TELEGEI

Home

Түрлі әңгімелер

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Түрлі әңгімелер

Мәшһүр Жүсіп Көпеев ел тарихын көп білетін шежіреші ретінде танымал. Шығармаларында әлеуметтік, адамгершілік мәселесін ашып көрсеткен. Адам бойындағы теріс қылықтарды сынаған, адамның мінез-құлқындағы жақсылық пен жамандықты салыстыра бейнелеген. Достық, ақыл-ой, ақыл туралы жазған ғибратты сөзде...

МІРСЕЙІТ ПЕН ТІПТАЗАНЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ

Мірсейіт Шәріфтің өзіне-өзі айтқан сөздің мағынасы:

- Сен бұл мәжіліске келгенде, өзіңді зор санап: «Сол жерде отырсам да, танытармын өзімді!»,- деп кәбүрәді [1], тәкәббүрлікті [2] көлік қылып мініп келген едің. Енді оған бір ноқат қосып, соған мініп кайттың. Бәрекелді!»- дегені екен.

Кәбүрәға бір ноқат қосса кер болады. «Кер»- деп, сарт тілінде қонақты айтады екен: «Алған олжаң сол - қонағыңды ұстап қайттың»,- дегені екен. «Бай бастас, би құлақтас» дегендей, Мірсейіт шәріф қожа Баһауалдинге жолығып, өзінің жоқ жерде орнын таппай отырғандығынан жығылып қалғандығын сөйледі дейді.

Қожа Баһауалдин қожа намысына тартып:

- Әмір Темірге арыз (ғарыз) бер: «Бір мәжіліс жасап, екеуімізді екі жағына алып отырып, бір сөйлестір»- деп, және мұны ғарызыңда қоса бер, оның шәкірттері (шәкіртлері) көп, әрбіреуі өзіндей болып жетіліп қалған. Ғұлама Тіптазанының өзінен басқа бір де бірі сөйлемейтұғын болсын. Сонан соң ойыңа алған сөзіңді сұра. Мен о бәлемнің алқымынан алайын, аузы аңқиып, соз сөйлей алмай аңырайсын да қалсын!-депті.

Мірсейіт шәріф Әмір Темірге ғарыз қылыпты. Сонан соң Әмір Темір зор сияпат (зияпат) жасап, ғалым-ғұламалардан жан қалдырмай бастарын қосып, екеуін екі жағына алып отырыпты. Және ғұламаның шәкірттеріне жарлық қылыпты:

- Бір де бірің бір ауыз ләм-мим деуші болмаңдар! Егер сөйлесеңдер, тілдеріңді кестіремін!- депті.

- Ал, сөз бастаңдар!- дегенде Мірсейіт шәріф Тіптазаныдан:

- Ғылым қай мақалладан?- депті.

Білгені не керек, аузына сөз түспей, аңқиып тұрыпты да қалыпты. Сонда Тіптазанының бір шәкірті шыдай алмай:

- Кәйф [3], бір йәд [4], сітт [5] нәша [6] биар еді, - депті.

- Мірсейіт шәріф:

- Әне-әне айтып қойды. «Кәйфәміз кетті ғой, нәша келтіріңдер»- деп, отырғаны: оның кәйфы кетіп, нәша сұрағаны емес, ғылым кэйфә мақалласынан еді. Ұстазы дағдарып тұрып қалған соң, аузына сөз салып отырғаны,- депті.

Әмір Темір сөйлегішінің тілінің ұшын кестіріп, сонан ол имам Кәстілі атанып, ғақайырға көп шарх [7] сөйлеген. Мұнан былай бас қосылса, екеуі ақындарша айтысатын болыпты да, жұрт сүйсініп, ұғып алатұғын болыпты.

Сонда Әмір Темір:

- Бұлар сөзге келгенде, бірін-бірі аямай айтысады. Ішінде бірін-бірі қандай көріседі екен?- деп, байқау үшін бір күні Тіптазаны жоқта Мірсейіт шәріфке айтыпты:

- Тіптазаны семіз, зор кеуделі, жуан қарынды күпті кісі екен. Тегін тамақ табылған соң, аясын ба? Ішіп-жеп семіре берген ғой өзі де. Тамақ жегенде, он кісінің жейтұғынын бір-ақ өзі жеп қояды. Анау қарын толған...ғой. Соның ғылым қай жерінде тұрады дейсің, жұрт басына көтергенмен, әуеленіп кеткен ғой!- депті.

Онда Мірсейіт шәріф айтыпты:

- Жоқ, олай емес, Құдайдың құдіретінің шеберлігімен ғылым-білімге толық сауыт болсын деп, әдейі арнап жаратқан бір жаны. Егер мұнда мұның бойына орнаған ғылым-білім басқа біреуге орнаса, жарылып өлер еді. Құдай білмей жаратты деймісің? Бұлар бұ заманға екінші келмейтұғын жандар!- деген екен.

Хош, бір күн Мірсейіт шәріф жоқ жерде ғұлама Тіптазаныға айтыпты:

- Жарықтықтың қожалығынан, ата-бабасының аруағынан қорқып, пәлен-түген дей алмаймыз. Онан басқа қаралдысы анау, өзі шұрқылтайдың ұясындай, ғылым-білім сиярлық бөтегесі жоқ. Қай жерінде оқу тұрады соның?- депті. Қой, олай демеңіз! Адам болғанда, немен адам болмақ? Екі жапырақ еттің арқасы емес пе? Бірі - тіл, бірі - жүрек. Бұл өзі жаралғанда, өн бойында бір жапырақ арамы жоқ: өзі - тіл, өзі - жүрек болып жаралған жан. Жалғыз-ақ айыбы - қанатының жоқтығы. Егер қанаты болса, ұшып кетер еді. Осынша құдайдың берген өнерінің арқасында не ғып ұшып кетпей жүргеніне мен қайран асырмын!- деген екен.

Бірін-бірі жақсы көретіндіктері сондай екен.

ҚАҺАРЛЫ ЖАНАҚ

Сілеті деген өзеннің бойында «Соқсаңсоқ» шатының тұсында Жаңабатыр бидің баласы «қаһарлы» Жанақтың моласы бар. Бұл кісінің басына - тұсындағы - Керей, Қанжығалы ауырған малын Түнетеді: жазылып, тыйылып кетеді. Бұл кісіні заманындағы жақсылар: «Доғал оқ»- дейді екен. Оның мәнісі не десеңіз: «Аттым!»- десе, адам да болса, мал да болса, мұрттай ұшады екен. Бұл кісінің заманында Өлеңті бойында Ажы деген қыстауға Күлік: Жаңабатыр табы мен Бейбіт деген ел даулы болыпты. Сонда ара қарындас екеуімізге бірдей сөйлейді деп, Топай - Торайдың Торайын шығарған екен билікке. Бұл Торай түбі Жаңабатырға бір атасы жақын екен. Бейбіттен пара алып, даулы талас жерді Бейбіттің пайдасына кетіріпті. «Бітімге барғандар не билік қылып қайтар екен?»- деп, қаһарлы Жанақ Ажының биігінің басына шығып, жолын тосып тұр екен. Бітімнен қайтқан Торай бұл кісіге соқпай, қырындап өтіп жүре берді дейді. Қасындағыларға айтты дейді:

- Торай қу маған неге жолықпай кетіп барады?- дегенде, қасындағылар айтыпты:

- Оны құдай ұрды, Бейбіттен пара алып, жерді соған жіберді,- депті.

- Ол баламды аттым! Ертең түсте өледі, жаназасына бармаймын!- депті. Айтқанындай, ертең түсте: «Торай өлді!»- деп, жаназаға шақырыпты. Жанақ бармапты. Торайдың моласы сол Ажы түбінде.

*** Бір бұл емес, әркімдерге сондай қылған жері көп. Шоң би мен Боштай араз болғанда, Шоң би Жанаққа:

- Маған қастық қылды, Боштайды ат!- депті.

- Боштайдың оққағары бар екен, бір баласын аттым,- депті.

Баласы мұрттай ұшыпты. Шоң өлген соң, Боштайдың әкесі Тұрсынбай батыр:

- Итемгенді дуанбасы сайлаймын,- депті.

Боштай:

- Шорманды сайлаймын,- депті.

Әкелі-балалы екеуі екі жаққа тартып, ақырында Боштайдың дегені болып, Шорман би дуанбасылыққа сайланыпты. Тұрсынбай қаһарлы Жанаққа келіп:

- «Сен Құлболдыға қас қылғанды атамын»- деуші едің. Сол сөзің рас болса, Құлболдыға қас болып, Боштай Шорманды дуанбасы қылды. Атқыш болсаң, Шорман мен Боштайды атшы!- депті.

- Боштайжанның өзінің де өмірі қысқа. Оның жаласы менен болмасын. Шорманды аттым,- депті.

Баянаулада сайланып, ел жайлаудағы кезі екен. Ерейменнің ар жағында аулына бара Шорман өліпті. Жасы қырық тоғызда екен.

Шорман би cау кезінде айтады екен:

- Елуге жетпей өлген кісінің не арманы бар екен?- деп.

Онда замандастары айтады екен:

- Көп жасаған жаман болса, ақсақалдар ақсақалды: «Сары тісті бол!» - деп неге бата қылады?- дейді екен. Онда Шорман би айтады екен:

- Ақсақалды «Сары тісті бол»,- деген сөзінің аузын ұрайын! Елуге жетпей, қыршын жас өлгеннің қойнындағы қатыны күйінеді, халқы күйінеді, оның өлгеніне қара жер сүйінеді. Елуден асқан соң өлгеніне қатыны да күйінбейді, халқы да күйінбейді, оған қара жер де сүйінбейді. Жер қуанып қойнын ашпаған неменің өлісі не, тірісі не, оның өлген-өлмегені бәрі бір бас - бас-дағы,- дейді.

Сол өзінің айтқанындай болыпты. Қазақта бір мақал бар: «Мешкей асқа тоймайды, жаман жасқа тоймайды»,- деп. Аса жақсының өмірі қысқа болады. Боштай отыз жеті жасында өліпті. «Үзеңгісіне у жағыпты Баянауланың қазақ-орысы»- деген сөз бар.

ТӨЙТЕ ТӘУІП

Қозғаннан шыққан Төйте тәуіптің моласы - Сілеті бойында, Ешкіөлместен жиырма бес шақырымдай төмен, Жебеге: Ақылтау ұрпағының қотанында: бас жағына: қараған, аяқ жағына тікен шыққан. Моласын өзі көзі тірі күнінде ағаштан қиытып жасатқан екен дейді. Басына түнеп балалы болғандар көп дейді. Ақыл шөбересі, Асаубай немересі, Бәзіл қажы баласы Бөпкен сөйледі. Бұл Қозғаннан шыққан Төйте тәуіп: Қызылтауда Жосалы деген жерде қоныс қыстауы. Таң намазын сол жерде оқып, бесін намазын Ақкөлдің жағасында оқып, бір күн түнеп жатып, ертеңгі «Бамдатты» сол жерде оқып, «Бесінді» үйіне барып оқиды екен. Бес намазды Ақкөл басында бір дәретпен оқып, бес намазды үйінде бір дәретпен оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Ақкөлдің: «Әулиелі Ақкөл» атанғаны сондықтан дейді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бәріне де бірдеме депті, бір қатын құр қалыпты. Ол қатын назаланып жылап:

- Осынша қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жетті ме? - деп, жылап қоя берген соң,

- Бар, бердім!- депті.

Сол бала Жарылғап: Ақтанберді баласы Жанысбай болған екен деседі.

ДУАНЫҢ ПАЙДАСЫ

Қазақта бір сөз бар: оңған, ілгері басқан біреуді «Дуа тиген ғой!»- дейді. Бір оңбаған тұқымды: «Дуа тимеген ғой!»- дейді. Кеше Күлікте: біреуінің аты - Әкімбек, біреуінің аты - Ақылбек, екі бай болды. Екеуі - бір Алдабектің баласы: Әкімбекке дуа тиді, Ақылбекке дуа тимеді. Анаған қалай тиді, соңғысына қалай тимеді? Әкімбек «жынды Әкімбек» атанды, «тентек Әкімбек» атанды. Қожа-молдаға, кәріп-қасерге құдай үшін беріп, дуаны көп алды. Мұсаның қожасы болып тұрған Сәт қожаға бір барған жолына алтауы - қысыр тайлы бие, алтауы - құлынды бие, айғырын салып, он екі биені бір емес, екі рет берген. Біреуі: «Тауық жұтының зардабынан жұтап қалдым!»- деп барған соң, бірі тағы сондай кем-кетігін шаққандай қылып барған соң. Баянаулада тұрған Қамар хазіретке бір барып түскен жолына он ат берген, бесеуін өз қолымнан барып алып келіп бердім. Өз әкеме бір барған жолына он жылқы берген. Қай бергенін айтайын: ұшы-қиыры(ғұйыры) жоқ, толып жатыр. Түркістандық Мәуім-Шәуім тұқымы бір Файзулла деген ишан Арқаға келіп, ел аралап жүріп, Әкімбекке түсіпті. Аттанарында екі түйе, екі ат беріпті. «Ишекемді шығарып салайын!»- деп, бірге еріп ауылдан былай шыққан соң, ишан атынан түсіп жатыр дейді.

- Тақсыр, мұныңыз не?- десе:

- Астымдағы Бұхарадан шыққан арғымақ еді. Ықыласыңа риза (ырза) болдым, сәнге беріп кетейін деп жатырмын! - депті.

- Тақсыр, мына алған малыңыз - өзіңізге сүт, екінші біздікіне келуші болмаңыз!- депті.-Мен берсем, құдай үшін бердім, сенің арғымағыңа сатып беріп тұрмын ба?!- депті.

Әне - дуа тигендік: жалғыз баласы - Қабылбектің отауының оң жағына түскенін көре алмай кетіп еді. Сол жалғыз қалған Қабылбек алпыстан асып, былтыр өлді. Алты баласы бар, үшеу-төртеуі үйлі-баранды болды. Бірден соңғысы Хафиз Семей жақта қызмет жұмысында нан тауып жеп жүр. Ақылбек қожа-молдаға бір қара берсе, іске татырлық бір нәрсесін алып қалушы еді. Қонған қонақтың іске татырлық я қамшы, я шідер, я бәкі, пышақ бір нәрсесін алып қалмаса, көңілі көншімеуші еді. Әкімбектен үйі де кем емес, күйі де кем емес, кірген кісі шыққысыз үйі де бар еді. «Жұт жылқыдан» кейін толық күйі де бар еді. Тып-типыл, тақыр таза, үй-қорасы түгіл, моласы да жоқ. Құдай сондайдан сақтай гөр, айтқан жерден әрі! Мұны көрген, естіген дуа талап бола көріңдер, дуадан қапы қалмаңдар! «Дуаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді.» Мұны шын деп біліңдер, имандай наныңдар(инаныңдар). «Дуалы құл арымас, дуасыз құл жарымас»,- деген сөз тағы бар.

БІР КЕДЕЙДІҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ

Өрдегі Байжігіт, Қызай, Садыр, Матай сол жақтағы Керей деген елмен барымталас болған екен. Сонда Найманның бір жесір қатыны байы өлген соң (байынан бала қалмаған екен, пұшпағы қанамаған екен):

- Байымның орнын жоғалтып, атын өшірмеймін!- деп, жігіт-желенді тарқатып, не болып ұстап, Керейден мал алдырып, артынан қуғыншы келуге бата алмаған.

Бір кедей: мұрны пұшық, көзі қисық:

- Менің шекпенімнен басқа кісі қызығып аларлық [не] нәрсем бар? Алса, шекпенімді алып қалсын, жаздыгүні жалаңаш қайтсам да, тоңбаспын,- деп, жаяу жалғыз мал соңынан қуғыншы болып барып, сөйлес қылмастан, қатынның үйіне кіріп, төрге қарай ұмтыла басып өрмелеп шығып келе жатқанда, қатын:

- Кімсің өзің? «Өлер өгіз балтадан таймайды»,- дегендей, омыраулап қайда барасың?!-дегенде,

- Кереймін!- дейді.

Онда қатын айтты дейді:
Өзіңнің Керей болғаның қалай, осынша кедей болғаның қалай? - депті.
Онда Керей айтыпты:

- Өзіңнің ұрғашы болғаның қалай? К...іңнің жырмашы болғаны қалай?- депті.

Онда қатын айтыпты:

- Мұрныңның пұшығы қалай, көзіңнің қисығы қалай?- депті.

Онда Керей айтыпты:

- Құдайың қаламағаны қалай? Пұшпағыңның қанамағаны қалай?!- депті.

Қатын жер шұқып отыра кетіпті, дәнеме дей алмапты. Малының тағалы торы тайын қалдырмай, түгел қайырып беріп, алдына салып айдатып қоя беріпті. Бұрынғылар сөзден жығылса, алдына түсіп томпаңдай береді екен.

МЫҢЖАННЫҢ ШЕШЕНДІГІ

Бұрынғы заманда Мыңжан деген ақын қыз Шәкі деген төремен ойнап-күліп жүргенін Алтыбас: Қыпшақ - Балқожа, Қанқожалар естіп:

- Жесірімізді адалдап берсін, әйтпесе, алмаймыз!- деп, соның дауын бір жаз өмір өткізіп даулапты.

Сонда қыздың күйеуінің аты Телеке екен. Қыз күйеуін астыртын шақыртып алып:

- Бір құдықтың басына неше ел қонып өтеді? Сиыр баспалап ішеді, ит жалайды, сөйткенмен сол құдық өмір бойы ішуге жарамай қала ма? Бұрынғы сиыр тышқанын, ит ішкенін не қылсын, өзі көріп тұрмаған соң?! Суы тұнық мөлдір болса, кейінгі жабырласып, жанталасып, іше бермек те,- деп, күйеуін сөзге түсіріп, күйеуі елінің жақсыларының: «Айып аламыз!»- деуіне қарамай, ұзатып алайын деп жатқандағы қыздың өлеңі:

Жігіттер, бар шабылмас, жоқ табылмас,
Шырқаған қараңғыда оқ табылмас.
Қыз Мыңжан Төлекемен басын қосса,
Қанқожа, Байқожа мен түк те қылмас.

Отқа салып, жанады қойдың қиы,
Қыз Мыңжанның болмай жүр биыл күйі.
Көт дауын ала жаздай даулаймын деп,
Қанқожа, Балғожаның қашты миы.

Не жаздым Алтыбастың Бозбайына?
Жүрмей ме жақсы кісі өз жайына?
Бір қыздың оң жақтағы бұтын қорып,
Саумал құйып ішпек пе екен борбайына?!

Қорықпаймын Балқожаның әкімінен,
Оң жақта ойнап күлдім Шәкіменен.
Тозбайды, таусылмайды, кемімейді,
Алмаса сылыттырып бәкіменен.

Сөз - өлең болған соң, жерде қалмайды. Қай замандағы сөз? Бұл Қанқожа, Балқожа -Кенесары заманындағы Алтыбас: Қыпшақтың атақты Шоң, Шормандай кісілері[н], үш ауыз өлеңмен бір қыз адамшылықтарын сындырды. Керегі жоқ жұмысқа кіріскендігінен, сондағы қызыққан олжасы ат, тон айып қой. Неше ат, тондық абыройын алдырды. Жоқ жұмысқа жүргендігін кейінгіге өнеге, үлгі қылуға қалдырды. Қыз болса, Мыңжандай болсын!

ӘДІЛ БИ ӘҢГІМЕСІ

Бір адам далада жол жағалап келе жатса, жайылып жүрген бір топ түйеге ұшырайды да, бұл адам өзіне жол ашпақ үшін, қолындағы таяғын түйелерге лақтырып жібереді. Таяғы құрғыр ұшып барып бір түйенің көзін шығарады. Түйеші түйенің көз құнын даулады. Бұл пәледен құтылайын деп түйенің көзін шығарған адам тұра қашыпты. Бір биік жардың кемерінен секіріп түскен екен. Салмағымен көлеңкелеп жар астында жатқан бір бейшара қартты басып өлтіреді. Мұны сол маңда жүрген қарттың баласы көріп қалады. Жолаушы қашады, мұны қарттың баласы мен түйеші қуып келеді. Сорлы қашқын бір дарияның жиегіне келіп жетсе, қайықшыға ұшырайды. Сасқанынан қайықшыға:

- Мені дарияның ар жағына шығарып сал, бір ширек ет берейін!- деді. Қайықшы қашқынды өткізеді. Ал енді қашқынның қайықшыға беруге еті жоқ, не қыларын білмей дағдарады. Қайықшы қашқынды жағасынан алып жібермейді. Сөйтіп тұрғанда, кейінгі екі даугер келіп жетеді. Даугер енді үшеу болады. Біреуі - түйенің құнын, екіншісі - әкесінің құнын, үшіншісі - қайық пұлын сұрайды. Қашқын не қыларын білмейді. Қайықшы қашқынға айтады:

- Егер төлеуге етің болмаса, аяғыңның балтыр етін кесіп бер дейді.

Бұлар қанша дауласса да, келісе алмай, ақырында сол маңдағы бір данышпан биге барады. Би түйешіге айтады:

- Ей, балам, бір түйені мен анадай жерге қойғызайын. Сен қолыңа таяқ алып, сол түйенің көзіне дәл тигізсең, түйенің көзі түгіл бүтін түйенің өзін төлеуге үкім қылайын. Егер тигізе алмасаң, өзің жазалы боласың.

Бұл сөзді естіген соң түйеші ойға қалып, дауын кешіп, кепіл қалады. Би енді қарттың баласына айтады:

- Шырағым, мен осы адамды, қашқынды, жардың астына жатқызып қояйын. Сен шығып үстіне секіріп түс. Егер өзіңнің салмағыңмен қашқынды өлтірсең, мен саған өз жанымнан әкеңнің құнын төлейін. Өлтіре алмасаң, өзің өлесің.

Бұл сөзді естіп қарттың ұлының зәресі ұшып, құн даулаудан қашады, кетеді. Ал, енді жалғыз-ақ қайықшы қалды. Данышпан би қайықшыға айтады:

- Мынау адамның балтырынан бір ширек ет кесіп ал, бірақ бір ширектен артық та, кем де болмасын. Мұнан не артық, не кем болса, оз обалың өзіңе, басыңды... - деді.

Мұны естіп қайықшы қашады, еттен безеді, кетеді. Бейшара жолаушы барлық даудан да аман құтылады. Бұл билік әңгімеге қосымша бір өлең бар. Мұны да төменде айтып өтейін. Өлең мынау:

Әділ бидің алдынан іс кетпейді,
Жебірлік нәпсі үшін не істетпейді?
Ердің құнын екі ауыз сөзбен ептеп,
Абыройын кісінің еш төкпейді.

Қылар жақсы - түймедей түйедейді,
Жөнін тауып әр істің жүйелейді.
Жаман болса төрешің, ептей алмай,
Ақ ісіңді қаралап күйелейді.

Дұшпандарды жақсы би дос қылады,
Дауыңа дау жаман би қостырады.
Бұ бір мақал: «Киікті ата алмаған -
Атамын деп үркітіп бостырады».

Ұрысқанды жақсы адам табыстырар,
Ақылменен жапсарды қабыстырар.
Жаман адам от қылып жандырмаққа
Сөніп жатқан шаланы қағыстырар.

Жақсыларға жалқын от саз болады,
Жатқан пәле жаманнан қозғалады.
Жақсы менен жаманның парқы басқа,
Айта берсең бірталай сөз болады.

БОРАН БАТЫР

Орманшыдан шыққан Боран батырдың заманында Ұлы жүз: Үйсінде Жарқынбай деген бай болыпты. Боран екеуі замандас, бастас, құрдас екен. Жарқынбайдың жалғыз баласы болыпты. Баласының қайыны Қырғызда бір бай екен. Жарқынбай Боранның айтқанына, батырлығына байлық қылып көнбейді екен. Сондықтан Боран мен екеуі араз болып, бұрынғыдай татулық болмай, аралары алыстан жүреді. Боран мен Жарқынбай араз болғаннан кейін, Қырғыз құдасы айрылып, қызын бермей, оз еліне, Қырғызына, көшіп кетеді. Мұндағы Үйсін: Жарқынбай бар, тағы да қасында басқа қазақтар бар, бірсыпыра ел болып жиылып, ақылдасып:

- Біз барып, Қырғыздан жесір алып келе алмаймыз. Бізге сөз де, қыз да бермейді. Бұған Боран батыр барса, алып келеді. Оған береді, тіл алса, жалынып айтып көрейік!- деп, ел болып жиылып, түйе бастаған тоғыз сый алып, Боран батырдың үйіне келіп түседі.

Батыр келген халықты күтіп, сыйлап:

- Қап, қап, болмас, болмас: «Бай - бір борандық, батыр - бір оқтық»,- деген еді. Жарқынбай үшін емес, келген көпшілік: үлкен аға, кіші інім үшін, Қазақ елім намысы үшін, бір сапар тілдеріңізді алып, барып келейін. «Өзім үшін туыппын, халқым үшін күйіппін»,- деген аталарымыздың сөзі бар еді. Маған елдегі еркекпін деген: ер қаруы - бес қаруды бойына іліп, жайдақ атқа қарғып мінуге жарайтын жігіттен жиырма бес жігіт қос-қос аттарымен, жолшыбай жейтін тамағын қосып беріңіздер! Жолда «Қоқидың қопасы»,-деген үлкен төбе бар. Оны басып жүрмесек болмайды. Оған соқпай, айналып жүрсек, екі ай жүресің. Оны басып, төтелеп жүрсек, он бес күн жүрмекпіз. Ол қопада адам баласына жау: күшті аңдар, тағы күшті жаулар кездеспек. Мен өзім не болса да, сол қопаны басып жүрем. Алланың не жазғанын көрем!- деп, жолда сыналатын жиырма бес жігіт ат-тон азығымен түгелдеп алады да, тартып береді. Біраз күндер жүргеннен кейін айтулы қопаға кездеседі. Алдынан аю, жолбарыстар кездесіп, Боран батыр бір ақырып қалса, жытып кетеді. Ертемен кездескен қопадан шыға алмай, кешке күн батуға таянды.

Сол уақытта Боран батыр жолдастарына айтып келеді:

- Е, жігіттер, бұл андар еш нәрсе емес. Мен жезтырнақтан қауіп қыламын. «Бұл қопада ол да болады!»- деп естігенім бар еді,- дей бергенде, айтқан ауыз жиылмай, біреуі алдынан сылаң етіп шыға келді. Боран батыр бір ақырып еді, жытып кетті. Сонан кейін Боран батыр жолдастарына:

- Ал, жігіттер, сақ болу керек! - дегенде, тағы біреуі кездеседі. Белгілі батыр бір ақырып жібереді, жытып кетеді. Үшінші тағы да кездеседі. Белгілі бір ақырумен кетеді. Онан соң Боран батыр жігіттеріне:

- Көз барында тамақтарыңды жылдам, тез пісіріп, ішіңдер! Тез жүріп кету керек! Кешіге берсек, айналып бөгеліп қалармыз. Не болса да, жүріп көрейік!

Жалма-жан біреуі от жағып, ар жағынан біреу келіп, о да жалма-жан от жағып, о да үріп, мынау не істесе, о да соны істей берді. Боран батыр шалқасынан демалып жатыр еді.

- Боранның жолдасы: «Алла!»- деп, Боранның алдына келіп құлай кетеді. Олар да жиырма алты болды. Бұлар не істесе, олар соны істейді, бәсекелесті. Боран батыр тұрды да, бір үлкен қарағайды жұлып әкеліп, ұшын қылышпен жонып, сүйірлеп, қойдың құйрық майын ұшына шаншып, үстіне жақты. Үстіндегі киімі серке терісінен ойранға бояған күрең жарғақ еді. Жезтырнақтың батыры да үстіне жақты. Құйрық майды тауысып, жағып болды да, қызыл қоламта болып жанып тұрған отты Боран батыр қолымен кұшақтай алып:

- Кел, батыр болсаң, отты құшақтайық!- деп, отты үсті-басына сүйкегенде, жезтырнақ батыры да алып, үстіне сүйкегенде, майлаған үсті-басы барақ иттің жүніндей лап етіп жана түсті.

Олар жанып жатқан батырын сөндіріп әуреленіп жатқанда, бұлар тартып жөнеледі. Түнімен тартып, таң да атты. Қараса, артында шаң бұрқырап келе жатыр. Боран жолдастарына айтты:

- Қашып құтылып болмайды. Мен жалғыз алдарын тосып қалайын. Сендер тарта беріңдер!- дегенде, жолдастары:

- Сізден айрылмаймыз!- деді.

Шаң таянған соң, жан тәтті ғой, өзгелер тарта берді. Боран батыр тосып қалды. Бәрін қырып, Боран батыр жолдастарының артынан барды. Жолдастары барып, бір таудың берігіне бекініп, қарап отыр екен. Шаң көреді, қорқып тұрысады. Бөрте атымен Боранды таныған соң, қарсы келеді. Көрсе, үсті-басы қып-қызыл қан. Боран айтады:

- Мына Бөрте ат та, мен де таң асып, дем аламын. Жауың жоқ, тамақтарыңды ішіп, жайланып, дем алыңдар!- деп, өзі жатып ұйықтап қалады. Тұрса, таң, күн шығып қалыпты. Қараса, бақырдағы асулы еті әлі тұр.

- Мына етті неге жемедіңдер?

- Қорқып, жүрегімізге ас батпай отыр еді,- деген.

Сонан Қырғызға барып, онан барған жесірлерін алып, қайтып баяғы Қоқидың қопасын қауіпсіз басып жүреді. Бірақ Жезтырнақпен соғыс қылған - әдейі көштен бұрылып барып қараса, төбе-төбе, үйір-үйір қылып қырып тастаған екен. Сол жердегі жезтырнақ тұқымын құрытқан. Ең үлкен батырының тырнағын кесіп алған екен. «Қоқидың қопасы - деген Қоқидың шалқан көліндей»,- деген сөз халық аузында сонан қалған. Ол жүрістен аман қайтып еліне [келсе], алдында екі-ақ күн бұрын Жарқынбайдың жылқысын, не бары үш мың жылқысын, түгел Қалмақ айдап кеткен [екен]. Боран батырға тағы бір жұмыс, жүріс даяр болды. Боран батыр:

- Қап, болмас! «Ел намысы - ер намысы»,- деген соз бар еді. Және бұл шірік сасық неме болса да, ұйытқы, құт. Бармауым Боран атыма лайық болмас, не қорыққандай болмайын!-деп, осы жолдан келген бар жолдасы артынан ізімен қуып береді. Жолда бір белгілі жүрген жолаушы түсіп, жариланып аттанатын бір берік таулы жер болатын. Бұрыннан біледі екен. Боран батыр көп жолдастарын күндік, яки түстік жерге қалдырып:

- Сендер осы жерге тоқтап, тынығыңдар!

Өзі жалғыз Бөрте атымен күндіз қара ұлысты көріп қонады. Түнде жүріп жақындап келіп байқаса, қалмақтар қаннен (қаннан)-қаперсіз жатқан, жалғыз-жарым ат, жылқы күзеткендер болмаса. Боран батыр мұны көрген соң, сып етіп қалың жылқының қарсы алдынан келіп, өзінің барлық ащы даусымен үш ақырғанда, жылқы күзеткендердің біреулері етпетінен (екпесінен) құлап, біреулері шалқасынан сұлап, жылқыға ие болмақ түгіл, аттарынан айрылып, жаяу қалады. Жылқы шіркіндер де амалсыз айдалып келе жатқан жануарлар бетін елге қарай бұрғаннан соң-ақ, Боранның. дауысын танығандай, түз даланың адам көрмеген құланындай, шиыршық атып, шырқап, жолындағы жаяу-жалпы жүгірген қалмақтарды басып-жаншып, құйрықтарын шаншып жөнеледі. Дөңгелек тұяқтан тұз тастамай айдап, жолдастарына келеді. Қалмақтар жүз қаралы адам екен: түгел үйіліп-төгіліп жаяу қалды. Жалғыз дөңгелек тұяқ дегенде, бір қара ат қалады. Түнде Боран батыр ащы дауыспен ақырғанда, жатқан қалмақтар шошып оянып:

- Ойпыр-ай, мынау дауыс Боран батырдың даусы болмаса игі еді?! Әлде бір сорымыз қайнап, Боранның еліне кездескен болармыз ба?!- деген.

Боран тосып жатады:

- Енді бұлардан біреу келер, тіл алайық, - деп.

Айтқанындай, ертең бір қара келеді. Көрінген қара - бір қара атқа мінген бір жас жігіт бұларға келіп сәлем беріп, аттан түседі. Өз жөнінен сөз сөйлеп, жаяу қалған жайын айтып:

- Қателік бізден болды, оны мойынға алдық. Боран екеніңізді түнде дауысыңыздан таныдық. Біздерге рақым қылып, аттарымызды беріп кетіңіз де, не біржолата бізді өлтіріп қырып кетіңіз!- деген соң,

- Қап, болмас, болмас! «Алдыңа [келсе], әкеңнің құнын кеш!»- деген. «Қашқан жауға қатын ер»,- деген соз бар еді. Бұлар да еркекпін деп, атқа мінген шығар. Ерін арқалап, еліне жаяу бармасын!

Аттарын қайырып береді.

- Ал, қалмақ бала, мынау аттарыңды айдап бар! Басшыңа сәлем айт: ер болса, маған келіп жолығып, танысып кетсін! - деп, жібереді.

Қалмақтар келіп, Боранға жолығып, әңгімелесіп сырласқанда, Боран айтқан екен:

- Менің қасымда сегіз жолдасым бар еді. Бізге бір көп қол кездесіп, біз қаштық. Ұшсақ та қоймайды, жетер болды. «Қарап тұрып өлуге бола ма?!»- деп, қарсыласып, бетін қайтардым. Сонда бір қара тайлы бала коп бөгеп, әуре қылды. Қара тайдың жүйріктігі, ұшқырлығы сондай болды. Соңында ызаланып тартып жібергенде, оққа да ілінбей кетті. Онан басқада кезектескенде, кем кеткен, сермегенде, сырт [кет]кен, нұсқағанда, ұстамаған жерім жоқ еді!- дегенде, қалмақтар:

- Сондағы қара тайыңыз - мынау қара ат еді! Ұнаса, алыңыз!- деп, Боран батырға мінгізген екен. Сол Боран батырдың ұрпағы осы күнгі Ақсары, Шотана батырлардың ұрпақтары болады. Шотана батырдың да әңгімелері бар. Оны да сөйлерміз.

ТЕНТЕКТЕР ӘҢГІМЕСІ

ЕСЕН ТЕНТЕК

Ақбура: Есен тентек, әкесінің аты - Жетібай, шешесі заманындағы әйелдің қақ маңдайы болса керек. Күлік - Жаңабатыр бидің қойнына кіріп барыпты:

- Aт туатұғын бие айғыры келіспеген соң немене?- деп.

Сонда Жаңабатыр би:

- Бердім бір сотқар қияңқы тентекті, атын Есен қой. Өзі есен-аман болады, өзі бай болады, мейлінше тентек болады!- деген екен.

Сол Есен туып, туа тентек болып, өзі жеті жасында жетім қалған соң, ешкім бетін қақпапты. Әкесі жоқ еркелейтұғын, жетім балаша мұңаймай, сүміреймей, өрге жүзген балықтай, өршелене туғаны: «Мынау тегін жан болмас!»- деп. Мылжың ертегісі не керек, бір ұлы жиын аста самсаған сары қолдың ортасында Жаңабатыр биді тарсылдатып, қамшының астына ала бастапты.

Сонда Жаңабатыр би:

- Тимеңдер, тимеңдер!- депті. - Біз биік жар да, бұлар - лақ (ұлақ). Лақтың ойнақтағанына жар құлай ма? Бұлар ойына алғанын орындамаса, өз-өзінен буынып, жарылып өліп кетеді. Бұл біреуді ұрамын, соғамын дегенде, ешбірің арашалаймын деп, мұның қолын ұстаушы болмаңдар!- депті.

Ас тарқаған соң, ұйықтап тұрып, есін жиған соң, түйе бастатқан «тоғыз» ап келіп, Жаңабатырдың босағасына байлапты. «Алмаймын!»- десе де, болмапты.

- Батаңды бер!- деп.

- Ойға алғаның он болсын!- деп, батасын беріпті.

Қазақта бір мақал бар: «Ата - биеден, алып анадан туады»- деген. Сонда ол ана тауықша күлге аунап таппайды, таптырушы бір иесі болады екен. «Ұрлық қыл да, мал тап; ойнас қыл да, ұл тап» - дегені құр еркек бала болып туғанды айтпайды, іске жарарлық, орынға тұрарлық болып туғанды айтады екен. «Көңілсіз жұмыстан көтсіз бала туады». Көті жоқ бала бола ма? Қайратсыз, жасық, жаман туғанды айтады екен.

ҮШҚҰРТ

(БІРІНШІ НҰСҚА)

Есен тентек әкесі Жетібайдан жеті жасарында жетім қалған. Әкесінің өлгеніне қырық жыл болды дегенде, бұқа жарыстырып, қай озғанына бәйге тігіп, ас берген. Бір көк бұқа алдында келген. Есен тентек бір ауылдың сыртында қонақ болып отырса, бір баланы шақырып алып, қоржынынан алып құрт беріпті. Бала құртты алып, үйіне жөнеле бергенде, өз қоржынын өзі пышақпен жарып, кұртын жерге төге салып, баланы қуып барып:

- Жаңа менің қоржынымды жарып, кұртымды ала қашты!- деп, салауатты салып, ауыл үлкен зор пәлеге қалып, дау аяғы - айыбына баланың өзін беріп құтылыпты. Сол баланың атын «Үшқұрт» қойып, ол өзі қайратты, пысық болып, жігіт болған күнінде, Есеннің өзі тірі күнінде бір тоқалын меншіктеп кетіп, ол тоқалды өз қолынан Үшқұртқа қосып, онан туған баланың атын Айтқожа (Ескерту: бұған дейінгісі бет ортасынан аяғына дейін жазылса, бұдан кейінгісі арада сегіз сөз ғана жоқ, онан кейінгісі (мұны біз әулеттіктегі ақын жазбасы: 1-папка, 88- бет бойынша анықтап отырмыз - Н.Ж.) былай берілген): «Қалшадан - Жұматай, Жұматайдан - Сағындық, Баутаннан - Қаракесек, Қаракесектен -Жұмакелді.»

ҮШҚҰРТ

(ЕКІНШІ НҰСҚА)

Ақбура: Есен тентек бір ауылдың сыртында қонақ болып отырса, бір бала қасына жүгіріп келіпті. Есен тентек қоржынынан үш құрт алып беріпті. Бала үйіне қарай ала жөнеліпті. Есен тентек өз қоржынын өзі жарып, құртын жерге төге салып, баланы қуып барып:

- Жаңа менің қоржынымды жарып, құртымды жерге төгіп, бір уыс құртымды ала қашты!- деп, салауатты салып, ауыл бір зор пәлеге қалып, дау аяғы айыбына баланың өзін беріп құтылыпты. Сол баланың атын «Үшқұрт» қойып, ол өзі қайратты, пысық болып, Есен тентектің оз балаларынан ілкім үздік болып, мал бағуға, жылқыны жауға алдырмайтын болып, Есен тентектің өзі тірі күнінде бір тоқалын меншіктеп кетіпті.

Есен тентек:

- Бұл тоқал маған лайық емес, саған лайық! - деп, өз қолынан Үшқұртқа қосып, онан туған баланың атын Айтқожа қойыпты.

Айтқожадан Байсал туады. Байсалдан: Қалша, Баутан, Байсымақ; Қалшадан - Жұматай, Жұматайдан - Сағындық; Баутаннан - Қаракесек, Қаракесектен - Жұмакелді, Тоғайда Ертіс бойындағы елде бар, Қаракесек ішінде бар: «Ақбурамыз, Есен тентек ұрпағымыз»,-деседі.

ЕСЕН ТЕНТЕК ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Тентек жайын біраз сөйлейік. Қаракесек - Сүйіндіктен екі тентек шыққан. Бірі - Қожан тентек, бірі - Ақбура: Есен тентек. Екеуі - бір замандікі. Қаракесектен шыққан Қожан тентек: «Қара шорыңмын, Құдайдан соңғы зорыңмын!» -дейді екен. «Отыз ұлды Қожан атанамын!»- деп, бала-шағасы көп, байы өлген жесір жас қатындарды ала берген екен. Бұрынғы байынан қалған балаларына қалың беріп, қатын алып беріп, өз қолынан жүз кісіге қатын ап беріп, мал малдандырып, жан жандандырып, «Отыз ұлды Қожан» атанған. Бұл бұрынғыдан бар сөз. «Отыз ұлды Қожан», «Отыз ұлды Байзақ» және Кіші жүзде: отыз ұлды Дастан. Сары Қозған: жиырма ұлды Рай, Қаракесек: он сегіз ұлды Бертіс, Қаракесекте он алты ұлды Жоламан, Күлікте: он бес ұлды Тілеуімбет, Алтайда: он үш ұлды Саңырық, Айдаболда: он ұлды Еламан. Қуандықта да: тоғыз ұлды Аралбай, тоғыз ұлды Тоқбура, тоғыз ұлды Итқара, тоғыз ұлды Мұрат. Бекайдар - Тінәліде: тоғыз ұлды Түгелбай, Айдаболда: тоғыз ұлды Мамыт. Санның сүйкімді жері - тоғыз. Сонан соңғы санға қосылмайды. Егізді ешкі де табады, сегізді ит те табады. Біреу - теріс: жалғыздық бір құдайға жарасады. Екеу - керіс, үшеу - ұрыс, төртеу - дұрыс. Бесеу - бес шоқпар, алтау - алты бақан, жетеу -жеті ит. Сегіз болды, иттің күшігі есепті. Тоғыз болды, толық болды. Қожан тентектің әкесі жеті қатын алған. Қожан өзі бәйбішеден туған, жетеудің кенжесі.

Қожан тентек он жеті қатын алған: «Отыз ұлды Қожан» атанған. «Ілуінен» қашып, ешкім қызын айттыра алмай, қызының алды қырыққа келген. Қырық қыз күйеу алмай, отырып қалыпты. «Ілу» деген түйе бастатқан «тоғыз»: мұның бір қызына күйеу болғанға қалың малдан бөлек, қатын басына бір «тоғыз» ілу керек.

Бір қатыны айтыпты:

- Ұлы жиын бір аста жар шақырыңыз: «Менің қызымды алатұғындарың өз шешесінен басқаға ілу қылушы болмаңдар!»- деген соң, бір жұртта он төрт қыз ұзатылған.

Қожан тентектің моласы Шідерті өзенінің бойында.

- Бір мұралтайдың үстінде жылқымның суға түсіп, су ішкенін көріп жатайын!- деп, өз өсиеті бойынша сол жерге қойылған. «Қожан шаты» деп, жер аты болып қалды.

Ақбура: Есен тентек.

Мұның тентектігі: «Не Шобалай қылмадың, не Төлебай қылмадың, не Қарабай қылмадың?! Қаржас: Мырзағұл да қылмадың?! Бураның бір көзінің құнына келген Ақбурадан туғызып, Құдай, сенің көзіңе таңба басқаным?!- деп, жылқының санындағы дөңгелек таңбаның ортасынан таңба бастырады екен. Алла, өзіңе ақтай гөр! «Естіген құлақтың жазығы жоқ» деген бар ғой! Баянауладан сексен атанмен қарағай тарттырыпты: «Таудың құзының төбесін жаптырамын!» - деп. Керекуден алпыс атанмен үн тарттырып:

- Майсыз, тұзсыз ет пен құрт араласпай, оз бетімен тамақ болмайды,- деп, күл төбеге төктіріпті.

- Тоқал қатынның аулына тау айналып (айланып) бармаймын!- деп, таудың кезеңін қаздырып, жол жасатқан.

- Жайлауға беттеп көшкен Қаракесекке жерімді бастырмаймын!- деп, жұрт көшіп асатұғын асуға тас үйдіріп, көш асатұғын жолды бекіттірген.

- Малын бақтырмаған: итке бұйырса, ит жесін, ұрыға бұйырса, ұры алсын, маған бұйырғаны болса, маған қалсын!- деп.

Ит те жей алмаған, ұры да ала ал маған. Ұрыға, бөріге мал ішінен екі ақ боз атты даяр болған да тұрған. Сонан малдары тағы болып, қыстауда қалатұғын болған. Иесіз (ессіз) жүрген мал болғанмен, ешкім батып жия алмайтын болған. Қысқа қамытшылық болып, жұрт союға мал таппағанда, Есен тентектің өзінен келіп сұрайды екен: «Атып алып жеуімізге рұқсатыңыз бар ма?»- деп.

Сонда Есен тентек:

- Мен сараңдық қылмайын, амалдап, хайлалап, ұстап алып жеңдер, Құдай жаратқан аң емес, аузын ұрып, аяғын сыпырған мал ғой. Атып жесең, өздеріңе жаман болар!- дейді екен.

Айтқанындай болыпты: «Атып жегендердің арты оңбады»- дейді.

Алтай: Мұрат - Бекайдардың тоғызынан: Батыраш, Қотыраш аталары, Сиқымбай атасы -Тіней бай жас-мас күнінде: «Ақбура: Есен тентекке шәкірт боламын, тентектік үйренемін!»- деп келген. Сонда оған Есен тентек айтқан:

- Тентектіктің суы қатты болады, үйренумен болмайтұғын нәрсе, қой, балам! - деген.

Онда Тіней болмаған:

- Боламын, шыдаймын!- деген.

- Қой, бала, тентектік әлуетті күштірек болады, жүн жеп, жабағы тышқан бай баласы тентек бола алушы ма еді?- деген.

Тіней болмаған, тоқтамаған.

- Ал, үйренсең,- деп, Есен тентек бір керсен қымызды алып келіп, Тіней баланың алдына қойған:

- Кел, мына керсендегі қымызға қот...ңды мал да, қымызды басыңа көтеріп, іш те қой!-деген.

Тіней ұялып, именіп, қыла алмаған.

- Ұялдың, имендің, тентектік қолыңнан келмейді!- деп, өзі орнына келтірген.

Есен тентек арман қылған:

- Итті - жүзге, ешкіні мыңға жеткізе алмадым!- депті.

Қанша көбейтемін дегенмен, ит көбеймейді екен: бірін-бірі талап өлтіре береді екен. Қанша көбейтемін дегенмен, ешкі көбеймейді екен: кебенек келіп, тауысып тастай береді екен.

- Есі кеткен сиыр жияды, ең таппаған ешкі жияды. Екеуі де оңай кедей болайын дегеннің жұмысы екен,- депті.

Ақыр[ғы] тентектігі:

- «Маған бата қыламын!- деп, қаңғып келген енесін с...кендер таба алмай жүрсін!- деп, өзін өлген шағында быжыр қойтастың ішіне қойдырып, там салдырмапты.

- Берсе, Құдайдың өзі берсін! Құдай өзі бермесе, кейінгінің батасы маған не береді?!-деп.

Құдай рақмет қылсын Есен тентекке! Ұрпағы көп, өзіндей болған біреуі де жоқ. Қызылтауда «Есеннің қара қуысы»- деген өз алдына жеке бір тау, айналасы бәрі - өзінің үрім-бұтағы. Ақбурадан - Аққошқар, Тілеулі, Жетібай, Кенже, Көкен. Жетібайдан - Есен тентек. Есен тентектің балалары: Батырбай, Ербай, Асан, Шөкіл, Қарамырза, Балта, Атабай. Батырбайдан: Балға, Жанқожа, Қошай. Балғабайдан - Мәдібек. Онан - Қайып, Законшы. Бұл Ербай, Батырбай «Құртты» деген жерге қойылған. Аққозы батыр өлгенде, тоқалын Ақбура алып, Кенже, Көкен сол тоқалдан екі [бала] туады. Сағындық Жекен мен айналасы.

ЕСЕННІҢ ТЕНТЕКТІК САЛЫСТЫРҒАНЫ

Қаракесек: Қожан тентек: «Ақбура: Есен тентекпен тентектік жарыстырамын!» - деп келіпті. Сонда Қожан тентек Есен тентектің үйіне кіріп келе айтқан сөзі:

- Қонаққа бала соймаған соң, тентектік қылып неме керек?- дегенде, Есен тентек ұшып түрегеліп, он екі жасар баласын тізесімен басып, отыра қалып, қыннан пышағын суырып алғанда, Қожан тентек жалма-жан ұшып түрегеліп, Есен тентектің пышақ ұстаған қолынан шап беріп ұстай алды дейді:

- Сені мен: «Жын тентек қой!»- деуші едім, жоқ, сен жын тентек емес, шын тентек екенсің! Сен сойдың да, мен жедім. Енді мұның құны менің мойнымда қалды,- деп, ықтиярына коймай, Есен тентекті үйіне ертіп барып, жүз түйе беріпті. Онда Есен тентек:

- Сен менің сойылмаған балама құн төледің. Мен мұны немен қайтарамын? Жүр, менімен бірге,- деп, Қожан тентекті үйіне ертіп келіп:

- Еркек жетім алып қайт!- деп, Жолдыбай құлды беріпті.

Осы Қожаны Нияз қожа екен дейді.

Есен тентек үйіне келіп отырған бір қожаны бас салып, сабап-сабап, артынан қожаның сәлдесінің ұзындығындай арқанға аяғынан тізіп толтырып мал берген. Сонда қожа:

- Он жасың кем болды, жетпіс бесте өлесің. Астыңнан тас шығады. Үш жер қазады: үшеуінен де тас шығады. Сонан соң ең бастапқы шот салған жерге таспен қалап өстіріп қойыларсың!- деген. Айтқанындай болған.

Мұрат: Тіней баласы Сиқымбай - Батыраш, Қотыраштың әкесі - Есен тентекке келген:

- Тентектік үйренемін!- деп.

Сонда Есен тентек оған айтқан:

- Тентектік әлуетті күштірек болады, үйрене алмайсың!- деген.

- Үйренемін!- деп қоймаған.

- Ал, үйренсең,- деп, бір керсен қымыз құйып, алып келген де:

- Кел, мына қымызға қот...ыңды малшы,- деген.

Ұялып, именіп қыла алмаған.

- Ұялдың, имендің, тентектік қолыңнан келмейді!- деген.

ҚҰЛБОЛДЫ ІШІНДЕГІ ӘУЛИЕЛЕР

Шорманұлы Мұса мырза сөйлеп отырады екен:

- Құлболдыда үш әулие бар. Бірі - Мәстөгін (Мастүк) абыздың Ханафиясы - Бұхарай Шариптен ғылым тәхсіл, тыхсыл қылып келіп, 39 жасында сібір науқасынан өлген. Ханафия дауам айтып отырады екен:

- Біздің Жанғозы - Иамының апатына ұшыраған ел, - деп.

- Бірі - Күлік: Тоқпанның - Самайы. Бұл кісі қажы сапарына барып жоғалған, қайда өлгені белгісіз. Бірі - Айдабол: Аққозы батырдың Сопағы. Бұл кісі диуана екен. Екі тұлымы белінен төмен салбырап жүреді екен. Түсі суық, көрген жан шошып қалады екен. Жүрісі аттан, түйеден қалыспайды екен. Бір қара қой дауам соңынан қалмай еріп жүреді екен. Әзіретке үш апарып, үш келген, үш кайта келген. Өзі тауық жылы өлген. Жұрттың жұтайтынын айтып сөйлеп жүріпті. Өлген соң, денесі көрден ғайып болған деседі. Бұлардан соң өзіміз көргенде, Орманшы: Батыр диуана, Ақбура: Шалқыма диуана, Қаржас:Ескендір диуана, Шалқыма баласы Айсабай қажы да диуана еді.

ҚОҢЫР ӘУЛИЕ

Қоңырбай халфе, Құрманбай абыз, Жайбақы - үшеуі Баянаула тауына аң аулап, арқар атуға шығады. Жерде аздаған қар бар. Үшеуі сөйтіп тау аралап жүрсе, бір жалаң аяқ адам ізі: қарға да басқан ізі, тасқа да басқан ізі - таңбасы түскен соң, бұл үшеуі тамашалап, ізіне түсіп: «Қоңыр әулие бар» деп жүрген. Сонан кейін бұл үшеуі бүл жерде әулиелердің жайы бар екен деп білген. Ол жолы емес, тағы бір жолы Қоңырбай халфе, Құрманбай абыз, Ақпан молда деген үшеуі жоғарыдағы айтылған жайға келіп, түнеп жатқан болады.

Сонда Ақпан молда:

- Қоңыр әулие, бар болсаңыз, мекен-жайыңды, кереметіңді көрсет!- деген.

Ұйықтаған кезде бір адам келіп, Ақпан молданы біреу алып кетеді. Ертең тұрған соң Қоңырбай, Құрманбай екеуі Ақпаннан сұрайды:

- Не көрдің, не білдің, Ақпан?- дегенде, Ақпан айтады:

- Қоңыр әулие жайын маған көрсетті,- депті,- Көрдім пәлен-түген,- депті.

Онда ана екеуі айтты:

- Ай, Ақпанбай, тиыш жүрмей, әулиеде нең бар екен?- деп.

Кешікпей Ақпан молданың мойны бұрылып, аузы қисайып кеткен дейді.

ЕСТЕ БОЛАТЫН ЕСКІ СӨЗДЕР

Бұрынғылар айтады екен: «Арғын болсаң, Алтай бол. Алшын болсаң, Адай бол. Үйсін болсаң, Сиқым, Жаныс, Тұтбай (Топтай) бол. Найман болсаң, Қаракерей - Матай бол. Өзгең қалай болсаң, солай бол!»- деген. «Тышқанның да сәуірі (сауыры) болады»,- деген екен. Сондай-ақ Алтай - Арғынның сәуірі (сауыры) болған: Әлібай, Нұрбай, Әлеке, Байдалы, Сайдалы - үш қатынның баласы да - бір бас, жалғыз мұның өзі де бір бас. ***

Әлтеке-Сарымжан құтты сөйлеген екен:

- «Алатау, Қаратауға барғанда, Үйсін Төле бидің төре берген төбесін көремін»,- деп барып, Үйсін, Қоңыраттың: «Қандай жан?»- деп сұраушыларына айтқан сөзі:

Тобықты: Құнанбай –
Ішіңнен шыққан қайнар бұлақ.
Қыпшақ Ыбырай –
Қажымас қара болат.

Мұса мырза -
Қабыршығы жоқ, қолға тұрмас
Жылмағай қара балық.
Шыңғыс төре -

Орысқа жуық,
Діні исламға суық жан!- деген.

Құнанбай, Ыбырай, Мұса - үшеуі қазақтың маңдайына қалай сыйып жүргеніне айран асырмын! «Тамыр берген түйеден - Тәңірі берген тойы артық!»- деген сөз сондайдан қалға[н].

НҰРМАН СӨЗІ

Кеше Қоңыраттан шыққан «Көктің ұлы» атанған Сапақ датқа мен замандас Қоңыраттың бір табынан қара Нұрман шешен шыққан. Осы екеуі .біріне-бірі кездеспей, бақ күндестік қылып жүреді екен. Сапақ өскен, өнген рудан шыққан; туған, туысқанды, балалы-шағалы, Нұрман туған-туысқаннан да таза, бала-шағадан да таза жалғыз да екен, жарлы да екен. Бір қалың ну жиында екеуі кездесіп қалып: «Мына жақта Сапекең отыр ғой!»- демей, Нұрман желдей гулеп есе беріпті. Сонда Сапақ шыдап отыра алмай:

- Нұрманым, Нұрман-ақ екенсің. Құлағың жоқ, шұнақ екенсің де, құйрығың жоқ, шолақ екенсің де! Жалтақтап сөйлейсің - жалғыздық көргеніңді білдіріп, көтеріліп сөйлейсің -көмексіздігіңді білдіріп!- дегенде, Нұрман айтыпты:

- Жалғызды мінесең, құдайды міне!

Жарлыны мінесең, пайғамбарды міне!
Құлағым шұнақ болса, сұңқар шығармын.
Құйрығым шолақ болса, тұлпар шығармын!
Құйрығы ұзын болды - ит,

Құлағы ұзын болды - есек!
Ешкі егіз табады,
Ит сегіз табады,
Шошқа тоғыз табады.

Бабаң егіз еді,
Атаң сегіз еді,
Өзің тоғыз едің!
Сенің көп балаңды алайын десе,

Құдайдың пәлесі жоқ па?
Маған бала берейін десе,
Құдайдың баласы жоқ па?!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙