Өлеңдер жинағы 1941-1945
Қалижан Бекхожин
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қалижан Бекхожин табиғатты суреттеу арқылы адам көңіл-күйін, қимыл-әрекетін бейнелейді. Оқырманға жеткізер лирикалық толғаныстары да жетерлік. Шығармаларында тілдік көркемдік-эстетикалық талғам деңгейін биікке шығарды.
ӨЛЕҢДЕР ЖИНАҒЫ
(1941-1945)
КЕК ДАБЫЛЫ
Кеудемізде кек қайнаған,
Кекпен өзен отқа айналған,
Қаһарлы айқай салған шуды,
Дүниеде кім ашулы?—
Біз жігіттер— біз ашулы!
Біз ашулы, намыс оты
Бойды өртеген, жалын қысқан.
Ашындырды, арға тиді,
Бүлік салып бізге дұшпан.
Бұлтын үйді үстімізге,
Соның зіл түсті бізге.
Кек тұтанды — жалын атқан.
Елден, жерден жанып жатқан,
Сондағы отта өлгендердің
Кеудемізде қаны қатқан,
Біз де кектің жасағымыз,
Кек күйігін басамыз біз!
Басқа түсті айбынды шақ,
Күркіреген дауыл құсап,
Кеттік дұшпан әлегімен,
Кеттік рақат әлемінен,
Кек арқалап, кек уыстап,
Кектің менмен туын ұстап.
Ашу - қайрат енді бізге,
Енді кезек, келді бізге!
Азап отын сөндіретін,
Көндіретін еркімізге.
Біз жасайтын бұл ғасырды,
Осыншама кім басынды?
Қандай сұм бар басынатын,
Бізден күшін асыратын?
Қорқытатын бізді ажал ма?
Сонау— Гитлер — сұм тажалға.
Өрт салуға, кекті алуға,
Бас жігіттер, ұмтыл алға!
Келді кезең:— кек қайнады,
Жетті соңғы — кек майданы.
Жетті жауды құртатын кез,
Соқ жігіттер, қимылда тез!
Аттан қарсы сұм ажалға,—
Сал ойранды, ұмтыл алға!
ЖАУЫНГЕР МАРШЫ
Жауынгерміз біз айбынды,
Қаһарымыз қар бораған.
Ұлы дүбір майдан туды,
Дабылдата соқ барабан!
Бойды билеп, намыс қайнап,
Кеудемізде кек тулаған.
Көрсетеміз дүниеге айбат,
Тазалансын жаудан жаһан.
Дүниеге тиді албасты,
Тиді албасты қанды аңсаған.
Ажал тілеп бізге айқасты,
Сонау Гитлер — жынды есалаң.
Күндей күшті аспандағы,
Тиді Отанға нұр жайнаған.
Ол қара түн — жез тырнағы,
Біз дауылпаз көкте ойнаған.
Сок, барабан, қақ дабылды,
Жаңғырықсын дүние жаһан.
Шақырамыз көк дауылды,
Жай отымен жарқылдаған.
Жер менен кек қатулансын,
Ашулансын барлық адам,
Ашуына Гитлер жансын,
Дүниенің лапылдаған.
Ат қаһардың зеңбірегін,
Нажағайдай шартылдаған.
Кетсін жарып жер жүрегін,
Жау қалмасын шарпылмаған.
Біз шырқаймыз шуды ашулы,
Жаңғырықсын дүние жаһан.
Ұлы дүбір майдан туды,
Соқ барабан, соқ барабан!
АҚЫН КЕГІ
Отан үшін қанды майданда
қаза тапқан ақын Абдолла
Жұмағалиевке арнаймын.
Лапылдады жанды кегім,
Жанымда ыза, көзімде жас.
Өлді ақын — ардагерім
Өлтірді жау сұм есуас.
Отқа түсті ақын жаны,
Өртеді жас, есіл боздақ,
Ұлы түтін — ащы зары
Кетті іштегі кекті қозғап.
Жаны сәби, әншіл бөбек,
Еркеледі - ау дүниеге аз?
Ақын еді туған бөлек —
Жастай өліп кетті-ау, сабаз!
Күйді өлеңнің қызғалдағы,
Жанды гүлі аяп алар.
Толмай сенді қызған шағы
Бітпей қалды поэмалар.
Поэзия түлегі еді,
От жүрегін ән билеген.
Өр көңілі, тілегені:—
Көркейсе өмір, ән, күй деген.
Қызыл жалын аймалады,
Ажал оты маздады да;
Өрт жіберді аямады,
Поэзия боздағына.
Ашуменен елемеген,
Денесіне тиген отты,
Кеудедегі ызаменен
Дұшпанына жаудырды оқты.
Кетерінде дүниеден
Албырт ақын шығарды өлең.
Өлең айтса, ән шырқаса,
Ойында жоқ өлім деген:
«Ей есуас, жер жебірі,
Ат денемді, ерте мейлің,
Артымда елең қалса тірі
Мен жасаймын, мен өлмеймін.
Жаңа дүние аспанында,
Самғап ұшар жас өлеңім,
Шаттықпенен жас жаныма,
Ән шырқаса, неге өлемін!»
Соны айтты да құлады ақын...
Маздаған от бірге сөнді,
Қара түнек жамылды түн,
Бей уақытта ақын өлді...
...Мұңаймаңдар, жас достарым,
Қайғырма, сүйген жары.
Тірілтеміз өлеңменен
Жоғалмайды ақын жаны.
Кек күйігі отты өлеңдер,
Кеудемізден лаулап атты.
Өткір найза, ажал оқтай,
Тиді барып жауға қатты.
Сәби ақын жендеттері,
Кек отына тұншығады,
Жоғалады улы тұман,
Жарқырайды, күн шығады.
Жаңғырығар сонда жас үн,
Қозғар ойды қалжыраған.
Сонда көзден тия жасын,
Дос пен жары қан жылаған.
Ақын шығар жанған оттан,
Оянар да шаттық үнмен,
Керер досты ойнап-күлген,
Құшақтасар тәтті өмірмен.
Қайғырма, дос пен жары,
Ән бөбегін, әлдилеген
Тірілтеміз сәби жанды,
Көтереміз ән-күйменен!
ҚОЛ БАСТАҒАН БАТЫР
(Бауыржан Момышұлына)
Жүректе оты жанған жігіт едің,
Атаның алып қалған үміт – кегін,
Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға,
Қазақтың қайсар ноян жігіттерін.
Еріндей ертегінің қайта туған,
Ашуың атқан толқын айбатыңнан;
Кегінен қалың қазақ қайнап жігер,
Тасыған қайратыңмен жауға атылған.
Қаһармен қар бораған қабағыңнан,
Қанқор жау қалтыраған қамалыңнан.
Тапталған.дүлей дұшпан табаныңа,
Тәйірі, қазақ деп пе ең таба қылған.
Бастаған қалың қолын тасқын еді,
Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі.
Қазақтың мұзды балақ қыранындай,
Сен едің гвардия бас түлегі.
Қас батыр жігіттерің қасыңдағы,
Қалың жау қаптағанда басынғалы,
Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған,
Қарсы ұшқан қардай борап ашулары.
Жеңіске жорығыңды жолдау үшін,
Жайпаған жаудың талай жолдағың.
Жалындай аспанға ұшқан атағымен,
Мәліктей жойқын күшті жолбарысың.
Өзіңнің арта берсін ер атағың,
Айбынды сүйген ұлы бол атаның!
Мақтансын туған елің дабысыңа,
Қорғаған батырым, деп ұлы Отанын.
Жарқылдап жау үстінде қаруларың,
Көтерсін қазақ аруағын,
Білсін жау бір ел барын қазақ деген,
Ашынса көрсетпейтін жауына күн!
Бастай бер жасағыңды алдан - алға,
Дауылды тоқтататын қамал бар ма?
Сондай-ақ азаттықты алып жөнел,
Туысқан тұтқындағы адамдарға!
БАТЫР ДОСЫМА
(Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинге)
Қанат қаққан ұясынан,
Біздер таудың түлегіміз,
Алтын аспан аясында
Араласқан жүрегіміз.
Сонда көкке талпынғанда,
Қонды бақыт үстімізге,
Күлімдеді күн аспанда,
Нұр сәулесі түсті бізге.
Қуанышпен өтті күндер,
Шаттықпенен шалқыды өмір.
Өткен-кеткен шертілді сыр,
Асқақтаған айтылды әндер.
Сен естідің сонда жырдан,
Елдің өткен батырларын.
Дауысымен жауға ақырған,
Бізді ерлікке шақырғанын.
Естіп соны балқығанда,
Ереуілді шын қағылды.
Ер жігіттер көтерілді,
Қатты қақты ел дабылды.
Сонда сенің жүрегіңді,
Ашу менен кернеді кек.
«Қандай зұлым бақытыма,
Қанды қолын сермеді?»— деп.
Қабағыңнан қар борады,
Төгілді мұз кірпігіңнен.
Сен жөнелдің қас батырдай,
Қатулана жауға кірген.
Көк жасындай күркіреген
Алай-түлей от майданын,—
Кештің де сен, ойран салдың,
Дұшпаныңнан бір таймадың!
Жеңбей шыққан жерің бар ма?
Дұшпаныңмен алысқалы.
Айбатынан жау шошитын
Сен қазақтың арыстаны.
Алабұртқан күндер өтер
Бақыт шағың ертең қайтар.
Сонда сенің ерлігіңнен
Қыз-бозбала ертегі айтар.
Сонда саған тиген атақ
Жыр болар да көп сақталар.
Дүниеге атам қазақ:
Ер туғыздым!— деп мақтанар.
Дүниеге атам қазақ:
Мен батырмын, мен ермін, дер.
Мен де иесі — болған азат,
Жаңа дүние, жаңа елдің, дер!
ЖИЫРМА СЕГІЗ
І
Қараңғы түн, қалың орман,
Алай-түлей қар бораған.
Долы дүлей, долы боран
Кекті жапқан, жерді ораған.
Өршелене соқты боран,
Орман шулап тартты қобыз.
Қарды қуып құйындаған,
Келе жатыр жиырма тоғыз.
Әлдеқайда жау жасағы,
Көрінбейді боран басып.
Орыс қысы ән салады,—
Немістерге аран ашып.
Оқтар зулап ұшты сонда,
Кімдер жатыр ыңыранып?
Ақ кебіндей ақ боранға,
Өлі неміс жатты оранып.
Жиырма тоғыз жау тобырын
Алға адым жер бастырмады.
Сақтамаққа ел өмірін,
Қорғап жатты Москваны.
ІІ
...Келе жатыр қаптап танк,
Қозғалғандай қалың жартас;
Басты орманды асыр салып,
Иді соған ағаштар бас.
Келе жатыр үстерінен,
Оттар ұшқан жарқылдаған,
Жер қалмады от түспеген,
Көк жалынға шарпылмаған.
Жалмауыз жау қасақана,
Жерді жалмап келе жатқан.
Алтын күмбез астанаға,
Қаһарланып оқтар атқан.
Көрді соны жиырма тоғыз
Көздерінен от тұтанып.
Жау танкпен күтіп қағыс,
Құрыштанды кекпен жанын.
«Қандай пәле біз тұрғанда,
Астанаға қас қылады?
От бұрқаған жауыздарға,
Бастырмаймыз Москваны!»
Жер бауырлап жүгірді олар
Танктерді шыр айнала,
Бәрінің от жүрегі бар,
Қорқақ болды бірі ғана.
Гүрілдеген темірлі қол
Батырларды қамалады.
Састы қорқақ, ойлады ол:—
«Қайтып тірі жан қалады?!»
Мына қырғын от пәледен,
Қалайын деп жан сауғалап.
Ессіз-түссіз қалпыменен,
Қол көтерді жауға қарап.
Қарғыстады жиырма сегіз,
Қоян жүрек лағынатты.
Біреуі оның жауға арнаған,
Гранатты соған атты.
Үні шығып безектеген,
Ол жығылды, жатты жанып.
Ол жоғалды, тайды көзден
Арам дене қарды оранып...
...Жер тырналап танктердің,
Жылан бауыр дөңгелегі:
Тау төбесін жарып қардың
Аждаһадай өрмеледі.
Қасарысты жиырма сегіз
Тынбай атты гранатты.
Отан!— деген отты лебіз —
Жандарынан жалын атты.
Қайтпады жау, өршеленді,
Түнек түтеп алға басты.
Жиырма сегіз жауынгерге,
Лапылдатып отын шашты.
Ұмытты олар денедегі,
Сау - сау етіп аққан қанды.
Жалғыз ғана ой биледі,
Сақтау!—деген Ұлы Отанды.
Шошынғандай бұл соғыстан,
Орман іші аңдай ұлып,
Күркіреген оқ пен оттан,
Басылғандай боран бұғып.
Атқылады гранатты,
Танк қашан таусылады?
Жиырма сегіз ата - ата,
Жараланды, қансырады...
ІІІ
Кебін киіп кемілгендей,
Омбы қарға батты неміс,
Танктері моладай боп,
Мыжырайып жатты тегіс!
Жарқырады таңмен жаңа
Москваның мұнарасы.
Көрінбейді айналада,
Өшкендей боп жау қарасы.
Жиырма сегіз жатты сонда,
Жолбарыстай батыр алып.
Жатыр әлі: қандарында
Отан!— деген оты жанып.
Араласты қандар бірге,
Құшақтасып жығылды олар.
Табысқандар ұлы өмірде,
Орыс, қазақ, украиндар.
Кернеді ашу Отан кегін,
Ашулы аяз, соққан боран.
Сонау фашист сұмдарына,
Атылды оқтар бұрқыраған.
Аспанында сол қаһарлы
Нажағайдай жарқылдаған —
Қаза тапқан батырлардың,
Аттары тұр алтындаған!
Сабаз еді бәрі - дағы,
Кеудесінде кек ойнаған,
Отан үшін, намыс үшін,
Өзін-өзі отқа айдаған.
Кетпес олар естен мәңгі,
Кектері тұр кеудемізде;—
Ерлік даңқы — жеңіс таңды
Жарқыратып келді бізге.
АЛЕКСАНДР НЕВСКИЙ
«О, княже, наш честный,
И драгий, ныне приспе.
Время положите главы
Свая за тя».
(Орыс шежіресінен).
І
Есіңде ме еткен сонау,
Сатырлаған мұз майданы;
Батырсыған атаңа анау,
Кім түйреді көк найзаны?
Мұзды құшып кім бас ұрды?
Аяққа оны кім таптады?
Ұмыттың ба сол ғасырды,
Өңшең сұмның ұрпақтары?!
Немістердің төбеттері,
Сені бізге кім айдады?
Арсылдаған көрігі сені,
Тағы ашулы кек қайнады!
Еске түсті мұз майданы,
Еске түсті өткен даңқ:
Батыр орыс көк найзалы,
Жауға аттанды қаһарланып.
Қаһарланды жау ойнағы,
Намысына тегіс тиді.
Келді ызамыз қай-қайдағы,
Шақырамыз Невскийді.
Сонда тағы шыққан екен,
Күнбатыстан бір құбыжық.
Есер неміс серісінген,
Төбет иттей түрі бұзық.
Европадан арсылдаған,
Күнгейіне шығысына.
Сыйсын деген барлық жаһан,
Немістердің уысына.
Соны ойлаған сонда тағы,
Немістердің әумесері.
Аз ғана елді маңындағы,
Шаба берді өңшең сері.
Қанды көзі түсті бір кез,
Шығыс жаққа күні күлген.
Аспаны бар алтын күмбез,
Аясына нұр тігілген.
«Бұл неткен жер ұлан байтақ,
Көк орманды, қонысы кең?
Бағынғанда айнала аймақ,
Бағынбайтын орыс па екен?!»
Әулекі аспақ өңшең сері,
Бері қарай шықты айғайлап.
Іздегені, көңілдегі —
Ресей жері ұлан байтақ.
Дейді сонау орыс елін,
Қиратамыз, күл қыламыз.
Өлтіреміз жігіттерін,
Әйелдерін тұл қыламыз...»
Сұмдық оймен бері қарай,
Топырлады қара албасты.
Аланы жоқ жатқанды жай,
Кескіледі, қанын шашты.
Келе жатты қырып жалмай,
Қақтыққанды, жолдағыны.
Сансыз елді тас - талқандап,
Шауып алды, олжа қылды.
Айбалтасын қолына алып,
Кек орманын кезді мұжық.
Келе жатса аңды қуып,
Жауды көрді бір құбыжық.
Есер неміс сөз орнына,
Жаудырды оқты, шатырлатты.
Орманды да, адамды да,
Тас-талқан ғып шауып жатты.
Ашуланды қалың мұжық,
Жібермеуге жауға кекті.
Бірақ дұшпан өңшең бұзық,
Қара құрттай қаптап кетті.
Қаптап кетті қарақшылар,
Ойда жоқта салды бүлік.
Тыңдамады айтқан сөзді,
Өршеленді жау дүрлігіп.
Орманына от жіберді,
Қанға бояп төңіректі.
Суы кәусар өзендерді,
Алаяқтар ластап өтті.
Ұйықтап жатқан ұрды әйелді,
Бауыздады жас баланы.
Жынды неміс есерленді,
Зұлымдықпен босқа тағы.
Соны көріп қалың мұжық,
Көтерілді айғай салды.
Айғай салды түсі суып,
Көк найзасын қолына алды.
«Аттаныңдар, туысқандар,
Туды қайнап орыс кегі.
Қайтарайық өшімізді,
Мынау бұзық немістегі!
Кімнен сірә жеңілгендей,
Орыс ұлы, ардың — ері,
Кімге сірә берілгендей,
Орыс жері, туған елі!»
«Туған жерге жау қаһары,
Жай отындай шатырлады.
Аттаныңдар қамал бұзған,
Орыстың өр батырлары!»
Тасырлаған жау ойнағы,
Намысына тегіс тиді.
Келді ызасы қай-қайдағы,
Шақырды ер Невскийді.
Батыр еді аруақты,
Қорғап өскен ата кегін.
Мәңгі сүйген туған жақты,
Орыс рухын, орыс жерін.
Айналадан айбыны асқан,
Айбаты зор арыстаны.
Көтеретін, орыс даңқын,
Оның жау мен алысқаны.
Батырлығын жыр ғып айтқан,
Күркіреген Нева өзені.
Жолы бар ма жаудан қайтқан,
Сырты дауыл, ерт өзегі.
Оның аты — қаһар еді,
Жауды жақын жолатпаған.
Сілкіндірген жарты әлемді —
Бати да оған оқ атпаған!
Орыс жері — асқан ана —
Бұл секілді тапқан ұлды.
Жау десе ол, жасқана ма?
Қаһарланып атқа мінді.
Қаһарланып қарсы аттанды,
Қалың елдің арыстаны.
Кеудесінде кек тұтанды,
Қайнап кетті орыс қаны.
— Қасиетті орыс жерін,—
Таптаған бұл жау қайдағы,
Білмей ме екен орыс ұлын,
Қаһары бар көк найзалы.
Ашуы өршіп дауылдаған,
Айғай салды Александр.
Деді - дағы Отаныма,
Қандай бұзық әлек сап жүр?!
Ер Невский атой салды,
Қатуланып дабыл қақты.
Ресей жерін кернеп ашу,
Қалың орыс қаптай шапты.
Қалың орыс қаптай шапты,
Қолда мылтық найзалары.
Ай балғасы, көк сүңгісі —
Ат үстінде қайралады.
Өңшең батыр — көкжал бөрі,
Темір қалқан көк сауытты.
Қатуланған ер Невский,
Қабағынан қар жауыпты.
Аш арыстан секілді ол,
Қызыл оттай көзі жайнап.
Көрді жауды самсаған қол,
Соған қарай шапты айқайлап.
Қасарысқан қас батырға,
Қарсы шапты жау топтары.
Қылыш, найза жарқылдады,
Қарша борап қанды оқтары.
Алабұртып шуылдады,
Мен - менсінген өңшең сері.
Деді: «Келдің құрығалы,
Мұжық, — орыс келші бері»
Қырмақ болды орыстарды,
Құртпақ болды оңай ғана.
Бүйірінен кеп қысқалы,
Шапты неміс шыр айнала.
Соны керіп Невскийдің,
Ашу келді қабағына.
«Керек екен өткір найза —
Мынау неміс қабанына».
Қабандарды жайратуға,
Аттан салып ақырады.
Невадағы аруағын,
Батыр қайта шақырады.
Басталды ұрыс, қызды соғыс
Екі жағы араласты.
Көк найзалы батыр орыс,
Қаһарына жаңа басты.
Оқпен түтін бұрқыраған,
Тұман болды төңірегі.
Астында мұз сатырлаған,
Майдан жері — Чудтың көлі.
Айқайлады Александр,
Шақырды ескі аруағын.
Білсін деді Чудтің көлі,
Білген Нева жау қырғанын.
Буырқанды, қатуланды,
Сермей берді кек найзаны.
Соқ неміске, соқ бауырлар!
«Болсын қызу мұз майданы!»
Қалың орыс қаһарланды,
Жарқылдады айбалталар.
Жалаңдатты көк қанжарды,
Күн туды,— деп сермеп қалар.
Ер Невский отша ойнаған,
Қасында өңшең батырлары.
Ұрысына шыдай алмай,
Чудтың көлі шатырлады.
Ер Невский қарсы шапты,
Жалғыз өзі мың кісіге.
Қамалаған қалың неміс
Түйрелді көк сүңгісіне.
Қан саулаған көк найзасы,
Шықты майдан аспанына.
Топырлатып талай басты
Допша атып тастады да!
Қара құрттай қалың неміс,
Үсті-үстіне үймеледі.
Батыр орыс көк найзасы,
Кеудесіне түйреледі.
Ер Невский жалғыз өзі,
Талайымен айқасады.
Ат үстінен алысады,
Найзаласып шайқасады.
Бұрқыраған оқ пенен қар,
Шатырлаған мұзды майдан.
Чудтың көлі зіл - зала боп,
Ойран топыр қызды майдан.
Найзаласқан батырлардың,
Қан-қан болды қалқандары,
Ер Невский қалқан түгіл,
Мұзды - дағы талқандады.
Мынау тевтон төбеттерін,
Су түбіне батырамын.
Қимылдаңдар бауырларым,
Соқ найзаны батырларым!
Қақты кектің дағырасын,
Батыр орыс балалары.
Атой салды жау тобына,
Жан-жағынан қамалады.
Соғылғанда күні найза,
Топырлаған мұздар ұшты.
Талай неміс қансыраған
Судың түбін барып құшты.
Топырлаған неміс толып,
Ойран-топыр судың асты.
Неміс қаны қап-қара боп,
Көк толқынмен араласты.
Неміс басы допша атылған,
Өтті жарып мұзды көлді.
Жауын қамап су астынан
Ер Невский мұзбен көмді!..
Немістерді сонда кемген,
Су түбіне, шыңырауға.
Ер Невский өткен екен,
Орыс жерін бермей жауға.
Ереуілді от күндері,
Содан бері өткен талай.
Батыр орыс балалары,
Найза сұққан жауға аямай.
Орыс жерін дүбірлеткен,
Өткен талай батырлары.
Жауға айбаты аспанда ойнап
Нажағайдай шатырлады.
Сонау заман содан бері,
Дүние тоқсан төңкерілген.
Даңқын сақтап орыс жері,
Жауға жорық жасай білген.
Алтын қамал аясында
Жаңа туған күні күлген.
Сансыз батыр ұрпағы өскен
Сескенеді енді кімнен?
Бойында әлі өткен даңқы,
Есінде әлі сонау батыр.—
Тағы неміс төбеттері,
Қайда қаптап келе жатыр?
Міне айқасты екі дүние,
Ұлы дүбір қызды майдан.
Айналысқан дұшпанына.
Батыр орыс салған ойран.
Даңқты елдің батырлары,
Қағысқанның құртпақ бәрін.
Біз жеңеміз, біз құртамыз,
Өңшең сұмның ұрпақтарын!
ДАУЫЛПАЗ
(Максим Горькийге)
Дауылды күні ұшты да
Теңізде қақты қанатын.
Дабысы кетті әлемге
Тасқындай тулап ағатын.
Түйілді сонда жауына,
Дауылды теңіз көгінен,
Ашуы шықты лапылдап,
Жалынды жүрек кегінен.
Дауысы кетті саңқылдап,
Азаттық әлем шыңына!
Қадалды үні оқ болып,
Адамның қатаң сұмына.
Кеткенде көктен дауылпаз,
Біздерге сол үн қалды.
Әлі де тұр сол дауыс
Тебірентіп шыңдарды.
КҮТЕ БЕР МЕНІ КЕЛЕР ДЕП
(Константин Симоновтан)
І
Күт мені, сәулем, ұзақ күт,
Қайтармын, сау келермін,
Көңіліңе сеуіп ой күңгірт,
Өтсе де күт, нелер күн.
Қар жауар мүмкін бұрқырап,
Өрті бар мүмкін кез келер,
Күте түр, сәулем, сен бірақ,
Ұмытса да өзгелер.
Хат келмей менен қажытар,
Кетер талай күн ұзап,
Ұмытса мейлі басқалар,
Күте бер мені өзің - ақ.
ІІ
Күте бер, мен қайтамын,
Өзің боп күткен бір ғана.
Келмес деп жұрттың айтқанын
Көңіліңе алма, тыңдама.
Сенбе елді дегенге,
Ата-анам менің сенсе де.
Достарым да мен үшін,
Қайғыға мол енсе де.
Еске алып мені есіркеп,
Шарапты мүмкін көтерер,
Асықпа, оны сен ішпе,
Тірі деп мені күте бер.
ІІІ
Келем қайтып күте бер,
Ажалға мен көнбеймін.
Күтпегендер ұялсын,
Қасақана өлмеймін.
Білмейді олар сырымды,
Сен сағындық көп күттік,
Сағынды деп жан жарым,
Өлмей өрттен мен шықтым.
Қайтып аман келгенім —
Сенің ғана тілегің!
Сен күткен соң өлмедім,
Тартты сенің жүрегің.
САҒЫНЫП МЕН КҮТТІМ
Сағынып мен күттім,
Сәулемді, жарымды,
Отымен үміттің
Жандырып жанымды.
Көп болды кеткелі,
Бір хабар алмадым,
Сарғая күткелі
Көбейді арманым.
Үмітпен күн өтті
Бұлдырап сағымдай.
Өртеді - ау жүректі,
Қайтейін сағынбай...
Тарқатты сағымды
Сұрланып суық бұлт.
Күйдірді жанымды,
Әлді деп оны жұрт.
Ойға алып жұрт сөзін
Үмітім сөнбеді.
Мен күтсем сүйіктім,
Келеді, өлмейді.
Көп күткен ғашығын
Көруге ынтызар.
От майдан ашуын,
Басар да бір шығар.
Сағындым, мен күттім,
Сәулемді, жарымды.
Отымен үміттің
Тербетіп жанымды.
ӘНУАР
(Ә. Омарбековке)
Жігіт еді - әзілі бар, әні бар,
Жігіт еді - біздің ерке Әнуар.
Жігіт еді, боздағы еді халықтың,
Еркін, ерке жайраңдаған жаны бар.
Жүрегінен шаттық күлкі төгілген,
Ойнаушы еді келемеждеп өліммен.
Еркін сырлы ерке бөбек секілді —
Қайтып қана ол кетеді өмірден?
Қайғырмашы, Қалима сен, келеді ол,
Өмір десе өлмейтұғын ер еді ол.
Өмірі бар, жары да бар, досы бар,
Қайтып қиып мына бізді өледі ол?
ЕСІЛГЕ
Көкше мұзды суық сұр
Құрсап қатқан Есілге,
Мұңмен қарап сұлу тұр,
Кім түсті екен есіне?
Сүйенгені — сары ағаш.
Солқылдайды суылдап,
Сүймек боран есуас
Құшағына сұлуды ап.
Боранды күн бұл жерде
Неге, сәулем, мұңайдың?
Боран соны білер ме,
Айтшы маған, не қайғың?
Қалдың ба осы арада
Жан жарыңнан айрылып?
Жүрсің неге далада,
Тұрсың неге қайғырып?
Аққан толқын секілді
Арманың бар, білемін,
Сол жігітті, сол күнді
Ойлап жанды жүрегің.
Ұқсап соққан дауылға
Арман кетер, ой қалар.
Ертең біздің ауылда
Таң-тамаша той болар.
Сонда, қалқам, өзің біл,
Жаздың сұлу кешінде
Мейлің шомыл, мейлің жүз
Екеулерің Есілге.
Соған дейін бұл жерде
Қайғырмашы, тұрмашы,
Мұң шақпа өзенге,
Шалқыта бір жырлашы!
Жүректегі жалынды
Шаттық әні көтерер,
Келеді деп жарыңды
Күлім қағып күте бер!
ШЕТ ӨЛКЕДЕ, ЖАТ ЕЛДЕ
Шет өлкеде, жат елде,
Туған жерден тым жырақ,
Түн күзетте жүргенде,—
Түндей қатып тұнжырап.
Маған дұшпан көрінді,
Мынау саған табиғат.
Әлде неден сумаңдап,
Сиқырлы өзен ақты екен?
Оқтар өтті зымырап,
Әлде кімді атты екен?
Сұп-сұр суық жат ағаш,
Сусылдайды жапырақ.
Түксиіп түр қара тас,
Бәрі мені жатырқап...
Шет өлкеде, жат елде,
Түнерген тау өзегін,
Түнделетіп жүргенде,
Түсті есіме өз елім,
Қайран менің өз елім,
Туған тауым, орманым,
Аспаны алтын кең далам,
Кең пейішім — қорғаным!
Сүйікті еді орманым,
Жасыл ағаш, гүлімен
Сүюші едім сондағы,
Сайраған құс үнін мен.
Онда таудың тасы да,
Менің ескі танысым.
Менің сыршыл досым да
Шулы өзен ағысы.
Туған жердің түні де
Сырлас еді менімен,
Алатаудың гүлі де
Маған қыз боп керілген...
Тұр жарқырап есімде
Қаракөзбен жүргенім.
Түнгі бақтың ішінде
Сүйіскенім, күлгенім.
Енді маған бұл жақта,
Үрей салды түн мынау,
Шулы су да, жапырақ та,
Бәрі маған болды жау.
Енді менің үстімнен,
Албастысы аттамақ,
Серігім сен, күштім сен —
Сақ бол досым, автомат!
СИҚЫРЛАНБА АЛДЫМДА!
Сиқырланба алдымда
Аулақ менен сұлулар.
Мені күткен ауылымда
Сүйіктім бар, жарым бар.
Жүрек отын сол алған
Сақтап отыр ол үйде.
Жақындама сен маған
Мен оныкі, сен тиме.
Соның оты жанымда,
Жүрегім жоқ суынар.
Сиқырланба алдымда
Аулақ менен сұлулар.
ОСВЕНЦИМ1
Алдымда тұр көрініс жан шошырлық,
Ошағы бұл дозақтың жаңа сөнген.
Мұнда өртелген жас өмір, миллион тірлік...
Жандар рухын бұл жерге күлмен көмген.
Күнәсіз қандар иісі мұнда аңқыған,
Құпия ыңырсыған мұнда өліктер.
Адамдардың сүйегі шала жанған
Қимылдап соңғы шоқтан мейірім күтер.
Естіп тұрмын дауысты жалынышты,
Маған таныс — қай дауыс ыңырсыған?
Не көрінді көзіме?— жалын өшті...
Әлде жанып бітті ме менің ағам?..
Аспанды алған телегей бір нөсердей,
Германия үстіне біз түйілдік.
Ғарасатын мәңгілік сөндіргендей,
Сол дозақтың үстіне нөсер құйдық.
Сөнді Дозақ.
Орнында күл - көмір боп,
Миллиондаған белгісіз жатты адамдар.
Сол апатты түтінмен білер ме кек...
Өртелді қандай өмір, қандай жандар?
Міне тұр чехтың қызы...
Ол қаралы.
Бір уыс гүл қолында — Жары сол ма?
Көзден жасы жаңбырдай сорғалайды,
Сүйіктісі уыс Гүл... жаны сонда.
Міне поляк шалы тұр...Гүлді иіскеп
Әлде сол күл өртелген ұлы ма екен?
Уытын жауыздықтың тартып ішке
Кеудесін өзі жұтқан қан қысып тұр.
Көрсеткен кеше еліме бұл қысымды,
Тарылтқан төрт жыл менің тынысымды
Өртеген орманымды, отауымды,
Өлтірген осы менің туысымды,
Әлі тұр құлағымда өлім зары,
Түйрелген жас балалар, күйген кәрі,
Азалы лағынетті айтып саған.
Шақырған саған ажал соның бәрі.
ЕМЕС МӘҢГІ ҰМЫТЫЛАР
Емес мәңгі жүрегімнен ұмытылар,
Мұнарланып елес қағар алдымнан.
Оломауцта2 есте қалған бір шың бар.
Досым менің есте соны қалдырған...
Ұмытамын сол бір шыңды қалайша,
Төбесінде тұрған еді көк мұнар.
Қаптай басқан тастың бетін көк арша
Тұманданған көк түтінмен тұншығар.
Жатыр еді қанмен ағып тас бұлақ,
Сырын шертіп өзгеше бір сыбырмен,
Құстар шырлап, ар жағында аң шулап,
Таудан шыққан тым үрейлі дүбірмен.
Сәулетте бар, сырлар да көп сол шыңда,
Соның бәрін бірақ мәңгі ұмыттым.
Сол шың үшін апат шеккен досыма
Жүрегімді тек мәңгілік ұйыттым.
Керек емес көк аршасы күйелі,
Керек емес суы қанға боялған.
Чехословакиядағы қаланың аты
Маған достың аруағы киелі,
Қан майданда шыңды басып ту алған.
Шың басына қызыл тулар қадалды,
Шың басында қалды жалғыз төбешік.
Бөбегі еді өз елінің аяулы,
Жат өлкеде бөленгені — құм бесік.
Жігіт еді бәріміздей көңілді,
Бірақ сол күн ол ашылды өзгеше.
Батырлығы шыңға шығып көрінді,
Қаза тапты, Отаны үшін қан кеше.
Емес мәңгі жүрегімнен ұмытылар,
Мұнарланып елес қағар алдымнан.
Оломауцта есте қалған бір шың бар,
Досым менің есте соны қалдырған.
ПАРТИЗАН АНАСЫ
(Баллада)
1
Есіз үйде отыр ана,
Күйген жұртта қалған қу бас.
Бар серігі жалғыз ғана
Қасындағы күйелі ағаш.
Отыр жұртта жалғыз өзі,
Қураған бас түскен төмен.
Күйікпенен жанды өзегі,
Қайғысы — өзен түпсіз терең.
Аруақтай сүлде ғана,
Солған жүзі қу кебіндей.
Баққан соны шыр айнала,
Ажал шіркін түр көрінбей.
Қан көзіне күн астынан.
Жалғыз нүкте қаққан елес.
Жалғыз ұлы қан асырдан
Үш жыл болды қайтқан емес.
Есінде түр сол бір күні
Соғыс оты өршіп еді.
От кебінге қала оранып,
Күл жамылды көршілері.
Қой қораға түнде кірген
Жалақтаған көп қасқырдай.
Өңшең неміс қаптап келген,
От құйыннан көз аштырмай.
Құлағына айқай-шудан
Көк жасындай келген бір үн.
Ащы, ызалы дауысынан
Кемпір байғұс білген ұлын.
«Қош бол, ана, қош бол, ана,
Көп күте тұр енді мені,
Өрт лапылдап тұр долдана,
Кеттім соны сөндіргелі».
Айтып соны ол жоғалды,
Көз алдынан болды ғайып,
Көк тұманда ана қалды
Ізін қарап, сығырайып...
«Жұтты ма екен әлде оны да
Мынау сұмдар аузын ашқан.
Әлде мәңгі жоғала ма
Өртте мынау жерді басқан.
Жеті қырдан асып әлде,
Жауды қуып жүр ме екен ол?
Әлде бақыт қонған жерде
Жарын сүйіп тұр ма екен ол?»
Әлсіреді ғарып ана
Жалғыз ұлдың зарыменен.
Боздағандай аруана,
Ана даусы зар илеген.
Қасіретпен күйген іші,
Ойында жоқ өлім деген.
Жалғыз ғана сүйеніші —
Бір үміті келер деген.
Келмеді ол, көрінбеді
Көзіне бір анасының
Өле ме ана Өмірдегі
Көрмей жалғыз қарашығын?
Тағдырына көнбеймін деп,
Сүйретіле жылжыды ана,
Көрмей ұлын өлмеймін деп,
Жолға шықты жылжып қана.
Сүйретіліп жылжыды ана,
Кеткен ұлдың ізін қарап.
Ажал қасқыр жүрді айнала
Жалап аузын жалақ-жалақ...
ІІ
Қасқыр емес жалақтаған,
Қанды неміс жүр соңында.
Әрең, әрең басты қадам
Қарап алға қозғалуға.
Алыста, алда көрінді күн,
Қайта туып ол келеді,
Алтын шашақ шапағымен
Бері қарай дөңгеледі.
Күн астында — қалың жұлдыз,
Арасында — жалғыз ноқат.
Ұлы ма екен сонау жалғыз,
Жетер ме екен соған қуат.
Сығырайып жасты көзі,
Көрді соны, көрді әрең.
Сорап қарап басты өзі,
Ши аяғын әлсіреген.
Өлтіреміз, сен — анасы,
Қайда сенің бұзық балаң?»
Соны айтты да, сорлы ананы
Қамады жау анталаған.
Жыламады ана бірақ,
Көтеріліп тұрды жерден.
Біткендей бір жаңа қуат,
Ана даусы өршеленген.
— Ей, залымдар, өлтір мені,
Жыламаймын, мен қуанам.
Тірі екен ғой сендерге ойран
Салып жүрген менің балам.
Қуанамын тірілігіне,
Қарашығым еді менің.
Қуанамын ерлігіне
Сақтап жүрген ана кегін...
Естіп соны тұрған сұмдар
Ақырғы оғын анаға атты.
Терем, сайда терең сыр бар...
Қансыраған ана жатты.
Топырлаған қалың неміс
Дүрлігіп жүр, нені сезді?
Соны көріп кеткендей ес,
Жетті ананың талма кезі.
Сорлы жүрек қансыраған,
Шыдай алмай аласұрды.
Уа, дариға, көрінсе екен
Көзіне бір қарашығы.
Құбылды екен жүзі неге,
Бір қызарып, бір қуарын?
Наз жүрегі үзілді ме,
Сұм немістің оғы жарып!
Тыйып жасын қан жылаған,
Көзін жұмып жатып қалды.
Әлде ұйқы ма маужыраған,
Бітті ме екен әлде мәңгі?
Жоқ, бір кезде жүрегіне,
Жылы сәуле кетті кіріп.
Уа, керемет, әлде күн бе,
Жанына нұр төккен құйып.
Әлде түс пе көргені тек,
Тек өңіне ұқсады ма?
Көзін ашса, түр күлімдеп,
Жалғыз ұлы құшағында.
Ессіз түссіз жаны күйіп,
Ұлын сүйді мейірі қанбай.
Жатқан шығар әлі сүйіп,
Құшағынан бір шығармай...
ДНЕПРДЕ
Тулай ағып тынымсыз,
Дүрілдеген Днепр.
Жағасында сұлу қыз,
Жыламсырап неге тұр?
Алып қашып келеді,
Қайықты бос толқындар.
Қайғырғаны сол еді —
Келмеген соң қайтып жар.
Қалды ма екен толқында,
Аударылып қайықтан?..
Әлде жары тағы да,
Келер ме екен ғайыптан.
Ағып жатыр Днепр,
Толқындатып үмітті.
Көрінер деп көзге бір,
Қарап жарын қыз күтті..
ҚАРЫНДАС
(Жаралы жауынгердің аузынан)
Көп күн болды сен кеткелі,
Қайдасың сол қарындас?
Мендей ешкім іздеп сені,
Мендей және сағынбас!
Онда майдан ішінде мен —
Қатулана жүгірдім:
Қанды найза үшіменен,
Жау түйреді... жығылдым.
Бұрқыраған отпен бірге
Кетті достар, жаттым мен,
Сар жапанда, жалғыз түнде
Қар астында баттым мен.
Қолды создым мен өмірге
Қорға мені, құтқар тез,
Туысқан, дос ескен бірге —
Бірі де жоқ сол бір кез!
Есім кетті, естілмеді
Шулы майдан соңғы үні,
Қанды.жалап үстімдегі,
Ажал төнді сол күні.
Дыбысымды ыңырсыған
Естір ме екен я біреу?
Кім келеді өлі маған,
Түн ішінде меңіреу?
Есімде жоқ, содан әрі
Нені ойладым, не білдім,
Таусылды әлім, бітті бәрі,
Қар астында көмілдім.
...Жоқ өлмедім, өлі денем
Бір кез қайта тірілді.
Әлсіз соққан жүрегімнен
Қандар қайта жүгірді.
Бұл не ғажап!..
Үйдің іші,
Қасымда тұр қарындас.
Ол бір ару, оның түсі!—
Әрі жылы, әрі жас!
— Енді есен бол, қош ағажан.
Бір жол сені сақтадым.
Келдім алып сені ажалдан,
Отан сүтін ақтадым!
Тіл қата алмай қалдым үнсіз,
Сорғалады көзден жас.
Қан майданға қайта асығыс,
Кете барды қарындас.
Ол сақтаушым қанатымен
Қаққан менен ажалды.
Бар алғысы алатын мың —
Қайда кетті, жоғалды?!
Көп күн болды сен кеткелі
Қайдасың сол қарындас?
Мендей ешкім іздеп сені,
Мендей ешкім сағынбас!
КОМСОМОЛ БИЛЕТІ
ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Күркіреген найзағайдың отындай
От тастады түнде келіп жау көктен.
Жас Мария маралдың жас лағындай,
Ыршып түсті үрейлене төсектен.
Жана қалды лаулап үйі сол оттан,
Өрді жалын қаптаған кеп жыландай.
Үрейлі шу шықты дауыс зар қаққан,
Үйдің іші көз түрткісіз тұмандай.
Қашып жатыр лапылдаған сол үйден,
Үйдегілер от қамшымен қуылып.
Безген бәрі дүние түгіл киімнен,
Денелерін шарпып жалын қуырып.
Кім шыдайды мына дүлей жалынға,
Жалақтаған үйді түгел жұтам деп?
Жалғыз ғана шықпай қалған Мария,
Қайтіп өртке жас денесі өртелмек?
Қайтіп қана қалды жас қыз шыға алмай,
Қандай дүние қызықтырып арбаған?
Сол үйде бір асыл заты шын бардай,
Мария жүр отты кешіп лаулаған.
Айғайлады сырттан байғұс анасы,
Қайдасың сен, уа, Мария, Мария!
Құлап жатыр үйдің жанған ағашы,
Өртелді ме Марияшым, дариға!..
Не іздеді лапылдаған сол өрттен?
Көрінді ме оттар әлде алтындай?
Әлде жанған оттан күшті жүрекпен,
Жүр ме әлде көк жалынға шарпылмай?!
Оттар шарпып безектеген қолымен,
Алаулаған от төсегін ақтарды.
Арасынан іздеп жоғын үреймен,
Қолмен қағып жалақтаған оттарды.
Сынған мұздай күтірлейді бағандар,
Дүрілдейді жанған жалын дауылдай.
Уа, Мария, етіп тұр ғой анаң зар,
Тез шық, жоғың қалса, мейлі, табылмай.
Шығар емес, өртелсе де ол үйден,
Таппай сол бір сүйіктісін іздеген.
Ол бір артық ардақтысы дүниеде,
Дүние емес артық және өзгеден.
Ол — белгісі жалынды жас шағының,
Ол — шындығы жүрегінің оты бар.
Ол — куәсі отаншылдық арының —
Көзіне ыстық — онда Ленин аты бар.
Жас өміріне туған бақыт жұлдыздай,
Оны езіне қасиетті көретін.
Ол өзінің жүрегімен уыздай,
Сүюші еді комсомолдық билетін.
Ұйықтар шақта астына сап жастықтың,
Сол билетін жібекке орап қоятын.
Жүрегіне көрінетін ыстық тым,
Оны көрсе ержеткендей болатын.
Сол билетін қорғаймын деп бұл оттан,
Жау тастаған келіп шеттен кенеттен.
Үрейлене жас Мария апаттан
Оны іздеп жүр түтіндеген төсектен.
Көйлегін де тесіп кеткен ұшқындар,
Жалын шарпып өткен нәзік денесін.
Комсомолдық жүрегінде күші бар,
Өрт қамауда кетірген жоқ ол есін.
Ирелеңдеп айдаһардай көк ала,
Қызға төнген от-жалындар жан-жақтан.
Шыр айналып жанған үйді.жүр ана,
Мария ащы айғаймен зар қаққан.
Жарып өтті лапылдаған оттарды,
Әлде тартқан анасының зары ма?
Үстен серпіп қызыл көзді шоқтарды,
Қарғып түсті терезеден Мария.
Жұлдыздай бір қыз жанары жарқ еткен
Шыққан лебі жүрегінің жалындай.
Шықты өрттен комсомолдық билетпен,
Сақтап қалды оттан сәби арындай.
Құшағында анасының күлімдеп,
Сүйді тағы сақтап қалған билетін.
Қыз жүрегі қатты соқты лүпілдеп,
Сырын айтты анасына сенетін:
«Өрт жіберген дұшпанына елімнің —
Қарсы шығар отты жүрек кегімен.
Мен ақтаймын ұлы даңқын Лениннің
Комсомолға құрметпенен берілген».
СЕРЖАНТ БЕЛЯКОВ
Досы бар әркімнің
Шықпайтын жүректен.
Ұмытылмас бар күнің
Достықпен бір өткен.
Сүйікті жаныңа,
Ұмытылмас ер де көп.
Бірақ та бір бөлек,
Сержант Беляков.
Асығып елге біз
Жат өлке шыңынан,
Шырқап бір келеміз,
Өзгеше сұлу ән.
Өңшең дос асыппыз,
Құздардан өрмелеп.
Бірақ та мұнда жоқ
Сержант Беляков...
Жаутаңдап артына,
Жас қазақ қарайды.
Бата алмай айтуға
Томсарып мұңайды.
«Айт, жігіт, қайғың не,
Ойландың неге көп?»
Күрсініп: жоқ—деді,
Сержант Беляков...
Дем алып алқына
Аңсап от жүрекпен.
Қарайды артына
Іздеп көкжиектен.
Дейді ол, тым ұзап,
Кеттік - ау алға көп.
Қалдың - ау, жан досым,
Сержант Беляков...
«Өспеді біз бірге —
Екеуміз екі елден.
Ол туған Сибирьде —
Мен шықтым Меркеден.
Кездескен жеріміз,
Майданда бір окоп.
Менімен болды дос
Сержант Беляков.
«Секілді қос үйрек,
Дауылда бірге ұшқан».
Қосылды шын жүрек
Бейне бір туысқан.
Мен — қазақ, ол — орыс,
Біздей дос елде көп.
Бірақ та бір бөлек —
Сержант Беляков.
Қан майдан таянса,
Ренішті білмедік.
Бір түйір нан болса,
Бөлісіп бір жедік.
Көрсетті майданда,
Маған көп ол көмек —
Бір туған ағамдай,
Сержант Беляков.
Жолы ауыр майданның
Қорқыныш кей кезі.
Бірақ та жайдары
Көп жауған кездерде.
Біз жатқан жерге оқ —
Әзілін айтатын —
Сержант Беляков.
Ақ боран соқса да,
Ол бейне арыстан.
Секілді сұстана,
Қасқия қарысқан,
Оты бар жанында
Лаулаған онда кек —
Ер, қайсар жан еді,
Сержант Беляков.
Айтатын ол маған:
«Қорықпа өлімнен,
Тәйірі жігіт пе,
Өлімнен жеңілген?!
Жүр достым, тез жүгір,
Бас алға, алға тек!»—
Деуші еді ұрыста
Сержант Беляков.
Бір күні екеуміз
Барлауға шығып ек,
Қасымыз төтен құз —
Үрейлі шуы көп.
Өрт еді сол күні
Айнала ала кек,
Тек жарқын жүзді еді
Сержант Беляков.
Лай түсті тұманның
Ішінен көрінген.
Секілді маған күн,
Жымия ол күлген.
Қөңілсіз болса да
Аспан да қаракөк —
Көңілді бір ғана,
Сержант Беляков.
Сол үшін жанымды
Биледі қуаныш.
Өршіген дауылды
Достықтан туған күш.
Қарады алысқа
Түнерген тұман боп,
Бір хабар алам деп,
Сержант Беляков.
Қарасақ алысқа,
Келеді қалың топ.
Көктегі түйілген
Тұманды бұлттан көп.
Бір жоғын көп іздеп,
Тапқан бір жандай боп,
Шаттанды тағы да
Сержант Беляков.
«Жүр, достым, бөлімге
Тез хабар берейік,
Достарды бұл жерге
Тез ертіп келейік.
Шатасқан жау тобы
Тұрғанда тұман боп.
Шырмалсын,— деді,—
Сержант Беляков.
Соны айтып тұрғанда
Білмеймін, кім атты?
Оқ тиді аяқтан —
Мені кеп құлатты.
Көтерді басымды
Тигенде маған оқ —
Қамқорым, жан досым,
Сержант Беляков.
Қансырап жаттым да
Көз жұмып өлімге,
Сен достым, бөгелме
Тез жөнел бөлімге —
Деп едім,— жан досым
Мен құрбан саған деп,
Арқалап жөнелді
Сержант Беляков.
Өр кеуде, денелі
Ұлы ғой Сибирьдің.
Досын ап келеді
Сақтауға өмірін.
Қараса артына,
Қалыпты жау да көп,—
Асыға жүгірді,
Сержант Беляков.
Мен зілдей бір таспын,
Үстіне жабысқан.
Келемін әлсіреп,
Бойымнан ағып қан.
Тамшылап қара тер,
Ақты бір одан көп.
Сонда да жүгірді,
Сержант Беляков.
Арқалап ол мені,
Асты көп жылғадан.
Үрей сап төбеден
Оқтар да зулаған.
Ажалдан сол төнген
Мені алып қалам деп,
Шаршап бір кетіпті
Сержант Беляков.
Дедім мен: «Қалайын,
Сен баршы бөлімге,
Сенемін достыққа —
Сенемін өмірге.
Тақалды қалың жау,
Қадалды маған оқ —
Жөнел сен, жан достым,
Сержант Беляков».
Қаптап жау келеді,
Жарқылдап отымен.
Құшақтап тағы да
Сүйді де бетімнен —
Жүгіре жөнелді
Тез қайта келем деп,
Ер достым, сүйіктім,
Сержант Беляков.
...Естідім шуды мен
Бір кезде тау жақтан.
Уралап жүгірген
Өршіте оқ атқан.
Кеткендей сол оқтан,
Таудағы талқан боп!
Оқ атқан кім десем?—
Сержант Беляков.
Тауысып сабырды
Жан досым мен күткен
Ұрыста сол күнгі,
Ашына ерлікпен.
Асыға соғысқан,
Маған тез келем деп,—
Өліпті жан досым,
Сержант Беляков.
Кешікпей тұрдым да,
Сол достың кегімен
Майданда дұшпанды
Ашына қырдым мен.
Қайттым мен жеңіспен,
Дұшпаннан алдым кек.
Бірақ жоқ сүйіктім,
Сержант Беляков...
Қараймын артыма,
Көп іздеп қабырын,
Аңсап бір достықтың,
Шалқыған жалынын.
Айтшы тез жұбат,
Сондай жан бар ма кеп?
Болғандай маған дос —
Сержант Беляков!
АЯ ҚЫЗ
Тыңда, жас балалар,
Тыңда сен де бөбегім.
Төгілсін ақ моншақтай
Сендер үшін өлеңім.
Тыңда сен де, анажан,
Нәзік жүрек балажан,
Мынау жырым ұнай ма?
Бірақ та сен мұңайма.
Бал бөбегім, балашым,
Тек балдырған Ая үшін,
Жүректерің балқысын,
Аяны тек аясын!
Украина қызы еді
Менің ерке Аяшым,
Днепр ғой бесігі
Аялатқан ағашын.
Әлдилейтін бөбегін,
Жайқалатын талдары.
Әлдилейтін бөбегін,
Сызылта шырқап өлеңін,
Сұлу бұлбұл таңдағы.
Паналап өзен аясын,
Өскен еді қыз бала —
Кішкентай ғана Аяшым.
Бар еді үйі сол маңда,
Қалың нулы орманда,
Аз ғана бір қыстақта
Қыстақ бұрын қыспаққа
Қысылмаған, түспеген,
Ойын ойнап жас бала,
Үлкендер жұмыс істеген,
Сол елде таң-тамаша
Еркелеп жас балаша,
Өскен еді Аяжан,
Әке, шеше қолында
Әжесімен балажан.
Балбыраған Аяшым
Бала еді бір нәресте,
Жасы жеткен он беске.
Қызбын деу жоқ әлі есте,
Шапағымен шаттықтың
Мәз - мерейін өрлетіп
Қалып еді ер жетіп.
Күлкісі күміс төгілген.
Кіршіксіз таза көңілмен
Ойнаушы еді жас бала,
Алақ болмай басқаға.
Днепрді шу басты,
Толқындары шуласты.
Өрт алып көкше өзегін,
Түтін жапты өзенін
Батыстан, түнек жақтан
Түксиген бетін қан жапқан,
Келді неміс албасты,
Дауылдатып, шаңдатып,
Қақтыққанды қанға атып,
Тыныш елмен жауласты,
Көк ала тұман басты да,
Бомбаның түсті астына,
От оранды осы өлке —
Ая тұрған поселке...
Жатыр еді Аяжан
Төсегінде маужырап,
Күтірледі әлде не
Кеткендей бір тау құлап,
Селкілді үй іші,
Сатырлады төбесі.
Жарқылдаған жақыннан
Оттың түсті елесі.
Сезігі бала осыны,
Ұйқысынан шошыды.
Шошып Ая төсектен
Шыр етіп бір тұрғанда,
Көзі түсті үйдегі
Көк ала түтін тұманға.
Үрей салды даладан
Айғай-сүрең шулар да.
Соны көрген Аяжан
Әжесін іздеп балажан.
Естісін деп құлағы,
Айғай салып жылады.
Естіп даусын Аяның,
Әжесі келді қасына.
Құшақтап алып Аясын,
Былай деді асыға:
«Партизан болды ата-анаң,
Алысуға жауменен.
Қара құрттай қаптаған,
Қалың екен жау деген,
Солар бізді қаптады
Солар бізді атқалы,
Келе жатыр, кетейік,
Бір тасаға жетейік».
Жетектей ала Аяны,
Кемпір шықты далаға.
Көк ала тұман, көк түтін,
Атылған оқтар далада.
Зуылдады аспаннан
Бомбалары тасталған.
Танкілері қаптаған,
Қақтыққанды таптаған.
Қара түнде шұбырған
Өңшең қанды найзалы.
Жалақтаған көшеде
Фашистің сұм айуаны.
Сорлы да кемпір әлі кем
Қорықпай соның бәрінен:
Оқ пен оттан түтеген
Көк ала түтін арасын
Тасаланып жөнелді,
Жетектей ала Аяшын —
Қалған жалғыз баласын;
Қалың орман ішінде
Бар еді бір қара үңгір
Жамылған орман ағашын,
Апарып соған сақтады,
Көрсетпей жауға қарасын.
Келген жаудың ішінде
Қасқырдай сүр пішінді,
Бар еді бір әумесер,
Есалаң сұм офицер,
Шулатып бұл маңайды,
Өлтірген сол талайды.
Қанды балақ сұм еді
Қара бұлттай түнерген.
Бір қыз бар деп тамаша,
Сол естіпті біреуден.
— Қайда екен ол қыз?— дейді,
Сол қызды сұм іздейді.
Қыз дегені бала еді,
Біздің ерке Ая еді,
Көрінбей фашист сұмына,
Жатушы еді тығыла.
Аңдып ізін торыған
Келді екі сұмырай.
Жатыр еді Аяжан,
Сүйрей ала жөнелді
Дедектетіп қолынан.
Бебеу қағып әжесі,
Бірге кетті соңынан.
Алып келді бір үйге,
Есалаң сол әумесер
Қаны бұзық офицер,
Оны көріп Аяның
Өне бойын басты үрей.
Екіленіп сөйледі,
Жынды офицер, мас дүлей
«Көзің қандай тамаша?
Бойың неге аласа?
Айтқаныма көн!—дейді,
Жүрме былай балаша!»
Естіді де осыны,
Ая байғұс шошыды,
Қалтырады денесі,
Жаз жүрегі мұздады,
Біліне қалды жүзінен
Қыздың реңін бұзғаны.
Жалт бұрылды артына,
Ыңғайланып қашуға.
Есік қатты бекілген.
Әл келмеді ашуға.
«Әже!»— деді дауыстап,
Әжесін қапты жау ұстап.
Таңертең ерте қағылды
Үрейлі дабыл .алаңда
Ажал үні шыққандай.
Қалмады үрей адамда,
Жиналды жұрт алаңға:
Қалған кәрі, жас бала.
Бар екен деп не сұмдық?
Қайғы болды басқаға.
Қолын байлап бір кезде
Алып келді Аяны,
Қан-қан болған сорлыны
Көргенде жұрт аяды.
Ортаға әкеп орнатты
Ұзын дөңбек қарағай.
Қарағайдың үстіне
Керосин құйды жағалай,
Әкеліп соған байлады,
Ая қызды бір неміс.
Қасында тұр офицер,
Серігі сұм теп-тегіс.
Күлісті де қарқылдап,
Былай деді барқырап:
— Енді мені сүйесің!
Сүймесең отқа күйесің!..—
Деді де есер от қойды.
Қарағайдың басына.
— Сүйсең қазір босатам,—
Деп, келді қыздың қасына.
Қалтырады жас бала,
Жанған оттан жасқана,
Есалаң сұм әумесер,
Есер неміс офицер,
Келді тағы: «Сүй!»—деді.
«Мені қазір сүймесең,
Осылай отқа күй!»— деді.
Күйер деп оны аямай,
Лапылдап жанды қарағай
Жалыны шықты аспанға,
От өршіді, таяды,
Өртеуге жас Аяны.
Сонда да Ая сүймеді,
Неміске басын имеді.
Тек қана шыққан зарлы мұң
Елдегі жанның барлығын
Елжіретіп тұр еді,
Келді бір кез әжесі,
Сол еді жалғыз дәмесі,
Келе байғұс еңіреп
Ұмтылғанда құшқалы,
Жібермеді, ұстады.
Офицер, сұм есалаң:
«Сен үшін қызың кекті»,— деп,
Ананы ұрды тепкілеп.
Жығылса да қарт ана,
Тайынбай сұмды тілдеді: —
Қарғыс атқан жалмауыз,
Бізге де туар күн,— деді.
Аяшым, сен тыңдағын,
Келе жатыр ұлдарым
Құтқаруға біздерді,
Құртуға неміс сұмдарын,
Келеді әне, естідім
Азаттық толқын шуларын,
Аяжан, саған келеді,
Саған ерік береді!
Анаға сол кез оқ тиді,
Бір тимеді, кеп тиді.
«Аяшым!»— деп бір ғана,
Өліп кетті сорлы ана...
Дүрілдей түсті қарағай,
Жалыны шарпып жағалай,
Жыландай орап Аяны,
Күйдіруге таяды...
...Көнбеді Ая басты иіп,
Түкірді де бетіне,
Тұра берді қасқиып.
Дүрілдеп жанған қарағай
Қаптай түсті денесін,
Әлдененің елесін
Көргендей сорлы қыз,
Қарай қалса алыстан,
Қаптаған қол шығыстан,
Екпіні оттай дүрілдеп
Келе жатыр дүбірлеп.
Соны көріп сұмырай,
Май құйды отқа жағалай,
Жансын деп тез қарағай.
Өртенсін деп бәрі де,
Жас бала мен кәрі де,
Сөйтті де зыта жөнелді,
Көрінген соң қалың топ,
Бірақ қыздың денесін
Шарпи түсті жалынды от.
Сол көрінген қалың топ
Қызыл тулы айдынды
Советтік біздің Армия
Жауға қарай жаудырды оқ.
Үлбіреген жас дене,
От тигенде, сескене,
Ыршып ала жөнелді,
Есі кетіп, ештеме
Көрінбей кетті көзіне
Отқа күйген Аяның
Секіре басып аяғын,
Ұстатпай қашты ешкімге,
Безек қағып ұшты да,
Өршіген отпен үстінде,
Днепрге шөмп етті,
Жардан құлап түсті де
Долы өзен тасыды.
Тасуы еді ашулы,
Толқыны баяу тынды да,
Шулары сәл басылды.
Жас Аяны құшақтай,
Толқындар жасын моншақтай
Төкті де сыңсып ән салды.
Теңселіп орман шайқалды.
Толқынның баяу үніне
Естіген жұрт тұнжырап,
Мүлгіді орман гүлі де,
Бөленіп қалды толқынға,
Өлі ме, Ая тірі ме?..
Тербетті толқын Аяшын,
Тербелген сол Ая үшін
Днепр суы күркіреп,
Кек алуға жан қия,
Артынан қуа жөнелді
Айбынды Қызыл Армия.
Бүрісе қашқан тағыда —
Фашистің сол сұмына,
Кек сүңгілер жарқылдап,
Жұдырықтар жұмыла,
Зуылдап оқтар ағыла,
Қырылған жас бала үшін,
Отқа күйген Ая үшін,
Кек айналды жалынға
Бөбектердің жауына!
ПАРТБИЛЕТ
Ол келеді
Аттап алға,
Аттап алға,
Барады ол.
Әлсіреген
Басқан әрең,
Үстінде қан
Жаралы ол.
Жар алы ғой,
Жатар ма екен?
Ала бөтен Кім өзі?
Осыншама.
Неге ашынды,
Неге ашулы Мінезі?
Не бар екен
Сонда есінде,
Кеудесінде,
Оқ жатыр.
Қаптаған оқ,
Аттаған тек,
Жалғыз ғана
Сол батыр.
Достары әне,—
Он бір адам,
Қансыраған, Құлаған.
Ағып қаны Жатыр бәрі
Қалған өзі —
Бір адам. Құламаған
Жалғыз біреу,
Оған демеу,
Немене?
Тойған жоқ па,
Әлі де оққа,
Өлімді іздеп,
Келе ме?
Қан саулаған
Кеудесімен
Бірге тескен,
Жау оғы,— Партбилетін,
Шат көретін —
Ол жүрегі, тірегі
Ол әкелген —
Жалғыз ғана
Сонау дала Ішінен.
Белгісі еді,
Ақтап алған,
Өмірі мен ісімен.
Жан құмары,
Сол тұмары,
Ол қуаты, Бойдағы.
Тесілген соң
Тұтанды кек,
Сүйреді — алға,
Қоймады.
Қасиетті — Партбилетті.
Атқан неміс жаңағы,
Қайда екен деп,
Жаралы жан,
Жан-жағынан
Қарады.
Неміс—бір аң,
Құжынаған,
Бірі ұқсас біріне.
Көздеп бәрін,
Жинап әлін,
Алға ұмтылды
Жүгіре.
Оқ тағы да
Ақты ағыла
Тиді ердің басынан.
Ол жығылды,
Қайта тұрды,
Қан басынан
Жосыған. Үш гранат
Қолда бары
Соны атқалы
Сұмдарға.
Ол жүгірді,
Ашынған жан,
Ажал даусын
Тыңдар ма!
Оқты жерге,
Қанды көрге
Қарсы барды
Қасқиып.
Барды өлімге
Қайрап тісін
Билеті үшін,
Бас қиып.
Елемеді, тиген оқты
Гранатын атты ол.
Тағы да атты,
Гранатты, Бітті әлі,
Жатты ол...
Көзін салды
Бір мола жау,
Ту — топалаң,
Жайраған.
Жалғыз тірі
Қапты бірі,
Қарсылықтан таймаған.
Соны керіп,
Ыза келіп,
Жинап алды
Ол есін. Көтерді ол
Ауыр басын
Ауру тағы денесін.
Сонда есінде,
Кеудесінде.
Жараланған партбилет,
Алғанда оны,
Айтқан еді
Мәңгі аман —
Сақта деп.
Сол екен деп,
Атқан сонау он бесті,
Сол екен деп,
Тұрды орнынан
Ол тағы да қан кешті.
Сорғалап қан,
Қолда қалған,
Жалғыз ғана гранат,
Бар күшімен Әлсіреген,
Атты соны тұра қап.
Атты.
Бірақ Кетті
Құлап,
Жатты сұлап
Өзі де
Сонда оның
Өлген неміс,
Көрінді тек көзіне.
Соны көріп,
Ыстық қаны,
Қайнап тағы
Жүрегінен жүгірді.
Білмей есін,
Өр кеудесін,
Көтерді де, жығылды...
Қансыраған,
Тәкаппар жан,
Жатса - дағы өлгелі.
Сүйіктісін,
Сүйіп түсін,
Қолына алды көргелі.
Қан саулаған
Кеудесіне,
Партбилетін басты да,
Ақырғы рет,
Әлсіреген
Дауысы шықты асқына.
«Өліп барам,
Өлді балаң
Бір сен үшін
Жан қия.
Қош бол мәңгі
Туған анам,
Туған анам — Партия!»
ТАҢ АЛДЫНДА
Баласымен келеді ана
Түн ішінде тас қараңғы.
Атылған оқ, қанды дала
Толған үрей басты маңды.
Басты маңды толған үрей,
Жас баланың түсі қашты.
Қорқыныш па әлде дүлей,
Көрді нені, бала састы.
Елестеді көз алдына,
Түсі суық әлде біреу.
Нендей пәле, қандай ғана
Түн ішінде жүр меңіреу?
— Түн жамылып сол сұм жаулар
Келіп қалды маған таяу.
Құтқаратын күн қайда бар,
Атама таң, апатай - ау?
— Қорықпа, жас құлыным,
Көрінеді таң жұлдызы.
Күн туғанда кетер зұлым
Өртенер де қанды жүзі.
Қалтырады тағы бала
Өрт жалыны көрінді де.
Түтін толды айналаға
Түн аспаны кәмілді де.
— Мені өртеуге қалды таяу
Түн жалыны лапылдаған.
Таң шолпаны, апатай - ау,
Тез туа ма айтшы маған?
— Қорықпа, еркетайым,
Ол өрт емес, қызарған таң,
Тудырам деп күн мен айын
Осыншама ұзарған таң.
Таң шолпанын іздеп ана
Баласымен келе жатты.
Түн сырылды жылжып қана
Тағы зулап оқтар ақты.
— Апатай - ау, әне тағы
Оқтар жауып жатыр маған.
Қайда кетті атар тақы
Қалды ма оқтар атылмаған?
Тез біте ме ажал оғы,
Үсте зулап, мынау ұшқан?
Тез жете ме түннің соңы,
Тез ата ма қуаныш таң?
— Күн шығыстан мынау ұшқан
Таңның отты жұлдыздары.
Атты, әне қуанып таң
Азаттықты туғызғалы,—
Таңның отты жұлдыздары
Қызыл тулы сенің ағаң.
Азаттықты туғызғалы
Келе жатыр әне, саған.
— Қуанайын, апатай - ау,
Жұлдыздар ғой мынау ұшқан.
Түн көріне көмілді жау,
Атты алақай, қуаныш таң!
ҚЫЗЫЛ НАЖАҒАЙ
Қараңғы түнде жарқылдап,
От жұлдыздай көрінген.
Құдіретпен шартылдап,
Германия көгінен.
Күркіреп қызыл нажағай
Түскенде көрдім ғажапты.
Қопарып тасын жағалай,
Қиратып кетті дозақты!
Түн ішінде дүние,
Тітіреніп тұр еді.
Жарқ ете қап күн, міне
Жоғалды әлек түнегі.
Неткен күшті керемет,
Неткен қызыл Нажағай!
Соны көріп күлімдеп,
Қуандым жас баладай!
ӨРТТЕН КЕЙІН
1. Түннен шыққанда
Тұмандатып жылжыған
Қоштасамын түнменен.
Сәулені іздеп сүйіп жан,
Асығамын күнге мен.
Түн жүрісі бойға ауыр,
Қалыппын ғой қалжырап,
Ұйқы басқан ойға бір
Жағылсын тез шамшырақ.
Ұйқылы ойдан әлі де
Түнгі елестер кетпеген.
Үрей жаққан көңілге
Шулы ызыңдар отпенен.
Түнде сонау алыстан
Өртті майдан көрінген,
Шығып шулы дауыстар,
Айнала отқа көмілген.
Асығамын күнге мен,
Аңсап тыныш әлемді.
Көрісемін дүниемен,
Күле беріп сәлемді.
2. Ұйықтаған орман
Күн жарқырап алдымнан,
Алтын сәуле себілді.
Ойлар кетіп қалғыған,
Күн көтерді көңілді.
Қарап едім жан-жаққа
Ойлы көзбен ұйқысыз:
Тұр көгілдір аулақта
Мүлгіп орман үн-түнсіз.
Есімде тұр орманды
Кеше басқан көк тұман.
Дауыл соғып талдырып,
От дауылдап ұйтқыған.
Жанған еді жас гүлі,
Күл боп ұшқан жапырақ.
Кеткен ұшып бұлбұлы,
Жай түскенде шатырлап.
Осы арада қағылған,
Жаңғырығы айқайдың.
Асырып еді осы орман
Лапылдаған майданның.
Қалды ма екен қалжырап
Байғұс орман сол оттан?
Кетіпті тым маужырап,
Мейлі ұйықтасын — оятпа!
Мүмкін оны оятар,
Ән салар да бұлбұлы.
Қайта тағы гүл атар,
Тербелер де күн нұры...
3. Жаңа шыққан гүл
Күйген орман ішінде
Жаңа шыққан гүл көрдім.
Біткен екен үстіне
Кеше сөнген күлдердің.
Қасында ойнап көбелек,
Желбіретіп қызыл гүл.
Қасында су себелеп
Чехтың сұлу қызы тұр.
Па, десейші сол гүлдің
Иісі кеткен тауды алып.
Сәулетіне сұлудың
Өттім мен де таң қалып.
Ойладым сол орманға
Өрт салып кім етті екен?
Таң қалдым сол ойранға
Кімдер гүлді екті екен?
Естідім мен сол күні
Кешке жақын бір әнді.
Жыр ғып айтты сол гүлді
Жаңғыртып қыз орманды.
Ол жырлады сол гүл мен
Күйген орман ағашын.
Және соны сөндірген
Батыр орыс баласын.
Естідім мен қарғысын
Өртеушіге сол кеткен.
Естідім мен алғысын
Сол жігітке гүлді еккен.
Кеттім бірақ мен ұзап,
Көре алмадым орманды.
Жүрегімде жалғыз-ақ
Сол қыз айтқан ән қалды...
Сонау қызды сол гүл мен
Көруге бар әлі үміт.
Қайда екен өрт сөндірген,
О, дариға, сол жігіт?...
КАПИТАН
(Ақын Сағынғали Сейітовке)
Арасында үйлердің
Зіл - зала боп қираған,
Ақтарып соның күйгенін,
Жоқ іздеп жүр бір адам.
Қалдым қарап кідіріп,
Кім екен деп сол адам.
Құшақ жайып жүгіріп,
Келе жатыр ол маған.
Сүйкімді жас капитан,
Құшақ жайып жүгірген.
Көзіме оттай басылған,
Досым екен білдім мен.
Төрт жыл болды, көрмедім,
Сағыныппын досымды.
Құшақтасып көрістік,
Толқын сырлар қосылды.
Айтып жатыр асыға,
Іштегісін жасырын.
Сұрап жатыр досын да —
Қапаны мен Қасымын...
Айтылды сыр, әңгіме,
Өткен, кеткен күндерден.
Төрт жыл бөлек өмір де,
Іштен шықпай күптелген.
Аңдамадым оны мен,
Көргенімде асыға.
Досым түсі өзгерген,
Ақ та кірген шашына.
Бозбала еді сызылған,
Үлкейген ол кісідей.
Аздап түсі суыған
Бетіне дақ түсірмей.
Тек суытпай жүрегін,
Жалындаған махаббат.
Кімді аңсады, білемін,
Алып келдім содан хат.
Сұрланып жас капитан,
Ойлы көзбен қарады.
Айтты сырын ол маған,
Түйілді де қабағы.
«Сұмырайлар өмірден —
Дозағына кетеді.
Іздеп жүрмін, көрінен
Тірілтуге Гетені.
Жырлаймын мен оларға,
Қуанышпен тасыған,—
Сәлем алып,— Адамға!
Туған жаңа ғасырдан!»
Айрылыстық екеуміз,
Құшақтастық, сүйістік.
Қоштасқандай жігіт, қыз,
Әрең зорға қиыстық...
КӘДІМГІ БІЗДІҢ ҚОШҚАРБАЙ
Көрдім оны ауылда,
Өзінің Алатауында,
Жерінде туған елінің —
Шалқып жатқан егінінің
Толықсыған ішінде,
Алшита киіп тымағын
Алшаң басып аяғын,
Сүйікті жарын тосқандай —
Жүрген еді күлкішіл,
Кәдімгі біздің Қошқарбай...
Көрдім оны тағы да
Өзгеше бір шағында.—
Өзгеріп түсі тым суып,
Тау бүркіттей түксиіп,
Ауылынан асыға,
Қабағын қар басқандай,
Бара жатты ашулы —
Кәдімгі сол Қошқарбай...
Көрдім барып асқанын
Карпаттың зор асқарын,
Өрмелеп шығып шыңына,
Өзінің Алатауы секілді.
Сонда неміс сұмына,
Оқ боратып дауылдай,
Қағысқанды қандатып
Қабағына қан қатып,
Түнеріп түсі аспандай —
Қан қырғында жүр екен,
Кәдімгі сол Қошқарбай...
Күліп сұлу Прага,
Иіп басын мұнара
Тәжім етіп тұрғанда,
Толқыған қызыл туларға,—
Сол мұнара алдында
Тұрғандай - ақ ауылында.
Жеңушілер ішінде,
Шаттық ойнап түсінде,
Жүзінен гүл шашқандай,—
Тани кеттім, тұр екен,
Кәдімгі біздің Қошқарбай!
МЕНІҢ ДАҢҚЫМ
Өрінде Европаның басып алшаң —
Келемін —
Қолбасшыдай тым тәкаппар.
Наполеонға —
Егер кез бола қалсам —
Мақтанатын менің
Зор атағым бар...
Жарқырап менің алтын иығымда,
Таңғы шолпан нұрыңдай екі жұлдыз.
Келемін
Менің шаттық қимылыма,
Таң қалғандай
Европада миллион қыз.
Мені сезім билеген...
Көңілім хош.
Келемін
Европада
Алшаң басып,
Құпия жат,
Белгісіз,
Танымас дос.
Жатыр бәрі,
Иіліп амандасып.
Айғай сүрең басылған бір зор қала,
Тыныштық әуесімен дем алып тұр.
Қуанышты мен емес жалғыз ғана,
Бар қалаға —
Төгілген азаттық нұр.
Менің хром етігімнің тақасына
Шақ-шақ етіп соғылған.
Жалтыр асфальт,
Төртінші этаж үстінен акация
Маған қыздар сүйсініп - жатыр тастап,
Бүгін мен бақыттымын!
Мен — тәкаппар
Адымдаймын, айбынды бір елшідей
Мақтанатын менің зор атағым бар,
Сондықтан шіренеді.
Кім менсінбей?
Ойран болған сарайдың есігіне,
Сүйеніп тұр маңызды бір субъект.
Қарай қалсам,
Сол маған тым тесіле,
Көзін сүзіп,
Көтеріп тұр иекті.
Ширата, үзе тартып
Ол шылымын,
Шұбатады түтінін маған қарай.
Көрсетіп Европалық «өршілдігін»,
Қарайды —
Ол қасқырға қарағандай.
Сұқ қолын шошайта қап маған мырза! —
Азият! Монғолмысың?
Әлде кімсің?
Европаның төрінде,
Алдымызда,
Алшаң басып,
Мақтанып неғып жүрсің?
Соны айтып маңызданып,
Маған келіп,
Ұсынды соңғы қалған сигаретін! —
Рақмет мырза,
Өскем жоқ түтін еміп,
Әдетім жоқ
Шылымды сый көретін.
Бірақ біл —
Өркөкірек европалық!
Темірдей түсім қоңыр азиятпын.
Намыс емес ол маған —
Тудым анық — Азияда,
Расында мен қазақпын.
Мен қазақпын,
Бірақ та мені өсірген
Ұлы Отан...
Біл мырза Адамымын —
Дүниеге азаттық әсер берген —
Айбынды Ұлы Совет Одағының!
Мақтанам —
Европаңда сенің тумай,
Туғаныма —
Ізгі елде Россиялық.
Мақтанам —
Сол ұлы елдің толқынындай
Келгеніме —
Азаттық мен сый алып,
Мен жүргем жоқ қолбасшы атануға,
Бәрінен артық даңқ
Маған тегі: Болғаным —
Ұлы армия қатарында —
Жеңімпаз партияның жауынгері!
* * *
Соны естіп ол,
Цилиндр сүр қалпағын,
Баса киді,
Көтерді көзәйнегін.
Шапшаң басып жөнелді ол аяғын,
Шапшаң бұйрық еткендей сөзім менің.
ТЫМ АСЫҒЫП KEЛEMІH
Тым асығып келемін туған жерге,
Бір сағыныш лапылдап тұр кеудемде.
Жүрегімде махаббат жалындаған,
Жүргенімде көңілсіз өлкелерде.
Сағындым сені анамдай туған жерім,
Көзіме ыстық таулы, белеңдерің.
Сағынышты саялы ормандарың,
Күркіреген көк түсті өзендерін.
Сағындым мен сағымын кең даланың,
Сол далада шырқалған шаттық әнін!
Аңсап келем көруге, құшақтауға
Мен елімнің ақ пейіл ер адамын.
Сағындым мен саяңды төрт жыл көрмей
Сансыз жылдар айрылып көрмегендей.
Көрсем де мен талай жер, талай елді,
Көргенім жоқ ұлы елді бірақ сендей!
ЖЕРДЕН ҰШҚАН ЖҰЛДЫЗДАР
Көктен аққан жұлдызды көргенімде,
Әлденеге тітіреп тұрған денем.
Өйткені әжем:
«Бақытсыз әлдекімге
Белгісі бұл ажалдың туған,» — деген...
Көрдім бүгін жарқ етіп ұшты жерден
Аспанға
От жұлдыздар алтын қанат.
Ұйқылы түнді жарып дабыл берген
Ізіне алтын Москва тұрды қарап.
Мен көрдім таңғажайып кемпірқосақ секілді
Шұбалған жұлдыздарды...
Қыз таққан қызыл-жасыл лента құсап
Аспанда өзгеше бір нұрлы із қалды.
Қуанып жас баладай бар Москва,
Тұрды қарап көгіне жасыл, жарқын.
Сол ұшқан жұлдыздардан ай астынан
Үстіне Москваның шашылды алтын.
Астананы алтынмен жапқан тегіс
Жұлдыздардың тұрып мен сәулесінде.
Көрдім: жерден түн жарып атқан жеңіс
Шапағы екен жұлдыздар.., Сол есімде
Сақталыпты, білемін, содан бері:
Ақса мейлі аспанның жұлдыздары.
Егер жұлдыз ұшырса,
Отан жері
Жеңіс пен
Қуанышты туғызғаны.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру