Мазмұнға өту
Home

Бөлекбай Сағынғалиев

Талғат Сүйінбай

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Бөлекбай Сағынғалиев

Талғат Сүйінбай — «Бөлекбай Сағынғалиев». БӨЛЕКБАЙ САҒЫНҒАЛИЕВ (автор: Талғат Сүйінбай) ӘКЕ Риддер, Доссор, Қарсақпай

/uploads/64726e51-7983-51a6-b81f-7524fa7c39b9/cover.png

БӨЛЕКБАЙ САҒЫНҒАЛИЕВ
(автор: Талғат Сүйінбай)
ӘКЕ
Риддер, Доссор, Қарсақпай

Донской, Балқаш, Кемпір сай...

Қаратау, Шымкент күшке енді

Балқаш, Қоңырат мыс берді...

Жыр алыбы Жамбыл жәкем жатпай-тұрмай сан қайталай жырлаған осынау жыр шумағындағы Доссор елді-мекенін ағылшын атауы шығар деп кәміл сеніп жүрген жандардың бірі мен едім. Мұнайлы өлкенің ырзығынан үлес алуға ұмтылған ағылшын мен орысты былай қойғанда, неміс пен америкалық мұнай алпауыттарының да ауыздарынан суы ағып, қазақ жеріне құлай көз сүзгені тарихтан белгілі. Атақты Альфред Нобельдің өзі Әзірбайжан асып қазақ жерінің мұнайы үшін инвестиция салғанын бұл күнде екінін бірі біле де бермес. Белгілі жазушы-журналист Жанболат Аупбаевтың Атыраудың мұнайшылар әулетінің бірі Шырдабаевтар туралы жазған эссесін оқи отырып, осынау дерекке тап келгенімде таң-тамаша қалғанмын. Бұл туралы қазақтың бұрынғы-соңғы тарихының беттерінен оқығаныңыз бар ма? Тарихтың елеусіз-ескерусіз қалған парақтары енді-енді ашылып, құлақ естімеген, көз көрмеген құпиялар сыр тартып жатқаны бүгін ғана. Рас қой.

Риддер секілді Доссор да бір келімсектің, мейлі ол ағылшын яки неміс болсын, аты Ұлы далада тәбәрікке қалған шығар деген сол ойдан, тіпті, жасыл желекке жұтаң, көшесінде дарағы жоқ, айналасы сортаң, құм аралас шаң суырған ауылды қиып өткенде де құтылып үлгерген жоқ едім. Алматыда тұратын белгілі қоғам қайраткері, жазушы-ғалым Жәрдем Кейкін ағам менің бұл әңгімемнің басын естігенде биязы ғана күліп, жымиғаны әлі есімде. «Бұл өзің байқаған да боларсың, сор татыған жер: Дос – адамның аты, сор – жердің кейпі, содан шыққан атау ғой» деген еді сонда ақсақал.

Менің кейіпкерім – Бөлекбай аға Сағынғалиев, міне, сол «ағылшындардың аяғы жеткен, бірақ, аты қалмаған» Доссорда туып, кіндігін кескен. Өткен ғасырдың басында, нақтылап айтсақ, 1911 жылдың сәуірінде Доссордың бүйірі тесіліп, алғашқы мұнайдың бұрқағы атқылағанда Бөлекбайдың әкесі Сағынғали ақсақалдың өзі мұрты тебіндеген балаң жігіт жасында екен. Тумысынан бауырмал жан бір атадан туған ағайынды үшеудің естияры да өзі саналатын.

Жаз жайлауда Оралдың Шыңғырлауына дейін көшіп барып, Қызылқоғадан Доссорға дейін мал айдап, Бұлақта қыстауын өткізіп жүрген бұл әулеттің қоңыр төбел өз тіршілігі мен бейнеті алма-кезек астасып жататын. Сол бір жылдары елді әбігерге салып, дүрліктірген жер асты майының жай-жапсары құдық қазудың қас шебері әрі бұл аймақтың барлық құдығының мекен жайының білгірі Сағынғалиға тіпті де таңсық еместін. Әуелде орыстар, одан кейін ағылшындар мен немістер шыңырау суында кілегейдей қалқыған қара майды сүзіп, бет аузына албастыдай етіп жағып, жүрегі жарыла тамсанып жатқанын да өз көзімен талай көрген. Қазақтар мұндай қара қаймақпен қайығының табанын майлап, түн жамыла шырағдан жағатын. Шет жақтан ішегін тартып келгендердің аңысын аңдыған Сағынғалидің бойында құпиясы көп осы кәсіпке деген әлдеқандай бір ынтызарлық пайда болды. Бірақ, мұнайшы болу үшін де оның ұңғыл-шұңғыл қаракеттерінен хабардар болу керектігін түсініп те үлгерді.

Доссорға алғаш бұрғы салынып, құбыр қаққан сол кезеңнен бастап Сағынғали жаз жайлаудың қызығын, күздеу мен қыстаудың еңсені езетін жол машақатын бір жолата ұмытты. Өйткені, осындағы өндірісшілері бар, тілмашы бар қауқылдаса-қауқылдаса келіп, қаумалай жүріп жөн білетін, ширақ жігітті аттай қалап, жұмысқа алды. Ендігі жерде Сағынғали қарамай аққан құбырдың басында алқа-қотан топырлап, маңдай терін шүмектеп төгетін жандарға алыс-жақын маңдағы шыңырау құдықтан су таситын болды. Қимылы ширақ болғанмен, дене бітімі әлжуаз біткен арық жігіт таңның атысы, күннің батысы түйе жеккен арбадан түспей жүрді. Түн ауа қосынға жетіп, сүрініп жығылатын.

...Сәскеге таман ағылшындарға, намаздыгер мен намазшамның ортасында орыстар мен немістердің қосынына күніне бір рет ауыз су жеткізетін жалғыз түйе арба осы Сағынғалидікі. Ең жақын шыңырау көш жерде болса, ең алысы Білеулідегі құдыққа дейін осы арадан дейін отыз бес шақырымдай жер. Аспан айналып жерге түсіп, аңызақ ыстық.

желі ертелі кеш тынбай ұрып тұратын Доссордың даласында жаратқан пендеңіз әншейінде бір тамшы суға зәру. Шеттен келген келімсектер жергілікті мына халықтың бейнетін көріп, дүниеде осындай көнбіс жаратылған жандар бар екен-ау деген ойдан аса да алмай жатқан да шығар. Алайда, бұл қазақтың жанына жағымды жаз жайлауы, қоңыр өлең күздеуі мен қатқыл мінез танытар қыстауы бөлек болатынын қайдан білсін олар! Қысқасы олар алыстан арбалап су таситын жас жігітті құдайдай көретінін алғашқы күннен-ақ аңғартып алды. Тілдері салақтап, көздері алақ тап Сағынғалидің жолын тосып тұрғаны. Енді қайтсін, аспан айналып жерге түскен жапан далада судан басқа тіршілік нәрінің құны көк тиын құрлы болмайтынын олар түсінбегенде кім түсінеді.

Қыр қазағына ағылшындардың адыраңдаған қимыл-қозғалысы, алқын-жұлқын мінездері ерсі көрініп тұратын. Тіпті, өздерінен басқа жан баласына түсініксіз тілдері де құағына түрпідей тиіп, жағымсыз естілетін. Әсіресе, неге екені қайдам, осынау сырық бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей, тотияйындай көкшіл қоз, шодыр мінез шикіл сары ағылшынды суқаны сүймейтін. Әлденеге жөн-жосықсыз дарылдай күліп, күллі даланы басына көтеретін, аузын бір жаппай тынбай сөйлеп жүргеніне қарағанда бейәдеп өскен біреу-ау дейтін де қоятын іштей. «Бұдан маған келер-кетері қайсы?» деген Сағынғали әдеттегі ісінен жаңылмай, міндетін адал атқарып жүріп жатты. «Адам аласы ішінде» деген рас болып шықты. Қуырдақтың көкесін әлгі шикіл сары неме көрсетті емес пе...

Әдеттегідей арбаны самал ескен төскейдегі иінге доғара қойып, етектегі қосынға жүгіріп барып келейін деген оймен, оңтайлана бергені сол еді... Желке тұсынан шалыс естілген дыбыстан шошып түсті. Әй жоқ, шай жоқ әлдекім аузы мұрнынан толған бөшкедегі суға күмп беріп, қойды да кетті. «Дені сау ма өзінің, ауыз суды харам етті-ау, мынау доңыздың баласы!».

Арбаның үстіне қарғып шығып, қолдан қиыстырып қаққан нән бөшкенің ернеуіне жармасты. Ал керек болса, жардай болған көкшіл көз шикіл сары бөшкенің қақ ортасында нардай шөгіп отыр. Үстінде лыпасы жоқ. Аспан айналып жерге түскен ыстық пен аптап желдің уытына шыдас бермеген беті пақырдың. «Аһылап-үһілеп» жаны жай тауып жатыр.

– Ой, тамыр, мынауың не зат?

Тосын дауысты елең де қылмады.

Оспадарсыздың ту сыртынан төне түскен Сағынғали тарамыс саусақтарымен ағылшынның май желкесінен алып, мытып жіберді. Су тасушының тосын шабуылын әуелде шыбын шаққан құрлы көрмегендей сыңай танытқан ағылшынның дәуі, кенет, орнынан қопарыла тұрды. Әлдене деп түйедей бақырып қалды, сірә, май желкеге тарамыс саусақ батып та кеткен-ау шамасы!..

– Хайуан болмасаң бұл дегенің өздерің ішетін ауызсу ғой, а! – деген қазақтың сөзін ұқты дейсің бе, ағылшын арбадан секіріп түсіп асығып-аптығып дамбалын қие бастады. Әлгіндегі мұздай судан алған жан рахаты ұмытылған, екі көзі құтырған иттің көзіндей қанталап кетіпті. Жалаң аяғын тағалы етігіне қоңылтаяқ сұққан бойы су тасушының қасына өңмеңдеп жетіп келді. Түкірігі шашырап, бірдеңе-бірдеңе дейді. Төне түсті. Мақтап жатпағаны анық. Мынадай тасыр әрекеттен шоршып түскен Сағынғали:

– Бұл өздерің ішетін таза су ғой... – деп айтып үлгерген жоқ, құлақ шекеден қатты тиген ауыр соққыдан мұрттай ұшты. Басы мың-шың... көзі қарауытып барып, өзі-өзіне әрең келді. Қаны басына тепті. Бұрын сонды өз бойында мұндай адуынды құбылыстың қыр көрсеткенін Сағынғали басынан өткізіп көрмеген. Бойында атасынан дарыған намысқойлығы мен қызбалығы екі бастан бар. Жұдырығын түйді. Әлжуаз балаң жігітті қалпақтай түсіргеніне дандайсыған келімсек, «қайтарымның» болмайтынына сенімді риза көңілмен, қоңылтаяқ қиген етігін қайта шешіп, шұлғауын қайыра орап, қие бастаған беті екен. Абажадай мына тажалды құр қолмен оңайшылықпен алмасын сезген. Арба үстінде шұбатылып, бөшкеден төгілген суға шыланып жатқан тоғыз өрім түйе қамшыға қолын созды Сағынғали.

– Әй, малғұн!

Балаң жігіттің даусы шаңқ етіп, ащы шықты.

Ағылшын жалт қарады. Бірақ, орнынан тұрып үлгермеді... Шұбатылған сала құлаш түйе қамшы әбжыландай ысқырып барып ұзынтұраның жалаңаш майлы жонарқасын осып өтті. Жалмауызға да жан керек екен, шикіл сарының құлындаған жан дауысы шықты. Қапелімде не істерін білмей сасқалақтап қалғаны соншалық отырған орнында жер тарпып, шыр айналды. Атып тұрып, бұған қарай тұра ұмтылмақ еді, Сағынғали шалт қимылдап, дымданып, ісініп тұрған бұзау тіс қамшыны сонадайдан екі рет «шарт»» еткізіп сес көрсетіп үлгерді. Жекпе-жектегі жауының қатты шошынғанын алайып кеткен көкшіл көзінен байқап қалғаны қанат бітірді ме, жас жігіт алға қарай қамшысын үйіріп, және ұмтыла берген... әлдекімнің қарулы қолы тырп еткізбей ту сыртынан қатты қапсырып ұстай алды. Шаң-шұңның арасында еңістегі ағылшынның жұмысшылары төскейге өре жүгіріп, көтеріліп қалған екен. Сояудай түйе қамшының тісі арқасына аямай батқан ағылшын екі иығын жұлып жеп, жанұшырып, ағайындарына әлденені айтып-айтып үлгерді. Тілін түсінбегенмен, айтып жатқан ымын ұққан, Сағынғали да ойын жеткізбекке әрекет етті:

– Мына оңбаған таза суға тырдай жалаңаш денесімен түсіп...

Сөзін аяқтап үлгермей, ол ауыр соққыдан құлап түсті. Ары қарай ештеңе де есінде жоқ ...

Зіл батпан болып қорғасындай ауыр тартқан денесін қозғай алар емес. Көнектей болып ісіп кеткен ернімен топырақ сүйіп жатыр екен. Қиыршық құм кіріпті аузына. Әрең түкірді. Арада қанша уақыт өткені беймәлім. Есін ептеп жинай бастады. Тұла бойы дір етті. «Орыстар бүгін ауызсусыз қалды...» Зіл батпан денесін қозғай алмай тағы бір шама жатты. Тегі денесінде соққы тимеген жер жоқ-ау шамасы. Атаңа ғана нәлеттер, жабылып соққыға алған екен де! Тәлтіректеп әрең дегенде, орнынан тұруға әрекет жасады. Алдымен қос қолдап арбаға сүйенді. Оң қабырғасы ашығанда жанын көзіне көрсетіп барады. «Сынып кеткеннен сау ма өзі...» Ызаға қатты булыққан балаң жігіт шарасыздықтан көзінің жасын сығып алды. Мынау қырдағы ауылға осы бойымен жетіп барып, ағайындарына зарын төксе қайтер еді? «Сен түр, мен атайын» деп түрған қызу қанды бауырлары, күллі ауыл мына сойқанды аяқсыз қалдырмас еді. Бұрғы басындағы ағылшынның түз тағысын үркітпекке әкелген бердеңке мылтығы да келімсектердің жандарын сақтай алмас еді. «Аттандап» атқа қонғанда ағайындарының қандай қауқар көрсетерін Сағынғали жақсы біледі... Құбырдың басында, сонда ғой, сонда... не топалаңның болатынын көз алдына елестеткен жас жігіт ауырсынған денесін әрең қозғап қойып, тағы бір шама тапжылмастан тұрды. Жеткіншек бір жағы әлжуаздығына қорынды. Әйтсе де, кенет, оның көз алдына шикіл сарының жапан даланы жаңғыртып жан дауысы шыққан көрініс елес берді. Жауының жанында ұмытылмастай белгі салғанына іштей масаттанып қойды. Күллі денесінің ауырғанына қарамастан балаң жігіт риза көңілмен жымиып та алды. Қабырғасы сыздап, қатты ауырып тұр... жан-жағын шолып, қамшысын іздеді. Көзіне түспеді... Етекте жұмысшылардың жалғыз мотордың даусына қосылып шыққан дабыры еміс-еміс естіледі. Қаранар бейшарада не жазық. Малдың аты мал. Ошағанын шайнап, мылқау кейпімен оттап тұрған беті мынау. Иесінің қыл үстіңдегі тағдырымен де ісі жоқ . Арбаға күшпен сүйретіліп әрең дегенде мінген Сағынғали «шүу» деп, қара нарға баяу, сыбырлап тіл қатты.

Мойнын ауырсына бұрып төмен жаққа әрең деген де көз қиығын салды. «Өңшең атасы бөлек иттер, жалғыз өзіме шие бөріше жабылғандарын қарашы бұлардың, а? ».

Күллі ағылшын қыр үстіңде баяу қозғалып бара жатқан түйе арбаға көз алмай қарап тұр екен...

Ертесіне бірінші кезекте су орыстарға барды.

Бет ауызының тамтығы жоқ, әрең қозғалып келген су тасушының кейпін көрген орыстар жаппай қарқылдап күліп алды. Балаң жігіт бұған намыстанып қалды. Күліп алды да, су сұрап бәрі жапатармағай бөшкеге бас қойды. Орыстардың арасында қазақша жап-жақсы тіл сындыратын Астраханның үрпек бас, бұдан әлдеқайда ересек бір жігіті бар еді.

–Олар сені мынау жуас түйе тепті ме, әлде мынау «жүрдек» арбадан жел ұшырып кетті ме екен, деп күліп жатыр, – деген Гриша.

Жас жігіт болған жайды бастан-аяқ баяндап берді. Көлденең сұрақ қоймаған Гриша да мән жайға жап-жақсы қаныққан секілді.

Жігіттер күлкісін тиды.

Сол күні түс ауа Гриша қасына және бір жігітті ертіп, Сағынғалидің арбасымен ағылшындар бұрғы салып жатқан қосқа келді. Жас жігітті қолынан жетектеген күйі топтанып тұрған жұмысшылардың алдына шықты. Ағылшындар да тез арада даурығып, шаң-шұң айқайласқандай боп жатыр. «Ылғи ғана жымиып, жайдары жүретін Гришаңыз бір жүрек жұтқан жігіт болды!» Осы жерде мінез танытты, дауысын көтере-көтере сөйледі. Екі жақтың ойын бір-біріне жеткізетін тілмаш та табыла кетті.

Мынадай төтенше қонақтардың тосын сапарын жақтырмаған ағылшындар жағы алғашында өздеріне шаң жуытпай даурығыса айқайға басқан. Бірақ , Сағынғалидің байқағаны, Гришаның маңдайының тамыры білеуленіп шыққан қатқыл сөздерінен кейін өздерінің жүндері жығылып, сөздері үйлеспей қалған секілді. Не керек, бұл құр айғай көпке созылған жоқ. Не айтса да, Гриша ағылшындардың жетесіне бірнәрсені жақсылап жеткізген сықылды...

Қызық болды! Ағылшындар жағы айып пұл деп арбаға бір қап ұн мен жарты қап қант әкеліп салды. Азын-аулақ кездемесі және бар. Екі жұманың аяғында ғана қолына санап беретің қара бақырды, маңдай тері жалақысын да сыңғырлатып мерзімінен бұрын Сағынғалидің қолына ұстата берді. Тек су тасушы жігіттің көзіндей көретін бұзау тіс қамшысы қайтпады. Әлгіндегідей екпіннің буымен Сағынғали Гришаға сыбырлап, жоғалған қамшысының сабын даулаған. Бірақ , ағылшындар арасында қамшыны көрдім-білдім деген жан жоқ болып шықты. Шикіл сары үн-түнсіз, жақтырмағандай одырая бір қарап, теріс айналды.

Иен даладағы қазақ пен ағылшынның айқасы осылай аяқталып, мәресіне жетті... Уақыт көші тоқтамай, жүрісінен жаңылмай алға тарта берді.

Жас емес пе, тән жарасы да, жан жарасы да жазылды. Тек, кейде бір ауыр жұқ көтергенде, арбадан оқыс секіріп түскенде Сағынғалидің оң жақ қабырғасы «шым» етіп ауыратыны бар еді. Төскейді жайлаған ауылға барып сынықшыға қаратуға уақыт тапшы. Інісінің амандығын білуге бір келген немере ағасына ағылшындардан түскен олжасын тапқан жалақ ысымен қосып, түп-түгелімен үйге беріп жіберді. Болған оқиға туралы ешкімге тіс жармады да...

Бұл өзі Ембі аймағында мұнай өндірісінің ұлғайып, қанат жайып келе жатқан тұсы еді. Әуелде Ресейдің бір қиырында ел көтеріліп, төңкеріс жасапты деген жел сөз Жайық асып жетті. Төңкерістің жалынының шарпуы осылай қарай бет алыпты деген қаңқудың өтірігі жоқ секілді, өйткені, келімсектердің зәре-құты қалмағаны олардың әбіржіген бет-әлпетінен байқалып қалды. Кәрі Теңіздің жағалауындағы нән кемелерге арбалап та, дорбалап та тынбай тасымалданып жататын «мұнай керуені» табан астында тоқтады. Ағылшындардың алдыңғы легі еліне қайта бастады. Құр қайтқан жоқ , нағыз сұмырайлар солар екен. Жұрт көзінен тасада ұңғы біткеннің аузын тығындап, құбырларды қиратып, айналаны жып-жылмағай, тып-типыл етті...

Ақ гвардияшылар жағына өткен орыстар олардан да асып түсті. Бар байлықтың уысынан сусып шығып бара жатқанын байқаған кешегі қожайындар ұңғылардың өңешіне құм құйып, тас төгіп қана қоймай, қолдағы барлық құжаттарды жоқ етті дейді тарих кешегі күннің сол күркірі қақында.

Доссор мұнайына ынтыққан шетелдіктер тарапынан тек 1914 жылдың өзінде ғана 50 мыңнан астам өтініш түскен екен дейді. Ондаған мұнай серіктестіктері мен фирмалар құрылған. Кәсіпкерлердің бір қатары Ескене мен Қарашүңгілге, Мақат пен Білеуліге, Сатыбалды мен Тегенге бұрғы салып үлгерген. Тек сол жылдардың ішінде ғана аймақтағы скважинаның ұзын-саны 166-ға жетіп жығылыпты. Алайда, саны бар болғанымен сапасының жайы өндірістік талаптарға жауап бермейтін бұл мұнай құдықтарының қарапайым ғана геологиялық негізді дәлелдемелері жоқ болатын. Келімсек алпауыттар ашқарақтана, ынсапсыз әрекет көрсетіп, қалайда көбірек, молырақ қарпып қалу жағын ғана ойлады. Шетелдіктердің мұндай жаппай жасаған берекесіз, жыртқыштық қылықтарына жаңадан құрылған Кеңес өкіметі тосқауыл қойды. Тарих Ембі аймағындағы мұнай кәсіпшілігінің жан-жақты дамуын тек қана пролетариат көсемі Владимир Ильич Лениннің есімімен байланыстырады. Өңірді ақ гвардияшылардан тазартқан соң Жайық пен Ембі арасындағы жер қойнауын игеруді жас мемлекет өзінің алдына аса маңызды тапсырма етіп қойды. Бұл 1920 жыл еді. Лениннің сол идеясының ұшқыны араға он жыл салып барып шын мәнінде жүзеге аса бастады. Осы жылдар ішінде Қазақстанда тұңғыш «Ембімұнай » деген атауы бар арнайы ұйым шаңырақ көтерді. Мұнайға қатысты барлау, іздестіру мен қатар кәсіпшілікті өркендету шараларымен ендігі жерде тек осы мекеме ғана тікелей айналысатын болып бекітілді. Ембі жері бәрін де жаңадан бастауға мәжбүр еді...

Лениннің өлгеніне бір жыл толғанда Доссор мен Мақатта жаңа сипаттағы бұрғылау жұмыстары басталды. «Ембімұнайдың» қызметі мұнымен тоқтап қалған жоқ, мұнай қоры бар жаңа алаңдарды тынбай іздестірді. Көп кешікпей Доссордың дәл түбінен Тасқұдыққа, одан соң Төлегенге бұрғы салынды...

Жас Кеңес өкіметінің Ембіге, Ембінің мұнайына назары ерекше ауды. Соның есесіне Ембі мен Жайық арасындағы алқап жаңа өкіметке арнап өнімді еселеп беруге дайын еді. Қазақ мұнайшыларының алғашқы легі, тұңғыш қарлығаштары бұрғының құлағын өздері ұстай бастады. Батыс Қазақстанда қалыптаса бастаған қазақ жұмысшы табының өкілдері қоммунистік партияның мүддесін қорғауға әзір екенін байқатты. Бұл кезде су тасушылықты қойып, тікелей өндірістің қара жұмысына араласып жүрген Сағынғали да көп нәрседен ой түйіп, бірсыпыра жайттардан хабардар болып қалған. Інілері Шәрімғали мен Дәрімғалиды түу Орск жағынан көшіріп әкелді де, бірден мұнайға салды.

Сондай ауқымда атқарылған қара жұмыстың аяқсыз қалмағаны да Мақат мұнай кәсіпшілігінің өндірісі Доссор кенішінен асып түсті. 1933 жылдың ішінде Мақаттан 97 мың тонна мұнай шығарылыпты...

«Атқан оқтай, шапқан аттай» уақыттың жүрдегін айтсайшы. Осы екі арада Сағынғали Халықбергенұлы да отау құрып, үйлі-баранды болып қалған. Ел еңсесін енді көтеріп, жер-ананың игілігін көрем дегенде кешегі өндірістің басында бірге жұмыс жасаған, өзі ауызсу тасыған неміс деген халықпен, Германиямен соғыс басталды. Халық түс көргендей болды.

Ембі аймағының мұнайына деген сұраныс мұндай көп болар ма?! Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін тыным таппады, майдан үшін мұнай өндіруге құлшына кірісіп кетті. Жұрт мұнайдан бастап аузындағы құрт-майына шейін жырып алғы шепке жөнелтіп жатты. Құдайдың құдіретімен Ембінің мұнайын жұртты көп әурелемей-ақ, аса көп өңделмей-ақ танкі мен ұшақты, тіпті, тырылдаған көлік атаулыны түгелдей жүргізе беретің қасиеті болып шықты ғой, ой-қой, несін айтасыз...

Ер жетіп, бұғанасы жаңадан қатып келе жатқан Бөлекбайдың оқуға деген зеректігін байқайтын ата-анасы баланың тәуір білім алуына кесірін тигізген мына соғысқа лағнат айтар еді...

Соғыстың қайнап тұрған тұсында Бөлекбай 7 сыныпты тамамдады. Ары қарай күндіз оқу үшін 300 сом төлеу қажет. Жиған-тергенді майданға жіберіп жатқан жұпыны отбасында ондай қаражат қайдан болсын. Титтейінен өте зерек әрі алғыр болып жетілген Бөлекбайға оқуын кешкілік мектепте жалғастыруға тура келді. Баланың болашақ тағдыры бір күні ойламаған жерден шешілді...

Аудандық партия комитетінен арнайы келген кісі Сағынғалиев Бөлекбайды тұп-тура бірінші хатшының өзі әңгімеге шақырып жатыр деген хабар айтты. Фашистермен болып жатқан қырғын соғыстың аяқталар тұсы болса әлі беймәлім. Майданға өз еріктерімен жасына жас қосып аттанып жатқан комсомол жастардың саны жетерлік. Қол-аяғынан айырылып, қайтып келген бірен-саран майдангерлер де жоқ емес. Із-түзсіз кеткендері қаншама! Ал, Сағынғали мен Зияданың зәресі ұшсын. Олар ұлдарына аудан басшысының тікелей өзі жолдаған тосын шақыртудан шошынып қалды. Жасы кәмелетке толмаған жеткіншекті шынымен-ақ әскерге шақырмақ па? Егер Бөлекбайды тұп-тура майданға алып кетер болса, ол үшін аудандық әскери комиссариат бар емес пе? Жоқ әлде... Бірқатар ауыл жастарын, оның ішінде жетім балаларды мемлекет фабрика-зауыт мектебіне алып, оқу оқытып, еңбекке жегіп жатқан және бір жайы бар еді. Құдайға шүкір, Бөлекбайдың әке-шешесі тірі. Дегенмен, тегін емес, бұл жерде бір гәп бар секілді. Күпті көңілдегі ата-ана хабаршыға жол сілтеп, Бөлекбай қызмет атқаратын мәшине жөндеу мекемесіне жіберді. Сағынғали мен Зияданың қосарлана бәйек болып: «Баланы бірінші хатшы жай шақырды ма екен?» деген сауалына шабарман жігіт, «Білмеймін. Менің міндетім тек шақ ыру ғана» деп қысқа қайырды. Бөлекбайдың авто жөндеу шеберханасына слесарьдің көмекшісі болып орналасқанына да онша көп бола қоймаған етің. Ал не болды енді? Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей көріп, жұмыла көтеріп, жұпыны шаңырақтың түтінін түзу шығарып, дәм-тұзы жарасып келе жатқан ерлі-зайыпты хабаршының соңынан мұңайып қарап қалды. Кезінде бұрғы басындағыларға ауыз су тасып, одан кейін бір заманда өзі бұрғы салған Сағынғали қазір кәсіпшіліктің қосалқы шаруашылығының атағы дардай беделді жұмыскері. Скважина басына қосалқы бөлшек болсын, азына аулақ көк-сөк болсын осы Сағынғали Халықбергенов жеткізіп тұрады. Ана заманда ағылшынның темір табан етігі тиген сынық қабырға болмаса, жүрісі шалт, ісі де ширақ. Тек ауыр жұмысқа жарамайды. Әйтпесе, бұрғышылық кәсіптен қол үзер ме еді?! Мұнайдың кіндігі Доссорда туып-өсті, кешегі мен бүгінгінің арасындағы дәнекер, ауыл жұртының алдында да беделі бір басына жетеді.

«Уа, бұл не зат болды?» деп, тіп-тіке Холошнюктің өзінің есігін қақпай кіріп барса ма екен? Ондай қауқар бар, құдайға шүкір. Дегенмен көпті көрген азамат емес пе, аспай-саспай, бәйбішесіне басу айтып, ақырын күтті.

ОЛ ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН..

ЕМБІНІ ҚАЙТА ТҮЛЕТКЕН
«ЗАМАНАМ, ӨЗІМ, ЗАМАНДАСТАРЫМ» КІТАБЫНАН
(2003 жыл)
Жәрдем КЕЙКІН

жазушы-этнограф,
экономика ғылымының кандидаты

Жаңа кен орындарды игеру нәтижесінде 1970 жылы 1965 жылмен салыстырғанда облыс бойынша мұнай өндіру он есе өсті. Мұнайлы өлке тарихында айтулы із қалдырған нәтижелі, осыншама қыруар жұмыстар Мұхамбет Айтуұлы Батыс Қазақстан өлкесі мен Гурьев облысын басқарған уақытта үкімет көмегі және халық қолдауымен атқарылған.

М.А.Есеновтың еңбегі атаусыз қалмады. Ленин, екі Еңбек Қызыл Ту, бірінші және екінші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз, Құрмет Белгісі ордендері және ондаған медальмен марапатталды. КСРО құрметті мұнайшысы атағы берілді. КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаттығына сайланды.

Мұхаңнан тәлім – тәрбие алып өскен азамат шәкірттері баршылық. Сағидолла Құбашев республика партия ұйымы Орталық Комитетінің екінші хатшысы, Саламат Мұқашев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы, Бөлекбай Сағынғалиев Маңғыстау және Ембі мұнай бірлестіктерінің бастығы, Сәкен Шақабаев республика геология министрі қызметтеріне көтеріліп, кезінде жемісті еңбек етті.

Мұхаңның басшылығымен төрт жыл қызметтес болдым. Ел ішін аралағанда «облыс бас малшысы» деп қасынан қалдырмайтын. Көп жақсылыққа үйрендім. Жанынан.

сұлулықтың, тәлімділіктің, игіліктің лебі есіп тұратын ерекше жайсаң жан еді.

Ол аз сөйлеп, уақытпен санаспай тиянақты көп іс тындыратын. Өмірде дүниетанымы кең, іскер, адамжанды көптеген жайсаң азаматтармен замандас және қызметтес болғанына риза көңілін білдіретін. Мәдениетті, биязы мінезді абзал азамат, білімдар маман, шебер ұйымдастырушы еді. Артынан өшпейтін еңбек ізін қалдырды.

Өмір тоқтаусыз, толассыз көш...

Өткен мен бүгінді жалғастырады, дүниені сатылап жаңартады. Бәрі де кезең кезеңмен.

Маңғыстау мен Бозашы түбектерінен кейін бүкіл Қазақстанды Атыраудың Теңіз мұнайы тасқыны дүбірлетті. Болашағына әлем алпауыттары көз тікті, дабылына құлақ түрді. Игерісуге таласты. «Шеврон» компаниясы кешенді өндірісті пайдалану құқын жеңіп алды. Ол қазір республикадағы ең өнімді және пайдалы кен орны.

Жеті қат жер қойнауындағы бай қазынаның ашылуы Бөлекбай Сағынғалиев бастаған қажырлы Ембі мұнайшыларының көп жылдық табанды еңбек жемісі еді, игілігін ел көруде.

Талай өмір өткелінен өткен Бөлекбай Сағынғалиев жетпісінші-сексенінші жылдардағы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің сыналған көш басшысы. Жоғары дәрежелі білім алып, қатардағы инженерліктен басталған еңбек жолы уақыт өте келе сараланды, даңғылданды. Қазақстан коммунистерінің Орталық Комитетіңдегі республика ауыр өнеркәсібіне партиялық жетекшілік жасады, Қазақ КСР Халық шаруашылық кеңесінде бұл саланы тікелей басқарды. Кеңес Одағы мұнай өнеркәсіп министрлігінің бірінші басшылары ірі мемлекет қайраткерлері Байбақов, Евсеенко, Шашиндермен іскерлік жақын қарым-қатынаста болып, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің техникалық, технологиялық, қаржы, материалдық проблемаларын шешуде үйлестірушілік, дәнекершілік міндет атқарды. Ресей, Әзербайжан, сондай-ақ шетелдік Канада, Мексиқа, Иран мұнай өнеркәсіптерінің ғылыми негізделген жаңа технологиясын және озат үлгілі тәжірибелерін зерттеп, өзіміздің өнеркәсіпке енгізуде елеулі еңбек етті.

Өзі де жаңалықтар ашты, іске қосты. Мұнай қабаттарын гидро әдіспен жару, қопару, ұңғыларды мұнайлы негізде цементтеу, жер қабатына су айдаудың тиімді тәсілі, химиялық реагенттерді ұтымды пайдалану туралы ұсыныстары өндіріске енгізілді. Каспий жағалаулық ойпатта геофизикалық және геологиялық барлау жұмыстарын қарқынды жүргізуі қажеттігі жөніндегі КСРО Мұнай - газ өнеркәсібі министрлігінің алдына қойған ұсынысы қабылданып, 1971 жылы «Ембі мұнай » тресі құрылып, оны өзі басқарды.

Республика мұнай-газ өндірісін басқарған кезде Маңғыстау кеніштерінің өнімін көтертті, қарт Ембіні қайта түлетті.

Атырау аймағындағы кен орындарын ашуда және игеруде атқарған ерекше еңбегі бағаланып, Мемлекет сыйлығының иегері атанды, үкіметтің жоғары дәрежелі орденімен марапатталды.

Бөлекбай Сағынғалиұлының кең көлемді, жемісті істерін қанаттас жолдастары, өкшелес әріптестері жалғастырды. Қаражер қойнауынан кен көзін іздеу, барлау жұмысы теңіз түбіне ауысты. Жиырмасыншы мен жиырма бірінші ғасырлар тоғысында Каспий қайраңына салған бұрғы ұңғысынан мұнай қайнары атқылады. Ғалымдар мен зерттеуші мамандардың болжамы бойынша теңіз қайраңының мұнай қоры Сауд Аравиясы мен Кувейт қазынасына теңесуі ықтимал. Нақты мөлшерін анықтау және өндірістің болашағын бағалау келер күндердің ісі. Анығы, Атырудан бастау алып, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында қанат жайған мұнай-газ өнеркәсібі Қазақ елін ірі индустриялы мемлекет мәртебесіне көтеретіні.

Үмітті болашаққа көз жібере отырып, даңқты өткен жолдарды қастерлеу, естен шығармау ләзім. 1999 жылы Қазақстанда алғаш мұнай көзі ашылуының бір ғасырлық, 2001 жылы мұнай өнеркәсібінің тұңғыш Доссор кенішінің тоқсан жылдық мерекелері салтанатты өтті. Аға буын қазақ мұнайшыларының еңбегі бағаланды, дүниеден өткендерінің аруақ -рухына тәу етілді. Олардың қақ ортасында, шығар төрінде, өткен ғасырдың жиырма-сыншы жылдарынан алғашқы мұнай кеніштерін кезең-кезеңімен басқарған, баршасын қамқорлап, ізбасар ұрпақ тәрбиелеген жоғарыда аталған аға ұрпақ орны бір бөлек. Атырау қаласының орталық саябағында мұнайшылар галереясын жасақтап, жасандырып, мәрмәр тақтаға есімдері қашалып хатталса, тарихи бағалы ескерткіш мұра болып қалар еді.

«ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНЕН
(1997 жыл, 18 сәуір)
Саламат МҰҚАШЕВ
қоғам қайраткері

Бөлекбай Сағынғалиұлы 1927 жылы мұнайшылар мекені Доссорда, мұнайшының отбасында дүниеге келген, сонда оқып орта білім алған. Отан соғысы бәрімізді де ерте есейтті ғой, сол отты жылдары 15 жасқа шыққасын-ақ өз бетімен тіршілік етуге тырысып еңбекке араласты. Москвадағы мұнай институтын бітіргеннен кейін мұнай кеніштерінде оператор, мастер, цех бастығы, бөлім меңгерушісі, бас инженер болып мол тәжірибе алады, өзінің іскерлік қабілетін танытады. 1958 жылы Қазақстан мұнай бірлестігі бөлім басшысы болып қабылданды, 1960 жылы жаңадан құрылған халық шаруашылығы Кеңесі мұнай бөлімінің меңгерушісі етіп бекітілді. Содан соң алты жыл Орталық партия комитетінде ауыр өнеркәсіптерді қамтитын бөлім басшысының мұнай өндірісі жөніндегі орынбасары болып істейді. 1969 жылы республикалық мұнай бірлестігі бастығының орынбасары, 1971 жылы «Ембі» мұнай бірлестігінің басшысы болып тағайындалды. Яғни, ол, Қазақстан өнеркәсібінің маңызды саласында қарапайым жұмысшы болып та, ұжым жетекшісі болып та, ірі бірлестік басшысы болып та істеген. Республика мұнай өнімінің соңғы 25 жылда 10 есе өсуіне үлкен үлес қосқан ірі тұлға.

Оның еңбек жолынан өзім тікелей куәгер болған жәйттар туралы ғана айтпақшымын. Немесе «ғасыр жобасы» атанған әлемге әйгілі «Теңіздің» тарихы Сағынғалиевтің өмірін баяндайды. Ал оның бойындағы асыл қасиеттер де осы алыппен алысқан жылдары жарыққа шықты. Әрине ерінбей іздеген алтынды таппай қоймайды. Дей тұрғанмен, Бөлекбайдың ынтасы болмағанда аталмыш кеніштің пайдасын анағұрлым кешірек көретін едік деп қаймықпай айтуға деректі дәлелдер жеткілікті. Ол кезде тұз қабатының астына бұрғы жіберу батылдық ғана емес батырлық еді. Себебі: күшті қысымды бүғалықтайтын, болатты балқытатын ыссылыққа шыдайтын, күкіртке төзімді құрал сайман болмайтын. Тың жолдың бойында қауіп қатердің кездесетінін күткенмен, оның қай тұстан соғатыны жұмбақ еді. Қиын да қатерлі жұмысқа әдейі даярланған жұмысшылар да болмаған-ды. Осындай қабырға қайыстырар қиыншылықтарды көре тұрып күреске шығу біліміне де, білегіне де сенген нағыз ердің ісі.

Шынымды айтсам, алғашқы жылы сәтсіздіктер де болмай қалған жоқ . Оны пайдаланып жоғарыдан қысым жасаушылар, төменнен сын айтушылар да көбейді. Министрлікте «Атыраудан алтын табамыз» деп қолымыздағы бар алтынымызды азайтуымыз мүмкін, Теңіздегі жұмысты тоқтату қажет» деген ұсынысты талқылағанда 12 кісінің төртеуі ғана Сағынғалиевті жақтағанын естігенбіз. Әйтеуір, құдай оңдап, аз топтың ішінде министр В.Д. Шашиннің өзі болғандықтан ресми қаулы қабылданыпты. Өз ақылы алқымынан аспай жүрсе де басқаға баға бергіш адамдар болады ғой. «Бұдан нәтиже шықпайды, Бөлекбай қол жетпеске құлаш ұрады, үлкен өндірістің дырау бастығы боп өзін көрсеткісі келетін шығар» демеушілер де кездесеті. «Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ болғасын не істемейді, қоғам мүлкін, халық қаржысын топыраққа көміп жатыр» деп арыз жазушылар да табылады. Әрине, екі таудың арасында, қылыштың қырында қысылып жүрген күндерді іштей күйініп, жүрегі ауырған да шығар. Бірақ, сырт пішіннен, түр келбетінен үрейленген, қысылған сыйқы байқалмайды. Тағалы аттайнық басып еркін жүретін. Бірде, жыл өткен сайын өсек үдеп барады, жағдайдың қалай, тауың қайтып жүрген жоқ па деп сұрағаным есіме түседі. Сонда Бөлекбай, жалаң сөзді жақтырмайтын, білгенін кесіп айтатын мінезіне салып: «Май толған тай қазан төменде тұз қабатының бауырында бұйығып жатқанына құдайдай сенемін. Біздің 60 жылдан бергі сорып жүргеніміз сонын сығындысы ғана. Көп кешікпей бір межеге жетерміз. Егер біз орта жолда тоқтасақ бұл жерге ешкім қайтадан оралмайды» деген-ді. Ұлы сыншы уақыт қой, келешек көрсетер, іске сәт деп әңгімемізді аяқтағанбыз.

Болашағы белгілі бола қоймаған бағдарламаға сенбегендіктен үй тұрғызуға, жол салуға, электр жүйесін жүргізуге қаржы бөлінбеді, жұмыстың күрделілігіне, табиғаттың ауырлығына сәйкес айрықша жағдай жасалмады. Содан да Бөлекбай жасымады, мойымады, талабын тауыспады, керісінше, батылдығы басым болды, жігерлене түсті. Айдалаға ащы сордың ортасында төрт қанатты киіз үй тігіп, ішіне телефон қойып өндірістің іргесіне орналасып алды да, күні түні бел шешпей терең бұрғылау жұмысына тікелей басшылық етті. Бөлекбайдың «пәтері» тұрған жер «өлі қолтық» пен кезінде «барса келмес аралы» атанған Прорваның аралығы. Ол аймақта ұшқан құсты көрмейсің, қара құрттан басқа тірі жәндік кездестірмейсің. Жел тұрса, топырақ боран көзіңді аштырмайды, ал тымық күні тынысың тарылады. Тұщы су, көк шөп, қатқыл жер дегендер түсіңе енеді.

Қазір салқындатқыш қондырғы, тозаң кірмейтің әдемі жарық үйде отырып, Елдің суын тазартып ішіп, өндірісті пультпен басқарып, скважиндерге автомашинаға мініп, тас жолмен баратын «Теңіз-Шевройл» қызметкерлеріне біздің өз көзімізбен көргенімізді айтқанымыз аңыз секілді естілетін шығар. Осыған орай, Бөлекбайдың киіз үйін Шеврон офисінің ауласына орнатып қойса, Аяз бидің тымағындай өткенді еске елестетіп, қазіргі кемшіліктерге шүкіршілік етіп, жетістікке мастанбай, жауапкершілікті, тәртіпті күшейтуге әсері тиер еді ау деп те ойлайсың. Сағынғалиев пен Балжановтың, тағы басқалардың бірінші скважинаға сынақ жүргізгендегі іс әрекеттері бүгінгі жастар үшін тағы бір «күлкілі» көрініс. Мұнай мен ілесіп шыққан күкіртті газды жұтқан кісі тірі қалмайды, сондықтан өздері жұмысты жел жақта тұрып істеуге мәжбүр. Ал, жел бағыты жиі ауысатындықтан олар қазықтан айналған атша күні түні ұңғыны жағалап жүгіріп жүреді екен.

Кезінде лауазымды қызметке тағайындарда, наградаларға ұсынарда, қабілетті ұйымдастырғыш, тәжірибелі басшы, өзіне де өзгелерге де талапкер — деп, талай мінсіз мінездемеге қол қойғанмын. Қазір де сол ресми сөзімді қайталап Бөлекбай Сағынғалиұлы біртуар талант дегім келеді. Оның таланттылығы істі ұйымдастыра білуінде, өзінің де, басқалардың да біріккен күшін ұлы мақсатқа бағындыра білуінде, пайдалы ұсыныстарды елеп екшеп анығына қаныққаннан кейін дер кезінде қабылдап, кездескен кедергілерге кідіріп қалмай іске асыра білуінде. Талантқа табынбасқа болмайды.

Бұл байымды бағаның да кепілі «Теңіз» кеніші. 1979 жылы № 1 ұңғыдан 4050 метр тереңдіктен тұз қабатының астындағы мұнай күмбезінің төбесі тесілді. Мұнайшылар аңсаған арманына жеткендей болды. Сөз жоқ, «Теңіз» ортақ олжа. Оның бейнетің көргендер де аз емес. Дегенмен көш бастаған басшының жүгі ауыр болды, тері көбірек төгілді, күлкісі сирек еді. Сол мазасыз жылдары Бөлекбайдың ұйқысы шала, қабағы қатыңқы, сүдіні түтігіп, жүргенін жиі көретінбіз. Әсіресе оны № 37 скважинадағы еріксіз атқан ашық фонтан қатты шаршатыпты. Жалыны 200 метрге дейін көтерілген өртті баспақшы болып ұңғының аузына жақындау, соғыстағы оқ жаудырып тұрған іннің аузын кеудесімен жапқан қаһармандардың ерлігіне ұқсайды. Өршіген өртпен 14 ай алысқандарды еш уақытта ұмытпаған жөн. Қаза тапқан Владимир Бондаренконың есімі мәңгі есте сақталмақшы.

Бөлекбай арыстанмен дара алысқан жоқ. Қасына күйінішіне де, сүйінішіне де ортақ болған қолдаушылары, демеушілері, орындаушылары жүрді. Басшының ісін оңға бастыратын сенімді серіктері мен іскер қосшылары екенін білмейтін кісі жоқ қой, бірақ өмірде үнемі солай бола бермейтіні де белгілі. Ал, Бөлекбайдың кадр таңдауға талғамы күшті еді. Бірлестіққе бас инженер болған Құмар Балжанов мұнай өнеркәсібінің барлық стансасынан өткен, білімді де тәжірибелі инженер. Мұнай өндірісіне елеулі еңбегі сіңген, тәжірибелі геолог Жолдасқали Досмұхамбетов және жас ғылым геолог Махаш Балғымбаев геология саласын басқарды. Республикадағы мұнай мекемелерінің есепшілері мен жоспарлаушыларын түгелге жуық үйретіп, оқытып өсірген Қабдықалық.

Сағытжанов бірлестіктің қаржы жүйесіне басшылық етті. Сол бір қиын кезеңде мұнайшыларды, барлаушыларды азық түлікпен қамтамасыз еткен сауда-саттық жұмысының шебері Сәрсен Саппаев еді.

Бөлекбай Сағынғалиұлы партия қоғам ұйымдарымен тығыз байланыста болатын. Әркім сыйлағанның құлы дегендей, оларда шаруашылық басшысымен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қоян қолтық бірлесіп жұмыс жасайтын.

Бұрын бірнеше ауданды басқарған, өңірдің беделді азаматтарының бірі Өтешқали Есмағамбетов бірлестікте партия комитетінің хатшысы болды.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы Әнуар Қалиев өзінің кішіпейілділігімен, сауаттылығымен жұмысшылар арасында беделге ие болған абзал адам еді.

Атырау мұнай бірлестігінің бұрынғы басшылары сол кездегі Жылой ауданын басқарған Беркін Ізтілеуов пен Миллят Сабырованың жәрдеміне зор ризашылық білдіріп, шын жүректен алғыс айтқанын әлденеше рет естігенмін.

Жергілікті шаруашылық мекемелердің басшыларын іріктеуде де Бөлекбайдың тарапынан қателік кетпегенін іс нәтижесінің өзі-ақ айқың көрсетті. «Теңіз» кенішінде терең бұрғылау жұмысына тікелей басшылық еткен Асабай Қисметов, Төлеген Байзақ ов, Мұрат Шабалиев, Әшім Уәлиев, Орынғазы Есқазиев тағы басқалар жауапкершілікті сезініп, өз міндеттерін мұқият орындап, ұлы іске ұмытылмастай үлес қосты.

Сол бірліктің арқасында болған тірлік, бір ағымға бағытталған көптің күші жеңіске жеткізді. Әйтпесе, жердің қауіпті қабаттарын сапалы қазу, күкіртті мұнай қорының тығынын ашу оңай шаруа емес-ті. Егер ұңғылардың қабырғалары мықты бекітілмегенде, бұрғылау жұмысы белгіленген тереңдікке жетпей тоқтатылғанда, алынатын өнімнің көлемі анықталмағанда шет мемлекеттердің тәжірибелі инвесторлары шығынданбаған болар еді. Алты құрлық түгелімен көз тігіп, А. Хаммер секілді қалтасы да, айласы да жеткілікті меншік иелері «Теңізге» таласпас еді. Олар зор қысыммен қалшылдап тұрған скважиналарды қорықпай ашып, сынақ жұмыстарын сапалы жүргізгеніне сенді. Өндірістің алғашқы басшысы, білікті инженер Болат Еламанов асауға тұсау салынғанын оларға көрсетті. Қазіргі «Теңіз-Шевроил» бірлескен мекеме сол кезіндегі қазылған ұңғылардан ғана өнім алып отыр.

Бөлекбай Сағынғалиұлы Теңізде түгесілмес мұнай қорының бар екенін дәлелдеп қана қойған жоқ, оның байлығын мәңгілік етуге, пайдасын халық қажетіне тезірек те молырақ жаратуға бағытталған тиімді шараларды да жүзеге асырды.

КСРО көлеміндегі ең жаңа, сезімтал техникамен жабдықталған геофизикалық мекеме Саратов қаласында екенін естіп, оларды «Теңіз» құрылымының қартасын жасауға шақырды. Сонымор қатар, Атырауда геофизикалық трест құрып, оның алдыңғы қатардағы технологиямен жабдықтайды. Каспий ойпатынан мұнай құрылымдарын іздейтін екі геология барлау басқармасын, бұрғылау қондырғыларын тұрғызатын және басқа да мамандандырылған жаңа мекемелер ұйымдастырды.

Кезінде Еділ өңірінен мұнайдың нышаны байқалып, көп қаржы, жаңа техника, төзімді құрал-саймандар Волгоград облысынан жіберілген екен. Бірақ ұзақ уақыт күткен үміт ақталмай, жұмысты тоқтатпақшы болады. Бөлекбай бұны да біліп қалып, дер кезінде барып шарт жасап, 500 маман бұрғышыларды өздерінің құралдарымен әкеліп «Теңіз» кенішін қаздырды. Бұл қосымша күш басқа аудандардағы жұмысты әлсіретпей және «Теңіздегі» терең ұңғылардың санын көбейтуге мүмкіндік туғызды. Бөлекбай Сағынғалиұлы Атырау мұнай бірлестігінің бастығы болып істеген 15 жылдың тек «Теңіз» кенішін ашуға ғана арнаған жоқ. Басқа мұнайлы аудандарда да өшпес із қалдырды. Құрылыс тресі, материалдық және техникалық жабдықтау басқармасы, автокөлік мекемесі ұйымдастырылды. Жайық жағасында «Бұрғышылар поселкесі» деп аталатын жаңа елді-мекен пайда болды. Облыс орталығындағы 30-шы жылдары салынған қамыс барақтарды құлатып, орнына тас үйлер тұрғызылды. Еділ мен Жайықтың аралығынан бірнеше мұнай кеніштері ашылды. Олар үшін тұрғын үйлер салынды. Осы жылда бірлестік бойынша мұнай өнімінің көлемі екі есе өсті. Мұнайшылар қауымында бұрыннан қалыптасқан әдетті жалғастырып жергілікті жастарды орталықтағы жоғары оқу орындарына орналастыруға нәтижелі ықпал жасады. Атырауда мұнай техникумы мен институтының оқу үйлерін, жатақханаларын салуға белсене қатысқанына ел риза болды. Кезінде Алматыдағы алғашқы мұнай факультетін ашуға ынталанғандардың бірі екенін де білетінбіз. Жалпы, қазір Қазақстанда геологтар да, қазушылар да, игерушілер де жеткілікті. Ал, тұз қабатының астындағы мұнай шөгіндісінің есепсіз көп екені дәлелденді. Бұл байлықты пайдалану жастардың, болашақ ұрпақтың қасиетті парызы.

«Теңіз» кенішіндегі «қара алтынның» сандығы ашылғаннан кейін де бірлестік басшысының жүгі жеңілденбегендігіне де хабардармын. Енді, келушілер, ақыл айтушылар, тергеушілер көбейді. «Теңізді» жақтап бір ауыз сөз айтқандар, бір жапырақ қағаз жазғандар, аз-маз қол ұшын тигізгендер, бәрі-бәрі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұл жылдары Бөкеңнің көп мезгілі қонақтарды қарсы алуға, шығарып салуға, ертіп жүруге, тергеушілерге түсініктеме беруге кететін. Әсіресе «Теңіздің» астанасы Құлсарыдағы мұнайшылар ұжымының жетекшісі Сатыбай Дүзбаевтың тынымы кетін-кірейтін. Бірақ басшы да, оның қосшылары да шыдады, төзді. Себебі, «Теңізге», Жылой ауданына, Атырау облысына бүкіл Кеңес Одағының назары аударылды, орталық жәрдем бере бастады, уәдеге де тойғызды.

Тіпті, сол аласапыран тұста Москвадан келгендер тікелей «Теңізге» тартатын болды. Жіліктің майлы басын ұстағысы келетіндер де аз болған жоқ. Егер Кеңес өкіметі билігінен айырылмағанда тиісті сыйлықтарға москвалықтардың өздері ие болып кетуі де мүмкін еді. Құдайға шүкір, еліміз егемендік алып, жерімізбен кенімізді өз үкіметіміз билегеннің арқасында Бөлекбай Сағынғалиев басқарған бір топ мұнайшыларға Батыс Қазақстандағы бірегей Теңіз мұнай кен орнын ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Бұл адал еңбекке берілген әділ бағаның белгісі.

Бөлекбай Бұдан бұрын да талай сый құрметке бөленген болатын. Кеудесіне төрт орден тағылған, үш мәрте Жоғары Кеңестің құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы деген атақтың иегері. Геология министрлігінің 1988 жылы 10-наурызда әдейі қабылдаған қаулысымен Бөлекбай Сағынғалиев Теңіз кенішін бірінші ашқан қайраткер деп танылып, оған тиісті ресми құжаттар табыс етілді.

Сонымен «Ғасыр жобасы» деп аталатын шарт бойынша Теңіз кенішінде өндіріліп жатқан мұнай, газ, күкірт еркін еліміздің меншікті қазынасы ретіңде өз мүддемізге жаратылуда.

Кезінде «Теңізді» тез игеруге жедел жәрдем берген ел Президент! Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасыр жобасы» туралы алғашқы келісімге қол қойғаны және «Теңіз-Шевроил» бірлескен кәсіпорынның тұсауын кескені тарихи оқиға болды.

Теңіздің байлығы 100 жылға жетсе, оның іргесінде «Королев» мұнай құрылымының қоры келесі ғасырға да мұнай бұлағын ағызатыны анық. Оны да Сағынғалиев басқарған бұрғышылар тобы бірнеше терең ұңғы қазып дәлелдеді. Ол да бір жабулы түрған «Таң қазан» «бай қазан».

Маған үнемі мұнайлы өңірлерде істегендіктен мұнайшылардың әлі де орындалмаған армандары бар екені белгілі. Оның бірі жердің бетінде топыраққа сіңіп табиғи битумге айналған мұнайды алу. Атырауда, Маңғыстауда осы «кир» деп аталатын майлы топырақты жол құрылысында пайдаланып та көргенбіз. Оның қоры Батыс Қазақстанда есепсіз көп, жобамен 1,5 миллиард тонна делініп жүр. Қазір Сағынғалиев осы мәселемен шұғылдануда. Оның серігі академик Н.К. Кәдіровтың аталмыш проблемамен айналыса бастағанына 25 жыл болғанын білемін. Мұнайдың геологиялық қоры жер бетіне шығарылатыны шамамен 30 процент қана.

Егер одан көбірек алатын әдіс табылса өнім көлемі өсе бермекші. Бөкең бұл проблеманың да нәтижелі шешілуіне үлес қоспақшы.

Бөлекбай Сағынғалиұлы жақында 70 жасқа шығады. Төрқалы тойын өткізгесін құрметті демалысқа шығып, бейнетінің зейнетін көруге заңды құқы бар. Бірақ, оған жұмыстан кетуге болмайтын сияқты. Себебі, ол мемлекеттік маңызы бар өте күрделі істердің басында, ылғи жастар топтасқан «Мұнай» деп аталатын ғылыми-өндірістік орталықты басқарады. «Теңіз-Шевроил» бірлескен кәсіпорынның аты әлемге әйгілі болғандықтан келіп-кетушілер көп көрінеді. Бәрі кеніштің қазіргі жағдайын, болашағын, экологиясын білгісі келеді. Таза табыстан республиканың үлесі қанша, жұмысшылардың тұрақты мекеніне жәрдем беріле ме, қазақтар мен басқалардың іс қабілеттілігінде айырмашылық байқала ма, жергілікті мамандар мен американдықтардың еңбек ақысы бірдей ме, тағы басқа сұрақтарды жаудыратын сияқты. Бірақ, бұл алыпты тапқан кім деп ешкім сұрамайды екен. Сондықтан тарихи шындықты қадір тұту үшін, әділдікті әйгі ету үшін тағы да қайталағым келеді. «Ғасыр жобасына» жол салған, жылдар бойы жыр болатын игі істің бастаушысы, алыпты ашып алыпты еліміздің азығын молайта түскен мұнайшы, барлаушы, бұрғышы қаһармандардың алдыңғы шебінде болған бірінші азамат Бөлекбай Сағынғалиев. Оған, төрқалы тойына байланысты, зор денсаулық, қажырлы қайрат, жемісті еңбек тілейміз.

МҰНАЙ АКАДЕМИГІ
« АНА ТІЛІ» ГАЗЕТІНЕН
(«Көзқарас» 2002 жыл, 6 тамыз)
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Соңында ізгіліктің іздері қалып, еліңе, халқыңа жасаған қызметің жемісті болып, шыққан тауың биік, асқақ болғанға не жетсін. Бүкіл саналы өмірі қыранның қанат қағысындай, тұлпардың шабысындай болып өтіп, ел құрметіне бөленген бақытты адамдардың бірі – Бөлекбай Сағынғалиев.

Бөкең Атырау өңіріне келе қалса, міндетті түрде Доссорға ат басын бұрады. Қара алтын мұнайдың отанына айналған бұл қасиетті мекен Бөлекбай ақсақалдың туған жері, ер жетіп, еңбек жолын бастаған мекені. Әкесі Сағынғали да осы өлкенің бір беделді перзенті. Сонау 1911 жылдың сәуірінде Доссорда атқылаған мұнай фонтанының тірі куәсі болған қазақ азаматтарының бірі. Бұл өңірді бес саусағындай жақсы білетін Сағынғали атамыз мұнай көзін алғаш ашқан ағылшын, неміс, орыс кәсіпкерлеріне нар түйемен су тасып, мұнайшылармен қоянқолтық еңбек етті.

Қазақстан ғана емес, бұрынғы Советтер одағындағы мұнай өндірудің, игерудің үлкен ұйымдастырушысы мен білгірі болған Бөлекбай Сағынғалиев өзінің еңбек жолын 1944 жылы Доссорда бастайды.

–Сегізінші бітірген бала кезім, ол кезде соғыстың өршіп тұрған шағы. Сол жылдары Доссорда аудандық партия комитетінің бірінші секретары Николай Семенович Холошнюк деген азамат болатын. Сол хатшыға ептеп орысша білетін, соғыс ұзарып кетсе, майданға алуға жасы жетпейтін хатшы бала керек болып, таңдау маған түсті. Менің міндетім: таңертеңгі алтыдан кешкі жетіге дейін кеңседе отырып, әртүрлі қағаздар толтыру болып табылады. Сондай-ақ , мұнай кәсіпшіліктерінде бір тәуліктің ішінде қанша

мұнай өндірілгені, оның қаншалықты тереңдікте қазылғаны туралы мәліметтер жинап, бірінші хатшыға тапсырып отырамын, – дейді Бөкең сонау алыстап кеткен балалық шағын еске алып.

Жастайынан мұнай инженері болуды армандаған жасөспірім Бөлекбай 1945 жылы Мәскеуге аттанып, жоғары оқу орнына түседі. 1951 жылы Губкин атындағы Москва мұнай институтын ойдағыдай бітірген жас маман туған жеріне оралып, Доссор мұнай-өндіріс кәсіпшілігінде мастердің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, қызығы мен қиындығы мол мұнайшы мамандығын игерудегі алғашқы қадамдарын жасайды. Қошқар, Мақат, Доссор және Қаратон мұнай өндірісі басқармаларында бас инженер болып қызмет атқарған жылдарда Бөлекбай Сағынғалиев өзін білікті, іскер маман ретінде көрсете білді. Ол 1958 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігінің мұнай және газ өндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Ал, 1960-1969 жылдар аралығында Қазақ совнархозының мұнай және газ өнеркәсібі бөліміне жетекшілік етті. Сағынғалиев 1960-1969 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлім меңгерушісінің орынбасары болып, Қазақстандағы мұнай және газ өнеркәсібін жеделдетіп, өркендетуге қомақты үлес қосты. Әсіресе, Бөкеңнің осы сала бойынша ұлттық мұнайшылар кадрларын даярлау жөніндегі еңбегі ұшан-теңіз.

Бөлекбай Сағынғалиевтің жеке архивінде өзімен бірге еңбек еткен, бітесе қайнасып өскен жүздеген адамдардың әр жылдары түскен суреті бар. Олар мұнайшылар, өндіріс жетекшілері, ғалымдар, сол кездегі партия, совет қызметкерлері және басқа да мамандықтардың иелері. Бөкең олардың көбісін жақсы таниды, жақсы біледі, бойындағы асыл қасиеттерін айтып отырады. 1960 жылдардың басында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті, Қазақстан Министрлер Советі мұнай өнімдерін іздестіруге, «қара алтынды» молырақ игеруге айрықша көңіл бөле бастады. Осы үлкен міндеттерді жүзеге асыру үшін ең басты міндеттердің бірі мұнай өндірісіне ұлттық кадрлар даярлау болып табылатын. Көп ұзамай, Қазақ политехникалық институтының мұнай факультеті қайтадан ашылды. Мәскеу, Грозный, Баку, Уфа және басқа қалалардағы мұнайшылар даярлайтын жоғары оқу орындарына Қазақстаннан жыл сайын 15 студент жолдамамен оқуға жіберіліп тұрды. Осы игі істердің нәтижесінде 1950 жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп мамандар даярланды. Халқымызда «Не ексең, соны орасың» деген қанатты сөз бар. Көрегендіктін, ертеңгі күнді арыдан ойлаудың нәтижесінде мұнай саласын дамытудың, өркендетудің мықты іргетасы қаланды. Көп болып атқарылған жемісті іс бүгінде өзінің нәтижесін беріп отыр. Өз тәуелсіздігімізді алғалы бері ол айқын сезіне бастады. Осы саладағы инженер-техник қызметкерлерінің біліктігі артып, жұмысшы табы қалыптасты. Жер астындағы мұнай көздерін іздестіру, оны өндіру анағұрлым молайды.

Маңғышлақтан мол мұнай көзінің табылуы Орал-Ембі аймағындағы ірі оқиғалардың біріне айналды. Бұл өңірдің үлкен байлығын тезірек игеру бүкілодақтық маңызға ие болды. Мұнда сол кездегі Советтер Одағының түкпір-түкпірінен мұнай саласының үздік мамандары ағылып, ең озық құрал-жабдықтар, елеулі мөлшерде материалдық және қаржы көзі бөлінді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіңің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары Бөлекбай Сағынғалиев жаңа мұнай көздерін игеруде үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. 1969 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Сағынғалиев Одақтық-Республикалық маңызға ие болған «Қазақстаннефть» бірлестігінің бас директорының орынбасары болып тағайындалды. Маңғышлақтың мұнайын игеруде Бөлекбай өзін нағыз іскер басшы, кәсіпқой мұнайшы ретінде көрсетті. Ол Жетібай мен Өзеннің мол қара алтынын игеруді дамытуға орасан зор еңбек сіңірді. Бозашыдағы Қаражамбас, Қаламқас жаңа мұнай көздерін ел игілігіне айналдыруға мол үлес қосты.

Маңғыстау мұнай өндірісін өркендетуге Сәкен Шақабаев, Халел Өзбекқалиев, Таумыш Жұмағалиев, Зейнолла Бөлекбаев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Ләззат Қиынов, Сағын Қырымқұлов, Нәсіпқали Марабаев, Қожыбай Игілік, Бақытжан Есенғалиев, Мұрат Саламатов, Рахмет Өтесінов, Қамысбай Мырзағалиев және басқалардың сіңірген еңбектерін ерекше атауға болады.

Білгір маман 1971 жылы «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне бас директор болып тағайындалып, Батыс Қазақстан мұнайының игерілуіне, өркендеп дамуына оң өзгерістер және серпіліс әкелді. Атап айтқанда, мұнай іздестіру, зерттеу жұмыстары қанатын кеңге жайып, екі бұрғылау басқармасы, технологиялық транспорт басқармасы, «Ембімұнай құрылыс» тресі, «Ембімұнайгеофизика» тресі және басқа ұйымдар ашылып, Каспий ойпатының мол мұнайын тез әрі тиімді игеруге, өндіруге қызмет етті.

Сабырғали Зорбаев, инженер-мұнайшы Павел Комаров, Ленин орденінің иегері Әбіш Қалыбаев, білікті инженер Қабжаппар Қалбаевтардың есімдері Бөлекбай ақсақал үшін әрдайым ыстық. Ол сондай-ақ еңбек ардагерлері Сафи Өтебаев, Қабдыхалық Сағытжанов, Байбол Қилыбаев, Құлқайыр Оспанов, Нәрен Имашев, Аққуан Кемелов, Боран Ержанов, Рақымжан Сағындықов, Жетпісбай Есенжанов, Сағидолла Нұржанов, Өтеп Балғымбаев және басқа да әріптестері туралы әрдауым жылы ілтипатпен әңгімелейді.

Бөлекбай Сағынғалиевтің жеке кітапханасында көлемі 900 беттен тұратын ерекше бір кітап бар. СССР Ғылым академиясының 1934 жылғы бір кезекті сессиясында Батыс Қазақстанның Орал-Ембі аймағының жер асты байлығының мәселесі қаралып, айтулы аймақтың геологиялық құрылысы мен құрамына, ондаған қара алтынның көлемі мен ерекшелігіне жан-жақты талдау жасалды. Академик Иван Михайлович Губкин өзінің терең әрі мазмұнды баяндамасында бұл өңірдің тұз қабаты астында орасан бай мұнай көзінің барлығын дәлелдеп, оны игеру жөніндегі өз болжамдарын ортаға салды. Жоғарыда аталған кітаптың көшірмесі сол тарихи сессияның академиялық мақалалар топтамасы. Атақты академиктің болжамдарын іс жүзінде асыруды Бөлекбай Сағынғалиев Мәскеуде студент болып жүрген жылдарда өмірінің басты мақсаты, ең үлкен арманы етіп қойған еді.

Мұнайшы соған бүкіл саналы өмірін, қажырлы еңбегі мен ізденісін жұмсады.

–Мұнай ғылымдарының корифейі академик Иван Михайлович Губкин сонау 1934 жылдың өзінде Орал-Ембі аймағында үлкен мұнай көзінің барлығын дәлелдеп, болашақта бұл өңірдің Советтер Одағында екінші мұнай базасы болатындығын үлкен данышпандық пен, көрегендікпен айтқан болатын.

Белгілі академик тұз қабаты астында жатқан мол мұнай қорын игеру оңай шаруа еместігін, бірақ оны жүзеге асыруға болатындығын батыл әрі сенімді айтты.

Бұл болжамның аңыз емес, шындық екендігін іс жүзінде дәлелдеген біздің ардақты ағамыз, мұнай ісінің үлкен білгірі Бөлекбай Сағынғалиев. Ол Губкиннің ұлы ойларын шәкірті ретінде жалғастырып қана қойған жоқ, бұрынғы Советтер Одағында бірінші рет тұз асты қабатынан мұнай шығарды. Бөлекбай Сағынғалиев бұл үлкен байлықты ашумен бірге, оны игерді, халық игілігіне ұсынды. Кім біледі, Бөлекбай аға болмағанда Теңіз ашылар ма еді, ашылмас па еді. Сондықтан да біз оны әрдайым құрметтейміз, ардақтаймыз. Ол еліне, халқына үлкен еңбек сіңірді, – дейді өз әңгімесінде Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының мүше-корреспонденті Сейсенбек Мұстафаев Бөкеңнің еңбегіне жоғары баға беріп.

Атқарылған қыруар істермен бірге «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі СССР Ғылым академиясының 1934 жылғы сессиясында академик Губкиннің ұсыныстарына байланысты тұз асты көздерін игеруді басты мақсат ретінде ұстанды. Тұз астындағы мұнайды зерттетуде деген алғашқы қадамның 1947 жылы Доссор маңында сәтсіз аякталғанын мұнайшылар жақсы біледі. Нақты айтқанда, ұңғы жапырылып, қысым мен тұз жылжуына тіреу құбыр шыдас бере алмай, мыжылып қалды. Өйткені, ол кезде сапалы құбырлар өндіріске шығарылмайтын. Жіберілген сәтсіздіктерге қарамастан сол кезде тұз астының құрылымы және терендікте орналасуы бағалы мәліметтер алынды.

Одан әріжағдай, бұрғылау жұмыстарындағы техника қолдану мүлдем өзгерді. Сондықтан да «Ембімұнай» өндірістік бірлестігі геология және жанар қазбаларын зерттеу институтының қатысуымен бұрынғы атқарылған жұмыстардың материалдарын жан-жақты талдануын негізге алып, болашақта атқарылатын істердің бағасына сүйене отырып, тікелей оңтүстік Ембі ауданындағы геофизикалық, геологиялық іздестіру жұмыстарының көлемін кең көлемге арттыру жөнінде СССР мұнай министрлігіне сенімді, нақты ұсыныспен шықты. Көздеген мақсатты жүзеге асыру үшін атқарылатын жұмыстардың техникалық деңгейінің күрт өсуіне және қабілеті жоғары, қазіргі заманның озық техника мен технологиясын ұтымды игерген еңбек ұжымдарын тартуға айрықша көңіл бөлінді. Бұл игі іс атқарылған жұмыстың сапасын қамтамасыз етумен бірге, іздестіру жұмыстарының қарқынын арттырды. Жұмысты жеделдету үшін «Крамнодарнефте-геофизика» және «Маңғышлақнефтегеофизика» трестерінің сейсмопартиялары іске кірісті. Ел байлығын арттырушылар геофизикалық жұмыстардың көлемін күшейту арқылы ғана бірлестік аймағындағы сейсмикалық зерттеуді жедел, тиімді жүргізуге болатынын жақсы ұқты. Бұл игі іс өз жемісін берді де. 1974-1976 жылдар аралығында 30-ға жуық объектіге іздеетіру жұмыстары жүргізілді.

Зерттелген алты объектіде түз қабаты астында көмірсутегін қамтитын шөгінділердің бар екендігі анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижееінде көмірсутегін қамтитын шөгінділердің шекті көлемі мың метрден асып, аумағы 400 шаршы километр болып шықты.

Өкінішке орай, СССР Мұнай министрлігінің сол кездегі кейбір шолақ ойлы басшылары және тайыз ғалымдар осы игі істердің болашағын көре тұрып, орынсыз сынға алды, айтулы жұмыстардың болашағы жоқ деген болжам жасауға тырысты. Бірақ Бөлекбай Сағынғалиев және оның командасы бұл шалағай шешімге келіскен жоқ . Үлкен мақсатты, бастаған жұмысты жалғастыру үшін алғырлық, күш-жігер, табандылық керек болды. Ембі мұнай өндірістік бірлестігі геология және жанар қазбаларын зерттеу институты дәйекті зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз бағыт-бағдарларының дұрыстығын дәлелдеп берді. Айтулы күрделі мәселе қайта қаралып, СССР Мұнай министрлігі Теңіз алаңын терең бұрғылау жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдады.

Геология және жанар қазбаларын зерттеу институты мен «Саратовнефтегеофизика» тресі Ембі өндірістік бірлестігімен бірлесе отырып, үш тәуелсіз ұңғының бірінші профилін салу жөнінде батыл әрі сенімді негізделген шешім қабылдады. Бұл шешімнің бұрынғы атқарылған жұмыстарға қарағанда көптеген ерекшеліктері бар еді. Атап айтқанда, Қаратон, Пустыня алаңдарында жасалғандай, тек теңіз құрылымына жанасатын бөлікте ғана емес, бір-біріне он шақырым қашықтықтағы солтүстіктен оңтүстікке сыналап кіріп жатқан учаскелерге де ұңғы салынды. Ұңғылардың осылайша орналасуы тек қана бір-бірімен қиылыспайтын бүгілген жерлердің бар екендігін анықтап қана қоймай, онда мұнай газ барлығы белгіленген жағдайда, бірден тұз астында жатқан қордың көлемін анықтайды.

Ұңғы салу актісіне Сағынғалиев пен Досмұхамбетов қол қойды. Осы сәт Бөкеңнің өміріндегі ең бір қуанышты сәттердің бірі еді.

Иә, көп жылғы қажымас еңбек, ізденіс зая кеткен жоқ. Теңіздің ашылуы шын мәнінде ғасырдың, дәуірдің ұлы оқиғасы еді. Төрт километр тереңдікте 2 миллиард тоннадан астам мұнай қорының бар екені анықталып, Теңіз дүние жүзіндегі алып мұнай кен орнының біріне айналды. Теңіздің запастық қоры Бозашыдан 2,7 есе, ал Маңғыстаудан 1,4 есе асып түсті. Бір тонна мұнай дайындаудың өзіндік құны жоғарыда аталған мұнай кәсіпорындарымен салыстырғанда 11,5 есе төмен болды.

СССР-дің құрметті мұнайшысы, Қазақстанға еңбек сіңірген мұнайшысы Бөлекбай Сағынғалиев Қазақстан ғана емес, бұрынғы Советтер Одағы бойынша мұнай өнеркәсібін дамыту жөнінде көптеген құнды өнертапқыш ұсыныстарын енгізді. Атап айтқанда, мұнай қабатын сұйықпен жару, мұнай ұңғысының түпкі аймағын бекіту, электрлі ортада тепкіш баспалы шораптарды өндіріске енгізу мұнай қабатында су айдау әдісін тиімді игеру, өндірістік және тұрғын кешендерін газ бен жабдықтау үшін қажетті жаңа аспаптармен қамтамасыз ету және басқа да ұсыныстарды мұнай өндірісіне енгізіп, бұдан қыруар экономикалық тиімділік алынды.

Дүние жүзіндегі ірі мұнай көзі Теңіздің қор көлемін анықтауда дәйекті мәліметтер жинауды жеделдету және оны тезірек игеріп, пайдалануға беру мақ сатында СССР мұнай -газ министрлігінің көптеген жетекші кәсіпорындары мен ұйымдары осы жұмысқа тартылды. Бүкіл қыруар жұмысқа «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев жетекшілік етті.

Иә, Бөкең Теңізді ашып қана қойған жоқ. Кәсіпорынның толық игерілуіне, қалыптасып өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қоса білді. Осы мақсатта КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советінің 1981 жылғы «Батыс Қазақстандағы мұнай және газ өнеркәсібін игеру және геологиялық барлау жұмыстарын күшейту туралы» қаулысының шығып, оның жүзеге асуына Бөлекбай Сағынғалиевтің сіңірген еңбегі үлкен. Бұл қаулының жарық көруінің қаншалықты қиынға түскендігін Бөкеңнің өзі ғана біледі.

Жалпы Батыс Қазақстан мол мұнайын тезірек игеру туралы бірнеше пункттен тұратын маңызды қаулы қабылданды. Дүние жүзіндегі үлкен мұнай көзі саналатын Теңізді игеру міне осыдан басталды. Советтер Одағы ғана емес, дүние жүзі бойынша мұнай игеру тәжірибесінде бірінші рет газ құрамында 25 проценттік күкірттегі бар болып шықты. Сондықтан да Теңіздегі мұнай игеру жұмыстарын зерттеу оңайға тиген жоқ. Бөлекбай Сағынғалиевтың алғырлығы, білгірлігінің арқасында ғана Теңіздің бағы ашылды. Ол сол кездегі СССР Министрлер Советіңің председателі Алексей Николаевич Косыгиннің қабылдауында болып, жоғарғы өнімді канадалық Протест жабдығын алу қажеттігі туралы мәселе қойды. Кейін сол канадалық озық технологияны Теңізде Советтер Одағында тұңғыш рет қолданды. Осы орасан жұмыстардың басы-қасында бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев жүрді,дейді «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бұрынғы геология бөлімінің бастығы Орынғазы Есқазиев сол бір күндерді еске алып.

Теңіздің тұз астындағы мол мұнай ын өндіруді XX ғасырдың, біз өмір сүрген дәуірдің ұлы жаңалығына жатқызуға болады. Бұл ынтымақ пен бірліктің, ізденіс пен еңбектің, шыдамдылық пен батылдықтың жемісі еді. Сондықтан да маңызы зор оқиға, сол дәуірдің, Советтер Одағының тарихына алтын әріптермен жазылды. Өзінің лайықты бағасын алды.

Теңізді игерудегі жинақталған тәжірибе Қашағанның, Жаңажолдың, Қарашығанақтың, Әлібек моланың тұз астындағы мұнайын игеруге жол ашты. Тұз астындағы мұнай көзі Каспий ойпатынан ғана емес, Ақтөбе, Орал облыстарынан, көршілес Ресейдің Астрахань облысынан табылды.

1971-1986 жылдары 770 мың метр жер проходталып, жаңадан 15 мұнай-газ кен орындары ашылды. Оның 10-ы іске қосылды.

«Ембімұнай» өндірістік бірлестігінде 1970 жылы мұнай өндіру 2,7 миллион тоннадан артса, ал сегіз жылдан соң бұл көрсеткіш 4,4 миллион тоннаға жетіп, ұйымшыл ұжым еліміздің мұнай өндіретің кәсіпорындары арасында табыс биігінен көрінді. Осы уақыттың ішінде мұнай-газ өндірудің небір майталман шеберлері, іскер басшылары өсіп шықты. Олар негізінен жергілікті ұлттың кадрлары еді.

1971 жылдан бастап мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту жолында көлемді жұмыстар қолға алынды. Барақ типтес жадағай үйлер бұзылып, олардың орнына тұтас мөлтек тұрғын аудандар, поселкалар бой көтерді. Мұнайшылар алыстағы өнеркәсіп орындарынан қаладағы, поселкалардағы жайлы пәтерлерге көшіп, тұрмыс жағдайларын жақсарта түсті. Бөлекбай Сағынғалиев «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінде бас директор болып қызмет атқарған он бес жылдың ішінде 230 мың шаршы метр тұрғын үй, үш жалпы білім беретін орта мектеп, бірнеше балалар комбинаты, қоғамдық тамақтандыру және сауда орындары пайдалануға берілді. Мұнайшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында мұнай кәсіпшіліктерінде қосалқы шаруашылықтардың жұмыстары қанатын кеңге жайды. Елді мекендерде коммуналдық қызмет дұрыс жолға қойылып, автомобиль жолдарының жүйесі екі есеге ұлғайды.

Ал кешегі Гурьев, бүгінгі Атырау қазіргі таңда адам танымастай өзгеріп, Қазақстандағы сұлу көрікті қалалардың біріне айналды. Азия мен Еуропа құрлықтарын байланыстырып отырған бұл қала шын мәнінде мұнайшылардың астанасына айналып отыр. Осының бәрін де Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы Бөлекбай Сағынғалиевтің қалдырған ізгі іздері сайрап жатыр.

Бөлекбай Сағынғалиев қарамағында еңбек еткен мыңдаған мұнайшылардың көбісін таниды, жақсы біледі. Бойындағы асыл қасиеттерін үнемі айтып отыратын. Әсіресе ол мұнай өндірісінің суығына тоңып, ыетығына төзе білген қара нарға теңерлік ардагерлердің есімдерін жылы ілтипатпен атайды. Социалистік Еңбек Ері Смағұл Жалғасбаев, Ленин орденді мұнайшы Өтесін Жайлыбаев, СССР мұнай өндірісінің үздігі Құби Жанғалиев, есімі реепубликаның Алтын кітабына жазылған Төремұрат Жармағанбетов, Ленин орденді мұнайшы Сары Жүсіпов Маңғыстаудың мол мұнайы өндіріліп, ел ырысы, халық байлығы артуда. Іле ойпатында, Алакөл аймағында, Қытаймен шекаралас жатқан Қарамай кен орнында қыруар байлық жатыр. Бұл өңірлердің қара алтынын өндіретің күн де алыс емес. Сөйтіп, дуалы ауыз академик Иван Михайлович Губкиннің СССР Ғылым академиясының 1934 жылғы сессиясында жасаған болжамы шындыққа айналып, оның көкжиегі әлдеқайда артты. Қазақстан бұрынғы Советтер Одағы ғана емес, дүние жүзіндегі ірі мұнай өндіретің елдердің біріне айналып отыр.

Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газеті 1997 жылғы 3-мамырдағы санында «Теңізді игерудегі алғашқы қадамдарға Бөлекбай Сағынғалиев үлкен үлес қосты. Бұл оның үлкен жеңісі, табысы еді. Еңбектегі бұл жетістікті нағыз батырлыққа салыстыруға болады. Сағынғалиев ар мен намыстың адамы, өз ісіне берілген мұндай жандар сирек кездеседі. Оның терең білімі, бастамасы, талабы нағыз іскер басшы ретіңде ерекшеленеді» деп жазып, Бөкеңнің ерен еңбегіне лайықты баға берді.

Құдайға шүкір, Бөкеңде атақ-мансап жетерлік. Оның есімі Қазақстан Республикасының құрмет кітабында жазылды. Отан алдындағы орасан еңбегі үшін Октябрь Революциясы орденімен, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ ССР Президиумы Жоғарғы Советіңің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Теңізді ашқан ерен еңбегі үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Теңіздің суығына тоңып, ыстығына күйген замандастары Жолдасқали Досмұқанбетов, Петр Яқовлевич Абров, Асабай Хисметов, Орынғазы Есқазиев, Болат Елеманов, Мақаш Балғымбаев, Құмар Балжанов дәл осындай құрметті атаққа ие болғанда Бөкеңнің қуанышында шек болған жоқ.

Бөлекбай еліміздің минералдық ресуретар академиясының мүше-корреспонденті, СССР-дің Құрметті мұнайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы. Бөлекбай Сағынғалиев КПСС-тің XXҮІ съезіне делегат болып қатысты.

Бөлекбай Сағынғалиев 1986-1989 жылдары республикалық жоспарлау комитетінде мұнай -газ бөлімінің бастығы болса, 1995 жылға дейін «Қазмұнай битум» бірлестігінің Бас директоры міндетің атқарды. Құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін «Мұнай» ғылыми-өндіріс орталығы акционерлік қоғамының президенті ретінде ғылым мен өндірісті ұштастыра жүргізуде көлемді жұмыстар атқарды. Ел игілігі үшін атқарылған орасан істерді жүзеге асыруға Қазақстан Ұлттық Академиясының академигі Надыр Надыров үлкен қолқабыс көрсетті.

Бөлекбай екеуміз тай құлындай тебісіп бірге өстік. Мен оны әрдайым мақтаныш тұтамын. Құрдасымның үлкен еңбегі Теңізді ашу болып табылады. Кейбіреулер Теңіздің маңына бара алмай жүргенде, Бөлекбай қызып тұрған тоқты жалаңаш қолмен ұстап, үлкен батырлыққа барды. Ол тұла бойына үлкен адамгершілік қасиеттерді сыйдыра білген алғыр адам. Қай қияға салсаңыз да қыранша самғап өтетін адамдейді өз замандасы туралы академик, жазушы Зейнолла Қабдолов.

Жеке басынан гөрі халық қамын ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін Бөлекбай Сағынғалиев биыл 75 жасқа толды. Бұл жас Бөкеңнің нағыз кемелденген шағы. Өмірдің небір биік белестерінен өтіп, ел ағасы болған шағы. Ұзақ жылдарғы еселі еңбегінің мәуелі еңбегін көрген шағы. Замандастары, шәкірттері, туған-туыстары, бүкіл қазақ халқы болып Бөлекбай Сағынғалиевтің 75 жылдығын Алматыда үлкен құрметпен атап өтті. Бүкіл саналы өмірін туған елінің гүлденуіне арнаған азаматқа деген ел құрметі, халық құрметі ерекше еді.

Той қасиетті Атырау жеріне жалғасты. Өмірде еңбегің еленіп, халқың абырой биігіне көтеріп жатса, одан асқан бақыт, одан асқан қуаныш бар ма! Бөкең өз тағдырына, өз өміріне риза. Ғұмыры босқа өткен жоқ, еңбек етті, халқына қызмет жасады, соңында ізгіліктің мәңгі өшпес іздерін қалдырды. Жұбайы Хадиша екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға ұшырды. «Әке көрген оқ жөнар, шеше көрген тон пішер» демекші, қос ұлы, қос асқар тауы өзінің жолын қуып мұнайшы-инженер атанды. Үлкен ұлы Асқар Сағынғалиев белгілі Қазақ-Америка мұнай компаниясында беделді қызмет атқарса, Мұхтар Сағынғалиев Қазақ мұнай -газ компаниясында департамент директоры.

Жасы ұлғайған сайын Бөлекбай ақсақал сағымдай болып алыстап кеткен жастық жылдарын қиындық пен қызыққа толы сол бір тамаша күндерін, небір ауыр жүкті нар түйедей бірге көтеріскен достарын, жанашыр ағаларын еске алып сағынады. Тағдыр Бөкеңе қазақтың біртуар азаматы Дінмұхаммед Қонаевпен қызметтес, дәмдес болуға жазыпты. Қызмет бабымен СССР Жоспарлау комитетінің төрағасы Николай Константинович Байбақовпен де бетпе-бет кездесіп, жора-жолдас болып кетті. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, СССР мұнай өнеркәсібі министрлері Валентин Дмитриевич Шашин, Николай Александрович Мальцев, Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасы Бәйкен Әшімұлы және басқаларымен болған әрбір іскер кездесулер Бөлекбай ақсақалдың әлі көз алдында.

Бөлекбай ақсақал Атырау өңіріндегі Мақат аудандық партия комитетіңде бірінші хатшылық лауазымды қызмет атқарған Василий Семенович Кривыш және Мақат мұнай кәсіпшілігінде директор болып еңбек еткен Фоми Андреевич Гребиндердің есімдерін әрқашанда үлкен мақтаныш сезіммен есіне алады. Олардың бәрі де шын мәнінде мұнай өндірісінің үлкен білгірлері еді. Белгілі мұнайшы-инженерлер бүкіл ғұмырларын академик Губкиннің идеясын жүзеге асыруға арнады. Бөкең осы бір абзал азаматтармен өзінің таныс, қызметтес болғанын, армандас болғанын әрқашанда мақтаныш сезіммен әңгімелейді.

Қаныш Сәтбаев, Яков Лаврентьев, Михаил Мирчин, Мұхамбет Есенов, Зақаш Қамелиденов, Нұрлан Балғымбаев, Серік Дәукеевтер де Қазақстанның қара алтынын өндіруде еселі еңбек етіп, мол байлықты игеруде елеулі рөл атқарды. Сағынғалиев мұнай өндірудің білгір мамандары Балтабек Қуандықов, Махамбет Батырбаев, Беркін Ізтілеуов, Раиса Ізтілеуоваларды әрқашанда мақтаныш тұтады.

Бөлекбай Сағынғалиевтің жасы 75-ке келсе де үйде тағат тауып отыра алмайды. Мұнай кәсіпшілігінің бүгіні мен ертеңі оны қатты толғандырады, алаңдатады. Бөкең өзінің 75 жылдығы қарсаңында бір кездері еңбек еткен Маңғыстау түбегінде болып, ел ырысын, халық байлығын арттырып жүрген мұнайшылардың бүгінгі еңбек тынысымен танысып, қол жеткен табыстарына қуанышпен ортақ тасты. «Жаңаөзен» мұнай-газ өндірістік бірлестігіндегі кәсіпорындарында болғанда қазіргі кезде жасалып жатқан небір игі істердің айқын куәсі болды.

Бөлекбай ақсақал үшін әсіресе өзі он бес жыл бойы табан аудармай еңбек еткен «Ембімұнай » өндірістік бірлестігі ерекше қымбат. Ол үшін мұндағы әрбір үлкенді-кішілі еңбек ұжымдары, олардың тыныс-тіршілігі жасампаз адамдары бес саусағындай таныс. Өйткені, олардың бәрі де көз алдында өсті. Бір кездері өзі еңбек жолын бастаған қазақ мұнайының қара шаңырағы Доссорда болып, оның 90 жылдық тойына қатысты. Туған жерінің көркейіп, келбетінің артқандығын көріп, жүрегін қуаныш кернеді. Бір кездерде қоян-қолтық еңбек етіп, ел байлығын арттырған әріптестерімен, замандастарымен қауышты.

Мақат мұнай-газ басқармасы да Бөлекбай Сағынғалиев үшін әрдайым ыстық. Ол Мәскеуден оқу бітіріп келген соң осы кәсіпорында бас инженер болып еңбек етіп, мұнай өндірісінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыңдалды, өсті. Құлсарыда болғанда Бөлекбай ақсақал жүрек тегі қуанышын жасыра алмады. Соңғы екі жыл ішінде ол мықтап келбеттеніп қалаға айналыпты. Халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары жақсарып, өз қолдары өз ауыздарына жете бастапты. Қаланың нақ ортасына ойып тұрып салынған демалыс мәдениет паркі көздің жауын алады. Мұнда мұнайшылардың серуен құруларына, демалуларына барлық жағдайлар жасалған. Жас ұрпақтың да әртүрлі ойындар ойнап, уақыттарын көңілді өткізулеріне ерекше назар аударылыпты. Құлсары өңірінің гүлденіп, өркендеуіне лайықты үлес қосқан азаматтардың есімдері тасқа ойылып жазылып, Даңқ тақтасының ашылуы да бір өнегелі іс екен.

Бұл өңірге шексіз еңбек сіңірген Бөкеңді Құлсарының халқы хан көтеріп алып, жүрек түбіндегі алғыс сезімдерін білдіріп жатты.

Бөкең Проба мұнай-газ басқармасына ат басын бұрғанда өзінің шәкірттері құшақ жайып қарсы алды. Соңғы бес-алты жылда мұнда көп өзгерістер болып, мұнай өндіру, игеру көлемі анағұрлым артыпты. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» демекші, игі де, жасампаз істердің өз жалғасын тауып жатқанына Бөлекбай ақсақал шын жүректен қуанды. Әр сапардың өз әсері бар емес пе. Мұнай ардагері көп жағдайды өз көзімен көріп, көңіл, жүрек елегінен өткізді, үлкен ойлар түйіп қайтты.

Шынында да, байырғы мұнайшыны мазалайтын өзекті жайлар көп. Әсіресе, оны осындай қуатты мемлекетте геологиялық қызметті үйлестіріп отыратын геология министрлігінің болмауы қатты қынжылтады. Соңғы кезде республикада мұнай-газ іздестіру жұмыстарының көлемі күрт төмендеп кетті. Еліміздің орталық, әсіресе, солтүстік аймағында геологиялық, геофизикалық, барлау, іздестіру жұмыстары мүлдем қолға алынбай отыр. Іле ойпатында, Алакөл аймағында, Қытаймен шеқаралас Қарамай кен орнында жер асты байлығы жетерлік. Егер де геофизикалық, геологиялық іздестіру жұмыстарын кең көлемде жүргізсе, аталған жерлерде үлкен мұнай көздерінің ашылуы әбден мүмкін. Қазір Қазақстанда геологиялық барлау, іздестіру жұмыстарын жүргізуге құқы мен құжаты бар 150-ге жуық бірлескен шетелдік фирмалар бар екен. Өкінішке орай, олардың тындырып отырған жұмысы әлі де болса шамалы.

Мамандардың берген бағасы бойынша Каспий аймағы XXI ғасырда мұнай-газ өнімдерін қамтамасыз етуде дүние жүзі бойынша маңызды орын алып, Парсы шығанағын басып озуға толық мүмкіндігі бар. Академик Губкин 70 жыл бұрын Каспий ойпатындағы тұз астында үлкен мұнай көзі бар екендігіне болжам айтып кеткен болатын. Бұл істің үлкен білгірі Бөлекбай.

Сағынғалиевтің қолында бар деректерге сүйенсек, Каспий өңірінде тұз астындағы мұнайдың қоры миллиардтаған тонналардың басын құрайды. Бұл орасан байлық Америка Құрама Штаттары иелік етіп отырған Мексика шығанағындағы тұз асты мұнайынан әлдеқайда көп. Дегенмен, біздің американдықтардан үйренетін, тағылым алатын нәрселеріміз көп. Олар тұз астындағы мұнай көздерін зерттеуге, әсіресе, геофизикалық жұмыстарына мән беріп, 35 жылдан бері үздіксіз жүргізіп келеді. Ол үшін қаржыны аямай, әлемдегі ең озық технологиялық жабдықтарды пайдалануда. Бұл жөнінде көршілес Иран елі де елеулі жетістіктерге жетті. Ал Қазақстан ше? Өкінішке орай, кезек күттірмейтін бұл өзекті жұмыстар біздің елімізде кенже қалуда. Осы бағытта зерттеу, барлау, іздестіру жұмыстарын жүргізетін «Ембінефтегеофизика» тресінің жабылып қалуы аға буынды мұнайшы өкілдерін қатты қынжылтады. Бүкіл Қазақстандықтар үлкен үміт артып отырған бірлескен Теңізшевройл Қазақстан-Американ компаниясы соңғы жеті-сегіз жылда небәрі үш-ақ скважинаны іске қосыпты.

Бұл өзекті мәселелер байырғы мұнайшыны қатты алаңдатады. Мұнай өндірісін өркендету, дамыту халықтың әл-ауқатын, бүгінгі қиын жағдайын жақсартып, болашағымыз жас ұрпақтың ертеңгі күнін ойлау деген сөз. Өз қамынан гөрі, ел мүддесін, халық мүддесін жоғары қоятын Бөкең айтулы өзекті мәселелерді батыл әрі әділ көтеріп жүр.

-Каспий ойпатындағы теңізден үлкен тұз асты мұнайы табылды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін Қашағанда үлкен жұмыстар жүргізілуде. Жаңажол, Әлібек-молада деген жерлерден де елеулі мөлшерде мұнай көзі табылып отыр. Каспий ойпаты орасан байлық. Ол негізінен Қазақстанның жерінде, өкінішке орай, біз оның үштен бірін ғана игеріп отырмыз. Атқарылатын жұмыс өте көп. Іздестірсе, оны игеретің мүмкіндік те, қаржы да бізде табылады. Бұл кезек күттірмес жұмыстың көлемі мен қарқынын арттыру бүгінгі күннің басты талабы. Ол халықтың ертеңі мен болашағы үшін қажет, – дейді байырғы мұнайшы-инженер Бөлекбай Сағынғалиев көкейкесті мәселе көтеріп.

Иә, аты аңызға айналған Атыраудың осы бір ақ иық перзенті туралы жүрек жарды сөз көп. Ол өмір бойы өзіне қара қылды қақ жаратын әділдікті, еңбек сүйгіштікті, алғырлық пен қайсарлықты жансерік етті. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрген жоқ, әрдайым өмір-өзенінің ағымына қарсы жүзді, қиындықты жеңе білді, бағындыра білді. Мақсаттың тауына шығып, арманның биік шыңына көтерілді. Бөкең өзінің халқы, елі, оның ырысы мен берекесі, үлкен бақыт үшін елеулі іс тындырды, қазір де жүрегі халқым деп, елім деп бүлкілдейді. Елдің ырысы артып, еңбектері жанып, бақ пен дәулетке бөленіп жатса Бөлекбай Сағынғалиев үшін ең үлкен бақыт сол.

Бұрн Бөкең тағы да сапарға аттанды. Елге асығып барады, ел ырысын артып жүрген мұнайшыларға асығып барады. Осындайда ізгіліктің, жақсылықтың жолы жалғаса берсе деп Бөкеңе ақжол тілейсің. Иә, Бөлекбай Сағынғалнев ар мен намыстың, биік пен өрліктің адамы. Өзі сүйетің халықтың бір ардақты перзенті.

«ҚАЗАҚСТАН МҰНАЙЫ» ГАЗЕТІНЕН
МӘУЕЛІ БӘЙТЕРЕК
(2002 жыл, мамыр)
Алма МҰХАМЕДЖАНОВА,

журналист

Бүгінде Қазақстанға әлемнің мұнай алпауыттарының назарын айрықша аударып отырған Теңіз кен орнын алғаш рет ашқан адамдарға түптін-түбінде ескерткіш қойылуы тиіс шығар. Жетіқат жер астының қазба байлықтарын анықтап, оның бүлкілдеген тамырын тап басып, дәл табу жәй ғана мұнайшының қолынан келе бермейтің дүние екені белгілі. Табиғаттың өзі жаратқан жердің майын жасырынып жатқан сан қабаттар арасынан жазбай тауып, барлап-зерттеу үшін ең алдымен сол өлкенің ыстығы мен суығын, құпиясы мен жұмбағын ана сүтімен бойына сіңірген жан болу керек шығар. Республикамызда атақты мұнайшылардың бәрі түгелдерлік батыс өңірден болатыны да осыған тікелей байланысты болуы керек. Осы аймақ та туып-өскендердің мұнайшы болмауының өзі өте сирек құбылыс.

Алғашқы мұнай шыққан Қарашүңгілден кейінгі Доссорда туып-өскен Бөлекбай Сағынғалиұлының да мұнайшы болмауға құқы жоқ. Өйткені, соры мен майы жердің бетіне шығып кеткен Доссор балалары үшін тіршілік ең алдымен осы кілкілдеп жатқан жер майы мұнай дан бастау алатындай. Шындығында да мұнай қазір әлемдегі ең бір баламасыз қуат көзі болып тұр ғой. Бөлекбай ағаның да екінін бірі төзе бермейтін осынау ауыр да, күрделі мамандықты таңдауы кездейсоқтық емес, заңды құбылыс.

Балалық шағы соғыстың қайнап тұрған кезіне тап келген Бөлекбай Сағынғалиұлының өмірі де еңбекке ертерек араласқан құрдастары секілді жоқшылық пен ауыртпалық шеңберінде өтті. Қиындықтың да адамның қалыптасуына тигізетін өзіндік оң әсері болады емес пе. Күні бойы доссорлықтарға ауыз суды ат арбамен тасып, бала-шағасын асыраған әкенің қажыған шаршаңқы келбеті, бірін жеткізсе, екіншісін жеткізе алмай қиналған анасының жүзін барлап өскен бала іштей өзін-өзі қайрап, ширыға түсетін. Қияндағы Доссордан оқу іздеп Алматыға, одан Мәскеуге жол тартқан жасөспірім жігіттің ешбір жоқшылыққа мойымай, алған мақсатқа қарай тура жүруі де осы қиындықтардың ықпалы болса керек. Оның үстіне соңында қалған әкесіне «мұнайшы боламын, мұнайшы болғанда да оның майын ішкен мұнайшы» деп уәдесін бергені бар. Ендеше шегінетін жер жоқ.

Тас қайрақтай өткір жасөспірім баласына деген сенімді арқалап, Доссорда қалған қарт әкенің де арманы осы еді. Кейкейде отырып алып баласына өзінің өтіп кеткен өксік өмірін әңгімелегенде соның бәрі кішкене ойын баласының санасына жазылып, оны үлкен істерге жұмылдыра түсіп жатқанын білді ме екен қайран әке!

Бөлекбай Сағынғалиұлы болса сол алыста қалған сағымға оралған балалық шағына ойша жиі оралатын. Алматыдағы мұнай факультеті Мәскеуге ауыстырылған кезде де, одан кейін тәуекелге бел буып, сол оқудың артынан Мәскеуге барғанында да әкесінің қоңыр дауыспен айтқан арманын іштей мың қайталайтын. Әкесі өмірбойы арба айдап, су тасығанымен көңілінің терең түкпірінде мұнайдың ұлан-асыр байлық екенін көкірек көзімен сезеді екен. Ауыл төңірегінен алысқа ұзап шықпаса да, зерделі көкірек жер асты байлығын сырттан өзгелер келіп игеріп жатқанына іштей налитын. «Шіркін-ай, өз жеріміздегі байлықты өзіміз игеріп, пайдаланатын кезге жетсек» деп армандаған әке баласының «мұнайшы боламын» деген сөзін естігенде «Из, Алла» деп күбірлеген.

–Жеріміздің асты-үсті бірдей байлық, балам. Біздің қолымыз жетпеген арманға қол жеткізетін сендер. Таудай талабыңа Алла жар болсын, балам. Үмітімді ақта, – деген әкесі мұны алыс сапар, ұзақ өмір жолына шығарып салып тұрып.

Әкесінің арқалатып жіберген сол сенімі әбден қиналып кеткен кей кездері дереу жинақыландырып, өзін-өзі қолға алуға себепкер болатын. Артынан тиын-тебен жіберіп, сүйеу болып тұратын бас көтерер адамы жоқ Бөлекбайға Мәскеуде оқу шынында да оңай болған жоқ. Тістей қатып, оқулықтардан бас алмаумен бірге шұрылдаған асқазанға тамақ табу да бар той. Стипендия соғыстан кейінгі тапшылық заманында бұйым болмай қалатын кездер де жиі ұшырасады. Ондай кездері Бөлекбай Сағынғалиұлы бөлмедегі жолдастарымен бірге түнімен вагондардан көмір, жүк түсіреді. Мақсаттың ортақтығы мен жағдай деңгейінің бірдейлігі адамдарды бір-біріне жақындастырып, қиналған сәтте көмек беруге дайын тұрғызатыны да заңдылық. Мәскеуде оқитын Қазақстандық студенттер ғана емес, ұлан-байтақ сол кездегі КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген жастар барын бөліп-жеуге бар. Осындай ұйымшылдықтың нәтижесінде қаншалықты қиындықты да жастық шақ жеңіп шығады емес пе? Бөлекбай Сағынғалиұлы да сол кездегі Отанымыздың жүрегі атанған Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын бітіріп, елге үлкен маман болып оралған. Бір таңданарлығы онымен біpre оқығандардың көпшілігі, өзі де Қазақстан мұнайының кілең мықты мамандары болып қалыптасты.

Соры аппақ-аппақ ақтаңдақтанып, шаңы аспанға көтеріліп, сәл жауын жауса батпағы аяққа иленіп кетпей қоятын Доссор сырт көзге қарағанда тым сүреңсіз көрінеді. Ал оның қойнауы толы мол байлық екенін патшалы Ресей осыдан жүз жыл бұрынақ біліп, майлы жіліктің майын сорып ала бастаған. Осы сырты сүреңсіз, қойны байлыққа толы өңірдің ұлы әкесі, ата-бабасы арман еткен мұратқа жету үшін талай асулардан шаршамай өтіп, жер қабаттарының сырын шешетіңдей білім жинап қайтты.

Еңбек жолын мастердің көмекшілігінен бастаған Бөлекбай Сағынғалиев мұнай өндіру мастері, мұнай өнеркәсіпшілігінің бас инженері, «Қазақстанмұнай» бірлестігі өндіру бөлімінің бастығы. Қазсовнархоздың отын өнеркәсібі басқармасының мұнай және газ өнеркәсібі бөлімі бастығы, одан кейін Қазақстан КП ОК-ның ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгеру орынбасары, «Қазақстанмұнай» бірлестігі бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.

1971 жылдың маусымынан 1986 жылдың тамызына дейін ол «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры, Қаз ССР Мемжоспардың мұнай және газ бөлімінің бастығы болды. Осы қызметтердің бәрінде де майталман мұнайшы жоғары деңгейлі кәсіби шеберлік, бастамашылдық, жанкештілік танытып, мемлекеттік міндеттер мен жоспарлардың жүзеге асырылуына бар білімін еңбеққорлығын арнады. Ол мұнайдың көптеген жаңа көздерін ашуға белсене қатысып, Прибрежный, Тәжіғали, Шығыс және Батыс Прорваны ашты.

1979 жылы ашылған Теңіз кен орны әлемдегі ең ірі мұнай кені, әрі соңғы 20 жылда тұңғыш рет ашылған ірі кен орны болды. Бүгінгі есептеулер бойынша Теңіз өзінің терең қабаттарында 3 миллиард тонна (24 млрд.баррель) мұнай қорын сақтауда. Оған 1800 миллиард текше метр (64 трлн.куб.фут) ілеспе газ ды қосыңыз. Мұндай бірегей айрықша кен орнының ашылуы Батыс Қазақстан мұнайшыларының біртұтас буынының жанкешті еңбегінің нәтижесі болды. Олардың қатарында Ж.Досмұхамбетов, Б.Елеманов, М.Балғымбаев, О.Исқалиев, Қ.Балжанов, А.Хисметов, В.Авровпен бірге Бөлекбай Сағынғалиевтің де есімі тарих бетіне алтын әріппен жазылды. Қазір онда әлемге әйгілі «Шеврон» компаниясы жұмыс істеуде. Бірлескен «Теңізшевройл» кәсіпорны бүгінде тек қана жұмыс орнының қайнар көзі ғана емес, ол Атырау облысының дамуына үлкен үлес қосып отыр. Атырау бонус-қоры құрылып, Атырауда орталық жылу қазаны, Құлсарыда тұрғын үйлер мен емхана, су құбырлары, мұнайдың 100 жылдығында Атырау қаласы түгелдей тазартылып, көп құрылыстар салынды. Осының бәрінде де Бөлекбай ағаның еңбегінің нәтижесі көрініп тұрады.

Бір кездері Алматыға, одан Мәскеуге жартылай бос қапшығын иығына іліп, білім іздеп кеткен тас қайрақтай қара бала елге білімді азамат болып оралып, туған жер байлығын сол елдің жұртының игілігіне айналдырды. Шиқылдақ арбамен су тасыған әке арманы да орындалған. Бүгінде 75 жастың төріне шығып отырған Бөлекбай Сағынғалиұлын майталман мұнайшы, үлкен ұстаз ретінде танымайтын адам жоқ . Оның бастамасы және белсенді қатысуымен Қазақстанда бірінші рет мұнай өндірісіне көптеген техникалық-инженерлік жаңалықтар енгізілді.

Басқаларын айтпағанда, екі үлкен ұлының бірі Асқар АҚ «Мұнай» ғылыми өндірістік-техникалық орталығының президенті, екінші ұлы Мұхтар «Қазмұнай газ» ұлттық компаниясында қызметкер.

Иә, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйген сүйікті ата, қадірлі әке, ардагер мұнайшы Бөлекбай ағаның жүріп өткен еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Мәуелі Ағаштың көлеңкесі де, жемісі де көптікі дейді. Бөлекбай Сағынғалиұлы да бүгінде дәл сондай мәуелі ағаш секілді, оның еңбегінің нәтижесін бүкіл ел көруде. Бақыт деген мүмкін осындай болар.

АҒАСЫ БАРДЫҢ, ЖАҒАСЫ БАР...

Таңқыбай САҒЫНҒАЛИЕВ

Інісі

Доссорда Бөкең алғашқы жұмысқа кіріскеннен бастап-ақ өзінің жоғарғы білімін тәжірибеге жалғастыруға тырысқанын байқауға болатын еді. Олай дейтінім көбіне мені кітапханаға жіберіп керекті кітаптарын алдырып, өзінің мұнай өндірудегі білімін толықтыруда болды. Яғни ол өз мамандығының қыр сырын жақсы білетін мұнайшы болуға тырысқан шығар.

Бөкеңді білікті маман ретіңде қазыналы Ембі мен Маңғыстаудың мұнайшылары, жалпы мұнайлы өңірдің азаматтары жақсы біледі.

Ағамыз Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінде, Қазсовнархозда, Қазақстанның жоспарлау комитетінде мұнай мәселелерімен айналысты. Бөкең қай жұмыста болмасын, қай дәрежеде болмасын өзінің негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның мұнай өндірісінің дамуын жоғарғы сатыға көтеру болды. Қорытып айтқанда ағамыз өзінің барлық саналы өмірін зейнеткерлікке жеткенше мұнай өнеркәсібін өркендетуге жұмсады.

Бөлекбай ағамыздың еңбек жолында Теңіз кешенінің ашылуы айрықша орын алды. Теңіз мәселесі оның ашылуынан екі-үш жыл бұрын басталды, өйткені ол мезгілде «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігі одақтың мұнай өндіру министрлігіне қарайтын еді. Ал ол министрлікті Каспий ойпатының тұз асты мұнайын барлау жұмыстарына жұмылдыру Бөкеңе оңайға түскен жоқ. 1985 жылдың 25 маусымында Теңіз күмбезіне бұрғыланып жатқан көлемі 37 ұңғының 4467 метр тереңдігінен мұнай бұрқағы атқылады. Бұл Каспий ойпатының оңтүстік шығысының тұз астының мұнайлы екендігін дәлелдеген бірінші кеніш еді.

Бейнеттің де зейнеті бар дегендей, 1988 жылдың 10 наурызында Кеңес Одағының геология министрлігінің коллегиясының шешімімен Бөкеңе Теңіз кенішін алғаш ашушы деген дипломы мен төс белгісін берді. Ал 1995 жылы осы кенішті ашқан үшін Бөлекбай ағамызға және оның әріптестеріне Қазақстанның мемлекет сыйлығының лауреаты деген құрметті атақ берілді. Бұған дейін Бөкең мұнай өндірісінің өркендеуіне қосқан еңбегі үшін үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Октябрь революциясы» орденімен, үш рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы және Кеңес Одағының мұнай өнеркәсібінің құрметті мұнайшысы деген атақтары тағы да бар. Міне, ардагер мұнайшы ағамыздың көл-көсір, сан қырлы кәсіби шеберлігін мемлекет те тиісінше бағалай білді, барлық марапатын аяған жоқ.

Бөкең мен Хадиша жеңгеміз ұл өсіріп немере сүйген жандар. Екі ұлы да ағамыздың жолын қуып мұнайшы болды. Үлкені Асқар мұнай саласынан геология және минералогия ғылымдарының кандидаты, Америкада қызмет істеп, тәжірибе алып қайтты. Қазір Алматыда мамандығы бойынша еңбек етеді. Гүлжан келініміз екеуінің бір ұл бір қызы бар. Үлкені Гүлнәзи Америкада жоғары білім алып, сонда мамандығы бойынша тәжірибе алуда. Кішісі Ғайни сонда жоғарғы оқу орнында дәріс алуда. Бөкеңнің кіші ұлы Мұхтар да Америкадан білім алып келген, қазір Астанада жұмыс істейді. Келініміз Әлмира екеуі әке-шешесін бағуда. Олардың мектепте оқитын Мүслима деген қызы бар.

Мен өзім де кезінде Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және газ институтын бітіріп, геолог мамандығы бойынша 40 жылдан астам мұнай саласында жұмыс істедім, қазір зейнеткермін. Ақанай (Ағибаш) екеуміз де ұлымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырған жандармыз. Барлығының да жоғары білімі бар.

Адамгершілігі мол, інілерінің ақылшысы, дос-жарандарына беделді, туған-туыстарына қамқоршы Бөлекбай ағамыз бастаған Сағынғали әулетінің өмір тынысы осылай. Біздердің ағамызға деген тілегіміз, ел игілігіне деген еңбегінің шұғыласына бөленіп, әлі де арамызда жүре берсін дегіміз келеді.

БӨЛЕКБАЙДЫҢ БОЛМЫСЫ

Қожыбай ИГІЛІК

Қайтпас қайсар мінез Бөлекбайға бала кезден жұғысты болса керек. Өсе келе оның қайсарлығы білімге деген құштарлықпен үйлесті. Ал енді еңбек майданында ол асқан ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсті. Мұнайлы өңір мен қатар күллі республикаға танымал басшыға айналды. Тіпті атағы мұхит асып, оның талантына табынушылар көбейді. Шын мәнінде ол, өткір ойы мен тапқырлығы арқасында пікірталас кезінде әріптестерін әңгімеге ұйытатын. Сонымен қоса ол қарсыласының пікірін сондай төзімділікпен тыңдай да алатын. Мұндай қасиеттің бәрі жылдар бойы қалыптасты. Бөкең бұрғы басында шебердің көмекшісі, бас инженер, мемлекеттік қызметкер, ақын аяғында «Ембі мұнай » секілді үлкен өндірістік бірлестікті басқарды.

Бөлекбай Сағынғалиевтің кәсіби тұрғыда да, адами ортада қол жеткізген биіктіктері осы тұс. Оған Теңіз кенішін ашу қалай қиын болса, оны игеру де оңай болмады. Ол партия-кеңес органдарының алдына кенішті игеру туралы нақты деректер мен дәлелдемелерді сан мәрте ұсынудан талмады. Бірақ, аса білікті ғалымдардың өзі теориялық тұрғыда, Бөлекбаймен келісе алмады. Өкінішке орай, бес мың тереңдікте мұнай болмайды деген тұжырымды жоққа да шығара алмады. Бөлекбай Сағынғалиев алған бетінен қайтпады. Жер асты тұз күмбездерінің астында жатқан мұнай көздерінің ел игілігіне айналатынына ол сенімді. Сол үшін де еш аянып қалмады. Ақыр соңында, «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігін басқару үстіндегі оныншы жылында, яғни, 1981 жылы СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің Теңізді игеру жөніндегі қаулысының жарыққа шығуына қол жеткізді. Бұл ерлікке бағалар іс. Бөлекбай сол арқылы Теңізді игеруге ғана қол жеткізіп қоймай, мұнайлы өңірде маңдай терін төгіп жүрген жұмысшылардың әл-ауқатын көтеруге қол жеткізді.

Кеніш басында жаңа сипаттағы аса маңызды зерттеу-сынақ жұмыстары жүргізіле бастады. Одақтың әр бұрышынан мамандар мен бірге жетілген технологиялық құрал жабдықтар әкеліне бастады. Өз кезегінде бірлестіктің бастығы жергілікті мамандардың тобын құрып, көшелі бұл іске жер иесі ретінде қатысуын қамтамасыз етті. Бір мезгілде 20 ұңғыға бұрғы салынды. Кеңес Одағында тұңғыш рет Теңіздің №1 ұңғысында канадалық «Порта-Тест» қондырғысы тәжірибе сынақтан өткізілді. Осынау сынақ жұмыстары Теңіздің берекелі болашағына сол кезде жол ашты. Қазақстанның мұнай шикізаты бұрынғысынан екі есеге дейін өсті. 1991 жылғы пайдалану кезеңінен бастап, еліміз мұнай өндіретің ірі елдердің қатарына келіп қосылды.

Теңіздің ашылуы мен алғашқы мұнайын тасқындата беруіне дейінгі аралықта Бөлекбай Сағынғалиевтің басқарушылық ісін Қазақстаннан тыс жердегі мамандар да жақсы біледі. Олар осынау мазасыз жанның бастаған ісін аяғына дейін жеткізгеніне сүйсініп, құрметтеп келеді.

Бөлекбайдың еңбегін Отанымыз ерекше бағалап, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Октябрь революциясы» орденімен марапаттады. Республика Жоғары Кеңесінің әлденеше рет Құрмет Грамоталарын, көптеген медалдар алды. Ол Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстан Компариясының XIV, XV, XVI съездерінің, СОКП Орталық Комитетінің XXVI съезінің делегаты болды.

Өнегелі өмір жолдарының жарқын да мағыналы кезеңдерін артқа тастап 75 жасқа келіп отырған құдам Бөлекбай Сағынғалиевке, аса құрметті Бөкеңе шын жүректен шыққан жыр шумағын арнағым келеді.

Елің сыйлайды, тағдыр берген бағың бар,

Азамат болған ұлдарың, немере, келін,

Хадиша атты жарың бар.

Заманыңның азаматысың ардақты

Атыңа кір жұқтырмайтын арың бар!..

Уа, Бөке!

Мықты болсын денсаулығың,

Қасыңда болсын аман-сау ақжаулығың.

Әрқашан аман болып балаларың,

Солардың көре бергін бар қызығын!

Ізгі тілекпен,

Қожыбай-Алма,

Әділбай—Дәметкен.

Атырау қаласы, 18 мамыр 2002 жыл
ТЕМІРҚАЗЫҚ
«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНЕН
(1997 жыл, 29 сәуір)

Қуаныш ЖИЕНБАЙ
жазушы

Мұнай кәсіпшілігінің майталман шебері әрі осы саланың бірегей ұйымдастырушысы Бөлекбай САҒЫНҒАЛИЕВ өмірінен аз-кем штрихтар.

Бәсе, талантты адамның туған табиғатына тартып туады дейтіні осы екен ғой. Айнымайды-ау, айнымайды. Басқа біреу болғанда кім білсін, өмірбаянындағы кейбір тұстарды «қиыннан қиыстырып жіберіп» әп-сәтте басымызды айналдырып алар ма еді, іштей жұптап келген ойымызды салғаннан іліп әкетіп, күллі әңгімені «әкесін» алдымызға тоғыта салар ма еді. Ондайда одан бұрын сен қысыласың, бір білсе осы кісі білуге тиіс-ау дейтін кейбір түйткілді мәселелер төңірегіндегі сұрақтар да айдалада қалады. Болмаса, құрысыншы, қалғанын не қыламын дейсің, бір түрлі... көңілің суына бастағандай. Керісінше кейіпкерің әлдебір тұшымды деректің ұшын бір шығарып қойып, аяғын жұмбақтап жіберсе сол қызық. Сенің де білсем, естісем деген құштарлығың арта түседі. Осы жолы Бөлекбай аға, шынымды айтайын, бар құпиясын лезде ашып алып, енді қай тұсқа тоқталсам екен дегендей сенің жүзіңе жалтақ-жалтақ қарай беретін олақтау әңгімешіден гөрі өз өміріне қатысты дейтін шағын детальдің өзін ел мүддесімен астастыра тігісін жатқызып, бұрын соңды айтылмай-жазылмай жүрген тың деректің кіріспесінен ғана болар-болмас дәм таттырып, аржағын өз зердеңмен топшыларсың дегендей, біразға дейін ішін алдырмай отыратын, қатпары мол сұңғыла шежірешіге көбірек ұқсады. Соған қуандық. Тіршіліктің ащысы мен тұщысын қатар тартып, әлдебір кедергілерге тірелгенде тұла бойы быршып терлеп, апыл-тапыл дабдырамай, титтей нәрсеге жүйке жұқартпай, ал кішкентай табыстың түпкі нәтижесі қолына іліккен заматта кешегі көрген бар қиындығын ұмытып, екі аяғы көктен салбырап түсе қалғандай жеңілтек сезімнің құрбанына да айналып көрмеген азамат ағаның құрыш тұлғасы жанымызға біртіндеп жақындап келе жатты.

Иә, әлгі бұрын-сонды естімеген әңгіме дегеннен шығады-ау... Соғыс аяқталған тұста Атыраудан арман қуып жорға шыққан түбіт мұртты үш балаң жігіт араға он күн салып Алматыға жетеді ғой баяғы. Бір ғажабы, Бөлекбай аға ол уақыттың қиыншылығын несіне қайталай беремін деді ме, кім білсін, сондағы көрген жол азабын тіпті ауызға алмады. Түсінікті жағдай. Тыңдаушысын да қызықтырмайды. Бәлкім, әлгілердің біреуі жол дорбасын ұрлатып та алған шығар... Кенет жүрегің шым ете қалады, бойыңды жинап ала қоясың. Туған жердің ыстық топырағынан мұнайшы мамандығын игерсек деп сапарға шыққан шағын топтың бір мүшесі бүгінгі қаймағы бұзылмаған қазақ қара сөзінің хас шебері, сол құдіретті сұлу сөздің қағазға түскен нұсқауын былай қойғанда, ауызекі сөйлеу мәдениетіңе келгенде де әрі мен нәрін жоғалтпай, әлі күнге дейін «әдебиет ардың ісі» дейтін қанатты қағидасынан қарыс сүйем айнымай келе жатқан және қалам ұстаған көбіміздің сүйікті ұстазымыз саналатын Зейнолла Қабдолов, ал екіншісі күллі мұнайлы өлкенің мақтанышына айналғанымен қоймай, тағдырға мойымау, өмірмен күресудің қазақ үлгісін көрсетіп үлгірген «біздің Островскийіміз» Рахмет Өтесінұлы болса...

Бөлекбай аға елеусіздеу айта салған әлгі сырдың отын енді сенің үрлемей, тыныш.

отыруың мүмкін бе десеңші! Әдейі істей ме, әлде өмірбаяндық деректердің тұздығын қалыңдата түсейін дей ме, күллі республикамыздың мерейін аспандатып, алыс-жақын шетелдіктерді айтпағанда мұхиттың арғы жағындағы ауыздарын айға білегін небір атышулы компаниялардың қызығушылық температурасын көтеріп жіберген мұнай төңірегіндегі күрделі мәселелерден де мағлұмат бере отырайын дей ме, әңгіме оқыс басқа арнаға түседі де кетеді. Тағы да «тұтқындасын». Мұнай мен газ төңірегіндегі талай алып-қашпа әңгіменің шындығына анық көзің жетеді. Себебі, осы саланың ыстық-суығына бірдей көніп, кешегі кеңес одағы тұсындағы айтыс-тартыстың, бүгінгі тәуелсіздік жағдайындағы «өз қолымыз өз аузымызға жетінкіреп қалған» тұстағы қызыл кеңірдек дау-дамайдың қақ ортасында жүрген аға қарсы алдымызда. Мұнайға қатысты мәселе Бөлекбай Сағынғалиұлын өмірде бір ретте сырт айналып көрген емес. Және көзге елене қоймас дейтін шағын проблеманың өзіне араласпау, көкірегінде сайрап тұрған танымдық тұстардың жігін ажыратып, көпшілікке түсіндіріп бермеу Бөлекбай аға үшін де кәдімгі қылмыспен тең. Жарты ғасырдан астам ғұмырын бір ғана кәсіпке мұнай кәсіпшілігіне арнады. Жарты ғасыр! Яғни, Каспий аймағындағы әрбір мұнай мұнарасы үлкен өмірдің бір-бір бөлінбес бөлшегі, ал біздің тілімізбен айтсақ үлкен өмірдің бір-бір тарауы. Және күрделісі.

Мұнай біздің Құдай маңдайымызға жазған несібеміз. Елдің ертеңі де осы «қара алтынға» тікелей байланысты. Республикамыздың мұнай кәсіпшілігінің алғашқы қарлығашы атанған Доссор күллі халқына «адал қызмет» етті. Сонан бері қаншама заман өтті. Бұл орайда орталықтың Қазақстанға деген иненің жасуындай өкпесі болмауға тиіс. Сұрағанын алып тұрды, кең пейілді қазақта сұрағанын беріп тұрды. Тарылмады. Бәлкім біздің халықтың осы ниетіне табиғат-ананың мықтап көңілі түскен болса керек, ол жарықтықта қолтарлық жасамады. Біздегі тұрбаның шүмегі кері бұралып көрген емес. Артықтау, есепсіз кеткен байлықтың есесін Құдай қайтарып береді дейтін байпатша көңіл ақыры орнына түсті. Бүгін тәуелсіз Қазақстан дүниежүзінің назарында. Бір ғана Каспий ойпатындағы мұнайдың қоры-ақ республика жұртшылығын толық асырайды. Теңіздің ұлтанындағы мұнайдың қоры 2 миллиард тоннадан астам. Оу, теңіз мұнайының сапасы әлемдік стандарттан бір мысқан төмен болса дүниежүзінің көп теген еліне өз қолтаңбаларын салып үлгірген, Шеврон секілді алып компания Теңізге ат ізін салар ма еді. Сонша жыл Теңіз мұнайын бірге игерісейік деп бәтуаға келер ме еді. Капиталисті есептен жаңылдыруың екіталай, жеті өлшеп бір кеседі. Долбар, үміт... олар үшін теңіз бетіңдегі соқпа толқын, немесе желмен бірге жөңкіле көшетін сусыма құм. Ертеңгі нәтижелі еңбектің ләззатына қарқ болатын күнді көбірек ойлайды. Бүгін қиналса да ертең жүздері жарқырап жүрсе болды. Алдымен ойлайтындары өз мүдделері, айналада шашылып жатқан ақша жоқ. Қаржының қайтарымы қандай мөлшерде? Қаржы, өз қарнын тойдырса соған мәз болып, алақанын ұрғылап, бөркін аспанға ататын ашық ауыздарың олар емес. Қаржы бүгін өзіне, ертең немересіне, одан арғы күні шөбересіне де үлкен атасының күн-түн демей аңызақ шөлде кім үшін жан қинап сабылғандығын жақсы түсінеді, жүрегімен сезінеді. Соған лайық еңбек етсем, ата жолын орнымен жалғастырсам дейді. Біздің кейбір желөкпелер секілді әкесі сатып әперген жеңіл мәшиненің тұмсығын тау-тасқа соғып, бекерге рәсуә жасамайды. Бәрінін сұрауы бар.

Каспий ойпатының мұнайы 5 мың метр тереңдіктен шығып жүр. Тиімді. Тиімді-ақ болсын. Теңізде. Қарашығанақта, тіпті Жаңажолда да солай. Жердің тамыршысындай, немесе жетіқат жер астының жүрек соғысын әлдебір сиқырлы қасиетімен тыңдап, көріп отырғандай Бөкең тағы бір құпияның құлағын қылтиып шығарып қояды. Сүйтсек, біздің алып жүргеніміз, байлыққа белшемізден баттық деп мақтанып жүргеніміз тұз қабатының бетіне қалқып шыққан мұңай екен. Ең тәуірі тұз қабатының астында. Оны жер бетіне шығару үшін 2,5-3,5 шақырымдай тереңдікке бұрғы бойлата білуіміз керек екен. Ондай сапалы техника біздің қолымызда жоқ. Сондықтан рәсуә жасап, ол «сандықтың» қақпағын әзірге ашпағанымыз мақұл. Тұз шөгіндісінің бергі қабатындағы мұнайды игеріп алсақ та жетеді. Арғысы ұрпақ еншісі. Халықтың ниетіне береді дегеннің бәлкім, бар шындығы осында жатқан шығар-ау. Даладай дархан көңілді тұз қазағының жинақ кассасын жағалағаны сирек. Мүлдем жоқ десе де болғандай, таңғы асын Тәңірден тілеп, көрінген көк аттының асты-үстіне түсіп бәйек болатын қазекемнің әне, ұрпағына аманатқа қалдырған «жинақ кітапшасы» сол шығар. Тұздың астыңғы қабатында байлық-дариясы бұғып жатыр. Соны да жөнімен пайдаға асыра біліңдер дейді ертең. Жөнімен сол игілікті иеленіп, байлықтың қожасы атану үшін бүгінгі жастардың ертеңнен қара-кешке дейін базар жағаламай, әлдебір кәкір-шүкірге бола уақытты бекерге өлтірмей білім алғаны, сауатты болғаны, өмірге бейімделгені жөн-ау дейді Бөлекбай аға. Айтатыны жоқ, қазақтың маңдайы жарқырап, әлем халықтарымен терезесі тең дәрежеде иық теңестіретін бақытты заманы әлі алда. Сағынғалиев мырза оны әлдебір сұңғыла сәуегейлігімнен айтып отырмын демейді, көргені, тіршіліктен түйгені.

Теңізді жақсы білетіні, Теңіз мұнайының болашағына көбірек алаңдайтын себебі, бұл мұнай кен орнының өмірге келуіне бір адамдай еңбек сіңірген. Одақтық министрліктегі «мен білем» дейтін көсемдердің талайымен теке тірескен. Күні кешеге дейін барлық мәселе нақ Мәскеуде шешілетін еді ғой. Күллі қаржыны уысында ұстап отырғандардың жүзін жылытып, көңілін табуға да бір айла керек болатын. Бір скважинаның құрлысы қыруар ақша және ол Қазақстанда. Сібірдің мұнайына десе бір жөн. «Бір ұлттың өкіліндей болып жұмыс істедік деп қанша үкілегенмен бәрібір бір тұсқа келгендей сызаттың салқыны білініп-аққалатын. Оның аты не болушы еді, баяғы. «Қанына тартпағанның қары сынсын» болады да шығады. Көзге күледі, бетіңе тік қарап батып айтпайды, бірақ ішкі есеп белгілі. Үстіміздегі ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан мұнайы ортақ қазанға дариядай үздіксіз құйылды да тұрды. Артық кетті-ау деп ескерту, жанашырлық жасағандардың қарасы шамалы еді. Жымысқы саясат тағы да өз пайдасын ойлаған, олар үшін орталыққа кіріптарлардың қаралары көбейе түссе, сол олжа. Сонда атқұйрығын кесісеміз деп дікеңдеп тұрған біреу болса екен-ау! Қазақстан мұнайы ортақ қазанға! Ал, мәселе қаржыға тірелгенде Мұнай шаруашылығы министрлігіндегілер қиқаңдайды, сылтау дегеніңіз шаш етектен. Көзіңізді бақырайтып қойып жүйкеңе тиетіндігін қайтерсің, өздерінің өктем сөйлеуге әдеттеніп алғандығын қайтерсің! Сонша жыл армансыз мұнай сорғанда сендерге түбі осының залалы болмас деп, осы заманғы талапқа сай келетін, қуаты күшті мұнай өңдейтін зауыт салып беріп пе еді?! Шиыр-шиыр тұрбаларды Ресейге тартты. Қазақстан шикізат базасына айналып дін аман тұра берсін дейтін озбыр саясаттың тұзағынан әлі күнге дейін құлан-таза айыға алмай келеміз...

Сағынғалиевтерге сірә да оңай болған жоқ. Губкин атындағы Мәскеу институтын алғаш бітірген қазақ жігітіне үнемі сымдай тартылып, республикадағы мұнай мен газ төңірегіндегі күллі проблемалардың қандайымен болмасын жіті танысуға және орталықтағы жан беріп, жан алысқан даулы жиындардағы айтыс-тарытысқа өзін күні бұрын даярлап жүруіне тура келді. Кішкене күмілжісең бітті, дәлелдемелеріңнен болмашы шикілік сезілсе бітті, ілгері жылжыған көшің кері бұрылады. Сәті түскен жұмыстың табан астынан быт-шыты шығады. Әңгіме қаражатта, сол қаражатты мәскеуліктердің тісінің арасынан жұлып алуың керек. Бір жеңілсең екінші рет келеге келуің екі талай, әлгілер жүндеп тастауға дайын. Сондықтан Сағынғалиевтің бір сәт босаңсуға моральдық құқы жоқ еді. Доссор, Ембі, Қарашығанақ пен Теңіз, Жаңажол мұнайын игеру де Бөлекбайлар үшін қиынға соқты, үнемі сынның үстіңде жүрді. Бұрғылау жұмыстарына байланысты әлемдік тәжірибені жіті зерттеді, осы саланың небір жүрек жұтқан білгірлерімен кеңесті, білмеген тұстарды қайталап сұрауға арланбады.

Қазір шүкір ғой, Қазақстан өз мұнайына өзі ие. Дегенмен, сергектік пен сақтық осы тұсқа да қажет. Келісім-шартың бір жолынан қателессең ертең оңдырмай бармағыңды тістейсің. Тісте, тістеме, ендігі жерде оның барлығы бекер. Әу бастан пісіріп алу керек еді ғой. Осындай шалағайлықтан аман жүру үшін, шетелдік компаниялардың мамандарымен текетіресіп айтысу үшін және осы өлкенің қожасы екендігінде дәлелдей түсу үшін аса зор тәжірибе мен білім қажет. Шыдамдылық екібастан. Мұнай жарықтық сені жайбасарлығыңды кешірмейді. Қисық қаланған кірпішті ертең жөнге келтіруге болады, мұнайда қайдан болсын. Сондықтан қалғыма, байлықтың маңайыма кім көрінген үймелегіш, барлығы үлес алғысы келеді. Қарға да, құзғын да, шын жаны ашитындар да толып жүр. Алдымен солардың кім екендігін біліп ал. Солардың қаржысына сүйенгеніміз жөн-ау деп, мұнайдың қаймағын шетелдіктердің иелігіне бере беруге болмайды. Ұпайдан ұтылма. Бәлкім соны алдымен өзіміздің игеріп байқағанымыз жөн шығар. Мұнай мәселесіне келгенде тас түйін бол, жер астындағы мұнай ұлттық байлығымыз, келешектің игілігі. Ұрпақтың наласы жеңіл болмайды, ата-бабаның аманатын аяқ асты етсең өзің омақаса құлайсың. Бой тіктеп кетуің қиын-ау. Сақ бол, сақ болғайсыңдар!..

Бөлекбай ағаның ойлы жанарынан осындай толғаныстарды оқу аса қиынға соқпайтын еді. Соның арасында телефонның шыр ете қалғаны.

– Несібелі апамның балалары ғой, - деді зәудесін. Сірә, адам баласы өткен өмірге сәт сайын оралып отырмайды ғой, оның да еске алатындай осындай кездері болады. Оның бер жағында жал алқымнан алып жататын мына уақыт дегенің артыңа жүдә мойын бұруына мұрша бермейді көп. Бүгін мына шаруа, ертең ана шаруа. Және жасының егде тартып, ел ағасы атанған Сағанғалиев әлі күнге дейін мұнай төңірегіндегі қым-қуат шаруадан ат-тонын ала қашқан емес. Басқа біреу болғанда осы кәсіптің маған өкпесі жоқ шығар, ендігі жерде демалғаным жөн-ау деп сылқ ете түсер ме еді, кім білсін. Жасы жетпіске келсе де Бөкең ширақ, республикадағы үлкен бір ғылыми орталықтың президенті.

– Несібелі апамның балалары ғой, - деп тағы қайталады Бөлекбай аға, - анамыз Зияда он төрт құрсақ көтерген екен. Отыз бен Отыз екі сол бауырларымызды баудай түсірді ғой. Несібелі апам екеуміз ғана аман қалдық. Отыз жетінші жылы өмірге Таңқыбай келді. Жаратылыс деген де қызыққой шіркін, әруағы риза болғыр әкем кейіннен осыған қайран қалып отыратын. Балалардың ішіндегі әлсізі, нәзігі мен екенмін. Сәл көңілсіздеу әңгіме болар, ә?..

– Жоқ , жо-жоқ, ол не дегеніңіз?

–Жә-жә,қай тұсқа келіп едік өзі. Зекең, Зейнолла деймісің, оның аяғын жер-көкке сиғызбай жүрген сендер ғой. Мойындағысы келмейді, менен бес алты ай кішілігі бар. Латын қарпімен жазылған туу туралы анықтаманы әлденеше рет көрсеттім өзіне. Оларда ондай құжат қадан болсын. Алматыға келгесін туған жездесін тауып алды. Ептеп өлең жазатындығын білетін едім, сендердің пайдаларына шешілейін деген ғой, мұнайшы боламын деп келіп, мұғалім болып кетті. Жұмағалиев Таумыш ағаның ақыл-кеңесін көбірек тыңдауға тура келді. Атыраудан келіп, мұнайшы мамандығын ала алмасаң Доссордың мұнайын кім игереді. Горныңдың бір жылдық дайындық курсін тәмәмдадық. Сірә, мақтанғаным емес, Зекендерге қарағанда менің нан сұрап жейтіндей орысшам болатын. Нағашыларым Орск жақтан еді. Жаз айларында сол жаққа жиі барып тұратынмын. 1947 жылы Мәскеудің Губкин атындағы институтына түстік. Доссордан шыққан мұнайшылардың арасынан алғаш Губкинді бітірген мына мен, Зейноллаға бұл бұйырмады...

Бөлекбай ағаның әдемі ырғақ пен басталатын үзік-үзік әңгімелерін тыңдау бір мәртебе. Әкесі Сағынғали Доссорда қарапайым ғана бұрғышы болған. Бұрғышы болғанда бір мамандықтың жалынан ұстап, қатып қалатын заман қайда. Атырауда ауызсу тапшы. Аңызақ шөл. Ауызсудың әлегі бертінге дейін онды шешімін таба қоймапты... О-хо-хо, ал мұны табиғат-ананың асқан шеберлігі демей гөр, ішіннен тәубе етіп табынбай көр. Каспий ойпатының теміреткідей ағараңдап жататын сортаң даласының астында сонша байлық бұғып жатыр дегенге кім сенеді. Алты ай жазы адам тұрғысыз ыстық, ыстық болғанда да көлеңкенің өзінде 40 градус. Айналаңнан көретінің ақсағым. Сол оттың ішінде мұнайы, оның қоры және әлемдік стандартқа сай келетін сапасы мұнан қырық-елу жыл бұрын белгілі болған ғой. Қайткенде де мұнай мақтаныш, ал әлгі сорлыны да аптап ыстықта титықтатып келе жатқаны соның әсері, соның буы. Мұнайлы өңірдің патриоты болғанына мақтанады. Орынды. Сосын тырбынады. Басқа жерден келгендердің де көлеңкеде көсіліп жатқысы жоқ. Оларды анығына көшкенде оттың ішінде ақша сүйрелейді. Біздікі туған жерді түлете түссем дейтін адал сезім. Сусыз алқапта аптаппен айқасып адамдар тірлік кешіп жатады. Бір жұтым мұздай судан асқан қымбат дүние жоқ онда. Сағынғалилардың «мен бұрғышымын ғой» деп шіреніп тұратындай шамасы қайда. Білеуліден бөшкелеп су тасиды. Отыз бес шақырымға барып-қайтудың өзі үлкен шаруа. Дегенмен тәуекел, Білеуінің іргесінде отырып, ауызсудан қаталап өлуге болмайды бәрібір... Ай, несін айтасың, Доссор мұнайшыларының тартпаған азабы, көтермеген қиындығы бар ма. Бірақ «Отан» сұраған мұнайдың жоспарын асыра орындап тұрды. Болашақтарына сенген. Осы адам тұрғысыз өңірдің ертең гүлденетіндігіне имандай сенген. Білеуліден бөшкелеп су тасығандарына иненің жасуындай ренжісе не дейсін. Көріпкел, әулие екен шеттерінен. Ал, Теңіз мұнайы ашылғанда Білеулі дегені не тәйірі, тегеурінді ұрпақ, оқығаны мен тоқығаны мол ұлдары ауызсуды сол Волгадан тартты ғой тұрбамен. 500 шақырым осы тұрбаның құрлысына 449 миллион сом қаржы қажет болатын. Сол кездегі өлшем бойынша бұл дүниенің ақшасы. Қол қалтырайды. Мұнан не өнеді? Осынша қаржының құм астында шіріп қалмасына кім кепіл? Кепілдікке кім барады? Жүрегің дүрсілдемей көрсін. Бұл шаруаның иін ортасында, білекті сыбанып жіберіп Бөлекбайлар жүрді. Теңіздің мұнайы мен тұрбаның құнын таразылауға келмейтін еді. Бөкендер орталықтағыларға осы жағын дәлелдеген, ғылыми тұрғыдан дәлелдейді де тырп еткізбеді. Кейде батыл шешім пайдаңа шешіледі. Бүгін істелуге тиісті шаруаның ертеңге қалмағаны дұрыс. Қазір Волгадан тартылған тұрба Теңіздегі ауызсу мәселесін толықтай шешкен.

Өкініштісі, Доссордың қарапайым бұрғышысы Сағынғали мұны көре алмады. Бірақ, әлжуаз ұлдың Бөлекбайдың түбі бір жерден шығатындығына іштей сенім артқан. Сәкең аймақтағы құдық атаулының ішіне түсіп, көзін аршып берудің шебері екен. Сыртта аптап, шыңыраудың іші мұп-мұздай. Кейде тамақты сырттан алдырып, құдықтың ішінде ауқаттанады. Содан беліне оңбай салқын тигізіп алса керек. Соғыс жылдарында ондай азаматты қайдан табасың. Бірақ, тағдырдың салғанына не шара. Ойға Ә.Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінің бас кейіпкері Еңсеп оралады...; Бөлекбай Сағынғалиевтың жарты ғасырлық өмір жолы «Казахстаннефтеразведка» тресімен тікелей байланысты еді. Каспий ойпатындағы күллі бұрғылау жұмыстарының басы-қасында өзі жүрді. Жер астындағы зор қысымның әсерінен фонтанша атқылаған мұнай жаңбырының астында сақ-сақ күліп, көздері жылтыраған күйлері қара майға шомылған мұнайшылардың қуанышына куә болу, ай, сірә, екінің бірінің маңдайына жазылмаған шығар-ау. Біз оны кейін алдын-ала жоспарланып қана түсірілген деректі фильмдерден көріп мәз болып жүрміз. Шынайы өмір мұнай атқылаған тұста. 1951 жылы Губкин атындағы Мәскеу институт ойдағыдай тәмамдаған жас жігіт Доссор мұнай кәсіпшілігіне келіп, мастердің көмекшісі болып орналасқан. Бөлекбай аға сол жылдары аталмыш институты Асқан Қонаев, Нариман Ешмұханбетов, Түркебаевтармен үзеңгілес бітіргенді.

Тағдырдың Сағынғалиевке көрсеткен сый-құрметі шексіз еді.

Жә-жә, мұның бәрін несібесі деуге келмес, «аузының салымы бар» деуге де кішкене кібіртіктейсің. Бір есептен солай да шығар ғой, дегенмен тіршіліктің тіңі, өмір сүру дағдысы дейтін құдіреттің бар кілті Бөкеңнің жұмыр жүрегінде жатты бұлқынып. Кейде біреуді «мынау жақсы жігіт» дегенде көпшікті көбірек төсеп кеп жібереміз. Сосын ізінше оның бойындағы өзіміз байқап жүрген өңшең жақсы жақтарын тізбелейміз. Момын, тіл алғыш, кез-келген ортамен табысып кетуге икемі бар, мақтаншақтық, өркөкіректіктен ада, мінезі жібектей, білімі ұшан-теңіз... О-хо, өстіп кете береміз, ә!? Ал, мұнай төңірегінде жүрген маманға бұлардан басқа да сан алуан қасиеттер қажет болатын. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, байлыққа кім көрінген қызыққыш. Біреудің шынымен жаны ашып, болысқысы келеді, біреулердің бармақ басты есептері ішінде жүреді. Және мұнай деген жарықтық жер бетіндегі байлық атаулының атойлап алдына шығып алды ғой. Дүние жүзінде тек бір мұнайдың арқасында ғана күллі халқын үлде мен бүлдеге орап, өзгелерге мұрнын шүйіріп, тіпті шапшаң уақыт аралығында дамудың даңғыл жолына түсіп үлгірген елдер аз ба? Көпшілігі мұсылман қауымы. Мұнайдың арқасында талай-талай аспан тіреген көкіректер жым болып райынан қайтқан, шүмектің құлағын ұстағандар алдында мың мәрте иіліп, тәубесіне келген, баяғыдан бері менсінбегендіктері үшін кішірейіп кешірім сұраған. Айтатыны жоқ, мұнайы бар ел - ремет. Тек сол игілікті халықтың мүддесіне жарата алатын қайсар мінезді, от жүректі қожайынның табылғанын айтсаңшы! Ғасыр тоғысында да халықтың мұңын, жоғын жоқтай алатын Махамбет батыр үлгісіндегі жаңа типті ұрпақтың өкілі қажет-ақ. Бөкеңнің жастардың базар жағаламай білім алсыншы дейтіні сол ғой, Сейфуллин даңғылының бойынан әжік-күжік ауыз жарымайтын кәсіп іздегенше, өзгелердің көзіне түсіп, сүйел түрткі болғанша Каспий ойпатындағы ен байлықты неге игермейсіңдер дейтіні сол ғой. Теңіз мұнайының мәйегі Миялыда. Миялының мұнайы 22 шақырым тереңдікте жатыр. Оны кім игереді, оған кім иелік жасайды? Сіз бен біздің ойланатын шаруамыз аз ба? Өстіп отырып, біз неге «аштан» қалуға тиістіміз!!!

Мұнайдың маңайында мәймөңке, жорға жүріс дегендер түбірімен болмауға тиіс. Білім мен тәжірибе бірінші кезекте. Мінездің жайлылығынан гөрі әлемдік рыноктағы мұнайдың бағасын тап баса білсең, бәсекелестіктің кімдердің арасында жүріп жатқандығын түсінсең, он, жиырма жылдан кейінгі болашақты безбендесең және осының бәрін ұстамдылықпен топ алдында дәлелдесең сол пайдалы. Бөлекбай аға халқымыздың бір туар перзенттері Д.Қонаев, Қ.Сәтбаев, Б.Әшімов. Ш.Есеновтермен үзеңгілес жүріп, солардың ақыл-кеңестерін тыңдап, ал керекті жерінде өз ойларын айтып қалуға да мүмкіндік жасаған тағдырына дән риза. Қошқар, Мақат-Доссор, Қаратон басқармасындағы бас инженерлік Сағанғалиевтың іс-тәжірибесін одан әрі ұштай түсті, жұрттың сеніміне ие болды. Ендігі кезекте Губкинді бітіріп келген атыраулық жастар Сағанғалиевты төңіректеді. Өмір өзгерген, қамшының сабын шаншыса май шығатын топыраққа да аялы алақан керек-ті. Кез-келген жерден бұрғы шаншып жер-ананың бермесін тартып аламын деген өктемдік үштігөйлі жоғалған. Мұнай шығады-ау деген өңірлер қатталып қартаға түскен, мұнай тамшысы есептеулі. Елуінші жылдың аяқ кезінде «Қазахстаннефт» өндірістік бірлестігін басқарды. Алпысыншы-жетпісінші жылдары Қазақ Совнархоздың газ және мұнай өнеркәсібі бөлімінің меңгерушісі, Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. Тындырымды, қолға алған шаруасының қашан түпкі нәтижесін көрмейінше тыным көрмейтін нық шегедей қайратты жігіт орталықтағы мұнай мамандарының мұнайдың мол қоры барлығы белгілі. Соны аз шығын жұмсап, іске жаратқан кадрдан олардың да аянып қалатыны жоқ еді. Бөкең Мәскеудегі күрделі мәселе шешілетін мәслихаттарға да көбірек қатысып жүрді. 1963 жылы Маңғыстаудан мұнай шыға бастағанда көңілді бір отырыстың үстіңде Хрущев көкеміз қазыналы аралды Түркменстанға басы бүтін беріп жібере жаздаған жоқ па еді. Сонда да Сағынғалиевтердің шыбын жандары тырнақ ұшына тіреліп жүрді. Айтысты, тартысты, әйтеуір ақыры қайырлы болды.

Бөлекбай аға он бес жыл бойы «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып абыройлы қызмет істеді. Бір адамның бір жерде, әсіресе мұнай саласында тапжылмай он бес жыл жұмыс істегені сирек. Осы жылдар ішінде бірлестік жанынан бірнешелеген ірі мекемелер ашылды. Осы уақыт аралығында 770 мың метр жер бұрғыланған, он бестен астам жаңа мұнай кәсіпшілігі өмірге келді, соның көпшілігі қазірде қалыпты жұмыс істеп тұр. Мұнай өндіру қарқыны 2,7 миллион тоннадан 4,4 миллион тоннаға көбейді. «Эмбанефтінің» тарихындағы жорғарғы көрсеткіш сірә, осы бол ар. Мұнай өңдеудің озық тәжірибелері өмірге келді. Волгоградтық бұрғышалардың да Сағынғалиев дегенде ішкен астарын жерге қоятындай реті бар. Бұрғышалар отрядының жаңа легі қалыптасты. Олар кейіннен Теңіз кенішін бұрғылады. Кеңқияққа да, Жаңажолға да септігін тигізді. Өзбекстанның мұнайшылары да тәжірибе алмасу үшін салып ұрып Сағынғалиевті іздеп келетін.

Бөлекбай ағаның наградаларын санамалап жатқымыз келмеді. Теңіздің әлемде теңдесі жоқ мұнай кен орнына айналуы - Сағынғалиевтың іс-тәжірибесіне тікелей байланысты. Теңізге тұңғыш қада қаққан адам. Теңізді ашқаны үшін республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Кеңқияқтағы мұнай фонтаны, Құлсарыдағы газ айыру қондырғысы Бөлекбай аға есімімен тікелей байланысты.

Хадиша апай екеуі ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, бір қауым елдің үлкен құрметіңе ие болып отыр. Асқары АҚШ-та, Мұхтары Канадада. Әке жолын жалғастырған және әлемдік деңгейде білім алған оқымысты мұнайшылар.

Сағынғалиевты бұрыннан танимын-ау деп топшылаушы ем, оның өзі Бөлекбай аға айтқандай тұз қабатының беткі жағындағы шөгінде секілді көрінді. Адамды білдім деген сайын ол жайындағы түсінік ұғым кеңи түседі екен. Соңғы күндері жиі жүздескен сайын көптеген кісілермен таныстым. Көпшілігі Бөлекбай ағамен ақылдасқалы келіпті. Атыраудан, Ақтаудан, Жаңаөзеннен, Маңғыстаудан...

Мұндай адамды Темірқазық демеуге шараң қайсы?

ЕСТЕЛІКТЕР, ЛЕБІЗДЕР
ҚАЗАҚ МҰНАЙЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ БІРЕГЕЙІ
Орынғазы ЕСҚАЗИЕВ,
Қазақстан Республикасының мемлекеттік

сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы
жер қойнауының Құрметті барлаушысы,

ардагер, мұнайшы-геолог .

Бөлекбай Сағынғалиев 1927 жылы мамыр айының 5 күні Атырау (Гурьев) облысы Мақат ауданының Доссор поселкесінде дүниеге келген. Қарапайым жұмысшы (мұнайшы) жанұядан шыққасын болар, жастық шағы отан соғысы жылдарында болғандықтан болар, мезгілінен бұрын ерте есейіп ер жеткен адам. Орта мектепті Доссордан бітіріп Мәскеудің академик И.М.Губкин атындағы мұнай-газ өнеркәсібі институтын 1951 жылы ойдағыдай бітірген.

Мұнайлы Ембінің Мақат, Доссор, Құлсары, Қошқар кәсіпшіліктерінде мұнай операторларынан, жолындағы барлық баспалдақтардан өтіп, бас инженер лауазымына дейін көтерілген. Сондықтан да болар Бөкең мұнай өндірісінің бүге-шігесіне дейін өте жақсы біледі.

Атырау мен Маңғыстаудың мұнайы мен газ байлығын ашып, оны ел игілігіне жаратуға егемен Қазақстанның шикізат базасын нығайтып, дамытуға 50 жылдан артық уақыт өзінің білікті білімін, зор күш-қайратын, бойына біткен ерекше қабілетін аямай жұмсаған. Өте жоғары білікті мұнайшы мамандардың бірі емес, нағыз бірегейі Бөлекбай Сағынғалиев өзіндік ерекшелігімен дараланатын ерекше асыл тұлға.

Бөлекбай Сағынғалиевті көзі қарақты, көкірегі ояу, мұнай қадірін білетін республика жұртшылығы жақсы біледі. Солай бола тұра Бөлекбай Сағынғалиевтің ең жақын шәкірті, ұзақ жылдар қасында бірге жүрген геолог көмекшісі ретінде, ол кісі туралы біраз тоқталып кеткенді жөн көрдім.

1957 жылдың қыркүйек айында ҚазГУ-дың геология факультетің бітірген 10-шақты жас геолог мамандар «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне келіп, сол уақыттағы бірлестік бастығы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтың қабылдауында болып, сол кісінің жолдамасымен Қошқар мұнай кәсіпшілігіне келіп, мұнай операторы болып орналастым.

Кәсіпшілік бастығы бүгінде республикаға атағы әйгілі мұнайшы, әрі жазушы Рахмет Өтесінов, Бөлекбай Сағынғалиев бас инженер болып екі жылдай жасап, менің алдымда басқа жұмысқа ауысқан екен. Бөкең бас инженер болған кезде, Қошқар мұнай кәсіпшілігінде облыс көлемінде бірінші болып өндірісті автоматтандыру мен механикаландыру жүзеге асырыла бастаған екен, біздер оны әрі қарай ойдағыдай жалғастырдық.

Бөлекбай Сағынғалиев ұйымдастырып бастап кеткен бір топ білікті инженерлер Нұржанов Сағидолла, Хисметов Сәлім, Бажбенов Беркін, Даярдиев Қобылан, Дүйсенғалиев Өмірзақ сияқты мамандар басқарған кәсіпшіліктің әр саласындағы ішкі мүмкіндіктерді толық пайдалануды, техника және технология жаңалықтарын өндіріске батыл енгізуді, өндірістік процестерді жетілдіре түсуді күнбе-күн назардан тыс қалдырмауды талап етіп отырды. Сол кездегі мұнай өндірісіндегі қиыншылықтардың -бірі ұңғылардың құмыққан көздерін тазалау, құм тығындарының пайда болуын азайту үшін ұңғылардың үгілмелі жарын химиялық әдіспен бекіту шарасы, ұңғылардың жер асты жабдықтарын жөндеу жұмысында тұрбаларды көтеру-түсіру операциясын тездететін «АПР-2» автоматты қолдану, т.б. жаңалықтар, сол кезде алғашқылардың бірі болып біздің Қошқар кәсіпшілігінде қолдандық. Техника және технология жаңалықтарын Ембінің ескі кәсіпшіліктері де өндіріске енгізіп, пласт қайтарымын еселеп өсіріп мұнай өнімдерін еселеп көбейтуге үлкен әсерін тигізді. Бөкең өзінің іскерлік қабілетінің молдығы арқасында 1958 жылы Қазақстан мұнай бірлестігі бөлім басшысы, 1960 жылы жаңадан құрылған халық шаруашылығы Кеңесінің мұнай бөлімінің меңгерушісі болып, содан соң алты жыл Қазақстан Орталық партия комитетінде ауыр өнеркәсіпшіліктерді қамтитын бөлім басшысының мұнай өндірісі жөніндегі орынбасары болып істейді.

1969 жылдан 1971 жылдың мамыр айына дейін Маңғыстауда орналасқан Республикалық мұнай бірлестігінде экономика жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Міне осы кезде ол бір сыпыра мақалалар жариялап, ұтымды ұсыныстар енгізеді.

Атап айтқанда, «Ембі мен Маңғыстаудың мұнай-газ кеніштерінде жекелеген қабаттарды пайдаланудың экономикалық тиімділігі», «Өзеннің парафині мол мұнайын тасымалдауды жетілдіру туралы» т.б.

Бөлекбай Сағынғалиев 1971 ж. мамыр айынан бастап «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып тағайындалды. Яғни, Бөкең Қазақстан мұнай өнеркәсібінің маңызды-маңызды салаларында қарапайым жұмысшы болып та, ірі-ірі ұжым жетекшісі болып та істеп, бүгінде (ягни 1971 ж.) «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры.

Менің Бөкеңмен бірге жұмыстас болып, қоян-қолтық бірлесіп жұмыс жасағаным да осы жетпісінші жылдардың басында болатын. Мен «Ембімұнай» бірлестігіне шақырылып, геология бөлімінің бастығы болып жұмыс жасадым. Менің мақтаныш ететінім біздің ата-бабамыз да қара-жаяу болмаған ғой. Ерте заманда олар ауыз су іздеп, шыңырау құдықтар қазған. Бұл мұнай сол шеген құдықтардан кілкіп шығып, су бетің майландыруда. Яғни біздің аталарымыз сол кездін өзінде жер асты қабаттарында мұнай барына көз жеткізген.

Теңіз алып кенішінің ыждаһаттап іздестіру, барлау, бұрғылау жұмыстарының арқасында ашылуы бір топ, геолог, геофизик, бұрғышы, мұнайшы мамандарының терең тұзасты қабаттарынан өте мол мұнай мен газ қорын табамыз деген ежелден аңсаған армандарының орындалғаны, іс жүзіне асқандығы, жанкешті еңбектерінің нәтижесі болды.

Сонымен қатар, Қазақстан мұнай өнеркәсібінің шикізат базасы 10-15 есеге ұлғайып, әлемдік деңгейдегі мұнай қорына бай елдердің қатарына сенімді түрде қосылды. Аты шулы алып Теңіз кен орнын іздестіріп, барлап, ашып, оған жан-жақты негізделген баға беруді қамтамасыз етуге техникалық және технологиялық жаңалықтарды талдап, әзірлеуге өзіміздің мамандармен қатар ғылыми ұйымдар кеңінен қатыстырылды. Жалпы алғанда геология, геофизика, техника, технология, өнімді қабаттарды ашудың, ұңғымаларды шегендеудің, ауытқымалы жоғары қабатты қысым мен температура сынақтан өткізу, зерттеу технологиясы саласында 20-дан астам көкейтесті міндеттердің, 75-тен астам өндірістік процестерін жетілдіру әдісін тауып, жаңалық деңгейіндегі мақсаттардың шешімі шығарылды. Бүгінде жерімізде әлемге әйгілі «Шеврон» компаниясы бірлесе жұмыс істеуде. «Теңізшевройл» Қазақстан біріккен кәсіпорны осы таңда жұмыс орны қайнар көзі ғана емес, ол Атырау облысының дамуына, егеменді Қазақстанның ұлттық экономикасына үлкен үлес қосып отыр.

Теңіздің ашылып, ел игілігіне аса бастағанына да 15 жыл болыпты. Бұл екі ортадағы уақытта республикамыз егемендік (еркіндік) алып өз үкіметіміз иеленгендігінің арқасында Қазақстан өзінің мұнай өнеркәсіп министрлігін құрды. Оны басқаруға мұнайшылар әулетінен шыққан, мұнайдың әр салаларын жете білетін Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев ініміздің тағайындалуы бізді өте-мөте қуантты.

Осы жылдар ішінде атышулы алып Теңіз кенішінің ашылуы, игерілуі жайындағы әңгімелер қайта жанданып, қозғалып Бөлекбай Сағынғалиевтің ыждағаттауының арқасында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1995 жылғы 4 сәуірдегі қаулысымен «Батыс Қазақстандағы бірегей сирек кездесетін Теңіз мұнай кен орнын ашқандары үшін және ғылым мен техника саласындағы қол жеткізген жетістіктеріне орай» бір топ адамға Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы 1994 жылғы Мемлекеттік сыйлықтары берілді. 1995 жылдың 19 сәуірінде Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының үлкен залында премьер-министрдің бірінші орынбасары Виталий Метте мен Ұлттық Академияның президенті Кенжеғали Сағадиев мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттарына дипломдар тапсырды.

Залда жерлестеріміз өте көп болды. Атышулы Теңіз кенішін ашқан атыраулық бір топ адамдар: Бөлекбай Сағынғалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Асабай Хисметов, В.П.Авров, Құмар Балжанов, Мақаш Балғымбаев, Орынғазы Есқазиев мамандар ретінде осы жолы мерейіміз үстеді.

Бөкең жұмыс бабында кейбіреулерге қатты ұрсып, ара-арасында басқа сөздерді де араластырып жіберетін. Бірақта өз басыма осы жұмыстас болған жылдар ішінде айтатын нәрселерін қатты ескертпелермен шектейтін. Жұмыс жөнінде ұрысқанменен, жұмыстан кейін жағдайыңды қолдан келген жақсылығын жасағанда бағанағы ұрысқандардың бәрі ұмытылып кете баратын.

1978 жылдың күз айы болатын. Бөкең салқын тиіп, тамыз айынан бастап ауырып қалған. «Ембімұнай» бірлестігі бойынша 70 мыңға жуық мұнайды жоспар бойынша үкіметке бере жақ болып қалыппыз. Ол кезде орталық комитеттің күш алып тұрған кезі. Бөкеңнің орнында қалған адамды және басқа да басшыларды Орталық Комитетке Алматыға шақырып, «жыл аяғы болса жақын, жоспарды бірлестік бойынша орындау жөнінде не ойластырып жатырсыздар» деп сөз қозғаған көрінеді. Сонда «Ембімұнай» өкілдері, әрі ойланып, бері ойланып: «Жыл аяғы жақындап қалды (2,5-3,0) шынын айтсақ жоспарды орындай алмаймыз», - деулі. Қыркүйек айының соңына таман Бөлекбай Сағынғалиев жұмысқа шыққанды. Алдында ғана екі өзен ортасынан «Жайықмұнай» басқармасының территориясынан Ровное деген мұнай кенішін ашқан болатынбыз.

Бөкең бастаған топ, сол Ровноеның басында барлық жұмысшыларды, инженер-техник қызметкерлерді күні-түні тыным таптырмай үлкен қайрат-жігермен ұйымдастырып, болмайтындай нәрсені болғызды. Сөйтіп, жоғары ұйымдастырудың арқасында Ровноедан мезгілінен бұрын мұнай өндіріп, бүкіл «Ембімұнай» бірлестік жоспарға 29 желтоқсанда шықты.

Ол кезде Исатай ауданының бірінші хатшысы Мырзағұл Кенғанов болатын, ол кісі клубта жұмысшыларды бірлестік, басқарма бастықтарын жетістіктерімен шын жүрек тең құттықтап, заттай-ақ шалай байрақтар тапсырды. Міне, сондағы Ровное кен орны күні бүгінге дейін қатарда, әлі де берері баршылық.

Бөлекбай Сағынғалиев «Ембімұнай» бірлестігінің сол жылдардағы бас директоры. Бөкең басшы, біз қосшы. Талай қиыншылықтарды бастан бірге өткіздік. Әсіресе, осы Теңіз кенішінің терең қойнауларында ғасырлар бойы томаға тұйық тұнған ен байлықты көздеп, оған қозғау салуда ол кісінің еңбегі өлшеусіз көп. Аталмыш бірлестік штурвалын қолға алған бетте Бөлекбай Сағынғалиев бірден Каспий ойпатының тұзасты қабаттарын тездетіп тереңдеп қазу ісіне баса назар аударды. Бүкіл жұмысты өз қолына алып, күні-түні демей ұйымдастырып, өзі ылғи да басы қасында жүрді. Керек десеңіз, сынақ, зерттеу жұмыстарына да тікелей араласып, Теңіз мұнайын қашан көзбен көріп, қолмен ұстағанша, тыным таппады, өзгелерге де тыным-тыныштық бермеді. Тымыждағатты, кейбірде тіпті мазасыздау. Ақыры, өз дегеніне қол жеткізді. Ел-жұртты да жұмыспен жарылқады, ойлаған арманы орындалды. Атышулы алып Теңіз кенішін ашқанымыз алты алашқа аян. Ол кезде республика орталығы Алматыдан үлкен абыроймен оралдық. Омырауымызда «Мемлекеттік сыйлықтың иегері» деген белгі жарқырайды.

Республиканың Мемлекеттік сыйлығын алған 19 сәуір күні кеште, Министрлер кабинетінің Кеңесі, Мұнай өнеркәсібі министрлігі, республиканың Ұлттық Ғылым академиясы болып таудың баурайындағы бір шипажайдың үлкен залында сыйлық алушылардың құрметіне салтанатты түрде қонағасы берілді. Онда В.Метте, Н.Балғымбаев, академик К.Сағадиевтер құттықтап, сөз сөйледі. Ертеңіне, 20 сәуір күні Бөлекбай Сағынғалиев басқарып отырған ұжымы «Мұнай» битум ғылыми-өндірістік орталығы ұйымдастырған қонағасында болдық. Бұлар жекеменшіктегі мейрамхананы жалға алып, Беркін Ізтелеуов (сол қоғамның бас инженері ініміз бастап басқарып, Атыраудың сол Алматыдағы ардақты ақсақалдарын қонаққа шақырыпты. Олар: Сафи Өтебаев, Сағидолла Құбашев, Саламат Мұқашев, Зақаш Камалиденов, Жәрдем Кейкин, Халел Өзбекқалиев, Сәкен Шақабаев, Жетпісбай Есенжанов дастархан басында алдымен әдет бойынша ақсақалдардың үлкені Сафи Өтебаев ағамыз 10-15 минуттей мақтап жатыр ғой. Ол кісінің бір есте қаларлық айтқаны, бұрын-соңды Ембі, Ембі болғалы топтап, бірден сегіз адам қатарынан лауреат атағын алған оқиға болған емес, сондықтан, біздер ақсақалдар бүкіл еліміздің мұнайшылары болып, республика халқы болып, қуанып, адал шын жүрегімізбен құттықтаймыз, деді. Шәй ішіліп болғаннан кейін, әдейі әзірлеп қойған кең бөлменің ішіне ендік. Кірсек бөлмені қазақтың киіз үйіне ұқсатып, шаңырақ, уық, кереге, түрлі қызылды-жасылды басқұрлармен, тұмаршалармен безендіріп қойыпты. Шәй үстінде ініміз Жақсылық Сәрсенғалиев өлеңдетіп, көңілді өткізді. Жақсылық Қызылқоға ауданынан болып шықты, нағыз Ғарифолла ағамыздай дауысы бар, сол кісінің өлеңдерін айнытпай айтады екен. Сусындардың неше түрлері құйылып, тағы да ән шырқалды. Жақсылық ініміз «Доссорда шәй құяды Гүлжансарыны» шырқатты дейсің. Сафи ағамыз айналасындағы інілеріне қарап: «Әй, жігіттер, осы біз қайда отырмыз, меніңше, Доссордың солтүстік Миялы жағында Қызылқоға жерінде отырған сияқтымыз. Біз, сірә Алматыда емеспіз» деді. Ол кісіге тап сол сәтте солай көрінген болуы керек, туған жер төсінде аунап-қунап қалғандай сезінген сияқты. Сонымен, бұл өткізген кездесу кеші, онда көрсетілген марапат, өз сыйлық иелеріне өмір бойына ұмытылмастай өте әдемі әсер қалдырды. Бұл кештің осылайша жоғары дәрежеде өткізілуі, Бөкеңнің ұйымдастыру қабілетінің арқасы деп түсіндік.

Бөлекбай Сағынғалиев кейінгі кезде республика бойынша табиғи битум саласында көп еңбек етті. Күндердің бір күнінде мұнайымыз азаюы сөзсіз, сол уақытта, батыс аймақтағы битумның мол қорымен айналысуға тура келеді. Бөлекбай Сағынғалиев біртуар табиғи талант, аса қабілетті, өте батыл, министрге, олардың орынбасарларына есіктерін қақпай ескертусіз кіре беретіндігін талай көзімізбен көрдік. Соның арқасында да болар, мұнайшылардың талай тұрмыс жағдайларына қатысты мәселелер уақытында шешілетін. Бөлекбай Сағынғалиев атышулы алып Теңіз кенішін іздестіру, барлап-бұрғылау, ашу, игеру, зерттеу жөніндегі айтыс-тартыс, талай-талай қиын-қыстау шабыстарының көш басында болды.

Қазақстан мұнай өндірісінің шебер ұйымдастырушы майталманы Бөлекбай Сағынғалиев Теңіз мұнайын халық игілігіне, табиғаты өте қиын жағдайда жұмыс жасайтын мұнайшылардың қажетіне тезірек жаратуға бағышталған шараларды аяғына дейін жеткізді. Бөлекбай Сағынғалиевтің республика мұнай өнеркәсібі жүйесіне, оның ішінде Теңіз кенішін ашуда айрықша ерен еңбегін ескере отырып, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнына, Б.Сағынғалиевтің атын беруі қажет. 50 жыл үстінде республика мұнай өндіру, оның қорын өсіру саласында жасаған орасан зор еңбегін есепке алсақ, Бөлекбай Сағынғалиев ең жоғары үкімет наградасы «Халық Қаһарманы» атағын алуға әбден лайықты адам.

БЕЙМАЗА ЖАН
Төлеген БАЙЗАҚОВ
Төлеген Байзақов 1944 жылы Талқайраңда туған. Балықшының

баласы. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін екі жыл Қарсақта.

мұнай және бұрғы жабдықтарын жөндеуші, 1962 жылы

Грозныйдағы мұнай институтына түсіп, оны 1971 жылы бітірген.

Екі ортада Шығыс Германияда әскери міндетін өтеп қайтқан.

Содан бермен қарай Ембі мұнай бірлестігінің бұрғылау және скважиналарды.

күрделі жөндеу жұмыстары саласында әр алуан жауапты

қызметтер атқарып, аталмыш акционерлік қоғамның тете-президенті дәрежесіне дейін көтерілген.

Бұл күнде «Матин» бірлескен кәсіпорнының бас менеджері.

Бөлекбай Сағынғалиұлы «Ембімұнай» бірлестігіне бас директор болып келгенде, мен Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының Камышитовый кеңалаңында бұрғылау учаскесінің жетекшісі болатынмын. Ол уақытта Бөкендей атпал азаматпен, ірі өндіріс басқарушысының тікелей қол астында қызмет істеймін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмейтін. Содан он жылдан астам уақыт өткенде, мен де Бөкең өткізетін ұйымдастыру шараларына, жиналыстарға қатынасатын дәрежеге жеттім. Кейін №37 Тенгиз ұңғысындағы апатпен күресу кезеңінде қасында күні-түні болған уақыттарым болды. Күні бүгін 20 жылдан астам уақ ыт өткенде, Бөкеңнің ерекше бір қылықтарын, ұйымдастыру жүйесіндегі өзінің тәжірибесі сол заманға қарағанда, күллі бір тап бүгінгі заманның талабына лайықты сияқты көрінеді де тұрады.

Осы жерде және бір ойға оралатын шаруа өзіміздің Бөкеңнің оқ бойы озыңқырап жүретін жағдайлары төңірегінде. Ол кісінің ала-бөле еңбегі жайлы жеріне жеткізе айту лазым. Біріншіден, Б.Сағынғалиевтің бізге бас директор боп жетпісінші жылдардың бас кезінде келуіне орай өз өмірімізде толып жатқан өзгерістер болды. Күнделікті күйбең тіршілігімізде игі бетбұрыстарға анық қол жеткіздік. Осыған дейін ескі көрмен жұмыс істейтін байырғы кәсіпшіліктер тамшыдан теңіз құрап дегендей, жылына 1,5-2 миллион тоннадай ғана сұйық отын өндіретін. Болат бұрғы да мандымайтын. Жылдық тапсырма 30 мың метр тереңдік қазумен ғана шектелетін. Әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық жағдайларымыз да мешеу. Ешқандай сын көтермейді. Бөкең келген бетте-ақ ойға алған шаруа оңға басты. Бірден бағымыз жанып, тасымыз өрге қарай домалай жөнелді.

– Ежелгі Ембінің ертеңін ертегідей етеміз десек, Каспий ойпатының тұзасты қабаттарына жаппай шабуылға шығу парыз. Ендігі жердегі бар үміт – болат бұрғының ұшы, мұнан былайғы көл-көсір міндет – терең қазу.

Және бір шығып сөйлеген сөзінде Бөкең тұз күмбезінің үстіңгі қабаттарындағы азын-шоғын мұнайды да былайша тілге тиек етті.

– Ол жайлы сұрап қоймадыңдар ғой. Жарайды, ағайын. Ол ма, ол мынау бұттағы шалбарды түсірмеу үшін қажет.

Бұл жердегі Бөкеңнің кейбір қылықтарын қожанасырлыққа саюға әсте келмейді. Бірақ соған сәл-пәл жақындап, кейде еріксіз езу тартқызады. Анығына келсек, Б.Сағынғалиев барып тұрған фанатик. Әсіресе, тұзасты мұнайымен басы айналған дерсің. Ол жайлы ертеректе, сонау отызыншы жылдардың орта шенінде әйгілі академик И.М.Губкин ақсақал айтып кетіпті-міс. Сонсоң осы өзіміздің Жөкең – Жолдасқали Досмұханбетов те күнде құлағына құюлы.

Бірде Бөкең құрақ ұшып Прорва жаққа келе қалды. Осы өңірдегі өңшең мұнайшылар мен барлаушы-бұрғышылардың бастары қосылған әжептеуір жиналыс өтіп жатты. Бас директорымыз әбден қызынған. Мұнайшыларға ара-кідік тиісіп, шақша басын шайқап-шайқап қояды. Бір сөздің орайында ол Балжановқа қаратып:

– Құмар бауырым, көңіліңе келсе де айтайын. Сен біле-білсең, сиырдың мүйізіне қонған қара шыбынсың. Ал анау Зеңгі-баба тұз астында ғасырлар бойы тұнған ен байлық. Екеуінің араң жер мен көк.

Абырой болғанда, білдей бір басқарманың штурвалын ұстап, шіреніп отырған Құмар Қайырбайұлы Бөкең ағамыздың бұл салыстыруына шамданып, шамырқанбады. Шыбын деп отырғаны нақ өзі емес, бұл өндіріп отырған азын-аулақ сұйық отын екенін үнсіз ұқты. Біз де солай деп жорамал жасадық. Онымыз дұрыс та. Әйтеуір Бөкең бойындағы сол тұстағы жаңылмайтын жалғыз қасиет сөзінің соңын ылғи да міндетті түрде тұзасты мұнайына тіреп, болат бұрғыға әкеп бағыштайды. Сірә, біздің құлағымызға құйыңқырап, ми қатпарларымызға мықтап сіңсін дейтін секілді. Шынтуайтына келгенде, ол кісі үшін басқа қысыр әңгіменің қызығы шамалы.

Осынау Бөлекбай ағамыздың екінші бір жақсылығы ол келгелі әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіміз де өз-өзінен өзгеріп сала берді. Тағы бірде ол аталмыш бірлестіктің әкім-қараларын жинап Еділ-Жайық екі өзені аралығындағы Камышитовый бұрғылау алаңына ат басын тіреді. Мұндағы күйкі тіршілікті өз көзімен көріп, ішінен неше түрлі ойға тірелсе керек.

– Ауыл жаққа барғаныңа қанша? – деп сұрады Аветисян деген он баланың әкесі атанған шал мастерімізден. Анау да шерін тарқататын ұрымтал шақтың туғанын қалт жібермей:

– Несін сұрайсың? Айдан асты ғой, деп салды.

– Міне, көрдіңіздер ме? Бір айдан бері үй көрмеген адамнан жатып кеп жұмыс талап етеміз. Осы да әділдік пе? Ең бастысы адам факторын жандандыру қажет. Сосынғы сосын түгенделеді.

Айтса да, Бөкеңнің өмірлік тәжірибесі мол. Ертеректе Орталық Комитетте жауапты қызметтер атқарғаны анық білініп тұр. Осыдан былай қарай вахталық әдіспен жұмыс істеудің байыбына барыңқыраған рет. Бұрғылау алаңының басына қолайлы вагон-үйшіктер алдырылды. Қоғамдық тамақтану орындары пайда болды. Екі аптадан кезектесіп жұмыс істеу тәсіліне көштік. Оның бергі жағында Бөкеңнің өзі бас боп әлденеше мәрте қызыл сенбіліктер ұйымдастырдық. Күллі өндірістік базаларды қала сыртына шығардық. Пустынныйдан, Доссордан жатақ үйлерін қолма-қол тұрғыздық. Бірлестік бойынша материалдық-техникалық жабдықтау жағы сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Бұл жерде де жаңа басшымыздың ұйымдастырушылық және іскерлік қабілеті айрықша көзге түсті.

Бөкең бастаған үшінші бір ұлағатты іс барлаушы бұрғышылардың жанұялары үшін мәдени-тұрмыстық жағдай да өскелең талап-тілекті толығынан қанағаттандырды. Оларға арнап Жайық жағасынан Ақжар бұрғышылар елді мекені бой түзеді. Облыс орталығында да көп қабатты тұрғын үйлер салынды.

Осының бәрі ойлап қарасақ, бір ғана кісінің ет-тірлігі. Алғыр Бөкең алып та, шалып та жықты. Өз күші жетпегендей болса, кісіден көмек сұрауға және арланбады. Оған да барды. Мәселен, біз алғашқы жылдары малтығып, тұзасты қабаттарын тереңдеп қаза алмадық. Міне, сол кезде Б.Сағынғалиев одақтық министрлік алдына мәселе қойып, көршілес Волгоград қаласынан екі бірдей бұрғылау басқармасының барлаушы-бұрғышыларын алдыртты. Атышулы Теңіз кенішін қазып жатқан бригадалардың ұзын санын 22-ге жеткізді. Тұзасты мұнайына шабуыл енді-енді басталғандай. Нақ осы кездің өзінде жылына 200 мың метр көлемінде скважиналар қазу мүмкіндігіне толығынан қол жеткіздік. Ал бірлестік бойынша мұнай өндіру қарқыны 4 миллион тоннадан асып түсті.

Бөкең қолы қалт еткенде, шахмат ойнауды хобби тұтатын. Төсекке жатар кезде көркем әдебиетке қол созады. Мұнысы көзжұмарға сеп. Тіпті, кейде телефон тұтқасына желімдей жабысып, әрісі Мәскеу, берісі Алматы шаһарларын аралап дегендей, мемлекеттік тұрғыдағы мәселелердің ішінде қайнап кете баратын. Соған қарағанда қара шалың қып-қызыл саясаттан да қаражаяу емес. Реті соқса, оның да ыңыршағын айналдырып беруге бар. Міне, бір кездердегі бас директорымыз осындай тыпыршып, екі иығын жұлып жеуге шақ жүрген нағыз беймаза жанды. Ол кісінің күйгелектігін көріп-біліп жүрдік. Мінезінің ыссылығына да аса тәнтіміз. Соған қарамастан әлі күнге тонның ішкі бауындай көретініміз айдан анық. Өйткені, бүкіл ой-арманы, ақыл-парасаты елдің үстінде. Осы бір мұнайлы аймақтың халқы күндердің күнінде анау Кувейттің күйін кешсе екен дейтін ішінен. Тек атыраулықтар ғана емес, бүкіл Қазақстанның мұнай өнеркәсібі саласының барша қызметкерлері ардагер аға, тәлімгер ұстаз тұтады. Осындай атпал азаматымыздың ғұмыр жасы ұзақ болғай! «Қарт қойнында қалаш бар» демекші, Бөкең ағамыздың әлі берері баршылық.

–Әз аға, әлі де жасай бер, жарылқай бер елтіген елің мен ежелгі Ембіңді!

ЖЫР АРНАУЛАР, ҚҰТТЫҚТАУЛАР

Аса ардақты Бөлекбай Сағынғалиұлы!

Егемен еліміздің мұнай өнеркәсібінің көрнекті қайраткерлерінің бірі – Сізді жетпіс жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтауымызды қабыл алыңыз!

Қара алтын өндіруге жарты ғасыр бойы қажырлы еңбегін арнап келе жатқан Сіз мерейлі бұл белесті мұнай кәсіпшілігінің майталман шебері әрі осы саланың бірегей ұйымдастырушыларының бірі, абыройы асқақ азамат, бүгінгі ұрпақтың ардақты ақсақалы ретінде қарсы алып отырсыз.

Жұртшылық еліміздің жерасты байлығын халық игілігіне жаратуға қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалайды. Он бес жыл бойы «Ембімұнай» өндірістік бірлестігін басқара жүріп, ондаған ірілендірілген мекемелердің мұнай кәсіпшіліктерінің ашылуына себепкер болдыңыз. Олардың көбі қазір де қалыпты жұмыс істеп тұр! Теңіз кенішіне тұңғыш қада қаққан да Сіз! Кеңқияқтағы мұнай атқағы, Құлсарыдағы газ айдау қондырғысы өзіңіздің есіміңізбен тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері атануыңыз, омырауыңыздағы жарқыраған ордендер ел алдында сіңірген ерен еңбегіңіздің айқын айғағы іспеттес.

Осынау мерейтой күні Сізге, Бөлекбай аға, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Көрер қызығыңыз көп болсын!

Қазақстан Республикасы

Парламентінің депутаттары:

Фариза Оңғарсынова,

Нүсіпжан Нұрманбетов, Ирак Елекеев,

Төлеуіш Серіков, Ермекқали Биғалиев.

Құрметті Бөлекбай Сағынғали ұлы!

Қазақстан Республикасының Энергетиқа және минералдық ресурстар министрлігі атынан және жеке өз атымнан Сізді 75 жасқа толу мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз.

Сіздің бүкіл еңбек жолыңыз мұнай газ өнеркәсібінің қалыптасуымен және дамуымен тығыз байланысты.

И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай – химия және газ өнеркәсібі институтын бітірген соң Сіз Доссор мұнай кәсіпшілігінде мұнай өндіру жөніндегі көмекші ретіңде өз еңбек жолыңызды бастадыңыз және 1971 жылы «Ембімұнайдың» бірлестігін басқардыңыз. Бірлестікке Сіз басшылық еткен 15 жыл ішінде мұнай өндіру мен әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде үлкен көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Қабатастылық түзілімдерге арналған кең ауқымды іздестіру – барлау жұмыстары Теңіз кен орнының ашылуына алып келді. Ол үшін Сіз КСРО Геология министрлігі Алқасының шешімімен 1988 жылы наурызда дипломмен және Теңіз кен орнын «Алғаш ашушы» кеуде белгісімен марапатталдыңыз.

Сіздің ерен еңбегіңіз Бөлекбай Сағынғали ұлы тек ғажайып мұнай кен орнын ашуда ғана емес, сонымен бірге жоғарыда тұрған ұйымдар алдында Батыс Қазақстанда жоспарланған геологиялық – зерттеу жұмыстары мен мұнай газ өнеркәсібін дамыту келешегін табандылықпен қорғай білуіңізде.

Сіздің өмір жолыңыз халық пен мемлекетке қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.

Мұнай өнеркәсібін дамытуға сіңірген зор еңбегіңіз үшін Сіз үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және Октябрь Революциясы орденімен, үш рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталдыңыз, ҚазССР-інің Еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты құрметті атақтарына ие болдыңыз, Инженерлік Академияның академиялық кеңесшісісіз және Қазақстан Республикасының Минералдық ресурстар академиясының мүше корреспонденті ғылыми атағыңыз бар.

Сіздей іскер ұйымдастырушының талантты инженердің жарты ғасырдан астам еңбек жолы, табандылығы, кәсіби шеберлігі мен сарқылмас күш жігері мұнайшылардың жас ұрпағы үшін әрдайым жарқын үлгі бола бермек. Бүгінгідей айтулы күні, Бөлекбай Сағынғали ұлы, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас қайрат, үлкен бақыт, Сізге және Сіздің туысқандарыңызға жақсылық тілеймін! Бай өмірлік тәжірибеңіз жыл өткен сайын артып, рухыңыздың сергектігі мен өмір сүйтіштігіңіз әрдайым маздап жана берсін.

Ең ізгі тілектермен В. Школьник

Құрметті Бөлекбай Сағынғалиұлы!

Сізді 75 жасқа толу мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сіз өміріңіздегі осынау айтулы оқиғаға еліңізге елеулі, халқыңызға қалаулы қалпыңызда келіп отырсыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз көпке өнеге боларлықтай тамаша өмір. Әлі күнге дейін мұнайшылар сапының алдыңғы қатарында келе жатқан Сіздің есіміңіз қазақ мұнайының жүз жылдық тарихына алтын әріптермен жазылды. Бұл кездейсоқтық емес, заңды құбылыс. Дүние жүзіндегі ірі кен орындарының бірінен саналатын Теңіз кенішін тұңғыш ашушылардың бірі ретінде Сіз елімізге кеңінен танымал азаматсыз. Сіз ұзақ жылдар бойы республиканың атқару органдарында және Қазақстанның ірі кәсіпшіліктерінде басшылық қызметтерде болып, еліміздің мұнай және газ саласының стратегиялық даму жолдарын анықтауда айрықша көзге түстіңіз. Ұтымды ұйымдастырушы екендігіңізді күні бүгінге дейін дәлелдеудесіз. Жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибеңізді жастарға үйретуден де жалықпай келесіз. Жарты ғасырдан астам Қазақстанның мұнай өнеркәсібінде еңбек еткен жылдары Сіз мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шықтыңыз. Олардың арасында егемен еліміздің ертеңі жолында жемісті еңбек етіп жүрген талай мұнайшыларды кездестіруге болады. Сіздің осынау ерен еңбегіңіз Үкімет тарапынан талай рет марапатталды да. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері болуыңыз да Сіздің еңбегіңізге берілген жоғары баға.

Сіз халқымыздың адал ұлдарының бірі ретіңде тәуелсіздігімізді нығайту жолында азаматтық позицияңызды айқын білдіріп келесіз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін Сіз айналаңыздағы адамдардың шынайы алғыс сезіміне бөлендіңіз.

Қадірлі Бөлекбай Сағынғалиұлы!

Мерейтойыңыз құтты болсын. Сізге зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін. Мағыналы өміріңіз ғұмырлы болғай.

Ізгі ниетпен Ләззат ҚИИНОВ,

«Қазмұнайгаз » Ұлттық Компаниясы»

жабық акционерлік қоғамының президенті .

Құрметті Бөлекбай Сағынғалиұлы!

Атырау топырағында дүниеге келіп, жатыр ғасыр бойы «ұлылығын айтып бабаның, қырын-сырын зерттеп заманының», дегендей Республикамыздың Батыс өңірінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан, жерасты қазба байлықтарын іздестіруде талмай еңбек еткен, қадірлі азаматтардың қатарынан ерекше орын алатын ұлағатты еңбек қайраткерінің бірісіз.

Бүкіл Атыраулықтар құрмет тұтатын, ел ағасы атанған шағыңызда Атырау қаласының Қазақстанның мұнайлы астанасына айналуына орасан үлес қосқан аға деп, осы 75 жасқа толған мерей тойыңызбен Атырау Мұнай және Газ институты ұжымының шын жүректен құттықтауын қабыл алыңыз.

Сіздің Мәскеудегі И.М. Губкин атындағы институтты бітіріп, мұнай өндіру мекемелерінде мастердің көмекшісінен бастап «Эмбанефть» бірлестігінің бас директоры, «Мұнай» ғылыми өндірістік орталығы акционерлік қоғамының президенті болып жұмыс атқарғаныңызды және Теңіздегі жерұйықты алғаш ашып, оны халық игілігіне жаратқаныңызды, тек қана Қазақстан Республикасы емес, бүкіл шет мемлекеттерде біледі. Осындай орасан зор еңбегіңіз бізге және ұрпақтан ұрпаққа үлгі болады.

Жергілікті халқымыздың ұл қыздарына мұнай өндірісі мамандығын алуына көп көңіл бөліп, Алматы қаласында мұнай факультетін аштырдыңыз және басқа шетел қалаларына барып білім алуына жолдама беріп отырғаныңызды халқымыз еш уақытта ұмытпайды.

Үш дүркін Еңбек Қызыл Ту орденімен, Октябрь Революциясы орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен үш рет марапатталғаныңыз және Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мұнайшысы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, инженерлік Академияның ғылыми кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Минералдық ресурстар Академиясының корреспондент мүшесі тағы басқа еңбегіңіздің жемістері үшін сіздің есіміңіз Республиканың Құрметті Алтын Кітабына енді.

Сіздің ерен еңбегіңіз арқасында бүгінде Атырау өлкесін бүкіл дүние жүзі біледі, сондықтан да сіздің еліңіз мұнайлы керуенді басқарған көш басы, самғап ұшқан қыранымыз деп мақтаныш етеді.

Құрметті Бөлекбай Сағынғалиұлы, ел ағасы атандырған бүгінгідей жетпіс бес жастың жалынан ұстанған тегеурінді шағыңызда, торқалы тойыңыз құтты болсын деп, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңыз, бала шаға мен үрім бұтағыңыздың амандығын тілейміз.

Ізгі ниетпен
Атырау мұнай және
газ институтының
ректоры,

профессор
Т.П. Серіков

Атырау қаласы 18 мамыр 2002 ж.

Қадірлі Бөлекбай Сағынғалиұлы!

«Эмбаведьойл» бірлескен кәсіпорынның ұжымы Сізді есімі елдің бір туар ұлдарының үлкен шоғырында аталатын абзал азаматты 70 деген еңселі биікке еңкеймей жеткен шағыңызбен қызу құттықтайды. Өзіңізді мерей және мақтан тұтатын сансыз ізбасарларыңызбен сырлас серіктестеріңіз бүгінгі мерей тойда мұнайшы қауымының ортақ қуанышы деп қабыл алуда. Ел мұнайы мен егіз тұлға ретінде бағалап сізден алған мол тәліммен ғибратты мақтан етеміз. Жарты ғасырдан астам ішінде қалдырған өнегелі істеріңіз Атыраудың мұнай кәсіпшіліктері мен бұрғылау алаңдарында жұлдыздай жайнап, шерідей сайрап жатыр.

Құрметті Бөке! Сіздің кіндік қаныңыз тамған Доссордың қасиетті топырағы ардақты ұлын биікке самғатты. Қарапайым жұмысшы шекпенін иыққа ілген тұста кейін елдің көмірсутегі байлығына жол сілтейтін ірі тұлғаның бірі ортасында жүргенін мұнайшы қауым сезбеген де еді. Әсіресе бірлестік тізгінін қолға алған тұста «қара алтын» өндіру көлемінің ең биік деңгейіне жетуі Сіздің құлашыңыздың кеңдігін паш еткендей. Сол алысқа сермеуге арналған құлашыңыз Теңіз кенішін дүниеге әкелді. Геология ғылымы мен елдің мұнайшы қауымының бұл сала жөніндегі түсінігіне енгізген жаңалығыңыз үшін артыңызда өшпейтіндей із қалдырған қайраткерін елі мәңгі жадында сақтау тиіс. Битум тектес тау жыныстарының қолдану аясын кеңейту жолындағы тың істеріңіздің елге үлкен ырыс әкелуін тілейміз.

Қадірменді есіміңіздің бірегей саламен қатар аталуына отбасыңызда қалыптасқан үлкен берекенің арқасы деп ұғынамыз. Осы тұста Хадиша апайдың ақ пейілі Сіздің әріптестеріңіздің арасында әр дайым биіктен танылуыңызға септігін тигізгені күмәнсіз. Қос ұлыңыз, қос қанатыңыз ретінде танылып келеді. Ғылым кандидаты Асқар мен кенші инженер Мұхтар өзімізден де, алыс жұрттан да алған зор тәлімнің арқасында ата дәстүрге лайық істерді атқаратынына кәміл сенімдеміз. Талаптары өрге жүзіп, әулет мерейі үстей түссін!

Ел мақтанышына айналған абзал ағаға сексеннің сеңгірінен секіріп, тоқсанның төріне озыңыз деген тілегімізді жолдаймыз. Ғасыр жасаған Лұқман Хәкімнің жолын берсін зор денсаулық, шадыман шабыт өмір серігіңізге айналсын. Көрнекті істеріңізбен бірге өзіңіз де көркейіп, елді де гүлдендіре беріңіз!

Ыстық ықыласпен,

«Эмбаведьойл» бірлескен

кәсіпорынның бас директоры:

М. Т. Шырдабаев

Атырау қаласы, 1997 жылдың мамыры.

Бөлекбай Сағынғалиұлына
арнаймын
Елім бай, жерімде бай,
аққан мұнай

Үлесі Бөкеңнің қосқан

оған шексіз талай.

Теңіздей кең алыбын
табыс еткен
Еліне, жеріне - байтақ
жатқан шалғай

Мөп – мөлдір ашық
аспан бола берсін
Теңіздей алып кенде

тола берсін.

Қажырлы қайрат,
жемісті еңбек
Ден саулығыңыз

Бөке, бола берсін!

Мырзабай АХМЕТҚАЛИЕВ

Қымбатты Бөлекбай Сағынғалиұлына!

Ас-салаума-алейкум туыстарым
Дос-жаран, аға-іні түгел бәрің
Бөлекбай Доссор келеді дегеннен соң,

Күшейді кәдімгідей ынтазарым.

Қош келдің туған жерге Доссорыңа
Біз міне Доссорлықтар қарсы аламыз
Атақты Эмба нефть генералым
Біздерге сен әлі де генералсың

Келдім деп 70 жасқа бой алдырма

Жұмыс көп алда күтіп тұрған әлі.

Ембінің Доссор қара – шаңырағы
Мұнайдың мұнайшының Атырабы
Ауыр жылдар аштықта талай жандар
Доссор келіп ажалдан аман қалды

Киелі қасиетті ғой топырағы
Талай ерлер Доссорда туып өскен

Доссордың топырағында кіндік қаны.

Доссорым атамекен бәрімізге
Мұрат тұтар жас ұрпақ , кәрімізде
Еселі еңбек етіп кілтін тапсақ
Ашады сыр сандығын әлі бізге

Бөлекбайсың әуелден бөлек елдің
Адамның жан дүниесіне зерек едің
Қазақтың қазақ иісі шыққан жерде
Алаштың баласына керек едің

Артық сөз болса кешір жамағатым
Айталық тарихтың ақиқатын
Мұнай мен мұнайшымен қайнап пістің

Халық үшін қажымаған азаматым!

Ел үшін ақыл – ой, жігеріңді аямадың
Сан – алуан қиындыққа қарамадың
Мұнай мен қолын жуып, иісін искеп
Сор кешіп талай кеніш араладың

Құдай бермегенді, мұнай береді – сөз ғой нақыл
Мұнай іздеп көш бастап болдың батыл
Доссор, Мақат, Қошқарда, Маңғыстауда

Шарлаған сартап болған ізін жатыр.

Мұнайшы қауымымен өрлеп, өстің
Жыр арнаулар, құттықтаулар
Сан қилы мәселені бастап шештің
Тенгиздей алыпты атып игеруге

Қомақты еңбегіңмен үлес қостың
Туған жер топырағына келдің міне
Аға іні, бауырларды көрдің міне
Жүрсең де шар - тарапта алыс жерде

Доссордың баласы боп қалдың міне.

Бері қара, құлағыңды сал Бөлекбайым
Мұнайлы өлкенің әр алуан білдің жайын
Халықтың мұң мұқтажын көре білдің
әр қашан жұмыскерге көмекке болдың дайын

Ерен еңбек еткенің елге мәлім
Тізбектеп айта беріп не қылайын
Ардагер мұнайшылар алғыс айтар
Деніңе саулық берсін бір Құдайым

Мұнай іздеу мұнайшының бақ арманы
Мұнайдың әлі ақ жарқын атар таңы
Кәрі Каспий бауыры толған қара алтын
Міне отыр көш бастайтын мамандарым

Осыларға эстафета ұстатып қой
Тенгизді ашып тер төккен халық үшін

Тенгиздің түбегейлі Қаһарманы!

Жолдасың, әрі құрдасың

Сақтапберген Бекмұрзиев

14 мамыр 1997 жыл Доссор мекені.

БАЛА

...Қарамай жұққан қолы-басын шайып, шашын сәндеп тараған жас жігіт, шалбарының балағын қағып, көнетоз жейдесінің жағасын түзеп аудандық партия комитетінің қабылдау бөлмесіне ентелей басып, ентігіп кіріп келді. Жүрегі кеудесіне сыймай алқынып қалған екен, қабылдау бөлмесінде аз-кем кідірген сәттен соң барып сабасына түсті. Бүкіл аймақтың бірінші басшысы қаршадай ғана қара домалақ баланы не зәумен шақырды? Күллі ауылдан жеке дара тек Бөлекбайды таңдауының сыры неде, қандай себеп?

Жол сілтеушінің нұсқауымен екінші есіктен имене аттап, ішке қарай бас сұққан бала дауыстап, орысшалап сәлем берді... Төрдегі үстелде қағаздан бас алмай отырған дембелше, иықты келген көзілдірікті сары кісі мұрнының астынан сәлеміңді алдық дегендей ілтипат жасады. Бірақ, сол шұқшиып отырған қалпы, басын бір көтермеді. Тіл де қатпады. Түрі суықтау, көзілдіріктің арғы жағындағы жылтыраған шегір көзі сұстылау көрінді бастықтың.

Жеткіншектің жүрегі қайта «дүңкілдеп» қоя берсін. Тізесі дірілдеп, тамағы кеберсіді. Есік алдында дәл бұлай қозғалмай тұра берсе, масқара болып тура осы арада тыраң асып құлап түсетін шығар...

Абырой болғанда қағаздан басын көтеріп мойын бұрған бастық, кенет, көзілдірігінің үстінен Бөлекбай жаққа одырая бір қарап алып, иегімен өзінің қарсы алдындағы орындықты нұсқады.

–Сағынғалиевсің бе... келе ғой, кел. Мұнда отыр.

Имене басып алға ұмтылған Бөлекбай бастық шынтағын тіреп отырған екі адамның құлашы жетпес үлкен үстелдің қақ ортасына жанай қойған кішкене үстелге таяп, нұсқаған орындыққа жайғасты. Әлдене деп мыңғырлап, алдындағы қағаздарын аударыстырып қонағына назар аудармай әлі бір сәт күйгелектеген бастықтың қағаз бастылығы дәл осы жерде Бөлекбайдың шүберекке түйіп отырған жанына кәдімгідей дауа болған сықылды. Бұрын-сонды мұндай кең де жарық, есік пен төрге дейін қызыл жолақ кілем төселген тап-тұйнақтай таза бөлмеге кіріп көрмеген балаң жігіт, ендігі жерде әлгіндегі тізесінің не себепті дірілдегенін асықпай-саспай сараптайтындай халге жетті. Терезеге жақын кішкене үстелдің үстіңе мөп-мөлдір шыны құмыраға су толтырылған. Жанына бүйірлестіре екі қырлы стақан қойылыпты. Қарсы қабырғаға КСРО-ның өте үлкен саяси қартасы ілініпті. Бәрінен де ең кереметі, бірінші хатшының тура желкесінде тұрған Сталиннің суреті еді... Мынадай ғажап суретті өмірінде бірінші рет көрген балаң жігіт таң-тамаша қалды. Бейне тірі жан дерсің. Газеттерде көріп жүрген суреттер мынаның қасында жәй шимай екен, тәйірі!

Қою күлгін шашын келістіре қайырып, артқа жатқыза тарапты. Қалың қара мұрты сәнді бастырылған. Бетіңде бүрі жоқ, қабағы түксиіп тұрғанмен, жүзі сондай жылы екен. Портреттегі осынау таныс бейне Бөлекбайға тесіле, қоз айырмай қарады да тұрды. Байқайды, суреттегі Сталин ел аузындағыдай соншалықты қатал да емес сияқты. Сұр кительдің жағасына тігілген жіңішке ақ жолақ мата, жылтырақ сары түймеге дейін ап-анық көрініп тұр. «Сталиннің тірі суретің көрдім десем, Зейноллалар маған сенер ме екен?» «Қойшы әрі, қайдан дері сөзсіз-ау.» «Бірінші хатшы Холошнюктің бөлмесінен деймін... Николай Семенович...тің деймін». «Онда не бітіріп жүрсің дері анық қой олардың. Сонда мен не демекпін...».

Осы сәтте Николай Семенович те қаламсабын қойып, көзілдірігін түзеп орнынан сергек тұрды. «Тә-әк» деп қойды да, терезе алдындағы әлгі мөлдір шыны құмырадан жарты стақан су құйып, бір деммен тартып алды. Сөйтті де, Бөлекбайға қарсы келіп отырды.

– Тә-әк, бала, сенің атың кім? деді бірінші хатшы кенет таза қазақ тілінде.

– Атым Бөлекбай, фамилиям Сағынғалиев, деп, тақ етіп жауап қайтарды бұл да.

– Білемін, білемін... «ГУЖ-транспортта» қызмет істейтін Сағынғали Халықбергеновті жақсы білемін... деген бірінші хатшы, сөзін ары қарай сабақтады. Сені сабақты жақсы оқыған үздік оқушы дейді. Байқап тұрмын, орысшаң да тәп-тәуір сықылды...

– Нағашыларым Орск маңынан, жазғы каникулды ылғи сонда өткіземін.

– Солай де, өте жақсы, өте жақсы... Ал енді сен мынаны айтшы, мен сені бұл жерге не үшін шақырды деп ойлайсың?

– Білмеймін...

Ауданның бірінші хатшысының атын естіген шеберхана бастығы қатты сасып, мұны көп кідіртпей, «жүгір, жүгірдің» астына алып, мекемеден өзі қуып шыққан. Айтқанды екі етпей орындайтын пысық бала Бөлекбайдың шын мәнінде бұл шақыру жайында ойлануға мұршасы жеткенмен, мәнісін түсіне алмағаны ақиқат-тын.

– Әрине білмейсің, – деп жүзін жылыта жымиған Холошнюк тамағын кенеп алып, әңгімені төтесінен бірақ қойды. Сен бізге жұмысқа кел. Өзіме көмекші етіп қызметке аламын. Жеке арнап жұмыс істейтін бөлме беремін. Отырасың да бұрғы алаңдарынан түскен мұнайға қатысты мәліметтерді тіркейсің: яғни, аудан күніне қанша мұнай шығарады, майданға қаншасын жөнелтеді, соның барлық есеп-қисабы, былайша айтқанда, бүгіннен бастап сенің мойнында болады. Өте жауапты жұмыс, ұқтың ба?

Холошнюк орнынан лып етіп қайта тұрып, тағы бір қайтара су ұрттап оралды.

Бұл кезде жүрегі қайта атша тулаған «Сағынғали бұрғышы, Сағынғали су тасушының» әлжуаз баласы әлгі айтылған әңгімеден кейін мына жаңалыққа не сенерін, не сенбесін білмей дал болып отырған. Іштей қуанып та қалғандай! Сонда қалай болғаны өзі, мынадай күллі ел есігінен имене басып кіретін құзырлы ғимаратта қызмет істемек пе Бөлекбай Сағынғалиев? Май сасыған авто жөндеу шеберханасынан кейін мына ғимаратта ма?

Қысқасы, жолдас Сағынғалиев, ертеңнен бастап жұмысқа кірісесің. Қызмет таңғы алтыда басталады, кешкі оқуыңды жалғастыруға рұқсат. Сабақтан соң кеңсеге келуге тиіссің... Қалғанын аппараттағы кісілер түсіндіреді. Іске сәт!

Ауданның бірінші хатшысы жаңа қызметкерінің қолын қысты. Қатқыл басшы бұған біртүрлі сынай қарағандай сыңай танытқан секілді көрінді Бөлекбайға сол сәт.

Жаңадан қызметке тұрған жап-жас көмекшіге аудан басшысының бөлмесіне жақын шағын бір бөлме бұйырды. Жұпыны ғана таза бөлмеде жалғыз үстел мен бума-бума шаң қапқан қағазы аузы мұрнынан шыққан нән шкаф тұр. Бөлекбайдың көзі бірден бұрыштағы көнетоз көк шұға жабылған шағын үшаяқты үстелге түсті.

Үстіңде Холошнюктікіне ұқсағанмен, дәл сондай тым сәнді емес, шыны құмырада су құйылған. Демек жұмыс ауыр. Оқта-текте су ішіп, тұрмаса болмайды екен де... Тек бір өзгешелігі, ауданның бірінші хатшысының бөлмесіндегідей күллі қабырғаны жапқан қарта да, Сталиннің әдемі суреті жоқ. Есік пен төрге жетіп жатқан қызыл кілемше де... Терезеде шынысы сүртілмеген білтелі шам тұр. Ол мұндай шамды жаңа әлгінде бастықтың бөлмесінен көрген-көрмегенін есіне түсіре алмады.

Жайлап басып барып, есікті жапқан Бөлекбай орындыққа келіп жайғасты. Бірінші хатшы секілді есік жаққа көзін алартып, қабағын түкситіп бір қарап қойды. Ондай оқыс қарас мынадай мекемеде көзілдіріксіз жараспайтын да шығар. Біраз уақыттан бері бұл бөлмеге жан баласы бас сұқпағаны байқалады. Үстелдің үсті де, асты да шаң. Шыны құмырадағы судың беті қақпағы жабық тұрса да, кіреукеленіп қалыпты... Аузы-мұрны сатал-сатал сиясауыттың сиясы таусылған, қаңғырлап тұр. Ол құмыраны еппен қолына алып, сиясауытқа мектептегідей тамшылатып су құйды. Көптен бері қағаз бетің шимайлай қоймаған қаламсапты алып, ұшын тазалады. Тәп-тәуір секілді. Сиясауытқа бір малып, керегекөз ақ параққа мөлдіретіп өзінің аты-жөнін жазып көрді. Әп-әдемі. Бастықтың «Қағаз деген қат, өзің білесің, соғыс! Мүмкін болса үнеммен, қатесіз жұмыс істеуге үйренгейсің» деген сөзі есіне түсті. «Жарайды!».

Түн жамылып үйге оралғанда, әке-шешесі мұны қалай қарсы алар екен? Әуелде түн қатып жүрген баласының қылығына қабақтарын түйгенмен, ұлдарының бүгіннен бастап аудандық партия комитетінің қызметкері екенін біліп, не істерін білмей қалбалақтап қалар, әуелі! Әпкесі Несібелінің қуанышында шек болмас!? Жасы жетіге тола қоймаған елгезек інісі Таңқыбай болса алдынан жүгіріп шығып, «Көке, райком деген кім дері?» анық.

Анасы Зияда Сәменбек қызының «құрсағымнан 14 бала көтерген екем» деп отырғанын өз аузынан талай естіген. Сол 1932 жылғы ашаршылық қой Сағынғалидің отбасын қыран жапқандай еткен! Алла-тағаланың мейірімі зор, екі ұл, бір қызының қызығын көрсін деп жазғаны шығар. Содан кейін бұл шаңыраққа ондай қайғылы қасірет қайтіп жоламады.

Берісі Доссор, арысы Білеулі мен Жайықтың Шыңғырлауына дейін танымал мұнайшы, қала берді су тасушы Сағынғали Халықбергеновтың 15 жасар ұлы Бөлекбайдың зор қызметке тұрған 1944 жылдың жылымық көктемі еді бұл. «Жылымық» болатын себебі Ембінің мұнайының қуатымен Кеңес әскері немістерді шыққан отанына қарай, өкпесін өшіре, тырқыратып қуып бара жатқан...

Былай қарасаң ойын баласы, ал былайша, талдырмаш келген қараторы кеңсе қызметкері. Бөлекбай бұдан былайғы тағдыр жолының осынау өмір нәрі мұнай мен тікелей байланысты болатынын сезді дейсіз бе сол күн? Соғыс тауқыметі Сағынғали сияқты боз балаларды ерте есейтті.

Оқуға зерек, іске тындырымды, қабілеті бір басына жетерлік қағылез жігіт Доссор мұнайының жаумен қиян-кескі шайқастағы қуатын сезгенде он бойын мақтаныш кернегендей болатын. Ұңғы басынан мұнай құйып Доссор арқалы батысқа бет түзеген әрбір эшелонның саны мен салмағын қателеспей жазып, бірінші хатшының алдына мәлімет беріп отырудың, бір қарағанда, аса қиындығы да жоқ . Бірақ, ертелі кеш мұқият болмасаң, асау өзеннің арнасындай ағып жатқан Отан қуатының есебінен оп-оңай жаңылысып қалуың мүмкін ! Доссордан тиелген әрбір қасық мұнай ата жаудың өңменіне атылған бір-бір оқпен тең!

Сталиннің өзі бас болып күллі майданның назары қазір тек қана Ембі мұнайында! Мұны балауса қызметкер бек жақсы түсінеді. Өйткені, Кеңес Одағын шикі мұнаймен қамтамасыз етіп тұрған Кавказ, атап айтқанда Грозный мен Майкөп мұнайы майдан даласынан шет қалды. Жолы кесілгелі қашан. Баку мұнайының өзін майдан шебіне жауып тұрған оқтың астымен апару қаупі туған. Сол себепті, алғы шепке тек қана Ембі мұнайы жетіп жатыр. Майдан Ембі мұнайына зәру! Күллі Кеңес әскерінің соғыс техникасы Ембіге елтіп тұр.

Холошнюктың Бөлекбайды қызметке қабылдарда «Жолдас Сағынғалиев, қазір майдан, сол себепті әр кісі үш адамның жұмысын атқаруға міндетті» деген бата сөзі ақиқатқа айналды.

Аудандық пария комитетіңе зәумен келіп-кетіп жататын ауыл адамдары, алыс-жақын ағайындар Сағынғалидің баласының бөлмесіне бас сұқпай өтпейтін. Бұлдырықтай баланың күллі Ембінің мұнайының есебін алып бар-жоқты екшеп отырған қабілетің өзара мақтан тұтатын. Ол ол ма ауданның күллі коммунисі мүшелік жарнаны Бөлекбайға келіп тапсыратын. Жастығына қарамастан атқарып отырған ісінен шашау шығармайтын тиянақты жеткіншек аудандық бірінші хатшының зор сеніміне кірді. Тіпті кәсіпшіліктің жабдықтау бөліміне қарасты картбюро қызметің қоса атқарды. Мәскеулік кәртішкелік жүйе бойынша халықты тамақтандыру Доссорда жалғасын тапқан. Аудандағы механизаторларға тиесілі 500 грамм, малшылардың 400 грамы мен зейнет жасындағылар мен бала-шағаларға арналған 300 грамм нан шашау шығарылмай әділ таратылды. Ол тек қана Бөлекбайдың тындырымдылығының арқасында іске асып жатты. Бұл іс есепке жүйрік жастың оң жамбасына келе қалды.

Бөлекбай кейде үйге бармай, кеңсе ішінде, орындықта отырып ұйықтар еді.

Мұнай өндірісінің құлағын ұстап тұрған ер азаматтың көпшілігі майданда жүр. Олардың орнына Бөлекбай секілді мұрты жаңадан тебіндеген балауса жастар мен әйелдер, қыздар құлшына еңбек етті. Байшонас мұнай кәсіпшілігінде Т. Сарманова есімді әйел ауданда бірінші болып өзін мұнай шығаратын цехқа жіберуін өтініп арыз жазды. Сол сол-ақ екен, кәсіпшіліктің жүздеген әйелдері әлгі бастаманы қолдайтындықтарын ісімен көрсетті. Ер азаматтарын майданға жіберіп үйде отырған әйелдер ұңғы басына барып, бұрғы салды, қара жұмыс екендігіне қарамастан слесарь, токарь, дәнекерлеуші қызметтерін атқарды. Сол тұста Балғаным Досбаеваның кіл қыз-келіншектерден құралған бригадасы Ембі кәсіпорнында жоспарды асыра орындау жағынан алдына жан салмады. Бөлекбайдың есінде қалғаны сол Досбаева соғыс біткен соң КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына қатарынан үш рет сайланды. Мұнайшы Нәбира Шағырова Ембі аймағынан тұңғыш рет Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Елге еңбегі сіңген бұрғышылар Сабырғали Зорбаев пен P. Есқариевтер республика мен Одақтың Жоғары Кеңесінің депутаттары болды. Ескенедегі мұнай кәсіпшілігінің директоры Өтеп Сиранов басқарған ұжым соғыс жылдарының шежіресінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің екі мәрте Ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Мұның бәрі де аудандық партия комитетінің ғимаратында мұнайға қатысты барлық есеп-қисапты түгендеп отырған бала қыранның көз алдында өтіп жатты, жадында ұмытылмастай болып сақталды. Өз басы болашақта қалайда мұнайшы-инженер мамандығын игеруді сол кезеңде-ақ біржолата шешіп те қойған еді.

Ембі аймағында 1935 жылы 290 мың тонна мұнай өндірілген болса, оның көлемі 1944 жылы 8450 мың тоннаға жетті. Осының өзі аймақтағы мұнай үшін жүріп жатқан ақтық айқастың ауқымын көрсетсе керек. 1945 жылы бұл көрсеткіш 10 миллион 100 мың тоннаға жетті!

Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағының Ұлы Жеңісімен аяқталып, елдің еңсесі көтеріліп қалды. Бейбіт күндері Ембі мұнайын өндіру тіпті еселеп артты...

Ел сенген мемлекет алдындағы есебін тап-тұйнақтай жүргізгені үшін аудандық партия комитеті атынан Бөлекбай Сағынғалиевке алғыс айтатын күн де туды.

Жанарында нұр тұнып тұрған жігерлі жігіттің балғын саусақ тарын құшырлана қысқан Калашнюк жиналған жұртшылық алдында дәл сол күні былай деді:

–Майдан шебінде Ұлы Жеңіске жету үшін біздің халқымыз ешқандай да ұсақ-түйек істер атқарған жоқ. Солардың бірі — Сағынғали мұнайшының баласы Бөлекбай ең алдымен сүйікті ата-анасының алдындағы перзенттік парызын, Отан алдындағы қасиетті патриоттық борышын адал орындады. Бұл Жеңісте Кеңес Одағының Бөлекбай Сағынғалиев секілді миллиондаған жастар легінің үлесі зор.

Аудандық пария комитетінің жауапты қызметкері Бөлекбай Сағынғалиев жолдасты кәмелеттік жасқа толуымен, білім туралы кәмелеттік аттестат алуымен құттықтаймын. Елдің қуаттылығы жастарымыздың білімі мен біліктігінде. Туған жеріңе жоғары білімді мұнайшы-инженер болып оралатынына сенемін. Саған оң сапар тілеймін, ұлым. Жолың болсын!

Күндей күркіреп қатыгездеу жүретін бастығы жұрт алдында осылай жібіді. Шын жүректен ризашылығын білдірді. «Ұлым» деген бір ауыз сөзі ауданның бірінші бастығының Бөлекбайға деген ерекше ықыласын байқатқаны еді. Жас жігіт аса қиын қыстау кезеңде өзіне тапсырылған міндетті абыроймен орындап шыққанына қуанды. Жігері жанып, қажырлана түсті...

Сол күні кешкісін бас қосқан үш құрдас Доссордың айлы түні көпке дейін сырласты. Зейнолла мен Рахмет және Бөлекбай ел астанасы Алматыға оқуға баруға бел байласты. Мұнайшы болуға бел шешті.

Ертеңгісін Бөлекбай ата-анасының рұқсатын алайын деген ниетпен жайлауға аттанды. Әкесі денсаулығына байланысты кәсіпшіліктің негізгі қара жұмысынан ауысып, жайлаудағы малын бағатын жауапты қызметке қойылған. Бір-екілі көмекшісі болатын.

Сағынғали мен Зияда Бөлекбайдың жолын тосып отыр екен. «Ел құлағы елу» дегендей «Сағынғалидің ұлы азамат болыпты, аудан басшысының өзі марапаттап шығарып салыпты» деген қуанышты хабар жайлау басына да желдей есіп жеткелі қашан. Бейне баласы майданнан келгендей мәре-сәре болған Сағынғали бір тоқтының қарнын жарды да тастады. Әуелгі арманы баласын қалайда оқыту екенін әкесі жасырып қалмады. Оқытқанда да мұнайшы мамандығын көздеген екен. Әке мен баланың ойы бір жерден шықты.

Әсілі, бұл өңірде туған жеткіншекке осындағы табиғат ананың өзі-ақ болашақта игеретін мамандығын анықтап беретің қасиеті бар-ау өзі. Баласының басынан сипап қана қойған әке көп сөзбай ақ батасын берді. Сағынғалидің жақын інісі Кенжеғали Ізтілеуов отағасымен ана бір жолы кездескенде «Бөлекжанды Мәскеудің қақ төріндегі Губкин атындағы мұнай және газ институтына жіберу керек» деп кеңес бергені бар еді. Табиғатынан бір тоға көп сөйлемейтін анасы «Қайда жүрсең де аман бол, күнім» деп іштей бір өксіп алды. Аяулы ұл Алматыға аттанды.

Алматыда дайындық курсын ойдағыдай тәмәмдаған Бөлекбай Сағынғалиев Мәскеудің Губкин атындағы мұнай және газ институтының, тау-кен инженері факультетінің бірінші курс студенті атанды да шыға келді.

Мәскеуден алғаш алған әсер Бөлекбайдың есінде...

Ол дала қазағына түсініксіздеу көрінген үлкен қаланың итжығыс өмір тіршілігі яки немесе ағылған халықтың шамадан тыс көптігі емес болатын. Бәрі де институт табалдырығын аттаған кезден басталды.

Кеңес Одағында мұнай білгірі атанған атақты академик Иван Губкиннің Ембі аймағына қатысты қызына айтып, артында қалдырған өлмес пікірі студент Бөлекбай Сағынғалиевтің жеке басына қатты әсер етті. Тіпті болашақ инженердің алдағы өміріне Құсжолындай мәңгілік бағыт бергені уақыт өте ақиқатқа айналды...

Зерек студент ғалымның әрбір сөзін санасына зерделеп құйып үлгерді. Ембінің болашағына қатысты орыс академигі былай дейді: «Ембі аймағы геологиялық жағынан әлі де толық зерттелмегенімен және соған қарамастан ол өркендеуіне қолайлы жағдай туса, өзінің өндірістік қуаты жөнінен Баку мұнайлы ауданымен теңдесе алатын, аса бай мұнайлы аудандардың бірі». КСРО Ғылым Академиясының 1934 жылғы кезекті сессиясында Батыс Қазақстанның Жайық-Ембі аймағының жер асты байлығы туралы пікірталасқа толы әңгіме болған дейді. Академик мына ойын сонда күллі ғалымның талқылауына ұсынған. Ембі-Жайық аймаған Кеңес Одағының екінші мұнай базасы жасамақ ниет танытқан. Негізсіз сөз қозғамағаны анық. Алқалы жиында баяндама жасаған академик Ембінің мұнайы тұз қабаты астында жасырынып жатқанын тұңғыш рет ортаға салады. Оны игерудің болашақ болжамдарын айтады. Губкин ерте ме, кеш пе ол өңірдегі тұз қабаты астындағы байлықтың жер бетіңе шығып, халық игілігіне жарайтынына Құдайдай сенген. Бірақ, ол мұнай мұхитына жету оңай шаруа болмасын көрегендікпен ескерткенін қараңызшы.

Мынадай ғылыми дерекке жан-тәнімен құмарта қызыққан Бөлекбайдың ендігі жердегі есіл дерті тек қана теңіз асты мұнайына ауды. Бұлардың қазіргі қалқып алып жүргендері жақын тереңдіктегі мұнайды көбігі іспетті дүние екен ғой.

Қазақ мұнайы жердің бетіңе жақын. Доссор мен Мақаттың ұңғыларының тереңдігі Баку ұңғыларынан 2,4 есе, Грозныйдан 3 есе таяз болып келетіні де сондықтан. Осының өзі Ембі мұнайының потенциалдың қорының молдығынан зор хабар беріп тұрған. Бірінші бесжылдықтың алдында бұл ауданның мұнай кендері тіркесе жатқан 250-ден астам тұз күмбездерін құраған. Сол кезде шамасы жеткен геологтар бұл құбылысқа жорамал жасады. Мұндай жер құрамы мұнайлы һәм газды болады деген тәжірибеге иек артты. Бұл арада Ембінің кеніштерінде барлаудың жоғары өнімді геофизикалық әдістерін қолдану 1925 жылдан кейін ғана жүзеге аса бастағанын ескергеніміз ләзім.

Қолдағы бар деректеріне иек артқан академик Иван Губкин Ембі мұнайының көлеміне ғана емес, сапасына да зор мән берген. Ол үшін Доссор мұнайынан Баку шикізатымен салыстырғанда арнаулы сапалы майлар 6-7 есе артық алынғанын еске алғанның өзі жеткілікті секілді. Алғашқы бесжылдық жоспарды ембіліктердің не бары екі жарым жылда орындап шыққаны соның арқасы деп білуіміз керек екен. Ал енді тұзды күмбездерді жағалай жайылған мұнай қорының сапасы тіпті, көрсеткіштердің көкжиегінен шығып кетті. Байшонастан кейін бұрғы салынған Ескене кенішінен бұрқақтаған мұнай туралы осылай деу керек сияқты . Өзіндік үлес салмағы салыстырмалы түрде өте жеңіл Ескене мұнайының тұтқырлығы мен жабысқақтығы жағынан да өзге кеніштерден оқ бойы алда тұрды. Бакудің балахан мұнайының тұтқырлық коэффициенті 60, сурахан мұнайы – 62, Доссор – 87 дегеннің өзінде, доссорлық мұнайға ең жоғары мәртебе беріледі. Дүние жүзіндегі майлылығы мен тұтқырлығы жағынан Америка Құрама Штаттарындағы Пенсильвания аймағының мұнайы 100 деген коэффициенттік көрсеткішке тең болса, Ембідегі Ескененің оңтүстік беткейінде ол 103-ке жетті! Кейінгі зерттеулер мен сараптамалардың қорытындысы Ескене мұнайының тұтқырлық коэффициенті 130 деген әлемдік рекордтық көрсеткішке жетіп тоқтады!..

Өмірлік тәжірибеден нағыз Ембі-Жайық аймағының мұнай өндіру кәсіпшілігінің өзінен өтіп келген студент үшін теориялық білім алу тіпті қызығы таусылмас, көкжиегі көз талдыратын дариядай көрінді.

Алғашқы курстың алғашқы семестрінен-ақ доссорлық жігіт Губкиннің айтқан болжамдарын түбі жүзеге асыратынына кәміл сеніп жүрді. Ол үшін озық технология, бұрғысы өткір техника келуі қажет қой дейтін балғын бір сәт терең ой құшағында қалар еді.

Тарих баспалдағын сол кездегі уақыт тылсымымен санаспай аттап өтер болсақ, ақиқатына жүгінсек, доссорлық қара баланың арманы араға жарты ғасыр салып толықтай жүзеге асты! Өзі асырды! Жә-жәә, ол туралы жөн-жобасымен жайбарақат баяндаудың де реті келер!

Сонымен, соғыстан кейінгі Мәскеу!

1946 жылдың күзі.

Институт, жатақхана, кітапхана... Бөлекбай күнделікті өзі жүріп өтетін жолын осы бағытта белгілеп алған.

Бұл тұста алыстағы Бөлекбайдың ауылы келін түсіріп мәре-сәре болып жатқан.

Сағынғалидің немере інісі Әбіл келіншек әкелді...

Сағынғали ақсақал мен Зияда бәйбіше қырдан түсіп, барымен базарлап, ауыл тойын жасады. Кішілер теңін тапқан жастарға сүйсініп, үлкендер жағы жастарға ақ батасын берді. Бәтуәлі тілек айтты. Әбілдің келіншегі Қырмызы сұлуды абысыны Бөке «ә» дегеннен отбасылық, ошақ қасылық «тәрбие» дәрісін беріп, сынақ тан өткізіп те тастады. Ілтипатты жас келін ақылман абысынының «Мәскеуде оқитын үлкен қайныңның есімі Бөлекбай, сен оны «төрем» дейсің, оның қырдағы бес жасар інісі, атам мен апамның кенжесі Таңқыбайды «кенжем» деп атағайсың...» деп айтқанын, құлағына құйып ала қойып, екі етпей орындады. Содан не керек, Қырмызы есіктен еніп, үлкен үйге кірген күннен бастап-ақ қазақтың көңілі марқайып отырып айтар «келін жақсы» атағын бәйге шаппай-ақ жеңіп алды. Салт-дәстүрге сақ, еті тірі келін ары қарай өзі де қамшы салдырмады: туған қайнысы Қабылды – Шырақ , Жолмұқанды – Ақ тере, оның апасы Қайшаны – Еркежан, Шахтыбайды – Ортаншым, Малдыбайды – Кішкенем деп жаңылыспай-шатаспай ата салтын аттамай, міндетін абыроймен орындап, көргенді жердің қызы атанды.

Ауыл тойы өткеніне ай толмай, бір күні Сағынғали қария апақ-сапақта қырдан домалап түсе қалсын. Денсаулығының сыр беріп жүргеніне қарамастан, сонша жерден ат арытып, жиілетіп, қайта келгеніне бауырлары Шәрімғали мен Дәрімғали аң-таң. Қарт төтелеп келіп, Әбілдің үйіне түсті.

Дастархан жайылып, жас келін шәй әкелді. Оң жамбастап жатып, бір кесе шәй ұрттағанға шейін жақ ашпаған «қырсық шал», маңдайы жіпсіген сәтте, бет орамалын қолына алып, көңілдене әңгіме бастады.

– Түсіме Бөлекжан кіріпті. Қарны ашып жүр-ау, көкемнің. «Ата, қалайсыз, қабырғаңыз

ауырмай жүр ме? деп қояды...»

Қарт бауырларына барлай бір қарады.

«Мыналар бірдеңенің иісін сезіп отырма өзі?»

«Не айтпақ?!.»

Шәй ішіліп, кесе төңкерілген соң екі бастан әңгіменің тоқ етерін жаны сүйетін әулеттің үлкені «Мәскеуге, Бөлекжанға тамақ апару керек!» деп қойды да қалды.

– Мен бұл сапарға Дәрімғали мен Қырмызы келінді лайық көріп отырмын, бірі жол біледі, бірі жөн біледі...

Төмен қарап:

– Қырмызы ауылдан ұзап шықпаған, бармай-ақ қойса қалай болар екен, деп күмілжи берген Әбілді қарт тыйып тастады:

– Қарай көріңдер мынаның әйел жандысын. Жағаласпай тыныш отыр. Мен айттым, бітті. Жолға дайындалыңдар!

Әбілдің үйіндегі дастархан басындағы әңгіме осымен бітіп, Мәскеу сапарына дайындық сол жерде басталып кетті.

– Мен сөйлегенде сен түгілі Шәрімғали мен Дәрімғали аузын ашпайды, қайдан шыққан дәусің, – деп, тағы бір қайырғанда жаңа үйленген Әбіл қып-қызыл боп, төмен қарады.

Бір қап тары, бір қап ет, бір қарынға қуырдақ , бір қарынға май салынып, женті бар, құрты бар екі жолаушыны ертесі күллі ағайын Мәскеу бағытындағы тауарлы пойызға шығарып салып тұрды.

...Құмырсқаның илеуіндей құжынаған халықтың арасынан әуелде біздің «төремізді» биыл таппайтын шығармыз деген ой келген Қырмызыға. Ығырын шығарған үш күн, үш түн жолдың азабын құлақ естіп көз көрмеген мына көрініс мүлдем ұмыттырып жіберді. Неғылған халық нөпірі десеңізші! Адаспай жол тауып қалай жүр. Қырмызының басы айналды. Бірақ, қайнағасы Дәрімғали қолындағы бүктеулі қағазға бір қарап қойып, Бөлекбайдың жатақханасына аттай шауып, адаспай тауып бірақ келіп тоқтады.

Ағайындар қуанысып, шұрылдасты да қалды.

Дәрімғали тосырқап тұрған інісіне жеңгесін таныстырды:

– Әбіл ағаң үйленген, сірә, сен естіген жоқсың ғой, өзі бір ай толды ма, толмады ма... Мына кісі сол Әбіл ағаңның келіншегі Қырмызы болады. Орск жағындағы Аманбай тұқымының қызы. Екеуінің дәмі-тұзы жарасып, қарттарды қуантып отыр...

Бөлекбаймен бірге Дәрімғали жақсы танитын ауыл балалары Рахмет, Бақытжан, Нариман, Сағидоллалар мәз. Елден келген дәмнен ауыз тиіп, қарық болды да қалды. Мәскеудің қақ ортасына, бейне, күллі Доссордың халқы көшіп келген дерсің. Жеңешелері де аяқ-қолы жерге тимей зыр жүгіріп, тыным таппай тамақ пісіреді. Балалардың да қолғабысы зор. Сабақтан келгені бар, ауысып сабаққа кеткені бар, кең бөлмеде айқыш-ұйқыш жатқан он бір бала екі күннің ішінде тегі, ауылдың дәмін әбден сағынып та қалған екен, қарындарын сипап, кекірік атып шыға келді.

Сөзге сараң ағасына қарағанда биязы мінезді жеңгесі ауыл-аймақтан бастап, бота-тайлаққа дейін тігісін жатқызып түгел әңгімелеп берді. Жеңгесі білмеген жайтты, әрине, кәсіпшілікке қатысты әңгімені, бұрғылау операторы Дәрімғали ағасы жетесіне жеткізіп жатыр. «Төре» қайнысының да сұрағы таусылмайды екен, бәрін басына қалай сақтай берген. Доссордың айналасындағы барлық скважинаның жай-жапсарын сұрап шықты. Мынадай «тергеуден» ағасы шаршағандай сыңай танытқанда, Бөлекбай жеңгесінен Таңқыбай бауыры туралы сұрап қалды. Өйткені, қарттар қырда, кәсіпшіліктің малын қарайды. Таңқыбай болса, таяуда жетіге толады. Мектепке баратын кезі жақындап келеді, соның жайы қалай болар екен өзі, деген ой оны соңғы кезде әжептеуір мазалап жүрген.

– Ол кенжем Доссорда, біздің үйде, тұрып оқитын болады. Ол жағын уайымдама, төрем, – деген жеңгесінің жайлы жауабына Бөлекбай шынымен қатты қуанып қалды. Жеңгесінен қысылмастан-ақ, сөз арасында, бауыры Таңқыбайды қатты сағынғанын айтып та қойды...

– Атам айтқандай, ештеңенің қамын жемей, алаңдамай, оқуыңды ойла. Ауылда біз бармыз, амандық болса, артынып-тартынып, ауылдың дәмін алып, әлі талай келерміз, – деген Қырмызы жеңгесінің сөзі Бөлекбайды тіпті қанаттандырып тастады.

– Атам мен апама айта барыңыздаршы, біздің киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ. Каникулға шықсам, өзім де жетіп барып тұрармын. Атама айта барыңыз, ол кісінің мінезін білемін, сіздерді алыс жолға мазалап, әурелей бермесін...

Аз күн ішінде Қырмызы да атасы мен апасына айта барар Мәскеудің керекті әңгімесін қағазға жазбаса да, жұптап, жиып алған. «Әсіресе, «біздің төреміз» осы бөлмедегі өзі құралпы балаларға қарағанда кітапқа көп шұқшияды екен! Бас алмайды-ау, бас алмайды...»

Қоштасар мезгіл жетіп, балалар ауылға деген сағыныштарын қағазға түсіріп, хатқа салып, екі кісінің қолына ұстатты.

Доссордан Мәскеуге дейін жетудің азабы, қайтудың азабының қолына су құя алмай қалды...

Балалар вокзал басына кезектесіп келіп, он бес күн бойы екі жолаушыны ауылға қарай жүретін пойызға отырғызып жібере алмай әлекке түсті. Құжынаған халық. Қырмызылар үйіне, ауылға асығады, мына жұрт қайда бара жатыр? Жоқ, бұлардың барлығы да басқа жақтан келген бе, түсінсе бұйырмасын. Халық нөпірі күні-түні бір бәсеңдемей-ақ қойды. Қайнағасы барын салып әрекеттеніп бақты, таң құлан иектене тұрған кезек қозғала-қозғала Дәрімғали қайнағасын қас қарайғанда тура кассаның алдына алып-ақ барады, амал қанша, бірақ, билет жоқ. Билетсіз жолаушыны пойызға кім жолатсын, жақындатпайды, сөзің құлақ та аспайды. Қаптаған ұры-қары. Милиционердің жанұшыра ысқырығына жалт қарап қалсаң, қалта қағарларды желкелеп, сүйреп бара жатқаны. «Әкелген жүгіңді дер жеріне аман-есен жеткізіп, тіпті, бірге жеп тауысып, қайтып бара жатқаныңа қуанады екенсің мұндайда. Бірақ, келген ізімізбен ауылға қайта алмай қор болғанымызды айтсайшы...»

Араға қырық күн салып оралған жолаушыларды қарсы алған ағайындардың қуанышында шек жоқ еді. Қырдан домаланып қарттар жетті. Әбіл Қырмызыға көрсетпей жеңінің ұшымен ғана көз жасын сүртіп алды... Сүртіп алды да: «Бөлекжан аман ба, оқуы қалай екен өзінің?» деді жәйімен...

ҚАЛЖЫҢ-ШЫНЫ APAЛAC

Тамаша, жетпіс жастың қонақтары.

Тойласа сексенді де жыйылып бәрі.

Сексеннің жақсылығын ортаға сап,

Тоқсанға аттандырса одан әрі!

Тамаша шын күлетін күлкің болса,

Саулығың бұл өмірде – мүлкің болса.

Елімде бейбіт өмір, молшылық боп,

Тоқсанды бірге тойлау мүмкін болса!

Тоқсанды басып өтіп, жүзге де кел!

Оған да тілеулес қой, мұндағы ел.

Бәріміз оған барып үлгермеспіз,

Бөлеке, шын тілейміз – оны да көр!

Тілектес, бірақ сізге байқалмайтын.

Мінезі – жорғадай – ақ шайқалмайтын.

Отың бар ошағында, түтін түзу.

Басатын ашуыңды, шай қайнатып.

Күндеп түндеп жұмыста болған кезде

Сізді күтіп отырған үйіңізде.

Отына бала бағып, ие болған

Мың да бір рахмет жеңгемізге!

Құрметпен, тілеулес ініңіз

Бекқожа Әбілдаұлы.

Алматы қаласы, 5 мамыр 1997 жыл
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА
МҰНАЙШЫЛАР МАРШАЛЫ
Құм дала, құба дала, мұңды дала,

Мұңсыздар жан тербетер сырды ұға ма?

Түздерде топты бастап, мұнайшылар,

елінің Маршалындай жүрдің, Аға!

Бейнетті ел сенді ұлына, сенді дала,

соңынан ерді құрбы, ерді бала.

Тер төгіп тереңдерден нәр іздеген,

Байқасам, бар ғұмырың ерлік, Аға!

Ұрпақтар ұмытпайды мұны, сірә,

бас иер Батысы да, Шығысы да!

Ойлы мен таланттыға тәлім бердің,

қарамай ұлтына не ұлысына.

Сол ұрпақ сан сайыста ұмытылмады,

шымшықтар шымшып талай шықылдады.

Шаршаған елді асырап отыр бүгін

кешегі кескекті ердің тұқымдары.

Ойлаумен ұрпақ қамын, дала қамын,

жылдардың сын мен сырын сараладың.

Аға, сен бақыттысың еңбегіңнің

еркін ел береді әлі бағаларын.

Елдік пен тектіліктің Туындай боп,

алдымда аман жүрші, Ағажаным!

Алдымда аман жүргей ағаларым!

Амандық КӨМЕКҰЛЫ ,
республикалық жыраулар сайысының лауреаты
АРНАУ
Тындырған ісі ерлердің

Бағы мен бары елдердің.

Ерсілігі болар ма,

Елеулі ерге ергеннің?!

Сергелдеңі болар ма,

Серкесіне сенгеннің?!

Артықшылығы болар ма,

Асқар мінез ағаның

Шаттығын бірге көргеннің?!

Тұлпар мінез тектінің

Тасыған көңілің бөлген күн.

Қалың елге қадірлі

Қабылан жүрек қарт ағаң

75 жасқа келген күн.

Ауылдан шыққан алыбын,

Тарихың тұнған тағылым.

Аспан мен жердей арасы

Шаруа-жәй қазақ шалының.

Ар жағы туыс бауырым,

Іргелес Доссор ауылым.

Қадірін білген қашаннан

Қалың елім, қауымым.

Алыптар шыққан алшаңдап,
Көтерген жүктің ауырын,
Қарашүңгіл, Құлсары
Қарлы боран жауынын

Қошқар, Мақат, Қаратон

Теңіздің көрген дауылын...

...Кеңге салып арқаны

Алшақтап жүрген ауығың.

Бейнеттің көріп зейнетін

Сәнімен болғай «сауығың»...

Адамды тағдыр сынайды,
Талайлар жолда құлайды,
Қадалған жерден қан алған

Құрыштан құйған сыңайлы.

Байлықты тастап былайғы

Жасыңнан сүйдің мұнайды.

Ырзығы болып халқыңның,

Шығарған шаттық шырайды.

Жасыңнан болдың білімді,

Ардақтап аға-ініңді.

Атырау түгел Астана —

Алашқа даңқың білінді.

Тағлым алар «тақтаға»
«Ардагер» атың ілінді,
Жабылып жалпы тарта алмас

Сүйреген жалғыз жүгіңді.

Мақтаулы қағаз, медальмен

Омырауға орден тізілді.

«Тұяғын тұлпар тай басар»

Інілер басқай ізіңді.

Аман қылып артыңда

Немере, келін, ұлыңды.

«Жарым ырыс-жақсы сөз»

Атадан қалған ырымды.

Ертеңін ойлау елінің

Ерлердің ісі бұрынғы.

Тілектес, жекжат, дос-жаран

Ерсі көрмес мұнымды.

Төкем ағам атынан

Арнадым шашу жырымды.

75 жасқа келген күн

Құтты болғай бүгінгі!

Бөлекбай аға есен-сау

Тойлатқай 90 жылыңды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы
Бөлекбай Сағынғалиевқа
арналады

МҰНАЙШЫ ӘНІ
Әні: Айтқали ЖАЙЫМОВ
Сөзі: Құмарбек СЫДЫҚОВ
Байтақ өлке – Отанның кең

Барлай шарлап қойнауын,
Жер қыртысын қопардым мен,

Тереңіне бойладым.

Қайырмасы:

Ен даладан, сай-саладан
Кен байлығын ақтардым,
Ел міндетің арқалаған
Абыроймен атқардым - (2 рет)

Жыл артынан жыл оралар,

Биіктер Ел еңсесі.

Мен орнатқан мұнаралар

Арайлатқан жер төсін

Қайырмасы:

Дархан далам, ырыс далам,

Еңбек даңқын өрлеткей.

Мен қалайша тыныш табам,

Қара алтынды селдетпей - (2 рет)

Қайырмасы:

Мен – мұнайшы, мұнайшымын,

Мұнай – дәулет, қазына.

Қуат – нәрім, мұнай – жырым,

Мұнай – әнім, сазым да

Мұнай – дәулет, қазына.

ӨМІРБАЯН ЖОЛДАРЫ

Бөлекбай Сағынғалиұлы САҒЫНҒАЛИЕВ

Бөлекбай Сағынғалиұлы Сағынғалиев 1927 жылы 5 мамырда Атырау облысының (бұрынғы Гурьев) Доссор ауылында мұнайшы отбасында дүниеге келді.

Еңбек жолын 1944 жылы аупарткомның бірінші хатшысының көмекшісі, «Қазмұнай барлау» тресінде тексеруші-бақылаушы қызметтерінен бастады.

1946 жылы академик И.М.Губкин атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Мәскеу мұнай институтына түсіп, 1951 жылы оны ойдағыдай бітіріп шықты. Мұнай өнеркәсібі саласы бойынша кен инженері деген мамандық алды.

Институттан соң туған жерге оралған жас маман мұнай кәсіпшіліктерінде шебердің көмекшісі, мұнай өндіру жөнінен шебер, мұнай кәсіпшілігінің бас инженері, «Қазақстан мұнай» бірлестігінің бөлім бастығы, Қазақ-кеңес халық шаруашылығының отынмен жабдықтау басқармасында мұнай-газ бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды.

•1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі бастығының жаңадан ашылған мұнай өндірісі жөнінен орынбасары болып тағайындалды.

•1969 жылы республикалық мұнай бірлестігінің бастығы;

•1971-1986 жылдары «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры;.

•1989 жылдан Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының «Табиғи битум» бірлестігінің Қазақстандық бөлімін басқарды. Кейін «Қазмұнай битум» өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметің атқарды.

1971 жылы Бөлекбай Сағынғалиев КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің алдына Каспий ойпатында геофизикалық және геологиялық барлау жұмыстарын жедел түрде жүргізу туралы мәселе қойды. Көп кешікпей бастама Мәскеу тарапынан қолдау тауып, Министр В. Л. Шашинннің арнайы бұйрығымен «Ембі мұнай» бірлестігіне тікелей бағынатын «Ембі мұнай геофизика» бірлестігі құрылды. Содан соң.

•орталық инженерлік-техникалық қызметі бар Балықшы тексеру-бұрғылау басқармасы;.

•№2,3 құрылыс монтаж басқармасы;

•жоғары монтаждық және тампонаж басқармасы;

•Каспий жағалауы тексеру-бұрғылау басқармасы бірінен соң бірі отау тікті.

Бөлекбай Сағынғалиевтің тікелей басшылығымен мұнай кәсіпшілігіне лайықты мамандар даярлау мақсатымен Атырау мұнай техникумі ашылды. Сондай-ақ , «Ақтөбе мұнай-газ», «Теңіз мұнай-газ » секілді басқа да мұнай-газ өндіретін басқармалар мен бірлестіктер шаңырақ көтерді.

«Ембі мұнай» өндірістік бірлестігі Бас директорының басқаруымен бас-аяғы он бес жылдың ішінде Прибрежный (1974 ж.), Оңтүстік-шығыс Тәжіғали (1975 ж.), Шығыс Прорва (1976 ж.), Батыс Прорва (1977 ж.), Масабай (1977 ж.), Тегіс (1978 ж.), Досмұхамбетов (1979 ж.), Шығыс Көкарна (1979 ж.), Ботахан (1980 ж.), Ақ інген (1982 ж.), Ақ құдық (1982 ж.), Оңтүстік-шығыс Камышитовый (1983 ж.), Королев (1984 ж.), Оңтүстік-шығыс Жанабогат (1985 ж.), Мәтін (1986 ж.) мұнай кенішті кешендері ашылды.

1973 жылы Пустынный құрылымынан 3639-3658 метр тереңдіктегі түз күмбездері астынан мұнай, 3705 3711 метр аралығынан газ алынды.

Теңіз кенішіне тәжірибе жүзінде бұрғы салынып, 1976 жылы №1 ұңғыдан 3950 және 4050 метр тереңнен тұз асты мұнайына құбыр тасталды.

КСРО Геология министрлігі коллегиясының 1988 жылғы 10 наурыздағы Шешіміне сәйкес Бөлекбай Сағынғалиев Қазақстандағы Теңіз кенішін ашқаны үшін «Теңіз кенішін бірінші ашушы» дипломы мен төс белгісімен марапатталды.

Мұнай қоры 2 миллиард тонна шикізатты құрайтын Дүние жүзінде теңдесі жоқ Теңіз кенішін ашқаны үшін 1995 жылы Бөлекбай Сағынғалиев (жетекші) пен бір топ мұнайшыға Б. Елемановқа, Қ. Балжановқа, М. Балғымбаевқа, О. Есқазиевке, В, Авровқа, А. Хисметовке және Ж. Досмұхамбетовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты құрметті атағы берілді.

•1976-1986 ж.ж. – аудандық, қалалық, облыстық парткомның бюро мүшесі;.

•1981 1985 ж.ж. – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі;.

•Қазақстан Компартиясының XIV, XV, XVI съездеріне, СОКП XXVI съезіне делегат болып сайланды.

Республиканың мұнай өндірісін дамытудағы ерен еңбегі үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бір мәрте «Октябрь Революциясы» орденімен, басқа да мерекелік медальдармен марапатталып, бағаланды.

Үш мәрте Қазақстан Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасын алды.

Бөлекбай Сағынғалиев – Қазақстанның еңбегі сіңген мұнайшысы, КСРО Құрметті мұнайшысы, Инженерлік академияның академик-кеңесшісі, Минералды ресурстар Академиясының корреспондент-мүшесі.

•Бөкеңнің жұбайы Хадиша Хариқызы – педагог, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Зейнеткер. Екі ұлы да әке жолын қуып мұнайшы атанды, екеуі де кезекті білім деңгейін Америка Құрама Штаттарында көтерген.

•Асқар – геология-минералогия ғылымының кандидаты, Алматыда тұрады.

•Мұхтар – инженер-геолог, Астанада.

•Келіндері Гүлжан мен Әлмира – жоғары білімді мамандар. Гүлнәзи, Ғани, Мүслима атты немерелері бар.

ХАДИША

Адалдықты жақтадың,

Арамдыққа баспадың.

Дүние малға қызықпай,

Өзіме болсын демедің

–Елімнің қамы, – деп едің!

Жұмыссыз қалған жастарға

Қол ұшын беріп жебедің.

Солар тағы тозады деп

Уайым-қайғы жеп едің.

Алдыңа қойған арманың
Телегей теңіз мұнай мен
Сор жайлаған халқыңды,
Ел қатарлы өмірге

Жеткізу үшін тірлікке
Қанша бейнет көрсең де

Мұқалмады жігерің.

Еңбегің еш тұзың сор,

Болса дағы бір кезде

Шайлықпады жүрегің.

«Тәубе» дейміз бұл күнде

Ұрпағың аман ізбасар.

Істеген ісің оңалар,

Қамқор болған қауымың

Ілтипатпен еске алар!..

Академик-мұнайшы Бөлекбай Сағынғалиев ақсақал жасына келгенде жан жары Хадиша Хариқызының шабыт қысып шығарған жыр шумағы осылай болып келеді. Мағыналы да мазмұнды ғұмырдың жиынтық бағасы іспетті тұйғын жырдың авторына деген таңданысымды жасыра алмадым.

– Хадиша апа, мынау Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім...» деп басталатын семсер

жырының ізімен жазылған екен. Бұл, сірә, бірінші шығарған өлеңіңіз емес шығар?!

– Е, балам, Махамбеттей болу қайда, деп риясыз жымиып алған апамыз:

– Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Жастық шағымызда дүлділ ақын Иса Байзақовтың «Арзы қызын» жаттап өскен жайымыз бар. Бәлкім, соның әсері болар, оқта-текте, онда да той-томалақ та, туған күндерде арнау өлең жазып қоямын... деді.

Сөздің мәйегін білетін, сөз өнерінің құдіретін түсініп қана қоймай, оны болашақ ұрпаққа үйреткен әдебиетші апамыздың қайтарған қарапайым жауабы осы. Ары қарай өзің біл! Әдебиетті, оның ішінде жыр шумақ тарын былай қойғанның өзінде Бөлекбай Сағынғалиевтей тұлғаның, қазақтың біртуар азаматының жарты ғасыр жанында ыстығына көніп, суығына тоңып жүру де оңай міндет болмағаны анық. Қоғам қайраткерінің өмірлік қалыптасуына оның аяулы жары аз үлес қоспаған. Ойлы кейіпті Хадиша Хариқызының салмақты да сабырлы жүзінен, оның мағыналы әңгімесінен өз басым осы жайттарды байқадым...

Өлеңге қайта оралуға тура келді. О баста, шын мәнінде, Махамбет пен оның жырын тегіннен тегін салыстырмалы түрде еске алмаған екенмін! Міне, ғаламат, ойламаған жерден әулет тарихының жаңа парақтары ашылды. Хадиша апамыз кәдімгі Махамбет Өтемісұлының Қожахмет есімді туған ағасынан тараған ұрпақтың тікелей өкілі болып шықты. Исатай бастаған ұлт-азаттық көтеріліс хақында сөз болғанда тарих та, халық та көтерілістің жалын жүрек ұйымдастырушысы, ақиық ақын Махамбетті туған ағасы Қожахметтен бөле жарып қарамаған дейді. Ел арасында «атақ Махамбеттікі, қол Қожахметтікі» деген сөз осы күнге дейін бар. Зады бекер айтылмаса керек.

– Әкем Хари Жұматұлы біздің бала кезімізде жау жүрек бабаларының көзсіз ерлігін жыр етіп айтып отыратын. Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» поэмасын, қала берді Батырлар жырын таңға ұрып жатқа айта беретің, деп Хадиша апамыз қызықты бір әңгіменің шетің шығарып қойды.

– Арғы бабамыз Мәлі теңізде тұрған қатты дауылға ұрынып, қираған кемемен бірге суға кетеді. Содан жағалауда ес-түссіз жатқан 12 жасар баланы балықшылар тауып алып, Жайық беріштің ең сыйлы ақсақалына алып келеді. Ес жиған баланың еті тірілігін байқаған айтулы ақсақал бұдан былай Мәліні қасынан тастамай, өмірге баулиды, қыран құстай баптайды. Кейін бабамыз ер жетіп, есейгенде «Күл» деген ат қосылып, одан тараған күллі бір ауыл Құлмәлі атанған.

Мәліден Шыбынтай мен Өтеміс есімді ұл туған. Өтемістен тараған он баланың үшіншісі Қожахмет, төртінші бала Махамбет.

Махамбеттен Нұрсұлтан туған, одан Сауғабай, одан Шәкір, Мырзаәлі...

Қожахметтен Лұқпан, одан Жұмат, одан Хари, одан Сифат, Мұхамбетжан, Сейіл. Сейілдің балалары Ғалымжан, Бауыржан, Қайсахан...

Біздер көп балалы отбасында өстік. Ағамыз Сифат Хариұлы 20-ыншы жылдары нағашым Сыдиық Кейкиннің ақыл-кеңесімен Оралда оқып, сауатты һәм байсалды азамат санатында қызметке ерте араласты. Біздің үй ішіндегі асыраушымыз әрі тәрбиешіміз болды. Сол кісінің арқасында Мұхаметжан мен Сейіл ағам, Сәлима апам жоғары оқу орындарын бітіріп, өнегелі еңбек етті.

Анамыз Сағира Қосанқызы да мұсылманша жақсы дәріс алған, сауатты кісі еді. Қаншама қиын-қыстау сын сағаттарды басынан кешірген сәтте де ораза мен намазын ұмытпай, бұл дүниеден бір ауыз жаман сөз, бір түйір ауыр сөз айтпай өтті. Әкеміз Хари да сондай тумысынан момын жанның бірі еді. Егер менің бойымда, ағаң қош көрген жақсы қасиеттер болса, ол тек қана сол ата-анамнан жұққан, дарыған оң тәрбиенің арқасы деп білгейсің, деген Хадиша апам алдыма бір бума сурет әкеліп жайып тастады. Осыдан кейін әңгіме арнасы да өзгеріп сала берді.

Шіркін, жастық шақ...

Ғажапты қараңыз: ұлы сыйластық, мәңгілік махаббат, сырлы сезім, шынайылық белгісі бәрі-бәрі осынау ғажап суреттер арқылы таусылмастай сыр шертіп түр. Бақыт құшағында масайраған балдай тәтті аяулы да сәттер, еңбектеген баланың ер жеткені, атпал азаматтың ақсақалға айналуы дейсіз бе уақыт көші түгелімен қамтылыпты. Ал енді мынау өндіріс тақырыбындағы суреттер легін бейне кино таспа дерсің. Бөлекбай ағамыздың өндіріс табалдырығындағы әрбір қадамы қалт жіберілмеген. Бүкіл саналы ғұмырын қазақ мұнайының атағы мен даңқын шығаруға жұмсаған өндіріс тарланының тынымсыз өмір жолындағы айшықты іздері сайрап жатыр.

...1951 жылы Мәскеуден білікті маман болып оралған Бөлекбайды Доссор мұнай өндіру.

кәсіпшілігі аяғын жерге тигізбей шебердің көмекшісі етіп қызметке алды. Сондағы Бөлекбайдың алғашқы байқағаны, 1946 мен 1950 жылдың аралығында, яғни бұл Мәскеуде оқуда жүргенде, Комсомол, Қошқар, Тентексор мұнай кәсіпшілігінің қатарына жаңадан Бекбике мен Мұнайлы, Қаратон қосылыпты.

Қайнаған қара жұмыстың қазанына алақанын ысқылап, қойды да кетті Бөлекбай. Өндірісте әдеттегідей техниканың аздығы мен маман жұмысшылардың жетіспеушілігі байқалып жататын. Бірақ, жыл санап қатары өскен қазақ мұнайшыларының абыройлы іске ынтымақ таса жұмылуы мен берекелі талпынысы жас инженерді қуантпай қоймайтын.

Кейде Бөлекбай күллі осынау мұнайлы алқаптың қамын жейтін жалғыз жан тек өзі сияқты көрінетін. Өйткені, мұнай кәсіпшілігінің қым-қуыт ісіне он бес жасынан араласып, өндірістің тынысын жүрегімен сезіп өсті, қолымен ұстап, көзімен көрді. Білімі жетіліп туған жерге оралғандағы жас жігіттің бар арманы, ең алдымен, жұмысшылардың жағдайын түзеу еді. Жұмысшылар мен инженерлердің Ұлы төңкеріске дейін қалыптасқан әдіс-тәсілмен еңбек етіп жатуы Бөлекбайды қатты ойландырып тастайтын. Байқағаны, жоспар орындау бірінші, мұнайшының тұрмыс жайы, әлеуметтік жағдайы екінші сатыда тұр. Атам заманнан жердің де, кеніштің де, тіпті бүгін өркен жайған мына өндірістің де иесі осы жердің халқы қазақтар. Өндіріс пен оның орындаушысына деген көзқарастың үлгісі осылай қалыптасып кете берсе, киелі аймақ тың ертеңгі күні не болмақ ?

Мұның бәрін ойлау бір басқа да, іс жүзіне асырудың салмағы бес батпан. Жігері жалын атып тұрған жас маман, әрине, оның бәрін де ой елегінен өткізіп үлгерген. Бойындағы мақсат-мүддесі мен іскерлік шеберлігі үйлескен дарынды инженердің алдында адастырмас, алдамас даңғыл жол жатты. Мейлі өндірістік, мейлі әлеуметтік қандай да бір істе болмасын тақ - түк, нақ - нақ жүретін Бөлекбайдың абыройы да өзі жүрген ортада күн санап өсті. Қызметі де жоғарылап жылжи берді. Айналдырған алты-жеті жылдың ішінде Бөлекбай Сағынғалиев оператор, шебер, цех бастығы, бөлім меңгерушісі, бас инженер қызметтерін атқарып тастады. 1958 жылы Қазақстанның мұнай бірлестігіне мұнай және газ өндіру бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Сондайлық лауазымды қызметтер атқарып жүргеніне қарамастан, қара жұмыстан еш қашып көрмепті. Өйткені, ол оның өзі кеше ғана жүріп өткен жолы. Өндіріс сатысымен бұлай өрлеу екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Ақиқатында талантты жастың болашағы айқындалып келе жатқан, яғни, алда оны құзырлы дәрежесі жоғары қызметтер күтіп тұрған... Алайда, біз кейіпкеріміздің еңбектегі өсу жолдары тізбегін дәл осы жерден үзіп, аздап қана лирикалық шегініс жасап қоюға мәжбүрміз.

Қошқар мен Мақат, Доссор мен Қаратон мұнай кәсіпшілігі басқармасында бас инженер қызметің атқарып жүргенде... Бөлекбайдың астында сақырлаған «полуторкасы» болды. Сонымен Доссордан Қаратонға дейін екі аралықта шаруа жайлап қайтатын, Бөлекбай соңғы кездері күпәйкесін шешпеген күйі кештетіп, түнделетіп кейде, тіпті, тал түсте төтелеп Гурьевке өтіп кететінді шығарды. Жас маманның өзіне ғана мәлім бір сыры бар еді... Ол Хадишаны сүйетін. Әрине, махаббат өндіріс алаңы емес. Бұл арада сенің техникалық жоғары білімің қауқарсыз. Топ басқарып жүрген талантың да титтей көмектесе алмайды. Бар гәп, жүрек те. Жүрекке әмір жүрмейді. Десе де, қаладағы педагогикалық институтты ойдағыдай тәмәмдаған Хадиша сұлу мұнайшы жігіттің әр сапарындағы әр қимылы мен әр сөзіне шұқшимағанымен, сынай қарайтын сәттері бар еді. Бұйығы ғана мінезі бар, бадырақ көз ілтипатты осы жігіттің бойында, әйтеуір, бір тартымдылық барлығын іші сезетін.

Бұйрық екен, екі жас отау құрды.

Ембі аймағына сыйлы азамат Сағынғали Халықберген ұлы мен оның бәйбішесі Зиядаға ауыл-аймақ құтты болсын айтты. «Қыңқыл-сыңқылы» жиілеп, құрыс-тырысы көбейіп кеткен қарттар Бөлекжаны келін түсірген соң кәдімгідей қаужаңдап, қуанысып қалды. Жас келіннің қырдағы ауылға келіп, өз қолынан ыстық шәй құйып бермесіне көздері жете тұра мейірман әке мен шеше қолдары ұзарғанына қатты қуанды. Бөлекжанның жұмысы ауыр, өзі де тынымсыз. Қасында болып," ас-суын әзірлеп, киім-кешегін тазалап, бүтіндеп тұратын, әйтеуір, біреу болуы керек қой. Сағынғали қарт көп сөйлемегенімен, бәрін де іштей түйіп, қажет кезде баласына айтар ойын қымсынбай төтесінен жеткізе алатын мінезден де кенде еместін. Алайда, ақылына айбаты, тірнектеп жиған білімі сай азамат болып өскен ұлына тек қана ризашылығын білдіріп, іштей тәуба жасап отыратын. Кемпірі екі бастан шалының айтқанына «мақұл». Тек ана көңілінде баласынан ұрпақ сүйіп, осы әулеттің өрісін кеңейсе деген ізгілік үміт бар болушы еді...

Әдебиетші әдемі жас қыз сүйікті жарының табалдырығынан аттап тұрып өзі үшін өндірістік өмірдің басталғанын байқамай да қалды...

– Осындай байлықтың үстіңде отырған қазақтар Америка үндістерінің кейпін оқшауланған өмірін кешпеуі керек қой, деп ашынып отыратын Бөлекбайдың сөзіне талай құлақ қойған Хадиша. Жарының жөн-жосықсыз сөйлей салмайтынын жақсы білетіндіктен де бас шұлғып, мақұлдайтын да қоятын. Үлкен өндірістің аумағында шешімін табуға тиісті мәселелер шаш етектен, онымен Хадишаның басын ауыртып қайтемін дейтін де шығар. Онысын жуып-шаюдың амалымен кейде келіншегін кәдімгідей еркелетіп:

– Сен Ембінің болашағын оқытып жатырсың, сенің ісің адал, міндетіңді абыроймен орындап жатырсың, осы бағытыңнан қайтпағайсың. Мен сен үшін сол ісің үшін де қуанамын... деп мәз-мәйрам етіп, жадыратып қоятын. Ал мен мұнай инженері ретіңде оларға жағдай жасауым керек...

Әйткенмен ол өндіріске қатысты ішке бүккен сырын шашпайтын. Отағасының жанын жегідей жеп, мазасын алып жүрген көкейінде бір жайттың барын сезетін Хадиша. Әлденеше рет оқталып сұрағысы да келген. Бірақ, мәселе өндірістік тақырыпқа ойысса болды, «Жарқыным-ау, соған бола шаршап қайтесің. Бір менің басым ауырып жатқаны да жеткілікті емес пе?» дері айдан анық. Сол себепті, де Хадиша өзіне қатысты әңгіме аумағының шеңберінен шығып көрген емес, шықпайды да. Кенеттен бір шешіліп, ақтарыла сыр ашып, арқа-жарқа болатын кездерді қайтерсіз! Ондай сәттерде келіншегі де Бөлекбайдың бүгін көңілдегі бір шаруасының біткенін айтпай ұға қояды, қуаттап, қуанышына ортақтасып мәре-сәре болып қалады.

1960 жылы республикада жаңадан құрылған Халық шаруашылығы Кеңесіне мұнай бөлімінің бастығы болып бекітілген Бөлекбай Сағынғалиевті партия мен үкімет арада үш жыл өтер-өтпестен Алматыға шақырып алды.

Атыраудың аңызақ желі мен аптап ыстығынан кейін Алматыға жайласқан жас маманның отбасы демалыс орнына келгендей күй кешті. Тәні де жаны да мұнайшы костюмі мен бұрғының гүріліне үйренген Бөлекбай мынадай мамыражай шенеуніктік қызметке алғашында үйрене алмай тосырқап жүрді. Уақыт бәріне төреші. Ел астанасы мұнай өндірісі қарыштап алға басқан республиканың осы саладағы жоғары сатысына өзі бұрғы салып, өзі «қара майды» қолымен ұстап көрген әрі мұнай өлкесінің үлкенді-кішілі ұжымын басқарған білікті маманға зәрулік танытуда еді. Іздегенге сұраған, Бөлекбай Сағынғалиев сол себепті де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ауыр өнеркәсіпті басқаратын бөлім бастығының мұнайға бақылау жасайтын орынбасары болып тағайындалады. Елдегі, скважина басындағы түйткілдерге мемлекетті басқару аппаратының төрінен баға беру басқа екен.

Оның салмағы мен Құзыры да өзгеше. Қарапайым ғана өндірістік қажет шаруаның жүзеге асуы сөзбұйдалыққа салынып, сатыланып, аяғы сиырқұймышақтанып кететін. Бөлекбай өзі қызмет атқарып отырған салада ең алдымен ондай көпе-көрнеу кемшіліктерге жол береді. Байқайды, бұған төмендегі әріптестері де қуанбаса, ренжіп жатқаны жоқ. Облыс көлемінде құзырлы қызметтерің бірқыдырау саласында басшылық жасап тәжірибе жинақтаған маманның республика көлеміндегі қызмет-басқару ауқымы зорайды. Тәжірибесі толысты. Аузын айға білеген партия-кеңес қызметіңің саңлақтарымен иық түйістіріп, қызмет етті. Өмірлік маңызы зор мұндай ұшырасулардың да пайдасы зор болмаса, кем болмады. Аса көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ Кеңестік Социалистік Республика сының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болып, ғақлия тыңдаудың өзі неге тұрады. Мұндай кездесу бір емес бірнеше рет өтті.

Халық шаруашылығы қарқындап өсіп келе жатқан Қазақстанның басқару аппаратында содан Бөлекбай Сағынғалиев табан аудармай алты жыл қызмет істеді.

Ісі мен еңбегі, білімі мен біліктілігі үйлескен азаматтың қызметтік өсу жолы мұнымен шектеліп қалмады.

«Алматының ауасы ішіме жақпай жүр» деп, кейде жұбайына әзілдеп қоятын Бөлекбай. Бұл әзілің астарын Хадиша түсінбегенде кім түсінсін. Бөлекбайдың түсіне мұнайлы Ембісі кіріп жүргенін Хадиша да іштей сезетін...

Ақыры азаматтың дегені болды, арманы орындалды. 1971 жылы бес қаруын бойына алған Бөлекбай Сағынғалиев Атырауға «Ембімұнай » өндірістік бірлестігінің бас директоры қызметіне тағайындалды.

АҚЖАР

Осы күні ғалымдарымыз бен саясаткерлеріміз әлемге «Ғасыр жобасы» атауымен танылған Теңіз кенішін тікелей Бөлекбай Сағынғалиевтің өмірімен байланыстырады. Құптарлық пікір. Бұл орайда қазақтың зиялы азаматтарының бірі, белгілі қоғам қайраткері Саламат Мұқашевтың айтқаны солардың ішіндегі ең асқағы дегеніміз, сірә, жөн шығар.

«Теңіздің» тарихы Сағынғалиевтің өмірін баяндайды, дейді ол кісі. Ал, оның бойындағы асыл қасиеттер де осы алыппен алысқан жылдары жарыққа шықты. Дей тұрғанмен, Бөлекбайдың ынтасы болмағанда аталмыш кеніштің пайдасын анағұрлым кешірек көретін едік деп қаймықпай айтуға дәлелді деректер жеткілікті. Ол кезде тұз қабаты астына бұрғы жіберу батылдық қана емес батырлық еді...»

Өзі де мұнайлы өңірде туып-өскен, өмірдің ащысын да, тәттісін де көрген, ел басқарған белгілі азаматтың белгілі мұнайшыға мұндай баға беруі тегін емес. Бұл тұста Саламат Мұқашев өзінің көз алдында өткен оқиғаларға сүйенгені анық. Сол себепті де кәнігі де кәсіби мұнайшыға іш тартқаны байқалады. Өйткені, жаңалық ашамын деген ынта өз алдына, ондай ғаламдық мәні бар жобаның орындалуы екі бастан «екі шоқып бір қарап, сақ отыратын» Мәскеудің құзырындағы іс екені даусыз. Аста-төк мұнай өнімнің болатынына ғылыми тұрғыда көзі бір жетсе, бір жетпей толқыған Мәскеу қаншама жерден Сағынғалиев идеясына қолдау көрсеткен сыңай танытқанмен, жеме-жемге келгенде тұрақтылық танытпай, тайып кетуі мүмкін-ау! Өйткені, болашағы әлі де айқындалып болмаған, нақтыланып бітпеген жобаға сөз жоқ орасан зор қаражат бөлініп, аса ауқымды іс атқарылуы тиіс.

Ерте ме, кеш пе Ембінің тұз күмбездері асты мұнайына байланысты әңгіме қозғалар күн туғанда, бүйірден әлгіндей саясаттың араласатыны сөзсіз еді. Бірақ, Бөлекбай Сағынғалиев алғашқы сағаттан еш мойымады. Өйткені, ол бұл жобаның болашағына, түбінде оның нақты жүзеге асатынына өз басы аса сенімді еді. Өз басы үшін мұндай мүмкін діктің ендігәрі қайталанбасын да түсінеді. Сондықтан да бұл істің басталуы еш кешеуілдегені жөн! Ол жастық шақтағы студенттік арманының бүгінде нағыз көзсіз құмарлыққа, кәсіби мұратқа айналғанын шын ұқты. Оның мүддесіне жету үшін терең біліміне қоса қыруар құш, қажыр-қайрат жұмсалатынын да түсініп тұр. Ендігі жерде тайсақтап, шегінетіңдей ол соншалықты жасық та жан емес. Байырғы мұнайшының баласы осылайша тастүйін бекінді. Ол кейде арман, кейде ой жетпес қиялдай көрінген тұз төбелердің астындағы мұнай теңізіне бұдан әрі кешіктіре бермей қалайда зәкір салуды бұлжымас мақсат тұтты!

Ол үшін алдымен жаңа бағыттағы, тың бағыттағы мұнайшылар армиясын дайындау қажет. Құрделі іс әлемдік ең жаңа озық технологияның құшімен жүзеге асуы тиіс. Бәрін де құшті қысымға, болаттың өзін балқытып жіберетің ыстыққа, қала берді күкіртке төзіп беретін құрал-саймандарды сақадай сай етіп даярлаудан бастау керек... Жо-жоқ , алдымен қолда бар геологиялық, геофизикалық зерттеулерді бір жайлы етіп қаттап, қатталмағаны болса қайта бұрғы салып, бақылау-барлау жұмыстарын бір жүйеге түсіріп алу керек.

Мұның бәрін де ой таразысынан асықпай-саспай салмақ тап, електен өткізді. Өткізді де.

өндірістік бірлестіктің күнделікті қым-қуыт тіршілігіне бел шеше кіріскен бас директор ғасырлық жобаның әліппесін, бірақ... Ақжардан бастады.

Ол адам танымастай өзгеріп сала берді...

Әрбір күні мен сағатын есептеп, қалта дәптершесіне жазып қоюды дағдыға айналдырды. Сонымен, жүрек лүпілімен алғашқы қадам жасалды...

Жас басшының Атыраудың өкпе тұсынан мұнайшылар кентің салу туралы бастамасын халық сөзге келмей бір кісідей, бір ауыздан қолдады. Жұрт ты жас басшы жігіттің ең алдымен аса қоңыржай қарапайымдылығы тәнті етті. Қарамай күпәйкені қиіп алып, бұрғы басында қара күшке салып жұмыс істегені де көрініп тұр. Соған қарамастан сөздері шегедей, алысты болжап, тереңді тұп-тамырына дейін қозғап, мәдениетті танымды сөйлейді. Анау-мынау емес, Алматыда тың қол астында құзырлы қызмет атқарғаны да бір төбе. Пікірінің ұстамды, ойының нақты шығып жатқаны, сірә да, сондай биік орынтақтарда қалыптасқан өмір тәжірибелері шығар.

Бөлекбай сол күні мұнайшы қауымының өзіне деген ізгі ілтипаты мен ыстық ықыласын сезген. Осынау ортақ мүддедегі түсіністік, тіпті, ынтымақ тастық дейікші, жүрегі аттай тулап шабыс тілеп тұрған жаңа басшының жігерін жани түскендей болды. «Жолыңа кедергілер қойылып, кертартпалардың кездесері де қақ, оған да сақ әрі дайын болған ләзім.» Ішкі сезімі осылай деп, ескертіп үн қатты...

Бұл жалпы мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жөніндегі қысқа мерзімге арналған жоспарын жайып үлгергенше мемлекет өз тарапынан бұған бөлінетін қаржының тапшылығы мен шектеулілігі туралы ескертіп үлгерді. Бірақ, Бөлекбай жұрт жаппай жақтап отырған бастамаға мұндай «қолдау», тіпті де, қолбайлау болады деп есептемеді. Өйткені ол тосын тығырықтан шығудың барлық жолдарын алдын-ала қарастырып, өз байламын жасап қойған.

Өндірістік бірлестіктің жаңадан тағайындалған бас директоры ата-бабаларымыздың халықтық дәстүрімен, алдымен асар ұйымдастырды. «Ә» дегеннен жақтастары мен мүдделестерін тапты. Шынын айтса, Бөлекбай Сағынғалиев өзін қолдаушылар легі дәл осындай көп болады деп күтпеген. Байқап отырса, өзі бас болып, халық қос көріп қозғалған іс осылай жалғасын табуы тиіс те екен ғой...

Мұнайшы қауым мұндай бастаманы, тұрмысы үшін қажетті жақсы қадамды сонша жылдардан бері сарыла күтіп жүрген екен. Құмдауыт сортаң даланың о қиыры мен бұ қиырындағы жатаған ауылдарда шашырап, тек қана өндірістік жоспармен «азықтанып» күн кешкен жағдайсыз халық «өзіміз үшін бұл үйреншікті, лайықты тіршілік» деген үғымнан бір мезетте арылды. Әрине, жаңа басшының арқасы... Бір сөзбен айтқанда, Бөлекбайдың мұнайшыларды жылу мен жарыққа, ауыз суға жақындату туралы алғашқы идеясын қазыналы аймақтың тұрғындары тосырқамай түгел қолдады. Өзі әуелден солай болуы тиіс екенін, алыс-жақын шенеуніктер де түсінген секілді. Бірақ,.

«Түйенің жегені жантақ , естігені айқай...» Әуе жайдан түскеннен қабақтары салбырап, «Отанға мұнай керек, ал сіздер мойындарыңызға алған міндеттеріңізді орындай алмай жатырсыздар! Мен сол үшін де мемлекеттік уәкіл ретіңде келдім мұнда» деп ылғи да міндет ете, кекірейіп келетің мәскеулік құзырлы шенеуніктер мұнайшылар тұрып жатқан ауылдарды аралай жүре әуелгі кесірлі райларынан қайтатын. Жайық пен Жемнің арасында өткен ғасырдың басынан бері игеріліп келе жатқан мұнайдың тарихын жақсы біледі олар, Отан соғысында Ембі мұнайы қатерлі жаудың бетің қайтарғанынан да бек хабардар олар. Бірақ та, ғарышқа адам ұша бастаған мынадай ғылым мен техниканың дамыған заманында түкпірдегі кеңес халқы дәп осылай ұсқынсыз өмір сүріп жатыр деген олардың ой түгілі санасына да кірмеген болып тұр ғой демек?! «Қазір мемлекеттің тұрмысы жақсарды, Отанға берілетін мұнайдың да мөлшері көп болуы тиіс!» Тек қана осындай идеологиялық рухпен «қаруланып» алған Үлкен шенеуніктер ен даланың түкпірінде «тайдың жемін жеп, аттың жұмысын атқарып жатқан» көнбіс халықтың, мұнайшылар қауымының әлеуметтік-тұрмыстық мұқтажын ұмыта беретің. Рас, Мәскеуге қайта ұшар сапарында «мынадай қатал табиғаттың сынына шыдап жүрген қайсар халыққа ескерткіш орнату керек» деген жебеу, мүсіркеу сөзін айтып қалуды ұмытпайтын. Ескерткіштен бұрын бұл халыққа бәрінен де күнделікті тұрмысын, жағдайын түзеу қымбат еді. Қарапайым мұнайшы да кез-келген қаладағы, мейлі ауылдағы қарапайым еңбек адамы секілді, былайша айтқанда, жұрт қатарлы ауыз су ішсем, балаларын жылуы бар, жарығы өшпейтің мектепте оқытсам деп армандайды екен!

Ұлтының мұқтажын, қазағының қажетін заманның ағымына сай үйлестірмек ниет танытып шырылдаған білікті инженер Бөлекбай Сағынғалиевтің айналасына өзі жаңадан басшы болып келген ұжымның жұдырықтай жұмылып, топтана қалу да сондықтан. «Басшымыз – біреу, қалғанымыз – тіреу» деген осы ендеше!

Асар басталған алғашқы күні өндіріс мамандары мен жұмысшылары алдында Бөлекбай қысқа қайырып сөз сөйлеген. Сөйлегенде асып-тасып ештеңе айтпады ол, бірақ, дәл осы жерде алдағы екі жылдың ішінде кеш түссе көшелері самаладай жарқыраған, жылуы мен ауыз суы жеткілікті мұнайшылар поселкесінің тұрғызылатынына сөз берді. Ол үшін сенімді екенін жеткізді. Жұрт қошаметтеп, қол соқты. Бірақ басшы жігіт бәрін де сіздер мен біздер өз қолымызбен, өз күшімізбен жасаймыз деуді де ұмытпады. «Алматы мен Атыраудың жағдайын салыстыруға келмейді, мынау жас жігіт құлашын қалай-қалай сермейді өзі, ә!..» деп күмәнданғандар да бар еді.

Бірақ, өндірістің басында, бұрғының қасында түнеуге уақыт тапқан бас директор тұғыр тасы қаланған құрылыс алаңынан да жиі бой көрсетіп жүрді. Қолына күрек алудан да еш қысылмайтын. Көп кешікпей Маңғыстаудан алғашқы бір вагон ұлутас келді. Асар замана талабына, уақыт ағымына сай сенбілік атауына ұласты... Бірақ, бәрі де ойлағандай болып жатыр деуге әлі де ертерек еді.

Хадиша ас үйде жүрген.

Қолын сүртіп жеткенше тыным таппай шырылдап тұрып алған телефонның құлағынан көтерді.

– Иә...

– Әл-ләу, әллеу... Бұл Бейнеуден ғой, Бейнеуден...

– Иә, иә тыңдап тұрмын, – деді Хадиша.

– Бұл қабылдау бөлмесі ме?

– Жоқ. Қателестіңіз...

Сәлден соң телефон қайта безілдеп қоя берді.

– Әл-леу...

Тағы да сол таныс дауыс.

– Әл-леу, бұл....

Қырыл-сырылдың арасынан бейтаныс жанның даусы үзіп-шалып естілді.

– Қайдағы қабылдау бөлмесі, сіз Сағынғалиевтердің пәтеріне қоңырау соғып тұрсыз, – деген Хадиша телефонның құлағын орнына қоймақ болған еді, телефонның арғы бетіндегі азамат, мына сөзді естігенде, тіпті, қуанып кеткен сыңай танытты. Асығып-аптығып бір айтқанын екі айтып, қайталай берді.

– Иә, маған керегі де сол кісі... Сағынғалиев! Сағынғалиев...

– Ол кісі жұмыста ғой...

– Ол кісі жұмыста жоқ ...

Байланыстың шалажансарлығы деген осы. Әлгіндегі дауыс тағы үзіліп кетті.

Хадиша әуелгіде бұл тосын қоңыраудың мән-жайына жете түсіне алмай тұрған. Кенет, Бөлекбайдың өткенде бір айтқаны есіне сап етіп, түсе кеткені.

Бас директор бөлмесінің оңдалу үстіңде екенін құлағы шалып қалған сонда. Сол себепті отағасы қызмет бабына орай, сірә, үйдің телефон нөмірін берген болса керек.

– Сағынғалиевтің үйі болса, біз Бейнеудегі карьерден үш вагон тас артып жібердік... Сол

туралы ол кісіні хабардар етсек деген едік. Келісім-шартты өткенде өзі келгенде жасап кеткен.

Мән-жайды тез ұғынған Хадиша:

– Айта беріңіз, мен жазып алуға дайынмын, – деп сақ ете қалды.

Хадишаның өзі де мектептен жаңа ғана келіп, бір кесе шәй ішіп үлгерген беті еді. Кешкі астың қамында жүрген, енді міне, қара қазан жайына қалды...

– Қалай дейсіз, қандай вагон дейсіз, қайталаңызшы... Бүйіріндегі нөмірі дейсіз бе... А, борт нөмірі дейсіз бе?! Сағат жетіде шығады... Гурьевке қашан жетеді? Иә, Ақжарға, Ақжарға ғой...

Бөлекбай Алматыдан келгелі тұрақтап үй көрмей жүр. Қашан көрсен де аймақтағы күллі мұнай кәсіпшіліктерін аралап шапқылаудан қолы тимейді. Өте кеш келеді, оразасын ашқан бойда, таңмен таласа қайта кетеді. Осы екі арада «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің Ақжардағы бір кісідей ұйысып бастаған құрылысының сұлбасы да көзге көріне бастаған.

Қала мектебіне жаңадан қызметке тұрған мұғалиманы төңіректеп, ықылас пейіл танытушы мұғалім әріптестер Хадишаның бірлестікке жаңа бастық болып келген Сағынғалиевтің келіншегі екенін біліп те алған. Өндірістің бас директоры туралы қала бойынша жақсы пікірлер айтылуда дегенді сол әріптестерінен естігенде, табиғатынан аса салмақты да сабырлы деген Хадиша ханымның өзі іштей жадырап қалғаны бар. Риясыз ғана жымиып, әріптестеріне рахметін айтқан.

Отағасы әдеттегідей түн ауа оралды.

Жол соқты болып шаршағанына қарамастан, аса көңілді екен.

Хадиша көп созбай ертеңгісін Ақжарға келетін үш вагон тас туралы бірден «есеп» берді. Жіберушінің берген, өзінің жазған мәліметіңің бәрін Бөлекбайдың алдына тастады.

Өзі де жадырап, жайсан отырған отағасы тіпті қуанып кетті.

– Мамасы-ау, сен болмасаң менің күнім не болмақ ? Әй, бәрекелде, жігітгер, сөзінде тұрыпты. Әй, балалардың мамасы, саған да рахмет...

Тамақ үстіңде Бөлекбайдың бүгінгі қуанышының сырын ашты.

– Министрліктің соңғы коллегиясының отырысындағы менің талабымды қарап, оң шешіпті. Маған енді бұдан артық үйдей бақыттың керегі жоқ, – деп қатты қуанған жұбайының көңіл толқынысын Хадиша бірге бөлісті.

Ақжардағы құрылысқа қатысты қилы-қилы әңгіменің аужайынан Хадиша да тиіп-қашып естіп жүрген, кәдімгідей хабардар болатын. Қарапайым мұнайшылардын жана бастығын тым қатты қолдағанын қос көрмеді ме, әйтеуір, бірлестіктің өзінен, республикалық басқармадан, тіпті, Ақжардың жаңғырығы ол жаққа да жеткен екен, министрліктің өзінен де кеңселік мазмұндағы әңгімеде Сағынғалиевтің бастамасына қарсы шығушылар да бар еді. Қысқасы, жұмысшы қауымға білдірмей шенеуніктер тобы Сағынғалиевке «екінші майдан» ашқан. Олар ең алдымен мұнайшыларды жағдайсыз, жайсыз болса да үйреншікті «жылы » орнынан қозғағылары келмеді. Мемлекеттің қазынасын өз қолымен күреп тауып толтырып жатқан жұмысшыдан сол қаражатты жұмсауға аяды. Екіншіден, Сағынғалиев ұсынғандай, қала типтес кенттен кәсіпшілік басына мұнайшылардың уақытпен санасып вахталық әдіспен барып, жұмыс істеуін де қолдамады. Бірақ, ащы шындық, дәлелді қағидаттар аяусыз айтылған айтыстың ақырында жеңіс Бөлекбайдың еншісіне берілді. Бас директордың сәл-пәл ойланған кісінің санасы мүдірмейтіндей етіп жасаған тұжырымдамасы қарсы жақтың аузына құм құйды.

– Өзіміздің ұрпақтан қолда барымызды аянатындай бізге не көрінді соншама, деген бас директордың сөзі талайдың шымбайына батып та кетсе керек. Мүйізі қарағайдай бедел иелері үнсіз.

Бас директор ойын сабақтап алса керек, сөзін ары қарай жалғады.

– Шекемізден мүйіз шықса, ата-бабаларымыз сол скважинаның басында осы ғасырдың басынан бері ың-шыңсыз да тұрып келе жатыр ғой. Тұра беретіңінде де ешкімнің дауы жоқ. Бұл жерде болашақ ұрпағымыздың жайын ойласқанымыз жөн болады, ағайын. Сарықамыс пен Прорвадағы, Байшонас пен Ескенедегі халықты Гурьевке жақындатайық. Ертең балалар өсіп, ер жетеді. Астымыздағы жатқан халықтың игілігінің қызығын ең болмаса сол ұрпақ көрсін. Ол үшін балалар осында ашылған мектептерде оқығаны абзал. Халықтың да тұрмыс жайы жақсарады. Мен болдым, егер осы орайда қарсы пікір айтамын деушілер болса, сөз сайысын жарыстыруға мен қашанда әзірмін.

Тікелей бетке қарсы шыққан ешкім болмады. Бір жағынан, әлгіндегі Бөлекбайдың ашына айтқандары бойында намыс оты бар талайдың жүрегіне жылы тиген тәрізді.

Жиналыс тараған.

Бірақ , сол бойы жоғары жақтан иә «дұрыс», «иә» бұрыс деп қит еткен әңгіме болсайшы...

Қарапайым халық қатардағы еңбек ұжымы да астыртын өткен айқастың мазмұнынан хабарсыз сияқты сыңай танытуда. Қолы босы қалашықтың құрылысына кезектесіп қолғабыс беріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс бастапқы қарқынынан танбады. Есепке жүйрік өндіріс басшысы мекеменің бюджетіне қол салмай, көз алартпай-ақ құрылыс материалдарын тау-тау етіп үйіп тастады... Қайда барса да Сағынғалиевті.

құшақ жайып қарсы алатындар табылады, әйтеуір.

Болашақ Ақжардың тұрғындарына арналып көкөніс өндітін қосалқы шаруашылық құрылды. Жайықтан осылай қарай ауыз су тартарын қаналдың да жобасы жасалып қойылған. Таудан аққан тасқынның арыны жолындағы бөгет, тосқауылға қарамайтыны секілді басталған бұл істің де екпіні қатты болатын...

Алған бетінен қайтпайтын Бөлекбайдың мінезіне Хадиша отау құрған осынау жылдар ішінде әбден қанық болып алғанды. Кейде жұбайына іштей аяушылық білдіріп қана қоятынды шығарған. Бүгін, міне, ақыры дегеніне жетіп отыр!

Министрлік әлгі өзіміз осында жобалап жүрген тұрғын үй мен бір бала бақшаға қосымша тағы бір бала бақша мен орталау мектептің, дәрігерлік амбулаторияның, алғашқы лепте 20 тұрғын үйдің, сондай-ақ бір жылу қазандығының сметалық жобасын жасап, айдың аяғына дейін тапсыруымызды өтініпті.

Сағынғали Бөлекбаев бастаған құрылыстың екінші кезеңі ауқымы жағынан да, аумағы жағынан да мүлдем басқаша сипат алды. Әрине, Ақжарға соншама жерден, соншама халықты көшіріп келу де оңай шаруа болмады, бірақ жүзеге асты. Екі жылдың ішінде Ақжар да түрленіп, жаңа жобадағы салынған мұнайшылар қалашығына айналды. Қала ішінен мұнайшыларға арналған тұрғын үй салу қолға алынды. Ең алдымен облыс орталығында сан-салалы мұнайшы мамандығын даярлайтын техникум ашылды. Одан соң ондағы мұғалімдерге арналып тұрғын ұй, студенттерге арналып жатақхана салынды. Бір ғажабы, әрбір атқаратын ісін алдын-ала жан-жақты ойластырып, пысықтап алатын Бөлекбай Сағынғалиев осынау құрылыс дүрмегінің арасында бар беделін сала жүріп, Гурьевте Алматы политехникалық институтының филиалын ашып алды.

ТЕҢІЗ. ТЕҢІЗГЕ!..

Құрылысты жайымен бастап алған Бөлекбайдың көкейіндегі шоғы сөнбеген ескі арманның оты қайта маздап, мазасын алды...

Бұл арада өндірісте геофизикалық, бұрғылау-барлау, іздестіру жұмыстарының сапалық әрі сандық өлшемдерін көтеру міндетін қайта қарау қажеттілігі өзінен-өзі туып тұрған. Діттеген арманға апаратын бір жол сол. Одан соң да тізбектеліп, біріне-бірі жалғасып шыға беретін жолшыбай шаруалар шаш етектен толып жатыр.

Одақтық министрліке телміртіп қойған заман ғой!

Бөлекбай Сағынғалиев Алматыдан гөрі Мәскеуге жиілетіп баратынды шығарды. Қай кезде де «жыламаған балаға емшек бермейтіні» бар ғой. «Құр қол» бармайсың сірә! Бұрынғы соңғы барлау-зерттеу жұмыстарының барлық өлшемдері мен кескіндемелерін бума-бума папкіге салып барасың. Онда да сені жылыұшырап қарсы алуға дайын тұратын ешкім жоқ. Құжаттар нақты, қысқа, айтар болжамдарың мен тұжырымдамаларың жып-жинақы, тап-тұйнақ тай болу тиіс. Әйтпесе бәрі іс басында жүрген адамдар, уақыт тапшы. Мәскеуге малтаңды езіп отыру үшін бармайсың ғой! Сол себепті бәрі де алдын ала он ойланып, жүз толғанып атқарылатын іс әрекеттер.

Екі аралықтағы тынбай шапқылау нәтиже түпкі нәтижесін беретін сықылды...

Мәскеуге соңғы сапардың қорытындысы жаман болмайтынға ұқсайды. Ең қызығы, Саратов пен Краснодардың, Волгоград пен Новосібірдің геофизикалық ұйымдары, Алла жазса, ат басын Ембіге қарай бұрып та қалатын шығар. Олар келген бойда алдымен Каспий аймағының сейсмикалық өрісін байқауға кіріседі. Аса ауқымды шаруаның бетін бері қарағанын байқаған Қазақстан мұнайының басшылығы да бір түлеп қалды. Дереу Сағынғали Бөлекбаев басқаратын «Ембімұнай » өндірістік бірлестігіне тікелей бағынатын «Ембімұнай геофизика» трестін құрып жасақтады. Басталған жақсы іске қолдау көрсетуге ынталы жандар табылды. Әне-міне дегенше тұз асты құрылымдарын іздестіріп барлайтын Балықшы мен Прикаспий барлау-бұрғылау басқармалары, ұңғыларды шегендейтін және.

бұрғылау қондырғыларын тұрғызатын басқа да мекемелер көктемгі жаңбырдан кейінгі қаулап өскен саңырауқұлақтай болып бой көрсетті.

Бөлекбай Сағынғалиев қарап жатпады. Сірескен мұздың көбесі сөгілген ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып қалды. Осы екі арада Ақжардағы мұнайшыларға арнап тұрғын үй салатын атқаратын ісі ауқымды құрылыс басқарамасы мен қозғалыс қуаты бұл аумақта өзге кәсіпорындардан ешбір кем соқпайтын автокөлік трестін құрып алды. Қысқа мерзімде алыс көкжиектерді меңзеудің ұйымдастырушылығы арқасында Гурьевтен өндірістік базаның аумағына қарай үш темір жол тармағын төсеу басталып та кетті. Қала мен жұмысшылар кенттерінің аралығында 2 мың шақырымнан астам жолға асфальт төселу де жоспарланып қойылды.

Бөлекбайдың алдында енді бір кезек күттірмес істің шешімін қалайда табу міндеті тұр еді...

Негізгі қондырғылар мен жабдықтардың көбісінің өндірістік жұмыс істеу мерзімі аяқталған, қайсы бірі соғыс жылдарынан бері тынымсыз мұнай өндіріп келеді. Мәңгілік қозғаушы техника болу мүмкін емес қой. Оларды қызметін өтеу мерзіміне сай жаңасымен ауыстырып тұру керек. Бөлекбайдың бұл салаға арнайы жасап қойған жобасы да дайын. Беріктігі аса мықты әр түрлі көлемдегі құбырлар, цемент шегендейтін агрегаттар, жылжымалы энергетикалық жабдықтар, арнайы жүк мәшинелері мен тракторлар, қосымша бөлшек сақталатын қоймалар, жанар-жағар май стансалары ... Әрине, бәрін бір мезетте шеше салу оңай шаруа емес. Бәрі де ретімен кезегімен... Ең қуаныштысы істің беті оң қарады, алғашқы қадам жасалды.

Сол себепті де өндірісті бірлестік Одақтың әр бұрышынан осылай қарай жылжуға дайындыққа кіріскен әріптестеріне мойын созбастан аймақтағы іздестіру-барлау жұмыстарын өздері-ақ бастап жіберді. Негізінен тұз асты түзілімдерінен көмірсутегі іздестірілді. Осы мақсатта Пустынный, Тәжіғали, Қаратон алаңдарына алғашқы қазық қағылып, бұрғы салынды.

Жоба бойынша 5000 метрге дейін бұрғылануға тиісті Пустынный кенішіне Бөлекбайдың назары ерекше ауып тұрған еді. Атақ-даңқы Ембі аймағынан алысқа тараған қазақтың белгілі геологы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетов «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас геологы болатын. Бөлекбай ол кісінің есіміне де, іс-қимылына да жақсы қанық. Мекемедегі өзі ас құрметтеп, сыйлайтын жанның бірі. Кеңес Одағының ең жоғары атағы Лениндік сыйлықты, кейіннен Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алған дарынды да талантты геолог «Ғасыр жобасының» жүзеге асуына бірден бір ынталы жан болған. Өндірістің басқару саласындағы мамандардың арасында «Бөкең мен Жөкең», «Жөкең мен Бөкең» деген егіз ұғым осы кезде қалыптасты. Осынау атаудың өзі халықтың арасынан шыққан егіздей екі азаматқа деген құрмет, шынайы сыйластықтың белгісіндей еді.

Өйткені бұл екі азамат туған Ембінің болашағын ондаған жылдар алға болжап қойған.

Бәлкім, сол тұстағы «Ембімұнай » өндірістік бірлестігінің ұжымындағы тамаша бір қалыптасқан ынтымақтастық, сыйластық осынау аптал азаматтардың қадір-қасиетіңе қатысы аз болмаған да шығар!

Өндірісте Жолдасқали Ахметұлы талантты әріптестері – Орынғазы Есқазиев, Сәбит Намазов, Махаш Рахметов сынды геологтарға әркез арқа сүйеді, пікір санасты. Атадан жұғысты болған салмақты да салиқалы мінезімен, табиғаты берген тума талантымен танымал болған тарланбоз азамат айналасындағы азаматтардың көңілін қашан да табатын. Ес біліп етек жиғаннан, білімі мен ілімін жетілдіруге, дала кезіп ел игілігі үшін талмай мұнай көздерін іздеп жүре денсаулығын бұзғанын. Бірақ, толғау тоқсан осынау тіршілікте іс оңға басқанда ол тәніне мысқалдап кірген ауруының барын да ескере бермей, балаша қуанып, бәрін ұмытып кететің.

Сонымен Пустынный кенішінің алғашқы зерттеу қорытындылары мұнайшы қауымның көңілін бір көтеріп тастады. Бірлестіктің бастығы ретіңде Бөлекбай Сағынғалиевтен де маза кетті. Кеңсе жайына қалды, ұңғы басында шыр айналып жүреді де алады. Өйткені, №10 ұңғыны бұрғылау барысында 3639-бен 3658 метр аралығында көмірсутегінің белгілері байқалды. Бұрғы терендеген сайын күкіртті сутегінің нышандары бой көрсете бастаған. Алынған жыныстарды уақытты созбай тездетіп лабораторияға жіберіп тексергенде, бұл орында көмірсутегінің мөлшері 70 пайыз екені анықталды.Үш аралық бойынша мұнай қабаттары бар екені белгілі болып шықты. Бастама қорытындысының ойлағандай нәтиже бергеніне Бөлекбайдың күллі ұжымының көңілдері көтеріліп қалды. Өкінішке орай, Ембіде жоғарыдағыдай өндірістік сынақ, зерттеу жұмыстарын ауқымды көлемде жүргізуге әлі де ертерек еді. Тотыққа төтеп беретін металл жабдықтардың тапшылығы бірден көзге ұрды. Бірақ, бұл жаңа бастықтың тұсындағы мұнайшылардың алғашқы жеңісі болатын...

Тоқтаусыз жүргізілген геофизикалық зерттеулер қарт Каспийдің ойпатында аса зор көлем аумақты алып жатқан тұз күмбездері бар екенін көрсетті.

...Тәжіғалидағы №13 ұңғыдан тәжірибе барысында 100 тоннадай мұнай, 600 мың текше метрге жуық ілеспе газ алынды. Жетпісінші жылдардың орта шеніндегі «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің таза жеңісі еді бұл! Ойпат оянды! Сан ғасырлар бойы тұз астында толқып жатқан ен байлық өзі туралы хабардар етті.

1975 жыл. Күз.

Ресей жағынан келген алғашқы көш мұнайлы аймақтың әр тұсынан табан тіреп, іске кірісе бастаса енді бірі, қармағын жиып қайтуға дайындала бастаған. Сол кездің қым-қуыт іс барысы туралы белгілі геолог, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты Орынғазы Есқазиев былай еске алады.

– Біздің аймақта сырттан келген бірқатар геофизикалық (сейсмикалық) жұмыстар жүргізіп

жатты. Геологтар арасында атқарылған жұмыстың қорытындысына орай алқалы бір үлкен отырыстың болғаны есімде. Жиналыс өзіміздің бірлестіктің бас геологы Жолдасқали Досмұхамбетовтің бөлмесінде өтті. Сырт жақтан «Саратовмұнай геофизика» тресінің бас геологы В.П. Шебалдин, өзімізден Махаш Рахметов, Сәбит Намазов және мен қатыстым. Ойпаттағы соңғы кездегі зерттеу жұмыстарының құткендей нәтиже бергеніне риза қөңілдегі мамандар арқын-жарқын сөйлесіп отырдық. Ойпаттағы тұз күмбездерінің қатарында бұрын соңды кездеспеген бір құрылым туралы осы жерде көп айтылды. Әрқайсымыз өз пікірімізді айтып қалып жатырмыз. Жөкең әлгі құрылымның геофизикалық кесіндісіне шұқшиып көп қарады.

Әлі көз алдымда...

Кеңестің аяқталар тұсы. Бәріміз айтарымызды айтып болғанбыз. Жолдасқали Ахметұлы қолына қарындаш алып, еш қобалжымастан №1 ұңғының орнын үлкен шеңбер сызып, белгіледі. Содан кейін айналасында шоғырланып тұрған бәрімізге күлімсірей қарап:

– Келешекте осы жер теңіздей мұнай беретін кенішке айналсын! деді. Сол сәт менің санамда өмір-бақи ұмытылмастай болып қалыпты. Бейне сол жолы Жөкең бір жағы алыс көкжиекті армандап тұрғандай, енді бір жағы өмірін күллі осынау кенішті аймаққа арнаған ақылман азамат бата беріп тұрғандай көрінді.

Жиналыстан жұрт жақсы көңілмен тарады.

«Ембімұнай» өндірістік бірлестігі сол күні бұдан арыға кешеуілдетпей «Саратовмұнай геофизика» трестінен тұз күмбездері астындағы Теңіз құрылымын түпкілікті өз құзырына өткізіп алды. «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық». Ендігі міндет барлау-бұрғылау жұмыстарый қарқынды түрде жүргізу. Терең ұұрылымды тездетіп игеру. Әрине, ол барып үлкен қаражатқа тіреледі.

1976 жылдың мамыр айы.

Бөлекбай Сағынғалиев қасына белгілі геологтар Жолдасқали Досмұхамбетов, Орынғазы Есқазиевті алып, шұғыл түрде Мәскеуге ұшты...

Осы арада тағы мұнайлы өңірдің аса білгірі Саламат Мұқашевтың естелігін еске ала кеткеннің айыбы жоқ қой деп ойлаймын. Сол уақыттағы Ембі аймағында саясат пен өндіріс арасындағы тайталас қызуының қаншалықты көтерілгеніне, қан тамырлары бүлкілінің жиілігіне келтірілген осынау деректер нақпа-нақ жауап беріп тұр деуге болатын шығар.

«...Шынымды айтсам, алғашқы жылы сәтсіздіктер де болмай қалған жоқ, – дейді Саламат Мұқашев. – Соны пайдаланып жоғарыдан қысым жасаушылар, төменнен сын айтушылар да көбейді. Министрлікте «Атыраудан алтын табамыз деп қолымыздағы бар алтынымызды азайтып алуымыз мүмкін, Теңіздегі жұмысты тоқтату қажет» деген ұсынысты талқылағанда 12 кісінің төртеуі ғана Бөлекбай Сағынғалиевті жақтағанын білеміз. Әйтеуір, Құдай оңдап, сол аз топтың ішінде министр В.Д. Шашиннің өзі болғандықтан ресми қаулы қабылданыпты...»

Аса маңызды Мәскеу сапары туралы оқиғаның басы-қасында жүрген, бастан-аяқ қатысқан белгілі геолог Орынғазы Есқазиев былай әңгімелейді.

«...сондай құлшыныспен өкшеміз көтеріліп барған біз КСРО мұнай өнеркәсібі министрінің геологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Николай Семенович Ерофеевтің қабылдауында қатарынан үш күн болып, жеме-жемге келгенде алғашқы Теңіз алаңына үш бірдей ұңғы (№№ 1, 2, 3) қазуға әрең дегенде өліп-талып рұқсат алдық. Шынын айтуымыз керек, бұл жеңіс бізге сондайлық оңайшылықпен келген жоқ.

Теңіз алаңының құпия сырын ашу үшін қаншалықты табандылық, ерлік, қайсарлық, білімділік қажет болды десеңізші. Ойпаттағы жер қойнауына бұрғы салу үшін қаншама мәселелерді қажырлылықпен дәлелдеуте, қаншама ұсыныстарды, теория мен болжамдарды түбегейлі дәлелдеп, сендіруге тура келді. Министр орынбасарының кабинетінде жиналған бізден басқа да адамдар саны аз емес еді. Әсіресе, Мәскеу мен Ленинградтың аузын айға білеген ғұлама оқымыстылары мен жоғары білікті мамандары біздерді әрі итеріп, бері жығып дегендей, 4,5 – 5,5 мың метрлік тереңдікте сұйық мұнай болуы мүмкін емес, таза газ немесе газ конденсаты күйінде орын алуы ықтимал десті. Нақ осы жерде салғыласып, білім таластырып, өмірлік бай тәжірибесін алға тарта білген өзіміздің Бөкең мен Жөкең еді ғой, шіркін, ақыр аяғында барлық қарсыластарын жаппай тізе бүктірді.

Өйткені, Жөкең мен Бөкең қапелімде оларға сөзге жендірмеді. Қолдарындағы тайға таңба басқандай нақты тұжырымдалған деректер мен дәйектерді кесе көлденең тартып министрдің орынбасары Н.С. Ерофеевтің құлағының құрыш етін жеді. Ең бастысы, Бөкең мен Жөкеңнің келтірген мысалдары мен дәлелдемелері шындыққа бір табан жақын, нақты деректерден құралған еді.

Ал, маңғазданып сырбаз отырған кіл қасқабас ғалымдардікі бар болғаны нақты мәселеге жақын ғылыми жорамалдар ғана.

Ғылыми тілмен айтқанда, пісіп жетілмеген гипотеза, болжам. Несін айтасыз, өз басым осы жолы Бөкең мен Жөкеңнің аса білімдарлығын, ғұлама ғалымдармен пара-пар көрегендігін, тіпті, талқыланған кейбір мәселелер жөнінде олардан анағұрлым жоғары сатыда тұрғанын, қайсарлығы мен ділмарлығын, нағыз сөздің майын ішкен шешендік қасиеттерін жаңа қырынан танып білдім. Күллі академиктер мен ғылым докторларының алдында ұлан-ғайыр сый-құрметке бөленгенін өз көзіммен көрдім. Бір жағы қазақтың осындай әр заманда асыл туатын да сирек туатын перзенттерімен бірге болып, ғасырлық маңызы бар көкейтесті мәселелерді шешуге азда болса бірге үлес қосқанымды күні бүгінге дейін зор мақтаныш тұтамын. Ақ тер, көк тер болған айтыстың ақырында Біздің жақ айқын басымдық пен жеңіп шықты! Теңіздегі №1, 2, 3 нүктелердің тұсаукесері дәл сол кабинетте кесілді. Бөкең мен Жөкеңнің біртуар табиғи талантының арқасында алдына қойған ұлы мақсатқа жету үшін алғашқы аса маңызды қадам жасалды.

Содан, 1976 жылдың 24 маусымы айында Теңіз алаңындағы №1 ұңғыға алғашқы бұрғы қадалып, жеті қат жер сатына терең бойлады.»

Мәскеу сапары мұнымен тоқтап қалған жоқ.

Өйткені, салалық министрлік ембіліктердің «айқасып» жүріп алған ақшаларының жұмсалу жайын бақылап көріп тұруға ынтық еді. Жыл бойы атқарылған геологиялық барлау қызметіңің бүтешігесін қалдырмай тізіп, қордың қайтарымын арттыру жолындағы атқарылып жатқан жұмыстардың есебі беріледі. Талқыға салынатын мәселелерде жеткілікті. Бәрі ойдағыдай болса, министрліктен заңды түрде барлау жұмысын жалғастыруға қаражат сұралады.

Әдетте, Бөлекбай Сағынғалиев қызмет бабымен Мәскеуде жүріп, елден соңыра келетін мамандарды сол жерде тосып алатын.

Министрліктің кең де жарық дәлізінде құшақтасып амандасқан Бөлекбай Сағынғалиев Орынғазы Есқазиевтен алдымен ел-жұрттың, мал-жанның амандығын білді. Бөкең Мәскеуге апта бұрын ұшып кеткен. Қалған құжаттарды Жолдасқали Ахметұлы мен Орынғазы алып келуі тиіс еді. Жөкеңнің соңғы кезде жиі науқастанып жүргенін әріптестері сезетін. Осы жолы ол өзі Мәскеуге баруға жолды көтере алмайтынын айтқан...

Бөкең салған жерден:

– Жөкеңнің денсаулығы қалай? – деп сұрады.

– Тәуір, тек жол ауыр болады деп, қиналғандай жайын өзіңіз білесіз... – деді Орынғазы.

Бұлар тиісті құжат қағаздардың бүтіндігін жақсылап тексеріп алған соң, министрліктің белгілі бөлімінде отырып, ертеңгі министрмен, оның орынбасарларымен өтетін кездесуді тағы бір мұқияттап пысықтап алды. Содан кейін барып, екеуі астанада Бөкең тоқтаған мейманханаға бет алды.

Бұлардың есіктен кірген беті сол, телефон қоңыраулатып қоя берді. Үзіліссіз, үздігіп бебеу қаққанына қарағанда, қалааралық байланыс болды ғой деп түйді іштей Орынғазы.

Әлдекімдермен қысқа қайырып сәлемдескен Бөлекбай Сағынғалиұлының түсі күреңітіп, бұзылып кетті. Телефонның құлағын орнына қойған бойда:

– Ореке, Жөкеңнен айырылып қалдық , алда арыстаным-ай... – деп отыра кетті.

Орынғазы да түс көргендей. «Сұм кесел ақыры алып тынған екен ғой. Иманды бол...»

Министрлікпен сөйлесіп, мән-жайды ұғындырған қос азамат одан ары көп кідірместен, тіке әуе жайға тартты. Абырой болғанда Атырау бағытына қатынайтын ұшақтар баршылық екен. Таңдамастан ілінгеніне билет алды. Жол бойында олар үзеңгілес әріптестерін еске алды.

– Кеше ғана кеңсеге өз аяғымен келіп-кетіп жүрді емес пе? – деді Бөкең басын шайқап мұңдана.

– Рас айтасыз, қоян-қолтық араласып бірге жүргенге «Әп-бәрекел-де, тәуір болды деген осы деп топшылап, аса мән бермеппіз ғой, Бөке.

– Сырқатының меңдеп жүргенін байқағанмын. «Жөке, Қырымға болса да, немесе тегі көңіліңіздің қалаған жағына барып әлденіп қайтсаңызшы» дегенмін бірде. «Рахмет, рахмет, аздап түзеліп алайын, содан соң айтқаныңды істермін» деген еді-ау, жарықтық...

Бұлар мінген ұшақ көзді ашып-жұмғанша да Атыраудың әуе кеңістігіне келіп кірді. Желтоксанның жер бауырлап жатып алған көкбауыр қалың тұманы Мәскеу ұшағын Атырау әуе жайын қондырмады...

Ұшақ сол бойда Ақтауға келіп бір-ақ кідірді. Ақтаудан Атырауға телефон шалған Бөкең жағдайды түсіндіріп, осы қазір пойызбен шығатындық тарын ескертті.

Бұлар Құлсарыға келгенде темір жол бекетіңің маңында тіқұшақ күтіп тұр екен. Орынғазы Бөкеңнің беделінің өз алдына бір басқа, жайында қандай істі қолына алмасын, жинақы жасайтынына іштей сүйсініп қойды.

Бұлар тездетіп тіқұшаққа отырды.

Жаназа намазын кешіктіруге болмайды. Және де қаумалаған қалың жұртты зират басына иіріп қойған да жөн емес. Сағат тілі 10-ды ұрғанда көк тік ұшақ күркілдеп келіп Теңдіктегі зиратқа таяу келіп табан тіреді. Халық қаралы митингіні бастап жіберді. Бөлекбай Сағынғалиұлы бастаған мұнайшылар «Өзің өлгенмен, рухың бізбен бірге, Жөке. Сіздің арманыңызды, орындалмаған мақсаттарыңызды келешек ұрпақ, құдай қаласа, әрі қарай жалғастырады» деп іштей бақұл айтысты.

Теңіздің тереңін зерттеуге төте шабуыл басталды...

Үш жыл бойы жер қыртысын қуалай бойлаған бұрғы ақыры мәресіне жетті.

Бас директордың бөлмесінде кіл басқарма бастықтары мен, өндіріс жетекшілері жиналды.

«Ембімұнай» өндірістік бірлестігі ертең өз тарихында тұңғыш рет өзгеше сынақ жасауы тиіс. Мамандар да бұрғышылар да бұл сынақтың жауапкершілігін жақсы түсінеді.

Бөлекбай Сағынғалиұлы жиналғандардың әрқайсысын мұқият тыңдады. Содан өзі қорытынды сөз алды. Сынақ жұмысында кездейсок қауіп-қатердің туындайтынын ескерткен басшы, сынақтың күрделі тұстарына тоқталды. Әсіресе, тотыққа төтеп бере алатын құбырлар мен бұрқақ арматураларының қосалқы даналарын тауып қою міндеттелді. Қолда бар отандық құрал-жабдықтар сарапқа салынды.

– Ореке, – деді бір уақытта бастық бас геологқа мойын бұрып. – Сіз Дүсіп екеуіңіз бүгін кештен қалмай Құлсарыны бетке алып, Теңізге тартыңыздар. Құдай сәтің салса, сынақты таңертеңгі салқынмен бастап жібересіздер деген ойдамын. Іздеріңізден қалмай өзім де жетіп қалармын. Түсіндіңіздер ме, Ореке?

– Түсінікті, Бөке.

Әңгіме осымен тәмәмдалып, жұрт көңіл толқынысымен үйлеріне тарады.

Бірлестіктің бас технолоғы Дұсіп Бейісқалиев пен бас геолог Орынғазы Есқазиев тарихи сол таңды бір топ мұнайшымен Теңіз кенішінің басында қарсы алды.

№1 теңіз алаңының ұңғысы. Желтоқсанның ызғырық желі өңмеңнен өтіп барады.Орынғазы төңірегінен қара суыққа қарайтын жанды байқамады. Жұрттың бәрі алғашқы тәжірибе сынаққа жұмыла кіріскен. Ұңғының тереңдігі 4095 метр. Мұнайлы қабат карбон кезеңінің тұз асты шөгінділері жайлаған 4054 – 4081 метр аралығында екені жақсы мәлім.Құбырлардың жан-жақ айналасы цементпен мықтап шегенделген. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей алдын-ала тығыздау схемасы да жасақталған. Оны қысқа мерзім ішінде жүргізу жауапкершілігін Сағынғалиев өзі мен Теңіз бөлімшесінің бастығы Болат Елемановқа жүктеген. Қалыс қалған, ұмыт болған ештеңе жоқ. Топ сынақты бастап жіберуге сақадай сай!

Сонымен, 1979 жыл. 18 желтоқсан.

Осыдан дәл екі жыл бұрын дәл осы күні дүниеден атақты геолог Жолдасқали Досмұхамбетов қайтыс болған еді... Бәлкім, уақыттың үндестігі мен сәйкестігі осылай болған шығар, бірақ, дәл осы күні мұнайшылар атақты геологтың рухына бір тағзым етіп, еске алды. Орынғазының көз алдына Жөкеңнің қызыл қарындашты алып, жер телімінің Теңіз аумағын айналдыра сызып шыққаны елестегендей болып кетті...

Бір, екі, үш...

Мотор дауысы таңғы шыққа малынып тұрған иен даланы дүр сілкінтіп оятты.

Жер бетіңе алғаш шыққан көкпеңбек сұйық мұнайдың алғаш толқынына бетін тосқан Бөкеңнің қуанышында шек жоқ. Жігіттерді барлығының қолын қысып шықты. Бірін-бірі құшақтап, бөркін аспанға атқан жұрт әп-сәтте мәре-сәре, азан-қазан, у-шу болды да қалды. Талай бұрқақты өз қолдарымен атқызып, талай жерге бұрғы салып сүрген бұл жігіттер бүгінгі қуаныштың мән-мағынасын жақсы біледі. Бұл жер асты тұз күмбезінің астынан шыққан мұнай. Бұл орыс академигі Иван Губкиннен бастап талай жылдар бойы адамзаттың арманына айналып келе жатқан жер қойнауының асылы. Бұл қазақ инженері Бөлекбай Сағынғалиевтің сан жылдар бойғы арманы!

№1 ұңғы орта есеппен екі жарым,үш сағат жұмыс істеді. Қарындашын алдымен қолына алған есепке келгенде алдына жан салмайтын Бөкең бұл жолы да ұшқырлық танытты. Жадыраңқы дауыспен:

–Ал, жігіттер, жазып алыңдар! Мынадай екпінмен бір тәулікте Теңіздің тұңғыш ұңғысынын 475-тен 600 текше метрге дейін мұнай алуға болады, – деп айналасына даусын көтере айқайлап қойды.

Өз басынының жер астында орасан зор мұнай теңізінің жатқанына дауы жоқ. Бірақ, оны бірлі екілі ұңғымен ешкімге дәлелдей алмайсың! Бөлекбай мұны жақсы түсінеді. Ең қуаныштысы алғашқы қадам басталды...Сан жылдар ғұламалардан бастап қатардағы инженерлерге дейін арман болған тұс асты мұнайын қолмен ұстап көрді. Тай қазан толтырылды. №1 ұңғыдан құр сұйық мұнайшыққан жоқ. Мұнайдың құрамында ілеспе газ, күкіртті сутегі, басқадай механиқалық һәм химиялық қоспаларға бай болып шықты. Сұп-сұйық, көкпеңбек! Арнаулы шағын ғана сынақ контейнерлеріне құйылып аузы мықтап жабылды. Одақтың ең танымал ғылыми-зерттеу институттарына жіберілмек. Көрсін.

қазақтың тұз асты мұнайының сапасын, таң қалсын! Білсін осы күнге дейін Ембіде теңіз дариясындай мұнайдың сығындысын ғана қуалап алып жүргенімізді! Тегінде ембіліктер бұл кеніштің атын Теңіз деп қойғанда, болашақта осы жерден теңіздей таусылмас мұнай алайық деген жақсы ырым жасағанды.

Сол күні Алматы мен Мәскеуге бірнеше жедел хат салынды.

Бет-аузы күйелеш-күйелеш, күртешесінің жағасы көк мұнаймен майланған бақытты Бөлекбай Сағынғалиев қалаға келіп кіргенде түн ортасы әлі де ауа қоймаған мезгіл еді...

СЫНАҚ

Бөлекбайдың қуанышы қойнына сыймай тұр екен.

Мынандай көңіл-күйді байқай қойған Хадиша да дайын тұрған асты дастарханға жайып, шәй әкелді. Бөлекбаймен бірге өндірістің ішкі-сыртқы жұмысына араласпағанмен, «Ембімұнайдың» тыныс-тіршілігі Хадишаның көз алдында. Телефон қоңырауы бар, келім-кетім кісісі, бума-бума құжаты бар дегендей. Бөлекбайдың даладағы кәсіпшіліктерге аттанардағы жол киімдері, жылына бір рет демалысқа барғанның өзінде қалааралық «нефтянка» байланыс телефонымен сағаттап сөйлесетіңі бар, бәрі-бәрі көз алдында өтіп жатыр. Кисловодскіде ғой, Бөкеңнің кәсіпшілікпен бейне үйде отырғандай сөйлесетіні, Хадиша 25 тиыннан телефонға тастап тұрады. Тіпті, телефон байланысы өзінің қасында тұрған Хадишаның қолында екенін де ұмытқан Бөкең сол бір жолы 25 сомға сөйлесіп тастап еді-ау. Осыдан сон Хадиша қалайша мұнай саласынан, бірлестіктің күнделікті қаракетінен хабардар болмайды?!

– Сынақ қалай өтті?

– Ғажап, атама, ғажап!.. Сағынғалиев енді бір жақсылап тағы бір қадам жасаса, өмір бойы армандаған Теңізінің дариясына түседі... – деген Бөкең әдеттегіше қызбалана әрі рахаттана жауап берді.

Жан-жаққа «сүйінші» сұрап сынақтың табысты өткені хақында жолдаған жедел хаттары туралы да марқайып отырып айтып берді. Отағасы бүгін ерекше еді... Осы әңгімеден кейін Хадишаның да көңілі жайланып қалды. Үй көрмей, ұйқысынан безіп жүрген жұбайының ойына алған ісін орындамайынша жаны байыз таппайтынын да жақсы біледі. Сол себепті де, Бөкеңнің мойнынан салмағы зор жүктің түскеніне іштей өзі де қуанып қалды. Екеуі шүңкілдесіп отырып шәй ішті. Өзі орайы осы жерде келіп тұр ғой енді деген ниетпен, тұрмыстық әңгімелердің шетін шығарып қойды.

– Бөкесі, бірлестікте жаңадан бірнеше салалық дүкендер ашылыпты деп жүр ғой жұрт ...

– Иә, ашылып жатыр, бұл да бір жақсылықтың нышаны болғалы тұр.

– Қайбіріне, естуімше, аса қат заттар әкелініп жаппай таратылып жатқанға ұқсайды, – деп кібіртіктеді Хадиша. – Өзі ол жерден бізге де бірдеңе алуға бола ма?

– Неге болмасын, әрине, болады. Бірақ, сен осы қаладағы өте үлкен өндірісті басқарып отырған Бөлекбай Сағынғалиевтің әйелі екеніңді ұмытпа. Кезегіңмен ал, тіпті елдің ең соңында тұр... Жетпей жатса ренішінді сыртқа білдірме...

Бөлекбай бұл қағидатты әдеттегідей қабағын түймей, жайдары жүзбен айтты. Өйткені, ол да Хадишаның біліктілігіне, табиғи бойына жарасқан мәдениетіне сенетін. Бірде, тіпті Хадишаның: «Үйімізге ел қатарлы тәуір жиһаз алайықшы...» деген назына да: «Біздің үйде тәуір жиһаз жоқ деп кім айтты?» деп қуақылана жауап қатқаны бар. Әңгіме сонымен біткен. Ылғи да уақыт тапшылығын сезініп, қала мен дала арасында тыным таппай шапқылап жүретін отағасын Хадишаның өзі де жөн-жосықсыз, әр нәрсені бір айтып, мазалай бермейтін. Ақылдан асып аттамайтын. Көк желкеден тұрып алып күні-түні сұңқылдайтын көк долы әйелдер тек спектакльдерде, әдеби шығарманың кейіпкерлері ғана шығар деп ойлайтын Хадиша. Ұшқан ұяда көрген тәрбие ұлағаттылыққа, шынайы ғана сыйластыққа осылай келіп ұласып жатқан.

Сөз арасында Бөлекбай биылғы жылдан бастап Ембі аумағындағы мұнайшылардың балаларына арнап Кавказ тауының шипалы деген төрінен 300 орындық пионер лагерінің ашылатынын айтты. Бұл отбасы балаларымен бірге өткен жылғы жазда Кисловодск демалыс орнында болып қайтқан. Сонда қазақ мұнайшыларына арналған 50 орындық емдеу пансионаты он екі ай жұмыс істейді. Өткен жылғы демалыстың бәрінен де Асқар мен Мұраттың есінде қалғаны, әкелерінің күллі санаторий бойынша қарсыластарының бірде-бірін шақ келтірмей ойсырата ұтып, чемпионы атануы. Әрине, шахматтан! Бөлекбай студенттік шақтан шахмат десе ішкен асын жерге қоятын. Содан бері шаршы тақта үстіңде алдына жан салып көрмеген спортшы әкелерінің бұл қасиетің екі баласы да Кисловодскіде демалып жүріп білді емес пе? Балалардың сондағы шексіз қуанғанын көріп ата-анасы да бір масайрап қалған. Шахматтың әліппесін тәп-тәуір білетін Асқар әкесімен шынтағын түйістіріп отыра қалып, сайысқа түсетін. Алматыдан келген бойда Асқар Гурьев қаласының мектептері арасындағы жарысқа қатысқан. Сол жарыстар Асқар Сағынғалиев бірінші орынды жеңіп алған. Қазір Мұхтар да кәдімгідей «жағаласуға» жарап қалды. Үлкен адамдар секілденіп, ойланып, тіпті басын қасып, саусақтарымен кекілін қайта-қайта тарап қоятынын қайтерсің?! Бөлекбай да балаларының ой-өрісін байқау үшін, ми азығы шахмат ойыны үшін әркезде де уақыт табар еді.

– Асқар ұйықтап қалған жоқ па? – деді Бөлекбай жұбайына назар аударып.

– Жоқ, әлі ұйықтай қойған жоқ. Жаңа әлгінде ғана өзіңмен бірге тамақ іш дегенімде тойып тұрмын деп кетті ғой.

Отағасының сауалы Хадишаның жаңа бағыттағы жаңа бір әңгімесіне қозғаушы болған секілді.

– Педагогтің тәрбиесі бір басқа, әкенің айтып отыратын ақылы бір басқа. Аздап әңгімелесіп қойсаңшы балалармен, ең болмаса осындай ерте келген күндері... Байқайсың ба, бойлары серейіп, өздері жетіліп өсіп келеді. Асқаржанның дауысы да гүрілдеп, тіпті, салмақтана қалғанын байқап жүрмін.

– Ендеше шақыр баланы, мен қазір оның миын сынап жіберейін, – деді Бөлекбай көңілдене.

Әкелі балалы түн жарымы ауғанша шахмат тақтасына төніп отырып алды. Осылай таң.

атқанша отыруға әзір секілді. Хадишаның екінші ескертпесінен кейін ғана ойын тоқтады.

– Оу, отағасы баламен әңгімелесем деген уәдеңіз қайда, – деді Хадиша бір уақытта азаматына сауал тастаған сыңаймен.

– Шахмат тасын алмастырып отырып әңгімелестік. Әке мен баланың арасындағы ең тағлымды, ең жөні дұрыс әңгіме осы шаршы тақтаның үстіңде өтетінін, әй, сендер педагогтар, білмейсіңдер-ау... – деп Бөлекбай аса риза көңілмен бір жымиып қойды да, сағатына қарады.

– Айтпақшы, – деді Бөлекбай бір уақытта. – Өзің хабардар едің ғой, анау Жайықтың жағасынан әлгі бір пәрнек салдырғам. Сол жер кәдімгідей өнім бере бастады дейді жігіттер, шыққан көкөнісі тіпті де жаман емес көрінеді. Ұйге қапшықтап әкеле қалатындай болса, ақшасын қолма-қол төлеп, түбіртегін жаздырып алғайсың.

–Жарай-ды Бөкесі, айтқаныңыз болсын...

* * т*

КСРО Мұнай өнеркәсібінің министрі Н. А. Мальцевтың №852 Бұйрығымен Теңіздегі №1 бұрғы басындағы сынақты одан ары қарай жалғастыру үшін арнайы мемлекеттік құзырлы комиссия құрылды. Оның төрағасы болып «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев бекітілді. Одақтың атақты ғылыми-зерттеу институтының басшыларын, және де басқада мамандар мен жергілікті өндіріс басшыларын, әртүрлі саланың жетекші мамандарын қосқанда комиссия мүшелерінің үзын-саны 22-ге жетіп жығылды.

Бұл қазақ мұнайы тарихының жаңа парағы ашылуға әзір деген белгі еді.

Өз кезегінде Бөлекбай Сағынғалиев бірлестіктің ішінен Болат Елеманов басқаратын арнаулы технологиялық топ құрды. Саяси науқан тәрізді бұл жұмыста қазақ мұнайшылары өздері бастаған істі аяғына дейін кәсіби тұрғыда жеткізу үшін белін бекем буғанды. Өйткені Теңізде әлемде өте сирек кездесетің құбылысқа өндірістік тәжірибе жасалмақ. Тәжірибе жасалатын алып қондырғының құрылыс-жабдығы ойластырылып, бірнеше жоба үлгі жасалынды. Өйткені, Кеңестер Одағы бойынша тұңғыш рет Канададан аса қымбат бағаға сатып әкелінген «Порта-Тест» қондырғысы Қазақстанның мұнай кенішінде сынақтан өтпек. Абырой болғанда кеңестік мұнайшылардың аузын аштырып, көзін жұмдырған «Порта-Тесті» қазақ мамандары бірден игеріп ала жөнелді. Алдағы атқарылатын аса жауапты іс кеніштен шығатын мұнай құрамындағы күкіртті сутегін шегіне жеткізіп тазалау үшін, технологиялық төрт сатыдан өткізу керек. Сол себепті де өндірістік бірлестік бойынша алғаш рет мұнай шайқайтын қосымша қондырғы орналастырылды. Ол кешенді жобалауға, салуға және пайдалануға Бөлекбай Сағынғалиев пен Болат Елеманов жетекшілік жасады. Бір сөзбен айтқанда, бірінші рет жерсінген «Порта-Тест» қондырғысы № 1 ұңғыдағы ел қарап, жұрт тосып отырған сынақты дәйекті де шапшаң жүргізуге зор септігін тигізді. Осындағы технологиялық топтың алғашқы күндердегі пайымды қызметінің арқасында, аздаған күннің ішінде Теңіз мұнайының болашақ аса зор қорына зәкір тасталды деген болжамдар айтыла бастады.

Теңіздегі ұңғыны сынау уақыты көбелектің қанатын күйдірген шілде мен тамыз айларына тап келді. Адам айтқысыз ыстыққа шеттен келген жандар төтеп бере алмай, қатты қиналды. Көлеңкенің өзінде күннің қызуы 40 градустан түспейді. Оңтүстік-шығыстан соғып шаң боратқан жел кемі 15 күн тұрады. Кеңсе мен көлеңкеге жандары үйренген мәскеулік, ленинградтық және басқа да Одақтың түкпір-түкпірінен келген жалтыр бастар мен қаба сақалдар қазақ табиғатының мұндай сый жасайтынын күтпеген екен. Оларға өте ауыр тиді. Қалай әрекеттенерін білмей асып-сасып қалды.

Атақтары дардай тәжірибе-сынақ, ғылыми-зерттеу институттарының кейбір «білгірлерінің» ши шығаратын тұсы осы кез. Қалыптасқан жағдайдың ауаны әсер етті ме олардың арасынан ашықтан-ашық «Каспий ойпатының 4,5-5,5 километр терең қабаттарында мұнай болуы мүмкін емес. Ал енді газ яки болмаса газ конденсат бассейіні жатуы ақылға сияды» деп сәуегей айтушылар табылды. Қазақтар қайтпады. Осыншама жыл мемлекет мүлкін бостан-босқа рәсуалап шашып жатпағанын дәлелдеуге тырысып бақты. Мазасыз меймандарды табиғат берген қоңыржай мінезімен майда қоңырлап әлі-ақ қолдарын көк мұнайға малатынын сендіріп бақты.

Қайнаған қан майданның алғы шебінде жалғыз өзі тұрған қолбасшыдай Бөлекбай Сағынғалиев бұл жолы да биіктен көріне білді. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіңе, батылдығы мен байсалдығына тәнті болып, шек келтірмеген алыс-жақыннан келген сынақшылардың көкейінде бәрібір бір түйткіл тұрғаны анық байқалатын.

Бірақ, сардар Сағынғалиев Теңізге бет алған шабуылды бір сәтке де тоқтатпады.

№1 үңғының басына мөлдіретіп әкеліп алты қанат екі бірдей ақ боз үй тіктірді. Хан шатырдай ақшаңқан қосынға қызыға қарағандар жаугер көшпендінің XX ғасырдағы ақырғы тұяғының мына әрекетіңе таң-тамаша. Бөкең онысымен қоймай, киіз үйді айналдыра шұбатып қыл шылбыр тастатты.

Қонақтар аң-таң, оларға қарап қазақтар іштей мырс-мырс...

Бипаз дауысты, бойшаң келген Еділ жағалауының ақсақалғалымы тершіген көзілдірігін сүрте тұрып, Бөкеңе күндердің күнінде былай деп сауал тастады:

– Бөлекбай Сағынғалиұлы, қатарынан тігілген қос киіз үйдің осындағы біздер үшін қажеттігін мен түсініп-ақ тұрмын. Ал енді мен түсінбей тұрған бір жайт, айтыңызшы, оларды айналдыра келіп арқан жіп тастауыңыздың себебі неде?

– Менің білуімше, – деп тақ ете қалған қонақтардың жастауы осы екі арада ортадан киіп кетті. Жұрт тосылып жасқа қарады. Тамағын қырнай жөткірініп:

– Меніңше, – деген үрпек бас үзілген ойын жалғады. – Меніңше, ол арқан символикалық үлгіде тастай салынған, жәй ғана рәміздік белгі. Өздеріңіз білесіздер, дала қазағының қанаты – ат. Мына жерде киіз үй тігілген соң оның қасында ат жүруі керек. Бірақ бәрі де өндірістік сипатта құрылып жатқан соң, киіз үй маңында жайылып жүретін аттың орнына әдейі арқан тасталды.

Мынадай ғылыми болжамға күн аптабынан шаршаңқы кейіпте тұрған жұрт бір жағынан күліп те алды. Болжамның дұрыс я бұрыс екеніне ендігі жерде Бөкең жауап қайтаруы тиіс.

Жұрт Мемлекеттік комиссияның төрағасы өз кезегінде не дер екен дегендей ол жаққа ошарыла қарады.

Үнсіз жымиып алған Бөкең алдымен үрпек басқа қарап:

– Жалпы інім, сенің логикаң күшті. Сен өзі шахмат ойнамайсың ба? – деді.

Жас жігіт осындағы халықтың бәрі бас иіп, ығып тұратын мәртебелі азаматтың өзін жұрт алдында мақтағанына аздап болса да масаттанып қалғандай.

– Әрине, ойнаймын. Әлем чемпионы Карповтың отанынан бола тұра мен неге шахмат ойнамаймын, – деп тақ ете қалды.

– Өте жақсы, орай келгенде мен сізбен бір партия міндетті түрде ойнаймын, – деді Бөкең. Жастық шағында Мәскеудің Губкин атындағы институтының факультет чемпионы атағын ешкімге оңайшылықпен қолдан бермегенін айтпай, іштей бүгіп қалды. Шіркін, соғыстан кейінгі студенттік шақтың сол бір ұмытылмас кездері-ай!

– Біздің ата-бабамыз осы даланың иесі. Күн қатып, түн жамылып талай жерге барған, талай жердің дәмін татқан. Бір сөзбен айтқанда, ол мынау ұшы-қиыры жоқ даланы өзінің туған үйіндей сезініп ғұмыр кешкен. Ал енді бері қараңыз, інім, мынау жердегі жорғалаған құрт-құмырсқа, жылан-шаян сан ғасырдан бері адамзат әлеміне, мейлі ол қандай өркениетте өмір сүрмесін, қауіп-қатер төндіріп келген, төндіре береді. Мәселен, мынау қара құртты алайықшы...

Бөкең сол бойы сәл еңкейді де, қолындағы ұзын қарындашымен тоңқаңдап бір кідіріп, бір жорғалап бара жатқан қарақұрттың жолын бөгеді.

– Осы жәндік, бетің аулақ қылсын, байқаусызда осындағы біреуімізді дәл осы арада шағып алатын болса, оның уының қуаттылығы сондай осы маңдағы ең жақын ауылға жетіп үлгермей тіл тартпай кетеміз. Ондай жағдайда, былай ойласақ, мынадай ине далада еркін күн кешіп, тіршілік еткен қазағым баудай түсіп таусылып қалмай ма. Басқасын былай қойғанда, анау жаугершілік заманда біздің аталарымыз аттың үстінде ұйықтаған. Ол дегеніңіз осындай жердегі жарысып жорғалаған улы құрт-құмырсқадан қорыққандықтан да емес. Жауынгерлік сергектіктен солай еткен. Қажет кезінде аттан түсіп, ерін басына қойып, тоқымын астына төсеп, атын түсап қаннен-қаперсіз жата кеткен. Бірақ қауіпсіздігі үшін өзін айналдыра әлгіндей қыл шылбырдан шеңбер тастайтын. Себебі, адам өмірі үшін ең қауіпті қарақұртыңыз бен жыланыңыз қолдан есілген жылқының қыл шылбырынан аттап та, жорғалап та өте алмаған. Яғни, қазіргі тілмен айтсақ, зеңбіректің оғы өтпейтің бронь, ғой бронь...

Әңгіменің осы жеріне келгенде манадан бері қонақтармен бірге қаумалап Бөкеңнің айтқандарын тырс етпей, ұйып тыңдап тұрған қазақтар жағы қарқылдап күліп жіберді.

– Ай, жасаңыз Бөке, айтқанда әңгіменің майын тамызып, сорғалатып жібересіз-ау!

– Шынында да, ағамыз қыл шылбырды неге айналдырып тастаған деп, өзге түгілі өзіміз де түкке түсінбей жүр екенбіз ғой...

Қонақтар жағының көзін біржолата жеткізгісі келген болуы керек Бөкең, кенет, өзінің бас геологы жағына мойнын бұрып:

– Орынғазы, жігіттерге дауыстай салшы. Қыл шылбырды осында алып келсін!.. – деді.

Қарындаштан қандай қауіптің төніп тұрғанын түсінбеген болуы керек кездейсоқ жортқан қара құрт бүрісіп, әңгіме біткенше қозғалыссыз, бір орында тапжылмай тұрды.

– Қазақтарда қара құрт туралы «Кішкене ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» деген мақал бар. Сондайлық кішкентайлығына қарамай аса қауіпті жәндік екенін ескеріп айтылған ақиқат сөз бұл, – деген Бөкең қыл шылбырмен қарақұртты қоршап ықшамдап қана шеңбер жасады. – Араларыңызда бәстесетің кісі болса, мен қол алысуға дайынмын, мына улы қарақұрт енді қанша күн болса да осы шеңберден шыға алмай, ашығып жата береді. Сенбесеңіздер, міне, қараңыздар! – деген Бөкең ноқаттай құртты қарындаштың ұшымен үркітіп жібергендей болды. Құдайдың құдіреті, қарақұрт қыл шылбырға мұртын сүйкеп, ойланғандай аз-кем кідіріп тұрды, кенет, қозғалды. Содан әлгі шеңберге жақындауға батпай, қыл шылбырдың ішін айналып жүрді де алды.

Әлдекім шапалақ ұрды.

-Браво! Браво... Бөлекбай Сағынғалиұлы!

Осы әңгіменің аяқасты көтерілуіне бірден бір себепші болған Еділден келген геолог-ғалым бипаз шал тамсана қол соғып тұр екен. Жұрт оған жаппай қосылып, сатырлата шапалақ ұрды.

Өзі айтқан әңгімеге тіпті қызынып алған Бөкең:

– Егер бұл жерге, мәселенки, жаңағы Нева жағалауынан келген інім айтқандай, кәдімгі арқанды тастасаң қарақұрт одан аттап-бұттап өтіп кете береді. Демек, арқанның жайы бір басқа. Ал жылқының қылынан иірілген мынадай қыл шылбырдың бойында біздің ата-бабамызбен бірге сан ғасыр жасап келе жатқан сондай бір қасиеті бар. Ол жағы құпия... – деп әңгімесін аяқтады.

– Қазақтар аса қадірлейтің жылқының құйрығынан иірілген қыл шылбырдың осыдан кейін броннан қай жері кем, өздеріңіз айтыңыздаршы Құдайшылығын! – деп жиналғандарды тағы бір ду күлдірді Бөкең.

Аптаптың азабын тартқан жұрт арқа-жарқа күліп, аздап болса да әл жинап алғандай.

– Оу, Орынғазы жігіттерді шалапқа шақырмайсың ба? – деп қайта дауыстаған Комиссия төрағасы, – біз барып өз шұбатымызды ішейік, – деді де, нөкерлерімен өзі бас болып тіктірген Хан шатырға қарай бет алды.

Қанша жерден шөлдесе де шұбаттың атына да, өзіне де аса батып үйрене алмай жүрген ресейліктердің жанға дауасын өндірістің бас геологы Орынғазы Есқазиев ойлап тапқан. Мұның да өз қызығы бар.

Тамағы кешке дейін кеберсіп, құрғап жүрген дала қонақтары қашанға дейін «Боржоми» іше берер дейсіз. Осы орайда ғой, Орекең қырлы стақанның жартысына «Боржоми» минералды суын, жартысына шұбат құйып, шалап жасасын. Несін айтасыз, беделі сол күні-ақ аспандап, өсті де кетті. Міне, содан бері қазақтың жеңіл сусынның дәмін татқан ғалымы бар, мұнайшысы бар, күннің қызуы көтерілер-көтерілместен айқайға басып сусырап жүргені.

– Шалап бар ма?

– Шалап қайда?..

– Шалап таусылды ма?

Күллі жұрттың алдында Құлсарыдағы мұнай басқармасының жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бастығы, былайша айтқанда «Шалап» зауытының басшысы Керей Бөрібаевтың да мәртебесі өрлеп берді. Айдалада ыстықтан қатал аған дүйім жұртты Жылойдың шипа шұбатымен қамтамасыз ететін сол кісі.

– Орайы келгенде, әлем ғалымдары болжағандай қуаттылық құрамы ана сүтімен теңестірілген бұл шұбаттың да тарихын жыр етіп айтып берермін, керек қылған кісіге, – деген Бөкеңе алыстан келгендер де, осындағы ағайындары да сүйсіне-сүйсіне, таңдана-таңдана бастарын шайқап қойды.

Айтпақшы, ленинградтық Андрей сол күннен бастап вагон-үйшіктегі көрпе-төсегін көтеріп, киіз үй ішіндегі масаханаға көшті...

Алайда, айдалада, аптапта дабыл қаққан бұл азаматтар үшін қарақұрттан да қауіпті бір «тілсіз жау» бар еді...

Ол ұңғыдан оқта текте сыздықтап шығып жұрттың зәре құтын қашырған күкіртті сутегі еді. Қауіптің алдын алу үшін №1 ұңғының басына тәулік бойында кірпік қақпай тұратын күзетшілер қойылған. Желдің бағытын анықтайтын әлденеше жерден жеңіл жалаушалар қағылған. «Жаман айтпай жақсы жоқ», аяқастьшан жел бағытын өзгертсе күзетшілер дабыл қағуы тиіс.

Сол күні таңсыз бере дабыл қағылды.

Шырт ұйқыда жатқан жұрт жапа-тармағай, жалаң аяқ, жалаң бас аяқтарына ілінгенін қиіп далаға жүгірді. Қапырық ауа алқымнан алып, тыныс жолдарын тарылтып барады. Улы газдың иісі танауды жарып, кеңсірік бітеліп бара жатыр. Жүгіре басқан жұрт желдің бағыты 180 градусқа өзгеріп қос киіз үймен вагон-үйшіктерге қарай ұйытқып соққанын жүрегімен сезіп келеді. Абырой болғанда автобустар от алулы тұр екен, тез-тез мініп үлгерген азаматтарды, апатты аймақтан ала қашты. Қаратон елді мекеніне бағыт алған автобустар легі таң шапақтағанда қауіпті аймақтың шеңберінен сытылып шыққан. Аздап тыныс жолдары тарылғандығы болмаса, ұжым мүшелері арасында зардап шеккен ешкім жоқ, дін аман.

Есін жиып, қатарын түгелдеген төтенше қысылтан оқиғаға әркез дайын топ № 1 ұңғының басынан заһарын шашқан аждаһаның аузына қайтадан тұра ұмтылды...

Кейде тіпті Құдайдың күні құбылып, жел ұңғының біресе оңтүстігінен, біресе солтүстігінен, кейде шығысы мен батысына ауысып ұйтқи соғатын. Осындай жағдайда Сағынғалиев бастаған сынақ тобы №1 ұңғыны арқандаулы аттай шыр айналатын. Канадалық бірегей «Порта-Тест» қондырғысының іс-қызметі арқасында күндердің күнінде атышулы №1 ұңғы толықтай сынақ мерзімінен өтті. Тұз астынан шығатын мұнай қорының барлық параметрлері мен керекті өлшемдері қатталып, сұрыпталып, материалдары мен деректері одақтың ең айбынды деген ғылыми-зерттеу институттарына жіберілді.

«Порта-Тестің» «Ембімұнай » өндірістік бірлестігіне сіңірген еңбегі зор. Ең алғашқы №1 ұңғыдағы сериялы сынақтан кейін қондырғының мінезіне, іс-қимылына еті үйренген мамандар сол екпінмен №№ 4, 5,9, 14, 19, 23 сияқты басқа да ұңғыларды бірінен соң бірін сынақтан өткізді. Елдің зәре құтын алып үрейін ұшырып жүрген күкіртті сутегінің газдағы құрамы 17 мен 25 пайыз аралығында мамандардың көзі жетті. Оны төрт сатылық түзілімнен өткізіп, мұнайдан толық айыруға одақта ембіліктер бірінші болып қол жеткізді.

Бөлекбай Сағынғалиев бастаған ғылыми-өндірістік топ осылайша бір жағы қызығып, бір жағы сүйсініп көз сүзіп отырған Қазақстаннан тыс жерлердегі күллі Одақтың мамандарының алдында мойнына алған міндеттерін асқақ абыроймен орындап шықты.

Ғасырлар бойы ғалымдар мен мамандардың бірінің көзі жетсе, екіншісінің сенімі жетпей жүрген тұз күмбездері астында өте мол мұнай қоры барлығы дәлелденді. Теңіз кенішінен Одақтың ғылыми-зерттеу институттарына жіберілген тай қазандардағы мұнайдың құрамында 20-25 пайыз күкіртті сутегі бары да анықталды.

Жаппай зерттеулер нәтиже бере бастады. Теңіз мұнайының аса сирек аномаль құбылыс екенінде ендігі жерде ешкімнің дауы қалмады. Қысымы ауытқулы, ыссылығы 105-110 градусты көрсетті.

Былайша айтқанда бұл қазақ инженері Бөлекбай Сағынғалиевтің қаншама жыл айтысып, қажет жерінде айқасып жүріп, ақыры өзінің инженерлік болжамдарын нақтылап дәлелдеп шыққан бірінші жеңісі еді. Жоғары-төмен жақтан о бастан-ақ Сағынғалиевті қолдағандар қуана қол соқты, о баста қолдамай қарсы шыққандар жеңілісін мойындағылары келмей іштерін тырнап қалды.

Қажырлы да қайсар өндіріс басшысын алда ақырғы, екінші майдан шебі күтіп тұрған.

Сағынғалиевтің өзі бастаған ысылған мамандар тобы облыстық, республикалық, тіпті одақтық партия, шаруашылық ұйымдарының назарын көкейтесті бір мәселеге аударып бақты. Ол Теңіз сияқты ғажайып та орасан зор мұнай қоры бар кенішті жалғыз «Ембі мұнай » өндірістік бірлестігінің өз қаржысымен игере алмайтындығы еді.

Ақыры бұл мәселе СОКП Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі А.С. Архиповтың алдына апарды. 1980 жылдың мамыр айы еді.

Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы О. Желтиков, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Б. Сағынғалиев, Қазақстан Компартиясы ауыр өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі К. Рахымғалиев, салалық министрліктің геология басқармасының бастығы Г. Ованесов, Одақтық геологиялық барлау институтының директоры А. Еременко, осы институттың бөлім бастығы В. Авров, «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологы О. Есқазиев Орталық Комитеттегі осынау 3-4 сағаттық әңгімеде Теңізге байланысты бар түйткілді ортаға салды. Жауапты азамат өндірістік әріптестерінің барлық айтылған мұң-зарын асықпай тыңдап, мақұлдағандай ыңғай танытты. Ұзын сөздің қысқасы, күзге дейін Мәскеуде аса бір үлкен бас қосу болу бек мүмкін .

...Күрк-күрк етіп жерден баяу көтерілген Ми-8 тікұшағы жантая бұрылып барып, бетін Орал қаласы жағына бұрды.

Сағынғали Бөлекбаев та бір, әскери қолбасшы да бір. Бас геологты жарты сағаттың ішінде жолға шықсын депті. Орынғазы Оралға бет алып бара жатқанын осы әлгіде, тік ұшақтың ішінде естіп білді. Бұлармен бірге Батыс геология басқармасының бастығы Б. Хахаев пен «Ембімұнай» бірлестігі жұмысшылар жабдықтау басқармасының бастығы Қ. Мүліков бар.

– Бөке, тыныштық па, аяқастынан не болды? – деді жайланып, жолға түскен соң. Тікұшақтың моторы құлақ жармағанмен ерекше гүрілдеп, жәй айтқан сөзіңді естіртпейді.

– Орал облысының бірінші хатшысы Ықсанов мені әдейі шақырыпты. Әңгіменің аужайына қарап, өздеріңді жаныма қосып алдым. Өзің білесің, олар өткен жылы Қарашығанаққа бұрғы салды ғой, сірә, менімен осы мәселеде ақылдаспақ болса керек... – деді Бөкең сапардың сырын ашып.

– Мен Алматыда Орталық Комитетте ауыр өнеркәсіп бөлімінің мұнай мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарғанымда Мұстахим Біләлұлы Орталық Комитеттің ауыр өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болды емес пе. Байланысымыз сол кезден түзу. Арнайы шақырған соң шауып келе жатқанымыз ғой...

Бірінші хатшы атыраулық қонақтарды орнынан тұрып, қарсы алды.

Расында да Ықсановты мазалаған Қарашығанақтың бүгінгі жайы екен.

Оның үстіне арадағы әңгімеден белгілі болғандай тіпті таяу арада Оралға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіңің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев іс сапармен келіп, облыс шаруашылығының жай-күйімен таныспақ екен.

– Димекеңмен телефон арқылы әңгімеден байқағаным, ол кісіні Қарашығанақтың мұнайының болашағы толғандырып жүрген көрінеді, – деген Мұстахим Біләлұлы әңгімесін жалғай түсті.

– Бөлекбай Сағынғалиұлы, мұнайды өздеріндегі секілді тұз күмбезінің астынан алдық қой. Қазіргі мені қинап тұрған жағдай болашақта мына Қарашығанақтың мұнайын қалай қарай, қай бағытқа айдауым керек? Алдымен маман ретіңде соған жауап берші.

Кең мол пішілген зор денелі хатшы кішкене көздерін Бөлекбайға тіктеп, баяу даусымен осындай сауал тастады.

Қай кезде де ойы жүйрік, шешімі тез Сағынғалиев хатшының сауалына еш мүдірместен жауабын берді.

– Мүмкін болса, – деді бас директор, – Мұстахим Біләлұлы Қарашығанақтың мұнайын не Атырауға, я болмаса Шымкентке айдау керек. Бұл мұнайды Орынборға айдағаннан әлдеқайда арзанға түседі, екіншіден, ел игілігі елдің ішінде қалады.

– Мәскеу жақ бұған көне қояр ма екен?

– Көндіру керек. Қажет болса біз мұнай айдаудың екі жаққа бөлінетін барлық шығынын есептеп, сіздің алдыңызға қоя аламыз.

– Солай ма? Бірінші хатшы ойланып қалды.

– Мұстахим Біләлұлы, бұл мәселені дәл осы күйінде алдын ала жасаған құжаттармен Димекеңнің алдына дайындап қойғаныңыз жөн ғой. Димекең Мәскеуді бұл шараның тиімді жағына иландырып көрсін...

– Істің барысы олай бой түзей қалса, біз мұнай өңдейтің зауыт салуымыз керек қой!..

– Зауытты тура сол Қарашығанақтың басынан саласыз, Мұстахим Біләлұлы.

Аса беделді хатшы сәл ғана езу тартып алды. Кенет:

– Сонымен мұнайды Атырауға айдап, зауытты Қарашығанаққа сал дедің бе жолдас Сағынғалиев, жарайды... негізі айтқан ойың жаман емес. Ақылға қонымды. Айтпақшы, осы мәселелерге қатысты әлгі айтқан барлық шығынның есеп-қисабы мен жоба схеманы маған қашан бермексің? – деп, сұраулы кейіппен атақты мұнайшыға мойын бұрды.

Орнынан баппен тұрған Бөлекбай Сағынғалиев өз алдында жатқан бір бума құжатты Ықсановтың алдына қойды.

– Мұстахим Біләлұлы сонша жерден менің жүзімді көру үшін әдейі шақырмаған шығар деп, алдын ала жасап қойған әлгі Сізге айтқан өзім жасаған жоба. Есеп-қисабы мен шығыны да соның ішінде. Ал енді, бұған қосымша мамандардың өндірістік кеңесін қажет етсеңіз, міне, менің жауынгер әріптестерім! Бүкіл қартаны алдыңызға жайып салады.

Бірінші хатшы Бөлекбайдан мынадай жедел әрекет, ұшқыр жауап күтпесе керек, сірә, зор денесімен отырған орнынан аса ептілікпен жеңіл тұрып Бөлекбайды бауырына басты.

– Міне біздің кадрлар, міне... істің жөнін білетін мамандар!

Ықсанов Сағынғалиевтің әріптестеріне масаттана көз тастап, қасын керіп, басын шайқап қойды.

Арада көп уақыт өткен жоқ.

Ел басшысы Димекең де Орал да болып қайтты...

Кейін белгілі болғандай, Мәскеу жағы Қарашығанақта қазақтардың зауыт салу туралы жобасынан қатты шошып кетсе керек: Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының Орталық Комитеті жаңадан ашылған кеніштің мұнайын Қазақстанның ішкі жағына айдауына үзілді-кесілді тыйым салыпты. Үзілді-кесілді... Бұл орайда қандай шығын болса да Одақтың бюджеті көтертінін алға тартқан. Мұнай тек қана Ресейдің Орынбор жағына айдалуы тиіс.

Қарашығанақ оқиғасы осымен тәмамдалды.

Осы оқиға шошындырды ма, әйтеуір, Мәскеу тамыз айында әр аймақтағы мұнайшы мамандармен шұғыл кездесу өткізетіңін жариялады.

МӘСКЕУ. КРЕМЛЬ

1980 жыл. 8 тамыз. Мәскеу. «Ресей» қонақ үйі.

– Ореке, а, Ореке Косыгин болуға дайынсыз ба?

– Дайынмын, Бөке дайынмын...

Мәскеуге осыншама жыл келіп-кетіп жүргенмен Бөлекбай Сағынғалиев дәл мынадай аса құзырлы қабылдауда бұрын болып көрген емес. Ертең Кеңес Одағы Министрлер Кеңесінің Төрағасы А. Н.Косыгин Одақтың болашағы бар деген 7 мұнай кәсіпшілігінің бастықтары мен Мұнай мен Геология министрліктерінің белді мамандарын қабылдайды. Солардың ішінде Қазақстаннан тандау «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиевке түсіпті. Ел ішінде «Күлмесхан» атағымен танымал, экономика мәселесінде аса білгір басшының алдында қазақ мұнайшысы қандай көкейтесті мәселені алға тартса екен? Мұндай мүмкіндіктердің қайталана бермейтіңі ақиқат. Сондықтан да Атыраудан ұшқанда Бөлекбай қасына жан серігі, озық білімді геолог Орынғазы Есқазиевті ерте шыққан.

Міне, үлкен оқиға алдындағы кезекті жаттығу қайта басталды.

Орекең – «Косыгин», қарсы алдында отырған Бөкең – Бөлекбай Сағынғалиевтің өзі.

– Ал, бастадық !..

Онсыз да қызба, мазасыз Бөкең үстелдің үстіне қолынан шешіп қойған сағатына бір қарап, «Косыгинге» бір қарап белгіленген уақытта бар ойын жеткізіп үлгеруге тырысып жатыр. Кейде бір минут асық кетеді, кейде бір минут жетпей қалады...

Жүйке ауыртқан жаттығулар жүріп жатыр.

Жаттығудың өзі былай, ертең шын Косыгиннің алдында жағдай қалай болар екен?

– Ал, қайтадан бастадық !..

«Кетті... бір минут, екі минут... үш минут... төрт минут, бес минут!»

Мәре бес минут! Осы уақыт ішінде барлық зарынды айтып үлгеруте тиістісің.

Бөлекбай Сағынғалиев сарт-сүрт еткізіп, тақылдап тұр. Айтар ойы да, келтірген дерегі де нанымды, кісі қызығарлықтай-ақ. «Есқазиев-Косыгинге» ұнап тұр. Бірақ, Министрлер Кеңесінің алдындағы мынадай есеп Бөлекбай Сағынғалиевтің өзіне, әйтеуір, бір жері ұнаса, бір жері ұнамай мазасы кетіп тұр. Бір уақытта Бөкең:

– Ореке, жүрші, далаға шығып, қонақ үйді бір айналып жүріп, миымызды тынықтырып оралайық, – деді.

Бұлар далаға шықты.

Жаңадан ғана жаңбыр сіркіреп өткен екен. Ауа сондай тап-таза, қоңыр салқын леп бар. Бұлардың бойы шынымен де кәдімгідей сергіп қалды. Жарты сағаттай арлы-берлі серуендей кезіп, ауыздары да тынбай қонақ үйді айналып жүрген мұнайшылар «жаттығу алаңына» қайта оралды.

Бөкең мәнерлі қоңыр даусына салып, анық, ашық дауыспен баяндамасын соңғы рет пысықтап айтып шыққан да «Косыгиннің» де көзіне ұйқы тығылып, шаршап отырған.

Министрлер Кеңесінің Төрағасы Теңіздің зор болашағы туралы, оның үкіметті де, халықты да жерге қаратпайтын қадір-қасиеті туралы жан-жақты толықтай мағлұмат алуы тиіс. Онымен қоса мұнайлы аймақтағы тұрмыс жайы, өмір-тіршілігінен де хабардар ету Бөлекбайдың мойнында. Облыс мұнайшылары табиғаттың қатал аймағында тұрып жатып лайықты коэффициент мөлшерінде жеңілдік алуы тиіс.

Түн ортасы ауып қалған екен. Бас директор мен бас геолог ертеңгі күннің жауапкершілігін түсініп, ендігі жерде демалуды жөн деп тапты.

Ал ұйқы келсейші!

Бөкең ары аунақшиды, бері аунақшиды... «Тағы не ұмыттым, а, тағы не айтылмай қалды?..»

Әлгінде ғана сынақ үстіңде ұйқысырап отырған Орекеңнің де ұйқысы келсейші! Өстіп жатып олар көздерінің қалай ілініп кеткендерін де білмей қалды.

... – Ойбай, тұр-р!

«Мәс-саған!» Сағат тілі – таңғы 8.00 – ді ұрыпты... Енді жарты сағаттан соң Мұнай министрлігінің алдынан арнайы көлік Кремльге қарай бет алады. Апыл-ғұпыл асығыс жуынып-шайынған азаматтар министрлікке қарай ілінген таксимен құстай ұшты.

Бұлар жеткенде арнайы автобусқа қабылдауға қатысатын кісілер жапатармағай отырып жатыр екен. Бөкеңді қолтығынан демеп, автобусқа отырғызған Орынғазы Есқазиев іске сәттілік тілеп, өзі қалып қойды.

Бөкеңнің алғырлығына сенетін геолог, абырой болғанда дәл уақытында автобусқа үлгергеніне қатты қанағаттанып, қонақ үйге қайтты. «Арнайы көліктен қалып қойса, Кремльге кіру түгілі қабырғасынан сыналап қараудың өзі мұң болып қалар еді ғой, ойбай!»

Мәслихат дәл уақытында басталды.

Сыбырлап қана иегінің астынан сөйлейтің кіл сырбаз қасқа бастар, ішке Косыгин кіріп келгенде орындарына тұрды. Оқтау жұтқандай денесін тіп-тік ұстаған Министрлер Кеңесінің Төрағасы жәймен жүріп келе жатып «Сәлематсіздер ме, жолдастар!..» деп осындағы қауымға басыңқы дауыспен сәлем берді.

Көмекшілердің бірі ол отырғанда алдына ақ парақ әкеліп қойды. Сірә, күн тәртібі шығар деп түйді Бөлекбай.

Косыгин әңгімеге бірден екі министрді тартты. КСРО Геология министрі А. Е. Козловский әдеттегі пысықтығына басып, екі сөзге келмей, қажетті жерінде бас изеп, аң-таң қалып, ақыр-аяғында үстіне су жұқтырмай, атқарылып жатқан істің ауқымынан толықтай хабардар етіп шықты. Мұнай өнеркәсібі министрі А. Н. Мальцев қара аспанды төндіріп, жергілікті жерде жоспар орындалудың мандымай жатқанын айтып, етегін жасқа толтырып, жылап алды. Бір ғажабы, Косыгин үнсіз бас изеумен болды. Екі министрдің де мынадай мінез-құлқы Бөлекбайға тым тосын әрі ерсі көрінді. «Бұл өзі болашақта сабақ болатын іс екен» деп іштей түйіп те қойды. Өткендегі бір министрліктегі кезекті жиын барысында Сағынғалиев Мальцевпен сөзге де келіп қалған. Мәселенің бәрі министрдің көп жайтты ұшқары ойлауына тірелген. Өндірістің басында, тікелей бұрғы салып жүрген мамандардың өндірістік болжамдары соңырақ тағайындалған осы министрге түсініксіздеу екен. Оның себебін Бөлекбай да өзінше топшылаған. Мальцев оқымысты, теориялық білімге тым көп сүйенетін секілді. Оның үстіне аздаған паңдау мінезі бар, тіпті, өркөкіректіктен де құралақан емес сияқты. Ал, Теңіздің тынысы теориялық пайымдау мерзімінен, ғылыми болжамдардан әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір бұл жерде тек білек сыбанып іске араласу қажет. Бұрғыны 5000 метрге дейін бойлата салып, мұнайын ағызу керек. Министрдің осы жайтты шын мағынасында ұғына алмағанына іші ашыған сонда. Мәймөңкеге шыдай алмай ішкі ойын айтып та салған. Міне, бүгін байқап тұр... министр тіпті бұл жаққа көз қырын да салғысы жоқ. Тіпті орайы келсе Ел басшыларының алдында «қазақ жолдастарды» тұқыртып алмақ ниеті бар сияқты.

Кенет Косыгин алдындағы торлама кестеге көз жүгірте отырып қарлығыңқы даусымен:

– Министр жолдастар, сіздер маған мынаны айтыңыздаршы: Құрама Штаттарда бұрғылау үрдісі Кеңес Одағымен салыстырғанда 5,тіпті 6 есе шапшаң. Ал бізде бұл іс неге мандымайды?

Мальцев орнына тұрып, мыңғырлап әлденеде деп ақтала бастады. Мұны қазақтар айтқандай «Мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері десе де болады. Табиғатынан қызба Бөлекбай тыпыршып әрең отыр. «Әттең, субординация!» Байқауынша, Мальцев жолдас мынадай министр басымен Доссордың даласындағы мұнайшылардың күнделікті қарапайым технологиялық іс-қаракетінен де хабарсыз.

Козловский бұл жолы да жүзіктің көзінен аман есен өтіп кетті.

Міне, көп күттірмей кезек Бөлекбай Сағынғалиевке де жетті.

Ембіге елдің назары ауып тұрған шақ емес пе?! Косыгин «Батыс Қазақстандағы мұнай өндірудің жай-күйі» туралы жергілікті жолдастардың өз аузынан естуге бүгін аса құлықты болып отырғанын ескертті. Түсі мұздай суық жүретін КСРО-ның Премьер-Министрі кенет, өңін жылытып мойнын соза «Қайдасыздар?» дегендей ишара жасады.

Бөлекбай тіпті де толқыған жоқ. Өзінің сөзінің дәл мына екі министр берген жаңа әлгіндегі түсініктемелерден әлдеқайда нақты да айғақты, әрі қызықты шығатынына сенімді еді. Іштей «Я, Пірім қолдай гөр!» деп орнынан тұрды.

Теңіз кенішінің болашағынан қысқаша һәм тұжырымды мәлімет берген Қазақ мұнайшысы түптін-түбінде елдің экономикасына осы аймақ орасан күш беретінін алға тартты. Дәл қазір Министрлік Орал мен Жемнің арасындағы мұнайлы өңірден қаражатын аяп қалуы күнәһәрлікпен пара-пар. Өйткені, оның ертеңгі қайтарымы он есеге жуық екенін дәл бүгін ескермесек ертең кеш болады! «Темірді қызған кезінде соқ деген» көсем сөзін ұмытпайық!

Қазақ мұнайшысының әңгімені экономикалық талдаулардан бастағаны Алексей Николаевичке ұнап қалғанын осындағы зәулім залда отырған барша қауым бірден байқады. Одақ та және социалиста шетелде «білгір экономист» атағы бар Косыгин манадан бері алғаш рет өзінің тәні мен сезіміне аса жақын тақ ырыптың қозғалғанына аса риза кейіппен Сағынғалиевке бір-екі жауынгер сұрақ қойды. Елдің, алыс бекеттердегі мұнайшылардың хал-ақуалын сол жерден келген азамашың аузынан естіп, білгісі келіпті Премьер-Министрдің. Бөлекбай тап-тұйнақтай, қысқаша түрде ол туралы да ақаусыз баяндап берді.

Косыгин Сағынғалиевтің айтқан әңгімесінің негізінде алдымен КСРО секілді АҚШ-ты өкшесіне ілестіріп келетін алып елдің экономикалық ақуалына тоқталды. Одан соң министрлердің «құлағына алтын сырға» тақты. Осынау зәулім сарайда өтіп жатқан салмақты әңгіменің үзіліске дейінгі бөлігі Бөлекбайдың баяндамасынан басталып, Ел басшысына телефон шалумен аякталды.

Бас Хатшы Леонид Ильич Брежнев Кавказда демалып жатыр екен.

Бөлме іші-тым тырыс бола қалды.

Амандық - саулықтан соң Косыгин бірден «қазақ жолдастардың» есебіне қанағаттанғанын айтып салды. Бөлекбай бәрін де көрген түстей қабылдап, толқып отыр. «Патша не дер екен?»

Косыгиннің аз сөйлеп, басын көп изегеніне қарағанда, екі аралықта түсіністік әңгіме жүріп жатқан болды. Косыгин бастығына елімізде тұңғыш рет таза сынақ жасалған Теңіздің болашағы туралы де бірнеше қайталай айтып өтті.

Үзілісте Бөлекбайды алдымен әзірбайжандық мұнайшы әріптестер келіп, бүгінгі жеңісімен құттықтап қолын қысты...

Ертесіне «қазақ жолдастарды» Косыгиннің орынбасары Дымшиц қабылдап Қазақстан мұнайшыларының материалдық техникалық жағдайына байланысты жеке дара жиналыс өткізді. Арнайы құзыры мәртебелі шешім қабылданды. Жоғарыдан нұсқау солай берілген. Қуаныштысы сол күннен бастап Кремльдегі құрылған жұмыс тобы тиісті мемлекеттік құжат жасауға отырды. Көп кешікпей, яғни 1981 жылдың 4 маусымында СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі «Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары күшейту және мұнай газ өндірісін өркендету жөніндегі» №522 Қаулысы шықты.

Қазақ мұнайшысы үшін қадір-қасиеті зор ол Қаулы барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді.

Барлығы 35 бөлімнен тұратын атақты Қаулының бір парасы былай болып келеді:

1. Халық шаруашылығын өркендету мақсатында Батыс Қазақстанда 1981-1985 жылдары барланып, анықталған мұнай және газ өндіруді өркендету міндеттері алға қойылды.

2. КСРО Геология министрлігін, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі және КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігін 1981-1985 жылдары Батыс Қазақстанда барланып, анықталған 700 миллион тонна мұнай, 130 миллиард текше метр газ қорын игеру үшін 2 миллион метр көлемінде тереңдік қазып барлау міндеттелді.

3. КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігіне және «Ембі мұнай» бірлестігіне 1982 жылы Теңіз кенішінің өндірістік қорын есептеу жүктелді.

4. КСРО Геология министрлігін, Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне 1982 жылы Жаңа жол, Қарашығанақ өндірістік қорын есептеу жүктелді.

5. КСРО Министрлер Кеңесіне және Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне өздерінің қарауындағы басқа министрліктер мен ведомстволардың осы Батыс Қазақстандағы, әсіресе, Теңіз, Жаңа жол, Қарашығанақ кеніштерін игеруге көмектесулері міндеттелді.

Бөлекбай Сағынғалиев осы Қаулының негізінде Одақтық танымал ғылыми-зерттеу институттарының Теңізге ерекше бет бұруын тездетті.

Ойпаттағы бұрғылау қондырғыларының санын 20-ға жеткізген Сағынғалиев олардың шоғырланып жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бір сөзбен айтқанда, «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігінің бас директөры Бөлекбай Сағынғалиевтің Мәскеу барған сол бір сапары атақты кенішті барлау мен өндірісті толыққанды бағалау мерзімін 5-10 жылға қысқартты! Теңіз кенішінің игерілуін жылдамдатты. Бас директордың Кремльдегі айқын жеңісі өндірістің барлық саласында айтылып жүрді.

...Сол жылы Бөлекбай Сағынғалиев СОКП Орталық Комитетінің XXVI съезіне делегат болып қатысты. Жыл басында жалынды коммунист Қазақстан Компартиясының XV съезіне делегат болған еді.

1982 жылы Бөлекбай тіпті қайратына мінді.

Көрші Волгоградта жаңадан отау тіккен «Прикаспийбурнефть» бірлестігінің 10 бұрғылау бригадасын көшіріп әкеліп, Теңізге салды. Өз аймағына соған қосымша тағы он бұрғылау бригадасын құрды. Алғашқы кезде бір мезгілде 20 ұңғы қатар қазылды. Ұңғылар сынақтан қатар өткізіліп, мұнай қоры шамамен есепке алынды. Жұрттың көзі Теңіздің сондайлық алып кеніш болатынына бір жолата жеткен еді. Сол кездегі қарапайым есептеулердің өзі Теңіздің қойнауында 1,5-2 миллиардтай мұнай, 2,0 триллион текше метрдей газдың барын көрсетіп қойған. «Ембі мұнайдың» жетекшісі тек Теңіздің мәселесімен шектеліп қалмады. Сол тұста.

Теңізбен іргелес жатқан «Королевская» кенішіне екі жерден бұрғы салып, тұз асты мұнайының барын тәжірибе-сынақ түрінде дәлелдеп тастады.

Бөлекбай Сағынғалиев «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігін басқарған 15 жылдың ішінде түпкілікті іздестіру, барлау, бұрғылау жұмыстарының арқасында 20 - дан астам мұнай кенішін ашуға тікелей жеке өзі себепші болған жан. Оған қосымша 10-нан астам пайдаланып жүрген кеніштердің көкжиектерін кеңейтті. Дәл осы өңірлерден алынған мұнайдың өзі 60 миллион тоннадан асып кеткен екен.

№37 ҰҢҒЫ!

Қазақ ұғымында «37» – қасіретті сан. Демек, жалпыхалықтық геноцид пен сталиндік қуғын-сүргін тарих беттерінен, ел санасынан еш уақытта өшпейді...

Бірақ, №37 ұңғыдан «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігінің ұжымы, оның бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев соншама азап тартады деп ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмегенді. №37 ұңғыдан шыққан өрт Қазақ мұнайының тарихында қара таңба болып қалды десек, және қателесетің жайымыз бар. Бұрын-сонды, жер астындағы тұз төбелерге бұрғы салып кім көрген? «Ғасыр» жобасы атанған аса ауқымды бағдарлама ондай-ондай шалыс-қалыс әрекеттерден айналып өтетіңдігіне кім кепілдік береді? Дей тұрсақ та, Үлкен істің басы-қасында жүрген өндіріс басшысы, талантты инженер Бөлекбай Сағынғалиев кездейсоқ оқыс оқиғалардың кез-келген уақытта бой көрсетіп қалуынан сақтанып та жүрген. Бұл тәжірибе шалағайлықты көтермейтіңін ескертіп, әріптестерінің де құлақ құрышын жейтің. Амал қанша, қанша сақтанғанмен апат аяқастынан болды...

Күллі Кеңес Одағының назарын өзіне аударған Теңіз кеніші әдеттегі өндірістік тыныс-тіршілігін жалғап, сынақ тәжірибесін үзбей, тоқтаусыз жүргізіп жатқан. Бұлай деуіміздің себебі, қалың қабатты тұз күмбездерінің астында, зор қысымның уысында жатқан мұнай кені дүние жүзілік сирек құбылыс. Алайда, әлем мұнайшылары Мексика жеріндегі дәл осындай тұз астындағы мұнай бұрқақтарының жер бетіне қайнап шығып жатқанынан хабардар... Дәл бірақ сол Мексикаңызда да мұнда адам айтқысыз апат тіркелмеген екен!

Жоба бойынша бұрғы бұл кеніште 5000 метр тереңдікке бойлауы тиіс-тін. Қазу тереңдігі 4467 метрге жеткенде мұнай бұрқағы сыртқа жұлқынып сыр бере бастаған. Бұл төтенше апаттың алғашқы белгісі еді. Бұрғылау шебері А. И. Сиднев 5 метрге дейін босап кеткен ұңғыманың саз балшықты жұта бастағанынан секем алып, Балықшы бұрғылау басқармасының бас инженері Ә. Ф. Черкасовпен хабарласады. Ол бұрғылау құбырын 50-60 метрге дейін көтеруге нұсқау берген. Бұл, әрине, мамандардың айтуынша үлкен қателік. Керісінше, забойдағы саз ерітіңділерін ауырлатып, интенсивті түрде жудыра беру керек еді.

1985 жылдың 24 маусымы.

Сағат түскі12-де №37 ұңғыдан тосқауылға тоқтамайтын мұнай бұрқағы сыртқа атылды. 25 маусым күні күшіне енген мұнай бұрқағы қатты екпінмен жоғары қарай өрлегенде ілесе кеткен қиыршық майда тастардан ұшқын шықты... Іле айнала адам айтқысыз алапат өрттің құшағында қалды. Кеніш басында ақыл жетпес, түсініксіз мазасыздық басталды. Абырой болғанда, алғашқы сәтте ұңғы басында бұрғышылар жұмыс істеп жатпаған, кісі шығыны жоқ. Жан-жаққа шұғыл хабар жіберілді. Атырау, Алматы, Мәскеу мамандары аяғынан тік тұрды. Өрттің аса қиын да қауіпті тұстары бұрқақтағы ілеспе газ да 25 пайызға дейін күкіртті сутегінің болуы еді. Жер қыртысының қысымы 850900 атмосфералық көрсеткіштен төмен емес, температура 120-130. Жоғары-төмен жақтан құзырлы шенеуніктермен мамандар жиналғанға дейін Бөлекбай Сағынғалиев құрған жедел топ, шамалары келгенше іске жарамды техникалар мен технологиялық әдістерді апатқа қарсы бағыттап тыным таппады. Амал қанша... Кеңес Одағы мұндай ашық өрт бұрқағымен бірінші рет бетпе-бет келді.

№37 үңғыдағы өрттің алғашқы әсері туралы сол кезде Мәскеуден жарық көретін «Труд» газеті былай жазды:

«...Жалын аумағы бірден 100 шаршы метрді алды. Бірнеше жерде көлшік болып жиналған мұнай қамбалары, мәшинелер отқа оранды. Мұнай бұрқағының жел қуған жағында жалынның ізі 5 шақырымға дейін жетті. Жер жанып жатты. Арлы-берлі алыстан одағайлап жүгірген адамдардың май сіңген күпәйкелері жалынның ыстығына ұрынып, түтіндеп жатты. Жігіттер желке шашының шытыр-шытыр күйгенін байқады.

Олар бет қаратпайтын жалынның арасынан техниканы алып шығып үлгерді, өздері де дін аман. Енді міне шарасыздана бұрғының аузынан аспанға секунд сайын өрши ұмтылған жалынға көз салып тұр. Міне, бұрғылау мұнарасы опырылып тура отың үстіне ешқандай дыбыс шығармай-ақ құлап түсті. Құбырлар жыландай ирелеңдеп аспанға ұшып жатты. Аузынан от бүркіген «№37 аждаһа» төрт жарым мың метр, салмағы 160 тонна болат құбырларды бұйым көрмей, не бары 9 минуттың ішінде бұрқақпен бірге шайнап-шайнап далаға «түкіріп» тастады.

...Теңіздегі апатты газеттерден оқып білген Охадан Карпатқа дейінгі аралықтағы мұнайшылар, мамандар КСРО-ның Мұнай өнеркәсібі министрлігіне хат жазып, ұсыныстар түсірді. Кәнігі мамандардың басы қатты, мұнайдың не екенін білмейтін қарапайым адамдардың жаны ашып, қалай қол ұшын берсек екен деп алаңдаушылық білдірді.

Бірақ, нақты көмек көрсетуге ешкімнің де шамасы жетпеді...»

Аса қиын, болашағын болжап білмес оқиғаға байланысты КСРО Мұнай өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары Валерий Игревский апатқа қарсы күрес Штабының бастығы, «Ембі мұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев Штабтың тете бастығы болып тағайындалды. Айналасы 3-4 күннің ішінде өрт басына Украина мен Кавказдан, Белоруссия мен Сібірден ең білікті мамандар мен ғалымдар жиналды.Теңіздегі өртке қарсы жұмыс істеп жатқан контингентті қосқанда тек инженер-техниктердің саны 250-ден асты. Стратегиялық шаралар жасалды. Апатты жою бір аптаның, бір айдың, тіпті жарты жылдың... ішінде жүзеге аса қоятынына ешкімнің де сенімі жетпеді. Күндер өте берді...

Өртті сөндірудің екі амалы қарастырылды.

Біріншісі, 3700 метрдей бүйірлей қазған ұңғыма арқылы жарылыс жасау. Екіншісі, бұрқақтың аузына арматура қою арқылы тұншықтырып отты ауыздықтау. Екі тәжірибе де сәтсіз аяқталды...

От бұрқаққа жақындап бару мұңға айналды. Улы газбен жоғары көтерілген ауаның температурасы 500 градусқа дейін жетіп, ауада ұшқан құс топ етіп құлап жатты. Ұңғының айналасындағы топырақтың қызуы 260-320 градусқа көтеріліп, аяқ бастырмай қойды.

Жалын бұрқағының биіктігі 200-220 метр!

Штаб ең бастысы төңіректегі адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғап қалуға аса мән берді. Өйткені, сараптаушылардың мәліметіне қарағанда осы күндері адам денсаулығына зиянды улы заттардың шектеулі мөлшерден 50 есеге асып кеткені байқалды. Бірақ, жалынмен күрес тоқтаған жоқ.

Уақыт өте шетелдік Теңіздің апатты ұңғысына «Камертон», «Отис» компаниялары қол ұшын берді. Көп кешікпей жоғарыдағы екі компанияның күшімен, солардың превенторларымен ұңғыма ішіне 168 миллиметрлік құбырлар жіберілді. Сол арқылы төмен қарай ауыр саз ерітіндісі айдалды. Содан кейін іле цемент ерітіндісі жіберілді, жалынды бұқтыруға әрекет жасалды. Тәжірибелі мұнайшы Сағидолла Нұржанов басқарған топ аса жауапты міндетті шегіне жеткізіп орындады.

399 күнге созылған арпалыс мәресіне жетті. Мамандар осы бір жыл екі ай ішінде №37 ұңғыдан 5 миллион тонна мұнай, 3,3 миллиард текше метр ілеспе газ және 660 миллион текше метр күкіртті сутегі жанып кеткенін есептеп шығарды.

Ұңғы аузында радиусі 15 метр, қалыңдығы 30 сантиметрлік шақпақ тастардың (обсидиан) минерал қабаты пайда болыпты...

Талай атпал азаматтардың жүйкесі сыр берді...

Бірақ, өмірдің тосын сынынан тайсалмай өткен Бөлекбай Сағынғалиев балауса шағынан бойында біте қайнап келетін түпкі мақсаты жолындағы бағытынан таймады.

«Ембі мұнай» өндірістік бірлестігін 1971-1986 жылдар аралығында Бөлекбай Сағынғалиевтің тікелей басшылығымен 15 кеніш ашылыпты. Әрбір жыл сайын бір кеніш. Аз ба, көп пе!? Уақыт өзі төрелік етер.

Соның ішінде әлемге танымал Теңіз кенішінің шоқтығы биік.

КСРО Геология министрлігінің 1988 жылғы 10 наурыздағы Шешімімен Қазақстанда Теңіз кен орнын Бірінші ашушы деген (№2362) кеуде белгісімен, дипломмен марапатталды.

Тәуелсіз Қазақстан да айтулы азаматтарының абыройлы еңбегін әділ бағалады. 1995 жылы Теңіз сынды бірегей мұнай кен орнын ашқаны үшін Б.С. Сағынғалиев (жетекші), Б.Д. Елеманов, К.К. Балжанов, М.Б. Балғымбаев, О. Есқазиев, В.П, Авров, А.Х. Хисметов, Ж.А. Досмұхамбетов Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Кешегі Теңіз бүгін «Теңіз-Шевройл» қазақ-американ біріккен компаниясы деген атқа ие болған. Мұнайлы алқаптың ені 19, ұзындығы 21 шақырым аумақты алып жатыр.

— Қазақстанда мұнайдың бары XIX ғасырдың орта шенінде-ақ шетел мұнай мамандары мен алпауыттарына белгілі болған, – деп әңгімені тым әріден бастайды қарт мұнайшы. Олардың көбі Кеңес үкіметі орнағанға дейін қазақ даласын кезіп жүрді. Кейіннен шетелдіктердің жасағанын қалпына келтірілді, әсіресе Доссор, Мақат өндірістерінде мұнай шығару жолға қойыла бастады.

1935 жылы КСРО ҒА-сы үлкен отырыс өткізіп, онда Доссор, Мақат, Сағыз кен орындарының аралығында жер асты мұз қабатынан төмен жатқан мұнайды aлy туралы сөз қозғапты. Ақыры, 1946 жылы сол араға ұңғы салынды. Бірақ тұз қабатынан құбырды өткізе алмай іс нәтижесіз аяқталды. Жиырма жылдай осы мәселе қозғалған жоқ. Бұл ой тек 1970 жылдары ғана бой көтерді. Сол тұстағы министріміз Шашин Валентин Дмитриевич бұл жөнінде 12 ғалымды таңдады. Оның 8-і қарсы болып, 4-уі қолдады. Қолдағанның бірі мен, екіншісі министрдің өзі және тағы екі мықты ғалым В.Д.Шашин бізге «екі айдан соң тиянақты ұсыныстарыңызды әкеліңіздер, мәселенісіздердің пайдаларыңызға шешіп беремін» деді. «Егер осы кен орны ашылса, сіздің есіміңіз ең құрметті орынға жазылады» деп уәде бердім. Сол уәдемді әлі күнге орындай алмай келемін...

Мен 1944 жылдан бері осы күнге дейін мұнайдың маңайында жүрмін. Әсіресе мен үшін Теңіз кен орны ыстық. Теңізді зерттеу қомиссиясының төрағасы, алғаш ашушысы болдым. Қазір ең көп мұнай беретін сол Теңіз. Тұз астындағы мұнайдың шешілмеген проблемасы жетерлік. Сондықтан сәл мүмкіндік болса, барлау жұмыстарын жүргізе беру керек. Өйткені, мұнайды 22 шақырым тереңдікке дейін іздей беруге болады. Ал біз 6-7 мың метрге ғана жеттік.

Ал енді 22 мың метрлік тереңдікке бұрғы салар балаларым, інілерім ең бірінші терең де тиянақты білім алуға талпынсын. Президентіміз Н.Назарбаев бұрыннан-ақ мұнай жайындағы болжамдарға құлақ қойып, соған сеніп жүруші еді. Міне, енді сол сенімі орындалып келеді. Бір ғасырлық тарихы бар мұнай қазақ елінің маңдайына біткен бақыты, құдай берген ырыздығы. Елімізде бұдан басқа да байлық жеткілікті. Тек осы ырысты ысырап қылмайдалық мұқтажына жарату үлкен мәселе. Ол аса білгірлікті, оңтайлы ұйымдастыруды қажет етеді. Әрине, бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көп еңбек тындырып жүр. Әңгіме соның дұрыс жалғастырылуында. Бұл орайда сала мамандары жауапкершілік жүгін жете сезінгендері абзал болар еді. Қазақстанның өркениетті елдермен терезесін теңестіретің мұнай десек шындықтан алыс кетпеспіз. Өйткені, «қара алтынымыз» ел экономикасын өркендетудегі басты құрал. Қазақ мұнайының 2 томдық энциклопедиясының шығуының өзі мұнайдың қаншалықты мәнге ие екендігін дәлелдейді. Сондықтан халықпен бірге жасасып, талай қиын кездерде де елдің еңсесі түспеуіне тірек болып келген мұнайымыз алдағы уақытта да солай болатынына сенімдімін.

Мұнай Қазақстанның тек батыс өңірінде ғана емес, барлық аумағында бар дер едім. Мұны мен геофизиканың тереңде жатқан сырларын о бастан алдыма мақсат етіп қойған мұнайшы ретінде айтып отырмын. Мысалы, Алакөл, Қарағанды, Іле ойпатының қойнауына қазірден бастап зерттеу жұмыстарын жүргізсе артық болмас еді. Оның нәтижесінің өзі он-он бес жылды алуы мүмкін. Сондықтан жігіттер арқаны көп кеңге сала бермей, барға тоқмейілсімей ширақ қимылдағандары жөн. Қазір біз өте сындарлы кезеңдеміз...

Ақсақалдың бұл айтқандарын қазақ мұнайшыларының жаңа

ТҮЙІН

Бөлекбай аға мен Хадиша апаның сүйікті немересі Гүлнәзи Бостонда (АҚШ) білім алды. Еліктің лағындай ғана сүйкімді дала аруының туған атасы, әкесі, тіпті бабасы Сағынғалидың мұнайшы екендігінен хабардар америкалықтар талай рет таңдана бас шайқағаны бар.

Бұл жай ғана таңданыс, кәдуілгі құрмет нышаны ғана екен...

Зерек қыз Бостон қаласындағы университеттер аралық жарысқа Саффолск университетінің атынан қатысып бизнес тақырыбы бойынша бірінші орынды жеңіп алады. Бұл да қазақстандық студенттің үлкен жеңісі деп бағаланды. Лайықты марапаттау көрсетілді.

Бұл да өзінің ретімен, жөнімен жасалған құрмет еді.

Бірақ , күндердің күнінде сол Гүлнәзидің атасы Бөлекбай Сағынғалиевтің Теңіз кенішінің авторы екінін білген университеттің үлкен-кішісі «Уоу, уау...» деп, ауыздарын ашып, көздерін жұмды да қалды. Міне, керемет, міне, ғажап! Неге? Өйткені, америкалықтар соншама алыста жатса да Теңіз кенішінің атауын жақсы біледі! Қалай білмесін, АҚШ мұнай алпауыты «Шеврон Оверсиз Компани» қазақтармен бірігіп Теңіздің тұз күмбездері астындағы аса сапалы мұнайын игеріп жатыр емес пе?

Әлемдегі бірегей кеніштің дақпырты мен даңқынан дүниежүзінің аса бай мемлекеті, оның іскер азаматтары бек хабардар болып шықты. Ұрпақ жалғастығы деген осы. Бөлекбай ақсақал өзі туралы америкалықтардың жетік білетініне аса таңданған да, тамсанған да жоқ. Егер ол жастайынан атақ қуса, бәлкім, әлем қауымдастығының аузынан суы құрып отырған Теңіз кеніші осы күнге дейін игерілмес те еді. Бұл менің, жеке өз ойым. Қазақтың бірегей, тума талантты ұлы, ғажайып инженер-мұнайшысы Бөлекбай Сағынғалиевтің өмір жолына, қызмет баспалдақтарына тереңірек үңілген сайын менің көзім осыған жетті.

Еліміздің мұнай өндірісін дамытуға қосқан үлесі үшін Бөкең ағамыз мемлекет тарапынан үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бір марте Октябрь революциясы ордендерімен марапатталған. Еңбек Ерінен қай жері кем?! Өзге майда-шүйде медаль-марапаттауларды былай қойғанда, Мемлекеттік сыйлықтың белгісі де бар. Таңқаларлығы, иә, таңқаларлығы сол – Бөкеңнің отбасылық альбомында осынау ұланғайыр еңбегінің шынайы көрінісі іспетті орден-медальдарын тағынып түскен бір суреті жоқ болып шықты! Ал, осыған сеніп көріңіз енді.

Хадиша апамыздың мына бір түсініктемесі, тіпті, қызық...

Ақсақалдық жасқа жеткен ардагер мұнайшыны бәйбішесімен туған елі қонаққа шақырады. Барлық жерде атамызға шапан жауып, зор құрмет көрсетіледі. Бүкіл саналы ғұмырын айналасында өткізген ұңғылардың басында болған қарт инженер қатты қобалжып, көңілі босап,көзіне жас іркіледі...Талантты жастығымен осылай жүздескен қайраткерге өзі талай жыл басқарған өндірістің ошағын аралау да бір ғанибет. Сондағы әп-әдемі мұражай да келушілердің көңілінен шығып жатыр. Әттең, сол мұражайдың ішінде қазақ мұнайының академигі Бөкең ағамыздың бір суреті табылмапты. Басқа құрылық Америка жұрты жәй атын естігенге аузын ашып, көзін жұмып жатқанда, Атыраудағы, ауылдағы қыр оқиғаларының қызығы осындай. Хадиша апамыз айтады: Ағаңыздан да бар, кезінде ол өзі той-томалаққа, мерекелеуге тым құмар емес еді. Сурет жинамады, мұражай ашпады... Әріптестерін де солай тәрбиеледі. Оның есесіне мұнайшыларға қала маңынан, қаланың өзінен үй салды, Алматыдан мұнай факультетін ашты, мұнайшының балаларын Кавказға демалысқа жіберді. Ал, қазіргі жастар алымды да шалымды.

Тек, Ембі мұнайының тарихын өздері басқарып отырған қазіргі кезеңнен, XXI ғасырдан бастағаны езуіңе еріксіз күлкі үйіреді екен...

Егер әскери ең жоғары атақ Бөкеңе, қазақтың Сағынғалиевіне лайық десек, ол ақиық ақын апамыз Фариза Оңғарсынова «Қазақ мұнайының Маршалы» деп жыр жазып, оның иығына жұлдыз жапты. Бұған Қазақ мұнайының Академигі, басшылардың бірегейі, Ембіні қайта түлеткен ұрпақ өкілі екенін қосыңыз! Бөлекбай Сағынғалиевтің бар болмыс осы.

Өзбек ағайындар Қаһарман Дадаев есімді әртіс ақсақалын құрметтегені сондайлық оны елдің бірінші ғарышкері дәрежесінде санайды екен. Қандасына, бауырларына деген құрмет осындай-ақ болар! Қаһарман ақсақал таба нанға ұқсас даңғараның бірнешеуін бір мезгілде саусағымен сабалап, өнер көрсете береді. Айтпағым, өнерде де, өндірісте де де жаны сүйген қызметіне күллі ғұмырын арнайтын адал жанды, ақниетті азаматтар бірдей. Тек оларға құрмет қалай көрсетіледі, халқы қалай дәріптеп, қалай бағалайды. Гәп сонда.

Сонда ғана тарихтың мұражайы қоғамдық құбылыстың қаһармандарына төрінен орын беріп, қастерлейді. Бөлекбай ағамыздың сондай сирек құбылыс екеніне дауыңыз болмасын...

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙