TELEGEI

Home

Бүгін мейрам, бүгін той

Әбіш Кекілбаев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бүгін мейрам, бүгін той

Испан драматургы Вальехо Антонио Буэро – тағдырлы қаламгер. Соғысқа қатысқан. Алты жыл түрмеде отырған. Жасында суретшілікті оқығанымен, кейін жазуға ден қойған. Оның шығармаларының қай-қайсы да шынайылығымен ерекше. Әбіш Кекілбаев аударған «Бүгін мейрам, бүгін той» трагикомедиясы да сондай шынай...

ВАЛЬЕХО АНТОНИО БУЭРО

Аударған Әбіш Кекілбайұлы
Үш көріністі трагикомедия
Қатынасатындар:
Нати Даниэла

Донья Ньевес Донья Больбина
Ремедиос Сильверио
Сабас Кристобаль
Пако Элиас

Томасо Пилар
Манола Тере
Фидель

БІРІНШІ КӨРІНІС

Үйдің жайдақ төбесі. Алдыңғы жақтағы бірінші үйдің төбесі сахнаның үштен екісін өзі алып жатыр. Қалған жеріне тіркесе салынған қосалқы үй орналасқан. Қосалқы үйдің маңдайы түпке қарай сүйірлене созылып, қапталдағы қаңтарыс шымылдықтарға жалғасып кетеді. Оның оң жақ, мүйісінен шығып тұрған парапет алдынғы жақтағы үйдің төбесінің түп жағынан сорайып көрінетін абажадай бетон мұржаға кеп тіреліпті. Қосалқы үйдің маңдайына алдыңғы бірінші үйдің төбесінен бір метрдей биіктікте әшекейлі темір жақтаулы жіңішке балкон орналасқан. Балконның оң қанаты бірінші үйдің төбесінен төне қараса, екінші қанаты қосалқы үйдің бір мүйісін орағытып өтіп, сахна шетіндегі сығырайған жалғыз терезені жандатпа шатырға жете тоқтайды. Балконға оң жағынан перделі есік, сол жағынан алдына екі бет орамал жаюлы жіп керілген терезе шығады. Балконның әшекейлі темір жақтауына гүл егулі екі көзе қондырылыпты. Балкондағы қарағай столдың бір жағына орындық, екінші жағына шетеннен тоқылған көнетоз кресло қойылған. Қосалқы үймен екі аралыққа тағы бір кішкентай алатай қалдырып, екінші бір бетон мұрша қонжиыпты. Әлгі кішкентай алаңқайды кесе көлденең жоғары төбенің ернеуіне бекітілген бақандарға кір жаятын арқандар тартылыпты. Ал, әлгі жоғарыдағы үйдің төбесіне қосалқы үйдің оң жақ қапталынан сатылы баспалдақ көтеріліпті. Ол төменгі үйдің төбесінің алдыңғы жағынан басталады. Жоғарырақтағы кішкентай алаңқайға шығып, қарама-қарсы бағытқа бұлтарады да жоғарғы төбенің ең жақын тұрған мүйісіне барып тіреледі. Алаңқайдың астыңғы жағына төмендегі үйдің төбесіне шығатын есік орналасқан. Төмендегі үйдің төбесінің парапетінің биіктігі метрге жуық. Оның оң жағы көше, ал сол жақ қапталы бірінші үйдің төбесін тасадағы дәл сондай екінші үйдің төбесінен бөліп тұр. Тасадағы төбенің парапеті бірінші төбенің парапетінен оқшауланып, солға бұрылады да, қосалқы үйдің тасасына барып көрінбей қалады. Парапеттің оң жақ бөлігінде арқан керулі бақан тұр, Арқанның да екінші ұшы қосалқы үйдің тасасында. Сонымен бұлар иін тіресе орналасқан, онда биік емес, төрт-бес қабат екі көрші үйдің төбелері болып табылады. Оларды қорғап тұрған өзге үйлер де анау айтқандай биік емес, бірақ, кейбіреуінің төбелері еңселірек көрінеді. Сахна түбінен ирек-ирек карниздер, тың тыңдайтын терезелер, мұржалар көзге шалынды, Араларында бір-екі күмбездер де бар. Ал екі-үш еңселі үйдің ең жоғарғы балконынан күн жеп, бояуы оңып кеткен ұлттық жалаулар желпілдейді. Төңіректің бәрі азып-тозып біткен. Қабырғалар көптен жөнделмеген. Төменгі үйдің төбесінде парапеттің қасында үш аяқты орындық құлап жатыр. Мұршаның түбінде де ыбырсыған қоңқ-соңқ: Қиюы кеткен жәшік, қираған көзе, тот басып, түбі түсіп жапырылып қалған қол жуатын шылапшын. Ал, аспан сондай тамаша. Бір шөкім бұлт жоқ. Қаланың осынау жарлы-жақыбай махаллалары аямай төгілген күн нұрын емін-еркін сіміріп жатыр. Шымылдық баяу көтеріледі. Сахна бос. Сәлден кейін төменгі үйдің төбесіне шығатын есіктен күзетші әйел Нати көрінеді. Ол егде жастағы, ашушаң арық әйел. Қайта шығып кетеді де, көп ұзамай жаңа жуылған бір корзина кір алып кіреді. Есікті ашың қалдырғысы келмей, қиналып біраз тұрады да, корзинасын көтеріп, үстіңгі төбеге көтеріледі. Корзинаны жерге қойып, кір жая бастайды. Алдымен сахнаның түп жағындағы арқанға жерге жеткенше шұбалтып ақжаймалар іледі. Біраздан кейін Донья Ньевес пердені түріп, балконға шығады. Ол – ұйқыдан жаңа тұрған көзі кіртиіп, бет-аузы мыж-мыж болған кәрі әйел. Әлі жуынбаған, таранбаған, боялған шаңқан сары шашы үрпе-түрпе. Үстінде өңін айырып болмас көне халат, ноқталы сүйретпе. Шыға сала бір есінеп, аузын қағып-қағып алады да, көкке қарап, керіліп-созылып қояды. Балконның темір торына сүйеніп, төменге көз салады.

НАТИ (кір іліп жатып); Қайырлы таң, Донья Ньевес!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (ыңғайсызданып, үсті-басын ретке келтіре бастайды). А, Нати. Сәлемет бол! Таң атпай жатып жұмысқа кіріскенсіз бе? Сағат әлі он да болған жоқ қой! НАТИ: Он болуын болды. Ал, мен сағат жетіден аяқ үстіндемін. Көше жақ қақпаны аштым, тамақ әзірледім, кір жудым, әйтеуір қолым әлі бір қалт еткен жоқ.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ремедиос!
НАТИ: Шамасы...
Сахна сыртынан Ремедиостың: «Қазір барам!» — деген даусы естіледі.

НАТИ: Шамасы талтүске дейін ұйқы соққаныңызға қарағанда, сіз жан ауыртпай-ақ тамақ асырайды екенсіз.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Біздің де қолымыз қарап отырмайды. Бірақ бүгін мейрам ғой. НАТИ: Мен байғұсқа мереке күн де, былайғы күн де бәрібір. Той-мереке де қолы бос кісінің ермегі.

Донья Ньевес есінегенін зорға басып, креслоға құлай кетеді. (Оң жақтағы тіреуден төменге қарап қояды). Кірді тез жайып бітіп қайтып барам ғой деп, есікті ашық қалдырып ем, енді біреу-міреу кіріп кетіп, пәлеге қалам ба деп қылпылдап тұрғаным.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Қап, мына Ремедиостың қылғаны ма (айқайлайды).
Реме...!!!

Балконға қолында бір стакан кофе мен бір бөтелке анис арағы бар Ремедиос шыға келгенде, Донья Ньевес аузындағы сөзін аяқтай алмай қалады. Ол орта жастағы, ылғи қаралтым киім киіп, көзін төмен салып жүретін жұпыны арық әйел. РЕМЕДИОС: (Шапшаң басып столға кеп қолындағы табақшаны қояды). Мінеки. (Алжапқышының қалтасынан рюмка суырып, етегіне сүртеді де, толтырып столға қояды). Бөтелкені алып кетейін бе? ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (Нати жаңа асығыс көз тастап). Иә. (қалтасынан қарындаш суырып, бөтелкенің шарап тұрған деңгейіне таңба салады). Барған бойында қонақжайды жинап қой.

РЕМЕДИОС: Құп болады. (Бөтелкені алып шығып кетеді).
Донъя Ньевес кофе мен анис арағын ішіп отыр.
НАТИ: Сіз онша тамақсау көрінбейсіз.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Кейінірек болмаса, ұйқыдан тұрған бойда кісіге ас батпайды ғой. НАТИ: (төменге қарап қойып). Мына есігі құрмағырдың уайым болғанын қараңызшы. (Кір жая береді). Бүгін бір жаққа бармайтын ба едіңіз? ДОНЬЯ НЬЕВЕС: О не дегенің, көкешім! Мереке күні жұмыс бастан асады. Мұндайда жұрт көп келеді. Ал өзіңіз ше?

НАТИ: Кешке Хуан екеуміз киноға барамыз.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ендеше, тәңір жарылқағыр, төменгі жақта менің пәтерімді таба алмай жүрген біреу-міреу кезіксе, жөн сілтеп жіберерсіздер. НАТИ: Оған бола қам жемеңіз, Донья Ньевес, менен опық жеген жеріңіз жоқ шығар.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ал, алда-жалда кісі секем алатындай біреу болса... НАТИ: Беті аулақ дейсіз ғой. Ондай оларды өзіміз бір қарағанда-ақ біле қоямыз. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Рахмет, көкешім. (Орнынан түседі). Барып, киінейін. Қолыңыз бір қалт еткенде маған соғыңыз. Жұрттың әкелген сыйлықтарын көрсетейік. Олардың сізге ұнайтынына сенімім кәміл.

НАТИ: Рахмет, көп-көп рахмет!
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Бүгін неткен тамаша еді!
НАТИ: Сұрамаңыз.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жарайды, сау тұрыңыз.

НАТИ: Сау болыңыз, Донья Ньевес.

Донья Ньевес кетеді. Нати кірді жайып бітеді. Балконға Ремедиос шығады. Рюмканың түбіндегі жұғындыны аузына бір-ақ қақшып, жаламына жұғын болмай, қабағын тыржитады. Жіпке ілінген екі бет орамалдың кепкен-кеппегенін ұстап көріп, шешіп алады. Рюмканы стаканға салып, бөтелкемен қоса ұстап, кетуге айналғанда төменгі үйдің шатырына бұзақы Сабас жүгіріп шығады. САБАС: (кірмей жатып, айқай салады). Әй, сен не бөгеліп қалдың? Кел, бол тез. Есік ашық тұр. (Аяғымен қолындағы сабалақ-сабалақ шүберек допты бір переді, доп ар жақтағы шатырдан бір-ақ шығады).

Көзі жалт-жұлт еткен жылмаң төс бұзық ондағы арық Пако шығады. ПАКО: Гол! (Арғы жақтағы шоғырға шығып, допты алады). Ремедиос балаларды көріп, кідіріп қалады. НАТИ: (Екі бүйірін таянып). Айттым ғой! Сәл көзің тайса, көретінің осы! Кәне, жүгермектер, табандарыңды жалтыратыңдар! ПАКО: Қағып ал! (Допты Сабасқа тастайды, ол баспен соғып, доп қайтадан бергі шатырға түседі).

НАТИ: Әй, керең боп қалғаннан саусыңдар ма!
Донья Ньевестің даусы: «Ремедиос!»
Ремедиос асығыс шығып кетеді.
НАТИ: Мен кімге айтып тұрмын? Кәні, зытыңдар!

САБАС: (Паконы доппен жасқап). Бұл біздің үйдің төбесі.
ПАКО: Жә, осыны бажылдатып қайтеміз. Біздің шатырға барайық та!
НАТИ: Оған да бармайсыңдар. Шатырдан шатырға секіріп жүруге тиым салынған.
ПАКО: Ол қалайша? (Түп жақтағы шатырға секіріп кетеді).

НАТИ: Өйтуге болмайды.
ПАКО: Мен өз үйімнің төбесінде тұрмын.

НАТИ: Ендеше, бұдан былай бері қарай аттаушы болма. (Сабасқа). Ал, сен де жөніңді тап.

САБАС. Мен де өз үйімнің төбесінде тұрмын.
Пако қайтадан бергі шатырға секіріп түседі.
ПАКО: Кәнеки!
Сабас оған доп береді.

НАТИ: (Зығырданы қайнап). Кетер ме екенсіңдер, кетпес пе екенсіңдер. Қап, бәлем, қазір көрерсіңдер. (Корзинаның түбінен шұлықтар ап жіпке іледі де, баспалдақпен төмен түсе бастайды).

ПАКО: Ой, Сабас, зәрем ұшып барады. Анаған қарашы!
САБАС: Апатай, менің де зәрем зор түбіне кетіп тұр!
Нати баспалдақтан түсіп, шатырға шығатын есікке келіп, кілтті суырып алады.
ПАКО: (қорыққан боп, Сабастың артына тығылады), Ойбай, құрыдық!

НАТИ: Мен қазір жауып тастаймын. Кәне, жөнеліңдер тез!
Сол екі ортада шатырға алпамсадай дарақы әйел Томасо шығады.
ТОМАСО: Олар не деп кетеді екен, бұл арадан қуатындай сен кім едің?
САБАС: Мама, бәсе, сүйтіп көресіні көрсетші өзіне!

НАТИ: Сіз, сеньора Томасо, менің өйтіп шамыма тиіп қайтесіз. Бұл арада жүруге болмайтынын өзіңіз ғой жақсы білесіз.

ПАКО: Ал, біздің шатырда жүруге әбден болады!

НАТИ: Онда менің шаруам шамалы, ешкімді жүргізуге болмайды деп күзетушілеріңе әлдеқашан айтқам. Бір күні бірдемелерің жоғалып кетсе, жауап беретін өзі. Ал, мен өз есігімді өйтіп ашық-тесік тастай алмаймын.

ТОМАСО: (кекетіп). Сенің есігің емес, біздің есігіміз.
САБАС: Қап бәлем, өзіңе де керегі сол еді!

НАТИ: Кімнің есігі болса да, кілттеп қою менің міндетім. Енді жөндерінді табыңдар! САБАС: Құп болады, тақсыр сержант (Түп жақтағы шатырға секіріп шығады), Соқ!

Пако да солай қарай секіріп, Сабасқа доп теуіп жібереді.
НАТИ: Бүйтуге болмайды. Сіздерге секірмеңдер деп қашанғы айтам!
ТОМАСО: Ойнатпайсың ба енді!

ПАКО: Ол бізді ойнатушы ма еді! Қазір артымыздан қуып жетіп, төмпештің астына алады. Нанбасаңыз көріңіз.

ПАКО: Секіргіңіз кеп тұр ма, синьора? Кәніки, қолыңыздан тартайық!
Томасо күліп жіберді.
НАТИ: Бұзақы өңшең! ұятсыздар!
САБАС және ПАКО: Секірмейсіз бе енді, синьора!

САБАС: Кеттік, Пако, кабакқа барып футбол тыңдайық. Сау тұр, апатай! ПАКО: Ұста! (Допты Сабасқа қарай теуіп жібереді. Екеуі де қосалқы үйдің тасасына жоғалады. Көп ұзамай үндері де өшеді).

ТОМАСО: Солардан не ақыл сұрайсыз... Әлі бала ғой.

НАТИ: (Бұртиып, алқына дем алып, есікке келеді.) Мен өз міндетімді білемін. Артынан пәлесіне қалар жайым жоқ. (Кілтті қайта суырып алады). Жарайды, енді...

ТОМАСО: Енді не?
НАТИ: Кетейік.

ТОМАСО: О не дегенің, көкешім! үйдің төбесіне шығатын есіктің бүгін өмірі бір ашылғаны екен, ең болмаса бір рет дұрыстап таза ауа жұтып алуға да болмай ма!

НАГИ: Менің есікті жабуым керек.
ТОМАСО: Мен тұрғанда сіз есікті жаба алмайсыз.

НАТИ: Синьора Томасо, түсінсеңізші, менің қанша шаруамнан қалдырып тұрғаныңызды білесіз бе? ТОМАСО: Шаруаңнан қалсаң қайтейін. Саған жаным ашиды, Нати. Бірақ, мен өз шаруамды әлдеқашан тындырғам. НАТИ: Сіз немене мені мазақ етіп тұрғаннан саусыз ба? Жоқ, синьора, оныңыз бола қоймас. Осы қазір табаныңызды жалтыратыңыз, әйтпесе...

ТОМАСО: Әйтпесе, шауып аласың ба?!
НАТИ: Осында бір жола жауып кетем!
ТОМАСО: Қарай гөр!

НАТИ: Қарасаң, қарай гөр! (Есікке кілт салып жапқалы жатқанда, Томасо аяғымен тіреп жаптырмайды.) Аяғыңызды тартыңыз, әйтпесе жаншып тастаймын.

ТОМАСО: Осыдан тек жаншып көр, мен сенің басынды жаншып тастайын.
НАТИ: Аяғыңызды тартыңыз!

ТОМАСО: Менімен тіресетін күшті сен қайдан алып жүрсің? Натидің ту сыртынан Манола көрінді. Ақ тиіндей ойнақтаған пысық әйел. Өзі жас. Қолында бір бума.

МАНОЛА: Өтіп кетейін, рұқсат етіңізші.
НАТИ: Сумаңдап мынау тағы қайдан шықты? Мұнда не шаруаңыз бар еді?

МАНОЛА: Кір жаяйын деп едім, төменде орын жоқ екен. Содан есіктің ашық тұрғанын көрдім де, осында тарттым. Әрине, сіз рұқсат етсеңіз...

НАТИ: Мұнда кір жаюға болмайды.

ТОМАСО: Әне, тағы үйренішті әләулайына басты. Мұнда шығуға, кір жаюға болмайды екен, өзіңіз неге кір жаясыз?

НАТИ: Мен осы үйдің күзетушісімін.
МАНОЛА: Ендеше, мен осы үйдің тұрғынымын. Үйім үшінші қабатта.
НАТИ: Тап осы қазір кері қайтыңыз.
Манола елең етпей, алдынғы жақта бос тұрған арқанға кір жая бастайды.

ТОМАСА: Үніңізді өшіріңіз! Кір жаясыз ба, жоқ еріккеннен тұмсығыңызды шұқисыз ба, мұнда шығуға тек сіздің ғана қақыңыз бар да, қалғанымыз анау сасық қапастарда қамалып отыра беруге тиісті екенбіз ғой, шамасы. Жоқ, синьора! О дәуреніңіз бітті енді! Біз кетпейміз, күні бойы табан серіппей осы арада отырамыз. Мен қазір орындық әкелем, қалған тұрғындарды да шақыра келем. Ұқтыңыз ба? Бұл шатырдың кімдікі екенін сонда көрерсіз.

МАНОЛА: Оның үстіне бүгін мейрам ғой!
ТОМАСА: Иә, біз бүгін осында ойымызға не келсе соны істейміз.
Нати шегіне береді.
Міне, міне, осылай, бұл арадан қараңызды құртқаныңыз дұрыс.

Нати кенет есікті жаппақ болады. Томаса есікті алдымен тіреп жатқызбайды. Манола жоғарыдан қарап тұрады. НАТИ: (Дереу кілтті жұлып ап, қалтасына салады). Қазір Хуанды шақырып келейін, кеткен-кетпегендеріңді сонда көрейін! (Ашуланып шығып кетеді). ТОМАСО: (Есіктің алдында), Желкесінен су құйсаң да, ояна қоймас ол маубас! (Бетін тыржитып, парапеттің қасына келеді).

МАНОЛА: Иә, деймін-ау. Сол көк жалқаудан кім қорқатын еді!
ТОМАСО: Өзі тіпті шектен шығып барады. Көмектесейін бе?
МАНОЛА; Рахмет, о не дегеніңіз! Өзім-ақ жайып шығам ғой.

ТОМАСО: (Парапеттің оң жақ бөлігіне кеп, төменге, көшеге көз тастайды). Осы ана бұрыштағы саудагер әйелдің қайтып аштан өліп қалмай жүргеніне қайранмын. Қашан көрсем де, корзинадағы нәрсесі алты дуродан аспайды.

МАНОЛА: Оған бір жамағайыны қарасатын көрінеді.
ТОМАСО: Қарай гөр, менің қызым содан шекілдеуік сатып ап жатыр.
МАНОЛА: Онда тұрған не бар?
ТОМАСО: Қайдағы қоқыр-соқырмен қарынын сықап қайтеді!

(Айқайлайды) Томасика! (Күледі). Қап, бәлем, зәрең зәр түбіне кетті ма! Бүгін сазайыңды тартқызармын. (Парапеттен аулақтап). Уф-ф! Сен тұрғанда жерден біраз жар көрінетін шығар. МАНОЛА: Көрінгенде қандай! Анау әлгі қаңырап бос жататын жерге әткеншек орнатып қойыпты. ТОМАСО: (Баспалдақаен жоғары өрмелеп). Қарсы беттегі үшінші қабаттағы үйдің терезесінен қарайыншы. Сол үйдің еркегі қатынын сабайды деп еді. (Баспалдақта тоқтай қап қарайды). Жабық екен. (Жоғары көтеріліп, күзетші әйелдің жаюлы нәрсенің біреуін алады). Мына қарашы. Кісі өстіп те жамау салады екен-ау. МАНОЛА: (Кірдің тасасынан басын қалтитып). Дәулеті асып барады ғой, қайтсын! Донья Ньевес балконына шығып, көзедегі гүлдерге су құя бастайды. Манола қолымен меңзеп Томасоға оны көрсетеді. Екеуі кірдің тасасына аңдып тұра қалады. Донья Ньевес адам таңғыссыз өзгеріп кеткен. Мұнтаздай боп таранған, екі шықшытында екі кішкентай шиыршықтай бетін жылтырата бояп апты; өзі де әлі де еркектердің көзіне түсер көркім бар деп ойлайтын болса керек. Үстіне омырауын шілтермен әдіптеген қара көйлек киіпті, төсіне моншақ қадапты. Ремедиос көрінеді.

РЕМЕДИОС: Дүкенге барып келейін.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (қатуланып); Сен осы әлгі пейіштің суреті салынған картинаны тазаламағаныңа қанша күн болды?

РЕМЕДИОС: Кеше ғана сыпырғымен сыпырып өткем.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Шамасы, кір сыпырғымен сыпырған боларсың. Міне, саусағыма қанша күйе жұғып қалғанын көрмейсің бе? Сенің осынша жетесіз болғаныңа мен жауапты емеспін ғой. Мә, ұста мынаны. (Ваннаны береді).

Ремедиос кетуге оқталады.

Тоқта! (Бетіне қарамай). Сен әлгі анау әйел туралы не естіп, не білгенің бар? РЕМЕДИОС (тесіле қарап). Кеше қызметшісі айтады, оған ең кем дегенде он бестей адам келіп-кетті дейді. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (шығып қиқаңдатып). И-ә! Жәй күні сонша шұбырса, бүгін қаншасы келетінін бір құдай білсін! РЕМЕДИОС: Әлгі қызметші айтады, келген бір синьораның мойнына таққан алқасы мына араға дейін жетеді дейді. (Кіндік тұсын көрсетеді). Және де...

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жә, жетер! (Даусын өзгертіп). Сен мысыққа тамақ бердің бе?
РЕМЕДИОС: Иә. Сен маған ақша бересің бе?

Донья Ньевес Ремедиосқа кете бер деп қолын сілтейді. Соңынан өзі де шығып кетеді. Екі көрші жаюлы кірдің тасасынан шығып, тіреудің қасына келеді.

ТОМАСО (Сыр ашып): Екеуінің жұлдыздары қарсы.
МАНОЛА: Оған бал аштырмағаныңа көп болды ма?
ТОМАСО: Өткен жұмада аштырғам.
МАНОЛА: Қалай, айтқаны келе ме екен?

ТОМАСО: (сыбырлап). Келгенде қандай. Әуелі айтып отырғаны аумай-төкпей келіп тұрған сияқтанады. Бірақ, оған тек түсіне білу керек. МАНОЛА: (келісіп). Тыңдаңызшы, синьора Томасо! Ендеше, қазір соған барсақ қайтеді?

ТОМАСО: Менің де көкейімде сол тұр еді! (Баспалдаққа жүгіреді). МАНОЛА: (Соңынан жүгіріп). Тек ақша ала кетейік. Әйтпесе, ол ешқашан несиеге бақ ашпайды. ТОМАСО: Тіптен жақсы. Сорпам тасып кетпеді ме екен, соны да көре келейін. Әрі әлгі селтеңбай қыздың сазайын тарқызайын. Екі әйел төмен түсе бастайды. Кенет Томасо Маноланы білегінен ұстап тоқтатпады.

МАНОЛА: Ал, Нати есікті жауып қойса қайтеміз?

Мен жаяр кірімді жайып болдым. Осында қайта көтерілер кезде, отыратын орындықтарымызды ала шығармыз.

ТОМАСО: Кеттік, кеттік!

Олар шығып бара жатып, есіктің алдында Фидельмен соқтығысып қалады. Ол қалың көзілдірік киіп жүретін ұялшақ бала жігіт: Қолтығында екі-үш кітабы бар.

Сен мұнда неғып жүрсің?
ФИДЕЛЬ: Мен бе, ..мен ...сабақ оқиын деп едім. Қорада тыныштық бермейді.
ТОМАСО: Әкең тұрды ма?
ФИДЕЛЬ: Жоқ әлі...

ТОМАСО: Ендеше, мына есікті күзете тұр, Нати жауып кетіп жүрмесін. Мен бір минуттен кейін қайтып оралам. Екі әйел кетеді. Олар кеткен бойда, Фидель парапеттің тұсына барып, қолындағы кітапты қойып, түп жақтағы шатыр не болып жатқанын аңдып тұра қалады. Пауза. Бергі шатырға Даниэла шығып, бала жігітке қарайды. Ол қарапайым киінген әдеміше қыз. Қолында клеенка сөмкесі бар.

ДАНИЭЛА: О жақтан не көріп тұрсың?
ФИДЕЛЬ: (сасқалақтап). Ой? (Ренжіп). Ә, бұл сен бе едің...

ДАНИЭЛА: (Батылсыздау басып, қасына барып тұрады). Мен сыртқа шықсам, сен осында өрмелеп барады екенсің... Біз бұл араға келмегелі көп болды ғой... Есік барлық уақытта жабық тұрады...

ФИДЕЛЬ: (Түпкі шатырға көз тастап). Иә.

ДАНИЭЛА: Есіңде ме, бірде есік осылай ашық қалғанда, осы араға кеп ойнап едік-ау. Онда әкем байғұс тірі еді. Мені іздеп, ол да осында көтерілсін. Менің қорыққаным сондай, саған ілесіп, ана жаққа қалай қарғып кеткенімді өзім де білмей қалыппын. Содан ана бір жерде екеуміз тығылып жаттық (қолымен түп жақтағы шатырды нұсқайды)... Сондай қызық болып еді ғой, есіңде ме?... Артынан менің қорыққаным басылды, екеуміз әйда кеп күлейік... Әбден шегіміз қатқан. Түп жақтағы шатырға бір корзина кір көтерген бойжеткен көтеріледі. Көздері ойнақтап, күлім-күлім еткен сүйкімді қыз; үстінде сондай қонымды алабажақ халаты бар. Бергі екеуіне көзін қиғаштай тастап, корзинасын жерге қойып, кір жая бастайды. Фидель қасындағы әңгіме айтып отырған Даниэльге батпай, кір жайып жатқан қызға ауық-ауық көз тастап қояды. Одан бері де көп уақыт өтіпті... Онда мен тоғызда, ал сен он екіде болатынсың.

ФИДЕЛЬ: Сен бәрін ұмытпапсың.

ДАНИЭЛА: (ыңғайсызданып). Қандай тамаша кез еді... (кенет сергіп) Бірақ, мен мұнда сенімен ол туралы сөйлесуге келгем жоқ, Фидель. Сені көрдім де, бір кезде екеуміздің қандай дос болғанымыз есіме түсіп кетті. Сосын... сен мүмкін... маған бір кеңес бермес пе екен деп ойладым... Мен қазір қатты қиналып жүрмін.

ФИДЕЛЬ: Қиналып дейсің бе?

ДАНИЭЛА: (Түп жақтағы шатырда жүрген көрші қызға көзі түсіп). Бері келші. Әңгімемізді ана қыз естімей-ақ қойсын. (Мұржаның оң жағына тығылып, Фидельді қолымен ымдап шақырады). Фидель бір күрсініп қойып, қасына барады. Кір жайып жүрген қыз екеуіне қуақылана қарап қояды. Мен бұл сырымды кімге айтарымды білмей әбден басым қатты, Фидель. Бәлкім, тіпті шындығында ештеңе емес, тек маған ғана өрескел көрінетін шығар, Бірақ, соны уайымдағаннан көкке сия алар емеспін. ФИДЕЛЬ: (Көрші қызға қарағысы кеп қипақтап). Оның бәрі бас артық әңгіме ғой. ДАНИЭЛА: Солай болса жақсы болар еді-ау... Өйткені, әңгіме менің анам туралы. Бұны саған айтқаным дұрыс па, теріс пе, оны да білмеймін... Бірақ, айтуым керек сияқты. Фидель, ешкімге тісімнен шығармаймын деп уәде берші.

(Көзіне абыржи қарап, қолын қысады).

ФИДЕЛЬ: (көрші қызға алаң боп). А! Иә. Иә... Әрине... Қорқатындай ештеңе жоқ...

Пауза. Даниэла оған бір қарады, көрші қызға бір қарады.
ДАНИЭЛА (жүзін суытып): Сау тұр. (Есікке беттеді).

ФИДЕЛЬ (Есіне бірдеңе түсіп): Тоқтай тұр! (Соңына ілесе береді) Даниэла бұрылып, екеуіне қинала көз тастайды да, шығып кетеді. Фидель көңілсізденіп, парапеттің қасына қайтып келеді. Көрші қыз оған күлімдей қарайды. Фидель байқамағансып, кітабына үңіледі. Қыз кір жайып, қосалқы үйдің тасасына кетіп қалады. Фидель кітабын жинап, жоғарғы шатырға шығады. Сол арада жаюлы кірдің тасасында қызға қарап тұрады. Қолына екі орындық ұстап, Томасо шығады. Орындықтарды тарс еткізіп, жерге қояды. Сол екі ортада балконнан Донья Ньевес, оған ілесе Манола көрінеді.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Отырыңыз.
МАНОЛА: Ақша. (Ұстады).
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Рахмет. (Ақшаны тығады).
Томасо балконға шығады, Манолаяы итеріп тастап өзі отырады.

ТОМАСО: Міне, ақшаңыз! әуелі маған ашыңыз! (Ақшаны креслода отырған Донья Ньевесқа ұсынады).

МАНОЛА: Мен бұрын төлегем!
ТОМАСО: Мен сенің орындығыңды шатырға шығарам деп кешігіп қалдым.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жә, сал. сабыр етіңіз. Екеуіңізге де уақыт жетеді. Әуелі үйге кірмейсіздер ме?

ТОМАСО: Осы арада-ақ аша беріңіз, әйтпесе Нати есікті кілттеп кетуі мүмкін. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Еркіңіз білсін. (қолындағы картаны реттей бастайды.) Сіз крестің мәткесісіз. (Суырып ап стол үстіне тастап, қалған карталарды реттейді). Сіздің білгіңіз келетін белгілі бір сұрағыңыз бар ма, жоқ жалпы алдағы тағдырыңыз қандай екенін білгіңіз келе ме?

Фидель кірдің тасасынан шыға кеп, оларға жақтырмай қарап қояды.
ТОМАСО: Мен сізге сұрақты іштей қойсам қайтеді?

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Карта өтірік айтпайды. Бірақ сұрағыңызды білмей тұрып, бал ашу әрине қиын-ау. Жә, жарайды... Ендеше, сол сұрағыңызды іштей қайталап отырыңыз. Тек басқа ештеңе ойламаңыз.

ТОМАСО: Онсыз да ойыма басқа нәрсе түсе қоятын түрі жоқ.
Фидель іші пысып, баспалдақпен төмен түсіп кетуге оқталады.

ТОМАСО: Күзетші қатын келді! (Балконның тіреуінен төмен үңіліп ұлын көреді). Сені мұнда кім шақырды!.. Қайда барасың?

ФИДЕЛЬ: Үйге.
ТОМАСО: Әкеңе менің қайда екенімді айтып қойма.
ФИДЕЛЬ: (көңілсіз). Мен ештеңені білмеймін. (Шығып кетеді).
Томасо көзімен сескене қарап шығарып салады.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Мен үшін бәрібір. Бірақ, сөзді бүйтіп бөле берсе, карта да шатасады.

ТОМАСО: Біз әлі бастаған да жоқпыз ғой.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Сіз үшін солай ғой. Отырыңыз!
Томасо тырп ете алмай отыра кетеді.
(Картаны реттеп, көзін төмен түсіріп, сөйлей бастайды).

Үміт үзбеу керек... Үмітке сенбей болмайды... Бұл тірлікте тек үміт пен сенім ғана баянды.

МАНОЛА: (Аузын ашып): Неткен ғажайып сөздер!
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Сол қолыңызбен кесіп жіберіңіз. Томаса карта кеседі.

(Төрт пар карта алып, бөлек қояды да, оған тағы да бір карта қосады). Енді біреуін ашып көріңіз. (Карталарды көрсетіп)... күтпеген олжа... Үйіңізде той болғалы тұр... Көп ұзамай, короліңізбен кездесесіз... Аты-жөні жоқ мол ақшаға кенелесіз. Өзі тіпті осы иек астында тұрған қуаныш.

МАНОЛА: О, тоба неткен шытырман жұмбақ.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (масаттанып): Көңіліңіздегіні таптым ба, жоқ па?
ТОМАСО: (Разы боп) Меніңше, тапқан сияқтысыз.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (Екінші бөлік картаны көрсетіп). Ашыңыз.

Томасо ең үстіңгі картаны ашады. (Көріп ойланып қалады).

Екі түйе табан. Көз жасы мен ыңғайсыз бірдеңенің нышаны... Алтылық қарға.,. Ұрыс-жанжал. Қазынаның үйінің айқай-шатағы.

ТОМАСО: Қалай-қалай құбылады! О, қу тағдыр-ай!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Басқа карталар не дейді екен, көрейік. (Томасо тағы бір картаны ашады). Түйе табанның валеті мен үштігі. Бүгін кешке ме екен, жоқ ертең таңертең бе екен, бір қара торы жігіттен жақсы хабар естисіз-ау деймін. ТОМАСО: Дәл таптыңыз! Өзім де солай болар деп ойлап ем! Тағы да карта ашайын ба? ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә. (Ашқан картасына үңіліп). Алтын, асқан дәулет, сән-салтанат...

ТОМАСО: Бәрін дөп бастыңыз!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (Сақтандыра сөйлеп). Бірақ, мына бір қарғалар бір ыңғайсыздау жағдайлардан нышан бере ме қалай... МАНОЛА: Сіздің не ойлайтыныңызды мен де аңғара бастаған сияқтымын. Бәлкім өзім де сол жайында сұрағалы отырған шығармын. Шатырға Донья Больбияа мен Сильверио шығады. Сильверионың қолтығында ағаш жәшік. Елулер шамасында. Бірақ өңі жас. Тек қыраулы шашы мен шаршаған адамға тән немқұрайлы күлкі ғана жасының егдеріп қалғанын байқатады. Киімі де қарапайым: сұр шалбар мен ши барқыт пиджак, ашық омырауынан алабажақ көйлегі қылаңытады. Донья Болъбиноның да жас шамасы елулер шамасында. Киімі жуырда ғана қара жамылған жесір екенін танытады: модадан қалғанмен, қонымды көйлек. Сүйек бітімі ойқы-шойқы, ылғи мысқылдай жымсиып жүретін кексе әйел. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Біздерге де осы үйіміздің төбесінің қызығын көретін уақыт жеткен жоқ па осы? Солай ғой, дон Сильверио? СИЛЬВЕРИО: Мен өз басым ауада жұмыс жасағанды сондай жақсы көрем. Балкондағылар ол екеуінің даусын естіп, жым болады. Томасо торға еңкейіп, төменге қарайды. Сильверио ол уақытта оң жақтағы парапетке барып, көшеге қарап тұрған. Сосын қолындағы жәшікті парапеттің орта тұсына апарып қояды.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (көңілсізденіп). Басынан қайта бастаймыз ба?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Ә, сеньора Томасо! Сәлеметсіз ба, сеньора! (Балконға жақындайды).

СИЛЬВЕРИО (Тұрған орындарыңда әйелдерге қарай бұрылып). Саламатсыздар ма?
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Өзіңіз де саламат болыңыз.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Балатып отырсыз ба? Иә, иә. Менің ондай-ондай соқыр сенімге сене қоймайтынымды Донья Ньевес біледі. Бірақ, басқалардың сенгеніне еш қарсы емеспін. ДОНЬЯ НЬЕВЕС (кекетіп): Ендеше, сізден рұқсат болса, қалған бір карта бар еді, соны алайық! (Асығыс отыра кетеді). ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (күледі): Әумин, сол картаңыз бақытқа көрінгей! (Баспалдақпен өрмелей бастайды). Сол екі ортада Сильверио жәшікті ашып, құлаған орындықты қайта көтеріп, үстіне отырып, қолына атауыз бен балға алып, екі майысқан латун түтікшені жұлқылап кетеді. Донья Больбина жақтырмаған қабақпен жаюлы тұрған кірлерді қарай бастайды. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ортадағы картаны ашыңыз. Бірақ, бұл жолы карта көңіліңізден шықпаса мен айыпты емеспін. Көлденең көз балдың құтын қашырады. ТОМАСО: (Қобалжып). Дегенмен, бәлкім әлгі де кеш емес шығар... (Қорқа-қорқа картаны ашады).

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Түйетабанның тұзы. Олжа!
ТОМАСО: Ақша ғой! Бұл ақшаға да көрінуі мүмкін ғой.

Донья Ньевес (Күлімдеп); Столдың үстінде түйетабан көп екен. Ақша болса ақша шығар. МАНОЛА: Әне, айтпадым ба, жаңа сіздің ойыңыздағының не екенін білемін деп? Сіз бүгін лотереядан ұтасыз ба, ұтпайсыз ба, соған бал аштырып отырсыз.

Донъя Больбина тіреуге сүйеніп оларға қарсы тұр.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Әзір қуанбай кідіре тұрыңыз. Жаңа көз жасы мен қолайсыз жағдай да түскен картаға. ТОМАСО: Лотереядан ұтсам, қалғаны түк емес. Көз жасы қанша керек болса, сонша табылады. Жыла десеңіз, осы қазір-ақ көздің жасын көлдетіп берейін. Тек ұтсам болды! (Жайраңдап орнынан тұрды). МАНОЛА (Сол бойда орнына отырып): Қане, көрейікші, маған айтқаныңыз келер ме екен, жоқ па екен. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: (Картаны жинап, реттей бастайды) Сіз күйеуіңіз жоқ болғандықтан сіз қарғаның мәткесісіз. (Карта іздей бастайды).

Ремедиос көрінеді.
РЕМЕДИОС: Синьор Кристобаль келе жатыр, қабағы түйіліп кеткені!
Бәрі түрегеледі.
ТОМАСО: Мен оны әлі тамақтандырмап ем! Донья Ньевес, мені жасыра көріңіз!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Бөлмеге кіріңіз.

ТОМАСО: Дон Сильверио, менің орындығыма отырыңыз, әйтпесе, осында екенімді біліп қояды. Сильверио күлімсіреп, орындық ауыстырып отырады. Әйелдер балконнан кетеді. Қызыққұмарлық жеңген Донья Бальбина баспалдақпен төмен түсе бастайды. Кристобаль кіреді. Бұл қажырлы, еңгезердей адам. Тоқпақтай қалың мұртты. Үстінде көйлек, көнетөз көк шалбар. КРИСТОБАЛЬ: (Жан-жағына секем ала қарап). Саламат па, Сильверио. Менің әйелім көзіңе түспеді ме?

СИЛЬВЕРИО: (Иығын қиқаңдатып) Менің қолым бос емес екенін көріп тұрсың ғой. Донья Болъбина баспалдақтан түсіп, парапеттің қасына кеп тоқтайды. Кристабаль оған да секем ала қарайды.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мен көрген жоқпын.

КРИСТОБАЛЬ. Оның қайда екенін жақсы білем. Ол, керең боп қалмаса, тап осы қазір дауысымды естіп тұр!

(Есікке беттейді).

Донъя Ньевес балконына шығып, жайбарақат орнына отырды. Кристобаль балконға жақын кеп тоқтайды.

Менің әйелім сіздің үйде емес пе?
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Әуелі амандық-саулық сұраспайсыз ба?

КРИСТОБАЛЬ: Ондай қылжақбас әңгімені суқаным сүймейді. Екеуміз бір-бірімізді жақсы білеміз ғой. Мен оның баспалдақпен жоғары өрмелеп бара жатқанын естіп жатқам. Содан қайтып түскен жоқ. Демек осында. Ол дәуде болса, сізге әлгі құрып кеткір бал ашқызуға келді. ДОНЬЯ НЬЕВЕС. Абайлап сөйлеңіз! Аузыңызға не түссе, соны айта салатын, бұл ара сізге үйіңіз емес. КРИСТОБАЛЬ (Айқай сап): Есігіңізді ашыңызшы, дәл осы сөзімді сіздің үйіңізде, әйелімнің көзінше-ақ айтайын. Сендердің бар айла-амалдарың менің алақанымда ғой! Осы карта-сарта деген пәлелерің дүниенің бәрін бүлдіріп жүрген. Қап, сен сайтан алғыр көзбояушыны ма! ДОНЬЯ НЬЕВЕС: А! (Шошынып, орнынан асығып тұрады). Мен мұндай бассыздықты көтере алмаймын. Мен ақ адал еңбегіммен күн көріп жүрген адаммын! Ал, картаға өйтіп тіл тигізуге қақыңыз жоқ! Иә, қайта сізге де анда-санда бал ашқызып қойған дұрыс болар еді. Бәлкім, дүниеде абырой-өжет дейтін нәрселер барын сонда білерсіз. Әлгі азғантай тапқан-таянғаныңызды апарып араққа сататын Клаудио мекемесінің қасында менің картам әулиедей емес пе! О несі-ай!

КРИСТОБАЛЬ: (Ол сөзін аяқтап бітірместен дүрсе қоя беріп).

Өңшең алдауыш неме! Сендерге де тиым табылар, әлі-ақ семья шырқын бұзғандарың үшін сазайларыңды тартасыңдар! (Айқайлап). Әй, Томасо, қанымды қайнатпай, жаның барда шық бермен!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Міне, солай! О несі-ай! (Шекелей қарап, шығып кетеді). КРИСТОБАЛЬ; Ол баспалдақта тұр! (Есікке қарай Жүгіреді). Бұл оңбағандар мені әбден ақымақ қылып бітті! (Алдынан жолын кес-кестеп, Манола шыға келеді). Е, бәсе! Арқаны мында екен, қауғасы да қайта аса қойды дейсің?!

МАНОЛА: (кекете жымсиып). О не дегеніңіз?

КРИСТОБАЛЬ: Арқан дегенім мына сіз ал қауға дегенім — әлгі менің асыл текті нақ сүйерім. Өзі қайда, айта қойыңызшы, тәңір жарылқағыр?

МАНОЛА: Қайда екенін мен қайдан білем?
Кристобаль оны бір жаққа қарай ығыстырып, өзі әрі өтіп кеткісі келеді.
Мұнша кимелеп сізге не болған өзі?

КРИСТОБАЛЬ: Ендеше, анау баспалдақпен төмен қарай зытып бара жатқан кім? Томасо!

(Есіктен ішке қарай оқша атылады).
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Хайуан екеш хайуанда сүйтпес!
МАНОЛА: Қолына түссе, түтіп жейді, не қылар екен — барып көрейін (кетеді).
Сильверио күліп, балғасын тық-тық ұрып қояды.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Төңірегіне қарап қойып, шатырда әрлі-берлі сенделіп жүріп). Көрдіңіз ғой, сәл нәрсеге айқай-ұйқай болады да қалды. Бәрі де сол қара халықтан шыққан қаратабандықтан. Әттең, әлдеқашан көшіп кетер ем, жатқан жері жәннат болғыр күйеуім марқұм екеуміз тату-тәтті өмір кешкен пәтерімді қимаймын. Менің бұны айтып тұрған себебім, сіз де тәрбиелі инабатты кісі көрінесіз. СИЛЬВЕРИО (Оған қуақылана көз тастап). О не дегеніңіз, синьора. Мен де осылар секілді қарапайым еңбекшімін. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Өйтіп аузыңызды қу шөппен сүртпей-ақ қойыңыз. Жұбайыңыз да, өзіңіз де тегін жерден шықпаған кісілер екендіктеріңіз бірден көрініп тұр ғой.

СИЛЬВЕРИО: Көңіліңізді құдай көтерсін.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Бұл сөзімнің еш қоспасы жоқ шындық. Айтпақшы, жұбайыңыздың көңіл-күйі қалай? СИЛЬВЕРИО: (Жұмысын тоқтатып, жүзіне қарап, сәл кідіріп барып). Рахмет, өте жақсы. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Жақындап). Мен оның әлгі бақытсыздығын айтып тұрғам жоқ. Кейінгі кезде өңі ептеп қажыңқы көріне ме қалай... СИЛЬВЕРИО: (Оның жүзіне тесіле қараған қалпы). Жоқ, синьора. Оның көңіл-күйі өте жақсы. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Кешіріңіз. Ендеше бұл бір сандырақ әңгіме болды. Көрші адамдармыз. Бір-бірімізден қол ұшымызды қашан да аямауымыз керек. Мен қызметтеріңізге әрқашан әзірмін. Оны өзіңіз де білетін шығарсыз. СИЛЬВЕРИО (Байсалды кейіппен): Зайыбым екеуміз сізге өте ризамыз. (Балғасын тықылдатады). Пауза. Түпкі шатырға жұпыны киінген, көзіне арзан қор көзілдірік таққан, елулер шамасындағы еркек Элиас шығады. Оның екі қолы қалтасында, аузында көнетоз қорқор бұрқылдайды.

ЭЛИАС. (Гүжілдей тіл қатып). Қайырлы таң!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Саламатсыз ба?

ЭЛИАС: Мыналарың кісі таңғаларлық екен, Сильверио? әлгі юбка киген борбасарларыңның қолынан мұндай кісілік қайдан шығып жүр? СИЛЬВЕРИО: (Орнынан тұрып, жәшіктен бір-екі құрал-сайманын алып, қайта отырады). Адамгершілік жасамасына қойдық па, есік ашық екен, ебін өзіміз келтірдік емес пе? ЭЛИАС: Ендеше, осыларыңыздан танбаңыздар! Мұндай тамаша күнде кеудеңді кере жұтқан таза ауаның өзіне не жетсін! Расында да, бүгін ауа райы неткен керемет!

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мереке ғой.
ЭЛИАС: Содан ғой деп ойлайсыз ба?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Маңғаздана). Әрине... Тегін күні Мереке болады ғой дейсіз бе? Оны мына жаймашуақ күннің өзі айтып тұрған жоқ па!

ЭЛИАС: Ал, бүгін жаңбыр жауса қалай болар еді?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Шытынып). Онда такси ұстайсыз да. (Бір шетке қарай кетіп қалды),

Сильверио жымсиып күліп қояды.

СИЛЬВЕРИО: (Сақылдай күліп). Оның бәрі соқыр сенім. Ал, маған келсеңіз, кейінірек мына Сильверио екеуміз әйелдерімізбен осында кеп, жатқан-тұрған журналды оқып, таза ауада тамақтанғаннан асқан мереке жоқ. Әй, данышпан, ұмытып кеткен жоқсың ба?

СИЛЬВЕРИО: Ұмытып бара жатсам, Пилар еске салады ғой.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Демек, мерекені сіз де атап өтеді екенсіз ғой.
ЭЛИАС: Кәдімгі қарапайым салат-малат қаужитынымыз рас.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Маңғазданып). Ал, мен мұндайда айрықша тағам дайындаймын. Мәселен, бүгін булаған кірем пісірмекпін.

ЭЛИАС: (Қорқорын аузынан алып) Мүмкін емес.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА; Иә, рас айтам. Сонда қалай ғой деп едіңіз? Мен тек табиғи тағамдар болмаса, әлгі жасанды полуфабрикат дегендеріңізді аузыма да алмаймын. Жаңа сауылған сүт! Өз қолыңнан пісірген бисквит... Одан тамаша не бар дейсіз, шіркін! ЭЛИАС: Ендеше мұныңыз керемет болды. Кремді мен де жақсы көруші ем. Бәріміз де қарапайым адамдармыз. Бәлкім, бұл содан шығар. (Оған қулана құрап қояды).

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Аңырап), Мен олай дегем жоқ... Әне, менің қызым Даниэла!
Сөмкесі тола тамақ арқалап, Даниэла шығады.
ДАНИЭЛА: Саламатсыздар ма?
СИЛЬВЕРИО: Саламат бол, қызым.

ДАНИЭЛА: Міне, әкелдім. (Сөмкесін шешесіне көрсеткісі келген боп, Фидельдің бар-жоғын білейін деп, шатырды кесіп өтеді). ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Мойнын созып, үңіле қарап тұрған Элиастан сөмкені көлегейлеп). Бисквит әкелдің бе?

ДАНИЭЛА (Анасына енді бұрылып): Бисквит дейсіз бе?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (қызына тесіле қарап). Иә, қызым, бисквит... Крем пісіруге керек еді.

ДАНИЭЛА (Түсінген боп): Ұмытып кетіппін. Қазір қайта барып алып келейін. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Неткен қасірет бұл. Қайта қасында бас-көз боп жүретін мен барына шүкір. Әйтпесе... Жә кеттік.

Даниэла екі беті ду қызарып, анасына еріп шығып кетеді.
Сау тұрыңыздар.
СИЛЬВЕРИО: Сау тұрыңыз, Донья Больбина.
Элиас иіліп-бүгіліп тағзым етіп қоштасады. Даниэла мен шешесі шығып кетеді.

ЭЛИАС: Өмір-бақи көретінің осы: Көңілің шапқан нәрсе қолыңа түспейді. Екеуі де бақытсыз. (Парапетке отырады). Жасап жатқаның не нәрсе? СИЛЬВЕРИО: Әй, жәй, әншейін. Сырт көзге машинаның моторын қыздыратын бұранда темір сияқты. (Екі жерден иілген түтікшені ұсынады). (Элиас үңіліп қарай бастайды). Ішінде бекітуші айнасы бар.

ЭЛИАС: Көріп тұрмын.

СИЛЬВЕРИО: Мұны жақында болатын ойын-сауыққа жасап жатырмын. (Түтікшені алып, жәшікке салды). Міне, мынаны бір бойжеткен былай етіп киіп, мына екеуін былай етіп орнатады. (Түтікшелердің қалай киілетінін көрсетеді). Сосын сыртынан бұның бәрі көрінбейтіндей қып, киім киеді. Сонда тек ақша беріп қана көруге болатын, ғылымға бұрын-соңды белгісіз, қарнында тесігі бар таңғажайып әйел боп шыға келеді. (Күледі). Балапанның қожасы менің көп ақша сұрамайтынымды біліп алған. Бүгін бітірсем, ертең ақым қолыма тиеді. Сен мұны оңай нәрсе деп ойлама. Бәрін дәл есептемесең, болмайды. Түтікшелері де анау-мынау емес, латуннан жасалған.

ЭЛИАС: Жарайды, ал сосын не істейміз?

СИЛЬВЕРИО: Ненің сәті түсетінін кім біліпті? Мынаның ақшасы келесі аптаға дейін жетеді. Сосын қолайлы ештеңе тап келмес, бір дуродан өткен-кеткендердің суретін салып береді. ЭЛИАС: (Ашуға мініп) (Парапеттен секіріп түсіп, әрлі-берлі қыдыра бастайды). Әй, ынжықтың да ынжығысың-ау өзің!

СИЛЬВЕРИО: (Таңырқап). Сонша күйгелектейтіндей не боп қалды? ЭЛИАС: Сендегі қабілетпен қандай дәрежеге жетуге болатынын білесің бе? Атақты суретші ме, әйгілі инженер ме, әйтеуір сұңғыла біреу боп шыға келер ең? Сен болсаң қайдағы-жайдағыға бола басынды қатырып жүрісің мынау. Осыншама үлкен талант дәл осылай итшілеп күн көреді дегенге кім сенеді! СИЛЬВЕРИО: (Күледі). Айтып тұрғаның қайдағы талант! Мен жасырақ кезімде өнер қуарымды, не ғылым қуарымды білмей басым қатқан. Қылқаламдарым мен физика оқулықтарын қолтығыма қысып ап, Париж, Лондон қайдасың деп, үйді тастап тайып тұрғам... (Орнынан тұрады). Мен, сөйтсем, барып тұрған өзімшіл екем. Қызық қуам деп жүріп, еңбек етуді ұмытып кетіппін. Талантым да, ыждағатым да жоқ екенін артынан бір-ақ білдім. ЭЛИАС: Өзің емес, бөгде біреу туралы айтып тұрғандай қалай жайбарақат сөйлейсің? СИЛЬВЕРИО: Рас айтам. Менің тағдырым, шынында да, әлгіндей. Электр ұстарасын жөндейтіндей ғана азғантай қабілетпен коррида ойнайтын жерді күннен қорғайтын қалқа ойлап табам деп бір сандалдым, жарнамалар жазып екі сандалдым... Ара-арасында көз көрген жер еді ғой деп, циркке соғып тұрдым. Сүйтсем, менің өнерім көрушілерге әлдеқашан ұнамайтын боп қалыпты. Сосын,міне, құдайдың басқа салғанын көріп жатырмын. Тапқан-таянғаным әйел екеуміздің ішіп-жемімізге жетеді. Жәрмеңкенің ағаш ат мінген жайрақпағындай қолтықтаған бір тірлік. Сөйтсек, бақыт деген, міне осы, екен.

ЭЛЙАС: (Қатуланып). Сонда сен бақыттысың ба?
СИЛЬВЕРИО: (Өзіне мұң жүгіріп). Бақытты да болар ем...
Тек әлгі Пилардың...
Үнсіздік.

ЭЛИАС: Мүмкін, жазылып кетер. (СИЛЬВЕРИО: (Түңілген кейіппен). Жоқ! Жап-жас әйел болғанмен, одан үміт шамалы. Мезгіліне жетпей можап біткен. Қан тамырлары тозыпты дейді.... Онсыз да аурулы кісі еді, қызы өлгесін, біржолата мұқап қалды. (Жақын кеп). Енді бегі бері қарамас түрі бар.

ЭЛИАС: Не деп тұрсың?

СИЛЬВЕРИО: Ертең бе, араға жылдар салып па, әйтеуір бұл дүниелік кісі емес екендігі анық. Дәрігерлер мұны маған әлдеқашан ашып айтты. Тек қай күні, қай сағатта үзіліп кететіні ғана белгісіз. Бірақ, ондай күннің болмай қоймайтыны даусыз, ал менің қолымнан келер еш қайран жоқ. Әйтеуір, өзі сезіп қойып, одан сайын күйзеліп қалмасын деп, бұны ешкімге тісімнен шығарып керген емеспін.

ЭЛИАС: Бұны білген жоқ ем.

СИЛЬВЕРИО: Кешір. Бұл арада сенің де қолыңнан ештеңе келмейді. (Сильверио күлімсіреген боп, жәшігінің қасына қайтып оралады. Элиас ере жүреді). Міне, қарашы. Мына бір түтікшеге шыны қондырмасам болмайды. Өйткені, қолын сұғып қарайтын, не жанып жатқан шылым шоғын салатын ақымақтар аз ба? Қап, үстімді ұмыт қалдырғанымды қарашы... (Жәшігін ақтара бастайды).

Элиас оның иығынан қағады.

Мен сіздерге өте ризамын, Элиас. Саған да, әйеліңе де көп-көп рахмет. Кейде екеуің оның кереңдігінен іштерін пысып кететін шығар?

ЭЛИАС: Жә, достарым, осы әңгімені доғарсақ қайтеді?

СИЛЬВЕРИО. Егер сіздердің ықыластарыңыз болмаса, оған сонша ауыр тиген болар еді. Тірі жан болғасын, о да қара іздейді ғой. ЭЛИАС: Оған қасында сен болсаң болды. Өзі де солай деп талай айтқан. (арқасынан). Неге сонша тұнжырай қалдың? Бүгін мейрам екенін ұмыттың ба? СИЛЬВЕРИО: (Оның жүзіне тесіле қарап). Жоқ, ұмытқам жоқ. Жаңа мейрам, бірақ жарты күн бойына ешкімнің қолы босамайды. Халықаралық матч, лотерея ойыны, одан қала берсе, бүгін жаңа айдың бесінші күні.

ЭЛИАС: Әлі есіңнен шығармағансың ба?
СИЛЬВЕРИО: Қызым да айдың бесі күні қайтыс болып еді.
(Ерсілі-қарсылы сенделіп кетеді).
Элиас одан көз айырмай қарап тұр.

Әдетте ұмытып кетуші ем. Айдың онында не он екісінде барып есіме түсетін. Сонда барып бесінде есіме түспегеніне өкінетінмін. Бірде тіпті жылдығын атап өтуді ұмытып кетіппіз. (Бұрылып). Кісі таңғаларлық нәрсе емес пе?

ЭЛИАС: Ал, әйелің ше?
СИЛЬВЕРИО: Пилар да ұмытып кететін сияқты.
ЭЛИАС: Онда қайта дұрыс екен.

СРІЛЬВЕРИО. Ал, бүгін атымен басқа ай болса да, таң атпай жатып есіме сол түсті. Міне, ғажап...

ЭЛИАС: Оған бола алаң болма... Ондай-ондай бола береді.
СИЛЬВЕРИО: Мүмкін, о да мүмкін.
ЭЛИАС: (басын шұлғып есікке меңзеді). Әне, Пилар келе жатыр.

СИЛЬВЕРИО (Асығып): Ендеше, қабағыңды жаз. (Жүріп келе жатқан Пиларға күлімсірей қарайды). Пилар қолыңда орындығы бар, күлімдей кіреді. Жасы қырықтар шамасында, бірақ шашыңа ақ түскен. Бойында бір бойжеткен қыздарға тән сүйкімділік байқалады. Дауысы да сүйкімді, кейде шын қаттырақ сөйлеп қалады. Онысы кереңдігінен болса керек. ПИЛАР: Ренжіме. Сеньора Манола айтқасын, мен де басымды көтердім. Мына жерге отырайын. Саған осы ынғайлы шығар. (Орындығын парапеттің қасына қойып, жас балаша Элиастың жеңінен ұстай алады). Бүгін күн неткен тамаша еді.

ЭЛИАС (Даусың көтеріп): Саламат па?
ПИЛАР: Жұмысың қалай? Жүріп жатыр ма?
СИЛЬВЕРИО (Түтікшені ұсынып): Міне, көр.
ПИЛАР: Ту, бітіруге жақындапсың ғой!

СИЛЬВЕРИО (Басын шайқап): Әлі біраз шаруасы бар.

ПИЛАР: Ауа неткен таза, рас па? (Былайырақ жан-жаққа көз салады). Біз бір қорғанның мұнарасына шығып тұрғандай екенбіз. Анау, жағалы кірлер іліп қойған тулар сияқты. (әрлі-берлі жүріп). Мұңда әлгі балгер әйел тұратын еді ғой.

СИЛЬВЕРИО. Ш-ш-ш. (Құлағын меңзеп). Ол сенің сөзіңді естіп қоймасын.
ПИЛАР: (Аузын меңзеп, даусын көтеріп). Төменде!
СИЛЬВЕРИО: Дауысыңды көтермей-ақ қой, бәрібір естімейді.

ЭЛИАС: Айтпақшы, солай екен ғой. Мен ылғи ұмытып кетем. (Пилардың қолын алып). Пилар!

ПИЛАР (Зейін аударып): Иә?

ЭЛИАС (Төменге меңзеп): Петро анда сізді күтіп отыр. Екеуміз бірге тағам дайындамақпыз дейді.

Пилар түсінбей Сильвериоға. Қарайды.

Кейінірек барсаңыз да болады. (Саусағын шошайтып). Ол екеуіңіз тағам әзірлейсіз...

ПИЛАР (Оған қарап): Дайындал дейсіз бе...
Элиас басын шайқайды.

Тоқтай тұрыңыз (Қалтасынан блокнот пен қарындаш тұқылын шығарып Элиасқа ұсынады. Ол жазады). СИЛЬВЕРИО (Күлімсіреп); Ол бойжеткесін барып құлағынан айырылған. Сондықтан айтқан сөзді ерініңе қарап түсінуге үйренбеген. Кейде жеке-жеке сөздерді ғана ұғады. Ал, кей уақыттарда не айтып тұрғаныңды айнытпай түсіне қоятыны бар. Оған мен де таңғалам. ПИЛАР (Элиастың жазғанын оқып): Жоқ, ұмытқам жоқ. Керек тағамдардың бәрін сатып ап қойдым.

ЭЛИАС: Мінезінің өзгеріп кетпегеніне шүкір.
СИЛЬВЕРИО: Ол енді менің арқам.
ПИЛАР: Мақтаншақ! (Көшеге қарау үшін шегініп тұрады).

СИЛЬВЕРИО. Міне. Көрдің ғой? Өйткені, мен оның ылғи өзіне өзі сеніп жүруіне жағдай жасауға тырысып бақтым. Кейде бірдеңені бүлдіріп алса да, түк көрмегенсіп, қайран қалам. ЭЛИАС: Меніңше, әлегің бір басыңа жеткілікті екен. Мен де әйелімді жақсы көрем. Иә, рас айтам. Бірақ, кей-кейде кикілжіңдесіп қалатын кездеріміз болады. Ал, сіздер шамасы, тіптен қабақ шытыспайсыздар ғой деймін? СИЛЬВЕРИО: Мынандай жағдайға ұшырағалы қабақ шытысып көрген емеспіз. Жанына жарақат түсіріп қайтем деп, аяйсың. ПИЛАР: Көшеге су шашқалы жатыр. (Бұрылады). Ана бұрыштағы саудагер әйелге сауап болғанын қарашы, артынып-тартынып көшенің екінші бетіне шықты.

Сильверио оған қарап күліп қояды.

ЭЛИАС (Күрсініп): Қысқасы, бұл дүниеде сен секілді адам аз. Мен төменге барайын. (Парапетке отырып, өз шатырына қарай қарғып кетеді. Қолын бұлғайды), Көріскенше сау тұр, Пилар!

ПИЛАР: Сау тұр. Петроға айт, мен сағат бестерде барам.
ЭЛИАС: Әзірге. Бәлкім сен мұнда тағы да шығарсың. Мен де келем.
СИЛЬВЕРИО: Әзірге.

Элиас қорқорын сықап толтырып ап, тасаға түсіп кетеді. Сильверио мен Пилар бір-біріне қарап қалады. ПИЛАР (Қолын оның алақанына сап): Егер жұмысыңды істеп болсаң, маған бір әңгіме айтшы. СИЛЬВЕРИО (Одан көзін аударып): Бейшара Пилар! Сен әлі нәрестесің, ойында ештеңе жоқ. Басымыздағы мынау қасіретті мен жалғыз езім арқалап келем. Бірақ, оны ауырсынып жүрген жоқпын. Мен сенің алдыңда онсыз да қарыздармын.

ПИЛАР (Блокноты мен қарындашын ұсынып): Не айтқаныңды жазып берші.
Сильверио жазып беріп, күлімсіреп жүзіне қарайды.
ПИЛАР (Оқып): Иә, шынында да тамаша еді! Есінде ме?

СИЛЬВЕРИО: Иә... Расында да, тамаша болып еді. Сен сонда Кэролға еріп жүр едің. Ол екеуің, сен әлгі сұмдық оқиғаға душар боп, әзер деп есіңді жинаған соң, танысыпсыңдар. Ол соғыс зардабын аямай тартып, қаршадай қызбен қалған сені аяп, қол ұшын беріпті. Циркке алып, соғыс сұмдығынан аулақ бейбіт елдерге баруыңа көмектесіпті. Бірақ, оның қарымтасына сенен ештеңе талап еткен жоқ. Сондай тамаша адам еді ғой, Кэрол... Жүрегі жұмсақ сол бір еңгезердей кісі нағыз жайсаң адам болатын. (Аулағыраққа барып, айтып тұрғанын Пиларға ымдап түсіндіреді). Сен оған Канифоль жағылған шүберекті ап беріп тұратынсың, номер біткен соң, екеуің көпшілікке бірге тағзым ететінсіңдер (ымдап көрсетеді).

Пилар көңілденіп, оның істегенін қайталайды.

Сонда сенің үстіндегі киім жалт-жұлт етіп, көрген көздің жауын алатынсың. (Өзімен өзі). Мен циркке келген беттен-ақ, ештеңе білмесем де, сенің көзіңде бір тұңғиық мұң бар екенін аңғардым. (Қайтадан ымдай бастайды). Сосын сен өз номеріме әзірленіп жатқан менің қасыма кеп, маталардың қиығынан қалай сурет құрастыратынымды көріп тұрдың (қолымен ымдап көрсетеді, Пилар түсініп, оның істегенін қайтадан істеп көрсетеді), қолында ылғи кішкене қызың болатын... Сен маған келуді жиілеттің. Өйткені екеуміз де испанбыз ғой. Бірде мен «Марсель порты» деген суретті үш минуттың ішінде салып бітірдім.

Біз онда Марсельде гастрольде жүр едік...
ПИЛАР: (Оның қимылына көз салмай қарап). Тоқта «Марсель портын» айтасың ба?
СИЛЬВЕРИО. (Басын изеп). Иә.

ПИЛАР. Өй, ол бір керемет сурет еді ғой!.. Ал, мен саған жаңа шүберектер әкеліп беріп тұрдым.

СИЛЬВЕРИО: Екі айдан соң біз үйлендік.
ПИЛАР: Қандай ғажап кез еді!

Сильверио Пилардың шашынан аялай сипап. қояды. Пауза, Кенет Томаса мен Манола жүгіріп кеп орындықтарына отырады.

СИЛЬВЕРИО (Әйелінен шегіншектеп): Не боп қалды?
ТОМАСО: Әлгі Нати есікті жабайын деп келе жатыр.
Донья Больбина шығып, орындығына асығыс отыра кетеді.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Ол келіп қалды. Біз ештеңе білмеген боп, көлденең бір әңгіме айтып отырайық.

МАНОЛА: Мен оған олай да бұлай да айтып жатырмын кеп...

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Ойыңызға бұдан басқа ештеңе келмеді ме? (Есік жаққа қарап қояды). Сіздер бұрышта тұрған жаңа витриналарға назар аудардыңыз ба? Сондай тамаша! Тап Америкадағыдай! Маталарының өңі неткен әдемі еді. Ал, әлгі түрлі-түсті пластиктерден жасалған сөмкелерін айтсаңшы, тіпті түсіңе кіреді!

Нати шығып, олар жаққа қарап қояды.
ТОМАСО: Иә, көрмесем де біліп отырмын!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мен содан біраз нәрсе сатып алмақпын.
НАТИ. Бұл арадан кетсеңіздер қайтер екен, мен есікті жабайын деп ем.

Үнсіздік. Әйелдер Натиге көз қиығын тастап, бір-біріне қарап қояды. Түпкі шатырда Сабас пен Пако көрінеді. Олар көше жаққа шығатын парапетке қарай беттеп келеді, бірақ Натидің даусын естіп тоқтай қалады

Қайталап айтам, шатырды босатыңыздар, мен есікті жабамын!
САБАС: Бері кел, Пако. Қазір қызық болады!
Сабас парапетке кеп, сүйеніп тұра қалады. Пако соңынан ереді.

ТОМАСО: Өзіңіз төменге түссе тұрсаңыз қайтеді, біз осында әлі де бола тұрсақ па деп едік. НАТИ (Қалтасынан кілт суырады), Кетіңіздер! Орындықтарыңызды да ала кетіңіздер! ТОМАСО: О не дегеніңіз. Бұл орындықтар бізге осында бүкіл кеш бойына керек болатын түрі бар.

Сабас аяғын салбыратып, парапетке отыра кетеді.
НАТИ: Бүкіл кеш бойына дейсіз бе?

ТОМАСО: Иә. Олардың тротуарда тұрғанынан осында тұрғаны жақсы емес пе? (Қасындағыларға қарап қояды).

МАНОЛА: (мысқылдай күліп). Жетпегі сол еді!

НАТИ: Жә, болды! Ендеше, көрші үйдің шатыры арқылы түсерсіздер. (Орнынан тұрып, есіктің Ұңғысына кілтті салады). Сабас бір-ақ секіріп кеп, Натидің есікті жабуына кедергі жасайды. Сол екі ортада Манола мен Томасо да орындарынан түрегеледі.

НАТИ: Мен қазір күйеуімді шақырам!
Енді Пако парапетке отыра қалады.
МАНОЛА: Иә, бұл күйеуін шақырады қазір!
Бәрі күліп жібереді.

ТОМАСО: Бәлкім ол күйеуін мұнда самолетпен әкелетін шығар.

НАТИ (Ызадан кілтін жалма-жал суырып алады): Қарайды. Мен бәрібір бұл есікті ақыр түбі жаппай қоймаймын.

САБАС: Ал жаба алмасаңыз қайтесіз?
НАТИ: Оны көрерміз! (Кілтті артына жасырып, жалтаңдап төмен түсе бастайды).
ПАКО: Кәне, Сабас, қимылда!

САБАС: (Натиді мазақтай). Сіз өйтіп қорықпаңыз, кілтіңізді тартып алғалы тұрған ешкім жоқ. Кілтсіз де бір ретін табармыз. (Жұдырықпен бір қойып, есіктің ашасын опырып жерге түсіреді, сүйтеді де, қолын уқалап, былайырақ шегінеді).

Әйелдер әуелі шыңғырады, артынан жамырай күледі.
ПАКО: Бәрекелді, Сабас!

НАТИ: Бұзақы! Есуас! (Томасоға). Ал сіз балаңыз бұзған есікті ертең өз қалтаңыздан жөндетесіз.

(Жерде жатқан алқаны көтеріп алады).
ТОМАСО: (күледі). Төлейміз, төлейміз! Тек бұл арадан тезірек жалтыратыңыз.
Нати шығып кетеді.
МАНОЛА: Енді шатыр өзімізге қалды.

ТОМАСО (О да есікке жақындап): Кәне, болыңыз, тезірек кетіңіз! (Артына Сабасқа бұрылып). Менің балам, жарайсың! САБАС: Пако, кеттік. Оны артына қарамайтындай қып қуып жіберейін. (Есікке барып ысқырады).

Пако Сабасқа ере шығады. Екеуінің ысқырығы бірте-бірте алыстай береді. ТОМАСО: Енді, міне, көңілді бірледік, пісіріп жатқан бұршағымды қарап келейінші.

МАНОЛА: Ал менің картошкам не болды екен, көрейінші.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Айтпақшы, менің кремім күйіп кетпеді ме екен! (Жолындағы әйелдерді итеріп тастап жүгіре жөнеледі).

ТОМАСО: Мынау тәтті құмар Донья қайтеді-ай!
МАНОЛА: (Жымиып). Тс, байқаңыз, көршім...
Екеуі де шығып кетеді. Пауза. Пилар мен Сильверио бір-біріне қарап күледі.
ПИЛАР: Әлгі Сабас дегендері неткен оспадарсыз неме еді!

СИЛЬВЕРИО: Иә десейші. (Қайтадан түтікшені қолына ап, қарай бастайды).
ПИЛАР: (Сахнада әлі жұлынған алқаны көріп жүр). Әбден быт-шытын шығарыпты.

Сильверио Пиларға бір қарап қойып, қолына атауыз ап бірдеңені түзете бастайды. Күн неткен тамаша еді... Ап-ашық-ау, ап-ашық. Кейде осындай таңғажайып күндер болады-ау...

Сильверио жұмысын тоқтатып Пиларға қарайды.

Ондайда уақыт тоқтап, бір орында туралап қалғандай, не бір төтен оқиға тап болатындай көрінеді де тұрады. Сен ешқашан ондай сезімді бастан кешіп көрген жоқсыз ба? Күнде көріп жүрген үйреншікті нәрселер бірінші рет көріп тұрғандай таңсық көрінеді... Көршілер де өңшең бір тамаша адамдар... бірақ оны өзі білмейді. Әсіресе, әлгі балгер әйелдің қабақ түйгені-ақ тамаша... Өзі бір ештеңені түсінбейтін қарапайым әйел, бірақ тәңірдің бір сүйген пендесі... Тіпті мына сынықтар да сондай сүйкімді... Төңіректің бәрі жымыңдап күліп тұрғандай...

СИЛЬВЕРИО (Абыржып, қасына келеді). Саған не болған?

ПИЛАР (Күледі). Қорықпа, ақшағым. (Қолына сүйеніп). Мен бүгін сондай жақсымын... Жаным бір түрлі жай тауып тұр. Менің төңірегімдегі нәрселердің бәрінен сенің жүзіндегі күлкіні көрем... Сүйтсем, дүниенің бәрін бүйтіп күлімдетіп тұрған сенің күлкің екен ғой.

СИЛЬВЕРИО (Тебіреніп): Пилар...
ПИЛАР: Сен менің өйістіп әңгімелескенімді ұнатасың ғой?
Сильверио құптап бас изейді.

Бірақ, сен менің айтқанымды барлық уақытта құлағыңмен тыңдайсың. Ал, мен кейде саған мен құсап тек жүрегіңмен ғана ұға алатын бірдеңе айтқым келеді. Мен сенің айтқаныңды ылғи естімесем де, жүрегіммен ұғам ғой. (Қолын созып сұқ саусағымен бітейді).

СИЛЬВЕРИО (Қолын серпіп): Сен не істемекшісің?

ПИЛАР: Шуламай тұра тұр. Тек бір минутке ғана мен құсап керең боп көрші. Кәне! СИЛЬВЕРИО: Алайда бұрын мұндай нәрсе ойыңа келмеуші еді ғой. Бүгін қайдағыны қайдан шығарып тұрсың? ПИЛАР: Сен таңданып тұрсың ба? Бүгін бір ерекше күн деп жаңа айтпадым ба! Басыма аяқ астынан осындай ой келе қалғаны неге екенін өзім де білмеймін. (Тағы да жақындап кеп, құлағын оның құлағын бітейді).

СИЛЬВЕРИО (Жүзін суытып): Сен тағы да дәл түстің.
ПИЛАР: Әлгі күлкің қайда жоғалып кетті?
Сильверио өзін-өзі күштеп күлген болады.
Міне, осылай.

Сен мені естіп тұрсың ба?
Ол күлімсіреп бас изейді, бірақ жүзінде бір қобалжу бар.
Иә? Қаттырақ қыса түсу керек екен... Ал, енді естіп тұрсың ба?
Сильверио оның жүзіне қарап, қозғалмай қатып қалады.

Міне, енді дұрыс болды. Сен мені енді ғана ұға аласың... Мен саған енді ғана рахмет айта аламын. Шексіз төзімің мен мейірімің үшін көп-көп рахмет! Сен маған кішкентай қызымның қайғысын ұмыттыруға тырысып бақтың... Бірақ, мен оны бір сәт те есімнен шығарған емеспін, бірақ, оны ойлағанда, бұрынғыдай қан жұта қайғырмауға үйрендім. Сол үшін де саған рахмет. Енді сен де ұмыт сол бір сұмдықты! Бүгін айдың бесінші күні екенін де есіңнен шығар. Пилар сөзін доғарып, қолын босатады. Сильверио оны құшақтайды, көздерінде бір тұңғиық мұң бар. СИЛЬВЕРИО: Мен ұқтым, Пилар. Мен бұрын өз өмірімді сен үшін құрбандыққа шалдым деп ойлаушы ем. Сөйтсем, шын құрбандық сен екенсің... Мынау саған күлімдеп тұрған кеңпейіл аспан мен дегенде мейірімсіз боп шықты.

ШЫМЫЛДЫҚ.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Сол бірінші көріністегі декорация. Көршілер әкелген төрт орындық жерде жатыр. Шамасы балалар бір-біріне тіркестіріп, поезд қылып ойнаса керек. Шаңқай түс, күн нұры сол жақтан көлбей түсе бастаған. Өз балконында отырған Донья Ньевес алдындағы столды барабан қып ұрып қояды Пауза, Ремедиос кіреді.

РЕМЕДИОС: Сен мені шақырдың ба?
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Сенің әлгі сеньор сағат төртте келеді дегенің қайда?
РЕМЕДИОС: Деуін десем. Бірақ, келмегеніне мен жауапты емеспін ғой.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жоқ, сенің осындай қырсыздығыңнан осы тоқсанда келушілердің саны күрт азайып кетті.

РЕМЕДИОС: Менің қырсыздығымнан ба?

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Өткен жексенбіде бар болғаны он екі-ақ адам кепті. Алдыңғы жексенбідегіден төртеуі аз. Ал, міне, бүгін қанша уақыт өтті, бар болғаны екі-ақ адам бас сұқты!

РЕМЕДИОС: Күн әлі түгел өте қойған жоқ қой...

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жоқ, шамасы, жұрттың бәрі анау мыстанға ауып барып, бал аштыратын болса керек. Менің балым одан мың есе дәл түседі, бірақ, қайтерсің, халқы құрғыр қашан да жаңаға әуес қой. Оның үстіне осындағы жұрт күні бойы шаң-шұң ұрысады да жатады. Балалар поезд боп ойнап жер тепкілей бағады. Әбден миым қатып кетті! Жасаған, тек өзің кешір! (Шоқынып қояды). РЕМЕДИОС: Анада Депиноны көк желкеден бір қойғанынан кейін олар енді бұл маңайға жуый қоймас. Оған бола абыржыма. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Әрине! Саған солай ғой. Алдыңа ас қойса болды — дүние түгенденіп шыға келеді. Ал, шаруамыз, шынында да, шартарап боп тұрған жоқ па!

РЕМЕДИОС (Күрсініп): Шіркін-ай, бір ұтпаймыз-ау!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (кексініп): Ұтуды айтасың ба... (Даусын өзгертіп). Айтпақшы, газет шыққан бойда маған әкелші. (Ойға батып). Лотерея билеттерін сатып алған күні бал ашып ем, жаман түспеген сияқты еді.

РЕМЕДИОС: Құдайдың құлағына шалынғай. (Кетуге жиналады).
ДОНЬЯ НЬЕВЕС. Менің тілегімді ең болмаса сол есітсе екен.
Ремедиос кідіреді.

Ол естімесе... бір басымның өзін асырау уайым боп барады. Екі ауыздың артықтық етер түрі бар... (Көзін қашырады).

РЕМЕДИОС (Кері бұрылып): Сонда не айтқың келеді?
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Өзің түсінбесең, айтып қайтем.

РЕМЕДИОС: Мен сенен қолғабысымды аяған емеспін. Екеумізді жұрт бірге туған бауыр көреді.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Бірақ, бауыр емеспіз ғой.

РЕМЕДИОС. Қанша жылдан бірге тұрамыз. Есіңде ме, баяғыда эвакуация кезінде әне бір деревняда кездесіп едік қой. Мен содан бері суыңмен кіріп, күніңмен шығып келем.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС. Білем, бірақ бұдан әрі бұлай тұруға жағдай көтермей барады. РЕМЕДИОС (Ақырын ғана): Тәңірім-ау! (Кеткелі кейін бұрылады да, кілт тоқтап қалады. Көзінде ыза ұшқындайды). Сонда бал ашқызатындардың басқа балгерге кетіп қалғанына мен айыпты болғаным ба? ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Орнынан тұрып): Кеше ғой кімдер барады екен, біліп келді деп жібердім. Сен болсаң, ылғи мен танымайтын біреулер деп қайтып келдің. Сол айтқаның рас па? РЕМЕДИОС: Жоқ. Он алтыншы пәтердегі әйел мен сеньора Хасина да сонда барып жүр екен. (Кетеді). ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Ашуланып): Тоқта! (Бетін басып, тіреуге сүйеніп, сағатына қарайды). Қап, сені ме!.. (Бұнысының Ремедиостан гөрі бәсекелес балгер әйелге көбірек қатысы болса керек).

Шатырға Сабас пен Пако шығады. Өздері көңілсіз. Мына біреулер тағы келді!
Сабас оны естіп естіп, жақтырмай тілін көрсетеді.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Бетін тыржыңдатып): Дөрекі нақұрыс өңшең! (Үйіне кіріп кетеді). Пако Сабастың қылығына мәз боп күледі, бірақ анау оған көңіл бөлмей, сол түнерген қалпы парапетке барып отырады. Пако қасына барып тұрды. Үнсіздік.

ПАКО: Немене, осыңда отырамыз ба?
САБАС: Мұнда не оңып тұр дейсің!
ПАКО: Барға барып, футбол тыңдайық.
САБАС: Жоға.

ПАКО: Мен сыйлайын.
САБАС: Жоқ, бәрібір бармаймын. Пако анадай жерге барып, кері қайтады.
ПАКО: Датчандар ойнайды. Шабуылшылары өңкей мынау деген!
САБАС: Айтқан екенсің!

ПАКО: Біздікілердің бүгін біраз арам терін алатын шығар.
САБАС. Біздікілер оларды көкесіне көрістіреді.
ПАКО: Датчандары ма?

САБАС: Енді кімді деп едің! Бізде Фискович пен Борелен бар, ол екеуі тұрғанда бізге ешкім де төтеп бере алмайды. Тас-талқанын шығарамыз.

ПАКО: Көрерсің...
САБАС: Сен не өзің сандалып тұрсың, боқмұрын! әлде датчан боп кеттің бе?
ПАКО: Мен датчан да, боқмұрын да емеспін. Боқмұрын мына сенсің.

САБАС: Боқмұрын да, нақұрыс та, көк ми да — мына сенсің, өйткені, футбол, футбол ғана емес, қай нәрсе де мықырыңа тықыр етпейді.

ПАКО: (Реніштен). Қарай гөр!
САБАС: Жә, сөзді доғар!

Пако аулақ кетеді, аяғының астындағы шылапшынды теуіп жібереді. Артынша тоқтап, қолына алып көреді.

ПАКО (Сөз тартып): Көшеге лақтырсақ қайтеді?
САБАС: Мазамды алмай аулақ жүр әрі!

ПАКО (ойланып барып): Ендеше, лақтырам. (Парапетке барып, шылапшынды жерден итереді). САБАС: Тоқтай тұр! (Қасына жетіп барып, қолынан жұлып алып, лақтырып жібереді). Екеуі көшеге үңіліп қарап тұр. Шылапшынның даңғыр етіп тас көшеге түскен дыбысы естіледі.

ПАКО (Күледі): Саудагер әйелдің зәресі кетті.
Сабас ішек сілесі қатып парапеттен аулақ кетеді.

(Қолынан алып). Айтпақшы, жәрмеңкеге жақындап қалды... Не ойлап тапқанымды білесің бе? Тек оны мен емес, сен жасайсың. Сен, өйткені, менен гөрі батылдаусың ғой.

САБАС: Не нәрсе?

ПАКО: Қыш кірпішті аламыз да, самса сатып жатқан саудагердің қазанына бір-ақ қоямыз!

САБАС: Сұрама! Самсаның бәрі шашылып қалады!
ПАКО: Майы төгіледі!
САБАС: Мұртыңызды байқаңыз! Өртеніп жатыр!
ПАКО (Шек-сілесі қатып): Кішкентай балаларға жақындауға болмайды!

САБАС: Сутегі бомбасы жарылды!
Шектері үзілгенше күледі.
ПАКО. Бері қара... Мына арқан байғұсты біраз жүгінен арылтсаң қайтеді?

САБАС. Өйтіп ақымақ болма. Біздің қазір-ақ сазайымызды тартқызады. Оның үстіне мұндай ұсақ-түйекке босқа арандамай, одан гөрі маңыздырақ істерге әзірленгеніміз дұрыс. (Екі қалтасына қолын салып, ойланған қалпы, парапетке сүйенеді). Мен бір нәрсе ойлап жүрмін. Егер деген жерімнен шықсам, өмір бақи мұртымды балта кеспейтін болады. Бірақ, ол ойымды орындауға кірісу үшін маған он мың песет ақша қажет.

Пако таңырқап қасына жақындайды.

Егер анам бүгін лотереядан ұтса, онда құдайдың бергені. Оның уәдесін әлдеқашан алып қойғам.

ПАКО: Айтпақшы, Сабас, ол не ой?

САБАС: (Сәл кідіріп, сақтана қарап). Танжер. Онда қандай нәрсені де сатын алуға болады. Түсіндің бе? Барлық гәп тек сол сатып алған товарыңды осы жаққа жөнелте білуде. Бірақ, оның да бір амалын ойластырып қойдым.

ПАКО: Бір өзің бе?
САБАС: Жоқ. Басқалар да бар.
ПАКО: Пайдақорым-ай!

САБАС: Жұрттың бәрі түймедейден түйедей пайда көріп жатқанда, тұқшыңдап шеберханада отырғанның несі жақсы! Тек аузыңа абай бол, ешкімге тісіңнен шығарма! Қол ұшып берсең, сені де құр тастамаймыз. ПАКО: Сөз болғаныңа! Ендеше, жақсылықтың есесі жақсылықпен қайтарылсын, бүгін сенің өтінішіңді орындап, Төремен сөйлестім.

САБАС: Иә, ол қыз не деді?
ПАКО: Бүгін кешке келеді.
САБАС: Пако, жарайсың, досым! (Құшақтайды).
ПАКО: Тоқта, анау төрткөз келе жатыр.

Қолтығына кітап құшақтаған Фидель шығып, балаларды көріп, кідіріп қалады, Үнсіздік. САБАС: Сұрама, бұл маған сондай ұнайды. Сеньор сабаққа дайындалып жатыр деп радионы қостырмайды. Ал, есіктен қалай шықтық екен, солай сеньордың кітапқа көзі түспейді.

(Ағасына қарай жүреді, жүзінде сұсты ыза).
Фидель кейін шегініп кетеді.
ПАКО: Кәне, көрсетші өзіне!

ФИДЕЛЬ (Асығып-үсіге): Сабыр ет, Сабас... Мен саған репортаж тыңдағың келсе, тыңдай ғой, мен басқа жерде-ақ дайындаламын деп айта келіп ем. САБАС (Жүзін жылытып): Міне, ғажап! Мұндай есі дұрыс әңгімені сенің аузыңнан бірінші рет естіп тұрмын. (Күледі). Жарайды, төрткөз. Сен бұның үшін бір сыйлыққа лайықсың. Солай ғой, Пако. Бұны бірде ерте жүрейік, бәлкім бірдеңеге үйренер.

ПАКО (Күледі): Мүмкін, бүгін кешке.

САБАС. Иә, бұған пайдалы ол. (Ағасына). Көрдің ғой, мен сенен гөрі әрірек ойлаймын. Тіпті Тере екеуіңді оңаша қалдырып та кете алам. Ол онша ұялшақ қыз емес. Сендейлерге керегі де сондайлар ғой. Ал, қалай?

ФИДЕЛЬ: Болсын. Бірақ басқа бір жолы. (Күледі).

САБАС: Жарайды, Монтаны мырза. Тек інімнің қолынан мұндай-мұндай адамгершілік келмейді деп айтпасаң болды. (Пакоға). Мен, міне, осындаймын. ПАКО (Есікке беттеп): Датчандар жеңер ме екен, біздікілер жеңе ме екен, көрейік. (Кетеді).

САБАС: Әзірге, жігітім. (Фидельдің иығынан қағады). Рахмет! (Кетеді). ФИДЕЛЬ: Нақұрыс. (Парапетке кітаптарын қойып, түп жақтағы шатырға қарайды. Сосын жоғарғы шатырға өрмелейді). Әрі өтіп кетейін деп жаюлы кірді қозғай бергенде, ар жағынан Даниэла шыға келеді.

ФИДЕЛЬ (Қайран қап): Сен осында ма едің?
ДАНИЭЛА: Иә. Сау тұр. (Баспалдаққа беттейді).
ФИДЕЛЬ: Бәлкім, менен қысылып кетіп бара жатқан шығарсың?
ДАНИЭЛА (Кідіріп): Жоқ, тіпті де олай емес.

ФИДЕЛЬ (Не айтарын білмей аңырып): Сен маған бөгет жасамайсың. Қалғың келсе, қала ғой.

Даниэла оған қарап бір күрсініп қойып, орнына қайтады.
ДАНИЭЛА: Мана таңертең менімен сөйлескің келмейтін сияқты көрініп ең?

ФИДЕЛЬ: О не дегенің! (Иығынан құшақтап). Бәрі біздің есейіп кеткендігімізден ғой. (Күлімсірейді). Жақында ініме Клаудиодағы қабаққа барғанда: «Есінде ме, екеумізді бала кезімізде әкеміз бұл мекеменің есігінен аттатпаушы ек, сүйтсек, ол бізге мынау бірер рюмка арақты қимай жүр екен ғой», — деп едім. (Оған бұрылып қарап қояды).

ДАНИЭЛА: Сен Сабас екеуің жиі кикілжің десесіңдер ме?
ФИДЕЛЬ; Бұны оның жаңағы сөзіне қарап айтып тұрсың ғой.

ДАНИЭЛА: Жоқ, оның не дегенін естігем жоқ. Ана жақта ештеңе естілмейді. Мен тек өз ойымды айтам. ФИДЕЛЬ: (Көңілі тыншып). Біз Сабас екеуміз тек жұртқа қыр қылу үшін сыйлаймыз. Әйтпесе, менде де мінез баршылық... Бірақ, жақында ол екеуміз бір бөтелкенің түбін ағарттық... Ал, бүгін кешке, бәлкім... Ер жеткен деген осы ғой!

Пауза.

ДАНИЭЛА: Сенің сөзінде мен жақтыра қоймайтын бірдеңе пайда бопты. Бұрын мұндай емес ең... Ал, маған қазір ақыл айтатын адам керек.

ФИДЕЛЬ: Біз екеуміз дос емес пе едік.

ДАНИЭЛЛ Бірақ, сен тағы да бұның бәрі баланың әңгімесі десең, несіне аузымды ауыртам.

ФИДЕЛЬ: Сен өйтіп ынтықтырма... Айтатыныңды айт, кәнеки, тыңдайық. ДАНИЭЛА: (күрсініп). Әрине, Фидель мен әлі ештеңе білмейтін қызбын. Бірақ, мен киім тігіп, анамды асыраймын. Өйткені, жағдайымыз күннен-күнге қиындап барады.

ФИДЕЛЬ: Менің ойымша...

ДАНИЭЛА: Сен біздің киімімізге қарап, анамның әр нәрсенің басын бір шалған әңгімесіне қарап, ауқатты тұратын шығар деп ойлайсың ғой... Бірақ. шындығында олай емес. Сенен басқа көршілеріміз біздің ол сырымызды әлдеқашан біліп ап, сыртымыздан күліп, мазақ етеді.

ФИДЕЛЬ: Сенің әкең табысты адам деп еді ғой...

ДАНИЭЛА: Бәрін қарыз құртты. Мен жұмыс істейін деп едім. Тек қазіргідей ұрланып емес, ешкімнен тайсалмай, еңбек етіп, өз еңбегіммен күн көргім келіп еді. (Мұңдана жымиып). Әйелдер шаштаразында істегім келеді. Ал, анамның ол туралы естігісі де келмейді. Енді, міне, азын-аулақ тиын-тебенге бола, саусағымды ине тесіп, сығараңдап отырғаным. Байқаймын, ештеңе емес-ау, бәрінен де жаманы өтірік айтқан екен. Қайдағы бір кісіні қорлантар өтірік пен жалғанды көре тұра жақ ашпайсың. Өйткені, анам үндеткізбейді.

ФИДЕЛЬ: Сонда оның айтқызбай жүргені не нәрсе?

ДАНИЭЛА: Ол көп әңгіме... Мәселен, сен біздің кеш сайын сылаң киініп, үйден шығатынымызды көресің. Анам ондайда көршілерге пәлен жерге қонаққа шақырулы ек, түген жерге тойға баратын едік деп бөседі. Ал, олар өтірік айтып тұр деп ойлайды да, мазақтап күледі. Бірақ, онысы шындық. Тек бізді ешкімнің ешқайда шақырмайтыны болмаса.

ФИДЕЛЬ: Сонда қалай?

ДАНИЭЛА: Ол бір амалын тауып, қайда той, қайда қонақтық барын біліп алады. Сосын бір тойып тамақ ішу үшін сонда барамыз. Егер біреу-міреу «кімсіңдер» деп сұраса, «Рамирестер әулетіненбіз» дейді, не тағы сондай бірдеңені соға салады. Бірақ, талай жерде бізді қуып та шықты. (Пауза). Бүгін кешкі сегізде де бір жерге баруымыз керек. Ал, менің қазір-ақ аза бойым қаза боп тұр. (Төмен қарап). Мен әлі саған бәрін айтқан жоқпын. ФИДЕЛЬ: Жә, Даниэлетта, асығудың қажеті қанша. Жаңағы айтқаның, шынында да, өте бір қолайсыз әңгіме екен... Бірақ, өмірде бәрі бола береді ғой. Бір реті табылар. ДАНИЭЛА: Біреу маған анаммен бұл жайын қалай сөйлесу керек екендігін айтып, ақыл берсе ғой.

Ду қызарып кетеді.
ФИДЕЛЬ: (Біраз үнсіз тұрып). Бір реті табылар да!
ДАНИЭЛА: Бірақ барғым келмейді.

ФИДЕЛЬ: Түсінем. Бірақ... егер бас тартуға батылың жетпейтін болса. (Бірер қадам былайырақ барып). Қазір ол туралы ойланбай-ақ қой. Бәрі де түзеледі. Кел, онанша жұрттың серуенге қалай әзірленіп жатқанын көрейік. Мына арадан бәрі көрінеді екен! (Жаюлы кірдің тасасына кетеді). ДАНИЭЛА: (Сол орнында). Сен мен осылай ақыл сұрай келгенімде, ол үлесімді ақтамағаныңа әрқашан есіңде ұста.

ФИДЕЛЬ (Тасадан): Қайдағы бір бос сөзді қойып, мында кел.

ДАНИЭЛА (Фидель тұрған жақты қарап): Сен мені ойыншық көрсетсе (Кірдің тасасына ол да кіреді) алдана салатын баладай көресің. Мен ондай сәби емеспін ғой.

ФИДЕЛЬ (Толқып): Даниэла!

Даниэла жылап қайта шығады да, баспалдаққа беттейді. Оған ілесе Фидель көрінеді.

Даниэла!

ДАНИЭЛА (Баспалдаққа жете бере бұрылып): Жә, абыржымай-ақ қой. Бұл жас сәбидің абайсыз сүйгені деп біл. Ұмыт оны. Кешке әлгі ініңіз екеуіңіз арақ ішіп мас болып, Төренің көңілін аулаңдар. Ол саған ұнайды, білемін... Сен әлде менің көзім жоқ қой деп ойлайсың ба?

ФИДЕЛЬ: Керек десең оны әлі танымаймын да.

ДАНИЭЛА (Түп жақтағы шатырды көрсетіп); Өйтіп, мәймөңкелеп қайтсін. Қазір кірін жинауға келеді, сонда көріп, құмарыңнан шығарсың. (Тез төмен түсіп кетеді).

ФИДЕЛЬ: Не дейді?

Ол қапелімде сасқалақтап қалады. Күйеуінің жәшігін қолтықтап Пилар шығады, соңынан Сильверио көрінеді. ПИЛАР; (Жәшікті қойғалы парапетке жақын кеп). Балалардың не істегенін қарашы? (Орындықтарды жинастыра бастайды).

СИЛЬВЕРИО (Ымдап): Тоқта, мен өзім реттеймін.
Даниэланы көріп тоқтап қалады.
ДАНИЭЛА; Қайырлы күн.
ПИЛАР (Орындықты көтеріп жатып, соңына көз тастап): Оған не болды екен?

Сильверио шатырда тұрған Фидельді көріп қап, әйеліне «үндеме» деп ымдайды. Әйелі түсініп, парапетке орындықты қойып, жәшікті ашады.

Кәне, көк жалқау, ісіңе кіріс. Әйтпесе ақша бітіп қалды.

СИЛЬВЕРИО: Ештеңе етпейді. Тағы табылады. (Түтіктерді көрсетіп). Сайтан алғыр, мынау Фидельдің кітаптары ғой. (Шатырға қарап). Сен онда не бітіріп тұрсың, жігітім. Бері кел!

Пилар орындықтарды орын-орнына қояды.
Грамматика... География... Есептер жинағы... Сабақ қалай?
ФИДЕЛЬ (Төмен түсіп. Қысылып): Жаман емес.
СИЛЬВЕРИО: Емтихан қашан?

ФИДЕЛЬ: Ноябрьде. Теміржолшылардың ақшасы көп қой деп багаж бөліміне тапсырам ба деп едім, көзіме бола әкімшілік қызметіне тапсыруға тура кеп тұр. (Сильверионың қасына келді).

Пилар орындығына жайғасып, екеуінен көз айырмай қарап отыр.
СИЛЬВЕРИО: Емтиханды ойдағыдай тапсырсаңыз, үйленесіз бе?
ФИДЕЛЬ. Мені айтасыз ба?
Сильверио сынай қарап қалады, Пауза.

СИЛЬВЕРИО. Фидель бері қара. Менің кейде жұртты осылай сырттай бақылап отыратын әдетім бар. Сен таң атқалы төбеден шықпай қойдың.

ФИДЕЛЬ: Сіз де солайсыз ғой.

СИЛЬВЕРИО: Мен жұмысымды жасап отырмын, ал сіз сабақтың бетіне де қараған да жоқсыз.

Фидель кітаптарын жия бастап еді, Сильверио сыпайылап кідіртіп қойды.
Сізден бірдеңе сұрағым келіп еді.
Фидель ұялып үндемей қалады.

Мен де жас болғам. Күресіп, әрең жеңіп, алған сый-сияпатыңның бәрін сүйген әйеліңнің аяғына тастауды армандаудың қандай екенін мен де жақсы білемін.

Фидель көзін қашыртады.

Әйелдердің ішінде өзіңді өліп-өшіп сүйе алатындары, ол үшін ешқандай ақы сұрамайтындары да толып жатыр. Мәселен, менің әйелім. Ал, кейбіреулері... (Түп жақтағы шатырды меңзеп) барған сайын көп құрбандық дәмете түседі. Аяғының астына не тастасаң да, аз көреді.

ПИЛАР. (Жымсиып). Не туралы айтып отырғаныңды білем.

СИЛЬВЕРИО. Иә, ол шынында да біліп отыр. Таңданбай-ақ қойыңыз. Осы үйде менің әйеліме ұқсайтын бір қыз тұрады. Ол да осы құсап өліп-өшіп сүйе алатын жан. Екеуіңіз де көз алдыма өстіңіздер. Не айтып тұрғанымды білем. Әрине, Фидель, сіз қазір әр нәрсенің соңына бір түсетін алаңғасар жастасыз. Ануал жігіт кез-келген беті жылтырақ қызға аңсаған адамым осы екен деп өліп-өшеді.

ПИЛАР: Құлақ қойып тыңдаңыз, жігітім. Ол ешқашан бостан-босқа сөйлемейді. ФИДЕЛЬ (Күрсініп): Аузыңызды ауыртып қайтесіз. Түкке тұрмайтын жетесіз екенімді өзім де білем. Бірақ оны ұмытуға тырысқам, оңдай болмауға өзіме-өзім талай уәде бергенмін. Бірақ өзім армандағандай бола алмасам, біреудің мені дәл осы қалпымда өліп-өшіп жақсы көргенінен не пайда? СИЛЬВЕРИО: Сіз өйтіп өзіңізді-өзіңіз сонша тұқыртпаңыз. Сіз әлгі айтқаныңыздай емес, сіз әлдеқайда жақсы адамсыз. Тек бойыңыздағы жақсы мінезді қайдағы бір кинодан көрген кейіпкерге ұқсаймын деп, бостан босқа тәрк етсеңіз. ФИДЕЛЬ: Сильвер, Сильверио! Анам мені қайдағы-жайдағына қиялдап жүретін мәңгүрт бас деп дұрыс айтады. Мен дүниеде не болып жатқанын елдің ең соңынан естимін. Бірақ, біз екеуміз екі басқа адамды айтып тұрмыз ба деп қорқамын. Тек бір сұрағыма ғана жауап беріңізші. Атының кім екенін білесіз бе?

СИЛЬВЕРИО: Екеуінің де ме?
ФИДЕЛЬ (Абыржып): Жоқ біреуінің.
СИЛЬВЕРИО (Түпкі шатырға меңзеп): Төрені айтасыз ба?

Фидельдің көзіне жас үйіріледі, оны Пиларға көрсеткісі келмей теріс айналады, бірақ Элиасты көріп қап, қайта бұрылады. ПИЛАР: (Жақын кеп). Сен оған не дедің? Жыламаңыз, Фидель! Ол бұны сүйеді ғой.

Фидель кітаптарын алып, шығып кетеді.
Сен оны соншама азаптап қайтесіз?
Сильверио басын шайқайды. Пилар күрсініп, аулағырақ барып бұрады.
ЭЛИАС (Жақып кеп): Бұл жігітке не болған?

СИЛЬВЕРИО: Түсінесің бе... Ол бір қызға ғашық екен, ол оның Тере екенін тек осы қазір ғана білді. ЭЛИАС (Міңгірлеп, будақтатып түтін шығарады): Жұбайыңа айт, менің әйелім екі білегін бірдей сыбанып, іске кірісіп кетті.

Сильверио Пилардың қолынан түртеді.
ПИЛАР (Ойдан серпіліп): Иә. Иә. Қазір барам.
ЭЛИАС: Шыныңды айтшы: ести ме осы, естімей ме?
СИЛЬВЕРИО (Күліп): Оның аздап сиқыршылығы бар деп айтпадым ба?

ПИЛАР (Кетіп бара жатып): Бірдеңе ішкің келмей ме?
Сильверио күлімсіреп, бас шайқайды.
Көрерсіңдер, бүгін тамақ сондай дәмді болады!
ЭЛИАС (Ымдап): Пилар!

ПИЛАР: Не?
ЭЛИАС (Парапетті көрсетіп): Секіріп өтіңіз!
ПИЛАР (Күліп): Сіз де жоқты айтады екенсіз!

ЭЛИАС: Мен қол ұшын берем. Ер жүрек әйелдер жасасын! Элиас қолын ұсынады. Силыверио табуретті парапетке жақын қояды. ПИЛАР (Күліп): Жарайды, байқап көрейік. Тек көзіңізге қараңыз. (Күйеуінің көмегімен табуретке шығып, парапешке отырады, сосын бұрылып, Элиастың құшағына құлайды, тез босанып шығады). Мен әлі жаспын ғой. (Қосалқы үйдің тасасына қарай жүгіре басып шығып кетеді).

СИЛЬВЕРИО (Тұнжырап): Жоқ. Енді сен жас емессің.

ЭЛИАС: Жоқ, достым, ол әлі жас әрі әдемі. (Парапетке, журналының қасына, аяғын табуретке қойып отыра кетеді).

Журнал қарағың келмей ме?

СИЛЬВЕРИО: Жоқ, мына жұмысымды бітіріп тастайын. (Жәшікке қайтып кеп, қолына түтікшелер мен атауызды ап, жұмысқа кіріседі).

Пауза.

ЭЛИАС (Журнал қарап): Қандай замандар еткен десеңші. Тіпті әріптері екеш әріптерінің өзі неткен әдемі. Мін таба алмайсың. Пәлен бетін оқығанда бірде-бір қате көрмейсің. Ал, қазір, бол-болдың астына алып, бәрі ылдым-жылдым істеледі де, кісі көргісіз боп шығады. (Қолымен журналдарды бетіне бір қойып қалды). Бұлардың көбін мен тергенмін. Ол кезде Гутенберг атындағы баспаханада істеуші ем, «Апта сайын хикаялар», «қазіргі дүние» сонда басылатын. (Біреуін көрсетіп). Көресің бе? Қандай еді! (Күрсініп). Оларды оқығанда өзім баяғыда бастан кешкен бірдеңелер ойыма сап ете қалады. (Беттерді ақтарып). Севильдік Мерседес. Есіңде бар ма? Бұл сайтан сондай әдемі еді ғой. Ол әлі тірі екен деп жақында біреу айтты. Қайыршы боп кетті дейді. Ол қазір алыстарда шығар. Саған Севиладік Мерседес ұнаушы ма еді?

Үнсіздік.
Ау, достым, саған не болған?

СИСЛЬВЕРИО (Ойынан серпіліп): Ойға батып кетіппін. Жаңа ғой біреуге кемеңгерсіп ақыл айттым, ал қайдағы бір асқаралы арманды тастап, елеусіздеу болса қолдан келетін кішкентай бір мақсаттың соңына түскен дұрыс па, теріс пе — оған әлі күнге өзімнің де көзім анық жеткен жоқ.

ЭЛИАС: Фидельді айтасың ба?

СИЛЬВЕРИО: Бүгін, неге екенін білмеймін, ақыл айтқым келеді де тұрады. Бәлкім, бүгінгі күн менің күнім шығар.

ЭЛИАС: Ол қандай күн?

СИЛЬВЕРИО: Өмірде бәрі бұлыңғыр, бәрі беймәлім... Ал, біз, адамдар, соншалықты бейшарамыз. Бәлкім, қай-қайсымыздың да өмірде айтқанымыз келіп, атқанымыз тиетін өз күндеріміз бар шығар. Бүгін менің сондай күнім бе, жоқ па, оны өзім де білмей тұрып, әлгі Фидельге сұңқылдап ақыл айтқаныма қысылып отырмын. ЭЛИАС: Оның дұрыс болған, достым. Сен айтқандай ерекше күндер болуы еш мүмкін емес. Бірақ қолдан келетін жақсылықты күн тақамай, жасай берген. СИЛЬВЕРИО: Иә, оның да рас. (Ойға батып). Бірақ, кейде, өн бойыңдағы барлық иттікті бір күнде көретін күндерің болады. Ондайда атымен басқа адам сияқтанып кетесің. Сонша кесепатты арқалап келе жатқан адам өзің екенін көріп, қайран қаласың? Түсінесің бе? ЭЛИАС (Таңырқап): Түсінуін түсінетін сияқтымын. Бірақ, оның Фидельге қандай қатысы бар?

СИЛЬВЕРИО: Ешқандай да. (Түтікшелеріне қайта шұқынып кетеді).
Пауза.

ЭЛИАС: Мында қара. Қорқордың рекламасы. Самырсыннан жасапты. Күміс белдік салыпты. Бес песет. Реклама оқу да қызық. «Музыка дегеннің не екенін Мейербердің пианоласын сатып алсаң білесің...», «Ең жақсы аператив «Десилес шарабы». Бұны айтқан Энрико Карузо. Ал, мынаны тыңда: «Доктор Баннарио кітаптары кісіге қандай болуды үйретеді. Жігер мен ыждаһат. Табыс құпиясы. Қатесіз өмір...» Ал, доктор Боннардың өзі бет-аузына қарағанда ақымақ адам сияқты. (Күледі). СИЛЬВЕРИО (Тұрады): Иә, болды. Доғар былшылды. (Аулақ кетіп көше жақта аңыра қарап тұрады).

ЭЛИАС: Сонша не болды? Шаян шағып алды ма?

СИЛЬВЕРИО: Сенің осы өткен-кеткенді еске алуға құмарлығың-ақ кісіні тойғызып болды... ЭЛИАС: Қалай еске алмассың, қаңдай алтын заман еді! Кейде почта арқылы бірдеңелер жаздырып алатыным бар-ды. Бірде әлгі рекламадағы қорқорды алдым. Қолыма ұстағанда екі көзім тас төбеме шыққан шығар. Кәдімгі қарағайдан жасалған сияқты. Артынан, байқасам, айтса айтқандай жақсы қорқор боп шықты. Бірақ, не керек, сындырып алдым. (Күрсінеді).

СИЛЬВЕРИО: Сынса, мен жөндеп берейін.

ЭЛИАС: Мұның дұрыс болды, достым! Ендеше саған әкелейін, бір кезде қандай заттар болғанын көрші өзің!

СИЛЬВЕРИО: Ал, болашақ туралы не ойлайсың, Элиас?
Элиас оған таңырқай қарайды.
Сен де болашақтан ештеңе дәметпейді екенсің?

Ендеше, менің жанымды жеп жатқан жегі сенің де жаныңды жеп жатыр екен ғой? (әлденеге көңілі босап, теріс айналып кетеді).

Үнсіздік.
Элиас (қатқыл үнмен): Адам тек үміт пен ғана өмір сүреді.
СИЛЬВЕРИО: Бұның саған да қатысы бар.
Сильверио маңдайын тыржитады.

Мен, міне мына ескі журналдарды ақтарғанда, бәлкім, ертеңгі болашақтың бір жарқын нышанын іздейтін шығармын. (Жүзі жадырап). Өйткені, мен өмірден күдерімді біржола үзіп біткен жоқпын ғой. Мәселен, маған жуырда «Сфераның» түгел комплектін сыйлыққа беруге уәде қылды!

СИЛЬВЕРИО: Бұл айтып тұрғаның да баяғыдағы нәрсе!

ЭЛИАС: О да рас шығар. Бірақ, қартайдым. Мынау құлазыған жұтаң өмірге төзе білудің бұдан басқа еш амалын білмеймін. (Пауза).

Саған не болған?
СИЛЬВЕРИО: Білмеймін.
ЭЛИАС: Пиларды уайымдайсың ба?
Сильверио мұңдана жымсиып аулағырақ барады.

Айтсаңшы, бұның не? Бірақ, сенен шамалыда жауап ала қоям деп отырған мен де ақымақпын.

СИЛЬВЕРИО: Бұл менің құпиям.

ЭЛИАС (Жұмсарып): Ендеше, маған құпияңды аш. Құпия деген ақыр түбі бір ашылмай қоймайды. Сильверио басын шайқайды. Элиас қорқорын темекімен сықай бастайды. Әлдене деп әңгімелескен Манола мен Томасо көрінеді. Сильверио қайтадан іске кіріседі.

ТОМАСО: Ал, сосын не істемексің?
МАНОЛА: Көше қыдырам, кешкі тамақты төсекте ішсем де бірдеңе қылармын.

ТОМАСО: Бәлкім, мені де бірге ерте кетерсіңдер. Оны, бірақ, күйеуінің көңіл-күйі біледі. (Оңаша жүреді).

Манола кірін жаюға кіріседі.
Жұмысыңыз өніп жатыр ма, сеньор Сильверио?
СИЛЬВЕРИО: Жаман емес.

МАНОЛА: Мына қарашы, желге жайғасын, тез кеуіп қалыпты. Қораға жайсаң биылдыққа кетпес еді. Нати да бірдеңені біледі ғой, шамасы. ТОМАСО: (Көшеге қарап). Тротуарда жылтиып-жылтиып отырысын қарашы! Неткен жұрт! Ол жақта омалып отырғанша, мында көтерілмей ме!

МАНОЛА: Иә, деймін-ау! (Кірін жиып ап, төмен түсе бастайды).
ТОМАСО: Жоқ, олардың дегені бола қоймас! (Жұлқынып орындығына кеп отырып).

Осыдан егер біз төмен түседі деп дәмететін болса, одан күдерлерін біржолата үзсін!

МАНОЛА: Бұл туралы оларға қанша рет қақсап айттым десеңші!
ТОМАСО: Әй, соларды қойшы. Онан да кел, отыр!
МАНОЛА: Мына кірді үйге апарып тастайын.
ТОМАСО: Бірақ, қайтып ораласың ғой.

МАНОЛА: Оған сөз бар ма, сеньора Томасо. (Есікке жете беріп). Келгенде бір күтпеген хабар әкелем. Көрерсіз. (Кетеді). ТОМАСО (Сильвериоға): Егер сіздің орныңызда мен болдым бар ғой, сеньор Сильверио, ақша дегенді күреп табар ем. Бірдеңені ойлап тапсам жетпейді ме! Ал, бірақ ондайды құдай маған бермепті ғой.

ЭЛИАС: Иә, оныңыз рас. (Журналын қарайды).
Сильверио жымсиып қояды.

ТОМАСО: Күйеулеріңіздің қандай екенінен хабардармын. Сондықтан бір ақыл айтқым келіп тұр. Ақы сұрамаймын. Сіз осы неге керектерге аспан ойлап таппайсыз?

ЭЛИАС (Айран-асыр қап): Қой, бұл бір хайуан шығар.
ТОМАСА: Не дедіңіз?

ЭЛИАС (Журналды көрсетіп): Мыңда бір екі жүз килограмм жүк көтерген жігіт туралы жазыпты. Адам емес, аң шығар. ТОМАСО (Көңілі тыншып): Иә, әрине. Сіз менің бұл ақылыма құлақ асыңыз, сеньор Сильверио.

СИЛЬВЕРИО: Ондай аспап әлдеқашан ойлап табылған.

ТОМАСО: Білем. Бірақ, сіз әйеліңіздің құлағы еститіндей қып, жақсысын ойлап таппайсыз ба?

СИЛЬВЕРИО: Кейбір кереңдерге ешқандай аспап көмектесе алмайды. ТОМАСО: Әй, дегенмен бір ретін табуға болатын шығар. Онда өзіңізге жақсы болар еді. Әйеліңіз сондай сұлу. Бірақ, кейде соны қайғысынан бола өзіңіз өмірден түңіліп кете жаздайтын шығарсыз. ЭЛИАС (Шыдай алмай, журналын жиып ап, парапеттің ар жағына қарғып кетеді): Мен кеттім. Тез жазылыңыз, сеньора. ТОМАСА: Мені айтасыз ба! Мен ауру емеспін ғой! Шамасы, мына досыңыз аздап анау-ау деймін. СИЛЬВЕРИО: Иә, қай-қайсымызда аздап анау шығармыз. (Жұмысына қайта кіріседі). ТОМАСО: Иә, әрине... (Тұрады). Нағып сеньора Манола мені алдай қойды екен. (Көшеге қарап), Жоқ, алдамаған сияқты.

Кішілеу көзе ұстап Донья Больбинаны ертіп, Манола шығады.
МАНОЛА: Біз, міне келдік.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Қайырлы күн, дон Сильверио.
СИЛЬВЕРИО: Қайырлы күн.

ТОМАСО: Көзеңіздегі не?
МАНОЛА: Таза су ғой.

ТОМАСА: Кәне, көрейікші (Бір жұтып көреді). Донья Больбина мен Манола күліп жібереді. Мынау шарап қой!

МАНОЛА: Күйеуімнің жоғын пайдаланып, кейде өсітетінім бар. (Томасодан көзені алып, іше бастайды). Донья Больбина мен Томасо отырады Сеньор Сильверио ішпейсіз бе? СИЛЬВЕРИО: Жоқ, көп-көп рахмет. Манола отырып, көзені алдына қояды. Томасо мен Донья Больбина екеуі бірдей жарыса қол созады. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Жымсиып): Ғафу етіңіз. Томасо қарқылдап күледі. Манола оған қосыла күледі.

ТОМАСО: Донья Больбинаның гүл-гүл жайнап, қоя бергенін қарашы.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Ауыз тиіп көрейін деп ем!
ТОМАСО: Көріңіз, сеньора, көріңіз.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Шетінен бір жұтып, ауыз тиеді). Әлгі еркектерді айтам-ау, тавернада осыны литр-литрмен қалай ішеді екен!

ТОМАСО: Маған беріңізші, ындыным кеуіп барады.
МАНОЛА (Томасоның көзесіне жармасып): Жоқ, менің кезегім.

ТОМАСО: Керек болса, мен тағы да сатып әкелейін. (Көзені жұлып ап ішеді). Өте тәтті шарап екен!

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Әй, өңшең маскүнемдер-ай!

ТОМАСО: Қарай гөр, төре бола қалғанын. Әлгінде бір көзе шарапты бір өзің таусатындай әкиеңдеп едің ғой.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Кім, мен бе?

ТОМАСО (Келемеждеп): Мен тек ауыз тием... (құмыраны басына бір-ақ көтергенді бейнелейді). Томасо мен Манола мәз-мейрам, Донья Больбина оларға ызалана қарап қояды. Ремедиос көрінеді.

РЕМЕДИОС: Ньевес сіздерге шуламасын дейді. Үйінде қонақ бар.
ТОМАСО: Рас па? Ш-ш-ш!
МАНОЛА: Мұнда кел, Ремедиос. Кел, ауыз ти.
РЕМЕДИОС: Рахмет, зауқым жоқ.

МАНОЛА: Кел, кел!
Ремедиос көзені қолына сеніңкіремей алады да, басын көтермей жұта бастайды.
Ау, болар енді! (Көзені зорға айырып алады).

РЕМЕДИОС: Рахмет. (Ерінін сүртіп). Сендердің қастарыңда сәл дем алып алайыншы. (Орындық ап, отыра кетеді). ТОМАСО: (Көзеге ие боп). Ал, анау төменде отырғандар талай қызықтан құр қалды. (Бір жұтады).

Манола көзені тағы да ап, бір жұтып, екі тізесінің арасына қысып алады. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Иә, мен де айтам-ау, көшеде отырған жараспайтын нәрсе ғой! Егер шатырды өз еркімізге берсе, әдемі қып тазалар ек. Күн көзінен қалқа жасап қояр ек.

МАНОЛА: Егер лотореядан ұтсақ, Натиді де көндірер ек.
ТОМАСО: Иә, үй иесін көндірер ек. Ақшаның қолынан келмейтін нәрсе бар ма!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Дұрыс айтасыз.
РЕМЕДИОС (Көзені меңзеп): Мынау қызып кетпесін.

МАНОЛА: Іше ғой, көршім.
РЕМЕДИОС: Рахмет. (Ішеді).
Донья Ньевес шатырға шығады.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ремедиос!

Ремедиос көзені қоя сап, ернін сүртіп, кете бастайды.

МАНОЛА: Мұнда азын-аулақ шарап бар еді. Ауыз тисеңіз қайтер еді, Донья Ньевес.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жақсы шарап па? (Ішіп көріп). Шынында да, жақсы екен.
ТОМАСО: Азырақ бізбен бірге отырсаңызшы.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Отырып): Тек бір минут қана отырайын... Бал аштырушылар мұнша көбейіп кеткенде, басың қайтады екен. ТОМАСО (Қулана): Қалай ойлайсың, Донья Ньевес, біз лотереядан ұтамыз ба, жоқ па? ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Карта жақсы түскен... Бірақ, бір кездейсоқ қатердің де нышаны байқалған.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мұндай түлкі бұлтаққа сеніп көр.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Сіз ғой маған бал аштырып көрген жоқсыз. Бірақ, өзің су ішетін құдыққа өзің түкірме деген...

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Рахмет. Мен ондай соқыр сенімге илана қоймаймын.
Донья Ньевес оған жақтырмай қарайды.

ТОМАСО: Сіздің картаңыз, Донья Больбина, бірдеңе біледі. Менің оған өз басым, көзім жеткен.

Донья Больбина иығын қиқаңдатады.

Карта түскендей, ойда жоқта олжа тап болып, басты ұтыс сізге бұйырса, сеньора Манола, сіз қайтер едіңіз?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Әй, ол бос сөз. Бәрібір ұтыс шықпайды.
ТОМАСО: Ұтыс шықпаса, ойнап қажеті не?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Әйтеуір бір есек дәме ғой. Кім біліпті, сәті түсіп дегендей... ТОМАСО: Міне, міне. Көрдіңіз бе? Донья Ньевес айтқандай әрдайым бірдеңеден үміт ету керек. Солай емес пе, дон Сильверио?

СИЛЬВЕРИО: Иә. Әрқашан үміт үзбеген жөн.

ТОМАСА Тек ол туралы бүйтіп тұнжырап сөйлемеңізші. Егер сәті түсіп, мен ұттым бар ғой...

МАНОЛА Иә, айтшы, не істер едің?
Пауза.
ТОМАСО: Уһ, онда!
Жүзі жадырап қоя береді. Қалғандары қатты елігеді.

МАНОЛА: Егер мен ұтсам, онда деревняға қайтып барар ем. Ақшам болғасын, ағаларым да құшақ жайып қарсы алар еді. Мен олардың шаруасына көмектесер ем... Мұнда жалғыздықтан ішім әбден пысты. Күйеу болса жоқ... (Қамығып). Оның қайда екенін өздеріңіз білесіз. Ол түрмеде жатыр.

Үнсіздік. Донья Больбина сәл алысырақ отырады.

Егер ұтсам, мен оған да жәрдемдесер ем. Тамақ апарып, жиірек жолығысып тұрар ек... Бірақ, бәрібір деревняға кетер ем. Осынын бәрінен әбден шаршадым. Кішкентай Лаусымның да беті бері қарар түрі көрінбейді. Деревняға барса, таза ауада тез оңалар еді... Күйеуіміз келгенше құлағымыз тыныш болар еді...

Донья Больбина орнынан тұрып кетеді. Сильверио назар қойып тыңдап отыр. ТОМАСО: Ал, мен ұтсам, жұрттың бәріне шекемнен қарар ем... Мынау да өмір боп па! (Күледі). Сабасқа азғантай ақша берер ем, егер Кристобаль көнсе, оның бір ойы бар...

СИЛЬВЕРИО: Ал, ендеше екіншісіне ше?
ТОМАСО: Ол кім?
СИЛЬВЕРИО: Фидельді айтам.

ТОМАСО: Ол алдымен емтихан тапсырып алсын. Бірақ, керек жерінде оған да қол ұшын берем. Екеуі де менің балам ғой.

СИЛЬВЕРИО: Ал, Донья Больбина, егер сіз ұтсаңыз, қайтер едіңіз?
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мен ұтпаймын.

ТОМАСО: Өйтіп қасарыспаңыз. Бәріміздің көңілімізді жүдетіп қайтесіз. Ұтсаңыз не істер едіңіз, айтыңызшы! ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Күліп): Ол туралы ойланып көргем жоқ. Ал, сіз ше, дон Сильверио! СИЛЬВЕРИО: Осы күйімде өмір сүре берер ем... Мен тек екі-үш кесе таға ғана ойнаймын. (Жұмысына кіріседі). ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ал, мен ұтсам, көздеріңді қимағанмен бұл арадан көшіп кетер ем. Мұндағы үйім сондай тар, ал бал аштырушылар болса, сондай көп. Сондықтан күн түсетін жақтан кең пәтер тауып ап, құс пен мысық жияр ем. Кеш сайын киноға барып, ақша жетсе, қаланың сыртынан жазда тұратын тағы бір үй сатып алар ем.

МАНОЛА: Құдай-ай, тек ұтсам екен...

ТОМАСО (қолын шарт еткізіп): ұтуға тиіспіз! (Донья Больбина мен Сильвериоға қарай). Мұны мен екеуіңізге айтып тұрмын, өйткені, сіздер өмірден күдерлеріңізді әбден үзіп болғансыздар. Донья Больбина қымсына күлімсірейді. Сильверио жайлап орнынан тұрады. Қобалжығанын байқатпай, көшеге көз салмақ боп, оң жаққа қарай жүреді. Бірдеңеге үміт арту керек, менің айтарым сол! Әйтпесе, біздің көрген күніміз не болар еді? Томасо бұл сөзін Сильвериоға бағыштап тұр. Ол жауап қатпаған соң дауысы бірте-бірте бәсеңдей түседі, бір уақытта үнсіз қап, жұртқа құрайды. Бірақ, ешқайсысынан қоштағандық нышанын көрмейді. Шамасы, бәрінің де көңіліне қайтадан көңілсіз мұң ұяласа керек. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Кекесін аралас жөткірініп): Егер, Донья Ньевес, сізге ұтыс шықса қазіргі кәсібіңізді тастар ма едіңіз?

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Орнынан ұшып түрегеп); Ол кәсіп емес!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Қалайша!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Солайша, сеньора! Сізден басқаның бәрі бал ашқызып, көңілдерін алдартқатады. Сіз өйтіп жұрттан асқан адам боп, астамсып сөйлемеңіз. Кімнің кім екенін бәріміз де білеміз. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Дұрыс айтасыз. Сондықтан мына сізге бал аштырушылардың күрт азайып кеткенін де біз жақсы білеміз.

Қалған әйелдер оның сөзінен шошынып, қадала қарап қалады.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жоқ, қайта көбейіп келеді! Одан да өзіңіз әдептірек болып, жұрттың алдын кескектемеңіз. Ертең де жүз көрісерміз.

Сол екі ортада Ремедиос жүгіре шығады.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Бері қараңыз!
РЕМЕДИОС: Ньевес, саған кісі кеп отыр.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Масаттанып): Кешіріңіз. (Ремедиостың соңынан шығып кетеді).

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА; (Соңынан ере түсіп). Тоқтай тұрыңыз! (Кейінгілерге бұрылып). Бұнысы несі? Әйелдер көздерін ала қашады. Донья Больбина әлдене деп күңкілдеп отыра кетеді.

ТОМАСО: Газетті әлі қанша күту керек, сеньор Сильверио? Сильверио? СИЛЬВЕРИО (Сағатына қарап); Екі сағаттай. (Орнына барып, жұмысына кіріседі).

ТОМАСО (Парапетті шынтақтап): Әкеле жатқаны осы арадан көрінеді ғой. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Біз қызымыз екеуміз бүгін қонаққа баратын бедік... «Виктория» клубының аяқталуына шақырып еді. Бірақ әлі уақыт бар. Оған дейін киініп, ұтыс кестесімен танысып үлгерерміз. Сильвериодан басқа ешкім де оған мән бермейді. Түпкі шатырға Тере шығып, жаюлы кірді жинастыра бастайды. Томасо төменге қарап тұр. Манола көзеге ернін тигізеді.

МАНОЛА: Ештеңе қалмаған екен.

ТОМАСО (Манолаға көзін бір тастап, қайтадан көшеге қарап): Анау төмендегілер не туралы әңгімелесіп жатыр екен? МАНОЛА (Ойға батып): Шынында да, әлгі Донья Больбинаның сөзінің жайы бар. Ұтпайтын болғасын, босқа дәмелі боп қажеті қанша еді? ТОМАСО: Ол сарыуайымды қойыңыз, Манола. Одан қайта көңіл сергітіңіз. (Қасына барып). Онан да былай етейік. Екеуміз төменге барып, менің есебімнен тағы да бір көзе шарап әкелейік.

Томасо мұны қинала айтады. Сильверио мақұлдай, көз тастайды.
МАНОЛА: О да болсын.
ТОМАСО: Кеттік ендеше.

Манола мен Томаса төменге беттейді. Екі қолын қалтаға сап, еріккен кісіше самарқау басып, Фидель шығады.

ТОМАСО: Сен неге келдің?

ФИДЕЛЬ: Немене, келуге болмай ма? (Төреге көзі түсіп, баспалдаққа өрмелейді).

Сильверио жұмысын тоқтатып, Фидельдің соңынан қарап қалады.
ТОМАСО: Онан да кітабыңды оқымадың ба, көк жалқау! Кеттік, Манола!

Фидель жоғары көтеріледі. Томасо мен Манола кетпей жатып, қолына карта ұстап, Даниэланы ертіп, балконға Донья Ньевес шығады. Оның даусын естіп, әйелдер тоқтай қалады.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Егер қаласаң, тағы бір тартып көрейік.
ДАНИЭЛА; Жоқ, рахмет. Бәрі жақсы болатын болса, болды ғой...
Фидель жоғарыға жете беріп, тоқтай қап, әлгі әңгімеге құлақ түреді.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Креслоға отырып жатып): Картаның айтуы солай.

Сильверио ұшып тұрады.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Күреңітіп): Даниэла!
Даниэла жалт қарайды.
Жаныңның барында мұнда кел!

Даниэла шығып кетеді. Тере де тоқпай қап, мына оқиғаға қарап қалады.(Донья Ньевеске).

Алдаушы жады неме!

ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Жымсиып): Өзің ішетін құдыққа өзің түкірме деп, мана айтпап па едім, сеньора!

Ашуға булыққан Донья Больбина ештеңе дей алмайды.

СИЛЬВЕРИО (Жаңын кеп): Кешіріңіз, Донья Больбина. Менің байқауымша, қызыңыз бірдеңеге қатты абыржулы. Күні бойы қабағын ашқан емес. Бәлкім ашу шақырмай, дұрыстап сөйлесіп, не күйде жүргенін байыптап білгеніңіз жөн шығар. Бал аштырғанына бола ұрсып қайтесіз, әлі бала ғой. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Терісіне сыймай): Біреудің ісіне қол сұққаннан жаным жек көретін нәрсе жоқ!

Даниэла анасының қасына жүгіріп келеді.

ДАНИЭЛА: Мама, ант етем, мен ештеңе айтқаным жоқ. Бірақ өзің білесің ғой, бүгін әлгі... ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Мен ештеңеге құлақ аспаймын! Жүр кеттік! (Есікке беттеді). Даниэла қалғандарға жалбарына қарайды.

СИЛЬВЕРИО: Донья Больбина...
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Есікке жете беріп). Даниэла!
Даниэла басын төмен салып есікке беттейді. Артынан анасы шығып кетеді.
Үнсіздік.

МАНОЛА: Бұларға не болған?

ТОМАСО: Бүгін бір жаққа барамыз деп отырмады ма, соның әлегі шығар. Жүр кеттік. (Кетеді). Манола Сильвериоға қарап,таңданғанын байқатып, Томасоның соңынан шығып кетеді. Пауза. Алыстан шарманкаға қосып ойнаған халық әнінің әуені естіледі. Фидель кір жинап болып қалған Төреден көз алар емес. Кенет Сильвериодан қаймығып, оған бір көз тастап, төмен қарап кетеді. Тере қосалқы үйдің тасасына түсте кетеді. Балконның есігінен Ремедиос көрінеді.

РЕМЕДИОС. Сенің әлгі күтіп отырған сеньораң келді.

Донъя Ньевес сағатына қарап саусақтарын бүгіп бірдеңелерді санап алады Сосын орнынан тұрып, көйлегін түзеп, картаны ап, шығып кетеді. Фидель төмен түсе бастайды. Орта жолға жете беріп, Сильвериоға бір қарап қояды. Фидель төмен түсіп есікке беттейді. Есіктің алдына барғасын Сильвериоға тағы да көз тастайды. Сильверио әлдене дегісі келгендей күтіп жүр. Ол орнына отыра бергенде Пилар келеді. Алыстағы шарманка даусы басылады. ПИЛАР: Иә, Элиас жөндесін деп беріп жіберді. (Қорқор ұсынады). Сильверио мундуштукты алып көріп, жәндікке тастайды. Жұмысың қалай?

СИЛЬВЕРИО: Жаман емес.

ПИЛАР: Кәні, көрейінші. (Түтікшені алып, бір басына саусағын басып, жан-жаққа трап сығалай бастайды). Өте жақсы екен, шеберім. (Орнына қояды). Ақысына бүгін кешке ешқашан аузыңа алып көрмеген тәтті тағамнан дәм татасын. Оны пісірген мына менмін! (Күледі).

Сильверио оның қолынан ұстап өзіне қарай тартады. Пилар айқайлап жібереді.
СИЛЬВЕРИО: Саған не болды?
ПИЛАР: Жәй, әншейін. Ештеңе емес.
СИЛЬВЕРИО: Ауырмай ма? (Қалын көргісі келеді).

ПИЛАР: Абыржыма... Тамақ пісірем деп жүріп, қолымды соғып алдым.
СИЛЬВЕРИО: Өзі көгеріп кетіпті ғой.

ПИЛАР: Онан да өзіңе абай бол, ақымағым, маған ештеңе бола қоймас. (Қолын босатып алады), бұлай қарама. (Көшеге қарайын деп парапетке барады). СИЛЬВЕРИО: Өмірімде бірінші рет оның жүзіне күліп қарай алмадым. Бұл ненің нышаны болды екен? Бүгінгі күн бір түрлі, көңілімде бір қобалжу бар. Таң атқалы осы арадан шыққан жоқпыз. Ол айды сенің ұмытпағаныңды, осы уақытқа дейін өтірік айтып келгеніңді де бүгін осы арада білдім... Көршілеріміздің қайдағы бір жалған үміттің соңына түсіп, далбаса күн кешіп жатқанына да көзім жетті. Оларға да жаның ашиды. Бірақ, қолдан келер қайран жоқ. (Пиларға жақындай түсіп). Жаңа алдағы өмірден ештеңе дәметпеймін деп тағы да өтірік айтыппын. Бірдеңе күтетініме, ешқашан қолың жетпестей ерекше бірдеңе күткеніме де жаңа көзім жетті. Осы жаңағы бейшара қызды көргенде ұқтым. Шығып бара жатқанда көзіне көзім түсіп еді. Баяғы сенің қызыңдай мөлдіреп қарайды екен! ПИЛАР. Ана қара, көшедегілер әбден қаталап қапты. Көзе қолдан-қолға көшіп жүр. Сеньора Томаса да қалысар емес. Бас көтермей, жұтып жатыр! Осылар, көр де тұр, шарап ішіп жатыр. Сильверио үн-түнсіз таңғала қарап тұр. Пилар онысына абыржып, күйеуінің қасына келеді.

Сильверио!

СИЛЬВЕРИО: Бейшара Пилар, жаныңа бататынын білем. Бірақ пәлен күннен бері айта алмай келген нәрсеңді бетіме қарап біліп қойдың. Мен саған ешқандай жәрдем бере алмаймын. Кешір мені.

ПИЛАР: Мені айтасың?

СИЛЬВЕРИО: Элиастың айтқаны дұрыс. Менің құпиям ақыры ашылады екен. Өйтпесе, бәріміз құсадан жарылып кетер ек. Мен бірақ өз құпиямды сенен басқа ешкімге айта алмаймын. Ең болмаса, алдыңа жығылып, сырымды ақтарып, кешірім алған боп жүрейінші. Қазір құлағың қайтадан еститін боп, осының бәрін ұғып тыңдап тұрсаң, мен оны да білмеген болар едім. Бірақ, мен сөйткеніңді қалар ем. Бұдан әрі ішіме сияр емес. ПИЛАР (Мұңдана). Сильверио, адамның басынан не өтіп, не кетпейді, Сен сондай абзал адамсың. Бостан-босқа жаныңды жеп қайтесің. СИЛЬВЕРИО: Абзал адам дейсің бе? Жоқ! Мен де солаймын ғой деп өзімді-өзім алдап келіппін. Саған қайырымды болуға ант ішкем, өз өмірімді сенен жасырған құпияның жолында құрбандыққа шалып ем. Бәрібір жалғандыққа ұшыраппын. Таудай талабымның, асқаралы арманымның бәрін талақ егіп, мынау жарлы-жақыбай жұрттың арасына кеп тығылдым. Мен осы жүргенде адымымнан көз айырмай қарап тұрған бір қатыгез жанардың кәрінен қашып жүрген едім. Сүйтсем, бәрі бекершілік екен. Әлгі қатыгез жанар сенің жанарың боп шықты. (Әйелінің қолынан ұстап ап). Менің саған үйленбеуім керек екен. Менің көкірегімде бір мен — мен, өзімшіл әзірейіл отыр. Сондықтан да о баста сау басымды саудаға салмай, құдай жалғыз, мен жалғыз деп жүре берсем, дұрыс болады екен. Соны ойлағанда өзімнен езім қарадай зәрем ұшады. Сенің әлгі қасіретіңді естігенде күңдердің күніңде сенен айырылып қалам деген ойыма келсеші. Егер екеуміз бірге жүрсек, қай қиындыққа да қыңқ етпейтіндей боп көрінгенбіз. Бірақ, оным бекер екен.

ПИЛАР (Қинала толғанып): Осы сен не айтып тұрсың?

СИЛЬВЕРИО: Ол кезде есіл-дертің сурет салу еді ғой. Есіңде ме? Көктемде сурет салуға далаға шыққанда, кішкентайыңды түнге қыздырынсып деп бірге ертіп кетуші ем ғой...

ПИЛАР (Айқайлап): Айтып тұрғаның не? Айналайын, өлтірсең де, айтып өлтірші! СИЛЬВЕРИО. (Шатыр жақта сақтана қарап). Сүйтсем ол күнді әлі ұмытпағаныңды, менен гөрі де жақсырақ есіңде сақтағаның оң жаңа таңертең білдім...

Пилар... Айтшы, тезірек айтшы...

СИЛЬВЕРИО: Мен оның былқ-сылқ еткен өлі денесін әзер көтеріп, үйге кірдім... Мен өз жұмысыммен әуре боп отырғанда, оны жылан шағып алыпты. Баж еткен даусын ести сала, тұра жүгірдім. Бірақ, бәрібір үлгере алмадым. (Орнынан атып тұрады). Ол менің кінәмнан болды, Пилар! Ту сыртымнан жыланды ұстауға бола ма деп сұраған даусын естідім, бұрылып та қарамастан, болады дей салдым. (Аулақ кетіп). Артынан сонда сәбидің не айтып тұрғанына түсінбей, ойланбай, жауап бердім деп өзімді-өзім ақтауға тырыстым. (Жалт бұрылып, әйеліне қарап). Бірақ, бұным жалған екен! Сөйтсем, мен «болады» деп, біле тұра айтыппын. Өйткені, оны жек көретінмін, өз перзентім емес, бөтен біреуден туған қыз деп жек көретінмін. Ол қасыма келгенде көз алдыма сені зорлап жатқан опасыз солдат елестейтін. Сол-ақ екен, теріме сыймай, өн бойымды бір ыза кернейтін. Ондайда бұл ыза қазір басылады деп ойлайсың, ол басылу қайда, қайта бүкіл ақыл-есіңнен айырып, не істеп, не қойғаныңды білмей қаласын. Менің әлгі ойланбастан «Болады» дей салғаным да, соның қырсығы! Мен неткен оңбаған адаммын!

Пилар екі құлағын қолымен басып шыңғырып жібереді. (Қасына барып, қолынан ұстап). Енді міне, бұның бәрін еститіндей саған айтып тұрмын. Бірақ, бұным да қорқақтық. Бұ да далбаса. Суды қанша ішсең де, шелің қанбай жүретін бір далбаса түстер көресің-ау кейде! Бұда тап соның кері! Мен сені сүйемін! Сондықтан сенің кешіріміңсіз өмір сүру маған қиын. Бірақ сен бар шыңдықты егжей-тегжейлі білсең, бұны ешқашан кешіре алмайсың. ПИЛАР: Айқайлама! Доғар енді! (Қалтасынан қағаз, қарындаш ап, ұсынады). Өйтіп өз жаныңды өзің жемей, әлгі айтқан сұмдық әңгімеңді жазып бер. Мен де біраз азап кешейін!

СИЛЬВЕРИО (Блокнотқа қарап); Оған батылым жетсе ғой.
ПИЛАР: Бол, жазсайшы енді!

Сильверионың басы сұлқ түсіп кетеді, көзіндегі жылт өшкен. Блокнот ұсынған қолын кері қағады.

СИЛЬВЕРИО: Жоқ, бұл айтқаныңды орындай алмаймын.

ШЫМЫЛДЫҚ.

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Батар күннің алтын шұғыласы үйлердің шатырына сол жақтан түсіп тұр. Ол бірте-бірте суық, сұрғылт тартып барып басылады. Алдынғы планда сол жақта — Томасо мен Манола алдарына бір қағаздарды жайып салған. Фидель парапетке сүйеніп кітап оқып тұр, қалған кітаптары қасында жатыр. Сильверио жұмысын аяқтап бітуге айналған. Ол енді шынында да машинаның бұрандасынан аумай қапты. Пилар қасында сұраған құрал-сайманын алып беріп тұр. Онысына өзі бір түрлі қысылады. ТОМАСО: Бар болғаны осы. Мынау менің билетім. Толық билеттің оннан бірі. Сосын басқалармен жарналасқан купондарым тағы бар.

МАНОЛА: Оларыңыз қанша, көп пе?

ТОМАСО: Ет сатушыда, сүт сатушы да, Донья Ньевес, Донья Больбинада, екінші қабатта тұратындар да, бас-аяғы жеті кісіде жарнам бар. МАНОЛА: Ал менде сегіз кісіде. Донья Ньевесті зорға көндірдім, илікпей келіп-келіп, тек осыдан үш күн бұрын келісімін әзер берді. (Күрсінеді). Оның бәрі әншейін бос далбаса. Әр билеттегі менің үлесім болмаған соң, оны бәрі баланың ойыншығы ғой. Бірақ, бұл тираждың билеттері тым қымбат екен. ТОМАСО: Онда тұрған не бар? Бір жерден қарыз ал да, сатып ал. (Билетін көрсетіп). Қандай әдемі десеңші. Жиырма үш мың екі жүз жетпіс бір, құлағыңа күйдей боп естілмей ме!

МАНОЛА (Мұңайып): Мұндағы менің үлесім бар болғаны бір-ақ песет. ТОМАСО: Егер басты ұлыс маған шықса — жеті жүз елу мың песет қой. (Жүрегін ұстап). Жоқ, ол туралы тіпті ой да келмейді.

МАНОЛА (Мұңайып): Ал маған тиетіні — жеті мың жарым песет.
ТОМАСО: Әйтеуір құралақан қалмасаң болды да.
Мана балгер не деп еді осы?
МАНОЛА: Алтын, асыл, мол дәулет демеді ме?

ТОМАСО: Жоқ артынан айтқанын айтам. Қараторы бозбала бұрыштан айнала беріп, ойда жоқ олжалы жақсы хабар жеткізеді демеп пе еді. (Бұрылып). Фидель?

Фадель оған қарайды.
Киоскіге жүгірші, қазір газет әкелуге тиісті.
Фидель керенау басып, есікке беттейді.

Сатып алған бойда ешкімге көрсетпей осында әкел, әйтпесе, жүрегім жарылып кетер түрі бар.

ФИДЕЛЬ: Жарайды. (Кетеді).

МАНОЛА Ол бұрыштан айнала беріп деді, ал біздің киоска дәл бұрышта тұр. Сағат қанша болды, сеньор Сильверио?

СИЛЬВЕРИО: Жеті жарым.
ТОМАСО: (Қағазын қалтасына сап). Кеш боп қапты-ау өзі.

Күн бірақ әлі жарық екен. Бәлкім төменге газет ендігі келген де шығар. (Төменге қарап). Жоқ, әлі келмепті.

Манола да көше жаққа үңіліп қарайды.
ПИЛАР (Мұңайып): Саған не болды?
Сильверио иығын қиқаңдатады.

Сен мұнда неге шығады десем, менімен бетпе-бет оңаша қалмас үшін шығады екенсің ғой. Бар сырыңды неге ақтармайсың? Ол әйелінің көзіне тура қарап қояды да, жұмысын істей береді, Пилар күрсініп қояды.

МАНОЛА: Әне, сеньор Хасинта да қағаздарын ақтарып көріп отыр.
ТОМАСО: Мати де солай.
ПИЛАР: (Сильверионың иығына қолын сап). Сен әлі қызымызды ойлап отырсың ба?
СИЛЬВЕРИО: Оны тағы қайдан сезіп қойдың?

ПИЛАР: Оған бола өзіңді өзің жегідей жегенді қой... Сен айыпты емессің.
СИЛЬВЕРИО: Сен білсең етті... (Жұмысына шұқынып кетеді).
МАНОЛА: Сеньора Хасинтаның ең кем дегенде екі билеті бар екен.

ТОМАСО: Оны қайдан алсын! Екіншісі Клаудио мекемесінің купоны. Олар да өз жарналастарына әр қайсысы мың сандық ассигнация береді.

Әдемі қала көйлек киінген Донья Больбина шығады.
МАНОЛА: Мен сізді келмейтін шығар деп ойлап ем. Көйлегіңіз неткен әдемі!

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА Иә, қайдағы әдемі. Әншейін қарапайым мата бар гәп киімде емес, кие білуде. (Маңғаздана есікке бұрылады). Даниэла, сен не істеп жатырсың? Кел бері! Қымсынып, Даниэла кіреді. Омырауына арзанқол моншақ таққан киімі өзіне сондай қонымды.

МАНОЛА: Ту, өзің әдемі қыз екенсің ғой!

ДАНИЭЛА: Рахмет сізге. (Парапетке сүйеніп, Филельдің кітабын алақанымен бір сипап қояды).

Сильверио жұмысын тастап орынынан түрегеліп, Данизлоаға қарайды. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: (Күрсініп). «Викторина» клубына барғанда да тап бұлай қабағың салбырап кетпейтін. Әйтпесе, қасыңда жүріп, мен қысылып бітетін түрім бар. Бүйте берсең, жақсы-жақсы күйеу жігіттерден құр қаласың. Даниэла теріс бұрылып кетеді.

Даниэла! Мен саған жұрт алдында өзіңді осылай ұста деп пе едім? СИЛЬВЕРИО: Мазасын ала беріп қайтесіз, сеньора! (Өңін жұмсартып). Біз бен сізге бәрібір емес пе! ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Осыңдай қорғаушының көптігі жаман. Онсыз да сыныққа сылтау іздеп тұрған қыз одан сайын қарғиды енді. (Ренжіп кері шегінеді).

Сильверио парапетке барып сүйенеді.
ТОМАСО: Тізеңді бүкпейсің бе?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Иә, сәл отырсам, отырайын. Біз қазір кетеміз ғой (Отырады). Мен орындығымды ала кетейін деп соққам. Әйтпесе түні бойы далада қалады ғой. Томасо да отырады. Пилар Даниэлат барып бірдеңе деп сыбырлайды Сильверио түтігін көзіне апарып жан-жаққа қарап көреді, сосын бір құтыдан әлдеқандай сұйық сығып алып, сыртын жалтыратып майлай бастайды.

ТОМАСО: Қазір ұтыс кестесін әкеледі. Билетіңізді ала келіп пе едіңіз? ДОНЬЯ БОЛЬБИНА Оның қажеті қанша? Номерін онсыз да білем. Оның үстіне менің мұндай мәселеге қалай қарайтыным өзіңізге белгілі. ТОМАСО: Сондықтан да сізге жыным келеді. Құлды бір шақшасын жерге тастай алмай жүрген кісідей кергисіз. Ал, шынында, қолыңызға ақша тисе, тастай қатып айырылмас едіңіз. ДОНЬЯ БОЛЬБИНА; Ақшаға сонша өліп-өше қоям деп айта алмаймын. Бірақ алдына келген тәтті тағамнан кім бас тартушы еді. Фидель кіреді, қолындағы газетті Томасо жұлып алады. Манола жалт етіп отыра кетіп, купондарын ақтара бастайды. Томасо отыра сап. жалма-жан ұтыс кестесін іздейді. Фидель Даниэльді көріп, көше жаққа шығып тұрған парапеттің екінші шетіне барып сүйенеді.

МАНОЛА: Кәнеки! (Купондарын шығарып, Томасоның қолындағы кестеге үңіледі). ТОМАСО: Тоқтай тұрыңызшы! (Итеріп тастайды). Бас ұтыс Донья Хуатаға шығыпты. Тіптен жақсы.

МАНОЛА: Қап бәлем, осы жолы құтылып көрсін.
ТОМАСО: Менің билетім ұтпапты. Сайтан алсын! Кәне, жиырма үш мыңды көрейік.

МАНОЛА. Тоқтай тұрыңыз, әуелі барлық ұтыс шыққан номерлерді тексеріп көрейік. Бас ұтыс он екі мың да және бірдеңелерге шығыпты ғой. Тоқта, тоқта, осындай бірдеңелер менің номеріме ұқсайтын сияқты еді.

ТОМАСО: Жиырма үш мың екі жүз...
ФИДЕЛЬ: Төмендегі неғылған айқай? Естисіздер ме?
Даниэла селк ете түседі.
МАНОЛА: Мінеки! Он екі мың. Бере тұрыңызшы!

ТОМАСО: Аулақ әрі! (Газетті бергісі келмейді).
МАНОЛА: Он екі мың алты жүз... (Томасоның жазуларына қарап). Мінеки!
Сильверио қызыға қарайды.
ТОМАСО: Тартыңыз қолыңызды!

Манола ол іздеп отырған қағазды көрсетеді.
ФИДЕЛЬ: үйге қарай тұра ұмтылып бірдеңе деп айқайлап келеді.

ТОМАСО (Билетін тексеріп): Он екі мың алты жүз қырық екі. Екі әйел алабұртып Донья Больбинаға қарайды. Ол жымсия қарап жайына отыр.

ДАНИЭЛО (Үйрелене). Мама!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА. Бұл менің нөмірім сияқты.

ТОМАСА: Ұтыс. (Газетті лақтырып тастап, Донья Бальбинаны құшақтап алады). О тәңірім-ай! Маған да бірдеңе бұйырды-ау!

МАНОЛА: Маған да. Көр де тұр!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Газетті ұстай ап): Көрелік...
ТОМАСО: Облигацияңыз қайда?

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Жоқ, жоқ, дәл сол. Екі мың алты жүз қырық екі. Газет қолынан сусып түсіп кетеді. Ол абдырап отырып қалады. Даниэла одан көзін алмай тұр. Бәрі абыр-сабыр сөйлесіп жатыр.

ФИДЕЛЬ: Қуанышыңыз құтты болсын, Донья Больбина.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Даусы шығар-шықпас): Рахмет.

ТОМАСО: Кәне ұтпағаныңыз қайсы! Сіз манағы сөзіңіз үшін айып тартуға тиістісіз.

ПИЛАР (Сильвериоға): Шынында да бас ұтыс па?
СИЛЬВЕРИО: Иә.
МАНОЛА: Менің жарнам алты песет еді. Сонда маған қанша тиеді!
(Фидель оған көз де салмайды).

ФИДЕЛЬ (Сильвериоға): Міне, ғажап!
СИЛЬВЕРИО: Екеуіңізді де құттықтаймын.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Рахмет.

ПИЛАР (Донья Больбина мен Даниэлаға): Мен сондай қуаныштымын... Өте... өте...

МАНОЛА (Сильвериоға): Алты песет үшін маған қанша тиеді?
СИЛЬВЕРИО: Қырық бес мың.
ТОМАСО: Маған жетпіс бес мың! Менің жарнам он песет!
(Тағы да құшақтайды).

МАНОЛА (Пиларды құшақтап): Қырық бес мың, сеньора Пилар.
Қолына өз купонын ұстап Донья Ньевес жетіп келеді. Жанында Ремедиос.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Донья Больбинаны құшақтап): Донья Больбина, қымбаттым!
РЕМЕДИОС: Құдай тек денсаулық берсін!

ТОМАСО: Сіздің балыңыз дәл келді. Донья Ньевес!
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Рас айтасыз ба?
МАНОЛА: Сізге қанша тиісті?
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Менің жарнам сегіз песет, демек, алпыс мың.

ТОМАСО: Донья Ньевес! (Құшақтайды).
Ремедиос есікке қарайды.
Мұны енді тойлау керек!
МАНОЛА: Донья Больбинаға сөз берейік!

РЕМЕДИОС: Баспалдақтағы жұрт та дабырласып жатыр. Естідіңдер ме?
Сабас жүгіріп келеді.
САБАС: Сен, мама, бірдеңе ұттың ба?
ТОМАСО: Ұттым.

САБАС: Уәдеңді ұмытпайсың ғой!
ТОМАСО: Әрине, балам!
Сабас Донья Больбинаны құшақтап ап, вальске айналады.
Жұрт ду күледі.

САБАС: Кәрі сұлулардың даңқы арта берсін! Ура! Енді датчандардың ұтқанына ішім ауырмайды.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Босата қойшы енді..
Даниэла теріс айналып, парапетке сүйенеді. Нати кіреді.

НАТИ: Донья Больбина төмен түсіңіз, сізді бүгін көршілеріңіз есігіңіздің алдында күтіп тұр.

МАНОЛА: Әй, буфеттегі барлық бөтелкені шығарып столға қойыңыздар.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Сонда ештеңе қалмады ма деп қорқам...
ТОМАСО: Барып сатып әкелу керек.
ФИДЕЛЬ: Мен барып келейін.

САБАС (Ағасына): Басытқы қылар бірдеңені қоса әкел!
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Кеттік, Донья Больбина! Бас тартпаңыз!

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА Қуана қарсы алам... Бірақ, кейінірек тойласақ қайтеді? Қазір қызымыз екеуміз қонаққа баратын едік.

ТОМАСО: Қайдағы қонақ?
МАНОЛА Ол туралы сөз болуы мүмкін емес.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Жарайды... Ендеше, тек бірер минутке ғана... Сіздерге мың да бір рахмет! (Есікке беттейді.)

МАНОЛА: Рахмет сізге айту керек.
РЕМЕДИОС: Осы не деп барады?

САБАС (Донья Больбина. Құшақтай ап): Аяғыңызды ауыртып қайтесіз, королева. Мен онан да көтеріп апарайын.

Қолына көтеріп алады. Жұрт дуылдап қол соғады.
НАТИ: Кеттік!
САБАС: Жол беріңдер! (Кетеді).
Соңдарынан Манола, Ремедиос және Фидель ере шығады.

ТОМАСО: Менің баламның қандай екенін көрдіңіздер ғой.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА. Сіз бармайсыз ба?

ТОМАСО (Газетті жинап): Неге бармайын! Қазір басқа билеттерімді тексеріп алам да, барам.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ендеше көріскенше. (Кетеді.)
ПИЛАР (Сильвериоға): Барып Донья Больбинаға көмектесейін. Сен жүрмейсің бе?
Сильверио басып шайқайды. «Жүре бер» деп ымдайды.
(Даниэлаға кеп). Сен неге жүрмейсің?

Даниэла әлдене деп ымдайды. Пилар тағы да күйеуіне қарайды. Ол жүре бер деп ым жасайды. Пилар артына жалт-жалт қарап шығып кетеді. Даниэла Сильвериоға бақырая қарайды. ТОМАСО (Жазуға үңіліп): Туһ, қараңғы түсіп кетіпті ғой. Тіпті көрінбейді. Мынау үштік пе, сегіздік пе, сеньор Сильверио.

СИЛЬВЕРИО: Сегіздік.
ТОМАСО: Ендеше ұтпадым. Жә, ештеңе емес... Уһ!
Итшілеген тіршіліктен құтылдық па, жоқ па! Құдай бергеніңе шүкір!

Енді әлгі тәттіқұмар Донья құдайдың сүйген пендесімін деп мақтанса мақтанатындай-ақ болды!

Сильверио оған Даниэланы көрсетіп ымдайды.
А? Айтпақшы, сен мұнда неғып тұрсың?
ДАНИЭЛА: Жай, әншейін.
ТОМАСО: Төменге неге бармайсың?

ДАНИЭЛА: Барғым келмейді (Теріс айналып кетеді).
Томасо аң-таң. Түп жақпағы шатырдан Элиас шығады.

ЭЛИАС: Осында екеніңді біліп едім-ау. Донья Больбинаға бас ұтыс шықты деген рас па?

ТОМАСО: Ол — бәрімізге шыққан ұтыс. Менің он песет жарнам бар!
ЭЛИАС (Ысқырып жіберіп): Міне, олжа! Құттықтаймын, Даниэла!
ДАНИЭЛА: Рахмет!
ЭЛИАС (Таңырқап): Ал, сенің үлесің бар ма?

СИЛЬВЕРИО: Бар болғаны екі песет. Он бес мың.
ТОМАСО: Сіз жаңа нағып айтпадыңыз?

СИЛЬВЕРИО: Онда тұрған не бар! Бәрінен де біраз қардар адамдардың қолдары ұзарып қалғаны жақсы болғанын айтсаңызшы.

Ол залға қарай үрейлене бұрылған Даниэлаға көзі түседі.
ТОМАСО. Бұл қуаныш мына қызға ұнамайтын сияқты.
ДАНИЭЛА: Өйткені, ол өтірік!
ТОМАСО: Қалайша?

ДАНИЭЛА: Оның ешқандай билеті жоқ! Айтып отырғаны өткен жолғы лотереяның билеті! Жаңа лотереяның билетінің ақшасын әлдеқашан жұмсап қойған. Енді сендерге төлейтін ештеңесі жоқ...

ТОМАСО: (Қасына жетіп барып). Рас айтасың ба?
ДАНИЭЛА: Тәңір үшін, оған қол ұшын беріңіз! Бізді аяй көріңіздер!
О тоба!
ТОМАСО: Қап, қарғыс атқан-ай! (Есікке жүгіреді).

СИЛЬВЕРИО: Тоқтай тұрыңыз!
ДАНИЭЛА: Кешіре көріңіз!
СИЛЬВЕРИО: Сеньора Томасо, тоқтаңыз!

Ол есікке жеткенше, әйел жүгіріп шығып кетеді. Есіктің соңынан Сильверионың даусы. Оларға айтсаңыз не болатынын білесің бе? Ернін тістелеп қайтып оралады. Толқып тұр. Элиас парапеттен қарғып түсіп, бері өтеді.

Даниэла, жүр төменге түсейік!
ДАНИЭЛА (Жыларман боп.); Жоқ!

Сильверио есіктің сыртындағы у-шуға құлақ түріп, Даниэла жүзіне үрейлене қарайды. СИЛЬВЕРИО: Иә, сіздің айтқаныңыз дұрыс. Мен кеткен ақымақ ем. Элиас, бері қара... Төменге барып, сен бірдеңе етпесең болмас.

Элиас шығып кетеді.
СИЛЬВЕРИО: Сіз таң атқалы осыған абыржып жүр екенсіз ғой.
Даниэла басын изейді.
Оны маған газет келгенше неге айтпадыңыз? Енді қиын болатын болды ғой.

ДАНИЭЛА: Мен не істерімді білмедім... Ұтыс шықпас деп үміттеніп ем.
СИЛЬВЕРИО: Ең болмаса біреуімізге сенбедіңіз бе? Маған неге айтпадыңыз?
ДАНИЭЛА: Мен байқап көріп ем.
СИЛЬВЕРИО: Мен ше?

ЛДНИЭЛА: Жоқ.

СИЛЬВЕРИО: Түсінікті. (Есікке құлақ түріп). Тынышталыңыз, бәлкім бір ретін табармыз.

ДАНИЭЛА: Тек оны кешіре көріңіз!
СИЛЬВЕРИО (Шошып кетіп): Не, үн шығармаңыз!
Сильверио есікке беттейді, алдынан шошыған Пилар шығады.
ПИЛАР: Сильверио, оны сабап жатыр! Олар ұрып жатыр!

Сильверио оның аузын басады. Даниэла шақыртып жібереді.
Ах! (Даниэланы құшақтамақ болады, ол жұлқынып шығып, есікке беттейді).
Барма о жаққа!
СИЛЬВЕРИО: Жіберме оны.

ПИЛАР (Даниэланы босатып, күйеуінің қолынан ұстай алады)\ Сен де барушы болма!

СИЛЬВЕРИО: Жібер мені.
ПИЛАР: Жоқ! Барма!
СИЛЬВЕРИО: (Даниэланы ұстай алады). Тыныштал. (Парапетке қарай итереді).

Есіктің сыртындағы айқай ұлғая түседі, Үшеуі де тоқтай қалады. Донья Бальбинаның қолынан жетектеп Элиас жүгіріп шығады. Есікті жаппақ болады. Донья Бальбияа сұп-сұр, үсті басы жалба-жұлба. Шықшыты қан-қан.

ДАНИЭЛА: Мама!
Аласұрған әйел қызын итеріп тастап, тығылатын пана іздейді.
ЭЛИАС (Есікті басып): Арғы шатырға секіріңіз! Бол тез!
СИЛЬВЕРИО (Орындық қойып): Тез, тез!

Айқай-шу күшейе түседі. Есікті дүрсілдетіп алып барады. «Бол, аш!», «Оны қолынан ұстап, көшеге лақтыр, Сабас!», «Хайуан!», «Алдамшы!» деген айқайлар шығады.

ПИЛАР: Бол, болсаңшы енді!

Донья Больбина арғы жаққа өтпек болды, бірақ жұрт Элиасты итеріп тастап, ішке лап қойды. Сабас Донья Больбинаға тұра ұмтылады. Оған ілесе Томасо, Пако мен Фидель, Манола, Донья Ньевес, Ремедиос және Нати көрінеді. Олар бір жағынан батылдары бармай, бір жағынан алдындағы Фидель бөгет боп, есікке кептеліп қалады. Олардың ар жағынан «Алдаушы», «Жарлы-жақыбайдың қалтасына түскен қаптесер», «Оны тірідей дарға асу керек», «Жоқ түрмеге жабу керек», «Алаяқ», деген айқайлар естіледі. Элиас Сабасты ұстамақ болады. Анау әл бермейді, Сильверио араласады.

САБАС: Қап, бұл алаяқты ма, бұ қаншықты ма!
СИЛЬВЕРИО: Сен немене хайуан боп кеткенсің бе?
ТОМАСО: Қап, ол шошқаның әкесін таныт, бәлем!

Есіктің алдындағылар шошына айқалайды. «қой, әй, қой», «Мынау өлтіріп тастар», «құртсын шошымаңдар», Донья Больбина Сабастың жүзіне үрейлене қарап орындыққа отыра кетеді.

Сабас Сильверионың итеріп тастап, әйелге жұдырық ала жүгіреді.
ДАНИЭЛА: Тиме!

Шешесін арашалауға ұмтылады, сол екі арада Сильверио жәшігіндегі түтікшені ап. Сабасты көк желкеден бір қояды, анау тәлтіректеп құлап түседі. Пако қасына жетіп барады. Жұрт бір шыңғырып, үнсіз қалысады.

ТОМАСО (Не болғанына енді түсініп): Мынау менің ұлым ба?

Есіктің алдындағылардан әзер өткен Кристобаль құлап жатқан жігіттің қасына келеді. КРИСТОБАЛЬ: Қап бәлем, өзіңе де со керек еді. Әбден қаныма қарайып бітіп ем. Өзін де өзгелерді де мезі қып бітіп еді.

ТОМАСО: Оны, міне, өлтірді ғой!

ЭЛИАС (Сабастың қасына кеп тізерлеп): Бұл ештеңе етпейді, сеньора. Міне, қозғалып жатыр. Пако, көріп тұрсың ба?

Пако екеуі Сабасты жерден көтереді.
КРИСТОБАЛЬ: Жә, оны төменге өзім апарам.

Элиастың орнына өзі ұстап, Пако екеуі Сабасты көтеріп, есікке беттейді. Сабас есін жинап ыңырсиды.

Томасо қасына барады. (Тоқтатып). Ал, сен осында қал. Мен саған бұдан былай көз алартпайтындай қып, бірдеңе айтуым керек еді.

Сабас ыңырсиды.

Ауыра ма? Ештеңе етпес. Әлі басың жас. Көрер құқайың бір бұл емес. Әй, жол беріңдер. Кристобаль мен Пако Сабасты сүйемелдеп алып кетеді, Сильверио іске алғысыз боп қалған жаңа аспапты лақтырып жібереді. Пилар көтеріп ап, жәшікке апарып салады. Донья Бальбинапың басы салбырап кеткен. Даниэла оның жарасына шүберек басып жатыр. Нати жұрттан бөлініп, бірдеңе деп күңкілдеп жоғары көтеріледі. Жаюлы кірін жинап корзинаға сала бастайды. ТОМАСО: Ал, жүріңіздер, төмен түсейік. Бұл әйел бізден бәрібір құтылмайды. Сотқа береміз. (Есікке қарап жүреді).

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә! Түрмеде шіріту керек!

СИЛЬВЕРИО (Томасоны бөгеп): Тоқтай тұрыңыздар! Бәріңіз де мында келіңіздер! Бұл қалай? қалғандарыңыз тек осы-ақ па?

ФИДЕЛЬ: Басқалары жаңа менің бауырымның артынан шығып кетті.
СИЛЬВЕРИО: Жарайды, ендеше! Бері жүріңіздер!
Бәрі ортаға жиналады.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Ремедиосқа): Сен үйге бар.

Ремедиос ләм-мим деместен жүре береді. Пилар орындыққа жалп етіп отыра кетіп, екі шекесін ұстай алады. Даниэла бойын тіктеп, құлақ түре қалған.

ТОМАСО (Екі бүйірін таянып): Иә, не демекші едіңіз?
СИЛЬВЕРИО (Сәл кідіріп барып): Сотқа бермей-ақ қояйық.

Томасо ерсі бірдеме жасап, кете бермекші болады. Нати жұмысын тастап, тіреуге таянып, тыңдап тұр.

Тоқтаңыз!

ТОМАСО: Жетпіс бес мың пасет деген не нәрсе екенінің тұмсығыңызға исі де бармайтыны көрініп-ақ тұр.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә десейші. Ал, менің алпыс мыңымды кім қайтарады.
МАНОЛА: Мені айтсайшы. Қалған жұрттың да обалына қалып тұр ғой бұл?
Элиас парапетке барып отырады.
СИЛЬВЕРИО: Сабыр етіңіздер...

Ремедиос балконға шығып, құлақ түре қалады.
ТОМАСО: Мен ешкімге есемді жіберіп қоя алмаймын.
ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә, мен де.

СИЛЬВЕРИО: Айтып тұрғандарыңыз қайдағы ақша! қолдарыңызға ұстап та көрмеген ақшаны қайтып дауламақсыңдар. Онан да босқа бастарыңызға ауыртпай, ештеңе болмағандай осы қалыптарыңызда қалыңыздар. МАНОЛА (Мұңайып орындыққа отырып); Жоқ, жарлылықтан әбден көңіліміз, көзіміз ағарған. ЭЛИАС: Меніңше, Сильверио дұрыс айтып тұр. Соға бергенде, бұл екі бейшараның абыройын төккеннен басқа табар пайда бәрібір жоқ. Қасіретке қасірет қосқаннан мүйіздерің шыға ма? Онсыз да көріп тұрсыздар ғой. ТОМАСО: Бәріміздің бетімізге түкірген бұл көкбеттің бетін біз өзіміз аяймыз ба! МАНОЛА: Жарлы-жақыбайлардың қалған-құтқан тиын-тебенін жымқырып кеткен қандай болады екен. Білсін о да! ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә, жұрты үмітінен айырып, көңілін қара жер қылғанның қандай болатынын көрсін, бәлем.

Ремедиос бөлмеге кіріп кетеді.

СИЛЬВЕРИО: Бірақ, о да қай бір жетіскеннен істеді дейсің. Олар сіздерден де өткен кедей. Тіпті ешнәрседен үміт етуден де қалған. (Донья Больбинаға) Солай емес пе?

Донья Больбина ағыл-тегіл жылап қоя береді.
Мына жұртқа мұны неге істегендеріңізді айтып түсіндірмейсіз бе?
Томасо екі бүйірін таянып, Донья Больбинаның жауабын тосып тұр.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Біз әбден сіңірі шыққан қу кедейміз. Тіпті нәрем айырар ештеңе таба алмай қалдық.

Даниэла жұртқа енді бұрылады
ТОМАСО: Иә, ол бізге таңсық еді.
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Жоқтықтың қандай екенін сіздер әлі білмейсіздер ғой.
МАНОЛА: Иә, біз жетісіп отыр едік.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Әсіресе аштығыңды жұртқа сездірмей деген азап екен. МАНОЛА: Жарлығыңды жасырғанда баймын дедің бе? Одан да көппен бірге құдайдың салғанына көніп жүре бермедің бе? ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Тәңірім әрқайсымызды әр қилы қып жаратса, мен мен қайтейін. Міне, ол осылай қып жаратыпты.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Алаяқ қып па...

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Бар болғаны бірнеше пасет қой, ештеңе етпес, Пәлен күн бойы бір стакан кофеден басқа нәр сызбаған мен сорлыға басыма осындай сұрқия ойдың сап ете қалғаны. Өз көршілеріміз ғой, мұндай болмашы шығын бір жолға кешіретін шығар деп ойладым... Бұлай боларын кім білген?! ТОМАСО: Алаяқ қана емес, ақымақ та екенсіз. Лотереяда бір ғана ұтыс шықпайтынын, бірнеше ұтыс шығатынын иттің итақайы да білмей ме?

Донья Больбина төмен қарап кетеді.
СИЛЬВЕРИО: Сізге тағы да кім жарналас болып еді?
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА; Бірінші қабаттағы оң жақтағы есіктен он песет.
ТОМАСО: Дәл менің үлесімдей — жетпіс бес мың!

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Сол жақтағы көршіден — бес песет...
СИЛЬВЕРИО: Тағы кімдер бар?
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА; Екінші қабаттағы сол қолдағы есік...
МАНОЛА. Түсінікті. Сеньора Хасинта.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Төртінші қабаттағы өз көршілеріміз.
ТОМАСО: Бәрінен бе?
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Бәрінен алты песеттен.

ЭЛИАС (Күрсініп): Көп ақша екен. (Қорқорына темекі толтырып, аузына апарады).

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Барлығы елу песеттен сәл артық.

ТОМАСО: Иә, аз екен. Табаны күректей төрт жүз мың ғой! (Сильвериоға); Ал, сіз осының бәрін көріп-біліп тұрып, кейуана-сисыз.

СИЛЬВЕРИО; Сабыр етіңіз! Фидель!
Фидель тақалып, орнынан тұрады.

Сіз менің атымнан, мына бейшара екі әйелдің атынан көршілерге барып, алған қолхаттарын қайтып берулерін өтінбес пе екенсіз?

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Ондайдың беті аулақ!

СИЛЬВЕРИО: Оған назар аудармаңыз, Фидель. Бұны сізге анаңыз айтып тұрған жоқ. Асыға көріңіз, әйтпесе, біреу-міреу полицияға хабарлап қояр.

ФИДЕЛЬ: Кеттім ендеше! (Даниэла жалт етіп бір қарап, есікке беттейді). ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Ашуланып, қолын тоқтатып алады): Өзіңіз ештеңе жоғалтпаған соң, сіз, әрине, өйістесіз ғой... СИЛЬВЕРИО: Иә, мен де мына өзіңіз секілді ештеңе жоғалтқан жоқпын. Тек мына бір апта ырзық айырамыз ба деп жасаған аспабымды сындырып алғаным болмаса... Ол ештеңе емес. Ал, билетке қосқан онша көп емес... (Қалтасынан қолхат шығарады) Екі песет қана. Сеньора Томасаның есебіне салсақ он бес мың. (Қағазды жыртады). Өзіңдей бейшараның көз жасына қалғаннан құдай сақтасын!

Көрші әйелдер қызарып кетеді.

ЭЛИАС: Дұрыс жасадың Сильверио. Болар іс болды, өткен-өреуіл, қалған — салауат деген. ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Сіздер оның қылмыс жасағанын, ол үшін заң алдында жазалануы керек екенін ұмытпаңыздар. СИЛЬВЕРИО: Жоқ, ұмытқан жоқпыз. Бірақ, ешкім ешқандай зардап шеккен жоқ, бір жолға аяушылық жасамасақ, ол да адамгершілік болып па. Сіздер де кедей емессіздер ме? Ендеше, өздеріңнен де жарлы адамға нағып жандарың ашымайды. ПИЛАР (Орнынан тұрып, қастарына кеп): Рахым етіңіздер, жауапқа тартпаңыздар.

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Мынау қайдан біліп қойды?

СИЛЬВЕРИО: Ол, өйткені, біздің жағдайымызға айтпай-ақ түсінеді. Сөзімізді естімегенмен ішімізде не жатқанын айнадан көргендей көріп тұр. Оның осындай адал көзқарасынан қайтып қорықпай тұрсыңдар. Ол сіздердің осы аяушылық жасамағандарыңызды, қол хаттарыңызды қайтарып бермегендеріңізді өмірбақи ұмытпайды. Донья Ньевес, сіздің осындай тасбауырлығыңыз мұның есінде мәңгі қалады. Енді бұдан былай кездескен сайын бұның көзінен өздеріңізге деген жиіркенішті ғана көретін боласыздар...

ПИЛАР. Жалынамын, жауапқа тартпаңыздар!
Пауза.

МАНОЛА: (Мұңайып). Маған енді деревняны көру жоқ. Менің бейшара Луисильом өмірбақи қан-сөлсіз, тірі аруақ боп өткені... ТОМАСО: Біз неткен ақымақ едік. Мана осы араға күннен қорғайтын қалқа жасамақ болдық-ау... Мен тіпті анада біреуден көргендей кір жуатын машина сатып алмақ ойым барын ішіме бүгіп қалып ем... Міне, енді қарқ болдық! ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Иә, бәрі құрыды. Қартайғандағы уайымсыз өмір де, үсті-үстіне келіп жататын бал аштырғыштар да көзден бәрі бір-бір ұшты.

ТОМАСО: Енді өмірбақи көретініміз осы итшілеген қу тірлік...
Сильверио қасына жақындайды.

Өз құйрығын өзі тістемек боп құр әуреге түсетін ит секілді әр нәрсеге сілекейіміз бір шұбырып өткеніміз...

СИЛЬВЕРИО. Қолхатыңызды маған беріңізші...

ТОМАСО (Сәл кідіріп барып): Алыңыз. (Теріс айналып парапетке барып сүйенеді).

СИЛЬВЕРИО: Рахмет. Ал сіз ше, сеньора Манола?
МАНОЛА: О тоба! Қырық бес мың песет!
СИЛЬВЕРИО: Жоқ. Түкке тұрмайтын жылтырақ қағаз.

МАНОЛА: (Әмиянынан қолхат суырып). Ең болмаса алты песетімді қайтып берсінші...

СИЛЬВЕРИО: Оны мен қайтарам.
Даниэла жылап қоя береді. Пилар жұбатады.

МАНОЛА; Ақшасы жоқ болса, қайтармай-ақ қойсын. (Қолхатын Сильвериаға береді).

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Сәл мұрша берсеңіз, бәріңіздің ақшаңызды да қайтып берем...
СИЛЬВЕРИО: Донья Ньевес...
ДОНЬЯ НЬЕВЕС (Теріс айналып): Жоқ.
СИЛЬВЕРИО: Оныңыз қалай?

ДОНЬЯ НЬЕВЕС: Жоқ. Бермеймін!
СИЛЬВЕРИО (Біраз үнсіз тұрып): Беріңіз.

Үнсіздік, Донья Ньевес қолхатты суырып ап, аяғының астына тастайды да, кетіп қалады. НАТИ (Кекетіп); Мұныңыз келісті-ақ, сеньор Дон-Кихот. (Корзинасын көтеріп, баспалдақпен төмен түседі). Менің бұл ойынға қатысым жоқ, соңдықтан шығыным шамалы. Алайда жауапқа тартқызбай қоймаймын. Өйткені, менің міндетім солай. Мұндайларға біздің арамызда орын болмауға тиісті. Кәні, шатырды босатыңдар. Ертең қашан тәртіпке келтіргенше есікті ашпаймын. Ал ақысын, сеньора Томасо сіз төлейтін боласыз. ТОМАСО: (Қасына барып). Маған не төлетсеңіз, оны төлетіңіз. Ал, мына әйелді жауапқа тартқызар болсаң, мұрныңды шелпек қылам!

НАТИ: Не дедіңіз!

ТОМАСО: Не дегенімді жаңа естідіңіз ғой! Тұла бойыңызда бүгін бір сүйек қалдырмай табаныма сап таптап күл-талқаныңды шығарам. Көр де тұр!

НАТИ: Ал, мен өз міндетімді білемін.
ТОМАСО: Айтпады деме! Қапы қап жүрме!
НАТИ: Өңшең бұзақы! Мерекелерің осымен бітті ғой. Тарандар, кәні.

ТОМАСО (Орындығын алып жатып): Біз сен айтқасын емес, кеткіміз келгесін кетеміз. Құдайдың қу даласың аясаң, шайыңа езіп іш! Кеттік, Манола! Келесі ойында ұтыс билетін мен сатып алам, ертең таңертең бал аштырамыз, көр де тұр, бал жақсы түседі.

Манола орындығын арқалап оған ереді.
МАНОЛА: Картаны айтасыз ба?

ТОМАСО: әрине! Ақыры бір сәті түседі! (Натиге). Ал, сіз ұмытпаңыз. Ана көн бетіңізге абай болыңыз! (Шалқақтай басып шығып кетеді).

НАТИ: Кетіңіз енді! Есікті жабам.
СИЛЬВЕРИО: Мазамызды алмай, оңаша қалдырыңыз бізді!
НАТИ: Бұзақы өңшең! (Кетеді).
Элиас парапеттен түсіп, Сильверионың иығынан құшақтап, бауырына қысады.

СИЛЬВЕРИО: Рахмет, Элиас.
ЭЛИАС: Түсінікті.
СИЛЬВЕРИО: (Өзіне масаттана қарап отырған әйеліне көзі түсіп).

Жоқ. Сен бүгінгі күн мен үшін шын мереке болғанына түсінбейсің ғой. Бұдан кейін мен де бір бірдеңеге сенетін шығармын.

Фидель шығады.
Ал, қалай?

ФИДЕЛЬ (Қолындағы қағаздарын тапсырып): Сеньор Никасиодан басқасы түген қайтып берді. Ол көнбей қойды. Ешкімнің ешқандай тәлкегін көтерер алмаймын, қалай да жауапқа тарту керек дейді. СИЛЬВЕРИО: Ах, Элиас. Не десең, о де — бұлар нағыз алтын жандар. Бәрі де қайтып берді. Сеньюор Никасио қайда барар дейсің. (Қолындағы қағаздарды көрсетіп). Мынаның бәрін көріп тұрып, ол жалғыз қала қоймас! Кеттік, Фидель! Сен, жігітім, жарадың! Фидель Даниэлаға көзі түсіп қала жаздайды. Сильверио кетпекші болады. Пауза.

ЭЛИАС (Сильверионың соңынан): Жайсаң кісі!

Аспан қараңғыланып, оң жақтан ай туып келеді. Кейбір балкондар мен үйлердің жапсарларында ғана от көрінеді Пилар кенет оқыс ауырсына үн қатып, орындыққа сұлқ құлайды.

ПИЛАР! (Қасына жетіп барады).
Даниэла да жүгіріп келеді. Донья Больбина басын көтеріп алады.

ПИЛАР: Маған әлек болмаңыз. Бұдан әрі күшім жетер емес... Таң атқалы ол байқап қалмасын деп төзіп бақтым... Мана баспалдақпен көтеріліп келе жатқанда, опыр-топырдың ішінде біреу көк желкемнен қойып қалды... Енді міне шыдатпай барады...

ДАНИЭЛА: Бәрі біздің қырсығымыздан!
ЭЛИАС (Пиларды тұрғызбақшы боп): Тез төсекке жету керек!
ДАНИЭЛА: О тәңірім!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Қасына кеп): Бұл ештеңе етпейді...

ПИЛАР: Элиас, тек Сильвериоға ештеңе айтпа... Қазір, міне, жаман емес... Кешкі тамақта түрегеп кетермін. ЭЛИАС: Қайдағы тамақты айтасыз... Тез кеттік. (Оны сүйемелдеп есікке беттейді).

ДАНИЭЛА: Мен де көмектесейін.
ПИЛАР: Жоқ, жоқ. Сен қал... Саған бүгін менсіз де жеткілікті болды ғой...
ЭЛИАС (Тоқтап): ұрған Сабас па?
Пилар оған қарайды.

Сабас па?
ПИЛАР: Не айтып тұрғаныңызға түсінбедім.
ЭЛИАС: Бұлар ешқашан айтпайды.
Екеуі шығып кетеді.

ДАНИЭЛА (Олар кеткесін): Мама...

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА (Оған баяу бұрылып): Көршілерге айтып қойған сенсің ғой? Сен!

ДАНИЭЛА: Сені арашалағым келді.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Арашалағым келді дейсің бе? Мені қаншалықты жақсы көретініңді білем ғой. ДАНИЭЛА: Егер мен айтпаған болсам, бұдан да жаман болатынына нағып түсінбейсің? ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Жоқ, түсінбеймін! әуелі мойындамас ем, артынан не салса да, көрер ем. Қайткен күнде де тап бүгінгідей масқара болмайтын едік қой. Анаңа көресіні көрсеттің әбден!

ДАНИЭЛА: Кешір, мама!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Дон-Кихоттың айтқаны ма?
ДАНИЭЛА: Ол бізді құтқарып қалды.

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Ендеше жетістік. Міне, жаңағы бір жұрттың бәрі жаппай жыларман болған, тіпті мен екеш мен де көзімді жылап алған көңілді комедияның арқасында таза ауаны нәрем қып, аштан аш, бұралып жататын болдық..

ДАНИЭЛА: Жоқ, мама, жоқ...

ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Жә, әлгі бір комедияны енді сен жалғастырайын дедің бе? Жоқ, оныңа төзе алмаймын. Сен мені жек көресің, сондықтан да жауларыма ұстап бердің. Ол үшін сазайыңды тартарсың әлі! (Есікке барып, қайтып айналып, кеп, орындығын алып кетеді).

ДАНИЭЛА: Мама!
ДОНЬЯ БОЛЬБИНА: Масыл.
ДАНИЭЛА (Залға бұрылып): Бәрі бітті.

Төменде көшедегі шамдар жанады Кенет парапетке қарай жүгіріп, орта жолда тоқтай қалады Сосын жайлап басып, парапетке жетіп, көшеге қарайды. Көзінде үрей. Кеудесі бір басылып, бір көтеріледі. Жаймен қайталап: бәрі бітті деп қояды. Сосын тағы да тесіліп көшеге қарайды. Ұзақ үңіледі. Еңкейе-еңкейе, бір уақытта секіретін кісідей аяғын көтереді. Сол уақытта Сильверио шығады. Көңілді. Даниэланы көріп тоқтай қалады. Тез қасына жетіп барып, қолынан ұстай алады.

СИЛЬВЕРИО: Даниэла!
Қыз еңіреп қоя береді.
Шынында да солай болғаны ма...
Пауза.

Өмір бір қинаған екен деп осындай сұмдыққа бел буғаныңыз неткен балалық! Тынышталыңыз! Уақыт өтеді, бәрі орнына келеді. Уақыттан асқан емші де, ем де жоқ. (Парапеттен аулаққа әкетеді). ДАНИЭЛА: Сіз білмейсіз ғой... Мен бір сұмдық іс істедім. Қанша уақыт өтсе де, осы бір ыңғайсыз сезіммен құтыла алатын емеспін.

СИЛЬВЕРИО: (Шұқшия қарап). Не туралы айтып тұрсыз?

ДАНИЭЛА: Мен өз анамды өзім ұстап бердім. Оның сөзінің жаны бар. Оны жеккөретінімнен, сондықтан осылай істегенім де шын. СИЛЬВЕРИО (Қобалжып): Бірақ, шындығында оны бәрібір жақсы көресіз және оны істің арты насырға шауып кетпесін деп әдейі істедіңіз.

ДАНИЭЛА: Жоқ, бұның бәрін оны жек көргенімнен істедім!

СИЛЬВЕРИО (Күрсініп): Е, ендеше, оны жек көргесін осынша жаманаттан арашалап қап тұр екенсіз ғой. Жарайды, солай-ақ болсын! ДАНИЭЛА (Оған қарап): О-о! (Теріс айналып, парапепке еңкейіп, бетін басады). СИЛЬВЕРИО: (Басын шайқап қасына кеп, иығына қолын салады). Сіздің анаңыздың мінез-құлқының көңілге онша қона бермейтіні рас. Бәлкім, кейде оны ұнатпай қалатын шығарсыз.

ДАНИЭЛА: Бәрібір — ол менің анам ғой.

СИЛЬВЕРИО: Сондықтан да сіз оны бағып-қағып асырап келесіз, бүгін де, міне, жаныңыз ашып, бір пәледен құтқарып қалдыңыз. Бірақ, жан-тәніңізбен жақсы көре алмайсыз... (Жымсиып қояды). Жақсы көру деген де қиын нәрсе, қызым. Сіз, бірақ, одан біржола безіп кете алмайсыз, әлі де ұнатасыз. Мана оны аяғандықтан, оның алдында қарыздар қалғыңыз келмегендіктен, әлгіндей батылдыққа бардыңыз. Кісі немқұрайлы қарайтын адамына өйтіп отқа түспейді. Жә, гәп онда емес... Гәп, сіз оның басқа адам болғанын қалайсыз. Сіз, ол түгілі, өзіңіз де басқа біреу болғыңыз келеді. Бәріміз де солаймыз. Бірақ, ол үшін дүниеден бүйтіп қаралай торығудың қажеті қанша? Қайта өзіңді өзің қайрап, қалайда көздеген мақсатқа жетпей қоймауға тырысу керек емес пе! ДАНИЭЛА (Жылап): Оның үстіне мынау дүние бір тас түнек қой, ең болмаса, жылт еткен бір жарық саңлау болсайшы... Бүйтіп жүріп адам адамша өмір сүретін тірлікке жете алар дейсің бе!

СИЛЬВЕРИО. Фидель ше...
Даниэла аң-таң, ортаға қарай шегіне береді.

Ол да — біз бен сіз секілді нәресте біреу. Ол сізді сүймейтін шығармын деп ойлайды. Ол ойы ғана... (Қасына кеп. Ал бірақ, түбі өзіндік жігіт. Оны да өмір бойы алақаныңа сап аялап етесің. Өйткені ол өмірбақи осы сәби қалпында қалады... Сен, міне, бүгін балалықпен қоштасып тұрсың. Бір күннің ішінде өмірдің қай қиыншылығынан да жалтара алмастай боп, есейіп ер жеттің. Енді ешқашан әлгіндей балалыққа бармайсың. (Парапеттің үстінде жатқан Фидельдің кітаптарын ап, қолына ұстатады). Иә, ұста. Ол қазір іздеп келеді. Баспалдаққа барып, алдарынан шық. Манағысындай емес ол қазір саған басқа көзбен қарайды.

Сенбесең көр де тұр.
ДАНЙЭЛА: Мен біреудің мүсіркегенін жек көрем.

СИЛЬВЕРИО: Жоқ, бұл жолы ол мүсіркемейді... Бұл жолы ол сені өзі аңсап келеді. (Күрсініп). Мен, әрине, маңдайың жарқырап ашылғалы тұр деп айта алмаймын. Бірақ, сен өмірден одан артық не күтесің? Тіршілік деген осы. Қарап тұрып қайтып өтірік айтайын. Сен белің бүгіліп жұмысыңды істейсің, ол емтиханын тапсырады, анаң екеуіңнің тартатын азабыңның көбі алда. Екеуіне де шыдап бағу керек. Көретін аз-маз рахаты да бар, бірақ, оның есесіне тартатын тауқыметі де таудай. Жоқ-жітік үйдің бар салмағы өзіңе түседі. Бірақ, сен Фидельді сүйесің ғой. Сондықтан да қандай қасіретке де пейіл шығарсың. Солай емес пе?

ДАНИЭЛА: Иә.

СИЛЬВЕРИО (Көңілденіп, қарынын қасып қояды): Көрдің бе, Даниэла табан астында өңің кіріп қоя берді. Өмір ылғи осылай, бір күлдіріп, бір жылатып тұрады. Оған тек ешқашан торығушы болма. Ал, қапелімде, әлгі салқам жігіттің көзі түспей қойса, оған шала бүлінбе! Ертең тағы таң атады. Даниэла есікке бара беріп, қайта оралады. Үнсіздік. Бар, бар. Неге тоқтадың? ДАНИЭЛА (Жылап жібереді)— Осындайда әкемді іздеуші ем. Сіз маған әкемдей көріндіңіз. СИЛЬВЕРИО. (Көңілін бекітіп). Жоқ, мен сенің алдында көбірек қарыздармын. Мен үшін өмірбақи өкініш болған бір сәби бүгін, міне, маған сенің көзіңмен елжірей қарап тұрғандай (Мұңайып теріс айналып кетеді). Кенет Даниэла оны құшақтай ап, шөп-шөп сүйе бастайды. Сосын басын жұлып ап, тез шығып кетеді. Сильверио соңынан елжірей қарап қалады. Сосын парапетке сүйеніп, ай нұрын төгіп тұрған аспанға қарап біраз тұрады. Кенет басын төмен салып, сыбырлай сөйлейді. Кейде біз ар деп атайтын қай ісіміздің де құпия куәсі... Мұны мен саған айтып тұрмын... Ау, аты да жоқ, заты да жоқ, бірақ адам осылай оңаша қалғанда, жан-сырын жалғыз өзіңе ғана жарқыратып жайып салатын тылсым құдірет... Айтшы өзің, мынау әлем-тапырық мереке күнде кісіні осынша қобалжытардай қандай сыр бар?. Әлде бұл рахым мен үміт күні ме? Мүмкін әлгі Даниэланың өмірі баяғы бейшара қыздың өлімінің өтеуі болды ма! Бірақ, сен, тылсым құдірет, мен білсем... Маған тек бір адамның аузымен ғана жауап қата аласың. Мен оныңа пейілмін. Бір басымнан басқаға жаны ауырмайтын өзімшіл болам деп, бүкіл өмірімді тәрк еттім. Енді, мейлі, кеш болса да, басқаша өмір сүруге бел будым. Мен әуелде зұлым едім, сосын су жүрек қорқақ болдым. Енді екеуі де болмаймын. Бұл күн мен үшін әлі біте қоймағанына тал басымды тәлкекке салар шын талқы алдымда тұрғанына сенімім кәміл... Тек сол тұста маған сарқылмас сабыр бер, таусылмас жігер бер. (Терең күрсініп, есікке беттейді. Кіріп келе жатқан Пиларды көріп, тоқтай қалады). Сенбісің?

ПИЛАР: Сен сонша ұзақ кідіріп қалдың ғой. Мен сені көргім кеп кетті.
СИЛЬВЕРИО: Саған не болды?

ПИЛАР. Ештеңе болған жоқ... Тек қасында тұрғым келеді. Бұрын бүйтпеуші едім. (Құшақтай ап). Жаңа жалғыз өзім үйге сыймадым. (Орындығына жетіп отыра кетеді).

Сильверио қасына барғанда ол әлсіз жымияды.

Менің мана тәңертең не айтқаным есіңде ме? Бүгін тәңірдің бар рахымы осы үйге түскендей. Соның бәрі сенің арқаң. Мен міне, енді ғана көңілімді бірледім. Сенің қабағың жаңа ғана жадырапты. Манағы жаныңды жеген жегінің көмейіне құм құйылыпты. (Күлімсіреп орындығына отырады). Ол сабыр тапқан. Балконға шығатын есік пен терезеде шам бар. Сильверио шатырға шығатын есікке қарап тұр. СИЛЬВЕРИО: Рас айтасың. Қарашы, бәрі қайтадан басталды. Донья Ньевеске тағы біреу кеп бал аштырып жатыр. Жұрттың көңілінде қайтадан үміт тірілген. Бүгін мен де өзімді өзім жұрт секілді сезінем. Қазір төменге барып, сенің блокнотыңа бар сырымды түп-түгел жазып берем... Өзім істеген зұлымдықтың бетін ашам... Мен де, міне, бірдеңеге үміттене бастадым. (Өңіне қарап). Егер сен мені жазғырар болса, жаныңның бар жарасын өзім ап, дертіңе шипа табуға тырысам.

ПИЛАР (Түрегеле беріп): Сильверио... Сен байқаған жоқсың ба?
СИЛЬВЕРИО (Қолтығынан демеп): Нені айтасың?

ПИЛАР: Мынау екеумізді бірдей құшағына алған, мені төсіне көтеріп тербелте бастаған көл-көсір қуаныш дариясын айтам. (Кенет ауыр жарақаттан шыңғырып жібереді де, шалқалай береді).

СИЛЬВЕРИО: Пилар! (Былқ-сылқ дене сұлқ орындыққа құлайды).

ПИЛАР (Басын әрең көтеріп, күлімсіреп): Уайымдама... Бәрі де жақсы болады. (Сүй дейді, басы парапетке сылқ түсіп кетеді). СИЛЬВЕРИО (Шошып): Жоқ, Пилар! Жо-жо-жоқ! (Ол өзі сипалап тұрған Пилардын қолын босатып алады, жаны жоқ қол сылқ ете түседі. Ол бойын тіктеп, жан-жағына есеңгірей қарайды. Кенет көзі адырайып тұрып қалады). Міне, көптен күткен сазайымды енді тарттым. (Әйелінің алдына тізерлей құлап, қолынан ұстайды). Бәлкім, менің сөзімді енді естірсің... Мүмкін, тіпті әлдеқашан біліп қойған да шығарсың. Мен енді оны қалай білем? Дүниеде маған кешірім бар ма, жоқ па... Оны маған мына сен ғана айта аласың... Пилар, Пилар!... Ең болмаса, сол бір ауыз сөзіңді айтып кетсейші, ең болмаса, ақырғы рет тіл қатсайшы! Бұрын сен мен үшін күллі дүние едің, енді, міне, құлазып жалғыз қалдым. Пауза. Террасадан Донья Ньевестің үні естіліп тұр, Сильверио басын көтеріп құлақ түреді. Алғашқы сөздерін естігенде-ақ, әйелінің бетіне үңіліп, үнсіз кемсеңдеп, құлап түседі. ДОНЬЯ НЬЕВЕСТІҢ дауысы: Күдер үзбеген жөн... Ешқашан күдер үзуге болмайды... Бұл өмірде тек үміт қана шетсіз-шексіз...

Бұл өмірде үміт қана мәңгілік...

ШЫМЫЛДЫҚ.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙