TELEGEI

Home

Ғабит Мүсірепов жайлы лебіздер

Сәбит Мұқанов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ғабит Мүсірепов жайлы лебіздер

Ғабит Мүсірепов – қазақ халқының ең бір елеулі кезеңдерін, рухани және тұрмыстық өзгерісін, қилы-қилы тағдырын баяндаған түрлі әңгіме, пьеса, романдардың авторы. Қазақ прозасының биік мәдениетін, философиялық тереңдігін танытқан жазушы шығармалары әдебиетіміздің ең озық үлгілерінің қатарында. Оны...

Ғабит Мүсіреповтың туғанына 100 жыл
(Өмірдерегі мен шығармаларының анықтамасы)
Құрастырушылар:
Ғалым Қадірәліұлы, Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев.

"Ғабит Мүсіреповтың "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" туындысы қазақ драматургиясының ғана емес, бар қазақ әдебиетінің көркем шығарма туғызу жолындағы биік белесінің бірі".

Мұхтар Әуезов.
"Мүсірепов болса қашанда таңдауға лайық тұлға! "
Әбдіжәміл Нұрпейісов.

"Ғабит Мүсірепов — ардақты aт! Мүсірепов туралы мың сөзден "Мүсірепов" деген бір сөздің мағынасы әлдеқайда терең, мазмұны әлдеқайда бай. Демек, Мүсіреповті мақтаудың керегі жоқ. Мүсіреповпен мақтану керек! "

Зейнолла Қабдолов.
"Ғабит Мүсірепов өзін де, өзгені де қайталамайды."
Тәкен Әлімқұлов.

"Қазақ сөз зергерлерінің ішінде Мүсіреповтің қайталанбас жазушылық қолтаңбасы ерекше. Стилінің әсемдігі, дәлдігі, тілінің нәрлілігі, нәзік юморы мен аса байқампаздығы -бүкіл бір ұрпаққа үлгі."

Тахауи Ахтанов. "Мүсірепов қандай жаңа құбылысты, қандай жаңа адамды жазсын мейлі, оның түп-төркінін халықтың өз бойынан табады; қандай өрелі проблема көтерсін мейлі, халықтың өз көкірегінен іздейді".

Әбіш Кекілбаев. "Оның кітаптары нағыз дарынның қолтаңбасымен және нәзік талғампаздығымен ерекшеленеді. Олар халық өміріне, интернационализмге шынайы бойлаған ".

Иван Шухов. "Оның көрікті сөзінде отты, серпінді романтика мен ғажап реализм үнемі астарласып отырыпты. Сондықтан да, біз оның шығармаларын қашанда үлкен олжадай, қымбат шашудай қабылдап келеміз ".

Әбділда Тәжібаев. "Әлі де талай-талай замандар өтеді. Талай - талай толқындар кезекпен ауысып, талай-талай ұрпақтар келеді. Сол кезде халқымыздың осы бір тұстағы бел-белесіне үңілер адам болса, Мүсірепов шығармаларына соқпай кете алмайтыны айдан анық"-

Сафуан Шаймерденов. "Ғабит Мүсірепов — біздің советтік қазақ әдебиетінің туу, өсу, өркендеу процесінің бар кезеңіне куә ғана болып қоймай, оның бұрын бар, бұрын жоқ салаларының бәр- бәрісін дамытуға, бастауға, туғызуға қатынасқанын, соның ең күшті қайраткерлерінің бірі, әуел бастан-ақ соған аға болып туған, басшысы болып келе жатқан кемел жазушы, кең тынысты талант иесі".

Ғафу Қайырбеков.

АВТОБИОГРАФИЯЛЫҚ ӘҢГІМЕ

Мен ескіше жыл басы деп есептелетін "Наурыз күні" киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы ХХ - ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен. Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген. Әрине, ол күннен менің есімде қалған ешнәрсе жоқ. Болысым кім, патшам кім, пайғамбарым кім, табым кім, онда менің жұмысым болмауы керек. Кейін ондайды ұнатпаса да ол кезде тістеген мен шаққанға да енжар болған сияқтымын: жылауық болмаппын.

- Қайсар болушы ең, жыламайтын едің, - деп, шешем осы күнге дейін әр кезде айтып отырады.

Тегі, ол кезде біздің ауылдарға көп оқиғалар соқпай өте берген сияқтанады. "Асау той, тентек жиын", қызыл жон қырғын, батырлық, ерлік жайларын шалдар ғана ертегі ретінде айтып отырушы еді. Апталап, айлап көшетін кездер де атам заманғыға айналған. Қақ қасымызда, төрт - ақ шақырым жерде, Торсан ауылы бар. Оның екі баласы болыс, бір баласы төре; безектеген қос қоңырау ол ауылға күнде бір соқпай өтпейді. Ол қоңыраулар осы елдің тыныштығы үшін, қуанышы үшін шылдырамайтынын қай ауыл болса да біліп отырады.

—Тағы да қандай алым-салық келер екен? — десіп, күңкілдесіп те қояды. Бірақ, бай ауылын айнала қоршаған кедей ауылдар әр кезде сыртта, әр кезде қағыс: заман оларға салмағын салады да әңгімесіне араластырмайды.

—Апырай, осы жылда алатын алым-салық қайда кете береді екен? Біздің бір ауылнай елдің бір жылғы төлейтін алым-салығы бір үйді он жыл асыруға жетпей ме? Патша дегеннің өңеші кең бола береді екен-ау1 - дейді, Рақмет деген момын адам.

—Пәлі! Алым-салық төлейтін сенің бір ауылнайың ғана ма екен, мың-мың ауылнай, мың-мың болыс бар емес пе! - дейді, оның інісі Қожақ.

—Мың-мың ауылнай жоқ шығар... Ол тым көп қой. Сонша жұрттан жылда алым-салық алып отырса, қанша патша болғанымен жарылып өлер! - дейді үй күшіктеу, он сомнан арғы есепті біле бермейтін Досан деген адам.

—Жарылып өлер? Әкеңнің әкесінен бері төлеп келе жатқанда балаңның баласына дейін төлейсің. Патша сонда да жарылып өлмейді! - дейді Қожақ. Ол Қорған қаласында жүкші болып кеткен адам. Елге анда-санда ғана бір соғады. Сондықтан оның сөзі нанымды сияқтанады.

Осы сияқты терең тамыры бар сөздер әлденеге байланысты қозғалып кетеді де аяқталмай үзіледі. Тағы бір ретте қайта жаңғырығады. Бірақ, мұның тамырлы сөз екеніне көпшілік мән бере алмайды. Үлкен әңгімелер бұл маңайда емес, болыс - би маңайында деп ойлайды. Оған бұл маңай қатынаса да алмайды. Әсіресе, "үлкен" әңгімелерден - "төрт үй түрікпен" аталатын — біздің ауыл сырт отырады. Сондықтан, менің балалық шағымда есте қаларлық бір оқиға болмаған сияқты. Бұл не деген жадау өмір деп мұңайған да ешкім ойымда жоқ. Болмаған болу керек. Сондай болымсыз өмірден менің есімде қалғандары да болымсыз. Әкеміздің шару асы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда - санда орташаға жақындап шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болу керек. Әр қыста бір тосып алатын жұт пен әр жылда егіздей беретін алым-салықтар кейде тұқыртып кетсе, кейде біржола тұралатып кетуші еді. Төртте шығармын деймін, Хамит, Сәбит дейтін екі ағам мен үшеумізді, мұсылмандық белгісін салу үшін, "сүндетке" отырғызатын болыпты... Бастыра киген бөркімен, бөркіне түстес буырыл сақалынан бет-аузының пернесі айқын аңдалмайтын тәйпік бір молда қылт - жылт еткізіп, бәкісін қайрап отыр. Өткен түні осы бәкісімен бастың құлағын кесіп отырған. Анда-санда бәкісін төбеден сорғалаған тамшыға тосып алады. Қайрақтың татын тамшы жуып жібергенде бәкі бізге қарай сумаңдап - сүйреңдеп, жұтынып қоятын сияқтанады. Әке-шешелеріміз әр баласының жақсы мінездерін көтере мадақтап, жоқ мінездерді де тауып мақтап, "сүндетке" бейімдеп келеді. Бір-бір "сүндет атымыз" болады екен, "сүндет тойы" болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екеміз, ендігі жылы оқу оқиды екеміз, ақылды болады екеміз... Киіз үйдің бір қабырғасына көрпе төселіп, жастықтар тасталып жатыр. Тұғжың молда намазға да отырды. Әзірлік аяқталып болғанша үш бала көз құйрығымен ұғынысып, сыртқа шығып кеттік. Ауыл ағаш арасында болатын, тез жүгіріп, ауылдан ұзаңқырап алдық. Үйімізде жалғыз кәрі бурыл ат болатын. Үшеуміздің ойымызға да сол жануар түсіпті: "сүндет" арқылы бір-бір ат аламыз да, ат жетпегеніміз "сүндеттен" аман қалатын сияқтандық: бірақ, мұның бірі де болмай шықты.

Естиярымыз Хамит інілерінен гөрі тереңірек бір сырды ұстап қалған екен:
Сүндеттелмеген балаға қатын да әпермейді! — деді.

Біздің: — әпермесе, әпермесін! Қатын не керек? Ойнап жүре береміз— дегенімізге тағы да бірталай салмақты тойтарыс беріп, ағалығын істеп сабарман мінез көрсете бастады. Сәбит екеуміз беріспеуге бет алып, ағаш арасына зыта жөнелгелі тұрғанымызда сыртымыздан құшақтай алған бауырмал қолдар үйге қарай алып кетті. Енді міне, үш бала қаз-қатар жатырмыз. Енді бурыл атқа екінші жағынан жабысқымыз келеді. "Сүндет атың қандай?" деп молда сұрап қалғанда — "бурыл ат'" десек болды ғой! Ат сенікі болады та... Төр жақ шетте Хамит, ортада Сәбит, мен есік жақ шеттемін. Молда менен бастаса, бурыл ат маған тиетін сияқтанады. Ортада жатқан Сәбит Хамитқа бата алмай, менімен орын ауыстырғысы келіп еді, мен көнбедім. Ол мені шымшып, аяғымен теуіп қалып, сыбырлап боқтап та жатыр...

Молда үлкендете бастады да:

Сүндет тойыңа мініп шығатын "сүндет атың қандай?" - деп, ең алдымен Хамиттан сұрады. О да қауіптеніп жатыр екен "бурыл ат! " деп тез жауап берді. Тегінде молданың аңдитыны да баланың көңілі алаң болатын осы бір кез екен, Хамит "ойбай-ай!" деп, бақырьш та жіберді: өткір бәкі ащы сезілді білем... Бурыл атты Хамит атап қалғанда Сәбит кемсендеп жылай бастады. Біржола қара жаяу қалғандай, егіліп жылап кетті. Кезегі келіп "сүндет атын" сұрағанда Сәбит: — "А- т – ы - м жоқ" — деп тіпті қатты өксіп жіберді: көзімен ғана емес, бүкіл денесімен, жанымен, тәнімен жылады. Әлдеқандай ауыр қорлық алқымына тығылып, буынып жатқандай сезіледі. Сәбит "Атым жоқ" дегенде менің жүрегімде атым жоқтық жарасы тереңдей түскенімен, қожаға беретін жауапты Сәбит тауып бергендей азырақ жеңіліп те кеттім. Бірақ, өзіме кезек келгенде, едәуір тоқталып барып: - "менің де атым жоқ" - дедім. Безеріп, қайсарлана айттым да қасарып қалдым. Әркімге жаутаңдай қарап, шешем егіліп жылап отыр. Ботбай деген жақын ағамыз бар еді, ол да намыстанып жылап отыр екен:

—Немене қайта-қайта аты жоқтығын айтқыза беріп!.. Бір-бір ат беруші ме едің? - деп молдаға ақырып қалды.

—Өзім ат әперем... Жыламаңдар, мына шірік әкелерің ат әперуші ме еді! — деп бізді де уатты. Қуанып қалдық... Кейін "сүндет тойы" болмағанына одан да артық қуандық. Өйткені бізге ешкім ат әперген жоқ еді...

Әке-шешеден күнде еститін көп жақсы тілектердің өзгесі келмесе де "оқу оқисыңдар" дегендері екі жылдан кейін келіп еді. Жаз бір көлдің басында, қыс айларын әр ағаштың қойнауында өткізетін бес-алты ауыл "балалардың тілін сындыру үшін" молда жалдапты. Молданың жылдық еңбегіне құнажын бұзаулаған бір сиыр, алты ауылдың бітір - садақасы берілмекші. "Аузының салымына қарай", өліктің жаназасы да соныкі. Бейсенбі күні балалар молдасына "жұмалық" беріп тұруға тиісті: екі тиыннан кем болмасын, бес тиыннан артық та болмасын... Үлкендер кешқұрым осы "жалақыны" бөлісіп, қыр басында ұзақ отырысып қалды. Молда әр үйде бір жетілеп оқытады. Оқуға бала берген үйлер кезектесіп, бір жеті молданың тамағын да көтереді, балалар оқитын мектеп те болады. Бір жеті өткеннен кейін молда келесі үйге ауысады. Алғаш "оқуға" барған күні арабтың жиырма тоғыз харпы түгел тізілген бір жапырақ қағазды молда барлық баланың қолына түгел ұстатты. Сарғыш мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан шақар жас молданың алдында өмірдей көк шыбық жатыр. Шыбықтың үш жағы жыланның құйрығындай сүйірленіп, балаларға қарай қозғалақтап қояды. Оны көріп отырған балалардың оқымауына да болмайды, бірақ, үйренуіне де болмайды. Қорқыту еш нәрсе үйретпейді. Балалар төрден есікке қарай үлкендете отырғызылды. Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді. Кей үйде қозылақпен етектесе отырамын. Кейбір үйдің иті қасымда жатады. Молда ең жасы үлкен баланы алдына шақырып алды да әлгі айтылған бір жапырақ қағазды тырнағын әдемілеп алған сұқ саусағымен нұқып көрсетіп:

- Әліпби, ти... - деді. Содан кейін балаға өзі айтқанын үш рет қайталатып - Бар, орныңа бар, оқы, - деді де келесі баланы алдына шақырды...

Осы тәртіппен молда оқушы балалардың нақ жартысын алдынан өткізгенше, өзгеміз "әліп, би, ти" деген үш сөзді жаттап та алдық. Тек бір де бірінің мағынасын аңдай алмай отырмыз. Екі жыл оқытып, екі бұзаулы сиыр алып, он шақты адамға жаназа шығарып, алты ауылдан екі жылғы бітір - садақасын алып, молда еліне қайтар кезде де біз ол мағынадан еш нәрсе аңғармап едік. Ескі оқудың әдісі бойынша бір харып баланың алдынан сегіз-тоғыз түрлі өзгеріп өтеді. Мысалы, "а" харпын алайық. Бұл ең әуелі "а" емес "ә", "әліп" деген аты да бар, таяқ сияқты таңбасы да бар. Алдымен бала оның сол атын бір жаттайды, әліп...

Келесі жолы оның асты-үстінде нүкте жоқтығын жаттайды.

- Әліпте жоқ, би астында бір нүкте, ти үстінде екі нүкте...

Бірақ, бұның қандай дыбыс беретінін бала өлі білген жоқ...
Үшінші кездескенде жаңағы "ә" қатарынан үш дыбыс ретінде оқытылады:
Әліпсін — ә, әлбәсін — и, әліптүр — ө, ә-и-ө...

Осы ә-и-ө деген үш дыбысты араб харпынша жазылатын түрімен қазіргі жаңа алфавитқа көшірсек былай таңбаланар еді: — а, аи, ао...

- Ұлы, өндіріс, он, ер деген сөздер — аоғлы, аондирис, аон, аир, — деп таңбаланар еді.

Төртінші оралғанында сол бір "әліп" тағы да үш түрлі өзгеріс табады.

- Әліпкі - күсін - ән, әліпки-кәсін - ен, әліпки-күтір — он —ән-ен-он...

енді бір кезде жаңағы жұмсақ әліл (ә) "а" болып кетеді. Ол қай жерде ер жетіп, жуандап кеткенін балалар да аңдамай қалады, молданың өзі де ұғындыра алмайды. Сонымен бір харыптың сегіз-тоғыз рет өзгертіліп оқытылатынын еске алсақ, араб әліппесінің жиырма тоғыз дыбысы 232-261 харып болып шығады. Сонша шытырманға кіріп кеткен бала кейде соны жыл бойы оқып та хат танымай қала береді. Дыбыс не, харып не, таңба не, оны ешбір бала айыра алмайды. Ең жақсы оқиды деген бала — жаттауға ғана машық болғаны. Сол машықтардың бірі мен болсам керек. Қобызшы, домбырашы, әнші, жүйрік ат — қыран құсқа құмар Ботпай деген жақын ағамыз улап-шулап отырған балалардың арасына жиі келіп отырады. Үлкендерден біреу келгенде балалар тіпті әндетіп кетеді (ескі оқудың әдісінде үндемей оқу атымен жоқ қой!):

—Әліпкі -күсін - ән, әліпкі-кесін - ен, әліпкі-күтірөн - ән-ен, өн!

Жарықшақсыз жас дауыстарға елтігендей, Ботпай біраз мүлги тыңдап отырады да молдаға наразылық айта бастайды.

—Осы сенің "әліпки-күсін-ән" дегенің немене өзі? Осы да құдай сөзі ме? — деп, қадала сұрайды. Мінезі оқыс, түсі суықтау кісі болушы еді, молда да оған ығыса жауап береді:

—Оқу ғой, Ботеке... Не екенін бір алланың өзі білмесе, біз қайдан білейік... - дейді. Молданың көкшіл көзі айранданып, сирек мұрты дірілдей бастағаны аңдалады. Бізге ылғи ызғарлы көрінгісі келетін бейшара молданың ығысар бір жаны болғанына біз қуанып қаламыз.

Сенің үйретейін дегенің "ән, ен, өн" болса, соның өзін ғана үйретіп қоймаймысың, қу мұндар! "Әліпки-кәсін" деген ішіңді ұрайының неме керек? Енді бір жетіден кейін балам тағы да осыны оттап отыратын болса,оқуыңнан шығарып алам!- деп, Ботпай молдаға ұрт мінездер көрсетіп қояды. Әрине, келер жетіден кейін де балалар баяғы маңда жүреді, бірақ, Бөтекең де баласын оқудан шығарып әкете алмайды. Анда-санда Ботпайдың басқа елге ұзатылған жалғыз қызы Бәтима үйіне келеді. Сұлу емес сүйкімді, елжіреген балажан, ерке жүректі адам еді. Ескі ауылда сирек кездесетін, ерекше тұратын, не ойлай қалғаны жүзіне шыға келетін нәзік сезімнің адамы еді. Сол бір жылы бейне балалық шақтың ұмытылмас сағынышы сияқты менің ойымда әлі бар, әлі сыны жоғалған жоқ. Бәтима қобыз бен домбыраға бірдей жүйрік. Елге қашаннан бері таныс күйлер мен жұпыны ғана әндер оның саусағына іліккенде құлпыра жөнеліп, жаңа бірдемелерді байымдап кетеді. Басқалар тартқанда сақау қалатын домбыра пернелері ең жаныңа тиетін дыбыстар береді. Бәтиманың даусы да сазды болушы еді. Әсіресе, қалың топ қоршап алып қысталағанда жарқырап шығатын қазақ қызын бірінші кергенім сол. Ол ән салғанда, домбыра тартқанда әкесінен басқа әнші, күйшілердің бәрі де құба төбелденіп, жасып қалатын еді. Әкесі ғана тасып отыратын. Кешқұрым айдын көлдердің жағасында әкесі қобызды алып, қызы домбыраны алып қосыла тартып кеткенде әр ауылдан шұбырған жұрт андай бастайды. Ол екеуінен басқа ешбір адам қобыз бен домбыраның үнін қоса да алмайды. Бәтима үйіне келгенде Ботпай үйі ұзақ думанға айналады. Жақын елдердің әнші, домбырашылары жиналып, алыстан талықсып - талмаурап жеткен Ақан, Біржан әндерін салады, Арқа күйлерін әкеледі. Қараңғы елге Абай әлі естілген жоқ, Құрманғазы күйлері Октябрь революциясына дейін жете алмай қойды. Қалай да Ботпай айналасы домбыра, қобыз үйренуге, жастардың еркіндік сезінуіне сеп болды. Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған "қиссалар" тасқыны басталды. Қараңғы ауыл ішін "Сал-сал" да қисса, "Қыз Жібек" те қисса. Бірақ, Ботпай "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш", "Көр ұғылыны" жаттап алыпты, өзгелерін жаттамаған. "Қозы Көрпешті" айтып отырып, Қодарды боқтап алады да "Қыз Жібекті" айтып отырып:

—Көрінді ұрайын бір қожа мен бір молда мына жерін бұзып қойыпты; бұрын былай айтылушы еді, — деп, ара-тұра түзеп айтады. Сол кезде құлаққа сіңгеннен қалған бір-екі жол өлеңді мен ерте кезде жарияладым. Ол Жібектің әмеңгерлікке қарсылығын көрсететін сөздер еді:

—Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,

Не болды жас басыңнан, сорлы бала?

Ботпай бұл сөздерді ширатыңқырай да қадағалай айтады. Жеңгесін алған, келінін алған адамдар отырса, өлеңнің әнін кілт үзіп:

—Сендерге айтады!- дейді. Олар ұялып, жауапсыз ыржиысады.

Біз үш жаз, екі қыс молдадан оқып, қиссаларды едәуір кеуделей бергенде, Доңыз жылының атақты жұтына ұрынып, бәрінен біржола ажырастық. Молда босанып кетті. Содан кейін мен не ескіше, не жаңаша, қазақша оқыған емеспін. Әкемнің орташаға қарай ойыса беріп сылқ етер кезеңі келіп қалған екен, сол жұтта тұралады да қалды. Ескі ауыл шаруа бағуға қандай қырсыз, қандай бейғам екендігін мен кейінірек түсіндім. Ол кезде бір жалқаулықты, барлық олақтықты тек қана "Доңыздың" ылаңына жауып, ақтаушылармен ойлас едім. Біздің құба - төбел ауылдар оп-оңай жұтап қалды. Жайлауда отырып-ақ шөбін шаптыра берген бай ағайындарынан жырылып кете алмай, етек басты болып отыра берген орташа -кедей күздікке келгенде, жаз бойы ескен аңызақ жердің түгін ұшырып әкеткен екен. Жұт сол қызыл іңір, күзден - ақ басталып кетті. Біздің үйде сол жылы дәл он алты жан бар еді. Мұның ішінде төрт-ақ адам жұмысқа жарайды, өзгесі өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқ балалар мен қартаңдар болатын. Жұмысқа жарайтындардың үшеуі есікте, жалшылықта еді. Аз ғана жылқыны "жынды боран" алды, аз ғана қой аштан, аз ғана сиыр тістен таусылды. Сүйегі саудыраған, жағы суалған, көзі үңірейген, тәлтірек аштық жер үйдің төрт бұрышында түгел орнай қалды. Сүйек, тері, сақармен қақтап алған сүйектің майы, өлімтік жылбысқысы, бәрі де тесік тамақтан өтіп жатты. Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шеген қайнап тұрады. Шөгеннің ішінде сықыр-сықыр еткен өңкей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке секілді сүйектер асылған күні сорпаның бетіне май көбірек шығады да, шөгеннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасық ұрлап алып, көз таса бола бергенде әлгі майды қалқып кеп әкетеміз... Жер үй бу басқан қараңғы... Тағы қайталаймыз... Қолға түсіп қалсақ, бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір... Шай келеді, шаймен бірге қуырылған бидай келеді. Бидайды кемпір шешеміз бөліп береді, үлкендерге 2 қасық, балаларға сыла қасық тиеді. Бидайды бөлгенде барлық көз кемпірдің қасығында болады да, әркім өз пайдасына қарай түрлі "замечаниялар" жасап отырады:

- Қасығыңды сілікпесейші !

- Батыра түс!

- Маған дегенде қасығың ылғи қалқи бастайды - ау! - десіп қалады.

Кемпірдің бүкір қолдарының қалай қозғалуы мәселені шешеді: жарты оймақ болмаса он шақты түйір бидай қосса, не алып қалса, 32 көз соған қарай түрлі белгілер білдіреді. Кемпір қалыпты бір "кәперетіп" секілді. Балалар шамамыз келгенше кемпірдің қасына жақын отыруға, кеш болса арқасын қосуға, жалпы айтқанда, кемпірге жақсы көрінуге жанталасамыз. Кемпірге жанаса алмағанымыз, шалға, әкеге, болмаса басқа бір беделі бар біреуіне жақын отырамыз. Өйткені, олардың көзіне жаутаңдай берсең,шыныаяғын әперіп жіберсең дер кезінде "бидайы" шашылып барады деп қала алсаң, шырайына қарай әр түрлі жағымпаздық істей алсаң, бес-он бидай ауысып та салады. Бірақ, басқа уақытта қарым - қатынасы түзу адамдар да, шай үстінде ысқырынып, көбінесе ырай бермей қояды. Кейде шыныаяғын әпере беріп үлкен біреуінің алдындағы бидайын өзімізге қарай шашыңқырап та жібереміз... "Қайда апарасың?" - деп сол секундында - ақ жалғыз түйіріне дейін жинап алады, бұрынғысынан көрі де өзіне жақындатып, ықшамдап қояды. Көздері жайнап, бізге қарақұстай түйіледі. Біз оған ұялмаймыз, өзімізге тиген бір қасық бидайды бірдей қылып, 7-8-ге бөліп, 7-8 шәшке қайнаған ақ су "шай" ішеміз. Суды қанша сораптасаң да ешкім қарсы болмайды... Көп жан - "жақ жұты". Доңыздың қысы да, жазы да аштық болып еді. Бірін-бірі оғымен атып отырған 32 көз бір жерге сым алмай, әкем еншісін алды: бізге бір ала қой, бір қысыр қызыл сиыр, бір кер тай тиді. Менен үлкен екі баласын әкем кісіге жалдады да, менің жалданар кезегім бірер жылдан кейін келді... Белгілі 16-жылы қара жұмысқа ілеккен нағашым мені шаруасын бас - кез етіп қалдыруға сұрап әкетті. Дөңгелек қана шаруалы, екі жас баласы бар адам еді. Ол ел Обаған өзенінің жағасында отырады да, қысы-жазы балық аулап, аздап егін салады екен. Қыстау түрлері әлі де баяғыдай үйме – жүйме болғанымен, отырықшылыққа бейімделіп қалған ел. Жаздыгүні қыстау маңынан 4—5 шақырым жерге ғана жылжып қонады. Обаған өзенінен Қостанайға жақындаған сайын отырықшылық тіпті айқындай береді. Мен бұл, мойны алыстықтан бұрын келіп көрмеген елге егін жинау үстінде келіп едім. Егіннен кейін балық ауласып кеттім. Кекше мұз екі еліге іліксе - ақ балықшы ел балыққа аттаныс жасайды екен. Обаған өзенін мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі... Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапалақтайды да жатады... Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қарабалық, күмістей жылтылдаған ақ шабақ...

Жиен бала, балықты жинай бер, - дейді нағашым.

Балық науқаны қыс ортасында саябырлады. Көрші ауылда екі класты орысша мектеп бар екен. 6 сом пара алып, "учитель" мені январь айында бірінші класқа кіргізді. Атын әлі күнге білмеймін, "Ақтөбе жігіті" дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді... Ұзамай ол орнынан алынып, мектеп белгілі оқытушы Бекет Өтетілеуовке көшті. Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе, өзі.аударған Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды. Бірақ, балалар ойы ұғындырғанды да ұмыта береді. Бекеттің өз айтқандарынан есте қалған бір ауыз сөз:

- Қандай іске кіріссең де таза қолмен кіріс! - дегенді көбірек айтушы еді. Тақтаға барып есеп шығарғаннан кейін, болмаса, жазуға отырарда біз ылғи қолымызды жуып әдеттендік. Оның айтатыны бұл ғана еместігін мен кейінірек аңғардым. Қолың таза болуы шынында да көп нәрсені аңғартпай ма?

Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі "Жиған-терген" маған өте ұнады. Бірақ, "кәне, несі ұнады?" деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым. Содан соң ол маған бір жетіге "Шаһымаран" қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты. Тыңдаушылар мені мақтасып тарасты. Өнерсіз - білімсіз елге ертегіші де, бірдемені оқи алған да өзге жұрттан биігірек тұратын еді. Бұрын бірер жыл молда алдын көрген балаға бірінші кластың сабағы өте жеңіл болып еді. Оның үстіне аздаған мақтаншақ та болуым керек, мені өзіне жақынырақ ұстайтын оқытушыма еркіндік жасап, айналасы бір айдан кейін былай дегенім әлі есімде:

- Мен бірінші класты бітірдім... Екіншінің кітаптарын оқып жүрмін, - дедім.

- Қалай бітірдің? - деп, ақкөңіл оқытушым таңданып та, абыржып қалды.

Оқытып көріңіз... Букварь да бітті, есеп те бітті, — дедім.

Оқытушымның өз почеркіне еліктей - еліктей, көркем жазуды да түзеп алғамын. Букварьды қиссадай заулатып, әлдене рет сыдыртып шыққанмын... Осы жайларымды көтере айттым...

Оқытушым аз ғана жымиды да:

- Қалай оқитыныңды сен емес, мен білуім керек емес пе?..— деп, мен қызарғанша едәуір кідіріс жасады да —жақсы оқитының рас, мақтаншақтығың да бар... Осы екеуінің біреуін мықтап ұста да, біреуін таста, - деді.

Мен үндей алмай жүдеңкіреп қалдым... Әлде не шым-шым етіп өн бойымды күйдіріп бара жатыр. Сол шым-шым жеріне жеткенше оқытушым үнсіз, елеусіз, аржағына қарай қырындай берді.

- Айтпақшы, арғы күні инспектор келеді, — деді оқытушым, аздан кейін маған еңсеріле бұрылып:

- Жақсы балаларыңды көрсет дейді. Есептен әзірлен. Тақтаға сені де шығарамын, - деді. Мен селк етіп, тез сергіп кеттім.

Инспектор келгенде біз де әзір едік... Өте жарасымды формада киінген, халық ағарту жұмысында екендігі барлық бейнесінен аңқып тұрған, сұлу мұртты, шоқша сақалды инспектор балалармен жұмсақ амандасты. Класта алтындатып салған патшаның өз суреті мен әйелінің суреті ілулі тұратын, сол екеуінің кім екендігін сұрады. Барлық бала қол көтердік. Инспектор балаларды түгел шолып бір қарап шықты да:

—Кәне, сен айтшы,—деп, алдыңғы партада менімен қатар отыратын Мұсақай деген баладан сұрады. Мұсақай қолын шошаңдата көтеріп, білетіндігін тым - ақ айқын сездіруге жанталасып еді.

Бірақ, жаттап алған ұзын сүре тез ұмытылмақ қой. Мұсақай орнынан іркілмей-ақ тұрып еді, біраз жаутаңдап, жұтынып - жұтынып қалды да: Нызнаю...- деді, қара басып.

Инспектор көз құйрығымен оқытушымызды бір жанап өткенде, ол қызарып кетті. Кәне, сен айтшы...- деп инспектор ең артқы партада отыратын, жасы жиырмаға келіп қалған ұзын - туралау келген Жақып деген бала жігіттен сұрады.

Ол партаны сықырлата, тарсылдата, ебедейсіз тұра келіп:

— Яго... - деп бастады.

—Яго емес, его...- деп түзетті инспектор.

Сол-ақ мұң екен, Жақып та сандалақтап қалды.

Енді оқытушымыздың көзі сенімді оқушыларына қайта-қайта қадалып, қамшылай бастады. Солардың бірі болып, мен де қолымды соза көтердім.

—Жә, сен айтшы...- деп, инспектор маған патшаның әйелін нұсқады.

Бірінші класта болғаныммен, мен де он төрттегі ересек бала, тілім оралымға келе бермейтін. Әсіресе, патша әйелінің ұзын сүре лауазымы басталатын "Ея" деген сөзге біржола тілім келмей қойған. Кейде "Ия", кейде "Иа" дейтінмін. Сол бір кеселді шаларақ естірте, тез аттап алдым да әр жағын мүдірмей шұбатып кеттім. Инспектор ырзалығын андатқаны болу керек, мені тақтаға шақырды. Көбейту ережесінен бірер сұрақ берді де, қатарынан екі түрлі есеп шығартты. Онысының бәрі де бұрын талай кездескен есептер еді, мен мүдіргенім жоқ.

Жүрексініп қалмаса, ол есептерге басқа балалар да мүдіретін емес-ті. Осыдан кейін оқытушымыз да есін жиып, инспекторға менен орыс тілінен де сұрауды ұсынады. Ұмытпасам, менен сұралған "Чиж и голубь", не болмаса, "Маймыл мен көзілдірік" мысалы:

Чижа захлопнула злодейка-западня,
Бедняжка в ней и рвался и метался.
А Голубь молодой над ним же издевался.

Осы өлеңді осы күнге дейін жатқа білетініме қарағанда, менен сұралған да осы болу керек. Көз алдыңа келері бар, аярың бар, ұғынарың бар өлең оңай жатталған. Оқушы балалардың бесеуі қыз еді, үшеуі инспектордан қорқып үйлеріне кеткен. Қалған екеуінің бірі тағы да осы мысалды айтып шықты. Инспектор маған М.Лермонтов томын, қызға А.Пушкин томын сыйлады. "Қанжар", "Терек", "Дұға" деген өлеңдерді мен сол қыста жаттап алдым. Бірақ, мағынасын бұлдыр ұғынушы едім. Оқытушым ұғындырғаннан кейін де көз жазып қала бергенім даусыз. Ең қызығы, инспектор кеткеннен кейін үш - төрт күннен соң патша құлаған хабары тарады. Әр ауыл дүрліге хабарласып, ел рухы қатты көтеріліп кетті.

—Бостандық, бостандық! - деп, сүйінші сұраушылар ерсілі-қарсылы шапқыласты.

Таңертең мектепке келсек оқытушымыз патша мен әйелінің суретін жұлып алып, столының қабырғасына сүйеп қойған екен. Енді анықтап көрсек, сурет сыр бояумен қаңылтырға салыныпты. Алтындатқан жақтаулары да қаңғырлаған қаңылтыр екен.

—Бүгін оқудан боссыңдар. Мына екеуін ауыл - ауылға сүйретіп, кешке дейін мыжғылаңдар... Патша құлады деген дауыстарың бәсеңдемесін! - деді оқытушымыз.

Біз патша мен әйелінің суретін қыл шылбырға байлап алып кешке дейін сүйреттік. Әр ауыл үй төбесіне шығып қарап, балаларды еріксіз үйге кіргізіп, сыйлап шығарды. Патша дегенді көзімен көрмеген қазақ әйелдері мыж - мыж болған суретті көріп:

—Албастының кейпі қалай жаман еді! Бір көзі соқыр екен ғой! - деседі, ол көзді біз шұқып тастағанымызды білмей.

Сонымен бұдан үш-төрт күн бұрын инспектор алдында қалтырап тұрып мадақтаған патшаны кешке дейін сүйреттік те, Обағанның ойығына тастап жібердік. Қаңылтыр суреттер мұз астын тықыр - тықыр бір-екі тырналады да үндері ешті... Келер жазда Бекет Өтетілеуов өз атынан өтініш жазып, мені Пресногорьковская станциясындағы жоғары бастауыш мектебіне түсірді. Орысшадан екі алып, есептен бес алып, түстім... Сол күз бір той болып жатқан ауылдың шетінде Сәбит Мұқанов екеуміз кездестік. Бұрын сырт қана біліс болатынбыз. Менің үстімде, солдат шинелінен қазақ әйеліне тіктірген сұр "пальтом" болатын. Басымда тоқыма қара бұйра бөрік, аяғымда саптамалы етік бар-ды. Сәбит маған ығыса сөйлесті. Мен тұйықтау, ол ашықтау болғанымен, жасқанып тұрды. Қайда баратынымызды айтыстық. Ол Омбыға, мұғалімдер курсына кетіп барады екен. Аяғында ол малға "дөстебірен" жазудың үлгісін сұрап алды. Өткен жазғытұрғы бір базарда мен елу-алпыс атқа "дөстебірен" жазып беріп, үш сомдай ақша тапқаным бар-ды; оның үстіне, қара қазақтың алдында мақтаныш етіп сыпылдатып жазам деп, "песір" атанғамын. Сәбитке сол жеткен екен. Мен оған бір "дөстебіреннің" үлгісін жазып бердім де, бірақ, жылқы біткен бір түсті болмайтынын ескертіп — қара, торы, жирен, құла, күрең деген сияқты түстердің орысша, қазақшасын тіздім. Сөздіктің бір бағанасыңдай етіп малдың әр түрлі ен таңбасын да жаздым. Сәбиттің ол үлгіні қалай пайдаланғаны күзді күнгі Пресногорьков базарында екі рет кездесті. Өте ыңғайсыз түрде кездесті. Бір аттың түсін жазғанда Сәбит қара, торы, қара көк, жирен деген үш-төрт түсті бір-ақ қосақтапты... Екінші бір аттың ен-таңбасын жазғанда оң құлағында ойығы бар, тілігі бар, шорт кескені бар деген секілді белгілердің бәрін тізіп, сап-сау құлақты жоқ қылып шығарыпты. Қылжақбас стражниктер ат иесін ұзақ әурелеп, аяғында пара алып босатты. Өзге шатақтарын Сәбит "Менің мектептерімде" өзі де жазған. Орыс үйіне пәтерге қоюға әкеміздің шаруасы көтермей, мені атты қазақтардың сауын сиырын бағатын бақташы Сағындық деген адамның үйіне орналастырды. Ақкөңіл жақсы адамдар еді. Сағындықтың інісі Сыздық жасында орысша оқыған. Одан қалған жалғыз белгі "Қыз Жібекті" орыс әрпімен көшіріп алыпты. Бұлар ертеден осы қалаға орналасып, жаяу кәсіппен күн көріп отырған адамдар: әйелдері тон тігеді, еркектері етік тігеді, ойық тазалайды, әркімнің отын-шөбін тасып береді. Балаларына дейін орысша таза сөйлейді. Мен олармен орысша сөйлесуге көп уақыт жасқанып жүрдім. Әсіресе, Сәлима, Шайзат деген 13-14 жастағы қыздарымен орысша сөйлесе алмадым. Бір күні сабақтан қайтып келе жатсам, базарда бір әйел "Яблочки, яблочки" деп, зар қағып тұр екен. Алманы солай атайтынын "орысша-қазақша тілмаштан" көрген сияқты едім. Бірақ, алманың өзі қандай болатынын көрген емеспін де. Пәтер үйімнің екі қызына бір көрмеген сыйлық жасағым келіп, базарға бұрылдым да әлгі әйелден алманың бағасын сұрадым.

Жалқын қызыл жемісті әйел қолына алды да:

- Екі тиыннан, - деді.

Мен жиырма тиынға оның алдым да қалтама салдым. Жарылып кеткелі тұрған іркілдеген қызыл жемісті барлық қалтама бөліп салуға тура келді. Үшеу - төртеуін шалбар қалтасына да салдым. Қаланың батыс жағында, ағаш арасында киіз үйде отыратын пәтер үйіме жеткенше әр қалтамнан - ақ едәуір сыз біліне бастады. Ең ауыр халге киіз үйге кірген соң түстім. Үй толы адам жерде шай ішіп отыр екен. Екі қыз самауырдың екі жағында шай құйып отыр. Әлдеқайдан келген жат қонақтар бар. Үй иесі зорлап мені де шайға отырғызды. Мен де малдас құрып отыра бердім, шалбар қалтасындағы қызыл жемістер де бырт-бырт жарыла бастады. Сығылыса отырған жұрт сырт қалталарымды да езіп жіберді. Киім сыртына қара-қошқыл ылғал шыға бастады... енді мен орнымнан қозғала алмай, мелшиіп отыра бердім. Қыр қазағы қала нанына қандай құмар, шай да ұзаққа созылды. Менің астыма түгел су өте бастады. Әлден уақытта шай аяқталып, екі қыз отын теріп әкелуге шықты. Пәтер үйімнің оны -мұнысына жеңіл қолғабыс ететін шартымыз бойынша, отынға мен де кеттім. Үйден ұзап шыққан соң, мен қысыла - қызараңдай тұрып қыздарға алған сыйлығымды көрсеттім:

—Алма... Сендерге алып едім, — деп жарылып - жарылып, езіліп кеткен қызыл жемістерді қыздарға ұсындым.

Үлкен қыз қызыл жемісті қолына ала беріп - ақ сықылықтап күле бастады. Кіші қыз ашық мінезді, еркелеу болушы еді, мен ұсынып тұрған қызыл жемісті әуелі қағып жіберіп жерге түсірді де іле өзі еңкейіп жерден алып, үйге қарай жүгірді:

- Aпa, Ғабиттің бізге әкелген базарлығын қара! Помидор, помидор!- деп айғалап, саңқылдап күліп барады. Үлкен қыз күле - күле шек-сілесі қатып, жерге құлай кетті.

Сөйтіп, қызға қырындаймын деген бірінші талабым осы күнге дейін ұмытылмаған ұятқа ұшыратты. Кейінірек білдім, Қорған жағында помидорды яблочки деп атайтындар да бар екен. Мен Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін жиырма бірінші жылы бітірдім. Енді еске түседі, сол мектептің айналасында ғана бірталай қызық нәрселер бар екен. Ең алдымен, Совет өкіметі орнағанға дейін, біз күнде таңертең сабақ алдында "дұғаға" тұрушы едік. Барлық бала мектептің екінші қабатындағы үлкен залға сапқа тұрады. Қарсы алдымызда дін сабағын беретін поп Малиновский, мектеп директоры Михайлов, дьякон, мұғалімдер... Ең әуелі: "Отче наш, еже еси, на небеси... да будет воля твоя..." - деген дұғаны хормен айтамыз. Ағаш мектеп күңіреніп кетеді. Одан кейін, патша алдақашан құлап, атылып кетсе де біз "Боже, царя храни" деген дұғаны он тоғызыншы жылға дейін оқыдық. Поптың жуан даусы залдың бұрыш-бұрышын анда-санда бір дүңгірлетіп қояды. Терезелер үн қосады. Бірақ, хордың нағыз жаны — дьякон. Ол әрі жас, әрі сұлу жігіт. Даусы нағыз барқыттай баритон болу керек. Қыздар хорға қосылып тұрып, кейде оның даусын тына қалысып тыңдасады. Музыка сабағында еркек балаларға оның көзі бір түскені есімде жоқ, қыздарды ғана оқытатын сияқты. Сонымен, айналасы алты жылға созылған мектеп дәуірінде мен патшаға үш рет кездестім: әуелі инспектор алдында патшаның әйелін мадақтадым, үш күннен кейін суретін сүйреткіге салыстым, енді міне, "жасаған, патшамызды сақтай көр!" деген дұғаны да төрт жыл бойы хорға қосылып айтып келемін! Бұл әрі шеткейліктің, әрі атты - қазақ станицасының ерекшелігі еді. Мен бірақ, Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін әлі күнге дейін алғыспен еске алам. Орыс тілі, орыс әдебиетін ұғындыруда аса бір ұқыптылығы бар еді. Суффикс, флексияларға екі жыл бойы тілім келмей қойғанда, сол декір тілді еріксіз икемге келтірген түріне тілім келмесе де мағынасын терең ұғындыруға жанын салған оқытушыларымды алғыспен еске аламын. Үйрене алмаған өзім кінәлі, ол мектеп етік тігу, есік - терезе жасау, кірпіштен үй салу өнерлерін де үйретіп еді. Бір жағынан әлі шайқалмаған ескілігі болса, екінші жағынан жаңалыққа да жатсырай қарамайтын. Жиырма бірінші жылы ақ бандылар көтерілісі болғанда сол мектептің жиырма шақты баласы Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы деген отрядқа қосылып кеттік. Атты қазақ еңбекшілері таптық тартыста қазақ даласынан оп-оңай озып жүре берді. Бандыларды құрытқаннан кейін, қазақ елінің ішінде қаймағы шайқалмаған ескі қалыптардың заңсыздығын ұғына бастадық.. Болыстық, ауылдық советтер түгелімен байлардың, атқамінерлердің қолында болатын. Аз ғана топ сол жайды өзгертуге аттандық. Бірақ, өзіміз де заңсыз қимылдадық. Айналасы бес жігіт — Есім Досполов дейтін мұғалім екеуміз, қасымызда үш жігіт белсендіміз бар, болыстың орталығына келіп:

—Бай балалары, сендер болыс болуға хақыларың жоқ. Болыстық жиналыс шақыр, жұртқа соны түсіндіреміз... —дедік.

Жиналыстың аяғы насырға шауып кете ме деп қауіптенген болыс айналасы жарты сағаттың ішінде бұрынғы болыс, военком, оқу бөлімі, жер бөлімі сияқты мекемелерді басқарып отырғандарды түгел орындарынан түсіріп, бәрін де өз қолымызға алдық. Орталықты көшіріп, басқа елге апарып орналастырдық... Менің қылыш, мылтық сияқты нәрселерге ертеден құмарлығым болушы еді, мен военкомдықты қалап алдым...Бір қызығы, біздің заңсыздығымызды облыс орталығы сөккен жоқ, бекітіп берді. Әттең, военкомдық тоғыз айдан кейін жойылды да, мен ол жұмыстан ажырасып кеттім, әйтпегенде осы күнге дейін солдат атанып жүрмей, мүмкін, офицер қатарына қосылар ма ем, елде қайтер ем?.. Қалың бұқараның сол кездегі ұғымын аңдататын бір жайды Омар деген кісінің амандасуынан түсінуге болатын еді. Ол кісі неше кездессең де бір-ақ түрлі амандасады: -Е, шырағым, қай баласың? — дейді ол, көргеннен кейін де танымай қалып. Сен аты -жөніңді айтасың.

-Е, сен екенсің ғой... Орынша ма едің?

- Ие, орыншамын.

- Милицияларың кім?

- Сол бұрынғы жігіт.

- Кәператиптерің кім?

-О да, бұрынғы жігіт...
-Е, бәрі де орынша екен ғой әлі...

Осы екі сұраудан аспай Омекең ылғи тоқтайды. Совет өкіметінің хал-жайын білгені де, күнделікті тіршіліктің бетін аңғарғысы келгені де осы екі сұраудың аңғарынша шешіліп отыратын сияқты. Ел ішіндегі осы ыңғайға сәйкес мен төрт жарым ай аудандық милиция бастығына орынбасар да болдым. Бірақ, ол қызметке қызықпай қоштастым. Жиырма үшінші жылы күзге қарай Сәбит мені Орынборға әкелді. Бұл кезде шаруасы орташаға қарай ойысып қалған әкеміз менің оқуға кетуіме едәуір - ақ қарсылық етіп еді, Сәбит кеп күш салды. Он жетінші жылдан бері Сәбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен "озып" кеткен екен. Ол Совет өкіметінің болашағы жайында сөйлей алатын болыпты. Қазақстан мәселелері түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, мені де сонда алып келді. Екеуміз жалғыз терезесі жабық верандаға шығатын аса қараңғы бөлмеде төрт-бес ай тұрдық. Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға өте қолайлы болды. Біздің бөлмені ешкім сыпырмайды да, жумайды да. Мен де салақпын, Сәбит менен де салақ. Қара махоркені қосыла тартамыз да қалған тұқылын кез келген бұрышқа лақтыра береміз. Темекіміз таусылып қалған кездерде қайта жинап алып, қайта тартамыз. Сөйтіп, салақтықтан да үнем тауып жүрдік. Сәбит екеуміз бір кісілік қана жіп - жіңішке темір төсекке бірге жататын едік. Төсекке салған шай жәшігінің жұқа тақтайлары екеумізді көтере алмай, еден жарылғандай гүрс етіп әр түнде сынады. Кейбір түндерде белуардан шойырылып екі-үш рет еденге түсеміз. Көзімізді ашпастан тақтайларды қайта құрастыра салып, қайта ұйықтап кетеміз. Сәбит менен бұрынырақ ұйықтап кетеді. Кейде шала құрастырылған тақтайлардың сықыр-сықыр сына бастағанына да қарамайды. Әлі есімде сол қырық - құрау тақтайларды қыс бойы жаңартқан да жоқпыз, құрастырумен құтылып кеттік. Мұнымыз да салақтық үнемі болып шықты. Сәбит көбінесе өлең жазады, мен сабақ әзірлеймін. Ол өлеңнің ұйқасы табылғанына көбірек қуанады, мен шалалау ұғынған бір сабақтың жүйесі табылғанына көбірек қуанамын. Оның газет-журналдарға жиі басылып тұратын өлеңдері екеумізді еркін асыруға жетеді. Бірақ, түк берекеміз де жоқ, көбінесе тоқ - жарау жүреміз. Осы салақтық нәтижесі қыс ортасы ауа бергенде-ақ маңдайымызға тиді. Сәбит рабфакқа былтыр келіп түскен, биыл екіншіде оқитын. Бірақ, біріншінің біраз экзамены мойнында жүреді екен. Өлеңге әулігіп, сабаққа салқын қараған Сәбит қыс ортасында біріншіге қайта келді. Мен күзді күні әзірлік курсына түсіп ем, қыс ортасында біріншіге көштім. Сөйтіп, енді сабақты бірге әзірлейтін болдық. Сәбит бұл жайға көп ренжіген жоқ. "Большевиктер налымайды" деді де өлең жағына қайта ауысты. Жазғытұрым біріншінің экзамені басталар алдында елге кетіп қалды. Сәбит өлеңді іркілмей де қиналмай жазушы еді, жағдай да талғамайтын.Бір столдың үстінде ол өлең жазып, мен есеппен басым қатып, бірге отырамыз. Кейде оның өлеңге еріп бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сезінемін де қызығып қоямын. Қазір оның ойында оқу да жоқ, тоқ -жарау тұрмысымыз да жоқ, басқа түрлі күнделік қуаныш - қайғысы да жоқ, тек қана өлеңге ауысатын суреттер, өзі ғана айқын керіп, үнсіз тілдесіп отыратын адамдары бар.

- Адамның кейбір кездері,

Көңілде алаң басылса
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса,
Сылдырап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындай
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай...

- дегендей, бұл ақынның бір қымбат шағы ғой. Өлең үстінде Сәбитті мен осы халде талай көрдім. Сонысына қызығушы едім.

Менің кітапқа құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды аңғарып, Сәбит маған — "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді. Газет басқармаларынан қаулы-қарарлар әкеліп аудартып жүрді. Ол бір оңай табыс болатын.Сол кезде ылғи қате аударылған, қате аударылмаса ешкім түсінуге болмайтын қаулы-қарарлардың қазақшасында менің де еңбегім бар. Бірақ, менің ойымда "сылдыраған келісім де", еріксіз сүйреп әкететін суреттер де оянған жоқ еді ол кезде. Мен сол кездегі Орынбор рабфагын кейбір жағынан жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын. Әсіресе, әдебиет, тарих жағынан көп нәрселерді түбірлеп оқытушы еді. Қалайда он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін мен сол рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе, Гоголь, Чехов, Горький бақыты ойыма қона қалушы еді. Шет елдердің классиктері кейінгі кездің ізденуіне байланысты болса, әр кезде өмірге байланысты, шындыққа байланысты, сол шындықты өзгертуге бағытталған орыс классиктерін рабфак бірталай - ақ ұғындырған сияқты. Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол "Тулаған толқында" деген повестке айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды). Ол бір болған оқиғаның төңірегінен туған әңгіме еді. Мені болған оқиғаның өзі бастап кетті. Оқиға желісі үзілер жерге дейін еркін барған сияқты едім, аяқтау салмағы өзіме түскенде, малтығып әрең шықтым. Кезінде өзге ешкім аңдаған да жоқ. Бірақ, рабфакты бітіріп шыққаннан кейін де әдебиетке ауысуға табаным тұрақтай алмай, Омбыдағы ауылшаруашылық институтына барып түстім. Ол кезде оны Академия деп атайтын. Әдебиетке алабұрту сонда басталды. Есеп үстінде отырып та, тәжірибе станциясында аудармалы егін салысып жүріп те ой алаңынан құтыла алмай қойдым. Өзгелер ауылшаруашылық үйірмелеріне кеткенде мен әдебиет үйірмесіне жазылдым. Жеті студент ортадан жалдап, өзін Белинскийдің шәкіртімін деп санайтын қартаң бір педагогтан қыс бойы оқыдық. Ол сабақты әр жазушының өз көзі болу керек дегеннен бастап еді. Барлық жазушы бір-ақ көзбен көруге тырысса, салатын суреттері де ұқсас шығуы мүмкін. Жазушы көзі тұрақтамаған жас балаға ұқсамауы керек, ой көзі тұрақтылықты тілейді. Тұрақсыз көз өмірдің сыртын ғана, бояуын ғана көреді, сырына тереңдей алмайды. Идеялық көзқарастың тұтас та тұрақты болуы жазушыға қандай керекті болса, дүниені көретін өз көзі болуы да сонша қажет. Осыған келісеміз бе? — деді. Біз сөзсіз келістік. Содан кейін ол мазмұн мен түрдің тұтастығын Белинский ойларымен дәлелдеп, екі лекция оқыды. Көзқарас мазмұндық тек, жазушы көзі деген сол текті өзінше көре білу болады екен. Қыс бойы әдебиет ағымдарымен танысуымыздың аяғы "философтар дүниені түсіндірумен келеді, міндет сол дүниені өзгертуде ғой" дейтін атақты қағидасымен аяқталды. Бұл совет әдебиетінің негізгі заңы, негізгі талабы екен деп таныдық. Бұдан үш-төрт жыл бұрын В.И.Лениннің Саратов, Орынбор, Омбы қалаларының оңтүстік бетіне көз салсаң, қаймағы бұзылмаған қандай патриархалдық, тағылық жатқанын айтқаны құлаққа бір шалынған. Мақтаншақ топтар, бұрынғымызға қол тигізбей, қадірлеп ұстағысы келетін бірталай адамдар, Орынборда бұған мән бермей, "айтылды — қалдыға" айналдырып, тез ұмытқан. Маркстің қағидасы ең алдымен сол кең өлкенің өмірлік тіршілігін тез өзгертуді талап етіп тұрғандай, ойға дөп қона қалды. Мүмкін, қаламға тезірек жармасуыма бір себеп осы болу керек.

С.МҰҚАНОВ

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ ТУРАЛЫ

(Қысқаша биографиялық очерк)

1. ҒАБИТТІҢ АТА ТЕГІ ТУРАЛЫ

Ескі ауылдың тілімен айтқанда Ғабитпен мен руласпын. Екеуміздің де арғы атамыз керей. Керейді: Ашамайлы, Абақ деп екіге бөлгеңде , біз Ашамайлығы жатамыз. Ашамайлығының басым көпшілігі — Совет Одағында. (кейбір шежіреші қарттардың айтуынша бертінде жүз болыстай ел болған) - деседі. Абақтың басым көпшілігі - Қытай мен Монғолияда (Оларда алпыс болыс болған деседі). Ашамайлы ішінде біз Сибанбыз. Одан Ерімсары, Қортық Күнгене, Шоқыматар, Шимойын. Бастапқы үшеуінің ұрпақтары қазіргі Қостанай облысының Ұзынкөл және Урицкий аудандарында және Солтүстік Қазақстан облысының Преснов, Октябрь, Ленин аудандарында тұрады. Шоқыматар — Ақмола облысының бір ауданыңда Шимойынның үшінші тоқалынан Жылыбай, Қосай деген кісілер туған екен. Қосай — менің жетінші атам. Бастапқы екі шешемізден туған балалардың біразы Семей облысының Шұбартау ауданында, басым көпшілігі Монғолияда сияқты. Ғабит Сибан ішінде - Қортыққа жатады. Қортықтан Тоқпамбет, Сейіт туған екен. Тоқпамбет тұқымы өсіп біздің заманда екі старшина ел болды. Сейіт тұқымы өспей, жалғыз - жалғыздан туып келді де, ең соңы менің Зәуре дейтін апамнан туған жиенім -Нұрке (Нұрсұлтан) Сүлейменов Совет Армиясында кіші офицерлік қызметте жүріп, Ұлы Отан соғысы күндерінде ерлікпен қаза тапты, сонымен Сейіт ұрпағы бітті!.. Ғабит Тоқпамбет ішінде Беспайға жатады. Осы арада бір кішкентай "кілтипанды" айта кету керек. Ғабит туған ауылды Сибан ішінде "Түрікпен дейді. Оның себебі мынау Беспайдың сегіз ұлының бірі - Тасболаттан Қуат, Сәдір деген екі ұл туады екен. Тасболат бай болған екен, оның қалың жылқысы бақтыруды баласы - Қуат басқарады екен. Бір күндері Қуат жайылған жылқыны аралап жүрсе, бір жас жігіт атын қаңтарып, жерде ұйықтап жатыр екен дейді. Қуат оятып жөнін сұраса, "затым түрікпен, батыр жігіт ем, ханымызға қарсы болам деп қуғынға ұшырадым да, осылай қарай қаштым, ұлы жоққа ұл болуға әзірмін" депті. "Ендеше маған ұл бол" депті Қуат. Жігіт соған көнгеннен кейін, атын Жолғұтты койып үйіне алып келіпті де, Әділбай деген баласы өліп, жесір отырған келінін қосыпты. Жолғұтты сіңісіп жақсы бала болып кеткеннен кейін, балалы-шағалы болғаннан кейін, Қуат енші беріп "Қояншоқ" дейтін ағашты, шұрайлы жеріне қыстау салдырады. Жолғұттыдан Еламан туған екен. Менің ауылымның қазіргі мекенінде "Еламан" атты қол бар. Жолғұттының да, Еламанның да зираты осы көлдің теріскей жағындағы дөңесте. Ескі зираттардың үстіне қалың шие шығады. Еламаннан Әсіреп, Мүсіреп, Кенжетай туады. Мүсіреп орта дәулетті кісі екен дейді. Ол сөзге шешен, іске қажырлы адам болса керек. Сондықтан, Сибан ішінде ғана емес, бүкіл Керей руында әрі ірі бай (бес мың жылқысы болған), әрі ірі феодал болған, әрі батыр боп, патша үкіметінің әскерін бастап Кенесары Қасымовты Арқаға қарай айдап тастаған, сол қызметі үшін Хорунжи чинін алған, XІX ғасырдың орта кезіңде, Құсмұрын дуанының Сұлтан-правителі Шыңғыс Уәлихановты түсіріп, орнына Сұлтан - правитель болған Есеней Естемесов, Мүсіреповті оң қолымын ұстап, өз ауылының қасынан қоныс беріп, қыстау салдырған. Дөңес жерге жалдана біткен бұл ағаштың атын "Елтін жалы" дейді. Елтін — Қыпшақтың Күрлеуіт руынан шыққан адам екен, өзі Есенейдің туған апасын алған жездесі екен. Елтіннің әкесі Нияз:

Абылай аспас Арқаның сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі,
Қырық мың жылқы түссе де ылайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі,—

деген елеңіндегі Нияз. "Нияздың қаракөлі" Баян мен Ереймен тауларының арасында екені мәлім. Қалың Күрлеуіт елі де сол маңайда деседі. Есеней Елтінді қасына содан көшіріп алған. Артынан басқа Күрлеуіттер де келе бастап, жеріне сыймайтын болған соң, Есеней оларға Қостанай облысының қазіргі Урицкий ауданынан жер берген. Қазір ол арада үш колхоз Күрлеуіт бар. Шоқан Уәлиханов 1841 жылы "Едіге батыр" жырын жазып алған Күрлеуіт Жаманқұл (Шоқанда қатеден "Жұмағұл" аталған) ақын осы арадағы Күрлеуіттен шыққан. Елтінді басқа қонысқа көшіргеннен кейін, оның мекенін Есеней Мүсіреповке берген. Ауыл шаруасы колхоздануға дейін, Түрікпен ауылы Елтін жалын мекендеп келді. Қазір ол, Қостанай облысы, Пресногорьков ауданы "Жаңа жол" аталатын Ғабиттің туған ауылының қарамағыңда. Ертерек кезде, кейбір шығармасына Ғабиттің "Елтін жал" деп қол қоятын себебі осыдан. Мүсірептен Көжімбай, Ботбай туады. Кәжімбай момын мінезді, кедей шаруалы болған, шаруа бағудан басқамен айналыспаған адам. Оның қылығындағы ерекшелік -ұмытшақтық пен ұйқышылдық екен. Осы жайда ел ішіне тараған неше түрлі қызық әңгімелер бар. Кәжекең 1931 жылы, тоқсан бір жасында қайтыс болды. Сонда сақал-шашы ағарған жоқ. Ботбай елдегі маңғаз жігіттердің бірі болған, ол балуан да, шешен де, әнші де, қобызшы да, күлдіргі де адам екен. Дәулеті шағын бола тұра, ол жазғы, қысқы үйлерін таза ұстаған, өмір бойы әдемі киінген, жақсы ат мінген, сері болған кісі. Есенейдің мал -мүлкіне ие болған күйеуі (Есенейде ұл бала болмаған) — Торсан Тілемісов, өзі болыс кезінде Ботбайды төрт биінің бірі ғып ұстаған. Кейін Ботбай Торсанмен араздасып, өмір бойы дауласып өтті. Ботбай 1911 жылы, 56 жасында қайтыс болды. Кәжімбайдан: Мақмет (Махмұт), Ақан, Мақан, Самырат туады. Мақметті (Ғабиттің әкесі) Мүсіреп бауырына салады да, Кәжімбайға енші бергенде алып калады. Мақмет сол үйде өсіп, сол үйде үйленіп, сол үйден енші алып шығады. Мақметтің әйелі Дина Обаған бойын жайлаған Шекті руында (Арғынның бір бұтағы) Оңғарбай деген кісінің қызы екен. Түрікпен ауылынан атпенен екі-үш күндік бұл елден, Динаны Мақметке ат үстінде кеп жүретін Ботбай айттырған екен деседі. Мақмет мұсылманша сауаты бар, кітап, газеттерді қарап отыратын, ақылды, парасатты кісі еді. Оның бір сайлауды ауылдық старшин болғаны да бар. Дина үлкенге келін боп, кішіге жеңге боп, жастарға шеше боп жаққан, мінезі биязы, бейілі кең, асы дәмді, абысын-ажын арасында ұйымшыл, ақылды болған кісі. Ол менің кіндік шешем. Мен Түрікпен ауылында туған екем де, жерден Ботбайдың бәйбішесі - Тұрағал көтеріп ап, кіндігімді Дина кескен екен. Сондықтан да және ақылды, пейілді адам болғандықтан да, Дина апайды өле-өлгенше сыйлап, алдынан кесе-көлденең өткен жоқпын, сыпайылықтан басқа сөз айтқан жоқпын. Дина 1959 жылы 82 жасында қайтыс болды. Шаруасы кедей Кәжімбайдың өзге балалары - Ақан, Мақан, Самырат өмірлерінің көпшілігін жалшылықта өткізді. Ақан мен Самырат ертерек өлді. Мақан (бұл кәдімгі "Өмір мектебінде" сыйпатталатын жылқышы — Мақан әлі тірі) жалшылықтан ол ауыл шаруасы колхозданғаннан кейін ғана босанды. Бала-шағасы өскен, өзі де еңбекші ол, туған ауылы — "Жаңа жолда" соңғы отыз шақты жылда жақсы тұрып келеді. Қазір оның жасы сексенді алқымдап қалған болу керек. Мақметтен: Хамит, Сәбит, Ғабит, Баязит, Гүлсім, Әшім туады. Хамит оқу жасына жараған шақта, сол елге ("Сағындық ауылы" дегенге) Уфа қаласындағы медіресе Ғалияда оқып жүрген Қамал Жайсақов (Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы) келеді де, жаз айларында мұғалімдік құрады. Бұрын қадымша аздап оқыған Хамит, "тете оқу" аталған жәдиттен тез сауаттанып, шәкірттердің алдыңғы қатарында болады. Революция жылдарында, Хамит қысқа мерзімді курстан өтіп, 1917 жылдың күзінен өз еліндегі бастауыш мектепке мұғалім болды. Мен өзім де 1918 жылы Хамит сабақ берген мектептен қазақша сауатымды аштым. Сонан бері алдынан жүздеген балаларды өткерген (олардың көбі даңқы кісілер боп кетті) Хамит ағай (1894 жылы туған), сол мектепте әлі күнге дейін мұғалім. Қырық жылдан астам ауылдық мектепте кызмет сіңірген бұл қадірлі адамның кеудесінде Ленин ордені жарқырайды. Сәбит ("Түрікпен тұқымы өскелең" деп, менен бұрын ұлы болмаған әке-шешем, маған осы Сәбиттің атын қойған) жұмысшы жігіт еді. Мақмет үйінің дөңгелек шаруасына баққаннан басқада жұмысы жоқ ол 1936 жылы қайтыс болды. Ғабит туралы кейінірек айтамыз. Баязит көп жылдан бері партия мүшесі. Ертеректе мұғалім де болған, аудандарда советтік қызметтер де атқарған ол кейінгі жылдарда газет қызметкері. Қазір Қостанайдағы "Ленин жолы" газетінде. Гүлсім де көптен бері ауылдық мұғалім. Шешек дертінен бала шағында құлағы кеткен Әшім, зиректікпен жақсы сауат үйреніп, ертеректе баспа орындарында қызметкер еді, соңғы жиырма шақты жылда туған ауылына барып ұсталық қызметіне орналасты. Сонан бері сол қызметте.

2. ҒАБИТТІҢ ӨЗ ӨМІРІ ТУРАЛЫ.

Оның азанмен қойған аты — Ғабде-әл-Ғабид. Бұл арабша — "құлдың құлы" деген сөз. Ғабиттің бір кезде, кейбір жазуларына осылай қол қойып жүрген шағы да болды. Ғабит документтерінде "1902 жылы туған" болып жүреді. Отызыншы жылдардың аржағында, оның документтерінде "1900" деген цифр болатын. Осы "қайшылықтың" себебі неде? Өзара ойнағанда, біз Ғабиттің мұнысын "жасарғысы келуі" деп дәлелдейміз. Онымыздың жаны да бар, өйткені, жүріс-тұрыс жағынан, киіну - сәндену жағынан жігітшілік я аңшылық құру жағынан қазіргі қазақ жазушыларының ішіндегі серіміз бен салымыз Ғабит екені рас. Мұндай адамның көп көзіне жасырақ көрінуге тырысуы да табиғи іс. Осы жайда тағы бір ойынымыз бар: Отан соғысынан кейінгі жылдардың бірінде, Алматыға Ғабиттің үйіне Дина апай келіп, мәжілістесіп отырғанымызда, мен ол кісіден Ғабиттің туған жылын сұрадым. Сонда Дина апай, "Қай жылы екенін қайдан білейін" деді де, маған "қазақша жыл қайыра білуші ме едің?" деген сұрау қойды. Мен "білем" дедім. "Ендеше", - деді Дина апай, —Ғабит те, сен де сиыр жылы туғансыңдар: сен басында, Ғабит аяғында. Содан санап ала бер! Санаған шағымызда, Ғабиттің да сөзінің жаны болып шықты: мен туған жылдың "сиыры" - 1900 жыл болар деп жүрсем. анық бір мәліметте "1901 жыл" екен. Қазақша жыл наурыз айымен - яғни марттың жиырма екісінен басталады. Сонда, егер мен 1901 жылдың апрелінде тусам, (бұл жасымды Ғабитша дұрыстауға тырысқан жоқпын, себебі - бір жас жасарғанда қайда барам?!), сиыр жылының аяғында туған Ғабит, әрине, 1902 жылы туған болады. Мақметтің шаруасы дөңгелек болғанын жоғарыда айттық. Бірақ, ол бірінші жақтан —Ботбай қолынан енші алғандықтан, екіншіден — Кәжімбайдың басқа балаларына сүйенгендіктен, өзі жалшылықта жүрмеген, "ел адамы" аталатындардың санатына қосылған кісі. Шаруасы шағын бола тұра, ол үлкен ұлы Хамитті жалшылыққа бермей оқытқан, Хамит мүғалімдікке ілінген соң, Мақметтің шаруасы аздап түзеле бастаған. Дегенмен, Хамиттің аз табысы коп жанға көмек бола алмаған соң, мал - түлігі болған шақтарында Мақмет Сәбит пен Ғабитті жаз маусымдарында жалшылыққа да берген. Ғабит, мысалы, 1914—15 жылдардың жазында, ауылының қасындағы Исаевка селосының сиырларын жаяу бағуға жалданды. 1916 жылдың жазында, Ғабиттің нағашысы — Оңғарбайдың балалары (аттарын ұмыттым) приемға ілігеді де, қолында шаруаға жұмсар адамы қалмаған Оңғарбай Ғабитті үйіне алып кетеді. Ғабит сол үйдің қолғабыс жұмысында жүрген шақта февраль революциясы болады да, Оңғарбайдың майдан жұмысына кеткен балалары қайтады, Ғабиттің қолы жұмыстан босайды. Енді не істеу керек... Сол ауылда, Ыбырай Алтынсарин системасымен ашылған орысша - қырғызша (қазақша) бастауыш мектепте қызмет атқарып жатады екен, учителі —қазақ әдебиетінің революциядан бұрынғы ақындарының бірі, 1913 жылы "Жиған-терген" деген атпен өлеңдер жинағы шыққан, демократтық бағытта болған, ауыл мектебінде елу жылдай үздіксіз еңбек атқарып, кеудесіне Ленин орденін қадаған, Коммунист партиясының мүшесі, Ұлы Отан соғысынан кейін, қартаң жасында қайтыс болған — Бекет Өтетілеуов. Ғабиттің айтуынша, бұл Бекет патша үкіметіне де, Алашордаға да қарсы болған адам.

— Патша тақтан құлады деген хабар анықталғаннан кейін, - деді Ғабит, - бұрын міндетті түрде, школаның төрінде ілулі тұратын ІІ Николайдың портретін Бекет жұлып ап жерге тастап, оқушы балаларға тепкілетті. Патшаның кім болғанын, февраль революциясының не екенін мен 1917 жылы мектеп қабырғасында Бекет Өтетілеуов, аузынан естідім.

1917 жылдың алғашқы алты айында Бекет школынан орысша оқыған ересек Ғабит, тілі жетілмегенмен, орыстың жазу-сызуына төселіп, бастауыш білімді еңсеріл тастаған сияқты. Сол жылдың күзінде еліне қайтқан Ғабитті, әкесі енді жалшылыққа салмай, қазақша — Ыстап, орысша Пресногорьковка аталатын қазақ-орыс (казачество) станицасындағы "бастауыштан жоғары" аталатын орысша жеті жылдық школаға сабаққа береді. 1918 жылдың көктемінде, ағасы — Хамиттің мектебінен сауатымды ашып жүрген шағымда, Ғабиттің менен орыс тілінен экзамен алатыны ("Өмір мектебінің" бірінші кітабының аяқ жағын қараңыз), маған достебреннің (удостоверение) "үлгісін" жазып беретіні осы школадан оқып жүрген шағы. Одан кейін, Ғабитті мен, 1920 жылдың қысында Ыстапта оқуда жүрген күндерінде жолықтырдым. Қазақтар Ыстапты орысша "штаб" деген сөзден бұрмалап алған. Патша өкіметі қазақ даласын отарлаған шақта, Орал, Орынбор, Тройцк, Петропавл, Омбы, Семей, Өскемен аталатын қалалар салып, солардың арасында қазақ-орыс станцаларын тартқан ғой. Сол кезде Троицк мен Петропавл арасындағы ең зор станица осы Пресногорьковка болып, соғыс штабы орнап, атаман сонда тұрған. Қазақтардың "Ыстап" деуі содан. Жыл сайын, көктем кезінде Ыстапта үлкен жәрмеңке ашылып, алыс жерлердің саудагерлері келеді екен. Ыстапта сабынның, бұлғарының, пиманың, ұнның кішірек заводтары болып, маңайдағы көшпелі ауылдар, осы бұйымдарды солардан алған. Ыстап бертінде мәдениеттің де орталығы болып, орталау школасынан бірталай қазақ балалары оқып шықты да, артынан көрнекті қызметкерлер болды. Мәселен: Ақмола губерниялық сотының председателі болып жүріп, 1927 жылы өлген Хажығали Қосаев, республикалық прокуратурада жауапты қызметте жүріп, отызыншы жылдардың аяғында қайтыс болған Махмуд Таукин, Қазан қаласында темір жол инженері болып жүріп, культтің құрбаны болып кеткен Саруар Ташатов, көп жыл партиялық қызметте келе жатқан Өмірұзақ Даняров, офицерлік қызметте жүріп Ұлы Отан соғысында ерлікпен қазаға ұшыраған Қази Есеналин, тағы басқалар. Ғабит осылармен бірге оқыды. Ғабитқа мен 1920 жылдың қысында азық - түлік разверсткасының отрядын басқарып жүрген шағымда жолықтым. Мен ол кезде орыстың әрпін танығаннан басқа оқуын білмеймін. Орысша тілім "нан жеу" мен "бұйрық беруге" ғана жетеді. Сондықтан ба, әлде, рас солай ма, Ыстапта оқып жүрген Ғабит маған "орыс тілінің профессоры" сияқты көрінді. Ал, саяси мәселелерде мен оған "ұстаз" екем. Ыстапта оқып жүрген ересек қазақтар (ішінде Ғабит те бар), қазақ аузынан Совет өкіметінің жайын менен ғана естіген сияқтанады. Одан кейін Ғабитті көруім - 1922 жылдың күзі. Көріспеген азғантай уақытта Ғабиттің басынан бірталай оқиғалар өтіп қапты, жиырма бірінші жылдың февраль айында, сол маңайдағы құлақтар мен байлар Совет өкіметіне қарсы көтеріліс жасағанда Ғабит сол араның қызыл - партизаны — Дмитрий Ковалевтің отрядында болып, бандаларды жойысыпты. Одан кейін "Таузар" аталатын болыстың соғыс бөлімін басқарған да ол бөлім жойылып, Ғабит үйінде қызметсіз жүр екен. Оған табан аузында қызмет ұсындым: сол кезеңде, біздің арада қазақша — Жекекөл, орысша - Благовещенко аталатын селода, қазақтың аудандық милиция штабы құрылатын болып, начальнигіне біздің елдің атақты байы және белді феодалы — Абылай Рамазановтың баласы — Сұлтан (орысша "реальное училище" аталатын орта школаны бітірген жігіт) тағайындалған екен; мен бұл кандидатураны ұнатпап ем, губерниялық милиция начальнигі Зікрия Мухеев, "жоғарыда бекіліп қалды, бұзуға болмайды, оған жақсы орынбасар табу керек", - деді. Сонда менің есіме көптен көрмеген, бірақ нелер істегені сырттан естіліп жүрген Ғабит түсіп, Мухеевке "осындай жігіт бар" деп ем, ол, "ризаласса тағайындайық", - деді. Ғабит менің ұсынысымды қабылдады да, 1923 жылдың жазына дейін Жекекөл милиция штабында начальниктің орынбасары болып қызмет атқарды. Оның мінезі жалпы қаталдау адам: Жас кезінде тіпті қатал болып, байларды, әсіресе, ұрыларды өте қысып ұстаған. Сондықтан болу керек, 1922 жылдың күзінде Орынбор рабфагына оқуға түсіп, 23 жылдың жазында каникулға Петропавлға келсем, губерниялық милицияға Ғабиттің үстінен шағымдар түсіп қалған екен. Осы жайды басқарушы жолдастармен кеңескенде, Ғабиттің Орынбор рабфагына оқуға кеткенін мақұл көрдік. Бұған ризаласқан Ғабиттің ауылынан оқуға қалай аттанғаны, "Өмір мектебінің" екінші кітабында суреттелгендіктен, бұл арада қайталамаймын. Орынборда Ғабит екеуміз әуелі Сәкен Сейфуллиннің пәтеріндегі (ул. Деевская,5) қараңғылау кішкене бір бөлмеде тұрдық. Мұнда екі керует симағандықтан, бір темір кереуетте құшақтасып жататын едік. Тұрақ жайынан ыңғайсыздық көргенмен, тұрмыс жағымыз жаман болған жоқ. Мен сол жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетіне мүше боп сайланғам. Мүшелерге ол кезде червонец алатын ақшамен айына 75 сом беріледі. Ол тіпті көп ақша: мәселен, қойдың құны ол ақшамен бес сом, жаңа хром етік он, он бес сом... Сондай арзаншылықтан да және "қазақшылығымыз" бойымыздан арылмаудан да болу керек, екі бойдақ жігіт, соқа қара басымыз тұрып, Сәкеннің үйіне жұма сайын әкеп бір қой соятын едік те, азғантай ғана етін пайдаға асырып, көбін шірітіп алатын едік... Рабфакқа түскен Ғабит оқуды жақсы алып кетті. Оның айтуынша, қоғамдық ғылымдар болмаса рабфактың былайғы пәндері бұрын өзі жеткен пәндер. Келер жылдың оқуында, Ғабит екеуіміз "Советская" аталатын мейманхананың номерінде тұрдық. Мен өкімет мүшесі болғандықтан, номер бізге тегін берілді. Ғабит екеуміз ол жылдың қысында, оқумен қатар, "Еңбекші қазақ" газетінің редакциясында қызмет атқардық. Негізгі жұмысымыз үкіметтің газетке жарияланатын бұйрық-жарлықтарын аудару. Осы істің үстінде, мен өзім төмендегідей қызыққа ұшырадым: өкіметтің бір қаулысында — "Труженики сельских полей в текущем году проявили хорошую инициативу и успешно справились с уборкой хлеба" деп жазған екен. Мен "труженики" деген сөздің мағнасына түсінбедім де, редакция қызметкерінің бірі Бейімбет Майлиннен сұрадым. Ол да орысша шорқақ болушы еді, сондықтан "менде білмеймін" деді де, осы сөздің түбірін табу керек деп, "түбірі - "трус" дегеннен шыққан болар" деген жорамал айтты. Мен сол жорамалға тоқырадым да, "труженники" деген сөзді "қорқақтар" деп аударып, газетке сол қалпымен басылды да кетті. Сол бір кезде, Воскресенов деген орыс авторының мақаласын қазақшаға аударған біреу, атын да қазақшылап газетке "Жексембин" болып басылып кеткен. Осы екі фактіден кейін, көргіш біреу газетке "қорқақ жексенбі" деген фельетон жазып, жұрт маған көпке дейін күліп жүрді. Ғабиттің аудармаларында мұндай сорақылықтар болмауға тиісті. Орыс тілін жақсы білетіндіктен оның аудармалары дұрыс болуға тиісті. "Совет" мейманханасы Ғабиттің алдағы семьялық өміріне жол ашты. Сол мейманханада, шыққан тегі ақтөбелік , жасамыс учительдердің біреуі - Әбіш Тойбазаров дейтін адам тұрады, (қызметі оқу комиссариатында болды ғой деймін). Арық та, талдырмаш, бойы шарғылау бүл кісінің Ұлтуған есімді зор денелі, жарқын мінезді, шала сауатты әйелі бар еді, балалары жоқ еді. Осы семьямен танысқаннан кейін, асы дәмді Ұлтуғанға Ғабит екеуміз "нахлебник" болып, сол үйден қоректеніп жүрдік. Әбіш сол қыстың аяғында қайтыс боп, қолымыздан жерлестік. 1924 жылдың жазында мен елге каникулға кетіп, Орынборға күз қайтсам, Ғабиттің өміріңде "драма" басталып қапты. Сол бір шақта қазақ педагогика институтында Хүсни Ягфарова дейтін татар қызы оқиды екен де, Баймен Алмановтың үйінде тұратын осы қызбен Ғабит Ұлтуған арқылы танысып, енді үйленуге ойлайды екен. Мен бұл оқиғаға қарсы болдым. Оған себебі: Ғабит болыстық военком болып жүрген шағында "Сәпі балалары" аталатын байлардың біреуінің жас Қаншайым атты келінін алып қашып, үйіне апарған. Ғабит Орынборға оқуға аттанғанда, келіншек оның әке-шешесінің қолында қалған. Енді соны тастау маған қиянат көрінді де, Ғабит менің ырқыма көнбеген соң, елдегі туыстарына хат жаздым. Кешікпей Орынборға Ғабиттің ағасы Хамит келіп қалды. Ғабит ағасын да тындамай, Хүсниға кешікпей үйленді. Ғабиттің тұрақты семьялық әмірі осылай басталды. Рабфакты мен 1925 жылы бітірдім де, сол жылдың жазында Қызылордада шығатын "Еңбекші қазақ" газетінде қызмет атқарып, күз Петропавл барып "Бостандық туы" газетіне орналастым. Ғабитті содан кейін көргенім — 1928 жылдың күзі. Мен 1926 жылдың ортасынан 1928 жылдың ортасына дейін, Қызылорда қаласындағы Қазақстан Мемлекеттік баспасының (Казгосиздат) бас редакторы болып қызмет атқардым да, жаз ортасында ол қызметтен босанып, Ленинград мемлекеттік университетіне оқуға баруға жиналдым. Бас редакторлық қызметке мен Ғабитті ұсындым. Орынбор рабфагын 1926 жылы бітірген Ғабит сол жылдың күзінде Омбыдағы ауыл шаруашылық академиясына барып оқуға түсті. Менімен жиі хат жазып тұратын ол 1927 жылдың басында "Әмірқан бидайығы" (американский пырей) дейтін тақырыпқа кітапша жазды да, Қазақстан Мемлекет баспасына жіберіп, біз басып шығардық. Менде Ғабиттің "осы кітапшаның ақшасы семьямызға жарты қыс азық болды" деген хаты бар. Академияның бірінші курсын бітірген Ғабитті Ақмола губерниялық партия комитеті 1927 жылдың күзінде (Ғабит сол жылдан партия мүшесі) Бурабай ауылшаруашылық техникумына оқытушы қып жіберді. Сонда жүріп, Ғабит "Теңіз тепкісінде" деген атпен алғашқы ұзақ әңгіме жазады да, Қазақстан Мемлекеттік баспасына жібереді. Осы әңгіменің қалай жазылып, редакциясы қалай жасалып, "Тулаған толқында" деген атпен жеке кітап болып басылар алдыңда, Ғабиттің өз қолымен 1928 жылдың 18 апрелі күні маған жазған хаты бар.

3. ҒАБИТТІҢ ЖАЗУШЫЛЫҒЫ ТУРАЛЫ

Бұл очерктің мақсаты Ғабиттің әдебиеттік еңбегін толық талдау емес, оның өмірбаянымен ғана қысқаша таныстыру. Жазушылық алғашқы бетінде, қазақ совет әдебиетіне Ғабит сіңірген жақсы екі еңбегі бар: біреуі - жиырмасыншы жылдардың аяғында қатты шиеленіскен тап тартысы, көркем әдебиетке де әсерін тигізіп, алашордашылармен байшыл - ұлтшылар өлмеуге жанталасқан шақта, Ғабит идеологиялық майданның алдыңғы қатарынан орын алды да, социалистік құрылыстың жауларын публицистикалық қаламымен де қатты түйреді; екіншісі, осы бағытта көркем шығармаларымен де қызмет атқарып, ауылдағы тап тартысының сол бір кездегі айқын және көркем бейнесін көрсететін бірнеше әңгімелер жазды. Бұл жүйедегі табысы мол да, көрнекті де болған Ғабит, "Көк үйдегі көршілер", "Бір адым алға", "Туннель", сияқты кең көлемді прозалық шығармаларға да құлашын ұрғанмен, ол талабы сәтті бола қойған жоқ, аталған повестер мен романдар аяқталған жоқ. Көлемді прозада Ғабиттің алғашқы сәтті еңбегі, меніңше, "Қазақ солдаты" (1949 жыл). Мазмұны қызғылықты, жазылуы көрікті болғандықтан, бұл роман Совет Одағында да, шетелдерде де бірнеше тілге аударылды. Одан кейін туған "Оянған өлке" (1953 жыл), бірінші кітап Ғабиттің прозадағы бойы бұрынғыдан да биіктей түсуіне кепіл болды. Бұл жайда Ғабитқа қоя тілегіміз: "Оянған өлкенің" екінші кітабына тезірек жарық көруі және бірінші кітабындай сәтті шығуы. Ғабит 1936 жылдан бері драматургия жанрымен де шұғылданып жүр. Бұл жүйедегі оның тұңғышы "Қыз Жібек" аса қызғылықты жазылғандықтан, күні бүгінге дейін театр көрушілерін өзіне құмарттыра түседі. Драмалық театрларда ойналатын "Қозы Көрпеш—Баян сұлу" мен "Ақан Сер і - Ақтоқты да" сондай. Ғабит бұл үш пьесада, меніңше, қазақ драматургиясының ең күшті өкілінің бірі. Тарихи тақырыпта осындай жетістікке ие болған Ғабит, меніңше, советтік заманның тақырыбына ондай күшті емес. Бұл тақырыпта қазақ драматургиясында оның алдына түсіп кеткен кісі де жоқ. Дегенмен сахна заңын жақсы білетін, драматургия заңын жақсы білетін, тарихи тақырыпта жазған пьесаларында жақсы шеберлік көрсеткен Ғабиттен жаңа тақырыпта да шарықтар деп үміттенеміз. Ғабит қазақ совет әдебиетінде очерк жазуға да төселген адамдардың біреуі. Бұл жанрда да оның қалымынан көптеп туған жақсы шығармалар бар. Соңғы он шақты жылдарда, осы аса қажетті жанрда да аз жазуын мақұлдай алмаймыз Қазақ совет әдебиетінің мәселелерін талқылауға да Ғабит сіңірген еңбек аз емес. Ол соңғы отыз жылдың ішінде көркем әдебиеттің партиялығы үшін үздіксіз күресіп келе жатқан адамның біреуі. Көп жылдар біріне-бірі жалғасып келе жатқан бұл еңбегінің соңғы жемісі — биылғы жылдың төртінші съезінде жасаған баяндамасы. Ғабиттің осы жемісі және қажетті істі ілгері алып баруына сеніміміз күшті. Қазақ совет әдебиетіне Ғабит сіңірген зор еңбектің біреуі — орыстың және Европаның классикалық шығармаларын қазақ тіліне аудару. Өзі де жазушы болғандықтан жөне орыс тілін жақсы білетіндіктен, оның аудармалары дәл де, сапалы да болады. Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда, өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші -бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды; екінші — бойына сіңірген тақырыбын тез жазуға асықпайды, сондықтан шығармаларының шикісі аз болады; үшінші - жазатын тақырыбына күй талдайды, күйі жетпесе, игерген тақырыбын да жаза қоймайды; төртінші — шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал - қадары жеткенше, олпы - солпысыз шығарады; бесінші — тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сезді қолданбайды; алтыншы - жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады; жетінші — адам портретін жасауға, қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі. Ғабит биыл 57 жаста. Ол ойы да, бойы да толысқан адамның біреуі. Сондықтан да, алдағы күндерде қазақ совет әдебиетін байыта түсуге белсене араласып, өзі шұғылданып және төселіп жүрген жанрлардан, әлде де көрнекті шығармалар берер деген үміттеміз.

26.ХІІ.59 ж.
(Қысқартылып алынды).

ТУҒАН ЕЛГЕ СОҢҒЫ СӨЗ

"Кешегі өткен Ғабиден досқа: "Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?! " дегенім бар еді. Сол мөлшерім мөлшер болды. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын. Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиетінің атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы. Қалам ұстауға халім болмағандықтан, хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым. Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос - жараң, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!

Ә. НАРЫМБЕТОВ

КӨРКЕМ СӨЗДІҢ ЗЕРГЕРІ

Халықтың рухани байлығы — шын мәніндегі көркем әдебиетті жасайтын тек қана табиғи ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының XX ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алып дарындар болатын. Туған елінің жиырмасыншы ғасырдағы көркем әдебиетін саф алтындай талай-талай шығармаларымен байытып, абыройын биіктеткен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар тобының қатарында тұрған -Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов. Оқырманын ағыл-тегіл эстетикалық сезімге бөлеп тастайтын үлкенді-кішілі көркем туындыларымен қазақ әдебиетінің дамуына ірі үлес қосқан Ғабит Мүсрепов - классик жазушы. Үйткені, оның суреткерлік өрен шеберлігінен кезінде де, кейінде де, келешекте де талай қаламгерлердің үйреніп тағылым алар шығармаларының қыр-сыры аса мол. Оның шығармаларының бүгінгі оқырманның да, болашақ ұрпақтардың да ажырамас рухани серігі, қымбат мұрасы болып қала беретіні ақиқат. Өйткені, оның әрбір туындысының биік өнермен, үздік шеберлікпен жасалған асыл дүниелер екенін барша қауым алдақашан бір ауыздан мойындаған болатын. Ғабит Мүсірепов - қазақ әдебиетінің үлкенді - кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Мәселен, оның қаламынан шыққан көркем әңгіменің қай-қайсысы да идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтартарлық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады. "Қос шалқар", "Талпақ танау", "Шұғыла" сияқты алғашқы әңгімелерінің өзі-ақ сөз өнеріндегі хас жүйріктің қалам шеберлігінің сымбатты көріністерінің айқын дәлелі екені анық. Осы ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы халық өмірінің шынайы шындығын терең бейнелеген бұл әңгімелердің оқыған кісіні толғандырар, ойландырар сәттері аса көп. "Қос шалқардағы" туған өлке табиғатының ғажайып суреттері естен кетпестей болып тиянақты жасалғаны белгілі. Онымен қатар сол табиғат аясындағы адамдардың әлеуметтік тіршілігі де реалистік бояулармен дұрыс бейнеленген. Яки "Талпақтанау" әңгімесі тек қана Ғ.Мүсірепов қаламынан туған езіндік сыр-сипаты, ерекшелігі мол тұлғалы туынды. Бұл әңгімені оқығанда адам психологиясындағы түбегейлі тартысты ойнақы әзілмен, жарасымды қалжыңмен, ұлттық нақышпен, тіл өнерінің құдыретімен айнытпай берудегі шеберліктің қадір-қасиетіне бірден ден қоясың. Ал "Шұғыла" — қазақ халқының 1932 жылғы қайғылы өмірінің айшықты суреттерін тапжылтпай кез алдыңа алып келетін іргелі шығарма. Сол жылдардағы Қазақстан басшылығының сорақы қателігінің адам айтқысыз зардабын шегіп, аштық -жалаңаштықтан жаппай қырылған қазақ халқының жүдеу, жұпыны тіршілігі бұл әңгімеде үлкен суреткерлік бояумен берілген. Сол кездегі халық өмірінің ауыр трагедиясын дұрыс бейнелеген "Шұғылада" жазушының әрі азаматтық ерлігін, әрі суреткерлік батылдығын жұртшылыққа қатар танытқаны ешқашан ұмытылмақ емес. Жазушының әр тұста жазған ана тақырыбындағы шоғыр әңгімелері қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңіткен кезеңді еңбектер. Ол ең алдымен отызыншы жылдары А.М.Горькийдің ана тақырыбына жазылған әңгімелерінің ізімен екі-үш әңгіме ("Адамның анасы", "Өлімді жеңген ана", "Ана кесімі айнымайды") жазды. Одан кейін жазушы өзінің "Ананың анасы", "Ашынған ана", "Ананың арашасы" атты белгілі әңгімелерімен қазақ әдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек әкелді. Жазушының осы шығармалары арқылы әдебиетімізде бұрын-соңды ұшырамаған адам мінезінің тың қырлары жарқырап көзге түсе бастады. Жазушы ана, әйел тақырыбына шығарма жазуды үзбей, бұдан кейін де жалғастыра берді. Бірақ, бір кездегі өзінің ізіне қайта түсіп шиырлауға бармай, көркемдік ізденістің соны өлкесіне, тың өрісіне жол тартты. Бұған оның Ұлы Отан соғысы жылдары жазған "Ер ана", "Ақлима" әңгімелері толық дәлел. Бұл шығармаларда суреттелген Наталья, Ақлима алдыңғы кезеңдегі ана бейнелеріне әрі ұқсас, әрі өзіндік тың қасиеттерімен көрінген жаңа образдар болып шықты. Отызыншы жылдарғы әңгімелердегі Қапия, Нағима романтикалық леппен суреттелген, негізінен белсенді іс - әрекетпен көрінетін эпикалық бағыттағы кейіпкерлер болса, ал Наталья, Ақлималарды жазушы реалистік жарқын бояулармен көрсетуге күш жұмсады. Жазушы өршіл, асқақ іс - әрекетімен қатар кейіпкердің ішкі дүниесінің, сезім әлемінің байлығын терең суреттеді. Тосын оқиға, айырықша жағдай үстіндегі әйел мінезінің ғажайып сипатын бейнелеп жан дүниесінің мөлдірлігін, отаншылдық сезімінің ірілігін үлкен суреткерлікпен тебірене толғады. Ал, Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт жылдардағы әңгімелерінде жазушы сол қарапайым замандастарымыздың — әйелдердің бүкіл әлемге, келер ұрпаққа үлгі - өнеге болатындай, қызығып, тағылым аларлықтай қадір-қасиеттерін әдемі де әсерлі етіп бейнелей түсті ("Әмина", "Айгүл қойшының күндері", "Айжан қойшының түндері"). Бұл шығармалардағы әйелдер де — ойдың, істің адамы, еңбектен ғана бақыт тапқан біздің замандастарымыз, ел қамын ойлайтын қоғам қайраткері. "Айгүл қойшының күндері", "Айжан қойшының түндері" атты әңгімелердегі Айгүл, Айжан - қазіргі қазақ ауылындағы қоғамдық игілікті молайтып жатқан жасампаз еңбеккердің нағыз типтік өкілдері. Сырттай қарағанда көзге кеп түспейтін, жиі байқала бермейтін, ал іштей тереңірек үңіліп, байыпты зерттегенде ғана білінетін қазіргі малшы қауым тіршілігіндегі ғаламат қиындықтарды суреткер терең реализммен көз алдымызға айқын елестетіп отырады. Жазушы өзінің сүйікті тақырыбына үзбестен қайта-қайта оралып, қалам тербеумен болғаны жұртшылыққа мәлім. Бұған қалың оқырман қауымның жылы ықыласына, үлкен ілтипатына бөленген "Атақты әнші Майра" атты 1981 жылы жазылған әңгімесі толық дәлел. Бұл әңгімесінде жазушы тарихи факт, тарихи адамның өміріне сүйене отырып, қазақ әйелінің өнерпаздық тұлғасын оның адамдық қасиетімен ұштастыра тұрып әдемі суреттеп берді. Өнерді, өнер адамын жырлаудың қазақ совет әдебиетінде қалыптасқан белгілі бір көркемдік дәстүрі бар. Майра туралы жазушы әңгімесі — туған әдебиетіміздегі сол көркемдік дәстүрді тереңдете, байыта түскен кемел шығарма. Бұл шығармасында жалпы көркем өнердің, соның ішінде ақындық, әншілік өнердің дүниеге келу процесіндегі өзіндік ғажайып сырларын жазушы әрі шынайы, әрі әсерлі етіп тебірене жыр еткен. Бұл әңгімедегі өнер жұлдызы Майраның көрікті портреті, ішкі өмірінің жарығы сөз құдыретімен оқырман зердесіне нұр болып құйылып жатады. Әдемі де әсерлі суреттеулер арқылы жазушы Майраның жан дүниесінің тазалығын, адамгершілік — моральдық қасиетінің асылдығын көңілге ұялатып отырады. "Жеңілген Есрафил", "Тарландар", "Бірінші фонтан" сияқты әңгімелерінде жазушы еліміздегі еңбек адамдарының қажырлы кейпін жақсы танытып, өз замандастарының үлкен мұрат - сезімін биік шабытпен толғап берді. "Өмір жорығы", "Қыран жыры" әңгімелері терең ойлы сез шеберінің қолынан шыққан бөлек туындылар. Бұлар - барлық адамзат атаулыға ортақ ізгі мақсат - ұрпақтар сабақтастығын түйіндеп берген терең мағыналы символикалық кемел шығармалар. Бастан-аяқ салихалы ойға, философиялық толғаныстарға негізделген бұл әңгімелердің кім-кімге де берер ғибратты тағылымы, эстетикалық нәрі мол. Мәңгілік өмірді лайықты түрде жалғастыру үшін табанды күреске, жалынды жігерге баулитын өршіл, өміршең идея — аталған шығармалардың зергерлікпен өрілген негізгі арқауы. М. Әуезовтың "Көксерегі", С.Сейфуллиннің "Қызыл аты" сияқты шығармалардағы символикалық көркемдік дәстүрді өзіндік өрнекпен, суреткерлік айқын қолтаңбамен жалғастыра отырып, жаңа биікке шығарған "Өмір жорығы", "Қыран жыры" қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының классикалық үлгілері болып танылды. Жазушының "Этнографиялық әңгімесі" кезінде күллі оқырман қауымының назарын ерекше аударған елеулі туынды болды. Әңгімеде дәурені өтіп, тарих сахнасынан ысырылып қалған қазақ қоғамындағы төре тұқымымен кедей қызы Қарашаштың, мұғалімнің араларындағы көзқарастар тартысы үлкен суреткерлікпен бейнеленген. Шығармадағы шымшыма өткір тіл, ащы мысқыл, аяушылық сезімдер оқырманға қатты әсер етеді. Тіршілік біткеннің бұлжымас темірдей заңы - ескі мен жаңаның қарама-қарсылығы, бітіспес арпалысы әңгімеде шынайы шеберлікпен берілген. Еліміздегі жеке адамға табынушылық тұсындағы адам айтқысыз сорақылықты, қалың бұқараны ұмытылмас қайғы-қасіретке ұшыратқан шексіз зұлымдықты терең сезіммен, байыпты талғаммен, рухани тебіреніспен суреттеген шығарма. Символикалық қанық бояулар, өткір детальдар, естен шықпас жарқын суреттер бұл шығарманың идеялық мазмұнын тереңдетіп, көркемдік еңсесін көтеріп тұр. Замандас өмірінің трагедиялық бір сәтін керемет шеберлікпен мүсіндеген шығарманың оптимистік сарыны басым. Әңгімедегі Сәулеш — жарқын келешектің таза, қуатты, биік символындай болып есте қалады. Жазушы повестерінің ішіндегі аса көрнектісі - "Кездеспей кеткен бір бейне" (1966). Бұл оның жоғарыда аталған алғашқы повестерінен кейін араға отыз шақты жылдар салып, шеберлігі ұшталып, әбден жетілген тұста жазған өте дарынды, классикалық шығармасы болатын. "Кездеспей кеткен бір бейнені" автордың өзі поэма деп атаған еді. Бұлай атауы орынды да заңды болатын. Үйткені бұл шығарма - қара сөзбен жазылған әсем жыр, шын мәніндегі поэтикалық туынды. Ғабит Мүсіреповтің жазушылық жолы - бірте-бірте сатылап өсу жолы. Проза саласында жазушы ең алдымен шағын жанрларда қалам тербеп, машықтанғаны белгілі. Әңгіме, новелла, очерк, публицистика, повесть жанрларын еркін меңгеріп барып, ол кейінірек романға ауысты. Ең алғашқы романы — "Қазақ солдаты". Алдымен бұл шығармасын жазушы 1945 жылы "Қазақ батыры" деген атпен повесть ретінде жариялады да, кейін өңдеп, толықтырып, кемелдендіріп 1950 жылы "Қазақ солдаты" романын жұртшылыққа ұсынды. Негізінде "Қазақ солдаты" романы Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардың ішіндегі ірісі де, тәуірі де екенін, оның жалпы идеялық- көркемдік мазмұнының жоғарылығынан көруге болады. Ғабит Мүсіреповтің творчестволық жолындағы көрнекті шығармасы — "Оянған өлке" романы. Бұл романды о баста жазушы трилогия ретінде жазбақ болғаны мәлім. Сол трилогияның бірінші кітабын 1953 жылы жариялап оқырман қауымға ұсынды. "Оянған өлке" романымен F. Мүсірепов қазақ совет әдебиетіндегі жұмысшы тақырыбын келістіре жырлап, жетік меңгерудің көшін бастаушылардың қатарына енді. Идеялдық мазмұны терең, көркемдік сипаты көз тартарлық "Оянған өлке" романы тек жазушы творчествосының ғана емес, бүкіл қазақ совет әдебиетінен келелі орын алатын кенеулі шығарма ретіңде танылды. Өмірінің соңғы жылдарында жазған "Жат қолында" (1984) романы, бір жағынан "Оянған өлкенің" жалғасы, екінші кітабы іспетті, екінші жағынан, оны өз алдына дербес шығарма деуге де келеді. Үйткені бұл романда суреттелетін өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлер де соны. Жазушы "Жат қолында" романында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Орталық Қазақстандағы әлеуметтік өмірдің қатпар - қатпар шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеп берді. Шығармада Қарағанды, Ақбұйрат, Нілді өндіріс орындарын ағылшын, француз капиталистерінің билеп-төстеп тұрған кезеңдегі қазақ халқының қоғамдық тіршілігі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, рухани әлемі тарихи тұрғыдан дәл де терең бейнеленген. Жазушы суреттеп отырған дүбірлі оқиғаларға тұтас тұлғалары, сан алуан тағдыр - қарекеттері арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына айқын елестеп отырады. Идеялық мазмұны бай бұл романның да көркемдік кестесі көз тартарлық, мінсіз. Баяндау, суреттеу стиліндегі мүлтіксіз өрнектер, шығарманың өн бойына ең, ажар, көрік беріп отыратын жылы юмор, философиялық терең мағыналы ішкі монологтар, оқиғалардың, кейіпкерлердің көңіл ауандарына сай мәнерленген табиғаттың тартымды суреттері шығарманың еңсесін көтеріп, көркемдік деңгейін биіктетіп тұр. "Жат қолында" - орыс жұмысшылармен қоян-қолтық бірлесе отырып қазақ жұмыскерлерінің революцияға келу жолын тарихи шындыққа сәйкес нанымды да терең бейнелеген қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік — саяси романдардың көрнектілерінің бірі де бірегейі. Сөз зергерінің творчестволық жолындағы белесті туындылардың қатарына қосылған оның "Ұлпан" романы еді. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық эсер -күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан — бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби образ. Романдағы Ұлпан бейнесін суреттеуге Ғабит Мүсірепов бүкіл өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны мәлім. XІX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік — тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, өмірде шын болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автор сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасап берді. Сол феодалдық заманда Ұлпан сияқты халық қамын ойлаған жанның ізгі ойы, арманы, мақсат- мұраты іске толық асуы мүмкін емес еді. Ұлпанға қарсы кедергі тас қамалдай, жауыздар тобының тегеуіріні мықты болатын. Сондықтан да оның, өмірі бастан-аяқ шиеленіскен күресте, арпалыста өтті де трагедиямен бітті. Ақырында Ұлпанға жабылған жауыздар тобы оны аянышты да өкінішті апатқа ұшыратып тынды. Бұлай болу сол дәуірдің әлеуметтік шындығы болатын. Әлеуметтік өмірдің логикалық түйіні осыған келіп тірелері заңды еді. Жазушы айтқандай, "Өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның", өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес еді. Ұлпанның екінші басты қасиеті - өз заманындағы көне ескілікке, әсіресе, әйелдерді қорлап, кемітетін феодалдық әдет - ғұрыпқа қарсы батыл күресуі, халық өміріне ауадай қажет жаңашылдыққа, прогреске ұмтылып, елге айтарлықтай үлгі-өнеге көрсетуі Ұлпан образының әлеуметтік бітімін әрі көріктендіре, әрі биіктете түскен. Үшінші, үлкен адамгершілік, зеректік, ақылдылықпен қатар Ұлпанда қайраттылық, өткірлік, қаһармандық мінез бар. Ел, халық намысы үшін оның жалындап жарқ еткен тұсы да шығармада қапысыз бейнеленген. Әсіресе, Сибан жорығы тұсында ол ел анасы болумен бірге, халықты ерлікке, батылдылыққа, елдікке жетелейтін қаһармандық, патриоттық, азаматтық дәреженің де биігінен табылады. Романдағы Ұлпан — сол негіздегі халық өмірінің шынайы сипатын танытатын, жинақтаушылық күші мол, әдебиетіміздегі шын мәніндегі типтік образ. Ұлпан бойындағы барлық, абзал қадір-қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әйелінің, қазақ халқының адамгершілік, ерлік, азаматтық, батырлық тұлға - бітімінің айқын да жарқын көрінісі екені кәміл. Ғабит Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Қазақ әдебиетіндегі драма жанры Ұлы Қазаннан кейін қалыптасып, дамығаны баршаға мәлім. Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановпен бірге ұлттық драматургияның негізін қалап, шаңырағын көтеріскен Ғабит Мүсіреповтің есімі қазақ театрының тарихынан елеулі орын алады. Оның әйгілі пьесалары қазақ театрының саханасынан түспейтін тұрақты репертуарына айналды. Ғабит Мүсірепов Шекспир, Мольер, Шиллер, Гоголь, Островский сияқты дүние жүзі драматургиясының алыптарынан творчестволық үлкен қуатпен үйрене отырып, ұлттық драматургияға ірі олжа салды. Оның "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" сияқты пьесалары халықтық лиро-эпостың негізінде туса да, өз алдына дербес туындылар ретінде танылған еңбектер. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол бүтіндей тың өрнекті дүниелер жасады. "Қыз Жібек" пьесасындағы Қыз Жібек, Төлегеннің жастық жалынға толы, асыл мұраттарға ұмтылған аяулы тұлғалардың талғамы жоғары қалың көрерменнің сүйікті кейіпкерлеріне айналғаны аян. Сондай-ақ "Қозы Көрпеш — Баян сұлудағы" Қозы Көрпеш, Баян образдары да қазақ драматургиясындағы үлкен суреткерлік шеберлікпен берілген мінсіз әдеби типтер болып орнықты. Кезінде кемеңгер жазушы-ғалым Мұхтар Әуезов: "Қозы Көрпеш" пьесасы — қазақ, әдебиетінің бір салада ірілеп өскендігінің айғағы. Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда, "Қозы Көрпештің" жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік, ұсталықпен шеше білген. Пьеса осы сипаты арқылы қазақ әдебиетінің қатты өскендік айғағы болып шықты. "Қозы Көрпештің қазақ әдебиеті өзінің үлкен мақтаны ете алады. (М.Әуезов. Он тоғызыншы том. Алматы. 1985. 306-бет), - деп Ғ.Мүсірепов пьесасын аса жоғары бағалаған болатын. Драматург Ғабит Мүсірепов тарихи белгілі адамдардың өміріне де қалам тербеп, жақсы драмалық үлгілер жасады. Оның "Ақан сері — Ақтоқты" драмасы XІX ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік өмірін шынайы бейнелесе, "Аманкелді" пьесасында жазушы 1916 жылғы қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісін, Ұлы Қазаннан кейін совет өкіметін орнықтыруға қазақ халқының белсене еңбек сіңіруін айшықты өрнектермен суреттеп берді. Бұл пьесаларында драматург Ақан сері, Аманкелді сияқты тарихи қайрапсерлердің шынайы келбетін сахналық шеңберде дұрыс танытты. Жазушының тарихи тақырыпқа жазған "Болашаққа аманат" драмасы да қазақ драматургиясындағы аса елеулі еңбек. "Болашаққа аманат драмасының бас қаһарманы — қазақ халқының XVІІІ ғасырдағы даңқты перзенті, батыры шешені Сырым Датов (1712-1802). Сырым 1783-97 жылдары 14 жыл бойы патша отаршыларына қарсы халық көтерілісін басқарған айтулы қолбасшы, көрнекті қайраткер. Драмада Сырым Датов өмірінің үлкен бір кезеңі — "халық кеңесін" ұйымдастырып басқарған тұсы суреттелген. Әр түрлі мінез — характерлермен қатар драмада сомдалған Сырымның батырлық, шешендік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік тұлғасы, оның өз халқы үшін жанын шүберекке түйіп қызмет еткен кемеңгерлік ой-пікірлері мен іс - әрекетінің ұтқыр шеберлікпен бейнеленуі жазушы творчествосындағы ірі көркемдік табыс. Ғабит Мүсіреповтің ұзақ жылдар ізденіп, көп уақыт даярланып барып жазған елеулі еңбегі "Қыпшақ қызы Аппақ" атты драмасы еді. Оның бұл драмасы да тарихи болған фактіге, дерекке, оқиғаға арқа сүйеп жазылған. Драманың бас кейіпкері — әзірбайжан халқының XІІ ғасырдағы ұлы ақыны, ойшылы Низами Гянджеви (1141- 1209). Жазушы драмасында суреттелген Низамидың қазақ (Қыпшақ) қызы Аппаққа деген кіршіксіз таза махаббат хикаясы — тарихи шындық. Ақын мен даланың сұлу, қаһарман қызының мөлдір, жалынды, құдіретті, асыл махаббат сезімі драмада шабытты ақындық тебіреніспен, төгілген тіл өрнектерімен келістіре бейнеленген. Ақын Низамидың бейнесі, оның аяулы ғашығы Аппақ образы — қазақ драматургиясындағы тың көркемдік құбылыс ретінде көзге түсті. "Қыпшақ қызы Аппақты" — қазақ, әзірбайжан халықтарының сонау бір көне заманда - ақ қалыптасқан ажырамас қасиетті достығының шабытты жыры деуге де негіз толық. Ғабит Мүсірепов - бірнеше либретто, сценарийдің де авторы. О л жазған "Қыз Жібек" операсы (музыкасын жазған Е.Г.Брусиловский) мен "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" балетінің (музыкасын жазған Е.Г.Брусиловский) либреттолары қазақ операларындағы таңдаулы либреттоның қатарынан орын алды. Ғ.Мүсірепов "Аманкелді" атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазысты (Вс.Иванов, Б.Майлинмен бірге). "Махаббат туралы дастан" атты көркем суретті және екі сериялы "Қыз Жібек" фильмдерінің сценарийін жазған да Ғ.Мүсірепов. Әсіресе, соңғы туындысымен ол киносценарийдің үлкен шебері екенін танытты. Ғабит Мүсірепов — қазақ әдебиетіндегі очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен еңбек сіңірген жазушы. Ең алдымен айтатын жағдай, жазушы 30-жылдардың аяғы, 40- жылдардың басынан бастап прозаның бүл саласына белсене араласып, өнімді түрде қалам тербей бастады. Алғашқы жазған очерктерінің өзінде-ақ жазушының оперативті бүл жанрды еркін меңгеріп, оның тәуір - тәуір үлгілерімен оқырман қауымын қуанта бастағаны анық. Жазушы шеберлігін танытатын очерктерінің бірі — оның "Қазақтарым, достарым" атты туындысы. Жазушының бұл шығармасында еліміздегі туысқан халықтар ақын, жазушыларының қасиетті достығы әрі қарапайым, әрі әдемі суреттелген. Тіпті қаламгердің бұл очеркін достық жыры деп атаса да артық емес. Еліміздің атақты жазушысы Михаил Александрович Шолоховпен (1905-1984) кездескен бірнеше эпизодтарды сөз өнерінің күшімен тартымды да айқын көрсете отырып, автор орыс халқының ұлы жазушысының адамгершілік абзал қасиеттерін тамылжыта сипаттаған. "Қазақтарым, достарым" атты жазушы очеркі — тек осы жанрдағы ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі халықтар достығы тақырыбындағы көркем шығармалардың таңдаулыларының бірі. Ғабит Мүсіреповтың әрбір очеркі, публицистикасы көркемдік шеберлігімен, идеялық ой-пікірінің салмақты да маңыздылығымен есте қалады. Туған әдебиетіміздегі публицистика, очерк жанрларын жетілдіріп, кемелдендіре түсу бағытына жазушының көп творчестволық еңбек сіңіргенін айрықша атаған жөн. Ал бұл ретте ол айтарлықтай іс тындырды, елеулі -елеулі көркемдік табыстарға жетті. Ғабит Мүсірепов әдебиеттің өзге жанрларымен қатар Қазақ совет әдебиеттану ғылымы мен сынының да ірге тасын қаласып,олардың дамуына зор үлес қосқан жазушы. 1977 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы президиумы филология ғылымын дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповке Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берді. Бұл жазушының әдебиеттану мен сын саласындағы еңбектеріне берілген лайықты да үлкен баға болатын. Жазушының әдебиеттану мен сын саласындағы еңбектерінің барлығына тән ортақ қасиеттерді жинақтап айтсақ, ең алдымен, оның әдебиет пен өнердің біздің дәуіріміздегі даму процесіне және олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позициядан қарады. Ол әдебиет пен өнердің әрбір көрнекті табысын халықтың рухани қымбат қазынасы ретінде қатты қастерледі. Әдебиет пен өнер туындысының біздің қоғамдағы идеологиялық пәрменді ықпалына, жауынгерлік белсенді рөліне баса назар аударды. Сонымен қатар, әрбір көркем шығармаға жазушының барлық уақытта қойып отырған идеялық -эстетикалық талабы да биік, үлкен. Жоғары идеялылық, үздік шеберлік — міне, әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде оның берік ұстанған, айнымас өлшемі осы ғана. Әрбір әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін үздіксіз де белсенді түрде күресу - Ғабит Мүсіреповтың алпыс жыл бойы жазған барлық әдеби - сын еңбектерінің ең басты сипаты болды. Ұлттық әдебиеттің тынысын кеңейтіп, халықтардың рухани байланыстарын нығайтатын көркем аударма саласында да жазушының сіңірген біраз еңбектері бар. Бұл ретте оның О.Генридің новеллаларын, Сильвестр Тагараоның әңгімесін, А.М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург шығармаларын қазақ тіліне аударғанын айтсақ та жеткілікті. Сондай- ақ, Ғабит Мүсірепов аударған В.Шекспирдің "Антоний мен Клеопатра", А.Н.Островскийдің "Таланттар мен табынушылар", Ж.Мольердің "Сараң", Я.Галанның "Таң алдында", К.Симоновты" "Орыстар", Л.Леоновтың "Шапқын", А.Сафроновтың "Москва мінезі", А.Штейннің "Намыс заңы" атты т.б. пьесалары да қазақ драматургиясының өсіп өрлеу жолында едәуір көркемдік қызмет атқарғаны сөзсіз. Сайып айтқанда, Ғабит Мүсірепов — қазақ әдебиетінің барлық жанрларын дамытуға көп еңбек сіңірген көркем сөздің майталман шебері, ірі суреткер. Оның шығармалары сан рет көптеген халықтардың тілдеріне аударылды.

Ғабит Мүсірепов - бүкіл дүние жүзіне кең танылған сөз зергері. Ғабит Мүсіреповтың қаламынан шыққан әрбір өміршең еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Ол — туған Отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті. Ғабит Мүсірепов -халықтың шын мәніндегі сүйікті жазушысы.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВТЫҢ НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ

Әр ел өз ерлігін көтере айтқанда жеңген жауының осал еместігін қоса айтады. Тек ірілік

қана аңызға айналады...
Біз даланың ессіз ерлеріміз ғой, көзге
түрткенде ғана селк етеміз...

Қазақ халқы қазақ атанудан әлдеқашан бұрын мал баққан ел... Қазақ - ұйқысы қанған

халық, ұйқысы қалған халық...

Судың тазалығын үйретейік, желдің еркелігін үйретейік, ағаштардың жайқалуын үйретейік, күннің жылылығын үйретейік, Ата-ананың достығын үйретейік... Балаларымызды әуелі ата-ананың мейіріміне, махаббатына бөлейік!»

Ақырзаман боларда барлық бәлелердің есігі ашылып кетеді екен...
Азияның аязына, Африканың ыстығына шыдар ұрпақ керек...

Өкшелес буын, ойыныңа, ойыңа қараймын...Өзім ұшып кете алмаған биікті сендерге тілеймін. Өзің аспанда, ойың төменде жүргенше өзің төменде, ойың аспанда жүрсін, жаным! Әке ызғары оларға қазір керек-ақ... Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бірге кездессе, бірін-бірі жасырыңқырап тұрады, ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады.

Мен сақтанбай сөйлейтін адаммын!

Бар мен жоқтың, асыл мен жасықтың мөлшері салыстыру арқылы ғана танылмақ.... Дала қызының назданған еркелігінде мұң да бар, жігер де бар, жалынышы мен жалыны да бар. Жан тазалығы, саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар. Сондай қолтума өнерінен

кіршіксіз ләззат ала аласың...

Отырған орныңнан ұшырып тұрғызатын сезім - поэзия, күй поэзиясы, ән биігі, поэзия биігі. Сөзді қалай болса солай пайдалана берсең, сөздің жүзі мұқалып, ұшы майрылады, айтайын дегенің құлаққа қонбайды.

Елдің ертеңгі күнін ойлайтын да бір адам болу керек шығар. Солмын мен! Ұрлық, қарлық, зұлымдық, зорлық, қиянат сияқты қылмыстар өше берудің орнына өсе берсе, сол қылмыстардың бәрі де басқарушылардың өз бастарында болғаны!

Кім бағынышты болса, сол кінәлі болады...
Ел деген жетім қозы емес, еміздікпен асырай алмайсың!

Халқымыздың өзін өзі басқаратын осы ұлы арманын орындап шығуға өз өміріміз жетпесе,

үрім-бұтаққа аманат етеміз!
Асыл сөз атқан оқтай жәй кетпейді.
Жаманға оқ өтсе де, сөз өтпейді...

Адалдығына қарасаң, әулие ме дерсің, ерлігіне қарасаң, еркек пе деп қаларсың, Ұлпанды.

Сындырмай кек болатты ие білген... Ұлпандай адам қайда...

Таңдарлық қыз әрі есті, әрі сұлу болуы керек емес пе? Сұлулығы жеңсе, есінен айрылып қалатын, естілігі жеңсе, сұлулығынан айрылып қалатын қыздар аз болмайды, естілігі толыққан сайын сұлулығы да толыға беретіндері де болады. Үлкен адам кішірейген сайын үлкейе береді екен. Біз—сағат санап, күн санап өскен ел емес, замана таңбаларын санап өскен елміз... Жүзге тұратын бірден айрылып, бірге тұрмайтын жүздерге қалған екенбіз ғой...

Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек...
Еркектің көркі ақылында...
Байдың малы қымбат, кедейдің жаны қымбат...
Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді...

Шала істеген іс жаман, шала піскен ас жаман...
Кедейге кепесінің төбесіне шығып тұруы да үлкен мақтаныш.
Дау қуған ел жауығар, қумаған сауығар...
Еліміздің ұйтқысы - әдет-ғұрпымыз, оны шайқалтпауды ойлайтын кезіміз осы...

Жазғытұры жайлауға бет алған бірінші көш - мал ұстаған елдің жыл сайынғы болып тұратын табиғи көрмесі. Осы күнге дейін батырлық та, ерлік те, сұлулық та, ақылдылық та хан тұқымында деп келдік... Олар қара қазақтың бойына жараспайтын сияқтанып келді, сол ескі әдетпен кете беретініміз әлі бар... Сыртынан қанша балағаттасаң да, кездесіп қалғанда мысы жеңе беретін адамдар болады.

Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз.
Біз сияқты қырсыққа ұшыраған елде қадірлі адамдар елеусіз қала береді...

Біздің патшалықтың барлық баспалдағында мәңгі өзгермейтін бір мінезі - өзінен өзгені өсірмейді.

Россия топырағында біздің демократияның тұқымы өсіп-өне қоймас...
Адам рухы айналасынан бөлек жасай алмайды...
Мен бүгін шешуге болатын мәселені ертеңге қалдырғанды ұнатпаймын...

Қай жерде болсын халықтың мұң-мұқтажына құлақ аспаған адам ол азамат емес. Ол халқының бірінші жауы! Ұлы ақындар жәбір-жапа, қорлыққа толы қиянат жыл, замандарда бір айқай салмай қалған емес... Сөйлесек... шындық, әділдік, дұрыстық, ақиқат дегендерді алға ұстай отырып сөйлейік...

Тойған қарын ойға бөгет бола береді...
Адамның барлық ішкі дүниесінің портреті жүзінен көрініп тұрады...
Мен қазақтың қазақ болғанына жетерлік еш нәрсе бар деп ойламаймын.

Қай халықтың болса да өсер жолында қандай қабілеті тиянақты болса, сонысына сүйене

отырып тәрбиелеу ұтымды болу керек.

Қазақ әйелі аз ғана жәрдем бергеніңді ұмытпайды, тезірек еселеп қайтаруға тырысады... Қалам - хат білмейтін елде кейбір тіршілік заңдарын афоризмдермен есте қалдырған... Бізді жабайы, өзін ақылды көретін ақмақтығы сонша, арам ойларын дұрыстап бүркей де алмайды... Соңғы алты ғасыр бойында нәсілі жат елден шыққан хандар билеп келген ел қайдан оңсын!

Қазақ халқының бір заманда өзінше бір шалқыған кезі де болған сияқты... Әр елдің, әр халықтың есі кіріп, есейер кезі бар. Сол кезінде қай халық болса да өзінің елдік болашағын табан тірер тіршілік тиянақтарын ойланбай қойған емес...

Адамның парыз-қарызы сыйлауда...
Менің іздейін байлығым малда емес, адамда болмақ...

Жас балалар есейіп жеткенше, үлкендердің не істегендеріне жете түсінбей де еліктей береді...

Бізге еркеліктің керегі жоқ...

Хан-сұлтандар уәде береді, алдайды, ұрлық қылады, зорлық қылады, оны қара қазаққа жабады... Мен өз елімде, өз жерімде басы артық, керегі жоқ жандаймын. Жалғызсырау деген ауыр күйзеліс...

Ойланбай істеген қызмет өкініш тудырады...
Жер-суынан айрылған елде не билік болады...
Тіл салақ сөйлеуден бұзылады...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙