Сөз басы
Мұхтар Әуезов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...
Жалпы тарих жолындағы адам баласының ілгерілеген басқыштарын алсақ, төрт буынға бөлінеді: 1) тағылық тұсындағы ортақшылық дәуір; 2) ана қожалығы жүрген дәуір; 3) ата мен ру қожалығы жүрген дәуір; 4) мемлекет негізі құрылған дәуір.
Тағылық тұсындағы ортақшылық дәуір
Бұл дәуірдің белгісі: 1) бір топ болып өмір сүрген қауымның қан жақындығына қарай туысқандық байлауы мықты болған;, 2) ол топтың адамдарына еңбек те, табыс та ортақ, ортақшылдық белгісі болған. Бөлісіп жүрген жері, ұстап жүрген қаруына шейін бір адамдікі емес, топтікі, қауымдікі. Басты шаруаның барлығын сол топ түгелінен істейтін болған. Ол топтың ішіндегі ер жеткен әйелдер ер жеткен ерлердің ортақ жары деп саналған. Еңбек пен мүлік ортақ болған соң, қауым арасында болған жас айырымы мен еркек-әйел айырмасы болғандықтан, олардың теңдігі табиғи теңдік болатын. Ол күнде дін пікірі жоқ, білім жоққа тән, аз. Өзі тұрған тау мен даладан арғы жерден қорқатын, қауіп бар дейтін. Дүниедегі барлық нәрсені "өзіме пайдасы бар, өзіме залалы бар" деген екі-ақ түрлі айырымға бөлген, топтың саны өсіп, бас көбейгенде бірінен бірі бөлініп шығып, екінші жерге тарайтын. Жер біткенше, осылай топтан топ жырып шығып, күнелте берген. Адам баласы бері келіп, бойы өскен соң, ол күннің қиындықтарын ұмытып, жұмбақ рақаты сол күндерде деп есептейтіні осыдан шыққан.
Ана қожалығы жүрген дәуір
Әйел әуелде басы бос баласыз күнде – еркегі кезбе өмірде жүрсе де, бері келген соң ана болған, балалы болған. Табиғат адам баласының қауымын өсіруді соған міндет қылған. Сондықтан әйел атаулы баласының қасынан ұзай алмайтын болды. Ол кезде үй іші, от басы жоқ, баланың әкесі кім екені белгісіз. Бала жалғыз шешенікі деп саналып, міндеті де шешеде болған екен. Еркек қаңғи берген, әйел балаға арқандалған. Еркек әмірі көшпелі кезбе өмір болып, әйел бір ауданнан ұзамай өмір сүрген. Баласын қорғайтын баспана керек болса, үңгір мен ағаштың қуысын паналаған. Бір жерде отыратын болған соң, тамақты жиып, сақтауға, қырландыруға, қорландыруға тырысқан. Баладан ұзап алысқа кете алмайтын болған соң, жақын жердегі ұсақ анды өлтіруді, жеміс теруді кәсіп етіп, өсімдіктермен күн көретін болған. Бері келген соң мал асырау әдісін білген. Сөйтіп, еркектен бұрын үй шаруасының отырықшы шаруаның негізін салған әйел екен1. Әйел істеген шаруа, бұрынғы кезбе аңшылықтай емес, еркекке де жәйлі тиді. Олар да оралуға айналды. Көргені көп кәрі әйел басшы болып шықты. Сонымен ана қожалығы жүрген дәуір туды. Бұның арты, біреу өнерлі, біреу өнерсіз, біреу еңбек қылып, біреу еңбексіз болғандықтан, алғашқы теңсіздікті тудырды.
Ата, ру қожалығы жүрген дәуір
Басы біріккен көп қауым мал өсіріп, егін салуды күшейте бастады. Балаға айналған әйел бар уақытын шаруаға сала алмады. Оның орнын еркек басты. Еркектің уақыты көп, қуатты, әлді болған соң, ақырында әйелден озды: еңбегі жемістірек бола бастады. Еңбекке ысылған кәрі әйелдің қолынан билік, басшылық кетіп, сол сияқты тәжірибелі еркек қолына ауысты (қарияның қожалығы туды.) Кәсіп түрі молайып, өзгере берді. Бір жерде отырып аңшы, егінші, мал бағушы болуға да жол табылды. Сондықтан бұл қауымның саны бұрынғыдан молайып, адам саны жүзге, мыңға да шарпуға айналды, бірақ саны көбейген сайын сыйысу қиын болып, тіршілік ауырлады. Сондықтан бері келе қан төгісетін соғыстар шықты. Соғыстар ол замандағы қауымның ілгерілеуіне себеп болды, жері кеңеюге, жұмыскері молаюға айналды. Бір ру мен бір ру бірлесетін, одақтасатын күйге келді. Басшы шығу керек болды, басшыға тәртіпке бағыну керек болды. Бұрынғы аңшылықты басшылықтан шығып, енді жай өмірде басшы іздейтін болды. Басшының жұмысы көптің істейтін қара жұмысынан бөлінуге айналды. Басшылық шығуы барлық жұмыстың түрін өзгертті. Бірінші басшылар көпшілікті жұмсап отырып, оларға үлестіретін азық сияқты мүлікті де билейтін болды. Қолында көп мүлік болған соң, олардан ең әуелі меншік, иешілік шықты. Екінші мүлікке ие болып алған соң, әйелді жеке меншіктеуді, "некеленуді" шығарды. Өзінен туған баласына дүние-мүлік тастап кету, мұра тапсыру мақсаты туды. Үй іші деген жаңа нәрсе жасалды. Әйел мен еркек байланысы күшейіп, әйел теңдіктен айырылды: керек қылған әйелін еркек алып қаша да алатын болды. Осы істердің артынан ру басшыларынан ақсүйектік шыға бастады. Айырбас, сауда шықты. Еңбек бөлініп, теңсіздік туа бастаған соң, бұрынғы салттар жоғалуға айналды. Көп орнына өзімшілдік туды. Осы жағдайлар ұласып, тұрмыс машинасы шеберленген сайын, сол замандағы адамның ақылы артты. Бүкіл дүние жаралуы туралы көлемді, тұтас ой құрала бастады. Ең әуелгі туған тұтас ой. Бұл ой әлгі дәуірдегі шаруа жағдайынан туды. Қауымда басшылық пен қара күштің еңбегі егіз болды. Басшы көпке нұсқау беріп, бұйрықпен істеді, оның ісі біліммен, еппен істеледі, сондықтан басшылыққа арнаулы білімді кісі керек. Қара күштің жұмысы оған қарағанда оңай. Міне, әуелгі адам өз қауымының ішіндегі әлгідей басшылықты бағалаудан дүниені де сол сияқты деп түсінетін болды. Дүниеде басшы сияқты үлкен жаратушы күш болса, тау, тоғай, судың иесі ұсақ жаратушы деп ұғынды. Дүниені солай деп түсінген соң, адам өзінде де әлгідей екі алуан жаратылыс бар деп білді. Басшылық етуші – рух, оның қызметкері – дене. Дене өледі, рух өлмейді. Барлық дүниеде рух бар, дене бар дей бастады, Бұл пікірдің қорытындысы – табиғатты жанды деп ұғу: бұдан соң дүниеде екі басшылық бар: бірі дене бастауында, бірі рух – жас бастауында; оның соңғы пікірі - қалыптан тысқарыға, ғайыпқа нану.
Дін таралуы
Адамдағы алғашқы дін екі тарау жолдан құралады: 1) бұрынғы басшы аталарды, аруақты құрметтеуден2; 2) табиғаттың үлкен күштерін қуаттаудан. Аруақ екі түрлі. Бірі – бұрынғы жауды жеңіп алып, құл мен күң қылған патшалар аруағы. Оларды да қадірлеп, құрметтейтін болған. Солармен қатар табиғат күштерін қадірлеген. Жаз, күз, күн, жұлдыз, ай барлығы да тірі нәрседей көрінді. Жақсылық пен жаманшылық құдайлары тартысады деген ой шықты. Күн тұтылу солардың соғысының белгісі. Қараңғылық болса, ол дұшпан құдайларының жеңген, билеген шағы. Осы турадағы әңгімелерді молайтып, ұлғайтқан сайын әлденеше түрлі ертегілер туды. Табиғат басшысын қадірлеу, құдайға дұға оқып, жалыну әдеті туды. Сонымен жалғас ең әуелгі әдебиет жұрнақтары шығады. Құдайға арнаулы дұға айтып шұбыртқан тақпақ өлеңдер шығады. Дін мейрамдары сияқты әдеттер туады. Құдайлар мен аруақтар туралы толып жатқан әңгімелер тарайды. Бұл дәуір тілді байытты. Әлгі әңгімелер себеп болып, сөйлер сөз көбейді.
Мемлекет негізі құрылған дәуір
Ру тартыстары күшейіп, соғыстар жиіленген соң, жер молайып, басшылар көбейген соң, мемлекет құрылысы шықты. Барлық ел басшы болған ақсүйектер табы мен қара халық табына бөлінді3. Ақсүйектер соғыс басшысы болды. Олар ой иесі, дін иесі болып тап-тапқа бөлінді. Кедей болған қара халық табына салмақ түсіп, жуандар табы күш алды. Сондықтан бұл заманда тап тартысы жоғалмайтын қалыпқа түсті. Бұл дәуірдің өз ішінде бөлінетін мезгіл-мезгілі бар: 1) хандық-аламандық кезі, 2) алпауыт, ақсүйектер патшалығы, 3) байлар (буржуазия) патшалығы. Алғашқыда, шабуыл, жорық үлесін таптың үлесіне салатын дағды болған. Екіншіден, жерге иелік шығады. Жері аз кедей шаруа мен мол жердің иесі алпауыт ақсүйектер шығады. Үшіншіден, сауда мен өнер артқан кәсіп мезгілі шығады.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру