TELEGEI

Home

Классикалық ертегілер

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Классикалық ертегілер

Классикалық ертегілер

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

28. Алты түлкі

Бұрынғы уақытта алты түлкі жолдас болыпты. Алтауының біреуінің құйрығы шолақ екен. Ана құйрығы ұзын бес түлкі: «Сенің құйрығың жоқ», –деп келеке қылып, күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі «Осыларды ма, мен осы бес түлкінің қандай қылып құйрықтарын шолақ қылып өзіме тең қылып қоямын», – деп ойлап келіп, тапқан ақылы. Сонда бес түлкіге айтты:

– Біз бір жақсы ойын қылайық! – деп

Түлкілерді алып келіп, қарағайға құйрықтарынан байлап қойып, өзі бір биік таудың басына шығып, түлкілерге айтты:

– Мына жақта бүркітшілер келе жатыр, – деп өзі қашты. Сонда бес түлкі қашамыз деп құйрықтарын үзіп, әммесі шолақ болып қалады, шолақ болғаннан кейін бұрынғы, міне, шолақ түлкі өздерін шолақ қылып, серік қылды. Бесеуі бірдей шолақ болғаннан кейін ешкім мазақ қылып күлмейтін болды.

29. Қу түлкі

Жолбарыс бір түлкіні ұстап алады. Түлкі құйрығын бұлаңдатып, тұмсығын жоғары көтеріп:

– Мені жей алмайсың! Мен осы орманға қожалық етуге келгенмін, –дейді.

Жолбарыс түлкіге олай бір, былай бір қарап, сенбей:

– Мүмкін емес, – дейді.

– Сенбесең, менімен бірге орманға жүр. Ондағы барлық аңдар менен қалай қорқатынын өз көзіңмен көр, – дейді түлкі.

Жолбарыс бұған келіседі. Түлкі жолбарыстың алдына түсіп, паңдана жүріп отырады. Жолбарысты көріп аңдар мен құстар зәресі ұшып, тым-тырақай қашады, ұялары мен індеріне тығылады, аспанға ұшады. Ал қу түлкі басын онан сайын көтере түсіп:

– Ал, енді көзің жеткен шығар! Менен қорықпайтын жан бар ма тірі? –деп мақтанады.

– Я, сен шынында да айбарлы екенсің, – деп алданған жолбарыс жайына кетеді.

30. Қу түлкі

Аш түлкі тамақ іздеп келе жатып, көрді біреудің шанамен балық әкетіп бара жатқанын. Аб, міне! Жақсы болды. Мен мынаның балығын алып жейін дейді. Жүгіріп алдынан шығып, өлген болып жолда созылып жата қалады. Әлгі кісі жолда түлкінің өліп жатқанын көреді.

– Ә, құдай берді. Тымағым тозып кетіп еді, басыма бір жақсы тымақ болды деп, түлкіні алып шанаға салды. Кигізбен жауып жүріп кетті алдына қарап, атын айдап.

Түлкі ақырын ығыстырып, аяғымен балықты түсіріп жатыр. Балықты түсіріп болған соң шанадан секіріп түсті. Келді қазақ үйіне, қатын! ... мен өзіме жақсы тымақтық түлкі тауып әкелдім. Қатыны:

Қайда?

– Шанада, балықтың үстінде жатыр. Жүнін ұйпалақтамай көтеріп әкел!

Жібітіп сойып берейін, илеп өзіме тымақ қылып бер дейді. Қатыны барып кигізді көтерсе, балық та жоқ, түлкі де жоқ. Қу түлкі алдап кеткенін сонда білді.Өкінгенмен не қылсын, түкте жоқ.

31. Өткен замандағы хикаят сөз

Бұрынғы заманда бір түлкі жақын маңайдағы қалаларға түнде барып көшелерін, базарларын аралап күндіз түсіп қалған ет, май, ондай-мұндайларын теріп жеп жүреді екен. Бір күні түнде баяғы қалпынша қыдырып жүрсе, бір бояушының лапкесі ашық қалған екен, соған кіріп, һәмме денесін бояп алыпты. Тіміскілеп жүріп тамағын тойдырып алып өзінің сахарадағы мекеніне барыпты. Басқа сахарадағы арыстан, қабылан, жолбарыс я басқа көп аңдар таң қалыпты:

– Бұл бізге көктен түскен патшамыз шығар, – деп арыстан астындағы тағын түсіп беріпті. Мәзқұр түлкі бұлардың қорыққанын біліп:

– Мен көктен түскен патшаларыңмын, – деп өзін-өзі мақтап, көп заман сахарадағы аңдарға хүкім дауа жүргізіп, таққа мініп, патша болып тұрды. Һәм неше түрлі аңдар қызметінде болып, қолдарын қусырып тұрдылар. Бір күні түнде басқа атыраптағы түлкілер уланып өліпті. Түлкілердің өлгенін естуіменен мұның асылы һәм түлкі болған үшін бұл һәм өліпті. Арыстан бұның өлгенін біліп бас салып, пәре-пәре қылып тастапты:

«Неше заманнан бері бізді алдап жүрген екен, «мен сіздерге көктен түскен патшамын», – деп. «Әлін білмеген әлек» деген сөз сықылды өзін-өзі жоғарыға санаймын деп, өзі-өзіне ажал тапқызды.

32. Түлкі мен жолбарыс

Бұрынғы уақытта түлкі мен бір жолбарыс жолдас болыпты. Екеуі бір жардың басына келіп қоныпты. Жолбарыс айтыпты:

– Мен мына жардан құлап кетемін, сен түлкі, менің астыңғы жағымда жат, – депті.

Сөйтсе, түлкі астыңғы жағында жатыпты. Жолбарыс ұйықтап қалғанда, түлкі міне жолбарыстың үстіңгі жағына шығып жатып:

– Ай, жолбарыс, мені басып кеттің, арырақ жат! – депті.

Сөйтсе, жолбарыс жылжи берсе, жардан құлап кетіпті. Құлап барып өліп қалыпты.

33. Түлкі мен қырғауыл

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де, жақындап келіп:

– Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халың қалай? – дейді. Қырғауыл:

– Жақсы, өзің қалай тұрсың? – дейді.

Түлкі:

– Жерге түсіп сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді. Қырғауыл:

– Жерге түсуге қорқамын, жерде әртүрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді. Түлкі:

– Әй, достым, биылғы заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді. Қырғауыл:

– Жақсы хабарыңыз бар екен, рақмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, естісін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі. Қырғауыл:

– Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді. Түлкі:

– Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.

34. Түлкінің алдағаны

Бір қасқыр менен бір жолбарыс, бір түлкі үшеуі жолдас болған, жолдас болып үшеуі келе жатқан, бір шелек май тауып алған. Бір жерге үшеуі келіп жатты. Түлкі айтты: «Мына жерде үлкен ағамдікі бар еді, сол ағамның қатыны буаз еді, сол ағамның қатыны бала тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс: «Барсаң бар!» – дейді. Түлкі кетті жүгіріп. Бағанағы тауып алған шелектегі майды үшеуі бір жерге көміп кеткен. Түлкі қасқыр менен жолбарыс екеуін алдап тастап, жүгіріп шелектегі майға келеді, бір елі төмен түсіріп жеді, қайтып қасқыр менен жолбарысқа келді:

– Ағаңның баласының атын қойдың ба? – деді. «Қойдым», – деді. «Атын кім қойдың?» – деді. «Атын Бірелі қойдым», – деді.

О күні де үшеуі жатты, ертең тұрған соң түлкі қасқыр мен жолбарысқа айтты: «Мына жерде ортаншы ағамның үйі бар, со ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, соның баласына барып, атын қойып келейін!» – дейді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып кел!» – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп бағанағы шелектегі майға келді. Шелектегі майдың жарымын жеді. Жүгіріп қасқыр менен жолбарысқа қайтып келді. Жолдастары айтты: «Ағаңның баласының атын қойдың ба?» – деді. «Қойдым», – деді. – «Атын кім қойдың?» «Ортабел деп қойдым», – деді түлкі. Жатты үшеуі о күні, ертең тұрды үшеуі. Түлкі айтты: «Кенже ағамның үйі бар еді», – деді. «Сол ағамның қатыны буаз еді, ағамның қатыны баласын тапқан екен, сол ағамның баласының атын қойып келейін!» – деді. Қасқыр менен жолбарыс айтты: «Бар, қойып келе ғой», – деді. Түлкі жүгіріп кетті, жүгіріп майға келді. Майдың бәрін жалап-жалап жеп қойған соң, қайтып келді жүгіріп. Жолдастары: «Ағаңның баласының атын кім қойдың?» – деп сұрады. Түлкі айтты: «Жалап-жалап қойдым», – деді. Жүрді үшеуі, бір түйешіге келді. «Ей, түйеші! – деді, – бір түйе сат бізге!» «Не бересің?» – деді түйеші. «Не берейін, бес жүз сом ақша берейік!», – деді. Түйеші айтты: «Қашан бересің?» – деді. «Ендігі жылы берейік!» – деді. «Жарайды, бір түйе ал», – деді. Бір түйені алды үшеуі, алып келіп бір жерге сойды. Үшеуі түйені сойып жатқанда бір қарсақ келді. Қарсақ айтты: «Сендерге мен жолдас боламын!» – деді. Жолдастар айтты: «Бол! Мынау түйе, сатып алып, сойып жатырмыз, сол түйені ендігі жыл бес жүз сом ақша берейік деп алдық, сол түйенің ақшасына қосыламысың? – деді. «Қосылсаң, төртеуміз түйені сояйық!» – деді. «Сойып болмай жемейік», – деді. Төртеуі сойып жатты, түлкі айтты: «Қарсақ аузына бірдеме қағып салды»,– деді. Қасқыр тап берді, тап бергенде қарсақ жалт қойып қашты. Қашқан соң қасқыр жолбарыспенен тап қойып қуды, түлкі орнында қалды. Қасқыр менен жолбарыс келгенше, түлкі түйені бұзып-жарып, жерге тығып қойды. Түлкі көміп қойған соң кетіп қалды. Бір уақытта қасқыр менен жолбарыс келді, келсе түлкі де жоқ, әлгі жерде түйе де жоқ. Түлкіні таппай тұрғанда түлкі келді. Жолбарыс пен қасқыр айтты: «Түйе қайда?» – деп. «Түйені мен білмеймін, сендер қарсақты қуғанда мен де қуып кетіп едім. Мен қайдан білейін, өздеріңмен бірге қарсақты қуып кеткенмін», – деді түлкі. Үшеуі жатты. Түнде түлкі түйені көмген жерден алып, түйенің етін жеп жатты. Түйенің етінің бәрін түлкі жеп қойды. Кішкене терісі қалғанда жолбарыс, қасқыр білді, айтты «Е, түлкім не жеп жатырсың?»

– Өзімнің көтеншегімді жеп жатырмын, – деді түлкі.

– Түлкім, өз көтеншегіңді өзің жеп өлмеймісің? – деді қасқыр.

– Өлмеймін, – деді. Қасқыр айтты: «Өлмейтұғын болсам, өз көтеншегімді өзіме ойып берші,» – деді. Қасқырдың қасына түлкі: «Көтеншегіңді ойып беремін», – деп келді, келді де қасқырдың көтеншегін ойып жеді. Қасқырдың ішіне еніп кетті, іші-қарнын жеді, қасқырды өлтірді, өлтірген соң қасқырдың ішінен түлкі шықты, шыққан соң қаша берді, жолбарыс түлкіні қуды, қуып жетіп ұстап алды. Түлкіні жұтамын деп аузына салып жіберді.

– Жолбарысым, «маңғыт» деп жұтсаңшы!» – деді түлкі. Жолбарыс «маңғыт» деп, аузын аша бергенде, түлкі саңғытып аузынан шыға берді. Түлкі шығып қашып кетті, жолбарыс қуып-қуып жете алмай қалды.

Түлкі бір жерге келді, бір бөденемен жолдас болды, екеуі жолдас болып келе жатты. Бөдене айтты: «Түлкім, сені мен көп тамаққа апарайын. Ол үшін түлкім, көзіңді жұм. Құйрығымнан тісте!» – деді. Түлкі: «Жарайды», – деп, көзін жұмды да, бөдененің құйрығынан тістеп жүре берді. Бөдене айтты: «Түлкім, мен көзіңді аш дегенде аш, мен аш демей ашпа», – деді. Бөдене жүріп келеді, жүріп келеді, түлкіні ертіп, жетектеп келе жатыр.Үлкен бір тоғайдың қасына келді. Тоғайдың ашық алаңында бір топ кісі тұр екен, топ кісінің ортасында түлкіні жетектеп бөдене келеді. «Аш көзіңді, түлкім,» – деді, түлкі көзін ашып жіберсе, көп кісінің ортасында тұрды, бөдене алдап келгенін білді. Бөдене күліп, «пыр» етіп ұшып кетті. Әлгі жерде түлкіні кісілер соғып алды.

35. Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан

Жапанда жалғыз тағы боп жүрген бір түйеге қаңғыған бір жалғыз түлкі ұшырапты. Екеуі жолдас болып кете беріпті. Бұларға бір қасқыр кездесіп, үшеу болыпты. Үшеуі жолдас болып кете барыпты. Сөйтіп келе жатса, алдарынан бір арыстан жолығыпты. Төртеу болған соң «түгел болдық» деп қуанысып:

– Біреуден екеу жақсы, екеуден үшеу жақсы деген осы екен-ау! Айлас-мұңдас, ордалы құлан, рулы ел, ұялы терекпіз, – десіп жүріпті.

Шөп табылады, су да табылады. Түйенің азығы түгел болған соң екі өркеші екі баладай, әбден жетіліп семіріпті. Түлкіге тышқан жоқ, қасқырға қой жоқ, арыстанға ең аяғы қоян да жоқ. Бұларға арықтық кіріп, аштық жүдете бастайды. Үшеуі түйені күндеп, семіздігіне сұқтанып, көзін жоғалтуға ұйғарысыпты.

– Бұған әлім жеттік қылып, тарпа бас салуымыз ұят болар, жолдас ақысы бар ғой. Мұның есебін қалай табамыз? – деп үшеуі кеңесіпті.

Сонда түлкі бәлекет жымың етіп:

– Маған ерік берсеңдер, мен оны өз ырзалығымен-ақ қарашығын батырып, үнін өшірер едім, – депті. Арыстан да, қасқыр да:

– Е, жарайды, бізге тек есебін тауып, тамақ түсірудің қамын қыл, – десіпті.

Анау екеуі тамақ аулап кеткенде, түлкі түйенің қасына келіп, солқ-солқ жылай берді дейді.

Сонда түйе маңқиып:

– Түлкішегім, қарындасым, неге жылайсың? – деп сұрапты.

– Жыламай қайтейін, мына өзге үшеуміз бір төбе, сен бір төбе едің. Көрнектіміз де, көріктіміз де сен едің. Қараңды көріп, ішпей мас, жемей тоқ боп жүруші едік. Сенен айрылып қалсақ, құтымыз қашады-ау, қарнымыз ашады-ау деп жылаймын, – дегенде түйе шошып кетіп:

– Түлкішегім, әлде жаман түс көрдің бе? – депті.

– Тәйірі, түсті айтып тұрғанын. Бұрынғылар «түс – түлкінің боғы» демеді ме? Қылышын сүйретіп қыс келеді. Түйенің шудасынан қар жауады, оңды-терісті боран соғады. Шөп қар астында қалады. Мына үшеуміз інге кірсек те жан сақтаймыз. Сенің құрықтай мойның бар, сырықтай сирағың бар, екі өркешің анау-мынау қораға сияр емес. Осы байғұс жел өтпейтін жабуға сүйеніп, асты құрғақ жылы қорада жатып, жан сақтап жүрген мал еді. Үскірік аязда босқа өліп қалады-ау деп, ішім елжіреп, бүйрегім бұрылып, бауырым езіліп, сені қимай жылап тұрғаным ғой, – дегенде, түйе түлкінің бұл сөзіне қатықтай қатып, сүттей ұйып:

– Маған бір ақыл тауып бер, – депті.

– Таптым ақылды, мына арыстан, қасқыр, мен – үшеуміз он екі қойға сенің құныңды толықтырып кесіп алайық. Біз не қыламыз десек те, сен көне бер. Сол көнген ақыңа жарқырап жаз шыққанда, жүнін желкілдетіп, құйрығын жайқаңдатып он екі қойды алдыңа салып берейік. Он екі қойдың жабағысы өзіңе қандай жылы жабу болады. Көдеден жіп ширатып, селеуден ине істеп, өзім қандай ұқсатып сырып, жабу ғып беремін? Келер қыста қандай сұрапыл боран соқса да, тоңбайсың, – деген соң, түйе есі шығып:

– Жарайды, түлкішегім, – деп көне қойыпты.

Арыстан мен қасқыр келген соң, олар да түлкінің айтқанын құптап, түйе де:

– Оған ырзамын. Тек қойды жарамды ғып берсеңдер болады, – дей беріпті.

Түлкі мен қасқыр түйені сойып жатыр дейді. Сонда түлкі:

– Бұл жарықтығыңның өзге еті бір төбе, ішек-қарны бір төбе ғой. Дүниеде түйенің ішек-қарнынан тәтті тамақ болады деймісің, – деп күбірлей берді дейді.

Түлкі соны айтқанда қасқыр мен арыстан:

– Е, оны қалай жейміз? Былғаныш қой, – депті.

Сонда түлкі тұрып:

– Жаман-жұман қатындар қандай оңдап аршып, судан таза, сүттен ақ қылады! Айналайын арысекем өзі барып, дария көлге малшып-малшып алып келсе, қандай тап-таза болады? – деген соң, арыстан дырдай болып, мақтанып:

– Мен болмасам, сен итке тазалық қайда? – деп, ішек-қарынды арқалап ала-ақ жөнелді дейді.

Түлкі мен қасқыр арыстаннан айбынып, қаһарынан қаймығып, бір жапырақ тата алмай, өліп-өшіп ынтасы кетіп, құлқыны құрып барады. Әбден шыдай алмаған соң, түлкі қасқырға:

– Жерік асың ғой, көзін ойып жей ғой, мен миын жейін. Арыстан жоқтамас, жоқтай қалса, мидың жауабы даяр, «Көзін неге жедің?» десе, маған жалт қара, жауабын мен беремін, – депті. Бір мезгілде арыстан келіп, түйенің етін түгендеп, шекенің ішінде мидың жоғын көріп:

– Ми қайда? – дегенде, түлкі жұлып алғандай:

– Тақсыр, сізге не болды? Түйеде ми болушы ма еді? Миы болса, өзін-өзі он екі қойға саудалап, өлімге басын байлай ма? – дегенде, арыстан басын изеп:

– Оның да дұрыс-ау! Түйеде ми болады деп тұрғаным менің де миым жоқтығы ғой, – депті.

Арыстан көздің жоқтығын көріп:

– Көзі қайда? – дегенде, қасқыр түлкіге жалт қарапты. Түлкі:

– Маған несіне қарайсың! Мана саған жеме дегенде, болып па едің, «жеме» десем, тіл алмайсың, түйеде көз болмайды деп, өмірі айтпаған өтірікті қалай айта алам? – дегенде, арыстан қасқырға тап беріпті. Қасқыр қаша жөнеліпті. Екеуі бірін-бірі қуып, дөңнен дөң асып көрінбей кетіпті.

Түлкі түйенің қаны-жынын, бір тал түгін қалдырмай іннен інге, көрден көрге тығып, жып-жылмағай, жым-жылас қып, қарап отырыпты. Бір мезгілде әбден алқынып, ырсылдап, екі танауы шелектей боп арыстан келіпті. Келіп, жан-жағына алақ-жұлақ етіп:

– Е, түйенің еті қайда? – дегенде, түлкі дым көрмеген немеше:

– Ойбай, сендер жемей жатып, қырық пышақ болып, жанжалға кірістіңдер. Біріңе-бірің бір жапырақ етті қимай, алас ұрып берекелерің қашты. Өзді-өзің бүйтіп жатқанда, соңыра маған он екі қойды қалай бересіңдер? – деп түйе ұшып түрегеліп тайраңдап-тайраңдап кетіп қалды,– деген соң, арыстан аңқиып тұрды да қалды дейді.

36. Түйе, арыстан, қасқыр, түлкі және бөдене

Бір түлкі жортып келе жатып, қаңғып бара жатқан бір түйеге кездеседі.

– Түйем, түйем, қайда барасың? – дейді. Түйе:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамын,– дейді. Түлкі:

– Ендеше, екеуміз жолдас болайық, – дейді.

Түйе:

– Болсақ болайық! – дейді. Екеуі келе жатса, бір қасқыр келіп жолығады.

– Е, қайда барасыңдар? – дейді. Бұлар:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Қасқыр жолдас болып жүріп келе жатса, бір арыстан келіп кездеседі.

Үшеуі:

– Оты мол, суы мол жер іздеп барамыз, – дейді. Арыстан:

– Ендеше, төртеуміз жолдас болайық,– дейді. Төртеуі жүріп отырып, бір өзен сулы, биік таулы жерді тауып, мекен қылып жүреді. Арыстан, қасқыр, түлкі уақ аң, тышқан аулап жеп жүреді. Түйе жердің оты мен суына жардай болып семіреді. Қыс болып, уақ аң таусылады, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ашығады. Көздеріне түйеден басқа ештеңе көрінбейді, түйені жемек болады. Түйе жолдастығын айтып жылайды, содан соң түйеге біраз тимей жүріп, тіпті әбден ашыққан соң, арыстан, қасқыр, түлкі үшеуі ақылдасып түйені жемек болып, түйемен сөйлесуге түлкіні жібереді. Түлкі түйеге келіп айтады:

– Қыс болса мынау, жердегі шөптің бәрін ақ қармен жауып, үскірігін соғып тұр. Енді аз күнде сен байғұс аштан өліп қаласың ғой. Саған жаным ашығаннан бір ақыл айтқалы келдім. Түйе:

– Айта ғой, – дейді. Түлкі:

– Сен қыс ішінде бүйтіп әрі аштан, әрі жылы қораң жоқ, суықтан өлгенше, өзіңді бізге сат, жаз шығып, көктем туғанда сені боталы інген қылып берейік, – дейді. Қу түлкінің сөзіне аңқау түйе көніп «жарайды» дейді. Түлкі түйеге барып келіп, арыстан мен қасқырға айтады:

– Түйе өзін сатып беруге көнді. Бірақ басымды оңға қаратып сойып, үшеуің етімді әуелі жемей, қылдай қылып бөліп алыңдар, әйтпесе тұрып кетем деп айтты, – дейді. Ана екеуі:

– Ойбай жарайды, – деп, түйеге келеді. Бұлар түйеге келген соң, арыстанға түлкі айтты:

– Әй, ареке, неге қарап тұрсың, қимылдаңыз, – дейді. Сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны шығып өлді, түлкі тұрып айтты:

– Ареке, сіз деміңізді алып жата тұрыңыз, біз мұның терісін сойып болған соң, хабар береміз, – дейді. Арыстан:

– Сендер жеп қоясыңдар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, тақсыр, біз жемейміз, – деді. Арыстан:

– Бұлай болса, жақсы, – деп жатты.

Бұл екеуі сойып, пышақ та жоқ, тістерімен терісін жыртып жатты. Түлкі тұрып, қасқырға айтты:

– Ай, қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз, – деді.

Қасқыр түйенің басын пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты:

– Ай, қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын, – деді. Қасқыр барып бөксесін сойды. Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты:

– Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен арт жағына барайын,– деп, қасқыр алдына алданып жатқанда, түлкі іш майын суырып жеп қойды. Тағы да қасқырға айтты:

Сіз, соя тұрыңыз, мен жүгіріп, арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен, – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп, жатқан орнынан түрегеліп айтты:

– Сойып болдыңдар ма? – деп. Түлкі айтты:

– Сойып болдық, бірақ мен бір нәрсеге қорқып келдім, – деді. Арыстан:

– Неден? – деп сұрады. Түлкі айтты:

– Қасқыр айтқан шартқа тұрмай, түйенің көз майы мен іш майын жеп қойды, – деді. Мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан ашуланып, ақырып қасқырға келді. Қасқыр қорыққанынан қаша жөнелді. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып көрінбей кеткенде, түлкі түйенің бар етін бір шұңқырға сүйрелеп, көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап, шаршап келе жатса түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты:

– Қайда барасың? Түлкі айтты:

– Қасқырдың кесірі бәрімізге де тиді, – деді. Арыстан айтты:

– Неге? Түлкі айтты:

– Сендер кеткесін, түйе түре келіп, «Мен сендерге сатылмаймын, мына қалыптарыңнан түбінде мені төлемейді екенсіңдер» деп терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетіп қалды, – деді. Арыстан:

– Қай жаққа кетті? – деп сұрады. Түлкі:

– Осы қырдан асып кетті, – деді. Арыстан:

– Қап! – деп түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі тамағын тойдырып алып келе жатса, бір жерде қасқыр шаршап, ентігіп жатыр екен. Түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен»,– деп. Түлкі:

– Мені де қуып жіберді. Мені кім шағыстырды? Қасқыр бұған нанып:

– Енді қайда барып тұрамыз? – деді. Түлкі:

– Жүре бер, бір нәрсе табамыз, – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр мұның бір бәлесі бар шығар деп, жейін десе қорықты. Түлкі айтты:

– Сен қорықсаң, өзім жеймін. Бүгін базар, бұның не бәлесі бар дейсің, жұрт базарға барғанда, құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған, ол үйіне шауып бара жатқанда қанжығасына бос байлап, түсіп қалған, – деп, түлкі өзім жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «Өзім жеймін»деп құйрықты асап алса, астында қақпан бар екен. Ол қақпанға қасқыр түсті де қалды, сонда түлкі:– Ай, қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой, – деді, Қасқыр: – Не ғылып жейсің? – деді. Түлкі айтты:

– Ертең иесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетеді. Сосын мен жемей кім жейді, – деді. Барып түлкі бір шұңқырға тығылып жатыр еді. Аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткісін, түлкі қасқырдың етін жеп тойып алды. Онан қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп:

– Ареке, қайдан келесіз?– деді. Арыстан:

– Мен түйені таба алмадым, – деді. Түлкі:

– Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүретін еді, әлі де осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім. Сонда арыстан айтты:

– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты:

– Сіздің тұлғаңыз атаңнан кем емес еді.

Сонда арыстан кейін шегініп, жүгіріп барып, жардың басына келіп қорқып тұрды. Түлкі:

– Әй, ареке, егерде қарғи алсаңыз жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астында бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті. Жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпара талқан болды, сонда түлкі келіп:

– Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма? – деп сұрады. Арыстан айтты:

– Сүйекте сынбаған сүйек жоқ. Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, қоң етін ойып жеп жатыр еді. Сонда арыстан айтады:

– Әй, түлкі, әуелі көз майымды жеші. Түлкі айтты:

– Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, сенің етіңді жейтұғын болдым ғой, – деді. Сүйтіп арыстанды және жеп алды. Сүйтіп, түлкі қыстан шығады. Бір күні түлкі келе жатса, бір бөдене жорғалап барады екен, түлкі шап беріп бөденені ұстай алады. Бөденеге айтады:

– Балаларыңды тауып берсең, өзіңді қоя берейін, – деді. Бөдене:

– Балаларым ана қалың көктің ішінде еді, сол араға барып, мен болып шақырсаң, балаларым келеді, – дейді.

– Жарайды, – деп, бөденені тістеп, түлкі қалың шөпке келеді.

– Балапандарыңды не деп шақырайын? – деді. Бөдене:

– «Маңғыт» деп, қатты дауыстап шақыр, – деді. Түлкі:

– «Маңғыт»,– дегенде, бөдене «аузыңа саңғыт» деп ұша жөнеліпті. Бұдан өшігіп жүріп, бір күні бөденені көріп жетіп келгенде, бөдене ағаштың басына шығып, қонып отырыпты. Түлкі:

– Е, бөдене, не білдің? Барлық жан-жануар бір-біріне қастық қылмасын деген тәңірден жарлық келді. Енді біреуге-біреу тимейді. Барлық жан-жануар енді бір-бірімен дос болатын болды. Жерге түс, достығымызды білдірейік, – дейді. Сонда ағаштың басында отырған бөдене, бойлап-бойлап алысқа қарайды. Жерде тұрған түлкі:

– Е, бөдене, нені көріп қарайсың? – деді. Бөдене:

– Білмеймін, алыста төрт аяқты бірдеме келе жатыр, өзі тақыр жүнді, жарғақ құлақ, мойнында қарғысы бар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, ол тазы шығар, – дейді. Бөдене бойлап қарай:

– Болса болар, – дейді. Түлкі:

– Ойбай, ендеше, мен қашайын, – дейді. Бөдене:

– Е, енді барлық жан-жануар бір-біріне тимейтін болды дегенің қане, неге қорқасың? –дейді. Түлкі:

– Ойбай, кім біледі? Әлі де ол жарлықты ести қоймаған тазы шығар, – деп қаша жөнеліпті.

37. Залым түлкі

Бір күні арыстан ұйқыдан жаңа оянып, есінеп отырса, салып ұрып түлкі келеді.

– Сәламатсыз ба, арыстан аға, әдейі іздеп келдім, – дейді түлкі.

– Жай ма? – деп сұрайды арыстан.

– Арыстан аға, сонау қарлы таудың ар жағында балбырап тұрған бау бар. Таудан шыға берісте көкорай шалғын сай бар. Сол сайдың бойында маңырап жайылып жүрген сансыз көп қой бар. Қасыңызға біраз нөкер ертіп алып барсаңыз, шіркін-ай, шылқа майға бір кенелер едік-ау!

– Мынауың ақыл екен! – дейді, қарны ашып отырған арыстан.

– Ол қойларға тезірек жетейік. Қасымызға кімдерді алсақ екен? – Жүректіден жолбарысты, білектіден аюды алайық, қарулыдан қасқырды алайық! – дейді түлкі. – Өңкей батырдың ортасында бір қорқақ та керек болар, қоянды да ала кетейік.

Арыстан түлкінің тілін алады. Сөйтіп, арыстан, жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян жолдас болып, сапарға шығады. Кешке қарай орманның ашықтау бір алаңқайына жетіп, түнемекші болады.

Арыстан қанталаған көзімен серіктерін бір шолды да:

– А-а-а, қарнымыз ашты ғой. Не жейміз!– деп ақырды.

Сонда түлкі арыстанның алдына келіп, қол қусырып тұрып былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Аю біздің апамыз, апамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қоян біздің қойымыз, қойымызды сойыңыз! Қарындары ашып отырған аңдар қоянды тарпа бас салады. Ол күні қоянды бөліп жеп, «барымен базар» десіп жатады да, ертеңіне тағы да жол жүреді. Күнімен дем алмастан жүріп, кешке қонаға бір сайдың басына келіп тоқтайды. Арыстан түлкіге қарай бұрылып: «А-а-а, қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Түлкі қол қусырып тұра қалып, былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Аю біздің қоңыр қой, қоңыр қойды жық та сой!

Түлкінің сөзін естісімен жолбарыс аюды алып ұрып, жәукемдей бастайды. Төртеуі аюдың етіне тойып алып ұйықтайды да, ертеңінде тағы да жолға шығады. Төртеуі қас қарая бір өзеннің жағасына келіп тоқтайды. Арыстан тағы да үйреншікті әніне басады: «А-а-а... қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Сонда түлкі орнынан ұшып тұрып, былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін? Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қасқыр біздің қасымыз, бүгін жейтін асымыз.

Түлкі сөзін аяқтасымен-ақ, жолбарыс жарып салады. Үшеуі қасқырды жеп алып, ұйықтайды. Таңертең тағы да жолға шығады. Күнімен жүріп отырып, кешке қарай бір таудың етегіне келеді. Сол арада түнемекші болады. Үшеуі үш жерге шоқшиып отырады. Сол кезде дәндеген арыстан тағы да түлкіге қарап: «А-а-а, қарнымыз ашты ғой, не жейміз?» – дейді. Түлкі арыстанның ар жағына шығып, қол қусырып тұрып былай дейді:

– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Жолбарыс бізге жолазық, бүгін таңға мол азық!

Осы сәтте арыстан ағаң жолбарысты бассалады. Жолбарыс тыпырлауын қойған кезде түлкі де келіп, терісін сыпыруға кіріседі. Екеуі жолбарысты жеп болып, ұйықтайды. Таңертең екі дос арып-талып тау басына өрмелеп шығады. Арыстан солықтап, шаршап тұрса, түлкі бір биік шыңның басына келіп:

– Арыстан аға, тезірек бері келіңіз, – деп шақырады.

– Не боп қалды?

– Төменде қаптап қой жайылып жүр.

Ентігіп арыстан жетеді.

– Кәне!

Түлкі алақанын шапалақтап: «Жап-жақын тұр, әнекей. Секірейік, кәнекей, әуп!» – дегенде, арыстан шыңнан секіріп кетеді де тастан-тасқа соғылып, қызыл-жоса қан болып, өліп қалады. Мұны көрген түлкі: «Арыстан аға, дос едік қой, өлімтігіңді қарға-құзғынға жем қылмаймын», – деп, арыстанның терісін сыпыра бастаған екен дейді.

38. Айлалы түлкі

Бір күні бір түлкі өзеннің жағасымен келе жатып: «Көлдегі балықтарды қалай алып жесем екен?» – деп ойлайды. Түлкі осыны ойлап жан-жағына қараса, өзеннен ағып келе жатқан бір бөренені көреді, бөрененің үстінде отырған екі шағаланы көреді.

– Сіздер мұнда не істеп жүрсіздер? – деп сұрайды түлкі шағалалардан.

– Балық аулап жүрміз,– дейді шағалалар.

– Мені жолдастыққа аласыңдар ма?

– Жарайды, секір, – дейді шағалалар түлкіге.

Түлкі қабақта тұрып судағы бөренеге секірген екен, қалқып келе жатқан бөрене түлкінің екпінімен батып кеткенде шағалалар ұша жөнеліпті.

Түлкі суға батар-батпас болып бөренені қайық қып өзінің құйрығына:

– Сен, құйрық, енді бұран болсаң, аяғым, сен ескек боласың!– дейді де түлкі даяр қайықпен жүзіп жүре беріпті.

Бірақ түлкі құйрығына «бәлен жаққа бұрыл!» деп айтуды ескермеген екен. Сол бетінде ағыспенен үлкен теңізге келіп, сонан аға-аға теңіздің ортасына қарай кетіп, ешқайдан су жағасын көре алмапты. Түлкі енді қалай қарай жүзетінін білмей дағдарып тұрғанда алдынан итбалық кездесіпті.

– Қайда барасың, түлкім? Сен адасып бара жатырсың ғой, енді саған қабаққа шығу қиын болар, – дейді итбалық.

– Қайда жүргенімді өзім білетін шығармын, «теңізде жыртқыш айуан бар ма екен, білейінші» деп шығып ем. Үйткені ұзынқұлақ хабар теңізде айуанаттар қалмады деп еді. Онысы рас екен, сенен басқа айуанатты көре алмадым, – дейді түлкі.

– Қой, түлкім, олай емес, бізде жыртқыш айуанаттар көп: итбалық, морж және киттер бар, – дейді итбалық.

– Жоқ, оның бекер. Мен өз көзіммен көрмей бұған нанбаймын. Егер сендер көп болсаңдар, қаз-қатар тізіліп су бетіне тұра қойыңдаршы, мен өз көзіммен көріп, санап шығайын, өйтпейінше тіпті сенбеймін, – дейді түлкі.

Түлкіні «нандырамыз» деп итбалық біткеннің бәрі су бетіне шыға бастады. Морж бен киттер де осы кезде су бетіне шығып жатады. Түлкі олардың үстіне шығып алып өзінше: «бір итбалық, екі итбалық, үш итбалық... бір морж,екі морж, үш морж... бір кит, екі кит, үш кит» деп санай беріпті. Осылардың үстімен жүріп отырып теңіздің жиегіне шығыпты да, итбалықтарға айқай салыпты.

– Сендер рас айттың, итбалық, теңізде аңқау жыртқыштар көп. Сендерден теңізге көпір салуға да болады екен, енді қайда жүрсеңдер де, аман болыңдар, мен тынығамын, – депті.

Түлкі тонын шешіп алып, қурайларға іліп кептіруге қояды да, құйрығын бір тастың үстіне салып қояды.

Өзінің бір көзін алады да, бұтаққа іліп қарауылға қойып, оған:

– Менің тонымды ешкім алып кетпесін, құйрығымды ешкім ұрламасын, – деп тапсырады да, рахаттанып күн шуаққа жатып ұйықтап қалады.

Түлкі ұйықтаған кезде екі сауысқан ұшып келеді де бұтақта ілулі тұрған көзді көріп: «осы жан-жақты көріп тұр-ау» деп ойлайды. Ақырында не болса да дейді де көзді ала қашады. Ұйқысы қанғаннан кейін түлкі оянып, тонын киіп, құйрығын өзіне жапсырып алып, көзін іліп қойған жеріне келсе, көзі жоқ. Олай қарап, былай қарап, көзін таба алмайды. «Бұл қалай? Мен оны қарауылға қойсам, ол өзін ұрлатқанына жол болсын. Қап, енді маған тағы көз іздеу керек болды-ау, а! Барсын, өзін ұрлатып жүрген көз маған қайбір қарауылшы болып жарытады», – дейді де түлкі орманға қарай жүріп кетеді. Жүріп келе жатып қалың қарақатқа кез болады. Біреуін жұлып алып көзінің орнына салып, жан-жағына қараған екен. Көзі еш нәрсе көрмепті. Оны алып тастап келе жатса, қалың жидекке кез болады. Оның біреуін алып көзінің орнына салып жан-жағына қараған екен, онымен де еш нәрсе көре алмапты. Жидекті де алып тастап тағы жүреді, сүйтіп келе жатып ойда жоқта мұздың бір сынығын тауып алады да көзіне салады. Мұз әрі таза, әрі ашық болғандықтан жан-жағындағысын жақсы көрсетіпті. Бұған түлкі қуанып «апырай, мына көзім бұрынғы көзімнен артық болды-ау» дейді. Бірақ түлкінің бұл қуанышы ұзаққа бармайды. Біраздан соң мұз ери бастап, еріген суы түлкінің бетіне тамшылай беріпті. Сүйтіп келе жатқанда алдынан қасқыр мен аю кездесіпті:

– Түлкім, неге жылайсың, кім ренжітті сені? – депті.

– Қарным ашқандықтан жылаймын, – депті түлкі. Қасқыр мен аю оны аяп тамақ беріп, ертіп кетіпті. Түлкіге сол керек еді. Түлкі енді тоқ жүретін болды. Үйткені ол айланы көп біледі.

39. Арам түлкі жайында

Ертедегі заманда бір түлкі, бір құлан, бір сауысқан үшеуі дос болып, жолдас болады. Бір-біріне жамандық ойламасқа ант айтып, шарттасады. Сөйтіп жүргенде, бір күні құлан тұзаққа түсіп, шарқ ұрып босана алмай, өлемін-ау деп қорқып, түлкі мен сауысқан достарына қарап «айла лаждарың бар ма?» – деп, жалтақ-жалтақ қарап жылаған соң, түлкі тұзақты қимақ үшін құланның қасына таман келеді. «Осы құланның өлсе етін жейін, тұзақшы сойса, ішек-қарындарын тастайды ғой. Мұның достығынан маған еті тәтті ғой» деп қайтадан арамдық ойлап, бір бұтаға барып құланның өлгенін байқап бұғып жата берді. Сауысқан мұны көріп құланға келіп, былайша деп ақыл айтты: – Құлан досым, менің тұзақ жібін қиятын қуатым жоқ, өзің білесің, – дейді. – Мұны түлкі тісімен шайнаса, қияр еді, ол сенің достығыңнан етіңді тәтті көріп, анау жерде жатыр. Енді бір ақыл айтайын: «Осы тұзақты салған адам келгенде шынымен өлгендей болып қимылдамай сіресіп жатып қал. Тұзақшы сені бауыздауда тұзақты мойныңнан ағытады. Сонда тұра қашсаң, қолымен ұстай алмай қалады. Құтылып кетесің», – дейді. Құлан мұны ақыл көріп, айтқанындай сіресіп жатты. Тұзақшы келіп көрді де, арам өліп жатыр екен деп, пышағын қолына алып тұзақты ағытқанда, құлан жұлқынып тұра қашты. Тұзақшы апыр-топыр ойбай салып, мойнындағы мылтығын жұлып алды да, құланның кеткен жағына қарай мылтығын басып қалғанда, құлан түлкі жатқан жақпен қашқан еді, құлан ұзап кетіп, мылтықтың оғы бұтаның түбінде бұғып жатқан түлкіге тиіп, өкпесінен оқ өтіп, түлкінің жаны шығып, құйрығы көтеріліп бұлаң етіпті. Тұзақшыға түлкі олжа болып кетіпті. «Кім ойласа досқа қас, басына тиер тас» деген мақал сонан қалған.

40. Түлкінің қайрауы

Бір қасқыр жортып келе жатса, алдынан бір елік шығып, қасқыр соңынан қуып келе жатқанда бір орға кез келіп, елік аттап өтіп кетіпті. Қасқыр орғи алмай қалыпты. Сөйтіп тұрғанда қасқырдың досы қу түлкі жолығып, «Не қылып тұрсың?» – депті. Қасқыр: «Бір елік қуып осы орға келгенімде ол қарғып мен өте алмай тұрып қалып тұрмын», – дейді. Сонда түлкі:

– Өзіңіз арыстандай басыңызбен бұты сидиған елік құрлы аттай алмағаныңыз лайық па? – десе, қасқыр қорланып, ыза болып аттаймын деп, белі мертігіп өліп, түлкі досына азық болыпты.

41. Түлкінің айласы

Бір күні тіміскеленіп жүрген түлкінің тұсынан өтіп бара жатқан қасқыр:

– Оу, туысқан, аман-есен жүрсің бе? – деп, әрі қарай кете барыпты.

Түлкі сонда қасқырдың соңынан қарап тұрып: «Бұның маған қалайша іш-бауыры елжірей қалды?... Ал мен болсам оның жай-жапсарын сұрағанда да жоқпын. Қой ұят болар. Одан кешірім сұрайын да, достасып алайын. Қауқарлы аусар ғой, сенікі жөн, қайтпас қайсарсың деп жүріп, тапқан жемтігін бөлісіп жейін», – деп ойлайды.

Сонан соң тұра жүгіреді де, қасқырдың соңынан қуып жетіп:

– Қасеке, сен ренжіме маған, бір ойға шомып кетіп, сені байқамаппын. Әрі таман барған соң, менімен амандасқан кім болды екен деп, артыма бұрылсам, өзіңді көрдім. Маған өкпелеме, алдыңа келіп тұрмын ғой, кешір, – деп жалпалақтапты.

– Оу, түлкішек, сен соншама кішіпейіл ме едің, – депті қасқыр жадырап. – Неге өкпелейін, олай ойлама.

– Қасеке, ендеше бұдан былай жігі айырылмайтын дос болайықшы, – деп өтініпті түлкі.

– Е, қаласаң, достасайық, – депті қасқыр көңілденіп.

Сөйтіп, қасқыр мен түлкі төс қағысып достасыпты да, жұптарын жазбай жүретін болыпты. Қасқыр азық тауып келсе, екеуі бөлісіп жейді. Ал түлкі аңға шықса, түк таппай бос қайтады екен. Бара-бара бұған қасқыр іштей қынжыла бастайды. Жаз шыға түлкі үш күшік тауыпты. Енді қасқырдың жеміне түлкінің күшіктері де ортақтасады. Сондықтан бұған қасқырдың күйініп жүргенін түлкі де сезеді.

Бір күні жем іздеуге шығып бара жатқан, түлкі күшіктеріне:

– Мен өзек жалғайтын бірдеңе тауып келейін, сендер мен жоқта қасқыр келе қалса, есікті ашпаңдар! – деп ескертіп кетеді.

– Ашпайық, ашпаймыз! – дейді күшіктері.

Түлкі кеткен соң біраз уақыттан кейін қасқыр келеді де, есікті қағады:

– Ашыңдар есікті, – деп дауыстайды. Түлкінің күшіктері:

– Үйде апам жоқ! – деп, ашпай қояды. Қасқыр біраздан кейін қайта айналып келіп, тағы да есікті қағады. Сонда да түлкінің күшіктері есікті ашпайды. Қасқыр ашуға булығып:

– Ашыңдар есікті! – деп ақырады. Сонда да түлкінің күшіктері көнбейді. Әбден зығыры қайнаған қасқыр табалдырықтың астын тырмалап қазып, ішке кіріп келеді де, түлкінің екі күшігін ұстап алып жеп кетеді. Ал бір күшігі іннің түбінде, қасқырдың тұмсығы батпайтын бір қуысқа тығылып, аман қалады.

Әлден уақытта түлкі келіп:

– Зорға таптым-ау, ас болар бірдеңені. Әй, күшіктерім, қайдасыңдар?.. – деп дауыстайды. Әкелген жемтігін жайып қояды. Жалғыз қалған күшігі қуыстан шығып:

– Екі серігімді қасқыр жеп кетті. Мен түпкірдегі қуысқа тығылып, аман қалдым, – дейді боздап.

– Екеуін де жеп кетті, – дейді күшігі қайталап.

Сонда түлкі:

– Ой, сорлы басым-ай, қайран боздақтарым-ай! – деп, боздапты, дауыстап зар еңірепті. Біраз жылап, өксігін басқаннан кейін: – Есікті неге аштыңдар? – деп, жалғыз күшігіне ақырады.

– Қасқыр екі рет келді. Біз ашпай қойдық. Содан соң ол табалдырықтың астын қазып кірді, оған біз не істей аламыз? Қолына ілінгенді бас салды – деп, күшігі анығын айтады. – Олай болса, енді сен сақ бол, – дейді де, тауып келген етін қазанға салып күшігін жұмсайды.

– Мен қамыр илейін, сен барып қасқырды шақырып келе ғой.

Күшігі қасқырға барады.

– Қасеке, сізді апам ас ішсін деп шақырып жатыр,-дейді.

Қасқырдың барғысы келмей қипақтайды:

– Жұмысым көп еді, бара алмаймын.

– Жүріңіз, апам бір қазан ет асып қойды, сізді тосып отыр,- деп, түлкінің күшігі де кетпей тұрып алады.

Еттің атын естіген соң қасқыр:

– Қоймадың ғой, жүр ендеше, – деп, түлкінің күшігінің соңынан ілеседі.

Қасқыр келгенше түлкі төрінің төбесінен ор қазады да, ішін қып-қызыл шоққа толтырып, үстін киізбен жауып тастайды. Өзі қонақ күткен боп отыра береді. Қасқыр есіктен кірген кезде:

– Қане, қасеке, төрге шығып отыр жайғасып. Мен дастарқан жаяйын, – деп, күшіктерін іздеген-іздемегенін сездірмепті. – Біраз ет тауып келіп ем, – қазанға салып қойдым. Мен келсем мына балам жалғыз отыр екен. Әлгі екеуін ойнап кетті дейді. Қайда барар дейсің, келер. Біз тамақ іше берейік.

Түлкі сыпылдап сөйлеп, аузын жаппайды. «Күшіктерінің қайда кеткенін әлі білмейді екен ғой. Мына баласы қорыққаннан айтпаған шығар», – деп ойлаған қасқыр алшаңдай басып, төрге қарай беттейді. Төрге шығып, отыра бергенде, орға құлап түседі. Лаулап тұрған шоқ өртей бастайды.

– Екі боздағымды сен жеп қойдың, – дейді түлкі төбесінен төніп, – енді жалғызымды жұтпақсың ғой, арам!

– Ендігәрі тиіспеймін, көкетай! Дос едік қой, – деп жалбарынады қасқыр.

– Шығарып алшы мына тозақтан.

– Өртен, өртен, – деп қарқ-қарқ күліпті түлкі. Қасқыр шоққа күйіп, сирағының тарамысы тырысып, тобан аяқ болып қалған соң, түлкі шығарып алады.

– Енді қайтып жан бағамын! – деп боздапты қасқыр.

– Қанша қастық істесең де, досым болған соң, жаным ашып, шығарып алып отырмын, – депті түлкі аяғансып. – Енді емін де айтайын. Анау таудың бөктерінде ошаған өседі. Соған барып аунасаң, құлан таза жазылып кетесің.

Қасқыр сүмең қағып, тауға келеді де, ошағанға аунай бастайды. Сөйтсе, тікен өне бойына инедей қадалып, одан бетер жанын көзіне көрсетеді. Зықысы шыққан қасқыр түлкіге қайта келіп, мұңын шағады жалбарынып:

– Түке, көмектес! Енді қайттім, өне бойым қан-жоса болды.

Қасқырдың зарын тыңдап тұрған түлкі:

– Ол ем болмаса, анау тұзды көлге барып түс, сол жараңды ширатады, – деп кеңес береді.

Жанын қоярға жер таппаған қасқыр көлге қарай жүгіреді. Жетіп келіп, тұзды көлге түскен екен, өне бойы одан бетер дуылдап, ақыры азаппен өліпті.

Сөйтіп, түлкі қасқырдан кегін алыпты.

42. Түлкінің күлкісі

Елпеңдей жүгіріп келе жатқан түлкінің сирағы сарышұнақтың ініне түсіп кетіп, кептеліп қалыпты. Қанша әуреленсе де, қайта тартып шығара алмайды. Інінде жатқан сарышұнақ сұғынып тұрған түлкінің табанын қытықтай бастайды. Қытыққа шыдай алмаған түлкі өзінен-өзі ыржыңдап, күле береді. Сөйтіп күліп тұрғанда қасына қасқыр келеді.

– Оу, түке, неге күле бересің, қандай қызық көрдің? – деп сұрайды таңданып.

Сонда түлкі:

– Әлемде болып жатқан қызықты көрсең, сенің де ішек-сілең қатар еді, – дейді ыржалақтап.

Бұған қасқыр нанып қалады да, сол қызықты көзімен көргісі келіп ынтығады.

– Қане, қане, маған көрсетші! – деп жалынады.

Түлкі қылмыңдай қарайды қасқырға.

– Ол үшін мына тесікке аяғыңды тығып, тура қарсы алдыңнан көз алмай қарап тұруың керек.

– Ендеше былай тұр! – деп, қасқыр кимелеп кеп, түлкінің аяғын іннен суырып алады да, өзінің жуан түкті сирағын сұғып жібереді.

Мұны көріп, індегі сарышұнақ ойланып қалады. «Жаңа қытықтап едім, сонда да кетпей қойды. Енді мұны сұқпастай қылайын», – деп, қасқырдың өкшесін кеміре бастайды.

Қасқырдың жаны көзіне көрініп, түлкіге жалынады:

– Құтқара гөр, досым!..

– Дүние кезек деген осы, өзің малды қалай жеуші ең, енді сені де біреу сирағыңнан кеміріп көрсін! – деп, кете беріпті түлкі алды-артына қарамай.

43. Сазайын тартқан түлкі

Ылғи да зәбір көре берген соң, орманның бір серісі еді ғой деп, бір топ тауық аюға арыз айта барады да, түлкінің зорлығын баяндайды.

– О, аю қария, – депті жалаң тәжісі желбіреген қораз тауықтар атынан сөйлеп. – Залым түлкі бізге күн көрсететін емес. Одан басқа бізге ешкім де тиіспейді. Сұм түлкі ұрланып келеді де, түн ішінде қырып кетеді.

Аю арыз айтқан тауықтарға тесірейе қарап тұрып:

–Түлкі ме?.. – деп, қайталап сұрайды. Қораз құлшына растайды.

– Иә, түлкі сұм!..

Аю сол арада түлкіні шақыртып алады. Қарсы алдына жылмаңдап тұрған түлкіні:

– Сен тауықтарды неге азапқа салып жүрсің? – деп тергей бастайды.

Аюдың түсі суып кеткен екен. Өзіне бір пәленің жабысқанын іші сезген түлкі құйрығын бұлғаңдата мәймөңкелеп:

– Аюжан-ау, менің ойлағаным сенің қамың ғой, жамбасыңа тас батпасын деп, тауықтардың жүнінен саған мамық төсек пен мамық жастық әзірлеп жүрмін, – деп, қолтығына қыса келген бір мамық жастықты аюдың шынтағына төсей қояды. Аюдың қабағы жадырай бастағанын байқап, тауықтардың өзін сөге жөнеледі:

– Бұлар мұндайды ойлаушы ма еді? Мені жамандап, арыз айтқанды ғана біледі.

Бұдан кейін тауықтар дау айта алмай, үнсіз жер шұқып қалады. Аю мамық жастыққа шынтақтай жатқан күйде тауықтарға немқұрайды назар салады.

– Сендер жала жауып жүр екенсіңдер. Бара беріңдер! Ендігәрі біреуді жамандап, менің алдыма арыз айтып келуші болмаңдар! – деп, тауықтарды қуып тастапты.

Соры қайнаған тауықтар енді «қайсар еді ғой, зарымызды ұғар» деп, қасқырға барып, түлкінің үстінен шағым жасайды.

– Қасеке, – дейді тауықтар жабыла шулап, – арызымызды тыңдашы...

– Қане, айтыңдар, – депті қасқыр ықыласпен.

Сонан соң әлгі қораз сөз бастайды:

– Түлкі сұм бізге күн көрсетпейтін болды. Сондықтан сенен көмек сұрап кеп тұрмын.

Тауықтардың мұңына елтіген қасқыр қаһарға мініп, түлкіні шақыртып алады да:

– Сен мына тауықтарды неге жәбірлейсің? – деп ашу шақырады.

– О, қасеке, босқа кіжінбеңіз, – дейді сонда түлкі жыпылдап. – Менің ойлағаным сенің қамың ғой. Жамбасыңа сыз өтпесін деп, мамықтан жастық жасап едім.

Осыны айтады да, бір жастықты қасқырдың жамбасына төсей салады. Жұп-жұмсақ жастыққа отыра кеткен қасқыр:

– Ой, мынауың табылған ақыл екен-ей, – деп қуанады. Сонда:

– Мына шақша бас, қушық шеке қулар мұндай істі ойлаушы ма еді, – деп, түлкі тауықтарға ожырая қарайды.

Қасқыр мамық жастықтың үстіне отырып, тауықтарға зіркілдей жөнеледі:

– Нақақ біреудің үстінен арыз айтасыңдар, ә! Құртыңдар көздеріңді, шибұт ақымақтар! Түлкі нені болса да ақылмен істейді. Бұдан былай арыз айтатын болсаңдар, жіліншіктеріңді шағамын!

Арыздары өтпеген тауықтар қасірет шегіп, қатты мұңға батыпты. Енді не амал жасаймыз деп ойлап, түнімен ұйқы көрмепті. Ертеңіне алаңғасарға жол бермейтін әділ еді ғой деп, төбетке арыз айта барыпты.

Төбет тауықтардың мұңын тыңдап болған соң:

– Мен анықтайын, – деп түлкіні іздеуге қамданады. Даланы кезіп, іздеп жүріп, түлкіні тауып алады да, тексере бастайды. Сонда түлкі:

– Ой, сырттаным-ау, мен сенің қамыңды ойлап жүр емеспін бе? – дейді. Бұған төбет таңдана қалады:

– Қалайша менің қамымды сен ойлайсың?

– Сен қашан келсем қораның шетінде тұмсығыңды шабыңа тығып, бүктелесің де жатасың. Сондықтан жамбасыңа тас батпасын, астыңнан сыз өтпесін деп едім, – деп, түлкі бір мамық жастықты ұсына береді. Төбет түлкінің қулығын сезе қояды.

– Ә, мені осымен алдамақсың ба? – деп ақырады да, жастыққа қарамастан өзінің серіктеріне:

– Қане, менің адал серіктерім, – депті, танадай көк төбет пен ақ төс итке. – Мына сұмды адам аяғы баспайтын айдалаға қуып тастаңдар. Әйтпесе тауықтың етін өзі жеп, мамықтарынан жастық жасап, тағы да біреулерге жағынып жүрер.

Екі ит түлкінің екі жағына шығып алып, қаумалай қуады да, шөл далаға айдап тастайды. Содан былай түлкі иттің даусы естілген жерге маңайламай, шөл кезіп, аулақ жүреді екен. Төбеттің өздеріне көрсеткен әділ қамқорлығының арқасында тауықтар түлкінің азабынан құтылыпты. Сөйтіп, бейқам өмір сүріп, жұмыртқа салып, балапан шығарып, өсіп-өне беріпті. Төбеттің маңынан кетпепті. Төбет күні бүгінге дейін тауықтарды түлкінің, қасқырдың және басқа жыртқыштардың жәбірлеуіне жол бермей, мейіріммен қорғап келеді екен. Аулада тауықтар шұбырып жүрсе де, иттердің тимейтіні содан деседі.

44. Түлкі, Қараторғай және Қарға

Қараторғай бір кішкене қайыңға ұя салып, балапан шығарады. Бір уақытта балапандары үлкейе бастайды. Бірде қайыңның қасынан өтіп бара жатқан түлкі биіктегі ұяны көреді. Бірақ бойы жетпейтін болған соң, қараторғайды алдап соғуды ойлайды.

– Жұрттың бәрі егінін егіп бітірді, – дейді түлкі. – Менің соқам сынып қалып еді, соны жөндеуіме керек – мына қайыңды кесемін.

– Кеспе, – деп жалбарынады қараторғай, – балапандарым әлі ұша алмайды, қайда қоямын оларды?

– Олай болса балапандарыңның біреуін бер!

Қараторғай ойға шомады. Не істеу керек? Берсе, қайсысын береді? Қай саусағыңды кессең де бәрібір – жаныңа бірдей батады.

Сол араға қарға келіп қалады да.

– Қорықпа, қараторғай, – дейді, – түлкі қайыңды кесе алмайды. Кесетін балта-шоты да жоқ.

– Менің балтам мынау, – деп, түлкі құйрығын бұлғаңдатады.

Онымен түк те істей алмайтынын қарға біледі.

– Қане, кесе ғой, ендеше...

Қулығын өткізе алмаған түлкі енді қарғаға өшігеді. Бір күні түлкі кішкене төмпешікке шығады да, төрт аяғын көкке серейтіп, жата кетеді. Қарға өлген түлкі екен деп, қасына келіп, шоқи бастайды:

– Ақылгөйім, түстің бе қолға? – деп, түлкі шап беріп ұстап алады. – Қазір сазайыңды тартқызамын.

– Бір өтінішім бар: ағайыма істегенді істей көрме, – деп жалынады қарға.

– Ағайыңа не істеп еді?

– Оны дөңгелектің қуысына тығып, жардан домалатып жіберген.

– Ендеше тура соны істеймін!

Түлкі сол жазаны қолданбақ болады да, дөңгелектің күпшегіне тыққан кезде, қарға екінші жағынан зып беріп шығып кетеді.

Сөйтіп, түлкі тағы да алданып қалады.

45. Түлкі мен қасқыр

Күндердің күнінде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Бір күні түлкі қасқыр досының үйіне барса, қасқыр досы аш екен. – «Е досым, менің қарным ашты, бір амалын тауып мені тойғызшы», – дейді. Досы айтқан соң, түлкі нағып тұрсын, дереу барып бір адырда жайылып жатқан бір қора қойдың ішінен бір тоқтыны досына әкеліп береді де өзі кетіп қалады. Содан соң қасқыр тоқтыны жейін деп тұрғанда, тоқты айтады: «Е, қасқыр, мені әзір жегеніңменен құр аузыңа татымаймын, онан да мені қоя берсеңші, күзге шейін от жеп, семіріп келейін, онан кейін жерсің», – дейді. Қасқыр оның тіліне еріп, оны қоя береді. Қасқыр тоқтыдан айрылып, қарнының ашқанына шыдай алмай, түлкі досына барып айтады: «Е, достым, жаңағы әкелген тоқтың арық екен, ол: «Әзір жегеніңмен аузыңа татымаймын, онан да мені қоя бер, күзге шейін семіріп келейін, онан кейін жерсің», – деді. Оның сөзін мен мақұл көріп, оны қоя бердім. Енді, достым, бір семізірегін әкеліп бер», – дейді. Түлкі тағы барып, адырда жайылып жүрген тегін қойды аясын ба, бір үлкен семіз қойды әкеліп беріп, өзі тағы да кетіп қалады. Қарны ашып тұрған сорлы дереу жейін деп жатқанда: «Тақсыр, мені бір өзіңіз тауыса алмайсыз, мен осы жерде тұрайын, сіз барып, жолдастарыңызды ертіп келіңіз», – деп, қой сөзді айтып, тұра береді. Қасқыр қойдың сөзін естіп: «Мақұл, сен осы жерде тұра тұр, мен жолдастарымды ертіп келейін», –дейді де, кетіп қалады. Қасқыр кеткен соң, қой, ол жерден бәле күтіп нағып тұрсын, бас қамын қылып кетіп қалады. Қасқыр жолдастарын ертіп келсе, баяғы уәделі жерінде қой жоқ. Бұл қойдан мұндай айрылып, арсыз қасқыр түлкі досына тағы барады. Оның барғандағы жұмысы баяғы қу тамағы ғой. Досына барып, бастан-аяқ кешірген оқиғаларын айтып: «Е, достым, «қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген емес пе, сен де енді қайырыңды бүтін қыл», – деп сөзін қысқартады. Түлкі досының бұл айтқанын мақұл көріп, бір шұңқырда үйелеп жатқан бір атқа апарып: «Осыны жей ғой», – дейді де, өзі анадай жерге барып, қарауылдап тұрады. Қасқыр атты жеймін деп әрекет қылып жатқанда, ат қасқырға айтады: «Е, қасқыр, менің табаныма тығылып тұрған бір шеге бар, бірнеше күннен бері азаптанып жатырмын, тым болмаса сол шегені алып тастап, онан кейін жесең, ризамын», – деп, артқы аяғын көтеріп, «шеге осы аяғымда», – дейді. Қасқыр: «Алсам алайын», – деп, аттың табанын қарай бергенде, ат бір әрекетті қылмай қалсын ба, бастан салып жібереді. Қасқыр қаңқ етіп, аузы-басы даладай қан болып жатқанда, сондағы түлкі достының қасқыр достыға қылған жәрдемі: «Сенен-ақ күйдім ғой», – деп, сол жерде қасқырды сойып, терісін алып, достынан бір ішік киіп, өз жолына жөнеліп кетеді.

46. Түлкі мен қасқыр

Ертеде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Дос болғанда екеуі араларындағы татулығы мен тәттілігін үзбестей дос болыпты. Екеуі екі жақтан тамақ іздеп, тапқанын ортаға салып, бөлісіп жейді екен. Қасқыр – әлді, азулы, түлкі – алдамшы болады. Әр жерде түлкінің алдағаны, қулығы сезіле қалса, қасқыр ойнаған болып, түлкіні өлгенше жұлмалап, көбінде оған тісін батырып алады екен. Тек «доспыз» деген сөзбен ғана түлкіні өлтірмейді. Сүйте жүріп түлкінің жүрегіне кек орнапты... Азық іздеп жортып жүріп, түлкі бір бөденені ұстап алады. «Мұны қасқырға көрсетпей жеке жейін» деп ойлап, түлкі аузына тістеп кетіп бара жатқанда, бөдене:

– Менің бір тамшы қаным мен бір уыс жүнім бар. Мені жегенде қанша бүйірің шығады? Саған семіз аттың жемтігін көрсетейін, мені қоя бер, – депті.

– Босатсам қашып кетесің, жақын маңнан кепіл боларлық нәрсе көрсет, – дейді түлкі.

Екеуі келіседі де, бөдене кепілдікке өзінің ұядағы балапанын көрсетеді және бір семіз аттың жемтігін тауып беріп босайды. Түлкі жемтікті айнала қарап байқаса, жемтіктің бір жақ беті біліндірмей жауып қойған ор екен. Оры жоқ жағынан келіп, жемтіктен мейлінше жеп тояды да, досын табады.

– Қасқыр досым, мен мол бір тамақ таптым, өзі өте семіз екен. Біраз жеп едім, тым тәтті көрінді. Бірақ тойғанша жеуге сенсіз тамағымнан өтпеді, – деп қасқырды жемтікке ертіп келеді. Екеуі келе жемтікке бас қояды. Түлкі ор жоқ жағынан жеп отырғанда тісіне бір сіңір ілініп қалады. Дәл осы сәтте қасқыр жемтікті ала орға құлап кетеді. Тісі сіңірге ілінген бойы байланып түлкі де орға түседі.

Ордан шыға алмай көп дағдарып отырғаннан кейін қасқырға түлкі былай дейді:

– Е, достым! Екеуміз бірдей осы жерде өлеміз бе? Бірімізді біріміз көтеріп шығарайық.

Басы қатып отырған қасқыр көне кетеді бұл ақылға, түлкі тағы да:

– Менің үстіме сен шығып тұрып қарғысаң болар еді, бірақ мен сені көтере алмаймын, ал сенің бойың биік, оның үстіне күштісің, сондықтан сен екі алдыңғы аяғыңды жарға тіреп көтеріліп тұр. Мен сенің үстіңнен қарғып сыртқа шығайын, мен шыққаннан кейін, сені бір лажын тауып шығарып аламын, – депті.

Оған да көнеді қасқыр. Айтуы бойынша түлкі сыртқа шығып алады да:

– Қасқыр, бұрын маған аз қорлық көрсеткен жоқсың, сені шығармаймын, жемтікке ертіп келу мақсатым да сені жоғалту болатын, осында қал! – деп ордан алысырақ барып шоқиып отырады.

Амалы құрып, айтары таусылған қасқыр қатты қамығады.

– Қасқыр болғалы уайымдап, ойланып отырғаның осы болар, – деп түлкі онан әрі мазақ қылады.

– Жолдас едің ғой, сөзіңді бері таман келіп айтшы, тым болмаса, – дейді қасқыр.

Түлкі құйрығын бұлаңдата ор жиегін айналып, әлгі сөзін айта бастағанда салақтап тұрған түлкінің құйрығын көре сала қасқыр бар күшін жиып ыршиды. Түлкінің құйрығы аузына ілінген заманда түлкіні тартып орға алып түседі. Екеуінің шығуы да енді қиындайды. Түлкінің «алдаған едім, қалжыңдаған едім» дегеніне қасқыр көне қоймайды. Сүйтіп, бірін-бірі арбап орда тұрғанда, аңшы келеді де екеуін бірдей соғып алады.

Алдамшы түлкі, рақымсыз қасқыр қайда,
Опасыз мейірімсіздіктен бар ма пайда?
Тегінде тыныш жүріп күнін көрген,
Бөдене қалды аман анау сайда, – деп халық өлеңге қосыпты.

47. Түлкі мен қасқыр

Бұрынғы уақытта бір қасқыр мен бір түлкі жолдас болыпты. Бір жерге келгенде қасқыр түлкіге айтты:

– Менің басым ауырып барады, тамырымды ұстап берші, – дейді. Сонда түлкі тамырын ұстап тұрып айтады:

– Басың көп қатты ауырып тұр екен, олай-бұлай жүгіріп, құйрығыңды көк мұзға қоя қойғын! – дейді.

Сонда қасқыр олай-бұлай жүгіріп келіп, құйрығын көк мұзға қоя қойып еді, көк мұзға жабысып қалады, сонымен қасқыр сол жерде қалады.

48. Түлкі, қойшы, аю

Бір қойшы қой бағып жүрсе, бір түлкіні бір аю қуып келеді екен. Түлкі бір тамға келіп кіреді. Аю да тамға кіремін дегенде, тамның тар есігіне кеудесі сиып, бөксесі сыймай ілініп қалады. Түлкі тамның бір кішкентай тесігінен жылт етіп шығып, айналып есікке келіп, есіктен не әрі кетпей, не қайта шыға алмай ілініп жатқан аюдың артынан келіп, мазақтап, аюдың бөксесіне сарып кетеді. Оны қойшы көріп тұрады. Аю әрең деп қайта шығып, жан-жағына қаранып, қойшыға келеді.

– Е, сен не көрдің? – дейді.

Қойшы: «Мен не көрейін? Бір аюдың бөксесіне бір түлкі сарып кетті, соны ғана көрдім», – дейді.

Аю ашуланып: «Егер де осыны біреуге айтсаң, сені жеп қоямын!» – дейді.
Қойшы: «Ойбай, ендеше айтпаймын!» – дейді.

– Жарайды, айтсаң, өлесің! – деп, аю кетеді. Кешке ауылға келген соң, қойшы мұны ауылға айтады. Ауылдағы бала-шаға мұны өлең қылып айтып, шулап-ойнап жүреді. Мұны аю естіп, ыза болып, ертең қой жайып тұрған қойшыға келіп:

– Е, сен адамға айтпаймын дегенің кәні? Енді сені жеймін! – дейді. Қойшы жылап:

– Үш күнге мұрсат бер, үй ішіме, ағайын-туғаныма қоштасып келейін! – дейді. Аю:

– Жарайды, үш күнге мұрсат бердім, – деп кетеді.

Қойшы далада жылап отырса түлкі келеді:

– Е, қойшы, неге жылап отырсың? – деді.

Қойшы: «Ойбай, осылай да осылай, бәрі сенің кесірің. Енді өлетін болдым!» – дейді. Түлкі: «Ойбай, үндеме, аюдан құтылатын амалын мен табайын, не бересің?» – дейді.

Қойшы қуанып: «Ойбай, не қаласаң, соныңды берейін!» – дейді.
Түлкі: «Маған бір бүйрегіңді бер!» – дейді.
Қойшы: «Жарайды», – деп екеуі келіседі, уәделеседі.

Түлкі айтады: «Ауылыңнан бар да үлкен бір қап әкел. Аю келгенде, анау жерде шаңды бұрқылдатып мен жүрейін. Аю сұрар «анау не?» деп, сен айт: «Ол ханның баласы. Қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр» де, сонда сен әлгі үлкен қапқа тығыл деп, қапқа тығып, қаптың аузын мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтір», – дейді. Екеуі уәделесіп, түлкі кетеді. Келем деген күні аю келеді. Қойшымен сөйлесіп, «енді жермін» деп тұрғанда, алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Қойшыдан: «Қойшым, анау не?» – деп сұрайды. Қойшы: «Ол ханның баласы, қатыны аюдың жүрегіне жерік болып, соны іздеп жүр!» – дейді.

Аю: «Ойбай, қойшым, мені жасыра көр! Қайда тығылам!» – деп сасады. Қойшы: «Ендеше мында тығыла ғой!» – деп, аюды қапқа тығып, қаптың аузын шылбырмен мықтап буып, шоқпармен ұрып өлтіріп алады. Енді түлкі келіп, күліп: «Е, енді бүйрегіңді бер!» – дейді. Қойшы қипақтап, жыламсырап белбеуін шешкенде қойшының іші шұрылдайды. Түлкі, құлағын тіге қалып: «Әне, о не қыңсылаған?» – дейді. Сол арада қойшы:

– Түнеу күні бір тазының күшігін жұтып едім, сол енді үлкен тазы болып, ішімнен шығайын деп қыңсылап жатыр, – дейді.

Түлкі қорқып: «Ойбай, қойшым, енді дос болайық, құйрығыңды қыса тұр, мен қашайын», – деп жөнеліпті.

49. Түлкі мен маймыл

Бір күні түлкі жортып жүріп, өліп жатқан бір балықты көреді. Балықты алып жейін десе, астында қақпаны бар екен. Балықты соған жем қылып қойған екен. Оны көріп айландырды. Алып жемекке әрекет қылып, құйрығын ұзартып, балықты сипап тартып, қақпаннан шығара алмады. Балық үлкенірек екен. Түлкінің құйрығының қуаты келмеді. Алып жей алмай ызаланып, жолменен жортып келе жатса, алдынан бір маймыл ұшырады. Түлкі маймылды көріп, басын төмен салып, құйрығын бұлаңдатып, еркелеп, ыржаңдап, күліп сәлем берді. Маймыл сәлемін алып: «Жол болсын, түлкі би, бұрын мұндай құрмет қылмаушы едіңіз, енді қалайша құрмет қылдыңыз?» – дейді. Онда түлкі айтты: «Сүйінші беріңіз, патша сайламаққа келдік. Көп аңдар, көп жандар кеңес қылып еді. Арамыздан патша сайлаймыз деп маған ақыл салды, сенің білімің көп еді, осы кеңесіміз мақұл ма?» – деп. Мен айттым: «Менен маймылдың білімі көп, адамзатқа ұқсайды», – дедім. «Менің тілімді алсаңыздар, маймылды патша сайлаңыздар, үлкен-кішіміздің құдайымызды білер, шариғатсыз іс қылмас», – дедім. «Егер арыстан патша болса, оның күші көп, өзіне ықтияр тиген соң, ойына келген ісін қылар. Жазықты, жазықсызға қарамай, нашар жандардың барлығын қырып тастар, алдына ешкім арыз ете алмас, әулетімен құртып жіберер», – дедім. Онда жиылған көп жандарға менің ақылым, мақұл болды. «Түлкі бидің ақылы табылған ақыл», – деді. «Патша сайламаққа арыстан жарамайды екен, бәрімізге де зиян келтіреді екен. Маймылды патша сайлалық. Нашардың сөзін айтар, адамзатқа ұқсаған әділетті, ақылы көп шығар тез тауып келіңіз», – деді. Сіздің қайда екеніңізді білмей әр жандар тұс-тұс жаққа қарап іздеп кетті. Бәрінен бұрын сізге келіп мен жолықтым. Құрмет қылып тұрғанымның мәнісі осы», – деді. Бұл сөзге маймыл қуанып, түлкінің аузына қарап миық тартып күліп отырып: «Мақұл, халық ұнатса, патшалықтан несіне қашалық. Әлім келгенше әділетпен іс тұтармын. Түлкі, сенің жақсылығыңды ұмытпаспын, «Келіннің бетін кім ашса, көзіне сол ыстық» деген. Сүйіншіңді оңдап беремін, маған билік тиген уақытта сенің айтқан сөзіңді жерге салмаспын. Жүргін, бастағын», – деді. Онда түлкі біраз жерге бастап келді. Манағы қақпан мен балыққа жақындаған уақытта қарап тұра қалды. Маймылға қарап: «Әй, патшам, бір арызым бар, менің қарным аш, осы уақытта еш тақатым қалмады. Сіз бір дуа қылыңыз, мен әумин десем құдай қабыл қылады. Бір тамақ табылып қалар», – деді. Сонда маймыл өз тілімен дуа қылды. Түлкі «аумин» деп алдыңғы екі аяғын көтерді. Дуа қылып болғаннан соң және маймылды бастап ертіп, бір қырдан қылт етіп асып, манағы қақпанға қойған балыққа жолықты. Онда түлкі маймылға айтты: «Сіз дуа қылып едіңіз, мен әумин деп едім, аллаға қабыл болған екен. Даяр тамаққа жолықтық. «Өлмесін деген құлға өлі балық жегізер» деген нақыл осы. Міне, жеңіз», – деді. Сонда маймыл айтты: «Қарным ашты деп едің, өзің жей ғой, мен бүгін ас жемесем де қуанышымменен-ақ тоқпын», – деді. Сонда түлкі айтты:

– «Ей, маймыл, патшам, егер алты күн аш жүрсем де астың алдын әуелі сіз татпай мен қайтып жейін, құл мырзасынан бұрын ас жемейді. Биі патшасынан бұрын ас жемейді. «Тауда туған құлынның екі көзі таста, аштықта туған баланың ақыл-ойы аста» деген. Аш та болсам, әдепсіз тамақ жемейтін, білімді бидің баласымыз», – деді. Сонда маймыл қақпанға қарай аяғын бір басып еді, сарт етіп аяғына түсті. Қақпанның серпуімен балық шоршып барып түсті. Түлкі қағып алып жеді. Сонда маймыл ойбайлап тұрып айтады: «Патшалықтан кештім, бәледен аяғымды құтқар», – деп түлкіні сөкті. Сонда түлкі айтты:

– Ей, маймыл, әр алуан ойыншы едің, ойнап айтасың ба, шындап айтасың ба, амалды сөкпе, абыройды төкпе, арыстаннан сені жақсы деп келгенімде ахуалың осы ма? Аяғыңнан ұстаған қақпанды көтере алмай жын ұрды ма? Аузыңнан ащы-ащы сөз шығады... Алуан-алуан бақ бар: биігі бастан қонады, аласасы аяқтан қонады. Маймыл-еке осылай болады. Аяғыңнан ақса да отыр. Аузыңмен қақса да отыр. Текпілесең кетпейтін темір бақ қонды. Қақпанға сені патша қылдым. Қайыр қош, аман бол! Патшалығың баянды болсын, – деп жөнелді.

50. Түлкі мен ешкі

Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шыға алмай тұрғанда, бір ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға кез болып, түлкіні көреді.

– Ей, түлкі батыр, не қылып тұрсың? – депті.

– Ой, не қыласың, жаным жай тауып тұр. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтан өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, – депті.

Мұны естіп ешкі: «Мен де салқындайын, әрі су ішейін», – деп ойлап секіріп апанға түсіпті. Сонда түлкекең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, ырғып далаға шығып, жөніне кетіпті.

«Өтірікке алданба, басың бәлеге душар болар» деген осыдан қалыпты.

51. Түлкі мен қоян

Бір күні болдырып келе жатқан түлкі жортып жүрген қоянды көріп, өтірік ауырған болып, оның жолына сұлай кетіпті де, қоянды шақырыпты:

– Қоянжан-ау, қоянжан, неге сонша жортасың? Менен неге қорқасың? Бала жастан бірге өскен, тоғайдың дәмін бір жескен, көрші емес пе едік. Мен ауырып жатырмын, жақынырақ келсеңші, қоштасайық, – депті.

Сонда қоян:

– Екі құлағым сөзіңде тұр, екі көзім өзіңде тұр. Сіз етті жақсы көреді дейді жұрт, сол рас па? – депті.

– Рас болғанда қандай, тіпті ет жемесем басым ауырады.

–Міне, осыныңыз жаман ғой.

– Иә, соған өзім де қынжылып жатырмын. Кеше бір тауық жеп едім, соған жаным ашып жылап та жібердім. Өйткені ол да тірі жүргісі келеді ғой. О, шіркін, тіршілік! – депті.

Қоян:

– Сіз оны өлтірмей тұрып ойлап көрдіңіз бе? – депті.

Сонда түлкі: «Мен дәл сол жерін ойлауды ұмытыппын. Жаныма батып, ауырып жатқаным да соның өкініші», – дейді.

– Ұмытшақ деген жаман ғой, мен де содан қорқамын, сондықтан да жортамын, – деп тұра жөнеліпті қоян.

52. Түлкі, тасбақа және кене

Бір уақыттарда бір түлкі, бір тасбақа және бір кене үшеуі жолдас болып келе жатса, бір жерде бір уыс тары жатыр екен. Үшеуі ойласты: «Мұны тұқым қылып, жерге егіп, көбейтіп бөліп алайық», – деді. Түлкі бір жарды көріп:

– Мен осы жарды сүйеп тұрайын, болмаса құлап кетер – деп, жардың астын саялап жатып алды. Тасбақа байғұс жерді тырналап, кене сорлы жиып, тарыны айдап әлекке түсті. Сөйтіп көп бейнет шегіп айдап, ол піскен соң, орып жинап алды. Бұны бастырып еді, бір аяқ тары болды. Біреуі барып түлкіні шақырып еді. Түлкі келді дағы:

– Бұл тарыны үшеуміздің бөлгенімізге болмайды. Үш бөлгесін бұл әрқайсымызға қаншадан тиеді? Онан да үшеуміз жарысып қай озғанымыз алайық, – деді. Мақұл деп үшеуі қатарласып, бір жерге келіп, «алла әкбар» деп түлкі жөней бергенде, кене түлкінің башпайына жабысып ол да кетті. Түлкі өліп-өшіп барынша жүгіріп келіп, қырманға отырайын деп еді, кене:

– Әй, батшағар, мені басып өлтіресің бе, – деді. Түлкі:

– Әй, сен қашан келдің? – деді. Кене:

– Сен бағана «алла әкбар» дегенде-ақ мен келіп қалғанмын, – деді. Екеуі шатақтасып жатқанда, аузы-мұрны қан болып тасбақа келді. Келе сала:

– Ойбай, түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа сендердің артыңнан екі қарагер аты бар, екі қара бүркіті бар және екі тазысы бар екі адам келіп, «жаңағы қасыңдағы түлкі жолдасыңды тауып бер» деп менің осындай аузы-мұрнымды қызыл-ала қан қылды, сонда да мен сені айтқаным жоқ. Әйтеуір осы жаққа қарай келе жатыр, – деді. Түлкі:

– Айналайындар-ай, мені айта көрме, мына тарыны екеуің тең бөліп ал, мен сендерге ырза болайын, олар келсе, «білмейміз, қайда кеткенін де», – деп, түлкі кетіп қалды. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты.

53. Түлкі мен тырна хикаясы

Түлкі мен тырна жолдас боп, дос болыпты. Түлкіде екі бала бар екен, екеуі де таңертең тамақ аулап кетіп кешке келеді екен. Бір күні түлкі «сырқаттанып отырмын» деп үйде қалады. Қарны ашып бара жатқан соң, тырнаның бір балапанын жеп қойды. Кешке тырнаның келетін уағында тырнаның алдына шығып, солқ-солқ жылады. «Не қылды, достым, неге жылайсың?» – дегенде, түлкі тырнаға айтады: «Жыламай қайтемін, тырнажан, төрт баламыздың біреуі жоқ, біраз көзім ілініп кеткен екен, оянып кетсем, баламыздың бірі жоқ. Қайда кетіп, қайда тұрғанын білмеймін», «Сонда қайсымыздың баламыз жоқ?» – дейді тырна. «Әй, жарқыным, «менікі-сенікі» дейтін не бар, ұзын мойынның бірі жоқ», – дейді түлкі.

54. Түлкі мен тырна

Бір түлкі тырнамен жолдас болып, түлкінің апанына келіп кіріпті. Бұлардың ізіне бір адам түсіп, інге келіпті. Інді қазып, әлгілерге жақындаған мезгілде шыбық салыпты. Шыбық тиген соң, тырна түлкіге айтыпты: «Алпыс амал түлкіде, алпыс екі амал адамда деуші еді, сол амалыңның біреуімен құтқар, – деді, – құтқармасаң өлеміз», – деді! Сонда түлкі: «Амалым құрыды», – деді. Тағы өлуге жеткен соң, тырна айтыпты: «Олай болса, менің бір амалым бар! Сол амалмен құтылармыз», – деді. Түлкі айтыпты: «Олай болса, істе амалыңды!». Тырна айтыпты: «Мен өлген боп, ауыз жағына жатайын. Сонда ол қол созар да мені алып тастар, жемтік екен деп. Сонда мен айғай салып ұшармын, ол жалт қарағанда, сен жүгіріп кет», – деді де, іннің аузына барып жатыпты. Жігіт қол созыпты, тырна қолына ілініпті, кісі алып қараса, өлген тырна екенін көрген соң, сол жерге тастай беріпті. Сонда тырна айғай салып ұша жөнеліпті. Кісі «ах» деп жалт қарағанда, түлкі шыға жөнеліпті. Сөйтіп екеуі де құтылыпты.

55. Түлкі мен тырна

Түлкі мен тырна достасып бірге тұрмақ болыпты. Екеуі бірге балалап, бір жерде өріс теуіпті. Ішіп-жемі ортақ, біреуі жем іздеп саятқа кеткенде, біреуі балапандары мен күшіктердің жанында қалады. Күндердің күнінде тырнаның таз балапандарына жүн шығып, жорғалайтын болады. Түлкінің күшіктері де қара пұшпақ болып құлпырады. Аналары балаларын ауық-ауық жатағына жақындағы жайдаққа серуенге алып шығып жүреді. Бір күні тырна саятқа шығып, түлкі балаларды бағып қалады. Серуенге алып шыққан балапандар мен күшіктер апыр-тұпыр алысып ойнап жатады. Оны көріп отырған түлкіге ой түседі:

– Әй, менің мұным не? Мына тырнаның тұқымдарының мекені аспан, мінгені жел ғой. Жайшылықта, бұл шіркіндер құдайдан тілеп жете алмайтын тамақ қой. Бұлар әрі-беріден соң ұшады, кетеді. Санды соғып біз қаламыз. Достасып, менің екі туып, бір қалғаным ба? Ал, тағы мына күшіктерді құс ұстауға үйрету керек қой! Кісі баласы, кісіге бала болмайды. Одан да...деп тырнаның бір балапанын тыртитып алып ұрып, күшіктеріне қалай ұстап, қалай өлтіріп, қалай жеуді көрсетті. Сөйте-сөйте күшіктері анасының баулуымен балапандардың түбіне жетеді. Өлтірген балапандардың жүнін аулаққа апарып тығып тасайды да, қайтып жатаққа жайласады. Кешінде тырна қайтады. Түлкі тырнаның алдынан шығып жыламсырайды. Тырна:

– Е, не болды? – дейді. Түлкі:

– Білмейім, балалардың саны аз көрінеді, – дейді. Тырна апалақтап сасып:

– Жоғы сенікі ме, менікі ме? – деп сұрайды. Түлкі тырнаға қыжырта қарап:

– Әй, байқұс-ай, ойыңның арамын-ай, қанша бауырға тартсам да,

бөлектенген сөздің ұшқыны шығады да тұрады. Балаларды сенікі, менікі деуші ме едің депті.

56. Түлкі мен құмырша

Бір әйел далаға егін ора келіп, құмыршасын сүтімен бір шөптің арасына қояды. Бұны түлкі көреді де, бұған жасырынып келіп, құмыршаның ішіне басын тығып, сүтті жалап ішіп қойды. Енді құмыршадан басын шығара алмай әлек болады. Түлкі олай жүгірді, бұлай жүгірді, басын бұлғады, сөйледі: «Ау, құмырша, ойнадың, жетер, мені енді жібер. Болар, мазақ қылма, жібер енді!» Құмырша қалмады. Түлкі ашуланды: «Тоқтай тұр, жақсылықпен қалмасаң, сені мен суға батырайын!» – деді. Жүгіріп түлкі өзенге келді, құмыршасын батыра бастады. Өзенге құмырша да батты және түлкіні де ала кетті.

57. Түлкі мен әтештің сырлары

Бір түлкі таң алдында тамақ іздеп жортып келе жатып, ағаш басында бұғып отырған әтешті көріп, жақындап келіп:

– Ой, достым, намаз уақыты болды, түспейсің бе? Жамағат болып намаз оқиық, – дейді. Әтеш:

– Жарайды, түсейін, ана имамды оята ғой, ағаш түбінде ұйықтап жатыр, – дегенде, түлкі итті көре сала жалт бұрылып қаша жөнеледі. Әтеш дауыстап:

– Ай, мұның қалай, бізбен бірге намаз оқысуға қарамай кетіп барасың, – деп шақырады. Сонда түлкі жауап қайырады:

– Дәретім сынып кетті, сабыр ете тұрыңдар, дәрет жаңалап келейін, – деп тартып отырыпты.

58. Түлкі мен бөдененің жолдас болуы

Өткен кезде түлкі мен бөдене жолдас болыпты. Бірнеше күн өтеді. Түлкі бөденеге ештеңе деп айта алмай, қарыны ашады. Ол енді досы бөденені жегісі келіп, амал ойластырады. Бір күні бұтаның басында отырған бөденеге барып:

– Е, бөдене-екем, сізбен жолдас болғалы біраз уақыт болды. Сізден де ұялып біттім. Сізге беретін қолымда ештеңе жоқ, құр жолдас болып жүрміз ғой, – дейді.

– Алла ырза болсын, рахмет, тамағым тоқ, қайта сізді мен сыйлай алмай жүрмін, – депті бөдене.

– Сізге ештеңе бере алмай қысылдым деп айтқаныңызға мың рахмет. Келіңіз, әңгімелесейік, – депті түлкі.

– Ойбай, рахмет, жерге қонбаушы едім, – деп түлкінің алдағанын біліп, бөдене жерге қонбапты. Енді не істерін білмей түлкі жаман сасып, әрі ойлап, бері ойлап ақыры қарнының ашқанын бөденеге айтуға тура келеді.

– Бөдене-еке, сізбен жолдас болғалы қарным аш, сіздің қарныңыз тоқ екен. Осы менің бүгін аш қарнымды тоқ қылсаңыз, өле-өлгенше сізді ұмытпас едім, – деді түлкі.

Бөдене аз ойланып отырып:

– Жарайды, ондай болса, қазір тойғызамын, – дейді.

– Қалай тойғызасыз, қолыңызда ештеңе жоқ қой, – деп түлкі езу тартып күліпті.

– Қазір осы жерден атасына сыбаға алып, Жарықбайдың келіні өтеді, қолында бір табақ еті бар, соны саған алып берейін, – дейді түлкіге.

– Қалай алып бересің, оны маған, – деді түлкі.

– Сен жеуді біл жалғыз-ақ, алып беруді мен білейін, – дейді бөдене.

– Сіз осы арада көрінбей отырыңыз. Келіншек осы арадан өтеді, жанында кішкентай қызы бар. Соның алдына мен барып қонамын, аяғымды ақсаңдатамын. Сонда бағанағы кішкентай қыз, мені көріп жылайды. «Апа, мына торғайды ұстап бер маған», – дейді. Мен таяна бергенде ұшып кетемін, тағы қуады, ақыр қызығып табақты тастай бере қуады. Сол кезде сіз етті жеп бітіретін аузыңыз бар ма? – депті бөдене.

Өстіп отырғанда қолында дәу табақ еті бар келіншек келіп қалды.

– Ал, түлкі, ыңғайлана бер, мен ұшып қонамын, – дейді бөдене. Түлкі де ыңғайланып тасада тығылып жатады. Әбден таянғанда бөдене ұшып, сол екеуінің алдына қонады. Айтқанындай тура-ақ бала жылайды.

– Апа, мынау торғайды ұстап бер маған, – дейді. Ақырын таянып бөдене де ұшып тағы қонады, тағы қуады, ақыр сол жерде табағын тастап қызыға қуады, қыз бала артынан ереді. Табақтағы еттен көп ұзап кетеді. Сол екі ортада бірнеше уақыт өтеді. Біресе ана жерде, біресе мына жерде қонып бөдене де жүреді. Әлден уақта «жеп болды ма екен» деп бөдене жоғары ұшып қараса, етке тойып түлкі кетіп қалыпты. Тағы жерге қонып, келіншек таяна бергенде жоғары көтеріліп аспанға ұзаққа ұшып кетіп қалыпты.

– Ай, қызым-ай, еркесің-ай, ұстатпайды десем болдың ба, ұшып кетті, – деп қызын қарғап-сілеп, қайта табаққа келсе, ештеңе жоқ. Құр табақтың өзі жатыр. Қызды онан сайын қарғап-сілеп, ары отырып, бері отырып, қайтадан ауылға қарай аяңдай беріпті...

Түлкі мен бөдене әлден уақыттан соң жолығыпты.

– Қалай, түлкім, тойдың ба, – депті бөдене.

– Тойғанда қандай, әбден тойдым. Рахмет сізге, – дейді түлкі.

Осыдан кейін арада бірнеше күн өтеді. Түлкіге ойын-сауық, күлкі керек болады. Тағы аяңдап бөдененің жанына келеді.

– Е, бөдекең, хал қалай? – депті түлкі.

– Жаман емес, жақсы, өзің қалың қандай, жақсы ма? – депті бөдене түлкіге.

– Менің қалымды сұрамаңыз, өте жаман болып тұр, – деді түлкі.

– Неге? – деді бөдене.

– Жаман болмағанда қайтеді, осы сізбен бірге жолдас болғалы бір күлмедім, не сіз күлдірмедіңіз, – депті.

– Арманың ол болса, қазір орындалады. Күлдіріп берейін. Қазір менің соңымнан ер, – деді бөдене. Түлкі бөденеге еріп жүріпті. Бір ауылдың сыртына алып келіп:

– Сіз осы жерде ешкімге көрінбей жат, мен анау түйе тұрған үйге барамын, содан соң түйе сауып отырған әйелдің басына барып қонамын, сонан соң арғы қызықты көре жатасың, – дейді бөдене.

Түлкі еріп ауылдың сыртында баспалап қарап отырады. Бір мезгілде бөдене түйе сауып тұрған қатынның басына барып қонады. Сол кезде есік алдындағы ағаш шауып отырған ұста көріп:

– Қатын, қатын, қозғалма, басыңда тұрған бөденені ұрып алайын, – дейді. Әйел қозғалмай тұрады. Ағаштың астына жаңғырық қылып отырған тоқпақпен әйелді періп қалады. Әйел көп кешікпей-ақ жан тапсырады. Сауған сүті ұстаның бетіне шашырап, не болғанын түсінбеген ол талып қалыпты. Бөдене қайтып айналып түлкінің жатқан жеріне келеді.

– Қалай, түлкім, күлкі ұнады ма? Қалай ақымақ әйелін өлтіріп алды? – депті.

– Бұған күлмегенде неге күлейін, күлгенде қандай өте ішек-сілем қатты, ырзамын сізге, – депті түлкі.

Түлкі күлкіні де жақсы көреді, сонан соң қорыққанды да мақсат көреді.

– Бөдене-екем, сіздің арқаңызда тоқшылдықты да, аштықты да көрдім. Күлкіні де көрдім. Енді сіз мені қорқытыңыз, – дейді. Бөдене ары ойлап, бері ойлап:

– Жарайды, қорқытайын, бірақ менің айтқаныма көнсеңіз, – дейді.

– Сіздің айтқаныңызға мен көнемін, не қыл десеңіз де істеп беремін, – депті түлкі.

– Ондай болса көзіңді жұм да менің құйрығымнан тістеп отыр. Қашан «көзіңді аш» дегенде сонда ашасың. Осыған көнсеңіз істеймін. – депті бөдене.

– Жарайды, – депті түлкі.

Түлкі көзін жұмып отырады, бөдене бастап қалың көшіп келе жатқан елдің арасына қарай, түлкіні алып жүреді. Бір мезгілде жан-жақтан айтақтаған иттері бар қуып келе жатқан елді көріп, ол:

– Ай, түлкім, көзіңді ашуыңа да болады, – деді. Өзі аспанға ұшып құтылып кетіпті. Түлкі елсіз жаққа қарай бетті бұрып алып, бар күшін салып қашады. Содан түлкі сорлы өлдім-талдым дегенде әрең құтылып шаршап барып, бір жерге тынығып отырса, бөдене барып қасына:

– Түкіш-түкіш, шаршап жатырсың ба? – депті. Түлкі оянып, бағанағы өзін жаудың арасына беріп кеткен бөденені көріп:

– Ай, ақымақ, алдадың ғой, – деп ашуланыпты.

– Қорқыт, қорқыт дегенде өстіп қорқытар ма едің, – деп, түлкі бөденені жұтып қойыпты.

Сонда ішінде жатып бөдененің айтқаны:

– Көп жолдас болып едік қой, ең құрыса демімді алғызбадыңыз, түлкім-ай, құдай үшін аузыңды ашшы, кішкентай дем алайын, – депті. Түлкі аузын аша бергенде бөдене «пыр» деп ұша жөнеліпті. Бөдене түлкінің аузынан шыға бергенде түлкі қайтадан аузын жауып қалып, бөдененің құйрығын жұлып қалыпты. Сол себепті бөдене осы күнге дейін шолақ болып жүр екен.

Сөйтіп, екеуінің жолдастықтары ұзаққа созылмапты.

59. Түлкі мен ай

Аспандағы ай жарлы болып тұрушы еді. Мал дегенде өзінің бір ешкісі, бір бұзауы бар еді. Бір күні қасқыр Айдың жалғыз бұзауын сойып, түлкіні қонаққа шақырып алып, бұзауды жесіп, терісін жасырып қойысады. Сонан соң аспандағы Ай жоғалып кеткен бұзауын іздеп, даланы қыдырып жүріп, ешкісін үйіне кіргізіп, арқанменен мойнынан байлап кетіпті. Сонда далада аспандағы Айдың қарсы алдынан түлкі шыға келіп, құйрығын бұлғақтатып жіберіп, көзіне қарай беріп:

– Қалай тұрасың Ай, – деп сұрайды. Сонда Ай айтады:

– Тәуір тұрамын, бірақ бұзауымды жоғалтып іздеп жүрмін, – деген соң «Тез таба алмайсың, егерде қаласаң мен болыстық қылайын», – дейді. «Бірақ мені қонаққа шақыр, келістіріп тойғыз, сонан соң сенің бұзауыңды тауып берейін», – дейді. Сонан соң аспандағы Ай түлкіні үйіне шақырып, жанындағы ауылдастарынан қымыз, ет сұрап алып, ішкізіп, жегізіп тойғызады. Аздан соң түлкі тәңір жарылқасын айтып, іздеуге шығып кетіп, ағаш ішінде жүрген қасқырды тауып алып, бұзаудың терісін үстіне кигізіп жіберіп:

– Жүр, Айдың үйіне қонаққа барайық, ешкісін сойып қонақ қылады, кеш уақыты болып келеді, тамақ болып қалар, – десіп келіпті.

Сонда Ай қуанғаннан ешкісін үйіне қалдырып, ауылдастарына барып айтпақшы болып, «жоғым табылды» дегелі кеткен уақытта, үстіндегі терісін тастай салып жоғалып кете барады. Қашанда болса қу, залым адамның қызмет қылып, жақсылық көрсетемін дегеніне сену керек емес.

60. Түлкінің ойы

– Иттен қашып құтылудың қанша айласын білесің? –деп сұрады түлкіден.

Сонда айтыпты:

– Жүзден аса айласын білем. Бірақ ең жақсысы – ол пәлемен ұшыраспау.

61. Түлкі мен түйе

Түлкі тоғайда түйені көріп, денесі ойқы-шойқы, олпы-солпы екен, бәлки, осыдан бірдеңе түсіп қалар деп алыстан аңдып жүреді.

Бір күні түйе бір өзеннің арғы жағына өтеді.

– Уа, түйе, су терең бе екен? – дейді түлкі.

– Терең емес тізеден ғана.

Тізеден ғана болса терең емес екен деп түйе жаққа өтбек болып түлкі суға түседі. Батып, қылғынып бара жатып түлкі түйеге айқайлайды:

– Тізеден ғана дегенің кәні, мен батып барам ғой?

– Е, сенің тізең мен менің тізем бірдей ме? Өз тізеңе қарамайсың ба? – дейді түйе.

62. Шал мен түлкі

Бұрынғы уақытта, бір қу түлкі болыпты. Бір шал қой айдап жүр еді, оған түлкі келіп: «мен сені өлтіремін», – дейді. Шал:

– Мені өлтірме, – дейді.

– Қалағанымды бермесең өлтіремін, – дейді.

– Менен қалаған нең бар? – дейді. Сонда түлкі айтты:

– Маған ханның қызын алып бермесең, өлтіремін, – дейді. – Ертең ханның қызын әкеліп осы қой айдаған жерге кел, – дейді.

– Мақұл деп шал қайтып кетеді. Түн болып таң атады. Шал байқұс ханның қызын қайдан тапсын. Қойын айдаған жерге қайтып келді. Келіп қойын айдап жүр еді, түлкі келді.

– Қане, шал, маған ханның қызын алып келдің бе? – дейді. Шал:

– Ханның қызын таба алмадым, – дейді. – Ханның қызын таппадың өлтіремін, – дейді.

– Қой, өлтірме, – дейді.

– Ханның қызын таппадың өлтіремін, – дейді.

– Қой, өлтірме, және қалағаның болса берейін, – дейді. Сол кезде шалдың іші қорылдап қоя берді. Сол уақытта түлкі айтты:

– Шал, ішіңдегі не, – дейді? Шал айтты түлкіге:

– Жас уақытта тазының екі күшігін жұтып қойып едім, шығып келе жатқан шығар, – дейді. Сонда түлкі айтты:

– Ой, шал, мен қайда тығыламын, – дейді. Сонда шал айтады:

– Міне, дағар бар, сол дағардың ішіне кіріп бұғып жат, – дейді.

Сонда, түлкі дағардың ішіне кіріп кетеді. Аузын буып алып түлкіні дағарымен ханға алып жүреді. Ханға түлкіні алып барып, міне түлкі, ханның қызын алып бер деп, жанымды көп қинады, мұны сонымен амалдап, сізге алып келдім, – дейді. Сонымен шал түлкіден аман құтылады.

63. Түлкі мен тауық

Ерте, ертеде бір тауық ескі дуалды мекендеп, балапан басып жүріпті. Бір күні дуалға шығып жүрсе көз көрім жерде жер иіскелеп қаншырдай жараған бір аш түлкі бұраң қағып, дуалға тура тартып келеді екен. Дереу оны көріп тауық өзінен де балапандарынан да қауіптеніп қатты абыржыпты. Бұл жыртқыштан қайтіп аман қалудың шарасын ойластыра бастапты. Өзім ғой бір амалын көрер едім, балапандарымды қалай құтқарамын деп қамығыпты. Ұзақ уақыт дән татпаған аш түлкі «тауықты қайтсем қолға түсіріп қарын тойғызамын» деген қиялда болыпты да:

– Бұл тауық қанатты құс, үркітіп алсам, аспанға ұшып кетеді, мұны

үркітіп алмай, жөн сұраған болып, ақырын жақындап, абайсызда қолға түсірмесем, басқа амал жоқ, – деп жөн сұрасып жақындай бергенде, таяу маңнан бір шаң шығыпты. Мұны көрген түлкі бір жағынан тауыққа жақындаса, енді бір жағынан, шаң шыққан жақтан адам келіп қала ма деп қауіптеніп жалтақтай беріпті. Шаң жақындай түскен сайын түлкі сабырсызданып, тауыққа:

– Сен биіктесің – ғой, мына шаң ненің шаңы? – деп сұрапты. Түлкінің

қорқып тұрғанын сезген тауық, түлкінің тазыдан қорқатыны есіне түсіп:

– Таңертеңнен осы төңіректе төрт-бес аңшы адам бірнеше тазыларын

ертіп, түлкінің ізіне түсіп жүрген. Солар екен, - деп бойын созып солай қарап қойыпты, соны естігенде түлкі:

– Бірнеше тазы дейсің бе? – деп көзін жарқ еткізіп бір қарап алып,

тауықтан алыстай беріп:

– Япыр-ау, сөзге айналып тұрып кеш болғандығын білмей қалыппын –

ғой, баратын жерім алыс еді, кеш болмай жетіп алайын. Тауық саған рақымет, - деп құйрығын бір бұлғап айнала бергенде:

– Түлкі – түлкі, – деген айғай шығыпты. Өте шошынған түлкі екінші

бұл дуалға қайтып келмепті. Тауық алаңсыз бұл орнын мекен етіп, өсіп-өрбіп жасай беріпті.

64. Түлкі мен тасбақа

Ертеде сегіз бұғы ертелі-кеш бір көлден су ішіп жүреді екен. Сол көлде бір тасбақа бар екен де, оның төртеуін ол бұрынды-соңды жеп қойыпты. Сонан соң қалған төрт бұғы көлге келіп су ішуге қорқып жолай алмайтын болыпты.

Бір күні бір түлкі олардың тілі аузына симай қаталап кеткенін көріп:

– Неге көлге барып су ішпейсіңдер? – деп сұрапты.

Бұғы өздерің көлге бармау себептерін айтып беріпті. Мұны естіп ойланған түлкі:

– Мен сендерге бір ақыл айтайын, бұл көлде бір ғана тасбақа бар, сендер

екіге бөлініп екі жерден су ішіңдер, ол мына жаққа келсе, ана жақтағыларың су ішіңдер, ол ана жаққа барса, мына жақтағыларың су ішіңдер, сөйтіп, ол арада салпақтап, ешқайсыңды ұстай алмайтын болсын, - депті.

Сол күннен бастап бұғылар осы әдіс бойынша су ішіп жүріпті.
Бұғыларға бұл әдісті үйреткен түлкі екендігін сезген тасбақа түлкіге
өшігіп, оның көзін жоюдың қамына кірісті.
Түлкі бір күні осы көлге су ішуге келеді, ол сақтық істеп, көлге алдымен

бір аяғын малады. Тасбақаның осы арада күтіп тұрғанын қайдан білсін. Ол аяғын суға мала бере тасбақа аяғынан шап беріп ұстай алады. Зерделі түлкі ешнәрсе болмағандай, қасақана қарқылдап күліп:

– Ха! Ха! Ха! Мына тасбақа шынында ақымақ екен ғой! Таяғымды шап

беріп ұстап жібермей қоюын, – дейді.
Таяқ деген сөзді естіген тасбақа дереу қолын босатады, түлкі босанған
аяғын тартып алып тайып тұрады.

Күндердің бірінде, түлкінің жортып келе жатқанын көрген тасбақа жағаға шығып жатады. Ол әсілі түлкі таяғанда оқыс бас салмақ екен. Түлкі оның серейіп жатқанын көріп, шын-өтірігін білу үшін:

– Мына сұмпайы өтірік өлген болып жатқанын қарай көр, шын өлген

болса, аяқтары бүгіліп жатпай ма? – дейді.
Мұны естіген тасбақа жалма-жан аяқтарын бүгіп алады. Оның тірі екенін
білген соң түлкі зытып береді.

Қанша тұзақ құрса да түлкіні қолға түсіре алмаған тасбақа шиыршық атып, қатты құсаланады. Бір күні ол түлкінің ініне келіп кіріп, оны ініне келген жерде абайсыздан мерт етпекші болып аңдып жатады. Түлкі іннің аузына келе, сайрап жатқан тасбақаның ізін көреді, ол мұнан тасбақаның өз ініне келгенін біледі. Бірақ ол әлі бар ма, әлде кетіп қалды ма? Мұны білу үшін қулық істетіп, жақпар тастан:

– Ей жартас, бүгін бұл араға біреу келді ме? – деп сұрайды.

Жартастан үн шықсын ба? Бір уақыттан соң түлкі өз-өзіне сыңғырлап:

– Е, қу тас-ай! Біреу бар екен ғой, онан қорқып үндемей тұрсың ғой, -

дейді. Бұл сөзді естіген тасбақа сасқалақтап, жартас болып сөйлей жөнеледі.

– Жан баласы келмеді, – дейді.

Мұны естіген түлкі тасбақаның іннің ішінде екенін біліп, тайып тұрады.

65. Түлкінің өлімі

Бір күні күн қатты ысып, бір түлкі тау етегіндегі бір қарағайдың
түбінде ұйықтап жатыпты. Осы кезде бір жолбарыс келіп, оны оятып:

– Күні бойы ұйықтап бас алмай жата берсең, тұмсығың қызылға тие ме,

онан да маған еріп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиыр ұстап жейік, – депті. Ойлана қалған түлкі:

– Ол бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оны ұстауға батылым

қайтып барады? Бір көрсем-ақ лезде үйреніп алар едім! – депті. Жолбарыс:

– Ондай болса, алдымен біреуін саған ұстап көрсетейін! – депті.

Сонан түлкі жолбарысқа ілесіп жолға шығыпты. Олар жүре-жүре бір жыныс орманға келіпті. Орман ішін сүзіп шықса да, оларға бірде-бір жабайы сиыр кезікпепті. Сонан олар тағы да біраз жол жүріпті. Олар жүре-жүре бір өзенге жетіпті. Жолбарыс түлкіден:

– Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты. Түлкі:

– Секіріп өте алмаймын, бірақ бір көрсем-ақ лезде үйреніп аламын! –

депті.
Сонан жолбарыс түлкіні арқалап өзеннен секіріп өтіпті. Олар тағы жолға

түсіпті, сонан көл жағасында салқындап тұрған бір жабайы сиырды көріпті. Оны көрген жерден жолбарыстың көзі қанталап, аузы арандай ашылып, жүндері тікірейіп кетіпті. Ол түлкіден:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты

– Қанталап тұр, – депті жолбарыстың көзіне қадала қараған түлкі.

– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты жолбарыс.

– Ашылды, – депті түлкі.

– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты жолбарыс.

– Үрпиді, – депті түлкі.

Жолбарыс атылып барып соққанда жабайы сиырдың мойыны үзіліп
өліпті. Екеуі оның етіне әбден тойып үйлеріне қайтыпты.

Қайтып келе жатқан жолында, түлкі өзінің зеректігіне дән риза болып, жолбарыстың жабайы сиырды ұстау өнерін бір көріп-ақ үйреніп алдым деп марсиып мәз болыпты, мұны ойлаған сайын марсиып мәз болыпты. Мұны ойлаған сайын іштей рақаттанып көңілі лепіріпті. Түлкі үйіне барғаннан кейін де өзінің жабайы сиырды ұстаған жайын мақтан етіп ел-жұртқа ауыз жаппай айтып жүріпті. Сонан ол бір күні бір қоянға жолығып, құйрығын бұлғақтата қоразданып:

– Күні бойы ұйқыдан бас алмасаң, дәмді асқа аузың тие ме,онда маған ілесіп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиырды ұстап жейік! – депті.

– Жабайы сиыр бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оған әлім қайтып жетеді, – депті қоян.

– Сен қазір оны ұстауды білмесең, менен үйрен! Мен сияқты зерек

болмасаң да, саған үйретуге менің ақылым жетеді! – депті түлкі.
Қоян түлкінің сөзіне сеніңкіремесе де, оған еріпті, олар жүре-жүре бір

жыныс орманға жетіпті. Олар орманды түгел аралап шықса да бірде-бір жабайы сиырды кезіктіре алмапты. Олар тағы да алға ілгерлеп, бір өзенге келіпті.

Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты түлкі қояннан.

– Секіріп өте алмаймын! – депті қоян.

– Секіріп өте алмасаң, мен бармын, мендей зерек болмасаң да, саған

үйретуге ақылым әбден жетеді! – депті түлкі.
Сөйтіп, түлкі қоянды арқасына мінгізіп, бар пәрменмен судан қарғыпты.

Бірақ арғы жаққа жете алмай судың дәл ортасына барып «гүмп» ете түсіпті. Сонан олар тырмысып жүріп судан әрең шығыпты. Түлкі қоянның жер-жебіріне жетіп:

– Мен секіргенде көзіңді бақырайтып ашып отырғаның не? Онда мен

қайтып секіре аламын! – депті.
Қоян бұл жолы менен келген екен деп қатты ыңғайсызданып қапты.
Ол екеуі жағаға шығып, әнтек дем алған соң, тағы да жолға шығыпты.

Бұлар жүре-жүре бір таудың басына келіпті, онда бір жабайы сиыр жүр екен, оны көрген түлкі қояннан:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты. Түлкінің көзіне тесірейе

қараған қоян:

– Жоқ, – деп жауап беріпті.

Сонда сабырсызданған түлкі қоянға:

– Мен сенен көзім қанталады ма деп сұрағанда, сен қанталап тұр деп

жауап бер. Өйтпесең, жабайы сиырларды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян басын изеп мақұл болыпты. Түлкі тағы да:

– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты.

– Қанталап тұр, – депті қоян.

– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты түлкі.

Түлкінің аузына ежірейе қараған қоян:

– Жоқ, – депті. Түлкі:

– Қызық екенсің! Мен сенен аузым арандай ашылды ма дегенде, сен

ашылды деп жауап бер, өйтпесең, жабайы сиырды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян мақұлдаған рай көрсетіп басын шұлғыпты. Түлкі қояннан:

– Аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты. Қоян:

– Арандай ашылды, – деп жауап беріпті. Түлкі:

– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты. Түлкінің жүніне ежірейе

қараған қоян:

– Жоқ! – деп жауап беріпті.

Неткен ақымақ едің! Мен жүнім үрпиді ме деп сұрағанда, сен үрпиді деп жауап берсеңші, өйтпесең, жабайы сиырды жей алмаймыз! – депті түлкі қатты кейіп. Түлкі қояннан:

– Менің жүнім үрпиді ме? – деп сұрапты.

– Ү-үрпиді, – деп қоян тұтыға.

Сонан түлкі салған бойы жабайы сиырдың артқы аяғынан ала түсіпті. Аяғы «дыз» ете түскен жабайы сиыр тұяғын сермеп қалғанда, түлкі жалама жартастан ұшып өліпті. Қоян бұл ахуалды көргеннен кейін ғана, оның барып тұрған суайт, дүр, бөспе екенін біліпті.

66. Түлкінің трагедиясы

Жолбарыс пен арыстан өте тату достар екен. Көп өтпей олар балалап, қызмет бөлісіп, арыстан өз күшігі мен жолбарыстың күшігін бағып-қағатын, жолбарыс тауға шығып жем іздейтін болып келісіпті. Бір күні тауға шыққан жолында жолбарыс түлкіге ұшырасып қалыпты, түлкі оған:

– Арыстан уәдеге опа қылмайтын, тым оңбаған екен. Ол сүтін өз

баласына ғана емізеді, сенің балаң күнде қарны ашып шырылдап жатады. Күндердің бірінде ол сенің түбіңе жетеді, оның жүні қай күні үрписе, сол күні өзімді жейдідеп біл, – дейді.

Сонан бастап, жолбарыс сақтық жасай бастайды. Ол әредік бос уақыты шыға қалса, үңгірлеріне қайтып келіп байқап жүреді, бірақ, ол қашанда өз баласының қутың қағып балпанақтай болып, өсіп келе жатқанын сезеді.

Түлкі арыстанның да қасына келіп:

– Жолбарыс қысқа күннің өзінде үңгірге неше дүркін келетін болып

жүр, сізді жемекші екен, ол ылғи тау кезіп арып-шаршап жүремін, арыстан ыстық үңгірде рақатқа батып отырады деп күңкілдейді. Ол қай күні үш рет аунап, құйрығымен жер сабаласа, сол күні өзімді жейді деп біліңіз, – дейді.

Мұны естіген арыстан да дел-сал болып қалады.
Сол күні кешке қайта оралған жолбарысты арыстан мұқият бақылайды.
Бірақ ол жерге үш аунап тұрып, құйрығымен жер сабалап болған соң

қорылдап ұйқыға кетеді. Келесі күні тәңертең арыстан орнынан тұра жүнін үрпитіп, айбар шегеді. Оның бұл кеспірін көрген жолбарыс мені жейтін болды деп қорыққанынан дірілдеп кетеді. Мұны көрген арыстан:

– Неге дірілдеп кеттің? Әлде тұмауратып қалдың ба? – деп жан тартып сұрайды.

Жолбарыс түлкінің айтқандарын шашау шығармай айтып береді. Мұны естіп таңданған арыстан түлкінің өзіне айтқандарын қаз-қалпында жолбарысқа айтады. Осы кезде ағаш түбінде бұғып, баспалап қарап жатқан түлкі бұлардың әлде неге ерегескендей, түнере қалғанын көріп, жоспарым іске асатын болды деп ойлайды да, екеуін ерегестіре түсу үшін бұлардың қасына жетіп келеді. Сонан жолбарыс ойламаған жерден бұл түлкіні тарпа бас салып, қанын судай шашады.

67. Ақымақ қасқыр

Өрісте жайылып жүрген көп қойдың ішінен бір арық саулық қой жалғыз бөлініп қала беріпті.

Қалың шидің арасынан бір қасқыр шыға келіп:

– Е, жерік асым, қайдан жүрсің? Іздегенде мұндай кездестіре алмас едім, бұйырған дәмге сөз жоқ! Енді сені жеймін, – дейді.

Қой:

– Жейтін болсаң ажалым жеткен екен. Бірақ өзің де мал танығыш едің ғой, қарны қампиған, бұты тыртиған, аузында ақ тісі жоқ, бір асам еті жоқ, тұла бойы шандыр мені қайтесің. Мені босат, қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын. Жылы-жұмсақты сен жемегенде, кім жейді? – дейді.

«Жылы-жұмсақ» деген сөз қасқырды қызықтырады. Қойды босатып қоя береді. Қасқыр жұтынып, қойдың бағланын күтеді. Қой да, бағлан да жоқ. Қасқыр түңіледі. «Қой баласы момын ғой, алдауды білмеуші еді. Сірә, оны ешкі антұрған азғырған шығар. Барып көрейін!» – деп жорыта жөнеледі. Бір белеске шығып, төңірекке қараса, алдында қызылшаны күрт-күрт шайнап, бір ешкі жүр екен. Көп қой да, қойшы да алыста екен. «Іздегенім сен едің», – деп қасқыр ешкіні бас салады. «Жанымды алып қалуға себеп болар ма екен» деп, ешкі мынаны айтады:

– Атаң да, анаң да жақсы еді. Қой тұрғанда олар ешкіні жемеуші еді. Мен қарапайым ешкі де емеспін, тойда билеп, торқа киген ешкімін! – деп судыратады.

– Ешкі билейді дегенді естіген емеспін. Ондай өнерің болса, көрсет – дейді қасқыр.

Ешкі:

– Ендеше көз аудармай, аяғыма қара да тұр, мен бір билеп көрейін, – дейді де, ешкі олай, бұлай секіре, секіре, жылт беріп, көп қойдың арасына кіріп кетеді.

Сол арада қойшы да келіп, ешкі аман құтылады.

68. Қасқыр мен сиыр

Баяғыда бір аш қасқыр жортып келе жатып, көк шолақ сиырға кез болыпты. Қасқыр арық көк шолақ сиырға алдымен сәлем беріп, өзінің дүниені аралап, дос іздеп жүргенін айтыпты.

Бастабында сиыр бұған сенбепті.

Қасқыр тағы да сөзін сабақтай келіп: «Мен жасымнан ел аралап, қолымнан келген қылмыстың бәрін өткіздім, өзіңдей момын дос тауып алып, ендігі өмірімді қамсыз өткізсем бе деймін», – депті тілінен май тамызып. Қасқырдың сөзіне сенген көк шолақ сиыр қасқыр мен араларынан қыл өтпейтін дос болыпты. Көк шолақ сиыр шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ішіп, қасқыр кішкене аңдарды аулап жеп, жазды өткізіпті. Семірген көк шолақ сиырға анда-санда сұғын қадаған қасқыр: «Көк шолағым, қалай да биылғы соғымсың ғой»,-деп ішінен ойлап жүреді екен. Күн суытып, қар түсіп, қара суық басталып, қылышын сүйрете қыс жетіпті. Бір күні қасқыр көк шолақ сиырдың жанына жетіп барып:

– Ей, көк шолақ досым, қыс болса мынау, қарын ашты, енді сені қысқы соғымға соямын,-депті. Сиыр бұл сөзді естіп қатты абыржыпты да, «Менің бір шартым бар, соны айтайын, онан кейін соғымға сойсаң сой» – депті. Қасқыр мұны мақұл көріпті де «Шартыңды айт» депті.

Менің ұлы әкем өлер кезінде маған бір ауыз өсиет айтып кеткен еді, егер ақшадан қысылып кедейлік тартсаң, осыдан күндік жерде шыңырау тас деген тас бар. Ол жерде перілер көшіп бара жатып, диюлармен соғысып қашқан кезде ат басындай алтын қалып қалған екен, соны ал деп еді. Мен соны алған соң соғым етсең, – депті сиыр. Сиырдың сөзіне сенген қасқыр бұл шартқа мақұл болып, сиырдың ақылы бойынша шиден арқан есіп, шыңырау тасқа барыпты. Сиыр қасқырға: Ал, ши арқанды менің құйрығыма мықтап байлап, шыңырауға түсіп, алтынды алып шық!-депті. Қасқыр ши арқанды сиырдың құйрығына мықтап байлап, шыңыраудың түбіне түсе беріпті.

Бір уақытта сиыр жеттің бе деп айқайлапты.

Қасқыр: «Ортасына келдім» дегенде сиыр шегініп барып арқанды бар күшімен қатты тартып қалғанда ши арқан үзіліп, ашкөз қасқыр шыңырауға түсіп жан үзген екен.

69. Аш қасқырдың дәмесі

Неше күннен бері қанды аузына қара шыбын да ілінбеген бір қасқыр ауылды торып, қораға жақын келіпті. Жалғыз тал шиді паналап, жер бауырлап, жан-жағына алақтап, бір үйдің іргесіне таяпты. Үй ішінен жылаған баланың даусы шығады.

– Жылама, қой енді, жылай берсең, қасқырға бере саламын, – депті шешесі баласына.

– Менің аш жүргенімді ауыл кісілері де біледі екен ғой, енді жыласа, баласын маған бере салар, – деп дәмеленген қасқыр үйдің іргесінде жата беріпті. Баланың жылауын күтіпті. Сол отырғаннан таңға таянғанша отырыпты.

Бір кезде күткеніндей-ақ, бала тағы жылапты.

– Жылама, балам, қасқырға бермеймін, ол енді келетін болса, оны ұрып өлтіремін, – деп уатыпты шешесі.

– Адамдардан маған пайда жоқ екен, енді табанымды жалтыратайын, – деп қасқыр орнынан қозғала береді. Таң рауандап атып қалған екен, тұрып жатқан адамның көзіне түскен қасқыр тұс-тұс жақтан тап берген үлкен күштің өтінде қалады.

Баладан дәме қылған қасқыр ажалдың қармағына ілініп, терісі жайылып, тындым болады.

70. Қасқыр мен түлкі

Бір күні түлкі қасқырға жолықты. Қорқып сасқанынан құйрығын бұлғаңдатып, жұмсақ тіліменен қасқырға айтады: «Айналайын, шырағым, досым! Мен саған тәтті тамақ тауып берейін, қарағым, қалқам! Қатты азып қалыпсың, маған ере жүр. Жақын арада бір бос қалған қыстаудың шетінде өзі оңаша тігілген бір үй тұр. Мен қасынан өтіп едім, жұрттан сойған еттің иісі аңқып тұр, біздердің дұшпанымыз иттердің дыбысы шықпайды», – депті.

Сонда қасқыр айтады:

– Шырағым, қарындасым! Азбай қайтейін, бірталай күннен бері тамағыма түк салағаным жоқ. Кім жолықса да осы мезгілде екі үзіп, бір-ақ жұтар едім, ендеше жылдам жол баста, – деді.

Сөйтіп, түлкі менен екеуі әлгі тігілген үйге келеді. Шыр айнала жүгіріп, іргесінің бір жерінен қуыс тауып, ішіне енеді. Керегесінің айналасы ілген семіз қой, жылқы еттері екен және үйдің шаңырағына сықып ілген семіз қазы, қарта бар екен. Мешкей аш қасқыр бар күшінше сол еттен жейді, амалы көп түлкі қуыстан оңай шығарын есіне алып, жан-жағына қаранып, сақтанып аз жейді. Бір мезгілде күзетшісі қапылыста кіріп келеді. Бір сойыл алып оларға ұмтылады. Амалшы түлкі қуыстан шапшаң шығып, қашып құтылады, мешкей қасқырдың қарны көп жегеннен өсіп кетіп, әлгі қуыстан шыға бергенде қысылып қалады. Күзетші оны құйрығынан ұстап алып, сойылмен сабайды. Сонда қасқырдың құйрығы үзіліп, терісі жыртылып, қуыстан әрең шығып, қашып құтылыпты.

71. Қасқыр мен түлкі

Қасқыр мен түлкі келе жатып бір жартастың үстіне шығады, қасқыр бір қой жеп тойынып алған, түлкі аш. Түлкі жемеген, біраз қайғыланып тұрып, ішін тартады. Қасқыр:

– Түлкім-ау, неге ішің тартасың? – дейді. Түлкі:

– Бір нәрсеге қайран қалып тұрмын. Бұл жартасқа екі рет келдім. Сенің әкеңнің ерлігіне сондай сүйсіндім, осы жартастан әкең баяғыда секіріп еді, баласы әкесіндей секіре алады дейсің бе,? – дейді. Қасқыр оған сеніп: «Мені де сынап көрші, секірейін», – деп жартасқа үш келіп, үш рет қайтады. Түлкі сақылдап күледі. Қасқыр сұрайды:

– Неге күлдің? – деп.

Түлкі: «Атаңа тартқаныңа күлемін, дәл сен сияқты үш келіп, үш кетіп, төртіншіде секіріп еді», – дейді. Түлкіге сеніп, төртіншіде жартастан секіргенде қасқыр байғұс құлап түсіп, белі сынады. Досының құлағанын көріп, түлкі артына келіп, көтеншегін суырып алып, мырс етіп күледі. Қасқыр:

– Неге күлдің, түлкім? – дейді. Түлкі:

– О, ақымақ! Баяғыда әкеңді де мақтап-мақтап секіртіп, көтеншегін суырып жеп ем, – дейді.

72. Бұл не қылған батпан құйрық...

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.

– Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.

– Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.

– Ал, түке, ендеше баста, – дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:

– Түке, түке, бұл неғылған батпан қүйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңдай жауап қайырды:

– Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан

бағағада алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.

– Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.

– Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде: «Тоқта, тоқта!» – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ кұйрыққа ауызды салып кеп жібереді. «Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе?» – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: «Былжырама...» – дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.

– Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарық-қарық күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады. «Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?!» – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.

– Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:

– Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.

Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. «Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық!» – дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.

73. Қасқыр мен кірпі

Орман шетінде домаланып бара жатқан кірпіні аш қасқыр бас салады. Сол кезде кірпінің инелері қанжардай қадалып, қасқырдың тұмсығы мен тамағы боялады. Өзінің озбырлығын, қомағайлығын сездіргісі келмеген қасқыр:

– Бетіңнен сүйейін деп едім. Сен-ақ түрпілеріңді тастамай жүреді екенсің өмірі, – деп сылтауратады.

Кірпі түрпілерінің арасынан біздей тұмсығын шығарып тұрып, сықылықтай күледі де:

– Асықпа, қасекесі, сенің азу тісің түгел түсіп біткен кезде мен де түрпілерімді тастаймын, – дейді.

74. Қасқыр, түлкі және есек

Бір күні қанішер қасқыр, айлакер түлкі және аңқау есек үшеуі бір сайдың ішінде жолығысып қалады да, жайғасып отырып, әңгімелесе бастайды:

– Біздің басымыз не кешпеді, – депті түлкі сөзді әріден қозғап. – Осы өмірімізде істеген жақсы-жаман істерімізді айтып, өзіміздің қылықтарымызды өзіміз бір байқап, саралап көрсек қайтеді. Мұнымыз бұдан былай қандай да бір ауыр қылмысқа бармауымыз үшін сабақ болар.

– Сол істеген істерімді айтсам, менің күнәм жеңілдей ме? – депті қасқыр өкіреңдеп. Түлкі бұлаңдай алдын орап, кеңесті қыздыра түсіпті.

– Қане, не істегеніңді түгін қалдырмай, жасырмай айтшы, тыңдап көрелік.

– Оны айту да қиын-ау.

– Ештеңе емес, күнәң жеңілдейді.

– Бір күні қарным ашып, ішек-қарным шұрылдап келе жатыр едім, – деп бастапты сөзін қасқыр тамағын кенеп қойып. – Қалың тоғайдың арасында бір доңызға көзім түсті. Тарпа бас салып, жарып жібердім. Аштық алды-артын ойлата ма? Ай-шайға қарамай, сылқия тойып алдым. Оны қойшы, әсіресе оның балаларына обал болды ма деп ойлаймын. Әйтсе де олардың ажалына анасы себепкер болды. Басында бармақтай миы болса, он екі торайын иесіз тастап, жалғыз өзі тоғай кезіп кетуші ме еді. Сонан соң әлгі доңыздың жетім қалған он екі торайына бардым. Байғұстар тімтінектеніп, шүпірлеп жүр екен. Бұлардың енді енесі жоқ. Енесі болмаған соң, көрген күні құрсын, аштан өлер деп, жаным ашыды да, бәрін де жей салдым. Міне, күні бүгінге дейін осы қылығым дұрыс па, бұрыс па деп, ойланумен жүрмін.

– Ой, қасеке-ай, өкінетін ештеңе жоқ, өте дұрыс істеген екенсің, – депті сонда түлкі күлмеңдеп қарап. – Егер сен болмасаң бәрібір аштан өліп айдалада қалар еді, шіріген өлігі ештеңеге жарамас еді. Торайларын иесіз қалдырып, қаңғып жүрген доңыздың өз обалы өзіне. Кішкене торайлары жетімсіретпей, жөнін тапқаның да сауап болған.

– Е, онда өкініштісі жоқ екен ғой, – депті қасқыр езуін жалап қойып.

Түлкі қошаметтей қолдайды:

– Сауап іс істегеніңе өкінбе!

– Ал енді өзің айтшы, түке. Даланың кербезісің ғой. Сенің де осындай оқиғаны бастан кешірген кезің болды ма?

– Күнәсіз пенде бар ма бұл жалғанда, – депті түлкі күрсініп.

Қасқыр ентелей ынтығады:

– Не кештің басыңнан, айтшы?

– Бір күні нән бір қызыл әтешті қораның іргесінен ұстап алдым да мойнын бұрап жіберіп, үнін өшірдім, – депті түлкі барлық сырын ақтарған болып. – Жеп болған соң, жан-жағыма қарасам, байғұстың балапандары әкесінің шашылған мамықтары мен төгілген қан-жынын көріп, шұрқырасып жылай бастады. «Қой, бұларды зар еңіретіп тастап кетпейін, обалына қалып, мұратыма жетпеспін», – дедім де, балапандарды да бір-бірлеп ұстап, асай бастадым. Сөйтіп, жетім қалған балапандардың көз жасын тыйдым. Бұл ісім қалай, дұрыс па? Әлде өкініш пе?

– Табылған ақыл екен, – деп қостапты қасқыр сол кезде, – Әйтеуір әлгі балапандардың обалына қалмапсың ғой. Жанашырлық дегенің осы емес пе?

Қасқыр мен түлкінің айтқанына есек таңданып, маңқая тыңдап отырыпты. Сол кезде:

– Ал, есек, енді сен айтшы, өміріңде қандай қылмысты іс жасадың? – деп сұрапты түлкі орағытып.

Есек не айтарын білмей, басынан өткен оқиғаларды есіне түсіріп, ойлана отырып қалыпты.

– Не айтарымды білмеймін...

–Қылмысың көп-ау, шамасы, – деп, кимелей жөнеліпті түлкі. Сонда қасқыр:

– Қысылып-қымтырылмай, айта бер, – депті жебеген боп. – Біз де ештеңе жасырмадық қой.

– Әй, байғұс, – депті түлкі сумаңдап. – Қылмысыңды біреуге айтсаң, бойың сергіп қалады. Ішіңнен шықпай, тұнып жатса, жегідей жейтін дерт емес пе?

Түлкінің сөзіне еліктеген есек басын шайқап қойып:

– Әрине, менің де істеген қылмысым бар, – депті кінәсін мойындағандай басы салбырап.

– Қане, соны айтшы, біз де білейік не қылмыс екенін, – депті қасқыр мен түлкі кеу-кеулеп.

– Бір күні жұмыстан шаршап-шалдығып қайтқан кезім еді, – депті есек басынан кешкен оқиғаны баяндап. – Қораға келген соң қожайын ағаштың түбіне байлай салды да, үйіне кіріп кетті. Өне бойым балбырап, ұйқы басқан соң, қалғып кетіппін. Біраздан соң оянсам, қарным ашып, зықым шықты. Жейтін тамақ іздедім. Жақын маңда тіске басар ештеңе көрінбейді. Сөйтіп, не істерімді білмей тұр едім, қожайынның өзіме ерттеп жүрген тоқымының жыртығынан сабанның шеті шығып тұр екен. Соны суырып жеп, өзегемді жалғадым. Міне, осы қылығыма күні бүгінге дейін қатты ұялып жүрмін...

– Сен нағыз опасыз екенсің! – депті түлкі орнынан атып тұрып. – Өзіңді асырап жүрген адамға қастық, дұшпандық жасапсың. Осы қылығыңмен бізді қайбір оңдырам дейсің!

– Бұл қылмысың үшін сенің жазаңды беру керек! – деп ақырыпты қасқыр тісін қайрап.

Бұлардың аяқ астынан бұлқан-талқан болғанына есек таңданады да, ақтала бастайды:

– Мен тоқымның сабанын ғана жедім ғой. Бірақ одан ештеңе де бүлінген жоқ. Ертесіне сол тоқымды тағы да өзіме жапты.

–Тіпті сен сол қылмысыңды да мойындайтын түрің жоқ қой, – депті түлкі кіжініп. – Опасыздығың да содан!

– Опасыздың көзін жою керек! – деп күжілдепті қасқыр.

– Мұндай опасыздың, ауыр қылмыскердің жазасы не? – деп сұрайды түлкі ашуланып.

Сонда қасқыр қаһарланып, үкімін айтады:

– Көзін жою керек! Бұл қылмыскерге сол лайық!..

Есек қашып құтыла алмапты. Сөйтіп, қасқыр мен түлкі аңқау есекті өлім жазасына кесіп, жарып салып, сылқия тойып, жөндеріне жүре беріпті.

75. Аш қасқырдың арманы

Шытынаған аяз. Қойлар жылы қорада бырт-бырт күйіс қайырып жатады. Сыртта маң төбеттер маңқ-маңқ үреді. Қорада күзет сақ. Аш қасқыр ауыл сыртын торуылдайды. Арлан бұл маңда қойдың барын сезеді. Сілекейі шұбырады. Сөйтіп, ауылға жақын келеді. Мұны сезген төбет арс ете қалады. Қасқыр қаша жөнеледі. Жапан дала. Қасқыр әлдекімге мұң шаққандай, ұзақ ұлиды. Бірақ гулеген боранның гуілі одан басымырақ болады. Бөрі тағы да жортуылға шығады. Таң атады. Ауылдан өрген қалың қой өріске беттейді. Қасқыр отардың алдын ториды. Сол кезде шопан атына қамшы басады да, отардың алдыңғы жағына шығады.

– Қап! – деп өкінеді қасқыр. – Атты қойшы, ашуы қатты қойшы деген осы да!

Қасқыр енді бір жыраны жағалап, отардың екінші шетіне қарай ойысады. Қараса, қойдың соңында екі қойшы әңгімелесіп келе жатыр екен.

– Екі қойшы – ермек қойшы, бір тоқтысын бермек қойшы, – дейді де, аузын арандай аша, қойға тап береді. Үріккен қалың қой дүркіреп, кейін шегінеді. Екі қойшы қатар тұра қалып, қос ауыз мылтықтың шүріппесін басып-басып жібереді. Омақаса құлап, бір аунап тұрған арлан ақсаңдай басып, аулақ қашып кетеді.

Қасқырдың қарны шұрылдайды. Тағы да жортуылға шығады. Тау қойнауындағы қаптаған малды көреді. Қараса, қой соңында өгіз мінген қойшы жүр екен.

– У-у-у!.. – дейді арлан. – Өгізді қойшы – өлген қойшы, жеп болған соң көрген қойшы, – деп, тастардың тасасымен қойға тақап келеді. Өгіз қасқырдың иісін сезе қояды. Желкесін күжірейтіп: Мө-ө-ө!.. – деп, қойдың шетіне қарай өңкеңдей тұра ұмтылады.

Жолы болмаған көкжал бұл жерден де қайқаң етіп қаша жөнеледі. Қасқыр қайғырып, мұңға батады. Өзінің бөрі болып жаралғанына налиды. Амал қанша, аш қарынды жұбату керек. Биік таудың басына шығып, ұзақ тың тыңдайды. Жан-жағына көз салады. Сонау ойдағы бір отардың соңында ойнап жүрген бала қойшыны көреді.

– У-у-у!.. – дейді қасқыр аянышты үнмен ұлып. – Бала қойшы, аулақта ойнап қала қойшы!..

Бұл кезде қасқырдың іші бұрынғыдан бетер ұлып сала береді. Аш бөрі бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жер бауырлап қойға жақындай береді, жақындай береді. Баланың көзі қырағы екен. Қасқырды көре салады да, бар даусымен айқайға басады: «Бөрібасар, Бөрібасар, айт, айт, айтақ! Сырттан, Сырттан, айт, айт, айтақ!». Баланың ащы даусынан елең ете қалған екі төбет ентелеп кеп, қасқырды тарпа бас салады. Аш қасқыр әлсіз екен. Екі ит адымын аштырмайды.

76. Жүзім жегісі келген қасқыр

Бір түлкі жүзімге лықа тойып, баудан шығып келе жатады. Оны көрген қасқыр:

– Жүзімді қайдан жедің? Айтшы, мен де жейін. Айтпасаң, өзіңді жайратамын! – дейді ақырып.

– Ойбай, қасеке, құлдық, – дейді түлкі жылмыңдап. – Сенен несін жасырайын, анау баудың ішінде сықасып тұр. Жүріңіз, ертіп алып барайын.

Түлкі соны айтады да, қасқырды ертіп апарып, өзіне үйреншікті тесіктен бауға кіргізіп жібереді. Қасқыр таңсық болған жүзіміне әбден тойып, баудан қайта шығайын десе, әлгі тесіктен өте алмай, кептеліп қалады.

Мұны көрген түлкі:

– Қасеке, тым көрсеқызар екенсің. Артын ойламағанға сол керек, – деп жүре беріпті.

Бауға су салып жүрген адам тесікте кептеліп жатқан қасқырды соғып алыпты.

77. Қырық қасқыр, екі ешкі

Жартыбай дейтін кісінің мал дегеннен екі ешкісі ғана болған екен. Ол екі ешкісі елдің малына қосылмай, өз алдына бөлек жайылып өскен екен. Бір күні Жартыбай үйде ауырып қалса, екі ешкісі елдің қойына қосылмай далада қалып, күнде соңынан қалмай жүретін Жартыбайды іздеп, тастан-тасқа секіреді, таба алмайды, таудан-тауға шығады, таба алмайды. Сонан кейін Жартыбайға ашуланып, басқа бір жаққа қашып кетпекші болып, екеуі бір жолға түседі де жүріп береді. Келе жатып жолдан бір қап тауып алады, сонан соң біреуі тұрып айтады:

– Қой, біз бүйтпейік. Жартыбайдай иені біз таба алмаспыз. Біз кейін қайтайық. Ол бізге өкпелер, өкпесін тарқату үшін оған тезек теріп апарайық, – дейді. Бұған қасындағы ешкі де қосылып, екеуі тезек теруге кіріседі.

Ауылды бетке алып тезек теріп келе жатса алдарында өлген қасқырдың екі қу басы жатыр екен. Мұнан екеуі қорқып, кейін қарай қайтпақшы болады. Бірақ кейін қарай қайтса жолда қасқыр көп, бұларды жеп қоюы мүмкін, содан екеуі әрі-бері кеңесіп, әлгі қасқырдың екі қу басын қаптарына салып алады да, тағы да жүріп береді. Бір кезде алдарында от жағып отырған көпті көріп, тезірек жүгіре басып қастарына келсе, олар жиылыс ашып отырған қырық қасқыр екен. Келген екі ешкіні көреді де, біріне-бірі сыбырлап:

– Мына ешкілерді қараңдар! Тамақты уайымдап отырғанда өздерінің кез келуін, – дейді. Бұларды қасқырлардың бәрі де көреді де, «тамақ табылды» деп қарқ-қарқ күліседі. Сонда екі ешкі тұрып:

– Жоқ, мырзалар, біз сендерге жегізбейміз. Біз сендер сияқты талай қасқырлардың басын жеп көргенбіз, – дейді. Бұған қасқырлар нанбайды да:

– Ондай күшті сендерге кім берсін, – дейді. Сонда ешкілер:

– Кім бергенін көресіңдер ғой, мына қаптың ішінде қырық қасқырдың басы бар, қазір сендердің бастарыңды қосамыз, барлығы сонда сексен болады, – дейді де бір ешкі бастың біреуін қаптан суырып алғанда, қасқырлар қорқа бастайды. Сонда қорықпайтын көкжал біреуі отырады да:

– Қане, екіншісін көрсетші, – дейді. Ешкілер қолдарына алған басты қапқа қайта салып, біреуін суырып алғанда, қасқырлар үрейленіп кейін шегіне бастайды. Олардың қорыққанын ешкілер сезеді де:

– Қане, біздің қасқырдың етін жемей, қарнымыз ашқанына көп болды. Өздеріңе жан керек болса біреуін сойып, бізді қонақ қылыңдар, – дейді. Бұған қасқырлар амалсыздан көнеді де, ешкілерді төрге шығарып, әуелі су әкелмек боп төртеу-бесеуін жібереді, олар кеткеннен кейін суға кеткендерді тез ертіп келмек болып, он шақтысы кетеді. Сүйте-сүйте қасқырдың бірі қалмастан қашып кетеді.

Қасқырлардың бұл қылығын мазақтап күле-күле екі ешкі Жартыбайға қайтып кепті.

78. Қасқыр мен лақтар

Бір ешкі тоғайда үй жасап, лақтарыменен сонда тұрыпты. Күндіз өзі тоғайға жайылуға барады да лақтарына айтады екен. «Есікті мықтап бекітіп отырыңдар, ешкімге есік ашпаңдар!» дейді екен. Ешкі үйіне қайтып, мүйізімен есікті қағып өлеңдетеді:

Лақтарым, қарақтарым,
Естіді ме құлақтарың.
Сүтін жинап келді әжең,
Еміп, тойсын тамақтарың,

Аш есікті, шырақтарым.

Шешесінің дауысын естіп балалары есікті ашады. Балаларын емізіп тойғызады да, қайтадан тоғайға кетеді. Мұны қасқыр көріп тұрып лақтарды жегісі келді. Ешкі кеткен соң, есік алдына келіп өлеңдете бастайды:

Лақтарым, қарақтарым,
Естіді ме құлақтарың.
Сүтін жинап келді әжең,
Еміп, тойсын тамақтарың,

Аш есікті, шырақтарым.

Лақтар дауысты естіді, шешесінің даусына ұқсамайды, қасқыр екенін білді. «Естідік, естідік, сенің даусың, әжем даусына келмейді, қасқыр екеніңді кім білмейді? Әйде, жөніңе жүре бер», – депті. Есікті ашпады, қасқыр күтіп отырды-отырды, аузына түк түспеді кетті. Онан соң шешесі келді, сөзін тыңдағаны үшін балаларын мақтады: «Міне, есті болыңдар балаларым, есікті ашсаңыз, сіздерді қасқыр жер еді, жылап қалар еді аналарың».

79. Қасқыр мен кісі

Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, былай жұлқынып зорға құтылады. Қашып бара жатқан қасқырды аңшылар көріп, артынан қуа жөнеледі. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады: «Қайтсең де мені жасыр, ұмытпаспын жақсылығыңды, мені қабыңа салып арқалап жүре бер», – дейді. Қасқыр жылап тұрған соң, егінші адам қабына салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей аңшылар мылтық, қылышын жарқылдатып жетіп келеді. Кісіден сұрайды:

–Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп. Кісі:

– Жаңа бір қасқыр анау шоқайдан қашып өтті, тезірек ұмтылыңдар, – дейді. Аңшылар асып кеткеннен кейін, егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға «жөніңе бар, маған да бір жақсылық етерсің», – дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге «мен сені жеймін, қарным ашты», – деп тап-тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап:

– Ай, қасқыр, бұның қалай, мен сені өлімнен құтқарып алып қалып едім, жақсылыққа жамандық ете ме екен, олай болса төрелетейік, қайсымыздікі жөн екен, – дейді.

Екеуі керісіп тұрғанда қаңғырып бір жағынан түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып шығады. Түлкі:

– Жоқ сөзді айтпаңыздар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер, дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік, – дейді. Қасқыр мен кісі «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға:

– Қапқа кірмей сенбеймін, – дейді. Қасқыр сендірмекші боп қапқа кіргенде, түлкі егіншіге «байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді, қане, мен көрейін, күздігүні егінді қалай соғып жүрсің?» – дейді. Егінші құралын алып қасқырды ұра бастайды. Түлкі:

– Енді қаптың аузын аш, – дейді. Қасекең алды-артына қарамастан, шыға жөнеледі. Артынан түлкі: «Көптен бері істеген бір әділ төрем еді», – деп сақ-сақ күліпті. Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің қайласымен ажалдан құтылыпты.

80. Ақ тиін мен қасқыр

Тиін бұтақтан бұтаққа қарғып жүріп, ұйықтап жатқан қасқырдың үстіне құлады. Қасқыр қарғып түрегелді де, оны көріп жегісі келді. Тиін өтініп сұрай бастады «Мені жібер» деп. Қасқыр айтты: «Жақсы, сені жіберейін, бірақ маған айт, неліктен сендер әр уақытта мұндай шатсыңдар? Мен әр уақытта қападамын, сендерге қарасам, жоғарыда ойнайсыңдар да қарғисыңдар». Тиін айтты:

– Әуелі мені ағаштың басына жібер, сонан соң саған мен айтайын, болмаса сенен мен қорқамын.

Қасқыр тиінді жібереді. Тиін ағаштың басына шығып алып айтты: «Сен залымсың, соның үшін қападасың. Сенің залымдық жүрегіңді жандырады. Біз ақкөңілміз. Ешкімге жауыздық қылмаймыз, соның үшін шатпыз».

81. Қасқырдың қастығы

Қасқырлар қойларға елші жібереді. Сіздер мен біздерді жау етіп жүрген иттер. Иттер үріп біздің қытығымызға тиеді. Солар құрыса, біздер сіздерге шабылуыл жасауды қоямыз, дос боламыз – дейді. Қойлар аңқау бейшаралар қасқырларға сенеді. Иттерге: «Сендер бізді күзетбей-ақ қойыңдар», – дейді. Қасқырлар түнде келіп қойларды қырып кетеді.

82. Бұқа мінген көкжал

Бір күні, таң алдында, апаннан бұқпантайлана шыққан көкжал кісі бойы өскен қамыс пен қалың тоғайды жамыла, қара ойды бойлай жортып, бір ауылдың маңына келіпті. Ол қойдан бөлініп қалған қозыға кез болып, тап беріпті. Үрейі ұшып қатты шошыған қозы қалтырап:

– Қасеке, мен тісіңізге сыздық болам ба? Бір асам етім жоқ, мені

қайтесіз, онан да шығыс жақтағы өзенге барыңыз, ондағы құла бие суатында бір құла тай құйға батып шыға алмай жатыр, сізге табылмайтын ас сол, оның еті майлы да дәмді ғой шіркін! – депті.

Қозының сөзіне еліткен көкжал қозыны тастай беріп сол бағытқа қарай жорта жөнеліпті. Ол өзен жағасына келсе, шынында, бір құла тай құйлап шыға алмай жатыр екен. Қуанышы қойнына симаған көкжал оны тамақтамақшы болып тұра ұмтылыпты. Сонда құла тай көкжалға:

– Бәлі! Көкжал неткен ақылсыз едің! – депті.

– Мені қалайша ақылсыз дейсің? – деп сұрапты қасқыр ызаға булығып.

Сонда құла тай аспай-саспай жауап беріпті:

– Мені осы бойында жесең, сары балшыққа араласқан еттен не дәм

болмақ? Егерде мені құйдан шығарып таза көгалға апарып жесең, сонда еттің дәмі тіліңді үйірмес пе еді! – депті.

Қасқыр миығынан күліп:

– Жарайды! Ақымақ болғаныңмен жылтың бар екен! –деп құла тайды

жалынан тартып құйдан шығарады, сонан ол құла тайдың «жылы-жұмсақ етіне бір тоятын болдым ғой» деп көңілденіп, жеуге ыңғайлана бергенде:

– Ей, атың кім?– деп сұрайды құла тай.

– Жоңғар қойнауының әйгілі ханы боламын! – депті қасқыр күжілдеп.

Құла тай оны төтенше қадір-құрмет тұтқан бейнеде:

– Оһо! Алдияр, ханеке, онда менің сол жақ саныма басылған таңбаны

көріңізші? – депті.

– Жарайды, көрмейтін несі бар? – депті қасқыр бейне үлкен

оқымыстыдай аяғын кердеңдей баса құла тайдың мінер жағына шығып, ол таңбаға қарай бергенде, құйрығын шаншыған құла тай «тарс» еткізіп көкжалды жалманынан түсіріп, құйын да, құйын зытып беріпті.

Тай тепкен аузы-мұрны қан жоса болған қасқыр орнынан әрең сүйретіліп тұрып, құмға қарай безіпті. Ол солтүстік жақтағы белегірге шыға-ақ, күлім қаққан күн ұясынан шығып шартарапқа нұрын шашыпты. Түнгі жортуылда аузы қызылға тимеген көкжал апанына қарай салып ұрып келе жатса, бір иентікте жалғыз қызыл бұқа жайылып жүр екен.

Қасқыр текпіден дал болған аузын арандай ашып:

– Теріңді тірідей сыдырып, майлы етіңді асаймын, – деп қызыл бұқаға

ырылдайды.

– Ей, түздің көкжалы, – дейді қызыл бұқа – осыншалық жасқа келіп қол

баққан сиыр етінің қатты шандыр болатынын білмеуші ме едің? Оның үстіне тісің жоқ екен, мені қайтып сүйсініп жейсің! Онан да екеуіміз батыс ауылының қыз ұзату тойына барайық. Табақ-табақ семіз қой етін емін-еркін жеп сыйлыққа бір тояйық, бұл ақылым қалай? Ұзақ жол жүруге шыдамым жетпес! Сары таңды сарпалдаңмен өткіздім, енді аяғымды бір басуымның өзі мұң болып тұр, – дейді қасқыр тыжырынып.

– Егер қатты шаршап шалдыққан болсаңыз, маған мініп алыңыз.

Бұқаның бұл сөзін естіген қасқыр:

– Мен барсам, адамдар маған қас қылмай ма? – деп сұрайды.

– Тақсыр-ау! Сіз адам баласы той-тілеу күні біреуге қастық істейтін

жаман ырымға барады деп қашан естіп едіңіз? – дейді бұқа аспай-саспай түсіндіріп.

Бұқаның сөзінің қисынына сенген көкжал:

– Көп сөз көжеге қатық болмас, барсақ барайық! – дейді семіз қой етін

жегісі келіп.
Сонан ол бұқаға мінеді де, тойға қатынасу үшін ауылға бет алады.

Қызыл бұқа көкжалды арқасына мінгізіп алып, той болып жатқан ауылға келеді. Тойға жиналған ел-жұрт бұқаға мініп алған қасқырды көре сала айқай-сүрен салып, мылтығы барлар мылтығын алып, иті барлар итін қосып лап қояды. Бұқа осы кезде мөңкіп көкжалды жерге жығады. Жағдайдың насырға шапқанын білген көкжал құйрығын бұтына қысып, Ырымбай құмына қарай зытып береді. Сонан өз апанының қасындағы биікке жетіп, шоқайып отырады да:

Жол жөнекей жолыққан қозақанды,
Берген еді бір Алла өзі сыйлап, аа- ұу.
Алып шықтым құланы әлектеніп,
Жемедім неге оны жатқан құлап, аа-ұу?!

Таңбасын көріп нем бар еді соның,
Қолқанат болмаған соң ханға мияат, аа-ұу.
Бұқаға обидым ғой иесінше,
Адасқан ақылынан мен шын бейбақ ,аа-ұу!

Сиыр етін жеместен той тойладым,
Жақынындай сол қыздың жанды қинап, аа-ұу, –
деп сәтсіз сапарының зарын айтып ұлиды.

Көкжал қасқыр қасіретпен ұлып отырғанда ту сыртынан аңдып келген аңшы, оны бір оқпен атып алады.

83. Арыстан

Арыстанды өлтірудің қазанын асқан қу түлкі жолбарыс пен қасқырдың
уәдесін алған соң, соларды ертіп арыстанға жолғасқалы барыпты.

– Алдияр, тақсыр, – деп жылмыңдай кірген түлкі арыстанның алдына бас қойып, тағзым етіп сөз бастапты:

– Дүниедегі алыптардың алыбы өзіңіз, сізге кімнің қол қусырып бас

қоймасқа дәті барсын? Біз сізді патша еткелі келдік, сызған сызығыңызбен жүріп қызметіңізде болсақ...

– Сәулетті сарай да салып берер едік, – деп түлкінің сөзін іліп әкетіпті,

жолбарыс оны желпіндіре түсіп, сіздің алдыңызға әр күні жер бетіндегі ең құнды жылы-жұмсақ тағамдарды әкеліп тартамыз, сіз сол салтанатты сарайыңызда біздің ықылас-құрметімізге бөленіп қам-қайғысыз жатарсыз.

– Сендерді мұндай ықылас-пиғыл көрсетеді деп ойламаған едім, – депті

де арыстан оларға алғысты раймен басын изеп, мақұлдығын білдіріпті.
Содан бастап арыстан жем үшін өзі әуреленбейтін болыпты. Өз
сарайында әр күні түлкі мен жолбарыстың әкелген азығын жеп жата беріпті.
Күндер артынан күндер өтіп, бара-бара арыстан орнынан тұруға да

ерінетін күйге түсіпті, аяқтарынан әл-қуат кетіп, тістері етке жақсы өтпейтін болып қалыпты. Сонан, бір күні түлкі, жолбарыс, қасқыр үшеуі арыстанның сарайына тағы барыпты. Бұл рет олар арыстанға тәтті, дәмді тағамдар емес, шоқпар-сойыл көтеріп барған екен.

– Ақымақ арыстан, – деп ақыра кірген түлкі шоқпарын үйіріп, оған

кіжіңдейді, – бізді сен шынымен өзіңді өмір бақи бағып-қағады деп ойладың ба? Ха, Ха! Есуас! Біз әбден қожыратып барып, көзіңді жоймақшы болғанбыз. Бұрын сенің адуын айбыныңнан именуші едік, енді қалтылдаған қауқарсыз бірдемеге айналдың, тапжылма тап! Оразамды өзіңмен ашамыз, әлі!

Сөйтіп, арыстан жылы сөз, тәтті лебізге сенемін деп түлкі, жолбарыс,
қасқырлардан жан үзіпті.

84. Арыстан патша

Бұрынғы заманда бір арыстан патша болып тұрыпты, неше түрлі аңдарды билеп. Сол арыстанның өзіне жақын Маймұн деген бір уәзірі болыпты. Арыстан бір күні бір жерге барып, екі ай жүріп келмекші болып, өзім келгенше патша бола тұр деп, орнына Маймұнды тастап кетіпті. Арыстанның кеткенін білген соң, әр жерден аңдар келіп, орын алып тұрыпты. Және арыстанның жәй уақытта өзі тұратұғын бір жақсы жеріне бір түлкі қатын-баласыменен келіп, тұрып алды. Бір күні мұны көріп Маймұн айтыпты:

– Әй, надан түлкі, патша арыстаннан қорықпайсың ба, егер келіп қалса, не жаныңды қояды, шапшаң кет! – депті.

Түлкі айтыпты:

– Сен мені түлкі деп ойлайсың ба, мен арыстан түгіл жолбарыстан да қорықпаймын. Бұл жер менің аталарымның жерлері, маған тисе керек, арыстан алды деп естіп келіп едім, арыстан қашып келгенде сен маған хабар бер, арыстанның кім екенін білдірейін, – депті. Сонда бұл Маймұн қорқыныш ойлап кетіп қалды.

– Бұл түлкі суретінде болып жүрген басқа мықты аң болар ма? – деп. Маймұн кетісімен түлкінің қатыны айтыпты:

– Бұл жерге тұрмай-ақ кетейік, егерде арыстан келіп қалса, Маймұн барып айтса, бізге ажал тапқызар, – дейді.

Онда түлкі айтыпты:

– Арыстан келгенде бір айла қылармын, – дейді.

Бір-екі күн өткен соң алыстан бір дауыс естіледі. Түлкінің қатыны айтыпты:

– Арыстан келіп қалыпты, не қыламын деп едің, айлаң болса қыл, – дейді. Сонда түлкі айтыпты;

– Арыстан жақын келгенде, сен балаларды жылата бер, мен айғай салып айтамын «балалар неге жылайды?» деп, сонда сен айт: «балаларың жаңа арыстан етін қабап қылып бер дейді» – деп айт дейді. Бір уақытта арыстан жақындай қалыпты, сонда түлкінің қатыны балаларын жылата беріпті. Түлкі айғай салып айтыпты:

– Балалар неге жылайды? – депті. Қатыны манағы түлкінің үйретуі бойынша:

– Балалар жаңа арыстан етінен қабап қылып бер дейді, – депті.

Сонда арыстан естіп, тұра қалып, қасындағы Маймұнға қарай айтыпты:

– Бұл бір қуатты аң болар ма, мұнда балаларға арыстан етін тілейді деп неге айтады, бұл жерді тастап, екінші сахараға кетпек керек, – деп. Сонда қасындағы Маймұн айтыпты:

– Ай, тақсыр, тақсыр арыстан, сіз ақыр жер жүзінде болған аңның патшасы, көріңіз, егер көрсеңіз, бір жаман кішкентай аңның айлалары шығар.

Арыстан және жақынырақ жүріпті. Түлкінің қатыны және балаларын жылата беріпті. Түлкі және айғай салыпты:

– Неге жылатасың балаларды, үйде жолбарыс, қабылан еті көп емес пе? – дейді.

Сонда қатыны айтады:

– Басқа аңдардың еттері толып жатыр, жаңа арыстанның етін тілейді, – дейді. Сонда түлкі айтыпты:

– Балаларға айт, біраз сабыр етсін, осы жерді айналып жүрген бір арыстанды Маймұн достым алдап алып келсе керек, көп кешікпей келсе, арыстанды ұстап алып балаларға етін қабап қылармын, – дейді. Сонда арыстан қасындағы Маймұнға:

– Әй, залым, қиянатшы Маймұн, мені алдап өлтірмекке келесің, өзім өлместен бұрын, әуелі сені өлтірейін, – деп, Маймұн бейшараны пәре-пәре қылып тастап, өзі тез қашып кетіпті. Түлкі айласыменен арыстанның жерін өзіне қаратып алады.

85. Арыстан, қасқыр, түлкі

Арыстан, қасқыр, түлкі, бұл үшеуі ұйым жасасып, тамақтық аң аулауға шығады. Бұлардың қолдарына бір есек, бір киік, бір қоян түседі. Орталарына жинап, бөлісіп алуға қам істегендерінде арыстан қасқырға: «Сен бөліп бер, бізге», – дейді. Қасқыр:

– Жарайды, бұл белгілі нәрсе ғой, есек арыстандыкі, қоян түлкінікі, киік менікі, – дегенде, арыстан ашуланып, қасқырдың мойнын жұлып алып, лақтырып жіберіп, енді түлкіге қарап, арыстан: «Сен бөл, мына жолдасың бөлістен шатасты ғой», – дейді. Түлкі: «Жарайды, ойын-қарыстың әкесі, бұл ашық жұмыс қой. Есек сіздің таңертеңгі тамағыңыз, киік кешкі тамағыңыз, қоянды таңертең мен кешкі астың аралығында ауқат қыларсыз», – депті.

Сонда арыстан түлкіге: «Ой, сен не деген ғажап бөліске шебер едің, бұл білімді сен кімнен үйрендің», – дейді. Түлкі:

– Жә, ақсақал, бұл бөліс білімін маған үйреткен денесінен ұшып түскен қасқырдың басы емес пе? – депті.

86. Қартайған арыстан

Бір заманда үлкен тауды бір арыстан жайлапты. Ол басқа аңдарға зорлық-зомбылықты халден асыра істеген. Бірақ қандай қиянат көрсе де оған ешқандай жануар теріс келмейді. Өйткені қарсыласарлық шамасы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл жәбірлік көріп, қолдан келері жоқ, іштен тынып, тістерін қайрап, әлсіз жануарлар шыдап жүре береді. Арыстанның мейманасы асқаны сондай – ол жемді өз аяғымен жүріп іздемейді. Оған өзінің бұйрығы бойынша семіз сиыр, семіз жылқы, қой, бұғы-марал секілді жануарлар белгілі «тәртіп» бойынша келіп тұрады. Соятын – жолбарыс, бұзып-жаратын аю, тәтті-дәмділерін патшаға тасып беріп жүретін епті даяшы – түлкі екен. Арыстан әбден ұйқысы қанып, жайланып тамаққа тойғаннан кейін, оның көңілі қалауынша әркім әртүрлі сауық жасап батырдың көңілін жұбатады. Бұлбұл сайрайды, көкек зікір салады, шымшық билейді. Маймыл түрлі ойындар көрсетеді. Түлкі күлдіргі қулық айтады. Топас аю, аңқау қарға, меңіреу есек оларға келемеж күлкі болады. Ал батырдың тыныштық тауып жатқан кезінде төрт мысық табандарын жалап маужыратып ұйықтатады. Әлдеқалай оның ұйқысын бөліп, дыбысын шығарған қалжақбас аңдар бола қалса, ауыр жазаға кіріптар болады. Сол сияқты мейманасы асқан арыстан күндердің бір күні әбден қартайып, алжуға айналады. Ақырында орнынан тұруға шамасы келмей әлі бітеді. Тістері түгелдей түскен, тырнақтары тұқыл болған, буындарда әлі жоқ. Осы жайды көрген аңдар енді батырдан қорықпады. Оны сыйлауды қойды. Тамақ болу үшін де ешкім келмеді. Аштан өлер болып діңкесі құрып жатқанда, одан бұрын жәбір көрген аңдар кезекпен келіп бұрынғы өштерін алған екен. Ішіне қанды кек қатқан жануарлар жаны ерекше қиналатын жерін таңдап тұрып, өз шамаларынша батырға жаза беріпті. Ит қабады, қасқыр талайды, ат тебеді, сиыр сүзеді, тышқан тістейді. Бір мезгілде салпақ құлақ есек келіп: «Қай жерін тепсем оның жанына артық батар еді», – деп батырдың денесіндегі жанды жерін таңдайды. Осы кезде талықсып жатқан арыстанның есі кіріп, көзін ашады. Ол қасында тепкелі тұрған есекті көріп өте назаланады.

– Кешегі дәурен баста тұрған кезде бұл шірікті жан деп те есептеген жоқ едім, бұл күнде бұ да маған қорлық көрсетпек болып аяқ көтеріп тұр.

– Ә, тәңірім, менің жанымды бұл жаманның қорлығына көрсетпей ал! – деп жан тәсілім еткен екен.

«Не ексең, соны орасың» деген мәтел осыған келеді.

87. Арыстан мен тышқан

Ертеде бір теңіз жағасында қалың жасыл орманда бір арыстан өмір сүріпті. Бұл тоғайда түрлі аңдар, малдар да көп болыпты. Сол арыстан өзін күллі аңдардың, малдардың патшасымын деп жариялапты. Арыстан өзіне қасқыр, түлкі, борсық, жыландарды көмекші ақылгөй етіп дайындап алыпты. Бұлар аңдарды қырып жеп, хан сарайын қан сасытып жата беріпті. Аңдар патшасының залымдығын, қанішерлігінен зар илепті. Бұрын тышқан етіне зар болып жүрген түлкі мен борсық енді тышқан етіне пысқырып та қарамай, ылғи жылқы, сиыр, түйе, ақбөкен, арқар, киіктердің етінен қарнына сиғанынша жеп жата берді. Бірақ түлкі, борсық тек етпен жата бермейді, ол жегісі келген аңдарды неше түрлі өсек, өтірік, жаламен арыстанға жамандайды. Оған ойланбай сене салатын ессіз арыстан дереу қасқырға түлкі мен борсық жамандаған аңды өлтіріп алып келуге бұйрық береді. Ол қасқыр бұлжытпай орындап, аңды өлтіріп, ханға әкеп бере береді. Енді түлкі мен борсық арыстанды неше түрлі сырлы сөзбен мақтап, сіздей әділ, ақылды данышпан патша дүниеге келіп көрмеген деп жағымпазданып және аңдарды қалай қырудың жолдарын ойлап тауып айтудан басқа жұмысы болмапты. Бір күні түлкі тышқанның етін аңсап жегісі келеді. Түлкі өзіне өзі: «Мен тышқан етін арыстанның өзіне ұстатып-ақ жеймін»,– дейді. Бір уақытта түлкі арыстанның алдына тағзым етіп әдеппен кіріп келіп, сөйлеуге рұқсат алып, сиқырлы сөзін бастайды:

– Ей, бақытты патшам, сіздей асқан әділ, ақылды, патша болмағанын аңдардың өздерінің шын ниетпен шулап айтып жүргенін осы қаздиған қара құлағымызбен естіп жүрміз. Солай бола тұрса да кейбір жақсылық жақпаған аңдар сізді үмітсіздікпен аузы барып жамандауын қоймайды.

Бір тышқан деген аң бар, үлкендігі аттың тезегіндей болып тұрып, опасыз оңбағанның сізді жамандап балағаттағанын өз көзіммен көріп, мына сақ құлағыммен есіттім. Тіпті ауыз барып айтуға болмайтын сөзді тіпті батыл айтты. Қаһарыңызға сабыр берсе айтайын, – деп жәутектеді. Арыстаннан «айта бер» деген ишарат болғасын түлкі түгін жатқызып мүсәпірсіп былай дейді:

– Арыстанның патша емес, аңдарды қынадай қырып, өзі және достарына жегізіп хан сарайын қан сасытып жатқан қанішер, – деп шақ-шақ етеді. Мен арыстанға айтам десем, «айта бер, мен інде тұрам, менің ініме арыстанның өзі түгіл аяғы да симайды, ол қожал-қожбалағың мені ұстай алмайды» – дейді.

Арыстан тұрып: «Оны қалай ұстауға болады», – дейді. Түлкі күлімдеп: «Оны ұстау тіптен оп-оңай, мен өзім де оп-оңай ұстап алам, бірақ арыстанның өзі мені ұстай алмайды дегені, менің денемді сақылдатып қайнатып барады. Менімен еріп жүріңіз, ол асқынған ақымақты ұстап аласыз, әдісін барған соң айтам», – дейді. Түлкі арыстанды ертіп келіп, тышқанның інінің екі аузын көрсетті. «Одан мына інді алып күшті аяғыңызбен таптап көміңіз де, екінші іннің аузына құлағыңызды тосып жата беріңіз. Тышқан шығарда іннің іші дүбірлеп кетеді. Сол кезде басыңызды көтеріп, аузыңызды іннің аузына тосып, ашып тұра қалыңыз. Тышқан іннен шыға бергенде қағып аласыз», – деп арыстанның құлағын тышқан ініне кептеп жатқызып, түлкі сырттан бақылап жүреді. Арыстан құлағын інге тосып жатып, жазғы ыстық күнге денесі балқып ұйықтап кетті. Тышқан өз інім деп, жер астынан жүгіріп шыққан бойымен арыстанның апандай кең құлағына кіріп кетті. Арыстан құлағының ішін тырналаған әрекеттен шошып оянды. Арыстан құлағының іші дүбірлеп өткір инедей тырнақтың тырнап-шабақтап жарып бара жатқанын сезді. Арыстан басын жанұшыра, ышқына шайқайды. Арылдап аспанға қарғиды. Өз құлағын өз аяғының өткір тырнағымен тырналады. Бірақ құлақ ауру қалпында тұр. Ол кезде тышқан арыстанның сасық құлағының ең түпкі тар қуысына барып үлгерген еді. Сондықтан арыстан қаншалықты басын сілкісе де, бар күшімен ышқына ырғыса да, бар дауысымен арылдаса да, қарылдаса да, тышқанды түсіре алмады. Мұндай сойқанды көріністі көрген түлкі зар еңіреп: «Ойпырым-ай, патшам, қамқорым данышпаным, не болды», – деп жүгіріп келді. Бұл уақытта тышқан да қандай інге кіргенін сезді. Жерге түссе аңдыған ажал екенін де білді. Енді тышқан басын арыстанның құлағының аузына қаратып бір тырнағын батыра бүгіп жабысып қатып қалған еді. Түске дейін арыстан өгізден бетер өкіріп, аюдан бетер ақырып, аспанға қарғып өз басын өзі жерге ұрып, алас ұрды. Арыстанның аса қорқынышты зор даусынан бүкіл тоғайдағы аңдар, малдардың зәресі ұшып қалтырады. Түлкі зар еңіреп, тілеу тілеп қасында тұрып алды. Бір кезде әбден алас ұрудан әлі құрыған арыстан түлкіге ала көзімен ажырая қарап: «Істейін дегенің осы ма сұм», – деді. Зәресі ұшқан түлкі: «Данышпаным, қамқорым, падишам, саспай сабыр етші, бүкіл тоғайдағы аңды жинап патша ауырды деп емдеуге ақыл сұрайық. Көпшіліктің ішінде нендей ақылдылар жоқ дейсіз, солар бір емін табар», – деді. Сол кезде арыстан: «Қасқыр, борсық, жылан төртеуін тездеп барлық аңды осында жинап кел», – деді. Түлкі зытып жөнеді. Қасқыр, борсық, жылан төртеуі барлық аңды ілезде жинап келді. Түлкі бір ағаштың бұтағына шығып аңдарға «Арыстан патшаның құлағына тышқан залым кіріп кетіп, құлақ ішінен ін қазып, арыстанның миын тесіп барады. Бұған қандай амал бар, соның ақылын табыңыздар», – деп, түлкі бетін басып сұрқиялықпен жылап тұрды. Сол кезде арқардың көп жастағы ақбас құлжасы тұрып: «Оның амалы түлкінің сүйріктей сұм тілін арыстанның құлағының ішіне тығып, тышқанды тілімен орап алу керек. Егер түлкі ала алмаса, қасқыр, борсықтың тілімен алу керек», – дейді. Арыстан түлкіге: «Тіліңді құлағыма сал», – деп бұйырады. Түлкі арыстанның құлағына тілін тықты, тышқан түлкінің тілінің ұшын қыршып алды. Түлкі тілін тез тартып алды. Сол кезде арыстан қашпасын деп, түлкінің бөксесін тістеп сығыңқырап: «Тіліңді аянбай қайта-қайта сала бер, сол тышқанды алмасаң, өлесің», – деді. Түлкі тілін қайта-қайта сала берді. Тышқан да түлкі тілін қыршып тастай берді. Бір кезде тілінің ада болғанын арыстанға көрсетті. Арыстан: «Енді аяғыңды сал» – деді. Тышқан түлкінің аяғын да қыршып тастаумен тізесіне дейін кемітті, шолтитты. Арыстан: «Екінші аяғыңды сал», – деді. Ол аяғын да қайта-қайта салды. Ол аяқ та мүжіліп ада болды. Сол кезде бұған сүйсінген бір қоян ақырын ғана: «Міне, екі аяғы кілтиіп, сұм түлкі ін қаза алмайтын, қоянға жете алмайтын, өсек те айта алмайтын қоян болды», – деп мырс етті. Арыстан басын сілкісе, түлкінің туралған тілі мен саусақтары түсті, тышқан түспеді.

Ашуы асқынған арыстан түлкіні шайнап-шайнап лақтырып жіберді. Арыстан қасқырға құлағына тілін салып тышқанды алуды бұйырды. Қасқыр тілін құлаққа тықты. Арыстан қашып кетпесін деп қасқырдың артқы санынан тістеп тұрды. Тышқан қасқыр тілін де қырши берді, қасқыр да арыстанның апандай аузында тұрып аяна алмады, қайта-қайта тілін сала берді. Бір кезде қасқырдың да тілі ада болды. Одан кейін арыстан борсықты шақырып алып: «Сал тіліңді», – деп жекірді. Амалсыз борсық та жіңішке өсекшіл, қансорғыш сүйрік тілін тықты, бірақ онша ары апармай «тілім жетпейді», – деді. Сол кезде арыстан ақырып борсықтың бөксесінен тістеп: «Тіліңді түбіне жеткіз», – деді. Борсық тілін құлақ түбіне жеткізді. Тілдің ұшын тышқан қыршып алды. Қайта-қайта салды. Бір кезде борсықтың тілі де ада болды. Арыстан басын сілікті. Құлақтан қасқырдың, борсықтың туралған тілдері түсті. Тышқын түспеді. Арыстан ақбас құлжаға қарап: «Енді не істеу керек», – деді. Құлжа: «Енді құлағыңызға жылан кіріп, тышқанды тістеп алып шықсын, тартып ала алмаса шағып өлтіріп шықсын, өлгесін тышқан түседі», – деді. Мұны естіп, жылан қалың шөптің астымен сусып қашқан екен. Арыстан енді қасқырға: «Жыланды алып кел», – деді. Тілінен қаны ағып, қасқыр жыланға барады. Айтып түсіндіретін тіл қайда, жыланды белінен тістеп жіпше шұбатып алып келеді. Арыстан жыланға: «Құлағыма кір, лажы болса залым тышқанды тістеп алып шық, болмаса шағып өлтіріп шық», – деді. Жылан арыстанның құлағына сусып кірді. Құлақ іші қараңғы, жылан басы бара бергенде аңдып әзірленіп тұрған тышқан жылан басын қыршып үзіп тастады. Бір кезде қасқыр жыланды тістеп суырып алса, жыланда бас жоқ. Есектің тұсауындай жіп болып қалыпты. Аңдар залымдардың сазайын тарттырғанына қуанысып, тарап кетіпті. Енді арыстан ешбір әрекетпен тышқанды түсіре алмайтынын біліп жата береді. Қасқыр, борсық тілінен қансырап өледі. Тышқан арыстанның құлағынан кеулеп күнделікті жеп жата береді. Арыстанның миына зақым келіп, қорлықпен ұзақ ауырып өледі. Арыстанның өлгенін білген тышқан бір күні құлақтан шығып, жайқалған жасыл шөптің арасымен жүріп кетті. Сөйтіп, бір тышқанның қажырлы, батырлық ісінен ормандағы жауыздар тобы қырылып, аңдар қанаусыз, талаусыз еркін өмір сүріп кетіпті.

88. Арыстан, қасқыр, һәм түлкі

Ертеде бір арыстан, қасқыр, һәм түлкі жолдас болыпты. Бұл үшеуі бір жерде отырып уәделесіпті: үшеуміз де бір жануарға қиянат қылмайық, егер мал жолықса, зорлық қылмай сатып алып желік, болмаса, аштан өлсек те жүре берейік деп, шарт қылып бірнеше күн жүріпті. Онан кейін қарындары ашып аштан өлерге жақындапты. Мал жейін десе қиянат. Жемейін десе өліп барады. Сол уақытта түлкі тұрып айтты: «Ана бір көрінген түйеге мен барып сөйлесіп келейін, ол өзін маған сатпас па екен», – дейді, онда арыстан тұрып: «Жақсы барсаң барып саудаласып кел», – деді. Түлкі келсе бір көзі соқыр түйе екен, түлкі айтыпты: «Ай... түйе мұнда нағылып жалғыз жүрсің?» –дейді. Түйе айтты: «Жолдасым да, бағатын ием де жоқ болған соң, мен өзімді өзім бағып жүрмін». Сонда түлкі тұрып түйеге ақыл айтты: «Байғұс, далада жалғыз қапа болып жүргенше сен өзіңді маған сат, ендігі жылы жантақ шыққанда мен боталы інген қылайын, содан соң сен екеу болып жүресің», –деді. Қу түлкінің бұл сөзі түйеге мақұл көрінді. Содан соң түлкі арыстан мен қасқырға келіп: «Мен түйе сатып алдым жүріңдер», – деді, бұл үшеуі түйеге келіпті. Келген соң арыстанға түлкі айтты: «Ей... ареке, неге қарап тұрсыз, қимылдасаңыз», – деді, сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны сынып өлді, түлкі тұрып айтты: «Ареке, сіз деміңізді алып жата тұр, біз мұның терісін сойып болған соң хабар берерміз», – деді. Арыстан айтты: «Сендер жеп қоярсыңдар» – деді, түлкі «Ойбай, тақсыр, сізсіз жемейміз», –деді. Арыстан: «Бұлай болса, жақсы», – деп жатты. Бұл екеуі союға пышақтары да жоқ, тістеріменен терісін жыртып-жыртып алды. Сонда түлкі тұрып қасқырға айтты: «Ай... қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз», – деді. Қасқыр түйенің басының пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты: «Ей... қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын», – деді, қасқыр барып бөксесін сойды. Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты: «Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен артқы жағына барайын», – деп, қасқыр алдына алданып жатқанда түлкі құйрық майын суырып жеп қойды. Тағы қасқырға айтты: «Сіз соя тұрыңыз мен жүгіріп арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен», – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп жатқан орнынан түрегеліп айтты: «Сойып болдыңдар ма?». Түлкі айтты: «Сойып болдық. Бірақ мен бір нәрседен қорқып тұрмын», – деді. Арыстан: «Неден?» – деп сұрады. Түлкі айтты: – Қасқыр айтқан шартта тұрмай, түйенің көз майы мен құйрық майын жеп қойды, мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан қасқырға ашуланып, ақырып қасқырға келді, қасқыр қорыққанынан қаша бастады. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып, көрінбей кеткенде түлкі түйені бір шұңқырға сүйрелеп апарып көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап шаршап келе жатса, түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты: «Қайда барасың?» – деп. Түлкі айтты: «Қасқырдың кесірі бәрімізге тиді», – деді. Арыстан айтты: «Неге?» Түлкі айтты: «Сендер кеткесін түйе түрегеліп, мен сендерге сатылмаймын деп, терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетті», – деді. Арыстан сұрады: «Қай жаққа қарай кетті?» – деп. Түлкі айтты: «Осы қырдан асып кетті», –деді. Арыстан түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі «қасқырға барайын» деп іздеп келе жатса, қасқыр бір жерде шаршап жатыр екен, түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен», – деп. Түлкі айтты: «Мені де қуып жіберді, мені кім шағыстырды», – деп. Қасқыр бұған нанып: «Енді қайда барып тұрамыз», – деді. Түлкі: «Жүре бер, бір нәрсе табармыз», – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр: «Мұның бір бәлесі бар шығар», – деп жейін десе қорықты. Түлкі айтты: «Сен қорықсаң өзім жейін, бүгін базар мұның не пәлесі бар дейсің, құл базарға барғанда құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған-ды. Ол үйіне шауып бара жатқанда, қанжығасына бос байлап түсіп қалған-ды», – деп, түлкі өзі жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «өзім жеймін» деп, құйрықты асап қалса, астында қақпан бер екен, ол қақпанға қасқыр түсіп қалды. Сонда түлкі:

«Ай... қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой», – деді. Қасқыр: «Неғылып жейсің», – деді. Түлкі айтты: «Ертең егесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетер, сосын мен жемей кім жейді», – деді. Түлкі бір шұңқырға тығылып жатып еді, аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткенсін түлкі қасқырдың етін жеп тойып алып, қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп: «Ареке, қайдан келесіз?» – деді. Арыстан: «Мен түйені таба алмадым», – деді. Түлкі: «Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүр еді, әлде осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім», – деді. Сонда арыстан айтты:

– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты: «Сіздің тұлғаңыз атадан кем емес», – деді. Сонда арыстан кейін шегініп барып, жүгіріп барып, жардың басына келіп тұрды.

– Ареке, егерде қарғи алсаңыз, жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астына бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті, жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпәрә талқан болды. Сонда түлкі келіп: «Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма?» – деп сұрады. Арыстан айтты: «Сүйекте сынбаған сүйек жоқ». Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, құйрығын ойып жеп жатыр еді, сонда арыстан айтты: – Ай... түлкі, әуелі көз майымды жеші, – деді. Түлкі айтты: «Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, етіңді жейтұғын болдым», – деді. Арыстанды жеп алды. Мұнан соң түлкі ұйықтаған болып, бір далада жатыр еді, үстіне бір сауысқан келіп қонды, онан соң басына қонды. Сөйте-сөйте аузына қонды. Сол уақытта сауысқанның аяғынан тістеп алып жеуге айналды. Сауысқан өтірік жата қалып, жылап қоя берді. Түлкі айтты: «Сауысқан сен неге жылайсың», – деді. Сауысқан айтты: «Ата-ананың қарғысын алған оңбайды екен, маған ата-анам көп қарғап ұрысушы еді», – деді. Қарғағанда былай айтушы еді: «Ай, жүгірмек, далада түлкі ұстап алсын, биік таудың басына шығарып домалатып жіберсін, әр таста бір түгің қалсын деп, қарғаған қарғысы осы бүгін тура келді», – деді. Сонда түлкі сауысқанның ата-анасының айтқанын қылайын деп, таудың басына шығып, домалатып тастап жіберіп еді, сауысқан пырылдап ұшып кетті. Сөйтіп, қу түлкі сауысқаннан бір соғылып қалыпты.

89. Арыстан мен түлкі

Арыстан қартайды. Аңдарды бұрынғысындай аулай алмайтын болды. Енді аңдарды айламен аулағысы келді. Өзі үңгірде жатты да:

– Аурумын, жүруге әлім жоқ, – деп, барлық аңдарға хабар таратты.

Аңдар бір-бірлеп арыстанның халін білуге келеді. Арыстан аңдардың біреуін де қайтармады. Бәрі де арыстанға жем болды.

Бір күні түлкі келді. Ол үңгірден алысырақ тұрды да:

– Халіңіз қалай, тақсыр? – деп, көңілін сұрады.

– Халім нашар. Неге жақынырақ келмейсің? Берірек кел, түлкіжан, бір азырақ сөйлесейік? – деді арыстан.

Түлкі:

– Мен саған жақын барар едім-ау, саған кірген із бар да, шыққан із жоқ! – деп, жүріп кетіпті.

90. Арыстан мен кісі

Бір адам жасынан аң аулап күн көреді екен. Бір кезде ауын бір ағаштың түбіне құрып жүрсе, қапыда арыстанға кездеседі. Арыстан:

– Ей, адам! Кездеспей жүр едің, бері кел, құлақ сал сөзіме, сенің істегеніңнің бәрі қиянат көрінеді, маған сырттан қайрат ететін көрінесің, күшің артық болса, құтыл менен, аузыма бір-ақ салайын ба?

Адам айтады:

– Сенен күшім артық болмаса да сенімен айтысамын, егер күшті болсаң, анау жерде менің құрып қойған бір нәрсем бар, содан өт, егер де өтіп кетсең, мені жеп-ақ қой, арыстаным, – дейді.

Арыстан:

– Қайлаңды көріп тұрмын, әуелі өзің өтші, – дейді. Адам аудың

астынан өте шығады. Арыстан өтемін деп, бар пәрменімен секіргенде торға барып оралады. Сөйтіп, адам айласымен арыстанды торға түсіреді.

91. Арыстан дертінің емі

Аңдар патшасы арыстан қартайып, науқасқа шалдығады да, үңгірінен шыға алмай жатады. Патшасының көңілін сұраған барша аң келіп-кетіп, кіріп-шығып жүреді. Түлкі ғана мезгілінде келе алмапты. Мұны естіген соң, қасқыр бір қулығын асырып, өзін алдап жүрген түлкіден кек алғысы келіп, науқас арыстанға оны жамандай бастапты:

– Түлкі сені патшам деп құрметтемейді екен. Патшасының көңілін сұрамағаны оңбағандық! – деп, арыстанның ызасын қоздырып, ашуына май құйыпты.

Сол кезде үңгірдің аузына келіп қалған түлкі қасқырдың бұл сөзін естіп: «Тұра тұр, бәлем, өшімді алармын!» – деп кіжініп, тісін қайрайды. Сонан соң ештеңе білмегендей, жылмаңдай кіріп келеді. Түлкіні көзі шалған арыстан қаһар төгіп, айқай салыпты.

– Сен менің көңілімді сұрамай, қайда жүрсің? Сонда түлкі:

Сабыр, тақсыр, сабыр, – депті жалбарынып. – Сөзімді тыңдаңыз! Менің осыншама кешігуімнің себебі бар еді.

– Ол не қылған себеп?

– Шұғыл шаруамен дала кезіп жүрдім. Ол не шаруа десеңіз, жер дүниені кездім, дертіңізге дауа болатын дәрі іздедім. Барлық дәрігерлерден сұрастырдым. Ақыры тауып келіп отырмын.

Мұны естіген арыстан:

– Ол қандай дәрі? – деп сұрапты қуанып.

– Дертіңіздің емі мынау екен, – депті түлкі, – қасқырдың терісін тірідей сыпырып алып, жылы күйінде үстіңізге жабыстырып киіп алсаңыз, жазылады екенсіз.

Мұны ести сала арыстан атып тұрып, қасқырды бас салып, терісін сыдырып, үстіне киіп алыпты.

92. Қарақұлақ пен арыстан

Бір қарақұлақ үш-төрт баласы, қатынымен бір үйшікте мекен етеді екен. Күндердің күнінде бұл жерінің маңында әлі келіп, аулап жерлік, азық боларлық хайуанат азайып кеткенін байқап қатын-баласын үйшігіне қалдырып, өзі жаңа қоныс іздепті. Әр жерді көріп, ұнатпай аралап жүріп, бір жақсы жерге кез келіп, маңайын байқап көріп ұнатады да қайта барып қатын, баласын алып келіп, жоғарыдағы айтылған жерге орналасыпты.

Бірер күн өткен соң, қарақұлаққа маймыл келіп жолығыпты.

– Бұл жер арыстанның мекені емес пе, байғұс. Өзі бір сапарға кетіп еді. Кетер алдында мені күзетші қылып кеткен болатын. Бұл жерге ешбір хайуанның аяғын бастырма деп еді. Шынында, арыстанның мекеніне ешбір хайуан қонбақ түгіл, жуық келмейді де. Енді саған айтатыным мынау:

– «Бұл жерге із салып, шаң-тозаң ғып былғамай, қазір кет», – деп бажалақтайды. Егер де қарақұлақтың бұл жерге түнеп кеткенін білсе, арыстан алдында айыпты болатындығын, маймыл өзі сол арыстанның уәзірі екендігін айтады. Және де жуық жерге тұрмай, аулақ, ұзағырақ жерге кетуіне ақыл береді. «Сен түнеп кетті деп айта қоймаспын. Сен де бір біз сияқты әлсіз сорлының бірісің ғой», – дейді.

Сонда қарақұлақ тұрып: «Маймыл, сен не сөйлеп тұрсың. Мені арыстаннан қорқады деп білесің бе? Бұл жер менікі болатын. Үлкен атамнан маған мирас қалған жер еді. Дауласам, шатақтасам десе, арыстан келіп көрсін. Сазайын берем. Екі қауып, бір жұтам. Маған қамқорсымай-ақ қой», – деді.

– Әй, қарақұлақ-ай, мен сенің жауың емеспін ғой. Егер осы сағатта арыстан келіп қалса, маған да жаман болады. Ал, сен қандай болатыныңды ойласаңшы. Қатын, балаңмен өзің бір асағанда арыстанның аузына көлденең де тұрмайсың емес пе? Барлығыңды бірақ жұтады, – дейді маймыл. Маймылдың сөзін қарақұлақ тыңдамайды. Арыстанның жерінен кетпей, әбден орнығып алады. Маймыл қарақұлаққа: «Батыр-ау, әліңді білмейсің бе, арыстанмен қалай таласпақсың. Одан да мені ұятты қылмай, өзің де өлмей, осындайда кетсеңші. Не деген ақылсызсың, тіршілігіңді көп көріп, өлім іздеп жүрсің бе? Арыстанмен сен түгіл жолбарыс, қабыландар да алыса алмайды. Көрініп кетсе, қаша жөнеледі. Болмаса, иіліп сәлем беріп, тағзым қылып, кішілік білдіреді», – деп, күн сайын қипақтап жүрді.

Қарақұлақ: «Ей, маймыл, мен жолбарыс, қабыландарың емес. Арыстан меніменен жекпе-жекке алысып көрсін. Жынымды түсіріп, томырығымды ұстатса, жағын айырып, тобығын шайнаймын. Сен елбеңдеп жаның ашымай-ақ қой маған. Ызамды келтірмей, енді аулақ жүр», – деп кесіп айтты. Сонымен қарақұлақ арыстанның жерінде тұра берді. Арыстанның орнына отырып алған қарақұлақты көріп, сол орман маңындағы басқа хайуандар да қарақұлақты мазақ қылыпты: «Әлін білмеген – әлек» деген осы. Бүгін болмаса ертең арыстан келгенде қаракеңе тесік жер табылар ма екен? Әлде аяй көріңіз деп әлсіздігін айтып, саяңызға паналағалы келдім тақсыр, – деп, жалынып-жалпаяр ма екен десті. Қайсы бірі: «Ашуы келсе арыстан мұны айырып-айырып тастайды», – дейді. Қайсы бірі: «Жоқ, арыстан рақымды ғой. Осыны уәзір қылып алады. Маймылды уәзірліктен шығарады, болмаса, жынды ма, мұндайлық өжеттік бұған қайдан келді. Тегі арыстанмен бұрыннан уәделескен жақындықтары болуы керек», – десті. Ал қарақұлақтың қатыны байына: «Осы жерден кетелік. Сенің арыстан түгіл қасқырға да әлің келмейтіні анық еді ғой. Өткен жылы мүйізінен басқа қаруы жоқ сиыр сүзіп, қарныңды жарып, қабырғаңды қиратып кете жаздамап па еді», – деп ойбайлап еді, қарақұлақ қатынына: «Қатын, сенің ақылың жоқ. Мұндай жер бізге табылмайды. Басқа жерге барсақ, балаларды асырай алатын емеспін. Барған сапарында арыстан бір апатқа ұшырап, арысы өліп, болмаса мертігіп келе алмас. Егер келе қалса, дәл келе жатқанында мен саған осылай дейін, сен маған осылай деп жауап бер. Менің білуімше бұл арыстан күштілікке келгенде аңның ең мықтысы. Оған дау жоқ. Ал өзі үргедек, қорқақ, ақылсыз болуы керек. Қорқақтығын талай естіп едім. Мүмкін қашып кетер. Егер қашпағанда да бір қайла қылармын», – деді. Бұлар осылай арыстанның үйінде сөйлесіп отырғандай орман маңы шу-шу бола бастады. Арыстанның айқайы да шықты. Орман маңындағы аңдар түгелімен арыстанның алдынан шығып, сәлем берісті. Барлығынан бұрын күзетші уәзірі маймыл арыстанның алдынан шығып, сәлем беріп иіліп, аман-есен келгеніне қуанышты екенін, патшаның кешіккендігіне өте сағынғандарын айтып, алақанынан алған соң, қарақұлақтың жайын айта бастады. Кет дегеніне кетпей, қиқандағанын айтты. Кетпек түгіл, осы жердің иесі менмін дегенін айтты. Егерде дауласып, шатақтасам десе, жекпе-жек алысып көрсін. Алып ұрып жағын айырып, тобығын шайнап, күлін көкке ұшырам деген әдепсіз сөздерін, бірін қалдырмай түгел айтты. Бұл сөзді естіген соң, арыстанның көзі шарасынан шығып, қорқып кетті.

– Маймыл, сен байқамаған шығарсың. Бұл бір күшті, қайраты менен артық хайуан болуы керек. Болмаса қарақұлақ менің пайтахтыма аяқ баса ала ма? Уәзірім, саған сол тәрізді артық сөз айта ала ма, – деді арыстан.

Маймыл тұрып, жылмаңдап: «Тақсыр-ау, мен қарақұлақты танымаймын ба, анық қарақұлақ. Тырбиған борбайын, шолтиған құйрығын, қалқайған құлағын, түр-түсін көзіңізбен көрсеңізші. Сіз түгіл мен де әдепсіз сөзіне ызаланып, жыным түсіп алысып кеткім келіп еді, бірақ сіздің жарлығыңызды күтіп, ақылсыз ақымақтың жазасын өзі берсін деп, әдеп сақтадым. Айда, тақсыр, жылдамырақ жазасын беріңіз», – деді.

– Әй, шырағым, маймылым-ай, ол қарақұлақ бейнелі болса да, өзі менен күшті хайуан ғой деймін. Дүниеде нелер жоқ. Әуелі байқауымыз керек. Айтпақшы, өзіңнен басқа кім көрді? – деді арыстан.

Сол уақытта түлкі келіп қалған екен.

– Мына түлкі де көрген,тақсыр, – деді маймыл.

– Ей, түлкі, менің пайтахыма қарақұлақ орналасып алып, кет десем күш айтып, кетпей қойды, – деп тұр, мына маймыл уәзірім. Сен бұл туралы не білесің. Өзің қарақұлақты анықтап танушы ма едің. Пайтахыма отырған қарақұлақты көзіңмен көрдің бе? – деді арыстан.

Сонда төмен қарап түлкі, жыламсырап тұрып:

– Тақсыр, біз бір аңдардың арасындағы сорлысымыз ғой. Өзіңіздей рахымдысы болмаса, батырсынған даңғойлары ашықса-ақ, аузын салып қағып салады. Өткен жылы қабылан мен жолбарыс арасындағы жанжалға кірісем деп, төрт бірдей баламды жегізіп алдым, өзім зорға ғана қашып құтылған болатынмын. Сонан бері ауыз бағып, күштілердің сөзіне кіріспеске ант еткен едім. Мен сорлыны қайтесіз. Басқаларынан сұрай беріңіз, – деді.

–Айттым ғой, осы бір менімен әдейлеп, алысуға келген мықтының өзі. Жер көп қой. Не керек, шатақтасып, – дейді де арыстан бұрылып қашуға ыңғайланады.

Маймыл болмайды:

– Апырай, тақсыр, тым болмаса барып өзіңіз көзіңізбен көрсеңізші, анық қарақұлақ, – деп жалынған соң, арыстан маймылға ілесіп, екеуі қарақұлаққа таман жүріп кетті. Түлкі де анадайдан бұлардың артынан ілеседі.

Түлкі мен маймыл арыстанды ертіп келе жатқанын көріп, қарақұлақтың қатыны балаларын тістелеп жылата бастады. Сонда қарақұлақ қатты айқайлап:

– Ей, қатын, балалар неге жылайды? – деп сұрайды.

Қатыны:

– Жолбарыс пен қабылан етін жемейміз, бізге арыстан еті керек деп, балаларың жылап тоқтамай қойды, – деді.

Мына сөзді естіген соң, арыстан әбден қорқып кетті. «Маймыл, сен мені бір пәлеге жолықтырасың. Айттым ғой бұл бір күштінің өзі. Даусы қарақұлақ сияқты болса да, менен әлдеқайда мықты болуы керек», – деп, қашуға кейін қарай ыңғайланып еді. Маймыл: «Япырай, тақсыр, сізге не болған? Кішкене жүріп өз көзіңізбен түсін көрсеңізші. Сөйтіңіз де маған әмір беріңіз. Тіпті сазайын өзім берейін», – деп, жалынған соң, арыстан алаңдап, қарақұлаққа қарай аяғын екі-үш басты. Қарақұлақтың балалары бұрынғыдан да жаман жылай бастады. Қарақұлақ қатынына қатты ақырып, ашуланып: «Балалар неге жылай береді?» – деп сұрады Қатыны: «Алдыңғы күнгі арыстанның еті ескіріп кетті. Жемейміз. Бізге арыстанның жаңа еті керек деп жылайды балалар», – деді.

– Ендеше тоқтай тұр, қатын. Осы жердің ие арыстаны келіп қалар. Мені арыстан іздетіп шаршатпай, арыстанның уәзірі болып жүрген, бізге кеше келіп дос болған жақынымыз маймыл бар ғой. Сол арыстанды алдап ертіп келмекші еді. Егер де уәдесін орындап, дауласқыш арыстанды ертіп келіп, балаларға бір жас сорпа ішкізсе, маймылды өзіме бас уәзір қылам. Қатын, сен ұмытпа. Тіпті осы жердегі аңдардың ішіндегі ең епті, өңдісі сол маймыл көрінеді. Басқаларының керегі жоқ. Уәзір қылмаймын, – деді қарақұлақ.

Өз құлағымен мына сөзді естіген соң, арыстанның ашуы келіп: Әй, қиянатшы, ақымақ маймыл, – деді де, алдында келе жатқан маймылды ұстай алып, дал-дал қылып, айырып-айырып тастады. Сөйтті де, өзі кейін қарай қаша жөнелді. Зәресі ұшып кетіп, қорыққаны сондай, артына да қараған жоқ. Сол қашқаннан мол қашты. Үш күндік жерге барған соң, демін бірақ алды. Арыстанның қашқанын, маймылдың өлгенін көріп тұрған түлкі, шашылып жатқан маймылдың етінен ең жақсыларын таңдап жүріп, өзі көтергенше аузына тістеді де, жақын жерде терең ін ішіндегі балаларына апарып жегізді. Ал қарақұлақ, бір ақырып: «Арыстанды да қашырып алып, нақ мықтының өзі мен боламын», – деп, кеудесін қағып, сол жерде ормандағы патша болды. Қартайғанша арыстанның мекенінде өмір сүрді.

93. Жолбарыс пен тышқанның достығы жайында

Ерте заманда бір жолбарыс бір тоғайдың қалың бедерінде ұйықтап жатыр еді. Үстіменен бір тышқан жорғалап жүріп бара жатқанын сезіп, ұйқысынан оянып қараса, тышқан екен, ұстап алды да, тышқанды қысып өлтіретін болып еді. Тышқан:

– Я, тақсыр, арызым бар, мені өлтірмеңіз, бір күнәмді кешіріңіз, білмеген екенмін, тірі жүрсем, мен де бір қызметіңізге жарармын, – деп, арызын айтты.

Жолбарыс күліп тұрып:

– Мен – жолбарыс, сен тышқансың, қалжыңың мынау, сен маған қызметке жарамайсың, – деп, тамаша етіп тұрып, – қап, бар енді, көрерміз, – деп, тышқанды қоя берді. Тышқан пақыр қуанып, «жолбарыс досым» деп, жүгіріп ойнап кете берді. Күндерде бір күні жолбарыс жортып ойнап жүріп, мойнынан аспа тұзаққа түсіп, шарық ұрып жылай берді. Тышқан келіп қараса, баяғы өзінің досы жолбарыс екен. Қасына келіп қарап тұрды, жолбарыс тышқанға қарап:

– Әй, лажың бар ма бұған қылар? – деп, тышқаннан көмек сұрады. Тышқан тұра жүгіріп келіп, тұзақты қажап, қиып кеп жіберді. Жолбарыс тышқан досына қиын күнінде іске жараған соң, разы болып, «рахмет, досым» деп қуанып, ажалдан айырғанына шат болды.

Осындай себептер біреу-біреудің арасынан өтпей қалған емес. Тарихта халық аузында мынадай мақалдар бар:

Ханның ісі қараға түсер,
Батырдың ісі балаға түсер,
Байдың ісі кедейге түсер,
Бәйбішенің ісі (...) түсер,

Жолбарыстың ісі тышқанға түсер,
Ердің ісі баз-базында дұшпанға түсер, –
деген.

94. Қалайша шиебөрі жолбарысты алдады

Бір күні жолбарыс тамақ іздеп шығып, бір торға түсіп қалса керек. Сол тордан шыға алмай жатып, со арада бір жаяу адам өтіп жүрсе керек, жолбарыс оны көріп жалынады. «Әй, сен, адам болсаң, мені осы тордан босатсаң, мен өтеп беремін, көп қайырым саған қыламын». Жамандықты ойламаған адам, торға келіп жолбарысты босатып шығарды. Жолбарыс босанып шыққан соң, адамға айтты: «Мен болсам бірнеше күн тамақ көрмей, әбден қарным ашты. Мен сені жеймін». Сонда адам айтты: «Оу, сенің мені жарылқаймын дегенің кәне? Енді өстіп, мені жеймін деп тұрғаның бола ма? Бұл істі біреуге барып айтып жүгінейік», – деді адам. Сонда жолбарыс «Мақұл, біреуге сынатсақ» деп, үлкен ағашқа келіп, ағаштан сұрады: «Әй, ағаш, сен білсең бізге айт, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, жоқ қастықпен өтей ме?». Сонда ағаш айтты: «Қастықпенен өтейді. Сендер өзің тексер, сендерге айтайын. Осы менің қалқама адам деген келіп көлеңкелеп тұрып, енді жүрерде, менің бұтағымды керек-жараққа қиратады, кесіп алып кетеді. Сонысы маған қылған қастық емей не деп айтасың?» – деп, осы сөзді ағаш айтты. Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал, мен сені жеймін». Адам айтты: «Үш сұратып, одан соң мені же!», – дейді. «Құп, жарайды», – деп, жолбарыс бір күні келе жатса, бір кәрі сиыр жайылып тұрса керек. Сол сиырдан адам сұрады: «Әй, сиыр, бізге айтып бер, жақсылықты жақсылықпен өтей ме, әлде қастықпенен өтей ме?» Сонда сиыр айтты: «Қастықпенен өтейді. Себебі, бұрын өзім жас болғанда, сүтім мол болғанда мені жақсы көріп жүрді. Енді мен қартайдым, сүтім аз болды, енді ием сояйын деп тұрса, қастық емей не?» Сонда жолбарыс адамға айтты: «Ал мен сені жеймін». Адам айтты: «Енді бір жолы сұрайық». Сөйтіп келе жатса, бір шиебөрі оларды көріп қашты. Сонда жолбарыс айқайлайды: «Әй, ағайын, сен қашпа, біз саған қас қылмаймыз, сенен сұрар сөзіміз бар!». Сонда шиебөрі тоқтап тұра айтты: «Мен де болсам таң қалдым: тегі жолдас болмайтұғын екі жан бірігіп кеп тұрғаны». Сонда адам айтты: «Әй, шиебөрі! Осы жолбарыс торға түсіп, шыға алмай маған жалынды. Мен болсам оны босаттым. Енді болса мені жеймін деп тұр». Сонда шиебөрі адамға айтты: «Сен болсаң өтірік айтып тұрсың. Жолбарыс аңның патшасы, ол болса қандай торға түссе де, шыға алады». Сонда жолбарыс айтты: «Адамның айтқаны рас». Сонда шиебөрі: «Сендердің айтқан сөзіңнің бәрі өтірік, өз көзіммен көрмей, мен сендерге нанбаймын», – деді шиебөрі. Сонда жолбарыс айтты: «Жүр, сен біздің айтқанымызға сенбей тұрсың, өз көзіңмен көр. Мен сол торға сенің көзіңше түсіп, саған көрсетейін», – деп, үшеуі қайта сол торға барды. Жолбарыс: «Мынадай мен осы торға түсіп қалған едім», – деп, торға түсіп, оралып қалды. «Міне, көрдің бе?» – деп, жолбарыс шиебөріге айтты. Сонда адам қайта жолбарысты босатайын деп ұмтылды. Сонда шиебөрі адамға ақырын айтты: «Сен болсаң бұдан кейін торға түскен жолбарысты тегі босатушы болма. Енді болса үйге қайт, мен де кетейін», – деп, екеуі қашып кетті. Жолбарыс сол оралған күйі қалды. Сонда аңшы жетіп келіп, жолбарысты атып тастап, терісін сойып алды. Тегі, күш кейде адал табыс, қулыққа қарсылық қыла алмайды, алдауға көнсе, тұтылып қалады. Бұ да болса бір жұмбақ.

95. Қайырымсыз барыс

Қалың орманды аралап, қарағайдың түбіне келіп, оның қалың борпысын кеулеп үңгір қазбақ болған қабанның құлағына кенеттен қыңсылаған дыбыс естіле береді. Қабан үңгірден шығып, қарағайдың желкесіне шығып қараса, үлкен жартастың түбінде барыстың бір жұп қызылшақа күшігі жан таппай қыңсылап, жатыпты. Қасына жақын келген қабан:

– Сендерге не болды? Орманның құдайымын деп жүрген әке-шешелерің қайда кетті?-деп сұрайды. Күшіктің бірі зар қағып:

– Әке-шешемізді біреулер тұзақпен қылқындырып өлтіріп кетті. Ойласақ, жүрегіміз жыртылады. Енді бізді кім бағып жетілдірер екен! – дейді. Қабанның іші елжіреп кетіп:

– «Өйтсе, жыламаңдар, әке-шешелерің өлген болса, сендерге мен әке болып қарайласайын, қалай дейсіңдер? – деп сұрайды. Күшіктері жастарын тыйып:

– Бізге кім тамақ берсе, сол әкеміз болады ғой, мейіріміңізге рахмет деседі.

Сонымен қабан барыстың күшіктерін ертіп өзінің жұмсақ үңгіріне апарады. Әр күні жортып, тұйықсыздан аңдарға атылып, аю мен бұғы-маралдарды жамсатып, соның етімен әлгі екі күшікті асырайды. Өстіп айларды, жылдарды өткізеді. Барыстың күшіктері қабанның қамқорлығында есейе береді. Екі жыл өткен соң үп-үлкен барыс болып, енді өз тамақтарын өздері тауып жей алатын болады. Бірақ осы кезде қабанның жасы ұлғайып, әл-дәрмені қалмай, жан бағуы қиынға түседі. Ол екі барысқа:

– Сендер үлкейдіңдер, өздеріңді өздерің бағатын болдыңдар, ал мен қартайып қарынымды тойғыза алмайтын болып қалдым. Екеуің енді мені қайтып асырайсыңдар?-дейді. Бұл кезде есейіп қалған екі барыс, қабанның алдыңғы жағына шоңқиып отырып:

– Біздің де шыдамымыз қалмай әрең жүрміз. Сіз де қиналып әрең жүрсіз, өлсеңіз өліміңіз де жақсы болмай қаларма екен, одан гөрі мына екеуіміз өзіңізді алып соғып жей салсақ, содан өтер жақсылық болмас,-дейді.

Мұны естіген қабан түршігіп кетеді. Ол өзі өсірген барыстардың мұндай қайырымсыздық етерін о заманда бұ заман ойламаған еді. Ашудан селкілдеп кеткен ол:

– Әй, жыртқыш немелер, өстіп қасқыр азу, ит сілекей болғандарың ба?! Мен боран-шашындарға қарамай, аш қалып жүріп сендерді бағып қаққан едім. Енді сендер мені жем қылмақ болып, құлқындарыңды маған созып отырсыңдар, өстіп те опаға жапа қыласыңдар ма? Тектеріңнің мұндайлығын білсем, титтей де қарамас едім. Өзіме де обал жоқ екен, – дейді. Сонан ол екі барысқа жалынышты бейнемен:

– Кәртейген әкелеріңді жеулеріңе болар. Бірақ ең соңғы бір талабымды орындап сонан жеңдер, маған қарынымды қампитатындай су әкеліп беріңдерші, – дейді.

Екі барыс алжыған қабанды жеп қарық болатын болдық деп суға кетеді. Қабан дереу олар келетін жолға екі тұзақ құрып қойып жол шетінде жасырынып жатады. Көп өтпей екі барыс суды көтеріп қайтады. Тұзаққа таман келгенде қабан бар даусымен гүр ете түседі. Үрейі ұшқан екі барыс қорыққандарынан шоршып барып тұзаққа түсіп қалады. Қабан ол екеуін қылқындырып тұрып:

– Опаға жапа қылғанның көретіні осы, сендерге өлімнен басқа жол жоқ, – деп, кекті таяқпен келістіріп ұрып, өлем қаптырыпты.

96. Жолбарыс, аю, қарақұлақ, тауешкі

Бір мерген аң аулап жүріп, бір уақытта шаршап-шалдығып отырып жан-жағына көз салса, бір аю ана тасты бір, мына тасты бір ұстап салмақтап-салмақтап қояды, – дейді. Ойпыр-ау, мынау мені ұрайын деп жүр екен – ғой деп ойлап, таң-тамаша болып отырса, жотаның қапталында аңдар жүруге лайық, жыныс бір жер бар екен. Соның баурында тауешкі жүр екен. Аю соны ұрып өлтіріп жемек екен. Қазандай таспен періп жіберді. Бақырып барып тауешкі жығылды. Аю жүгіріп отырып барып кеудесіне мінгенде, оны бір жолбарыс көріп, аюдың үстіне міне түсті. Аю тауешкіні жеп, жокең екеуінің басын ұстап жатқанда, үлкендігі мысықтай ғана кішкене нәрсе келіп жолбарысты соғып кетіп еді, жолбарыстың ауыз омыртқасы үзіліп кетіпті. Сол жерде бәрін жинап, мысықтай болған қарақұлақ жеп қалды. Қызығын көріп отырғанда қарақұлақ етке тойып кетіп қалды. Сонымен, мерген де тауешкінің етін жеп, өзге қалғандарының терісін алып, өздерін көтере алмай үйге қайтты.

97. Жолбарыс пен түлкі

Ерте заманда бір жолбарыс ормандағы дала хайуандарына өзін «патшамын» деп жариялапты, бір үңгірді өзі жалғыз иелеп, жейтін азығын жыртқыш аңдарға алман-салық қылып салып, әрбір жыртқыш аң шамасы келген қоңыр аңнан бірден әкеліп тапсыруды бұйырады екен. Орналастыру бойынша жолбарысқа жем әкелу кезегі түлкіге келеді. Түлкі орманға барып шамасы келетін қояннан біреуін ұстап әкеле жатып, жолда бір құдықтың басына келіп, құдыққа қараса, судағы өз сәулесін көріп селк ете түсіп, қайта бір қарап көңілі орныққан соң, есіне мынадай бір қулық түсе кетіпті.

– Осы жолбарыс патша болып, өзі жатып алып, бізге жем тасытып күн

көрсетпейтін болды. Бүйте берсе, бізге күн жоқ. Құдықтағы судың сәулесі арқылы бір алдамға түсірейін оны, – деген байламға келіп, қоянды өзі жеп, тойып алып, қоянның жүнін құдықтың аузына додырайтып шәшіп тастап, жылап-еңіреп жолбарысқа келіп:

– Патша тақсыр, бір қоянды әрең ұстап келе жатсам, жолда бір дәу

кезігіп қоянымды тартып жеп алды да, құдықтағы суға түсіп кетті.

– Бұл патша азығы еді, – десем:

– Патша батыр болса, маған келсін! – дейді.

Сонымен сізге құр қол келдім, – дейді. Сонда жолбарыс бір жақтан қарны
ашып, бір жақтан намысы қозып, ашуға булығып:

– Менен асқан қандай дәу екен ол, маған тез көрсет оны,– деп түлкіні

ертіп құдыққа келсе, айтқандай қоянның додыраған жүні жатыр. Мұны көріп онан ары ашуланған жолбарыс, түлкіге қарап:

– Ол қайда кетті? – дегенде, түлкі тұрып:

– Шамаңыз келер ме екен, апыр-ай! Бұл өте қауіпті көрінеді. Егер

шығып қалса, одан бұрын қимылдамасаңыз, оқыс қыларма екен, – деп жолбарысқа жанашырлық білдіре сөйлесе, жолбарыс онан ары ашуланып, әрі намыстанып:

– Тез, көрсет! – деп ақырыпты. Түлкі қатарласа келіп, өз сәулесін

түсірмей, жолбарысты бір адым алдыға жүргізіп, жолбарыстың судағы сәулесі көрінгенде қоянды тартып алған дәудің өзі осы, – депті. Сонда жолбарыс судағы өз сәулесін аңғармай, «бұрын қимылда» деген сөз есінде тұрып, суға бірақ секіріп түсіп, сол беті қайта шыға алмай, ашумен суға тұншығып өліпті. Сөйтіп, түлкі өзінің жолбарысты суға түсіріп өлтіргенін бүкіл ормандағы, біткен аңға жариялапты. Барлық аң біткен еркіндік алыпты.

98. Жолбарыс пен тиін

Ертеде бір тауда қалың орманды билеп-төстеген бір жолбарыс болыпты. Ол астам әрі озбыр екен. Зорлық-зомбылық істеуден сырт сол өңірдегі аң атаулыны мейлінше қорқытады екен. Күндердің бірінде осы жыртқыш жолбарыс қарт аңшының құрған торына түсіп қалады. Қанша бұлқынса да шыға алмай әбден титықтапты, шығудың еш тәсілін таба алмапты. Дәл осы кезде дес беріп, ағаш басында асыр салып секіріп, бір тиін шыға келіпті. Тиінді көрген жолбарыс:

– Құтқара көр! Құтқара көр! – деп дауыстапты. Күллі аңдардың

патшасының аңшының торына түсіп қалғанын көрген ақкөңіл тиін ағаш басынан секіріп жерге түсіп, жүгірген бойы жолбарыстың қасына келіп, торды тісімен қиыпты.

Жыртқыш жолбарыс іштей: «Мен соншалықты қайратты бола тұра, аңшының торына түсіп қалдым. Оның үстіне кішкентай тиінға жалынып-жалпайдым, әбден масқара болдым! Егер тиін бұл істі осы өңірдегі аңдарға айтып қойса, абыройымның айрандай төгілгені емес пе?», – деп ойлапты. Сөйтіп, ол орнынан ұшып тұрып тиінге қарай атылыпты:

– Тиін, енді қайда қашасың? – депті ақыра, шеңгелімен оны мыти

қармап, «Енді мылжа-мылжа болған шығар» деп ойлаған жолбарыс шеңгелін жазып қарайын дей бергенде, ағаш басына әлдеқашан шығып алған тиіннің құйрығын бұлғақтатып:

– Жолбарыс мырза! Менің істеген жақсылығымды ойлағайсыз! – деген

сөзі естіліпті.

99. Жолбарыс пен бақа

Күндердің бірінде бір жолбарыс жем іздеп өзен жағасына келе жатыпты. Бір бақа оны көріп қатты сасыпты. Ол жолбарыс мені жегелі келе жатыр ғой деп ойлаған екен. Сонымен қашуға үлгіре алмағандықтан, бір жертомардың үстіне секіріп шығып алып, жолбарыстың келуін күтіпті. Ол әбден таяғанда, онан:

– Ей, қайда барасың? – деп сұрапты.

– Бір нәрсе ұстап жейін деп бара жатырмын. Екі-үш күннен бері

тұмсығым қызылға тимей, аштықтан өлуге жеттім, сені жейін деген ойымда бар, сен тым құрдым екенсің, бірақ басқа жейтін нәрсенің қисыны жоқ. Өзің кім едің? – депті жолбарыс.

– Мен бақалардың патшасымын, әрқандай жерден секіріп өте алатын, әр

жұмыстың қандайын болса да істей білетін өнерпазбын. Кел, қане, алдымыздағы мына өзеннен қайсымыз бұрын секіріп өте алар екенбіз, – депті бақа, күжілдей сөйлеп.

– Жарайды, – депті жолбарыс секіруге оңтайланып. Бақа жер томардан

секіріп түсіп, оның құйрығының ұшына жабыса кетіпті. Өзеннің ар жағына секіріп өте шыққан жолбарыс қайырылып бақаны арт жағынан қарапты. Жолбарыс артына бұрылып қарай бергенде аузын босатқан бақа:

– Жолбарыс, арт жақтан немене қарап жатырсың? – депті.

Жолбарыс тағы бір айланып алдында тұрған бақаны көріп таң қалыпты, сонда бақа:

– Бұл реткі жарыстан ұтылып қалдың, біз енді басқа нәрседен

жарысып көрейік. Қайсымыз көп құсар екенбіз? – депті.
Ашығып қарыны қабысқан жолбарыс бір тамшыдай қара судан басқа

ешнәрсе құса алмапты. Ал бақа жолбарыстың жүні аралас көпіршік құсыпты. Бұған таңданған жолбарыс:

– Бұл құсқан қыл-қыбырларың не? – деп сұрапты.

– Кеше бір жолбарыс өлтіріп етін жеген едім, бұл сол жолбарыстың жүні

ғой, қорытылмай қалған, – деп жауап беріпті бақа.
Бұл кеше бір жолбарысты жалғыз жалмапты. Ал бүгін алысқа секіруден

менен асып түсті. Ахуалға қарағанда бұл бір дию болды, аман шағымда тайып тұрғаным жөн сықылды» деп ойлаған жолбарыс артына бұрылып тауға қарай зытып беріпті.

Жолбарыс қашып келе жатқан жолында бір түлкіге кез болыпты. Түлкі
одан:

– Нендей іс болды? Неге мұнша жінігіп қашып келесіз? – деп сұрапты.

– Ана-ана жерде, бақалардың патшасына кез болдым. Ол тым жоян екен.

Жолбарыс жейді екен. Екеуіміз өзеннен секіріп едік, менен озып өтті, – деп жауап беріпті жолбарыс. Түлкі мырс етіп:

– Ол не дегеніңіз, шынымен-ақ құртымдай көл бақасынан қорқып

жаныңызды қоярға жер таппай келесіз бе? Ол қолынан түк келмейтін әлжуаз неме еді, түлкі басыммен мен де табаныммен таптап мылжа-мылжа етемін, жүріңіз оның әуселесін мен-ақ көрейін, – депті.

– Бұл бақаның жөпшеңкі бақа емес екеніне көзім әбден жетті. Сен оны

көргенде мені тастай қашпасаң болды, – депті жолбарыс.

– Қашып кетеді деп қорықсаңыз, мені өз құйрығыңызға байлап алыңыз,

– депті түлкі.

Сонан олар құйрықтарын бір-біріне байлап алып, бақаға қарай бет түзепті. Жер томардың үстіне шығып шоқайып отырған бақа олар таяп келгенде түлкіге құжырлана дауыстап:

– Ей, түлкі, сен менің құзырыма не алман-салық тапсырмадың, не

қызарған ет әкелмедің, андағы құйрығыңды байлап әкеле жатқаның ит пе? Соны маған әкеле жатырсың ба? – депті. Түлкі сұм мені патшаның құлқынына тығу үшін әкеле жатқан екен ғой деп ойлаған жолбарыс қорыққанынан жалт бұрылып сорлы түлкіні дырылдата сүйреп безе жөнеліпті. Сілесі қатып өлмеген болса, олар күні бүгінге дейін сол беті қашқан болар еді.

100. Қабылан мен есек

Қабылан – қанға құныққан жыртқыш хайуан. Есек – дауысы зор, күніне талай рет аңырайтын хайуан.

Күндердің бірінде өзін жемекші болып келе жатқан қабыланды көрген есек:

– Мені жеуге батылың қайтып барар, мен айғайлап-ақ жүрегіңді тас

төбеңнен шығарамын, – депті.
Қабылан бұған сеніңкіремеген соң, есек бар даусымен аңырапты, ол

тоғыз рет аңырағанда тау-тас жаңғырығып, жер-дүние зіл-зала болыпты. Есектің зор дауысын естіген қабыланның көңіліне едәуір үрей пайда болыпты.

Сонан есек қабыланға:

– Қабеке, екеуіміз селбесейік! Сіздің қайратыңыз бар, екеуіміз біріксек,

осы бір таулы орман жұмсақ, жұдырығымызда, ашсақ, алақанымызда болмай ма? Сіз қысаңның аузынан торуылдаңыз, мен орманда тұрып аңырап, аң біткенді үркітіп, алдыңызға айдап салсам болмай ма? – депті. Қабылан бұған мақұл болыпты, сөйтіп, олар іске кірісіпті. Есектің айтқаны келіп, орман ішінен үркіп қашқан аңдар қабыланның алдына өзі келіпті. Етке мейілінше тойған қабылан бұған барынша ыразы болыпты.

Сондай болса да есектің қабілеттілігіне күмәнмен қарайтын қабылан:

– Есеке, бүгін тәсілімізді өзгертейік, сіз қысаңның аузына ие болыңыз,

мен орманға барып гүрілдейін депті.
Мұны естіп жүрегі зу ете түскен есек өзінің әлсіздігін сездіріп қоймау
үшін бұған да көніпті.
Есек қысаңның аузында торуыл жасап тұрғанда, үріккен аңдар

топ-тобымен жосылып шығыпты. Шынын қуғанда есектің бар болған өнері аңду ғана еді. Бұл аңдарды ол қайтіп ұстай алсын. Ол есі шығып бір жартастың қуысына тығылып алыпты. Сонда да бөксе жағы симай сыртта қалыпты.

Үріккен аңдар оның қасынан дүркіреп өтіп жатыпты. Сол аралықта бір ақымақ қарға келіп оның құйрығын шоқыпты. Сонда есек бар пәрменімен қарғаның тұмсығын бөксе жағымен тасқа басып алыпты. Біраздан кейін есектің әрекетін көрейін деп, қабылан келіпті. Сонда есек:

– Әттең, ешнәрсе келмеді, тек бір қарға ғана келіп еді, қолымды

істетпей-ақ ұстап алдым, мінеки, – деп көпіріпті.
Мұны естіп, қабылан есекті рас қабілетті екен деп ойлап оны жеуге бата
алмапты.
Міне, осылай, басқа жыртқыш хайуандар есекті жемекші болып тап

берсе, ол бар даусымен аңырайды екен. Қабылан оның даусын естісімен дереу жетіп келіп, оны жеп қояды екен. Өйткені бір нәрсе жәбір көрсетпекші болса, есек қатты аңырайтын болып екеуі осылай келіскен екен.

Алайда бір жолы бір жолбарыс есекке шауыпты. Есек бар даусымен аңырапты, бірақ күнде жетіп келетін қабыланның сол күні өзі түгіл, көлеңкесі де көрінбепті.

Қабылан кейін келіп қараса, оның орнында ұйыған қаны мен жемтігі ғана
қалған екен, сонда қабылан:

– Қолынан түк келмейтін неме екендігіңді бұрын білген болсам, мұны

әлдеқашан өзім жеген болар едім-ау, – деп қатты өкініпті.

101. Аю мен түлкі

Аюдың түлкіменен жүгірісіп жарысқысы келді. Сонда түлкі мұнысына көніп алып, ойлайды, қайтсем бұл аюдан мүлде құтыламын деп, аюдың әрдайым қылған азаптарына шыдай алмағаннан. Соның үшін түлкі ағаш ішінен іздеп жүріп бір үлкен ор тауып алады, қасқыр ұстау үшін қазып қойған. Сол ордың аузын бұтақтар, шөппенен жауып қойып, дәл ордың қасынан өзіне ін қазып қояды. Әлден соң түлкі аюменен орға қарай жүгірісе бастайды. Түлкі аюдан озып барып, бағанағы қазып қойған ордың жанынан ініне жасырынып қалды. Аю қалғанына разы болмай тура жүгіріп бара жатып орға түсіп кетіп, ор ішінде жатып жаман бақырып, қышқырады. Сонда түлкі оған болыстық қыламын деп уәде беріп, әдейі мергеншіге көріне салып жасырынып қалады. Сонда мергенші түлкіні іздеп жүріп, аюға кез болып, аюды соғып алады.

102. Аю мен маса

Алпамсадай аю жұдырықтай қоянды ұстап алып, ешбір жазықсыз құлағынан тартып қинады. Тіпті бір құлағынан бұрап, жұлып тастай жаздады. Қоян қатты қапаланды. «Құлақ жазылар, көздің жасы да құрғар-ау, бірақ кегім тарқамас! Не үшін қорлық көрдім! Қисық аяққа кездесіп қалсам құримын ғой! Оған жұлғыза беруге шыдай ма! Аю осы ормандағы аңдардың ең күштісі, мұңыңды кімге барып шағарсың? Қасқыр мен түлкі араларынан қыл өтпейтін оның сыбайлас достары! Енді кімнен қорғаныш табармын!» – деп жылады ол. Сол уақытты қалың қамыс ішінен:

– Маған қорғала! – деген жіңішке дауыс шіңк ете түсті.

Қоян сол көзінің қиығын тастап еді, маса екен.

– Сен қандай қорғаныш бола аласың! Ол – аю, сен шіркейсің. Аюға не істей алмақсың сен! Сенде қаншалық күш бар, байғұс-ау! – деді қоян.

– Мен оған ұйқы бермеуге жараймын, – деді маса.

Ыстық орман ішінде аю жанын қоярға жер таппайды. Әбден қалжыраған ол бүлдірген жапырағының үстіне жатып дем алмақшы болды. Көзін жұмғаны ғана сол еді, нақ құлағының үстінен:

– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дыбыс естілді.

Аю масаның даусы екенін тани қалды. Масаның мұрнына келіп қонатын мезетін күтіп, әзірленіп жатты ол. Маса айнала ұшып жүрді де, аюдың тұмсығына келіп қонды. Қисық аяқ ойланып жатпады, бар күшін салып сол жақ табанымен мұрнын ұрып кеп қалды. «Аюдың тұмсығына қонудың немен тынатынын маса қайдан білсін!» Аю оң жағына аунап түсіп көзін жұмып, есіней беріп еді, тағы да құлағының тұсынан:

– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дауыс естілді.

Маса, сірә, аюдың табанынан құтылып кеткен болу керек!

– Енді қай жеріме қонар екен ол, – деп ұйықтаған боп, қозғалмай тыңдап жатты аю.

Қисық аяқтың маңында ызыңдап-ызыңдап жүріп, маса бір мезетте тым-тырыс бола қалды.

– Ұшып кетті ғой деймін, қарғыс атқан! – деп күрсінді аю. Маса бұл кезде құлағының түбіне ептеп қана кірді де, шым еткізіп шағып алды. Аю орнынан секіріп тұрды. Шырқ айналып оң табанымен құлағын салып кеп қалғанда, көзінің оты жарқ ете түсті. «Маса енді аюды шағуды мүлде есінен шығарар!»

Қисық аяқ құлағын бір сипап қойып жайланыңқырап жатты. Енді ұйықтауға болады! Көзін жұма бергені сол-ақ еді, бас жағынан тағы да баяғы ызың естілді.

– Бұл не деген беймаза еді! Неткен берік шіркей!

Аю жерге бір түкірді де, маса маза бермеген жерден кетіп қалды. Қисық аяқ бүкіл орманды кезіп, бұта-бұтаның арасымен жүріп келеді, ұйқысы келгендіктен, аузын арандай ашып есінейді, ал маса соңынан қалар емес.

«Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!»

Аю жүгіре жөнелді, жүгіре-жүгіре әлі құрып, бір бұтаның түбіне келіп құлады. Демалып жатып, тың тыңдайды. Маса қайда! Орман іші жым-жырт. Көзге түртсе көрінбес қараңғы. Төңіректегі күллі аңдар мен құстар баяғыда-ақ шырт ұйқыға кірген. Жалғыз аю ғана ұйықтай алмай, әбігерленуде.

– Міне, пәле! Бір жаман масаның мені осыншалық әурелегенін көрдің бе? Осы мен кәдімгі аюмын ба, жоқ па? Тіпті одан қашып құтылғаныма да мың қат шүкіршілік. Енді рақаттанып ұйықтайтын шығармын, – деді аю.

Аю жаңғақ ағашының астына барып орналасты. Көзін жұмды да, қалғып кетті. Ол түс көре бастады. Түсінде орман ішінен араның ұясын тауып алыпты, онда бал тіпті көп екен. Ол ұяға аяғын сала бергенде, кенет: «Ызың-ң-ң!» – деген дауыс тағы естілді. Маса аюды тағы да қуып жетіпті. Қуып жетіп, оятып жібереді. Қисық аяқ отырып алып, ызаланып ыңқылдай бастады. Ал маса тас қараңғыда оны айналып, біресе қатты, біресе жай ызыңдай берді. Дызылдап-дызылдап маса жым-жырт бола қалады. Аю тыңдап тұрып, жаңғақ ағашының түбіне жасырына түсті де көзін жұмып, қалғып кетті, бойы да жылына бастағаны сол еді, маса тағы ызың-ызың ете қалды. Қисық аяқ бұтаның түбіне шықты да, жылап қоя берді. «Соңымнан қалмай қойдың-ау, қарғыс атқан! Тұра тұр, бәлем! Таң атқанға дейін кірпік ілмей отырсам да сенің көзіңді жоярмын!» – деді. Маса күн шыққанша аюға ұйқы бермеді. Әбден қалжыратып, есін кетірді. Таң атқанша аю көз шырымын алмады. Өзін-өзі соққылап, бар денесін көгертті, бірақ масаны жеңе алмады. Күн шықты. Ормандағы аңдар мен құстар әбден ұйқысы қанып оянды. Ән шырқап, шаттанды. Жаңа күнді тек аю ғана көңілсіз қарсы алды. Орман ішінде оған қоян кездесті. Үсті-басы ұйқы-тұйқы, жүні ұйпалақ-ұйпалақ болған аю аяғын зорға басып, сенделіп келеді. Көзін аша алмайды, құлағынан масаның ызыңы кетпейді.

Қисық аяқты тәлкектеп,қоян әбден мәз болды.

– Ай, маса! Жарайсың, маса! – деп, көзінен жас аққанша күлді.

Кімді айтса сол келеді дегендей, манағы таныс маса тап бола кетті.

– Аю көрдің бе?

– Көрдім! Көрдім!

Қоян күлкіден ішін басып тұр.

– Сен қалай жеңдің оны?

–А, біз жалғыз емеспіз ғой, – деді маса, біз сендердей жалғыз-жалғыз жүрмейміз және қорқақ та емеспіз.

Қоян бір бұтаның түбінде жалғыз шоқиып отырып қалды, ал маса аюдың артынан ызыңдап ұша жөнелді.

103. Үш аю

Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және мықтысы ақ төс аю болыпты. Қазандай тасты допша домалатып ойнайды екен. Күштілігіне мақтанып, кішкене аңдарға маза бермепті.

Бір күні түлкіні құйрығынан ұстап жұлқылайды. Екі аю:

– Түлкі бізге тиіскен жоқ қой, қоя бер, – депті.

– Бұл түлкі мені сыйлап жүрем десе, жіберем! – деп, құйрығын бұрай түседі аю. Құйрығы ауырған түлкі қыңсылап:

– Аю аға, босатшы мені, сыйлап жүрейін, – деп жалыныпты. Аю есіріп:

– Енді түлкі мені сыйлап жүреді! – деп мақтаныпты.

Тағы бірде қасқырды ұстап алып, аяғын мытып, құлағынан жұлқылап, босатпай, есін шығарады. Екі аю тұрып:

– Қасқыр бізге тиіскен жоқ қой, – депті.

– Егер мені сыйлап жүремін десе, босатамын! – деп, гүр-гүр етіпті ақ төс аю. Жаны қиналған қасқыр қырылдап:

– Аю аға, сыйлап жүрейін, – деп жалбарынады.

Ақ төс аю екі серігіне:

– Енді мені қасқыр да сыйлап жүретін болды! – деп қоқиланыпты.

Екі аю:

– Сені бұдан былай түлкі мен қасқыр жек көреді және ешқашан сыйламайды. Өйткені сен оларға күш көрсетіп, жәбірледің, – депті.

– Жоқ, сыйлайды, – деп екіленіпті ақ төс аю.

Ақыры екі серігінен бөлініп кетіпті. Тоғайды аралап ұзақ жүреді. Бір уақытта әлгі өзі жәбірлеген қасқыр бір топ ұяластарымен ақ төс аюдың алдынан шығыпты.

– Сен маған жазықсыз азап көрсетіп едің ғой, енді бәріміз жабылып, сені талаймыз, – депті қасқыр.

Көп қасқырдан зәресі ұшқан ақ төс жуан бір ағаштың басына өрмелеп шығып алып, аман қалыпты. Қасқырлар біраз тұрып-тұрып кетіп қалыпты. Сонан соң жерге түсіп, жан-жағына қарап, сескеніп келе жатса, өзі жәбірлеген түлкі кездесіпті. Түлкі сызылып:

– Аю аға, неден қорқып келесің? – деп, жайын сұрапты.

– Көп қасқырдан қашып келемін, – депті ақ төс аю ентігіп.

– Онда жылдам бері қарай жүр, жаңа мына жақтан қасқырлар көрініп еді, – дейді түлкі жол көрсетіп.

Түлкі нұсқаған жаққа тұра қашқан аю күмп беріп батпаққа түсіп кетеді. Түлкі аюдың қасына келіп, сықылықтап күледі де:

– Сен ана жолы маған жазықсыз жәбір көрсетіп едің, сол үшін сазайыңды тартқызғым келді, – деп кетіп қалады.

Ми батпаққа батқан ақ төс аю әуреге түсіп, өліп-талып әрең шығады. Шаршап-шалдығып, сүмірейіп үңгірге оралады.

– Саған не болды? – дейді екі серігі.

– Мені қасқырлар қоршап алып, талап тастай жаздады. Содан ағаштың басына шығып құтылып ем, қайтып келе жатқанымда түлкі кездесті. Ол мені алдап, батпаққа батырып кетті, – дейді ақ төс аю мұңайып.

– Күшіңе сеніп, әлсіздерді күшпен сыйлатам деген ойың дұрыс емес екендігіне енді көзің жеткен шығар, – депті екі серігі.

104. Маймылдың өлімі

Баяғыда бір түйе болыпты. Ол бұта басын шалып жеп, ағаш жапырағын сыдырып жеп, бірде ойда, бірде қырда кезіп жүр екен. Күндердің бірінде маймылдар жасап жатқан ну орманға келіпті. Ол әдеті бойынша ағаш жапырағын сыдырып жеп, ағаш біткенді сидалай бастапты. Ағаш басында секіріп жүрген маймылдар түйеге таңырқай қарасыпты. Маймылдардың арасынан біреуі:

– Ой, досым, сен біздің жесек азық, жатсақ жамылғы, отырсақ төсеніш болатын жапырағымызды қидай сыпырып, орманымызды жалаңаштауың қалай? – депті.

– Е, маймыл досым, сен білмейсің ғой, мен бір рет тоя жеп, шөлімді қандырсам, қырық күн аштық пен шөлге шыдаймын, биыл ағаш басы сояу болғанымен келер жылы қайта көктеп, жапырақ жайып, мәуелейді-деп жапыраққа тойған түйе маң-маң басып кете беріпті.

Жыл айланып жапыраққа дәндеген түйе жаз күндерінің бірінде маймылдардың орманына қайта келсе ағаш жапырақтары төгіліп, маймылдар ағаштан-ағашқа секіріп, мәз-мәйрам болып жүріпті. Баяғыдағы маймыл түйеге:

– Ей, досым аман келдің бе? Сен расында керемет екенсің! Жазымыз жадырап, көңілді өтіп жатырмыз, бұдан былай екеуіміз дос болайық-деп маймыл мен түйе араларынан қыл өтпейтіндей дос болыпты. Олар бір көлдің жағасын мекендеп, тұрмыстарын жақсы өткізіп, достық барыс-келісті нығайта түсіпті. Бір жылы құрғақшылық жүріп, жан-жануарларға ауыр апат әкеліпті. Маймыл өз қамын ойлап, түйені өлтіріп азық ету арам ойына келіп:

– Екеуіміз аштан өлеміз бе? Басқа жануарлар апаттың алдын алып, азық жинап, қамданып жатыр. Біз бақшаға барып алма жиып алайық – деп түйені бақшаға ертіп барыпты. Түйе алмаға тойып алып, керіліп тұрғанда бағбан келіп қалады. Осы кезде залым маймыл ағаштан-ағашқа секіріп құтылып кетеді. Бағбан түйені ұстап алып өлімші етіп сабап, көгала қойдай қылады.

Маймылдың өзіне қас ойлағанын сезген түйе:

– Бұл арадан кетейік өйтпегенде бағбан екеуімізді де өлтіреді, өзеннен өтіп, арғы жақ жағаны мекен етіп тіршілік көрейік депті.

Сонда ақымақ маймыл түйеге секіріп мініп алыпты. Түйе өзеннен өтіп келе жатып шөге қалғанда, маймыл суға ағып кетіпті. Сөйтіп, «Біреуге ор қазсаң өзің түсесің» дегендей түйеге қастық ойлаған маймыл өзін-өзі жоюмен тынады екен.

105. Маймыл мен шегірткенің сайысы

Өте бір ертедегі кезде қатты қуаңшылық болып ормандар, жемістер солып, маймылдардың жеуіне еш нәрсе болмай қалғандықтан, олар шегірткені ұстап жеуге кіріседі. Бұның салдарынан шегіртке маймылдармен өштеседі. Бір күні шегірткелер маймылдарға қалай төтеп беруді ақылдасады. Сонда бір топ шегіртке:

– Маймылдың күші мықты, бірақ олардың саны өте аз, ал біздің күшіміз әлсіз, бірақ біз өте көппіз. Тек бірлесіп қимыл жасайтын болсақ, маймылдарға төтеп бере аламыз, – деседі. Шегірткелердің бұл кеңесін бірнеше маймыл естіп қояды. Олар айғұлақтана айқай салып:

– Ей, кішкентай өлімтіктер, біз жаппай қимылға келетін болсақ, тұқымдарыңды тұздай құртамыз. Сендер айла істетсеңдер де бізге төтеп бере алмайсыңдар,-дейді. Шегірткелер маймылдың қоқан-лоқысын тыңдамай, жалғасты түрде кеңесе береді. Ол бір айла, бұл бір ақыл ортаға қойысады. Сонымен шегірткелер таңғы шық әбден құрғап, күн шыжып, ми қайнайтын кезді сайысқа түсудің ең жақсы кезі деп қарасады. Сонан әлгі бір топ маймылға:

– Ертең түстен бастап сайысуларыңызға дайынбыз, – деп жауап береді. Маймылдар өз тобына ахуалды айтып келеді. Олар ағаштың бұтағынан, қурайдан шегіртке сабалайтын қару дайындайды. Су ішетін бұлақтарын аршиды. Шегірткелер жерге біткен қылтандарды сорып, әл дәрмендерін қуаттандыра түседі. Түнде өрмелеп, бұлақтардың көзін бітеп тастайды.

Ертесі сәске кезінде сайыс басталады. Топталған маймылдар қолдарындағы аша, қурайлармен жерді сабалап, айғай-сүрен сала шабуыл қозғайды:

– «Өлімтік, ұсақ құрттар, қанеки қашып құтылғандарыңды көрейік, сенің қауқарың неге жетпек»десіп шуылдайды.

Күннің қызуына құшырлана қанаттарын керіп, аяқтарын серпіп, ағаш бойы секіруді, аспанда ұшуды машықтанып жатқан шегірткелер абыржымайды да саспайды. Олар:

– Күн шыжи түссін, аптығып кетпеңдер ақылсыз арбаңбайлар, кішкентай құрттың да керемет екенін көресіңдер әлі, – деп жан жақтан шырылдап үн қатады маймылдарға, топты маймыл шегірткенің шықтан қорқатын, судан қорқатын әлсіздігін білмейді. Құр сес көрсетіп шегірткені қорқытпақшы болады.

Күн төбеге жақындай түседі, жер әлем қатты шыжиды. Осы кезде шегірткелер:

– «Ал сайысқа түскеніміз түскен» деп соғыс жариялайды. Қалың маймыл қолдарына ағаштың бұтағы мен қурайды алып жерді сабалай бетке ұмтылады. Шегірткелер өз кеңестері бойынша дүркіреп аспанға шығады. Бір жерге қонып шөп нілімен тамақтанып алған соң маймылдар жетіп келгенде тағы ұшып көкке шығады. Сөйтіп, кешке дейін маймылдар олай бір, бұлай бір жүгіріп әбден діңкелері құрып, көздері қарауыта бастайды. Шөліркеп суға ұмтылса, су біткеннің бәрі шегіртке қырыққан шөп қурайлармен бітеліп, көруге де болмайтын болып қалғандықтан, су таба алмайды. Өстіп маймылдардың дәрмені құрыған кезде шегірткелер ұшып келіп, олардың өне-бойын, басын, бет-аузын жыбырлатып тырнай бастайды.

– Қане, шамаларың жетсе, бізді қырып тастамайсыңдар ма? Міне, үстілеріңе қондық, таяқтарыңмен ұрмайсыңдар ма, – деп жан-жақтан шұрқырайды. Мұны естіген маймылдың кейбіреулері қасында жүрген маймылдың төбесіне үймелеген шегірткені ұрып өлтірмек болып, ол маймылды сабалай жөнеледі. Мұны көрген маймылдың тағы бір тобы «Соғыстың жақсы әдісі енді шыққан екен» десіп, өздерінен басқа бір топ маймылға қонған шегірткені жоғалтпақ болып, оларды таяқпен ұрып қуалай жөнеледі. Ыстық күнде күшейіп алған шегірткелер бүкіл маймыл біткеннің бәрінің төбесіне қонып ұшып, ұшып қонып келемеж етеді. Ессіз маймылдар бірінің қасына бірі келіп:

– «Төбемдегі шегірткені бір қой», «Мұрыныма қонған шегірткені ұрып жықшы», «Шықшытымды қышытып жіберді, таяғыңмен жанып қалшы», «Иығыма...арқама жармасқанын қарашы, таяғыңмен ұрып жаншып тасташы» деседі. Сонымен барлық маймыл бірін-бірі ұрып өлтіре береді, өлтіре береді...шегірткелер мазақтап көкке ұшып, жерге түсіп маймылдарға ырық бермейді. Кеш бата маймылдың барлығы қирай жоқ болып, өздерін-өздері жамсатып тауысады. Ең соңында үш сайда үш маймыл қалады. Сайдағы шегірткелер бұл маймылдың құлақтарына дейін қонып жыбырлата түседі. Бұл маймылдар «мені соқ... мені соқ» деп алды-артына қарамай безіп жүріп әбден діңкелері құрығанда жығылып түседі. Оларды соғатын маймыл қайдан болсын, әлдеқашан бірін-бірі соғып күйреп болған. Сонан олар көптен кейін естерін жиып төңірегіне қарайды. Сөйтсе серіктері қырылып қалыпты. Содан олар:

– Қап, тегінде біз таңғы шықтың мол кезінде соғысқа аттанбай, шегірткелерден алданып қалған екенбіз. Енді өкінгенмен түсер пайда жоқ. Серіктеріміздің ең соңғы бір ұрпақтары болып, басымызды аман сақтап қалғанымыздың өзі-ақ үлкен олжа, – деседі де зытып беріседі. Шегірткелердің бір тобы олардың құлақ түбінде шұрқырап:

– Қалай екен, бізді өлімтік құрттай деп, көзге де ілмеп едіңдер, ал тірлігі мықты батырларым тойдыңдар ма? Ұсақты әлсіз дегеніңмен ол бірігіп қимыл жасаса, керемет екенін көрсетеді, – дей береді. Маймылдар құлағынан шыққан шегірткелер үнінен онан арман қорқып зыта береді, зыта береді...

106. Айна мен маймыл

Бір күні маймыл айнаның алдына келіп өз суретін көреді. Ол маймылдың қасында аю да бар екен. Ақырын аяғымен түртіп қалып аюға айтады:

– Әй, мына перің кім өзі, ұрымтал жерде тұрған. Шіркін, мұндай көрім болар ма, он екі мүшесінің бір сиықты жері жоқ. Егерде мен осыған ұқсаған болсам, бұл дүниеде тұрмай-ақ өлгенім жақсы, – деп, пышаққа ұрынып өлер едім. Аю жолдас, мен бұған ұқсамағанмен де менің жолдастарымның арасында осындай көк соққандар көп, бәрі де осыған ұқсайды десе де болады, – деп мазақ айтып күледі.

Аю асықпай біраз ойланып: «Маймыл жолдас, сен бұлай деп айтпа, егерде ондай айтатұғын болсаң әуелі өзіңнің сиқыңа абайлап қарап, сонан кейін мұндай сөзді айтcаң сияды», – деп ақыл береді. Маймыл бұл сөзге ашуланып: «Жолдас болып жүріп осындай көңілге келетін сөзді айтасың, мен сенен жаман болғаным», – деп, айнаны аяғымен бір салып, тарс-тұрс етіп жөнеледі.

107. Маймыл мен бақа

Бір маймыл көлге барып су ішіп жүріп бір бақамен танысыпты. Олар бірте-бірте достасып та кетіпті. Ол екеуі үнемі бірге ойнап-күліп жүреді екен. Бір күні екеуі көл жағасындағы көк жасаңда ойнап-күліп отырғанда, бақа маймылды көлдегі мекеніне барып тамашалауға ұсыныс етіпті. Судан өлердей қорқатын маймыл барудан жүрексініпті.

– Сен менің арқама мініп, көзіңді тарс жұмып, отырсаң болды. Сені көл түбіне өзім-ақ алып түсемін, – депті бақа.

Маймыл таңсық көріп, оның арқасына жабысып көлге түсіпті. Маймыл бірнеше күн бақаның үйінде ойнап-күліп жүріпті. Маймылдың жүрегі күллі науқасқа ем болады деп естіген бақа, оны өлтірудің қазанын асып:

– Достым, анамның науқасы салмақты болып тұр, дәрігердің айтуынша,

маймылдың жүрегін жесе ғана сауығады екен, меніңше енді мен не істеуім керек, – депті.

Маймыл әдейі таңданғансып:

– Әттең, бақа-ай! Екеуіміздің дос болғанымызға ұзақ уақыт бола тұра, сіз маймылдардың жүрегі әмсе ағаш басында ілулі тұратынын білмеуші ме едің? Мені жағаға алып шығып, жүрегімді алып қайт, сөйтіп анаңды емдетсең болады, – депті.

Сонан бақа маймылды арқалап жағаға шығарыпты. Тауға келгеннен кейін маймыл ағаш басына өрмелеп шығып бақаға:

– Досым, аузыңды аш, жүрегімді үзіп тастайын, – депті.

Бақа аузын ашып тұрыпты, маймыл жабысқақ құмалақтарын
уыстап алып бақаның аузына тастап:

– Бақа, бақа маймылдың жүрегін емес, құмалағын жедің! – деп

сықылықтай күліпті.

108. Қоянның зары

Бір қоян жылап отырып сөйлейді: «Дүниеде мендей сорлы жоқ. Бәрі де менің соңымда: аңшы да, ит те, қасқыр да, түлкі де, қаршыға да, бадырақ көз жапалақ та, ақымақ қарға да менің балаларымды тасиды. Қорғанарға қаруым жоқ. Тиінше ағашқа шыға алмаймын. Тышқанша ін де қаза алмаймын. Тісім өткір, бірақ тістеуге батылым жетпейді. Қорқақтық болмаса, дүниеде жүгіруге де болар еді. Бір дыбыс естісем, құлағым тікірейіп, жүрегім лүпілдеп, шапшаң жүгіре бастаймын, мені тез қуып жете алмайды, құйрығымның қысқалығы да жақсы, итке ұстауға болмайды. Бұлардан да пайда жоқ. Бір жыл болмай мені ұстап өлтіреді. Терімді сойып алады, етімді жейді, сүйегімді итке тастайды».

109. Айлакер қоян

Бір қоян өте айлакер екен. Байқаусызда өзін ұстап алған қасқырға да, түлкіге де айламен құтылып кетіп жүреді. Бір күні қалың бұталы сайды аралап келе жатады да, апанының аузында алқынып, шаршап отырған аюды көреді. Қалқиып қарсы алдына тұра қалады да, оны мазақтап, әндете бастайды

– Әй, Қорбаңбай, Қорбаңбай,

Күнің қараң болған ба-ай?
Кезіп қалың ағашты,
Жүруші едің ордаңдай.
Әлің бітіп қалыпты,

Енді өлесің, сормаңдай!..

Оның бұл қылығына ыза болған аю тап берген кезде, қоян зыта жөнеледі. Түбір-түбіртіктерден орғып, ұстатпай кетеді. Сол бетімен бұта-бұтаны аралап, әр жерден жүрген қояндарды жинап алады.

– Жүріңдер, мен сендерге бір қызық көрсетейін, – дейді. Оның лепіргеніне қояндар таңданысады. Сонда да әуестеніп:

– Ол қандай қызық?..– деп сұрасады.

– Еріңдер соңымнан, барған соң білесіңдер.

– Жүр ендеше, – деп, басқа қояндар соңынан ілеседі.

Сытырлаған сыбырды естіген аю қалың бұтаның арасына тығыла қалады. Әлгі қоян аюды апанында жатқан шығар деп ойлап, тақап барады да:

– Әй, Қорбаңбай, тыңда, – дейді де, әндете өлең айту үшін тамағын кенейді. Сол кезде тасада тұрған аю шап беріп, қоянның едірейген құлағынан ұстай алады.

– Ә, бәлем, түстің бе қолға? – деп кіжінеді. Мұндай оқиғаны күтпеген қоянның зәресі ұшады.

Басқа қояндардың күліп тұрғанын байқаған соң барып, тез есін жинайды да:

– Аю аға, жаңағы ағаттығым үшін мен өзіңнен кешірім сұрағалы келіп ем, – дейді жалбарына айлаға басып. – Мына қояндарды куә болсын деп, әдейі ертіп келіп ем.

Мұны естіген соң:

– А, солай ма?..– деп, аңқау аю қоянды босатып қоя береді. Сөйтіп, айлакер қоян тағы да амалын асырған екен.

110. Тапқыр қоян

Аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Бір қазан суды қайнаттырып қойып:

– Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық беремін, – деген шарт қойыпты.

Аңдар бірінен соң бірі келіп, қанша өжеттенсе де, қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты.

Ең соңында қоян келіп, қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да:

– Ыстықтай ішуді өте жақсы көремін, – деп жан-жағына қарайды.

– Ендеше іше ғой, – дейді аңдар аңтарылып.

Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп:

– Мінеки, достарым, мынау, ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, – деп, бас-басына көрсетіп шығады.

Сөйтіп, қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шыққанша, қазандағы су суып қалады. Сол кезде қоян суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Шошынған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмысады.

Ал алданған арыстан патша қоянға көп-көп сыйлықтар бергізіп:

– Міне, нағыз ер! – деп мақтапты.

111. Көжек

Бір қоянның жалғыз көжегі бар екен. Сужүрек, қорқақ болыпты. Сондықтан енесі сыртқа шыққан кезде есікті жауып, бекітіп жүреді екен. Жатағында жалғыз қалған көжек бір бұрышқа тығылып, қорыққаннан қалшылдап отыратын әдеті болыпты. Бір күні енесі ұзақ кешіккен соң, көжек қарны ашып, сыртқа шығады да, тоғайға қарай бет алады.

Сол кезде алдынан бір тышқан шыға келеді де:

– Қайда барасың? – деп сұрапты. Қоян не айтарын білмей, қалшылдап тұрып, жылап жіберіпті.

– Апам жоқ...– деуге тілі зорға келіпті.

– Мына тоғайдың ішінде жүрген шығар, – деп, тышқан қорқақ көжекті әрі таман шығарып салыпты.

Көжек бүгежеңдей басып, әрі қарай кетіп бара жатса, қарсы алдынан түлкі ұшырасыпты.

– Қайда барасың? – деп сұрапты түлкі сөзге айналдырып. Тышқан өзіне тиіспеген соң бұл да жөн сілтер деп ойлаған көжек:

– Апама барамын, – деп, шынын айтыпты. Түлкі жылмаңдап, алдарқата бастапты.

– Апаң үйіне кетті ғой, – депті алдап.

Көжек алды-артына жалтақтай қарай, үйінің қай жақта қалғанын айыра алмай, жылап тұрып, түлкіден:

– Маған үйімді көрсетіп жіберші, – деп өтініпті.

– Онда соңымнан ер! – депті түлкі сумаңдай ілгері адымдап.

Көжек бүгежеңдеп, түлкінің соңынан ілесіпті. Содан аңқау көжекті өзінің үйіне ертіп әкеп, ішке кіргізеді де, есікті бекітіп қояды.

– Енді ешқайда қашып құтыла алмайсың. Мен сені жеймін, – дейді де, тісін сақылдатады. Қорыққаннан көжектің зәре-құты қалмайды.

– Босатшы, ағатай!..– деп жалынады көжек зар еңіреп.

Көжектің жалынышты үнін, түлкінің зіркілдеген даусын естіп, түлкінің үйіне қасқыр кіріп келіпті. Бүрісіп, қалшылдап тұрған көжекті көріп:

– Менің аш екенімді біле тұрып көжекті неге маған сыйламадың? – деп ақырады түлкіге.

Сонда түлкі мен қасқыр таласып, біріне-бірі айбат шегісіп, алыса кетеді, төбелес басталады. Осы арпалыс кезінде көжек зып беріп сыртқа шығады да, қаша жөнеледі. Асқа таласқан түлкі мен қасқыр бірінің қанын бірі жалап, қала беріпті.

112. Көжек

Баяғы заманда көп аң бір қалың орманды мекен еткен екен. Терістіктегі ащы көлдің суын ішуге аңсары ауған бір лақ теке мен бір тоқты қошқар сол жаққа бара жатып бір кәрі қасқырға кез болыпты. Көптен бері аузы қызылға тимеген қасқыр лақ текемен тоқты қошқарды көргенде:

– Ашыққан шағымда келе қалғандарың мұндай жақсы көрім болар ма,

енді мен сендерді жеймін! – депті.
Қасқырдың сол сөзін естіген лақ теке мен тоқты қошқар қорыққанынан
қалшылдап не қыларын білмепті. Тек дәтке қуат дегендей:

– Біздің ащы су ішпегенімізге ұзақ күндер болды, денемізде саудыраған сүйектен басқа ештеменің жоқ екенін көріп тұрсыз, онан да қазірше сабыр етіңіз, біз көлге барып ащы суға қанып, семіріп қайтайық, сонан соң жеңіз, – деп жалыныпты.

Бұл да табылған ақыл екен, ащы су ішіп семіргеннен кейін жесем, еті тіпті де дәмді болар деп ойлаған қасқыр өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде оларды күтпек болыпты.

Ащы су ішіп әбден сарықтарын басқан соң лақ теке мен тоқты қошқар қайта қайтыпты. Олар жол бойында біресе жылап, біресе күліп келе жатыпты. Жасаң жазықта асыр салып жүрген бір қоян олардың бұл әрекетін көріп таңырқап:

– Екеуің қайғы-қасірет шегіп келесіңдер ме? Әлде қуанып келесіңдер

ме? Қуанып келе жатыр дейін десем жылайсыңдар, қайғылы дейін десем күлесіңдер, екеуің қалайша сөйтесіңдер? – деп сұрапты. Лақ теке мен тоқты қошқар:

– Біз көл жағалауына барып ащы су ішейік деп келе жатқан

жолымызда жыртқыш қасқырға тап болдық. Ол бізді жемекші болды. Сонан біз оған ащы су ішіп семіріп қайта оралғанымызда жеңіз деп жалынып-жалбарындық, ақыры оны көндірдік. Қазір ол өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде бізді тосып отыр. Біз енді соған тамақ болғалы бара жатырмыз, ендеше біз жыламай кім жылайды? Ал күлуіміздің себебі ащы су ішкен соң күлеміз, – десіпті.

Мұны естіп мұртын сипаған көжек:

– Сендер бұған бола қайғырып көңілдеріңізді бұзбаңыздар, мен

сендерді құтқарудың амалын табамын. Сендер осы арада біраз тоса тұрыңдар, – депті. Сонан ол шынжыр көпірдің жанындағы дұғалық жазылған бір обаға жүгіре жөнеліпті.

Көп кешікпей дұғалық жазылған обадан қолтығына жарты табақ қызыл қағаз қысып, көжек қайта оралып, оны лақ текенің үстіне салыпты. Сонан олардың құлағына әлде нені айтып сыбырлапты. Олар бұған мақұл болып бастарын шұлғысыпты.

Олар өзара келісіп болған соң көжек лақ текені мініп, тоқты қошқарды ертіп жүріп кетіпті. Олар жүре-жүре бір қыдыру уақыттан кейін, қасқырдың күтіп отырған қара ағашына да таяпты. Көжек бажырая қараса қасқырдың көздері қанталап кеткен екен, осы келген үшеуін бірдей жұтып жіберетіндей болып отырса керек. Сонан тап беріп үлгіргенше көжек:

– Тоқтым, ханның бұйрығын әкел! – деп саңқ етіпті. Тоқты қошқар

көжекке суретті қағазды қос қолдай ұсыныпты. Көжек оның шиыршығын жазып оқыған болып:

– Жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге

толыпты, қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен, тоқтым ұмтыл, анау қасқырды дереу ұстап әкел, – деп дауыстапты. Көжектің бұйрығын естіген қасқыр қорыққанынан жалт беріп қаша жөнеліпті. Қасқыр құныперен болып қаша-қаша бір тау басына келгенде, қарсы алдынан бір түлкі кез бола кетіпті. Қасқырдың мұндай кейіп-кеспірін көрген түлкі:

– Қасеке, осыншама құныперен болып нені қуып келесіз, оны екі

жақтап ұстап алсақ болмай ма? – дейді.
Әрі қорқып, әрі шаршап титықтаған қасқыр алқынғанын әрең басып:

– Тау жақтан бір ұлық келіпті, астында мінгені – теке, қасына ерткені

– қошқар, мені көрген жерден ол ханның бұйрығын оқыды. Ол жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге толыпты. Қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен деді де, қошқарды мені ұстауға жұмсады. Егер осы жүйріктігім ес қатпаса, әлдеқашан терім сылынып, сол ұлықтың қанжығасына бөктерілген болар едім, – дейді.

Түлкі құйрығын бұлғақтатып, қасқырға жұбату айтады:

– Осы жыныс орманда екеумізден ақылды, күші асатын хайуан

қайдан болсын! Оларды маған көрсетіңіз, амалын тауып ұстап жейміз, – дейді.
Қасқырдың жүрегі орнына түсе қоймаған еді, оның үстіне түлкіден

бұрын бірнеше алданып қалғаны бар, сондықтан ол бірден ризалық білдірмейді. Қасқырдың жауап бермей күрмеліп тұрған себебін сезген қу түлкі:

– Бұл жолы сізді әсте алдамаймын, егер бұл сөзіме сенбесеңіз

құйрығымызды біріміз-біріміздікіне байлап, бірге жүрейік, – деп құйрығын қасқырға ұсынады.

Сөйтіп, құйрықтарын бірі-бірінікіне байлап алған қасқыр мен түлкі аяқтарын аңди басып, етекке түседі. Манағы қарағайдың түбіне келгенде қасқыр өзін қошқарға ұстатпақшы болған көжекті анадай жерден жазбай танып, түлкіге: Қошқарды ертіп, текеге мінген төрені көрдің бе? Бізге қарай ұмтылды, білем! – дейді. Текеге мініп келе жатқан төре емес, көжек екенін таныған түлкі миығынан күледі. Бірақ бұл сырды қасқырға айтпайды. Ол қасқырды алдап жолға салып, бұларды өзім оңаша жеп бір тояйын деп ойлаған еді. Сөйтіп, ол қасқырды алдаудың амалын қарастырып тұрғанда, ақылды қоян:

– Түлкі мырза, қасқырды ұстап әкеліп үлкен құрмет білдірдіңіз, бүгін

кеште қасқыр етін тоя жеп, арпа арағын ішіп божимыз әлі, - деп дауыстайды.
Түлкіге онсыз да сенбей келе жатқан қасқыр көжектің сөзін естісімен –

ақ жалт беріп зыта жөнеледі. Ол сол қашқаннан мол қашып, көп жерге барады, түлкі сүйретіліп өледі. Өлген түлкінің тістері ақсиып кетеді. Қатты шаршаған қасқыр әнтек дем алайын деп артына бұрылады, ол түлкінің ырсиып тұрған тістерін көріп:

– Сен өз құлқыныңа бола досыңды алдадың, терімді сылыта жаздадың,

енді ол аз болғандай, неменеге ырсиып күлесің? – деп ашуланады. Түлкіге тағы алданармын деген күдікке тағы осы ашу қосылып, бар қайратын бойына жиған қасқыр тағы да зыта жөнеледі. Сонан ол әбден алқынып, көзі қарауытып, өз екпінімен бір ағашты сүзе-мүзе жығылып жантәсілім береді.

113. Сылдырмақты көжек

Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен, алыс бір теңіздің жағасында, біз жақ бетінде емес, арғы жағында бір қоянның көжегі өмір сүреді екен. Сол көжектің бір сылдырмағы бар екен. Сылдырмағын сылдырлатып ойнауды аса ұнатады екен. Күндердің бірінде сол көжек тамақтану үшін кең далаға, майсалы жайылымға шығыпты. Көңілі таза көжек сылдырмағымды жоғалтып алмайын деп, тіпті аласа, бойы бір қарыс, тарбиған бір ағаштың басына іле салыпты да, қалың шөптің арасына зытып кіріп кетіпті. Біраз жүріп, қарнын тойғызып, айналып келсе, бағанағы аласа, тарбиған кішігірім ағашы серейіп, биіктеп өсіп кетіпті. Жас көжек сылдырмағын алмақ болып, қанша әрекет жасағанмен, бой жетпей, әбден ызаланыпты. Ашу шақырып алуға шамасы келмейтінін білген көжек ағаштың өзіне қарай иілуін сұрапты.

Сонда ағаш:

– Долы желге төтеп бере алмай, амалсыз иілгенім де жетер, сенің сылдырмағыңды алу үшін иіліп, қошемет етер жайым жоқ, – депті маңғазданып.

Сонда отын кесетін балтаға айтады:

– Балта, Балтабай, Балтажан! Әне бір ағашты кесіп тасташы! Менің сылдырмағымды жоғары көтеріп бермей жатыр!

– Жоқ, ол ағашты кесе алмаймын, себебі ол сияқты талай ағашты кесіп, обалына қалдым. Жас шыбығын да, жуанын да, тіпті пісіп тұрған миуасымен де қырқып, жүзім қайырылып қалды, – дейді ол.

Мұны естіген көжек қатты өкпелеп, жолмен кетіп бара жатып, үлкен бір қара тасқа жолықты да:

– Тас, тас, қатты тас! Әне бір балтаның жүзін қайырып, өтпес етіп қойшы, ағашты кеспей жатыр. Ағаш болса менің сылдырмағымды бермей жатыр, – депті.

Тас та балтаның берген жауабын қайталапты.

Одан соң тасты ағызып кетші, тілегімді орындамады деп, айдалада ағып жатқан суға да жалыныпты. Су да балта мен тастың жауабын қайырыпты. Әбден шамасы құрып, шарасы таусылып, не істерін білмей тұрған шақта, аспан әлемінің буырқанған сойқанды желі ұйқы-тұйқы болып, ызылдап келіп қапты.

– Ал, көжегім, не болды саған? Жылап, мұңайып отыруыңның мәні қалай? – деп сұрапты.

Көжек:

– Әне бір кішкене ағаш бірден сорайып өсіп кетіп, сылдырмағымды бермей жатыр. Балтаға айтсам, ағашты кеспеді, тас балтаны өтпес етпеді, су тасты ағызып әкетпеді, соған зығырданым қайнап тұр, – депті.

– Жас өспірім көжек екен, бір пайдамды тигізейін, – деп бұрқасын

жел қатты бір күшпен ағаш басын иіпті. Құйғытып шауып барған көжек, сылдырмағын алып, желге рахмет айтыпты. Көжек қуанғанынан сылдырмағының сылдырын желге қосып, үйіне қарай жосыта жөнеліпті.

114. Қоянның төрелігі

Бір аш қасқыр ну орманды тіміскілеп жүріп, аңшының қазған орына байқамай түсіп кетіпті. Ол қанша арып талса да, ордан шыға алмай бар даусымен:

– Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! – деп айқай салады. Осы кезде, дес

бергенде, бұл араға бір ешкі келе қалыпты. Оны көрген қасқыр:

– Мені құтқара көр қайырымды ешкі, мен өлсем бір сәрі, бала-шағам

аштан қырылады ғой, – деп еңіреп қоя беріпті. Сонда ешкі:

– Атама, сені құтылдырам деп, өзімді арандатар жайым жоқ! – депті.

Қасқыр:

– Мені құтылдырсаң, ендігәрі тиіспеуге ант-су ішейін! – депті.

Қасқырдың жалынып- жалбарынғанына қабырғасы қайысқан ешкі бір арқан тауып әкеліп, бір ұшын өз мүйізіне байлап, тағы бір ұшын орға тастап қасқырды шығарып алыпты. Еркіндікке қолы жеткен соң, қасқырдың ниеті бұзылып, ешкіні жегісі келіпті. Бірақ ол ешкіге бірер ауыз тіл қатуды жөн көріп:

– Қайырымды ешкі, сен мені ордан алып шықтың, оныңа рақымет, бірақ енді аштықтан өлетін сияқтымын, жақсылықты түбіне жете қыл, – депті.

– Ендігәрі тиіспеймін деп ант-су ішпеп пе едің! – депті ешкі.

– Мен ет жеуге жаралған жан тұрсам, сені қайтып қолдан шығарайын,

– депті қасқыр.

– Ешкі қасқырдан қалай құтыларын білмей қысылып тұрғанда бір

қоян келе қалыпты, ешкі оған:

– Ақылды қоян, мына бір іске төрелігіңізді айтыңызшы! – депті.

Қоян қасқыр мен ешкінің айтқандарын естіген соң:

– Әр екеуіңнің сөздерің қисынды екен, бірақ мен сендердің

айтқандарыңа сеніңкіремей тұрмын, екеуің істің барысын маған қайтадан істеп көрсетіңдер, мен өз көзіммен көріп, одан кейін төрелігімді айтайын, – депті. Сонан қасқыр орға қайта секіріп түсіпті, әрі ешкіге, мені құтқара көр деп баяғысынша айқайлапты. Қоян ордың аузына таман келіп, қасқырға:

– Жақсылыққа жамандық сыйлаған сұмпайы. Енді аңшының сойылын

күтіп, осы арада жат, – депті.
Сөйтіп, бәледен құтылғанына қуанған ешкі қоянға ілесіп, өз жөніне кетіпті.

115. Қоянның өш алуы

Ертеде бір қоян мен бір арыстан іргелес жақын тұрыпты. Олар көрші отырса да, бір арыстан астамшылық істеп, қоянды өз бойына тоғытпай, әмсе әлімжеттік жасап, оны шырқыратып жүреді екен. Қоян оның қорлығына шыдамай, одан өшін алудың қазанын асыпты. Ол бір күні арыстанға:

– Ей, аға! Құдды өзіңіз сияқты бір хайуанға кез болдым, ол «Менімен

алыса алатын жан табыла ма? Егер табылса, маған ертіп кел, менімен алысуға шыдамаса, менің аяғыма жығылып қызметімде болсын», – деді, оның көпірме сөзіне зығырданым қайнады. Ол сұмпайы ешкімді көзіне ілетін емес! – дейді.

– Оған мені айтпадың ба? – дейді арыстан. Қоян:

– Айтсам да болғандай екен, мен сізді айтуыммен-ақ танауын шүйіреді.

Тіпті құлаққа түрпідей тиетін кесапат сөздер айтты. Ол маған атқосшы болуға жарамайды дегенін қайтерсің! – деді.

– Ол қай жерде? Қай жерде? – дейді ширыққан арыстан ызаланып:

Сонан ол арыстанды таудың арт жағындағы шыңырау құдыққа ертіп келіп, анадайтын жерден сол құдықты нұсқап:

– Ананың ішіне түсіп кетті, - дейді.

Арыстан құдықтың аузына келіп, үңіле қарайды да, құдық ішінен бір арыстанның өзіне тесіле қарап тұрғанын көреді. Арыстан оған ақырып қалады. Ол да бұған ақырады. Арыстан түксиіп жүнін үрпитеді, ол да түксиіп жүнін үрпитеді. Арыстан тісін ақситып айбар шексе, ол да тісін ақситып айбар шегеді. Мұны көріп ашуланған арыстан бойындағы бар қайратын бойына жиып құдыққа қарғиды. Сөйтіп, астам арыстан құдыққа түсіп тұншығып өледі.

116. Қоян мен қасқыр

Өзен жағасындағы тастақта бір қоян көп шөмшек теріп әкеліп отты маздата жағып, оған енді жылынайын дей бергенде, өзеннің жоғарғы жағынан аяғын сүйрете басып келе жатқан көкжал қасқырды көріпті. Оның өткен жолы сұр көжекті жеген қанды ауыз екенін де жазбай таныпты. Сонан ол өзінше сақтық етіп, онан құтылудың амалын да тауып үлгіріпті. Көкжал өзіне жақындап келгенше, ол әтейге құйрығын отқа қыздырып, онан соң өзендегі мұзға жүгіріп барып отырып, бұл әрекетін бірқанша рет қайталапты.

Қоянның қылығын көріп таңданған көкжал:

– Ей, қоян! Бұл қайткенің? – деп сұрапты. Қоян:

– Мен мәңгі өлмеу үшін жаттығып жатырмын, – депті.

Бұл сөзді естіген соң қасқыр қоянды жеу ниетінен қайтып, онан осы
жаттығу жолын үйретіп қоюды талап етіпті. Қоян оған көне кетіпті.

– Менің жолым – алдымен құйрықты отқа қыздыру, онан соң мұзға

барып отыру, мұны он неше рет қайталаса болды бірақ бұл барыста құйрықты жіті қыздыруға, мұзға көбірек отыруға тура келеді, әйтеу осыған баса мән берерсің, – деп сытылып шығып, тау жаққа қапталдайды.

Қасқыр қоянның айтқаны бойынша құйрығын отқа қыздырып, онан соң, мұзға келіп шоқайып отырады, ыстық құйрық тиген мұз еріп шұңқырланады, онан кейін қайта қатып, қасқырдың құйрығын мықтап ұстайды. Кейін қасқыр орнынан тұрайын десе, мұз ұстап қалған құйрық шықпайды, сонан ол жұлқынып жүріп, жүнін, терісін жұлдырып зорға дегенде құйрығын шығарып алады. Бұл кезде таудың жуан ортасына барып үлгерген қоян қасқырдың масқара халін көріп, мәз болады. Тіпті күліп те жібереді. Құйрығын әрең шығарып алған қасқыр қоянға қатты ызаланып, оны жейін деп төңірегінен іздейді. Сонан қоянның таудың бөктерінде бір нәрсені беті мен көзіне жағып отырғанын кенет көзі шалып қалады. Сөйтіп, жарақатының ауырғанына да қарамай, қоянға ұмтылады. Қоянның қасына келе-ақ дүрсе қоя беріп:

– Сілімтік неме, әліңнен асқан-ақ екенсің! Сені жемей қоймаспын-ау! –

дейді зілдене.
Қоян байсалды кескін көрсетіп:

– Оны өзіңнің ұшқалақтығыңнан көр, құйрығыңа қызу әбден өтпеген соң

қатып қалған ғой, – дейді.
Қасқыр өзінің құйрығын ұзақ қыздырмағанын есіне алып, райынан
қайтып жуасып, монтанси қалады:
Бетіңе бір нәрсе жағып жатқаныңды көрдім ғой оның не?

– Бетіме жаққаным сүрме желім.

– Оның не пайдасы бар? – дейді қасқыр.

– Сүрме желімді көзге сүртсең көздің жанары күшейеді, – дейді қоян көз

ұшында бұлдырап көрінген биік тауды меңзеп, – Па шіркін! Анау таудың басында асыр сап жүрген қояндардың көбін-ай! Үлкенді-кішілі қояндар жосып жүр. Санына сан жететін емес, – деп даурыға айқайлапты. Қоянның нұсқаған бағытына тесіле қараған қасқыр мұнарлап тұрған тау шоқысынан басқа нәрсені көре алмай дал болады.

– Қай жерде? Қай жерде? Мен оны неге көрмей тұрмын? – деп сұрайды.

– Көзіңе желім сүртпеген тұрсаң, қайтып көресің, – дейді қоян.

Қасқырдың делебесі қозып кетеді «көзіме желім сүртіп, алыстағыны көретін болсам, қияндағы қоян да менен құтылмайтын болады ғой, мына қояннан желім жағуды үйреніп алып, көзім шырадай жанғаннан кейін жесем де кеш болмас» деп ойлайды. Сонан ол қоянға жағатсып:

– Қойеке, осы әдісіңізді маған үйретіңіз, – деп жалынады.

– Жоқ, атай көрмеңіз! Мен енді сізге үйретпеймін, жөндеп үйрене

алмасаңыз, тағы мені жазғырып, өзімді жеп қоярсыз! – деп басын шайқайды қоян.

– Өйтпеймін маған сеніңіз, осы әдісіңізді үйретсеңіз болғаны, шын

ықыласыммен алғысымды жаудырамын, – дейді қасқыр, ол көп жалынып-жалбарынған соң қоян ыразылығын білдіреді. Қоян қасқырға:

– Бұл әдісті үйрену өте оңай, алдымен көзіңізді тарс жұмасың, онан соң

желімді баттастырып жағасың, қанша көп жақсаң сонша жақсы, сонан көзіңді ертеңінде бірақ ашасың. Сонда қияндағы алысты көретін боласың, – дейді. Бұны естіген қасқыр мәз болып, қоянға бар алғысын жаудыртады. Сонан ол, бір көгал жерге барып, көзін тарс жұмып алып, желімді алдыңғы аяғымен көзіне беталды жаға береді, осы тұста қоян сытылып шығып, биік таудың басына шығып алады. Келесі күні тәңертең, күн ұясынан шығып жер қызара бастайды. Бірақ көзін мықтап жұмып алған қасқыр ештемені көрмейді, ол құстардың сайраған даусынан ғана таң атып, күн шыққанын біліп, қуанып кетеді де «енді шалғайдағыны көретін қырағы болдым-ау, қияндағы көкше қоянды құтқармаспын, әлі, көжек сен де тұра тұр бәлем!» – деп ойлап көзін ашпақ болады, бірақ көз терісі мен кірпігі жабысып қалғандықтан, ол көзін аша алмаған соң, мені мықтаған екен деп іштей опық жеп өкінеді. Сонда да ол көзінің ауырғанына қарамай, тырмалап қанын ағызып жүріп көзін зорға дегенде ашады. Сонан ол таудың басында жайбарақат күнге қақталып шарбақ тоқып отырған қоянды көріп, оған тұра ұмтылады.

Әбден ашуланған қасқыр, жалбырап айғызданған қан-қан көзін алайтып:

– Сұмпайы көжек. Сен мені тағы алдадың, қорлығың әбден өтті, бүгін

сені жемей қоймаспын, – деп кіжінді.
Қоян тоқылып бітейін деп қалған шарбақтың ішіне жаймен түсіп, қаннен
-қаперсіз домалап:

– Үйрене алмасаң, менен көресің деп әлдеқашан айтпап па едім, бірақ

айтқанға көнбей үйрет деп өзің жабысып едің, енді келіп маған әкіреңдейсің, қане, жемекші болсаң келіп же! – дейді. Қоянның қорықпағаны былай тұрсын, тіпті шарбаққа түсіп алып домалап жүргенін көріп таңданған қасқыр бұл енді неменеге жетіліп жүр екен деп ойлап:

– Шарбаққа түсіп алып, домалағаныңның не пайдасы бар? – деп

сұрайды.

– Мұның пайдасы көп, мұндай жаттыққаннан кейін, етің ауырмайтын

болады, денсаулығың күшейеді, тұлабойға қайрат толады, сөйтіп жолбарыс пен арыстан да тең келмейтін болады, дене шымырланып, атқан оқ та өтпейтін дәрежеге жетеді, – дейді. Қоян әнтек кідіріп сөзін қайта сабақтап – «Үздіксіз жаттыққанымнан бойыма керемет күш бітті, кеше түні бір жолбарыс мені жемекші болып тебітіп еді, аяғынан алып лақтырып жібердім, ол аңшылардың алдына барып «топ» ете түсіпті, нәтижеде аңшылар мертігіп жатқан жерінен атып алды», – дейді құжырланып. Сонан ол шарбақтың ішіне секіріп шыға келеді де қасқырға тебітіп:

– Жақсылық жараспаған жексұрын неме, рақым қылып, өнер үйретсем

өзіңнің мәжіндігіңнен көрмей, қайта айланып өзімді жазғырасың ғой, шіркіннің пысығын! «Сенің келетініңді біліп, осы арада күш-өнерге жатылып, тосып отыр едім», – деп қасқырға төніңкірей: «Мықты болсаң, кел, аңшының алдына топ еткізейін», – дейді.

Қоянның өктем сөзінен айныған қасқыр жалма-жан артына қарай
ығыстап:

– Туыс, бір сәттік долылығымды ғапу ет, – дейді. Сонан аз кідіріп қоянға

ұрдала бір көз тастап, – сенің бұл әдісің жақсы-ақ екен, бұл жолы көңіл қойып үйренейін, өзің тағы үйрет, бола ма? – дейді. Қоян үндемей, тұрған орнынан тапжылмайды.

– Туыс, ашуланбаңыз, тезірек үйретіңіз, мұнан былай сөзсіз адал дос

боламын, – деп жалынады қасқыр. Қоян біраз тұрып:

– Тағы үйренгің келе қалды ма, енді мені жеймісің? – деп сұрайды.

Қасқыр жалма-жан:
Бұл жолы сөзсіз жақсы үйренемін, ендігәрі жеуге дәтім бармайды, тек
тезірек үйретіңіз! – дейді, қасқыр көлкек қағып.

– Жарайды, мен саған сенейін, әнтек сабыр ет, сен денелірексің, мен

саған үлкен бір шарбақ тоқып берейін, – дейді қоян ризалығын білдіріп.
Қасқыр шарбақтың тоқылуын күтіп салпиып отыра беріпті.

Шарбақты тоқып болған соң қоян қасқырды оның ішіне түсіріп, аузын тарс бекітіп тастайды. Сонан соң қасқырды алдымен тегістеу жерге домалатады. Қасқыр ондаған рет домалағаннан кейін, оны демалдырады, әрі оған:

– Сен жерде тағы да 32 рет домалайсың, сонан соң әнтек тыныстап алып,

жалама жартастың үстіне барып домалайсың, сонда күш-қуатың тіпті молаяды, бірақ құлама құздан домалап кетіп түсіп жүрме, түсіп кетсең, үш жүз рет домалағаннан кейін ғана, оның орнын әрең толтыра аласың, осыны ұмытпа, – дейді.

Қасқыр қоянның үйретуі бойынша тегіс жерде домалап болған соң, құз –
жартасқа қарай домалайды. Осы кезде қоян қасқырдың қасына келіп:

– Домалауың тым баяу болып жатыр, бүйтсең тез арада жаттыға

алмайсың, мен демеп жіберейін, – дейді.

Сөйтіп, қоян да оны бар күшімен итеріп домалатып жібереді, шарбақ ішіндегі қасқыр сол домалаған бойы құздың басынан ұшып кетіп, мылжа-мылжасы шығады.

117. Шудалы торғайдың ертегісі

Ертеде бір шудалы торғай бар екен. Ол торғай келеді де бір ешкіге айтады: «Ешкі, ешкі, мына тобылғының бүршігін неге жемейсің», – дейді. Ешкі айтады: «Ой, тәйірі, қойшы, өзім көк шөп жеп тойып тұрсам». «Тұра тұр сені қасқырға айтып сорыңды қайнатайын», – деді торғай. Бір қасқырға келді, айтты: «Мына жерде бір ешкі тұр, оны неге жемейсің», – деді. Қасқыр айтты:

– Әрмен жүрші, өзім байдың асауын жеп тойып тұрсам, – деді.

– Һа, тұра тұр, сен ішіңді көтере алмай тұрсаң, сені жылқышыға айтайын, – деді. Жылқышыға келіп: «Жылқышы, жылқышы, мына жерде бір қасқыр тұр, оны неге ұрып алмайсың», – деді. Жылқышы айтты:

– Әрмен жүрші, өзім жылқымды жия алмай әуре болып жүрсем, – деді.

– һәм, байғұс, тұра тұр сені байыңа айтайын, – деді. Байына келді, айтады:

– Бай, бай, мына жерде жылқышыларың жылқысын тоздырып, қасқырға жегізіп әуре болып жүр, оны неге ұрмайсың, – деді. Бай айтты: «Өзім асқа тойып, ішімді көтере алмай отырмын», – деді.

– Сені тышқанға айтайын, қарныңды ойып жесін, – деді. Тышқанға келіп айтады: «Тышқан, тышқан, мына жерде бір бай ішін көтере алмай отыр, оның қазысын неге жемейсің», – деді. Тышқан айтты: «Әрмен жүрші, әрмен жүрші, өзім інімді қаза алмай жүрсем», – деді. «Тұра тұр, сені баладарға айтайын» – деді. Баладарға келді, айтады: «Баладар, баладар, мына жерде бір тышқан інін қаза алмай жатыр, оны неге ұрып алмайсыңдар», – деді. Балалар айтты: «Әрмен, әрмен тұр, өзіміз асығымыздан ұтылып жүрсек», – деді.

– Сендерді шешелеріңе айтайын, – деді. Шешелеріне келді, айтады:

– Бәйбіше, бәйбіше, балаларың бұзауды жамыратып, өздері асық ойнап жүр, оны неге сабамайсың, – деді.

– Тәйірі, қойшы өзім жүнімді сабай алмай отырсам, – деді.

– Тұра тұр, сенің жүніңді желге айтайын, – деді. Келді, желге айтады:

– Жел, жел мына жерде бір қатын жүнін сабай алмай отыр, оны неге ұшырмайсың, – деді. Жел барып, қатынның жүнін ұшырады. Қатын баласын сабайды, бала тышқанды ұрады, тышқан байдың қазысын жейді. Бай жылқышыны сабайды. Жылқышы қасқырды ұрады, қасқыр ешкіні талайды. Ешкі тобылғының бір бүршігін жейді. Сөйтіп, барша басына жетеді.

118. Торғайдың өсиеті

Өткен заманда бір саятшы тор құрып қойса, торына бір кішкене торғай түсіп қалыпты. Торғайды адам қолына ұстап үйіне апара жатса, торғай тілге келіп:

– Мен кішкене торғаймын, апарғанда союға жарамаймын, қапасқа салсаң құсамен өлемін. Онан да мені еркіме қоя бер, мені еркін кең дүниеге жібер. Мен сізге екі ауыз өсиет айтайын, – депті

Сонда адам: «Кәне, әңгімеңді айт», – депті.

– Жарайды, онда бір ауызын қолыңда, бір ауызын жерге түскен соң айтайын, – дейді торғай.

«Біріншісі, «Өткен іске өкінбе», екіншісі, «Көзбен көрмей, қолмен ұстамай ешкімге сенбе», – депті торғай. Торғай жерге түскен соң: «Ей, адам, сен ештеңені білмедің! Менің бөтегемде жұдырықтай гауһар бар еді, соны мені ұстап тұрып білмедің», – дейді. Өз ісіне өзі өкінген адам қонып тұрған торғайды ұстауға ұмтылыпты. Торғай әр жерге ұшып қонып, адам жете алмай қалды.

Сонда торғай тұрып:

– Ей, адам, мен жаңа қолыңда тұрып айтқан өсиетіме түсінбепсің! Қалай ақылың жетпеді, мен өзім жұдырықтай жоқпын. Менің бөтегеме ондай заттың сыюы мүмкін емес, бұл бір, екінші, мен саған ұстатпаймын, қанатым бар, «өткен іске өкінбе», – деп ұшып кетіпті.

119. Торғай мен тышқан

Торғай мен тышқан дос болыпты. Екеуі бірігіп егін егіпті. Тышқан жерді аяғымен қазып, торғай тұмсығымен шоқып, дән сеуіпті. Егін өте жақсы шығады. Торғай мен тышқан бітік өскен бидайды жинап алып, тең бөлісе бастайды. Бір бидай артылып қалады. Соны қайсысы аларын білмей, ақыры жанжал басталады. Торғай тұмсығымен шоқып, тышқан тырнағымен тырналай осқылап, бір-бірімен ұзақ төбелеседі. Маңайда арашалайтын ешкім болмаған соң, бір кезде шаршап барып тоқтайды. Ақыры өздерінің билеріне барып жүгінбек болады.

Алдымен тышқандар биіне келеді. Тышқандар биі:

– Бұл бидайды тышқан алуға тиіс. Өйткені тышқанның күші көп. Ол тырнағымен жер жыртып, ұртымен бидай септі, – дейді.

Бұған торғай келіспеген соң, тышқан екеуі торғайлар биіне келеді. Торғайлар биі:

– Бұл бидай торғайдікі. Себебі торғай егінге түскен барлық құртты құртқан. Күнде үстінде ұшып жүріп, егінді күзеткен, – дейді.

Бұған да келісе алмаған соң, торғай мен тышқан далада қой бағып жүрген бір шалға барады. Шал дәнді алып, екеуіне тең бөліп береді.

Бұған торғай да, тышқан да разы болып, өз жөндеріне кетеді.

120. Есірік торғай

Құстардың патшасы Қыранның жыл сайын көктем кезінде өз бұқарасына арнап салтанатты той өткізетін әдеті екен. Барлық құстарды тағы да көктемде өтетін той салтанатына шақыртады. Құс атаулы түгел белгіленген уақытта топ-тобымен патшаның ордасына қарай шұбырыпты. Орда қызметкерлері патшаның нұсқауы бойынша құстарды рет-ретімен қаз-қатар отырғызыпты. Құстар да мәз-мейрам боп, көрсетілген орынға жайғасады. Әр топтың басшыларына төрден сыйлы орын ұсынылады. Елдің соңына ала торғайлар тобы да жетеді. Патша Қыран бұларға да өз орнын ұсынады. Содан кейін салтанатты мереке басталады. Ойын-сауық думаны қызған кезде торғайлар өз тегіне жататын біреудің босаға түбінде бүрісіп отырғанын көреді. Үстінде іліп алар лыпа жоқ, қып-қызыл шақа. Көзі жыпылықтап, жан-жағына жаутаңдай қарайды. Оған жәрдем беріп, көңілін аулау үшін:

– Әр торғай бір талдан мамық жұлып беріңдер, анау бауырымызды киіндірейік, – дейді торғайлар тобының басшысы.

Торғайлар шұғыл іске кіріседі. Әрқайсысы өзінің үстіндегі мамықтан бір-бір талдан жұлып береді. Үстіндегі қылпығы жоқ қызыл шақа торғай туыстарының көмегі арқасында әп-сәтте құлпырып шыға келеді. Оның әдемі боп кеткені сонша, тіпті Қыран патшаның өзі мынадай сәулетті, көркем құсты көрмей қалғанына өкініп, әлгі торғайды өзінің қасына шақырып алады да, құрметті орын береді. Қыран патшаның қасына орын алған торғай айналасына барлай көз жүгіртеді де: «Мен ең сәулетті құс екенмін. Қыран патшаның өзі түр-түсіме қызығып, құрметтеді ғой!» – деген ойға шомады. Енді әлгі торғай есіріп, өзінен-өзі қоқырайып, паңдана бастайды. Тіпті әлгінде өзіне көмектескен туыстарына да тұмсығын шүйіріп, төбесінен қарайды.

Мұны көрген туыстары қатты ызаланады.

– Тоғайда тонын сыпырып алғанымыз ұят болар, артын күтіңдер, – деп басу айтады байсалды кәрі торғайлар.

Жас торғайлардың зығыры қайнағаны сонша, той тарқайтын мезгілдің соңына дейін зорға шыдайды. Ел тарап, әлгі торғай оңаша қалған кезде топтанып тұрған торғайлар тарпа бас салады да, әлгінде өздері берген мамықтардың бәрін бірін қалдырмай қайтарып алады. Сән-сәулетінен айрылған есірік торғай сүмірейіп, бұрынғысынша қызыл шақа кейпіне қайта түсіпті.

Торғайлар:

– Көпке топырақ шашпа! – деп тарап кетіпті.

Мұны көрен Қыран патша:

– Есіргенде ес болмайды! – деп, теріс айналыпты.

Сөйтіп, аяқ астынан лепіріп, дандайсыған есірік торғай тілін тістеп, айдалада жалғыз қалыпты.

121. Торғай мен тышқанның қазыға жүгінуі

Бір таудың басында бір топ ағаш бар екен. Сол ағаштың басына бір
торғай ұя салыпты да, бір тышқан оның түбінен ін қазыпты.
Бір күні тышқан мен торғай шармаяқтасып қалады.

– Торғай, сен, ылғи менің інімнің аузына саңғисың да, інімдегі

жиған-терген дәнімді бұлғап болдың! – дейді тышқан.

– Тышқан, сен ағашымның түбін кеулеп барасың, қазір боран шықса

ағаш теңселіп, ұям бұзылып кете жаздайды, – дейді. Торғай екеуі таласа-таласа мысықтың алдына барып жүгінеді.

Торғай мен тышқанның шағымын естіген мысық:

– Мен ап-аш отырып, сендердің жанжалдарыңа төрелік айта

алмаймын, екеуің мұнан былай дау-дамай шығармауларың үшін, алдымен екеуіңді жеймін, – деп сөзін бітірер-бітірместен торғайды бас салып жеп алады. Артына бұрылып қаша берген тышқанды да ұстап алып, қарш-қарш шайнап жұтып жібереді.

122. Сайтан торғай мен самұрық

Құстың тым құрдым сиықсызы – сайтан торғай, салтанатты да сәндісі
самұрық.
Сайтан торғай бір жолы шөптің түбіне жұмыртқалайды. Сол маңда бір

тастышқанның іні бар екен. Ол өзі жоқта сайтан торғайдың жұмыртқасын жеп кетеді. Оның үш жұмыртқасы бар екен, сөйтіп оның екеуін тастышқан жейді. Сайтан торғай осы жайлы самұрыққа арыз-арманын айтуға барады. Ол қатты қайғылы пішінмен:

– Уа, құстардың мәртебелі патшасы самұрық! Мен соры ашылмаған

бейшара екенмін. Үш жұмыртқамның екеуін жауыз тышқан жеп кетті. Екі бірдей балапанымнан айырылған соң кегімді алып береме деп сізге өтініш айта келіп едім, – дейді.

Самұрық бармақтың басындай сайтан торғайдың өзін әурелеп арыз
айтуға келгенін жақтырмай:

– Сайтан торғай, менің жұмыс басты екенімді көрмей тұрсың ба?

Осындай болымсыз іске бола мені іздесең, шаш шығарасың ба? Баланы ана болған кісі өзі жақсы қарауы тиіс, біреудің баласын кім қарап береді? Балаңа өзің күйінуің керек қой, – дейді.

Самұрықтың қорашсынып елеп-ескермей тұрғанын білген сайтан торғай
іштей, күйіп-пісіп:

– Самұрық! Сіз біздің патшамызсыз, сондықтан алдыңызға келіп тұрмын.

Егер сіз мені менсінбей бұл іске немқұрайды қарап, кішкене іс дегеніңіз, үлкен іске айналса, оны менен көрмеңіз мені кінәлі демеңіз, – дейді.

– Оның сөзіне онша құлақ аса қоймаған самұрық:

– Е, е...ие! – деп селқос аузын жыбырлатады.

Сайтан торғай сөзімді ести алмай қалдыма деп:

– Неменеге « е, е, ие» дейсіз! Кішкене іс деп отырғаныңыз насырға

шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой? – деп әлгі сөзді қайталайды.
Оның сөзіне жақсы құлақ қоймаған самұрық тағы да:

– Е, ие, –дей салады.

Сайтан торғай ұясына қайтып келіп, шиден садақ, жебе жасап, ағаш
бұтағына қонып тастышқанды аңдып жатады.

Көп өтпей оның қалған жұмыртқасын жеу үшін тастышқан да жетеді. Осы кезде ызалы сайтан торғай садағымен тышқанның көзінен дәлдеп атып қалады.

Осы кезде бір арыстан теңіз жағасында ұйықтап жатады. Тастышқан кіретін тесік таба алмай оның танауына кіріп кетеді. Шошып оянған арыстан мұрнына кірген нәрсенің не екенін білмей, бағдарын айыруға да мұрсасы келмей теңізге қарай секіреді.

Теңізде жүзіп жүрген айдаһар өзіне қарай атылған арыстанды көріп мені жеуге келе жатыр деп ұғып, аспанға ұшады. Ол осы ұшқан жолында самұрықтың ұясына соғылып, жұмыртқасын шағып кетеді.

Ашуға булыққан самұрық айдаһарға:

– Сен айдаһар болсаң, мен самұрықпын, сен өз теңізіңде, мен өз

құрлығымда жасап келдік, бірімізге-біріміз соқтықпадық. Сен самұрықтың жылына бір-ақ рет жұмыртқалайтынын, бір балапан шайқайтынын біле тұра, неліктен теңіз айдынынан ұшып шығып, менің ұямды құлатып, жұмыртқамды шағасың, – дейді.

– Самұрық, бұған мен кінәлі емеспін. Бүгін теңізде жүзіп жүргенде

арыстан маған тап берді, сонымен ұшуға мәжбүр болдым, сенің ұяңды құлатып, жұмыртқаңды шағып кетерімді қайдан білейін, сұрағың келсе, осы іске себепші болған арыстаннан сұра. Ол неліктен теңізде жайбырақат жатқан мені жемекші болады екен? – дейді айдаһар. Сонда арыстан:

– Істің жөн-жосығына жүйрік едіңіз, самұрық! Бұған мен кінәлі емеспін,

мен теңіз жағасында ұйықтап жатқанымда тастышқан келіп мұрныма кіріп кетті, соның кесірінен теңізге секіріп едім. Бұған сол тастышқан жазықты. Тектесеңіз, соны барып тектеңіз, – дейді.

Самұрық лажсыздан тастышқанға келеді. Тастышқан оған:

– Алдияр, тақсыр! Кінә менде емес, сайтан торғайда. Мен өз жолыммен

келе жатқанда, ол садақпен көзімді дәлдеп атты, ауру жаныма қатты батты. Жанымды қоярға жер таппай, байқаусызда арыстанның танауына кіріп кетіппін. Меніңше, сойқанды бастаған сайтан торғай, тектесеңіз соны тектеңіз, – дейді.

Сөйтіп амалы таусылған самұрық, сайтан торғайға келеді.
Сайтан торғай:

– Уа, самұрық! Мен әлдеқашан айтып қарызымнан құтылғанмын, сіз

елең қылмадыңыз, мені менсінбедіңіз, денем кішкене, қауырсыным қысқа болғандықтан «қауқарсызда, сиықсыз бірдеңенің қолынан не келеді» деп сөзіме құлақ аспадыңыз. Тіпті мардымсыз іске бола мені әуреледің, өз балаңды өзің жақсы қарасаң болмай ма, мені несіне іздейсің деп өзімді жазғырдыңыз. Ал бүгін сіздің бұл ісіңіз мардымсыз іс болмай әркімді бір қыжыртып жүргеніңіз не? Айдаһардың ұяңызды құлатып, жұмыртқаңызды шағып кеткені келелі іс болып, тастышқанның менің екі бірдей жұмыртқамды жеп кеткені келесіз іс болғаны ма? Біз сайтан торғайлар шөп арасына ұя салып, сол жерде жұмыртқалаймыз. Мен үш жұмыртқа тауыппын, оның үстіне жер дүниені кезіп, даладан жем іздеймін. Сіздің жұмыртқаңыз бәйтеректің басында тұрса, оның үстіне біреу ғана тұрса, жақсы қараймын десеңіз біз сықылды нашарлардан көрі сізге көп оңайға түспей ме? Өзіңіз неге жақсы қарамағансыз? Мен өз кезінде кішкене іс деп отырғаныңыз насырға шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой деп әлдеқашан кесетіп айтып едім ғой, – дейді. Мұны естіп ұялғанынан жерге кіріп кете жаздаған самұрық сүмірейіп, өз жөніне кетіпті.

123. Екі иттің достығы

Бұрынғы уақытта дәулеті асқан, судай тасқан, көңілі жай, төрт түлігі сай бір бай болыпты. Ол байдың өз иттерін Төрткөз, Мойнақ қойғандықтарын түсіндіріп өтпекшімін. Төрткөз қойғанының себебі – басқа денесі қап-қара болып, жалғыз-ақ екі көзінің үстінде көзінің көлеміндей екі сарғышы болған. Шақырған уақытта құйрығын бұлғаңдатып, басын төмен салып, еркелеп келгенде, көзінің үстіңгі жағындағы екі қалы қабатталып, қосарланып көрінетін де жайты болса керек. Бір итін Мойнақ қоюының себебі – оның да басқа денесі қара, мойнының айналасы ақ болғансын Мойнақ қойыпты. Ал енде бұл екі иттің тектілігі, күндіз кісіге жарбақтап, арсылдап әсте үрмесе керек. Түнде болса қораны шыр айналып, қасқыр, ұры дегенге мал бермеген. Бұлардың мұндай текті, мұндай сақ болғандығына иесі разы болып, тамақтарын тояу қылып, қатындарына айқайшы болып:

– Ой, ана Мойнаққа тамақ құйдыңдар ма? Төрткөзге тамақ құйдыңдар ма? – деп, жақсы көргендіктен жағы да сенбеуші еді.

Бір күні түс мезгілі – малдардың бәрі де қораға келіп, жусап, қойшылар да күпісін күнге қақтап, қойдың шетінде «шайт» деп, анда-санда дауысы бір шығып, байлар да той-томалақ, ойын-жиыннан атпен келіп, олар да түсіп аттарын байлаттырып, қыз-келіншек, бозбалалар да үй-үйдің арасында өздерінің әдемі жүрісімен, көз қағысып қылмыңдасып, әрқайсына өздерінің тұрмыстары, жүрген жүрістері бір түрлі қызықты, бір түрлі көңілді болып жүрмекте еді. Сол уақытта екі төбеттің де өз қызығы өзіне, өз тұрмысы өзіне, олар да көңілді, тамағы тоқ, күншуақта, ас үйдің есігінің алдында бір-біріне қарама қарсы жатып, өзара әңгімеге кіреді. Жақсылық пен жамандық жағынан сөйлесіп, өздерінше олардың қандай болатындықтарын тексеріп, оны бітірместен жомарттық жағынан сөйлесіп, оны бітірместен сараңдық жағынан өздерінің таусылмайтын құрғақ сөздерімен бірдеңенің басын, бірдің аяғын шатып, ақырында сандырақтап келіп, араздық пен татулыққа түседі. Сол уақытта ділмарсып Мойнақ айтады:

– Төрткөз, осы мен ойлап тұрсам, дүниеде татулықтан жақсы нәрсе бар ма? Және осы екеуміз төбелеспей жүретін күніміз болар ма? Жоқ нәрсеге тартысамыз, жоқ нәрсеге ұрысамыз, бір-бірімізге жылы шырайымызды бір көрсетпейміз. Бір ойнап-күліп жүрмейміз. Күнде ұрыс, күнде төбелес, осыменен шашымыз ағаратын болды. Болымсызға таласа кетеміз де, екі ортада екеумізге де жоқ, оны Құтпан келіп, алып қашып әкетеді. Қарап тұрсам, осы бізден басқа Жолдыаяқ, Бөрібасар бәрі де ынтымақшыл, бірінің аузынан бірі жырып жейді. Екеуміз де солар сияқты ынтымақшыл болып, аз нәрсеге таласпай, бөліп жеп және алты күн ашаршылық көрсек те біріміз жоқта біріміз тамақ ішпей, шын досшылыққа көңілімізді берсек, біріміздің қабырғамызға біріміз қарап, күннің қалай өткендігін білмей қалмаймыз ба? Осы сөзіме не айтасың? Жолдасым! – деп сөзін тоқтатады.

Сол уақытта Төрткөз аяқты көсілтіп, құйрықты бұлғаңдатып, қабақты ашып, Мойнақтың сөзі шын ішіне кіріп кеткендей болып, мына сөзді бастайды.

– Мойнеке, мұның әбден айтарлық сөз. Бірінші қаралатын мәселе, мен де осы өзіміздің ұрысқақ болып кеткенімізге бұл қалайша деп өзімнен-өзім әрқашан да ойлаушы едім. Осы екеуімізге не жетпейді, тамағымыз тоқ, өркенің өскір иеміз тіпті қабағымызға қарап, сөкпей, соқпай, құрметтейді! Расын рас демей, тануға бола ма? Кінәнің бәрі өзімізден, ренішке тұрмайтын аз нәрсеге таласып, қып-қызыл шеке болып-ақ жүргеніміз. Ойлап қарасам, бұрынғы өткен ата-бабамызда да мұндай арасында ұрыс-жанжал тіпті болған емес. Атаның жолын қумай, алағаймыз ба? Түбі қарастырып келгенде, сол кеше бабамыздың жолынан тура жол таба аламыз ба, ей? – деп сөзін бітірді.

Ал, енді мұның сөзіне Мойнақ та маңызданып, көзін тігіп, құйрықты қысып, «ал енді дос болайық» деген сөзді айту көмейіне бір келіп, бір қайтып, кетейін десе, оның ебін таба алмай, Төрткөзден қорқып тұрғанда, «дос болғанның белгісі, міне» деп, Төрткөз Мойнақтың мойнынан құшақтап алады. Екеуі бір-бірін құшақтап, аймалап, беттеріне беттерін тигізіп: «Екеуміздің достығымызды енді ешкім айыра алмас, тау күйіп, тас жанса да айрылмаспыз. Аштан өлсек те тамақ жағына таласпаспыз», – деп, серттесіп, уәделесіп, достықтың күштілігінен айырыла алмай тұрғанда, ас үйден лақтырылған бір майлы омыртқа екеуінің қасына келіп, топ ете қалады. Майлы сүйек көргенсін тұруға болмай, екеуі де құшақты жазып ала-ақ ұмтылады. Тура қатар сүйекті келіп тістесіп, бір-біріне қимай арылдаса барып, жұлқыласа бастайды. Достықтың күштілігі сонша – бірін-бірі тістеп тартқан зардабынан жүндері дода-дода болып, аспанға ұшады. Дауыстарын естіп, Жолдыаяқ, Құтпан, Сырттан жүгіріп келе әрбіреуін бір жұлқып, бұрқыраған жүнін одан әрі бұрқыратып, таласқан омыртқасын Құтпан алып қашып, жеп, тамам етті. Шуылдаған дауыстан қой үркіп, қойдың шетінде жатқан қойшылар жүгіріп иттерді сойылдап, үстеріне су құйып жүріп, зорға айырысады. Осы заманда шын көңілімен болатын достық тұрмыста аз ұшырайды. Бүгін дос болып, ертеңіне төбелесетіндер жоқ емес, сондықтан осындай тұрмыс (қалың ел) арасында ұшырамайды деп айта алмаймын.

124. Иттің сыншысы

Бір Шайқожа деген адамның Майтабан атты бір үлкен қара төбеті өзі сақ болса керек. Сол Шайқожаның үйіне біреу жақындаса, оны келіп абалайды. Жақын келген ешкім жоқ болса, қара жолға барып, тап жолдың қасына жатады. Бір күні сол Майтабан сол жолда жатса, Ерқожа деген адамның Майлыаяқ атты бір көк төбет иті сол Майтабанның күнде жолға барып жатқанын көріп: «Иә, мен одан барып сұрап келейін. Не турада жолға барып жатады екен?» – деген ойға келеді. Сонда Майтабан жолда жатқанда, оған Майлыаяқ барды. Қасына кеп сұрады: «Сен болсаң, Майтабан, осы не турадан жолға келіп жатасың?» – деп. Сонда Майтабан Майлыаяққа айтты: «Мен болсам адам баласын сынап тұрамын». Сонда Майлыаяқ Майтабаннан сұрады: «Сен болсаң қалайша адам баласын сынап тұрасың?». Сонда Майтабан Майлыаяққа айтты: «Жақсы адам маған жақын келгенде, аулақ тартып айналып, үндемей өтіп кете береді. Жаман адам маған жақын келмей, анадай жерден айқайлап, қолда таяғы бар болса, сол таяқты ала маған қарай жүгіреді. Сол уақытта мен тұрып, жолдан кейін барып анаумен де ұрысып қоямын, мен болсам сенің неңді алдым? – деп. Сөйтіп, бір күнде осы жолменен неше жақсы адам өтеді, неше жаман адам өтеді, соны мен біліп тұрамын». Сөйтіп, Майтабан Майлыаяққа осы сөзді айтты. Сөйтіп, иттің де сыншысы болады екен.

125. Тазы мен елік

Тазы елікті қуып келеді. Елік тазыға: «Әуре болма, сен маған ешқашан жете алмайсың», – дейді.

– Неге?

− Мен өз өмірімді сақтау үшін қашып келем. Сен мені өз иеңе жағыну үшін қуып келесің, – дейді елік.

126. Арыстан күшігін асыраған мысық

Бір мысық қаңғырып жүріп, анасы өліп қалған арыстанның күшігіне кез болады. Мысық күшікті бауырына басып, емізіп асырайды. Арыстан өсіп, азулы жыртқыш аң болып, өз азығын өзі табатын халге жетеді. Бір күні ашыққан арыстан өзін асыраған мысықты жемек болады. Мысық оның бұл ойын сезіп, өрмелеп ағаш басына шығып кетеді.

– О, менің ақ сүтін емізіп асыраушым! Маған сен туған анамдай ыстықсың. Бар қылықтарды үйреткенде, ағашқа өрмелеуді неге үйретпегенсің? – дейді.

– Қысылғанда керек болар дегенім еді, – депті сонда мысық.

127. Мысық пен қоян

Жаз күнінде мысық пен қоян кез келіп екеуі сөйлеседі. Қоян айтады: «Екеуміз ажыраспайтын дос болалық», – депті. Сонда мысық айтады: «Олай болса жақсы болды. Менің балаларымды сенің балаларыңның үстіне алып барайық», – дейді. Екеуі балаларын жөнелтіп бірге жатып жүреді. Мысық балаларына күнде кекілік, қырғауыл тістеп әкеліп береді. Қоян шөп-шар беріп күн көріп жүріпті. Бір күні мысық бір құсты аңдаусыздан қармап алып тірідей ұясына алып келеді. Құсты ұшып кетпесі үшін қанат, құйрығын қырқып балаларына береді. Балалары ары-бері жорғалатып ойнап, жемейді. Оны қоян көріп айтады: «Мысықжан, мынау жуас айуан екен, балалардың ішіне қосып қоя тұрып, менің балаларымның көзі ашылғанда осындай қылып ойнатайық», – депті. Мысық досының тілін қимай «мақұл» деп қосып қойыпты. Ертесіне екеуі далаға кетіпті. Құс екеуінің балаларын бәрін тойғанша жеп, қалғанын өлтіріп, кете беріпті. Мақал: «Бөрі баласы – ит болмас».

128. Күшік пен мысық

Қарны ашқан күшік тауда қаңғып жүргенде, қасқыр жүгіріп келіп:

– Күшік, мен сені жеймін! – дейді.

– Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.

– Жарайды, жарайды, менің соңымнан қалмай ере бер, – депті. Екеуі бірге келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр өзінің жолдасына қарап айтты:

– Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді. Сонда күшік айтты:

– Сенің екі көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жымиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы аяқтарыңның арасында қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан – дейді.

– Енді мен не қылар екенмін, соны қара, – дейді қасқыр.

Шапшып барып бір бұзаудың тамағына барып жабысып, тұншықтырып өлтіріп, күшікті де тойғызып һәм өзі де тойды.

– Мен тойдым, сенің етіңді жемеймін, қош бол! – деп, қасқыр желе жортып, кетіп қалыпты. Күшік бұзаудың жемтігінің қасында қалып, үш күндей тегін етке тойып жатыпты. Ақырында іші пысқан соң, қаңғып жүрмекке шыққан еді, бір аш мысыққа кез болыпты. Ол мысыққа айтты:

– Мысық, мен сені жеймін! – дейді.

– Қой, күшігім, қой, әуелі тойғыз, сонан соң жерсің, – дейді.

– Жарайды, менімен бірге жүр, – депті. Біраздан соң бұлар бір топ түйеге келіпті. Күшік айтты:

– Мысық, маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, аузым һәм құйрығым қандай екен? – дейді.

– Несін айтасың, сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпайып тұр, аузың аңқиып, тілің салақтап һәм құйрығың салбырап тұр, – дейді. Сонда бұған күшік айтты:

– Енді мен не қылар екенмін, көр! – депті. Күшік жүгіріп барып, бір түйенің аяғынан тістейін дегенде, түйе мұны дәлдеп тұрып басқа тепкенде, күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты:

– Әй, мақтаншақ, мақтаншақ! Сен неге әліңе қарамай қиын іске қолыңды созасың! Сен ешқашан қасқыр бола алмайсың. Енді сенің етіңді мен жеймін, – депті.

129. Мысықтың түлкіге қонақ болуы

Бұрынғы заманда айуандардың өзінің арасында патшасы болған. Патша келген уақытта айуандардың бәрі оған құрмет қылып тұратын болған. Бір күні мысық түлкіге қонаққа барады дағы: «Мен жер жүзіндегі айуанның патшасымын, маған сойыс әпкел», – деп түлкіге жарлық қылады. Түлкі бұған сойыс іздеп аю мен қасқырға барады. Оларға айтады: «Менің үйіме бүтін жер жүзіндегі айуандардың патшасы келіп, «маған сойыс тап» деп, жарлық қылды, сойыс беріңдер», – деп аю мен қасқырға айтады. Аю мен қасқыр бір қойды ұстап алып келіп: «Мә, осы қойды сойысқа бер», – деп бір қой берген. Енді түлкі айтады:

– Сендер біреуің барып сойып беріңдер, мен баруға қорқам. Түсі тегі жаман, көзі қып-қызыл.

Аю мен қасқыр: «Сен өзің барып сойып бер, бізден гөрі аз да болса танысып қалдың», – деп түлкінің өзін жібереді. Түлкі барып қойды сойып, пісіреді. Дайын болған уақытта «патша қалай жейді екен, патшаның жегенін көреміз» деп, аю ағаш басына шығып отырады. Қасқыр ағаштың жанындағы шөпке жасырынады. Түлкі етті пісіріп, патшаны шақырады. Мысық етті жұлып-жұлып жеп жатса, жанындағы шөп астында бір нәрсе қимылдай бастайды. Мысық тышқан алуға үйреніп қалған емес пе, шөп үстіне секіріп мінгенде, қасқыр тұра кеп қашады. «Патша бізді көрген екен», – деп алды-артына қарамастан жоғалады. Сонан соң мысық ағаш басындағы қимылдаған нәрсені көріп, ағаш басына жүгіріп шыққанда, аю мені өлтіргелі келе жатыр екен деп, ол да ағаш басынан түсіп қашады. Солай қылып, мысық алдап сойысын жеп, үйіне қайтады.

130. Ертегі: Мақта қыз бен мысық

Екеуі дос болып жүреді. Бір күні Мақта қыз үйін жинап жүрсе, бір мейіз тауып алады. Мысықты шақырады. Шақырады – келмейді, шақырады – келмейді, сосын «келмесең, келме», – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сосын мысық айтады: «Ендеше қатығыңды төгем», – дейді. Мақта қыз: «Мен құйрығыңды кесіп аламын», – дейді. Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. «Апа, апа, құйрығымды берші», – дейді. Сосын Мақта қыз: «Менің қатығымды төлеп бер», – дейді. Мысық сиырға барады. «Сиыр-сиыр, маған қатық берші», – дейді, сиыр айтады: «Менің қарным ашып тұр, маған жапырақ әкеліп бер», – дейді. Мысық ағашқа барып: «Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші!» – дейді. Ағаш айтады: «Мен шөлдеп тұрмын, су әкелсең, жапырақ беремін», – дейді. Суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көріп: «Қыздар, қыздар, маған су берші», – дейді. Қыздар: «Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз», – дейді. Мысық дүкенге барады. «Ай, дүкенші, маған сағыз берші», – дейді. Дүкенші: «Маған тұқым бер», – дейді. Мысық тауыққа барады: «Тауық, тауық, маған тұқым берші», – дейді. Тауықтар айтады: «Бізге дән әкеліп берсең, біз саған тұқым береміз», – дейді. Мысық: «Енді не қыламын», – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды қорқытып: «Жаның барында айт, үйіңде не бар?», – дейді. Тышқан қорыққанынан: «Үйімде бір батпан тарым бар», – дейді. Мысық айтады: «Маған бір уыс тары бер», – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары береді. Тарыны апарып тауыққа береді, тауық тұқым береді, тұқымды апарып дүкеншіге береді, дүкенші сағыз береді, сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді, суды апарып ағашқа береді, ағаш жапырағын береді. Жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді, қатықты апарып Мақта қызға береді. Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.

131. Қызыл мысық

Араларындағы айтыстарды бітіріп, араздықтарына ағалық ету үшін арыстан аң атаулыны аралдағы алаңға жияды. Тағылардың тартып алғаны мен азулылардың айдап алғанын айта келген аңдар адам айтқысыз көп еді. Үлкен құлағы үдірейген, қорқақ жүрегі лүп-лүп еткен қояндар тобы да талай арыздарын ала келіседі. Қоянқұлақтау келген қайқы құйрық тиіндер тобының жанында отырған қосаяқ пен ақкіс те, құндыз да құр алақан келіп отырмаса керек. Жазықсыз жаза көретін бөкен, жирен жорға жұпар, құлан тобы арқалап келгенін аялсыз айтуға асығып отырады. Итпен әрі-сәрілігі айтылып жүретін аласа ғана саркістер тобы олардан әнтек әрірек орынға отырады. Айналасындағыларды алымсынбағандай әдейі айбарлана келген аюлардың ойында да күдік жатады. Олар икемсіз денелерімен топас қозғалып, басқалардың өр жағынан орын алады. Айналаның апшысын қуырып, азулылардың арасында «айға шапқан ажарлыңмын» дейтін арыстан «тағдыр мені таққа жаратқан, тағымнан таярым жоқ» деп тәкаппарлана қарап, жиын мінбесіне арналған жартастан түспей отырады. Аңдарға ақырын айтатын сөзді ақырып айтатын оның түсінен «төр төренікі, төбе төрдегінікі, төбе басы төбелеріңді шайнайды» деген үрей шығып, аңдардың арасын аралап жүрген секілденеді. Арыстанның қасында жамбастай жатқан жолбарыс «атаның баласы алдыға, басқаның баласы барына» деп топты отырғызып жүрген түлкіге анда-санда гүр етіп қояды. Сирек мұрты едірейіп, сақ құлағы құйқылжи естіген түлкі жолбарыстың жарлығын бұлжытпай атқарады. Алдындағы арқарлар мен таутекеден, еліктен айрылғысы келмей, топтан шыға беруін жығып, тебінгідей көкала төстігін қылғымай жұтқысы келіп отырған қасқырды шұқшиған көзінен аңғарған түлкі: «Көкжалдың тұқымы көптің көркі емес пе? Атаның баласы алдыға», – деп, аюлардың аяқ жағына ауыстырып қояды. «Қасқыр елді танымағанымен қасқырды елдің бәрі таниды», – деп тік құлағы едірейген шұбалаң құйрықтың көкшіл өңіне қалғандардың бәрі бұрыла қарасады. «Өмірі бірдің өрісі бір», – деп, қасқырдың орнына қара құйрықтың келгеніне арқарлар ашу шақырмайды.

Аңдардың алды-арты әбден жиылып болғаннан кейін мәжіліс басталды.

– Біріңді қопадан, біріңді орманнан, біріңді айдаладағы қиырдан немесе жан басып, құс аспаған қарлы таудың қай-қайдағы қапталынан, түлкі секілді сілімтіктеріңді елдің ескі жұртынан әдейі шақыртып отырмын, – деп сөзін бастайды орнынан еріне қозғалған арыстан аңдарды көзімен бір шолып шығып. «Ханың қайырымсыз болса, қауымыңды қайғы басады» деп, «Мен қайырымсыз хан болғым келмейді. Араларыңда айтылмай жүрген арман болса ақтарыңдар! Елімде озбырдың, жерімде жексұрынның болуы менің абыройыма кір келтіреді... Жуандық қылғанның жұлынын үзем, озбырлық қылғанның омыртқасын опырам, мұнан кейін аю арқар алмайтын, қасқыр қарақұйрыққа қарамайтын, қоян қорланбайтын өмір орнатам... Бұл өзгелерге өнеге болып, басқа хандардың қауымдары маған келетін болады. Көңілдер көтеріліп, күдіктер күл болады. Мен текенің лағын тентек жеп, тентектің лағын «текті» жегенге көне алмаймын, берсе қолынан, бермесе жолынан жейтіндердің, аңқаулардан алдап алса, асаулардан алысып алатындардың, алдағыны арбап алса, айналаны жайпап алатындардың тұқымын құртам».

– Армандарыңды ақтарыңдар!

– Әділет үшін!..

– Бақтарыңа мен тірі болайын! – деп сөзінің аяғын ұранмен тоқтатады.

Жуан мойыны әзер бұрылып, ащы даусы алқымына шыққан арыстанның сөзіне қошамет білдіргісі келген қайсы бір аңдар:

– Сізсіз селеу де селк етпейді.

– Әлемге әйгілі атыңыз айтқаныңызға да лайық...

– Сіз патша болғаннан бері «әділетсіз» дегенді ұмытып та кеттік, – десіп мәймөңкеледі.

– Онда бүгінгі жиынға төбе басы сайлаңдар, істі сол меңгерсін. Төбе басылыққа сүйген аңдарыңды атаудан тартынбаңдар... Мен қисық-бұрысты бақылап, жотада ғана отырайын, – дейді жиынының күн тәртібіне көшкісі келген арыстан адалсып.

– Хан тұрғанда қараны сайларымыз жоқ, арыстанның өзі болсын, – дейді түлкі, арыстанның өзіне естірте дауыстап.

– Көрген көркіне де риза, өзі аңдардың сәтіне жаралған серке әрі серісі, меніңше бұғы болсын, – дейді, өзімнен төменде атасам өзіме келеді деген ойда отырған қасқыр, сілеусін мен қабланның біреуін айтсам, сілкілесе береді деп ойлап, олардан өресі биік, өктемі көп аюды айтпайды. Есі-дерті өзін атау болса да, аузы бармайды. Басқалардың аузынан өз атым шыға ма екен деп те дәмеленеді...

Бірсыпыра аңдар «арыстанмен терезесі тең, қақпайына көнбейді, өз алдына жүрген, басқалардай зәбірлі де емес, жас ағаштың жапырағы мен тәтті жемістерді ғана жейді» деп үлкен тұмсығын әлсін-әлсін ерінбей көтеріп тұрған пілді ұсынады... Бірақ оған жолбарыс қарсы шығады. Жылдан-жылға жиылып, аңнан-аңға келе жатқан ұшы-қиыры жоқ даудың төрелігін меңгеретін түйе өзінің әділ төресін күтеді. Болашақ ұлық әлі ұйғарыла қоймайды. Қабылан қасқырды айтса, қарақұйрық қарсы болады. Аю жолбарысты айтайын десе, ертеңгі күні итжығыс түседі. Бәрі жиылып қоянды айтайын десе, ол бәрінің айтқанына көнеді. Қоянның өзін көрсететін ешкім жоқ. Қалғандары бірігіп суырды ұсынайық десе, аю оны алты қабат алыстан алады деген пәтуа табады. Сонымен, төбе басылыққа аңдар ешкімді атай алмай тұрғанда, күтпеген жерден ғажайып бір аң араларына келе қалды. Өңі қып-қызыл, аласа бойына әнтек артығырақ біткен тік мұрттарын дамылсыз қозғаған әлгі аң отырғандардың бәріне де маңғаздана қарайды. Оны ешкім тани алмайды. Шегір көзін шекшите қараған қонақ сұлу мұртын ширатып та қояды. Ол келе сала-ақ арыстан отырған жартастың басындағы ұшқатқа шығып алады да, астында отырған арыстан мен жолбарысқа алымсынбағандай анда-санда еңкейе қарап қояды... Бауыр жүнінен тамшылаған қызылға жабыла қарап отырған аңдар оның арыстаннан жоғары шығып алғанына қайран қалысады. Бір-бірлеріне «бұнысы кім?» деп ымдасып та қояды. «Бойы биттей болғанда қорықпайтын үлкен жүрегі қай жеріне сиып тұр екен?» деседі кейбірі, үстіндегі қызылы сілкінген сайын төгілген кішкене қонақ отырған ұшқатынан түспейді. Төбе басылықты біреулері қызғанып, біреулері қолға түсере алмай отырған аңдар аяғында әлгі араларына келген аңға мақұл болысады. Аузы алты қарыс арыстан мен жарлығы жанды алатын жолбарыстан әлде қайда әлсіз келген, түсі жылы қонақтан ешкімі зәбір шекпеспіз деп ойлайды. Біреулері: «Қаны сорғалап жүрсе, қалпы қурамайтын неткен керемет, әлде бағымызға келген әулие ме...», – деседі. Өмірінде көрмеген аңның өзінен жоғары отыруға қалай батылы барғанына қайран қалған арыстан да оны тарпа бассалудан жасқанады. Сонымен төбе басы болып сайланған кішкене қонақ дау-шарға тұтас төрелік етіп шығады. Бірақ күңкіл аз болмайды. Күндер өтіп тағы бір жиын болғанда, аңдар оның алдына және жиылады. Ол жартасқа шығып ұйғарылған үкімдерді оқып тұрғанда алдынан кіп-кішкене бір сымпыс құйрық суыр тұра жөнеледі. Төбе басы өзін төбесіне көтеріп отырған аңдар мен алдындағы жұмысты, төрелікті ұмытып, мінбеден ытып түсіп соны қуа жөнеледі. Алғашында аңғармаған азулылар оның кім екенін сонда ғана біліседі. Сыршының шелегіне түсіп, иттен қорыққанынан ұшқаттың басына қашып шыққан мысық екен. Отарлап қуып, кейде қанды сорпа болып жүріп алатын азықтары алдына келгенде тісі қышып, іші шуылдап отырған азулыларға бұл аспаннан түскен сәт еді. Бәрі табанда-ақ тап беріседі. Мұның да алғашқы хабары түлкіден болады. Ол төбе басы ытқи бергенде-ақ қасқырға арқарды көрсетіп, ым қағып қалды. Төңірек лезде шыңғырған дауысқа, ақырған айғайға, күрілдеген үнге толады. Қою шаң шығып, қатты дүбір апаш-қопаш арпалыс басталды.

– Теріс азу тегіне тартады. Құрғырдың өңі оңа бастағаннан шошып едім. Тегі қабылан емес пе, онан да «қорқақты қуа берсе батыр болады» деп қоянды сайламаған екенбіз. Тағылар тағылығын қойса, қоян қорқақтығын қояр еді, – деп өкініп бара жатқан дауыстар естіледі.

Бәрінен басымырақ шыққаны:– Патшамыз арыстан болғанда, төбе басымыз қайдан оңсын, – деп өндіре алмаған арыздарын арыстан мен төбе бассыз-ақ өз қолымен бітіріп алуға ант еткен соңғы сөздері болады.

132. Жалқау мысық

Бір үйдің мысығы бейқам өмір сүріпті. Қарны тоқ болған соң, қимылдауға ерініпті. Жалқауланғаны сонша, тіпті тұмсығының астынан жорғалап өтіп бара жатқан тышқанды ұстауға да құлқы соқпапты.

Ақыр тышқан:

– Біздің маубас, – деп, мазақтайтын болыпты.

Бір күні қожасы екі-үш қап бидайды үйіне кіргізіп қойып, өзі сыртқа шығып кетеді. Сол кезде қап толы астыққа тышқандар тұс-тұстан лап қойыпты. Көзді ашып-жұмғанша қаптың тасталқанын шығарыпты. Жылы жерде пырылдап ұйықтап жатқан мысық тынымсыз сытырлаған мазасыз тықырдан оянып кетеді. Сонда қаптың жібін бытырлата қырқып, дәнді күтірлете күйсеп жүрген тышқандарды көреді де, ожырая қарап қойып, жата береді.

– Ә, тамақ жеп жүрсіңдер ме? – дейді де, қозғалмайды. Орнынан тұрып, тышқандарды қуып жіберуге ерінеді. – Әй, қойшы, жей берсін!..

Бір кезде үйге кіріп келген қожасы тесілген қапты, шашылып жатқан дәнді көреді де, манаурап жатқан мысыққа жетіп барады.

– Мен үйде сен бар ғой деп сеніп жүрсем, тіпті үйге кірген ұры тышқандарды да ұстай алмайды екенсің ғой. Сені несіне бағамын. Одан да тоғайға апарып тастап құтылайын, – деп, сақылдаған сары аязда тоғайға апарып тастапты.

Ақ қарға оранған тоғай ішінде бүрісіп тұрған мысықты көрген сауысқан:

– Жылы үйде жатып, дайын асқа семірдің. Тышқан аулауға да еріндің. Енді қайтер екенсің? Қане, мынау қар басқан тоғайдан тамақ тауып жей қойшы! – деп, сықылықтай күліпті.

133. Мысық пен тышқандар

Мысық бір күні тышқандарды қонаққа шақырып хабарландырыпты. Тышқандар хабарландыруды тапсырып алған соң:

– Мысық бізбен қылыштасқан жау еді. Бүгін неғып қонаққа

шақыратын дос бола қалды, бір сұмдық бар ма, қалай? – деп қауіптеніп, ақыры қонаққа барысады. Мысық басына сәлдесін орап, «қонақты» қарсы алып, алдарынан шығып, үлкен қошамет көрсетіп:

– Қонақтар үйге кіріңдер, төрге шығыңдар, – деп құрмет білдіріпті.

дастарқан жайып, тамақтарын алдарына қойған соң, мысық тамағын қырынып:

– Қонақтар, тамақ алыңдар, өткенде ел де болдық, жау да болдық.

Өткен өтті, енді қайталамайық, – дейді. Тышқандар қол қусырып, бастарын изесіп, раздықтарын білдіріп, рақымет айтады. Тамақтарын ішіп-жеп дастарқан жиылған соң, мысық: Тышқан жеген, кемірген, тескен заттарды жинап әкеліп, тышқандардың алдына қойып, мұны кім істегендігін, кім жауапкер екендігін сұрағанда, тышқандар: «Бүлінген затқа бір, мысыққа бір қарап, дауысын шығара алмай, «біз» дегендей, тұмсықтары жыбырласыпты. Сонда мысық орнынан атып тұрып, есікті тарс жауып алып, сәлдесін жұлып тастап:

– Тышқандар, сендердің қылмыстарың ауыр, кешіруге болмайды. Мен ақ сәлдемді тастадым, баяғымды бастадым, – деп тышқандарды шетінен қырыпты. Содан бері ел аузында «мысықтың тышқанды қонаққа шақырғанындай» болып жүрмесін дейтін аңыз тарапты.

134. Мысық пен тышқандар

Бір күні, мысық тышқандарға:

– Мен үлкен сопы болдым. Бүгіннен бастап құдайға құлшылық ету

жөнінде шариғат сөйлеймін, барлығың келіп тыңдаңдар! – деп уағыз айтыпты.
Тышқандар кеңесіп:

– Бұл жыртқыш сопы болдым депті, ет жемесе, енді нені қорек етеді

екен, сұрап ұғайық, алданып қалмайық, – деген байламға келісіпті.
Олар мысыққа келіп осы жайлы сұрапты. Мысық:

– Мен әлдеқашан ет жеуді қойғамын, тау бөктерінен балауса жеп, шөп

басындағы шық суын ішіп, күнелтетін болғам, – деп жауап береді.
Мысықты тәңір жолын ұстап, жақсы сопы болыпты деп ұққан
тышқандар түгел онан шариғат естуге келеді.
Мысық сопылық киімін киіп, үлкен салауатпен мінбеге шығады да, қан

төкпеу, ет жемеу жайлы бірталай дәлел айтып, жөн-жосық сөйлейді.
Мысық шариғат сөйлеп болған соң, тышқандар жапа-тармағай есікке

ұмтылады. Осы орайда мысық мінбеден қарғып түсіп, ең арттағы тышқанды тарпа бас салып жеп қояды. Мысық әр күні шариғат айтып, әр күні бір тышқан жеп жайбырақат жата береді. Ал, тышқандар өзінің күннен-күнге азайып бара жатқанын көріп сезіктене бастайды. Сонан олар бір жерге жиылып кеңес құрып:

– Біздің түбімізге жетіп жүрген сол, әйтпесе қатарымыз неге күннен-

күнге селдіреп барады, ең жақсысы оның дәретін тексеріп көрейік, –деген байламға келеді.

Тышқандар келіп аңдиды. Ол әмсе дәретін көрсетпей күлмен жауып тастап отырады екен. Ол кеткеннен кейін тышқандар күлді ашып оның дәретін қарайды да, ішінен бірсыпыра боғына араласқан тышқан жүндерін байқайды. Тышқандар бұл істің сырын біледі.

Келесі күні тышқандар бәз-баяғысынша мысықтың шариғатын естуге келеді. Бірақ шариғат айтудан бұрын бір тышқанды уәкіл етіп мысыққа салады. Ол: «Сопы, тақсыр, шариғат айтып көп әурелендіңіз, біз сізге мойынға асатын бір қоңырау тарту етейік, өйткені сіз әулие, ұлы сопысыз, сіз бұл қоңырауды асып алсаңыз, қайда барсаңыз да біз хабарланып, өз құрметімізді білдіріп, әдеп-иба сақтап жүретін боламыз», – дейді.

Мұны естіп қуанған мысық қоңырауды мойнына асып алады.

Шариғатты айтып болғаннан кейін ол оқшауланып ең артта қалған тышқанға тап береді. Бірақ ол мінбеден атылған кезде оның мойнындағы қоңырау даңылдап кетеді. Мұны естіген тышқандар арт жағына жалт қарайды. Сөйтіп, мысықтың шын кеспірі пәш болады. Тышқандар оған:

– Сенің шариғатың өтірік екен! Доғар енді оныңды, сенің шариғатыңды кім тыңдасын?! – дейді. Содан бастап тышқандар оның шариғатын тыңдамайтын болады.

135. Құмырсқа

Бір құмырсқа өз илеуінде тобынан бөлініп, сол маңдағы ара, қоңыз секілді жәндіктермен дос болыпты. Жем іздеп шыққан құмырсқа жол үстінен бір дән тауып алыпты. Жалғыз өзі әрі-бері әуреленіп, дәнді орнынан қозғалта алмапты. Сонан соң көмек сұрау үшін әлгі қанатты достарын іздейді.

Бір уақытта гүлден-гүлге қонып, шырын жинап жүрген араға жолығады

– Досым, бір дән тауып алып едім, жалғыз өзім көтере алмағаным. Маған көмектесіп жіберші, – деп өтінеді.

– Көрмей тұрсың ба, мен де жұмыс істеп жатырмын ғой, – деп ара көнбей қойыпты. Солайы солай ғой, мейлі деп, құмырсқа әрі жүріп кетіпті. Ол енді қоңызды тауып алады.

Ол мән жайды айтып, көмек сұрапты.

– Сен үшін өз еңбегімді еш қыла алмаймын, – деп, қоңыз ызыңдап ұшып кете барады.

Достарынан күдер үзген құмырсқа мұңайып қайтып келе жатады. Жолда өзінің илеулестерімен ұшырасып қалады. Олар мұның түрін көріп:

– Не істеп жүрсің? – деп, жөнін сұрайды.

Жалғыз құмырсқа өзінің басынан кешкенін айтып береді:

– Жалғыздық деген сол, – деп, илеулестері жұбатады да, құмырсқаның дәнін көтерісіп, әрі алып кетеді. Құмырсқа үйіріне қайта қосылады.

«Жаңа достың қадірі ескі досқа жетпейді» деген екен сонда бір кәрі құмырсқа.

136. Құмырсқаның қанағаты

Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен. Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатыпты. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, дем алып отырса, кішкентай бір құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады да, алақанына салып тұрып:

– Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? – деп сұрайды.

– Илеуіме апарамын, – дейді құмырсқа. Адам сұрайды:

– Оны қайтесің?

– Кейінге сақтаймын, – дейді құмырсқа. Адам:

– Көп жинайсың ба? – деп сұрайды.

Құмырсқа өз шаруасының жайын былайша баяндайды:

– Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қаннен қаперсіз тынығып жатамын.

Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастады:

– Басың неге үлкен?

– Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

– Белің неге қылдырықтай?

– Қомағай емеспін.

– Жылына қанша дән жейсің?

– Бір дән жеймін...

– Соған қанағат етесің бе?

– Одан көп жей берсем, жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

– Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер, – дейді данышпан құмырсқаға ескертіп. Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді.

Бір жыл өткен соң данышпан әлгі құмырсқаға қайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен. Қасына қалдырған жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

– Ей, құмырсқа, – депті мұның себебін білмек ниетпен. – Сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың? Не себептен сонша үнемдедің?

Сонда құмырсқа былай депті:

– Айтқаның дұрыс, мен жылына бір дән жеймін, ол рас. Ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлетін едім. Соны ойлап, қанағат еттім.

Данышпан құмырсқаның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:

– Менің істегенім дұрыс болмапты, кешір! – депті де, құмырсқаны қамаудан босатып жіберген екен.

Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласына үйретіпті.

137. Хан мен құмырсқалар

Баяғы заманда бір хан өтіпті. Өзін-өзі әлемдегі асқан ақыл-парасатты, ділмәр адам санайды екен. Бір күні хан қалың нөкерін шұбыртып, саятқа шығуға әзірленіпті. Жан-жаққа жаршы, хабаршылар шаптырыпты. «Құрт-құмырсқаға, кішкене жәндіктерге айтыңдар, он күнге дейін індерінен шықпасын. Әйтпесе біздің аттарымыз таптап өлтіреді!» – деген хабар таратыпты. Бұл хабарды естіген соң ұсақ жәндіктер індеріне тығылыпты. Ал құмырсқалар болса, әлгі ханды өз ауылдарына бір қондырып, сый-сыяпат көрсетпек болады. Хан қалың қолмен аңға шығады. Келе жатып, құмырсқалардың жол тосып, топтасып тұрғанын көреді.

– Құмырсқалардың бәрі ініне тығылсын деп хабар берілмеп пе еді? Бұл не қылған шоғыр? – дейді хан. Нөкерлері де таңданып қалады. Таяп келген соң құмырсқа патшасын шақыртып алып, жөн сұрайды:

– Топталып жолда тұрғандарың қалай?

– Тақсыр, – депті сонда құмырсқалар патшасы. – Сізді жолай біздің ауылға бір күн түнеп, сый-сыяпатымызды көрер ме екен деп, алдыңыздан шығып, тосып тұр едік.

Хан бұған таңырқай тұрып, мысқылдай күледі:

– Әй, ақымақтарым-ай, ойласаңдар етті, біз түнеп-ақ шығайық. Сонда осыншама адам мен ат-көліктердің ішіп-жемін қайдан тауып бересіңдер? Соны ойладыңдар ма?..

Ол жағынан қам жемеңіз, тақсыр, – депті құмырсқалар патшасы. Көп біріксе, көл емес пе! Еңбегімізбен ерді сыйлаймыз!

Мұны естіген хан:

– Ырыздығың құдайдан десең, сөзіңе тоқтар едім, – депті шалқақтап. – Бірақ сөз таппадың. Осыншама адам мен ат-көлікті еңбегіңмен қалай тойдырар екенсің?

– Тақсыр, аттан түсіңіздер, – депті құмырсқалар патшасы, – егер сіздерге ас-тағам қамдай алмасақ, мен айыпты болайын.

Мұны қызық көрген хан күле тұрып:

– Мейлі онда, қарық қылғаныңды көрелік, – деп, бір қонып аттануға көніпті.

Сөйтіп, құмырсқалар патшасы хан мен оның нөкерлерін арнайы әзірлеп қойған шатырларға бастап алып келіпті. Ат-көліктерін қора-қораға орналастырыпты. Содан кейін құмырсқалар патшасы барлық құмырсқа атаулығы әрқайсысы бір-бір түйірден нан үгіндісін, бір-бір бас сұлы, бір-бір сабақтан жабайы жоңышқа алып келуге әмір беріпті. Құмырсқалар өз патшасының жарлығын орындау үшін жан-жаққа тарап кетеді де, бірінің соңынан бірі кері орала бастайды. Біраздан кейін нан, сұлы, жоңышқа төбе-төбе болып үйіліп қалады. Оған қонақтардың ат-көлігі сылқия тояды. Мұны көрген хан қайран қалады. Өзінің ақылы жетпей, ұтылғанын іштей сезеді де, құмырсқалар патшасын қалай да бір сүріндірудің амалын ойлайды.

– Ей, құмырсқалар патшасы, сенің басың неге сонша үлкен? – деп сұрайды.

– Ақылымыздың молдығы шығар, тақсыр,– деп жауап беріпті құмырсқалар патшасы.

– Ал белің неге қылдырықтай? – дейді хан кекесінмен. Бұған да құмырсқалар патшасы байсалды жауап қайырады:

– Аса ауыр жұмыстарды атқарар кезде белімізді тас қылып буып аламыз. Бүгін сізге аса зор сый-сыяпат көрсетуіміз керек. Сондықтан белімізді мықтап буып алғанбыз. Беліміздің тым қылдырықтай көрінуі содан шығар.

Хан құмырсқаның тапқырлығына таң-тамаша қалады. Одан әрі не сұрарын білмей, ойға шомады. Сонда уәзірі:

– Тақсыр, ақылыңыз дариядай еді, қисынды сөзді қардай боратушы едіңіз. Құмырсқалар патшасына басқа айтарыңыздың болмағаны ма?– депті ханның көңілін аулап.

– Жүйелі сөзге жетесіз таласады, – депті хан басын иіп. – Мен тоқтадым.

Хан үн-түнсіз түрегеліп, аңға да шықпастан үйіне қайтып кетіпті.

138. Құмырсқа мен елік

Құмырсқа мен елік дос болыпты. Мұны білген басқа хайуандар:

– Елік ақымақ қой, құмырсқа дос болып несімен жырғатады, – дейді

екен. Бір күні су ішіп тұрса, құмырсқаны су ағызып келе жатқанын көреді. Елік жалма-жан шөпті аузына тістеп құмырсқаны құтқарып алыпты. Құмырсқа елік досының бұл жақсылығын қайтып ақтасам болар деп жүріпті. Бір күні құмырсқа, бір аңшының қолына мылтық алып, жусап жатқан елікке баспалап таяп қалғанын көреді. Содан құмырсқа жүгіріп отырып барып әлгі аңшы елікті нысанаға ала бергенде, аңшының балтырын шағып алады. Балтыры шым етіп ауырған аңшы еңкейіп балтырын сипап қалғанда, қолынан мылтығы түсіп, ағаш сылдыр ете түскенде, елік біліп зытып берген екен. Сөйтіп, құмырсқа досының жақсылығын ақтаған екен.

139. Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі

баласын «жұмсағым» дер

Жер-дүниенің патшасы Сүлеймен пайғамбар кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық қылды.

– Сен, қарға бар! Бір түнде жер-дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Бұл құсты үйдің бас жағындағы тұрған қапасқа отырғыз. Таң атқанда бұл құс мені сайраған даусымен оятсын!

– Сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, маған бір жұмсақ нәрсе тап, бұл нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме таяу қой! Құс сайрағанымен оянып, қапасқа қарай бергенде, бетім бұл нәрсеге тисін, – деді.

Қарға дамыл таппай, көп жерлер аралап, құстардың сайрағанын естиді. Бұған бір де құстың сайрағаны жақпайды. Мұның ойлауынша, бұлбұл, сандуғаш һәм басқа құстар жаман сайрайтын көрінеді. Даусы жақсы құсты таба алмай, қарға сорлы қайғырды: «Енді маған өлім келеді ғой», – деп. Таң мезгілде талып, шаршап қарға ұясына қайтты, «балаларын бір көріп, амандасып кетейін» деп. Пақыр анасын көріп аш балапандар шиқылдап, қарқылдай бастады. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай жақсы, нәзік көрінді. Бұлардың қасында бұлбұл, сандуғаш әлдеқайда жаман сайрайтын көрінеді. Қарға сорлы қуанып, балаларын Сүлейменге әкеліп, мұның қапасына отырғызады. Кірпі түні бойы дамыл таппай, жердің жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, іздесе де таба алмайды. Бұл да шалдығып, шаршап, үңгіріне қайтып келеді. Пақыр анасын көріп, мұның балалары алдынан шығып құшақтайды, кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ көрінеді. Бұл ойлайды: «Жердің үстінде өзімнің балаларымнан жұмсақ нәрсе болмас», – деп. Көп ойламай, кірпі балаларын Сүлейменнің жастығының үстіне әкеліп қояды. Таң атты. Қарғаның балалары қарқылдап, шиқылдай бастайды. Сүлеймен «бұл не?» деп, қапасқа қарай бергенде мұның бетіне тікенектер кіріп кетті. Қараса, қапаста қарғаның балалары отыр, жастығының үстінде кірпінің балалары жатыр. Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақырып алып, бұлардың басын кесуге бұйрық қылады. Жазалы болған кірпі мен қарға «дат, тақсыр» деді. Сүлеймен «дат» берді. Екеуі бастан-аяқ қылғандарын баян етіп еді, ойға түсті. Бұл ойлайды: «Әркімдікі өзінікі-өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық һәм мамықтан жұмсақ», – деп, қарға мен кірпіні босатып жібереді.

140. Құзғын қарға

Бұрынғы өткен заманда бір қарға көшкен жұртқа ұшып келеді. Сол жұртта көлеңкеде жатып қалған тоқтыны көреді. Тоқтыға айтады:

– Сенің көзіңді жеймін, – дейді.

Тоқты:

– Жарайды, менің көзімді жеу үшін алдымен аузыңды суға жуып кел. Өйткені сенің адалдығың шамалы, былғаныш едің. Сонан соң мен саған көзімді беремін, – депті.

Қарға ұшып суға барады, суға барып мынаны айтады:

– Су, сен менің аузыма ілін, мен аузымды жуып, тоқты жеймін қаңқ-қаңқ, – дейді.

Су:

– Мен сенің аузыңа қалай ілінейін, онан да ыдыс тауып әкеліп, су алып, аузыңды жу, – деді.

Қарға сынық аяқ тауып алып, оны ұстаға апарады.
Ұстаға шегеле деп айтқаны:

– Ұста, ұста, шегелеші аяқ, апарамын су, ілейін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...

Ұста:

– Бұл аяқты шегелеу үшін бұғының мүйізі керек, онсыз жарылып іске жарақсыз болып қалады, – дейді.

Қарға ұшып бұғыға барып:

– Бұғы, бұғы, берші мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ, – дейді.

Бұғы:

– Ой, ақымақ, өз мүйізімді қалай түсіріп бермекпін, онан да мынау жерде ит бар, соған қуғызып түсіріп ал, – депті.

Қарға итке барып:

– Ит, ит, қушы бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, ілейін су, шаям ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді.

Ит:

– Мен өзім ашпын, оны қуып түсіріп беруге шамам жоқ, сен бұғыны қусын десең, мына жерде сиыр жүр соның сүтін әкел, – дейді.

Қарға ұшып сиырға барып:

– Сиыр, сиыр, берші сүтіңді, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ... – деді.

Сиыр:

– Мен бұзауымды жарытпай тұрмын, сүт алам десең мына жерде құрақ бар, соны орып әкел, бұзау да тойсын, ит те ішсін, – депті.

Қарға ұшып отырып құраққа барып айтқаны:

– Құрақ! Құрақ! Орылшы құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...– дейді.

Құрақ:

– Мен құр босқа орылам ба, болмаса өзімнен-өзім жұлынайын ба, сен орақ тауып алып, орып ал, – дейді.

Қарға бір сынық орақты тауып алып, тағы ұстаға апарады. Ұстаға барып мынаны айтады:

– Ұста, ұста соқшы орақ, орылсын құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілемін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ...– деді.

– Жарайды, олай болса, ана көмірді әкел, – деп жұмсапты. Қарға көмірге басын сұғып, аузымен тістеп алып жатқанда, ұста басын кесіп алған екен.

141. Қарға мен баласы

Қарға баласына: «Адам баласы біздің дұшпанымыз, сақ болыңдар, екі шоқып бір қараңдар», – деген. Сонда баласы: «Екі шоқып бір қарамай, бір шоқып екі қарағанда аштан өлеміз бе», – деген. Қарға: «Адам баласы ұратын тасын қойнына тығып жүреді», – деген, сонда баласы айтқан:

– Тасты қойны мен қонышына салғанша, қолына ұстап жүрсе болмай ма? – деген.

142. Қарғаның бөспелігі

Лашынның балапаны топшысы қатып, ұядан ұшқан соң-ақ жемін тауып жеуге шығыпты. Жолшыбай бір қарға оған қызылшы болып ерсе керек. Алғаш бауын үйректің балапанымен ашқан лашын олжасын қарғаға байлапты. Көктен тілегенін жерден тапқан қарға барлығын жапырып тастағандай екі иінінен дем алып, әлгі үйректің балапанын ұясына алып келіпті.

– Не деген тәтті, мұны қайтып алдың, төс еті неткен жұмсақ еді, – деп, балапандары таласа-тармаса жей бастапты. Сонда қарға:

Бұл шешең аюды алған белеңдегі,
Судағы балықты да тереңдегі.
Көл шетінде көк ала үйрек тұр ғой,
Өгіз сасық немені де алад өлеңдегі, –

деп бөсіпті.

143. Қарға мен лашын

Бір қарға көп жемтік өлексені жиып таусылғысыз етіп, таудай қылып үйіпті. Бір қыран лашын-бидайық соны көріп: «Мынауменен жақын болсам, өмірімде қарным ашып, өзегім тала ма», – деп, сол қарғаға тимей, үйді-үй қонып жақындасып жүріпті. Манағы бидайық көрінгеннің желкесін қиып тастай береді екен. Сүйтіп жүре-жүре қарға манағы бидайықтың қиып тастап жүргенін ұмытып кетіп ойлапты: «Осы жеген нәрселерімнің бәрін өзім алып жеп жүрмін ғой», – деп. Екінші ойлайды: «Осынша үйілген боқтығым тұрғанда маған жолдас болып лашынға не керек, өзім лашыннан артық емеспін бе», – деп, шалқаң-шалқаң басып «қарқ-қарқ» деп тауды жаңғырықтырыпты. Мұндай шалқаң басып тау жаңғырықтырғанын көрген соң әртүрлі құстар маңайына жиыла беріпті.

– Пәлі, қарғам, пәлі даусыңа, бір сенен артық құс жоқ, – деп, манағы үйіліп жатқан жемтіктің шетінен шеттеп жеп жүрісіпті.

Сонан соң баяғы бидайық мұның бұл ызасына шыдай алмай қанатын қомдап алып, аспаннан бір келіп қарғаға түйілген екен. Манағы қасындағы үйіліп-төгіліп жүрген құстан жалғызы қалмай быт-шыт болып кетіпті. Сонда қарға жаныменен қайғы болып, кірерге жер таппай жиған боқтығы басына пәле болып тигенін білген соң айтты дейді: «Әкем жеген боқ еді, шешем жеген боқ еді, құстың етін жегенім жоқ еді. Енді осы қылық өзіме айып еді», – дейді. Мен ойладым: «бұл бишара қарғаның жиған боқтығы басына пәле болды ғой», – деп. «Неге десең, оның жиылған боқтығы болмағанда лашын да оған айналмас еді және басқа құстар да қасына жиылып желіктірмес еді» және ойладым «өз көзіне көрінгенді қиып тастап жүрген лашын қарғаға не себептен жолдас болды?» – деп. Ақыры ойлап тұрсам, бәрі нәпсіге ерген дүниеге келеді екен.

144. Қарғаның достығы

Бұрынғы заманда бір кедей адам болыпты. Бұл адам тұзақ құрып, құс ұстап саят қылып жан бағады екен. Бір күні бір жіпке жем шашып, тұзақ құрып қойған екен. Мұны кептер көріп патшасына айтады. Соны барып жеп келсек қайтеді деп. Сонда патшасы: «Адам баласы амал-қайласы бар қу болады. Тұзақ деген нәрсе құрып қойып, алдап ұстап алып жүрмесін», – дейді. Сонда да бүтін ел жиылып барамыз деп оған бәрі барып тұзаққа түсіп қалады. Сонда патшасы тұрып келмелік деп едім, тілді алмадыңдар. Міне, ұсталдық. Ал, бәріміз бірдей құбыла жаққа көтеріле ұшалық деп, бір күн ұшып адамы жоқ иен қалаға келіп қонады. Бұл шаһарда ешбір жан жоқ тышқанның астанасы екен. Сонда Кептер патшасы тышқан патшасына келіп, басына киілген пәлесін айтып жылайды. «Мені осы пәледен құтқарсаң, жақсылығыңды өмір бойы ұмтпаспын. Өзім өзіңізбен өмір бойы дос болар едім», – дейді. Сонда тышқанның патшасы еліне бұйрық қылып, «мыналардың мойнындағы тұзақты қиып, босатыңдар», – дейді. Сонда тышқанның бүтін қолы жиылып келіп, кептерлердің мойнындағы тұзақты қиып босатады. Сол арада бір қарға мекен етіп жүреді екен. Сол тышқан патшасына келіп, «сен кептерлерді босаттың, мен сенімен дос болайын деп келдім», – дейді. Сонда тышқанның патшасы, «құдай сені көрсетпесін, сыртыңнан ішің қара», – депті. Сонда қарға күнде тышқан патшасына келіп-кетіп жүріп аяғында тышқанға айтты, мен сенімен дос болайын.

– «Менің үш жылдан бері көрмеген досым бақа бар, соған амандасайын, жеткіз», – депті тышқан патшасы.

«Қарға мақұл» депті. Тышқан мен бақаның арасында бір дария бар екен, қарға тышқанды қанатына мінгізіп алып бір күн, бір түн ұшып, дарияның ар жағындағы бір аралға түсті. Сонда тышқанның досы бақа да амандасып көрісіп, жыласып-сықтасып құшақтасып қалды.

Сонда бақа: « қайтіп бұл жаққа ұшып шықтың», – дейді.

Тышқан: «Мына қарға менімен дос болып, сол қанатына мінгізіп, әкелді», – дейді. Сонда бақа: «Сенің бұл досың қарға екен, бір күні өзіңе қас қылып қояр мен саған бұрынғы заманда төрт жануардың дос болып бір-біріне жанын қиып, бірін-бірі өлімнен құтқарған екен. Мен соның әңгімесін айтып берейін. Сен тыңла», – дейді. Тышқан мақұл дейді.

Сонда бақа: «Ол төрт нәрсе – тышқан мен бақа, үйрек пен киік еді. Бір күні патшаның баласы аудан қайтып келе жатыр еді. Бұған төртеуінің бірі бақа жолығып еді. Жол болуға жақсы деп қоржынға салып алады. Мұны киік досы көріп, үйрек пен тышқанға хабар берді де, «Мен аушының алдынан ақсаған болып қашайын, үйрек сен тышқанды қанатыңа салып мінгізіп ұш. Аушы мені қуып кетіп, қоржынын тастар. Тышқан қоржынды тесіп, бақаны шығарсын», – деп, өзі аушының алдынан ақсаңдап қашады. Аушылар қоржынды тастап, киікті қуып кетеді. Үйрек ұшып келіп, тышқан қоржынды тесіп құтқарады. Сөйтіп, төртеуі аман-есен қашып құтылады, міне, шын дос деп осыны айт. «Сенің досың осылардай болса жарар еді», – деп тұрғанда қарға батыр қарқылдап келіп, досы тышқанды басып қалды. Бақа байқұс суға секіріп, әрең құтылды.

145. Қарға мен бүркіт

Бір күні ақымақ қарға жар басында қонып отырса, бір бүркіт келіп, сайда жайылып жатқан қойдың ішінен бір қозыны іліп алып тасқа шығып жеп отырыпты. Мұны көрген қарға «Мен де бүркіт сияқты біреуін іліп алып, жемеймін бе? – деп ойлапты да мен алсам қозыны алып не қылам, үлкен қошқарды алмаймын ба,» деп бар күшін жинап, қанатын қомдап, жартастан еңкейіп түйіліп барып бір қошқарға түсіпті. Қарғаның шілбиген жіңішке саусақ тырнақтары қошқардың қалың жүніне ілініп қалып, қошқарды алғанды қойып, өз тырнағын шығара алмай, қошқардың үстінде далпылдап жатқанда, анадайдан қарап отырған қойшы келіп,қарғаны ұстап алып, баласына ойыншық қып беріпті. Осыдан бастап «Қарғаның қошқарға түсуі сияқты», – деген тәмсіл ел аузына тарапты.

146. Кезқұйрық пен бақа

Нөсер құйып, өзен тасиды. Бір бақа өзеннен малтап жағаға шығып, шөп басындағы су моншақтарын шашырата шоршып, ән салып жырғап жүреді. Әуе кеңістігінде жер бетін шарлай ұшып бір аш кезқұйрық шүйілген бойы оны іліп алып, әуе кеңістігіне шарықтай жөнеледі. Бақа төмен жаққа көз салады, жер бетіндегі үйлер мен ағаштар көз ұшында қара ноқаттай болып бұлдырап арт жақта қалып жатады. Есеңгіреген бақаның көзі шұбартып кетеді. Ол қайта қарауға батылы бармай, көзін тарс жұмып алады. Ол «ажалымның жеткені осы, кезқұйрықтың тегеуірінен енді маған құтылу жоқ қой» деп ойлайды. Сөйтсе ол, тәуекелге бел байлап, жүрегін тоқтатып, өжеттене:

– Кезқұйрық, мені қайда апарасың? – деп сұрайды.

– Таудың ұшар басына апарып, келісіп бір тоямын.

Бұны естіп жүрегі зырқ ете түскен бақа енді құрыдым, мекеннен шалғай тау басына барғанда мені кім арашалап алады деп шошып кетеді. Сонда да бақа қапияда ақыл тауып, бейне қуанған жанша:

– Кезқұйрық, саған мың бір рақымет, менің өзім тау бақасы едім, ата-

ана, ұрық –туғандарым сол жерде еді, енді солармен бет көрісетін болдым. Өлер алдында жақын, жұрағаттарыммен бет көрісудің өзі бір ғанибет қой, – дейді. Мұны естіп әрі-сәрі болған кезқұйрық «тауда мұның көп туысқандары бар болса, апарғаным келіспес» деп ойлап артына бұрылады да, өзен жаққа қарай ұшады.

Іштей қуанышқа батқан бақа:

– Мені тағы қайда апарасыз, – дейді.

– Өзендегі көпірге апарамын.

Мұны естіп бақа өп-өтірік зар қақты:

– Айналайын аға-екеш, көпірде менің туыс-туғандарым болмағаны

былай тұрсын, танысым да жоқ. Өлер кезімде туыстарыммен дидарласа алмау үлкен қорлық қой! – дейді. Ол жалынған сайын мәз болып масайраған кезқұйрық сол араға келіп бақаны көпірге тастап, өзі көпірдің басына қонды да қарқылдап:

– Бақа, өлер алдыңда тағы қандай өтінішің бар? – деп сұрайды.

Көпір астындағы сырылдап ағып жатқан өзенге көз қиығын тастаған
бақа кезқұйрыққа:

– Сіз бір нағыз сайыпқырансыз, мен болсам бір қораш бақамын, сен

мені жегенде ызбарлылақ болыңыз, алдымен тұмсығыңыз бен тырнағыңызды тасқа қайрап, қылпылдатып алсаңыз, – дейді.

Бақаның айтқан сөзін жөн көрген кезқұйрық, бір тасты тауып тұмсығын қайрай бастайды. Осы орайдан пайдаланып өзенге секіріп түскен бақа судан жарым денесін шығарып тұрып, кезқұйрыққа:

– Сау тұрыңыз нәдүрісім, өзен – менің мекенім, менің ата-бабам мен

туыс-туғандарымның бәрі осы жерде, – деп суға сүңгіп ғайып болады.
Кезқұйрық ызадан жарылардай болып меңірейіп отырып қалады.

147. Батыл есек

Есек жүк тасудан қашып, әбден жалығады. Бір күні ол өзімен жолдас болып жүрген түйеге келіп:

– Әй, түйе, мен жүк тасудан әбден жалықтым, жон терімнің тамтығы қалмады! Жүр, екеуміз бірлесіп қожамыздан қашайық та, ойымызға келгенін істеп, өз еркімізбен өмір сүрейік, – депті. Түйе үндеңкіремей, ойланыңқырап барып жауап қайырыпты:

– Шынында да, қожамыздың жаман екені рас, көп жұмсайды, күтіміміз жаман-ақ. Мен қашуға қуанар едім, ал қалай қашасың? Есектің жауабы дайын еді. Ол: «Мен ойлап қойғанмын, қам жеме. Ертең қожамыз бізге тұз артып қалаға барады. Бастапқыда біз айдағанына көніп тыныш жүреміз, ал тауға шыққан соң титықтап болдырған болып, жығыламыз да тұрмаймыз. Қожамыз бізді қарғап-сілеп, таяқтың астына алады. Біз сонда да тұрмаймыз. Ол әбден шаршап, басқа көлік әкелгелі үйіне қайтады. Біздер емін-еркін оңаша қаламыз, тек қана аяғың шыдаса болғаны, қайда қашсаң да, еркің өзіңде», – дейді.

Түйе көңілденіп қоя беріпті:

– Сенің мұның табылған ақыл, данышпандық деп осыны айт! Тап солай істейміз, – дейді ол. Олар ертеңгі таңды күтеді. Қожайыны ерте тұрып, есек пен түйеге қаптаулы тұз артып, қалаға жөнеледі.

Көліктер жарым жолға дейін бұрынғысынша жүріп барады. Түйе ең алды, оның артында есек, ең соңында қолында таяғы бар қожайын келе жатады. Түйе мен есек тауға шығысымен әбден болдырған болып жығылады да, тұрмастан жатып алады.

Қожайын оларды:

– Өй, оңбаған жалқаулар, жатып ішер, арам тамақтар! Таяқ жеп сілейместен бұрын тез тұрыңдар! – деп, сөгіп балағаттайды.

Олар қожайынның сөзін құлағына да ілмей, түк естімеген болып жата береді. Қожайыны ызаға булығып, көліктерді таяқтың астына алады. Түйені ол отыз тоғыз рет таяқтайды, бірақ ол былқ етер емес, қырқыншы таяқты сілтегенде түйе ойбайын салып ұшып тұра келеді.

– Солай ма! Саған әлдеқашан осы керек еді, – дейді де, қожайыны есекті таяқтауға кіріседі. Ол есекке қырық таяқ соқты, ол қыңқ етпестен жата береді, тағы оған елу таяқ соқты, есек былқ етер емес, алпыс таяқ соқты, есек қозғалар емес, жатқан күйінше жата берді.

Қожасы жағдайдың нашарға айналғанын байқады. Есектің көп ұзамай-ақ өлетін түрі бар. Бұл бір тап бола кеткен қаза ғой, амал қанша?! Ол есектің жүгін түйеге артады да, жолға шығады. Өз жүгіне есектің жүгі қосыла артылған түйе, аяғын әрең басып есекті қарғап келе жатыр: «Қарғыс атқыр есек, сенің тіліңді аламын деп, қаншама таяқ жедім, оның үстіне екі есе жүк көтеріп келемін!». Есек сол жатқанынан, қожайыны түйені жетектеп қырдан асқанша жатты да, олардың қарасы үзілген соң, ол тұра салып, бет алды қаша жөнелді. Есек сол қашқаннан үш күн қашады, үш таудан және үш алқаптан асады, ақырында Тентек өзенінің жағасындағы кең алқапқа жетеді. Есекке тоғай алаңы ұнайды да, сол жерге мекендеп қалады. Ол тоғай көптен бері бір күшті жолбарыстың меншігінде екен. Бір күні жолбарыс өзінің меншікті жерін аралап көруге шығады. Ол ертемен шығып, түс кезінде есектің үстінен шығады. Есек құйрығын шыпшаңдата түсіп, тоғайда емін-еркін жайылып жүр екен. «Бұл мен көрмеген, неткен аң болды екен?» – деп, ойлайды жолбарыс. Есек жолбарысты көріп, есінен тана қорқады. «Менің ажалым жеткен екен!» – деп ойлайды ол. Қарсыласпай босқа өлгенше, бұл қорқынышты жыртқышқа өзімнің ерлігімді көрсетіп, өлгенім артық», – деген ұйғарындыға келеді. Ол құйрығын шаншылта көтеріп алады да, құлағын қағып қойып, бар даусымен ақырып қоя береді. Жолбарыс қорыққанынан көзінің оты бұлдырап, кейін қарай бар дәрменімен жортып, артына бұрылып қарауға да мұршасы келмейді. Жолда оған қасқыр кездесіп: «Мұнша кімнен қорықтыңыз, әміршім?» – депті.

– Мен бір аңнан қорқып келемін, ондай қорқынышты аң дүниеде жоқ шығар, оған құлақ орнына қанат біткен, бас дегенің бақырқазандай, ақырған үнінен жер сілкініп, көк жарылғандай,– дейді.

– Сабыр етіңіз, сабыр етіңіз, – дейді қасқыр. «Сіздің кездескеніңіз есек болмасын? Ұсқыны соның өзі ғой. Жарайды, ертең оны екеулеп арқан құрып ұстармыз». Қасқыр келесі күні арқан тауып алады да, оның бір ұшын жолбарыстың мойнына, екінші ұшын өзінің мойнына байлап, екеуі алаңға қарай жөнеледі. Қасқыр алда жүріп келеді, ал жолбарыс оған тығыла түсіп, артта келеді. Есек бұларды алыстан көріп, аузын кере ашып, бұрынғысынан да қатты ақыра бастайды.

Жолбарыс қасқырға айқайлап:

– Е, жарқыным, сен мені мына сұмырайға жем қылғалы әкеле жатқаның белгілі болды! – деп, ол бір жаққа қарай пәрменімен жұлқына жөнелгенде, қасқырдың басы жұлынып кетіпті. Жолбарыс демі құрып үйіне жеткенше жүгіреді. Сол кезде оған сауысқан ұшып келіпті. Ол шықылықтап, секелектеп алыпты да, жолбарыстан болған уақиғаны жай-күйін түгел сұрап біліпті. Содан соң:

– Сәл сабыр ете тұрыңыз, мен ұшып алаңға барайын, қандай жыртқыш екен, не істеп жүр екен, біліп алайын. Барлап алып, бәрін сізге баяндайын, – дейді. Сауысқан тоғай алаңына ұшып кетеді.

Есек ұшып келе жатқан сауысқанды алыстан көреді де, аяқтарын серейтіп өлген болып жата қалады. Сауысқан сол жерде өз көзіне өзі сенбейді. Сұлап жатқан қорқынышты жыртқыштың тап өзі. Ол тіп-тіке есектің үстіне шүйіліп түседі де, алды-артына жорғалап жүріп, жолбарысқа керемет жыртқышты өзім өлтірдім деп, айтудың сылтауын іздей бастайды. Осы жерде жатқан бидайдың бір түйір дәнін көріп, оны шұқығалы тұмсығын соза бергенде, өз сорына қарай, сүрініп кетіп басы есектің тірсегіне ілініп қалады. Өліп жатқан есек тіріле кетіп, сауысқанды тірсегімен қысып тұрып, құйрығымен сабалай береді. Сабай береді кеп, сабай береді. Сабап-сабап түте-түтесін шығарады, жүні бұрқырап алаңды басып кетеді. Дәрмені кеткен сауысқанды теуіп жібергенде анадай жерге барып, ұшып түседі. Сауысқан жоғарыдан төмен қарап, өз ісіне өзі өкіне, шықылықтаған бойымен аһлап-уһлеп, бір жанбастай ұшып, кері қайтыпты. Ол ұшқан бойымен жолбарысқа алыстан айқайлап: – Жаның барда бұл тоғайдан жоғал! Қарғыс атқан аң, мені өмірлік жарымжан етіп жіберді. Абайла, менің күнім саған да туып жүрмесін! – деді. Мұны естіп жолбарыстың зәресі қалмады. Ол көр-жерін жинап, арқалап, алды-артына қарамастан алыс бір елге қарай тартып отырыпты. Ал батыл есек кең алаңда әлі өмір сүріп жатыр.

148. Есек пен өгіз сырлары

Ілгері заманда бір адамның бір өгіз, бір есегі болыпты. Есек әман рақатта, сарайда шөп жеп, суын ішіп тұра береді. Өгіз әман ауыр жұмыстарда болып михнатпен күн кешіреді екен. Яғни – жер жырту, егін суару, тағы басқалар. Бір күндері өгіз есекке мұң-мұқтажын айтып шағады «Арыдым, шаршадым, бар ауыр жұмыс менің мойнымда» деп. «Ал, достым, сенің маған беретін қандай жәрдемің бар?» – дейді. Мына ауырлықтан рахаттанатын есек: «Олай сен шаршап, жүдеген болсаң, менің айтатын мынадай бір ақылым бар, сен ауырған болып, шөп жеп, су ішпе, бүгіннен бастап, таңертең қожамыз сенің ауырғаныңды көрсе, мүмкін жұмысқа мінбей қалдырар», – деп үйретеді. Бұлардың қожасы хайуан тілін білетін оқымысты адам екен, есектің өгізге үйретіп жатқан айласын естіп тұрады екен. Таңертең өгіздің оттамай тұрғанын көріп үндеместен, есекті жұмысқа жегіп алып кете барады. Жұмыс басына барған соң, есекті күндегі өгіздің істейтін жұмысының бәріне салады, есек әбден шаршап қалжырайды. Жұмыстан қайтып үйге келген соң, есекті ағытып өгіздің жанына қоя береді. Өгіз есектен: «Хал-жайың, қалай болды, шаршаған жоқсың ба?» – деп сұрайды. Есек: «Халім жақсы, шаршап онша ренжігем жоқ, жалғыз-ақ сен жағынан бір қорқыныш сөз естіп, күйзеліп келдім соған», – дейді. Өгіз абдырап, құлағын қалқитып: «Ол қандай қорқыныш мен жағымнан», – дейді. Есек: «Ол мынадай, қожамыз жұмысқа барғанда адамдарға айтып келді, өгізім ауырып қалды, көп ұзатпай сойып сатып ақша шығарып алмасам, арыған соң құнды бұл шығармайды ғой», – деді. Мұны естіп өгіз сасқалақтап: «Достым, ендігі ақыл не болды», – деді. Есек айтты: «Менің саған айтар ақылым, сен бұрынғыдай шөп жеп, су ішіп тәуір болғаныңды әдет бойынша көрсетпесең, мен түбінен қорқып отырмын, ұнамсыз іс бола ма деп саған», – деген соң, өгіз тұра сала жалмаңдап, тілін орап шөп жеп, су іше, сауыға бастайды. Бұлардың бұл кеңестерін қожайыны естіп тұрады екен, сыртынан келіп күліп жіберіп, үйіне қарай жүре беріпті.

149 . Есек пен саршұнақ

Бір күні саршұнақ бақшаға кіреді де, өсіп тұрған көкөністің әптер-тәптерін шығарып бүлдіреді. Бақшашы ұстап алыпты да, сілейте сабапты. Сарышұнақ есінен танып қалыпты. Бақшашы оны өлдіге санап, қоршаудың сыртына лақтырып тастапты. Есеңгіреп жатқан сарышұнақ аздан кейін есін жинайды да, сүйретіліп барып, шалғынның арасына еніп кетіпті. Сол арада біраз тыныққаннан кейін орнына тұрып, арғы жақтағы тоғайға барыпты. Сол жерде оның қиыспас досы қасқыр тұрады екен. Сүйретіліп барып, қасқырдың апанына кірген соң, саршұнақ өзінің көрген қорлығын айтып, таяқ зардабынан оңалғанша қасқырдың апанына паналай тұруды өтініпті. Қасқыр досының бұл тілегін қабылдап, бір бұрышқа жатқызып қояды да, өзі қонағын тамақтандыру үшін жем іздеп кетеді. Айналаны түгіл шолып шығады, ештеңе таба алмайды. Апанына бос сопиып, бос қайтады қамығып. Досының бұл кейпін көрген соң саршұнақ

– Досым, бері қара, – дейді көңілін аулап. – Осы маңдағы бір ауылда саяқ жүретін маған таныс бір есек бар. Мен жорғалап болса да соған барайын да, осы араға ертіп келейін. Сен осында тоса тұр. Екеуімізге сол есектің еті бір аптаға жетер.

– Ой, досым-ай, мұның қандай жақсы ақыл, – дейді қасқыр қуанып. – Қысылтаяңда сүйеніш болар нағыз досым екенсің ғой. Тезірек барып келерсің.

Саршұнақ сүйретіліп апаннан шығады да, әлгі өзі көріп жүрген есекті іздеп кетеді. Ауылға таяп келсе, есек ауылдың сырт жағындағы тақырдың шөбін түртінектеп, жайылып жүр екен.

– О, досым, – дейді саршұнақ қасына жетіп барып, – бұның не? Байқаймын, бұл арадан сен аузың толып шөп жей алмайтын түрің ғой. Шөпшек теріп жүргенің қалай? Білмеуші ме ең? Анау тоғайдың арасында балауса шалғын жайқалып тұрған жоқ па? Жүр, мен сол араға ертіп барайын. Шалғынға малтығып жүресің. Аз күннен кейін қарның қампиып, балықтай болып семіріп шыға келесің. Мына жерден не жеп жүрсің? Түріңді көріп, жаным ашиды, тарамысыңа ілініп, тыртиып тұрсың. Сүйегің сорайған ап- арықсың.

Молшылықты естіген соң, есектің аузынан сілекейі ағып, саршұнақтың айтқанына көнеді де, шалғынды жерге бармақ болады. Сөйтіп, саршұнаққа ілесіп жүре береді. Біраз жерге барған соң, таяқтың зардабынан әлі кетіп, қалжыраған саршұнақ өзінің шаршағанын айтып, есектің жотасына мінгізіп алуды өтінді. Жұдырықтай тышқанға жаны ашыған есек сол арада саршұнақты арқасына мінгізеді де, әрі қарай жорғалап жүре береді. Тоғайға жақындау бір төбенің басына шыққан кезде қарсы алдындағы шалғынның арасында көкжал қасқырдың жүргенін байқап қалады. Сол жерде жүрісін тоқтатып:

– Қап, әттеген-ай! – деп өкінеді есек қамығып. – Ауылға барып қайтпасам, болмады.

– Неге, не бітіресің? – деп сұрайды саршұнақ таңданып.

– Әке-шешемнің мұраға қалдырған мүлкін үйге тастап кетіппін, – дейді есек. – Алыс жолға шыққанда қауіптен қорғайтын қасиетті зат еді. Соны алып жүруім керек.

Осыны айтады да, жалт бұрылып, ауылға қарай шапқылай жөнеледі. Жолда келе жатып, әкесі өлерінің алдында қайда жүрсең де әрқашан тастамай алып жүр, қауіп-қатерден сақтайды деп, беріп кеткен мүлікті алмай, шалғынға бармайтынын айтады. Сол бетімен ауылға келген соң есек ышқына ақырып қоя береді. Оның ащы даусынан шошып оянған ауыл иттері өре тұрып, шулай үріседі. Осы айқай-сүреңнен есі шыққан саршұнақ есектің жотасынан секіріп түсіп, жан сақтайтын тесік іздей бастайды. Бірақ жасырынып үлгере алмайды, иттер тарпа бас салып, түте-түтесін шығарады.

«Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген сөз содан қалыпты.

150. Тышқан мен жылан

Бір тышқан тамақ аулай кетіп ініне қайтып келсе, онда бір жылан жатыр екен. Тышқан мұнан жаман қорқып, қуып шығаруға батпай, ақыл сұрай, өзінің қайғысын айтқалы көршілеріне барады. Ақылды тышқандар жиылысып отырып, кеңесіп айтыпты:

– Сен ол інді тастап өзге ін қазып ал, жылан сенің ініңді тартып алғаны әділдік емес. Оған еш айла жоқ. Не қыласың? Оған тиіп мазасын ала берсең, сені жеп қояды. Оған ештеме қыла алмайсың, – дейді.

Тышқан бейшара қайғыра-қайғыра қойыпты. Бірақ қалай кегін алуды ойлайды. Бір күні сейілде келе жатып інінің аузында жыланның күншуаққа жылынып жатқанын көріпті. Жанында бір кісі ұйықтап жатыр екен. Тышқан барып оның мұрнын тістеп алып жыланға қарай тұра қашқан. Кісі оянып тұра қуған. Қараса алдында жатқан жыланды көріп, тышқаннан мұның зияны көбірек болған соң, жыланды өлтіруге алданып қалыпты да, тышқанды қоя беріпті. Жыланды өлтіріп ол кісі кетіп қалған соң, тышқан қайта келіп өз ініне тұрыпты.

Еш уақытта нашарға зорлық қылмау керек. Оған болысуға күшті адам табылады.

151. Тышқандар

Қамбаға бас сұқса-ақ мысық бас салып, ажалға тап бола берген соң, тышқандар оңаша бір қуысқа жиналыпты да, кеңес құрыпты.

– Жауыз мысықтан қалай құтыламыз? – депті мәжілісті басқарып отырған тышқан. Бәрі үнсіз ойласып, амал іздей бастапты. Әрі ойлап, бері ойлап, ешқандай шара ойларына түспепті.

Сөйтіп дал болып отырғанда:

– Мысықтың мойнына қоңырау тағып қоялық, – депті бір тышқан білгішсініп. – Сонда оның келе жатқаны алыстан естіледі. Біз дыбысын ести сала тығылып үлгереміз.

Бұл кеңеске бір кәрі тышқан мысқылдай күліп, былай депті:

– Жарайды, солай-ақ істейік...

Дал болған тышқандар амал табылғанына қуанып:

– Солай істейік! – деп дауыстап жіберіпті. Бұлардан кәрі тышқан:

– Сонда мысықтың мойнына қайсың барып қоңырау тағасың? – деп сұрапты.

Тышқандар не айтарын білмей, үрпиісіп қалыпты.

Сөйтіп, тышқандар күні бүгінге дейін мысықтан құтылудың амалын таба алмай келеді екен.

152. Тышқан мен мысық

Мысық пен тышқан дос болыпты. Бір күні екі дос келе жатып, бір құмыра май тауып алыпты. Мысық білгірсініп: «Құмырадағы майды қыста жейік», – деп, шұңқыр қазып, көміп тастапты. Күндер өте береді. Қыс келеді. Аяз қысып, қарны ашып жатқан мысықтың есіне өзі көміп қойған құмырадағы май түсіпті. Енді мысық сылтауратып:

– Тышқан, менің апам ұл тауыпты, соған той жасайды екен, мені шақырып кетті, – дейді де, кетіп қалады. Сонан соң құмырадағы майдың төбесін ғана ойып жеп қайтады. Алдынан тышқан шығады. «Бөбектің атын кім қойдыңдар?» – деп сұрайды. «Төбелше қойдық», – дейді мысық.

Келесі күні мысықтың тағы да қарны ашады. Құмырадағы май есіне түседі. Тышқанға келіп:

– Менің тағы бір апам ұл тауыпты, тойға шақыртыпты, барайық, –

деп, кетіп қалған мысық майды орталай жеп алады. Тышқан тағы да алдынан шығады. «Е, бөбектің атын кім қойдыңдар?» – деп сұрайды. «Белдемше қойдық», – дей салады мысық. Бірнеше күннен кейін мысықтың тағы да қарны ашып, құмырадағы майға бармақ болып, тышқанға келеді:

– Менің тағы бір апам бар еді, сол ұл тапқан екен, шақыртыпты, – деп, кетіп қалады. Мысық құмырадағы майдың қалғанын жеп келе жатады. Алдынан тышқан шығады:

– Е, бөбектің атын кім қойдыңдар? – деп сұрайды.

– Қалдықша қойдық, – дейді мысық.

Бір күні қысқы аяз қысады. Далаға шығуға дәттері шыдамайды. Тышқан мен мысықтың қарны ашады, ашыға бастайды. Сол кезде тышқанның есіне өздері тығып қойған құмырадағы май түсіп, мысыққа айтады. Мысық пен тышқан көмген майларына келсе, құмырадағы майдың жұғыны да қалмапты. Сонда тышқан:

– Ім-м... білдім, білдім, – дейді ренжіп, – сен үш рет үйден шығып кетіп едің. Бірінші келгенде төбесін жеп, Төбелше, екіншісінде ортасын жеп, Белдемше, үшіншісінде қалғанын жеп, Қалдықша дедің ғой, ә? – дейді.

Өз қулығын тышқан біліп қойған соң, дойыр мысық ашуға булығып, тышқанды бас салып талайды. Тышқан бір тесікке кіріп кетіп әрең құтылады. Мысық пен тышқанның достығы сонымен біткен екен.

153. Кептер мен қарға

Бір кептер үлкен қайыңның салалы бұтағындағы қалың көк жапырақтардың арасында бейқам отыр екен, ентіге жылпылдап, жоғары жағындағы бұтаққа монтық қара қарға келіп қоныпты. Содан кейін мойнын бір жоғары, бір төмен созғылап, өңешін қырнай қарқылдай бастайды. Қарғаның барқылдақ даусынан кептердің құлағы бітіп, басы зеңіп, мазасы кетеді. Сонда да өзі білер деп, үндемей шыдап бағады. Бірақ қара қарға қарқылдауын тоқтатпайды. Денесі түршігіп, берекесі қашқан кептер:

– Оу, қарға, таң атқалы балапандарыма жем тасып, әбден шаршап, мына қайыңның саясына аздап демалайын деп отыр едім. Мүмкін болса, біраз қоя тұршы, мазаны алмай, – деп өтінеді.

Өзінің әніне түсінбегеніне қарғаның қабағы түсіп кетеді. Тұмсығы сорайып, кілмие қарайды:

– Ей, осылай шаршап отырғанда көңіліңді көтерейін деп, әдейі сайрап отырған жоқпын ба?! – дейді.

Кептер өз өтінішін ұқпаған қарғаға таңдана қарайды да, әрі ұшып кетеді.

154. Көк кептер балапаны

Бір көк кептер ұяға екі балапан салыпты, бұл екі балапан қанат, құйрығы жетіліп, ұшар мезгілі келгенде біреуі-біреуіне айтыпты:

– Әй, шырақ, енді біздің қанат, құйрығымыз жетілді, ұшып дүниені кезіп, сауық қылып келелік, – дейді. Сонда біреуі (інісі):

– Қой аға, тамашаны, сауықты қоялық, әркімнің үйренген жері жақсы, ешқайда кетпей-ақ қоялық, – депті. Ағасы:

– Жоқ, сен бармайтын болсаң, маған рұқсат қыл, мен жүріп қайтам, – деп, ұшып сахараға кетеді. Сөйтіп, ұшып бір жерлерге қонғанда, бір бүркіт сол жерде кез болып, балапан ол бүркіттен өліп-талып шөп астына кіріп, аман қалады. Содан соң: «Құдай, осыдан құтқар!» – деп, құдайға мінәжат қылып сұрайды. Бұдан шығып, енді «мұным жарамайды екен, есім барда елім табайын», – деп, қайта ұшып келе жатып бір қырманға қонса, қырман иесі тұзақ құрып, ұстап алады. Одан аман-есен құтылып шыққан екен, енді ұясына қарай ұшып келе жатып, бір қырманға қонса, қырман иесі таспен жіберіп қап, бір аяғын үзіпті. Сонан соң әрең аяқтан ақсап, ұясына келіп кіріпті. Інісіне жылап келіп, мұнан соң інісінің ақылына еретін болыпты.

155. Қаз бен түлкі

Бір түлкі жайылып жүрген қаздардың қасына жермен жер болып ұрланып келіп, шеткі біреуін бас салып ұстап алады. Басқа қаздар қаңқылдап ұша жөнеледі. Ұсталған қазды түлкі алып соғып, алдыңғы екі аяғымен екі қанатынан басып тұрып, ыржыңдап күледі. Күледі де былай дейді:

– Әй, Қазеке, егер сенің қолыңа мен түсіп қалсам, қайтер едің?

– Қайтушы едім, – дейді қаз, жүніңнен тістеп тұрып, екі аяғымды кеудеме қойып, көзімді жұмып: «Уа, құдай, бергеніңе шүкір», – деп, тәуба қылар едім.

– Ендеше мен солай етейін, – деп, шоқиып отырады да, екі аяғын кеудесіне қусырып, көзін жұмады. «А, тәңірім, бергеніңе шүкір», – деп, аузын аша бергенде, қаз қанатын қағып қалып, қаңқылдап ұша жөнеледі. Түлкі аузын ашқан күйінде қала беріпті.

156. Қаз

Бір қаз үйінде жүзіп жүріп, өзіне-өзі айтты. Қалай мен ғажап құспын. «Жерге жүремін, суға жүземін, ауамен ұшамын» мендей құс барма екен?

Бұл күңкілді әтеш естіп, оған айтты:

– Бекер сен мақтанасың, сен аттай жүгіре алмайсың, балықтай жүзе

алмайсың, бүркіттей ұша алмайсың, әр істің басын шалып білгенше, бір істі терең білген жақсы емес пе?

157. Үйрек

Қыстақ сыртындағы суға жүзуге барған үйрек соның қызығында күннің кешкіргенін білмей қалыпты. Сонан соң ол жалма-жан жағаға шығыпты. Енді қайтайын деп қыстаққа беттепті, соның арасынша ымыртта жабылып, қас қарайып кетіпті. Үйрек жол ортаға келе бір түлкіге тап болыпты. Тосыннан тап берген түлкі үйректі табанда басып алыпты да, аузын арандай ашып жемекші болыпты. Үйрек, міне, түлкіге жем болмақ! Осындай шұғыл сағатта, үйрек не саспапты, не қорықпапты. Ол қыстақ жаққа шола көз тастаған екен, есіне бір ой сап ете түсіпті. Сонан түлкіге шұғыл тіл қатып:

– Мені шыныңмен жейсің бе? – депті.

– Әрине, – депті түлкі.

– Сен сияқты жүйрік еместігім өзіңе аян шығар?

– Иә?

– Менің әлім саған жетпейді ғой?

– Дұрыс-дұрыс!

– Мені көрген жерден тарпа бас салып тапжылтпадың ғой!

– Иә!

– Мен енді бәрібір қашып құтыла алмаймын, қашан болмасын, мені

бәрібір жейсің, сондай бола тұра менен несін алаңдайсың?

– Таңдайымның тасқа тимесіне сенімім кәміл!

– Сенімің кәміл болса, мені босат, бітпей қалған шаруамды бітірейін,

онан кейін жесең де кеш болмас.

– Нендей шаруа айт, қане!

– Менің түлкі сияқты шәуілдейтін өнерім бар, тамағымды кенеп

шындап үретін болсам, сендер жол қаласыңдар!

– Қой, ары, үйрек қайтып түлкіше шәуілдейді

– Айтқаныма сенбесең босат, құлақ құрышыңды қандыра шәуілдеп

берейін. «Бәрібір қашып кете алмайтын болған соң, мұның бұл кереметін бір көрейін», – деп түлкі үйректі босатыпты.

Түлкінің шеңгелінен азат болған үйрек қанатын қағып, барқ-барқ етіп
барқылдапты, үйрек қайтып түлкіше шәуілдей алсын.
Мұны естіген түлкі басын шайқап:

– Бұныңды шәуілдеу деуге қайтып болады, біздің дауысымыз былай

деп шәуілдей бастапты.
Мұны естіген үйрек басын шайқап:

– Түлкінің шәуілдеуіне ұқсамайды, титтей де ұқсамайды! – депті.

Бұны естіп ашуланған түлкі:

– Түлкі әсілінде осындай шәуілдейді ғой! Мұның қай жері ұқсамайды,

сенбесең, мен тағы үрейін, жақсылап тыңда, – деп тағы үріпті.
Түлкі үрген кезде, қыстақтан бір ит осы жаққа қарай тұра ұмтылыпты.

Үйрек әсілінде қыстақ шетіндегі үйлердің иті бар екенін, иттің дыбысшыл болатынын, түлкінің шәуілін естіген иттің дереу жетіп келетіндігін біледі екен. Өзіне төніп келе жатқан итті көргенде, түлкінің үні өшіпті, сасқалақтағанда ол үйрекке де қарай алмай, зытып беріпті.

158. Бақа мен кірпі

Көлшік маңындағы көгалда бақа мен кірпі бір-бірінің түрін көріп, қайран қалысыпты. Көзі бадырайып, жүрегі лүпілдеген бақа:

– Тұла бойың түгел тікенек, не деген тұрпайысың! – депті кірпіге. Бақаға батпай бұйығып тұрған кірпі:

– Өзгелердің көзінше тұла бойың тыртиып жалаңаш жүрген сенің түрің де келісіп тұр екен! Түріңді көргенде денемнің түршіккенінші! – деп, тікенектерін тікірейтіп, тұмсығын тыжырайтып, күліп жіберіпті.

Екі аяғымен жер тіреп, еңсесін көтеріп, көлбақа іштей сескенсе де, есесін жібергісі келмей:

– Осы көк майсаға бір аунамай өмір бойы тікенек арқалаған тіршілігің құрсын! – депті көмейі бүлкілдеп.

– Бұт-борбайыңды шөпке жырғызып, жалаңаш жүрген сенің тіршілігің құрсын! – депті, кірпі тікенек арқасын шөгірге үйкеп-үйкеп қойып.

Бақа сол тікенек өзіне қадалғандай қаймығып, былай деп бақылдай жөнеліпті:
Жан сая деп білгенім,
Жалғыз ғана көл менің.
Жап-жалаңаш жүргенім,

Жай-мәнісі сол менің!
Жалынайын мен кімге,
Жан қысылса әрдайым.
Суға дереу сүңгуге

Жалаңашпын дап-дайын...
Бақа жайын түсінген кірпі де қыртысы жазылып, тіл қатыпты:
Бар шыныңды бүкпеген,
Мен де сенің өзіңдей.

Біреу көрсе, бүктелем,
Өлі-тірі сезілмей.
Домаланған тікенге,
Кінә барлар жолар ма!

Көне қоймас икемге
Мен бір жатқан шоғайна!
Жыланды да жабысып,
Жылжытпаудың ебі осы.

Қамшыласа алысып,
Қан болады денесі!

Кірпі соны айтып, жылан ұстағандай жиырыла қойыпты, бақа шоп етіп суға сүңги жөнеліпті.

159. Бақаның көшуі

Екі қаз және бір бақа бір көл жағасын мекендеп, ұзақ уақыт көрші отырыпты. Олар бір семья адамдарындай өте тату-тәтті өткен екен. Кейінгі кездерде, қатты қуаңшылық болып көл тартылып, суы құрып қалыпты. Қаздар суы бар жерге ұшып кетейік десе, бақаны тастап кетуге қимайды екен.

– Енді қайтеміз? – деп қаздар мен бақа бас қосып, кеңес құрыпты.

– Бір таяқ табайық, екеуің оның екі ұшынан тістеңдер, мен ортасынан

тістейін, Сөйтіп суы бар жерге кетейік, – депті ары-бері айналған бақа. Қаздар бұған мақұл болады әрі дереу іске кіріседі. Сөйтіп, бұлар аспан кеңістігіне шарықтай көтеріледі. Алғаш бірнеше киіз үйдің төбесінен өткенде, бұларды кейбіреулердің көзі шалады.

Олар:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісқойларын-ай, –деп дабырласады. «Менің тапқырлығым екенін білмеді-ау», – деп ойлайды бақа.

Ұша-ұша бұлар тағы да көп киіз үйдің төбесінен өтеді, қалың адамдар сыртқа шығып бұларды тамашалайды. Олар да:

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісін тапқан – ақ екен, – деп дуылдасады. Бақа:

– «Бұл – менің тапқан әдісім», – деп айғайлап жібере жаздайды. Бұлар алға қарай ұшып отырады, сонан бағанағыдан да көп киіз үйлердің үстіне келеді, бағанағыдан да қалың адам бұларды тамашалайды.

– Қаздар бақаны алып ұшып барады, неткен әдісқой, – деп шулайды олар. Бақа шыдай алмай кетіп:

– Бұл менің ойлап тапқан әдісім! – деп айғайлап жібереді. Осы тұста таяқ аузынан шығып кетіп, бақа жерге «былш» ете түсіп мылжа-мылжасы шығады.

160. Тасбақаның айласы

Қу түлкі тасбақаның берік қабыршағы болғандықтан, оны ешбір мұқата алмай, оған тісін басып жүреді екен. Сонан ол өз дос-жарандарын: кезқұйрықты, қасқырды, таутесерді, сасық күзенді шақырып, тасбақаны мықтап жазаламақ болыпты.

Бір күні аспан кеңістігін шарлай ұшып жүрген кезқұйрық асқар таудан асып бара жатқан тасбақаны көріп, екі қанатын қомдай құдиып келіп, оны шоқыпты. Бұл хабарды естіп, түлкі, қасқыр, таутесер және сасық күзен сол араға жетіпті. Барлығы тасбақаға жабылыпты. Өзінің оларға тең келе алмайтындығын білген тасбақа қасақана күйініп:

– Ата-бабамнан мирасқа қалған құрыш қабыршағым тұрғанда кім

маған жәбір жасай алмақ, – деп күліпті.

– Тым дағдармайық, көп болып кеңессек, бұған төтеп берудің амалы

табылып қалар? – деп өз қауымына жұбату айтқан түлкі тасбақаға қарап:

– Мықты болсаң, неге қашып кетпейсің? – депті әжуалай.

Тасбақа:

– Денемді қорғайтын құрыш сауытым тұрғанда, не деп қашпақпын, –

депті. Сонда түлкі:

– Таутесер, сен құз жартастарды ұңғып тесуші едің ғой! Жедел

қимылдап, тасбақаның қабыршығын тес, алғашқы жүлде сенікі болсын, – депті.
Таутесердің кереметін білетін тасбақа бұны естіп қатты сасыпты. «Ол

шындап іске кірісетін болса, қабыршығын тесіп мұның өміріне қауып төндіреді». Тасбақа сонда да мүлде саспағансып:

– Таутесер, шіркінім, егер маған ұрынар болсаң, мойныңды бұрап

жұлып аламын, құрыш сауытымның кереметін сонда білерсің, – деп қарқылдай күліпті.

Мұны естіген таутесер қатты именіп, мұның қасына жақын келе
алмапты. Әккі түлкі:

– Бұл сұмпайы сауытына жиырылып кіріп алды, енді бәріміз аңдып

қарап тұрайық, бұл қашан болмасын тыныстауға басын бір шығарады, сол кезде батыр қасқыр бас салып, желкесін үзсін, – деген әдісті көрсетіпті.

«Егер олар осылай табан аудармай аңдитын болса, тұншығып өлмеген күнде де, аштық пен шөлден өлермін, ұзақ жиырылып жатсам, аяқ-қолым да ұйып қалар» деп ойлап, зәресі зәр түбіне кеткен тасбақа өзінің бұл қорқынышын сездірмей:

– Үш ай су ішпей, үш жыл нәр татпай шыдаймын. Сарыла күтем

десеңдер өз еріктерің! Сауытымның үстіңгі жағында бір тыныс саңлауы, астында ауа алмасатын төрт тесігі болғандықтан, мың жылда басымды бір рет шығаруға зәру емеспін, әрі тұншықпаймын! Қасқыр сен немере-шөберелеріңе шейін қаққан қазықша қадалып қара да тұр! – деп сақ-сақ күліпті.

Түлкі бір ауық аңырып қалса да, тағы бір амал тауыпты. Ол:

– Бұл сұмырайды шоқпар тастың үстіне қойып, темір балғамен соғып,

күл-паршасын шығарайық, – депті.
«Бұлар түлкінің осы айтқаны бойынша темір балғамен шындап соқса,
қабыршығым сынып, мылжа-мылжам шығатын болады» деп ойлаған тасбақа:

– Сендер барып тұрған есуас екенсіңдер, ата-бабам сыйлаған сауытым тас пен балғадан берік, өздерің мерт болмасаңдар екен, – деп кеңкілдепті.

Бұны естіп тақаты таусылған қасқыр быжалақ қағып:

– Мылжыңдасып тұрудың қажеті жоқ. Енді мұны таудың құзар

басынан домалатайық, сонда бұл сауыты шағылмай қалған күнде де, миы шайқалып болса да құриды депті.

Тасбақа қатты сасса да қарқылдай күліп:

– Тәңір тауының ұшар басынан қарғығанда мыңқ етпеген едім, мені

енді жатаған төбешіктерден құлатып, жаманнан қатты мұқатарсың, – деп мысқылдапты.

Ашуға булыққан түлкі:

– Лағынет атқыр сұмырай! Жүрек жұтқан неме болсаң да бұл жолы

айнырсың, келіңдер, төбе қылып отын үйіп, оған май шашып, отты маздата жағып, мынаны отқа күйдіріп өлтірейік. Сөйтіп, тайталасқан тасбақа етіне сылқия бір тояйық, – деп айқұлақтаныпты.

– Қаумажалай қоршап тұрғандардың бұны бір ауыздан құптап мәре-

сәре болғанын көргенде, тасбақадан суық тер бұрқ ете түсіпті. Бірақ ол сонда да сыр білдірмей:

– Бәрекелді, неткен сауатсыз жан едіңдер, тасбақа жуынғанда сумен

жуынбай, отпен жуынады дегенді естімеп пе едіңдер? Маздап тұрған отқа түсіп жуыну қандай рахат, шіркін! – депті.

От алып қопаға түскен түлкі:

– Өлем қапқыр, оттан қорықпасаң, судан қорқарсың? Кезқұйрық мұны

іліп ал да, шарықтай көтеріліп, толқын атып тулап жатқан өзенге апарып таста, мұның мықтылығын сонан соң көрейік, – деп ақырыпты.

– Сұмдығы елден асқан әккі түлкі, ақылыңның жеткен жері осы ма

еді, маған керегі осы емес пе, – деп іштей шаттанған тасбақа мүлде шошып, үрейі ұшқан жанша қалш-қалш етіп көз жасын төгіп:

– Ағатайлар-ай, осы ғұрлы өлімге қиятындай мен неден жазып едім

сіздерге, егер мені шындап суға тастасаңыздар, онда менің ауыр қабыршығым су түбіне шым батырып әкетеді де, аузы-мұрнымнан су кіріп, өлмеген күннің өзінде де тұншығып болса да өлемін ғой, бір қасық қанымды қия көріңдер, – деп еңіреп қоя беріпті.

– Сенің де қорқатын кезің болады екен ғой! Қарқылдай бермей неге

мөлтеңдей қалдың, «Ім» сұмырай! Біліп қой, бүгін саған кешірім жасасақ, ертең бізге әлек тауып бересің! – деп қоқиланыпты масайраған түлкі.

Кезқұйрық түлкінің бұйрығымен тап бергенде, тасбақа жылауын тіпті де үдетіпті. Түлкі бұған ішек-сілесі қатқанша күліп, жерде домаланып қалыпты.

Тасбақаны шеңгеліне алған кезқұйрық шарықтай көтеріліп, ұшқан
бойы өзенге келіпті. Сонан өзеннің ағысы ең қатты жеріне әкеп оны тастапты.
Тасбақаның өзенге жеткені – үйіне жеткені. Сондықтан ол басын судан
шығарып:

– Кезқұйрық ағай! Үйіме әкеліп тастағаныңызға мың мәрте

рақымет!Айлалы түлкі мырза, ендігәрі сұңғылалығыңызды базарға салмау жөнінде нәсихат айтамын, – депті.

161. Кірпішешен

Бір уақытта кірпішешен қара жыланға келіп айтыпты:

– Мені, қара жылан, аз уақытқа үйіңе кіргіз,– депті. Қара жылан кіргізіпті. Кірпішешен үйге кірген соң қара жыланның балаларына қиын бола бастапты. Сонда жылан айтыпты:

– Сені мен әншейін біразға ғана жібергенмін, енді кет, сенің инелерің балаларымның үстіне қадалып, ауыртып тынышын кетірді, – депті. Сонда кірпішешен жауап беріпті:

– Үйден кімнің тынышы кетіп, қиын болса сол кетер, маған қиын

емес, осында тұруға болады, – дейді.

162. Кірпі мен қоян

Кірпі балалайтын уақыты жақындап, қолайлы орын таба алмай жүргенде ұясында жатқан қоянға келіп:

– Менің де күнім жақындап қалып еді, қолайлы орын таба алмай сізге

келдім. Мүмкін болса мына орын қолайлы екен, жеңілдеп, балаларымды аяқтандырып алғанша ұяңыздың бір шетін қарызға беріп тұрсаңыз, – депті. ақкөңіл қоян:

– Бақан жаққан баста бар, ол не дегеніңіз, берейін! Келіп орналасып,

беліңді бекітіп, балаларыңды қара құлақтандырып ал да, орын тапқан соң бірақ көшіңіз, – депті де, ұясының бір жағын босатып беріпті.

– Кірпі көшіп кеп орналасып, баласын туып, ержеткізіп алса да

көшпепті. Тұратын орын да тауып алмапты. Қоянның балалары мен кірпік шешеннің балалары да аяқтанып, марқайып, бір ұяға сиыса алмай, әсіресе кірпі балаларының инедей тікен жүндері, қоянның балаларына жұғысып кетсе қадалып, көжектерді қан-қақсатып, зарлата берген соң, ана қоян шыдай алмай, кірпіге:

– Көрші, сіздің шаруаларыңыз да бітті, кететін де уақытыңыз болды.

Енді осы жақсы кезіңізде ініңізді тауып алсаңыз, көп отыра берсеңіз, балалар арасынан жаңжал шығып қалса, үлкендер ренжісіп, берекемізге ықпал жетіп қалар ма екен, – деп сөздің жөнін айтыпты. Сонда кірпі рақымет айтып, ұясын босатып берудің орнына:

– Е, мен енді қайда барады деп отырсың! Балалар сиыса алмаса,

қайтушы едім, мен бұл орыннан ешқайда кете алмаймын. Жерің тар келіп, шыдамасаң, кең жеріңді тауып ал, – депті.

Кірпі шешеннің зорлығына төтеп бере алмаған, әрі шыдамаған қоян байырғы мекенін де құрылысын да кірпіге босатып беріп, ақыры өзі көшуге мәжбүр болыпты да, содан соң соңғыларға:

– Қояншылап жүрмейік! – деген аңыз қалыпты.

163. Көбелек пен маса

Бір күні елпелектей ұшып жүрген көбелек қораның төбесіне келіп қонады. Мұны жақтаудың қуысында жатқан масаның көзі шалып қалыпты. Масаның бұған ызасы келеді.

Сонан соң шыдай алмай, көбелектің қасына жетіп барады да, сес көрсетеді:

– Сен бұл араға неге келдің? Бұл жер менің мекенім! – деп әкіреңдейді. Бұған көбелек саспайды.

– Бұл қораның үсті ғой, қоға емес!

– Тақылдама, мойныңды үзіп аламын! – дейді маса ызыңдап. Бұған көбелек сақылдай кеп күледі:

– Күшің жете ме...

– Мен саған көресіңді көрсетемін, – дейді маса тызалақтап. – Мына ұзын тұмсықты қалың теріңе сұғып жіберіп, қаныңды сорып аламын!

– Мұныңа сенбеймін! – дейді көбелек әдейі қарсыласып. Маса ыза боп, қоқаңдайды:

– Сенбесең, көзіңмен көр!

– Қане, көрсетші...

– Қара да тұр!

Осыны айтады да, маса ұшып барып байлаулы тұрған өгіздің құлағына қонады. Сонан соң тұмсығын сұға бастайды. Сол кезде өгіз артқы аяғымен құлағын қасиды. Маса теріге сұққан тұмсығын қайта шығарып үлгергенше, тұяқ тиіп, мылжаланып қалады.

164. Сауысқан

Тыным таппай сүйреңдеп, көп сөйлей бергендіктен сауысқанның тілі аузына сыймай, ісіп кетіпті. Ақыры, ас-су ішуден қалыпты. Енді қайту керек? Сауысқан ешбір амал таба алмапты. Сонан соң тырнаға жалыныпты.

–Тырна тілімді емдеп бере гөр! Сені қандай дерт болса да емдейді дейді ғой, шөптен дәрі жасайды екенсің.

– Саған шипа боларлықтай шөбім жоқ! Көмектесе алмаймын, – дейді тырна.

– Ә, солай ма! Міндетсінесің бе? – деп сауысқан ашуға мінеді.

– Ендеше, маған өкпелеме, жаман атыңды бүкіл орманға жайып гулетейін, бәлем!

Осыны айтуға тілі зорға келеді де, ем сұрап қабанға барады. Оған арыз айтады.

– Менің көмегім керек болған екен ғой саған, ә? Ендеше келе ғой, әкел бері, сүйреңдеген тіліңді суырып алайын. Өзіңе де жақсы, біздің де құлағымыз тынышталады, – дейді. Қабан шабынып.

Сауысқанның үні өшіпті, сауысқанның тіліне түйнеме шығыпты деген сөз бүкіл орманға тарап кетіпті. Ақыр-аяғында сауысқан тіпті сөйлей алмай қалады.

165. Тау мен қаңбақ және бүркіт

Бір қаңбақты жел айдап, үлкен таудың етегіне әкеп тастап кетті. Мұны биіктен көріп тұрған тау:

– Е, қаңбағым, қайдан жүрсің, неғып келдің мұнда? – деді. Қаңбақ тұрып:

– Алты батпан ауырды көтерген алып едім. Жеті қабат жер астынан шығып, алып деген атағыңды естіп, алысу үшін әдейі сені іздеп келдім, — дейді.

Тау бұған жымиып күлді. Сол кезде құйын соғып, қаңбақты дедектеткен бойы аспанға алып шықты. Аспаннан қайта жерге әкеліп, ары-бері аунатты. Ойға-қырға домалатты. Ақыр аяғы өлдім-талдым дегенде, таудың бетіне өскен бір шоқ тобылғының басына іліп тастап, жайына жүріп кетті. Қаны қашып, қабағы түскен қаңбақтың қасына бір бүркіт келді. Ол:

– Е, қаңбағым, неғып жатырсың? – деді. Қаңбақ:

– Алты батпан ауырды арқалаған едім. Жеті кабат жер астынан шығып, алып деген атағын естіп, астымда жатқан таумен әдейілеп келіп алысып едім, алты күн алысып, жеті күн дегенде әрең деп жығып, желкесінен басып жатырмын, – дейді.

– Болса болар! – деді бүркіт оған. – Тобылғыға зорға ілініп қалған екенсің!

– Әлбетте, – деді қаңбақ, – одан басқа қолайлы жер болмаған соң тобылғысынан ұстап жатқаным ғой.

Сол кезде құйын соғып, қаңбақты тағы да дедектете жөнелді. Бүркіт тұрып:

– Е, батыр, қайда барасың, тауды тастап? Тұрып кетпей ме ол енді орнынан? – деді.

– Уақа емес, бүркітім. Алдымда алысатын әлі де көп алыптар бар еді. Соларға жетуге асығып барамын! – деуге ғана шамасы келді қаңбақтың. Құйынмен бірге құлдырап, ұшып кете барды. Ақырында күліп, бүркіт пен тау қалды.

166. Екі әтеш

Ертеде бір кемпір-шалдың құс дегенде асырап отырған екі әтеші бар екен. Қолдарына түскен жемдерін соларға беріп бағып-қағыпты. Күндердің бір күнінде кемпір құсына жем шашады. Қарындары ашқан әтештер дүрсе қоя береді. Әрқашан бірге жүрген досынан шұбар әтеш жемді қызғанып, шекесінен одырая қарайды.

– Шіркін, мынаның бәрін жалғыз өзім жеп, тыңқия бір тойсам-ау, – дейді.

Сөйтеді де, шұбар әтеш қасындағы сұр әтешті қайта-қайта шоқып, жем жегізбейді, мазасын алады. Сұр әтеш бір рет елемегенсиді, екінші рет абайламаған болады. Тіпті қоймаған соң, ақырында ызаланып, ол да шұбар әтешті шоқып алады. Осыдан соң екі әтеш жүндері үрпиісіп, бірі мен бірі төбелесе кетеді. Екеуінің де үсті-басы жұлым-жұлым болады. Бұлар өстіп қызыл шеке болып жатқанда, көршінің шібилері келіп, жемді түгін қалдырмай жеп кетеді.

167. Не дәмді?

Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптесіпті. Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті: «Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!» Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды: «Иә, жем мен пішен жақсы-ақ. Бірақ желіндеген көк майса болса, одан да жақсы ғой!». Бұларға жылқы өз дауын айтады: «Арпа мен сұлы дәмді емес пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді».

– Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық. Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады. «Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін мен айтайын: сүйек дегенді естіп пе едіңдер? Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ!». Сонда әңгімеге түйе қосылды:

– Сендер босқа дауласып тұрсыңдар. Даланы менен көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ! Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.

168. Аттың басы

Далада аттың бас сүйегі жатыр. Келді жүгіріп ін қазғыш сұр тышқан. О, о! Міне! Қандай ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді. Ешкім дыбыс бермеді. Енді мұнда ін қазғыш сұр тышқан тұрады деп жүгіріп үйге кірді. Тарбақтап секіріп бақылдауық бақа келді.

Міне!...қандай ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мен, иесі – сұр тышқан.

– Сен кім?

Мен бақылдауық бақамын.

– Кел мұнда менімен бірге тұруға дейді. Екеуі бірге тұрады.

Шоңқаңдап келеді қыли қоян.

– Мынау неткен ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мұнда мен, ін иесі – сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа тұрады. Сен кімсің дейді.

– Мен тауларда шоңқаңдағыш сұр қоян.

– Кел мұнда бәріміз бірге тұрайық – дейді. Келді кірді қоян. Үшеуі бірге тұрады. Бір уақытта жүгіріп қызыл түлкі.

– Мынау неткен ақбоз үй? Бұл үйде кім тұрады? – дейді.

– Мен ін иесі сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа, шоңқаңдағыш сұр қоян тұрады.

– Сен өзі кімсің?

– Мен өзім әрбір жерді кезгіш.

– Кел, мұнда бәріміз бірге тұрайық. Келді, кірді. Төртеуі бірге тұрады. Бір уақытта келді аяңдап аю. Бар дауысымен ақырды. Бұл неткен ақбоз үй, бұл үйде кім тұрады?

– Мұнда ін иесі – сұр тышқан, бақылдауық тарбақ бақа, тауларда шоңқаңдағыш және әр жерде кезгіш тұрады.

– Сен кімсің?

– Мен үйіңнің төбесіне шығып, қабырғаңды езгіш. Аю басқа шығып құйрығын қойып отырды. Бәрі ойбай салып бақырды.

169. Тырна мен Көкқұтан

Бір шалшықта бір көкқұтан мен тырна мекендеп тұрыпты. Тырна жалғыз тұруға қапаланып, көкқұтанға барып айтыпты:

– Мен сені өзіме айттыра келдім, маған ти, екеуіміз бірге тұралық деп.

– Жоқ, саған тимеймін, сенің жүнің қысқа, жаман ұшасың және де сен мені

немен асырайсың? – деп, көкқұтан жауап қайтарады. Тырна үйіне қайтты. Тырна кеткесін көкқұтан ойға қалады. Жалғыз тұру қапа ғой, тырнаға тиейін екеу болсақ уақыт та тез өтер, – дейді де, тырнаға барып:

– Мен саған тиейін деп келдім, – дейді. Тырна ашуланып:

– Жоқ, енді мен сені алмаймын, айттыра барғанда тисең еді, – деп қайтарды.

Ұялып һәм ызар болып көкқұтан үйіне қайтып келді. Бұдан кейін тырна ойға қалды:

– Неге мен көкқұтанды қайтардым, екеу болсақ, қызығырақ болар еді деп, қайтадан көкқұтанға барады да: «Мен сені аламын, жүр енді біздің үйге», – дейді. Көкқұтан ашуланып:

– Кет, енді итше шұбатылмай, өзім барғанда алсаң болмас па еді? – дейді.

Бұдан соң көкқұтан ойға қалып тырнаға барғанда, тырна алмай, оның артынан тырна барғанда көкқұтан тимей, екеуі осы уақытқа дейін әуре болып жүр.

170. Бұланның өкініші

Күнде келіп су ішетін көлшігінен бір күні өзінің судағы сағымын көрген бұлан, Мүйізім келісті-ақ, бірақ аяғым неткен жаман. «Мүйізіммен сай аяғым да әлді, әдемі болсашы!» деп өз аяғын өзі қорашсыныпты. Бұлан суға телміріп осыны ойлап тұрғанда аяқ астынан пайда бола кеткен қасқыр тақымынан ала кеп түсіпті. Жұла қашқан бұлан шалдырмай кеткен екен, тірсегінен жараланғандықтан құтыла алмайтынға айналыпты. Сонсоң: «тоғайға қашайын татырың да құтқармайтын көрінеді» деп ойлап, алдындағы тоғайға кіре бергенде бір ағашқа мүйізінен ілініпті де қалыпты. Сонда бұлан: «Жамандаған аяғыммен құтылған да, мақтаған мүйізімнің ұстап бергені-ай!» деп өкініпті.

171. Піл мен түлкі

Баяғы заманда, бір таудың бөктерінде тұңғиық гүлмен көмкерілген бір
көл болыпты. Көлдің бір жағында піл, енді бір жағында түлкі жасапты.

Бір жолы піл тұңғиық көлінен су ішіп қайтып бара жатқан жолында түлкіге жолығып қалыпты. Сонда түлкі:

– Менімен сайысуға шыдайсың ба? Сайысуға шыдамасаң, дөдеңе жол бер, – депті.

Піл «бұл арам пасық немені тісіммен, тұмсығыммен, не аяғыммен өлтірсем пәк денем былғанар, онан да тиіспей-ақ қояйын» деп түлкіге жол беріп өткізіп жіберіпті.

«Дерендей ақымақ бір ауыз сөзімнен шошып кетті, енді мұны ары-бері тырқыратайын» деп ойлаған түлкі пілдің артынан кіжіңдеп айдапты. Таяп келген түлкіні сезген піл:

– Арам нәрсеге арам нәрсемен төтеп беру керек, мен сенің көзіңді лас

нәрсемен жояйын, – деп қатты күшеніп қалыпты. Сонымен түлкі пілдің жас тезегінің астында қалып өліпті.

172. Асқақ аққу

Ертеде бір өзеннің жағасын бір құндыз бен бір аққу мекендепті. Олар көрші отырса да, асқақ аққу әспенсіп, өзінің көріктілігін, көргіштігін мақтан етіп, көзім елбең еткен елесті алыстан шалады деп күпінеді екен. Ол «құндыз сияқты қысық көз, алысқа көз аясы жетпейтін неме менің теңім емес» деп қарайды екен.

Күндердің бірінде еңбекшіл құндыз өзен жағасында еңбек істеп, жаңа үй салу үшін ағаш материалдарын әзірлеп жатқанда, өзенде арлы-берлі жүзіп жүрген аққу құндыздың қасына келіпті. Аққудың келгенін көрген құндызжалма-жан көтерген ағашын жерге қойып, істеп жатқан әрекетін тоқтатып, оған таяна барып:

– Сәлеметсіз бе аққу аға! – деп амандық сұрапты.

– Е, есен бе едің! Мені енді ғана көрдің бе? Расында соқыр екенсің ғой! – депті тәкәппар аққу басын болымсыз ғана шұлғып, – сенің көзің күндердің бірінде түбіңе жетеді ғой, аңшы құрғыр келіп-ақ сені тірідей дорбасына салар әлі.

– Сіздің көру қуатыңыз менікінен көрі әлдеқайда жақсы, алыстан

көресіз, бұған дау жоқ, – дейді құндыз. Бірақ құлағыңызды түріңіз, өзеннің қарсы жағасынан судың шалпылы естілер ме екен?

– Жоқ, ешқандай қыбыр байқалған жоқ, судың шалпылын естімек түгіл,

көрініп тұрған ағаштардың арасынан ештеңе байқалмайды, – депті бадырая қараған аққу құлағын түре.

– Тыңдаңызшы ана жақтан судың шалпылы естілеме, жоқ па?

– Қай жақтан?

– Өзеннің алдыңғы иіні жақтан.

– Жоқ, титтей де сыбыс жоқ, қайдағы судың шалпылы,ол тұрмақ көрініп

тұрған ар жақтағы ағаштардың арасынан да қылт еткен нәрсе байқалмайды.

– Жақсырақ тыңдаңыз, – депті құндыз тағы да – Таяу арадан шыққан

осы шалпылды да естімедіңіз бе?

– Қай жақты айтып тұрсың?

– Өзеннің алдыңғы иінінен бері өтті ғой.

– Қой ары, ештеңе жоқ. Сен өтірік айтып мені әтейге қылжақ еткің келіп

тұр ғой.

– Көзіңіз сізге қандай болса, менің құлағым да өзіме төтенше маңызды, –

депті құндыз су түбіне сүңгіп бара жатып, – Сау тұрыңыз аққу аға!

– Сен...сені ме соқыр! – депті аққу оның сөзіне мойынсал бола қоймай

іштей күпініп, – Шылғи өтірік бәлсінесің, сенің жаман құлағың менің алда болатын істі қалт жібермей көретін көзімнен садаға кетсін! Асқан-ақ екенсің! Аққу осыларды ойлап көңілі лекіпті. Сонан қораздана ол осылай масайрап, төңірегіне шола қарап, мардамсып тұрған тұста салға мініп шыға келге аңшы, оқтаулы мылтығын аққуға кезеп үлгірген еді. Қанатын қағып көтеріліп болғанша «тарс» еткен мылтық даусы шығып, паң аққу сол жердің өзінде жалп ете түсіпті.

173. Шолп

Баяғы заманда жидек орманмен көмкерілген бір көл болыпты. Онда алты қоян мекендейді екен. Бір күні әбден пысқан бір жидек биік ағаш басынан көлге «шолп» етіп түсіпті. Оның не екенін білмеген қояндар шыбын-шіркей қаша жөнеліпті.

Ытқып келе жатқан қояндарды көрген түлкі олардан:

– Неге қашып келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды, – деп жамырай жауап берген екен қояндар. Бұны

естіген түлкі де оларға ілесіп қашыпты. Зытып келе жатқан түлкіні көрген маймылдар үдірейіп:

– Неменеден үркіп келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды! – депті түлкі.

Мұны естіген маймылдар да жалма-жан олардың соңынан ілесе қашыпты. Сөйтіп бұғы, шошқа, су сиыр, мүйіз тұмсық, піл, ит, аю, сары аю, қабылан, жолбарыс, арыстан,...бір –бірінен естіп, бірінен-бірі үркіп қашыпты.

Қалың аң түгел жосылыпты. Қашқан сайын жандарын қоярға жер таппапты. Тау етегінде бір ата арыстан құйынперен болып келе жатқан арыстандарды көріп, олардан:

– Өткір қанжардай тұяқтарың, пышақтай тістерің, адуын күштерің бола

тұрып, неден қашып келесіңдер? – деп сұрапты.

– Шолп келіп қалды! –деп жауап беріпті арыстандар алқынып.

– Шолп деген не нәрсе? Ол қай жерде? – деп сұрапты ата арыстан.

– Білмейміз! – десіпті қашып келе жатқан арыстандар.

– Босқа дүрлікпеңдер! Не нәрсе екенін әуелі сұрастырып білу керек! Бұны кімнен естідіңдер? – депті арыстан.

– Жолбарыс айтты, – деп жауап беріпті олар. Ата арыстан жолбарыстан

сұрапты. Жолбарыс қабыланнан естідім депті. Қабыланнан сұраса, ол сары аюдан естідім депті. Сары аюдан сұраса ит аюдан естідім депті. Сөйтіп ит аюдан, пілден, мүйіз тұмсықтан, су сиырдан, шошқадан, бұғыдан жағалата сұрап ең соңында түлкіден сұрапты. Түлкі:

– Маған қояндар айтты, – депті.

Ата арыстан қояндардан сұрапты. Сонда қоянның бірі:

– Сол қорқынышты шолпты мына тұрған алтауымыз да ет

құлағымызбен естідік, бізбен бірге жүріңіз, біз сізге сол жерді көрсетейік, – депті.

Сөйтіп, қояндар арыстанды жидек орманның қасына ертіп келіп:

– Шолп анау жерде, – деп нұсқап көрсетіпті.

Дәл осы кезде пісіп тұрған жидектің бірі көлге тағы «шолп» етіп түсіп
кетіпті. Мұны көрген ата арыстан:

– Малқамсоқ немелер! Ол көлге түскен жидектің дыбысы емес пе, көріп

тұрсыңдар ма, сонан да қорыққан бар ма? Көп жұлым болып сонша жінігіп едіңдер! – депті.

Аңдар ауыр күрсініп, өздерінің қарадай әлек болғанын сонда барып
біліпті.

174. Жануарлардың арманы

Бір күні ат, түйе, ит, мысық төртеуі кездесіп, армандарын айтысады, сонда мысық:

– Сүт көп болса, тойып алып, мештің түбінде тырайып ұйықтар ма еді,

ә,– депті. Ат:

– Сүті құрсын, көк шөп пен сұлы болып, күрс-күрс шайнап тұрар ма еді

десеңші! – депті. Ит:

– Шөп пен сұлы тамақ па? Шіркін, майлы сүйек пен жуындыны

айтсаңдаршы! – депті. Сонда түйе де кимелей келіп:

– Сүйегі де, сүті де құрысын, алабота мен ашты жапыраққа тойып алып,

күлге аунап жатарма еді десеңізші! – депті.

175. Көк өгіздің тарихы жайында

Ерте заманда бір сиырдан туған көк бұзау ержетіп, ешкім мінбей, ешкім ұстамай, ешкім саумай, бұғы маралдай болып тел өсті. Өзі семіз болды. Сол дене, дәулетіне мастанып, сиыр жынысын өзі шабан, өзі көріксіз, денесі келісімсіз, тұяғы сыртылдақ деп менсінбей төңірекке қарап түйені, есекті көріп оларды да менсінбей жүргенде, бір үйір жайылып жатқан арғымақ құлағы тік, жалқұйрықтары төгілген, тұяғы құйма бақай, тік денелі сұлу, асыр салса құйындай ойнағанын көріп «осы мал менің теңім екен, өзі сұлу, өзі жүйрік екен» деп, сиырды тастап жылқыға еріп жайылып кете береді. Бір күндерде жылқыға қасқыр шапты. Көк өгіз жылқыны қорғап қасқырды жолатпады. Бірнеше рет жылқыны қорғаған соң, қасқырлар ұлып-ұлып жиналысып, кеңес қылып былайша деп ақылдасты: «Осы малдың жылқыдан түрі бөлек, жылқымен туыс емес сияқтанады, қой, осының өзіне жабылып, өзін жесек, жылқы осыған қалай болысар екен», – деп ойласып, ақылдасып болды дағы тағы жылқыға шауып еді, көк өгіз әдеті бойынша қоқырайып, топырақ шашып, өкіріп айбат қылып, қасқырлардың алдынан шықты. Қасқырлар уағда бойынша тұс-тұстан өгізге жабылды. Қабырғадан, бүйірден, шабынан, тамағынан, санынан тістеп шайнай берді. Көк өгізекең жылқыны қорғау есінен шығып өзі жанымен қайғы болды. Тулап сүзгеніне қасқырлар болмай талап-шайнап жабыла бастаған соң, өгіз бар даусымен өкіріп барып құлағанда, жылқылар өгіздің өкірген даусынан үркіп ойын салып жосып, топтанып кетіп қалды. Көк өгіздің жан даусымен өкіргенін тоғайда жатқан бір топ сиырлар естіп, құйрықтарын қоқырайтып, мүйіздерін аран-аран қылып шуылдап бар даусымен күжілдеп көк өгіздің үстіне барлығы шуылдап ат қойысып жетіп келгенде қасқырлар бұғып шыға берді. Өгізді қасқырдан ажыратып алды да, қоршалап мөңіреп, шуылдасып қарап тұрды. Көк өгіз талып әлсіреп, тұла бойы жара, қан болып жатыр екен, біраздан соң есін жиып, көзін ашып қараса жылқы жоқ, ажыратып тұрған өзінің менсінбей шығып кеткен сиырлары екенін танып, ұялғанынан көзін қайта жұмып алды. Біраздан соң есін жиып орнынан тұрып, көп сиырға қарап басын иіп, «бізден өткен қатені кешіріңіз» деп, үзір тіледі. Көп сиырлар шуылдап: «Бізді менсінбей тудырған ата-ана, өз жынысыңды көзге ілмей тәкаппарлық етіп едің, сиырды тастап жылқыға кетіп едің, жылқың қайда? Бүгін жаныңды жаудан кім ажыратты?» – деп, бірнеше айыптарын өгіздің бетіне басты. Өгіз жылқыны талай-талай қасқыр жаулардан ажыратқан қайратын айта келіп, басына күн туғанда жылқының тастап кеткенін айтып, өзінің басынан асқан тәкаппарлығын айтыпты, ойлап тәуба қылды. «Енді қастарыңыздан шықпаймын», – деп, көп сиырлармен уағда байлап, бірге жүре берді.

«Әркімнің өз жынысы өзіне» деген сөз тарихта сондайлардан қалған екен.

176. Сиыр мен теке

Бір кемпірдің бір сиыры мен бір текесі болыпты. Сол сиыр менен теке малда бірге жайылады екен. Сиыр сауған мезгілде де айналып тұрмайды екен. Сонда кемпір сиырына нан, тұз алып келіп, беріп айтады: «Тыныш тұр шырағым, мә,мә, тағы алып келіп беремін, бірақ түзу тұр», – депті. Екінші күні кешке теке сиырдан бұрын өрістен келіп, кемпірдің алдына керіліп тұра қалыпты. Кемпір орамалменен текеге сермеген екен, теке қозғалмай тұрып алыпты, жуас болып, кемпірдің сиырға «жуас тұрсаң, нан беремін» дегені есіне түсіп. Кемпір текенің жүрмегенін көріп таяқпенен ұрып жіберіпті. Сонда теке кеткен соң кемпір сиырына тағы да нан бере бастапты, тыныш тұр деп. Сонда теке ойлайды: «Адамда әділдік жоқ, мен сиырдан да жуас тұрып едім, сонда да ұрып жіберді», – деп, бір жаққа қашып барып, кемпірді сүзіп, сүтін төгіп, өзін жаралы қылыпты.

177. Өгіз, есек ертегісі

Бір күндерде өгіз бен есек жолдас болған екен. Екеуі бір сахара жерде жүріп, бір қалың баққа кірген екен. Бақтың өлеңдеріне тойған соң, есек қатты бақырмақшы болғанда, сонда өгіз айтады: «Бұл жерге біз ұрлыққа келгенбіз, сен ақырма», – дейді. Есек айтады: «Қарын тойған соң ақырмақтан абзал нәрсе болмайды», – дейді дағы ақырып жібереді. Есекеңнің даусын бағбандар естіп келіп, өгіз, есекті ұстап алып, көп машақатқа салып, диірменге есекті салып, жолдасы өгіздің етін қауап қылып жеп алады. Сөйтіп, есектің даусынан осындай көп машақаттар шығады.

178. Жақсылыққа жамандық

Кез келгендерді сүзе беретұғын, сүзеген бұқа байқаусызда құдыққа түсіп кетіпті. Құдықтың ішінен бар пәрменімен сүзгілеп топырағын түсірсе де, басқа түскен пәледен құтыла алмайды. Бар хәлі кеткен соң, істің жаманға айналғанын, өзінің бекерден-бекер өлетінін бұқа біліпті. Біреу болмаса, біреу мені құдықтан шығарып алар деп, бұқа бар пәрменінше өкірді. Мұның бақытына қарай жақын арада қойшы бір топ қой жайып жүр екен. Мұның даусын естіп, қойларымен қойшы жүгіріп келді.

– Шырақтарым, қарақтарым, суырып алсаңдаршы, – деп бұларға әдеппенен, ибалықпенен күлімсіреп бұқа сөйлей бастады:

– Мені жазасыз, күнәсіз өлтірмеңдерші. Ғұмырымда жанға жамандық ойлап, қас қылмаушы едім. Менің момындығым, мінезімнің жақсылығы Зеңгі бабаға мағлұм. Достарым, қарақтарым, мені шығарып алсаңдаршы! Қойшы, саған бір саба сүт, қойлар, сіздерге бір шоқ жақсы шөп берем.

– Қойлар, бұқаны құдықтан шығарып алып, берем деген сыйларын алайық, – деп қойшы айтты.

– Жазықсыз бейшараны шығарсақ, шығарып алайық, – деп қойлар жауап қайтарды. Мүйізді мырзаны шығарып алды.

– Демімді алып, халқымды жиып алған соң, сізге тәңір жарылқасын айтушымын, сый көрсетем, – деді бұқа ентігіп. Бірақ ажалдан құтылып, есін жиып алған соң, айдайын деп келген қойшыға: «Сені өлтірейін», – деп өкіріп тап беріпті.

179. Өгіз, айғыр, жолбарыс

Ертеде бір аңшының ақтоқал өгізі, бір ақбоз айғыры болыпты. Оның бұл екі көлігі орман жыртқыштарының тілін біледі екен. Бір күні аңшы ақтоқал өгізге бастыра отын артып, жолына түсіріп айдап жібереді де, өзі айғырын іздеп артта қалады. Ақтоқал өгіз үйреншікті жолмен жүріп, бір қайқаңға келгенде омырау жібі кеңірдегін қысқандықтан кеңірдегі қырылдап, мұрыны шуылдап зорға жүре береді. Тастың басында жатып өгізді көрген жолбарыс: «Сорлы неме, адамдар үшін тер төгемін деп жүрген жүрісін қарашы, тіпті, тыныс аларға дәрмені келмей қырылдап қалса да, өрге қарай отынын көтеріп кетіп барады. Бұл неткен бейшаралық» деп ойланады да, тастың басынан секіріп түсіп, өгіздің жолын тосады. Ол өгізге: «Сен неткен сорлы хайуансың, адамдардың сөзіне сонша бағынамын деп көрген күнің осы ма? Бүйткенше, ол иеңді табаныңа салып мыжып тастасаң немесе тоқал басыңмен ағашқа жаншып сүзіп өлтіре салсаң, мұндай күйден құтылар едің ғой?», – дейді мүсіркегенсіп. Ақтоқал өгіз екі бүйірін солқылдатып, аузынан сілекейін шұбыртып тұрып жолбарысқа:

– Сен өзің немене білем деп тұрсың? Сен адамдарды түсінбейсің, адам деген өте қиын болады. Егер мен оның сөзін тыңдамайтын, оған бағынбайтын болсам, онда ол біріншіден, қиын күндерде маған жейтін жем- шөп бермейтін болады; екіншіден, мұрынымды тесіп арқан өткізіп, тұмсығымнан сүйреп қинайтын болады; үшіншіден, ақбоз айғырға мініп алып қуып жүріп сабап, арқамнан тіліп арқан алатын болады. Бұл қорлықтарды көргенше, ол үшін істеп, сөзін тыңдап, оны да қуантып, өзімді де асыратып жүргеннің не жамандығы бар екен? Егер сен де айтқанына көнсең, саған да жаманшылық істемейді. Сенбесең, өзің келіп, менің иемді сынап көр, – дейді.

Жолбарыс өгіздің сөзін тыңдап болып, шынында да адамдардың қиын екендігін сезінеді. Бірақ ол: «Адамның дегенінің бәріне көнуге болмайды. өгіз қорқақ болған соң бәріне көніп жүр ғой. Бұл аңшыны мен бір сынап көрейін. Ол менің қимылыма қайтып көнбес екен» деп ойлайды да, артта қалған аңшыны күтеді. Аңшы жетіп келген соң жолбарыс, өзінің өгіз сияқты жуастықпен істеп тер төгіп беруге бел байлағандығын айтады. Аңшы: «Әйтсе әр күні осы кезеңнен табысып тұр, істейтін ісіңді мен көрсетіп тұрайын» дейді. Күндер өтіп, бір күні аңшы ақбоз айғырын мініп, әлгі кезеңге келеді. Ол айғырының ертоқымын алып қоя береді. Сол сәтте жолбарыс жетіп келеді. Аңшы бір қу қарағайды жығып мұрындық жасайды, оған арқан өткізіп, жолбарыстың мойнына салған қамыттың құлағынан мықтап байлайды да:

– Ал, жөке, ақтоқал өгізім болса мына ағашты қыңқ етпей сүйреп ауылға алып барады. Енді тіленіп сен келдің. Арқаңа қамшы тигізбей-ақ сүйрей жөнелші!, – дейді. Жолбарыс қарағайды сүйрей жөнеледі. Бірақ ауыл жаққа тарт десе, арт жағына тартады. Өрге тарт десе, еңіске қарай тартады. әбден қара терге түседі. Аңшының сөзін тыңдамай, өзі білген жаққа қарай тартады. Аңшы да мұның әдейі істеп жатқанын сезініп:

– Тоқтай тұр, азырақ дем ал, мен жотаңа бір бау қамыс таңып берейін, ол үстіңді салқындатып тұратын болады және қамшыдан қорғайды, – дейді. Жолбарыс тоқтап дем алған соң оның арқасына бір бау қамысты мықтап таңады да, аңшы шақпағын шағып қамыстың үлпілдек басына от тұтатып жібереді. Жолбарыс жан таба алмай қарағайды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтері білмей арқанды ала жөнеледі. Жүгірген сайын от лапылдай түседі. Сонан қайтерін білмей арқанды тістеп қияды да сайды құлдап безіп береді, арқасында әлі лапылдап от жанады. Сөйтіп жүріп ол ақтоқал өгізге жолыға қалады.

– Өлер болдым, мені құтқаруға көмектес деп бажылдайды. Оның бейшара бейнесін көрген өгіз оны масқаралап:

– Айтпадым ба, адамдар қиын болады деп. Сен оның тілін алмасаң, саған көргілікті әбден көрсетеді. Қазір адам туралы қандай сезімдесің? Қане, шыныңды айтшы? – дейді. Бұған булыққан жолбарыс шыдап тұра алмай тағы да безіп береді. Безген сайын арқасындағы от лапылдайды. Ол айлана кезіп, тағы ақтоқал өгіздің қасына келіп:

– Мен бұдан былай сиыр баласына тимес болайын, маған бір шапағат ете көр, – дейді. Ақтоқал өгіз енді жаны ашып:

– Өзіңде ақылдан дәнеңе жоқ екен. Анау күркіреп жатқан өзен суына ыршып түссең, от өшіп қалмай ма,-дейді. Оның бұл сөзін тыңдап қалған ақбоз айғыр жайылып жүрген жерінен шапқылап келіп жолбарыстың алдын тосады. Жолбарыс оны көзге ілмей «Жанталаста жанымды күйдірмей жолымнан аулақ тұр» дейді. Ақбоз айғыр құлағын жымитып, алдына келсе, тарпып, артына келсе, теуіп жүргізбей қояды. Жолбарыстың арқасынан шыжыған май ағады. Ол жан таппай айғырмен әбден таласады. Ақыры айғырдың жол бермейтініне көзі жеткен соң, ол тастың үстіне секіріп шығып, тұйықсыз атылып түсіп, айғырдың жалынан тістеп өзенге лақтырып жібереді. Оның салмағымен жолбарыс та құлап суға түседі. Жолбарыстың арқасындағы от өшіп, жотасы жидіп, сыпырылып қалады. Ақбоз айғыр аяғы мертігіп, судан өтіп аман қалады. Осыдан кейін жолбарыс жылқының айғырына өшігетін болыпты. Айғыр иесіне кісінеп тұрып: «Мынау ақтоқал жауыңа жөн көрсетті мұның мұрнынан бұйда кетпейтін, арқасынан жүк түспейтін болсын», – дейді. Шынында да аңшы ақбоз айғырдың айтқанын жөн көріп, ақтоқал өгізді мұрындықтап жүріп іске салатын болыпты.

180. Бір өгіз

Бір шал мен кемпірдің жалғыз сиыры болыпты. Сол сиырдың сүті олардың қорегі екен. Сондықтан сиырдың бұзауы сүтке жарымай, өліп кала беріпті. Жылдар өтеді, шал-кемпір картая түседі Ал бұзаулардың бұрынғыша өлуі тоқталмайды.

– Қой, болмас, – дейді бір күні шал кемпіріне, – бір жылға бір нәрсе етіп шыдармыз. Сиырды саумай-ақ койшы, бұзауы өссін.

– Жарайды, – деп кемпір де келісе кетеді. Үш күннен соң сиыр еркек бұзау туады. Бұған қуанған олар қанша тарыға тұрса да, сиырды саумай, барлық сүтті бұзауға береді. Енесінің сүтін бір өзі еміп өскен бұзау үлкен өгіз болады. Келе-келе ол өзінің семіздігіне мастанады. Оған мынандай ой келеді: «Осындай зор денемен сиырлардың арасында жайыламын. Жоқ, бұл лайықсыз, түйелерге қосылайын». Сөйтіп, ол түйелерге қосылады. Өзін ерекше зор сезініп жүрген ол барынша-ақ түйе болуға тырысып бағады. Солардың жеген шөбін жейді, олармен шөлге кетіп, сортаң жалайды. Ақырында шөлден қатып, іші ауырып, шыдай алмай: «Жылқыларға барайын, түйеден кішірек қой, азабы да жеңілірек болар», – деп ұйғарады. Сөйтіп, жылқыға қосылады. Бірақ бұл да жайлы тимейді. Солардың санатынан қалмай шауып жүремін деп титығы құриды. Бір күні қасқыр тиіп, жылқылар дүркірей қашады. Бұл ілесе алмай, айдалада қалады. Бақытына қарай қыр астында сиырлар жайылып жүр екен. Өгіздің өкірген даусын есітіп, жолдасын мүйіздерімен қорғай жүріп, қасқырдан құтқарып алады. Өгіз қуанғаннан жылап жіберіпті.

– Өз тобыңнан бөлінсең, көрер күнің осы екен, – депті ол жасын сүртіп тұрып. Өгіздің бұл сөзі бұзауларға тәлім болыпты.

181. Бозінген

Бұрынғы заманда Бағланбай деген бай бар екен. Оның дүние малы көп екен. Көп малының ішінде бозінген деген бір жақсы түйесі бар екен. Бозінгенді барлық малынан жақсы көреді екен. Бірақ Бозінген ешбір бота таппаған екен. Бір күні бай ел-жұртын жинап неше биелер сойып той қылып жұртынан кеңес сұрапты:

– Менің жақсы көретін түйем Бозінген бота таппады. Сол туралы не ақыл бересіңдер? – дейді.

Онда жиналған жұрттың ешбіреуі жауап бере алмайды. Сонда босағадан сығалап тұрған бір жеті жасар жетім бала былай депті сөз бастапты.

Айналайын, ағалар,
Өткен екен дүниеден
Мың бір-екі сабалар.
Ажал жетіп күн бітсе,

Бұл дүниеде кім қалар?!
Мендей жетім балалар
Босағадан сығалар!
Ақсақалдар, қақпасаң,

Мен бір сөзді айтайын,
Құлақ салып тыңдасаң,
Ашу, жанжал қылмасаң,
Тойыңды жеп қайтамын,

Бозінгенді алдырсаң,
Үстіне кілем жаптырсаң,
Жібектен бұйда тақтырсаң,
Жітірме қазық қақтырсаң,

Бозінген бота табады,
Бір кедейге ырым қылып бақтырсаң, –
дейді. Бай баланың сөзін мақұл алып бозінгенге:
Қалы кілем жаптырып,

Жібек бұйда тақтырды,
Жітірме қазық қақтырды,
Ырым қылып бота табар деп,
Бір кедейге бақтырды.

Онда ай төбеден толып, жыл мүшелі болып, Бозінген қайып, туатын уақыты жетіп, бір күні басы алтын, бөксесі күміс бота туады. Бағып жүрген кедей кемпір-шал қуанып: «Байдан сүйінші алайық!» – деп, бара жатса, ауылындағылардың барлығы да кедей екен. Кемпір-шалдан:

– Қайда барасыңдар? – деп сұрайды.

Сонда кемпір-шал:

– Бағланбайға барып сүйінші аламыз! Түйесі басы алтын, бөксесі күміс бота туыпты, – дейді.

Онда ауылдағылар айтады:

– «Сен жалғыз барып байдан сүйінші алып , бай болып, бастарыңа мүйіз шықпайды. Неде болса барлығымыз тең көреміз. Інгенді сатып, пұлын аламыз. Ботасын жеті қабат темір үйге кіргізіп, бағып, өскен соң, оны да сатамыз, – дейді.

Кемпір мен шал көнбейді. Аяғында кемпір мен шалды өлтірмекші болады. Онан соң кемпір мен шал қорыққанынан лажысы жоқ көнеді. Бозінгенді ботасынан айырып базарға апарып алпыс діллаға сатады. Керуеншілер түйелеріне қосып тіркеп, алып кетеді. Сонда Бозінген керуеншілердің қолында ботасын сағынып, боздап, жылап, зарлап айтқаны:

Жаратқан жалғыз құдая ,
[Күйіп жаным, сабылдым.]
Үстіме кілем жамылдым.
[Ырым қылып бала үшін,

Кекілімді үкілеп,
Жібектен бұйда тағындым.
Бір бота үшін толғанып,
Бір өзіңе жалындым.

Ақырында аңырап,]
Ақырында құдая,
Базар түсіп сабылдым.
Жас ботамнан айрылып,

Мен құдайға не қылдым?!
Мына жалған дүниеде
Көрер күнім болар ма?
Мен ботамды сағындым!

Неше күндей жол бастым,
Көзімнен жасым ағызып,
Емшектің сүтін тамызып,
Өлгенде көрген ботамды

Емізбедім жағызып!
[Боташымнан айырылып,
Ішім оттай күйеді.
Жүйкем босап сағынып,

Тұла бойым иеді.]
Бағыланбайдың алдында,
Тұра алмадым құдая,
Келіндерге сауғызып.

Кеш болған соң кірекештер келіп бір жерге қонады. Бозінген арман, дерті ішіне толып, ауадағы ұшқан құстарға қарап, ботасын сұрап зарланғаны:

[Қалықтаған аспанда]
Ителгі менен сұңқарсың.
Ертеменен жем алсын,
Сәскеде барып ұшарсың!

Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған,
Қу кедейлер жәй қылған

Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе,
Мен құдайға не жаздым.
Аспанда ұшып айналған,

Түлкі көрсе, сайланған,
Иесі алып байланған,
Қара ала баршын бүркітім,
Аспандап ұшып келдің бе?

Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған,
Кедейлер сатып тоймаған,
Еркіменен қоймаған

Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе.
[Шарықтаған күшеген,]
Аспанды кезген жорысын,

Тамам құстың зорысың.
Бес тырнақтың зарпынан,
Тамам құстың қорысың.
Жөндеп ұшып келдің бе?

Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?

Аспандап ұшқан ақсарсың,
Бір күндерде мыңды іліп,
Алақан қысып тастарсың.
Сен де сорлы құс төрем,

Балаң үшін қақсарсың,
Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған

Жетім бота көрдің бе?
Күндіз ұшпай, түнде ұшқан,
Көбелекпенен бірге ұшқан
Көзі қызыл үкісің.

Түндерде ұшып келдің бе?
Енесінен айырылған,
[Аққудай мойны қайырылған.
Күндіз-түні зарлап боздаған,

Көзінен жасы парлаған]
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?
[Омырауы жасқа малынып,

Көрінген құсқа жалынып.
Ботасына зар күйін,
Қайнаған күште бар күйін
Жеткіз деп жылап тапсырды

Кемпір мен шалдың үйіне.
Ұшқан құс таяды,
Мойындары иіле.
Тау мен тас та күңіренді

Бозінгеннің күйіне.] Сөйтіп зарлап көрінген құстан сұрай беріпті. Ешбіреуінен жауап ала алмапты. Содан кейін бозінген қайғыланып, ботам өлген екен, Алладан хүкім келген екен, аманат басын берген екен деп айтқаны:

– Мен – ботамнан айрылған,

[Қарайлап мойыны қайырылған.
Сағынып, зарлап егілген,
Көзінен жасы төгілген,]
Күнә қылмас айуан,

Не жазығым бар еді,
Жаратқан Жаппар Құдайым?!
[Екі көзді сел алып,
Жылай-жылай шел алып,

Тәңірден тілеп зарласам,
Тілегімді берер ме,
Ботақаным келер ме?!
Зарланғаным тәңірдің,

Құлағына жетер ме?
Не жазығым бар еді,
Жаратқан тәңір иеме.]
Керуеннің қолынан

Бозінген қайтып келе ме?
Тілегімді бере ме?
Не жазығым бар еді?
Жаратқан жаппар иеме?!

Ботақаным келер ме? – деп, боздап кете береді.

Керуеншілер бір жерге малдарын тынықтырып, тойындырмаққа тоқтап, бес-алты күн еру болып жатады. Сол кезде Бағланбайдың екі ұлы бар еді. Ойсын, Ойсыл деген. Қалаға мал айдап апарып сатып, жолда қайтып келе жатып, боздаған Бозінгеннің дауысын естіп, таниды. Сонда бұлар: «Бұл қайдан жүр? Әлде керуенге еріп кетті ме? Әлде боталап, бошалап жүрме іздеп табайық» – деп, екеуі жорғаларына мініп алып іздеп кетті. Қоржын нәрселерін жолдастарына тапсырып, жолмен жүре беріңдер дейді. Бұлар іздеп жүріп отырып, жолда неше қалың малдарды аралап таба алмай, ертеңінде келіп керуендерден табады. «Түйені ұстап алып, жүре берейік», – деп ойлайды да: «Қой, мұнымыз ұят болар! Жайын сұрайық», – деп керуендерге келіп сұрайды.

– Ассалаумағалайкүм,

Қонып жатқан керуендер!
Алтын, күміс артынып,
Жалғаншы адам құнекер,
Ай түбіне бардыңыз,

Айға сұрау салдыңыз.
Бағланбайдың Бозінгенін
Қайдан сатып алдыңыз?
Алтын, күміс артты екен,

Ай қызарып батты екен,
Бағланбайдың інгенін
Қандай адам сатты екен?
Ай, жарықтық, Бозінген,

Қандай бота тапты екен?
Шешесінен айрылып,
[Адасқан қудай қайырылып,
Ботақаны ыңырсып,]

Қайтып тірі жатты екен?
Бағланбай деген бай еді,
Төрт түлікке сай еді.
Байдың жақсы көретін

Бозінгені бар еді,
Бір ботаға зар еді.
Оймалы, шайы кілемді,
Оңдап, солдап жапсырған,

Жібектен бұйда тақтырған,
Жітірме қазық қақтырған,
Бозінген бота табар деп,
Ырым қылып бақтырған.

Бағланбайдың інгенін
Қандай адам саттырған?
Аттың басын бұрам ба,
Кешке дейін тұрам ба?

Мінген атым қарагер,
Ертерек бізге жауап бер!
Сөзімді қабыл алыңыз,
Бұл сөзіме наныңыз.

Артынан хабар алайын,
Жеті күн тоқтап беріңіз!
Атқа мініп шабайын,
Сатқынды іздеп табайын,

Пұлыңды алып берейік,
Інгенді алып қалайық, – дейді.

– Онда керуен басы айтады «Біз талай үлкен қалаларға бардық. Қайтуға жақындағанда бір қалада біреу әкеп сатты. Алпыс ділда беріп сатып алдық. Ондай ботасы болатын болса, обалына қалмайық, он күн тоқтап тұрамыз. Пұлын әкеп беріп, алып қалыңыз. Он күннен кешіксеңіз, кетіп қаламыз. Онда қалғаныңыз, – дейді.

Екі мырза жүріп отырып, бес күнде кемпір-шалдың үйіне келеді. Мырзалардың келе жатқанын көріп, кемпір-шал жасырынып қалады.

Мырзалардың ауылға келіп айтқаны:

– Мінген атым қарагер,

Келген жерім талай жер.
Бозінгенді сұраймыз,
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Әуеден ұшқан сары екен,

Анаға бала зар ма екен.
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Бағыланбайдың боз інген,
Аман-есен бар ма екен!

Кемпір-шал шықпайды. Екі кішкене қыз бала шығып, мырзаларға берген жауабы:

– Адыра шыққан бадал ма?

Мал-жаныңыз аман ба?
Сіздер сұрап тұрғанда,
Айтып тұрған заман ба?
Айналайын мырзалар,

Тәңірі қылса хал қанша.
Байға Қыдыр дарып тұр,
Бозінгені қайып тұр.
Ай төбеден толыпты,

Жыл мүшелі болыпты,
Боталар уағы жетіпті,
Бозінгені құрысын,
Боталап қашып кетіпті!

Екі қыз қалды амалды,
Кемпір-шалдан хабар жоқ,
Әлі күнге таба алмай,
Кемпір-шалды барма екен,

Тірі көрер заман ай?!

Екі мырза ойлайды: «Ешкім сатқан емес екен, өзі боталап қашып кеткен екен, керуендер бізді алдаған екен. Енді біз барғанша керуендер көшіп кетеді. Біз бара алмайтын болдық!» – деп қапаланып тұрады. Сол уақытта Бозінгеннің ботасы емізік еметін уақыты болып, боздайды. Ботаның дауысын есітіп, екі қызға мырзалардың айтқаны:

– Жалмаңдаған сары қар,

Жалынға күйген қара қар.
Енесінен айырып,
Жас ботаны қылдың зар!
Екі жерде зарлатып,

Кемпір мен шалдың пейілі тар.
Ыңырсыған үйінде
Жас ботаның үні бар.
Тау менен тас күңіренді,

Боз інгеннің күйіне,
Жаратқан Жаппар құдая,
Енесінен айрылған,
Жетім бота тірі ме?!

Мұны естіп, кемпір-шал өздері шығып, мырзаларға жалынып: «Күнәмді кешкін!» – дейді. Мырзалар кемпір-шалдың күнәсін кешеді. Алпыс ділдәні алып, күн-түн қатып, сыдыртып барса, керуендер түстен кейін көшуге қамданып жатыр екен. Ділдәсін беріп, түйені алып, келе жатқанда: «Ботам өлі ме? Тірі ме?» – деп, Бозінгеннің зарлағаны:

– Құдайым берді тілегім,

Қуанып келеді жүрегім!
Мен ботамнан айрылып,
Еңіреп, боздап келемін.
Аман-есен бар ма екен?!

Ботамды көріп, құдая,
Жарылар ма екен жүрегім?
Жолға түсіп желемін.
Керуеннің қолынан

Аман қайтып келемін.
Өлерде көрген ботамды
Қайткенде тірі көремін?!
Керуені құрысын,

Ауыр жүкті көп артып,
Жауыр қылды арқамды-ай,
Қуанғаннан құдай-ай,
Келемін зарлап шыдамай.

Тірі көрер күн бар ма,
Боташымды, қалқамды-ай?!
Түзелді құдай жүрісім,
Ойымнан кетті керісім,

Шындап құдай жаратсаң,
Көрсетпе ботам терісін!
Қоқтыға біткен шайыр-ды,
Қойшылар қойын қайырды.

Өлерде көрген ботамнан,
[Аямас қулар айырды.
Боташымнан айырылып,
Артыма жылап қайырылып,

Жат қолында қаңғырдым,
Еңіреген зар күйіме
Жер менен көк жаңғырды.
Сүймеген тәңір залымды,

Есітті мұңлы зарымды.]
Қу кедейлер айырды!
Кедейлер білген байырды,
Мен ботамнан айрылып,

Бір құдай білді зарымды. деп түйе бұрқырап-боздап күндік жерге келеді. Ботаның қарасын көргенде, тұла бойы еріп, түйенің бақылдап боздап арман қылып айтқаны:

[Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?]
Жар жағалай жүгіріп,
Тал бүршігін сыдырып,

Жегізер күнім бар ма екен?
Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам,

Немене болып қалды екен!
Кекіре біткен көк ойға,
Көлбетер күнім болар ма?
Сарымсақты сары ойға,

Ойнатар күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,
Немене болып қалды екен.
Сайға шыққан сарымсақ

Жегізер күнім барма екен?!
Бауырымдағы қара емшек
Емізер күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,

Немене болып қалды екен.
Көнге біткен көк шалғын
Жегізер күнім барма екен?!
Көнектей толған қара емшек

Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам
Немене болып қалды екен?!
Жібектен бұйда мұрнымда

Шұбылтар күнім болар ма?
Бағланбайдың Бозінгені
Алтын бота тапты деп,
Қуантар күнім бар ма екен?

Жібектен бұйда мұрнымда
Түйілтер күнім бар ма екен?
Бағланбайдың інгені
Күміс бота тапты деп,

Сүйінтер күнім бар ма екен?
[Серке беріп көкпарға]
Көкбарыға нар беріп,
Елі-жұртын аулына,

Жылытар күнің бар ма екен?!
Ей құдая жан ботам,
Немене болып қалды екен?!
Мен ботамды ерітіп,

Тел қозыдай телшітіп,
Бағланбайдың аулына
Барар күнім бар ма екен!
Айналайын боташым,

Немене болып қалды екен,
Түйе аунаған шаңдаққа
Аунатар күнім бар ма екен!
Түйе ішінде секіріп,

Ойнатар күнім бар ма екен!
Ұйықтап жатқан жерінде,
Қабырғадан тістелеп,
Қақ төсінен иіскелеп,

Оятар күнім бар ма екен!? – деп боздаған Бозінген ботасына келіп қосылып, мауқын басады. Бай түйесі менен ботасын алып қуанады. Елі-жұртын жинап той қылып мұратына жетеді.

182. Ботаның кешірмесі

Бір байдың қызы бір төренің ұлына ұзатылып, оның жасауына бай жүз ақ түйе беретін болыпты. Енесін еміп жүрген бір жас ботаны да енесінен мезгілсіз айырып сан толтыру үшін, сол түйелердің қатарында беріпті.

Ботасынан айырылған інген ботақанын сағынып зарықса, бота енесін
онан бетер сағынып зарығыпты.
Сонан жол-жөнекей, әлгі жас бота түйелерден бөлініп, қашып шығыпты.
Оның есі-дерті иесін бір көру болыпты.

Ол қалың шилеуітті аралап, құлағын тіге жортып келе жатады.

Ол қоғалы қамысқа жетеді. Оның ішін аралап бір мезет екпіндей желеді де, құлағын тігіп тұра қалады.

Өркешіңе бас қойып, аяулы анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?
Қарақат көзіңе қадалып, анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?

Көнектей болған емшегіңді, анам,
Емер күнім бар ма екен?
Қақ төсіңді искелеп, анам,
Еркелер күнім бар ма екен?! – деп іштей зарлайды.

Сонан ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін, шалқар көлге келіп бөгеледі. Бота онан өтудің амалын таба алмай дағдарып тұрғанда, көл ішінен үлкен бір балық шоршып шыға келеді. Ол балық ботаға жаны ашып, оны көлден өткізіп қояды. Бірақ ботаның қуанышы ұзаққа бармайды. Ол тағы бір пәлеге тап болады, бір түйеші оны ұстап алып, өзінің бурасына қосақтайды. Енесін қатты сағынған бота зарлаумен болады.

Бура оның мән-жайын сұрайды, бота оған басынан кешкенін түгел айтады. Бура да ботаны қатты аяп кетеді. Сонан ол бұйданы тісімен қиып, түйешіге білдірмей, ботаны босатып қоя береді. Жүрісін жеделдеткен бота, көп өтпей өзінің байырғы мекеніне келіп, енесін табады. Інген ботақанын ойлай-ойлай оттаудан қалып, өлуге жеткен еді, ол орнынан тұра алмай, ботасына телміре қарап, көз жасын көлдетеді:

– Мен енді өлемін, мен өлгеннен кейін сен солтүстікті бетке алып ағаң –

ды ізде, ағаңның бойы тапалдау, шудалы, өзің сықылды ақ. Онымен бірге болсаң, алаңсыз өмір өткізесің. Есіңде болсын: ағаңды іздеп шыққан жолыңда жал басына түнеме, ескі жұртқа әсте түнеуші болма, төбешік кезіксе, оның оңтүстік жағына түсіп түнегейсің, ал ағаң бар керуенді тапсаң, ағаңның артында, түйелердің ортасын ала жүр, – деп ақыл айтады.

Сөзін бітірген інген жасты көзбен дүние салады.

Сонан бота солтүстікті бетке алып, ағасын іздеп жол жүріп кетеді. Жол-жөнекей енесінің сөзін есіне алған бота «Не болар екен, жал басына түнеп, бір байқап көрейін» деп жал басына түнейді. Жал басы желді, суық еді. Енесінің өсиетін ойлаған бота:

– Анамның жал басына қонба дегені жал басы жалтаң, суық, тоңасың

дегені екен ғой, – деп ойлайды. Бота енді «Ескі жұртқа түнеп байқайын» деп мұны да білгісі келеді. Сөйтіп, ол ертеңінде бір ескі жұртқа түнейді, жыртқыш хайуандар ескі жұрттан тіміскілеп, жем іздеп көп келіп, ол сол түні көз ілмей шығады. Енесінің өсиетін есіне алған бота:

– Анамның ескі жұртқа қонба деуінің себебі осы екен ғой, – деп ойлайды.

Бота үшінші күні бір төбешікті тауып соның оңтүстік жағына түсіп түнейді. Ол сол күні тоңбайды, түн бойы жем іздеп, мазалап, тіміскілеп жүретін жабайы хайуандардан да аман болады. Төртінші күні ол ағасы бар керуенді табады, ағасымен кездеседі. Сонан ол шешем мені «Ағаңның артында, түйелердің ортасында жүр» деп неге айтты екен, осы сөздің сырын білейінші деген ойға келеді.

Сонан ол әтейге түйелердің алдына шығып алады, оны басқа түйелер санынан тістеп, маза бермейді. Бұл болмаған соң, бота әтейге ығысып, түйелердің ең артында қалады. Бұл жолы бір бақташы қыз қамшының астынан алады. Сонан бота түйелердің қатарынан шығып жанасалай жүреді, бұл да болмайды. Құм, топырақ кіріп көзін аштырмайды. Сөйтіп, бота түйелер қатарындағы ағасының артына келіп, түйелердің ортасын ала жүреді, бұл жолы бәрінен тыныш болады. Ағасы қарайлас шөптің жақсысын жеп, судың тұнығын ішіп, жаманшылықтан құтылады. Ағасы оған үнемі күлдіргі әңгімелер айтып беріп, көңілін аулайды. Шат-шадыман тұрмыс кешіреді. Сонымен, бота «Анамның айтқан сөздерінде титтей де ағаттық жоқ екен-ау!» деген ойға келеді.

183. Ешкі мен қасқыр

Тасты таудың басында ешкі оттап жүр еді, таудың төменгі жағында тамақ іздеп, аш қасқыр жүр екен. Тау басындағы ешкіні көріп, қасқыр айтты: «Тау басында сен оттағандай шөп жоқ қой, онан да төмен түсіп, жердегі тәтті, шырынды шөпті жесейші». Ешкі қасқырға айтты: «Әй, шырағым, тау етегіндегі тәтті шөпті өзің үшін сақтарсың, ал маған тау басында да жақсы», – деді.

184. Ешкі мен қасқыр

Ертеде бір ақылды ешкі болыпты. Ол әр күні тауға шығып, соны шөп жеп, етекке түсіп өзен суын ішеді екен, күндердің бірінде ол бір аш қасқырға кез болыпты. Қасқыр ешкіні жемекші болып, оның қасына жетіп келеді. Ешкі жалтара алмай қалады.

– Ешкі, басыңдағы арбиған нәрсенің не керегі бар? – деп сұрайды,

қасқыр мүләйімсіп.

– Бұл тәңірдің берген қос мүйізі, мұнымен кезіккен аңды жарып

тастаймын, – деп жауап беріпті ешкі сыздана.

– Қос мүйізіңнің қаншалық күші бар? Мені сүзіп көрші.

– Жарайды, сен ана жерде қозғалмай тұр, саған мүйзімнің құдіретін бір

көрсетейін, – депті ешкі. Сонан ол екпіндеп келіп анадай жерде көлденеңдеп тұрған қасқырдың астынан өте шығыпты. Сонан ол:

– Әттеген-ай! Төменірек кетіпті, тағы бір рет сүзейін, – депті.

Қасқыр тағы да тұрыпты. Бұл жолы ешкі екпіндеп келіп қасқырдың
үстінен қарғып өте шығыпты. Сонан ол тағы да:

– Қап! Бұл жолы өте жоғары кетті. Тағы бір рет тұр. Осы жолы сені

жарып өлтірмесем әкемнен тумай кетейін! – депті.
Мына ешкі шынында мені мерт қылатын ұқсайды деп ойлаған қасқыр

зыта жөнеліпті. Ол көк жалтыр мұздан ызғып өте шығып, артына бұрылып, қарапты. Осы кезде әлгі ешкі мұздан тайып жығылып, орнынан тұра алмай жатыр екен. Мұны көрген қасқыр мұздан қайта өтіп, ешкіні жемекші болады. Сонда ақылды ешкі:

– Қасқыр, қашпа, етігімді шешіп болғаннан кейін, сені бәрібір құтқармай

сүзіп өлтіремін, – деп айқайлайды. Зәресі ұшқан қасқыр сол қашқаннан қас қағым аралығында көзден ғайып болады, сөйтіп, ешкі амалын тауып аман қалады.

185. Екі лақ

Ақ лақ пен қара лақ әрі жүгірді, бері жүгірді. Жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Мына жағы – қалың шілік, ана жағы – қалың бау. Маңайында ешбір қой-ешкі көрінбейді.

– Сен ақ лақсың, түк білмейтін ақымақсың. Мені әрлі-берлі сүйреп жүріп, ақыры адастырдың. Жаның барында қойды тауып бер! – деп, қара лақ ақ лақты бүйірден бір түйіп кеп қалды.

Қара лақ бір күн бұрын туған еді. Ол ақ лақтың ағасы болатын. Денесі шымыр, жұп-жұмыр, маңдайында екі мүйізі бар-тұғын. Өзі барып тұрған сотқар, желбас болатұғын. Ақ лақты «бауырым екен» деп аямайтын. Қит етсе «ақ лақсың – ақымақсың» деп мазақтайтын. Ашуланса болды, мүйізімен бүйірден түйіп қалатын. Өзі және жалақор болатын. Бағана: «Бә-ә, бә-ә! Мына жердің шөбін қар-а!» – деп, қалың шіліктің ішіне бастап келген де өзі болатын. Енді адасқан соң, ақ лақты жазғырып тұр.

– Ақ лақ – ақымақ! Жаның барда түс деймін алға! – деп, зекірді қара лақ тағы да!

Ақ лақ әрі ойланды, бері ойланды. Жүрген-тұрған жерлерін еске алды.

– Ұзап кеткен қойды қалай табамыз. Кім біледі, ендігі тау асып, жайлауға жетіп те қалған шығар. Ал жайлауға барар жолды табу да оңай емес. Сонда да жол кесіп көрейін. Бірақ саған айтатын сөзім бар: ешкіммен егеспейсің, айтқанымды істейсің. Осыны орындамасаң, адасып өлеміз, – дейді ақ лақ.

«Өлеміз» деген сөзді естігенде, қара лақ үрейі ұшып қорқып кетті. Қанша тентек болғанмен, ақ лақтың тілін алуға уәде берді. Ақ лақ жол бастап, алға түсті. Қалың шөпті олай-бұлай жапырып жүріп отырды. Алдынан жыра кездессе – секіріп өтті, тас кездессе – қарғып өтті. Сөйтіп екеуі бір кезде таудың етегіне келіп ілінді. Маңайда бір қара көрінбейді. Айнала жым-жырт. Ойда жоқта алдарынан бір түлкі шыға келді.

– Туу, өзің бір аппақ қардай, әдемі лақ екенсің. Ағаң да әдемі. Шаршап қалған шығарсыңдар. Біздің үйге соғып, дәм татып кетіңдер. Менің де өздеріңдей екі балам бар, бірге ойнарсыңдар, – деді түлкі. Ал өзі ішінен: «Ақ лақ кішкентай екен. Қапысын тауып осыны жәукемдейін. Бірақ мұны көрген ағасы қорқып қашып кетеді-ау!» – деп ойлайды.

Не айтатынын күні бұрын ойлап қойған ақ лақ былай деп, тіл қатты:

– Түке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді қасқыр күтіп отыр. Ол қара лақ екеумізді қонаққа шақырып еді. Сізге еріп кеткенімізді көрсе, ашуланады ғой. Қасекеңнің кәрі қатты. Мүмкін, өзіңіз де бізбен бірге жүрерсіз.

– Жарайды, ендеше. Жүре беріңдер, мен арттарыңнан барармын, – деді де, түлкі бір қулық ойлады.

Бір кезде алдарынан тайыншадай көкжал қасқыр кез бола кетті. Ол аузын арандай ашып, бірден екі лаққа тап берді. Қасқырды көрген түлкі сайға қарай зытты.

– Қарным ашып келе жатыр еді, мұндай жақсы болар ма! Мен қазір сендерді жеймін! – деді қасқыр.

– Қасеке, әнеки, ана төбенің басында, қара тастың қасында, бізді Арыстан күтіп отыр. Ол таудағы жортқан аң, ұшқан құс атаулыға патша болу үшін кеше осында келіпті. Ертеңгі асына екі бұзау, түскі асына екі лақ, кешкі асына екі қозы жейді екен. Сіздің мына қылығыңызды көрсе, ол бұлқан-талқан боп ашуланып жүрер. Тіпті, өзіңізді жазым етер, – деді ақ лақ.

– Бә-ә! Әй, қасқыр! Мына арыстанды қара-а! Шақырып тұр, – деп бақырып қоя берді қара лақ тыныш тұрмай.

Қасқыр қатты састы, әрі-бері алақтап тұрды да:

– Бәлесінен аулақ. Бар, жандарың барында кетіңдер, түге! – деп жөніне жүре берді.

Жүгірген бойымен екі лақ бір таудың басына шықты, тауға шығып қараса, тауды бөктерлей бір қора қой қаптап жайылып келеді, қойдың артында астында аты бар, қасында иті бар қойшы келеді. Қойды көргенде есі шығып қуанғаннан екі лақ «Бә...Бә..» деп маңырап қоя береді. Шопан ата жол бастап, бұрын келген ақ лақты жерден көтеріп алды. – Мен сендерді ойдан-қырдан іздеп, таба алмай қойып едім. Өздерінің тауып келгенін қарашы. Жарайсың, ақ лағым, жарайсың! Сені «Ақ лақ – ақымақ» деп мазақтайтындардың өздері ақымақ! – деп, ақ лақты құшақтап бауырына қысты.

186. Ақылды лақ

Бір бұзау, бір тоқты, лақ ел көшкенде жұртта қалыпты. Үшеуі адам болып қос тұрғызып алыпты. Қосы бір бұлақтың бойында екен, қасында бәйтерегі бар екен. Бұлардың хабарын естіп бір аю жеймін деп қостың қасына келген екен. Лақ аюды көріп алдынан жүгіріп шығып, қосына әкеліп, есік ашып енгізеді. Үйге кірген соң: «Аюға не береміз?» – дейді тоқты. Сонда лақ айтады:

– Басқы аюдың басын ас, соңғы аюдың төсін ас, болмаса осы аюдың өзін сойып ас! – дейді. Бұлар аю жейді екен деп, аю орнынан тұра қашады. Қашып келе жатса оған қасқыр жолыға кетіп: «Қайдан қаштың?» – деп сұрайды. Аю: «Міне жерде тоқты, лақ, бұзауға барып едім, өзімді жеймін деген соң, қашып әрең құтылдым», – дейді. «Ендеше екеуміз де баралық, бірігіп желік», – дейді қасқыр. Аю: «Мен бармаймын», – дейді. Қасқыр бір жіп тауып бір жағын аюдың мойнынан байлап, бір жағын өзінің мойнына байлап алып жүреді. Қосқа жақындағанда лақ шығып: «Ол аюға тоймаймыз», – дейді. Бұл сөзден бұрынғыдан жаман қорқып қайта қаша жөнеледі. Қасқыр буынып, жығылып қалады. Бұл жығылып жатқан қасқырға екінші қасқыр келіп: «Сен неғып жатырсың?» – дейді. «Мен неғып жатайын, аю сүйреп кетті», – деп бастан аяқ жөнін айтады. Сонымен үшеуі қайтадан барады. Мұны көріп, үшеуі бәйтерекке шығыпты. Лақ басына, тоқты ортасына, бұзау артына тұрыпты. Түбіне келіп қасқыр бал ашып: «Жейміз бе, жоқ па?» – деп тұрғанда бұтақ сынып, бұзау жерге құлап түседі. Құлаған бұзаудан қорқып қасқырлар бет-бетіне қашып кетеді. Бұзау, лақтың иесі күз айналып келіп, қосты тауып алады. «Бір лақтың ақылы сондай болыпты» деп қазақтың айтатыны осы.

187. Бес ешкі

Ертеде бір кедей болыпты. Оның бес ешкі, бір қара тоқтысы және бір құла аты болыпты. Кедей ешкілері мен тоқтысын байдың қойына, атын байдың жылқысына қосады екен. Бір күні азынап тұрған боранда бай бес ешкі мен қара тоқтыны, құла атты өз малынан бөліп, елсіз-күнсіз айдалаға айдап жібереді. Ұлып соққан боран, үскірік аяздан бүрсең қаққан бес ешкі бір тасқа келіп ықтайды да, тасжарғанның бүртігін кірт-кірт шайнап, тұра береді. Қара тоқты бишара оларға ере алмайды, «енді өлдім-ау» деп, маңырап тұрғанда, тап қасында бір түп көкпек көрініпті. Көкпектің түбіне келіп, теуіп-теуіп кеңейтіп, бүрлерін жалмап, жем етіп, бырт-бырт шайнап, ол жата беріпті.

Жал-құйрығына қар қатқан,
Қабағын қалың мұз жапқан,
Арлы-берлі көп шапқан –

Құла ат қамыстың арасындағы, бетін көбік қар жауып қалған бір құдыққа күмп етіп, түсіп кетіпті. Оқыранып, осқырынып, қайшылап тігіп құлағын, жұлып кеп ернеу құрағын, қүрт-күрт шайнап о да тұра беріпті. Сөйтіп кедейдің бар малы ақ боранның астында, қараңғы түнде айдалада қалыпты. Боранмен бірге құтырып, араны ашылған аш қасқыр жем іздеп келе жатып, қара тоқтының дәл үстінен түсіпті.

– Қара тоқты, қара тоқты, сені жеймін! – депті қасқыр.

– Ағатай, ағатай, мені жеме, ана жерде бес ешкі тұр, соны же, – депті тоқты.

– Жарайды, – депті де қасқыр аузын ақсита түсіп, бес ешкіге жетіп келіпті.

– Бес ешкі, бес ешкі, сендерді жеймін!

– Қасеке, қасеке, жеме, ана жерде жалы құлағынан асқан құла ат құдыққа түсіп жатыр, соны же, – депті бес ешкі.

– Жарайды, – депті де, қасқыр құлағын тікірейтіп, арқа жүнін сыртқа теуіп, құла атқа келіпті.

– Құла ат, құла ат, мен сені жеймін! – депті қасқыр.

– Сен қасқыр едің, мен ат едім. Ең болмаса, мені мына құдықтан шығарып ал, батпағымды тазарт, артыма шығып отыр да, бір аят оқы, сонан соң же. Онсыз да өлгелі жатырмын ғой, – депті құла ат.

– Жарайды, – деп, қасқыр құла атқа құйрығын мықтап тістетеді де, құдықтан шығарып алады. Аяғымен тырналап, батпағын тазалайды.

– Енді әрі қарап тұр да, иманыңды айта бер. Мен құранды келістіріп оқимын да, келістіріп тұрып сені жеймін, – депті қасқыр.

Құла ат құлағын жымырып, артқы аяғын бауырына алыңқырап, тұра беріпті. Иен дала. Айсыз түн, азынаған боранда өзімнен басқа батыр жоқ деп, дандайсыған бөрі құла аттың артына шығып, шоңқайып отырады да, молдаларға ұқсап, екі көзін шарт жұмып, өзінше әндете, ұли бастайды. Аңдып тұрған құла ат қырындай түсіп, көз тастап, артқы аяғымен дәлдеп тұрып қасқырдың шықшытынан періп кеп қалады. Шықшыты сынып, екі көзі алдына ағып түскен қасқыр қылжиып жатып ұлиды:

– Қара тоқтыны жемеген,

Қабылан басым-ау, у...у...
Бес ешкіні жемеген,
Бегпен басым-ау, у...у...
Құла атты құдықтан суырып алған,

Балуан басым-ау, у...у...
Артына шығып, құран оқып,
Көз жұмар молда ма едім?
Ау...у!...– депті де, қылжиып жатып өліпті.

Ертеңіне таң атып, боран басылған соң кедей бір төбенің басына келіп, былай деп малдарын шақырыпты:

– Қой баласы – қоңырым,

Ұя бұзбас момыным,
Шопан ата түлігі –
Қошқаным қайдасың? –
Пұшайт, пұшайт!

Жүнін жұлса, бақырған,
Ешкі атасын шақырған,
Өрісте өскен жануар –
Шөкетайым қайдасың? –

Шөре! Шөре!
Жолға шықсам – көлігім,
Жапанда жүрсем – серігім,
Қамбар ата өсірген,

Құла атым менің, қайдасың,
Құрау! Құрау!

Бұл дауысты естіген соң, құла ат қар бұзып, бес ешкі шұбап жол салып, қара тоқтыны соңдарынан ертіп, аман-есен иелерін тауыпты. Кедей малдарын әкеліп жылы қораға кіргізіп, астарына жайлап көң төсеп, пішен мен жемге тойғызып, олардың көрген-білгендерін сұрапты да, әңгімеге әдбен қанып алған соң:

– Сен неге басыңды сауғалап, бес ешкіні саудаға салдың? – деп, қара тоқтыға кінә қойыпты.

– Мүйізім болса өскен жоқ, буыным болса қатқан жоқ, өзім жалғыз, әрі әлім келмейтін болған соң, солардан бір зауал болар деп, бес ешкіге жіберіп едім, – деп жауап беріпті қара тоқты.

– Сендер неге өз бастарыңды сауғалап, құла аттың басын саудаладыңдар? – депті бес ешкіге.

– Сіздің құла атпен талай рет қасқыр соққаныңызды білеміз. Сондықтан ер қанаты ат еді ғой, бір зауал содан болар деп едік. Онымыз дәп келді, әйтпегенде аш қасқыр бәрімізді де жеп қоятын еді, – депті ешкілер.

188. Домбырашы теке

Күндер де бір күн қошқар, теке, бұзау үшеуі жолдас болып, алыс сапарға шығыпты. Үшеуі жолда келе жатып, екі қос уыстай сұлы тауып алыпты. Енді мұны үшеуіміз қалай тең бөлісіп жесек екен деген кеңеске кіріседі. Сонда теке тұрып:

– Мен таптым, – дейді. Оның өзі лақ теке болса керек.

– Үшеуіміздің ең кішіміз сен екенсің, олай болса, айта ғой, не істеу керек, –депті қошқар мен бұзау.

– Меніңше, бұзау ағайдың аузы үлкен ғой, алдымен бір асасын, одан аузы кішірек қошқар ағай екі асасын, сонан соң ең аузы кіші мен үш асайын, сонда үшеуміз де бірдей асаған боламыз, – депті теке. Оны ана екеуі де теріс көрмепті.

Сөйтіп, үшеуі сұлыны бөліп жеп алып, тағы жүреді. Бір жерге келгенде үшеуінің алдыларынан бір өлген түлкі кез болыпты.

– Мұны қайтеміз? – дейді қошқар.

– Бұл да жолымыздан табылған олжа ғой, керек болар, ала жүрелік,-дейді бұзау.

– Бұны кім алып жүреді?- дейді қошқар. Сонда теке тұрып:

– Бұзау ағай бізден үлкендеу ғой, мұны сол арқалап жүрсін, – депті. Мұны бәрі де мақұл десіп, өлген түлкіні бұзау алып жүреді. Үшеуі сол бетімен келе жатып, бір иесіз ескі тамға кез болады.

– Үй ішінде не бар екен,- деп өлген түлкіні далаға қоя салып, үшеуі бірдей кіріп барса, домбыра шертіп отырған түлкіні, оны тыңдап отырған аю мен қасқырды көріпті.

– Е, жақсы келдіңдер ғой, отыра қалыңдар, домбыра шертісейік, – деп түлкі домбырасын текеге ұсынады.

– Жоқ, алдымен сіз шертіп өнер көрсетіңіз! – деп теке домбыраны алмапты. Сонда түлкі домбыраны безеп жіберіп:

– Міңгір-міңгір, міңгірлік,

Лақ біздің бір түстік.
Міңгір-міңгір, міңгірлік,
Қошқар біздің бір күндік.
Міңгір-міңгір, міңгірлік,

Бұзау біздің бір түндік, – дейді де,
домбыраны текеге ұсынады. Теке домбыраны ала салып:

– Міңгір-міңгір міңгірлек,

Түлкі бізге тұмақтық.
Міңгір-міңгір міңгірлек,
Аю бізге төсектік.
Міңгір-міңгір міңгірлек,

Қасқыр бізге ішіктік.
Міңгір-міңгір міңгірлек,
Ал тамды қират дүңгірлет,-
депті де домбыраны шертіп-шертіп жіберіпті. Сонда түлкі:

– Бұлардың соңында әскерлері бар шығар,-деп далаға жүгіріп шықса, өліп жатқан түлкіге көзі түседі.

«Таптым, бұлар аң аулап жүрген аңшылар екен, енді бұл жерден тез қашпасақ, бұлар бізді де мына түлкі сияқты соғып алады!» деп ойлайды да, дереу аю мен қасқырға хабар беріп, өзі қаша жөнеледі. Оның артынан екеуі де қашады. Бірақ қарыны ашқан қасқыр алақтап қала береді. «Бұлар не істер екен» деп тамның сыртынан тыңдап тұрады. Бір кезде текенің «Әлгілердің өзін қорқытып қашырдық-ау!» деп күлгенін естіген қасқыр:

– Әй, не айтып тұрсыңдар? Теке, алдымен сені жайратпасам ба! Деп тұра ұмтылады, ана үшеуі қаша жөнеледі. Ызаланған қасқыр бұлардың соңынан қуа береді. Бір жерге барғанда, алдыларынан үлкен бір ін кездесіп, әлгі үшеуі соған кіріп кетеді. Іннің екінші жағы тесік екен. Бір кезде қасқыр да жетіп, інге басын сұға бергенде теке аңдып тұрып, қасқырдың басын мүйізімен қыса қойыпты да:

– Ал қошқар аға, шамаң болса, ұмтыл! – депті. Сол кезде қошқар іннің ана жағынан шыға сала жетіп барып, қасқырды соғыпты-ау келіп...қасқыр ойбай салып, зорға құтылыпты да, тұмсығының қанын сорғалатып қаша жөнеліпті...

Сол қашқанымен биік бір таудың басына шығып ұлып, қасқырларды шақырыпты. Жиналған қасқырлар одан:

– Не болды, – деп сұрапты.

– Ойбай, ана жақта бір... сондай, үш ұста бар екен, солар кездесіп қалып, жалғыз өзімді ұстап алды да, біреуі қышқашымен мойнымнан қысып тұрып, екіншісі балғамен ұрып-ұрып қоя берді, – сонда басқа қасқырлар тұрып:

– Жүр ендеше, ол ұсталарды бізге көрсет, бәріміз жабыла барып, балғасын өздерінің тұмсығына соғайық! – деседі де ұсталарды іздеуге жүреді. Бұлардың алыста қаптап келе жатқанын қошқар көріп:

– Ойбай, қасқырлар келе жатыр қашайық, – дейді. Үшеуі қашады. Бір жерге келгенде алдыларынан бір бәйтерек кез болыпты. Теке алдымен бұзау мен қошқарды теректің басына шығарып, онан соң өзі шығып биігірек жеріне орнығып отырып алады. Бір заманда қалың қасқыр келіп, теректің басынан үшеуін көреді.

– Енді бұлар құтыла алмайды! – деп қасқырлар бірінің үстіне бірі шығып, теректің басына жақындайды. Сол кезде теке тұрып:

– Жақсы болды. Мына қасқырлар келген екен. Ал қошқар аға, мен қышқашыммен тұмсықтарын қыса берейін, сіз балғаңызбен соғып құлата беріңіз,-депті. Сол-ақ екен алғашқы таяқ жеген қасқыр ең астында тұр екен. Қорқып қалған сорлы, текенің сөзін естігенде тұра қашады. Оның үстіндегі қасқырлардың бәрі құлап, өлгені өліп, мертіккені мертігіп, қалған саулары әлгі қасқырлармен еріп зыта жөнеліпті. Сөйтіп, теке лақтың айласымен үшеуі аман құтылыпты.

189. Ақымақ теке

Бір теке шөлдеп, терең бұлаққа түсіп, су ішті дағы қайтадан шыға алмай бақыра бастады. Оның дауысын естіп, түлкі келіп айтты:

– Әгәрда, сенің иегіңдегі сақалыңның хисабы сайын, басыңда ғақыл болса, сенің бұл ұраға түсерден бұрын, қалай шығуды ойлар едің.

190. Жетім қозыны қасқыр жегені

Ертеде көктем күнінде көшершілік заманында бір қозы қойдан адасып жатып қалады. Ел жөңкіліп ұзап кетіпті. Қозы жалғыз өзі жайылып жүреді де, бір күні бір көлшікке кез келіп, су ішіп жатқанда бір қасқыр келіп су ішті де, қозының ізін көріп, қозының артынан іздеп жүріп тауып алады. Қозы қасқырды көріп қорқып тұрды.

Қасқыр қозыға: «Мен сені жеймін», – дейді. Қозы:

– Не жазығым бар, тақсыр? – дейді. Қасқыр:

– Үш жылдан бері ішіп жүрген суымды лайлап жүрсің, қояды десем қоймайсың, – дейді. Қозы:

– Менің туғаныма үш ай болған жоқ, үш жылдан бері суыңды қалай лайлаймын, – деді. Сонда қасқыр:

– Сен болмасаң сенің енең, болмаса сенің аталарың, – деді де қозыны кеңірдегінен алып, жерге бір соғып жеп қойды.

191. Қошқар мен теке

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Өздері кедей екен. Күн көрерлік бар малы – бес қой мен бес ешкі екен. Олардың сүтін ішіп, құрт-майын және жыл сайынғы өсімді төлін сойып жейді. Терісін, жүн-жұрқасын үстеріне киім қып киеді. Бес қой мен бес ешкі не көбеймейді, не азаймайды. Бес қой мен бес ешкі өріске өздері жайылып, бұлаққа өздері барып су ішіп қайтады. Олар не ит-құсқа, не ұры-қарыға жем болған емес. Шал мен кемпір оларды кешке өрістен қайтқанда түгендеп қораға кіргізіп алады да, ертемен түгендеп шығарып салады. Бес қой мен бес ешкіні аман-есен сақтап, бағып-қағып өсіретін бақташы да, күзетші де қошқар мен теке еді. Қошқар мен теке шал мен кемпірдің жанындай ең жақсы көретін малы еді. Мал емес-ау, өздерінің туған баласы сияқты еді. Қошқар мен теке шал мен кемпірдің не айтқанын түгел ұғатын, түгел орындайтын. Шал мен кемпір де текенің естілігіне сенетін. Теке қой мен ешкіні өрістен ертіп мезгілінен ерте қайтатын болса күн ырайы бұзылып жауын-шашын, боран боларын сезіп, алдын ала сақтық жасайды. Қошқар мен текенің бастауымен ешкі мен қойлар шу көтеріп маңырап, үркіп-үрпиісетін болса – жақын жерде бұлардың ізін аңдып қасқыр мен ұры жүргенін сезіп, алдын ала сақтық жасайтын-ды. Қошқар мен теке екеуі жандай дос еді, біріне-бірі қамқор ақылшы серік болатын. Сонымен бірге олардың бірінде жоқ мінез қасиет екіншісінде бар еді. Қошқар аңқау, аңғал мінезді қорқақтау еді. Бірақ қайратқа мықты, текеге сенетін, ал теке айлалы, ақылды, көп жайды күні бұрын болжап білгіш көреген еді. Осындай мінез қасиеттерін жақсы білетін шал мен кемпір қошқар мен текені аз ғана малымның құты – иесі, күн көрерлік ауқатымның таянышы-сүйеніші деп білуші еді. Күндерде бір күні шал қатты ауырып, төсек тартып, жатып алды. Кемпір шалының аузына су тамызып күні-түні қасынан шықпады. Қошқар мен теке бұл жайды әбден түсініп, шал мен кемпірді жоқтаған жоқ, өздері қорадан шығып жайылып, өздері қайтып келіп жүрді. Үй қасынан алыстап кетпей, сақтанып жайылатын болды. Шал науқасынан жазылмады, халы күннен-күнге ауырлай берді. Кемпір көлдей жасын төгіп, жылаудан басқа түк бітірмеді. Шал осындай әл үстінде жатқан кезде ел аралаған қара бақсы келді. Қобызын ойнап, тамырын ұстап шалды қарады да, емін айтты: «Ең жақсы көретін, қасиет тұтатын бір малыңды сойып, қан-жыныңмен ұшықтап, емдеу керек», – деді. Мына сөзден шал мен кемпір шошып кетті, ең жақсы көретін малы қошқар мен текені қалай өлімге қимақ! Қасиет тұтатын қошқар мен текені бұл құрбандыққа қимаймыз, басқа бір қоймен емдеңіз, – деді, шал мен кемпір қара бақсыға жалынып. Бақсы айтқанынан қарысып қайтпады.

– Нағыз жаныңа бататын, қимасыңды құрбандыққа шалып емдеген ем қонады. Басқа малмен мен емдемеймін, – деді.

Шал мен кемпірдің амал-айласы құрыды. Екеуі бірдей егіліп жылады. Қошқар мен текенің бірін сойып емдесе, шал жазылмайтын сияқты болып көрінді. Ал соятын болса бар күн көріп, қорек қылып отырған аз ғана малы бірге құритындай көрінді. Бәрінен де жан тәтті, адам өмірі ардақты ғой. Шал мен кемпір әрі жылап, басқа қылар ақыл-айласы таусылып, ақыры қошқар мен текенің бірін соймақшы болды. Теке бұл жайдың бәрін сезіп білді. Түн ішінде қошқарды оятып алып, оған сұмдық хабарды естіртті. Әрі жылап, әрі ыза болған екеуі уәде байласты да, түн ішінде ешкімге сездірмей туып-өскен мекенін тастап жүріп кетті. Ойласқандары шал мен кемпірді емдейтін дәрі шөп іздеп таппақ. Қошқар мен текені іздеп артынан қуған ешкім болған жоқ. Кім қуады? Шал ауру, кемпір өз бетімен мал іздей алмайды. Сонымен қошқар мен теке сол кеткеннен кете барды. Ессіз даланы, сай-саланы, таулы орман араларын, өзен-бұлақ бойларын аралап, мекендеп от оттап, суын ішіп бірнеше күн жол жүрді. Аяқ аттаған сайын қауып-қатер кездесті бұларға. Бірде қасқыр сияқты жыртқыш аңдардың кезіп-жортқан іздеріне душар болады, кейде түн ішінде айналада ұлыған қасқырдың үнін, ақырған аюдың, қорсылдаған қабанның дауыстарын естіп, жаны алқымына тығылғандай үрейленді. Бәрінен де жасырынып, ептеп сыбдырын сездірмей жүріп қаша өтеді... Қайда барарын, қайда мекендеп өмір сүрерін қошқар мен теке әлі анықтаған жоқ. Елсіз дала, тау, орман арасында дәрі шөптің қайда екенін де білмейді. Елсіз дала, тау, орман арасында жыртқыш аңдарға кездессе, бас салып талап жеп қояды. Ал ел қарасына жақындап, адамның көзіне түссе бас салып екеуінің бірін және сойып жеп қоюы мүмкін. Бірақ, елсіз, адамсыз жерде тіршілік етіп өмір сүру тағы мүмкін еместігін екеуі де жақсы түсінеді. Құтылатын жалғыз жол – шалды жазатын дәрі шөп. Ол табылса, қорықпай үйге қайтып бармақ. Осылайша, қошқар мен теке жазық бір далада келе жатыр еді. Теке жел жақтан көтерілген бұлтқа қарап тұрды да:

– Бүгін сұрапыл жауын болады екен, кел, қошеке, күрке жасап алайық, – деді.

– Өзің сиятын шағын күрке жаса, менің жүнім қалың, етім майлы, жауын астында жатсам да түк етпеймін ғой, – деді. Теке «маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинайды, бір шоқ тобылғының түбіне шөпті үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты. Кешке қарай күн райы бұзылды, кілегей қара бұлттар аспанды түгел жауып сапырылып ағылып, сатыр-күтір, жарқ-жұрқ етіп нажағай ойнады. Шелектеп құйғандай нөсер жауын үдеп жауа берді.

Асты-үсті, жан-жағы шөппен жабылып қымталған жылы күркенің ішінде теке мынадай сұрапыл жауынға ұрынбастан үсті-басы құрғақ, жайбарақат тынығып жатты. Ал төңкерген қазандай семіз құйрығын жел ұрған жауынның бетіне тосып, күркенің қасына ықтай қошқар жатты. Бірақ қошқар көпке шыдай алмады, асты-үстінен бірдей сорғалаған мұздай суық су, азынап ұйтқып соққан жел қошқардың қалың жабағы жапқан семіз терісінен өтіп етіне, етінен өтіп сүйегіне жетті. Қошқар дірілдеп, қалшылдап тоңа бастады. Ақыры шыдамы таусылып: «Теке, ә, теке! Мен жаурадым, менде бір білместік болды. Мені жылытпасаң, халым нашарлап барады», – деп жалынды қошқар. Теке:

– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да күркесіне қошқарды кіргізіп алды.

Ертеңіне жауын басылды. Күн ашылды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Түске таман аспанда ыдырап бітпеген бұлттардың қозғалысына қадала қарап тұрып теке:

– Бүгін қар жауып, боран болуы ықтимал. Күрке жасап алайық, қошеке! – деді. Бұған қошқар абыржи қоймады.

– Қар қалың, жүннен өтіп кететін жаңбырдың суық суы емес қой. Құйрығымды желге төсеп жата берем. Қылшығың селдір, терің жұқа саған күрке жасап алу әбден дұрыс, – деді қошқар.

Теке жолдасына қайырып тіл қатпады. «Маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинады. Бір шоқ ақ шидің ығына қалқалай шөпті үйіп-үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты. Кешке қарай, күн райы бұзылды. Бурыл ала бұлттар аспанда жөңкіліп ағылып, жапалақтап қар жауа бастады. Құйындатқан суық жел соғып, аспан мен жер бетін ұйтқыған ақ түтек боран жауып кетті. Мынадай сұрапыл боранда теке жылы күрке ішінде жайланып, тынығып жататын болса, төңкерген қазандай семіз құйрығын боранға тосып, күркенің қасында жатқан қошқардың халі мүшкіл еді. Ұйытқыған боран, азынаған суық аяз қошқарды титығына жете жауратты. Қошқар ақыры шыдамы таусылып: «Теке! А, Теке! Менің халім бітуге айналды, күркеңе кіргізбесең, енді құрып кететін түрім бар. Ендігәрі айтқаныңды екі етпеймін», – деп жалынды. Теке:

– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да жаураған досын күркеге кіргізіп алды.

Ертеңіне боран басылды, күн ашылып жылынды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Келе жатып теке жер шолып отырды, құс ойнаған, қасқыр, қоян жүрген жымдарды, аю қабан жортқан соқпақтарды қадағалап, барлап, біліп, сақтық жасап отырды. Күн кешкіріп, ымырт жабылар кезде теке келіп тоқтай қалды.

– Қошеке! Қасқыр апанының үстінен шығыппыз, жан-жағына тарап кеткен іздер сайрап жатыр ғой, міне! – деді.

– Ойбай! Теке! Енді біржола құрыдық қой, – деп, қошқар қорқып дірілдей бастады. Бірақ теке саспады, абыржымады, қорықпады да.

– Бұдан қашып құтыла алмаймыз, ізімізді сезеді де, қайда кетсек те қуып жетіп құртады. Құтылатын жалғыз амал сол – қасқыр апанының өзіне тығылу, – деді. Бұдан тіпті шошынған қошқар: «Не дейді мынау! Не дейді!..» дей берді қалшылдап. Алайда теке досының ақылына енді қарсы болуға шамасы да қалмады. Текенің артынан ере берді.

Теке бастап жүріп отырып, көп ұзамай қасқыр апанына келді. Кең апанның бір жағы қуалап қазылған үңгір ін екен. Екеуі де ішіне кіріп, дәл кіре беріс тар ауызда теке өзі тұрды да, бір жақ бүйірін ала қалтарысқа қошқарды қойып: «Мен соқ дегенде әйтеуір қасқырды аямай мүйіздеп соға бер, қорықпа», – деп ақылын айтты, түні бойы қасқырдың түнгі жорықтан қайтуын ұзақ күтті. Таңға жақын ешнәрседен хабарсыз түнгі жорықтан қалжыраған қасқыр жалқау басып келіп апанға секіріп түсті де, інге кіре берді. Теке найзағайдай шаншылған екі тік мүйізін қасқырдың қыл тамағынан орап қылғындырып, іннің төбесіне тіреп тұра қалып: – Тоқтым, тоқтым, соқ, – деп айғай салды. Қошқар бөгелген жоқ. Доғадай иілген зор, тастай ауыр мүйізін қадай пәрменімен қасқырды бүйірлеп қойып-қойып жіберді. Бір жақ қабырғасы мен алдыңғы аяғынның бір жіліншігі жазым болғандай қыңсылап, өкіріп бір құлап түсті де, жан беріп өлу оңай ма, бұрылып алып шойнаңдай кейін қаша жөнелді. Артынан қошқар мен теке недәуір жерге қуып тастады. Қуып бара жатып: «Тоқтым, тоқтым, соқ», – деп қояды теке, осы дауысты естіген қасқыр одан сайын үрейленіп зыта берді. Таң атып, күн шықты. Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп жүріп келе жатты. Жолшыбай дәрі шөпті іздейді. Сәске мезгілінде теке жер, із, шымдарда шолып келе жатып:

– Апырай, бізді он екі қасқыр іздеп келе жатқан екен, енді тезірек жүріп, анау көрінген бәйтерекке жетіп алайық, – деп аяғын жүгірте басты. Қошқар мен теке терең жайқын дарияның жағасында биік жарға біткен бәйтерекке жақындап келгенде, алыстан шаңдатып, шапқыласып келе жатқан бір топ қасқырлар да көрінді. Бәйтерекке жетісімен теке бұтағына оңай секіріп басына өрмелеп шықты, ал қошқар ауыр денесін, майлы құйрығын көтеріп секіре алмады, бәйтерекке шыға алмады. Теке жерге қайта жылжып түсті де, қошқарды құйрығынан сүйемелдеп көмектесіп, бәйтеректің ең төменгі бұтағына шығарды. Өзі одан жоғары бір бұтаққа өрмелеп шығып, келіп жеткен он екі қасқырға қарап отырды. Он екі қасқырдың бірі түндегі бір аяғы мертіккен ақсақ қасқыр екен, бәрі де бәйтерекке шығып отырған қошқар мен текені көріп тілдерін салақтатып, сілекейін шұбыртып, қуанысып іске кірісті.

Әуелі бәйтеректі құлатпақ болып, жан-жағынан тырнап қаза бастады. Бірақ жуан бәйтеректің жер астын алыстап қуалаған тамырлары да жуан берік еді, топырағын қазып жуан тамырға жеткенде қасқырлар басын шайқап тұрып қалды. Бәйтерекке секіріп, өрмелеп шықпақ болып еді, одан ешнәрсе өнбеді. Жығылып түсе берді. Ақыры бірін-бірі сатылап көтеріліп, бәйтерек бұтағындағы қошқар мен текені алмақ болды. Ең астыңғы саты болып ақсақ қасқыр тұрды, онан кейін басқалары бірінің үстіне бірі сатылап шығып, он екінші қасқыр төменгі бұтаққа отырған қошқарға жетіп майлы құйрығына арс етіп ауыз сала бастағанда, барлық амалы құрыған теке тек қана:

– Тоқтым, тоқтым, соқ! – деген айқайды ғана айтып салды. Осыны естіген баяғы ақсақ қасқыр тағы да қабырғама тепкілейді екен деп, зәресі ұшып саты болып тұрған орнынан қаша жөнелді. Басқа он бір қасқыр биік жардан аунап дарияға топылдап құлап түсіп, малтып шыға алмай терең суға бір батып, бір шығып кете барды. Бәйтерекке өрмелеген қасқырлардан қорқып, есі ауып талып қалған қошқар сірескен жабағы жүннен бәйтерек бұтағына ілініп, аман қалды. Ақсақ қасқыр артына жалтақ-жалтақ қарай зытып отырды.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп тағы да жүріп келе жатты. Олар таулы-тасты, қалың шытырманы мол тоғайдың ішіне келіп кірді. Күн кешкірді, қас қарайып ымырт жабылды. Жазықтан гөрі тоғай арасының қорқынышы көбірек. Жан-жағына алақтап, қорқып келе жатқанда әр шоқша қарағай шоқшиып отырған аюға ұқсайды. Сытыр еткен ағаш бұтақтарының сыбдыры – аңдып бас салғалы тұрған аш қасқырды елестетеді. Осылай қорқып келе жатқанда теке кенет жуан қарағайдың түбіне тоқтай қалды.

– Қошеке, көрдің бе мынаны, аңшы өлтіріп, терісін сыпырып әкеткен қасқырдың басы мен сүйектерін, – деді. Қошқар өлген қасқырдың денесінен шошып, досына ешнәрсе айта алмады. Теке «мұның бір керегі болады» деп, қасқырдың басын қошқардың жалпақ құйрығының үстіне таңып берді. Екеуі тағы да жүріп кетті.

Қап-қараңғы түн болды. Айналаның бәрі тау-тас, қалың тоғай түгел мүлгігендей. Тек ақырын аттаған қошқар мен текенің өз аяқтарының тықыры, өз жүректерінің дүрсілі ғана естілетіндей. Осылай қорқа, жан-жақтарына алаңдай жүріп келе жатқан екеуі алаңға шыға келіп еді. Жанған отты айнала қақтанып отырған бір топ қасқырдың үстінен шықты. Енді қашып кетуге болмайды, қасқырлар сезіп қалды. Теке қошқар досына: «Қорықпа, мынау басты осы жерге қойып кет те, менің артымнан ере бер», – деп, ілгері батыл аттап басып, от айнала шоқиып-шоқиып отырған қасқырлардың ортасына жетіп келді.

– Салаумаликум, – деді теке оттың дәл жанына жайланып отыра беріп, қорыққан қошқар текенің артын ала тұрып қалды. Қасқырлар таң-тамаша қалып, мейлінше қуанысып, бір-біріне қарап, жымыңдап, мәз болып күлісіп:

– Құдай сендерді біздің ортамызға қалай айдап әкелді десейші? – деді, қасқырдың бір арланы. Теке бұлардың енді бас салғалы отырған ыңғайын байқаса да сыр білдірместен:

– Я, дәм айдап сендерге қонаққа келдік. Сендер әрдайым қой етіне құштар болсаңдар, құдай әмірі бойынша енді біз қасқыр етіне құштар болдық, – деді. Қасқырлар тағы да бір-біріне аң-таң болып қарасып алды. Арлан тәкаппарлықпен: «Ім, ім! Қонақасыларың дайын ғой!» – деп кекете бастап еді, теке қорқып қалтырап тұрған қошқар досына қарап:

– Бұлар бізге оңайлықпен қонақ асы берер түрі жоқ көрінеді. Анау байлаудағы он бір қасқырдың біреуінің басын жұлып алып келші, мынау отқа үйтіп жейік, – деді. Қошқар аяғын жайлап басып, тастап кеткен басқа қарай жүре берді. Мына сөзді естіген қасқырларда үрей қалмады. Барлығы да қошқар кеткен жаққа қарай алаңдап қарай берді. «Мен байқайыншы», – деп, бір-екеуі тайып тұрды. Біраздан соң:

– Әлгілер неге кешікті, – деп тағы бір-екеуі жөнелді. Бір кезде қанын ағызған қасқырдың басын оттың жарығына көрсетіп жақындай берген қошқарды көргенде арлан бастаған қалған қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді. Басты жарық оттың жиегіне қақтап қойып, түні бойы қошқар мен теке жайбарақат дем алып, ұйықтап шықты.

Ертеңінде қошқар мен теке тағы да жолға шықты. Қалың тоғай арасын кезіп жүріп келе жатты. Бір мезгілде теке тоғай арасын кезіп, өткен соқпақ іздерді байқап, әрі алыстан даурығып сөйлеген қасқырлардың дауысын естіді.

– Түндегі қасқырлар аюға хабар берген екен, ізімізге түсіп, бәрі іздеп келеді бізді. Енді тезірек ыңғайлы бір қарағайдың басына шығып жасырынайық, – деді теке.

Бұталы қалың, жуан бір қарағайға сүйемелдеп көмектесіп әуелі қошқарды шығарды да, артынан бір секіріп теке өзі шықты. Осы кезде балпаң басқан дәу қара қоңыр аю бастаған он шақты қасқырлар дыбырлап сөйлесіп, дәл қошқар мен теке орналасқан қарағайдың жанына жақын келді.

– Ақымақсыңдар, құдайдың өзі айдап әкелген майлы тамақтан айрылып қалған сендердей ақымақты көргенім жоқ. Қорқақ қойдан батыр қасқыр қорқып қашып кетіпті деген атақтың өзі масқарашылық қой! – деді аю.

– Я, ақымақ болдық, масқара болдық, әйеке! – деп, шуласты қасқырлар.

– Ай! Менің қолыма бір тисе. Ім...ім... мына найзалы саусақпен мытыр едім келіп... Осы жерде бір бал ашып алайықшы, бүгін бір майлы құйрыққа ауыз толар ма екен деп аю арбаңдай басып, қошқар мен теке отырған қарағайдың түбіне шалқая келіп отырды. Он шақты қасқыр да көздерін қызартып, тілдерін салақтатып аюды айнала шоқайып отыра бастады. Осыларды көргенде зәресі ұшып, есі ауып кетті. Қошқар аяқтарымен тіреп, салмағын тең ұстамағандықтан отырған бұтағы сатыр-гүтір майысып, сынып төмен құлап бара жатты. Мұны көріп отырған теке:

– Ең мықтысын қарма! Ең семізін қарма! – деп айғайлады. Сөйткенше болмады, қошқар пәрменімен келіп аюдың дәл төбесінен шаншыла құлап түсті, қасқырлар тым-тырақай қаша жөнелді. Мойны үзіліп өкірген аю біраз жатып жан тапсырды. Теке денесі ауырлап домалап жатқан досы қошқарды сүйемелдеп тұрғызып алып, тағы жүріп кетті.

Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп, қалың тоғай арасында бірнеше күн жол жүрді. Әлі дәрі шөп табылар емес. Қашып кеткен қасқырлар тоғай ішін шулатып ұлып, ұрандасқанын, аю мен жолбарысқа дейін барып арыз етіп, тоғай ішінде емін-еркін сайраңдап жүрген қошқар мен текеден кек алудың керектігін айтып жар салғанын, өздерінің ізіне түсіп, іздеп жүргенін қошқар мен теке біліп келе жатты. Бір күні кешке таман теке соқпақ іздері, алыстан талып жеткен шаң-шұң дауыстарды байқап:

– Көптеген жаулар ізімізге түсіп қуып келеді. Тез жүрейік, салқын лебі келеді. Алдымызда үлкен дария болуы керек, соған жетейік, – деді. Тездетіп жүгіре басып жүріп отырып көлденең керіліп жатқан үлкен дарияның жағасынан келіп шықты. Дарияның ортасы кең арал, аралдың арғы жағы тағы жайқын су, судың арғы жағы тағы құрғақ жер еді. Бәрін де қошқар мен теке шамалап байқап көріп тұр. Ұлып шулап, гүрілдеп ақырып аю, жолбарыс, қасқырлар арттан жақындап келіп қалды.

Теке досы қошқарға:

– Бастап жол салып ажалдан алып қалар кезек енді саған келді. Мен жүзуге жоқпын, сен жүзуге мықтысың, бастап түс мына дарияға, мен сенің құйрығыңа асылып отырып малтиын. Тура аралға тарт! – деді. Бұл жерде қошқар бөгелген жоқ. Майлы құйрығының үстінен текенің екі аяғын асылтып, терең дарияға қайықтай қалқып жүзе жөнелді. Түнімен ұлып, шулап жетіп келген қасқырлар жағада аңтарылып тұрып қалды. Ыза болған жалбыр жүнді қара аю ақырып:

– Құтылмайсыңдар, бәлемдер! Ал түсіңдер артынан суға жүзіп, алып келіңдер алдыма мыналарды сүйретіп! – деп қасқырларға әмір беріп тұрды. Баяғы түнгі от басында қорқып қашқан арлан бастаған бір топ қасқыр күмп беріп дарияға түсіп, жылжып жүзе жөнелді. Оның артынан іркес-тіркес қасқырлар тобы да дарияға түсіп қошқар мен текеге қарай бет алды. Бірақ қасқырлардың жүзуінде айла-тәсіл еркіндік жоқ сияқты еді, бір батып, бір шығып, суды шалпылдатып жылжумен болды. Кейбірі біріне-бірі қақтығып, судың тереңіне батып кетіп жатыр. Аздан кейін олардың көбі жүзудің бағытынан айырылып, әрқайсысы әр жаққа қарай малтып, енді жан қармаудың амалына кірісіп кетті.

Ал қошқар мен теке болса бөгелместен тез жүзіп отырып, дарияның ортасындағы аралдан келіп шықты. Су бетінде бір батып, бір шығып жанталасып малтып жүрген қасқырларға қошқар қуанышты да, үрейлі де кескінмен қадалып қарап тұрды. Қасқырлар жүзіп аралға өтер ме екен? Жоқ, кейін қайтып кетер ме екен? Қаншасы суға батып кетер екен?.. Теке ешнәрседен қуыстанбай, дереу жүгіріп аралда шөптерді тінтіп, дәрі шөп іздеді. Аралда жайылып оттайтын жануарлар сирек еді. Қалың өскен әр тектес шөптер жабағыдай боп кеткен екен. Кішкене төмпешіктің жақпар тастар арасына өскен гүл шашып жайқалып тұр. Теке міне, осы жақпар тастың шетінен бір топ дәрі шөпті табады, оны жапырақпен орап, қошқардың мүйізінің түбіне мықтап бекітіп байлайды. Қошқар мен текені қуған қасқырлар көп, елу-алпыс шамалы еді, жүзе алмауына, суға батып кетіп жатқандарына қарамастан, жағадағы аю ақырып, бұйрық беріп, қасқырдың жаңа топтарын суға түсіріп жатыр. Кейбір жүзгіш топтары тобын жазбай, қиындықпен малтып аралға тура тартып жылжуда. Мұны да қошқар мен теке байқап тұр. Енді белгілі болды. Қасқырлардың бәрі болмаса да, бірталайы аралға жүзіп жетуі мүмкін, сондықтан екеуі аралдың қарсы жағындағы жағаға қарай жүзуге дайындалып тұрды. Қасқырлардың алды аралға келіп аяғын сала бергенде қошқар мен теке тағы да дарияға түсіп, алдыңғы жағаға қарай тартты. Қапы қалған қасқырлар тілдерін тістеп жалақтатып, қатты ызаланып аралдың жағасында тағы аңтарлып қалды. Қошқар мен теке енді қайтып артына бұрылған жоқ. Арғы жағаға жүзіп өтіп шықты да, бөгелместен ілгері жүріп кетті. Таң атпаған әлі қараңғы түн еді. Түн болса да текенің ақылымен тоқтамай жүре берді.

– Қасқырлардың бір тобы бергі жағаға өтуі мүмкін, әйтеуір, аралда қалмайды. Бері өткендері дереу ізімізге түсіп қуатыны белгілі. Қалай да таң атпай бір бекініске жетуіміз кажет, – деп, ақыл айтады теке дос қошқарға. Қошқар текенің ақылдылығына әбден сенген. Енді ешбір күдік келтірмейді. Теке досы не айтса қошқар көбіне үндемей мақұлдап бас изейді. Бұлар кең жазық алаңға жетті. Бірақ жазық алаңқы жалаңаш емес, шабылған шөптен үйілген жапырлаған шөмелелер еді.

Теке қошқарды ертіп шөмелелерді түгел аралап, жан-жағын түгел айналып шықты. Қошқар текенің бұл қылығына қайран қалғандай.

– Біреуіне тоқтамай айнала шарлауымыздың не жөні бар еді? – деп сұрады.

– Із тастап жүрміз. Енді бір шөмеленің астына кіріп жасырынамыз. Қасқырлар келсе, біздің ізімізбен осы жапырылған шөмелелердің барлығын ақтарыстырып қарайды. Бірден оңай таба қоймайды бізді. Оның үстіне шөмелелерді ақтарып жүргенде шөп иелері де келіп қалмас па екен! – деді. Досының мұншалық терең, алдын ала болжағыштық ақылына жаны сүйсініп: «Теке, жаным-ай! Ақылыңнан айналайын-ай!» – деп қатты қысып құшақтап жіберді. Теке де досын құшақтап жылады. Екеуі де шөмеленің астына тығылып ұйықтап жатып қалды.

Таңға жақын бұл жерге ұлып, шулап, қасқырлар да жетті. Шарлаған ізді қуалап шөмелелерді асты-үстіне шығарып тінтіп қошқар мен текені қарай бастады. Ала көбең таң атқан кезде ұлыған шулаған қасқырлардың айғайын естіп оянған шөпшілер шөмелелерді талқандап жүрген қасқырларды көріп, айыр, тырнауыш, шалғыларын қолына ұстап, айқай салып қасқырларға ұмтылды. Дәл шөпшілер оянып шу көтерген кезде бір топ қасқыр теке мен қошқар жатқан шөмелені бұзып, шаша бастап еді. Енді бірер құшақ шөпті лақтырса дірілдеп жатқан қошқардың майлы құйрығына қасқырдың тістері тиетін еді. Шөпшілердің айғайын естісімен қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді. Шөпшілер жақындап келгенде теке мен қошқар да шөмеле астынан шыға келіп, шөпшілерге қарай қарсы жүріп келіп алдарына ботадай боздап жылап жата-жата қалысты. Шөпшілердің бәрі қасқырлардың шөмелелерді неге талқандап жүрген себебін енді түсінді. Егіліп еңіреген қошқар мен текені аяп кетті.

– Бұл екеуіне тимейік. Малдың құты болар, ауылға апарып қой мен ешкіге қосайық, – деді бір шал тұрып, осыны естігенде қошқар мен теке дереу жасын тыйып, ойнақ салып, шалдың алдына келіп бас изеп тағзым етісті.

– Апырым-ай, мына жануарлар есті екен ғой, айтқанға түсініп тұр ғой. Тимейік сорлыларға, – деді тағы бір шөпші. Қошқар мен теке тағы да ойнақ салып, қуанышты сезіммен бұған да келіп бас изеді.

Шөпшілердің қошқар мен текені басынан сипап арқаларынан қағып еркелетіп, жатқан қостарына ертіп әкелгенде ондағы қалған шөпшілердің бірі:

– Ойбай-ау, мыналарың Ақшоқыдағы шал мен кемпірдің текесі мен қошқары ғой. Сорлылар шарқ ұрып сұрау салып іздеп жүр, – деді. Қошқар мен теке сол күні туып-өскен мекенінен қашып шыққалы бірінші рет қауып-қатерсіз, алаңсыз рақаттанып ұйықтап еді.

Ертеңінде шөпшілер ауылға әкеліп екеуін де қойға қосып жіберді, артынан шал мен кемпірге жеткізіп берді. Шал теке тауып әкелген дәрі шөптен жазылып, бұлар бұрынғыша тыныш өмір сүре берді.

192. Екі қой

Екі қой бірігіп жолдас болысыпты, далаға барып даладан бір қасқырдың басын тауып алысыпты. Сонан соң үйлеріне қайтысып келе жатып жолда бір үйге кез келіп қалысыпты. Ішіне кіріп келсе, үйдің іші толған қасқыр екен. Сол қасқырлар өздері аш болған соң келген қойға мейлінше қуанып қай жерге отырғызарын біліспейді. Бұларды көріп қойлар істің жаман болғанын байқасып, әлгі қойдың біреуі тұрып, біреуіне айтады: «Менің қарыным ашты кешегі сойған қасқырдың басын алып келші», – дейді. Сонда біреуі басты алып келіп тұрып айтады: «Сен бұл басты жеп қоясың, мен нені жеймін? – дегенде айтады, – аз ба саған мұндағы толып тұрған қасқырлар? Таңдап семізірегін соямыз да екеуіміз жерміз, маған жалғыз бұл бастың өзі де аз болады, – дейді. Қасқырлар сонда мұны ести сала мейлінше қорқысып кетіп, сасқандарынан үйден бірінің артынан бірі шығып қашып кетіп қалған соң, айтылмыш үйге екі қой ие болып қалған екен дейді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙