Кие
Шархат Іздебаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Кие. Шархат Іздебаев
«КИЕ»
Қолан Амановтың «Кие» повесінің желісімен жазылған 2 актілі 7 көріністі драмасы
Рольдерде ойнаушылар: 1. Төлем 2. Әсем (жас кезі) 3. Әсем (қарт кезі) 4. Көрші 5. Жәмила 6. Тәуіргүл 7. Нұртай 8. Әсет (бала кезі) 9. Әшім (бала кезі) 10. Әсет (жігіт кезі) 11. Әшім (жігіт кезі) 12. Бағила 13. Дәрігер
Бірінші акт
Бірінші көрініс
Жанға жайлы табиғат аясы. Таудан сарқырап аққан су. Жағажай. Күнге қыздырынып Нұртай жатыр. Әсет пен Әшім су шашысып ойнап жүр. Әсем жеңіл киім киген, көзінде қара көзілдірік, демалуға шыққандығы көрініп тұр. Әсем көңілді музыканың ырғағына қосылып, ән айтып дастарқан қамын жасауда.
Әсем:
— Балалар, келіңдер! Қарындарың ашқан болар? Тамақтанайық. Оу, отағасы, келмейсіз бе? (Нұртайға қарап әзілдейді, Нұртай осы әңгімені күтіп тұрғандай екі баласын жетектей Әсемге қарай келеді).
Нұртай:
— О, о! Мынау нағыз мейрамхана дастарқанының мәзірі ғой, Әсем-ау! Осы далада адамның араны неге ашылады екен? Үйде тамаққа дәл мұндай тәбет болмайды.
Әсем:
— Араның ашылсын десең әр демалыста шығып тұрайық. Құдайға шүкір, енді өз машинаң бар, ешкімге жалынбайсың.
Нұртай:
— Дұрыс айтасың, Әсем, енді демалыс күндері үйде отырмаймыз. Осылай серуендейтін боламыз.
Әсем:
— Құдай бұйыртса деп сөйле. Әйтпесе, осы бүгінгі серуендеуімізге де күнде ертең деп әзер шыққан жоқпыз ба? Қарашы, Нұртай, ауа қандай тамаша! Күнде керемет боп тұр! Бүйтіп демалыс сайын қыздырынар бол сақ нағыз африкалық біз болармыз.
(Осы кезде Әсет папасына өтініш айтады.)
Әсет:
— Папа, анау судың жағасына Әшім екеуіміз ойнап келеміз.
(Екеуі қол ұстасып жүгіре жөнелді).
Нұртай (Әсемге қарап әндетіп):
Көзіңнен бір ұшқын ұшты ма білмедім,
Әйтеуір нұр құштым, әйтеуір гүлдедім.
Әсем:
— Нұртай, екеуіміз қандай бақыттымыз, ә!
Нұртай:
— Сен менің ұйқыны жақсы көретінімді ғана білесің. Дәл қазір тіпті де олай емес. Немене, менің одан басқаны ойлауға қабілетім жетпей ме? Қанша тапқыш болсаң да, осы жолы таба алмадың.
Әсем:
— Ендеше, айта ғой, не ойлап отырсың?
Нұртай:
— Келесі жылы амандық болса, сенің төркініңе, Төлеш ағаңа барайық! Көптен хабарласпай кеттік. «Бізді менсінбейсіңдер, байып қалыпсыңдар ғой» - деп кекететінді шығарып жүр. Аунап-қунап қайтайық, соны айтқым келіп еді.
Әсем (қуанып, орнынан тұрады):
— Қандай ақылдысың, Нұртайым! Сендей күйеуім бар, мен қандай бақыттымын! Бұны саған айта алмай-ақ жүр едім. Қызметтен қолың бір босамай-ақ қойды. Көңілімді алаңдатпайын деп едім. Міне, сол сөзді ауызыңа Құдай салып отыр. Барсақ барып қайтайық. Жеңгемде бала көтермеді. Ағам мен жеңгеме жаным ашиды. Балалар үйінен неге бала асырап алмайсыңдар десем «Кісі баласы бала боп жарытушы ма еді», - деп әңгімені шолақ қайырады. Одан әрі қазбалай беруге дәтім шыдамайды. Жарасының аузын тырнағым келмейді. Қайтеміз, өздері біледі-дағы. Әйтпесе, үйінің жанындағы балалар үйінен көздері жәутеңдеген қара көздерді көргенде жүрегім шаншиды.
Нұртай:
— Бұл жай мені де толғандырып жүр. Әсем-ау, сол үйдің маңынан өткенде менің де жүрегім шымырлайды. Қолдан келер шара бар ма? Ата-бабамызда жоқ қасиет. Бесіктен белі шықпай жатқан баланы жетімдер үйіне апарып тастау қылмыс пен пара-пар ғой.
Әсем (аспанға қарап):
— Әне, әне қарашы Нұртай, аспан екеш аспанда біздің әңгімемізге ортақтасты. Қазір ауа-райы бұзылатын сияқты. Жауынға ұрынбай тұрғанда тезірек үйге жетіп алайық.
(Машина дыбысы, тарс-тұрс, айқай-шу «Нұртай» деп айқайлаған әйел дауысы. «Мамалаған» бала дауыстары естіледі. Аурухана бөлмесі. Әсем қимылдауға шамасы келмейді, басы таңылған. Ерні әзер қимылдап, Нұртайды қайта-қайта сұрайды.)
Әсем:
— Нұртай, Нұртай қайда? (Ешкім жауап бермейді. Дәрігерлер өзара күбірлеседі.)
1-дәрігер:
— Шамасы, күйеуін сұрап жатыр-ау.
2-дәрігер:
— Байғұс, ештеңе білмейді ғой. Қазір естіртуге болмайды. (Олар Әсемнің аузына су тамызады)
1-дәрігер:
— Қабырғасы төрт жерінен сынған. Дәрігерлер аянбады. Бірақ күйеуін құтқара алмады. Балалары машинаның артындағы көрпе-жастықтың арасында аман қалыпты. Күйеуінің ешкімі жоқ екен, балалар үйінде тәрбиеленіпті.
2-дәрігер:
— Балалар қайда?
1-дәрігер:
— Әйелінің жалғыз ағасы бар екен. Соған хабар берілді. Балаларды сол нағашысы алып кетті.
Авансцена
Төлеш:
— Ия, бұл отбасына бақытсыздық тап болды. Так, Нұртайды арулап жерледім. Оның қазасын Әсемге естіртуге болмайды. Дәрігерлер «миы зақымданған» дейді. Жиі-жиі есі ауып кетеді. Кейде сандырақтайды. «Оған тыныштық керек. Ашуландыруға, жүйкесіне тиюге болмайды» — деп отыр дәрігерлер. Соққан машинаның иесін тауып, машинаны жаңалатып, үйдің қасына апарып қойдым. Менен сол машинаны сұрайтын олардың кімі бар? Әсемнің түрі анау, есі кіресілі-шығасылы. Балалар болса әлі жас. Ендігі мәселе, мынау – дүние-мүлкі мен қалған төрт бөлмелі пәтер менікі болуы керек. (зымияндықпен жымияды) Ауруханадан шығысымен Әсем қарындасымды колыма көшіріп алайын. Әрі қарай не істеймін десем де өзім білемін. Оған уақыт керек.
Екінші көрініс
Төлештің үйі. Үйде Әсем екі баласымен отыр. Оларды әлсін-әлсін маңдайынан сипайды. Әшім баласы шаршаған, солғын дауыспен сұрақ қояды.
Әшім:
— Мама, папам қайда? Ол неге бізге келмейді?
Әсем (қатты күрсініп):
— Айналайын құлыным, келеді папаң келеді. Сенің үлкен жігіт болғаныңды көреді. (Төлеш кіреді).
Төлеш:
— Айналайын қарындасым, жақсымысың? Жағдайың қалай?
Әсем:
— Шүкір жақсымын, аға, тез шаршаймын, басым айналады.
Төлеш:
— Әсем айналайын, қайғыра берме, қайғыра бергеннен Нұртай ортамызға қайта келмейді. Енді мына балалардың, өзіңнің жағдайыңды ойлауың керек. Өздеріңе салса қазіргі мына жағдайда қалада тұра алмайсыңдар ғой. Сен болсаң түрің мынау, науқассың, балалар болса шиеттей, әлі жас. Өздеріңе келіп алғанша біздің үйде тұра беріңдер. Құдайға шүкір, үй жетеді. Көштен қалып отырған жайымыз жоқ. Жалғыз қарындасымды екі баласымен қалаға апарып тастауды білмей отырғаным жоқ. Сендерді бастарыңа іс түскенде бағып, күту менің туысқандық парызым емес пе? Бала емессің, түсінесің. Естіген ел-жұрттан ұят қой.
Әсем:
— Бұл не дегеніңіз, аға?
Төлеш:
— Жоға, қарындасым, бүгінгі адамдар қарап жүре ала ма?Ауыздарына тыным жоқ. «Төлеш жалғыз қарындасына пана бола алмады, көмектеспеді» деген сөз маған ғана емес, саған да, біздің сүйегімізге салынған таңба болмақ. Сондықтан жеңгең екеуіміз осылай ұйғарып, өзіміз қараймыз деп өз үйіме алып келдім. Сен ештеңеге алаң болмай, денсаулығыңды күт. Басқа шаруаны өзім реттеймін.
Әсет (Әшімді қолынан жетектеп алған):
— Мама, сен ренжімесең біз далаға шығып ойнаймыз.
Төлеш (Ол да балаларды қостап):
— Ия, балалар, далаға шығып ойнай қойыңдар. Мен сендерді көрші балалармен таныстырайын. (Шығып кетеді.)
Әсем (өзімен өзі оңаша қалады):
— Ия, бұл ауылға келгеніме де үш айдай уақыт өтті. Обалы не керек, ағам да, жеңгем де бәйек боп бағып жатыр, мені тіпті қимылдатпайды. Әсет пен Әшім де арқа-бастары кеңіп, күнұзаққа ойыннан бір босамайды. Алғашында әкелерін іздеп, қыңқылдаушы еді, ойын баласы емес пе, соңғы кезде оны да ұмытты. (жеңгесі кіріп шай қамына кіріседі).
Тәуіргүл:
— Еркем-ау, өңің түзеліп қалыпты, күннен-күнге жақсарып келесің.
Әсем (қиналыңқырап):
— Ауыл тірлігін жатырқап қалыппын. Оның үстіне ертелі-кеш жұмыссыз отыру жалықтырады екен. Аға-жеңеше, менің сіздерге масыл болып отырғаным жараспас. Қамқорлықтарыңа рақмет. Айыққан секілдімін. Тірі адамбыз, тірлігімізді жасаймыз. Үй-жайымыз бар, Нұртайдан қалған азды көпті дүние де жоқ емес, азар болса машинаны сатамын, өзім жұмыс жасаған жерімде қызметімді жалғастырамын. Қашанғы отыра берермін, Нұртайдың жолдастары да көмектесер еді. Рұқсат беріңдер. Біз өз үйімізге оралайық.
Төлеш (орынынан тұрып ішкі ойымен арпалысады):
— Апырмай, машинаны сатамын деді ме? Қой, мен тұрғанда машинаны сатқызбаймын. (орнына қайта келіп отырады) Қарындасым. жаным-ау, сен мені ренжітпе, ағаңның басынан теуіп, елдің алдында масқаралап кетпекпісің? Дүние бәрімізге де жетеді. Бауыр мен бауырдың арасы суымасын. Машинаны сатқаны несі, жұрт не айтады. Анау Төлеш жалғыз қарындасынан дүниені аяп, машинасын сатқызды деп табаламай ма? Біле білсең, ол Нұртайдың көзі емес пе? Оны көздерің қиып, дәтің барып қалай сатасың? Қаладағы үй тозып кетеді десең, әзірге пәтер жалдаушыларға жалдай тұрамыз. Денсаулығыңды күт. Саған қаланың айқай- шуы жақпайды. Дәрігерлер саған «тыныштық керек» деген, жалғыз ағаңның жанашыр сөзіне құлақ ас, жаным. Мен қалаға барып, өзіңді жақсы қарайтын дәрігер іздейін.
(Сахна жабылады. Авансцена)
Төлеш (әйеліне):
— Мен қала жаққа барамын. Менің айтқандарымды орында. (кетіп қалады.) Тәуіргүлге таныс әйелі кездеседі
Әйел:
— Әй, Тәуіргүл, амансыңдар ма? Қайынсіңлің қалай, жақсы ма?
Тәуіргүл:
— Ойбай не дейін, қайынсіңлім соңғы кезде өзгере бастады. Жүріс-тұрысы біртүрлі. Сөзі де сандырақтап барады. Ақыл-есі ауытқыған секілді. Қарап отырып басы айналады. Оңашада өз-өзінен күле береді. Ана екі жетімегіне қарауды да қойды. Тамақты да бере алмайды. Мен үйде жоқ болсам, екі бала аш қалады. Кейде сақылдап тұрып «Нұртайды» іздеп келдім,– дейді.
Әйел:
— Рас па, обал болған екен? Онда дұрыс ауруы бар болды ғой.
Тәуіргүл:
— Ойпырмай, о заманда, бұл заман, өлген адам тірілуші ме еді.
Әйел:
— Жас жан ғой, жазылар. Обал-ақ болған екен.
Тәуіргүл:
— Обал болды, кесірі балаларға тимесе екен. Ағасында да ес жоқ, әлгі біздің үйдің адамын айтамын. Бәрін қойып, соның қамымен жүр. Дәрігерден ештеме қоймады. Қалаға апарып дәрігерге қаратпақшы. Қайтсін, жалғыз қарындасын қимайды ғой.
Төлеш:
— Әсемжан, сені жақсылап емдейтін дәрігер таптым. Өзімен жақсылап сөйлестім. Осыдан құлан-таза айығып кетсең, үйіңе апарамын. Балаларды балабақшаға берерсің. Өзің жеңіл-желпі жұмыс табарсың, біз де көмектесерміз. Нұртайдың басына ескерткіш қоярмыз. Өзі де бір тәуір дәрігер екен. Барынша көмектесейін деді. Мен де ештеңемді аямаспын. Жалғыз қарындасынан аяған дүние-мүлік неге қараң қалмайды.
Төлеш:
— Мынау кешегі айтқан адамым. Дұрыстап қарарсың. Мынау қағаздары.
Дәрігер (қағаздарды ашып қарайды):
— Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Егер аурудың беті бері қараса, туған-туыстың арасында болған дұрыс. Сағыныш пен уайым дымкесті бір жолата ушықтырып жіберуі мүмкін.
Төлеш:
— О не дегеніңіз, келіп тұрамын, қатынасымызды үзбеймін.
Дәрігер:
— Дегенмен мекен жайыңызды жазып кетіңіз.
Төлеш:
— Әрине, жазамын. (Зымияндықпен, аярлықпен тұрған адресін өзгертіп жазады, жүзінде жағымсыз күлкі табы байқалады.)
Төлештің алдынан қол ұстасқан Әсет пен Әшім шығады.
Әсет пен Әшім (қосарлана):
— Мамам қайда? Оны қайда тастап кеттіңіз? Алып келіңіз. Үйге, өзіміздің үйімізге кетеміз. (екеуі отыра қалып жылайды.)
Төлеш:
— Жыламаңдар, ертең келеді. Өзім ертең үйге апарып тастаймын. Бұлай көшеге, жолға шықпаңдар. Жүріңдер, үйге барайық.
(Екеуі сол қол ұстасқан күйі жолға қарайды.)
Әшім (Әсетке қарап жәутеңдеп, жыламсырап):
— Әсет, мамамыз қашан келеді?
Әсет:
— Әшім, жылама, мамамыз ертең келеді, жүр, саған балмұздақ әперейін. Жақсы ма. келістік пе, жылама.
Әшім (өксіп):
— Жақсы, жыламаймын.
Төлеш (балаларға дауыс көтеріп, айқайлап):
— Өшір үніңді, шешең еш жаққа кеткен жоқ, келеді. Әйтпесе, үйден қуып шығайын, жүріңдер сосын қаңғып. Сендерге айттым ғой, көшеге шықпа деп, балалар жәутеңдеп бір-біріне қарайды.)
Жындылар жатақханасы.
Әсем (дәрігерге):
— Мен ауру емеспін, саумын.
Дәрігер:
— Осындағылардың бәрі сау, азғана уақыт жата тұрыңыз.
Әсем:
— Мені босатыңдар, зәредейде кеселім жоқ. Сендер мені әдейі ұстап отырсыңдар. Балаларымды тауып беріңдер. Ей, адамдар, тасбауыр болмай менің Әсетім мен Әшімімді тауып беріңіздер. Нұртайдың ұлдары Әсет пен Әшімімді көрген, білгендер бар ма? Менің іздеп жүргенімді олар біле ме екен? Әлде тасжүрек Төлеш олардың да көзін құртты ма екен? Көрдіңдер ме, адамдар, бауырымның пайдасын. Асырды ғой арамза ақылы мен айласын. Жынды болдым қайтейін. Дәлелдеуге дәтім жоқ. Әсет. Әшім құлындарым, қос боздағым қайдасың?
Жетімдер үйі.
Әсет:
— Әшім, Әшім, қарашы біздің машина келеді.
(Төлеш келе жатады. Оны көрген Әсет інісін жетектеп әрі қарай жүреді.)
Төлеш:
— Әсет, Әшім, қайда барасыңдар, бері қайтыңдар. Жағдайларың қалай? Мен сендерге тамақ әкелдім. (Әсет машинадан көзін алмайды. Әшім Төлеш ұсынған тамақты алады, Әсет жақтырмай қарайды.)
Төлеш:
— Жүріңдер, машинамен қыдырып қайтайық.
Әсет:
— Жоқ, мінбеймін. Бұл машина – менің папамның машинасы. Анау кісі оны не үшін айдап жүр. Мен оны мамама айтамын.
(Әсет булыға жылап, теріс айналып кетеді.)
Төлеш:
— Әй, мұрынбоқ, ол машинада сенің шаруаң болмасын. Қайта сен маған рақмет айт, артыңнан іздеп, тамақ әкеп тұрғаныма. Өй, мақұлық, сені ме, мамам дейді ғой, мамаң жоқ, ол өлген, естідің бе, өлген.
Екінші акт. Авансцена. (Далада. Арада 20 жылдай уақыт өтті. Екі бала да есейіп, ер жеткен кез. Әсет мектепті бітіріп, зауытқа жұмысқа тұрған).
Әсет (Әшімге):
— Сен менімен ақылдаспай, неғып анау Төлештікіне кетіп қалдың? Әлде Төлеш саған басыңа бақ құсын орнатамын деп сайрағанына сендің бе? Кімге жалшы болып жүрсің, ауырып өлген шешемізді бізден жасырып жүрген, оны біз елден естідік. Нашар халде жатқанын біледі ғой, сонда бізді неге апарып жолықтырмады. Мамамыздың өлгенін өзгеден естіп, неше күн жылағанымызда бізді кім жұбатты. Бізге жасаған жақсылығы -әке-шешеміздің үйін, дүниесін пайдаланғаны ма? Саған, маған бір көйлек әперді ме? Жақсы адам болса бізді жетімдер үйіне тапсырар ма еді? Қазір есейген соң сені қолдарына ала қалыпты, менің училищеге оқуға түскенімді пайдаланып. Өйткені, сен оларға бүгін керексің. Айтшы, сен қандай жақсылық көрдің? Енді өлуден кеттік. Мен жұмысқа орналастым. Сен енді мектеп бітіресің, бәрін таста.
Әшім:
— Айтқандарыңның бәрі шындық. Ол бізді аямаса, біз оны аяйық. Кемпірі ауру, шалдың да көзі көрмей бара жатыр. Осындай жағдайда қалай тастап кетесің? Жаманды-жақсылы шешеміздің ағасы емес пе? Тастап кеткеніміз обал ғой, шешеміздің өлгенін айтпаса, бізді аяған болар. Мен әзірге осында болып, көмектесе тұрайын. Осында қалып келісім шартқа отырып жұмыс жасасам ба деген ойым бар.
Әсет (Әшімді бауырына басып құшақтайды):
— Бауырым, қиын тағдыр сені ерте есейткен. (Екеуі құшақтасады).
Бағиланың үйі
Бағила:
— Мама, мен бір жігітпен таныстым, өзі сондай сыпайы, сымбатты жігіт. Зауытта жұмыс жасайды. Балалар үйінде өскен.
Жәмила:
— Әке-шешесінің тәрбиесін көрмеген бала, қай оңған дейсің? Ішкіш біреу-дағы. Бір маскүнемнен әзер құтылып едік.
Бағила:
— Олай деме, анашым! Ол арақ та ішпейді, темекі де шекпейді.
Жәмила:
— Тәйт әрі, олардың бәрі үйленгенге дейін солай айта береді. Сенің әкеңде үйленерде солай қақсаған. Қолы жеткен соң, басымнан таяқ айырмай қойды емес пе? Оларға бірден сену қиын. Байқа, қызым, менің зар жылап өткенім жетер, күйеусіз қалмассың, ата-анасы бар жігіт бұйырмады ма? Менің де құдағаймен араласқым келеді.
Бағила (ойланады):
— Ия, мамамның сөзінің де жаны бар. Оған құлақ аспасаң тағы болмайды. Ал. Әсетті ондай жаман жігітке қимаймын. Бүкіл зауыт мақтайды. «Ел мақтаған жігітті, қыз жақтаған» деген бар емес пе?
Бағила (анасына еркелеп):
— Мама, қызыңызды сондай адам талғай алмайтындардың санатынан дегіңіз келеме? Мен адам танимын. Әсет жаман жігіт емес, ол да біз сияқты. Тағдыр тауқыметін көп көрген, інісі бар, нағашысының қолында екен. Әсетті көрсең, бүгін пікіріңнен айнып шығасың. Үлкені де, кішісі де жұмысында оны мақтайды.
Жәмила:
— Жарайды, қызым. Менікі әшейін. Сенің болашақ өміріңнің қамы ғой, өзің білесің ғой. Ендеше сол жігітіңді үйге әкелсеңші, ақыры танысу керек қой.
Бағила:
— Анашым, менің! Сіз алтын адамсыз ғой сіздей алтын адамды қалайша жаман жігітке айырбастаймын. Оған әлі-ақ көзіңіз жетеді. Ол өте тамаша жігіт. (Бағила анасының бетінен сүйеді.)
Бағила Әсетпен кездеседі.
Бағила (Әсетке):
— Әсет, екеуіміз қосылмас бұрын, сен менің мамамның алдынан өтуің керек. Жалғыз анамның сөзін тастап кете алмаймын. Үйге барайық менің мамаммен таныс.
Әсет (шошып):
— Қалай? Не айтып тұрсың? Сонда мен ол кісіге «қызыңызды маған беріңіз» деймін бе? Ұят емес пе?
Бағила:
— Сені жұрт темірден өрім өреді дейді. Бір кемпірмен бір ауыз сөз сөйлесуді білмейсің бе? Жүр, онан да біздің үйге барайық. (Екеуі Бағиланыц үйіне келеді)
Әсет (ұялып, қысылып):
— Сәлематсыз ба?
Жамила:
— Есен-саусың ба, балам. Төрге шық, сен дер келеді деп дастархан жасаған болдым, ұялмаңдар, тамақ алып отырыңдар.
Әсет:
— Денсаулығыңыз жақсы ма, апа?
Жамила:
— Шүкір Аллаға, шырағым, өзің бір қарағанда момын балаға ұқсайсың. Бағилам бірде-бір жігіттің атын атамаушы еді, соңғы кезде сенің есіміңді аузынан тастамайды. Егер бір-біріңді шын ұнатсаңдар, сендерге қарсы келер менде күш жоқ. Екеуіңде жетімсіңдер, бақытсыздық бізбен кетсін. Бақытты болыңдар, бір-біріңді сыйлаңдар, бақыт та, бақ та аспаннан түспейді, ол өз қолдарыңда. Бақыт құсын алақандарыңа қондыратын да, үркітіп, ұшырып алатын да өздерің. Айналайындарым, бақытты болыңдар.
Авансцена
(Әшім мен Әсет шығады.)
Әсет:
— Бауырым, зауыт маған үй беретін болды. Жеңгең екеуіміз жақыңда жаңа үйге көшетін боламыз. Осында кел, шаруашылықпен айналысасың, жан-жағы кең, үлкен үй.
Әшім:
— Нағашыммен ақылдасайын, сосын біржола келейін.
Әсет:
— Айтатын несі бар. Анау арақкеш балдызын қолына кіргізіп алсын. Қартайған апа-жездесін бақсын. Машинаға да, үйге де сол ие емес пе? Ендеше, көрсетсін сол көмегін. Екеумізге не істеді? Болды, жетті, бәрін таста да осында кел. Бағилаға да ескерттім, бәріміз бірігіп тұрамыз. Солай жаса, бауырым. Ес барда етек-жеңімізді жинайық.
Нағашысының үйі
Әшім:
— Нағашы аға, Әсет үй алатын болыпты. Жеңгем екеуі сол үйге көшкелі жатыр. Менде солармен тұрғым келеді. Әсет те «үйге кел» деп шақырып жатыр.
Төлеш (ұзақ ойланып, тұнжырап):
— Екеуің де ержеттіңдер, адам болдыңдар. Әке-шешесі жоқ дегізбей өсірдім. Қолымдағыны аямадым. Менің жағдайымды көзің көріп отыр, кемпірдің жағдайы анау. Күніге дәрігерге шапқылауда, бүгін де ана ит інісі мас күйінде доғдырға алып кетті. «Мас күйіңде машина айдама, бір нәрсеге ұрынып қаларсың» деп едім, тыңдамады. Мана кеткен, кайтатын уақыты болды. Әлі жоқ. Осындай қиын-қыстау уақытта сен буынсыз жерге пышақ ұрасың. Нағашың ажалынан бұрын өлсін десең, бар, қалма, ағаңның қасында бол. Бізбен бірге болғаның да дұрыс еді. Қайтемін, Әсет те басыңды айналдырып жіберіпті ғой, өзің біл. (Осы кезде тыстан көршісі «Төке, Төке» деп жүгіріп кіреді.)
Көрші:
— Төке, масқара болдық, масқара. Ауылдың шетінде сіздің машинаңыз апатқа ұшырапты.
Төлеш:
— Не, не дедің? Кемпір аман ба? Құдайым-ай, не жаздық, өлмелі шағымда көрсетпегің осы ма еді?
Көрші (Әшімге):
— ішіндегі адамның екеуі де өлген. Қарсы келген үлкен машинаның астына кіріп кетіпті шопыры мас қой деймін.
Әшім:
— Түсінікті. (Қатты күрсінеді). Ойпырмай, неткен тажал машина еді?
Төлеш (дегбірсізденіп):
— «Барма» деп айтып-ақ едім. Тыңдады ма, мені. Әне түбіне жетті. Ажал айдап тұрған ғой, Құдай-ау, не жазығым бар еді? Неңді алдым. шұнақ Құдай! Мен қақпасты ең болмаса тыныштықпен өлтірсеңші.
(Төлеш жер бауырлай, бүк түсіп жығылады)
Авансцена
(Пошташы әйел мен Бағила, Бағиланың қолында газет-журналы бар, пошташы әйел хат береді. Бағила хаттың сыртын оқитын болды.)
Бағила:
— Бізге ешкімнен хат келмеуші еді ғой.
Пошташы:
— Қайдан келген хат екен?
Бағила:
— «Сандықтастан»
Пошташы әйел:
— Ия, мен ол жерді жақсы білемін. Оған бір неше рет барғаным бар. былтыр туған жиенім сонда жындыханаға түсіп қалған. Сонда бір әйелді көрдім. Өзінің алып бара жатқан ауруы да шамалы сияқты. Дауысы сондай зарлы бишараның, уақытында келісті адам болған сияқты. «Әсетім мен Әшімім. қос құлыным қайдасыңдар? Өлісіңдер ме, тірісіңдер ме?" – деп зарлайды да отырады. «Қос құлынымды бір көріп өлсем арманым жоқ» дейді. Ешкімі жоқ бір жан ғой деймін. Қасына барып, әңгімелесейін десем «Не қыласыңдар, жиырма жыл бойы осылай зарлап келеді, іздеп келіп жатқан ешкімі жоқ», - деп дәрігер рұқсат етпейді. (Бағиланың көзі бақыранып, түрі өзгеріп кетеді.)
Пошташы әйел (Бағилаға таңданып қарайды):
— Саған не болды, өңің қуарып кетіпті ғой.
Бағила (тез бойын жиып):
— Кешіріңіз, мен үйге тез жетуім керек.
Әсеттің үйі
Бағила:
— Түк түсінсем бұйырмасын. Бұл қалай? Әлде ұқсастық па? Күйеуімнің де. қайнымның да аттары дәл келіп тұр. Әсет маған «әкеміз машина апатынан, ал анамыз ауруханада қайтыс болды демеп пе еді? Әлде мені алдағаны ма? Әлде шешесінің жындыханада жатқанын жасырды ма? Ауруды ешкім Құдайдан сұрап алмайды ғой. Әсет өтірік айтуы мүмкін емес. Бұнда бір үлкен сыр болуы мүмкін. Неде болса Әсеттің жұмыстан келуін тосайын. (Әсет келді.)
Әсет:
— Жаным-ау, бір түрлі абыржулысың ғой? Не болды саған?
Бағила:
— Ештеңе болған жоқ. Саған солай көрінген шығар. Бар жуынып кел, шай дайын. Шай ішейік.
(Екеуі шайға отырады, Бағила сөз бастайды)
Бағила:
— Әсет, сен осы шешеңнің өлгенін өз көзіңмен көрдің бе?
Әсет:
— Иә, оның саған тап қазір керегі не?
Бағила:
— Жоқ әшейін, өз көзіңмен көргеніңді сұрап отырмын.
Әсет:
— Көрдің не, көрмедің не, бәрібір өлген адам тірілуші ме еді? Оны не қыласың, одан да шайыңды құй.
Бағила:
— Саған не болған, Әсет?
Әсет:
— Бағила, өлгеніне жиырма жыл болған адамды неге қайта-қайта сұрай бересің? Тым білгің келсе айтайын. Мен де, Әшім де шешеміздің өлгенін көзімізбен көрген жоқпыз. Бірақ, нағашым «ауруханада көз жұмды» деп айтқан. Жақында Әшімге «Қай жерге жерленгенін білші, басына тас қойып, Құран оқытайық» деп едім. Ол сұрады ма, сұрамады ма, білмеймін. Әлі хабарын айтқан жоқ. Бағила, мұны менен тәптіштеп неге сұрадың?
Бағила:
— Мана пошташы әйел келген, сол әйелден «Сандықтастағы» ауруханадан «Әсетім мен Әшімім тірісің бе, қайдасыңдар?» деп зарлаған әйелді көрдің бе деген сөз естідім.
Әсет:
— Бағила, сен бәрін дұрыс естідің бе? Ештемені жаңылыстырып тұрған жоқсың ба? Мысалы, адамның аттарын дегенім ғой. (Бағилаға жалт етіп, тік қарайды.)
Бағила:
— Дұрыс естігенде қандай. Аттарын қайта-қайта2-3 рет атады. Егер қағыс естісем, құлағым керең болсын. (Әсетте маза жоқ, арлы-берлі үй-ішін кезе бастайды.)
Әсет:
— Түкке түсінсем бұйырмасын. Тірі адамды бұлар қалайша «өлді» дейді, а? Жиырма жыл бойы өзінің емшектес, туған қарындасын өлдіге санап жүрген нағашымыз қандай қаныпезер адам, а? Нағашыдан садаға кеткір. Мүмкін емес, тіпті. Сенбеймін.
(Ашуланып, жұдырықпен үстелді бір қояды.)
Бағила (сабырлыққа шақырады):
— Неде болса барып қайт. Мәселенің анық-қанығын біліп келгенің жөн. Әзірге бұл жайында ешкімге сыр ашпай қоя тұралық. Ертең арманда қалып жүрерсің. Көңілің сол жердің өзінен қалсын. Неде болса, барып қайт.
Әсет:
— Дұрыс айтасың, Бағила. Жұмыстан сұранып баруға, жолға жиналайын.
Авансцена.
Келесі аялдама, Сандықтас.
Әсет:
— Апырмай, оймен отырып, келіп қалғанымды да байқамаппын. «Апырмай, жүрегім бір түрлі толқуда. Жиырма жыл көрмеген, өлдіге санап, жоққа теліген анаммен жолыққанда қандай күйде болар екенмін?! Анам мені танымай қалса қайтемін? «Мен сенің балаңмын» дегенге сене қояр ма? Бірден «Мен - Әсетпін» десем жүрегім жарылып кетпес пе екен? Болмаса «жиырма жыл шешеңді іздемей қайда жүрсің» деп өзімді кінәлап,сөйлеспей қойса, анық масқара сондай болмай ма? Тіке айтсам арты неге соғады? Жиырма жылғы сағыныш пен ыза-кектің шыдамауы мүмкін. Неде болса, Төлештің көршісі болып барайын. Арғы жағын әңгіме барысында көрермін.
Сахна ашылады. Жындыхана.
Әсет:
— Саламатсыз ба? Дәрігер?!
Дәрігер:
— Саламат па, шаруаңызды айта отырыңыз.
Әсет:
— Елден келген едім. Осында көршімнің қарындасы жататын еді? Хабарды жақында естіп, менің жолым түсетінін біліп «соға кел» деп еді. Азын-аулақ сәлем-сауқаты бар. Мені сол кісіге жолықтырыңызшы.
Дәрігер:
— Аты-жөні кім еді?
Әсет:
— Әсем Беденқызы. (дәрігер басын жұлып алып, таңырқай, көзілдірігін алып, қайта киіп қарайды)
Дәрігер:
— Ия, ондай адам бізде бар. Бірақ, оның ешкімі жоқ емес пе? Ол бейшараға жиырма жылдан бері келіп тұрған алғашқы адам – сіз! Ол байғұс қалай қуанар екен? Осыншама уақыт бір хабарын бермеген неткен бауыр? Неге бір іздеп келмеген? Қаншама рет хат жаздық. Бірде-бір жауап ала алмадық. Көршіңіз қандай адам еді? Дені сау ма? Әйтпесе, мынадай қарындасын жалғыз тастап кетер ме? Қатты науқасы да жоқ. Екі баласын іздеумен-ақ қартайды, байғұс. Иә, қазір мен оны осында ертіп алып келемін.
Әсет:
— Мен ол кісіні сырттан күтейін, сізге бөгет болмайын.
(Дәрігер Әсемді ертіп келе жатады)
Дәрігер:
— Міне, сізді іздеп келген кісі – мынау.
Әсем:
— Мына бала ма?
Дәрігер:
— Иә, осы бала.
Әсем:
— Бұл баланың менде қандай шаруасы бар?
Дәрігер:
— Алдымен баланың әңгімесін тыңдаңыз. Аздан соң өзім ертіп әкетемін.
Әсем:
— Кімнің баласысың? Сені мұнда кім жіберді? Мені не қыласың? Мен біреуге керек болыппын ба?
Әсет:
— Осында бір жұмыстарыммен келген едім. Көршім «Егер Сандықтасқа барсаң, сонда менің қарындасым емделіп жатыр еді, хабарын біле келші»,-деп еді.
Әсем:
— Ол көршің кім деген? Әсет:
— Көршім Төлеш деген ақсақал. Әсем:
— Кім дедің? Кім? Төлеш? Төлеш дедің бе? (Әсет қорқып кетеді) Оның әйелінің аты кім?
Әсет:
— Әйелінің аты – Тәуіргүл.
(Әсем тістеніп, көзінен ұшқын шашып, қайта сұрайды.)
Әсем:
— Олардың қолдарында бала бар ма? Әсет:
— Сіз білетін Төлештің балалары бар ма еді? Әсем:
— Мен білетін Төлештің балалары жоқ болуға тиіс.
Әсет:
— Онда балалары туралы неге сұрадыңыз?
Әсем:
— Жай сұрағаным ғой, айналайын! Егер тірі болса оның қолында екі бала болуы керек еді.
Әсет:
— Ол балалардың атын білесіз бе?
Әсем:
— Неге білмеймін, әрине, білемін. Бірінің аты – Әсет, бірінің аты – Әшім.
Әсет:
— Бұл балалардың сізге қатысы бар ма? Ол балалар кіміңіз еді?
Әсем:
— Қатысы, қатысы (мырс етті). Өзің тергеушіден кем емессің ғой. Ол екеуі де менің балаларым. Енді саған не керек өзі (ашуланады).
Әсет:
— Иә, ол үйге екі ер бала кіріп-шығып жүретін еді. Кішісінің атын білмеймін, ал үлкенінің аты – Әсет.
Әсем:
— Әсет, Әсетім, анау кішісінің аты – Әшім болды ғой. Оңбаған, сенің анау көршің оңбаған адам. Кие ұрғыр қасиетсіз. Неғып ол жиырма жылдан соң қарындасын іздеп қалды. Мен оны өліп қалды екен десем. Әлі тірі екен ғой, қаныпезер. Айналайын балам, көршің құрсын! Ол бәрібір ұзаққа бармайды. Оны кие ұрады, кие. Оны мына менің көз жасым жібермейді. Мені зарлатқанда, ол оңбаған не опа тапты екен? Құдай бар болса, оның алдына келтіреді, ол – шындық. Одан да ана аулыңа барған соң, Әсетке айтшы, шешең тірі деші. Мүмкін, ол шешесінің тірі екенін білмейтін де шығар, құлыным. Ана Төлеш сұм оларға "шешең өліп қалған" деуден тайынбас. Мен кеткенде екеуі де кішкентай еді ғой, қайдан білсін?! Олардың кінәсі жоқ қой, кінәлағым келмейді. Сол балама айтшы, шырағым. Келсінші соларды бір көріп өлсем арманым жоқ. (Жылайды)
Әсет (тебіреніп, толқып):
— Ма-ма! Мама! Мен сенің Әсетіңмін ғой!
Әсем:
— Не дейді? Не дейді? «Әсетіңмін ғой» дей ме? Жоқ. сен менің Әсетім емессің. Аулақ, аулақ. Алдама мені, алдама. Осы кезге дейін, осы алданғаным да жетер.
Әсет:
— Маматай, маматайым менің! Мен Әсетпін ғой! Бізге сені «өлді» деп қойған ана Төлеш бауырың. Соған сендік қой. Тірі екеніңді кеше ғана естідім. Маматай, кешір бізді. Әшім де тірі. Сеніңіз, мен Әсетіңмін. Бұл жерде қалдырмаймын. Мен Нұртайдың баласымын, Әсетпін.
Әсем (Нұртайдың есімін естігесін кілт тоқтап):
— Шынымен, Әсетімсің бе? Құлыным! Менің Нұртайымның Әсетімісің? Әшім, Әшім қайда? Айналайындар-ау, бармысыңдар?! Құдай-ау, көз жасымды көрген екенсің-ау. зарымды естіген екенсің ғой! Бәсе деймін, жиырма жылдан бері қатып қалған тас емшегім бүгін бір иіп еді-ау! Сезген екен-ау, білген екен- ay! Оң қабағым тартып еді, жақсылық хабарын білдірген екен ғой. Қане, Әсетім, келші, Әсетім, жетімегім!
(Екеуі бір-бірін тac қып құшақтап алған. Әсет те «мамалап» жылап жатыр). (Музыка).
Авансцена
Әсет:
— Бұл кісі менің анам. Тірі екенін кеше білдім. Сенерімді, сенбесімді білмегенмін. Енді көзім бәріне жетті, енді анамды алып кетемін.
Дәрігер:
— Қағаздарын реттеп әкеп шығарайын. Енді бұл кісіге тыныштық пен күтім өте керек. Солай жасасаңыз, құлан-таза айығып кетеді. Мынадағы ем-дом әсер етпейді. Мен оны маман ретінде айтып тұрмын.
Әсет:
— Сіздерге көп-көп рахмет! Анамды жақсы күтіп бақтыңыздар. Еңбектеріңіз Алладан қайтсын! Рақмет. Бізге біздің үйге тойға келіңіздер!
Төлеш (қолында таяқ, сонымен әр жерді түртпектеп, Әшімді іздейді):
— Әшім, а. Әшім, қайдасың? Әшім деймін! Құдай-ау, көзімді алғанша, өзімді алмай ма? Өлісің бе, тірісің бе дейтін бір жан табылсайшы! Жер сипалап қалдым ғой, мынау өлмелі шағымда. Бұл Құдайға сонша не жазып едім! Манағы Әшім қайда кетті, а?
Әшім:
— Бүгін неге сонша таусылдыңыз? Құдайдың басқа салғанына кім көнбейді, көнесіз. Киіміңіз жуулы, малыңыз жайлаулы. Тамағыңыз алдыңызда. Енді сізге не керек? Жүріңіз, үйге барайық!
Төлеш (жуасып):
— Күйінген соң айтамын да, қайтейін. Әшім, мә мына хатты мана почташы бала әкеліп еді. (Хатты алып, Әшімге береді.)
Әшім (хатты алып, сыртына қарап, ішінен оқиды):
— Әшім, сүйінші! Анаң тірі екен! Әсет іздеп тапты. Дені сау. Бәрін де біліп отыр. Әсет мамаңды қолға алудың қамымен жүр. Осы жолы үйге әкелуге кетті. Осы хат қолыңа тиісімен, тез жет. Жеңгең Бағила.
Әшім (көзіне жас тұнып):
— «Анаң табылды, сені іздеп жатыр» дейді. Қызық екен!? Өлген адам қалай табылады? Әлде жеңгем менімен әзілдескені ме? Жоқ, бұл адамның жүрегі шыдайтын нәрсе ме?
Төлеш (шыдамсызданып, аңыраған күйінде):
— Әшім-ау, жалғыз нағашыңнан не жасырдың? Айтсаңшы адамды үздіктірмей. Не жазыпты? Кім ол? Не дейді? Мына кәрі жүрек әлденені сезіп тұр.
Әшім:
— Бұл хатта түсініксіз бір жай бар екен. Мамам, яғни сіздің қарындасыңыз табылыпты. Менен сүйінші сұраған хат. «Тез жет» дейді. Сүйінші, нағашы, қарындасыңыз табылыпты.
Төлеш:
— Не? Не дедің?
Әшім:
— «Қарындасыңыз тірі» дейді. Төлеш:
— Әсем бе? О-о-ох! (Аузы қисайып, бір жағына құлап бара жатады) Кие, кие!
Әсеттің үйі. Әсет анасын ертіп келеді. Ол үйге дабырлай, айқайлай кіреді.
Әсет:
— Бағила, ау. Бағила! Сүйінші! Менің мамам тірі екен! Міне, алып келдім! (Сүрініп-қабынып, Бағила келеді, Әсем екеуі құшақтасып амандасады.)
Бағила:
— Сәламатсыз ба? Әсет:
— Мама! Сізді тапқан келініңіз Бағила - осы. Әсем:
— Көп жаса, шырағым, өмір жасың ұзақ болсын! Сәлеміңнен, ізетіңнен таныдым. Көргенді жердің баласы екенсің. Рақмет, қалқам! (Бағиланың маңдайынан сүйеді.) Қызымдай бол, екеуің бақытты болыңдар!
Бағила:
— Апа, бақыт деген, яғни нағыз бақыт сізді тапқанымыз емес пе?
(Әсем енді есіне түскендей. Әшімді іздей бастайды.)
Әсем:
— Әшім, Құдай-ау. Әшімім қайда? Ол неге жоқ? Аман ба өзі?
Бағила:
— Хабар бердім, апа, келіп қалар. (Осы кезде, «маматайлап» Әшім де келді, келе анасып құшақтайды.)
Әшім:
— Маматай, менің асыл анам, маматайым! Әсем:
— Құлыным, Әшімім, Нұртайымның кішкене ұлы, тірі екенсің ғой! Құдайға жалындым да, жалбарындым да, тілім де тиді, тек өзі кешірсін! Көрді ғой көз жасымды. Құдайға шүкір, тәубе! Төрт көзіміз түгелдендік, енді тек осы бақытымнан айырмасын!
(Сырттан Жәмила кіреді.)
Бағила:
— Апа, апашым, Құдай берді, енем тірі екен. Құдағимен араласқым келеді деуші едіңіз.
Жәмила:
— Айналайындарым, қуаныштарың құтты болсын! (Барып Әсеттің маңдайынан сүйді.) Ал, Құдай қосқан құдағиым, аман-есен бала-шағаңмен табысуыңмен! (Екеуі құшақтасып көріседі.)
Бағила:
— Апа, ылғи мақтап жүреді екенсіз. Шаттығымыздың үстінен түстіңіз!
Әсет:
— Уа, халайық! Біздің үйде үлкен той! Бұл той ана мен баланың жиырма жылдан кейінгі табысу тойы.
(Көңілді музыка.)
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру