Қызғалдақ жайлы баллада
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Авторы: Жұмекен Нәжімеденов
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
ҚЫЗҒАЛДАҚ ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА
ЖАЗУШЫ
ҰЙҚЫМ ҚАЙДА, ЯПЫР-АУ, ҰЙҚЫМ ҚАЙДА… Ұйқым қайда, япыр-ау, ұйқым қайда, ой сиқы жоқ ойдың да: қиқым, майда. Кімге обал, мен кімге сый істедім, – түсінбедім, темекімді иіскедім. Мақтағаны біреудің өп-өтірік, ішіп алып біреудің тиіскені. Жеткізбедің, қиял-ай, сұйығым-ай, күйіп туар қиялшыл күйім ұдай. Ойдың өзін күдіксіз бермей бір түн дөңбекшітіп қойдың-ау, бүйі-құдай... ҚҰМАР Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар, алғаш рет сілтенген ақ сойылдар! Алғашқы қол, жат қалтаны ақтарған, алғашқы адам барымтаға аттанған, сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар!
Алғаш рет бір жалт еткен көк алмас, сенің салған ізің мәңгі жоғалмас. Лағнат саған, қылыш алғаш бас кескен, лағнат саған, аңға тиген, оқ, алғаш! Жауыздықты үздік талай қауыз ғып, жауыздықты бұздық талай ауыз ғып. Жауыздарда бас болмайды, мойын бар – қырқамын деп қызықпай-ақ қойыңдар! Алғашқы оқ дарымаса тағы аңға, қатер-қауіп болмас еді адамға. Балағыңда кетпес еді тісі иттің, жаудың қолы кетпес еді жағаңда. Айып етпе, Алғашқылар, күнде өстіп мазаңды алса маған біткен білместік. Сендер тартқан көкпарды әлі тартамыз, барымтаның біз де атына мінгестік.
Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар, алғаш рет сілтенген ақ сойылдар! Алғашқы адам, барымтаға аттанған, алғашқы адам, арыз жазып мақтанған, сендер де енді ақталмай-ақ қойыңдар! СЕНІ ҰЙҚАС ӨРМЕГЕЛІ ТҮНДЕЛЕТІП… Сені ұйқас өрмегелі түнделетіп Кетіпті-ау айлар бітіп, күндер өтіп. Қызық сөз, қыңыр ойлар, болды кезің Менің де ыңғайыма бір көнетін. Қақпаңды қақпағалы түнделетіп кетіпті-ау айлар толып, күндер өтіп. Салып ап шампанымды, әдемі қыз, саған да болды кезім бір келетін. Қыңыр ой қызық сөзді кесіп асты, теңеулер кетті мені есуас қып. Қағып ем қыз қақпасын, қарғып шығып менен жастау бір жігіт есік ашты...
1970, 1982 СҮЙРЕМЕШІ БИІҢЕ, ЖЫРДЫ ҒАЙЫП… Сүйремеші биіңе, жырды ғайып танымасаң, тақпашы құрбыңа айып. Қоңыр ағаш түбінде қоңырайып алайыншы деп едім бір мұңайып. Кетіп ем мұңға мойын бұрмай бүгін, туған сіңлісі екен ғой жыр қайғының. Қоңыр кеште қоңырқай бұлт астында алайыншы оңаша бір қайғырып. Қол ма мерген, білмеймін, сөз бе мерген, көздеймін деп мақсатты көз көгерген. Сәтсіз жырым, ойға орал, есіме түс, көрген кезім қиянат өзгелерден. Жібек-сөзден шашпау-жыр өргенде өзім, есіме түс, жұртқа ұпай берген кезім. Есіме түс, ұйқысыз тозақ-түнім, – достарымнан осалдық көрген кезім.
Сүйремеші биіңе, жырды ғайып танымасаң, тақпа құр құрбыңа айып. Бармақ-бұлтқа басымды сүйеп қойып, алайыншы оңаша бір мұңайып. 1970, 1982 СӨЗ ЕТТІҢ-АУ ПУШКИНДІ ТАҒЫ МАҒАН… Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған, өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан. Талант күші – табыну болса шын-ақ, бір кісідей мен де осы табына алам. Болса ақынға табыну құрмет тегі, – бір кісідей табындым, дірдектедім. Түсінсеңші ойбай-ау, түсінсеңші Мен Пушкин болмайын деп жүр деп пе едің? Толстойдан бір цитат суырасың, Лермонтовтан бір цитат суырасың. цитатыңның шығып тұр әзір буы, не істейсің сол цитаттар суығасын?!
Цитат тапсаң, не себеп, мені ұрасың, Пушкин-таудан кесек ап мені ұрасың. Лермонтовтың кетпесін әруағы атып Толстойдың қалмасын томы басып! Күлегешке ұнаймын зар илесем, қайғылының жанына және үйлесем. Бірақ Пушкин емеспім бәріңе аян, Белинский емессің, әрине, сен. Қуқылдана, соғасың құшырлана, – сәбисің-ау, жарған ба тісің жаңа. Ұлы ақындар, сеніңше, өлген сын-ды тірі ақынды мұқату үшін ғана. Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған, ал түңілген кездерім басым одан. Мазалама Пушкинді, менің үшін жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам.
ТАБИҒАТ МІНЕЗДІ ЕТІП БЕРСЕ ТІЛДІ… Табиғат мінезді етіп берсе тілді, ойлап ем мінезді өлең көрсетуді. Жақындап кетіп едің – бұрқ еттім мен талайдан жан баспаған жол секілді. Көп жаннан көрінеу қаштым, сырт бекіндім, болғам жоқ арасына ірткі екі ұлдың, Ақ бу боп үлп етіп ең – түйілдім мен толассыз жауатұғын бұлт секілді. Пісіріп жеп жүрмін өз сөзімді асып, өзге ойым жоқ қарасаң көзіңді ашып. қуанам өз бұлтымды өзім қуып, мұңаям өз шаңымды өзім басып... ТАЛАЙ КҮЗДЕ, КӨКТЕМДЕ… Талай күзде, көктемде көзің болды байпақтай: Тасып бір тасып кеткенде құятұғын сай таппай.
Қасқа болдың тағы да: жіңішкеріп шынтақтай, Жылап аққан шағыңда сіңіп кетер құм таппай. Көлкілдейсің қиялдай, мөлтілдейсің ұялмай, Не бір құмға сіңе алмай, Не бір сайға құя алмай. ТАУ БАУРАЙЫ БУ БОП ТҰР, БҰЛЫҢҒЫР ТҰР… Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр, тістеп қапты тентек жел тілін қырқып. Алба-жұлба жасады-ау бұлттың төсін шыршалардың бұтағы іліп-жыртып. Қара қасқа шыңдардың қатты басы, бірін-бірі шыңдар тұр атқыласып. Өрмелеймін биікке, тауларым-ау, қандай ғана тағдырға тап қыласың! Қажасып тұр қарт шыңдар, кекесіп тұр, бірінде бет, бірінде шеке ісіп тұр. Өрмелеймін биікке, тағдырым-ау, мына мені алдымда не тосып тұр?!
Ала бұлақ, ағылшы, шапқылашы, жан-күйіңді жалғанға лақтыр ашып. «Мына шіркін қайтеді-ай» деп жантайып «найза қара» желкесін жатты қасып. О, не пайда қарт шыңнан, қас-қабақтан, Мен емеспін ешқайсын бастап атқан. Жыртып алып тау бұлтын, таңып қойдым табанымның жарасын тас қанатқан... ТАУ БӨКТЕРІН КӨП АРАЛАЙ, АРАЛАЙ… Тау бөктерін көп аралай, аралай, сиреп-сиреп кеткен сын-ды қарағай. Қарай-қарай көк аспанға сұңғыла, араласып кеткен сын-ды шың мына. Тыңдай-тыңдай түк ұқпады құлақ бұл, кеше-кеше «ылайладық» бұлақты: Әсем әнді жаттамаймыз деп тоздырдық, әсем жырды мақтамаймыз деп тоздырдық.
Қайталасақ жақсы сөзді, бір түрлі тозады екен, пластинка сықылды. Жалғыз жақсы сөз сықылды ең сен де осы, бірақ саған ондай тағдыр бермесін. СЕЛТЕҢ, СЕЛТЕҢ ЖАС БҰТА, СЕЛТЕҢ ЕТІП… Селтең, селтең жас бұта, селтең етіп нені айтады күлкі етіп, ертек етіп? Селтең етіп бұрымы бала қыздың аулада жүр күшігін еркелетіп. Күн кешкіріп кетті ғой, табақ тасып жарым жүр, бала біткен қабаттасып. Қонақтарға жалтаңдап, мен отырмын домбырамның пернесін қадап басып. Күн кешкіріп кетті ғой, мен ырғалып Көкмойынға ұмтылам «омырғалы». Көңіл үшін: болды ғой, қой демейді қонақтарым тері-бас, темір-қарын.
Бұл жексенбі де өтті ме? Әрине өтті, жәй өтпеді, қарнымды қари кетті. Жетпейді ғой басқа да, басқа да емес, жетпейтіні уақыттың зар илетті. Кетер деген үміт қой, ойбай, түңіл, ұл тауып па ек біз осы тойлайтұғын?! Не жыны бар бүгінгі құрдастардың ойнағанда қонақ боп «ойнайтұғын»?! САҒАТТАР БАРАДЫ ӨТІП ОМЫРАУЛАП… Сағаттар барады өтіп омыраулап, құлын боп, құлын таққан қоңырау боп. Барады ұзап әлі, ұзап әлі – ұмтылдым арқан алып, тұзақ алып. Неғылсын, о, неғылсын құлын мені – тастап ем қыл тұзақты – ілінбеді. Жақындап қалып едім – жөнелді ытып, мен қалдым осы жерде өлең күтіп.
Өзен боп ақты күндер жағаны үгіп – қараңдап кетті бірге балалығым. Жүгірдім айқай салып жар жағалап, ұстайын деп ұмтылдым қармақ ала. Неғылсын толқынды өзен-күндер мені – ырғып ед бір бүктеліп – үлгермедім. Жан таппай, жаға таппай жармасуға, аңырып тұрмын осы жар басында. 1970, 1982 КӨП ІЗДЕДІМ, КӨП ОЙЛАНДЫМ ТЕҢСЕЛІП… Көп іздедім, көп ойландым теңселіп, ойдан екен еңкеюі еңсенің: Көкшіл көзді десем бе екен сені ару, сары шашты десем бе екен мен сені? Сезім, қиял, тұра тұршы кейінге, шын сөзімді ойлар біреу ойын деп, Сені... сені десем бе екен ақ сары, әлде сені қара торы дейін бе?
Қасыңды да, шашыңды да, шырақ-ау, бірдеңе деп сипаттау жөн шығар-ау. Көкірегің жоқ нәрсені іздегіш, тілің жоқты бейнелеуге құмар-ау. Сөзім менің сезіміме, о несі, көрген емес ілесіп не теңесіп: бәрін қойып әсірелеу, теңеудің ең әсем қыз десем бе екен сені осы?!
ҚАЖЫДЫМ-АУ КҮНБЕ-КҮН ЖҰМЫСТАН-АҚ… Қажыдым-ау күнбе-күн жұмыстан-ақ, Кісі емес, мен бүгінде құмырсқа нақ. Қыздар сыңғырлап күліп... қажытты әбден құлағымның түбінде күміс санап. Бұлақ бұлғап барады көк шарқатын, төк, бұлт, жібек жібіңді, төк тарқатып. Дүбірлетті-ау кеудені, арқама әкеп Алматының көктемі көкпар тартып. Қоздырды-ау делебені, көлденеңі Кез жігіт көрсетуге келді өлеңін: Қолжазбаға қарадым... өтті күнім тыпыршумен жүйріктей кермедегі. ҚАЙДА КЕТТІҢ БҰЛТЫҢ-БҰЛТЫҢ БОП ҚАШЫП… Қайда кеттің бұлтың-бұлтың боп қашып, ала толқын, тоқтай тұршы, тоқташы: Сенің ернің керек болып тұр маған сүю үшін жағалаудың көк тасын.
Бара жатқан жоқ шығарсың от тасып, самал, сен де тоқтай тұршы, соқпашы: Саусақтарың керек боп тұр, сипауға түнгі алқапқа тұнып өскен шөп басын. Бала шалғын, сипайыншы сені келіп Күн батыстың майда-самал желі болып. Жасыл тастар, сүйейінші сені келіп ала құйын толқын болып тебіреніп. Сонда ғана құмарым бір басылар, сонда ғана көңілім бір ашылар. МАХАББАТ ПЕН СҰЛУЛЫҚҚА СЕНГЕЛІ… Махаббат пен сұлулыққа сенгелі алғаш тапқан сұлуымсың сен менің. Сенде бірақ тіршілік жоқ, ең абзал қуыршақсың қиып тіккен қағаздан. Қағазым мен қаламыма сенгелі ойлап тапқан сұлуымсың сен менің. Сұлуымсың ойлап тапқан оңаша, сондықтан да толқытасың мені аса.
Көкірегіңді от боп қарып жыр тілі шыланбайды сенің қайқы кірпігің. Сөз айтқанда сырлы тілдер нендей бір, бетіңе қан ойнап шыға келмейді. Сүйдім сені, көп жүдедім, көп аздым, – ерінінде от бола ма қағаздың! Қағазға арнап қағаз сөзді жазғалы өзім қағаз болып кете жаздадым. Қағаз-сұлу, қағаз-гүлдер, қағаз-жыр, көз алдымда парақ-парақ қағаз жүр. Қағаз-қыздар сұлу бірақ, білдім мен: қағаз-гүлдің өмірі ұзақ шын гүлден... 1970, 1982 МӨЛДІР, МӨЛДІР, МӨЛДІР КІЛ… Мөлдір, мөлдір, мөлдір кіл шық төніп тұр, тамбай тұр. Төніп-ақ тұр, төндіртіп бір сөз айтшы алдайтын.
Мөлдір, мөлдір, көк мөлдір шындық болып көмейін, Шық секілді мөп-мөлдір бір сөз айтшы – сенейін. Тамба, тамшы, бірің де дірілде тек, шүпір-шық. Тамшы шықтай дірілдеп бір сөз айт та бітірші. Қаталдық та сезім бе? бір тамшы шық жақұттай, Көрінсе егер көзіңнен – Мен өлер ем бақыттан! ОЙЛАЙ АЛСА ЖАЗАДЫ-АУ АҚЫН АНЫҚ… «Ойлай алса жазады-ау ақын анық ақ қайыңның түбіне жатып алып. Өлеңімді оқиын ойлап жазған, мына бір сандық-тасты сахна ғып». «Микрофон болсыншы қып-қызыл гүл – дауысымды шығарсын мықты, зілді. Тамақ құрғап, стакан босап қалды, – ұмытпашы, достым, бір жұтқызуды».
– «Қол соғыңдар, жапырақтар, қызулы жұрт желпінсін бір, – оқиын үзілдіріп. Таңдап тапқан мөлдірім тамшы-жырым теңіз сөздің ішінен жүзіп жүріп» – Деп ем: досым құлағын басты нағып? Төмен салды ақ қайың басты налып – қызыл гүлді қыз жұлды, жапырақты – жел, сандық-тасты жөнелді тасқын алып... САЛБЫРАП ТҰР ТЫЛСЫМ АСПАН… Салбырап тұр тылсым аспан, тау түнерді бұлты басқан. Тазы-желдің бауырында күшік-жапырақ қыңсыласқан. Шұнақ тастың бар ығын ап ақ қайың тұр сары құлақ. Шұбар жылан кетті сүңгіп шұбар тастың жарығына. Қанатындай ақ үзіктің толқын желп-желп қағылып тұр. Тұлып-шыңға ыңырсып кеп саулы інген-бұлт жағызып тұр.
САЛҚЫНДЫҚ КҮЗДЕН ҚАПТЫ ЖАС ҚАНЫМДА… Салқындық күзден қапты жас қанымда сыр да жоқ, сиқыр да жоқ басқа мұнда. Өсіппін бір бұрышта қоңырайып, қоңыр боп алғаш көрген аспаным да. Бір тағдыр мені өсірген қытып, тартып, несібесін шыдаммен ұтыпты әр күн. Артық бітіп өлкеге бір түп бидай, домбыраға бір перне бітіпті артық. Тағдырына жас өмір қас қағыпты, қас қағысар табылмай басқа мықты. Жаңадан көрініпті бір жетістік, бір қателік жаңадан басталыпты. Бір мінім бір мінімді дайындасып, бар мен жоқтың арасын айырды ашып. ...Айтылып бітіп әке деген бір ән, басталыпты бала деген қайырмасы.
ТЕЗІРЕК КЕЛ, КҮТКЕН ОЙ… Тезірек кел, күткен ой, нүктемен бітті біткен ой. Ғасыр – ұзақ сөйлем де, мықты азамат – нүкте ғой, Сөйлем көп қой, не тірлік: сөйлем талдап жетілдік. Көп сөйлемде үтір бар, нүктесі жоқ секілді. Сөйле, Уақыт, күткен ер, сөйле, саған бітті өнер. жаңа, жаңа сөйлем бер, жаңа, жаңа нүкте бер! ҚАЛАМ ҚАСҚА СЕН АЙТСАҢ СЕНЕМ ДЕДІ… Қалам қасқа сен айтсаң сенем деді, сен жұмсасаң сөз байғұс көнем деді. Сенейін бе мен саған, көнейін бе, қайда апара жатырсың, өлең мені? Шешемді еміп өсіп ем, жел емгелі біраз болды, желіктім, желем дедім. Асықпай-ақ туып ем, дедектетіп қайда әкеле жатырсың, өлең мені?
Басы айналмас кісінің төмендегі, төменіңе қалдыршы, өлең, мені. бір қарызым бәрібір төленбейді; Ақын болды десе де жасында әйгі, қақ жартысы жырымның басылмайды. Бір сөзім бар – бәрібір айтылмайды, бір есігім бәрібір ашылмайды... ӨСТІҢ, ТІКЕН, ТЫРМЫСЫП… Өстің, тікен, тырмысып, ал, талаптан, талаптан. Тартайын деп тұрмысың тағы да бір балақтан?! Сені о бастан ант ұрды, «Құдай» сені кептірсін: тағы да бір балтырды қанатайын деп тұрсың. Сен де қырсық адамға, қырсықпаңдар, қойыңдар. Тағы да бір табанға қадалатын ойың бар. Жүрсің әлі түлеп сен – құртар едім күрсінбей: топырағыма гүл өскен сен де өсіп тұрсың ғой...
ӨТЕДІ БАР ЖАҢАЛЫҚ МЕН АРҚЫЛЫ… Өтеді бар жаңалық мен арқылы, жоқ бірақ шын жаңаның болар түрі; кей күндер маған сыймай өтіп жатыр, қаламын кей сағаттан мен артылып. Біріміз бірімізге шақ келмедік, азамат деп маған ел ат бергелі. Өтер күн, менің барлық мінімді әкет, жаңа таң, жаңа үмітімді ап кел бері! Жаңаға, жақсыға да елек керек, Сол елек көңіл шіркін демек керек. Өкпелеп өтсін маған тағы бір күн, қалайын бір күніме мен өкпелеп. Жар салайын жаңаға өкіл болып, ең соңғы қызылыммен бетімдегі. Біткесін жаңа сөзім бос қалармын газеті біткен киоскі секілденіп...
1970, 1982 ТОЛҒАНСАМ, ТУҒАН ЖЕР, СЕН СИЫНАРЫМ… Толғансам, Туған жер, сен сиынарым, тірлігім сиынбасам қиын әлі. Тауыңмен рухымды көтер менің – естілсін әнім ойлы, күйім анық. Тартпайды маған біткен тасқын бәсең жатқанда табанымның астында сен. Ұстатпа домбырамды надан қолға, кеудемді жамандарға бастырма сен. Өнерді өзіңе арнап өрлеткелі мидан ой, қабағымнан тер кетпеді. Орманның ойларымен оят мені, теңіздің толқынымен тербет мені. Тимеген ат тұяғы қайран адыр, бір жыршы туды сен деп сайрағалы. Алысқа баста мені дала жолы, атымды, Талап-атшы, айда, кәне!
Тек саған, саған ғана сүйенемін, топырақ қасиетті, киелі елім. Бұталар, етегімнен іліп, тартпа, шоқалдар, қолтығымнан сүйе мені... ТҮН ТЫП-ТЫМЫҚ, КӨК ТЫМЫҚ, АЙНАЛАНЫҢ БӘРІ ҮНСІЗ… Түн тып-тымық, көк тымық, айналаның бәрі үнсіз – неткен мезгіл түк ойсыз, неткен мезгіл дарынсыз! Шөп байғұстар шұрқырап табыспақ боп көп күтті, бірақ оған «дем» берер самалың да жоқ тіпті. Тек көкжиек еріні бозғылт тартып тұр күліп, тіл ұшында жалғыз сөз жатқан сын-ды іркіліп. Түк түсінбей тұр білем мынау аспан, мынау жер – жыпық-жыпық етеді жұлдыздардың кірпігі.
Бұл тыныштық, немене, тыныштық па алдаушы, – көкжиектің кенеттен шығып кетті «жан даусы»: атып шықты алтын ай – алтын сөздей бір ауыз, ақымақтың аузынан шығып кеткен аңдаусыз. ТҮРЛЕНБЕШІ, ТҮРЛЕНБЕ, ТҮРЛЕНБЕ, ӨЛЕҢ… Түрленбеші, түрленбе, түрленбе, өлең, жұрт мақтамас түрленіп жүргенменен. Бір сонеттің үш жолы секілденіп, отырмыз ғой үш жыршы бір бөлмеде. Үшеуміз де жазған соң сылқым жыр көп, бірімізді-біріміз түрту міндет. Секілдіміз үшеуміз үш қара шың бір-бірінің жататын бұлтын күндеп. Үшеуміз де ұлы ақын, ұлы кеуде – ұнамайды ешкімнің жыры кейде. Тірі Пушкин біріміз, ал біріміз тірі Данте, біріміз тірі Гейне.
Әзілдейді жұрт бізді: «үш ұлы ақын...» ұлы десе несі бар қысылатын?! Екшеп айтар еріңнен, жанымызға ойнаса да мақтаған кісі жақын. Бірімізді біріміз, ей, бөсіңіз: мақтаймыз-ау жата ғап кейде осы біз. Сондай кезде есіктен енген адам, тірі классиктермен сөйлесіңіз! Іштен үшем туғандай, іштен егіз, айтылмаған қалмайды ештеңеміз. Үш бөлеміз әлемнің даналығын, «жартыны да» тең етіп үш бөлеміз. Содан кейін... үш парақ аламыз да ұлылар боп қараймыз даламызға. Үш қара шың бола ғап түйілеміз ұлы деген бір сөзге бола мұздап.
Қиялдайды, бас байғұс қиялдайды, төбе жайлы, су жайлы, қияқ жайлы. ...Ұлы ақындар жазса да өлең бірақ жаман болып тууға ұялмайды! 1970, 1982 ТӨКШІ, ТӨКШІ, ДОМБЫРА, ҚОҢЫР ҮНДІ… Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді, бір тазартып алайын көңілімді. Жалаңаштап жанымды көрейінші Жетпей жатқан жерімді, не мінімді; төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді. Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін, қанша менің, байқайын, халім барын. Өңменімді өзімнің тексермеп ем өлеңімнің мінінен арылғалы, көрейінші тәптіштеп бәрін, бәрін.
Болды ма екен көкірек қойма-мекен қарау пиғыл, қаралау ойға бөтен. Көрейінші саралап: менің ішім кім-кімдерге жамандық ойлады екен, болды ма екен көр-жерге қойма-мекен. Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үңді, Жеңісімді, көрейін не мінімді. Қандай, қандай дыбыстар шығар екен – бір балқытып көрейін көңілімді. Бәрін, бәрін өзімнен бастайыншы, бата берші, Адалдық, ас қайыршы. Арам болса жүректі тасқа ұрайын, жарылсын ол бір тамшы жастай ыршып, сүйтіп бәрін өзімнен бастайыншы! ШУАҚ ЖҮР ЖАПЫРАҚҚА ТАЙҒАНАҚТАП… Шуақ жүр жапыраққа тайғанақтап, тайғандарды аласың қайдан ақтап. Ал, қуаныш біраздан біле алмай жүр қонарын қайсы бетке, қай қабаққа.
Таудың үстін жүз талғап, он ақтарып, бұлт жүр білмей қай шыңға қонақтарын. Емен отыр біле алмай: жапырағын қайсы желге, қай кезде тонатқанын. Көп боп кетті тақырып, қайғы тағы айтарыңның көптігі... айнытады. Сайқымазақ самал жүр ауламда әне, сыбдыратсам екен деп қай бұтаны. Терлеп жүрмін десем мен, мәйкемдегі шәй ішкенде шығатын жәй тер ме еді... Шертсем екен мен саған қай күйімді, бассам екен әуелі қай пернені?! ШЫҢ-ТАС, СЕНІ ЖАСАҒАМ ЖОҚ МЕН ОЙДАН… Шың-тас, сені жасағам жоқ мен ойдан, бұлақ, сені жасағам жоқ мен ойдан. Ойдан өзге түк көрмеймін кейде осы мұнары бар, тұманы бар маңайдан.
Мұнар, сені жасағам жоқ мен ойдан, тұман, сені жасағам жоқ мен ойдан. Айту үшін, достым, саған қалай да ән, бір нәрсені көру керек маңайдан. Бермен қара айналайын, ағайын, Саған менің ақтарылсын ақ ойым: Мен бір жырды ойдан алып жазайын, мен бір қызды ойдан жасап алайын... 1970, 1982 ӨСЕК ТЕ ОТ, ДҰРЫС БІР… Өсек те от, дұрыс бір үрлейтін жел қайда бар? Сол отыңнан бір ұшқын түсті менің аулама. Қоқыр-соқыр бар да еді, бір салақтық болмай ма: бықсыр екен қай жері, соғар екен жел қайдан. Іржәніктің сабаны лау еткелі тұр тегі. Малдың көңі... жанады мақтасындай күртенің.
Гүлім бар-ды қыршын бір, – еккен едім аулама. Қызыл ұшқын ыршып жүр – қорғайтын күш қайда бар?! Қой, қой айқай жетеді, өртшілерді шақырма. Шапаныңның етегі күйіп бара жатыр ма? Ескілік деп езілген келтіре алсам бір ебін, бұл ауланы өзім де өртейін деп жүр едім! 1970, 1982 ӨЗ ШАРУАҢА ӨЗІҢ ТҰТҚЫН… Өз шаруаңа өзің тұтқын, сан ойлап туған үйді жүрсің ойша маңайлап. Балаң өскен сайын ауылды ойлайсың, суыртпақ боп түскен сайын самайға ақ, тамырыңда белгісіз бір қан ойнап. Аңшы қарттың өтірігіне сенсем деп армандайсың отырып кеп кеңсеңде. Қарсы алатын кемпірлерге кемсеңдеп ұлымды бір иіскетіп келсем деп, армандайсың отырып ап кеңсеңде.
Отырасың сезіміңді босқа арбап, ода жазып су мен шөпке, тасқа арнап. Бір жинағың ұнамай жүр достарға, бір жинағың ілінбей жүр жоспарға: Сенің ғана жұмысың ғой бәрі-бәрі, мықты екенсің, аттап шығып көр, кәне. Сыңсиды кеп, ыңырсиды торланып ойыңдағы образдар орманы – мықты екенсің, аттап шығып көр, кәне! ҚАРА ЕМЕН ЕДІМ, ЖҰТ АЛДЫ… Қара емен едім, жұт алды, бүп-бүтін болам мен қайдан? Сындырды бір бұтамды атылған оқ торғайға. Мен де бір емен деп қызып, шайқалар шағым бір тағы... Бір бұтағымды кетті үзіп әдепсіз желі арқаның. Мен де бір емен деп өсіп, барымды жайдым, барды айттым. Түстіктің ыстық желі есіп жапырағымды сарғайтты.
Жапырағымды ал, ала қаш, ойының жел-күз, қанбаса. Атырау жағым жалаңаш, Алатау жағым болмаса. Мен де бір емен, жанымда жел үзген жапырақ үркіп жүр. Сілтенген балта тамырға бұтақтарымды қырқып жүр... 1970, 1982 ҚАРБАЛАС ҚАМ ЖАСАСЫП ЖАТЫР БӘРІ… Қарбалас қам жасасып жатыр бәрі: «Шолпан» тұр желкесіне әтір жағып. Шаптыртып «Ақ боз атты» жіберді аспан, Құдайды қонақтыққа шақырғалы. Шаң көшсе «Құс жолында» үзік, ұсақ, болған жөн ақ бетіңе, қызығы, сақ. Қалыпты төрттағандап «Жеті қарақшы», жорғаның тақырдағы ізі құсап.
Бар білем не бір күнә, не бір жазық, – «Үркер» де үрке алмай тұр тобын жазып. Жасаған асау мініп келе ме деп, оқшаулау қағылыпты «Темірқазық». «Кіші аю» кірпік, қасын қағады шақ, бір қылмыс жасап қойған бала құсап. Қарашы: ұмыт қапты Ай бір шетте, тұлпардан түскен алтын таға құсап. Қонақ жоқ. Аспан дел-сал, тек тынады, көп күтті «Шолпан» сұлу, көп шыдады... Қалыппын көкке қарап, біреу түртіп: «тағы да ұшырып па?» деп сұрады. ҚАРЫН БОЛСА... ҚАРЫНҒА ТОЙҒАН МІНДЕТ… Қарын болса... қарынға тойған міндет. Қайтер едім жазуды қойған күнде? Қайда барсам әйтеуір орман көрем, орман көрсем кетеді ойланғым кеп.
Жалаң қылыш – бұлақтар... жатқан гүлдеп жайлауымды көрем деп аттандым көп. Қайда барсам әйтеуір тауды көрем, тауды көрсем кетеді мақтанғым кеп. Ойлар, ойлар, ал жүдет, аздыр мені! Нені іздедім, білмеймін, қаздым нені. Қоңыр дәптер, алдымнан сені көрем, сені көрсем кетеді жазғым келіп. ҚОПАРЫЛЫП, ҚОЙМАЙ ҰРЫП ҚОЙ-ТАСҚА… Қопарылып, қоймай ұрып қой-тасқа, ала толқын, ойқасташы, ойқаста. Жон-арқамды жалбыратшы, Қызыл күн, жалаң аяқ табанымды сой, тастар. Қалам-тұмсық тары-сөзді шоқып құр, отырдым-ау, отырдым мен қоқып бір. Саған, саған құмар едім тау маңы, самал, самал, сұр жүзімді тотықтыр! Жазған сөзге қойылатын көктемгі
ағаштарың секілді екен «леп белгі». Көп ісіме «сұрау белгі» қойылған соған сенен жауап табам деп келдім. Ине-шаншу іліп түйреп өкпемді көрпе қабып жүр ғой біреу, көп болды. Жүз ауырып, мың ауырып көрген ем, бір сауығып көрейінші деп келдім. 1970, 1982 ҚОҢЫР ДӘПТЕР… Қоңыр дәптер, ойларымды жаныма батқан кілең, саған айтам, өзгелер мақтанды дер. Адаммын ғой, мен сейф емеспін деп сенен өзге айтпайын мен ешкімге. Қоңыр айдын, қазымды қомсынсаң ал ойларымның аққуы қонсын саған. Аққуымның, ырғалшы, түртіп төсін, бірақ біреу оқ атып үркітпесін.
Қаракетім, тірлігім күндізгі ұсақ түнде жыр боп жансыншы жұлдыз құсап. Жұлдызымның жанарын жерге төнер, қоңыр айдын, мен сені кештім жылап. Түскен шақта алыс бір кеш бұлдырап, қоңыр айдын, мен сені кештім жылап. Төңкерілген үстіңе аспанымды сенен өзге көрмесін ешкім бірақ. ҚОҢЫР ЖЫРЫМ БАР ЕДІ, КЕШКІҒҰРЫМ… Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым мәз боп оқыр ақын ем ескі жырын – қолға алып ем, көк аспан бетіндегі іріп кетті қоңыр бұлт секілденіп. Бала қазым бар еді көлде момын, көрмегенім жақсы еді, келмегенім: бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты – қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты. Бұдан артық жаныңа батырар кім,
сәл шыдай тұр, мен де бір қатырармын: Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп, қоңыр-қоңыр ой ойлап жатып алдым...
ҚЫЗ БҰЛАҚТАР ЖЕЛПІНГЕН…
Қыз бұлақтар желпінген жырымды оқып қазақтық, Жеңіл сөйлеп, жел тілмен жатқан сын-ды мазақ қып. Кеудемді өбіп жыр қызған сыбырлайд жел жақын кеп: қолың жетпей бір қызға қор болдың-ау ақын деп. Үлде киіп үлбіреп қайың-жеңгей әп-әппақ, маған қарап күлді кеп әппақ санын шапақтап. Бұршақ ұрып жұтатқан алма ағаш тұр ән салып. Мені нұсқап бұтақтар шошайтты көп саусағын. Ал, мен болсам, қайғыдан, арқаладым ұятты: әр бағыттан айныған әйленкес жел сияқты.
ҚҰСТАР ҰШТЫ ЖЫЛУ ІЗДЕП… ...Құстар ұшты жылу іздеп, жылы жаққа жетті кеп, мен де кеттім ғылым іздеп, тай-талапты тепкілеп. Құс ізінен аспанымда ақ-аяң бір жол қалды, – қайғы мен ой бұтағына ұя салып мен қалдым. Құстар ұшып кетіп жатыр, келіп жатыр бұ жерге, Мен отырмын шау-қыранша ұя бағып, тізерлеп. Қарт Алатау сақалына қатқан қарды лақтырды, – соған қарап мына менің самайыма ақ кірді. Өмірбаян сұрар болсаң: жәйім осы, тек, досым, жұрт көңіліне салған ұям салқын тартып кетпесін! 1970, 1982
КӨП ХАЛЫҚТАН ДАРА ШЫҚҚАН ҚАЙ ҰЛСЫҢ… Көп халықтан дара шыққан қай ұлсың? Кім болсаң да сенің даңқың жайылсын! Көп жыңғылдың ортасында қайыңсың, көп жұлдыздың ортасында айымсың, көп күлкінің ортасында уәйімсің! КӨП БОЛДЫ ҒОЙ МЕН КЕТКЕЛІ… Көп болды ғой мен кеткелі, өткен күн, өткен күнге көп болды ғой деп болдым. Қошалақты қыстайтұғын қара шал, саған сәлем бермегелі көп болды. Туған ауыл мен кеткелі көп болды, сағынышым шөлдеткелі көп болды. Иір-иір бармағынан шалдардың ет асамай кеткеніме көп болды. Көп болды ғой... секілденіп леп белгі Қырға шығып тұрмағалы көп болды. Қызды ауылдың қызығына кешқұрым ат байламай кеткеніме көп болды.
...Енді барсам құрдастармен белдесіп, жүгірер ем жалаң аяқ шөл кешіп. Содан кейін... көлеңкеге отырып табанымның алар едім шөңгесін... КӨКЕЙІНІҢ БІР СЫРЫН КІМ БҮКПЕГЕН… Көкейінің бір сырын кім бүкпеген, бүгіп жүрмін бір сырды күндікке мен. Мың парағым ашылып жатса дағы, бір парағым жанымда жүр бүктеген. Көлеңкелеу, көбіксіз жыр жырладым, кейде ауырлау қиысып жүрді ырғағым. Ашылмай жүр әлі де бір бұлағым, шешілмей жүр сондықтан бір жұмбағым. Құпиясындай құпиям шың астының, көрсем дейсің соны да бір аштырып. Момындығым бүркейді мінімді көп, жалынымды жасырды жуастығым.
Ойларымның көрсетсем биіктігін оқымас ең сен мені сүйіп бүгін. Шыңым емес, бұлттарым қызық саған, қызықтырған сені осы тұйықтығым... БІР СЕНІМІ БАР ЕДІ МАҒАН ДА ЕЛДІҢ… (Абай ескерткішіне) Бір сенімі бар еді маған да елдің, «Ұлғайды арман», мен-дағы алаң болдым. Ымыртта ымырт құсап қоңырайып, өзімді іздеп шығып ем – саған келдім. Кетті дейді жыр оңбай... құрсын бәрі, сыншылар жүр том жазып, ырсыл қағып... Жүз мода өзгерді ғой, мың бір заман, түйе жүн күпі киіп тұрсың ба әлі?! Қара шал-ай, қарашы мойын бұрып: жырды алдым шау тарттырып, қойылдырып. Басқа барар жерім жоқ, саған келем қалғанда сөзім жүдеп, ойым құрып.
Таппаған соң өлеңмен жүрек емін, бір-ақ сілтеп қолымды жүрер едім: туатұғын сықылды бүгін-ертең мраморға жазылар бір өлеңім. Қажып келдім қасыңа қалғиыншы, не қарғыс, не бата айтшы... ал құйылшы. Сен маған туған жерім сияқтысың, аңсағанда келетін шалдың исін... БІР СЫР АЙТТЫ ЕРНІҢ МАҒАН КЕЗЕРГЕН… Бір сыр айтты ернің маған кезерген, – жақын... жақын жеңісімді сезем мен. Қарағайға көлеңке боп кетейік, өтейік тез мына тентек өзеннен. Қайың, талды сыңсып келіп жел өбіп, – адасқанын ағаштардан көреді. Тебісіп тұр көк бұталар, ал менің бір шумағым бір шумақты тебеді.
Кетті ұшырып толқын тасты қақты да, – ақ осылай ақтарылып, ақ, бұлақ. Құтырынып ойнайды кеп толқындар, менің қаным ойнайды одан қаттырақ. Жүзім сынық болғанымен ежелден, көңілімнің батылдығын сезем мен. Тез, тез еніп жоғалайық қалыңға, тез, тез өтіп кетейікші өзеннен. БІР ЦИКЛДЫ ТӨГІП-ШАШЫП БІТІРДІМ… Бір циклды төгіп-шашып бітірдім, бір кәдеге жарар білем, шүкір, бұл. Енді нені жазсам екен мен осы, ал, Уақыт, құлақ сенде, үкім қыл. Ал, Уақыт, сен бүйте ғой, мен өйтіп Өлең жолын көрейікші көбейтіп: ...Қалай баспас екен осы жырымды: леп белгі қондырайын серейтіп!
БІР ШУМАҚ ЖАЗДЫМ… Бір шумақ жаздым, дес бермей мақтады достар: «пай-пай-пай». Ыссылап суға түскендей рақаттандым: хай-хай-хай. Бес дастан жаздым, құрсыншы, жақсы жаздым-ау, байқаймын. Балғалады кеп бір сыншы, айтпайды ешкім «пай-пайды». «Жақсы ақындар сөйлесін, жақсы ойға ақын бай тіпті». Бақсам, мұны кей достым көңілім үшін айтыпты. Қоңыр ой кеп басқа мың, қоңырайып қалған жан. Өтірігіңнен, достарым, өмір, сенің балғаңнан. БҰЛ ТАУДЫҢ ШЫҢДАРЫНЫҢ БӘРІ МЫҚТЫ… Бұл таудың шыңдарының бәрі мықты, мықтылық бәрін бірдей кәрі ғыпты. Шоқалдар шың болудан әлі үмітті шыдамай қызғанышқа жарылып тұр.
Тірлікте тартыс аздай басқа тіпті, тамырға да тартысты бастатыпты. Өлісіп өсіпті анау шырша, қайың, тістесіп бір-бірімен тас қатыпты. Онсыз да қызғыш отын үрлеп күнде әз-әзіл самал есіп тұрды екпіндеп. Төбелер түймедей боп семіп қапты алыстағы асқарды күндеп-күндеп. Өтердей жалғыз досым қыл үстімен, кенеттен... ала алмадым тынысты мен: бір сойқан болар деймін шың-аралық сай жақтан келіп қалды жымысқы жол... БҰЛАҚ АҒЫП БАРАДЫ ЖҰМАРЛАНЫП… Бұлақ ағып барады жұмарланып, сорлы көңіл үмітке жүр алданып: Не жоғалтып біреуді – аңсай алмай, не құша алмай біреуді құмарланып.
Күндер өтіп барады лек-легімен, көңіл байғұс үмітін еткен үнем: не тына алмай жерінен жеңсік тауып, не қызығып біте алмай көктегіге. Не ыза боп өзгеге тына алмастан, не ырза боп өзіне қуанбастан, талай парақ қағазды қартайтты ақын, бітіп жатқан түк те жоқ бұдан басқа... 1970, 1982 БҰЛАҚ «Жатпа, бұлақ, алға асық, қопарып бақ, қозғап бақ. Бұлақ болып алғасын бұрқырау да сөз боп па?! Ақтар қуыс-көбені, жаға, жарды тітірет. Түртіп құлат төбені, түйнек-тасты түтін ет. Долыға түс, долыға, тау мойнына сал шылбыр. Иілмесе жолыңа басын қағып ал шыңның!» Сонда бұлақ күбірлеп, қажып-талған кескінмен, деді: «Достым, бүгінде айқай деген ескірген.
Айқай қайда, айқайды ақымақтар салады. Айқай бір күн, байқаймын: есектен де қалады. Есуаспысың тұп-тұнық, ойбай неғып ұқпадың: аяқ деген мықтыны айла салып жыққанын?! Жоқ баяғы мінезім, ақыл кірді маған да. Қуыс-қуысты кезіп жылап ақ де одан да. Неғыламын айқасты, кететінің-ай лағып. Қозғағаннан қойтасты өту оңай айналып!» «Бұлақ па бұл немене... сеніп едім мен қасқа. Қайраты бар денеде намыс деген болмас па. Бұлақ қой деп мақтасам, құдірет деп керемет – құтырынып ақпасаң құдіретің не керек! Неге керек дәме етіп даңқ, атақтан, мықты ойнап, тасты түтіп шаң етіп ұшырмасаң ыққа айдап?!
Өз-өзіңнен тыйылып, өз-өзіңе айла ғып, көрінгенге иіліп өтер болсаң айналып. Құрып кет сен! Дәл шындық: орныңа үй салайын. Ең соңғы бір тамшыңды тас ерніне жағайын». «Қонбас ақыл, шырақ бұл, шындықты айтпа – батады. Маған керек – бұлақтың ерлігі емес, атағы. Ерлік ішер ас емес, нем кетеді, ойын ғой. Біле-білсең, бас емес иілетін мойын ғой...» 1970, 1982 БҰТАЛАР АРАСЫМЕН АҢДЫП, АҢДАП… Бұталар арасымен аңдып, аңдап жүр, міне, ақ самайлы таң қылаңдап. Көргенім ақ әженің шашы болды оңаша тротуармен қаңғығанда. Жанымды темекі мен қайғы ыстаған жарқ еткізді ақ аспан айна ұстаған. Біреулер шертіп жүрген маңдайымнан сипады еміреніп байғұс самал.
Аузында қара түйме-кілт қақпаның неғылсын жүректе үміт-жылт жатқанын, ...Кенеттен ағараңдап ақ балтыры Күн сұлу шықты кешіп бұлт батпағын. БІР КҮРСІНГЕН ШАҒЫМДЫ КӨТЕРЕР ЕҢ ОЙ ЕТІП… Бір күрсінген шағымды көтерер ең ой етіп, бір жымиған шағымды өткізер ең той етіп, Қияр едің бәр-бәрін жалғыз сөзім үшін сен – О, дариға-ай, мен жазған жалғыз сөзге түсінсең! 1970, 1982 БІР КҮЙ ШЕРТЕМ ДЕП ЕДІМ – ШЕРТЕ АЛМАДЫМ… Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым, енді маған ақылдың бер тарланын. Күй алғалы көп болды көңілімді, жүрегімді көп болды өрт алғалы.
Бір сөз айтам деп едім – айта алмадым, бұзау болды тұлпармен қайтарғаным. Жауырына ер батқан кербестідей Қайқаңдадым, әйтеуір, қайқаңдадым. Түбі шертем деп келем күйімді мен, образбен ойымды киіндірем, Кеуде шіркін табыттан табылғанша, табылғанша жинағым үйіндіден. АЛҒАШ РЕТ КӨТЕРДІ ЕКЕН ТУДЫ КІМ… Алғаш рет көтерді екен туды кім, тіккен туға табынды екен кім бұрын? Қарқ етті алғаш қара қарға қай маңнан, сайрады алғаш қай орманның бұлбұлы?! Ақ отаудың кім ашты алғаш түндігін, жылатты екен алғаш рет кімді кім? Алғаш рет кім көрді екен күнді бұл, – бәрін, бәрін есептейтін күн бүгін!
Тудырды екен алғаш шумақ жырды кім, күлдірді екен алғаш сәби ұлды кім? Кім екті екен алғаш рет гүлді бұл? – Сайра, сайра, менің момын бұлбұлым! Алғаш рет жылатқан жан біреуді, алғаш рет күлдірген жан біреуді: біреуіңе алғыс айтам! Ал, шындап біреуіңе қарғыс айтам қалшылдап! Бақытты ана – тапқан ана алғаш ұл, гүл еккен жан, сенің ісің қалды асыл. О, жасаңдар, алғашқылар! Айтам-ау, кейінгінің бәрі, бәрі қайталау. Қызыл туды кім тіксе алғаш, дәл соған арнап бүгін бір әсерлі ән салам. Сөз сенікі, өрген адам жырды алғаш, көз сенікі, көрген адам күнді алғаш!
АТЫЛДЫ ДА ЖАС БҰЛАҚ… Атылды да жас бұлақ бір дір етіп тоқтады. Анау кәрі тас бірақ күліп жатқан жоқ па әлі?.. Бәрі де үнсіз, қатты айып еткен жандай налып тұр. Қап, қап, қап деп ақ қайың санын соғып қалыпты. Қалып едің жұқарып – сырыңды, дос, аңдап аш. Селк етті де бұтағы түйін салды алма ағаш. Бұта саусағы ғұмыры болмағанға ұсайды. Әрнеге ой жүгіріп алдағанға ұсайды. «Құдай», «құдай», «құдай» деп жалғыз тамшы ыршып жүр. Қайран жастығым-ай деп, Қарағаш бір күрсінді. Жел де тынды, тоқтады ал, – жел тынды деп кім айтқан? – Жапырақтар тек қана... О, кішкене суайттар.
Айыбымды, қайтейін, ерлік санап мен тұрдым. Күлгендердің әйтеуір алдына бір келтірдім. 1970, 1982 АЯРЛЫҚ ОЙМЕН, НЕ ЗІЛМЕН… Аярлық оймен, не зілмен айтылған емес бекер бұл: Кемшілік көрсем өзімнен өзгені сыйлайды екенмін. Көңілшектікпен не зілмен жазылған емес бекер бұл: Жетістік көрсем өзімнен өзгені сүйеді екенмін. Тек саған айтқан сөзім бұл: болып ап көңілім тас қатты, Ұнатқан сайын өзімді өзгеге суи бастаппын. Жүр ғой жыр мені батыл ғып шыныңды ғана шерт деумен: Шыға ма деймін ақындық өзіңді-өзің зерттеуден...
БАҒЫ ҚАЙДА КӨКТЕМНІҢ, БАҒЫ ҚАЙДА… Бағы қайда көктемнің, бағы қайда, созыла ма қыс тағы жарым айға. Ұмтылғанға тағы да жетпей ме қол, атқан оғым тағы да дарымай ма. Ыстық нандай батырған сарымайға, балқып, еріп отырмын тағы да ойға. Қорғасындай миы бар мына бастың қадірі жоқ кезі кеп тарыдай да. Қайда бағы көктемнің, қайда бағы, ықтасынға көр-қоқым айналады. Болмасты ойлап, келместі күтуменен бір тал шаштай үмітпен байланамын... БЕТІҢЕ ТАЛАЙ ШИМАЙ ЖАТЫП АП ЖҮР… Бетіңе талай шимай жатып ап жүр, Кей сөздің қызыл көзі шатынап жүр. Шынымды жазайын деп арлылар жүр, ақылды сөз жазам деп ақымақ жүр.
Әйтеуір бір шимайдың түсуі анық, түскен сөзді, қанеки, ұсыналық. Қайғысын жазсын бәз бір кісі налып, бәз біреу жазсын мейлі ішіп алып. Жинағандай соңғы үнем, ақырғы азық, жанымды жұрт дәптер ғып жатыр жазып. Безілдесін тек шын сөз, безілдесін, жасқаншақтың жарық боп көзін жесін. Бәрін жазсын кешірем, тек қана бір арам ойдың иісі сезілмесін. Талай арам бізді осы кетті аңыртып, талай ордан тор жорғам тоқтады үркіп. Сөз артында ор жатса, достым, сені дәптер ғұрлы лақтырам отқа жыртып...
БІЛЕМ: БҰЛ САҒАН АЙТАР СЫР ЕМЕСІН… Білем: бұл саған айтар сыр емесін, қоймайды айт деп бірақ жүрек осы. Аң қусам – қуар болдым ақсағанын, қыз қусам – қуар болдым күлегешін. Қалжыңнан қашу үшін күн ілгері аға деп атайды қыз бүгін мені. Шаппады қосқан атым құдай атып, түйіліп түскен құсым түк ілмеді. Жүйріктің аяғы жоқ – жүгірмедім, көңілі ғана қалды – түңілмедім. Қазықта қалдым бүгін, елеңдетті алыста шапқан аттың дүбірлері. Баяғы жыр ауруы алды меңдеп, жатырмын жырды баптап, жанды үнемдеп. Басымнан ұшып бағы жігіттіктің, «беделі» ағалықтың қалды менде...
БІР БҮЙІРДЕ ҚЫЗСА ДЕП ЕМ ӨЛЕҢІМ… Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім, бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім. Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім, ақымақты ойландырсам деп едім. Қарсы біткен түк сықылды мақпалға, ажарыңды бұздым жанға батқанда, ей, өлеңім, қараулардан алыс бол, қайғысызға, қанша оқысын, жатталма! БІР ЖЫЛУ БЕР, ҮМІТ БЕР… Бір жылу бер, үміт бер тағы жаздым бас қатып. Жазығым жоқ, жігіттер, жырлағаннан басқа түк. Әр тал гүлі киелі болатұғын көктемде, топырағымды сүйемін, өзге кінә жоқ менде. Айтқыш деген даңқы да, айтатыны көп бұдан! Ғашықпын өз халқыма одан өзге жоқ кінәм.
Ойлап ауру кеселін ойшыл болдық, түнердік. Жасау керек деседі жас шағыңда бір ерлік. Елім деймін, қолбырап жырға қосам қастер ғып. Жасағам жоқ мен бірақ үйленгеннен басқа ерлік...
БҰТАЛАРДАН ШӨПТЕРГЕ ЫРШЫП ҚОНЫП…
Бұталардан шөптерге ыршып қонып, Шықтар тұна қалады бүршіктеніп. Дір етеді көл беті, дір етеді: артистка-аққу көтеріп жүр етегін. Селк-селк етті жас бұта, шошып қалды қолындағы шық-шамы өшіп қалды. Селт етпейді самалдың қаққанына қыз шешесі бекіткен қақпа мына. Ақ тарыдай шашылып үркіп пе еді, жұлдыздарды барады құртып тегі: Қызыл әтеш-күн шығып ақ тарыны шымқып теріп, жөнелді шымқып теріп... 1970, 1982 ДАҢҚТЫҢ, ДАУДЫҢ, ДАҚПЫРТТЫҢ… Даңқтың, даудың, дақпырттың Ық жағын алып келіп едім. Бейне бір шөкім ақ бұлтпын, Қуаламашы, жел, мені. Қалықтайыншы аз уақыт, ақша бұлт екем бір ұрттам. Қанатымды от қып маздатып бір көрінейін ымыртта.
Жап-жасыл көкте ақ мең боп көрінейінші мен жұртқа. Күркіл мен жарқыл жоқ менде, нөсер де күтпе сондықтан. Қарайын саған, кең өлкем, биікте тұрып қарайын. Тоқымдай ғана көлеңкем төсіңде жатсын қарайып. Жайыма, Тағдыр, қарайла, төкпесем нөсер қалшылдап, тама алмай жүрген талайдан тарыдай ғана тамшым бар... ЖҮРЕКТЕГІ АЗЫН-АУЛАҚ ҚАЗЫНАДАН… Жүректегі азын-аулақ қазынадан Жылт еткенді жыр етем, жазып алам. Жырымды жазып алған қазынадан Желге айдап қоя бердім азынаған. Ақылдың ауласында бағып-қағып, отырмын бір жинақты ағытқалы. Шығарып өз сынымның ауласынан оқушы ауылына бағыттадым.
Әйнектен түсті бірі талып барып, кіре алмай қайтты бірі қағып-қағып. Өлтірдім бір жинақты өз қолыммен, – ол анау пәпке деген табыттағы. ...Тағы жазып жатырмын шабыттанып. ЖҰМСАМАҢДАР, ДОСТАРЫМ, ДӘРІГЕРГЕ… Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге, танысқанмын дәрінің бәрімен де. Дала деген докторға көрінейін, емделейін одан да барып елге. Ұсақ-түйек ауруға шыдап денем, шыдамыммен талайға ұнап келем. Дала деген докторға көрінейін, профессор емдесін шұбат деген. Мені емдейді, емдесін өлең мейлі, ауыл барсам асау қан төмендейді. Мені емдейді шырылы боз торғайдың, қурайлардың ызыңы мені емдейді.
Елде ғана айығам, арыла алам, сырқауымнан еш дәрі дарымаған. Маған дәрі бір жұтым құм самалы, құдық суы бір қауға дәрі маған. Уколыңды қоя тұр жаңа мына, ылай салма қан тамыр-каналыма. Қошалағым дайындап қойды уколын – ақтікеннің шөңгесін табаныма. Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге, елге жетер қуат бар әлі менде. Дала деген тәуіпке көрінейін, емделейін тағы да барып елге. КЕЛІП ҚАЛДЫҢ КИМЕЛЕП, КИІЗ БОП БҰЛТ… Келіп қалдың кимелеп, киіз боп бұлт, бір-біріңді түртіңдер – мүйіз боп түрт. Түрткілеңдер біріңді-бірің бұлттар, бір-біріңді осылай мүйіздеп құрт.
Ала шыңдар, тұр әне, ала шыңдар, үймелеңдер сол шыңға, таласыңдар. Талассаңдар әйтеуір аласыңдар – не аласың: атақ па, аласың ба ар? Жалаң шыңның желі жоқ жағын ықтап жылаңқы бұлт, жылжып бақ, жағынып бақ. Дүрлігісіп көріңдер дүлей бастар, ойнап қалсын талайлар тағы бұқпақ. Болат балқып жатыр ма, жұмыс тұтап, гудогындай заводтың ұлысты тап... «Ұят қайда?» дедім де қалдым тартып найзағайды жұлып ап күміс бұтақ. КЕТІП ЖАТТЫ САРЫ ДАЛА, КЕТІП ЖАТТЫ… Қошалақ құмында Кетіп жатты сары дала, кетіп жатты, сұлы дәнін саршұнақ шекіп жатты. Мына маңай не дейді-ай: қурай даусы маңырағаны секілді жетім лақтың.
Бір қарайған қиянда қозғалады – соған асық, жоқ жолшым, өзге амалың, Мына дала не дейді-ай: желдің үні саулы інгеннің секілді боздағаны. Елестетті сары қияқ тісті кәрі, сары, сары барлығы... пісті бәрі. Мына маңай не дейді:.. әлдеқайда мұрны құрт сары атан пысқырады. Жатпа, қиял, маңайды арала, тұр, жалқау аяқ соңыңнан барады ақыр. Блокнот та сарғайды қалтамдағы, ойдың өзі сарғайып бара жатыр. Жалқау құмның жадына жасырынған жадау ойдың жетіпті жасы мыңға. ...Керек екен бұл маңға бір жаңалық, телеграф-бағандар, асығыңдар!..
КЕШКІҒҰРЫМ ЕСКЕНДЕ ТАУ САМАЛЫ… Кешкіғұрым ескенде тау самалы менің жаным ғажап бір ән салады. Ән саламын, сүйгелі бір сұлуды, бір сұлуды сағынып аңсағалы. Кешкі мұңнан, кешір дос, безінбедім, кешу сұрар көбейді-ау кезім менің. Бір сұлуды сүйдім мен, бір сұлудың енді маған болмасын сезінгелі. Уақыт өтіп барады, бүгінгі әнім тау-самалдай ойнақы, құбылмалы. Жалтақтадым әр жаққа, әр сағаттың енді қайтып келмесін ұғынғалы. 1970, 1982 КҮН КЕШКІРІП БАРАДЫ, КҮН КЕШКІРІП… Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп, Көкжиекті мүйіздеп тұрды ешкі-бұлт. Қар мен мұзын қаһар ғып кетті мезгіл Қиқы-жиқы шыңдарға мінгестіріп.
Күн кешкіріп кетіпті-ау, күн кешкіріп, көлеңке мен күн жақты күндестіріп. Күн-лағынан айырылып қалған қалпы көкжиекте маңырап жүрді ешкі-бұлт... КҮНДЕР ӨТКЕН САЙЫН АУЫЛ ҚАШЫҚТАП… Күндер өткен сайын ауыл қашықтап, күндер өткен сайын жүрміз ғашық боп. Машық болды ауылым деп жыр жазу, сағыну да айналды оны машыққа. Сөкпеңіздер жан емеспін мен ескі, жан ұқпаса жаңалық та көмескі. Жершілдіктен деме жерді жыр етсем, қанымды айтсам қазақшылық демессің. Күндер өткен сайын адам бауырмал, бауырмалдық бұрады екен ауылға. Торғай ұя салған әлсіз бұтадай бізді де осы біреулер жүр ауырлап...
КӨК АЯЗ КЕРНЕЙЛЕТТІ, КЕРНЕЙЛЕТТІ… Көк аяз кернейлетті, кернейлетті, жағаңды қырауымен жөрмей кетті. Жаңағы ажырамас достар еді – екі ерін бірін-бірі көрмей кетті. Мына түн суып кетті-ау, суып кетті, Қусыртып екі қолды буып кетті. Ай-тазы жылмаң етіп шыға келіп, ақ бөрте қоян-бұлтты қуып кетті. ЖЫРЫМДЫ ӨЗГЕ ТҮГІЛ ҚЫЗ ҰҚПАДЫ… (Әзіл) Жырымды өзге түгіл қыз ұқпады, тастадым сол үшін мен сызып бәрін. Қыз менің теңеуіме түсінбеді, мен қыздың кірпігіне қызықпадым. Ашып ем үр-жаңа ойды дара барып – қыз мені бір жымиып бағалады. Ол менің өлеңімді оқымады, мен оның бұрымына қарамадым.
Балғалап ұқтырдым деп «ақын жанын» тақтай сабап жатқандай тақылдадым. Ол менің бір жырымды жаттамапты, мен оны театрға шақырмадым. Әй, қайран пендешілік, «жанып» ішің жүресің, шарап емес, жалын ішіп. Осылай қыздарыңмен «ерегестім» жігіттер, өздеріңе жағу үшін. 1970, 1982 ЖЕҢІЛДЕДІ ТІРШІЛІК, ЖЕҢІЛДЕДІ… Жеңілдеді тіршілік, жеңілдеді ақтарғалы сырымды көңілдегі. Күй тартқыш деп достарым мақтағалы, жақтағалы жігіт деп елім мені. Бір ауыз өлең-жырды құрағалы өз мінімді іздедім шырақ алып. Жата ғап өзімді-өзім кінәладым, сын-пікірі батқан соң бір ағаның.
Күйші деп соңымнан көп жұрт ергелі іздедім басылмаған бір пернені, іздедім естілмеген бір дыбысты... әйтеуір бітіргенім: бір терледім. Іздедім, өз мініме жетем дедім, уа, Еңбек, шырын ба едің, шекер ме едің. Сыздым мен көп жолымды мінім ғой деп, сүйтсем ол жетістігім екен менің. Аштым деп бір жаңалық өрлеп шықтым, қане, дос, жантаяйын, бер көпшікті. Тапқаным: жаңа деп ем жан баспаған – талайлар таптап кеткен жер боп шықты... 1970, 1982 ЕЛІКПЕҢДЕР, ЕЙ ЖІГІТТЕР, ҚЫЗБАҢДАР… Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар. өмір деген – гүл шоғы емес қызды алдар. Көктем ғой деп көлкілдеме көйлекшең, мына күннің артында әлі ызғар бар.
Сәуір желі ескенімен түзеліп, бұлтын аспан тұр ғой әлі тізе ғып, Күншуақ жақ көктегенмен, әлі де көлеңкенің біткен жоқ қой мұзы еріп? Жаза тұршы, күдікшіл ой, жүдеу жыр, күдік кейде таяныш бір, тіреу бір. Шыңғыс ханның садағын ап біреу жүр, Гитлердің мұртын қойып біреу жүр. Сөйлем бітті, бітті деген нүктең жоқ, жауды жеңдің – тізесін ол бүккен жоқ. Көлеңкенің біткен жоқ қой мұзы еріп, мұзды жандар әлі құрып біткен жоқ. Көктем, жаңбыр құра берсін жүз өрмек, сәби жел жүр сол өрмекті үзем деп. Көлеңкеде коньки теуіп жігіт жүр, көктем гүлін еткенімен қыз ермек.
Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар, өмір деген – гүл шоғы емес қызды алдар. Көктем ғой деп көлеңдеме көйлекшең, мына күннің артында әлі ызғар бар. ЕСЕ ҒОЙ, ЖАСЫЛ САМАЛ – ТЫНЫСТАЙЫН… Есе ғой, жасыл самал – тыныстайын, созылшы, саусақтарым, гүл ұстайын. Үркітіп алдым білем бір бұтаңды – сыбдыра, сыбдырай ғой, күміс қайың. Көк қырлар көз алдымда барады өсіп, тербетші көк бұтаңды дала-бесік. Шекесі анау дөңнің жолақ-жолақ, кеткен-ау бір керемет тарақ осып. Жүздірші ақ бұлтыңды аспан-алып, бұлт жоқта ой да келмес басқа лағып. Бір сәтке бұлтсыз қою Алатауды, аспан-ау, біле білсең – масқаралық.
Бұлт келді әппақ-әппақ, үрпек-үрпек, жалғыз сөз көмейімде тұр кебіртек. Ой келді басыма бір... ақша бұлттар қарайып бара жатты бірте-бірте...
1970, 1982 ЕШКІ АЙТЫПТЫ ҚАСҚЫР ЖАУЫЗ, КЕЛДІҢ БЕ…
Ешкі айтыпты: «Қасқыр жауыз, келдің бе, келдің ғой сен етімді бір емгің кеп. Шаш қанымды, бат қызыққа, не тұрыс, қу қолыңа түсе бермен мен күнде. Жұлынымды үз, жілігімді кемік ет, енді менде лақ та жоқ, желі жоқ. Шарбымды жұт, шабытты арлан!» Сорлы ешкі бір маңырап, қоя берді еңіреп. Қасқыр айтты: «Рақымет, қарындас, қасқырлар да таңдап жейді барында ас. Менің қарным – қарын емес, қап деп пе ең?! Ұялсаңшы дәрігерден, әптектен. Ас жақпайтын боп жүр ішке, оттай тұр, шынымды айтсам, саған зауқым соқпай тұр».
ЖАНАТҰҒЫН ЖАН ҚҰСАП БҮГІН БАҒЫҢ… Жанатұғын жан құсап бүгін бағың, Қол ұсынсаң – ерінің діріл қағып, аға боп мен бір ақыл айтады деп, қарындас келіп тұрсың жырыңды алып. Жымиғаның жанымды жеп барады, – самайымның жасырам ептеп ағын. Жазғаныңа қараудан гөрі менің жанарыңа қарағым кеп барады. Ақыл айту оңай ғой, айтам әлі, айта аламын, мен де ақыл айта аламын: Ақыл қонса жырды жұрт қояр еді; ақыл қонса сұлулар бай табады. Ақылшы деп келдің-ау, тапқан-ақсың, ебін тапсам жырыңды мақтамақпын. Сол жағымда сайтан тұр сықылықтап, періштем тұр оң жақта ақ қанатты.
Ишараты қымсыну, іркілудің – именшектеу жүзіңе күлкі кірді. Көз жанарың мөлт етіп төгілердей, қағып қалсаң қаттырақ кірпігіңді. Кемшілігі жырыңның байқалмас бұл: періштемнің орынын сайтан басты... Әй, шырағым, мен ақыл айта алмаспын, әй, білмеймін, білмеймін... айта алмаспын.
ЖАНЫМ МЕНІҢ ТҰРДЫ АУЫРЫП, КІМ ЕМДЕР…
(Кітапханада) ...Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер, маған, маған бір жақсылық тілеңдер. Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым, миым менің кеуіп тұрды – үнем бер! Мың дарынсың, шыңдарымсың ұмтылар, мың әсерден арылам деп ұмтылам. Әр теңеуден аттай алмай сүрінем, әр теңеудің алдына кеп бір тұрам. Мен сендерді тірі достан кем көрмен, талай тірі достар бар ғой менде өлген. Мен сендермен амандасып тұрамын, Пушкин ақын қоштасқалы сендермен. Абай, Блок, Махамбетте мықты арман, ажал ғана мұқата алған Мұқтарлар. Әрқайсысы бір ғасырдан жүкті алған, әрқайсысы бір-бір елді құтқарған.
Жүр ғой мені Есенинше есті ғып Вергилий мен Фирдоусидай ескілік, Ерте жатқан әлем ардагерлері, секілдісің мың бояулы кешкі бұлт. Уа, ұлылар! Жырларыңа бір жүзейін – тақтай бер, берер болсаң аққуыңды – атпай бер. Маяковский, қаһарыңнан сақтай гөр, Уитмен-шал, сақалыңнан сақтай гөр! Бурыл жал Пегасыңмен бір тең бе, менің тайым соңдарыңнан бүлкеңдер. Адамдардың арасына кішкене, тұрмысыңдар, сыймай өткен үлкендер! Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер, маған, маған бір жақсылық тілеңдер. Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым, көңлім менің көріксіз тұр – үнем бер.
Сендерсіңдер шағынарым, үлкенім, момын жалын, жалынындай білтенің, Қасіретті басып өткен мың ұстаз, қайырымды, қасиетті мың томым!
ЖАНЫМ МЕНІҢ ТҰРДЫ АУЫРЫП, КІМ ЕМДЕР…
(Кітапханада) ...Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер, маған, маған бір жақсылық тілеңдер. Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым, миым менің кеуіп тұрды – үнем бер! Мың дарынсың, шыңдарымсың ұмтылар, мың әсерден арылам деп ұмтылам. Әр теңеуден аттай алмай сүрінем, әр теңеудің алдына кеп бір тұрам. Мен сендерді тірі достан кем көрмен, талай тірі достар бар ғой менде өлген. Мен сендермен амандасып тұрамын, Пушкин ақын қоштасқалы сендермен. Абай, Блок, Махамбетте мықты арман, ажал ғана мұқата алған Мұқтарлар. Әрқайсысы бір ғасырдан жүкті алған, әрқайсысы бір-бір елді құтқарған.
Жүр ғой мені Есенинше есті ғып Вергилий мен Фирдоусидай ескілік, Ерте жатқан әлем ардагерлері, секілдісің мың бояулы кешкі бұлт. Уа, ұлылар! Жырларыңа бір жүзейін – тақтай бер, берер болсаң аққуыңды – атпай бер. Маяковский, қаһарыңнан сақтай гөр, Уитмен-шал, сақалыңнан сақтай гөр! Бурыл жал Пегасыңмен бір тең бе, менің тайым соңдарыңнан бүлкеңдер. Адамдардың арасына кішкене, тұрмысыңдар, сыймай өткен үлкендер! Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер, маған, маған бір жақсылық тілеңдер. Қасық бал бер – қаңсып тұрды таңдайым, көңлім менің көріксіз тұр – үнем бер.
Сендерсіңдер шағынарым, үлкенім, момын жалын, жалынындай білтенің, Қасіретті басып өткен мың ұстаз, қайырымды, қасиетті мың томым! ЖАНЫП ТҰРЫП БІР ӨЛЕҢ ОҚЫР ЕДІМ МЕН ОҒАН… Жанып тұрып бір өлең оқыр едім мен оған алып келіп қаладан, не суырып санадан. Оқыр едім, әттең-ай, оқыр едім – ұқпайды, жырды ұқпайтын кісіден махаббат та шықпайды. Ойлануға үйретіп алса нетті сәл сілкіп, көрік берген «тәңірім» кірпіктерін шаншылтып! Сыңғыр берген тіршілік сырын бермей оқсатты, күлкі берген табиғат мұңын бермей тастапты.
ЖАПЫРАҚ ҚАЛСЫН АЛАҚАНЫН КҮЛБІРЕТІП… Жапырақ қалсын алақанын күлбіретіп, бұтақтардан құйылшы күмбір етіп, ағылшы бір, ақ нөсер, әжелердің ұршығының жібіндей дір-дір етіп. Қытықшыл ақ айдынның шымшып етін, түршігетін жасашы, түршігетін. Әйнегімді айғыздап тілші нөсер, Жып-жылтыр тереземнің тілші бетін!.. ЖАТЫРСЫҢ, КҮН, БІРІҢ КЕП, БІРІҢ КЕТІП… Жатырсың, күн, бірің кеп, бірің кетіп, жаныма еріп жүр жырым, жүр «індетім». Уақыттың саусағы ілді дәйім менің сезім-ішегімді дірілдетіп. Жетістігім мінімді жүр індетіп, мен жетпеген жеріме сырым жетіп. Жазғаныма ескі ырғақ тарлық етті, аяғыма тар келді бұрынғы етік.
Көңіл байғұс жүр, әттең қырын кетіп, кетейінші десем бір дүрілдетіп. Қызығынан жастықтың ерте айрылдым, ермегіне егденің бұрын жетіп. Тербегенде жыр деген қара бесік, жатып алды ақыл мен ар егесіп. ...Сенің әлсіздігіңді білген сайын менің күшім еселеп барады өсіп. 1970, 1982 АЛА ШЫҢНЫҢ БАУЫРЫНДА АЛЫП БІР… Ала шыңның бауырында алып бір мен басымды білегіңе салыппын. Қатып ұйықтап қаппын солай, желкеме сағатыңның бауы батып қалыпты. Жаттым біраз түс шығар деп асыл бұл, білегіңнен алғым келмей басымды. Көзімді ашсам: «ақ білектің» орнында қара томы жатыр екен Қасымның.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру