Бұл дүниеде не жетім?
Қашаған Күржіманұлы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қашаған Күржіманұлына халық басындағы жағдай мен елдегі ауыртпалық жақсы таныс болды. Өлеңдерінде қанағатсыз байлар мен би-болыстарды сынап отырды. Ол адам баласының бойындағы екіжүзділік пен сараңдығын сынап, әжуалайды.
АЙТЫС, ДАСТАН, ӨЛЕҢ АРНАУ, ТОЛҒАУЛАРЫ
ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ
(1841 — 1929)
Халық арасына жырлары кең тараған көрнекті суырып салма ақын — Қашаған Күржіманұлы 1814 жылы Түркімен ССР-і, Ташауыз қаласының маңында туып, негізінен Маңғыстау ауданының «Қырық кез» жерінде өмір сүрген. Он төрт - он бес жасынан жалдамалы еңбекке араласады. Жетімдік пен жоқшылық, жұпыны өмір болашақ ақынның жас жүрегін бұғаулай алмайды. Өмір соққысы жігерлі жасты шыңдап-шынықтырып өмірге құлшындыра түседі. Жасынан Атырау, Хиуа елдеріне кең тараған жырларды жаттай өскен Қашаған он алты жасынан-ақ аңын атанады. Қашаған бағзы өнерпаздар дәстүрімен көп елді аралаған. Маңғыстау, Хорезм аймағы мен Еділ, Жайық, Жем, Сағыз өзендерін жайлаған елдерде болып, Құрманғазы мен Нұрым, Ақтау мен Мұрат, Бала Ораз бен Қоспақ, Қашқынбай мен Құмшайыр, Өмір мен Ығылман сияқты өнер саңлақтарымен кездескен. Қашаған бүкіл жырларында бұқара атынан сөйлейді, еңбек адамының адамгершілігін жырлайды, бай мен биді, болыс пен молданы аяусыз шенейді, үстем тап өкілдерінің екіжүзділігі мен тоғышарлығын, сараңдығы мен сұрқиялық әрекеттерін әшкерелеп, келеке етеді. Ақынның дін өкілдерін аяусыз шенеп, өнерді қорғаған жырларының озық үлгісі — «Есқали сұпыға айтқаны». Қашағанның «Қуаңдаған қу Бисен», «Мұстахқа», «Домбыраның қақпағы», «Ермағамбет молданы тілдеуі» дейтін өлеңдері де сараңдық пен суайттық сияқты өмірді жүдетер сиықсыз мінездерді сынауға арналған. Ақын «Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны» толғауларында ізгілікті насихаттап, әдепсіздікті әшкерелейді. Қашағанның Нұрыммен, Бала Оразбен айтыстары білім сынасу ретіндегі сайыстар болса, Ізіммен, Ізбаспен айтыстары — адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу. Қашаған тура да шыншыл, өткір де көркем шығармаларымен халық қадіріне бөленген бұқара жыршысы. Жырау жырлары Октябрьге дейін ел аралап ауызша тарады. Бірқатар шығармалары алғаш рет «Әдебиет майданы» (1935 — №6) журналында жарияланды. «Адай тегі», «Атамекен», «Топан» атты дастандарында халықтың басынан кешкен қилы заман тарихы сипатталады.
Қ.Сыдықов.
БАСТАПҚЫ СӨЗІ, ЖЫР ҚОНУЫ
Баласының азамат болғанына қуанған Сәрсенбай той жасайды. Ол кезде Қашаған 16-17 жасында болатын. Осы тойда елден кеткеннен қайтып оралғанға дейінгі сапарын жырлап береді. Ақын «Бастапқы сөзінде» сонау бала кезінен бастап ақын болғанға дейінгі өмір жолдарын толғаған. Бұл жырында ақындықтың қалай қонғаны жөнінде айтады.
Сол тойдан кейін Қашағанның ақындық атағы елге тарайды.
Құлақ салсаң жақсылар
Атам бір қайтты дүниеден,
Бес жаста жетім қалдырды,
Басыма қайғы салдырды,
Анам көрді жесірлік,
Өзім көрдім жетімдік,
Сүйтіп басым қаңғырды
Алты жаста еліктім
Жеті жаста желіктім.
Сегіз жасқа келгенде
Бала болдым көрікті
Тоғыз жасқа келгенде,
Қадір білер ағалар:
—Шырағым жүр, деп ертті
Балалықты тастадым
Он төрт жасқа келгенде.
Есігінде әр кімнің
Жұмыс істей бастадым
Он бес жасқа келгенде,
Таяқ алдым қолыма
Халықтың түстім сүрлеу жолына.
Қой айдауға жалданған
Жер үйде жатқан бес беріш
Солардың ердім соңына
Бір күндері келіп Гурьевке,
Сергей деген көпеске
Малай болып жалдандым
Көпестің малы көп екен,
Текеге қойын айдадым
Аяққа шарық байладым
Жұмысқа басым сайладым
Азығымды үнемдеп.
Қара сұңқар шайнадым
Көрдеубайдан көрдім қорлықты,
Әбден сорым қайнады
Жабағы жүннен сырулы
Басымда шоқпыт бөркім бар
Шаршап қойдың соңында
Жүдеу тартқан көркім бар
Көпестің көрдеубайлары,
Қойға бар деп сабайды
Бармасқа қандай еркім бар?
Бір күндері болғанда
Көрдеубайлардан қатты таяқ жеп.
Жабығып қатты зарладым.
Көзімнің жасы парлады
Қайтайын десем ел алыс
Қасымда болмай бір таныс
Жасағанға жалынып
Жабығып қатты сарнадым
Сол түні ұйықтап жатқанда
Ғайыптан келіп қасыма
Бір қара кісі «тұр», — деді
Мойныңды маған бұр, — деді, —
Назарымды байқап аңдады;
Байқағанын айтайын
«Ұйықтама, балам, «тұр» — деді
«Мойныңды маған бұр» — деді
«Налыма балам көзіңді аш
Өнер бердім елге шаш,
Зейінің болса пайдаға ас
Көпестен саған пайда жоқ
Шамаң келсе, шырағым
Таяғыңды таста, қойдан қаш
Ендігі жерде шырағым
Өлең—жыр болады кәсібің.
Ел үстінен болады нәсібің
Жақсылардың дәулетін
Ортақ еттім өзіңе
Ұлықсат бердім өзіңе»
Осы сөздерді айтты да
Батасын берді қол жайып
Алақандарын мол жайып
Ұлықсат содан болғасын
Жөнелдім сөзге мен байып
Осылай нышан берді де
Ұйқылы ояу жатқанда
Көзімнен болды ол ғайып.
Оятты тартып қолымнан
Түрегел деп жатқан орнымнан
Айып етпең жақсылар
Жаратылған жазмышта
Несібе солай болғаннан
Текеден әрмен өткенсін,
Барған жерлерді айтайын
Ақсу, .Шаған, Дере тау
Оларды да көрдік аман сау
Ор деген судың бойымен,
Өсике деген көлінде
Карашекпен орыс жерінде
Қой соңында жүріп. қаңғырып
Өзімнен өзім желігіп
Өлең айттым айқайлап,
Тау-таспен даусым жаңғырып.
Сүйтіп жүрген кезімде
Піркәншіктері көпестің
Бірін-бірі шақырып,
Қонақ болып жиналып,
Кеңескен екен отырып.
Қойдағы жүрген баланы
Шақырамыз деп ұйғарып
Алып, кел деп баланы
Жіберген екен біреуді
Ерттеулі сайлы ат беріп
Атымды жазып сыртына
Бір ширек қағаз хат беріп
Қағазбен ісім болған жоқ
Шақырып жатыр дегесін
Атқа тұра ұмтылдым
Тізгінінен ұстап шап беріп.
Аттың ұстап жалынан
Тастай бердім қолдан таяқты
Үзеңгіге салдым аяқты
Азамат ерлер жақсы ғой
Жүдеп жүрген көріп халымды
Есіркеп сырттан аяпты
Жетіп келсем оларға
Отыр екен мырзалар
Ақ шатырдың ішінде
Масаты кілем үстінде,
Кілең сауыр мәс пен кебісті.
Дастархан жайып құрметтеп
Төкті түрлі жемісті
Жез самаурын қайнаулы
Союға бағалан байлаулы
Тәрбиелері сондай келісті.
Сол құралында соны жырладым
Келтірдім сөздің ырғағын
Сөзімді айтқан сырладым
Бұлдағанын айтайын
Қолдарына алып шиланды
Ақшаға алдымды толтырып
Сыйлады беріп барларын
Шумақ меркеш ішінде
Бас піркәншік айтты. «Жігіттер,
Қашаған бізде қалсын» — деп
«Қойға бар» — деп бұйырды
Менен басқа малай балдарын
Содан бас піркәншіктің қасында
Үкі бөрік басымда
Мінгенім әсем ат болды.
Сусыныма қызыл шәй
Шайнауыма май мен ет болды.
Сонан соң көңіл шат болды
Бұл жерде жүріп тағы да
Самараға келіп біз тұрдық
Бір ай сонда қой қырдық
Сонда да бейнет кетпеді
Тағдырдың малай еткені
Жаман ауру тап болып
Бозқырау деген амалда
Азар түстім арбадан
Ағашты ұстап жағалап
Жығылып жерге құладым,
Сағынып елді жыладым.
Қара терге боянып
Бір уақыттар болғанда,
Жеңіліп бойым қалыпты,
Көтерсем басты оянып
Бұл аурудан жазылып
Мен содан елге жылыстым
Аман cay елге қауыштым
Төменгі ұсақ байұлы,
Жеріне қарай ауыстым
Жақсылардың жиған дәулетті
Қонақ жайлықпен тауыстым
Сол күндердің уақытында
Жанат ішік, қамқа тон
Үстіме болды кигенім,
Жүйрік пенен жорғалар
Астыма болды мінгенім
Сұлулар болды таңдап сүйгенім
Еңбегімді еткен сыйлады,
Өнерден дәулет жинадым.
Алдамшы дүние қайтейін
Бір тұяқ қалмай артымда
Өзімнен-өзім күйгенім.
«ТОПАН»
1899 доңыз жылы Каспий теңізі тасиды. Тасқын Атыраудағы елді мекенді алып кетеді. Көп адам суға кетеді. Үй-панасы, ас-тамағы, киім-кешегі, малы тасқынға кеткен ел көп қыйындық көреді.
Бұл апатты өз көзімен көрген Қашаған халық мұңына ортақтасып, жыр шығарады. Қазақтың ұлы халық композиторы Құрманғазы бұл оқиғаға арнап өзінің атақты «Көбік шашқан» дейтін тамаша күйін шығарады.
Ноғайлының елінде,
Үш қияның жерінде,
Асан қайғы бас болып, ;
Қайғыменен өтсе де,
Нарынды тастап кетсе де,
Құтты екен бұл қоныс,
Баққан қойы бүркіттей,
Дулығасы үйген іскірттей,
Кәрі биесі жөн алған,
Нарлары семіз қом алған,
Кәрі саулығы шайлаған
Еркек қой мен тоқтысын,
Шаруасы ерте байлаған.
Ерлері бар еді егескен,
Дұшпанымен шенескен,
Абройы асқардай,
Не жақсымен теңескен,
Құбарлан ертіп, құс салған,
Лашын, сұңқар ұстаған,
Елеуретіп екі жүйрік жетектеп,
Сулығын алтын бедерменен кердірткен,
Жалын сабау тіспен тердірткен,
Мынау Еділ мен Жайық, Жем екен,
Бұл жетімдерге жем екен,
Шөбі.малға май болар,
Аш, арыққа жай болар,
Қашаннан да бұл қоныс
Құтты болған жер екен
Өзегі де қайырлы,
Аш, арығы сүйреп жейді екен,
Бекіре менен жайынды.
Балқашын орып мал жеген,
Аралас үйрек, қаз жеген.
Малының жақын өрісі.
Құлынның ұзын желісі,
Еділ мен Жайық, Нарынның
Осылай екен келісі
Және бір жайды айтайын,
Ноғайлының елінде,
Үш қиянның жерінде,
Талай хандар шалқыған.
Шалқыған хандар алқынған
Менмендік тасқан шағында,
Тоқтамыс елі шарпылған.
Патшалар да ауған тағынан,
Мыңғырған малды байлардың,
Қонысы кеткен жонынан
Мынау бір өткен уақиға,
Бұдан да хабар берейін:
Тайшық ханның елі толғанда,
Орманбет ханның елі толғанда,
О да келіп бір күні,
Бір құтырған кұртқа жолықты.
Орманбет хан сол кезде,
Қайтерін білмей торықты,
Бүлдіруге көп елді.
Арша деген ағашқа
Бір боз торғай келіп қоныпты.
Құтырған құртты қағып жеп,
Құтырған торғай шырлайды,
Көкке қарай зырлайды,
Қанатын сілтеп пырлайды
Өзінен зордан қаша алмай,
Жүрегін торғай баса алмай,
Шарықтап жүрген бүркітке,
Шапқан екен торғай тайсалмай
Оқиға бұрын болған көп,
Ойласаң шығар түрлі көп.
Қара бүркіт құтырды,
Әлгі боз торғайды қағып жеп.
Құтырып бүркіт желденді,
Еділге қарай енген-ді
Ұлы Еділдің бойында
Жүзіп жүрген нән балық
Салған екен соған шеңгелді.
Нән балық жанын қарманды,
Желігіп келген бүркітті,
Жұтып салып жалмады.
Бір шәй ішім мұрсат болмады,
Нән балық та құтырып,
Суға сыймай сандалды.
Желігіп балық сандалып,
Жағаға шықты қайырлап
Қайырлап жатқан балықты,
Су, жағалап қыдырған
Көрген екен батыр Сайынжан.
Балықты жеді елі алып,
Жеген елдер құтырып,
Біреулерді біреу жеп,
Азайған сүйтіп көп халық.
Бұл қоныста көп еді,
Талай бір толып шалқыған.
Жем аяғы пайда деп,
Келуші еді бұл жерге,
Мал іздеген талапкер,
Ырғыз бенен Торғайдан
Қара өзен мен Сары өзен,
Ішкі орданың халқынан
Хиуаның Түрікпен, Сартынан,
Пайдалы деген даңқынан.
Қайтушы еді еліне,
Мекен еткен жеріне,
Амал жұлдызын атқарып,
Ақшаға жаны толулы,
Әбден жолы болулы,
Азаматтары мақтанып,
Келген жаяу аттанып,
Көңілдері шаттанып.
Жем аяғы бұл күнде,
Толығып еді мал айдап,
Төрт түлік дәулет қара айдап.
Сарытау, Самар, Қазаннан,
Талапқа келген саудагер,
Бұ да көкке қарады,
Қазына жинап сарайлап,
— Сахараның елі сасық, деп,
Баруға алыс қашық, — деп,
Шаңды аяқ елге бармалық,
Келе алмаспыз асып, — деп
Кемітуші еді жек көріп,
Қой баққанды қорлық деп,
Наданның сөзі зорлық деп,
Сахараның елін көшпелі,
Бүгін де бұлар талаптан,
Ақша тапты есептеп
Мамықтан жақсы төсек деп,
Тасқандардан сөз шықты,
Сиырдан жақсы есек деп.
Көп болды сондай тасқандар,
Әлін білмей асқандар,
Пиғылына солардың,
Қабыса жаздап аспай жер.
Тәкаппарлар көп еді,
Төгілуге сірә деп еді.
Бұл арада мал тапқан,
Бір шүкірлік қылмады.
Бір азамат ерде дәулет кем болса,
Қабаннан жаман қарынбай,
Жан екен деп оны білмеді,
Көзіне тіпті ілмеді.
Мінейін деп базардан,
Жүз теңгеге ат алды.
Киейін деп базардан,
Қызыл күрең зат алды.
Ауылдағы қатындар,
Өзі барып базардан,
Қымбатына мата алды.
Қара бешпет ақ көйлек,
«Мынау кімнің қатыны» атанды.
Сахарадан ауылы көшкенде,
Сиырға жүгі, сыймаған,
Арқалап жанын қинаған,
Бұл уақыттар болғанда,
Кәрі қоспақты мал демей,
Түзеді нар мая мен қатарды...
Сорпаны төкті майменен,
Сусыны қанып шәйменен,
Қалаға келген билері,
Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді.
Тиіссіз жерге дәулет төгулі...
Қайыры жоқ кілең қасқа бай,
Айдаған малға қуанып,
Қой қозыға жұбанып.
Қалалы жерде мырзасы,
Қос арғымақ пар жегіп,
Тарантас арба туарып.
Кәршондікке қамалып,
Нәпсісін шайға суарып.
Нешелер дариямын дегеннің?
Талайы қалды суалып.
Етпеді ешкім қанағат,
Тап болмай қайтсын ғаламат.
Көп болды мұндай тасқандар,
Әлдерін білмей асқандар...
Құтырынған бір құйын,
Кетірді-ау жаман ел күйін.
Қара дауыл соқты да,
Үй қирады бесінде.
Келер деп мұндай уақиға,
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай,
Жұманың ақшам кешінде.
Таудан биік сеңдерді,
Бұлтпен бірге көшірді,
Адамның алды жатқанда,
Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктен келіп сең үйді.
Қызылды-жасыл су жүрді,
Сұрапылдың желі зулады.
Зілмәнкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай,
Қол ұстасып жұрт шулады.
Садақа айтты сасқанда-ай,
Зілмәңкенің басынан,
Мұз жапырып асқанда-ай,
Мылтықтың атқан оғынан,
Бір де осал тимеді,
Құтылмады қашқындар.
Екпінмен мұздар соққанда,
Кәршондіктегі мастардың,
Кеудесі кетіп бас қалды.
Түкірігі жерге түспеген
Тәкаппарлар мұзды жастанды.
«От ішінде сақта» деген сез
Қайсысын аман сақтады?!
Ғаламат мұндай болған жоқ,
Таңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім жас қалды,
Талайлар мұзды жастанды.
Біреулер қалды атасыз,
Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,
Біреулер қалды жалғыз қарасыз.
Аюдан мықты білекті,
Қабыландай батыр жүректі,
«Кесті деп алла тілекті»,
Ел айырылды ерінен,
Сөзі менен дем берген,
Адасқанға жөн берген,
Ақылгөй абзал кенінен.
Кербездер кетті керілген,
Бір басуға ерінген.
Біреулердің белі сынып майырылды,
Біреулердің қанаты сынып қайырылды.
Бір атадан біреулер,
Жалғыз қалып қайғырды.
Таппай кетті боз бала,
Талай сұлу қызғалдақ.
Талайдың кетті әсемі,
Таспағанға тасқанның
Бұ да тиген әсері
Қырғауылдай қызыл нар,
Алшаңдаған асаулар,
Азбарда тұрып жем жеген,
Аяғын әсем сермеген,
Кербездер... мінген ат кетті.
Байлардың жиған тырнақтап,
Сарала деңмент қылыш бау,
Мұра деп салған зат кетті.
Әкімдер кетті мөр алған.
Бақытпен байтақ ел алған.
Білдірмей келген апатты,
Қайсысы соның көре алған.
Қайыры болсын артына,
Талайлар солай жоғалған.
Ғаламат болды айтқандай,
Әркім қалды тентіреп.
Уақиға болды қауыста
Алдында өтті ақырап.
Бәйтеректер жығылды,
Төгілді суға жапырақ.
Бір параны мұз алды,
Бір параны жеп алды.
Аяулы талай жандардың,
Ит пенен қасқыр жеп,
Кеуделері қызарды.
Бір атадан жүзден көп,
Бір атадан мыңнан көп,
Көме алмай жерде тоң қалың,
Арбамен үйді сатылап.
Ғаламат мұндай түс болды,
Алтындар азып мыс болды.
Әлпештеген арудың,
Кеудесіне қара құс қонды.
Ғаламат сондай күн болды,
Көз көрмейтін буалдыр.
Қараңғы тұман түн болды.
Орыстың баржа кемесі,
Мықтап қаққан діңгегі
Бір соққанда дауыл күл болды.
Су тасқыны тау болды.
Таудай толқын жау болды.
Соққан желдер күш болды,
Мұндай заман түс болды.
Түн ортасы болғанда,
Желдің түбі бұрылған,
Бәлeгe қашқан ұрынған.
Малынан пайда көрмеген,
Қанағатсыз Қабанбай,
Барын жоқ деп құрынған.
Жұлдызды жатқа санасақ,
Қисап етіп қарасақ,
«Мың тасқанға — бір тосқан»
Бар емес пе еді бұрыннан?!
Кейіндегі бозбала,
Налымаңыз, шырағым,
Күндердің күні болғанда,
Көк дария көл болса,
Бай мен жарлы тең болса,
Суда - балық, қырға егін,
Бәле-бәтер жоқ болса,
Диханшылық көп болса,
Талаптың күші сеп болып,
Кетерсіз дағы ел болып.
АРАЛБАЙДЫ ЖҰБАТУЫ
Аралбай ақын жалғыз ұлы Берекет өліп, қамығып отырғанда үйіне замандасы Қашаған келеді. Бұл жайдан хабарсыз көптен көріспеген Қашаған: — Лебізіңді сағындым, домбыраңды шалып жібер» — дейді. Аралбай Қашағанға мұңын ағытады. Сонда Қашаған былай дейді.
Замандас інім Аралбай
Мен білмей қалдым балаңды-ай
Тәуекел хаққа шүкір ет
Аузыңа алма жаманды-ай
Басқа түссе амал жоқ
Көтерер жүкті адамға-ай
Мен сасып қалдым қапыңа
Біле алмай сөздің парқын-ай,
Жылағанмен не пайда
Қайырын берсін артын-ай
Шайтаннан алла сақтағай
Тамұқтың оты шарпымай
Жаратылған екен адамзат
Дүйсенбі күні бесінде
Мақпұз бенен лауқыдай
Мұсылманның ұлына
Кәусардан шарап татқызбай
Кең сарайда жатқызбай
Мәңкір-нәңкүр келгенде
Жауабын жеңіл айтқызғай
Замандасым, Аралбай
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,
Қанаты бүтін . сұңқар жоқ
Кей пендеде іні жоқ,
Інісіз жанның күні жоқ
Кейбіреуде аға жоқ
Ағасыз жанда жаға жоқ
Кейбіреуде бала жоқ
Бермесе перзент шара жоқ
Болаттан бекем бол деген
Болдырғанға болмасқа
Уайым, ашу жарамас,
Сіздей бір жанға жолдасқа
Ашу деген — көк бөрі
Ақылың қорған тал болар
Тәуекел — қайық, сал болар
Ойлап кетсең жеткізбес
Түсіп кетсең бойлатпас
Уәйім деген жар болар
Ойлағанда, Аралбай,
Өмір бір дулы шәр болар.
Бұл өмірде нелер жоқ
Біреу кем, біреу хан болар,
Басына қайғы түспеген
Мен-менге қайғы таң болар,
Ақыл деген — қой болса
Ашу деген көк бөрі,
Бөрі қойға жолықса
Дүние қиғаш шаң болар.
Сабыр етші, Аралбай
Айы біткен айда өлер.
Күні біткен күнде өлер
Жанына ажал келген күн,
Таңға жетпей түнде өлер
Туралап өлім тап болса,
Жалғыздар емес кім де өлер
Өлімге қатты налиды
Кейбір де кейбір пенделер.
Басы cay есен бай кісі
Өз айтқаны жөн келер,
Орынды жерде сөйлесем
Қызыл тілім дөңгелер
Айтып-айтпай не керек
Сені мен менің қасымда,
Даладан аңсап келгенде
Алдымнан — атам келді, — деп
Күліп-ойнап кім келер?!
БЕГІМ ТӨРЕГЕ АЙТҚАНЫ
1900 (тышқан) жылы қазан айында терістіктен ту тігіп түре көтерілген жаңбыр аралас дауыл Каспий теңізіне ақжал толқын үйіріп. жағалау біткен ащы судың астында қалады. Жем өзені де арнасынан асып, алыс қиырға жайылады. Бұрын-сонды көз көріп, құлақ естімеген табиғаттың тосын оқиғасы сол кездегі Қаңбақты қаласын (Жылыой ауданы) шарпып, халықты мал мүлкінен айырып орны толмас шығынға ұшыратады, ауыр қазаға душар етеді. Болған апатты көріп, біліп, тексеріп, қорытындысын шығару үшін Гурьевтен ояздың көмекшісі руы Шеркеш Бегім төре жіберіледі. Қайғы-қасірет шегіп, қабырғасы қайысқан, күйзелген жұрттың жай-күйіне жергілікті үстем тап өкілдері тарапынан материалдық көмек болмайды. Қаңырап қалған Қаңбақты қаласында жүріп Бегім төре халықтың қорқынышты хал-ахуалын өлеңмен өрнектеп, топ ортасында отырған Қашағанға кезігіпті, осы кезде алпыстарды алқымдаған айтулы ақынға Бегім:
— Төре келгенін естімеп пе едің. Хабар-ошарсыз қамсыз жүргенің қалай өзі? — депті. Сонда Қашаған:
Нақ сүйерім төре ме?
Төре барды көре ме?
Қиямет күн туғанда
Қара байға ере ме?
Қиындықта жұртыммен біргемін менің жұбым бір, —
Қол ұшымды берерге!
десе керек. Күтпеген жауапқа тосылған Бегім көпшіліктен сескеніп «Нашеке, алға тыңдайтындай бірдеңе айтыңыз» деп әңгімені басқа жаққа бұрып жіберіпті. Қашаған жүзі көңілсіз, қабағы салыңқы қаумалаған ағайын алдында былай жыр төгілдіріпті. (Өлең толық күйінде сақталмаған).
Бегім төре, нәніміз.
Сөзге құлақ салыңыз.
Айтқаныма наныңыз.
Тауқымет тартып тосыннан
Болмай отыр халіміз
Аз ғана тарих айтайын
Саралап, талғап алыңыз.
Өткен күннің шежіресі
Не зият, не жат таныңыз,
Бұлағын жырдың көзейін
Қызыл тілді безейін
Көзінен сусап қаныңыз.
Шырқатайын шығандап,
Келгенінше әліміз.
Шамыңа тимей қарайын,
Жыр құмартса жаныңыз.
Ноғайлының еліңде
Үш қиянның жерінде
Ақ Жайық пен Еділде
Талай ерлер ар тұнған
Басынан бақыт ауғанда
Пошымы аумай ғарпіңнен.
Құрықтаулы аттай алқынған.
Дәреже тапқан ерлер бар
Саланың бойы салқыннан
Едігедей ерді қорсынған
Тоқтамыс ханның елі де
Қапияда отқа шарпылған
Бақыты баста тұрғанда
Орыс жұрты қорықты
Орақ пен Мамай даңқынан.
Талайлар ауған тағынан,
Айрылған атақ-бағынан
Қыдыр көрген байлардың
Қоңсылары кеткен жанынан.
Батырлар етті аруақты
Қанжығасы қанға малынған,
Сүңгі өтпес сауыт жамылған,
Дұшпаннан кегі алынған
Олар да кеткен шарасыз
Көлденең жатқан Нарыннан
Ол кездегі Нарынның,
Тоқтығы зерен іркіттей
Қаршығасы қара бүркіттей,
Нарлары семіз қом алған,
Кәрі биелері жал алған,
Кәрі саулықтары шайлаған
Сағызын нандай шайнаған
Еркек қой мен тоқтысын
Шырынына шөптің «байлаған»
Ерлері өткен егескен,
Ұрпақтары көп өскен,
Үлкен бір іске көшерде
Көшелі қарттай кеңескен.
Мырзалары мардымсып
Қабылан ертіп, құс салған
Лашын, сұңқар ұстаған
Томағасын әдіптеп,
Мақпалменен тыстаған.
Сұлуларын сымбатты
Алтын зермен көмдірген,
Сала құлаш бұрымын
Сабау таспен тердірген.
Жүйріктерін жүйткітіп
Алысқа сап көрдірген...
Еділ, Жайық, Нарынның
Малының алыс өрісі,
Құлынның ұзын желісі
Осылай еді келісі,
Табиғаттың берісі.
Балдырын балдай мал жеген,
Арал ас үйрек, қаз жеген
Кейбір байы қайырлы —
Аш-арығы көп жеген
Бекіре мен жайынды
Күндердің күні болғанда
Орыстар зорлық етер деп
Жағама қолы жетер деп
Ерлерім подкуп кетер деп
Асанқайғы бабамыз
Жерінен безіп сол үшін
Амалсыз тастап кетіпті
Еділ, Жайық қонысын,
Еділ мен Жайық. Жем еді,
Жетімдерге мол еді.
Қашаннан-ақ бұл қоныс
Ашулы қақпан арындай
Кәуіті болған жер еді.
Шөбі малға май болар,
Аш-арыққа жай болар,
Төрт түлігі сай болар,
Баға білген бай болар.
Әлеумет, нәмді ішпен сез,
Асанқайғы атам айтқан сөз
Сөйлейін сөздің парқынан,
Жаңылмай жырдың салтынан.
Бұл қоныста көп еді.
Тасып та талып шалқыған,
Құйқалы жерде қонысы
Қорғасындай балқыған.
Дүние іздеп алыстан.
Дәру тауып даңқынан
Келуші еді бұл жерге
Ішкі орданың халқынан.
Хиуаның езбек сартынан.
Бекіресі Жайықтың
Асыл еді алтыннан,
Иісі жұпар аңқыған
Байлығына қызығып
Жетпекке талай талпынған,
Көш-керуен бет түзеп
Жүк тиеп жолға артынған
Саудагер мұнда мақтанып,
Ауыздарынан ақ тамып,
Ақшаны жинап, тақта қып,
Көңілдері шаттанып
Кететін қайтып аттанып,
Жем мен Жайық құт еді,
Берекелі қазаным,
Қызығы мол базарым,
Ақ шуақты ажарым
Кешіп жатыр басынан
Келімсектер мазағын,
Бұл күндері дария ма
Көз тастасам қарайлап,
Біреулер жүр лайлап,
Біреулер жүр мал айдап,
Ноғайлар тапқан жан айла
Жиыпты ақша сарайлап.
Сартау, Самар, Қазаннан
Келгеннің қызық көргені
Тастары өрге өрледі,
Билеп ап судың балығын
Жергілікті халықтың
Жеуіне де бермеді,
Ашылған әбден араны
Орыстар көкке қарады
Қойдан момын қазаққа
Жасамады көмегін.
Қазынадан қарыз жоқ,
Жоқтамады керегін.
Сахара жұрты ашық деп,
Білімнен мүлде қашық деп
Зердесіз елдің байлығын
Қарпып қалуға асық боп,
Шелденді олар тасып кеп,
Көшпелі жұрттың еңсесін
Сықпа құрттай басып кеп.
Қанағаттан айырылып
Ақша жиды есептеп
Мамық жиды төсек деп
Тасқандардан сөз шықты
«Сиырдан жақсы есек» деп.
Бас көтерген қазақты
Бәлеге салды өсектеп.
Тәкаппарлар да көп еді
Парасаттары жоқ еді
Қазақтың дарқан жерінде
Қасиет бар демеді.
Ес.бар деп елде білмеді,
Ерлерін көзге ілмеді.
Жазықсыз салып қырсыққа
Жәбірлеп босқа тілдеді.
Базарға барса мастанып
Жүз теңгеге ат алды,
Қымбатына қарамай
Қызыл-жасылды зат алды.
Әйелдері құтырып
Асыл жібек мата алды.
Қара камзол, ақ көйлек
«Керім қатын» атанды.
Үн мен шайға толтырды.
Тең байлаған атанды.
Третий астық, кантон шай
Бұдан аузын қатарды.
Көрт қоспақты мал демей
Түзеді нармен қатарды.
Тентек болса бір қазақ
Түрмеге сүйреп апарды.
Қалаға келген билері
Арақ ішіп елірді,
Кеудесі бұған семірді
Кәкімдері болды жебірлі
Қисапсыз дәулет төгулі
Папиростары шегулі
Сахарадан көшерде
Дүние болды жиғаны
Сиырға жүгі сыймады
Малдың жанын қинады
Байлыққа бөккен иттердің
Болмады-ау тіпті иманы.
БЕРЕКЕТ АҚЫНҒА АЙТҚАНЬІ
Берекет ақын өз үрім-бұтағының көптігін айтып, Қашағанды сыртынан қиянаттап, кемітіп жүреді. Бір күні Берекет Қашағанның тойда жырлап отырған жерінде кездесіп қалады.
Уа, Берекет, Берекет
Көппін деп, балам, мақтанба
Көп атадан ел азады
Балықтай сасып басынан
Азда қайрат жоқ десең,
Бүткіл тоғай өртенер,
Бір зәредей жасылдан.
Мың қарғаға бір кесек,
Ортасына түссе қашырған.
«Отман» таудың басында
Дегелек деген бір құс бар
Аспанда жүріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған.
Сіз бенен бізден бұрында
Талай шешен өтіпті
Таңдайдан сөзін тудырып
Бірінен бірі асырған
Мен жүлделі жүйрікпін,
Ала жаулы тер шығып,
Сүйегім қызбай ашылман.
Хабарыңды естіп жүр едім
Берекет ақын алыстан
Біреуден біреу озады
Додаға түсіп жарысқан
Енді халық сынасын
Кімнің, сірә, шұқанақ, кімнің
қайнар бұлағын
Айтысуға Берекет,
Арзу болып жүр деген
Сарсылды көптен құлағым
Сол айтқаның шын болса
Мына жиылыс ішіне,
Тәуір келдің, шырағым.
Құлақ сал тыңдап сөзіме
Білмей жүрсең, Берекет
Білдірейін өзіңе:
Құс азғыны - жапалақ,
Кесіртке, тышқан ілдім деп,
Қырандығым білдім — деп,
Қырғидың күшін көрмесе
Жапалақ жүреді есіріп.
Ит аулақ болса
Доңыз шығады дейді төбеге
Әр нәрсе сондай болады дейді есірік
Жарысатын жүйрік сен болсаң,
Көптен бері кезеніп,
Іздегенің мен болам.
Сөйлесейік онда шешіліп.
САҚЫПҚА АЙТҚАНЬІ
Қашаған жасы жетпістен асқан шағында бір қыз ұзату тойына барады, Сақып дейтін жас ақын Қашағанға жол бермей, тойды өзі бастайды. Сақып той бастарды аяқтай бергенде оның әдепсіздігіне ренжіген Қашаған өлеңді төгілте жөнеледі.
Әуелі сөз басталмайтын ба еді ағадан
Шауапқа кәміл біздей данадан
Су тасымайтын ба еді сағадан
Ағасын інісі қор тұтқан
Өзінің көңілін ағасынан зор тұтқан
Бұл заман шығып па еді жаңадан
Кешегі жақсылардың барында
Заманның түзу шағында
Мұндай әдепсіз туған балаларға
Бір жасы үлкен аға ақыл айтса
Кетпейтін еді — ғой шамадан
Мұнартып Еділ таспаса,
Кемерінен аспаса,
Көбігін көкке шашпаса,
Биікті қарғын баспаса
Су жүрмейтін еді — ғой Жайыққа
Пароходтар жүрсе дариядан
Жол тиетін бе еді қайыққа
Кешегі жақсылардың барында
Мұндай әдепсіз туған баланы
Қарттар бұйырмайтын ба еді айыпқа.
Бұл құралдың ішінде
Қайраты қалың ер де бар
Билігі қалың би де бар
Қалаулысын қаласын
Әлеумет кімде зерде бар?
Қара — қарға қалбағай.
Қаз бен, үйрек қара құс
Оларда таласпайтын еді ғой,
Бүркіттің жейтін жеміне
Алыстан көрсе қарасын
Балапан уақ баласын
Көзі түссе жаутаңдап
Қайрат қылса қаутаңдап
Олар келмейтін еді —ғой
Бүркіттің, сірә шеніне
Кесіртке мен жылан да
Шыдай алды ма айдаһардың деміне.
Қаршыға аққуды алғанда,
Жаман жапалақ құс тышқанды
басып қалғанда
Олар да арланбайтын секілді ғой
Өзінің дәрежесінің кеміне.
Қара бүркіт қаршыға
Қартайып жасы жеткенше
Бұйрықты күні біткенше
Алатын аңын қоймаған
Ашуы келсе аң алып,
Төс етіп жемей төс тартып,
Жемсауын қимай бір қарпып.
Жеген жемге тоймаған
Адай түгіл байұлы
Байұлы түгіл Алшында.
Жеңемін деп жарысып.
Мерекелі жерлерде
Бұрын жоқ еді,ғой, бізбен ешкі ойнаған.
Жұрт жиналған бұл құрма
Құмарың болса сөз тыңда
Сөз келісі де бар мұнда
Пілдің тірі бәсі де мың ділдә,
Өлсе тері бәсі де мың ділдә.
Мен адасқан жоқпын жерімнен
Адасты деп жас балдар
Сыпсыңдап сырттан сөз қылма.
Жолбарысқа құдайым өлшеусіз күш берген
Қорқытуға оған сұс берген.
Он екі ата байұлы,
Арлы жерің келгенде
Дұшпандарыңды көргенде
Бәйгіге қосқан жүйрігің едім-ау
Күніне бір қосқанда үш келген
Жас жетпіске келгенде
Сақалға шалғырт енгенде
Үстімнен шауып өтіп, жол салып
Менің сыбағалы байрағыма қол салып
Бұл күн де бізге тұс келген
Жаңа талап жас жігіт
Сен омыраулап тойды бастадың
Қашаған тұр деп қашпадың
Жүйрік тұр ғой деп саспадың
Ылайық па бала өзіңе
Ақсақалды ағаңды
Аяғыңа басқаның?
Бірақ пайда берсе еді — ау сенің тасқаның
Сыйламадың, бала, ағаңды
Жыртқандай болдың жағамды
Әттең байұлының баласы,
Саған бүйірім бұрып тұр
Жақындықтан шарам құрып тұр,
Онан басқа шырағым
Арқадағы Әліммен
Желкедегі болсаң жеті ру
Жыртар едім, бала, жағаңды
Жаңылтар едім тобаңды
Білмей тұрсаң, шырағым.
Білдірер едім сенің шамаңды
Бұл қылығыңды қоймасаң
Сыйламассың атаңды
Сыйлайтын болсаң атаңды
«Қашеке, маған жол бер» — деп
Мана неге алмадың
Келіп менің батамды
Бұл қылығыңды қоймасаң
Сыйламассың тіпті анаңды,
Сыйламасаң анаңды,
Қартайып жасың жеткенде
Құдай дұшпан қылар өзіңе туған балаңды.
Ия, Қашаған ағаңа көңілің қалды ма?
Ия, болмаса, Қашаған — кәрі, сен— жас деп
Біреу капталыңнан ақыл салды ма?
Ия, болмаса, шырағым,
Бұтыңдағы екі арам без, құрғыр
Ақылыңды сенің алды ма?
Ағаңды бұрын көрдің де
Мені жеңіл көріп келдің бе?
Ия, болмаса шырағым
Меніменен айтысуға
Өзіңе өзің сендің бе?
Ия, болмаса, шырағым
Көбелек қуып құтырған
Мәтектігің құрғыр жеңді ме?
Тайыз екен ғой ақылың
Меніменен жарыспа
Меніменен жарыссаң
Жыртылып қалар тақымың
Жыртармын бала жағаңды
Жаңылтармын табаңды
Білмей жүрсең шырағым,
Білдірермін шамаңды
Тақымыңды жыртармын
Мардымыңды құртармын
Мен сендей жабының талайынан озған тұлпармын
Сендердей жапалақтың талайын алған сұңқармын.
Сен бір ауылда үрген көпек ит,
Мен бір қары кеуде қашаннан
Азулы арлан бөрі едім
Ашулансам әлде де, жас та болсаң шырағым,
Желкеңнен жалғыз-ақ тістеп бұлқырмын.
ЕСҚАЛИ СҰПЫҒА АЙТҚАНЫ
Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суық күнінде Каспий теңізінің терістік шығысындағы «Елпілдекті» деген аралдағы отырған бір ауылға келеді. Далада мал бағып жүрген қойшыға кездесіп, Қашаған «Шырағым, күн болса кеш болып қалды, күн суық, шаршап келеміз, кет демейтін бір ақсақалыңыздың ауылын сілтеп жіберіңіз» — деп сұрайды. Сонда жас жігіт «Анау көрініп тұрған Есқали деген сұпының ауылы, құдайдың адамы ғой, кет деп айтпас» —деп сілтеп жібереді. Келсе үйдің сыртында бір жас келіншек шаруамен айналысып жатады. Қашаған: «Біз бір жолаушы едік, күн кеш болып қалғасын қонып кетелік деп келдік» — дейді. Келіншек: «Қаңғырып жүргендерге тігіп қойған үйіміз жоқ» — деп Қашағанның омырауынан итеріп жібереді. Күні бойы жол жүріп шаршап келе жатқан қарт Қашаған қарға жығылып қалады.
Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім,
Өлеңім он төрт жастан жолдас едің
Бай, сұпы, хан-хакімнен ығыр болсаң,
Сен - өлең, мен — Қашаған болмас едім
Осы үйге қона алмасам — маған сын
Сұпыны шаға алмасаң, — саған сын — деп жіберіп,
Қардың үстіне отырып сұпының келінінің әдепсіздігіне былай дейді:
Шырағым, кет дедің бе,
Кертенің келіншегі
Кетуге ұстап қалды шалдың еріншегі
Жас жігіт, «қонам» — десе «қон» — дер едің
Ұстар еді сонда сенің, келін, көңілшегің
Мен келіп едім — ғой қонатұғын уағында
Қон десең алмайтын ба едің, балам, сауабымды.
Айтасың ақылыңның аздығынан
Ажарлы жаңа түскен уағыңда.
Шапқанда жүйрік едім суырылған
Заманың жас басыңнан мұнша неге қуырылған,
Жас жігіт, «қонам» — десе, «қон»— дер едің
Көрем дағы сақалымның буырылынан.
Барады айтқан сөзің жарға жығып
Итердің өңменімнен, келін, қарға жығып,
Біздің елде сендей жас келіндер үндемейді төмен бұғып,
Оң жақта отырушы еді ісін тігіп.
Қонаққа тұрушы еді төсек салып
Дәретке шығушы еді құман алып
Қызыл шәй қонағына құюшы еді
Алдына дастарханын жая салып
Келін-ау қарасам сенде ұят та жоқ, иба да
Шамасы ұялатын иман да жоқ.
Және әдеп те жоқ, ақыл да жоқ
Өзің жаман болғасын
Қойныңа жатқан байдан басқа жақын да жоқ.
Қонақты ренжітпей сыйла деген
Үйреткен ата-енеңнен нақыл да жоқ.
Келінжан не айтайын енді саған
Қонба деп шын айттың ба осы маған
Қонаққа жайын айтпай жасырынған
Ойлаймын сенің үйдегі атаңменен енең жаман.
Бар хабар бер сөйлессін үйден шығып ата-енең
Тасада жасырынып отырған шығар сенің жаман күйеу немең
Қазақтың мұндай атағы бар ауылында келгенімде
Жеп жүрміз қонағасыға лақ, тоқты көбің,
Шапқанда жүйрік едім тайынбаған
Менімен қала беруші еді қайымданған
Бұл сұпы берер ет пен майын маған
Жоқ болса қайдан тапсын ет пен майын маған
Қонақтан ығыр болып отырса егер
Сұпыкең өзі келіп неге айтпайды жайын маған.
Бәйге алдым талай жерде шабыспенен
Қашаннан күнім кешті жарыспенен
Құдайдан қорыққан пенде қондырар деп
Есқали, келіп едім, ғой,
Сыртыңнан сұпы деген дабыспенен.
Сұпеке, ашу қандай, ақыл қандай
Болмаса тентек қандай, мақұл қандай
Атаңнан қонақ ұлы деген жоқ па еді
(Иманнан қашық қандай, жақын қандай)
Жақсылар айтып кеткен нақыл қандай.
Қонақпен керістіріп қойғанынша
Келінді күнә ма еді шақырғандай,
Шарғының жолын ұстаған сұпы болсаң мейман жайлы
Оқымап па едің «Бақырғандай».
Дегенде құдай аузына салған сұпының баласы үйде отыр екен, сыртқа жүгіре шығып «япырмай, ақсақал сөзіңіздің түрі жаман екен, үйге кіре көріңіз. Біздің де қолымыз тимей жатыр еді, қазір шаруаның тарылып тұрған уағы ғой» — депті. Қашаған үйге кіріп отырғаннан кейін, көп ұзамай қамшысын сүйретіп үйге Есқали сұпы келіп, намазын оқып болғаннан кейін, Қашағанның домбырасымен ойнап жүрген немересінің қолынан, домбыраны жұлып алып, «Ішіңді ұрайын, кімнің ағашы ұстап отырғаның, мынау немене домбырасын арқалап шұбырып жүрген, қайдағы жын-жыбыр осы үйге үйір болып жүрген, намаз оқытпайтын құдайдың пәлесіне қалдық қой» — деп домбыраны лақтырып жібереді. Сонда Қашаған: «Япырмай, мұның өзі құдайдың жолын ұстаған сұпы болса, менің домбырамды боқтағаны несі» — деп ойлап отырады. Бұл Қызыл тілдің пайдасын қайда көрем деп, ешкім үндемегесін ұрына алмай отырады. Сөйтіп отырғанда жеті — сегіз жігіт келеді, аман-түгел алысып болғаннан кейін, «осы ауылға бір ақын-жыршы келді дегесін, адайдың Қашаған деген ақыны болар, Қашаған болса, танысалық, сәлемдеселік, бір-екі ауыл насихат сөз естілік» — дейді. Сонда Қашаған «Шырақтарым, күн ұзақ қыстың күні, далада шаршап келе жатырған үлкен қарт кісімін ғой, бірақ қазақтың қонақ кәдесі болады ғой»— деп домбырасын алып сұпыға былай дейді.
Жақсылар-ау, сендер келдіңдер ме маған жиналып
Қашаған жырау бүгін келді деп
Кеудесі оның жыр айтуға. дым ақ кенді деп
Барсақ кеңес берер енді деп
Бірақ сендерге кеңес беруге
Қашекең отырған жоқ онша сыйланып
Мен шығын кете беруге
Нәресте сәби бала емен
Ия, жасы жеткен қарт емен
Шығып жүре беруге отырмын өзім иба ғып
Мына сұпымыз мені жек көрді
Мен сұпының айтқан сөздерін тік көрдім
Мұның, көңіліне қарасам
Тек өзі сүйікті Мұхаммедтің
Үмбетіне ұқсап
Діннен мені шет көрді.
Мен ел аралап көп жүрдім
Сеңдей-сеңдей монтаны
Надан сұпыны халықта көп көрдім
Сыйлар едің қомпаңдап
Үйіңе келсе бір бай адам
Жамылған мауыт шекпенді.
Ақылы бар милы адам
Азамат ерге тек дей ме?
Қонағына келген кет дей ме?
Ал сұпы саған айтайын
Менің тәубе тағатым бар деп мақтансаң
Бар Сиса деген молланы құдай қарғаған
Оны бір шайтан келіп алдаған
Егер кінәсі көп деп боқтасаң
Нақақтан жүз кісінің қанын жүктеген
Насухананы да құдай жарылқаған.
Берейін десе біздерге
Алланың кеңшілігі жетпей ме?
Бұрынғы адам ақылды
Айтқан сөзі әбден мақұлды
Қонағы риза болынса
Құдайың риза деген сөз барды
Солардан қалған нақылды
Расул пайғамбар қонақпын деп келгенде
Түйесімен арқалап,
Құрмет еткен жоқ па еді!?
Бір атасы басқа кәпірді.
Сен келісімен Сұпеке,
Домбырамды менің боқтадың
Домбыра білсең менің жолдасым
Домбыраны боқтағаның, білсең қонақты басқа соққаның
Сұпылығың сенің қай жақта
Қарасам сен шын тентекке ұқсадың
Менің де Ораза, Намаз оқитын аузымда тілім бар
Иншалла жүрегімде мұсылманшылық дінім бар
Мен тәңір айдап келген мейманмын
Менің қонақтығым сол діні басқа
Кәпір құрлы сізге жоқ па едім.
Қолымдағы домбыра
Домбыра күнә дейтіні
Жұрт білмей айтқан дабыра
Пенде байғұс не біледі
Кімнің жақсы-жаманын
Барған күні алдына
Бір алланың өзі сынамай ма соңыра.
Қолымдағы қу ағаш
Мен емес әрдайымда,
Мені сөйлетіп жүрген бұл ағаш
Мұның асылы емен, қарағай
Шыққан жері су ағаш
Аруақты ерлердің қолындағы ту ағаш
Қарның ашып келгенде
Бұтақтары бүгіліп,
Көктен төмен үңіліп
Жүрегіңді жалғайды
Басына шыққан жемісі
Нәсіп болған бұл ағаш
Қане, сұпы, сөйлеші
Боқтағаның қай ағаш
Пайғамбарлар туғанда
Бесік болған бұл ағаш
Ибраһим Қағба салғанда
Медресе, мешіт болған бұл ағаш
Оның жоғарғы ай көтерген басында
Кіретұғын адамға есік болған бұл ағаш
Шеберлердің қолында кәсіп болған бұл ағаш
Қане, сұпы, сөйлеші
Манағы боқтағаның қай ағаш
Расулінің барында
Әзіретіғалидың жау-жаулаған шағында,
Болған екен көп ұрыс
Сол көп ұрыстың кезінде
Жебірейлі жәннәттен
Алып келген төрт қылыш
Сол төрт қылыштың атын айтайын:
Біреуінің аты — Зұлпықар,
Біреуінің аты — Зұлқаджа,
Біреуінің аты — Хам-Хам,
Біреуінің аты — Сәм-Сәм.
Қынабына солардың
Қапта болған бұл ағаш
Қазіретті Мұса пайғамбар
Теңізге жүзіп жүргенде
Пырақ болды бұл ағаш
Қараңғыда жарығы, шырақ болды бұл ағаш.
Қане, сұпы, сөйлеші
Манағы боқтағаның қай ағаш
Бұрынғы өткен заманда
Патшалар үлкен шәр салған
Патшаның өзі кетсе де
Артында салған шәр қалған
Ол шәрлерге қарап тұрсаңыз
Жер-жерде қала болған бұл ағаш
Пақырларға пайдалы, пана болған бұл ағаш
Бес намаздың, алдында аса болған бұл ағаш
Аңдып келген шайтанға таса болған бұл ағаш
Қане, сұпы, сөйлеші боқтағаның қай ағаш,
Бір аллам қабыл алынса,
Мен тастамаймын аузымнан
Сен айтып тұрған ағузы мен алқамды
Менің де үмітім бар алладан
Қоса ма деп жұмақта,
Шайырлы жүрген бұрынғы
Өткен жыршы біздей дарқанға
Жаңа алдыма келіп дәрет алғанда
Ұртына тыққан мәсуек ағаш емей арқан ба?
Басыңызда бар ма миыңыз
Үстіне тіккен үйіңіз
Шақырса бұған келмей ме
Қазіретті Ишан молла
Біздей жыршы бегіңіз
Соларға ас салып берген табағың
Ағаш емей немене
Басыңда бар ма миыңыз
Адасып айтқан сөзіңіз айта берсе Қашекең.
Бітетін шығар сыйыңыз
Атамыз Сафи Салиолла балшықтан жасап суреттен
Әбден жасап болғасын Жебірейілге бұйырды
Жасырсын деп гау ретін
Сонда атама жеті сазбен жан берді
Хауананың сол жағынан жаратып
Жүкті қылып өзіне
Міне, кейінге бұл секілді сән берді
Жан берер деп екеуін кіргізді
Аяғынан жүргізді
Әзәзілдей залымды
Қарғағанын білгізді.
Атамыз адам пайғамбар жеті сазбенен
Жерге кеп, күй шертіпті деген бар
Ол күндегі, о да саз,
Қолымдағы домбыраның дыбысы
Сол жеті саздан қалған бұ да саз
Домбыраны күнә десеңіз, жиын менен тойдікі,
Баурындағы сөйлеп тұрған
Екі ішегін күнә десеңіз,
Бейіштен келген жуас қоңыр қойдікі
Құлағын күнә десеңіз,
Қазіреті Білділдің,
Құлағы екен деседі
Тиегін күнә десеңіз,
Шиеленген сырды шешеді
Сен сұпы білмей адаспа
Домбыраның бізге күнәсі аз.
Жақсының сөзі майдадай
Жаманның сөзі найзадай,
Жақсы менен жаманның арасы
Жермен тұрған көктей бар
Сіздерге жақсы болу қайдағай
Жаманның еткен жақсыдай ықыласы,
Тек жақсының айтып қалған жайдай жоқ,
Жаманның үйіне келіп қонғаннан
Жақсы адамның даладағы артық өліп жатқан моласы
Жақсы адамның моласына түнеп кет
Бойына боран жоламас
Бұл жаманның көңілі шат болады
Қатынменен кеңесіп, нан көжесін ұрлап ішсе оңаша
Саналыға сөзім менің қашаннан тыңдалған
Бірақ санасыздықтың белгісі
Біздей жақсы жыршы келсе бұлданған
Бұл дүнияның зауқынан
Қиямет күннің қаупінен
Абайласам сен сұпы
Мен ойлап отырмын
Екеуінен де сен бе деп
жаным тіпті құр қалған.
ҚАШАҒАН МЕН ІЗБАСТЫҢ АЙТЫСЫ
Үлкен әлеуметтік мәні бар шығармаларының бірі. Қашағанның Ізбаспен айтысы менмен, өзімшіл, өсекқұмар, «от басы, ошақ қасы» ақындарды әшкерлеу, адамгершілікті насихаттау тақырыбына құрылған. Айтыс 1927 жылы болған. Қашаған сексендерден асқан, Ізбастың қырықтардағы кезі болса керек. Ізбас бір жиында Қашағанның перзентсіздігі мен кедейлігін айтып мұқатпақ болады. Өлең сөздің белгілі жүйріктері Қашаған мен Сәттіғұлға тіл тигізіп, жасы жеткен қарт ақынға сес көрсетеді. Бұл жерде Қашаған үндемей қалса «Ізбас Қашағанды жеңіпті» деген атақ алғысы келетін мақтаншақтығы да аңғартылады. Жоқты-барды өлең еткен атаққұмар Ізбасты Қашаған мірдің оғындай өткір сөздерімен түйреп, ел алдында әбден масқара етеді. Ізбас айтыста ақындық өресі жетпейтіндігінен жеңіледі. Тиіп қашып ұпай алуды ойлаған ол Қашаған сияқты жыр нөсерлерінің қарқынына қарсы шамасы келмейді. Адуынды ақын оның қанатын жаздырмай пәрменді сөздермен буып тастайды. Ақын бұл айтыста менмендік, жалғандық, жағымпаздық қошеметтерден жирендіріп, адамгершілікті, кісілікті, елдікті алға тартады.
Сірә, жақсы пайда болатынды асылдан
Дүниеде оңбайды асылды қорлап басынған.
Қазақта өткен жақсылардың тұқымы
Бәрі асылдан шашылған Мені айтыпсың, «Қалпақ»—деп,
Атамның «Қалпақ» екенін
Толы жұрттан жасырман,
Табылар бізден керегің,
Сөзіңе жауап беремін.
Білемісің, жаман құл
Қазақ пенен Қалпақтың өсіп-өнген дерегін?
Арғы атамыз Әнестен,
Бергі атамыз Алаштан
Ата жігін айтқанда,
Ешкім жоқ бізбен таласқан,
Түркмен менен Өзбек, Сарт,
Қарақалпақ, Қазақ пен
Бәрі де өнген Алаштан
Бергі атамыз Жайылхан
Біз болармыз халықтың
Шекарасын білген, айырған.
Жайылханнан туған Маңғы бір,
Маңғыдан туған Майқы бар,
Сөз тыңдасаң біздей шайырдан.
Біріне бірі жуықты
Әуелде тұнық дүние
Ақырда бір күн суытты
Майқыдан бергі Түменнен
Айыр қалпақ туыпты,
Айыр қалпақ атасы,
Дәулетбике екен анасы
Қазақ пен Созақ екеуі
Солардың міне баласы
Екеуінің туғанда
Бір жасар екен арасы
Тумаластарды алыс деп,
Ізбас құлдың, ақымақ
Санасыздығын қарашы
Туысқандарды басқалай
Бұл не деген масқара-ай!
Мұндай сөзді айтар ма
Ақылсыз сәби жас балақай?
Бұл айтқан сөзім дұрыс па,
Ия, жалған ба, бұрыс па?
Сөз тыңдаған астана-ай?
Аруағы қалпақтың
Әшкере жұртқа шын болды
Қалпақта болды Мәткерім
Ол бүкіл мұсылманға пір болды
Атанғұл иман, Құтқожа
Олар кереметті дүр болды,
Көктен нұрлар құйылған.
Намазға келіп бес уақ
Періштелер ұйылған
Шайтанның жолы тиылған.
Атанғұл ишан әулие
Дүниеден қайтқанда
Күннің көзі байланып,
Айдың көзі тұтылып,
Қараңғы үш күн-түн болды,
Құдайы сүйген құл болды
Он төрт ру Қалпаққа
Атам Мүйтен хан болды
Қараңғыда жанған шам болды
Мүйтен еді атасы, Әсем еді анасы
Мына қара кемпір шеркеш дейтұғын
Ол да сол Сүйтеннің баласы.
Түрке мен Дербіс, Қойыс би,
Бержағы Шолтыр Мақаштан
Аржағы жақын шатасқан
Біз соларға да болдық нағашы
Қасиетін білмей Мүйтенге
Біліксіз маған сүйкенбе
Туғалы әдет көрмеген
Ата-анаң ақыл бермеген
Келмейді сөзің икемге
Құлдарда да құлдар бар
Көрер көзге сындар бар
Сөзге шешен ділмәр бар
Сен емессің бірақ сүйкімді
Арам жеген аржағын
Білдірдің жұртқа шикіңді
Бергі атасы Шаумұрын
Жиырма жасқа келгесін
Басына орап сәлдесін,
Үстіне киіп меллесін
Он төрт ру қалпақтың
Жақсылары жиылып
Тізе қосып, тізгін түйісіп,
Ортадан сайлап би қойды
Ишаратын көргесін,
Аруақты би болды
Билігі елге күй болды
Және өзі бай болды,
Дүниясы сай болды,
Елінің бүтін жағасы.
Шелдегендер ішкенде
Ортаймады сабасы
Қыс өткесін жаз шығып
Арбасының түбінен
Жалбырай көктеп ағашы
Жарқыраған жаз болып,
Сабасының түбінен
Үйректер ұшып ұялап,
Қаңқылдаған қаз қонып
Қу серуендеп саз болып
Ұша алмай мамыр балапан
Балқышын шайнап мәз болып
Қара ұлы қазақ баласы,
Ақылды жұрттың данасы
Қойларын берді қоралап,
Ат, түйесін берді қамалап,
Көргенім құрмет сый болды
Сенің жәйіңді айтайын
Ата-тегің құл болды
Ана тегің күң болды
Атағын атап айтып бер
Өткендердің ішінде
Жақсылардан кім болды?
Сен солардың қалған ақтығы
Қуып жүргенің шайтан жын болды.
Рулар өткен кешегі
Ер сарқыны Өсербай,
Елге басшы көсемім
Қапылыста сөз тапты,
Қараңғыда жол тапты.
Сөзге жүйрік шешенім.
Қарны ашқанға ас беріп,
Сақилықты бәс көріп,
Арыдым, талдым дегеннің
Қайтармады меселін
Алланың берген бағына
Статья шарғының
Оқымай білді есебін
Тәуекел етіп жол жүрсе,
Қыдыр Ильяс болды нөкері.
Атасынан аруақтың
Сонда білді жетерін
Жақсыға құлақ асылып
Арамдықтан қашынып,
Ғаділге зейін ашылып.
Үстіне келген қонаққа
Қалалдан тағам таттырып
Жолда жомарт отырып,
Қарны ашып талғанды
Қайырыммен шақырып,
Бұлардай болған жақсыны
Айтпай болмас жасырып
Келімберді Құдайке
Бәрі де келді қосына
Жайған күні құлашын
Билік пенен басшылық
Атамның мирас мұрасы
Аузына пара салмады
Елден сөгіс алмады
Кем-кетігін қамдады,
Жоғын барға жалғады
Ғаділеттікке келгенде
Таразының бір басын
Басқандай болды салмағы
Құлағы естіген Байұлына
Атанды жақсы түс кісі
Қашқындарды да ұстады,
Ол ерліктің күштісі
Сол заманның тұсында
Алты медаль, наград
Патшадан ұлы шен алған
Табында Шолақ, Адайда
Тілеген мен Өсербай
Еді ғой тек үш кісі
Жылағанды жұбатты
Қорыққанды қуантты
Қорған болды қашқанға
Ақыл берді сасқанға
Мақтасам, толар батпанға
Паналай келсе пақырлар,
Ебін тауып баққанға
Соңы болғай қайырлы
Бақидан тілеп тілекті
Пәниде қосын жапқанда
Періште жазғай иншалла
Ғаршы ағылам Оспанға
Осы сөздің тәмәмін
Айталық Ізбас жаманын,
Ізбас деген қу маңдай
Мені айтыпты қалпақ деп,
Татардан өзі туғандай
Татар қандай құл қандай?
Өтірік қандай шын қандай?
Періште қандай жын қандай?
Кешегі анау Базарда,
Алмағамбет өтті қайратты
Дұшпанына айбатты
Қымбат алып құшақтап,
Ақ орданың ішінде
Ару сүйіп жай жатты.
Асыл туған ерлер бар,
Жақсы болса ата-анасы,
Мүсіннен шыққан бұтақ бар
Жақсы болса ағашы
Алмағамбет балдары.
Көрер көзге сындарлы
Жаудан қорқып жатпаған,
Ажалдан жанын тартпаған
Сұрастырсаң соларға.
Тәңірберген екен нағашы.
Қатты айтпайын десем ойлаймын,
Солардың дағы. сынғандай
Жарыда бір жөні түзу жігіт жоқ па екен?
Ізбасқа қой деп айтатын
Бар деп еді бір жақын
Қошқар деген молдасы,
Жақсы болса молдасы,
Ғаділеттіктің болар молдасы
Жаман болса молдасы,
Аузы менен кеудесі
Шайтанның боқтың салған дорбасы,
Жолдас болдым талай жатпенен
Хиуада Өзбек, Сартпенен
Оларға да болдым сенімді
Қалдырған жоқ еді көңілді
Берген жоқ еді жәбірді
Атағым кетті Қырымға-ай,
Даттың ұлы Сырымдай
Ұрынбас маған ұрынды-ай
Бермеді тіпті тынымды-ай
Ізбас құлда пікір жоқ,
Тілінде тәубе шүкір жоқ
Түсі игіден түңілме,
Құдайдан тіпті кемі жоқ
Жұртта қалған жұрындай
Өрттен шыққан құрымдай,
Күңдердің сірке бұрымдай
Ал, жарының баласы,
Қайтесіңдер мұныңдай-ай
Менің тілімді алсаңдар
Етер ме еді баяғы,
Бектемістің құлындай
Бектемістің құлдары
Ұрынбасқа ұрынды-ай
Ұрынғанын айтайын
Шетке шыққан әйелге
Бермеді сірә, тынымды-ай
Бір күндері болғанда
Несібек би бас болып,
Жиналып кеңес құрылды-ай
Мұнан көмек болмас деп,
Бұлардан тұқым оңбас деп,
Қырып тастап, жоқ қылды
Соның арты болды тынымды-aй
Ізбас құлға дауа жоқ
Ақылдан шұнақ науай жоқ
Бір інісі бар екен,
Ізбастың сөзін айтатын
Мұнда да түйір сауай жоқ.
Ізбас құлдың беті жоқ
Үлкенді сыйлар ниеті жоқ
Сірә, пайда болмайды тасқаннан
Әлін білмей асқаннан
Әулиені аттап аяғына басқаннан
Артыңнан қуып, қалмаса
Қайырылған жақсы қашқаннан
Бұрын да мұндай жауыз сөз
Шыққан екен өр жерде
Надан болған жастардан,
Милары орта бастардан.
— Бұл дүниеде не жетім?
— Кім қажетсіз болса сол жетім.
Хакімі әділ болмаса,
Бұқара байтақ ел жетім.
Қаптап елі қонбаса,
Жайылған малы болмаса,
Көк орай шыққан балқашы,
Жеусіз тұрып сорласа,
Ел қонбаған жер жетім.
Ішсең суы құрсағына жақпаса,
Адам менен мал түгел.
Қанғырған қарсақ татпаса,
Ащы дария көл жетім.
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Қайғысы келіп күңіренген,
Күнінде асыл десең де,
Қартайған күнде ер жетім.
Басшысыз қалған шаһар жетім.
Қартайса бәсі қайтады,
Қоспақтың жүгін тарта алмас,
Асыл туған нар жетім.
Қырға шықсам белім деп,
Ойға түссе тізем деп,
Келін менен балаға
Қонақ болған уақытта,
Басынан билік кеткен соң,
Кемпір менен шал жетім.
Сатып алған құл жетім.
Құлдықта қалған ел жетім.
Азамат ерлер қайғы етер,
От басында жыласа,
Жас төгіп сәби бір жетім.
Ақырында тәрк етуге жарамас
Ерлердің еткен құрметін.
ОРАЗАЛЫҒА
Оразалы байым бар,
Тозған тоқпақ бастанған,
Қазанқабын жастанған.
Шарыққа бауды тағуын,
Қой шетіне төсеніп,
Түйенің шоқпыт жабуын.
Қойды қорғап қасқырдан,
Қолына таяқ алуын.
Қырық күн шілде ішінде,
Қара ұннан көже ашытып,
Балқара деп қануын.
Қарашы, біздің шіркін бай,
Шаруаның құлқын табуын.
Құдықтың аузын күзетіп,
Бет терісін түлетіп,
Төбесінен күн өтіп,
Шыбын жанын пида етіп,
Шаруаға жанды жүдетіп,
Жүргенде кетпесе игі еді
Біздің аршыланған тіл өтіп.
АТАМЕКЕН
Жырдың негізгі желісі тарихи оқиғаға негізделген. Шығарма, негізінен, XVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Жоңғар басқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттеуге арналған. «Атамекен» — сол сұрапыл жылдардағы халық тұрмысын еске түсіреді. Жырдағы қазақтардың басқыншылыққа ұшырап, батысқа көшуіне Адайлардың Маңғыстауға бет алуына, халықты сондай лажсыздыққа итермелеген жоңғар басқыншылығының лаңы екендігін көрсетеді. Ақын туған ел тәуелсіздігін қорғауға; елін сүйе білуге үндейді.
Әлеумет, барда арыным,
Айтқанын өткен көрінің,
Барынша айтып берелік,
Жеткізе алсақ сарынын.
Көзім көрген адамда,
Абыл, Нұрым, Ақтаным
Осылар еді тақтағым,
Осылай деп маған үйреткен,
Тарихтың ескі ақпарын.
Қазақ бір деген ел едік,
Қайырлы халық атанған.
Өсіп өнген қатардан:
Үйсін, Арғын, Алшын деп,
Үш жүз болып тараған
Әзіреттің кең ойы,
Алты судың өн бойы,
Атамыз қонған жер екен.
Көршілес елдер жау болып,
Ойлағаны дау болып,
Кетіпті.бір кез берекем.
Алғыр судың бойында,
Алшын деген аз ауыл,
Қытайменен жау болып,
Көшіпті салып қарауыл,
Аттың мініп жарауын,
Көтеріп көшкен іргені,
Жиынды ноқта, сіргені.
Қарттар мен ерлер жиылып,
Ортаға салған білгенің.
Айтулы ерлер бар екен,
Жүйріктері баптаулы,
Найзалары саптаулы,
Сауыттары сақтаулы,
Қозы жаурын көк жендет,
Қорамсақпен қаптаулы.
Ерлердің сойы бар екен
Бірінен бірі мақтаулы
Жауларын жасқай ұрысып,
Біртіндеп төмен жыйысып,
Үдере қазақ көшкенде,
Үйсін, Дулат Ұлы жүз,
Мұнарланған тау бойы,
Қаптата малын салған жер.
Арғын, Қыпшақ, Жаппастар,
Орта жерде Сыр бойы,
Өзінің қалап қалған жер,
Саланың бойы салқын деп,
Күнелтсін ұрпақ, халқым деп,
Арқаның кең даласын,
Жайлады қазақ баласы,
Сырдан төмен кең қоныс —
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Елек, Қобда саласын,
Мекенденіп кетіпті,
Кіші жүздің баласы.
Темірдің басы құба бел,
Сол жақта қалды бөлініп.
Әлім аға бөлек ел.
Еділдің басы — Мыңтөбе,
Жайықтың басы — Орал тау,
Еліктің басы — Есембет,
Қобданың басы — Шоңмұрын,
Жемнің басы — Мұңалжар,
Қонысқа солай тараған.
Елдің көбі қалды бер жақта,
Азы өтті ар жақта,
Нарынның анау бойына,
Ішкі Ордаға — хан жаққа.
Бұл қонысқа келгелі,
Билердің жиып құралын,
Әбілқайыр, Нұралы
Бөкей мен Жәңгір хан болған.
Халықтың басы даң болған.
Бер жағында кешегі,
Баймағамбет, Әлен мен,
Төресінген Төлендер
Біріне бірі жармасты,
Айдаһардай алжасты,
Арандай ашып аузын,
Бірін-бірі жалмасты.
Біріккен бидің кеңесі,
Ақсақал, биі, төресі,
Халықты алдап қамдамай,
Көріңді жұртқа албасты.
Адай деген ел едік,
Абайсыз өскен алшаңым,
Тәксіз өскен тарпаңым.
Ерлерім өрдей қасарып,
Жаратып сұлу ал мінген,
Ебейдей төсі салынған.
Егеудей тісі жанылған.
Шеңбердей белі бүгілген,
Еңіреудей көзі үңілген.
Қоғадай жалын төгілтіп,
Шортандай баурын жаратып,
Жорық пен тойда жасанып.
Әзіреттің ойынан
Қаншама айлар көшкенмен,
«Қашқын ел олжа» дескенмен,
Талауға тағы көне алмай,
Мал, жанын қиып бере алмай,
Атырау жайлап, Жем көшіп
Атан, нарын теңдесіп,
Арғымағын жемдесіп,
Үстіртке қарай беттеген,
Маңғыстауға жетпеген.
О күндерде біздің ел,
Бір жерді мекен етпеген.
Жатса да тұрса малының,
Қонысы естен кетпеген.
Маңғыстауды жайлаған,
Жұрт орнына қарасаң,
Талай ел болған жер екен.
Хорезмнің бектері,
— Шашырап бізге, шеткері,
Қазақ деген қашқын келді — деп,
Тілекті алла берді — деп,
Ауылды тонап, малды алып,
Күң мен құл ғып жанды алып,
Тұтқынды қорлап кесектеп,
Қазақтың көрсе жабысын,
Қуалады есек деп.
Бұл хабарды есітіп,
Біздің ерлер күйінді,
Жата алмады үйінде
Сауыттарын киінді,
Ат шаптырып жазылды,
Ақпан деген айтулы,
Қарт батырдың үйінде,
Ететін болды түйінді.
Жиналыстың ішінде
Ерлер де бар қайратты,
Қытайға шапқан кешегі,
Аждаһадай айбатты,
Жауын талай жайратқан,
Садақтың отан қайратқан.
Сонда Ақпан батыр айтыпты:
— Осы топтың ішінде,
Дабылы күшті ерлер бар,
Қайраты асқан шерлер бар,
Миманасы тасқан дұшпанды,
Жер тістеткен жерлер бар.
Хорезмнің бектері,
Босқын ел деп шеткері,
Әйелімді күң қылып
Жас баламды жылатты,
Қылышын бізге сынапты.
Бұған қайтып шыдайын;
Жолымды қылғай лайым!
Ақпан деген қарт батыр,
Ер басына қос атты,
Жетелетіп жүргізілді.
Жауға мінер бас атты.
Қабырғадан саз болса.
Жапалақ жауған қар болса,
Айшылық жолға айдаса,
Бұйдасын іркіп мойымас,
Азықтарын айшылық,
Өңкей нарға қоса артты.
Жетектегі аттар жарады,
Желкесінен қарады,
Киіктен қашқан құланды,
Соғып алып барады.
Бес .жүз әскер .ауыр қол,
Бастығы Ақпан батыр сол,
Көпті көрген көнеге,
Қараңғы тұман түңде де,
Сапар шегіп жол жүрсе,
Табылады екен сара жол
Бірнеше күңдер өтеді,
Қара түйе, Манаты
Деген жерге жетеді.
Маңғыстау да со күнде,
Қалың нулық жер екен.
Бозарыстың түбінде,
Қарашағыр, Шадас құдық.
Ордың бойы ел екен.
Ерлер ]барлау салады,
Жарықта байқап алады
Қалың елді еңселеп,
Таң алдында барады.
Желпіндіріп ту байлап,
Ерлерім тұрды ат сайлап,
Бозалаң таң болғанда,
Шақырды ұран айқайлап.
Құлақты Сүрен салады,
Ат дүбірі жарады.
Мұңдық болған көп тұтқын,
Елінің көріп ерлерін,
Қуанып естен танады.
Бадырауық бектердің,
Салтанатын тәрк қып,
Олжаға елді қарқ қып,
Шалқұйрығын дүбірлетіп,
Ерлерім айдап барады.
Бір күн, бір түн өтеді,
Сәске мезгіл болғанда,
Анық түске толғанда,
Екі-үш жерден ту байлап,
Жекпе-жек деп айқайлап,
Мың жарым кісі ауыр қол
Артынан қуып жетеді.
Екі жақ та айқасып,
Ұрыстың болды ұлысы.
Қатар-қатар тұрысып,
Саржаның тартты кірісін.
Бөріктер ұшып торсылдап,
Біреулер қалды қорсылдап,
Қай жақтан да ер өлді,
Аз өлмеді, көп өлді.
Күннің көзі тұлданып,
Батысы мен шығысы,
Басылып ұрыс көнерді
Шоқысында Қарақұс
Шығанақ теңіз тұсында,
Жағалай жатқан көп оба
Солардан қалған жер еді.
Жылдардан жылдар өткенде,
Маңғыстаудай қонысқа,
Адайды алып келеді,
Сұрасаңыз, бозбала,
Бұл ақиқат сөз ғана.
Шежіренің сүрлеуін,
Кәріден естіп білгенін,
Осылайша әр жерде.
Қашаған айтып береді.
ТОЙ БАСТАР
Қашаған ақынға бір ағайыны тойды бастап беруді өтінеді. Сонда ақынның айтқаны:
Әлеумет басың құралып
Мәжіліс құрдың бұл анық
Көргесін топты тұралман
Тұсыңа келген ақынмын
Қиялдан жауап шығарған
Пайғамбардың сүндеті
Той қылмақ міндет сірәдан
Асып жүрген аулымсың
Атамыз қазақ ұраннан
Кей құда, қарттар жігіттер.
Қыз келіншек жиналып
Той бастауға келістің
Баршаңыз бізге ұйғарып.
Жүйріктер келді ұрынып
Алқалы базар құрылып
Айтпай кетпен бұл топта
Мен бұл жиналған көптен қорынып
Қатарда тұрған шандоздар
Бүгін дидарыңа қанып тұрмын молығып
Алабым толып ағармын
Емеспін таңқы құрылық
Мырзалық қылсаң жарасар
Осы топқа көрініп
Сақилық қылмақ уәжікте
Әуелден бізге бұйрық.
Айдынға қонған аққудай,
Көзіме тұрсын көрініп
Жұмақта зәмзәм теректе
Құдіретпен жасалған
Онан да артық асалман.
Бақ дәулетің баянды
Белгілі болған қашаннан
Әрі-бері артынбай
Мен бүгін көкіректі баса алман
Алты атаңнан арылмай
Келе жатқан діл сәрім
Толықтырып мақтайды,
Тұсыңда келген ділмәрің.
Әдемілеп үй тіктің
Салтанатыңды асырып
Алашқа даңқың шашылып
Мереке жасап той қылдың
Астана жұртты шақырып
Самаурын, шәйнек қайнатып
Ғазиздерге шапағат
Салауат қайыр айтынып
Бұл дүнияның құлқына
Қос арғымақ байлатып
Қайынға жасау жасаттың
Ақ кіредей тайлатып
Айтып тұрмын тұсыңда
Бұлбұлдай тілім сайратып
Қатарда-қатар қара нар
Тайлаулы жүкті арттырып
Асылдан үстін жаптырып
Ел сүйсінтіп той қылдың
Аламан жүйрік шаптырып
Тойыңды базар ду ғылып
Тұсына келдім екпіндеп
Еділден ұшқан аққудай
Басылмай жүрген базарың
Алтынменен булаған
Ақ күмістей ажарың
Тілің майда бұлбұлдай
Көзің жанған күлгіндей,
Демің салқын самалдай
Шайы менен самардай
Жанып тұрған панардай
Жазық маңдай түйме қас
Қызыл ерін ақ қабақ
Алма мойын бал тамақ
Саған сүндет болғанда
Маған міндет болғандай
Көпшіліктің алдында
Толықтырып мақтамақ
Алып жүрген жүйрікпін
Мырзалық қылсаң жарасар
Осы көптен жасқанбай
Ағытылып тұрмын алдыңда
Дарияның көзін ашқандай
Оздым деп жүрмін бұл күнде
Қатарда жүрген тобымнан
Атамыз алаш ұраннан
Талай жүйрік шабылған
Сен бір көміл мен шешен
Базар етсек табылған
Асылың артық баласың
Маржан менен Лағылдан
Қымбат кидің асылдан
Жарылғағай жасаған,
Алла қосқан жарыңнан
Бұл дүнияның мысалы.
Алыс емес жақында
Бұлдырап тұрған сағымнан
Әзіл айтқан құрбыңды
Талайлар ойлап сағынған.
Анаң мен атаң асырап
Нұрдың суы шашырап
Қарасам салып назарым
Көзің жанған шамшырақ,
Дарау деген ағашта
Әнжімапты жапырақ
Жапырағың жасынай,
Қалыңға біткен бәйтерек,
Бұтақсың шыққан шашырап
Торға түскен сұңқардай,
Отырсың бүгін байланып
Мен шарықтап жүрген қыран бүркітпін
Келелі сөзбен халқымды
Жүрмін күнде асырап
Сен мамығын төккен бала қаз
Бүгінде ұшсаң қонарсың,
Айдын көлге асығып,
Айтамын жауап қалдырмай
Мендей қылып кім айтар
Көңіліңді қылып жай
Арқада Әлім, Жетіру
Соның баршасын тұрмын
Саған тайқылып
Кіші жүздің аймағы-ай
Бүгін жиналған халық қайдағы-ай
Осындай құрал болғанда
Ортада тұрып сөйлеген
Бұда жігіттің алған байрағы-ай
БАЙЛАРҒА
Қашаған ақын 1921 жылы қарапайым, езілген халық теңдік алғаннан кейін кедей мен байлардың арасындағы теңсіздікті айтып, құлық пен сұмдықты өмірдің мәні санаған саудагер, молда сопыларды сынайды, байлардың надандығын беттеріне басып, олардың дәурені өткендігін, енді бұқараның күні туғандығын өктем хабарлайды.
Байлардың көрдім талайын.
Байларға арнап азғантай
Сөз бәйітін құрайын
Бұл байлардың мысалы
Жауын жауып көл толса
Көлге ойнайды құрбақа
Көл суалып ортайса
Бір шұңқырға жиналып
Шоғырланып қуанады,
Аспаннан жауын бір тамса.
Артында жинақ қоры жоқ
Ұшырайды аштыққа
Қолдарынан мал тайса
Тоңқаңдап намаз. оқиды
Жасы жетіп қартайса
Кейбір байды қарасаң
Қорасында мал толы
Үйінде ішер тағам жоқ
Тағам жоқтан жаман жоқ
Көре тұрып ішпеген
Рахатсыз біткен мал
Ұйқыда көрген түс деген
Кейбір байды қарасаң
Сақтайды тағам тұздамай
Мал соймайды мұздамай
Жарымайды тағамға
Қашан малы қоздамай
Кейбір байдан ардақты
Қораға үрген ит артық
Тоймай жатқан байлардан
Тышқанға тойған .түлкі артық
Кейбір байлар манаурап
Өтірік науқас тұмаурап,
Жарлы көрсе мысқылдап
Кекесін сөзбен ысқылап
Аузы қисық болса да
Бай баласы сөйлесін
Орынсыз сүйтіп күш қылат
Байлардың басы құралса
Ат пен айғыр, атан, нар
Құс, жүйрігін мақтасын,
Әзілдесіп, боқтасып
Қарқылдасып күлісіп
Алдарыңда білемісіңдер,
Күтіп тұрған не барын,
Байға жарлы теңеліп
Тартарсың малдың кересін
Бесікте жүрген малшының
Қызығын сонда көрерсің.
Баймын дейсіңдер шалқайып
Айдаған малға марқайып
Абырой, әдеп, білім жоқ
Ойласаңдар бұл да айып
Кейбір байды қарасаң
Әйел алады қосынан
Үй тігеді басынан
Бір көргенде әуелі
Мырза екен дейсің тосынан
Лепірме сөзбен мақтанып
Әңгіме айтады жосыған
Ақырында кетесің
Енді қайтып тап қылмағай дағы дей осыған
Ондай байға барғанша
Жарлының өргені жақсы қосынан
ҚАШАҒАННЫҢ ҚАРАБАЛАҒА ШЫҒАРҒАН ҚАРҒЫСЫ
Шыныменен ниет етіп
Алғысты қойып шырағым
Менен қарғыс сұрасаң
Жай қолыңды жиенім
Мағұрібпен мәшұріптен
Біреуді теліп біреуге
Жақын еткен құдірет
Жұрият, Жекжат сүйегім.
Аулыңа келсем өзім деп
Ала мылжың сөзің кеп
Ашуланбақ жоқ болсын
Әзілмен саған тиемін
Көңілді қайта көтеріп
Ат үстіне мінемін
Екі үш күнде ауылыңа
Келіп, кетіп жүремін
Ал менің атым Қашаған
Сөз тудырын таңдайдан
Ортадан ойып орын алып
Адалдан артық жасалған
Мәжіліс құрып алқада,
Талай топта толғадық
Домбыраны қолға алып
Тыңдады жақсы бас адам
Жыр арнасын ағытсам
Аумаймын тура бағыттан
Әртүрлі асыл сөзім бар
Алғыс алған халықтан
Қарабала жиенім
Тілесең қарғыс біздерден
Аямайыншы қарғыс сіздерден
Көңілді көкке көтерме
Көрсетпесін көзіңе малыңды,
Жеткізбесін көзіңе жаныңды
Маңдайыңа тап қылсын
Жанды құртқан залымды
Кәрленіп түйсе қабағың
Құдайдың күші жетеді
Шынымен салса назарын
Әлсіреп есің кетеді
Қараса. тура өзіңе
Қаһары келсе тезіне
Ойлаған ісін қылады
Өзіне дұрыс есебі
Ал менің аузым ашылсын,
Аузымнан шыққан бұл сөзім
Ел шетіне шашылсын
Қиялымнан сөз. келсін
Ойлағанда ойыма
Кешікпесін, тез келсін
Күні-түні қамалып
Аулыңа мылтық атылсын
Ал, Қарабала, жиенім,
Жайып сұра қолыңды,
Қарғысым ауып кетпесін.
Жақын-жуық ағайын
Бір жақсылық етпесін
Нағашың тура тигесін
Қадар саған инесін
Абыройың судай шашылсын
Жоғары болса көңілің
Су сепкендей басылсын
Жұмылған күні көзіңе
Маңдайын тура аудармай
Әзірейіл жан алғыш
Тура келсін өзіңе
Екі қолға түкіріп
Күрзілерін көтеріп
Әзірленсін алдыңнан
Қабырғаңнан қаусырып
Жаталмай көрде бақырып
Құтылатын қашып жерің жоқ;
Қабырға халқын салғасын
Ондағы күнің ол болса
Мұндағы күнің бұл болсын
Ала дорба түсіп мойныңа
Орыстың айда арбасын
Баяғы жылы қояннан
Алдына салып айдаған
Төрт түлік түгел малыңнан
Тігерге тұяқ қалмасын
Есің кетіп елбеңдеп
Жарлық кіріп қойныңа
Қос дорба түсіп мойныңа
Қатын балаң зарлансын
Жалғыз қалып жапанда
Шырқырағанда дауысың
Айқайыңды естіп алыстан
Қасыңа бір жай бармасын
Менен қарғыс сұрасаң
Баяғы қыстың бұлтынан
Құлақ қалмай бір түйір
Құр алақан қалыңыз
Тілеуші болып қаңғырып
Азып-тозып әр жерде
Дорбасын алып қолына
Қайыр сұрасын барлық жаныңыз
Дым қалдырмай барлығын
Үй құрымыңды апарып
Ортасына базардың
Арқалап жаяу салыңыз
Тілеп алған затыңды
Халық білмей атыңды
Іше алмай тапқан асыңды
Өзегің оттай қайнасын
Ықтияр бермей басыңа
Жан жоламай қасыңа
Терезеден телміріп
Екі көзің жайнасын
Еткен ісің ем болмай,
Қызметің кері кетіп
Екі құлағың тас бітіп
Түбінен тілің байлансын
НҰРЫМ МЕН ҚАШАҒАН
Жас ақын Қашаған атышулы Нұрым жыраудан бата алмақ боп үш рет барса да, кездесе алмайды. Оны естіп Нұрым риза болып:
— Жасы үлкендігімді бұлдамайын, — деп Қашаған аулына өзі келсе, Қашаған ауылда болмай шығады. Ақыры олар бір тойда кездеседі. Нұрым Қашағанның ақындық дарынын байқау үшін:
— О, інім, жас күнімде естіген біраз нәрселерім бар еді, есейгесін естен шыға бастапты. Соны сенен сұрайын, — дейді.
— Нұреке, бөтен ауылда отырмыз, адайдың екі ақыны айтысып жатыр демей ме? — дейді Қашаған.
— Жұрт не айтпайды, ат жүйрігі мен адам жүйрігі жүлделі жерде шаба береді.
— Сұраңыз онда, Нұреке.
— Аяқ алысыңды көрейін, домбыраңды шалып қара, — дейді Нұрым.
— Жасы үлкен, жалы биік ағасыз, сіз бастаңыз батаңызды алайын, — дейді Қашаған.
НҰРЫМ:
Саламатпысың, шырағым,
Алдыңа келді қарт ағаң.
Мүйіз шықса басыңа,
Сен талай түстің алқаға.
Тілің шешен, ернің еп,
Айтқыш деп жүр ғой сені көп.
Білмегенді білгеннен
Сұрағанның несі шет?!
Мәжіліске басы бірігіп,
Көп жиналған екен аламан.
Естуім бұрын көп еді,
Көргенім бірақ жоқ еді,
Бір-екі сөз сұрайын,
Ақылға кемел данадан.
Бала, білсең хабар бер,
Үдірегелі Хауа — анадан
Қанша заман өтті арада?
Дүниенің басы неден жаралған
Жер мен аспан бұ не зат,
Мақұлық қалай тараған?
Адам, Лаухы, Ғалам — баршасы
Бұлар неден жаралған?
Өлгенге мансұқ, неше аят,
Анау отыз парадан?
Маңсуалмас, Есеттей
Көл едің айдын жаппалы,
Сен қазақтың тақтағы.
Талайға айтып жібердім,
Құр адасып қайтарды
Дым білмейтін ақмағы.
Білгіш болсаң, Қашаған,
Осыны ойлап тап-тағы?
ҚАШАҒАН:
Көрген жоқ едім бұрын да,
Білмейтін едім сырыңды.
Құдай қайдан тап қылды
Сүйіндіктегі Нұрымды.
Батаңды берсең жылдам бер,
Басқа бір жаққа бұрылмай.
Құс қарайтын еді қырымға,
Ит қарайтын еді жырымға,
Айтқыш деп еді бұл аға
Алады екен ғой бүгін тынымды
Иманнан жарық болмайды,
Таспихқа, айтып санаған.
Жұмаққа барад дейді тергеусіз,
Алласы анық қалаған.
Дүниенің басы; әуелі
Меруерт тастан жаралған.
Меруерт тас еріп су болған,
Судан түтін-бу болған,
Аспан, жер содан жаралған.
Адам, лаухы, ғалам, абзал баршасы
Сол заттан дейді жаралған!
Он сегіз мың ғалам болғанда
Үш бөлім болып тараған.
Алтауы болар жәмәдәт,
Алтауы болар нәбәдәт,
Алтауы болар хайуанат
Үш алтыны қоса ғой,
Он сегіз мың жан болад,
Білмеген адам таң болад.
Шариғат жолы бойынша,
Өлгенге намаз, ысқат шарт.
Нұреке, енді тілің тарт,
Көп ішінде көлденең
Туысына ұрынған
Дүниеде жаман зат.
НҰРЫМ:
Шамданба, шайыр, данамыз,
Білмеген соң бұ сөзді
Сұрамай неғып қаламыз? .
Сен бір — қойма, дүкенсің,
Ұрулы тұрған құлыбың,
Ашармен келіп ашпасақ,
Ішіндегі тауардан,
Бүгін қалай аламыз?
Алдыңда сенің сөз айтқан
Жасы үлкен ағаңыз.
Дұшпаның емес, Қашаған,
Аяғыңнан алатын,
Қапталдан ауыз салатын. .
Қашаған, саған бір сұрақ,
Екеу жансыз, екі адам,
Бейішке кім ед баратын?
Дүлдүлді мініп парлатқан,
Кәпірдің шәрін қандатқан,
Шәһимәрден Ғалиге
Жәбірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Неше қылыш келген екен жәннәттан?
Ніл дарияның көпірі
Болған екен не заттан?
Көлде жүрген күмпілдек,
Судан даусы шыққан әупілдек,
Бұл болған екен қай жақтан?
Суда жүрген ит балық,
Неден азған екен бұ халық?
ҚАШАҒАН:
Әлеумет келсе жиылып,
Айтқан сайын сөздерім
Келе берер құйылып.
Отырмаймын сарғайып,
Кісіден көмек сұраман
Тілемсектей қол жайып
Менің айтқан сөзімді.
Нұреке, көрме сен айып.
Нұреке, сенің «қаңқуың»
Қапталымнан жабысқан
Жақтырмаймын шаншуым.
Ұраным Қосай болғасын
Бүйірімнің тартуын.
Бүйірім, әттең, бұрып тұр,
Амалы түскір құрып тұр,
Басқа біреу болғанда
Маған қиын емес ед
Табаныммен тарпуым,
Аузыммен қарпуым.
Өзім әзер жүргенде,
Қай-қайдағы пәлелерді артуын.
Білсеңіз, қылма келемеж,
Келемежің жөн емес.
Сол дүниені жаратып жатқанда
Қасында тұрған мен емес.
Бірінші айтқан жұмбағың —
Әзіреті Мұса пайғамбар.
Аршы оғланы кезгенде
Екі арамы дегенің:
Еріп барған қасыңа,
Қытымыр деген қызыл ит,
Жеті қазынаның бір еді.
Екіншісін айтайын —
Астына мінген есегі,
Дүниенің бәрін сұрайсың,
Бар деп пе ең менде есебі?!
Екі жансыз дегенің —
Біреуі Айсаның аса таяғы,
Біреуі Идірістің киген кебісі.
Естуіміз шын болса,
Сол төртеуі, Нұреке,
Тергеусіз барады дейді бейішке
Дүлдүлді мініп парлатқан,
Кәпірдің шәрін қандатқан,
Шахимардан Ғалиге
Жәбірейіл келгенде,
Келіп хабар бергенде,
Хамсас пенен Самсадай,
Зұлпықар мен Зұлқажжа —
Жәннәттен келген мәр қылыш.
Ұрыс сайын әр жерге
Заманда өткен баяғы
Барған екен төрт қылыш,
Болмаса да аяғы.
Ферғауын мен Мұсаның,
Көп соғысы болғанда,
Ніл дарияға ұрғанда
Көпір болған деседі
Мұсаның аса таяғы.
Көлде жүрген күмпілдек,
Суда жүрген әупілдек,
Қарсы болған бұйрыққа,
Перғауынның дейді өзі.
Асасын тартып алғанда,
Перғауынның әскері,
Суға болды бұ қарық.
Мұса қолын сілтепті,
Кетсін деп көрмей ол жарық.
Суда жүрген ит балық —
Перғауынның әскері,
Қарғаған соң құдайым,
Осылай азған дейді бұл халық.
НҰРЫМ:
Шабысың енді түзелді,
Жаңа ғана бой жазып
Естігішің көп екен
Өлең менен жырға азық.
Пайғамбардың кезінде
Қанша қауым өтіпті
Өз пиғылынан өзі азып?
ҚАШАҒАН:
Сұрасаң жауап берейін,
Ғазіреті Нұх пайғамбар,
- Тағат еттің, — деп жылаған.
Айтқанына көнбеген,
Қауымында бір адам.
- Бұл шәһәрдің жүзіне,
Алла, пәле жібер, — деп,
Шынымен сонда сұраған.
Сұраған тілек бойынша,
Жердің бетін қаптап ғаламат,
Қырық аршын терең су алып,
Нұхтың қауымын су жұтты.
Әзәзіл шайтан азғырып,
Тура жолдан жазғырып,
Лұд пен Аухат қауымын
Деп айтады жер жұтты.
Нұреке, мысал айтайын:
Сахарада көшіп жүргенде
Нар аунаса шаңдаққа,
Аяғы тиіп бақыртар
Бота менен тайлаққа
Қапталдағы көп жаман
Сені мен маған ұрынса,
Түсіп кете жаздайды
Түбі жоқ терең айлаққа.
Қанатты тұлпар сен едің
Қосылып жүрген байрақка.
Дүбірлі дүлдүл шайырсың —
Кіші жүз бенен орта жүз —
Атағың кеткен аймаққа.
Батаңды берсең жылдам бер,
Ұзаққа созып жайлатпа.
Білмейді екен осы жұрт
Кімнің де жақсы, жаманын,
Кімнің де жүйрік, шабанын
Оқулы менен наданнан,
Жаңа қызып келеді
Парлап жүйрік табаным,
Насихаты түзік-ті
Жасы үлкен ағаның,
Тағы бір мысал айтайын:
Құс үлкені қара құс,
Көлемі дардай, күші жоқ.
Күші жоқтығының себебі —
Бармағының ұшы жоқ
Бүркіт те жүрер қаутаңдап,
Бүркіттің жейтін жемдерін
Қырғи кұс қағып кететін
Екі көзі жаутаңдап.
Шағала менен шақшақай,
Айтайын бәрін тастамай,
Шабағы менен шаянын
Бергісі келмес басқаға-ай.
Байғыз деген құс болар
Құдіретімен алланың
Бір торғай күнде тұс болар.
Жапалақ деген құс болар
Төбеде тұрып таранған,
Өзінен басқа неме жоқ.
Жан-жағына қаранған.
Қара қарға қалбағай
Алатын жемін ала алмай
Ұшады да қонады,
Қапталдағы көп жаман
Сені мен маған келгенде
Кем болып қалар салмағы-ай.
Шымшық деген зәредей
Тұла бойы менмен күш болар
Қыранға келіп тап болса,
Жемсауына барып мыш болар.
Біреуге біреу ұрынса,
Толып жатқан іс болар.
Сынамақ болған сұрқылдар
Сені мен менен озғанша
Жыл айналып, қыс болар.
Сөйтіп, жұмбақтарының Қашаған бәрін де шешеді. Айтыс соңында Нұрым Қашағанға риза болып:
— О, шырағым, жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікті шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен тұрғанда ағаң дем алғандай екен, — деп батасын берген екен дейді.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру