Таудың аты әулие еді
Т. Әбдуақасұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Таудың аты әулие еді. Т. Әбдуақасұлы
Таудың аты әулие еді
Ұлы даламызда қандай оқиғалар өткенін білу үшін де жеріміздің атауларына зер сала жүргеніміз, бастапқы аттарын қалпына келтіргеніміз мақұл. "Жерде жатқан сөз жоқ" — дейді атақты авар ақыны Расул Ғамзатов, олай болса, туған жеріміздегі түрлі жер-су, тау-тас, елді мекендер аттары да елеусіз емес екеніне, оның қай-қайсысында да халқымыздың тарихы мен рухани шежіресі, өмір танымы мен көңіл қалыбы жатқанына қазір бәріміздің де көзіміз жетіп отыр. Жеріміздің табиғитарихи аттарын қалпына келтіру жолында аз да болса жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Әйткенмен, бір айтарымыз бұл атауларды қайтару мәселесі саяси тұрғыдан емес, ұлттық мәдениетті, тарихи мұраны сақтау және оны болашаққа баз қалпында қалдыру қажеттігі тұрғысынан қаралуы керек. Осы тұрғыдан алғанда қазан төңкерісінен кейін кешегі совет заманында негізгі атауы өзгерген Балқаш қаласының маңайындағы көрнекті бірер жерді атап өтуге болар еді. Оның бірі — қаланың солтүстік батыс жағында 80 шақырымдай қашықтықтағы көркімен көз тартып тұрған "Бектауата" — "Бектата" аталып кеткен тау. Бұл таудың терістік жағында Кенелі, Сарыоба, Майтас, Қарақозы таулары бір-біріне жалғасып жатыр. Біз дүниеге келген, кіндік қанымыз тамған Майтас, Қарақозы тауларының арасы — біздің ата мекеніміз. Кешегі заманда Ақтоғай ауданы "Ақтоғай" совхозының еңбеккерлері мал шаруашылығымен шұғылданса, бұл күнде шаруа қожалықтарының қолында. Қазіргі Бектауата аталып жүрген тауды біздің аталарымыз Әулиетау немесе Әулие деп атаушы еді. Оның себебі — сонау отызыншы жылдардың бас кезінде осы аймақты қыстап жүргенде, күнашық күндері Әулие тауының басы тымақтай болып көрініп тұратын. Сонда оған үлкен адамдар тағзым етіп отыратын. Бұл өзі қатар орналасқан екі тау ұл әулие, қыз әулие деп аталатын. "Оңтүстік жақтағы жалтыр биігі неге қыз әулие аталған?" — деп сұрақ қойғандарға: "Қарағым, біздің қазақ халқы жаратылыстан бері сұлулықты, әсемдікті, әдемілікті қашанда қыз балаларға бейімдеген ғой", деп жауап беруші еді қариялар. Қыз әулиенің оңтүстік батыс етегінде қысы-жазы шырақшы күзетші отырған. Тау текке Әулие аталмаған, ерекше айтарлықтай қасиеттері болған. Атап айтқанда, халық тосыннан делбе, қояншылық ауруларына шалдыққан адамдарды, перзент көтермей жүрген әйелдерді осында арнаулы түрде әкеліп қостарын шырақшының маңайына тігіп, малдарын сойып, маңайдағы елдерді шақырып, құдайы дәм беріп, аллаға құлшылық, мінажат етіп түнейтін болған. Алланың әмірі жар болып, отбасының біріне (түсінде) әулие аян береді, қамшы, не қайшы, ине сияқты заттарды ұстатады. Жорамал бойынша "қамшы — ер, қайшы, ине — қыз бала дүниеге келеді" деген сөз немесе жаңа туған айды, Шолпан жұлдызын да көреді, бұл да жақсылықтың нышаны. Көптеген аналардан өзіміздің де естігеніміз бар. Отан соғысы кезіңде олар есейіп кеткен балаларын айналыл-толғанып, "Әулиеге барып, құдайдан тілеп алған құлыным ғой" — деп отыратын. Ал, малдары індет ауруына топалаң, қарасан, т.б. ұшыраған адамдар малдарының ішіндегі көзге түсер тәуірін әкеліп, құрбандық шалған. Жан-жағы жазық далада мүсіншінің қолымен орнатылғандай сұлу көркімен қатар табиғатын адам айтып жеткізе алмас ерекше жер екені ертеден мәлім болған. Әр сай-сала шатқалдарында аққан бұлақ, өсіп тұрған қайың, терек, тобылғы, ырғай, үшқат, тікен, жайган кілемдей жайылып жатқан арша, жұлар иісі аңқыған көкорай шалғыны таяқтай таупиязын, сүт татыған биеемшек, қымыздығын қайтерсіз. Осындай тұнып тұрған табиғатын көргенде шын Әулие тау екен деп бас иеріңіз сөзсіз. Табиғаттың осындай ерекшелігіне байланысты бұл жерде көптеген жылдар бойы КОБОС-қа, ВЦСПС қарасты демалыс үйі болды. Кейінгі біраз жылдардан бері демалыс үйі жабылып, қала мектепоқушыларының жазғы демалатын мекенжайына айналды. Сонымен қатар Қаработа, Қасқабие атты мекен жайларда "Балқашмыс" өндірістік бірлестігінің қосалқы мал шаруашылығы орналасқан еді, ол кейінгі кезде азайып шаруа қожалығына көшті. Мұнымен қатар қыс айларында бұрынғы "Сарыарқа" демалыс үйінің орнында шаңғышылар базасы жұмыс істел жатыр. 1920 жылдардың аяқ кезінде Қоңырат шоқысынан кен ордасы табылып, зерттей бастаған кезде зерттеушілер шоқының терістік етегіндеп құдықтан түйе арбамен су тасып жүрген қазақтан алыстан жалтырап түрлітүсті әсем көрінген таудың атын сұраса, ол байғұс Бектенбаймын деп өзінің атын айтқан ғой. Ол байғұстың өз атынан басқа айтары шамалы, кім түсініп, кім біліп жатыр. Міне, сол кезден бастап шала қазақтар Бектауата, орыстар Бектата деп атап кеткен. Мұндай қасиетті жердің өз атымен аталғаны абзал болар еді. Екіншісі, Балқаш қаласынан оңтүстікке қарай қашықтықтағы алпыс шақырым жердегі Тарғыл тауының Гүлшат атанып кетуі. Бір аңыздарда Күлшат деген қазақтың саудагер қызы үлкен қалаларға сатуға мал айдап бара жатқанда осы Тарғыл тауының етегіне қонып, түнемеге от жағып, қазан көтергенде тас еріп қорғасын аққанын көреді. Содан бұл жерді, ол ағылшындарға сатқан екен. Ағылшындардың атауы бойынша Күлшат Гүлшат аталып кеткен. Ал негізі — Тарғыл тауы. Бұл аңыздың қандай шындыққа жанасары бізге белгісіз. Ағылшындар ертеде шахта ашып қорғасын кенін алған. Кешегі кездерде біз де біраз жылдар еңбек етіп, 1959 жылға дейін кеншілер де кен өндіріп, Шымкент қорғасын зауытына жіберіп тұрған болатын. Ендігі жағдайда осындай күрделі де құдіретті жер аттары өзінің жаратылыс атына ие болса екен деген ниеттеміз.
Төлеуғазы ӘБДУАҚАСҰЛЫ,
қарт тілші, зейнеткер.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру