Өмір мектебі. І кітап
Сәбит Мұқанов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Сәбит Мұқановтың бүкіл бір дәуірдің тарихы мен қазақ қоғамының өзгерісін қамтитын атақты өмірбаяндық трилогиясының алғашқы кітабы.
БІРІНШІ КІТАП
АЗАПТЫ ЖОЛДА
БҰЛ ЕҢБЕГІМДІ:
Шешем — Балсары Бәйтілеу қызына,
Апаларым: Дәмеш, Зәуре, Ұмсындық,
Бағила, Ұлтуғанға.
Қарындасым — Балтуғанға.
құрметпен арнаймын.
БІРІНШІ ТАРАУ
КҮЙРЕГЕН ҰЯ
МЕНІҢ ТУУ ТАРИХЫМНАН
Әрқайсымызға да қандай жағдайда туғанымызды білу қызық болар еді. Менің, қандай жағдайда туғанымды, балалық шағымда бір әйелден естіген ем, қазіргі әңгіме, сол әйелмен қалай кездесуім туралы. Біздің ауыл ол кезде, Ақмола облысы, Петропавл уезі, Аққусақ болысына қарайтын «Жаманшұбар» атты мекенді қыстайды да, «Дос» атты көлді жайлайды. Қазақ елінің руға бөлінетін заманында, біздің ауылдың арғы түбін Керей, бергі түбін Сибан дейді. Сибан ол кезде «ойдағы» және «қырдағы» атанып екіге бөлінеді. «Қырдағы Сибан» —Досты жайлайтын төрт ауыл — қырық-елу үйдей. Жүзден астам үй «Ойдағы Сибан»,— Достан жиырма бес-отыз шақырымдағы Есенейдің Қайран көлін жайлайды, қыстаулары елу-алпыс шақырым жерде. Менің сегізден тоғызға шыққан жылым. Мезгіл жаз. Біздің ауыл Достың жағасында отыр. Бір күні біздің ауылдың адамдары ат-арбаларын әзірлеп әбігер бола бастады.
— Бұлар қайда барады? — деген сұрауға:
— Ойдағы Сибанға! — деп жауап берді білетіндер.
— Неге?
— Тірісіне сәлем береді, өлгеніне бата оқиды...
Әзірлік әртүрлі боп жатыр: байлар үстінде сәнді қорабы бар әдемі тарантастарға, сайманын келістіріп, парлаған жақсы аттарды жегеді; орташалары жадағай немесе қорапты тарантастарға жеке жақсы аттар жегеді; кедейлер бір-бір арық «кершолақтарын» не тозығы жеткен тарантастарға, немесе екі доңғалақты «қазақ арбаларға» жегеді... Бұл — қартаң адамдарға әзірлеп жатқан ылау. Жастарға, әрине, салт жүрген қызық. Олар жолшыбай алысады, жарысады. Салттардың жайы да арбалылар сияқты: бай баласының аттары жас, сұлу, семіз, жарау, ер-тұрмандары сәнді; орташаның баласы мінетін ат пен ер-тұрман жарқырағы жоқ сыпайы ғана, ал кедейден желіккен жастар, өзге жандарын үйінде қалдырып, өзі ғана жалғыз көкшолағына мінеді. Түйе біздің арада жоқ. Сиыр баласына салт мініп жиынға бару, ол кездегі ауыл салтында ұят. Ауқатты адамдардың мен құралыпты жас балалары тай мен құнанға мініп жарысуды жақсы көреді. Бүгін де олар тай-құнандарын даярласып жүр!.. Менің де ол балаларға ергім келеді, бірақ, қалай? Мен әке-шешем өліп, жетім қалған баламын. Туған ағаларым жоқ. Мал-мүлкім, үй-күйім жоқ. Жолға әзірленген әркімге барып «ала кет!» деп қыңқылдасам, біреулері: «орын жоқ» деп жайын айтады да, енді біреулері, «саған не бар, онда?!» деп ұрсып жібереді... Аттар жегіліп те, ерттеліп те болды... Әне, алды жөнеле бастады, құрғақ жолдың шаңы аспанға көтерілді... Соны жермен тура тартпақ болған бозбалалар, оларға ерген тайлы-құнанды балалар көлдің батыс жағын орай тартты... Жаздың маужыраған әдемі күні, тұнық, таза ауасы, көркем бейнесі, сағымданған ұшы-қиырсыз кең даласы, салт мінгендерді желіктірмей қойсын ба!.. Әне, олар ауылдан шыға, жарыса жөнелді... Сөйтіп, жұрт ұбақ-шұбақ жөнеле бергенде, көзіме іркілген жасымды сығып мен қала бердім!.. Сол халде тұрып айналама қарасам, әлдекім енді ғана жүргелі жатыр екен. Кім екендігін байқасам, атын аяңнан артық жүргізбейтін кедей шаруалы Дүйсеннің Кәсені екен қасына барып ем, «сен сорлы қалып қойып па ең?» деп аяған сөздер айтты да, тарантасына мінгізіп алды. Есенейдің Қайраң көліне біз күн еңкейе жеттік. Көлді жағалай қонған ауылдарға тарайтын жолдың торабында, келген қонақтарға жөн сілтейтін даяшы тұр екен.
— Сендер сонау Түрікпен аулына барып, Рахметтің үйіне түсіңдер, — деді ол.
— Е, Рахметі несі?! Сіңірі шыққан кедей бізге несін береді? — деп Кәсен наразылық білдірген болып еді:
— Басқарушылардың бөлуі осылай, мен оны бұза алмаймын басқа бос үй жоқ, — деді де даяшы кетіп қалды. «Рахметтің үйі» дегені сыртынан ішіндегі адамдарын санап алатын қырық - құрау, кішірек қарақұрым отау екен. Қара сақалды, ұзын арық денелі Рахмет, үйінің қасына атымызды тоқтатқан бізді, үйінен шыға, құрметпен қарсы алды. Үйіне кіргізген қонағына ол жай-күйін айта кеп, «қолдағы барым осы ғана еді» деп бір текешігін сойды. Аяғы құрттап, ауыл маңында ғана оттаумен күнелткен бұл текешік көкежасық арық екен. Дегенмен үй иесінің ықласына риза болған Кәсен, басқа ешқайда бармай сол үйге қонды. Балаға қызығы — думан. Ол күнгі думан осы ауылдың ауқатты адамы — Ботпай үйінің, маңында болып жатыр. Біздің ауылдық ауқатты адамдары осы ақ үйдің ішінде. Олардың самбырлай сөйлесіп, саңқылдай күлгендері, кигіз үйдің іші түгіл сыртына да кең жайылып, түнгі тымық далада алыстан естіліп тұр. Ботпай үйінің қазаны да, әрине, Рахметтің қазанынан әлдеқайда кең, сойыстығы да әлдеқайда семіз... Сондықтан сорпа-суын ішкісі келгендер жерошағының басында. Балалардың да көпшілігі сол маңайда ойнайды, өйткені, қазан түсірілген соң, олар үйдегі «үлкендердің бармағын жалап, ет асайды...». Мен де сол балалардың ойынына қосылдым. Міне, ет іс пісті. Буы бұрқыраған қойдың семіз етін қазаннан үлкен ожаумен сүзіп алған әйелдер, үлкендігі кішігірім науадай ағаш астауларға салып жатыр... Астауды жағалай кейі ағаш, кейі жез үлкен табақтар да қойылып қалды... Табақ жасап үйренген ептілер қылпылдаған өткір бәкілерімен табақ-табаққа мүшелерді бөліп те үлгерді... Тағы бір епті жігіттер ет салынған табақтарды қолдарына көтеріп, бірінің артынан бірі тізбектеле, қонақтар отырған үйлерге қарай жөнеле берісті... Әлгі бір кездегі у-шу енді бәсеңдей қалды. Жұрттың аузы майлы етте... Жетімдіктің бір көрінетін жері осындайда. Әкесі, шешесі, ағасы бар балалар мұндайда топтың арасына кіріп кетеді де, майлы еті бар жіліктерді ұстап жей бастайды, жілік берер жақыны жоқ жетімдер әркімге бір жаутаңдайды. Көңілі түскен біреу есіркеп ет бермесе, олар бұл үйден құрауыз шығады. Майлы ет толған табақтар Ботпайдың үйіне бірінің артынан бірі кіргенде, табақшыларға араласа үйге кірген бір топ баламен араласып, мен де кірдім. Менімен қатар тұрған балалардың әрқайсысына не әке, не шешесі, «әй, пәленшежан, мә» деп жіліктерді ұстатып жатыр. Мен әркімдерге жаутаң-жаутаң қараймын, мені шақырарлық ешкім жоқ сияқты... Тұрдым-тұрдым да, әлдекімдердің «Мә» деп берген жөнді еті жоқ жауырынын қолыма ұстай, жыламсырап далаға шығып кеттім. Со қалпыммен босағада тұр ем:
— Әй, мына бала аш қалыпты ғой! — деді, қасымнан өте берген біреу.
— Қонақ па, осы ауылдың баласы ма? — десті әркімдер.
— Қонақ бала! — деді, кескініме үңілген біреу.
— Ендеше, бері әкел оны! — деді жерошақ басында отырған әйелдердің біреуі. Барғым келмеген мені бір жігіт зорлағандай итермелеп, жерошақ басына алып келіп еді, сол арада топталған әйелдердің ішінен мосқалдау біреуі:
— Аяққа сорпа құйыңдар да, өкпе-бауырдан, ішек-қарыннан салып беріңдер! — деді. Бір әйел шеті кетік үлкендеу қара аяққа сорпа құйып, ішіне көр-жер ет салып берді, мен ішуге кірістім.
— Ал, кім баласысың, шырағым? — деді манағы мосқал әйел, мен тойынып ап, қолымдағы аяқты қайтарып берген соң:
— Мұқанның баласымын, — дедім мен.
— Кәдімгі Шүкейдің Мұқаны ма, Нұртазаның ауылындағы?
Мен басымды изедім.
— Алда, бақыр-ай, — деді әйел, аяған дауыспен, — сен екенсің ғой, Мұқаннан қалған жетім бала? Атың Сәбит қой, сенің? «Мені қайдан біледі бұл танымайтын әйел?!» — деп іштей таңырқадым да, тағы басымды изедім.
— Бұ баланы қайдан білесің? — деді әйелге әлдекімдер.
— Білмегенде ше? — деді әйел, — біздің үйде туған жоқ па, бұл бала. Қасымда отырған баладан әйелдің кім екенін сыбырлап сұрап ем:
— Осы үйдің бәйбішесі, Тұрағал деген кісі, — деді бала.
Тұрағал төңірегінде отырғандарға, менің қалай туу тарихымды сөйлеп кетті.
— Мұқан марқұм бірнеше жыл біздің үйде жалшылықта жүрді ғой, — деп бастады ол сөзің — топырағы торқа болсын бейшараның, жаман қылығын көрген жоқпыз, міндетті ісін адал атқаратын, күні-түні демей жұмысын істей беретің қақ-соқта жұмысы жоқ адам еді. Бәжең де сондай кісі болатын.
— «Бәжесі» кім? — деп сұрады біреулер.
— Мұқанның әйелінің аты Балсары болатын. Оны жұрт Бәже дейтін. Мұқан марқұмда қыз көп болды да, ұл болмады. Ұмытпасам, осы Сәбиттен бұрын Бәжең он үш қыз тапқан. Бір қызы туарда ұл бола ма деп ұмсынып атын Ұмсындық қойыпты, тағы бір қызының атын «артынан ұл туар ма екен» деген оймен Ұлтуған қойды... Сөйтіп, бейшара ұлдан тарығып жүргенде Бәжең тағы құрсақ көтерді. Көзі көрмегенге бәрі өтірік со кезде Мұқан бейшараның «а, құдай, тілегімді қабыл ғып ұл бер де, содан кейін ал мені» деп жылап жүргенін талай естідім де, көрдім де.
— Енді қайтсін, — десті әркімдер, — жасы ұлғайып қалған адам... Сүйенер малы жоқ. Қыздары асырай алмайды. Егер ұл болмаса, оның аты аштан өлу ғой!..
— Рас,— деді Тұрағал, — сонан Бәжең ай-күніне жетті. Со жылы біздің үйдің қойы көбірек қоздады. Анау отырған біздің тоқал да, — деді Тұрағал, жас бір әйелді иегімен нұсқап, — аузы-мұрнынан шығып отыр, оған біздің әлгі бұрау басын сындыртпайды, бірдемеге қолғабыс тигіз десең, іштегі баласына зақым келер деп зыр-зыр етеді.
— Енді қайтсін, — деп қойды біреу. — О да қай бір басқа жарыған кісі еді, онда. Ол кезде жалғыз ұлы Шалабайдан басқа баласы жоқ еді ғой.
— Сонымен, — деді Тұрағал, — жер ала-сапыран боп, қар ери бастады. Мал төлдеп жатыр. Со жылы біздің үйде жүзге тарта қой қозылайды, жиырмадан аса ешкі лақтайды, онға жақын сиыр бұзаулайды. Сонша төлдің бәрін күтуге жалғыз менің әлім келмейді. Ай-күніне жетіп отырған Бәжең бейшараны аяймын. Бірақ, амал жоқ. Үзіліп-созылып о да менімен бірге жүреді. Қора ішінде босанып қала ма деп зәрем кетеді.
— Қиын хал екен, — деді біреу.
— Сол кезде, біздің құлындағалы жүрген бір бие қорадан шығып бошалап кетіпті, — деді Тұрағал. — Қыс қаттырақ болып, биелеріміздің біразы іш тастап, сауамыз деп отырған биеміз үшеу-төртеу-ақ еді. Құлындағалы жүрген биенің бошалап кеткенін біздің Әлгі естіді де, «ие бола алмадың» деп Мұқанға бұрқан-тарқан боп ашуланды. «Бір жерге барып құлындайды да, шуына оралып құлыны өледі. Оған дейін тауып әкел! Егер құлыны өлсе, өзіңді бірге өлтірем!» деп, Мұқанды салт атпен қуды да жіберді. Мен: «Бәжең бүгін қабағын шытыңқырап жүр, тегі толғақ болар деймін, күйеуі қасында болсын, басқа біреуді жіберсең қайтеді» — деп ем, — барады деген соң, барады деп, Әлгі маған ақырып тастады. Сонымен Мұқан марқұм әйелінің толғатқанын білсе де, амалсыздан кете береді.
— Со күні кешке, — деді Тұрағал, — Бәжеңнің толғағы жиілетіп кетті. Түн бойы қасында болдым. Әлде қайтып кетеді деп, зәрем жоқ. Сөйтіп, таң ата босанды-ау, бейшара!..
— Ұл ма, қыз ба? — десті бірнеше әйел.
— Ұл! — деді Тұрағал. — Қуанып кетіппін! Кіндігін кескен баланы орап ап қарасам, Бәжең бейшара талып жатыр екен. Со талғаннан Мұқан келгенше талды. Құлындаған биені Мұқан аман тауыпты. Құлын жүруге жарамаған соң, түні бойы тонына орап таралдырады да, таң біліне алдына өңгеріп, үйге алып келеді.
— Е, бәрекелде! — десті біреулер.
— Құлынды аман көрген соң Әлгі көңілденіп, Мұқаннан «Әйелің ұл туды» деп шүйінші сұрады. Қуанған Мұқаң «қалағаныңды ал!» — деді.
— Мұқанның үйінде, — деп жалғастырды Тұрағал сөзін, — шүйіншіге аларлық ештеңе болмайтын. Ақша жоқ, мал жоқ, мүліктен бар іске татыры, өткен қыс тіктіріп, кимей, төріне іліп қойған етігі болатын. Әлгінің сол етікті сұрағаны бар емес пе? Берді ме? — десті жұрт.
— Қуанғаны сондай, Мұқан марқұмның, — етігі түгіл, өзін сұраса да беретін. «Қалағаның сол болса» деп, алды да берді.
— Жалғыз етігін алды ма? — деп сұрады әркімдер.
— Дүнияқор еді ғой, біздің Әлгі. Менің: «Қайтесің сорлыны жалаң аяқ тастап?» дегеніме қарамай, «шүйінші берсе, баласы өмірлі болады», — деді де алды...
— Сөйткен баладан не жақсылық көрді? — деді Тұрағал көзіне жас ап, — олар өліп кетті... Мына байғұстың, — деді мені нұсқап, — қаршадайынан жетім қап, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргені мынау!..
— Ия, солай! — деп күрсінді біреулер.
— «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» деген, — деді біреулер, — кім біледі, жылап-сықтап жүріп, мұның да адам боп кетуі!..
— Өзі жалпақ беттеу, құба өңділеу, май мұрындау, кішірек көзділеу боп, шешесіне тартыңқыраған екен; әкесі ашаң өңді, қоңыр кескінді, мұрындылау, көзділеу кісі еді ғой, — десті әркімдер.
— Қайсысына тартса да тірі болсын. «Орнында бар оңалар» дегендей, тірі болса, Мұқан марқұмның атын өлтірмейді. Кейін анықтасам, мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол — 1901 жыл. Документте «1900 жылы» боп жүр. Әкем ол жылы қырық тоғызда, шешем — қырық екіде екен.
ӨРТ
Мен есімді білер-білмес кезде, біздің үй «Күрілдектің Күтірі» деген участокте отырды. Күрілдек — Құтырлаған атты казак-орыс станицасы, орысша аты Екатериновка. Оның қалайша — «Құтырлаған» атауы туралы ауыл арасында төмендегідей аңыз бар: қару-құралды казак-орыстар ең алғаш біздің араға келгенде, бұрын орыс көрмеген ауыл адамдары тығылып қалады. Мезгіл жаз екен дейді. Әр үйдің есігінің алдында сөреге байлаған құрт тұрады екен, соны таңсық көрген казак-орыстар қалталарына салып алып кетеді. Олар «Үлкен» және «Кіші» аталатын екі Сары көлдің арасынан станица салып, атын Екатериновка қояды. Кешікпей екі халық дос боп кетеді. Содан кейін қазақтар қалжыңдап станицаның атын Құртұрлаған» қояды, Құтырлаған содан барып шығады. «Құтырлағанда» аса бай казак-орыстар болған, солардың біреуін қазақтар «Мәтке» дейді, онысы — «Митька», өйткені бұл орыстың аты — Дмитрий, әкесінің аты — Никифор, фамилиясы — Колесников. Қазақтар «Мәткені» «Күрілдек» деп те атайды екен. Олай дейтіні — дауысы жуаң күрілдеп сөйлейтін кісі екен. Білетін адамдардың айтуынша, «Құтырлағанда» Мәткеден бай орыс болмаған. Ол қазақ байларымен дос болады, өзі қазақ тілін өте жақсы біледі. Күрілдек екі-үш жүздеп өгіз жинап, сауда да істейді екен. Саудасын Сатыбалды дейтін қазақ жүргізіпті. Сол маңдағы орыс, қазақта алғаш «ірбіт»1 шапқан бай Күрілдек қана болыпты. Байлығының үстіне Күрілдек неше жыл атаман да болады. Өзі көп жасап өледі.
— Қартайған кезінде Күрілдек айтып отырар еді,— деседі, таныс қарттар, — «құдайға арманым жоқ, бастан тартқанмен, дәулет пен бақтан тартқан жоқ. Өзім ат жалын тартып мінгелі, үйіме үш наследник2 түсті: «Александр ІІ. Александр ІІІ. Николай ІІ.»
— Онысы рас та еді, — деседі қарттар, — әрбір наследник таққа отырарда Сібір бойына қоныстаған казак-орыстарды аралап қайтатын. Солардың бәрі Күрілдектің үйіне түсетін. Күрілдектің меншікті үлкен участогі болған, сол участокке мекен салдырып, жаздай пішен шаптырады екен де, қыстай сауда өгізін асыратады екен. Осы участоктің атын қазақтар — «Күрілдектің күтірі»3 қойған. Участок Күрілдектің күтірі боп тұрған кезде, менің әкем шөп шабуға, шешем пішеншілерге ас қып беруге жалданады. Ол кезде мен — есімді шала-шарпы ғана білетін, төрт-бес жастағы баламын. Сондықтан әкем мен шешемнің, не солар сияқты жалшылардың не бейнет көргенін білмеймін. Тек менің есімнен со бір күндері әке-шешемнің басына түскен аса бір ауыр хал, әлі күнге дейін кетпейді... Менің артымнан тағы бір қыз туады да, ұлдың артынан туды деп қуаныш көріп, атын әке-шешем Балтуған қояды. Балтуғанның тірі күніндегі бейнесі менің есімде жоқ. Мен оның өлгеннен кейінгі кескінін ғана шала-шарпы көз алдыма елестетем... Күрілдектің кезінде жұрт шөпті қол шалғымен шабады екен. Күрілдек пішенге қырық-елулеп жігіт жалдайды екен де, тамағына деп бірнеше сауын сиыр ұстайды. Сиырларды сауатын да, пішеншілердің, ас-суын даярлайтын да менің шешем болады. Ас-судың орны — біздің кішкентай қара-құрым үй. Күрілдек пішеншілерді «жүздікке» жалдайды екен. «Жүздік» дегеніміз — жүз көпене шөп. Бір жүздікке Күрілдектің төлейтіні не бір қой, не үш сом ақша. Және ол — екеуі бір арба шығатын көпенені ғана есепке алады. Күрілдектің пішеншілері сондай ауыр еңбек атқарып жүрген күндердің біреуінде, түнде масалап өре берген сиырларды тоқтатпақ боп шешем тезектен түтін салады да, жұмыстан қалжырап жүрген сорлы, бесікке бөлеген баласын емізіп отырып ұйықтайды... Бір уақытта, сиырлар өкірген дауыс естіледі. Шошып оянған шешем далаға жүгіре шықса, түтін салған тезектен өрт тұтанып жайылып барады!.. Со кезде жел де көтеріледі, өрт ілезде кеңейіп сала береді... Әлі күнге көз алдымда: қараңғы түн... Аспанда қоршаған бұлт... Ішін тарта ышқынып соққан жел... Алыста дөңгелене өрттің қызыл құрсауы жер жүзін түгел орап алған сияқты... Жер де, көк те тұп-тұнық, қап-қара... Жер де, көк те от сасиды... Осы қара дүниенің ортасында, менің тетелес екі апам Ұлтуған мен Бағила және шешем үшеуі біріне бірі тығыла зар қағып жылап тұр! Өрт кете барды. Ол, әрине, жолшыбайғы дүниені жалап барады. Өзге дүниенің бәрі өртелсе де, Мұқан және соның қасындағы өзге жалшылар «ләм-мим» демес еді, егер Күрілдекке деп шауып жатқан жүздіктері аман қалса!.. Кейін естуімізше, жүздік атаулының бәрі өрттің ығында екен. Құлашын кең жазып алған өрт, сол жүздіктерден түк тастамай, ұйпа-тұйпа қылады да кетеді. Өртке ие бола алмаған, көп күнгі еңбектерін өрт жалап кеткен қайғылы пішеншілер қосқа қайтады. Өртке айыпты шешем екенін білген соң, ызалы әкем жатады да сабайды... Пішеншілер арашаламайды... Арашалайтын — шешемнің ержетіп қалған екі қызы!.. Бірақ балуан денелі, әрі ыза қысқан әкем ол екеуіне бой берсін бе!.. Әкем Балтуғанды жанындай жақсы көреді екен, егер бірдемеге ашулана қалса, екі қыздың біреуі бесіктегі нәрестені алдына тоса қояды екен, әкемнің ашуы сонда ғана басылады екен... Манағы өртті сөндірем деп жүріп Бағила оң қолын түгелімен күйдіріп алады. Сөйте тұра ол әкесі сүйрелеп сабап жүрген шешесін арашалай алмаған соң, дағдылы әдісін қолданбақ боп, жүгіріп үйге кіреді де, бесіктегі Балтуғанды көтеріп алып шығады... Мұндай шуда Балтуған оянып кетуге тиісті ғой... Бірақ оянбайды, дыбыс та бермейді... Не хал болғанын ұқпаған Бағила, әкесіне әкеліп, сүйікті нәрестесін ұстата береді... Ашу сөндірген әкемнің ақылы сонда ғана тұтанып, Бағила ұсынған сәбиді ұстай ап бауырына басайын десе, бала сұп-суық! Жүрегі тітіркене қалған әкем баланы аймаласа, — жан жоқ!.. Ұзын сөздің қысқасы, — Балтуғанды жұмыстан қалжырап көп емізген шешем, бесік үстінде ұйықтап қалады да, бала емшекке тұншығып өледі... Сол бір трагедиядан менің есімде болар-болмас. сақталған елес: жел басылған, бұлт ыдыраған, күн шашырап шығып келеді... жансыз денесі боп-боз баланы алдына алып, басы төмен салбыраған әкем отыр... Оның қасында, қара-күйік шаң жапқан бетін жерге төсей, күңірене, өкси жылап, етбеттеп шешем жатыр... Оларды айнала, бастары төмен салбыраған, беті-қолдары қара күйе, жыртық киімді пішеншілер отыр... Со бір кезде: «Ойбай, көп қалды» — деген дыбыс берді біреу. Бәрі жалт қараса, салт мінген көп адам шауып келеді...
— Қожайын кеп қалды! — деп үрейлене түрегелісті пішеншілер... Әркім баспана іздеп, бет-бетімен қашып жатты... Мен де солармен бірге қаштым... Кейін естісем, манағы өлген баласын құшақтап орнында жалғыз Мұқаң қасында жалғыз шешем қалады да, Күрілдектің шабармандары қаптап келген бетінде қолдарының уын соған төгеді... Жауған қамшының астында әкем талып қалады...
САЯТШЫ ОРАЗ
Күрілдектің күтірінде жеген таяқтан кейін қатты ауырып еңбекке күші келмеген Мұқаң Зәуре атты ұзатқан қызының аулына көшіп келеді. Зәуренің күйеуі — бес мың жылқы біткен Есеней байдың інісі, Еменалының кенже баласы. — Аты — Сүлеймен — әкеммен жасты. Зәурені ол тоқалдыққа алған. Бұл ауылда біздің үй бір қыс болған деседі. Ол жылы мен төрт-бес жаста болсам керек. Со жылы кездескен адамдардың ішінде, менің сәбилік есімде апам да, жездем де, басқалар да сақталмаған тек қана елесі сақталған жалғыз адам — Саятшы Ораз. Кейін ол адамның түр-тұлғасың кескін-кейпін айқын танып, қызыға қарап жүрдім. Орта бойлы, кең жауырынды, төстек кеуделі, мұрнының екі жақ сайынан басқа бетін түгел жапқан, ұзындығы кіндігіне түсетін қалың ақ сақалды, кішірек келген дөңестеу мұрынды, ойнақылау келген дөңгелек қара кезді, желкілдеген ұзын ақ қасты, кең маңдайлы, әжімсіз қызыл-күрең кескінді, ықшам сыртқы киімдерін шалбарланып алатын кең шалбарының балағын ішіне сала, қонышын тізеден асыра етік киетін, беліне қазақша кісе буынатын кісесінің төңірегінде: мылтықтың оғың дәрісің тазалайтын саймандарын салатын салпыншақтары көп, кішігірім тебінгідей оқшантайлы, сол жақ бүйірінде қынды ұзын кездігі салбырап жүретін арқасынан асынған шиті мылтығы түспейтін адам еді ол... Менің есімде бұл кісі соншама айқын сақталмас па еді, қайтер еді, — егер со қыста, біздің үйдің күн көруіне оның көп жәрдемі тимесе... Кейін білдім, жездем Сүлеймен орта дәулетті болғанмен сараң адам екен. Сондықтан ба, болмаса Оразбен бұрыннан көңілдестігі бар ма, менің әкем 1904 жылы жездемнің аулына көшіп барғанда, қысқы үйін күйеуінің қасынан емес, Ораз үйінің қасына салыпты. Шала-шарпы есімде: Ораз бен біздің үй су жататын сайдың күнгей жағындағы қалың ағаштың қойнауында, өзге үйлерден оғаштау отырды. Біздің үйде ол жылы мал атаулыдан жалғыз-ақ сиыр болыпты. Оразда да бір ат, бір сиырдан басқа мал жоқ еді деседі. Сондықтан оның да шымнан салынған үйімен қамыспен қоршалған қорасы да, біздің де шымнан салған үймен қамыстан салған қорамыз да шап-шағын, кіп-кішкене. Ораз ең алдымен мылтықшы екен және жалғыз оқты шитімен ғана атады екен. Бертініректе аспанда зырлап ұшып бара жатқан үйректі шитімен атып түсіргенін өзім де көзіммен көрдім. Ес біліп, қасына ерген кезімізде Ораздың ұсынған оғы тимегенін көрген емеспін. Өзгелер де, Ораздың қолы өмірде мүлт кеткен емес» деседі. Оның үш мергендігі елдің есінде ерекше сақталған. Бір мергендігінің тарихы былай: Ораздың жігіт кезінде қалың ел жайлап отырған жерге адасып жалғыз шошқа келеді. Ауылдың надан адамдары одан үрейленіп молдаға барса, молда: «Сендердің көздеріңе шошқа боп көрініп жүрген шайтан» — деп қорқытады. «Онда қайттік?!» деп сасқан жұртқа молда: «Үй басы мал сойып, тасаттық4 беру керек сонда ғана бұл пәле қашады», — дейді, молда, әрине, тасаттыққа сойылатын көп қойдың етіне ғана тоймайды, бәрінің терісі оныкі. Жұрт жиналып тасаттық берудің жабдығын сөйлесіп жатқанда, Ораз тұрып: «Ау, жұрт, мен білсем, осы жын да емес, шайтан да емес, кәдімгі шошқа. Нанбасаңдар, мен осыны атып көрейін, шошқа болса өледі де, шайтан болса жоғалады»,— дейді. Жұрт ақылдасады да:
— Егер атып өлтіре алсаң, саған бір жақсы ат мінгізейік, — дейді. Осыған олар уәделеседі. Шошқа қорысында жатқанда көлдің жағасына жұрт жиналады. Сонда, білгішсінген біреу:
— Оқты не жүрегінен, не миынан тигізбесең, шошқа өлмейді, — деді. Ораз тұрып: «Оқты бергі құлағының тесігінен тигізіп, арғы құлағының тесігінен шығарсам, ризамысыңдар?» — деп сұрайды.
— Оны істей алсаң, бір түгіл, екі ат берейік! — деседі әркімдер.
— Ендеше атам! — деп Ораз әзірленгенде, біреу тұрып:
— Шошқаны жүз адым жерден жақын атқан шариғатта обал болады дейтін, — дейді. Сонда Ораз: «Мен жүз емес, екі жүз адымнан-ақ атайын», — деп, сол шамалы жерді мөлшерлеп алады да, шиті мылтықтың аяғын жерге құрып жіберіп, шошқаның әзі жақ құлағын нысанаға алып тартып кеп қалады, шошқа шоршаң етіп атып тұрады да, қылжиып барып құлайды. Жұрт жүгіріп барып қараса, Ораздың оғы бергі құлақтан тиіп, арғы құлақтан шыққан екен дейді. Шошқа өліп қалыпты!.. Ораздың енді бір мергендігін былайша сипаттасады жұрт: тағы бір жазда, ел жайлауда отырғанда той болады. Тойға жиналған жұрт көлдің жағасындағы көк майсаға отырып, алдарына табақ тартылған кезде, аспанның биігіне шығып ап, бір бозторғайды қуып жүрген тұрымтайды көреді. Тұрымтай бозторғайды әлденеше рет шалып, іле алмайды, тұрымтай шалған сайын бозторғай биіктеп ұша береді. Бозторғайды аяған жұрт: «Бұ бейшара неге төмен қарай ұмтылмайды, неге жоғарылай береді» десе, біреу: «Төмендесе-ақ қағып түспей ме тұрымтай, соны біліп жоғарылап барады»,— дейді. Аздан кейін бозторғайдың екпіні бәсеңдеп, тұрымтайдың екпіні күшейе бастағанын көреді жұрт. «Апырай, енді шалады-ау, бейшараны!..» деп аяған жұрт шуласа бастаған кезде, жиынның арасынан мылтықтың дауысы гүрс ете қалады. Со кезде торғайды ілгелі жүрген биіктегі тұрымтай қаң-көбелек ойнап төмен қарай құлдырай құлайды. Жұрт: «Не болды бұған? деп таңданса, тұрымтайды атып түсірген Ораз екен!.. Ораздың мылтықшылығы осындай болса, құсбегілігі одан да бетер болған. Есін білгелі қыс бүркіт салудан жаз қаршыға мен тұйғын салудан қол үзбеген. Алғыр құстардың ішінде ілуде біреуі ғана болмаса, бабын тауып қайыра алмайтыны — ителгі деседі. Ораз — осы ителгіні де қайырып салған кісі.
— Менің малым көп, — деп қалжыңдайды екен Ораз.
— Қайдағы мал? — деп сұрағандарға:
— Көктің құсы, жердің аңы түгелімен менікі, олар бар¬да мен аштан өлмеймін, көштен қалмаймын, — дейді екен. Жазы-қысы құс салатын. Ораз әр күні қоржынын толтыра құс, қанжығасын толтыра аң әкелмей қоймайды екен. Соның бәрін өз пайдасына жұмсаса, оның, байып кетуі мүмкін ғой. Бірақ өйтпейді Ораз. Оның қанжығасы қанды екенін білетін жұрт, аң мен құсқа мылтықпен шықсын, қайырған құсымен шықсын қасына топталып ереді екен. Ораз атқаның я ілдірген аңдарын соларға үлестіріп, өзі үйіне бірер күнге азық әкеледі екен. Ораз қыстыгүні күзен, тышқан, түлкі, қасқыр сияқты аңдарды да көп аулаған. Бірақ солардың да терісін сатып пайда қылмай, кім көрінгенге сауғаға бере берген. Оның аса дос көретін тобы балалар болушы еді. Жаз да, қыс та аңға шықса, қасында балалар қаптап жүретін. Сауғасын ол балалардан да аямай, күндік олжасын үлестіріп беретің бүгін құр қалған баланы ертең риза қылатын. Оразбен бәлкім ересектеу болған кезде аңға бір шығуым әлі күнге есімде: Ораздың аңға ерте шығуын білетін балалар таңертең оның үйінің маңайына жиналады. Оразда жалғыз-ақ ат болды дедік қой. Қардың жұқа және жұмсақ кезінде ғана ол аңға атпен шығады да, қар қалыңдаған кезде жаяу шығады. Жасы со кезде алпыстарды орталаған Ораздың денесі тіп-тік жүрісі шапшаң. Ол ит терісінен істеген үлкен биялайын оң қолына киеді де, томағалы бүркітін жұдырығына қондырып:
— Ал, кәне, жүріңдер, балалар! — деп жөнеле береді.
Қаптаған бала Ораздың соңынан ере тартады... «Сағындық жалы» аталатын жотадағы ағаштан біз шығып кетеміз. Бұл жотаның оң жақ қабырғасын ала, жарыса біткен «Сәдір шоғы» дейтін бір жал бар, сол жағында жарыса біткен «Елтін» дейтін жал бар. Осы жалдардың арасындағы сайлардың әр жеріне өзектене талдар, шіліктер өседі...
— Ал, балалар, — дейді Ораз сайға түсе бере, — мен сонау талдың ығына отырайын. Сендер жел жағына шығыңдар да, ішіндегі аңды бері қарай айдаңдар!
— Неге көнбейді? — дейді Ораз, — айқайдан қашпайтын аң бола ма, ар жағынан дыбыс шықса, бері қарай өздері де жөңкиді. Ораз жұмсаған жаққа балалар жүгіріп кетеді де, шуласа кеп жыныстың ішіне кіреді. Талдардың не шіліктердің арасындағы бар аң қоян ғана ма, болмаса ең қорқағы солар ғана ма, әдетте шудан үркіп ағаштан шыға қашатын қоян болады... Ораз ол кезде, бүркітінің томағасын алып, әзірленіп отырады. Аң аулап, дағдыланып қалған бүркіт, бұл кезде қанатын қомданыңқырап, жан-жағына қылқыңдап қарайды да, қашып шыққан қоянды көргенде, бірер рет шаңқылдап шақырып жіберіп, талпына бастайды. Со кезде Ораз бүркітін ұшырады. Шарықтап, биікке шығып, төмен сорғаламай аң алмау — бүркіттің ата дағдысы. Сол дағдысымен ол қашып бара жатқан қоянға тұра ұмтылмай, әуелі бойын жазып, биіктеп алады да, содан кейін, қоян қашып бара жатқан жаққа қарай құлдырай кеп құйылады. Бүркіт атаулының бәрі сондай ма, немесе Ораздың баулыған бүркіті сондай ма, иесі жүгіріп жеткенше, ұстаған қоянын бүркіт тірі қалпында басады да отырады. Жасының қартаңдығына қарамай. Ораз со кезде балалардан жүйрік. Балалар қарға батпайды, ол батады. Солай бола тұра, жарыса жүгіргенде, ол балалардан озып кетеді... Егер қар тіпті қалың боп, жүгіртуге мұрша бермесе, Ораз аяғына шаңғы киіп алады. Шаңғы кигенде ол: «Шапқан атқа қатарласам» — деп серпеді. Атпен жарыса ала ма, жоқ па, ол арасы бізге мәлімсіз, бірақ шаңғы кигенде ол қардың бетінде аққан жұлдыздай зымырайды... Со кезде оның былай да күрең кескіні тіпті күрең тартып, бетіне ақ сақал жамап алған жас жігітке ұқсайды. Ораздың қысқы соғымы — қоян ғана. Оның үйі қоянды көбінесе сорпа ғып емес, бәліш қып жейді. Сол үйде үлкен қара таба болады. Ораздың әйелі бәлішті осы қара табаға толтыра жасайды... Ораз әңгімеші адам. Оның айтуынша, әкесі Қаша да аңшы екен. Ес білгелі әкесінің қасына еріп аңшылықты кәсіп еткен оның аң аулау туралы нелер тамаша әңгімелері болады. Сол әңгімелерді ол аса шеберлікпен айтып береді. Оның әңгімелері әсіресе балалар үшін қызық. Ғажап ертегілер сияқты оның нелер әңгімелері, менің есімде күні бүгінге дейін сақтаулы. Оларды жазуға бұл кітапта орын жоқ. Ораз аңнан қайтса-ақ, жұрт оның кеңесін тыңдауға жиналады.
— Бәйбіше, — дейді қонақтарын жылы шыраймен қарсы алған Ораз, амандық-саулықтан кейін, — даярла, бәлішіңді!.. Асқа дейін біз әңгіме соға тұрайық!.. Аңшылық туралы әңгіменің арты, күн көріске кеп соғады. Ауылда не көп — кедей көп. Олардың бәрінің қолынан аңшылық келе бермейді. Көпшілігі ауыл байларының, көршілес орыс поселкелеріндегі кулактардың жалшылығында. Сол ауылда Тоқпамбай, Сыйқым дейтін екі шал, бала күндерінен жалшылықта жүргенмен не мал, не үй не семья біткен емес. Ондайлар толып жатыр. Солардың халін айта кеп:
— Жасағанның бергеніне шүкіршілік, — дейді Ораз, сақалын сипап, — байлық біткен жоқ. Бірақ, аңшылықтың арқасында ешкімге телміргем жоқ. Байға түскен күнің құрсын. Ол сенің теріңді бір емес, жеті рет сойып алады...
— Рас! — дейді жұрт күрсініп, — содан қалай құтыламыз бірақ?..
Бұл сұраудың жауабын Ораз үйіне жиналған кедейлерден ешкім таба алмайды. Күрілдек күтірінен көшіп келген қыс, әкем сол ауылдың жылқысын бағуға жалданады. Бірақ ашық даланың суығында атқаратын бұл қызметте ұзақ төзе алмай, денсаулығы жарамаған соң босады. Үйге келген әкем төсек тартып, жатып алды. Үйде сатар мал да, ұстар қаражат та жоқ. Шаруасы мол күйеуі қараспайды... Енді қалай күн көру керек? Мұндай жағдайда, Ораз жәрдемдеспесе, со жылы біздің үй аштан өлер еді деп ойлаймын... Әлі есімде, біз таңертең әкемнің ауру жанына батып, сарнаған даусынан оянамыз. О кісінің сарнағанда үздіксіз айтатыны — үш-ақ ауыз сөзі бар: «Ойпырай, алла-ай, жаным-ай!..» Ұйқыдан ояу уақыттарының бәрінде осы үш сөзді үздіксіз айтудан аузын жаппайды... Шешем со қыста орыс поселкелерінен тон алып тікті. Жәрдемшісі — ержетіп қалған Бағила ғана. Бірақ оң қолы баяғы өртке күйгеннен тырысып, қисайып біткен, ол ине сабақтап беруден басқаға жарамайды. Тонды шешем тебен инемен, жуан кендірмен өзі ғана тігеді. Неге екенін кім білсін, — тіккен тонның ақысына біздің, үйдің алатыны картоп қана. Осы картоптан басқа адал ас жоқ... Сондай таршылықта тұрған күндерде, бір күні таңертең Ораз келді де, әкемнің көңілін сұрап отырып:
— Ау, Мұқан! — дейді, үй-ішінің хал-жайын көргеннен кейін, — шариғатта айтады екен: «Ең ауыр ақы — көрші ақысы» — деп. Маған биыл көрші қондың ғой, сен. Бәрібір «иттің, құлы итақайға» үлестіріп жатқан дүние, сен оны намыс көрме, мен борыш көрмейін, биыл қыс мылтықтың қарауылына, бүркіттің тұяғына іліккен олжаға екеуміз ортақ болайық. Осы кеңестен кейін біздің екі үйдің дастарқаны қосылып кетті, Ораз үйінің қоян етінен пісіретін бәлішіне біздің үй де ортақ болды. Бірақ бұл бәлішті екі үй кезектесіп пісіреді: бір күні Ораздікі, бір күні біздікі... Үлкендігіне кісінің құлашы әрең жетерліктей зор бәліштің ішінде қоянның етіне араласа, картоп та салынады. Молдығы ма, берекелілігі ме, бір бәліш екі үйдің жанын лық тойғызады. Әуелі олар бәлішті айнала отырып қасықпен ішіндегі тұздықты етін соғып алады да, содан кейін сыртқы қабыршағымен шай ішеді... Аурулы Мұқанның көңілін аулағысы келе ме, немесе кеңесқор адам ба, — асқа тойғаннан кейін Ораз аңшылық әңгімесін шертіп кетеді.
БАҚЫТСЫЗ БАҒИЛА
Оразбен елбесіп-селбесіп, қарны тойып, қабағы ашылыңқыраған біздің үйге сол жылдың көктемінде, тағы да жылау кірді. Жас болсам да есімде: шешем мен Бағила екеуі, тіккен тонды алдарына өңгеріп, үнсіз еңірейді де отырады... Осы жылаудың кезінде біздің үйге бір күні көршілер жинала бастады. Әлдеқайда, алыста отыратын әкемнің інісі Мұстафа да келді. Жиналған жұрт әке-шешеме құтты болсын айтып жатыр: Бағиланы Мұстафа әлдекімге бермек боп, құда түсіп кепті... Құдалыққа баратындар әзірлене бастады. Көп кісі баратын байдың құда түсері емес, бізден баратындар: Мұстафа, Ораз және мен. Үшеуміз Ораздың көк атына жеккен арбамен жүріп кеттік. Құдамыздың аты — Соснабай деген кісі екен. Әкесінің аты — Шошқабай. Бірінші көргенде менің есімде қалғаны Соснабайдың өзі емес —мұрны!.. Балалық кездегі әсерім бе, әлде расында солай ма, ондай қоңқақ зор мұрынды мен бұрынды-соңды көрген емен. Соснабай бет сүйегі шығыңқы келген, көмірдей қара кескінді екен, со кескіннің орта тұсын ала, бүкірейе біткен мұрынның биіктігі табан қарыс деуге және қалғыған сайын қорылдайды екен... Сонда оның қорылы бауыздалған жылқының ышқына қырылдауынан бір кем емес!..
Әлі есімде «күйеу осы» — дегенге қасына барсам, кескінділеу келген ақ бұжыр жас жігіт, маған қарайды да, сөйлеудің орнына қолдарымен ымдайды. Бақсам, әлгі жігіт құлағы біржола бітіп қалған керең екен де, сол себепті тілімен де айрылған сақау екен. Кейін білсем, бұл жігіт Соснабайға жиен екен, аты Мұстафа болғанмен, жұрт оны Сақау деп кеткен. Өзі ағаштан түйін түйетін, шебер балташы екен. Біз құдадан екі құлынды бие жетектеп қайттық, бірі — қара көк бие, бірі — бурыл бие. Буырылы да, оның құлымы да тайпалған жорға. Мұқан мен Мұстафаның, арасында бүліншілік осы екі биеден туады. Мұстафаның ойы бір биені өзі алып, бір биені Мұқанға бермек екен. Малдың зары өткен Мұқан көрікті екі бие қолына тиген соң, інісіне ешқайсысын да беруге қимайды. Бұған шейін Мұстафа сол маңайда «Исаевка» аталатын орыс поселкесінде, бірнеше жыл бақташы екен. Өзі со кезде сүйек туберкулезіне шалдығып, еңбекке жарамай қалған, балалары жас. Үй-ішіне еңбекке жарайтын жалғыз ғана адам — әйелі Сілеусін. Ол да со жылы жас босанған. Мұстафаның Бағилаға құда түсуі бір жақтан ауру ағасы Мұқанды аяу болса, екінші жағынан өз қамын да ойлап, өзіне де талғажау бірдеме табам деген мақсат болу керек. Соснабай мен оның құда түсу себебі былай болады: көп жыл орыс поселкесінде бақташы болған Соснабай, еңбегімен азын-аулақ мал жиғаннан кейін, туған аулына көшеді де, мал бағып отырған Мұстафаның үйіне кездесіп қонады. Соснабай Мұстафаға, сақау жиеніне қалың беруге ойы барын айтады. Оның екі жақсы биесіне көзі түскен Мұстафа: «Осы биелеріңді берсең, мен саған қыз табам», — дейді. «Берем», — дейді жиеніне қыз таба алмай жүрген Соснабай. Мұстафа: «Ендеше менің Мұқан деген ағамның бой жетіп отырған қызы бар, билігі менде, биелеріңді берсең, қызды бергізем», — дейді. Екеуі осыған қол алысады. Бие алу мақсатымен Соснабайға құда болған Мұстафа, ол биелерді Мұқан бермегеннен кейін араздасты да, үйіне кетті. Сол кеткеннен ол кешікпей, Жаманшұбар аталатын жердегі ағайындарына көшеді... Құда түскеннен кейін көп кешікпей, Бағила ұзатылады. Сол жылы оның жасы 16 да екен. «Бір қолының кемтарлығы болмаса, кескіні әкесіне тартқан, қараторы, бойшаңдау келген көрікті қыз еді»,— деседі көргендер. Ұзатып салғаннан кейін, Бағила көп кешікпей өліпті. Мен оны ұзатқаннан кейін көрген жоқпын.
ЖАМАНШҰБАР
Жұрттың ұғымынша «тас мінез» саналатын Мұстафа туысқанына өте бауырмал адам болатын. Өкпемен Жаманшұбарға көшіп кеткеннен кейін бір жаз ат ізін салмай қойған Мұстафа, қысқа қарай іздеп кеп Мұқанмен жыласып көрісті де, сол қыста ат ізін суытпай қайта-қайта келгіштеп жүріп, алдағы көктемде өз қасына көшіріп алып кетті. Бұл — 1906 жылы. Бұдан былай көбірек кездесетін болғандықтан, оқушыларды «Жаманшұбар» аталатын жердің тарихымен таныстыра кетейік. Үлкендердің айтуынша, біздің аталарымыз, Мәуліт5 маңынан көшіп кеп қазіргі Қостанай облысы, Пресногорьков ауданы, Қарағаш аталатын жерде тұратын туыстарына қосылған. Бұл, шамасы — 1850 жылдардың тұсы. Мен туардан он шақты жыл бұрын, ауылымыз осы арадан Жаманшұбар атты жерге көшеді. Біздің ауылдың қонысынан аууына Торсан деген кісі себеп болған дейді. Торсанның түбі — Сибан емес, Уақ; Сибан руындағы Есеней атты кісінің күйеуі. Есеней аса бай болған, оның үстіне патша өкіметінің сұлтан-правителі болған адам. Бастапқы әйелінен бала көрмеген Есеней, елу тоғызға шығар жылы, бір байдың Ұлпан атты жас қызына зорлықпен үйленеді. Намысы тапталған қыз, Есенейдің ордасын ойран етуді алдына мақсат қып қояды. Бұл мақсатына Ұлпан жетеді. Ұлпан Біжікен атты жалғыз қыз туады. Қыз ержеткен кезде, Есенейдің ордасын бүлдіру, шаңырағың мал-мүлкін жатқа иелендіру мақсатымен жас жігіт — Торсанды Ұлпан Біжікенге телиді.
Оның әкесі Тілеміс, Есенейдің сұлтан-правитель кезінде тілмашы екен. Бұл қызметті Тілеміс байлықпен немесе бектікпен алмаған, өз басының өнерімен алған. Оның әкесі Сапақ, қазақша «Стоп»6 орысша Пресногорьковка аталатын казак-орыс станицасында жалшы боп шошқасын бағады екен. Одан туған Тілеміс пысық және орысша тілді жақсы білетін жігіт боп өседі. Есеней сұлтан-правитель болғанда, біздің елде, Тілемістен басқа орыс тілін білетін кісі жоқ екен. Сондықтан Есеней оны тілмаштыққа алады. Тілеміс Есенейге іштей кекті екен оған себеп мынау: Есенейдің жігіт кезінде «орысқа бағындың» деп біздің елді Кенесары көп қолмен кеп шабады да, мал-мүлкін талап, көп адамын тұтқынға алып кетеді. Есеней басшы болып, ел Кенесары қолын қуады да, «Қақтың қара суы» деген жерде жетіп соғысады. Екі жақтан да көп кісі өледі. Кенесары жеңіліп қашады, біраз адамы қолда қалады. Сол адамдарды казак-орыс штабына апарып тапсырмақ болған Есеней қалың қолымен келе жатса, жолда Сапақ шошқа бағып жүр екен. Қарулы қолдан қорыққан ол, қасындағы обаның етегінен қасқыр қазған апанға кіріп кетеді. Мұны көріп келе жатқан Есеней, апаннан Сапақты суырып алады да, «неге жасырынасың?» деп өлердей ғып сабайды. Мұны естіген Тілеміс, Есенейге өшігеді де, әкесінің кегін қайтарудың жолын іздейді. Ондай жолды Тілеміс табады. Есенейдің жалғыз ғана қызы барын көрген ол, сол қызға үйлендіру, сөйтіп Есенейдің мал-мүлкіне ие қылу мақсатымен, кіші баласы — Торсанды Қорған қаласындағы орыс школасына сабаққа береді. Торсан аса көркем, пысық және орысша білетін жігіт боп өседі. Біжікен оған қызығады. Торсанның әкесі Тілеміс іс, Біжікеннің шешесі Ұлпан да, екі жастың қосылуына тілеулес, Бірақ, олар, бұны Есенейге батып айта алмайды, «атасы жаман» Торсанға, «аталықты» Есенейдің қыз бермеуін біледі. Бірақ, бұған Тілеміс пен Ұлпан қайғыра да қоймайды, өйткені, Есеней ол кезде қартайып, өлер шаққа жетеді. Есеней кешікпей өледі. Ұлпан жұртқа айтпастан қызын Торсанға қосады да, Есенейдің мал-мүлкіне ие ғып үкімет орындарына бекіттіреді. Бұны білген Есенейдің руы қарсылық жасамақ болады. Бірақ, кеш. Үкіметке сүйенген заңды білетін Торсаң надан дұшпандарын бет қаратпайды. Есенейдің ен-дәулетін меңгеріп алғаннан кейін Торсан ояздық және губерниялық әкімдерге алым беріп, дос болады да, өзі бұл елдің болысы боп сайланады. Өкімет қолына тиген соң, ол қарсы жақтан кек алуға кіріседі. Сонда, оның қырына көбірек алғаны,— Андабай-Отарбай аталатын біздің, аталарымыз, өйткені Торсанның Біжікенге үйленуіне көбірек қарсылық білдірген солар екен. Торсанның тілегіне қарай, осы кезде (өткен ғасырдың 90-шы жылдары) аштық және жерсіздік салдарынан ішкі Россиядан көшкен крестьяндар келіп жатады, соларға жер керек. Қолында үстемдік тұрған Торсан біздің ауылдың жерін переселендерге әпереді де, қыс ішінде мекенінен қуады. Мекенінен айрылған біздің елдің көшіп барып тұрақтаған жері — «Жаманшұбар» аталады. Неге олай аталуын баяндаудан бұрын оқушыларды жер жайымен таныстырып алайық. Біздің елдің көшіп барып тоқтаған жері, шөлейтке өскен шұбар екен. «Шұбар» деп ол елде ор жерге шоқтала өскен ағаш өлкесін атайды. Біздің ел қыстаған шұбардың маңында, елу-алпыс шақырымнан жақын жерде қыстау жоқ екен өйткені, айналасы мидай дала, далада көл көп, олар жан-жақтағы елдердің, жазғы жайлауы. Жайлауға жақын жерде қыстау болмауға тиісті. Қыстаудың маңы шабындық болу керек мал жайлаған жерде шабындық болмайды. Бұған қосымша,— «жайлау» аталатын жердің шебі, күз ел кеткен соң, немесе, көктемде ел келердің алдында ертеледі, одан мақсат: біріншіден — ескі шөпті өртеп, жаңасын шығару, оның малға астығы артық; екіншіден — жаз жайлаған кезде малға індет келсе, егер ескі шөпті өртемесе, өткен жылдың індеті сақталып, малды қайта қыруы мүмкін. Өртенетін өлкеде қыстау болмауға тиіс. Біздің ел көшіп барған шұбарда, оған дейін қыстау болмауы сондықтан. Енді «шұбар» деген сөзге «жаман» қосылып, «Жаман» шұбар аталу тарихынан: біздің ауыл барып қыстау салған шұбардың жері қара қыртысы табан кез, шөп те, егін де қалың шығатын ғажап құнарлы жер. Ол кезде егін салмайтын тек мал ғана есіретін біздің ауылға бұл құнарлы жер аса жайлы қоныс болады. Тек қана кемшілігі — жер бетінде суы жоқ. Ең жақын кел — Дос жеті-сегіз шақырым. Жер астының суы, терең құдықтан ғана шығады. Ондай құдық қазуға ауқатты кісінің ғана күші келеді... Дегенмен, біздің ауыл со жерге мекен салып қыстайды. Бұл— 1892 жыл. Келесі күзде жайлау жақтан қалың өрт келіп, қыстауды, қысқа даярлаған пішенді, ағашты тып-типыл ғып күйдіреді де кетеді. Көп мал-мүлік және адам апат болады. Басқа барар мекені жоқ біздің ауыл сол араға тағы да қыстау салады. Малдарын олар алдағы қыста, маңайдағы көлдердің құрағы және қамысымен асырап шығады. Жамандығын көрген жердің атың жұрт «Жаманшұбар» қояды... Содан кейін ауыл да «Жаманшұбар», адамдары да жаманшұбарлықтар» аталады. Со дағдымен бізді көрші ауылдар күні бүгінге дейін «жаманшұбарлықтар» дейді. Күйіктен кейін жаманшұбарлықтар сақтық жасап, жыл сайын күздігүні жақын маңдағы орыс поселкелерінен кісі жалдайды да, қыстауды айнала, жыртқан жерден өрт өтпейтін құрсау жасайды... Бірақ, өрттен кейін ол өлкеге ағаш өспей, «шілік» аталатын шырпылар ғана шығады. Ауыл жылдан-жылға көбейіп, біздің үй Жаманшұбарға көшіп барарда, үй саны елу-алпысқа жетеді. «Алпыс үйлі Жаманшұбар» атанған олар, қысқы мекенін Орыс поселкелерінің үлгісімен көшелеп сап, бір жерде отырды да, жаз Досты жайлағанда: Жансүгір, Жарылғас, Болат, Байтубай аталып, төрт ауылға бөлінеді... Бұл ауылдарға ең жақын орыс поселкасы — Анновка 35 километр. Егін екпейтін ауыл, астықты содан ғана алады. Ауқатты адамдардың жалынатыны ақша. Кедейлер, орыс: кедейлерімен тамыр боп, малмен күн көретін қазақ кедейі соқа-сайманы бар орыс кедейіне көлік береді де, орыс кедейі ол көліктің ақысына қазақ кедейіне, күз астық береді. Тамырлықтың аяғы, шын мағынасындағы достыққа айналып, олар бір-біріне егін мәселесінде ғана емес, тіршіліктің барлық жағдайында да жәрдемдеседі. Еңбекші көпшілік арасында халықтар достығы, ревоюлциядан бұрынғы кездің өзінде осындай жарастықты болушы еді, қазір советтік дәуірде, ол достық шыңына шықты. Малдан басқа шаруа бақпайтын Жаманшұбардың ең байы — Нұртазада жүзге тарта жылқы, отыз-қырық сиыр, екі-үш жүз қой болады. Оған тетелес байлар бірен-саран ғана. Орташа шаруалы адамдар оң он бестей ғана. Өзгелері бірер сиыр, бірер жылқысы бар кедейлер. Кедейдің көбіне кәсіп жоқ. Ауыл байлары аздаған ғана жалшы ұстайды, қалған кедейлер өлмешінің күнін көріп, зорға тіршілік жасайды. Жаманшұбарлықтарға ең ауыр мезгіл — қыс. Оның жері шөл екені, құдығының суы тереңнен шығатыны, ондай құдық қазуға ауқатты адам болмаса, кедейлердің әлі келмейтіндігі жоғарыда айтылды. Осындай жағдайдың салдарынан ағайынды екі адам, бір-біріне езгені қиса да, суды қимайды. Шамасына қарай әр үйде, бірден бастап бірнешеуге шейін құдық болады. Бай адамдар оннан аса құдық ұстайды. Құдықтардың аузы құлыптаулы болады. Біреудің құдығындағы суды біреу ұрламау үшің әркім өз құдығының қақпағына өзге кілтпен аша алмайтын құлып сап қояды... Сонда да құдық суы тез суалып қап, көп үй малдарын қыстай қазандыққа ерткен қармен суарады... Бай адамдар қар ерітуге арнап үй салдырады. Үйдің ортасында шұбалма пеш дейтін тұрады. Жерді бауырлай салынған бұл ұзын пештің қыр арқасына, біріне-бірі жалғаса, әлденеше қазан орнайды, жаққан от бір мойынмен олардың астын қуалай жанады, сөйтіп бірнеше қазандағы қар бір мезгілде ериді. Нұртаза сияқты дәулетті кісілердің қолында, малды осы әдіспен суарудан дыңдай екі-үш жалшы күн ұзаққа босамай, кешке қалжырап жығылады. Жаманшұбардың қысқы бейнеті бұл ғана емес. Ағашсыз, көлсіз далада ескен жел жерге түскен қарды борандата айдаса, шіліктен басқа кідірер жері жоқ. Күртік шіліктің бойынан асқан кезде, бораған қар кідірер жер таппай, жел қай жақтан ессе де, Жаманшұбарға кеп тығылады. Жел, көбінесе, батыстан, не терістіктен еседі деп түсінетін жаман шұбарлықтар боранға қақпай болсын деп, малдың маялаған қысқы азығын со беттерге үйеді. Маялары үйіліп болған кезде, сыртынан қараған кісіге Жаманшұбар, үйлері әлденеше этажды қала сияқтанып көрінеді... Бірақ Жаманшұбарды боранды жылдары қар басудан маялар да қорғай алмайды, сонда оның қолданатын әдісі — қамыстан ауылды айнала қалқан ұстау. Оған мүмкіндік те толық: Жаманшұбардан жеті-сегіз шақырым жерде «Алыпқаш» атты қопалы көл бар, қамысы сырғауылдай биік. Сол қамыстан ауылды айнала қалқан ұсталады да, күртік биіктесе, қалқан үстеле береді. Ондай жылдары Жаман шұбарды айнала үйілген күртіктер таудай теңкиіп, жүргіншіге ауылға кіретін жол бермей қояды... Жаманшұбарда ағаштан қиылған қора-қопсы да, үй де болмайды. Қоқтадан7 үйілген қора-қопсының, қабырғасы шымнан салынған үйдің еңсесі аласа келеді де, бораны көп жылдарда, қалқаннан да аттап өткен күртік ауылды басып қап, тұрғын халық қар астынан қазып шығып жатады... Бейнеті сондай қыста, көп күндерге созылатын боран толастай қалса-ақ, балалардың ермегі сырғанақ тебу. Ауылды айнала ұстаған қалқанды ықтап, тау-тау боп үйілген күртіктің үсті ашық күндері балаға си майды, шанасы бары шанамен шанасы жоғы етегімен биік күртіктен төмен қарай сырғанайды да жатады... Кедей балаларының біразы үстіне үйіндегі үлкен адамдардың ыңғайсыз киімдерін артып алады, ондай киім жоқ балалар, жағының түгі шығып дірдектеген мұрнынан сорасы аққан қалпымен жалаңаш-жалпы да жүре береді!.. Үйінде аяғына киер лыпасы жоқ кейбір балалар, күртік үстіндегі шуға делебесі қозған кезде, тысқа жалаңаяқ та жүгіре шығады... Табанын қари жөнелген ызғар, оны үйіне қайта қуып тығады... Ондай батылдыққа бара алмаған балалардың кейбіреуі, терезеге телміріп, еңіреп отырады... Ерекше бір жылдарда болмаса, Жаманшұбарда қар кететін дағдылы мезгіл — апрельдің ортасы. Қар ол арада бір ерісе, күрт ериді. Қысқы қардың қаймағы апрельді ортасына дейін бұзылмай тұрады да, апрель орталана, «жақсылық» аталатын бір жылы жел кенеттен есе жөнеледі. Осы жел қалыңдығына адамның сирағы бойламайтын қардың ілезде бұрқан-талқанын шығарып, екі-үш күннің ішінде жердің бетін қарайтып ашады да тастайды. Бір ғажабы — қалың қар бетінен емес, астынан ериді. Беті мізбақпаған сияқты мұздана жылтырап жатқан қардың үстін басып қалсаң, асты іркілдеп еріп жатады. Астынан еріп таусылған қардың қаймыжықтай жұқа тоны әпсәтте ғана сөгіліп, жердің кеше ғана ағарып жатқан беті, бүгін қараяды да қалады. Қардан аршылған жер ілезде көктеп кетпейді. Қар кете теріскейден «қара дауыл» аталатын бір салқын жел соғады да, май айының басында болып ететін «құралайдың салқынына» тұтасады. Содан кейін ғана шіліктің жапырақтары бүршіктене бастап, жер тебендеп кектейді. Қара дауыл кезінде киіз үйі бүтін ауқатты адамдар ғана қырға шығады да, үйі жыртықтар, малдың, қиы сасыған қора-қопсының, ішінде, шым үйде отырады. Жаманшұбардың жетпіс бес проценттен артығы — осымдай үйлер. Құралайдың салқыны еткеннен кейін көктемнің күні мейірленеді. Түнде тына қоятын жел, таң біліне шығыс жақтан майда, қоңыр леппен ақырын ғана қозғалады. «Таңғы самал» аталатын бұ жел, жан-жануар атаулыны аса бір рақатқа бөлеп, өте бір ләззәтті тыныс алдырады да, таң ағарған сайын әлсірей беріп, күн көкжиектен көріне қалғиды. «Аты ыраңдап, адамы тыраңдап»8 дейтін көпшілікке бірдей көктемнің рахаты сонда ғана басталады. Жаманшұбарлықтар осы кезде ғана қырға түгел шығып, киіз үйлерін тігеді... Жаманшұбардың көктемінде күннің бату-шығуы да әдемі-ақ! Күн еңкейе көкке үйірілген қоңыр бұлт, түнде ыдырай көшіп жүреді де, таң қараңғысы туа, жердің бетін жуғысы, көктеген есімдікті көріктендіре түскісі келгендей, сіркіреп өтеді. Со бір кезде, көктің жермен астасқан жиегінде, ұзынша, сарғылттау сызық пайда болады. Сызық жалпайған сайын сарғылт түске қызғылт түс араласып, таң бозарған сайын сарғылтты қызғылт жеңе береді... Күн шығарда сарғылтты қызғылт біржола жеңіп, көкжиектің бояуы қан-қызыл тартады. Осы қызыл — түннің сілемінен әлі арылып болмаған қоңыр түсті бұлтқа араласса, қызыл түс күреңденіп, жоғарырақ бір қабаты қызыл-күрең, одан жоғарырақ бір қабаты қара-күрең боп, қызылдың өзі әлденеше түске боялады. Шығар күн белгі бергенше, бұл бояулар көкжиекке көлденең ілген түрлі-түсті батсайы сияқтанады да, шығуға белгі берген күннің сәулесі жиектен аспанға тік тармақтала жайылғанда, арқауы сөгілген өрмектей ыдырайды... Күннің тармақталған сәулесі жоғарылаған сайын көкжиектің қызыл бояуы, бозғылттана береді де, күн арқан бойы көтеріле, бозғылтқа көгілдір түс араласып, күн сәскеге барғанда, бүкіл аспанның шымқай көк тартқан түсіне шығыс та боялады... Күннен сырғыған бұлт сол бетімен үрке бермейді. Аспанның әр жерінде топталған бұлт күн түске тармасып, ауа қызған кезде, қоңыр түсін қарайтыңқырап, қалыңдап алады да, ығыстырған күнге — «сенде қызу болса, менде де бар, менің отым сенен кем боп па?» дегендей, отының қызуын көрсеткісі келгендей, ара-тұра жерді тітірете күркіреп ап, найзағай отын жарқылдатады кеп!.. Екпіндей жортқан паровоздай арқырап, жарқылдай жай оғын шашқан бұлт, көк жүзінде жосыла біраз жортады да, қаһарымен тітіреткен жерді енді жадырата жайландырғысы келгендей, жылы жаңбырдың тамшыларын саулата кеп төгеді!.. Жоғарыдан төмен қарай тізбектеле саулаған жаңбыр тамшыларының қатарлары, аспаннан төмен қарай құрған өрмектің керген кенере жіптеріне ұқсайды... Бірақ ол «кенерелер» тартылған жіптей тік салбырамайды. Бұлтпен жарыса есетін жел саулаған жаңбырдың жер жақ етегің бұлтқа жалғасқан басынан оздырып әкетіп, желге қарсы жортқан жылқының кейін көсілген құйрығының қылдарына ұқсайды. Екпіндей құйған нөсер, со қалпымен кете бармай, желмен алысып ойнағандай, өзін қуған желді, қайырыла қайта қуады. Осы ойында жел мен бұлт бірін-бірі ерсілі-қарсылы қуысып ауылды айнала біраз жүреді де, шаршағандай бәсеңдеп, тынысты содан табатындай, көкжиекке ауады да қонады... Одан кейін кеш басталады. Егер таң әуелі қара-сұр, одан ақ-сұр, одан қоңыр-сары, одан ашық-сары, одан күрең, одан қызыл түске ауысып, ақыры күн шыға көгілдір түске ауысса, кештің басталуы осы түстердің кері қарай ауысуы сияқты: күндізгі көгілдір аспан күн кешкіре батыс жағынан қызғылттанып, одан күреңденіп, одан ақсары, одан қоңыр-сары түске көшіп, ақыры сұрланады да, арты қарауытқан түнге тұтасып кетеді... Ол түндерде, керемет бір көріністер болады: ауыл адамдары даланың ескі шөбің не көктемде, не күздігүні өртейтіні жоғарыда айтылды. Жаманшұбарлықтар әдетте төңірегіндегі даланың ескі шөбін қар кете сала өртейді. Жаңа көгі шықпаған шөп, ол кезде тез жанады. Сай-салаларда қардың суы жатқандықтан өрт ауылға келе алмайды. Жаманшұбарды айнала, кейі алыста, кейі жақында жанатын өрттің түнгі көрінісі ғажап: жел қуа, жүгіре лапылдаған жалындардың иректелген жіңішке қызыл-күрең ленталары, ауылды айнала, әлденеше рет сақиналанып қоршап алады. Кейде сақиналар тым тарылып, ауылды айнала қысып кеп қалады да, әлдене сайдағы суға кеп тіреліп, жерге батып кеткендей, жоғала қалады. Одан кейін қарауытқан далаға, оның тек күйік сасыған исі ғана тарайды. Өрт басыла, өртең көгі есе, біздің ауыл Жаманшұбардан жәйлайтын көлі — Достың жағасына көшеді... Барлық ауырлық, жеңілдік жағымен Жаманшұбар біздің елге жағымды болады. Ең алдымен жылдан жыл құрала келіп, үй саны елуге барады, шаруалары да есіп, бірен-саран болмаса, тақыр кедей бұл ауылдан жөнді кездеспейді, ең байы — Нұртазаға жүзге тарта жылқы, қырық-елу шақты сиыр, екі-үш жүз қой бітеді. Түйе ешкімде де жоқ, мал түлігінің көбі сиыр, «сол кезде, ең сорлы дейтін Асылбектің Жәмілінде он бұзаулы сиыр болған еді» деседі. Мал — жерге еседі. Жаманшұбардың аумағы елу километрлік жерінің топырағы мейлінше құнарлы, оның ащы-тұщылы шөбі ұйысып шығады. Жаманшұбар оның, «мұртын да сындыра алмайды. Кейін сол өлкеге орналасқан үш совхоз мыңдаған гектар егін өсіреді, жүздеген мая шөп үйеді. Бұрынғы тапшысы — су болса, кәзір совхоздарға түтікпен Есілдің мол суы тартылып, бар мұқтажын қамтамасыз етеді. Солайша дәулеттенген Жаманшұбардың елдігі де еседі. «Жазылған жүз саусақтан жұмылған бес саусақ» дегендей, қыспақта ескен Жаманшұбардың өзара бірлігі берік боп, «бір жағадан — бас, бір жеңнен — қол» шығарады, сондықтан зорлық қылғысы келгендерге «жер дауы, жесір дауы» сияқты жанжалдарға төтеп беріп, бетін қайырып отырады. Олардың арасынан жасы жүзден асқан батагөй — Тоғанас, дауда сөзден жеңетін шешен — Нұртаза, күресте жамбасы жерге тимейтін — Қанапия, елдегі ең жүйрік атты ұстайтын — Аткелтір, ең шебер ұста — Қожақмет пен Тайжан, ең атақты мініскерлерден: ағашшы — Құрманке, етікші — Құсайын, өрімші — Дүйсеннің Кәсені, тігінші — Шәйін; өнер иелерінен: атақты әншілер Жұбандықтың Кәсені мен Қабдол, күлдіргі Қабамбайдың Кәсені, гипноздық қуаты күшті бақсы — Қымбат, тағы-тағылар. Осыған қарап, төңіректегі жұрт Жаманшұбарды «төрт құбыласы түгел» ауылға санайды, түбектегі Сибан бұл ауылды бел көріп, Торсаннан жапа шексе соған шабады. Жаманшұбар осы күйінен 1928 жылы қоныс аударғанша танған жоқ...
ДОС9
Көлемінің кеңдігі төрт-бес шақырымдық, аяққа құйған астай дөңгелене біткен бұл көлдің теріскейін жиектей біткен дөңес жота бар. Оның қырқа жолында, әлдене заманнан қалған көп зират бар. Зираттың батыс жақ жиегінде, биік оба. Обаның қасында Дос дейтін адамның басына тас қойылған. Тасқа араб әрпімен жазылған сөздерге қарағанда: Уақ руынан шыққан Дос. 1862 жылы, 55 жасында опат болған. Көл, тегі, «Дос» боп сол кісінің ныспымен аталып кеткен болу керек. Бірақ ол адамның кім болғанын, ұрпақтарының қайда екенін ешкім білмейді. Қара топырақты қыртысының қалыңдығы жарты кезден асатын бұл өлкенің ескі шөбі көктем кезінде өртенеді де, ел барғанша қалың өртең кегі шығады. Ауыл жайлауға көшкен кезде, Достың дөңіне шығып жан жағыңа көз салсаң, ұшы-қиырына көз жетпейтін ,таусыз, ормансыз далада, өртеңде өскен шалғың көктем күндері ол арада дамылсыз есетін майда-қоңыр самалмен теңселе қимылдайды да тұрады. Бұл қимыл жұмсақ желдің лебімен ақырын ғана бүлкілдеп жатқан ұшан-теңіздің бетіндегі қимылға ұқсайды. Тек қана айырмасы, теңіздің реңі күндіз біркелкі — сұрғылт... ал, өртеңнің реңі — шығар, и батар күннің сәулесі шалған кезде толқыған теңіздің беті сияқты, немесе тотының қанатындай әлденеше түрлі бояумен құлпырып тұрады... Шіркін, Дос өлкесінің сол бір көркі-ай!.. Достың көлі дөңгелене біткен дедік қой. Осы дөңгелек көлдің күнгей жақ жарымы жалтыр және жалтырдың түбі, аттың тұяғы батпайтын құм-қайраң. Қайраңның, мөлдірлігі сондай — бетінде жүзген үйрек сүңгіп кетсе, су астында қайда бара жатқандығы көрініп тұрады... Суға бақыр не асық тастасаң, сиырдың таңдайындай иректелген судың түбінде, өз көлемінен әлденеше рет зорайып барып жатады... Көлдің батыс жағына созыла біткен сайдың аты — «Кеңшалғын». Олай дейтіні, сайда көктем кезінде су жатады да, шілдеге қарай сарқылады. Сол кезде суда өскен «өлең» атты шалғын, су суалған кезде, аттың бауырынан келердей биік боп өседі және өзі семіз түйенің шудасындай қалың болады. Қырат жердің бозы тапшылау жылы, тұрғын ел Кеңшалғынның шөбін шапса, бір сайдың бойынан әлденеше мая үйіледі. Балалар үшін Кеңшалғынның екі қымбаты бар: бірі — жуасы, екіншісі— жидегі. Шөппен жарыса көктеп, майдың аяқ кезінде пісетін жуаның түбі — кішігірім сарымсақтай, сабағының жуандығы саусақтай, биіктігі кезге жақын болады. Піскен кезде, сабағының басы қоңырланады да, бұлтиған бүршік атады... Сол кезде жесе, оның қышқылтым дәмі қандай тамаша, исі тамаша!.. Бақша егуді білмейтін ол кездің ауылы, сарымсақ орнына жуаны қолданып ыстық асына (ет, сорпа, кеспеге) турап жейді. Құмарлар пісірмей де жейді. Жидек июль айларында ғана піседі. Күн көрмей қалың, шалғынның арасында өскен оның үлкендігі бармақтың басындай, түсі бозғылт, ал, дәмі?.. Дәмі, мен білетін тәттіліктің бәрінен де тәтті оның!.. Ауыл адамдары жидекті шелектеп жинап, жегеннен артылғанын қайнатады да, тақтайға жәйіп кептіреді. Оның аты — «қақ». Ауқатты адамдардың бірен-саранында болмаса, ол кездегі ауылда қант та, заводтан шыққан басқа тәтті де болмайды. Ауылдың тәттісі «қақ» пен қайнатқан сүттен қойылтып жасаған балқаймақ. Кеңшалғынның қалың өлеңі көлдің теріскей жақ жартысын жиектей шыққан қалың өлең шөппен ұштасады да, тереңге қарай ұсақ майқы құрақпен араласып, одан әрі қу қамыспен тұтасып кетеді... Қайраң жақтың суы — тік: барса бала түгіл үлкен кісіні қамысына маңайлатпайтын терең. Балалар ол қамысқа жүзіп барып жетеді... Жетпегенде ше: қамыстың түбінде сүттен ақ, қанттан тәтті сүйрік жатады... Қант, кәмпит сияқты тәттіні байдың баласы ғана болмаса, кедейдің баласы айында, аптасында болатын базардың тұсында ғана татады. Со кездегі ауылда, қант татыған сүйрікті жемей, тәттішіл бала қалай шыдар!.. Достың тәтті сүйрікті қамысына бола шөптесін тайыз жағынан жетейін десе, қамыс арасы қалың балдыр, балдыр арасы өткір арадай қалың қияқ, егер бала оған түссе, тілімденген денесі ілезде тұтасқан кигіз қотыр болып кетеді. Сондықтан бала терең барса да, қамысқа жалтыр жақтан жетуге тырысады. Және жетпей қоймайды да!.. Қамысқа малтып жеткен бала судың түбіне сүңгіп кетеді де, қамыс түбіндегі қорыстау сазға сұғына өскен сүйрікті түбінен шыжымдай тартады, олай тартпаса, үзіп алады. Суға сүңгіген бала, сүйрікті бір демде суырып ала алмайды. Оған бірнеше дем, бірнеше сүңгу керек... Бала сүйрікке жабысқанда, қамыстың арасында жүзген сүлік те баланың денесіне жабысады. Су түбінен сүйрік суыруды арман еткен бала сүлік талпақ тұмсығын денесіне отыра, қанын қылқылдатып сорып жатқанын сезбейді де. Сүйрік суырылып болғанша, сүліктің кейбіреуі баланың қанына тойып боп, домалап түсіп те қалады. Тоймағандары, құшағын толтыра сүйрік ап, жағаға жарқын жүзбен малтып шыққан баланың денесінде жабысып бірге жүреді. Денесінде сүлік жүргенін көрген жүрексіз бала жан даусы шығып, жанын қоярға жер таппай бақырса, жүректі бала қанға тойғанда тұрқы қысқарып, денесі жуандап быртия қалған сүлікті, жабысып тұрған жерінен жұлып алады да, басынан бір қолымен ұстап тұрып, бір қолының саусағымен сүлікті соза, денесін сығады. Сонда түсі өзгеріп те болмаған қызыл қаң сүліктің құйрығынан жіңішкелігі жіптей ғана боп, шырылдап кеп атылады... Көл баланың көңілін сүйрігімен ғана тартпайды. Оның бетінде құстың балапанын аулау қандай қызық!.. Достың өз бойына құс аз ұялайды. Қамыс арасына оралған салынды болмаса, онда ұя салынарлық орын жоқ. Салындыға да құс ұяны аз салады. Көлдің суы терең болғандықтан, жел тұрса-ақ толқын жүреді де, салындыны жылжыта береді, жылжыған салынды құсты ұясынан адастырады. Кейде толқын ұйысқан салындыны ыдыратып жіберіп, ұя бұзылады да, жұмыртқа суға кетеді. Содан запы шегетін құстарға Достың маңында ұя салуға аса қолайлы орын бар, ол — Дос деңінің күнгей жақ бауырына созыла біткен «Білипан» томары. Томардың айналасы — адам да, мал да жүре алмайтын қорысты саз. Сазбен кең және жалпақ сақиналанған өзектің ортасында, биіктігі кісінің бойындай қалың найза томар өседі. Томардың төбесіне түйенің өркешіне біткен ұзын шудадай боп, «күңшәш» аталатын шөп шығады, өзі қияқты болады: байқап ұстамасаң, қолыңды өткір пышақтай тіліп түседі. Етік кимеген аяқ жараланып шығады. Құстар ұясын осы Білипан томарының ішкерірек қалыңына салады. Сондай қиын жерге салынғанмен, балалар ол ұяға барудың да әдісін табады: сирағы мен қолын қияққа тілдірмеу үшін олар аяғына жас қоғажайдан етік қолдарына жас қоғажайдан биялай киеді. Сөйтіп томардан-томарға секіріп, олар Білипан ішін кезеді де кетеді. Әлі есімде: Білипаннан құстың, әсіресе шағаланың жұмыртқасын қалталап емес, етектеп шығарамыз. Бірақ соның бірі де ауылға келмейді, жасырып алып барған шелекке, не бақырға асып тойғанша жейміз де, одан қалғанын асық қып атып, рәсуа қыламыз. Біз қанша көп алғанмен Білипанның жұмыртқасы таусылмайды. Қайдан таусылсын: оның өнбойында кеміне пәлен мың томар бар шығар... Әр томарға пәлен ұядан... Соларға салынған жұмыртқаның бәрін кім тауысады!.. Сонша көп томардан орын таппай ма, әлде балалардан, не ұядан, жұмыртқа шағып ішетін жыртқыш құстардан қорқа ма, — кейбір үйрек ұясын боздағы қалың көденің арасына сап, балапандарын сонда шайқап өргізеді. Қаз бен аққу, ұяларын Білипанның бала жете алмайтын тереңіне салады. Ол жердің аты — «Мыя». Мыя — томардың орта кезінде. Ортада томар сирейді де, арасына жасылдау бір жұмсақ балдыр өседі. Балдыр — былқылдақ; бассаң, қайқайып төмен түсіп, асты шұрылдай бастайды. Ол арада кідірсең, жұқалығы кигіздей ғана жасыл балдырдың беті жыртылады да, астындағы қоймалжың қорыс адамды тарта жөнеледі. Қорыстың тереңдігі сондай, кей жеріне бойлатқан сырық жетпейді... «Мыя» дегеніміз — осы. Қанша өлермен болғанмен, бала ондай мыяға жоламайды. Соны білгендей қаз бен аққу ұяларын Білипанның мыясына сап, жұмыртқаларын алдырмайды. Жұмыртқаларын Білипанға сап, сонда шайқағанмен, өрген балапандарын құстар Досқа әкеледі. Олардың өсуіне Білипанның, оты жеткенмен, суы жетпейді, жүзетін, сүңгитін жалтыры жоқ... Шілдеде Достың беті балапанға симайды... Балапандарды аулау — балаға қандай қызық! Құстар, әдетте, балапандарын ауылдың малдары да, жандары да шырт ұйқыда болатын таң, сәрісі кезінде және көлдің жалтыр жақ емес, шөптесін жақ жағасына өргізеді, өйткені онда — балапандарға жұмсақ от та көп және әлдеқалай қауіп төне қалса, жасырынуға мүмкіндік те көп. Бірақ балапандардың мейірімді аналарының «қулығынан», балалардың қулығы асып кетеді. Түн бойына уақытын ойынмен өткізген балалар, балапандардың отқа шығар мезгілінде, жасырынып барып қалың, шалғынның арасына жатса, «тәңірісі» құлағына ғана болмаса, мұрнына сезгіштік қасиет бермеген бейшара құстар, адам иісін сезбейді де, балапандарын өргізе жылжып отырып, жасырынған балалардың үстіне келіп қалады. Қанаттары жетіліп, ұшып-қонуға жараған кезде болмаса, оған дейінгі балапандар қалай қашса да балалар құтқармайды. Сонысын сезгендей, кейбір балапандар, қалың шалғынның арасына кіріп тығылады да, нақ үстінен түспесең қозғалмайды... Дегенмен балапандарды құрғақта ұстау, әсіресе үйрек пен қаздық балаларын ұстау оңай, суда ұстау қиын, сонда, олардың өзінше қолданатын тәсілдері бар. Мысалы, үйректердің, балапандары сүңгумен құтылады. Қаз, аққу, шағала сияқты сүңги алмайтын құстар, кісі жүрер кезде, қалың қамыстың ішінен жалтырға шықпайды, егер шыға қалса, жағадан алыс, қамысқа жақын жерде ғана жүзеді де, адам қарасын көрсе, қамыс арасына кіріп кетеді. Түрлі тапқа бөлінетін үйректердің өздері де, балапандары да сүңгігіш, сондықтан мылтық дауысынан запы болған ірі үйректер ғана болмаса, тәжірибесіз балапандары сескенбей, көлдің жағасы түгіл, суында адам қаптап жүргенде де жүзе береді. Кейде олар ұстауға ойлаған балаларды қол жетер жерге таяу келтіріп, «енді тұттым» деп ұмтыла бергенде, суға күп беріп сүңгиді де кетеді. Ыза болған балалардың әдеттегі айласы — балапандарды судың балдырлы жеріне қарай ығыстыру, егер оны істей алса, сүңгіген балапандардың кейбірі балдырға оралады да сүңгімпаз балалар ұстап алады... Көл жағасының, әсіресе, біздің, Дос жағасының балалар үшін қызығы — жұмыртқа қарау, не балапан қуу ғана ма?.. Оның жағасындағы сүргілеген тақтайдай құмдақ тақыршағында асық ойнау қандай қызық!.. Асыққа мергендік керек. Тақырға қатар тіккен кенейлерді кейбір мерген бала сақамен қиядан атқанда ұшырып түсіреді, мен ондай мерген емеспін, соның салдарынан өскенде мылтықшы да бола алмадым. Дос басында, балалардың судан шыққаннан кейінгі күні, тақыршақта асық ойнаумен өтеді. Ұзақты сары күнін балапан қуу, асық ойнаумен өткізген балалардың түнгі ермегі — ақсүйек соқыртеке, бурақотан сияқты ойындар. Ақсүйекте балалар екіге жарылады да, дамбалдан басқа киімдерің аралары алшақ екі жерге үйіп, ол орындарды «орда» деп атайды. «Ордаларда», әдетте, ақсақ, соқыр сияқты, жүгіруге жарамайтын кемтар балалар «хан» боп отырып қалады да, екі топ балалардың ішінен кезекпен бір сүйекті лақтырып келеді. Екі жақтың балалары да сүйекті іздеп қай тапқаны алып қашады, мақсат — өз ордасына шейін екінші жақтың балаларына жеткізбеу; сондықтан бір жақтың, балалары біріне-бірі жәрдемдесіп, қай жүйрігі алып қашады... Жеткен балаға қашқан бала қолындағы сүйегін талассыз береді... «Соқыртеке» дегеніміз — бір баланың көзі орамалмен байланады да, өзге балаларды қуып, қай қолына түскенінің көзін байлайды... Ол да басқаларды қуады... «Бурақотан» дегеніміз — балалар екі қатар боп, қарама-қарсы отырады да, араларынан бір баланы қарғытып өткізеді. Қарғитын бала: «Бұл — қай ауылдың қотаны?» деп сұрайды. Қатар отырған балалар, мысалы, «Жансүгірдің қотаны» деп жауап береді. Қарғитын бала: «Қайтып-қайтып өтеді?» десе, отырған балалар: «секіріп-секіріп өтеді» дейді. Қарғитын бала, қарама-қарсы отырған балалардың арасынан секіріп-секіріп өтуге тырысады, мақсат — қарғитын бала ұстатпай жылдам секіріп өтуге тырысады, отырғандар ұстап алуға тырысады... Жазғы түндердің бұлардан басқа ойындары көп... Түнгі ойын, таңсәріден балапандар аулауға, одан күндізгі асық ойнау мен қоға тартуға қосылады... Бір күннің, ойыны бір күнге осылай жалғаса береді... Шіркін, Дос, балалардың шын досы едің-ау, сен!.. Балалық шақта сенің жағаңда өткізген сол бір қызық күндер, күні бүгінге дейін көз алдымда, нақ сол бейнелерімен жарқырайды да тұрады!.. Сол бір күндер есіме түскенде, мен сені аса аңсап сағынам, Досым!.. Жаманшұбарды шел дала көретін біздің ауыл,1928 жылы, бұл кезде қазыналық участок боп тұрған, бұрынғы ата мекені — Қарағашқа көшіп, жаңа қоныста колхоз боп ұйымдасты. Ол ара орманды, көлді — жері егіндікке де, шабындыққа да қолайлы, жер астының суы жақын — тамаша жер. Біздің ауыл көшкен соң, Жаманшұбар да, Дос та құлазып, мемлекет қорында, үстіміздегі 1954 жылға дейін бос тұрды. Советтер Одағы Коммунист Партиясының февраль-март айларында болған пленумының қаулысына сәйкес, Жаманшұбар мен Достың маңына бірнеше совхоз орнады. Олардың жүздеп өрген тракторларының тұтасқан қуатты гүрілі қалғыған кең, даланы оятып, жаралғалы малдың тұяғынан басқа ешнәрсе тимеген тыңдарды, мың гектарлап көтере бастады!.. Сөйтіп, сүйікті Дос, достасқан совет халықтарының еңбек майданына айналды. Ол темаға кейін оралармыз, әзірге жазып отырған шығарманың темасынан шықпайық...
ЗАРЛЫ ЖОҚТАУ
Біз Жаманшұбарға көшіп барғанда, ауыл Достың жағасында отыр екен. Біздің кішкене қараша кигіз үй, Мұстафаның қараша үйінің қасына тігілді. «Жарылғас» аталатын біз қонған ауылдағы он шақты үй, шөбере — бір атаның баласы екен байы Нұртаза. Бірер орта дәулетті адам бар, өзгелері кедейлер. Ағайындар алғаш жаңа көшіп келген біздің үйді құрметтеген сияқтанып, үй басы қонаққа шақырып жүрді. Бірақ бұның бәрі бос сыпайылық екен нақтылы жәрдем тілер кезде, тізгін ұшын берген ағайын болған жоқ. Біздің үйде азын-аулақ қара-құра бар. Оларға қыс азық керек. Тегін шөп берер ағайын жоғын көрген әкем, біреумен елбесіп-селбесейін десе, ешкім қоспайды. Ағайын біздің үйге ғана емес Мұстафаның үйіне де сондай мейірімсіз екен балалары жас, өзі ауру, оның жұмысқа жарайтын жалғыз әйелін ешкім бірлесіп пішен шабуға қоспай, өзі жеке шабады екен. Біріктірер басқа ағайын болмаған соң, шөпті Мұстафаның әйелі Сілеусінмен менің әкем бірігіп шапты. Оларға шабындық жер, Жаманшұбардың ар жағындағы, алыстан берілді. Жасым алтыға ғана келген бала болғандықтан, олардың шөпті қандай жағдайда шапқанынан менің хабарым жоқ. Тек қана өңім емес, түсімдей боп есімде сақталған картина: шөптен жаяу келген әкемнің мені мойнына мінгізіп, ауылдан әлдеқайдағы алысқа түнде кетіп бара жатуы!.. Кейін Сілеусіннен сұрасам, балажан әкем мені көрмесе тұра алмайды екен күндіз шөбін шауып іңірде жаяу ауылға кетеді екен де, мені мойнына мінгізіп, таң атқанша жұмыс қосына қайтып келеді екен.
— Бірақ, шөппен жапқан қосқа сені қалдыруға болмайды,— дейтін еді Сілеусін, — шөп басында маса көп. Түтін сап қоюға өрттен қорқамыз. Түтін салмаған жерде маса адамды буып өлтіре жаздайды. Сен оған шыдамайсың да, жылайсың. Әкең содан кейін сені тағы да Дос басындағы ауылға жаяу әкетеді...
— Сіздер қалай шыдайсыздар?
— Шыдамағанда амал нешік! — дейтін еді Сілеусін күрсініп, — шаппасаң азғана малың, жұтайды, оның арты аштан елу... Соны ойлайсың да, етіңе мыңдаған маса қонып, денеңді ашыта, қаныңды сорып жатса да шыдай бересің, біраздан кейін көнтерілі боп аласың... Шөпке жәрдемдеспеген ағайын әкеме қысқа қора-қопсы салуға да жәрдемдеспейді. Күздігүні ол шымнан үй салмақ боп, іргесін ғана көтерді де, төбесін жабуға шамасы келмей Мұстафаның бір бөлмелі тар землянкесіне қыстады. Жазда сүлдерін сүйретіп жұмыс қылған әкем, қыс басында ауруы меңдеді де, төсек тартып жатты. Ол қыстан менің есімде қалғаны — тар бөлменің бір қабырғасында әкем, екінші қабырғасында Мұстафа төсектен тұрмай, ауыр сырқаттан сарнайды да жатады. Біз — балалар борансыз күндері далада ойында боламыз, боран күндері үйде отырайық десек әрі сырқат адамдардың сарнауы құлақты жарады, әрі тар бөлмеде біз — балалар қағыспай отыра алмаймыз, оның арты шаң-шұңға айналып кетеді, балаларын қорғап үлкендер ұрсысады... Адам не қиыншылыққа үйренбейді. Біраз бірге тұрғаннан кейін ауру адамдардың сарнауына балалар — біз де үйреніп кеттік. Сөйтіп жүргенде, аса бір аянышты хал болды. Бір. күні біздің, үй әлдекімді қарсы алуға даярлана бастады, оның белгісі — мол ғып ет асу, бауырсақ пісіру... Одан басқа тамақ бұл үйде жоқ. Менің әкем қолда барына мырза болған кісі деседі. Оның шет жағасын өзім де көрдім. Со жылы қыстың басында, әкем баяғы Бағиланың қалың, малына алатын екі биенің бірін сойған, еті аса семіз шыққан. Содан «дәм татсын» деп, өзі ауырып, жатқан күйінде талайларды қонаққа шақырғаны есімде. Біз білмейтін қонақты шақыруға жиналғанда да, со биенің еті асылып жатыр.
— Кім?— деп сұрасақ:
— Емші,— дейді үлкендер.
— Қайдан келген?
— Ойдағы Сибаннан.
— Аты кім?
— Айғожа.
— Кімді емдейді, ол?
— Әкеңді...
Бір кезде күткен кісі келді: тапалдау бойлы, талтақ аяқты, дөңгелек қара сақалды адам... Қасында біздің ауылдың бірер адамдары бар...
— Ал, балалар, — деді қонақ төрге отырғаннан кейін немере ағамыз Рамазан — сендер біздің үйге бара тұрыңдар. Ауруды емдегенде бала отыруға болмайды... Біз — Мұстафаның екі кіші баласы Ғаббас пен Шәкең мен үшеуіміз үйден шықтық, бірақ Рамазан үйіне бармадық, ойымыз — емшінің не істейтінін есіктен сығалап байқау... Байқағанымызға біз қуанбадық, өкіндік: Айғожа төсекте жатқан әкемнің қасына барды да, аяқ-қолдарың қасына еріп келген кісілерге ұстатты. Өзінің қолында жалаңдаған пышақ... Бір кезде, әкемнің, шыңғырған даусы шықты... Жаным ашып кеткен мен үйге кіріп барып, үңіле қарасам, Айғожа әкемнің сол жақ санын пышақпен тіліп жатыр екен... Мен шырылдап жылап, емшінің қолын ұстай алғанда:
— Әкет, мынаны! — деді Айғожа ақырып.
Мені қарулы бір адам далаға көтере жөнелді... Артынан естісем: әкемнің сол жақ саны, қалың етінің тұсынан әлденеге іскен. Айғожа ісіктің астында ірің бар деп ойлайды да, соны шығармақ боп пышақпен тіледі... Ет сүйекке дейін тілінеді, бірақ ірің жоқ... Дәрі-дәрмек ауылда ол кезде жоқ. Оқымаған Айғожа, дәрі дегеннің не екенін де білмейтін болу керек. Ол тілген жерге, отқа күйдірген құрым киіз тығады да, сыртын орап, байлап тастайды... Революциядан бұрынғы надан ауылда ауруды емдеудің түрі осындай!... Еті кірлі пышақпен тілініп, жарасына күйдірген құрым тығылған кісі оңа ма?.. Әкем де оңбады... Сол емдеуден кейін оның сарыны үдеп кетіп, кішкене бөлмені күні-түні зарлы дауыспен басына көтеретін болды... Содан мезі болған үйдің, іші, асыға жаздық болуын күтті. Жаз туып, киіз үйіне шықса, әкемнің ащы сарнауынан құлақ тиышырақ болады ғой. Қар кетіп, жұрт қырға шыққанда, әкемді тіккен үйге ағайындары кигізге көтеріп апарды... Аздан кейін Досқа көшті. Балаларға жаздың сайраны басталды, мен де солардың ішіндемін. Достың тақыршағында асық ойыны қызып жатқан күннің бірінде, бізге салт атты біреу шауып келді, менің немере ағам Сәрсек екен.
— Кәне, қарағым, үйге жүр,— деді ол маған.
Ойынды қимаған мен «бармаймын» деп қашқалақтап ем, Сәрсек ұстап алды да, зорлаңқырап атының алдына өңгерді. Ауылға қарай жорта жөнелген оның алдында «жібер деймін!» деп мен тырмыса беріп ем:
— Не боп кеткен сағаң бейшара бала? Әкең өліп жатқанда асық ойнап жүрмекпісің?— деді Сәрсек. Өлімнің не екенін білмеген мен жүрегім зырқ ете қалды... Сәрсек мені алып келгенде, үйдің іші у-шу жылау екен. Енді ғана бірдемені түсінгендей далаға қаша жөнелуге ыңғайланған мені, Сәрсек ұстай алды. Оң жақ босағаға қарасам, біздің үйде болмайтын ескілеу сиса шымылдық құрылыпты.
— Көрсету керек көңілі суысын! — десті біреулер.
— Көргенде не болады!.. Жас бала қорқар,—десті біреулер.
Бір босағада, бетін баса күңіреніп шешем отыр. Құрылған шымылдықтың бас жағында шөке түсіп өкіріп жылап жатқан адамды даусынан таныдым, — Мұстафа!.. Оның тек айтары: «Мені де ала кет, бауырым, Мұқан!..» Үйде көзіне жас алған адамдар көп. Солардың ішінең Шәйкен атты момын адам орнынан тұрды да, мені кеп құшақтап:
— Зарығып көрген жалғызы ең, ендігі күнің не болады?! — деп еңіреп жіберді. Халімнің не болғанын сонда ғана түсінгендей, мен бетімді бастым да, еңірей жылап далаға шыға қаштым... Не ойлағанымды кім білсін, әкемді жұрт «Дос» басынан Жаманшұбардағы зиратқа әкеткенде, мен қашып бармай қалдым... Бірақ оның бейнесі мен бірталай қылығы есімде әлі сақтаулы. Ол ортадан жоғарырақ бойлы, арық денелі, қара сұр, өңді кісі еді. Менің сарғылттау сұр өңім, моңғолдау жалпақ бетім шешеме тартқан деседі. Алтыншаш әжем қалмақ қызы екен мүмкін, соған ұқсауым. Білетін жұрт әкемнің ур-тұлғасы аумаған менің балам, Марат еді дейді. Әкем, тегі, дене қуаты мол адамға ұқсайды. Оны жұрт жұмыс атқаруымен өлшейді: «екі кісі көтеретін бөренені жалғыз өзі иығына салып әкете беруші еді», жүздікті «бір жарым есе орындаушы еді», өзі кісіге тимейтін, тигенді оңдырмайтын еді «...деседі». Сондықтан да «адал» атанып, жалданғанына жағымды болған. Жұмысқа, тегі жалықпайтын кісі болу керек өлерінен бірер жыл бұрын аяғынан мүгедек болып қап, пішенді тізерлеп жылжып шапқаны әлі есімде. Қылығынан есімде қалғаны,— ағайын арасында ұжымшыл, «момын Мұқан» атанған. Өзі өлердей балажан еді, мысалы мені алыстағы пішенге мойнына мінгізіп апарып, түнде, ұйықтаған қалпымда құшағына қысып, үйге әкелетін. Ауылда, әсіресе біздің үйде тәтті жоқ кезінде жалғыз сиырдың сүтінен балаларына балқаймақ қайнаттыратын. Өзге балаларын «қыз» деп, мені «жалғыз» деп, бірде-бір баланы маңдайына шертпейтін. Қысқа жібін күрмей алмайтын шешемді ара-тұра ұрмақ болатын, біз жабылып-жалынып ұрғызбайтынбыз. Жұмыс үстінде ыңылдап әндетуден ауыз жаппайтын, мені ыңылдап айтатынын білетін кезім емес... Әкемді көміп кеп, біздің қараша үйге жиналған жұрт, менің жыламауымды емес, апам Ұлтуғанның жыламауын сөгеді.
— Сәбитті қойшы,— дейді олар, — әлі ойын баласы, «өлім» дегеннің не екенін түсінеді деймісің, бұл!.. Бұныкі бір сәрі, анау бой жетіп қалған апасынікі, не?!.. Солқылдатып әкесін жоқтап отыратын кезі емес пе, оның?.. Құр жылағаны болмаса, әкесіне жоқтау айта білмеді-ау, шіркін, тегі адам болмас со қыз! Бұл — 1907 жылдың көктемінде болған оқиға. «Жоқтау» дегеннің не екендігін Ұлтуғанның білетіндігіне жұрттың көзі келер жылы, сол уақытта жетті. Әкемнің жылы толған кезде, шешем де қайтыс болды. Әкем өлгеннен кейін шешем төсек тартып жатты да алды. Со қалпында ол жай жатпайды, күндіз-түні күңіреніп жылайды да жатады, Ұлтуған екеумізді күн сайын кешке «әлдилеп ұйықтататын да осы күңірену, таңертең ызыңдап оятатын да осы күңірену!.. Үздіксіз күңіренудің салдарынан ба, әлде басқа бір дерт шалды ма, әкем өлгеннен бастап жүдеген шешем, келер көктемге дейін міндетін кісіге артты да, дәл әкем қайтыс болған кезде өмірмен біржола қоштасты. Шешемнің қалай қайтыс болғанын мен жақсы білем: өлерден аз күн бұрын нәр татудан қалған ол, өлер күні таңертең, Ұлтуғанды оятты. Мен де оянып кеттім.
— Сусадым,— деді ол.
— Ұлтуған «не ішесің» деп еді.
— Шай ішкім келеді,— деді шешем.
Бүйірлері майысқан ескілеу кішкене самауырға Ұлтуған су құйып, ішіне шоқ салды да, тысқа шығып кетті.
— Әлгі бейбақ, шай іздеп кетті-ау, — деді шешем — үйде шай жоғын білмеппін-ау, сорлы басым!.. Қап, бекер телмірткен екем біреуге!.. Бұрын денсаулығы түгел кезінде мені сүйгіш те, иіскегіш те шешем, ауру меңдегеннен кейін тек қана маңдайымнан сипайтын да, денесіне жақындатпайтын. Онысы, тегі «ауруымды жұқтырармын» деген қауіп болу керек. Ұлтуған үйден шығып кеткенде, шешем сол дағдысымен мені басымнан бір сипады да:
— Шәкіжан бар, балалармен ойна! — деді.
Күн жаңа шашырап шығып келе жатқан кезде, бала ойнай ма? Тиышсыздық көрген бір үйдің баласы болмаса, тиыштықтағы үйдің баласы, бұл кезде шырт ұйқыда жатпай ма?.. Сондықтан шешем менің үйден кетуімді тілегенмен мен тілін алған жоқпын... Кешігіңкіреп Ұлтуған да келді. «Бір қайнатым шайды екі-үш үйден зорға тауып әкелдім» деп келді ол. Со кезде самауыр да қайнады, шай шығарылды, дастарқан жайылды...
— Әттең, қант-ай! Бірақ жоқ қой ол, — деп өкінген шешемнің дауысын естігенде:
— Іздеп келейін, — деп Ұлтуған тұра беріп еді:
— Қозғалмай-ақ қой, құлыным, тағы кімге телміресің, үйде кепкен сықпа құрт бар ғой, аузымның дәмін сонымен алармын, — деді шешем. Күні бүгінге дейін көз алдымда: шешем қаймақ құйған қою шайды терлеп отырып бірталай ішті. Содан кейін:
— Мені енді жатқыз, қарашығым! — деді қызына. Ұлтуған сүйемелдеп, шалқасынан жатқызды. Ұмытып барады екем: шайды мен шешеме еріп недәуір іштім. Алдымызға әкеп қойған аяқтағы піскен қаймаққа сықпа тұщы құртты батырып соғып та алдым. Ұлтуған дәм татпастан, шырайлы бетінің қаны қуқылданып, үлкен дөңгелек қара көзі одан да үлкейе түсіп, көзіне әлсін-әлсін іркіле берген жасты теріс қарай беріп, жіңішке ақ саусағымен сыпырып тастап отырды... Біз шайымызды ішіп болған кезде, күн көтеріліп қалған еді, көрші үйлердің балалары ойнап тысқа шыққандығы дауыстарынан естіліп тұр. Соларға елегізіп, тысқа қарай жөнеле берген маған:
— Шәкіжан-ай, бері кеп кетші,— деген дыбыс берді, төсегінде шалқасынан жатқан шешем. Мен қасына келіп еңкейгенде, шешем басын көтерместен маңдайымнан тағы бір сипады да, көзіне толтыра жас алып:
— Бақытты бол, құлыным, бара ғой! — деді.
Әлдене бір жамандық күткендей, орнымда қалшиып тұрғанымда, шешемнің көздері жоғары тартылып, еріндері қыбырлай бастады. «Апа!» деп ащы даусы шығып кеткен Ұлтуған бетін шешесінің кеудесіне басып жата қалды!.. Мен әлі қалшиып тұрмын!.. Не болғанын түсініп, мен де еңіреп жылап жібердім... Үйге жүгіріп кірген адамдардың біреулері Ұлтуғанды, біреулері мені ұстай алып:
— Соры қайнаған сорлылар-ай, шын сорлы енді болдыңдар ғой!.. — десті. Ескі ауылдың салтында, зиратқа ұл бара алады, қыз бара алмайды. Шешемді көмісуге мен бардым да, зарлаған Ұлтуған қала берді...
«Аспандағы бозторғай
Бозаңда болар ұясы.
Қайғыда болар анасы.
Қайыңда болар ұясы.
Қайғыда болар анасы»,
деген сөздер бар ғой. Тегі осы сөздерді Махамбет халық фольклорынан пайдаланған ба деймін. Олай дейтінім, — біз шешемді кеміп келсек он екі жасар Ұлтуған ер жеткен қыздай әндетіп, шешесін жоқтап отыр және кімнен үйренгенін кім білсін, жоғарыда «Махамбет сөзі» деген жырды айтып отыр! Ол:
Бозаңда бодар ұясы.
Қайғыда болар баласы!..»
— деп келеді де, аяғын:
Көзімнің ақты сорасы»,
— деп жалғастырып әкетеді... Енді жұрт оны «санасыз» деп сөгудің орнына:
— Апыр-ай, мына сорлыға жас басынан кім үйретіп қойған жоқтауды?! Әке-шешесінен жұрдай боп, панасыз жетім қалуың бейшара іштей біліп туған ба!..—деп қайран қалады... Жетіден сегізге шыққан жылым болғанмен, сол зарлы жоқтау, күні бүгінге дейін менің құлағымда ызың қағады...
ЕКІНШІ ТАРАУ
ИНЕМЕН ҚАЗҒАН ҚҰДЫҚ
ТАМҰҚҚА СҮЙРЕУ
Шешем өлген жылдың жазы басталды. Ауыл Достың деңіндегі көкорай шалғын бәйшешекке қонып жатыр... Шалғында неше түсті гүл болса, ол гүлдерге қонып ұшқан, сонша түсті көбелек. Оларды қуу қандай қызық!.. Шалғын арасы толған ұсақтылы-ірілі, қанатты-қанатсыз шегірткелер. Оларды қуып ұстау, үлкен шегірткелерді таластырып, бірінің басын біріне жұлғызу, бірінің қарнын біріне жарғызу қандай қызық!.. Әне, қос қанатты инеліктер ұшып жүр. Солардың бірін алдастырып ұстап ап, құйрығына қатқыл шөп шаншып қоя берсең, жаны ауырған жануар шырқап аспанға тартады да, қанатын қаға алатын биікке шейін ұшып, одан әрі көзден ғайып болады. Ол қандай қызық!.. Әне бір жерлерде терең қағылған қазықтың басындай қылтитып бірдемелер қыбырлайды. Олар өзімізге таныс — індердің аузында отырған тараққұйрықтар. Шөптен басқаға залалы жоқ ол жануарларға, ауыл Достың басына көктемде қонғаннан, күздігүні Жаманшұбарға көшкенше дамыл жоқ. Балалар оларды інінің аузына тұзақ құрып та ұстайды, ініне су құйып та ұстайды. Ұстай сала өлтіре қойса бір сәрі ғой. Өйтпейді, қыл-тұзақты құйрығына байлап, күн - ұзын қуып әуре қылады... Балаға о қандай қызық!.. Әне, Білипан томары... Жайшылықта да шулағыш оның құстары ауыл көшіп келгелі тым тиышсыз, тым азан-қазан... Өйтпегенде қайтсін байғұстар!.. «Ұшқан құс, жүгірген аң бала үшін» демей ме қазақ... Құстар шуламас еді, егер көшіп келген ауылдың балалары оларға жұмыртқаларын еркін шайқатып, балапандарын еркін өргізсе... Өйте алмайды олар. Көпшілігі жыл сайынғы жұмыртқаларынан жылда айрылады. Соны білетін олар қалай шуламас!.. Бірақ, балаға олардың шуы не керек. Қайта сол шудың өзі қызық емес пе оларға!.. Жұмыртқаларын я балапандарын құс атаулының бәрі де қимай, қауіп төнсе байбалам салғанмен, көлдегі құстың екі түрі-ақ ұясын жағалай ұшып жанталасады: бірі — шағала, бірі — қызғыш. Шағаланың жай шаңқылы болмаса, қайраты жоқ, ал қызғыш төбеңе іліп әкететін бүркіттей-ақ төнеді. Аппақ бауыры жарқылдап, қысқа қауырсынды жалпақ қара ала қанаты далпылдап, айдарлы басы қылқыңдап, төбеңе төніп кеп қалған қызғышқа, бөркіңді лақтыру қандай қызық!.. Айнадай жарқырап, әне, Дос жатыр!.. «Сағынғаным келдіңдер ме?» дегендей, оның күн сәулесіне шағылысқан беті күлім қағады. «Келіңдер, балалар!.. Шомылыңдар, мөлдір суыма!.. Тартыңдар, тәтті сүйрігімді!.. Ойнаңдар, жағадағы ақ тақырыма асықтарыңды!..» дегендей болады Дос. Оның сол өтініштерін орындау қандай қызық!.. Мұстафа мен әйелі Сілеусін — Ұлтуған екеумізді үйіне кіргізіп ап мүмкіндігі жеткенше күткенмен, жетім қалу дегеннің не екенін шешем өлгеннен кейін ғана сезгендей боп, жылаңқырап жүрген менің көңілімді елдің Досқа жайлауға шығуы жадыратып жіберді.
Маңырар да отығар»,
—деп Абай айтқандай, ауыл Дос басына қона, Жаманшұбардың өзге балаларымен бірге, көп қызықтың ішіне мен де сүңгіп кеттім... Бірақ ол қызық ұзаққа созылмай, су сепкен оттай сөне қалды. Оған себеп, бір күні таңертеңгі астан кейін ойынға қобалжыған маған Мұстафаның:
— Отыр, ешқайда барма! — деп, қарашығы үлкен ала көзімен қадай қарап, зілді дауыспен айтқан сөзі еді. Өмірінің бәрін жоқшылықпен өткізген, елуден асқан жасының тең жарасын төсек тартқан сырқатпен өткізген, оның кескін-кейпінде де, мінезінде де сол бейнеттердің ызғары тұрады. Оның үнемі түюлі жүретін қалың қабағы зілдің бұлтындай бір ашылмайды. Ашуланса, ол қалың қабағын түсіріп жіберіп, үлкен кезін кішірейте түйілдіріп қадала қараса, көздерінің ұшқыны өңменімнен өтіп кете жаздайтын. Сол кезде оның шешек дағы бар қарасұр ашаң бетінің еті қыртыстана қап, жақ еттері түйіле қап, сидиған арық мойнының тамырлары білеуленіп кетеді... Кейбіреулердің оны сыртынан: «Тарғыл Мұстафа» деуі де, осындай халін көргеннен кейін болу керек. Сондай халге келген шағында ол балаларын да, әйелін де отқа қақтаған майдай шыжғырып, аямай сабап салады. Өз балаларына сонша қатал ол, мені кісі баласы көре ме, әлде әке, шешесі жоқ жетім деп аяй ма, немесе туысқаным деп жылы ұшырай ма, ұрмайды да, ұрыспайды да. Сөйтіп жүрген адамның бүгін маған: «Отыр, ешқайда барма!» деп бірінші рет жекуі және бойындағы бар қаһарын төге қарауы менің сәби сезіміме инедей қадалды да, қозғала берген орныма қайтадан тас боп қата қалдым. Әке-шешем мені: «Шәкіжан» дейтін. Олар өлген соң, осы атты маған Мұстафа да қолданған. Мен оны «Кішкене аға» дейтінмін. Маған көрсеткен ерекше құрмет есебінде ол мені кешке көзі ұйқыға кеткенше қасына алып жататын да, ұйықтарда ғана: «Шәкіжан орныңа бара ғой» дейтін. Досқа көшіп келген күннің кешінде де соны істеген Мұстафа.
— Шәкіжан!—деген маған жұмсақ дауыспен қасына алып жатып.
— Әу! — дегем мен.
— Құдай жазса, ертең сені сабаққа апарам. Оқисың. Молда боласың. Әке-шешеңе құран шығарасың. Бұ дүниеден рахат көрмеген бейшаралар, алла қабыл алса, о дүниеден рахат көреді... Мен үндемей қалғам. Несіне үндейін. Кішкене ағам мені бақытқа емес, сорға жетектегелі жатыр. «Сор» дейтінім, сабақ оқытатын молданы мен жақсы білем. Оның аты — Хабибулла, фамилиясы — Ғазизуллин ұлты — татар. Біздің ауылға оны Мұстафаның өзі Троицк қаласынан әкелген. Троицкіде Зейнулла Расулов деген ишан тұрған. Діншіл мұсылмандардың ұғымында, Зейнулла ишан — ғайыпты болжайтын, дұғасы теріске кетпейтін, аурулардың шипасын табатын «әулие» адам. Ишанның осындай «қасиетіне» сенетін діншілдер оған сәлем беріп, қол тапсырғысы, мүрит10 болғысы кеп, Троицкіге жан-жақтан жиналады екен ишанның батасын алғандар — «пірәдәр» аталады екен. Кейін білсек Зейнулла ишан мал саудасын жасатқан, Троицкийде дүкен ұстаған зор саудагер болған. Ол табыстың үстіне, мүриттері ақшалай, малдай, заттай сый апарып берген. Йшанның қорасында мешіт, қасында «расулия» аталатын медресе, онда ақша төлеп, жүздеген бала оқиды... Діншілдігі қысты ма, әлде сырқатына жәрдем күтті ме, біздің ауылдан үш жүз шақырымдай жердегі Троицкіге, жалғыз көлігін қинап, ишанға қол тапсыру мақсатымен Мұстафа да барады. Хабибулла Газизуллин ишанның қорасын тазалайтын жалшысы екен. Өзі жас жігіт, құран оқи біледі, даусы сыңғырап тұр. Танысқан Мұстафа, оған: «Ауылға әкетейін, балаларды оқыт», — дейді. Газизуллин: «Менің қара танығаным болмаса, хат жаза білмеймін» десе, Мұстафа: «Жазуыңның керегі жоқ, балалардың тілін сындырып, намаздығын үйретсең жетеді», — дейді. Сонымен, қысқасы, Ғазизуллинді ел арбасына мінгізіп, аулына алып қайтады... Бұл, 1903 жылы болған оқиға. Жалғыз Жаманшұбарда емес, ол кезде ешбір қазақ аулында ұлттық мектеп жоқ. Кейбір ауылда ғана кездесетін бірен-саран молдалар (олардың көбі Газизуллин сияқты) қазақ балаларын араб, фарсы тілінде оқытады, сондықтан олар оқудың қарасын танығанмен, сөзіне түсінбейді... Бірақ надан ауылға сол да «қанағат», Мұстафа айтқандай, «намаздықтан басқа оқудың балаға керегі жоқ. Троицкіден Мұстафа әкелген Хабибулланы Жаманшұбар қабылдап, молдалыққа алады да, алдына біраз бала жинап береді. Мұстафа мені оқуға апарар кезде, төрт-бес жыл оқыған ересек балалар намаздығын біліп қалады. «Намаздық» дегеннің не екеніне кейін толығырақ тоқтаймыз. Ғазизуллинді мен танимын. Ол сапары ұзын қара мұртының қияғын ғана қалдырып, өзгесін ернінен асыра, таңқита қырған қошша қара сақалының тұтамнан артығын қырыққан, басы желкесі мен маңдайына қарай сопая біткен, қабақ сүйегі томпиған шығыңқы, кішкене қара көзі шүңірек дөңестеу келген қырлы мұрнының ұшы имиіп, ерніне қарай төнген, қушықтау келген беті ұзынша, иегі сүйір, мойны бықырайған қысқа, жауырыны қушық, имиген нәзік денесі аласа, ішкені бойына жұқпайтын арық, денесі де, беті де қан-селсіз құп-қу, қол-аяғы кішкене, саусақтары қылдырықтай адам. Мінезі де денесіне ұқсас: орнығып отыра да алмайтын, ұқыптап іс те істей алмайтын сабырсыз, қайғыға да, қуанышқа да шыдай алмайтын күйгелек жоққа шытырлай қалатын тығыз, өзінен өзгенің ісін ұнатпайтын кінәмшіл, басқаға жақсылық қылмайтын қызғаншақ, айнала сөйлейтін мылжың, жуас адамды басынғыш, тентек адамнан қорыққыш, пыш-пышқа үйір, өсекші кісі болатын. Неге екенін кім білсін, молданың «үйлену» дегеннен жаны түршігеді, әйелмен қалжыңдасуды білмейді, қалжыңдасқысы келген әйелден ат-тонын ала қашады, кәрі кемпір отырған жер болмаса, жас әйел оңаша отырған жерге сүйрессең жоламайды... Мұсылман шариғатында, еркектің аз күндік болса да, әйелмен некесін қидырмауы күнә, содан ғана қорыққандықтан молда «Бағлан»11 аталатын станицадан татар қызына үйленді де, оны еркек атаулының бәрінен қорғаймын деп «құдайға жазып», бірер айда төркініне қайтарды. Содан кейін 1932 жылы қартайыңқырап барып өлгенше үйленген жоқ. Молданың бір қызығы — дүние жинауға салақ, есебін білмейтін алданғыш адам. Алатын ақысы бар, хайыр-садақасы бар, табысы көп болады да, тапқанын ұқсата алмай, әркім алдап жей береді. Осы жайларына қарап ауыл оған: «Ноғай молда» деп, шақша бас» деп «кішкене молда» деп, «шайтан молда» деп, «шайхыфани» («дүниенің еркесі») деп, әртүрлі ат қойып алған. Бірақ сол аттардың біреуін де өзіне естіртпейді. Естіртсе пәлеге қалады. Әлі жеткенге молданың мейірімсіздігі, оқытқан балаларын қалай ұстаудан көрінеді. Ауыл Досқа көшкенде ол Жаманшұбардың солқылдақ жас шілігінен бір бумасын ала келеді. Бұтағы аршылған бұл шіліктер молда баланы арқаға тартып жібергенде, жездей иіліп сынбайды, тиген жерін тіліп түседі. Балалар сабаққа жиналғаннан тарағанға шейін бу шыбық молданың қолынан түспей, жыландай ысылдайды да тұрады. Молдаға қылығы жақпаған баланың арқасына шыбық шып ете қалады. Шыбықтың жазасы аздай-ақ, молда қылығы жақпаған баланың құлағын бұрап та, тілін бұрап та азаптайды. Ең, ауыр азап — жұма күндері балаларды дүреге жығу Бұл жазадан айыпты бала да, айыпсыз бала да құтылмайды. Жұма күні балалар сабақтан шығарда молда аздап оқитын әйел балаларды «ей, намахтарм!» деп, көйлектерінің, етегін ғана шыбықпен үш рет салып қап босатады да, еркек балалардың бәрін етпетінен жатқызады, киімдерін түреді, содан кейін қолының күші жеткенше жалаңаш етке көк шыбықпен үш реттен шықпыртады. Шыбық арқасын қылыштай тілгенмен, баланың дыбыс шығаруға хақысы жоқ. Егер дыбыс шығарса, жаза үстеледі, қашан дыбысы сөнгенше, молда баланың арқасынан шыбықты айырмайды... Әке-шеше де, басқалар да, баланы арашалауға тиісті емес, өйткені олардың ұғымында. молданың шыбығы тиген жер, о дүниеде тамұққа күймейді.
— Сонысы рас та болар, — дейді үлкен адамдар, — осы молданың азабы балаларға тамұқ азабынан кем емес. Тәңірі адамды тамұққа екі рет салмайды дейтін. Молда — балаға сабақ оқытқанда ғана емес, сабақтан тысқары уақытта да қожа. Күн ұзын сабақтан бас алмайтын бала, түнде бой жазып ойнайын десе, қайдан кеп қалғаны белгісіз, «шайтан молда» сап ете түседі... Балалар тұра қашады. Молда тұра қуады... Мінезінде «шайтан» молда — қуғанда да шайтан сияқты. — Ол зымыраған жүйрік қуғанына жетпей қоймайды. Ұстаса, сабайды. Осындай күндіз де, түнде де азаптағыш молдадан сабақ оқуға, бала қалай ықласымен барар!.. Мен қалай барармын!.. Бірақ алдында қаһары молдадан да басым Мұстафа «тырп етпе!» деп отырса, бармасқа амалың, нешік!.. Мені отырғызып қойғаннан аз кейін Мұстафа орнынан тұрып, босағадағы кебісін киді де:
— Кәне, жүр!—деді маған.
Ермегенде қайтесің, қайда барасың,!..
Тегі, Мұстафа мені «қашып кетер», — деді ғой деймін, үйден шыға оң қолымнан қапсыра ұстап алды. «Тіл қатсам емексір» дегендей, жолшыбай ол да үндемейді, дыбыс шығарсам, жылап жіберетінімді аңғарып, мен де үндемеймін. Мені Мұстафа Болат аулына әкеле жатыр. Молда сол ауылда. Мұстафаның жетектеуімен келе жатқан менің ол ауылға қарағым келмейді, қарайын десем, бетімді тамұқ отының жалыны шарпыған сияқтанады... Болат аулына жетпей-ақ, балалардың қай үйде оқып жатқанын біліп келем. Олар шуласып оқиды. Және әр баланың сабағы өзіне басқа. Бала атаулының бәрі өз сабағын айтып шуласқанда, оқитын үйдің маңайы, қой, ешкі, сиыр, жылқы — бәрі аралас шулағандай азан-қазан болады да кетеді. Осындай шу Болат аулында, Ырымбайдың үйінен естіліп тұр. Ырымбайдың Исахмет атты баласы бар, менен үш-төрт жас үлкен. Алты-жеті жасында екі көзі шешектен бірдей кеткен соқыр. Оқуды көзі көрмейтін ол, айтқан сабақты тыңдайды да жаттайды. Мені жетектеген Мұстафа сол үйге кірсе, оң жақ босағаны айнала өзіме таныс балалар, аяқтарын астына баса жүгінісіп, тақыр жерде отыр екен қолдарында үлкенді-кішілі кітаптар... Кейбірінің қолында, қысқа шыбықтың жарған басына қыстырған бір-бір жапырақ қағаз. Барлық баланың да белдері бүкірейіп, бастары төмен салбырап отыр. Олардың у-шуынан кімнің не айтып жатқанын адам ұғар емес. Дөңгелене қоршай отырған балалардың ортасында, шарта жүгініп молда, шағындап жайылған дастарқанның үстіне төніп, аяққа құйған қаймаққа бауырсақ батырып жеп отыр... Оң жақ босағада, Исахметтің шешесі — Данышпан ұршықпен жүн иіріп отыр... Үйдегі бар адам осылар. Молданың жасы кіші болғанмен, жолы өзінен үлкен деп түсінетін Мұстафа есіктен аттай бере, оң алақанын кеудесіне баса «ассала-мағалайкө-ө-м!» деп даусын соза сәлем берді.
— Уғалайкү-мүс-сәлем! — деп молда орнынан атып тұрды да, Мұстафаға қарсы жүріп кеп қолын алды. Өзінше тәкаппарлығы да бар молданың Мұстафаға бұлай кішірейе қойған себебін бала болсам да білем. Ол Жаманшұбарда үш-ақ кісіден өлердей қорқады: Бірі — Мұстафа. Ол — ашуланшақ және ашуланса бетің-жүзің демей қатты қауып тастайтын адам, молда оның осы мінезінен де қаймығуы керек және «келіншектің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық» дегендей, Жаманшұбар атаулыдан алғаш көрген және Жаманшұбарға алғаш ертіп әкелген адам болғандықтан ерекше сыйлауы керек. Қаймықсын я сыйласын Жаманшұбардағы еркек атаулыдан кішкене молданың бет келмейтіні Мұстафа ғана. Екінші қорқатыны — Күлшәй. Ол — Молдахмет дейтін ауқатты адамның тоқалы. Бәйбішесі Күмістен бала болмаған соң, өзінен екі есе кіші Күлшәйді Молдахмет бала үшін алған. Шалдау адамға келгеніне ызалы ма, әлде мінезі солай ма, Күлшәй да тілі тисе шағып алатын, бейпіл сөз, ұрыншақ адам. Тұңғыш баласы Смағұлды молда бір рет сабаса керек. Соны естіген Күлшәй молдаға кеп: «Қылқиған мойныңды үзіп алайын ба!» деп ұмтылғанда, үйдегі адамдар әрең айырып алса керек. Содан кейін: «Күлшәйі құрғырына тияргә ярами» — деп молда одан зыр қағады деседі. Үшінші қорқатыны — Зор-енең. Аты — Күміс. Жұрттың оны «Зор-енең» дейтін себебі — денесі әйел атаулының зоры. Әсіресе, бет-аузы үлкен. Жалпақтығы кішігірім табақтай дөңгелек кескініне, ортасы бата, тұмсығы қайқая біткен қолағаштай мұрнының үңірейген екі танауы тышқанның індері сияқты... ала көздерінің үлкендігі алақандай... Ері ертерек өліп, бір үйдің иесі боп қалған Зор-енең өзін еркек орнына ұстайды да, жақпаған адамды еркекше сыбап тұрып боқтайды... Сөзінің мәтелі—«бармақ»12. Қылығы жақпаған біреуді Зор-енең «ей, әкеңнің... бармақ!» деп боқтап қоя береді.; Әрі кәрі кісі деп, әрі сөзбен жеңе алмайтынын біліп, Зор-енеңе ешкім қарсы келмейді. Кішкене молдадан Зор-енеңнің немересі — Әшім оқиды. Әшімді бір рет ұрғанын естіп Зор-енең біраз «бармақтаса» керек... Содан кейін молда одан да қашып жүреді... Ырымбайдың үйіне Мұстафа мені алып кіргеннен кейін қарсы алып сәлем берген молда, тайдың терісінен илеп жасатқан жұмсақ бөстегіне Мұстафаны қатар отырғызды да «Іштеріңнен оқыңдар!» деп балалардың шуын тоқтатып қойды.
— Молдеке! — деді Мұстафа, қасында бейшарасыған кескінмен қарап отырған молдаға, босағада тұрып қалған мені қолымен нұсқап, — анау баланы танисың ғой? Рас танымады ма, не Мұстафадан сескенген бойын жиып болмады ма, әлде таныса да, танығысы келмеді ме:
— Білмәдім,— деді молда.
— Мұқанның баласы ғой, менің былтыр өлген ағамның.
— Шулаймы-ни?—дей салды молда, маған тыжырына бір қарап қойып.
Өзі таршылықта өскенмен, біздің елге кеп тойынғалы, жақсы ас ішкелі, жақсы орынға отырғалы, жақсы киім кигелі, молда қырымпозданып, жаман киімдіні көрсе, кірлі ыдыс я төсек-орын көрсе жеркене қалатыны бүкіл ауылға мәлім де. Бала да болсам, ол әдетін мен де білем.
— Сабаққа әкелдім со баланы, — деді Мұстафа, тағыда мені қолымен нұсқап, — әне, көзі тұр, қатты ұста. Аяма, сабаққа салақ қараса, жанын шығар. Жонынан таспа тіліп ал! Мұстафа молдаға қарап, жауап күткендей кідіріп еді, жауап бермеген молда: «Сол айтылғанның бәрін істеймін сағаң біліп қой!» дегендей маған қадала бір қарап қойды.
— Кәне, қайда отырады бала? — деді Мұстафа молдаға.
Тігі урынға! — деп молда маған денесі де сүліктей жіп-жіңішке, кескіні де сүліктей қап-қара баланың қасын нұсқады. Ол баланың аты — Оразалы. Әкесінің аты — Рақымбай.
— Молда маған орын нұсқаған соқ, Оразалы мен оның қасындағы бала араларын аша берді. Ашылған орынға мен бара қоймадым. Ол орын маған оқу орны сияқты көрініп тұрған жоқ, аңға құрылған қақпан сияқты көрініп тұр. Оқудағы балалардың арасында Мұстафаның менен бір жас үлкен баласы, Ғаббас та отыр, оқығанына екі жыл. Ол — «зирек» аталып жүрген бала. Со кезде ол «құранға» түсті деп естігем.
— Біздің Ғаббастың қасына отырса қайтеді, молдеке! — деді Мұстафа тұрған орнымнан тырп ете қоймаған маған қарап. Ғаббас «құр-әнга» түшкән бала иш, бірәдәр,— деді молда, — бу балаға алиф-бидән башларға кирәк. Рахимбайдың баласы алиф-бидә. Біргә оқысынлар, алар!.. Молданың «алиф-би» деп отырғаны — қазіргі біздің алфавиттің «а» мен «б» сы. Ол екі әріптің неге «алиф, би» аталуын баяндауды кейінге қалдырып, Оразалымызға оралайық. Оның оқуға түскеніне екі жыл болған. Содан бері алиф-би» де жүргеніне таңғалғандай, Мұстафа молданың кескініне қарап еді:
— Бик зиһінсіз бала, — деді молда, — оқу бір дә кірмі башына. Сабағына қарами, уйынны баға, қаһары суққыры!.. Мұстафа да, молда да үндеспей аз отырысты. Молданың үндемеу себебі кейін мәлім болды. Оның қолында дәл сол сәтте ішінде «алиф-биі» бар «иманшарт» жоқ екен «алиф-биді» өзі жазып берейін десе, хат білмейді, жанында жазып беретін басқа адам жоқ, оқытып отырған балалары да жаза алмайды. Мұстафаның үндемеуіне себеп мынау болды ғой деймін: ағасының жетім баласын оқытпауға болмайды. Қалай оқытса да, молданың еркі, онда жұмысы жоқ; жұмысы болар еді, егер өзі «оқу» дегеннен бірдеме білсе. Одан түк білмейді. Өмірінде молда алдын да көрмеген, «әліпті таяқ» деп те білмеген кісі. Діншіл боп намаздан бас алмағанда, дұға оқудан ауыз жаппағанға, Мұстафа сол намаздың көбі араб тіліндегі шарттарың араб тіліндегі дұғалықтарын өз көзімен оқып үйренген кісі емес, білетіндердің айтуынан ауызша жаттаған кісі. Сондықтан егер оқу білетін біреу Мұстафаның «білем» дегенін айтқызып тыңдаса, он екіден бір нұсқасын таба алмас еді, араб сөздерін шатастырғанда күлкіден езу жинай алмас еді. Сондықтан Мұстафаның ұғымында, молда қалай оқытса да мейлі, бала қалай оқыса да мейлі, тек бала намаздығын біліп, аят оқуға жараса болғаны, одан басқа оқудың керегі жоқ. «Оқу» дегеннен ұғымы осындай Мұстафа, үнсіз аз отырғаннан кейін:
— Отыр, әне жерге! — деді маған қатаң дауыспен, Оразалының қасын нұсқап. Амал нешік келдім. Отырдым. Мұстафа орнынан қозғалды да, жылжып барып молданың қарсы алдына отырды. Содан кейін қалтасынан күмәжнегін суырып, ішінен Николай патшаның суреті бар бір сомның күмісін алды. Беті маған бір қырындау келген Мұстафа, күмісті молдаға берді де, «илаһи-әмин» деп қолын жайды. Күмісті қалтасына салған молда да қолын жайып, әденеменені ішінен күбірлеп, бетін сипады. Мұстафа да бетін сипады. Бірақ көлденең қараған кісіге, екеуінің сипауы екі түрлі еді: молданікі — салқын сипау, ал Мұстафанікі?.. Әлгінде байқағам, Мұстафаның, қолдары жайыла беріп дірілдеп кеткен. Бетін сипап бері қарай бұрылғанда, кескініне көзім түссе, онсыз да кейіпсіз кескіні талаурап, жас шайған беті ісінгендей, жылтырай қалған екен. Ол жасты бетін сүртпестен орнынан тұрып жөнеле беріп еді:
— Қайнаға! — деді жүн иіріп отырған Данышпан ұршығы мен шүйкесін жерге қойып, орнынан қозғалып. Мұстафа кідірді. — Ас ауыз ти! Мұстафа төрге барып қайта отырды. Ырымбайдың үйі Жаманшұбарда орта ауқаттыға саналатын да, бірақ өзге малды емес, сиырды көбірек жинап, қымызы болмайтын, айраны мол болатын. Данышпан Мұстафаға шүпілдеген табан аяқ айран ұсынды. Жайдары мінезді, сыпайы сөзді Данышпан аяқты Мұстафаға беріп жатып, оның өзі босап отырған жүйесін одан жаман босатып алды.
— Көріп отырмын, қайнаға, — деді ол, аяқты Мұстафаға ұстатқан соң, кейін шегініп отырып, — түсініп отырмын Ұлтуғанның ағасына13 бата оқуға жарар ма екен деп әкеп отырсыз ғой бұ баланы, байғұс!.. Ұрттай берген айранға, Мұстафаның екі көзінен сорғалай жөнелген жас құйылып кетті...
АЛҒАШҚЫ ДҮРЕ
— Кил әлі мұнда! — деді молда, Оразалының қасында отырған маған көтерген сол жақ қолының үсік саусағын шошайта қимылдатып.
— Қара іт, син дә кил әлі! — деді молда Оразалыға, даусын қаһарлана қалыңдатып, маған көтерген сол жақ қолының саусақтарын түгел жазып, ербеңдете бұлғап. Оразалы мен екеуміз молданың қарсы алдына, жүгіне қатар отырдық. Мен әлі құрық көрмеген құлындай денемді еркін ұстап, төңірегіме жалтақтай қарап отырмын, Оразалы бөтен итке кездескен күшіктей жымып, мүләйімсіп отыр. Алдына келген баланы құлы көріп алған молда, еркінсіп отырған маған:
— Кузіңә қара, ахмақ! — деп ақырып қалды.
Мен селк еттім де, төмен қарадым. Бірақ екі көзім де кірпік астынан молдада. Молда тыжырынған кескінмен менің үсті-басымды көзімен шолып етті. Онысы — киім-кешегіме жеркене қарағандығы екені көрініп тұр. «Киім» дегенде, үстімде бары — қызыл-шұбар ситсадан тіккен сөйлек-дамбал, басымда қоңырлау матамен тысталған бұйрасы ескірген бөрік. Жаңа ситсадан тіккен көйлек -дамбалды кигеніме аз уақыт болғанмен, ойындағы алыс-жұлыстың салдарынан пәрә-пәресі шығып, жамаудан қырық-құрау боп кеткен. Өткен кеште балалармен тығылымбақ ойнаймын деп жүріп, сиырдың жас жапасына тайып жығылып, былғап алғам да, көлге апарып жуып, үй ұйықтаған кезде үн-түнсіз кеп жата қойғам. Келгенімді білген Кішкене ағам «мұнда кел!» деп қасына шақырғанда:
— Үстің неге дымқос? — деп сұраған.
— Жай, терлегендікі ғой,— дегем.
— Исі немене үстіңнің?— деген ол.
Бұл сұрауына жауап бермегем. Одан әрі Мұстафа қаужамаған. Таңертең:
— Үстіңді былғағансың ба?— деп, апам Ұлтуған сұрағанда:
— Кәне, қайда?—деп танғам мен.
Міне, мынауың не? Жапаға жығылыпсың ғой?.. Жуыпсың ғой!..— деп, Ұлтуған жұлмалауға кіріскенде, менің ұяттан жанжалмен құтылғым кеп:
— Шымшыма, деймін Ұлтуған! — деп байбалам салғам.
— Қой енді, Ұлтуған, ештеңе етпес! Былғанса жуылар, — деп тигізбеген.
— Үстін бүгін жуып, ертең апарса қайтеді? — деген Сілеусінге:
— Болмайды ол! — деген Мұстафа, пышақ кескендей, — бүгін сәрсенбі — сәт күн. Ертең бейсенбі, бүрсігүні жұма,— екеуі де ауыр күн. Жексенбі — сәтсіз күн. Дүйсенбіге қалса кешігеді. Кішкене ағам мені оқуға со қалпыммен апарды. Көбірек былғанған дамбалымды молдаға көрсетпеу үшін ұзын, кең балақтарын түріп алдым. Көйлектің салтағын жасырар мүмкіндік жоқ. Молда осыдан жеркенді ме, әлде мені менсінбеді ме, — әйтеуір, маған тыжырына біраз қарап отырды да, тістене сөйлеп:
— Хайуан, найсап! — деп қойды.
Оның «хайуаны» да, «найсабы» да мен түсінбейтін жат сөздер болғанмен, зілді сөздер екенін молданың кескінінен байқап отырмын. Аздан кейін молданың маған қадалған көзі, Оразалыға қарай ауды. Оразалының, онсыз да салпы ерні одан жаман салпиып, сорасы арылмайтын мұрнын жиілете тартып, кішкене қара көздерін қыпылықтатып, имектеу бойы одан жаман иіле түсті.
— Бир, әлі, «алиф-биіңні»! — деді молда, Оразалыға тікіленіп, қолын созып. Ұзындығы бір қарыстай ғана шырпының басын жарып қыстырған, көлемі алақандай ғана, бұрыштары жымырылып ішіне қарай ширатылған төңірегі түтеленген, беті қара қожалақ қағазды молданың ұсынған қолына, Оразалы дірілдеген саусақтарымен ұстата берді.
— Нәрсә булған бу «алиф-би» гә? — деді молда; шыбық басындағы қағазды айнала қарап ап, Оразалыға тіктене түсіп, — нәрсәгә киміргәнсің аның шитләрін? Ашасың килгәнмі ни аны? Ник бұлай кірләгән?.. Молданың бөліп-бөліп айтқан сұрауларының біріне де Оразалы жауап бермей, қолының қалтырауы біртіндеп денесіне жайылып, аздан кейін бар денесімен қалтырап кетті.
— Ник жауап бирмисің қаһары суққыры?— деді молда, зілдене түсіп, оң жақ жамбасында жатқан шыбықты суырып қолына алып. Қабығы аршылмаған жас шіліктің көгілдір түсті шыбығы молданың қолында көтеріле бергенде, Оразалы:
— Молдеке-ай, молдеке-ай! —деп еңіреп қоя берді:
— Мә-саған «мулла-һәкә!» — деп молда Оразалыны арқадан тартып кеп қалам дегенде, шыбық үш-төрт бөлініп, ұшып кетті. Ашуының уыты қолында қалған молда «не болды» дегендей шыбықтың тұқылына қараса, әлдекім пышақпен бунап қойған екен. Ыза қысқан молда, ашу уытын кімге төгуге білмегендей, ол үй ішінде жылдамдата басып біраз ерсілі-қарсылы жүрді де, бүкшиіп отырған Оразалыны, жүгіре басқан қалпымен кеп тепті... Тепкен екпінмен ұшып түскен Оразалы тұра берем дегенде, молда тағы да тепті.
— Молдеке-ай, мен емес, молдеке-ай! — деді Оразалы, үшінші рет тебуге ыңғайланған молдаға зәресі кеткен кескінмен қарап, қорғанғандай екі қолын көтеріп.
— Кім инді? — деді молда, тебуге көтерген аяғын со қалпында ұстап тұрып.
— Мен емес, мен емес! — деді Оразалы, жамбасынан жылжыңқырап.
— Мә, сина, «мин имәс!»—деп молда үшінші тепкенде, Оразалы жылжып кетіп, молданың аяғы жерге тиді.
— Ім-м-м қаһары суққыры! — деп, молда Оразалыны құлақтан ұстады да, күші жеткенше бұрады.
— Ойбай-ай, ойбай-ай! — деді Оразалы шыңғырып жылап.
— Әйтәсің, мі? — деді молда құлақты бұрай түсіп.
— Айтайын, айтайын! — деді Оразалы.
— Кім?
— Әне, анау!... — деді Оразалы, Жетпісбай дейтін баланы нұсқап.
Жетпісбай — Жаманшұбардан он бес шақырым жердегі, Өтей-Дәуіш дейтін ауылдан кеп оқитын ересек бала. Жоламан дейтін бай адамның баласы. Өзі сотқар. Өткен қыс ұрмақ болған молданың шыбығын осы Жетпісбай қолынан жұлып ап, кеудеге түйіп қапты деп естігеміз. Содан бері молда одан қорқады дейтін. Сондықтан болу керек Оразалы «әне, анау» деп қылмыстыны нұсқағанмен, адырая қарағаны болмаса, молда оған қол да, тіл де қата алған жоқ. Қылмысына мойындағандығың манадан бері жымиған кескінмен аңғартып отырған Жетпісбай молда қарады екен деп қымсына да қойған жоқ. Жетпісбайға бата алмаған молда ызадан не істерге білмегендей, орнынан тұрып кетіп, үй ішінде ерсілі-қарсылы, аяқтарын жылдамдатып жүре бастады. Оның қаһарлы кескінінен үрейленген балалар у-шу сабақтарын оқып жатыр. Оразалы екеуміз үн-түнсіз отырмыз. Оразалының қалшылдауы үдеп барады. Қасымдағы баланың сонша қалшылдауы маған қызық көрініп кетті де, мырс етіп күліп жібердім. Мұнымды молданың құлағы қалай шалып қалғанын білмеймін, ол маған жалт қарап, кілт бұрылды да, қасыма ентелей басып жетіп кеп:
— Ник күлдің хайуан?— деді түйіле қарап.
Сор қысты ма, немене, тағы да мырс еткенімде, молданың шапалағы жағыма қалай шарт ете түскенін білмей қалдым. Ду ете қалған жағымды сипалай, «неге ұрасың» дегендей молдаға жаутаңдап қарай бергенімде, әлгі соққанда алақаны ауырды ма, немесе шапалақпен тартқанға қолының құшыры қанбады ма, молда мені тұмсықтан жұдырығымен салып кеп жіберді... Көзімнің оты жарқ ете қап, дуылдай жөнелген мұрнымды алақаныммен баса қойып ем, жып-жылы бірдеме сорғалай жөнелді, байқасам, шұбырған қан!.. Зәрем кетіп, еңіреп қоя бердім... Жұдырықпен ұрғанына да қанағаттанбағандай, молда мені иықтан аяғымен тепті кеп! Қырымнан жалп ете құладым... Ыза қысып алған молда тағы да тебуге аяғын көтере бергенде:
— Апыр-ай молдеке-ай, өлтіремісің бейшараны! — деп, Данышпан ұстай алды. Молданы ол әрі қарай тартып әкетті де, әлі де ұрмақ боп тырмысқанда:
— Молдеке-ай, тым болмаса сабағын бастаған соң ұрсайшы. Қолына қағаз да ұстаған жоқ әлі. Обал ғой мұның! — деді Данышпан. Тырмысуын доғарған молданы Данышпан еркіне жіберіп еді, ол:
— Сиңа ма, сиңа! — деп маған қаһарлана қарап саусағын безеді...
«ҚАДЫМ» ОҚУЫ
Бұл шығарманың ішінде, оқушыға ең көңілсіз болатыны, осы бөлшек екенін біле тұра, әдейі жазып отырмыз. Олай жазған себебіміз, бір ғана қазақ балаларының емес, «мұсылман» аталатын барлық елдің балаларының бастарын сан ғасырлардың бойына пайдасыз қатырып, миын босқа жеген, бүкіл «мұсылман» елдерінің, өнер-білімнен артта қалуына бас себеп болған «қадым» аталатын оқу болған. Осы «оқудың» ішкі сырың мән-жайын толығырақ баяндап бермей, «қиын оқу еді» деп жалпы айтып өтудің қазіргі оқушының көпшілігіне әсері де болмас еді. Өйткені олардың көбі «қадым оқуы» дегеннің не екенін көргенде, білген де кісілер емес қой. Музейлерде біз ескі дүниенің заттарын таңсық қана көріп емес, сол дәуірдің басынан кешкен өмірін тану үшін де қарамаймыз ба? Қадыммен танысудың қазіргі және кейінгі ұрпаққа қажеттігі, музейдегі сол ескі заттармен танысудың қажеттігі сияқты. Өйткені, қазір «қадым» оқуы да музейлік қана мүлік және оның да артында көп тарихы бар мүлік. «Қадым» — арабша «ескі» деген сөз. Қадым оқуында, «а», «б», «в», «г» деген сияқты, дыбыс белгісі болмайды. Оның әрбір әріптерінің «әліп» (а), «жұм» (ж), «сад» (с), ғани (ғ), «нон» (н) деген сияқты, жеке аттары болады. Араб әрпінің таңбасы 29. Бірақ бұл жеке жазылу түрі. Одан басқа осы әріптердің: бас, орта, аяқ аталатын түрлері бар, бәрін қосқанда, «29»дың орнына «108» боп шығады. Арабта жазылу түрі бір, тек асты-үстіне ноқат қоюмен айырылатын әріптер көп. Мысалы, жоғары қараған тік бұрыш сияқты сызықтың астына бір ноқат қойса, «б», екі ноқат қойса, «и», үстіне бір ноқат қойса «н», екі ноқат қойса «т», үш ноқат қойса «ш» болады. Сонда, сызылуы бір бес әріп, өзара ноқаттармен ғана айрылады. Бұл жағынан алып қарағанда, егер ноқаттарын есептемесе, араб алфавитіндегі сызықтың түрі «29» емес, 17-ақ. Арабта «3» әріп төрт түрлі айтылады, қазақта оның бірі ғана бар; арабта жуанды, жіңішкелі аталатын екі «т», үш «с», екі«ф», екі «х»; бұлар да қазақта бір-бірден-ақ. Сонда, арабтың 29 әрпінің 9-ы қазақ тілінде жоқ. Араб алфавитінде дауысты дыбыс атымен болмайды, олардың орнына: асты («и» орнына), үсті («а» орнына» үтір («о» орнына) аталатын әріптердің асты, үстіне сызықтар қойылады. Бұл, тек «құран» сөздерінің асты, үстіне қойылатын сызықтар. Араб тілінде жазылған өзге кітаптардың сөздерінде ондай сызықтар болмайды, қандай әріптің асты, үстінде қандай сызықтар барың оқушы жобамен ғана айырады. Мысалы «Мұхаммед» деген сөз «Мхмд» боп «мұхтасар» деген сөз «мхтср» боп жазылады. Бұлай, біріңғай, дауыссыз дыбыстардан құралған араб сөздерің тек араб тілін білетін адам ғана жобалап дұрыс оқуы мүмкін ол тілді білмеген кісі қалай дұрыс оқиды... Арабтың тілін біздің молдамыз — Ғазизуллиннің өзі де білмейді. Кейін байқасақ, араб, фарсы сөздерін ол қате оқиды екен. Араб әріптерінде осындай және басқа да толып жатқан өзгешеліктер барын Ғазизуллиннің өзі де түсінбейді, сондықтан оқушыларына да түсіндіре алмайды. Сонша қиыншылықпен ұзақ уақытқа араб алфавитінің сызықтарын әрең таныған балалар, енді әріптерді қосып сөз құрауға кіріседі. Оның атын қадым оқуында «еже» дейді. Мысалға «Мұхаммед» деген сөзді алайық. Араб алфавитінде дауысты дыбыстар болмағандықтан бұл сөз кілең дауыссыз дыбыстардан құралып «Мхмд» боп жазылуы жоғарыда көрсетілді. Оны дұрыс оқу үшің асты, үстіне тұспалды белгілерді қою керек. Мәселен, бастапқы «м» «мұ» боп оқылу үшін үстіке «үтір» аталатын сызық; «х»—«ха» боп оқылу үшін үстіне «үсті» аталатын сызық; одан кейін қабатынан келетін екі «м»нің қосқабаттығын көрсету үшін үстіне «тәштит» аталатын сызық; соңғы «д»ның қасында дауысты дыбыс жоғын көрсететін «сәкін» аталатын сызық қойылуы керек қой, егер ол сызықтар қойылмаса, неге қойылмайтынын молда түсіндіру керек қой. Ғазизуллин олай түсіндіре алмайды. Ол, тек өзі молдасынан түсінбей оқыған сөздерін бізге қайталап, мысалы, «Мұхаммед» деген сөзді: «емтүрме хисынха — мұха, мемта-щасынба — мұхамма, далда сәкін — Мұхаммад» деп ешкім түсінбейтін бірдемені былдырақтайды... Осындай әрі «ежелеуі» қиын, әрі ежелеп шығарғанмен түсініксіз араб сөздерін мыжғылаумен баланың басы қатады да отырады. Зирек бала ғана «ежеден» «сүреге» көше алады да, зирек емесі «ежені» неше жыл езгілесе де түсінбей, өмір бойы сауатсыз қалып қояды. «Сүре»— арабша «дастан» деген сөз. Олай дейтіні «Құран өлеңмен жазылған ғой. Көп өлеңнің басы қосылатын бір тақырыпты, «құранды»— «сүре» дейді. «Құранның» алғашқы «сүресі»—«суратоәл — бақара» аталады, мағынасы — сиыр дастаны». Бірақ дастанда сиыр туралы кеңес жоқ. Сүренің неге «Сиыр дастаны» аталатыны белгісіз. Осы «сүреде» 186 өлең бар. Ұзақ сөйлеп кеткен біреуге қазақтың «немене, ұзын сүреге түсіп кеткенің?» деуі осы «сүреден» шыққан. Баланың алғашқы түсетін «сүресі»—«құраннан» қысқартып алған «әптиек» (арабша—«һафтиек») дейтін кітапша. Қазақтың «Қалқам-шырағында» кездесетін:
Өлеңге жас күнімнен еттім талап.
Өзің сал, өзің ақың бір зән-талақ» —
дейтін өлең осыдан туған. «Әптиектен» кейін бала, 600 беттей «құранға» түседі. Ол да түгелімен араб тілінде жазылған сондықтан араб тілін білмейтін бала оның қарасын танып оқығанымен мағынасың білмедім. Құранның, немесе араб тілінде шыққан басқа кітаптардың мағынасын айыра білмейтін балалар ғана емес. Қазақ ауылдарында «молда» атанып жүргендерден жүзден тоқсан бесінің мұрнына араб тілінің исі келмейтінін көзімізбен көрдік, солардың бірі — Хабибулла Газизуллин. Бұл — қазақ арасынан шыққан молдалардың ғана емес, тілі арабтарға жанаспайтын барлық мұсылман елінің молдаларына тәуелді сорақылық. Қазақта «оқу инемен құдық қазғаннан қиын» деген мәтел осыдан шыққан. Кішкене молдаға оқуға барғанда, тағдыр менің маңдайыма осындай «құдық қазуды» жазған еді.
ҚАБЫР БАСЫНДА
Адам деген бір керемет емес пе! Егер тырысса, оның ұқпайтын дүниесі бар ма! Ұмтылса, алмайтын қамалы бар ма!.. Дүние жүзіндегі оқудың ең қиыны — қытайдікі деседі. Қытайдың жазуын «иероглиф» дейді ғой. Қытайдың тілінде сөз басы бір «иероглиф» бар деседі. «Дыбыс таңбалары» деген болмайды деседі. Сөз таңбалары сонша көп болғанмен осы тілде де сауатты болмай ма адам!.. Кішкене молданың оқыту әдісі қаншалық ұғымсыз, шалағай болғанмен, оның оқытқан балалары көп азап көре тұра, күн сайын кейін емес, ілгері басады; күн сайын ұғымсыз оқуды ұға түседі, нысанаға қарай адымдай түседі. Нысана — араб тіліңде жазылған сөздердің қарасын да оқу, мағынасын да түсінуге тырысу. Осы нысанаға біртіндеп мен де жақындадым. Оқуға барған жылдың күзінде мен алғашқы сатылардың, бәрін өтіп, «құранға» түстім де, кешікпей сөзіне түсінбегенмен қарасын оқығанда судай ағыздым. Молда бізге кей кезде өліктерге арнап «құран» шығарттырады. Сонда 570 беттік құранды бір бала төрт-бес күнде оқып шығып береді. Мен де сөйтем. Қыстай оқып, «құранды» жаттап алуға айналған кезде, молда бізді «түрікше» аталатын кітаптарға әкеп салды. Бұл кітаптар «шағатай» аталатын Орта Азиялық тілде жазылған. Бірнешеуін мысалға келтірейік:
«Көрің Қадір құдіретің
Білсін даю сұнғатың
Мұстафаның үммәтін
Андағ тәшраф қылдия.
Тән жаратты, жан берди,
Қатыра-и судан бізләрии
Андағ тәшраф қылдия».
«Замана ахыри олса, нәлір болғай,
Дүнияға түрлу-түрлу фәлә толғай,
Ғалимләр шағыр ішіп, зина қылғай
Андин артық тахи ғажап даңлари уар».
«Бақырғанден сафар қылсам,
Тауаф қылғали Кәғбаии.
Көріп хәннәни мәннәни.
Хатим диуәрни көрсәм,
Хәмді уә сіәнә айтсам,
Сахар уахтида сұбханн»
«Сәне лил халық гебра-и, уә афләқ
Яратти катранден гәуһәри фәк»,—
деп араб сөздерінен құралып келгенімен аяқ жағы:
Не үшін құлдық қылмадық деп Әхәдкә» —
деген сияқты түрікше боп кетеді.
Бұл кітаптардың да сөздеріне қазақ балалары түгел түсініп жатқан жоқ. Дегенмен, сөздері атымен түсініксіз тілдегі арабша жазылған кітаптардан көрі, түсініп оқуға әлдеқайда жеңіл. Түрікше кітаптарды оқыту Ғазизуллиннің өзіне де арабша кітаптарды оқытудан жеңіл екені көрініп тұрады. Оның дауысы жақсы. Бала кезде құлаққа сіңгендіктен бе, әлде расы солай ма, ол құран оқығанда да, өлеңмен жазылған түрікше кітаптарды оқығанда да әндете жөнелсе, өте сәнді, ырғақты дауысы тыңдаушысын ұйытып әкетеді. Әр кітапқа, әсіресе түрікшеге молда арнаулы ән қолданады. Кейін байқасам, солардың көбі, татардың халық әндері екен. Мысалы «Көрің Қадирді» ол «Тәфтиләу» әнімен айтады екен. Түрікше кітаптарды әндетіп оқуға шебер болғанмен, Хабибулла олардың, тіліне түсінуге шебер емес. Татар тілінде жоқ сөздердің мағынасына ол түсінбейді, «түрікше» аталатын кітаптарда араб, фарсы, өзбек, түрікпен сөздері көп кездеседі. Ондай сөздерді түсінуге Газизуллин ынталанбайды да. Кейде ол мағынасы ап-ашық тұрған сөздердің өзін шәкірттеріне талқылап, айтып бере алмайды. Мысалы, оның «сән» димә, «сән-сән» димә «сәңа» димә, «мәң» димә, «мән-мән» димә мәңе» димә: «сіз» диңіз «сіз-сіз» диңіз, «сізгә» диңіз, «біз» диңіз, «біз-біз» диңіз, «бізгә» диңіз,— деп үйрететін бір сабағы бар. Егер молдадан «осы айтып отырғандарыңыз не» деп сұрасаңыз, ашуы тығыз ол «нәрсәгә кирәк сәңә, китап сузін іүшіндірүргә кирәкміни ахмақ?» деп ұрсып тастайды. Ойластырып көрсек молданың мұнысы «сен» деме, «сенсің»деме, саған»деме, «мен»деме, «менмін» деме, «маған» деме, «сіз деңіз, «сізсіз» деңіз, «сізге» деңіз, «біз деңіз, бізбіз» деңіз, «бізге» деңіз, — деп балаларды «сен» деп тұрпайы сөйлеуге емес, «сіз» деп сыпайы сөйлеуге үйрету екен. Бірақ ол осылай ұғындырмайды да және ұғындыра да алмайды. Қанша қатал дегенмен, Хабибулла да адам баласы ғой. Оның да көңілді-көңілсіз уақыттары болады. Көңілсіз уақыттарында балаларды қысып кеткенмен, көңілді уақытында ол балаларға өзі білетін мақамдарды үйретіп, үйреніп алған балаларға жекеше де, қосып та айтқызуды ол жақсы көреді. Оның аса сүйіп, әндетіп оқитын кітабы — Мұхаммедия». Өлеңмен түркіше жазылған бұл қалың кітап Мухаммед пайғамбарды мақтауға құрылған. Оның өлеңдеріне тәуелді әні бар, сол әнді шырқай жөнелгенде, молданың даусы бүкіл Достың басын күңірентерліктей боп кетеді. Аятты молда «Мысыр мақамы» дегенмен оқиды, ондағы әні де зарлы, ырғақты келеді. Осы әндеріне салып айта алатын шәкірттерді, ол кейде аса ықыласпен тыңдап, әсерленіп қалады. діншілдігінің салдарынан ба, әлде жасында көрген жетімдігі, жоқшылығы, немесе, қазіргі жалғыздығы есіне түсе ме, — әнді тыңдап отырып, кейде жылап та алады... Ораза айларында ғана оқылатын «тарауық» намазының «тасбиғы» аталатын дұғаны ол бірнеше балаға хормен айтқызады... Күн сайын балаларды оқудан таратарда:
Зікри айттым ол хаққа,
Мұсылмандар жұмаққа,
Кәфірларың тамұққа,
Бір алладан ғинаят,
Атамызға дәулет бат,
Анамызға шафқат бат,
Азат уақыт болып тұр,
Нұрмұхаммад салауат».
Сізден бізге ұлықсат!»
— деген жырды хормен айтқызады. «Ғайрауат» аталатын бұл жырға кейде өзі де қосылып кетеді. Бірақ өзі үйреткен әндерді біреу өзінен ұлықсатсыз айтса, «Хайуан, найсап» деп оған өшігіп алады... Түркіше кітаптарға біраз жаттығып алғаннан кейін молда балаларды араб тілінде жазылған дін кітаптарын оқуға салды. Араб тілінің де грамматикасы (сарф), синтаксисі (наху), логикасы (мантық) бар. Бірақ бұлар бізді оқытқан молда білетін сабақтар емес. Біздің молданың білетіні — «тәржима». Ол — араб сөздерінің қасына түрікше сөзбе сөз мағынасын беру. Мысалы, бабөн — үшбу баб, шрутсассалат — намаз шартларындағы бап, уаһиа — ол намаздың шартлары, ситтәтән — алты дұр, әл-әууәлі — ол шартларның әуәлгісі, әл-уызуы — таһарат алмақ, бел-ма-е-ат-таһи-ро — пәк су бірлән, ау-ет-таяммуми — я исә таямим соқмақ, биша-шундай нәрсә біләң якуны — болор ол нәрсе, миналь арзи,— жер жыыысындан: кәттұрабө — топырақ, шикіллі, уорүмлі — құм шикіллі, уәлкүкли — сүрмә таш шикіллі, уоззараниха — звест шикіллі, уал хажары — қара таш шикіллі... Қасында мұндай түркіше мағынасы жазылмаған араб, фарсы сөздерінің не екенін молданың өзі де білмейді. Міне, осындай қазақ балалары жартысын түсініп, жартысын түсінбейтін тәржимәлерден біз сол қыстың аяқ кезінде: Шруто-ассалат», «Тағыллимө ассалат», Тхфәтүәлмүлік», «фиқһиқайдани» сияқты бірнеше кітаптарды оқыдық. Бұл кітаптарда да діншілдікті үйретуден басқа, баланың тіршілік жасауына керекті ешбір білім жоқ. Миды жейтін қиыншылықтарын былай қойғанда, со кездегі ауылдың ұғымында мен «көп білім біліп» қалдым. Менің оқуымның бұндай «қарқынмен» кетуіне, әсіресе, менің ағам Мұстафа қуанды.
— Құдайдың бергеніне шүкірлік, — дейтін болды ол, — Мұқан бейшара тіршілікте еш рахат көрген жоқ еді, бейшараның көп жыл аққан көз жасы қабыл болған екен. Mінe, енді баласы оған құран оқуға да жарады. Бұдан артық құдай не берсін оған. Менің құран оқуға жарауыма көңілі тасыған Мұстафа, онымды Мұқанның ахиреттегі рахаты деп ойлайды да, жақын жерде тұрғанда күн сайын, алыстағанда жұма сайын әке-шешемнің басына апарып аят оқытады. Сонша көп оқылатын аяттардың ішінен кейбірі менің көз алдымда күні бүгінге шейін тұрады. Ауыл Достағы жайлауға отырады... Жұма күндері балалар оқымайды... Со күні ала-көбеден Мұстафа тұрады да, арқандап алып қалған биесін әкеліп жадағай тарантасқа жегеді... Мені қасына отырғызады... Екеуміз қыстауға қарай жөнелеміз... Қыстаудың бер жақ жиегінде қалың, зират... Ағашы жоқ жердегі бұл зираттың бірнеше қабыры ғана (әрине, ауқатты .адамдардың) ағашпен қоршалған... Қатар көмілген Мұқан мен Балсарының қабірлері ешнәрсемен қоршалмаған, жалаңаш төмпелер... Зират түгелімен айнала орланған. Оның адам ашып-жауып қана кіретін қақпасы бар.... Осы қақпаның алдына Мұстафа екеуміз күн шыға жетеміз. Шалғыны қалыңдап алған қыстаудың маңына бұл кезді сары маса симайды, тоқтасаң-ақ төңірегіңде бұлттай үйіріліп, ызың қағып қаптайды да тұрады. Үстіңе кеміне әлденеше мыңы жабылады. Аяқ-ылау қып жүрген жалғыз биесін аяған Мұстафа зиратқа жеткен соң арбадан ағытады да, алдыңғы екі аяғын тұсап, жел жағына түтін сап қояды. Түтінге масалар жолай алмайды. Түтінді ықтаған бие оттауға кіріседі... Мұстафа екеуміз қақпасын ашып, зираттың ішіне кіреміз. Кісісі өлген өзге үйлерден зиратқа біз көп келеміз бе, немене шөбі қалыңдаған зираттың ішінде қақпадан менің, әке-шешемнің қабырларына шейін созылған соқпақ жатады... Сол соқпақпен жөнеле берген бізге, бұлттай түйілген қалың масаның мың-миллионы жабыла кетеді... Мұстафаның айтуынша зират ішіне от жағып, түтін салуға болмайды, өйткені, «от» тамұқтан шыққан, қабыр арасында тамұқ исін көңірсіту күнә...
— Кішкене аға-ау,— деймін мен масалар денемнің ашық жерін талап өлтіріп бара жатқанда, түтінсіз қалай шыдаймыз бұған... Аят оқып болуға болмайды ғой...
— Күнәлі болма, шырағым, — дейді Мұстафа, — Аюп пайғамбардың денесін құрт жеп тауысқанда да, тәңірге тәупіғын келтіріп шыдапты дейді молдалар. Маса сол құрттардан артық болып па... Оны да жіберіп отырған тәңірі... Шыда!.. Қысқа аят болса қиналғанмен де, шыдап бағар едің. Олай емес. Құранда «ясин» атты сүре бар. Бұл ең кеміне жарты сағат оқылады. Одан қысқа аяттың өлікке «сауабы» жоқтай-ақ, қабыр басына барғанда Мұстафаның маған оқытатыны осы «ясин» ғана... Қақпадан кіре жабылған масалар біз қабырдың бас жағына кеп шоқия отырып, «ясинге» кіріскенде үстімізге үймелеп қонып алады. Бұл кезде олардан құтылудың ешбір мүмкіншілігі жоқ. Қонғандарын алақаныңмен сипай қырып жатсаң, тірілері қолыңның сыртына кеп үймелейді... Қолыңның сыртына қонғандарын сыпырғанша, бет-аузыңа кеп тары үймелейді... Дененің ашық жерлерінен орын таба алмағандары, қаптап кеп киіміңе қонады... Жылқының қалың терісін біздей тесіп етіп, қанын соратын олардың тұмсықтары, сенің жаздық киіміңді шопақ құрлы көрсін бе?.. Cap масаның, шаққаны қандай ащы. Оның әрқайсысының тұмсығы тиген жер, ара тістегендей тыз ете қалады... Осындай тұмсықтар бір емес, әлденеше мың... Денеңе тұтаса қаптай қонған масалардың ащы шаққанына, ер болсаң шыдап көр!.. Мен шыдай алмаймын. «Ясинді» заулатып оқып отырып, денеммен арпалысудан тынбаймын... Мұстафаның шыдамдылығы Аюп пайғамбардан артық болмаса, кем емес. Шыдамсызданған маған ол ала көзімен анда-санда бір адырая қарап қояды да, өзі үн-түнсіз, қимылсыз сазарып отыра береді. Денесіне қонған масаның бірде бірін сипап өлтірмейді... Біраздан кейін шыдамы таусыла ма, немесе діншіл адам, оқылған аяттың әніне түсінбегенмен, бар ықласымен соған беріле ме, әйтеуір «ясин» орталанып келген кезде, ол жерге бетін төсей етпетінен жата қалады... Менің құлағыма Мұстафа жақтан әлсіз күңіренген бір зарлы үн естіледі... Ол кезде аруаққа сенетін менің бойыма: «Мына үн қабырдан шығып жатқан жоқ па» деген қауіп түсіп, тұла бойым тітіркене бастайды... Соза оқығанда жарты сағатқа жететін «ясинды», масалардан қысылғандықтан мен шамасы он бес-жиырма миниутте оқып шығам ғой деймін... Аяттың аяқталғанын естіген Мұстафа басын көтеріп, үнсіз дұғаны оқығанда, қолын жаяды да, мен бетімді тезірек сипағанда, ол қолын сол жайған қалпымен ұзақ отырып қалады... Со кезде оның қара бұжыр кескініне көзім түссе, қырлана біткен мұрнының екі сайын ала төмен қарай аққан жас саулап бара жатады... Бетін сипағаннан кейін де, сол орнында отырып қалған Мұстафа, әлгі оқылған аяттың сауабы жеткіліксіз болды ма дегендей, ағасының әлі шөп шығып үлгермеген қара топырақ қабырын құшақтай жатады да, еңіреп тұрып жылайды... Мең әрине, ол арадан кетіп қалам, себебі, біріншіден, Мұстафаның өлі ағасына бауырмалдық сөздер айтып зарлануы тұла бойымды түршіктіреді, екіншіден, қаптауы және жабылуы көбейе түскен масалар бір орында тұруға шыдатпайды...
ШӘЙІН АҒАЙ
Баланың да, әрине, өзінше қиялы болады. Ол да өз ұғымында үлгілі-ау деп ойлаған адамдарына жетуді арман етеді. Менің де балалық шақта бірнеше армандарым болды. Жаманшұбарда Тоғанастың Қанапиясы дейтін балуан болды. Ауылда онымен күресуге жарайтын жігіт жоқ. Естуімізше, ол Жаманшұбарда ғана емес, құлақ естір жердегі » балyaндapдың бәрін жығып болған. Дене жағынан ол орта бойлы, бірақ жауырыны кең, төсі шалқақ, бұлшық еттері түйін-түйін. Мен сондай балуан болуды арман етем, бірақ оған жаспын. Жаманшүбарда көзді қызықтыратын жігіттің бірі Аткелтір. Қалың қара мұртты, шоқша сақалды, көркем кескінді, ықшам, жеңіл денелі, шағын дәулетті оның кәсібі аңшылық. Жаз айларында ол құс атады, қыс айларында аң қуады. Дәулеті шағын бола тұра, ер-тоқымы әдемі бір жүйрік ат оның астынан кетпейді. Ол мінген ат әрдайым бәйгеден келеді. Киімдері ықшам, таза, сәнді болады. Қанипа атты сұлу кескінді, сұлу тұлғалы әйелі бар. Үй ішің ыдыс-аяғын Қанипа таза ұстайды, асы дәмді болады. Бақытты бұл семьяны көргенде, менің бір арманым — ер жеткенде Аткелтірге ұқсау. Жаманшұбардың ең әншісі Қабамбайдың Ғабдолы. Со кезде отыздарға тақалған, сұлу кескінді, қырбық қара мұртты ол, ойын-сауықтың гүлі. Оны төңіректегі ауылдар да шақырып әкетеді. Менің бір арманым сондай әнші болу. Жұрттың айтуынша бес болыс Керей, Уақ аталатын елде, біздің ауылдағы Нұртазадан шешен адам жоқ. Ол менің әкеммен немере. Жасы со кезде алпысқа таялған, көксау ол, егер ел ішінде дау-шар болса, соны шешуде жүреді, билік айтады. Ол кездегі қазақта биліктің ең қасиеті сөзге алдырмау. Кім сөзге алдырмаса, дауда сол жеңеді. Нұртаза сондай адам деседі. Ендеше, менің бір арманым — Нұртазадай шешен болу. Жаманшұбарда: темірдің ұстасы Қожахмет, ағаштың ұстасы Құрмаңке, етіктің шебері Құсайын өрімнің, шебері Кәсен... Мен осы өнерлердің бәрін үйренуге де құмартам, оқудан босағанда, олардың қасында сағаттап отырам, бірақ үйреніп шебер болуға әлі жаспын... Жаманшұбардағы өнерпаздардың ішіне, менің сәбилік сезіміме ең ұнайтыны Шәйін ағай. Қазір, жасы жетпісті орталаған, бастауыш мектептерде қырық жылдай мұғалім болған ақ шашты, ақ сақалды бұл қарт, менің есімде мәңгі сақталатын адамның бірі. Менің бала кезімде ол сипарын жоғары қарай ширатқан, қысқалау қара мұртты, иек тұсына ғана әкеп қоятын шоқшалау қара сақалды, қызыл шырай өңді, дөңгелек жүзді, имектеу қыр мұрынды, қою қара қасты, толықша орта .бойлы көркем жігіт еді. Шәйін ағаймен бірге жасасып келе жатқан Зылиқа жеңгей де ол кезде талдырмаш, кішірек денелі, бет сүйегі батыңқы біткен сопақтау көркем келбетті, «қан мен сүт ақ жүзінде араласқан» дегендей, қызғылттау шырайы, құлпырған ашаң өңді, маңдайдан төмен қарай тік біткен әдемі қыр мұрынды, қолмен қатарлап тізгендей жіңішке қиғаш қара қасты, мөлдіреген орташалау томпақ қара көзді, бүрілген оймақ ауызды, ұшы сүйірлеу кішірек иекті, үріп ауызға салғандай сұлу келіншек!.. Кезеңі келгенде айта кетейік: қызды қалыңмалға сататын ол кездің ауылында, қалыңмалсыз үйленген бірінші адам — Шәйін ағай. Ел аралап тігіншілікті кәсіп етіп жүрген кезінде (ол туралы төменде толық жазылады), Шәйін ағай мен Зылиқа жеңгей танысады да, бірін-бірі сүйеді. Қалыңмалшыл ауылда олардың қосылуына жол жоқ, Зылиқаны әкесі әлдекімге атастырып қойған... Ендігі жол біреу ғана: ұрланып қашу. Олар сөйтеді. Паналаған жері — Бағлан. Заң білмейтін надан ауыл, қалаға барған жастарды қуа алмайды, бармағын тістеп қала береді. Балалы-шағалы болғанша, Шәйін мен Зылиқа бұл елге жоламайды... Шәйін ағай фамилиясын «Тілегенов» деп, ұлы атасы Тілегеннен алған. Өз әкесі — Қожахмет. Ол кісі — өмір бойы дүкен ұстап темір соғуды кәсіп еткен кедей адам болды. Одан туған бес баланың Шәйіннен өзгесі советтік дәуірге дейін жалшы боп келді. Шәйін ағайдың өмірбаяны қызық: Бағланнан біздің елге жыл сайын кеп ұсақ-түйекпен сауда жүргізетін бір татар Қожахметпен дос болады да, «бақыршым болсын» деп Шәйінді ол үш жасында сұрап ап, өзімен бірге алып кетеді. Татар оны жаз айларында қасына алып жүріп, қысқы уақытта қаласындағы медресеге оқуға береді. Ол — қандай оқу? Ислам «дүниесінде» өткен ғасырдың орта шенінен бастап, оқу мәселесінде «жадид»15 аталатын ағым шыққан ғой. Жадид оқуының қадым оқуынан айырмасы: қадым дін сабағынан басқаны оқытпайды, жадид те дінді (әрине, ислам дінін) қуаттай отырып, оны ғылыммен жағыстырады, «дуния» оқуы мен «ахрет» оқуын қатар жүргізеді. Оқыту әдісінде, жадид қадымнен мүлде айырылады. Қадымша оқытудың әдісі, «қадым оқуы» деген бөлімде айтылғандай болса, жадидше оқыту әдісі ғылымға байланысты, ол әр дыбысты ғылымдық таңбасымен танытады. Негізі буржуазиялық идеядан туған бұл оқу, пан-исламдықты16 қолдап, араб пен фарсы тілдерінен де қашпайды. Бірақ жадид біз жоғарыда үлгісін көрсеткен қадым әдісінше, араб пен фарсы тілдерін балаға түсініксіз түрде емес, түсінікті түрде, әр ұлттың баласына өз тілінде айтып береді. Жадидтік әдіспен жазылған араб пен фарсы тілінің сарфын (грамматикасын), нахуын (синтаксисін), дурусо-ашшифаһиясын (хрестоматиясын), өз ұлтының тіліндегі сауатты бала өз бетімен де үйреніп кетуге болады. Исламдық шығыста туа бастаған бұл ағым әуелі Мысырдан өрбиді де, Русияға өткен ғасырдың аяқ кезінде жетіп, қанатын кең масштабта, 1905 жылдың революциясынан кейін ғана жаяды. Жадидтың, «туын» Русия мұсылмандарының ішінде өзге ұлттардың буржуазиясынан бұрынырақ татар буржуазиясы кетерді. Алғашқы ұшқыны XІX ғасырдың сексенінші жылдарында, татарлардың, алғашқы просветительдерінің бірі — Шиһабыддин Маржанидан шашыраған бұл ағым, 1905 жылғы буржуазиялық революциядан кейін қабындай кетеді. Жадидтік бағытта: Қазанда «Мұхаммадия», Уфада «Ғалия», Орымборда «Хұсаиния»,, Троицкіде «Уазифа» атты орта және жоғарғы дәрежелі біліп беретін медреселер ашылады. Бұларға бағыттас медреселер, Русияның мұсылмандар тұратын қалаларының көбінде туады. Татар тілінің негізінде құрылған бұл мәселелерден татарлардың ғана емес, Русиядағы басқа мұсылмандық елдердің де азды-көпті балалары оқиды, бірақ өз тілдерінде емес, татар тілінде... сондықтан өзін өзге ұлттардың буржуазиясынан алдамын деп санайтын татар буржуазиясы, сойылдарын соғатын «Уақыт» газеті, «Шура» журналы сияқты баспасөз орындары арқылы, «Русиядағы мұсылмандардың тілдері татар тіліне құйылып, бір-ақ тіл жасау керек» деген пікірді тарата бастайды... Қадыммен салыстырғанда, оқыту әдісінде де, ғылымға жанастыруда да, Октябрь Революциясына дейін біраз прогрестік мәні болған бұл жадид — идеологиялық негізінде барып тұрған кертартпа ағым. Оның негізгі ұраны: пан-азияшылдық, пан-исламшылдық, пан-түрікшілдік. Бұл ағым — коммунизм идеясына түбірімен қарсы. Негізі солай бола тұра, қадыммен салыстырғанда, жадид өз тұсында ислам дініндегі елдер үшін прогресс болды, онысы заңды да, өйткені, марксизм-ленинизм ғылымының үйретуінше, феодализммен күрескен кезінде, буржуазия табы прогрестік роль атқарды ғой. Қадым, әрине, феодализм тілегінен туған оқу; жадид — буржуазияның оқуы, ендеше соңғысы — өз тұсында прогресс. Шындығында да солай болды. Жадид шыққан кезде, қадымның өре-бойы тік тұрып, жаны түршіге қарсы тұрды. Қадымшілдер мен жадидшілердің дұшпандығы сондай, екеуінің молдасы бір дастарқаннан ас іше алмай, бір орында жүре алмай, кездессе сөзбен ғана емес, қолмен де төбелесетін халге жетті. Бұл әрине, феодализм мен капитализм арасындағы тартыс еді. Бірақ екеуі де қанаушы таптар болғандықтан, феодализмге қарсы шыққан әрекетінде прогресшіл бола тұра, идеялық негізінде буржуазия да коммунизмнің қас дұшпаны ғой, сондықтан да олар — еңбекші көпшіліктің дұшпаны, халықтар достығының дұшпаны, сондықтан да жадидшілдер — коммунизм идеясына қарсылар, пан-исламдық, пан-түрікшілдік сияқты кертартпа жолды түтынушылар... Әрине, жадидшілдер де бір түсті болмай, ала-құла жікке бөлінді: бір жүйесі ірі буржуазияның (капиталистердің, помещиктердің, кулактардың) сойылын соқса, енді бір жүйесі ұсақ буржуазияның (ауыл, қала кедейлерінің) сойылын соғып, еңбекші көпшіліктің мүддесіне жақын болды. Бірақ соңғысынан бастапқысы басым еді, сондықтан соңғысы халық мүддесін орындауда құнарлы ештеңе істей алмай, бастапқының ықпалынан шыға алмады, бар мәселе ірі буржуазияның пайдасына шешілді. Жадидті бұл арада еске түсірудегі мақсатымыз — оның қазақ аулына қалай келуін көрсету. Ол қазақ ауылдарына 1905 жылдан кейін келе бастады да, оныншы жылдардың ішінде көбейіп кетті, әкелушілер — татар медреселерінен оқушылар, көпшілігі — татарлар, араларында аздаған қазақтар да бар, бірақ олар да қазақ балаларын қазақ тіліне емес, татар тілінде оқытады... Біздің Шәйін ағай да осы жадидшілдердің қазақ арасынан шыққан біріншілерінің қатарына жатады, бірақ ол байшылдардың емес, демократтардың қатарына қосылады. Жоғарыда аталған Бағланда ол қадымша емес, жадидше бастауыш мектептен оқиды да, оны бітіргеннен кейін со маңайдағы қазақ ауылдарына мұғалім бола бастайды. Бірақ қадымның қараңғы түнегі басып жатқан ауыл, оның «дүния оқуын» балаларға сабақ қып беруіне төзбей, оқыту жобасын көрген соң-ақ қуады...
Бағланда тұрған күндерінде Шәйін ағай киім тігуді де үйренген екен. Және матаны ауыл шеберіндей қалай болса солай кесе бермей, киетін адамның денесіне өлшеп, ғылым жолымен пішеді екен. Бұған жұрт екі жақтан таңданады: бірінші - ол кездегі ауыл адамдарының ұғымында, киім тігу әйелдің сыбағасындағы ғана іс, еркектің ине мен қайшы ұстап киім тігуі ұят. Шәйің олардың ұғымынша, жап-жас, сап-cay еркек қалпымен әйелдің қызметін атқарады; екінші — ол тігетін киім, ауылдың жабайы тігіншісінен мүлдем басқа, ауыл шебері тіккен барлық киім сәнсіз, олпы-солпы, денеге қонымсыз болса, Шәйін тіккен киім, әрі сұлу, әрі денеге қонымды, әрі пішкен матадан кеп қиқым қалмайды, әрі ықшам тігілгендіктен, киімді қол инемен емес, аяқ машинамен тігеді... Біздің елге «Компания зингер» аталатын іс машинасын алғаш әкелген адам — Шәйін... Қолмен атқаратын істі машинаның атқаруы және қолдан әлдеқайда жылдам атқаруы көшпелі надан ауылды қайран қалдырған... Киімді бұлай тігу, ауылдың кейбір адамдарының, әсіресе жастардың көзін қызықтырады. Күші бар адамдар, сыртқы киімдерін Шәйінге тіктіреді. Ол тіккен киімдер ауылға жаңалық болады. Бұл мәселеде де, ауылда ескішілдер мен жаңашылдар табылып, ескішілдер Шәйінді ауылына жолатпай қуады. Жаңа тігіншінің атағы елге тез тарап кетеді. Оған енді, біздің ауылдың ғана емес, құлақ естір жердегі ауылдардың адамдары да құмартып, әдейі іздеп кеп киімдерін тіктіреді, кейбіреулер, әсіресе байлар үйіне алдырып, айлап жатқызады. Қысқасы, біздің арада, құлақ естір жердегі қазақ ауылдарының арасына «ноғайша» және «орысша» аталатын, қалаша сәнді тігілген киімдерді бірінші рет тігіп, өзгеге үлгі көрсетуші — Шәйін ағай. Киім тігіп ел аралап жүретін Шәйін ағай, туған аулына біз есімізді білген кезде кеп орнықты. Біз көргенде ол: жаз кішірек бозғылт кигізді жазғы отауы бар, тақтайдан сәкі төсеген кішірек қысқы шым үйі бар, киімді сәнді киінетін, үй іші жасаулы және таза үй болатын; сауындық, міністік, сойыстық малы өзіне жететін... Бұл кезде Шәйін ағай киім тігумен ғана шұғылданды, бала оқытуына ауылдың басқарушы адамдары ұлықсат бермеді, олар, әрине, атқамінер, байлар, молдалар. Біз — балалар бұған қайран қалатын ек. Ғазизуллиннен оның әлдеқайда білімді екендігі кезге бадырайып көрініп тұрады. Оқуды да жеңіл оқытатыны ап-айқын. Ғазизуллиннен әлденеше жыл оқып, өзге хат түгіл өз атын жазуды білмейтін ересек балалар, Шәйінге жұғысса-ақ, аз күнде хат жазуға үйреніп кетеді. Соншалық пайдалылығын көре тұра жаманшұбарлықтардың оған бала оқыттырмау себебін мен кейін ес білген соң ғана түсіндім. Ең алдымен, Шәйін дінді танымайтын атеист екен табиғат құбылысының, қоғам өмірінің көріністерін ғылым жолымен ұғады екен. Молдалардың айтуынша — жер жалпақ стол сияқты, оны «көк егіз» мүйізімен көтеріп тұр. Өгіздің астында кеме, кеме астында су, оның астында бу, одан арғысын «тәңірім» біледі... «Жер жалпақ емес, домалақ, ешбір көк өгіз жоқ, күн айналмайды, жер айналады...» деген сияқты географиялық сөздерді біздің ел ең алғаш Шәйіннің аузынан естіген... «Ахирет деген жоқ, адамның рахаты осы дүниеде ғана» дегенді де біздің елге алғаш Шейін айтқан... «Қадым» оқуын да алғаш біздің, елде сол мінеген... Осы қылықтарымен ол, діндар қанаушы таптың көзінде жексұрын көрініп, біраздан кейін тігіншілік кәсібімен ел аралап кетуге мәжбүр болған... Шәйіннің досы балалар болатын еді. Әлі есімде: жаз киіз үйінде, қыс жылы шым үйінде Шәйін ағай жеңі шолақ көйлекпен, иығына подтяжка салған шалбармен, аяқ машинаның қасында, өлеңдете іс тігіп отырады. Түн болса, оның алдында, ауылда оның үйінде ғана болатың дөңгелек сәулесі толған айға ұқсайтын айналма кәрәсін шам жанып тұрады. «Ә, келіңдер!» деп үйіне барған балаларды ол жылы шыраймен қарсы алып, ісін доғармастан олармен әңгімеге кіріседі... Ол аса әңгімеші кісі. Сонда көбінесе айтатыны ертегі. Қазақ ертегілерің жалпы ауыз әдебиетін жақсы білудің үстіне, ол шығыстық әдебиетті де көп біледі. Мысалы, «Мың бір түн», «Тотының тарауы» сияқты шығыстың классикалық ертегілерін біз бірінші рет Шәйін ағайдан естідік. Араб, Иран, Шағатай ақындарының өлеңдерін ол өз тілдерінде жатқа айтып, қазақша түсіндіріп отырады және дін поэзиясына жоламай, үнемі тіршілік поэзиясымен ғана таныстырады. Әңгімешілдігінің үстіне ол бір сыдырғы әнші де және домбырашы да... Ол жіңішке дауысты адам. Әнді ол биік шырқамай, сәнмен ақырын айтуды жақсы көреді. Кейде термелеп «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сияқты халықтық поэмаларды айтып кетеді.
— Шәйін ағай, бала неге оқытпайсыз?—десе:
— Оның күні туған жоқ,— дейді Шәйін ағай.
Қашан туады ондай күн? — деген сұрауға ол кейде күмілжіп жауап бермейді, кейде: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады»— деп, ол заманды сипаттай бастайды. Біздің балалық сана-сезімімізге оның сипаттауы қона қоймайды, біз оны ертегі көреміз... Кейін білсем, Шәйін ағай ол кездегі саясаттан хабардар екен. Орыс тілін жөнді білмейтін ол, татар тілінде шығатын газет, журналдарды үздіксіз оқиды екен. 1905 жылдың революциясың оның арты қайда өрбіп бара жатқаның Россияда нендей саяси партиялар барың олардың бағытын түсінеді екен.
— Өзім большевик болған жоқпын, — дейді Шәйін ағай бертін сөйлескенде, — бірақ тілегім, жас күнімнен большевиктер жағында болды, өйткені ол еңбекші халықтың мұң-мұқтажын көздейді ғой. Ол менің де мұң-мұқтажым емес пе? Еңбекші халықпен бірге өсіп, біте қайнап келе жатқан кісі емеспін бе мен?.. Коммунист партиясының қатарына ол кісі, Ұлы Отан соғысының алдында ғана мүше болды... «Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады» дейді қазақ мақалы, жылы жүзді, жылы сөзді адамға кім жанаспайды!... Жылы жүзді, жылы сөзді Шәйін ағайға мен де үйір болдым. Оның қызық әңгімелерін де, әдемі әнін де талай тыңдадым. Өзге кейбір балалардай мен де Шәйін ағайдан жасымда хат таныр ма ем, қайтер ем, егер мен ондай жасқа келген шақта Шәйін ағай ауылдан кетіп қалмаса. Кейін білсем, ауылдан ол кетейін деп кетпеген, сол маңдағы полиция уряднигінің дүмпуімен кеткен. Сол тұсты аралап жүретін урядник 1910 жылы Шәйінге кеп:
— Сіз мұнда тұрмайсыз! — деген.
— Неге?— десе:
— Газет, журнал оқисыз да, үкіметке қарсы үгіт таратады екенсіз, — деген.
— Дәлеліңіз? — десе:
— Оның сізге керегі жоқ, егер өз бетіңізбен бұл маңнан кетпесеңіз, мен сізді тұтқынға алып кетірем, — деген. Ақыры, Шәйін ағай тігіншілік қызметімен ел аралап алысқа кетуге мәжбүр болады... Сол бетінен ол, мен Жаманшұбардан 1913 жылы біржола кеткенше оралған жоқ... Тығылудан Октябрь революциясы құтқарған Шәйін ағай, советтік дәуірдің алғашқы күндерінен бастап, пенсияға шыққанға дейін ауылдың бастауыш мектебінде үздіксіз мұғалім болды. Оның игілікті қызметін қыздары — Зәйра мен Зәкәз, ұлдары — Бұрқат пен Дуду жалғастырып әкетті. 83 жасының қалған уақытын қоғамдық істерге араласумен өткізіп, Шәйін ағай 1960 жылы тіршілікпен қоштасты. Оның қазір сексеннен асқан, әжімсіз кезінде «Зылиқа сұлу» атанған жұбайы, балаларының және немерелерінің қызығына рахаттануда. Менің «жалаңбұт» кезімде түскен ол жеңгей, әлі күнге дейін мені «бала» көріп, жолыққан сайын «айналайын-ау!» деп, құшақтап бетімнен сүйеді. Сондай адамның бары да жақсы-ау!..
ЕШ БОЛҒАН ЕҢБЕК
Мұстафаның үйі маған оншалық қолайлы бола алған жоқ.
Ең алдымен, батырақ семьясында туғанмен, біреудің жалғыз ұлы болған соң, әке-шешем мені бетке қақпай еркін ұстаған, сондықтан, олардың тұсында мен шалдуар-тентек болғам. Сондай, «бір таудың текесі» боп жүрген менің мінезім, балаларының басы бар Мұстафаның үйіне кірген соң да өзгермей, әрқайсысымен, әсіресе менен бір жас үлкен Ғаббаспен қағыса берем. Тегі, жетім бала деп аяйды ғой деймін, әдетте Мұстафа мен оның әйелі Сілеусің ұрыс-қағыста мені жақтап жазықты, жазықсыз болсың Ғаббасты маған жығып береді. Бірақ мұның да шегі бар ғой, кейде көріне көзге мен Ғаббасқа іс қиянат жасасам, мінезі қатал Мұстафа, «өзіңде де бар» деп мені де жаққа тартып қалады, оның бәрі кек боп менің ішіме жинала береді. Ал, Сілеусін жеңгей ешбір жағдайда мені маңдайға шертпейді... Шаруа күйі нашар болғанмен, әкем мен шешем, үйіндегі астың тәтті-дәмдісін менің аузыма тосатын, өздері жамаулы киіммен жүріп, менің үстіме ылғи жаңа кигізетін. Әке-шешем өліп, күнім Мұстафаның үйіне түскен соң, күтімді күйден мен айрылдым. Сонда, Мұстафа мен Сілеусін мені өз балаларынан алалап ұстамайды, шағын шаруасы мол тұруға жетпейді. Жаздай қорек қылатынымыз екі сиырдың сүті мен бір биенің қымызы. Нан кейде бар, кейде жоқ. Жақын жердегі орыс поселкесінен аздап алатын ұнды, Сілеусін қысып ұстайды, өз балаларына ол нанды кейде татырмай, тек маған және менің апам Ұлтуғанға ғана аздап береді. Өйтпегенде қайтсін: төсек тартқан ауру, балалары жас, өзі үй шаруасынан босанбайды, табыс жоқ, мал аз, сататын ештеңе жоқ... Ол үйге әсіресе қыс күндері ауыр. Жаз малдың ағымен күн көретін үйде, қыстыгүні құрт, ірімшіктен басқа азық аз. Тайынша, торпақ сияқты ұсақ-ұлаң бірер мал сойған болады, ол сорпаны шылауға әрең жетеді. Қанша тарығып тұрғанмен, Мұстафа кісіге телмірмейтін адам. Ешкімнен ол жәрдем де сұрамайды, қарыз да алмайды, ешкімге мұңын да шақпайды, ашты-тоқты болса да, үйінде отыра береді, Со кезде он бес, он алтыға шыққан үлкен ұлы Қамза денелі, қарулы боп есіп келеді. Бірақ Мұстафа «жасынан тесік өкпе болмасын» деп жалшылыққа бермейді, әрі, аз ғана шаруаны бағу салмағы сонда. Кісіге сабытын салмайтын Мұстафа, егер әдейілеп қонаққа шақырмаса, кісі үйіне бармайды, балаларын да кісі үйінен ас ішуден қатты тыяды. Шешем өлген жылдың алдындағы қыста, Мұстафаның үйіне бір адам жиі келетін болды. Оның да аты Мұстафа, бірақ бойы да, мойны да ұзын, әрі арық, бұл адамды ауыл «Ұзын кеңірдек» дейді. Ұзын кеңірдек Жаманшұбарға іштен17 өткен күз көшіп келген. Сақал-шашы буырылданып қалған оның: Садуақас, Рамазан, Құсайке, Мұсайке дейтін алды он бесте, арты онда, төрт ұлы бар, әйелі өлген, шаруасы кедей, ас-суын өзі даярлайды. Жас күнінен бастап орыс кулактарына жалшылықта жүрген оны, биыл Жаманшұбардағы туыстары өткен күз бауырсырап көшіріп әкелген де, үстіне, тек қыстық баспана ғана салып беріп, басқа жәрдем көрсетпеген. Сөз әлпетіне қарағанда, ол да Мұстафа сияқты тоқ жарау тұрады. Тегі ол, Мұстафаның үйіне мұңдасу мақсатымен келеді. Ол келсе-ақ, Мұстафа: «Я, адас жоғары шық!» деп қуанып қалады. Ұзын кеңірдек қазақ сөздеріне орысшаны араластырып сөйлейді. Ол кезде орысша сөздеріне түсінбегенмен, кейін байқасақ, мысалы, былай сөйлейді екен Мұстафа:
— Ия, адас, аманбысың? — десе:
— Слау бәга! — дейді ол. Онысы «құдайға шүкір» дегені.
— Хал қалай, адас? — десе:
— Так, нешауа, — дейді Ұзын кеңірдек, — шешесіз жәгөшкелерді көрмиттеген боп жатырмын, әзірге құрсақ пропал деп жалыбы айтқаны жоқ, келешекте не дерін бог знаит...
— Пірадәр, — дейді ол Мұстафаға, — Бұл Жаманшұбар дегенің работайть қыла білмейтін ленибай ел екен де. Әйтпесе, осылай отыра ма?
— Оған не қыл, дейсің сонда?
— Хлеб пахайт қылу керек қой. Жер добрай. Подвод бар. Соқаны орыстардан наймаға алуға болады. Содан кейін выборонить, высевать, выполоть қылса, готовый хлеб шыға собирать етесің, сонда ешкімнен де зависить етпейсің. Ұзын кеңірдек Мұстафаны бірлесіп алдағы көктемде егін салуға шақырады. Бұл сөзге құлағын түргенмен, Мұстафада қосыла қоярлық мүмкіншілік жоқ. Ұзын кеңірдек Мұстафадан басқа кедейлерді де егін салуға үгіттейді. Кейбіреулер бұл сөзге күле қарағанмен, көпшілік қызығады... Жаманшұбарда судың тапшылығын да Ұзын кеңірдек сөз ғып:
— Бұл арада орыс поселкасы отырса, алдақашан көл жасап алар еді, — деп, оның да әдісін ұқтырмақ болады. Жаманшұбар, ортасында кең және қалың томарлы шілікті айнала қыстайды.
— Осы томарларды, — дейі Ұзын кеңірдек, — выбирать, вычистить қылса, жарқыраған көл боп шыға келер еді... Бұған да суға жарымай отырған ауылдың құлағы елеңдейді, Ұзын кеңірдектің сөздері жаңалық көрінеді... Және бір жаңалықты оның балалары көрсетеді. Оның Садуақас атты баласының беті шешектен бұжыр. Әкесінің атауымен, жұрт оны «Корявой» дейді. Корявой ұршықтай үйрілген биші. Ол кезде биі жоқ қазақ аулына, Корявойдың пляскалары таңсық та, қызық та. Құсайке сырнай тартады. Ол да біздің ауылға бірінші келген жаңалық. Басында Құсайке тартқан сырнайға қосылып Корявойдың билеуі, ауыл адамдарына ерсі сияқтанғанмен, артынан олар, әсіресе жастар көруге құмартып, ойын-сауық болса шақыртып алатын болды. Ол кезде басқа бишіні көрмегендіктен бе, немесе, шынында солай ма, — Корявой маған күні бүгінге дейін орыс пляскасына ең шебер адам сияқтанады да тұрады... Жаманшұбарға Ұзын кеңірдек пен оның балалары әкелген жаңалық ұзаққа созылмады. Алдағы күзде ол семья бұрынғы мекеніне көшіп кетті. Оған себеп төмендегі. Со қыстың көктемінде Ұзын кеңірдекке бірнеше кедей күш біріктіріп екі-үш десятина егін салады, сепкені тары. Соқаны көрші орыс поселкелерінен алады. Жер жыртуды, бораналауды, тұқым себуді Ұзын кеңірдектің өзі басқарады. Со жылы жазда жаңбыр көп болып, тары аса қалың шығады. Еккен кедейлер, шығымды егінді малдарына бастырмау үшің басына бір адамның соқа басын күзетке қалдырады да, өздері жайлауға барып отырады. Егін белуардан еседі. Білетіндер, әр десятина кеміне жүз елу пұттан түсім береді деп жориды. Мұны көрген кедейлер:
— Тамаша ғой, мынау!.. Баяғыда осыны неге істемегенбіз? — деп қуанысады.
— Жетектейтін, үлгі беретін кісі болған жоқ қой, Ұзын кеңірдектен көрдік қой ол үлгіні, енді кедей атаулы бұл кәсіпке түгел жұмылар, — деседі олар. Сондай қуанышта жүрген кедейлердің егіні апатқа ұшырайды. Олар егінді Батпақкөлдің жағасына салады. Ол ара Тұртай дейтін байдың қыстауына жақын. Ол кезде бұл маңайда жер меншікке бөлінбегенмен, егін салуға ойлаған кедейлер, Тұртайдан Батпақкөл ығына салуға ұлықсат алады. Егін шығады деп ойламаған Тұртай, «маған да бірер қап (берерсіңдер» деп қалжыңдайды да, екі десятинаға ұлықсат етеді. Егіннің қалың шыққанын көрген Тұртай, енді тең жартысын сұрайды, кедейлер он шақты қап ал десе көнбейді.
— Өйтсеңдер, бұл егінді мен сендерге бұйыртпаймын! — деп қорқытады Тұртай.
— Не істейсің?—десе:
— Кезінде көрерсіңдер,— дейді.
Оның «кезінде көрсеткені» — тары пісуге айналған кезде, бір түнде мыңға жуық жылқысын жаяды да жібереді, тәтті егінді жылқылар орып, таптайды да шығады... Бұны естіген кедейлер Тұртайға барса, ол ашықтан - ашық:
— Сұрағанымды бермеген өз обалдарың өздеріңе. Білгендеріңді істеңдер! — дейді. Заң білмейтін кедейлер, Жаманшұбардың биі, — Нұртазаға жылап барса, ол:
— Малы бағылмай бос жүретін осындай кең жайлауға егін сеппе деп ем, тыңдамадыңдар, өз обалдарың өзіңе! — дейді. Сонымен, кедейлердің еңбегі еш болады да, басқаша күн көрер мүмкіншілік жоқ, еккен егіні мынадай күйге ұшырауын көрген Ұзын кеңірдек бала-шағасын ертеді де, жаяулап жалпылап, бұрынғы мекеніне кетеді...
ЖОҒАЛҒАН ҚҰЛАҚШЫН
Сол қыста тағы бір қызық оқиға болды.
Жаманшұбарға, оның ішінде, біздің жақын туысымыз Рақымбайдың үйіне, қалаша әдемі киінген, жұқалау қара мұрты бар, аққұба, әдемі кескінді, биік денелі бір жігіт келе қалды. Бұрын көрмеген бұл жігітті «кім?» деп сұрасақ:
— Бауырларың,— дейді үлкендер.
— Қайдағы?
— Бәріміз Байбарақ баласымыз. Одан Бектемір, Бекқара. Бектемірден біздің бес-алты үй тарайды. Бекқарадан Ералы, Тінәлі. Тінәліден Рақымбай. Ералыдан осы келген жігіт, аты Ыбыш.
— Бұл қайдан келді?
— Қорған қаласынан...
Онда не істейтінін Ыбыштың өзі баяндайды. Жасы жиырма бестен асып бара жатқан ол, кедей шаруалы болғандықтан он алты, он жеті жасында, Жаманшұбарға ең жақын деген қала — Қорғанға кәсіп іздеп кетеді. Онда астық заводына жүк көтеруші боп қызметке орналасқан Ыбыш, ұзатқан апасына кеткен жалғыз шешесіне ғана жыл тәулігіне бір соғып, Жаманшұбарға келмейді. Биыл да оның келер ойы жоқ екен немере ағасы Рақымбай Жаманшұбарда өледі, оған келмеу ұят. Ыбыш бұл елден жүдеп-жадап, жалаңаш-жалпы қалпында кеткен екен енді, үлкендердің айтуынша, «төре сияқты боп» келіп отыр: аяғында «казанский» аталатын шұбар пима, сыртында ішіне тиін терісін салған, тысы драп, жағасы қаракөл пальто, оның ішінде трико костюм, оның ішінде тоқыма фуфайка, көйлек-көншектері де қалаша сәнді тігілген, білегінде сағат, басында барқытпен тысталған тиін құлақшын. Үлкендердің айтуынша мұндай киім, Нұртаза сияқты орта бай былай тұрсың миллионер аталатын Әлтидің балаларында да жоқ. Соған қарап, жұрт:
— Елде жүргенде, етіне жөні бүтін көйлек те тиген жоқ еді. Жетімшілік, жоқшылықпен күн кешкен бейшара еді. Қорғанда еңбегі жанған екен. Бұны жұрт, елден шығып қайда барады? «Жортуыл басы жолда қалады» деп, қаңғырып жүргенде, сүйегі далада қалмаса не қылсын деп күлген еді. Міне, енді, адам боп келді. Дұшпан көзі қып, киініп келгені де жақсы болды! — деседі. Айтуынша, Ыбыштың жұмысы да ауыр екен: жыл тәулігінің он бір айына, заводтың етегінен биік төбесіне басқышпен бидай көтеріп шығып, үн көтеріп түсіреді екен.
— Сонда қанша көтересің? — деген сұрауға:
— Әдетте алты пұттан екі қапшықты көтерем, ерегескенде он сегіз бұтты әкетем, бәс тіккен бір-екі ретте, үш сатылы, алпыс басқышты биікке төрт қапты шығарғаным бар, — дейді. Көтерсе көтергендей: денесі аса сом, бұлшық еттері аса қатты.
— Күреске түстің бе?— десе:
— Маған жүктің күресі де жетеді, қайтем күресті? Күшімді көргендер циркке бар деген еді, осы еңбегім өзіме жарайды деп барған жоқпын, — дейді. «Цирк» дегеннің не екенін ауыл адамы Ыбыштан бірінші рет естіп, «күресті де ақшаға сатады екен-ау!» деп таң қалысады. Қаланы Ыбыш мақтайды. Ауылда күнін көре алмай жүрген кедей жігіттерді ол қалаға барып кәсіп етуге шақырады. Оның сөздеріне жігіттер қызығады. Бірақ бұған дейін алысқа шығып кәсіп іздемеген ауыл жігіттері, Жаманшұбардан екі жүз елу шақырымдай жердегі Қорғанды жердің түбі көріп, «мен барам» деген жігіт шыға қой» майды... Ыбышты алпыс үйлі Жаманшұбардың көпшілігі қонақ қып, ауылда ол айға жақын жүріп қалды. Көп күндер сөйлесе, үйрене келе, оның қалаға шақыруына еліккен жігіттер де болмай қойған жоқ. Бірақ, «қыс іші қырауда» суырылып шығуға, көбінде киім жоқ. Ыбыштың ауыл жігіттерін бұлай желіктіруі, кәсіпсіз жалшыны болмашы ақыға ұстап жүрген ауыл байына ұнамайды. Олардың ішінен кейбіреуі, «қаңғырған өзің қаңғыр, жұртты желіктірме!» дегенді ашып та айтады. Ондайлар Ыбыштың Жаманшұбардан тезірек кеткенін де тілейді. Ескішіл және діншіл адамдарға Ыбыштың киім-кешегі де, жүріс-тұрысы да, сөзі де ұнамайды. Сөзінен ұнамайтыны, — еркіндігі. Ол жалшыларға: «Ауылдың сасық байына аз ақыға жүріп қайтесің. Қалаға барсаң тамағың тоқ, үстің бүтін болады, таза жүресін» дейді. Біреулердің айтуынша Ыбыш патшаға да қарсы. Ол кейбір сенетін сырлас адамдарына «патша кешікпей тақтан құлады» деген сөзді айтқан деседі. Надан ауылдың шошқа десе жирене қарайтын кезінде, Ыбыш: «Ол да хайуан. Оның да еті мен майы малдікі сияқты. Айта берсең малдан да дәмді» дейді. «Өзің жеймісің?» десе, «негізгі қорегім сол» деп күледі. Діншілдердің құлағына бұл сөз инедей қадалады... Жүріс-тұрысынан ұнамайтыны — өзі төре сияқты боп жүріп, қайдағы сорлылардың үйіне барады және мезгілсіз кезде барады, «жұртты желіктіретін сөздер» сонда айтылады... Киім-кешегінің ескішілдерге ұнамайтыны — бәрінің орысша тігілуі. Қала формасында тігілген киімдер, бұл арада бірінші рет Шәйіннің қолынан тарағаны жоғарыда айтылды. Оған да жаңаға бейім, ауқатты адамдар тіккізетін. Кедейде ондай киім тіккізуге күш жоқ. Ал, ауқатты адамның көпшілігі — орысша киімді «шоқынудың нышанасы» деп маңына жуыттырмайтын. Ыбыш ол заңның бәрін бұза келді. Оның үстіндегі киімдерді көргенде, жұрт: «Шәйінді шебер дейтін ек, шын шебер Қорғанда екен ғой!.. Не деген сұлу киімдер бұлар!» — деп таң қалысты. Аты орысша киімді ұнатпайтын ескішілдердің өздері де, Ыбыштың үстіндегі сұлу киімдерді жаман дей алған жоқ. Бұл жағынан аузы жабылған олардың аузында ерекше сөз болған киім — Ыбыштың құлақшыны. Бұл ауыл орысша киімнің өзгесін көргенмен, «құлақшын» атты киімді әлі көрген жоқ екен сондықтан Ыбыштың құлақшыны ауыл адамдарының арасында ерекше сөз болды. Оның себебі де бар: бұған дейін қыстыгүні басына жапырайған үлкен тымақ киіп жүретін жігіттер, Ыбыштың ықшам, сәнді құлақшынын көрген соң, ауыл шеберіне қағаздан үлгі піштіріп құлақшын тіктіре бастайды. Тымақтың көбі — сеңсең. Құлақшынға бұйра, немесе күзен, түлкі сияқты аң терісі керек. Қаражаты барларға іздегені ептеп табылады, таба алмағандары іздеп әуре болады...
— Бір пәле келген екен! — деп кейиді, мұны көрген ескішілдер, — бұл құлақшынды құрту керек екен... «Бар пәлені бастаған осы» дегендей, бір күні олар Ыбыштың құлақшынын құрытады. Оқиға былай болады: діншілдер «бұл бөрік емес, қулықпен берік қып шығарған кіреш» деген сөз таратады. Мұны анықтау керек. Сонда, пәтуә айтатын кім? Әрине, Ағатай хазрет. Ол біздің Жаманшұбардан он бес шақырым жердегі «Ақсуат» аталатын көлді қыстайды. Жұрттың айтуынша ол «Бұхар шәріпте отыз жыл оқып, он екі пәнді тәмәм қып келген кісі». «Ол адам түгіл жынның да оқуын біледі, жын-шайтан маңына жоламайды, жолаймын десе, оқумен буып тастайды». Молдалығының үстіне ол емші де. Жазы-қысы ауылына ауру адамдар келіп жатады, сондағы емі — кітап көтеріп, аурудың иесін табу, оны кетіретін ішірткімен дұғалық жазып беру. Кейде ол: «Осы маңнан пәлен уақытта жын көшіп етеді, алдын ала сақтанып құрмалдық беру керек»,— деп жар салып жүреді. Діншіл жұрт оған нанып, айтқанын орындайды да. Ыбыштың құлақшынында жасырын сыр бар деушілер, со құлақшынды Ағатай хазретке жіберіп, пәтуә алуға ойлайды. Ыбыш ондай сынға құлақшының әрине, өз еркімен бермейді, ендеше ұрлау керек бірақ қалай? Оның әдісін Нұртаза табады. Ыбышқа үш-төрт аталық жақындығы бар ол, бір күні қонаққа шақырады да, түнде үйіне қондырып, ұйықтаған шақта, құлақшынды Ағатай хазретке салт атпен жөнелтеді. Суыт жүрген адам, таң атқанша қайтып келеді. Хазреттің пәтуасы: «Кіреш екені рас. Бұл — білдірмей бастан шоқындырудың әдісі». Нұртаза бұл сөзге нанады да, құлақшынды пешке тығып күйдіріп жібереді. Ыбыш таңертең тұрса құлақшыны жоқ!.. Іздеп таба алмаған оған Нұртаза шынын айтады. Ыбыш жатады да ашуланады. Ашуланғанда не істесін!.. Құлақшынның құны үш сом екен. Нұртаза оған он сом бермек болады. Ызалы Ыбыш құлақшынның төлеуін алмайды, бірақ Нұртазаға төлеуден әлдеқайда ауыр сөз айтады.
— Жаңалықтың құлақшынын жойғанмен, басын жоя алмайсың, — дейді Нұртазаға, — ол түбінде сен сияқты ескішілдердің басын жояды...
— Қашан?... — дейді ашуланған Нұртаза.
— Көп кешікпейсің! — дейді Ыбыш.
— Ә-ә-ә, — деп долданады Нұртаза, — патша құлайды деп жүр деген еді, сені? Әлі, сен патшаны да құлатарсың?..
— Мүмкін, — деп жауап береді Ыбыш, — бірақ, оны істейтін мен емес, — еңбекші халық!..
— Солай ма?.. Күттік ендеше!.. — дейді, патша құлайды деген қауіп ойында жоқ Нұртаза. Кейін патша түсіп, Совет үкіметі орнаған кезде білсек, Ыбыш Қорған қаласындағы революцияшыл жұмысшылардың ой-пікірін айтады екен....
ҮШІНШІ ТАРАУ
ДАУ
БУРЫЛ БИЕ
Апам Ұлтуған екеуміз Мұстафаның үйінде тұрып жаттық. Мен оқып жаттым.
— Біздің Шәкіжан бұ молданың оқуын тез тауысады, — деп шаттанып жүрді Мұстафа. — Содан кейін мен оны Кәрібай хажының медресесіне апарам. Ол — он екі пәнді тәмәм қылған хатым-кәрдан. Хажының медресесін бітіргеннен кейін біздің Шәкіжан үлкен молда болады... Ошақ басы кеңесте Мұстафа менің болашағым туралы толып жатқан қиялдарға кетеді.
— Аманшылық болса, — дейді ол, — Ұлтуғанды құтты жеріне қондырамыз, оның қалыңмалына Қамзаны үйлендіріп, еншісін беріп шығарам. Одан кейін жасы үлкен болса да Ғаббасты қоя тұрып, Шәкіжанға қалың берем.
— Қалыңмалға неңді бересің?— деген әйеліне:
— Со да сөз бе екен? Біздің Мәржамға біреу құда түспес деймісің? Соның қалыңмалын берем де, — дейді Мұстафа. Өз балаларының да, менің де, ержетер шағымды көз алдына келтірген Мұстафа бізді былайша жүйелейді: «Қамзадан кейін Шәкен18 мен Шәкіжанды бір үй қып шығарам. Қолымда Ғаббас қана қалады. Оң жағымда Мұқанның үйі отырады, сол жағымда Қамза... Одан кейін құдайға не арманым бар менің!» Мұстафаның бұл қиялың оны мен менің арама жүгірген «шайтан» бұзды да жіберді. Бағиланың қалыңмалына келген бурыл бие бары оқушыларға мәлім. Соснабайдың айтуынша, ол бие арғымақ пен қара байырдың шатысынан будан боп туған. Расы да солай ғой деймін, өйткені бүкіл жаманшұбарлықтардың бағалауынша: «Бұл сияқты денелі, көркем жылқы, өзге былай тұрсың со кезде жылқысы жүзге барып қалған Нұртазада да, жылқысы мыңды маңайлайтын Тұртайда да жоқ...» Биенің шоқтығына ұсынған қол ғана жетеді, мойны доғадай иіліп, екі құлағы біздей шаншылып тұрады, қайқаңдау келген жалпақ сауырына адам төсек сап жатарлықтай кең, омырауының кеңдігі сондай, еңкейген адам жүгіріп етерлік құрсағы құр жатпайтын жануардың қарны жер сыза жаздайды, төгілген жалы тізесіне түседі, кекілі тұмсығын жабады, құшаққа толарлық құйрығы көлденең сүйретіліп жатады, кезінде сауа қоймаса, тез дертетін емшегінен төрт тарамданып сүт атып тұрады... Ептеп аяң жорғасы бар бұл бие, бізге келгеннен бері үнемі жорға құлын табады. Құлыны да өзіне тартқан бурыл болады және ерте құлындайды да, құлыны қара құлақ марқа боп өседі. Біздің қолға келген жылғы оның құлынын әкем сатып, қысқа азық алған. Келер жылғы құлынын Мұстафа сатып, өлген әкемнің жабдығына ұстаған. Одан келергі жылғы құлынды сатып, өлген шешемнің жабдығына ұстаған. Олардың үшеуі де ұрғашы құлындар да. Құлындардың сатылған жері алыста болмайтын. Өзіміздің маңайға сатылған бурыл құлындардың бастапқысы мен он бір жасқа қарағанда дөнежін шықты, екіншісі құнажын шықты, үшіншісі тай шықты. Олардың бәрін де мен күн сайын көрем. Көрген сайын ішім күйеді: бурыл тай да, бурыл құнажын да, бурыл дөнежін де аумаған енесі сияқты. «Әттең, — деп өкінем мен, — осылардың бәрі біздің қолда болса!.. Сонда біз айғыр үйір жылқымыз бар үй болар едік-ау!..» Сатылып кеткен бурыл биенің құлындарын кісінікі деуге қимаймын... іштей өзімсінем... көргім келеді де тұрады және көре де берем!.. 1911 жылы бурыл бие дағдысымен ерте құлындады, бірақ бұ жолғы оның құлыны ұрғашы емес, еркек болды. Маған қандай қуаныш бұл!.. Мен аз жылда ер жетіп, атқа мінетін жігіт болам... Со кезде мына құлын да ат болады... Өзі тайпалған жорға... Ендеше, әрі сұлу, әрі ірі, әрі жорға бурыл атты мініп жүру қандай тамаша!.. Басыма осындай қиял кіргендіктен болу керек, — бурыл бие құлындағалы мен оның қасынан шықпаймын. Көрмесем тұра алмаймын... Бурыл болар құлын әуелі қаратөбел боп туады. Сондай боп туған құлынды мен қолдан аяқтандырдым... есейгенше бақтым... есейгеннен кейін маңдайындағы ақтөбелі кеңіп, басынан бастап денесі біртіндеп бурылданғаның ел жайлауға шығарда түгі түгеліменен жирен бурылға айналғанын қолдан өткердім... «Тек, тіл-көзден аман қылсың бұл бір айта қалғандай ат болғалы тұр», — деген жұрттың сөздерін қуана тыңдадым... Көңілім осылай тасып жүргенде, бір жаман хабар құлағыма қорытқан қорғасындай құйыла қалды. Зәрем ұшып кетті! Не істеуге білмедім... Бұл суық хабарды маған алғашқы естірткен — Нұртазаның баласы Мырзағазы.
— Бала, сен не білдің? — деп сұрады ол, бір күні кешке көл басында менен.
— Түк те білген жоқпын, — дедім.
— Білмесең, сені құдай ұрайын деп жүр ғой, — деді ол.
— Неге?
— Рас түк естіген жоқсың ба? — деп сұрады Мырзағазы тағы да.
— Жоқ, — дедім мен.
— Естімесең, — деді ол, — пірәдәр (Мұстафаны ауыл солай дейтін) бурыл биені Жапырақтың базарына апарғалы жүр дейді.
— Неге? — дедім мен әлі де көңіліме секем алмай.
— Базарға неге апарушы еді биені? — деді Мырзағазы маған жекіп. — Сатуға апарады да!.. Сол арада мен не болғанымды білмей жылап жіберіппін... Мырзағазы менен төрт жас үлкен. Және ойға-қырға көп жүріп, ысылып қалған, табиғатында зирек, әкесі сияқты сөзшең, ересек бала. Көл19 басынан қайтып келе жатқанда Мырзағазы маған ақыл үйретті.
— Сен жылайтын болсаң, бұлай босқа жылама — деді ол, пірәдәрдің алдына барып жыла. Биені сатпа де, егер сатсаң, мен бұл үйден кетем де! Мен Мырзағазыға жауап қайырғам жоқ, өйткені оның сөзі менің көкейіме қонып келеді, бірақ әлі күнге дейін бетіне шығып көрмеген және түсі ызбарлы, мінезі қатты Мұстафаға, Мырзағазы үйреткен сөзді айта алам ба? Сөзіне жауап қайырмағанмен, мені қайрай түскісі келгендей, Мырзағазы сөйленіп келеді:
— Пірәдәрдің о неғылғаны?! Сені кісі құрлы көрмегені ме? Екі биенің біреуі болса бір сәрі, жалғыз биені сата ма екен? Тіпті соның сүті де керек емес пе, оған? Бір өзі бір сүйретпе қымыз боп отырған құнарлы бие!.. Өмірінде көрмеген босағасына биыл торсық кірді, қалай ішсе де жетіп жатыр. Сондай биені қиып қалай сатады! Өзінің қысыр биесін неге сатпайды? Ертең сен ер жетпеймісің? Саған ат керек болмай ма? Несін мінгізем дейді екен сонда саған? Және құлын қандай жануар! Мұндай құлын мың қырған Әлти мен Сәпіде де жоқ. Рулы елден табылмайтын ат боп өскелі тұрған құлынды қалай қиып сатады? Саған жақсы ат мінуді көпсіне ме?!.. Мырзағазының сөздері бойыма түгел сіңіп, санама мықтап бекіп алған қалпында мен үйге кірдім. Ол кезде біздің Жаманшұбарда ілуде біреу ғана болмаса, кигіз үйге шам жақпайды, асты оттың жарығымен ішеді, жағатын отыны — тезек. Мен үйге кіргенде, күн батып, үй-іші қара көлеңке боп қалған кез еді. Үйде маздап тезек жанып тұр. Оттың жарығымен Ұлтуған шай жасап жатыр. Ол — қазір жасы он беске шыққан, талдырмаш, ұзын бойлы, ашаң қызыл шырайлы жүзді, мөлдіреген кішірек қара көзді, әдемі қыр мұрынды, бұрымы ұзын, қара шашты, жаңа өспірім көркем қыз. Әрдайым менің келген-кеткенімді, хал-жайымның қандайлығын бақылап жүретін Ұлтуған есіктен кіріп келген маған бір қарады да:
— Неменеге кейіп келдің?— деді.
Мен жауап берместен босағада қалшиып тұра қалдым.
— Өзіңді біреу ұрып жіберген жоқ па?—деп сұрады ол.
Мен тағы да жауап бермедім.
— Неге үндемейсің? — деді Ұлтуған, ауыр ойым барын жорамалдағандай. Со кезде сырттан құман ұстап Мұстафа кірді. Оның жеңі білегіне шейін түрген қолы да, беті де су. Ұлтуған Мұстафаның алдында сөйлемейтін, оны өте сыйлайтын. Сондықтан ба, әлде менен жауап ала алмасын білді ме, маған тағы бір қарап қойды да, шайын жасай берді.
— Мен ақшам намазын оқып ала қояйын балам, — деді Мұстафа Ұлтуғанға, — шайды содан кейін ішерміз. Мұстафа бетін сүртті де, жайнамазын төсеп, намазға отырды. Сырқаттан дене қуаты әлсіз ол, намазды отырып оқитын және ұзақ оқитын. Мұстафа намазға кіріскенде, мен үйдің сол жақ босағасына барып етбетімнен жата қалдым. Өйтпеуге болмайтын да еді: бурыл бие мен оның құлыны туралы ішімде қалыңдап алған уайым, жүйемді түгел босатып, көзіме ағыл-тегіл жас кеп тұрған, оны босатпауға болмайды... Мен етбетімнен жата қап жылай бастағанда, сыбырлаған дауыспен:
— Не боп кеткен саған? — деп, Ұлтуған басымды көтермек болды. Мен оның ырқына көнбей, тырмысып жатып алған соң:
— Айтам ғой, — деді Ұлтуған өзіне-өзі сыбырлап, — таяқ жеп келген бала ғой бұл. Қай шешек шыққыр ұрып жіберді екен? Ұлтуған да жылай бастаған сияқты... Сырттан кірген біреудің дыбысы естілді. Қаңылтыр шелектің сыбдырына қарағанда — Сілеусін.
— Жатқан кім? — деп сұрады Сілеусін Ұлтуғаннан. Ұлтуған жауап бермеді.
— Шайыңды жаса! — деді Ұлтуғанға.
Ұлтуғанның тұрып кеткенін сыбдырынан естіп жатырмын... Әлі жылаудамын... Мен сол қалпыммен шайға тұрмай жатып қалдым. Сілеусін де, Ұлтуған да «тұр, шай іш!» деп әлсін-әлсін келгенмен қозғалған жоқпын. Менің жылау себебімді білгендей Мұстафада үн жоқ. Ұлтуған екеуміз бір төсекте ұйықтайтынбыз. Үй-іші жатарда мені ол, «кәне, тұр, жат төсекке!» деп қозғады да, тұра қоймаған соң, төсекке көтеріп әкеп салды. Екеуміз бұрынғы дағдымен құшақтасып жатып қалдық... Менде де, Ұлтуғанда да ұйқы жоқ... Ол маған үйдегі өзге адамдар ұйқыға кірген кезде ғана жауап қатты.
— Биенің сатылатынын естідің бе?—деп сұрады ол.
Мен жауап бермедім.
— Соны естіген екенсің ғой, — деді ол, ауыр күрсініп ап, — жыладың не, жыламадың не, сатам деген соң сатады. Жасыңды шығын қылғанмен болмайды енді!.. Ұлтуған теріс қарап кетті де, солқылдап жылай бастады... Ертеңінде Мұстафа биені жылқыдан алып қап, түнде ауылдың қасына арқандап қойды. Биенің сатыларына көзім жетті. Бірақ Мырзағазы үйреткен сөзді Мұстафаға айтуға дәрменім жоқ. Ол да бұл жөнде маған тіл қатпайды... Келесі күні Мұстафа ертемен жүрмек боп, өзінің қысыр көк биесін тарантасқа жеккенде, мен құлыны емген арқандаулы бурыл биенің қасында отыр едім. Ол биесін жегіп болғаннан кейін арқандаулы бурыл биенің қасына келді де, маған сыздана бір қарап қойып, ноқталап ап үйге қарай жетелей жөнелді. Соңынан ерген мен еңіреп жылауға кірістім. Мұстафа үн-түнсіз жегулі тарантастың жетегіне ноқталаған биені байлады, құлынды ноқталап ап биенің құйрығына байлады. Сөйтті де, үн қатпастан тарантасына мініп, жөнеле берді. Оның өз биесі жүргіштеу болушы еді. Менің көзімнен тез ғайып болғысы келген Мұстафа божыны қағып қалғанда биесі ыршып түсті де, cap желе жөнелді. Тарантастың артын ала мен де жүгірдім. Мені көрмеді ме, әлде көрсе де, көргісі келмеді ме, Мұстафа артына қарамайды. Мен бар дауысыммен бақырып жылап, бар екпініммен жүгіріп келем. Сол қалпыммен қанша жүгірерім белгісіз болар еді, егер ауылдан ұзаңқырап алған Мұстафа тоқтамаса. Екпіндеп жортқан биесін тежеп тоқтатты, ол божының ұшын қолына ұстай жерге түсті де, маған «бері кел» дегендей қолымен ымдады. Бұның не шақыру екеніне түсінбеген мен «есіркер ме» дегендей қасына бардым. Со кезде Мұстафа мені божылы қолымен жағадан қапсыра ұстай алды да, жағыма оң қолының шапалағымен тартып-тартып жіберіп, «осы сыбағаңмен қал»дегендей, кеудемнен итеріп кеп қалды. Мен бақырған қалпыммен шалқамнан құладым, ол арбасына мінді де жүріп кетті. Осы қалпымда қанша жатарым белгісіз еді, егер мені бір жақтан жолаушылап келе жатқан ағайынымыз Шәйкен салт мінген атының алдына өңгеріп алмаса.
БОРАНДЫ ТҮНДЕ
Бурыл биені біздің ауылдармен жайлаулас боп отыратын «Өтей-Дәуіш» аулындағы Құтының Ыбырайы деген бай адам сатып апты. Үйіне әкелген биені ол сауын биелердің үйіріне қосты да, бурыл құлынды желісіне байлады. Бұл да маған медеу сияқтанды. Менің ендігі ермегім— таңертең жылқы көп бие байланғаннан бастап, кешке бие ағытылғанша Ыбырайдың желісіндегі құлынды күніне әлденеше рет барып көрем. «Оқуыңа бар» деп Мұстафа жай да, ұрсып та, ұрып та айтады, мен бармаймын. Құлын өте сұлу. Бір желіде байланған он бес шақты құлынның бұған ұқсас біреуі жоқ. Олардың бәрі де бұның қасында есектің қодығына ұқсайды. Күн сайын келе бергенімді көріп, Ыбырайдың сауыншылары мені қуды да, қуғанға кетпейтін болған соң, сабады да. Құтыла алмайтынын көрген Ыбырай Мұстафаға кеп айтып еді, ол кісі бұ жолы мені жазалаған жоқ. Несіне жазаласын, білмей жүр ме менің, құлынды шын жақсы көруімді!.. Құлынға баруға құмартқандығым сондай, — мен енді Ыбырайдың сауыншылары түгіл, ең жаман қорқыныштыдан да қорықпайтын болдым. «Қорқыныш» дегенім — Жынды қатын. Ол — көршілес «Телпек» аталатын ауылдағы Қапсытбай дейтін бай адамның қызы. Жас мөлшері сол кезде отыздарда, адамға залал жасамайтын болған соң, бос жүреді және неге екенін кім білсін, үнемі көлдің, жағасындағы шалғынға тығылып отырады. Ол балаларды қууға құмар: ойнап жатқан балалардың қасына қапыда сып етіп жетіп келеді де, ақырып кеп қалады. Балалар бытырай қашады. Қашпауға болмайды: үсті-басы далба-дұлба, ұйпаланған шаштарын өрмей, бос қоя береді, басына орамал жамылмайды, тырнақтарын алмайды, беті-қолын жумайды, кескіні сатпақ-сатпақ боп жүреді, бақырған дауысының тұрпайылығы, зәреңді кетіреді... Қуған баланы ол жетсе де ұстамайды, жете алмаған боп қуа береді де, бала қашан шаршап жығылғанша соңынан қалмайды. Жығылған баланың үстінен аттайды да, жүре береді... қысқасы, ертегіде айтылған «албастының» өзі!.. Ыбырайдың желісіндегі бурыл құлынға барып жүргенде, мен осы Жынды қатынның да қуғанына талай ұшырадым. Ол талай рет мені болдыртып жығып, үстімнен де аттады... Мен сонда да құлынға бара бердім. Бір рет «ендігәрі баруды қоямысың» — деп Мұстафа өлердей қып сабады да... оған да тиылмадым... Сөйтіп жүргенде қайғылы күн жетті: күз басталды да, Өтей-Дәуіш өз қыстауына, біз өз қыстауымызға көшетін болдық. Екі қыстаудың арасы — он бес шақырым. Ендеше қыстауға көшкен соң, бурыл құлынды маған келер жайлауға дейін көру жоқ.
Көшкелі жатқан Ыбырайдың желісіне барып отырғанымда, оның Райыс атты інісі салт мініп келді де, мені қамшының астына алды кеп... Етіме ащы таяқ батқан соң мен қаштым... Райыс мені ауылға әкеп тыққанша Өтей-Дәуіштің көші жөнеліп те кетті. Бурыл бие де, құлыны да кете барды!.. Мұстафадан көңілім суыған маған жел берушілер де аз болған жоқ. Бұл жөнде құлағыма сөзді көбірек құятын Нұртаза.
— Жаман шірік неме!— деп ұрсады ол маған көрген сайын. — Сүйегіңде дән болмас деп ойлаймын сенің. Жалғыз биеңнен айрылып, неменесіне отырсың Мұстафаның үйінде? Шық ол үйден! Сенің атыңнан болысқа арыз жаздырып, апарып берем де, биеңді қайтартам... Нұртазаның сөздері көңіліме қонады, Мұстафаның үйінен кеткім келеді, бірақ, тастап кетуге екі адамды қимаймын, бірі — апам Ұлтуған, екіншісі екіден үшке шыққан кішкене Мәржам. Әділетін айту керек, — Ұлтуғанды Мүстафаның үйі, әсіресе Сілеусін жақсы көреді және сыйлайды. Ол үйдің тәтті-дәмді асы соның аузында. Киімді қоңырқай кигізеді, бірақ оған Мұстафа айыпты емес, оның әлсіз дәулеті айыпты, басқалардай жібек,барқыт сияқты киім әперуге күші жоқ. Ешкім Ұлтуғанға ұрыспайды, үй ішінде оны еркін ұстайды. Мұстафа үйінің бұлай қарауына Ұлтуғанның өзі де себепкер. Әке-шешесі бар қыздардай ол ошаң етіп ешқайда шықпайды, инемен орындалатын әлдене істі алады да, ұйқыдан басқа уақытта соның соңында қадалады да отырады. Кейде Сілеусін оған «Ұлжан алтыбақанға шықсайшы» десе, немесе «пәлен қыздың қасында ойнап отырып келсеңші» десе, жауап та бермейді, қозғалмайды да. Оның бұл қылығын әркімдер әртүрлі жориды.
— Жап-жас қалпымен саналысын қарашы! — деседі біреулер,— әке-шешесі жоқ, туысқан ағалары жоқ, неменесіне жетісіп ойын-сауық іздесін!.. Соны білгені — адам болатындығы мұның!...
— Оншалық саналы болуға әлі жас емес пе? — деседі екіншілер, — оның да ойын-сауыққа барғысы келетін шығар. Бірақ не түрімен барады сонда? Әке-шешесі бар қыздай, ол, қайбір бүлдіршіндей боп киініп жүр. Жөні бүтін демесең, үстінде жылтыраған бір киімі жоқ, қолында жылтыраған бір сақина жоқ, қаралы кісідей қарадүрсін киіммен, қыз басымен көптің көзіне қалай көрінсін!..
— Оның біреуі де емес, — деседі үшіншілер, — сенер кісісі болмаған соң, іске үйренгелі жүр бұл. Және үйреніп те қалды өзі. Көрмеймісіңдер: ине ұстағанда қолы қолына жұқпайды, тіккен ісіне машинедей жылдам... қаюлары тізген ұсақ маржандай боп түседі... осыдан түбінде киім тігіншісінің ең шебері шығады... Оны қазір де шебер көріп, көйлек-көншегін ауылдың әйелдері үздіксіз әкеледі де жүреді, бірақ ешкім оған ақы бермейді, берем десе, өзі де алмайды, Сілеусін де алдырмайды... Жасым кіші бола тұра, үлкен деп еркелей тұра, ақылшым көре тұра, мен Ұлтуғанды «әйелге», өзімді «еркекке» санап, оған қамқоршы боп жүрем. Көлден қоға тартсам сұлу сүйрігің томардан жұмыртқа жинасам әдемісің қырдан жидек терсем тәттісін соған әкеп берем. Айт-той сияқты бірдеме болса, одан қолыма ет, бауырсақ, ірімшік, құрт сияқты тамақ ілексе, әрдайым есімде Ұлтуған боп, өзім жемесем де оған әкелем... Ол менің де қамқоршым: кір-қоқымды жуатын, киім-кешегімді бүтіндейтін, қолы жеткен астың дәмдісін жегізетін, әлдилеп ұйықтатып, әлпештеп оятатын, әрдайым менің қасым мен қабағыма қарап, көңілімді табуға тырысатын, маған біреу тисе бәйек боп шырылдап жүретін сол!.. Қысқасы, менен аз жас қана үлкен бола тұра, ол мені шешемдей күтеді... Сондай қамқоршымды тастап, мен Мұстафаның үйінен қалай кетпекпін!..
Ол — Сілеусіннің сүт кенжесі. Біз Жаманшұбарға көшіп келген жылы туған оны, менің әкем де, шешем де жанындай жақсы көретін. Ауыр сырқаттан азап шеккен күндерінде, егер Сілеусін Мәржамды әкеп иіскетсе, әкем де, шешем де сауықтыратын дәрі иіскеген сияқты сергіп қалатын. Мәржамның азанмен қойған аты «Мариям» болатын. Ол менің әкемнің бұрып атауымен «Мәржам» боп кеткен.
— Мәржамым емшектен шықсың — дейтін әкем, — содан кейін өз қолыма алам... Шешем де солай дейтін. Апыл-тапыл жүрген соң-ақ, Мәржамның өзі де біздің үйге қарай икемделе берген... Әкем мен шешем өлгеннен кейін де Ұлтуған екеуміз Мәржамды өзімсініп бауырымызға тартып, біздің үйдің баласына санап жүрдік. Әсіресе мен жақсы көрдім. Оны бұл үйде көбірек ойнататын, біреу тисе болысатын, аузымдағымды жырып беретің қолымнан келгенше ойыншықтар жыятын мен болушы ем. Әдейі соған арнау Достан, Білипаннан үйрек пен қаздың балапандарын ұстап әкеп ойнатушы ем, ойыннан бос уақытта көтеріп жүруші ем, Мұстафаның үйінен біреу жақсы көрсе қызғанушы ем, ол көбінесе менің, қасымда ұйықтаушы еді... Сондай сүйікті сәби қарындасымды тастап, Мұстафаның үйінен қалай кетпекпін... Бірақ, кетуге тура келді. Оған себепкер — Нұртазаның үйі. Оның өзі де, баласы да, туыстары да ретін тауып, Мұстафаның үйінен шығуға мені үздіксіз азғырады, сондағы айтары — бурыл биемен, оның құлыны... Бұл менің ең жан жеріме тиетін сөз... Нұртаза құлын әңгімесін айтып қана қоймайды, «егер Мұстафадан мал-мүлік дауласаң, өзге мал-мүлкіңді де әперем, құлыныңды да қайтартам» деп қызықтырады. Мен өзге сөзге емес, «құлынды қайтарам» дегенге қатты елеңдеймін... Құлыны мен бурыл бие сатылғаннан кейін жігіт болу, бурыл жорға ат міну... туралы сөнген қиялым «құлын қайтарылады» деген сөзден қайта тұтанғандай болады... Бұл үйден кету, кетпеу ойы басымды дал қылады... Сондай толқуда жүрген күндердің біреуінде, Мұстафаның үйінен кетудің себебі табыла қалды. Тетелес өскендіктен, Мұстафаның Ғаббасы мен арамызда кикілжің бола беретін. Көңілге бұл үйден кету желігі кіргеннен кейін мен Ғаббасқа тіпті соқтығымпаз болып алдым. Мұстафа оған емес, маған болысады. Мен үшін оны талай рет сабайды да. Сөйтіп жүрген күндердің біреуінде, Ғаббасқа менің қисынсыз соқтыққанымды көрген Мұстафа «қойсайшы!» деп тоқтатпақ болды да, мен қою орнына үдеп кеткен соң, мә, қоймасаң!» деп шапалақпен жаққа тартып қалды. Сылтау табылды, мен үйден шыға жөнелдім... Мезгіл — бұл кезде қыс та. «Доңыз» аталатын атақты жұттың20 қысы да бұл. Елді қатты жұтқа ұшыратқан бұл қыста күні-түні «жынды» аталатын бір боран ұйтқып соғатын да тұратын. Боранның, қаттылығынан және жауа бораған қардың қалыңдығынан адам көз алдындағысын көрмейтін. Бір үйден екінші үйге қатынасқан адамдар араға арқан байлап қоятын күндер болған... Маңайында қоршауы мықты үйлер ғана болмаса, Жаманшұбардың көп үйін қора-қопсысымен қардың күртігі тып-типыл қып басып кетіп, үй мен үй қардан қазылған жырақа арқылы әрең қатынасатын, кейбір үйлер әлденеше күн басқа үйлермен қатынасудан қалатын, үйілген күртікті көтере алмай, кей үйдің қораларының төбесі ішіне опырыла түсіп, малдарын шығынға ұшырататын. Мен Мұстафаның үйінен қашып шықсам, ымырт жабылып қалған кез екен. Дала — ұйытқи соққан жынды боран!.. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы...
Нұртазаның үйін ойыммен жобалап тарта жөнелдім мен... Мұстафаның ба, әлде оның ержеткен баласы Қамзаның ба, — біреуінің іздеген айғайы естіліп еді, бұрылған жоқпын. Боранға сіңіп кеткен мені қайдан табуды білмегендей, айғайшы адамның, даусы біразға дейін үзілген жоқ... Өттей қараңғы түн!.. Жан-жағымды орай ұйтқыған боран!.. Демін ышқына ала соққан сұрапыл жел... Жол бойы ма, әлде соны ма, үйілген қар!.. Мені жел де әлсін-әлсін үйіріп жыға береді, қар да малтықтырып жыға береді... Тура келем бе, жоқ па, оны біліп боларлық емес. Нұртазаның үйі жап-жақын жерде болатың қарға қанша малтықтым дегенмен, жел қанша бөгеді дегенмен, ол үйге жететін уақытым мана болған сияқты, бірақ жеткізген үй жоқ... Боранмен алысып, қарға малтығып мен көп жүрдім... Адасқанымды енді білдім... Зәрем кете бастады... Кетпегенде қайтсін! Өз ауылымнан бір шығып кетсем, жан-жағымда көл жағасындағы Аңдамас ауылы біздің Жаманшұбардан жете қоярлық басқа ауыл жоқ. Ең жақын дейтін — Батпақ төрт шақырым. Ол ауылға мына жынды боран мені жеткізе ме? Және мен тура тауып бара алам ба оны?.. Бара алмасам, оның аты адасып өлу емес пе?.. Со жылы Жаманшұбар маңында қасқыр қатты боп тұрған. Тебіндегі жылқыларды жеп шыдатпауымен қанағаттанбағандай, қасқырлар ауылдың қораларын іргесінен я төбесінен қазып түсіп, қамаудағы малдарды да жей бастаған... «Түнде біздің үйдің маңына қасқыр кепті, ізін көрдік» деген сөзді әркімдер айтатын... «Он бес, жиырмалап өріп жүрген қасқырларды көрдім» десетін, кейбір жолаушылап келгендер... «Пәлендей жерде пәлендей жолаушыны қасқыр жеп кетіпті» деген қауесеттер естілетін... Өзгені былай қойғанда, «қасқырдың құдайы» аталатын, жыл сайын талай қасқыр соғатын Аткелтірдің өзін, бір жақтан жүйрік қара атымен салт келе жатқанда, он шақты қасқыр қамап, әрең құтылыпты десетін!.. Осы қасқырларға кездессем ғой, мені жыртып тұрып жейді!.. Не деген қорқыныш бұл!.. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, денемді қауіп кеулегеннен кейін маған азынаған жел қасқырдың ұлуы сияқтанып кетті... Жан-жағымда қасқырлардың жылтыраған көздері көрінген сияқты болды... Қорқудан ба, шаршаудан ба, киімім жұқалау болғанмен, ағып терлеп кеттім!.. Сөйтіп сасқалақтап келе жатқанымда, әлденеменеге қақтығып кеп құладым... Жан-дәрменде түрегеп, қақтыққанды сипап қарасам, — ағаштан қиып жасаған үй сияқты!.. Бұл не?!.. Тағы да сипалап қарасам, — зиратқа ұқсайды... Ия, сол!.. Ағаштан қиылған, төбесі ашық, аласа төрт қабырғалы зират... Біздің ауылдың зиратында бұндай қиылған ағаш там екі адамның ғана басында болатың біреуі Итбайдың, бірі Шайқылдың. Шайқыл тамының алдында аты-жөнін жазған қалың тақтай бар. Тағы да сипалап көрсем — Шайқылдың зиратты. Өліктен қорқатындығым сондай: қасымда кісі болмаса, түнде түгіл күндіз де зиратқа келмейтінмін... Содан ғой деймін, желдің ендігі ызыңы қасқырдың емес, аруақтардың күңіренуі сияқты болып естіледі!.. Зәрем ұша бастады. Ұшқанмен амал нешік!.. Мына жынды боранда бұл арадан жылжысам ауылды қалай таппақпын?!.. Сондықтан Шайқыл тамының ішіне түнеуге бел байладым... Биіктігін кісі бойындай ғып қиған ағаш моланың ішіне кіріп отырмын... Маған енді жел келмейді... Моланы айнала соққан екпініне қарағанда, боран күшейіп бара жатқан сияқты... Желдің бе, қасқырдың ба, аруақтардың ба — әлдененің ұлыған үні жер-көкке симай тұрған сияқтанды... Адам не қиыншылыққа үйренбейді... Аздан кейік айнала төнген қауіптердің бәріне етім өлгендей, денем үйрене бастады... Енді менің алдыма басқа бір қорқыныш кеп төнді, ол — киімімнің жұқалығы. Бір орында тұрғаннан кейін тер басылды, денем суып, тоңазуға айналдым. Біраздан кейін жаурап, дірілдей бастадым... Осы қалпымда үсіп өлер ме едім, қайтер едім егер құлағым әлдебір үнге елең ете қалмаса!.. Не дыбыс бұл?!.. Қасқырдың да, желдің де дыбысына ұқсамайды... Өлісінікі болсың тірісінікі болсын — қайсысінікі болса да адам дыбысы!.. Қорқыңқырап аз уақыт құлақ түріп отырғаннан кейін мен бұл дыбысты өлік дауысына жорыдым. Көңіліме сол қауіп туғанда, еркімнен тысқары паналап отырған моладан атып шығыппын... Көзім үйренді ме, әлде расы солай ма, маған боран аздап толастаған, қараңғылық аздап сұйылған сияқтанды... Әне, қараңдаған биік бірдеме көрінді, жобасына қарағанда, зиратқа жақын жердегі Аймолда, Молдахметтің үйлері... Әлгі естіген даусым құлағымда ызың қаққан соң, дыбыс шыққан жаққа үрейлене көз тіксем, қорбаңдаған бірдеме бері қарай жылдамдата жылжып келеді. Қасқыр дейін десем, ұқсамайды, адам дейін десем, оған да ұқсамайды!.. Моланың ығына жасырыныңқырап тұр ем, қарайған жақын жерден өте берді. Тани кеттім, Самайке!.. Самайке деген жетім бала. Оның әкесі — Қощығұл: айғыр үйір жылқысы болған, қора толы қойы болған, ауқатты кісі еді деседі. Әке-шешесі жасында өліп жетім қалған Самайкенің мал-мүлкін ағайындары талап алады да, өзін қаңғыртып жібереді. Қаршадайынан қаңғырынды боп қайыр сұрап өскен Самайкеге, ауыр тұрмыс таңбасын берік қып басқан: жасы со кезде жиырмаға жақындап қалғанмен, оның бойының биіктігі он үш, он төрт жасар баладай ғана тап-тапал, денесі жуантықтау боп ескен; тамағының екі жағы, мойны ағып жүретін сыңысқан без; басы толған кигіздей қотыр... құлағы саңырау... Мыңқылдап айтатын сөзіне түсіну қиын... үсті-басы жазы-қысы далба-дұлба боп жүреді... кір-қоңы жуылмайды... киімдері өрген бит болды... қысты күндері қардың үстінде жалаң аяқ жортып жүретін күндері болады... әркімдер аяп ас бергенмен, исіне, битінен жеркеніп оны ешкім үйіне қондырмайды... сондықтан ол түні бойы үй-үйдің арасында не жортып жүреді, немесе, бір үйдің үйген шөбінің ішіне кіріп жатып қалады... Самайкеміз осы!.. Самайке мені абайламай қасымнан ете шыққанда, мен оған дыбыс беріп ем, қорқып кетті ғой деймін, — «әй!» деп қатты бір дауыстап қалды да, әрі қарай қаша жөнелді, соңынан қуып жетіп ұстамасам тоқтайтын түрі жоқ. Жүгіріп барып ұстай алғанымда, ол тағы да бір рет «әй!» деп бақырып қап, жылап жіберді де, «Самайке, менмін, Сәбитпін!» дегенде ғана бетіме одырая қарады. Оның маған «Сәбитпісің?» деген сөзі менің құлағыма «Хәхитпісің?» боп естілді.
— Қайдан зүрсің? — деп сұрады ол.
Оған жөн айтып тұруға уақыт бар ма, «Нұртазанікіне апарып салшы!» деп өтіндім мен. Ол менің кескініме аз қарап тұрды да, хал-жайымды ұққандай:
— Зәрәйді, — деп бастай жөнелді.
Самайке үнемі жортып жүреді және үнсіз жортпайды, әлденеменені мыңқылдап, күңірене жортады... Сол дағдысымен ол күңірене жортып келеді. Мен артынан еріп келем. Сонда менің басымды торлаған ой: «Менің де Самайке болғаным ба енді?!» Самайке мені Нұртазаның үйіне тура бастап алып келді де:
— Енді өзің бар, мен итінен қорқам, — деп жүріп кетті.
ЖАСЫРЫН КЕЗДЕСУ
Мен Нұртазаның үйінде тұра бастадым. Бірақ бұл, рахат тұрмыс бола қойған жоқ. Бай болғанмен, бұл үйді жұрт қара қазан, сараң десетін еді, сонысы рас екен. Астың билігі Нұртазаның әйелі Бибізарада. Оны балалары «Бізәлә» дегенге, біз де «Бізәлә» дейміз. Арық, ұзын бойлы, жасы елуден асқан бұл әйел, бай үйдің мол асын сығымдап ұстап, тұтамнан азғантай ғана шығарып татырады. Сол аз ғана асының өзін ол жәй бермей, «ас шақ келмейтін болды, бұл!..» «тоймайтын болды!..» «бүйте берсе не шыдайды!..» — деп сөйлеп беріп кереңді ішкізеді... Ол жалшыларына, әсіресе маған қатал...
— Құдай-ай, — деп тістенеді ол маған ас берген сайын «жетімнің қарны жетеу» дейтін еді, рас екен ғой сол!.. Тамаққа тоймайтын пәле ғой, мынау!.. Қай жеріне кете береді мұның!.. Ол кездің ауылында қыстыгүні ет пен шайдан басқа тамақ жақ. Қонақ келмеген күні, етті Нұртазаның үйі аз асады және мойын, сирақ сияқты майсыз етті асады, соған турамшылап кеспе салады. Кеспесі сұйық болады. Өз үйінің жандары кеспені үлкен ағаш табақтан ішеді. Еттің көпшілігі және тәуірі со табаққа түседі. Жалшылар мен менің табағым бірге болады. Оған түскен бірер жапырақ етті таласып жейміз. Одан кейін қасықпен ұрттайтынымыз — сұйық кеспе. Кеспені біз күніне бір-ақ мезгіл және кешке жатар алдында ғана ішеміз. Одан басқа күн ұзаққа ішеріміз шай ғана, шайдың жемі көбіне құрт пен ірімшік. Оның өзін де Бізәләң тоқжарау боларлық мөлшерде шамалап қана береді. Нан ол үйде аз болады. Өзі егін екпейтін Нұртаза, көршілес орыс поселкесінен ұнды шағындап қана сатып алады: алты ай қысқа көп болса алатыны он-он бес бұт, жан саны жалшыларын қосқанда оннан астам, сонда бір адамға алты ай қысқа бұт жарымдай ұн келеді... Бірақ ұн бұлай бөлінбейді, жалшылар, әсіресе мен кей күндері нанды татпаймыз да... Сонда, ұнның бұты жетпіс-сексен-ақ тиын! Нұртаза со кезде, өзінің төрт түліктен жүздеп ұстайтын малынан басқа, қырық-елуден егіз саудасын жасайды!.. Асқа сонша сараң Нұртазаның үйі киім-кешек, төсек-орынға да аса сарабдал. Ол үйде, Нұртазаның өзі мен әйелі төсенетін жалғыз құстөсек, жалғыз үлкен жастық, екеуі жамылатын тозаңқы ситса көрпе, балалары төсеніп жамылатын үш-төрт көрпе, екі-үш жастықтан басқа, екі-үш текеметтен басқа жасау болмайды. Қонақ келсе, балалары киім жамылып жатады. Бірер кілемі болады. Олар жүкте жинаулы ғана тұрады. Бой жеткен қызы — Рабиғадан басқа ол үйдің адамы жылтырап киінбейді. Нұртаза мен Бибізара айт-тойдан басқа күнде жамаулы ескілерін ғана киеді, тәуір киімдері сандықта жатады. Со кезде бозбала боп қалған Мырзағазыда, кірлесе жуып киетін жалғыз ғана көйлек, дамбал болады, оны жуғанда жалаңаш етіне қамзол, шалбарын киеді... Бай баласы боп, Мырзағазы, мысалы, трико сияқты тәуір матадан костюм киген емес, оның киетіні — мақтадан тоқылатын арзан камполат. Соны да әке-шешесі Шәйін сияқты шеберге тіктірмей, ауылдың қатын-қалашына тіктіреді де, олақ пішіліп, олақ тігілген киім олпы-солпы боп жүреді... Бұл жайда жұрт Нұртазаға:
— Дәулетің жете тұра мұның не? — десе, кейде:
— Оқасы жоқ, «ерді кебенек ішінде танысын» деген. Жаман киінсе де жұрт оны «Нұртазаның баласы» дейді, — деп кеуде көтерген болады, кейде:
— Ысырап қып не керек дүнияны босқа шашып?.. Тәңірім жұпынылықты сүйеді, — деп шариғат айтқан болады... Нұртазаның үйі таң қараңғысынан тұрады, өйткені — мал жайлау керек: мал жатқан орынды тазалау керек, малға шөп салу керек, біраз отықтырғаннан кейін суару керек... Қыс Нұртазаның қорасында жүзден астам сиыр, екі-үш жүз қой, онға тарта жұмыс жылқысы күтіледі... Оларға күніне үш мезгіл шөп беріп, бір мезгіл суарудан қораларды тазалаудан дыңдай екі-үш қарулы жалшы жігіт, таң қараңғысынан бастап, ымырт жамылғанға дейін босамайды. Бұған қоралар мен үй алдының, шарбақ ішінің қарын тазалау қосылады. Біз сипаттап отырған қыстың бораны көп болғанын білеміз. Кейде үй алдына, шарбақ ішіне үйілген күртік тау боп кетіп, жүретін жолды жалшылар әрең ашады. Боран ашылғаннан кейін тау боп үйілген қарды сыртқа апарып төгу керек... Осы жұмыстардан Нұртазаның жалшылары күн сайын кешке сүрініп жығылады... Кейде олардың кешкі асын ішуге шамасы да келмейді... «Ас» дегеннің түрі жоғарыда көрсетілді... Киетіндері — желқом... Сонда, ала қыстайғы еңбегіне алатын ақысы, бір құнаншықпа өгіз, оның құны көп болса оң он бес сом!.. Ол кездегі ауыл жалшыларының жайы осындай!.. Нұртазаның үйінде мен де қарап жата алмаймын... Жалшылармен бірге жататын мен солармен бірге тұрып қолымнан келетін жұмысты атқарып бірге жүрем... Өйтпейін десем, Бізәләң «арам тамақ!» деп көзге шұқиды. Мұстафаның үйінде ұйқым қанбайтын мен Нұртазаның жалшыларына ерем деп сергек боп алдым: ерте тұрам, кеш жатам. Ешқайда қыдырмаймын, қыдырайын десем, Нұртазаның үйі ұрсады. Әсіресе кешке қыдыртпайды... Бірер рет кешке қыдырам дегенде, түнде есік ашпай қойды... Қыдырғанда іздейтінім — ойын: ауылдың балалары, егер күн ашық болса, түн ортасы ауғанша сырғанақ тебеді де, боран болса, бір үйге жиналып ап асық ойнайды... Ондай ойындарға баруға Нұртазаның үйі ұлықсат етпейді... Кәрәсін жағуды шығын көретін ол үй, іңір асын ертерек ішеді де жатады... Қалжыраған жалшылар тез қор ете түскенмен, мен көп күндері кепке дейін үйықтай алмаймын... Ең алдымен, бізде — тозығы жеткен ескі кигізден басқа төсек жоқ, жамбасымызға жер батады; екіншіден — бұл үйге келгелі жуылмаған жалғыз көйлек-дамбалдың биті мен шаңды бөлменің бүргесі, жата қалсаң-ақ құмырысқадай талайды; үшінші — көп күндері олқы қарның, түн бойы ұлып шығады... Кей күндері мен таң атқанша ұйықтай алмай шығам... Жетімдіктің не екенін енді ғана ұққандай болам... Одан әрі көретінім — Нұртаза үйінің жалшыларының күні сияқтанады... «Не істеу керек?...» Бұл сұраудың жауабын мен қанша ойласам да таба алмаймын... Кейде, Мұстафаның үйіне қайта барғым келеді... Бірақ не бетіммен?.. Сүттей ұйып отырғанда қашып шығып, жұрт алдында масқара қылған жоқпын ба ол үйді?.. Әрі, бір қашып шыққан үйге қайта жалынып баруды еркек басыма намыс көрем... Мұңымды кімге айтуды білмеймін... Кейде осы халімді өлең де қылғым келеді... Өлең шығаруға ойланып та көрем, бірақ ол қолымнан келмейді... Сондай қалжыраған шақта, ерікті көз жасыма берем... Уақыт солай өтіп жатты. Менің атымнан болысқа Мұстафадан мал-мүлік даулаған арыз кетті. Болысымыз Торсанның Шақаны екен. Хабарға қарағанда, болыс бұл ауылға қыстың аяқ кезінде соғып, дауды сонда бітірмек. Нұртазаның Мұстафаға өштігі сондай, атарға оғы жоқ. Кейін білсем, өшігетін себебі, Жаманшұбардың, басшысымын деп түсінетін Нұртазаға Мұстафа бағынбай, үнемі қарсы келе береді екен менің дауымды сылтау қып, Нұртаза оны бұқтырып алмақ екен... Болыс келгенше, жаманшұбарлықтар екіге жарылып, бір жағы Нұртазаны, бір жағы Мұстафаны қуаттайды, екі топтың арасында айтыс-тартыстар жүріп жатады. Мұстафаның не айтатыны маған қараңғы, өйткені мен ол үйге жоламаймын, Нұртазаның айтары:
— Мұстафаны бүкіл Жаманшұбар боп жақтаса да мейлі, болыс пен билер, менің сөзімді сөйлейді... Нұртазаның үйінде біраз тұрғаннан кейін мен Ұлтуған мен Мәржамды сағына бастадым. Бірақ оған баруға болмайды. Нұртаза маған:
— Сен Мұстафаның үйіне қарай аяқ басушы болма, егер бассаң менен жамандық таппа, — аузыңнан қаныңды келтірем! — деп қорқытып қойған. Нұртаза солай дегенмен, шын сүйетін Ұлтуған мен Мәржамды көрмеуге мен ұзақ шыдай алмадым. Қалай шыдайын, бүкіл дүниеде маған олардан ыстық көрінетін жан жоқ!.. Әсіресе — Ұлтуған!.. Одан ажырағалы мені ыстық құшағына ешкім басқан жоқ!.. Одан ажырағалы менің бетімнен ешкім сүйген жоқ!.. Сонша аңсағанмен, Мұстафаның үйіне баруға болмайтынын білем, сондықтан оңаша жолығар жерді аңдимын, бірақ неге екенін кім білсін, мен аңдыған кезде Ұлтуған үйден шықпайды, Мәржам кішкене!.. Бір күні мен осы жайды айтып, өзімізге мәлім Оразалы деген баламен ақылдастым. Ол байғұс әлі де оқуда, бірақ әлі де «Бақырған» мен «Бәдуамның» тұсынан аса алмай жүр. Оқуды соншалық ұқпайтынына қарамай, әкесі Рақымбай, сабақтан оны айырмайды. Ақыл сұрағанда, Оразалының маған айтқаны: «Ұлтуғанға сөйлесейін де, не десе де саған жеткізейін». Оразалы маған апамның хабарын со күні кешке жеткізді. «Түнде жұрт аяғы басылған кезде, үй алдына, үйген шіліктің ығына жасырынып келе қойсын» депті апам. Уәделі уақытта барсам,апам мені белгілеген жерінде күтіп тұр екен. «Сағынған апам мені бассалар да жылар» деп ойлаған едім, олай еткен жоқ. Жүгіріп кеп бауырына жабысқан мені ол құшақтап бауырына бірер рет қатты қысты да, маңдайымнан ғана иіскеп, салмақты, сабырлы дауыспен:
— Неге келдің? — деді. — Кетпеу керек, кеткесін келмеу керек!
Лепілдеп тұрған жүрегім басыла қалғандай болды. Өкпелеген кісіше мен шегіне беріп ем, құшағынан босатпаған апам:
— Қайтесің маған келіп, — деді күрсініп, — менің атым — әйел. Саған ергенде кімнің, босағасына барып кірем? Маңдайыма не жазса да, осы үйден күтіп алам, ал, сен бұл үйге қайтып кеп көзге түрткі болма енді. Маған да жолама. Еркек баласың, өлсең, өлерсің; өлмесең, күн көріп кетерсің,!.. Беріксініп сөйлеп тұрғанмен, көңілі босағандығы апамның дауысынан сезіледі. Сонда да ол сыр бермей аз тұрғаннан кейін: «Мұқанның баласы ауыл ақтап жүр» дегізіп, күнде сүйекті сындырғанша, Жаманшұбардан кет! — деді.
— Қайда? — дедім мен.
— «Қайдасы» несі? Тұқымсыз ба едің сен? Бірге туған апаң Зәуре бар емес пе? Соның қолына кет!.. Басқа айтар сөзі таусылғандай Ұлтуған мені бауырына тағы да қатты қысып ап, бетімен бетін тақады да, ал кеп жылады... Манадан қалай сабыр қып тұрғанын білмеймін, көзінен жасы шыға, кемері кетілгенде лақ ете құлаған судай ағыла жөнелді ол... Аздан кейін өзіне-өзі ие болмастың халге жетіп, күңіренген дауысы тістенген аузынан еріксіз шығып кетті... Со кезде ту сыртымыздан біреу кеп ақырып кеп қалды. Ұясынан үрке ұшқан балапандай екеуміз де селк ете түскен қалпымызбен айрыла бергенімізді, төніп келген зор адамның екі қолы екеуміздің жағамыздан жабыса кетті. Екі жаққа қарай тырмысқан бізді, қарулы қол сүйреңкіреп әкеп жақындастырды да:
— Ия, ал неғып тұрсыңдар?—деді.
Ұстаған адамның кім екенін жаңа ғана таныдым — Рамазан!.. Ол — Нұртазаның, туған ағасы Ыбырайдың баласы. Нұртазаны жақтап, Мұстафаға қарсы жүрген адам, жасы со кезде қырықтарды алқымдаған, сақалды, мұртты кісі.
— Неге азғырасың, — деді ол Ұлтуғанға қаһарлы дауыспен. — Бауырсырасаң, кеше Мұстафаның үйінде көзге түрткі боп жүргенде қайда қалдың? Осы тұрғанда, не істейін өзіңе? Рамазан мені ұстаған қолын босатты да, Ұлтуғанды екі қолымен қапсыра ұстап:
— Бетің тілінгір, бет жоқ сенде! Жоғал, көзіме көрінбей!— деп үйіріңкірей беріп лақтырып кеп жіберді. Қарулы еркектің сілтегеніне, тал шыбықтай жас қыз шыдасын ба, күртіктеу қарға барып етпетінен жығылды!.. Ашу қысқан Рамазан ұрғысы келгендей ұмтыла бергенде, мен екі араға түсе қалдым.
— Кет былай, — деп Рамазан ақырған дауыспен мені жағадан ұстай алғанда, Ұлтуған кеп «ағатай, ұра көрме оны! Мені ұр!» деп қолына жабыса кетті. Рамазан ызбарлы дауыспен:
— Жолыққандарыңды көргенімнің алды-арты осы болсын. Бұдан былай бүйтсеңдер, менен жақсылық күтпеңдер! Сен бала, қайт үйіңе! Сен қыз ба, сен!.. — деп Ұлтуғанға қолын безеді. Апаммен мен үн-түнсіз жөнімізге ыдырай бердік. Рамазан сол орында қалшиып тұрып қалды... Сол күні кешке Нұртазаның үйіне Мұстафаға қарсылар жиналды. Қолға алғандары — мен. Рамазан көрген-білгенін түгел дәттепті. Олардың сыпайылап та, ұрсып та айтқан сөздерінің, ешқайсысына мен жауап қайтармадым. Несіне қайтарам, шұқшия, әр түрлі саққа жүгірте айтып отырған сөздерінің құяр жері біреу-ақ, ол —«өз бетімен барған жоқ, бұл бала, бұны азғырып шақырушы бар, соны білу керек...» «Кім сол?» деп сұрайды олар, әлсін-әлсін жамырасып. Жоқ адамды мен қайдан табам?.. Жиналғандардан біреу:
— Қайтсін-ай!.. Екеуі де жап-жас балалар емес пе!.. Құдай сорлы қылған соң амал жоқ, әйтпесе, айрылып тұратын уақыты ма бұлардың!.. Бір ұяның қанаттанбаған балапандары сияқты емес пе екеуі!.. — деп есіркеген сөздер айтып келе жатыр еді, Нұртаза:
— Тәйт әрі, оттап былшылдамай отыр! — деп ақырып тастады. Содан кейін жым-жырт бола қалған жұртқа ол одырая, айнала қарап аз отырды да:
— Бұл арада тұрса, бұл екеуі осылай шұрқыраса береді, айыру керек бұларды. Ертең болыс келсін, жіктерін ашсың содан кейін мейлі қайда кетсе де. Тіпті Мұстафаға қайтып кірсе де мейлі. Оған шейін мен бұларды қоса алмаймын. Қалай қосам: сақалды басыммен бұл дауға кірісіп қалдым, мен шақырған жоқпын бұл баланы. Жылап келген өзі. Жетім бала болған соң жаным ашығаны рас. Кептің көзіне көрінбегей едім, көрінген соң аяқсыз қалай тастаймын, — деді. Осыған бәтуаласқан олар мені қайда жіберуге ақылдасқанда:
— Әрине, жездесі Сүлейменге жіберу керек, — деді Нұртаза.
— Оның қалай еді өзі? — деп күдіктенушілерге:
— Бізді Мұстафаға айырбастар деймісің, — деді Нұртаза, — жайды айтып хат жазамын. Нұртаза маған «барасың ба, бала?» деп еді, «барам» дедім мен.
— Бұны кім апарады? — деген сұрау туғанда:
— Апаратын кісі бар. Кеше Тұртайдың үйінде болып едім, сонда ойдағы Сибаннан Кәжімбай21 кеп жатыр екен ертеңдер қайтам деп отырған, бұ баланы соның шанасына мінгізіп жіберу керек, — деді Нұртаза. Сол күні кешке қарай Рамазан атқа жеккен шанамен мені Тұртайдың үйіне алып жөнелді. Кәжекең — ол кезде жетпістерге келген, бірақ сақал-мұрты қап-қара, бүкіштеу, жуантық, аласа бойлы жапақтау денелі, сораланыңқырап жүретін қызыл көзді қарт екен. Менің әкемді ол жақсы біледі екен сондықтан Рамазан менің хал-жайымды айтқаннан кейін:
— Алда бақыр-ай, осы екен ғой, Мұқан бейшараның жалғыз баласы? Құдай аясын жетім бейшараны! — деп есіркеді де, Сүлейменнің, үйіне апарып салмақ болды. Кәжекең екеуміз Тұртайдың үйінен келер күні алакөбеден аттандық. Ол кісі ұйқышы екен. Маған жол жайын айтып қояды да, өзі шанаға қисайып, ұйқыдан бас көтермейді. Мен оны жол айрылар жерде ғана оятам. Кәжекең оянған кезінде «ә, ә!» деп есеңгіреп біраз отырады да, былшық басқан көзін уқалап алғаннан кейін ғана есі кіріп:
— Немене, бала? — деп сұрайды.
— Жолдың айрығына келдің, — деймін мен.
— Солай ма?.. Бұ қай жер болды екен?— деп Кәжекең шана үстіне түрегеп, жан-жағын көзімен біраз шолады да, айнала аппақ боп жатқан қардан жер мөлшерін шамалай алмай, «қандай жерлерден өттік?» — деп сұрайды. Кәжекеңнің сұрауына мен кейде жауап бере алам, кейде бере алмаймын. Қыстыгүні алыс жолға бірінші шығуым осы, жер мөлшерін қайдан білем! Дегенмен Кәжекең кәр-шөңгелігін істеп, «анау тұрған пәленшенің қыстауына... мынау түгеншенің қыстауына келеді...» деп, әр тұста қоңырланған ағаштарды мөлшерлейді де, «былай тарт» деп жон сілтейді, сонысы көбіне дұрыс боп шығады, кейде мөлшері жата боп, теріске кетіп қаламыз да, жөнімізді алдағы ауылға барған соң түзейміз... Кәжекеңнің жеккен аты — тыпырыштау, кішкене денелі жирен жылқы. Оның аяңы да, жортағы да, желісі де берекесіз. Жақында ғана қар жауғандықтан, жаттығып болмаған, адымы қысқа ат, ентелей жүрейін десе, аяқ астында есілген қар құлашын жаздырмайды... Кәжекең жолшыбай түстене, қона отырып, асықпай жүрді: Таныстарына, немесе жекжаттарына кездесе ме, әлде қиянатсыз момын адам болған соң қадірлей ме, жолшыбайғы түскен жерлері мүмкіндігі барынша қадір-құрмет етіп тәтті-дәмдісін аямайды. Батпақкөлден шыға он екі шақырым жердегі Әтей-Дәуішке қондық. Одан шыға он он бес шақырым жердегі Орымбайға қондық. Одан шыға ар жағында он шақырым жердегі құдасы — Текенің Бүбиіне қонды... Солай жылжумен, жездемнің, аулына біз жолшыбай төрт-бес қонып жеттік. Сонда бұл — шамасы елу-алпыс шақырымдай ғана жер. Апам Зәурені де, жездем Сүлейменді де менің анық тан» уым осы жолы ғана. Зәуре — аласалау бойлы, шықшыты шығыңқы бетті, сойдақ тісті адам екен. Жасы со кезде отыздарға жаңа кірген. Сүлеймен биік денелі, сирек қара сақалды, сұйық мұртты, аққұба өңді кісі екен. Жасы со кезде елулерді орталап қалған. Сүлейменнің менің апама үйлену тарихын да мен со жолы естідім. Ол ауқатты адамның баласы болады да, он тоғыз жасында таңдаған қызы — Қанапияға үйленеді. Ол әйел құрсақ көтермепті. Балаға зарыққан Сүлеймен менің апам Зәурені жасы қырықтардан асқан кезде тоқалдыққа алады, Зәуре о кезде он алты, он жеті жаста болады. Зәуреден Зәкіш, Сәлима, Бадіғұл атты үш қыз, Сұлтан, Нұрке атты екі ұл туады... Баланы зарығып көрген Сүлейменнің алдында Зәуре қадырлы болу керек қой. Бірақ ол қадырсыз екен: сол үйдің отымен кіріп күлімен шығады екен құлқын-сәріде тұрғаннан, қас қарайғанша тізе бүкпей, үйдің де, түздің де шаруасын дамыл-тиыштықсыз істей береді екен. Сонша еңбегіне қарай, оны теңдікте ұстаса да, бір сәрі ғой, олай емес екен: «отырса опақ, тұрса сопақ» дегендей, оның жүрісі де, қылығы да Сүлеймен мен бәйбішесі Қанапияға жақпайды екен. Екеуі де оны қымс етсе оны балағаттай бастайды екен. Боқтампаз Сүлеймен Зәуреге қымс етсе, «ей, әкеңнің көрін... өй, әкеңнің бет тақтайын... өй, әкеңнің аузын...» дей жөнеледі екен. Тілдеумен ғана қоймай, қылдан тайса-ақ, таяқтың астына алады екен... Балаларын да ол Зәурені кеміте сөйлетіп есірген екен. «Зәуреден тудым» деу балаларға намыс екен. Біреу «сен Зәуреден тудың» десе, балалары жылайды екен. Қанапияның Тасмақы атты ағасы болса керек «нағашың кім?» деп сұраса, Сүлейменнің балалары «Тасмақты» дейді екен. «Нағашың Тасмақы емес, Сәбит» десе жиендерім ашуланады, «бұл үйден кет!» деседі олар маған... Осының бәрі жүрекке инедей қадалып, шыдамнан айрылған кезде, өзіміздің Жаманшұбардан келген біреуге еріп мен ауылыма қайттым да кеттім... Ауылға келе Ұлтуғанға жасырын жолығып ем:
— Неге қайттың? — деп сұрады ол менен.
Мен жауап берген жоқпын.
БӨЛІНУ
Болыс біздің ауылға қыстың аяқ кезінде келді. Оған қанша адам ергенін кім білсін, әйтеуір, тізбектеліп бірінің артынан бірі шұбырған шаналы көп ат, со күні Жаманшұбарға қаптап кетті... Болысты көру жұрттың бәріне таңсық, әсіресе, Торсанның Шақаны сияқты болысты көру таңсық. Иелері қуғанмен, балалар болыс отырған үйге үймелеп кіре береді, солардың ішінде қыстырылысып мен де жүрем. Болыс, әрине, кім болса соның үйіне түспейді, соғымды семіз байлардың үйіне түседі. Біздің Жаманшұбарлық байлардың шымнан салынған қысқы үйі, ортасын «шұбалма» аталатын пешпен бөлген екі бөлмеден құралады. Төргі бөлмеде қонақтар және үй иесі мен бәйбішесі, бой жеткен қызы жатады, ауыз бөлмеде үйі түскен ұлы және жалшылары жатады. Ас, су ауыз бөлмеде даярланады. Қонақтарды көргісі келген балалар да, батып кіре алмайтын үлкендер де, пештің шам қоятын тесігі арқылы ауыз бөлмеден сығалайды... Біз де қонақтарды сығалап көріп жүрміз. Төрді айнала отырған олардың, бәрі де бізге өте зор денелі, өте жуан қарынды кісілер боп көрінеді. Солардың ішінде Шақанның түрі өзгелерден өзгеше. Со кезде жасы қырықтарды алқымдаған Шақанның шоқша ғана қара-сары сақалы, сапарын құлағына қыстырып қоятын қалың қара-сары мұрты бар. Ол — Кавказдық елдердің адамдары сияқты, үлкен мұрынды және үлкен қара көзді, беті де сол кавказдықтарға тартқан қушықтау, аса кескінді кісі. Көтере сөйлегісі келген біреулер:
— Құстың төресі аққу дейтін еді, адамзаттың аққуы ғой бұл Торсан балалары, ақсүйек қой бұлар, қара қазақтан оғаш тұрғанын көрмеймісің, мың қойдың ішіндегі қошқарға ұсап! — деп мадақтайды. Төмендеткісі келген біреулер:
— Жоқты сөйлейді екенсіңдер ғой, тәйірі! Оның атасы Сапақ емес пе? Кешегі Стаптың шошқасын баққан жатақ емес пе еді ол? — дейді.
— Енді кімге тартты?—деген сұрауға:
— Орысқа! — деп жауап береді біреу.
— Қайдағы орысқа?
— «Орысың» не? — деп сұрағандарға:
— Білмейтін бе едің? — дейді анау, — Торсанды орыстың дібаяданынан22 туды деген сөз құлағыңа шалынған жоқ па еді?
— Жоқ! — деп таңдана қараушыларға:
— Естімесең айтайын, — деп анау кеңесін бастайды.— Торсанның шешесі аса сұлу кісі екен деседі. Әкесі — Тілеміс Қорғанда тұратын Еспетеу23 дейтін дібаяданмен көңілдес екен. Тамыр боп келіп жүрген Еспетеудің, Тілемістің әйеліне кеңілі ауып, жақын болады, Торсан содан туады.
— Оны қайдан білесің?
— Өлең бар.
— Қандай?
— Атығай соқыр Тоғжан ақындық құрып, Болатнайдың, базарына келеді. Торсан ол кезде Есенейдің' қызына үйленіп күпсіп тұрады. Тоғжан кеп Торсанға өлең айтса, «мына соқыр мені танымай тұр-ау, былтыр бір ат мінгізгенмін» дейді. Торсанды қоршап тұрғандар Тоғжанға «әй, соқыр, сен Торсанды білмейтін бе едің?» десе, намыстанып қалған Тоғжан суырылып өлең айтып қоя береді. Сонда ол.
Шешеңді жас күнінде қара басқан.
Сонда сен туып едің ұзын шаштан. деген екен дейді. Сонда Торсан ұялғаннан: «Мына соқырды былшылдатпай, тағы бір ат беріңдер де, қуыңдар!» — депті... Торсан туралы бұл сөздер Шақан жоқ жерде ғана айтылады. Оның көзінше айтуға, намысына тиерміз деп, жұрт қорқады. Төргі бөлмеде Шақанды жағалай отырған көпшіліктің ішінде: үстінде көк кителі бар, бұтында қызыл лампасты көк шұға шалбары бар, аяғында кигіз байпақты қазақы етігі бар, денесі де, бет-аузы да жалпақ, сақал-мұртын қырған, ұшы көтеріңкілеу мұрынды, үлкен көк көзді, қасқа басты, әжімденген бетті мосқал адам отырды. Бұл — Петра Бекетов, Торсанның өзіне және баласы Шақанға қырық жылдай тілмәш болған, қазақша «Жаңақала» аталатын, орысша «Островка» аталатын станицаның казак-орысы. Петра қазақ тілін жақсы біледі, бірақ сындыра сөйлейді. Және ол күлмей сөйлемейді. Күлгенде бүкіл денесі селкілдейді... Жаманшұбарға жылына бір-ақ рет соғатын болыстың өзге жұмыстары да көп болды ма, немесе қонақтап жүруден қолы тимеді ме, Мұстафа мен менің арамдағы дауға, келгеннен бір жұма кейін кірісті. Даудың шешуі ұзаққа созылған жоқ. Болыс, расында, Нұртазаны жақтайды екен. Нұртаза — о кезде жалғыз Жаманшұбардың ғана емес, бүкіл Сибанның беделді ақсақалы. Сондықтан да болыс одан ығысады, ал, Мұстафа әрі кедей, әрі ауру бейшара бір адам, оның несінен қорықсын. Өкім болардың алдында Мұстафаны Петра әуелі біраз жерлеп алды. Алдына кеп шарта жүгіне отырған Мұстафаға ол тікілене қарап, сындырған қазақ сөзімен сөйлей жөнелді.
— Сен өзін пирадар айтады, какой шорт сен пирадар? Сен құдайдікі дұшпан, саған тамұқ айдарға керек. Сен шайтандікі жолдас. Осы сиратаның малын сен ашайт қылған. Сенікі горла шайтандікі горла, сені подсуд қылу керек. По этаппен каторга айдау керек. Итжеккенге. Мен саған аяйды, аямаса мен саған осылай қылады... Ұзақ сөйлеп тілін қадаған Петраға, Мұстафа ешнәрсе дей алмай, арық денесі имейіп құлдық ұра түседі. Петра Мұстафаға біраз ұрсып алды да, болыс және билер қол қойған үкімді оқыды: «—Мұстафа Шүкейүлы, Мұқан Шүкейұлының жетім балаларының мал-мүлкін түгел жеген. Сондықтан үкім қыламыз. Мұстафа Шүкейұлынан Мұқанның жетім баласы Сәбитке бір бұзаулы сиыр, тайынша-торпағымен және Мұқаннан қалған барлық мүлік алынып берілсін». Бурыл биені, немесе, оның құлынын қайтару туралы сөз де болған жоқ, өзге мал-мүліктің, маған керегі жоқ. Бірақ бұл менің, ішімді тауысатын ой ғана, сыртқа шығаруға дәрменім жоқ. Үкімді көктем шығып, ауыл қырға шыға Сибанның ауылнайы Мәкіш кеп орындады. Мұстафаның қолында өзінің жалғыз қысыр биесі мен бір қашар сиыры ғана қалды. Екінші сиыр тайша-торпағымен бұзауымен маған тиді. Мұстафа мен біздің ескі киіз үйімізден құралып бір үй жасалған. Үкімді орындаушылар, біздің үйдің Мұстафаның үйіне жамалған есік кигіздерін сөгіп алды. Уық пен шаңырақ та біздікі екен олар да алынды. Есебін қайдан алып жүргенін кім білсін, «Мұқандікі» деген қазан-ошақ, ыдыс-аяқтан да ешнәрсе қалған жоқ... Сонымен, қысқасы, елу үйлі Жаманшұбар қырға шығып, әркім қолда бар үйін тіккенде, жалғыз Мұстафаның үйі ғана керегеден қоршаған кішкентай күркеде отырды. Бөлістің маңына мен барған да жоқпын, мені ешкім шақырған да жоқ. Шақырса да бармас ем мен... Мұстафаның үйінен «қамқоршыларымның» не алғалы жүргенін құлағым шалады. Олардың мақсаты — Мұстафаны үйсіз, сауынсыз, екінші сөзбен айтқанда панасыз, тамақсыз қалдыру... Айырылып кеткенмен, менің туысқандық жүрегім, бейшара үйді ондай апатқа ұшыратуға қимайды, ауру ағаны да, оның шиеттей балаларын да, солардың бәрін өлмешінің күнімен жалғыз асырап отырған жеңгені де, баспанасыз, сауынсыз тастауға қимаймын... Ол жөнде әркімдерге ақылдассам, «етіп кеткен іс, амал жоқ» дейді... Бөліс күні мен Нұртазаның ас үйінен шықпай, шөке түсіп жатып қалдым. Ендігі қорыққаным — Мұстафа үйі жағынан шығатын айғай-шу еді. Мен ойлаған ем, «ашулы мінезді Мұстафа, өзгеге емес, үстіне тіккен үйін жығып бөлерде шыдамай жанжалдасар» деп, «Сілеусін мен Ұлтуған дауыс көтеріп жылар, мені қарғар» деп. Олардың бірі де өйтпеген. Үйді жығарда жалғыз ауру Мұстафа ғана төсегінде жатып қап, өзгелері тысқа шыққан да, бөлшектеген құрым үйге, көз жастарын ғана төгіп үнсіз қарап тұрған... Үй жығылып, ашық аспанның астында қалғанда Мұстафа көзінің жасы ақтарылған бейнемен басын көтеріп, теpіc жайған қолымен, мені емес, Нұртазаны қарғаған... Бөлістен кейін менің «қамқоршыларым» ауылнаймен ақылдасты да, «түбінде тұқым болар» деп ұрғашы тайыншаны ғана алып қап, сиырды ішіне қоса басқа мал-мүліктің бәрін сатты. Сондағы шыққан ақша — барлығы бір жүз жиырма сом. Осыдан жиырма сомды бөлісті «басқарушылар» өзара үлесіп алды да, жүз сомды «жылына он сом есім бересің» деп Өтей-Дәуіште Кәсен дейтін саудагерге тапсырды. Ұрғашы тайыншаның не болған тарихын айтайық: Мен Мұстафадан бөлінген көктемде, біздің ауылға Әлти Көкенов атты милиционер бай келе қалды да, Шәйкен дейтін кісінің үйіне түсті. Орташа арық денелі, ашаң жүзді, селдір сақал-мұртты, ағы қанталаған кішірек көзді, жасы со кезде жетпістерді алқымдаған, тістері сирек, даусы барылдаңқырай сөйлейтін кісі екен. Сыйлы қонақ келсе, қолынан ет асау — ауыл балаларының әдеті. Шәйкен үйінің қазан толы асқан сүрін көрген соң, піскен кезде, езге балаларға еріп, ет асауға мен де бардым. Ұзын ағаш астауға толтыра салған жылқының мүшелі семіз еттері қонақтың алдына қойылды. Қасында Нұртаза және Жаманшұбардың бірнеше атқамінерлері отыр. Ет желіне бастады. Бұл — үйдегі кісілер тауыса алатын ет емес: қос қазылар, бітеу жаялар, басқа да сыбағалы мүшелер тұтас-тұтасымен жүр... Қонақ та, онымен дастарқандас адамдар да, біраз қаужалап алғаннан кейін:
— Балаларға ет асату керек, — деді Әлти.
— Сіздің бармағыңызды жалағалы кеп тұр ғой, хажы, — деді Нұртаза, жарамсақтанған дауыспен, — өзіңіз асатыңыз! Әлти «оқасы болмас» деді де тамырлары білеуленген қолымен астаудағы туралған майлы етті алақанын толтыра көсіп ап:
— Кәне, келіңдер балалар, шеттеріңнен! — деп, барған балаға асатып жатты. Етті асатарда «кім баласысың?» деп сұрап жатты.
— Кім баласысың?— деп сұрады Әлти, кезек маған келгенде.
— Мұқанның баласымын, — дедім мен.
— Мұқанның?! — деп ол аз кідірді де, — қай Мұқанның? — деп сұрады Нұртазадан.
— Мұқан правительдің... — деп біреу қалжыңдайын деп еді:
— Қойсайшы! — деп Нұртаза тоқтатып қойды да, — хажы, өзіңізге дәмдес 24 болған Мұқанның баласы, — деді.
— Ә-ә!.. — деп, Әлти маған бір уыс етті ұстатты да, мен шегінгеннен кейін: «жақсы кісі еді бейшара, жұмысты адал істеуші еді, топырағы торқа болсын!» — деді.
— Со кісі сіздің үйге екі-үш жыл дәмдәс болды ғой, — деп сұрады біреу.
— Солай, — деді Әлти. — Менен жүздік шапты ғой ол. Бейшара бір жылы ымшық-шымшықтау боп ауырып жүрді де, жарты жүздігім со кісінің мойнында кете барды.
— Артынан төлеген жоқ па? — деп сұрады Нұртаза.
— Қайдан төлесін, — деді Әлти, — одан кейін жолығудың реті келген жоқ. Мойнына борыш боп кетті.
— Астапыралда, — деді Нұртаза, шошып кеткен боп. О, не дегенің хажы, Мұқан өлгенмен, оның дүниесі өліп пе? Бұ дүниедегі күнәсі де жетер бейшараның. Борышын төлейміз. Со темада өзара біраз кеңескеннен кейін біздің ағайындар Әлтиге мен Мұстафадан алып шығатын ұрғашы тайыншаны бермек болды. Тайыншаны сол арада біреу сатып алды да, ақшасын Әлти қалтасына салды...
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
КЕЗДЕСКЕН КӘСІПТЕР
ҰРЛАНҒАН ҚЫЗ
Кескін-кейпі, дене-тұлғасы бір-біріне ұқсас адамдар толып жатады. Бұндай адамдар әсіресе бір әке, бір шешеден туғандардан, олардың арасында егіздерден көп кездеседі. Өмірде осындай кескіндес, тұлғалас адамдарды көре жүре, мен дәл Андрей25 мен Сәдірбайдай бір-біріне ұқсаған адамдарды көрген емен! Бұл екеуі — мен көрген кезде ақсақалды шал. Екеуінің де кескін бітімдері аумаған шербидің26 короліне ұқсас. Екеуінің бойының биіктігі де, денесінің, толықтығы да, жауырынының кеңдігі де, бет пішіндері де, сақалдары да бір-бірінен аумайды. Аса бір жақын кісілер болмаса көлденең таныстардың, ешқайсысы бұл екеуін еш уақытта ажыратып көрген емес. Ауыл адамдары оларды дене тұлғасынан немесе келбеттерінен гөрі киімдерінен таниды. Бір біріне аса ұқсастықтарын білгендіктен, олар киімдерін өзгеше киюге тырысады. Жұрттың көзі олардың өздеріне емес, киімдеріне тез үйренеді... Табиғатында жалғыз ғана айырмашылықтары — Сәдірбай «р» әрпін «ғ» қып сөйлейді... Мен Мұстафаның үйінен бөлінген кезде Сәдірбайдың әйелі өлді. Өліктің қырқына шейін құран оқу — мұсылман дініндегі елдердің ол кездегі салты. Әйелі өлген күннің ертеңіне Сәдірбай Нұртазаның үйіне келді. Сөз әлпетіне қарағанда, ол әйелін жақсы көретін адам сияқты, өйткені Нұртаза еске түсіретін сөздер айтқанда, Сәдірбай кеңкілдеп жылап алды да, көзін сүрткеннен кейін:
— «Құдығеттің, ісіне көнбесең де көнеғсін» деген сөз бағ ғой Нұртаза,— біг жақ қабығғам сөгіліп тұғған сияқты. Құдайдың құдығетіне қылағ амал нешік!..
— Ал, Нұртаза, — деді Сәдірбай, — мен сенен Мұқанның баласын біздің бәйбішенің қығқына құған оқуға сұғай келдім... Нұртаза сезге де келмей көне кетті, өйткені, Мұстафадан айырып алғанмен, мені қайда қоюға білмейді: өз жұмысына салуға да, біреуге жалдауға да әлі кішкентаймын, бос және бөтен баланың тамағын асырауға ауырсынады...
— Қалай қарайсың? — деп менен сұрап еді, ол үйдің көзге түрткісін көріп жүрген мен ризаласа кеттім. Еншілері бөлек Андрей мен Сәдірбайдың дәулетті адамдар екендігін сыртынан білетінбіз: екеуі де ақ үй тігетін, жататын, жылқылары торы-қасқалы келетін. Білетіндер екеуінде екі жүзден астам қой, қырық-елу сиыр бар десетін. Дәулеті солай бола тұра, естуімізше не қорқатын, не сыйлайтын адамы болмаса, Андрей мен Сәдірбайдың үйлері көлденең кісіге асты сараң тартатын, қара қазан адамдар. Жаманшұбарға олар басқа рудан көшіп кеп қоңсы боп отыр. Олардың үй ішімен мен Сәдірбайдікіне барған соң ғана таныстым. Сәдірбайдың екі баласы бар екен бірі — бой жеткен қызы — Айгүн, бірі — он жастардағы ер баласы — Тастан. Ұлын Сәдірбай зарығып бертінде көріпті. Андрейде бала жоқ. Сәдірбайдың үй іші жасаулы екен. Оның үстіне бой жеткен қызын да жасап, мүліктері мөлдіреп тұр. Айгүн талдырмаштау келген, орташа бойлы, ашаң, өңді, шешек дағы бар қоңырлау реңкті, бұйығылау біреу екен. Жасының шамасы со кезде 18—19 да болу керек. Ауқатты адамның қызы болғандықтан бір сыдырғы жақсы да киінеді екен: қос етекті қанипас көйлек, оның сыртынан жөнді-жөнсіз барқыт камзол, олардың өңірін толтыра, етегін айналдыра күміс қадайды, қысқалау шашына салпыншағы көп шолпы тағады, екі қолының да саусақтарын толтыра салған күміс пен алтыны аралас сақина, жүзіктер, оң жақ білегінде бұрамалы жуан күміс білезік, екі құлағында да салпыншағы көп, күміс сырға, басында үкілеген құндыз бөрік. Біздің елдің әдетінде шешесі не әкесі өлген қаралы қыздың үстіне таққан күмістері мен басына қадаған үкісі және саусақтары мен құлақтарындағы әлем-жәлемдерін алып тастайды. Шешесі өлген бұл қыздың үстіндегі сәнге арналған бүкіл әлем-жәлемінен тек бөркінің үкісін ғана қырқып апты, өзгелері түгел. Тастан еркелеу, шалдуарлау, ойынқұмарлау бала. Молдаға сабаққа бергенде, ол қашып оқымаған. Сәдірбайдың үйі асты жақсы ішеді екен онысы тамақтан қоң-тораздау боп жүрген маған әрине жақсы. Ол үйге бара мен ілезде торалып, бұлтиып толыға бастадым... Тойынбағанда ше, күн шығар мезгілде Сәдірбайға еріп барып, әйелінің қабырына «ясин» оқудан басқа, өлген әйелге шығаратын құранның бірнеше бетін күндіз бір мезгіл аударудан басқа, немесе кісі келгенде, я ас-аят оқудан басқа, менде ешбір жан ауыртатын жұмыс жоқ. Менің құранды бірсыдырғы әдемі оқитын дауысым бар. Және мен молдама ұқсап, бар дауысымды құбылта, күңіренте оқуға тырысам. Менің не оқып жатқанымнан хабары жоқ сауатсыз Сәдірбай:
— Қағағым, — дейді маған, — жағайсын. Нұртазаға да, саған да ғизамын. Егеғ өзіңнің, кеткің келмесе, бәйбішенің қығқы біткен соң да тұға беғ бүздің үйде! Мен сол үйде тұра берер ме едім, қайтер ем, егерде «тышқан інге кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуар байлапты» дегендей, өзім тиыш жүрсем... Тиыш жүрмедім мен. Өйтуіме Нәзір дейтін жігіт айыпты. Ол — орта дәулетті Тоғанас деген кісінің баласы. Денесі де, кескіні де сұлу, әрі бұла боп еркін өскен Нәзір, бір сыдырғы әнші де, домбырашы да еді. Жаманшұбарда со кезде жігіт те, қыз да көп. Мал бағудан басқа кәсібі жоқ бұл ауылда жастардың ойын-сауығы жиі боп тұрады, сонда басқарушылары — Нәзір. Осы Нәзір, Сәдірбай үйінде жүрген мені бір күні қалың шіліктің арасынан ұстап алды да:
— Кәне, отыр мұнда! — деп етегімнен басып қасына отырғызды. Балалармен ол қолын батыра ойнайтын жігіт те. Біз одан қорқатынбыз.
— Қалай, Сәдірбайдың үйі ұнай ма? — деді ол маған қылжақтаған кескінмен.
— Ұнайды, — дедім мен қипақтап, бұл сұрауды неге бергеніне түсінбей.
— Қалай, Сәдірбай сақ ұйықтай ма? — деп сұрады ол, кескінін құйқылжыта түсіп. Мен расын айттым: неге екенін кім білсін, Сәдірбай сауатсыз адам бола тұра, түні бойы кірпік қақпай, әлсін-әлсін дәретке шығып, әлсін-әлсін намаз оқи береді, таңертең әйелінің қабырына барып, аят оқып қайтқаннан кейін ғана қалғиды. Нәзірге оны мен айтып ем:
— Әй, боқмұрын, — деді ол, ойнақы кескінін жинап ап, — расың ба, ойының ба? Өтірік айтсаң, ішке-ішке тепкілеймін, расыңды айт!
— Рас.
— Ендеше, сен сол қызға жолық, іңірде осы араға келіп кетсін. Айтасың ба?
— Осыдан айтпай бақ, желкеңді үзейін, — деді Нәзір, зілденіп, — айт, жаның барда; айтасың ба, жоқ па?
— Айтайын! — дедім мен ұрар деп қорқып.
Нәзірге берген уәдемді екі-үш күнге дейін орындай алмадым, бет-моншағым үзілмеген жас бала, батылым бармады. Бірақ Нәзірден құтыла алмайтын болдым. Қаншама қашқалақтайын десем де қапымды тауып ұстап алады да, неге сөйлеспейсің деп қыстайды. Бір күні оңашалау мезгілде Айгүнге Нәзірдің сөзін айтып ем, ол әуелі:
— Не былшылдап отырсың өзің? — деп маған жекіп тастады да, мен соңынан қалмаған соң, — айтып қоясың, — деп былқылдап, — айтпаймын, — деп қарғанған соң, — жарайды, барайын, — деді. Қыз бен Нәзірдің оңаша кездесуі мен айтпай-ақ тарап кетті. «Сенен тарады» деп мені Айгүн де, Нәзір де қысады. Амалың болса істе!.. Айгүннің қайыны — Жаманшұбардан бес-алты шақырым жерде, «Нұр» аталатын томардың жағасында қыстайтын, Шөгелдің Төрежаны дейтін әрі бай, әрі хажы адам екен. Төрежан он бес баласының бірі Махметке атастырыпты. Қашан қызды ұзатып алғанша, әке-шешесінің ұлықсатынсыз есігін ашпау, ашқысы келсе қалыңмал үстіне қосымша айып төлеп ашу, — о заманғы ауыл күйеуінің салты. Бірақ қайын жұртынан біреу-міреу өле қалса, оған кеп бата оқу әдеті де бар. Бұндай жағдайда, күйеу қайын атасының өз үйіне емес отауына, отауы болмаса көршілерінің біреуіне түседі. Сол дағдымен Махмет те келіп көрші үйдің біріне түсті. Күйеуді күтісушінің біреуі мен болдым. Сол міндетімді атқарып жүрген қаға-беріс шақта қасыма келген Махмет:
— Әй, бала, былай шығып кетші, — деп мені жағамнан ұстап алысырақ жерге апарды да, Нәзір мен Айгүннің жайын сұрай бастады. «Мен түк те білмеймін» деп танып ем, кімнің соншама бақылап жүріп түгел дәттеткенін кім білсін, Нәзір мен менің бұл темада алғаш сөйлеуімнен бастап, барлық болған оқиға Махметтің алақанында екен. Мен сонда да «білмейміннен» танған жоқпын. Мені мыти ұстаған және боқтай сөйлеген қалпына қарағанда, «сорым енді қайнаған болар» деп-ақ тұр ем, сыр тарта алмайтынын білгендей Махмет қатаң үнін жуасытты да:
— Ел арасында осындай бір есек қашқан соң, — деді мені босатып, — жай анығын ғана білейін деп ем, менен несін жасырасың? «Қымызды кім ішпейді, қызбен кім ойнамайды» дегендей, менің, қалыңдығыммен де Нәзірдің ойнап, күлуі мүмкін. Сөйтті екен деп, мен қалыңдығымнан безер деп отырмысың? Бәрібір, алам оны. Сенен, жәй, расын ғана білейін деп ем де... Айтпасаң мейлің білсін... Мойныңа алғаныңды көріп отырмын... Маған ол да жетеді... Солай емексіте сөйлеп отырып, ол маған расымды айтқызып қойды...
— Расыңды айтқаныңа тәңір жарылқасын, — деді ол маған, — бұл кеңес осы арада қалсын. Сен де, мен де аузымыздан шығармайық...
— Жарайды, — дедім мен.
Кешікпей ауыл Досқа қонды, жұрт «Жапырақ базарына» жүре бастады. Баласы Тастанды алып Сәдірбай да, асыранды баласы Жақыппен Андрей де аттанды... Біздің төрт ауылда әйелдер мен балалардан басқа жөнді адам қалған жоқ. Сәдірбай үйінде қызы мен екеуіміз ғана қалдық. Тек, кешке ғана Жақыптың әйелі кеп қонады... Бір күні түнде шырт ұйқыда жатыр ем, әлдекімнің «ойбай!» деген, қатты дауысы оятып жіберді. Көзімді ашып қарасам, адалбақанға ілулі тұрған шам жанып қапты, үйдің ішінде танымайтын бірнеше еркек жүр, бәрінің де түсі суық!.. Қамшы көтерген біреуі Жақыптың, босағаға тығылған үрейлі әйеліне төніп тұр, біреулері көйлекшең қызды ортаға алып киіндіріп жатыр!.. Біреуі маған да қамшы үйіріп: «Жат, өлмейін десең!.. Дыбысыңды шығарма!» деп жекіп қойды, бүркеніп жата қалдым... Көрпенің бұрышынан сығаласам: Айгүнді қоршаған жігіттің біреуі — оның күйеуі Махмет!..
— Сен ғой, Тоғанастың Нәзіріне тием деп ойладың, жүзі қара! — деп тұр ол қалыңдығына, — қалыңмалыңды мен берейін де, қызығыңды біреу көрсін!.. Әкең неге созғылап жүр десем, осы екен ғой ойында. Қызын сатып қоңсы болған екен ғой Жаманшұбарға!.. Амалсыздығын білгендей, не айыбын мойнына алғандай, немесе зәресі ұшқандай, Айгүнде үн жоқ... Ауылда қауіп күтер адам жоғына көзі жеткен күйеу мен оның қосшылары, Сәдірбай үйін еркін жайлады: қорқытып еркіне көндіріп алған қыз бен жеңгесіне сандық атаулының бәрін аштырып, бума атаулының бәрін шештіріп, қыздың жасауына арнаған да, арнамаған да іске татырлық мүліктің бәрін алды. Сөйтті де Жақыптың әйелі мен мені «ауылға хабар айтып қояр» деп қауіптенгендей қол-аяғымызды тас қып байлады. «Бақырмасын» дегендей, әйелдің аузына қойдың бір уыс жүнін кептеп тықты. Маған оны істеген жоқ... Сөйтіп олар қызды алып кете барды... «Жапырақ базарынан» қайтқан Сәдірбайдың ойынша: Махмет пен қыздың арасында сөз тасыған, екеуін байланыстырған мен болдым, ол:
— Көғінбе, көзіме, қапығ!.. Жоғал, аулақ!.. — деп мені үйінен қуды да жіберді. Амалсыздан, мен тағы да Нұртазаның үйіне бардым...
ОРЫСТЫҢ ӨНЕРІ ТУРАЛЫ
Бұрын көрмеген жаңалық болып қалды. Нұртаза Жапырақтың базарынан кішірек екі доңғалағы, ұзын жетегі бар, оң жағында қалқиған ара тісті бірдемесі бар, темір арба әкелді!.. Көрмеген «арбаның» маңына жұрт үймелей қалды...
— Бұл не? — деген сұрауға:
— Машина, — деді Нұртаза салмақтанып.
— Неғылған машина?
— Шөп шабатын.
— Кәдімгі жерге шыққан шөпті ме?
— Жерге емей, көкке шыққан шөпті шабады дейсің бе?
Бұған дейін менің машина атаулыдан білетінім «компания зингер» аталатын іс тігетін машина ғана. Енді шөп машинасы да келді. Оған ауыл қалай таң қалмас, мен қалай таңырқамаспын!.. Шөп машинасын қоршаған жұртқа: «Былайша майлайды, орағы мынау, Оны былай көтеріп, былай түсіреді... бірін бірі айналдыратын тетіктер мыналар... ат жетекке былай жегіледі, орағы былай қайралады...» деген сияқты сөздерді айтып, қырма сақалдау, мен танымайтын қара бұжыр жігіт тұр. Оның сөздерінен жұрттың не ұққанын қайдан білейін, мен өзім түк те ұққан жоқпын. Қайдан ұғам: машинаның іші де, сырты да бытықы-шытықы, бірі мен бірі тістесіп жатқан ірілі-үсақтылы доңғалақтар!.. Танымайтын жігіттің аты Бекқожа екен. Нұртазаның айтуынша, рулы елде шөп машинасының тетігін білетін жалғыз сол ғана, сондықтан оны мына шөп машинасы өз адамдарына үйретуге жалдап әкелген... Жұрт машинаны төңіректеп отырысты. Со кезде жасы сексеннің мол ортасына кірген Сақтар қарт «езгенің бәрін шығарып болып еді бұл орыс, енді шөпті де машинамен шаптыратын болды-ау!» — деп бір қойды.
— Рас! — десті көпшілік.
— Біздің қазақ баяғыда тіпті қараңғы екен-ау, — деді Сақтар, — қараңғы емей немене, бір жылы қызық болды: Ауыл «Қараағашта» отырған кез. Жансүгір аулының бір қызы ұзатылып, той боп жатыр. Қыз-бозбала сондамыз. Осы Еменалының, — деді ол, қасында отырған, менің әкеммен немере, жасы алпыстардан асқан адамды нұсқап, — со кезде орыс арасында көп боп, тілмәш аталып жүрген кезі. Бүкіл Сибанда одан басқа орыс тілін білетін жан жоқ...
— Сонымен, — деді Сақтар аз кідіріп — Жансүгір аулындағы ойын қызып жатқан түні, Құтырлағаннан Еменалы келді. «Сендерге бір сиқыр көрсетем» деді ол, ауылдың қыз-бозбаласына. Жұрт «не көрсетесің?» дегенде, алақанымнан от шығарам» деді Еменалы. Еменалы «нанбасаңдар далаға шығып көріңдер» деген соң, дүркірей шықтық. Бізден бөлінген Еменалы, алысырақ жерге барып отыра кетіп еді, екі алақанының ортасынан от жарқ ете қалды... «Япырай, мынау не сұмдық?» деп шу ете түсті қыз-бозбала. «Рас па екен?» деді Еменалы, біраздан кейін қайтып кеп. «Рас» дедік. біз Еменалы отты алақанында бір емес, әлденеше рет жандырды. «Қалай жандырасың?» деп сұрап ең «ақы бермесеңдер айтпаймын» деп бұлданды. «Ақыңды ал!» деп жалындық. Сонда Еменалының сұраған ақысы — аңдаған қызының аузынан сүйгіздік. Содан кейін білсең, әлгі жарқылдағымыз өзіміздің қазіргі сіреңкеміз екен!.. Сақтардың бұл әңгімесін тыңдаушылар ду кеп күлісті.
— Несіне күлесіңдер? — деді Сақтар, — со кездің жұрты осы кезден ақылсыз деп отырсыңдар ма? Көрмегенін қайдан білсін олар. Русия жұртына қосылғанша, шақпақтан басқа от тұтанатын нәрсе көріп пе еді қазақ? Бүгін бәрің шөп машинасына таңданып отырсыңдар. Ертең сендер қартайғанда, бұдан да зор машина шығады, со кездің жұрты сендерге де күлмесін қайдан білесің!..
— Рас-ау, — деді Сақтармен құрбылас, дауысы дірілдей сөйлейтін Түрке, —Көрмегенге бәрі жат екені рас, самауыр деген осы күні үй басы бар. Оны қазір кім қайната білмейді. Осы самауыр да елге алғаш келгенде қызық болғанын көзіміз көрді.
— Біздің бала кезімізде, — деді көп сөйлесе шаршап қалатын Түрке ентіге, сөзін бөле сөйлеп, — жұрттың, шай қойып ішетін ыдысы домалақ тасқұман болатын.
— Кәдімгі тастан жасаған құман ба? — деп сұрады біреулер.
— Жоға, тәйірі, — деді Түрке, — шойын құман. Бірақ ауырлығы тастан кем болмайтын, сондықтан «тасқұман» қойған ғой деймін атын.
— Біздің бала кезімізде, — деді Сақтар, — қойшылар далада шақпақ тұтатып, от жағатын еді де, тасты қыздыратын еді. Саптыаяққа сауған қойдың сүтіне қызған тасты тастап жіберсе, сүт бұрқылдап қайнар еді. Мұның атын «тасқорық» деуші еді. Қойшы сүтті солай пісіріп ішер еді, соған қарағанда бұрын сүттің өзін «тасқорықпен» қайнатып ішпеді ме екен жұрт?..
— Болса болар, — десті әркімдер. — Өнер-білімі жоқ, көшпелі ауылда, не болды десең де сияды...
— Көлденең сөзді қоя тұрыңдаршы, әлгі самауыр кеңесін естиік, — деді біреу.
— Ия, ия, соны естиік, — деп шуласты көпшілік. Түрге кеңесін қайтадан бастады:
— О заманда бүгінгідей іргеде тұрған базар жоқ та. Былай шықсаң, — деді ол қолын шығысқа қарай сілтеп, — барар базарың, — Қызылжар, бұл арадан ол екі жүз шақырым, былай шықсаң, — деді ол қолын солтүстікке қарай сілтеп, — барар базарың — Қорған оның да алыстығы Қызылжардай. Былай шықсаң, — деді ол қолын батысқа қарай сілтеп, — барар базарың — Орынбор, ол бес жүз шақырым...
— Көріп келгендей соғуын қарашы, өзі соның біреуіне де барған жоқ, — деді Сақтар, аузындағы кеңесін Түркенің бөліп әкетуін қызғанғандай.
— Со базарларға, — деді Түрке ентіге түсіп, — о кезде Есеней сияқты, кешегі Итемірдің Күзембайы сияқты, болмаса Есілбай, Қосақбай сияқты байлар болмаса, не солардың сататын малдарын айдап баратындар болмаса, ешкім бармайды.
— Әрине, — дейді көпшілік, — жүздеп, мыңдап мал айдағандар болмаса, аз малмен кім барады сонша алысқа... Бірен-саран малды айдауға атын қимайтын да шығар.
— Әрине, — дейді Сақтар. — Бұл маңайдың бестеп, ондап сататын малын ол кезде, кешегі Шопанның Қосщығұлы сияқты, болмаса Барлыбайдың Итемірі сияқты ақшасы барлар сатып алатын да, алыстағы базарға айдайтын....
— О-оу, қайдағы жоқ кеңесті айтып, самауыр жайын естіртпей қойдыңдар ғой, — дейді әркімдер.
— Соны естиік, — деп шулайды көпшілік.
— Есеней үйі о кезде тіпті алыстағы базарға кетеді, — дейді Түрке, — «Мәкәржа» деген жерге!
— Онысы қай жер екен? — деген сұрауға ешкім де жауап бере алмайды. Тек қана «сондай бір қала болу керек», өйткені:
Басыңды қарап жүріп салма дауға».
— деген өлең болушы еді ғой, Мәкәржаны көрмесе, ондай өлең қайдан шығады, — десті көпшілік.
— Бір жылы, — деді Түрке, — Есеней үйі Мәкәржаға апарып үш жүз ат сатып қайтады. Жігіт боп қалған кезіміз, базаршыларға амандаса барсақ қызық боп жатыр екен: Есеней Мәкәржадан самауыр әкепті. Бұл елде одан бұрын самауырды, көрмек түгіл естіген де адам жоқ екен. Жұрт көреді де таңданады. Жұртқа көз қылғысы келе ме, болмаса, сатып алған жерде сұрамаған ба, оған суды қалай құйып, отты қалай тұтатуды ешкім білмей, Құтырлағандағы орысқа кісі жіберіп, жылқының бір құнанына жалданып келген орыс, көрсетіп береді!.. Мен осы қызықтың үстінен шықтым... Демігуі күшейіп кеткен Түрке ар жағын айта алмайды...
— Одан да қызық болған, — деді Нұртаза басын көтеріп ап, — сендер, сіреңке, самауыр сияқты көр-жерді айтып отырсыңдар, пойыздың қалай келгенін естідіңдер ме? Жоқ естіген жоқпыз, — десті әркімдер.
— Естімек түгіл со пойызыңды күні бүгінге шейін көбіміз көрген де жоқпыз,— дейді біреулер. Көрмесеңдер айтайын, — дейді Нұртаза, — оған биыл жиырма үш жыл болу керек. Барыс жылы ғой деймін Горсанға еріп Қызылжарға бара қалдым. Қызылжар іші у-ду... «Не болды?» деп сұрасақ, пойыз келгелі жатыр екен. Бұған дейін мен пойызды естіген де, көрген де жоқпын. Қызылжарға жақындаған кезде, алдымыздан жол сияқты қатар созылған екі темір кездесті, «бұ не?» деп сұрап ем, «пойыз келеді дегенді естіген жоқ па ең?» деді Торсан. «Пойыз не?» деп сұрадым мен. «Атсыз жүретін арба» деді Торсан, — біріне бірі тіркелген көп арба, және біз жегетін арба сияқты емес, үлкен арбалар!.. Ол арбаларды парауыз дейтін, отпен жүретін арба сүйрейді оның артына тіркейтін арбаларды — «бәгөн» дейді...
— Торсанның ба білмейтіні жердің астында екен-ау! — деп қайран қалысты көпшілік.
— Сонымен, — деді Нұртаза, — пойыз келеді деген күні бүкіл Қызылжар халқы келіп тоқтайтын жеріне жиналды. Ол араға салынған үйдің атын бағзал дейді екен. Бағзал жанында жұрт күтіп тұрғанда, гүмпілдеген зор дыбыс шықты. Бәріміз аңырайып қарай қалсақ, төбесінен будақтап түтін атқан зор арба келеді!.. Жұрт сескеніп шегіне берді... «Парауыз осы» деді менің қасымда тұрған Торсан... Паоауыз жақындап қалды. Артына қарасақ ұбақ-шұбақ тіркелген көп арба, және арбалардың үлкендігі екі бөлмелі ағаш үйдей...
— Япырай, тіпті үлкен болады екен ғой! — десті көрмегендер.
— «Пойыз» дегеніміз осы екен — деді Нұртаза, — пойыз қасымыздан ете бергенде, парауыз ақырып кеп қалды... дауысы мұндай қатты болар ма, күннің күркірегенінен бір кем емес!.. Жұрттың құлағын керең қып жіберді...
— Жүректері жарылып кетпегенін айтсайшы! — десті әркімдер.
— Әр арбасына қанша жүк кетеді? — деген сұрауға:
— Қырық-елу аттың, жүгі салынады екен! — деп жауап берді Нұртаза.
— Сонда неше арба тіркеледі екен оған? — деп сұрасты әркімдер.
— Жиырма шақты арба, — деді Нұртаза.
— Япырау, сонда неше аттың жүгін сүйреген болғаны ?! — деді көпшілік.
— Нұртаза — есепке жүйрік адам. Ол күбірлеп ішінен есептеп алды да, «тыңдаңдар!» дегендей кескінмен, төңірегіне қарап ап:
— Мың атқа жақын, — деді.
— Астапыралла, — деді көпшілік. — Әлтидің жылқысы болмаса, көлік жетер дүние емес қой мынау. Не артады екен соған?
— Жүк артатыны да болады екен — деді Нұртаза, — кісі мінетіні де болады екен.
— Сонда, қанша кісі сияды екен? — десті әркімдер.
— Кісі мінетін он шақты бәгөн болады екен. Әр бәгөнге жүзге жақын кісі мінеді екен...
— Апырау, сонда, мыңға жақын кісі кеткені-ау оған! Ішіне біздің Жаманшұбар жұқ болмайды екен-ау, оның!..
— Қайдан жұқ болады, — десті әркімдер, — Жаманшұбарыңда елу-ақ үй бар, орта есеппен әр үйде бес-ақ жан бар десең барлығы екі жүз елу-ақ жан.
— Ендеше бір пойызға төрт Жаманшұбар сияды екен?
— Сонда жүрісі қалай екен? —деп сұрады көпшілік.
— Шапшаңдығын сұрайсың ба? — деді Нұртаза.
— Әрине.
— Сағатына қырық шақырым алатын көрінеді.
— Сағат дегенің биенің бір-ақ сауымындай уақыт қой. Қырық шақырым дегенің осы арамен Есеней ауылындай. Сонда биенің бір сауымында Есеней аулына барып қалғаны ма?
— Әрине,— деді Нұртаза.
— Апырай, мынау керемет екен ғой! Бұл жүрісімен не шыдатады ол!
— Әй, қызық қылғанда, өзін біздің Жаманшұбар мен Достың арасына салып алар ма еді, көшкенде арбаны сиырға, өгізге жегіп әуре-шікіре боп жүргеннен?
— Оттапсыңдар, — деп кекетті біреу, — күшің келе ме? Оған сенің бүкіл Жаманшұбарыңның да малы жетпейді.
— Ендеше, одан өгізіміздің өзі жақсы, — деп қалжың айта бастаған жұртқа:
— Өгіз қайдан жақсы болсың— деді Нұртаза. — Қолың жетпеген соң айтасың да. Қызылжарға барғанда сұрастырсақ, Ганшин сияқты байлардың жалғыз тас үйіне, біздің елдің ең байы деген Әлтидің барлық малы жетпейтін көрінеді. Сөйтіп отырып, біз де елміз, жұртпыз дейміз, Неміз ел біздің? Ең аяғы үйіміздегі ыдыс-аяғымызды істеп алу қолымыздан келмейді. Өнердің бәрі кент жұртында.
— «Кент жұрты» деп отырғаның орыс қой, — дейді Сақтар, — өнер-білімнің бәрі орыста. Біз орыстың өзіміз көргенін ғана айтып отырмыз. Көрмегеніміз қанша!..
— Сенің көргенің мыңнан бірі ғана, — дейді Еменалы,— Қорған, Қызылжар сияқты қалаларға барып көр, орыс жасаған өнердің кереметіне көзің тұнсын!..
— Қорған, Қызылжарың, Петербор, Мәскеудің садағасына да тұрмайды деседі ғой, — деп келе жатқан біреуді Еменалы тоқтатып қойып:
— Алысты қоя тұрып, үйіңнің іші-сыртына үңілші, — дейді оған, — сонда не көрер екенсің.
— Не көрем? — дейді анау, сұрауға түсінбегендей.
— Үйіңдегі төсек-орыныңа, киім-кешегіңе, ыдыс-аяғыңа, аспап-сайманыңа, өзге мүлкіңе қарашы, орыстың өнерінен тумаған нең бар екен!..
— Бәрі орыстікі екені рас, — дейді Сақтар, — киіз басу, шекпен тоқу, қазақ арба жасау, үйдің сүйегін жасау сияқты ертеден келе жатқан азын-аулақ қол шеберлігі болмаса, зауыт, пәбрік деген қазақта болған емес қой.
— Үйің ше? — дейді Еменалы Сақтарға, — естуімізше, біздің әкелеріміз, бер жағы — осы отырған өзің жаз түгіл қыста, кигіз үйде туып өсіпсіңдер...
— Рас, — дейді Сақтар, — қысқы үйді, қора-қопсыны қазақтар біз есімізді білгеннен бері ғана сала бастады...
— Кімнен үйреніп? — дейді Еменалы...
— Әрине, — орыстан! — дейді Сақтар.
— То-то есть! — дейді Еменалы.— Бұл орыстан үйренуіңнің басы ғана. Әлі одан үйренетінің кеп!
— Сен айтпай да, үйренеміз, — деді Сақтар. — Біз түгіл, біздің аталарымыз да осыны ойлаған...
— Ойлағанда не істеген? — деп жымиған біреуге:
— Тәй, қылжақты қоя тұр! — деп Сақтар ақырып тастайды да, жөніне көшеді, — ойлағаны емей немене? — дейді де, орысқа паналайды. Орыс оны құшағын жайып қарсы алады. Сөйтіп татулықта тұрып, орыстың өнерінен үйренуге кіріскен көшпелі қазақты, кеше біздің бала кезімізде әуелі Абылай баласы Қасым одан кейін оның балалары Кенесары, Наурызбай орысқа қарсы көтерем дегенде, аталарымыз көтерілді ме?
— Ермек түгіл, Кенесарының өзін бұл маңайдан қуған жоқ па! — дейді Түрке.-— Өзіміз соның ішінде болдық.
— Аталарымыз осыны неге істеді? — дейді Сақтар, — орыспен тату тұру, оның өнерінен үйрену пайдалы екенін аталарымыз білді... Олар өздерінің ғана емес,-болашақ «қарақазақ сары баланың» қамын ойлады.
— Со болжалы келді, — дейді Еменалы, — жылдан жыл орыстың өнер, біліміне жақындап келеміз... Әлі аларымыз көп...
— Рас, — дейді көпшілік, — орыстың өнеріне еркін кіреміз десек, балаларды орыстың оқуына беру керек сияқты... Осы бір кезде аспанды торлаған бұлт сиреп, күн қызып кетті де, Нұртаза жиналған көпшілікті сусындауға үйіне шақырды. Нұртазаның үйі со кезде отызға жақын бие сауатың үйінің оң жақ босағасында үлкен қара саба илеп тұратын. Жайшылықта сараң, Нұртаза бірінші рет машина сатып әкелгендіктен бе әйтеуір үйіне кірген көпшілікті қымызға еркін қандырды. Содан кейін шоп машинасын жүргізіп көрмек боп бәрі далаға шықты... Ұмытып барады екем, Нұртаза үйінің қасына көпшілік жиналғанда, со сияқты бір жиын, бізге көрші Жансүгір ауылындағы Тоғанас үйінің қасында да топталған. Көпшіліктің сөзінен Тоғаңастың Қанапиясы да шөп машинасының біреуін сатып алғанын естігем.
— Бірақ, — деген Нұртаза — Қанапияның машинасы біздің машинадан кішкене. Біздің машина — он сегіз тісті «Махкормик», оның машинасы — он төрт тісті «Диренг». Нұртазаның машинасына аттар жегіліп жатқанда, біреу тұрып:
— Қанапияға да кісі жіберетін екен оның машинасын да осында алдырып, екеуін қатар жіберіп көретін екен — деді. Осыған пәтуа қойып Қанапияның машинасын да шақыртты.
— Бұ машиналарды Жайықпай көлінің бер жағындағы дөңнің қауына саламыз,-— деді Нұртаза.
— Қауға шалғы өтуші ме еді? — деген біреуге:
— Қол шалғы деп отырмысың, — деді Нұртаза.— Қайда апарып салсаң да, қақалмайды, бұл.
— Егер де қауды қырқатын болса, жердің түгін өрттей жалайды десейші, мұны! — десті көпшілік. Атқа жегілген екі машина да Жайықпайдың дөңіне қарай тартты. Ауырып төсек тартып жатқан біреу болмаса, жүруге жарайтын адамнан машинаға ермеген жан қалған жоқ. Шүбаған жұртты соңына ерткен машина Жайықпайдың дөңіне шыққан соң:
— Ал, енді, орағын жібереміз, — деді Бекқожа. — Ол кез келгеннің бәрін қырқады, адамның да, малдың да сирағын қырқып кетеді. Түсіп қала көрмеңдер бірің, кейін тұрыңдар!.. Көпшілік шегіне берді... Машина жөнеле берді... Неше жылғы қауы тұтасып, қап-қалың боп ұйысып жатқан жердің шөбін машина өткір ұстара алған шаштай қырқа жөнелгенде:
— Алла, алла!!. — деп шу ете қалды жұрт!
Жерді алыстан орап, бірінің артынан бірі жүрген машиналар да қайтты. Машина екінші жол тартқан кезде ғана, бойы үйренгендей болған жұрт, артынан шұбыра бастады. Сондағы сөзі:
— Шіркін, мүлік-ақ екен ғой, мынау! Баяғыдан бері осыны алсаңшы. Он кісінің шапқанын бір өзі шабар мынаның!..
— Он кісің не, жүз кісі десейші! — десті әркімдер.
— Жүзің не, мың кісі десейші! — десті біреулер.
— Ендеше, осыны бәріміз де алайық,— деп қуланған біреуге:
— Аларсың атаңның басың — десті егіншілер, — Нұртазаның қаншаға алғанын естідіңдер ме?
— Жоқ.
— Екі жүз елу сомға!
— Алады екенсің атаңның басың — деді біреу кекетіп, — қойдың әулиесі — үш сом. Сиырдың әулиесі — жиырма сом. Жылқының әулиесі — елу сом. Сонда қанша мал кететінін шамаладыңдар ма бұған?
— Ім-м-м-м, — деді біреу, — бір адам у сеуіп қасқырға қойдың құйрығын тастаған екен дейді. Саған қасқыр кез боп: «Бұ не деген батпан құйрық, далада тегін жатқан құйрық!» — деген екен дейді. Сол айтқандай, «машина, машина» дегенде, тегін жатқан бірдеме екен десем, мынауың күші бар байларға ғана арналып шыққан бірдеме ғой!.. «Байға» демекші, — деді біреу, — мен естідім, «осындай машинаның Әлти онын алып келіпті» деп.
— Апырау, қай жерге салады екен ол машиналарды? — деген сұрауға:
— Осы маңай кең жайлау емес пе бос жатқан, — деп жауап берді біреу — жері қалың қау емес пе?
— Онда мал оттайтын да түк қалдырмайды десеңдерші.
— Қалдырмаса қалдырмасын, — десті әркімдер, — биыл қалмаса, ендігі жылы шығар шөп. Өрттен басқаға пайдасы жоқ қалың қауды қырқып тауыссын қайта...
— Машина алуға көбіміздің күшіміз келмейтіні рас, — дейді Еменалы, — бірақ, біз де күдер үзбейік. «Үмітсіз — шәйтан» деген. «Көрінгеннің алыстығы, жоқ» деген...
— Оны алғанда айтарсың! — деп Нұртаза, машинасының артынан жүріп кетеді, көпшілік тоқтайды...
— Қолымызға бұл машина я түсер, я түспес, оны келешекте көрерміз, — деседі көпшілік. — Бірақ, өнер-ақ қой, шіркін! Орыстың өнері ғой, бұл!.. Шіркін, орыс өнерлі-ау!..
Жаманшұбарлықтардың тілегі қабылданғандай, оның ескі жұртына 1953 жылы Докучаев атына қажетті машиналардың бәрімен қаруланған тың совхозы орнады. Сол жұрттың үстінен Қорған-Пески (Есіл) аталатын тың темір жолы тұрды. Мен сол жолмен апарып, арманда өлген бейшара әке-шешемнің жер болып кеткен қабырларының үстіне, Москва шеберлігінде қара түсті граниттен әдемі жасалып, алтынмен аттарын жазған құлпытас орнатып, шойыннан құйылып, қазақ оюлары түрінде әшекейлеген шарбақпен қоршаттым. Рақмет, Жаманшұбарға да өнер-білім ошақтарын орнатып, бар байлығын іске асырған Советтік құрылысқа!..
ҚАНАПИЯНЫҢ ҚАЙРАТЫ
Менің шешем әнші болған кісі деседі. Оның шет жағасын өзім де көрдім. Жастық шағында оның өлеңді ерігіп те айтуы мүмкін. Мен туғаннан кейін ерігетін уақыты болған жоқ: Одан кейінгі өмірі жылауда өтті. Сөйте тұра ол, кейбір күндері, әсіресе түн мезгілінде, мұң мен зарын күңірене, көзінен жасы ақтарыла, әндетіп айтып отыратынын талай естігенім бар. Ері өлгеннен кейін ол көбінесе, Ұлтуған мен мені екі қолымен құшақтай, бауырына басып отырып айтатын еді. Сонда, менің сәбилік сезіміме, оның қайғы-зарының ащы уынан көрі, ашық, әдемі дауысының тәтті сазы көбірек ұялайтын. Мен оны, кейде:
— Бәже, маған ән үйрет! — деп қысайтынмын. Ол маған:
— Күнім-ау, неме жетісіп ән айтам? Жай, зарды төккелі отырған күңірену ғой, бұл! — десе, мен еркелігіме бағып:
— Үйрет, деймін, Бәже! — деп қыстайтынмын.
Еркеліктің аяғы жылап қыстауға айналған соң, басқаша уатудың, ретін таба алмаған соң «ал айтайын» деп, Бәжем ақырын ғана сыңсып, әлдене бір әндерді айтатын. Олардың құлағыма жаққанын мен қайталап айтқызатынмын. Бірақ, тым кішкене болғандықтан, кейбіреуін ғана ұғып, көбін ұқпайтынмын... (Кейін білсем, шешем ән айт, немесе үйрет дегенмен, шешем менің ырқыммен ән айтқанда, оған көңіл бөлмеген сияқтанып отырғанмен, шешемнің аузынан шыққан ән мен өлеңнің бәрі Ұлтуған қағып ала береді екен. Сол әндерді Ұлтуған бой жеткен кезде айтып та жүрді. Мұстафаның әйелі Сілеусін, шешемнің немере сіңлісі. Ол бертінде маған: «Бәжең қыз күнінде атаққа шыққан әнші еді» дейтін). Менің есімде шешемнің тек екі-ақ әні қалды, бірі — қайырмасы «аххау кідік-ай, Әміркан шірік-ай!» деп бітетін «Кідік-ай», екіншісі, — қайырмасы — «ау, уәй, Шірәйлім қой кетті, жалаң қабат шапаннан, шапаннан жаңбыр етті!» деп бітетін «Шірәйлім». Мұстафа қызық кісі еді. Жас шағында ол әнші, серілеу жігіт болған. Бертінде, ишанға қол тапсырып пірәдәр болғаннан кейін ол әнді қойған. «Шәйтанның ісі» деп, ол үйіне домбыраны да жолатпайтын. Үлкен ұлы Қамза үйіне алып келген домбыраны ол сындырып отқа да жағып жіберген. Содан кейін балалары оның алдында әндетіп үн шығаруға да, қолына домбыра ұстауға да қорқатын... Сөйтетін Мұстафаның, кей күні, іңірде, ауыр сырқаттан тыныстаған бір минуттерінде, ән сияқты, жыр сияқты бірдемені мұрнынан мыңғырлайтыны болатын. Оның не екенін балалары батып сұрай алмағанмен, өзімді алдында еркіндеу ұстайтын мен сұрап, баста күмілжігенмен артынан шынын айттырғам... Ол расында өлеңші, әнші боп шыққан...
— Үйрет! — деп қыстағам мен оны, сырын біліп алғаннан кейін. Басында ол тартыныңқырап жүріп, мен жалына берген соң:
— Үйретейін, бірақ ешкім оны білмейтін болсын! — деген... Ақырын дауыспен оңашада үйретпек болған кейбір әндерін мен қағып алғанда — Ұлы атасы Шүкейге тартады екен Шәкіжаным! — деп қуанатын Мұстафа. — Ол ақын да, әнші де, домбырашы да болған!.. Мұстафаның барым үйрене алмай араздасып шығып кеткен соң, менің айналдыратыным, — әкемнің немере інісі Қасым болды. Зор денелі, зор мұрынды, үлкен көзді, сұйық ұзын мұртты ол ән айтпайды, тек домбыра мен қобыз тартады. Жуан саусақтарының, саласы табан қарыс бола тұра, домбыраның, пернесін басуға епті-ақ. Ал, бұл маңайда қобыз шала білетін кісі жалғыз сол. Біздің төртінші атамыз Байбарақ бақсы болған деседі. «Ол қобызын бәйгеге қосады-мыс», «бір жолы қобызы байлап кеткен бәйтеректі қопарып, бәйгенің алдында келіп-мыс». Қобыз тартуына және түсінің суықтығына қарап, жұрт Қасымды да «атасына тартқан, бұған бойын күтпеген соң аруақ қонбай жүр, әйтпесе бұл да бақсы болар еді» деседі. Қасымның түсі өзгеге суық болғанмен, маған суық емес. Туыс көре ме, әлде жетім деп аяй ма, үйіне барып домбыра, не қобыз үйрет десем, домбыраны білгенінше үйретеді де, «қобызға қарағайдың шайыры жоқ, онсыз шек орнына тағатың жылқының қылы сөйлемейді» деп, оны үйретпейді... Сонша соңына түскендіктен, Нұртазаның үйіне барып тұрған кезде, мен тәп-тәуір домбыра тартам, ептеп ән де айтам. Бұлай бейімденуімді Нұртаза ұнатпайтынын көрген соң, оған білдірмеуге тырысам... Бірақ сөз түріне қарағанда ол білетін сияқты... Нұртаза басында «әулекіленбе, ән-күй сенің не теңің!..», «құраң кітапты көп қара!..» деген сияқты ақылды жеңіл үнмен, сыпайы ажармен айтып жүрді де, мен оған тиыла қоймаған соң, бір күні алды да ұрысты.
— Сен оңсаң, мен мына пұштиған мұрнымды кесіп берейін, — деді ол,— өмірде оңбайсың, сен. Оңатын түрің жоқ. Қайдан оңасың: молда бола ма деп сүйреп ем, сиыспай қайтып келдің,.— Молда болсаң ғой, таза орында отырасың, таза тамақ ішесің, құдай сені оған итермей тұр!.. Итерер еді, маңдай сорың бес елі болмаса... Домбыраға, өлеңге әуес дейді, сені... Ол — сенің не теңің. «Асық ойнаған азар, топ ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» депті. Салдық не керек сағаң өлең не керек сағаң күн көруіңді ойласайшы!..
— Енді жұмысқа салудан басқа, сені қояр орным қалған жоқ, — деді ол, тағы біраз жерлеп ап, — шөпке машина шығарғалы жатырмын, машинаға парлап атан өгіз жегеміз де, алдында бастап отыратын ат саламыз. Сол аттың басына мінесің. Жаның қиналатын жұмыс емес, қалай қарайсың? — деді.
— Жарайды,— дедім мен.
Шел шабуға аттандық. Жеті кісіміз: машинаны жүргізуші — Бекқожа, Нұртазаның жиені Бірәлі, баласы Мырзағазы, пайға қосып алған — Тышқанбайдың Ахметі, машинаға көлік қосқан — Шәйкең Нұртазаның екі малшысы және мен. Дос пен Жаманшұбардың арасында шөптен басқа өсімдік шықпайтын жап-жазық кең дала жататын, бетіне жүндес қойдың жабағысындай ұйысып қалың, қау шығатын. Нұртаза айтқандай, қол шалғы қыя алмайтын ол қауға өмірінде өрттен басқа нәрсенің, тісі батқан емес. Нұртазаның «Махкормигі» осы қалың қауға кеп сүңгіді де кетті. Қанапияның машинасы бізден әрірек «Құмды көл» беттегі тағы бір жазыққа барып түсті... Күн сайын ауыстырылып, тың көліктер жегілетін машина кең даланың қалың қауын шыдатпауға айналды. Машина түн ортасын аударып барып тоқтайды, өйткені ол кезде жерге қалың шық түседі де, машинаның орағын қақалдырып жүргізбейді. Шық күн көтеріле ғана кебеді. Содан бастап жегілген машина түсте көлігі ауысқанда болмаса, келер күннің ортасы ауғанша тоқтамайды. Осындай қимылмен машина шөпті жосылта шауып, аз күннің ішінде жазық далада ерген қойдай боп шөмелелер жыпырлап үйілді де қалды. Оларды шошаққа, не маяға салуға уақыт жоқ, қостағы адамдар үлгермейді.
— Апырай, мынау расында керемет екен — деп таңданысады көргендер. Бұ — не деген көп шөп!.. Көлденең жұрт солай қайран қалғанмен, Нұртазаның өзі қанағаттана қоймайды. «Кедей байға жетем дейді, бай құдайға жетем дейді» дегендей, ол енді Әлтиге жетуді арман етеді... Әлтидің машинасы біздің күнгей жағымыздағы «Айман» аталатын көлден әрі қарай біткен далада. Ол даланың арғы шеті «Қақтың қара суы» дейтін тұзды көлге барып ұштасады деседі, сонда екі арасы жетпіс-сексен шақырым. Бұл арада жайлайтын да, қыстайтын да ел жоқ, сондықтан қауы аса қалың өседі. Бос жатқан жерге Әлтидің он машинасы ұдайымен қатар түскен соң не шыдатсын!.. Дәулетінің молдығы Нұртазаны жүз орап алатын Әлти жалшыны екілеп-үштеп емес, елу-алпыстап жалдайды екен. Солардың қолынан үйілген маялар, әрқайсысы бес-алты этажды үйдей боп «Айманның» даласына қаптады да кетті. Соған қарап тұрып, не әдейі аттанып барып көріп кеп:
— Біздің шапқан шөбіміз шөп пе тәйірі, — дейді Нұртаза. — Шөп деп анау Әлтидікін айт!.. Шөптер солай шабылып жатты... Әлтидің жалшыларына не ас беретінін кім білсін, біздің Нұртазаның үйі айран мен қымыздан басқа ішімдік жібермейді, ірімшік пен құрттан басқа жемдік жібермейді. Ыстық күнде шыдамай айран ашып кетеді, оны ішсең, у ішкендей өңешіңді тіліп түседі. Ал, қымыз ше?.. Қымызда «айну» деген ауру болады. Айныған қымыздың дәмі ермен татып, жүректі айнытады және өлердей ащы болады, оған қоса, ішке тоқтамай айдап кетеді... Айнудың себебі, биенің сүті бұзылудан. Қай биенің сүті бұзылғанын, әр биенің сүтін жеке қайнатып көріп біледі. Айныған биенің сүті қайнатқанда іриді, айнымаған сүт ірімейді. Биенің, сүті айнуың ауыл адамдары ауру шөп оттағаннан деп ойлайды... Сол жылы Нұртазаның барлық биесінің сүті айныды ма, болмаса олжа көрді ме,— Нұртазаның үйінен пішеншілеріне айныған қымыз үздіксіз келеді де тұрады. Пішеншілерінің ішетіні осы болса, жейтіні — ірімшік пен құрт. Оларда өзге үйлердің, қайнататын құрт пен ірімшіктері емес. Нұртазаның үйі со жылы «Альфа Новель Внвалова» компаниясынан сүттің сепараторын сатып алған. Құрт пен ірімшікті ол үй сепаратордан шыққан «обороттан» қайнатады. Қаймағы сепаратормен ағызылған бұндай сүттің ірімшігі мен құрты әрі сағызданып қатып қап, тісі мықты біреу болмаса шайнай алмайды, әрі астығы аз болады. Ішетін де, жейтін де тамақтары осындай болғандықта.ң пішеншілер ұрлықпен күн көруге кірісті. Шөпке түскен түннен көп кешікпей, қосымызға бір түні аузын буған бір семіз тоқты келді. «Үй жіберіпті» десті Бірәлі мен Мырзағазы. Осындай тоқтылар екі-үш күнде бір келе бастады... Олардың бәрі ұрлықтан келетінін мен кейінірек білдім: батыс жағымыздағы «Құмды көлді» жайлайтын Күрлеуіт пен Достың арғы бетін жайлайтын Өтей-Дәуіштен әкеледі екен. Ұрлық етіне тойынған менің серіктерім мырзасып, көрші пішеншілерді қонаққа шақыратын болды.
— Бала, сен қарагер атқа мін де, Нәзір мен Қанапияға барып кел, — деді бір күні Мырзағазы. — Кешке біздің қоста болсын деп жіберді де. Нәзірмен оқушылар таныс. Қанапия оның туған ағасы. Бұл маңайдың жан жықпаған атақты балуаны, халықтың сүйкімді жігіті болған Қанапияның мінезі де тамаша. Ойнақы мінезді ол, үлкенмен де, кішімен де құрдас. Ол әсіресе балаларды жақсы көреді. Қыс демей, жаз демей қолы бос күндерде ол, ойнап жүрген балаларға келеді де, «сендерге күрес үйретем» деп, теп-тегіс күрестіреді, «олай емес, былай күреседі» деп, балаларға тәсіл үйретеді, мен де одан тәсіл үйренем. Және мен күрескіш-ақпын. Мақтанғаным емес, өзім теңді балалардың көбінен жығылмаймын. Кейде жасы үлкен балалармен де ұстасып, кейбірін жығып жүрем, сонда күшім асқандықтан емес, «Қанапияның матауын» қолданғандықтан. Ол ұстаса кеткенде, қарсы жақтың сол жақ қолын оң қолтыққа қыса, он жақ білегінен, қапсыра ұстай, оң жақ жамбасынан шалып жығу. Бұл әдісті қолдана алған адам, жерге қарсы жағының денесінен көрі, төбесінен бұрын тигізеді. Қанапияның өзі бұл әдіспен өте қатты жығатын болған. Кейде, төбесінен шаншыла түскен қарсы жары талып қалады екен сондықтан, өзіне сенген ілуде біреу болмаса, Қанапиямен күреспейтін болған. Қанапияның әдісін мен өзге балалардан тезірек үйрендім. Сондықтан ба, әлде жетім деп аяй ма, Қанапия маған ерекше көңіл бөліп көбірек күрестіреді. «Осы пұшығым балуан болады» деп мақтайды. Күрес, әрине, киім жыртатын ойын. Жаз болса біз, тек балағын түрген дамбалмен ғана жалаңаш күресеміз, қыс болса, әрине, киіммен. Әке-шешем тірі кезінде, мен киімнің жыртылғанына қарамайтынмын, талай рет жауырынын жыртып, қолтығымды сөгіп, балағымды айырып келетінмін, бірақ олар ұрыспайтын. Күнім Мұстафаға түскеннен кейін киімімді жыртқан бірер ретте таяқ та жегем. Тағы бір ретте, күрескен бір бала жығып қап, ызалы күйінде жап-жаңа ситса көйлегімнің дал-далын шығарған. Соны көрген Қанапия, ызақор балаға «оның не?» деп ұрысқанда, өз үйінен маған көйлек тіктіріп берген. Нұртазаның үйіне келе, мен күресті доғарғам, өйткені, бір рет қолтығымды сөгіп келгенде, Нұртаза: «Өле алмай жүріп, күрес сенің не теңің? Бұдан бұлай күресші, — желкеңді үзейін!» деп қорқытып, қолтығымды әрең тіктіріп берген... Күресті сиреткенмен Қанапия менің көкейімде. Жігіттікке жеткен соқ сондай балуан болу арманым да. Сондықтан, оны әрдайым көргім, сөйлескім келе беретін... Ендеше, Нұртазаның пішеншілері Қанапияны қонаққа шақыруға мені жұмсаса, мен оған, әрине, елпілдеп ұшып кетем!.. Мен сөйттім. Арқасы жауыр боп, міністен қалған арықтау, қамшы кесті шабан қарагер атты жайдақ мініп, Қанапияның қосына кете бардым. Біздің қостан Қанапияның қосы ол кезде алыстап кеткен. Ұзақ уақыт жүріп жетсем, Қанапия қосының төңірегінде көп қой иріліп тұр, — шамасы әлденеше мың бар сияқты. Сұрастырсам, бұл қойлар — Үй өзенінің бойындағы бір саудагер байдың жоғарғы Атбасар жағынан сатып алып әкеле жатқан қойлары екен. Саудагердің өзі ілгері өтіп кетіп, қойшылар ғана қалыпты. Қалың қой шауып жатқан жерін тапай өрген соң:
— Потрава28 алмай қойларды жібермеймін, — дейді. Қойшылар «не аласың?» деп сұраса, «жиырма қойдан кем алмаймын», — дейді Қанапия. «Оншалық қойды біз билеп бере алмаймыз, — дейді айдаушылар. — Байға кісі жіберейік өзі не приказчигі келсін, сөйлесерсіңдер». Олар осыған келісіп, байдан хабар күтіп отыр екен. Қанапияның қасында үш адам болатын: өзі, інісі Нәзір және Қалабайдың Таспайы деген жігіт. Мен барған кезде Қанапия мен Нәзір қойдың біреуін сойдырып, жерошаққа орнатқан бақырға етін астырып жатыр екен. Мен келген жайымды айтқаннан кейін:
— Естіп жүрмін, — деді Қанапия, күліңкірей сөйлеп, — Нұртаза пішеншілерін ұрлық етімен асырап жатыр» деп. Қайтсін, өйтпей, біз сияқты бай кісі емес, кедей кісі, — «қысқа жібі күрмеуге келмей» жүр де. Бірақ сәлем айт Мырзағазыға, «адал ет асқанда ғана барам деді» де. Өзің отырып ет жеп кет!
— Әй, мұрныңды ұрайын, мына домбыраны ұста да, «Зарқұмды29 біраз термелет! — деді Нәзір маған, мен ет жеп кетуге тоқтағаннан кейін.
— Айтпақшы, — деді Қанапия, — осы баланы жұрт өлеңге әуестеніп жүр дейді, өзім естіген жоқ ем, енді естиін, қымсынбай айта ғой, шырағым! Нәзір атаған «Зарқұм» Мұхаммед пайғамбардың Ғирақ елімен соғысқанын баяндайды. Менің қолыма ол қисса өткен қыста түскен де, басынан-аяғына дейін жаттап ап, айтып жүретінмін. Қисса маған тамақ болуға да айналған, өйткені аз қыдыратын кейбір қартаң адамдар мені үйіне шақырып алатын да, «Зарқұмды» айтқызып, артынан алғысын қоса, асқа тойғызатын. «Зарқұмды» айта-айта, мен кімнің алдында болса да, қымсыну дегенді қойғам. Және. домбыраға қосып әндете, термелей айтатынмын. Қанапия мен Нәзір өтінген соң, мен «Зарқұмды» дағдылы әніммен домбыраға қосып төпей жөнелдім:
Сөзде хата көрінсе қылма айып,
Кешегі хазірет — расул заманында,
Бір үлкен соғыс болды таңғажайып.
Қосыпты тыңдағанға ынтымақты.
Отырған көп жамағат сал құлақты...
Өлсек қайтып көрмейміз, бұ дүниені,
Сахаба отыз үш мың, төрт шаһар — яр,
Бір күні мекен қылды Мәдинәні.
Кетіп кейін тастады қағаздарын.
Оқып тұрған памдаттың намазларын»
«Ей, ішінде бір мәжидтің енді сонда,
Пайғамбарды имам қып тұрды сонда.
Хабибіне хабарды берді сонда.
Құдайдан сәлем айтып тұрды сонда.
Сізнің үшін ләшкәрін жиды сонда.
Ашуланып ләшкәрін жинап алды.
Бұ жақтан қырмақ болды тәмам жанды.
Өзі күшті тәңіріңе сиын деді.
Болады бара алмасаң қиын деді...»
Мен қиссаның, осы арасына келгенде, өзі де желөкпе Нәзір «па-а-а-у... өй!..» деп айқай салып көтеріліп кетті. Сабырлы мінезді Қанапия:
— Бөгеме Нәзір, айтсың қызығы енді келеді, — деді. Мен әрі қарай төпей жөнелдім... Нәзір бөгеген жерден арғы уақиға былай болды: Мұхаммед пайғамбардың қолы үш айлық шөлді кезіп отырып, Ғирақ еліне жетеді де, жиналып болмаған Зарқұм патшаның елімен соғысады. Ескі заманның соғысында батырлардың «жекпе-жекке» шығуы деген бар ғой. Мұхаммед пайғамбардың бас батыры — хазірет Ғали, Зарқұмның жекпе-жекке шыққан батырларын шыдатпайды. Қайдан шыдатсын — дін кітаптарының сипаттауында, — оның «бойының ұзындығы да, көлденеңі де қырық кез... Ақырса маңындағы жұрт талып қалады... зұлфұқар атты қылышын қаһарлана сілтесе жеті қабат жердің астындағы көк өгізге жеткізеді... дүлдүл атанған оның аты ұшқан құстан жүйрік... күрзі аталатын шоқпарының ауырлығы алпыс батпан, әр батпан — ескі адамдардың айтуынша — жеті пұт, сонда — күрзінің ауырлығы төрт жүз жиырма пұт,!..» Хазірет Ғали батырларын шыдатпағаннан кейін Зарқұм оған қарсы елінің бас батыры Хақанды жібереді. Хазірет Ғалиға қарсы келген Хақан былайша деп тіл қатады:
Мені ойламай талайды қылды ғафыл,
Менің атым біліп ал, Хақан балуан,
Я, батыр өтер шағың келе жатыр.
Бұл бір ауыз өлеңді айтқанда Нәзірдің Ғалиға жаны аши қап:
— Қап, мынау итің сүріндіріп кетпесе неғылсын, — деп қопаңдап қойды.
— Бөгеме, — деп қойды Қанапия тағы да, бұл оқиғаға әсерленген кескін көрсетіп. — Естиік не болғанын?
Ей, көптен бері майданға жүрдің деді,
Хисапсыз ләшкәрімді қырдың деді,
Мұнараның басынан тамаша айлап,
Әуелде көзім салмай тұрдым деді.
Інім — Мүлкәтәні қылдық нешік?
Қылған ісің ғаламнан асып кетті,
Бүгін мен келдім саған жыным түсіп.
Қоспадың өлімменен бірлігіңді,
Есіме алмай қууға ойлап едім,
Бүгін мен көре қалдым ерлігіңді.
Құятын кезек келді жасын деді.
Ұшар сенің, мен келдім, басың деді».
— Қап, мынау иттің одыраңдауын қарай гөр! — деп Нәзір тағы бір көтеріліп алды да,— сонда Ғалине деді екен? — деп сұрады. Мен «ол былай деді» деп дауысымды көтере берген кезде, сырттан:
— Ойбай, кеп қалды! — деген бір ащы дауыс естілді. Мен өлеңнен тиыла қалдым.
— Мынау біздің Таспайдың даусы ғой, — деді Қанапия. Шықшы, Нәзір. Білші, не екенін!.. Нәзір шөптен жасаған қостың есігінен шыға беріп, сұрланған түспен үйге қайта кірді.
— Масқара болдық! — деді ол, — «Құмды көл» жақтан қаптаған көп салтты келе жатыр. Жамандық ойлап келе жатыр олар, әйтпесе, сонша қаптап, сонша неге қатты шабады!.. Үшеуміз де қостың алдына шықсақ, қой жақтан ойбайлаған жайдақ біреу шауып келеді, танып тұрмыз, — Қалабайдың Таспайы, ол қайырған қойларға күзетші боп тұрған. «Құмды көл» жаққа көзді салсақ, қырық-елуден астам салтты, пәрмендетіп шауып келеді... Жақындап қапты... Нәзірдің сарғылт өңі бір қызараңдап, бір қуқылданып, сасқан белгі көрсетіп еді:
— Тәйт, әрі берекеңді қашырмай! — деп ақырып тастады, қоңыр түсі сұрлана қалған Қанапия. — Немене, құтың, қашып кеткені?
— Аузыңды бұзып жіберейін бе, — деді Қанапия жекіп. — Неғушы еді көп болып. Біз де тірі жан емеспіз бе?.. Астына мінер сенімді аты жоқ, айыр-тырнауыштан басқа қолға ұстар қаруы жоқ ол екеуі «тағдырдың не жазғанын күтіп алдық» дегендей, қостан былайырақ шығып, шауып келе жатқандарға қарап мелшиіп тұра қалысты. Таспай әлсіздеу, кішкене денелі жігіт болатын. Оның жүрегі де жоқ па, немене байбалам салып шауып келген қалпымен, тоқтай қалды да, астындағы арық байталынан қарғып түсе қап, қосқа кеп кіріп кетті. Бірақ онда да тығылар орын таба алмай біраз аласұрып жүрді де, етбетінен бүкшие жата қап, қосқа шапқан шөптің арасына кірді. Оған денесінің жартысы ғана жасырынды да, аяқ жағы шығып жатты. Бөксе жағының бүлкілдеуіне, аяқтарының дірілдеуіне қарағанда о сорлыда зәре жоқ... Мен ше?.. Мен қостың аузында қарақшыдай қалқиып тұрмын. Сондағы маған кеп тұрған ой: «Мына жаяу тұрған екеуі, анау қаптап кеп қалған көп салттыға не қару көрсетер екен?..» Менің сенімімде «Қанапия олардың бәріне де бой беруге тиісті емес, ол — бұ заманның «хазірет-Ғалысы». Шауып келе жатқандар, әрине, бірі озық, бірі кейін дегендей бытыраңқы... Алдыңғы жағында екі салтты өзгеден озып келеді. Міне, олар таянып та қалды, бірінен бірі озыңқырай түсті. Озғанының аты қара қасқа... Аттың үстінде қолына қақ сойыл көтерген еңгезердей біреу келеді. Оның үзеңгіге киілген аяғының басы аттың тізесін соғады. Қара қасқа атты жақындап келген кезде, шыдамы таусылғандай болған Нәзір «қару қып өлейін» дегендей, ағытулы машинаның қасында жатқан қосақтаулы бәректерге ұмтылды... Қанапия қозғалмады... Шамасы жүз саржандай жерге келгенде, қара қасқа атты сойылын ыңғайлап алды да, атының басын Қанапияға туралап дүрсе қоя берді... Қанапияда үн жоқ, қозғалған да жоқ, тастан орнатқан мүсіндей сол арада сіресіп тұр!.. Со кезде не боп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Жүрегім ойнақшып, бойым дірілдеп, басым айналып кетті... Қосқа бір кірдім, бір шықтым. Қанапияға жаным ашып тұр, ұрып жығып кете ме деп үрейім ұшып тұр... Жасаураған көзімді жеңіммен сүртіп жібергенше, қара қасқа атты сойылмен Қанапияны сілтеп кеп қалды, бірақ Қанапия сойылды денесіне тигізбей ұстай алды да, атының екпінімен өте шыққан адамнан тартып алып қалды... Оның артында жедел келе жатқан шоқша қара сақалды біреу Қанапияны тағы да салып өтуге жанаса бергенде, қолындағы сойылмен Қанапия оны атынан қағып түсірді де, көз ілеспейтін шапшаңдықпен атына ырғып мініп алды. Содан кейін ол, қаптап келе жатқан көп салтыға қарсы шапты... Бір-біріне сойыл сап, арпалысқан майдан басталды да кетті... Иелері үстінен құлап түскен бірнеше аттар, ойнақтап қашып шыға берді... Нәзір ше?.. Машинаның бәлек ағашын алып, өзіне ұмтыла берген бір салтыға сілтеймін дегенде, ананың сойылы бұның бет-аузына бұрын кеп тиді. Нәзір алақанымен бетін басып етпетінен жата қалды... Әлгіндей емес, майдандасқандарға көзім үйренді. Соғыс қосты айнала болып жатыр... Таспай да қостың есігінен менімен қатар майданға сығалай қарап тұр... Қанапияны танып тұрмыз. Ол менің көзіме шынында да «хәзірет-Ғали» боп көрінді. Астына да қарулы ат түскен екен сол атты ерсіл-қарсыл жүйткіте шаптырып, ол жаудың әрқайсысымен бір сойыл салысады, өз денесіне сойыл тигізбейді, өз сойылы тигендердің көпшілігі атынан құлап түседі. Және ол сапырылысқан көп салттының қалың ішіне кірмей, қашқалақтай, айнала шауып, шетке шыққанымен қағысады... Қанапия со қалпымен ұзақ соғысар ма еді, қайтер еді, егер жау Нәзірді көп ұстамаса. Атынан құлағандардың бірнешеуі қос маңына жиналды да, Нәзірді қамап ұстай бастады. Енді байқасам, сойыл Нәзірдің аузынан тиіпті де, күрек тістерін сындырыпты. Аузынан қаны шұбырған Нәзірдің еріндері көнтиіп ісіп кетіпті... Жабылған жаулар Нәзірді ұрып өлтірер деп қорықты ма немене, Қанапия қосқа қарай шауып келді де, сойылын лақтырып тастай беріп, атынан қарғып түсіп:
— Әй, мені де ұстаңдар! — деді.
Айнала жөңкілген жаулар қостың маңайына үйріле қалды. Қару қылмаған Қанапияны бірнешеуі байлауға кірісті... Қанапияда үн жоқ, сұп-сұр боп, сазарып тұр... Қанапияның екі қолы байланып болғаннан кейін қапсағайдай зор денелі, шүңірек көзді, шығыңқы шықшытты, қаба қара сақалды кескіні әлем-тапырық қара бұжыр біреу:
— Әй, әкеңнің аузын... қаныңды ұрттайын бәлем,— деп жуандығы білектей қамшысын көтере беріп еді:
— Тарт қамшыңды! — деді манағы қара қасқа атты атының үстінде тұрып. Қара бұжыр қамшы көтерген қолын түсіріп жібергенде — кім екенін біліп алайықшы өзінің,,— деді қара қасқа атты.
— Неменесін білеміз, бұдан жеген таяғымыз аз боп тұр ма? Құнын бір-ақ көріп, аузын бақадай ашырғаннан басқа қызық жоқ, — деді.
— Сен де қоя тұр, — деді қара қасқа атты. Анау да бәсеңдеңкіреп қалды. Қара қасқа атын тебініңкіреп жіберіп, қолы байланған Қанапияның қасына келді де:
— Жарқыным, кім едің, сен? — деді.
— Кім де болсам, қолыңдағы тұтқыныңмын, — деді Қанапия, ашудан денесі дірілдей сөйлеп. — Ар жағындағы ерік сенде емес пе?
— Сен ерегіспе, — деді қара қасқа атты, — жөніңді айт!
— Жөнімді айтатын жолаушылап ауылыңа барып жүрген жоқпын, — деді Қанапия.
— Сені біреуге жорып тұрмын, — деді қара қасқа атты.
— Жорысаң айт, — деді Қанапия.
— «Тоғанастың Қанапиясы деген балуан бар» дейтін еді, сол болмағай едің, сен?.. Тағы да бірнеше сұрау, жауаптан кейін Қанапия «болсақ боларсыз» деген соң:
— Бәсе, өзім де дұрыс жорыған екем ғой, — деді қара қасқа атты. — Шешіңдер қолын.
— Тәйт, оттамай тұрыңдар! Шешелерің осындай ұл тапса, қой деген жоқпын мен, — деп қара қасқа атты ақырып тастады... Артынан естісем, жаңағы қара қасқа атты Үй өзенінің бойын мекендейтін Көшебе-Балтаның атақты балуаны екен және байдың жігіттерін бастап келе жатқан сол екен.
ҚИССАНЫҢ ПАЙДАСЫ
1912 жылдың қысы басталды...
Міне, мен тағы да жұмыссызбын... Әркімдер «босқа жүргенше молдаға барып сабақ оқысайшы, бір сөз де болса үйрене бересің ғой» дегенмен, оқуын қиынсынам ба, болмаса таяғы батып қалған ба, — олай қарай аяқ аттағым келмейді.
«Өлмейтінге өлі балық кездеседі» дегендей, маған жеңілдеу бір кәсіп тағы да табылған сияқтанды. Кітаптың қарасын жүргізуге үйреніп қалғаннан кейін мен «Зарқұмнан» басқа да талай қиссаларды жаттадым. Олар төрт жүйе болатын еді. Бір жүйесі: ислам дінін сүюді үгіттейтін қиссалар, олар: «Пайғамбардың Миғражға шыққаны» — Мүхаммедтің көкке шығып, тәңірімен сөйлесуі туралы; «Зарқұм» және «Сал-сал» — Мұхаммедтің ислам дінін тарату жолындағы соғыстары туралы; «пайғамбардың дүниеден қайтқаны» — Мұхаммедтің өлер алдында үмбеттеріне айтқан өсиеті туралы; «Кербаланың шөлі» — Мұхаммед өлгеннен кейін оның мемлекеті екіге бөлініп соғысқаның сол соғыста Мұхаммедтің ұрпақтары Хасен, Хұсайын бастаған жақ жеңіліп, екеуі де өлуі туралы... Екінші жүйелі қиссалар махаббатқа арналған, мысалы: «Ләйлі-Мәжнүн», «Бәдіғүл-Жамал», «Қисса и Хұсырау патша», «Сәйфіл-Мәлік», «Жұсып-Зылиқа», «Рүстем-Зарап» тағы басқалар... Үшінші жүйесі ертегілер, мысалы: «Тәмәмдар», — батырдың жынмен алысуы туралы, «Шаһмаран» — жылан патшалығының өмірі туралы, «Алтын балық» тағы басқалар. Төртінші жүйелі қиссалар қазақ батырларының жорықтары туралы, мысалы: «Алпамыс батыр», «Қара қасқа атты Қамбар», «Ер Тарғын» тағы басқалар... Немесе, «Қозы Көрпеш — Баян», «Қыз Жібек» сияқты махаббат жырлары. Бұл қиссалардың бәрін өзім ғана тауып ала бермеймін. Менің қиссаны жаттап та айтуымды, оқып та бергенімді көргендер естімеген тың қиссаларды тауып әкеледі. Қиссалар әртүрлі орында айтылады: бірі — «қыз ойнақта», бірі — қарт адамдардың жиынында, енді бірі — әркімдердің жеке үйінде. Солардың ішінде ең аз айтылатыны «қыз ойнақ». Себебі — бұл ылғи қыз-бозбаланың жиыны ғана болады да, олар анда-санда ғана болмаса, әндерді көп естуді ұнатып, қиссаларға құмарта бермейді. Мен әлі ән салу жағына шорқақпын. «Үлкендердің жиыны» дегеніміз — ауыл адамдарының бірнешеуі күндіз қалаған үйіне жиналып, маслихат құрады да ермек іздейді. Қисса тыңдаудан артық ермек оларға табылмайды. Іші пысқандар, не еріккендер мені қисса оқуға шақырса, сұлыға дәніккен аттай жортып барам, өйткені ол күні менің тамағым тоқ... Қиссаны оқуға кейде жалығып та кетем, себебі тыңдаушыларым кейде қиссаның бірінен соң, бірін айтқызып, айтушы жалыққанмен, тыңдаушылар жалықпайды. Қалжырап жығылатын, немесе «енді шаршадым» деп қашып кететін күндерім де көп болады. Кейбір күндері тыңдаушыларым «жалықтым» деуіме қарамай, етегімнен ұстап отырып зорлап айтқызады. Қисса айқызушылар әртүрлі: біреулері дін қиссаларын ғана ұнатады да, өзге қиссаларды тыңдағысы келмейді. «Пайғамбар айтты» деген сөзді естігенде, немесе пайғамбардың басына қиындық туатын кезеңдер ұшырағанда, олар кеңкілдеп жылап отырады. Кейде олар жоқтан өзгеге жылайды, мысалы:
Бәһіште киген екен ләуләк тәжің
Достына ғаршы асып барған шақта,
Зар жылап көп айтыпты үммәт назын».
— деген бір ауыз өлеңді айтқанда «алда, садағаң кетейін-ай, біздің қамымызды ойлады-ау, сонда. Сондай үмбеті не көрсетіп отырмыз, оған» — деп кейбір діншіл шалдар еңіреп қоя береді... Рысқұлдың Аткелтірі, Сымайылдың Қасымы, Итаяқтың Құсайыны, Мәжімнің Қоңыры сияқты үйлерге барсам, олардың тыңдағысы келетіні түгелімен батырлық туралы жырлар. Бұл жырларды олар аса құмартып, бар ықласымен беріле тыңдайды... Ал, қыз-ойнақтарда, немесе Тоғанастың Нәзірі сияқты, Қантайдың Сәдуақасы сияқты, Қабанбайдың Ғабдолы сияқты, Ахметтің Бейсемібісі сияқты үйлерде үнемі махаббат жырын ғана естігісі келеді. 1912 жылдың қысына кіре, әр жерге барып қисса оқуым біртіндеп сиреуге айналды. Жаманшұбарда бас-аяғы елу шақты-ақ үй бар, олардың ішінде: Дүйсеннің Кәсені, біздің Еменалы, Жұсып, Төребек, Сары Дүйсембі сияқты адамдарға сенің қиссаңның, түкке де керегі жоқ. Олар үйіне шақырып ап қисса тыңдау түгіл, біреудің үйінде оқып жатқан қиссаға кез келсе, де мылжың көріп шығып кетеді. Қисса тыңдағысы келетін үйлердің саны Жаманшұбарда көп болса жиырма бес, отыз ғана. Олардың да көбі, бірден я екіден артық тыңдамайды... Сонымен, мен қыстың алғашқы бір-екі айында қисса оқитын үйлерді тауысып алдым. Шақырып оқытатын үйлер біріндеп азайып, аяғы сұйылып кетті.
Ағайындардың ұйғаруынша, менің тұра тұруға тиісті үйім — Еменалынікі. Дәулеті шағын болғанмен, ол үй тамағын тоқ қып ұстайды. Мені де ол үй астан.қақпайды. Тек қана келісімсіз жері — Еменалының менен екі жас кіші Сәдуақас дейтін баласы бар, өзі — өлердей тентек және жап - жас қалпымен бармағы жорғалаған домбырашы. Ол екеуміздің ауыз жаласатын тату күндеріміз де, керісіп қалатын кикілжің күндеріміз де алмасып отырады. Бір араздассақ, екеуміз бірнеше күн араздасамыз. Сонда ол: «Кет, қаңғырған ит, сені кім шақырды?» дейді. Менің ол үйден сырғыңқырай беретін себебім — сол. Солай... тиянақты орын болмай, қисса оқуға шақырушылар азайып, жүдеңкіреп жүрген күнімде, біреудің жұмсауымен үш-төрт сиырды суармақ боп алдыма салып, қыстаудан төрт-бес шақырым жердегі «Қырық құдық» аталатын шілікке келе жатыр едім, алдымнан көп сиыр айдап келе жатқан жайдақ атты біреу көрінді. Әлжанның Қайызы деген жігіт екен. Ол еңгезердей биік жауырыны кең, денесі семізше, үлкен көк кезді жігіт. Жеңгелері оны «Шағыр» дейді. Соларға еліктеп бүкіл ауыл да «Шағыр» дейді. Қайыз кезінде балуан да болған. Оның Әлі дейтін ағасы бар, Сұлушаш дейтін жеңгесі бар. Шешелері тірі аты — Алтынай. Оның дене тұлғасы да, беті де Қайызға тартқан жуан сары кемпір. Еншілерін алмаған бұл екі жігіттің, дәулеті мол; «Қырық қара» атанған жылқылары бар, жүз елулеп қойы, ұсақ-ірісі аралас отызға тарта сиыры бар. Солардың жазғы пішеніне де, қысқы күтіміне де жалғыз ғана жалшы жалдайды, оның әлі жетпегені Қайыздың мойнында. Әлі жұмысқа жарамайтын сырқат адам. Оның үстіне мүлгіген сопы. Сондықтан, домбыра, өлең сияқтыларды «шайтанның жұмысы» деп Әлі үйінің маңайына жолатпайды, өлең айтылған, домбыра тартылған жерден қашып жүреді. Жаңағы «Қырық құдықтың» жолында қарсы жолыққан Қайыз:
— Ә, сен бе едің, бала? — деп менің қасыма атын тоқтатты да, ол-пұлды сұрап тұрып, — сен бала бүгін кешке біздің үйге келсең қайтеді? — деді.
— Неге? — дедім мен.
— Тұртайдың, жылқышысы Мақан көп қонушы еді, соған қисса оқып бер. Мақанды білем. Ол — оқушыларға белгілі Кәжімбайдың баласы, өзін талай көргем де: дембелше, сом денелі, орта бойлы, қараторы өңді, сақал-мұрты жаңа шығып келе жатқан жігіт болатын.
— Жарайды,— дедім мен Қайызға.
Қайыз кете барды. Былай шығып, уәде беруіме өкінген де сияқтандым, өйткені Қайыздың жеңгесі Сұлушаш асқа сараң, үйіне кісі барғанды көп ұнатпайтын, ас берсе, күңкілдеп сөйлеп беретің жыбырлаған ұсақ кісі де. Бірер рет барғанымда: «Не бар, әрі бетіңмен қаңғыратын, бар әрі, сүйретілмей!» деп қуып та шыққан.
Дегенмен, ымырт жабыла Қайыздікіне бардым. Дүнияға сараң бұл үй «бестік» аталатын кәресін лампысына жылында бір ғана пузыр сатып алатын да, ол сынса, үш тиынын шығынсынып, екінші рет алмайтын, пузыры жоқ шамды да ол қонақ келсе ғана құрмет есебінде жағып, қонақ келмеген кезде майшаммен отыратын. Мен үйге кіргенде Сұлушаш пен Қайыздың әйелі ауыз бөлмедегі, оты маздаған қазандықтың алдында ас даярлап жатыр екен. Тегі, Қайыздың мені шақырғанын білмеген болу керек Сұлушаш:
— Қайда барады, мынау, тағы да сүмірейіп? — деп күңкілдей қалды. Сол сөз құлағына шалынды білем, — төргі бөлмеден:
— Әлгі, Сәбит пе? Мен шақырғам оны, жібер бері қарай, — деген Қайыздың дауысы естілді. Үйді ортасынан бөлген шұбалма пештің есігінен төргі бөлмеге қарай кірдім. Арғы бөлменің тақтайдан жасаған биік сәкісі болатын. Менің көзіме қараңғы бөлменің ішінен ең алдымен сығырайып кіп-кішкене жалыны жылтыңдаған пузырсыз «бестік» шалынды. Қыпылықтаған тинақтай жалынның үстінде, жіңішке қара лентадай боп түтін будақтап тұр. Кәресіннің исі бөлменің ішін алып кеткен. «Бестіктің» маңайында кім отырғанын мен көзім үйренген соң ғана абайладым: Қайыз бен Мақан ғана. «Әлі қайда екен?» деген оймен күңгірт бөлменің, ішін көзіммен шолсам, үйдің түкпірінде қисайып жатыр.
— Ал, енді отырма, бала,— деді Қайыз, амандықтан кейін— баста бір қиссаңды! Домбыра іздегенімді кескінімнен түсіне қойған Қайыз көз қырын бұрышта жатқан ағасын ымдады да, «домбыра әкелуге ұлықсат етпеді» дегендей, ақырын ғана басын шайқап, ернін тістеді.
— «Алпамыш батырды» баста, — деді Қайыз. Мақан қостай кетті. Мен бастай жөнелдім.
— «Алпамышты» жаттауын өзім жаттағанмен, оның өлеңін қандай әнмен айтуды мен Тәжінің Қазыбегінен үйренгем. Ол бізден он шақты жастай үлкең өзі ағып тұрған қиссашы, бірақ домбыра білмейді, жай ғана әндетіп айтады. Оның қисса айтуында көп өнер бар. Мысалы, Алпамыш батырдың әкесі — Байбөрінің сөздерін айтқанда бет және дене қимылымен шалдың дауысына лайықты әнмен айтады; Алпамыш батырдың өзіне арналған сөздерге келгенде денесін батырдай қомдап, түсін суытып, дауысын екпіндетіп жібереді; Алпамышты алдап қолға түсіретін мыстан кемпірдің сөздерін айтқанда, арық денесі бүкшиіп, тісі жоқ адамдай аузын малжаңдата сөйлеп. кемпірдің даусына салып, түрі де, үні де кемпірге ұқсайды; айлакер, қу қойшы — Кейқуаттың сөздерін айтқанда бет құбылысы да, дене қимылы да, дауысы да кәдімгі аумаған күлдіргіш жігіт болады; Алпамыштың сүйікті әйелі Күлбаршынның сөздерін айтқанда сызылған жас әйелдің үнін естисің, қылмиған бет бейнесін көресің... Қысқасы қиссаны айтқанда, Қазыбектің бір өзі әлденеше кісінің, бет бейнесін көрсетеді, әлденеше түрлі үнге салады... Бірақ ол мен сияқты қисса айтуға елпілдек емес, қырсау; анда-санда ғана, ықласы түскенде ғана бірер қиссаны айтып береді де, басқа уақытта «әке құлдық» десең, жұмған да аузын ашпайды. Қазыбектің қисса айтудан басқа өнерлері де көп... Ол ең алдымен, екі аяғы пендеге жеткізбейтін жүйрік оның денесі иіліп, бүгілгенде сымдай бұратылып, тік қойған бақанға мысықтай өрмелеп шығады, екі сырықты аяқ қып жүргенде, аяқты кісіге жеткізбейді... Суға малтымпаздығы да, сүңгігіштігі де үйрек сияқты, доғаның бір басын жерге тіреп қойып, екінші басынан қолымен ұстап денесін айналдырғанда, сүйек те, буын да жоқ па деп ойлайсың... Оның қарғыған жерінен, сирағы қандай ұзын, өзі қандай шапшаң болғанмен ешкім қарғи алмайды.. Кигіз үйдің желбауынан ұстап өрмелеп, шаңырағынан шығып кете береді... Ол цирктің артисінен кем ойнамайды... «Алпамышты» айтуда Қазыбекке еліктеймін, дегенмен мен әрине, ол бола алмаймын. Дегенмен Мақан мен Қайыздың алдында «Алпамышты» мен де өнерім жеткенше айтып бердім. Мақан маған аса риза болды.
— Бала, жарайды. Бейшара жетім қалса да, құдай өнер берген екен. «Лақ маңырап су ішеді, ұлан жылап күн кешеді» депті. Тірі болса, ертең жігіт боп кетеді, — деп біраз көтеріңкі сөздер айтып алды да, тағы біраз кеңесіп отырғаннан кейін:
— Осы баланың бәрібір жайы жоқ көрінеді ғой, — деді ол Қайызға. — Менің қасыма ас істеп беретін бақыршы бала да керек боп жүр еді, тамағы тоқ, көйлегі көк, жұмысы жоқ дегендей, маған барса жақсы болар еді, бұ бала. Әлі жапан түзде жалғыз жүрген адамға қисса айтып ермек болар еді, Нұртазамен осы жөнінде сөйлессем қайтеді?
— Сөйлесуге болады,— деді Қайыз.— Бірақ Нұртазаға сөйлесуден бұрын, бұның өз ризашылығын білу керек. Мені көнбейді деп ойлады ма, немене Мақан үгіттеуге кірісті.
— Киіміңді жылы қып бергізем, — деді ол, — жайлауда тебінде жатқан жылқыға барасың, ет көп, құрт пен ірімшік те көп. Күнде жейтінің — жылқының семіз еті; ішетінін, семіз сорпаға езген құрт болады. Ет асудан басқа түк жұмыс істетпеймін, саған. Күндіз бір мезгіл атқа мініп, жылқы қарайсың. Еріккенде қисса оқытам. Ол — сен қиналатын жұмыс емес. Мойның қылтиып жүдеп кеткен екенсің, маған барсаң көрерсің,— аз күнде тұлыптай боп семіріп кетесің.
— Бұған бармасаң, өзің де оңбассың — деді Қайыз. — Мақаннан басқа қасында кісің болмайды. Түнде жылқы күзеткеннен басқа жұмысы болмайды Мақанның. Ол да ерігеді, сен де ерігесің. Қисса керек болса, күні-түні соқта жат!
— Кәне, не дейсің бала? — деген сұрауды Мақан бірер рет айтқаннан кейін:
— Барам, — дедім мен.
ЖЫЛҚЫШЫ
Міне, мен — бақыршы баламын. Қосымыз Дос пен Шошқалы аталатын екі көлдің арасындағы қалың бетегелі жазықта. Айналамыз — аппақ қар жамылған кең дала. Борасыны көп болатын бұ даланың жер бетін жамылған қары, толқындаған судың бетіндей боп иректеле біткен. Айналамыздағы осы ирек қарды қосты айнала жатқан жылқы теуіп, астындағы шөбін алып жегендіктен, төңірегіміз түп-түгел ор боп, жылқының тұяғымен үйілген қарлар ақ төмпеленіп, өрген қойдай жыпырлап жатыр... Біздің баққанымыз — Тұртайдың жылқысы: Сан шамасы жеті-сегіз жүздей. Оған со жылы біздің Жаманшұбардан үш-төрт жүздей жылқы қосылған... Тебіндегі жылқыны бұл — менің бірінші көруім. Жылқы деген жануар — мал атаулының ішіндегі қайраттысы екен. Өте бір түтеген боран соғып кетпесе, қандай ызғарлы суықтарда, ешуақытта желге жонын бермей, маңдайын бере қарсы қарап қар тебеді. Со кезде жел көтерген оның жалы жалаудай желбіреп, көтеріліп кетеді. Құйрығы аспаннан сорғалаған жауындай тарамданып, көсіліп тұрады. Қарсы алдынан соққан желдің лебі қар бетінде жүгірген борасынды әкеп кептегендіктен, боз жылқы түгіл, қара, не торы сияқты баран түсті жылқылардың да маңдай терісі ақбурылдана қалады... Қыс бастала еркін жетілетін жылқының түгі, ол кезде құндыздай құлпырып, желдің лебінен желпілдегенде көзіңді тоқтатпайды... Осы бейнедегі жылқы жануарлар қалыңдығы бауырынан келетін, үстіңгі жағы қабыршақтанып қатып қалған қарды, кейде алдыңғы оң аяғың кейде сол аяғын көтеріп жіберіп, тұяғымен салып кеп қалғанда, сүймен тиген мұздай қар опырылып түседі. Опырылған қарды тұяғымен кейін көсіп, лақтырып тастаған жылқылар, қардың кетілген жерлерін кеңітіп алғаннан кейін астында ұйпаланған көделерді, қарға тұздықтай, аузын толтыра асайды... Жылқыларда да аналық мейірім барын со кезде байқайсың. Соңынан құлыны, тайы ерген мама биелер» қар тепкенде әуелі өзі оттамай, балаларына шөп ашып береді де, олар біраз қаужалап алғаннан кейін ғана өзі оттауға кіріседі... Мың жарымға жақын жылқының тұяғы жер шыдата ма, қос тіккен төңіректің, оты әп-сәтте бітіп, құлази бастайды, со кезде «тебін аудару» деген басталады, онымыз — жылқыны тың жерге көшіру. Жылқының тыңға көшуі оңайлыққа түспейді. Бет алған жақта ойпаң кездесіп, қар қалыңдап кетсе, жылқы беттемей тұрып алады. Ондай ойпаттар далада жиі кездеседі, содан жылқыны өткізерде, «айшық мүйіз ақ серке қойды бастар» дегендей, қалың, жылқыны бастай жөнелетін көсемдері болады. Бұлай бастауға аса бір қарулы айғырлар мен биелер ғана түседі. Көсемсіген бір жылқы қалыңға түсе жөнелгенде, оның артынан тізбектелген жылқылар шұбыра бастайды. Сол ізге қалың жылқы түгел түсе қалғанда, олардың тұяғынан жасалған қардың жырасы қазған терең каналға ұқсап кетеді. Тебін осылай аударылады. Қос жаңа тебіннің орталау тұсына тігіледі. Олай тігілу жылқышының баққан малы күндіз көздеп тұруына оңай. Қос маңайының оты сирегенде ғана жылқы бір бетке ауысып, алыстаңқырайды. Қос дегеннің не екенін қысқаша баяндап етейік: көлемі тарантастың доңғалағындай-ақ кішкене шаңыраққа, айнала қадаған қазықтардың сыртынан кигіз қоршалады да, түтін шығатын тоқымдай түндік салынады. Қостың ішіне жатқан кісінің көсілгенде басы төріне, аяғы есігіне жетеді. Ас-су да соның ішінде. Мақан айтқандай, «ас» дегеніміз — жылқының еті мен соның сорпасына езген құрт қана. Бұл екеуінен басқа тамақты жылқышы іздемейді де. Оның айтуынша, «жылқының еті мен оның сорпасына езген құрттан басқа тамақ, мынадай ызғарлы қыста, денеге қызу бере алмайды. Өзге тамақты жеген кісі бұндай суықта жаурайды». Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы Мақан толып жатқан кеңестер айтады.
— Мысалы, — дейді ол, — осы суықта оттан түскен қазанды қостың іргесіне қоя қойшы, егер жылқының сорпасы болмай, басқа малдың сорпасы болса, бетіндегі майы ілезде тобарып қата қалады; ал, жылқының майы үскірік суық болса да қатпай, балқып тұрады. Неліктен осы? Әрине, жылқы етінің өзге еттен күштілігінен. Жылқының сорпаға шыққан майы ғана емес, етінің де майы қатпайды.
— Қойдың, сиырдың, немесе түйенің етін тоя жеп көр, — дейді Мақан, — екі-үш күнге шейін кекірігің сасып ауырасың, күпті боласың. Ал, жылқының етін қанша тойып жесең де бойыңа тез сіңіп, қарның ілезде ашады. Ол да жылқы етінің адамға өзге еттен тез ас болатындығынан.
— Жылқының қымызы — құрт аурудың (туберкулездің) мың да бір емі,— дейді Мақан, — өзге малдың сүті неге осылай ем болмайды? Бұл да жылқының сүтінің өзге сүттен күштілігінен.
— Күшті сүт,— дейді Мақан, — күшті еттен ғана шығады; жылқы етінің өзге еттен қуаттылығына тағы бір мысал мынау: малдың денесіне жаздыгүні жара түссе, шыбын қонып құрттайды. Жылқыдан басқа малдың құрттаған жерін кезінде емдемесең, құрт ішіне түсіп өліп қалады. Ал, жылқының еті құрттаса, қашан ісік желініп болғанша құрт жеп жүреді де, таза етіне жеткеннен кейін өліп, түсіп қалады. Олай болса, оның тірі күніндегі етінің өзі өзге малдың етінен анағұрлым қуатты.
— Ерте күнде, — дейді Мақан, — «Жасыл бағар» бойындағы нағашыма бардым. Ол арада жылан көгі болады екен. Жылқы терісінің исі шыққан маңайға жылан жоламайды екен. Далаға қонған адам жылан келмесін десе, атының ер-тұрманын айнала жайып тастайды екен. Жылан шаққан адамға, аттың т.ерін ішкізсе, мың да бір ем болады екен. Ендеше жылқының сүті мен етін былай қойып, терінің өзі асыл болғаны ғой.
— Асыл болмай қойсын ба, — дейді Мақан, — жылқы жануар лай суды іше ме, сасыған суға жолай ма? Ол тұнық, таза судан жүзіп жүріп ішпей ме? Шөптің асылын теріп жемей ме ол? Асылмен тамақтандырған соң оған қуат бітпей қойсын ба. Жылқыны осылай сүйетін Мақан баққаным байдікі екен деп еш уақыт малға қырын қарамайды. Тұртайға кейде ренжи жүре, «ол иттің қылығына мал айыпты деймісің» деп байдың жылқысына жаны өз малынан кем ашымайды. Қай уақытта ұйықтап, қай уақытта қоятынын кім білсін, ат үстінен ол сирек түседі. Соншалық сақ бағудың арқасында, анда-санда қисын таппаса, бір тайдың таңын қасқырға тарттырмайды. Егер тарта қалса, кісісі өлгендей уайымдайды. Суықта өсіп, еті үйреніп кеткендіктен бе, немесе жылқының еті мен сорпасы расында қуатты ма, Мақан қандай суық болса да қалың кимейді. Оның «қалың» деген киімдерінің өзі: байпақты үлкен етік балағын етікке сұққан мол тері шалбар, етегін шалбарына сұққан қысқаша тон. оның сыртынан киетін жұқа түйе жүн шекпен ғана. Өте бір үскірік боп кетпесе, анау-мынау аязда тымақ кимейді ол. Басында кішірек қана елтірі бөркі болады, соны кейде оң жақ шекесіне, кейде сол жақ шекесіне ауытқытып, құлағын жылытып алады. Жылы күндері ол тонын да тастап, сырмалы қамзолшасының сыртынан шекпенін де желбегей сұға салады. Ол жердің қысының ызғары ең жылы деген күннің өзінде он бес, жиырма градустен төмен түспейді. Жылы күндері де омырауы ашылыңқырап жүретін Мақанның қырбық сақал-мұрты түгіл, түктілеу келген төсіне де қырау тұрады. Кейбір үскірік суықтар Мақанның бет терілерін, құлақ терілерін - қарып кетіп, аздан кейін үсіген тері қабыршықтанып, сыдырылып түсіп жүреді. Сондықтан терінің, асты қызыл шақа сияқтанып тұрады. Бірақ Мақан оны елемейді. Күн неғұрлым суыған сайын, ол соғұрлым күреңдене түседі. Мақан ешуақытта қар ертіп, беті-қолын жумайды. Ол ұйқтап тұрғаннан кейін денесінің кіндіктен жоғары жағын жалаңаштанып қостан шығады да, құп-құрғақ боп үгітіліп жатқан қармен денесің екі қолың бетін ысқылайды. Со кезде Мақанның бұлшықтары бұлтиған денесінен бұрқырап бу көтеріліп, терісі күп-күрең боп кетеді... Асты ол әлсін-әлсін ішпейді және өлердей көп те ішпейді. Таңертең бір, түсте бір ас ішкенде, ол үнемі майлы етті жеуге, майлы сорпаға езген құртты ішуге тырысады. Бұндай тамақтарды бір сыдырғы жақсы да ішеді. Майды уысын толтыра бес-алты жібере алады, бетінде майы кілкіген, құрты қоюлау боп езілген сорпаның екі-үш аяғын тастап жібереді... Тұртай жылқышысынан ас аямайды. Жылқының еті, оның ішінде жас жылқының еті, өзге еттен қуаттырақ екенін білетін ол, Мақанға семіз байталдарды сойып береді. Не жердің оты таусылып қалмаса, немесе күн райы бұзылып кетпесе, жылқы деген мал қыстыгүні тебінде жүре беруді жақсы көреді. Ол қарды тоқырап тұрып тебеді. Сондықтан жылқыны жаңа тебінге аударған кезде, Мақан екеуміз көбіне қоста отырып өлеңді ермек қыламыз. Өлеңді Мақан маған ғана айттырып қоймайды, өзі де айтады. Оның ерекше жақсы білетін жыры — «Көрұғылы». Зады түрікпендік жыр болғанмен, қазақ ақындары бұл жырдың геройын қазақтікі қып алған. Қазақша «Көрұғылының» оқиғасы да азербайжан және түрікпен варианттарынан өзгеріп кеткен. Мысалы, азербайжандар Көрұғлының олай аталатын себебі «көрдің» (соқырдың) ұлы болғандықтан десе, жырдың қазақ вариантында, Көрұғлының олай аталатын себебі, геройдың шешесі, герой іште жатқан күнде еледі де, бала (қабырда) туады. Сондықтан, ол «Көрдің» (қабырдың) ұлы боп аталады!.. Осы жырдың қазақша вариантын жақсы білетін Мақан оңаша жүрген сағаттарында әндетіп айтудан ауыз жаппайды. Оның ұзақ жырдан жақсы білетіні осы ғана. Ал, қысқа жыр мен ертегіден білетіні толып жатыр...
«АҚЖАМБАС»
Мақанның кеңестеріне біздің заманда болған кейбір уақиғалар да араласады, соның бірі — Ақжамбас аталған айғыр туралы. Мақанның айтуынша, айғырдың «Ақжамбас» аталу себебі былай болған: ілгерірек уақытта Тұртайдың түйесі де көп болған екен деседі. Бір жылы ел жайлауға шығарда Тұртайдың байлауда жатқан құтырған бурасы бұйдасын үзіп шығып кетеді. Бура табылмайды. Сырт адамдардың айтуынша, жоғалған бура жайлауда жатқан бір байдың түйесіне қосылып жүреді. Бураны алып келу керек. Бірақ оған баратын кім? Қыбын тапқан біреу болмаса, құтырған бура шайнап өлтіреді. Баратын кісінің жайын қарастырғанда Бәкейден қолайлы кісі табылмайды. Ол — Тұртайдың жылқышысы екен.
— Сен барып қайт, — деді Тұртай оған.
— Барсам барайын, — дейді Бәкей, — бірақ бұған қуса жететін, қашса құтылатын білекті, жүйрік жылқы керек. Лайықты жылқы, сол жылы бесті шыққан күрең айғыр болады. Бәкей айғырды бірнеше күн жаратып, етін қатырып алады да, қолына қызыл қайыңнан жасаған қақ сойыл ұстап, бураны іздеп кете барады. Бура жайлаудағы бір сордың маңында ащылап жатқан түйелердің ішінде жүр екен дейді. Салтты кісіні көрген соң-ақ, құтырған бура шабынып түрегеледі. Тәуекелге бел байлаған Бәкей, атын борбайға қойып жіберіп қарсы ұмтылады, бура да бұған ұмтылады. Екеуі айқаса бергенде, Бәкей бураны қақ сойылмен салып кеп өтеді. Сойыл мойынынан тиген бура ызаланып алады да, жалт бере бұрылып, Бәкейдің соңына түседі... Бәкей қайрыла беріп бураны тағы да соғады. «Әрине. — депті Бәкей бұл сөзді айтқанда, — бастан соқсам, ұшырып-ақ түсірер ем, олай соғуға ыңғайы да кеп еді, бірақ соқпадым. Менің мақсатым — бураны ұрып жығу емес, бетін қайтарып қайту ғой». Сонымен, қысқасы, Бәкей мен бура біраз арпалысады да, ақыры бураның беті қайтпайтын болған соң, амалы құрыған Бәкей қашуға беттейді.
— Сол арадан он шақырымдай жерде Қарпық ауылының, ағашты қыстауы бар еді, — депті Бәкей, — соған барып паналамасам, басқа паналар жер жоқ. Бәкей бураны біраз адастырып, тез өте алмайтын жыралы сазға бөгейді де, өзі ете шығып, тұра қашады. Саздан ете алмаған бура жыраның басын орап шапқанша, Бәкей төрт-бес шақырым ұзап кетеді. Құтырып, жарап жүрген бура ізіне түсе қуады.
— Бура қуып келеді, — депті Бәкей, — мен қашып келем. Қуған сайын ол мені ұтып келеді... Содан өлдім-талдым дегенде, қалың ағашқа кеп кірдім-ау!.. Ағашқа кірген соң, адастырып кетем бе деп тырысып ем, исімді сезе ме, немесе сыбдырымнан біле ме, қыр соңымнан қалмай-ақ қойды. Құтылмасын білген Бәкей Қарпық ауылындағы бір бай үйдің қорасына тығылады да, қақпасын жауып, атын ағаш үйге кіргізеді. Бір кезде қақпаны әлде не кеп соғып кеп өтеді, қақпа қақ айрылып түседі. Қараса, бура екен! Бәкей ағаш үйдің есігін жаба қояды. Бура, келді де, дәл есіктің аузына шөгіп жатып алады. Бура сол жатқаннан екі күн жатсың — депті Бәкей, — өзім де ашыға бастадым, Атыма шөпті терезеден түсіп жұлып берем. Ана пәленің тұрар түрі жоқ. Не істеу керек? Не істерін білмей Бәкей сасқан кезде, жата беруге жалыққандай, не қарны ашқандай болған бура түрегеп отқа кетеді. Бірақ алысқа ұзамай, сол маңайдың алаботасын шалады. Со кезде Бәкей қораның басқа бір қақпасынан шығады да, зытып отырады...
— Бура дегенің, кекті болады екен — депті Бәкей, — жеген таяғын ұмытпайды екен олай дейтінім, бір жыл еткеннен кейін сол бура манағы күрең, айғырға кездесіп қап, тура кеп бассалады. Қашып құтылмасын білген айғыр, жалт бұрылып қарсыласа кетеді. Екеуі ұзақ алысады, жұрт оларды айыра алмайды, сөйтіп жүргенде айғыр бураның тірсегін тістеп, қиып жібереді. Бура айғырдың оқ жақ жамбасының үстін жұлып алып қалады...
— Міне,— дейді Мақан, — бура кеңесін аяқтағаннан кейін сол күреңің — осы Ақжамбас айғыр. Мұның жамбасындағы ақ жүн бура түсірген жараның орнына шыққан. Мақанның айтуына сенсең, бұл Ақжамбас айғыр — Тұртайдың ырысы.
— Өзі жүрген маңнан қасқырға мал берген айғыр емес бұл, — дейді Мақан— көрмей қап қапы соқса, амалы жоқ, көре қалса, тұра қуады да, айдап тастайды.
— Бұл ішінде жүрген жылқыдан ұры да мал алып көрген емес, — дейді Мақан — ұрың былай тұрсың бөтен кісі атаулының бәрін де жуытпайды. Танымайтын кісі болса, тұра шабады да, қашып құтылмаса, не өзін аттан жұлып тастайды, не атын шайнап тастайды.
— Айғырлар, — дейді Мақан, — үйірлерін қызғанысып, бір-бірімен төбелесіп жүреді ғой. Бұл өзге айғырмен төбелескен жылқы емес. Әлдері келмейтінін білгендей, бұл айғырға өзге айғырлар ұмтылмайды да. Ұмтыла қалса, қайтып беттеместей қып шайнап тастайды. Мақан мені айғырдан алғашқы келген күні-ақ сақтандырды.
— Осында жамбасында ағы бар «Ақжамбас»» аталатын бір күрең айғыр бар, — деді ол, — бесенеден белгілі өзі: өзге жылқыдан денесі үлкең жал-құйрығы да мол. Бөтен кісіні алып тастайды ол. Өзіңе көрсетіп қояйын, үйренгенше байқап жүр! Мақан апарып көрсеткенде, айғырдың тұлғасына мен расында қайран қалдым. Биік және мол денелі айғырдың жалы шұбатылып шашасына түседі екен құйрығы табан құшақ!.. Мені көкесіз бала көрді ме немесе көзі үйренді ме, — айғыр маған алғашқы күндері «сен кімсің» дегендей одырая бірер қарағанымен, артынан қорқытатын белгі көрсеткен жоқ. Бір жағынан Мақанның асын істеп беріп, бір жағынан жылқысын бағысып, мен жүріп жаттым. Алғашқы кезде жерсінбей, әрі тоңазыңқырап берекем қашқанмен, бұл тұрмысқа да мен қоңсы қонып болдым. Аз күнде мен Мақан айтқандай, үрген қуықтай томпиып, етейіп алдым. Енді мен ұйқыны да аз күтетін болдым. Сонда күткім келмейді емес-ау, қоста жалғыз қалуға қорқам. Жылқы алыстаңқырап кеткен кезде қостың маңайына қасқыр келімпаз болады. Түнде ол қос маңайына тастаған сүйек-саяқтарды кеміріп те жүреді. Қазақ «қара қосқа қасқыр шаппайды» дейді, сондықтан ба «қасқыр от иісіне жоламайды» дейді, содан ба, немесе ішінен адам иісі шыққан соң, бала емес, үлкен деп ойлай ма, — әйтеуір қосқа сұғынып кіре қоймайды олар. Сондай қорқынышты басымнан бірер рет өткізгеннен кейін мен де Мақанға еріп күзетке шығып, күндіз оныменен кезектесіп ұйықтайтын болғам. Алдағы күннің ауа райы қандай боларын жылқышының өлшейтін барометрі — жылқының өзі. Келер күні боран болатын болса, жылқы оны сезе қояды да, пысқырынып, ішін тартып, тиышсыздана бастайды. Жылқы пысқырынса-ақ:
— Ал, бала, — дейді Мақан — ертеңгі күн ыңғайсыз болатын болды. Боран боп кетер ме екен қайтер екен. Жылқыны жинаңқырап ұстайық. Ие бола алмай қалармыз. Бір күні мен қоста қап, ас пісіріп отыр ем, Мақан жылқыдан келді де:
— Жылқының бүгінгі жөңкіліп, ішін тартуы ыңғайсыздау, бала, — деді маған. — Асты ертерек ішейік күннің өзі де бүгін бұлтқа батып, со жақ мезгілсіз қоңырланып кетті. Кешке қарай жел де көтеріле бастағанын байқадың ба? Ала қаншықтанып үрлесін жүріп кетті ғой кешке. Ал, енді асты ертерек ішейік те, жылы киініп алып, жылқыны ыққа қарай айдап, тебіні мол жерге салайық. Жылқы ықтай қалатын күн болса, «Шошқалының» қопасына килігіп жүрмесін. Мақан екеуміз асты тойып ішіп алдық та, жылы киініп, атқа қондық. «Осындай бір күндерге керек болар» деп Мақан кейбір қарулы айғырларды жүгендеп, қаңтарып, тоқ-жараулау қып ұстайтын. Екеуміздің мінгеніміз де сондай, әрі жараулау, әрі семіз, білекті айғырлар. Мақанның айтқаны келді. Қас қараймай-ақ, дауыл көтерілді де, жердегі қардың бәрін қопарғандай боп, төңірек ұйытқыған қалық боран болды да кетті. Өзге жылқы түгіл, мінген аттың құлағын да зорға көретін хал болды... Орай, ышқына соққан жел ауыздан шыққан лепті қайырып қайта тықты... Біразға дейін дыбыс берісіп, жақында жүрген Мақан екеуміз, аздан кейін айрылдық. Ық қай жақ екені, жел қай жақ екені аздан кейін білінбеуге айналды. Бетіңнің ашық жерін орай ұйтқыған қар тыныс алдырмады... Осы арпалыста көрер таңды көзден атырдым... Сонда Мақанның не істеп жүргенін өзі біледі, мен өзім жылқы бағу түгіл ат үстінен өзімді жел ұшырып әкете жаздап, кейде ердің қасың кейде аттың шоқтығын құшып, әрең ғана жүрдім... Әйтеуір, астымдағы айғыр әрі мықты, әрі жуас... Мені қайда бастаса да, со бастап жүр. Өз қолымнан келері жоғын көрген мен қолымдағы тізгінді алдақашан ердің қасына орағанмын да, айғырды еркіне жібергенмін. Бұл — менің өз тапқан ақылым емес, Мақанның үйреткен ақылы.
— Егер, — дейтін ол, — боран боп әлдеқалай адаса қалсаң, — ерікті атыңа бер. Ол сені жылқы маңынан ұзатып, ешқандай әкетпейді... Түн мұндай ұзақ болар ма!... Еркіне қарай жүрген айғырдың үстінде әлі жүріп келем, әлі жүріп келем... Өтер мезгіл, өтер түн жоқ сияқты... Біраз жүріп қалжыраған маған енді қайтып таң атпастай, боран ашылмастай көрінді... Бір кезде боран ыдыраңқырады ма, не таң біліне бастады ма, іңірден көмірдей қап-қара боп тұнған түннің реңі бозамықтануға айналды... Бозамық күшейе түсті... Таң екен!... Ескі ауылдың ұғымында, «жын» деген түнде жортады ғой. Мына жанды боран сол «жынның» ағайыны ма немене, түні бойы құтырған бурадай зіркілдеп, көбігін бұрқырата шашты да, таң біліне бәсеңдей бастап, күн шығар кезде недәуір толастады. Сонда қарасам, менің астымдағы жануар бір топ жылқының ішінде жайылып жүр екен. Боран күн түске тармасқан кезде ғана ашылды. Бірақ Мақан екеуміз бір-бірімізді кешке қарай таптық. Боран ашылып, жер мөлшерін байқағаннан кейін мен маңайда бытыраған жылқы көрінсе жинастыруға кірістім. Мен жинаған жылқылар біз баққан, жылқының әлденеше бөлігінің біреуі ғана сияқты. Өзге жылқылар басқа бір жаққа тұтас ықты ма, болмаса мына жылқылардай бытырап бөлініп кетті ме, ол арасы маған мәлімсіз.
Бұл сұраудың жауабын мен кешке қарай таптым. Күн батқанға еңкейген кезде ық жақтан бері қарай шұбырып келе жатқан жылқылар кезге шалынды. Әрине, олар — біздің жылқылар! Расында, біздің жылқылар, саумалай қайырып, Мақан айдап келеді.
— «Ақжамбастың» үйірі бар ма?
— Бұндағы жылқыда жоқ, — дедім мен.
Шаршағандық белгі көрсетіп, сұрланыңқыраған Мақанның, өңі, одан жаман сұрланып кетті.
— Анық жоқ па? — деді ол.
— Анық жоқ, — дедім мен. –
— Ендеше, құдай ұрды десейші, өзге жылқыдан бөлінбесе керек еді, ол. Қалай бөлінді екен — деп Мақан сұраулы кескінмен аз уақыт тұрды да:
— Ендеше мына жылқыны сен бері қарай айдай бер. Мен өзім барып мұндағы жылқыларды аралай түсейін— деп, мен жинаған жылқыларға шаба жөнелді. Түндегі боранда әр айғырдың үйірі де бытырап, бөлініп кеткен екен әр биенің құлын-тайлары да бөлінген екен. Есін жиып алған жылқылар жақындарын енді жоқтасып, арқырап кісінесті де, айрылған туыстар бір-бірінің дауыстарын танығандай айдаусыз-ақ қарсы шапты. Түнде үйіріне ие бола алмай қалған айғырлар да енді қоқырайысып, бытыраған биелерін арқырай кісінеп жинасып жүр...
— Құдай шынымен ұрған екен — деді. Ақжамбастың үйірі тұтасымен жоқ. Өзге айғырдың үйірлерінен бірен-сарандап жоқ. Шамасы қырық шақты жылқы жоқ-ау деймін, жануардың үйірі өзге жылқыдан бұлайша бөлініп кетпесе керек еді. Оған бір жазым болды.
— Не жазым? — деп сұрадым мен.
— Не болушы еді, — деді Мақан кейіп, — қасқыр қамайды да!
Өткен боранның алдында бірер күн бұрын, түнде жылқыны торыған екі қасқырдың ізін кесіп, Мақан екеуміз біраз жерді шолып қайтқанбыз. Сонда жылқы ықтаған бет жақта сортаңдау бір көл кездескен. Ақжамбасты жоқтаған Мақанға «сол сорға түсіп кетіп масқара болмады ма екен?» деп ем:
— Тәйірі, жоқты айтады екенсің ғой, — деді ол кейіп.
— Ақжамбасты сен ақмақ айғырлардың біреуі деп тұрмысың, үйірінен түнде айрылып, күндіз іздейтін? Өзі өлмей түсірсін бе сорға үйірін. Ол жаман-жұман адамыңнан да ақылды. Қандай қатты боранда өз үйірінен ол бір жылқы да шашау шығарып көрген емес. Үнемі иіріп, бағып жүреді. Қасқырдан басқадан, оған көр келеді екен деп ойламаймын...
— Бұ қайда кетті екен? — деп Мақан аз ойланып тұрды да, со бір екі қасқырдың ізі, — деді, Атантай көліне қарай тартқан еді... Қамысы қалың көл еді, кәпірің. Бұл маңайда Шошқалыдан кейін қасқыр сонда ғана жатады. Шошқалыға жылқыны айдап бара алмайды қасқыр, ол жел жақ бетте. Егер қасқыр болса, жылқыларды Атантайға қарай айдайды. Дәл ықта болмағанмен, Атантай бір қырында.
— Неге айдайды? — деп сұрадым мен.
— О, тәйірі, бала екенсің ғой, — деп Мақан кейіп алды да, — «сен қозғалма, мен жейін» деп айтады деймісің, қасқыр? «Кел, мені жей ғой» деп жылқы тұрады деймісің. Жайылымдағы жылқыны ғана қасқыр алдастырып жей алады, босып жүрген жылқы жегізе ме, оған. Ондайда қасқырлар жылқыны қамап, үркіте айдайды да, болдыртып апарып, не сай, не көл сияқты бірдемеге қамайды. Жылқыны сол арада жейді, олар.
— Дұрыс. Сол Атантайдан басқа қасқырдың жылқы қамайтын жері жоқ, — деп Мақан тағы да, аз тұрды да, — ал, бала, — деді маған, — мен енді жоқ жылқыларды іздеймін. Қарулы, тың айғырдың біреуін ұстап мінейін. Мына жылқыны сен қайыра тұр. Боран ашылды. Ай жарық. Өткен түні жөңкіліп, ашыққан жылқы енді тебіннен бас алмайды. Мақан таңдаулы айғырын ұстап алды да, ерттеп мініп, ойдағы Сор көл жағына қарай жөнеле берді. Жылқының түнгі күзетінде бұл — менің бірінші қалуым. Қарным ашады, бірақ қосқа баруға қорқам. Оны маңайлап қасқырлар жүрген сияқтанады... Со қасқырлар жылқы арасында қаптап жүрген сияқтанып кетеді... Жылқы тепкен жерде үйілген қарлар да, қалың қырау бүркенген қурайлар да маған бір-бір қасқыр боп көрінеді. Бір орында тұрсам, соның бәрі маған шабуыл жасайтындай, әлгі Мақан кетерде ауыстырып алған жуастау биемді жылжыта берем... Қорқыныштан басым айнала ма, немене қасқыр сияқтанғанның бәрі, биемді жылжытқан маған қарай жылжып келе жатқан сияқтанады... Біраздан кейін етім өлді ме, болмаса көзім үйренді ме, мен енді жүрегімді орнықтырып, бекініп алдым. Содан кейін менің көзіме іліккен әрбір зат өзінің шын мағынасындағы қасиетімен ғана танылды: қурайы — қурай, күртігі — күртік жылқысы — жылқы... Әрбір боранның, әрбір жаңбырдың артынан әдемі бір күн райы басталуы дағдылы іс. Бүгінгі түн де тамаша. Аспан бұлттан түгел аршылған. Өткен түнгі бораң бетін жуып тазартып кеткендей жұлдыз атаулының бәрі өзге түннен артығырақ жарқырап тұрған сияқты. Және олар бүгін ерекше молайып, төңкерілген аспанның өнбойына симай тұр... Ай да бүгін күндегіден анағүрлым ашық жарқырайды. Жұлдыздардың арасын кезген ай, бүгін аспаннан бері қарай жақындап, айқай жетер жерде ғана қалқып бара жатқан тәрізді... Расында, ашықты ма, немесе мына сияқты желсіз, айлы, тымық жылы түннің мейіріне рахаттанды ма, жылқы атаулы алғашқы кезде қарды сабырмен ғана теуіп, біраз отығып алды да, түн ортасы ауды-ау деген кезде, кейі түрегеп, кейі жатып жусауға айналды. Далада әдемі бір тыныштық басталды. Жел тымық... Ай жарық... Жылқылар түп-түгел жусауда!.. Төңіректің тымықтығы мен үнсіздігі сондай, қурай басының қырауы жерге түссе естілерліктей... Төңірекке орнаған тыныштық пен ұйқы, мені де өз құшағына ала бастады. Мен де енді маужырап, қалғуға айналдым...
— Шаршауын шаршадың ғой, бала, бірақ шамаң келсе, ұйықтамауға тырыс, қасқыр деген кәпір, пәле ол. Жылқыда адам жоғын жақсы біледі ол. Қапыңды тауып, соғып кетпесін. Жылқы ішінде адам жүргенде, бала болсаң да қаймығады, — деген Мақанның сөзі құлағымда әлі де ызың қағып тұрғанмен, ұйқының салмағы ауырлап бара жатыр...
— Һап, бәлем! — деп ақырып қалған дауысқа мен оянып үлгергенше, біреу мені атымның үстінен жұлып та алды. Мен қорқыныш үнін шығарғанша, ол менің бетімді әлденемен тұмшалап та үлгерді. Сөйтіп бет-аузымды орап алғаннан кейін алдына бөктерген мені ала қашты. Сонда ғана есім кірген мен ішімнен «ұры ғой, бұл» деп жорыдым.
— Бала, — деді әлгі адам, даусын бұза сөйлеп, мені біраз алып қашқаннан кейін — жылқының жартысын беремісің маған. Енді ғана жобаладым: бұл, әрине, Мақан!.. Өйткені, дауысын бұзып сөйлеп, ұрының жыны бар ма?...
— Мақан аға, босат! — дедім мен.
— Қайдағы Мақан? — деді ол тағы да дауысын бұзып.
— Тұншықтым,— дедім мен.
Со кезде Мақан өз дауысымен қарқылдап күлді де, бетімді ораған нәрсесін жазып:
— Қалай, үрейіңді ұшырдым ба, бала? — деді.
— Ақжамбасты таптың ба? — дедім мен.
— Таптым,— деді Мақан.
— Ия, қалай?
— Ол, көп кеңес, шырағым, — деді жадыраңқы жүзді Мақан. Әйтеуір, аман табылды. Қалғанын қосқа барып айтайын. Қарным өлердей ашып келеді. Сенің қарның да ашқан шығар, ал, тарттық қосқа.... Алдына өңгерген мені Мақан жерге түсірместен, манаты мен мініп жүрген, үстінен мені жұлып алғаннан кейін қар теуіп тұрған жуас атына әкелді де, жерге содан кейін түсіріп, — ал, атыңды ұста да мін! — деді.
— Енді қасқыр тимей ме жылқыға? — дедім мен.
— Ол итің де шаршамайды деймісің, — деді Мақан — таң жақындап қалды. Торитын мезгілі өтті, олардың. Қосқа барып қаужалайық. Жылқышының қосында әруақытта даяр тамақ тұрады, ол суытып қойған ет пен езіп қойған құрт. Расында да суыққа қатпайтын жылқының майлы етің жылқышылар жылытпай да жей береді. Бақырда қатып тұрған езулі құртты қыздыру әп-сәтте... Мана атымның үстінде әлсін-әлсін қалғып-оянып жүріп, ұйқымды қандырып алдым ба, немесе Мақаннан Ақжамбас туралы кеңесті естуді қызық көрдім бе, қосқа барғанда менің ұйқым шайдай ашылып кетті. Мақан болса, болмаса да ұйқыны алдақашан құл қып алған кісі... Тұртайдың үйі анда-санда жадағай шанамен әкеп тастайтын қойдың кепкен қиы біздің қосымыздың қасында үнемі үюлі тұрады. Қи өзге отыннан әрі қызулы, әрі оның шоғы ұзақ уақыт сөнбейді. Қи сөне қалғанда тұтатып алу үшін аздаған тамызықтық ағаш бар. Оны сіріңкемен тұтатамыз. Біз келсек, боранды түні қар басып қалған қостың қарайып, шошайған төбесі ғана көрінеді. Қостың алдына үйілген қарды жырып, жабық төбесін ашып ішіне кірсек, әр мүлік өзінің орнында, тек қана қидың шоғы сөніп қапты. Қу тамызық тез жаңқаланып тұтанды, қи жағылды, ішінде езген құрт мұз боп қатып тұрған бақыр да асылды... Екі күнге жақын нәр татпаған аш өзек, астың иісі шыға бастаған кезде тіпті ашығып, іш ұлып, жүрек төмен тартқан сияқтанды. Мақанның іші де сөйтті білем:
— Бала, — деді ол, — кешегі бір қапшыққа орап тастағаныңды әкел!
Бұрышта бүктеулі жатқан қапшықты мен бері қарай тарта бастадым. Әдетте ет атаулының бәрін суыта бермейміз, қазы мен қарта сияқты, не майлы қыртыс сияқты семіз еттерді ғана суытамыз. Менің қапшыққа орап тастағаным: шамасы екі сүйемдей жуан қарта мен қатаған басынан бөлінген сүйемге жақын қазы да. Қапты жазып көрсек Мақан айтқандай қарта да, қазы да былбырап, жұп-жұмсақ боп тұр екен. Қостың пышағы өткір болады. Қапқа етпен бірге оралған сол өткір пышақпен қазыны да, қартаны да кесектеу тіліп, асап жатырмыз... Майлы етке қаужалғаннан кейін ұлыған іштің үні өшіп, ауыл-үй орнына қона бастады. Мақан Ақжамбастың кеңесіне содан кейін ғана кірісті. Оның ептеп мақтана сөйлейтіні де болушы еді. Сол дағдысымен ол алған аңының қанды жүрегін жұтып көңілі жай тапқан бүркіттей қомданыңқырап алды да, көңілді кескінімен:
— Ал, бала, — деді, — сен тыңдай бер, мен айта берейін...
Мақан ол кеңесін ысытқан құртты ішіп болғанға шейін бітіре алмады. Одан кейін буынға тамақ түсті ме, болмаса қабаққа қатқан ұйқы жеңді ме, — Мақанның бойы маужырай бастады. Мен әлі тың сияқтымын. Құрт ішкеннен кейінгі әңгімесінің арасында Мақан бірер рет қалғып кетті де:
— Бала, қалжыраған екем мен — деді, — сен тыңдау көрінесің, таң да біліне бастады, жылқыны қарай тұруға жараймысың?
— Жарайды,— дедім мен.
Егер күн жылы болса, жылқы күн көтеріле жусайды. Со кезде қосқа қайтып келсем, Мақан оянып, күндегі дағдысымен жалаңаш денесін қармен ысқылап жатыр екен.
— Сондай тамаша ұйықтаппын, — деді ол. — Қыстайғы несие ұйқының бәрі өтелген сияқты. Қарға аунаған түлкідей жайнап қалған сияқтымын. Таңертеңгі асты даярлаумен қатар, екеуміз тағы да Ақжамбастың кеңесіне кірдік. Бұл ұзақ кеңестің қысқаша мазмұны былай боп шықты: жылқы ықтаған жаққа қарай жортқан Мақанның алдынан қасқырлар қамаған бір топ жылқының ерсілі-қарсылы үрке жөңкілген іздері көрінеді. Қасқырлардың қанша екенін із санынан айырып боларлық емес.
— Бірақ, — дейді Мақан — шамасы он шақты бар-ау деп ойладым.
Қасқырлардың да ерсілі-қарсылы шапқан түрлеріне Қарағанда, жылқыны қоршап алған сияқты. Қасқырға қамалғанын білген жылқылар біраздан кейін топтанып алып, жұбын жазбай шабады. Қасқырлар оларды қаусыра қуады.
— Қасқырдың, қанша екенін сонда ғана шамаладым, — деді Мақан — тоғыз екен. Тоғыз қасқырдың әрқайсысына бір ұмтылған жалғыз жылқының ізі көрінеді. Ішім сезе қойды, ол — біздің Ақжамбас.
— «Жануар-ай!» деп аядым, — дейді Мақан — арпалысып бара жатыр екенсің-ау! Бірақ көп қасқыр ең алдымен қақпақылға сені алып, болдыртады-ау!.. Жылқылар со қалпымен жұбын жазбай үркіп қаша берді. Қасқырлар қаусырып қуа берді. Ақжамбас та үйірін қорғай, қасқырларға бір ұмтылып, жылқыларының жұбын жаздырмай бір қайырып, арпалысып барады...
— Іздерінің жобасына қарасам, — дейді Мақан — қасқырлар жылқыны боран толастамай-ақ бөліп әкеткен сияқты, өйткені жылқылардың, да, қасқырлардың да іздерін көп жерде қар басып, көмескі боп қалған. Сол бетпен қуа берген Мақанның құлағына бір кезде алыста арқыраған айғырдың дауысы шалынады.
— Елең ете қалдым, — дейді Мақан — өз құлағыма өзім сенбегендей, атымның басын тежеп, тоқтатып қойып тыңдадым. Тағы естілді арқырап, кісінеген дауыс. Алыстан талып келеді, бірақ тани кеттім, — Ақжамбастың дауысы...
— Со кезде «алда, жануар-ай» — деппін де, — дейді Мақан, — көзімнен жасым ыршып кетіпті!..
— Жақсы жылқыдан садаға кетсең болмай ма, — дейді Мақан — астымдағы айғырым да со кезде жаңа ғана ұстап мінгендей тыңая қап, қарды қара жердей басып, сілтей кеп жөнелді... Мақанның көзіне иірілген бір топ жылқы шалынады. Мақан атына қамшыны баса түсіп, жақындайды...
— Со кезде, — дейді Мақан — жылқының айналасынан бірнеше қасқыр созылып жөнеле берді... Мен танығандай, айғыр да басын көтеріп, арқырап қоя берді!.. Жүйесі босаған Мұқан кеңесінің ар жағын айта алмай, көзін орамалмен сүртіп, солқылдап жылап алды да:
— Қайтіп қана дәтің шыдар жыламағанда, — деді, — жетіп келсем, айғырым бақайшағына шейін қара терге малынған, үсті ақ көбіктеніп, буы бұрқыраған, өлердей ентіккен!.. Мен бәлкім кешіксем, қасқырлар айғырды талап жейді екен өйткені айғырда енді қару қыларлық әл қалмай, әбден болдырыпты... Содан айғырды ұстап алып, көзінің терін орамалыммен сүртіп, үстіне шекпенімді шылбырыммен таңып, жүгенімді сыпырып ап, басына кигізіп, алдыңғы екі аяғын белбеуіммен тұсап, тізгінді шоқтығына қаңтардым... Енді қауіп жоғын сезгендей, айғырым сол арада қалшиып тұрып қалды. Мен жылқыларға кеттім.
— Барып қарасам, — дейді Мақан — айғыр жылқыны бір жерге иіріп қойыпты да, өзі соларды айнала шауып, қасқырлармен алысыпты. Сонда алдына келсе тарпыған, артына келсе тепкен іздері көрініп жатыр... Не деген ауыр азап дейсің: әрі иірген жылқыны сол арадан қозғамай ұстап тұру керек, әрі айнала шабуыл жасаған қасқырларға жылқыны бермеу керек!..
— Неге иірген? — деп сұрадым мен.
— Оның мәні бар екен. — деді Мақан. — Ар жағында терең сай бар екен. Жылқы оған киліксе-ақ, қасқырлар тұсаған малдай ұстай.тын. Айғыр соны білгендей жылқылардың алдынан шығып, қайырып ап иіріп қойыпты.
— Кейін неге айдап кетпеген? — дедім мен.
— Әй, бала-ай, баласың-ау! — деді Мақан — кейін айдап кететін ол бос жүрген жылқы ма, қамаған қасқыр жібере ме, оны? Ол қулардың ойлап келе жатқаны да сол алдындағы сайға қамау емес пе? Айғырдың да, қасқырлардың да ақылдылығына қайран қалған мен:
— Апырай, бұларың сондай ақылды болушы ма еді? — дедім.
— Қасқырды қоя тұршы, — деді Мақан — ол жауыздың ақылдылығына ешкімнің таласы жоқ қой. Шіркін, ақылды деп мына Ақжамбасты айтқан дұрыс қой. Малдың ырысы ғой, жануар!.. Мақан биыл, 1969 жылы тірі, жасы 95 те. Былтыр іздеп барып көрсем бір жас кіші немере інісі — Ноғай мен екеуі, жекеменшік малдарына шалғымен пішен шауып жүр екен бел-буындары талатын түрлері жоқ!.. Ондай қуаттарың тұрмыстарының жақсылығына жориды.
ҚОМАҒАЙДЫҢ КЕСІРІ
Мақан менің, атымды «Қарашұнақ» қойды. Артынан білсем, Қарашұнақ деген кісі Торсанның не заманғы жылқышысы екен. Мен оны қартайған кезінде көрдім, денесі кішкентай ғана, тығыршықтай семізше, шоқша сақал, домаланған қара кісі екен. Мақанның маған қойған бұл аты дәл келетін еді. Себебі, — еркін ауада жүрген соң, еркін майлы тамақты ішкен соң, жан қиналар жұмыс болмаған соң, мен де бұлтиып семіріп алып, күні-түні жел қағатын далада жүргендіктен қарайып кеттім. Маған енді дүниедегі ең зор бақыт жылқышылық сияқтанды. Менің ол жылқыдан өлмей кететін ойым жоқ еді, «кесір шалғанда кежеге де тіс сынады» дегендей, бір кесір алдымнан көлденең, тұра қалды... Қыстың аяғына қарай жылқы Достың Жаманшұбар жақ бетіне шықты. Сол күндердің біреуінде:
— Шырағым, мен Жаманшұбарға барып қайтайын, — деді Мақан. — Үсті-басым да кірлеңкіреді және жұмыстарым да бар еді, бірер күнсіз келмеспін, бүгін кісі жіберермін, сол екеуің жылқыға ие бола тұрарсыңдар.
— Жарайды, — дедім мен. Өйткені ол кезде жылқының күндізгі қарауына да, түнгі бағынына да үйреніп алғам. Және со бір күндері шуақ боп тұрған.
— Кісі кешке дейін келер, — деді Мақан аттанарында, — алда-жалда кешігіңкіреп келсе, жылқыны өзің қарай тұрасың.
— Кәне, екеуміз бірге аттанайық, — деді маған. — Мен саған жуастау қарулы жылқы ұстап мінгізіп кетейін. Жылқыға ертіп барған Мақан өзіме таныс жуас айғырды ұстап берді де, мен оны жылқының Жаманшұбар жақ шетіне шығарып салғаннан кейін:
— Шырағым, сен тебіннің жағдайына үйреніп болдың ғой, — деді Мақан — жылқының жайын да білесің және қасқырдың да биыл торыңқырай бергенін көріп жүрсің. Одан қорықпайтын болдың ғой, қазір. Егер мен жіберген кісі кешігіп, зәуі-сайтан жылқыға қасқыр шаба қалса, сен балалық қып қорықпа! Қасқыр итіңнің кейде бала-шаға, қатын-қалаштан қорықпайтыны болады. Егер жылқыны тартып жеуге айналса, есіңде болсың оның жалғыз қорқатыны — от!
— Одан қалай қорқады? — деп сұрадым мен көңіліме қауіп туа бастап.
— Тамызыққа деп әкелген ағаштың біреуінің бір жақ басын қидың қожына көміп қой, тұтанып жатсын. Егер, қасқыр кеп, сені баласынатын болса, оған сол шаланы қолыңа ала ұмтыл, ол сонда қашады. Мақан кете барды. Мен қалып қойдым. О байғұстың маған әлгі қауіпті айтпай-ақ кеткені жақсы еді, айтқан соң тағы да төңірегімдегі әр сайдан кеп жылқыны қасқыр аңдып тұрғандай сезім пайда болды. Ендігі тілегім — Мақанның жіберетін кісісінің келуі. Егер ол кешігіп келсе не істерімді білмей сасудамын. Мақан жіберген кісі күн батпай келіп қалды. Алыста қарайып келе жатқан салттының алдынан мен шауып шықтым. Тани кеттім, өзіміздің Жаманшұбардағы Әйтілестің Бекені. Қосқа келгеннен кейін Бекеннің барлық ынтасын сап көргені, кигізге орап тастаған ет болды. Бұл кезде, қыстыгүні сойылған семіз байталдың еті азайып, оған бір ту қойдың семіз, құйрықты істәгі кеп қосылған. Семіз еттерді көргеннен кейін көңілі көншігендей болған Бекен мұртынан бір күліп алды да:
— Тұртайдың үйі барғанда ас татырмайтын еді, жаудай шабайын бәлемді, сал етті бақыр толғанша! — деді. Мақан екеуміз тоятын еттің мөлшері белгілі. Асылған бақырға мен етті сол мөлшермен ғана және аса майлысын емес, сылалауын салып жатқанымда:
— Өй, сен қызық бала екенсің ғой, — деді Бекен, — бұ немене, салып жатқаның? Мен осында етке тоюға келмей, неге келді деп отырсың? Бері әкел пышақты, өзім салам! Пышақты қолына алған Бекен жылқы етінің де, қой етінің де қайдағы майы туырылған семіз мүшелерінен кесіп ап, жарты қойдың еті сиярлық үлкен мыс бақырға ұра берді. Ішімнен: «Апырау, бұның бәрін өзі жер ме екен үйіне әкетер ме екен?» деп ойлаймын, өйткені мына салған еті, менің құлағым естігені болмаса, көзім көрмеген тажалдар болмаса, жай адам тауысар ет емес. Бекен:
— Ал, бала, мен жылқыны біраз қарап келейін, сен етті пісіріп қой, — деп кете барды. Бақырға толтыра салынған ет қайнап ісінгеннен кейін симай, быртиып жоғары көтеріліп кетті. Со бетімен қайната берсең, еттің асты піскенмен, беті піспейтін болды. Батырыстырып салсаң, көп уақыт қайнайды. Бекен маған «қарным ашыңқырап келді, тез пісіріп қой», — деп кеткен. Бекеннің ренжірін біле тура, бақырға симаған етті мен алып қойдым. Сиған ет еркін қайнап, жидіңкіреп піскен кезде, Бекен де келді. Бақырда қайнаған етке ожауды салып көрген ол:
— Әй, ана мүшесі қайда, мына мүшесі қайда? — деп мен бақырдан алып қойған еттерді іздей бастады. Оған мен болған жайды айта кеп, алып қойған етті көрсетіп ем:
— Өзің бір оңбаған бала екенсің ғой, — деді Бекен ренжіп, — «байдың асын байғұс қызғанады» деген рас екен ғой. Сен шатаспа өйтіп! Мына піскен етті түсір де, шала піскен етті сорпаға қайта сал!
— Оны тауыса аласың ба? — деп ем.
— Тауысқан тауыспағанда не ақың бар, — деді ол жекіп, — ас деген соң ас! Бақырдағы етті түсіріп боп, шала піскен етті сала қоймап ем:
— Кеңсірігіңді бұзып жіберейін бе? — деді Бекен маған жұдырығын оқтанып. Жаман, шірік неме, немене істеп отырғаның? Бекен түрегелді де, шала піскен етті бақырға өзі салды. Ағаш табақта буы бұрқыраған еттің үстіне тұздық құйып, екеуміз ортаға алдық. Мен турап беріп отырмын, Бекен жеп отыр. Уысын толтыра асаған майды, ол сабырмен шайнамай, бүркітше қылғиды... Ол қылғып отыр... мен кесіп беріп отырмын!.. Біреу етке қақалып қалғанда, қасында отырған кісі — «мынау қақалмайтын еді, не болды бұған?» десе, екінші біреу отырып — «е, ет үлкен болса, өңеш құдай деймісің?» деген екен. Сол айтқандай Бекен қанша қомағайланып қылғығанмен, мол май оның жүрегін лезде қайтарып тастады. Майды әуелі уыстап асаған ол, артынан жапырақтап жеуге кірісіп, ақыры:
— Болар Дүние емес екен мынауың, тойып қалдым, — деп шегінді. Піскен еттің тең жарасы да желінбей қалды.
— Бақырдағы етті қайтеміз? — дедім мен қуланып.
— Е, таңертең жейміз де, — деді, маңдайы тершіген Бекен кекіре сөйлеп.
— Құрт ішпейсің бе? — дедім мен күліп.
— Оңбаған-ау, мені мазақ қылғың кеп отыр ма? — деп Бекен қуланған кескінмен жұдырығын түйді. Ол кешке жылқы күзетіне аттанып кетті.
— Мен де барайын ба? — деп ем:
— Сен не аласың? — деді Бекен. — Жат та ұйықта, таңертең ертерек тұрып, етті де, көжені де қыздыр. Мен ұйқтап қалдым... Өкірген бір дауысқа шошып түрегеп далаға жүгіре шықсам, есіктің алдында ат тұр, аттың үстінде, денесі жерге қарай салбыраған біреу, өкіріп құсып тұр!.. Тани кеттім, Бекен!.. бір қолымен атының тізгініне зорға ие боп тұр... Өкіріп кеп қалғанда, аузынан атқыған құсық, сонадай барып түседі!.. Аяп кеттім де, Бекенді аттан демеп түсірдім... Қарға жүресінен отырып ап, екі қолын күртікке тіреп, тағы да біраз құсқан ол, бір кезде сүлдері құрығандай сүйретіліп әрең, тұрды да:
— Мені енді қосқа кіргіз, бала! — деді.
Мен оны қосқа кіргізіп, Мақанның орнына жатқыздым.
— Ауырдым, бала, — деді ол біраздан кейін. — Етті тегі шикі пісіріп бердің білем!..
— Жылқыны қайтеміз?
— Сен күзет — деді ол...
Мен таңертең жылқы күзетінен келсем, Бекенім әлі ауырып жатыр. Аһлап-уһлегенде жаны шығып бара жатқан кісідей!.. Мен:
— Түндегі астың қалғанын жылытайын ба? — десем, Бекен жауап берудің.орнына басын шайқайды...
— Беке, асқа қалай қарайсыз? — деп ем:
— Жылытсаң, жылыт. Ішіп көрейін — деді ол.
Аузы айтқанмен, тамаққа жайы жоқ екен. Асқа беттей алмаған ол, ыңқылдаған қалпымен жатып қалды. Ымырт жабыла мен жылқының күзетіне кеттім. Түнде жылқыға қасқыр тиді. Оның, белгісі — жылқының шұрқырасып кісіней қалуы. Со жаққа тұра шаптым... Мен беттеп шауып кел жатқан жақтағы жылқы тобы менен бе, қасқырдан ба, — дүркірей қашысты... Алдымда қарайған бірдеме көрінеді... Жетіп келсем, бір жылқы тыпырлап, шыңғырып жатыр, үлкендігі тайшадай қасқыр оның алқымына жабысып жатыр, енді бір қасқыр жылқының шабын жарып ішіне қарай кіріп кетіпті!.. «Қасқыр әуелі жылқыны шаптан жарады да, — деген Мақан — ең алдымен ыстықтай өкпе-бауырын суырып жейді, сонда жылқы шыңғырып жатады...» Мына екі қасқырдың біреуі де сөйтіп жатқанын біле қойдым... Зәрем ұшып, бойым қалтырап кетті... Сонда да қару қылғым кеп бар дауысыммен айғай сап, үріккен атымды шаужайлап тебініп, қарыма ілген құрықшамды көтеріп ем, жылқының алқымына жабысқан қасқыр басын жұлып алды да, маған қарап ырылдады... Мені баласынып басынғанын біле қойдым... Не істеу керек?.. Есіме Мақанның «от алып ұмтыл» деген сөзі түсті... Бірақ қайда ол от?.. От жағатын жерде өліктей сұлап Бекен жатыр!.. «Бекеннен жәрдем болмас па екен» деген оймен, шауып қосқа келсем, бүгін аздап ішкен асын тағы да құсып, құдайына жазып жатыр екен... Қозғалар дәрмені жоқ!.. Мен қайта шауып барсам, жарған биенің пәрә-пәрәсін шығарып тойынған қасқырлар кетіп қапты... Ертеңіне таңертең келген Мақанды қарсы алып, осы жайларды айтып ем, мінезі момын Мақан:
— Әй, шырағым-ай, мал менікі болса неғылайын, көп жылқыдан бір жылқы садақа дер едім де, қояр едім. Малға іші тар ит болушы еді Тұртай. Бір тайының таңын қасқыр тартса, әкесі өлгендей кейитін еді. Жылқыны биыл аман-ақ алып келе жатыр едік бұндай боп қалған екен!... Ертең өзі де келетін еді, бұл бір пәле болды, саған! — деді. Мақанның айтқаны келді: ертеңінде қатынасқан Тұртай бір биесін қасқыр жегенін білгеннен кейін: Айтсам болмайсың, маңдайында бес елі қырсық жүрген осындай немені жылқыға жолатпайық дегенде: «Жетім бала ғой, сауабы тиер» деп мүсіркеп, болмаған сенсің. Міне, енді түбіме жеткіздің де тындың! — деп, Мақанды біраз жерлеп, ұрсып алды да, момын Мақан қарсы жауап қайтара қоймаған соң:
— Жоғалт, енді иттің күшігің көзіме көрсетпей! — деді Тұртай, — Бекенмен қайтарып жібер!.. Биені қасқыр жегенге өзін кінәлі көрді ме, не момындығы ма, Мақан Тұртайға «қалдырсақ қайтеді» деген сөзді айта алмады. «Ауруынан» жазылып болмаған Бекенді де Тұртайдың қоста қалдырғысы келмеді.
— Осында майды жеп, жеті атаң аштан өлген неме ме едің? — деп Тұртай оған да біраз ұрсып алды да, — сүйретіліп жатып алмай, қайт үйіңе! — деді. Қостың қасында жуырда тезек әкелген итшана жататын, соны Жаманшұбардағы иесіне жіберетін жылқыға жекті де, ауру Бекенді шанаға, мені аттың басына мінгізіп:
— Менде жазық жоқ, қош болыңдар! — деп Мақан жөнелтіп салды...
БЕСІНШІ ТАРАУ
ӘНГЕ ӘУЕСТІК
СІБІР ӘНШІ
Әсем ән мен тәтті күй».
Жылқыдан босанып келгеннен кейін мен тағы да белгілі Жаманшұбарда жүре бастадым. Маған тағы да өлеңнен басқа кәсіп табылмады. Бірақ мен бұдан кейін көбінесе, қиссаға емес, әнге құмарттым... Жұрттың пікірі мен туралы екіге жарылды: «Атасында бақсылық бар ғой, — десті біреулер, — дәу де болса, осыны аруақ қысып жүр, бұл да бақсы болады»; «Бақсы дегеннің түсінде ызғар болады деуші еді, — десті екіншілер, — мынауың, бір шайқымазақ, осындайға бақсылық қонушы ма еді? Бұл кәдімгі аха-хау, ехе-хеудің өлеңшісі болады да қояды». «Бақсы болады» дейтіні мен ауылымыздағы «бақсы қатынның» үйіне барғыштаумын. Оның аты — Қымбат, баласыз, байсыз жалғыз кемпір, Қымбаттың күйеуінің аты Быламық екен жеңгелері оны «Кеже» қойып, содан ел де «Көже» деп кеткен. Көже де бақсы болған адам. Ол біз есімізді білмеген кезде еледі, қабыры Достың дөңіндегі зиратта. Өзге қабырдың үстіне шоп шыққанда, оған шықпай, сары топырақтанып жатады. Жұрт бұны екіге жориды: баласы жоқ қой, қабырына шөп шықпауы сондықтан деседі біреулер; енді біреулер: Бақсының қабырына шөп шықпайтын, — деседі. Көженің бақсылығы қандай болғанын біз білмейміз. Қымбатты көрдік. Қазіргі санамызда біз жын-шайтанды да, олармен «жолдас» болатын бақсыны да танымаймыз ғой. Олардың жүзден тоқсан тоғызы, Шоқан Уәлиханов айтқандай, шарлатандар екені рас та ғой. Солай бола тұра, бақсылардың арасынан, біздің қазіргі тілімізбен айтқанда, кейбір фокусшілер, немесе шын мағынасындағы гипнозшылар кездесетін сияқты. Қымбатты сондай гипнозшылардың бірі ме деп ойлаймын. Ол — қол тоқпақтай ғана кішкене денелі кемпір, со денесіне лайықталып біткендей, бет-аузы да бір-ақ уыс. Пышақтың желкесіндей боп біткен қып-қырлы мұрнының ұшы біз сияқты іп-істік. Шүңірек келген кішкене шегір көзі қараған адамның өңменінен етіп кете жаздайды Кірпігі, қасы, шашы жіп-жирен. Денесінің еті сүр болғандай сүйектеріне жабысып қалған. Және түсі көп-көгілдір. Сол терілердің астынан білеулене біткен тамырлары өрмекшінің ауына ұқсайды да, қызылы, көгі, жасылы аралас сияқтанып талаурап тұрады. Тері мен еттің ішіндегі сүйектердің бөлшегін сыртынан санап алғандай боласың. Қылқиған жіңішке мойнына жабыса біткен өңеш пен кеңірдек бері қарай білеуленіп, сыртынан жапсырып қойған сияқтанады. Жұрттың айтуынша, Қымбат жас күнінде молаларға түнеп, жаз болса есіз қыстауларды кезіп жүреді екен. Бақсылық оған бойжеткен кезінде қоныпты-мыс. Кеже де со кезде бақсылық құрып жүрген жас жігіт екен екеуі көңіл қосқасын Қымбаттың әкесі Көжеге қалыңмалсыз береді... Қымбатты гипнозшы ма деп ойлайтын себебім, жынданған адамның ілуде біреуі болмаса, одан жазылмай кетпейтін еді. Өзім көрген бір мысалды алайын. Біздің кішірек кезімізде Дос басына қонған ауыл бір кезде у-шу бола қалды, сөздері: «Бәйділда жынданды!..» Бәйділданың әкесі Қосшығұлдан: Кәлен, Кәсен, Әлен, Әлмен, Әбділда, Бәйділда атты алты ұл туған. Кәсені ғана ерте өлген, өзгесі біз көргенде тірі, Қосшығұлдың тірі бес баласының бесеуі де өте зор денелі адамдар. Жастары со кезде жиырма бес пен қырықтың арасында. Кәлен бір жиында бас балуанға түсіп, бәйгесіне түйе алғандықтан «Түйе балуан» атаған. Оның інілері де, бір кісіден жығылмайды. Шаруасы шағын үй болғандықтан кейінгі төртеуі үнемі жалшылықта жүреді. Сол кезде жиырма бестер шамасындағы Бәйділда Нұртазаның үйінде жалшылықта тұратын. Жұрттың айтуынша, оның бір өзі бес жігіттің жұмысын істейді... құдыққа түскен ірі қараны жалғыз өзі суырып алады... асау жылқыны құлағынан алса, тырп еткізбейді, со күшіне тамағы да сай,— бір өзі екі-үш жігіттің асын ішеді... Оның денесі, жұрттың осы мақтауына сиғандай: бойы биік жауырыны кең, сүйектері ірі, жұдырықтары тоқпақтай... со сияқты дәу жынданса, жұрттың зәресі кетпегенде қайтсін!.. Бәйділданың жындану себебі былай бопты: Жаманшұбарда ағаш жоғы мәлім. Қора, қопсыға, басқа керек-жарағына деген ағашты жаманшұбарлықтар «Отын ағаш» дейтін жерден ұрлап әкеледі. «Отын ағаш» — Жаманшұбардың батысында, шамасы жиырма-отыз шақырым жерде. Одан ағаш ұрлау жаманшұбарлықтарға жаугершілікке аттанумен бірдей. Бір жағы Қанжығалы-Күрлеуіт аталатын рулардың, қыстауларына жататын, бір жағы қазыналық кардонға саналатын бұл орманнан ағаш ұрлауға барғанда, егер иелері көріп қап ұстамақ болса, жаманшұбарлықтар төбелесіп құтылып кетуге әзірленеді, сондықтан ағаш артатын екі доңғалақты қазақ арбаларға қарулы өгіздер жегеді де, «жаумен соғысуға тура келсе...» деп, бірнеше жігіт салт атқа мініп, қолдарына сойыл сияқты қарулар алады... Әдетте, олар ағашты жаз ортасында ұрлайды. Бұл кезде тұрғын елдер жайлауына шығып кетеді де, қыстаулар есіз қалады. Қазыналық ағашты күзетушілердің көзін алдау үшің жаманшұбарлықтар күн бұрын астыртын барлаушылар жіберіп, ағашты жүрмейтін жақтан кеседі... Бәйділда жынданар жолы да жаманшұбарлықтар Отын ағашқа бұрынғы дағдысымен аттанады. Олар Отын ағаштың есіз жатқан бір бүйіріне түнде барып, керекті ағаштарын кесіп арбаларына артады да, іздерімен қайтады. Мінезі ауыр, қақ-соқта жұмысы жоқ Бәйділда жолшыбай алысып-жұлысып ойнағандарға қосылмай, Нұртазаның ағаш артқан арбасының үстіне жатады да, ұйықтайды. Сол қалпымен түн ортасы ауғанша ұйықтайды да, бір кезде, шалқасынан жатқан қалпында ақыра түрегеліп, арбадан түсе қап, айғайлаған қалпымен, беталды құла дүзге қашады. Біреулер «бізді қорқытпақ болған ойыны» дейді, біреулер «осының есеңгіреп қашып барады» дейді, ақыры Бәйділда айқайлаған қалпымен ұзап бара жатқан соң, салттылар тұра қуады... Жынданған адам жүйрік болады екен дейді. Былай да сирағы ұзын Бәйділда жынданып қашқаннан кейін жаяу түгіл салттыларға әрең жеткізеді. Қуып жеткенмен, қарулы Бәйділданы тоқтатуға салттылардың біразға дейін әлі келмейді. Ақыры көп боп жабылып, әрең дегенде Бәйділданы ұстап, аяқ-қолын байлайды, әйтпесе ие бола алмайды... Не істеу керек? Болған уақиғаны хабарламақ боп Нұртазаға шапқын кетеді. Нұртаза Бәйділданың, алдынан тарантасқа жегілген пар ат жібереді де, ағасы — Кәленнің үйіне апартып тастайды. Кәлен, бізге мәлім — Тұртай байдың ауылында отыратын кісі. Әдетте, ауылмен бірге Досқа жайлауға шығатын ол, со жылы Батпақкөлдегі қыстауында қалып қойған екен. Доспен ол екі ара — он екі шақырым. Аралары сондай шалғай бола тұра, «жынды» дегенді көрмеген біздің ауылда зәре-құт жоқ. Және жігіт атаулының бәрі Бәйділданы күзетісеміз деп Кәлен үйіне кеткен. Ауылда қалған қатын-қалаш, бала-шаға түн болса-ақ үрпиіп, естияр кісісі жоқ үйлер өз үйлерінің есігін бекітеді де, естияр кісі бар үйлерге барып жатады. Бәйділданың жындануы үдей түседі. Енді ол кигізге бөлеп, арқанмен шандып тастамаса, бой бермейді. Біраздан бөлеген кигізді де шыдатпай, аузымен жұлып тастайды. Жұрт не істеуге білмей сасады. Кейбір адамдардың ақылымен, жігіттер оны, арбаның, арысына тырп-етпестей қып байлап тастайды. Қымбат ол кезде бақсылық құрып, басқа елге кеткен екен. Жұрт оған қос атпен кісі шаптырады. Шапқыншы іздеп тапқанда Қымбат «жыным қыдырып кетті» деп, біраз бөгеліңкіреп келеді. Ол, әрине, бақсылардың салтын құрып, сарнай, күңірене, құтырына келмекші ғой. Және оның даусы да қасқыр жарып жатқан ешкінің даусындай, адамның жанын түршіктірерлік болатын. Кәлен үйінің төбесін көре құйындатып шапқан салт атты Қымбат жаңағы тұрпайы даусымен бақырып кеп, Бәйділда байлаулы жатқан күркенің қасына түсе қалғанда, құтырынып, аузына келгенін сөйлеп жатқан Бәйділда, қасындағыларға: «Бетімді жабыңдар» депті. Қымбат жуан қамшысын білеп, күркеге ақыра кіріп келгенде, Бәйділда: «Апатай, сабай көрме» деп жылап қоя беріпті... Бұл сөздерді бақсыға сенетін ол кездің адамдары есіріп айтты ма, болмаса расы со ма, әйтеуір, Қымбат келгеннен төрт-бес күн кейін Бәйділданың қол-аяғы шешіліп, Қымбаттың ырқына көнуі рас... Сонда оның сарнаудан басқа емі: Бәйділданың қол-аяғын домалатып байлатады да, жая тұсынан бір, жаурын тұсынан бір-екі жерден қолмен ұстайтын тұтқа істетіп, жігіттерге қол тұтқадан ұстатып, кезек-кезек үздіксіз айналдырта береді. Жүз шамалы жігіт бірінен соң бірі үздіксіз айналдырғаннан кейін басы айналған Бәйділда есінен тана құсады... Ағыл-тегіл терлейді.. Со кезде Қымбат оны әуелі — жабағы бөстекке, одан қалың кигізге бөлейді де, жерден қалған терең шұңқырға жатқызып, басына күзет қояды.
— Егер дыбыс берсе, — дейді ол күзетшіге, — үн-түнсіз маған хабар айта қойыңдар!.. Шұңқырға кешке қарай салған Бәйділда ол түні, келер күні, одан келер түні дыбыссыз ұйықтайды да, екінші күні таң біліне дыбыс береді. Күзетші Қымбатқа кеп айтқан соң, бақсы-қатын шұқырға түседі де, бөленген Бәйділданы шешіп алып шығады. Жұрт дағдысымен үрейлене қараса, Бәйділданің дені дұп-дұрыс. Ол шұқырға иеге жатқанына, жұрттың, бұл араға неге жиналғанына, бақсы-қатынның неге келгеніне қайран қалады!.. Со қалпымен ол сауығып кетеді. Осы сияқты, әлденеше жындыны Қымбаттың жазып жібергенін көзімізбен көрдік30. Балалық шағымда Қымбаттың маған өзгесі емес, сарыны ұнайтын еді. Ол кейбір күндерде, жалғыз өзі ғана тұратын кигіз үйінде, түн бойы бақсының жырын айтып, сарнап шығады. Кейбір сөздерінде, ол:
Шақырғанда кел, Домбай,
Мұңды менен шерлінің,
Дертіне дем бер, Домбай», —
деп, «Домбай» дейтін біреуге сиынып зарланады. Кейде ол біреу қуғандай үйінің ішінде дүмбірлеп:
Кереге бойы кер жылан,
Шақырғанда кел, жылан!» —
деп келе жатқан жыландардан не қашқандай, не қашқан жыланды қуғандай аласұрады. Соның бәрі балаларға да, маған да қызық көрінеді. Біз — балалар, Қымбатқа еліктейміз. Оның кейбір жындыларды емдеген түрін көреміз де, біз де Қымбат боп, бір баланы «жынды» қып, аяқ-қолын байлаймыз, содан кейін біреуміз Қымбатша сарнап, өзгеміз оны кезек-кезек айналдырамыз. Сөйтіп жүріп, біз, тентектеу бір адамның баласың 1913 жылдың жазында өлтіріп те ала жаздадық. Баланың әкесі біздің бұл қылығымызды Нұртазаға шағып, «бәрін бастайтын, Мұқанның мына жетімі көрінеді, мұны не тый, егер тыя алмаймын десең, бізге рұқсат ет, мұны біз тыйып көрейік!..» деген соң: «Бұдан былай бүйтемісің?» деп, Нұртаза әлгі адамның көзінше мені бауыр-сыртымды бірдей қып сабады да салды... Содан кейін мен «бақсылыққа» жоламайтын болдым... Ендігі ермегім ән үйрену болды. «Әу» дерлік дауысы бар жігіттің бәрі де айтатын «Қалқам шырақ» сияқты әнді менің менсінгім келмейді. Жақсы әндер үйренгім келеді. Ондай әндерді үйрететін біздің ауылда екі-ақ адам бар. Біреуі — Жұбандықтың Кәсені, біреуі — Қабанбайдың Ғабдолы. Бұлардың екеуі де ірі әншілер. Әуелі Кәсен туралы. Ол — жасы со кезде елулерге келген, қысқалау қою қара сақалды, жіңішкелеу ұзын қара мұртты, қара торы кескінді, кертештеу мұрынды, қалың қабақты, бойшаң таразы денелі, ұзын мойынды кісі. Оның сол мүшелерінің ішінде әлі күнге шейін менің көз алдымда тұратыны — үлкендігі жұдырықтай жұтқыншағы. Осы жұтқыншағы ас ішкенде де, өлең айтқанда да бұлтыңдап жоғарылы-төменді жүгіріп тұрады. Кәсеннің дауысы баритон болу керек. Ол — зор дауысты кісі. Оның сол дауысында иненің жасуындай жарықшақ жоқ, мөлдіреген таза болады. Дауысын ол өте қадірлеп ұстайды. Өлең айтарда ол «дауысымды тұтқырландырады» деп сүрлеген ет сияқты, ашыңқыраған қымыз сияқты, құрт сияқты қышқылтым тамақтарды жемейді де, ішпейді де. Жалпы алғанда ол — асты тәтті, таза қып қана азғантайлап, бипаздап ішетін адам. Үсті-басын да ол қырымпазданып, сәнді ұстайды... Бозбала күнінде Кәсен «Шәйгөз» аталатын Уақтағы Күрлеуіттің Балғасы дейтін атақты байдың қолында әншісі боп тұрған. Балғадан айрылуына себеп, жалғыз қызының қайнаған құртқа түсіп өлуі деседі. Содан кейін Кәсен Балғамен араздасып кешеді де, қызының құнын даулап көп мал алады. Одан кейін Кәсенде бала болмайды. Кәсеннің әйелінің аты — Кәтіш. Ақбұжыр кескінді, ашаң өңді, бедеу байталдай аяқ-қолы жинақ, сөзшең, ашуланшақ адам болатын. Мінезі солай бола тұра, ол Кәсенді күтеді. Және күтуіне мүмкіншілігі де бар: қоңыр төбел кигіз үйі болады, іші — жасаулы болады, бес-алты құлынды бие сауады, сол шамалы сиыр сауады, қырық-елу қойы болады... Екі адамға жетіп жатқан жоқ па, бұл дәулет... Кәсеннің өз үйіне де кісі аз барады, өзі де кісі үйіне аз барады. Манағыдай ірі әнші бола тұра, ол ілуде біреуге ғана болмаса, жабайы жұртқа дауысын шығын қылмайды. Улы жиындарда ғана жұрт оған әнді қолқалап әрең айтқызады. Ал, егер айта қалса, «құлақтың құрышы қанады» дейтін әндер соныкі. Кәсеннен менің ән үйренгім келеді. Бірақ мен түгіл, менің бабамдай кісілер айтқыза алмайтын әнін Кәсен маған өлсе үйретсін бе?.. Кәсеннің бір әдеті, жаз ел жайлауға шыққанда күн түстен ауып, қоңыржай тартқаннан кейін үйінің көлеңкесіне кигіз жайдырып, оның үстіне жылқы терісінен иленген жұмсақ бөстек төсеп, шынтағына жастық тастап, Кәтіш жасаған шайды тұщы сықпа құртпен сораптай ішіп отырып, ара-тұра даусына үндес домбыраны ақырын үсік саусағымен іліп-қағып шертеді де, өзіне тиісті әдемі бір қоңыр әндерді балбыратып басады да отырады. Оның әнін со кезде үйренейін десем, Кәтіш: «Көкала келгір, жоғал, ұры күшіктей жылтыңдамай» деп қолына не түссе, соны жіберіп қап қуады... Осы Кәтіштің бір күні маған ықласы түсе кетті. Оған себеп мынау болды: Біздің ауыл Досқа қонғаннан кейін ауылдың желкесіне жаздай шатырын тігіп, уақ-түйектерін сататын және жұрттың жүн-жұрқа, тері-терсек сияқты заттарын сатып алатын Минхабир атты татар болатың оны жұрт «Қырық-бойдақтан» келеді десетін. Минхабир айна, тарақ, сабың жіп, ине, дәрі-дәрмек сияқты көр-жерлерді әкеп сатады. Әке-шешесі бар балалар одан өздеріне керекті ол-пұлдарды алып жүреді. Менің әсіресе қызығатыным — үш тиындық домалақ сабың бірақ оны алар ақшам жоқ... Бір күні түнде қотанда жатқан қойлардың көтеріліп жүрген жүнінен жұлдым да, Минхабирға бір құшақ қып апарып бердім. Ақысына маған домалақ сабын берген Минхабир:
— Син малай, тағын да әкил, әлі, — деді.
Дәндеп алған мен ертеңіне тағы да бір қолтық жүн әкеп беріп ем:
— Иртәгә кил әлі малай, — деді, ол — сиңә мин алты түймә бирірмін. Ертеңіне алты түймені алуға барсам, шатырда Кәтіш отыр екен. Ықласы түсті ме, әлде дәндеп тағы да жүн әкелсін деді ме, — Минхабир маған алты көк түйме берді.
— Түймең қалай әдемі еді? — деді Кәтіш маған. Бере тұршы, көрейін. Ондай түйме өмірімде қолыма түспеген мен Кәтішке берсем, қайтармайтындай көріп, қашқалақтап ем, Кәтіш маған күлімсірей қарап аз отырды да:
— Ән үйренгің келе ме, әй бала? — деді. Мен жауап бере қоймап ем, — неменесіне бұлданып отырсың? — деді Кәтіш, күнде сөмпиіп үйдің маңайынан шықпайтын едің ғой. Соңыра келе ғой біздің үйге, Кәсенге айтайын, саған ән үйрет деп. Мерзімді уақытында барсам, Кәтіш пен Кәсен дағдылы орындарында шай ішіп отыр екен ала тектен киген кең дамбалын тізесіне шейін түрген Кәсен, екі жастықты қолтығының астына ала, бір жамбастап жатыр. Қасында сүйеулі домбыра тұр. Тегі, мен барғанша екеуі кеңесіп қойған болу керек күндегі дағдымен жақындай қоймай, анадайдан орағытқан маған:
— Келе ғой, бала, келе ғой! — деді Кәтіш. Мен жақындағанда, Кәсен де басын көтеріп отырды.
— Осы боқмұрынның өзі әнші жігіт болайын деп жүр білем,— деді Кәтіш, күйеуіне қарап жымиып қойып. Бірер ән үйретіп жіберші өзіне.
— Үйретейін — деді Кәсен. — Бірақ ақысына не береді, ол?
— Е, ақыңды жер деймісің. Үйрет, — деді Кәтіш.
— Жоқ, мен беретінін алдыма салып қоймай, үйретпеймін — деді Кәсен.
— Кәне, нең бар еді, бала? — деп Кәтіш маған жымия қарап қойды да, бетін Кәсенге бұрып, — көп ақы сұрамай-ақ қой сен, бала ғой ол, — алты түймесі бар, соған үйрет енді, баланы құмарттырмай, — деді.
— Қой, болды енді, кейін тағы әкеп берер, әзірге ала тұр түймелерді, — деді де, маған қарап қолын созып, кәне, әкеле ғой, айналайын, кешегі түймелеріңді! — деді. Кәсеннің әндеріне жаным құмар мен ол арада түймем түгіл, үстімдегі жалғыз көйлегімді сұраса да беруге даярмын. Ескілеу бір шүберекке түйіп, дамбалымның ышқырына қыстырып алған алты түймені суырдым да бердім. Кәсеннің маған ол жолғы үйреткен әні, — әрине, алтау түгіл, алты жүз түгіл, алты мың түймеге берілмейтін ән. Ол маған «Біржан салдан үйреніп ем» — деп, «Қаранар» аталатын бір тамаша әнді үйретті. Басы шырқай, жоғары басталып, аяғы қоңырлап кеп, баяу бітетін бұл әннің екі ауыз өлеңі күні бүгінге шейін менің есімде:
Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң,
Бірге өскен ойнап-күліп беу қарағым,
Күлермін кіммен ойнап сен кеткен соң.
Сауырдан ат шаба алмас саздаған соң,
Жете алмай мұрадыма болдым іңкәр,
Әзәлда хақ-тағала жазбаған соң».
Осы әнді үйренгеннен кейін Кәсен мен Кәтіш өзге әнді үйретуге менен тағы ақы сұрады. Ол ақыны мен қайдан табам? Ақы таппасам, маған әнді кім тегін үйретеді?
ҚАБАМБАЙДЫҢ ҒАБДОЛЫ
Маған ақысыз-пұлсыз көп әндер үйреткен адам — Қабамбайдың Ғабдолы. Қабамбайдың үйі біздің ауылға өткен жылы ғана көшіп келген. Со жылы жалғыз сиыры көтеремнен өліп қап, ашыққан Қабамбайдың үйіне Жаманшұбар боп жылу жинап, қыстан әрең, алып шыққанын білем. Қабамбайдың, өзінің де, балаларының да кәсібі: ағаш үй қияды, тақтай тіледі, арба жасайды дегендей балташылық екен бірақ Жаманшұбарда ондай кәсіп жоқ, сондықтан Кәсен мен Ыбырайым Нұртазаға жылқышылыққа тұрады да, үй шаруасын кәрі Қабамбайдың өзі басқарады...
Ғабдол — өте әнші адам. Қазіргі тілмен айтқанда, оның дауысы лирикалық тенор болу керек. Жұбандықтың Кәсені мен оның арасындағы айырма: әншілік қасиеті және жұрттың ұнатып тыңдауы Кәсеннен кем болмағанмен, Ғабдол ол сияқты кесір, кінәмшіл әнші емес. Егер біреу «ән сап бер» десе, айтқан адам мейлі әйел болсың мейлі еркек болсын, мейлі бай, мейлі жарлы болсың мейлі үлкең мейлі кіші болсын, Ғабдол ешуақытта көңілін қалдырмайды. Сондықтан да ауыл арасында болатын ұлылы-кішілі тойдың ешқайсысы Ғабдолсыз өтпейді... Ол — сауатсыз жігіт. Кітап боп басылған жырларды ол білмейді, оның айтатыны — халық аузында жүретін жырлар. Бірақ жырларды ол өте сирек айтады. Ойын-сауықта оның көп айтатыны — әндер. Бала күндегі әсерленуім бе, болмаса расы солай ма,— маған Ғабдол айтатын әндердің саны да көп, сапасы да жоғары болатын еді. Ән айтуға ол шаршамайды. Жұрт сауыққа іңірде жиналудан бастап, таң, ата тарағанша, Ғабдол әдемі әндердің бірінен соң бірін айтып шығатын. Атақты әншілігі мәлім болғаннан кейін Ғабдолды жаманшұбарлықтар ғана тыңдаған жоқ, төңіректегі елдер де, шақырып әкетіп «айлап-апталап» дегендей, ұзақ уақыт ұстап қайтарады. Жұманшұбардың, сағынған жастары оны сарғая күтіп, жылап көріскендей болады. Балалар да, мен де сол сағынушылардың ішінде боламыз, өйткені сауық болмайтын күндерде де, егер қасына балалар жиналса, Ғабдол қалған әндерін айтып та береді және әндерін жалықпай отырып үйретіп те береді... Ғабдол айтатын сюжетті ұзақ жырлардың саны бірталай болатын. Солардың ішінен менің есімде сақталғаны екеу, бірі — «Сұлушаш», бірі — «Мақпал». Кейін мен ұзақ поэма ғып жазған «Сұлушаш» — Ғабдол айтатын «Сұлушашқа» аздап ұқсайды. Сондықтан, ол туралы бұл арада көп жазуды қажет көрмеймін. «Мақпалдың» Ғабдол айтатын вариантынан менің есімде жалпы мазмұны ғана сақталған да, өлеңдерінің көбі естен шыққан. «Сұлушаштың» да, «Мақпалдың» да өлеңдері әр жолы әр мағыналы сөздерді айтып кететін фольклорлық стильде болғанмен, оқиғасының қызықтығымен тартып әкетеді. Мысалға, есте қалған кейбір өлеңдерін араластыра отыра «Мақпал» поэмасының оқиғасын оқушылардың көз алдына елестетіп өтейік. «Мақпалдың» Ғабдол айтатын вариантын талдаудан бұрын, бір ескере кететін сөз: осы поэманы бертін кезде мен Ақтөбе елінде де, Қызылорда елінде де, Жетісу елінде де, Семей елінде де естідім. Осылардың геройының аты да Сегіз, героинасының аты да Мақпал бола тұра, оқиғалық жағынан да, өлеңдік жағынан да айырмалары көп болады. Және әр өлке Мақпалды өз елінің қызы ғып айтады. Ғабдолдың вариантында Мақпал біздің елдің қызы емес, Сырдариялық қыз. Поэма былайша басталады:
Бір сөзді екі қайта дегізбеген,
Сарқылып сағасы су сап болады,
Телегей тең болмайды теңізбенен.
Сұм дүние кімдерге боқ жегізбеген.
Сырды қыстап Өтіпті бір сал жігіт Сегіз деген.
Сонарда түлкі аулайды қақпанменен,
Сол Сегіз Мәжнүндей ғашық бопты,
Бір қызды Ләйлі көріп Мақпал деген».
Одан әрі Сегіз бен Мақпалдың қалай танысуы, бір-біріне қалай ғашық болуы туралы сипатталады. Содан кейінгі айтылатын екі ауыз өлең:
Мақпалмен ойнап-күліп құрды сауық.
Кетіпті сері Сегіз Арқаға ауып.
Қайғырып ашық жарын Мақпал жатыр.
Қыз таңдап қарақалпақ Жабы батыр».
Жабы — Қарақалпақтың байы да, батыры да екен дейді, әрі көрші отырған ел. Мақпалды көрген Жабы айттырмақ боп әкесіне сөйлеседі. Әкесі бермек болады, қыздың жақсы көретін және Сегізбен арасындағы сүйіспендік сырын білетін жеңгесі болады. Сол жеңгесіне ұзатылатын Мақпал:
Маржандап бұрымымды тарағаның,
Сегізге өз қолыңнан сәлем деп бер,
Мақпалдың жасы тамған орамалын»,—
деп сәлемдемесін береді де, ұзатылып кете барады. Осы хабар Арқадағы Сегізге жеткеннен кейін ғашық жарын құтқарып алу мақсатымен ол Сырға келеді. Келсе, Мақпал ұзатылып кеткен. Сонда ол Мақпалдың жеңгесіне:
Жетер ме созсам қолым көктегі айға.
Мақпалдың ұзатылған жөні қайда? —
дейді. Бұл сұраудың жауабын поэманы шығарушының өзі беріп:
Талпынар бала бүркіт қызыл көрген,
Жеңгесі жылап тұрып жөн сілтеді,
Мақпалды ұзатқан көш ізін көрген»,—
дейді. Сол жөнмен Сегіз қос ат алып қуады. Кеш ол кезде ұзап кеткен екен дейді. Соның ізімен қуып келе жатқан Сегіз, Мақпалдың құлағына шалынар ма екен деген мақсатпен ән шырқайды. Осы әннің жеткен-жетпегенін білмеген Сегіз:
Не болды дауысым саған сырғанамай,
Бірге өскен ойнап-күліп қайран Мақпал
Артыңа кеткенің бе бір қарамай,—
дейді. Сегіздің ащы зары Мақпалдың құлағына қыр астынан шалынады. Сонда Мақпал:
Қосылар ешкі маңырап лағына,
Жан шеше түйең басын тарта тұршы,
Сегіздің даусы келді құлағыма»,—
«Жайлауы біздің елдің Егіз еді,
Жылқымыз Егіз көлден семіз еді.
Соншама Сегіз біздің неміз еді?» —
деп сұраса:
«Жайлауы біздің елдің Егіз еді,
Тартсаңшы түйең басын қайран шеше,
Құрытқан діңкемді сол лебіз еді»,—
дейді. Бұдан арғы өлеңдері менің есімде сақталмаған, тек оқиғасы ғана сақталған: Сегіз қуып жетеді. Келісімге келе алмаған екі батыр «қай күшіміз асқанымыз әкетейік» деп жекпе-жекке шығады. Сегіздің күші Жабыдан басым болады. Бірақ жеңген «жауын» Сегіз жерге қаратып кетпейді, оның «ай десе аузы, күн десе көзі бар, жанындай жақсы көретін бойжеткен қарындасы бар екен» дейді, сол қарындасын Сегіз Жабыға береді де, екеуі өмірлік дос болады. Поэманың оқиғасы мұнымен бітіп қалмайды. Сегіз Мақпалды Арқаға алып кетеді. Бара сала ол ауруға шалдығады, сондағы оның ауруы «Сырдың суын татпауы» болады. Бұл арада айтылатын бір ауыз өлең былай келеді:
Мақпалға сол бір сырқат жайды уын.
Дариға бір татсам деп Сырдың суын!
Өлім халындағы Мақпалды Сегіз Сырға алып келіп, суынан татырса, тез сауығып кетеді. Содан кейін Сырдың суын татпаса ауырады да, татса ауырмайды. Сондықтан екеуі Сыр бойына үнемі қоныстап, тату-тәтті өмір сүреді. Поэма мынадай өлеңмен аяқталады.
Қосылды олар сөйтіп құмарына.
Ойлаған түгел жетіп мұрадына».
Ұзақ түнге жететін поэмадан менің есімде қалған сімілгірі — осылар. Поэманың арнаулы әні бар. Ол әннің бір варианты Александр Затаевичтің «Қазақтың мың әні» деген жинағында жүр. Жаманшұбарлықтардың ұғымында Ғабдолдан зор әнші болуға тиісті емес сияқтанғанмен, өзімен кеңескенде:
— Бізді қойшы, тәйірі, — дер еді ол, — Ақан серінің, қасында біз әншіміз бе?
— Оны қайдан көрдің? — деп сұрағандарға:
— Сырымбет тауына барғанда көрдім, — дейді Ғабдол. — Әне, әнші деп соны айт!.. Жұрт Ақан серіні көруге құмартады. Мен де құмартам...
ҰМСЫН СҰЛУ
1913 жылдың көктемі. Ауылдың Досқа кеп жаңа үй тіккен кезі...
Нұртазаның үйіне «Ойдағы Сибаннан» Мәшік Ботпай және Торсанның Шериі келіп қонды. Сездеріне құлақ түрсем, олар алыстағы «Сырымбет тауы» деген жерге жолаушылап барады екен... Мен оларға түнде өлең айтып. қызмет атқардым. Ертеңіне:
— Осы баланы біз ала кетсек қайтеді, — деді Мәшік Нұртазаға, — өлеңді де, әнді де жақсы айтады екен қонған жерімізде өлең айттырып отыруға ермек те болар және ән-күйдің қонған елі Атығай-Қарауыл деседі ғой, со жаққа барып ән де үйреніп қайтар. Нұртаза «көрерміз, ақылдасармыз» деді де, ертеңіне мені оңашалап ап:
— Қалай, шырағым, бара аласың ба, жоқ па? — деп сұрап еді:
— Барам, — дедім мен.
— Баруын барасың ғой, — деді Нұртаза, бірақ ол жақ — ауыл арасы емес, жат ел. Жақсы кісілердің жанына еріп барасың. Сонда өзіңді-өзің ұстай алсаң жақсы, ұстай алмасаң ұят болады ғой.
— Неге ұстай алмаймын, — дедім мен.
— Қайдам, — деді Нұртаза, — сені қылжақбастау, шайқы-мазақтау десіп жүр ғой. Соныңды жат елде де істесең, сүйекке таңба түсіресің. Сені жұрт Нұртазаның інісі дейді, өзіңді ұстап жүре алмасаң, маған да ұят келтіресің...
— Жарайды, бар, шырағым, — деді Нұртаза, — орынсыз ұшқалақтанбай, сабырлы болуға тырыс. Өлеңші-өлеңші дегенге бетіңмен дарақыланып бақыра берме. Айт деген жерде ғана айт және дәмін кетіріп көп айтпа, мөлшерлеп қана айт та, ар жағында өздері жабысып, қаламаса арам тер болма. «Істейсің ғой осыны?» — деп маған сөздерін мақұлдатып алғаннан кейін Нұртаза жол жайын сөйледі:
— Сендердің, баратын жерлерің Сырымбет тауының, ар жағында, Саумалкөл деген орыс қаласы, орысша аты — Крибазорнай31 болу керек. Атбасар базарына барғанда жолда көргенбіз. Сол қалада мирауай судья тұрады. Мына кісілерді сол судья шақырып отыр. Сендер Саумалкөлге тура бара қоймассыңдар, бергі Сырымбет тауында біраз бөгелесіңдер.
— Неге? — деп сұрадым мен.
— Торсан мен біздің Ойдағы Сибан араз кезде, — деді Нұртаза, — Сырымбет тауын жайлаған елдің жоғалған жылқыларын «Мәшік Ботпай, Таспай үшеуі ұрлады» деп көрсетеді. Қазір Торсан олармен татуласқан. Енді тұтатқан өртін сөндірмек боп, Сырымбет тауын жайлаған Шыңғыстың баласы Қоқыш төреге хат жазып беріпті. Қоқыш — ол маңайдағы орыс, қазаққа тілін алдыра алатын беделді адам. Біздің бұл кісілер судьяға Қоқышты бетке ұстап барып көрінер. Қоқыш судьямен келіскенше, бұлар бой таса ғып жата тұрмақ. Сырымбетке сапар шегуге әзірленген жолаушылар екі тарантасқа бөлініп, әрқайсысына пар аттан жекті: бір тарантаса Таспай мен Мәшік отырды, олардың божысын мен ұстадым; екінші тарантасқа Ботпай мен Шери отырды, олардың божысын Шоқпыт деген кісі ұстады. Біз жүріп кеттік. Шоқпыт туралы бір-екі ауыз сөз: со кезде жасы елулерді алқымдап қалған, домаланған кішкене денелі, тұтамдай ғана шоқша сақалды, иегі мен маңдайының арасын қыртыстанған әжімдер жапқан бұл адамның бойындағы бір үлкен «қасиеті», қандай қабаған иттер оған үрмейді де, оны қаппайды да. Өзге бөтен кісіні көргенде шабаланып жан таласатын иттер, Шоқпытты көргенде құйрығын бұлғаңдатып еркелей қалады. Иттерге «беделі» осындай Шоқпыт, жұрттың айтуынша, құлақ естір жердегі жақсы ит болса, Торсан үйіне ұрлап әкеп, «иттің ұрысы» атанған. Өтірік пе, шын ба кім білсін— жұрттың айтуынша Шоқпыттың шешесі туа сала өледі де, әкесі нашар адам болғандықтан, емізетін әйел табылмай, иттің емшегінен ауызданады... «Иттің оны қаппайтын себебі, — деседі жұрт, — ит сүтін еміп өскендіктен». Әлденеше күн бірге боп сыр түйісе келе, Шоқпыттың үш түрлі қасиетін көрдім. Бірінші — қандай көзсіз қараңғыда, жолдан жаңылмайды. Ол кезде орыс поселкелерінің арасында ғана болмаса, ауыл арасында даңғыл жол болмайды. «Жол» дегені де сүрлеу сияқты бірдемелер болады да, жаз үстіне қалың шоп шығып, көрінбей қалады, көрмеген кісіге ондай жолмен түнде түгіл, күндіз жүруге де қиын. Шоқпыт сондай жолдардан, жортып келе жатқан аттардың табанын күндіз түгіл, түнде де бір тайдырмайды. Ол кездің ауылдары бес-он үйден әр бұтаның ығына қыстай береді. Біз жүріп келе жатқан жол сондай бытыраңқы ауылдардың қыстау, жайлауларын бұралаңдап аралайды да отырады. Шоқпыт осындай жолдардан да адаспайды. Шоқпыттың екінші қасиеті — ағып тұрған әңгімеші: ертегіне балын тамыза қызық қып айтады, көпшілігі — ит туралы. Иттер туралы ол неше түрлі тамаша ертегілермен қатар, өзінің қай жерден қандай итті ұрлап әкелгендігі туралы да ертегі сияқты қызық түрде айтады. Кеңесіне қарасаң, ол Ұлытаудың бойынан да, Op өзенінің бойынан да, мына шеті Қарқаралы, Баяннан да, мына шеті Қорған, Қызылжар, Троицкі сияқты шаһарлардан да ит ұрлап әкелген боп шығады. Сөзіне нанбайын десең қасымыздағылар түгелімен растайды. Қазақтың ертегісінде «Құмай» аталатын ит бар, ол қаншықтан емес, «Ит ала қаз» аталатын құстан туады. Қаз тұқымдас, қара ала түсті бұл құс, — қасқыр, түлкі сияқты аңдардың тастап кеткен ескі апанына жұмыртқалайды, оны өзіміз де көрдік. Ертегіде «бұл құс төрт жұмыртқа салады да, шайқағанда екеуі құс, екеуі ит боп шығады, бірақ шешесі, ит болатын жұмыртқаны шайқамай жарып тастайды. Егер әлдеқалай жара алмай қалса, құмай атты күшік шығады да, өскеннен кейін ол алмайтын аң болмайды, өзге аң түгіл, кезігіп қалса, арыстан қабандарды да алады». Күш бермейтін зорлықшыл біреуді, қазақтың «бұған көкте құдайдың, жерде құмайдың әлі келмейді» деуі содан.
— Өзге иттің бәрін көрдің, құмайды көрдің бе? — десе, Шоқпыт:
— Көрдім,— деп иландырады да, қалай көргенін тамаша қызық қып айтып береді. «Пәлен жерде бір тамаша ит бар» десе, Шоқпыт соны іздеп кетеді екен де, күндеп қана емес, жұмалап, кейде айлап жүріп ұрлап алып қайтады екен. Бір әңгімесіне қарағанда, Жайықтың Орынбордан арғы бетін мекендейтін бір елде, «қасқырды қояндай алады» деген итті естіп, Шоқпыт соны іздеп кетеді де, бір жыл жүріп алып келеді. Ит расында да айта қалғандай боп шығады. Бір жылы он бес қасқыр алады... Шоқпыттың үшінші қасиеті туралы жоғарыда айтқандай — оған ит үрмеуі және қаппауы... Көрмеген кісіге бұл сөз сенерлік іс емес сияқты, ал, көрген кісіге қайран қаларлық іс... Біз беттеп келе жатқан жақтағы елдерде аңшыл жақсы иттер жиі кездесті. Солардың ішінде ең атақтылары — «Әшімнің көк шолағы» аталатын иттің тұқымы екен. Жүні көгілдір, маңдайы ақ қасқа, құйрығы шолақ бұл иттердің үлкендігі арыстандай бар дерлік. Денесінің, аяқтарының, кеудесінің сомдығы да арыстан бейнелес, төбесі жалпақтау, тұмсығы сүйірлеу, шашақтала, салбырай біткен құлағының жалпақтығы өтірік айтқан кісіге, тебіңгідей дерлік салбырай иегінен төмен түсіп жатқан жоғарғы ұртынан азулары айқасып шығып тұрады... Иелерінің айтуынша, бұл иттер қасқыр алу үшің қасына кісі ерудің қажеті жоқ, жеке жүріп те қасқырды қояндай ала береді, кейде аңшылап кетіп қап, өз бетімен де ала береді... Мінез жағынан бұл иттер әртүрлі екен: біреулері — үстін басып өтсең де үндемейтін жуас, ал, енді біреулері — шынжыр тістеген долы... Біздің Шоқпыт иттердің жуасынан гөрі қабағанына құмар. Жолшыбайғы қонатын я түстенетін ауылдарға кеп, қалаған үйдің иесінен ұлықсат алып түсіп жатқанда, сол үйде байлаулы қабаған ит болса-ақ, Шоқпыт өзгеден бөлініп соған кетеді, мен қасына ерем. Жат адамдарды көріп шабаланып тұрған итке Шоқпыт «күшім, күшім!» деп жақындаса, әуелі, «кімсің?» дегендей ырылдай қарап тұрады да, аздан кейін бәсеңсіп, Шоқпыт тағы да «күшім!, күшім!» десе, «енді таныдым» дегендей құйрығын бұлғақтата бастайды. Шоқпыт итті шешіп алады да, жетектеп біраз жүргізіп байлайды. Біз, әрине, әр ауылдағы байдың үйіне түсеміз. Олардың ішінде Торсанды білмейтіні болмайды. Арамызда Торсанның Шериі барын білген үй, қонсақ та, түстенсек те «өлі ет»32 бермей, үнемі қой сояды. Кейбіреулері құлын да сояды... Қой сойылсың құлын сойылсың алдымызға табан астау ет келеді. Жас еттің үстіне, көбінесе, қос қазы тұтас жая сияқты сүр салады. Майлы, мол етті біздің адамдар тауыса алмайды... Алдымызға ет келгенде Шоқпыттың әдеті; құйрықтан бір кесіп, бауырдан бір кесіп, тоқпақ жілікті қоса, алдына алып қояды да, астан кейін әлгі еттерін сол үйдің итіне апарып береді.
— Торсанның ит ұрлататын Шоқпыт дейтін қарақшысы бар деп еді, осы екен ғой сол,— деседі жолшыбайғы жұрт. — Шынында керемет екен ғой, бұл! Иттің әулиесі ғой, мынау! — деп таңданысады жұрт оның итпен тез дос бола қалуына.
— Итімізді ұрлай көрме! — дегендерге:
— Дәм-тұзын татқан үйдің итін ұрлаған емеспін — дейді Шоқпыт, — менің ұрлайтыным — дәмін татпағандардың иттері ғана. Мінезі және қылығы осындай Шоқпытты Шери құл орнына жұмсайды. Өзгесін былай қойғанда, семіз денелі Шери үнемі ішдәрет алып жүреді де, жасы әлдеқайда кіші бола тұра, дәретін өзі емес, Шоқпытқа алдырады!..
— Мұның не? Өзге қорлыққа көнсең де, бұ қорлыққа неге көнесің? Осынша кемшілікте жүріп тамақ асырағанша, аштан өлсең болмай ма? — дегендерге Шоқпыт жүре жауап беріп, сөзін құлаққа аспайды... Сол кезде елуден асып кеткен Шоқпыт әлі үйленбеген адам екен.
— Неге қатын алмайсың? — дегендерге:
— Ауылда қатын көп емес пе, малымды шығын ғып қайтемін — деп күле жауап береді, ол. Өзіне өмір бойы мал біткен кісі емес екен. Торсан үйіне бала кезінде көп жалшылыққа тұрған екен де, сол үйге ақысыз, пұлсыз қызмет істеп сіңісіп кеткен екен.
— Бір бұл емес, — дейді менің серіктерім, сұраған кісілерге, — осы сияқты мал-малданбайтындар, жан-жанданбайтындар, тамағы үшін жүре беретіндер Торсанның үйінде толып жатыр... Жаманшұбардан шыға серіктерім аттарын тоқтатты да, түстеніп қонатын жерлерін ақылдасты. Бұ келе жатқан жолаушылардан, беттеп бара жатқан сапарға Шоқпыт пен Шериден басқалары ұзап жүрген жоқ екен. Сырымбетке жеткенге дейінгі жолдың қай жерде қалай тарамданатындығын, сол тарамдардың қайсысына түсу керек екендігін, осы жүрген жөнде қай ауылдар отыратындығын, түстенуге, қонуға қай ауылда, қандай лайықты адам барлығын Шоқпыт алақанындағы сызықтай санап берді. Бұл план бойынша, атты ыстыққа ұрындырмай, таңертеңгі, кешкі салқын уақыттармен жүріп отырғанда, Сырымбет тауына төрт-бес күнде жететін сияқты. Алғашқы қонатын үй туралы пікір екіге жарылды: Шериден өзгелері Жансақалдың Жұсыбынікіне қонамыз десті. Шеридің неге қашқалақтауын олар мен түсінбейтін оспақпен сөйлесіп, біраз күліп алды да, менің серіктерім Жұсыптікіне, екінші арбадағылар басқа ауылға қонатын боп кетті. Бөлінер алдында «бері кеп кетші» дегендей Шоқпыт маған көзін қысты. Оңашаланған маған:
— Сендер барып қонатын үйде жынды келіншек болу керек, — деді Шоқпыт, — аты Ұмсын. Соған бір нәрсе беріп жіберсем апарасың, ба? Мен «жынды» дегеннен қорқып, «апармаймын» дегендей басымды шайқап ем:
— Ой оңбаған, — деді Шоқпыт, — «жынды» дегенге сен оны байлауда жатқан біреу деп ойлама! Бос жүретін адам, ол: Он екі пәнді тәмәм қылған молда қыз. Бір есептен қияли боп кетіпті. Әйтпесе, адамға залалы жоқ.
— Неге қияли болған? — дедім мен.
— Со қызды біздің, осы Шери алып қашқан, — деді Шоқпыт, — бірақ қатыны билік бермей айырды. Қаңғырып қалған Ұмсынды жұрт Шеридің інісі Бәкенге қосты. Одан бір қыз туды. Шериден алданған қыз, санамен сарғаюдан, жынды адамдай бетімен сөйлеп қияли боп кетті. Торсан үйі оны төркініне қайтарғанда, туған қыз Бәкеннің қолында қалып қойды. Қазір жеті-сегіз жасқа келді ол қыз, аты Күләмай, со қыздың шешесіне берген сәлемдемесі бар еді, ешкімге көрсетпей апарып бер, — деді. Шоқпыт теріс қарай беріп, қойын қалтасынан бүктетілген қызыл жібек орамалды маған берді де:
— Аналарға сездірме, алғандығыңды. Орамалдың ішінде түйілген алтын жүзік бар, жоғалтып алма, — деді. Сол арада тарамданған екі жолдың оң жағына Шоқпыт түсті, сол жағына біз түстік.
— Бала, Шоқпыт екеуің не сөйлестіңдер? — деп сұрады Мәшік былай шыға.
— Түк те сөйлескен жоқпын, — деп қашқалақтап ем, ұтқыр, қу Мәшік менің жасырған сырымды айтқызып барып тынды.
— Бәсе, — деді ол, — өзім де соған жорып едім.
Менің қойныма салған орамалды алып көрсек, айнала жиегінде ақ жолағы бар, шымқай қызыл жібек екен: Шетіне түйген алтын жүзікті алып көрсек, жалпақ көзінде «шешеме. Күләмайдан» деген жазу бар.
— Жетім бала сұңғыла келеді деген рас-ау, — деп қайран қалысты менің қасымдағылар, — қаршадай боп қарашы! Кімге құйдырды екен бұл жүзікті? Кім жазып берді екен мынаны?
— Биыл сол үйге зергерлік құрып Базалай серкеш келді деген, соған жаздырған ғой, — деді Таспай.
— Со бала жеті-сегіз-ақ жаста болу керек, — деді Мәшік — емшектегі күнінде айрылып еді шешесінен. Кемшілік көрді дейтін, кедейдің қызы емес, шешесі өгей болғанмен, туғаннан кем күтіп отырған жоқ. Бұл қызға «сен Ұмсыннан тудың» деп кім айтты екен?
— Кім айтса, ол айтсың — деді Таспай, — жұдырықтай боп шешенің не екенін білуін қарасайшы! Бұл қыз ба, бұл қыз — керемет қыз болады екен!..
— Кескін-кейпі Ұмсынның, аузынан түсіп қалған, әттең мұрны ғана Бәкенге тартып кертештеу келген, әйтпесе, құйып қойған Ұмсын! — деді Мәшік.
— Орыс, қазақты аралай жүре, — деді Таспай, — әйелдің талай сұлуын көре жүре, мен Ұмсындай сұлуды кездестірген емеспін. Дәл жұмақтың өзінен шығып хор қызы келмесе, бет біткен адамда мұндай сұлу адам болады деп мен ойламаймын.
— Рас,— деді Мәшік.
Ол екеуінің, кеңесін таңдана тыңдаймын деп, аттарды мен жолдан шығарып жіберіппін. Бұл жөнде Таспай маған:
— Көзіңе қарамай, немене, былжырап отырғаның? — деп ұрысқалы келе жатыр еді:
— Ұрыспай-ақ қой, — деді Мәшік — бұның өзі сөзге үйір бала көрінеді. Ұға алса, ұғып қалсың сол Ұмсынның кеңесін мен бұған айтып берейін.
— А, қойшы,— деп Таспай ұнатпап еді:
— Қойғаның не, — деді Мәшік кейіп, — осындай баладан өскен жоқбыз ба, бәріміз? Біз де бұндай кезімізде қызық кеңес айтқан кісілерді жақсы көретінбіз. Мәшік пен Таспай мені ортасына алды да, божыны Таспай ұстады.
— Менің сақа бозбала боп қалған кезім, — деп бастады Мәшік сөзін — Торсанның үйі ол кезде Ірбіт шабады. Торсан үйі Ірбіттен неше ылау кездеме, шай, қант сияқты дүниені қотарып алады да, ауылдарды аралатып саттырады....
— Ауыл арасындағы Торсанның саудасын Шери жүргізіп тұрды, — деді Мәшік дағдылы қалпымен түкірігін ширата тіс арасынан ытқытып ап, — со кезде Шеридің жас шағы,— піркәшігі — менмін. Екеуміз ел аралап кете барамыз. Сауда-саттықты жүргізетін — менмін, Шеридің серілік құрудан басқада жұмысы жоқ. Қайда сұлу қыз-келіншек болса, сауданы сылтау ғып со жаққа барады да, тілін алдыратын адамдарға ақша демей, мата демей төгіп беріп, дегеніне жетеді...
— Сонымен, — дейді Мәшік — тамағын қырнап ап, — бір кезде, «Жансақалдың Жұсыбында сұлу қыз бар» деген хабар келіп қалды. Жұрттың айтуынша қазақ баласына ондай сұлу бітпеген. Бұл хабар құлағына шалынған Шери шыдасын ба, — екеуміз со жаққа кете бардық...
— Жансақал үйінің со кезде күпсіп те тұрған кезі болу керек, — деді Таспай.
— Әрине, деді Мәшік — со кезде ол үйде мың жарымдай жылқы, екі-үш мыңдай қойы бар екен. Мал кімге бітпейді. Алалы жылқы, ақтылы қойды айдай алмай отырған талай байдың үйінде қонаққа сілкіп саларлық сырмағы жоғын көрдік қой, Жансақалдікі салтанатты екен. Жансақалда жалғыз-ақ бала бопты ғой, аты — Жұсып. Біз барған кезде Жұсып елулерді еңсерген, сары сақалды кісі екен. Бір жыл бұрын хажыға барып келген. Оның бір асыранды, бір тума баласы бар екен. Асырандысының аты — Қойбағар, тумасының аты — Тілеміс. Тілемістің ол кезде бала кезі.
— Жұсыптың төрт ақ үйі бар екен — деді Мәшік — тағы да шырт түкіріп ап, — өз үйі, қонақ үйі, Қойбағардың отауы және қызына тігіп қойған отау. Біздің қасымызда көк көз Ыбыш бар да. Ата жағынан ол — Жұсыпқа ағайын.
— Солай ма екен! — деді Таспай.
— Солай екен — деді Мәшік — Ыбыштың о кезде жүзіктің көзінен ететін жылпос шағы. Жұсыптың қонақ үйіне барып түскеннен кейін Ыбышты Ұмсынға астыртын жібердік. Қыз маңайына жолатпапты. Сол арада жұмаға жақын айналып, қыздың мән-жайын сұрастырсақ, оған Ақан сері ғашық екен. Жансақалдың үйінде Бұхардан оқып келген бір хазірет бірнеше жыл тұрған. Жұсыпта алғаш ұл болмай, бар баласы жалғыз қызы — Ұмсын болғандықтан хазіретке сабаққа беріпті. Қыз өте зирек боп, хазіреттің бар оқуын қағып апты дейді. Өтірік расын кім білсін, хазіреттің өзі «бұ қызға менің енді оқытатыным жоқ»,— депті-міс.
— Оны өзіміз де көрдік қой, — деді Таспай, — біздің арада Баһрам молдадан оқуы артық кісі жоқ дейміз ғой, со кісі Торсан үйінде Ұмсынға бір кездескеннен кейін «біздің оқуымыз ширегіне де келмейді, құранға қазақ тілінен кем түсінбейді» — дегенін құлағымызбен естідік.
— Оның оқымыстылығын еске түсірген себебім, — деді Мәшік — Ақан сері осы қызды іздеп кеп, арап тілімен сөйлесіпті ғой. Қыз Ақан серіден асып түсе беріпті. Содан кейін Ақан сері ғашық болып, хат арқылы өлең жібере бастапты.
— Есіңде қалғаны бар ма, — деп сұрады Таспай.
— Талай заман өтті ғой одан бері, — деп Мәшік аз ойланып отырды да, — есімде бір-ақ ауызы қалыпты, — деп, айта жөнелді:
Сәмигон ғала рәі-си уәл үзнәйни,
Мәхбубім сізге ғашық болғаныма,
Ташшаһһун екі иінімде мәләкәйни!»
— Бұ не деген сөзі болды екен? — деген сұрауға:
— Кім білсін, не сөз екенін — деді Мәшік — сонымен ұзын сөздің қысқасы, Ақан серіге қыз да ғашық болады. Шери екеуміз оқиғаның осы бір жеріне кеп киліккен екенбіз.
— Дәл бұ сөзді мен естіген жоқ едім, — деді Таспай, — мен тек, Шеридің алып қашқанын ғана естіп едім. Қалай алып қашып жүр, ол?
— Оның мәні былай, — деді Мәшік — қызға талай қимас адамдарын салып, ризашылық жауап ала алмадық. Не істеуге білмей сандалған кезде, бізге біреу «мұның айласын бір тапса, Есілбайдың Шаймергені табады. Ол — әрі осы елді билеп тұрған адам, әрі Жансақалдың Жұсыбында өкпесі бар. Бір жәрдемдессе, сол жәрдемдеседі», — деді.
— Шаймергенді талай көргенмін — деді Мәшік — Торсанмен көңілі де жақын болатын және екеуі құрдас та. Шаймергенге барып жолығып ем, құшағын жая кетті. «Бықыған мал бітті дегенмен, Жұсыпта қанша күш бар еді, — деді ол, — ондай жаман немеге жалынбау керек, қыз риза емес деген сөз — сөз емес, қызығы — қызды алып қашу. Шериге сәлем айт, менімен астыртын байланысып тұрсын да, реті келген бір кезеңде жігітін жинап әкеп, басып алсын да кетсін».
— Сол алып қашудың ішінде мен де болдым ғой, — деді Таспай. Осы күнге шейін обалсынам, қыз «ағатайлар- ау, ризалығы жоқ кісіні қайда апарасыңдар» деп еңіреп тұрғанда аузын басып алдық та кеттік қой. Бейшара көндікпей ме деп ойлап ем, тез-ақ көндігіп кетті.
— Көндікпегенде амалы нешік! — деді Мәшік— әйтеуір құтылмасын білген соң жылайды да көне береді... Ұзаққа созылған Мәшік пен Таспайдың кеңесін қысқартып алайық: Ұмсынды Шери алып қашуын қашқанмен, тура үйіне алып бара алмайды. Оның, әйелі — Ақлима, Торсанмен дәрежесі тең Нұрқан деген кісінің қызы болады. Шеридің қыз алып келгенін естіген Ақлима қайын атасына «баласын тия ма, болмаса маған төркініме қайтуға лұқсат бере ме?» — деп кісі салады. Бұл хабарды естіп, Ақлиманың төркінінен көп адам келеді. Жауға шыдай алмаған Торсан боп, ел боп Шериге Ұмсынды тастатады. Ұмсын қиын халде қалады: төркіні безінген, Шериден айырылған Ұмсын Торсанның ауылында сандалып қалып қояды. Со кезде жұрт оған: «Сен Шеридің інісі Бәкенге ти» деген ұсыныс жасайды. Бәкен ризаласады, екеуін ел сүймесе де қосады... Бірақ бұл қосылу ұзаққа созылмайды. Жоғарыда аталған Күләмэй туғаннан кейін Ұмсын шалықтанып, есінен айырылады. Көлденең жұрттың бұған тағатын себебі біреу-ақ: «Бәкенмен қосылғаннан кейін де Ұмсын Шеримен жүрісін қоймайды, соған ерегіскен Ақлима дуа қылдырып, Ұмсын содан жынданады».
— Расында, — деді Мәшік — ұзақ кеңесін аяқтай келе — оның жындануы дуадан емес, қайғыдан. Қайғырмай қайтсін: ел-жұртынан айрылды, Шери зорлап алып қашты, онымен де қоймай тастап кетті, барар жер, басар тауы жоқ сорлы, еріксіз Бәкенге қосылды. Оны жұрт «бұзылған жүзі қара» деп көзге түрткі қылды, безініп жоламады. Осындай, айналасы тегіс жау боп жалғыз қалған бейшара кітапты ермек қып оқитын да отыратын. оқыса жылайтын да отыратын. Сондай ауыр қайғы жындандырмай қоя ма оны!..
— Жынданғанда да ауыр жынданды ғой, — деді Таспай, еркек болса бір сәрі, әйел бейшараның жынданғаны да аянышты екен. Үсті-басын жұлып шыдатпай, аузына келген сөзді айтып жұрттың мазасын кетірген жоқ па?
— Ерте демей, кеш демей, — деді Мәшік — мезгілсіз уақытта байбалам сап жылай беретін болды ғой, бейшара. Содан безер қылды ғой жұртты, әйтпесе, кейінгі кезде залалы тиген жоқ еді.
— Жансақалдың үйі жынданған қызын қалай алып кетті? — деп сұрады Таспай.
— Еркек жақтарының әкеткісі келмесе керек, — деді Мәшік — шешесі кеп әкеткен көрінеді. Үйіне барған соң бейшараның есі кіресілі-шығасылы күйге түсті. Бірнеше күн сап-сау жүріп, ара-тұра бұзылып қалады деседі. Сау күндерінде кітап, құраннан көзін алмай, намаздан басқа уақыттарын соған ғана бөледі деседі. Сөзін осылай аяқтап келген Мәшік үлкең кірпігі ұзын, қабағы қалың қара көзін маған аудара қарап:
— Ұмсынның жайы осылай, бала, — деді. — Біз тегі, Жұсыптың өз үйіне түсерміз. Ол үйге кештетіп барамыз, түнде көре алмассың. Таңертең тұрған соң ат суарып кел де, қай үйде отырғанын біліп барып көр. Қызының, сәлемдемесін бер. Ауыл үйді сұраса білгеніңді айт. Бірақ Шери бар дей көрме, есіне өткен күнін түсіріп, бұзып аларсың. Жұсыптың үйіне біз ымырттатып жеттік. Оның үйі расында қазиналы екен. Ішіне тай шаптырарлықтай кең. Мен түнде тиышсыз ұйықтадым, оныма себеп, — шамды сөндіргеннен кейін саңлаусыз қараңғы үйдің ішінде, жатқан төсегімнің қасында жынды біреулердің бейнесі елестеді де тұрды... Талығып барып ұйықтағандықтан, көп жатып қалсам керек, біреу түрткенге басымды көтерсем, осы үйдің жалшы баласы екен түндік ашылған, үйдің іші түгел тұрған, баладан басқа үйде ешкім жоқ. Күн шаңырақтан қарап биіктеп қапты.
— Саған ат суарсын дейді, — деді бала.
Киініп далаға шықтым. «Киім» дегенде, менің үстімдегі: қамзол-шалбарым да, көйлегім де, сыртқы шекпенім де, аяғымдағы қисық табан шегрен етігім Де түгелімен Таспайдың баласы Қанапиянікі. Бұларды беруге қимай, Қанапия жыламсырағанда:
— Жылама, — деген Таспай, баласына жекіп, — мен емес, әлгі Мәшік ағаң осы балаға жабыса қалған. Ертпегей едік ерткен соң жат елге тырдай жалаңаш қалай апарамыз? Киіп барып қайтсын, шығарма дыбысыңды! Қанапиядан еріксіз алып берген киімдерді маған кигізерде:
— Қасымызда боласың ғой, — деген Таспай, — бірақ бұ киімдерге, не етікке дақ түсіретін болсаң, менен жақсылық таппа! Таспайдың бұл сөзін мен үнемі есте тұтып, киімді баппен ұстап келе жатырмын. Далаға шықсам, мені оятқан бала біздің екі атты жүгендеп әкеп арбаға байлап қойған екен. Бұ бала кешеден бері мені айналдырыңқырап, сықақ қылғысы келіп жүрген қулау бала көрінген. Со қулығын ол әлі де кейбір сөзімен, дене қимылдарымен маған көрсетті де, ат суаратын келдің жөнін сұрағанда:
— Осы бетке тарта берсең, жарқыраған көл жатады, — деп жөн сілтеді. Бір атты жайдақ мініп, бір атты жетекке алып мен кете бардым. Бала сілтеген жөнде қырқаланып белес тұрған. Со белестен әрі қарай ассам, жарқыраған кішірек көл жатыр. Шоқытыңқырап келген қалпыммен көлге түсіп кетпек боп ем, аттар жалтақтап жоламады. Семізден жарап келе жатқан аттарды еркіне қоймай, қыл шылбырменен сауырға тартыңқырап қап ем, көлге түсе кетті. Көлдің шеті қорыстау, батпақ сияқты көрінді маған. Оған мен қарамай, аттарды тағы да ілгері айдай бастадым. Таяқтан қысылған аттар ілгері ұмтылғанмен, саз жылжытпай, қозғалған сайын аттар тереңдеп бата берді... Аздан кейін аттар қимылдай алмастық халге жетті.
Сазда тұра беруге болмайды. Аттың үстінен түстім де жаяу жетектемек болдым. Енді өзім батып барам... Маған қиыны — екі етігім болды: сазға кірген етіктер әлденеге тістесіп тұрып алады да, қонышынан қолыңмен тартпай шықпайды... Сол азаппен ес кетті, жан шықты дегенде жағаға жеттім-ау!.. Денемде де, киімімде де сазға былғанбаған тинақтай жер жоқ... Жан таласқан аттар да қабырғасынан жылжып, сазды есіп отырып, әрең дегенде жағаға шықты... Со кезде манаты қу бала да жайдақ атқа мініп шауып келді.
— Өй, мұрныңды... — деп ол мені боқтай келді. Мен сені көлге қарай сілтесем, сорға кеп түсіп кеткенің, не қылғаның? Қайта шыққансың, түбіне батып кетпей!.. Мені оның, алдап жібергенін біліп тұрмын. Бірақ не істейсің, оған! Әлім жетпейтін, жасы үлкен бала!..
— Саған обал болған екен — деді, мына қалпыңмен ауылға қалай барасың? Аттарды да жуу керек, киімдеріңді де жуу керек. Суы тұщы қайраң көл бар, жүр, барайық соған!.. Бала шаба жөнелді, мен де артынан жөнелдім. Көл расында да қайраң екен. Аттар суға қанғаннан кейін бала екеуміз тазартып жудық, мен киімдерімді жудым. Мана сазға кірген етікті қонышынан тартып жүргенде, екі ұлтаны суырылып қалып қойыпты. Бұл арада бала мені аяудың орнына ұзыннан өші, қысқадан кегі бардай,— «оқасы жоқ, тірі болсаң етік табылмас деймісің», деп мазақтап, қарқылдайды да күледі... Ауылға барар бет жоқ!.. Бармағанда қайда барасың!.. Не хал болғанын жорамалдағандай менің серіктерім де тиышсызданып тұр екен. Біздің қарамызды көрген соң, олар қолын бұлғап шақырды... ұялсам да келдім-ау!.. Олар мені аттан түсіріп, «не болды, не болды?» деп сұрай бастады. Сонда қу бала тұрып:
— Мынауың бір қара басып жүрген бала ғой, өзі, — деді серіктеріме, — көл деп сорға түсіп кетіп, өзі де өле жаздапты, аттарын да өлтіріп ала жаздапды. Әрең шығарып, көлге апарып жуып қайттым.
— Не дейді, — деп Таспай ызғарланған кескінмен менің киімдерімді қарады да, ұлтансыз екі етікті көрді.
— Қап, бүлдірген екенсің ғой, — деп Таспай мені сабамақ болып еді, мінезі жұмсақ Мәшік:
— Ұят болар, жат жерде, баланы бақыртып сабап жатқаның. Ештеме етпес. Осы ауылда етікші бар шығар, табандатып алармыз, — деп арашаға түсе кетті. Таспай:
— Қап, сен қырсық па, сен қырсық!.. деп түсін суыта, саусағын безеді де қойды.
— Кешегі орамал мен сақинаң бар ма? — деп сұрады менен Мәшік.
Қарасам орамал орнында екен тек малшынудан бояуы шығып кеткен екен.
— Тез кептір, — сөйт те апарып бер. Кешікпей жүреміз. Өзі Тілемістің отауында көрінеді. — деп Мәшік маған ақ үйдің біреуін нұсқады. Етігімді ауылдағы етікшіге ұлтандатуға апарып бергеннен кейін манағы қылығыма бетімнен отым шыққандай, мен сәскелік асқа барған жоқпын. Қонақтар мен үй иесі асқа отырған кезде, мен «Тілемістің отауы» деген үйге келдім. Ақ кигізді, баулары әшекейленген өрнекті отау. Түріліп қойған кигіз есіктен сығалап қарасам, отаудың іші тамаша жасау. Төрге жинаған әр түсті жібек көрпелер, көк барқытпен тыстаған мамық жастықтар, теңдеп буған кілемдер, үйдің ішкі баулары да, басқұр, таңғыштары да кілемдей өрнектеліп тоқылған. Оң жақта үстіне ақ масахана құрған, ақ никельді кровать, оның үстінде өрнектері ғажап жабу... Осы кровать пен төрдегі жүктің екі арасындағы кезеңдеу жерде, менің көзіме қайран қаларлық ғажап көрініс ұшырай кетті: ар жағында керегеге сүйеніп, адамның бойынан биік айна тұр... Сол айнаның бер жағында, шаш сияқтанған бірдеме, түрегеп тұрған адам бейнелі әлдененің төбесінен жерге төгіліп тұр!.. Ішінде әлденемене бүлкілдейді!.. Не нәрсе бұл?.. Адам дейін десем, — мұндай ұзын және қалың шаш бола ма!.. Адам емес дейін десең, — неге жанды мақлұқтай қимылдайды, ол!.. Демімді іштен алып, қайран қап тұрғанымда, ықтиярдан тысқары жөтеліп қалдым... Сонда, әлгі зат бері қарай бұрылды да, жаңағы төгілген шаштың орта кезі қақ айрыла берді... Қарасам, әйел!.. Екі қолымен шашын кейін қарай сілкіңкіреп тастаған ол, мені көрді де, төгілген шашын иығына салып, басына жұқалау ақ шәліні жамыла қойды. Сөйтті де:
— Келе ғой, шырағым,— деді маған.
Қиссаны көп оқыған және ғашықтық қиссаларда талай сұлулардың сипатын кездестірген, солардың ішінде перінің не хор қыздарының сұлу сипаттарын оқыған маған, мынау әйелдің қасында олардың бәрі сұлу емес сияқтанды... Соның: дөңгелене біткен аппақ, жұп-жұқа бетіне, маңдайдан тура түскен тіп-тік қыр мұрнына, үлбіреген жұқа еріндері мен оймақтай аузына, ұзындау біткен аппақ мойнына, тостағандай мөлдір қара көзіне, қайқая біткен ұзын қара кірпігіне, қиыла біткен қою қара қасына, кең маңдайына,.. дене құрылысы да лайықталып жаралған сияқты: орта бойлы, кең кеуделі, тар мықынды, тіп-тік әдемі дене!.. Әйелдің сұлулығына есім шыққандықтан, оның кім екенінде жұмысым болған жоқ, күмістей сыңғыраған дауысымен, «келе ғой, шырағым» — деген соң үйге кірдім. Әйелдің маған бірінші сөзі:
— «Қақаң ауылының баласымысың?»33
— Ие, — дедім мен.
Әйел кроватының алдына отырды да, қасымда кімдер барын қысқаша сұрап ап:
— Қақаң үйінде болғаның бар ма? — деді.
— Болдым, — дедім мен.
— Онда Күләмәй деген қызды білемісің? — деп сұрады әйел.
Білмегенімді білемін дей алмадым, мен. Сол арада, орамал мен жүзік есіме түсіп, қалтамнан суырдым да, қолына ұстата бердім.
— Бұ не? — деп сұрады әйел.
— Күләмәйдің сәлемдемесі, — дедім мен.
Әйел орамалды сабырмен ғана алды да, аппақ ұзын, нәзік саусақтарын майыстыра жүзік ораған түйінді шешті. Сөйтті де, жүзік пен орамалға қарап отырып:
— Ол қыз бұл орамалды жылап берді ме? — деп сұрады менен. Мен жауап бере қоймап ем, — ұйпаланыпты ғой мынау орамал, су болған орамал ғой, — деді. Әлгінде келде су боп, далада кептіріп алғанымды айтқан жоқпын. Сонан кейін үнсіз, аз уақыт тұнжырай қалған әйелдің кескіні жел үрлеген судың бетіндей қимылдай бастады... Жылағысы кеп қалғанын көріп тұрмын... Ойымда «Ұмсын осы» деп жорып тұрмын... Ұмсынның нақ қасында гүрси ағашқа бетін ашып салып қойған сарғылт қағазды құран тұрған. Ар жағында, жақтаулары ойылған сүйектермен әшекейленген шкаф, оның ішінде қырынан қаланған жуан-жуан кітаптар... Бұндай жуан кітаптарды менің өмірде бірінші рет көруім. Түсі құбылып кеткен Ұмсын жанында тулаған толқынды басуға себеп болар ма деген адамдай, дірілдеген қолдарымен қасындағы құранды ала берді де, көтере алмағандай орнына қайта қойды. Содан кейін қызынан келген қызыл жібек орамалмен бетін баса қойды да, ал, өксіді кеп!.. Бүкіл денесімен жылағандай, оның тұла бойы қалшылдап кетті! Мен қайран қап, қасында түрегеп тұрмын... Сөйтіп тұрғанымда, өксіп жылаған әйел күліп қоя беріп, маған аса қорқынышты кескінмен тесірейе қарай қойды... Енді менің алдымда, манағы жұмақтан келді ме деп жорыған хордың қызы емес, сипатынан жан түршігетін, албасты елестеп кетті... Мен тұра қаштым... Әйел мені тұра қуды... Сасқалақтап есіктен шыға алмай жүргенде, әйелдің қолына түсіп қалар ма ем, қайтер ем, — егер, жаулықты жас әйел сол сәтте есіктен кіріп келмесе. Әйел жындыны құшақтай алды да:
— Қалқам-ай, не болды саған? — деді.
Мен есіктен зып етіп ата жөнелдім.
Артынан білсем, Ұмсын сұлу — осы әйел екен.
АҚАН СЕРІ
Басы әдеттегі адамның басынан әлдеқайда үлкең қоп-қою қара қасы қалың қабағын түгел жапқан қалың, томпақ үлкен кезді, кең бетті, қоңқақ зор мұрынды, жалпақтау бетінің шықшытынан басқа жерін түгел жауып ұйыса біткен, қылы жуан қара сақалды, аузын жаба төмен салбыраған басылмайтын қою қара мұртты, бықыр, қысқа мойынды, кең жауырынды, жуан денелі, орта бойлы Мәшікті күні бүгінге дейін еске алсам, менің көзіме зор денелі қара аюды елестетеді. Жасы кіші адамдар оны «Бәтең» дейді. Түрін алғаш көргенде Бәтенді мен мінезі қатал және тұйық адам ба деп ойлаған едім. Жолға шығып етене боп алғаннан кейін байқасам, ол кісі — әрі жалпаңдаған кішіпейіл, әрі әңгімешіл адам екен. Өзі қоңыр ғана дауыспен, домбыраның алғашқы төрт пернесіне қосып ән де айтады және әндері өте нақышты келеді. Сөз әлпетінде, ол жер жұқартып көп жүрген адам. Жас күнінде кедей, бірақ пысық жігіт болыпты да, Торсанның және оның балаларының қасына еріп көп жерге жолаушылапты. Бертінде орта дәулет бітіп және Сибанның білімді адамының біреуі боп, Торсанға қарсы топқа қосылыпты. Мен атқосшылығына ерген кезде, ол «Ойдағы Сибанның» ең беделді адамының бірі екен. Мәшікпен бір тарантасқа мінген Айтілестің Таспайы жас жағынан кіші екен және екеуі немере екен. Ақсары кескінді, сұйық шоқша сақалды, биік және сом денелі Таспай нығызсыған адам болғанымен, көргені, естігені Мәшіктен анағұрым аз сияқты. Жолаушылап бара жатқан бетте, жолшыбай не қонып, не түстеніп аттанғаннан кейін Мәшік әлдене әңгімелерді бастап кетсе, Таспай тыңдайды да отырады. Бірақ ол солғын тыңдамайды, сұраулар бере отыра, леп белгілерін араластыра отыра, құмартып тыңдайды. Жансақалдың Жұсыбына қонып, Ұмсынды көріп аттанғаннан кейінгі Мәшіктің біраз кеңестері Ақан сері туралы болды. Ақан серінің өлеңдерін Мәшік көп біледі екен. Оның өлеңдері араб пен фарсы сөздері араласа құралады екен ол тілдерді білмеген адам түсінбейді екен. Мысалы:
Көптен көп сәлем айттым гүл-назия.
Ділбердан ділмар керек шаһуазия.
Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия.
Шери зат дұхтар шаһи гүл-назия.
Діл арай, діл-хафыза и гүл-нақия.
Көңілімнің заһирасына салдың ұя.
Басы «жем», ортасы «мем», аяғы «я».
— Кісі түсінбейтін не сөздер бұл? — деген Таспайдың сұрауына:
— Оқуы үлкен молда болмаса, біз қайдан түсінейік — деп жауап береді Мәшік.
— Ақанның өзі сонша көп оқыған кісі ме екен? — дейді Таспай.
— Бірталай оқыса керек, — дейді Мәшік. — Өлеңі былай тұрсың жай сөзінің, өзіне де ол кітап сөзін34 араластырмай отыра алмайтын еді.
— Сонша оқумен молдалық неге құрмады екен? — дейді Таспай.
— Оның мынадай бір себебі болған екен— деп Мәшік Ақан сері туралы естіген аңыздарын әңгімелей жөнеледі.
— Әкесі Қорамса ертеректе бай адам болса керек. «Бай бір жұттық, батыр бір оқтық» демей ме, қазақ мақалы. Қорамсаның, малы бір жұтта қырылып, кедейленіп қалыпты да, содан көтерілмепті...
— Ақан әңгімесін айт,— дейді Таспай.
— Ақан Қорамсаның жалғыз баласы екен. Бала күнінде Ақанды әкесі молдаға сабаққа береді. Бұхар шәріне барып, хатым-қардан боп қайтқан молда екен.
— «Хатым-қардан» деген не сөз екен? — дейді Таспай.
— Оқуды тауысып қайтқан адамды солай атайды екен мағынасы не екенін кім білсін.
— Сөзіңді бұздым ғой, айта бер.
— Ақан зирек болса керек, аз жылда молдасының бар оқуын қағып алады. Құраннан өз бетімен мағына айырып кетеді.
— Япырай! — деп Таспай басын шайқап, таңдайын қағып қояды.
— Содан, — дейді Мәшік көтеріле сөйлеп, — жастықтың әуені ме, әлде оқу көтеріп кетті ме, — бозбала кезінде Ақан желіге бастайды. Желіккенде ол шалықтанып желікпейді: жақсы ат мінеді, киімді қыздарша әлем-жәлем киінеді, қасына өзі сияқты сері жігіттерді жинап, оларға да өзінің аты түсті ат, киімдері түсті киім кигізеді. Сөйтіп, қайда ойын-сауық болса соған барып, елді аралайды да жүреді. Барған жері думан!.. Думан болмағанда ше: өзі әнші, әрі домбырашы...
— Сөйтіп жүргенде, — дейді Мәшік қара мұртын сипап қойып, — Ақтоқты деген қызға Ақан ғашық болады. Қызды әкесі атақты бір байдың баласына берген екен дейді. Қырық жетіні қырқа матап берген байдың баласы қалыңдығын оң жақта көруге ырғап-жырғап ұрын келеді. Ойын-тойы болады. Содан кейін қызды күйеуге апару керек.
— Ақан қайда екен онда? — дейді Таспай тиышсызданып.
— О да сол тойда екен.
— Апырау, қалай шыдады екен?!
— Қайдан шыдасын, — дейді Мәшік — түнде күйеуге апара жатқан қызды Ақан сері салт атпен тосып тұрады да, кезегі келгенде, іліп-ала қашады.
— Бәрекелді! — дейді, кеңілі көншігендей болған Таспай.
— Құтылса «бәрекелді» — дейді Мәшік — құтылмаса ше?
— Құтылмап па?! — дейді Таспай үрейленіп.
— Қайдан құтылсын! Сезіп қалған күйеу жағы да, қыздың туыстары да тұра қуып, Ақан мен қызды ұстап алады!
— Қап!—деп Таспай санын соғады да, — сонан соң?! — дейді.
— Белгілі емес пе ар жағы, — дейді Мәшік — қызды күйеуіне ұзатады да жібереді.
— Мына құдайға шараң болса, қыл! — деп кейиді Таспай.
— Ақан серінің «Сырымбет» деген әні сол қызға арналған ғой, — дейді Мәшік — зарлы да ән ғой өзі. Бұрын естімеген бе, естісе де мына жағдайда тағы естісі келе ме:
— Қалай келетін еді ол ән? — деп сұрайды Таспай.
— Былай келуші еді, қоңырлатып көрейін — деп, Мәшік барқыт даусымен ыңырсиды:
Ғашық болдым ақ сұңқар баласына-ай, еркем,
Қарындас-ау,
Енді есен бол — әй!
Бөктергіге қор болып барасың ба, әй, еркем,
Қарындас-ау,
Енді есен бол — әй!..»
— Осыған жалғас, Ақан сері «Алтыбасар» деген әнін шығарған ғой, — дейді.
— Мен естімеген ән, — дейді Таспай. — Қалай келеді
Басы биік аяғы термеленіп келетін әнді Мәшік қоңырлата бастайды:
Көңілім сені ойласам болды нашар.
Әніне бір басайын «Алтыбасар».
Шекеңде бұлғақтаушы ед, үкіден шоқ,
Көзіме ұйқылы ояу көрінесің,
Оянып түрегелсем дәнеңе жоқ...»
— Шіркіннің, құмартуын-ай! — дейді Таспай. Мәшік «Алтыбасарды:»
Күйдірді ғашық дертің ерікке қоймай,
Бір жаман мал бердім деп алып кетті,
Жылқы екен қыздың байы сығыр-ойбай! —
— Рас сөз ғой, — дейді Таспайға.
— Ие, сонымен? — дейді Таспай.
— Сонымен, Ақтоқтыдан айрылған Ақан — «атым жақсы болса құтылып кетер едім, атым жамандықтан тұтылдым» деп ойлайды да, жылқыға жеткізбейтін ат іздейді, ондай ат табылмайды...
— Ақанның өзі сыншы ма екен? — деп сұрайды Тас¬пай.
— Өзі емес, елінде сыншы болыпты, — дейді Мәшік — аты — Киікпай. Қайда барса да Ақан сол Киікпайды ертіп апарады екен. Қандай тамаша деген аттарды іздеп барса да, Киікпай «бұған жылқы жетеді» дей беріпті.
— Жылқы жетпейтін ат бола ма екен? — дейді Таспай.
— Тыңда!.. Сонан Ақан сері ат таба алмай сандалып жүрген кезде, «Қырық бойдақ» маңындағы нағашысы Атбасардың базарынан сатып әкеле жатқан төрт-бес жүз атымен кеп, Ақан серінің үйіне қонады.
— Сәті түспесе не қылсын!.. — дейді Таспай дәмеленген кескін көрсетіп.
— Сонан, — дейді Мәшік сабырлы қалпын өзгертпей, — нағашысы Ақанға: «Жиен, ат іздеп жүр деп еді сені, айдап келе жатқан аттардан таңдағаныңды алып қал!» дейді.
— Мырза нағашы боп шықты ғой, — дейді Таспай, — ие, содан?
— Атбасарға арғы өр Алтайдың аттары келеді ғой, — дейді Мәшік — жылқылары ылғи қаз мойын болады ғой олардың, мына аттар да сондай екен дейді. Бірақ қандай тамаша аттарды көрсе де Киікпай «бұған жылқы жетеді» дей беріпті.
— Бір қырсық болмаса игі еді, мынауың! — дейді Таспай кейіп.
— Сонан ұзын сөздің қысқасы, сыншы төрт-бес жүз аттан Ақанға лайық ат таппайды.
— Жынды неме ме, өзі! — деп тұлданады Таспай. — Қайдан таппақ, сонда, жоқ атты? Жұмақтың пырағын әкеп бермек пе?
— Сонан, — дейді Мәшік — екеуі көп аттан ат таба алмай сандалып келе жатса, көлдің жағасындағы құмда төрт аяғы серейіп бір жылқы жатыр екен. «Неткен жылқы, ыстықта құмда жатқан?!» деп Киікпай қасына келсе: қысқы жүні түлеп болмай жабағыланып жалбыраған арық Құлагер құнан!..
— Япыр-ай, атақты Құлагер тұлпар осы болмағай да! — дейді Таспай асығып.
— Құнанды Киікпай орнынан тұрғызады да, айналақтап тұрып алады. Ақан оған: «Неғып тұрсың?» десе, Киікпай, «іздегенің табылды, Ақаң шүйінші!» дейді. Ақан «сыншы мазақ қып тұр ма?» деп ойлайды, неге десең, — «қарны қабақтай, бұты таяқтай» кішкене құнан?.. Сын көтерер жері жоқ!.. Ең құрыса, жалы да жоқ, тек шоқтығында ғана бір уыс қылы бар!.. Құйрық қылы да сиырша, — құйымшақтың ұшына қарай ғана біткен!.. Екі құлагы есектей салбырап жатыр!..
— Ия, сонымен!..
— Сонда, — дейді Мәшік көтеріле түсіп, — Киікпай аттан түседі де, жуас құнанды ұстап тұрып, Ақанға сынын айтады: — «Кеудесіне көз салшы, — дейді ол, — тесінің астынан адам жүгіріп еткендей, кең! Жылқы баласына бітпеген кеуде бұл!.. Осы кеудеге біткен өкпемен өмірде алқына ма?!.. Ертеден қар кешке шапсаң да, ентікпейтін жылқы болады, бұл!
— Сонан кейін — дейді Мәшік — Киікпай жұдырығын түйіп Құлагер құнанның сағағына салып көрсе, екі жақтың арасына жұқ болмай ойнап кетеді. «Көрдің бе, — дейді сонда Киікпай Ақанға, — кеудесі кең болғанмен, сағағы тар жылқының, тынысы да тар болады. Жүйріктікі ғана болмаса, жай жылқының сағағына жұдырық симайды да. Ал, мына Құлагер құнанның сағағына жұдырық түгіл, кішігірім баланың басы сиып кетер!.. Бұның тыныс тартар тамағы да өзге жылқы баласына біткен емес. Ағызып шауып келе жатып тыныстап отыратын жылқың осы болады».
— Жөн сөз, — деді Таспай, тыңдауға құмарта түсіп, — ия, сонымен? «Шынтағы сыртына қарай айнала біткенін көрдің бе? — дейді сыншы, — бұл да тынысты кең алдырудың бір белгісі. Қысыңқы шынтақ шапқанда қолтықты соғып тынысты тарылтады.
— Жөн сөз, — дейді Таспай.
— «Азулары қабанның азуындай айқаса, кекжие кейін қарай бітуін-ай! — дейді Киікпай Ақанға, — сарқылмайтын қайраттың белгісі ғой, бұл!.. Қабағын көрдің бе, жұдырықтай боп түйіліп тұрған? Жайшылықта момақансығанмен, ерегісте қандай құтырынар екен сабаз!.. Ашуы келмей жылқы шаппайды. Мына қабақпен егесте тұлданып кететін жылқы — бұл!»
— Жаныма жағып барады сыны! — дейді Таспай. «Жүйрікті «теке мұрын» деп мақтау бекер, — дейді Киікпай, — текенің танауы тар болады, тар танау демді аз тартады. Бөкеннен жүйрік аң жоқ. Ең кең танау соныкі. Мына Құлагер құнанның да танауына қол сиып кетердей делдие біткен екен. Бұл да демді бөкеннен кем тартпас» дейді.
— Жобасы келе жатыр! — дейді Таспай, сыншының сөзіне елтігендей, отырған орнында теңселе түсіп. «Басына түгелімен қарашы! — дейді сыншы Ақанға, — кесіп алар еті жоқ, тап-тақыр және ұшқыр үйректің басындай ұп-ұзын, сүп-сүйрік!.. Осы басын алдына қарай төсей шапқанда, өзге денесін қандай ілгері алып ұшады екен шіркін!»
— Пау! — деп қойды Таспай, дауысын көтеріп.
— Ұзақ шауып, не алысқа жортып шаршаған жылқыны «мойны талып келген екен» дей ме? — деп сұрапты Киікпай Ақаннан, «дейді» депті Ақан. Сонда Киікпай тәуір атты «қой мойынды» дейтін себебі, — жұмырлана бітпей, — қалақтана біткен мойын тез талғыш келеді, мойны талса өзге денесі де талады, мына Құлагер құнанның мойны жолбарыстай жұмырлана біткен екен бұндай мойынды талдыру қиын-ақ болар» дейді.
— Түп-түгел дұрыс, — деді Таспай.
— Сонан Киікпай Құлагер құнанның алдыңғы жағын Ақанға көрсетіп боп: «Сен алдынан қарашы, оған!» деп қаратып алады да, «алдыңғы жағынан қарағанда, бөксе жағы шөмигендеу емес пе, өзінің?» деп сұрайды. «Солай сияқты» дейді Ақан. «Ендеше, арт жағынан бір көрейікші» деп Киікпай Ақанды құнанның, артына шығарады.
— Болды қызық! — деді Таспай құмарта түсіп.
— Артынан қараса,— деді Мәшік — жаясының кеңдігі құлашқа жақын бар екен. Қысқалау жоны бәлкім күдістеу біткен екен. Жотасының жалпақтығына кісі төсек сап жатқандай.
— Паһ! — деп дауыстап жіберді Таспай.
— Сонда Киікпай тұрып, Ақанға: «Қалай, бөксесі шөмиген бе екен жоқ па екен?» дейді. «Қайдан шөмиеді? — дейді Ақаң — шөмиген бөксе осындай бола ма?!» «Шын жүйріктің алды-арты осылай тең келеді, — дейді Киікпай, — алдынан қарасаң арты жіңішке сияқты, артынан қарасаң алды жіңішке сияқты. Ал көлденеңінен қарасаң алды, арты бірдей толық. Жүйрік үш түрлі болады, бірінің алды, бірінің арты биік енді бірінің алды-арты тең. Арты биік өрге шапқыш келеді, алды биік ылдиға шапқыш келеді, алды-арты тең ылди мен өрге бірдей шабады, мына Құлагер құнан соңғысы екен».
— Жеткізді мақтауын! — деді Таспай. «Әңгіме мұның тірсегінде жатыр, — дейді Киікпай Ақанға, — жүйрік жылқыны біз «бота тірсек» дейміз ғой. Ботаның тірсегі майысып жатады ғой. Тірсегі майысқан жылқының артқы аяқтарының серпіні екпінді келеді. Тегі жылқының алды емес, арты шабады. Ал, мына Құлагер құнанның тірсегі, «бота тірсек» аталып жүрген жылқылардың біреуіне де ұқсамайды. Мұның тірсегі жолбарыстың тірсегіндей маймиып қалған. Бұның артқы аяқтарының бір серпіні, өзге жылқының екі-үш серпініне тұрады. Өзге жүйріктің екі-үш адымы,— мұның бір-ақ адымы. Сондай серпінмен шапса ол жылқы шыдата ма?»
— Рас-ау! — дейді Таспай. «Жылқының өзге мүшесінен бұрын табаны болдырады, — дейді Киікпай Ақанға, — ұзақ шапқанда жылқының табаны қызып кетеді. Табан қызса, аяқтарының қаруы қайтады. Мына Құлагер құнанның тұяғын көр! Төңкеріле, бүрісе, жіліншігінің орта жеріне шейін біткен!.. Мұнша қалың тұяқ, қанша шапса да қызбайды»...
— Түгін тастамай сынаған екен-ау, сабаз! — дейді Таспай, — сонымен біткен де болар.
— Қайдан бітсін — дейді Мәшік.
— Тағы да несін айтыпты? — деп сұрайды Таспай. «Бұның құлағы есек сияқты неге салпы біткен?» — деп сұрайды Ақан Киікпайдан. Сонда ол — «құлағы аумаған құландікі — деп жауап береді,— құланның құлағының, түбі бос болады. Шапқан кезде құланның құлағы, қоянның құлағы сияқтанып, желкесіне қарай жатып қалады, сонда жел кірмейді оған».
— Желдің, шабысқа бөгет болғаны ма? — дейді Таспай.
— Кім білсін — дейді Мәшік — сыншының сөзіне қарағанда солай болғаны да. Тегі шапқан хайуанның бәрі құлағын жымитып алады ғой. Тік құлақтың, бөгеті барлығынан болу керек сол.
— Мұнысына сену қиын екен! — деді Таспай, — есек те салпаң құлақ емес пе? Бірақ, ол жүйрік емес қой? Білетіндер есекті құланның азғыны деседі. Оның шабысы қандай екені «азғын» деген атынан да көрініп тұрған жоқ па?
— Есегі құрысың — деді Таспай, — аузымызға қайдан түсіп кетті кәпір! Құлагер кеңесін бөліп әкетті ғой. Ия, сонымен, Киікпай тағы да не айтыпты?
— «Жал-құйрығы неге жоқ?» деп сұрайды Ақан Киікпайдан. Сонда ол: «Мұның жал-құйрығы жылқыға емес, құланға тартқан. Құланның да жал-құйрығы осындай ғана болады» депті. «Неге?» деп сұраса, «құлан жылқы заттас хайуан болғанмен, — депті Киікпай,— семіргенде майын жылқыдай қазысы мен қартасына, не жалына жинамайды. Оның майы етіне араласа бітеді, еттен бөлек туырылған май құланда болмайды. Жалғыз құлан емес, аң атаулының бәрі де майды солай жинайды. Олардың қашусыз, қуусыз күні бар ма? Еттен басқа май олардың шабысына бөгет жасайтын болу керек, сондықтан қазы, жал сияқты қалың майды денесіне бітірмеу керек. Аса бір жұт жылы болмаса, тегі арықтап елетін аң болмайды ғой. Қандай арық аңды атып алсаң да, етіндегі жылтырарынан айырылмайды, арық малдың етіндей көкежасық болмайды...»
— Құлагердің жал-құйрығы туралы кеңесін айт! — дейді Таспай, аңдар туралы кеңесті тыңдағысы келмегендей.
— «Жалдың қылы астыңғы майына өседі, жалында май жоқ құланның желкесіне қыл қайдан бітсін! — дейді сыншы.
— Қысқасынан қайыр, ендігі сөзді, — деді Таспай, — сонымен, сол Құлагер құнанды Ақан алып па, нағашысынан?
— Әрине, алады, — деді Мәшік — әлгіндей мақтаған жылқыны алмай жынды деймісің, ол.
— Бәсе!.. «Бірақ, — депті Ақан Киікпайға — түбінде тұлпар шығатын құнан болғанмен, осынша көрікті аттардың ішінең осы сияқты жалба-жұлба құнанды «алған атым осы» деп ауылға апару ұят-ау!»
— Рас-ау, — деді Таспай күліп, — со құнанды апарса. ауылының мазақ қылатыны рас қой. Киікпай не депті сонда?
— Киікпай Ақанға: «Құнанды мен үйіме алып кетейін де, жаздай күтейін, қара кемік боп қалған құнан екен. Тегі, кедейдің құнаны болу керек, әйтпесе жастайынан осылай ғып үйрете ме?» дейді. «Көрерсің, — дейді тағы да ол, — нағашың бұл құнанды білмей әкеле жатқан жоқ, оның не өзі сыншы, не қасында сыншысы бар, тұлпар боларын біліп әкеле жатыр, әйтпесе, мұндай тыртиған құнан оған неге керек?» «Егер олай әкеле жатса,— дейді Киікпай,— бұл құнанды саған бермеймін деуі мүмкін, олай десе, құнанды көзінен жытыру керек. Бұл құнаннан өлмей айырылмау керек. Мұндай жылқы баласы туғанын көрген де емеспіз, тумайды да, Бағыңа кез келді». Соны айтады да, Киікпай құнанды үйіне жетектеп алып кетеді. Ақан ауылына қайтады.
— Нағашысы не дейді?
— Жиені құнаныңды алатын болдым деп барғанда, нағашысы: «Апырмай, жиен-ай, сыншы ма едің?!» депті. Нағашысына құнанның, тұлпар боларын білдіргісі келмеген Ақан: «Жай ала салдым» десе, нағашысы шынын айтқызыпты. Ақан шынын айтқаннан кейін нағашысы: «Менің сыншым да сенің сыншың айтқан сөзді айтып еді. Орыстан сатып алып ем, кедей орыс екен арзанға сатып еді. Өзге аттан оның алсаң да бұлай қынжылмас ем, өзіме қисаң қайтеді?» деп жалынады. Ақан: «Осыдан басқаны алмаймын» деп отырып алады. Сөздің арты дауға соғып, нағашысы: «Мені ренжіттің, игілігіңе мінбессің» деп назаланып аттанады.
— Сілесі қатты ит болмағай да! — деді Таспай.
— Содан ба, әлде қазасы жеті ме, — әйтеуір Құлагер Ақанға ұзақ құтаймады ғой, — деді Мәшік. — Тұлпар болуын болды ғой, жануар! Ертегіде айтылатын тұлпарды көрген жоқпыз, бұл заманның тұлпары осы Құлагер еді ғой.
— Мен көрген емен, сол Құлагерді, сен көрдің бе? — деп сұрады Таспай.
— Көрдім, — деді Мәшік — біздің араның «жел жетпес» атанған жүйріктері: Қисықтың көк шолағы мен Дәуітбайдың, құласы еді ғой?
— Оларды көрдік қой. Рас жүйрік жылқылар еді ғой, олар!
— Жансары Уақта ертеде бір той боп, Қисық көк шолағын апарды. Мен де бардым, Ақан серінің Құлагері де келген екен. Сонда ерегіс боп, бәйге аттарын алыстан айдатты. Сол жолы, Құлагер Көкшолақтың алдында, биенің бір сауымы бұрын келді!..
— Мынау жылқы емес, құс шығар! — деді Таспай.
— Сол шабыстан танбады ғой жануар,— деді Мәшік— ақырда жұрт оның бәйгесін шаппай беретін болды ғой!.. Со Құлагердің қалай өлгенін білемісің?
— Білмеймін.
— Мен осы оқиғаның ішінде болған кісінің аузынан естідім.
— Кім ол?
— Ақмола мен Көкшетаудың арасында қалың құрсары керей бар ғой. Паң Нұрмағамбет деген бар, сонда.
— Естігем.
— О бір жыл Торсанмен Омбыға барсам, Паң да келген екен. Бірінші көруім еді: кескіні көрікті емес, бірақ мейлінше тәкаппар, ілуде біреу болмаса үстіне батып кіре алмайды, сәлем бере барғандардың көбіне, қолдың орнына аяғын ұсынады!..
— Кекір екен-ау, шіркін!..
— Құлагер сол Нұрмағамбеттің әкесі — Сағынайдың асында өлтірілген екен ғой.
— Ия, қалай?
— Ол бір айта қалғандай ас бопты ғой. Сағынай өлгенде он екі мың жылқы, жиырма мың қой қалған екен дейді. Нұрмағамбет жалғыз екен. Сағынай өлерде баласына: «Маған ас бергенде он жылқыдан бір семіз бие шығар, он қойдан бір семіз тұсақ шығар. Асқа бір шеті — Торғай, Ырғызға, бір шеті — Аягөз, Қарқаралыға, бір шеті — Кереку, Баянға, бір шеті — Көкшетау, Қызылжарға сауын айт» деп өсиет қыпты.
— Не деген көп жер! — деді Таспай.
— Асқа екі мың бие, он мың қой сойылған, мың үй тігілген.
— Түһ!..
— Асы бола берсін, Құлагер жайын айтайын!..
— Ия, сөйт!..
— Асқа кеп ат жиналады. Көбі атақты жүйріктер. Бәрінің де озғысы келеді. Ол үшің күш сынасуға алыстан шабу керек.
— Әрине. Жақыннан аттың күші сынала қоймайды ғой.
— Сонымен, сөйлесе келе, иелері атты елу шақырымнан айдайтын болды.
— Шырқаған екен!..
— Сол асқа Сармантай — Мұрат жақтан, Батыраш, Қотыраш деген ағайынды екі кісінің бәйге бермей жүрген қос бозы да келеді. Олар да сыншысын ерте жүреді. Сол көзі шыққырлар Құлагерді көріпті де, Батыраш пен Қотырашқа: «Құлагер құстан басқаны оздырмайды, аттарыңды бұл бәйгеге қоспаңдар» депті.
— Олар не депті сонда? — деді Таспай.
— Аттарын жібермеуге қорланады. Жіберейін десе, сыншының сөзі анау!.. Не істеу керек?
— Рас-ау!..
— Батыраш пен Қотыраш қаныпезер иттер болса керек. Аттарын бәйгеге қосады да, Құлагерді өлтірмек болады.
— Қалай?!—деді Таспай.
— Бәйгенің жолында өзен бар екен. Бойына қалың тал өседі екен. Өзен жаздыгүні құрғап қалады екен. Бәйге аттары қалың талды жарып өтеді екен. Аттар шабатын жеріне түнде айдалған да, Батыраш пен Қотыраш елінің бар жүйрік аттарын жинап, қарулы жігіттерді мінгізіп, қолдарына бір-бір шоқпарды береді де, әлгі қалың талдың ішінде Құлагерді тостырады.
— Бара жатқанда ма?
— Жоқ, қайтарда.
Одан арғы кеңесті тыңдауға құлағы ауыратындай, Таспай бетін жиырып, тітіркенген кескін білдірді. Мәшік те қабағын шытып ап, кеңесіне кірісті.
— Сонан аттар шабатын жеріне барсын... Аздап тыныстасын... Сонан кейін жіберілсін!..
— Япырай!..
— Құлагер жануардың, бір өзгешелігі: шыға тартқанда алдына ат түсірмейді екен де, содан қайтып арттағы аттарға қарасын шалдырмайды екен... Со бетімен ол кете барсын!..
— Жануар-ай!..
— Оның әдеті: әбден бүйірі қызып алған кезде, шауып келе жатып кісінейді екен. Сонда үстіндегі бала тізгінінің түйінін ердің қасындағы шотаяқ темірге іле қойып, өзі қастың екі қанатындағы тұтқа қайыстан ұстай қояды екен әйтпесе аттың екпініне шыдамай ұшып кетеді екен.
— Ойпыр-о-о-ой, не деген шабыс еді!..
— Жаңағы бәйгеде шапқан Құлагер қызған кезде дағдысымен кісінейді, бала да дағдысымен тізгінді ердің қасына іліп, өзі тұтқадан ұстайды. Ат жұлдыздай аға жөнеледі!..
— Садағаң кетейін-ай! — деп жіберді Таспай. — Анау арам ниеттілер сондай жылқыны да қиып өлтірді ме екен?
— Өлтірмеуге амалы қанша? — деп Мәшік көңілі босаған қалып көрсетті де, — сонымен қысқасы, — деді сөзін бөлшектеп сөйлеп, — терге балқып келе жатқан атқа тың атпен аңдып тұрғандар қосыла кетіп, ұрады да жығады... Түйдегімен кеп ұрған шоқпардан аттың белі үзіліп кетеді... Таспайдың көзінен жас шығып кетті. Әңгімені қызық көріп тыңдап отырған менің балалық сезімім ауырлай қалды...
— Атының құнын ала алған ба? — деді Таспай, аз уақыт тұнжырап отырып.
— Қайдан алады? — деді Мәшік күрсініп ап, —бай кісі теңдік бере ме? Батыраш пен Қотыраш бір рудың белді байлары, ал, Ақаң Сағынайдың асына барғаны болмаса, — беделсіз кедей. Оның сөзін ешкім де тыңдамаған... Өлген атының басын құшақтап бірнеше күн жылаған да, теңдікке қолы жетпеуін көрген соң, атының басын ғана кесіп ап қоржынына салып, өзге денесін кемген де, еліне қайтқан...
— Басын неге кесіп алған?— деймін мен.
— Үйіне апарып, керегесіне сүйегін іліп қою үшін.
— Ақанның керегесінде ілулі тұрған сол қу басты мен көрдім, — дейді Мәшік. (Ол басты 1921 жылы, Ақанның тіл-құлақсыз мылқау баласының үйінде мен де көрдім... Керемет ұзын бас екен!.. Азулары шынында саусақтай екен!.. Өзге тістері де дағдылы жылқынікінен әлдеқайда сом және ұзын!.. Қу сүйектің басқа сынын әрине біліп болмады).
— Атақты «Құлагер» әнін Ақан осыған шығарған ғой, — деді Мәшік біраз кідіргеннен кейін — өзінің айтқанын естідім. Көзінен жасы шұбырып отырып айтады екен... Тыңдауға ауыр екен!..
— Енді қалай?! — деді Таспай ауыр күрсініп, — қайта жынданып кетпеген сол күйіктен!
— Жынданбағанына қара жер! — деді Мәшік — содан кейін жұрттан бөлек жайылады... Ел жайлауға кеткенде, есіз қорада жалғыз үй қалады.
— Сонда не істейді? — дейді Таспай.
— Құс салады: жаз — лашын мен қаршыға, ал қыс — бүркіт.
— Бұл да көңіл аулайтын кәсіп қой,— дейді Таспай.
— Әрине, — дейді Мәшік — бірақ, «жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл кәсіпте де ол бір үлкен қайғыға ұшырайды.
— Қандай?—дейді Таспай елеңдеп.
— Ақанның қолына бір тамаша лашын түседі. Керемет алғыр болады ол лашын. Үйрек, қаз түгіл, дуадақ пен аққуға да түседі... Ақан оның атын Көкжендет қояды...
— Қырғын болған соң қойғаны да.
— Әрине... Со Көкжендеттен ол тағы да айрылады...
— Қалай?! —дейміз біз үрейленіп.
— Көкжендетін ұстап алысқа да кетіп жүреді... Бір сапарында ол Қараөткел 35жағына барады. Қараөткел тұсында екі өзен — Есіл, Нұра жақындап кеп шалқаяды, арасы оң он бес шақырымдай ғана, тұрғын ел бұл кезеңді Қозыкөш дейді. Ақан Лашынын осы Қозыкөште жоғалтады...
— Неғып?..
— Қозыкөштің бойында құс отыратын баттауық саздар, қарасулар көп болады екен. Бұл маңдағы қаршығашы мен лашыншылар сонда жүреді екен. Солардың біреуі, Ақанның қапысың тауып, іңір арасында Көкжендетті қағып әкетсе керек!.. Тағы Ақан жалғыз!.. Тағы алыс ел!.. Ақан тағы да теңдік көрмейді, лашынын таба алмайды!..
— Қап!..
— Қайғылы Ақаң атақты «Көкжендет» әнін шығарады...
— Қандай ән еді, сол? — дейді Таспай, естігісі келген бейне көрсетіп...
— Естіп ем, — дейді Мәшік — бірақ ұққан жоқ ем...
— Біздің ауылдағы Жұбандықтын. Кәсені айтатын еді, — деймін мен.
— Ұғып па ең?— дейді Мәшік пен Таспай.
— Шала-шарпы...
— Кәне, айтып көрші...
— Мен айта бастаймын (шырқай басталып, ортасы баяулап кеп, аяғы тағы көтерілетін бұл әннің сөзі:
Ағаш үйде тұрушы ең асыраулы.
Болмайды Көкжендеттей мұндар шәулі»,—
деп басталады.
— Шіркін, алғыр екен-ау! — дейді Таспай.
— Бір күнгі алған құсының мамығы қанша болатыны да айтылатын еді ғой, соны білесің бе, бала? — дейді Мәшік.
— Білем:
Бір күн алған құсыңды он күн астық.
Болып ед бір құс төсек, он құс жастық!..»
— Дәл осылай! — дейді Мәшік.
— Әні де зарлы екен! — дейді Таспай. — Тағы бір ауызын айтшы, бала!..
Көкжендетім түседі сонда еске.
Созылып әрең жеттім Қозыкөшке!..»
— Сонан ол үйіне қайтады да,— дейді Мәшік бұл кеңесті бітіргісі келген кескінмен, — енді қайтып ешқайда шықпай, ешбір кәсіп істемей жатады да қояды, — ермегі — зарлы әндер...
— Пері қызын алыпты деген сөз бар ғой, — дейді Таспай, — осы қайғының, салдары екен ғой, сол!
— Кім білсін!.. Содан кейін жан адамды жолатпай, кісі киік боп алыпты ғой, өзі... Пері қызын алды дегенді Атығай-Қарауыл сенімді сөз ғып айтады...
— Осы жолы көрер ме екенбіз, сол Ақанды?
— Кім білсін. Көруге тырысармыз.
Біз Ақан серіні кешікпей көрдік.
Сырымбетке жақындай менің серіктерім екіге бөлінді: Пар пар аттағы Шери мен Ботпай «хан ордасына барамыз» деп жөнелді, бір пар аттағы Мәшік пен Таспай Ақан серіге соғамыз десті. Ақан серінің ауылына жеткенше, Мәшік пен Таспайдың кеңесі сол туралы ғана болды.
— Білетіндердің айтуынша, — деді Мәшік — Ақан серінің енді көп жасайтын да жайы қалмаған көрінеді. Аруағы көтерілген адам, көре кетейік бұдан соң көреміз бе, жоқ па?
— Сен айтқан соң амалсыз келем, — деді Таспай, Мәшікке, — әйтпесе ел-жұртынан бөлініп, есіз қыстауда жалғыз қалған жындыға не деп барамыз? Перінің қызын алыпты дегенді жолшыбайғы елдің бәрі айтып отыр. Сонысы рас та ғой деймін, әйтпесе, түнде түнеу түгіл, күндіз серіксіз баруға қорқатын иесіз қорада неге мекендеп қалады? Қыстау қасындағы көлдің жағасына қоғажайдан күрке жасап отыр дейді, жұрт. Сол күркенің маңайы, қудай біледі, жын-шайтанның ойнағы шығар. Біле тұра жынның ойнағына ілмей баратын емес ем, сөзіңді қимай келем!..
— Барамыз деп ат басын бұрған соң, несіне қайталайсың, бір сөзіңді? — деп Мәшік ұнатпап еді:
— Қайталауым, — деді Таспай. Біз оның өз күркесіне тура бармай, со маңайдағы Дәулеткерей төренің, үйіне түсейік те, Ақанды сонда шақыртып алдырайық.
— Егер оған келсе! — деді Мәшік.
— Келеді, — деді Таспай, — Дәулеткереймен дос деген.
— Егер келе қалса, — деді Мәшік мені нұсқап, — біздің мына баланың, аузына түкіртіп алу керек. Осы да өлеңге құмартып жүр ғой. Нұртазаның айтуынша, атасы Шүкей ақын болғанға ұқсайды. Ақындықтың да аруағы болады деседі. Ақан серіден бата алса, бұл да ақын боп кетуі мүмкін.
— Қайдам,— деді, «осының өзі әуейі» деп мені ұнатпай жүретін Таспай, — ақындығын ұстамай, жындылығын ұстап жүрмесе!.. Олардың кеңесін тыңдай отырып, Ақан серіні көруге мен бұрынғыдан да артық құмарта түсем. Менің қазіргі құмартуым шектен шыққан сияқты... Мен оған ғашық сияқтымын!.. Өйтпегенде ше?.. Қабамбайдың Ғабдолынан бастап менің Ақан сері туралы естіген аңыздарымды түгел жазса, қалыңдығы табан қарыс кітап болар еді!.. Әсіресе әндері туралы аңыздар!.. Расы ма, әлде атағы бар кісіге жапсыра бере ме, — «Сырымбет», «Алтыбасар», «Құлагер» «Көкжендет» сияқты, Ақан серінің шығаруы даусыз әндерден басқа да талай әндер елде «Ақан серінікі» боп жүреді... Әнге әуестенген күнімнен бастап, әсеріне құмартқан Ақан серіні көруге мен әрине құмартам, ол маған, менің бұл күнге шейін көрген адамымның бәрінен де өзгеше боп елестейді. Мен қиялымда оның келбетінің, тұлғасының суретін жасаймын... Суретте Ақан сері маған адамға емес, кітаптан, не ертегіден ұққан періге, не періштеге ұқсайды... Бізді жарқын жүзбен қарсы алып, бір қойын сойған Дәулеткерейге, Мәшік Ақан серіні шақырту туралы өтініш айтты.
— Құп болады, — деді де, ол бір жігітін салт атпен жұмсады, неге шақырғанын айтып хат жазды.
— «Бүгін бара алмаспын» деді, — деп келді жіберген жігіт, — «уақытым болса, ертең таңертең барармын. Бара алмасам өкпелемесін» деді. Мәшік:
— Тағы да кісі жіберсең қайтеді? — деп еді:
— Енді шақыртсақ шамдандырып аламыз, — деді Дәулеткерей. Бір қиқайса түзелмейді, ол. Өз ықласы түспесе, сүйреп әкеле алмайсың! Дәулеткерей — көңілді адам екен. Өзі сырнайшы. Қоңырлатып өлең де айтады. Кеңесінің көбі аңшылық: ит жүгірту, құс салу туралы. Маған оның біреуі де қызық көрінген жоқ. Менің есі дертім — Ақанды көру. Егер оған жолыға алмасам, көңілімде зор арман кететін тәрізді... Дәулеткерей үйі ете кеш жатты. Менің түсіме түні бойы әлдене жаман нәрселер кіріп, шошып ояна бердім: біресе шайтан, біресе жың біресе Ақанның пері әйелі...
— Ақанның аруағы торып жүр, мұны, — деді, менің шошуымнан ояна берген Мәшік.
— Мүмкін, —деді Дәулеткерей. Олай дейтіні: іңірде мен «Қамбар батыр» жырын және білетін бірнеше әндерімді айтып бергем, оныма Дәулеткерей риза болған. Түнде елегізіп жатып, ұйқыға таң атқан соң ғана кіріскендіктен, ұзағырақ жатып қаппын. Егер сол үйдің менімен шамалас баласы мұрныма шөп жүгіртпесе, одан да кеш оянатын түрім бар екен. Жүгірткен шөптен мұрнымды уқалай атып түре келсем, күн сәскелікке барып, күлдіреуіштен қарап қапты... Қаз-қатар салынған төсектерде менен басқа жатқан жан жоқ. Далаға шықсам бір топ адам келдің жағасында отыр. Серіктерім де сонда көрінеді. Мен қастарына барсам, олар әлденеменені айтып күлісіп отыр екен. Біраздан кейін:
— Әне, келе жатыр Ақан! — деді Дәулеткерей көлді ықтай біткен қалың талды қолымен нұсқап, одырая қарап. Өзгелері де сол жаққа көздерін тіге қалысты. Жүремнен отыра қап мен де қадала қарай қалдым... Қалың талдың арасынан салтты адам шыға берді. Аты — қылаң түсті. Беті — Дәулеткерейдің үйі. Көл жағасында отырғандар өре түре келісті. Қуаныш па, қорқыныш па, менің тұла бойым дірілдеп кетті. Тегі қорықтым ғой деймін, өйткені ауылға беттеген топтың, мен ығын паналай жүрдім... Салт адам Дәулеткерейдің үйіне біздің топтан бұрын жетіп атынан түсті де, әлдекім атын байлауға әкеткенде, бізді тосқауылдаған бейне көрсетіп, орнында тұрып қалды. Қасына барған топпен ол сәлемдесіп амандаса бастады. Оның маған қаншалық әсер беруін баяндаудан бұрын, көз алдымда қалған елесін сипаттайын: орта бойлы, жауырындылау келген ашаң денелі, сопақтау аққұба кескінді, әжімі қатпарланған кең маңдайлы, жіңішкелеу қасты, қоңқақтау мұрынды, кішірек көзді, сақалынан басқа жерін ұстарамен басқаң сұйықтау қара буырыл мұртты, тұтамдай ғана қара буырыл шоқша сақалды, жұқа ерінді, сүйірлеу иекті, ұзын мойынды, ұзын нәзік саусақты адам сияқты еді... Киімдерінен қалған елес: түгі қырқылып ұйпаланған, сарғылт барқытпен тыстаған дөңгелек құндыз бөрік оның төбесінде, ұлпасы бітіп қауырсыны ғана қалған үкі... мойнына, тозығы жетіп ені ыдырай бастаған, түсі сарғайыңқыраған ақ жібек шәріп... сыртында көнетоз түйе жүн шекпен, оның өңірі мен етегіне айнала жіңішкелеу ғып ұстаған құндыздың түгі де тақырланып, көп жерінде жалаң терісі ғана қалған, шекпенді астарлаған қарала батсайы да ыдыраған... Байпақты, қонышы биік етігі де ескіріп, жұлығына жамау кірген... тозық шалбарының кестелері түтеленген, тұла бойындағы киімдерінде жаңалау көрінетін жалғыз бұйым, — күміс зермен шашақталған, ұшын тізесіне салбырата байлаған, шалбарының батсайы бауы ғана. Ерте кезде, саятшы Ораздың үйінде қанат-құйрығы, тұяғы тозған, үсті-басы түтелген, ұшудан қалған кәрі тұйғынды көріп ем, Ақанның түр-тұлғасы маған аумаған сол сияқтанады... Қоршаған көпшілікпен ол өте сыпайы, жұмсақ дауыспен амандасты... Менің балалық сезіміме бұл Ақаң қиялымда жүрген сұлу түлғалы, көркем кескінді, әдемі киімді Ақан емес, соның, елесі, не мазағы сияқтанады. Бұл Ақанды мен іштей «менсінбедім», «Ақан» деуге аядым, қиялдағы Ақанды бұл Ақан деуге қимадым... Сонда да көпшілікпен бірге, менің көзім де Ақанда. Үйге кіріп оны ортаға ала отырғаннан кейін жұрт көзін айырмай, сонымен ғана кеңесті. «Кеңес» дегенде, жүйелі әңгіме Ақанда да, өзгеде де болған жоқ. Ақанға телміре қарап отырған топтан біреуі әлденені сұраса, Ақан қысқа ғана жауап береді... Ол «кеңес» сонымен бітіп, тағы да біраз аңырысып үнсіз отырады да, тағы бір сұрау туады... Оның жауабы да бұрынғылардай тым қысқа және қызғылықсыз болады... Сұраудың көбін Мәшік беріп отырды. Қоңыр үнмен ақырын ғана сөйлейтін Мәшіктің жай сөзі де, сұрау, жауабы да орнықты келетіні маған мәлім. Оның әзіл-оспағы да майда, жұмсақ келеді... Күлгенде де ол қарқылдамай, дыбысын әлсіз шығарып, денесін ғана солқылдатады. Осы маймаңдауын ол Ақанға да қолданып, өзгеден гөрі кеңеске көбірек тартып отырды да, шайдан кейін шақыртушы өзі екенің ол үшін кешірім сұрайтының шақыруына себеп, нелер болғанын жұқалап сыпайы сөздермен баяндай кеп, сөзінің аяғын «лебіз шығаруға» тіреді. Көпшілік Мәшіктің сөзін мақұлдап дуылдай бастағанда, төсек-ағашқа сүйеулі тұрған бапты домбырасын Дәулеткерей алды да.
— Сері, мені емес, сені іздеп кеп отыр, мына қонақтар; баяғы күйің жоғын кім білмейді сенің, сонда да, хал-қадарыңша айтып көр! —деп қолына ұстатты.
— Тастаған шіркін еді, бұл, — деді Ақаң — дауыста да не бап бар дейсің. Көңілдеріңіз қалмасың шама келсе айтып көрейін.
— Бәрекелді!.. Рахмет!.. — десті жұрт.
Ақан домбыраны қожырлау бұрап ап, әуелі ыңырсып үп қосып көрді де, дауысы домбыра дауысына үйлесетінін көргеннен кейін тамағын кенеңкіреп алып:
— Мынау біздің «Дауыс ашар» дегеніміз болушы еді! — деп, қоңырлау бір әдемі әнді айтты және өте нақыштап, сұлу ғып айтып берді. Бұл әннің тұсында тек Мәшік қана:
— Шіркін тарлан-ай, жүрісіңнен танған жоқ екенсің-ау — деп бір рет қана сөз қосты да, одан кейін әннің әдемі көтерілетін және қайырылатын тұстарында, ақырын ғана дауыспен «пау!» деп көтермеші болды. Әннің бір ауызын аяқтағаннан кейін:
— Қазіргі бозбала ән айтамыз дейді, — деді Мәшік ән бе, солардыкі!.. Қайран Ақан-ай, саған біткен өңеш, басқа біреуге бітер ме екен жоқ па екен!... Ақанның домбыраны тағы да аздап күйлегенін көргеннен кейін:
— «Құлагерді!» — деп ду ете қалды жұрт.
Ақан домбыраның шегін аздап қатайтыңқырап алып, көтеріңкі дауыспен «Құлагер» — деп бастай жөнелді... Ол:
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді»,
деп бастап, бұл бір ауыз өлеңді әнімен дұп-дұрыс айтты. Тыңдаушылар зор құрметпен қарсы алды. Одан кейін:
Ат қостым, айдаушылар айда деймін.
Жығылмаса Құлагер, қайда деймін?
— деген «ауызды» айтқанда, бет-ауызына қайғы бұлты оралғандай құбыла бастады... Одан кейін:
— дей берді де, жыламсыраған дауыспен, Құлагердің өлген жерін айтқанда, «жұлдым да сақал, шашты ойбайладым!» деп өкси жылап қоя берді... Ақанның кескіні со кезде құйын үрлеген судың бетіндей ойран-ботқа боп, екі көзінен жас шұбыра жөнелді... Ол домбырасын қасына сүйей салды да, талықсығандай қисайып жата кетті... Дәулеткерей оны құшақтай алды да, біреуге: «Жастық әпер» дегендей ымдады. Әперген жастыққа қисайтқан кезде, Ақан қалғып кеткен адамның бейнесін көрсетті. Біреулер: «Су бүріксе қайтеді?» деп еді. «Керегі жоқ» дегендей Дәулеткерей басын шайқады да, көпшілікке тысқа шығайық деген ым көрсетті.
— «Құлагерді» айтқызбайық дегенде болмадыңыздар, — деді Дәулеткерей тысқа шыға, — оның дертінің иесі осы ән «Құлагерді» айттырдық, — бүлдірдік оны!.. Енді ол екі-үш күнге шейін басын да көтермейді, сөйлеспейді де... Одан кейін мен Ақан серіні көрген жоқпын. Естуімше, со жылдың аяғында ол қайтыс болған. Кейін естияр болған күндерде, мен «Ақан серінікі» деген өлеңдермен де, әндермен де біраз шұғылдандым. Ол, әрине, ақын адам. Әлеуметтік тақырыпқа жазған оның өлеңдері бірен-саран ғана. Бұл өлеңдерінде Ақаң өз тұсындағы қанаушы тап пен оның үкіметіне қарсы. «Ақандікі» деген өлеңнің көпшілігі махаббатқа арналған, оның көпшілігі әнге арналған өлеңдер. Жалпы стилін алғанда ол — эстет ақын. Ақанның әнге арнамаған өлеңдеріне араб пен фарсы сөздері көп араласып, ол тілдерді білмеген қазаққа түсініксіз болады. Көп өлеңдерінде ол аллитрация мен ассонансты жиі қолданады. «Етегін ақ көйлектің» деп немесе «Белгісі жүйрік аттың» деп басталатын оның ұзақ өлеңдерінің, әр шумағы осы сөздермен басталады да отырады... «Ақаннан қалды» деген өлеңдер көп емес, жалпы саны мың жарым жолдай ғана. Олардың ешқайсысы советтік дәуірге дейін басылмаған. Советтік дәуірде (20—30 жылдары) ол өлеңдерді байшыл-ұлтшылдар жинап бастырып, Ақанды өз адамдары ғып көрсету мақсатымен, пан-исламдық, пан-түрік сияқты, өз идеяларын да араластырып жіберді. Кейін Ақанды көрген және жақсы білетін адамдардың айтуынша, ұлтшылдар жамаған идеяның онда өзі түгіл ұшқыны да болмаған. Ол саясатпен шұғылданбаған. Қанаушы тапқа қарсы тұруға, оны өмірдің өзі шақырған: үстем тап сүйген қызынан айырған, сүйген атын өлтірген, сүйген құсын тартып алған. Саяси сауаты жоқ Ақаң бұл қорлыққа және еңбекші көпшілік көріп отырған қорлыққа ұйымдасып қарсы тұруды білмейді, жеке қарсылығы іске аспайды, сондықтан ол үмітсіздікке түсіп, қоғам өмірінен өзін алып қашады, одан кейінгі өмірін оңашада ән-күй шығаруға ғана арнайды, сондағы айтары — заманының, және өз қара басының мұң мен зары... Ақан өлеңдерімен қазақ әдебиетіне ауа райын жасаған кісі емес, ал, ән жағын алғанда, ол революциядан бұрынғы қазақ музыкасының ірі классиктерінің бірі. Оның атына байланысты (расы да солай) жиырма шақты әннің бәрі де аса көркем саналады, халық ол әндерді күні бүгінге дейін аса сүйсініп тыңдайды... Ол шығарған әндердің бірталайында өзекті зор сюжет бар, олардың әрқайсысы бір-бір драмалы немесе трагедиялы пьеса...
ХАН ОРДАСЫНДА
Сырымбет тауы бізге кеше көрінген. Ол тауға тез жегуге мен үш жақтан құмартқам: бірінші — тау дегенді естігенім болмаса, бұған дейін көрген емен: екінші, Нұртазаның айтуынша, ол — аты тау ғана емес, менің бесінші атам Сырымбеттің тауы, өз атаңның тауын көрген қандай қызық: үшінші, серіктерімнің айтуынша, Сырымбеттің ығында, Шыңғыс ханның ордасы бар...
Хан деген сөзді мен кішкене күнімнен білем. Ауылдың баласы есін білер-білмес кезде, асық ойнап бастайды. Асықтың да «ханы» болады. Ол — әрі оңқай, әрі қошқар сияқты үлкен қойдың асығы. «Ханды» балалар қынаға бояйды. Асық ойынының бір түрі: «ойынға қатынасатын балалар сан мөлшерін бірдей ғып асық шығарады да ұтысады. Ұтыстың тәртібі: әуелі ойынға қатынасатын балалар «ханды» жағалай иіріп шығады да, кім алшы түсірсе, ойынды сол бастайды. Ойын бастаған бала, балалардың ойынға салатын асықтарын жерге шашып жібереді. Тәртіп: бүкті бүкпен ғана, шіктішікпен ғана, тәйкені тәйкемен ғана, алшыны алшымен ғана, шомпыны шомпымен ғана ату, және бір ғана үсік саусағымен ату... Бала ең алдымен «ханды» атып алады. Асықты алғаш шашқанда, «хан» алшы түссе, «хан таламақай» болады, онысы — шашылған асықты үлгергенше талап алу... Бұл «таламақай» да, әр бала қолына «ханды» түсіруге тырысады... Хан ойынының, бұл — бір түрі. Екінші түрі, балалар түнде жиналады да, екіге бөлініп, әр топ орталарынан бір баланы «хан» сайлайды. Екі «ханды» арасы алшақ екі жерге отырғызып, ол араны «орда» деп атайды. Ар жағындағы тәртіп ақ сүйек ойнау. Онысы — екі топтан бір бала шығу керек те, даярлап қойғызы малдың қу сүйегін (әдетте ол жілік болуы керек) алысқа апарып лақтырып келуі керек. Сол сүйекті балалар іздеп, тапқан бала, өз «ордасына» алып қашу керек. Ол баланы өзге балалар қуғанда, қашқан баланың жақтастары, екінші топтың балаларына сүйекті бермеуге тырысып, қай жүйрігі қағып әкете береді. Жеткен балаға, қай топтың баласы болса да, сүйекті қарсыласпай береді... Сүйек келген «орда» жеңген жақ болады. Жеңілген жақ айыпқа бала береді. Мақсат — баланы көп ұту. Егер бір «орда» балаларын түгел ұтқызса, ол «орданың» «ханын» балалар түйебас қылады. Хан ойынының үшінші түрі, қыз-бозбала жиналғанда «хан жақсы ма?» ойнайды, оның тәртібі: ойынды басқаратын «хан» мен «ханша» және «уәзір» сайланады. (Әдетте «хан үйленген» жігіттен, «ханша» келіншектен болады. «Уәзір қай жігіт болса да мейлі). Ойынды басқаратын «ханның» бұйрығы бойынша, бір қыз, бір жігіттен араласа отырады. Хан жігіттерді кезекпен шақырып, әртүрлі өлеңдер айтқызады.)36 Хан бұйыратын өлеңнің барлық саны 24 ауыз, және жігіттер бірін бірі қайталамай, тыңнан өлеңдер табу керек... Осы бұйрықты орындап шыққан жігітке «ханның» берер сыйы — таңдаған қызының қасына отырғызып, .аузынан сүйгізу. Бұйрықты орындай алмаған жігіт сүйген қызының аузынан сүю түгіл, отырған орнынан айрылып қалады. Қу «хандар», өлеңді ақшамен де, немесе орамал, айна, тарақ, кисет сияқты заттармен де өтетеді. Бірақ борышын олай өтеген жігіт, тек орнынан ғана айрылмайды, сүйгенінің қасына отыра алмайды. Ойын осы тәртіппен өткеннен кейін «уәзір» ойынға қатынасушылардан «хан жақсы ма?» деп сұрайды. Әдетте жастар ойынды «ханды» мазақтаумен аяқтайды... Балалардың да, жастардың да осылар сияқты «хан» сайлайтын ойын түрлері толып жатады. Бұлар — ойындағы «хандар». Көп хандар ертегілерде кездеседі. Ондай хандарды бала шағымызда талайлардан естідік те, естігендерімізді өзгелерге де айттық. Солардың ішінде қылығына қарай жақсы көрген де, жек көрген де хандарымыз болады... Бірақ мына «Сырымбетке» сапар шеккен күнге шейінгі менің ұғымымда, «хан» деген не ойында ғана сайлануы керек те, не ертегілерде ғана ұшырасуы керек. Сырымбетке сапар шегер алдында Нұртазаның маған айтқан сөзіне қарасам, «хан» деген адам бертінде де болған екен және ойынның не ертегінің емес, шындықтың ханы болған екен. Сырымбет тауына барғанда — деген Нұртаза маған аттанар алдында, — Шыңғыс ханның баласы Қоқыш төренің үйіне түсесіңдер. «Хан» деген сөзге менің өлеңдегенімді көрген Нұртаза, Орта жүздің ханы Абылайдың қалай хан болғанынан бастап, оның ұрпақтарынан кімдер хан болғанын қысқаша, түсінікті ғып айтқан.
— Абылайдың он бес әйелінен — деген ол, — отыз ұлы болған. Солардың ішінен хан болғаны — Уәли. Уәлиден туған он үш ұлдан хан болғаны — Шыңғыс, Шыңғыстан кейін хан сайланбады, елді басқару патша үкіметі сайлайтын болыстардың қолына көшті. Хандардың арғы атасы, баяғы монгол Шыңғыс хан екен. Жер жүзінде бірінші хан сол болыпты деседі. Сондықтан хан тұқымдары бір Шыңғыстан басталады да, бір Шыңғыспен бітті... Нұртазаның айтуынша, арғы Шыңғыс хан адамнан емес, нұрдан жаралған, шешесі Бөртә — ерден емес, нұрдан жүкті болған... Бұған шейін менің білетінім: «Нұрдан жалғыз Мұхаммед пайғамбар ғана жаралғанды». Міне, енді екінші «Мұхаммед» кеп шықты!.. «Нұрдан жаралған» хан тұқымын көруге мен қалайша құмартпаспын!.. Сонша құмартқан көңілім, Сырымбетке жетер күннің алдында басылып қалды. Жолда Биттігұл, Оспан дегендер болады екен. Биттіғұл бірнеше жыл болыс боп, ол өлген соң, болыстық інісі Оспанға көшкен екен. Біз осы Оспанның үйіне қондық. Бай үй екен. Және Оспан Торсанмен көңілдес те болған, жасамыс адам екен. Дауысын қатты шығара, серпе сөйлейтін Оспанның айтуынша, Шыңғыстың қара шаңырағына ие боп қалған Қоқыш, биыл кедейліктен жайлауға шыға алмай, қыстауында қалып қойыпты.
— Жалғыз ол ғана емес, — деді Оспан — бұл маңайдағы «Абылайдың, әулеті» дегендерден, қазір айғыр үйір жылқысы бар біреуі де жоқ. Кедейленгендігінен бе, дәуірлері жүріп тұрған кезде елге тізелерін батырғандықтан ба, — бұл елде «төре» атаулыдан жексұрын кісі жоқ.
— Дәулеті, беделі кеткендігі былай тұрсын, — деп қойды Оспан, — еркек, ұрғашысының бойлары да қол тоқпақтай боп кішірейіп, ауру-сырқауы көбейіп, азып барады. Азбай қайтсін: бірге туған екі адамның улы мен қызы қосыла береді. Төре емес кісіге қыздарын бермейді. Айналасы отыз шақты ғана үйлік төрелер бірі мен бірі айнала құда... Біз Қоқыштың үйіне ертеңіне бардық. Оның шаруасы кедейленуі рас болғанмен, үйі де, үйінің салтанаты да, өзінің дене құрылысы, кескін-кейпі, киім-кешегі де Оспан айтқандай құлдырап кетпепті. «Хан ордасы» аталатын бұл ауыл Сырымбет тауының теріскей жақ ығын ала қыстау салыпты. Сырымбеттің бейнесі шөккен айыр өркеш түйе сияқты екен. Төңірегін қарағайлы қалың орман қоршаған бұл таудың, жалаңаштанып біткен шыңы бар. Шыңдарының төбесіне адам жаяу-ақ қиналмай шыға береді. Хан ордасы Сырымбет пен Қылы аталатын үлкен көлдің арасындағы қалың қарағайдың ішінде екен. «Орда» аталатын үйде Қоқыш қана отырады екен. Он екі бөлмелі боп қарағайдан қиылған бұл үйді, өткен ғасырдың 20 жылдарында, Уәлі өлгеннен кейін орнында уақытша хан болған әйелі Айғанымға, патша өкіметі қазына есебінен салдыртып берген. Айғаным ол үйді баласы Шыңғысқа қалдырып, өлгенше37 сол ие боп тұрған. Одан кейінгі иесі, жоғарыда аталған Қоқыш. Үйдің ішкі қабырғаларына түгелімен ақ кигіз шегеленген. Іргесіне тас қаланған, төбесі қаңылтырмен жабылып сырланған бұл үй, біз көргенде, жаңа үйдей қарап тұр екен... Үйдің, барлық бөлмелері де жасаулы екен: оған себеп,—- Абылайдың шаңырағы Уәліде, Уәлінің шаңырағы Шыңғыста, Шыңғыстың шаңырағы Қоқышта қалады. Үлкен шаңырақ осы үй болғандықтан, Абылай ұрпағынан біреу үйленсе, кілем, ішік сияқты бас жасауын осы үйге әкеп артады екен. Қоқыштың, айтуынша, сол кезде саны жүзден асқан бұл маңайдағы төрелердің бұл сыйлары, Қоқышқа қалған шаңырақты мүліктендірмей қойсын ба? «Орданың» маңында бұрын қарашылары көп болады да, бертін Қоқыш кедейленгеннен кейін бытырап, қасында екі татар көршісі ғана қалады: бірі — Ғалиакбар атты мешіттің азаншысы, бірі — Ғалиянұр атты бір көзі соқыр татар, бұл ертеде Қоқыштың әрі әншісі, әрі атшысы болады екен де. көңілдері жақын боп, кедейленген Қоқышты қимай қасында отырып қалған екен. Осы екеуінен басқа үй, «Орданың» қасында жоқ. Тек қана бары — мешіт. Ішіне бес жүзге жақын кісі сиятын бұл мешітке де құрбан не ораза айты сияқты мейрамдар кезінде болмаса, намаз оқуға да жұрт жиналмайды екен. Шыңғыстан — Жақып, Шоқан (жұртқа мәлім Шоқан Уәлиханов) Мақы, Махмет туады. Шоқаннан басқасынан ұрпақ бар, бірақ олар Қоқыштан бөлек отырады. Шоқан ерте өлген ғой. Оның тете інісі Мақы тіл-құлағы жоқ мылқау боп туады. Шоқан оны Петербургтағы мылқаулар школына апарып сабаққа беріп, сол школды бітіргеннен кейін суретшілікке бейім Мақы көркем сурет академиясына түседі. Оны да бітірген Мақы өте шебер суретші болады. Оның қолынан салынған суреттердің альбомын Қоқыш көрсеткенде, ауыл өмірінің адам қайран қаларлық неше түрлі тамаша бейнелерін көрдік... (Кейін сол альбом табылмады). Мақы суретшілдігімен қатар, орысша хат-қаламға да жүйрік боп, Омбыдағы округтік сотта бірнеше қыл хатшы бопты. Біз барған кезде ол өлген екен. Баласы Ыдырыс, орысша оқып, бастауыш мектепке сабақ береді екен. Жақып та, Махмет те біз барған кезде өліпті. Махмет — Омбыда орысша оқып, оқуын бітіргеннен кейін Көкшетаудың ояздық начальнигіне бірнеше жыл помощник бопты. Қоқыштан біз «Шоқан жазды» деген орысша қалың кітап көрдік бірінші бетінде офицер киімді, қара мұртты Шоқанның фото-карточкасы бар екен. «Қазақ атаулыда орысшаны бұдан көп оқыған болған емес», — деп таныстырды Оны Қоқыш. Оның отыз жасқа жетпей өлуін естігенде:
— Қыршын екен-ау, шіркін! — деп өкіністі серіктерім.
Кейін ержеткен кезде Қоқышты тағы да көрсем, кескіні аумаған Шоқан екен.
— Бойы да дәл мендей еді, — деді Қоқыш. Тек қана айырмамыз — оның ақылы да, оқуы да менен көп болды; мен әкем апарған оқудан қашам деп, ақырда мынадай жоқшылыққа ұшырадым. Қоқыштың шаруа күйі расында нашар екен. Со жылы онда екі-үш-ақ құлынды бие, бірер ғана бұзаулы сиыры бар. Түйесі, қойы жоқ. Бізге сойған қойды ол орыс поселкесінен саттырып алды. Қоқыштың сондай күйін көре тұра, біз ол үйде жұмаға жақын жаттық. Оған себеп, — менің басшыларымды шақырған сот, ар жағында Саумалкөлде тұрады екен; оған туралап баруға бата алмаған басшыларым бетін парамен бұру амалына кірісті, бұған Ғалиянұрдан лайықты кісі табылмады. Ғалиянұр судьяны параға көндіргенше, біз Қоқыштың, үйінде жаттық. Алғашқы күннен кейінгі сойыстықтарды қаладан сатып алып тұрдық. Ұнды да сатып алдық, сонда менің серіктерім:
— Кигіз туырлықты қазақта, келген қонақ тамақты сатып ішетін сұмдықты төренің үйінде ғана кездестірдік-ау, шын сорлы боп болғаны ғой, мұның! — десті.
— Мұнша бейшара боп отырғанша, үйіндегі мүліктерді сатып неге мал қылмайды екен?! —десті серіктерім.
— Айтсам қайтеді осыны? — деп құлшынып еді:
— Жағың қарыссын! — десті басқалары. — Құдай түземеген терені сен түзейін деп пе ең? Өлмесе жаны шықсын. Өкпелетіп ап пәлесіне қаларсың. Біздің ісіміздің бір тетігі осында боп тұрған жоқ па?..
ПАРАҚОР СУДЬЯ
Саумалкөл сотындағы істің тиянақталуы ұзаққа созылған жоқ. Бұл істі «отказ» қылу үшін судья алғаш бес жүз сом сұрап, саудаласа келе үш жүзге келісіпті. Судьяның бұдан төмендемейтініне көзі жеткен менің серіктерім «отказға» шығын шығармай құтылмайтын пәле екенін көрген соң, төлеуге мойындады. Бірақ үш жүз сомды қалтадан суырып бере қою оңай боп па! Аттың әулиесі ол кезде отыз, қырық сом ғана. Үш жүз сом — он шақты аттың құны... Елден шыққалы «әй-шәй» деспей тату-тәтті болып келе жатқан менің серіктерімнің арасына осы жөнде кикілжің түсіп, өзара біраз ұрысып алды, сонда Шери бір Жақ та, өзгелері бір жақ. Шериге батып сөз айтатын Ботпай екен. «Бастап әкел» дедіңдер, әкелдім: «судьямен келістіретін кісі тап» дедіңдер, таптым; судьяны көндірдік. Ендігісінде менің шаруам жоқ, — деп Шери шалқақтайын деп еді, сыпайылаған сөзге Шери иліге қоймаған соң:
— Өзің не оттап отырсың? — деп Ботпай тік келді. — Кім бұл пәлені тұтатқан? Әкең! Нақақтан күйіп келіп отырмыз. Бізге атымыздың тері де шығын. Он қол, оймақтай ауыз таза отырып, одан әрі неге шығынданамыз біз? Қолыңнан салған өртің. Қалай сөндірсең мейлің. Бізге күйесін жақпа оның. Жағам десең шық былай!.. Біз де көріп алайық ар жағын!.. Өзара дауларын өздерінен басқа кісіге білдіргісі келмегенмен, білдірмей отыра алмады, олар. Біреуі барып айтты ма, әлде араларында реніш барын қас-қабақтарынан сөзді ме,— Қоқыш бір күні олардың басын қосты да, мән-жайларын сұрады. Өзара келісімге келе алмауларына көздері жеткен менің серіктерім Қоқышқа шындарын айтты. Екі жағын түгел тыңдап алған Қоқыш кінәні Шериге қарай аударды.
— Солай-ақ болсын дейік — деді көнген болған Шери, сонда қалай төлемекпін мен бұл ақшаны? Саудамен келген кісі емес, мініп келгенім — жалғыз ат. Төлеуге жете ме, ол? Серіктерімнің суырып берер ақшалары жоғына көзі жеткен Қоқыш:
— Торсанға не болған?! Судьялардың ол білмейтін жайы бар ма еді? «Әкімге бара берме, пара бер» дегенді өзі айтатын еді ғой Торсанның. Сол жайды біле отырып, осындай қуыс қалта ғып неге жіберген, сендерді? — деп бастап, бірталай салмақты сөздер айтты.
— Қатасы жоқ, — деді Мәшік — осыны байға мен де ескертіп ем: «Бір тәуекел, барып көріңдер, тәңірі бергенін алып кетпесе, еншалла ештеме сұрай қоймас, біз араласқан жұмыс солай бітетін де» деп болмады.
— Қайтсін — деді Қоқыш. — Оның да баяғы күйі бар ма? Жасы жетіп, билігі балаларына ауып бара жатқан кез. Дәулеті болса, дөңгеленген уақыт!.. Торсанмен құрдас, — деді Қоқыш аз кідіріп, — әрі сыйласып өскен кісі еді. Маған сеніп жіберіп отыр ғой сендерді. «Жақсылық қылсаң, («түтін қыл» депті. Сендер үшін емес, Торсан үшін тағы бір қиналам.
— Сөйте көріңіз, енді! — деді Таспай,— сүйенішіміз — әуелі құдай, қалды — Сіз!..
— Ғалиянұрды судьяға тағы жұмсағым келеді, — деді Қоқыш, — бірақ жұмсар алдында сендермен пысықтайтын сөз бар.
— Айтыңыз! — деді Ботпай.
— Судьяға «біраз күн шыда» деген сөзді жолдағым кеп отыр. Осыған менің табаным тұрғанмен, өздеріңнің табандарың тұра ала ма? Соны білгім келеді. Менің, серіктерім бір-біріне қарасып, үнсіз аз уақыт отырғаннан кейін:
— Қоқа, жеңіл сөз емес қой, бұл — деді Ботпай,— жауабын ақылдасып берейік. Бізге биенің бір сауымындай мұрша беріңіз.
— Болсын, — деді Қоқыш.
— Ал, Шери не дейсің? Ендігі сөз сендерде! — деген сұрауға:
— Ең алдымен, — деп жауап берді Шери, — судьяның үш жүз сом алам деуіне күдігім бар. Бірер аттың құнымен де көңілі аулана қалатын судьялар неғып шіреніп кетті, бұл жолы!..
— Не деп ойлайсың, сонда?—деді Таспай, — ойынан шығарды дейсің бе, Ғалиянұр?
— Ғалиянұрдың емес, Қоқыштың ойынан шығады, бұл сөз.
— Неге?
— Білмей жүрмісің «неге» екенін? Екі иініп жұлып жегендей боп аштан өлгелі отырған төре бізді бір майлы жілік көріп алды, шетінен кеміріп сора беретін!.. Судьяға барып сөйлесші, осының к... сонда ашылады.
— Бар, сөйлес, ер болсаң! — деді Мәшік кекетінді дауыспен.
— Әттең, айыпталушы мен емеспін — деді Шери, — егер мен болсам, осы аш төрені араға салмай-ақ өзім жүрер ем.
— Сол әнге бастың ба? — деді Мәшік. — Олай болса, бізді отқа итер де, өзің тартып отыр!.. Екі жағы тағы да біраз керілдесіп алды. Бала да болсам байқаймын: Шери бұл жақтан емес, ел жақтан ығысатын сияқты. Сөз әлпеттеріне қарағанда, Торсан тұқымын Сибандар жеңіп ап, Шери бұл сапарға еріксіз шыққан сияқты. Сондықтан Шериге қарсылар оны:
— Артына шыдайтын болсақ, біз тұтқынға-ақ түсейік! — деп қажытады. Маған өзгелерінен Шеридің халі қиын сияқтанды. Пара жөнінде судьяға өзі барып сөйлесуге батылы жетпеген Шери, параның мөлшері туралы күдіктенгенмен, сол мөлшерде төлемеуге болмайтынын көрген Шери қайдан тапса да осы мөлшердегі параны өзі тауып беру керектігін ұққан. Шери расында, қысылды. «Өлмегенге өлі балық» дегендей, амалы құрып Шери қысылған кезде оны бұл тұйықтан алып шығушы табыла кетті. «Саумалкөлге Жұдырық келіпті» деген хабар естілді. Шери астыртын кісі жіберіп білдірсе, рас екен.
Оның кім екенін айтпастан бұрын, мен осы адамның атына байланысты, сол арада бұрын естімеген бір сұмдықты естідім. Менің оған шейінгі ұғымымда: ұрлықты кейбір кедей адам жоқшылықтан ғана қылады... Енді естісем: мына шеті Көкшетау, Баяң Қарқаралыдағы: мына шеті Қызылжар, Қостанай, Торғайдағы кей байлар өзара байланысып жылқы ұрлығын жасатады екен де, бірден бірге сырғытып өткізіп, мал иелеріне теңдік бермейді екен. Желісі осылай кең тартылған ұрлық жолының бір мықты қазығы Торсан үйі болады екен. Жаңағы Жұдырық және оның серігі Сыздық, Есіл өзенінің Қызылжарға жақын жағасын мекендеген Ақкиік Атығайдың ұрылары екен. Шығыстан келген ұрлық малын олар Торсанға жеткізіп, батыстан Торсан үйіне келген ұрлық малдарын шығысқа айдайды екен. Жұдырық пен Сыздық бертінде тұтқынға алынады да, соттың үкімімен Торғай үйезіне жер ауады. Олар Әбдіғапардың (Аманкелдіні өлтіретін) қолына барады. Әбдіғапар оларды ұрлыққа жұмсап жүрген кезінде, Сыздық оның тоқалымен көңілдес боп қап, Әбдіғапар атып өлтіреді. Жұдырықты да өлтірмек болады... Жұдырық Саумалкөлге Әбдіғапардан қашып келеді екен беті — өз елі. Оның келгенін естіген Шери ат шаптырады да тез алдырды: орта бойлы, жуантық кесек денелі, қоңыр кескінді, қалың қара мұрты бар, сақалын қырып жүретін кісі екен. Жұдырықпен оңаша кекескен соң-ақ Шеридің ажары кіре бастады. Сол түні Шоқпыт жоғалып шықты да, үш-төрт күнде оралып келіп қалды. Артынан білсем: Жұдырықтың ауылда қалған Жетпіс дейтін інісі бар екен. Ол да бау кеспе ұры екен. Оның Мұстариза38 дейтін басшысы болады екен. Жұдырық Шоқпытты соларға жібереді. Олар ақшадай бес жүз сом жібереді және Жұдырыққа қоса Шериді де қонаққа шақырып хат жазады... Үш жүз сом қолына тиген соң-ақ судья істі «отказ» қылады да, копиясын жауапкерлердің қолына береді. Содан кейін қайтуға асыққан Мәшік пен Таспайды Шери бөгеді. Сонда айтқаны:
— Судьяның бізге тағы да керек күні болмас деймісің. Көптен тұрған, үкіметке жағымды судья көрінеді өзі. Бір малдың басын қыяйық та, қонаққа шақырып таныс болайық.
— Желкемнің шұқыры көрсін енді судьяны!.. Құдай өңім түгіл түсімде көрсетпесін! — деп зырылдаған Таспайға Мәшік те ерер ме еді, қайтер еді, егер, Шери оған:
— Сол судьяның үйінде грамафон бар деп естідім, — демесе және Таспайдың «ол не?» деген сұрауына «адамша сөйлейтін машина. Ірі шаһарларда болмаса, поселкеде кездеспейтін еді, судьяда бар екен!.. Және жай ғана сөйлемейді, адамша ән салады» демесе. Мәшік грамафонды естіген екен де, көрген жоқ екен. Көруге құмар екен. Оған Ботпай қосылып, екеуі Таспайды жеңді... Саумалкөлге аттандық. Оны орыстар бекерге «Криво озерное»39 демейді екен. Көп үйлі, әлденеше көшелі үлкен поселкенің күнгей жағын қоршай біткен телегей теңіз бұл көлдің түрі өгіздің имиген сыңар мүйізіне ұқсайды. Жағасы — қалың қарағай. Саумалкөл дейтіні — суы саумалдау екен бірақ ішуге болады. Жұдырыққа ерген жолаушылар Саумалкөлдің жағасында отырған бақташы қазақтың кигіз үйіне түсті. Судья сол үйге шақырылды: сары буырыл ұзын сақалының иек тұсын ғана қырып, өзге жерін қалың мұртына тұтастырып кеудесіне түсіре өсірген, таңқы танау, қушық бет, үлкен көк көзді аласа бойлы, быртиған семіз ақсары кісі екен. Күлмей сөз сөйлемейді, және бүкіл денесін солқылдата күледі, трубкасы аузынан түспейді, мұрты араласқан сақалын екі қолымен кезек ширата береді... Арақ ішсе, судьяның кескіні күреңденіп, маңдайының, мойнының тамырлары білеуленіп шығып кетеді екен және өлең мен жай сөзді араластырып даурығып мазаны алады екен. Арақты судьяға еріп Жұдырық пен Шери ғана ішті. Өзгелері «ауызға ап көрген жоқпыз» деп жоламады. Судья грамафонын ала келген екен. Бірақ өзі мас боп құлағанша, жұртқа грамафон тыңдатып оңдырған жоқ. Грамафон айтқан әнге қосылып, қасқыр жарып жатқан сиырдың өкіргеніндей тұрпайы дауысымен бақыра жөнеледі де, құлағыңды керең қылады. Жұдырық — арақты сілтегіш пәле боп шықты. Алғашқы рюмкені көтергенде, қазақшаны шалалау білетін судья түсінбейтін сөздермен:
— Сары текені сұлату керек бүгін — деді ол Шериге.
— Қалай? — деді түсіне қалған Шери.
— Суару керек мықтап. Шекесі жұқалау екен қанша сімірер дейсің, бізге осы текенің шоңқиғаны керек.
— Қандыруға мен ере алар ма екем, — деді Шери, — өзің болмасаң?
— Тәуекел деп тартайық, — деді Жұдырық, — тәңірі бергенін әкетпесе, бұл текенің сілесін қатырармын.
— Мен де еріп көрермін— деді Шери...
Осы сертпен екеуі судьяны қақпақылдап суарып отырып, лезде сұлатты... Сойған қойдың еті пісуге шыдау түгіл, судья қуырдақтың өзін аяқтай алмай, күрмелген тілмен біраз оттап отырды да, әлсіреп сөнген отқа ұқсап, баяулап барып қылжиды... Грамафонның қызығын үйдегі жұрт судья қылжиғаннан кейін көрді. Орысша тамаша әндерді сұңқылдатып басты ол. Жансыз мүліктің жанды адамдай әндету мәніне ешкім түсіне алмай-ақ қойды.
— Шіркін, орыс-ай! — деп қайран қалысты олар, — Сенен құтылатын да өнер болар ма екен!.. — Өзгенің бәрін істеп боп, енді темірге де ән салдырып қойдық-ау!..
— Осыны ойлап шығарған адамның өркені өссін деп айта беру керек, — десті менің серіктерім, — үйден шыққалы қобалжыған ренішті көңілді көтеріп, бір жасап қалдық-ау!..
ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ
Сырымбет төңірегінде жүрген кезде мені қайран қалдырған адамның бірі — ақын және әнші — Сандыбайдың Ыбырайы, лақап аты — Үкілі Ыбырай. Ол менің бұған дейін естімеген де, көрмеген де адамым. Оны, ұзынқұлақты Мәшік пен жүрісі көп Шери біледі екен. Шоқша қара сақалы мен су ағарын басып жүретін қалың мұртына аққылаң түсе бастаған ол, денесінің зорына қарамай жеңілтек, ойнақы мінезді екен. Өлеңді ол сол аяғын астына баса, тізерлеген оң аяғына домбырасын қоя, денесін қойқаңдата, даусын елірте айтады екен. Ал, дауыс күші масқара — ірі айғайға басқанда, қасында отырған кісінің құлағы тұнып қалады. Өзі бір жоғары, бір төмен ерлейін дегендей биікке шырқап шығуы да, сорғалап төмен құлдырауы да келісімді, ырғақты, сәнді. Оның жастық тақырыбына шығарған әндері, соған лайықты өлеңдері көп екен кейбірінің әлденеше варианты болады екен мысалы — «Гәккудің». Әрқайсысы біздің тілмен айтқанда бір-бір ғажап поэманың сюжеті, ал, әдемілігіне құлағыңның құрышы қанады. Оның айтыстары да көп екен. Мысалы, Доскеймен айтысы, осы жанрдың қалай туып, қалай өрбуіне айқын айғақтың бірі. Оның суырып салма ақындығында мөлшер жоқ сияқты. Аузынан шыққан сөздерінің өлшемі, ырғағы, үйлесі қалайша дәл түсе беруіне қайран қаласың. Бұл жағынан өлеңнің тынымсыз ағып жатқан өзені сияқты. Ол мақтауын да, сынауын да қатар жүргізеді екен. Мысалы Шериді мақтағанда — аспандатып жіберді де, жамандағанда жерге кірер жарықшақ таптырмады.
Әр рудың тарихына, белгілікті адамдарының жақсы-жаман қылығына жетік ондай мәліметтерді қайдан жинауына, қалай кеп білуіне таң қаласың. Расы ма, жағынуы ма, — ол менің, керейлік серіктеріме өлең айтқан:
Сан жерде сан руды араладым,
Қай жерге аттың басын тіресем де,
Керейден мырза елді таба алмадым»,—
Әр жерде жүрген жерің сайран керей,
Соятын қонағына тайдан керей,
Біраз күн қолым тиіп бармай қалсам,
деп мақтап ап, ақырында:
Көрмесем кетіретін дамылымды,
Бармасам алатұғын сабырымды,
Ешуақыт көрген емен забырыңды.
Кереймен бірге қыл деп қабырымды!
дегенде, қасындағы керейлер еңкілдеп жылап жібереді.
Ыбырай суырып салма ақындығының үстіне, жалықпайтын жыршы екен. Ол қақ өмірінен де, шығыстық елдер, әсіресе — фарсы, араб өмірінен де көп оқиғаны жыр ғып айтады. «Еркөкше» дейтін жырды ол бір түнге жеткізді. Фарсыдан келген «Тотының тарауын», арабтан келген «Мың бір түнді» өлеңдеткен ол әлденеше күнге созады. Қулық қып айтатын күлкілі кеңестерінде түп жоқ. Орындауы — нағыз артист. Ыбырайдың өмірбаянын оның ән-өлеңдерінің тарихын жасауда,. 1930 жылы колхоздық құрылыста асыра-сілтеудің құрбаны болған оның ардақты есімін тірілтуде, бірталай қатынасым болған менің Ыбырай туралы жазғандарым көп, сондықтан ол туралы бұл арада ұзартпаймын. Қысқартқанда айтарым: балалық шағымда өнеріне қатты қызыққан «осындай болсам-ау!» деп арман еткен адамымның бірі — Үкілі Ыбырай.
БАЛУАН ШОЛАҚ
Біз елге беттеп келе жатқанда, Марьевка40 дейтін қалада «Ылиын»41 атты базары боп жатыр екен. Жаздың ортасында болатын базарға халық аса көп жиналыпты. Біздің елден де Әлти, Сәпі, Көшке сияқты байлар келіпті. Біз Ылиынға келген күннің ертеңіне, Көшебе Сибанның базаршылары бас қосып кеңесе отырды, сондағы сөзі: «Осы базарда жүр — деген Балуан Шолақты қонаққа шақырудың жабдығы. Сөздеріне құлақ салсам, Балуан Шолақ дейтін адам — менің бұған дейін көрген адамдарымның бәрінен де басқа. Жұрттың айтуынша, Балуан Шолақ атан өгізді бұзаудай арқалап әкетеді, етіне темір қысқаш батпайды, білектей темірлерді сымдай бұрайды, асау атты жалғыз ұстап үйретіп мінеді, аттың үстінде «шайтандай» ойнайды, зәулім қорғандардан мысықтай қарғиды, денесіне оқ өтпейді, қылыш кеспейді, ағаш үйдің қабырғасын басымен сүзіп құлатады, дария көлдерден үйректей жүзіп өтеді, жүгіргенде жөбішенді атқа жеткізбейді, бір жеуіне бір тайдың еті жұқ болмайды, киімді салдарша малынып, киінеді, қыздың қалыңмалына бермейтін ат мінеді, ер-тұрманы жарқыраған алтын мен күміс. Сөйлесе кетсе, алдырмайтын шешең қасарысқан адамына мейірімсіз, досына қоң етін кесіп берсе «е» демейтін шыдамды. Дауыс біткеннің әншісі, саусақ біткеннің домбырашысы және сырнайшысы, жүрген жері ойын-сауық...
— «Жігіт сегіз қырлы болсын» деуші еді, — деп қайран қалысты мына мақтауларды естіген жұрт, — рас болса, мұның қыры бір «сегіз» емес, әлденеше сегіз боп кетті ғой...
— Соның өкіметке қылмысты боп қашып жүр деген, қонаққа шақырып пәлесіне қалармыз, — деп қашқалақтап еді, көпшілік:
— Не болар дейсің, пәле боп? Бәрімізді тізіп айдар деймісің? Және қашып жүргені де өтірік соның. Қашса базарға келе ме? Базар басталғалы жұрттың көзі өзгеде емес, сонда. Жұрт көргенде, өкімет көрмей жүр деймісің, оны? Шақырайық, бір күн де болса мәжілістес болайық, — деді. Көпшіліктің, аузы шақыруға біріккеннен кейін:
— Қонағасына не соямыз? — деп ақылдасып еді:
— Нөкері көп көрінеді ғой, қасында, — десті әркімдер, — кем болса қырық-елу кісі серігімен келеді, ол. Мұнда да бір қыдыру жан бармыз, бие сою керек...
— Әуелі хабарлану керек, — десті біреу, — келетін болса ғана шығынданайық.
— Неге келмейді. Дәмнен үлкен бе? — деді екінші.
— Келуі келер, — деді үшінші, — сонда да беделді, сөз білетін, жол білетін жігіттерді жұмсау керек. Жұмсаған жігіттер іңірде оралды.
— Келетін болды, — деген хабар әкелісті, олар.
Ту бие сойыла бастады. Жұрт қонақты күту жабдығына кірісті. От айнала жиналған жұрт Балуан Шолақтың кісілігі, қайраты, өнері туралы толып жатқан қызық әңгімелер айтады. Соларды естіген сайын оны көруге менің құмарым арта түседі... Сырнай дауысы естілді бір кезде!.. Көпшілік құлақ түрісе қалды... Со жақтан түйдектелген көп салтты шауып келеді!.. Міне, жақындап қалды салттылар!.. Сырнай дауысы даланы жаңғырықтыра, көтеріле шықты... Қосылып айтқан әндер естілді... өзгенің не екені маған мәлім емес, ал, менде шапқан салттылар, үні сұңқылдаған сырнай, оған қосылған ән жақындаған сайын ес қалатын емес... Міне, келді де олар!.. Бізге жете кілт тоқтай қалысты... Күтіп тұрғандар қарсы жүрісті... Салттылар аттан түсе бастады...
— Балуан Шолақ қайсы екен? — деп сыбырлаған біреуге:
— Көзің жоқ немемісің, өзің, — деді екінші — көрмей тұрмысың? Түр-тұлғасынан-ақ белгілі емес пе? Сол сияқты кім бар осында? Бұлай сипаттаушы кісі, Балуан Шолақты көргенімде асырып айтқан сияқтанады: жауырыны кең, төсі жалпақ болғанмен, дене құрылысы асып кеткен ірі емес, ортадан аз-ақ биік екен бұл топта одан биік те, денелі де кісілер бар?.. Кескіні бір сыдырғы көркем екен: имектеу зор мұрынды, қалың қабақты, қою қасты, үлкен қара көзді, атжақты, қою, ұзын қара сары мұртты, дөңгелектеу қою қара сақалды... Ерекше көзге түсетін киім-кешегі екен: сыртына желбегей салған, ақ ботаның түбітінен тоқыған шекпен, астары батсайы, өңіріне жалпақтығы төрт елі қып құндыз ұстаған, басында батсайымен тыстаған жекей ақ бұйра тымақ, ішкі қара барқыт қамзолының беліне жалпақ қып қызыл жібек белбеу байлаған да, бір жақ ұшын шашақтандырып оң жақ мықынынан төмен түсіріп жіберген, бұтында көк шұға шалбар, аяғында көк сауырлап, кестелеп, күмістеп тіккен қосай етік... Бұл сияқты киінген кісіні мен өмірде көрген емен. Балуанның мінезі ақжарқын, сөзшең, ойыншы кісі екен. Амандықтан бастап-ақ ол біздің топты жатсынбай, ежелден таныс адамдарынша араласып, шүйіркелесіп кетті. Сөзді аздап мұрнынан сөйлейтін кісі екен.
— «Қызмет қыл да міндет қыл» деген, — деді ол, қарсы алған топпен біраз кеңесіп, қымызға қанғаннан кейін — ойын көрем деп шақырдыңдар ғой мені, бастайық сол ойынды. Көпшілік мақұлдай кетті. Әуелде күш көрсетпек болған ол:
— Кәне, маған ең ауыр аттарыңды әкеліңдер! — деп, зор денелі бір атты алғызды да, астына кіре беріп, төсін иығына келтіре, көтере жөнелді...
— Кәне, ең балуан деген жігіт кел де, мені алқымымнан қыс! — деді — ол, атты иығынан түсіргеннен кейін. «Түйе балуан» атанған, денесі Балуан Шолақтан әлдеқайда зор, Кәлен деген жігіт:
— Мен қысып көрейін — деп алқымынан алды,
— Қатты қыс! — деді Балуан Шолақ.
— Болдың ба қысып? — деп сұрады ол Кәленнен.
— Болдым, — деді Кәлен.
Со кезде, Балуан Шолақ мойынын бұрып кеп қалғанда, Кәленнің қолы алқымнан ытып шығып кетті... Адам қайран қаларлық тағы да біраз күштер көрсеткеннен кейін:
— Тіл-аузымыз тасқа, — дестік көпшілік — ертегідегі батырлар болмаса, бұл заманда көрмеген күшіміз, бұл. Енді тыныста, өзге ойыныңды содан кейін баста. Ет жегеннен кейін, көпшілік Балуан Шолақтан ән айтуын өтінді. Ол іркілген жоқ. Тек қана сұрағаны:
— Сырнаймен бе, домбырамен бе?
— Естіп жүрген домбыра ғой! — десті көпшілік— таңсық сырнайға қосыл.
— Болады,— деді Балуан Шолақ.
Сырнайды ол басқа бір жігітке ойнатты да, өзі қосылды. «Ияйяһ» деген әнінен бастады ол. Бұл әнді ол жұртқа белгілі «Бұл күнде қырық тоғызда менің жасым» деген өлеңмен айтты. Өлеңді ол мұрнынан келтіре, екпіндей айтады екен. Дауысы қоңыр, бірақ әдемі екен.
— Батырыңның айтысы-ай! — деп сүйсінді тыңдағандар.
Тағы бірнеше әннен кейін жұрт оған атақты «Ғалиясын» айтқызды. Бұл әнді ол ырғала, теңселе шырқайды екен және Ғалиясы алдында отырғандай, күлімсіреген, еркелеген кескінмен айтады екен.
— Міне, ән! — деп қайран қалысты жұрт...
Балуан Шолақпен мәжіліс құрған жұрт күн шыға тарқасты. Қошеметпен аттанған Балуан Шолақтың тобы кең даланы басына көтере, сырнайлата, әндете жөнелді...
— Жігіт осындай болсың — десті, артында қарап тұрғандар.
Сырдың суы келмейді жұлығымнан!» —
деп өзі айтқандай, өлмей кісіге кеудесін бастыратын жігіт емес қой, мынау!.. Дүнияға күліп кеп, күліп кетуге жаралған жігіт қой, бұл!.. Ұл туса, осындай тусын да. Кешікпей базар тарады! Жұрт мекен-мекеніне бытырасты. Біз де елге беттедік. Базардан тарағанша да, тарағаннан кейін де көпшіліктің, олардың ішінде менің серіктерім: Мәшік пен Таспайдың аузынан Балуан Шолақ түскен жоқ. Бір сөздің ретінде, Мәшік маған:
— Көп жерді көрдің, бала. «Көре-көре көсем болады» дегендей, «ел аралаған сыншы, тоғай аралаған үйші» дегендей, өстіп жүріп кісі боп кетуің мүмкін — деп отырып, Ақан сері мен Балуан Шолақты еске алды да, екеуінің қылықтарын айта кеп:
— Ақын бола қалсаң, кімге еліктер едің? — деп сұрады, менен.
Бәтеңнің алдында әдеп сақтап үйренген мен, сұрауына жауап бере қоймап ем:
— Ақан серіге ме? — деді ол.
Мен басымды шайқадым.
— Балуан Шолаққа ма? — деп сұрады ол.
Мен күлімсіреп төмен қарадым.
— Ә, соған еліктегің келеді ғой, — деді Мәшік. — Елікте, шырағым! Еліктейтін кісі, ол. Сондай қайғыға қарсы тұра алатын жігіт болуға, жігіттің гүлі — жігіт болуға тырыс!..
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ЖӘМШІК ЖОЛЫ
БАСЫЛҒАН КӨҢІЛ
Сырымбет сапарынан мен аса көтеріңкі көңілмен қайттым.
Өйтпегенде ше!.. Қанша жерді көрмедім мен!.. Қанша елді көрмедім мен!.. Ес білгелі менің бір білетінім Жаманшұбардың айналасы ғана болса, енді мен бізден жүз елу шақырым жерде тұратын Сырымбетке дейінгі жерді де, елді де түгел шолдым. Жалпы жобасын алғанда ауыл атаулының бәрі — бір екен. Қай жерде ауыл көрсең де, ең алдымен, үй саны мөлшерлес келеді. Төрт-бес үйден кем ауыл болмайды, оң он бес үйден аспайды. Ауыл атаулының бәрінің құрылысы да бір сияқты: әр ауылдың тергі жағында ақ үйлері, ық жағында қараша үйлері отырады; әр ауылдың төр жағының малы көп, ық жағының малы аз... Ауыл атаулының мәдениет дәрежесі де бірдей сияқты: олардың бәрінде де тарантастан әдемі арба жоқ, көшкенде жегетіндері екі доңғалақты қазақ арба, шел пен тігіндікі сияқты бірен-саран машиналар анда-санда ғана кездеседі... Ауыл атаулының киімдері де бір-біріне ұқсас, қай ауылдың киімін көрсең де, көбі қолдан тігілген олпы-солпы, фабрика киіміндегі адамды ілуде біреуден ғана көресің... Ауыл атаулының тамағы да бірдей: бай үйлердің ішетіні — қымыз, жейтіні — ет, нанды олар өте аз жейді, бір үй толы қонақтың алдына жайылған дастарқанға төгілетін бауырсақтың мөлшері бір-екі аяқ қана, қазіргі мөлшермен айтқанда бір килоға жетер-жетпес; кедей үйлердің ішетін ағы — айран, жемі — құрт пен ірімшік олардың үйінен нанды ілуде біреуде-ақ кездестіресің... Ауыл атаулыдағы кедейлердің бәрі де біздің ауылдың кедейлеріндей кәсіпсіз көрінеді. Бірен-саран ғана адам болмаса, ауылдан ұзап кәсіп іздемей, не өз ауылындағы байға жалшылыққа тұрады екен де, ол болмаса, өзінің қолындағы бірер қарасын бағып күнелтеді екен... Жолшыбайғы кездескен ауылдардың адамдарының сана-сезімдері дәл біздің ауылдың адамдарындай тар, төргі ақ үйде тұратын бірен-саран байлар ғана болмаса, өзге үйдің адамдары төңірегіндегі жиырма, отыз шақырымнан арғы дүниеде не боп жатқаннан хабарсыз... Қысқасы, Сырымбет пен Жаманшұбардың арасындағы ауылдардың шаруашылық жағынан да, мәдениет жағынан да, дүнияға көз қарасы жағынан да ешбір айырмасы аз. Бірақ осыларды көріп қайтудың өзі адамға қанша білдім!.. Бұрын менің ұғымымда, жер жүзіндегі жалғыз ауыл Жаманшұбар ғана сияқтанса, енді ауылдар менің көз алдымда тізбектеліп көбейіп кетті. Бұрын маған жер жүзінде Нұртазадан артық бай жоқ сияқтанса, одан артық шешен жоқ сияқтанса, енді мен ондайдың талайларын көріп қайттым. Маған кейбіреулер одан дәулет жағынан да, «кісілік» жағынан да анағұрлым артық сияқтанды... Бұрын маған жер жүзіндегі ең мықты балуан Қанапия ғана көрінсе, енді мен, балуандардың балуаны Балуан Шолақты көріп қайттым... Бұл жолымда мен әншілердің де, күйшілердің де, жыршылардың да талайын көрдім... Бұл сапарға аттанғанша «орыс қаласы»42 дегеннің не екенін мен атымен білмеуші ем. Жол бойы біз талай поселкелерден өттік талайларына қондық. Маған ең алдымен, орыс поселкелерінің көше-көше боп орнауы ұнады. Әсіресе, — ұнағаны, — үйлері. Бұлардың ең сорлы үйі, біздің Жаманшұбарда ең жақсы деген Нүртазаның үйінен әлдеқайда көркем, әлдеқайда жинақы... Ал, кейбір ағаш үйлер ше?.. Бұларды менің серіктерім «байлардың үйлері» дейді... Бұрын ондай үйлер көрмегендіктен, маған ол үйлер кітапта суреттейтін жұмақ сияқты!.. Серіктеріме еріп, ондай үйлердің бірен-саранына мен кірдім де!.. «Мебель» аталатын дүниені менің бірінші көруім сонда... Міне, қайда тамаша!... Қора-қопсылары қандай ол үйлердің? Кітаптан ғана оқыған сарайлар сияқты!.. Оларда мен кейбір асыл тұқымды жылқыларды, сиырларды кездестірдім... Күтімді арғымақтар маған кітаптан оқитын жұмақтағы пырақ сияқтанды... Мұндай жылқыны мінген кісіде де арман бола ма екен!.. «Овощь» дегенді менің естуім де, көруім де осы жолы ғана... Менің серіктерім орыс поселкесіне соқса-ақ, таңсық көріп қияр, морковь, картоп сатып ап жейді... Не деген тамаша олар?.. Нан ше?.. Ашытып пісірген орыс наның мен бұған дейін татпақ түгіл көрген жоқ едім... Енді көрсем, — қандай дәмді!.. Ол нанды мен түгіл, менің ересек серіктерім де құмарта жеп, «шіркін, орыстың наны-ай!» деп тамсанады... «Егін» дегенді де менің бірінші көруім осы. Поселке маңайында жайқалған сол жылғы егін шығымды екен. Серіктерім ол егіндерді әдейі тоқтап көреді де, «шын байлық осы-ay!» деп сүйсінеді, қазақ ауылдарының, олардың ішінде өздерінің егін салмауларын сөгеді... Орыстың өмірін сөз қылғанда, менің, серіктерім: «дүние ғамалы орыста ғой!.. Тұра білетін жұрт қой, бұл!» деп көтермелейді...
— Соның, бәрі бір орын теуіп отыруынан, — дейді Мәшік — орнығып отырған соң, бір қазық болса да жинала береді, қора да, үй де күтіледі... Біздің бұлай тұра алмауымыз, — көпшелілігімізден... Жерге тұрақты мекендейікші, біз де осы орыстардай боламыз...
— Ол қашан! — деп уайымшыл Таспай алысқа сілтесе:
— Көп ұзаққа да бармас сол, — дейді Мәшік — заманның өзі қазақты да солай тұрғызуға әкеле жатыр ғой!.. Бұрын мен іс тігетін, шөп шабатын машиналарды ғана көрсем, мына сапарда адамша сөйлейтін машина, — граммофонды да көрдім... Сырымбеттен елге беттеген сапарымызда, «шайтан арбаны» да кездестірдік онымыз, — қазіргі велосипед!.. Бұрынғы көрген машинам көліктің күшімен жүрсе, мынау машина адамның аяғының күшімен ғана жүреді. Бұған мен түгіл, менің, қасымдағы Мәшік пен Таспай да таңғалып: «Апырай, бұдан былай ат қалып, машинамен жүріп кетпегей едік те!..» — десті... Ағаш арасында туып, өмірімнің алғашқы төрт-бес жылын ағаш арасында өткізгенмен, ағашсыз Жаманшұбарға көшіп барғаннан кейін «орман» дегеннің не екенін мен ұмытқам. Сырымбет жолында мен неше түрлі қалың орманды да көрдім... Кішкене көлемді келдің өзі сирек кездесетін Жаманшұбардың, шөлейт даласында өскен маған, Есіл сияқты кең арналы, мол тоғайлы ұшы-қиырсыз өзенді көру қандай тамаша!.. Қай жағына қарасаң да төмпеден басқа биігі жоқ Жаманшұбардың жазық даласында өскен маған Сырымбет сияқты тауды көру қызық!.. Міне, осылар сияқты жердің толып жатқан жаңа көріністерін, елдің толып жатқан жаңа көріністерің адамдардың толып жатқан жаңа көріністерін ауылға қайтқаннан кейін мен әңгіме ғып айтпаймын ба!.. Менің бұл сапардан үйреніп қайтқан толып жатқан ертегілерім, толып жатқан әңгімелерім, толып жатқан әндерім бар емес пе!.. Соларды да, айтпаймын ба, ауылға бара мен!.. Осылай тасып келген көңіл Достың басында отырған ауылдың қотанына кірмей-ақ басылып қалды.
— Қай үйге түсесіз? — деп сұрадым мен Мәшіктен, біздің ауылдың төбесі көрінгенде.
— Нұртазаның үйіне, — деді ол.
Біздің елдің, салтында ауылға жақындаған жолаушы атын ақырын айдау әдеті бар. Атты қатты айдаған адамға: «Мынау, жатақ емес пе, өзі» деп күліп отырады. Сондықтан ба, болмаса алыс жолға жорытып қажыңқыраған аттарды аяғандықтан ба, ауылдың төбесі көрінген соң:
— Ақырын жүргіз, атты! — деді Мәшік.
Оның, бұл сөзі маған жаға қойған жоқ. Менің ықтиярыма салса, лепіріп келе жатқан көңілдің екпінімен ауылға шауып кірер ем. Бірақ ат иесі айтқан соң амал нешік аржағынан қаттырақ жортып келе жатқан атты бүлкілдеген жортаққа ғана түсіруге тура келді... Жаз күндері біздің арада жолаушы аз болады, әсіресе, нар ат жеккен жолаушы аз болады. Сондықтан ба, болмаса бізді таныды ма, алдымыздан бір топ бала жүгіріп шыға келді... Біздің ауылдың балалары!.. Бәрін де танып келе жатырмын... Мен оларға көп қызық әңгімелер әкеле жатырмын!.. Арбаға асылғандай екпінмен жүгіріп келген балалар мені көріп «Сәбит, Сәбит» деп шуласқанмен, жат адамның арбасына жанаса алмай, қатарласа жүгірді. Солардың ішінен, Мұстафаның кіші баласы Шәкен арбаға таянып келіп қалды.
— Арбаның астына түсер ме екен мына бала! — деді Таспай.
— Кім баласы өзі? — деп сұрады Мәшік.
— Мұстафаның баласы, — деді Таспай.
— Е-е-е, — деді Мәшік. — Ағасын танып жүгіріп келеді екен ғой, пақыр. Сағынғанын қарай гөр! Мінгізіп алайық, өзін! Мәшіктің сөзіне емексіді ме, болмаса әдеттегі батылдығын істеді ме, — тарантастың алдында отырған менің қасыма Шәкен қарғып мініп алды. Екеуміз құшақтаса кеттік.
— Божыдан айырылады-ау, мынау! Не болды осынша бауырмалсырап? — деп Таспай божыны қолына ала берді. Шәкенді мен құшақтап сүйіп жатырмын, өйткені, ол — менен жеті жас кіші және жандай жақсы көретін інім. Шәкенмен құшақтасып мауқым басылғанша, аттар ауылға таянып та қалды. Жол ауылды жанап тура тартады. Нұртазаның үйіне бару үшін жолдан бұрылып, ауылды жағалау керек, өйткені жолаушы қотанменен жүрмейді. Мұстафаның үйі жолдан біздің Нұртазаның үйіне қарай бұрылатын тұсымызда тұр. Бұл үйді мен анадайдан танып келем. Бір кезде араздасып шыққан бұл қара құрым үйге кейінгі уақытта мен қайтадан қатынаса бастағам. Қатынаспауыма болмаған, өйткені ол үйде менің дүние жүзінде ең жақын көретін жалғыз адамым — апам Ұлтуғанмен, кішкене қарындасым Мәржам бар... Қамқорсыған ағайындарым мені олардан айырам деп қанша талаптанғанмен айырылмай қойғам. Сөзбен де, таяқпен де тия алмауына көзі жеткен олар кейінгі кезде жолықсам да, үндемейтін болған... Сырымбетке сапар шегердің алдында мен апама амандасып кеткем. Сонда ол менің жолға шығуымды бір жағынан қуаныш көргендей, екінші жағынан алыс сапарға жіберуге қимағандай жылап тұрып бетімнен сүйгенде:
— Бар, қалқашым! Аман барып, cay қайт! Жер көріп, ел көріп келесің. Тек, көңілдің мұңдылығы ғой, әйтпесе, қуанышпен шығарып салатын жол ғой, — деген.
— Маған базарлық алып қайт, — деген ол көз жасын тиып, күлімсіреген кескінмен менің, бетімнен қайта сүйіп. Сырымбет сапарынан менің оған әкеле жатқан екі базарлығым бар: біреуі — бес тиынның түйреуіші, біреуі жиырма бес тиынға алған қызыл жиек, ақ жібек орамал. Бұл сыйлықты мен тиындап жинаған ақшаларыма алғанмын. Ауылға жақындағанда маған келген ой — «Біздің аттар мен арбаны Ұлтуған алыстан таниды да, есік алдына шығып, қарап тұрады... Мен аттар барып тоқтаған үйден оған қарай жүгірем... Ол маған қарай жүреді... екеуміз құшақтасамыз... Ол мені сүйеді... Мен оған базарлықтарымды беремін...» Ауылдың қарасы көрінген соң-ақ, менің екі көзім Мұстафаның үйіне тігілді. Жақындаған сайын, әрбір минут сайын мен Мұстафаның қараша үйінен апамның шыққанын күттім... Міне, ауылға жақындап та қалдық... Міне... балалар да жүгіріп келді... Міне, Шәкен де кеп арбаға асылды... Міне, жолдан да бұрылдық... Міне, Мұстафаның қара құрым үйінің қасынан өтіп те бара жатырмыз.
Мен бұл сұрауды бүкіл айналамдағы дүниеге: ауылға, оның адамдарына, далаға, жерге, көкке... қысқасы, бүкіл дүниеге қойғандай жан-жағыма жаутаңдай берем. Дүнияда Ұлтуған атты кісі жоқтай бүкіл дүние мелшиіп маған жауап қатпайды!..
Бұл сұрауды қойғанда көңіліме әлдене бір күдіктер туып, жүрегім ойнақшып кетті. Нұртазаның үйіне аттарымыздың басы кеп тірелген соң, бұл ойнақшу үдей түсті... Бізді көрген ауылдың адамдары Нұртазаның үйіне қарай шұбыра бастады. Біз таянғанша, олар топталып та қалды. Арбадан түскен жолаушыларды шуласқан сәлеммен олар қарсы алды... Мен ше?..
— Ұлтуған қайда? — деп сұрадым.
Шәкен жауап берместен теріс айналып кетті. Көңілге кірген күдік тағы да үдей бастады. Қашқалақтаған Шәкенді ұстап алып, бетін бері қарай бұрсам, көзінде мөлтілдеген жас тұр екен.
— Ұзатып жіберді ме? — деп сұрадым, мен.
Шәкен жауап берудің орнына солқылдап жылап қоя берді.
Ұлтуған ұзатылып кетіпті. Жұрттың айтуынша оны ойдағы Сибанда, Жайылған аталатын ауылда Болатбай деген кісіге берген. Алғашқы күндері жылап жүргенмен, артынан көргендерден Болатбайдың қандай адам екенін сұрастыра бастадым.
— Әйелі өлген біреу екен — деді маған баяндаушы, — жас мөлшері біздің Аткелтірлер шамалас болар... Аткелтір деген адам — ол кезде жасы елуге келген қара сақалды кісі. Ал, менің апам он бестен он алтыға жаңа шыққан жас қыз... Мұндай да сұмдық болады екен! Бірақ кімге сөзің етеді. Мұстафаға бұл туралы батып айта да алмаймын және айтқанмен не пайда! Болар іс болған. Ауылдың өзге адамдарының жамандайтыны Мұстафа. Бүкіл ауыл болып, жалғыз Мұстафаға шамалары қалай келмегеніне мен қайран қалам... Мен Сырымбеттен қайтып келгенде ауылда үлкен жаңалық боп қалған екен. Бізді оқытатын молдамыз Хабибулла Ғазизуллин кетіпті. Ауылға жаңа молда кепті. Ол — қырбықтау ғана мұрты бар, шаһарша киінген, басында дөңгелек қара барқыт тақиясы бар, көк көздеу, шашы мен мұрты сарғылт, аққұба өңді татардың жас жігіті. Жаманшұбардың балалары осыдан оқи бастапты. Фамилиясын ұмыттым, аты — Идіріс: Жұрттың айтуынша, одан бала бір айдың ішінде хат танып кетеді, есепке де жүйрік болады. Расында солай екен. Кішкене молдадан әлденеше жыл оқып не хат, не есеп білмейтін балалар, қазір екеуіне «жетіліп қалыпты»... Олардан басқа да оқылатын «дүняуый» сабақтар да көп екен мысалы, хайуандардың, өсімдіктердің тіршілігі, жердің, күннің, жұлдыздардың жаратылысы сияқты ғылымдар. Шәйін ағай үгіттеп жүретін «жадид» осы екен қазақтар «Төте оқу» деген ат қойып апты. Идірісті Нұртаза алып кепті. Нұртазаның Рабиға атты бой жеткен қызы бар. Со қыздың қалың берген күйеуі Ғаббас Уфаға барып, «Медресе Ғалия» аталатын татардың жоғарғы мектебінде оқып жүреді екен де, жазғы демалысқа шыққанда кластас Идірісті еліне ертіп қайтады екен. Оқудан келген күйеуінің амандығын білуге барған Нұртаза, Идіріспен сөйлесіп, жаздай бала оқытуға жалдап әкелді, ақысы — елу сом. Нұртаза Идірісті алып келгенде, ауылдың өзге адамдары біріншіден: «Мынау жап-жас жігіт молда боп не оңдырады?» деп; екіншіден: «Орысша киінген біреу ғой мынауың, осындай молда бола ма екен?» деп; үшіншіден: «Бағасы қымбат қой мұның, елу сом деген сұмдық емес пе, оң он бес қойдың құны, сонша қымбат төлеп, балаларымызды оқытпасақ болмай ма?» — деп ризаласпайды. Жұрттың қалпын көрген Нұртаза:
— Өздерің біліңдер, оқытпасаңдар, мейілдерің. Ал, мен өзімнің жалғыз Молдағазиымды оқытсам да, бұл молданы енді қайтармаймын, азар болса, жамандатып өлетін бірер жылқының, құны шығар, — дейді. Идірістен алғашқы күндері Нұртазаның баласы Молдағазы жалғыз оқиды. «Төте оқу» молдасының оқуы жеңілдігін көрген ауыл адамдары біртіндеп балаларын бере бастайды. Мен келген кезде, Идірістен жиырма-отыздай бала оқиды екен. Идіріс бұрынғы молдадай балалардың үйлеріне жұмалап қыдырмайды екен. Ол Нұртазаның жиені Бірәлінің отауын босаттырып алыпты да, баланы үнемі сол үйде оқытатын және өзі үнемі сол үйде жататын бопты. Асты да ол, сол үйден ғана ақысын төлеп ішеді екен. Идірістің оқуы балаларға жылдам қонуына түп-түгел риза болатын ауыл адамдары, оның бір ғана сабағына аса наразы екен ол — жаратылыс сабағы. Ол оқытатын жаратылыс сабағының айтуынша,— жер жұмыртқа сияқты домалақ және күн айналмайды, жер айналады... Осы жөнде молданы жек көрушілер де аз емес екен. Соларды бастайтын — Бәтжан молда... Жұрттың айтуынша, Бәтжан молда аз күннің, ішінде Идіріспен бірнеше рет төбелесіп те қалған. «Ауылға осындай молданы әкелдің» деп ол Нұртазамен араз да екен. Жердің айналуын айтудан басқа тәңіріге нұқсан келтіретін сөзге молда жоламайды екен. Оның айтуынша да «Құдай бір, құран шың пайғамбар хақ».
— Бірақ, — дейді ол, ескі оқудың айтуындай адамның істейтін харакеті лаухым-махфузда күн бұрын жазылып қойған жоқ. Адам тіршіліктегі бақытын өзі қолымен жасайды. Ол үшін адамға ғылыммен байланысты болу керек. Идірісті ауыл адамдарының және бір ұнатпайтыны: Молда» боп ол намаз оқымайды екен ораза ұстамайды екен, дәретпен жүрмейді екен соның үстіне шылым тартады екен және шаш қояды екен.
— Мұның қалай? — дегендерге:
— Дін шартын ұстау жұртқа емес, әркімнің өз басына керек, — дейді екен Идіріс — көпшіліктің алдындағы менің міндетім — еңбекақы алғаннан кейін балаларын оқытып беру. Осы міндетімді дұрыс атқарсам, менің өз басымның дін шарттарын орындау-орындамауымда жұмыстарыңыз болмасын. Көпшіліктің ұғымында «бұл молданың оқуының түбі жоқ». Өйткені Бәтжан сияқты шалағай молдаларды бұлай қойғанда, «он екі пәнді тамам қылды» дейтін Ағатай хазіреттің өзін бұл молда бір жерде айтысып, шоңқитып кеткен. Ағатай хазірет Нұртазаның үйіне келіп отырды да:
— Сені жәдиттің молдасын жалдап әкелді деп еді, рас па? — деп сұрайды.
— Рас, — дейді Нұртаза.
— Ондай дін бұзғыштарды қайдан жолатып жүрсің? — дейді хазірет.
— Дінді бұзған молданы көрген жоқпын, — дейді Нұртаза. — Ол да тәңіріге, пайғамбарға, құранға шек келтірмейтін көрінеді. Намаз оқып, ораза ұстамауы жастығы шығар. Соның жасындағы қай бозбала дінді күтіп жүр. Ал, оқытуына келгенде мен баланың миына оқуды мұндай қондыратын молданы көрген емен. Мұның оқытуының қасында бұрынғы оқулардың бәрі азап екен.
— Зиректің бәрі жақсы бола берсе, шайтаннан зирек кім бар? — дейді хазірет. Хазіреттің «төте оқуды» жек көретінін байқаған Нұртаза бұл жөнде онымен көп сөйлесуді қажет көрмей:
— Хазірет,— дейді оған, — сіз ғұлама адамсыз, сыйлайтын кісімізсіз, жасыңыз үлкен ақсақалсыз, сондықтан бұл жөндегі кеңесті доғаруыңызды өтінем! Нұртазаны сыйлайтын хазірет сөзін осымен доғарады. Хазіретке сойылған малдың еті піскен кезде, Нұртаза Идірісті де шақыртады. Идіріс үйге аузындағы шылымын сорған қалпымен кіреді. Шылымды күнә деп жоритын хазірет сыпайышылығын ұмытып, Идірістің сәлемін алмай:
— Ақмақ, шылымыңды таста! — деп ақырады. Сонда Идіріс, шылымын тастамастан кейінірек кеп отырады да:
— Хазірет, сіз маған неге ұрсасыз? Шылым тарту пайғамбардың хадисінде бар ғой,— дейді.
— Бар болса, кәне айта ғой! — деді хазірет жекіп. Сонда Идіріс:
— Пайғамбар салла аллаһұ ғалайһи уәссәләм, Әбубәкир Сиддик, шылым туралы сұрағанда, рауаят қылған: — «Аддұхани кәйфиятәң уәләу кәнә махурқиятән уа — ин кәнә папиросан тайбин» деп. Осы хадисті қалай бекер деп айтасыз? — дейді.
— Бұл «хадиси мұтауатырдан» кездесуі мүмкін, оны біз оқыған жоқ едік— депті. Жұрт сонда: «Япырай, хазіретті сүріндіріп кетті-ау, мұның оқуы одан да артық екен-ау!.. Хазіреттен де оқуы көп кісі болады екен-ау!..» — деп тарасыпты. Артынан сұрастырса, «оқуы көп» дейтін хазірет арабтың тілін шалағай біледі екен де, соны естіген Идіріс өз жанынан «хадис» шығарған екен. Мағынасы: «түтін адамның ажарын келтіреді, махорка тартсаң көңілің ашылады, папирос тартсаң тіпті көңілденесің», — деген сөз екен. Надан хазірет арабша айтқан бұл сөздің мағынасына түсінбейді. Оған арабша сөздің бәрі де «хадис». Осы Идірістен мен де оқуым керек еді, өйткені менің аңсаған оқуымның өзі осы ғой. Бірақ мен одан оқымадым. Сонда мен оның оқуына қызықпаған жоқпын. Сырымбет сапарынан қайтқаннан кейін оның бала оқытатын үйіне барып, бірнеше күн отырғанның өзінде-ақ, мен ептеп жазуға үйреніп қалдым. Бұдан бұрын біз «жазу» дегеннің не екенін білмейтін біз. Бізді оқытқан Хабибулла Ғазизуллиннің өз фамилиясын да жаза білмейтін кісі екенін біз жоғарыда баяндадық. Ол молдадан оқып жүрген кезде бізге «жазу» үйрететін — Тайжан, Бәтжан сияқты «хат білетін» адамдар. Олардың бізге үйрететін «жазулары»: «Яна Тайжан, яна Аткелтір, яна Қайыз, яна Үкіжан, яна Шақшау» деген сияқты кісі аттарын ғана жазу болатын. Бұл аттардың да жазуында ешбір емле тәртібі болмай, мысалы: «Аткелтір» деген сөз «Атклтр» боп, басындағы «а» дан басқа дауысты әріп араласпай жазылатын. Бірнеше жылдан кейін біз хат жазудың мынадай бір стандартты түрін ғана үйренгенбіз: «Әл-хат, нисфы әлмалақат. Сізгә ғиззәтлу уа хұрмәтлу ағамыз фәләң фәлән уғлина дұғай сәләм. Мә бағдында біз тарафтан хал-ахуал білмәк идараңыз олса, әлхамду лилләһи сағ уә сәләмәтміз...» Кімге кім хат жазса да, алдына осы айтылған сөздерді салып алатын да, басқа айтатынын содан кейін ғана қысқаша баяндайтын. Және де ешбір емленің тәртібімен жазылмаған бұл сөздерді оқу, ілуде біреудің ғана болмаса, көбінің қолынан келмейтін. Идіріске жолыққанша менің қолымнан да келетін «жазудың» түрі, не жоғарыда айтылғандай тізбектелген кісі аттары болатын да, немесе жаңағыдай стандарттық хаттың түрі болатын. Идірістің оқытуымен ес білген бала бір ай түгіл бір жұманың ішінде де ойдағы пікірін татарша емлемен болса да, еркін жазып кететін. Тәртібі жеңіл осындай оқуды оқығым келсе, маған мүмкіншілік те бар еді. Себебі қыс болмаса, жаз күндерінде ауылда ақ көп болады, ірімшік құрт сияқты жем де аз болмайды, бұндай асты маған біздің ауылдың қай үйі болса да береді. Молданың оқуы жаныма жаға тұра, ол орналасқан мына ауыл маған құбыжық сияқтанды. Маған бүкіл ауыл боп менің жалғыз жетім апамды борышына бергендей сезім пайда болды. Жатсам, да, тұрсам да, жүрсем де менің, көз алдымнан апам кетпеді. Апамды жұтқан жалмауыздай бұл ауылдан менің кеткім келді де тұрды.
ӨТІРІКШІ ҚАРАБАЙ
Өткен қыста біздің ауылда және бір жаңалық болған. Қыс ортасында Жаманшұбарға болыс келгенде: «Осы арада жәмшік сайланады» дегенді айтқан.
— Жәмшік не нәрсе екен? — деп сұрағандарға:
— Ауылда жалданған аттар байланады, — дескен білетіндер. — Ол аттар қазынаның қызметкерлерін тасиды. Жәмшікті сайлау тәртібі былай болады екен: болыс отырған үйге ауыл адам дары жиналады екен. Жәмшікке жалданатын кісіге болыс жылдық еңбек ақы белгілейді екен. Мысалы жылына екі жүз сом. Содан кейін болыс «кәне, кімнің бұдан кемге жалданғысы келеді» деген сұрау қояды екен. Мысалы, біреу тұрып «мен жүз тоқсан сомға тартам» десе, енді біреуі тұрып «мен жүз сексен сомға тартам» дейді екен... Осы тәртіппен кеміте келе ең аз бағаға тоқтап, жәмшіктікті сол кісіге береді екен. Сайлаудың тәртібі осылай болғанмен жоғарғыдай бәсекеге біздің жаманшұбарлықтардан түсуші болмады. Болыстың:
— Бәсекеге неге түспейсіңдер, оған нелерің кетеді? — деген сөзіне:
— Орыс тілін білетін кісі керектігін байқап отырмыз. Ондай адамдар бұл ауылда үшеу-төртеу-ақ. Солардың біреуін сайлау керек те, қою керек. Өзгеміз орыс тілін білмейміз, сондықтан бәсекеге босқа арам тер болатын неміз бар, — десті көпшілік. Жәмшікке екі үй жалданды: бірі — Рамазан, бірі — Еменәлі. Осы екеуінен басқа біздің ауылдың төмен шаруалы адамдарында орысша білетін кісі табылмады. Дәулетті адамдардан орыс тілін білетіндері жалданғысы келмеді. Рамазан мен Еменәлі жәмшікке жыл тәулігіне төрт ат байлайтын болды, ақысы — жылына жүз сом. Жәмшік сайланғаннан кейін кешікпей-ақ біздің ауыл арқылы өкіметтің әртүрлі қызметкерлері ара-тұра жүре бастады. Мысалы: почта таситындар, приставтар, ұрядниктер. Бұл түрлі қызметкерлерді Жаманшұбардың көпшілігі жәмшік сайланғаннан кейін ғана білді. Біздің ауылдың жалданған адамдары жәмшікті екі Жаққа қарай тартады: Жаманшұбардың батыс жағында, отыз шақырым жерде қазақша Жаркөл, орысша Аннозка аталатын поселкеге; шығыс жақта жиырма бес шақырым жердегі, Телеке аталатын ауылға. Ауылға да тұрғым келмей, Идірістен де оқығым келмей қобалжып жүрген күндердің біреуінде, мен жәмшік тартып қыстауда қалған Рамазанның үйіне кеттім. Рамазан мені алғашқы күндері жәмшік келгенде қасына ертіп алып жүрді де, аздан кейін «өзің апара салшы» дейтін болды. Мен бұл жұмсаудан бас тартпадым. Телеке ауылында жәмшік тартуға Байбан дейтін кісі жалданған екен. Оның үйі де Рамазанның үйі құсап, қыстауында қалып, ауылының өзге үйлері Үшкөл аталатын жайлауға кеткен екен. Байбанға баратын жолда Мақамбет аталатын ауылдың қыстауы бар. Осы қыстауда Қорабай дейтін ақсақалды шалдың үйі отырады. Жасы сексенді алқымдаған бұл шалдың, кәсібі — темір соғу. Үйінде өзінен басқа жандары — сол кезде жасы елуді алқымдап қалған бурыл сақал баласы Асаубай, оның кәсібі балташылық. Асаубайдың әйелі және үйелмелі-сүйелмелі жас балалары бар. Бұл семьяда тігіп отыратын кигіз үй жоқ. Жазғы отыратын үйлері — ішін сырғауылдан құрастырып, сыртына шым жапқан балаған. Со балағанның қасында Қорабайдың ұсталық құратын шымнан жасалған кішкене дүкені бар. Жалғыз бұзаулы сиырдан басқа малы жоқ. Менің балалық сезіміме солай қонды ма, әлде табиғатынан сондай адам ба, — Қорабай маған адамзаттың үлкені сияқтанушы еді. Ол — денесінің сүйектерін сыртынан санап алғандай арық кісі. Бірақ оның сол сүйектері әдеттен тысқары жуан. Темірді жалаңаш денемен соғатын оның ыржиған қабырғалары маған адамның қабырғасы емес, арықтаған өгіздің қабырғасындай көрінетін. Сіңірі білеуленген саусақтары езге кісінің білегіндей бар деуге болады. Қорабай — өте кеңесшіл. Және оның кеңестері шындық туралы емес, өтірік туралы ғана болады. Өтіріктерді ол ойынан шығарады және мейлінше қызық қып айтады. Жәмшік айдағанда мен көбінесе Байбан үйіне баруға тырысам, өйткені жолда Қорабай бар. Бірер жолыққаннан кейін мен онымен дос боп алдым. Жәмшікті Байбанның үйіне апарып тастаймын да, қайтарда Қорабай үйіне түсіп, кеңестерін тыңдаймын. Қорабайдың кеңескені де қызық. Ісі көп пе, әлде іссіз отыра алмай ма, — тамақ пен ұйқыдан басқа уақыттарда оның қолынан балға түспей, тар дүкеннің ішіндегі көріктің алдында тықылдатып темірді соғады да жатады. Оты сөнбейтін дүкеннің іші үнемі алауланып, ып-ыстық боп тұрады. Ыстыққа да адамның еті өліп кете ме немене, Қорабайдан тер де шықпайды, ыстықтамайды да. Дүкенде Қорабайға жәрдемдесетін адам жоқ. Көрікті де оның өзі басады, темірді де өзі қыздырады, істі де өзі соғады. Ертеден қара кешке істейтін осы жұмыстан ешуақытта шаршамайды. Іс соққанын көргенде, мен оның қайратына қайран қалам: қып-қызыл боп балқыған жуан темірлерді, үлкендігі кісінің басындай балғамен төске сап соққанда, қамырдай илейді; ол арбалардың шеңбер темірлерін тартып салғанда, доңғалақтың шабақтарын сықырлатып жібереді. Қорабай маған көрік бастырады. Дүкеннің іші қаншама пысынаған ыстық болғанмен, көрік басудан мен де шаршамаймын, өйткені маған көрікті басу қызық емес, Қорабайдың өтірік әңгімелерін тыңдау қызық. Есімде қалған оның бірнеше өтіріктерін мысалға келтірейін:
— Бір жылы, — дейді Қорабай, — жайлауға шыққан елге барып жатқым келді де, өгізімді қазақ арбаға жегіп ап жөнелдім. Арбаның үстінде үлкен тоқыма қорап бар. Қыстаудан былай шыға өгізіме шанышқақ тиіп, басына бой бермей, алды да қашты...
— Өгіз жолдан шығып кетті, — дейді Қорабай сол бір сәтті көз алдына келтіріп үрейленгендей боп. — Сол маңайдың жері жарық болушы еді, оған түссе арбам сынатынын біліп келе жатырмын. Бірақ амал қанша, басына бой берер өгіз жоқ...
— Сонда да тірі жанмын, — дейді Қорабай, — әрең дегенде өгіздің басын бұрдым-ау! Бірақ жолға қарай емес, көлге қарай...
— Шөптікөл дейтін көл болушы еді, — дейді Қорабай, — өгіздің басын солай қарай бұрдым. Суы тайыз болушы еді. Ойлап келем: «батпағына батып қап шыға алмай жүрем бе?» — деп...
— Сонымен, — дейді Қорабай, — көтеріліңкірей сөйлеп, — өгіз Шөптікөлге кірді де кетті... Аздан кейін су арбаның доңғалағынан асып барады!.. Өгізім тоқтай ма десем, ілгері жылжи береді!..
— Бір кезде қарасам, — дейді Қорабай үрейлене түскен боп, — су арбадан да, өгіздің бойынан да асып барады!.. Апыр-ау, мынау қайтеді!» деп саса бастадым.. Бір кезде арба судан көрінбеуге айналды.
— Өзің отыра бердің бе, шал? — деймін мен.
— Қайдан отырам, — дейді Қорабай,— суға қарғымақ боп, шешіне бастадым.
— Малти білетін бе едің? — деп сұраймын мен.
— Қайдан білем,— дейді Қорабай, мені теңіздің жағасында өсті деп отырмысың.
— Ендеше, қалай қарғисың? — деп сұраймын мен.
— Жан ұшырады да, — дейді Қорабай. — Сонымен, тырдай жалаңаш шешіндім де, киімімді жұмарлап, дамбалымның бауымен байлап, қораптың жақтауына ілдім. Содан кейін тәуекел деп суға аттым.
— Апырай!
— Сонымен судың түбіне кете бардым, — дейді Қорабай. Аяғым жерге тиген соң, тік тұрып қарасам,— су төбемнен асып кетіпті... Жан ұшырдым ба, немене, — малтымақ боп аяқтарымды қимылдатып ем, қалқып судың бетіне шыға келдім...
— Иә, сонсоң! — деймін мен шалдың сөзіне сеніп, аржағында не болғанын білуге асығып.
— Сонан өз шамамды байқап көрсем, қалай болса солай малти беретінмін...
— Жақсы болған екен! — деймін мен қуанып.
— Бір кезде қарасам, — дейді Қорабай,— суда өгізімнің мұрны пырылдайды, арба да, денесі де көрінбейді!.. «Алда, жануар-ай, жан таласып жүр екенсің ғой» деп аяп кеттім де малтып келіп тұмсығынан ұстап алдым. Ойым — өгізді судан алып шығу...
— Оны сүйрей аласың ба? — деп сұраймын мен.
— Қызық бала екенсің ғой, — дейді Қорабай, судағы нәсенің ауырлығы бола ма? Қайықты бес жасар бала да сүйреп кетеді. Ал, қара жерге шығарып сүйреп көрсең, екі-үш жігіттің шамасы келмейді.
— Солай екен ғой!
— Сонымен, өгізді тұмсығынан алдым да, жиекке қарай бұра тарттым. Судағы нәрсенің, жеңілдігі ме, әлде жан ұшырып қайраттанып кеттім бе, — арбалы өгізді шопақ құрлы көретін түрім жоқ, сырылдатып сүйреп келем...
— Бір кезде, — дейді Қорабай қайран қалған кескінмен, — арт жағымда шопылдағанға қарасам, судың беті — қаптаған балық!.. Аздап ернеулері көріне бастаған қорапқа қарасам, іші лық толған балық. Үстіңгі жағы орыс үйінің төбесі сияқтанып жоталана үйіліп қапты.
— Қореке-ау, қалайша үйіледі, олай боп? — деймін мен, — тезек пе ол, үйсе тұра беретін? Балықтың қабығы жылбысқы болмай ма? Сырғып түсіп қалмай ма, олар?
— Сөз емес, — дейді Қорабай, — аз балық деймісің ол сырғып түсіп қалатын, көп балық қайдан түседі. Түссе шеті түседі, ортасы түседі деймісің...
— Иә, сонымен? —деймін мен кеңесінің дәл бұл тұсына нанғым келмей.
— Сонымен, — өгізді жетектеп келем... Аяғы жерге тигеннен кейін ол жануардың өзі де күш алып жүріп келеді... Аздан кейін су өгіздің қапталдығына келді... Арбаның доңғалағы көріне бастады. Сол кезде қарасам, қорапта манағы үйілген балық әлі үйіліп тұр...
— Өгізім енді арбаны тарта алмауға айналды, — дейді Қорабай. — Қайдан тартсын, — арба бойы қорапқа ең кем дегенде елу-алпыс пұт жүк сияды, және судың асты саз, доңғалақ батып кетеді...
— Өгізім арбаны тарта алмай тұрып алды, — дейді Қорабай, — не істеу керек?.. Ойыма қораптың, бір бұрышына тастай берген қабым түсті. Алты пұт ұн еркін сиятын үлкен ала қап болушы еді...
— Қалай алдың?
— Былай алдым, — дейді Қорабай, со кезде іс соғып отырған балғасын жерге қоя сап, өзі орнынан түрегеп, үстінде көйлегі болмаса да, екі жеңін түрінген боп.— Балықтардың астына қолымды тығып кеп жібердім... қылтандары ма, болмаса шортан сияқты балықтар тістеп жатыр ма, — білегіме әлденелер қадалады... оны елеуге уақыт жоқ... сөйтіп, әрең дегенде қапқа қолым жетті-ау!..
— Бәрекелді! — деймін мен күліп, — ия, сонымен?
— Қапты суырып алдым да, балықтарды сала бастадым... Бір толтырып алып шықтым... екі толтырып алып шықтым... үш толтырып алып шықтым... Сонымен, қысқасы, жеті-сегіз қапты шығарып, қорабыма қарасам, со кезде ғана орталанған екен... «Енді сүйрер» деп өгізімді айдасам, жануар, сіресіп барып орнынан әрең дегенде қозғады-ay. Сөйтіп, әрең дегенде қырға шығарды-ау!..
— Осал өгіз бе еді?— деймін мен.
— Қайдан осал болады, — дейді Қорабай, — бір шошақ шөп артқан арбаны өлең қылмай-ақ тартатын жануар еді, балықтың одан ауыр болғаны да!..
— Қаппен шығарған балықтарды қайттің? — деп сұраймын мен.
— Үшкөлде отырған ауылға бардым да, болған оқиғаны айттым... Қай үйдің қанша алғанын кім білсін, әйтеуір со балықтар бір ауылға бір жұма ермек қып асып жеуге жарапты...
— Үйрек ұстаудан оңай жоқ екен — дейді Қорабай, бір кеңесінде.
— Е, қалайша?
Кейбір үйрек жұмыртқасын боздың арасына салады да, тұзақ құрсаң, үйрек заматта түседі.
— Солай ұстадыңыз ба?
— Бір жылы, бозға жұмыртқалаған үйректі тұзақ құрып ұстап алдым да, терісін бітеудей сойып, басыма кидім. сөйттім де, көлге бардым. Ауыл Үшкөлде. Бұл көлдердің үшеуі де қайраң, және терең болады. Аяқкөл аталатын қайраң көлге әлгі үйректің терісін басыма кидім де түстім... Денемді суға жасырып, басымды ғана қылтитып, жүзіп жүрген үйректерге жақындасам, мені үйрек екен деп ойлады да, ешқайсысы қашпайды... Мен біреуінің қасына келем де, иіскесіп тұрған боп аяғынан шап беріп ұстай алам... Сөйтем де, судың астына батырып жіберіп, мойнын бұрай қоям...
— Сонымен қысқасы, — дейді Қорабай, — кешке шейін үйрек атаулының бәріне жақындасып кеп, суға батырып, мойнын бұрай беріппін...
— Нешеуін өлтірдің?
— Кім біліпті, нешеу екенін!.. Қыра беріппін, қыра беріппін.
— Сонан соң не істедің?
— Не істейін. Өлген үйрек пен тірі үйректі айырып болар емес... Өлісі де, тірісі де қалқып жүр?.. Сонымен, біраз қырдым да, күн кешкіріп, су салқындаған соң тоңазып қырға шықтым...
— Неше үйрек алып шықтың?
— Біреуін де алған жоқпын.
— Неге?
— Алмаған себебім, — со кезде батыс жақтан бір қалың, бұлт шығып, бері қарай дауылдатып жылжи бастады. Өлген үйректерді сол жел айдаған толқын жағаға шығарып тастайды деп ойладым.
— Расында да сөйтті ме? — деймін мен.
— Сөйтті. Өлген үйректердің бәрін толқын айдап жағаға шығарып тастады.
— Сонда қанша үйрек болды?
— Е, кім біліпті соны, — дейді Қорабай. — Жұрт жинап алып жатты, өлген үйректің көптігі сондай,— со күні кешке жағаға шыққан өлі үйректерден үркіп, жылқылар су ішпей кетті...
— Бұл құс дегенің де қатты ұйықтайды екен — дейді Қорабай бір кеңесінде.— Бір жылы жайлаудағы елге барып келе жаттым да, Шөптікөлдің жағасына атымды шалдырмақ болдым. Қанжығамда байлаулы келе жатқан бақыр шелегім бар, соған шай қайнатып, сусындамақ болдым.
— Шайың бар ма еді? — деп сұраймын мен.
— Шай қайдан болсың — дейді ол, — далада өсетін құдай айтқан шәлпи бар, соны қайнатамыз да ішеміз.
— Сонымен, — дейді Қорабай,— көлдің жағасына жақындасам, қағылған бір аппақ қазық тұр. Терлеп келген атым сарығын бассын дедім де, қазыққа байлай салып, от жағатын тезек теруге кеттім.
— Ел жайлайтын көл ме еді, тезегі болатын? — деймін мен.
— Тыңдасайшы, — дейді Қорабай, — көл жағалап келе жатсам, жылқының құмалақтары жатыр. Табан етек қып теріп ап, атымның қасына келдім де төктім... Сөйтіп, қалтамдағы шақпақты алып, шақтым да қурайға тұтаттым. От жана бастаған кезде манағы жинап әкелген құмалақтарымды салайын десем, бырылдап кеп ұшады... «Апырау, бұ не?!» деп қайран қап қарасам, жаңағы құмалақ деп теріп әкелгенімнің барлығы ұйқтап жатқан қара торғайлар екен!..
— Бір уақытта қарасам, — дейді Қорабай, — атымның алдында бірдеңе далбаңдайды!.. Өзі аппақ!.. Әрі үп-үлкен!.. «Апырау, бұ не?!» деп түре келгенімше, атым үрке бастады... Мен де жүгірдім... Қарасам, атымды біреу аққуға қосақтап қойыпты!.. Далбаңдаған сол!.. Атым үркіп шегініп тұр!.. Сонымен, шылбырым осал болды ма, әлде, аққу күшті ме, — мен жақындай берген кезде аққу мойнына байпиған шылбырды үзіп жоғары көтеріле берді!.. Шылбырым үзіліп абырой болды, әйтпесе, атымды аспанға көтеріп алып кетер ме еді, қайтер еді?..
— Ұнның да жақсысы бола береді екен — дейді Қорабай, — бір жылы қыстыгүні Метропкеден43 ұн алып келдім. Нанды орысша ашытып пісіруді жақсы көретін едім, әкелген ұннан бір нандықты қатынға ашыттырдым да: «Осыны пісіріп, мені оятарсың,» деп жатып қалдым... Бір уақытта шошып ояндым; үйдің төбесі құлап бара жатқандай әлденемене сытырлайды!.. Жан-жағыма қарасам, түн екен. Үй іші қараңғы, үйдің жандары ұйықтап қапты... «Апыр-ау, не болды бұл, үйдің төбесінде біреу шығып жүр ме?» деп тысқа шықтым. Ешкім жоқ!.. Үйге қайта кірсем, манаты сытыр күшейе түскен!..
— Зәрем ұшып кетті, — дейді Қорабай, — үйде жын-шайтан жүрмесе игі еді, — деген қауіп кірді көңіліме!...Қатынды ояттым... Асаубайды ояттым... Сытырлағанды олар да естіді... Жарық қып қарасақ, үйде ештеңе көрінбейді!..
— Немене екен сонымен?
Әңгіме соның не екенінде боп отыр ғой, — дейді Қорабай. — Көзімізге еш нәрсе түсе қоймаған соң, үй ішімізбен, үрейленіп, не істеуге білмей аңырып отырғанда «Біздің пеш жарылып бара жатыр ғой» деді Асаубай. Қарасақ пеш шынында шатынап, жарылып барады?
— Не бопты, оған? — деп сұраймын мен.
Өзіміз де «бұған не болды?» деп отырғанда, нанның исі шыға бастады. Сонда қатын «мен мана бір таба ашытқан нанды пешке сап, ұйықтап қап ем, соны көрейінші» деп, қасына барды да: «Ойбай, нан ісініп, пешті жарып барады екен» деді. Барып көрсек — рас!..
Не істейік — дейді Қорабай, — үйде үлкендеу лөкет пышақ болушы еді, соны нанның қабырғасынан сұғып жіберіп, шетінен кертіп ала бердік!.. Сонымен, қысқасы, әрең дегенде алып тауыстық... Қабыршығы алынбай қалып:
— Қанша нан болды? — деп сұраймын мен.
— Кім білсін, қанша болғаның — дейді Қорабай. — Салмағын өлшеп көрген жоқпыз, молдығы екі-үш қапқа әрең сиды...
— Кім білсін, қаншаға жеткенін — дейді Қорабай күліп, «қапқа түскен қатындікі» деген мақал бар, менің білетінім: келер жыл сол уақытқа шейін қатын мені ұн таусылды деп мазалаған жоқ... Қорабай айтатын өтіріктердің түрлері осындай. Бұл өтіріктерді ол ерекше бір ықласпен, бар ынтасын қоя, айтып отырғандарына өзі де шын сенгендей кескінмен айтады... Артынан сұрастырсам, бұл «өтірікші Қорабай» атанған, елге белгілікті кісі екен. Оның өтірігін жұрт растай көріп қызыға тыңдайды. Білетін адамдардың айтуынша, Қорабайдың өзі түгіл, қартайып өлген әкесі де өмір бойы темір соғумен күн кешкен. Қорабай да есін біле әкесіне жәрдемші болудан бастап өмірін темір соғумен өткізген... Есіз қорада үнемі жалғыз үй қалып іші пысқандықтан ба, немесе өтірік шығармаларды ойдан жасауға таланты болғандықтан ба, Қорабай айтатын өтірік естіген адамға мейлінше қызық болады. Қорабай айтатын өтіріктердің сол жазда мен талайын естідім. Оның өтіріктеріне мен қазіргі балалардың Мюнхаузенге қызығуынан кем қызыққан жоқпын. Қазір ойласам Қорабай көркем әдебиеттің осы жанрына өте шебер, зор талант екен.
ГЕНЕРАЛ-ГУБЕРНАТОР
Бір күні салт мінген атын ентіктіре шауып, Байбан келді.
— Не болды? — деген сұрауға, оның берген жауабы, — барып кел деп мені жұмсап жіберді.
— Не жұмысқа?
— Болысқа деген пакет бар, «тығыз жұмыс, тез жеткізсін» дейді.
Рамазан бір атқа мені салт мінгізді де, болысқа пакетті жеткіз деп шаптырды. Болысымыз — Нұртаза. Оның болыс болуының қысқаша тарихы былай: болыстыққа сайлану, ол кезде парамен байланысты. Сайлауды жүргізуге келген крестьянский начальник те, сайлауға дауыс беретін бибырнайлар44 да пара бермеген кісіні болыстыққа сайламайды. Болыстыққа үміті бар байлардың қайсысы болса да, пара беруден бас тартпайды. Бірақ мәселе параны беруде емес, қанша беруде. Параға әрине, ақша жүреді. Бес болыс Керейде Әлтиден ақшасы көп кісі жоқ. Ендеше сайлаушыларды да, крестьянский начальникті де, ол сатып алмағанда кім сатып алады? Ақшаның күшін еркін танып алған Әлти бертін кезде кімді болыс қоярын үйінде отырып шешетін болған. Көңіліне жаққан біреуге ол: «Егер болыстыққа көңілі болса, маған келсін де, ақша әкетсін» деп хабар айтқан. Сол адам болыстыққа сайланатын да болған. Бірақ Әлтидің өз есебі түгел: оның ақшасының күшімен сайланған болыстар, Әлтидің қалтасынан шыққан ақшаны екі-үш есе ғып қайтарып береді. Сонымен Әлтиден де, болыстан да шығар шығын жоқ, шығынды көтеретін — халық. Алғашқы кезде Әлтидің бұл өктемдігіне өзге байлар тырбанып қарсы шыққанмен кейін: «Әлти жәрдемдесетін бопты» десе, таласпай отырып қалатын болған. Осы Әлтиге бір уақытта Торсанның болыс боп тұрған баласы Шақан жақпайды да, Әлти Ресейдің Мұстафасы деген кісіге:
— Болыстыққа көңілі болса, менен ақша алып кетсін де, Шақанның болыстығын алсын — деп хабар айтады. Торсанды ата жауы көріп өскен Мұстафа бұл хабарды қуанышпен қарсы алады да, Шақанмен болыстыққа таласады, қанделетіне (кандидат) даярлаған кісісі — Нұртаза. Сайлау алдында Әлти ақшаны төгіп кеп жібереді де, Мұстафа болыс боп шыға келеді. Жеңіліп қалған Торсан сайланған Мұстафаны тез түсіртіп тастаудың амалын табады: «Мұстафа жасында жынданған, сол шалығы оның бойында әлі де бар, нанбасаңыз дәрігерлерден комиссия жіберіп қаратыңыз» деп Омбыдағы губернатордың атына арыз жолдайды. Арызға бірнеше «куәлардың» қағаздарын тіркейді. Губернатор бұл жұмысты қайдан тексеріп жатсын. Оның Торсан жіберген арызға қайтарған жауабы қысқа болады: «Осы қағазды сізге жолдап отырмын, — деп жазады ол Қызылжардың ояздық начальнигіне. — Тексеріңіз де, жауабын беріңіз». Ояздық начальник Торсанмен көңілдес кісі екен ол арызда айтылған сөзді тексерместен, губернатордың атына: «Мұстафа расында жынды екен» деген қорытынды қайтарады. Кешікпей: «Мұстафа Ресеев болыстығынан түсірілсін, ісі кандидаты Нұртаза Оспановқа берілсін» деп бұйрық жазады. Нұртазаның болыс болу тарихы осылай. Байбан әкеліп берген пакетті, Достың басында отырған Нұртазаға мен жеткіздім. Оның үйінде Андрей Кабаков дейтін хатшы бар екен қазақ тілін шалағай білетін кісі екен. Кабаков конвертті ашып оқығаннан кейін Нұртазаға жуық арада осы маңнан Омбыдағы генерал-губернатор өтетіндігін айтыпты. Бұйрық ояздық начальниктен келіпті. Онда тапсырылған сөздер: «Губернатордың өтетін жерінен ауыл атаулы көшсін. Ол маңайға мал жайылмасын. Губернатор өтетін күні бейсауат кісі жүрмесін. Иттердің бәрі байланып қойылсын. Губернатор жүретін жолдың бойында шұқанақтар, жарықтар кездессе, сол маңдағы ауылдар, не поселкелер тегістесін. Губернаторға арнаулы үйлер тігілсін. Қажетті азықтар даярланып қойылсын. Губернатор мен оның серіктеріне арналып, қырық пар ат даярлансын. Әрбір пар аттың бойы да, түсі де бірдей болсын. Пар жегілетін екі аттың, жалдары бір жағына емес, екі жағына жатсын. Жегілетін аттар не шабан, не тарпаң, не үркек, не асау болмасын. Жиналған аттар бір жұма бұрын жаратылсын. Губернатор келерден бір жұма бұрын, сол араның, болыстары, ауылнайлары, беделді ақсақалдары жиналып тұрсын; село болса, старосталары және десятниктері жиналып тұрсын. Қызметтегі адамдардың бәрі губернаторды қарсы алуға шыққанда мойнына знактарын салсын...» Бұйрық оқылғаннан кейін Нұртаза әрі ауыр күрсінді, әрі өңі бұзылып кетті. Өйтпегенде қайтсін, екінің бірі: ие мына бұйрықты орындайды, не басымен жауап береді: Сол күннен бастап, Нұртаза әбігерлікке түсті. Ауылнайларды, бибырнайларды және беделді ақсақалдарды шақырып, жан-жаққа шапқын кетті. Әлтидің Садуақасына да кісі жіберілді... Со кезде хабарласқан урядниктің айтуынша, генерал-губернатор Жаманшұбар арқылы емес, Дос арқылы жүреді екен. Достың маңайы — сыңысқан қалың ауылдар. Бұйрық бойынша, оларды көшіру керек. Бұл ауылдардың Достан басқа мекендей қоятын жайлауы жоқ.
Ояздық начальниктің бұйрығын орындамауға амалдары қанша! Жиналған ауылнайлар мен бибырнайлар, әсіресе Әлтидің Садуақасы ауылдарды көшіруге ұйғарды. Амалы құрыған ауылдар ар жағындағы Жалғызкөлге қарай сырғыды. Ауыл адамдарына көшуден көрі, көшкен жұрттағы малдың жас тезегін жинау қиын болды. Урядниктің бұйрығы: «Бұл маңайда бір малдың қиы көрінетін болмасын...» Дос пен Жайықбайдың екі аралығына губернаторға арналып он шақты ақ үй тігілді. Ауылдың ол кездегі сыйлы қонаққа беретін асы — арналып сойылған жас марқаның еті мен қымыз ғана. Наны — бауырсақ. Бұл тамақтардың жайын білген урядник: «Генерал-губернатор сенің ауылыңның тамағын ішпейді. Оған тамақты шаһарша даярлау керек» деген әмірін айтты. Бұл әмірді де мақұлдаған жұрт маңайдағы орыс қалаларына кісі шаптырып, қала тәртібімен ас пісіруге жарайды деген орыс әйелдерін алдырды... Ояздық начальник айтқан мөлшерде аттар да тапсырма бойынша жиналып, ерекше күтіліп жатты... Ауыл осылай даярлану жұмысында жүрген күндердің біреуінде, Байбан ауылы жақтан шапқын келді. Оның айтуынша, губернатор бүгін таңертең Метропкеден (Дмитриевка) шықпақ та, кешке осы ауылға қонаға келмек. Кішкене және арық денелі, әрі көксау, әрі со кезде жасы алпыстарды алқымдап қалған Нұртазада мына хабарды естігеннен кейін өң-түс қалған жоқ. Ол Садуақасқа:
— Менің беделім сендей емес, сені ойда орыс, қырда қазақ түгел біледі және сыйлайды. Осы болыстыққа сен ие бола тұрсаң қайтеді! — деп жалынып еді, Садуақас әуелі:
— Жемісті сен орып, мен жейін дегенің бе, бұл? — деп қалжыңдады да, артынан Нұртаза жабыса берген соң:
— Жоқты айтып, басты қатырма! Сенің отыңа күйетін мені кім деп отырсың, болыс болғанды жақсы көресің де, ұлық келгенде қашасың. Жоқ, болмайды ол. Шатақты қой да, ісіңді басқар! — деп қатты қайырып тастады. Амалы құрыған Нұртаза қайтып жауап қайырған жоқ... Күн кешкіріп келеді. Губернатордың қарасы әлі көрінбейді. Келген шапқынның айтуынша, губернатордың қасына ерген жиырма шақты нөкері бар. Олардың бәрі оң он бес шақты пәуескемен келе жатыр. Бір кезде Байбан аулы жағынан бұрқырап көтерілген шаң көрінді.
— Ал, кеп қалды! — деп ду өте түсті жұрт. Біреулер:
— Мұның алдынан шығамыз ба, қайтеміз? — деп урядниктен сұрап еді:
— Жоқ, болмайды ол, — деді урядник. — Оның алдынан үш-ақ кісі шығуымыз керек: болыс, хатшысы және мен.
— Бұйрық солай болды ғой, — деді Садуақас Нұртазаға. —Ал, енді мін атқа!..
— Оққа мені байлайын деген екенсіңдер, жарайды, мен-ақ құрмалдық болайын жұрт үшін — деп ерттеулі тұрған атына жөнеле берді де, ашулы адыммен барып, атына ырғып мініп алғаннан кейін:
— А, жасаған, бір өзіңе тапсырдым! — деп дауысы барқырап жылап жіберді. Содан кейін урядник, Нұртаза және Кабаков үшеуі шаңдатып келе жатқан губернатордың алдынан шапты да кетті. Күтіп тұрған жұртта өң де, түс те жоқ. Сұрастырып көрсе, бұл тұрған жандардың ішінде, жалғыз Әлтидің Садуақасы болмаса, губернатор түгіл, ояздық начальниктің алдын көрген біреуі де жоқ екен. Енді біреулері өзге әкімді былай қойып, урядник жүрген жердің өзінен қашады екен. Сондай «бейшараларға» губернаторды қарсы алу оңай боп па!..
— Орыс тіліне қайсың жетік ең? — деп сұрады Әлтидің Садуақасы өзгелерінен. Біреу тұрып:
— Қорғанға көбірек барып жүреді ғой, орыс тіліне Түркенің Қантайы жетік дейтін — деп еді, бұл араға бибырнай болғандықтан келіп тұрған Қантай:
— Атай көрмеңдер, менің білетін тілім орыстың купестерін ғана алдайтын тіл, төре дегеннің алдын көрген кісі емеспін. Жанарал түгіл кіпіралға45 да сөйлесе алатын жайым жоқ, — деп қашып шықты. Біреулер:
— Рамазан, сен жәмшік тартып, әртүрлі төрелерге жолығып жүрсің ғой, соның тілін сен білерсің, — деп еді, ол тұрып:
— Мені қойшы, тәйірі, мен деген жәмшік емеспін бе, жәмшік деген жалшы емес пе? Шені бар біреу сөйлессін — деп жуымайтындық белгі көрсетті. Орысша біледі-ау, деген әркімдерге ұсынысын өткізе алмаған көпшілік:
— Торсанға еріп Омбыға барып жүруші ең ғой, сен тегі, төренің тілін білсең сен білерсің, — деп Мәшікке жабысты. Мінезі салмақты Мәшік «көрерміз оны» деп бәлденгендей аз тұрды да:
— Жарайды, реті келсе сөйлессек сөйлесерміз, — деді.
— Е, бәрекелде, — деп шу ете түсті әркімдер. — Бізден де бір еркек шықсын да солай!
— Шіркін, Мәшік жүректі екен ғой, — деп күбірлесті біреулер.
Мәшіктің ризашылығына көзі жетіп болғаннан кейін біреулері тұрып:
— Бұл «төре тілі» деген қандай тіл болады екен өзі? — деп сұрады.
— Өзі орыс болса, оның сөйлейтін тілі де орыстікі болады да, — деген біреуге:
— Сен білгішсінбей тұра тұршы, — деді бір шал. — Қара орыс пен төре орыс бірдей сөйлейді дегенді кім айтқан саған?
— Даурықпаңдар, — деді біреу тұрып. — Мына Мәшіктен естиік те, төреге қалай сөйлесетінін. Оған қалай амандасушы еді? — деп сұрады осы кісі Мәшіктен. — Кәдімгі, орыстарға айтатын «іздәстиді» айта ма, басқа сөз айта ма?
— Ол қоқалдың амандасуы ғой, — деді Мәшік. — Төреге «Здраю желаю» дейтін көрінеді ғой.
— Естідіңдер ме? — деп ду ете түсті бірсыпыралары. — Тыңдап қойыңдар, төремен сөйлесе алады екенсіңдер! «Орысшылаймын деп жанаралдың аузын боқтапты» деген осыдан шыққан ғой. Мынау Мәшік біздің құлағымыз естімеген сөзді айтып тұр. Одан арғы сөзі не болады екен. Жұрттың бәрі жауап күткендей, Мәшікке үңіле қалысты.
— Ұмытып кеткен екем, — деді Мәшік «Здраю желаюдан» бұрын «ваше благородие» деген сөзді айту керек.
— Қойыңдар, әрі — деп ақырып қалды Садуақас. Мәшік сен айтатын сөздеріңді күн бұрыннан ойланып қой. Губернатор келгенде сасып қап, масқара боп жүрме. Осы кезде шаңдатқан пәуескелер жақындап қалды.
— Мойындарына знактарын салып, ауылнайлар ғана тұрсын, бұл арада, — деді Садуақас, — өзгеміз үйдің артына қарай кетейік. Губернатор, шақырса үстіне кірерміз де, әйтпесе сырттан-ақ сығалармыз.
— Мақұл, — десті көпшілік. — Топ екіге бөлінді. Бір топты бастап Садуақас тігілген кигіз үйлердің сыртындағы сайға кетті. «Ауылнайдың знагі» деген алақандай дөңгелек жез болады екен бетінде орысша жазу — (кейін көрсем «Пәлен болыстың пәлендей ауылының старшинасы» деген орысша жазу болады екен). Бір жақ шетінде, ұзын бауы бар. Жолаушылар таялып келген кезде топталған ауылнайлар мойындарына знактарының бауын іле сап, қаз-қатар тұра қалысты. Жолдың шаңын аспанға көтерген он бес шақты пәуеске жеккен аттардың бар пәрменімен, шапқан екпінімен кеп тоқтай қалысты. Пәуеске дегеніміз өзіміз көріп жүрген тарантастың үлкені сияқты екен. Үстінде былғары күйме. Күймелердің бәрінің де алды жабық екен. Көп пәуескеден біреуінің ғана есігі бұрқыраған шаң бәсеңдеңкіреген кезде ашылды. Одан қалың Бары мұртты, шоқша сақалды, зор денелі, үсті-басы жарқыраған жалаң бас біреу шыға келді де, жақындауға бата алмай тұрған топқа келіп, әлденені сұрады. Тұрған топ қолдарымен ат үстіндегі Нұртазаны нұсқады. Жаңағы төре Нұртазаны ымдап шақырды. Атын тебініп, жақындаған Нұртазаның шаңнан бет-аузы көрінбейді. Төре оған күлімсірей аз қарап тұрды да, орысшылап бірдемелерді айтып, пәуескесіне қарай кетті.
— «Атты жегіңдер!» — деп айтады деді Нұртаза.
— Күн кешкіріп кетті, қонбай ма екен? — деді біреу.
— Қон десеңдер, айтыңдар біреуің, — деді Нұртаза, үнемі отқа күйе беруді тәңірім менің маңдайыма жазып қойып па? Байбан аулы жағынан келген, терге шомылған аттар .ағытылып жатыр. Біздің араға жиналған жарау аттар жегілуге даярланып жатыр... Со кезде ғана губернатордың пәуескесі қайда екенін білген Мәшік қасына барыпты да, губернаторға тіл қатыпты, онысын ат жегудің әбігерінде жүрген біз көрген жоқпыз. Тек қана біздің көргеніміз: тың аттар жегіліп бітуге айналған кезде, үсті қайырылған бір пәуескедегі ұзын қою қара сақалды, жуан денелі, үстіндегі жарқыраған манағы төреден де көп біреу түсті де, кигіз үйлерге қарай беттеді, қасында Мәшік. Өзге пәуескелерден де түскен біреулер ол екеуіне ере бастады. Қайсысының губернатор екені белгісіз. Бәрі де жарқырай киінген, бәрінің үсті-басы тола шен. Төрелер кигіз үйдің біреуінің алдына тоқтап, өзара бірдемелерді сөйлесіп, қарқылдасып күлісіп тұрғанда, Мәшік үйге кірді де, сырлы аяқты толтыра қымыз алып шықты. Аяқты ол манағы өзімен бірге барған сақалдыға ұстатты. Сақалды қымызды ұрттап алды да, жерге түкіріп жіберді. Содан кейін олар тағы бірдемелерді айтысып, қарқылдап күлісті де, пәуескелеріне тарай бастады.
— Қонбады ма? — деп сұрасты біреулер Мәшіктен сыбырлап.
— Көрмей тұрмысың? — деді Мәшік.
— Енді, дәм де татпағаны ма, шіркіндердің? — деген біреуге:
— Дәміңді неғылсын сенің, — деді Мәшік.
Сөз сонымен доғарылды. Төрелер пәуескелеріне мінісіп жатыр...
— Бала, бері кел, — деді маған со кезде, қасымнан өте берген Рамазан. — Бар, анау кейінірек тұрған үш пәуескенің оң жақ шеттегісінің божысын сен ұстайсың. Пәуескелердің алды қозғала берді. Екі құла ат жеккен «менің» пәуескем де қозғалды. Ауылдан шықпай-ақ шапқынмен кеттік. Жердің шаңы аспанға көтеріліп, маңайдан түк көрсетер емес. Осы шаңнан кісі тұншығып өлер ме еді, қайтер еді, — егер күн батқаннан кейін қара жаңбыр төге жөнелмесе. Бұл жаңбырдың, бұлты күн түстіктен ауғаннан кейін-ақ батысқа қоңырланып жинала бастап, біз ауылдан аттанған кезде түтеленіп қап-қара боп алған. Осы бұлт күн батар кезде бері қарай жылжи бастады да, ымырт болмай-ақ төпей жөнелді. Және ол мейлінше қатты төпеді. Аспаннан шүмектеп құйғандай жауын шатырлаған бұлттан сарылдай төгілгенде, лездің арасында дала сел боп кетті... Жаңбыр жауған сайын қалыңдай түсті, бұлт аспанды қоршай түсті. Біраздан кейін анда-санда жарқылдаған жай оғының жарығынан болмаса, түнек қараңғыдан түк көруге болмайды... Жаңбырдан миы шыққан сазды жерде аттың жортуға қаншалық күші келеді. Мен божысын ұстап келе жатқан аттар біраздан кейін тырбыңдап, болдырған қалып көрсетті. Күн жарқылдағанда көзіме түсіп қалатын маңайдағы кейбір пәуескелердің аттары да осы халде сияқты... Жол дегеннен алдақашан айырылған болуымыз керек, өйткені пәуескенің селкілдеген түрі жаман. Бетіміз оң ба, теріс пе, оны біліп болар емес... Біраздан кейін бытырай бастағанын білген жұрт, бірін-бірі айғаймен ғана табуға айналды. Осы айғаймен бірнеше пәуескенің басы қосылғаннан кейін:
— Енді қайтеміз? — деген сұрауларға:
Біз қайдан білейік төрелер біледі де, солардан сұрайық, — деген жауап берді біреу.
— Төрелер тоқтайтын емес, жүріңдер деп тұр, ал, тарттық тәуекел ғып, — деген айғай шықты бір уақытта.
— Бірінің елесі біріне зорға көрінетін пәуескелер төпеуі үдей түскен жауында тағы да шұбыра тартты. Бірақ аттарда бұрынғы қарқын жоқ, олар енді шабыс түгіл, жортақ түгіл, шоқақ түгіл, аяңның өзіне зорға жарайды... Жаңбыр үдеп барады... Жер-дүние телегей-теңіз... шылқылдаған саз... Аттар енді аяңнан да қалуға жақын... Үсті-басымызда малшынбаған киім жоқ. Мойыннан аққан су бақайыңа сорғалайды... Осы халде келе жатқан пәуескелер бір жерге кеп ошарылып, у-шу бола қалды. Дауыстаған адамдардың сөздеріне қарағанда, бір көлдің биік жарына кеп тақалып тұр екенбіз. Егер жардан құласа, пәуескенің күл-пәресі шығатын. Бұл кәдімгі Жаркөлдің биік жағасы екен. Биіктігі елу-алпыс метрдей бұл жардан құлаған нәрсе, күл-пәре болудан бұрын, ар жағындағы келдің терең суына күп береді. Оның аты — тұншығу... Осы халді көрген губернатор пәуескелер кейін бұрылып, жардан шыққаннан кейін өз пәуескесінен түсіп, шоқынып жатыр дейді. Сонда оның не айтқанын Рамазан тыңдап тұрыпты. Кейін жұрт:
— Губернатор не деді сонда? — деп сұрағанда:
— «Қатынымды көрмей өліп қала жаздадым-ау» деді губернатор, — дейтін еді Рамазан. Тегі, губернатордың әйелің не аса сыйлайтындығы, не одан аса қорқатындығы рас болу керек. Өйткені сонша көп адаммен, сонша көп пәуескемен жолшыбайғы сонша жұртты әуре ғып, Омбыдан Қостанайға генерал-губернатордың жол шеккен себебі, со кезде Қостанайға оның әйелінің Петербурда оқитын інісі келеді екен. Губернатор нөкерлерін ертіп, сол балдызына амандасуға шығыпты.
АЛЫСТАҒЫ АРМАН
Сол кезде мен Байбанның ауылына біржола орнықтым, міндетім: сол ауылдың балаларының «тілін сындыру», қажетті шақта лауын тартысу. Байбанның екі немере інісі, төрт туған інісі, өзінің екі баласы — осы сегіз жігіт қысы-жазы жалшылықтан босанбайды, сондықтан лауды көбіне Байбанның өзі тартады да, оның ымшық-шымшық ауруы ұстап қалса, мен тартам. Жүргіншілердің жүзден тоқсан тоғызы дерлігі — күн сайын болмағанмен, жұма сайын ерсілі-қарсылы ағылып жататын Становой приставтар мен полицейский урядниктер. Ауыл адамдары олардың бастапқысын — «үлкен төре» дейді, соңғысын «кіші төре» дейді. Олай дейтіні,— егер екеуі бірге келсе, соңғысы бастапқысына кішілік қып тұрады. «Үлкен төренің» алдында құрдай жорғалап бүгжеңдеп жүретін «кіші төре» егер өзі жеке келе қалса, «үлкеннен де» артық қожаңдап, ат жеккенше қырып жібере жаздайды. Бұл екі түрлі «төренің» киімдерінде жарқылдақтары көп болады, денелерінде асынған мылтық, қылыштары болады. Жәмшік жолымен бірен-саран «жабайы төре» аталатын біреулер де жүреді. Олар да қалаша жақсы киінеді, бірақ сырт киімдерінің түймелері ғана болмаса, өзге жарқылдақтары жоқ, асынған қарулары жоқ. Олардың жүріс-тұрыстары да, мінездері де «кіші төрелермен» «үлкен төрелерге» ұқсамайды, әдепті, жатық, сыпайы келеді. Кейінірек «жабайы төрелердің» нақтылы аттары «учитель» екендігін, олардың қызметі бала оқыту екенің Төлеке ауылына Метропка жақтан лаулап келген қазақ азаматынан естідім. Толық шалау кішірек бойлы, томпақтау қоңыр көзді, қырлылау мұрынды, қысқарақ, қалыңдау қара мұртты, тек сырт киімдерінің түймелері ғана жылтырауықты, өзге жарқ-жұрқы жоқ, қалаша тігілген сыпайы киімді, жасы отыз бес, қырықтар шамасындағы бұл жігіт лаумен Байбан үйіне түсіп, ұшырасқан адамдарына қазақтың жалпақ тілімен амандаса кеткенде:
— Жаным-ау, қазақ қой, мынау?! — деп таң қалысты, көргендер. Өйткені, мен түгіл олардың да «төреше» киінген қазақты бірінші рет көрулері екен. Қайнап тұрған шайды ішіп аттанған бұл қазақтың жөнін ауыл адамдары сұрастырса — аты Спандияр, фамилиясы Көбеев46 екен. Жасынан орысша оқыған бұл жігіт соңғы он жылдың ішінде, Тілес (Федоровка) дейтін орыс поселкесінде ашылған русско-киргизская школада47 учитель екен қазір Қызылжар барып келеді екен. Спандияр ағайды лаулап апару реті маған келді. Тарантасқа салған қораптың ішіне отырған ол, мені қасына отырғызды да, жолшыбай аты-жөнімді сұрады. Панасыз жетім бала екенімді естіген ол, «солай екен!» деп, дауысынан аяған белгісін көрсетті де:
— Хат білесің бе, бала? — деді. Мен арабша әріппен жазылған кітапты оқи алатынымды айтқан соң:
— Мына кітапты оқып көрші, бала! — деп сумкасынан жұқалау бір кітапты алып көрсетті. Кітаптың аты «Үлгілі бала» екен. Мен кітаптың, сыртындағы «Қазақша оқу кітабы» деп ұсақ әріппен жазылған, одан кейін «Үлгілі бала» деп ірі әріппен жазылған, одан кейін: «Мектептерде һәм үйде оқу үшін кент тілдеріндегі тәуір оқу кітаптарынан алынып қазақша жазылды» деп тағы да ұсақ әріптермен жазылған, одан кейін бәлкім, ірілеу әріппен «Асфандияр Көбеев» деп жазылған сөздерді іркілмей оқып шықтым. Ішін ашып көрсем, бірінші беттің басында, будан бұрын оқыған кітаптарымның басында кездесетін «бисмилла» тұр. Одан кейін жазылған «Баланың таңертеңі» деген әңгіме.— «Мен ертеңгі сағат жетіде ояндым, сол сағатта тұрдым, жылдам киіндім... Беті-қолымды жуып, орамалға сүрттім...» — деп басталады екен де, одан әрі мектепке баланың қалай барғаны айтылады екен. Сөзінің бәрі түсінікті. «Мектеп» деген екінші әңгіме де сондай.
— Сіздің елде мұндай мектеп бар ма? — деп сұрады Спандияр ағай менен.
— Жоқ,— дедім мен.
— Неге?
Ол сұрауға мен жауап берген жоқпын, — білмесем, не жауап берем!... Аталған екі әңгімеден кейін жазылған «Мектепке шақыру» деген өлең маған аса ұнады. Өлеңде таң ата барлық мақлұқ атаулы тіршілік жасау әрекетіне кірісетіндігі өте қызғылықты түрде сипатталады екен. Одан кейінгі 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10-әңгімелерде, таза қазақ тілінде, баланың өміріне байланысты біраз қызық кеңестер бар екен. Одан кейін «ІІ» цифрмен белгіленген «Жетімнің өлеңі» аталатын өлең, алғашқы жолынан бастап, менің көзімді ғана емес, көңілімді де өзіне тарта жөнелді:
Әкесін шешесімен құдай алған.
Деген сөз осы емес пе, «дүние жалған!»
Бетіңмен іс етуге ақылың кем,
Бой өсіп жас жетпеген, білмейсің жөн.
«Алдамшы, осы емес пе, дүние деген!..»
Көзіңнен жас ағады қан аралас,
Биліктен малың түгіл шығып тұр бас...»
Өлеңнің алғашқы «жетімнің, күні құрсын жастай қалған» деген жолын оқығанда-ақ, өз халімді көз алдыма келтіріп, бойым шымыр ете түскен менің, «мал-басың ағайынның талауында» деген жолды оқыған тұста көзіме жас кеп қалған, содан босай бастаған жүйем «көзіңнен қан аралас шығады жас» деген жолды оқығанда, отқа қыздырған қорғасындай балқып кетті де, «биліктен малың түгіл шығып тұр бас» дегенде, көзімнен жас ақтарылып, алақаныммен бетімді басып, еңіреп қоя бердім... Спандияр ағай мені зорға уатты және жай сөзбен емес, жетім қалған әлдекімнің оқу арқылы белгілікті адам боп кеткенің менің де сондай болуым мүмкін екендігін айтып, көңілге әлдеқайда, алыста жатқан арманның ұшқынын түсірумен уатты... Оның сонша көп сөзінің түйіні: «Кісі болудың тетігі оқуда және өзге оқуда емес, орыс оқуында!» Әлгі өлеңнің аяқ жағы былай бітеді:
Биліктен малың түгіл шығып тұр бас.
Қыр аңы арыстан, қабылан мұндай болмас!..
Күш жетіп «е» десе, «ме» дескеніңше.
Жетімдер толып жатыр әлденеше.
Қарын ашса тамақ болар жерлер қайда?
Қаңғырып жүдеп-жадап жүргеніңде,
Сипайтын маңдайыңнан ерлер қайда?»
Бұл өлеңді Спандияр ағайдың өзі жазған екен. Өлеңнің соңғы жартысын көз жасымды тиып, бойымды жинап ап оқып шыққаннан кейін соңғы екі жолындағы сұрауларды Спандияр ағайдың өзіне берген кескінмен, мен оған қарадым. Ол түсінгендей:
— Бала, сен ғой, орысша ештеңе білмейсің? — деді маған.
— Жоқ.
— Қиыны осы екен. Мен сабақ беретін орыс школасына «Ауылдық школа» аталатын үш жылдық мектепті бітірген кісі ғана алады. Сенде ондай білім жоқ. Егер менің школама түсе алсаң, құдайың жарылқар еді, онда пәтер де, тамақ та, киім де қазынадан... «Ауылдық школа қайда? Оған қалай түсу керек?» Бұл сұраулар басымда сапырылысқанмен, оның жауабын Спандияр ағай да таба алмады. Оның айтуынша, әлдене бір ауылдарда ауылдық школалар бар, бірақ онда әркім өз күшімен оқиды, ондай күш менде жоқ. Айтпақшы, ол «күш» менде бар да екен ғой: әкемнен қалған дүние сатылып, одан шыққан жүз сомнан артық ақша, жыл сайын өсім беріп ұстауға, Хасен хажыға берілген екен ғой!.. Спандияр ағайға мен соны айтып ем:
— Құдайың берді ғой, онда! — деді қуанып кетіп. — Ауылдық школаны бітіруге мол жетеді ол. Ақшаңды қолыңа алсаң, школа тауып беруді, оған сені орналастыруды міндетіме мен алайын. Спандияр ағайды Жаманшұбардан жәмшік тартатын Рамазанның үйіне түсіріп, ол шай-пұйын ішкенше, мен жүгіріп Нұртаза үйіне барып, Хасен хажыдағы ақшаны алудың жайын сөйлесіп ем:
— Тәй, жоқты сөйлемей! — деп ақырып тастады Нұртаза, — қайдағы оқу, ол? Айдаладағы біреуге беріп, қаңғырып өлгің кеп жүр ме? Оқу не керек саған? Ептеп-септеп күніңді көре бер әзірге! Хасен хажыдағы ақша қайда қашады деп отырсың,? Ертең жігіт боп, мал малданып, жан жанданбаймысың? Сонда керек емес пе ол ақша? Оған дейін өсе бермей ме?.. Тағы да қыңқылдайын деген мені: «Жоғал, көзіме көрінбей! Қатырма, басымды!» деп Нұртаза қуып шықты... Күндер өтіп жатты. Қыс та басталды. Мен Байбан ауылында жүріп жатырмын. Бір күні басында сеңсеңнен істеген үлкен папахасы бар, үстінде қасқырдың терісімен астарлаған сұрғылт шинелі бар, оның иығында жарқыраған погоны бар, сыртынан буынған қайыс белбеуінің оң жағына кабуры байланған кішкене мылтығы бар, мылтықтың дүміне шығыршықпен ілінген қызыл баудың бір ұшы мойнында, аяғында ақ чесенкасы, оның сыртында жылтыраған жаңа резенкесі бар... сұңғақ бойлы ашаңдау ақ бұжыр бетті жұқалау қыр мұрынды, жасы 25—30 шамасындағы бір жігіт келді. Сұрастырсақ аты — Жәмпейіс, фамилиясы — Омароз екен. Есіктен сөйлей, қалжыңдаса кірген Жәмпейіске үй иелері асқа отыр деп еді:
— Рахмет, — деді ол, — тығыз жұмысым бар. Қостанайға пакет апара жатырмын. Қазір жүрем, аманшылық болса дәмді қайтарда татармын. Байбан ол күні сырқаттанып жатыр еді.
— Шырағым, сен апарып келе ғой, — деді маған.
Жәмпейіс екеуміз жалғыз ат жегілген шанаға қатар мініп, жүріп кеттік. Қазақ ата ұлынан шені бар төрені менің бірінші көруім. Сондықтан жалпы тере атаулыдан сескенетін мен алғашқы кезде одан да сескеніп, өзі бірдемені сұрамаса, өзім ешнәрсе сұрамадым. Шапшаң мінезді, жылдам сөзді Жәмпейіс әуелі менің хал-жайымды түгел сұрап алды да:
— Е-е, байғұс бала-ай, мен сияқты екенсің ғой, сен, — деді.
Содан кейін ол мені биографиясымен таныстырды. Жәмпейіс жас күнінде әке-шешесінен жетім қалады да, жалшылықта тұрады. Оны Құртайдың Мұқышы дейтін бай жалдайды. Жәмпейіс жігіт болған кезде, Мұқыш балаларының ұрлығына күйеді де, тұтқынға алынатын болған соң қашып орыс арасына кетіп, сонда орыс қызына үйленеді де шоқынады. Жәмпейістің шоқынғанын естіген ағайындары бірнеше жігітті жіберіп, ұрлатып алдырады да, «райыңа қайт, әйтпесе сені өлтіреміз деген шарт қояды. Шарттан қорыққан Жәмпейіс қайтадан «мұсылман» болады. Содан кейін ол, Рамазан дейтін ағайынының тоқалдыққа алған әйелі Жаңылмен көңіл қосады да, бір түнде Қызылжарға тартып отырады.
— Онда сізді біреу шақырды ма? — деп сұраймын мен.
— Жоқ, — дейді Жәмпейіс.
— Енді кімге сеніп бардыңыз?
— Ешкімге де сенген жоқпын. Бір тәуекелмен тарттым да кеттім. Орысша тілді жақсы білуші едім, аздап орысша хат білетін едім, соныма сендім. Қызылжарда Дүйсенбай хажы Тұранов деген кісі бар екен полицияның сыскное отделениесінде қызмет істейді екен...
— Ол неғылған қызмет?
Мысалы, мына мен полицияның қызметкерімін — дейді Жәмпейіс. — Біз қала, даланың тәртібін сақтаймыз, қылмысты кісіні тұтқынға аламыз. Дүйсембай хажы Тұрановпен Қызылжарға бара таныс болдым, — жасыратыны жоқ, қолымның ептеп епсектігі болушы еді, — дейді Жәмпейіс маған күлімсірей қарап.
— Күн көру керек емес пе? — дейді ол. — Қызылжарға айдап барған малым жоқ, қалтаға басып барған ақшам жоқ, жалғыз атты жалаңқаймын, ендеше қалай тұру керек?
— Ия, сонымен, сіз не істедіңіз?
— Қала — ауыл емес, — дейді Жәмпейіс, — онда, ең аяғы суды да сатып ішесің. Бірдеме істеп күн көрмесең аштан өлесің...
— Маған «қалай күн көрдің?» дегелі отырсың ғой, — дейді Жәмпейіс, кескініме күлімсірей қарап қойып.
— Иә, — деймін мен.
— Қалада шермаш дейтіндер болады, өзің сияқты панасыз жетім балалар. Оларда үй-күй болмайды да, көшеде қаңғырып күнелтіп, әркімңің қалтасына түсіп тамағын асырайды. Әуелі сол шермаштарды пайдаландым.
— Сонан соң?
— Қызылжар маңайындағы ұрылармен байланыстым, олар — мал ұрлығын істейтіндер. Полиция олардың көбін біледі де, тұтқынға алады, олар пара береді де, босанады. Мен екі арасын келістіруші болам. Сөйтіп жүргенде Дүйсенбай хажы мені осы қызметіме орналастырды. Менің атым — полицейский урядник.
— Урядник дегендер осы арадан өтіп жүруші еді, — деймін мен, — бірақ олар орыс болушы еді. Қазақтан бірінші көріп отырғаным сізсіз. Сізден басқа урядник қазақ бар ма?
— Жоқ, — дейді Жәмпейіс, — бүкіл Қызылжар оязында қазақтан менен басқа урядник жоқ.
— Сіздің шамаңыз не нәрселерге келеді? — деп сұраймын мен.
— Қылмыстының бәріне келеді, — деді ол,— егер, қылмысты болса, ауылнайың мен болысыңды да ытқытып жіберем.
— Қазір ұрлықты қойдыңыз ба? — деп сұраймын мен.
— Мұрныңды ұрайын-ау, — дейді ол күліп, — өзің бір оттаған бала екенсің. Мені сынағалы отырған жоқпысың?
— Сен бір бейшара бала екенсің, — дейді ол аз уақыт қалжыңдап отырып, — шіркін, сені қалаға апарып, приюгқа орналастырар ма еді? Жәмпейістен оның не екенін сұрасам, тамаша орын ғып суреттейді де:
— Әттең, жасың өтіп кетті-ау, бала, оннан асқан баланы алмайды онда, — дейді. Тұйыққа қамалғандай екеуміз біраз үнсіз отырғаннан кейін.
— Сен бала қазақ арасында жүріп оңбайсың, — деді Жәмпейіс, — қазақтың байлары жалшыны ит есебінде ұстайды. Орыс байларына тұрсаң, күтімді боласың. Ақыңды дұрыстап береді, таза орынға жатасың. Саған ауылдан кету керек те, іш арасына барып, орыс байларына тұру керек. сонда ғана сен адам боласың. Қалай қарайсың, бала бұған? Мен жауап бермеймін, маған оның сөзі де Спандияр Көбеевтің сөзіндей алыстағы арман көрінеді...
АҢСАҒАН АПА
Жәмпейістің сөзін маған біздің немере апамызды алған жездеміз Аубакір да айтты. Оның әйелі Кәкіш — менің, әкемнің, немере інісі Еменалының қызы. Аубакір да, оның әкесі Тұрабай да Құтырлағанда туып-өскен «потомственный»48 жатақтар екен. Мен Байбан үйінде жүрген, қыста Аубакір Кәкішті ертіп Еменалының өлген баласына бата қыла келеді. Со кезде Жаманшұбарға жәмшік тартып Мен де келе қалдым... Біздің елде ол кезде кеңірдек барқыттан (вильвет) қамзол-шалбар киетін кісі жоқ. Онда қамзол-шалбарды біз Әлти мен Сәпінің балаларынан ғана көретінбіз. Аубакір біздің елге осындай қамзол-шалбармен келді. Біздің жаманшұбарлықтар ішінде ол кезде құлақшын киетін кісі де жоқ. Аубакір басына құлақшын киіп келді. Аубакірдің аяғында «казанский» аталатын қызыл шұбар пима. Ондай пима біздің бүкіл Жаманшұбарда Нұртазада ғана бар. Аубакір сыртына қараға боялған қой терісінен орысша тіккен тон киіп келді, ондай тон киетін кісі біздің Жаманшұбарда атымен жоқ. «Жатақ» деген менің ұғымымда — жалшы. Аубакір — жатақ. Бірақ бұл жатақтың киімін біздің ауылдың мырзасы да киіп көрген емес.
Біздің елдің ғұрпында шәліні жас келіншек қана бүркенеді, оған да жылға жетпей жаулық салындырады. Кәкішті ұзатқалы он шақты жыл болған. Бірақ оның басында астынан жамылған қызыл-ала кәріс шәлі, суықта үстінен жамылатын, жүннен тоқыған көк ала шәлі. Елдің әйелі ішкі-тысқы қамзолдарының белін қынап киеді. Кәкіш әйелше киіну былай тұрсын, еркек киімінің де біздің елдің бозбаласы киіп көрмеген пиджагін киген. Бәтес көйлекті біздің елдің байының әйелі ғана киеді, онда да сыпайы жерге жолаушы шыққанда ғана. Кәкіштің үстінде қызыл бәтес көйлек!.. Кәкіш мәстің сыртынан галош формалы жаңа резеңке киігі келген. Ондай резеңке біздің ауылдың өзге әйелдері түгіл, Нұртазаның бәйбішесі Бибізарада да жоқ!.. Кәкіште сыртына пальто сияқтандырып тіккен қара топ киіп келген!.. Қысқасы, біздің ауылдың әйелдерімен салыстырғанда Кәкіш — барып тұрған барыня49 ... Ауыл адамдарының ұғымынша: «Жатақ дегендер тыраш келеді, олар мал жинауды білмейді, бар жиғанын киімі мен тамағына салады. Олардың байымайтындығы да сондықтан». Ауылдың ұғымы осылай болғанмен, әйел атаулының Кәкішше киінуі, еркек атаулының Аубакірше киінуі маған арман сияқтанды. Бұл екеуі маған Жәмпейіс айтқан сөздердің куәлігіндей боп көрінді. Бойым үйренгеннен кейін мен осы ойымды Аубакірге айтып едім:
— Жөн сөз екен мұның, — деді ол, — кету керек бұл арадан. Қазақ арасында жүріп оңбайсың. Орыс арасына барып жұмыс істеу керек те, адам сияқты тұру керек. Аубакір мені алып та кетпек болып еді, Нұртаза ризаласқан да еді, нақ со кезде қырсық шалып, тымауратып қалдым. Содан кейін менің ойым орыс арасына кетуге шапты да тұрды. Бірақ оған сылтау керек. Осы сылтау, ұзатқан апам Ұлтуған болды да, соған барам деп, көктем ауа Байбаннан ұлықсат алдым. Мені немере ағамыз Ыбырай алып жүрді. Апамның ауылына біз ара қонып жеттік. Сағынысқан екі жетімнің жолыққандағы жылауларың әсіресе, мұңды апаның зарын бұл арада сипаттаудың қажеттігі жоқ сияқты. Оқушыға ол сипаттамай-ақ түсінікті хал! Жайылған деген ауыл қалың ағаштың ығын қыстайды екен. Жаз үшке бөлінетін бұл ауылдың қысқы мекені, Жаманшүбар сияқты бір-ақ жерде. Ауылының биі Көбдіктің Құсайыны мен Қиқым дейтін адам екен. Байы — «бай жатақ» аталатын: Ырыске, Серікбай дейтін екі шал. Оларды «бай жатақ» дейтін себебі: екеуі де бай орыста жалшылықта тұрады да, баласы жоқ орыс кәртайып өлгенде, мал-мүлкін осы екеуіне актілеп беріп кетеді. Мол қазына қолына тиген олар, туған ауылдарына көшіп келеді де, аппақ кигіз үйлер тігеді, желілеп бие байлайды, қысқы мекеніне ағаш үй салады... Біз барған кезде, жездем Болатбай кигіз үйін тігіп қырға шыққан екен. Жамаулы қоңыр кигіз үй, ішінде көзге түсер жасауы жоқ. Со жылы Болатбайда екі бұзаулы сиыр, он шақты қой, ешкі ғана бар екен. Екі бұзаулы сиыры мен бір биесін Ұлтуғанның қалыңмалына Мұстафаға беріпті. Ыбырай тез қайтып кетті де, мен қалып қойдым. Ішкі пікірім — Құтырлағанға, Аубакірге бару. Менің бұл ойымды Ұлтуған да қолдай кетті, өйткені оның қайынатасы Нұралы әйелі көп өліп, «қатынбасша», боп қазан-ошаққа араласып өскен кісі екен де, жаңа түскен жас әйелдің, шаруа істегенін, ас ұстағанын ұнатпай күңкілдеп сөйлей береді екен. Болатбайдың өзі жұмсақ мінезді, үй-ішіне жайлы адам екен. Бірақ: «қатыныңа оны істетпейсің, мұны істетпейсің» деп Нұралы мүжиді де отырады екен. «Әке, қойсайшы» деген Болатбайдың сөзіне, «нені қоям, қойғанда осы ма» деп Нұралы көпіре жөнеліп, кейде Болатбайды сабайды да екен. Мен осындай кикілжіңге көп кездестім. «Ашыққан ұры, ашынған тілді болады» деген мақал бар емес пе. Қайынатасы күн сайын құлағын мүжи берген соң менің апамның да тілі шығып, қарсы жауап қайыратын бопты...
— Сен енді қойсайшы, кәрі кісіменен жағаласып, сөйлеспей, — деп отырды да, тілін батырып отырған шалдың сөзіне жауап қайтарудан Ұлтуған тиыла қоймаған соң:
— Қап, мына иттің баласы қоймадың ба! — деп қасында жатқан шабаланы Ұлтуғанға жіберіп кеп қалды. Темір шабала Ұлтуғанның маңдайына тиіп, жырып түсті... Со кезде не боп кеткенімді білмей қалдым. Бар білгенім:
— Өй, әкеңнің... — деп Болатбайды боқтап жіберіп, қасымда жуындысымен тұрған дегенді бетіне төңкере саппын. Содан кейін білгенім: еңіреп, жылап жаяу қаша жөнеліппін. Бетім — Сағындық ауылы... Жайылғанның ауылында екі-үш шақырымдай жерде шөптесіндеу кел болады екен. Соған жаяу жеткенімде, жайдақ мінген Болатбай артымнан қуып келді.
— Шырағым, саған не болды? — деді ол, мені ұстай ап, құшақтап тұрып, — Әлгі, бір кәрі бейшараның сөзіне ерем деп... Тіпті бірінші рет қол жұмсағаным еді... Қайт, шырағым, ауылға, ренжіткенімнің алды-арты осы болар... Тағы да біраз сөздер айтқаннан кейін Болатбай мені атына мінгестіріп алып қайтты. Бірақ мен ол үйде ұзақ болған жоқпын. Әуелі апамды көндірдім де, содан кейін Болатбайға:
— Қолым бос отырып, мұнда не бітірем... — деп Аубакірдің шақырғанын айттым.
— Жарайды, шырағым, барсаң бар, өзім апарып салайын, артыңнан барып жүрем. Ендігі үйің осы болар, — деді. Ертеңіне тарантасқа жеккен атпен Болатбай екеуміз Құтырлағаннан жүріп кеттік.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
БАҚТАШЫ
ОЗБЫР БАЙ ТУРАЛЫ
Жайылғанның, қыстауынан шыға Болатбай мені жолдағы жердің географиясымен таныстырып келе жатыр.
— Мынау — Шөптікөл дейтініміз, — дейді ол, жаяу қашқан мені қасынан ұстап алған көлді көрсетіп. — Бұның суы күзге қарай құрғап қалады да, беті шабындық боп кетеді.
— Бұ көлдің аты — Қарағайлы, — дейді Болатбай, айнала қоршаған дөңіне қалың ағаш біткен, жел жағы қамыс, ық жағы жалтыр бір келді көрсетіп, — Есеней үйінің көлі. Мұның жалтырының тереңдігіне сырық бойламайды. Ортасында аралы бар, ілгергі кезде оған қарағай шығады екен сондықтан Қар.ағайлы атанған. Қазір ол қарағай жоқ. Біз Қарағайлыдан өткеннен кейін жарыса біткен екі дөңнің сайымен біраз уақыт жүрдік. Дөңнің екеуінің де қырқа жотасына қалың ағаш біткен.
— Мына оң жақтағы жалдың аты — Үлкен Өтеп, сол жақтағы жалдың аты Кіші Өтеп,— дейді Болатбай.
— «Өтеп» деген кісінің аты ма? — деп сұраймын мен.
— Әрине,— дейді Болатбай.
— Кім екен ол, Өтеп?
— Оның біраз тарихы бар, — деп Болатбай өткен күндердің бір әңгімелерін шертеді.
— Есенейді білемісің? — деп сұрайды ол менен.
— Естідім, — деймін мен.
— Білесің,— сол Есеней, ерте уақытта Обаған өзенінің бойын мекендейді екен. Бұл арада ол кезде Нұралы руының ауылдары қыстайды екен.
— Олар қайда кеткен? — деп сұраймын мен.
— Обаған бойында отырған Есеней осы маңға келеді де, жерін ұнатады, содан кейін ол мұнда отырған ауылдарға: «Бұл жерді мен аламын, сендер кешіңдер», — дейді. Ауылдар тілін ала қоймаса, аға-сұлтан боп тұрған Есеней үкіметтен әскер әкеп, күшпен көшіреді...
— Олар қайда көшкен?
— Есекең, алыс жерге айдап салса керек, білетін кісілердің айтуынша, олардың тұрақтаған мекені — Құмды ағаш, бұл арадан екі жүз елу шақырымдай бар деседі.
— Қиянат деген жағушы ма еді адамға, — дейді сопы мінезділеу Болатбай, — жұртты қан жылатып көшірген жерінің қайыры болмай, дүниядан перзентсіз өтті, мал-мүлкі жат адамның қолында қалды. Екі Өтептің, қырқасынан әрі қарай өткеннен кейін тағы бір көлге кездестік.
— Бұ көлдің аты — Өгізбалық, — дейді Болатбай, — өсіріп айта ма, расы ма, — бұрын осы көлде егіздей балық бопты деседі. Өгізбалықтың, дөңінен әрі аса көзімізге аз үйлі ауыл шалынды.
— Сүлеймен жездеңнің ауылы сол, — дейді Болатбай, — мен ол үйге қатынасып жүрем, апаңның күндесі өлген. Бір үйге қазір өзі би, өзі төс. Сүлекең жарықтық қиянатсыз ақпейіл, құдай деген кісі ғой. Құдай өзіне беріп те тұр. Дәулеті болса мол, перзенттен зарығып жүр еді, амандық болса екі ұлы болды. Сенің апаңды сыйлауы да сол бірер күшігінің барынан ғой. Ал, алда-жалда апаң мен жездең бізде қал десе не дейсің?
— Қалмаймын, — деймін мен.
— Е, неге?!
— Денім сау болса, өз бетіммен тамақ тауып ішуге жеттім ғой, жезде, кісіге телміріп қайтем.
— Соның дұрыс, шырағым, — дейді, Болатбай, — құдай-тағала деніңді сау қылған соң, аяқ-қолыңды аман қылған соң нәсіпті адамнан емес, тәңірден тілеу керек. Менің әкем де, өзім де бай болған кісі емеспін. Осы жұқа дәулетіміз баяғыдан бері келеді. Сонда да біреудің ала жібін аттамай күн керіп келеміз. Еңбек қыла білсең, тәңірінің берер несібі таусылмайды. Бірақ адал болу керек... Сүлеймен үйіне кеп түстік. Жездемнің өзі үйде жоқ екен. Мені бетімнен сүйіп қарсы алған апамның, өңі қашыңқы, жүдеу.
— Былтыр күз сырқаттандым деп ең, Зәуре, өңің сынық екен айыға алмай жүрмісің? — деп сұрайды Болатбай.
— Қайдан айығам, — дейді Зәуре, — қайбір сырқат дейсің бұл, — ішке қайғыдан байланған шемен ғой. Зәуре бұл сөзінің соңғы жағын жыламсырап айтып, аржағында жасқа булығып, біраз өксіп алды да:
— Мені қойшы, тәйірі, — деді, жасын сүртіп, — қыз деген немене, тәйірі. Кімге сатылмаған ол. Құдайдың маңдайына жазғаны сол болған соң, кімге берсе де, әуелі жылаған боп жүріп артынан көндігіп кетпей ме? Осы босағаға он үшімнен келіп ем, «тас түссе талайдан» дегендей, талайыма кез келген дүние шығар. Оның несіне өкінемін...
— Менің ішімді жеп құрттай мүжіп тауысқан, — деді тағы да Зәуре кемсеңдеп жылап алып,— мынау қасыңда отырған жалғыз бейшара. Осы шіркін қаршадайынан жетім қалды, апасы боп — біздің ешқайсымыз бұған пана бола алмадық, осыны қай жерде қаңғырып жүріп өліп қалады деп ішімнен таусылам да жүрем...
— Сен оған жылама, Зәуре, — деді Болатбай, тағы да кемсеңдей бастаған Зәуреге.— Айтыпты ғой «лақ жылай су ішеді, ұлан жылай мұң кешеді» деп. Тәңірі жазса, енді міне мал түлігі жігіт те боп қалды. Өстіп жүріп адам да боп кетеді.
— Баланың бұл талабың мен мақұлдадым, сен қалай қарайсың? — деп сұрады Зәуреден.
— Дұрыс қой, — деді Зәуре, — сатусыз ас бар ма, елде? Өзге түгіл, туған апасы мен де бірақ аяқ саумалды жұмыс қылса берем де, жұмыс қылмаса бермеймін. Біреуге көзге түрткі болғанша, аш-тоқ болса да өз бетімен күн көргені жақсы. Зәурені менің бұл — бірінші рет еркін тануым. Бұрын осы үйдің, күңі сияқтанып, жұмыстан басқаны білмейтін Зәуре маған бұ жолы ақылы кемел адам көрінді. Сүлеймен кешке келді. Менің хал-жайымды Болатбайдан естіген ол да, қалаға барып мал бағуымды мақұлдай кетті. Ол ертеңіне де «біздің үйде бол» дегенмен, Болатбай екеуміз ақылдастық та, тоқырамайтын үйге несіне айналамыз деп жүріп кеттік..
— Бұ баланы енді тиянақтап қайтарсың — деді Сүлеймен, аттанар алдында Болатбайға. — Ақысын дұрыстап сөйлесерсің, күздігүні өзің барып есептесіп, тайша-торпақ болса да мал алып жіберерсің. Сөйтіп қосыла берсе, ертең бұған қалың беруге де жарайды ғой. Аздаған жаяу қулығы бар Болатбай мұртынан күліңкіреп ап:
— Біреу айтыпты ғой, Сүлеке, — деді «қайным бай, нағашым бай, нағып жарлы қыласың құдайым-ай!» — деп. Сол айтқандай, бай жезделері бар, амандықпен ержететін күні болса, қалыңмал іздетер деймісің, бұл балаға. Сүлеймен үйінен шығып аз жүрген соң, ар жағында қаңқиған ағаш үйлер көрінді. Солардың тұсына барғанда Болатбай атын тоқтатты.
— Мынау ағаш үйлер Торсан мен оның балаларынікі, — деді Болатбай, — бұрын орыс қаласы сияқтанып көшенің екі жағына қаз-қатар тартылушы еді: Торсанның өз қара басында төрт бөлмеден екі ағаш үй, Шақанда екі ағаш үй, Шериде, Арабта, Бәкенде бас-басына ағаш үй болушы еді. Оның жалшы-жалаңгерлері ағаш үйде отыратын. Қора-қопсылары да түгелімен ағаштан жасалатын. Міне, ақырында сол үйлер азайып кеп, қазір екеу-ақ қалды. Өзгелерін Торсан көршілес қалалардағы орыс байларына сатты.
— Неге?
— Сатпағанда қайтсін, біз есімізді білген кездегі дәулеттің қазір оннан бірі жоқ. Жылқысы қазір екі жүзге жете ме екен осы үйдің... Бұрын мыңдап біткен үйдің жылқысы қазір екі-үш жүзден аспайды білем. Бұрын қора-қора боп өретін қойдан да қазір бір-ақ қотан қалды...
— Не себепті олай азайған?
— Қазір дүниенің тетігі ақшада емес пе? Аяқты мал деген не ол? Бір жұтта қырылады да қалады. Кешегі «Доңыз» аталатын жұттың қысына Торсан мыңнан аса жылқы салған екен, содан жазғытұрым бірер жүзге жетер-жетпес қана жылқы аман шығып, өзгесі қырылыпты... Со ма, мал деген?..
— Ақшасы да бар дейтін еді ғой бұл үйдің? Сауда-саттық жасайды дейтін еді ғой.
— Жасауын жасапты. Бірақ оған да ептілік ұқыптылық керек емес пе? Торсан балалары сауда үстінде мырзалық құрып, ақшаны босқа шашты да, ақырда баңкүрт50 болды.
— Ол не сөз?
— Қазынадан несиеге бексілмен51 бұл алады екен де, бексілді кезінде төлей алмаса, сот өз мүлкінен өндіріп береді екен. Торсан үйі бір рет жаман баңкүрт болып, мал-мүлкі сатылып кете жаздапты. Қабанда тұратын Сатыбалды шоқынды кепілдікке алмағанда масқара болады екен. Со борышын бірнеше жылда әрең төлеп іші-майын тауысып алды да, енді қайтып саудаға жолаған жоқ. Содан кейінгі күні малға түсіп, ол жыл сайын құлдырап, төмендей келеді...
— «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген сөз рас екен — дейді Болатбай демін соза алып, дәулеті бар кезінде басына бақ оралды, мұның. О бір жылдары Торсанның өзі бір елге, үлкен баласы Шақан бір елге, екінші баласы Шери бір елге, үшеуі үш елге болыс боп тұрды бұлардың. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болды. Ойда орыс, қырда қазақ бетіне шыққан жоқ...
— Сондай, «мұрнымен құс тістеп тұрған» кезінде, — дейді Болатбай, кейіген кескінмен, — мейманасы тасыды бұлардың. Сонша мол дәулет жетпегендей, кей баласы, әсіресе Шери қолына ұры ұстап, момынның малын білсе зорлаған ғып, білмесе ұрлаған ғып жеді де отырды. Ешкім оларға малын сұрап бара алмады. Болысар кісіні және таба алмады. «Батыр бастас, бай қостас». Әлділер бірінің сөзін ірірі сөйледі. Елден теңдік таппаған кейбір момын бас көтеріп ілгері ұлыққа шағым айтайын десе, олар да мықтының сөзін сөйледі. Ондайларды Торсан өтірік пәлемен құрытты. Жазықсыз талай жанға «ұры» деп пәле салып, соның, «ұрлығын» ауылнайларына актілетіп абақтыға жаптырғаның немесе айдатып жібергенін көзіміз көрді... Содан кейін оған кім батып қарсы шықсын!..
— Әрине...
— Бұлардың керден кетуі сондай: елде жақсы ат, жақсы ит, жақсы құс, жақсы киім болса бұлардікі...
— Сұрап ала ма?
— Сұраған болады. Бермесе тартып алады...
— Берсе ше?
— Сіңіріп кетеді...
— Пәле ғой мынау, қайтсе де алмай қоймайтын!..
— Әрине, пәле!.. Өзгесі былай тұрсың кергіп, бетіне жан қаратпайтын боп алғаннан кейін олар елге ажарлы қыз-келіншекті билетпейтін болды. Онымен де қоймай, бірінің қатынын бірі әурелейтін болды...
— Сұмдық қой, мынау!..
— Әрине, сұмдық!.. Бірақ, ақыры не болды соның?.. Дәулет қайтып еді, бақ та қайтты. Болыстықтан да, биліктен де айрылды... Елде беделі қалмауға айналды. Сыртқы жұрт әлі де «Торсан» көргенмен, ауылдастары қарсы шығып берекесін кетіре бастады... Малынан құрық, басынан сырық кетпейтін күні таянды... Атты сол араға қаңтарып қойып, Болатбай екеуміз, жаз жабық тұрған қора-қопсымен үйлерді аралап шықтық. Әдетте, бай адамдар, жайлауға көшер алдында қора, шарбақтарының ішін көң-қоқырдан тазалап, ашық-тесігін бітеп кетеді. Торсан үйінің маңы былығып жатыр екен. Көктемде еріген қар суымен бытқырап іріген: малдың қилары қора-қорада белшеден батарлық саз боп жатыр. Тозығы жеткен қоралардың төбесі ашық, бүйірлері тесік. Кей қора қиқайып құлап жатыр. Шана-арба, айыр-тырнауық сияқты, аспаптар әр жерде шашылған... Үйлерінің есік-терезелері үңірейген... Осындай тозып, салақсып, шашылып, былығып жатқан дүниені көруге жүрегі айнығандай:
— Ал, кетейік балдызым, — деді Болатбай, — кер кетіп бара жатқан дүнияны көрудің, несі қызық!..
— Маса-сонадан мазасызданып тыпыршып тұрған қаңтарулы атқа жақындай беріп, Болатбай арттағы Торсан үйлеріне қарады да:
— Шіркін, бір кезде Торсан үйі тасыды-ау! Өзгесін айтып неғылайын, әнеу бір қораның сыртында жүз елу, екі жүздей асыранды қаздар жүрер еді. Қыстыгүні алдарына сұлыны қайықпен төгіп қояр еді. Семіз қаздар қораға жоламай, аязда күртіктің үстіне жатар еді. Ұры оларға болса, болмаса да тимейді, қасқырдан сақтау үшің күзетші қояр еді. Қаздарының қаңқылдаған дауысы қозыкөш жерден естіліп тұрар еді. Торсанның балалары мейманасы тасып тұрған кезінде, «қаздың етінен басқа ет — ет пе» деп, сиыр еті былай тұрсың қой мен жылқының семіз етіне мұрындарын шүйірер еді. Соны істеген олар қазіргі күнде ұрлықтан келген мәстектің етін ата малының етіндей асайды деп естідім...
— Сонау қалың зиратқа барып, әуелі дұға қылайық, — деп Болатбай арбаға мені де мінгізді, өзі де мінді. Зиратты жағалап батыс жағына барғаннан кейін екеуміз де арбадан түстік.
— Байдың зираты — міне біреу сегіз құлақты боп қиылған, үстінде мұнарасы бар ағаш үй, — деді Болатбай. — Осыны сіздің ауылдағы Құсайынның әкесі Сұраған қиған екен деседі. Көктемнің шалғыны недәуір бой тартып қалған жерге екеуміз отыра бергенде:
— Шырағым, сен «ясинды» оқы, баласы жоқ бейшаралар ғой, сауабы тиер, — деді Болатбай. «Ясинды» оқып отырғанымда, менің көзім Есеней зиратының қасындағы қабырдың алдына тігінен қойылған жазулы аппақ таста болды. Тасқа жазылған сөздерді көзіммен оқып көрсем, Есенейдің әйелі Ұлпанға қойылған екен сөздері алтынмен арабша жазылған. Тастың өзі — мен бұрын көрмеген тас, биіктігі — кісі бойы қолұсыным, жалпақтығы екі кездей.
— Бәйбішенің мына тасы — не тас? — деп сұрап ем:
— Кім білсін, не деп атайтынын52 — деді ол, — әйтеуір қымбат тас деседі ғой. Торсан осыны Кетрампордан алдыртты деп естиміз. Жұрттың айтуынша, бұл тастың құны айғыр үйір жылқы көрінеді.
— Жұрт деген қызық емес пе, — деді Болатбай, зират маңындағы есік терезесі жабық мешітке қарап тұрып. — Торсанның дәуірі жүріп тұрған кезде осы мешітте үнемі жұма намазы оқылар еді. Түстік жердегі ауылдың шалдары жиналар еді. Айт намазы кезінде мешітке жұрт симай, далаға оқыр еді. Торсанның басынан дәулет қайта бастаған кезде, жұрт оның өзін сыйламаумен ғана қоймай, мешітін де сыйламайтын болды. Әнеугүні құрбан айты болғанда, мешітке осы арадағы жиырма шақты үйдің адамынан басқа кісі келмепті деп естимін...
— «Әр асуға бір тосу» деген, шырағым, — деді Болатбай, қаңтарулы тұрған атына қарай жөнеле беріп,— Бір кезде осы араның патшасындай болған Торсанның да тізесін бүкті. «Ақыр байдың түбі аштан өледі» деп еді, мұның арты соған соғып жүрмесе не қылсын!.. Болатбайдың болжалы тура келді. Совет үкіметі құрылып, қанаушы тапқа қысым көрсетілген кезде, кісі еңбегін жеп қана күн көріп келген, Торсан үйі өзгеден бұрын құлады. Көп жылдар бойы оның тепкісінде келген жалшылары мен қоңсылары ол үйді тап ретінде біржола жойды...
ЖАТАҚТЫҢ ҮЙІ
Атың хал-хайын талай рет сөзде ғана кездестіріп, өзін көрмеген Құтырлағанның көшесіне, міне, енді кірдік. Бұдан бұрын мен көрген орыс поселкесіндегі үйдің көпшілігі не шымнан не саманнан болушы еді. Құтырлағанның үйлері түгелге жақын ағаш екен. Бірақ ағаш үйлерінің көпшілігі «пяти стенный» аталатын екі бөлмеден ғана. «Крестовой» үйлер бұл қалада сирек екен. Көпшілігінің шағыры тақтаймен жабылған. Темірмен жабылған шатырлар анда-санда ғана кездеседі. Қаланың орталығында алаң. Алаңда ағаштан қиған жалғыз мұнаралы ғана кішірек шіркеу. Ұзындығы шақырым жарымдай көшені бойлай жүріп отырған біз, қаланың теріскей жақ шетіне шықтық. Қаланың, о жақ шетінде терезелері көп екі үлкен ағаш үй қатар тұр екен. Болатбайдың айтуынша, бірі — школа, бірі — май заводы. Ол екі үйдің ар жағында үш-төрт диірмен көрінеді. Оның ар жағында, томар ма, шөптесін көл ме қамыс өскен бір саяңдау жер бар. Саяңның бер жағында шоқиған екі нәрсе көрінеді, олардың не үйген тезек екенің не тіккен үй екенін шамалай алмай келем. Олар кигіз үй екен. Біздің үш ауыл Жаманшұбардағы ең құрым үйдің өзі бұдан анағұрлым тәуір сияқты. Сыртына жапқан кигіз, — қотыр түйеге жапқан жабудай далба-дұлба... Үйдің сыртындағы ридванның көлеңкесінде кішірек екі қыз ойнап отыр. Болатбай соларды шақырып алып, кімнің үйлері екенін сұрап еді, «оң жақтағы — Аубакірдікі, сол жақтағы Қопабайдікі» деді, олар. Ауыл әдетінде үйдің қасына не салтты, не арбалы адамның келген дүбірі естілсе, үй адамының біреуі тысқа шығып қарсы алады. Мынау екі үйде ондай әдет жоқ па, болмаса үйлерінде кісі жоқ па — біздің алдымыздан ешкім шыға қоймады.
— Ал, бала, түсейік — деді Болатбай маған. — «Жатақ» дегендер таңның атуы мен күннің батуына дейін қала кезіп үйінде отырмайды. Біз Аубакірдің үйіне кірсек үстінде кірлеу, жамаулы жалғыз ғана көйлегі бар, аяғы жалаңаш әйел, басына баланың шапанын бүркеніп, оң жақ босағада қисайып жатыр екен... Біздің ауылдың ең сорлы деген адамының ағаш та болса кроваты болушы еді, ескі де болса терінде бірер сандық жиналып тұрар еді. Оның үстінде аз да, ескі де болса бірнеше көрпе-жастығы болар еді. Төрге төсейтін не киізі, не алашасы жоқ үй біздің елу үйлі Жаманшұбарда жоқ еді. Біздің ауылдың ең нашар деген үйінің өзінде сыпайылыққа киетін қоңыр дүрсін болса да, ішкі-тысқы жаңа киімдер болушы еді де, олардың біразы керегенің басында ілулі тұрушы еді. Сол жақ босағада аттың қысқы-жазғы тұрманы ілулі тұрар еді. Оң жақ босағада қазан-ошақ, аяқ-табақ сияқты ыдыстар жиналып, шимен қоршалып қойылар еді. Мынау үйде оның бірі де жоқ. Бұл үйдің іші төсенішсіз, шаңы шыққан тақыр. Керегелердің, айнала басында не киімнен, не ат-тұрманынан ілінген ешнәрсе жоқ, жап-жалаңаш. Бұл үйдегі бар мүлік: іргеде жинаулы жатқан бірер жамаулы ескі көрпе мен бір-екі кір жастық қана. Ыдыс атаулыдан босаға жақта жалғыз кішірек қазаң құлақ-мұрнынан айрылып, бүйірлері майысқан кішкене самауыр, ескілеу ағаш табақ, кетік ожау және табақтың үстіне жиналған азын-аулақ ала-құла ескі шәшкелер. Іші жалаңаштықтан осылай ұлып тұрған үйге біз кіре бергенде ду етіп көтерілген қара шыбынның қалыңдығы көшкен бұлт сияқтанып кетті. Түндігі жабылып, ішіне сәуле кигіздің жыртық жерлері арқылы түсіп тұрған бұл үй маған қара шыбындардың қамалған абақтысы сияқты... Расында қатты ұйқыда ма, болмаса қимылдауға бізден ұяла ма, — аяғының ашық жеріне үймелей қонған шыбындардың шағуына кемпір тырп етер емес. Сонысына қарағанда «өліп қалған болар» деп ойлайтын кемпірдің, тірі екендігіне қорылдаңқырай алған демі ғана куә... Аш қара шыбындар бізге жабыла кетті.
— Я, алла! — деді Болатбай, бетіне жыпырлай қонған қара шыбындарды екі қолымен кезекпен қақпалай, — мұндай да көп шыбын болады екен!.. Шырағым, — деді ол маған, — есікті аш та, қамзолыңды шешіп ап жайқашы, мына шыбындарды! Қамалып тұрған сорлылар далаға шығып жеңілсін. Әйтпесе, шыдап болмас! Топсасы шығып, қиқайыңқырап жабылып тұрған ескі қарағай есікті мен аштым да, сыртымдағы ескілеу қамзол-шамды шешіп алып, үйдегі шыбындарды қууға кірістім... Менің жайқаған шапанымнан жасқанды ма, болмаса өздерінің де мынау азығы жоқ үйден кеткісі кеп тұрды ма — шыбындар бұйығып тұрған түтіндей есікке қарай лап беріп, дуылдай қашты... Со кезде, басына бүркенген шапанды қолымен сыпыра түрегелген әйелдің кескініне қарасам, аппақ шашты, қыли көзді, беті әжімді кәрі кісі екен. Бір ғажабы бетінің, екі ұшы нарттай қып-қызыл.
— Мал-жан аман ба, Ұлданай? — деді Болатбай, таңдана қарай қалған кемпірге, — танымай отырмысың мені. Мен Жайылғандағы Нұралының баласы Болатбаймын!
— Қайдан білейін кім екеніңді, — деді кемпір мұрнынан сөйлеп, — кәрі кісінің есінде кім жүреді дейсің.
— Аубакір мен Кәкіш қайда?
— Қала қыдырып кетті.
Ұлданайдың сөзінен де, кескінінен де бізді ұнатпағанын көрген Болатбай:
— Ал, шырағым, шығайық далаға, — деді.
— Бұрын да берекесі шамалы үй еді, — деді Болатбай, тысқа шыға, — мына бейбақтың үйі немене боп кеткен, өзі. Алла сақтасын, адамның зәресі кететін ғой, өзінен.
— Осы біздің жездеміз — Аубакірдің үйі ме? — деп сұрадым мен.
— Иә, — деп жауап берді Болатбай, — кәдімгі апаң Кәкіштің үйі.
Болатбайға Аубакір мен Кәкішті қыстыгүні көргенімді айтып ем:
— Соларды өз киімі деп ойлайсың ба? — деді ол.
— Енді кімнің киімі?
— Ондай киім Аубакірге қайдан келсін. Біз білмейтін Аубакір ме, ол. Кеңірдек барқыттан түгіл қамполаттан жаңа қамзол-шалбар киіп көрді ме екен әуелі?
— Енді қайдан алады сондай киімдерді?
— Тамыр орыстарынан сұрап киіп барған да.
— Бала, біз бір орыстың үйіне барайық та, шай қойдырып ішейік. Бүгін азына күні53 екені есімнен шығып кетіпті. Бұл күндері жатақтар қала қыдырып, малын баққан үйлерден нан жинайды. Кеш болмай қайтпайды, олар.
— Нанды неге жинайды? Өздерінің ұны болмай ма?
— Ұнының болатын да, болмайтын да күндері кездеседі. Бірақ азына күні нан жинау жатақтардың әдетіне кіріп кеткен. Үйінде ұны тіреліп тұрса да жинайды, олар. Қалаға кеткен Болатбай екеуміз бір орыстың үйіне барып, ақысын төлеп шай қайнаттырып іштік те, жаңағы екі үйге кешке қарай жаяу оралдық. Кигіз үйдің маңайы бұл кезде әбігер екен. Үйлердің алдында сырғауылмен қоршалған кең шарбақ тұрған. Сол шарбаққа мақырасқан көп қойлар қамалып жатыр. Бір жақтан шұбырып көп сиырлар келеді. Олардың алдынан шыққан — орыстың әйел, еркектері. Болатбай екеуміз қой қамалып жатқан шарбақтың алдына барсақ. Аубакір жүр. Қыстыгүні маған мырза сияқтанып көрінген оның үстіне қазір қарасаң, жамалған қамзол-шалбар, етігі жоқ, жалаңаяқ... Ол бізбен солғын амандасты. Со кезде арғы жақтан басына кірлеу орамал байлаған, үстінде кірлеген ескі көйлегі ғана бар, жалаңаяқ, толық денелі бір әйел келе жатты, жақындағанда тани кеттім — Кәкіш!.. Ол мені: «Қарағым-ай, сен екенсің ғой!» деп құшақтап кеп бетімнен сүйді. Менің көңілім бауырмал тартқан Кәкіштің үйіне қонуда еді. Болатбай Қопабайдікіне қонды. Қопабайдың әйелі жоқ екен менімен шамалас Қайырке атты, менен жеті-сегіз жастай үлкен Бейсембі атты, менен төрт-бес жастай кіші Кенжебай атты үш баласы бар екен. Әйелі жоқ болғанмен, Қопабай үйінің іші де, киім-кешектері де Аубакірдің үйінен анағұрлым жинақ, анағүрлым таза! Үйінің қасында қолы бос Кәкіш бола тұра, Қопабай бізге ас істеп беруге қалада тұратын басқа бір қазақ әйелін шақырып әкелді. Бұл да таныс әйел боп шықты. Біздің ауылдағы жамағайынымыз Итаяқтың қызы — Жәмила. Шайдан кейінгі әңгімеде Болатбай менің жайымды Қопабайға баяндап еді:
— Аубакір қойды бағып отыр ғой, — деді Қопабай, — мен сиыр бағып отырмын. Оған қойшының керегі болмас, кісісі жетеді. Сиырды Бейсембі мен Қайырке бағып жүр еді, Бейсенбі үй шаруасына да керек боп тұр. Және ертең орыстың егіні піскенде, жалданып азық жинап алу да керек қой. Қайырке сиырды жалғыз баға алмайды, сен осы баланы маған беріп кет.
— Баламен ақылдасып көрейік — деді Болатбай.
Ет жердің алдында Болатбай мені далаға оңаша алып шықты да:
— Ал, шырағым, қалай? Қопабайға тұрамысың, ауылға қайтамысың? — деді. Бұл сұрауға мен біраз уақытқа дейін жауап бере қойған жоқпын. Бермейтінім — егер жатақ дегенің мынау болса, мұның көрген күні құрысын! Одан ауылымның жалшылығы әлдеқайда артық сияқты... Бірақ қайтуға ма? Қалуға ма? Жатақтардың тұрмысынан жүрегім айнып-ақ тұр!.. Соны ойлағанда, қайтқым кеп-ақ кетсе де, «қайтқанда, қайда барам?» деген сұрау туады, менің алдымда. Артта қалған «ел» атаулыда, егер қайтып барсам, менің тұрар үйім, Болатбайдікі ғана. Екі-үш күн жолаушылап бірге жүргенде маған оның мінезі де, кісілігі де ұнады. «Бұ бір момын адам екен» деген ұғымға келдім мен. Болатбайдың үйіне барсам, мүмкін, маған пана болар да... Осы ой келгенде қайтуға қобалжысам, аттанарда апам Ұлтуған екеуміздің оңаша кездескен бір сөзіміз есіме түсе кетеді.
— Жүр, қалқам, ағашқа барып, отын теріп әкелейік — деген еді Ұлтуған маған ертең Құтырлағанға жүреміз деген күннің кешінде. Қалың ағаштың ішіне кіргеннен кейін ағаштың қу бұтақтарын жинауға кіріскенімде, апамның өңі қуқылданып, «бері кел», дегендей маған қолымен ымдаған еді. Сол арада арамен кесілген жуан ағаштың жалпақтығы үстелдей түбірі тұрған. Мен жақындай бергенде апам құшақтай алды да, әлгі түбірге отыра кетіп, ал кеп жылады... Сирек алған әрбір демін ішіне тартқан сайын оның жылауы үдей түсті. Бірақ бұл үдеу оның, сыңсып қана жылаған дауысын зорайтқан жоқ. Жақын жердегі ауыл адамдары естіп қояр деген болу керек ол демін ішіне тарта жылады... Ұлтуған алғаш көріскенде, мен де ағыл-тегіл жылаған едім. Бұл жолы жыламай, оны уатпақ болып ем, уану орнына үдеп кетті. Сөзіме көндіре алмаған мен «егер қоймайтын болсаң мен бүгін біржола кетем де, енді қайтып қараңды көрмеймін» деп қорқытқан болып ем, ол ақырындап барып бәсеңдеді де, жасыл шәлісінің етегімен көзін сүртіп «отыр, мұнда» деп қасынан орын көрсетті.
— Мен өзгеге емес, құдайға жылаймын, — деді ол, — егер мені құдай ұл ғып жаратса ғой, қаршадай сені арқалап жүрсем де асыраймын ғой. Құдай мені сорыма қарай қыз ғып жаратты. Саған қурайдай паналығым жоқ, соған жылаймын... Келген жерімнің түрі мынау, күйеуі құрысын. Жас болды не, кәрі болды не, мен сияқты сорлыға бәрібір емес пе? Оның өзі ғана болса бір сәрі, — көндірер ме ем, қайтер ем. Үйінде аюдай ақырып әне бір қақбас кәрі иті отыр, баласына билік бермейді. Ол әкесінен шыға алмайды, мен одан шыға алмаймын. Сонымен, шалдың не дегені болады да тұрады. Ал, шал қақпас бұрын да күңкілі көп кісі еді, сен келген соң онысы күшейіп кетті.
— Күшейсе, кетейін деп отырмын ғой, мен.
— Соған ішім күйеді де, — деді апам.
— Ішің күйіп қайтесің — дедім мен — Тамақхы бірдеме ғып асырармын.
— Бірақ сен өкпелеп кетіп барасың ғой, — деді апам. — «Жетім бала тас бауыр» деп, мінезіңе қаттылық пайда болған ба немене, сені көрмей кете ме деп жылап отырмын.
— Неге көрмеймін — дедім мен. — Менің сенен басқа кімім бар?
Ұлтуған «анық өкпелемеймісің?» деп мені бекітіп алды да:
— Шынымды айтайын, — кеткеніңе тілектеспін. Мал түлігі болып қалдың. Денің сау. Енді кісіге телмірмеуің жөн. Аяқ-қолың аман болса, бұл иттің үйіне тамақ асыраймын деп келме! — деді.
— Жарайды! — деп уәде бердім мен.
Болатбай екеуміз Қопабай үйінің сыртында оңаша кеңесіп тұрғанда, менің есіме түскен апамның сөзі осы еді. Сондықтан Болатбайдың:
— Ал, енді қайтесің? — деген сұрауына:
— Қалам! — дедім мен нық дауыспен.
СИЫРЛАРДЫҢ СОҢЫНДА
Сонымен Қайыркеге қосылып, мен Құтырлағанның сиырын бағысуға кірістім. Бағатынымыз — сауын сиырлар. Шамасы бес жүздей. Біз күн сайын таң біліне тұрамыз. Со кезден бастап, диірменнің маңайына орыстың әйелдері сиырларын айдап әкеле бастайды, сиырлар түгел жиналып болғанша, күн де шығып қалады. Қайырке екеуміз сиырларды жаятын жаққа айдай жөнелеміз. Құтырлағанның жайылымы кең. Бұл өзі жабайы орыс поселкесінің бір емес, қазақ-орыстардың станициясы ғой. Қазақ даласын патша үкіметі отарлаған кезде, Гурьев, Орал, Орынбордан басталып, Ор, Троицк Пресногорков, Преснов, Петропавл, Омбы арқылы Ертісті өрлеп, арғы шеті Зайсанға ұштасатын «линиядағы» казак-орыс станицаларының бәрі де Қорғандық маңызы болғандықтан, ол станицаларда тұратын казак-орыстарға патша өкіметі ерекше жағдай жасаған ғой, соны.ң бірі — кең жер беру. Крестьян поселкелерінде еркек басына он бес десятинадан ғана жер тисе, казак-орыстардың еркек басына, отыз десятинадан жер берілетін болған. Сондықтан үй саны бірден крестьян поселкесінен қазақ-орыс станицасының жері екі есе кең болады. Оған қосымша, казак-орыстардың ішінен соғыс кездерінде даңқы шыққан адамдарға жеке участоктер берілген. Соның бәрін қосқанда бес жүз үйлі Құтырлағанның жер мөлшері, үйі сол шамалас «Исаевка» аталатын украиндық поселкенің жерінен екі-үш есе көп. Құтырлағанның қарамағындағы жерде орман да, кел де, жайылым да мейлінше мол. Станицаның қасында бірі — Үлкен Сары, бірі — Кіші Сары аталатын екі дария көл бар. Екеуінің де бұ шетінен қарасаң, о шетіне көзің әрең жетеді. Құтырлағандықтар егіндерін станицаның бір жақ бетіндегі жеріне ғана салуға тырысады. Егінді көп салатын үйлер бірен-саран-ақ. Олардың да десятинасының саны он бес, жиырмадан аспайды. Көпшілігінің егетіні бірден беске дейін ғана десятина. Егіні бірыңғай салынғандықтан, Құтырлағанның өзге өлкесіне мал еркін жайылады. Тек шабындыққа арналған көлдер мен өзектерге түсірмесең болғаны, езге жеріне малды қалай ергізсең де ықтиярың. Сиырлардың көбірек оттайтын мезгілі күн түске тармасқанша ғана. Одан кейін шанышқақ шығады да, сиырлар көлсіз жерге тұрмайды. Шанышқақтан қорғалап суға тығылған сиырлар күн түстіктен еңкейіп, қоңыр жай тартқанда ғана ереді. Қазақ ауылында сиырды бұзаумен идіріп сауады ғой. Орыстар бұзауды енесінен туа сала бөледі де, тез түңіліп кетеді. Сондықтан өріске шығарда да, өрістен қайтарда да, қазақ ауылының сиырындай, орыстың сиырлары бірен-сараны ғана болмаса бұзауын іздеп мөңіремейді. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, кейбір қашаған сиырлар таяқтан жасқанады. «Таяқ» дегеніміз, сабының ұзындығы бір-ақ құлаштай, басында адамның, басына жақын домалағы бар шоқпар. Мұндай щоқпарлар тамырымен қопарып алған қайыңнан істеледі. Егер осы шоқпар қаша жөнелген сиырдың талмау тұсынан тисе, ұшырып түсіреді. Шоқпар жеген сиыр ырқыңа көніп алады. Біз бағатын сиырлардың ішінде бір қара ала, бір қызыл қасқа бұқа бар. Екеуі де атан түйедей үлкен. Біздің еріккендегі бір ермегіміз — осы екеуін сүзістіру. Олар кісі сүзбейді, айдасаң ырқыңа көне береді. Біз сондай жуастығымен пайдаланамыз да, сиырдың қай жақ шетінде жүрсе де, айдап әкеп түйістіріп жібереміз. Көп сүзісуден тәсіл алып қалыса ма, болмаса, екеуінің күші тең бе, — мойындары мен денелерін қалай жиырып ап бір-бірін маңдайынан итерсе де сүріп әкете алмай, теке-тіреспен тұрады да қояды. Осы ерегіспен біраздан кейін екеуінің де көзі қызарып, тілдері салақтап, ауыздарынан сілемей ағып, ызаланып алады да, шоқпармен жасқап айырып жібермесең, өз беттерімен айырылмайды... Сиырлар жусаған кезде Қайырке екеуміз ең алдымен қолтыққа қысып жүрген үш таған мосыға, белбеуімізде байлап алған жез бақырды асамыз да, ішіне су құйып, шай қоямыз. Су қайнағанша Қайырке екеуміз көлге шомыламыз да, бір-бір құшақ қоға алып шығамыз. Ол араның көлдерінің майқоғасы да, сүйрігі де өте тәтті болады. Қайнаған суға біздің шығаратын шайымыз,— далаға есетін «шәлпи» атты шөп. Жусан түсті, басында сарғылт гүлі бар бұл шөпті қайнаған суға салсаң, жап-жасыл боп шығады да, сусынды қандыруы ғажап болады. Нанды Қайырке екеуміз үйден дорбаға сап алып шығамыз. Бұл нан орыстың не қалашы, не бөлкесі болады. Егер шай ішкіміз келмесе, біз сиырларды бақырға сауамыз да, сүтін қайнатып ішеміз. Қайырке мен менің күнделік қызметім осылай өтіп жатады. Кейбір күндері Қайырке үйінде қап, менімен бірге оның ағасы Бейсембі мал бағуға шығады. Кейінгі кезде «Жаман жезде»54 аталып кеткен бұл Бейсембі, жас күнінде де момын. Оның сол қолының үсік саусағы ортасынан жоқ. Мал баққанда ол үйдегі домбырасын қолына ала шығып, жайыла өрген сиырдың соңында тартады да жүреді. Оның сыңсығандау тәп-тәуір дауысы бар. Жай мінезді момын ол өзі өлең айтса да, желігіңкірей айтады, мен айтсам тіпті желігіп, ретсіз жерде де, ретті жерде де көтермелеп айғайлап кетеді. Күндер осылай етіп жатты. Ертеден қара кешке шейін сиырдың соңынан жүре беру әуелгі кезде ауырлау сияқты көрінді де, артынан үйреніп кеттім. Ол да өзінше бір қызық өмірге айналды. Бейсембі сиыр бағуға сирек шығады. Көбінесе, бірге бағатын — Қайырке екеуміз. Жасы да, бойы да менімен шамалас, қара бұжыр кескінді Қайырке мейлінше пысық. Орыс арасында туған ол орыстың тілін орыс балаларынан кем білмейді. Ағасы Бейсембі сияқты ол да өзі өлең айтуды және менен өлең тыңдауды жақсы көреді. Оның айтатындары — орысша өлең. Қазақ өлеңдерінен ол алдым-жұлдым бірдемелер болмаса, жөнді білмейді. Домбыраға қолының, ебі жоқ. Тегі Қайыркенің қазақ «өлеңшісінен» бірінші көргені мен болуым керек. Сондықтан ол менің өлең айтатынымды білмеген күндерде, өзі білетін орысша өлеңдерін айтып жүрді. Ол:
Только некуда ходить.
Только некого любить».
— деп, немесе:
Положу гармонь на полку,
Полежи Тальяночка.
Пока придет беляночка».
— деп, немесе:
Не боится верблюдов».
— деп, нашарлау даусымен майланбаған арбаның доңғалағындай дарылдайды. Кейін менің өлең айтатынымды білген соң, ол өлең айтуды мүлдем доғарды. Екеуміз Бейсембінің домбырасын кейде сұрап, кейде ұрлап алып шығатын болдық. Бірақ Қайырке Бейсембі сияқты өлеңді түрегеп, сиырға еріп жүріп айттыруды жақсы көрмейді, отырып айттырады. Шанышқақтаған мезгілде болмаса сиыр деген мал жайылған уақытта жүргіш келмейді. Ол жоңышқалы, өлеңді шөпті жақсы көреді. Жоңышқасы жақсы бір жерге әкеліп қаптатсаң, айнала оттап, орнынан көп жылжымайды. Бірен-саран қашаған сиыр болмаса, өзге сиырлар қаладан өpіcке шыққан бетінен, кешкі қалаға қайтар мезгілге шейін бұрылмайды. Өріске беттеген я қайтқан уақыттарында алысырақ барып алдынан шығып отырсаң, анда-санда «соп» деп дыбыс беріп қойсаң, сиыр сені басын еттей, тоқырай отайды... Өріске беттегенде де, өрістен қайтқанда да Қайырке сиырлардың алдына шығып осылай тоқтатып қояды да:
— Кәне, Сәбит, баста өлеңді, — дейді. Не өлең айтуды екеуміз келісіп аламыз да, мен қалаған өлеңін бастай жөнелем... Әлденеше жыл баққан Қайыркені ие көріп, үйреніп қалғандықтан ба, — сиырлар ол дыбыс шығарсақ өлеңдей қап, қайырған жағына қарай беттей жөнеледі. Менің қайыруымды да, айғайымды да олай тыңдамайды. Менің өлеңді көбірек айтатын кезім — сиырлардың түскі жусаған мезгілі. Бұл кезде бақырға қайнатқан шәлпи шайды екеуміз кішкене ағаш тостағаннан сораптай тартып, терлеп отырып ішеміз де, қанған кезде мен өлең соғам. Қайырке өлең тыңдағанда желікпейді. «Сөз-ақ», «шіркін-ай!», «тамаша екен» деген қостаушы сөздерді ол сабырмен ақырың ғана айтып, көбінесе, маған қадала қарайды да отырады.
— Илансаң, — дейді ол, — осы уақытқа шейін мен қазақ ауылын көрген емеспін... Қайдан көресің, — жеті жасымда шешем өліп жетім қалдым. Әкем әйел ала алмады. Сол үйдің еркегі де, әйелі де өзі. Және қой аузынан шөп алмайтын момын кісі, ешқайда шықпайды, ол шықпаған соң мен де шыға алмаймын, жеті жасымнан сиырдың соңындамын. Сондықтан ауылды қайдан көрейін.
— Көріп келгендер, — дейді ол, — ауылды жақсы дейді, бейнеті аз дейді, ойын-сауығы көп дейді, жаздай кең далада жайлауда болады дейді. Соған барғың-ақ кеп құмартасың, бірақ бару қайда!.. Соңғы сөздерін Қайырке зор арман сияқтандырып күрсініп айтады. Сөйтеді де, ауыл тіршілігінің егжей-тегжейін менен сұрай бастайды. Менің ауыл туралы кеңестерімді әсіресе, өз қара басым туралы кеңестерді тыңдағаннан кейін ол:
— Ауылда да солай ма? — деп басын шайқап отырады.
— Ауыл рахат орны болса, қалаға қаңғырып келем бе мен, — дегеннен кейін ғана:
— Рас-ау, — дейді мақұлдап.
— Сиырдың соңында үнемі салпақтап жүре беруден ішім пысып, неғыларға білмей жүруші едім, — дейді Қайырке, — жақсы болды-ау, сен келіп. Бұрын батпайтын күннің қазір қалай өткенін де білмеймін. Екеуміз енді осы сиырды бірге бағайық, сен бұл арадан кетпе.
— Өмір бойынша ма, — деймін мен.
— Өмір бойынша болса қайтеді, — дейді Қайырке. — Сиыр бағып өткен кісі бізден кем емес. Менің әкем Қопабай, оның әкесі Түлкі, оның әкесі Қонеке, өмірлерін осы Құтырлағанның сиырын бағумен өткізді. Кенжебайды кім білсін, ол әлі кішкене ғой. Бейсембінің күні де сиыр бағумен өтетін шығар.
— Өзің ше? — деп сұраймын мен.
— Оны құдай біледі де, — дейді Қайырке, — бір жыл емес, он жыл емес, өмір бойы сиыр бағудың несі жақсы дейсің.
— Екеуміз бірге баға тұрайық та, кейінгісін көре жатармыз.
Қайыркенің «көрерміз» не екенін мен ұзамай-ақ білдім. Жаз ортасы ауып, Құтырлағандықтан шөбін шауып болып, егініне кірісе бастаған кезде Қайырке маған бұдан бұрын айтпаған бір сөзін айтты.
— Сәбит, сен маған ұнайсың, — деп бастады ол сөзін.
— Нем ұнайды?
— Мінезің де жақсы, тіл алғышсың, оның үстіне өлеңшісің...
Қайырке маған күлімсірей қулана қарап, аз уақыт тым-тырыс келе жатты да:
— «Айлас қатын мұңдас» деген мақал бар екен сиыр соңында жүрген соң екеуміз де мұңдас, сырлас. болуға тиісті емеспіз бе? — деді.
— Әрине, — дедім мен.
— Сен өзің аузыңа берікпісің, жоқ па? — деп сұрады, ол.
— Не туралы айтасың?
— Жай әншейін де, — деп Қайырке күлімсіреді де қойды.
Бұл кеңес осымен доғарылды. Сиырлар түске шейін жайылғаннан кейін мерзімді уақытында көлдің жағасына жусаттық. Бұл мезгіл — шанышқақтың жатқан кезі. Біз сиырларды жусататын көлдердің маңайы дығырланып, тақыр боп жатады. Тақыр жерде, маса, сона азғантай болады. Шaнышқақтан құтылған кезде сиыр түскі жусауына шейін көп оттайды да, жусағаннан кейін ұзақ күйсейді. Бұ кезде Қайырке екеуміз кейбір күндері ұйқтап та аламыз. Бүгін де сиырларды көлдің жағасына әкеп жусатқаннан кейін шәлпиден қайнатқан шайды ішіп отырып, Қайырке манағы бір доғарылған кеңесін қайтадан көңірсітті.
— Күнде ішетініміз шәлпи шай, — деп бастады ол кеңесін — жейтініміз нан. ғана. Жүректі қарайтып болды-ау, бұл, Сәбит!..
— Қарайтқанда, не істейміз? — дедім мен қалжыңдап, — мал соймай сараң болған әкең мен өзіңнен көр.
— Сол малды сояр ека-у, — деді Қайырке, — егер қолда болса, бірақ жоқ қой сол.
— Енді нені айтып отырсың.
— Бізде жоқ болса да, қалада көп дегенім ғой.
— Е, қала саған қойын бере ме?
— Әрине, бермейді.
— Бермесе, айтып отырғаның не?
— Жай, әншейін, ептеп қымқырса қайтер еді дегенім ғой, — деді Қайырке, күлімсірей маған қарап қойып.
— Қалай қымқырасың? — деп сұрадым мен.
— Ол оңай ғой, бірақ қасыңдағы серігің сенімді болса.
— Сенімді болғанда қайтер ең? — дедім мен сынағалы.
— Мана аузына берікпісің дегенім осы еді, — деді Қайырке.
— Ия, берік болсам ше?
— Ендеше, әкел қолыңды, — деп Қайырке қолын ұсынды.
Мен қашқалақтап қолымды бермеп ем, Қайырке «неге бермейсің?», «сенбеймісің?», «кімнен қорқасың?» деген сияқты біраз сұраулар беріп отырды да:
— Қой, бүйтіп ашықпайық, — деді маған, — ептеп қозы-лақтан ұрлап тамақ тойдырайық.
— Қайдан ұрлайсың?
— Қаланың Оразалы баққан қойлары осы маңайға кеп, араласа жайылып жүрген жоқ па?
— Одан қалай ұрлайсың?
— Оп-оңай, — деді Қайырке, со кезде көзі ұры иттің көзіндей жылтыңдай қап.
— Қалай оп-оңай?!
— Қойлар ағаштың ішіне жайылып келгенде бір семіз тоқтыны ұстап аламыз да, бауыздап ағаштың түбіне тыға саламыз. Артынан асып жейміз. Қайыркенің бұл сөзіне нанбаған кескінмен мен аз қарап отырдым да, әлі де болса қалжың көріп:
— Лақты ұстамаймысың? — дедім.
— О, кәпірдің бақыратыны бар, — деді Қайырке, — қойшыға білдіріп қояды. Ал, қозы деген жануар, жұп-жуас, дыбыс шығармайды... Сонымен, қалай дейсің. Сәбит?.. Істейміз бе, осыны?
— Рас айтып отырсың ба?
— Осындай өтірік бола ма екен?
— Жоқ, мен оған араласа алмаймын, — дедім мен.
— Араласпай-ақ қой, — деді Қайырке, қулана жымия қараған кескінмен. — Тек айтып қоймасаң болғаны. Қозыны ұстайтын да, бауыздайтын да, соятын да, асатын да өзім болам. Сен жегің келсе же де, жегің келмесе де отыр.
— Оны қайда асып жейсің?
— Сойсақ, асудың ретін келтіреміз де.
— Қалай, қолымыздағы бақырға бір жіліктен артық ет симайды, оған қайсымыз тоямыз?—дедім мен оның сөзін әлі де ойын көріп, қалжыңдап.
— Малдың етін өзінің қарнына асып жеуді естімеп пе ең, — дейді ол.
— Қарнына?!
— Ия, қарнына. Кәдімгі қарны бар ғой, соның жынын ақтарып тастап, таза қып жуып, ішіне суды құясың, сиғанша ет және татырлық тұз саласың да жерді шұқырлап қазып, ішіне құм сеуіп, әлгі қарынды соған көмесің. Сөйтесің де, үстіне тағы да сеуіп, оның үстінен от жағасың. Сонда қарындағы ет бұрқылдап тұрып қайнайды. Қайнағанда буы шығып тұру үшін, қарынды өңешпен бірге аласын да, өңештің, ішіне екі басын кескен бір сүйемдей қурай тығып қоясың. Қурайдың тесігінен бу бұрқылдап атқылайды да тұрады...
— Рас, рас! — дейді Қайырке иланбаған кескінмен бетіне қараған маған. Талай рет солай пісіріп жедік. Қарынға піскен еттің қасында, қазанға піскен ет — ет емес! Қайыркенің сөзіне енді ғана сенгендей болдым. Есіме Оразалы түсті. Оны мен білем. Түбі — біздің Сибан. Ол да осы Құтырлағанда туып өскен адам. Оның да өмір бойы кәсібі — мал бағу. Біз жоғарыда Аубакірдің нашар халдегі үй тұрмысын айттық. Оразалының үйі одан да сорлы... Оның үстіне, осы Құтырлағанда отырған бес-алты жатақтың ішіндегі адамдардың ең момыны — сол. Өзге жатақтардың, айтуынша, Оразалы «біреудің ала жібін аттамайтын, жолда бос жатқан бірдемеге кездессе иесін іздеп апарып беретің мал бағудан басқада жұмысы жоқ, құдайы адам». Жасы со кезде елу-алпыстарда. Өз көйлегін жамап кие алмайтын, өз шайын дұрыстап қойып іше алмайтын мейлінше салақ кемпірі бар. Ол кемпірден бала көп туған да, өле беріп, жалғыз ғана баласы қалған. Оның да мұзға сырғанақ теуіп жүргенде, оң аяғы тізесінен шығып кетіп, жіліншігі тақымына жабысқан ақсақ боп қалған... Оразалының халі сондайлығын білгендіктен:
— Момын адамға обал болмай ма? Сен ұрлаған қозыны ол иесіне төлемей ме?—десем:
— Төлей берсін — дейді Қайырке. — Онсыз да құдайдың сорлы жаратқан адамының, қозысын біз ұрламағанмен, байып жатқан ол жоқ. Бұл әңгіме сонымен аяқталды. Келер күндердің біреуінде Қайырке екеуміз жайылып келе жатқан сиырмен бірге, қалың ағаштың ішіне кірдік. Со кезде екінші жағынан маңырасып кеп сол ағашқа Оразалы бағатын қойлар да кірді...
— Сен ағаштың арғы тұмсығына шық та, сиырларды тоқтат, — деді Қайырке,— әйтпесе, олар ар жағындағы орыстың үйіп қойған маясын сүзеді. Мен жөнеле бердім. Неге екенін кім білсін, сиыр деген мал, үйген шөпке өш келеді де, көпене, шошақ, мая көрсе-ақ сүзгілей бастайды... Қайырке жұмсаған жаққа барып, сиырлардың, бетін бері қарай бұрдым да, айдап отырып ағаштың екінші шетіне шығардым. Сол кезде Оразалы жаяу бағатын қойлар да ағаштан әрі қарай шығып өріп барады екен. Қайырке маған Оразалы бізден ұзаған кезде ғана келді.
— Қызық таптым, — деді ол.
— Ие, не таптың?
— Бір талдың түбінен араның ұясын таптым... «Араның ұясы» дегенге елеңдей қалдым. Бұдан бұрын бір рет Қайырке сондай бір ұяны тауып, ертеңіне қасына түтін салғамыз да, балын алғамыз. Бал деген затты мен өмірде бірінші рет осы жолы ғана татқам. Балға солай дәніккендіктен, Қайыркенің «араның ұясын таптым» деген сөзіне иландым да, соңына ердім. Қатарласып жүріп келе жатқан Қайыркеге:
— Тағы да түтін саламыз ба? — дедім.
— Әрине! — деді ол.
— Екеуміз ағаш арасымен жүріп келе жатырмыз. Алдымда Қайырке. Мен әрбір минут сайын алдымыздан дуылдай қарсы ұмтылатын араларды күтем... Мені бастап жүріп келе жатқан Қайырке түбіне жапырақты жас бұталар үйілген ағаштың қасына әкелді де:
— Ұя осында, — деді.
— Аралары қайда?
— Олар тығылып жатыр, — деп Қайырке күлді де, жапырақтарды аша бастады. Мен ду ете ұшатын аралардан қорқып, кейін шегіне бердім. Қайырке қарқылдап күлген қалпымен жапырақты бұтақтарды әрі қарай аударып тастады да:
— Міне, ара! — деп сенсең жүні қырқылмаған марқа қызыл қозыны артқы сирағынан көтере берді. Орнымда таңданып тұра қалған менің көзім, марқаның бауыздалған тамағына түсті. Марқа өліп қалған.
— Бұ не?! — дедім мен Қайыркеге.
— Ара!
— Ара деген осындай бола ма екен?
— Сен мұны айтасың, бұдан да үлкені болады.
— Түсінікті, — дедім де, жүре бердім. Қайырке жүгіріп кеп, мені иықтан ұстай алды.
— Қайда барасың? — деді ол.
— Мен мұндай араның балын жей алмаймын, — дедім мен.
— Рас айтасың ба, әй? — деді ол.
— Рас!
— О, қойсайшы! — деп Қайырке маған қалжыңдайын деп еді:
— Қойғаны сол, — дедім мен бұлқынбай, — егер, сен мұны істейтін болсаң, мен ертеңнен бастап үйіңнен кетем. Қайырке мені босатты да, қалшиып тұра қалды. Мен де тұра қалдым... Екеуміз үнсіз аз уақыт бір-бірімізге қарасып тұрыстық.
— Сен мына қозыны айтасың ба, ей? — деді Қайырке менен бұрын тіл қатып.
— Айтпаймын, — дедім мен.
— Екінші қозыны ше?
— Мен саған айтып тұрған жоқпын ба, «үйіңнен енді кетем» деп.
— Егер, қозы ұрламасам ше?
— Онда кетпеймін.
— Бұ қозыны қайтеміз? — деді.
— Қайтсең де еркің. Бірақ мен етін жеу түгіл, сорпасын да татады деме!.. Ақыры екеуміз былай келістік. менің қасымда жүргенде Қайырке енді қайтып қозы бауыздамайтын болды. Мына қозыны ол немере ағасы Ізтөленің Дүйсембайына бермек болды.
КӨКҚАСҚА
Қайырке тоқты ұрлығынан тиылғанмен, ол екеуміз етсіз болған жоқпыз. Бұл түрлі тамақпен бізді асырайтын — «Көкқасқа». «Көкқасқа» — иттің аты. Бұл тұқымдас иттер Құтырлағанда жетеу ғана. Оның екеуі Иван Севастьяновта, екеуі Николай Севастьяновта, біреуі Самойло Токаоевте, біреуі қазақтар «Бай-Бәске» деп атайтын Василий Терехинде, енді біреуі Федор Чемасовта. Бұл тұқымдас иттердің бәрінің де түгі көкшіл болады. Араларындағы айырма: біреуі ақ мойнақ, біреуі ақ қасқа, біреуі ақтөс, біреуі көкала... деген сияқты денесінің әр жеріне біткен ақ жолақ қана. Олардың дене тұлғалары да біркелкі: бойларының биіктігі — орта бойлы, кісінің кеудесінен келерліктей өрелі, тұмсықтары істік бастары оспақ және маңдайы мен тұмсығының екі арасы екі сүйемдей ұзын, салбыраған жіңішкелеу шашақ құлақты, жуан мойынды, салыңқы төсті, белдері бүкіштеу, кіндік жағы тартыңқы, құйрықтары сабаудай тақыр, тілерсектері майысқан, аяқтары тықыр, жіңішкелеу келеді. Иелері күтіп ұстайтын бұл иттердің ішкен тамағы бойына жұқпағандай қабырғалары ырсияды да жүреді. Қарындары ешуақыт жарау қалпынан төмен түспейді. Жұрттың айтуынша, бұлар «лөктір итінің күшіктері». Бертінде білсем «лөктір» дейтіндері Преснов қаласында тұратын Баярский дейтін байдың тұқымынан шыққан медицина докторы екен. «Лөктір» итінің тұқымын ең алғаш Құтырлағанда Муганцев дейтін бай адам әкеледі. Баярский оның құдасы екен. Муганцев Баярскийден бір ұрғашы күшік қана әкелген екен дейді. Осы күшік үйінен шыққаннан кейін Қорған қаласына алып барады да, сондағы атақты бір итке ұйықтырып қайтады. Құтырлағандағы көк иттер осыдан өседі. Білетін адамдардың айтуынша: бұл иттер қоян да, түлкі де, қасқыр да алады. Көк иттер көбінесе байлауда жатады. Иелері оларды жаздай баптап күтеді де, аңға күзгі сонардан бастап салады. Құтырлаған станицасындағы бай орыстар жүйрік ат пен жүйрік ит ұстағыш, аң қуғыш бәйгеге ат қосқыш залокке ат шаптырғыш... Көк иттің иелерінен, өз меншігіндегі екі итті еркін ұстайтын жалғыз Иван Александрович Севастьянов. Неге екенін кім білсін — қазақтар Иванды «Мәлке» дейді, інісі Николайды «Көлке» дейді. «Көлкесі» Николайдан шығуы белгілі, «Иванды» «Ваня, Ванька» деуі керек қой. Қазақтардың «Мәлкені» қалай шығарып алуы белгісіз. Тегі Иванның інісінің аты «Колька» болғандықтан соған ұйқастырып, Иванды да «Мәлке» қып алған болу керек. Құлақ естір жердің қазағында Мәлкені білмейтіні болмайды. Бай дәулетті ол ылғи жүйрік ат ұстайды да, қай жерде той не жарыс болса соған қосып жүреді. Мәлке — қазақшаға ағып тұрған тілмаш. Қазақтың ғұрпын да жақсы біледі. Бірнеше жыл әскерде қызмет істеп келген Мәлкенің офицерлік шені бар. Кейде ол офицерлік киімдерін киіп, көшеге жарқырап шығады. Қала арасында да, шет жерге шыққанда да ол салт жүреді. Бұ қаланың аң қуушыларын бастайтын — сол. Өзі зор денелі, мол қара сақалды, дөңгелек толық бетті, кішірек қара көзді кісі. Мәлкенің қарамағында көк иттің, екеуі бар дедік қой. Бірі — тұмсығынан маңдайына шейін ақ қасқа, өзге денесінің түгі түгелімен көк, ал, енді бірі ақ мойнақ және құйрығының ұшы ғана ақ. Ақ мойнақтың аты — «Дьявол», көкқасқаның аты, — «Сокол». Ақмойнақ еріншектеу және қабағандау. Көк қасқа әрі жуас, әрі елгезек, — танитын кісісі шақырса бара береді, еріп те кетеді. Сиыр бағуға шыққанда Қайырке екеуміз Мәлкенің екі итін кейде жұбымен, кейде Ақмойнақ ере қоймаса, Көк қасқаны ертіп алып кетеміз. Оны ертіп шыққан күні біз етсіз болмаймыз. Қалың ағаштың ішіне әкеп сиырды жайып жіберсең, дегбірсіз қоян сорлы шетіне үркіп шыға келеді. Со кезде не Қайырке, не мен, — екеуміздің біреуміз ертіп апарған итті қарғыбауынан ұстап отырамыз. Ит «қай жердей қоян шыға қашар екен» дегендей, жан-жағына алақтап қарай бастайды. Қай жерден қоян шыға келсе де, оны ит бізден бұрын көреді. Со кезде қыңсылап жұлқына бастайды. Ағаштан аң қашып шыққанын біз білеміз де, мойнын босатып, «һайт!» деп қаламыз. Денесі таразы ит сүйрелеңдей тартады... Иттің қуған аңын біздің көзіміз кейде шалады, кейде шалмайды. Шөптің бойы биік болады да, қашқан аң, қоян мен түлкі болса көрсетпейді, аңның қалай қарай қашқаның биік шөптің бойынан орғып шапқан иттің жобасынан ғана байқаймыз... Жоғарыда айттық қой, «ағаштан қашып шығатын көбінесе дегбірсіз қояндар» деп. Ағаш ішінде аз бола ма, немесе қулық қып тығылып қала ма, — түлкінің қашып шыққанын біз жөнді кездестірмейміз. Ит ертіп шыққан күннен бастап, айдан артық уақыт өткенше біз екі-ақ түлкі көрдік. Біреуі бір ағаштан қашып шыққанмен, екінші ағашқа кіріп үлгерді, екіншісін Көкқасқа басын қалды. Түлкі дегенде ит тұқымдас мақұлық емес пе? О да шамасы жеткенше таласпай ма? Сондықтан болу керек, — қоянның көбін өлтірмейтін Көкқасқа, біз барсақ түлкіні өлтіріп тастапты, өзінің де екі ұртын түлкінің тісі жырып, қанап қапты. Соған қарағанда түлкі таласып барып өлген болу керек. Қайырке маған Көкқасқаның жүйріктігі, алғырлығы туралы неше түрлі қызық әңгімелерді айтады.
— Бірақ, — деп арман етеді ол, — осы итке қасқырды кездестіре алмай-ақ қойдым. Қыстыгүні аңға шыққандар, қасқырды бұл ит еркін алады дейді, аңға мен шыға алмаймын.
— Неге? — деймін мен.
— Сен өзің қызық екенсің ғой, — дейді Қайырке кейіп, — аңға аты бар кісі шығады және соны қарға шабатын қандай ат ол. Менде ат бар ма сондай.
— Кеңесіңді айта бер, — деймін мен.
Иттің жүйріктігі, алғырлығы туралы тағы біраз әңгімелерді сөйлеген Қайырке, қасқырды жолықтыра алмауын тағы да арман қып айтады. Мен де іштей арман етем... Осы арманға Қайырке екеуміз бір күні жеттік. Қаладан алысырақ жерде тұратын, өрістегі мал сирек баратын бір шақ ағаш бар да. Ағаштың ортасында, шілдеде суы құрғап қалатын томар болатын. Томарға араласа қалың тал өскен. Ағаш осы томарды айнала шыққан және «ит мұрны өтпейді» дерлік қалың, орысша аты «Иваново кол» қазақша аты «Керейбай шоғы».
— Қасқыр бір жатса, Керейбай шоғында жатады, — дейтін еді Қайырке,— күзге қарай сиырды соған жайып апару керек, қасқыр жатса айдап шықсын.
— Байғұс-ау, шыға ма ол қалың ағаштан қасқыр?
— Сиыр өзгеге жуас болғанмен, қасқырға өжет. Көзіне көрінсе өкіріп-бақырып қамап алады да, қашып құтылмаса, мүйіздеп жарып тастайды... Бұл менің бұрын естіген сөзім. Көлденең кеңестің бәрін былай қойғанда, біздің үйдің бір сиыры көктем кезінде, жайылымда жүріп бұзаулап қалады. Әке-шешем кешке дейін тосады да, келмеген соң әкем өрген жағына жаяу іздеп кетеді. Сиырды ол таба алмай жүргенде түн басталды... Со кезде сиырдың өкірген даусы естіледі. Ай жарық екен. Әкем қасқыр қамаған екен деп ойлап, өкпесін қолына ала жүгіреді... Барса, жалғыз сиыр екі қасқырмен алысып, туған бұзауын қорғап тұр екен... Қасқырлар қаша жөнеледі... Қасына барса, сиыр болдыруға айналған... Тілі сала құлаш шығып кеткен... Денесіне қасқырдың, тістері тиген... Бұның анық оқиға екенін, өтірікті білмейтін Мұстафа айтатын... Ол жалғыз сиыр... көп сиыр біріксе не шыдатпақ!.. Қайырке екеуміз баққан сиырларымызды Керейбай шоғына қалың ағаш жағынан кіргізбек болдық, итті далалық жаққа үйген маяның тасасында мен ұстап отырмақ болдым. ...Маяның ығында отырмын. Қолымда қарғыбауынан ұстаған Көкқасқа. Бірталай уақыт өтті. Зеріге бастадым. Ағаш жаққа маяның ығынан үңіле қарап қоям, ешнәрсе көрінбейді... Бір кезде ағаш жақ азан-қазан бола қалды... Ит те атып тұрды, мен де атып тұрдым... Азан-қазан дауыс, сиырлардың дауысы. Әуелі аздап өкірген сиырлардың дауысы біраздан кейін тұтасып, көбейіп даланы басына көтерді. «Қасқыр!» деген ой кеп кетті маған... Жүрегім тулап барады... Ит те әлденені сезгендей қыңсылап жұлқына бастады. Ағашқа қарай тырмысқан ол мені сүйреуге айналды... Иттің күші менен әлдеқайда көп екенін мен сонда ғана аңғардым... Сонда да айырылмай, мықшия тартып келе жатқанымда, ит бір рет арс етті де, жұлқына кеп жөнелді... Қарғыбауы қолымнан сусып шығып кетті... Мен құлап қала жаздап барып әрең оңалдым... Ит ағаштың қырындау тұмсығына қарай шапты. Ол арада ескі егіннің орнына шыққан қалың ермен... Зымырай шапқан ит ерменнің ішіне барып кірді... Ол бұрынғы әдетімен, биік бойлы ерменнің үстінен орғи шапты... Со кезде ерменнің ар жағындағы жазыққа қарай денесі салаңдап, бір зат шыға келді, — тани кеттім, —өзіме таныс қасекең!.. Бірақ қасқырдың шабысы тым солғың ол тек қана шоқақтайды, артына қарайлайды!.. Со кезде ағаштан қасқырға қарай өкіре жүгірген сиырлардың алды да көрінді... Мен де жүгірдім... Қасқырдың артына алаңдағанына енді ғана түсіндім: оның арт жағында шоқақтап екі бөлтірік кетіп бара жатыр. Бойларының шамасы түлкідей ғана... Ирелеңдей, бар шабысымен ұмтылған Көкқасқа бұрынырақ жеткен бөлтіріктердің біреуіне де ауыз салмай, қасқырдың өзіне бет қойды... мұндайда ес қала ма!.. Екі өкпемді қолыма алып, ұшып келем... Көкқасқа жеткен қасқырдың бөксе жағынан омырауымен соғып өтті ме, немене, — жанасқанда қасқырдың беті бері бұрылып қалды да, иттің өзі ағып өтіп кетті. Ит бері қарай бұрылғанда қасқыр екеуі беттесіп қалды. Бірақ ит те, қасқыр да ауыз салыспай, қарсыма-қарсы қарасып тұр!.. Екі көзім жасаурап кетті. Ағаш жаққа қарасам, Қайырке де ұшып келеді екен. Бері қарай жүгіріп келе жатқан сиырлардың бетін қайтарып тастаған болу керек, — бірнеше сиыр аңырайсып қасқырға қарап тұр.... Қасқыр мен итке мен жақындап қалдым. Аузымнан «һайт!» деген дыбыс шығып кетті. Со дауыстан қасқыр маған жалт қараймын дегенде, ит оның мойнынан алып қалды. Иттің тісі қаттырақ тиді ме, немене қасқыр бұлқынып қап, итті сілкіп жіберді. Со кезде екеуі алдыңғы аяқтарын көтерісіп, түрегеп алысып кетті. Мен қасына келіп қалдым. Екеуі теке-тіреспен тұр. Со кезде ит күш алды да, болмаса адамнан жасқанды ма, қасқыр тірескен аяғын төмен қарай түсіре бергенде, оның алқымына тағы да аузы тиіп қалған ит, жамбасқа ала қасқырды сілтеп кеп соқты да, кеудесіне мініп алды... Со кезде Қайырке де кеп қалды. Қара терге түсіп, жүгіріп келген қалпымен ол, қолындағы шоқпармен қасқырды тұмсықтан кеп соқты. Қасқырдың мұрнынан қан жылжып жүре берді... Ит әлі басып жатыр... Ол жай басып жатқан жоқ, алқымнан алған аузын толғай түседі толғаған сайын ырылдай түседі...
— Сен неғып тұрсың? — деді Қайырке маған ақырып.
— Неғыл дейсің?
— Ал, қасқырды ана артқы екі аяғынан тарт!
Бөксесі шошаңдап жатқан қасқырдың артқы екі аяғынан мен шап беріп ұстадым да, бар күшіммен кейін қарай тарттым. Со кезде Қайырке белбеуінде байланған қынында жүретін өткір кездігін суырып алды да, қасқырдың кіндік тұсынан сұғып жіберіп, төсіне қарай ірей жөнелді... Өлген қасқырдан иттің аузын көпке шейін біз ала алмадық, егер айырсақ бізді қауып тастайтын қалпын білдірді... Иттің аузы қасқырдың алқымынан, қасқыр өліп біткенде ғана босады. Бұ кезде күн кешкіріп қалған еді.
— Әттегене-ай! — деп өкінді Қайырке, —әлгі екі бөлтіріктен айрылып қалдық-ау!..
— Мына қасқыр тақияңа тар кеп отыр ма! — дедім мен.
СОҒЫС
Құтырлағандықтардың өмірі біздік жаманшұбарлықтардың өмірінен маған әлдеқайда қызық көрінді. Біздің Жаманшұбарда ел жайлауда отырған мезгілде ғана болмаса, өзге уақыттағы ойын-сауықтың бәрі де үйде өтеді. Үйде болған қызықты сол үйдің ішіндегі адамдардан басқа ешкім білмейді. Жайлау кезінде, түн мезгілінде ауылдардың арасына алтыбақан құрылады да, қыз-бозбала сол араға жиналып, ән айтады немесе жігіттер екіұдай болып күрес жасайды. Бұлар да, әрине, қызық. Құтырлаған жастарының ойындарында Жаманшұбар жастарының ойындарынан артық екі жағы бар сияқты. Бірі — сырнайға қосылып ән салу, бірі жастардың пляскасы. Қалада неше түрлі сырнайшылар болғанмен, олардың бәрінің ден қоятыны — Мықтыбайдың Тынымбайы. Бұл — со қаланың жылқысын бағып отыратын жатақ. Құтырлағанның жастары Тынымбайды аса қадірлейді. Өйткені оның сырнайшылығына таласатын бұл қалада бір де жігіт жоқ. Әрбір орыс поселкесінің жігіттері екіұдай болатын әдеті. Қаланың бір жақ жартысы мен екінші жақ жартысының жігіттері үнемі бақастасып жүреді. Ойынды да олар бөлініп жасайды. Өзара төбелесіп алатын уақыттары да аз болмайды. Міне, сондай екі партия жастардың әр жағы қашан да Тынымбайдың өз жақтарына алғысы кеп әуре болады... Тынымбай қай жаққа араласса, со жақтың ойыны да ана жақтан қызық өтеді... Мейрам күндері күндіз, жай күндері іңірде сырнайлата, әндете көшені кезген жастар, түн бола бір үйге жиналады да, «вечеринка» жасайды. Ойынның неше түрлі қызығы осы вечеринкада. Маған әсіресе, қызық көрінетіні пляскалар. Мен оған сырнайдан да артық қызығам, үйренгім келеді... Күн бойы мал бағып, шаршап келгенмен, Қайырке екеуміз Қопабайдың, «жатсаңдаршы, дамылдасаңдаршы, ертең мал бағасыңдар ғой!» дегеніне қарамай, кейде, көзіне көрініп кетеміз де егер, Қопабай «кәне, жатпай керіңдерші, сирақтарыңнан қырқайын» деп ұрсып жатқызса, ол ұйықтаған кезде ұрланып кетіп қаламыз... Өйтпегенде ше?.. Сен ұйықтаймын деп жатқанмен, естігің келмей басыңды қанша жапқаныңмен, іргеде тақалып тұрған қаладағы сырнайдың биік дауысы мен жастардың шырқай салғам көркем әндері құлағыңа құйылмай қояр ма?.. Ондай тәтті ән-күйлер құлағына құйылған жастың жүрегі желпінбей қалай жатар!.. Қала жақтан ән-күй естілсе-ақ Қайырке екеуміз не көрініп, не ұрланып кететін едік те, жастар жатпай, біз де жатпайтын едік. Кейде баққан малымызды өріске ұйықтамастан айдап кететін едік!.. Өмірінде осындай қызығы бар Құтырлағанға жаздың ортасына қарай қара тұман түсе қалды... Қайырке екеуміз бір күні кешке малды өрістен айдап келсек, бұрынғы көңілді қала әлем-тапырақ боп қапты. Бұдан бұрынғы кештерде қалаға жақындаған сиырлардың алдынан бір-бірін қолтықтай ұстап әндеткен қыз-келіншектер де шығатын еді. Олардың кейбіріне еріп бозбалалар да келетін еді. Жел өкпелеу кейбір бозбалалар сиырларды да сырнайлатып қарсы алар еді... Бүгін соның бірі жоқ. Көп сиырлардың иесі алдынан шыққан жоқ. Сиырын қарсы алуға шыққан кейбір иелер шал-кемпір сияқты біреулер. Олардың да көздері талаулап, қызарып, ісіп кеткен. Кейбір кемпірлер еңіреп жыласып та жүр...
— Бұларға не болған?! — деймін Қайыркеге.
— Бәсе, не болған?! — дейді ол.
Иесіз қалған сиырлардың бірсыпырасын Қайырке екеуміз айдап қалаға кірдік. Бұл — жұмыстың күні де. Жұмыс күндерінде бұл мезгілде қалада бейсауат орыс жүрмейтін. Бүгін көрсек олай емес, ең алдымен бүгін көше-көшенің бәрінде сапырылысқан халық. Олардың ішінде мастар да көп. Сапырылысқан көпшіліктің ішінде мастардың тұрпайы дауыстарымен әр жерде жыласқан әйелдердің үндері араласып, көше-көшенің бәрі араның ұясындай ың-жың...
— Не болған?! — деймін мен.
— Бәсе, не болған? —дейді Қайырке.
Иесіз сиырларды үйді-үйіне бытыратып айрылып кеткен Қайырке екеуміз ымырт жабыла үйде түйістік. Мен үйге одан бұрын келдім. Үйде Қопабай мен Бейсембі отыр екен. Алдарында маздаған оттың сәулесімен айқын көрінген олардың кескініне қарасам, екеуінің де қабағы түсіп кеткен... «Не болған!» Не болғанын мен Қайыркеден ғана білдім. Тұнжыраған Қопабай мен Бейсембінің қасында отыра алмай, далаға шығып, үйдің сыртындағы ходоктың55 үстінде отырдым. Ай со күні сүттей жарық, қала жақ әлі де азан-қазан. Қала адамдарының, беймазалығына еліктегендей бүгінгі күні иттер де азан-қазан. Осы беймаза дауыстар өрлеп кетіп, аспандағы сирек бұлтпен ұштасып жатқан сияқты... Қаланың беймаза дауысына жер-көк те дауыс қосып, кең дүниенің іші түгел күңіренуге айналған сияқты... «Бұ не?!..» Қала жақтан біреу келеді. Ол жүгіре басып келеді... Бала... Қайырке!..
— Ие, не бопты? — дедім мен оның алдынан шығып.
— Соғыс! — деді ол.
— Соғыс?!
— Ие, соғыс!..
— Неғылған соғыс?
Бұл сұрауға Қайырке жауап бермей, үйіне қарай жөнелді. Ол күнгі іңірдің шайы көңілсіз ішілді. Шайды құятын — Қопабай. Жасайтын — Кенжебай мен Бейсембі. Кірлеу дастарқанға қаладан әкелетін орысша пісірілген нан мол төгілетін де, соны жеп отырып әңгіме соғатынбыз. Бүгін олай емес, дастарқан да жайылды. Нан да туралды, нанды жеп, шайды ішуге де кірістік бірақ ешкімде де үн жоқ. Осы үнсіздікпен шай ішіліп болғаннан кейін:
— Ал, енді жатыңдар, балалар! — деді Қопабай. — Ертең забота көп болады. Сиырлардың көбін өздерің собирайт қыласыңдар. Бұндай беда болған күні орыстар сиырларын айдап келе қоймас. Пьяный адамнан аулақ болыңдар. Шорт знайт, сабап кетуі де мүмкін!.. Қопабай жат демесе де, жататын кеш қой, бұл. Бұндай қайғылы кеште қайда барасың?.. Біз жаттық. Жанып таусылуға айналған шалалардың басы күлге көмілді. Жыртықтан түскен ай сәулесінен үйдің іші бозамықтау. Қайырке екеуміз қатар жататынбыз. Бізге деген төсеніш өзіміздің киім-кешегіміз ғана. Екеуміз бүгін де солай жаттық. Бірақ оның да, мен сияқты ұйықтамай жатуын аунақшуынан аңғарам. Қопабай да солай. Бейсембі мен Кенжебай ұйықтап қалды.
— Бұ неғылған соғыс екен? — дедім мен Қайыркеге, сыбырлап, біраз жатқаннан кейін.
— Ұйықта, әкем ұрсады, — деді ол да сыбырлап, — ертең айтармын.
Аздан кейін Қайырке ұйықтаған сияқтанды. Мен әлі ояу жатырмын. «Неткен соғыс, бұл?» деген сұрауды әлсін-әлсін өзіме қоям да, жауабын таба алмаймын. Өйткені менің ұғымымда «соғыс» деген ерте замандарда: пайғамбар заманында, батырлар заманында болып өткен, бұл кезде жоқ... «Ендеше, неткен соғыс, бұл?!. Қала халқының мынадай дүрліге қалуына қарағанда, бұ бір керемет соғыс болу керек... Бірақ кім мен кім соғысады?..» Осы ойлармен жатып, мен де ұйқыға кеттім... Біреу түрткенге оянсам, Қопабай екен... Үй іші қара көлеңке.
— Тұр шырағым, — деді ол, — таң атып келеді, сиырды жинаңдар.
Тұрып далаға шықсам, түндегідей болмағанмен, қала жақтың шуы әлі де семе қойған жоқ екен. Қаланың әйелдері күндегі дағдымен сиырларын диірмен түбіне айдап келеді, бірақ кешеден бері жылағанның белгісін көрсетіп, көздері жұдырықтай боп ісіп кеткен. Сиырлар күндегі дағдымен өріске беттеген кезде, Қайырке екеуміз де соңына түстік.
— Ие, Қайырке, кім мен кім соғысады екен? — деп сұрадым мен.
— Қаланың білетін адамдарының айтуынша, — деді Қайырке, — орыс пенен Ерманса56 деген ел соғысады дейді.
— Ол неғылған ел екен?
— Кім білсін, неғылған ел екенің әйтеуір, бір айлакер, сиқыршы ел деп айтады. Оған түртшина57 деген ел қосылыпты дейді. Олар пұсырман деген ел болса керек... «Ермансаның» да, «Түртшинаның» да неғылған ел екенін Қайырке екеуміз біле алмаймыз. Дегенмен:
— Егер, айлакер ел болса, — деймін мен, — «Сал-салдың» елі емес пе екен? Қиссада соларда өте сиқыршы, айлакер деуші еді.
— Кім білсін — дейді Қайырке, — бірақ кім де болса, біздің казак-орыстар оны шыдатпайды, жалғыз Андрей Чемасовтың өзі күрең атымен ішіне бір кіріп көрсінші, қылышымен жүзін шауып шықсын!.. Географиядан ешбір хабарымыз жоқ Қайырке екеуміз қанша ойлағанмен бұдан артыққа бара алмаймыз... Біздің естуімізше, қаланың казак-орыстарынан жиырма бес пен отыз бестің екі арасы соғысқа аттанғалы жатыр. Менің ендігі арманым — солардың атанғанын көру. Бірақ менің, естуімше, олар күндіз аттану керек. Біз о кезде далада сиыр бағып жүреміз. Ендеше мен қалай көрем? Көру үшін не істеу керек?.. Ол айланы мен таптым. Соғысқа баратындар ертең аттанады деген күні кешке қарай мен ауырдым. Іңірден дөңбекшіп, босағада жатып ыңқылдай бастаған маған:
— Е, саған не болды? — деді Қопабай.
— Не болғанын білмеймін, ішім әкетіп барады...
Сол дөңбекшумен мен таң білінгенше дөңбекшідім. Көзі ұйқыға кеткенше, Қопабай, ыңқылдап жатқан маған «Ақырынырақ!.. Шыдасайшы!..» деген сияқты сөздерді айтып жатты да, біраздан кейін тым-тырыс болды. Ол ұйықтаған кезде мен ыңқылымды доғардым. Бірақ ұйықтамадым. Ойым «ұйықтағанымды білсе, Қопабай мені таңертең сиыр бағуға жіберер...» Біраздан кейін денем маужырап, көзіме ұйқы тығылғанмен, жаңағы ой басыма келсе, әзімді өзім зорлағандай оята берем... Күндегі дағдысымен Қопабай қаланың тауығы шақырған кезде оянды. Оның оянғандық белгісі, — қақырына-түкіріне тұрады. Со кезде, мен де ыңқылды үдеттім...
— Бала, қалайсың? — деді Қопабай.
— Іші-бауырым удай ашып әкетіп барады, — дедім мен ыңқылдай, сөзімді бөле сөйлеп.
— Апырау, бұл бейшараға не боп кетті, — деп күңкілдеген Қопабай, Қайыркені оятты да, — малға бара алмас па екенсің, бала, — деді маған. Мен жауап берудің орнына ыңқылды күшейте түстім.
— Бейсембі, ә Бейсембі, — деді Қопабай, — ояншы!
— Немене, әке? — деп басын көтерген Бейсембіге:
— Мына бір сорлы бала ауырып қапты ғой, малға мен өзім-ақ барайын, сен жұмысыңа кеткенде, есікті тиянақтап жап, — деді. Қопабайдың «жұмыс» дейтіні Бейсембінің етік жамайтын өнері бар да. Егінге шығуға даярланған орыстар ескі етіктерін жамата бастаған. Кейінгі бірер жұмада оның кәсібі сол да.
— Жарайды, — деді Бейсембі, — бірақ мына ауру баланы қайтемін?
— Ол Аубакірдің үйінде жата тұрар, сол үйдің кемпірі бар ғой.
Сиырға Қопабай мен Қайырке кетті. Кенжебайды қасына ертіп Бейсембі қалаға кетті. Мен Аубакірдікінде қалдым. Бірақ ол үйде мен көп жата алған жоқпын. Өйткені қалада шеркеудің қоңырауы қағыла бастады. Со кезде ғана оянған Аубакірдің інісі Әлбатыр:
— Солдатқа баратындар жүруге айналған ғой, шеркеуге шоқынуға жиналған ғой, — деді. «Көріп келейін» деп Әлбатыр киінді де кетіп қалды. Үйде Ұлданай екеуміз қалдық. Не істеу керек, әрине, бару керек. Өйткені менің ауырған себебім де солдаттың қалай жөнелгенін көру ғой. Ұлданайға «Далаға шығам», — дедім де, кетіп қалдым. Шеркеуге маңайлап келсем, бықыған адам, байланған ерттеулі аттар! Бұ қалада неше түрлі сұлу аттар болатын. Солардың бірсыпырасы ерттеулі аттардың ішінде екен. Және казак-орыстың өмілдірікті, құйысқанды, тебінгілі, былғары ерлері қандай тамаша!.. Бүкіл қазақ атаулыда ондай ерді мен Әлтидің Сейтағының астында ғана көрдім. Сондықтан, «мұндай ерді шығаннан шыққан байдың баласы ғана мінеді екен» деп жүрсем, казак-орыста екінің бірі мінеді екен. Шеркеудің маңайында мастар да көп екен. Кейбір солдатқа баратын жігіттерді туысқандары шеркеуге мас қалпымен сүйемелдеп әрең апарады. Солдатқа бармайтын еркектердің ішінде де, әйелдердің ішінде де мастар аз емес... Шеркеу маңындағы каланшаның түбіне осы қаладағы жатақтардың әйелдері және бірнеше адам жиналып қалған екен. Мен де соларға қосылдым. Аздан кейін шеркеудегі адамдар шыға келді, алдарында поп... Ол әлденені күжілдеп айтып жүр, мен оған түсінбеймін. Бұттарында қызыл зампасты көк шалбар, үстерінде кител, бастарында жасыл жиекті картоздары бар, етіктеріне шпор байлаған, бір жақ шекелеріне кекілі дударланған казак-орыстардың атқа қонулары маған өте қызық көрінді. Көп адамның ішінде менің көзіме ерекше аруақты көрінген — Мәлке. Оның кескіні күндегіден күреңденіп кеткен, үстіндегі киімдері де өзгелерден өзгеше көркем, кеудесіне жалтыраған әлденелерді қадап алған.
— Бұлары несі? — деп сұрасам:
— Өткен соғыста ерлік көрсетіп алған наградтары, — дейді, қасымдағы біреу.
— «Наград» деген не? — десем:
— О, қоя тұршы, — деп сөйлескісі келмеген қасымдағы адам жекіп тастайды? Атқа қонғандардың көпшілігі қылжақтаған мас екен. Солар түгел аттанып болғаннан кейін, Мәлке әлденеменені айғайлай айтып, Кпитан жолына қарай тарта жөнелді. Олардың артынан өзге салттылар да шұбыра жөнелді. Со кезде әлгінде жылап айрылысқан әйелдер мен кемпір-шалдардың шуы азан-қазан боп кетті... Біреулер талып құлап жатысты... Артында жылап қалып бара жатқан әке-шешелеріне, әйелдеріне, кейбір салттылар оралып көп аттан қарғып түсіп, қайтадан амандасып кетісті. Бұлай амандасу жылауды үдете түсті.
БОПАН
Күз загон тарай мен Құтырлағанда қалып қойдым. Іздеп кеп менің еңбекақымды алған жездем Болатбай ауылға алып қайтайын деп еді, менің қайтқым келмеді. Мен Токарев Шодырдың (Федорды қазақтар Шодыр дейді) үйіне жалшылыққа тұрдым. Алты айлық қысқа алатын ақым — елу сом. Оның үстіне түп-түгел қыс киімдерін береді. Шодырдың үйінде мен жүре бастадым. Жәмпейістің айтқаны расқа келді. Бұл үйде жалшылықта тұру, біздің Нұртазаның үйіне жалшылыққа тұру емес екендігін көзбен көрдім. Нұртазаның үйі жалшыларына қай-қайдағы өздері киюге жарамай қалған ескі-құсқыларын беруші еді. Шодыр мені беріктен, тоннаң пимадан бастап түп-түгел қара дүрсін болса да, жаңадан киіндірді. Нұртазаның үйі жалшыларға асты өз семьясынан бөлек беруші еді, және оларға астық қалған-құтқаны, не құнсыздауы тиюші еді. Шодырдың үйінде астан қағажау көру жоқ. Тек қана, өздері көбінесе, шошқа етін жейтін бұл үйдің адамдары, маған деген сиырдың, қойдың не құстың етін бөлек шөгенге қайнаттырады да, дәмді піскен етті ыдысқа сорпасымен бөлек құйып береді. Нан дегенді қанша жесең ықтиярың. Орыстың калашы қандай тәтті болады. Со калашты майлы сорпаға батырып жесең, аузыңнан дәмі кетпейді. Нұртазаның жалшыларына ертеден қара кешке шейін дамыл болмайды. Демалыс дегенді олар білмейді. Ал, Шодыр жұмысты күшің келгенше істетеді де, шаршағанда тынықтырады және жұмасына бір күн демалыс береді. Нұртазаның жалшыларында төсек орын деген болмаушы еді. Оларға тозығы жеткен көрпе сияқты шоқпыт бірдемелерді беріп, жалшылары ұйықтағанда соның арасына қисая кетуші еді. Шодыр мені флигеліне жатқызғанмен, астыма ағаш кровать, асты-үстіне таза, бүтін көрпе, басыма жастық берді. Шодырдың қорасының ішінде моншасы бар. Осы моншаға мен жұма сайын шомылам да, киімдерімді ауыстырып тұрам. Параша дейтін Шодырдың кухаркасы мені менсінгісі келмей, киімімді жумаймын десе, Шодырдың жуан әйелі оған ұрсып тұрып жуғызады. Менің моншаға түскен-түспегенімді Шодырдың өзі тексеріп жүреді. Шодыр — о кезде буырыл сақалды орыс. Өзі сөйлесерлік дәрежеде қазақша біледі. Оның әйелі Полина да беті әжімденіп қалған қартаң кісі. Бірақ денесі ебедейсіз өте жуаң жүргенде ыңқылдап аяқтарын әрең басады. Отырыс, тұрысы қиын. Шодырдың ержеткен төрт баласы болады екен. Біреуі қолында, өзгелерінің еншісі басқа екен. Бәрі де үйленген. Солдатқа оның қолындағы баласы және еншісі бөлек екі баласы кеткен. Қолындағы келінінің аты — Марфуша. Бұл — денелі де, көркем де жас әйел. Үй шаруасының міндеті осы Марфуша екеуміздің мойнымызда. Бұл үйде он шақты жұмыс аты бар. Он пардай атан өгіз бар. Қырық-елу қой, ешкі бар. Үлкені, кішісі аралас жиырма шақты шошқа бар. Жиырмаға тарта қаз бар. Он бес, жиырмадай үйрек бар. Қырық-елудей тауық бар. Шошқаларды Параша күтеді. Құстарды Полина күтеді. Малдарды күтудің міндеті Марфуша мен менің мойнымда. Казак-орыстар үйдегі малдың шөбін даладан тасып жейді. Қораға шөп үймейді. Далада үюлі тұрған маяларға Марфуша екеуміз кейде үш, кейде төрт пар атпен кетеміз де, шананы бастырықпен байлап шөпті алып келеміз, сонда бізге жәрдемдесетін адам — Бопан. Оқушыларға Бопанды таныстыра кетейін. Бұл — шоқынған қазақ жігіт. Шыққан тегін сұрастырсам, өзіміздің жаманшұбарлық. Бір күні Марфуша екеуміз үш пар атты шанаға жегіп ап, шөпке жөнелдік. Бұл — қардың жаңа ғана жауған, бірақ әлі қатпаған кезі. Марфуша екеуміз алдыңғы шанадамыз, кейінгі шаналар біздің, шанаға тіркеулі. Божы Марфушада. Өйткені шөп маясының қайда екенін білетін — сол. Біз қаладан шыға, соны қарға біздің шаналар түсірген ізге, кейінгі жағымыздан екі шанаға жеккен пар атты біреу түсе кетті.
— Иван Никифрыч, — деді Марфуша.
Менің жүрегім қозғала қалды, өйткені «Иван Никифрычы» — Бопан. Ол мені бірер рет жазықсыз ұрған. Содан бері одан қорқатынмын. Білген тіліммен Марфушаға Бопаннан қорқатынымды түсіндіріп едім:
— Нешево, нешево! — деді суыққа беті піскен алмадай қызара бөртіп ажарланған, онсыз да сұлу кескінді Марфуша, қып-қызыл еріндерін аша, аппақ ұзын тістерін көрсете күліп. — Не бойся, он хороший!.. Қайырке Бопанды — «осы қаланың сұлу келіншектерінің бәрімен тамыр» дейтін еді, сондайы бар ма, әлде жәрдемдескісі келді ме, — бізді қуып жеткен Бопан, алдымен біздің үш шананы тиеп, артып, бастырығын байлап берді де, өз шөбін кейін артты. Оған біз де жәрдемдестік. Күн сайын шөпті осылай арту біздің дағдымызға айналды. Маядан шөпті шанаға Бопан айырлап тастайды. Және ол денесінің шағындығына қарамай, өте қарулы. Шөбі жентектеліп қалған тығыз маяның үстіне айырды түйреп жіберіп, сабын тізеге сап, қайқая көтергенде үлкен маяның бүйірін солқылдатады. Және оның айырына бір іліккенде бір шөмеле шөп ілігеді... Шананың үстінде Марфуша тұрады. Сілтесі солай ма, әлде қалжыңдай ма, — Бапан маялардан түйреп алған шөпті Марфушаға қарай лақтырады. Бірақ Марфуша оған шанадан құлап түспейді. Бопан шөпті лақтырған сайын:
— Ты што, сатана! — деп ол күліп қояды да, лақтырған шөпті айырмен қағып ап, шананың қалаған орнына тастайды. Олар өзара орысшалап бірдемелерді қалжыңдасады, мен көбіне түсінбеймін... Алғашқы күндері жұғыса алмай жүргенмен, бірер жолдан кейін мен де, Бопанға ауыл-үй қонып алдым. Таныса, сөйлесе келе ол кеңесшіл кісі боп шықты. Оны «қазақтың тілін ұмытып қалды» деген сөз қате екен. Қазақшаңды ол қазағыңның қайсысынан болса да кем білмейді. Орыстың тілін аз білетін мен шөпке шыққанда кей кезде Бопанның қасында отырам. Өйткені Марфушамен сөйлесе алмаймын, Бопанмен сөйлесе алам. Әбден танысып, бойды үйретіп алғаннан кейін мен одан шоқынған себебін сұрадым.
— Менің обалым Мәшікке, — деді ол.
— Неге? — дедім мен.
— Неге екенін айтайын: менің әкем Бердіғожа деген кісі — өмір бойы осы қаланың малын бағып өткен жатақ. Ел ішінде біреуді төмендетіп, жаман көрсетіп айтқысы келсе «ой, Бердіке!» деп айта ма? — деп сұрады Бопан.
— Айтады, — дедім мен.
— Сол «Бердіке» деген менің әкем Бердіғожа. Ол — кедейлігінің үстіне мейлінше ынжық, жуас болған кісі. Жуасты «жаман» дейтін қазақтың әдеті емес пе?
— Рас?
— Сол жаман әкем өлді де, мен жетім қалдым. Осы қалада жүре бердім. Әрине, жалшылықта жүрем. Бай орысқа жыл сайын жалданғанда сиырдың не құнан шықбасын, не дөнен шықбасын алатын болам. Менің осы алатын ақымды Мәшік жыл сайын келеді де, айдап әкетеді.
— Неге? — деп сұраймын мен.
— Ол ауылнай ғой, — дейді Бопан, — оның списогінде мен үй иесі саналады екем. Әр үй рамат төлейді екен Мәшік менің малымды сол раматқа алады екен.
— Таусылмайтын неткен рамат, ол?— деймін мен.
— «Рамат» деп қайбір рамат дейсің, ол. Раматты сылтау қып ауылнайдың өзі алады да!..
— Сөйтіп, жыл сайынғы ақымды жыл сайын Мәшік раматқа ала берген соң, — дейді Бопан, күрсініп ап, — бір жылы ақыға алған малымды саттым да жібердім. Мәшік тағы да келіп еді, «берер малым жоқ» дедім. Ол маған «қазынаның шығынын төлемейсің, сені соттатам»деп ауылына мені алып кетті. Сөз түріне қарасам, соттататыны рас сияқты. Не істеу керек?.. Түнде қаштым да кеттім.
— Қайда бардың?
— Қайда барайын. Осы Құтырлағанға келдім де, өзіңнің қожайының Шодырға ақылдастым. Ол маған «бұл пәледен шоқынбасаң құтыла алмайсың» деді. Осы ақылды Чемасов Шодыр да айтты... Содан шоқындым да кеттім... Оның айтуынша шоқынған қазақтар толып жатыр.
— Мен сені шоқын деп азғырмаймың — дейді ол, — бірақ, көрерсің, түбінде сен де шоқынасың?
— Неге?
— Оны кезінде көрерсің...
КУӘЛІКТІҢ КЕСІРІ
Келесі көктемде мен Әубакірге қой бағуға жалдандым. Өйткені Шодыр үйінің күтімі жақсы болғанмен, жұмысы өте ауыр. Әсіресе егінге шығар кезде жұмыс ауырлап кетті. Ал, қой бағу — одан әлдеқайда жеңіл. Әубакірдің інісі Әлбатырмен мен өткен қыста ғана жақсы танысқам. Бұл —орта бойлы, семізше денелі, беті толған айдай дөп-дөңгелек жирен сары жас жігіт. Оның Ұмытшақ атты со жылы түскен келіншегі бар, кескіні көркем болғанмен, мейлінше салақ. Өткен қыста Әлбатыр Әубакірден бөлек отырып, балалары солдатқа кеткен бір бай үйдің жұмысын істеген. Көктемге қарай бұл жұмыстан ол босанды. Бұған себеп, балалары солдатқа кеткен бай үйлерге, ауыл жігіттерінен кәсіп іздеп кеп жалданушылар көп болды ма, болмаса, мен сияқты ол да мал бағу жұмысын қара жұмыстан жеңіл көрді ме оншасын өзі біледі. Қойды екі бала бағамыз. Маған серік баланы Әубакір жақын жердегі ауылдың біреуінен жалдап алып келді. Әубакірдің өзі бай орыстың біреуіне жалданып, жұмысын істейді. Кәкіш пен Ұмытшақ орыс үйлерінің жамау-жасқауымен айналысып, пайда табады. Ал, Әлбатырдың істейтіні — кешке загонге қамаған қойды күзету. Бұдан бұрынғы жылдарда қой жөнді күзетілмейтін де. Өйткені загонге түсіп ұрлайтын да болмайды екен. Биыл олай болмады, шілде туып, қой семіре бастаған кезде, загоннен қой жоғала бастады.
— Қазақ-орыстың түгел тұрған кезінде бұндай сұмдық жоқ еді, — деп кеңесетін болды Әубәкір мен Әлбатыр. — Ұрылардың бізді ғана емес, мал иелерін де басынғаны ғой, бұл. Байлары солдатқа кеткен қатыннан қаймықпағаны ғой... Қой артынан қой жоғалуға айналған соң, Әлбатыр күзетке отыратын болды.
— Қолыңа мылтық ап отыр, — деді оған Әубакір, — егер ұры келе қалса, кім болса да атып таста!.. Әлбатыр мылтық ап түнде күзетке шығады. Қашан ұйқым келгенше оның қасына мен барып отырам. Өйткені орыс арасында туып, орыс арасында өскен Әлбатыр орыстың ертегілеріне жүйрік. Ол неше түрлі қызық ертегілерді маған қазақшалап айтады, мен аузымның суы құри тыңдаймын. Сол ертегілерді тыңдай отырып, мен ұйықтап қалам... Біздің қасымызда Әубакірдің қабаған иті байлаулы жатады.
— Апырай, — деп таң қалады Әлбатыр, осы ит — мейлінше қабаған-ақ ит. Үйдің маңайына келген кісі түгіл, қияда көрінген жат кісіге үріп тұрады. Осының ұрыға үрмейтін себебі не екенін білмей-ақ қойдым. Күзеттің алғашқы күндерінде елгезектеніп жүретін Әлбатыр біраз күннен кейін күзетке ерінуге айналды.
— Бәләмдардың өздері де қорыққан болу керек, — дейтін болды ол. — Менің күзетте отырғанымды біледі олар, енді өлсе жуысын ба. Әлбатырдың бұл сөзінің аяғы «бала, кезектесіп күзетсек қайтеді» дегенге соғады. «Мен ұйықтап қалам ғой» деймін, күзетке отырғым келмей. Шамаң келгенше ұйықтама дейді, ол. «Шамаңнан асып бара жатса, ұйықтай салсаң да оқасы жоқ. Күзетші барын білген соң, кім келе қояр дейсің». Әлбатыр бірер қызық ертегілерін айтып берген кезде, түн ортасы ауа бастайды. Сол кезде ол да, мен де есіней бастаймыз. Сонда, Әлбатыр:
— Ал, бала, ұйқы кеп барады ғой, қайсымыз қалғи тұрамыз, — дейді. Мен үндемеймін. Ол менен үлкен болғансып, мені алдағансып:
— Ертең бұдан да қызық ертегі айтам, сен отыра тұр, мен аздап қалғып алайын Содан кейін оянам да, сені ұйықтатам дейді. Алғашқы күндері Әлбатырдың бұл сөзіне алданып, ұйықтатып көрсем, өзін түрткілемей оянар ол жоқ. Күні бойы қой баққан адам, түнгі күзетке әрине, шыдамаймын. Мен оны оятып жіберем. Ол:
— Қап бір тәтті ұйқыда жатыр екем, шыдай тұрмаған екенсің бала, — деп кейиді, бірақ ертеңгі қой кезегі менікі болатындықтан, қатты сөз айтпайды.
— Ұйықтасаң ұйықта, — дейді ол, біраздан кейін оятармын.
Күзеттегі кісінің елегізіп ұйықтайтын әдеті, сол әдетпен әлсін-элсін оянып, Әлбатырға қарасам, мылтығын бауырына басқаны ол қорылдап ұйықтап жатады... Ояу отырып кеңескенде:
— Осы қойды ұрлайтын кімдер? — деп сұраймын мен Әлбатырдан.
— Әрине, Төлебай балалары, — дейді ол.
Төлебай балаларын мен білем. Ол үш ағайынды жігіт: Әбдірақы, Әбдірахман, Ғабдырахман. Бұлар — сіңірі шыққан кедей жігіттер. Әбдірақысы ғана үйленген, кейінгі екеуі жасы жеткен жігіт бола тұра үйленбеген. Не кәсіппен күн көретінін өздері білсін, бұлар мал да бақпай, жұмыс та істемей отырады... Бұдан бұрын «осы Төлебай балалары немен күн көреді екен» деп ойлайтын маған, Әлбатырдың әлгі сөзінен кейін ғана олардың немен күн көретіні елестейді.
— Байласа бау кесетін қарақшылардың өзі осылар, — дейді Әлбатыр, Төлебай балалары туралы сөзін кеңіте түсіп. — Осы ұрлықтарымен симай, қаладан-қалаға көшіп жүреді өздері. Құтырлағаннан кеткеніне үш-төрт жыл болып еді, бұлар қайтып келді де, пәле келді. Енді дамыл бермейді, олар!..
— Әй, бәлем-ай, қолға түспейді-ау! — деп кіжінеді Әлбатыр. — Егер қолға түссе ме, қалпитар ем бәлемді... Жаз ортасы ауыңқыраған кездің бір түнінде Әлбатыр екеуміз қойдың күзетінде отырмыз. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы, аспанды қоршаған бұлт, теріскейден салқындау жел есіп тұр. Менімен қой бағысатын бала да осы арада жатыр. Бірақ ол іңірде ұйықтағаннан таң атқанша бас көтермейтін, етінен ет кесіп алсаң сезінбейтін аса ұйқышыл бала. Әлбатыр маған тағы бір ертегіні айтты да, аяқ жағын есінеп әрең бітіріп:
— Бір ұйқының қысып өлтіріп бара жатқанын, — деді маған, — көзімнің, шырымын алмасам, шыдататын түрі жоқ. Сен күзетке тұрамысың, мен ептеп қалғып алсам.
— Жарайды, — дедім мен.
— Егер, ұры-мұры көріне қалса, мені оятып үлгере алмасаң, атып жібер! — деп Әлбатыр мылтығын менің қолыма ұстатты да, өзі бір жақ қолын жастана қисайып, лезде қор ете түсті. Мен отырмын... отырған сайын алыстан елесін берген ұйқы жақындай бастайды... Міне, мен есінеуге айналдым... Міне... Иттің ырылдаған дауысынан шошып ояндым. Былшық басқан кірпіктерімді әрең ашып, жан-жағыма қарасам. әлі де өттей қараңғы. Қасымдағы ит жер бауырлай етбетінен жатыпты да, әлденеге көзін қадапты... Оның беті бұрылған жаққа мен де бет бұрып, жер бауырлай жатып сығаласам, загоннен алысырақ өскен ерменнің бер жағында шоқшиып екі кісі отырған сияқты... Жүрегім су ете қалды, «ұры!» деген ой кеп кетті маған... Әлбатырды оятуды ұмытып кетіппін... Ит те, мен де шоқиған екі адамға тесірейе қарасып жатырмыз... Бір кезде шоқиған адамның біреуі орнында со қалпында қалып қойды да, екіншісі еңбектеңкірей бері қарай жүрді... Итім ырылдауын қоя қойды... «Бұ несі?» деп ойладым мен. Итке таныс біреу болғаны ма?» Еңбектеген адам жақындап кеп бір нәрсені лақтырып қап еді, ит жүгіріп барып бассалды да, сол араға жата қап жеуге кірісті. «Е-е, итті жеммен алдап жүрген ұры осы екен ғой» деген ой келді маған. Итті алдастырған адам еңбектеп загонге кеп, қоршаған сырғауылдардың үстінен ішіне қарғып түскенде, мен Әлбатырды ояттым. Болған оқиғаны оған сыбырлап айтқаннан кейін.
— Дыбысыңды шығарма, — деді ол сыбырлап, мылтықты қолына алып,— Сәті түссе, жалпитайын бәлемді. Загонге кірген адам үлкендеу бір қойды көтеріп ап сыртына шықты да, со көтерген қалпымен күтіп отырған серігіне қарай жөнеле берді. Бір тізерлеп отырып мылтығын ыңғайлап алған Әлбатыр:
— Стой! — деп ақырып кеп қалды. Шошып жалт қараған ұрының қолынан қой түсіп кетті. Ол өзі еңкеңдей қаша жөнелді. Со кезде мылтықтың дауысы да күрс ете түсті... Қашқан адам етпетінен құлады... Ұрының серігіне Әлбатыр мылтықты екінші рет атқанша, ол ерменге кіріп те үлгерді. Ыза кернеп кетті ме, немесе қашқан ұрыны да ұстап алғысы келді ме, — Әлбатыр солай қарай жүгірді де, құлап жатқан кісіге тоқтамай, әрі қарай өтіп кетті...
— О не болды, не болды! — деп шуылдаған дыбысқа қарасам, Қопабайдың үйінен де, Әубакірдің үйінен де адамдар шуласып, бері қарай жалаңаш-жалпы жүгіріп келеді.
— Не болды? — деді олар денем қылшылдап, манағы орнымда тұрған маған кеп.
— Кісі атылды,— дедім мен дірілдеген дауыспен.
— Кәне?
— Әне! — дедім мен құлап жатқан адамның қарасын нұсқап.
Әубакір, Қопабай, Бейсембі, Қайырке, Кәкіш, Ұмытшақ бәрі қарайып жатқан адамға қарай жөнеле берді. Оларға мен де ердім... Құлаған адамның аяқ-қолы әлсіз ғана қимылдап, бір қырын жатыр екен. Ересек адамдар оның бетіне үңіле бергенде:
— Ойбай-ау, мынау біздің Төлебайдың Ғабдырахманы ғой, — деді Қопабай. Сөйтті де ол: — Ойбай, бауырым-ау, өлгенің бе, бұл? — деп басын құшақтай өкіріп жылап жіберді... Аздан кейін оралып Әлбатыр келді.
— Қап! — деп өкінді ол, — әлгі екінші итінің қолға түспей кеткені, екеуін қосынан қалпитқанда, болатын еді қызық. Түн ішінде қалаға хабар айтылды. Орыстар жиналып кеп өлікті көрді де, қалаға алып кетті. Ертеңіне Кпитаннан урядник кеп, Әлбатырды тұтқынға алды... Со күннен бастап Қопабайдың үйіне мен жексұрын болдым. Өйткені Төлебай балалары бұл үймен аталас болады екен.
— Сен болмасаң, ғой, Әлбатыр оянбайды, оянбаса ғой, Ғабдырахман атылмайды. Осының бәрін бүлдірген — сенсің. Саған ба?.. Саған! — деп Қайырке де, оның немере ағасы Дүйсембай да маған кіжініп жүрді... Сол жылдың күзінде мен екінші пәлеге ұрындым. Өткен қыста Оразалының үйіне мен жақын боп алғам. Өйткені ол да Сибан, мен де Сибан. Оны мен туысқан көрем. Бұ қалада он шақты үй жатақтың ішінде одан басқа Сибан жоқ. Соның үстіне, тұрмысы нашар бола тұра Оразалы — өлердей меймандос. Үйіне барсаң-ақ ол «Кәне, мына балаға бір шай қайната қойыңдар!» деп дәм ішкізбей жібермейді. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, еңбегімен ғана күн көретін оның үйінде өз жандарына тамағы мол болады. Бұрынғы дағдысымен, қаланың күнгей жақ жартысының қойын баққан Оразалы күзге қарай Үлкен сары көлдің желкесіне қонды. Оның үйіне мен анда-санда барып тұратын ем. Сол дағдымен, бір күні Әубакірден рұқсат ап, Шодырдың үйінен ат сұрап мініп, көл сыртындағы Оразалының үйіне бардым. Оразалы үйінде екен. Оның әйелі сүт салма қайнатып жатыр екен. Ағайын көретін Оразалыға, әрі момын мінезді Оразалыға менің жаным ашиды. Шамам келгенше қамқор болғым келеді... Мен Әубакірге қой бағуға жалданған жазда, бұрынғы дағдысымен Оразалы да Құтырлаған қаласының жарты қойын бақты. Бұ қаланың жатақтарында ұрылар да барың олардың тіске жұмсақ көретіндері Оразалы екенін білетін мен, оның қойлары туралы құлағымды түрік ұстадым. Ғабдырахман атылғаннан кейінгі күндердің, біреуінде, мен әлдеқалай Төлебай балаларының тағы бір ұрлығын сезіп қалдым. Оны маған айтқан — Сәкен дейтін кісінің баласы Әбіл. Бұл — бір момын бала болатын. Жасы со кезде жеті-сегіздер шамасында. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, осы Әбіл Үлкен сары көлдің желкесінде отырған Мықтыбай балаларының үйіне барып келді де, маған қуырдаққа тойғандығын айтты.
— Қайдағы қуырдақ? — деп сұрасам:
— Ағаштың үшіне қой сойылды, — дейді.
— Кімдер сойды? — десем:
— Әбдірақы, Шыныбай, Әлібай сойды, — дейді.
— Неше қой сойды? — десем:
— Үш қой сойды, — дейді...
Біле қойдым. Бұл Оразалының қойлары, өйткені қой баққан Оразалының үйі сол маңайда. Менің Оразалыға жаным ашып кетті, өйткені ол, былтырғы жылы осылай ұрланған қойлар үшін орасан шығынға батып, тұралап қалған. Биыл да сөйтеді екен деген оймен, Әубакірден сол күні рұқсат алдым да, Шодырдың үйінен ат сұрап мініп, Оразалынікіне кеттім.
— Айтып кел, — деп шегелеп жіберді мені Әубакір, Оразалының үйіне неге баратын жұмысымның жайын естігеннен кейін. — Кісісі атылса да, тиылмайтын болды ғой, бұлар. Оразалы қойларының қай жерде жатқанын білсін де, орыстарды апарып үстінен түсірсін. Бұл ұрыларға сонда ғана тиым болады. Әйтпесе, керден кетті бұлар. Оразалыға барып айтқанымда, ол қозғала қоймады.
— Сойса, амал нешік — деді ол. — Құдайдан күттім.
— Неге олай дейсің?
— Демегенде қайтесің, мен — момын кісімін, әрі жалғызбын олар көп. Бұ қаладан көшіп кететін кісі емеспін, олармен белдесуге шамам бар ма? Ерегісіп алса, түгімді қоя ма олар!.. Оразалыны мен көндіре алмай қайттым. Бірақ оның шығынын Әубакір жоқтап, қой иелерін астыртын ет тыққан жердің үстінен түсірді. Мұны білген ұрылар қолға түсеміз деп көше қашады. Олардың Құтырлағанда қалған туыстары бұл сөздің менен тарағанын біледі. Мықтыбайдың Жәкеш дейтін қартаң інісі қапымды тауып, мені оңашада ұстап алды да, «ендігәрі мұндай сөзді айтасың ба?» деп, қамшымен біраз сойып:
— Егер өзіңе жан керек болса, — деді маған, — бұл қаланың, маңынан жоғал. Әйтпесе, жігіттердің біреуін жұмсап, желкеңді үздірем де, бір құдыққа тықтыра салам...
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ЗОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ
СОҒЫСТЫҢ САЛДАРЫ
1915 жылдың күзінде маған Құтырлағаннан кетуге тура келді. Бұның бір себебі,— ұрылардың маған өшігуінде болса, екінші себебі — соғыстың салдарында жатты. Бір жыл бұрын басталған соғыстың, хал-жайын біліп отыратын мен ол кезде саяси сауатты кісі емеспін және жаспын. Кім мен кім соғысып жатыр, кімді кім жеңіп жатыр, ол жағына мен — саңыраумын. Менің еститіндерім — Құтырлағандағы жатақтардың ғана соғыс туралы сөздері, көретіндерім — соғыстың салдарынан Құтырлағанда туған халдер. Соғыс басталған кезде Қайырке «Ерманса» деп жүретін еді, кейін «Ярмания», одан «Ермания», одан «Германия» боп, ақыры жатақтардың айтуында «Карман жұрты» боп кетті. «Неге соғысады екен бұлар?» деген сұрауға, жатақтардың тауып алған жауаптары да қызық.
— Карман патшасы баласына орыс патшасының қызын айттырған екен ержеткен кезде орыс патшасының қызы басқа бір патшаның баласымен қашып кетіп, соның салдарынан соғысып жатыр дейді, — деп жүрді біреулер.
— Алда, жүзіқара-ай, тиыш отырған елді бүлікке салуын-ай! Тілеуі кесілсейші, тілеуі кесілгірдің! — деп қарғап жүрді жатақтар ол «қызды».
— Орыс патшасы мен Карман патшасының баласы бір қызға бақас екен — десіп жүрді, кейбір жатақтар, — екеуі бір күні кездесіп қап, орыс патшасының баласы ұрам дегенде, қата тимей, бата тиіп, Карман патшасының баласы өліп кетіпті, соғыс осыдан шығыпты...
— Орыс патшасы Карман патшасының әйелімен көңілдес екен бір күні Карман патшасы үстінен шығыпты да, екеуі төбелесіп қап, соғыс содан басталыпты, — десіп жүрді әлдекімдер... Бұлардың бәрі де ойдан жасалған әңгімелер екендігі және қазақ ауылында дау-шарға себеп болатын қиқым оқиғаларға байланыстыра жасалған әңгімелер екендігі, бұл әңгімелерден, — жатақтардың ол кездегі ой-өрісі қандайлығы айқын көрініп тұр. Станица орыстарының жүріп жатқан соғысты ол кезде қаншалық түсінетінін мен білмеймін, олардың тілін де білмеймін. Менің білетінім де, көретінім де соғыстан Құтырлаған орыстарына түсіп жатқан ауыртпалық қана. Оны ұғу үшің көп білімнің қажеті жоқ сияқты, көретін көз, көргеніне қорытынды жасай алатын ми болса жететін сияқты...
Соғыс басталған күндері бес жүз үйдей Құтырлағаннан соғысқа қырық-елу кісі алынғанда:
— Япырай, мұнша жан кетті, қала енді қалай күн көрер екен?! — деп шуласқан еді жатақтар. Ай сайын, апта сайын... дегендей, қаланың жас еркектері алына кеп, 1915 жылдың, күзіне қарай, кем-кетіктер мен аурулар болмаса, бұ қалада жас еркек атаулы таусылды дерлік халге жетті. Жексенбі сайын думан болып жататын қалада ән-күйдің дауысы біржола семді... Сембегенде қайтсін!.. Соғыс бастала салысымен-ақ, «пәлен орыстың, пәленше деген баласы өлген қағазы келіпті» деген қауесет тарай бастады да, кейінірек қауесет көбейіп кетті. Баласы өлді деген адамдардың талайының жылап отырғанын көзімізбен де көрдік... Соғыстың алғашқы кезінде «біздің жақ қырып жатқан көрінеді» десіп жүрген жатақтар, біраздан кейін «жау жағы басым боп бара жатыр дейді» деп, тағы біраздан кейін «Карман шыдатпауға айналыпты дейді» деп, уақыт өткен сайын жау жағын күшейте сөйледі.
— Көкте құдай, жерде царь деп шоқынатын орыстар, енді царіне тілін де тигізетін бопты, — дей бастады жатақтар бір кезде.
— Тіл тигізбегенде қайтсін — деп жүрді олар, — білетін орыстардың айтуынша, патша тізгінін қатынына беріп, өзі арақ ішіп, ойнас қылғаннан басқаны білмепті ғой. Қатыны да барып тұрған бір қар болса керек, байының көзіне күнде шөп салады дейді. Соған тізгін берген соң не оңсын ол!.. Біздің патша сөйтіп азғындық жолда жүргенде, Карман патшасы соғысқа даярланып, неше түрлі айланы жасай беріпті. Сонан, кейін ол жеңбегенде кім жеңсін!.. Қалада патшаға қарсы өрби бастаған сөз, «Сойдақ Савка» келгеннен кейін тіпті күшейіп кетті. Сәбелейді мен білемін: зор денелі, сұлу сарғылт кескінді, бұйра сары шашты, оның шын аты — Василий Никифорович Чесноков. Қазақтардың «Сойдақ Савка» деуі, үстіңгі күрек тістерінің әдеттен тысқары үлкендігінен екі тістің арасынан тіс түскендей алшақтығынан. Содан ба, әлде мінезінен бе, — орыстар да оны «зубастый» («тісті») дейді. «Мінезі» дейтінім, әрі кедей, әрі жалғыз бола тұра, ол ешкімді басындырған жігіт емес. Ауылдағы байдың балалары сияқты, станицадағы кулактың балалары да өктемдеу келеді, олар да ретсіз жерде жұдырық сала сөйлеседі. Ондай өктемдік Құтырлағанда Чемасов, Турнов сияқты әрі бай, әрі өскен тұқымнан шығады. Станицада әлденеше үй боп кеткен, тұқымдарынан атамандар, чиновниктер көп шыққан бұлардың жастары бейбастақ, төбелескіш, сабағыш... Басынған біреулерін олар үйіне кіріп сабайды, олар жүрген жерден талайлар ығысып кетеді... Ал, Сойдақ Савка олардан да қорықпайды, төбелессе жалғыз өзі тобын қиратып шығады. Орыстардың оны «зубастый» деуі, басынан сөз асырмайтындықтан, ерегіссе жеңіп шығатындықтан деседі. Күштімсігенге сондай батыл және қатал ол, момынға тимейді, қорлық көргенге болыса жүреді, сондықтан өз бетімен теңдікке жетпейтіндер оның маңына көп үйріледі, оларға пана бола алады, өктемнің ешқайсысы оған қарсы келе алмай ығысып жүреді... Сойдақ Савка кедей жігіт дедік қой. Үйі — қаланың көл жақ ылдиына салынған жер-үйшік. Қопабайдың айтуынша бұл «избушканы» Сойдақ Савканың ұлы атасы Серафим Серафимович әкесінен енші алғанда салыпты. Содан бері өңделмеген үй, жермен тұтасып, соның сүйелі сияқты дене бөлшегіне айналып кеткен. Тағы да Қопабайдың айтуынша, бұл үй өмірінде егін атаулыдан, тек жалғыз темекіні отырғызады екен. «Күзеннің темекісі» деген аттаққа шығып, насыбай ататын қазақтар, одан басқа темекі алмайды екен. Темекіні әйелдері егеді, ал, еркектерінің ата-бабасынан бергі кәсібі — балташылық. Осы қаладағы ағаш үйлердің көбін солар қиған шананың, қамыт-доғаның көбін солар істеген. Сәбелейдің де кәсібі сол. Бір қызығы, тағы да Қопабайдың айтуынша, «бұл өспеген тұқым, тууы көп туады да, тұра келе жалғыз қалады». Сойдақ Савка да сондай. Жасы жиырмадан асқанмен, ол соғысқа кеткенше үйленген жоқ. Әкесі ерте өлген. Үйіндегі бар адамы, — шешесі ғана. Ол жазы-қысы темекімен және өспейтін де, өшпейтін де жалғыз сиырмен шұғылданады. Сойдақ Савканың өзі, ата дағдысымен — балташы. Мінезі қызық Сойдақ Савка, соғысқа да қызық түрде кетті. Ол кездің әдетінде, казак-орыстар армияға өз аты, өз тұрманымен барады. Армияға жарарлық ат-тұрман жұрттың бәрінен табыла бермейді, әсіресе кедейден... Естуімізше, казак-орыс станицаларында осы мәселенің төңірегінде көп қайғылы халдер кездеседі екен: казак-орыс болса армияға өз атынсыз бара алмайды, бармауға және болмайды, сондықтан әрбір казак-орыс қанша кедей болғанмен, көп жыл еңбектеніп ұлына ат-тұрман даярлайды... Хош, сонда, оның ұлы біреу ғана болса жөн ғой, егер көп болса ше?.. Осы мәселенің төңірегінде нелер қайғылар ұшырасады екен... Сойдақ Савка бұл тұйықтан оңай шығады. Соғыс басталып, казак-орыстар майданға алына бастағанда, ол станицалық атаманға барады да:
— Мен соғысқа керекпін бе? — деп сұрайды.
— Әрине керексің, — дейді атаман таңданған кескінмен, — оны неге сұрадың?
— Керек болсам, соғысқа мен жаяу барам.
— Неге?!. Казак-орыс емеспісің, сен?
— Болғаныммен, атым жоқ, сатып алар қаражатым жоқ, шешемді сата алмаймын және оның менен басқа ешкімге керегі жоқ. Ұзын сөздің қысқасы, екеуі ұзақ көрісіп, келісімге келе алмайды. Атаман бұл халді айтып, жоғарғы командованияға қағаз жолдайды. Сойдақ Савкаға Петропавлдан шақырған қатынас келеді. Савка кетеді. Біреулер оны «жазаға ұшырар» деп күдіктенеді... Артынан естісек Сойдақ Савка пехотаға кетеді. Серіктерінен, өзінен келген хаттарға қарағанда, майданда ол орасан ерлік көрсетеді... 1915 жылдың жазында, Сойдақ Савка майданнан қайтып келеді. Бәріміз де барып көрдік: оң аяғын зеңбіректің оғы сындырып, жамбасынан кесілген ақсақ боп, балдақпен қайтыпты. Аз уақытта оның кескін-кейрі қатты өзгерген, жап-жас бетіне айғыздалып әжімдер түскен, кескіні ызбарланып кеткен... Көп кешікпей «Сойдақ Савка патшаға қарсы бол кепті... Ашықтан-ашық патшаны боқтайды дейді... Ол ақмақ патша, тізгіні өзінде емес, қатынында дейді... Баяғыдан бері түк қару даярламай, Карманға орысты босқа қырғызып жатыр дейді... Әскерлер патшаға қарсы дейді... Патша тез арада түседі дейді...» деген сөз жатақтар арасында да, станицалықтар арасында да бұрқ ете қалды... Жұрт екіге жарылды: бір жағы: «Патшаға қарсы болғаны несі?!.» деп Сойдақ Савканы сөкті, енді бір жағы: «Айтқанында өтірік бар ма? Бәрі рас емес пе?» деп жақтады... Сөйтіп жүргенде, «Сойдақ Савканы ұстап әкетіпті» деп естідік.
— Неге?
— Патшаға қарсылығы үшін...
Бірақ патшаға қарсылық онымен сөнген жоқ... Соғыстың Сойдақ Савкадан басқа да мүгедектері келе бастады...
— Бәрі де патшаға қарсы боп келеді, мұның бәрін қалай тияды ұлықтар?.. Тия алмаса, арты неге соғады мұның?! — деп үрейленісті жатақтар... Со жылдың көктемінен бастап Құтырлағанда қазақ жігіттері көбейді де, күзгі егін жинау кезінде қаптап кетті... «Неге бұлай?» деген сұрауға жатақтар әртүрлі жауап тауып жүрді.
— Орыста еркек жұмыскер азайғанын біліп пайда табуға келгені де, — десті біреулері.
— Қазақтан да солдат алатын бопты деген қауесет бар, содан ығысып келген де, орысқа жалданған қазақты солдатқа алмайды дейді, — десті біреулері. Қалай келсе де, қазақ жігіттері Құтырлағанда көбейді. Жатақтардың айтуынша, орыс қаласының бәрінде де осылай. Қазақ жігіттерінің Құтырлағанда бұлайша көбеюін өзге жатақтар да, мен де ұнатқан жоқпын. Қалай ұнатам!.. Күз, Аубакір баққан қойлар иелеріне қайтарылып берілгеннен кейін мен қалада жалдайтын орыс таба алмадым. Кісі жалдауға шамасы келетін орыстар қарулы қазақ жігіттерін алмай, мен сияқты баланы не қылсын. Сондықтан қыстың басында бірер ай жұмыссыз сандалып жүрдім де, ол қалыппен қалаға сия алмайтын болған соң, 1915 жылдың ноябрінде апам Ұлтуғанның үйіне кеттім. Мен келсем, апам үйінің бұрынғы жандары түгел екен. Сол жылы ұл бала туған апамның, бұрынғы талдырмаш денесі толығып, енді ол нұрлы кескінді, толық денелі әйел боп қапты. Алғаш көргенде, ауыл салтымен ол менен жаулығын жасырып, көрсетпеген қалпымен қалып еді, бұл жолы да жасырам дегенмен, көрші үйдегі құдағилар еркіне жібермей менен көрімдік алды. Бес-алты айлық жиеніміз бүлдіршіндей әп-әдемі екен. Сол кезде кісіге көз тоқтатып күле бастапты. «Қулық бие құлын жанды» дегендей, байқаймын, менен қымсынған болғанмен, апамның жан-тіні кішкентайдың үстінде. Бұл үйдегі менің «дұшпаным» болса, болмаса да — шалы ғой. Аз тұрып сынап көрсем, апам оны жеңіңкіреген сияқты. Бұрын болмашы нәрсеге кейи қап, — «құдайы бар болғыр-ай, өлер болдым-ау, осы келіннен» деп көпіре жөнелетін ол сол дағдысымен тағы да көтерілейін десе апам «болды, болды!» — деп қабақ түйсе, шал жым қояды екен. Апамды жек көретін шал оның баласын жанындай жақсы көріп шұрқырай сүйеді екен. Жалпы жағдайын алғанда, бұдан екі жыл бұрын, бұл үйге келімсек сияқтанып, әрқайсысына бір жалтақтап отыратын апам — қазір өзі би, өзі тос. Оның бетіне шығары жоқ. Жездеміз Болатбай мен барған кезінде үйінде жоқ екен. Ол іш аралап, қайыс ору кәсібімен кетіпті.
— Өрімшіме еді ол кісі? — деп сұрасам:
— Жас уақытында істеген кәсібі еді, — дейді әкесі, — кейінгі жылдары тастап кетіп еді, күн көрістің тапшылығынан тағы да кірісті.
— Неге?
— Мынау соғыс деген дүниені қымбаттатып жіберді ғой. Соғыстан бұрын пұты бір сомға әрең жететін ұнның бағасы қазір жеті-сегіз сом боп кетті. Оған ақша шыдай ма? Бұрын бір малыңды сатсаң, бір қыстық астық жинап алатын ең. Қазір бір қысқа жететін астыққа екі-үш ірі қара керек. Дәулеті мол адам болмаса, ондай мал бізден табыла ма?
— Астық қымбаттамағанда қайтсін, — дейді шал,— қазақ атаулы егін екпейді, астықты орыстан ғана алады. Орыстың қаласы бүтін кезде, сататын бидай мен ұн әр үйінен табылатын еді, қазір ілуде біреуінде ғана болмаса табылмайтын көрінеді; әнеу күні Мақаріпкеге барып, қаланы күн ұзын қыдырып, жарты пұт ұнды әрең тауып әкелдім.
— Қайдан табылсын! — дейді шал өкінішті дауыспен, — егінді салуға да азамат керек. Орыстың іске жарар ер-азаматы соғыста. Қатын-қалаш егін сап өндіре ме!.. Қаладағы үйлердің көпшілігінің ішімділігінен артық егін алуға шамасы келмейді екен. Соғыстың салдарынан үй ішінің тұрмысына түскен ауырлықты айта кеп:
— Шиеттей жандарды асыраймын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қала кезіп кетті жалғыз бала! Денсаулығы да нашарланып жүр еді өзінің. Ауырып қап бір жерде жатыр ма, әлі кім біледі!.. — деп күрсінеді Нұралы. Баласына жаны шын ашитындығының белгісі сияқтандырып, Нұралы көз жасын төгіп алады.
— Жылағаны несі, жамандық шақырып? — дейді Ұлтуған шалға кейіп, — жалғыз жүрген жоқ, бір топ адаммен жүр. Сол ғана ма кәсіп іздеп кеткен? Кім кетпей жатыр? Апамның жаны күйеуіне ашымайды деп ойлай ма, немене Нұралы оған ала көзімен жаман қарайды да үндемейді. Шалдың, үй тұрмысының кемдігі туралы да, баласына жаны ашуы туралы айтқан сөздері де маған тиіп жатқан сияқтанады. Ол сөздерді естігім келмеген менің бұл үйден масыл болмай кеткім келеді. Бірақ қайда? Танысып көрсем, күн көрісі мол дәулетті үйлер ғана болмаса, Нұралының үйіндей ғана шаруасы барлардың бәрі де күнін әрең көріп қалтақтап отыр. Аяқ-табақтап әркімдерден ас сұрап жүргендер де бірталай. Бұлар — Жайылған аталатын ауылдың көпшілігі. Ондай үйлердің шет шығып кәсіп істеуге жарайтын еркектерінен біреуі де үйде жоқ. Бәрі де орыс қалаларын қыдырып жұмыс іздеп кеткен.
— Шіркін, ырыс егінде екен ғой, — дейді астығы жоқтар өкініп, — егін салуды кәсіп еткен орыстар біздің қазақ сияқты тентіреп ел кезіп кеткен жоқ. Әр үйінің ішер астығы өзінде. Баяғыдан бері мал жиғанша, егінге үйренсекші. Егінді бейнет көріп, аза бойымыз тік тұратын еді, енді тарттық оның тақсіретін!..
— Ендеше алдағы жылы егінді біз де салайық, — деушілерге:
— Жерді жырта сап, тұқымды шаша сап егін ала аламысың. Егін өсіруде де көп мән бар емес пе? Соқа айдап көрмеген қазақ қайдан біледі оны! — деседі уайымшылдар... Ауыл кедейлерінің, былай да ауыр тұрмысы, соғыс салдарынан бұрынғысынан әлдеқайда ауырлап кеткенмен, «қайтып күн көру керек?» деген сұрау, әр кедейдің маңдайшасында ілулі тұрғанмен, ауылдың атқамінерлерінің, болыс, билерінің момын шаруаға істейтін зорлық-зомбылығы бұрынғыдан да үдеп, жемсаулары бұрынғыдан әлдеқайда кеңіп апты. Жайылғанға келе мен осындай, зорлықтың айқын бір сипатын көрдім.
ДІЛДӘШТІҢ ДАУЫ
Жайылғанда Жиенқұл дейтін ауқатты адам болады екен. Ол өткен күз өліп, артында Ділдәш атты жалғыз әйелі қалады екен. Балалары немесе бір енеден туған аға, інілері болмайды екен. Жиенқұлдан отызға тарта жылқы, жүзге тарта қой, жиырмаға тарта сиыр қалады. Үй-ішінің мүлкі де көп болады. Осынша мал-мүлік жалғыз әйелдің қолында қалғаннан кейін жамағайындарының әрқайсысы да дәулетті даяр үйге ие болуға қызығады. Ділдәш — ол кезде жасы елуден асқан мосқал әйел. Егер ол заң тәртібін сақтайтын орыс поселкесінің әйелі болса, жұмысын істейтін адамды жалдап ап, шаруасына өзі ие боп отыра берер еді ғой. Бағынатын «заңы» — «қазақшылық» қана, ауылда Ділдәш олай отыра алмайды. «Қазақшылықтың заңы» бойынша, байы өлген әйел егер қолында баласы болмаса, ерге шығар жастағы адам болса, күйеуінің туысқандарының біріне тиюі керек те, егер ерге шығар жастан асқан адам болса, күйеуінің туысқандарының біреуін қолбала қып үйіне енгізіп алуы керек. Осы екеуінің бірін істемей, баласыз, байсыз әйелдің отыруға еркі жоқ. Ділдәш — ауыл адамдарының ұғымында ерге шығар жастағы адам. Ендеше күйеуінің туысқандарының біреуіне тиюге ол міндетті. Бірақ ондай адам Ділдәшта жоқ.
Жайылған аталатын ауыл төрт атадан құралады: Кәдірберді, Құмеке, Мойынсыз, Қара. Жиенқұлдың атасы — Мойынсыз. Бірақ бұл атада Ділдәшті қоса қоятын лайықты кісі жоқ. Ділдәштің өз еркіне салса, Садақтың Ғабдолласы деген жігітті қолына алып отырмақ. Ол со кезде 25 жастар шамасындағы үйленбеген жігіт, өзі домбырашы, өлеңші. Дәулет жағынан Садақтың үйі — Жайылғанның жуан ортасы. Ділдәштің айтуынша, Ғабдолланы ол қолбала қып алмақ та, қыз айттырып әперіп қолында тұрмақ. Жұрттың өсегі бойынша: «Ділдәш — желіккен қатын. Теңі табылмағандай, оның таңдағаны өзінен жарты есе кіші Ғабдолла. Оны қолбала қып алам деуі — көптің көзін алдауы. Расында ол байсырап құмартып отыр оған». Төрт ата Жайылғанның ішінде ең күштісі — Құмеке. Оның Ділдәшті қосқысы келетін адамы — Тыңқының Смағұлы. Ол ертеде ауқатты адам болғанымен, бертінде кедейленген. Мен барған кезде ол үй Жайылғанның ең кедейінің, бірі екен. Оның үстіне әйелі өліп, артында үйелмелі, сүйелмелі төрт-бес кішкене балалары жетім қапты. Кедей кісіге әйел алу оңай боп па, әсіресе, балалары кәп кісіге? Әйел ала алмаған Смағұлдың үйі мен көргенде өте жүдеген. Балаларының үсті-бастары алым-жұлым боп кеткен, бастары сыңысқан қотыр... Жұрттың ұғымында «осы сорлылықты шақырып отырған Смағұлдың өзі, өйткені ол баяғы мырза күнін көксеп жалшылықта тұрып күн көруге арланады, тек қана домбырасын тартып, үйінде жата береді. Жалқаулығы шынында рас Смағұл — былайша өте пысық жігіт. Ол — сөзге де шешен. Қалжыңды жақсы көретін ол кіммен айтысса да жеңілмейді, өзі — бармақ біткеннің домбырашысы. Оның денесіндегі айыбы көзінің қылилығы ғана, әйтпесе, он екі мүшесі балғадай, дені сау, жасы сол кезде отызды орталаған ғана жігіт, оның үстіне қазақша хатқа жүйрік орысша да «нан алып жерлік» дейтін сауаты бар. Жас жағынан теңі болмағанмен, Смағұл Ділдәшті мал-мүлкі үшін алғысы келеді. Құмекенің еркіне салса, бұған риза, бірақ Смағұлды кедейсіне ме, немесе балаларын көпсіне ме, Ділдәш оған зырылдап жоламайды. Оның ынтасы Ғабдоллада. Fабдолланың Мұқтан деген құрдасы бар, ол менің жездем Болатбайдың немере інісі, Ғабдолла сияқты ол да серілеу жігіт. Екеуінің жүріс-тұрысы бір. Ойын-той бола қалса, екеуі домбыраны да қосылып тартады, өлеңді де қосылып айтады... Бір күні кешке Мұқтан мені үйіне шақырды. Барсам, Ғабдолла екеуі ғана отыр екен. Қолдарында бір тарақ қағаз.
— Мұнда кеп отыр! — деп қасынан орын көрсеткен Мұқтан маған күлімсірей қарап алды да:
— Әй, құда бала, сені ептеп өлең шығаратын да өнері бар деседі, сол рас па? — деп сұрады.
— О неге керек?— дедім мен.
— Керегін артынан айтайын, өлеңді шығара аласың ба, жоқ па?
— Әуелі өзің айт!
Сөзге қосылмай отырған Ғабдолла Мұқтанға бір, маған бір қарап алды да:
— Осы балаға көрсетсек қайтеді мұны? — деді, бірақ бұл біреуге айтып қоймас па екен?
— Жоқ айтпайды, — деді Мұқтан.
— Ендеше, мә, оқы! — деп Ғабдолла ұсынған қағазға көз салсам, әдемілеу подчеркпен арабша жазылған үш ауыз өлең екен:
Япырай, Ғабдолланың мынасын-ай!
Тапқаны мөшкедей бір старушка,
Сабаздың тамаша ғып тұрысын-ай!
Үйі тұр Жиенқұлдың жел жақ шетте,
Ғабдолла сол үйменен компаньон,
Ар деген со жігітте бар ма бетте.
Сөзімнің қисық емес, бәрі де оң.
Кіруге кезекпенен торгабой дом».
Өлеңнің аяғына «ұшбу өлеңні шығарғуши бән талибы» ңыз Исмағил ғалайһү әссәләм, забихолла» деп жазыпты.
— Е, бұ қағазды не қыл дейсіңдер маған? — деп сұрадым мен.
— Өлең екенін көрмей отырмысың? — деді Мұқтан.
— Көрдім.
— Көрсең, — деді Мұқтан, — осы өлеңге өлеңмен жауап қайтару керек еді, соған сөздің қысқасы, — мына Ғабдолла екеуміздің әліміз келмей отыр. Соны саған шығарып бер дейік деп отырмыз.
— Мен шығара алам ба?
— Жер дүниедегі өлеңнің бәрін білгенде, екі-үш ауыз өлең шығару қиын боп па, саған? — деді Ғабдолла.
— Даяр өлеңді жаттап ап айтумен, өз жанынан өлең шығару екі басқа емес пе?
— Айтпақшы мұның бізде өкпесі бар ғой, — деді Мұқтан қуланған кескінмен, — әнеугүні саған етігін бастатам деп апарған екен тігіп бере қоймапсың, маған да әкеп еді, менің, де со кезде қолы құрғырым тие қоймады...
— Ол өкпесін шаю оп-оңай, — деді Ғабдолла, — көңілдегідей өлең шығарып берсінші, бір етікті мен өз былғарыммен-ақ тігіп берейін, осыған. Екеуі маған жатты да жалынды. Менің ол кезде өлең шығаруға әуестеніп жүргенім рас та. Бұл жұмысқа мен бірінші рет Мұстафаның үйінен бөлініп шыққаннан кейін апам Ұлтуғанды сағынған күндерде талаптанғам. Со кезде былдырақтатып шығарған бір-екі ауыз өлеңім, ауыл арасына тараған да. Ол өлеңдерді кейін ұмыттым. Содан кейін Спандияр Көбеевтен алған «Үлгілі баладағы» «Жетімнің өлеңі» деген өлеңнің әсерімен мен де:
Иеден басқа тимес киесі бар.
Желкеге кім көрінген түйе шығар»,—
деген өлең шығарған. Құтырлағанда мал бағып жүрген күндерімде де, апаларымды, туған жерімді сағыну темасына арналған өлеңдерім болатын. Молдамыз Хабибулла Ғазизуллиннің, алдынан хат танымай кеткенмен, бертінде қағазды өз бетіммен шимайлап жүріп, өзгелер әрең танитын дәрежеде болғанмен, өзім танитын хат та біліп алғам. Мұқтан мен Ғабдолла өлең шығарып бер деп қыстап кеткесін, ақысына Ғабдолланың етігімді бастап беруіне келістім де, өлеңді шығармақ болдым.
— Бірақ, — дедім мен, — хатқа шалағаймын, менің жазғанымды ешқайсың танымайсың. Жақсы жаза алсаңдар, өздерің жазыңдар.
— Тек өлеңін тапшы, — деді Ғабдолла, — жазуын мен етіктің қаюындай қып-ақ тізбектетіп түсірейін.
— Ендеше, қарындашың мен қағазыңды ал!
Қарындаш та, қағаз да оның қалтасында екен. Қалтадан алған қағаз бен қарындашты ол қасында тұрған қобдидың үстіне қойды да:
— Кәне бастап көр, бала, құдайға сиынып, — деді.
— Домбыраға қосылып, ойланып көрейін, — дедім мен Мұқтанға, — ар жағыңда тұрған домбыраңды беріп жіберші!
— Домбыра алса-ақ болды! — деп Мұқтан мені мақтауға айналды. Оны шабыттау екенін көре тұра, мен домбыраны алдым да, күйін дауысыма келтіріп, ойланып отырып бір ауыз өлең айттым.
Біреуі біреуіне шақырайған.
Қатынның келсін саған сәті қайдан».
— Бәлі, бәлі, —деп ду ете қалды. Мұқтан мен Ғабдолла, түсті сәті, қатып шықты! Кәне, қайталап айт жазып алайық!.. Қайтадан айтқан бұл өлеңді Ғабдолла жазып алды да, дауыстап оқып шығып:
— Бұл өлеңді сүмірейтті, бала! — деді санын шапалақтай қуанып.
— Тағы, тағы! — деді Мұқтан.
— Енді не айтайын, — дедім мен.
— Ол қу біздің сілемізді орысша сөздерді араластырған өлеңмен қатырып отыр ғой, — деді Ғабдолла, — осыған сен орысша сөз араласқан өлең тапшы.
— Оның реті келер ме екен— дедім мен, — орысшаны шала білем ғой.
— Онысы рас, — деді Мұқтан. Смағұл орысшаға жүйрік антұрған. Оған ілесе алмаймыз. Құдабала, сен өзің білген күйіңе бас! Шамамды байқасам, көп өлең шыға қоятын жайы жоқ. Сондықтан жеңілдеу құтылғым келді де:
— Соның өз өлеңдерін өзіне қарсы жұмсасақ қайтеді? — деп сұрадым.
— Қалай?! — деді екеуі қосынан.
— Мысалы: «Алпамыш батыр» қиссасында Алпамыш Бадамшаға:
Келіп едім бетімнен иттей қаптың, жар-жар-ау,
Сонша неге мақтайсың Ұлтан құлды шұнақ күң!
Ұлтан құлдан сен қанша опа таптың жар-жар-ау!..»
— Дейді, — деді Мұқтан мен Ғабдолла қосынан.
— Сонда Бадамша Алпамыш айтқан өлеңді өзіне қайталап айтып:
Келіп едің бетіңнен иттей қаптым, жар-жар-ау.
Заманымда ділдәдан шашбау тақтым, — жар-жар-ау».
— Ие, ие. Дейді! — десті Ғабдолла мен Мұқтан.
— Ендеше, Смағұлдың өз өлеңін өзіне былайша қайтарсақ қайтеді?
Шал бойдақ Смағұл жүр сіресіп-ай,
Соншама шыжалақтап қорығанда,
Ділдәштің алмақ малын үлесіп-ай»,—
Ғабдолла бұл өлеңді де қуанышпен жазып алды да:
— Ие, тағы да,— деді.
«Орыстың бір қаласы Макаропке,
Үйі тұр Смағұлдың жел жақ шетте,
Бола алмай Ділдәшпенен компаньон
Смағүл сол себептен қылады өкпе».
— Бұл да дұрыс келді, — деді Ғабдолла жазып алып, — енді үшінші ауызын ретте.
«Салады кент халқы креставой дом,
Смағұл өзіңнің жоқ бірінде оң.
Мойныңа мәңгі масыл болғаннан соң!»
— Өлтірдің, бала! — деді Ғабдолла, шектен шыға қуанып, — бәлем бұған не жауап қайтарар екен!.. Ділдәштің дауы ұлғая түсті. Жайылған екіге жарылды: бір жағы Ділдәшті Смағұлға қоспақ, бір жағы Ділдәштің үйіне Ғабдолланы кіргізбек. Дау шиеленіскен кезде екі партияның да құрығы Ділдәштің малына түсіп, тебіндегі жылқысынан да, қорадағы қойы мен сиырынан да жоғала бастады. Сойып жеушілердің кім екені белгілі бола тұра, олардан теңдік алуға Ділдәшта күш бар ма? Өзі білді ме, әлде біреу үйретті ме, — Ділдаш көріп жатқан қиянаттарын айтып, араша сұрап болысқа арыз берді. Ол жылы болыс — Әлтидің Садуақасы. Бұл жұмысты тексеріп үкім жасауды, болыс жергілікті ауылнай мен билердің қарамағына тастайды. Ауылнай мен билер жиналады дегеннен кейін Ділдәштің малын барымталаушылар тиылды. Бұған шейін барымталаушылар жаза күтіп қорқуға айналды... Жайылғанның малы қыстыгүні суды Күдебай көлінің ойығынан ішетін еді. Бір күні со көлден суғарған Болатбай үйінің сиырларын айдап келе жатыр ем, Есеней қыстауы жағынан ағызып келе жатқан он шақты шаналы көзіме ұшырай кетті. Үйге кеп, іштен жақында ғана оралған Болатбайға айтып ем:
— Болыс пен билер болар,— деді ол киіне бастап, — Ділдәштің дауын бітіргелі келеді деген. Болатбайға ере мен де шықтым. Шаналылар ілезде келіп қалды. Ылғи түлкі тымақты, қасқыр ішіктілер, аттары семіз. Өзге шаналылар ілгері озғанда, топырыштау торы ат жеккен жалғыз адам Болатбай үйіне көрші отыратын Қожантай дейтін ағайынды екі шалдың алдына тоқтай қалды.
— Уа, қайдасыңдар, Мырзатай, Қожантай! Үйлеріңе ырыс келді!.. Аруақ келді!.. Қарсы алыңдар!.. — деп айғай салды ол.
— Құдай оңдады, — деді Болатбай, — шаналыға қарай жүріп, — Ресейдің, Мұстафасы? Тәңірі мына бейшаралардың көз жасын иген екен! Қожантай, Мырзатайды Болатбайдың аяйтын себебі: Жиенқұлдың иесіз малына Жайылғанның әркімдері қызығып талай бастағанда, аш отырған ол екі үй де дақбыртқа еріп, бір құнажын байталын сойып, бөліп алады. Бұрын ондай зорлыққа жолап көрмеген момын адамдар, союын сойғанмен зәресі кетіп қорқады, қалай құтыларын білмейді. Мұстафаның, таныс айғайын естігеннен кейін Қожантай да, Мырзатай да жүгіріп шығып, «алда, садағаң кетейін жарықтық-ай, қош келдің!» деп шанадан көтеріп алғандай қып қолтықтап тұрғызады. Атан түйедей зор, жуан денелі Мұстафа Қожантайдың үйшіктей үйіне зорға сияды. Кедейліктен сіңірі шығып отырған Қожантайға төсеніш қайдан келсін! Құстөсек жастық сияқты көр-жерлерін Мұстафаның астына, арқасына тастап жатыр.
— Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ! — деді Мұстафа, шешініп орныққан соң, — менен басқалары жесір қатынның сойылын соқпақ. Қатынға мал не керек. Ертең байға тиіп кетеді. Садақтың жас жігіт баласымен көңіл қосыпты ғой. Одан артық не керек. Мал — ағайын сенікі! Әсіресе Қожантай, Мырзатайдікі. Серіктеріммен араздасып келдім. Нашар адамға зорлық істемек. Істеп көрсін! Өзім қисайған жақты, құдай бергенін қайтып алмаса, басып түсетінмін. Салмақтарын салыстырып көрсін. Көрейік кім жеңгенін. Ал, сорлы Қожантай, сорлы Мырзатай, күтіңдер мені! Мен сендерге ырыс болғалы келдім! Бірақ менен шындарыңды жасырмасаңдар болғаны. Барымталап сойған семіз малдың жарты еті қарға тығылған екен Мырзатайдың баласы оны қазып әкелді. Ет асылды. Қожантай, Мырзатайға жаны ашитындар сол үйге жиналды. Олар Мұстафаға риза...
— Бір жолға ерлік істеді. Аяған ғой — деседі олар өзара күңкілдескенде. Ділдәш жөнінен екі жарылып дауласқан Жайылғанның жылы-жұмсағын жеп ауылнай мен билер бес-алты күн жатты. Үкім не болары белгісіз. Мұстафа Қожантай мен Мырзатайды еміп өзгелеріне жоламайды.
— Атымды жек! — депті Мұстафа бір күні Қожантай мен Мырзатайға. Аты жегіліпті. Мұстафа билер отырған үйге барып түсіпті.
— Шақыр Қожантай, Мырзатайды! — депті ол, билерге қосылғасын. Қожантай, Мырзатай шақырылады.
— Сойдыңдар ма байталды? — деп сұрайды Мұстафа олардан, көптің көзінше.
— Сойған жоқпыз, — дейді олар, — Мұстафамен уәделесуі бойынша.
— Мәс-саған, соймаған! — деп Мұстафа Қожантай мен Мырзатайды тура сап текпілейді. Ешкім оларды Мұстафа текпілеп талдырып тастағанша арашаламайды.
— Бұның не?! — деп таңданғандарға:
— Ендігі кедейдің есінде болсың — дейді Мұстафа. — Мұстафа тірі тұрғанда, біреудің малына көз алартпасын!
— Ендеше неге түстің оның үйіне? — деген сұрауға:
— Жылы ұшырамасам, маған жөнін айта ма олар? — деп жауап береді Мұстафа. Іші-бауырына кірдім де, бар сырын білдім. Енді қалай құтылар екен менен!.. Қожантай, Мырзатай, әрине, құтыла алмайды. Кім жақтайды оларды!.. Мұстафаның оларға қолданған жазасы: «Байталдың төрт сирағы төрт жылқы, денесі біреу — бесеу». Бес малдың құнына Қожантай мен Мырзатайдың мал-мүлкі жетпей, үшеуінің құны төленеді де, екеуін төлеу келесі жылға қалдырылады. Жеген таяқтары бойларына құт!.. Қожантай, Мырзатайдың төлеген малын ішіне қоса, Ділдәштан ұрланған малдардың төлеуіне қырық-елу қара жиналады. Оларды ауылнай мен билер бөліп алады. Әйел туралы үкім: «Мал-мүлкі Жиенқұлдың ағайындарына бөлініп берілсін. Өзінің қайда барса да ықтияры, байға тисін, не төркініне кетсін...» Бұл үкімге разы болмаған Ділдәш «орысқа айтам» деп, бір атқа шана жегіп жөнелген екен билер ұстатып алып, таяқпен талдырып тастап, «енді айтар болса, өлтіріп құдыққа тыға салыңдар, жауабын өзіміз береміз» депті...
КҮЙЕУ ҚОСШЫ
1916 жылдың январь айында Болатбайдың үйіне Нұрғазаның баласы Мырзағазы келді. Көрмегелі екі-үш жыл болған бұл жігіттің бойы да бұрынғыдан әлдеқайда есіп, бұрын тақыр ерніне қырбықтанып қара мұрт шығып қапты. Жол-жөнін сұрасақ, қайынына барады екен. Қайыны Жайылғанға жақын жерде отыратын Балықбай ауылындағы Тайжан деген кісі екен. Тайжанның бәйбішесі өткен күз өліп, Мырзағазы соған бата оқырға келеді екен. Таңертең, қайынына жүрерде:
— Кәне, Сәбит, сен де киін — деді ол, — бірге барып қайтайық.
— Барсаң, барып қайт,— деді апам мен жездем.
Мен Мырзағазының шанасына мініп кете бардым. Оның жеккені — зор денелі, тарпаң мінезді, семіз қара кек айғыр. Жегілген шана жөкеменен қапталған, ағаштары ала-жолақтанып сырланған кошава.
— Қалыңдығыңды көріп пе ең! — деп сұрадым мен былай шыға.
— Жоқ,— дейді ол.
— Қызды таңдап айттырам деуші ең, неғып көрмедің?
— Балаға билететін шал ма, біздің шал? Алдыңғы жылы Стаптың күзгі базарына барды да, қайтарда Тайжанның үйіне қонып, құда боп келді. Қасында мен болған жоқпын.
— Көрмей айттырған қыз көңіліңе ұнамаса қайтесің?
— Әй, қу шеке, — деп Мырзағазы маған күлімсіреген кескінмен қарай қойды да, — қайтеді дейсің ол, — деді жымия түсіп, — тоқал алуға жақсы болады қайта. Көксау әкем қанша жасар дейсің енді. Тізгін маған тимей ме, содан кейін? Бұ жеңгең оған дейін балалы-шағалы болмай ма? Ар жағында маған тоқал алдырып, өзі бәйбіше боп отырмай ма?.. Бұл сөз осымен бітіп, екеуміз аз уақыт үн-түнсіз келе жатыр ек:
— Бала, сен «ұрын келу» дегеннің, не екенін білемісің? — деп сұрады Мырзағазы. Мен ойланып қалдым. Қабамбайдың Ғабдолынан естіген «Сұлушашта»:
Қисайтып жаман беркін қырын келді»,
деген сөз бар еді. Сол сөздегі «ұрын» түсті менің есіме. Бір-ақ мен оның мәнісін біле алмадым да, не сөз екенін одан сұрадым.
— Одан кейін айтайын, — деді Мырзағазы, — қыздың қалыңына қанша төлейтінін білемісің? Мен тағы да ойландым. Ауылда әйел босанса, ұл туса «ат ұстар екен» дейтін де, қыз туса «қырық жеті екен» дейтін. Осы «қырық жеті» дегені қалыңмал болу керек, қалыңға қырық жеті бас мал алу керек» деп ойладым да, Мырзағазыға сол жауапты бердім.
— Білдің, бала, — деді ол. Сол қырық жеті бас мал қандай жүйеге бөлінеді?
— Оны білмеймін.
— Әкемнің айтуынша, оның мәні былай көрінеді: бұзаулы сиыр ма, құлынды бие ме, боталы түйе ме, — ең алдымен балалайтын жеті мал беретін көрінеді. Бұған қой мен ешкі кірмейді. Мысалы жеті бие береді дейік. Оның соңында жеті құлың жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болу керек. Сонда бұл отыз бес мал болды ғой?
— Ия.
— Балалайтын малдың іштегі төлін де есептейді екен. Оның атын «бүкпе» дейді екен — бұ да жетеу. Сонда қырық екі болды ма?
— Болды.
— Бұған қосылатын малдар: құда болуға уәделескенде күйеудің әкесі қыздың әкесіне «уәдеміз шегедей мықты болсын» деп, «шеге ат» дегенді мінгізеді, бұл — бір; екінші, —қыздың әкесі құда түсуге келгенде «мінт ат» дегенді береді; үшінші, «жеке ту бие» дегені болады, онысы қыздың әкесі үйіне қайтып той жасағанда сойыстыққа алатыны болу керек; төртінші, — «түс ат дегені болады дейді, онысы күйеу қайын атасының үйіне алғаш барып түскенде беретін айыбы болу керек; бесінші — «өлі-тірі» дейтіні болатын көрінеді. Бұнысы — қыздың, әкесі күйеудің әкесіне кеп құда түсіп жатқанда, құдасынан бір қойды алып қайтады да, елінің қатын-қалашына сойып беріп, бір жапырақ етіне шейін, бір қасық сорпасына шейін таратып береді. Терісін де біреуге береді. Бұ малды тірі күнінде де, сойылғанда да қыздың көзіне көрсетпейді. Қызға еті түгіл сорпасын татырмайды. Бұл мал сойылып, еті мен сорпасын жұрт ішіп-жеп тарағанша қызды оңаша бір үйге қамап қояды.
— Қызық екен!..
— Сонымен, — деді Мырзағазы, — манағы балалы малдың саны қырық екі, мына соңғы әр түрлі ырымның малы бес, барлығы нешеу болды?
— Қырық жеті, — дедім мен. «Қалыңмал» дегенің осы, — деді ол. — Қазақтың «қырық жетіні қырқа матап бердім» дейтіні осыдан ғой.
— Көп мал екен — дедім мен. «Бай мен бай құда болса, Араларында жорға жүреді, Кедей мен кедей құда болса, Араларында дорба жүреді, Бай мен кедей құда болса, Ілінісіп зорға жүреді», —депті ғой,— деді Мырзағазы, малы барлығына масаттанғандай көтеріле сөйлеп: — «Қырық жеті» деген жалпыға ортақ қалыңмал ғой, оны төлемей қатын ала ма жігіт:
— Рас.
— Бай мен бай құда болса, балалы малды жетіден емес, тоғыздан беретіні де болатын көрінеді. Жүз жылқы беретіндер де бопты ілгеріде.
— Өздерің қанша беретін болдыңдар?
— Біздікі тоғыз тоғыздан ғана.
— Ол неше мал болады?
— Елу алты бас болады екен.
— Көп екен! «Бұл сөзді өкінішпен айты ма» деп ойлап, менің көңілімді жұбатқысы келді ме, немесе маған мырза көрінгісі келді ме: «Көп» деп, немене дейсің ол? — деді Мырзағазы, — ертең ержетіп, қалың берер күнің туса, қызды өзім айттырам да, қалыңын өзім төлеймін. Құдайға шүкір, мал жетеді!.. Мырзағазының бұл сөзі маған орынсыз серпу сияқтанды. Олай ойламағанда ше?.. Мырза болса, мен панасыз жетім боп жүргенде неге асырамапты?.. Серіпкен сөзіне мені сендіре алмаспын деді ме, әлде «қалыңмал» дегеннің не екенін ұқтырып болдым деді ме:
— Сөз «ұрыннан» шығып еді ғой, — деді Мырзағазы, — оның не екенін білмеймін дедің ғой сен. Соны айтайын енді. Күйеудің қалыңдықты оң жақта көргісі келсе, қайнатасынан ұлықсат сұрап кісі салады.
— Неге сұрайды ол ұлықсатты?
— Қызық екенсің ғой, бала, — деді Мырзағазы күліп, — қайынатасынан ұлықсатсыз, күйеу ол ауылдың маңайына жолай ала ма?
— Солай екен ғой, — дедім, бұл әдеттен ептеп хабарым бар мен, — қайынатасына білдірмей, жасырын көруге болмай ма қалыңдығын?
— Әрине болады. Епті күйеу қыздың жеңгелері мен ағаларының аузын алып та қалыңдығына жасырын жолыға береді.
— Неге сөйтіп жолыға бермейді күйеулер?
— Сұрағыш бала екенсің де, — деді Мырзағазы қарқылдап күліп, — олай жолықпаудың мәні бар. Жігіт қалыңды қатынға емес, қызға төлейді ғой. Егер қалыңдығы қыз болмай шықса, қайтпек ол?
— Қайдам? — дедім, бұл мәселеден әлі тәжірибем жоқ мен.
— Күйеудің қалыңдық оң жақта отырғанда ұрын баратын себебі де осы, — деді Мырзағазы. — Бірақ ұрын бару оңай емес ол.
— Несі қиын?
— Оған ең кем дегенде «аяқ тоғыз», әйтпесе, «орта», не «қасқа тоғыз» айып төлейді. Білемісің, олардың не екенін?
— Жоқ. «Аяқ тоғыз» деп, — бұзаулы сиыр бастаған ұлылы-кішілі тоғыз малды айтады; «орта тоғыз» дегені бие — бастаған тоғыз мал, «қасқа тоғыз» дегені — түйе бастаған тоғыз мал. Осы тоғыздардың әрқайсысына қосылатын лайықты өлі бұйымдары болады. Мысалы: «қасқа тоғызға» — кілем, қымбат ішік жібек шапан, тұтас құндыз сияқты заттар қосылады. Өзге тоғыздың өзіне лайықты бұйымдары бар.
— Сонша айыпты неге төлейді күйеу?
— Қалыңдығын көру үшін.
— Одан мақсат.
— Қалыңдығының айыпты, айыпсызын білу үшін.
— Егер айыпты болса?
— Ол уақытта күйеудің қалыңдығын алмаймын деуге хақысы бар.
— Алмаса не болады?
— Қызы айыпты болса, әкесі алған қалыңмалын айып-қиыбын қоса қайтарып береді, әрі жұрт алдында қызы да, өзі де масқара болады... Содан кейін кемтар біреу болмаса, ол қызды кім алады дейсің?
— Қызық екен! Ондай пәлесі барын біле тұра, қыз әкесі күйеуді ұрын келтіре ме?
— Құда түсіп, қалыңмал алған соң, ұлықсат бермеуге хақысы жоқ. Қызына сенгендер ұрын келгісі келген күйеуден айыпқа тоғызды сықап тұрып алады.
— Қызына сенбегендер ше?
— Сылтауын тауып жалтаққа салады.
— Егер күйеу оған көнбесе? Келем дей берсе?
— Онда амалсыздан ұлықсат береді де.
— Қызық екен.
— Ұлықсат сұраудың екі түрі бар: бірі — ұрың бірі — жасырын келу. «Ұрын келу» дегеннің не екенін айттым. Ұрын келетін күйеуі тиісті айыбын төлейді де, қайынатасының ауылына көп қосшы ертіп кеп, күндіз ашық түседі. Бай адам болса, күйеуге оңаша отау тігіп, қалыңдықты сонда ойнатады. Егер күйеу көңілді болса, қайынатасы той жасайды.
— Кәдімгідей ел жинап па?
— Әрине, кәдімгі тойдай ел де жиналады, мал да сойылады, ат та шабады, балуан да күреседі.. Қысқасы өзге тойда болатын ойын-сауықтың бәрі болады...
— Түсінікті. Ал, «жасырын келу» не?
— Той жасауды шығынсынған қайынатасы; күйеуден айыбын ғана алады да, елге дабыра қылмай-ақ, күйеуін ауылына түнде ғана жасырын келтіреді. Бірақ түрі басқа болғанмен, «ұрын» мен «жасырынның» мәнісі біреу ғана. Түсіндің бе?
— Түсіндім.
— Түсінсең сол,— деп жымия қараған Мырзағазыға:
— Өзің қайсысын жасамақ боп жүрсің, осының? — деп сұрадым мен.
— Әй, қу! — деп Мырзағазы менің басымнан ұстап жұлқылап қойды да, — сиырының мүйізің жылқысының жалын санаған кісі емес пе, менің әкем? — деді, — өткен жаз ұрын барам деп талпынып ем, ұлықсат бермеді әкем.
— Мүмкін осы жолы көрерсің қалыңдығыңды.
— Мүмкін — деді ол жымия түсіп...
ЗОРЛЫҚШЫЛДАР
Кайыненесіне бата оқыған Мырзағазы сол ауылда Бірке деген кісінің отау үйінде екі-үш күн болды да, Біркенің әйелі Дәметкен арқылы қалыңдығы — Кәменге жолығып, еліне көңілді қайтты. Мен сол ауылда қалып қойдым. Оған себеп, менің аятты жақсы оқитынымды білетін Тайжан:
— Мына інісін тастап кетсін осында. Балалардың тілін сындыратын кісі керек боп жүр еді, сәті келді, — деп күйеуіне кісі жіберіпті.
— Қалсаң қал, — деді Мырзағазы, — қалмағанда қайтесің. Жездеңнің үйінің жайын да көрдім ғой. Күнін зорға көріп отыр. Саған кет деуге ұялатын шығар. Әйтпесе, кетпектей бір жігітті асырау оңай боп па. Осы қыс тұр осында. Аманшылық болса, жеңгенді жаз алам. Сонда ауылға бізбен барарсың да, тұрып қаларсың. Басқа жаққа қаңғыртпаспыз енді. Осы жолы да ала кеткім келеді, бірақ әкемнен ұлықсат алмай әкетуге, расымды айтсам, батылым жетпей отыр... Оның бұл сөзіне ризаласуға тура келді. Мырзағазы аттанғаннан кейін алдыма жинап берген он шақты балаларды мен оқыта бастадым, әдісім — өзімді оқытқан «кішкене молданың» әдісі... Сол жылдың көктемінде Тайжан да өліп, мен тұрған ауылдың қожасы — оның немере туысы, орта дәулетті Байжан боп қалды. Балықбайдың екінші ауылында Итіштің Рамазаны деген кісі бар. Рамазан мен Байжан екеуі, Балықбайдың билігіне де, жетім бала, жесір қатын боп қалған Тайжанның үйінің, билігіне де таласыңқырайды, екеуінің де Тайжанның тоқалы Сәлиманы алғысы келеді... Бұл қайшылық күн санап ұлғайып келе жатқан кезде, осы ауылда адамның жанын түршіктіретін бір оқиға болды. Осы ауылда Ақпайдың Шайқыстаны деген жігіт боп, мен келерден бір жаз бұрын өлген екен де, артында Кәмел атты жас әйелі, Ғайныш атты жеті-сегіздегі қызы, төрт-бес жасар ұлы қалған екен өзі жап-жақсы, ауқаты бар отау, келіншек көрікті... Кімге қосу керек екен оны? Бұл ауылда басы бос, әйелі өлген Тәшкен деген жігіт бар. Кәмелдің қосылғысы келетіні — сол. Тәшкен — Байжанның ағасы Бұйрабайдың баласы. Ақпай балаларына жесірін атасы басқаға жіберу — намыс. Сонда олардың жәрдемге шақыратыны — Итіштің Рамазаны, оның Байжанмен көңілі салқын... Кәмел мәселесінде Балықбайда екі партия болуы, — Кәмелді осы ауылдан кетіруге кеп соқты. Дауды «бітіруге» Қапсыт Самайдың атқамінерлері жинала қалды. Кәмелден сұраса:
— Басыма ерік болса, мен Тәшкенге тием, егер ерік болмаса, өлген байымның аруағын күзетіп, жалғыз баламды күтем де осы ауылда түтін түтетіп отырам, — дейді.
— Жоқ, олай отырмайсың, — дейді сол кезде үстем бола бастаған Рамазан жағы оған, — сен байға тиесің және өзге емес, Ақпайдың екі баласының біріне тиесің. Егер оларға тимесең, мал-мүлкіңді, балаңды солардың қолына тастайсың да, соқа қара басыңды ғана алып, төркініңе кетесің!.. Қиянатшылардың үкімі осыған құйылды. Кәмелдің төркіні — Баржақсы — Уақ болады екен момын аға-інілері болады екен. Олар өз елінің Сөмбай дейтін бишігешін әкеледі.
— Келген жолыңа бір ат берем, — дейді Рамазан Сөмбайға, — сен соған риза бол. Қатынның туысқандары ертең үйіне апарған соң оны тағы біреуге беріп қалыңмал алмай ма? Олардың сыбағасына сол мал аз ба? Сөмбай да осыған көнеді. Бұл қиянат үкімді естігеннен кейін мен қорқынышпен Кәмелдің төркініне жіберілуін күттім. Үкім шығарушылар одан да шіміріккен жоқ. Айрыларын біліп, кішкене ұлын бауырына басып, үйінде жылап жатып қалған Кәмелді Ақпайдың балалары үйінен зарлатып сүйреп алып шықты. Үйде арылмаған оның құшағындағы баласын жиналып тұрғандар далаға шыққанда тартып алды. Зарланып баласына ұмтылған ананы, шырылдап анасына ұмтылған баланы, тас жүректер енді қайтып қоспай, ерікті қара күшке берді... Шырылдаған баланы Шәйке құшақтаған қалпымен үйіне алып кірді. Зарлана бұлқынған Кәмелді, бірнеше адам төркінінің арбасына арқанмен таңа бастады. Сонда, демі таусылып талықсыған Кәмелдің әлсіз дауыспен ең соңғы айтқан сөзі:
— Ш-ш-шәйке-е-е-ау, ыла-йымда-а-а... басыңа келсін!..
Кәмелдің қарғысы Шәйкенің басына кешікпей-ақ келді.
Шәйкеден туған Берен атты қызды біреуге ұзатады екен. Оның, да күйеуі кешікпей өліп, өткен қыстың ортасында қайтып келеді екен. Ол — талдырмаш денелі, қызыл шырайлы кескінді, мөлдіреген сұлу келіншек. Жасы сол кезде жиырмаға жаңа жеткен болу керек. Жесір отырған Беренді оқушыларға белгілі Ералының Ыбышы деген серілеу жас жігіт алам деп жүрді де, жұмысшылар қозғалысына қатынасқандығы үшің Қорған қаласында тұтқынға алынды. Содан кейін Беренді Шәйгөз Уақтан кеп, жасы отыздар шамасындағы жез мұрт, әдеміше сары жігіт кеп айттырып, қырық жетісінің жартысындай қалыңмал төледі. Кешікпей ол Беренді алуға да келді... Той жасалып, малдар сойылып жатыр. Қазанға еттер асылып жатыр. Маңайдағы ауыл адамдары тойға жиналып жатыр. Тойдың ырым-жырымы болып жатыр... Беренді ағам Ыбыштың қалыңдығы көріп қалған мен жез мұрттан оны іштей қызғанған болар, қызғанғанда амал нешік!.. Той қызған кезде бетін осы ауылға түзеген бір пар атты көрінді. Аттардың жүрісі екпінділеу.
— Нұрғожа, — десті көпшілік қарап тұрып.
Нұрғожаның атын естігенім болмаса, кескінін көрген емес ем. Естуім бойынша оның байлығы да, беделділігі де Торсан сияқты... Нұрғожаның аты Байжан үйінің сыртына кеп тоқтағанда, тойға жиналған көпшілік сәлемдесуге барды. Мен де бардым. Біз жеткенше Нұрғожа далада күтіп тұрды. Ол жуаң зор денелі, қоңқақ мұрынды, үлкен көзді, қара өңді кісі екен. Жұртқа амандасып үйге кіргеннен кейін:
— Бұ неғылған жиын? — деп сұрады Нұрғожа.
Байжан болып жатқан тойдың мәнісін айтты. Со кезде Нұрғожаның түсі сұрланыңқырап, ашуланған бейне көрсетті де:
— Оның мәні қалай? — деді Байжан мен Рамазанға кезек қарап — Ақпайдың қысы58,— деді ол қасындағы шамасы отыздардағы жігітті нұсқап. — Бістің мына Оспанға сұрағанымыз қайда? Сіз өсіңіс уағада қылғаныңыс қайда?
— Мен емес, мына Рамазан! — деді Байжан қайпандап.
— Кім?.. — деп келе жатқан Рамазанға Нұрғожа:
— Тоқта! — деп ақырып қап, тоқтатып қойды да, — Күшік пен Тайжан өлгелі сенің жайың белгілі, Балықбай! — деді дауысын көтере түсіп, — жақсыңды құдай алып біткен де, артына сен екеуің сияқты, анау Таудың Ыбырайы сияқты, үрген иттерді қалдырған!..
— Әйтпесе, — деді Нұрғожа, төңірегіне қарап, ызбарлана түсіп, айғайлап кетіп, — біс бәлем айтамыс та, сістер орындамайсыс. Қайдан келген сендерге ондай күш? Енді менің жағамнан алайын дедіңістер ме? Мен сендерге... Долданып кеткен Нұрғожа аузы сөзге келмей, денесі қалшылдап кетті. Со кезде үлкен иттің қасында қипақтаған күшік сияқтанып Таудың Ыбырайы:
— Апырай, Нұреке-ай... — деп бірдемені айтқалы келе жатыр еді:
— Сөсіңнің керегі жоқ, — деп оған да ақырып тастады Нұрғожа .— Сонша бұлданатын кім еді сенің Ақбайың? «Нұрғожа сұрады» деген соң қысын өсі апарып тастамас болар ма! О қай бір менің бет моншағы үсілмеген қысым еді. Байы өліп қайтып келген қатын да бұлданатын саман боп па еді?!..
— Рас-ау, — деп күңкілдесті жағынғандар.
— Өсі кім еді, анау алғалы кеп жатқаны? — деп сұрады Нұрғожа.
— Баржақсының біреуі көрінеді, — деді әлдекім.
Білетін біреу күйеудің жөн-жобасын айтты.
— А-а ! — деді Нұрғожа, дыбысын тістене шығарып, — білем, ол қарашыны. Менімен бой теңестіретін неме екен ол. Көрсетейін оған бой теңескенді... Нұрғожа жуан денесін толғаңқырап жіберіп, еңкейе беріп, дене күшін жерге таянған екі қолына сала әрең дегенде орнынан түрегелді де, есікке қарай жөнеле беріп:
— Кәне, жүріңіс, мен дегендерің, — деп есіктен шыға берді.
— Мынау қайтеді? — деп күңкілдегісі келген біреулерге:
— Не ақың бар, қайткенінде, Нұрғожамен сен де бой теңестірейін деп пе едің? — деп Байжан ақырып тастады. Тысқа шыға Ақпайдың үйіне қарай талтаңдай жүрген Нұрғожаның соңынан көпшілік ерді... Әлдекім хабарлап қойған болу керек. Нұрғожа Ақбай үйіне жақындаған кезде, үйдегі қыз-бозбала дүркірей қашып шықты.
— Күйеу жоқ па, бұлардың ішінде? — деп сұрады Нұрғожа.
— Жоқ, — десті әркімдер.
— Ендеше, үйге кірейік — деп Нұрғожа Ақбай үйінің есігінен кіре берді. Оның артынан Байжан кірді.
— Өңгең, топырламай тұра тұрыңдар, — деді Ыбырай, — мен кіріп біліп шығайын әуелі. Кешікпей олар тысқа шықты. Күйеуді Байжан сүйреп алып шықты. Үйрейлі кескінді күйеу Нұрғожаға жалбарынышты кескінмен қарап:
— Нұреке, жазығым не! — деді дірілдеген дауыспен.
— Ә-ә... менімен енді сен сөс таластырайын дедің бе? — деді Нұрғожа жекіп. Сөйтті де ол жан-жағына қаһарлана қарап алып, күйеудің жағасын босатпай тұрған Байжанға.
— Жық, қарақшыны! — деді.
Байжан ым қағып қалғанда, Тәшкең Жәркең Ерміш үшеуі күйеуді шап беріп ұстай ап, жерге алып соғып етбетінен салды да, үстінен басты.
— Қамшы әкел, — деді Нұрғожа. Біреу жуандау қамшысын ұсынды.
— Соқ, дүрені! — деді Нұрғожа,— өлсе, құнын өзім төлеймін.
Байжан тағы да ым қаққанда, оның балуан баласы Жәркен басып жатқан күйеуді жуан қамшымен ту сыртынан тартып-тартып жіберді...
— Өлдім! — деп өкірді күйеу.
— Өрем қап! — деді Нұрғожа. — Соқ тағы да!
Жәркен қамшыны соғуға қолын тағы да көтере бергенде, әлдекім қамшысын ұстай алды. Жұрт оған жалт қараса,— со кезде жасы тоқсандар шамасына келген, үйінен шықпайтын Сүлеймен деген қарт екен. Шаруасы шағын болғанмен, елге қадырлы қарт болатын. Сүлеймен қамшысын ұстай алғанда, Жәркен не істеуге білмегендей Нұрғожаға қарады.
— Шырағым-ай, — деді денесі де, даусы да дірілдеген Сүлеймен Нұрғожаға, — үйде жатқан тірі аруақ едім... Дүние сөзін қойып, ақиретке бет бұрған күнім еді.... Мына бір бейшараны жазықсыз өлтірейін деп жатыр деген соң келдім... Босатшы!... Кескінінен боран ұшқындаған Нұрғожа түксиіп жауап бере қоймап еді:
— Босат дедім ғой саған! — деді Сүлеймен қалтырай түсіп. — Мені назаландырма енді!.. Нұрғожа «босат» дегендей, басып жатқандарға иек қақты. Олар бірінің артынан бірі тұра бастады. Күйеу сол орнында жатып қалды...
— Бұнымен құтылмайды бұл, — деді Нұрғожа, — шақырт, ауылнайды, акті жасатам да, жөнелтем бұны.Һ
— Қайда? — деп сұрады Сүлеймен.
— Абақтыға.
— Неге?!
— Жылқы ұрлаған жерінен ұстадым!.
— Астапыралла, қашан?! — деді Сүлеймен иланып қалғандай.
Нұрғожа бұл сұрауға жауап бермей, төңірегіне айнала қарап алды да:
— Актіні солай жасатып жіберіп көрейін. сені, бәлем! — деді сызданып, — Енді қайтып жарық дүниені көрер ме екенсің, жоқ па екен!
— Шырағым, өзің отыршы! — деді Сүлеймен Нұрғожаға, шаршаған дауыспен. Нұрғожа да, өзгелер де отырды. Күйеу де басын көтерді. Онда кескің кейіп жоқ. Манағы сұлу сары жігіттің кескіні қазір сақарға салған сүйектей құп-қу.
— Шырағым, Нұрғожа, сонымен, бұ жігітті не істейін деп отырсың? — деп сұрады Сүлеймен.
— Апырай, Сүлеке-ай, сісдің кіріспейтін-ақ сөсіңіс еді бұл, — деді Нұрғожа, — сыйлайтын сәуегей қарт едің, бекер кірістің бұған. Маған қиын қылдың ғой.
— Сен маған қиын қылдың ғой, — деді Сүлеймен, — мен — көр аузында отырған адаммын. Мына зорлыққа араша түспей барсам, құдай алдында не айтам? Ылдидағы тасың өрге домалап тұрған кезің, шырағым. Әкең Құрымбаймен шамалас едім. Мені ренжітпе, бір тілегімді бер.
— Ерде екі тілек жоқ деген рас па, Сүлеке? — деді.
— Рас — деді Сүлеймен, — өзім де тілек тілеймін. Сен мына нахақ бейшараны өлтірейін деп отырсың. Менің тілегім — осының, шыбындай жанын қи маған!
— Осыдан басқа тілегің жоқ қой? — деді Нұрғожа қайталап.
— Жоқ, — деді Сүлеймен.
— Бердім! — деді Нұрғожа, — онда да сіс үшін ғана бердім. Әйтпесе, — деді Нұрғожа, сүлдері құрып отырған күйеуді саусағымен нұсқап, кіжініп, — мына қарақшы кессепті тұқымымен құртар ем.
— Өй, өркенің өссін! Жалғыз балаңның игілігін көр! Мені сыйласаң құдай сыйласын! — деп Сүлеймен жылап жіберді. Сол маңда тұрған адамдар, әсіресе, қаттар көздеріне жас алысты.
— Байжан, — деді со кезде Нұрғожа, — мына шалдың бір тілегін бердім, екінші тілекті өсі де сұрамаймын деді. Ендігі сөс былай болады: Ақбайдың қысын апарыңдар да менің арбама мінгісіңдер, Оспан екеуін бістің елге жіберіңдер. Мені артынан өсің бірдеме қып жеткісіп саларсың. Нұрғожаның бұйрығы екі болған жоқ. Әке-шешесінің, қыздың жылаған-сықтағанына қарамай, ауылдың жігіттері Беренді сүйреп апарып, Нұрғожаның арбасына мінгізді де, Оспан екеуі кете барды...
— Мына Баржақсының қалыңмалын алып қойып ең, — десті Берен жөнеліп кеткеннен кейін ауылдың адамдары Нұрғожаға, — оны қайтеміз?
— Со да сөс бе екен — деді Нұрғожа сылқ-сылқ күліп, — қатынды Құрымбай тұқымы алып, Баржақсы қалыңмалын берсе, со да сөс боп па? Күйеуде үн-түн жоқ. Соққының салдарынан ба, әлде мынадай қорлыққа күйінуден аузына сөз түспей отыр ма, — жұрт сол арадан сөгілгенде, ол жансыз адамдай мелшиіп, орнында қала берді. Нұрғожа сол күні Байжанның үйінде қонақ боп, сыбағасын жеп ертеңіне аттанды. Кешеден бері іштей тынған жұрт Нұрғожаға айтар қарғыстарың ол аттанып кеткеннен кейін ғана ағытты:
— Басыңа келсін осы қылған қорлығың! — деп қарғады біреулер.
— Үйіңнен өрт шықсын! — деп қарғады екіншілер.
— Жалғыз балаңның өлігіне отыр! — деп қарғады үшіншілер.
— Ордаң ойран болсын! — деді төртіншілер...
Осылар сияқты қарғыстарды үстіне жаудырып жатқан Нұрғожаның кім екенін сұрастырсам былай боп шықты. Бұрынғы Қызылжар (Петропавл) оязындағы бес болыс Керей-Уақтың ұлылы-кішілі атқамінерлерін тұтас алғанда, ең беделдісі Торсан мен Нұрғожа болады екен. Кейінгі кезде Нұрғожаның беделі Торсаннан да асып, оның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болады екен. Бүкіл Керей-Уақ атаулыда кәзір одан салмақтысы жоқ екен. Шағырай дейтін тақпақ адамның Нұрғожаға:
Құрымбайдан туыпсың,
Жеті ұл бірдей дырымбай!» —
деген екен.
Құрымбайдың жеті баласы бертінде жеті ауыл боп кетеді, әрқайсысына жүздеп жылқы, мыңдап қой бітеді; әрқайсысының, маңына он-он бес үйлеп қарашылар үйіріледі; әрқайсысы әлденешеуден қатын алады, олардан туған балалар да үйленіп жеке ауыл бола бастайды... Бай адамға бақ та қонуға тиісті. Ол кездегі ауылдың «бағы» — болыстық пен билік. Әсіресе, болыстық, өйткені соттау жұмысы ол кезде мировой судьяға көшіп, судьялар орыстан ғана боп, қазақ билерінің «қазақшылық» өкімнен басқаға өрісі тарылған.
Ауылдың ол кездегі «құдайы» да, «патшасы» да, болыс!.. Ілуде бір заң білетін теңдес байлар болмаса, болыстың бетіне жабайы қазақтан жан шыға алмайды. Өзгелерді былай қойғанда, қызмет иесі, — билер мен ауылнайлар да болыстың құлы, себебі, — болыс болатын адам оларды өз ырқына көнетіндерден ғана сайлап алады. Жоғарғы өкімет болса, болмаса да ол болыстың сөзін сөйлейді, себебі, болыс оның «аузын майлап» қояды. Жағдайы осындай болған соң, өктемдігін ол жүргізбегенде кім жүргізеді!.. Нұрғожа жиырма шақты жыл үздіксіз болыс боп тұрып, орта жасаған кезде, інісі Ыбырға береді. Мен Балықбай ауылында тұрған кездегі «Нәстәсіптің»59 болысы Ыбыр... Бірақ жұрттың айтуынша, — «Ыбыр жай ілдәбай ғана». Ол — Нұрғожаның «қолшоқпары». «Дүние сұмдықтың бәрін Нұрғожа өргізеді де, Ыбыр жусатады...» Со сияқты Нұрғожаға ауылда кімнің әлі келмек!.. Басқарып отырған болысында өзіне әлі келетін кісі жоғына көзі жеткен Нұрғожаның менмендігі де, қиянаты да шектен шыққан. Сондықтан ел оны қарғамағанда кімді қарғайды!..
БЕТПЕ-БЕТ
Балықбайдың үш ауылы Жамбатыр деген көлді жайлайды екен. Бұл көл — бес болыс Керей еркін сиятын радиусы жүз шақырымнан асатын кең жайлаудың көп көлінің біреуі ғана. Әр көлдің маңайы сыңысқан ел... Биылғы жайлауда ауылдың қабағы қатыңқы, өйткені соғыстың салдарынан дүниенің, әсіресе астықтың қымбаттығы кедейлерді аса күйзеушілікке ұшыратты. Олардың көбі ашыға бастады. Оның үстіне салық та көз ашырмайды. Соғыс зардабынан көбейген шығынды, болыс пен ауылнайлар кедейлерле тарттырады: берсе қолынан алады, бермесе тартып алады, егер аларлық ештеңесі болмаса, қазналық жұмысты тегін атқаруға айдайды. Ондай жұмыстан біразы қашқан болады, бірақ барар жері қайда олардың!.. Көнгісі келмегендермен, ауылнайлар мен болыстар қамшы үйіре сөйлеседі, талайлар қан-жоса боп таяқ жейді... Ауқаттылау адамдар қазналық жұмыстан парамен құтылады... Естуімізше, ауылнай, болыстар пара алудан байлық үстіне байлық жамап жатыр... Осындай ауыр күндердің біреуінде, Балықбай ауылы у-шу бола қалды...
— Не болды?
— Қазақтан да солдат алатын бопты...
— Оны кім айтыпты?
— Омбыға барған Торсан айтып кепті... Он тоғыз бен отыз бір жастың арасын түгел алады дейді.
— Ойбай-ау, онда, елде жігіт қала ма? Қате сөз емес пе екен?
— Торсанға жолығып келген кісі айтты.
— Сонда да анығын білу керек...
— Кімнен?
— Әрине, Құрымбайдан. Болыс білмесе кім біледі оның анығын.
— Ендеше шапқын жіберіп анығын білдіру керек.
— Кім барады?..
Шапқынға, әрине, Байжан мен Рамазан бару керек. Балықбайда болысқа тілдесе алатын солар ғана. Және шапқынға лайықты аттар да соларда... Оның үстіне: Байжанның екі баласының, Рамазанның бір баласы мен інісінің жасы солдатқа алынатын жастың ішінде... Салт атпен Құрымбай ауылына шауып кеткен олар тез оралды. «Солдат» хабары естілгелі құмырсқаның илеуіндей қайнап сапырылысқан көпшілікке олардың алып келген хабары:
— Рас екен!!..
— Енді қайттік?! — деп үрейлене шулаған жұртқа:
— Нұрекең де60 қайтсін — деді Байжан, — жұрт кісісі емес пе, жарықтық. Біз барсақ: «қайран жұрт-ай, енді күнің не болады?» деп еңіреп жылап отыр екен...
— Өтірік жылауы емесін қайдан білеміз? — деп күңкілдескен біреулерге Байжан:
— Тәйт әрі, оттамай! — деп Байжан ақырып тастады.— Өкпеге қиса да өлімге қияды деймісің ағайынды?... Торсанға кісі шаптырыпты, «бас қосып ақылдасайық, қайда жиналуын мақұл көреді екен» деп. Соны істеген кісі өтірік жылаушы ма еді...
— Өтірік жылар еді, — деді Рамазан, — егер өз басы аман қалатын болса. Санап көрсек, Құрымбайдың өз ұрпағынан жиырмаға жақын жігіт ілігеді екен. Өзгенің жасына жаны ашымай-ақ қойсын дейік өз туысқандарына жаны ашымай ма?..
— Қайдан білейік — десті әкімдер, — кеше елден жұмысқа жігіт алғанда Құрымбай тұқымынан жалғыз да жігіт іліккен жоқ. Сол сияқты, бұл жолы да солдатқа ылғи сорлыларды айдап, өз жігіттерін алып қалмаса!..
— Олай болса жалғыз Құрымбай ғана емес, әр ауылдың да бәйшігешінің баласы қалып қояды да, — десті біреулер.
— Жоқ, олай болмас! — деп ду етті көпшілік — егер өйтетін болса, әуелі соларды бауыздап алып, солдатқа содан кейін кетерміз... Кешікпей Нұрғожа мен Торсан Омбыға, губернаторға жолығуға жүріп кетіпті деген хабар келді... Бұл хабардан балды болғандар да, балсыз болғандар, да аз болған жоқ.
— Нұрғожаңды білмейміз ,— десті балды болғандар, — ауылдағы бізге қожаңдағанмен, жоғарғы ұлықтардың арасына өтімсіз дейтін оны. Жандаралға батып кіріп сөз айтпақ түгіл, урядниктің үйіне батып кіре алмайды дейтін. Және өзі орысша тілден «но» дегенді білмейді. Жандаралға ол сөйлесіп жарытпас. Оған сөйлессе Торсан-ақ сөйлеседі. Жандаралмен көңілдес те дейтін оны. Оның бетін бұрса сол-ақ бұрады, Нұрғожаңды қоя тұр. Омбыға кеткендер оралғанша ел іші шабыншылық болып жатты. Солдатқа барады-ау деген жігіттердің аты барлары ел қыдырып сөз тыңдауға жүрді. «Алатын бопты», «алмайтын бопты» дегендер алма-кезек ауысып сапырылды да жатты.
— Мәнәпес61 бопты, — деген сөз шығып қалды бір кезде.
— Не сөз ол? «Есіркеу» деген сөз көрінеді. Патша қазақты есіркеп солдат алмайтын бопты.
— Неге?
— Жалғыз баласы осы кезде туған екен дейді. Жыл сайын баласы туған кезде той жасайды екен дейді. Той жасап жатқанда, патшаның қолына домалақ қағаз түсіпті, ашып оқып көрсе, біреу патшаға: «Тақсыр мұның, қалай? Қазақты бағындырғанда, атаң солдат алмаймын деп, ит терісіне мөр басып бергені қайда? Атаңның антынан ауғаның ба? Өйтпе сен халықты жылатпа!.. Жалғыз бала ұстап отырсың, көптің көз жасынан қорық!..» деп жазыпты...
— Алда садағаң кетейін-ай, кім жазды екен мұны? — деп жылап жіберісті әркімдер.
— Мұны жазса Торсаң не Абылай ғана жаза алады. Өзгенің қолынан келмейді, — десті әркімдер.
— Тоқтаңдаршы! — десті біреулер, — мәнәпестің, жайын естиік!..
— Сонымен, — деді хабар әкелуші, — жаңағы домалақ хатты патша оқып, — атасының антын бұзғанға ұялыпты да, қазақтан солдат алынбасын деп мәнәпес таратыпты... «Мәнәпеске» сенгендей, аз күн шабыншылық бәсеңдеді де, тағы да көтеріліп жүре берді. Оған себеп, қазналық жұмыста жүрген қазақ жігіттерінің, ауылға қашып келе бастауы. Олардың айтуынша: «іште» жүрген қазақ жігіттерін ұстап ап, алдын соғысқа жөнелтіп жатыр...»
— Егер солдат алатыны рас болса, — деп гуілдесті жігіттер, — тірі кетпейміз бұл арадан... соғыста өлгенше осында өлеміз... Аты барлар аттарын жарата бастады, аты жоқтардың айтатыны:
— Арпалыс күн тумасын де. Егер туа қалса, жаяу отырып өлеміз бе?.. Байлардың жылқыларын ұстаймыз да мінеміз... Омбыға кеткендердің өзгесінен елге Нұрғожа бұрын қайтты деп естідік. Оның айтып келген сөзі: «Бұл жұмыстың тетігі губернаторда емес, патшада екен. Біздің Бекбайды тілмаштыққа алып, патшаға Торсан жүретін болды. Ол Омбыда қалды. Мен оған қаражат жинап жіберуге келдім...» Әркімнен барынша қаражат жиналып жатқан кезде, ел ішіне тағы жаман хабар тарай қалды:
— Нұрғожа алдаған екен — деген күңкіл шыға қалды бір кезде, — өзі Омбыдан қашып келген екен. Жандаралға Торсан ғана көрінген екен оны ұстап жауып қойыпты...
— Ендеше, елден ақша неге жинайды, бұл?
— Құрымбай тұқымының жемсауы қашан тойып еді. Тағы да жей түсейін дегені ғой.
— Өзге жеуі бір сәрі, егер мынадай кезде жесе, оның да өңешіне түйілер!.. Өтірік болар бұл хабар, егер рас болса, алдымен Нұрғожаның өзін бауыздармыз... Енді жұрт Нұрғожа мен Ыбырды аңдуға кірісті. Бұны сезген олар жайлаудан жоғалды...
— Қайда олар?
— Стапта!..
— Онда неге жатады?
— Олардың бұл жатыстары — жандарын қорғау. Елдің қаны қарайғанын біліп отыр да, бекінісі берік жерге тығылып отыр.
— Ол ғана емес, — десті, елді көп аралап келген біреу, — менің естуім: Стапта олар жай жатпай, пәле жасап жатқан көрінеді.
— Қандай?
— Қазақтан солдат алынуы анық көрінеді. Ендігі әңгіме, — кімді беріп, кімді бермеу. Осыған тізім жасалып жатыр дейді. Тізімге ылғи кедейдің балаларын ғана кіргізіп, байлардың балаларын алып қалмақ ойлары бар сияқты. Байлар болысқа параны өкіртіп беріп те жатқанға ұқсайды...
— Рас болды бұл! — десті көпшілік дуылдасып, біздің Байжан, Рамазан, Ыбырай үшеуі біраздан бері бәсеңдей қалып еді, өз балаларын тізімнен өшірткен екен ғой. Бұл хабар іс жүзінде расқа айнала бастады. Жігіт алу хабары шыққан кезде, Байжанның Жәркені қарагер атың Ерміші торы атын жаратып мініп, Балықбайдың ереуілдеген жігіттеріне көтермеші боп жүрді де, Нұрғожа мен Ыбыр Стапқа тығылғаннан аз күн кейін аттарынан түсіп үйлерінде отыруға айналды.
— Бұларың не? — деп сұрағандарға:
— Тәңірінің салғанын үйде отырып тосып алғаннан артығы жоқ, — десті олар. — Тырбанғанмен қайда барасың?.. Қолыңда қамшы мен сойылдан басқа не қаруың бар? Мылтықты он солдат шықса, жайлаудағы жігітіңнің бәрін қырып кетеді. Неңмен қарсы тұрасың, оған... Осы сөзді әр ауылдың да мырзалары айта бастады... Бірақ олар азшылық. Көпшіліктің аузындағы ендігі сөз:
— Мырзалар олай отыра алмас үйінде. Біз отырғызбаспыз олай. Егер отырамыз десе, ендігі ісіміз солармен түсер!.. Ызалы көпшілік сөзден іске көше бастады. «Пәленше байдың жылқыларын елінің жігіттері талап мініп жатыр дейді» деген хабарлар әр жақтан келді... «Пәлен жерде пәлен болысты, пәлен ауылнайды жігіттері сабапты... Пәлен жерде өлтіріп те тастапты... Урядникті өлтіріп кетіпті... Пәлен жерде өкімет қарулы әскер шығарып жігіттермен соғысып қапты...» деген сияқты хабарлар да дүңк-дүңк етті. «Ақмола жағында... Торғай жағында... Жетісу жағында жігіттер мыңдап жиналып, өкімет әскерімен соғысып жатыр дейді...» деп дуылдасты топталған жігіттер... «Торғай жақтағы көтерілген елді Аманкелді деген батыр басқарады екен. Оған атса оқ, шапса қылыш батпайды екен... Ол жүз мыңдай қол жинап соғысып жатыр дейді» деген хабар келді...
— Соған кетер ме еді! — деп арман етті бұл араның жігіттері.
— Қайда кетсек те, — десті жігіттердің көпшілігі, — әуелі Құрымбай тұқымынан кегімізді алып кетеміз. Нұрғожа мен Ыбырды өлтірмей ешқайда кетпейміз... Нәстәсіп болысының ереуілдеген жігіттері енді Нұрғожа мен Ыбырдың жолын аңдыды. Шілденің әуе айналып жерге түскен ыстық күнінің бірінде, бір топ жігіт Тайжан үйіне жиналып қымыз ішіп отыр еді:
— Уа, шығыңдар үйден! — деген үрейлі айғай естілді сырттан.
Жігіттер дүркірей шықса, көйлек-дамбалынан басқа киімі жоқ Байжан, ентіге жүгіріп келеді екен.
— Не болды? — десті жігіттер оған...
— Әне!.. Әне!.. — деді Байжан демін әрең ап, Жамбатырдың сыртын қолымен нұсқап. Ол жаққа қарасақ, көлді жағалай бір пар атты қашып келеді... Артынан көп салттылар қуып келеді... Арбалы мен салттылардың арасы шақырымға жақын...
— Кім болды екен?—деген сұрауға:
— Не Нұрекең... Не Ыбыр, — деді Байжан, ентіге әрең сөйлеп. — Қуып келе жатқандар дәу де болса Шақабай мен Құттының жігіттері... Өлтіреді олар... Арашалау керек.
— Аттанайық! — деп жөнеле беріп еді:
— Әуелі білейік — деді көпшілік — Нұрғожа да, Ыбыр да болмай басқа біреу болса — ұялып қалармыз.
— Егер олар болса ше? — деген сұрауға:
— Онда бірге бауыздасамыз, — десті көпшілік үн қосып.
— Астапыралла не, дейді? — деп, Байжанның тершіген күрең, кескіні қуқылданып кетті... Қашқан пар атты жақындап қалды... Беті Таудың Ыбырайының үйі... Салттылар да ұтып келеді... Айқайлап шауып келеді олар... Бұл ауылдың да атты, жаяулары Ыбырайдың үйіне ұмтылды... Шапқан қалпымен Ыбырайдың үйіне тақала берген пар атты арбадан екі адам қарғып түсе қап, біреуі үйге жүгірді. Шабысқа желігіп келген бос аттар ілгері қарай шаба жөнелісті,оларды ешкім ұстаған да, тоқтатқан да жоқ...
— Ыбыр! — десті үйге қашып кіргенді көпшілік.
Ол үйге кіргенде қуғыншылар да жетті. Байжан, оның екі баласы, Рамазан, оның інісі Әбу, Ыбырай, оның інісі Ахмет тағы бірнеше адамдар есікті басып тұра қалысты...
— Жібер! — десті аттарынан саулап түсе қалған қуғыншылар, есікті басып тұрғандарға.
— Сөзге келіңдер, сөзге! — деді Байжан бар дауысымен.
— Дос па едің, қас па едің, өзің? — десті ентелеген жігіттер, — дос болсаң жібер! Қас болсаң оныңды айт!.. Байжан тағы бірдемені айтқалы келе жатқанда, кеспелтек бір қара жігіт оны жағасынан қапсыра ұстады да, сілкіп кеп жіберді... Байжан ұшып кетті...
— Мынау қайтеді?! — деп Байжанның Жәркені кеспелтек қараға ұмтыла бергенде:
— Ол бүйтеді! — деп бірнеше жігіт қамшыны үстіне жаудырып жіберді... Есікті басып тұрғандар жауған қамшыға шыдай алмай бет-бетімен қашты... Жігіттер лап беріп үйге кірді... Оларға қыстырыла мен де кірдім... Үйде Ыбыр жоқ!..
— Ол қайда?!..
Жасаулы үйдің жүгін жігіттер қопарып шашып жатыр, біреулер төсек-ағаштың маңын тінтіп жатыр...
— Жоқ!..
Іргеден қашты дейін десе, айнала қоршаған кісі...
— Бұ қайда?!..
Қызы Беренді Нұрғожа інісі Оспанға зорлап алып беретін баяғы Шәйке де жүр екен үйге кірген топтың ішінде. Оның ашуланғанда бет-аузы қимылдап кететін еді. Сондай кескінді ол, — «Бұ қайдалап?!» ақыра бастаған жігіттерге:
— Ол мұнда болу керек! — деді, оң босағадағы ескі кебежені нұсқап, бет-аузы толқынданып кетіп, — май жеген Құрымбай тұқымы, майлы кебежеге кірген ғой жегісі кеп! Ар жағында ашуға булығып қалған Шәйке кебежені теуіп кеп қалды, кебеже оған қозғала қоймады... Долданып кеткен Шәйкенің шарасынан шыққан көзі, босағада жатқан балтаға түсті. Балтаны ала сала кебежені ол періп-періп жібергенде, тақтайлары бөлініп ұшып кетті... Ыбыр кебеженің, ішіндегі қарынға салған майлардың арасына кіре, шөке түсіп жатыр екен... Кебеже бұзылғанда ол қалшылдап тұра беріп еді, шауып жіберуге ыңғайлағандай, Шәйке балтасын көтеріп алды. Әлдекім оның балтасын ұстай алғанда:
— Жібер, өлтірем!.. — деп жылап жіберді Шәйке...
Анталап тұрған жігіттер, Ыбырды көріп алды да кетті...
Біреулер қамшы... біреулер жұдырық жаудырып, біреулер текпілеп жатыр... Әркімнің де кегі бардай, жұрт таласып ұрып жатыр... Ыбырдың табылғанын естіген тыстағы көпшілік кигіз үйге сыймасын көріп, үйді көтеріп әкетіп, алысқа төңкеріп тастады... Ыбырға жабылған жұрттың арасына адам кіріп болар емес... Мен шетке шығып қалдым... Өршелене ұрған жұрттың, аузындағы сөз — Құрымбай тұқымына ата-бабаларынан бері ұласқан кек!.. Аздан кейін арашашы көбейе қалды. Бастап жүрген-ер: Байжан, Рамазан, Салмойын, Бәйтемір, Күркебай, Мықан, Оспан тағы-тағы солар сияқты байлар, атқамінерлер... Сонда олардың айтатын сөздері: «Ыбырда не жазық бар?.. Момын бейшара емес пе еді, бұл, қой аузынан шоп алмайтын?..» Таяқтан әрең деп айырғанда, шала-жансар Ыбырдың кірпігі ғана қимылдады...
— Кегіміздің алды қайтты! — деп дуылдасты көпшілік — бірақ бұл бастамасы ғана... Түптемей қоймаймыз бұл кекті!.. «Торғайға кетеміз», «Еременге кетеміз» деген сияқты сөздерді айтқанмен, біздің араның көтерілген жігіттерінің өкімет тырп етуге шамасын келтірмеді. Кешікпей қарулы отрядтар шығып еді, көтерілісшілер оларға қарсы келе алмады... Ақыры приемға баруға жігіттер көнді... Олардың ендігі айтарлары:
— Бізді соғыс маңындағы қара жұмысқа алады дейді, одан да өкімет бізді солдаттың, өзіне алсын. Ажал біреу. Жай өлгенше, соғысып өлейік. Жігіттердің ол арызы тыңдалған жоқ. Олар майданның қара жұмысына жүздеп, мыңдап жөнелтіле бастады... Әрине, жөнелтілгендер — кедейлер. Байлардың балалары өкіметтің осы маңайдағы правиантын62 тасуға қалып қойды да, оны да өзі тартпай, орындарына кісі жалдады... Біздің жаманшұбарлықтардан майдан жұмысына аттанғандардың ішінде, менің туысым — Рақымбайдың Таспай деген баласы кеткен. Өмір бойы орыс поселкесінің малын бағып күнін көретін Рақымбай сол жылы «бауырсырап» Жаманшұбарға барса, аңсап барған ағайыны, — Нұртаза өз баласын майдан жұмысынан алып қап, орнына Таспайды жібереді. Сонда мен Таспайға мынадай өлең шығарып, елден алған адресімен майданға жіберіп ем...
Құтылу қиын болды мойын бұрып,
Інілік туысқандық көңілменен
Жылаймын жолыңа мен қарап тұрып.
Бақытың бір ілгері жүрді баспай,
Құрулы мылтық алдың, құрсаулы жау,
Қауіпке душар болдың сондай жастай.
Жоқ жігіт жанашыры жаман шығар,
Айрылып ағайыннан жалғыз кеттің,
Қиянат емес мынау адам шығар.
Құтқарар едім сені келсе әлден.
Келіп тат өз жеріңде қалған дәмнен!»
Майданға кеткен жігіттер туған жеріне 1917 жылы февраль революциясы жасалғаннан кейін қайтты. Олардың көпшілігі жаңа сана-сезімде келді, ол — таптық мақсатын түсініп қайту.
— Патша түскенмен өкімет байлардың қолында қалып отыр, — деп қайтты олар, — ендігі мақсат — байларды жойып, еңбекшілердің өкіметі — Советті құру!.. Совет өкіметін Қазақстанда құруға олардың бір жүйесі белсене қатынасты да, мысалы, азамат соғысының бір батыры Жақып Қыстаубаев. Ол туралы осы шығарманың екінші кітабында толық айтамыз. Жақыптар әр жерден шықты. Олардың әрқайсысы бір-бір шығарманың геройы. Тап тартысы майданда ғана қызған жоқ, тылда да қызды. 1916 жылы Қазақстанда болған халық көтерілісінің бір қызу ошағы Торғайда ұйымдасты, оны бастаушы — Қазақтың Чапаевы — Аманкелді Иманов. Жасынан байларға қарсы боп өскен ол, 1916 жылы, екі жақты қанауға қарсы қазақ еңбекшілері көтерілгенде, бұл зор оқиғаға жетекші болды да, большевиктермен байланысу арқылы, стихиялы қозғалысты саналы тап тартысына айналдырды. Оның арғы Қазақстанда Совет өкіметі орнауға Аманкелді бастаған қазақ еңбекшілері белсенді қатынасуға соқты. Совет өкіметі Торғайда құрылғанда, Аманкелді қазақта соғыстың бірінші қызыл комиссары боп тағайындалды. Ерлік күзетте ол дұшпандардың қолынан қазаға ұшырады. Бірақ дұшпан ол тіккен қызыл туды жыға алған жоқ. Қызыл ту көтерген қазақ еңбекшілері Коммунист партиясының бастауымен, туысқан елдердің, әсіресе ұлы орыс халқының жәрдемімен, бүкіл совет халқының қатарында, бақыт шыңы — коммунизмге жылдан-жыл биік өрлеп келеді...
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
АҚЫНДЫҚҚА ӘУЕСТІК
АЛҒАШҚЫ АЙТЫС
Жайлаудан қайтқан Балықбай ауылы Ақбалық көліне қонды. Қыстауынан алты-жеті шақырым жердегі бұл көлді ол ауыл көктемде және күздігүні жайлайды екен. Балықбайдың үш ауылынан басқа бұл көлді жағалай қонатын: Қараша, Анда, Телі, Салдат дейтін ауылдар бар екен. Салдат ауылы Тайжан ауылымен Жамбатырда да іргелес отырған еді, Ақбалықта да іргелес қонды. Бес-алты үйлі ғана бұл ауылдың дәулеттісі — Салдаттың Оспаны, өзі — со жылы Қапсыт руының ауылнайы. Бұл ауылда Гүлзейнеп, Рабиға, Ұлпан атты үш қыз болды, үшеуі де он бес, он алтының маңайындағы жаңа өспірім жас қыздар және сол кездегі менің ұғымымда, дүние жүзіндегі ең сұлу қыздар... Бұл қыздарды еске алып отырған себебім: менің алғашқы махаббатымды оятқан солар сияқты... Өткен жаздың жайлауы елде қаншама көңілсіз болды дегенмен, жастың аты — жас!.. Қандай қиындықты болса да көтеріп кететін жастықтың жалынды қуаты, 1916 жылдың дүрбелеңіне ұшыраған жігіттерді суын қайтарарлықтай жасыта алған жоқ. Олар бір жағынан ереуілдей, қиянат көргендермен күресе жүре, ара-тұра сауық-сайрандарын да ұмытпайды. Мысалы: ел іші шабыншылық болып жатқан мезгілдің өзінде, Қапсыттың, жігіттері «өлсек те ойнап-күліп өлейік» деп, көрші қонған біздің ойдағы Сибанның қыз-бозбаласын қонаққа шақырып, бір күні сауық құрды. Кешікпей Сибан жігіттерді де Қапсыттың қыз-бозбаласын шақырып, қонақ қып, ойнатып-күлдіріп қайтарды... Жеке қыз-бозбалалардың өзара махаббаттық қарым-қатынастары, әрине, өз алдына... Оны тоқтатар бөгет қайда бар!.. Қапсыт жастарының ойын-сауығына араласқанда, менің көзім, өзге қыздардан көрі Салдат ауылының үш қызына көбірек түсті. Махаббаттық өмірден тәжрибесіздігім бе, немене, үлбіреп қатар өсіп келе жатқан бұл үш қыздың бәрі де маған өзім қиссалардан білетін хордың қыздары яки «перизаттар» сияқтанады да тұрады. Жеке жолықтырған біреуі өзге екеуінен сұлуырақ сияқтанса, анау екеуінің біреуін тағы оңаша жолықтырсаң, ең сұлуы сол бола қалады... үшеуі бірге отырғанда қарасаң: бірінен бірін артық көре алмайсың. Кейде біреуінің өзге екеуінен көзі сұлулау көрінсе, енді біреуінің қасы сұлулау сияқты... үшіншісінің кірпігі өзге екеуінен сұлулау сияқты... Түр-тұлғаларын жалпы алғанда, бұл үшеуі, Ақан серінің:
Көргенім Гүл-баһрамда үш тоты құс»,
— деп сипаттайтын үш сұлуы сияқтанады да тұрады... Қазақтың ауызша өлеңінің біреуінде:
Жаз жайлап, күз жіберген көбеңменен,
Көргенде тілім батпас сөздерімді,
Жолдаймын саған қалқам өлеңменен»,
— дейді ғой. Осы өлеңдегі «көргенде тілім батпас» деген сөз бекерге айтылмаған. Жастық жайлауын шарлап дағдыланған біреу болмаса, қылауы түспеген кездің жаңа өспірім жігіті, ғашық ауызына жүрек сырын туралап нені айта алсын!.. Егер айта алмаса, олардың арасына дәнекер болуға өлеңнен артық не құрал бар!.. Ендеше, өлеңмен басталмайтын махаббат болады дейсіз бе!.. Салдат ауылының «үш тотысын» көргенде тілім батып айта алмаған жүрек сырын мен бір күні оларға былайша жазылған өлеңмен жолдадым:
Бұл алаңда үшеуіңе кім пар сұлу?
Таранған дария көлде үш аққудың
Көркіне кім болмайды іңкәр, сұлу!..
Үшеу-ақ боп жаралған тіпті азсын!
Қалықтап қаршығадай жүрген жігіт,
Көздерін үшеуіңнен неге жазсын!..
Біреуің бір қыз емес бірегейсің!..
Қаймақ емес қаймыжық кілегейсің.
Саусақпен кілегейден жесем іліп,
Қалмас ед жүрегімде ешбір арман,
Біріңмен жүрсем егер ойнап-күліп...»
Бұл өлеңді мен Досымбектің Бірімжаны деген менімен жасты жігіттен беріп жібердім. Бірімжан ол өлеңді Байжанның Ермішіне көрсетеді.
— Құдай берді, — деп қуанады Ерміш, — мен де сол қыздарға өлең, шығаруға ойлап жүр ем. Бұл өлеңді көшірейін де, өз атымнан жіберейін.
— Ұят қой ол, — деп Бірімжан қипаңдайды да, Ерміш өз сөзін қайталай берген соң көнеді. Көнбеске амалы жоқ. Бірімжанның үйі бұл ауылға кірме, — руы Керей емес, Бағаналы. Ескі ауылда кірменің еркі іргелікті атаның баласында, әсіресе ауыл ағасында. Бұл ауылдың «ағасы» — Байжан. Ерміш — Байжанның мырзасы. Жасы жиырмадан асқан жігіт бола тұра, ол майдан маңының жұмысынан да, правиант тартудан да қалып қойған. Ел жайлаудан қайтып Ақбалыққа қонғанда, Тайжан ауылында одан басқа бір де жас жігіт жоқ. Өзгелері қазына жұмысында. Ерміш меншіктенген менің жоғарғы өлеңім, жастар арасына тез тарай қалды. Бұл маған намыс болды да, Ермішке былайша деп өлең жолдадым:
Адамның біреуі ем мен сенгіш саған.
Таптық сен бір мылқауды көнгіш саған.
Жұмсайды арлы адам қолда барды.
Сөз таппас — сөйлегенді «менікі» дер.
Белбеуге түйіп алып ұят, арды.
Баймын деп әлде өзіңше тасынасың!
Мен жазған өлеңменен қорек қылма,
Өз малыңмен өзіңді асыра сен!»
Осы өлеңді алғаннан кейін Ерміш маған былайша жауап қайырды:
Жасыңнан жетім қалдың құдай қарғап,
Жаз қойын бағады деп Тайжан сені,
Молдалыққа емес, жалшылыққа алған жалдап.
Ғаламды жарық қылған күн мен айды.
Апарып сиырмен бірге неге қамамайды».
Ерміш бұл өлеңді маған менен оқитын Додақ дейтін баладан беріп жіберіпті. Додақтың шешесі — біздің Сибанның қызы, сондықтан оны жиен деп мен жақын тартатынмын, ол да мені жақсы көреді. Додақтың әкесі Сымайыл — ол кезде зор денелі, буырыл сақалды кісі. Ауыл адамдары оны «Май-ағаң» дейді. Жасында салдау болған Май-ағаң, со кезде де құндыз бөрік киіп, төбесіне үкі тағып жүреді, ойын-тойдан қалмайды, қыз келіншекпен әзілдесе кетеді. Мен ол кісіні жезде деймін. Ол да мені балдыз дейді. Ерміштің, өлеңін осы Май-ағаңа көрсетіп ақылдасып ем:
— Өзі де аямаған екен балдызым, — деді маған, — сен де аянба. Егер зорлық қылам десе, мында біз бармыз ғой, оған жем қып қарап отырмаспыз. Май-ағаңның, сөзіне арқаланғандай болдым да, Ермішке былайша жауап қайырдым:
Екенсің сөзің жасық, өзің семіз.
Дедің бе мені бұқа, немесе өгіз?
Оларға ойлап тұрсам өзің парсың,
Себебі ар-ұяттан безген жансың,
Бұл айтыс осыменен тына қалсын».
Ерміш бұл өлеңге жауап қайырған жоқ. Тек, одан кейін жолыққанда маған айтқаны:
— Бәлем, қолыма оңаша бір түсерсің, мен саған көрсетермін өлең шығарғанды!.. Ерміш екеуміз дүрдеараз боп жүрген күндердің, бір кешінде, бір шеті мен бір шетіне көз жетпейтін ұбақ-шұбақ керуен кеп қалды. Ақбалық басындағы ауылдың адамдары керуеннің алдынан салт кісі шығарып білдірсе, Атбасар жақтан правиант тартып келе жатқандар екен көпшілігі жат ауылдан. Араларында Ақбалық басындағы ауылдардың және біздің Жаманшұбардың правиантшылары да бар... Правиант тартудың өзін соғысқа барудан кем көрмей, жолаушыларын сағына күтіп отырған Ақбалық басындағы ауылдар алдарынан ұбақ-шұбақ шығып, жылап-сықтап қарсы алды. Мен өзіміздің жаманшұбарлықтарды қарсы алдым. Жаманшұбардан отыздан аса арбалы бар екен. Жігіттердің бәрі өзіме таныс туысқандар, бастаушысы — Тоғанастың Нәзірі. Нәзірдің қылжақбастау жігіт екендігі, осы шығарманың ілгерірек бір тарауында айтылған. Қазір ол байсалданып, сөзді салмақпен сөйлейтін бопты, айтқан сөзін Жаманшұбардың өзге жігіттері ақыл көріп тыңдайтын, тілін алатын бопты. Оның денесі де, кескін-кейпі де байсалданып, бұрынғы таразылау денесінің сүйектері сомданып толығыпты, жоғарғы ерініндегі бұрынғы қырбық қара сары мұрт қазір қалыңдап, былай да әдемі кескінін сұлуландыра, салмақтандыра түсіпті. Мұрты түсті қалыңдап алған сақалын ол қырып жүретін бопты. Бұл топта менің немере ағам Мұстафаның Қамзасы да бар. Көрмегелі төрт жыл болған Қамзаның бойы маған бұрынғысынан екі есе биіктенген сияқтанды. Ол қазір: иығына екі кісі мінгендей, кең жауырынды, шалқақ кеуделі, сом денелі, түбіттеніп қалған қара мұртты жігіт бопты. Бірнеше жылға ұласқан сағыну, көңілде бұрын жүретін өкпе-наздың бәрін жуып жіберген екен. Екеуміз жылап көрістік. Нәзір мен Қамза ғана емес, жаманшұбарлық жігіттердің бәрі де маған түр-тұлға жағынан түгел өзгерген сияқтанды: жастауы дыңдай жігіт болған, жігіттері сақайған!.. Мен оларға таңдансам, олар маған таңданып:
— Шырағым-ау, сен де сорайып, үп-үлкен жігіт боп қапсың ғой! — деседі. Адам өз бойының ескенің расында да, байқай ма. Қазір көрсем, бұрын менен екі есе ұзын сияқтанатын жігіттердің біразымен бойым теңесіп қапты: мысалы, денемнің әлі талдырмаштығы болмаса, бойымның ұзындығы Нәзірге жақындап қапты. Жігіттер жолшыбай Жаманшұбарға соққан екен сондықтан олар арқылы мен елдің де амандығына түгел қандым. Ақбалық ауылдарының, өз жігіттері болмаса, өзге ауылдардың жігіттері көліктерін ауылдан аулақтағы далаға ағытты. Правиантшылар өте жүдеп келеді екен: олардың көпшілігінің жеккен көліктері «кедейдің кершолағы» аталатын, күнқақты бір-бір керігі, сондықтан жолшыбай болдырып, ілбіген аяңға әрең жарап келеді екен; тарантас бірен-саран ғана адамда бар, көпшілігінің жеккені — екі аяқты қазақ арба және алыс жол мен ауыр жүкке жарамайтын ескі арбалар, сондықтан олар да жолшыбай қирап азап көрсетіпті, біразы жолда қап, басқа арба таппағандар, жүгін аттың, арқасына теңдеп апты; шалағай саймандар да жолшыбай үзіліп-созылып әуре-шікіре қыпты. Правиантшыларға өкімет азық бермейді екен. Үйден алып шыққан азық көбінде таусылған... Бірталайында азық сатып алатын ақша жоқ... Ашыққаннан ұрлық қылам деп, кей жігіт жолшыбай қолға түсіп, абақтыда қалып қойыпты... Осы жүдеушілік жаманшұбарлықтардың бойында да бар екен бірақ олар жолда ауылға соққандықтан, әркім шама-шарқынша киім-кешегің арба-сайманын, көлігін өзгертіп, жолда ауылы жоқтардан гөрі дұрысталып алыпты. Жігіттер көліктерін ағытқаннан кейін бір жерге жиналды да асқа отырды. Жаманшұбардан алып шыққан қымызды маған олар:
— Елдің дәмі, сағынған боларсың, іш, шырағым! — деген бауырмалдық жылы сөздермен берді.
— Бай кісі малға тойған ба? — деп қойды Нәзір, мен туралы айтып отырған туысқандық сөздерінің арасында, — әйтпесе, біздің Нұртаза ақсақалдың осы баланы осылай қаңғыртып жіберетін не жөні бар. Дәулеті жетпей отырған кісі емес. Қаптап жатқан балалары да жоқ. Бұ бала немере інісі. Осыны қолына-ақ ұстап, бір шүйкебас әперіп, бір күрке тігіп қойса ғой, санаттағы үйдің бірі боп, түтін түтетіп отыра береді. Амалың нешік. Соны істемейді.
— Неге істесін — деді Шақшау, кектінді дауыспен, — «Кедей байға жетем дейді, бай құдайға жетем дейді» деп неге айтты дейсің бұрынғылар? Байда қанағат жоғын көріп айтып отыр. Өзің байысаң да осыны істер ең.
— Мен істемес ем, — деді Дүйсеннің Кәсені дейтін момындау жігіт. — Көріне кім әкетіп жатыр малын. Тіршілікте ішіп-жеп, кемтарға қарасып өткеннен басқа не бар!
— Сиырың көбейіп келе жатыр ғой, бірер қыздың қалыңмалын орап алғандай боп, соның тең жарасын құдайы қып шығарсаң, осы баланың қалыңына жетіп жатыр, — деп Кәсенді біреулер әжуа қылды.
— Көлденең сөзді қоя тұрсақ қайтеді, — деді Нәзір, әжуа сөздер, көбейіп бара жатқан соң,— өлең тыңдап алсақ қайтеді.
— Мақұл, — десті өзгелері. — Бірақ айтатын кім?
— Мынау Сәбит ше? — деді Нәзір, өлеңші емес пе еді осы, ауылда жүргенде?
— Ие, ие... Айтсың айтсын! — десті көпшілік.
— Сен қиссаға тәуір ең ғой, жақсылау біреуін басташы! — деді Нәзір.
— Қисса емес, басқаны айтқызу керек бұған, — деді Тышқамбайдың Ақметі.
— Нені? — деді Нәзір.
— Осы бала өлең, шығаратын бопты деп естідім.
— Қойшы?!.
— Рас. Кеше біздің үйде Қалба63 қонып жатыр еді ғой, сол айтты. Балықбай ауылындағы Байжанның баласымен өлең шығарысып қапты бұл бала.
— Не дейді-ау, жаным! Рас па, шырағым? — деді Нәзір маған.
— Рас, — дедім мен.
— Ие қалай? — десті Нәзір де, басқалар да.
Мен айтыстың шыққан себебін баяндап ем, олар менен менің де, Ерміштің, де шығарған өлеңдерімізді айтып беруді өтінді. Мен айтып бергеннен кейін:
— Қап, қысқарақ боп қалды-ау! — деп өкіністі біреулері, — ұзақтау айтыспаған екенсіңдер.
— Бірақ айтыстың тоқталған түрі көрінбейді ғой, — деді біреулері, — жаңа басталған сияқты ғой. Ендігі жауап Байжанның баласында қалып отыр ғой...
— Жауап қайтарса, айтысамысың тағы да? — деп сұрады Тасбектің Дайыры.
— Неге айтыспасын, — деп шу ете қалғандарға, мен Ерміштің, қоқанлоқы сөзін айтып ем, Нәзір:
— Қарай көр, нар түйенің арық тайлағындай сорайған ана неменің ерімсуін! — деп кейіп қалды да, аз кідіріп: «қаңғырып жүрген жетім бала, болысатын адамы жоқ деп басынғаны ғой бұл», — деді.
— Жоламау керек кәпірге, — деді Дүйсеннің Кәсені маған, — сен жалғызсың ол — рулы ел. Және бұл Қапсыт деген сорпаға мас боп атағы шыққан қаугерек жұрт. Кім біледі, араларыңды шайтан кеулеп кетіп, жазымға ұшырап жүрерсің.
— Сен тоқтай тұршы! — деп Нәзір Кәсенді тоқтатып қойды да, — өйтіп дәсітбеу керек оны, — деді көтеріңкі дауыспен. — Бұның, елі-жұрты барын білдіру керек оған.
— Қалай? — десті әркімдер.
— Не «қалайы» бар. Мына тұрған жоқ па, ауылы. Ертең аттанар алдында барамыз да айтамыз.
— Не деп?
— «Қатынына ие бола алмай жүрген пысылдақ мұрын жаман Байжанның баласы емес пе едің» деп, «ала бұл, жаман шірік неме, кісі сабайтын к... саған қайдан келді?» деп; «Бес байтал бітті деп дәсиін деген екенсің... Қазына жұмысына ауылыңның жарлы-жақыбайын жіберіп, өзің үйіңде қап көкиін деген екенсің» деп; «Жаманшұбар деген елді білемісің сен? Әкеңді танытатынын білемісің? Мықты болсаң, қол қатып көр кәне!» деп...
— Ең қызығы, — деді ызалы үнмен, — өзін сабап алу керек.
— Қашан? — деді біреулер.
— Борышқа қаратып кісі сабай ма екен. Осы жолы сабаймыз да.
— Рулы ел сабата ма саған?
— Қайдағы «ру» ол? — деді Нәзір кекетінді дауыспен, ауылының жігіттері соған болысады деп отырсың ба?
— Неге болыспайды?
— Естімей келемісіңдер, неге болыспайтынын? Кешегі дүрбелең64 бетін ашып берген жоқ па жұрттың. Бізді осындай азапты жолға айдап, өздері үйінде мықынын таянып отырып қалған мырзаларды қайсымыз жақсы көріп келеміз. Жұрттың, бәрі де сондай. Балықбай ауылының правиантшы жігіттерімен сөйлестім. Байжанның баласын атарға оғы жоқ.
— Өкпеге қиса да, өлімге қияды деймісің, — деген Итаяқтың Құсайынына:
— Неге қимайды деп, — жекіріп тастады Нәзір, — қисаң, кеше дүрбелең қызған кезде, өз туысың Нұртазаны өлтіреміз деп қуған жігіттерге неге қосылдың? Құсайын күмілжіп қалды.
— Күмілжимісің! — деді Нәзір, — жұрттың бәрін де өзіңдей көр. Өзіңе жаны ашымаған туысқанның керегі не саған. Естімей келемісің: осы правиантта Байжанның не көлігі, не баласы жоқ. Өзі — Балықбайдың байының бірі. Соны қай Балықбай жақсы көріп отыр дейсің. Жақсы көргені сол, көбі «әй бәлем!» деп қолдарына түкіріп келеді. Кеңестің осы бір тұсында ауыл жақтан аттың дүбірі естіле қалды.
— О кім? — деп алаңдасты жігіттер.
Далаға жаққан оттың сәулесімен қараңғылана түскен түң алаңдаған жігіттерге аттыны тез көрсете қоймады.
— Орта толсын! — деді жігіттерге.
— Айтсын. Кемтігі сенімен толсын! — деді әркімдер.
Атты — Балықбай ауылындағы Сүлейменнің Асаны екен. Жігіттер оны қошеметтеп аттан түсіріп алды. Жасы сол кезде елуді алқымдаған, момын мінезді Асан амандық-саулық сұрасып аз отырғаннан кейін жаманшұбарлық жігіттерді қонаққа шақыра келгенін айтты. Оның айтуынша: көл басындағы бес ауыл жиналып кеңескенде, правиант тартып келе жатқан жат ауылдың жігіттерін үйді-үйге бөліп қонақ қып аттандырмақ болған. Жаманшұбар жігіттерін Асан мен Май-ағаң үйі алған. Қонаққа барған жігіттер таң ата тарады. Тарар алдында Нәзір Асанға айтып Байжанның Ермішін шақыртып алды да, оны мен мені ертіп оңаша шығып:
— Мырза, қысқа ғана айтатын сөзім бар, — деді оған.
— Айт, — деді Ерміш.
— Айтсам: құдандалы ауылсың. Біздің мына бір баламен араларында аздаған әзіл-оспақтарың бар екен. Соның артын сен кекке айналдырып, бұған жұдырық көрсете бастапсың...
— Оның мәні... — деп келе жатқан Ермішке:
— Сен тоқтай тұр, — деді Нәзір еркінсіген дауыспен, — мықтылығыңды сен ауылыңда қоңсың боп отырған Домалақтың Райысына, пұшық Теміркеге, болмаса анау Қалтақбас Өсіптің Мұқашына айт, маған айтпа!.. Ерегіспе сен менімен!.. Егер ерегіссең, үйіңнен суырып алып тепкілеймін. Саған болысқан Балықбайды көріп алайын. Кәне, ер болсаң шыдашы осыған!.. Әкелші қолыңды!.. Ерміш қолын ұсынған Нәзірге қолын да бермеді, жауап та қайтармады.
— Е, тәйірі! — деді Нәзір дауысын көтере түсіп, — «жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» дегендей бес байтал бітті деп көпірген екенсің. Мен білмейтін нең бар еді, сенің? Әкең жақсы болса, шешең Қожбан оң жақта отырғанда неге балалап келді? Оның Байжанға емес, Байжанның ағасы Бұйрабайға тоқтағанын білмейміз бе біз? Әкеңнің кегін қайтарып, Біркенің65 үйіндегі жеңгеңмен жақын болғаның біздің, құлаққа шалынбады деп білемісің?.. «Әй» дер әже, «қой» дер қожа жоқ боп тасығансың сен. Мұрыныңды көтергенсің. Бірақ есіңде болсың — деді Нәзір тістене сөйлеп, Ермішке жұдырығын көрсетіп, — мына жұдырық тисе, кеңсірігің жапырылып ішіне кіріп кетер!..
— Шақырғанда айтайын дегенім осы еді, — деді Нәзір аз кідіріп, — дауысын бәсеңдетіп, — есіңде болсын. «Иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» деген. Иесі жоқ деп ойлама сен Сәбитті. Мен саған «тие көрме» деп жалынбаймын, мықты болсаң тиіп көр!..
— Кәне, кеттік.Сәбит! — деді Нәзір жөнеле беріп.
Мен оның соңына ердім. Ерміш сол орнында қалшиып тұрып қалды.
— Қалай, дұрыс айттым ба, бала? — деді Нәзір былай шыға.
— Әрине, дұрыс! — дедім мен.
— Тыңдаса тыңдады, тыңдамаса қаймықпай айтыс! — деді Нәзір, — әуселесін көріп алайын оның. Бұған дейін туысым, жақтаушым жоқ, сияқтанып жалғызсырап жүретін маған Нәзірдің әлгі сөздерін естігеннен кейін «Менде де туыс, жақтаушы бар екен-ау!» деп шалқыған сезім пайда болды... Ерміш екеуміз қырғи-қабақ қарасқан қалыппен әлі де жүріп жаттық. Ауыл қыстауға көшіп қонған кезде «Ерміш берді» деп, Додақ маған мынадай өлең әкелді:
Тойынып жігіттікке бой ұрғанын.
Сынбасын, бірақ, сенің мойның, жаным.
Бірақ сен аңдап сөйле, желдей еспей,
Жел кеулеп өз шамаңды байқамайсың,
Тарс етіп жарыларсың үрген местей.
Желқабыз боп ерікті берме желге,
Менімен теңдесуге бойың тапал,
Болсаң да кем болмайсың маған пенде».
Мына сияқты пікірі жинақ, сөзі таза өлең келгеннен кейін тамырын қаза бастасам, өлеңді шығарған — Ерміштің, өзі емес, қайнағасы Баймағамбет екен.
— Сен бала, одан сақтан, — деді маған бұл мәліметті берушілер, — бұл маңайда Есілбайдың Ғалауеттенінен соңғы оқымысты жігіт сол. Турайскейде оқып, оқудың түбіне жеткен жігіт. Онымен теңдесу оңай емес.
— Қай жастағы жігіт? — ден сұрадым мен.
— Жасы осы Ерміштер шамалы болу керек. Бірақ әкесі қаршадайынан оқытып тастаған. Дүниеде білмейтіні жоқ.
— Бұл өлеңді қашан шығарып беріп жүр, ол?
— Байжанның үйіне жуырда қонып кетті. Сонда шығарса керек.
— Енді орала ма екен?
— Жақын арада тағы да келеді дейді. Турайскейде ноғайша оқыған екен оны бітіріп, енді Стапқа66 барып орысша оқимын депті. Бұрын атын естімеген және хабаршым жоғарғыдай қып сипаттаған жігітті көргім, реті келсе соның өзімен шайқасқым келеді. Бірақ ол келгенше Ермішке жауап қайтармай отырам ба?.. Оған соңғы қайтарған жауабымда «ар-ұяттан безген жансын» деген сөзді, немесе «аузымды қышытпа!» деген сөзді бекерге айтқан жоқпын да. Ерміштің туған жеңгесі Дәметкенмен өсегі барын жұрт рас қып айтады. Дәметкен — сол кезде отызды орталаған әйел. Ол Көшебе руында Қазыбай дейтін атақты кісінің қызы. Дәметкен — үсті-басың үй-ішін таза ұстайтың іске шебер, көрікті, сымбатты, сөзге шешен әйел. Күйеуі Біркені ол қыз күнінде менсінбей, келмеймін деп бұлғақтаған да, ел талқысына шыдай алмай амалсыз келген. Күнәлі ауыздардың айтуынша, күйеуін менсінбеген Дәметкен «жігітшілікті әкесінің оң жағында сапырған», келіншек болғаннан кейін де «күйек астысын» тоқтатпаған... «Аузымды қышытпа» дегенде, Ермішке менің, көздеткенім — Дәметкенмен арасындағы байланыс еді. Оған Ерміш түсінбеді ме, әлде түсінсе де қымсынбады ма, — ашуыма тиерліктей маған тағы да өлең шығарды. Нәзір айтқандай, менің ендігі міндегім — оған ұпайымды жібермеу. Осы мақсатпен тағы да жауап қайырғанда, «аузымды қышытқан» сөзімді жазбай тұра алмадым. Өлең былай боп шықты:
Жеңем деп, қара оның дәмелісін,
Қырсығып түлен түртті деген осы,
Өлердей бір таяқты жемек үшін.
Амалсыз шабам енді насырға мен.
Болмайтын болды енді жасырғанмен.
Десе де өзі мырза, малы бай бұл
Шын қаза сыр ақтарсам сен емес пе,
Тап берген енесіне жаман айғыр?
Ұмытқан ұяттарды, әдептерді.
Қармалап жүрмес едің Дәметкенді!
Білеміз сенің жаман өнегеңді,
Аяғың бәлем енді өреленді.
Өзіңнің аямаған немереңді!..
Әркімге болар едің тіске сыздық...
Тағы да тұщы болса осы тұздық».
Ермішке бұл өлең жіберілген кезде, мен Өсіп дегеннің үйінде тұратын едім. Нәзір айтқандай, ол — қалтақбастау, сары шал болатын. Шаруасы — осы ауылдың ең кедейі. Үлкен баласы Мұқаш жалғыз атымен правиантта жүр, ондар шамасындағы екінші баласы (атын ұмыттым) менен оқиды. «Өсіп пірәдәр» атанған ол шалдың мінезі мейлінше момын, ешкіммен өмір бойы «ей-шай» деспеген, ашты-тоқты бола жүре, кісіге телмірмейтін, қолда барына риза болатын, қанағатшыл, бар асын мейманына беретін мырза, тәубашыл, ңамазшыл — сопы кісі болатын. Мен де Өсіп үйінде күтімді болатынмын да. Бір үлкен, бір қашар сиырдың сүмесінен шыққан ақтың тәттісін ол маған бергізетін, қаймақсыз, майсыз шай ішпейтінбіз, өзге тамақты күтпейтінбіз... Бір күні Өсіп әлдеқайда кетіп, оның бой жетіп келе жатқан қызы Әлима түс мезгілінде қаймаққа былғаған ақ ірімшікпен маған шай беріп отыр еді, қолына жас шыбық ұстаған Дәметкен сұрланған кескінмен үйге кіріп келді де, маған таяла кеп жүресінен отырып:
— Әй, қаңғырған ит! — деді дікеңдеп. — Сал жігіт пен67 мені қашан ұстап ап ең, сен?
— Қайдағы Сал жігіт? — дедім мен түсінбеген бон.
— Мынаны сен жазбай мен жаздым ба? — деді Дәметкен, менің Ермішке өлең жазып жіберген қағазымды қалтасынан суырып. Мен бірдемелерді айтқалы келе жатқанымда, Дәметкен қолындағы шыбықпен тартып кеп қалды... Екінші тартам дегенде, оның шыбықты қолын ұстай алдым.
— Жібер! — деді долданған Дәметкен шыбығын жұлқылап, мен жібермедім. Сол кезде ашық тұрған есіктен, қораға кіре берген Ермішке көзім түсіп кетті. Оның қолында да шыбық... Үйге жүгіре басып келе жатыр... Халдің неге айналып бара жатқанын шамаладым да, әйнегі салынбаған терезеден аттым... Дәметкен, Ерміш мені Тайжан үйіне шейін қуды да, жете алмай қала берді. Менің артымнан Тайжанның үйіне кіруге олар бата алмады, өйткені ол үйде аюдай ақырған, тентек мінезді Сәлима бар...
БАЙМАҒАМБЕТ ІЗТӨЛИН
Ермішпен жанжалдасқаннан кейін Балықбайдан кетуге тура келді.
— Бізден көрген қиянатың, болса айт, әйтпесе, өзіңмен құрбы жігітпен жастық жөнінде жанжалдассаң, оған біз қанша кінәліміз? Бір тентекті көп боп тиюға шамамыз келеді. «Битке өкпелеп тоныңды отқа салма» дегендей, бір адамға өкпелеп жылы орныңды неге суытасың? Өйтпе, сен! Екеуіңді келістірейік. Бұдан былай саған тимейтін қылайық, — деп, менен балалары оқитын бұл ауылдың көпшілігі жібергісі келмеп еді, оған мен солқылдаңқырап та қалып едім, мені алып кетуге келген жездем Болатбай:
— Жылы сөздеріңе тәңір жарылғасын. Бірақ балдызымды тастап кете алмаймын. Қалай тастаймын: бір-бір жұдырығы күрзідей жуан білек, өгіздей өңкиген, ісінген немең жазатайымда салып қап, өлтіріп тастаса қайтем? Білегіне сүйенген пәле көрінеді оның. Пәледен машайық қашыпты. Қашпаса болатын емес оныңнан. Қоныстас отырған құдандалы елміз. Бір тентегіне бола арамыз ашылып кетер. Одан да, осындай құда да, құдағи да тиыш кезде балдызымды алып кетейін— деп болмады. Сөз осыған құйылғаннан кейін бала оқытқан күндердің еңбекақысына есеп қылмақ боп, Болатбай Май-ағақдікіне қонды. Май-ағаң оған арнап семіз серкешін сойды. Сол күні іңірде Додақ жаңа хабар әкелді маған. Май-ағаң маған анда-санда қисса айттырып құмарта тыңдайтын еді. Сол дағдысымен ол бүгін де қисса айтқызып отыр еді, кешке үйден шығып кеткен Додақ іңірде оралып келді де, «далаға шығып кет» дегендей көзін қысып ымдады. Қажетті бірдеме барын білгендей, мен әлденені сылтау қып қиссаны қызықтылау бір жеріне тоқтаттым да тысқа шықтым. Додақ ере шықты.
— Ерміштің қайынағасы кепті, — деді Додақ, мен сұрап үлгірмей.
— Кім? Баймағамбет пе?
— Иә, Күрілдек атаң68 үйі тоқты сойып жатыр.
Баруға зауқым соғып кетті де, ол үймен араздығым есіме түсе қап, Додақтан хат жіберуге ойландым. Көршілес үйге барып жазылған хат мынадай бір ауыз өлең боп шықты:
«Жоқ дейді бұл арада сенен ақын,
Ойым бар саған бүгін жолығатын.
Кездесіп болмақ едім саған жақын».
Додақ кешігіңкіреп оралды. Мен бұл кезде қиссаны аяқтап боп, Додақты шыдамсыздықпен күтіп отыр ем. Додақ менің қасыма жамбастап жатты да, үйдегі өзге адамдарға білдірмей, қолыма бір жапырақ қағаз қыстырды. Әдемі қолмен жазылған қағаздағы сөз:
Ақынға өзімді өзім баламаймын,
Солаймын деп атақты жамамаймын. «Бұл жерде сендей ақын жоқ» дегенді.
депті де, аяғына «Р. С.»69 қойып:
— «Ертең таңертең осы ауылдың қыстау ағашының сыртында жолығайық. Бүгін шаршап отыр ем, ренжи көрме. Жолығар алдында осы баланы хабаршыға жібере ғой. Құрметпен Баймағамбет» — депті. Ертеңіне таңертең Додақ арқылы екеуміз хабарластық та, қыстаудың сыртын орай біткен қалың ағаштың сыртында жолықтық. Уәделі жерге мен одан бұрын бардым. Аз күткеннен кейін ағаштан шыға берген ұзыншалау денелі, қалаша киімді біреуді «сол болар» деп қарсы барсам: аққұба өңді, сопақтау қушық бетті, ұшы істік қыр мұрынды, көк көзді жас жігіт. Кескіні аумаған орыс... «Әлде ол емес пе?» деген ой кеп кетті маған. Сонымды сезе қойғандай, жігіт маған жымия қарады да, қолын созып:
— Баймағамбет Ізтөлин, — деді. Мен де қол бердім.
— Сәбит деген жігіт сен боларсың, — деді Баймағамбет, алысқан қолын босатқаннан кейін.
— Болсақ болармыз.
— Көп күтіп қалған жоқсың ба?
— Жоқ.
— Жүріп сөйлесеміз бе, — деді ол.
— Өзің біл.
— Мына бір жақ әрі қырат, әрі жалаң дала екен — деді Баймағамбет, — «Шірік мая» аталатын көл жақ бетті қолымен нұсқап, — солай қарай жүріп қайтамыз ба?
— Болсын.
— Әуелі жақсылап бір-бірімізді біліп алайықшы, — деді Баймағамбет. — Сен де айт өз жайыңды. Мен де айтайын.
— Мақұл.
— Қайсымыз бастаймыз?
— Сіз біліңіз.
— Жасың нешеде сенің?
— Он алтыда.
— Менен үш жас кіші екенсің, онда. «Амандық ағадан» дейді. Соған қарағанда менің бастауым жөн. Бірақ әуелі сенің жайыңды біліп алғым кеп отыр.
— Оқасы жоқ — дедім де, мен өз өмірбаянымды қысқаша айтып бердім. Аса ықлас қоя, арасында сұрау бере тыңдаған Баймағамбет кеңесімді мен «жайым солай» деп аяқтағаннан кейін «да!» деген лебін біраз созыңқырай қайталап:
— Әне бір төмпеге отырсақ қайтеді? — деді.
— Мақұл.
— Шылым тартушы ма едің? — деп сұрады ол менен, қалтасындағы қызыл мен көк жолағы араласқан, оқалаған аузын қызғылттау баумен жиыра бүрген барқыт кисетін суыра беріп.
— Тартам, — дедім мен.
Кисетке мен өте қызыға қарадым. Өйткені бұндай кисет ол кезде кейбір мырзаларда ғана болмаса, жабайы бозбаланың қалтасына түспейді. Және жігіттердің ұғымында: ондай кисетті жігітке көңілдес қызы ғана сыйлайды. Бүктелген кисеттің арасына салынған жұқа ақ қағазды да мен таңданған көзбен ұстадым, өйткені ел ішінде ол кезде «не қат?» «қағаз қат!» Ақ қағазды шылым түгіл, базарға апарып сататын малына куәлік жаздыруға да таба алмай сандалып жүргендерді талай көргем. Кисетке біздің ел «күропке» деп атайтын, махорка бар екен. Пачкасының бағасы сегіз тиындық бұл махорка — біздің елдің шылымшы жігіттерінің көбінің қолына түспейтін зат... Жігіттердің ұғымында «күрөпкені» мырзалау адамдар ғана тартады, көпшіліктің тартатыны — пышақпен қолдан турайтын жапырақ темекі. Ол да кейбіреудің қолына түсе бермей, кеңсірігі қаңсығандар, түтіні ащылау қурайдың жапырақтарын талғау етеді. Баймағамбеттің, үстіндегі киімдеріне, кисетіне, қағазына, махоркасына қарап, шылымды бұрай отыра, ішімнен «бай адамның баласысың-ау, тегі!» деп қоям. Жасаған шылымды тұтатып алғаннан кейін шылымның сорған түтінін біресе екі танауынан, біресе аузынан кезекпен ақырындап шығарған Баймағамбет «енді өзімді таныстырайын» деп бастап, өз жайын баяндай жөнелді:
— Біздің руымыз «Уақ» оның ішінде, «Бұйдалы», — деді ол. — Біздің ауылды «Шәліңке» дейді. Ол біздің ұлы атамыз. Шәліңкеден Ізтөле, одан Қанапия мен Жәкі. Қанапиядан менмін. Әкемді Шәліңкенің Қанапиясы дейді, Ізтөленің бауырында өскендіктен, мен фамилиямды «Ізтөлин» қойдым.
— Біздің үй, — деді ол, — шылымын сорып ап, — он шақты үйлі ауылдың ауқаттысы: айғыр үйір жылқымыз, қонақтық қойымыз, бес-алты бұзаулы сиырымыз, бозғыл үйіміз бар. Әкем бірнеше жылдан бері Аққусақ болысының, біздің, Бұйдалыны билейтін ауылнайы. Қыстауымыздың аты Бөрлікөл.
— Біздің ауылда Құтыбай дейтін молда бар, — деді Баймағамбет, шылымын сораптай отырып, — жақын ағайынымыз. Қазір орта жасты кісі. Өзі мына Байжан үйіне күйеу. Қадымша оқыған адам. Әкем мені алғаш сол молдаға оқуға берді.
— Білем ол молданы, — дедім мен, — Байжан үйінде көргем: жылтыр, ашаң өңді, көселеу, кемиектеу кісі ғой?
— Дұрыс. Өзің ноғай молдаңнан қандай оқысаң, мен де Құтыбайдан сондай оқыдым. Екі-үш жылым босқа өлді. Соққан дүресі болмаса, оның оқуынан есімде қалғаны жоқ.
— Сондай азапта жүргенде, — деді ол,:— таусылған шылымын соңғы рет сорып, түбірін ерінмен ұшырып жіберіп, — бағым ашылғандай бір халге кездестім.
— Біздің үйге бір күні қонақ келді: қалаша киінген, қырбық қара мұрты бар, дембелше орта бойлы, қалың қабақты, қара бұжыр кескінді, таңқылау мұрынды біреу... түрі қазаққа келіңкіремейді. Оның жайын жайласа келе білдім: зады башқұрт екен. Сейіткерей Мағзұм деген адам. Бізбен көршілес Алдай руындағы Құрымсы ауылында мұғалім екен. Білесің бе, мұғалім дегеннің не сөз екенін?
— Білем, — дедім мен Баймағамбеттің бұл сұрауына «сонша надан көргені ме, мені?» дегендей, іштей аздап жәбірленіп. Мен оған біздің Жаманшұбарда бала оқытқан Ідірістің жайын айттым. Сұрауына сонда ғана ыңғайсызданғандай болған Баймағамбет:
— Көңіліңе алма, неге олай бұрады деп! — деді маған, мен сені «мұғалім» дегенді көрмеген болар деп ем, көрсең, — дұрыс. Қайда оқыған екен Ідіріс?
— Үпіде70 оқыдым, — деді ғой деймін.
Сейіткерей де сонда оқыған, «Медресе Ғалияда». Зады башқұрт болғанмен, тілінде қазақтан айырма жоқ екен. Қулықшыл, өлеңші жігіт екен. Қазақша және башқұртша өлең де шығарады екен. Менің де балалық шақтан өлеңге талабым болатын. Әкеме шығарған бір ауыз қалжың өлеңім ауыл арасына тарап кетіп қызық болған.
— Қандай өлең?
— Біздің бер жағымызда, жеті-сегіз шақырым жерде «Орымбай» деген ауыл бар, — деді күле сөйлеп, — сол ауылдағы жекжатымызға әкемнің берешек қойы болады да, қыстыгүні бір қара қойды шанаға салып ап жөнеледі. Күн әрі суық, әрі боран болса керек. Жеңілдеу киінген әкем тоңазып, атын айдап отырғанда, қойының шанасынан түсіп қалғанын аңғармайды. Бір кезде артына қараса, қап-қара бірдеме жүгіріп келеді. Әкем оны қасқыр екен деп ойлайды. Және — «қара қасқыр!..» Елдің ұғымында «қара қасқыр» мал түгіл адамды да жейді... Қорыққан әкем, атын сабалап тұра кеп қашады!..
— Иә, сонан? — дедім мен қарқылдап күліп.
— Ауыл жақын екен — деді Баймағамбет те қарқылдап күліп ап, — сасқан әкем, жекжатының қорасына шапқан қалпымен кіріп кетеді... «Не болды?» деген сұрауға «қасқыр, қасқыр!» деп әрең жауап береді.
— Сонымен, қойы не бопты?
— «Қасқырдың» шанадан түсіп қалған қой екенін білген олар тұра шауып барғанша, қойды қаңғырып жүрген бір қасқыр жеп кетіпті.
— Қап!..
— Осы жайда мен әкеме:
Түсіп қап, қорқып одан қашқаның-ай!..
Алақтап екі көзің сасқаның-ай!» —
деп өлең шығардым. Әлгі айтқан өлеңім осы.
— Қызық екен. Тағы не өлең шығарып ең ол кезде?
— Көр-жер өлеңдерім бар, қай бір өлең дейсің олар, балалық шақтың, балдыр-батпағы да.
— Ия, сонымен?
— Сонымен, әлгі Сейіткерей түнде маған да өлең айтқызып, «талабың бар бала екенсің» деп отырды да, таңертең «бұл баланы маған оқуға бер!» деп жабысты. Турасын айтқанда, әкем ығын-шығынды ұнатпайтын, қара қазандау сараң кісі еді, сонысына бағып, мені Сейіткерейге бергісі келмеп еді, әкемнің інісі Жәкі: «шығынын өзім-ақ төлейін», деп болмай, ағасын ақыры көндірді.
— Сонымен, Құрымсы ауылына барып, Сейіткерейден оқи бастадым, — деді Баймағамбет, тағы бір шылымды бұрап тұтатып алып, — өзіңе белгілі — «жәдит» оқуы. Түсінікті оқу!.. Миың болса, қонатын оқу!..
— Оқу қона кетті, — деді ол шылымын сорғылай түсіп, — аз күнде жазуға да үйрендім. Есеп, жағрафия, тарих, физика, табиғат сияқты ғылымдармен де таныса бастадым. Бұрын қараңғы дүния көрінетін «оқу», енді жұлдыздай жарқырай бастады. Бірақ осы оқуының өмірі ұзақ болмады.
— Неге?
— Бір жыл оқып, келер жылы араб тілінің «сарфынан»71 етіп, «нахуына»72 кіргенде, өзге пәннен де біраз тереңдеп қалғанда, мұғалімімізді урядник кеп ұстап әкетті. Бір ойында, жігіттер Сейіткерейді Жанкүміс деген қыздың қасына отырғызайын десе, қыз: «Орыс па, қазақ па, кім бұл өзі?» деп отырғызбайды. Жәбірленген Сейіткерей ойыннан кейін қызға мынадай өлең жазып жібереді.
Сын тағып көрінгенге күлетұғын.
Білем деп жаман қыздар жүретүғын.
Кеудеден тәкаппарлық сөнетүғын.
Тауыпсың бір мылқауды кенетұғын.
Қан мен сүт ақ жүзіңе араласқан!..
Тәрбие көрмей өскен бала жастан.
Кісіге сын таққандай не түрің бар.
Айнаға әбден байқап қарамастан.
Етпеді бейпіл сөзге жаным төзім.
Бойыңнан бұлан үркіп қашан ұшқан.
Адамша адамменен сөйлеспейтін,
Бойыңда асау-тарпаң бар мінезің,
Мен кіммін? — Осы өлеңді оқыған соң
Басқа адам түсіндірмей жетер көзің».
— Қалай екен? — деді Баймағамбет, өлеңді оқып болғаннан кейін маған күлімсірей қарап.
— Жақсы екен. Қыз не жауап қайтарыпты бұған?
— Не жауап беруші еді. Ерміштің саған қайтарған жауабы сияқты балдыр-батпақ бірдемелерді жаздырып жіберіпті.
— Сонан?
— Сейіткерейдің қайтарған жауабы одан да өткірірек болған соң. Жанкүміске болысқысы келгендер, өлең шығарып беретін кісі іздейді. Олардың тапқаны — ар жағында көрші отырған «Тоқты Сары» дейтін ауылдардағы Мектеппай болады. Соған өлең шығартып, Сейіткерейге жібереді.
— Бар ма ол өлең?
— Бар. Бірақ ол да қойыртпақ. Одан да Сейіткерейдің жауабын оқиық:
Сөйлесең ағызасың тілдің майын.
Келіп-ақ қалды, міне бір ыңғайым.
Иманын нәсіп етсін бір құдайым.
Білмей-ақ дәрігерлік қып, емдеу жайын73
Тұз бенен темекіні қайнатыпсың,
Құлқайды мазылкамен майлатыпсың.
Шыбықпен үй жағалай айдатыпсың.
Қызыл қан қотырынан шапшып шығып,
Қамза мен екеуіңді қарғапты ол,
Ашынып қотырлары аласұрып:
Қайғыдан көңілің дайым басылмасын,
Шабыма тұзды суды құя салып,
Шыбын жан енді неғып ашынбасын!
Қарадың жұртқа қалай кемерде, сен?
Бойыңда сондай күнәң бола тұра,
Несіне құмартасың өлеңге, сен?»
— Бұ қалай? — деді Баймағамбет.
— Өте қызық!.. Содан кейін?
— Надан ел емес пе қазақ? Біреуге өшіксе, көзін жұмып жібермей ме! Қастық іздемей ме оған?..
— Не қастық қыпты?
— Соғыс басталып жатқан кезде, өшіккендер «солдаттан қашқан» деп, арыз беріп, урядник кеп ұстап әкетті. Кейін естісек соғысқа жібертіпті. Маған да, ауылдағы өзге достарына да хат жазып тұрады. Кейде өлеңмен де жазады. Біреуі мынау, оқып көр!
«Жат жерден қайғыланып жаздым назым,
Білмеймін өмірімнің көбің азын.
Бұл хатты жазып отыр өнерпазың.
Аяқтан жүдеп жүрмін аңсап, сылтып.
Көңіл қош, аш, сөйтседағы, жүрек жыртық.
Өртеніп шіркін жүрек аһ ұрасың.
Дәміңді қашан маған татырасың?!»
Сейіткерейдің, тағы бірнеше өлеңдерін оқыдық. Оларда соғыстың ол кезде маған танық біраз ауыр бейнелері сипатталған екен. Баймағамбет ол өлеңдерге өз сөздерін араластырып, жүріп жатқан соғыстың, хал-жайынан маған бірталай мәлімет берді. Соғыстың не соғыс екендігі туралы, бұлар менің бірінші рет алған элементарлық мәліметтерім болды.
— Сейіткерейден кейін не істедің? — деп сұрадым мен Баймағамбеттен.
— Оқуға кеттім.
— Қайда?
— Троицкийге.
— Не оқуға?
— Қазақша мектеп те, оқу да жоғын өзің, білесің. Оқығысы келгенге екі оқу ғана бар емес пе: бірі орысша, бірі татарша. Сейіткерейден менің оқығаным — татарша, орыс школына түсуге жарамадым да, білетін бір адамның ақылымен Троицкийдегі «Медресе уазыйфаға» кеттім. Одан екі жыл оқыдым да, биыл екі себеппен бармай қалдым: бірі — алысқа барып оқуға қаражатым жоқ. Жоғарыда айттым ғой, — «әкем сараң кісі» деп. Оқуыма қаражат бермеді ол кісі.
— Енді қалай оқыдың?
— Троицкийдің маңайы — қазақ ауылдары. Сол ауылдардың медресеге түсуге білімі жетпеген балаларын оқыттым, әрине, жалданып; әрине — ауқатты адамның балаларын.
— Өз оқуыңа бөгет болмады ма, олар?
— Болғанда амалың нешік! «Ұрлық қылсаң ұсталасың, шөп жесең қақаласың» дегендей, қиын болса да оқыттым, — күн көру керек...
— Енді неге тастадың ол оқуды?
— Себебін айтайын деп келе жатыр ем, өзің киіп кеттік. Екінші себебім: ең зор оқу орыста. Орыс тілі «Медресе уазыйфада» оқылады. Қазір мен орысша дұрыс сөйлеп, орысша дұрыс жаза білем. Бірақ мақсат бұл ғана емес, мақсат — орыстың тілін ғана білу емес, орыс тіліндегі фәндерді де оқу, мәдениет жағынан, оқу жағынан қазақтан озық дейтін татардың да алдыңғы үлгісі — орыс. Орыстың әдебиеті де татардан әлдеқайда бай. Ендеше орыс оқуын шала білген кісі біздің заманда шын мағынасындағы мәдениетті кісі емес. Сондықтан мен татаршаны қойып, енді Стаптан орысша оқуға бел байладым.
— Стапта бар ма, ондай үлкен оқу?
— Маған жететіні бар, — деді Баймағамбет күлімсіреп, — және елге жақын жер, үйден аздап болса да азық-түлік алып тұруға болады.
— Саған да жүр дегім кеп отыр, — деді Баймағамбет, маған қарап, күлімсіреген кескінін салмақтандырып, — бірақ жағдай жоқ қой оған: әрі орысша оқымағансың, әрі қаражатың жоқ!..
— Солай! — дедім мен күрсініп.
— Ермішке шығарған өлеңдеріңді оқыдым, — деді Баймағамбет, — үмітті бала екенсің. Өлеңдерің жап-жақсы екен. Әрине, кемшілігі де көп. Бірақ сенің қазіргі білім дәрежеңе жарап жатыр. Бұл жөнде біраз кеңескеннен кейін мен Баймағамбеттен өз өлеңдерін көрсетуді өтіндім.
— Менде де қай бір жөнді өлең бар дейсің, — деді ол. — Жақсы өлең жазу үшің жақсы білім керек. Ол білім менде әлі аз. Татардың ақындарың орыстың ақындарын оқып отырғанда, өз өлеңіңді өлең деуге ұяласың! Әсіресе орыстың ақындарын!.. Ғажап өлеңдер соларда!..
— Кім деген ақындар бар? — деп сұрадым мен.
— Толып жатыр, — деді Баймағамбет, менің сұрауымды қызық көргендей жымиып.
— Мысалы?
— Мысалы, Пушкин! — деді Баймағамбет аузын толтыра сөйлеп: — Дүния жүзінде одан күшті ақын жоқ.
— Тірі ме ол?
— Өлген.
— Тірі қандай ақындары бар?
— Ұзақ сөз ғой, ол, — деді Баймағамбет, — бәрін қалай айтып тауысам. Және тоңазыңқырап та қаппын, көбірек отырып, енді жүре кеңессек қайтеді?
— Болсын.
Бір-бір шылымды тағы да орап ап, екеуміз түрегелдік те қатарласып ауылға беттедік.
— Дегенмен сен баланы оқыту керек екен — деді Баймағамбет, — және мүмкін болғанша орысша.
— Қайдан? Қалай?
— Бұл сұрауларыңа жауапты мен Стаптан жазып жіберейін. Ондағы жағдаймен танысайын. Мүмкін сәті түсер. Баймағамбеттің бұл айтқаны маған жай бір сөз көрінді де, оқудан үміттене қоймағанмен, оның өлеңдерімен танысуды арман еттім. Осы өтінішімді қайталай берген соң, Баймағамбет пальтосының ішкі қалтасына салып қойған тетрадын тағы суырып алды да, бірнеше бетін аударып, «мына біреуді көрші?!» деп маған ұсынды. Оқып көрсем, өлең:
Байлаулы, бекулі
Өмірімнің түйіні,
Ашуды тасытты,
Осының күйігі», —
деп басталады екен де:
«Ұмтылса адамзат,
Қанатты қомдайын!» —
деп бітеді екен.
— Әкем алыстағы оқуға жібермей жүрген кезде жазғаным еді, — деді ол, мен өлеңді оқып боп бетіне қарағанда. Оның «Қалқам шырақ» аталатын екінші өлеңін бастай бергенімде:
— Оқымай-ақ қой! — деді Баймағамбет.
— Неге?
— Жастық туралы жазылған ол, хұсусан, — қыздарға жазған... Бірақ бұл өлеңде ыстық махаббат жоқ, тек қана, бозбаланың қызға құмарлығы бар.
— Ендеше махаббаттық өлеңдеріңді көрсет.
— Ондай өлеңім жоқ, — деді Баймағамбет. күлімсіреп.
— Неге?
— Өлең жүректің шын сырынан ақтарылса ғана әсерлі болады. Шын мағынасындағы махаббаттық өлең — шын махаббаттан ғана туады. Менің әлі ешкімге шын махаббатым түскен емес, яғни мен әлі ешбір қызды шын сүйіп көрген жоқпын.
— Сондай қиын ба, ол?
— Басыңа түскенде білерсің,, бала. Әлі жасырақсың ғой!?... — деп Баймағамбет серпіліп алды да, — енді бірер өлеңді оқы. Содан кейін ауылға қайтайық.
— Болсын.
— Табиғат туралы жазылған мына бір өлеңді оқып көрші! — деп Баймағамбет. — «Түннің басталуы» деген өлеңін оқытты:
Күнбатыс қып-қызыл боп нарттай жанып...
Солтүстік қарауланған мұнарланып.
Сұрланған қас қарайып әрбір тарап.
Жиектен туып келед ай да қарап.
Жұлдыздар тау басында, төңіректен.
Түнеріп тұр жамырап аспан-көктен.
Келеді жоғары өрлеп көкжиектен.
Оқысып намазшамын жұрттың бәрі.
Осыдан әсерленіп, көңіл толқып.
— Мына өлеңің тамаша!.. — дедім мен бұған дейін ешкімнен кездестірмеген мынау өлең, маған қатты әсер етіп...
— Енді бір өлеңді өзім-ақ оқып көрейін — деп ол тетрадына қол созды. Қолына берген тетрадты ақтарыңқырап:
— Біздің елде «Пысылдақ Омар» дейтін мінезі, қатал, өзі сараң, жаңалыққа қарсы бір бай адам бар еді, мынау соған шығарылған өлең, еді, соны оқиын деді:
Шіреніп көкірегін көкке керіп.
Пысылдап көрінгеннен аулақ жеріп.
Өзі бай, жұрттан асқан артық малы.
Сондай қас жаңалыққа оның жаны.
Онымен шарылдасып қалады өліп.
Қалады жөні келсе басқа періп.
Жұмсайды қысымдықпен әмір қылып.
Жүреді жұмыскердің бәрі ығып.
Бір уыс ашуланса етер бәрің
Тамықтың кескініндей ызғары бар,
Мінезі қысып кетсе сондай тарын.
Өзіне байланысты болмаса ісі.
Ажары келіспейді қашып түсі.
Айбынмен жұрттың бәрін таңырқатып,
Саудаға тұс-тұс жақтан кісі айдап,
Байлықты молайтады үйде жатып!»... «Міне, қайда, өлең!» — дедім мен ішімнен, Баймағамбет оқып боп маған қарағанда.
ТАҒЫ ДА АЙТЫС
Балықбай ауылынан кеттім де, Жуанағаш аталатын ауылға орналастым. Кәсібім — тағы да бала оқыту. Жуанағашта ортадан артық дәулеті бар кісі жоқ. Ауылының бұрынғы бишігеші — Уақпайдың Омары екен ол өткен жылы өліп, ендігі пысықшасы Итікейдің Досмағамбеті боп қалыпты. Жалпы алғанда, бұл ауыл — ілгері санаттағы ауыл емес екен ауылына адамның емес, жердің аты қойылу себебі де содан. «Ендігі пысықшасы, — Досмағамбет» дегенмен, оның да қолынан қулық пен сықақтан басқа келері азғантай. Сол кезде отызды орталаған, сойдақ тіс, иегі көсе, сирек қана сары мұрты бар, имек мұрын, шегір көз, ақсары өңді, орталау, арықша денелі Досмағамбеттің бағатыны қулық. Маңайдағы елдің адамдарында кімнің, не кемшілігі болса, ол соны сықақ қып жүреді. Және өзі — сөзі мен кескінін сықақтаған адамының кескіні мен сөзіне сала қоятын, шын мағынасындағы артист. Оның сықағының көбі боқауызбен араласып жатады: және сықақтайтын қылыққа әркімдерді өзі итеріп жүреді. Бірнеше мысал алайық: Досмағамбеттің әкесі Итікейді шешесі қыз күнінде менсінбей, ел талқысымен әрең келген және келгеннен кейін де көзіне шөп сала берген. Ұмсынай — сөзшең, пысық кісі ал, Итікей — момын, бірақ мінезі томырық кісі. Бір күні мал төлдеп жатқан кезде, Ұмсынай үй ішінің адамдарына аяқпен айран үлестіріп отырады да, Итікейге кетіктеу қара аяқпен орта құйып береді. Сонда Досмағамбет шешесіне:
— Әй, апа-ай, бейшарасың-ау! Өзгемізге айранды бүтін аяқпен бергенде, әкеме неге кетік аяқпен бересің? Өзгемізге неге толтырып, оған неге орта бересің? Қыз күніңде менсінбей келген екенсің, осы кісіні, әлі де менсінбейсің, енді өлгенде менсінемісің? —деп кейіген болады. Баласының қулық сөзіне Итікей нанып қалады да, томырық мінезі ұстал кетіп, «әкеңнің...» деп боқтап жіберіп, қолындағы айран құйған аяқты әйеліне жіберіп кеп қалады... Ұмсынай бұға қойғанда, аяқ терезеге тиіп, шынысын сындырып далаға шығып кетеді... Досмағамбет күледі де қашып кетеді... Сол ауылда Мұстафа деген момын шал болды, тілі шолжың: «р»мен «л»ды «и»қып, «з»ны, «ж»қып, «с»ты «ш»қып сөйлейді. Мұстафаның Мұса деген баласы, Кәпен дейтін салдау, сараң келіні бар. Бір жылы Мұсаның соғымы семіз болады да, Кәпен Досмағамбетке ет асып бере қоймайды. Қыс ортасында Мұса Кәпенді төркініне әкетеді, үйінде шал ғана қалады. Бір күні Досмағамбет барса, шал сирақ-мирақ сияқты көр-жер етті асып отырады. Соны көрген Досмағамбет қуланып, шалға жатады да кейиді:
— Жақсыдан жаман туғансың сен! — дейді ол, — әкең Уақбай, мыңғырған Итемір байдың қызын алып еді. Өзің де текті жерден алып ең! Сол кезде төрдегі майың есігіңнен ағып, үйіңе келген жұрт тойынып шығып жатушы еді. Одан кедей болған жоқ ең сен. Міне, мына бір қуаяқ есігіңе келді де, кең дастарқаныңды тарылтты, берекеңді кетірді. Дәулетің де кер кетті. Жұрт безіп болды үйіңнен... Ақырында, өзіңе де жөнді ас бермеуге айналды... Әйтпесе, не қорлық мынау, сирақ-мирақ сияқты сіңірді же деп тастап кеткені?!.. Осындай сөздермен Досмағамбет Мұстафаның ашуын келтіріп алады да:
— Ерегескен соң сол ит келінің келгенше, соғымның жылы-жұмсағын жеп қой! — дейді.
— Оны іштей ем-ау! — дейді Мұстафа, — бияқ, киті құйғи жоқ, қойда! Шошаяның ешігіне жамок шап, китін айып кеткен қағынған кейін!..
— Төбесінен түсу керек! — дейді Досмағамбет.
— Қаяй?
— Мен беліңе арқан байлап түсірейін.
— шаяиды...
Мұстафаны Досмағамбет шошаланың шаңырағынан түсіреді де әуелі соғымның қайдағы семіз мүшелерін арқанмен көтеріп алады. Содан кейін тоңған Мұстафаға:
— Сен шал, осы еттен маған жегізесің бе, жоқ па? — дейді.
— Оны көйейміж, — дейді Мұстафа.
— «Көйейміж-мөйейміж» дегенді қой, — дейді Досмағамбет, екінің, бірі: етіңді берер болсаң шығарам да, бермесең, шығармаймын. Мұстафаны ол осыған көндіріп аузынан ант алады да, шошаладан шығарады. Екеуі етті күн сайын асып кенеледі... Жаңгісінің біреуі Нұрымбет аталатын елден қыз айттырған екен. Сол қызды алып қашпақ боп Жаңгісі жиналып ақылдасқанда, Амантай деген кісі:
— Ағайынның ұжымынан, мұздай74 шығу қиын, әйтпесе мұздай, сол ауылдан мұздай құда болғалы жүрген жерім бар еді. Мұздай ынтымақтан шықпайтын, бірақ, мұздай, сезіп қалатын күн болса, менің барымды мұздай білдіре қоймассыңдар, — дейді.
— Жарайды, — деседі жұрт. Досмағамбет Амантайдың бұл сөзін ішіне түйіп алады. Амантай оның әкесімен құрдас екен. «Әкесі құрдастың баласы — құрдас». Қыз алып қашатындар түнделетіп барса, қыздың ауылы хабарланып қойып аттарын ұстап дайын отыр екен жатады да қуады... Бұлар жатады да қашады... Беттері қалың ағаш... Досмағамбет пен Амантай қатар қашып келе жатады. Сонда Досмағамбет оны танымаған боп:
— Уау, әлгі Амантай қайда? — дейді серіктеріне қатты дауыспен.
— Мұздай қасыңда келем ғой! — дейді Амантай Досмағамбетке.
— Айғайлама!
— Уау, Амантай жоқ! — дейді Досмағамбет, — оның сөзін естімеген боп, бұрынғыдан да қатты айқайлап...
— Жағың қарыссын-ау, мұздай, қасыңда келемін деген жоқпын ба? — деді Амантай ашуланып. Досмағамбет оны да естімеген боп:
— Ойбай, Амантай жоқ, ол қолда қалды! — деп бар даусымен айқай салады. Сонда, не қыларға білмей сасқан Амантай:
— Әкеңнің ғана аузын... уа, мұздай, менде әкеңнің құны қалып па еді, мұздай осынша масқаралайтын? — деп Досмағамбетті сабайын десе, аты еркін келе жатқан Досмағамбет жеткізбей қашып кетеді.. Шолан шал деген кісі «б»әрпін «п»қып сөйлейді екен. Сол Шоланға баласы базардан жаңа резеңке кебіс әкеп береді. Кебісті киіп масаттанған Шолан қыдырып Досмағамбеттің ауылына келеді де, Үлберген деген кемпірдікіне барып қымыз ішеді. Сонда үйде отырғандардың көңілін кебісіне бөлу үшің малдасын құрып отырған Шолан кебісін шешпеген екі аяғын тізелеріне кезек-мезек артып:
— Әй, Үлпергең Үлперген! Піздің әлгі пір пала, осы пір кепісті әкеп еді, пұның пояуы қайтсе кетпейді? Сен соны пілемісің? — дейді. Үлберген:
— Қайдан білейін, қайнаға, — дейді.
— Ыстық сумен бірер күн жусаң бояуы сақталады, — дейді.
Соны істеймін деп, Шолан бір жуғанда кебісінің, бояуын кетіріп алады... Стапта болатын базардың біреуінде, Нұрғожаның ағасы Жапаш, он шақты ат апарып сатады. Мезгіл — қыс болса керек. Шанаға жеккен атының божысын Досмағамбет ұстап барса керек. Аттар сатылғаннан кейін Досмағамбет «маған базарлық әпер», десе, сараң Жапаш әпермейді. Екеуі базардан қайтарда, Жапаш:
— Кеше майлы етті көбірек жеп жіберсем керек ішімді бұзды, — дейді. Осы сөзді көңілге түйген Досмағамбет, қаладан ұзай Жапаш дәретке отырам дегенде:
— Апырай, Жапеке-ай, — дейді үрейленген дауыспен, — кеше сен ат сатқанда, шанасына көк ат жеккен бір топ орыс сені жағалай беріп еді, ішімнен «осылар қызыға ма, қалай?!» деп секем алып ем, сол көк аттылар қаладан бізге ере шықты да, қыр-соңымызға түсті. Аты қарулы екен иттердің. Бізді ұтып келеді. Сізді қорқытпайын деп айтпай келе жатыр ем, енді қайтеміз? — дейді. Жапаш сенбегендей артына қараса, көк ат жеккен біреулердің келе жатқаны да, жүрістерінің екпінділігі де рас!...
— Айда, атты! — дейді сескенген Жапаш. Досмағамбет айдай жөнеледі.
— Әлгілер қалды ма? — деп сұрайды, Жапаш, бір аздан кейін.
— Қалғаны сол, — ұта түсті...
— Енді қайттім? Қысылып барам!..
— Қысылсаң амал нешік?!..
— Бүліндім! — дейді Жапаш бір кезде Досмағамбетке.
Жол сол тұста екі айырылады екен: бірі жақын жердегі Нұрымбет ауылына барады, бірі алыстағы Жапаш ауылына тартады. О жақ — жазық дала...
— Нұрымбетке бұрылмасақ, бұлар бізге жетуге айналды, — дейді Досмағамбет сол арада.
— Бұл қалпыммен қалай барам? — дейді Жапаш.— Ешкімге түсе алмаймын ғой...
— Амал қанша! Ұяламыз деп, көрінеу көзге қалай өлеміз? Құдаң Қыпшақпайдың Рахымының үйіне түсерміз. Сізді сырқаттанып келе жатыр дермін де, орап жатқызып тастап, таң ата жүріп кетерміз. Жапаш осыған амалсыз көнеді де, Досмағамбет Рахым аулына аттың басын бұрады... Көк аттылар ілгері кете барады. Құдасының үйіне ауру қып түсіргенмен Жапаш сияқты бай құда келген соң, ауыл адамдары жиналмай қойсын ба?!. Олар қаптап кеп отырып ап, сырқат жайын сұрай бастайды. «Құда ауру» деген соң, Рахым «тамырын ұстасын» деп, көрші ауылдағы ишанды шақырады... Сонымен, қысқасы, Досмағамбет Жапашты құдасының ауылынан масқарасын шығарып аттандырады...
— Оның не? — дегендерге:
— Сараңдығының сазасы! —деп жауап береді ол.
Досмағамбеттің ойыншылығы сондай, соның, қуланам деуінен туған нағашысы Ғалауетден бір ретте, 1919 жылдың күзінде атылып қала жаздайды. Ғалауетден — байдың, баласы және орысша оқыған жігіт. Қызыл Армия 19 жылдың күзінде Челяба жақтан таянып қалғанда, Ғалауетден бес жүздей сауда өгіздерін айдап, қасына Досмағамбетті ертіп кете барады, беті — Семей, одан әрі — Қытай... Бірақ олар Шыңғыс тауына жақындаған кезде, Қызыл Армия алдын орап кетеді... «Қарға тамырлы қазақ» дегендей, Шыңғыс тау маңынан Ғалауетденге туыс табылып, сонда паналайды да, ақша салған сандығын үйдің, ішіне көміп, үстіне төсек салдырып, жаман киіммен сырқат адам боп жатады. Сол ауылға қызыләскерлер келіп, үйдің қасында тұрған Ғалауетденнің әдемі тарантасын көреді де, сатыңыздар деп өтінеді. Сонда Досмағамбет орыс жігіттеріне қазақшылап, төсекте жатқан Ғалауетденді көрсетіп:
— Арба анау боржойдікі! — депті, қуланып, — өтірік ауырып жатыр... Астында сандыққа тығылған ақшасы бар!.. Әскерлер Досмағамбеттің сөзіне түсінбей күледі де қояды.
— Иттің ғана баласы-ау, — депті Ғалауетден, әскерлер аттанып кеткеннен кейін ашуланып, — осындай да ойын бола ма екен?!. Түсінбеді, — жақсы болды!.. Ал, түсінсе ше?
— Іштерінде қазағы жоғын көрген соң айттым да, — депті Досмағамбет күліп.
— Татары болса ше? — депті Ғалауетден долдана түсіп, сөзіңе түсініп мені тінтсе ше? Астымдағы ақшаны тауып алса ше?.. Не істер еді, сонда маған?
— Атар да тастар еді! — депті Досмағамбет.
— Сонда, атсын дегенің бе, мені?
— Неге атады? Ойнағанды білмейтін бала деймісің оларды?..
Қулықшыл Досмағамбет мені тағы бір айтысқа салып жіберді. Жуанағаштың балаларын оқыта бастаған кезімде, Жаңгісінің «Қойғара, Шойғара» аталатын ауылынан, он екі, он үш жастағы Мұхаммедияр деген бала маған оқуға келді. Шамасын байқап көрсем, мен оқыта алатын бала емес. Жуанағашқа көрші Көлбай ауылынан менен бір жыл бұрын Уфадағы «Медресе Ғалиядан» кеп жәдитше оқытатын татар мұғалімі тұрады да, Мұхаммедияр содан оқиды. Бұрын да қадимше сауаты бар, ересек Мұхаммедияр бір жазда татар мұғалімінен есептің төрт амалы, география, табиғат тану, татар тілінің «сарфы» мен «нахуы» сияқты ғылымдардан хабарлар боп қалады, Оның үстіне араб тілінің де «сарфы» мен «нахуын» оқып, «дүруссо-ашшифаһия» сияқты хрестоматиясын жаттап, аздап арабша да біледі. Бұлар — менің өңім түгіл түсіме де кірмеген оқулар. Ендеше Мұхаммедиярға мен қалайша сабақ бермекпін!.. Менің шамамды көрген ол аз күн болды да үйіне кетіп қалды. Қалжыңдаса беретін Досмағамбет, бір күні маған:
— Ештеңе естідің бе, бала? — деді.
— Не естимін?
— Мұхаммедиярдың сен туралы не деп жүргенін?
— Не депті? «Оқу түгіл шайтаны да жоқ» депті. «Әліпті таяқ деп білмейді, өз атын әрең жазады» депті. «Мені оқытуға оның шамасы келмейді, оны оқытуға менің шамам келеді» депті...
— Айта берсін — дедім мен сыр бермеген боп, бірақ ішімнен қорланып.
— «Айта берсін» деген сөз бе екен?— деді Досмағамбет. — Ертең бұл хабар елге жайылса, сенде не құн қалады сонда? Жақсы бол, жаман бол, — біз сені қанағат көріп, молда қып ұстап отырмыз. Ементай баласының тақымы толмағанмен, біздің ақылға жарап жатырсың. Біз олқысынып жүрген жоқпыз. Осы сөзді естігелі намысым кеп өлейін деп жүрмін.
— Несіне намыстанасың?
— Намыстанбағанда ше! — деді Досмағамбет ашуланған болып, — бір ауылдың имам көріп отырған молдасың әлдекімнің шатадан туған ала бұт немесі түкке тұрғызбай жамандап жүрсе?..
— Шата ма еді ол?
— Әрине, — деді Досмағамбет.
— Қалай?
— Оңқайдың Тұрсынбайын білемісің?
— Білем.
— Соның баласы ғой, ол?
— Қойыңыз!
— Рас. Шешесінің аты — Айсұлу. Ементайды ол менсінбей, Тұрсынбайға тоқтаған. Екеуі жақын ағайын, — Темір қалпенің тұқымы.
— Солай еді де!.. — дедім мен елегізіп.
— Солай! Ал, енді, сен де қарап отырма. Өлеңді кісіден сұрайтын емессің, қатырып өлең шығар өзіне. «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, Балықбай ауылында болған айтыстан аузым күйген мен Досмағамбеттің елірткеніне алғаш көне қоймап ем, қыр соңымнан қалмай жүріп, бір өлеңді еріксіз жаздырғандай болды, ол:
Сәбиттің оқуы аз деп жұртқа жайып,
Сөйлепсің көрген жерде бетіңменен,
Осыдан басқа, сірә, таптың ба айып?
Шалдырдың маған мінез теріс ыңғайдан.
Тусаң да күйек асты Тұрсынбайдан.
Серілік өлеңшілік қонған жігіт
Сондайды әкем деуге көрме ұят,
Кеудеде намысы бар оңған жігіт?
Өсекші әрнені айтып шалықтамақ.
Әуелі өз әкеңді анықтап ап».
— Өй, Сәпкең-ай, жарадың! — деді Досмағамбет, жазылған өлеңді оқып бергеннен кейін қағазын бүктеп қалтасына салып. — Бүгін жіберем біреуден. Бірақ есіңде болсың біздің бұл Жаңгісі — өлең қонған ел. Басы Аяпбергеннің Қайралабы боп, Жамантай пірәдәр боп, со Тұрсынбайдың өзі боп, шетінен ағып тұрған өлеңші. Сенің үстіңнен жаудырады олар өлеңді. Қапы болма, қамдана бер: Балықбай ауылындай біздің ауылда саған ешкім таяқ алып ұмтылмас. Оған бермеспіз. Өлең жағынан бізден тиер жәрдем жоқ саған. Досмағамбет қалтасына салған өлеңнің жауабы кешікпей келіп қалды:
Жүрсе де қайыр тілеп пақыр болып,
Өз атын зорға жазған молда оқуың
Оқи ма есі бар жан мақұл көріп?
Жасыңнан заржақ бопсың өлең жаттап.
Жазыпсың білгеніңді қағаз-хаттап.
Молдалық неге керек балдыр-батпақ?
Бақсының тұқымысың бойың қызба
Бұл қылық отырғызар сені мұзға
Болғандай әкең Мұқан маңғаз мырза!..
Тасқының сенің мұнша ненің желі?
Жалшы боп әкең Мұқан өлген жоқ па,
Маңдайдан соры кетпей екі елі.
Жөніңді білмей босқа бұрыс жүрсің.
Қисаймай әліңді біл, дұрыс жүр, сен!»
— Жамантай пірәдәрдан басқаның қолынан келмейтін өлең екен мынау! — деді Досмағамбет. Аяқ тастасы соныкі екен. Соған қадалу керек енді!..
— Не деп?
— Жамантайдың Дәулет деген ағасы болған, оның Зәкеней деген қатыны болған. Дәулет өлген соң Зәкенейді Жамантай алған. Дәулеттен Есентай, Әміре деген балалар қалған. Әмірені Жамантай кішкене күнінде бауырына сап, бала қып асырап алған. Ержеткен соң оған қалың беріп қатын әперген. Әміре кешікпей өліп, оның әйелін Жамантайдың өзі алған...
— Қойшы?!..
— Рас. Бүкіл ел біледі. Нанбасаң сұра.
— Апырай, ә?!..
— Ел де сол кезде бұл жұмысқа сілтідей тұнып, Жамантайға да, көліне де лағнат оқыған. Көптің қарғысы шыдата ма, келіні кешікпей, жерошақта қайнап тұрған құртқа түсіп кетіп, күйіп өлген. Жамантай содан кейін ғана тәубаға кеп, ишанға барып қол тапсырып пірәдәр болды. Осыны өлеңге шығару керек... Досмағамбетке сенбегендей, көлденең кісілерден сұрастырып көрсем, бұл оқиғаның болғаны рас екен. Білетін кісілердің айтуынша, оның өлең шығаратыны да рас болды. Мысалы, Досмағамбет аулында, Далабай дейтін өзімен тұстас адамның үйіне Жамантай бара қалса, әйелі Қани жөнді сыбаға асып бере қоймайды. Сонда Жамантай отырып:
Келіп қонса Тұрсынбай
Алалайсың мейманды.
Өзі жалғыз Далабай
Көзіне шөп саласың
Төбеңнен құдай ұрсын-ай!..»
депті. Осы сияқты оның өлеңдері толып жатады екен. Бірақ Жамантай хат білмейді екен. Маған келген өлең хат білетін адамның ойланып отырып жазғаны сияқты. Досмағамбетке сол туралы айтып ем:
— Оның да жөні бар, — деді ол, — Тұрсынбай жәрдемдескен болды онда. Ол хатқа жүйрік кісі.
— Қайралап та ақылында болмады ма екен осының, — деп қойды Досмағамбет, — айтыс дегенге жаны құмар болушы еді оның. Оның Торсанды жамандап шығарған өлеңі бүкіл елге тарап кеткен. Керей, Уақтың өткен жақсыларына шығарған да өлеңі бар. Мысалы:
Артында дос-жараны болған құса.
Бозбала жігіт болсаң соларға ұса?
Піскен асқа кім келмес табақтағы,
Молдадан хат біледі сабақтағы,
Кісінің түркі оқыған ғалымы еді-ау.
Кешегі өтіп кеткен Жамақдағы...
Бірдей өскен жақсы ғой мал-бастағы.
Кешегі өтіп кеткен Байтастағы.
Тіліне әзәзілдің жүрген азбай,
Туар ма енді қайтып қатыннан ұл,
Кешегі өтіп кеткен Құнияздай.
Жолықтың әлде кімнің назарына-ау!..
Қамалып түстік міне, азабына-ау!»
— Қалай өлең? — деді Досмағамбет.
— Жақсы.
— Қайралап та сөзсіз қатынасты бұған. Оны да қосып жібер!..
— Оның не мінін айтамыз?
Досмағамбет Жаңгісінің толып жатқан мінін айтты. Оның бәріне құлдық ұрып, қабылдай берген жоқпын, өйткені «Досаңның» итермесі де көп болатынын жақсы білем. Дегенмен Жамантай пірәдарға жауап беру қажет боп, былайша жазылған өлең жіберілді:
Жолынан бұл Жамантай жаман тайған.
Кезінде мүлгігенмен ол қартайған.
Хайуанға бұдан артық қызық қандай,
Бұл үшін миллион намаз өтесе де,
Тамыққа жанар екен шыжып қандай!
Күнәңді ол сопылық өтей алмас,
Қылсаң да ғибадатты күні-түні
Тамыққа сенен тете адам бармас...
Айтыс осылай жүріп жатты...
ҒАБДОЛЛА ТОҚАЕВ
Қыс бастала Досмағамбет Стапқа баруға жиналды. Жұрттың айтуынша, Стапта оның нағашысы — Ғалауетден орысша оқып жатыр, ол соған барып амандығын білмек және со кезде Стапта ашылатын «Обдекейді»75 де базарлай қайтпақ. Ол тез жиналып жүріп кетті де, айға жақын уақытта оралды. Ауылдан бір адам жолаушылап келсе, өзгелерінің үйіле-төгіле барып амандық білетін әдеті. Көпке еріп мен де бардым. Ол кездегі ауылда, базарлықты базарға барып келген кісі ғана әкеледі. «Базарлық дейтіні кәмпит, бірәңке болады, бұлар базар уақытынан басқа кезде, бай үйлер ғана болмаса, ауылдың өзге үйлерінің көрмейтін заттары. Досмағамбеттік шешесі — Ұмсынай баласы әкелген «базарлықты» амандасуға келгендердің ішіндегі әйелдерге, балаларға уыстап, шөкімдеп үлестіріп жатыр. Ірбіт шауып келгендей көңілді кескінмен, үйдің ортасындағы ашаның түбінде, кішірек беркін маңдайына түсіре Досмағамбет отыр. Үйге жиналған ересек еркектер: «Ғалауетден аман ба екен?», «Оқуы қалай екен?», «Тағы кімдер оқиды?», «Не арзаң не қымбат екен?», «Соғыстан не хабар бар екен?» деген сияқты сұрауларды Досмағамбетке жаудырып жатыр, ол білгенінше жауап беріп отыр... Соғыс басталғалы ел ішінде қант, шай, кездеме сияқты бұйымдарға таршылық боп, кейінгі кезде олар табылмауға да айналған, жасырын сауда жүргізетін адамдар да шыға бастап, қолындағы затын әкесінің құнындай қымбат баға сұрайтын болған. Досмағамбет Стаптан аздап кездеме және көнетоздау киімдер әкепті... Ұмсынай оларды да үйіне барған абысын-ажындарына көрсетіп жатыр...
— Әне біреу немене? — деп сұрады бір абысыны Ұмсынайдан, қағазға оралып шеткерірек жатқан кішірек бірдемені қолымен нұсқап.
— Мынаны немене деп ең, Досым? — деді Ұмсынай Досмағамбетке, қағазға оралған затты қолына алып.
— Анау Сәбитке бер, оны! — деді Досмағамбет.
— О немене екен? — десті әркімдер, Ұмсынай қолындағы затты маған ұсына бергенде.
— Өзім де білген жоқпын, — деді Досмағамбет, — ауылындағы Сәбит Мұқанов деген молдаға бер деп, жүрерде Шәліңкенің Қанапиясының баласы әкеп берді.
— Ия, айтпақшы, ол да оқуда деген, — десті әркімдер, со да бір оқымысты жігіт деген. Ғалауетденмен бірге оқып жатыр деген.
— Сенің нең еді ол? — деп сұрасты әркімдер менен.
— Танысым.
— Кәне, ашшы, қағазын! Не беріп жіберді екен көрейік! — десті бірнеше адам. Қағазға оралған қатқылдау заттың сыртын шырмаған кендір жіпті үзіп, қағазды ашсам, ішінде кітап!.. Қалың кітап. Сырты жылтырауық күрең матамен тысталған, қағаздарының жиегін алтынмен бояған сыртқы жазулары алтын!..
— Өй, тәйір-ай, — деді кітапты көрген Мұса, бетін теріс бұрып, — көйлек-көншек бірдеме беріп жіберген екен десем, кітап екен ғой!..
— Бірақ әдемі кітап екен! — деді Шаймерден маған қарап, не кітап өзі? Кітаптың тысындағы алтында жазуын оқып көрсем, — «Ғабдолла Тоқайның шиғырлар мәжмуғасы» деп жазылыпты.
— Не деген кітап боп шықты сонда? — десті әркімдер, менің оқып көрген сөздеріме түсінбей. Өзім де еркін түсіне алмағандықтан мен не жауап беруге білмей кідіріп, онымды білдірмеу мақсатымен кітаптың ішін ақтара бастап ем:
— Маған бере тұршы! — деді «Бүкір молда» аталатын Сансызбай дейтін қадимше біраз оқыған молда адам, кітапқа қолын ұсынып. Мен қолына берген кітаптың «Бүкір молда» сыртқы жазуына бір қарап ап, ішін де ақтарып қарап:
— «Шиғыр» арабша — «өлең» деген сөз, «мәжмуғасы» деп басы құралған көп нәрсені айтады, яғни, — бір жерге топталған көп өлеңді. Бұл кітаптың ішінде көп «шиғыр» бар екен. Ғабдолла Тоқай деген кісі жазған көрінеді.
— Ол кім екен? — деген сұрауға, Сансызбай:
— Естіген адамым емес, білмеймін — деп жауап берді де, бүкір молда кітапты маған қайтарды.
— «Мұқтасар» сияқты үлкен бірдеме екен десем, өлең екен ғой, тәйірі! — деді Шаймерден кейіп,— сәлемдемеге өлең жібергені не қылғаны! Бұның өз өлеңі аз дегені ме?
— Оқытып көрейік те, мүмкін, пайдасы көп өлең шығар, — деді Далабай қуланып.
— Өлеңнен келген пайданы көрген емен, — деді Шаймерден түрегеп. — Қанапияның баласы да осы Сәбит сияқты өлеңге құмар біреу деген. Өлеңнен не пайда табар дейсің, бұлар. Әурешілік те жай!.. Шаймерден шығып кетті.
— Айтпақшы, соның хаты да бар еді-ау! — деп Досмағамбет қалтасына қолын салды да, жуандау конвертті алып берді. Ашып оқып көрсем: «Құрметті Сәбит! — деп басталыпты хат, — амандық арқасында жүріп жатырмын. Оқуға орналастым. Бірақ частный, яғни, — жеке учитель жалдап оқимын. Школадан оқуға, — үшінші-төртінші кластардың біреуінде отыруға тура келді. Ол кластарда ұсақ балалар. Көп қозының ішіндегі қошқардай қаңқиып отыру маған ұят сияқтанды. Одан жоғарғы кластарда оқуға жалпы білімім жеткенмен, орысша тілім жетпеді. Жеке учитель жалдап оқудың пайдасын — есің кіріп қалған адамсың, оқуға тез түсінесің. Салмақ салатының — орыстың тілі. Өзге жағы оңай, татар мектебінен оқыған сабақтар. Әзірге жаман оқып жатқан жоқпын. Осы қалыппен қыстай оқып орыс тілін меңгерсем, келесі жылы бесінші, не алтыншы кластың біріне жарап кетермін деген дәмем зор.
— Ақшаны қайдан тауып жатыр? — деп ойларсың, өйткені қалтамның жайын өзіңе айтып ем ғой. Мұнда да дағдылы кәсібіме кірістім: орысша оқығысы келген қазақ балаларын даярлаймын. Оларға құдіретім жетеді, өйткені олар әліпбиден бастайды. Мен оған мығыммын ғой. Және аздап білген орысшама күн санап қосып жатырмын ғой. Мен оқытуға жарайтын қазақ балалары да мұнда жеткілікті. Егер қабылдай берсең көбейіп кететін. Бір кезде орысша оқуға бала сұраса, елдегі панасыз жетімдерді ұстап беріп, өз балаларын тығып қалатын қазекең, орыс оқуының, қадырын енді ғана білген сияқты... «Орысша оқиық деп ек» деген қазақ балалары мұнда қаптап жүр. Оларға қайда? Және көбінің орыс школасына түсуге даярлығы жоқ!.. Арабтарда «күллі шәй-ен сәбәба» деген сөз бар, мағынасы, «әр нәрсе себепке байланысты». Бұдан екі-үш жыл бұрын, осы Стаптың школасында қазақтың бес-ақ баласы оқиды екен қазір жиырмадан аса бала оқиды. Орналаса алмай жүргені қанша!.. Соның бас себебі, кешегі өзің көрген 16 жылдың оқиғасы көрінеді. Көп жігіт майдан жаққа кетті ғой. Олардың орысша білетіні — мыңнан бірі. Майданда орысша білмеу — қиын мәселе. Орысша білмейтін көп жігіттің арасына, орысша білетін кейбір қулар кіріп алатын көрінеді де, анау сорлыларды тірідей тонап жем қылатын көрінеді. Жем болған жігіттер елдеріне хат жазғанда, «балаларыңа жандарың ашыса орысша оқытыңдар» дейтін көрінеді. Қазақ балаларының Стапта көбеюі осыдан. Бір Стап қана емес, школасы бар орыс қалаларының бәрінде де, орысша оқығысы кеп, бірақ орналаса алмай жүрген балалар толып жатыр деседі... Әрине оқуға күші бар ауқатты адамдардың балалары келеді ғой. Мысалы, сіздің Сибаннан: Мәшіктің, Таспайдың, Тиыштыбай хажының, Боржабайдың балалары келген. Менен оқитын — солар. Балаларынан сұрастырсам, әкелері ауқатты адамдар екен. Өзге балалар да сондай. Кедейден келген баланы көрген жоқпын. Сен сияқты жетімдерге болса-болмаса да орын жоқ!.. Біз оқитын школаны «Высшее начальное училище» дейді. Мұнда бала жеті жыл оқиды, мұны бітірген бала, гимназияның бесінші класына барып түсе алады. Немесе, екі жылдық учительдер курсына түсіп бастауыш школаларға учитель боп та кете алады... Біздің школаның жоғарғы кластарында Шәйгөз-Уақтағы Есенәлі деген кісінің Хажығали, Қазы деген екі баласы, сіздің Қаршығалыдағы Сибанда Тәуке деген кісінің Maxмуд, Мүсембек деген екі баласы, ойдағы Сибаннан өзіңнің Мақметіңндң баласы Ғабит, Ташат тұқымынан: Саруар, Нұрыш деген екі бала, Ғалауетден Мәмеков оқиды... Өзгелері бастауыш кластарда... өз жайымды жоғарыда айттым. Оқушылардың ішінде мол тұратыны — жалғыз Мәмеков. Оны таныстыра кетейін. Біздің Уақтың бір атасы, — «Жамантымақ». Мәмек Жамантымақтан тарайды. Мәмектен үшеу: Есілбай, Елемес, Естемес. Бұлар «Үш сары» атанған. Ағайынды үшеуінің әрқайсысына мыңдап мал біткен, және атақты саудагерлер. Есілбайдан: Ғабдырахман, Жүсіп, Ғалауетден. Ғабдырахман — Троицкіде көп жыл мұсылманша оқыған, қадимше ғалым адам, араб пен фарсы тілін тамаша біледі, бірақ молдалық құрмайды. Жүсіп сауда жүргізеді. Ғалауетден де әуелі мұсылманша оқып, орысшаға бертінде кіріскен. Оның жасы осы кездерде жиырма бестерде. Біздің школаны ол биыл бітіреді. Жақсы оқуға оның мүмкіншілігі де бар: бір бай казак-орыстың екі бөлмелі жеке үйін пәтерге түгел жалдап алған, өзіне жеке кухарька ұстайды, ауылынан алдырған екі аты бар, шана сайманы бар, атшысы бар... Аттары нағыз рысактар... Жексенбі күндері бай орыстармен рысак жарыстырады... Киетіні — қасқыр мен түлкі ішіктер!.. Ағасы әнеугүні ғана бір семіз бие әкеп сойып беріп кетті... Мұндай жағдайда, әрине, оқуға болады!.. Оқасы жоқ, Сәке!.. Бұрынғының, сөзі бар: «Тау басына шарықтап ұшқан қыран да, жорғалаған жылан да шығады» деген... Біз де шығармыз, ол шыққан биікке!.. Сені оқуға шақырта алмай отырмын. Қалай шақыртам?.. Немен күн көресің?.. «Үмітсіз шайтан» депті, үмітіңді үзбе бірақ!.. Сен әлі «саясат» деген сөздің не екенін білмейсің. Мұндағы казак-орыстардың және газеттердің сөзіне қарағанда, саясат ағымы өзгеруі де мүмкін. Сендей зарыққандардың таңы атуы да мүмкін!.. Саған өзіңнің шамаң келетін біраз кітаптар жіберейін, деп ем, әзірге қолға түскені, — мына Ғабдолла Тоқаев деген татар ақынының кітабы болды. Бұны мен саған әдейі жіберіп отырмын. Бұл да сен сияқты жетім боп қорлықта өскен адам. Ақырында, өзінің тырысуының арқасында ақындықтың биік сатысына көтеріліп, бүкіл татар әдебиетінің жұлдызы болды. Тоқаевтың өлеңдерін түсіну саған жеңіл де болмас. Өйткені онда араб сөздері көп. Оған әрине, Тоқаев айыпты емес. Татар еліндегі оқу айыпты. Біздің ғасырдағы татарда, оқудың екі әдісі бар ғой: қадимше, яғни, ескіше; жәдитше, яғни, жаңаша. Татар жәдитшілері татар тілін араб сөздерімен ғарық қып жіберді. Сондықтан татардың қазіргі әдебиетін қазақ түгіл, қатардағы татардың өзі түсінуге де ауыр. Өйткенмен біздің замандағы татар жазушыларының ішіндегі халық тіліне жақыны — Ғобдолла Тоқаев. Оның «өлеңдерін ұғыну, мысалы, — Зәкир Рамиевтің өлеңдерін ұғынудан әлдеқайда жеңіл... Тоқаев өлеңдерін жеңіл ұғуға және бір себеп, — оның өлеңдері түгелімен өз тұсындағы халық тұрмысынан алынып жазылған. Тоқаев — мәдениетсіздікке, еңбексіздікке қарсы ақын. Оның сүйетіні — өз еңбегімен күн көретін көпшілік. Ол татар халқын орыстан үлгі алуға шақырады. Қысқасы түсініп оқыған кісіге Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерінен алатын үлгі көп. Сондықтан да саған жинағын жіберіп отырмын. Көзбен түсіне алмаған сөздеріне көңілмен түсінер деп ойладым. Тоқаевтың өмірі де, өлеңдер! де саған үлгі болуына сенем. Бір үлкен арман біздің қазақ әдебиетінің Ғабдолла Тоқаевы жоқ. Қазақ жазба әдебиетіндегі біз білетін елі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың, ширегіне келмейді... Іштей осылай намыстанып жүрген кезде, жуырда ғана бір қуаныш хабар естідім: бір күні Ғалауетденмен кеңесіп отырып, Тоқаевты айта кеп, қазақта ондай ақын жоғына реніш көңілімді баяндап ем, — «бар, ондай ақын!» деді Ғалауетден. «Кім!» дедім мен. «Абай Құнанбаев» деді. «Ол кім?» дедім... Ғалауетденнің айтуынша Ибраһим (Абай) Құнанбаев Семей еліндегі. Тобықты руынан шыққан ақын көрінеді, өзі 1904 жылы 59 жасында уафат болған. Ғалауетден Абайды мақтағанда жер-көкке сиғызбайды, «ол — қазақтың Пушкин!» дейді. Менің дағдым — өз көзіммен көрмеген іске сенбеуші едім. Сондықтан Ғалауетденнің, Абайды мақтануына өлеңдеймін де, өлеңдерін өзім оқып көрмеген соң, сырттай тон піше алмаймын. Абайдың өлеңдер жинағының бір данасы Ғалауетденде бар екен. Жуырда Әлти хажының баласы Сейтахмет мырза кеп, қолқалап алып кетіпті, оқып әкеп беруге. Жуырда қайтармақ. Егер қолыма түсіп, өзіме ұнаса-ақ саған қолдан көшіріп жіберсем де жеткізем. Былай да ұзақ жазылған хатты осымен тамамдаймын. Өзің де хат жаз. Хабарласып тұрайық. Сәлеммен Баймағамбет».
— Сонда көп не жазған екен — десті әркімдер, мен хатты оқып болғанда.
— Жай, — дей салдым мен.
— О, заманда, бұ заман... сәлемдемеге орамал-шаршы, қант, шай сияқты мүліктерді жібергендерді естіп ең кітап жібергенді естіген жоқ ең — деді Далабай қуланған кескінмен, маған қарап, — кәне, молда бала, оқышы Қанапияның баласы жіберген кітапты!.. Сыртында жарқылдағы көп екен ішінде не алтыны бар екен білейік. Мең кітапты қолтығыма қыстым да шығып кеттім. Ауылдың балаларын жұмалап орын ауыстырумен оқытатын менің ол күндердегі пәтерім — Шаймерденнің үйі де. Аздаған қалжыңы болмаса, Шаймерден шаруасын бағудан басқада жұмысы жоқ, үй ішіне өзі де сыйлы, үй ішін де сыйлайтын адам болатын. Оның Ұлберген атты қарт шешесі бар. Жасы сол кезде жетпісті орталаған, зор денелі, еркек келбетті, қартаюдан ба, әлде жасынан бойына біткен өзгешелік пе, қырбық буырыл мұрты бар, иегінің әр жеріне адақтап сақалдың ұзын қылы өскен, жуан дауысты адам болатын. Ұлберген үй ішіне де, ауыл-ағайынға да сыйлы, «қарағым-шырағымы» көп, ретті жерде ұрсып та тастайтын, сөзін тыңдататын адам да. Сол мінезінің үстіне, қолы береген: ас-суын ағайыннан да, абысын-ажыннан да, бала-шағадан да аямайды. Шаймерденде төрт қыз, бір ұл бар. Ұлы — кішісі. Менен сол ұл және екі кіші қызы оқиды. Ұлды қыздан артық көретін ескі ауылда, Ұлберген де, туған әке-шешесі де Шаймерденнің ұлын жаны-құты қалмастан сүйеді. Оны оқытатын мені де олар өте сыйлы ұстайды. Ғабдолла Тоқаевтың кітабын қолтықтаған мен үйге Kіpсем, қабырғасын шымнан қалаған, ортасын шұбалам пешпен бөлген бұл үй ете жылы екен екі бөлмеде де Ұлбергеннен басқа кісі жоқ.
— Қарның ашқан болар, балам, — деді мен үйге кіре, төргі бөлмеде отырған Ұлберген, орнынан қозғалып, — көже бар шығар, жылытып бере қояйын, нанға қосып іше ғой.
— Жоқ, әже, — дедім мен — қарным ашқан жоқ. Әуре болмай-ақ, қойыңыз. Қартаң адам болғанмен, Ұлбергеннің көзінде сол кезде ақау жоқ. Ол инені өзі сабақтап ап, үй ішінің, ескі-құсқысын жамаудан тыным таппайды. Мен үйге кіргенде, ол, Шаймерденнің ескі күпісінің тысын жамап отырған. «Қарным ашқан жоқ» деген сөзімді естіген соң, ол жамауына кірісті. Мен шешіндім де, үйдің бір бұрышына отырып, «Ғабдолла Тоқайның мәжмуға әсәрін» айналдыра бастадым. Менің көзімді, ең алдымен, кітаптың бірінші бетінде тұрған Ғабдолла Тоқаевтың фото-карточкасы тартты: шаһарша киінген, шашын кейін қайырған басында, өзім Жаманшұбардың мұғалімі Ідірістің, басында көрген татарша қара барқыт тақия киген, сақал, мұртсыз бұл жас адам маған өте сұлу жігіт сияқтанды. Екінші бетте «Есімде» дейтін өлеңнің қолжазбасы тұр екен. Оның бірінші жолындағы «Исімдә қурқа-қурқа түрлі уйлар уйлаған шақлар» деген сөздер маған түсінікті, ал, екінші жолдағы «гафинғаны76 уа мағсұманы77 » деген сөздер түсініксіз, Бұлар, әрине, араб сөздері. Бұл өлеңде бұндай араб фарсы сөздері бірталай кездескенмен, өлеңнің жалпы сарынына түсіндім: өмірден торыққан адамның көңіл күйін көрсетеді. 463 беті бар бұл кітапты78 мен екі-үш күнде оқып шықтым. Сөздеріне түсінейін, түсінбейін — оқымаған ешнәрсесін қалдырмадым. Өлеңдері туралы ол кезде алған әсерімді баяндауды кейінірек қалдырып, ең алдымен оның өмірбаянынан алған әсерімді айтайын. Бұл әсер оқушыларға түсінікті болу үшін, сол кітапта жазылған өмірбаянның қысқаша мазмұнын аударып жазайын: Ғабдолла Тоқаев 1886 жылы Қазан оязы, Кушлауыш ауылында туады. Оның әкесі Мухаммед Ғариф сол ауылдың имамы екен шешесі Мәмдуда, Ошлы аталатын ауылдың имамы Зейнетолланың қызы екен. Ғабдолланың жасы бес айға толғанда, әкесі өледі, шешесі «Сасны» атты ауылдағы молдаға күйеуге шығады да, Ғабдолланы Шарифа дейтін кемпірге тастап кетеді. Кейінірек шешесі баласын қасына алады да, кешікпей өледі. Жетім қалған Ғабдолла нағашыларына қайтарылады. Шаруасы кедей, балалары көп Зейнетолланың тоқал қатыны Ғабдолланы күтпей, нағашысы оны Қазанға баратын біреуге «асырайтын адам табылса берерсің» деп ертіп жібереді. Қазан базарында Ғабдолланы Мухмуд Уәлі дейтін бөгде бір адам асырап алады. «Қырсық қырық ағайынды». Жап-жақсы тұра бастаған Ғабдолланың, асырап алған әкесі мен шешесі кешікпей ауруға шалдығады да, тәрбиелей алмайтын болған соң нағашыларына қайтарады. Безінген нағашылары оны «Қаралай» аталатын ауылдағы ұлы жоқ Сағди деген кісіге беріп жібереді. Сол ауылда ол қадімше оқуға түседі. Екі жылдан кейін асырап алған шешесі ұл табады да, Ғабдолланы шетқақпай қыла бастайды. Сол кезде, оны туған ауылынан келген Бәдредден деген адам бауырсырап алып кетеді де жұмысқа салып қояды. Ақыры, біздің Батыс Қазақстандағы Теке (Орал) қаласында туған апасы бары естіліп, Ғабдолла соған жөнелтіледі. Текеде тұратын жездесі — Ғалиәскер Ғұсмановтың, қолына Ғабдолла 1895 жылы тоғыз жасында барады. Жездесі оны орысша оқуға беріп, үш жылдан кейін татарша оқуға ауысады. Осы кезде жездесі өледі де, біраз жыл медреседе тұрып оқып арабша, фарсыша тіл біледі, әдебиеттерімен танысады. 1905 жылы ол Теке қаласындағы типографияға наборщик боп қызметке кіреді. Өлеңді ол осы кезде жаза бастайды. Оның бірінші өлеңдері «Фікір» атты газетте басылады. 1906 жылы Ғабдолла Текеден Қазанға көшеді де, түгелімен жазушылық жұмысына беріледі. Бірақ ол ұзақ өмір сүре алмайды: ауыр тұрмыстың салдарынан бала шағында ауруға (туберкулез) шалдыққан оның дерті дами береді де, Қазанға келе денсаулығы тіпті төмендеп, 1913 жылдың 2 апрелі күні, кешкі сегіз сағат, он бес минутта, 27 жасында қаза табады. Осы аз жасында ол татардың шын мағынасындағы ұлттық жазба әдебиетінің бұлжымас негізін салып, татар әдебиетінің классигі деген атқа мәңгі ие болады. Біз бұл арада Ғабдолла Тоқаевтың шығармаларына сын бермек емеспіз. Олай ету — міндетіміз де емес. Тек бұл арада айтарымыз: ақын болам деп талпынып жүрген маған, Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерін алғаш оқығанда, қаншалық әсер пайда болғандығы. Жоғарыда айттым: Тоқаевтың өлеңдерін оқығанда, оларға араласқан араб я фарсы сөздеріне түсінбеген мен қай өлеңін оқысам да, жалпы сарынына еркін түсініп отырдым. Баймағамбет айтқандай, көзбен емес, көңілмен түсіндім, — бұл шығармалардың бәрі де өмір шындығынан алынғандар еді. Менің ұғуымша, Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдері түгелімен діншілдерді, ұлтшылдарды, халықты қанаушы байларды, жаман мінезді адамдарды сынауға және мысқылдай сынауға арналған. Және ол оларды салқын қанмен емес, кектене, өшіге сынайды. Оның көздейтіні — еңбекші көпшіліктің бақыты. Олардың ауыр тұрмысына оның жаны ашиды, жақсылық қылуға жан таласады, өнер-білімге шақырады... Патша өкіметінің саясаты. Тоқаевтың бұл тілектері іске асуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, оның тәні ғана ауырмайды, жаны да ауырады. Осы екі ауру қабаттаса кеп, зор дарынды ақынның лаулаған өмірін 27 жасында сөндіреді. Ғабдолла Тоқтаевтың өлеңдерін алғаш, 1916 жылдың қысында оқығанда, мен әрине, оның шығармаларындағы идеяны бұлай түсіне алған жоқпын, түсінуге сана-сезімім де жеткен жоқ. Менің ол кезде санамның жеткені: «Мұның өміріне менің өмірім өте ұқсас екен тек арамыздағы айырма: ол қаланың, жетімі, мен ауылдың жетімімін. Екеуміздің көрген бейнеттеріміз де бір-біріне өте ұқсас. Бірақ ол қыршын кезінде өлгенмен, сонша бейнеттің ішінде жүріп халқының атақты ақыны боп өлген. Мен сондай ақын бола алам ба, жоқ па?!» Тоқаевтың өлеңдерін қайта-қайта оқыған менің есіме, Баймағамбеттің Абай туралы айтқан аз сөзі түседі де, мен іштей, «шіркін оны да оқысам!»деп арман етем...
«ИБРАҺИМ (АБАЙ) ҚҰНАНБАЕВ ҰҒЛЫНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ»
1917 жылдың басында Сансызбай молда мен Досмағамбет Стапқа жолаушылап кетіп, қайтқанда бір сандық кітап алып келді.
— Бұлары не? — деген сұрауға:
— Есілбайдың Ғалауетдені түптеуге беріп еді, — деді Сансызбай. Көппен бірге мен де ақтарсам: ылғи қалың-қалың орысша кітап... Оларға мен әрине, түсінбеймін... біраз татарша да бар.
— Бұл не деген көп кітап! — деп қайран қалды біреулер.
— Сен көптігін айтасың, қалыңдығын айтсайшы! — дейді екіншілер. Мұндай да жуан кітаптар болады екен-ау!..
— Осының бәрін оқыды ма екен — Ғалауетдені? — деседі біреулер.
— Оқымаса неге жинады?
— Мұнша кітапты оқыған ол білімді болмай, кім білімді болсын!.. «Оқуы көп кісі көкке ұшып кетеді» дейтін еді, ұшып кетпей, жерде нағып жүр бұл?!.
— Бұ не, кітаптарды қолдан-қолға жүгірткендерің? Жинаңдаршы бері!.. Біреу бірдемесін қымқырып кетіп, масқара болармыз! — деп Досмағамбет шыжалақтаса:
— Несіне итаршы бола қалдың? — деп Жаңбырбай шал ұнатпайды. Неменеге қорғаштайсың. Тілін түсінбейтін кітапты қайтеді қымқырып? Шамасы 70—80 дей кітаптардың ішінең сырты қолдан қатырмаланған жұқалау бір кітап менің көзімді ерекше тарта жөнелді. Оның аты: — «Ибраһим (Абай) Құнанбай ұғлының өләңләрі!..» «Баймағамбет айтқан Абай осы болар ма?» деген ой кеп кетті маған. Сағынған біреуімді көргендей, жүрегім тулай жөнелді... Оқи бастадым!.. Бірінші сөзінен бастап дәмі тәттіленіп барады!.. Сөздері көңіліме қонып, бойымды ерітіп барады!.. Сансызбай молдадан кітапты жалынып-жалпайып екі-үш күнге әрең сұрап алдым да, пәтеріме алып кеттім... Күн оқыдым!.. Түн оқыдым!.. Жатып оқыдым!.. Тұрып оқыдым!.. Үйде оқыдым!.. Түзде оқыдым!.. Оқыған сайын сусай бердім!.. Оқыған сайын дәмдене берді!.. Оқыған сайын ажарлана берді!.. Тоқаевтың өлеңдеріне шалағайлау түсінетін ем. Абайда мен түсінбейтін сөз жоқ. Және оның жазған — өзім көріп жүрген ауылдардың адамдарының тұрмысы... Мысалы:
Отыруға отын жоқ үзбей жағып,
Тоңған үйін жылытып тонын илеп
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып... «Бұл меңің әкем мен шешем сияқтылар екен», — деп жоримын мен.
Үй жылы кигіз тұтқан айналасы
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ойнатар ағып жүріп көзден жасы».
— «Ол баланың біреуі менмін, елде мұндай байдың баласы да, жарлының баласы да көп»,— деймін мен.
Қалаға барса ұялмай
Өтірік арыз көп берсе,
Көрінгеннен ұялмай.
Шаруаға қыры жоқ,
Өтірік пен өсекке
Ағып тұрған бейне су!»
Мәшік Нұртаза, Құсайын, Сәлім»,— деймін ішімнен.
Бар малымды шығындап,
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап,
Ұстай алмадым мығымдап
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап
Шала ұғамын қырындап». «Бұлар: Әлтидің Сәдуі, Құсайынның Біркесі, Айміштің Ыбыры, Нүркенің Аубакірі», — деймін мен.
Хан да жанын қияды қыз жолында,
Кигені алтың күміс, қамқа, торғың
Күтуші қыз, келіншек жүр соңында
Жартастан қыз құлапты терең суға
Мал көңілді жасартпас «құдай ұрғыр». «Бұл Құрымбайдың Айміші», — деймін мен, — Айміш сексенде, оның тоқалы жиырмада!.. Бұл тоқал әлі «жартастан суға құлаған» жоқ. Бірақ құлауға тиісті, өйткені Құрымбай тұқымы оны өлмей босатар ма!.. Құтылмасын білген бейшара тоқал тіршілік «қамын істеп», ол туралы мынадай бір қызық оқиға да болғанын естігем: Бір күні Айміштің тоқалымен жақын жалшының біреуі, Айміш тоқалды көзінен күндіз-түні таса қылмайтын болғасын айла тауып: «Айеке, — депті Аймішке — түнде суық жүрісті біреу келеді. Кім екенін біле алмай жүрмін».
— Қай кезде? — депті күдіктенген Айміш.
— Ауыл жата.
— Ендеше екеуміз бүгін аңдиық!
— Жарайды.
Мезгіл қыс екен. Жалшы жігіт іңірде қалақ басын жоғары қаратып, күрегін қарға шаншады да, оған күпісін жауып, өзі есік алдында тұрыпты. Тоқалы мен Айміш бір ағаш үйде оңаша тұрады, іңір болса Айміш есікке замок салып, кілтін қалтасында сақтайды. Уәделі кезде Айміш үйінен шығып, қораны қарайды, қолында темір айыр. Жігіт ол кезде сып беріп үйге кіреді... Айміш тысқа шықса біреу қалқиып тұр!.. «Ә, осы екен!» — деп ойлаған Айміш, қалқиғанның сыртынан ептеп басып кеп, темір айырмен «мә-саған!» деп салып кеп қалады. Қалқиған жалп етіп құлайды. Ұруын ұрғанмен, «өлтірдім-ау» деп қорқып, Айміш үйіне қашқанда, түк көрмегенсіп жігіт алдынан шығады.
— Ойбай, қапыда қатты ұрдым!.. Талды ма, өлді ме, білмеймін! — дейді Айміш.
— Мен білейін— дейді жігіт.
— Не болса да жоғалт көзін! — деп Айміш жөнеле береді.
— Өліп қапты мына ит, — дейді жігіт Айміштің артынан кіріп.
— Масқара болдың десейші!.. Шырағым, көк есегің болайын!.. Жан сезбесін, жоғалт!.. Қу жігіт Аймішті үрейлендіріп ырқына көндіріп алу ниетімен: «Көп асуға бір тосу» деген. Маған да қылығың өтуші еді. Соларыңды алдыңа келтірем. Келіп жүретін өрәднекке айтам. Содан кейін бүкіл Құрымбай боп құтылып көр, әуселеңді байқайын! — дейді. Сөздің қысқасы, жалшы Айміштен «не айтқаныңды істейін» деген уәде алады да өлтірген «жігіттің» көзін «жоғалтқан» болады... Жалғыз бұл оқиға ғана емес, Абай өлеңдерінде сипаттаған өзге оқиғалардың да, мен өз маңымнан ұқсатарын табам. Маған Абай туған елі Тобықтының ғана емес, мен ішінде жасаған ауылдардың да өмірін көзімен көріп жазған сияқтанады. Оның өлеңдері мазмұн жағынан осылай болса, көркемдік жағынан ше!..
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», —
деген оның өлеңі, өз өлеңдеріне арналған сияқты, өйткені оның өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке де жылы. Шын ақындықты мен соның өлеңдерінен ғана керем, өйткені оның өлеңдерінде пікір де қысылмай кең жатады, ырғақ, үйлестер де қалың пікірдің екпінімен өзінен өзі туып отырады.. Зорлықпен шыққан ырғақ, үйлестерді ешбір өлеңінен таба алмайсың...
Ол ақынның білімсіз бейшарасы», —
деген оның өлеңін оқығанда менің есіме:
«Базардан алып келген шай тостаған,
Анаңнан сені тапқан айналайын,
Бәйгеден келген кердей ойқастаған», —
деген сияқты халық өлеңдерінде ұшырасатын балдыр-батпақтар, немесе шала білген арабшаны араластырып:
Пәндәң жүр рахматыңа болың іңкәр,
Шірітіп ішке сырды жібергенше,
Ашқара халыққа сырды айла ядкәр»,—
деген сияқты жазба әдебиеттегі балдыр-батпақтар, немесе шала білген орысшаны араластырып:
Педдисат пет рублей серебұра,
Көңілің нет, небидал болса дағы,
Әй қалқа, қырындамай бермен қара», —
— деген сияқты балдыр-батпақтар түседі. Сонда, «өлеңді енді қалай жазу керек!» деген сұрауға «Абайша!» деп жауап берем мен. Өлеңдері соншалық ұнаған Абайдан «адам қайткенде жақсы адам болу керек?» деген сұраудың да жауабын табатын сияқтымын. Абайдың айтатын ақылы:
Малың болса сыйламай тұра алмас ел». «Рас сөз» деймін ішімнен, «әсіресе соңғы жолдың сөзі рас!» Өйткені елдегі білетін адамдардың айтуынша, біздің «бес болыс» аталатын Керейдің ең байы да, ең беделдісі де Әлти Көкенов. Сол адам жасында кедей болып бір жағынан сауда қылумен бір жағынан «қызылдағы бұзауға»79 ақша берумен байыған. Әлтимен болыстыққа таласып «Праснау» аталатын болыстың тең жарасын бөліп әкетіп, «Таузар» болыс атандырған Сәпі балалары да бір жағы саудадан, бір жағы төбелесте өлген әкесінің құнын даулап алудан байыған.
«Тұрдығұл сенің әкең езген кісі,
Боқтығын әр қаланың кезген кісі».
Ол-дағы ұстардан безген кісі», —
деп сықақтайтын Көшкенің Жақыбы жолаушы орыс көпесінің ақшасын тауып ап байыған. Және сол ақын:
Қаракөт сенің әкең қай күнде оңған», —
деп сөгетін Қаракеттің Бейсембісі орыстың көпесін өлтіріп алған ақшадан байыған... Бұндай кедейден байып, елге «сыйлы» болған адамдар толып жатыр. «Ендеше, — деп ойлаймын мен, — сыйлы болу адамның қара басында емес, байлығында. Абайдың айтқаны рас: «Малың болса сені ел сыйламай тұра алмайды», бірақ сол малды қалай табу керек? «Өлтіретін көпес» немесе, «жоғалатын ақша» табыла бере ме? Табылмаса не істедік? Абай «жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» дейді. Хұп, — істедік оны. Сонымен байи аламыз ба? Ондай адамдар байыса: туған ауылынан жасында кетіп шаһардың байларына, темір жолдың жүк көтеруіне, завод-фабриктерге жалданып жүргендер неге байымайды?!. Ондайлардың мен өзім де талайын білем... Абай:
Тояды қарның тіленбей!» —
дейді. Байларға жалшылыққа тұрып, еңбектен қолы күні-түні босамайтындардың талайын білем. Солардың көбі, алдына мал салу түгіл, киім мен асқа да жарымайды. Бұл не!. .Абай:
Қардың суы секілді тез суалар», —
дейді. Ендеше, еңбексіз байыған Керейдің жоғарыда аталған байларын неге суалмайды. Осыларды ойлаймын да, ақылым жетпей шатасам мен. Менің байығым келеді. Бірақ алдымда «келе ғой» деп күтіп тұрған байлық көрінбейді және жоқ та сияқтанады. Енді не істеу керек?.. Абайдың тағы бір ақылы: «Оқу оқы, және өзгені емес, орысшаны, өйткені — дүниенің кілті осы оқуда.» Бұл ақылды маған Баймағамбет пен Жүніс те айтқан. Орыс оқуының қайда екенін де білем, ол — Стапта. Бірақ оған қаражат қайда?! Абайдың өлеңдерін оқығаннан кейін осылардай шым-шытырық ойлардың, шырмауына түстім де кеттім... Өлеңдеріне қарап отырсам, бұл сұрауларды Абай да өзіне қойған сияқты. Оның өлеңдерін тұтас алып, «осы адам байды жақтай ма, кедейді жақтай ма?» деген сұрау қойсаң, «кедейді жақтайтын болу керек» деген жорамалға келесің, өйткені оның айтуынша:
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын».
Кімдер мұндайлар? Әрине, байлар!.. Тамағы тоқ, жұмысы жоқ байлардың жалшыларын қанаумен ғана Қанағаттанбай, Абай айтқандай өзара әкімшілікке таласып, қиян-кескі араз боп жүргенін талай көрдік. Азу емей немене бұл? Өзара таласып, не жетпейді оларға?! Малын шашып әкім боп, артынан шығынын елден еселеп ап, халықты желкесінен тұншықтыра басып қорқытып отырған байларға, Абай:
Қорқытқан сенің
Өнерің қайсы, айтып бер!
Ел аңдып сені,
Қылт еткізбей бағып көр!» —
деп ренжиді. Сондай байларды ақыл айту арқылы адамшылық қылыққа шақырғысы келген Абай, ол талабынан түк өнбеген соң:
Қорлықпен өткен өмір!» —
деп зарланады.
Жүз кісі сұмға
Әлі жетер заман жоқ!» —
деп, әлсіздігінің кінәсін ол заманына артады да:
Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!»—
деп, болашақтың адамдарына арызын айтып:
«Моласындай бақсының
деп мұңын шағады.
Бірақ Абайдың мұңды өлеңдері қартайған, өмірден қажыған кезінде жазылған. Жас кезінде, үміті лаулаған кезінде жазған, оның өлеңдерінен қайрат пен жігердің, үміт пен талаптың исі аңқиды. Олай болса, өмір майданына жаңа ғана аяқ басып келе жатқан менің, Абайдың қартайып торыққан кезіне еліктеуім керек пе, үміттің жастық кезіне еліктеуім керек пе? Әрине, жастық шағына еліктеуім керек! Осы ойдың салдарымен, 1926 жылы бірінші рет басылған өлеңдер жинағымның, басындағы:
Не нәрсені ойға сап?
Мұнша неге тарықтың
Осыншама ойда қап.
Неге бүйттің деуге де,
Есеп жетпес тіпті көп
Қасірет, қайғы кеудеде.
Талаптандық, жетпедің,
Қылышын ап кезенген,
Нашарлықтан өтпедік.
Жібермесе нашарлық
Білімді қайдан аласың,
Жиһанға үлгі шашарлық.
Ілгері ұмтыл, талап ет!
Шығуға айдай жарыққа
Қайраттанып бол өжет!»
деген өлеңді жаздым. Содан кейін Абайдың кітабынан безінудің орнына құмарта түстім. Абай шығармаларының, ішінде мені өте бір қызықтырғандары — орысшадан аудармалары. Орыстың үш ақынының өлеңдерінен аударған ғой Абай: Крыловтан — мысалдарын, Пушкиннен — «Евгений Онегиннің» үзінділерің Лермонтовтан — лирикаларын. Аудармасы тамаша бұл шығармалардың оригиналын оқи алсам қасымда: Сансызбай молда түптеуге әкелген кітаптардың ішінде «Собрание сочинений» деген атпен Крыловтың да, Пушкиннің де, Лермонтовтың да жуан-жуан кітаптары жүр... Бірақ оларды мен оқи алмаймын, тілін түсініп оқу түгіл, орысша әріптерді де білмеймін. Тек, орысша жуан кітаптарға, олардың кейбірінің алғашқы бетіне басылған портреттерге үңіле, қызыға қараймын да отырам!.. Орысша аздап танитын біреулерден сұрасам, жуан кітаптардың, кейбірі, өлеңдерін Абай аударған Крылов, Пушкин, Лермонтов боп шығады... Олардың өлеңдерінің аудармасына қарап отырсам, ғажап өлеңдер!.. Сондықтан да ол аудармаларды Абайдың өз өлеңдерімен бірдей сүйіп, қатар жаттадым... Әсіресе,— Татьяна мен Онегиннің хаттарын!.. Ол хаттарды мен жиын-тойларда білген әніме қосып, домбырамен айтып та жүрдім. Сонда олардың тәттілігіне мен ғана емес, тыңдаушылардың бәрі де қайран қап, маған қайталатып айттыратын еді... Сөйте тұра зор арман — орыс ақындарының бұл ғажап өлеңдеріне өз тілінде оқи алмау!.. Абайдың өлеңінде Салтыков пен Толстойдың да аттары зор махаббатпен аталады ғой. Түптелуге келген кітаптардың ішінде, бірінші бетінде аппақ қалық сақалы беліне түскен адамның суреті басылған екі-үш жуан кітап бар. Орысша әріп тантитындар бұл ақсақалды «Толстой екен» деседі... «Абай атайтын Толстой осы болу керек» деп жорамалдаймын ішімнен. «Ендеше, оның да жазғандарын оқыр ма еді!.. не жазды екен ол!..» Пушкиннің, Крыловтың, Лермонтовтың не жазғанын Абайдың аздаған аудармаларынан білем. Тамаша өлеңдер олар!.. Ойлары да, өлеңдігі де тамаша!.. «Абай да, Тоқаев та сондықтан аударды ғой оларды!..» «Шіркін, мен де оларды солардай түсініп оқып, солардай аударсам!..» Менің ендігі ұлы арманым осы болды... Абайдың кітабын Сансызбай молданың көзін алдап бірер жұмадан кейін апарып бердім де, артынан Жұма дейтін менен оқитын баласынан ұрлатып алып, іздеген Сансызбайға «алғам жоққа» басып тандым да, кітапты сіңіріп кеттім. Мен оқудан бұрын талайдың қолынан өткендігіне, іші-сыртын шимайлаған қолжазбалар қуа бұл кітапты аман сақтап, 1945 жылы Абайдың тууына жүз жыл толуына байланысты мерекеде, Семейде ашылған Абайдың музейіне сыйға тарттым. Қателеспесем, музейдің бүкіл Қазақстаннан іздеп тапқан Абай өлеңдер жинағының алғашқы басылуы (1909 жылғы), мен сыйлаған осы жалғыз ғана кітап болу керек.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
«ҚҰРИЯТ» КҮНДЕРІ
ПАТША ТҮСКЕНДЕ
Ескі ауылда, әр ауылдың шаруа күйіне лайықты «өзіндік бишігеші» болатын-ды, ауыл сыртындағы кеңестерге сол ғана қатынасып, ат үстінде сол ғана жүретін-ді, сондықтан оны ауылдың өзге момын шаруасы «атқамінер» дейтін-ді. Асып кеткен бай шаруалы адамы жоқ, ең ауқатты дегенінде жеңіл айғыр үйірлік қана жылқы бар Жуанағаш ауылының атқамінері Досмағамбет. Ол үнемі ат. үстінен түспей ел қыдырып жүреді де, үйіне анда-санда бір-ақ соғады. Ол, әрине, жайдан-жай қыдырмайды. Ел ішінде біреуге біреудің, өкпе-сапқасы, кемпір-назы, болмаса дау-шары болмай қоймайды. Ол кездің болысы, ауылнайы, билері, атқамінерлері, пысықшалары осындай жұмыстарды «жайғастырмақ» боп елді аралайды да жүреді. Бұл жүрістің бір жағы, Абайдың, тілімен айтқанда, «арам болыс, аш билердің» пара іздеуіне, екінші жағы тамақ асырауына байланысты болып жатады. Елдің жылы-жұмсағы ауылдарды топтала, қона, түстене аралаған осылардың аузында. Кім мен кімнің араздығың кімде қандай жақсы ас барың кімнің соғымы семізін біліп, бұл «құзғындарды» бастап жүретіндер — Досмағамбет сияқты пысықшалар. Досмағамбет, солайша, ел қыдырып жүрді, Жуанағашта дағдылы өмірімен тұрып жатты... Біздің Солтүстік Қазақстанның қысы әр жағдайда боп өтеді: кейбір қысы — аязы, бораны араласқан тиышсыз: кейбір қысы — жайма-шуақ... Неге екенін кім білсін — қысы сайлы болатын жылдың жазы да жайлы келеді. Өткен жаз, патша өкіметінің қазақ жігіттерін майдан жұмысына алуымен байланысты, ел ішінде дүрбелең болғанмен, жаз: аңызақ желсіз, шыжыған ыстықсыз, жаңбыры араласқан әдемі қоңыр-жаймен өткен жер от, мал күйлі болған күз де қоңырсып ұзағырақ тұрып, қар да бұрқан-тарқансыз бәсеңдей жауып, елдің қоралық малдары кешірек қамалған, қыз-құйрықты жылқы атаулы тай-тұяғы қалмастан тебінге шығып, қолда міңгі аттар ғана қалған... Біздің Керей ахаулы ел сәуегей көріп, сөздеріне құлақ түріп отыратын Шағырай және Қалық дейтін есепшілердің айтуынша, биылғы қыс та, жаздың мысалымен өте жайлы боп өтуге тиіс... Расында да солай болды. Бастапқы жартысы он алтыншыға, соңғы жартысы он жетінші жылға жататын сол бір қыс өте шуақ боп өткен жаздың жайлылығынан болу керек — февраль, март айларында ішті малдардың алды төлдей бастады. Бұл айлардан бастап, ауылға — «жуан созылады, жіңішке үзіледі» дегендей, шаруа адамдардың жаз және күз жинаған азықтары сарқылып «қараөзек шақ» басталды. Сондай кезде мал төлдеп, қараөзек адамдардың ауыздары аққа тиді, қандай қаныбет!.. Шаруасы дөңгелек болғанмен, Жуанағашта тоқ үйдің және дастарқаны берекелі үйдің, біреуі Шәймердендікі екендігі жоғарыда айтылды. Қыс ортасы ауыл, менен балалары оқитын кей кедей үйлердің азықтары шағындалған кезде, Шәймерден үйінің бірер сиыры бұзаулап, аққа молықты. Содан кейін менің қамқоршым — Ұлберген шешей:
— Балам сен басқа үйлердің малдары төлдегенше, жақ-жұтты боп өзге үйлерге жуымай-ақ қой, осында тұра бер, — деп, басқа үйге көшуге ұлықсат етпеді. Бай үйлер болмаса, шаруа үйлер ол кезде соғымды аз соятын да, етті турамшылап, сорпа-суанымен шылап қана жейтін, қонақжай үйлер біреу-міреу кеп ұят боп қалар деп, соғымның жылы-жұмсағын келетін қонағына сақтайтын. Шәймердендікі де сондай үйдің, біреуі болатын. Сондықтан қыс ортасы ауа Ұлберген шешейдің шөміші шағындалып, сорпаны сирек татыра бастаған. Екі сиыр осындай кезде бұзаулағаннан кейін Ұлберген шешей күн сайын кішірек қазанды толтыра қатық ұйытатын да, түс кезінде ыстық астың орнына аяқпен үлестіріп, біз ішіне нан турап, ыңқытып соғып алатынбыз Ол да өзінше аса бір жарасымды тәтті тамақ болатын... Шаруа баққан момын Шәймерденнің үй ішіне жәйлі жігіт екендігі жоғарыда айтылды. Соған қоса оның бір мінезі,— әйелімен, шешесімен, балаларымен, әсіресе Кекеш, Бекес, аталатын үйелмелі сүйелмелі қыздарымен, менімен үйіне қыдырып келген басқа адамдармен қалжыңдасып ойнап отырады. Сондай әдемі ететін күндердің біреуінде:
— Уа, Шәймерденші, Шәймерден! — деген айғай естілді терезе сыртынан. — Шығып кет! Ол кездегі ауылдың салтында бұндай айғай не той, не жаназа сияқты ерекше бір оқиғаға байланысты ғана шығады. Соның қайсысы екенін білмей сасқалақтаған Шәймерден «апырай, бұ кім еді?!» деп, терезеден қарады да:
— Досым! — деді, «кім?» деп үрейленген .шешесіне.
— Қай Досым?
— Өзіміздің! Досмағамбет.
— Е, ол жындынікі не, мұнша айғайлап. Не боп қапты? Білші, тысқа шығып!.. Шәймерденге мен ере шықтым. Астындағы аты бусанған салт Досмағамбет:
— Уә, Шәке, шүйінші! — деді Шәймерденге, өзінің белгілі қуланған кескінімен.
— Ия, не бопты?
— Құрият!..
— Не дейсің? — деді Шәймерден Досмағамбеттің сөзіне түсінбеген кескінмен.
— Құрият бопты, құрият!..
— Жын соққан-ау, — деді Шәймерден жасы кіші Досмағамбетке ұрса сөйлеп, — айтсаң дұрыстап айтсайшы, айтатыныңды. Жұмбақтап немене оттап тұрғаның?..
— Неге ұрсасың, Шәке-ау, жақсылық хабар әкеп тұрған кісіге? — деді Досмағамбет.
— Түгіңе түсінсем бұйырмасын, не деп тұрсың өзің?
— «Құрият бопты» деп тұрмын ғой.
— Сандалмай түс үйге!.. Осындай да ойын бола ма екен — деп, жеңіл шыққан киімінен тоңазыған Шәймерден бұрылып жүре берді.
— Рас, Шәке!—деді Досмағамбет,— тоқташы, айтайын.
Шәймерден жауап қатпай үйіне кіріп кетті. Мен тосыңқырап тұрғанда, Досмағамбет те атынан түсті.
— Ә, Сәпке, аман? — деп ол маған қулана амандасты да, үйге кіріп кетті. Үйге мен кідіріңкіреп кірсем, — Досың айранын ішіп болған аяқты Ұлбергенге қайтарып, мұртындағы жұғынын ерінімен сорып жатыр екен. Жұғынын жалаған мұртын ол алақанымен бірер сипады да:
— Шәке, келмей қалма! — деді орнынан тұра беріп Шәймерденге.
— Көрерміз, — деді Шәймерден.
— Көргенді қой, кел!
— О не? — деп сұрадым мен Досмағамбет шығып кеткеннен кейін Шәймерденнен.
— Өзім де түсінген жоқпын сол жынның сөзіне.
— Не дейді?
— «Патша тақтан құлапты» деп сандалады.
— Қайдағы патша?
— Мекалай патшаның барын білмейтін бе едің? — деді Шәймерден.
Ия, ия...
— Соны тақтан құлатыпты деп оттайды әлгі, Досым. Түгіне түсінсем бұйырмасын.
— Осы баланы кешке ала баршы, бәрібір шана жегіп барасың ғой, — деді Шәймерденге шешесі.
— Егер барсам, — деді Шәймерден.
— Әдейілеп шақырған соң бар, — деді шешесі.
— Қайда? — деп сұрадым мен.
— Қаратерекке, — деді Шәймерден.
— Онда не болады екен?
— «Сонда кешке Ғалауетден келеді, болыс келеді, ауылнай келеді, жиналыс болады» деп кетті әлгі жын. Расы ма, ойыны ма, — кім біледі со жынның не айтып жүргенін. Қулықпен де айтып, осылай дүрліктіретіні болатын жұртты.
— Мұнысы қулық болмас, — деді Ұлберген — өзгемен ойнаса да, патшамен ойнай ма ол. «Естімеген елде көп» деген екен. Патша тақтан құлапты деген не сұмдық екен бұл?!. «Қаратерек» дегеніміз — Самай руының бір ауылы, Жуанағаштан бес-алты шақырым жерде, онда бұл арадағы Жәңгісі Самайдың ең байы — Аяпбергеннің Қайралабы тұрады. Сол ауылға баруға Шәймерден кешке қарай жиналып, тойыршытау қара көк атың жадағайлау шанаға жекті де, барғым келген мені қасына отырғызып жүріп кетті.
— Қайрекең үйінде сыйлы қонақтар болар, — деді ол «Қаратерекке» жақындай,— біз Жамантай прәдәрдің үйіне түсейік. Кедей шаруалы Жамантай прәдәрдің үйінен шай ішіп жылынғаннан кейін ымырт жабыла Шәймерден екеуміз Қайралап үйіне тарттық. Бұрын келіп көрген ол үйдің алдындағы қоқтықпен қоршаған кең алапқа ат. пен шаналар симай, көрші үйлердің қасындағы ат, шаналарға ұтасып кеткен екен. Қайралаптың қысқы үйі, екі бөлек екенін білем: бірінде кіші баласы Қазы мен өзі тұрады, бірінде, үлкен баласы Имақ тұрады. Үйдің екеуі де, шымнан салынған, Қайралаптың өз үйі екі бөлмелі, кең, Имақтікі, отаусымақтау шағын. Екі үй, кең қораның екі қабырғасына қарама-қарсы салынған. Ішіне екі жерден панар ілінген кең қораның күңгірт сәулесінен, ішінде сапырылысқан көп адам көрінді. Шәймерденге еріп, солардың ортасын жарып келе жатқан маған Қайралап үйінің есігінің алдында жолыққан сол ауылдың жылпос жігіті Байғұтты:
— Сен қайда барасың? Әрі кет! — деп иығымнан ұстай алды.
— Менімен барады, — деді Шәймерден оған.
— Сыйлы адамдар отыр онда, Имақтікіне барсын бұл бала, өзің кір! — деді Байғұтты.
— Жоқ, менімен барады! — деген сөзді Шәймерден шегелей айтты да, — ал, қалма, бала! — деп бір қолымнан ұстай үйге кірді. Үй іші өте тығыз екен. Ауыз бөлмеден әрі асып болар емес. Сондықтан:
— Бала, сен осы бөлмеде қала тұр, — деді Шәймерден маған, — мен төргі бөлмедегі жақсыларға сәлем беріп шығайын. Шәймерденнен мен қалып қойдым. Бұл үй — біздің елдің сол кездегі стандарттық үйлерінің біреуі: қабырғаларын шымнан қалап, төбесін жадағай жалпақтау қып жабатын бұндай үйлердің, егер байдың үйі болса, — ұзындығы шамасы он бес, жиырма метрдей, көлденеңі бес, он метрдей болады; қабырғасы осылай тұтас салынған үйдің ортасын «шұбалма» аталатын пешпен бөліп, ауыз бөлме, төр бөлме жасайды. Ас-су ауыз бөлмеде даярланады. Кәрәсін шамның жарығы екі бөлмеге бірдей түсу үшің шұбалма пештің орта тұсынан шам қоятын тесік қалдырады. Әдетте ауыз бөлмедегі қазандықта асылатын ет бүгін жоқ екен. Себебін жорамалдап тұрмын: өте сыйлы қонақ келгенде, отауы бар үйдің асы сонда даярланатын әдеті. Шәймерден төргі бөлмеге озғанда, мен де қысылып-қымтырылып шам қоятын тесікке жеттім де, тор жаққа сығаладым. Ең алдымен, менің көзіме, жылы бөлмеде сыртқы киімдерін шешіп, қамзолшаң отырған зор, жуан денелі, өзімізге мәлім Нұрғожа түсті. Ол қоңқиған зор мұрнын анда-санда бір пысқырып қойып, өте жайдары кескінмен отыр. Оның оң жақ тізесін ала, басында татарша дөңгелек қара тақиясы, үстінде қалаша тігілген костюмі, галстукты ақ көйлегі, аяғында ақ чесавкасы бар, дөңгелек, көркем жүзділеу, кішірек көзділеу, шапаты шағын денелілеу, оң бетінде ай таңбасы бар жас жігіт отыр... Сәні ме, әлде өте жылыны жақсы көре ме, мынадай ып-ыстық бөлмеде арқасына жасыл шұғамен тыстаған жеңілдеу түлкі ішігін жамылып апты. «Ғалауетден осы болуы керек» деген ой келді маған. Ол әлденені сөйлеп отыр, өзгелері ұйи тыңдап отыр. Нұрғожаның екі қанатын қоршай отырған одан басқалардың көбін таныдым. Олар — Әнәстәсіп аталатын болыстағы: Қапсыт, Самай, Нұрымбет руларының шонжарлары. «Игі жақсыларға» сәлем берген Шәймерден кешікпей ауыз бөлмеге шықты. Екі бөлмеде де гу-гу сөз. Сөздің көбі «патшаның тақтан құлауы» туралы. Қанша құлақ тіккенмен, мен ұғатын сөздер емес бұлар. Қайдан ұғам, менен өзгелер де «апырай бұ қалай?» деп бірінен, бірі сұрап, «ол солай» деген тиянақты жауапты ешқайсысы да айта алмай, әртүрлі жорамалмен айнала шатасады.
— Кәне, ас келеді, қонақтарға, жайланып ішсін астарың тараңдар енді, ауыз бөлмедегілер! — деген дыбыс естілді бір кезде, ауыз бөлмедегілер сөгіле бастағанда:
— Шәймерден, сен қонақтарға табақ тартыс. — Қасыңдағы бала Имақтың үйіне барып сорпа-суын ішер. Қайралаптың үйі, сол күні жылқының семіз етін мол-ақ асқан екен. Сондықтан сыбағалы тамақ жемегенмен, маған да қанағаттанарлық ас тиді. Менің қанағатсыздығым ол жағында емес, әңгімеде... «Патша тақтан құлапты!..» Не сөз бұл?! Қалай құлаған?! Кім құлатқан?!. Рас па, өтірік пе?!.» Бұл сұрауларыма, Қаратеректен аттанғаннан кейін жауапты Шәймерденнен алған сияқтандым.
— Менімше, патшаның тақтан құлауы өтірік — деді ол.
— Неге, Шәке?
— Патша құласа, оған сүйенгеннің бәрі құлауы керек қой. Мысалы, — Құрымбай тұқымы... Нұрғожа... Осы араның патшасы сол емес пе? Патша құласа, ол неге құламайды? Құлаудың орнына, гүл-гүл жайнайды!.. Сөзіне қарасам, бұрынғысынан да күшейіп алған сияқты.
— Қалай?
— Бұған, дейін ол бір інісі Ыбырды болыс қойып, елді сыртынан бағушы еді ғой! Енді мына құрият болғанда, екінші інісі Қазиды болыс қояйын деп отыр.
— Кім айтты?
— Құрияттың болысын сайлауға Есілбайдың Ғалауетдені шыққанын көрдің ғой?
— Көрдім.
— Көрсең, біз келгенше, жаңа болысты сайлауға Қайралап үйінде отырған шонжарлар пәтуа қып қойыпты.
— Кімді?
— Байғожаның Қазиын. Білесің бе, оны?
— Білем. Байғожа Нұрғожаның інісі емес пе?
— Үстінен түстің. Қази әрі жас, Ыбырдан әлдеқайда қу. Көрерсің, елдің жұлынын желкесінен соратынның өзі сол болады. Сайланып алған соң, құрияттың болысы қандай болатынын елге көрсетеді ол.
— Шәке, — дедім мен, — «құрият, құрият!..» деседі жұрт, сол не сөз өзі?
— Оның мағынасын Ғалауетден айырып берді, — деді Шәймерден, — арабша «хұррият» деген сөз екен қазақша мағынасы: «еркіндік бостандық» дегенге келеді екен «жауыз патша түсіп, халық еркіндік алды, бостандық алды» дегені ғой. Бірақ Құрымбай тұқымынан болыстық кетпей, елге бостандық бола қояр ма екен. Соған қарағанда, осылардың «хұррияты» «құр ұят» бола ма деп қорқам.
— Не дедіңіз? — дедім мен соңғы «хұррият» деген сөзді Шәймерден «құр ұят» сияқты қып айтқан соң.
— «Құр ұят» деген қазақ сезін білесің бе? — деді Шәймерден, «құр» мен «ұяттың» арасын әдейі бөліп айтып.
— Білем ғой, — дедім мен, — ұятқа қалдыратын істі айтады ғой, «құр ұят» деп.
— Ендеше «патша тақтан құлады», хұррият болды дегенмен, «құрият, құрият!» деп шапқылаудың арты «құр ұятқа» соға ма деп қорқам.
ПАТШАНЫ ҚУҒАН БАТЫР
Шәймерденнің «хұррияттың түбі құр ұятқа соғады» деген сөзің кешікпей ауыл-ауылдың момын шаруаларының бәрі де айтты. Олай демеуге болмады. «Патша тақтан құлапты» дегенмен, ол тақта отырған кезде ауылдың момын шаруаларын талап жеп жүргендер түп-түгел орнында. Олардың баяғы зорлық-зомбылығы арта түспесе, кемір түрі жоқ. Сондай халде, саясат дүниесінде не боп жатқаның Жуанағашта тұратын біздер, ауылына ат үстінен анда-санда ғана соғып кететін Досмағамбеттен естиміз.
— Патшаның орнына, Керенский деген біреу патша бопты, — деп келді ол, ауылына бір соққанда.
— Кім екен ол Керенский? — деген сұрауға:
— Әкесі Мекалайдың әкесінің атшабары екен. Өзі Мекалаймен түйдей құрдас екен. Екеуі сабақты бірге оқып, жасынан дос боп өскен екен. Жұрттың өзіне өшігіп кеткенін біліп, Мекалай тақтан әдейі түсіпті де, орнын досына беріпті. Кейін жұрттың даурығуы басылған соң, таққа өзі қайта мінбек дейді, — деп жауап береді Досмағамбет. Тағы бір жолында ол:
— Қазақтың ханы жеке болатын бопты. Әлиқан Бөкейханов деген кісі хан болатын бопты, — деп келді.
— Ол кім екен? — деген сұрауға:
— Абылай ханның дей ме, басқа ханның ба, — әйтеуір хан тұқымы деседі. Қазақта одан көп оқыған кісі жоқ дейді, Ғалауетден. Сол кезде туған баласының атын Досмағамбет Әлиқан қойды. Атқамінер, пысықшалар осылай даурыққанмен, ауылдың момын кедейлері бұл «құриятты» бостандық екен деп ұққан жоқ. Шын бостандықты тілеген олардың құлағына Октябрь революциясының жер тітірете қағылған дабылының, даусы шалынбай қойған жоқ. Оған менің сол бір күндер! көзіммен көріп, құлағыммен естіген мына бір оқиға куә. Терезесін қойдың қарнымен қаптаған, төбесіне түрегелген кісінің иығы тиетін кішкене шым үйде жоңқа жағып іңірде кеңеске кіріскен бес-алты кісіге, маңыраған қозы мен лақ сөз естіртпейді.
— Өй, жақтарың қарыссын!.. Зарлап қалыңдар! — деді сол үйдің әйелі қозы мен лаққа ыза боп қарғап. Бұл сөз — үй иесі Жаңбырбайға да жағымсыз тиді. Оның, күркедей үйіне екі балалы малдың өмір бойы бітуі осы ғана еді. Бұрын бір лақты ешкі кейде бітіп, кейде бітпейтін. Биыл қыс көрші ауылдағы байға жалданып, қыстық ақысына қозылы қой алмақ болған. Жаңбырбайға бермек болғай қойдың қозысын күтуді бай ауырсынып, кешегі күні оған айтқан:
— Қозылы қойыңды енді үйіңе апарып таста, Жаңбырбай. Төлін үйіңде күт! — деп. Маңдайында ақ төбел бар қара бұйра қозы мен бір жамбас қойды көрсетіп, бай «осыны ал» дегенде, қойын ол қысылғанмен нысаналы қозыны ырым етіп, байдан байтал ұстап мініп, қозыны қойнына тығып, қойды алдына өңгеріп Жаңбырбай үйіне келген. Бұл— 1917 жылдың апрелінің ортасы, қар аласапыран боп еріп жатқан кез. Жаңбырбай үйінің бұрынғы бар тамағы. — жалғыз ешкінің сүтіне сепкен тарының сұйық көжесі. Оған кеп бүгін бір жамбас қой қосылған соң, әйел қойды да, ешкіні де қақтап сауып, лақ пен қозыны үйшігіне іңірде аш қамады. «Таң атқанша осыны талқажау қыла тұрар», — деп құрақ тастап еді, дәні кетіп, қар түсе орган құрақты жас төлдер иіскеді де, ауыздарына салмады. Енелерін тым болмаса болпылдатып бір-екі рет сормаған қозы, лақ жылы, тәтті, уыз сүтті аңсап зар қақты.
— Енелерін үйге кіргізе қойшы, қатын! — деді Жаңбырбай әйеліне, — емсін енесін. Жануарлар сөз естіртпеді ғой.
— Немене, үйіңде пұттаған ұның, қаптаған құрт-майың толып тұр ма еді? Мойындары тырнадай қылқиған мынау бес-алты ши борбай балаларың ертең жел оба ма? Азығың, сауының толып тұрған кісідей сөйлейсің!.. Бұл дауға дәлелі жоқ Жаңбырбай үндемей төмен қарап еді:
— Тойбала! — деді үй иесі әйелге, Жаңбырбайдың інісі Жылқыбай, — айранды таңертең біздің үйден аларсың, төлдеріңді еміз! Жанға жағымды кеңесті естиік деп келіп ең әдейі келгесін тыңдап қайтайық. Тойбала көптің өтінішінен шықпай, ешкі мен қойды үйге кіргізіп, төлдерін жамыратып еді, қозының да, лақтың да дауысы жым-жырт бола қалды. Жаңқаның жарығы кішкене үйдің қою қараңғылығын жеңе алмады. Аласапыранның сыртта соққан дауылы терезеге шегелеген қойдың қарнын біресе сыртқа, біресе ішке томпитып, кейде қарынның ернеуінен үйге еріксіз кіріп, өзі әлсіз жанған жаңқаның жалынын жалпылдатып сөндіре береді. Ол үйде сіреңке жоқ еді, жарық қылар ол пештің ішіндегі шоқ. Жаңқаны шоқпен тұтатқан Тойбаланың үрлей-үрлей демі таусылып басы қаңғырды.
— Қатын! — деді Жаңбырбай, — желі құрғыр да ерегісіп кетті ғой, терезеге менің күпімді қалқалай қойшы! Қалқалаған күпі желді бөгеді. Жаңқа шамасынша жарқырап жанды. Дем алған Тойбала пеш үстінде кеуіп тұрған қайыңның біреуін қасына қойып, жаңқаны қаймыжықтай ғана қып жарып, бірі таусылса біреуін тұтатты да отырды. Салқын үйде иығына киім жамылған жұрт Жаңбырбайдың аузына төнді. Үстеріне көрпе қып жамылатын құрым туырлыққа оранып бастары қылқиған бес-алты балаға Тойбала:
— Жатсаңдаршы! Сендерге не жоқ! — деп алая қарап еді, балалар қымсынды, бірақ жатпады.
— Тойбала, тоқтай тұршы, кеңес тыңдайық, — Деді біреу, отыра берсін, ертең қырман қырып жатқан жоқ, ұйықтар. Ал, Жаңбырбай сөйле!.. Жаңбырбайдың сөзі, — патшаның тақтан құлауы туралы. Бұл сөздің терең сырын айтар білім мен сана, ол кезде Жаңбырбайда да жоқ, оның тыңдаушыларында да, олардың ішінде, менде де жоқ. Менің тек қана байқағаным, — Жаңбырбай ертегі сияқты қып айтқан сөзді, жиналған жұрт аса ықласпен, керекті жерлерінде үн қоса тыңдады; ұққаным — патшаны тақтан құлатушылар, — еңбекші халықтың қамын ойлаушылар, олардың аты — большевиктер, большевиктерді бастаушы адам — Ленин. Ленинді Жаңбырбай, денесі де, ақылы да, білімі де әдеттегі адамдардың бәрінен де өлшеусіз зор қып сипаттайды. Халықты қанаушыларға қарсы Ленин жұмсаған қайратты естігенде, тыңдаушылардың кейбірі, «алда, садағаң кетейін- ай!» — деп жылап та жіберді. Жаңбырбайдың ұзаққа созылған кеңесінің арасында, тыңдаушы жұрт: «Шіркін, со Ленинді көрер ме ең мұңымызды шағар ма ең мұндағы қанаушыларды да қуар ма ек!» деп арман етеді... менің көңіліме де сол арман ұялай түседі...
КҮНДЕСТІК
Жуанағаштың, жайлауы «Тоқтаның қайраң көлі» деген жерде. Беті қамыссыз жалтыр, аумағы ат шаптырарлық кең, теріскей жағы саздау тайыз, күнгей жағы жарқабақтана біткен құмқайрақ, бұл көлді Жәңгісі Самайдың жеті-сегіз ауылы жағалай отырады. Көлдің қай беткейін алсаң, малдың кең өрісі және жоңышқасы мен жусаны аралас шығатын, ащылы-тұщылы қалың от. 1917 жылдың жазында, Жуанағашқа еріп, жайлауға мен де шықтым. Кәсібім, әрине, баяғы — бала оқыту.
— Сені бір кісі шақырады, — деді бір күні маған, Досмағамбеттің Далабай асырап алған інісі, менің құрдасым Әлмақан кеп.
— Кім?
— Шәліңкенің Қанапиясының баласы.
— Қайда ол? — дедім қуаныштан жүрегім тулай соққан мен.
— Кіші ағам үйінде.
Кіші ағасы — Итікей. Балаларды тараттым да, Баймағамбетке жөнелдім мен. Басына целиндр қалпақ, үстіне барқыт жағалы пальто, аяғына шебелет киген ол, Итікей үйінің алдында Досмағамбетпен кеңесіп, әлденеге екеуі күлісіп тұр екен. Амандықтан кейін:
— Доса, — деді Баймағамбет, Досмағамбетке, — күн ыстықтау екен көлге барып суға түсіп келеміз бе, әлде?
— Мен ерініп тұрмын, — деді Досмағамбет, — қымызды көбірек ішіп жіберсем керек, қарным сыздап жүре алмай тұрмын. Ет. піскенше аздап қалғып алсам ба деймін. Сәпкең екеуің қыдырып келіңдер, ет піскенше!
— Сөйтсек сөйтейік — деп Баймағамбет пальтосын шешіп Досмағамбетке берді де, екеуміз қолтықтасып көлге қарай кеттік. Қыс ортасынан бері хабарласпауына мен өкпе айтып ем:
— Оның, жөн ғой, бірақ... — деп бастап, Баймағамбет, неге хат. жазбаған себебін айтты.
— Шынында, мен сені аяймын, — деді ол, — өз жағдайын біраз айтып ап, — ауыр халіңе жаным ашиды, бірақ қолымнан келері жоқ... Саяси хал туралы бірінші мәліметті мен содан алдым. Оның, айтуынша: патша түскенмен, өкімет билігі капиталистер мен помещиктердің қолында екен. «Капиталист», «помещик» деген сөздерді мен алғаш содан есітіп, мағынасына содан түсіндім. «Большевик», «меньшевик» деген сөздермен де мені алғаш сол таныстырды. Қазақ оқығандары «Алашорда» атты өкімет құру ниетінде жүргенін де маған сол айтты. Патшаны кім түсіргенін, одан кейін не халдер болып жатқанын мен енді ғана түсіне бастадым... Баймағамбет маған «Туғаныма» деген өлеңін оқып берді: 1917 жылы, 8 мартта жазған екен.
Бетіңе қарсы келіп ешкім қақпас
Жігерің құм боп мұқап жүруші едің,
Қаймықпай аяғыңды енді нық бас!» —
деп басталатын бес шумақты бұл өлеңде Баймағамбет февраль революциясын халықтың шын бостандығы деп түсініп, халықтың серпілуіне ұраншылық пікір айтқан екен. Февраль революциясына алғаш солай қарағанмен, кейін Баймағамбет біраз суынып қалған сияқты. Мен оған Шәймерденнің «хұррият» туралы пікірін айтып ем:
— Рас та болмаса, не қылсын сол сөз! — деді Баймағамбет тұнжырап, — патша түскенмен, елдегі патшасымақтардың тағында отырғаны рас. Жалпы саяси халды ол ауырлатып айтты.
— Іс мұнымен тынбауы мүмкін — деді ол. — Соғыстан қайтқан солдаттардың сөзіне қарағанда, саяси хал бұдан өзгере ме деп ойлаймын. Мемлекет ішінде байлар мен кедейлер т.абының өзара соғысы бола ма деп жорамалдаймын.
— Маған, не істеу керек? — деген сұрауыма, Баймағамбеттен көңіл толарлық жауап ала алмадым. Мұндай сұрауды берген себебім: шамамды байқасам, бұдан әрі бала оқыта алатын жәйім жоқ; қалай оқытам? Тілі қазақша не түркіше кітаптың қарасын ғана жүргізгенім болмаса, мағынасына түсінбеймін, жазуға шалағаймын, ғылымнан хабарым жоқ. Сондықтан енді «бала молда» боп жүруде ешбір мағына жоқ сияқты, олай болу құр әурешілік сияқты, босқа әурешіліктен кетіп, қолдан келетін бір іске жармасу қажет сияқты. Ол, әрине, — не оқуға кету, не қара жұмысқа түсу...
— Оны күзге қарай ойланбасаң, қазір реті жоқ қой, — деді Баймағамбет. — Бірер ай бола тұр осы ауылда. Өзара хабарласып тұрайық. Күзге қарай оқудың реті кеп қалуы мүмкін. Мүмкін, бірге кетерміз... Баймағамбет екеуміз осыған келіскен болдық. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, тұрмыстың талқысы мені Баймағамбетке берген уәдемді орындауға жеткізбеді. Жуанағашта Сәмеке дейтін ауқатты адам болған. Мен бұл ауылға келер күздің алдында Сәмеке әліп, артында жесір әйелі Ымшан, момын інісі Жақа, алжыған шешесі Жармыш қалған. Бір қыздан басқа баласы болмаған. Баймағамбет кеткеннен кейін ораза айы басталды да, туысқандары Сәмекеге хатым80 оқытуға жиналды. Керей атаулыдан елде хатым оқитын жалғыз ғана адам табылды, ол — баяғыда, Жаманшұбарда кішкене молдадан менімен бірге оқитын соқыр бала — Рымбайдың Исақметі. Құранды кішкене молдадан мен бар кезде оқып жаттап алған Исақмет, менен кейін көршілес Жамантымақ деген елдегі мұсылманша мол оқуы бар Кәрібай хажы деген кісіден оқыпты да «қари» деген ат алыпты. Жаманшұбарда Сәмекенің құдасы Молдақмет бары бізге мәлім. Хатым оқытуға талаптанғандар, Молдақметке «Қариды алып біздің ауылға келсін, хатым оқытайық» деп хабар айтады. Молдақмет «саба артып, аза байлап» деген сияқты жол-жорасын қоса, қасына қариды, Ботжан молданы және біраз кісілерді ертіп, ораза айы орталана Жуанағашқа келіп қалды. Маған өзгенің емес, Исақметтің келгені қуаныш болды, себебі, өзгеге «қари» болғанмен, ол маған «қари» емес, маған ол күні кеше өзім жетектеп жүретін соқыр бала... оның әкесі Рымбай да, менің әкем Мұқандай, «қойдан қоңыр, қозыдан жуас» және бар өмірін жұмыспен өткізген еңбекті адам... Сабақты Исақмет екеуміз бірге оқығамыз... Кішкене молданың дүресін екеуміз бірге жегеміз... Оның үйі болғанмен, көзі жоқ... Менің көзім болғанмен, үйім жоқ... Сондықтан менен үш-төрт жас үлкен болғанмен, екеуміз сырлас, мұңдаспыз да, жан аяспас доспыз да... Сондай доспен төрт-бес жыл айрылып тұрып, енді көрсем және ел қадірлейтін жағдайда көрсем, оған мен қалайша қуанбаспын!.. Дәрежесі өскенмен оның баяғы бауырмал, аяғыш, жұқа мінезі әлі де со қалпында екен. Менімен солай сөйлескен оны байқап көрсем, көзім болғанмен, одан әлдеқайда артта қалып қойған сияқтымын. Ең алдымен ол білім жағынан менен әлдеқайда озып кеткен сияқты. Соз түріне қарасам, Кәрібай хажыдан ол «құранды» тәжуиттің хүкімімен әндетіп дұрыс оқуды үйренуі былай тұрсын, бұрын білмейтін араб тілін де жап-жақсы үйреніп апты. Сонымен қатар, жағрафия, химия, физика, есеп сияқты дүниялық ғылымдардан хабар алыпты және алған хабары қадимша емес, жәдидше. Мысалы: «Екі жерде екі — төрт, үш жерде екі — алты...» деген сияқты көбейту -амалдарына жәдид оқуын қолданып цифр орнына әріптерді: «Бабту, бажуаң бадғу, баһиаң баулабоң базиадон...» деген сияқты сөздерді айтқанда, аузы-аузына жұқпайды, «сегіз жерде сегіз нешеу? Жеті жерде тоғыз нешеу? Бес жерде жеті нешеу?» деген сұрауларыңа, кірпік қаққанша жауап береді... Соларына қарап отырсам, білім жағынан, мен оның тобығынан да келмейтін сияқтымын!.. Менің оқи алмағаныма ол қатты өкінішін білдірді.
— Бірақ, — деді ол Кәрібай хажының үйіне келетін газеттердің хабарына қарағанда, «Алаш-орда» атты қазақ өкіметі құрылғалы жатқан көрінеді ғой. Өкіметті құрушы азаматтар қазақ тіліңде мектеп ашамыз дейтін көрінеді. Алды кей жерде ашылып та жатыр білем, өйткені біздің ауылдан Молдағазы, Түбектегі Сибаннан Қақметтің Хамиті, Уақтан Жоламанның Іскейі мен Қанапияның Баймағамбеті, Нұралыдан Жақыптың, Баймұраты, тағы біраз жігіттер Омбы жағына, мұғалімдер даярлайтын екі айлық оқуға жүргелі жатыр деп естідім. Сен одан кеш қалдың. Қыстыгүні де сондай оқу ашылады деген сөз бар, мүмкін, соған барарсың. «Оқусыз адам бола алмайсың» деген сөзді біраз үгіттеген қари:
— Әрі жанашыр жақыныңмын, әрі қандас туысыңмын, әрі жасы үлкен ағаңмын, сондықтан саған ұрсатын да ретім бар, — деп ап, — өлең шығарады дейді сені, — деп кейіді Исақмет маған, — не ақың бар өлеңде?.. Және айтысқа жаның құмар көрінеді. Балықбайда айтысам деп пәлеге қапсың да, өзіңді сабарманға кеп қуып жіберіпті. Сол пәлеңді осында да бастапсың. Жаңгісіні де өшіктіріп апсың өзіңе!.. Сабап қуып жібереміз деп те айтады дейді кейбіреулері... Нең бар еді өйтетін? «Кәріп жолы қайсы» деп неге тиыш жүрмейсің?.. Кімің бар болысатын?.. Кім көрінгеннен таяқ жегеннің несі сән?.. Хатым күндерінде қари мені қасына алып отыратын болды. Хатым кешке, «тарауых» аталатын намазда оқылады. «Отыз параға» бөлінетін «құранның» қари сыдырға оқып «таруых» сайын бесеуін бітіріп тастайды. Жаңылмасам, «тарауық» жиырма бес намаз болу керек. «Хатымды» араластыра оқығанда, жиырма бес намаз, шамасы төрт, бес сағатқа созылады. Намаз біткеннен кейін «тасбих» аталатын дұғалығы оқылады. Мақтанғаным емес, «сүббухан әзіл мүлки уәл малакут» деп өлеңдете басталатын бұл «тасбихты» әндете айтқанда, тыңдаушымды ән айтқаннан кем ұйытпайтын едім... Сондықтан жұрт «тасбихты» өзгеге емес, маған оқыттырады... Сондай бір - «рахатқа» қарық боп жүрген кезімде, ойда жоқ жанжал шырқымды бұзды да кетті. Оған себеп мынау болды: ислам дінінің шариғатында, «хатым» уақытында ғана болмаса, өзге намазда, егер дені cay молда болмаса, денесінде кемшілігі бар молда имам болуға тиісті емес. Ендеше күн сайын «хатымнан» басқа оқылатын бес намазда қаридан басқа біреу имам болуы қажет. Бірақ, кім? Жәңгісі руындағы қадырлы молда да, имам да Шұғайып. Бірақ оған намазға имам болуды, қаридың қасында келген Бәтжан молда қиғысы келмейді. Осы жөнде қырғи-қабақ қарасып жүрген олардың жанжалдасуыңа мен себеп бола кеттім. «Ауыл итінің құйрығы жуан» дегендей, Шұғайып молда, Бәтжан молдаға имамдықты билете қоймаған соң, оңаша бір шыққанда:
— Бала, сен Шұғайып молдаға өлең шығарыпсың, рас па, сол? — деп сұрады Бәтжан молда. Өлең шығаруым рас еді. Өткен қыса Мұхаммедиямен арамызда тұтанған айтыс үстінде, «Шұғайып та оған тілектес» деп Досмағамбет мені желіктірген де, «оны да бір түйреп от» деп, «материал» берген. Сондағысы — Шұғайып молданың ағасы Бүбимен араздасып, бір қойын ұрлап сойып, мешітіне тығып қоюы, оны Бүбидің тауып алуы... Осы жәйді Бәтжанға айтқанда, ол қуанып кетті де:
— Көзін бадырайтып тұрып, айтсаң қайтеді, осы өлеңді!.. — деді.
Мен қашқалақтап көнбедім. Мені көндіре алмаған Бәтжан бір іңірде қымыз ішіп қызыңқырап отырып, Шұғайыппен ілінісіп қалды да, мешітке ұрлықтың етін тыққанын бетіне салық қылды... Сол арада екі молда жұдырық салысып төбелесіп қалды. «Кімнен шықты бұл сөз?» деп тексергенде, менен шыққаны мәлім болды. Содан кейін бүкіл Жәңгісі боп, Жуанағашқа «мына бүліктен құтыл» деген талап қойды. Ақыры сол жаздың ортасында маған Жуанағаштағы молдалықты доғаруға тура келді. Бірақ қайда барам? Баратын жалғыз жерім — апам Ұлтуғанның үйі. Маған жылы ұшырайтын жалғыз үй сол ғана. Бірақ ол үй бұл жазда ауылында жоқ, қар еріп жатқанда, орыстың жырағырақ жердегі бір байының егінін салысуға үй-ішімен көшіп кеткен.
— Сен бала, — деді Сансызбай молда, — бір жазша біздің үйге дәмдес боп шөп шабуға жалдансаң қайтеді? Дос санайтын адамдарыма ақылдаса кеп, мен осыған көндім. Ақыма ол сиырдың бір тайыншасын бермек боп, кешегі күні ауылдың «молдасы», бүгін үстіне шөпшінің жамаулы кенеп көйлек-дамбалың аяғына сіріден тіккен шәркесін киіп, иығына шалғысын салып шөпке жөнелді!.. Аз үйлі, шағын ауқатты Жуанағаш ауылының адамдары шөпті бірлесіп шабады екен. Солардың бәрінің басы қосылғанда, шалғыға түсетіндердің саны — оннан астам кісі. Қол шалғыға түсетін жастардың өзара бірін бірі қуа шауып ойнауы — бүкіл пішенші атаулының дағдысы. Сол ойын бізде де басталды. Мақсат — алдында шалғымен шөп шауып бара жатқан адамды тықпалай қуып жолынан тайдыру... Осы ойында, байқаймын, бір жігіт менімен ойнамайтын шындайтын сияқты. Ол — Қанапия Омар баласы. Жасы сол кезде жиырманы орталаған, ол әлі үйленбеген жігіт, Мінезі күлдіргі, бойын таза ұстайтын ол, жұмыстан бос кезінде ептеп бозбалашылық та құрады. Сол жігітпен ел жайлауға жаңа шыққан кезде жанжалдасып қалдым. Себебін толығырақ баяндайын. Тоқтаның қайраң көлінің басына Жәңгісінің ауылдары жағалай қонғаннан кейін қыстың қысымшылығынан құтылып жадыраған жастардың ойын-сауығы басталды. Біздің елде (кейін білсем қазақ руларының көбінде солай екен) жастардың «хан жақсы ма?» аталатын ойыны болады. Ойынның тәртібінде81 жиналған жастар орталарынан жасамыстау, үйленген бір жігітті «хан», сөзшеңдеу, пысықша бір келіншекті «ханша» және бір жігітті «уәзір» сайлайды. Ойын далада болсың үйде болсың «хан» ойынға жиналған қыз-бозбаланы бір-бірден аралас отырғызады. Келіншектер оңаша отырады. Жастарды солай орналастырғаннан кейін «хан» уәзірін жұмсайды да, дөңгелене отырған жастардың ішінең бір шетінен бастап қыздың қасына отырған жігітті хұзырына (әміріне) шақыртып алдырады. Жігітке екі жағында отырған қыз ере келеді. Келген жігітке берілетін бұйрық: әуелі ханды мақтап үш ауыз, ханшаны мақтап үш ауыз, уәзірді мақтап үш ауыз өлең айтады. Содан кейін қасындағы екі қызды белінен құшақтай көтеріп тұрып, екеуін де мақтап үш ауыздан өлең айтады. Қыздарды жерге түсіргеннен кейін ылғи жанды заттардың атын қосып үш ауыз, жансыз заттардың атын қосып үш ауыз өлең айтады, одан кейін үш ауыз өтірік өлең айтады, ең аяғында үш ауыз «кер өлең» айтады, яғни соңғы бір ауыз өлеңді соңғы жолынан бастап кейін қарай айтып шығу. Мысалы:
Тар жерде қиын екен ән тастаған
Шешеңнен сені тапқан айналайын,
Бәйгеден келген кердей ойқастаған»,—
«Бәйгеден келген кердей ойқастаған,
Шешеңнен сені тапқан айналайын,
Тар жерде қиын екен ән тастаған,
болып шығады. Сонда ханның бұйрығымен жігіттің барлық айтып шығатын өлеңі — жиырма төрт ауыз. Солардың, бәрін орындап болғаннан кейін хан жігіттен «көршілеріңе ризасың ба?» деп сұрайды. Жігіт ризамын десе, хан уәзірге «ендеше екі жағыңдағы қыздың да аузынан сүй» деп әмір етеді. Қыздардың ол әмірді орындамауға хақы жоқ. Егер жігіт «риза емеспін» десе, хан одан қандай қыздың қасына отырғысы келгенін сұрайды. Таңдайтын қызы бар жігіт ханға жауабын қара сөзбен емес, өлеңмен қайтарып, неге таңдайтындығын дәлелдеуге тиісті. Сонда ғана хан жігітке таңдаған қызының қасына отыруға ұлықсат етеді, таңдауын өлеңмен дәлелдей алмаса, бұрынғы орнында қалып қояды. Хан бұл ойынға қатынасқан жігіттердің бәрін де кезекпен шақырып, бірінші жігітке берген бұйрығын береді. Бірақ шарт: бір жігіт айтқан өлеңді екінші жігіт қайталамайды, әр жігіт тыңнан өлең табуға тиісті. Тыңнан өлең таба алмаған жігітке қолданатын екі жаза бар: бірі — өлеңнің орнына, ақша, немесе орамал, айна, тарақ, кисет сияқты зат төлейді, оны төлей алса, қасында отырған екі қыздың біреуінің аузынан ғана сүйеді; бірі — егер өлең орнына ақша не зат төлей алмаса «алты қатынның абақтысына» жібереді, яғни қыздардың арасынан шығарып, келіншектердің арасына отырғызады. «Жігітпін» деген адамға, бұл екеуі де қорлық. Сондықтан «хан жақсы ма» ойынына араласуда дәмесі бар жігіт, шамасы келсе, күн бұрын тырбанып шама-шарқынша өлең шығарып жаттайды да, оған шамасы келмесе, мүмкіндігі бар жігіт ақша даярлайды, мүмкіндігі жоқтар «алты қатынның абақтысына» түскісі келмесе, қыздың арасына отырмайды. Ойынның, «хан жақсы ма?» аталатын себебі, — ойын тарардың алдында, ойынға қатынасқандардың ішінен біреуі шығып, көпшіліктен: «Қалай, хан жақсы ма? Ойынды жақсы басқара алды ма?» деп сұрайды. Егер хан беделсіздеу біреуден сайланса, әдетте жастар оны «саттым, алдым» - қып, сықаққа айналдырады. «Саттым, алдым» дейтіні: сұрау қойған жігіт — «саттым» дейді жұртқа. Жұрт ішінен біреу: «Несін саттың?» дейді. Мысалы: «көзін саттым» дейді сұраушы. «Алдым» дейді топтан біреу. «Неге алдың?» десе, «алған» кісі жаман бірдемені атап, «соған қарауыл қылуға алдым» дейді... Сол тәртіппен сықақтағысы келген жастар «ханның» денесіндегі көп мүшелерін «сатып алады» да, бәрін де сықақтайтын жаман бірдемеге жұмсамақ болады... «Ханды» көпшілік жамандаңқырап жіберсе, сықақтың аяғы «түйе бас» пен, яғни басынан жұдырықпен «кел тұқыл» не «кертартпа». алумен аяқталады, оның түрі ойын болғанмен, мазмұны «ханды» сабау; «Хан» беделді жігіт болса, жастар бұлай сықақтай алмай, «хан жақсы ма?» деген сұрауға «жақсы» дей береді. Ескі Римнің «Сатурнали» аталатын ойынына ұқсас бұл «хан жақсы маға» тоқтап отырған себебім: жоғарыда аталған Омардың Қанапиясы мен менің арамдағы кикілжің осы «хан жақсы мадан?» тұтанды. Тоқтаның, қайран көлінің жағасында басталған сауық кештердің, біреуінде, қызға қадала қарауға үйрене бастаған менің көзім жасы өзіммен мөлшерлес бір қызға түсе қалды. Қазір ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатып... дегендей, «қасабалы қатын» абыройлы бәйбіше болған ол қыз, сол кезде үріп ауызға салатын тәтті жемістей мөлдіреген әрі сымбатты, әрі кескінді өте көркем қыз еді. Және өзі хат біледі!.. Осы қызға кейде өлең, кейде өлеңге бергісіз қара сезбен хаттарды жүргізе бастаған кезімде, «иә» дей қоймағанмен менің жалбарынған сөздерім жүрегіне жеткендей болғанын, сәті түсіп оңашалау бір жолыққанда, қыз сөзімен емес, көзімен ғана аңғартқандай болған кезде, Қанапиясы бар болғыр арамызға тікендей қадала кетті. Мінезі тіктеу, өрлеу Қанапия, бір күні «сол қызбен қалайсың сен?» деп сыр тартқан болды да, мен бұлтақтап жөнімді айта қоймаған соң:
— Сенен қолқам бар, — деді тура тартып.
— Айт, — дедім мен не қолқалайтынын іштей жорамалдап, «өлмей қимаспын оны саған» деп бекініп, Қанапия қыздың атын атады да:
— Илансаң ғашықпен соған, сен әлі баласың ғой, мендей болғанша ондай қыздың нешеуіне кездеспеспін дейсің, маған осыны қи! — деді. Қайталап айтқанда, өлмей қиғым келмеген мен:
— О не дегенің, ағай? Басы бос қыз емес пе? Бұрып алмайсың ба? — деп сырғытпалатып ем, сүліктей қадалған Қанапия:
— Қойсайшы, ол қулықты білем, ол қыз сені жақсы көреді, сен күдеріңді үздірмей, маған бұрылмайды. Орында осы өтінішімді. Содан кейін қалағаныңды ал! — деп отырып алды. Ақыры менің көнбейтінімді көрген соң:
— Мұның арты жаманға соғады, байқа, бала! — деп ол қорқытпақ болды. Екеуміз жанжалдасып айрылдық. Соның артынан сауық кеші бола қалды. «Ханды», «ханшаны», «уәзірді» сайладық. Менің қуанышым — «ханша» мені сүйіктіме жөнелтпек боп жүрген, мінезі ер, сөзуар, жастардың әсіресе қыздардың арасында беделді, жасы сол кезде отызға таялып қалған бір кербездеу әйел болды. Жастар орналаса бастаған кезде, реті кеп қалды ма, кимелеп барып отырды ма, Қанапия менің сүйіктімнің қасына отырып қапты. Ішім удай ашып кетті. Бірақ Қанапия менің сүйіктімнің, қасына ұзақ отыра алмады. Ханның алдына менен бұрын шақырылған ол не бұйрықпен өлеңді айтып шыға алмады, не айта алмаған өлеңдерінің төлеуін бере алмады, сондықтан «алты қатынның абақтысына» жіберілгенмен, хан оны келген орнына қайтармады, сүйіктімнің жаны бос қалды. Ендігі қорқынышым: «басқа бір жігіт отырып қоймаса не қылсын!» Тілегім қабыл болғандай, ханның алдына Қанапиядан кейін шақырылған бірнеше жігіт те сүйіктімнің қасына отырарлық өлең таба алмады... Бір кезде мен шақырылдым!..
— Ал, баста! — деді хан, — маған бұйрығын беріп боп, әуелі ханды мақтайтын өлеңді айт.
Алдыңда қол қусырып бас ұрғаным.
Жұмсайтын уәзіріңе тапсыр, ханым.
Әділ «хан» баққан жұртқа болма қатал.
«Ойыңда қыздың аузы алып сатар».
Күлім көз, ақ бет, қиғаш қастауын сат.
Икемге көнгіш, жібі бостауын сат!»
— Дұрыс, — деді «хан» күліп, — енді «ханшаға» арнаған өлеңіңді айт!
Ордаңда мөлдірейсің сары балша.
«Ханша-еке», сенің отыр халқың барша.
Бұл жиын сағандағы ортақ ойын,
Тұсында әділ «хан» деп «ханшасының»
Көтерсін қыз-бозбала ойнап бойын.
Әділет күтіп бәрі бақсын саған.
Обалың көздің жасын артсын саған».
— Бұдан артық не десін! — деді хан ханшаға күлімсірей қарап қойып, — енді уәзір туралы!
Сөзіңді тыңдауға біз әзір, тақсыр.
Біреулер боп жүрмесің жазым, тақсыр.
Дей көрме «жұртты жөнсіз ығыстырам».
Тырқиып тез құлайды нығызсыған.
Біреудің сүйіктісін бұрма жатқа,
Сүйіссе, екі ғашық теріс айнал,
Көзіңді тесе қарап оған бақпа!»
— Жарадың, — деді «хан» қарқылдап күліп, — енді қызға арнап айт!
Уәзір мені хан алдына шақырғанда, жалпы тәртіп бойынша, қасымда отырған екі қызды ала келгем. Аса бой жеткен қызды ауылда «енем үйінің сиырындай» дейді. Сол айтқандай, менің қасымдағы екі қыз да жиырманың ішіне мол кірген, менен әлдеқайда үлкен қыздар және екі қыздың бірі бойы аласалау болғанмен, былшиған семіз, бір жігітке оның өзін жеке көтеру де бірталай жүк; екінші қыздың денесі таразылау болғанмен, бойы қапсағай биік— менің басым оның иығынан ғана келеді... Мықты болсаң, осы екі қызды көтеріп тұрып, мақтап алты ауыз өлең айтып көр!... Бірақ тәртіптің аты — тәртіп. «Хан» бұйырса көтермеуге не шара!.. Менің халымды «ханша» жеңілдетті.
Жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай, —
дегендей сүйіктіме қауыштырам деп талай қимасымды алған бұл әйел «саспа» дегендей, «көңіліңді табам» дегендей, көзін көптен тасалап маған бірер қысып қойды да, менің өтінішіммен қыздарды мақтайтын алты ауыз өлеңнің үш ауызын ғана айтуға және қыздарды көтеріп тұрмай-ақ айтуға ұлықсат әперді.
Біздей-біздей жігіттен жүзді айдаса.
Алдымнан біраз сұлу қызды айдаса.
«Қыз» деген әдемі еді атың қандай!
Шіркін-ай, күн болар ма біздей жанға,
Лебізіңнен алуан шекер татырғандай!..
Қонам деп мен көбелек аласұрған,
Гүліңнен бал тергізсең болар ем мен,
Бақытты жігіт, мәңгі бағы ашылған!..»
— Дұрыс, — деді «хан» енді, ылғи жанды махлұқтардың атын қосып үш ауыз «жанды өлең» айт!
Ірімшік құрт сұрайды қарға зарлап
Ішіне тірі қоян байлап қойып,
Түсірдің жайған торға бүркітті алдап.
Өгізді дер еді жұрт момын, аңқау,
Ерлік қып қарнын жарып тастамай ма,
Тап беріп жеймін десе қасқыр қорқау?
«Қу болса, келсін оған жолығуға!..
Ат сорлы қам көңіл боп торығуда».
— Енді, ылғи жансыз махлұқтардың атын қосып үш ауыз «жансыз өлең» айт! — деді «хан» қарқылдап күліп ап.
Тиегі тұр «кәнекей іле ғой» деп,
Төрге жайып төсеген кілем, көрпе
Шақырып тұр, «бері қарай жүре ғой!» деп.
Домбыра тұр «қисай да тарта ғой!» деп.
Қосыл да, кәне, мені айта ғой!» — деп.
Асулы ет тұр «аузыңды май қылам» деп,
Түн төніп тұр, «кездессең, ғашығыңмен,
Сүйгізіп тілден ләззәт алдырам» деп.
— Енді өтірік өлеңді! — деді «хан».
Ұстадым құлын қамап бие-бауда,
Арқауын үзіп оның кете алмады
Бие мен айғыр да ап омырауға.
Қызығып оған біткен сұлу бойға
Саудалап келген шақта байдың улы
Бермедім бір жүз жылқы, бір мың қойға.
Жанды да көрген емен қойдан ерді!..
Қамаған қасқырларды теуіп жығып,
Дақ туспей денесіне аман келді».
— Бұның да қисыны келді, — деді «хан» күліп, — енді «көр» өлеңді...
Қамаған қасқырларды теуіп жығып,
Адасқан бір қой шарлап бүкіл жерді
Жанды да көрген емен қойдай ерді...
— Болады! — деді ханша,— апар — деді ол уәзірге қарап, отырғыз, қалаған жеріне! Хан.
— Әлі айтылмаған үш ауыз өлеңі бар, — деп келе жатыр еді:
— Жоқты айтпа! — деді ханша, бұндай қисынды өлеңді қайсысы айтты жігіттердің? Көбінің айтқаны:
Қыздардың жел соғады балағынан», —
деген сияқты балдыр-батпақ. Осы айтқаны жетеді:
— Бар,— деді уәзірге, — апар, анау Еркежанның қасына!..
Ойын тарап ауылға келе жатқанда, Қанапия мен екеуміз өзгеден оңашалана беріп ек:
— Білдім, — деді Қанапия маған, зілді дауыспен.
— Нені білдің?
— Жеңгесінің аузын алып қойған екенсің ғой, сен қыздың?
— Қайдағы қыз? Қайдағы жеңге? — деп мен жалтақтаған болып ем:
— «Айтып қылған ұрлықтың, айыбы жоқ» депті, — деді Қанапия дауысын зілдендіре түсіп. — Із-өкшеңе түсем, сен баланың! Ерегіскен екенсің менімен, әуселеңді көріп алайын сенің!.. Осылай өшігіп жүргенде, бірақ жақсы-жаман болсам да, ауылының молдасы болғандықтан оңашада тілі батқандықтан, қолы батпай жүргенде, тілегі тура кеп, екеуміз пішен басында кездесе қалдық... Мақтанғаным емес, — жас кезімде мен күрескіштеу едім және бала шағымнан күрестім де, өзім теңдінің бірен-сараны ғана болмаса, көбінен жығыла қоймадым. Асып кеткен күшім болмағанмен, қағу, шалу сияқты тәсіл қолданып, кейде өзімнен күші артықтарды да түсіріп кетіп жүрдім. Қанапия менен әрине, қарулырақ. Бірақ онда қара күш бар да, тәсіл жоқ. Сондықтан ауылда жүргенде, ойнап алыса қалсақ, мен оны жығып кететінмін. Шөп шабу, әрине, — күресу емес. Онда кімнің қаруы мол болса және кім шапшаң болса сол дендейді. Жасынан жұмыс қып сіңірі жуандап алған Қанапия, шөп шабысқанда менен қарулы да, шапшаң да болып шықты. Сондай басымдығын көрген оның шалғы сілтесе-ақ қуатыны — менмін... Белорақпен шөп шабудың қиындығың сол кәсіпті істеп көрген кісі ғана білуге тиісті. Қиын болмағанда ше!.. Пішенші дегендер - жұмысқа құлқын-сәріден тұрады да, қас қарая тоқтайды. Осы екі арада олардың бойы, сусындағаннан басқа уақытта еңкеңдеп шалғы сілтеуден бір босамайды. Сол жылы шөп мезгілінде күннің көзі шыжып, ысып кетті. Қайнаған ыстықта, үнемі шалғы сілтеумен жан-терге түсіп жүрген кісі үстіне киім кие ала ма? Әсіресе, көйлекті?.. Малшынған терге жабысқан көйлек арпалыса қимылдаған денені еркіне жібере ме?.. Және, ондай терге малшынған көйлек қатты қимылда қаншаға шыдайды?.. Шыдамайды ол. Ілезде ыдырап кетеді. Соны білген Сансызбай молда мені пішенге жөнелткелі жатқанда:
— Осыны, — деген ескі кенеп көйлек пен дамбалды қолыма ұстатып, — пішенге жеткізесің. Жеткізбесең, жалаңаш өлсең де, басқа берер көйлегім жоқ. Көйлек шыдау үшің оны жауын-шашында ғана ки де, ыстық күндері шешіп таста. Күзге қарай күн салқындағанда киесін. Сансызбайдың сөзін елемей-ақ қояр ем (азар болса ұнатпаса, жұмыстан шығарып жібереді ғой) — егер терге малшынбасам!.. Күннің ыстығы ма, әлде бұрын мұндай ауыр жұмысты істемегенім бе шалғы сілтеуге кіріскеннен бастап, іңірде жұмысты доғарғанға дейін терге ағылам да жүрем... Термен денеге жабысқан көйлек қимылдауға бөгет болуымен қатар, кірлі денені саздандырып, удай ашытады. Сондықтан жұмыс кезінде, оны амалсыз шешіп тастаймын. Өзгелерінің көбі де сөйтеді. Қара қоңырланып күнге күйген дененің бұлайша жалаңаш қимылдауы ешнәрсе етпес еді, егер жаныңды азаптайтын пәле болмаса!.. Ол пәле — сары маса!.. Сары масаның жаз айларында біздің жақта қаншалық қалың болатындығы, осы шығарманың өткен бір тарауында сипатталған. Сол масалар мен шөп шапқан жылдық жазында, маған өткен жылдардан әлдеқайда қалыңдап кеткен сияқтанды!.. Күн ұзын үстіңде бұлттай көшіп жүретін олар, көйлегін шешкен денеге жапырлай қона қалады!.. Шаққаны қандай ащы ол кәпірлердің!.. Біреуі шақса жанық шығып кете жаздайды... Әлденеше мыңы жабылып шаққанда, мықты болсаң шыдап көр!.. Расымды айтайын, пішеншілердің ішінде шыдамсыздауы — менмін. Өзгелерінің жыл сайын пішен кезінде шаққан масаға еттері өліп кеткен бе, әлде көн-тақа боп қалған терілеріне масаның тұмсығы өтпей ме, олар дәл мендей байбалам сап денелерін сипақтай қоймайды... Масаның күндізгі азабы сондай болса, түндегі азабына не берерсің!.. Күндізгі жұмыстан қалжырап іңірде шөптен жасаған қосқа келсең, дүние жүзіндегі барлық маса сені қуып келгендей, тағы да тұмандай торлай қояды! Бірінің ызыңы зорға естілетін олардың мыңдаған тобы қосыла әндетсе, төңірегіңді шуға айналдырып жібереді. Күндіз қимылмен аңғармайсың ба немене, олардың түнгі шағуы күндізгіден әлдеқайда ащы сияқтанады... Масаның жауы — түтін. Ол бықсыған жерден маса қашады. Соны біле тұра, пішеншілер іңір асынан басқа уақытқа от жақпайды, өрттен қорқады, әсіресе, ұйқы уақытында... Түннің масасы күндізгіден артығырақ талағанмен, қалжыраған дене, тырналаған сені ұйқыға еріксіз әкетеді... Таң қараңғысында сені, тұла бойыңды мыңдап шағып жатқан масалар емес, осы қосты бастап шыққан Жақа оятады. Мінезі момын ол жұмысқа аса тыңғылықты. Бір қостың пішеншілерін өргізіп жусататын — сол. Өзі де күн ұзын шалғыдан босамайтын оның, қай кезде ұйықтайтынын білмейсің. Өзге пішеншілер іңір асын ішіп ұйқыға жатқанда, ол темір төсін жерге қадайды да, балғасын қолына ап, шалғы шыңдауға отырады. Қараңғыда шалғының жүзін қалай тауып шыңдауына қайран қаласың. Таң қараңғысында өзге пішеншілерді оятатын ол барлық шалғыны да түн бойы шыңдап, қылпылдатып қояды... Адам көнбейтін қиындық жоқ. Мен масаның да азабына көндіге бастадым... Сансызбайдікі сараң үй боп шықты: ірімшік пен құрттан басқа шайнаманы, үйінде қымызы бола тұра, айраннан басқа сусынды маған жібермейді ол. Қостағы пішеншілердің жұмысы бірге болғанмен асы басқа. Өйтпеуге болмайды да: мысалы, Шәймерденнің, Далабайдың, Әлмақанның, Мұсаның, Жақаның үйінен ет, сары май, нан, қымыз, қаймақ сияқты тәтті тамақтар кеп жатады, бірақ шағын боп келеді, оларды көптің ортасына салса кімге жетеді?.. Пішеншілердің ішінде аштауы да мен болдым. Менің өлеңдер жинағыма кіріп жүрген, «Жалшының зары» деген өлең дәл осы кезде жазылған еді.... «Жұтқан жұтамайды» дегендей, мен аштыққа да көндіктім...Алғашқы күндері солқылдағанмен жұмысқа да көндігіп, қатарымнан қалыспайтын болдым. Енді мен Қанапияның, қууы да қорқыта қойған жоқ... Бұл қудалауынан да ешнәрсе шығара алмаған Қанапия, менімен біржола өштесті. Оның арты төбелеске соқты және бір рет емес, әлденеше ретке... Бір күні ол мені өлтіріп тастай жаздады: күндізгі бір демалыста сусындай отырып, екеуміз әлденеден ілігістік. Мұндайда бұрын тарпа басталатын Қанапия, бұл жолы өйте қойған жоқ, себебі алыса кетсек екеуміз тең түсетінбіз. Сондықтан ба, әлде менің сөзім батып ыза кернеді ме, қасында жатқан қазықпен шекемнен қалай салып жібергенін білмей қалдым. Қайдан білем, егер талып жығылсам!.. Есімді кешке бір-ақ жинаппын. Қазық тиген оң жақ шекемнен қан бұрқ ете түсіп, көзім алайып қылжия кеткен мені, ұзақ уақыт қалпыма келтіре алмаған пішеншілер, бірауыздан «миы ойылып кетті мұның, бұл енді өледі» деп жорыпты. Содан кейін пікір екіге жарылыпты:
— Бәрібір өлді. Мұның көзін жоймасақ, пәлесіне қаламыз. Пәлеге ұрынбау үшін мұны қашып кетіп еді дейік те, көлдің қопасына тыға салайық, — дейді Қанапия және оны жақтайтындар...
— Шыдайық, мүмкін тірілер, — депті екінші жағы.
Менің есімді жиюым ұзаңқырағанда, Қанапия жағы «енді күтетін ештеңе жоқ» деп қопаға тыға салуға түрегеліскен екен екінші жағы «елсіз-күнсіз біреу емес, артында елі бар, ертең Жаманшұбар іргеңді түріп шауып алады» деп бермепті... Менің есім осы жанжалдың үстінде кіріпті. Шекем ісіп кеткен мен екі-үш күндей жұмысқа жарамадым. Сол күндері маған жаны ашиды-ау дегендер:
— Жанжалдаспа десе болмадыңдар, арты мынаған соқты. Енді, аманыңда жөніңді тап, — десті.
ҰРЫЛАР
Мен жөн таптым. Барғаным — жездем Болатбайдың үйі. Оның үйі Березин аталатын қазналық участокті жалдап ап, соған егін салып жүретін Ләуен (Леон Иванович Есин) деген орыс байының қасында екен. Бұрын төрт-бес десятина егін себетін Ләуен биыл егіс көлемін бір жүзге әрең жеткізіпті. Болатбайдың айтуынша: «Заман әлде қайтіп кетеді деп Ләуен аса қауіпті».
— Неден қауіптенеді? — деген сұрауға:
— Большевик дегендер шығып жатқан көрінеді ғой, — деп жауап береді Болатбай, — бай атаулыға өш көрінеді ғой ол. «Қазір өкіметтің басында Керенский деген отыр» дейді бұл бай, «Керенский байларды жақтайды» дейді, «большевиктерге жол бермей отыр ол» дейді, «Большевиктер өкімет басына отырамыз деп таласып жатыр» дейді, «егер билік большевикке көшсе, байларға күн көрсетпейді, онда мен Қытайға қашам» дейді. Қаша қалатын күн болса, өзі артынып-тартынып даяр отыр. Жылда күздігүні, алдағы жылдың егініне пар және залок айыртады екен биыл оны істеген жоқ. Байдың піскен егінін орысуға мен де қатынастым. Бұл жұмыс пішен шабудан әлдеқайда жеңіл: егінді оратын — лобогрейка, соғатын — молотилка. Менің міндетім — молотилкаға айырмен егін тастау... Оған қажи қоятын жайым жоқ сияқты. Бұл тұрмыс ұнады да: тамақ тоқ, көйлек кек одан артық не керек...
— Бұйырса биыл осында қыстаймыз, — деп жүрген Болатбай егін жиналып болған кезде, — көшеміз елге, — деген сөзді қоңырсытты. Әкесінің:
— Неге, балам-ау, жайлы еді ғой бұл ара? — деген сұрауына:
— Байдың өзі де көшуге бекінді, — деп жауап берді Болатбай.
— Неге? «Петербордагы Керенский өкіметі құлап, билікті большевиктер алыпты», — деп отыр Ләуен. Содан зәре-құт жоқ өзінде.
— «Петербор» деген алыс жер емес пе? Несіне қорқады? — деген әкесінің сұрауына:
— Петерборды алған соң, бұл араны да алмай қоймайды деп отыр бай, — деген жауап берді Болатбай.
— Қалай алады?..
— Жұмыскерлер мен кедей-батырақтардың сойылын соғатын көрінеді ғой большевиктер. «Елдің көпшілігі солар» дейді бай. Болшевиктер оларға «байдың мал-мүлкін, жерін сендерге бөліп береміз» дейтін көрінеді. Олар бұл сөзге желігіп жүрген көрінеді. Көпшілік желіксе, кім тоқтата алады оны. Білгіш бай соның бәрін жобалап отыр да, есі барда Қытайға тайғалы отыр...
— Бай қашты деп, біз неге қашамыз? Отыра берейік осында. Қуып жатқан кісі жоқ,— деп Нұралының қозғалғысы келмеп еді, Болатбай:
— Неменеге отырамыз, әке? Байдың жұртын күзетіп пе? Мал-мүлкінен ол мұнда түк те тастамай алып кететін көрінеді... Қора-қопсысын өртеп кетеді деген де сөз бар...
— Астапыралда, ол несі? — деп шошып кетті Нұралы,—өз мүлкін өзі күйдіргені несі?! Бұл өтірік сөз болар... Дұшпаны шығарған болар!..
— Егер көшетін болса, оны істейді, әке, — деді Болатбай, — жобасына қараймын, қаны большевиктерге қараюлы. Оны айтқанда сілтідей тұнады. «Егер көшетін болсам, әкете алмайтын дүниемді кедей-батырақтарға қалдырып қор қылғанша, желінен өрт қойып күйдірем де кетем» дегенді, маған аузы-мұрны қисаймай Ләуеннің өзі айтты...
— Апырай, — деді Нұралы жағасын ұстап, — мүртеттің де мүртеті екен ғой мынау!.. Қайда барса да оңбас бұл!.. Ендеше, кетсек кетейік... Ақыры қар жапалақтап жауып жатқан кезде, Болатбайдың үйі еліне көшті. Әкесі Болатбайға:
— Бұл балаға кім тиер дейсің тастап кет осында, байдың қолында жұмысын істеп тұра берсін — деп еді, Болатбай оған солқылдаңқырап та еді, апам Ұлтуған:
— Іздеп келгені біз болсақ, қаңғыртып қалай тастап кетеміз? Пәледен өздерің қашып, мұны қалдырмақсыңдар ма? — деп дау шығарды. Қайынатасы мен күйеуін апам жеңді... Көшіміздің жолы біріне бірі жалғаса өскен қалың ағаштардың, арасымен жүрді.
— Кіші Сілеунайда82 болар ма екен үлкен Сілеунайда болар ма екен екеуінің бірінің жағасында Аңдамас балалары отыру керек, — деп келе жатты Болатбай,— жолшыбай бүгін кешке сонда қонармыз.
— Кім ол «Аңдамас балалары?» — деген менің сұрауыма:
— Өзіміздің Сибан, — деп жауап берді Болатбай, — Есеней ауылында Қазақтың Аңдамасы деген болған Қазақ деген кісіні көрдік өзіміз, бертінде қартайып алжып өлді. Қазақтан екеу болатын: Аңдамас, Тышқамбай. Торсан үйінің құртын қайнатқаннан басқаны білмейтін, иіс-алмас ынжық адам да. Аңдамас Торсанның ұрысының біреуі болды: жүзіктің көзінен өткен пысық адам еді. Ол да орта жасап бертінде өлді. Аңдамастан бала қалған жоқ. Тышқамбайда екі бала бар: үлкені — Сұраған, кішісі — Тілеуке. Олар Тышқамбай баласымыз демейді, Аңдамас баласымыз дейді. Біздің іздеп келе жатқанымыз — солар. Сұрағанның қатыны өліп қазір бойдақ жүр. Тілеукені былтыр үйлендірген. Қолдарында Қалаулы деген шешесі бар, Аңдамастың әйелі.
— Олардың, әкелерінің атын Қазақ деп неге қойды екен? — деген сұрауға:
— Бертінде Сибан боп жүргенмен, арғы түбі кірме болу керек солардың, — деді Болатбай. — Үлкендердің, айтуынша, Қазақтың әкесі (атын ұмыттым) Ноғайлы деген жұрт болса керек. Өз елінен ауып келген Ноғайлы Есенейдің әкесі — Естеместің қолына кеп тұрыпты да, Естемес қатын әперіп балалы болған соң, атын Қазақ қойыпты.
— Түсінікті.
Жолшыбай жолыққан біреудің айтуынша, Аңдамас балаларының үйі үлкен Сілеунайдың жағасында екен. Болатбайдың айтуынша, ол көл, — біздің нақ жолымызда. Біздің жақта қызық бір көлдер болады: оның жарлана біткен айнала жағасына қалың ағаш өседі, арнасы дөңгелектеу, шүңіректеу бітеді, ішіне, биіктігі адамның бойынан асатын найза томар шығады, томарлардың арасына біткен асы мия кейбір аралсымақтарға қайың талы аралас тоғай пайда болады. Сілеунай дәл осындай көл екен. Аңдамас балаларының кигіз үйі көл жағасындағы қалың ағаштың ішіне тігіліпті. Екі-үш арбалы жүгі бар біздің көш, қалың ағаштың арасындағы қоңыр кигізді жалғыз үйдің қасына күн батар кезде кеп тоқтағанда, кескіндері бір-біріне ұқсас, бірақ бірінен бірі бойшаңдау, бірінің мұрты қалың, екіншісінің, мұрты қырбық, орысша әдемі киінген, денелері сымбатты, кескіндері келбетті екі жігіт үйден жүгіріп шыға келді.
— Үлкені — Сұраған, кішісі — Тілеуке,— деп сыбырлап қалды маған Болатбай.
— Ассалаумалайкем! — деп қосарлана сәлем берген екі жігіт, әуелі Нұралыға, одан кейін Болатбайға қол берді.
— Түсіңіздер! — деді олар амандықтан кейін — хош келдіңіздер!
Қара дауылдау боп тұрған күзден тоңазып қалғанымызды арбадан түсе білдік. Үйге кірсек ортада ағаштардың түбірін тастаған от маздап тұр екен. Үйдегілерге амандасқаннан кейін отты жағалай төсеген кигізге отыра қалыстық. Сұраған мен Тілеукеден басқа бұл үйдегі жандар: жасы сол кезде жетпістерге тақалған қарт шешелері, — Қалаулы, Тілеукенің әйелі, Сұрағанның өлген әйелінен қалған ондар шамасындағы Хамит атты ұл, жеті-сегіздегі қыз. Қожағұл атты және бір шал отыр екен ол осы үйдің ағайыны боп шықты. Үйге кіре көңіл тоғая бастады, өйткені шаңырақта асылған көп сүр ет тұр және жылқының еті, семіз ет... Сұрағанның, қарт шешесі менің әке-шешемді біледі екен. Жөн сұрасып алғаннан кейін ол мені «алда жетімегім-ай, жігіт боп қалған екенсің», — деп есіркеп қояды.
— Қожеке, малға бар, тоқты алып кел, өзіміздің тума қойдан, — деді Сұраған біз жайланғаннан кейін — Нұрекеңе бір малдың басын жегізбесе болмас.
— Атай көрме, шырағым, — деді Нұралы, — анау, шаңырақта тұрған ет, құдайға шүкір, бізге қанағат!.. Малдың қанын ішеміз бе?
— Жо-қ, Нұреке, мал соймай болмайды, — деп Сұраған Қожағұлды ертіп далаға шықты да, қойға аттандырды. Болатбаймен бірге мен де ере шықтым.
— «Сыпайы сырын жасырмайды» деп, — деді Сұраған Болатбайға, — Нұрекең прәдарлау кісі ғой, орыстан ұрланған мәстектің етін ол кісінің иманды аузына тигізгенім күнә болар, қасқыр да жеп кететін бір тоқты, одан да несі жесін. Қожағұл тоқтыны әкелді, сойды. Ертеңінде ол үй «тағы да қоныңдар» деп жабысқанмен Болатбай ілгері жылжитындығын айтты. Кеңес арасында:
— Мына Қорғанский қаласының бойдақ жылқысын бағып отыр ек, — деді Сұраған, — подретін алғанымыз болмаса, Тілеуке мен менің мал бағуға қырымыз жоқ қой, жалдаған біреу жақында шығып кетіп, жалқыны Қыдырманың Абдырахманы жалғыз бағып қиын болып жүр. Түнгі күзетке жұмсамаспыз, күндіз жылқыға көз болу үшін Мұқанның мына баласын қалдырып кет, ұнатса қыста біздің, қолда тұрар, өзің білесің, біз кісі жатырқамаймыз, ұнатпаса қысқа қарай апарып салармын. Ұлтуған бұл ұсынысты ұнатпаған қабақ білдірді. Ол менімен Болатбайды оңаша шығарып алып:
— Осылар ұры дейтін, баланы бұзар, қалдырмайық, — деді.
— Ұрысы ұры көрінеді, — деді Болатбай, — бірақ Сұрағанмен бұл туралы сөйлестім. «Көрмейтін ағайын емеспін Сибанның баласысың, балдызымды бұзық жолға жұмсап, түбінде ренжісіп жүрмейік адал еңбек істетіп, адал ақысын берсең ғана қалдырам, әйтпесе қалдырмаймын», дедім. «Алла сақтасын, өз күнәм де жетер, біреудің жетім баласын күнәға батырып не бопты маған. Айтқаныңды бұлжытпай орындаймын» деп уәде берді.
— Уәдесін орындаса! — деді Ұлтуған күрсініп.
— Орындайды, — деді Болатбай, — шайтан азғырып, бұзық жолға түсіп жүргені болмаса, жігітшілігінде кемшілік бар ма, мұның!.. Бір жігіт осындай-ақ болар. Ақылды тентек қой, орындар айтқанын.
— Осындай екі-дайлы, жерге неге қалдырамыз, сонда? Осындағы жұмыс ауылда да табылмай ма? — деп Ұлтуған әлі де қипақтап еді.
— Қайдан табылады? — деді Болатбай кейіп, мұны енді молдалыққа ешкім алмайды. Ауыл байларының легенін төгіп, жұмысын қып, босағасында жатып сарқытын ішкені қалай? Мынадай таза орында тұрғаны қалай? Бұл үй жақын арада қалаға көшіп барады. Орыс қаласы тәртіпті болады. Орыс тілін үйренсе де қанша олжа бұған. Және Сұрағанмен сөйлестім: «қыс та бізде тұрсын, аз ғана малымызды жайласын. Бос уақытында орысша оқысын» деді. «Сұраған айтты» деген соңғы сөз жаныма жағып кеткендіктен, әрі Болатбайдың құтылғысы кеп отырғанын көргендіктен:
— Ендеше, баланың өзі білсін — деп маған қараған апама:
— Мен білсе-м, қаламын! — дедім мен ауылға барып не бітірем. Ұрлығында не ақым бар, жылқысын бағып, киім кешек тауып алам, әрі биыл қыс орысша оқимын. Көзінің жасын мөлтілдете төгіп жіберген апам, үстін сілкіне түрегелді де:
— Қалсын, ендеше, — деді.
Болатбай үйі жүріп кетті, мен Сұрағандікінде қалып қойдым. Кешікпей қар жауа бастады. Сұраған үйін ол арадан көшіріп «Шиде-сот»83 аталатын қалың ағаштың, ішіне қондырды. Қалаға ол ағаш Сілеунайдан да алыс. Сөздеріне қарасам, қар қалыңдап, жаумай бұл арадан қысқы мекендеріне бара қояр түрлері жоқ. Менің міндетім — күндіз жылқы арасанда жүру, жылқыны егінге жібермеу, Жегенім—майлы қуырдақ пен ақ қалаш, ішкенім—қымыз (орыстың бағын билерін Сұраған үйі ұрлап сауады), киім жылы... Сұраған мен Тілеукенің меншікті малы — екі-үш бұзаулы сиыр мен он шақты қой, ешкі ғана. Малдары сондай шағын бола тұра, ол екеуі — әрқайсысы бір қыздың қалыңмалына тұрарлық екі күрең ат ұстайды, екеуі де семізден жараған оқтаудай жұп-жұмыр. Аттар көбіне кермеде байлауда тұрады, жегендері сұлы... Жылқы бағуға міндетті бола тұра, Сұраған да, Тілеуке де бұрау басын сындырмайды, мың жылқылы мырзадай шіреніп кербезденіп сылана береді. «Ұры» деген сөз құлағымды шалғандықтан мен оларды сырттарынан бақылаймын, ешқайда ошаң етіп аттана қоймайды. Ол үйге өздері сияқты кербез біреулер келеді: ойнайтындары — карта, ішетіндері — арақ!.. Ет үзілмейді, «Орыстан сұрап алдым», «сатып алдым» деп Тілеуке бес-алты күнде бір семіз тайды құлатады. Ара-тұра Сұраған мен Тілеуке жоғалып кетеді. Мен олардың жөндерін сұрамаймын да, олар айтпайды да... Ноябрь аяқтала қар қалыңдап кетті де, баққан жылқыларын Аңдамас балалары иелеріне үлестіріп, Қорғанский қаласына көшіп келіп ағаш үйге кірді. Қазіргі Преснов аталатын аудандағы (Солтүстік Қазақстан облысы) Усерднно аталатын казак-орыс станциясын қазақтар «Қорғанский» дейтін себебі — станицаның шығыс жағында «Қорған» аталатын биік оба бар. Оба мен станицаның арасында үлкен жалтыр көл. Қартаң орыстардың айтуынша, бұл станица 1819 жылы кеп орнаған екен. Көршілес казак-орыс станицаларының орыстары «Сары кіндік» (желто-пуп) атаған бұл станицаның халқы Воронеж губерниясынан көшіп кепті. Линияға тақала қоныстанған бұл крестьян поселкесіне, патша өкіметі 1840 жылы «казак-орыс станицасы» деген ат берді де «крестьяндарын» «казакқа» айналдырып, ұзын шашын қырықтырады, шекелеріне чуб қойғызады. Содан кейін олар «казак-орыс» боп кете барады... Сұраған үйі кеп қыстаған Қорғанский осы. Түскен пәтері — Комаров Шодыр (Федор) дейтін соқыр шалдың ас үйі. Қалада тұқымы көп бұл Шодыр, шаруасы шағындығына қарамай, станицада бірнеше жыл атаман болған. Сұрағандікі Шодырдың ағаш үйіне кірген күні, қалада бұрын отырған біреу қонаққа шақырды. Мен де ере бардым. Екі бөлмелі кең ағаш үйде он шақты қазақ жігіттері отыр екен бәрі де орысша таза киінген, шаш қойған, сақалдарын қырған, мұрттарын ширатқан... Орталарында тапал Дөңгелек стол, оның үстінде сасықтау исі мүңкіген самогон, жігіттердің қолында карта — «жиырма бір» ойнап отыр. Сұраған да кірісе кетті. Шет жағалап отырып байқаймын: шегір көз, сары мұрт, ақ сұр, әдемі жігіт өкпелерінен көрі еркін сияқты. Бәрі соған: «атаман айтты, бітті», — деп пір тұтқандай ұйып отыр. Оның қасында белі құныстау, сол сияқты біреу отыр; екеуінің айырмасы, құныста мұрт қана жоқ. Баста мен екеуін де «орыс шығар» деп жорыған едім. отыра келе аңғардым: мұрттысы — қазақ, аты — Жуанышбай, сол үйдің иесі, ал құнысы орыс, аты — Жәшке. Жуанышбайдың дастарқаны «кең» екен. Бармақ қазы шыққан тайдың қазы, қартасын араластыра асқан табан астау семіз етті жігіттердің ортасына әкеп тарта берді... Уыстай асаған етті жігіттер стакандап сімірген самагонмен жылжытты... Ертеңіне бір үй, бүрсігүні бір үй...деген сияқты күнде шақырысқа ұшырадық. Қонаққа барушылардың составы өзгере қоймады; баяғы жігіттер!.. Олардың күтімі бір қалыптан аумайды; мол, семіз жылқы еті, самагон!.. Аз күнде мен «мырзалармен» танысып болдым. Олар — Құтырлаған қаласындағы Ізтеле балалары, Қабан қаласындағы Мықтыбай балалары, Казанский қаласындағы Кашаубай балалары, тағы сондай әр қалада отыратын жатақтар. Бұлардың бәрі де ұрылар және жеке ұрылар емес, ұйымдасып алғандар. Жатақтардың бір жүйелері осылар болса, енді бір жүйелері: Құтырлағанда отыратын Копабай, Аубакір, Оразалы; Қорғанскийде отыратын Метірей, Дүйсен сияқты адал кәсібімен ғана күн көретіндер екен. Олардың тұрмыс күйлері өте нашар — күндерін әрең көріп, тамақтарын әрең асырап отырады. Ұрлық етін олар аштан өлсе татпайды. Мысалы, сол қаладағы тағы бір Сұраған, ұры Жуанышбайдың туған нағашысы екен. Орысша да, қазақша да оқуы жоқ, діншілдікпен байланысы жоқ, өмір бойы малшылықта келе жатқан бұл Сұраған, «қазаны арам, жегені ұрлық еті» деп жиенінің үйінен ас ішпейді екен кейде жиені аяған боп, ұрлықтан келген малдың етінен беріп жіберсе, не малдан деп тірі мал берсе, алмай ұрсып қайтарып жібереді екен. Содан кейін «өлмесең жаның шықсын» деп, Жуанышбай оған көз қырын салмайды екен қатынаспайды екен. Бұл станицада ұрлық қылатын қазақтың ғана кейбір жатақтары емес. Олардың орыс серіктері де бар. Мысалы, Жуанышбайдың тамыры — бүкір Жәшке. Ол бастаған бір топ қазақ-орыс жігіттері қазақ ұрыларымен олжаға ортақ екен бәрінің бастығы Жуанышбай, оны қазақ ұрылары «Атеке» дейді. Онысы «атаман» деген сөзі, орыс ұрылары «атаманды» «батька» деседі екен. Жүре келе мен Жуанышбайдың тарихымен де таныстым: Қорғанскийге оның әкесі Оразалы жігіт күнінде кеп орыстың байына жалданады да, осы қалада үйленеді, әйелінің аты — Тиыштық. Оразалы Антошке (Антон Лопахин) деген бай орыстың қолында тұрған екен. Өсекші жұрттың айтуынша, Тиыштық осы Антошкамен көңілдес болады да, Жуанышбай содан туады. Осы расқа да келетін сияқты, өйткені жоғарыда атаған бүкір Жәшке Антошкенің баласы, Жуанышбаймен ол екеуінің кескіні айырғысыз. Оразалы қазақ кескінді қара торы кісі болған. Жасынан бау кеспе ұры боп өскен Жуанышбай 1909 жылы ұрлықтас орыс жігітінің біреуін пышақпен жарып өлтіреді де, бес жылға сотталып, Ит жеккенге айдалады, содан жаза уақытын өтеп қайтады. Бірақ жазаға тартылу Жуанышбайдың құлқын түзей алмайды. Қорғанскийге келе, ұрыларды ол төңірегіне қайта жинайды да, ұрлықты тағы да сапыра бастайды. Қазақ-орыстың ұрыларымен ауыз біріктірген Жуанышбай жасырын ұрлықты қойып, ашық бандитизм жолына түседі. Әр жылдың күзінде, олар «Ца-око»84 аталатын одан әрі Ұзын шашты джион аталатын крестьян поселкелеріне кісілер жіберіп: «бізге алым берсеңдер, жылқыларыңа тимейміз, әйтпесе құрытамыз» деген шарт қояды. Алым берген поселкелердің жылқыларына олар расында тимейді, алым бермесе, расында, құрытады. Мен дәмдес болған қыста жатақтардың ұйымдасып алған ұрыларының саны — 25 шақты жігіт. Бәрінің астарында бір-бір жел жетпес жүйрік киімдері — жылы, ықшам, қалталарында бір-бір наган, маузер, қойындарында шолақ винтовка. Ұрылар топтанып, сайланып шығып, алыс қалалардан барып, жылқыны үйірлеп айдап қайтады екен оларды Қорғанскийдің атаманы қорғап, артынан іздеп келген иелерін не өлтіріп, не сабатып, не теңдік бермей қайтарады екен. Ұрлық жылқыларына сол станицаның писарі Иван Захарович Кусов документ жасап беріп. Ұрылар ол жылқыларды базарларға апарып қымсынбай сата береді екен. Жуанышбай батыл да, өжет те, қайратты да. Сондықтан одан өзгелері қасқырдан үріккен қойдан ығысады. Ол ұрғысы келгенін далада, көшеде түгіл, өзінің үйіне кіріп те сабайды.
ОРЫСТЫҢ СҰЛУЫ
Мен Жуанышбайдың үйінде жүріп жаттым. Ең кемінде, ұрлыққа жұмасында бір аттанып келетін Сұраған маған «жүр» дей қоймайды, «мен барайын» дей қоймаймын. Оның аттанып келген сайын маған айтатыны: «Ұрлықтың малын көрсең де, көрмеген бол, біреу қысып сұраса да айтпа, тіпті, ұрса да, қамап қойса да білмеймін, дегеннен басқаны білме. Егер білем десең-ақ, Жуанышбай сені бауыздап тастайды». Солайша сақтандырғанмен «білесің бе?» деп ешкім сұрамайды да, ешкімге «білемін» демеймін де. Сұраған үйінің аз ғана малын күтетін — менмін. Ол, әрине, өте аз жұмыс. Сондықтан Сұраған бір күні маған:
— Менің мына Хамитым мен қызымды, Жуанышбайдың Айтжан дейтін кіші қызың және осы қалада тұратын жатақтардың балаларын қосып, мұсылманша тілін сындыр, өзіңе де, балаларға да ермек болсын, — деген. Мен оны істегем де. Бірақ ол да қиын жұмыс емес. Жан қинап оқытатын сабақ бар ма, менде?.. «Әліп, би, ти...» дің қанша ауырлығы бар... Соңғы бірер жылда ұмытып кеткен орыс қаласының тұрмысына мен тағы да көндіге бастадым... Маған ол тағы да ауылдан қызығырақ сияқтана бастады. Мені, әсіресе, жастардың вечеринкасы қызықтырады. Қаланың қай түкпірінде вечеринка жасалса да, мен қалмаймын. Ол кездегі орыс поселкелерінің жастары, екі партия болады, олар жанжалсыз жүрмейді, сондағы себебі, — қыздарды қызғану... Бір «партияның» қимас қызы екінші «партияның» жігітіне көз салса-ақ, аңду да, жанжал да, төбелес те осыдан тұтанады. Мең әрине ешбір «партияда» жоқпын, дегенмен мен тұратын көшенің қарсы «партиясының» кей жігіттері мені де сабап қояды. Мен оны да елең қылмай, ойыннан ойынға жорта берем. Бұл күні өз көшеммен келе жатыр ем, алдымнан өзіме мәлім сырнайшы Миша кездесе кетті.
— Киргизенок! — деді ол мені тоқтатып, — сен көлдің жағасындағы төрт бөлмелі жаңа қарағай үйді білесің бе?
— Білем: Фелимон Семеновичтің үйі.
— Сол үйдің қызы Катеринаны білемісің?
— Білем, білем! — дедім есіме түсе кетіп.
— Сені сол үйге жұмсасам барасың ба?
— Не үшін?
— Қызға мен қағаз жазып берейін.
— Бармаймын, — дедім мен ерініп.
— Ақша берем, үш сом! — деп Миша қағаз ақша көрсетті.
— Ақшаңның керегі жоқ.
— Енді не?
Үндемедім.
— Aha, — деді ол аз ойланып, — білдім... өкпең бар менде... Сен әнеугүні Клевканың (Тілеукені орыстар Клевка дейтін) үйінде сырнай үйрет деп маған жалынып ең ғой?..
— Ия...
— Онда мен саған үйретпеген ем, бұдан былай сырнай үйретейін.
— Онда апарам! — дедім мен.
Мишка Анохин кедей жігіт. Оның кішкене избушкасы Қорғанскийдің шеткі бір көшесінің орталығында тұрады. Үйінде өзінен басқа жаны — қартаңдау жалғыз шешесі. Жалғыз сиыр, жалғыз аттан басқа малы жоқ. Жасы со кезде жиырмадан аз-ақ асқан, орта бойлы, көркем кескінді ол, бармақ біткеннің сырнайшысы. Бұл оған менің ғана берер бағам емес, бүкіл жатақтардың, асса — бүкіл станицаның беретін бағасы. Мишкасыз ешбір вечеринканың сәні келмейді, әр жерде болып жататын вечеринкаларға жастар оны таласып шақырады. Қыз ұзатар, келін түсірер сияқты тойлардың бәріне ол шақырылады. Қала жастарының «партиясында» оның жұмысы жоқ. Ол ешкіммен төбелеспейді де, жанжалдаспайды да. Жанжалы бар жерге жоламайды, өзі жүрген жерден жанжал шықса қашып кетеді. Залалы жоқ оған, ешбір «партияның» адамы соқтықпайды...
Оның әкесі Фелимон Семенович Белоусов бұл станицаның байының және ең мықтысының бірі. Тұқымы өскен ол, жиналыстарда да, жеке өмірінде де өктем сқйлейді, кейде жұдырық сала сөйлеседі. Біреулердің айтуынша, оның бір баласы генерал және большевиктерге қарсы адамның бірі. Ол қазір «үлкен» қызметте, Фелимон жатақтардың айтуынша, со баласын арқа тұтып, станицада тіпті өктем боп алды. Катерина, Фелимонның ең кіші қызы деседі. Бүкіл станицаның аузында «ай десе аузы, күн десе көзі бар» қыз осы. Бірақ, неге екенін кім білсін, өзге қыздардай ол көшеге көп шықпайды, вечеринкаларға көп қатынаспайды. Жатақтардың айтуынша, бұл қыз Қорған қаласында «кемназия» деген оқуды бітіріп, одан әрі оқуға кеткелі жүргенде, патша түсу салдарынан, баратын оқуы жабылып қапты, содан былтырдан бері үйінде. Орыстың қызына біреудің күн бұрын құда түспейтіні белгілі, дегенмен, жатақтардың айтуынша, Стаптың (Пресногорьковка) бір шонжары құда болған екен күйеу жігіт, патша түсу әлегімен әскерге алынып, қазір алыстағы бір қалада ақтың әпесері (офицер) болатын оқуда дейді... Станица жігіттері мен қыздарының айтуынша, Катерина ол күйеуін емес, сырнайшы Мишаны сүйеді, соны әке-шешесі біледі де, жолықтырмау мақсатымен үйінен шығармайды... Жұрт мақтаған кісіні көруге кім құмартпайды?.. Катеринаны көруге құмартқаныммен, үйіне батып бара алмай, қойғам, өйткені, жатақтардың айтуынша, Фелимон аты «қазақты» жек көреді, маңайына барса «пошел к черту, орда!..» деп қуып шығады... Көрмеген қызғылыққа құмарта түсу — адамның әдеті... Мен де Катеринаны көруге құмарта түсем... Бірақ сәті келмейді... Бір күні оның да сәті келе қалды... Сұраған үйінің жұмсауымен, өгізге жеккен арбамен көлден бөшкемен су алып келе жатсам, мен жүрген көшені бойлап, үстінде белін бүрген тоны, басында гүлді кәріс шәлісі, аяғында қара пимасы бар, сұңғақ бойлы, қыпша белді талдырмаш денелі бір әйел қарсы келеді... Мұндай сәнді қынамал тон киетін адамды Қорғанскийде жөнді көрмегендіктен, мен оған көзімді алыстан тігіп келем.. Мезгіл — салқын күз. Жер алдақашан тобарсып қалған. Ара-тұра жауған қар, күн райының жылылығынан күн сайын еріп кетіп, қара қатқақтау боп тұрған. Күннің сондай райын бірер күннен бері ширап, түнде түскен боз қырау ашық жерде ғана күн түске тармаса еріп, көлеңке жерде ағарып жатқан... Желдің лебі шымырлай, суыта түскен... Бүгін таңертең қапалақтаған қар, мен көлден су алып қайтқанда қалыңдай жауып, миллиондаған кіршіксіз ақ жұлдыздарын қоюлата аспаннан сеуіп тұрған... Маған қарсы жүрген әйел, осы қапалақтаған қардың ішімен келді... Міне ол жақындап та қалды... Енді ол маған адам емес, ертегілерде ғана кездесетін сиқырлы (волшебная) қыз сияқтанып кетті: қапалақтай жауған қардың қалың жұлдыздары, оның алдына құрған сиқырлы шымылдықтай желпінеді... Соған сүңгіп келе жатқан қыздың салқын ауаға қызарған беті,— қызыл роза гүліндей құлпырады... салқын бетке үймелей қонған қардың жұлдыздары, бояуын шайғысы келмегендей сырғанап төмен жылжиды, олардың орнын жаңа жұлдыздар басады... тек қана, қайқая біткен ұзын сары кірпіктің үстіне қонған жұлдыздар тоқырап, ұшатын көбелектей желге желпінеді... Кірпіктердің арасынан қараған үлкен көгілдір көздер, кіршіксіз көк кәукер, тасындай мөлдірейді... Кішкене ауыздың жұқа еріндері қып-қызыл шоқтай жайнайды... О, тамаша, мұндай да көрікті келбет бітеді екен-ау адамға!.. Мен тұра қап таңданғанша, қыз өтіп кетті... Енді сыртынан қарап тұрмын: пысық басқан тіп-тік табаны кішкене аяқ... Бүрмелі бел тоннан мықындылау көрінгенмен, денесінің талдырмаштығына қылдырықтай қыпша белі куә боп тұр... Кеуде тұсы кесек те емес, қушық та емес, лашын төсі сияқты, бәлкім ғана дөңестеу, кеңдеу біткен... Жасаған-ау, мұндай да сұлу дене болады екен ғой!.. Бұл кім?.. Осы ма Катерина?.. Осы болу керек!.. Көлденең келген баладан сұрастырсам, — Катерина Белоусова осы екен!.. О, жасаған, мұны құшқан жігітте де арман бар ма екен?.. Енді, міне, сырнайшы Миша, сол сұлуға хат апар деп отыр маған... Мен оның жұмсауына барар ма, бармас па ем, егер, кескінін өңім емес түсімде ғана көргендей Катерина болмаса!.. Сырнай жәй сылтауым, Катеринаны анықтап бір көру, маған сырнай үйренуге құмартудан әлдеқайда артық... Мишаның жұмсауына мен сондықтан ризаластым... Миша мені арқаға қақты да, жақын үйдің біреуіне кіріп шайдың қағазына қарындашпен бірдемелерді жазып берді.
— Үйінде кісі болса, — деді Миша, — босағада тұрып көзіңді қыс та шығып кет, артыңнан ол да ере шығар, оңаша болса, қолма-қол апарып бер, хат береді, қайтып кел.
— Жақсы.
Қарағай үйдің маңайы биік күртік қар екен. Қар үстінде бір топ ақ қаз жатыр. Қаздарды шулатып қақпаға, одан ағаш үйдің сенегіне кіре бергенімде, құлағыма әйелдің күмістей сыңғырлаған тәтті әні шалына қалды. Одан әрі аттасам, әйелдің әдемі әніне бөгет жасайтындай көріп, сол арада қалшиып қаттым да қалдым. Тәтті ән құлақты қытықтап, тұла бойымды шымырлатып барады. Бұл — орыс халқының атақты «Златые горы» аталатын сұлу әні. Сөзін шалағай білгенмен ол, әнді үйреніп ап, «ләйла-ләйла» мен тынымсыз айтып жүретінмін және өлердей сүйетінмін. Мына қыздың айтуы, былай да аса көркем, аса тәтті әнді тіпті дәмдендіріп жіберіп, мен елтідім де қалдым... Сол кезде қайдан келгенін білмеймін, артымда бірдеме күрілдегенге қарасам, төрт көз, сары мойнақ, алпамсадай қара ит келе жатыр, асығып үйге кіріп кеттім... Үйден көзіме алғаш шалынған: аршыған жұмыртқадай аппақ бетті, кіршіксіз ашық аспандай көк көзді, қайқылау ұзын сары кірпікті, иығынан төмен түсіре жайған толқынды сары шашты, әдемі қыр мұрынды, қаймыжықтай жұқа ерінді, төстек кеуделі, кең иықты, тар мықынды, сұңғақ бойлы Катерина, терезе алдында түрегеп, кесте шегіп ән айтып тұр, үстінде белін бүргең етегі жалаңаш, аяғының тақымынан жоғары шыққан, ұзын жеңді қызғылт көйлек, алдында кестелі ақ кенеп алжапқыш... Қыз әнін доғармастан, жұмысын тоқтатпастан, «бұл кім? Қайдан?» дегендей маған қадала қарай қалды. Оның көзі жүрегіме отын бүркіп, бойымды жалындатып барады. Мен үндемей пешке сүйеніп қаттым да қалдым.
— Неге келдің? — деді Катерина аздан кейін.
— Мишадан! — деп қойнымдағы қағазды суыра бергенде, «жарамайды» дегендей Катерина ернін тістеп, қабағын шытты. Со кезде жоғарғы наполаттан85 аюдай күркіреген бір дауыс:
— Бұл кім? —деді. «Қағазды пештің тақтайына қыстыр да, өзің тез шық!» деген қыздың ойын ымынан байқап, соны істей бергенімде:
— Шық! — деп ақырды әлгі зор дауыс. Қарасам, наполаттан өзім танитын қаба буырыл сақалды, семіз зор денелі Фелимон шал түсіп келеді... Шыға жөнелдім. Жүгіре басып қақпадан шықтым. Төрт көз ит етегімнен алып тартып еді, еңгезердей Фелимон қуып келе жатқандай сезім пайда боп, оны да елегем жоқ... Катеринаның Мишаны сүйетіндігіне менің көзім, олардың арасына жеңгетай боп жүріп, еркін жетті. Бірақ Миша қызын сұрап әкесіне кісі сала алмайды, қыз әкесінен асып тием дей алмайды, сондықтан екеуі де әуре-сарсаң. Үйдің төбе жағына жату үшін орнатқан тақтай. Бір күні Мишадан Катеринаға хат апарып беріп, үйге келе жатыр ем, жолда Жуанышбай кездесті.
— Біздікіне жүр, бала! — деді ол.
Бармаймын дей алмадым, — қорқам. Қатарласып еріп келем, қасқырша қарап, көзі өңменімнен өтіп барады!.. Үйіне кірдік.
— Сен бала, — деді ол, — Миша мен Катеринаның арасына сөз тасиды дейді ғой?
— Жоқ, ағатай!
— Былшылдама! Білем. Кімді алдайсың? Алдасаң жағыңды ұсатам. Одан да шыныңды айт! Жуанышбай қадалып қоймаған соң шынымды айтып қойдым... Сол күні — күн жексенбі еді. Қаланың ортасындағы кішірек ағаш шіркеуде намаз жүріп жатыр. Катерина мен Мишаның бүгін табысатын жері — осы шіркеу. Сол жәйді менен сұрап білген Жуанышбай:
— Енді бара бер, бала, — деді маған зілді кескінмен қарап, — бірақ менімен сөйлестім деп ешкімге тісіңнен шығарма! Бұл зілден секем алып, Миша мен Катеринаны сақтандырмақ боп шіркеуге барсам, олар сонда екен. Өгіздей өкіріп, шіркеудің төрінде поп тұр, жұрт жел соққан қамыстай жапырылып жығылып жатыр. Солардың арасындағы Миша мен Катерина бір-біріне көз астымен жымиып қояды. Оларды сақтандырайын десем, қайдан келгенін білмеймін, қасымда Жуанышбай тұр. Оның көгілдір үлкен көзі, жымыңдасқан жастарды тесіп барады... Шіркеуден жұрт тарай бастағанда, маған ере шыққан Жуанышбай:
— Бізге қарсы жақтың бүгінгі вечеринкасы қайда болатынын білдің бе? — деді маған.
— Білдім, — деп мен жөнін айттым да, — жай сұрадыңыз ба? — дедім.
— Онда не ақың бар! — деп Жуанышбай маған ақырып тастады.
Сол кезде шіркеуден ұбақ-шұбақ шығып жатқандардың ішінен Миша мен Катерина да көрінді. Бірақ екеуі бөліне, араларын алшақтай шықты. Жуанышбай көпшілікке тасалана қарап тұрғанда, олар бір-біріне күлімсірей басын изеді де, әрқайсысы өз үй жағына беттеді.
— Жүр, бала! — деді сол кезде Жуанышбай маған, өзі үйіне беттей беріп. Қасына ерген менімен аз уақыт тым-тырыс қатарласып жүргеннен кейін:
— Бар үйіңе! — деді ол. Сұраған үйін маңайлап келгенде, — Миша жаққа жолаушы болма, егер жоласаң сирағыңды қырқам... Екеуміз айырылдық. Мишаға әлдене қауіп барын ішім сезді, бірақ не қауіп екенін ойлаймын да шамалай алмаймын... Мен асымды ішіп, іңірде тысқа шықсам, күн желдетіп, борандау боп тұр екен қаз-қатар салынған үйлерінің елесі ғана бұлдырап әрең көрінеді... Сол кезде қаланың жел жақ басынан, әлдеқайдан құлағыма қаңқылдаған қаздың дауысындай сырнайдың үні сап ете түсті. Қараңғы аспанның, биігіне қалықтап шығып, жоғарыдан төмен төгілгендей болған сырнайдың ашық үні, қалғыған қаланы өзінің сиқырлы құшағына алғандай болды. Сырнайдың тілін басқан саусақ та, көрігін созған құлаш та бұрынғысынан бүгін әлдеқайда екпінді сияқты. Сырнайшының шат сезімін қошеметтегендей, желді желпіген бір ашық дауыс:
Пойду попроведаю» —
деп әнін сырнайға қосады, енді біреу соларға бөгет дүниені жолдан үркіте қуғандай, күшті деммен ысқырады.... Шіркін, орыс жастарының осы бір ән-күйі тасыған кезі көркем-ау!.. Жуанышбай «үйіңнен шықпа!» дегенмен, мынадай сырнайлы, әнді кеште, мен үйімде қалайша тиыш жатпақпын!.. Қараңғы түнде ән-күйге толған көше жаққа желіккен көңіл мені жетектей жөнелді, боранды түнге мен сүңгіп кете бардым... Вечеринкаға бозбалалар жалдаған үй шымнан қаланған, сәкісіз избушка болатын. Жұрт жиналды. Ортада сырнайын қаңқылдатып Миша отыр. Қыз-бозбала опыр-топыр билеп жатыр. Биге араласпай, жіңішке саусақты ақ білегін Мишаның иығына сүйеп, көзін анда-санда Мишаға төңкере, еркелей қарап Катерина тұр. Биге шақырған бозбалаға ол ермейді.
— Менің де билегім келді, — деп Миша сырнайды басқа біреуге ұстатып, Катеринаны шақырып еді, ол бас тартпады, екеуі билей жөнелді. Мишаның билеуін көруім осы еді. Оның аяқтары зырылдауықтай үйріліп, денесі үйрек ілетін лашындай төңкеріледі. Катерина да лашынға ілдірмейтін үйректей жүз жалтарып, мың үйіріледі. Өзге жұрт, сол кезде, билеуін доғарып, Миша мен Катеринаға көздерін көміп, күлімдеді де тұрды... Осы кезде артында бір топ бозбала бар, көзі топты біздей түйреп, үйге Жуанышбай кіріп келді де, Мишаға жұдырықты жаудыра бастады... Басталды, төбелес!.. Үй іші апыр-топыр!.. Айғай-ұйғай! Есік шалқасынан қалды. Шам сөнді. Терезе қирады. Қараңғыда біреу ырсылдайды, біреу ойбайлайды, біреу жылайды. Солардың ішінде Жуанышбайдың:
— Өлтір! — деген өткір даусы құлақта қағылған темірдей шыңылдайды... Төбелесушілер жөңкіліп далаға шығысты. Екі-үш рет тарс-тұрс мылтық атылды. Әлдекімдер бас сауғалап тырым-тырағай қашып барады. Әлдекімді біреулер жығып сап сабап жатыр.
— Жібер енді, босат! — деді біреу бір кезде, — өліп кетер!
— Өлсін!..
Сабалған адам қылғынғандай қырылдады.
— Өлтірме, босат! — деді екі-үш дауыс.
Айырды ма, әлде өзі босатты ма, шоғыр топ сөгіле кейін шегінгенде, біреу қардың үстінде сұлап қала берді.
— Миша! — деді біреулер.
— Өлді ол! — десті әркімдер...
— Жібер! — деп жұлқынған біреуді бірнеше кісі ұстап тұр. Үңіліп қарасам, Жуанышбай!.. Ентіге демін зорға алады...
— Жібер! — дейді топтан тағы біреу.
Оған қарасам, Антошкенің бүкір Жәшкесі. Ол өзін жібер деп тұрған жоқ, Жуанышбайды жібер деп тұр екен.
— Кеңірдегі қолыма ілігіп еді, — дейді Жуанышбай бұлқына, ызалана түсіп, — өлтіретін ем, неге айырдыңдар!.. Сұлап жатқан ыңырсыды да, тынысын кеңіткісі келгендей өз жағасын өзі керіп айырды. Со кезде оның да маңына әлденеше адам үйріліп қалды, Жуанышбай мен Жәшкені де әлдекімдер итермелеп алып кетті. Артынан білсек, Жәшке мен Жуанышбай Мишаны осы жолы өлтіруге келген екен сондағы айыбы — Катеринаның Мишаны сүюі... Оған қызатын себептері, — Катеринаны алмақ болған офицер Жәшке Лопахиннің апасынан туған жиені екен. Бірақ бандылардың жұмсаған жұдырығы мен атқан мылтықтары сүйіскен екі жүрекке бөгет бола алған жоқ. Кешікпей, Миша мен Катерина бір түнде жоғалып шықты.
— Алып қашты!.. Қапы қалдық! — деп өкіністі олардың жаулары. Артынан естісек, олар большевиктер билеп тұрған жаққа шығып кетіпті...
«ҰРЛЫҚ ТҮБІ — ҚОРЛЫҚ»
Қыстың ортасы ауа, Преснов қаласында «Опанас» дейтін базар (Афанасьева ярмарка) ашылады. Со базардың алдында ұрылар жорыққа шығып, жүзден артық жылқы айдап келді де, Сұрағанның сыбағасына төрт-бес жылқы тиді. Сұраған сол жылқыларын Опанасқа сатпақ боп екі күреңді несем сап, ұрлық жылқыларын жетекке алып, божысын маған ұстатып жөнелді. Шалқар көлдің шығысында Пресновка, теріскейінде Михайловка, Опанас — сол Михайловкада болады екен. Михайловкада бір үйге пәтерге түсіп, жылынып, самауырға қайнаған шайды алдымызға жаңа ғана ала беріп ек, Ізтөленің, Дүйсембайы дейтін жігіт келді.
— Атығай Қалғыманың, қартшы балалары кеп, орыстың ірі купецтерімен ойнап жатыр, — деді ол, — ойындары сойқан. Жиырма бір ойнайды, банкені мың сомдап тартады, бір колода қартты екі-ақ рет үлестіреді, содан кейін жаңа колода ашады. Қарттың колодаларын дүкеннен жәшіктеп әкеп қастарына қойды.
— Мен де ойнайын, — деді Сұраған да желігіп.
— Ойындары тым ірі, шыдамассың, — деді Дүйсембай.
Сұрағанға еріп мен де барсам, қарт ойнаған үй лық тола адам. Дүйсембайдың сөзі рас екен — қарт белгіленбесін деп, бір колоданы екі рет қана тартады да, алдау, қулық болмасын деп, колоданы үстел үстіне қойып, әркім кезегімен қартты тілегенше өз қолымен алады. Қалғыма балалары деген екі жігіт екен біреуі — талпақ мұрын, ақ бұжыр, біреуі — шүңірек көз, қара сұр. Біз барған кезде ол ұтылып отыр екен бірақ оны елең қылар емес, жайнаң-жайнаң етеді!.. Ойынға Сұраған да кірісті. Ол күні Сұрағанның «қолы жүріп» төрт-бес мыңды купецтерден ұтты.
— Біз ұтылып отыр ек, — деді Калғыманың Қара сұры Сұрағанға, — қазақ баласымыз, қолдас болайық, бізде ақың кетпес. Ұтысын қимады ма, әлде таныстығы аздықтан сыйламады ма, Сұраған оларға ақша ауыспады.
— Біз де тірі жанбыз, көрерміз, — деп Қалғыма балалары өкпемен тарады. Ертеңіне ойын қайта басталып, Қалғыма балаларының «қолы жүрді» де, олар купецтерді де, Сұрағанды да сыпырып ұта бастады. Не сиқыры барын әлі білмеймін, қандай колоданы тарттырса да, қартты қалай алса да, Қалғыма балаларының қолы 20 мен 21 очкодан бір қате кетпейді. Сонымен, қысқасы, сол күні Сұраған оларға: сатқалы әкелген жылқыларын да ұттырды, мінген аттары мен шанасын да ұттырды. Сыртқы қасқыр ішігін де ұттырды. Қалғыма балалары Сұрағаннан ұтқан заттарын табан аузында сатып, ақшасын алып отырды. Кешке қарай Сұраған бір қабат киіммен сымпиып шыға келді.
— Бала, — деді, маған, — кеттік! Жегулі шанасымен мен шамам келсе, өз заттарымды ұрлаймын оған шамам келмесе, басқаға ұрынам. Мен пәтерге барып жиналып отырдым. Түн ортасында Сұраған келіп:
— Бала — деді маған, — кеттік! Жегулі шанасы мен бір арғымақты іліктірдім. Түгі қырауытқан арғымақ маған алғаш қара бурыл түсті сияқты еді, былай шыға жолда тоқтап қарасам, көмірдей қара жылқы екен. Шоқтығына ұсынса, қол жетпейтін биік өзі оқтаудай жарау. Желісі шапқан атқа жеткізбестей ұшқыр басы қатты, қолды қарыстырып отырады... Жолда Қу-қала (Островка) бар. Сұраған сондағы танысына түсіп жылындық та, ілгері тарттық. Таң ала-көбе боп атып келе жатқан кезде, алдымыздан құйғытып келе жатқан көсем атты көріне кетті.
— Ерте жүрген кім бұл? — деді Сұраған, әлде алдымыздан ораған қуғыншы ма?! Сақ болайық. Мен наганды көзеп отырайын, божыға сен ие бол! Еті қызып келе жатқан жарау арғымақ, қарсы келген көсем аттыдан бұрылып сып етіп өте шықты. Артымыздан:
— Сұраған, ә Сұраған тоқта!... — деген айғай естілді. Бұрылып қарасақ, біз жанап өткен шана да тоқтапты. Тымақты біреу түсіп келеді, Тілеуке сияқты!.. Біз де тоқтадық. Тымақты, рас, — Тілеуке!..
— Жарқыным, үй аман ба? Жүрісің қалай ықғайсыз еді? — деді Сұраған.
— Аманы құрсын!..
— Не болды? — деді Сұраған өңі қашып.
— Құдай ұрды, — деді Тілеуке жыламсырап — Жуанышбайды өлтіріп тастады!
— Қойшы?! — деді Сұраған, көзі шарасынан шығып.
— Рас!..
— Кім?!.
— Кім екені белгісіз... Сырнайшы Мишаның, жақындары ма деп ойлаймыз... Кім де болса, өткен түні бауыздап, қала сыртындағы боқтыққа шығарып тастапты... Күндіз тауып алдық...
— Алда, арыстаным-ай!.. Алда, ұйытқым, ұям-ай!.. — деп Сұраған бетін басып өкіріп жылап қоя берді. Сұраған айтқандай, ұрылардың құты да, ұясы да Жуанышбай екені рас боп шықты. Оның көзі тірісінде, — әрқайсысы бір-бір Жуанышбай боп шіренетін ұрылардың, оның өлген хабарын естігенде құты қашып, әрқайсысы жан сақтар баспана іздеді. Біреулері Жәшкеге:
— Мишканың тұқымынан кегімізді алмаймыз ба? — деген екен:
— Қызылдар бері қарай жылжып келе жатқан соң басынып тұр ғой, — деп жауап беріпті ол, — Мишка қазір — Петербор жақта, қызылдардың қызметкері деп есітем. Біз бүгін оның туыстарынан кек алсақ, ертең қызылдар келетін күн болса, бізді де қырады. Жәшкеден жәрдем ала алмаған Жуанышбайдың тілектестері «ақылды бір тапса сол табар» деп Торсанға кісі жібермек болды да, оған мені лайық көріп, жараулау семіз қарала құнанмен аттандырды. Торсанның жауабы қысқа болды:
— Өлмесе, жаны шықсын! — деді ол, аяудың орнына кейіп, — «Жортуыл басы жолда қалады» деген. Құн алатын қазақ арасы емес, көмдіре салудан басқа шара жоқ оған. Бұл ақыл мені жұмсағандарды қуандыра қоятын хабар болмағандықтан, әрі Сүлеймен үйіндегі апам Зәурені сағынғандықтан, қайтуға асықпай, жездемнің ауылына тарттым. Астымдағы қарала құнан жастығына қарамай жүрдек және желгіш боп шықты. Сол қалпына денесі әрі өрелі, әрі сұлу. Оның жолақтана біткен жүні де тамаша, — ағы да, қарасы да шымқай; ағы да қарасы да белің сауырың аяқтарын сақиналай дөңгелеп біткен көктемде күзеген жалы қарысқа таяу өсіп, майлы желкенің үстінде ербеңдей желкілдеп тұрады. Қайшылаған ақ сақиналы қара құлағы төбесіне найзадай шаншыла біткен; қырау басқан кекілі үкінің балақ жүніндей жалпылдайды!.. Осы сұлулығына қарап, осы жолдан қайта құнанды қолқалап сатып алғым келеді және сатар деп сенем де, Жуанышбайдың артында мұны мінер ешкімі жоқ: әкеден ол жалғыз, ұл баласы жоқ... Ол күні әуе райы шақытқан суық еді. Аспан бұлтсыз, бірақ тұманданған суық әуеден бұлт аспанға емес, жерге оралған сияқты. Сәскеде көтерілген күннің бетін тұманды әуе шымылдықтап, күн — күн емес, екі жағында қалқиған құлағы бар, төбесінде селдір қызыл айдары бар бірдеме сияқты. Тұманды түруге әлі келмегенімен, зәрі инедей өткір баяу ғана жел бар. Жел жердің бетін бойлап қана жорғалағандықтан, үстін сырғыған борасын жауып, күн көзімен шағылысқан ақ қардың жүзі патсайыдай құлпырады. Киім жұқа: сыртымда Жуанышбайдың ескілеу қамзолша қара тоны, оның ішінде астарлық қоңыр камполатпен тыстап машинемен жиі қып сырыған камзол-шалбар; аяғымда ұлтандатқан, қонышы ескі үлкен қара пима; басымда қылшығы қырқылған тиін малақай, мұны маған Сұраған берген. Жездем Сүлеймен тұратын Сағындық ауылының қыстауы жазық далаға кесіле біткен ұзынша дөңнің жонында болатын еді, дөңнің екі қабырғасы, желкесі, бауыры — қалың қайыңды орман. Ауылдың үйлері ағаш койнауларын паналай, бытырап қонған. Мен жүріп келе жатқан жолдың үстіндегі шеткі үй Тиышбай хажынікі. Ол — сол арадағы алты ауыл Сибанның Торсаннан соңғы байы, беделдісі. Мекеге алты ауылдан барған жалғыз сол ғана: оның үстіне, сол елдің ғұламасы болып саналады. Есеней ауылындағы мешіттің имамы да сол. Маңайдағы ел оны жарты «әулие» көреді. Тиышбай хажының үйіне жақындасам: есігінің алдында доғармастан, көтермесін ғана босатып, отқа қойған бірнеше шаналы аттар тұр екен. Ағаштың арасына кіре өкпек желден құтылдым, бірақ сонда да желді жазық даладан паналы ағаш арасында қаттырақ тоңазып, құнан үстінде қалтырай бастадым. Тиышбай хажынікінде қонақ барын көрген соң ет жейін деп, желе бүлкілдетіп келіп, шаналардың қасына түсе қалдым. Тиышбайдың үйі шымнан қаланған екі бөлмелі кең үй екен ортасын шұбалма пешпен бөлген, ауызғы бөлмедегі қазандықтың буы бұрқырап қайнап тұр; қазы-қартаның исі мұрынды жарып барады. Сыртқы киімімді ауызғы бөлмеге шешініп, төргі бөлмеге кіріп келсем, төрде отырған өңкей жуан-жуан ақсақал, қара сақалдар. Кейбірін танимын, кейін — жоқ. Үйдегілерге сәлем беріп, жағалай қолдарын алдым да, пештің қабырғасына арқамды сүйей босағаға отыра кеттім. Менің жол-жөнімді сұраған олар Жуанышбайдың өліміне өкінудің орнына, «хажыны жаназасын оқуға шақыра келген екен десек жай сандалу ма еді, тәйірі!» деп өзара күлісіп алды... Ақсақалдар қызу кеңесте екен. Сөздері қалжың. Ара-тұра шариғат жөнінен де кеңес қозғайды. Мысалы:
— Шариғатта, ойнау-күлу дұрыс па екен? — деп сұрады біреу Тиышбайдан.
— Оны кітаптан қарамай айтуға болмас, — деп ол түрегелді де, төрде тұрған оюлы, сырлы шкафты ашып, ішінде тұрған жуан-жуан кітаптардың біреуін алып, бетін ашып оқыды:
— «Тәсәлләй — құтыр, сағатөн — бір сағат, ғинадаль ғалим — ғалим қашында!»
— Түсінбедік мына сөзіңізге, — деді әркімдер.
— Е, — деді Тиышбай хажы алая қарап, — кім көрінген сөзіне түсіне берсе, ол кітап бола ма?
— Өзін қазақшылап айтуға болмас па екен? — деді біреу қуланып.
— Әлбетте, жоқ, сонда да жобасын айтайын, бұл кітап айтады: «соткесіне бір сағат қана күлуге болады, бірақ онда да молданың қасында ғана күлу керек» дейді.
— Ендеше молдасыз жерде езу тартсақ, оңбадық десейші! — деді біреу.
— Кейде кітап та бетімен сөйлейді, — деді Мұстафа, — күлкіміз келгенде, молда қайдан табыла береді? Онда бір-бір молданы атқа мінсек қанжығамызға, жаяу жүрсек белімізге байлап аламыз да?!.
— Астағпиралла! — деді Тиышбай — ау, жұрт, — деді сағатына қарап, — түс ауған, бесін намазын оқиық. Ақсақалдар да, Тиышбай да құман ұстап сыртқа, дәретке шығып, бірақ суық ауада ұзақ тұра алмай, бүрсеңдеп үйге қайтысты. Мен де тысқа шығып, бір қолтық шөп алдым да, солығын басқан құнанымды тасалау бір жерге апарып отқа қойып, қасында шөп шайнағанын қызық көріп қарап тұрдым. Менің ойымды қасымда қақырынған біреудің дауысы бөліп жіберді. Жалт қарасам, сыртына қасқыр ішік жамылып, қолына құман ұстаған Тиышбай хажы.
— Құнан сенікі ме, бала? — деді ол, құнанның денесіне көзін жүгіртіп.
— Ия! — дедім, әлі сатып алмағанмен, құнанды іштей меншіктеніп қойған мен.
— Жақсы құнан екен сатпайсың ба?
— Жоқ.
— Қайтесің ол құнанды? Кімнің үйіне қоясың?
— Жездем үйіне қоям ғой.
— А, жарайды, — деп Тиышбай жүріп кетті. Сиқын жаман көріп қалдым. Аздан кейін бір жағы. Тиышбайға ағайын, бір жағы жалшы Досымбектің Саркөші дейтін жігіті келді.
— Құнаның жақсы екен бала! — деді ол да. Мен үндемедім. Маған Саркөш те құнанды торып келген сияқты көрінді.
— Бала, — деді ол, — әкең жуас, өзің де жуас сияқты ең, елден кеткелі сені баукеспе ұры болды деседі ғой.
— Өсек шығар.
— Неге кек болсын. Осы құнанға қоса, он жылқыны жалғыз өзің ұрлап әкепті деп естіп ек. Ұстап берсек қой, бала, өлесің!.. Көмекейі көріне бастады.
— Жаңа жылтыратып көзіңді ашып келе жатқан жетім баласың, — деді ол, — өзің жалғызсың. Мынадай қып қызыл отты неге ұстайсың, бұдан құтылу керек. Мен үндемедім.
— Хажы саған «сат» деді ме?
— Айтты.
— Неге сатпайсың?
Күмілжідім.
— Сен сөзді қой, бала, сат!
Аяңдап үйге жүре бердім де, «еті құрсын» деп, елеусізде кимімді алып, тысқа қайта шықтым. Киініп құнаныма барсам, орнында жоқ. Жүрегім су ете түсті. Іздедім, бір қораның түкпіріне байланыпты, қасында Саркөш тұр.
— Сен бала, бұл үйден кетпейсің, — деді Саркөш сызданып.
— Неге?
— Қанды балақ ұрысың, пәлең жұғады. Әнеугүні осы құнан мен жанындағы он жылқыны іздеп орыстар келіп кеткен. «Сенің еліңнің жігіті ұрлады, жасырып отырсыңдар» деп өлердей қысты. Сасқанымыздан ел боп,— «табармыз»— деп қолдан подписке бергеміз, құнан табылды. Ал, енді, өзге он жылқыны тапқанша, сен осында боласың.
— Не дейсің, Саркөш-ау?
— Дегенім сол, — деді ол кіжініп, хажының сөзін сыйламайтын сен кімсің, жүгенсіз бейбастақ!.. Саркөш мені екі-үш рет қойып та қалды. Қарулы ол мені сабап тастар ма еді, қайтер еді, егер Тиышбайдың өзі арашаламаса!..
— Ахмақпен ахмақ болма, Саркөш, — деді ол, — сабап қайтесің. Одан да пәле-жаласынан аулақ боп, құнанын да, өзін де Мақарыпкедегі прыставқа апарып бер!
— Әрине, сөйтем!
Байқап тұрмын, — Саркөш ат жеккелі жатыр. Енді шын қорықтым.
— Өзің біл, хажеке! — дедім жалынып, жайым мәлім, ая!..
Тиышбай хажы біраз сызданып, менің сөзіме құлақ аспай тұрды да, аздан соң үкімді өзі айтты.
— Тоқта, Саркөш! — деді ол, — итпен ит боп қайтесің! Жетім бала, обал болар, — өрәндікке апармай-ақ қой! Құнанды қораға байла! Баланы құр қоймаспыз! Саркөш құнанды жетек-теп қораға әкетті. Ыза кернеген мен жездемдікіне жөнелдім... Кейін сол құнаннан Тиышбай хажынікінде бір үйір қара ала жылқы өрбіді, маған бергені — бес-ақ сом...
ОН БІРІНШІ ТАРАУ
ХОШ — ТУҒАН ЖЕР
МОЛДАҒАЗЫ НҰРТАЗИН
Бірнеше күн сарайда сақталған Жуанышбайдың өлігін, Таңат аталатын ауылдағы қайнағасы — Мешелдің Нұртазасы алып кетіп, ауылының зиратына көмді, содан көп кешікпей, Жуанышбайдың үй ішін көшіріп, әкетуге келді. Аңдамас балалары да бұл қаладан тайып, Қабан аталатын станицаға кеткелі жатыр еді, «мезретісі» ме, әлде расы ма, маған да олар «дәмдес боп қалдың, бірге жүр» деді. Өздері кірерге ін таба алмай сасып жүрген оларға менің ергім келмеді. Оған Жуанышбайдың әйелі Нұриланың, ерінің «көзі ашық кеткендігін»86 айтып:
— Тым болмаса, басына барып қырық күн аят оқып бер! — деп жалынуы да себеп болды. Одан басқа бір себебім, — Жуанышбайдың менімен құрдас қызынан қалғым келмейді... Тағы бір мақсатым, сол ауылда Молдағазы Нұртазин мұғалім боп тұр деп естігем, ол менің немере інім, — өзімізге белгілі, — Нұртазаның баласы, жасы менен тоғыз айдай кіші. Кішкене молдадан сабақты бірге оқығанбыз. Мен Жаманшұбардан біржола кеткен жылы Ідіріс мұғалімнен жәдидше оқыған оны, келер жылы әкесі Қызылжар қаласындағы Хасан Паномаревтың медресесіне апарып береді. Қызылжарда бірнеше жыл оқыған ол өткен жаз ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлайтын екі айлық курсқа түседі. Таңат ауылына сол курсты өтіп кеп, күзден бері бала оқытады. Менің ойым, — бір жағынан содан сабақ оқу. Осы себептермен Сұрағаннан ұлықсат алдым да, Жуанышбайдың үйімен Таңатқа көштім, бұл — 1918 жылдың марты. Молдағазы әдебиетке менен әлдеқайда сауатты, бірақ оның көп білетіні қазақ емес, татар әдебиеті. Татардың өткендегі жазушыларынан да, со кездегі жазушыларынан да оның оқымағаны жоқ сияқты, бірақ оның симпатиясы Баймағамбетше реалист — Ғабдолла Тоқаевта емес, символист — Сағит Рамиевте.
— Татар шағирларынан, — дейді ол, — өлеңді Рамиевген шебер жазатындары жоқ. Өлеңші болғың келсе, осыдан үлгі ал! Орыстың әдебиетіне де, тіліне де Баймағамбеттен ол әлдеқайда шорқақ екен. Абайды оның естігені ғана болмаса, әлі оқымапты. Мендегі Абай шығармаларының кітабы Жуанышбай үйінің сандығында жатыр еді, соны алып келмек болғанымда:
— Кейін әкелесің ғой, — деп мені тоқтатып қойды да, Молдағазы Сұлтан-Махмуд Торайғыровты мақтай жөнелді. Бұл фамилияны мен одаң бірінші рет естідім, оған дейін білмейтін ем. Қайдан түсіргенін кім білсін — оның қолында Торайғыровтың өлеңдерінен құралған қалың бір тетрадь бар екен соның ішінде «Әжібай болыс», немесе «Кім жазықты» атты поэма да жүр. Солардың біразын маған оқып беріп мақтап алды да:
Өрмелеп шығып, күн болам,
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам!»—
деп басталатын өлеңін ерекше рухпен көтеріңкі оқып шығып:
— Бүкіл қазақ атаулыда бұндай өлең жазған әлі бір де адам жоқ, — деді. Молдағазы мақтағанмен, оның тетрадындағы Сұлтан-Махмуд өлеңдері маған дәл Абай өлеңдеріндей қона қойған жоқ, әсіресе — тілі. Абайдың тілі — қазақтың байырғы тілі болса, Сұлтан-Махмудта татаршылау көп екен және оның біраз өлеңі мазмұн жағынан Тоқаевтың өлеңдеріне ұқсайды. Бұл ойымды Молдағазының өзі де бекітіп, Тоқаев шығармаларымен менің таныстығымды естігеннен кейін, әуелі:
— Ұнай ма ол? — деп сұрап алды да:
— Ендеше қазақтың Тоқаевы — осы Торайғыров — дейді.
Мен әкеп көрсеткен Абай өлеңдерінің жинағын ол қызыға оқып шығып; біразын қайталап оқып, көп әсер алғанын айтты да:
— Сөзі шебер екен бірақ, қазіргі заман үшін, Сұлтан-Махмұдтың өлеңдерін мазмұн жағынан менің жоғары қойғым келеді, — деді.
— Дұрыс емес, — дедім мен, — бұл да жаман ақын емес екен бірақ Абайдай болу қайда!.. Екеуміз біраз таласып қалдық. Ол да, мен де пікірімізден қайтпадық. Мені туысқандық жүрекпен қарсы алған Молдағазы бірер күннен кейін:
— Сен енді қаңғыруды қой, — деді маған, — халқымыздың мәдениетке жетуіне бас кесір боп жүрген патша құлады, отар елдерге бостандық болды, оқуға жол ашылды. Саналы жастардың көбі осы күні оқуға жұмылды. Әзірге менен оқы да, қазақша жақсылап хат таны. Содан кейін алдағы жылға қарай, Қызылжар мен Омбының біреуіне оқуға кет! Осыған екеуміз келіскенімізбен, мен орындай алмадым. Таңат — жел көңілді, сауықшыл ауыл екен. Олар кешке де, күндіз де, кезекпен әр үйге жиналады да, мені қоса, Жуанышбайдың семьясын қонаққа шақырып, түн бойы маған өлең айтқызды. Таңаттың өзі қыстыгүні үшке бөлініп отырады. Оларға көрші — Отыншы, Салқай, Маманай дейтін ауылдар бар; олар да мені Жуанышбай үйіне қоса шақырып қисса айттырады. Тақат аулына ерте кезде жер ауып кеп, қазақ боп кеткен Базалай дейтін қарт серкеш бар: қолақпандай шоң мұрынды, қасы-көзіне жалбыраған, кіндігіне жететін қою ақ сақалды, еңкек биік бойлы бұл кісінің кәсібі зергерлік: сақина, жүзік сырға, шолпы сияқты заттар жасайды. Ағаштан жасайтыны — домбыра ғана. Ол жасаған домбыра, — көркемдігінің үстіне «өзі сөйлейді». Көңілі түскен біреуге ғана болмаса, Базалай көп кісіге ондай домбыра жасамайды... Қолында, зады татар болғанмен, қазақ арасында өскендіктен қазақша таза сөйлейтін Ахмет атты жас жігіт балдызы бар. Ахмет салдау жігіт, ол екеуміз дос та, сырластамыз, жастық жөніндегі ыбыр-сыбырымыз бірге, жүріс-тұрысымыз да бірге... Жездесінен қолқалап, Ахмет маған аса шешен бір домбыра істетіп берді, бірақ жай емес, ақшаға. Базалай менен бес сом алды, о кезде бес сом — қойдың бағасы...
— Бұның не?! — деп үнемшіл Молдағазы маған ренжігенде:
— Бола берсін. — дедім мен, — қайтем ол бес сомды? Домбырам жақсы!.. Домбыра мен өлеңге әулігіп жүріп, мен Молдағазыдан оқи алмадым Және со бір күндері тағы бір айтысқа қатынасуға тура келді. Өткен жаз Әлти байдың балалары мен Сәпі байдың балалары болыстыққа таласады да, Преснов аталатын қазақ болысынан Сәпі балалары Таузар атты болысты бөліп кетеді. Біздің Сибан Таузар жағында, Таңат ауылы Преснов аталатын Әлти жағында қалады. Осы бөлістен кейін Таузар жағы: Молдағазыны алып келіңдер, біздің елден шыққан мұғалімді, басқа болысқа, әсіресе қарсы партиядағы Тақат ауылына қоймаймыз деп, мен Таңат ауылында жатқанда, Көшебе руынан Есеналының Оспаны дейтін атқамінерді, сыбан руынан Кәжібайдың, Маметін жіберіпті. Олар Таңатта Ысыман үйіне түсіпті. Оспан мен Мақмет іңірде Молдағазыны оңаша алып шығып, мән-жайларын айтқан екен:
— Сіздер ондай сөзді айтпаңыздар да, мен естімеймін де, — депті Молдағазы, — барымтаға жүретін мал емеспін; маған бала оқыту үшін ауылдың бәрібір, әкетем деп дәмеленбеңіздер! Мақмет пен Оспан Молдағазыны көндіре алмайды. Молдағазы олардың келген ісін Таңат ауылының адамдарына естіртеді. Сол күні кешке мен Жуанышбай үйінде отыр ем, Таңат ауылының Тәшкен дейтін пысық жігіті кеп: «Далаға шығып кетші», — деді маған.
— Ысыман жіберді, — деді ол,— тысқа шыққан соң, — өлең шығарып берсін деді саған.
— Кімге?
— Есенәлінің Оспанына.
— Не жөнінде?
Мақмет пен Оспанның жол жайын айта кеп, Тәшкен маған төмендегідей тема ұсынды:
— Жуанышбай кісі өлтіріп жер ауғанда, — деді Тәшкен, — әйелі Оспанмен көңіл қосқан. Жуанышбай қайтып келген соң соны естиді де, Қорғанскийге жолаушылып келген Оспанды сабап-сабап, тарантасқа жегіп көше аралатады. Осыны өлеңге шығару керек. Жүр біздікіне. Шай ішіп отырып шығарайық.
«Баласы Есенәлі Оспан деймін,
Оспанды бір албасты басқан деймін.
Көнбесем өлемін деп сасқан деймін.
Ауылда жүрген Оспан болып тыраш,
Сүйрепті төрт тағандай тарантасты,
Секілді жуас өгіз, кере құлаш.
Бұл неге көкірек керіп, адамсиды?
Өмірде бұл бойыңнан кетпес таңба,
Атақты бай болсаң да ағаш үйлі...
— Осы жетеді, — деді; Тәшкен, — аз болса да дәмді болды!
— Мұны қалай естіртесіңдер, оларға? — деп сұрадым мен.
— Далаға шыққанда қалтасына қағазды сала қоямыз.
— Бірақ менің шығарғанымды айта көрмеңдер.
— Әрине!
Бір тарақ қағазға өлеңді жазып, Тәшкен алып кетті. Мен бармадым. Аздан кейін маған шақыру келді, — «қонақтарға қисса айтсын» деп Ысыман жіберіпті. Біз кірсек, қонақтар үйде жоқ, Ысыман маған қарап жымың-жымың етеді... Тысқа шыққан қонақтар үйге кірді. Қолдарын жуды. Орындарына отырды. Сонан кейін Оспан ішігін терге іліп, үйде қалған қамзолын жамылып отыра берді де, қалтасына қол салып: «Бұл не?» деп бір қағазды алып шықты. «Кайдан түскен, — деді қағазды жазып, Молдағазыға беріп, — оқышы мынаны, шырағым!» Тәшкен мен Ысыман тұқырып жымия түсті, мен де төмен қарадым. Молдағазы Оспанға өшікті ме, әлде аңғармай оқып қалды ма, — манағы біз шығарған өлеңді саулата жөнелді. Оспан жирендеу кісі еді, өлең, оқыла бастағанда қып-қызыл боп кетті, сұр кескінді Мақмет қанын ішіне тарта түсті.
— Қай мұндар екен мұны шығарған? — деді Ысыман білмеген боп.
— Кім болсың — деді Мақмет сызданып, — тап сен өзің! Саған шығарып берген — анау Мұқанның жаман шірігі! Осыдан жанжал басталып, Мақмет пен Оспан ет жеместен аттанды да кетті. Етті ойнап-күліп отырып біз жедік. Үйге келсем, жатып қапты. Таңертең Жуанышбайдың әйелінің қабағы қатыңқы. Бірақ ешнәрсе дей қойған жоқ. Әйел солай екі-үш күн қатыгезденіп жүрді де:
— Шырағым, — деді бір күн, — аз күн тұрдың тәңір жарылғасын, енді ақыңды ал да жөніңді тап.
— Неге?
— Айтқаным сол.
Сұрастырсам, әйел Оспанға шығарған өлеңді естіп қойған екен. Зорлықпен тұра алам ба, — ол үйден кеттім, бірақ ауылдан кеткем жоқ. Таңаттың, жігіттері мені кезек қонақтатып босатпады.
— Сәбит! — деді бір күні Молдағазы, —ақмақ емессің, әрі өлең шығарып, ақын болам деп жүрсің. Туысқандық, құрбылық, бауырлық жөнінен өтінемін: менен оқып ретің келмеді, сен енді Сағындық ауылындағы Сүлеймен жездеңдікіне бар. Сол ауылда Мақметтің Хамиті мұғалім, содан қазақша хат таны да, күз жоғарғы жерге оқуға кет! Оқымай сен адам бола алмайсың, бұл заманның ақыны да бола алмайсың.
— Мақұл, — дедім мен.
ДӨСТБРЕН
Мұғалім Хамит Махмудов мені оқуға алды. Алты ауыл Сибаннан қырық-елу бала оқиды екен. Оқушылардың ішінде «әліп-биден» бастаған кішкене балалар да бар, мен шамалас: Рүстембай, Әндіғожа, маған тетелес: Баязит, Жүкен, Нұрқан, Зүбәйза сияқты балалар да бар, олар менің ұғымымда көп сабақ тастаған... Оқуды мен «әліп-биден», есепті 1 + 1=2 ден бастадым. Балалардың алды да, арты да менен озық. Жалғыз маған қарауға мұғалімде уақыт жоқ, сондықтан мені Баязит, Нұрқан сияқты, менен кіші болғанмен, оқуы үлкен балаларға тіркеді... Төте оқу оңай дегенмен, маған алғаш тым оңай бола қойған жоқ, оған бас себеп, еріккен балалар есепті, емленің шарттарын қате үйретіп, мені мазақ қылады... Дегенмен, тіс қаққан бала жігітпін, бірер айда «әліп-бидегілерден» оздым да, ересек балалардың қатарына қосылдым. Хамит орысша аз біледі. Әйткенмен, ол менің өтінішімді қабылдап, білгенінше орысша оқытты. Ұмытпасам, Хамиттің маған оқытқаны Сұмағұлов деген адамның орысша-қазақша сөздігі (словарь). Сөздік екі кісінің сөйлесу әдісімен құрылған. Мәселен, — мынадай сөздерді мұғалім орысша сұраса, орысша былай деп жауап беру керек:
— Откуда едешь?87
— Из аула88 .
— Куда едешь?89
— В деревню90 .
— Зачем едешь?91
— Муку покупать92 .
— Сколько стоит пуд муки?93
— Один рубль 50 копеек94.
— Нет, это дорого, сбавьте немного95.
— На деньги дорого? Могу обменить на кожу96...
Осы әдіспен Смағұловтың сөздігін жаттап жүргенімде, бір күні басында қаракөл орысша беркі бар, үстінде орысша тіккен, жағасына қара барқыт ұстаған түйе жүн пальтосы, мойнында жібек шарфы, аяғында қисық табан етігі бар, мен шамалы бір жігіт оқып жатқан үйімізге келе қалды, кескіні Хамитқа ұқсайды.
— Ғабит деген інім, — деп таныстырды Хамит оны маған. Стаптағы Высшее начальное училищенің алтыншы класында оқиды. Ғабит менімен орысша сөйлесіп керіп еді, мен оның бір де сұрауына жауап бере алмадым. Сөздікпен сұрап еді, жаттаған тұсыма ғана жете алдым, одан әрі жылжи алар емеспін... Оқушылар май айының аяғында тарады да, мен Жайылғандағы жездем Болатбайдікіне бардым. Жездем төсек тартқан сырқат екен. Шаруа күйлері жүдеу. Сол ауылға, бір күн Мәшім ауылнай келді, қасындағы писері (хатшысы) — Ғабит.
— Мақметтің мына баласы жетіліп болған екен — десті Жайылған адамдары,— шіркіннің орысшаға жүйрігі-ай!.. Қолы қағазға тоқтамай, бетінде жорғалап кетеді!.. Әсіресе арыз бен дөстбренге тамаша! Болатбай маған ұрысты.
— Оқыдым, оқыдым дейсің, — деді ол, — не оқыдың?
Ең аяғы дөстбрен жаза да білмейсің,!.. Қазақтың өзіңдей баласын қарашы, қаршадайынан хатшы боп, би, болыстың, арасына кіріп, біреудің бермесін алып, жемесін жеп, ішпесін ішіп жүр. Бар пайда сонда, арыз басы, дөстбрен басы — ақша алады. «Дөстбреннің түрін жазып алайыншы» деген ойға келдім де, Ғабиттен өтініш еттім. Ол бір тарақ қағазға былай деп жазып берді:
УДОСТОВЕРЕНИЕ
Дано сие киргизу Таузарской волости, Петропавловского уезда, Акмолинской губернии, 2-го вверенного мне аула .......................................................ву в том, что он имеет собственную доморощенную лошадь, масть гнедой, грива на обе стороны, правое ухо сзади ивернем, левое ухо сверху подпорото, поседельные подпары, под брихи подпары. Чло и удостоверятся подписью и приложением казенной печати.
писарь (подпись)
Бұның қазақшасы: —
Бұл қағаз берілді қазаққа: Таузар болысының, Петропавл үйезінің, Ақмола губерниясының нөмірі 2 ауылдың ..............................................................ге, сол себепті, — оның меншігінде үйінде өсірген аты бар, түсі торы, жалы екі жағында, оң жақ құлағы артынан ойық, сол жақ құлағы үстінен тілік арқасы екі жағынан аққаптал, екі жақ қарнында айылдың ақ таңбасы. Қол қойып, қазынаның мөрін басып растаймын.
писарь (қол қойған)
— Осы қағаз барлық малға жарай ма?— дедім мен.
— Әрине,— деді Ғабит.
Қағазды қалтама салып ап үйге келдім де, жаздай бала оқыт деген Есеней аулына уәде қып, бірақ Жаманшұбарға, ағайындарыма барып амандасып келейін деп жүріп кеттім. Мен барсам, біздің ауылдың адамдары Стапта болатын Жапырақ базарына аттанғалы жатыр екен бірақ сататын жылқыға дөстбрен жазатын кісі жоқ.
— Мен білем! — дедім.
— Қой, саған қайдан бітті, ондай оқу? Дөстбрен жазатын сен кімсің? — деп біреулер ұрсып еді, енді біреулер:
— Жоқ, бұ да оқып қалды деген, осыны да сынайық. Сынамағанда не істейсің, ауылнай алыс, — деп біраз адам дөстбрендерін маған жаздырды. Мен қолымдағы даяр дөстбреннен көшіріп бере бердім, — базарда сатылатын жылқылардың бәрі: «торы, жалы екі жағында, оң жақ құлағы артынан оның, сол жақ құлағы үстінен тілік...» боп кете барды. ...Базар тарқамастан Жаманшұбардың ат апарғандарының кейбіреуі қашып келді.
— Уа, ат-көлік аман ба? Неге ерте қайттың? Малың өтпеді ме? — деп сұрағандарға:
— «Байтал түгіл бас қайғы», — деп жауап берді базаршы, — мал сату түгіл, өзім әрең құтылдым.
— Неғып?
Тыңдап отырсам, сатылатын жылқылардың ішінде, көгі де, қарасы да, жирені де, қасқасы да, — бәрі де мен жазған «дөстбренде» «торы» болған соң, урядник «ұрлық малы» деп күдіктенеді де, біразын ұстап жауып қойып, пара беріп әрең құтылады, біразы қашып кетеді... Базардан солай қашып келгендердің, кейбіреуі мені сабамақшы болған еді:
— Білгені сол болған да, — деп біреулер арашалады, бірақ «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дегендей, сөккен ащы сөздер мені таяқтан кем қинаған жоқ. «Бұндай надан болудан өлген артық» деп қорландым мен бірақ, өлгім келмеді, білгім келді...
БАЙДЫҢ АУЫЛЫ
«Байдың ауылы» дегеніміз өзімізге белгілі Торсанның ауылы, оның өмірбаянымен біз өткен тараулардан қысқаша таныспыз. Бұрын сырттан, әркімдердің әңгімесінен білетін «байдың ауылымен» осы ауылдың балаларын оқытуға барғанда ғана жақын таныстым... Ең алдымен, бұл ауылдың құрылысы қызық екен. Маңайдағы: Сарт, Түркпен, Анда, Телі атанатын ауылдағы үйлер бір атаның баласы, «Байдың ауылында» қазақтың әр руларынан жиналған келімсектерден басқа, қалмақ та, шүршіт те, ноғай да, қарақалпақ та, естек те, түркпен де бар. Атасы мәлімсіздер де толып жатыр. Солардың арғы түбін тексерсең Есенейдің, я оның аталарының құлы боп шығады97. Бұрын Торсан үйінің шаруасын Қарашы аталатын құл қырық-рулар тегін бағып, қағады екен кейінгі кезде олар біртіндеп бас тартыпты да, Қарашұнақ, Сәмембет, Ықылас, Тасқожа сияқты бірен-саран ғана атқамінерлер қалыпты. Олар, әрине, Торсан үйінің жалшылары ғана емес, құлдары... Мен мұғалім болған кезде, Торсан үйінің саяси салмағы да ел ішінде азайған екен. Көп жыл бұл семьядан кемшілік көрген ел ертерек басталған қарсылығын жыл сайын үдетіп. қалың Сибан уысынан шығып болыпты да, ықпалында сөз достығы көп, іс достығы жоқ. Бейсен, Тиышбай, Боржақ, Тасқожа сияқты бірен-саран ғана атқамінерлер қалыпты. Торсанның ықпалынан шыққан қоңсылары оның кең жеріне қол салып сұраусыз малын жаятын, сұраусыз шөбін шабатын бопты. Торсанда көл көп. Соның біреуі Ақбасты98 аталады. Бұл — жаз суы құрғап қалатын қопалы көл. Күздігүні қар түскесін, Торсанның жалшылары Ақбасты көлдің ескі қамысын өртеп жібереді. Көктемде көлге су түсіп, біркелкі жас құрақ шығады. Құрғақшылық жылы, Торсан үйі Ақбасты көлдің құрағын шаптырады, оның бетінен жүздеген мая тұрады. Бұрын Торсан үйі Ақбасты көлге үме салып, маңайындағы елдің жігіттеріне тегін шапқызады екен. Мен мұғалім болған жазда Торсандікі бірер қой сойып, қымызды сауын айтумен ауылдан жинап. Ақбасты көлге үме салды. Шақанның желгіш көгі дейтін ат болатын еді. Соны жектіріп, божысын маған ұстатып, үме басына Торсанның өзі де барды. Үмеге қырық-елу шалғышы жиналған екен. Олардың бәрі қаз-қатар тұрып құрақты шаба жөнелгенде, құлаған құрақтан көл беті толқынға айналып кетті. Сол қарқынмен олар көл бетін кешке дейін тып-типыл қылатын еді, — егер күн түске тармаса, жігіттер арасында төбелес басталмаса. Біз төбелестің неден тұтанғанын да білмей қалдық. Тек, білгеніміз, — көпшілік боп Торсанның шылауында жүрген біреулерді сабап жатыр...
— Бай! — деді төбелес қызған кезде, жаны ашитын Бейсен, Торсанға жүгіріп кеп, — бұл — жалшыларыңды сабау емес, өзіңді сабау. Тез қаш. Әйтпесе өзіңді де сабайды!..
— Бала! — деді маған, үрейленген Торсаң — жөнелейік!
Көктің арбасына Торсанды отырғызып, төбелесушілердің арасымен жөнелдім. Сол кезде бірін-бірі қуа төбелескен атты адамдар бізге жақындап қалды.
— Айда, бала! — деді Торсаң үлкен көзі шарасынан шығып.
Көк ат желікпе жылқы екен: айғайға елегізіп бетімен ала қашты. Алдымызда қырына ағаш шыққан биік жар бар еді, басына бой бермеген көк сол жарға шауып шыға келгенде, арба төңкеріліп кеп түсті. Торсан да, мен де ұшып кеттік. Мен божыға сүйретіліп, аттан айырылмаймын деп ем, үріккен ат жұлқына шауып басына, бой бермеді. Артыма қарасам, төбелес үдеп барады. Торсанға тиген кісі жоқ. Бірақ құлап жатқан оның басын сүйеген де жан жоқ. Орнымнан тұра сала Торсанға жүгіріп барып, ауыр денелі оның басын зорға деп көтердім: жыртып кеткен бетінен қан тамшылап тұр. Революцияның не екенінен аздап хабарым бар маған мына көрініс революцияның ауылға келген бір ұшқыны сияқтанып кетті... «Тышқанға мысықтан күшті аң жоқ» дегендей, әлі ауылдан ұзап шықпаған менің санама дүние жүзінде Торсаннан мықты адам жоқ сияқты еді. Ол — ол ма, бала кезімде Тосанды бір көргеннен кейін артынан «құдай қандай екен?» деп қиялданғанда, «Торсан сияқты болар» деп жорушы едім. Бұлай жорушы жалғыз мен ғана еместігіме мына бір кішкене оқиға куә: біздің, елдің етікшілікпен кәсіп ететін бір кедейінің баласы, үйіңе жүгіріп кеп:
— Әке, шықшы далаға, шықшы! — депті.
— Неге? депті әкесі.
— Торсан дәретке отырып жатыр, әке! — депті баласы.
Бұдан көрінетін нәрсе, — бала Торсанды дәретке отыратын адамның қатарында деп ойламаған ғой. Олай ойламай қайтсін: алыстағы патшаны көрмеген біздің елдің ұғымында, «Керей, Уақтың жер құдайы — Торсан!..» Сол Торсанның қандай «құдай» екенін мен аулына келе көрдім. Ол қазір айналасы түгел шарпылған, өресі шөгіп, өрісі тарайған, қартайып алжуға қалған «қудай»... Сол «құдай» міне, Ақбасты көлдің жағасында, менің қасымда тоңқая құлап жатыр... Сондықтан маған бұл құлау, — ескі рушыл ауылдағы «зорлық» атты залымның құлауы сияқтанып кетті... Бұрын әрқайсысы бір елдің болысы боп, сүт үстінде балқаймақтай жүзіп жүретін, уақытының көбін ел қыдырумен еткізетін Торсан балаларының, Омбыда қызмет атқаратын Қазиынан басқасы қылқан кескендей боп тізіліп үйлерінде отыр. Әкім боп ел аралаған кезде жұрттың қазы-қарта, жал-жая, піскен бағлан, қара-құлақ құлын сияқты жылы-жұмсағына ықылық ата бөгіп жүретін, «күніне үш ет жемеген адам не тіршілік етеді екен» дейтін олар енді, өз үйінен күніне бір сорпа ішсе, — ішеді, ішпесе, — жоқ... Оның бәрі, — шаруаның да дөңгеленуінен: қазір Торсан атаулының жылқысы жүзге жетпейді, қойы екі-үш жүздей ғана, түйе оң он бестей ғана, сиыр малын ол үй ұстамайды... Баяғы қаңқылдап жататын үйірлі асыранды қаздардың қазір үні өшіп, әр жерде бірен-саран қауырсыны ғана қалған... Көлденеңнен үйіліп жататын түсім бұлақтарының көзі жабылған... Болып тұрған кезде жиналып қалған ішік кілем, тағы сол сияқты қымбат мүліктер іш-кірнелеп, төңіректегі қалаларға апарылып сатыла бастаған... Саяси және шаруа күйі осыған айналған соң, Торсанның Шериі ұрлыққа көшіп, жан-жақтағы ұрылармен қолдасып ат, өгіз сияқты малдарды үйірлеп айдатып алатын бопты... Бәкен дейтін баласы ел атынан өтірік приговормен Колчак үкіметінен кооперация деп товар алады екен де, сонымен сауда қылады екен. Момын биязы мінезді Шақан қақ-соққа араласпайды, үйінен шықпайды, басына туған «күнді» қайғырғандай, қабағын ашпайды. Торсанның да түрі сондай. Ол енді болашағынан күдер үзгендей, күні-түні; ғибадат қып, жайнамаз үстінен түспейді, намаздан тыс уақытта да, аузынан «сұбхан алла», қолынан тасбих түспейді... Оның Қази атты гимназия бітірген баласы Омбыда үлкен қызметкер деп естиміз, бірақ үй ішінің не беделін, не шаруасын көтеруге оның пайдасы тиіп жатқан жоқ. Торсанның бес балаларының ішіндегі жұрт көзінде ең момын саналатыны — үшінші баласы Арап. Оның азанмен қойылған аты Ғабдұ-әл-ғарәб екен өсе келе жұрт Арап деп кеткен. Торсанның өзі де, өзге балалары да ақ кескінді екенін біз білеміз, ал, мына Арап дәл негрдей болмағанмен, Миссопотамиядағы арабтардан кем емес. Бұл да сол арабтардай арық денелі, ұзын кескінді, сопақ басты, томпақ көзді, тек, олардан бұның айырмасы мұрыны тым қоңқақ. Торсанның өзге балалары азды-көпті орысша оқығанда, бұл Арап тек қана мүсылманша оқыған. Онда да бар оқуы түркілік. Мен Торсан үйінде мұғалім боп бала оқытқан жылы, Араптың жас шамасы қырықтарды орталаған. Ол — қазір сұйықтау ұзын қара мұртты, сиректеу шоқша сақалды, өз алдына отау боп балалы-шағалы боп отырған кісі. Торсанның өзге балаларының біреулері әкім боп, біреулері сауда ғып дегендей, әрқайсысы әр кәсіпте жүргенде, Арап үй шаруасынан ешқайда ұзап шықпаған. Осы қалпында ол таныса келе байқасам, газет-журналды да, шамасы келген түркіше кітаптарды да көп оқитын адам екен. Ол, әсіресе жаратылысына біткен қасиеті ме, — ол мінез және әсіресе, татар тіліндегі романдарды оқиды. Сондықтан ба, әлде жаратылысына біткен қасиеті ме, — ол мінез және пікір жағынан ағып тұрған романтик. Оның кеңестерінің көбі ғашықтық туралы болады, ол түсінетін ғашықтық жердегі емес, көктегі ғашықтық, яғни, — орысша айтқанда, — платоническая любовь, арабша айтқанда, — ғишқи илаһи... Оның өз өмірінде де осындай жете алмайтын бір «махаббаты» бар. Торсан ауылының қасында, қазақша «бүркеу», орысша «борки» аталатын қазыналық ағаш дачасы бар, ішінде қазыналық ағаштарды бақылайтын басқарма тұрады. Басқарманың бастығы «Қара полковник» аталатын отставкаға шыққан казак-орыс полковнигі. Осы полковниктің әйелі Светланаға Арап өлердей ғашық. Бірақ ол ғашығына өмірінде не бір рет бетпе-бет жолыққан, я сөйлескен кісі емес. Светланаға ол үнемі алыстан ғашық... Күн сайын болмағанмен күн-ара, не екі-үш күнде бір шаруадан босаған кездерінде салт атқа мініп кетіп қалады да, ғашығын алыстан торып, ағаш арасында аттан түсіп қарап жатады... Сол кезде Светлана алыстан қарасың көрсетсе мәз боп қуанып қайтып, егер көзіне түсе қоймаса көңілі бұзылып, қатты реніште жүреді... Арап — домбырашы және қобызшы жігіт. Бұл инструменттердің екеуіне де оның ұзындау жіңішке саусақтары жорғаның аяғындай жылдамдата жүгіргенде, нелер бір тәтті дыбыстарды шығарады... Ол қазақтың ескілікті, жаңалықты ән-күйлерінің көбін біледі. Сонда соларды ойнағанда, ол барлық ықласымен беріліп, кейде көзінен жасы, мұрнынан сорасы аққанын да байқамай қалады... Тіпті, кейбір кезде ол, сүйреңдеген саусақтарына жарыстыра аузынан тілін де жылтыңдатып жібереді... Сондай халында, ол кейде ғашығын еске түсіріп, әуелі қалай көргенің одан кейін қалай көргенің... қалай ғашық болғаның қалай құмартқанын... одан кейін көргенде ғашығының денесінде я кескінінде нелер ғажап сипаттар байқалғанын ертегі сияқтандырып айтады... Оның сипаттауында, не қиялдағы хор қызы, не пері қызы сияқты боп елестейтін бұл әйел — шындық тіршілігінде, сопақ беттілеу келген, орта ғана кескінді, шикіл жирен ғана кісі... Маған Торсанның өзге балаларынан бұл Арап әлдеқайда жақын. Ол кезде әдебиеттен түсінігім азғантай болғанмен, Арап маған мінезімен, қылығымен, жүріс-тұрысымен шын мағынасындағы поэт сияқты көрінеді. Сонымен қатар, онымен кеңескенде, немесе ол музыка тартқанда мен одан аса бір ләззат табам... Араптың үйі оншалық бай жасаулы емес. Оның әйелі атақты Нұрғожа байдың қызы болғанмен және көп жасаумен түскенмен, Торсан сол кезде бір қызын ұзатады да, момын Араптың келіншегінен келген қымбатты жасаудың бәрін сыпырып сол қызыңа беріп жібереді. Арап үйіндегі ендігі жасау атаулының көрнектілері — бір кезде ішіне қымбат мүліктер толтырылған, бірақ қазір көбінің іші бос қалған әшекейлі үлкен сандықтар. Осы сандықтардың біреуінің ішінен бір ақтарғанда Торсанның өзге балаларының үйінде жоқ мүліктер көп шықты, олар: газет, журналдардың түптеткен даналары... Соларға қарап отырсаң, 1911 жылдан бастап Тройцкі қаласында шығып, 1916 жылы тоқтаған «Айқап» журналының; 1912 жылы Орынборда шығып, 1917 жылдан кейін тоқтаған «Қазақ» газетінің; 1917 жылдан бастап Семейде шыққан «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналының; 1918 жылдан бастап Қызылжарда шыққан «Үш жүз» және «Жас азамат» газетінің сандары түгел жиналып, әрбір жыл жеке кітап боп түптелген екен... Енді бір сандықта татар тілінде шыққан толып жатқан көркем әдебиет кітаптары... Маған қызық көрінгені, — татар тіліндегі емес, қазақ тіліндегі баспасөздер, өйткені мен оларға еркін түсінем ғой. Сондықтан Торсан үйіне жұма сайын келіп жататын «Сарыарқа» және «Жас азамат» газеттерінің, «Абай» журналының сандарын өткізбей оқумен қатар, мен манағы түптелген газет, журналдардың бәрін де бастарынан сыпырып оқып келем... Бұл газеттер мен журналдардан басқа мәліметтермен қатар, «Алашорда» деген партияның қайдан шыққанын, қалай ұйымдасқанын, қай уақытта нендей жиналыстар өткізгенін, онда қандай мәселелер қаралғаның қандай қаулылар алынғанын мен біле бастадым... Егжей-тегжейін түгел түсінбегенмен, бұл оқығандардан менің, байқағаным, — Алашорда Совет үкіметіне мейлінше өш. Бұл сөзді атағанда олар құтырған бурадай шабынады, қабаған иттей арсылдайды, ауыздарынан ақ ит кіреді, қара ит шығады... «Қазақ» газетінің хабарлауынша 1917 жылдың декабрь айында Орынборда Алашорданың Бүкіл Қазақстандық съезі өткізілген. Сол съезде «Алаш милициясы» атты әскер қосынан құру туралы ерекше қаулы алынған. Бұл қаулы бойынша қосынның жалпы саны он үш мың бес жүз болу керек, облыстарға бөлгенде: Бөкейден — мың,, Оралдан — екі мың, Торғайдан — үш мың, Ақмоладан — төрт мың, Семейден — бір мың бес жүз, Жетісудан екі мың. Бұларды үйрету және ұстап тұру шығыны, съездің қаулысы бойынша, 68 960 000 сом болмақ... Бұндай қаулы болғанын ел ішінде Торсан үйі сияқты бірен-саран ғана байлардың үйі болмаса, өзге көпшілік білмейді, өйткені, бүкіл біздің Сибан атаулыда, жалғыз Торсан үйінен басқа газет алатын да және газет оқытатын да бір жан жоқ. Сондықтан ел ішінде, «солдатын қашан сұрар екен?» деп Арап қана тиышсызданайын десе, «солдат» деген сөздің құбыжық көретін қазақтар оған, «ей, жағың қарыссың жаман сөзді атама» деп ұрсып тастайды.
АЛАШОРДАШЫЛАР
Жұрт Арапқа ұрысқанмен, Алашорда өз қаулысын орындауға кірісе бастады, онысы 1918 жылдың көктемінен бастап, бұл жөнінде газеттерде басылған мақалалардан көрінді. Мақалалардың түсіндіруінше «Большевик қаупінен» құтылу үшін Алаштың милициясын құрып, елді солай қорғаудан басқа жол жоқ... Қызылжарда шығатын «Жас азамат» газетінің жаз ортасы ауа хабарлауына қарағанда, шамасы август айларында, Ақмола облысының Көкшетау және Қызылжар ояздарыдағы қазақ болыстарының жиналысы өткізілмек, онда алаш милициясына қазақтан жігіт алу мәселесі қаралмақ. Жиналысқа Орынбордан, Омбыдан, Қызылжардан Алашорда «үкіметінің» басты адамдары келмек... Июль айы аяқтала берген кезде жоғарыда аталған жиналыстың Аққусақ болысында өткізілетіні мәлім болды. Болыс, — атақты миллионер, Әлтидің баласы Садуақас. Білетін адамдардың айтуынша аталған екі оязда қазақ болыстарының саны жиырма екі. Солардың бәрінен де жиналысқа адамдар келу керек. Мұнша көп адамды қалай күту мәселесі күн бұрын сөз болды. Ол жөнінде құрылған кеңеске Торсанның үлкен баласы Шақан да шақырылды. Оның айтып келуінше, Әлти хажы:
— Он болсын, жүз болсын, одан артық болсың оқыған азамат атаулының бәрін мен өзім күтіп алам, ас-су да, төсек-орын да, ыдыс-аяқ та ешкімнен сұрамаймын. Қалған көпшілікті өзге жұрт күтіп алыңдар, — депті. Жиналғандар осыған келісіп, әрбір байларға сойыстық жөнінен де, өзге тамақ жөнінен де, төсек-орын жөнінен де мөлшермен бөліс беріпті... Кешікпей Алаш «азаматтары Қызылжардан шығыпты» деген хабар да кеп қалды. «Қонақтардан бұрынырақ келсін» деген хабармен Торсанға шапқын да келді... Тарантасқа Шақанның, көк ірсәгін жеккен ол божысын ұстауға қолы бос мені алды. Біз Әлтидің інісі Ақыш деген байдың үйіне түстік. Онда Керей, Уақ руының Торсан құралыптас бірнеше байлары бар екен... Бізге қызығы — өзіміз білетін Торсан сияқты ауыл байлары емес, алашордашыл оқығандар. Сондықтан ат ағытылғаннан кейін отқа қойылатын мезгіліне шейін мен Әлти үйіне кеттім. Екі ауылдың арасы жақын. «Қадірлі» қонақтарын алыстан тосып алуға Әлти бірнеше салт атты адамдар даярлаған екен басқарушы, — біздің елде, бір жайда «Шоқынды хажы», бір жайда «Тік аяқ хажы» аталатын, Мекеге үш барған, өзі Алашорданың мүшесі — Абылай Рамазанов. Бұ кісіні менің бірінші көруім, бірақ ол туралы естігенім көп. Көтермелеп айтушылардың сөзіне қарағанда, ол «жеті жұрттың тілін біледі», «жүрегі таудан да, тастан да қайтпайды», бұл арадағы Керей атаулының ғана емес, бүкіл қазақ атаулының ер жүрегі...» Сонша көтермелейтін Абылайды Әлти хажының үйінде көрсем: зор денелі, биік мұрынды, қалыңдау қара мұртын сақалына тұтастырып, ұзарта түсірген сақалының иек тұсын тұтамдай ғана қып қырыққан, дәу қара кісі екен. Қонақтар көрінген кезде хабарлау үшің Әлти ауылынан бес-алты шақырым жердегі Толыбай аталатын орыс поселкесіне жүйрік атты кісі қойылыпты... Бір кезде сол жүйрік атты бар пәрменімен шауып кеп: «Уа, келе жатыр!» деген хабар берді. Даяр тұрған салттыларды басқарып, басында қара қалпағы, сыртында орысша пальтосы, аяғында фабрикалық шегрен етігі бар Абылай тарта жөнелді... Біреулер Әлти аулына үйірілген адамдарды:
— Уа, тараңдар жылдам!.. Ұятты кісілер келеді... Шоғарылып тұрмаңдар! — деп қуалағанмен, «оқыған азаматтарды» көруге құмартып келгендер тарай қоймады, солардың біреуі — менмін... Бір кезде Толыбай жақтан жолдың бойында көтерілген, қою шаң көрінді... Міне, шаң жақындап та қалды... Міне, парлап ат жеккен пәуескелер де көріне бастады... Оларды жанапайлап салттылар да шауып келеді... Міне, олар арналып тігілген екі-үш ақ үйге таянып та үлгірді... Міне, қалаша киінген адамдар қатарланған пәуескелерден түсіп те жатыр... Міне, оларды атынан өзгелерден бұрын қарғып түскен Абылай бастап, үйлерге кіргізіп те жатыр... Біз таңырқап қарап тұрмыз... Бірақ көп тура алған жоқпыз. Абылай кірген үйінен тез шықты да, даусын көтере қазақшылап боқтап жіберіп:
— Қуыңдар, мыналарды, — деді шоғырланған бізді нұсқап. Біреулер:
— Қуғанға болмайды, — деп еді:
— Не оттап тұрсың. — деді Абылай ақырып, — сөз бе екен болмайды деген?.. Алыңдар қамшының астына!.. Болар ма екен болмас па екен... Әлекедей жаланған бірнеше жігіт аттылы-жаяулы қамшыларын көтере ұмтылғанда, таңсық көрген топ бет-бетімен ыдырай қашты... Мен де қаштым... Ақыш аулының арғы бетіндегі дөңге, оқыған азаматтардан басқа қонақтарды түсіруге арнаулы үйлер тігілген екен. Кешке қарай сол үйлерге жан-жақтан арбалылар, салттылар ағыла бастады. Білетін адамдардың айтуынша, Көкшетау мен Қызылжар ояздарындағы жиырма екі болыстан, болыс басы бес-алтыдан ғана беделді адамдар келу керек. «Беделді» дейтіндері, әрине, болыстар, атақты байлар, билер... Егер бұл мөлшерде ғана кісі келсе, жиырма екі болыстан жүз елу, екі жүздей ғана адам жиналу керек қой, ал, келіп жатқандардың мөлшеріне қарағанда бір емес, бірнеше жүздеп болатын!.. Ол күнгі кеш келген қонақтарды қарсы алумен өтті. Бұл қарсы алу түн бойына түгел созылып, аяғы ертеңгі таң атумен, күн шығумен, сәске түс болумен күннің, қайта еңкейіп, батуымен тұтасып кетті... Сондықтан Алаш азаматтары келген күннің кешінде де, ертеңінде де олар сөйлескелі келген мәселе кеңес бола қойған жоқ... Бізге, әрине, ауыл-ауылдардан келіп жатқан адамдар да таңсық, өйткені білетін жұрттардың айтуынша, бұл жиналысқа бір шеті Омбыға жақындайтын, бір шеті Ақмола мен Көкшетау ояздарының астасатын жерлеріне баратын, батыс жақ шеті Обаған өзеніне тірелетін ауылдардан ағылып келіп жатқан жұрт... Солардың ішінде біреулерді Атығай, Қарауыл руының шонжарлары деп, енді біреулерді Қанжығалы, Күрлеуіттің шонжарлары деп, тағы біреулерін Керей, Уақтың шонжарлары деп, біреулерді пәленше болыстың тұқымы деп, біреулерді пәленше даваяданнан, біреулердің, пәленше билердің тұқымы деп... біреулерді ақсүйек ханзаданың тұқымы деп,... — әркімді әр түрлі қып дәріптеп жатыр... Солардың бәрін көру жас жігіт біздер түгіл, тұрғын елдің сақалы сапсиған үлкен кісілеріне де таңсық. Келетін қонақтың мөлшері келесі күні «жүздептің» орнына, «мыңдап» өсіп кетті. Енді сол тұстағы белестердің, де, ойлардың да, өн-бойына адам симауға айналды... Басқарушылардың ойынша солардың бәрін ренжітпей, қонағасысын беріп күту керек, әйтпесе жанжал шығуы мүмкін. «Мұның шығыны бастан асатын болды» деп әркімдер ренжігенмен, болыстар мен ауылнайлар және беделді билер мен байлар: «Жинамағай еді, жинаған соң, күтпеуге амалың жоқ, ойда жоқта келген бір ауыртпалық бұл. Мұны енді ел болып көтеруіміз керек» деп ауқаты бар адамдарға бір жағын өтініш, бір жағын зорлықтау қылып салық салады... Біздің естуімізше, Алаш оқығандарынан бастылары: бұл жұмысқа Орынбордан әдейілеп келген, Алашорданың Орталық комитетінің мүшесі Мыржақып Дулатов, Омбыдағы облыстық Алашорда комитетінен келген Ережеп Итпаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжардың ояздық комитетінен келген Салмақпай Күсемісов, Жұмагали Тілеулин, Көкшетау Алашордасынан келген Ерқосай Мұқышев, тағы басқалар. Осылардың ішінде Торсанның Қазиы да жүр. Алашордашыл оқығандардың жалпы саны — шамасы жүздей адам...
— Азаматтар, елдің басты ақсақалдарыменен амандасамыз — депті, ру-рудан бір-бір беделді ақсақал Әлти хажінікіне келсін — деген хабар келді. Біздің Сибан атаулы рудан Торсан ғана бармақ болды. Әр рудан осындай адамдар іріктеліп шыққанда, екі ояздан елу-алпыс шақты ғана адам бөлінді. Олар — арбалы, салттылы Әлти үйіне аттанды... Алаш азаматтарына кеткен ақсақалдар оралғанша, былайғы жұрт әртүрлі жобалар айтады.
— Амандыққа ғана шақырған жоқ оларды, — деседі біреулер, — былайғы жұртпен кеңескенше, күн бұрын келісіп алуға шақырды... Көрерсіңдер, олар уәделесіп қайтады.
— Неменеге?— деп біреулер ұнатпай сұрау қойса:
— Неменеге болушы еді, — дейді жауап беруші, құда түсерге кеп жатқан жоқ қой Алаш азаматтары, солдат сұрауға кеп жатыр ғой.
— Таңдаулы ақсақалдар көнгенмен, біз көнеміз бе, — деседі көпшілік ду ете түсіп. — Көнсе, өз балаларын берер. Бұрнағы — 1916 жылы бізді бір сатқан, байлар мен болыстардың ендігі сатқанына көне қоймаспыз. Уәдесін бере берсін, бізді бұл жолы көндіре алмас.
— Рас, — деп ду ете қалады жұрт...
Қай жердегі жиынға барсаң да, сөздері осы. Бәрінің де айтатыны: «Алашорда түгіл оның әкесі келсе де, біздің берер солдатымыз жоқ. Не деп береміз? Не жақсылық көрдік деп? Мекалай заманы жаман деп жүргенде, Колчак пен Алашорда да жаман боп шықты. Баяғы үстемдер әлі үстем. Рахатты өздері ғана көріп, оқтың алдына үнемі жоқ-жітіктерді тосуына енді ешкім көнбес...» «Түйелі кісі атты кісіден құдайға бір табан жуық» деп қазақ айтқандай, Торсанға атқосшы боп келгендіктен мен үнемі оған жақын жерде болам. Торсан — бұл жиындағы ең басты адамның біреуі. Үлкен кеңестердің, бәрі үнемі соның маңайына үйіріледі, сондықтан өзге атшылардан көрі мен кеңесті де көбірек тыңдаймын, жаңалықты да бұрынырақ естимін... Келер күннің кешіне қарай менің естіген жаңалығым: әскерді не себепті сұрауға келулері туралы, Алашорда адамдарының атынан Мыржақып Дулатов баяндама жасайды. Ел атынан жауапты Құртайдың Мұқышы береді... Мұқышты мен бала күнімнен білем. Ол — шамасы жүзге тарта жылқысы бар, екі-үш жүз қойы бар, қырық-елулеген сиыры бар, үйлендірген балаларын тіккен үш ақ отауы бар, — ел ішінде «орташа бай» саналатын адам. Жасы со кезде жетпістерді алқымдап, сақалы буырылданып қалған кісі, көзі қылилау, сондықтан жұрт оны сырттай «Соқыр Мұқыш» дейді. Елдің айтуынша Керей-Уақ аталатын бес болыс елдің ең шешені — үш адам: біреуі — Самай руынан Есілбайдың Шәймергені, біреуі — Уақ руынан Қостангелді, біреуі — біз атап отырған Құртайдың Мұқышы. Бұл үшеуінің ең шешені — Шәймерген. Ал, Мұқыштың анау екеуінен артықшылығы,— оның Ғабдолла дейтін орыс және татар мектептерінде оқыған мұғалім баласы болған да, сол баласы әкесін газет, журнал оқытуға үйретіп, замана жайын білуде, Мұқыш ауылдағы қазақтың қара тоқпағына сүйенетін, шешендердің бәрінен, анағұрлым ой-санаға озық болған. Мына жиында, Алашорда адамдарына жауап беруге оны жұрттың ортасынан бөлетін себебі де осы екен... Келер күннің кешіне ойдағы жоқ бір «қызық» боп қалды: «Мұқыш жоғалды... Алаш адамдарына кеткен болар деп іздесе, — жоқ!.. Мұқышпен күн бұрын сөйлесіп алғысы келе ме, немесе, — Алашорда адамдары шақыртса, Мұқыш жоқ!.. «Қайда кетті?!» деген сұрауға, ешкім жауап бере алмайды... Жоғалған Мұқыш таң біліне табылды. Оны «ұрлаушылар» — далаға симай жатқан қалың халық екен. Алашорда адамдарына жауап беруге Мұқыштың ұйғарылғанын білген жұрт, бір ауылдан екінші ауылға салт келе жатқанда атын жетектеп алып қашыпты да, даладағы көпшіліктің арасына апарыпты, Жұрт: «Кәне, не дейсің, сонда?» дегенде, Мұқыш жалтақтаған екен көпшілік оны қорқыта отырып шынын айтқызыпты. Шыны былай екен: Ру басы ақсақалдар мен Алашорда бастықтарының келісуі бойынша, Мұқыш жауап сөзін ел қамын көздеу сияқты қып бастап, елдің көңілін ұйытып алғаннан кейін:
— Залым патша түсіп, жұрттың бәріне хұррият болғанда, Алаштың оқыған азаматтары да өз алдына автономия болып, мемлекет Жасау мәселесін көтерді. Ендеше, оған біз жәрдем беруіміз керек. Алашорда бізден солдат сұрап отырған жоқ, милиция ғана сұрап отыр. Және көп кісі сұрап отырған жоқ, бар сұрағаны — екі ояздан екі-ақ мың жігіт. Бұл жігіттер соғысқа бармайды, тек қана Көкшетау, Қызылжар, Омбы сияқты қалаларда тәртіп сақтау жұмысында болады. Милиция дегеніміз сол. Сондықтан жан қиналмайтын бұл жұмысқа сұраған жігіттерің беру керек, — деп бітірмек екен. Осы шынын айттырып алғаннан кейін қалың көпшілік Мұқышқа мынадай шарт қояды:
— Бұдан екі жыл бұрын, — дейді олар, — 1916 жылы, елдің үркердей аз ғана байлары мен билері осы келген Алашорда оқығандарымен ауыз біріктіріп, бізге «жігіттер солдатқа алынбайды, тек қана қара жұмысқа алынады, және көп емес, азғантай ғана жігіт алынады» деп өтірік айтқан. Бір рет қатты алданғанбыз. Кедей шаруаның балалары майданға мыңдап кеткенде, байлардың, билердің балалары үйінде отырып қалған. Бұлардың әлі де соны істегісі келеді. «Аузы күйген үріп ішеді» депті, аузымыз бір күйген, енді күйдіре алмаймыз. Егер керек десе, сол байлар мен билер өз балаларын тізімдеп берсін, біз Алашордаға бір де кісі бермейміз!.. Көпшілік Мұқышқа «Ертең жауап бергенде, сен ақсақалдардың емес, біздің сөзімізді айтасың», — деп шарт қояды. Мұқыш «айта алмаймын» десе, көпшілік «неге айта алмайсың?» деп әуелі аздап дүрелеп алады да: «Егер осы біз айтқан сөзді айтпасаң, басы өзің қып үй-ішіңді де, Алашыңды да, түгел бауыздаймыз» дегенді айтады... Осы қалды айта кеп, Мұқыш ақсақалдардан:
— Мына көпшілігіңнен қорқайын дедім, нандарына қарайып алған сияқты. Айтқанын орындамасаң, ойына алғанын істейтін сияқты... «Көп қорқытады, терең батырады» деп, мен расында қорқып келдім. Осы сөзге өзге біреуді шығарып, мені босатсаңдар қайтеді! — деп өтінді. Бұл жөнде көп көрісулер боп, ұзақ уақытқа дейін ақсақалдар тиянақ таба алмаған соң, болған халді хабарлауға Алашорда адамдарына кісі жіберді. Барып қайтқан адамның айтуынша, Алашорда адамдары қатты ренжіген дегенмен, жиналысты өткізбек болып, Мұқыштан уәделескен сөздерді айтуды өтінген... Жиналыс биіктеу дөңнің қырқа жотасында ашылды. Жотаға Алашорда адамдары және оларға тілектестердің біразы, — барлығы екі жүзге тарта адам, — салт атқа мініп, әскерше он-оннан сапқа тұрып командирше олардың алдында Дулатов оғаш отырып, «Арғы атар ер түрік» аталатын, Алашорданың гимнін әндете қосылып айтып барды... Алашордашылар дөңнің қырқа жонына барып, аттарынан түскенде, сол дөңнің маңына құмырсқаның илеуіндей қайнаған көп халық, жан-жақтан ақтарылып жинала бастады... Енді қарасаң, халықтың көпшілігі сондай, — бұларды бір мыңдап емес, он мыңдап санарлықтай!.. Осы қалың халық, дөңнің қырына үркердей ғана боп ошарылған Алаш азаматтарымен оларды қолдайтын азғантай бай, билерді айнала қусырып кеп отырды. Сонда алашордашылдар, телегей-теңіздің ортасында қалтылдаған кішкене қайық сияқтанып қалды... Менің қасымда отырған білгіштеу бір жігіт, «Алашорданың» бір бастығы Байтұрсынов:
Дарияда жүрміз қалқып кешпегі жоқ,
Жел соқса, құйын қуса жылжи беру
Болғандай табан тіреу ешнәрсе жоқ», —
деп бұдан оң он бес жыл бұрын зарланып еді, сонда осындай боларын білген екен — деп мұртынан күліп қойды... Дулатов баяндамасың сол араға апарып қойған тарантастың үстіне шығып жасады. Ол, әрине, ұзақ сөйледі және сөздерін дәлелді ғып айтуға, оның үстіне шешен сөйлеуге тырысты. Сөзінің ара-арасында ол «уа, осылай ма, жұрт?» деп сұрау бере сөйлейді. Оның бұл сұрауына маңайындағы аз ғана ақсақалдардан бірен-саран ғана кісі «рас сөз» деп үн қосқанмен, дауыл алдында тына қалған желдей қалып, көпшілік тым-тырыс... Дулатовтың артынан тағы біреулер оны жақтап қысқаша сөйлеп жатты. Солардың бірі — Торсанның Казиы. Ол осы елді өзімсінген боп, сөзінің аяғын:
— Уа, бес болыс Керей, Уақтың баласы, кіндіктес қарындастарым, туған, туысқандарым, «төскей де мал, төсекте бас қосылған» ағайындарым, мына, Алаш азаматтарына еріп, мен де кеп отырмын. Сонда мен өзгеден бұрын Керей, Уақтың баласы саған сеніп келіп отырмын. Мұндайда бастаушы керек. Ол табылса, қостаушы табылады. Бұл қонақтар, Керей, Уақтың баласы, ең алдымен сенің қотаныңа кеп түсіп отыр. «Тас түскен жеріне ауыр» депті аталарымыз. Келген құрметті қонақтарыңды қуантып не ренжітіп қайтару тетігі, Керей, Уақтың баласы, ең алдымен сенде. Алаштың азаматтарын да, олардың бірі — мені де жерге қаратпас деп сенемін!.. деп бітірді. Алаш адамдарынан тағы біреулер сөйлегеннен кейін бұл жиналысты басқарып, әркімдерге сөз беріп таныстырып тұрған Абылай хажы:
— Ал, халық! — деді зор даусын көтере шығарып. — Оқыған азаматтар сөздерін бітірді. Ұғатын құлақ болса, сөз жетті. Ендігі сөз, өздерің орталарыңнан жауап берсін деп шығарған Мұқыш ақсақалға беріледі...
— Осы жерде тұрып сөйлесем де болады ғой, — деп
— Жоқ, болмайды, ақсақал, — деді Абылай, — көптің көзіне көрініп сөйлеу керек, арбаға шықпай көрінбейсіз.
— Көрініп те оңайын деп тұрған жоқпын, — деді Мұқыш, — сонымен, екі сөздің қайсысын бастап шығайын?
— Мұқыш ағай, өзіңіз неғып тұрсыз, былқылдап? — деді Абылай кейіп, — сөз байланған жоқ па? Алыстан кеп жатқан қадірлі қонақтар — оқыған азаматтардың, сөзін айтпай, қара қарғадай шулаған ылғи наданның сөзін айтайын деп пе едіңіз? Айтыңыз, тапсырған сөзді.
— Айтармын-ау, егер айтқызса! — деп Мұқыш ауыр бір күрсініп алды да, сұрланыңқыраған кескінмен, жадағай тарантастың, үстіне сүйретіліп барып әрең шықты.
— У-а-а-оу, жұрт, — деп бастады Мұқыш сөзін — екі сөз бар жарысып тұрған, соның қайсысынан бастарымды білмей де тұрмын... Мұқыштың неге қиналып тұрғанын көпшілік сезе қалғандай: «Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» деген. Аздың сөзі қашан сөз боп еді, көптің сөзін айт! — деп әр жерден ду ете түсті. Қалың жұрттың ішіндегі күркіреген күндей боп тұтасқан үн жан-жаққа ыдырай, кең жайылып барып біткен кезде, ақылды Мұқыш көп шешенсудің бұл арада орны жоғын байқады да:
— Сөз екеу, көпшілік — деді, — біреуі: «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегендей, ел ағаларының сөздері... Олар...
— Ар жағын айтпа, — деп ду ете қалды жұрт, — арғы сөздер белгілі. Сен мына көптің сөзін айт!.. Ду тағы да көтеріліп барып саябырлай берген кезде, Мұқыш қабағын қаттырақ бір шытынып алды да:
— Уа, азаматтар, — деді Алашорда адамдарына қарап, — көпшіліктің сөзі қысқа, олардың айтатыны: «Милиция десін, солдат десін, біз жігіт бере алмаймыз» дейді...
— Рас!.. Солай!.. — деген тұтас дауыс манағыдан әлдеқайда күшті, әлдеқайда қалың шықты...
— Азаматтар, — деді Мұқыш тағы да Алашорда адамдарына, — енді мен айтатын сөз қалған жоқ, өзгесін өздеріңіз айтыңыздар!.. Мұқыш арбадан түсіп үлгермей, көпшілік: «Біздің сөзіміз бітті» деп орындарынан ду көтеріле бастады... Со кезде, былай да кескінсіздеу қара сұр Мыржақып бар кескінінен айрылып қап, орнынан қалшылдап түрегелді де, жығыла-сүріне жадағай арбаның үстіне көтеріле берді... Ол теңселген денемен, арбаға әрең шығып, бар даусымен, аузынан көбігін шашырата «уа, Алаш!» деп айғай сала бергенде, ду көтерілген жұрт аттылы, жаяулы жан-жақта ыдырай тартты. Сол қалың қималдан көтерілген құрғақ жердің қою шаңы тұмандай қаптап, жердің бетін бүркеп жіберді... Қалың шаң басқан алашордашылдар жерге минут сайын батып бара жатқан сияқтанды... Келген мақсатты істері орындалмай, талаптары тасқа шағылған Алашорда адамдары, ақсақалдардың: «Күн кешкірді, қонып аттаныңдар!» деген сөздеріне қарамай, өрт сөндіргендей әлем-тапырық кескінмен қайтуға жиналысты. Со кезде Торсан өзінің баласы Қазиды шақырып ап:
— Шырағым, үйге барып қайтамысың? — деп еді:
— Не кескініммен барам үйге? Жердің үстімен кеп, астымен қайтпақ боп тұрғанға ма? — деп, серіктерімен, кейін қайтып кетті. Қази сол бетінен күз ішінде ғана оралды. Бұл кезде «байдың ауылы» Аққусақ аталатын күздік ағашының ішінде отыр еді. Амандасқалы келген адамдарға айтқан сөздеріне қарағанда, Қази бұл сапарында қазынаға, яғни Колчак армиясының керегіне елден ат жинауға шыққан және аттарды ақшаға сатып алу үшін емес, жылу ретінде жұрттан жай алуға шыққан. Оңаша бір сөйлесіп қалғанда, Торсан бұл жөнде баласына ренішті сөздер айтады:
— Осыларың не, — деді ол, — еп-естияр кісісіңдер, үкімет бастығы боламыз деп талаптанып жүрсіңдер. Қылықтарыңа қарасам, баланыкі сияқты. Өй демегенде не дейін: жаздыгүні солдат сұрап келдіңдер ме? — Келдіңдер!.. Сеніп келген жұрт сендерді тақыр мұзға отырғызып қайтарды ма?—Қайтарды!.. «Жығылған күреске тоймайды» деп, бұ не өзі, жығылған сайын жарбаң-жарбаң күресе беретіндерің?!. Абыройсыз істерге қайта-қайта белсеніп түсе беретін не ақылдарың бар? Сол дос боп отырған Колчагіңнің өзі айтпай ма, ең алдымен, «солдат сұрап барсаң, елің бермейді, жылу сұрап барсаң, елің бермейді!.. Бұл — не ел өзі?.. Елің сендерді сыйламай ма, сендер еліңді сыйламайсыңдар ма» деп?.. Неге шығасыңдар, осындай абыройсыз жұмысқа?.. Қази бұл сұраулардың ешқайсысына жауап бермей күмілжіп жер шұқи берді де:
— Онда бірталай мән бар, әке, кешке айтармын, — деді. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, Торсан үйінде сол күні құпия болуға тиісті бір кеңесті, бала мінезді Арап маған күн бұрын абайсызда сездіріп алды. Бұл ауылға мұғалім болғалы мен үнемі Торсанның өз үйінде түнеп жүретінмін, өйткені бұл үйге мен мұғалім ғана емеспін, реті келгенде Торсанның өзінің де, балаларының да атқосшысымын. Үйдің шаруа жабдығына да мен көп араласам, әсіресе, жылқыға байланысты шаруаға: жылқы таңертең өpіcтен келгенде, сауын биелерді желінің, басына жинасам, құлындарды ноқталасып байласам, сауын кездерінде құлындардың басын ұстаймын, кешке сауын бие ағытылғанда, жылқышы жиналып-терілгенше өріске шығарам, кейбір күндері, жылқышы ауырып-сырқап қалса, күзетіне барысам. Торсан үйінің қонақсыз болатын күндері жоқ. Со қонақтардың бәрінің аттарың ағытатын, жайғастырын, отқа қойып, суаратын, ас алдында қонақтардың қолдарына су құйып, орамал тастайтын, дастарқан жаятын, табақпен ет көтеріп әкелетін, аяқпен қымыз үлестіретін, шәшкемен шай әперетін... қонақтарға төсек жаятын, таңертең тұрғанда төсектерін жинайтын... — осының, көбін істейтін — менмін... Солай үйреншікті боп алған үйімнен, Қази келген күні кешке Арап мені сырғытуға ойлады.
— Бала, бүгін сен байдың үйінен басқа жерге барып жат, — деді ол маған.
— Е, неге, Арап ағай?
— Бүгін бұл үйде кісі болады.
— Бола берсін. Менің кісі көргенім осы ма?
— Бұл үйге Қази жатады ғой, — деді Арап, сөзін салмақтандыра түскісі кеп.
— Е, жата берсін, менің оған жұғатын ештеңем жоқ...
Ақкөңіл Арап мені ауырлап қалды ма деп ойлады ма, немене:
— Көңіліңе алып қалдың ғой, шырағым, — деді қайпақтап. — Алыстан келді ғой біздің Қази, көкесімен оңаша сөздері бар ма, немене... Менің көңіліме қулық кірді. «Ризаласайын, — деп ойладым мен, — бірақ кешке бақылайын, не сөйлесер екен...» Бұл ойымды сырласым — Жүрімбиге айтып ем, ол да «тыңдайық» деді. Түн ортасы жақындай Қазиға амандаса келген қонақтар тарады. Мен де Араптың көзін алдап, басқа үйге кеткен болдым. Көп кешікпей Жүрімби екеуміз табысып, Торсан үйін торыдық. Жұрт аяғы сиреп болған кезде ол үйге Торсанның балалары: Шақаң Шери, Арап, Бәкен, — барлығы жинала бастады. Олардан басқа бұл үйде Торсанның өзі және әйелі Жәуке бар. Қази:
— Маңайда біреу тыңдап жүрмесің білу керек, — деп еді:
— Қай тыңшыға ие боласың, — деді тік мінезді Шери кейіп, — қаладағы ағаш үй емес бұл, есік терезені қымтап тастайтын. Кигіз үйден сыртқа сыбырлағаның естіледі. Жә» не қалың тоғайдың, ішінде отырмыз, кімнің маңайлап жүргенін қайдан білеміз?
— Ешкім де жоқ, ешкім де тыңдамайды, — деді биязы мінез Шақан, — сөзіңді бастай бер... Жүрімби екеуміз Торсан үйінің іргесіне таяна, шөккен түйенің қасында етбетімізден жатып, үйдегі дыбысқа құлақ түреміз. Дыбыс Қазидікі, ол баяу, ақырын ғана сөйлегенмен, сол бір күнгі желі тымық түңде әрбір дыбысы құлағымызға айқын естіледі. Оның баяндауынша: «Бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қомпайтар» дегендей, Колчак та, Алашорда да, «елді де, Еділді де» алғандай боп күпсінгенмен, Русияның бар күші большевиктердің қолында...
— Олай дейтінім, — дейді Қази — завод, фабрикалардың көпшілігі ішкі Русияда, ішкі Русия большевиктердің қолында. Русияның ең зор астаналары Москва мен Петроград та соларда... Бұл заманда өндіріс кімнің қолында болса, күш сонда... Ендеше большевиктер Колчактан әлдеқайда күшті... Сондай сөздерін айтып отырып, кеңесін тыңдаушыларды күйректікке түсіріп алмайын дегендей, Қази бір жағынан:
— Колчак үкіметінің өзінде қуат аз болғанмен, жәрдемшісі көп, — деп шет мемлекеттердің жәрдемдерін өсіре сөйлейді...
— Дегенмен, — дейді Қази, — Русияда большевиктерге қарсы күште Колчактан мықтысы жоқ. Біздің Алашорданың да ендігі таянышы Колчак қана.
— Ойын бір басқа, шын бір басқа, — дейді Қази, — большевиктер келмес те, оларды біз келтірмеспіз де. Бірақ кім біледі, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, алда-жалда, басқа қара күн туа қалғанда, күн бұрын даярлық керек. Осы бастан артық дүниені ақшаға айналдырып, денені жинақы ұстау керек.
— Жиналғанда қайда бармақпыз? — деген сұрауға Қазидың айтар жауабы:
— Русия шегінен шығып кетеміз де. Ар жағында қайда барарымызды бір тәңірі біледі...
— «Бөденеде мекен жоқ, қайда барса бытпылдық» деген күнге кездеседі екенбіз ғой, — дейді Арап ауыр күрсініп.
— Жоқты сөйлемеші! — деп Шақан кейіді...
— Жиналғанда не істейсің? — дейді үнсіз отырған Торсан. — Әлтидің үйіндей сенде сандықтаған алтын жоқ, алтын былай тұрсың расын айтқанда, осы үй шай-пұйлық ақшаны да зорға тауып отыр. Нанды егін сап қана жеп отырмыз, әйтпесе, ол да бір құрдым дүние болар еді. Мал дегенің, де ықшамдалып қалды. Күнделік тіршілікке жұмсаудан асары аз. Аздап мүлік бары рас, ол да сатылуға келгенде қанша ақша шығарып оңдырар дейсің.
— Тәйірі, дүниені сөз қылғаны несі? — дейді Жәуке кейіп, — үйде отырған біз аштан өлмеспіз-ау!.. Ондай күн туа қалғанда, Қазижанды айтсайшы... Бұнда тығылып жүріп қалай күн көреді... Одан да қайда кетсең де, тірі кет, шырағым, бізге алақтама!.. Қази үйіне бір қонды да аттанды. Ол келерден бұрын мен «Сарыарқа» газетінің бетінен «Омбыда ауылдық мұғалімдер даярлайтын қазақша екі жылдық курс ашылады. Оқушыларға жатақ үй және стипендия беріледі, оқу ноябрьде ашылады» деген хабарды оқығам. Қазимен бұл жөнде ақылдасқанымда ол баруды мақұл көрді де: «Келе қалсаң мені табарсың, өзім орналастырармын» деп Омбыдағы адресін берді. Қази аттанарда азғантай ғана кісі жиналды, олар — Тиышбай хажы, Әсірептің Бейсені, Күдерібектің Тасқожасы, Қуанышпайдың Боржағы сияқты Торсанның көп заманнан тілектестері. Әкелік мейірі түсті де, әлде Қазиды бұл сапардан, енді қайтып оралмайды деп ойлады ма, — баласы аттанар алдында ол жылап отырды. Қази ылаумен келген еді, пәуескені Омбыдан алып шығыпты. Оған жегетін мықты үш ат Торсан үйінен табылмайтынын білген достары, бір-бір тәуір жылқы әкепті. Пәуескеге аттар жегілген соң, Торсан баласының сапарына арнап, достарымен екі бас намаз оқыды. Содан кейін бәрі далаға шығып, Қазимен қоштасып, арбаға отырғызды. Тройка жүріп кетті... Сол кезде, белін буынған, ескі сәлдесін басына орай салған Тиышпай хажы: «Аллаһү акбар, аллаһү акбар, хайяғала ассала, ха.йяғала-әл-фалах» деп бар айғаймен басып, азан шақырды. Тірі кісі жолға шыққанда азан айтқанын менің бұл бірінші көруім еді. Менің ұғымымда азанды: не жұртты намазға шақырғанда, не өлікке жаназа оқығанда айтатын еді. Қази жөнелген бетте — дөң басында Есенейдің, мешіті, оның қасында Есенейдің және басқалардың ағаштан қиған бейіттері бар еді. Менің сезіміме сол қабырға тройка өлік әкетіп бара жатқандай әсер пайда болды.
АУЫЛДАН АТТАНУ
Сентябрьдің аяқ кезінде байдың аулынан ұлықсат алып, оқуға жиналдым. Бірақ үстімде жөні бүтін киім жоқ, қалтамда ақша жоқ. Оны қайдан алам?.. Есіме туған ауылым түсті. Хал-жайымды айтсам жәрдем берер деп ойладым, сол үмітпен жездем Сүлейменнен құнан сұрап мініп, Жаманшұбарға кеттім. Бірақ елу үй Жаманшұбардан соқыр тиын қаражат берген жан жоқ, нашарлар: «Шырағым, күшіміз кем еді», деп жайын айтты, ауқаттылар жағы: «Күніңді көріп жүре бермей, не бар саған қаңғырып?.. Осы маңайдың оқуы жетпей бармақпысың, Омбыға?.. Әлде, қаңғырып өліп сүйекке таңба түсіргелі жүрмісің?.. қой, әрі шатаспай!.. Көрінбе көзіме!..» деп ұрсып тастады. Ауыз күшін берген Шәйін ғана. Оның айтқаны: Тәуекел деп тартып кет. «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген, «ер азығымен, бөрі азығы жолда» деген, қолды-аяқтай жігітсің, жұмыс қып оқысаң да тамақ асырайсың. Бұл жолға жиналмағай едің, жиналған соң тәуекелге белді бу, алған бетіңнен қайтпа!..» Молдағазының жәрдем бергісі келіп еді, әкесін көндіре алмады. Өз қалтасынан 5-ақ сом ақша шықты. Оған соқыр қари үш сом қосты, сонымен жәрдем сұрап барған 50 үйлі ағайыннан сегіз-ақ сом алып кейін қайттым. Қаражаттан ендігі үмітім бар адамдар екі жездем: Сүлеймен мен Болатбай. Соңғысы «енді қайттім, қолымда ештеңе жоқ еді!» деп қынжылады да, бастапқысы, — Жаманшұбардағы бай ағайындарымның сөздерін айтып ұрысты. Апаларым біресе:
— Жалғызым-ау, қаңғырып қайда барасың? Артыңда қалған бұтаң жоқ, жалғыз аяқ астайсың, төгілсең — сарқылғаның!.. Көп қыздың артынан көрген жалғыз тұяқ едің, сорлы әкеңнің, атын құрытамысың? Барма, бауырым! Осы елде сенен басқа оқу іздеген жан жоқ. Торсан баласына еремісің? Оған не істесе де жарасады. Киім көп, қалта қалың. Ал, сен неңмен оқу іздейсің? Бір жерде аштан өлуге ме? — деп, жылайды, біресе: «Тіл алмайсың. Бұл қай қисықтық? Не ажал, не сор жетектеп тұр ма?!» — деп ұрсады. Бірақ менің бекіген көңілім бекіген... Сол кезде Ресейдің, Мұстафасы Көшебе руынан Балғаның Омары дейтін баймен құда боп, той жасай қойды. Олар баласына атастырып отырған Бадығұл дейтін қыз менің апам Зәуреден туып, баласы жоқ Мұстафа кішкене күнінде асырап алған. Құда түскен шақта Бадығұлдың жасы он бір, он екіде.
— Бейшара аузыңның салымы бар екен — деді маған, Бықас дейтін жігіт, — осы той басталған кезде, — жайшылықта жетім қозыдай зарлай беретін ең, енді мына құдаларға қызмет қып өлең айт, шамаң келсе бас құдаларды мақтап өлең, шығар, сонда олар саған ақша береді...
— Шығарып айта алмаспын, ағай деп ем:
— Ендеше, қызғылықты қиссалардан айт! — деді Бықас. — Көтермешік және жидашың — өзім болам... Құдалыққа ылғи байлар келген екен. Кешке Мұстафаның үлкен қоңыр үйі адамға лық толды. Бықас мені:
— Оқуға Омбыға барғалы жүр осы бала, — деп құдаларға таныстырып алды да, қаражатымның жоқтығын айтып: — Ал, бала, қызмет қыл, ар жағын жұрттың өзі білер, — деді.
— Жылу жинаса, елге келсін, қызметі жақса көрерміз, — деді бір құда.
— Бас, бала! — деді Бықас.
Ac піскенше менің аузым өлеңнен дамыл тапқан жоқ. Бықас ортаға орамал салған, тәрелке қойды. Мен «Қобланды батырды» айтып болған кезде, тәрелкеге 20 тиындап, жарты сомдап, бір сомдап ақша түсе бастады. Енді «Мұңлық Зарлыққа» түстім. Ақша көбейе түсті, ішім жылып отыр!.. Бір кезде:
— Осы заржағың кім? — деп сұрады Есенәлінің Оспаны.
— Жаманшұбардағы Мұқанның баласы, — деді біреу.
— Әлгі маған өлең шығаратын осы екен ғой, — деді Оспан шыңтақтаған жастықтан басын көтеріп ап, ашуланғаны сұрлана қалған кескінінен біліне қойып, — бұған берген жәрдем арам!.. Қайтып алыңдар ақшаларыңды!..
— Осы жаман шірік пе еді сол?! —деді бірнеше құда үн қосып. — Мұндай қарап жүрмейтін неменің, анау пұштиған мұрнын жепіріп жіберу керек!..
— Сөйту керек! — деп босаға жақтағы біреуі жұдырығын түйіп орнынан көтеріле бергенде:
— Құда, көтерілме! — деді Бықас, — сен ұрмайсың да, біз ұрғызбаймыз да!
— Ұрғызбаймыз! — деп ду етті босаға жақтағы біздің елдің жігіттері. Едірейген жігіт бәсеңдей қалды. Өзге құдалар да тым-тырыс, тек, мені атқылаған көздерімен ғана ішіп-жейді.. Со кезде Бықас тәрелкедегі ақшаны жинап қалтасына салды да:
— Кеттік бала! — деді. Екеуміз шығып кеттік. Бықас үйіне барып ақшаны санасақ, жиырма жеті сом екен... Маған ол да көп олжа... Со күні кешке Торсанның Бәкені мен Тәпіштің Боржабайы дейтін Қызылжар жүретіндігі мәлім болды. Олар дағдылы «кооперация» саудасына барады екен. Олар мені Қызылжарға дейін арбаларына мінгізе кетпек болды. Таң біліне Торсан үйіне барсам, жолаушылардың аттары жегіліп жатыр екен. Мен үндеген жоқпын және үндеуге күшім де жоқ еді: бір тәуекел деп кетіп барам, әйтпесе, алдым күңгірт!.. Артымда апаларым... туған жер, өскен ел қалып барады!.. Соның бәрін қиып тастап кету оңай боп па!.. Апам — Зәуремен амандаспай келгем. Несіне амандасам, — күйеуінің қолында сол кезде 20-дан аса жылқы, 50- ден аса қой, 20-ға жақын сиыр бола тура, маған көк тиын копейкелік жәрдемі болған жоқ... Ондай жәрдем беру қолынан келмейтінін білем, ендеше, тағы да босқа жылатып. жүрегін босқа сыздатқанда маған түсері не?!. Осы ойлар кеп, амандаспай-ақ аттануға белімді мен бекіткем де, таңға жақын Торсан ауылына кетіп қалдым, бірақ іштей аңырап жылап келдім. Сонымды сезгендей, Бәкен манағы сұрауын қайталаған жоқ. Біз жүріп кеттік: Бәкен мен Боржабай тарантасқа салған тоқыма қораптың артында қатар отыр, мен алдында оңаша божы ұстап отырмын. Көңілімнің босағандығы сондай, — егер көзімнен жас шығарсам, бар денем су боп ақтарыла қалатын сияқты, сондықтан денені буып алқымға тығылған көз жасын әрең ұстап отырмын. Ол шыдамым, әлгі ұйқыдағы апамның ауылына деңгейлеп келгенше ғана екен. Со тұсқа кеп, ауру апам — Зәуре мен алыстағы апам — Ұлтуған есіме түскенде, кемерінен асқан судай ақтарылдым да кеттім!..
— Мынаныкі не?! — деді Боржабай.
— Қайтсін, елді қимайды да! — деді Бәкен.
— Адыра қал! — деді Боржабай ернін шығарып, — елшілін жаман неменің!.. Он сегіз жыл шырмалып шыға алмаған туған жер, туған ауыл алыстаған сайын мен оларды сағына, аңсай түстім...
— Хош, туған жер!..
Бірінші бөлімнің соңы.
Алматы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру