалады. Ән тоқтайды. Бөгде дыбысты байқап қалған Қайып далаға шығады. Қайып. Жаным-ау, Бөбекпісің? Қараңғыда неғып тұрсың? Жалғызбысың?
Бөбек. Жоқ, біз екеуміз. Қайып. Ешкім көрінбейді ғой. Бөбек. Ол кісі көрінгісі келмейтін кісі. Менің жүрегіме ұрланып кіріп алып, енді шыққысы келмей жүр. Қайып. Бөбекжан-ай! Мына сөзің маған жұмақтың төрінен орын беріп, ұшпақтың шыңына шық деп шақырып тұр ғой! Ол кісінің атын білуге болмас па екен? Бөбек. Ағатай! Мені енді ешқашан Бөбек деп айтпаңызшы! Ақбөбек деп атаңызшы. Мен-ақ болайын, Сіздің іздеп жүрген Ақбөбегіңіз! Екеуі бір-біріне ұмтыла құшақтасып ұзақ тұрысып қалады. Қайып. Бауырындағы қызды құшарлана қысып, үздігіп: Желден жүйрік Ақбөкен! Қиялдағы ақ арман! Періштенің нұрындай Ақбөбек! Қайып сәл кідіріп, өлең құрастыра бастайды.
Қол жетпес, ұсынғанмен, Ақбөбегім! Арманым, желден жүйрік, Ақбөкенім! Сыңары махаббаттың арман аққу, Болар ма мына күрке бақ мекенім?! Ойланып тұрып қалады. Бөбектің екі бетінен ұстап, өзінен алыстата, телміре қарап қалады. Қайып. Армандаудың өзі күпірліктей боп көрінген менің бақ құсым!.. Дәметпейтін жерден, қалайша менің басыма қона қалдың? Тек қана жарлының жыртық күркесі саған бақ мекен бола алса жарар еді?!. Бөбек. Ағатай, біздің бұл ісіміз бағымызға ма, сорымызға ма, ол әлі белгісіз... Бірақ болары болды, мен жүрек еркіне бағынып қалдым... Мен өзімді тоқтата алмадым! Қайып. Ақбөбегім менің!.. Бақытым менің!.. Арманым менің...
Бөбек. Ағажан-ай! Сіздің айтып тұрғандарыңыздың бәрі менің сөзім ғой... Сізден бұрын мен айтқанмын, сізге арнап, бұ сөздерді!.. Бақыт құшағын ашқан да, бақ мекенін тапқан да, Мен!.. Мен дегеніме жеттім, міне армандаған бақыт құшағым! Таптым да, еніп кеттім! Осы бір сәтті бар қалған ғұмырыма айырбас етпеспін! Қайып. Түсім емес пе?.. Бұ не ғажап!.. Ей Алла! Артын сұраусыз ете көр! Бөбек. Өңің ағажан, өңің! Менің де өңім! Міне, мен сан түнгі азабымның есесін қайтарған, аялы құшақта тұрмын, сіздің құшағыңызда тұрмын! Қайып. Ақбөбегім менің! Жүрегіме бал тамызған тіліңнен айналайын, сенің! Тек әттең... Бөбек. О не?.. Ол неткен әттең?.. Осындай сәттің де әттеңі болушы ма еді!.. Қайып. Тек қана... Мендей жарлыға, мендей жалғызға қыз бермек түгіл, бұл туралы ойлауға да ұрқсат бермес... Бөбек. Сіз көнсеңіз мен ешкімнен де ұрқсат сұрамаймын. Маған жүрегім ұрқсат еткен!.. Қайып. Асыраған әке мен шешені қайтеміз? Бөбегім деп әлпештеген елді қайтеміз? Бөбек. Шынында да, жұрт не дер екен? Ей Алла тағала, кешіре көр, өзіне-өзі ұя салмақ болған, мына ақымақ балапаныңды... Үйірден адасқан құлыншағыңды...
Қайып қайтадан шабыттана, өлең жолдарын құрастыра бастайды.
Қайып. Бітімің арғымақтың құлынындай, Көз тартып құлпырасың құбылып-ай. Шынымен көңіліңді берсең маған, Мен даяр кетуге елден шығынып-ай! Бөбек. Қайып аға! Ендігі жерде тек қана көңілімді емес, тұтас жантәніммен өзімді де бердім, сізге. Ұстадым етегіңізден! Қайып. Ақбөбекжан-ай! Жалғыз едім! Жеткізе алар ма екенмін, арманыңа! Жарлы едім! Жауап бере алар ма екенмін, талғамыңа! Бөбек. Менің бақытым барлықта да емес, байлықта да емес! Анау жасаған ғажайып сәнді заттарыңыз мені сіздің өнеріңізге ғашық етті! Асыптасып, төгіліп-шашылып жатқан өлеңдегі сөздер мен сезімдер мені өзіңізге ғашық етті... Мен ғашықпын!.. Мен ғашықтықтың не екенін түсіндім!.. Мен бақытымды таптым!.. Мен махаббат дәмін таттым!.. Сіз мені бақытты еттіңіз! Қайып. Ойпырмай, қалқам-ай!.. Мен мына жүкті, мына бақты көтере алсам жарар еді?.. Ойланып айтып тұрсың ба?.. Артының өкініші болып жүрмесін!.. Бөбек. Мен ойланып та толғанып та болғанмын... Ақылдасып та көрдім... Жан сырласым, жан досым деп жүрген туған жеңгем де мені түсіне
алмады... Елдің әдеті дейді, жұрттың ғұрыбы дейді. Айтып отырса бұлардың елі де, елі шығарған ережесі де маған, тек маған емес бар қазақ қызына қарсы шығарылған екен... Қыз біткеннің жүрегі бар екенін, оның сүйгісі келетінін бұ қазақта бұрын еш жан ойламаған секілді... Махаббатқа бәрі қарсы... Біз екеуміз бұ елде ғашық болғандардың алғашқылары боламыз... Қайып. Күнім-ай! Мына сөзің мені тап қәзір өлетін болсам да армансыз өтетін етті-ау, бұ Жалғаннан! Менде енді арман жоқ! Тек сол армансыз өмірді қалай бастасам екен? Бөбек. Бір бабаң айтыпты ғой: “Ер жігіт екі кезде ойланбас болар. Бірі – жасанып алдында жау тұрғанда, тағы бірі – жәудіреп алдында ғашығы тұрғанда” – деп... Тәуекел ет!.. Тәуекел етелік!.. Қайып. Мен тәуекелге сенің ақ балтырың алақаныма түскен сәтте-ақ бекінген едім! Бірақ ол кезде орындалмас арман ғана секілді болатын. Бөбек. Мені ұзататын күндері жақын. Енді орындалмас арманның орындалуы тек өзіңе ғана қарап қалды... Не дейсің, Қайып аға!.. Қайып. Мен не дейін, күнім! Бір-екі күн мұрсат бер. Мен бізге болашақта пана боларлық ел іздеп келейін. Нағашыларымның тамырын басып байқайын. Елі бұл арадан қашықтау бір жездем бар еді, хабар жіберейін. Біреуіне барып тұрақтармыз. Сен дайын бол... Бөбек. Мен дайынмын ғой... Әйтпесе, осылайша өзім саған құда түсемін бе?.. Қайып. Ниетіңнен айналдым, менің Ақбөбегім! Мен ертең бір сылтаулар айтып жеңгеңнен ұрқсат сұрайын. Бөбек. Жеңешеме де сездірме. Кейін аға алдында, ауыл алдында күнәлі болып қалмасын. Қайып. Жарайды, жаным, жарайды...
Шымылдық. 10-көрініс. Есжан үйі. Есжан байдың ошақ басы. Есжан. Той күні де жақындап қалды. Дайындық шаруалары да аяқталуға тақау. Балам ел-жұрт түгел хабарланды ма екен?
Қойлыбай. Әке, бәрі хабарланды. Аламан бәйгенің бас жүлдесі алтын тай тұяқ пен жүз жылқы дегесін, ат әкелмейтін ауыл қалмайтын реті бар. Кейбіреулер жеті орын емес, он орынға бәйгі берілсе деп қолқа салады дейді. Есжан. Ауылдың ақсақалдарымен ақылдас, сосын маған айтарсың. Қойлыбай. Жарайды, әке. Есжан. Бәйбіше! Бөбекжанның жасауы қалай, дайын болды ма? Сәнтөре. Келіннен ұлқсат сұрап кеше шебер аулына кетіпті. Сәукеленің маңдайына салатын тас іздейді екен. Жасауын қарап келдім. Біз көрмеген ерекше сәнді бұйымдар!.. Бөбекжанның жасауы біз осы жасқа келгенге дейін көргендердің барлығынан да ілгері болатын реті бар.
Есжан. Бұлар жеті атасынан өнер қонған адамдар ғой. Осындай өнерлі адамдар арқасында еліміз адай шебер ел, адай зергер ел деген атаққа ие болып жатады. Шеберді ренжітпей жіберіңдер. Қойлыбай. Айттың ғой, сұрағанын алады... Шымылдық. 11-көрініс. Дина мен Бөбек шебер үйінде. Бөбек пен Дина шебер үйінде. Дина. Сау саламат оралдыңыз ба, сал жігіт!
Қайып. Өздеріңіз де амансыздар ма? Дина. Гауһар ма, лағыл ма, аты қалай еді, іздеп кеткен тасыңыздың? Таудан тас іздеймін деп едіңіз, табылды ма іздегеніңіз? Әлде тасты сылтау етіп ел қыдырып жүрсіз бе?.. Қайып. Таудан тас та іздедік. Ауылға да бардық. Бірақ сіздерді сағынып, тездетіп қайтып келдік. Бұл ауылға бауыр басып қалыппыз. Бөбек Қайыпқа қарап күлімсірейді. Қайып. Бірақ, Бөбек сәукелесінің маңдайына лайық тас таптырмады. Дина. Қайным, қорқытпа бізді. Бөбек. Тас таппасаңыз, үйде сәукеле бар еді. Мүмкін соның тасын аларсыз. Қайып. Өзіңізге ұнаса, ауыстырып салалық.
Дина. (көрпемен жабылған, өзі үстінде отырған қапты қолымен шұқып) Шебер қайным, мына қабыңызда не бар осы, ортаймайды да, ашылмайды да... Қайып. Күмісім таусылса балқытып алайын деп алып келіп едім. Күміс аралас тас, топырақ қой. Бөбек. Алтынды да өзің балқытып аласың ба? Қайып. Бәрін де өзіміз істейміз. Тас бетін өңдеуді де үйреніп алдық. Бөбек. Жеңеше, сәукелені алып келші. Дина. Қәзір, алып келейін. Кетеді. Қайып. (Бөбекке жақындап, қолынан ұстайды). Үш күннің соншама ұзақ уақыт екеніне енді көзім жетті. Бөбек. (Қайыптың бауырына тығылып) Үш күннің қаншалықты ұзақ уақыт екендігі маған аян, тек қана маған аян.
Қайып. Сен есіме түскенде сағыныштан қолқам ба, жүрегім бе, өкпем бе, әйтеуір іш жағымда бір жерім үзіліп кете жаздайды... Не екенін? Мен ендігі жерде сенсіз бір сәт өмір сүре алатын емеспін... Бөбек. Менің ойымды Қайып деген кісі ұрлап алып, сосын өз сөзі етіп айтуға қандай шебер еді...
Қайып. Менің жүріп өткен жерімнің бәрі Ақбөбек деп ән салып жатқан болар, бұ күндерде... Бөбек. Қайда барып қайттың? Жүрген жағың аман ба? Қайып. Бәрі ойдағыдай. Бұ жерден айлық жолдағы апа-жездеме хабар жібердім. Бөбек. Айлық жерге қалай жетеміз? Қайып. Біз бірден таптырмай кетпесек болмайды. Осы маңайда қалсақ ұстап алады. Бөбек. Ұстап алса не істейді? Қайып. Айттырулы қызды, тойға дайындалып жатқан қалыңдықты алып қашқанды, әсіресе мен секілді қорғаны жоқ жалғызды аямайтын болар. Бөбек. Не дейді? Адам адамды сүю үшін жаратылмай ма? Шын ғашық болды деп кісіні жазаға кесетін қандай заң? Қайып. Ұстап алса саған да оңай тимейді. Бөбек. Маған сенсіз өмірдің қажеті жоқ. Сенен айрылған күні бүл тірлікпен қош айтысамын. Мен өз заңымды шығарып та қойғанмын... Ант етемін, мен тек қана сенімен Ақбөбекпін. Жай Бөбек болып қала алмаймын, мен, ендігі жерде. (Бөбек Қайып құшағына енеді) Қайып. Ертең ел жата осында кездеселік. Сол сәттен бастап сен мәңгілік Ақбөбексің! Менің Ақбөбегімсің!
Бөбек. Мен ат дайындатайын ба? Қайып. Жоқ. Екеуміз Жалғыз төбеге дейін Керторыға мінгесеміз. Сол жерде мені бір досым қос атпен күтіп тұрады. Бөбек. Қайда кетеміз? Қайып. Ешкім таппайтын жерге. Динаның келе жатқаны байқалады. Бұлар құшақтарын жазысады. Дина кіреді. Дина. Состыйып неғып тұрсыңдар? Мен кеткелі орындарыңнан қозғалмағаннан саусыңдар ма? Бөбек. Қалай? Барып келе қалдың ба? Қайып. Үй арасы жақын ғой. Бөбек. Жүгіргеннен саумысың?
Дина. Жүгіргені несі. Жай ғана, бардым да, келдім. Қайып. Кәне, мына сәукеленің тасын көрелік. Бөбек. Бұл тас маған ұнайды. Қайып. (сәукелені қолына алып қарайды) Шындығында да тамаша дүние екен. Шебердің атын білмейсіңдер ме? Дина. Бұл сәукеле осы үйде ертеден бар секілді. Кім жасағанын білмедім. Бөбек. Сұрамағасын білмейсің, әйтпесе бұл сәукелені әрі ақын, әрі зергер Елбай деген кісі жасапты. Дина. Қайып қайным да әрі ақын, әрі зергер. Шебер біткеннің бәрі ақын бола ма? Жоқ, ақынның бәрі шебер бола ма?
Қайып. Кім білген?... Ал, мынау ғажайып дүние екен. Біз бүлдірмелік. Жеңгей орнына апарып қойыңыз. Тас табылар. Бөбек. Өзіңіз біліңіз. Дина. Шебер қайным, біз қайталық. Қайып. Рахмет жеңгесі. Қош болыңыз. Бөбек пен Дина кетеді. Шымылдық. 12-көрініс. Ғашықтар шешімі. Сахнаның бір шетінде қолында түйіншегі бар Бөбек, бір шетінде құрал, заттарын жинастырып кетуге дайындалып жүрген Қайып. Екеуінің сөзі кезек-кезек естіледі. Қайып. Ауыл тынышталды-ау! Бөбек ұйқтап қалмаса жарар еді... Қой, ұйықтамас... Қалай ұйқтайды?.. Ұйқы қайда?.. Қолында түйіншегі бар Бөбек табалдырықтан аттамақ болып, өзімен өзі сөйлесіп тұрады.
Бөбек. Талай кіріп-шығып жүрген табалдырығым! Сенен осы жолы аттай алмай тұрғанымды-ай! Кім ойлаған?.. Бұл қадам бақытқа ма? Қасіретке ме?.. Қайып. ...Ал, “Қайып жетім”, “Етікші бала”, “Күміс көмей әнші жігіт”, “Бармағынан бал тамған зергер”, “Бес аспап шебер” – бәрі Қорабайдың Қайыбы... Не арманың бар?.. Айт кәні!.. А, ...а... Армансызбын деймісің!.. Солай болар!.. Алланың берері көп...
Бөбек. Әрине бақытқа! Мен Қайыптың көлеңкесінде өткізген әр сәтімді бір жылдық өмір деп бағалармын... Сонда бақыт дегенің телегей теңізге айналып жүре бермей ме?.. Қайып. Алла тағала, рахмет саған, мың рахмет, жарылғадың мені!.. Бөбек. Қасіретке болса ше?.. Онда жайына жүрген ана жалғыз байғұстың обалына қалатын болармын?.. Тағдыр маңдайымызға не жазса да, тек Қайып өкінбесе екен!.. Қайып. Жыртық едім – бүтіндедің!.. Жалғыз едім – жар құштырдың!.. Жарлы едім – бәрінен де бар еттің!.. Бақыт өзі келіп қонды басыма!.. Тек баянды ете көр... Бөбек. Ей, Алла!.. Мына аттағалы тұрған қадамымды құтты ете көр... Тәуекел... Не де болса аттадым... Бақалардың маған дайындаған ұясына қонғым келмеді... Қош бол алтын босағам, өз ұясын өзі салғысы келген қарылғашыңды кешіре көр!..
Табалдырықты аттайды. Қайып. Ей Алла! “Аш отырып ас таңдаған, жаяу жүріп ат таңдаған” – дейтін нағыз мен болдым... Бұл тағдырына қанағатсыздықтан туған қимыл емес... Мені бәрінен бар еткен болатынсың... Оған қоса махаббат сыйладың... Осы бергеніңді тек көпсіне көрме!.. Тек ұзағынан бере көр!.. Қолын жайып, бетін сыйпайды. Сахна ортасына екі жақтан Бөбек пен Қайып біріне-бірі құшағын жайып келе жатады. Шымылдық. 13-көрініс. Есжан үйіндегі қапылыс Сахнада Есжан үйі. Сәнтөре мен Дина. Сәнтөре. Келін-ау!.. Дина. Ие, ене!.. Сәнтөре. Сен түскенде, есіңде ме, біздің Бөбек маңдайында құрттай кекілі бар бала емес пе еді...
Бөбек. Әрине есімде. Мен оны көпке дейін ұл бала деп ойлағанмын. Сәнтөре. Келін-ау! (Сәнтөре біреу естіп қалар дегендей Динаға жақындап сыбырлай сөйлейді). Мен Бөбегімді тірі пендеге қиғым келмейді... Дина. Қыз бой жеткесін, өз ошағының отын өзі жаққысы кеп тұрады ғой. Қимағанда қайтесіз, көндігесіз. Сағынарсыз, жыларсыз... Сәнтөре. Белгісі жоқ күн деген осы. Байқалмай өтіп жатыр, өтіп жатыр. Енді міне о да бой жетіпті. Тойы да жақындап қалды. Келін, Бөбекжан қайда? Әлі оянбаған ба? Дина. Таң атқалы көзіме түсе қойған жоқ. Кеше ерте жатып қалған. Қазір қарап келейін (кетеді).
Сәнтөре. “Қыз қонақ” деп, қалай айтқан... Әлпештеп бағасың... Мәпелеп өсіресің... Бой жеткізесің... Ал сосын, біреу алады да кетеді... О, Жаратқанның құдіреті-ай!.. Менің қызым да ұясынан ұшуға жақын... Сахнаға Есжан шығады. Есжан. (Көңілді) Бәйбіше! Өзіңмен өзің сөйлесетін жасқа жеттің бе? Жоқ әлде, ақ шайтаныңа кездесіп қалып, амандасып отырсың ба? Сәнтөре. Қорықпа, әзір алжи қойған жоқпын. Есжан. Мына ғұмыр соншама тез өтеді екен-ау! Бәйбіше! Кеше ғана еді ғой, аумаған Бөбекжандай бір қызды, мына сені, менің осы ауылға алып келгенім! Осы үйге кіргізгенім!
Сәнтөре. Ой, дүние-ай десеңші! Күні кеше секілді еді. Өзімді айттырып кеткеннен соң күйеуім “Қандай екен?” деп қиялға беріліп, бір көруді аңсап жүретінмін. Бақытыма дұрыс адам кезігіпті. Сұлулығына көз тоймас, жібектей есілген өзіңді көріп бір қарағаннан ғашық болып едім... Тойымыз қашан болар екен деп талай түн дөңбекшігенмін. Енді міне, кезек өзімнің қызыма да жетіп қалыпты. Есжан. Рахмет саған, бәйбіше. Сенің маған баяғыда тоқал алдырмағаныңа әлі қуанамын. Біздер жақсы ғұмыр кештік. Тату-тәтті өмір сүрдік. Өмір бойы сенімен өткен өмірімді ойласам болды, ата-аналарымызға рахмет айтумен келемін. Сәнтөре. Қандай рахмет?
Есжан. Басқа қыз айттырмай, сені айттырғаны үшін. Сәнтөре. Жаратқанның бұйрығы да. Әйтпесе, ошақ татулығы барлығына бірдей бұйыра бермейтін нәрсе екен ғой. Үйге қапылып Қойлыбай кіреді. Соңында Дина. Динанаң түрі кетіп қалған.
Қойлыбай. Әке! Мен ескерткенмін! Масқара болдық. Ел бетіне қараудан қалдық. Сүйекке таңба басылды!.. Таңба басып кетті-ау, мына қаңғыған жалғыз атты, сабау қамшы, қайыршы жетім! Мынаның қайда қарап жүргенін, не қарап жүргенін? (Әйелін нұқып жібереді). Есжан. Астафралла, астафралла! Не боп қалды? Қойлыбай. Не болып қалды дейді-ау, бұлар!.. Жау шапқан жоқ! Тек қана сүйікті қызың етікшімен қашып кетіпті. Есік алдындағы, қайыршы етікшімен!.. Бөбек те жоқ. Етікші де жоқ. Сәнтөре. Мынау жау шапқанмен бірдей жаманат хабар ғой, жаңсақ болмасын!.. Анықтап алып, сосын айтыңдар! Дина. Етікшіге тігілген үйде кереге басында ілулі тұратын бір де бір заты қалмапты. Жинап, алып кеткені көрініп тұр... Есжан. Тәңірім-ай! Не жазығым бар еді?.. Ел алдында осынша масқаралап!.. Қойлыбай. Қаңғыған етікшіні кісі санатына қосып... Тойдан қалдырмай, талтаңдатып... Ән салдырып... Әй, жүрегім сезіп еді... Түбі жақсылыққа соқтырмасын... Сәнтөре. Біз шақырдық па? Шақырса жұрт шақырды... Енді халыққа тойыңа ананы шақыр, мынаны шақырма деп отыру қалып па, Есекеңе... Есекеңнің не жазығы бар?.. Балам, байқа!.. Жаны күйген Тәңірін қарғайды деп... Біріңді бірің сөгіп... “жау жағадан алғанда, ит етектен алады” болмасын... Не істеу керек екенін ақылға салыңдар... Есжан. Ел бетіне қалай қараймыз?.. Анықтаңдар... Сұрастырыңдар... әлі де болса. Нағыз расқа айналса, Мамыртайды бас етіп, Итбай аулына тез хабар жіберу керек. Айтсын барып, ұяттымыз. Қалың малын екі еселеп қайтаруға да дайынбыз десін. Қойлыбай. Немене, олар қалың малын екі еселесін деп саған салық салып та үлгерді ме? Есжан. Оларға айтқызып үлгертпеу керек. Кінәміздің үлкен екенін өзіміз мойындалық. Малға қызықса жаулыққа баспас. Жаулыққа басса жалғызыңды мерт етер.
Қойлыбай. Ай, әке-ай! Жалықпадыңыз-ау, сол қызды “Жалғызым” деуден. Соның ақыры осыған соқтырды. Сәнтөре. (Солқылдап жылап отырады). Құдайым-ау, өмір бойы еткен бар еңбектің босына болғаны ма? Отағасы-ау, Бөбекжанның күні не болмақ, ендігі жерде?.. Мына жұртқа ермек табылды ғой, енді. Жатса да, тұрса да айтары бәленшенің қашып кеткен айттырулы қызы... Сор маңдай қызым-ай! Нағыз сорлы екеуміз болармыз, ендігі жерде... Бұ заманның адамдарына ермек керек... Дина. (Енесін жұбатқысы келіп, айласын таппайды). Ене, ақылды адамдар да қателесе береді екен-ау... Сәнтөре. (Залға қарап) Ей, адамдар!.. Сендер білсеңдер ғой, өздеріңнің соншалық қатыгез екендеріңді!.. Біреудің қайғысына қараған кезде су қараңғы соқырсыңдар! Біреудің арызын тыңдағанда тас құлақ кереңсіңдер! Ал енді біреудің қатесін көргенде... Ой, енді рахатқа батасыңдар ғой... Енді барлығың жабылып, жалғыз қыздың соңына түсесіңдер-ау!..
Қуғыншылар, абынып-күбініп, дайындалып жатады. Сәнтөре. Түтіп жейсіңдер-ау, бейбақты... (жылайды). Шымылдық. Бірінші бөлімнің соңы.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
1-көрініс. Бегей ауылы. Қайып пен Ақбөбек паналаған Бегей ауылы... Бегейдің өзі бастап ауыл қалашылары Бесқалаға (Қарақалпақстан қалаларының базарына) аттанғалы жатады. Бегей үйіндегі соған арналған жиын. Көңілді кеш. Ауыл адамдары: - Енді жас келін ән айтсын! - Жас келін әнші ме еді? - Нағыз күміс көмей әнші. - Қайыптың әнін айтсын. - Өзіне арнаған әнін айтсын!.. Бегей. Алла тағалаға мың рахмет, мына шебер балдыз аулымызға келін түсіріп, жай келін емес әнші келін түсіріп, аулымыздың сәнін кіргізіп тастады. Күнде жиын, күнде той!.. Ақбөбек келіннің әні құлақтың құрышын қандырды, әбден.
Қайыптың құрдасы. Бұ келіншек бізді қашаңғы Қайып әнімен алдандырады? Есжан байдың қызы, бізге әннен басқа не әкелді екен? Барыңды шығарытын уақытың болды емес пе? Жасырып, оңаша өздерің қызықтағанша. Бөбек. Құрдас, басқаға болмағанмен саған жетерлік сыйлығым бар. Заманы туса оны сен қызықтамай кім қызықтар дейсің!.. Осы ауылға мен бір қап дау әкелдім, аузын шеш те, пайдаңа асыра бер. Бегей бәйбішесі. “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі” – депті, қайным. Ақбөбек келін саған өнерден де, сөзден де есесін жібере қоймас.
Бегей. Әй, шырақтарым-ай, байқап сөйлемейсіңдер ме? Жан ашыр дос жақын адамның жарасын қасымас болар. Қайта сол жара жазылғанша, құрдас адам бір-біріне қамқоршы болмас па? Қайып. Құрдастың әзілі дағы. Қайып құрдасы. Бірі қызын алдырып, бірі келінін қолды қалып, бұлар неғып тып-тыныш жатыр екен? Кешір құрдас, менікі тіпті әзіл де емес, уайым... Қайып. Олар тыныш қалатын ауылдар емес қой. Біздің қай бағытқа кеткенімізді таппаған болар. Қайып құрдасы. Олар сіздерді Маңғыстаудан іздеп жүр-ау, шамасы. Қайып. Біз де сол есеппен Бегей жездені паналадық емес пе.
Бегей. Құдайға шүкір, дау ұзарса шешімін табар деген... Ақыры олар да шығар біздің ауылға. Біз де қабырғалы ел емеспіз бе, бір амалын табармыз. Маңайдағы бас көтерген ел адамдарын сақтандырып та жатырмын. Қайып құрдасы. Ақбөбек! Сен біздерді әңгімеге айналдырып, әнді ұмытты деп ойлап қалма, сал әніңе. Ертеңгі күні Бесқала сапарында, ауылды сағынғанда, есімізге ала жүрелік. Бөбек. Құрдас! Мен бұл әндерді, Қайып әндерін ешкім сұрамаса да айта беруге өмір бойы жалықпаспын! Қайта осындайда менен қашан Қайыптың әнін айт деп сұрар екен деп тілеп отырамын. Рахмет сұрағыңа! Бөбек ән бастайды. Ауыл қыздары қосылып айтып, әнді үйреніп отырады.
Ән салсам аңқытады тіл мен таңдай, Зер салсам өрнектерім күн мен айдай. Сөзіңе жалғыз ауыз зәру қылар, Ақбөбек, айтшы менің, мінім қандай? Оһо-о-оу, мінім қандай-а-ау... Мақпалдай құлпырады екі бетің, Мақтадай үлбірейді-ау аппақ етің. Деміңнен жұпар есер, раушандай, Сен болдың, о дариға, есіл-дертім. Оһо-о-оу, есіл-дертім-а-ау... Көпшілік Бөбекке алғыстарын жаудырып жатады. Дауыстар: - Тағы бір ән салшы! - Ең алғашқы шығарған Қайып әнін айтшы...
Қайып құрдасы. Өнер Қайыпта деп жүрсек, нағыз өнер Ақбөбекте ғой! Шіркін! Бұ жалғанда Ақбөбек жалғыз болмағай дағы. Тағы біреуінің хабары шықса, мен де басты тігер едім бәйгіге... Кетер едім іздеп... Бегей. Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу деген... Әр адам өз зайыбын жақсы көрсе Ақбөбегі қасында отырар. Міне біздің Ақбөбек! Қараңдаршы кімнен кем!..
Көпшілік күледі. Бегей бәйбішесіне мақтау сөздер айтады. - Біздің жеңгейге кім жетсін? - Жеңеше, сенде ағайдың өзіңе арнаған бір әнін айтып берші. - Бегей бәйбішесі. Жұрттың бәріне бірдей менің інімдей болу қайда? Қайып құрдасы. Құдайдың әділетсіздігіне таң қаламын. Қайыпқа бәрін бере салғанда, маған біреуін де қимаған. Бегей бәйбішесі. Шетте, елімнен алыста жалғызбын деп жүргенде Қайып інім мені жеткізді ғой. Қолыма келін түсіріп, анау-мынау емес әнші келін түсіріп... Ізеті қандай, өнері қандай... Қайып әнінің тағы бірін айтып берші, Ақбөбекжан...
Бөбек. Жарайды, апа. Ән салады. Көгімде бір жұлдыз тұр жарық жанған, Хал сұрар кім бар біздей ғәріп жаннан. Торығып зарланамын мен күркемде, Кең дала қуықтай боп тарылғаннан. Оһо-о-һоу-у-у, тарылғаннан-ай. Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық, Керторы оза шабар бауыр жазып. Ақбөбек тамағыңнан бір сүйгізсең, Болар ед мен сорлыға алты ай азық. Оһо-о-оһу-у-у, алты ай азық-ай. Қошамет сөздер. - Пай, шіркін-ай! - Айтады-ау! - Құдай қосқан ғой екеуін. - Екі жақсыны бір қоспайды дейтіні қайда?
Қайып құрдасы. Қайып, құрдас, ертең жолға шығар алдында, мына Ақбөбек тамағынан бір сүюді ұмытып кетпе. Сосын жолда бізден тамақ дәметпейсің. Қайып. Бұл өмірден мен өз сыбағамды толық алған жанмын. Қалғанының бәрін саған қидым. Бөбек. Құрдас! Менің әкелген қапшығым да сенікі екенін ұмытпа. Отырғандарду күледі. Қайып құрдасы. Мен ол дау қапшықты сатып алсам ба деп жүрсем, сен маған тегін бермексің бе? Маған да Құдайдың берері бар екен ғой!.. Отырғандар күліп, мәз болып қалады.
Көпшілік. - Бұның өзі бір даукес еді, жақсы болды, бір қап дау деген қалған өміріне азық болатын болды. - Бұл қызғаншақ, ешкімге татырмас... - Бір қап дау қаншаға жетеді екен? - Бір қап дау ма? Бір қап дау ең кемі бір ғасырға жететін болар. - Біреуге қалдырып кетпесе, өзінің ғұмыры жетпейді десеңші. Отырғандар күліп, мәз болып қалады. Шымылдық. 2-көрініс. Итбай ауылы. Итбай өз үйінің төрінде домбыра тыңқылдатып, ойланып отыр. Үйге бәйбішесі Гүлсара кіреді. Гүлсара. Кедей үйіне төрт-бес кісі келіп түсіп жатыр.
Итбай. Менің аулыма келіп, менің үйіме түспей Кедейдің үйіне түссе не оңған кісілер дейсің... Ел аралап, тамақ асырап жүретін қаңғыбастар шығар... Гүлсара. Жоқ, “көліктері күліктей, жігіттері сүліктей” дейтіндей, дұрыс адамдар секілді. Итбай. Не өлеңдетіп отырсың? Адамдары сүліктей дейтін сөз айта ма қазақ? Гүлсара. Неге айтпайды, айтады. Ықшам, ыңғайлы жігітті жүзіктің көзінен өткендей екен, сүліктей екен деп жатпай ма? Итбай. Қой шырағым, соңғысын өзің қосып отырсың... Жарқыным, Гүлсара шешен, Гүлсара би дегенге артық кетіп қалатының бар, сенің... Бұл жолы да солай болып тұр...
Гүлсара. Бай-еке, бұл сөздің кемшілігі тек қана біздің ауыздан шыққанында болып тұр. Егер де атақты біреу айтса, “пай, пай, біздің пәленшекең, түгеншекең қалай айтады” деп тамсанар едіңіз дағы. Би қасында жарлы менен жетімнің, бай қасында жақын менен қатынның аузынан шыққан сөз де бақытсыз. Итбай. Пай, пай! Біздің бәйбіше бүгін бабында екен. Саулатуын-ай! Гүлсара. Бай-еке! Қыдырып ішкен тамақтың кенеуі жоқ, қыдырып айтқан өсектің елеуі жоқ дегендей, сұрап алған мақтаудың да бағасы төмен... (Гүлсара сөзін аятап үлгермейді) Үйге Кедей бастаған Мамыртайлар кіреді. Сәлемдеседі.
Итбай. Мамыртай құда! “Бауыздау құдаңның” үйіне түспей, басқа үйге түсіп, бізді менсінбегеніңді сездіргенің бе? Мамыртай. Құдай сақтасын. Итбай. Өзің тура келіп сөйлеспей, Кедейді тілмаштыққа ерітетіндей не боп қалды? Әлде, бет ұяларлық айыпты болып келдің бе?.. Мамыртай. Танып отырсыз бәрін де. Итбай. Бұ не суыт жүріс? Мал-жандарың аман ба? Не хабар? Мамыртай. Аманбыз. Суыт жүріп келгеніміз де рас... Сіз танып отырсыз... Біз онша келісті хабар әкеліп отырған жоқпыз. “Тілде сүйек жоқ” деген екен, қазағымыз... Мынау арсыз тілдің ауыз бармас нәрсені де айта алатынын ескерген болар... Итбай Мамыртайға сақтана қарап қалады.
Итбай. Әй, Мамыртай! Менің әкем баяғыда өліп қалған. Не естірткелі отырсың. Айтшы айтарыңды!.. Естірт жаманатыңды!.. Мамыртай. Тіл былқылдақ, айтқаныңа көне береді дейтіндер қателеседі екен. Менің тілім бүгін маған көнер түрі жоқ. Ағаштан істеген нәрседей қатып қалыпты... Итбай. Мамыртай, неменеге күмілжисің? Немене келін бірдеңеге ұшырап қалды ма? Мамыртай. Ұшырады... Гүлсара. Алда, айналайын-ай! Жазым болды ма? Мамыртай. Одан да жаман... Келініңіз біреумен қашып кетіпті. Гүлсара. Көтек! О несі?..
Итбай. А... Не дейді! (орнынан ұшып тұрады, кереге басынан қолына қамшысын алады). Айт кәне! Адайдың сүйегіне таңба баспақ болған қай ел? Өзінің бетіне қоса көрдегі жеті атасының сүйегін таңбалап берейін! Қаптатайын мен қалың адайды! Мамыртай. Кім екені әлі белгісіз, бірақ ұры сол өз адайымыздан-ау дейміз... Итбай. Не дейді, мына сорлылар? Ендігі жетпегені осы еді, мына азған адамға!.. Адамды аздырған заманға!.. Іні ағаға, бала әкеге, қыз анаға қарсы келеді деген не масқара!.. Итбай ызадан жарылардай боп отырып қалады.
Итбай. Кімге алдырдыңдар? Кім сіздерді қорлап отырған? Айт кәне, менің жесіріме қол салуға батылы барған қай ауыл? Мамыртай. Құда! Біздің... Итбай. Жап аузыңды. Тоқтат енді құда деген сөзіңді... Қай бетіңмен маған құда деп отырсың?.. Мамыртай. Ақсақал... Алып қашқан белгілі ауыл емес, жалғыз басты жігіт секілді. Қыз жасауын жасақтауға алдырған етікші ме деген қаупіміз бар. Итбай. Ой, шіркін-ай! Мына қорларды-ай!.. Есіктегі жалшысына қыз алдырып!.. Елі жоқтың қай биімен дауласарсың?.. Ері жоқтың қай
батырымен жауласарсың?.. Кімнен кегіңді аларсың?.. Құдай шұнақ-ай! Жаманаттасқасын тістескен жерде тіс кететін, ұстасқан жерде қар үзілетін, жау да тап болмай?.. Салт басты, сабау қамшы біреу дейді?.. (Ызадан қалшылдап): Қорлық-ай... мына қорлықты-ай!.. Шауып алар байы жоқ, айдап алар малы жоқ... Шулатып айдар елі жоқ... Рулы ел маңыңнан сескеніп өтетін, біздің айбынымызға не болған?.. Енді, сонда жетімдер ауыз салатын шамаға жеткеніміз бе?.. Кедей. Соқа бас, сабау қамшы қаңғыған жалғызға қыз алдырып отырсыздар, ә...? Қуғыншы кетті ме, із кесуге? Мамыртай. Баланың жоқ екенін сәске түсте байқап, бірден қуғыншылар кетті. Маңғыстаудың ойына құлайтын екі бағытқа да қуғыншы жібердік. Кедей. Маңғыстауға қашпай басқа жаққа кетсе не істейсіңдер? Итбай. Осылар не істеуші еді!.. Кедей, тыңда мені! Ұстасатын рулы елі болмаса, жауласуға тұрарлық анық жауың болмаса мен тындыратын іс емес екен мынауың... Анау Есберген ініңмен ақалдас та қалған шаруаға сен ие бол... Енді мені араластырма, бұл іске... Мамыртай. “Айыпкерде айбат жоқ” – дегендей, үйіңе тіке де келе алмай... Алдымызға мына Кедей батырды салып... Сол айбатсыз айыпкер біз болып қалдық. Біз ұятты болдық. Не десеңдерде иілген бас мінеки. Кесем десең кесесің, жазалаймын десең жазаға көнеміз. Есжан құдаларың... Итбай. Жап деп едім ғой аузыңды! Айтпадым ба, мен саған? “Иттің бажасы” көп деген, ана бұзылған қыздарың тірі болса талайлармен құда қылар сіздерді, әлі... Тек қана менімен емес... Мамыртай. (Ашу шақыра, сыздана сөйлеп, даусы пыси бастайды). “Бұға берсе сұға береді” – деген екен, бұрынғылар! Ит-еке! Біздің намысымыз сіздікінен аз тапталып отырған жоқ. Шамадан шығып кетпеңіз!.. Итбай. Есігіңдегі жалшысын тыя алмай отырып, маған қайрат көрсетпекші, мына сорлы!.. Мамыртай. Ит-еке, жетер бізді осы балағаттағаныңыз!.. Енді бізде де әңгіме басқа!.. Біз қызымыздың басын босат деп сұрағалы келдік!.. Тап осы жерде, кәзір босат!.. Айыбымызға сұрағаныңды аласың. Алған қалыңмалындай тағы бір қалыңмал алыңыз... Тапталып жатқан намыс та біздікі, қашып кеткен қыз да біздікі... Би алдына да барамыз, хан алдынан да қаймықпаймыз!.. Сол қыздың тапталғаннан қалған арын да қорғаймыз!.. Қыз да біздікі!.. Сүйек те біздікі... Итбай. Сіздермен енді сөз жоқ. Біз Сіздермен сөзді доғардық. Әкеле алсаңдар қыз бен ұрыны алдыма әкелесіңдер, тек қана сол кезде сөйлесеміз. Басын босату туралы әңгіме де жоқ... Мамыртай. Ит-еке! Қомы бауырына кеткен буыршындай туламаңыз. Адамға қай уақытта да жөн мен шама керек... Ит-еке... Кедей. Ей, сенің қайта-қайта ит-екең не, осы? Мамыртай. Оның атын Итбай қойған мен деп пе едің? Ұрынудың да жөні болу керек емес пе, Кедей батыр? Құда деп айтқызбаса, өзі ауызға
ұрса... Атын айтқызбай енді сен ауызға қақсаң?.. Қалай сөйлесеміз енді біз?.. Ей, айтыңдаршы!.. Бұл не тулау?.. Ел-жұрттарыңнан бұрын қыз қашып көрмегендей.. Сіздердің қыздарың емес пе еді, осыдан үш жыл бұрын, түрікпенмен қашып кетіп, екі елді бір жыл бойы соғыстырған?.. Итбай. Әй, Кедей! Неғып отырсың? Бұлармен сөз жоқ дедім ғой! Тыңдама сөзін... Тұр, бәрін өргіз. Бәрін аяғынан тік тұрғыз!.. Жердің астына кіріп кетпесе, екеуін де тірілей осында жеткізіңдер. Қыз бұлардікі болса, келін біздікі... Бұлардың сүйегіне таласы болса, біздің етіне таласымыз бар. Әзірге тірі тұрғанда еті біздікі... Жүр, кеттік...
Итбай мен Кедейлер Мамыртайды қалдырып шығып кетеді. Мамыртай. Ай, Бөбекжан-ай! Мыналар бізді осылай қорлай алар ма еді? Мені өз үйінде жалғыз қалдырып, тарап кеткенін қарашы... Құда деп те, қонақ деп те сыйламады-ау!.. Ай, Бөбекжан-ай! Арттағы жұртыңның ел арасындағы бағасы осындай болып қалды... Өзіңнің күнің не болар екен?.. Байғұс балапан-ай!.. Бөбекжан-ай... Бөбекжан-ай... Кемсеңдеп, қорланады. Шымылдық жабылады. 3-көрініс. Кедей мен Есберген. Кедей және сарбаздар жолға жинақталып жатады.
Кедей. Сарбаздар! Ер қаруы бес қару, сақадай сай болатын болсын! Олар Маңғыстауға қашсын деп тілелік. Осы жерден Маңғыстаудың ойына құлайтын ұрымтал екі-ақ жол бар. Онымен кетсе ешқайда барып тығыла алмайды. Бұлардың үстіне Есберген келеді. Кедей. Есберген!.. Шырағым-ай... (күмілжиді) Есберген. Естіп келемін!.. Ештеңе айтпашы, Кедей аға! Кедей. Бұл таңба сүйегімізден енді кете қоймас! Есберген. Батыр аға! Бәріне де шыдауға болар еді,” тек қана мені кіммен айырбастағанын білесің бе? Кедей. Білемін!
Есберген. Есік алдындағы етікшімен! Тегі де жоқ, елі де жоқ қаңғыған қара тобырдың бірі... Қолындағы балғаман былай етіп шеге қағып, аузындағы тарамыс кірін шырт-шырт былай түкіріп отырған етікшіге... Кедей. Өтеуі жоқ қорлық болды. Есберген. Құдайым-ау! Нар көтермес мынау жүкті мен қалай көтермекпін?.. Ит арланар мынау қорлыққа мені қалай шыдайды деп ойладың?.. Не жазығым бар еді басыма қасіретті үйе салатын?.. Ел бетіне қалай қараймын... Кедей аға?.. Кедей. Ал, інім! Ойламаған жерден басымызға сын сағаты туды. Бұл уақиғадан абырой жоғалтпай шығу қажет. Енді соған еңбек етелік.
Есберген. Сенің айтып тұрғаның қай абырой, аға? Сол абырой дейтін нәрсеңнің әлі де біздің басымызда қалғаны бар деп ойлайсыз ба? Кедей. Шырағым қыз қашқан деген елге мін емес. Қашқан қызды басына жіберсе мін сол болар. Мәселе қашқан қызда да емес. Мәселе қызды аздырған ерде. Сол еркекті аяқ астына салып, былайша таптамай, еркекпін деген кеудесін ездік кейіпке түсірмей ел сөзін тоқтата алмаспыз... Есберген. Елдің несі кетіп жатыр? Менің ішімнің от боп жанып жатқанын неге ойламайсыз?.. Өртеніп барады ғой!.. Кедей. Сен ер жігіт емессің бе? Тек ыңғай білдірші! Тап қазір барып Есжан аулының бір қызын өңгеріп келейін. Қалыңмалы төлеулі. Ана Есжан қызынан он есе сұлуын таңдап әкелейін! Есберген. Жоқ ағасы... Онымен жара жазылмас... Кедей. Баласыңдар ғой! Жара дейді... Жазылмайды дейді... Жоқ, жазылады... Күзге дейін бірін емес екі қатынды қатар алшы... Қалай жазылмас екен!.. От орнында күл қалар. Күл орнына гүл шығар!.. Есберген. Ағажан-ай! Жүрегім күйіп барады... Өртеніп барамын... Ішімде біреу бардай... Сол іші-бауырымды ащы запыранға салып, улап жатқандай... Қайтейін, ардақтап жүрген асау басымды құл-құтанға қор ететін болды-ау!.. Кедей. Ойбай-ай, мына азған заманның бозбан адамдарын-ай! Зығырданымды қайнатып... Жүрегі несі... Жарасы несі... Ау, сен жігіт емессің бе?.. Айтып тұрған басың не?.. Жігіт осындайда өз басын ойламас болар. Берісі ауыл намысын, әрісі ру намысын ту етер болар.
Есберген. Кедей, аға! Мен енді не істеймін? Кедей. Бұл мәселенің екі түрлі шешуі бар. Біріншісі, қашқан қызды тауып әкеліп, қатын ету. Бірақ қашқан қызды қайтарып алып келіп қатын қылғаннан абырой-атақ көбеймейді. Менің ойымша екіншісі дұрысырақ. Екіншісі Есжан аулының басы бос бір қызын ат көтіне өңгеріп келу!.. Осы дұрысырақ! Кек қайтады. Жұрт та разы болады. Есберген. Аға сен мені тағы сөгесің ғой, сөге бер, мен Бөбекті жақсы көремін. Мен оның сұлулығын сағынамын, атағына мастатын едім... Әнін тыңдап құмарымнан шығармын-ау деп армандаушы едім! Кедей. Мәс-саған!.. Намыссыздықтың да шегі бар емес пе? Сен білсең етті, мына әжелерің мен шешелеріңнің жартысынан көбі қалмақтар мен жоңғарлардың қыздары екенін! Соларға сенің ата-бабаң ғашық болып үйленіп, айттырып алып па екен? Есберген. Ол басқа заман ғой. Кедей. Заманның бәрі бір заман. Тек адамдары басқа. Сенің өзіңнің арғы шешең қалмақтың қызы емес пе еді... Есберген. Ол рас.
Кедей. Не ғажабы барын, солардың шетінен жатыры асыл! Адайдың барлық атақтылары сол қалмақтар жиені. Аталарың ғашықтық, сүйіспеншілік демей-ақ, жаудан алып келіп қатын қылып ала салатын. Есберген. Бәріміз әйелді қалмақ пен жоңғардан алсақ қазақ қызын кім алмақ? Кедей. Мына шіркін не деп тұр!.. Елін ойлайтын ер бір қатынмен шектелуші ме еді? Әдетте, үлкендер баласына бәйбіше етіп қазақтан айттыратын. Өзіне тең құда таңдайтын. Сөйтіп ұлын өз теңіне, болашақ бәйбішесіне, қазақ қызына үйлендіретін. Ал тоқалдыққа жігіт өзіне ұнаған кез-келгенін, қалағанын, тіпті жаугершілікте қолға түсіп бұйырғанын ала беретін. Отыр ғой біздің үйде екі тоқал... бірі түрікпен, бірі өзбек шешелерің... Олар ешкімнен өздерін кем санамайды...
Есберген. Үйде береке жоқтығы да содан басталады емес пе?..
Кедей. Үй берекесін ойламас бұрын ел берекесін ойлау қажет, шырағым. Ұлының саны онға, баласының саны он беске толғанша ер жігіттің ел алдындағы міндеті орындалмақ емес. Бір әйел сонша бала туа бере ме? Қатын алу, есіңде болсын, сүю мен күю үшін емес, ол мына жанжағың жауға толы еліңді қорғаудың бірден-бір жолы. Сол жолда әр еркектің қолынан келер жалғыз ерлігі қатын алу. Сосын бала таптыру!.. Міне солай, інішек!.. Барлық еркек қолына қару алып жау қайтара алмайды. Ал әлгі шаруа, қатынмен істелетін шаруа, тіпті түнде дәретіне шығуға қорқып қатынын ерітіп шығатындардың да қатырып істейтін шаруасы... Есберген. Жаным жылап, тәнім күйіп сізге шағынып тұрсам... Кедей. Ер жігіт ешқашан өз басының қайғысына жыламас болар. Жалғызы жауда қаза болған, мақтанар болар... Балам жауда өлді деп ер жігіт елге міндет етпейді. Ел азаматтары сондай болғанда ғана ел ел болады. Ал, болды, жарар, інім. Бір сөзді қайталай бермелік. Мен айттым жаңа, бұл істі екі түрлі жолмен аяқтауға болар, қайсысын қалайсың? Есберген. Бөбекті тауып әкелелік. Кедей. Әлгі сөздің бәрінің желге ұшқаны ма? Есберген. Әуелі біреуін аяқталық, қалғанын кейін көрерміз. Кедей. Екі шаруаны қатар бастасақ қайтеді. Үйленбеген жігітсің. Қашқан Бөбекті үйге бәйбіше дәрежесінде кіргізген ұят болады. Есжан аулының бір қызын бәйбішең етіп кіргізелік әуелі, сосын тоқал етіп Бөбекті де әкелелік. Есберген. Жоқ, аға! Әуелі Бөбекті табамыз. Бірақ оларды жау деп іздемейміз. Мен Бөбекпен сөйлескім келеді... білгім келеді... Мені етікшіге неге айырбастады?.. (қызына бастайды) Қайып дейтінін де көргім келеді!.. Оның бағы неліктен менен артық болды?.. Түсінгім келеді!.. Кедей. Билік сенде, шаруа сенікі, інім. Онда іске кіріселік. Айтар ақылың бар ма?
Есберген. Жақында менің бір жігітім Қайыптан ән үйрендім деп жүрген.
Кедей. Түсінбеймін... Сендей жігітті қиып, өз ауылын жерге қаратып, біздерді масқара етіп... Сондағысы бір жалаңаяқпен қашып... Әйелдерде де шайнам ақыл жоқ. Ән салатын болса жын иектеген әуелілердің бірі болды ғой... Есберген. Немен қарайсаң сонымен ағарарсың деген. Бөбекті менен ажыратқан Қайып емес Қайыптың өнері мен әні болар. Мен де сол құралды, сол әнді пайдаланам. Той жібермеңдер. Шілдеханадан қалмаңдар. Қайыптың әні айтылған жерден сол әннің ізімен ілесе беріңдер. Ән ақыры иесіне жеткізеді. Кедей. Мынауың ақыл екен. Енді бұ Арқадағы бірде-бір той біздің кісілерсіз өтпейтін болады. Әншінің Қайып әнін қайдан, кімнен естігенін сұрастыра жүріп, қашқындардың жасырынған аулын да тауып аламыз. Есберген. Сол дұрыс. Кедей. Ақылдысың інім. Тек қана сол ақылға қайсарлық пен намысты жолдас ете алсаң, шіркін! Жауға мейірімсіз бола алсаң! Есберген. О қасиеттер сіздің басыңызда бар ғой, біздің ауылға жетер сондай бір кісі. Кедей. (көңілденіп қалады). Жарамайды. Қазақтың әр ер жігітінің бас қасиеті – жауына деген мейірімсіздігі, сонымен қоса оның қайсарлығы, намысы.
Есберген. (Есберген кетіп бара жатып тоқтайды). Аға! Жау деген сөзді кісі өз елінің адамдарына да пайдала бере ме?.. Қалмақ пен хиуа баскесерлеріне тағылар жау деген сөзді жалғыз жетімге қосарлау қаншалықты дұрыс болар екен?.. Ал жалғыз жетім біздің елдің жауы еді деп даурыққаннан ел не абырой табады дейсің?.. Кетеді. Кедей. (Кедей аңырып қалады). Мен мына заманның жастарына түсінуден қалдым... Бұлар кімдер? Ерлері қайсы, ездері қайсы? Шалалары кім, даналары кім?..
Не десеңдер о деңдер, менің жауым Қайып! Ол итті табаныма салып таптамай, қара қанын ағызбай... Жонына найза қадамай... Менің қуанышыма қызыққан көзін ағызбай... Көзіне көк шыбынды үймелетпей... ендігі жерде менің демімде дұрыс тыныс, ұйқымда дұрыс тыныш болмас... Шымылдық. 4-көрініс. Қалашылардың оралуы. Қалашылары Бесқаладан келген Бегей ауылы мәре-сәре боп жатады. Әр қалашының алдынан жақындары шығып, қуануда. Қайыпты ешкім қарсы алмайды. Алақтап жан-жағына қарағанмен Ақбөбек көзіне түспейді. Ауыл адамдары : - Аман-саусыңдар ма? - Олжалы оралдыңдар ма? - Бесқаланың қай қалаларында болдыңдар? Бегей. Бәрі жақсы, сапарымыз сәтті болды.
Ауыл адамдары: - Көш-көліктерің аман ба? - Дәл екі ай жүріп келдіңдер. Бегей. Өздерің де амансыңдар ма? Қарт кісі. Ауыл азамтсыз қалып, қорлық көріп отырмыз. Қайып. Ау, ағайындар! Менің үйімнің түндігі неге жабық? Бегей. Солай ма?.. Қорлығы несі?.. Ақбөбек келін қайда? Қарт кісі. Қапияда аяулымызды алдыртып отырмыз. Шырағым, Қайыпжан! Алыс жолдан келдің ғой, үйге кірелік. “Құлақтан кірген суық сөз, жүрекке жетіп мұз болар” – деген екен, үлкендер. Дем алыңдар. Жайғасып отырып айталық. Қайып. Ақсақал мен шаршап келіп едім, дем алдыр деп тұрғаным жоқ. Менің үйімнің түндігі неге жабық деп сұрап тұрмын ғой.
Бегей. Ау, айтсаңдаршы не болғанын? Қарт кісі. Айналайын-ай! Аузым барып қалай естіртсем екен! Ақбөбекті Кедей батыр бастаған тентектер келіп тартып алып кетті, бізден. Қапы қалдық. Қайып. О дүние!, жалғандығың рас екен ғой!.. Ұрлаған екенсің ғой басымдағы бақытты, ұшырған екенсің ғой!.. Құдайым-ай, нем бар еді со Бесқалада? Не жоғалтып ем? Ең болмағанда Ақбөбегімді арашалап, жан бере алмағанымды-ай!.. Бұ тірліктің мәні не, енді?
Бегей. Неғып хабарсыз жатып алды деп едім-ау... Айласын асырғанынай!.. Ұмыттырып барып, қапы қалдырғанын-ай! Әттеген-ай... Қарт кісі. Кедей батыр қашқындарды паналаттың деп, бізге де салмақ салып кетті. Енді бұларға қамқоршы болсаңдар аулың шабылады дейді, бас жауым Қайып емес сенсің, деп кетті, Бегей шырағым. Қайып. Әттең, шіркін! Ауған асып, Иран өтіп кетпей... Ел... ел деп... Ел дегенде көрсеткені осы ма, бұл елдің? Бегей. Қайыпжан!, ел емес саған зорлық жасап жатырған. Елден түңілме. Қайып. Ел болмаса жалғыз Кедей осылайша талтаңдап жүрер ме еді? Ел емес пе билігін соған беріп қойып отырған?
Бегей. Елден түңілме, шырағым. Ел оны бүгін қолпаштаса, ертең сені қорғайды. Қайып. Қорғағаны осы ма? Бегей. “Жол сұрамай жолға түспе” – деген екен, үлкендер. Әуелде де бір қате жіберіп едің. Тағы жаңылыс баспа. Қайып. ”Жолдан адасу айып емес, жолға жүрмеу айып”. Бегей. “Бар уақытта болған іске ақылмен кіріс”... “Ашу дұшпан, ақыл дос”, - депті, үлкендер. Қайып. Ақыл деген бір рет дос болса, екі рет дұшпан болатын болып жүр ғой, біздей жалғыздарға. Қарт кісі. Енді не істемек ойың бар? Қайып. Ең алдымен сіздерге зиянымды тигізбеуге тырысамын. Ендігі жерде менің тұрақты орным болмас.
Бегей. Жалғыз өзің не тындырасың? Босына мерт боласың ғой. Қайып. Бар арманым Ақбөбек жолында мерт болу. Басқа тірлікті қаламадым мен. Бегей. Сабыр ет, ақылға кел шырағым. Қайып. Ақбөбек мен үшін бәрін құрбан етіп еді, мен ең болмаса арашаға да түсе алмадым. Ой, шіркін-ай! Арашаға да жарамадым-ау!.. Ақбөбегім-ай! Мен үшін бәрін таразыға тартып едің-ау! Мендей жарлының жалғыз жанынан басқа не бар! Ендігі жерде шалдым құрбандыққа сол барымды... Қайып өз үйіне беттейді. Бегей. Қайыптың үйінің түндігін ашсаңдаршы. Бір келін асығып барып түндігін ашады 5-көрініс. Қайып қасіреті. Қайып үйінде теңселіп әрлі-берлі жүреді.
Қайып. Ай, пендешілік-ай! Базар шығып Ақбөбекті үлде мен бүлдеге орағым келді-ау!.. Бай қызы ғой, дүниеден тапшылық көрмесін деппін. Ол болса “осы сапарға бармашы” деп қанша сұрады, қанша жалынды... Кімге керек енді мана алтынзер маталар... алтын түймелер... Иесіз қалған... Адыра қалған... Ақбөбегім-ай, жүзіңді бір көрмекке зар болып келгенде... Әкелген заттарын қоржынынан шығарып, лақтырады. Кереге басында ілулі тұрған Ақбөбектің қызыл шарқат орамалын қолына алады. Зар қылдың-ау, жүзіңді бір көруге... Домбырасын күйге келтіреді. Атақты “Ақбөбек” әні туады.
Қайып. Барады көшіп аулым Ақкөлмекке, Жарасар алтын түйме ақ көйлекке. Жаңғақтан алып келген Ақбөбегім, Зар болдым ақ жүзіңді бір көрмекке. Ән салдық Айрақтыдан құлап тұрып, Ойнаушы ек қызыл шарқат лақтырып. Барма деп бұл сапарға жалынып ең, Сүйеніп үзеңгіге жылап тұрып. Ақтаудың түлкі қашар қуысынан, Артық ең сен ерекше тусыңнан. Адайдан таңдап сүйген Ақбөбегім, Кеттің бе шығып менің уысымнан. Үй маңына ел жиналып қалады. Қайып жинақтала бастайды. Бегей. Шырағым, қайда жиналдың?
Қайып. Бегей аға! Рахмет саған. Кезінде мендей жаңғызға пана болдың. Қорықпадың. Бірақ олар айласын асырды. Ақыры алып тынды. Енді мен не істесем де жүрегімнің сілтеуімен, Ақбөбектің қалауымен істейтін боламын. Ешкіммен ақылдаспаймын да, көмек те сұрамаймын. Ендігі жерде жалғыз жортамын. Хош, сау болып тұрыңдар.
Бегей. Қайыпжан, сенің бізге бөтендігің жоқ еді. Жалғыз кетем дегенің батып тұр. Бірақ керек кезінде арқа сүйер ел керек болса біз дайынбыз. Шама-шарқымыз келгенше көмегімізді көрсетерміз. Сендер келгелі аулымыз көріктеніп қалып еді. Сағынатын болдық. Қайып. Рахмет, жездеке. Мен енді тірлік қамын ойлай алмаспын. Ақбөбек жолында жан берсем, маған ендігі жердегі ең үлкен мұрат сол болар. Бегей. Билер сотына жүгінсек қайтеді? Қайып. Билер соты дегенің мен үшін Итбай соты емес пе? Олар некелі қалыңдықты, ұзаатайын деп тойын дайындап жатырған қызды алып қашқан адаамды қорғаушы ма еді? Бегей. Білмедім, Қайыпжан... Ақыл таппай тұрмын.
Қайып. Ақбөбекті тағы бір қолыма түсірсем, бұ адайлардың көзі көрмеген, құлағы естімеген бір елге асып кетермін. Бегей. Туған жерден жырақтап... Қайып. Қайтып оралармыз, кейін. Бегей. Қайда жүрсең де аман бол, Қайыпжан! Аллаңа сыйынып, еліңе сүйеніп іс қыл. Сонда ғана қате қадам баспассың... Ешқашан елден түңілме, шырағым. Елі жоқ адам бақытты болмақ емес. Қайып. Ел деген мына сіздер емессіз бе... Сіздер тұрғанда мен де елсіз емеспін. Ашу үстінде артық айтылған сөз болса кешіріңіздер... Қош, сау болып тұрыңдар... Қайып кетеді.
Бегей. Аман бол, шырағым... Ай тағдыр-ай... Ай, тағдыр-ай... Қайыптай асылдарды қасірет қазанына малып қайнатқан... Шымылдық. 6-көрініс. Қойшы бала. Дала. Жайылып жатқан мал. Қойшы бала домбыра тартып отырады. Келе жатқан Қайыпты көріп алдынан шығып сәлем береді.
Қойшы бала. Ассалаумағалайко-ом! Қайып. Інім, күйшісің ғой өзің! Қойшы бала. Күйшілік қайда. Қой баққан кісіде уақыт көп. Ермек етеміз, осылай. Бірақ мен көбіне ән айтамын. Қайып. Әншімін де. Қандай ән білесің? Қойшы бала. Мен “Ақбөбек” деген бес ән білемін. Қайып. Менің әнімді кімнен үйрендің? Қойшы бала. Сонда, Сіз Қайып ақынсыз ба? Қайып. Ақынмын ба, етікшімін бе, ол жағы белгісіз, бірақ Қайып екенім рас. Қойшы бала. Мен сіздің барлық әніңізді жатқа білемін. Қайып. Оны саған кім үйретіп жүр. Қойшы бала. Осы күні жиын-той болса жастар сіздің әнді ғана айтады. Үлкендерден жасырып айтады. Қайып. Ал біреуін айтып көрші, тыңдалық. Қойшы бала. Көшкенде жылқы айдадым қараменен, Бір құрық алдым кесіп араменен. Айрылып таңдап сүйген Ақбөбектен, Жүрегім қан қақсайды жараменен.
Сұңқардай қомдап қанат іліп едім, Сүйенер ешкім жоғын біліп едім. Болған соң айтысқан серт, алысқан қол, Кете алмай маңайыңнан жүріп едім.
Қайып. Жақсы жаттапсың ғой. Қойшы бала. Бұндай сөздерді мен бір-екі естігенде-ақ жаттап аламын. Қайып. Менің сенен бір сұрағым бар. Орындайсың ба? Қойшы бала. Қайып аға, сіздің сұрағыңызды неге орындамасқа, орындаймын. Қайып. Ендеше мен саған бір ән үйретейін, оңашасын тауып Ақбөбек жеңгеңе айтып бер. Менің сәлемімді жеткіз. Қойшы бала. Ақбөбек маған жеңге емес, апа. Қайып. Онда одан да жақсы болды. Мен онда саған жезде боламын. Қойшы бала. Білемін. Қайып. Ал тыңда. Қайып өлең айтып береді. Ақбөбек сәйкілікпен бұраңдадың, Сұм жалған өтер деп ем, тіл алғаның. Басыңды тауға, тасқа ұрсаң-дағы, Дегені болады екен бір Алланың.
Алашқа атым шықты әйгіменен, Сұр атқа жал бітпейді бәйгіменен. Айрылып Ақбөбектен қалғаннан соң, Жүрекке ас батпайды қайғыменен. Мен кәзір жықпылдағы Арлан бөрі, Жүзіңді көре алмадым жылдан бері. Шақырам кездесуге келе алмасаң, Болғаны уағдаңның жалған жері. Қойшы бала өлеңді сол бойда қайталап, кейбір жерлерін қайта сұрап жаттап алады.
Қойшы бала. Басқа не айтайын? Қайып. Менің Ақбөбекпен кездесуім керек. Сенен қай күні қайда кездесетінін айтып хабар берсін. Қойшы бала. Жезде, тағы ән шығарсаңыз, әуелі маған үйретіңізші. Мен тойда жұртты бір таң қалдырайын. Қайып. Сосын сенің теріңді сыпырады ғой. Қайыпты қайдан көрдің деп жауапқа тартады ғой, ақылсыз бала. Қойшы бала. Олар бүкіл даланың аузын жауып қоя алмайды. Бәрі Ақбөбек деп ән салып жатыр емес пе!.. Қайып. Дегенмен сақ бол. Мен сенен хабар алып тұрамын. Мені көрдім деп ешкімге тісіңнен шықпасын. Оны өзің білесің, басыңа қауіп. Қойшы бала. Маған не болушы еді. Сен өзің сақ бол, жезде. Қайып. Рахмет. Ал сау бол. Кетеді. Қойшы бала. Қайып деген осындай кісі екен ғой... Қайып маған ән үйретті десем ешкім сенбейді-ау, енді... Тек қана айтуға да, мақтануға да болмайды...
Шымылдық. 7-көрініс. Бөбек пен қойшы бала. Киіз үй іші. Бөбекке қойшы бала сыбырлай сөйлеп хабар айтып отырады. Бөбек. Інім, халың қалай? Не хабар бар, мынау меңіреу дүниеде? Қойшы бала. Хабар көп. Қазір бүкіл дала Ақбөбек-Қайып деп ән салып жатқандай. Жақында бір жолаушымен сөйлестім. Біздің ауылдың Итбай ауылы екенін естігенде бірден сені сұрады. Сенің екі туып бір қалғаныңдай боп: - Ақбөбек қандай екен? - Сұлу ма өзі? - Жағдайы қалай? - Сорлы қорлықта жүрген болар, - деп, сұрақты жаудырды дейсің. Сусын сұрап еді, әуелі ерегесіп бермедім. Бірақ Сен туралы Қайыптың шығарған бір әнін айтып бергесін амалсыз жібіп, шөлін қандырып жібердім.
Бөбек. Ол қандай ән? Қойшы бала. Ән айтады. Үстірттің аулым қонды кемеріне, Көз тоймас Ақбөбектің бедеріне. Ғашықтан өлі айырмай тірі айырған, Алланың таң қаламын шеберіне... Бөбекке елден ерек өң берілген, Жаманның басы малмен теңгерілген. Бұл елде қанша сұлу кездессе де, Бәрі де Ақбөбектен кем көрінген. Күйіктен жанып барам, жылай алмай, Айрылдым Бөбегімнен Құдай алмай. Қайғымен зәр жұтқанмен ақырында, Ас таттым үш күннен соң, шыдай алмай. Бөбек. Жылайды. Мен қайтейін, Қайып! Талай жалынып едім, сонда да біздің бағымызды Құдай ашпады ғой. Қойшы бала. Тағы бір хабарым бар айтатын. Бөбек. Мен кеше Қайыпқа кездестім.
Бөбек. Не дедің, інім-ау! (Бөбек балының екі қарынан ұстай алады). Оны неге айтпай отырсың? Қойшы бала. Қайдан білейін, сіздің не ойлап қалатыныңызды? Сосын әуелі жолаушыдан естіген әнімді айттым ғой. Мүмкін Қайыптан айныған боларсыз. Мына жаңа күйеуіңізбен тұрып жатырсыз ғой. Бөбек. Балаға дейін қулық ойлатып қойған қу заман-ай!.. Қайтейін... Қайдан көрдің? Қайып не деді?.. Қойшы бала. Апа, саған Қайып жаңа ән шығарыпты. Бөбек. Әнді қоя тұршы!.. Ол не айтты?.. Қойшы бала. Жоқ әуелі әнді айт деген. Бөбек. Ал айта ғой. Қойшы бала. Айтамын. Бұндай жақсы әнді мен бір естігенде-ақ жаттап аламын.
Бөбек. Сыртқа шығып қарап келші. Маңайда ешкім жоқ болса, жайлап қана айтып бер, айналайын. Бала далаға шығып келеді. Ешкім жоқ деп жай дауыспен ән салады. Қойшы бала. Ақбөбек сәйкілікпен бұраңдадың, Сұм жалған өтер деп ем, тіл алғаның. Басыңды тауға, тасқа ұрсаң-дағы, Дегені болады екен бір Алланың. Алашқа атым шықты әйгіменен, Сұр атқа жал бітпейді бәйгіменен. Айрылып Ақбөбектен қалғаннан соң, Жүрекке ас батпайды қайғыменен. Мен кәзір жықпылдағы Арлан бөрі, Жүзіңді көре алмадым жылдан бері. Шақырам, кездесуге келе алмасаң, Болғаны уағдаңның жалған жері.
Бөбек. Менің торға түскен тотыдай күнімді ол көз алдына елестете алады дейсің бе? Әйтпесе маған “уәдең жалған” деп айып тағар ма еді?.. Қойшы бала. Апа, Сіз оған ренжімеңізші. Оның да келісіп жүргені шамалы секілді. Бөбек. Оны сен қайдан білесің? Қойшы бала. Жақында көрші ауылда шілдехана болып, Қайыптың әні деп бір әнші отырған бар халықты жылатқан. Ол елден, жұрттан безіп кетіп, жабайыдай жалғыз жүретін көрінеді.
Бөбек. (Бөбек жылайды). Азамат қор болды-ау!.. Ол ерекше жаратылған жан ғой. Оның тұрған жерінде жанға жайлы керемет... бір ғажайып... не екенін білмеймін... жылылық па, сәуле ме... әйтеуір ерекше құбылыс пайда болады... Жаның рахатқа батып жүре береді... Қайтейін... Қойшы бала. Қазір бүкіл ел аузында Қайып әндері. Сіздер отырғанда айтпайды. Оңашада Қайыптың Ақбөбек деген әндерін бірінен бірі оздырып салады. Бөбек. Сен сөзге айналдырып не созып отырсың. Ол саған не айтты? Қойшы бала. Кездескім келеді деді. Сөйлесемін деді. Оңашасын тауып кездесетін жерін айтсын деді. Бөбек. Барамын!.. Жетемін!.. Табамын оңашасын... Шымылдық жабылады.
8-көрініс. Қайып пен Бөбек. Қашқындар. Ауыл маңындағы тоғай іші. Қайып Бөбекті күтіп тұрады. Жан-жағына жалтақтай қараған Бөбек көрінеді. Қайып. Ақбөбек!.. Бөбек. Қайып!.. Екеуі ұмтыла құшақтасып, ұзақ тұрып қалады. Қайып. Кешір мені, арманым!.. Ақбөбегім!.. Мына өмірдің иірімтолқын ағысының арасынан жол таба алмаған сор маңдайыңды кешіре көр!
Бөбек. Бәрі менен болды! Сен мені кешір! Қол жетпеске қол созып... Бәрін бүлдірген мен...Іштен тынып, саған деген сезімнің жылуына оңаша жылынып, өз қасіретімді өзім арқалап, жайыма жүре беретін жөнім бар екен. Міне енді сені сергелдеңге салып кеткенім. Қайып. Олай демеші! Мен бақыттың не екенін, сүюдің не екенін білдім ғой, сенің арқаңда. Сол күндерім үшін қалған бар ғұмырым садаға. Менде өкініш жоқ. “Ғашықтық та бір тұзды су, ішкен сайын шөлдетер” – деген екен. Менікі қанбайтын шөл... Бөбек. Бұрынғылар: “Бас аман болса бөрік табылады” – депті ғой... Қайып аға, басың аман. Шаңырағыңның қары сынса, жамап аларсың. Көңіліңді кір шалса тазартып аларсың. Біреудің ұстап-тұтқан Бөбегі енді Сізге өзіңнің Ақбөбегіңдей боп көрінер дейсің бе?.. Тыйылалық енді... Көнелік тағдырдың басқа салғанына... Қайып. Маған тірі өлік болып өмір сүр дегенің бе? Мен ендігі жерде тек қана сенімен Қайыппын. Мен сенсіз тірі өлікпін. Бөбек. Олай болса мен де шынымды айтайын. Мен тек қана сені бір көрсем деп, осы сәт ұшін ғана өмір сүріп келдім... Әйтпесе... Баяғыда-ақ... Қайып. Айтпашы аржағын... Екеумізде ұмыталық, аз күн көрген азап пен жаман түсті. Бөбек. Ұмыталық. Қайып. Бұл жолы бұлардың құрығы жетпес жерге кетерміз. Бөбек. Не болсада шыдадым. Тек өзіңмен бірге болсам болды маған. Азабына да, тамұғына да көнермін. Қайып. Мен қос атпен келіп тұрмын. Бөбек. Мен сенен өз еркіммен айрыла алармын ба? Мені енді қасыңнан тастамашы. Қайып. Бөбегім... Ақбөбегім... (Құшақтайды). Бөбек. Рахмет Тәңіірім. Енді өліп кетсем де арманым жоқ. Қайып. Ей, Алла! (көкке қолын жайып) Мына сорлы балапандарыңа пана болар бір ығың жоқ па?.. Ықтатсайшы!.. Бір түп жусаның жоқ па? Паналатсайшы!..
Шымылдық. 9-көрініс. Тұтқындар. Құлшар. Ант. Просцениум. Кедей мен нөкер жігіт шығады.
Кедей. Адамдар да қалжырады, аттар да шаршады. Осы араға ат шалдыртып алалық. Ұстадық қой. Енді онша асықпалық. Нөкер жігіт. Жарайды. Жігіттер де жүрек жалғап алсын. Кедей. Ана қаншықтың аузына ара-арасында су тамызып қойыңдар. Өліп қалмасын. Нөкер жігіт. Өлсе өрем қапсын демейміз бе? Кедей. Өй, бассыз неме! Оның өлгеннен кек қайта ма? Ол өліп қалса ердің кегін, елдің кегін немен қайтарасың? Нөкер жігіт. Сонда кек қалай қайтады? Кедей. Ер кегі де, ел кегі де ана қатын есік алдында күң болып азыптозып жүргенде қайтпақ! Қызының қандай қорлықта жүргенін көрген елжұрты күнде сабылып, Итбай алдына жығылып, айыбын төлеп, басына бостандық сұрағанда ғана қайтпақ! Нөкер жігіт. Есберген кегі қайтсе қайтады, батыр аға! Осы сұрақ ойыма түссе болды, тұла бойым ысып жүре береді. Қашқан менің қатынымдай-ақ, қолым қамшының басын уатып жіберердей боп, ширығамын... Кедей. Ол қайтпайтын кек қой! Ол біздің сүйегімізге басылған таңба! Ол тек қана сол ауылдың ұзатылғалы отырған қызын ат көтіне өңгеріп келгенде қайтпақ! Нөкер жігіт. Неге солай жасамаймыз? Кедей. Мен оны баяғыда “қыз қашты” деген хабар жеткен күні айтқанмын. Көнді ме? Нөкер жігіт. Неге? Кедей. Ой, намыссыз неме, ел жауласады дей ме? Жұрт жәбірленеді дей ме? Біреудің жүрегі жараланады дей ме?.. Сол індет пәлені солар кімнен үйренген? Түсінбеймін... Нөкер жігіт. Есберген ағаны жұрт ақылды жігіт деп мақтан ететін еді... Кедей. Ақылды болса болар, бірақ сол қажетсіз нәрсесін ол өзіне қажет емес жаққа пайдаланады. Нөкер жігіт. Басына пайдасы жоқ болса, рулы елінің намысын күйдіріп жатса, ол ақыл бола ма? Кедей. Ақылды ағаң соған түсінбейді. Нөкер жігіт. Қызық екен... (екеуі кетеді).
Шымылдық ашылады. Демалып жатқан Кедей нөкерлері. Торсық, мес секілді ыдыстардын сусын ішіп жатады. Қолы байлаулы Қайып пен Бөбек. Сахнаға Кедей мен Есберген шығады. Есберген. Батыр аға, мына сорлыларға да сусын бергіз. Шөлден азап шегіп қалған болар. Ана сорлы қансырап өліп қалмай ма? Кедей. Жанды жеріне жара түскен жоқ, өлмейді... Есберген. Жарасын таңдырмайсыңдар ма?
Кедей. Жауыңа жаның ашып тұр ма? Ол сенің абыройыңды төгеді, еліңді масқараға қияды. Ал сенің оған жаның ашиды, а ?.. Есберген. Ол қазір етікші де емес, жау да емес жаралы жан ғой. Кедей. Әй, інім! Күнәһар болма. “Күнәні кешіру, күнәдан ауыр” – деген, ақылдылар. Қайып. Бай мырзаларының ішінде де жөні түзу, ойы орындылары болады екен-ау! О, Жаратқан! Олар оны кімнен үйреніп жүр? Кедей. Жеті мүшеңе деп жеті жара салып ем денеңе! Тілің аман қалған екен ғой! Сөйлеп қал, бүгін! Ертең айтқысы келгенмен ештеңе дей қоймас! Қайып. Ей, ессіз неме! Сен менің денеме жара салдым деп мәз болып тұрсың ба? Ал мен болсам Ақбөбегім жолында денеме таңба түсті деп қуанып жатырмын! Сен мені кісендеп құл етемін деп өзіңе-өзің риза боласың ба? Ал мен болсам Ақбөбегімнің жолында әлі де азап шексем деп дәметіп жатырмын! Сен менің өлтіре аламын деп қоқиланып тұрсың ғой! Ал мен сендейлерді аяп жатырмын... Бар ғұмыры босқа кеткен байғұстар!.. Менің Ақбөбекпен бірге болған бір күнімнің шаттығына сендейлердің жүз жылдық тірліктеріңде көрген ләззәттарың жетпейтінін қайдан сезейін деп едіңдер!.. Бөбек. Рахмет, Қайып. Енді өлсемде армансызбын! Кедей. Тіл сүйексіз, көз соқыр! Сайрап қал, етікші... Тағы не айтасың, не естіп не көргенің бар? Қайып. Бізді қолға түсіріп көңілденіп келеді екенсің ғой! Тыңда онда... Сендей соқырлардың көзін ашып, көкірегін оятып жіберейін... Кедей. Ал тыңдалық. Қайып. Қарашы аспаныңа! Ана төбеңдегі бозторғайды көрдің бе?Не деп шырылдап тұр? Көкірегіңмен тыңдашы... Менің Ақбөбекке арнаған әнім емес пе шырқап тұрғаны?.. ...Мына жел не деп сыбырлап тұр? Кедей. (Ызалана күледі) Ал жел не депті? Қайып. Жел былай дейді...
Тыңдаңыз Кедей батыр құлақ түріп, Жер ана былай депті жылап тұрып... Қор болды-ау екі ғашық есерсоққа, Ойнаушы еді қызыл шарқат лақтырып... Кедей. (Ашулана бастайды) Тоқтат қайыршы! Құдай осындайларға түк бермесе де, тікені бар тілді аямайды екен... Ештеңе етпес, ертең шолтаңдатып жүретін боласың... Бұлардың қасына нөкер жігіт келеді. Нөкер жігіт. Бір топ аттылар көрінеді. Кедей. Жігіттер сақ болсын. Нөкер жігіт. Қарулары жоқ, жай адамдар секілді. Кедей. Киімдері қуғыншыға ұқсамайды. Нөкер жігіт. Атқа отырыстарын қарашы!.. Есберген. Сал-серілер секілді, бейбіт жолаушылар ғой.
Нөкер жігіт. Ау, ана ортадағысы өткен жылы біздің ауылда бір ай күй тартқан кісі ғой! Есберген. Онда о кісі Құлшар күйші болды. Құлшар күйші мен оның нөкерлері келеді. Кедей де, Есберген де Құлшар күйшіні танып, ізетпен сәлем беріседі. Құлшар сәлем алады. Байлаулы Қайып пен Бөбекті көреді. Бөбектің қасына барып қолын шешеді.
Құлшар. Кедей батыр! Жасауылың біраз бар екен, мына сорлы қыз, қолы бос болған күнде де сіздерге зорлық жасай қоймас. Кедей. Әңгіме оның енді көрсетер зорлығында болмай тұр ғой! Әңгіме оның бұрын көрсеткен қорлығында болып тұр ғой. Құлшар. Әй, шырағым-ай! Бүкіл ел болып қорланып қалған екенсіңдер ғой?.. Болар, болар... Халық сорлының аузына осы сөзді салып шайнатып қойып, өздерің қалаған зорлықтарыңды қалағандарыңша істей беретін баяғы әдеттерің ғой!.. Әйтпесе, айттырулы бір қыздың басқа біреуге көңілі жарасса байтақ елдің қорлық көрердей несі кетеді екен?.. Кедей. Халық ызалы, жарылғалы отыр. Құлшар. “Бет қызылы басылар, ет қызуы қасылар” шырағым. Содан кейін барып ақыл көзі ашылар. Көкіректегі ыза орнын ақыл басқан кезде ел алдында қарабет болып шыныменен зорлықшылар шығатын. Кедей. Сонда Сіз осылардың істеп жүргенін қостаймысыз? Құлшар. Жоқ, қостамаймын. Бірақ, болар іс болып қалды емес пе? Бұлар бала емес пе? Ел дана емес пе?.. Енді бүкіл ел болып екі баланың қатесін даналықпен жөндеудің орнына бүкіл ел болып қателесудің не жөні бар екен?.. Соны неге ойламайсыңдар?.. Кедей. Сонда осындайларды басына жіберіп, басқаға үлгі беріп отыра береміз бе? Құлшар. Әй, шырағым-ай! Істеген ісіңнің бәрін үлгіден үйреніп істеп жүрген нең бар еді... Тағдыр дағы, бұларды кездестірген. Кедей. Ата жолы дейміз... Елдің әдет-ғұрпы дейміз... Құлшар. Ата жолы деп жақсы айттың ғой, менің бір сұрағым бар. Кедей. Сұраңыз. Құлшар. Кедей батыр! Ел арасында батыр атағың бар, әдет-ғұрып, жол жораны жақсы білесің. Қай заманда да батырдан сауға алатын, сұраған кісі. Кедей. Ондай жоралғы болған. Құлшар. Сендей батырдан өз елінің жасы жеткен мендей қарты түгілі, тіпті жауы да сауға сұраған. Сұраса алған. Кедей. Алған. Алған. Құлшар. Ендеше, сауға!, батыр Кедей! Кедей. Сұраңыз.
Құлшар. Мен сауғаға Қайыпты қаладым. Кегің қайтқан болар, тұла бойында жара түспеген жері жоқ екен. Кедей. Елді бүлдірген бұзақы емес пе бұл!.. Ендігі қалған жазасын ел алданда алғаны дұрыс болар. Құлшар. “Ерді Құдай ұрарда жауға мінер жампозын, көп жабының бірі дер; Елді Құдай ұрарда жауға салар жақсысын, көп жалпының бірі дер” – дегендей, елдің жақсысы да, жампозы да топ осы Қайып секілділер.
Кедей. О бұзақының зәбірі өтіп тұр ғой. Құлшар. “Біреу зәбір етсе, сен сабыр ет” – деген бар емес пе. Қайыпты біреу бұзақы, ата жолын бұзды деп жек көрер. Жазалағысы келер... Енді бірі жүрегінің қалауына ұмтылған ғашықтарға жол көрсетті деп, үлгі тұтар... Біреулері бұрынғылардың айтқанының бәрі қағидат емес екенін, молдалардың айтқанының бәрі бірдей шариғат емес екенін елге түсіндіріп берді деп, батыр санар. Жырға қосар. Атын аңызға айналдырар. Кедей. Мен Қайыпты бере алмаймын. Қайып ісіне бола бармағын шайнап отырған елге не бетімді айтамын. Сауғаның да реті бар шығар, жобасы бар шығар. Мен тілегіңізді бере алмаймын, ақсақал.
Құлшар. “Ер асылы ісінен білінеді, әйел асылы тісінен білінеді”... Ия, солай шырағым... Ісің шалалау ма деп қалдым... Кедей. Ісім қате ме, шала ма... Мен оны ойлап көрген жан емен. Мен ер намысы мен ел намысын біреудің табанына бастырғым келмейтін жанмын... Құлшар. Шырағым Кедей! Қайып дәстүрді бұзды деп елге жар салдыңдар. Айыптадыңдар. Ал жетпістегі қартының тілегін бермеген Кедей қылығына ертең ел не дер екен? Сенің бұл қылығың ата дәстүрін сақтаған болады ма екен? Сенің Қайыптан артық жеріңді көре алмай тұрмын. Кедей. Ол қалыптасқан ата дәстүрін бұзды, ақ некені бұзды.
Құлшар. Ол өлілер ережесін бұзған екен, Сен тірілер ережесін бұзып тұрсың. Мен сені билер сотына шақырттырамын. Сол сотта шешім шығаратындар сенің өлі аруақтарың емес, тірі аруақтар болмақ. Көрерміз содан кейін сенің жел үрлеген торсықтай Кедей атыңнан, батыр атыңнан не қалатынын. Семдіртіп берермін. Кедей. Ақсақал, мен батыр атымды жауға көрсеткен ерлігім үшін алғанмын.
Құлшар. Ей, Кедей! Қол бастағаның рас. Бірақ ерлік көрсеткен сен емес, ел болатын. Ел қайратын өз ерлігім деп халыққа міндет арту жігіттікке мін... Мен кездейсоқ кездесіп қалдым, сіздермен. Мен ешкімнің жақыны емеспін. Бірақ қамқоры жоқ жалғыз деп ойлап қалма, мына Қайыпты. Ол ел сүйіктісі. Есіңде болсын, егер сенің мына қырсық мінезіңнен екі ру арасында қақтығыс бола қалатын болса, ара ағайын есебінде өздерің айтатын “тары көп пе, жары көп пе деп”, сол тарыдай Жары да, мыңғырған Мұңал да ана жаңғыз Қайыптың сөзін сөйлейтін болады. Мен солай істетемін!..
Кедей. Не дерсің, бұларға! Тілде сүйек жоқ. Бар адайды жұдырығын сыйғызып ала қойғанын қарашы. Құлшар. “Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, Ынтымақты елді дұрысы билейді”
Есберген. Құлшар ата! Мынау іске қатысым болғалы не істерімді білмей, қате қадамды көп басыппын. Анамның сөзін де тыңдамап ем. Бірақ бір қателік барын сезуші едім, сіз менің көзімді ашып бердіңіз. Рахмет! Кедей аға! Бұл дау әзірге екі рулы елді көрші қонбастай жауластырып отыр еді. Енді қару ұстатар қақтығысқа жеткізуге айналдырар реті бар ғой. Құлшар атаны Алла тағала өзі жұмсаған болар, періште өзі бастап кездестірген болар. Шешілмес түйіннің шешілгені шығар. Жәбір көрген де мен, жоқшы да мен. Босатыңдар Қайыпты. Бердім Құлшар ата, тілегіңді.
Есберген жігіттеріне бұйрық береді. Жігіттер Қайып қолын шешеді. Құлшардың екі жігіті Қайыпты сүйемелдеп өз тобына қосып, сусын береді. Кедей қанжарын қынынан суырып Бөбек қасынажетіп барады. Кедей. Бір елдің адамын жазым қылдың деп, ол қу бас жалғыз болса да құн сұрайтындар табылар! Алсаңдар алыңдар. Ал мына қаншықты мен өз қолыммен бауыздаймын. Әй, Қайып жігіт болсаң бері кел. Бір ауыз сөзім бар саған айтатын! Қайып жақындайды. Қайып. Ақбөбегім! Кешіре көр, қор еттім-ау, сенің алтын басыңды!..
Бөбек. Қиналма, жаным. Міне антым! Дәм жазып тағы келсең, тағы қашамын. Мен сендікпін! Кедей. Тоқтат, қаншық! Әйтпесе осы аузыңнан шыққан соңғы сөз! Қайып ұмтылады. Қайыпты сүйеп тұрған жігіттер ұстап тұрады. Кедей. Ей, Қайып! Мынаның аты қанжар. Ол мына қолдың қаруы. Қол менің қаруым! Ал қару менің жүрегімдегі тілекке бағынады. Бір тарт, басын бөліп түсір десе, қанжар басты бөлек түсіреді де қояды. Мен дәл қазір солай істеймін де. Құлшардың билерін сосын көріп алармыз. Бірақ маған олай істетпейтін бір-ақ ауыз сөз бар. Ол сөз сенің антың. Жігіт болсаң ант ет! Ант еттім де. Енді қайтіп Бөбектің маңына жоламаймын де!...
Бөбек. Қайып... Ант бере көрме... Мен сенің ант аттай алмасыңды білемін ғой... Кедей. Айт!.. Қайтала!.. Қайып. Кешір, Бөбекжан!.. Көндім тағдыр талқысына. Мендік болмасаңда тек қана сен тірі бол. Бөбек. Маған сенсіз тірлік жоқ... Кедей. Қайып! Бол енді, созбаламай. Айт, Алла атымен ант етемін де! Қайып. Алла атымен ант етемін. Кедей. Енді қайтып Бөбек маңынан жүрмеймін де! Қайып. Енді қайтып Бөбек маңынан жүрмеймін. Кедей. Өзім енді қайтіп Маңғыстау топырағын баспаймын де! Қайып. Ол не үшін? Кедей. Қайтала, әйтпесе... Қайып. Енді қайтып Маңғыстау топырағын баспаймын. Кедей. (Жігіттеріне Бөбекті көрсетіп) Алып кет, мынаны.
Есберген. Құлшар ата! Біз бір тығырыққа тірелдік. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айыра алмайтын түйінге тап болдық. Кедей. Жігіт дейді-ау, осындайларды да. Ай, ата-баба аруағы... Кешіріңдер... Тұқымың азып-тозып, бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып кетуге айналды. Құлшар. Кедей шырағым! Ер жігітке қаталдық дұшпанына етсе жарасар. Аталарың қатал бол демеген. “Алдыңа келсе атаңның құнын кеш” - деген. Сен жалған түсінікте жүрген жан екенсің. Сенің халқыңа салар пайдаңнан, тигізер зияның да аз болмас... Құлшарлар кетеді.
Кедей. Келін алып қызықтаймын деп отырған ауылымның қызығын тәрк етсе, азаматымды бар адайға масқара етсе, ол менің жауым болмай кімім екен? Жаудан да қауіпті, көрінбейтін іштегі жегі құрт емес пе екен? Әттең... Қайдан кездесе кетті... Жеңіс жарты жеңіліс боп қалғанын қарашы... 10-көрініс. Итбай ауылының адамдары. Сахнада Итбай аулының адамдары. Дауыстар: - Алып келе жатыр! - Ұстапты! - Сорлап қалатын болды-ау, бебақ сорлы! - Күйлеген қаншық... Төбеті қайда, көрінбейді ғой... - Атқа жүк қылғанша деп, бауыздай салған болар... Сахнаға Кедей, Есберген, Бөбек және нөкерлер шығады.
Кедей. Бай-еке! Ұрыңыз ұсталды. Итбай. Көзге түспей тұр ғой. Кедей. Жолда атақты Құлшар күйші кездесіп, сауғаға сұрап алып қалды. Итбай. Сауғаға берерлік ол сенің олжаң ба еді? Кедей. Мен бермейін деп едім, балаңыз Есберген босаттырды. Итбай. (Итбай баласына қарайды). Не ойлағаның бар балам? Есберген. Біз бұл дауға еріксіз шатылып қалдық қой, әке. Сол шатақтан абырой жоғалтпай шықсақ па деп едім. Гүлсара. Балам дұрыс айттың. Бағытың дұрыс. Итбай. Сенің не ойлағаның бар еді, бәйбіше? Гүлсара. Не деген бақытсыз жандар еді, бұлар. Мен әуелі олардың ұсталмағанын тілеп едім. Сосын ұсталғанын тіледім. Егер ұсталып екеуі осы жерде тұрса...
Итбай. Ал... осы жерде тұрса... Гүлсара. Онда... Екеуі ұсталып осы жерде тұрса... Ана Бөбектің қасында Қайып тұрса... Итбай. Ал, Қайып тұр делік... Сонда не болар еді?..
Гүлсара. Онда ма, онда... Отағасы! Мен, тап қазір бұрымымды былайша тарқатар едім... Гүлсара бұрымын тарқата бастайды... Сосын сенің аяғыңа былайша жығылар едім... Итбайдың алдына келіп тізерлеп отырады. Сосын, сенен, Құдай қосқан қасағым... Мына екі бейбақ күнәсіне кешірім ет те екеуінің некесін қидырып, өз қолыңмен қос... дер едім... Тілекті Құдай беріп тұр ма? Жылайды. Сонда ғана елдің де намысы жоқталар еді. Есбергенімнің жарасына әкесінің ісі ем болар еді. Әлгі сорлылар да бақытқа жетер еді... Итбай демеп әйелін орнынан тұрғызады.
Итбай. Құдай қолдамайын дегені ғой!.. Сәтін салмағаны. (Баласына бұрылады). Шырағым, заман сенікі. Осы шырғалдаң басыңа тап болған екен, шешім де сенікі. Әу басында мен билікті Кедей екеуіңе бергенмін. Мен араласпаймын. Қалағаныңша, ақылыңның жеткенінше, өз намысыңды таптатпай, ел-жұртыңның да бар екенін ойлай шеш. Анау шешең де тегін адам емес... Итбай шығып кетеді. Есберген. (өзіне өзі сөйлегендей болып) Мен анамның бойында бір ұлылылық қасиет барын сезетінмін. Бірақ осынша Ұлы деп ойламаппын. Рахмет, ана!. Менің жүрегіме түскен жарақаттарға сіздің бір ауыз сөзіңіз ем болды. Мен жазылдым. Жара бітті. Менде кек жоқ.
Кедей. (келеке еткендей боп) Есберген мырза! Мен енді Қайыптың артынан қуып, істеген ісіне рахмет айтып, өзінен кешірім өтініп келсем қайтеді?.. Есберген. Өкініп тұрсыз ба?.. Бұл шешілсе, сізге азық болар тағы біреуі туындар... Енді сіздер араласпаңыздар бұл іске... (Бір әйелге Бөбекті көрсетіп тапсырма береді). Мына кісі енді сіздің үйде болсын. Бағып-қағыңдар. Әйел Бөбекті алып кетеді.
Нөкер жігіт. Ау, халқым-ау! Біз енді ел тентегіне не деп жауап береміз? Өмір бойы арылмас таңба болатын болды ғой. Жесірімізді алып қашқанға рахмет айту деген не масқара! Кедей. Масқараның көкесін басқалардың ортасына түскенде, ас пен тойға барғанда сезерсің, ендігі жерде... Нөкер жігіт. Кедей батыр! Алжыған Құлшардың айтқанын тыңдаймыз деп бір сүрініп едік, енді от басында көсеу бағып отырған әйел сөзіне ұйып қалғанымыз ба?.. Кедей. Шырағым, бай ағаның ыңғайынан шығып қайда барасың... Нөкер жігіт. Адам біткеннің бәрі намыстан айрылған ба, немене... Ашуланып шығып кетеді.
Қарт кісі. Есберген шырағым, мына жас жігіттің шырылына қарағанда ауылыңнан бір шатақ жетісіп, пісіп келе жатыр екен. Ертең қолыңа билік тиген күнде басыңды даудан бос қылмас. Дегенмен, балам, нағашыларың тәуір ел еді. Бойыңда бір жақсы бастаудан нәр алып жатқан тамырлар бар секілді. Үзіп алма. Елге Кедей секілді батыр да керек. Бірақ бебіт кезде ақыл мен мейірім одан да керегірек. Алла тағала сенің ниетіңе бергей... Бетін сыйпайды. Шымылдық. 11-көрініс. Бөбек пен Есберген. Оңаша үйде Бөбек пен бір әйел отырады. Есберген кіреді. Есберген. Біз оңаша сөйлессек пе деп едік. Әйел кетеді.
Есберген. Мені шақырттың ба? Біздің арамызда әлі күнге айтылар ортақ сөз қалғаны ма? Бөбек. (Есбергенге ықыластана сөйлейді). Есберген мен сенің азамат екеніңді танып, мына өмірден де, адамдардан да көрген қорлықтарым едәуір жеңілденіп қалды. Есберген. Бөбек! Сенің қара басыңның қорлық көргеніне, жаным қиналады. Бірақ, бір рулы елдің намысын кім жоқтар, жыртысын кім жыртар? Ендігі жерде екі адам егесе сөйлессе бірінші боп біздің елдің адамдарының бетіне соғар шапалақ сенің атың болады... Соған өзімнің де қатысым бар екенін ойлағанда, мен ұяттан жерге кіріп кеткім келеді...
Бөбек. Саған артар өкпем жоқ. Айтар алғысым бар. Білмеппін, азамат екенсің. Кешір мені. Сені, кешірім өтіну үшін ғана, көргім келді. Есберген. (Салы суға кеткен Есберген). Бөбек! Қайыппен алғашқы
кеткеніңде бойымды намыс, көкіректі ыза кернеп, кек алуға ант етіп едім. Екінші рет кеткеніңде сол екпінмен тағы қуғаным рас. Бірақ қателесіппін. Екеуіңнің махаббаттарың қызық қуған бозбала ойыны емес екеніне көзім жетті. Осы жолы арттарыңнан қуып, алып келгеніме өкініп отырмын. Бөбек. Есберген! “Тат темірді кеміреді, қайғы адамды кеміреді” – деген. Мен енді адам болмаймын. Сүйіп қосылғанымнан айрылып, Сені екі рет жерлеп, бүгінгідей адамшылығыңды көріп... Бұ қайғылар мені тез мүжіп бітірер... Есберген. Мені де кешір. Сені еркіңнен тыс әйел етпек болдым. Баяғы ел айтатын “басына түскесін үйреніп кетеді ғой” дегенге сендім. Қателесіппін. Бөбек. Шынымды айтсам, егер сіз кезінде келіп, оңашасын тауып менімен сырласқанда, тойды кейін шегіндіргенде, бұлардың бірі болмас па еді... Кім біледі?.. Есберген. Кім білген, бұл жерде кімнен қанша қате кеткенін?.. Бұл өмір сүру деген, кілең қате басу ма деп қалдым?. Бөбек. Рахмет Есберген. Мен тек қана сенің алдыңда ұяттымын. Сенен басқа ешкім алдында кінәм бар деп ойламаймын. Өкінбеймін. Мені сен кешіре гөр. Маған енді ештеңе де қажет емес. Менде аз ғана күн тірлік қалды. Қалған күндерді алдамшы сағынышқа арнармын. Есберген. Осы жолы сіздерді қумағанда, тек қана жалғыз өзім бақытсыз болар едім. Енді бақытсыз жан үшеу болатын болдық. Бөбек. Кешір мені, мені қарғамашы! Осы әлемде бір кісінің жан ашырлығын көрем деп дәметсем, оны тап сенен күтпеген едім. Бүгінгі істеген кісілігің мені қайран қалдырды. Пендеміз ғой! Кісі танымайды екенбіз. Кешіре көр мені. Есберген. Енді екеуміз ошаққа қазан асып, астына от түтетіп отыра алмаспыз. Менен не сұрағың бар? Бөбек. Қасыма ана қойшы баланы ерітіп мені төркініме жеткізіп таста. Мені қара жерге солар тапсырсын. Қанша дегенмен солардан өнген адаммын ғой, далаға тастамас... Есберген. Бердім тілегіңді. Бөбек. Менің қалған ғұмырымда Алла тағаладан өлім сұрағаннан басқа тілегім болмас деп жүр едім. Соған қоса енді тағы бір тілек қосылатын болды. Саған бармақтай бақ бере гөр деп тілеп, өтермін. Кім білген, басқа тілегімді бермесе де, осыны берер... Жігіт екенсің ғой!.. Азамат екенсің... Мен бейбақты кешіре көр!..
Солқылдап жылап, шаршап қалады. Есберген. Тағдыр осылай шешіпті ғой. Айдай сұлу Бөбектей жарым болады деп мақтанушы едім. Тағдыр біздің қалауымызды істемеді... Өзім де қателесіппін. Анам осы жолы екінші қашқан қызды қума. Олар шын ғашықтар. Кейін есін жинағасын ел қарғайды, іздеме деп көп жалынып еді. Тыңдамап ем. Сен көндігіп кетсең, өткенді ойға алмаспын деп едім... Қателесіппін... Сен де кеш мені. Шымылдық. 12-көрініс. Қайып әнінің оралуы.
“АҚБӨБЕК-ҚАЙЫП” УАҚИҒАСЫНЫҢ АҚЫРЫ.
Есжан ауылы. Ауыл шетінде баяғы Қайыпқа тігілген қара күрке. Сол үйде арып-ашыған, күтімсіз Ақбөбек. Дина келеді.
Дина. Бөпежан, халің қалай? Бөбек. Менің халімді қайтесің, өзің жақсымысың? Менің қырсығымнан қорлық көріп жүрсің-ау, жеңеше... Дина. Өтті, кетті. Енді оны еске алып не қажет... Мені қойшы. Несіне уайымдайсың... Үйім басымда, байым қасымда... Өзің қалайсың? Бөбек. Жақсымын, жақсылығы жақын секілді. Дина. Түсінбедім, қандай жақсылық? Бөбек. Алла менің тілегімді беретін секілді. Дина. Қорқытпашы мені, Бөпежан... Басың жас... Осы ауырпалықты бір көтеріп кетші... Әлі-ақ, бұ тіршіліктің қызығына тоймайтын боласың... Бөбек. Тіршілік қызығы деймісің? Әрине тоймаймын. Мен неге қызықтамайын... Қызықтаймын... Қайып айтқан... Жақсы нәрселерді қызықта деп...
Бөбектің өңі бұзыла бастайды. Дина сескеніп қорқа бастайды. Дина. Бөпежан есіңді жишы. Маған қарашы. Ойпырмай, тағы басталды-ау! Дина Бөбекті жұлқылып есін кіргізгісі келеді. Бөбек оған назар аудармай кереге басын сыйпалай бастайды. Бөбек. Керегенің дәл осы басында менің алқам ілулі тұратын. Оны кім алып кеткен?.. А... а-а... Осы жерде менің сәукелем ілулі тұратын. Міне... Міне... Сәукеле табылды... Менің сәукелем ілулі тұр екен ғой... Қалай көрмей жүргенмін. Күнде іздеймін... Сәукелені алып басына киген болады. Бөбек. Қайып, қарашы маған, жараса ма мына сәукеле? Ал мынау сен тіккен көксауыр етік қой. Аяғыма қандай жайлы...
Есін жиғандай болып, қолын жайып алақанына қарайды. Бөбек. Қайда әлгі нәрселер?.. Есін жияды. Бөбектің өзі шошып кетеді. Дина. Бөбекті құшақтайды. Неге қинайсың өзіңді. Біздермен бірге тұрсаңшы. Ұмыт болар ма еді?.. Бөбек. Жеңеше, тез апамды шақыршы... Тез баршы. Мен шаршап барамын... Сәл дем алайын... Шақыршы... Жүгірші... Дина асығыс шығып кетеді.
Бөбек. (Бөбек қайтадан жаңылыс сөйлей бастайды). Қайып көзіме енді көрініп келе жатыр еді. Әлгінің бәрін бүлдіргенін қарашы. Ол осы арада жүр. Жасырынады ғой. Ұстап алса баяғыда Кедейдің “жеті мүшеңе жеті жара” деп найзалағанындай, бұлар да найзалайды ғой, оны. Жеті жерінен жара түскенде бір ауырсынбады. Нағыз батыр менің Қайыбым екен ғой... Үйге қойшы бала кіреді.
Бөбек. Айттым ғой. Ол осында деп, Қайып!.. Қойшы бала. Апа, бұл мен ғой. Қайып аға алыста. Саған әнін жіберіпті. Сізді сағынып жүрсе керек. Жақында келіп қалар. Бөбек. Ол келем десе келеді. Ол айтқанын орындайды. Кәне қандай ән? Айтып берші... Тыңдайын... Тағы да маған арнап па?.. Жатып тыңдайыншы. Шаршап тұрмын. Төсегіне жатады.
Қойшы бала. Саған арнапты, апатай, саған арнапты. Апатай сен білсең ғой, естісең ғой! Маңғыстаудың Ойы мен Қыры, Ойыл мен Қиыл, Еділ мен Жайық, қазақтың шексіз байтағы тек қана Ақбөбек әнімен тыныстайды бұ күндері... Аспан асты, Жер үсті Ақбөбегі мен Қайыбының ақ махаббатына бөленіп жатыр... Бөбек. Рахмет, айналайын. Шаршап бара жатырмын. Бір естіп кетейін. Қайыптың әнін айтшы. Қойшы бала. Ақбөбек пәк сезімнің гүлі едің, Сұңқардай қомдап қанат іліп едім. Амалсыз ант ұстадым Иран астым, Бөбегім әнім тірі, өлі өзім. Текемет ою салса, түр жарасар, Көктемде қу ағашқа бүр жарасар. Армансыз өтер еді Қайып сорлы,
Соңғы рет Бөбегіне бір қараса. Бөбек. Қайып... Қайдасың ғашығым?.. Ынтазарым... Шалқар сезімің жұдырықтай жүрегіңе сыймай, қарақан басың байтақ жеріңе сыймай... Қойшы бала. Мен жүрмін жүрегіме сезім сыймай, Антымды бұза алмадым, төзім сыйлай. Өзіңді ақырғы рет бір көрсем деп, Тірлікті әлі жүрмін көзім қимай. Бөбек. Қайда жүр екенсің?.. Сен енді маған бір қарауға үлгере алмай қалатын болдың... Кешір жаным... Қош... Сенің әніңмен бастап едім мына өмірді... Сенің әніңмен кетіп барамын... Аз өмір сүрсем де ақ махаббатты серік етіп, адал өмір сүрдім... Ешкімді алдамадым... Армансыз кетіп барамын... Қош... Мынау жарқыраған күні бар қара түнек ішіндегі көрген жалғыз жарығым... Қош...
Бөбек үзіліп бара жатады. Қойшы бала басын сүйейді. Қойшы бала. Апа... Ашшы көзіңді... (қойшы бала жылайды). Апа... Бұның не?.. Жұмбашы көзіңді, апатай?.. Күтпейсің бе, Қайыбыңды?.. Мен екеуіңнің қатар отырғандарыңды көрсем деп армандаушы едім... Ол міндетті түрде келеді... Апа, Қайыптың әнін айтып берейін бе?.. Тыңдашы тағы бірін айтып берейін... Қойшы бала жылап орнынан тұрады.
Апатай-ай... Қуаныш пен шаттыққа жаратылған апатайым-ай... Неге бұлай? Ақ махаббат пен пәк сезімнің өтеуі өлім бе екен? Неге бұлай? Құлшар ата!.. Мен міндетімді енді түсіндім!.. Атажан айтқаныңның мағынасы енді жетті жүрегіме!.. Мен енді Ақбөбекті жырлап өтермін!.. Ешқашан ешкім ұмытпайтындай етіп жырлайтын боламын... Қойшы бала Ақбөбек басын сүйемек болады, басына жастық қоймақ болады. Қайғылы саз күшейе түседі. Жарық күші азая бастайды. Қара түнекте қайғылы саз үні естіліп тұрады. Сөз соңы (Сахна жабыларды терме сарынымен орындалып жатады).
Қасиетті Маңғыстау Ғашықтардың мекені. Шынайы сезім туғызар, Осындай дала деседі. Жырға қостық біз бүгін, Ақбөбек пен Қайыпты, Есте қалған кешегі. Ақбөбек деген бір сөзден Махаббат лебі еседі. Қарғыс айтқан бір жан жоқ, Тиер деп жұртқа кеселі. Жырлаған сайын сағыныш, Күннен-күнге өседі. Адай деген ел едік, Бабалар әнін жырлаған. Тыныстайды сол әнмен, Ғасырдан астам бұл далам. Өткен деп бір кез осындай, Ақбөбек дауы шырғалаң. Бақытын іздеп ғашықтар, Тап болған жолға бұрмалаң. Сүйіскен жандар сезімін, Мақтаныш етіп тұр далам.
Қалың елі, қарындас, Сөкпеді жастар сезімін. Өртене жаздап отына, Махаббат тапқан кезінің. Шындығы айна бетіндей, Жыраудың осы сөзінің. Шымылдық. Екінші бөлімнің соңы. Ант (үш бөлімді, тоғыз көріністі драма) Алғы сөз Осы еңбегімді сан ғасырлар шалғайда жүріп тарихи отанына қайта оралғанда алғашқылар боп табаны Маңғыстау жеріне тиген, алғашқылар боп жамбастары Маңғыстау топырағына тиген қасиетті бабаларымыз: Бекет пен Саназар әулиелердің; Шотан мен Қармыс батырлардың; Абыл менен Қалнияз ақындардың және сол секілді есімдері еліміздің есінде сақталған, істері жұртымыздың жүрегінде сақталған аталар мен аналар рухына арнадым. Сайын Назарбекұлы
Ант (үш бөлімді тоғыз көріністі драма) Бірінші бөлім “Ер анты” аталады.
Тайсойған жерінде ас беріп жатырған құрдасы беріш Мәсбатыр аулына келген Қожаназар бай өзінің баласы Есбердінің сұрауымен жастар отырған үйдің жабығынан сығалайды. Мәсбатыр байдың ерке қызы Шолпан Қожаназарға ауыр сөздер айтып, келеке етеді. Ашу үстінде намыс қысқан Қожаназар “мен сені әйел етіп аламын” деп ант етеді. Мәсбатыр қызына құда түскен Қожаназар құрдасына қыз бермеймін демей, мәселені өзінен қашырып “осы мәселені билер шешсін” дейді. Қожаназар келіседі. Билер Қожаназардың құда түсуін орынсыз деп есептемейді, құдалықты қабыл алады. Бірақ қысқа мерзім беріп, тағы да басқа орындалмастай талап қояды. Қожаназар мен баласы Есберді билер қойған талапты орындап шығады.
Екінші бөлім “Ару анты” аталмақ. Қожаназар мен баласы Есберді беріштердің барлық сұрақтарын орындайды. Мәселе шешіліп, той мезгілі тағайындалады. Қожаназар Мәсбатыр үйіне келіп құрдасынан кешірім сұрайды, қызыңды шақыр деп өтінеді. Қожаназар Шолпаннан, өзінің қатты кеткеніне өкінетінін айтады, кешірім сұрайды. Егер қыз қаласа ол өз ойынан қайтатынын, қыздың басын босататынын хабарлайды.
Қожаназардың ісі мен сөзін қатты бағалаған және өз қатесін де сезінген Шолпан қыз Қожаназар мен әке-шешесінің алдында ант етеді. Қожаназардың өмір бойы құрметтеп өтетінін, тіпті жолына құрбан болуға даяр екенін айтады. Әке-шешесіне қызым жасы үлкен кісіге кетті деп өкінбеуін сұрайды. Бұл бөлімнің соңында бес жасар Қошанды қызықтап отырған Қожаназар мен Ақшолпан қуанышын суық хабар алып келген Орынбор мен Маната бөліп жібереді. Адайлар мен түрікпендер арасындағы дау туралы хабар жетеді.
Үшінші бөлім “Ел анты” аталмақ. Бір тойда Адайлар мен түрікпендер арасында кезекті жанжал басталады. Түрікпендер де, адайлар да Маңғыстау біздің ата мекеніміз еді деп дәлелдер келтіреді. Арты жер дауына айналады. Түркімендер Алланың алдында ақталамыз, қазақтар ақтығына ант берсін, антқа Қожаназардың Ақшолпаннан туған жалғызы Қошанды ұстасын деп талап қояды. Анттасу рәсімінде Бекет Қошанды алдына алып, қара тұлпар мініп шығады. Ант адайлар пайдасына шешіледі. Ел бекетті Пір тұтады. Аты ұранға айналады. Сол уақиғадан елу-алпыс жыл өтеді. Оғландыдағы Бекет – Ата мешіті алдында мінәжат етуге келіп отырған адамдар әңгімелесіп отырады. Қарт Маната түркімендер мен адайлар арасындағы болған ант туралы жиналған көпшілікке әңгіме айтады. Әңгіме аяқталғанда ел “Бекет! Бекет!” деп әулиеге ризашылығын білдіреді. Шымылдық жабылады. Сахна сыртынан “БекетАта” әні орындалып жатады...
Бірінші бөлім. Ер анты Бірінші көрініс. Намыс Көктемнің соңы. Тайсойғанда аталарына ас беріп жатырған беріштер ауылы. Шеттеу тігілген бір киіз үйде жастар сауық құрып жатады. Үйде бас сұғар орын жоқ. Жұрт үй сыртынан ән тыңдап, үй жабығынан сығалап қыздар көркін, жастар өнерін әңгіме етіседі. Жазғы жайлауға көшіп бара жатқан Қожаназар бай, баласы Есберді, қосшы жігіті Маната асқа келеді. Қожаназар: Тайсойған жерінің құлпыруын-ай! Биыл түгін тартсаң майы шыққалы тұр екен! Есберді: Әке! Бұлардың көктемде аталарына ас беріп жатқаны да соның арқасы екен. Малдары тез қоңданатын жер болғаны ғой. Маната:
Қожеке! Жері сондай болғанда, елі неге бай емес? Қожаназар: Бар ғой байлары. Ас беріп жатқан Мәсбатыр құрдасым бай адам. Бірақ бұлар жартылай отырықшылау болғандықтан малды шексіз көбейте бермейді. Алдарынан бұларды күтіп алуға Мәсбатыр ұлы Жайықбай мен Сұлтанғали би шығады. Жайықбай бұрынырақ сәлем беріп, бұрынырақ қолын ұсынады. Жайықбай: Ассалаумағалайкум, Қожеке! Сұлтанғали: Ассалаумағалайкум, Қожеке! Қожаназар: (сәлемін сәл кешіктірген Сұлтанғалиға назар аудармай Жайықбаймен амандасып жатады) Бар бол балам! Жайықбаймысың!? Менің құрдасым Мәсбатырдың кенжесісің ғой, сірә? Жайықбай:
Таныдыңыз Қожеке! Бірақ мен кенже емеспін. Менің Шолпан деген қарындасым бар! Қожаназар: Ия, солай еді ғой. Мен сені ұлдан кенже деп жатырғаным ғой, әйтпесе Мәсбатыр қыз балалы болып ұлан-ғайыр той жасағанда біз де қатынасқанбыз сол тойға! Сұлтанғали: Ие, ол бір үлкен той болған еді. Қожаназар: Ата-бабаларыңа бағыштап беріп жатқан садақаларыңды Аллатағала қабыл еткей! Мал-жандарың аман ба, шырағым? Жайықбай: Айтсын! Мұздай қаракөк! Қожаназар:
Е-е, кісі болып қалыпсың ғой! Сөз саптауың жақсы екен! Мәсбатыр байдың дені-қары сау ма? Құрдасын өзі қарсы алмай, баласын жібергені қартайғаны ма?! Бірақ ондай боркеміктердің қартаятын кезі де жеткен болар!.. Жайықбай: Сізден бұрын қалай қартаяды! Қартайған жоқ, өзіңіздің құрдасыңыз емес пе... Қонақтарды қарсы аламын деп қолы босамай қалды. Құрдасыма сәлем айт, маған өкпелемесін деген. Сұлтанғали: Жайықжан, Қожекеңнің алдын босат. Біз де амандасалық. Қожаназар: Жайықбайжан! Тігілмген үйдің төріне таласып жатқан мынауың кім! Жайықбай қысылып, ыңғайсызданып қалады. Жайықбай:
Әкем Сұлтанғали ағаны сізді қарсы алсын деп әдейі жіберген. Сұлтанғали: Қожеке! Сөзге де, төрге таласым жоқ! Таласқанда да Адай байымен қол алысып еді деп менің қолыма қозылы қой жұғып қалар деймісің? Қожаназар: Қолыңа қозы тұрақтамағанмен тіліңе шиқан тұрақтаған реті бар ғой?.. Ие, Сіз де аман-есенсіз бе? Қожаназар мен Сұлтанғали қолдасып амандасады. Сұлтанғали: Құдайға шүкір! Мәсбатыр асыма құрдасым Қожаназар келеді деп дүйім елді күбінтіп қойды. Тап қазір өзінің қолы тимегесін алдыңыздан шығып амандасып жатқанымыз ғой. Әйтпесе онша көрнекті кісі емеспіз. Жарлы жатақ, балықшымыз. Маната:
Шарғаң шағын екен. Мына бойыңмен суға қалай бойлап жүрсің? Әлде балықты жағада тұрып аулайтын балықшымысың? Сұлтанғали: Адам суға түскенде бойына сеніп түспейді. Жүзіп білетініне сеніп түседі. Бірақ су жағдайын, су қадірін Маңғыстау мен Орынбор арасын шаңдатып көшіп жүретін адайлар қайдан білсін! Сұлтанғали Қожаназарға сынай қарап қояды. Қожаназар: Маната! Естіп тұрмысың! Қақпанды қалай құрады! Маната:
Шаян құйрығындай тілінің ащысын-ай мына беріш ағамның! Қалай ойлайсың, айтшы қані! Су қадірін қара тасты қашаумен қашап, шапашотпен шауып, тереңдігі жүз қадам шыңырау қазған біле ме, әлде шалқып шатқан Жайыққа мал жаптырған біле ме? Сұлтанғали: Біз су қадірі туралы ойлап көрмеппіз. Бірақ Қожаназар бай жайлауға көшкенде Үстіртті кесіп өтіп, шөл жылқысын Жемге жапқанда өзен суы бір тұтам ортайып кетеді екен деп еститінбіз. Алды Жемнен су ішіп жатқанда үйірлерінің соңы Манатадан жаңа көтеріліп жатады екен деседі ғой. Бұ жақтағы ел Қожаназар қадірін жақсы біледі. Қожаназар: Сұлтанғалиға сынай қарап:
Рас, мал өсірдік. Біз емес ел өсіріп жатыр. Біздің малымыз – елдің малы. Бірақ Қожаназар елге қадірлі еді деген пікірді қайдан алдыңыз? Сұлтанғали: О не дегеніңіз Қожеке! Сіздің қадіріңіз өз еліңіз түгіл біздің елге де Алатау асқарындай емес пе? Ал Алатау асқарын сөзбен де, ой мен де аласарта аласың ба? Қожаназар:
Мынадай сөзіңді доғармасаң мені түбі қозылы қойсыз қалдыратын түрің бар! Мадақтауыңды шектеші! Жаңа жатақпын, жарлымын деп жатырған жоқ па едің? Жарлы емес, тіліңнен жарылып тұрған жорғасың ғой, өзің! Сұлтанғали: Шешем адайдың қызы еді. Жиендік жасап жатырғаным ғой. Қозылы қой қайда қашар дейсің. Аузыңыздан шықты. Алармыз. Бір реті болар. Алажағыңды алып кет десең іздеп те барармыз. Ат мінгізсең айдап та қайтармыз. Биыл қай жақты жайламақ ойларың бар еді? Маната: Қыз дегенді басқа жұртқа бермеу керек-ау деймін, Қожеке! Қарашы, біздің апамыздың бар өнерін бойына сіңіріп алып, тақылдауын! Сөйлетсең болды өзі болғандай-ақ, өзі туғандай-ақ... Қожаназар:
Сөйлесін! Сөз адамнаң ішін ашады. Нағашыларыңнан қозылы қой аламын, ат мініп қайтамын десең биыл Тұзтөбе жақтан іздейсің. Маната: Қожеке! “Құлан қырда, құндыз суда” демейтін бе еді? Құланға ұқсап түзде жортып көрді дейсің бе? Жайықтан түстік жолға шықса шөлдеп қалады ғой, бұ жиендер! Сұлтанғали: Сонда Маңғыстау мен Тұзтөбе арасы қанша жер? Маната: Малдың жағдайымен санасып, елдің жай-күйін ойлай, асықпай жылжығанда екі ай көшетін жол. Жайықбай: Сонда сіздер шынымен Тұзтөбеге дейін көшесіздер ме? Қожаназар: Мәсбатыр құрдасым биыл Тайсойғанды жайла деп шаужайыма жабысып жалынып жатпаса солай болады. Сұлтанғали:
Неге жабыспасын? Жабысады! Мәсбатырға қосылып ел де жабысады. Сіздей қайырымды байдан бір түйе сауын алса да, бір аттың майын мінсе де жатақ елге қайыр емес пе? Жайықбай: Қожеке! Мен Сіз түсетін үй дайындығын байқайын. Қымыз сапыртайын. Қожаназар: Шаруаңнан қалма, балам. Мына шиқан тілді жиен бізді адастырмас. Жайықбай кетеді. Бұлар бір киіз үйдің қасына жақындайды. Жұрт сол үйдің жабығын көтеріп таласа ішке қарап, ән тыңдауға тырысып жатады. Маната:
Есберді! Мыналар не істеп жүрген адамдар!! Есберді: Шынымен де! Құрттаған қойдың құйрығына үймелеген шыбындай ана адамдар үй жабығына жабысып қалыпты ғой! Оларды соншама құмар қылған не болды екен? Сұлтанғали: (Есбердіге) Әкең Қожаназардың құрдасы Мәсбатыр байдың алты ұлы бар. Бұл үй байдың алты ұлдан кейін сағынып көрген сүйікті қызы Шолпанның отауы. Осындай тойда байдың ерке қызының жастарды жинап алып, сауық құратын әдеті бар. Ал жұрт Шолпанның көркі мен сөзіне құмар. Дәмесі бар да, дәмесі жоқ та бір қарап қалмақ. Есберді: Шолпан қыздың жұртты несімен қызықтырып жатқанын білсек қайтеді? Әке, біз де қарайық па? Қожаназар: Қараңдар! Қарай беріңдер, шырақтарым! Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды деген.
Есберді: (жабықтан сығалайды) Астафралла! Әке! Мынадай да сұлу жан болады екен ғой! Қараңызшы! Қожаназар: Қой шырағым! Сақалым сапсыйып қыз жабығынан сығалайтындай маған не көрініпті. Қанша сұлу болғанда да шешең Айсолымнан сұлу деймісің... Есберді: Әке! Қарай салшы! Нең кетеді! Есберді үзіктің жиегін молырақ көтеріп береді. Қожаназар жабықтан немқұрайлы қарай салмақ болғанмен Шолпан қызға көзі түсіп кеткенде қатты таңырқағанын жасыра алмайды... Күбірлеп...
Қожаназар: Мынау перінің қызы ма?.. Әлде періштенің өзі ме?.. Есберді: Айттым ғой, әке! Айтқаным сол ғой! Шынымен де ана қыздар ішінде Шолпандай жарқырамай ма? Қожаназар: Қалған қыздар жұлдыз болса мына қыз жай Шолпан емес Ақшолпан болар! “Ән сазымен, қыз назымен” дегенді шешендерге осындай сұлулар айтқызады екен-ау, шіркін! Киіз үй ішіндегі ән тоқтап қалады. Барлығы да жабықтан қарағандарға қарап, бір-бірімен сыбырласып кетеді. Тұмар: (Шолпанға сыбырлап) Сені ана шал – мына қыз Шолпан емес Ақшолпан – деп жатыр. Жастардың сыбыр, күбірі көбейіп кетеді. Жастардың бірі: Мына кісінің сақалын-ай! Жастардың тағы біреуі:
Бұлар жабықтан неге сығалай береді екен? Шолпан: (өзіне бажырайып қарап қалған Қожаназарға естірте дауыстап) Неменеге бажырайып қалған мына шал! Күз айында қошқарға күйекке жарарлық ана сақалынан ұялмай ма? Қожаназар: Астафралла! Шолпан: Анадай сақалды өз орнына пайдалана алмайтын болғасын, басқа пайдасына асырып, бір жеріне белдемше етіп байлап алмай ма! (жастар күледі). Қожаназар: Астафралла! Шолпан: Қартайғанда қыз жабығынан сығалап, ойынымызды бұзғаны несі? Бұ заманның қарттары ерте алжи бастаған болар ма? Есберді: Әке! Мына қыздың көргенсіздігі көркінен де асып кетті ме? Қалай, қалай үдетеді, әңгімесін? Қожаназар:
Естіп тұрмын! Есберді: Әке! Бірдеме демейсіз бе? Қожаназар: Дегім-ақ келіп тұр! Тек қана мына қызға ұқсап сіздер, әйелдерім мен балаларым, маған өкпелейсіңдер ғой, кейін! Есберді: Әке! Деші! Өз мойныма аламын! Ешкім өкпелемейді! Мына қорлық сөзді естігенше, өмір бойы сол үшін бір шаруаның соңында жүрейін! Қожаназар: (даусын кенеп, “Ей шырағым!” дейді). Жұрт тына қалады. Ей, шырағым! Ей, адуын қыз! Құлағың естігіш екен! Енді қапы қалмай тыңдап ал! Жай айта салған сөз үшін менің алты алашқа қадірлі басымды да, періштеге мекен болған қасиетті сақалымды да жұрт алдында масқараламақ болдың! Шолпан:
Өз обалың өзіңе! Қожаназар: Бірақ сен кісі танымайды екенсің, ерке қыз! Кімнің кім екенін сезе алмадың! Шолпан: Сонда кім екен ол! (күледі, жастар қосыла күледіі) Қожаназар: Мен бұрын кім болғанымды айтпай-ақ қояйын! Бірақ ендігі жерде саған кім болатынымды болжап берейін! Шолпан: Ал, көріпкел шал! Айтыңыз, жыныңыз не деп сыбырлап тұр, құлағыңызға! (Жастар шуылдасып, күліп жатады) Қожаназар: Ендеше тыңда, тәрбиесіз қыз! Менің ендігі қалған ғұмырымдағы төсектесім сен болатын боласың, ерке сұлу... Шолпан: (абдырап қалады)
Тәрбиесіз дейді... Төсектесі несі?.. Қожаназар: Бұны “бақыт” десең бақытты етермін. “Сорым” десең менен жалынып өзің сұрап алған өкінішің болар. Неде болса ендігі қалған ғұмырымдағы менің төсектесім сен болатын боласың!”... Шолпан: (Орнынан тұрады) Тұтақ! Қожаназар: Осы жасқа келгенше берген уәдемді аяқсыз қалдырып көрмеген жанмын. Алла тағаланың көзі дұрыс болса, тағы да солай болады. Шолпан: “Інгенімді қараймын деп мінгенімнен айрылдым” – деген сөз бар емес пе еді. Мына сөздеріңді естісе менің алты ағам еліңе дейін жаяу қуар, сақалыңды желпілдетіп. Жастар шулап күледі.
Қожаназар: Алты ағаң түгіл алпыс атаңнан сескенбедім! Мені қатты ерегестірдің, шырағым! “Күшті қауіпті емес, кекті қауіпті” – деген сөзді де біз шығарған жоқпыз. Біз күшті едік, ендігі жерде кекті де болатын болдық. Бір ауыз сөзіңнен түскен от, осы Тайсойғанды емес, мына он екі ата Байұлы даласын тұтас өртеп кетіп жүрмесін!.. Әңгімені сақтана тыңдап отырған Тұмар ортаға түспек болады. Тұмар: Ата, сабыр етіңізші. Қожаназар: Ант етемін! Сені күйек байлар күз емес, осы жазға дейін төсегіме салмасам ата-баба аруағы атсын мені!.. Тұмар:
Ата, бізді кешіріңіз! Ант дегеніңіз ауыр нәрсе емес пе? Қожаназар: Күйек салар күзде жаңа түскен Шолпан емес, Ақшолпан атты жас тоқал менің арқамды қасып, балтырымды сыйпап отыратын болады. Мен соған ант етемін!.. Қожаназар жүріп кетеді. Есберді: (әкесінен бөлініп жабықтан қайта сығалайды да рахаттана, жаны жай тауып) Менің әкем айтқан сөзін жерге тастап көрмеген кісі. Енді сен маған шеше болатын болдың. Мен сенің балаң боламын! Ақшолпан атты Ақшешем менің! (күледі). Менің бұрын да екі шешем бар еді. Мен сені Ақшеше деп атайтын боламын. (күледі). Шолпан:
Құдайым-ай! Ана кісінің екпіні қандай жаман еді? Кім екен өзі? “Құлақтан кірген суық сөз, жүрекке жетіп мұз болар” – деген, тұла бойым мұздап кетті ғой... Мына қасындағысы қандай жексұрын еді... Жігіттер жабықты жабыңдаршы... Жігіттер жабықты жабады. Тұмар: Адайдың атақты байы Қожаназар деген кісі дейді. Қасындағысы ерке баласы Есберді болса керек... Шолпан: Не дейді!? Ұят-ай! Әкемнің анттас досы, сыйлас құрдасы осы кісі екен ғой?.. Ол екеуі бірінің сөзін бірі жерде қалдырмайтын болса керек... Тұмар:
Осы біздер бірдеңені қатты бүлдірдік-ау! Шолпан: мұңайып қалады Жаңа ғана қуаныш кернеп тұрған жүрегімді өзім айтқан бір ауыз сөз семдіре салмаса игі еді... Қызуын өшіре салмаса игі еді?.. Тұмар: Қасындағысының әлгі шалды қалай қайрағанын естісең... Шолпан: “Бақ өзі ғана соқыр емес, ол қонған адамын да соқыр етеді“ дейтін сөз естіп едім. Оның да, менің де, көзіміз болғанмен, басқа қонған бақтан көр соқыр болып қалғандардан болармыз ба? Тұмар: Қойшы, Шолпан! Неге торыға қалдың, соншама? Шолпан: Тараңдаршы! Көңілімнің қошы болмай кетті. Жастар тарайды. Шолпан мен Тұмар қалады.
Тұмар: Біз бірдеңені бүлдірдік! Бүлдірдік! Жүрегім сезіп тұр! Шолпан: “Мысқыл, мысқылдың түбі мүшкіл” деген осы екен-ау! Тұмар: Әншейінде ондайың жоқ еді, бүгін саған не болған? Сені бір нәрсе итермелегендей болды. Шолпан: Шайтан итермелесе де, періште бастаса да болары болды... “Көп асқанға бір тосқан” дегендей, ақыры кездескен болдым-ау! Әкем ол кісінің сұрағын қайыра алмайтын болса керек... Тұмар: Үлкен кісі емес пе? Шолпан:
Тұмаржан-ау! Біз 70 жастағы емес 27 жастағы ағаларды шалдай көріп жүрген жопыз ба?.. Бірақ бізбен кім санасар дейсің?.. Әй, кім санасар дейсің, бізбен! Тұмар: Арты осылай болатын болса сонда қыздарын не үшін еркелетеді екен, бұ қазақтар? Шолпан: Соңы осылай болатын болғасын, қыздарынан алдын ала сұрап жататын кешірімі болар ма?!.. Тұмар: Болашақ қатігездігіне кешірім сұрайтын болғаны ма? Шолпан: Қайран көреген аталар-ай!.. Қызын маңдайынан қақпай өсіретіні сол екен ғой!.. Бес күндік қызығы дейтіні де сол екен ғой!.. Шымылдық. Екінші көрініс. Қожаназар аулында
Шолпанның дөрекі сөзінен кейін Қожаназар асқа қарамай кетіп қалады. Ас тарқағасын Мәсбатырға қызын айттырып құда жібереді. Мәсбатыр Қожаназар жіберген құдаларға “бұл мәселені билер билігіне салалық. Мен солардың шешіміне көнейін” дейді. Қожаназар да келіседі. Қожаназар адай биі Орынборды шақыртады. Төбе басында Қожаназар, Орынбор, Маната, Есберділер әңгімелесіп тұрады. Қожаназар: Орынбор! Шет-шепірін өзің де естіп жатырған боларсың. Уақиғаның қалай болғанын Маната толық айтып беріп пе еді?.. Орынбор:
Айтты. Ел аузынан да естіп жатырмыз. Шолпан бүйдепті, Қожаназар сүйдепті... Ай гулеп тұр!.. Елді берілген ас емес, осы егестің арты көбірек қызықтыратын секілді. Қожаназар: Орынбор! Сәл нәрсе еді, бұл. Енді үлкен әңгімеге айналып барады. Жас бала қателесті деп, мен одан да үлкен қате жіберген секілдімін. Қазір ашу қайтып, ақыл жетті. Бірақ “аталар атымен ант етемін” дегенім қиын болып тұр. Маната: Жоқ, Қожеке! Олай емес! Қыз сөзі көргенсіздік болды. Енді ол көргенсіз қызды тәртіпке шақыра алмасақ, онда Сіздің кісілігіңізге, еліміздің елдігіне үлкен сын болатын түрі бар. Қожаназар:
Міне бұлар осылай дейді. Қазір осылай дейді. Кейін не дейтінін?.. Маната: Қыз сөзін қайталатып, дүйім елге адайларды келеке еткізбеудің жалғыз жолы бар, ол – өзіңіз берген антты аяғына дейін жеткізу! Есберді: Тағы бір жолы бар! Біздің көш ұзағасын бір түнде келіп қызды өңгеріп кету! Қожаназар: Қызбаланба. Бұл мәселеге ендігі жерде тек намысты қару етпей, оған ақыл мен парасатты да серік ету қажет болар. Орынбор: Дұрыс! Қожаназар: Мәсбатырға құда жіберіп едік. Бұл мәселені құдалық жолы шешпесін, билердің билігі шешсін депті. Онысына да көндік. Орынбор:
Бәрін де естідім. Бәрін де түсініп отырмын. Билер шешсін десе, несі бар! Би атағымыз бар емес пе, белдесіп көрелік! Дұрыстығымызды дәлелдеп көрелік... Шымылдық. Үшінші көрініс. Мәсбатыр аулында Мәсбатыр, Фатима, Сұлтанғалилар кеңесіп отырады. Фатима: Қайным-ау не болды? Елге мазақ болатын болдық қой! Қызымызды шал айттырып? Басынды ғой бұлар!.. Сұлтанғали: Шолпанжан артықтау кетіп қалды... Ондай мінезі жоқ секілді еді?.. Ұят болды... Мәсбатыр: Ойда жоқта басымызға салмақ түсетін болды-ау! Фатима: Қызыңның билігі өз қолыңда емес пе? Қандай салмақ уайым етіп отырғаның? Мәсбатыр:
Ол Шолпанға әлгідей сөз айтқанда тек қана малына сенген жоқ. Ол маған да сенді. Ел алдындағы өз беделіне де сенді. Фатима: Ант етіпті дейді ғой! Мәсбатыр: Ие, сенің қызыңның тілі о кісіні ант еткізуге дейін жеткізіпті. Ант еткені қиын болып тұр. Бірбеткей, беделді адам, антын орындап шығуға тырысады. Араға кісі салғанға көнбейді. Фатима: Беделді болса беделді пайдаланатын жер аз ба? Пайдалансын! Менің Шолпанымда Қожаназардың не шаруасы бар? Мәсбатыр: Ай, әйелдер-ай... Фатима: Сіздер, еркектер! Әйел атын арқалап жүргендерді адам-ау деп ойлайсыңдар ма, осы? Мәсбатыр:
Ойламасақ саған аулымызды билетіп қояр ма едік? Осында шақырып ақыл сұрар ма едік? Фатима: Шақырғаннан не пайда. Ақылдасқаннан не пайда. Бәрібір өздеріңнің айтқандарыңды істейсіңдер де тынасыңдар. Мәсбатыр: Бәйбіше сабыр ет! Ал, Сұлтанғали! Мен олардың жіберген құдаларын “билер шешіміне салайық” деп қайтарып жібердім. Сұлтанғали: Қиын болды ғой! Мәсбатыр: Бұл мәселені аяқтауды саған тапсырғалы отырмын. Мені бұл шаруаның шешімі табылғанға дейін Қожаназармен кездестірмеңдер. Фатима: Неге кездеспейсің? Өзің айтып райынан қайтармасаң, кім қайтарады? Сұлтанғали:
Бұл егес басталғанда мен қастарында тұрдым ғой. Шолпанжан артықтау сөз айтып жіберді. Мәсбатыр: Өмір бойғы достығымызды мен қатты бағалаймын. Сөзді өздерің бітіріңдер. Айласын табыңдар. Орындай алмайтын шарт қойыңдар. Сұлтанғали: Сонда қандай шарт қоймақпыз? Қыз сұраймыз ба? Жер сұраймыз ба? Мал сұраймыз ба? Мәсбатыр:
Қыз сұрасаң бере салады. Оңай құтылады. Жер сұрама. Жер сұраған жаулыққа шақырдым деген сөз. Дұрысы артық мал сұрап бетін қайтарыңдар. Бір қалыңның орнына бес қалың, жеті қалың сұраңдар. Малдарың анадай болсын, мынадай болсын деп сөз туғызыңдар... Мен білмеймін... Сұлтанғали! Саған тапсырдым... Сен осы істі шатақсыз тындыр. Сұлтанғали: Бәріне көне берсе қайтеміз? Мәсбатыр: Әй сен кімнің биісің? Нағашыларыңа бүйрегің бұрып бара жатқан жоқ па? Болды. Әуелден ойланып ал, орындалуы қиын шарт қой! Құдайдың салғанын көрерміз. Құдай басқа салса көнерміз... Фатима:
Ақсақал-ау! Көнермізің не? Жұлдыздай жалғызыңды қалай қимақсың, жасы жетпіске жақындаған шалға? Баланың бақытын байлап... Мәсбатыр: Шолпанға кім тең екенін жалғыз Алла біледі. Қызың дұрыс жерге барса бір елдің анасы да, панасы да сол болар! Қыз бақыты, ана бақыты деген өзімен жасты баламен аз күн ойнау емес. Фатима: Қалай болғанда да он жеті мен алпыс жетіні қалай теңестіресің? Теңеспейді ғой! Мәсбатыр: Естіп отырсың ғой. Сұлтанғали қолдан келгеннің бәрін істеуге тырысар. Алдын ала пішіп болмас. Мен ашықтан ашық оған қыз бермеймін деп айта алмаймын. Фатима: Неге жасқанасыңдар сол кісіден? Мәсбатыр: Жасқанбаймыз, сыйлаймыз. Фатима:
Несін сыйлайсыңдар? Мәсбатыр: Еткен еңбегін сыйлаймыз. Кешегі аласапыран заманда қалмақжоңғармен соғысу оңай шаруа болған жоқ. Соғысқа аттанған сарбаздарға да, заман тарықтырған елге де байдың малы мен батырдың қайраты керек болған еді. Қожаназардың жігері мен жылқысы қажет болған еді. Фатима:
Еліме пайдам тиді деп елдің баласына зиян салмақ па? Мәсбатыр: Әй, бәйбіше! Жауға мінер тұлпар өсіріп, оны мың-мыңдап айдатқанда Қожаназар керек болған! Сарбаздарға азыққа деп отар-отар қойын айдағанда Қожаназар керек болған! Бір Байұлына емес бар қазаққа керек болған! Енді не боп қалды?! Сұлтанғали: Қожекеңнің еркелігін көтермейтін он екі ата Байұлыда кісі табыла қоймас?... Қожаназар: Шолпанның әке-шешесіне еркелеуге қақысы болса, Қожаназардың қазақ халқына өкпелеуге қақысы бар! Солай бәйбіше... Ендігі жерде бұл мәселені қайта-қайта қозғай берме! Фатима: Онда мынау ненің ойыны? Мәсбатыр:
Бұ да ойын емес. Баламның алдындағы әкелік міндетім! Фатима: Түсінікті болды... Шымылдық Төртінші көрініс. Билер шешімі Беріш биі Сұлтанғали, адай биі Орынбор, Есберді және Ара би бас қосады. Ара би мен Сұлтанғали қастарында қосшы жігіттері болады. Ара би: Ал, билер, ел біздерге сеніп бір істі тапсырған екен! Соны аталар жолына сүйеніп, кейін билерге, мына біздерге кінә арта алмайтындай етіп тындырсақ керек. Сөзді кім бастайды? Орынбор: Үй иесісің ғой, сөз баста Сұлтанғали! Сұлтанғали:
О не дегенің! Мен үйім деп сені қонаққа шақырып па екенмін? Тыптыныш отырған ел арасына жоқ жерден сөз, жоқ жерден дау тастап, лаңыңды тигізіп отырған өзің емес пе? Баста сөзіңді! Қалай сайрар екенсің? Айт ойыңды! Қалай ақталар екенсің? Орынбор:
Не дейді мына Сұлтағали? Би атың бар емес пе? Әңгіме басында өзің болыпсың! Қыздарыңның көргенсіздігі үшін сол жерде өзің ұялыпсың! Енді қалай мен кінәлі бола қаламын? Ара би: Көштің байсал тапқаны, көкорайға қонғаны. Даудың байсал тапқаны төрешіге барғаны – депті ғой, үлкендеріміз. Бүгін біздер үлкендердің сол үмітін ақтап шығуға тырысалық. Бұл басталып кеткен даудың байсал табатын күні – бүгінгі күн екенін естен шығармаңдар, билер! Орынбор: Дұрыс. Жақсы еске салдыңыз. Ара би:
“Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден” деген. Екеуіңді бүгін жүздестіргенде ағайын ауылдар осы әңгімеге араздасып кетпесін деп жүздестіріп отыр. Екеуіңе ел атынан сөз бергенде ағайын арасы ажырасып кетпесін, түсініссін деп сөз беріп отыр. Осы мәселені шешуге, екі ел пайдасына шешуге деп жіберіп отыр. Мені де сол үшін алдыртып, “ара би” атандырып отыр! Қалай деп ойлайсыңдар? Мынау дауға шешім іздеу қажет пе?! Жоқ әлде әркім өзімдікі дұрыс еді деп далаға лағамыз ба?.. Мен бұл шаруаның артында дау қалмағанын қалаймын. Екі би “дұрыс, дұрыс” деп бастарын изеседі.
Ара би: Дұрыс болса жөндеріңе көшіңдер! Бірден ұстаса кеткендерің мынау түйіліп тұрған түйінді шешу үшін емес, түйе түсу үшін жасалынған тірлік болады. Бұған не дейсіңдер? Орынбор: Ара ағайынның мақсаты да, сөзі де осылай болса керек! Біздің ондай ойға қарсы айтар ештеңеміз жоқ. Сұлтанғали: Ей, адай! Барлық пәлені бастап жіберіп енді мүләйім бола қалма! Сендердің жүріп өткен жерлерің дау мен жанжал! Сіздер мыңғыртып мал айдағандарыңа мастанып бара жатырсыңдар! Тасып барасыңдар! Бастарыңның көптігіне мақтанасыңдар! Асып барасыңдар! Орынбор:
Құрметті Сұлтанғали би! Бізге “қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан” жаласын жауып отырсың! Сұлтанғали: Қалай-қалай сөйлейді! Бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалуын! Орынбор: Сұлтанғали би! “Жаптым жала, жақтым күйе” дейтіндей сөздерден аулақ болалық! Ондай сөз әділет ойлаған кісінің, дауға шешім табуды ойлаған кісінің сөзі болмайды! Сұлтанғали: Орынбор! Шыныңды айтшы! Берсе қолынан, бермесе жолынан деп түйіліп отырсың ғой! Ара би: Жоқ, болмайды екен! Біз бірден істің жөніне көшелік! Билер: Көшсек көшелік. Ара би:
Істің жөніне көшер болсақ – біз бір-ақ нәрсенің басын ашып алуымыз қажет деп ойлап отырмын. Ол – Қожаназардың Мәсбатыр қызы Шолпанды өзіне әйелдікке айттыруының шариғат жолы мен ата жолына қайшылығы жоқ па? Әуелі соны анықтап алу қажет! Не дейсің Сұлтанғали! Сұлтанғали: Қожаназар бай Мәсбатырдың қызын өзіне айттыруға қақысы жоқ еді. Олар, Мәсбатыр мен Қожаназар, ақыреттік достар! Ақыреттік достар о дүниеде иманын да бөлісетін жақын жандар! Мұсылманшылық жолы солай дейді. Бұ дүниеде ақыреттік достардан бір-біріне жақын ешкім жоқ! Досының қызын айттыруға қақысы жоқ еді! Орынбор: Ауыз ашса сыр көрінеді,
Есік ашса төр көрінеді – деген, Сұлтеке. Ара би: Сен не айтасың, Орынбор! Орынбор: Олардың дос екені рас. Бірақ дос пен дос бір-бірінің қызын айттырмайды деген жоралғыны қазақ атам айтпаған, пайдаланбаған. Бірбіріне қыз беру – жақындасудың, туыс болудың ең тиімді жолы, ол. Қазақ халқы үйлену жөнінде ешкімнен де үлгі алмаған ел. Ал мұсылманшылық дегенің арабтар болса, олар немерелерін бір-біріне бере беретін ел деп естиміз. Сұлтанғали: Мен арабтардан үлгі ал деп отырған жоқпын. Мұсылманшылық жолын айтып отырмын. Орынбор:
Бұл құдалықтың мұсылманшылыққа да қайшылығы жоқ. Мұсылманшылықта ақыреттік дос дейтіндер тіпті о дүниеде имандары мен күнәларын тең бөліседі екен. Бірақ ақыреттік дос деп құран ұстасып анттасқандарды атайтын болса керек. Ал біздер Қожаназар мен Мәсбатыр, құран ұстасып анттасқан екен деген сөзді естімеппіз. Ара би: Сұлтанғали! Мәсбатыр мен Қожаназар арасында әлгідей, ақыреттік анттың, болған-болмағанын анықтаймыз ба, сонда? Не дейсің бұған, Сұлтанғали би! Сұлтанғали: Қажеті болмас! Орынбор: Мен де солай ойлаймын! Ара би: Демек, досы Мәсбатырдың қызын Қожаназардың өзіне айттыруға бөгет болар ештеңе жоқ деп есептейміз. Орынбор:
Ол әуелден де талассыз нәрсе болатын. Сұлтанғали би де басын изейді. Ара би: Сұлтанғали би! Мәсбатырдың қызын айттырып отырған жаққа қыз бермейміз дейтіндей дәлелі бар ма? Сұлтанғали: Жеке басына тағар кінәсі жоқ секілді. Ара би: Мәсбатыр бай бар билікті біздерге беріпті. Құдалық жолы ата-баба ғұрпына қайшы емес деп шештік. Олай болса енді біздерге қыздың қалыңмалының жобасын анықтау ғана қалады. Орынбор: Кейін созбидаға түсіп кетпес үшін қыздың ұзатылу тойының да шамасын анықтай кеткеніміз дұрыс болар. Ара би:
Сұлтанғали! Ендігі сөз өзіңде! Біз бір қыз қалың малының жобасын 90 тұсақ, 9 байтал деп бағаласақ деймін. Заттай тоғыздарын өздері шеше жатар. Күйеу мен қыз жасының алшақтығын салыстыра отырып бір қалыңға қосарың қандай болмақ, Сұлтанғали? Сұлтанғали: Шолпан қыздың сұлулығы мен ақылына қызықпаған бұл өңірде ешкім қалмаған. Нағыз меңсіз сұлудың өзі! Сондықтан да қыз қалың малы да ерекше болуы қажет. Мен Шолпанның қалың малы – меңі де бірдей, ені де бірдей 90 торы алаяқ байтал, 900 ақсарбас тұсақ дегелі отырмын!.. Ара би: Бұл он қыздың қалың малы емес пе?! Орынбор:
Сұлтанғали би! Жоба дейтін бар емес пе еді? Тіпті өздерің “Жайықтың суы қырық бөшке” деп шамалап қойған жоқ па едіңдер? Сұлтанғали: Бұл жиын маған ақыл айтатын жиын емес! Әлгі қалыңға көнсеңдер құдаларыңды жібере бересіңдер! Болмаса көшіп бара жатырған ел екенсіңдер, жолдарың болсын! Орынбор: Мал санының жобасыз көптігін есепке алмағанның өзінде меңі де бірдей, ені де бірдей сонша мал табылмайды деп, әдейі қашыртып отыр ғой! Бір-біріне сонша ұқсас малды бір байдың емес, байтақ жатқан беріштердің бар малынан табылады деп ойлайсыңдар ма? Сұлтанғали:
Жетпіске жақын жасы бар болса! Өзі өмір бойы қыз әкесімен дос, тамыр болса... Баланың балалықпен айтқан бір ауыз сөзіне шала бүлінсе... Соған бола осындай әрекетке барса... Тап сондай кісінің тағы біреуін анау ен адайыңнан таба алармын деп ойлайсың ба? Орынбор: Мына бидің бұ не дегені? Орынбор абдырап Есбердіге қарайды. Есберді: Сұлтанғали би! Торықпаңыз, Адайдан ондай кісі де табылады! Қорықпаңыз, соншалық мал да табылады. Той қамына кірісе беріңдер! Орынбор: Әкең осы күзге дейін демеп пе еді?.. Әлгідей малды таңдап, іздеп, сауын салып дегендей... Қанша уақыт керек!.. Есберді! Ореке! Санын да келтіреміз, өңін де келтіреміз! Сұлтанғали:
Шырағым, сәл сабыр ет! Мен шартымды әлі түгел айтып болған жоқпын! Ендеше, аты аталған мал дәл он бес күнде дайын болуы шарт. Егер дайын болмаса бұл әңгіме енді қайтып көтерілмейді деп серттеселік!.. Ара би бірдеңе дегісі келіп қомданады. Бірақ аузына сөз түспей жан-жағына қарай береді. Есберді: Бәрі енді түсінікті болды. Орындалмас шартпен орнымды сыйпатамын дейді ғой! Мәселе енді соған тірелсе қалғанын маған жүктеңдер! Дәл он бес күнде қыздың қалың малы қораларыңда болады. Содан бастап дәл он бес күнде қыздың ұзатылу тойы тағайындалсын! Орынбор: Шырағым ойланып сөйледің бе? Есберді: Мені ойсыз еді деп пе еді, біреу? Орынбор:
Жоқ. Бірақ әлгідей малды... Есберді: Әкем неге ылғи торыалааяқ айғыр мен ақсарбас қошқарға құмар десем, Алла Тағала әуелден бастап жүр екен ғой, оны, осы іске! Қасиетіңнен айналайын! Мына Сұлтанғали құда 90 торы алааяқ байтал, 900 ақсарбас тұсақ деп отыр ғой... Мен үстіне тағы бір қыз қалыңын қосамын. Шолпанның қалыңы айта жүрерліктей болсын – 99 торы алааяқ байтал, 999 ақсарбас тұсақ болатын болады! Сұлтанғали: (не айтарын білмей қалған кейіп танытады)
Тойға неге сонша асықтырдың? Есберді: Өмір бойы Тайсойғаннан басқа жер көрмеген беріш қызына, болашақ шешеме, қазақтың кең даласын көрсетуге асығып отырмын, мен!.. Біз биыл Шолпан шешеме жер көрсету үшін Тұзтөбе емес Орынборға дейін көшетін боламыз! Сұлтанғали: Елдің тойға дайындалуы қажет емес пе? Ара би: Сұлтанғали би! Бұлар сіздің бар айтқан талаптарыңа көніп отыр. Асып түсіп отыр. Он бес күнде әлгідей малды дайындаудан, тойға дайындалу қиын соға қоймас! Келіселік осыған. Билер “болсын, болсын” деседі. Есберді:
Қыз қалыңмалы түгенделген күннен бастап дәл екі жетіден кейін әкемнің тойын өткіземіз. Бұл елдің жаратулы жүйріктері дайын болар. Маған әкем бар малдың билігін беріп қойған. Өз малын өз қуанышына шашамын. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне 99 байтал тігемін. Түйе палуанға 33 байтал... Ара би: Дұрыс екен... Шашады екен... Шолпанжанның абыройын асырайын деген екен!.. Олай болса тойды ел арасы қашықтамай тұрғанда өткізіп алғаны да дұрыс. Есберді: Сіздер әлгідей малды адайлар таба алмайтын болар деп қапы қалып жүрмеңдер! Тойларыңа дайындала беріңдер. Сұлтанғали:
Есберді шырағым! Сөзің көтеріңкілеу екен. Егер келісілген қалыңмалды кезінде жеткізе алмасаңдар, Мәсбатыр байдың Шолпанының соңына сөз еріткендерің үшін бір қыздың қалыңы шамасында айып төлейсіңдер. Есберді: Сіздер он қыздың қалыңмалын сұрадыңыз. Біз көндік. Біз тіпті онға бірді қосып қыз бағасын арттыра түстік. Енді әлгі айтқан айыбыңызға да көнелік. Аз болып жатса үстіне бір қозылы қой қосалық! Сұлтанғали: (күліп жібереді) Мына шайтан баланың өткенде әзілге айтылған бір ауыз сөзді әдемі пайдаланғанын қарашы. Ара би:
Бұған да келіссеңдер біз барлық мәселеге шешім табылды деп есептейміз! Солай болуға да тиіс еді. Өмір бойы көкірегінен бір-біріне деген достық пейілі кетпеген, бірінің дауы мен арын бірге кектеген беріш пен адай ауылдарының іргесі енді бүтінделе түсетін болды деп есептейміз дағы. Екі елдің екі басты байы араларына жорға жүргізіп жатса ел достығы арта түспек. Қолын жаяды Ей, Жаратқан! Ей, Ұлы Алла Тағала! Қабылдаған осы билік шешімімізді елдің берекесіне жаза гөр! Төсек жаңартып жатқандардың бақытына жаза гөр! Екі ел ұрпақтарының татулығына жаз гөр! Аллаһу акбар! Беттерін сыйпасады. Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ. АРУ АНТЫ. Бірінші көрініс. Ақшолпан анты Киіз үй іші. Мәсбатыр бәйбішесімен оңаша отырады. Мәсбатыр: Бәйбіше! “Қызым теңіне кетпеді” деген қате түсініктен арылғаның дұрыс. Қожаназар бай сенің қызың түгіл хан қызына да лайық адам. Фатима: Мен оның басын кемсініп отыр ма екем! Жасын көпсініп отырған жоқпын ба? Сәндікке, сұлулыққа құмар еді, балапаным! Енді не болды? Әркімнің тісі тиіп мүжілген, шеті кетіліп, тоза бастаған жарық ағаш тостақтың қасына қойылған сырлы зереңдей болып, қалай отырар екен, Шолпаным-ай менің! Ақшолпаным-ай! (кемсеңдеп жылай бастайды) Мәсбатыр:
Бәйбіше! “Әркім сүйгеніне сәлем береді” демейтін бе еді, аталарымыз. Қожаназар пейілі сенің қызыңа түссе, оның бізді өзіне тең санағанынан болар. Алты алаш құрметтеген азаматты біз де құрметтелік... Қызметші әйел Ажар кіреді. Ажар: Қожаназар бай түсіп жатыр. Бәйбіше: Отағасы! Онысын қай жолға сыйғызасың, енді? Мәсбатыр: Жігіттерге айтыңдар! Бірден осы үйге кіргізсін. Ажар шығып кетеді. Бәйбіше! Енді о кісінің әр ісінен олқылық, әр сөзінен оғаштық іздеуден сақтан! Фатима: (кекесінмен) Тойы өтпей жатып, болашақ күйеу балаңды баса көктетіп, бірден үстіңе кіргіземісің? Мәсбатыр: Ол күйеу бала емес! Ол Алты Алаштың Қожаназары!
Тоқтал осымен! Жау жағадан алғанда, ит етектен аладының кейпіне түспе, енді! Фатима: Етегіңнен тартып қайтейін. Сөздің реті дағы. Ауызға түскесін айтылып жататын. Іштегі ыза дағы, адамды құстырып отыратын. Үйге Қожаназар мен Маната кіреді. Сәлемдесіп төрге озады. Маната: Мәсбатыр аға! Бұрын аға деуші едік, енді құда дейтін болдық. Құда, Құдағай амансыздар ма? Мәсбатыр: Аманбыз. Қожаназар:
Мәсбатыр! Бар өмірімізді екеуміз барлық байұлына адай-беріш дегізбей, арбаның алдыңғы дөңгелектеріндей ажырамай, қалған ағайындарға үлгі боп, ауыздың бірлігіне, елдің тірлігіне еңбек етіп келіп едік. Ашу үстінде, намысқа шауып, ақыры құрдасың осыған жетіпті. Мәсбатыр, айтшы! Құрдасым едің! Жекжатым едің! Шыныңды айтшы – маған өкпеңнің жобасы қаншалық? Мәсбатыр: Егер нағыз шынымды білгің келсе – шынымды айтайын! Менде саған деген ешқандай өкпе жоқ! Қожаназар: Сонда нең бар? Мәсбатыр:
Ел-жұртымның, қызымның көңілі үшін қолымнан келгенінше қарсы болып жүргенім рас. Бірақ менің ол қылықтарым жұрттың кейінгі өсек сөздерінен қашқан амалсыздық болатын. Қожаназар: Алла разы болсын, досым! Мен саған ризамын, Мәсбатыр! Мен бұл сөзіңді өле-өлгенше ұмытпаспын! Енді менің бір сұрағым бар. Шолпаныңды шақыршы. Оған әкешешесінің алдында айтар бір ауыз сөзім бар еді. Мәсбатыр: Ол қандай сөз? Қожаназар: Ол сіздердің алдарыңызда қызыңа айтылатын сөз. Мәсбатыр: (бәйбішесіне) Баланы шақырыңдаршы. Фатима шығып кетеді. Қожаназар:
Мәсбатыр! Жалған намысқа шауып біраз жерге барып қалғанымды байқамай қалыппын. Сол кезде Шолпанның сенің қызың екенін де, өзімнің алпыстың асуынан асып кеткенімді де естен шығарыппын. Кешірім өтінемін. Мәсбатыр: Сұлтанғали қалай болғанын айтқан. Баладан да үлкен қателік кеткен екен. Сол сөздерді Шолпанның аузына шайтан салды ма, әлде періште салды ма, ол белгісіз. Алланың жазмышы солай болар. Кешірім сұрап қайтесің, жаратқан алдында пиғылың ақ болса болады дағы. Қожаназар: Мені қинап жүрген біздің осы бірінші кездесуіміздің жөні еді. Достық пейіліңді сақтап қалғаныңа, мына сөзіңе дән риза болып отырмын, Мәсбатыр! Мәсбатыр:
Қожаназар! Менің де сенен сұрар кешірімім бар еді... Қыздың қалың малы шамадан тыс болды демегейсің. Бұл таласта менің мал іздемегеніме сен. Менің сенен өтінішім осы болмақ. Қожаназар: Оған сенімдімін. Мәсбатыр: Олай болса екеуміз түсіністік деп есептейміз дағы! Келгенің дұрыс болды-ау! Дұрыс болды-ау! Қожаназар: “Жақсының алды жайлы” деген осы дағы! Үйге Фатима мен Шолпан кіріп, отырады. Мәсбатыр: Қызым! Қожаназар бай сенің алдыңда айтатын бір ауыз сөзім бар еді дегесін шақыртып отырмын. Ал, Қожеке! Ол не сөз еді? Айта беріңіз. Қожаназар:
Шолпан шырағым! Үлкендіктің өз ерекшеліктері болады. Солардың бірі “үлкеннің сақалын сыйлау” деп аталатын еді. Өткенде ел алдында сол қасиет тұтып жүрген сақалымызды қошқардың күйегіне теңеп мені сабамнан шығарып жіберген сен едің. Сенен бір қателік кетті. Шолпан ыңғайсыздана шешесіне қарайды. Шешесі төмен қарайды. Үлкендіктің тағы бір белгісі – “сабыр сақтау” деп аталатын. Мен сенің сол сөзің үшін қатты кектенгеніме, қатты кеткеніме өкініштімін. Сабыр сақтай алмағаныма өкініштімін. Менен бір қателік кетті. Мына әке-шешеңнің алдында сол қателігімді мойындап, сенен де, бұлардан да кешірім өтінгелі келіп отырмын. Мәсбатыр:
Шолпанның да балалығы болған ғой. Әлгідей ауыр сөзді әкесіндей адамға қалай айтты десеңізші. Қожаназар: Екінші айтарым – сен қызықты алдан күтетін жас едің. Сол үмітіңді екі әйелдің үстіне кіргізіп, сенің арманды қызығыңды өшірмейін дедім. Фатима: Алла! Иә сәт! Қожаназар: Мен – бар қызықты артымда қалдырдым деген қарт едім. Егер өзің қаласаң осы сәттен бастап сенің басың, менен, бос. Мына әке-шешеңнің алдында айыбымды төлеймін де, қалың малымды қайтып аламын. Мәсбатыр: Апырым-ай, ә... Қожаназар: Тек қана менің әлгі сөзге қосарым – менің бұл шешімімді қалың малды ауырсынып айтып отыр деп түсінбеңдер!
Мен ұзақ жыл тамыр болған Мәсбатыр құрдасымның қызы Шолпанның аз күн көрер жастық шақ қызығынан айырмайын дедім! Мәсбатыр: Апырым-ай, ә... Бұлай аяқталады деп кім ойлаған... Фатима: Біздің ақсақал сізге шаң жуытпаушы еді. Кісілігіңізді әбден біліп болған екен ғой. Рахмет, Қожеке! Дұрыс болды. Енді ешқандай айып та жоқ, өкепе де жоқ. Рахмет, Сізге! Елге күлкі етпедіңіз, бізді. Мәсбатыр:
Балам! Бірдеңе десеші. Басың бос деп отыр ғой. Не айтасың? Шолпан: “Өзің көтермейтін сөзді басқаға айтпа” деген екен үлкендеріміз, біз соны айтыппыз. “Өзіңді өзің сыйламасаң, өзгеден сый дәметпе” депті даналар. Бірақ біз қыз аузынан шығуға тиіс емес сөзді айтыппыз. Сыйлануға тиіс емес едік. Бірақ Қожекеңнің құрметіне ұшыраппыз. Қожекең біз секілді ерке қызды жөнге келтіріп тастағандай ма, қалай өзі?... Мәсбатыр:
Тентегім менің! Ақылыңнан айналайын! Шолпан: Әке! Бұ кісі бұрын сіздің тентегіңізге бұғалығын тастап қылғындырып тұрып жуасытып алып еді. Жуасып едік. Тағдырға көндіріп еді. Көніп едік. Енді сол бұғалығын сыпырып алып, асау Шолпанды, шал тастап кеткен абыройсыз Шолпан етпек болған екен ғой! Ол ойы бола қоймас! Фатима: Қызым? Не деп кеттің? Шолпан: Бостандық бермекші екен ғой! Бірақ бізге сол бостандық керек пе, керек емес пе, оны сұрамай ма екен, бізден? Фатима: Қызым, ақылың бар ғой. Ойланып сөйлеші. Шолпан:
Маған енді ойдың да қажеті бола қоймас, анашым! Мен енді өзім үшін ойлайтын да, өзімді қамқорлай алатын да кісіге жолыққан секілдімін. Фатима: Сені түсінбедік қой? Шолпан: Түсінбейтін түгі де жоқ! Менің іздегенім де, күткенім де тап осындай адам болатын! Бастаған ісін жеріне жеткізбей тынбайтын болса!.. Бұның алдында барша жұрт басын иетін болса! Аузынан шыққан әр сөзін жалғызындай жақсы көретін болса!.. Әр берген уәдесін анасының арындай қорғайтын болса!.. Сонда маған осындай адамнан басқа кім керек екен! Менің іздегенім де сол болатын, теңім де сол болатын. Мен бұ кісінің ісі мен сөзіне, мінезі мен қайратына қатты риза болдым.
Қожеке! Егер сіз қарсы болмасаңыз мен сіздің қалған ғұмырыңызға, “өзіңіз айтқан төсектесіңіз болуға” дайынмын! Қожаназар орнынан оқыс ұшып тұрады. Басқалар да орындарынан тұрады. Жұрт не істерін білмей абдырап қалады. Қожаназар: Айналайын-ай! Ақшолпаным-ай! Менің алпыс бес жасымнан қырық жылды бірден қырқып тастадың ғой! Мені жирма бесіме қайта оралттың ғой! Шолпан: Егер олай болса, менің бұл сөзім сізге соншалықты жағымды болса... Қожаназар:
Жағымды сөздер... Сағынышты сөздер... Шолпан: Онда мен де дәл сіздей боп ант етемін. Әкем мен анамның алдында ант етемін! Ата-бабаларымның аруағымен Сізге адал жар болуға, сүйіп өтуге ант етемін. Мәсбатыр: Алла қабыл еткей! (Бетін сыйпайды). Шолпан: Тойды да кешіктірмей ана тентек ұлымыздың айтқанындай он бес күн ішінде өткіз деп сұрайтын боламын... Фатима: Болсын! Айтқаның болсын, жарығым! Жолың болсын, жарығым! (бетін сыйпайды). Қожаназар: Енді сенің атың Ақшолпан болады! Сен адайдың Ақшолпаны аталатын боласың!.. Мына мінезімен, мына ақылымен мен Ақшолпанның бір рулы елдің анасы атанатынына сенімдімін!
Қожаназар қолын созады. Қолын берген Ақшолпанды бауырына басады. Үйдегі адамдар бір-бірлеп шығып кетеді. Қожаназар: (бір қолымен Ақшоланды құшып тұрып, екінші қолын көкке көтереді) Ей, Алла! Өмір бойы өзіңе жалынумен келе жатыр едім! Бар етіп едің! Өмір бойы табынумен келе жатыр едім! Бай етіп едің! Толған шығармын дейтінмін! Болған шығармын дейтінмін! Жаратқан! Маған сақтағаның әлі көп екен ғой! Өтеусіз ете гөр! О, Жаратқан! Өтеусіз ете гөр! Ақшолпан: Амин! О, Жаратқан! Өтеусіз ете гөр! (екеуі де беттерін сыйпайды). Шымылдық Екінші көрініс. Отбасы Ақшолан үйде жалғыз. Үй заттарын жинастырып жүреді. Ақшолпан:
Отағасының да келетін уақыты болып қалды-ау! Сыртқа дауыстайды. Ақшолпан: Тұмар! Қымыз сапыртыңдар! Шәй қойыңдаршы! Отағасы шөлдеп келер. Сусыны мен шайы дайын болсын. Керегеде ілулі кішщкентай қамшыны қолына алады. Ақшолпан: Тұмар! Атасының Аққошақаны қамшысын ұмытып кетіпті ғой! “Атасының Аққошақаны” деп қайталап, қамшыға ерекше жылылықпен, мейіріммен қарап тұрады. Тұмар кіреді. Тұмар-Қожаназар: (Қожаназардың даусын салып, ойнақыланып) Менің көңілім қош болсын деп, Құдай Тағалам берген Қошаным! Сонша балаға мойын бұрмағанда мені мейірлі еткен Қошаным! Ақшолпанға пейілді еткен Қошаным! Менің Аққошақаным! Екеуі шаттанып күледі.
Ақшолпан: (Өзін-өзі қайталап) Отағасы! Нәрестені сонша жақсы көруге бола ма екен! Балаға сұқтана бермеші! Ниетіңіздің оғы өтер, көзіңіздің сұғы өтер дегендей! Ей Тәңірім! Ұзағынан бере гөр! Тұмар-Қожаназар: Қошанжаным қайда екен?! Ақшолпан-Қошан: (Ақшолпан баланың даусымен) А-ау! Тұмар-Қожаназар: Қошақаным қайда екен?! Ақшолпан-Қошан: Мынау екен! (өзін көрсетеді). Мынау екен! Мынау екен! Тұмар-Қожаназар: Аққошақаны кім екен! Ақшолпан-Қошан: Мен екен! Мен екен! Мен екен! Тұмар-Қожаназар: Жарығым менің! Ақшолпан-Қошан: Ата! Маған Қонай батырдың, сауытын әкеліп берем дегенің қайда? Қашан әкелесің? Тұмар-Қожаназар:
Әкелем! Әкеліп берем! Ақшолпан: Қонай батыр өзі әкеліп берем деген жоқ па еді? Тұмар-Қожаназар: Өзі әкеліп береді, болмаса Қонай батырдың ақсауытын Аққошақаныма өзім барып әкеліп беремін! Содан соң менің Аққошақаным ақбозатқа мініп ап, ақсауытты киіп ап, ақалмасты іліп ап, сарбаздарын шұбыртып, елдің жау жағыңа қорған боп, елін қорғар ер болады! Ел шетіне жау жібермеймін деп, жер шолады! Отырса отырған жері төр болады! Ақшолпан: Ер болады! Жер шолады! Атасының баласының отырған жері төр болады! Төр болады! Үйге Қожаназар кіреді. Қожаназар:
Әрине! Ер болады! Жер шолады, атасының баласы! Атасының баласының отырған жері төр болады! Төр болады! Ол қайда! Қайда менің жарығым! Қайда менің Аққошақаным! Ақшолпан: Таңатпай тайын алдыртқан. Жүрген шығар шапқылап. Қожаназар Ақшолпан қолынан қамшыны алады. Қожаназар: Қамшысын ұмытып кеткен бе? Үйге қызметші әйел кіреді. Қызметші әйел: Орынбор би мен Маната келіп түсіп жатыр. Сізде шаруасы бар көрінеді. Оңаша сөйлескісі келетінін білдіріпті. Қожаназар: Ең оңаша жер осы үйдің іші. Жігіттерге айт, осында алып келсін. Қызметші әйел шығып кетеді.
Шымылдық Үшінші көрініс. Суық хабар Қожаназар мен Ақшолпан үстіне Орынбор би мен Маната кіріп сәлемдеседі. Қожаназар: (көңілді үнмен) Уа-ғалайкум-ас-салам! Тойшылар! Қалай тез қайтқансыңдар? Ақшолпан: Жеңгесіне тойдан әкелген сарқытын беруге асыққан болар, Маната: Той артына қарай алмадық. Орынбасар: (ызалы үнмен) Той тез тарап кетті! Қожаназар: Жүрістерің қандай жұмбақ еді! Жүздерің қандай суық еді? Ақшолпан: Шыныменен жүздерің қандай суық еді? Айтары да оңып тұрмаса керек! Орынбор: Қожеке! Кешегі тойда түрікпендермен адайлар арасы тағы бүлініп тынды! Қожаназар:
Тағы басталды ма? Апырым-ай, барлық өміріміз жауласумен, жағаласумен өтетін болғаны ма? Бала-шағаны қызықтап бес күн тіршілік ете алмайтын болғаны ма, бұл адамдардың? Маната: Қожеке! Бұл хабарды Сізге оңаша отырып жеткізген дұрыс деп шешіп еді, билер. Қожаназар: Оңаша деген осы емес пе? Менің Ақшолпаннан жасырар еш сырым жоқ екенін басқа білмесе де осы екеуің білетін едіңдер ғой! Орынбор: Қожеке! Тым жағымсыздау хабар еді. Маната: Қожеке! Әйел адамға ауыр тиеді ме деп ойлап тұрмыз. Ақшолпан: Қожеке, мен шыға тұрсам қайтеді? Қожаназар:
Отыр! Түрікпендер мен адайлардың араларының бұзылғанына 50 жыл болған. Талай бұзылып, талай түзелген. Ал бастаңдар, не айтқалы келдіңдер? Маната: Қожеке-ай! Бізді қатты қинадыңыз ау! Орынбор: Бұл суық хабар еді! Хабардың Мына Қошанжанға қатысы болып тұр! Ақшолпан: Қошаны несі? Түрікпендердің Қошанда не алмағы бар екен? Алмағы болса әкесі бар емес пе? Елі бар емес пе? Маната: Ореке! Енді неде болса жарияға кететін болдық қой! Орынбор: Солай болды, қиын болды-ау! Қожаназар: Ау, жарқындарым! Күл-бүлтені тоқтатыңдаршы! Ақшолпан: Қожеке! Жүрегім соғып барады! Алқынып барамын! Айтсыншы зарықтырмай! Маната:
Кешегі тойда, ойда жоқта, тағы да жер дауы басталды. Сөзден дау пайда болды, даудан жау пайда болды. Ақыр аяғы жаман аяқталды. Қожаназар: Неден басталды? Орынбор: Ақындарды айтыстырамыз деп, барлық пәле солардың бір ауыз сөзінен туындады. Қожаназар: Сонымен... Ақшолпан: Сақтай гөр! Орынбор: Түрікпен ақыны “Маңғыстау біздің ата мекеніміз еді, адайлар зорлық жасады” деп сөзіне қосты. Сол бір ауыз сөзден от лап ете қалды. Ақшолпан: Маңғыстау кімнің ата мекені болғанда оған Қошанның қандай қатысы бар екен? Орынбор: Адайлар біздің ата мекеніміз еді деді. Түрікпендер жер біздікі еді деді. Қожаназар: Сонымен? Ақшолпан:
Құдай-ай, сақтай гөр өзің! Маната: Сонымен түркімендер анттасамыз деп жатыр. Орынбор: Анттасалық дейді! Бұл соңғы дау болсын дейді. Алла Тағала кімді жақтаса жер сонікі болсын дейді. Қожаназар: Ал, сосын. Маната: Егер Алла Тағала адайларды жақтаса біз Маңғыстауды адайларға біржолата қалдырып кетеміз деп жатыр. Қожаназар: Бұл соншалықты жағымсыз сөз емес секілді ғой! Орынбор: Антқа адам ұстамақ! Ол елдің ең қадірлі, ең жанды жеріне тиетін адам болуы керек деп шешіпті! Қожаназар: Аққошақаным-ай! (Қожаназар Ақшолпан қолынан баласының қамшысын алады). Тұзақ саған түскен екен ғой! Ақшолпан:
Антқа ұстайтыны несі? Баланы антқа ұстай ма екен? Маната: Түрікпендер сол сөзінен айнымай отыр. Ақшолпан: Жоқ! Мен қошақанымды антқа ұстата алмаспын! (Қожаназардың қолынан қамшыны алап бауырына басады). Қожаназар: Кесіп айтпа, Ақшолпан! Ақшолпан: Қожеке! Ақшолпаның емес күңің болайын! Ақшолпаның мен Аққошақақаныңды шырылдатпашы! Қожаназар: Сабыр етші! Ақшолпан: Қожеке! Ара түсші біз сорлыларға! Қожаназар: Ақшолпан! Есіңді жи! Ақшолпан:
Басыма күн туады деп ойламайтынмын! Қамқорым бар деуші едім! Құдайдың қаһарынан басқадан сескенбеуші едім! Өзіңе сенуші едім! Құтқара гөр, мына құрбандықтан! Қожаназар: (қатқыл дауыспен) Ақшолпан есіңді жи! Мен еліме қажет болса Ақшолпанның жалғызы Қошан емес, үш әйелден көрген жеті ұлымды да құрбан етуге даяр екенімді түсін!.. Ақшолпан: Антқа ұсталған адамның болашағы не болмақ? Қожаназар: Елге қажет болғанда қара орманымды талай жұмсағанмын!.. Талай шашқанмын!.. Алла тағы да берген. Соған ой жүгіртші, Ақшолпан!.. Іс сенің жеке басыңда емес! Іс ел басына түсіп тұр! Соны ойла, Ақшолпан!
Қожаназарлар шығып кетеді. Ақшолпан әрлі-берлі сенделіп жүре бастайды. Ақшолпан: Жаратқан-ай! Сақтай гөр жалғызымды!.. Жауларының оғынан сақтай гөр! Көздеріңің сұғынан сақтай гөр! Халықтың қарғысынан сақтай гөр!.. Ей, Алла Тағала! Жалғызымды жақтай гөр!.. Шымылдық ҮШІНШІ БӨЛІМ. ЕЛ АНТЫ Бірінші көрініс. Анттан соң Ант беру аяқталған. Шұбырған көпшілік. Түрікпендердің назары сынық.... Адайлар Алласына сыйынып шаттанып жатыр. “Алла!, Алла!”, “Бекет!, Бекет!” деген сөздер ауыздан ауызға таралып, даланы күңірентіп тұрады. Орынбор би тобы Қараман-Ата басына келеді. Тізерлей отырып тәу етеді.
Орынбор: Уа, қасиетті Қараман-Ата! Басыңа дау мен шу әкеліп тынышыңды алдық па?! Кешірім ете гөр! Өзіңнің демеуіңмен, Бекеттің сұрауымен Алла Тағаланың бізге мейірімі түсіпті, бүгін. Мәңгілік ете гөр, Жасаған! Ұзағынан бере гөр! Жаратқан! “Аминь” десіп, беттерін сыйпасады. Орындарынан тұрады. Орынбор: Шақырыңдар түрікпен билерін! Түрікпендер мен адайлардың билері соңғы келісімге жиналады. Орынбор:
Ал, түрікпен бауырлар! Тектес едік, туысқан едік! Туыстықтан қапы жоқ, қандас едік, түбі бір түркілер едік! Маңғыстау ата қонысымыз еді деп біз қайта оралып едік! Сіздер мекендеп, үйреніп қалғанмен түсіндіңдер! Маңғыстауда бәрімізге де жер жетеді дедіңдер! Рас па? Түрікпен биі: Айта бер! Орынбор: Ел тентексіз бола ма! Екі елдің де ессіздері көп екен! Жауластырды! Екі елдің де бұра сөйлейтіндері жетерлік екен! Арандатты! Араздастырды! Рас па? Түрікпен биі: Рас! Орынбор: Тату көрші болалық деп тырысқандар да аз болмады. Дос та болдып көрдік! Тамыр болып та қарадық! Қыз беріп, қыз алысып жекжат бола бастадық! Рас па? Түрікпен биі:
Рас! Орынбор: Бірақ алауыздық азаятын болмады. Ақыры тағдырымызды тағы да бір тентектің ісі шешті! Жағдайымызды бір ауыз сөздің желі биледі. Ел берекесін төгіп кетті. Халық қабырғасын сөгіп кетті. Енді біріге алмаспыз дедіңдер, Сіздер! Біз амалсыз сеніп отырмыз! Бұл жолы қатты кеттіңдер. Анттасамыз дедіңдер! Біз көніп отырмыз оған! Рас па, осыным! Түрікпен биі: Рас, Орынбор! Сен қашанда қоспай сөйлейтінсің! Орынбор: Анттастық! Алла Тағала адайларды қолдады деп елдің шулап жатқаны анау! Енді не айтасыңдар!? Түрікпен биі: Бұл жолғы ел арасындағы дауға жауапты біз болып қалыппыз ғой. Сіздер солай деп тұрсыздар ғой! Біз не деуші едік. Орынбор:
Олай деген біз емес болатын, сіз болатынсыз! Өз сөзімізден танбалық! Түрікпен биі: Мен сөзден таңғалы отырған жоқпын! Түрікпен халқы үшін ауыздан шыққан сөз – құран сөзіндей қасиетті! Түрікпен халқы берген уәдесін де – Алла бұйрығындай орындайды! Анттасалық дегенді бастаған біз едік. Сіздер көнген едіңдер!
Бес жасар баланы антқа ұстаңдар деп, әдетте жоқты шығарған да біз едік. Сіздер көнген едіңдер! Алла сол үшін бізді жазалаған болар! Қайтеміз енді?.. Енді біз не айталық?.. Түрікпендер Құдайдың да құлы, уәденің де құлы! Біз Алла атымен анттастық! Алла сіздерді жақтады! Антқа сенеміз дағы! Көнеміз дағы! Не делік, Маңғыстауды тастап көшеміз дағы! Рахымсыз қатал тағдыр-ай! Кім ойлаған бұлай болады деп... Даусы дірілдеп, сөйлей алмай булығып қалады. Орынбор: Олай болса, уәделерімізді құран сөзімен қуатты етелік! Алланың алдында өз үнімен антымызды бекітелік! Молдаларыңды шақырыңдар ортаға!
Молдалар ортаға шығып, тізерлесіп отырып қолдарын жаяды. Басқалар да солай істейді. Қазақ молдасы: Сіз бастаңыз!. Түркімен молдасы “бимиллаһи р-рахмани р-рахим” деп батасын бастайды. Шымылдық
ЕКІНШІ КӨРІНІС. ЕЛУ ЖЫЛ ӨТКЕН СОҢ. БЕКЕТ-АТА БАСЫНДА
Оғландыдағы Бекет-Ата мешітінің көрінісі. Мешіт алдында қарт шырақшы мен Маната әңгімелесіп отырады. Маната: Халің қалай інім? Жалғызсырамайсың ба? Шырақшы: Бұл жер адамды жалғызсыратпайтын жер ғой, жарықтық! Атаға зиярат етеміз деушілер келіп-кетіп жатады. Сосын Атанаң қасында жүріп адам жалғызсырай ма? Атаммен сөйлесімін, кәдімгідей. Сұрақ қоямын. Ол жауап береді. Әрине, ол болып өзім сөйлеймін. Солай күн өте береді. Бір топ зияратшылар келеді. Отырғандармен сәлемдеседі. Зияратшы: (шырақшыға)
Мен бұдан жиырма бес жыл бұрын Ата басына алғаш келгенде, бір шал осы жерде шырақшы еді. Ата, сол кісі қайда, әлде сіз сол шалдың өзісіз бе? Шырақшы: Мен Бекет-Ата басында шырақшы болғаныма да елу жыл болып қалған екен. Сол шалың да осы шал болар, балам. Маната: Е-е... Бұ кісі екеуміз не көрмедік дейсің! Баяғы, Қараман-Ата басында, екі ел анттасқанда түрікпендер сөзіне шыдамай шатақ шығарушылардың бірі біздің осы бала, сіздердің осы шырақшы шалдарың болатын. Шырақшы: Ол уақытта намыс деген пәле қураған тамызық шөптей лап ете қалушы еді ғой! Маната:
Намыс пен ерлік кезінде қауіпті көрінгенмен, ойлап қарасақ құрметті істер екен ғой. Шырақшы: Маната, ақсақал! Бір сұрауым болып отыр. Маната: Сұра інім. Шырақшы: Сіз кезінде Қожаназардың қосшысы болған, тек қосшысы емес сенімді жігіті болғаныңызды барша жұрт біле бермейді. Біз бен Сіз Бекетті де көзімізбен көрген кісілерміз. Оны да көпшілік біле бермейтін болар. Зияратшылар: Шулап кетеді Бекет-Атаны көрдіңіздер ме? Не дейді? Атаны көріп пе бұ кісілер? Рас па екен? Маната: Рас, рас. Бәрі рас. Ой шіркін күндер-ай! Шырақшы: Мына жұртымызға Бекет-Атамыз қатысқан, адайлар мен түрікпендердің анттасқаны туралы айтып берсеңізші. Маната:
Неге айтпаймыз. Айтамыз. Айтудан жалыққан емеспін. Ел жадынан өшпесін! Ұрпақ санасына құйыла берсін! Айтамыз! Сіздер де айтып жүріңіздер! Сол анттасудан бастап “Бекет” адай елінің ұранына айналған! Шырақшы: Дәл қай күні Бекет атының ел ұранына айналғанын ешкім дәл басып айта алмаса да, сол анттасудан басталып еді дейді ғой, көпшілік. Маната: Қараман-Ата басындағы антқа дейін Бекеттің зайырын талай көрген болатын, жұрт. Кейбіреулер “Бекет” деп ұран да шақыра бастаған. Бірақ қаптаған халықтың “Бекет, Бекет!” деп күңіренгенін сол жолы көрдік. Шырақшы:
Біздің ісіміз ақ болса, жолыңа садақа Аллатағала!, мына қара тұлпарды ат деп, саңқ ете қалып еді, Бекет! Даусы жетпеген жер, естімеген құлақ қалмаған болатын! Маната: Ой шіркін-ай! Бекет пен Қошан мініп тұрған мақпал жүнді көруге көз керек қара тұлпар аспанға шапшып барып жерге құлап түскен еді-ау, сол кезде!.. Ат Алла Тағаланың құдіретімен тұяқ серіппей кеткенде аспан асты, жер үсті “Бекет!, Бекет!” деп күңірене жөнелген болатын! Шырақшы: Сол сәт менің көз алдымнан күніне он рет өтетін болар! Маната:
Халқымыздың бақытына туған жан еді ғой! Сол анттасу болмаса, Бекеттің сұрағын Алла қабыл етпесе жаушылық заманнан құтыла алмай, түріпендермен әлі күнге жағаласып жүрер ме едік?.. Шырақшы: Аруағыңнан айналайын, Бекет-Ата! Ел басын талай біріктірді ғой! Маната: Бекет аты ұранға айналғалы елдің берекесі мен бірлігі, ырысы мен ынтымағы арта түсті. Зияратшы: Бекет атамыздың тілегін Алла Тағалада қабыл етіп, түрікпен елі Маңғыстауды босатып көшіп кетіпті дейді ғой, аталарымыз. Шырақшы: Солай болған! Маната: Рас! Шырақшы: О күндері ел тағдыры талай рет пышақ жүзінде тұрды ғой! Маната:
Сол күні Алла Тағала Бекет тілегін емес түрікпен тілегін қабыл етсе, арты не боларын кім білген? Қауіпті кезең болатын. Шырақшы: Қария! Сол күнді басынан бастап еске түсірші! Маната: Ол ант күнін еске түсірудің не қажеті бар! Ол өмір бойы көз алдымызда сақталып қалған көрініс емес пе! Бұл әңгімені біз тойдан басталық... Түрікпендер той жасап, адайларды шақырды. Біз Орынбор биге еріп, біраз адам тойға бардық. Жиналған адайлар сол тойдағы түрікпендерден аз емес еді.
Той басталған бойда ақындар айтысып кетті. Айтыс аяқталмай жатып дау туды. Дау арты билер талқысына түсті. Ақырында Қараман-Ата басында бір жетіден кейін анттасатын болды. Бәрі бір ауыз жел сөздің қырсығы! Шырақшы: Ел дүрлігіп кетті. Бес қаруды бойда ұстады. Маната: Сонымен жиналған ел біреулерді Бекет атаға, Оғландыға жұмсады. Қожаназарды ұлы Қошанмен алып келеміз деп Орынбор би екеуміз Қожаназар аулына тарттық. Шырақшы: Қожаназарға да оңай тимеген болар. Маната:
Ойбой! Қожекең дана адам еді ғой! Ол дауыс салып жылай бастаған Ақшолпанды тоқтатып: “Ел сұраса Ақшолпанның жалғызы Қошан емес, менің үш әйелден көрген жеті ұлымды да құрбан етуге даяр екенімді қалай түсінбейсің” – деді ғой, жарықтық! Жаны жәннәтта болғыр! Зияратшы: Ақшолпан шешеміз не деді? Маната: Ақшолпан не десін! Ол кісі де ақылды адам болатын. Ешқашан Қожекеңнің айтқанына қарсы келмейтін. Жаратқан-ай! Сақтай гөр жалғызымды! – деп жылай бастағанда Қожекең Ақшолпанға:
Тек! Ақшолпан, бұның не? Екі бірдей ел, түрікпен, қазақ қосылып халыққа қадірлі еді деп сенің балаңды таңдап отырса, оған жылаудың орнына қуану қажет емес пе? Жылама! Шақырма, жамандықты, басыңа – деген еді. Маната: Ант беру кезінде қап-қара ат мініп, алдына бес жасар Қошанды алып Бекет ортаға шыққан кезде, бәріміз де жандарымызды шүбірекке түйгендей болғанбыз. Зияратшы: Ойпырмай! Сондай жерде кісі не айтады екен? Маната: Бекет те бала да ақкиімді екен! Шымқай қара ат үстінде аппақ киімді адамдар ерекше әсер ете ме? Жұрт сілтідей тына қалды. Бекет атаның даусы зор екен. Жарықтық, саңқылдап сөйлеп кетті дейсің!..
Маната қомданыңқырап тізерлеп отырып Бекет сөзін қайталап кетеді. Ау, жамағат! – деп, қолын көтерді, әуелі. Алла дейтін әр пенде үш нәрсеге ниетті болуы керек: Өзіңнің Ұлы Жаратушыға деген ынтазарлығын мақтан тұту ниеті... Өз аузынан шыққан сөзіне адал болу ниеті... Өз жүргінде оянған ел мен жерге деген сезімдерді сыйлау ниеті... ...Осы үшеуі адамды Азамат атандырады! ...Осы үшеуі адамдар тіршілігіне жылу, бетіне шырай таратады! ...Осы үшеуі ел мен елді табыстырады!
Осы үшеуін түгендей алмаған пенделер қырсығынан бүгін екі ел дауласқалы жатыр! Оның арты жауласуға соқпасына кім кепіл!? Бұрын да талай рет тентектің тентектігіне ылығамыз деп, азғырушының сөзіне ереміз деп екі елдің қырғый қабақ болғаны аз ба еді!? Енді бүгін солардың қырсығынан анттасқалы жатырсыңдар! Анттасуды Алла қаламаған! Кімнің ақ екенін, кімнің жалған екенін тек қана бір Алла біледі. Оны мына сіздердің бүгін берер анттарың анықтамайды... Жиналған жамағат! Адай, түрікпен бауырлар! Араша! Араша!.. Мен араша сұраймын! Тоқтаталық! Жер жетеді! Бірге өмір сүрелік! Бірге ұрпақ өсірелік! Алланың бізге сыйлаған қасиетті жері бәрімізге ортақ! Бәрімізді асырайды, бәрімізге пана болады!
Зияратшылар: “Қасиетіңнен айналайын! Сөз-ақ екен!” – деп жатады. Шырақшы: Бекет – адамдарды түрікпен, қазақ деп бөлмейтін. Маната: Сол кезде ортаға Орынбор би шықты. Түрікпен ағайындар! Бекеттің сөзін естідіңдер ғой! Ол бүгін бергелі отырған анттарың ақ-қараны анықтамайды деді ғой! Сіздер қалай ойлайсыңдар! Не дейсіңдер бұл сөзге! – деп еді. Шырақшы: Ештеңеге илікпейтін түрікпен биінің “Ант! Ант! Ант!” деп үш рет жауап қайтарған даусы менің құлағымды әлі тұр. Маната:
Содан кейін Бекет сөзін қайта бастап кетті. “Ант” деп үш қайталадыңдар! Анттасамыз деп зорлап отырған сіздерсіздер, түрікпен ағайындар! Бірлікке шақырып едік, қабылдамадыңдар! Пәтуаға шақырып едік, илікпедіңдер! Енді қайтеміз?.. Енді Алладан тілек тілейміз дағы!.. Бірақ бір-бірімізге жамандық тілемелік! Шырақшы: Сол кезде түрікпен биі: “Баста Бекет! Тіле Алладан тілегіңді! Бер антыңды! Дәлелде ақтығыңды!” – деп айқайлап жіберді. Маната:
Құданың құдіреті ұзақты күнге қаққан қазықтай қозғалмай тұрған қара атқа жан біткендей болып, тұрған жерінде шыр айнала, қозғала бастады. Жиналған мыңдаған халықтың құлағын жаңғырта сол кезде Бекеттің дауы қайтадан саңқылдап кетті. Екі алақанын көкке көтеріп: Ей, Ұлы Жаратқан! Біздің ісіміз ақ болса, өз жолыңа садақа, мына қара тұлпарды ат! Ей, Ұлы Жаратқан! Біздің ісіміз қара болса мына бізді ат! – деп үлгерді, тек қана. Сол сәтте қара тұлпар аспанға шаншыла шапшып, шалқалай құлап түсті. Бекет пен Қошан аяқтарымен тік түсіп, аман қалды. Аспан асты күңіреніп кетіп еді, сол мезет!.. Зияратшы:
Құдірет-ай! Маната: Біреулер күн күркіреп еді деп жүрді, кейін... Біреулер қара атқа найзағай түсті десті... Шырақшы: “Бізді ат” деп қолындағы етік тігетін бізді ер басына шаншыған екен дейді, жұрт! Содан барып Бекет адайлардың Алла Тағала алдындағы күнәсін етік тігетін бізге аударған екен деп таңдайын қағатын еді, үлкендер... Зияратшы: Қайран аруақты бабалар-ай! Шырақшы: Бұны біз көзімізбен көрдік. Ерге шаншыған біз ортасынан қақ бөлінген екен. Маната: Ісіміз ақ болса, өз жолыңа садақа деп атаған қара тұлпардың тұяқ серіппей кеткені Алланың адайлар садақасын қабыл еткені, істің ақтығы деп қабылданды. Зияратшы:
Біздің қақ бөлінгені не сонда? Шырақшы: Ел тентексіз бола ма? Күнәсіз адам бола ма? Бекет-Ата бізді ат деп тілек тілегенде адайларды емес, етік тігетін бізді ниет еткен дейді. Алла ниетін қабыл еткен. Содан барып біз қақ бөлінген. Бекеттің қасиеті, құдіреттің күші деген осы!.. Зияратшылар: Бекет! Бекет! – деп, толқи бастайды... Маната: Сол ант берген кез есіме түссе, көз алдыма сол күнгі адайлардың шексіз бақытты, шатты жүздері келеді... Құлағыма Қараман-Ата басынан жан-жаққа тарап бара жатқан аттылардың тұяқ дүбірі мен жұрттың “Бекет!, Бекет!” деп ұран шақырған даусы келеді... Зияратшы:
Аруағыңнан айналайые атажан! Маната: Сол “Бекет” ұранымен адайлар ортасына бірлік пен береке де кірген еді... Зияратшылар: Бекет! Бекет! Бекет-Ата! Ер Бекет! Пір Бекет! деп қайталай бастайды... Шымылдық жабылады. “Алла!, Бекет!” деген дауыстар қабаттаса естіледі. “Бекет! Бекет! Бекет!” деп ұран шақырған дауыстар естіледі.... “Бекет” деген ұран дауыстарға алыстап бара жатқан ат тұяғының дүбірі қосылады. Сахна сыртынан “Бекет-Ата” әні естіледі... Бекет-Ата Өлеңін жазған Сайын Назарбекұлы Әнін жазған Өмірзақ Оспанов Анттасқан шақта ары да болған елiнiң, Ұл-қызын қорғап арқасын тосқан керiмiм. Адассам бағдар, нұр шашқан Темiрқазығым,
Жасыса намыс суарып алар көрiгiм. Ер Бекет-ата, өзiңсiң елдiң ұраны, Көтерген туың желбiрей жайнап тұр әлi. Маңғыстау ойы, даласы қазақ Пiр тұтты, Өзiңе арнап лаулайды жаққан шырағы. Қайырмасы: Шұғыла шашып мейiрiн маңға тарата, Алысты жақын етедi ғажап бiр Ата. Желей гөр Ата, жебей гөр Ата – бата бер, Ер Бекет-Ата, Әулие-Ата, Пiр-Ата! Ер Бекет-Ата, Әулие-Ата, бата бер Ата, Пiр Бекет-Ата! Сайын Назарбекұлы Ақтау. 2006 ж. Адайдың жеті қайқысы Музыкалы драма. Музыкалық арқау – адайдың жыр күйлері
Осы еңбегімді қазақ халқының ән мен күй өнерін жинақтауға, әсіресе маңғыстаулық қайқылар мен сайқылар еңбегін жарыққа шығарып, елге танытуға бар ғұмырын арнаған құрдасым, досым Ізбасар Шыртановқа арнадым. Басты кейіпкерлер Бәйімбет бай 70 жаста Бай бәйбішесі 60 жаста Иса би Тіленбай ұлы 65 жаста 1829-1909 Ермембет би 57 жаста 1837-1909 Мәтжан би 53 жаста 1841-1929 Тастемір Шыршығұлұлы 41 жаста Жылкелді Теңізбайұлы 39 жаста 1855-1938 Шолтаман Байсарыұлы, 35 жаста Досат Маяұлы 35 жаста Өскенбай Қалмамбетұлы 34 жаста 1860-1925 Тұрсын Алдашұлы 32 жаста Әділ Өтеғұлұлы 29 жаста Қалнияз ақын 79 жаста 1816-1902 Ақтан
45 жаста 1850-1912 Аралбай 40 жаста 1854-1914 Мұрын жырау 35 жаста 1822-1910 Қоштай бай 35 жаста Сәттіғұл Жанғабылұлы 20 жаста 1876-1966 Айша биші 20 жаста Ғайша биші 17 жаста Айшаның атасы Жамал әнші Үлкен келін Кіші келін Бірінші жігіт Екінші жігіт Хиуа ханы Бақшы Дутаршы Шал, аңқау палуан, кісі, сәнді келіншек, екінші келіншек, үшінші келіншек, бірінші кісі, екінші кісі және басқалар. Асқа жиналған көпшілік Қойылым желісі – Ақ Кетік қаласының маңында берілер асқа дайындық және ас. Бірінші бөлім – асқа дайындық, 1894 жыл; Екінші бөлім – ас, 1895 жыл.
БІРІНШІ БӨЛІМ. АСҚА ДАЙЫНДЫҚ. 1894 ЖЫЛ.
Бәйімбет бай Ақ Кетік қаласы маңында әкесіне ас беретін болып, бір жыл бұрын сегіз арыс адайға сауын айтқызғалы Иса, Ермембет, Мәтжан билер мен Қоштай байды, Шолтаман, Жылкелді әншілерді шақырып мәжіліс құрады. Шалқыған көк теңіз жағасына жақын тігілген Бәйімбет бай ауылы. Бірінші көрініс. Бәймембет бай үйі. Шолтаман өнері. Шымылдық әлі ашылмаған. Адайдың жыр күйлерінің сазы естіліп тұрады. Жыр күй сазы Шолтаманның әніне жалғасады. Шолтаман: Барады аулым көшіп Көлтабанға, Салайын Сарыөзенде Шолтаманға. Қырмызы қызыл заман амалың көп, Жолығып қалма бір күн қыран паңға. Дауыс: Шолтаман ән салып жатыр!..
Шымылдық ашылады. Ұлттық жиһаздармен, мүліктермен сәндендірілген Бәйімбет байдың киіз үйі. Кереге бастарына ақбас ер, қабы сүйектелген қылыш, қалы керме, домбыра, торсық секілді заттар ілінген. Иса би, Ермембет би, Мәтжан би, Қоштай бай, Бәйімбет бай Шолтаманды жырлатып отырады. Ерте көктем. Адамдар киімі күннің әлі салқын екенін байқатады. Шолтаман: Дүние қозғалады тимесеңде, Өткен күн қарайламас сүйресеңде. Кездессең ажал итке амалың жоқ, Ғаламды он сегіз мың билесеңде. Дүние қызыл түлкі бұлаңдаған, Айтпаса кімнің сырын кім аңдаған. Жан барда, ей жігіттер, сырласып қал, Бұл дәурен өтпей бастан тұра алмаған.
Шолтаман әнін аяқтап, жыр күй сазын ширата тағы бір қайталай тартып өтеді. Бәйімбет бай: Пай, пай шіркін-ай! Бұл дәурен өтпей бастан тұра алмаған дейді-ау! Жарықтық аталар әуені-ай! Құлаққа қандай жағымды! Жұрекке қандай сіңімді! Туған ел сазы деген осы... Ермембет би: Балалық шақтан өтіп, есін дұрыс қалыптастырған барлық пенде туған ел, туған жер деген сөздерсіз өмір сүре алмақ емес. Иса би: Адам пендесінің туған жер деп табынатыны өзінің жаралған топырағы болса, туған ел дейтіні түсінісетін тілі мен сүйсінісетін осы әуендері секілді.
Мәтжан би: Жақсы айттыңыз-ау, Ермембет би! Жеткізіп айттыңыз-ау, Иса-еке! Елді ел етіп біріктіріп тұратын да, солардың мінездері мен қасиеттерін сақтап тұратын да сол әуендер мен саздар... Қоштай бай: (кербездене сөйлейтін кісі) Мәтжан аға! Біздердің адамдар деп жүргеніміз, ел деп жүргеніміз сонда әлгі жыршылардың ыңылы мен домбыраның дыңылы болғаны ма? Кекеткендей болып күледі. Мәтжан би: Ай, Қоштайжан-ай! Сұрағыңды астарлап отыр екенсің. Сенің сөзіңді түсіну үшін ерекше ойдың қажеті шамалы. Кішкене ойланып отырып қалады.
Мәтжан би: Ал біздің сөзімізді түсіну үшін сол нәрсе керегірек. Кейбіреулерге жыршылардың ыңылы мен домбыраның дыңылы күлкілі нәрсе болып көрінсе, маған сол ыңыл мен дыңыл бабалардың өсиеті, тіпті бұйрығы секілді болып естіледі. Олар: біз жырлап өткен әуенді бұзып алмаңдар, біз салып кеткен соқпақтан адасып қалмаңдар деп саздары мен сөздеріне, көп байқала бермейтін, бір қоңыр ызың енгізіп қойған секілді. Қоштай бай: Ол қандай ызың болды екен? Мәтжан би: Аталардың сол ызыңын түсіну үшін осы әншілер салатын әуендер мен күйшілер шығаратын күй саздарын жүрекпен тыңдап байқаңдаршы. Жүректеріңе жетіп қалар. Ал жүрекке жетті болды, онда сол саздар мен мақалдардың аржағында ылғи күзетте тұрған бір рух бар екені байқала бастайды. Мен соны сезетін секілдімін.
Иса би: Ән де, саз да, Шолтаманның өзі де сіздер сөйлеп отырған тіл де, осы отырған бәріміз де, сол баяғы біз көрген шалдардың елесі, рухы емеспіз бе!? Мәтжан би: Осындай саздарды естігенде Абыл ақын мен Абыл күйшілер желке жағымда тұрып алып "естідің бе?", "естісең ойландың ба?" деп, күбірлеп тұрғандай әсер аламын. Қоштай бай: (сескенгендей болады) Ей Алла! Сақтай гөр өзің! Мәтжан би: Ол ол ма, тіпті кей-кезде домбыра үні сонау Сыпыра мен Доспамбеттердің күрсінісі ме, Қазтуған мен Ақтамбердінің зары ма дегізеді... Ермембет би: Әй Мәтжан! Осы сіздерді, жарыларды айтамын, "сағыр жары" дейтіндер текке айтып жүрген жоқ-ау, асылы! Жастар жастар ғой, тіпті Мәтжан мырза, өзіңді де бірдеңе шалықтап жүрген жоқ па?
Баймембет басын шайқап, жымиып күледі. Иса би сақтана екі биге кезеккезек сақтана қарап қалады. Мәтжан би: (аздап қуланып отырғаны байқалады) Ереке мен сізге бір қызық әңгіме айтып берейін бе? Ермембет би: Ал айт! Айта ғой! Мәтжан би: Жақын арада біраз еріккен сенің інілерің, есендерді айтамын, бір жары жиенінің үйіне қыдырып барыпты. Қонақ болады. Құрмет көреді. Кетерінде шаруа сұрасады. Әлгілер, есендерді айтамын, тамақтарын тойдырып алып, көп шаруамыз жоқ, шаруамыз жарылардың сағырларының санағын алып жүр едік депті. Ермембет би: Мәтжан, бірдеңе бүлдірейін деп отырсың-ау, осы, қағынған!
Қоштай Мәтжанға дәмете қарап қалған. Иса би де Мәтжаннан оқыс қимыл күтіп қалады. Мәтжан би: Мен не бүлдіруші едім. Бүлдіріп жүрген сенің інілерің. Қоштай бай: Ал, сонымен!
Мәтжан би: Сонымен не болсын! Жарының сағырлары деп, Ерекеңнің інілері біраз жарылардың аты-жөнін түгендеп, санап шығыпты. Болғаны сол! Қоштай бай: (назырқап қалады) Қалай? Болғаны сол?! Ермембет би: Шыныменен болғаны сол ма? (ол да таңырқайды) Мәтжан би: Айтпақшы, мен айтуға ұмытып барады екенмін ғой. Үй иесі де қарап қалмай, сағыр деп есендердің тізімге тізген жарылардың нағашыларын түгендеуге кірісіпті. Сөйтсе, сағыр жары деп айдар таққандардың нағашылары түгелдей есен болып шығыпты. Жұрт шу күледі.
Ермембет би: (сақтана) Ал сосын! Мәтжан би: Сосын не болсын! "Жарының нағашысы есен болса, баласы сағыр туады" дейтін мәтел шығыпты. Қазір жарының шалдары: есен түгілі жеменейден қыз алмаймыз, тұқымымыз түгел сағыр болып кетуге айналды! Енді ол ауылға құда түсуді тоқтатыңдар! Қаратаудан асып тобыш ауылдарына барыңдар, Жем, Сағыздан өтіп он екі ата Байұлына барыңдар. Сол жақтан құда іздеңдер деп үгіт айтып жатырған көрінеді. Енді сіздің жігіттер сағыр жарының тізімін емес отырып қалған кәрі қыздарының тізімін алып әуре болатын болар! Отырғандар күлісіп қалады. Ермембет би: Әй қағынғыр, Мәтжан-ай! Бүлдірейін деп отырғаныңды сезіп едім!
Бәйімбет бай: Бүлдіріп бастаған өзің едің, Ермембет, Мәтжан аяқтап берді. Иса би: Ал билер, бас жаққа барыспалық! Біздің де нағашыларымыз жеменей еді. Өзімізді ешкімнен кем санамаймыз.
Ермембет би: Мына Мәтжанның құлағына сыбырлайтындары бар болар асылы. Иса би: Сыбырласа несі бар! 360 әулие әр қайсысы бір-бір өнерліні қамқорласа болды емес пе! Маңғыстаудың қара ойы қашанда баталы ұлға, боталы нарға бай болатыны неліктен дейсің?! Солардың арқасы. Шолтаман секілділер де солардың батасынан жаралатын болар! Дауысы қандай еді! Мәтжан би: Бірақ бұ заманда ата аруғы мен баба батасынан жаралғандардан гөрі сайтанның сандырағынан жаралғандар көбейіп бара жатырған секілді. Ермембет би: Ата сөзін өз даналығы көретін, аға қасиетін өз қасиетіндей көретіндер пайда болды. Иса би: Болса болар! Кейінгі кезде бұлар ішінде бөтен адам секілді боп туатындары жиілеп барады! Біз көрген адамдарға ұқсамайды. Бөтен жандар! Неліктен солай деп мен де бас қатырамын...
Бәйімбет бай: Бұларыңыз кім? Иса би: Кейбір қазіргі жастарды айтамын да... Бәйімбет бай: Рас... Рас... Иса би: (ойлана) ...Толмай жатып толысқан, таққа құмар... ...Жетпей жатып желіккен, баққа құмар... ...Естімей жатып ереген... ...Көрмей жатып көреген... ... Сондайлар қырсығынан мынау заманның тынышы кетті! ...Күнде арыз, күнде дау! Ермембет би: Бұ неліктен екен? Мәтжан би: Әу баста, Жаратқан бұйрығы солай ма деп қаламын, мен! Иса би: Тірлікте болғаның – өмір сүргенің, Бірлікте болғаның – бақытты өмір сүргенің деген екен бұрынғылар... Бақытты өмір сүруден бастартқан солар неткен кесір жаратылатындар еді десеңізші! Ермембет би: Және сол қылықтарын жасыру үшін барлық күнәні басқаларға жабатынын қайтерсің? Иса би: Ал жай адамдар солардың сөзін қоштауға құмар-ақ! Даурықпалар соңында бір күн даурыққанын дәреже көріп, даурығып жүргені...
Бәйімбет бай: Дегенмен біздің елдің ауызбірлігі де тәуір, айтарлықтай байлары да көп ел деп басқалар мақтап жатады емес пе? Мәтжан би: Ел аралап, жұрт жағалап көп жүреміз ғой. Бай-еке, сіздің сөзіңіздің жаны бар сөз. Біз шындығында да бай елміз. Жаңағыларға да баймыз. Басқаға да баймыз. Иса би: Байлық туралы айтқанда мал мен аңды да байлық дейміз. Ән мен күйді де байлық дейміз. Суы мен топырағын да байлық дейміз. Қалай десек те халық қазынасының ең ғажабы, ең қымбаты әні мен күйі секілді!
Бәйімбет бай: (байлық туралы бұ тұжырым ұнамағаны сезіледі) Халық айтса қалып айтпайды дейді... Халық малы көптерді бай атайды. Ал малы жоқ жыршыны – жарлы жыршы, күйшіні – кедей күйші деп кемсінеді. Байлық басы ән мен күй болса, мына Шолтамандарды бай деп неге атамайды, бұ жұрт. Шолтаманды әнге жарлы деп ешкім кеміте алмас. Ән байлығы мал байлығынан қымбатырақ болса оны Шолтаман бай деп атауға тиіс емес пе!?. Бәйімбет мінезінен аздап намыстанып отырғаны байқалады.
Иса би: Барлық байлық: еңбек пен ақылдың, намыс пен бақтың жиынтығы! Осы төртеуі бір басқа қонса, сол кісі бәрінен де байырақ. Жанжақты бай. Бұлардың қай-қайсысы да әуелі Құдайдың бергені, сосын үлкен талап пен еңбектің нәтижесі. Осы қасиеттердің әрқайсысы өз иесін бай атандырады. Осы төртеуінің бірі кеміс түсіп жатса ондай адам қанша бай болса да бір кемісі байқалып тұрмақ... Мәтжанның өрбіп бара жатқан ыңғайсыз әңгімені басқа бағытқа бұрмаққа тырысқаны байқалады.
Мәтжан: Біздің бүгінгі шаруамыз оларды түгендеу емес секілді еді. Мына біздің Шолтаман жылдан жылға шабысын түзетіп келеді. Талабы зор. Түбінде халқымыздың қалаулысы атанар. Иса-еке, Шолтаманнан бір терме сұрасақ қайтеді? Иса би: Жарайды, сұралық! "Сұрағандарың сөз болса"... деп, Шолтаман жыр күйін біраз төкпелетіп алып, тақпақтата (әндетіп емес) жөнеледі.
Шәрбаттан балдай не пайда Жұтқыннан әрі өтпесе. Сұлудан "сұқсыр" не пайда Тұшынып өзі өппесе. Көрікті күннен не пайда Күлмеңдеп нұрын төкпесе. Тұлпардан дүлдүл не пайда Ұзатпай қуып жетпесе. Атақты ұлдан не пайда Ағайын сөзін кектесе. Беделді биден не пайда Тентектің ісін сөкпесе. Аспанда бұлттан не пайда Маржанын жерге төкпесе. Әкеден ұлға не пайда Ақылы айтқан жетпесе. Жарлыға бардан пайда жоқ Тырысып еңбек етпесе. Байларға малдан пайда жоқ Қажетін өзі шектесе. Тыңдаушым жырдан пайда жоқ Айтылған сөздің бар нәрі Құлақтан әрі өтпесе, Жүрекке таман жетпесе.
Әкеден ұлға пайда жоқ Маңдайын соқпай, арымай. Анадан қызға пайда жоқ Жоғалтса өзі арын-ай. Данадан жұртқа пайда жоқ Өздері сүйіп танымай. Батырдан елге пайда жоқ Шашылып кетсе тарыдай. Соқырға сірә пайда жоқ Болса да қанша жарық ай. Тыңдаушым бойға сіңірші Азғантай сөздің нәрін-ай... Бере алмаспын түгендеп Бір жырмен қамтып бәрін-ай.. Бәйімбет бай: Пай, пай! Мынау біз естімеген сөз екен! Қандай насихат! Ермембет би: Мәтжан сенің сөзің емес пе? Мәтжан би: Шолтаманның өз сөзі болар, шамасы! Қасыңда жүрген біздерден жасырғаны да бар болып шықты, бұ баланың!
Ермембет би: Өнер қонған жандардың тым жайдақ болмағаны дұрыс. Анда-санда осылайша жарқ ете қалып, ортаны таңдандырып тастаған жарасады оларға. Шолтаман: Жасырды десе де болады, жүрексінді десе де болады. Әлі ешкім алдында айтылмаған сөз еді. Бүгінгі жиынға сақтағаным да рас. Бәйімбет бай: (көңілдене) Біз бұл термені Шолтаманның сіздерден жасырғаны емес, мына біздей ас бергелі жатқан ағасына әкелген сыбағасы деп түсініп отырмыз. Термең тәуір екен. Байғазысына қайтарда аулыңа ат жетектеп қайтарсың.
Шолтаман: Рахмет бай аға! Жол үсті біреу сауғаға сұрап алып қалмай, келініңзге аман жеткізе алсам бергеніңіз мал басы болып кетер, әлі. Қолы қайырлы атанған кісі едіңіз!.. Бәйімбет бай: Әй, қу бала! Жақында шаңырақ көтерді деп еді! Бас екеу болғасын малдың да қажет бола бастағаны ғой, бұл серілерге! Ат мінбеймін, бие жетектеткіз деп отыр?! Болсын, болсын!.. Бір байталды келін көрімдігі деп жетектеп кет! Шолтаман: Рахмет, бай-еке! Келініңіз мақтанып қалатын болды.
Мәтжан би: Дұрыс, орнымен берілген сыйлық болды, Бәйімбет! Шолтаманның үйіндегі келініңіз ондай көрімдікке тұратын келін! Қоштай бай: Со келін келмей жатып Шолтаман қорасын малға толтырыпты деп шулап жүр ғой жұрт. Мәтжан би: Мал мен байлық қашаннан ақыл мен еңбекке құралғыш. Қоштай бай: Шаңырағың құтты болсын, Шолтаман! Мәтжан би Шолтаманды үйлендіріпті деген хабар біздерге де жеткен. Айттыра барғанда қалыңдық қыз болашақ күйеуіне бір қызық баға беріпті дейді. О не сөз? Шолтаман: Бізге айтарлықтай ештеңе деген жоқ. Мәтекеңмен тіл қатысқанын естігендер бар екен. Солар болар, түймедейді түйедей етіп жүрген.
Қоштай би: Дегенмен жел болмаса шөп басы қимылдамайды деген... Мәтжан би: Ондай сөздің болғаны рас. Келініміз көңілі жүйрік, көзі қырағы екенін бірден танытты! Ермембет би: Мәтжан би сондай баға берсе ол келін сөзі құлақ түруге жарайтын сөз болғаны. Иса би: Ал айтып көрші, ол не сөз?. Мәтжан би: Шолтаманды Мәтжан үйлендіріпті деген Шолтамандай талапты, өнерлі жігіт атағына ауыр тиер. Шынына келсек бар шаруаны бітірген оның ерекше даусы болды-ау деп ойлаймын. Бұл жігіт өнерінің арқасында қалыңсыз қыз алып келіп отыр. Шаңырағына бір атақты қыз қалыңындай мал жиналып қалды...
Шолтаман: Ән мен дауыс иесін қарық қылатын болса әнші біткеннің бәрі шетінен бай болмас па еді? Талай өнерпаз қалың төлей алмай, қыз алып қашып, елін шабыстырып, руын ұрандатып жүрмес еді ғой! Сіздің арқаңыз ғой, бәрі де, Мәтжан аға! Ермембет би: Кімнің арқасы болса да алып келіпсіңдер. Құтты болсын! Ал, сонымен... Мәтжан би: Әлімдер елі тойға шақырып сол жақта біраз уақыт болып қайттық. Доңызтауды жайлаған Жұмағұл деген ақсақал аулында болдық. Мен қасыма адайдың біраз өнерлі жастарын еріткен едім. Өнер көрсеттік. Олар да өздерінің өнерлі адамдарын алдырды... Шолтаман: Сауық пен қызыққа толы бір тамаша күндерді өткіздік. Мәтжан би: Қайтатын күні аттарымызды алдыртып, қоржын, дорбаларымызды қамдатып, дайындыққа кіріскен кез еді. Жұмағұл ақсақал бізден бұйым сұрады. Мен сол ауылдың бойжеткендері көп екенін байқап жүр едім, батылдық етіп Шолтаманға қыз айттырдым... Меселімді қайтармас деп Жұмағұл мінезінен дәметіп едім. Жұмағұл мен ойлағаннан да асып түсті... Мінезі мерт кісі болып шықты. ...Әлі күнге таң қаламын... Иса би: Қалай таңдандырды? Мәтжан би: Жұмекең сөзге келместен: "Шолтаманға бір қыздарыңды қый дейсің ғой, Мәтжан би!.. ...Олай болса ана шай құйып отырған өзімнің сүйікті немерем еді. Адайдың Мәтжаны құда түсіп отырса, мынадай жігітке, Шолтаман секілді өнер иесіне сол балам лайық болар! Ұнатсаңдар қимасымды қидым сіздерге. Басқа немелерімнен ерекшелеу еді!" – дегені... Қоштай бай: Пай, сабаз-ай! Мәтжан би: Өмірімде бір оңай тындырған шаруам болды. Қалған барлық шаруаны атасы мен қыздың өздері бітірді. Біздер тек қана солар сөзіне куә болып отырдық. Қоштай бай: Қалыңына қалай келістіңдер? Мәтжан би: Олар қалың сұрамады, біз бермедік... Қоштай бай: Қалыңсыз қыз қандай келін?.. Ермембет би: Қыз бірдеңе айтты деп едіңдер? Мәтжан би: "Шолтаманға сол лайық болар, ұнатсаңдар қидым осы баламды. Басқа немелерімнен ерекшелеу еді!", – деп алып, Жұмекең: "Балам сен не дейсің?" – деп немересіне бұрылды.
Жұмағұлдың немересі, әлгі шәй құйып отырған жап-жас қыз: "Екі ата келісіп жатырсыңдар. Аталар келіссе қыз қайда барушы еді!" – деп жауап қатты. Ермембет би: Батыл бала екен. Мәтжан би: Батылдығын ол басқаша көрсетті. "Аталар келіссе қыз қайда барушы еді. Бірақ осы жасқа дейін қара басын қамдай алмай жүрген Шолтаман мырза ертең от басын асырай алар ма екен?" – деп, саңқ ете қалғаны. Үй іші тым-тырыс болды да қалды. Ермембет би: Апырай, а?.. Мәтжан би: Мен де таң қалып, баламен сөз таластыру қалай болар екен дегендей атасына қарадым. Сол жерде Жұмекең есін жиғандай боп, маған бір қарап, баласына бір қарап: "Қарағым оның жарлы екенін қалай білдің, кімнен естідің?" – деп тіл қатты. Қыз оған: – О хабарды маған ешкім айтқан жоқ. Оны үстіндегі сәнді шапаны мен әнші мырзаның өз қылығы айтып отыр. Жас жігіттің екі жеңін кезек-кезек сыйпалай беретіні – бұрын кимеген киімін қызықтағаны. О жігіт бай баласы болса өз шапанын өзі қызықтамас еді... Шет жерде өнерлі жігіттің иіні жыртық болмасын деп бір ағасы шапан жауып жіберген болар... Барғасын шешіп алса, тағы да жалаңаш қалмас деймісің?.. Енді бір ағасы беделін пайдаланып құда түсіп отырған шығар... Үйлендіріп алып, ұмытып кетпес деймісің?.. Шолтаман мырза бұл шаруалар туралы ойланды ма екен дегенім ғой... Сонша адам отырып бір ауыз сөз қайтара алмадық... Ермембет би: Япырай, а... Болар бала жас болмас деген осы-ау! Қоштай бай: Сонымен әңгіменің арты немен аяқталды? Мәтжан би: Бұл сөздің арты тіпті біз ойламаған жаққа қарай жалғасып кетті... Атасы біраз үнсіздіктен кейін: "Балам-ай, ойлы екеніңді шамалайтын едім! Мен дәметкен жерден де асып түсерсің! Алла бағыңды ашқай! Ал ойыңда тағы не бар, ашып айтшы?" - деді. Сонда қызы атасына: "Шолтаман мырзаның жарлылығы рас болды. Биі бар, басқасы бар жарлы емес еді деп ешкім араша сұрамады. Енді менің дегенім болсын десеңіз бұлардан қалың да сұрамаңыз, маған енші де бермеңіз! Қызыңызды той жасап ұзатыңыз да, шығарып салыңыз. Адай елі сізге берер қалыңын, жай қалың емес, Әлім елінің ардақтысы Сіздің сүйікті қызыңызға лайық деген қалыңмалы мен жасауын бұ жаққа, жер шеті алысқа айдамай, ауыл қасынан Шолтаман қорасына жеткізіп берсін... Мен Жұмекеңе қарадым. Жұмекең маған қарады. Екеуміз де қостағандай болдық... Көз қараспен түсіністік... Арада үш ай өткенде келінімізді алып келдік... Қоштай бай: Келін түскенше Мәтжан би қыз отауын тігіп, қорасын малға толтырып қойыпты...
Ермембет би: Оң босағасында отырып, барар қорасын малға, шаңырағын дүнияға толтырып тастаған екен ғой, айналайын! Келіндерің құтты болсын! Біздер де үлесімізді қосармыз, әлгі қорадағы малына. Өзіміз жеткізіп берерміз... Қоштай бай: Осындайға жұмсаған малың – адалың емес пе! Шолтаман інім: "Мен келін шақырамын! Қалаған уақытыңда келін мен келіп, біздің ауылда ән салып, малыңды әндетіп айдап кет!.. Біздің ауылдың бір үйір құласы сенікі, Шолтаман! Шолтаманды бәрі құттықтап жатады. Бәйімбет бай жаңа әңгіме бастайтынын білдіре тамағын кенеп, сөз бастайды.
Бәйімбет бай: Уа, құрметті билер! Қонақтарым! Естіп те жатырған боларсыңдар, мен келесі жылы жаз бен күздің астасқан кезінде әкеме ас бермек болып жатырмын. Тап осы жұртта өткізбекпін. Менің әзірге шешкен шешімім де, бітірген ісім де осы. Барлық қалған шаруаларды сіздерге тапсырсам ба деймін. Асқа басшылық етуді, мына інім, Иса биге жүктегелі отырмын. Ол келісімін берді. Ермембет би: Дұрыс екен! Бәйімбет бай әкесіне асты кешіктірді-ау дей бастап еді, былайғы жұрт. Алла ниетіңді қабыл еткей! Бәйімбет бай: Әмин! Айтқаның келсін! Ермембет би: Бұл істі Иса биге тапсырғаныңыз – бастамай жатып ісіңізді жартылай тындырғаныңыз, байеке! Біз де қолымыздан келгенін аямаспыз. Мәтжан би: Бәрекелді! Алла ниетіңізді қабыл еткей! Ерекең істің жартысы басталмай жатып тынып қалды деп отыр ғой! Қалғанын да тындырып тастайтынын айтты. Бізге жеңілдеу тиетін болды! Иса би: Мәтжан! Қашқақтама, інім! Басқаға жеңіл тисе де, саған жетерлік іс бар. Алдымыздағы аста жұмыстың ауырын да, күрделісін де саған тапсырғалы отырмын. Мәтжан би: Орындалуы қолымыздан келетін іс болса, салмағын ауырлай қоймаспыз. Ас – елдің шаруасы. Ел шаруасы – бәріміздің шаруамыз! Тапсырыңыз! Қоштай бай: Ниетің қабал болсын Бәй-еке! Бірақ...
Қоштай паңданып, тамағын қырнап сөз бастағанша Бәйімбет бай шыдамсызданады. Бәйімбет бай: Не ойың бар еді, Қоштай шырағым? Айтсашы. Бірақ деген сөзіңнің арты жыраққа кетіп қалды ғой, жиенжан! Қоштай бай: (намыстанғаны байқалады) Бұл Бәйімбет аулы шетінен асығыс пен қапылыс... Сөздер салдыр-гүлдір бір құлағынан кіріп, қаңғыркүңгір бір құлағынан шығып жатпаса өздерін далада жалғыз қалғандай сезінеді. "Бірақ" дегенім бай-еке, әкеңізге асты шыбын-шіркейсіз жер, Қырға шығып бермейсіз бе? Бәйімбет бай: Кімнің көп сөйлейтінін біз білмейміз, бір Құдайдың өзі біледі. Бірақ... Бәімбет те паңданып, тамағын қырнап Қоштай қылығын қайталайды...
Қоштай бай: Сіздікі қандай "бірақ"? Бәйімбет бай: (қуланғаны байқалады) Сенің руың Жары. Жарыдан Дәулеталы. Сол ауылға келе жатқан біреу ауыл маңында кездескен біреуден Дәулеталылар ауылда ма деп жөн сұрапты. Үйде болар. Жаңа сол үй қасынан өтіп бара жатып көзім түсіп кетіп еді, түндігі желпілдеп тұр екен. Соған қарағанда Дәулеталы нағашымның өзі де, балалары да түгел үйде болса керек!.. деген сөзді естігенің бар ма? Қоштай бай: Бір жарым естеу жиеннің шығарған сөзі болар. Жалпы екеуміздің сәніміз сөз санау емес, қой санау емес пе еді? Иса би: Әй байлар, қойларыңды күзде санарсыздар. Қазір сөзді бізге беріңдер. Біз ас жайын сөз етелік... ...Менің қазір сіздерге айтпағым жалпы қазақ халқының асы туралы өз ойларым. Қазақтың асы дегені – елге ұсынар әдет-ғұрпы, жастарға көрсетер үлгісі, көпшілікке көрсетер тамашасы, талап етер тәртібі! Рас па!
Қоштау сөздер. Ас деген – ас иесінің, сол рулы елдің ата-баба әдет-ғұрпын қалай орындап келе жатқаныны туралы ел алдында берер есебі! Рас па! Қоштау сөздер.
Ермембет би: Иса-еке! Ас – елдің тәрбие алар орны деген сөзбен болашақ асқа қойылар талап туралы ескерткелі отырсыз-ау шамасы! Иса би: Шамаңыз дұрыс. Соны елге қалайда мойындату керек! Ендігі астарды елге үлгі болатындай дәрежеге жеткізу біздің міндетіміз! Ол осы біздердің, ас иелері мен билердің міндеті. Осы асты жоспарлап, әлгі айтқанымыздай, елге үлгі берерліктей ас етуге тырыссақ па деймін. Қоштай бай: Сіз бұл асты – ас ішіп аяқ босатудың асы болмасын деп отырсыз ғой! Иса би: Дұрыс айтасың! Қолға алынбай жүрген тағы бір жағдай бар. Біз ата аруағына деп берілетін астарымыздың өту тәртібін де, асқа қатысушылар тәртібін дн қатты бақылауға алуымыз қажет! Ас кезінде шатақ шығып кетпесін! Ас артына бұралқы сөз ермесін! Астың арты төбелеспен аяқталуы тіпті міндет емес. Ондай жағдайда тез шара қолдану жағын ұйымдастырып қойған дұрыс.
Жұрт ас кезінде болған шатақты емес, аста еңбек етіп алған абырой мен атақты әңгіме етсін. Ермембет би: Дұрыс екен. Мәтжан би: Толғағы жеткен мәселе еді. Иса би: Ойлап қарасақ біз бұрын беріп жүрген астардың бар қызығы тойып тамақ ішу мен төрт аяқты жылқының жарысы! Асты солар үшін беретіндей-ақ! Астан кейінгі естелік көбіне қай аттың қалай шапқаны мен қай тентектің тойды қалай бұзғаны туралы болып алды. Әрине ат жарату – өнер, қажет өнер. Қажарлы ат – жауға қарсы қаруың. Дегенмен адам өнері аюан өнері мен тентек қылығынан ілгері тұрса несі бар екен? Біздер бұл асты өнер адамдарының өнерін тамашалау, өнерлілерді ел сүйіктісіне айналдыру асына айналдырсақ па деп отырмыз. Соны ұйымдастыру жағы бәрімізге, ал өнер жағын ұйымдастыру Мәтжан би саған тапсырылады. Ермембет би: Дұрыс ой айттыңыз, Исеке! Мәтжан би жаңа "толғағы жеткен мәселе" еді деді ғой! Дәл айтты. Сіз тоғыз ай толғатқандығыңызды байқатып отырсыз. Ел тәрбиесі деп толғатыпсыз. Мәтжан би сол сіз күткен перзентті дұрыс қабыл алар, кіндігін дұрыс кесер деп сенеміз. Бәйімбет бай: Апырым-ай! Бұларды тегіннен тегін би атандырмайдыау шамасы! Біздер асқа соятын малымыз бен тігетін үйімізден ары аса алмаушы едік. Соны ойлап әуреміз, бұлар елге өнеге деп әлек. Жақсы! Жақсы екен! Ермембет би: Ас – елге үлгі беру жиыны болсын деген ой ел қамын ойлағаннан туындаған пікір ғой. Бұл аста ел өнеріне баса көңіл бөлелік десеңдер ұйымдастырушыны дұрыс таңдапсыңдар. Біз көргелі Мәтжан би маңына әншілер мен жыршылар, палуандар мен мешкейлер әуес-ақ болатын. Басқалар шақырғанда зорға келетін солар Мәтжан соңына ереді де жүреді. Соларды өзіне құмар қылып қойған Мәтжанның не қасиеті барын? Асылы, Мәтжан: "Жақсы аттың жалын сақтағанша, жақсы жігіттің арын сақта" – деген ата мәтеліне басқамыздан көбірек мән беретін секілді. Мәтжан би: Халық соңғы кезде күміс көмей үнділер мен бал сазды бармағы барларды қатты қастерлей бастады. Оған себеп еліміздің бейбіт күндерге бейімделе бастағаны болар. Ендігі ас пен тойды да халық ыңғайына бағыттаған жөн секілді... Иса би: Бейбіт күнге де бейімделу керек дейсің ғой... Дұрыс болар... Ел басындағылар халықтың сол талабынан шығып тұрса, ел өнері өркендей бермек. Өнерлі жандар өздерінен гөрі өнерін құрметтегенді жақсы көреді. Шолтаман: Рахмет би аға! Өнерсіз халық халық па? Өнер сайысында өзге ағайындармен кездесіп қаламыз. Сонда бір-бірімізге қоятын бірінші сұрағымыз: "Кімің бар" – дейміз! Бұл сұрақтың өзіне түбінде бір қойылатынын әрбір ақын ойланып жүреді. Жақсыларым кім? Жайсаңдарым кім? Сондай шақта айтыс ақындары елінің атақты билері мен батырларын мақтаныш жырға қосады. Байлары мен
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру