TELEGEI

Home

Сайын батыр (Бабалар сөзі)

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Сайын батыр (Бабалар сөзі)

"Бабалар сөзі" сериясының 44-томына «Ер Тарғын» жырының үш нұсқасы, "Ер Көкше", "Ер Қосай", "Сайын батыр", Қисса-и Қарабек", "Қарабек батыр" атты батырлық жырлары енді. Жырдың сюжеті ноғайлы кезеңінің тарихи оқиғаларын баяндайтын қазақ аңыздарына құрылған.

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ЖҮЗ ТОМДЫҚ

САЙЫН БАТЫР

Күн астынан шаң шықты,
Шаң астынан ту шықты.
Бұрынғы елдің барында,
Өткен елдің заңында,

Сол елдердің тұсында
Ноғайлы деген халық өтті,
Үш шарбақты кент өтті.
Ноғайлының үш кенті

Заманында жарлы өтті. 10. Ел дәулеті мал кетті,

Жарлылықтың зары өтті.
Халқы жарлы болған соң,
Әжептәуір жігіттің
Ақ бетінен қан кетті.

Жап-жалаңаш болған соң,
Әйелінен ар кетті.
Үш шарбақты ол кентте
Кірлі киім кимеген,

Жортақы атқа мінбеген, 20. Алдаға тілі тимеген,

Түстік жерге жүрмеген,
Бес уақытта ақ намаз
Біреуін қаза қоймаған,
Бір Құдайды ойлаған,

Ноғайлының халқында
Сондай бір бай болған,
Өз алдына шәр болған.
Қара басы хан болған,

Байлығы жұртқа заң болған. 30. Байлығының белгісі –

Малы алашқа таң болған.
Байлығының белгісі –
Тоқсан қара құлы бар,
Тоқсан тоғай малы бар.

Дүниеқор сол байдың
Дүниеден жалғыз мұңы бар.
Дүниеқор Бозмонай
Өз алдына шәр болған.

Алпыс жастан өткенше, 40. Құдай қосқан қосағы

Елу жастан өткенше,
Бір перзентке зар болған.
Әлі күнге келеді,
Өкшесі, сірә, қанамай,

Еміреніп сүймеді
Жаңа иісті баланы.
Елде тәуіп қоймады,
Тәуіптің бәрі жиылып,

Кең сарайда орнады, 50. Сөйтсе де перзент болмады.

Бір уақыт болғанда,
Жылқыда жүрген тоқсан құл
Қымыз ішіп, мас болды.
Мастығыменен тек тұрмай,

Үйдегі баймен қас болды.
Мына құлдар кеңесті,
Төбеде тұрып сөйлесті,
Сөйлескенде не десті:

– Қызыл шапан кимедік,

60. Қырыншыл ат мінбедік.

Ноғайлының керме қас
Жігіттей дәурен сүрмедік,
Өтерін дүние білмедік.
Мына жүрген Бозмонай

Бізді ұлындай көрмеді.
Бөлініп жатқан малынан
Бізге қалың бермеді.
Ертеменен бай келсе,

Екі қолын байлайық, 70. Кірерге көрін сайлалық.

Бозмонайды өлтірсек,
Біз сәтіне келтірсек,
Тоқсан тоғай жылқыны
Тоқсан бөліп алалық.

Бұ сықылды тегін мал
Қайдан іздеп табалық?!
Қарағай найза сықылды
Қарсы шабар ұлы жоқ.

Артынан іздеп келетін 80. Қатарланған халқы жоқ.

«Құл кеңесіп жатыр» деп,
Байға айтқан кісі жоқ,
Онымен байдың ісі жоқ.
Бір замандар болғанда,

Ертеменен бай тұрды,
Арқаннан атын алдыртты.
Алтын-ды ер-жүгенді
Тоқымынан салдыртты.

Қара тонын белсеніп, 90. Қас патшадай теңселіп,

Бозжорға атты найқалып,
Жылқының алдынан
Шықты шайқалып.
Қара басы хан болған,

Өз алдына шәр болған.
Тоқсан құлдың біреуі
Бүгіліп сәлем бермеді,
Байды көзі көрмеді.

Сонда бай тұрып бұрқанды, 100. Мұздай темір құрсанды.

Тоқсан құлдың бәрінің
Атын атап шақырды.
Ашуменен Бозмонай
«Қырармын» деп ақырды.

Шетте жүрген бір құлын
Бай да ұстап алады.
Қолға түскен сол құлды
Ашумен бай сабады.

Біреуін сабап жатқанда, 110. Тоқсан құл байды қамады,

Жаңбырдай құрық жауады.
Басына таяқ тиген соң,
Жалғыздығын білген соң,
Өзінің қолы кірген соң,

Бозаттың басын бұрмалап,
Сарайға қашты Алдалап.
Ойбай салған даусына
Жер күңіреніп барады.

Үйде тұрған бәйбіше 120. Құлағы естіп шалады.

Сарайдан шықса жүгіріп,
Келеді екен Бозмонай
Өз-өзінен бүлініп.
Атынан келіп Бозмонай,

Теріс жағынан құлады,
Жер бауырлап жылайды.
Қосағыменен екеуі
Ойбай салған даусына

Үш шарбақты ноғайдың 130. Жамағаты жиналды.

Жұрт келсе де тұрмады,
Көтеріп басын алмады.
Сол ойбайынан танбады,
Бозмонай бай жылайды.

Жад айтады Құдайды.
Жылағанда Бозмонай:

– Ашамайға мінгізіп,

Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құрбының

140. Алдына алып сүйгізіп,

Алашқа атын білгізіп,
Ұл қызығын көрмедім.
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне қамқа кигізіп,

Орынды жерге бергізіп,
Алаштан бегзат келтіріп,
Қыз қызығын көрмедім.
Еркімен түскен дұшпаннан

Жау қорлығын көрмедім. 150. Алыстан келген сол жауға

Малым үшін өлмедім.
Құлдан қорлық көргенше,
Күнде бүйтіп өлгенше,
Сүймес пендең мен бе едім?

Құлдан қорлық көргенше,
Тезінен өлім бермедің!
Кең сарайға бармады,
Көтеріп басын алмады,

Сол жылаудан танбады. 160. Жылауменен бай жатты,

Қызарып барып күн батты.
Түніменен бай жатты,
Сарғайып барып таң атты.
Алымдар азан айтқанда,

Бейнамаз ұйықтап жатқанда,
Ақ шалмалы бір адам
Жетіп келді қасына,
Таянып тұрды басына.

Екі қойны толыпты, 170. Бозмонайдың сол күнде

Көзінен аққан жасына.
«Ә, Бозмонай, Бозмонай!
Не тілегің бар? – деді,
Тілегің болса ал», – деді.

Сол уақытта Бозмонай
Ұшып тұра келеді,
Көзінен жасын төгеді:
“Ер дәулет тұсында

Қара басым хан болдым, 180. Бір перзентке зар болдым.

Сол перзенттің зарынан
Жиын-тойға кірмедім,
Өтерін дүние білмедім.
Құлдан көрдім қорлықты,

Жалшыдан көрдім зорлықты.
Өз малыма бара алмай,
Белден мамық сала алмай,
Тыныштық ұйқы ала алмай,

Өз жанымды қия алмай, 190. Өлейін десем өле алмай,

Сол құлдардың қорлығынан
Өз малымды көре алмай.
«Тілегенің ұл болса,
Бар тілегенің сол болса,

Бабай Омар бабасы
Қабыл болған дұғасы.
Тілегенің ұл болса,
Бар тілегің сол болса,

От жағалай отырып, 200. Оттың басын толтырып,

Көп аламысың сен? – деді.
Бірін мыңға балайтын
Бірді аламысың сен? – деді.
Қалағанды ал!” – деді,

“Ер ортасы болғанда,
Пайғамбар жасқа толғанда,
Жігіттік күн озғанда,
Оттың басын боқ қылып,

Қырға шығар ішінде 210. Бір оңдасын жоқ қылып,

Мен нетейін көбіңді.
Бір де болса сол маған,
Бірін мыңға балай бер!
Өмір жасын ұзақ қып,

Берсең маған қалап бер!”
“Бердім бірді мен, – деді,
Күтіп алсаң сен, – деді.
Жатса Құдай демейтін,

Қылған ісін жөндеген, 220. Өзге жұрттың тілегін

Бұл сықылды бермеген.
Менің көрген қызығын
Еш пендесі көрмеген.
Белін шешіп жатпаған,

Аңсамай саумал ішпеген.
Ертең мінген атынан
Кешке дейін түспеген.
Сансыз дұшпан батпаған,

Бет алғаннан қайтпаған. 230. Дұшпаннан Алла сақтаған,

Жұрттың сөзін сөйлеген,
Алар жауын көздеген,
Батыр Сайын болсын! – деп,
Үстіне аруақ қонсын! – деп,

Көңілі разы болсын!” – деп,
Ала есегін қайқалап,
Ала қоржын арқалап,
Шер кітабы қойнында,

Аса таяқ қолында, 240. Жүрген Ақтың жолында,

Жаны Алланың қолында
Жөнеле берді бұ адам,
Екі етегін түрініп.
Бозмонай үйге жүгіріп

Жатыр екен бәйбіше
Етбетінен бүгіліп.

– А, бәйбіше, тұр! – деді,

Беті-қолыңды жу! – деді.
Әулиең жарды жүректі,

250. Құдайың берді тілекті,

Арылтар болғай бейнетті.
Есен болсаң көрерсің,
Сайын атты перзентті.
А, бәйбіше тұр! – деді,

Қойдан қошқар ал! – деді,
Құдай жолына шал! – деді.

– А, Бозмонай, Бозмонай,

Дәулетті берген бір Құдай.
Ертеменен кеткен ол қойға,

260. Жете алмаймын жүрсем де.

Сен алпысқа жеткенде,
Мен елуден өткенде,
Жігіттік күн кеткенде,
Кәрілік қарсы жеткенде,

Енді берсін не Құдай?!

– Бермесе Құдай қайтесің,

Қошқарды аяп не етесің?
Аяғаммен малдарды
Қай түбіне жетесің?

270. Бермесе де бар! – деді,

Қасқыр жеген бір қошқар
Алып келіп шал! – деді.
Сонда бәйбіше барады,
Алып келіп шалады,

Жұртын жиып алады.
Жұрты тарқап кеткен соң,
Бір-бірінен сұрады.
«Қашан болар екен» деп,

Екі міскін жылайды. 280. Бір күндері болғанда,

Елуге келген буаз кемпір
Қарыны шықты қампиып,
Құрсағы шықты шампиып.
Біраз заман өткенде,

Жаңа жылға толғанда,
Уәдесі болғанда,
Бейсенбінің күнінде,
Ұлы жұма түнінде

Буаз кемпір келіп толғатты. 290. Ноғайлының үш кентін

Түгеліменен оятты.
Бет біткенде сұлу жоқ
Ол сықылды сымбатты.
Таң сарғайып атқанда,

Сайын сынды қасқаның
Желкесі жерге тақ етті,
Маңдайы күнге жарқ етті.
Дүниеқор Бозмонай

Екі етегін түрінді, 300. Өріске таман жүгірді.

«Оң қолымды жаярмын,
Мұнан немді аярмын.
Бүгін өліп кетсем де,
Аманатқа даярмын.

Төрт түлік саған қыламын,
Елі-жұртым жиямын».
Аямай малын қырады,
Ат жетерді жияды.

Жұрты жиылып болған соң, 310. Табақ тартып берген соң,

Алтын тақта хан отыр,
Қас жақсының ұлы отыр.

– Өлгенде көрген перзенттің

Атын жөндеп қойыңыз.
Түсімде қойған аты бар,
Соны тауып қойғаның
Тоқсан торқа киесің,

Тоғыз жорға мінесің.
Хан мен билер отырып,

320. Ақылменен ойлап білесің.

Хан менен билер отырып,
Жорға менен торқаға
Қоймай жатып таласты.
Қымыз ішіп мәз болып,

Билер есінен адасты.
Адасқанның белгісі –
Бір-бірінің отырып
Жағасына жармасты.

Жұдырықтасып жүргенде, 330. Мұрындары қанасты.

Хан мен билер ұрысты,
Сол заманда аз екен
Хан да, билер ұрысты.
Сонда келді Бозмонай:

– Хан мен билер ұрыспа,

Ұрысқаның дұрыс па?
Тәңірі өзіңе бермесе,
Маңдайыңа ырыс па?
Тоқсан торқа ки, – дедім,

340. Тоғыз жорға мін, – дедім,

Бұ айтқаным дұрыс па?
Екі күн жатсаң сақтаймын,
Біреуің де қайт деп айтпаймын.
Бар дәулеттің тұсында

Қалай тамақ таппаймын?
Екі күн жатты, таппады,
Шұбырған кедей қайтпады.
Ондай-мұндай қойған ат

Бай көңіліне жақпады. 350. Соған дейін сол жұртты

Дәулетпенен сақтады.
Сонша адам жиылып,
Сайын атын таппады.
Со уақытта бір адам

Жүз отызға келіпті,
Талай мақұл көріпті.
Ноғайлының жұртында
Онан үлкен адам жоқ.

Өзі жарлы болған соң, 360. Оныменен жұрттың ісі жоқ.

Хан мен билер қасына
Шал байғұс келді таянып: – Бәрекелді, хан мен би,
Жарасады жатқаның.
Байлығымен, Бозмонай,

Мыстан табақ тартқаның.
Қамалып жатып хан мен би,
Жаңа туған жас түлек,
Кәнеки, атын тапқаның?!

370. Хан мен билер отырып,

Шалға қарап ұрысты.
Таппаған соң хан мен би,
Намысына тырысты:

– Егер атын таппасаң,

Он екі қақпа сарайға
Сені байлап қоймасам.
Шал да аңырап тұрмады,
Мұның атын сұрасаң,

Беліндегі бес қару 380. Тал бойына жарасқан,

Ерлік еткен алаштан
Батыр Сайын болмас па?!
Үстіне аруақ қонбас па?!
Хан мен билер қамалып,

Соны тауып қоймас па?!
Хандар қайтты томсарып,
Билер қайтты құмсарып.
Тоғыз жорға жетектеп,

Тоқсан торқа алысып, 390. Шал жөнелді заң салып.

Тойы тарқап кеткен соң,
Күмістен бесік ойдырды,
Алтыннан түбек құйдырды.
Қара кіске “қатты” деп,

Бала кіске “қатты” деп,
Бала кіске бөлетті.
Жаңа туған жас бала
Емшек берсе емеді,

Етті берсе жемеді. 400. Анасының қарасын

Егіз екі көрмеді.
Бозмонай бай сасады,
Шәріне таман барады.
Үлкенінің құлағына салады:

– Кеше туған жас бала

Емшек берсе ембеді,
Ет берсе де жемеді.
Анасының қарасын
Егіз екі көрмеді.

410. Дағдардым, жұртым, мен, – деді,

Айласын тапшы сіз, – деді.
Ноғайлы жұрт кеңесіп,
Сайын сынды мырзаға
Үш күнде бір бие сойғызды.

Ортан жілік майымен
Үш күнде бір тойғызды.
Бір жасына келгенде,
Біліктіден би болды.

Екі жасқа келгенде, 420. Еліменен тең болды.

Үш жасына келгенде,
Ерттеп мінген атынан
Кешке дейін түспеді,
Шақыртпай асын ішпеді.

Төрт жасына келгенде,
Қарағай найза толғайды,
Жүрсем екен дейді екен.
Бес жасына келгенде,

Қадір түнін күзетті, 430. Ноғайлының үш кентін

Түгелімен түзетті.
Езу тартпай ол өтті,
Абыройлы қыздай ұл өтті.
Халқы жақсы болған соң,

Қарып пенен міскіндер
Сайынның арқасында күнелтті.
Алты жасқа келгенде,
Атын таңдап мінгенде,

Алты қырлы ақ сүңгі 440. Оң қолына алғанда,

Қындағы алтын ақ болат
Аш беліне шалғанда,
Момыннан сондай туғанда,
Алданың артық қылғаны.

Айбынды бала туған соң,
Қарабай қорқып қаз болды,
Қыйыршақ қорқып саз болды.
Сайын келді дегенде,

Тоқсандағы кемпірлер 450. Қысылғаннан қыз болды.

Ақпандағы алты ай қыс
Атқа мінсе жаз болды.
Сайын келді дегенде,
Тоқсандағы шалдардың

Қырық күн шілде болғанда,
Төсектен басын көтермей,
Төбесі жидіп таз болды.
Бір күндері болғанда,

Тоқсан құл тұрып кеңесті. 460. – Мына жүрген Ер Сайын

Баяғыда әкесін
Алдымызға сап қуғанды,
Көптеп ұстап ұрғанды,
Әлі күнге білген жоқ.

Бұ да бір күн білгенде,
Құлағына тигенде,
Бәрімізді қырады.
Бұған адам шыдар ма?

Жорға менен жүйрікті 470. Түн ішінде алалық!

Сусыз шөлге бас қосып,
Біз де қаша берейік.
Жорға менен жүйрікті
Сүйтіп олар алады.

Сусыз жерге бас қосып,
Құлдар қашып барады.
Ертең келді Ер Сайын
Қарала атты ойнатып.

Жылқыдағы құлдың бәрі жоқ, 480. Қашты деген көңілінде

Ер Сайынның кірі жоқ.
Құл кеткенін білген соң,
Батыр бала тұлданды:

– Тосқан құл саған не қылдым?

Атама қылдың зорлықты,
Шешеме қылдың қорлықты,
Соны есіме алмадым.
Ат терлетіп келсең де,

Етіңе қамшы салмадым. 490. Өз обалың мойныңа

Тобаң сені қойды ма?
Қарадан жаман түспесем,
Қарадай сенің ізіңе.
Азар болса қашқансың

Сусыз шөлдің дүзіне.
Келтірсе Құдай кезіме,
Болармын деп жүргенмін Дұшпанның жалғыз мыңына.
“Шүу” деп еді Қараала ат

500. Қырдан асып қылт етті,

Жұлдыздай ағып жылт етті.
Шауып тоқтап барлатып,
Ұлы сәске болғанда,
Аңырап шықты Ер Сайын

Қара төбе басына.
Тоқсан құл кетіп барады
Аяғының астында,
Қосылып өлең айтысып,

Сырнай күйін тартысып. 510. Сол төбенің басында

Ер Сайын тұрып толғады,
Жалғыздығын ойлады:
«Ай, жаратқан жалғыз Құдайым,
Өлемін деп қалмаймын,

Бұған нағып шыдайын?!
Тоқсан құлмен тоғыссам,
Әбүйірді тауыссам
Егер жазатайым іс болса,

Жалғызға түсер күн болса, 520. Қартайғанда атамнан

Енді зейнет туар ма?!
Сараң Ием болмаса,
Қанатсыз мені қылар ма?!
Тоқсан құлдан құр қайтсам,

Құл кетті деп елге айтсам,
Жиын-тойға кіре алман.
Бармасам да барайын,
Бармай нағып қалайын?

Қынынан шықпас ақ алмас, 530. Суырып қыннан алайын,

Көтерсе Құдай тілейін!
Екі тісі сақылдап,
Езуден көбік бұрқылдап,
Жау көрмеген жас бала

Құлға ұмтылды қалшылдап,
Ойын емес, шынынан.
«Шүу» деп еді Қарала ат
Жұмырланды қырынан.

Түнеріп бала келген соң, 540. Енді өлетұғынын білген соң,

Құл қорқысып барысты,
Аттан түсіп қалысты.
Жылағанға болмады,
Жалынғанға қоймады,

Екпіні қатты жас бала.
Құлдарменен ойнады,
Өзгесін қырып салды да,
Отыздан жиып алды да,

Қара төбе басына 550. Жаяу айдап барады.

Сол төбенің басында
Ту сыртынан жарады,
Қармап етін алады.
Қасқаның көңілі тынған соң,

Тоқсан құлды қырған соң,
Сәйгүлігін қуалап,
Қонарға шәрге келеді.
“Құл қырдым” деп айтпады,

Бұрынғыдай сол мырза 560. Шіреніп үйде жатпады,

Мал көтінен қалмады.
Мал баққаны құрысын,
Жақын жатқан жылқыны
Айшылыққа айдайды.

Айшылыққа барады,
Елдің шиір шетінде,
Дұшпанның жүрер бетінде
Қарауыл да салады.

Күні-түні Алладан 570. Жауды тілей береді.

Қайда кеткен алаштың
Найза ұстаған батыры?!
Тап менің тұсымда
Еркек мұнда таусылып,

Қалған ба жұрттың қатыны?!
Бір күндері болғанда,
Алысы менен жуықты
Ат үстінде барлаған.

Дүниенің төрт бұрышын 580. Ыңғай жүріп шарлаған.

Қамалды бұзып жылқы алған,
Күймені бұзып қыз алған.
Дұшпанды көрсе бір күнде
Отыз екі түрленген.

Он жасына келгенде,
Жау атысын үйренген.
Қара қыпшақ Қобыланды
Ноғайлардан ер туды.

«Ер Сайынға барайын – деді, 590. Сол батырды қолға алып,

Алыста жатқан қалмаққа
Бір соғысты салайын!» –
Мың кісіні қолға алып,
Ер Сайынмен жолықпаққа ойланып.

Қарауылда жүрген Ер Сайын
Жау екен деп қашпады,
Жалғызбын деп саспады.
Ақ алмасын суырып,

Тасқа егеп қайрады. 600. Найзасының басына

Алтын-ды туын байлайды.
Қобыландының қасында
Найзагері қорқады,
Аттың басын тартады.

«Қашпасақ та болмас» деп,
Тоқта десе тұрар ма,
Аттың басын бұрар ма,
Қашпай адам шыдар ма?

Сонда Қобыланды тұрып айтады: 610. – Жамандар, мұнан қашпаңыз,

Өлемін деп саспаңыз,
Өзім жауап берермін.
Ақбоз атпен аңқылдап,
Ер қалпақ солқылдап

Батыр Сайын сен болсаң,
Қобыланды ағаң мен болам.
Ел шетінде кез болсаң,
Лоқылдатпа қылышың,

Мың кісілік тұсыңа. 620. Бұл дұшпанға, Ер Сайын,

Қылышыңды суырсаң,
Кімге қайрат қыларсың?
Жаушылыққа келмеймін,
Сені көрерге келемін.

Атадан артық туған ерсің,
Қол тізгінін беремін.
Іздеп шыққан жауым бар,
Қызығыңды сонда көремін.

– Олай болса, Қобыланды,

630. Мына жатқан жылқымның

Кел, қарасын көрмей жүр!
Ұйықтап жатқан құлынның
Кел, ұйқысын бұзбай жүр.
Қонағасын беремін,

Жүретұғын жағыңа
Мен соңыңнан еремін,
Ерлігін жауда көремін.
Мың кісі алып келеді,

Қонағасын береді. 640. Тоқсан асау береді,

Қаруын түзей барады.
Әке-шеше жылайды:

– Өлгенде көрген жалғызым

Аттанып кетсе жорыққа,
Қалады басым қорлыққа!
Таянып келді Бозмонай
Қобландының қасына:

– А, Қобыланды, Қобыланды,

Тентектігің қоймадың, 650. Жұрт тіліне болмадың!

Бұрынғылар алмаған,
Адам жүрмес бір жауға
Жүремін деп ойладың.
Мына жүрген Ер Сайын

Он жасына жеткен жоқ,
Жеті жастан өткен жоқ,
Үш наурызды берсеңші!
Сайын оған жеткенде,

Қызығын сонда көрсеңші, 660. Бұл тілегімді берсеңші!

– Құдай деген бай едің,

Өз алдына шәр едің,
Қарыңа сенің қалмаймын,
Сонда естен салмаймын.
Үш наурызды бергемін,

Сол үшін наурыз өткен соң,
Уәдеге келгенмін.
Соған дейін Ер Сайын
Жау жарағын сайлансын,

670. Мінер атын байласын!

Біз келерміз сау болсақ,
Уәдеден таймасын!
Мың кісі дуылдай қайтады,
Тілегін алып қуанып,

Бай үйінде жатады
Белден төсек салған соң.
Бай ұйқысы қанған соң,
Бәйбіше тұрып толғайды,

Байды еркіне қоймайды: 680. – Толып жатқан малың бар,

Сарайыңның саны бар,
Осынша көп малың бар.
Бір Сайыннан тағы да,
Қанша ортақ жаның бар?

Үш-ақ наурыз өткенде,
Жалғызың кетер жорыққа.
Есен қалған бұл малың
Кедейге түсер зорлыққа.

Толып жатқан малыңнан 690. Сұрап қалың берсеңші.

Үш шарбақты ноғайлы
Ылайық қыз көрсеңші,
Сөйтіп келінді болсаңшы!
Соныменен Бозмонай

Бозжорға атқа ер салды,
Үш шәрлі ноғайлы
Қыздарына көз салды,
Ылайық қыз таппады.

Көрген қыздың бәрі де 700. Бай көңіліне жақпады.

Сайының көрген қыздары
Шықты андап таласып.
Үш шаһардың қызынан
Жиылған қыздың көптігі

Жол тимеді бір көпірге таласып.
Бай көңіліне жақпады,
Сонан соң сұлу таппады.

– Мен бармаған ел бар ма,

Есіткен жерге Сайынға 710. Ылайық туған қыз бар ма?

Ноғайлының халқы айтты:

– Өзің теңді адам да

Қырды жайлап шет қонған
Дұшпанына бет болған.
Айттырғанға бермеген,
Мұндай теңі келмеген.

Айтқаныңа ол берсе,
Сені адам ол десе,
Көбік байдың үйінде

720. Беті желге тимеген,

Езу тартып күлмеген,
Бөтен үйге енбеген
Аюбикеш сұлуы.
Қолаң қара шашы бар,

Қырғауылдай керілген,
Тамағынан ішкен асы көрінген.
Тақалып күнге қараса,
Бетінен күн сәулесі білінген,

Ылайық сұлу, сұра, – депті. 730. Қорықпай жүріп барсаңыз,

Шамаң келіп алсаңыз.
Соған кетті Бозмонай,
Судың бойын көбелеп.
Қартайғанша Бозжорға ат

Өзі мінген жебелеп.
Сарайдың келді қасына,
Шәрдің келді басына.
Он екі қақпа сарайы

Көтерілген талайы. 740. Есігінің қасында,

Қақпасының басында
Тұрады екен күзетіп
Екі қара малайы.
Екі тісі кетілген,

Оң танауы сетілген.
Құл да болса сол өзі,
Тілге шешен жетілген.

– Ноғайлыда, Бозмонай,

Сен де неге зар едің? 750. Ноғайлы жұрттың басы едің.

Таң сәріден жүріпсің,
Ашулы болған кісідей,
Қабағыңды түйесің?
Жолың болсын, ә, байым,

Не есітіп білесің?

– Байың есен-саулық па,

Қатты сөйлеп, мұндар құл,
Жүрегімді жарып даурықпа!
Көбік үйде бар болса,

760. Жетектеп шықпас қызын.

Ылайық болса балама,
Енді айттырып беремін.
Айтқаныма бермесе,
Шақырғанға келмесе,

Елге таман қайтамын.
Тентек туған Сайынға
Бара сала айтамын.
Шетік құл келді иіліп

Көбік байдың қасына: 770. – Әй, Көбік, тұр, – деді,

Мұнан жаның қалар ма,
Ноғайлының Бозмонай
Сарайыңа келіп тұр.
Айттырса бермес адамға,

Келмес еді қасыңа,
Сарайың бүйтіп басына,
Ер Сайынға сеніп тұр.
Көбік жатып бұрқанды,

Мұздай темір құрсанды: 780. – Шауып алса мал да көп,

Үйден алса қыз да көп,
Сайындай тентек ұл да көп.
Бүгін келсін сол Сайын,
Ұрысуға даярмын.

Жалғыз қыздың тұсында
Кімнен жаным аярмын.
Адам екен демеңіз,
Еңсеп келген Бозмонай

Үйден сусын бермеңіз. 790. Бозмонай естіп біледі,

Аттың басын бұрады.
Бай бір ашу қылады:

– Бұл барғаннан бармасам,

Үш шәрдің адамын
Мінгізіп атқа алмасам.
Бұл бермеген қызыңды
Ат көтіне салмасам,

Бозмонай болып жүрмейін,
Боз жорға атқа мінбейін!

800. Еркегіңді қырмасам,

Жұрт күлгендей қылмасам,
Шәріме есен кірмейін.
Бозмонай үйге қайтады,
Білген хабарын айтады.

Алтын тақты хан келді,
Жиылып түгел шәр келді:

– Көбік, неге қызың бермедің,

Сол сықылды Сайынды
Нағып күйеу көрмедің?

810. Бұл қызды егер бермесең,

Сайынды күйеу көрмесең,
Аттанып Сайын келген соң,
Оған елді бүлдіртіп,
Сенің қызың құрысын!

Залалын шәрге тигізіп,
Бұ қызыңды бермесең,
Сайынды күйеу көрмесең,
Ноғайлыға көшкенім

Шайқарсың сен ырысын. 820. – Бермесе де болмас-ты,

Еркіне Сайын қоймас-ты.
Бермегенмен бұл қызын,
Қанша маған жолдас-ты.
Шақырып кел, Шетік құл!

Мінейін десе о Құлға
Ерттеулі тұрған аты жоқ.
Тақа жаяу жүрерге
Шеттіктің жүйрік аты жоқ.

Қарт түйедей еңкілдеп, 830. Жалғыз танау желпілдеп,

Табан терісі түріліп,
Жөнелді Шетік жүгіріп.
Көз көрім жерден өткенде,
Бозмонай байды шақырды:

– Атыңның басын бұра тұр,

Ашуланбай тұра тұр.
Жұрт қауымға енді ғой,
Өзі жаяу демесең,
Құл шақыра келді ғой,

840. Қалаған қызын берді ғой.

– Шақырса да бармаймын,

Малға берсе сол қызды,
Бір тоқтыға алмаймын.

– Сенен малды алмайды,

Саған кісі бермейді,
Тілеген қызды береді
Асы болар Аюбике
Деген қызды алмасаң,

Ұлық болар Аллаға. 850. Шақырған Көбікке бармасаң,

Қолды артыңа салады
Қайта кетіп барады.
Жетіп келсе Көбікке,
Келмей тойын қылады.

Төрге көрпе салғызды,
Шақыртып үйге алғызды.
Ашуланбай табысты,
Қалаған қызын алысты.

Еліне қайтып келді де, 860. Ноғайлының үш шәрін

Сегіз жерге орнатты.
Сайын сынды батырың
Ер-тоқымын оңдайды,
Үш шәһарлы ноғайлы

Қосшылыққа отыз кісі сайланды.
Отыз жігіт қолға алып,
Соған таман түн қатты.
Сайын келді деген соң,

Көремін деп сайланды. 870. Қимылдаған жан келді,

Мұнара басып шаң келді.
Көрген жұрттың бәрі де
Жас баланы таң көрді.
Көрмеген жанның бәрі де

Көрген жаннан сұрасты,
Көркіне жұрт таласты.
Сайын келді деген соң,
Қыз бен жігіт дуласып,

Сол сықылды батырға 880. Қылған тойы мұнасып.

Нақ отыз күн ойын қылып,
Тақ қырық күн тойын қылып,
Уәдесі болған соң,
Жұрт жақсысын жияды.

Ғалымдарды алғызып,
Ақ некесін қияды.
Ақ некесін қиғанда,
Ақ ордаға барғанда,

Ойнап ойыны қанғанда, 890. Қатты ұйықтап қалғанда,

Таң сарғайып атқанда,
Үйде, жүрген ағасы,
Бабай Омар бабасы
Тұсына жетіп келеді:

– Сайын батыр сен болсаң,

Некеңді қиғанда,
Сәтті күні кез болсаң,
Қолыңды жай, сен, – деді,
Берейін бата мен, – деді.

900. Ұшып тұра келеді,

Қолын жайып береді.

– Екі перзент көресің,

Ең үлкені – Бөкенбай,
Ең кішісі – Киікбай.
Сол Киікбай туғанда,
Дұшпанға салар бүлікті,

Аруағы соның биік-ті.
Ала есекке қайқалап,
Ала қоржын арқалап,

910. Жөнеле берді бір адам.

Бай сұлуды ұзатты,
Жазғы қудай ыңрантып,
Жарылған мұздай күңіретіп,
Тал шыбықтай бұралтып,

Тоты құстай тарантып,
Қас патшадай найқалтып,
Қаса бидей шайқалтып,
Түйе артуға күң берді,

Ат ерттеуге құл берді. 920. Бәйшешектей түрлентіп,

Ұзатты сұлуды жөнелтіп.
Сұлуды алып кеткен соң,
Шәр тамаша көрген соң,
Жаңа түскен сол сұлу

«Қыздай жүкті келді» деп,
Ноғайлыға таң болды.
Ноғайлының шәһары
Өсек айтып күледі.

Бір Алланың бергенін 930. Жалғыз Сайын біледі.

Кәдесі болғанда,
Сәтке сұлу толғатты,
Қыз-келіншек те орын апты.
Бет біткенде сұлу жоқ

О сықылды сұлу-сымбатты.
Толғатып сұлу ұл тапты,
Өріске таман бай шапты.

– Оң қолымды жаярмын,

Мұнан немді аярмын. 940. Бүгін өліп кетсем де,

Аманатқа даярмын.
Аямай малым қырайын,
Ноғайлыны жияйын.
Есіркеген Құдайым,

Қызыққа неге тояйын?!
Ноғайлы жиылып келеді.

– Жиылып тұрған ноғайлы,

Мына тұрған перзентім,
Арылып тұр бейнетім.

950. Бірер аттан үлкенің мініңіз,

Кейінің бірер тоннан киіңіз,
Атын жөндеп қойыңыз.
Ат қоярға келгенде,
Айдалада түсе салып,

Жүрегі жүрген жарылып.

– Мына туған перзенттің

Қолында бар дәулетің,
Не қылсаң да жарасар.
Мынаның атын сұрасаң,

960. Мұның аты – Бөкенбай,

Ең кіші – Киікбай.
Бөкенбай қоя берді,
Бөкенбай да сол бала
Бір жасына толғанда,

Сонда келді Қобыланды.
Үш жылдың уәдесі толғанда
Ел шетіне келген соң,
Сайынға хабар берген соң,

Ақбозатқа ер салды. 970. Байлаулы тұрған Қара атқа

Қосын тартып алады.
Үш шарбақты ноғайлы
Қырық жігіт таңдап алады.
Қобыландыға қосылып,

Аттанып кетіп барады.
Құлан жүрмес жар қалды,
Адам ішпес шөл қалды.
Алтыншы ай өтеді,

Ат мойынан жал кетеді. 980. Олар сынды ер жоқ-ты,

Ерінбей жортқан келбеті.
Нақ он екі ай болғанда,
Қалмақтың ен шетіне қол жетті.
Аттың ерін алысады,

Түстенісе қалысады.
«Қалмақ жақын екен» деп,
Батырға хабар салысады.
Жағалбайлы атасы

Сөзінде болмас қатасы. 990. Жауырынмен сөйлескен,

Жауырын жағып қарады.
Батыр Қобыланды сұрады:

– Бұ жауыңа бармаймын,

Жылқысы жолда тұрса, алмаймын.
Жылқы аламын, – деп, – бұ жолда,
Қасқа менен жайсаңның Обалына қалмаймын.
Тілімді алған мұсылман,

Бәріңе де айтқаным, 1000. Бәрің тілім алмасаң,

Алпыс кісі қосшымен
Өзім елге қайтамын.
Қобыланды батыр отырып,
Ер Сайынды шақырды:

– Сайын сынды батырым,

Бұзылмасын ақылың!
Екпінің күшті қыраным,
Маңдайың сұлу жарқыным,
Алар болсақ мал да көп,

10.10. Тоғысарға жан да көп.
Есендік пен саулықта,
Жұрт аманда барлық та
Жау тосқалы бар, – деді.

Бозбаладан айрылсақ,
Жұртқа не айталық?!
Қайт дегенде тұлданды:

– Аттанған жаудан қайта алмаймын,

Бұл көрген жаудан қорқынып,
Алғанымның қойнында
10.20. Күлкі болып жата алмаймын.
Бұ қамалға келген соң,

Жалғыз да болсам қайта алман.
Айғырдайын алыспай,
Қызыл қанға батыспай,
Сары жақтың кірісі

Үзілгенше тартыспай
Қобыландының мың кісі
Елге тіке тартады.
Ноғайлының қырық жігіті

10.30. Қалмаққа тіке тартады.
Қалмақ естіп біледі,
Құлағына тиеді.
«Қобыланды, Сайын келді» деп,

Берік жерге қамал тартады.
Келе жатыр қырық жігіт
Қамалдарды қақ жарып.
«Қалай жүрген батыр» деп,

Жолдастары таң қалып.
Ақ төбенің басына
10.40. Шығып келсе Ер Сайын,
Қалмақтың көрді сансызын.

Қаланы көріп таң қалды
Қасындағы қырық жігіт
Жанынан қорқып сандалды,
Төмен қарап жыласты.

– А, қырық жігіт, жылама,

Сіздер кейін қалыңыз,
Таза жерге барыңыз!
Есен болса жаныңыз,
10.50. Жақсылығым бар болса,

Бұл заманда ұрыста!
Өзің теңдес жау болса,
Маңайыңа жуытпа!
Бұл кеткеннен келмесем,

Қазам жетсе өлермін .
Егер қазам жетпесе,
Басыма аман күн туса,
Бір уақытта келермін.

Қой, қош-аман болыңыз!
10.60. Мұсылманның ұлымын,
Бір шіріген жұмыртқамын.
Жөнелді Бозатпенен аңқылдап,

Айғай салған даусына
Қарағай жарылып барады.
Қалмақтың жатқан жерінде
Екі батыр бар екен

Бірінің аты – Жоламан,
Бірінің аты – Еламан.

– Ер Сайын мен Қобыланды

10.70. Тоғыз сан басын жоямын.
Бір мезгілде Ер Сайын
Көрінген жылқы алады,
Қуалап кетіп барады.

Жылқыны қуып келгенше
Ақтөбенің қасына,
Қырық жігіттің орнына
Қуып келсе Ер Сайын,

Қырық жігіттің бірі жоқ.
Тұр деген жерде тұра алмай,
10.80. Айтқанын ердің қыла алмай,
Кеткен екен қашысып,

Кейін қарай асысып.
Қалмақ жатыр дуылдап,
Атын жаудың жиды шуылдап.
Тұсаулы атқа жармасып,

Мәстегіне тармасып.
Қашан қалған шашылып,
Ер-тоқымнан адасып,
Келе жатыр ит қалмақ

10.90. Жаман даусын салысып.
Жердің жүзі қайысып,
Көдедей шықты майысып.
Мәстектің шаңы бұрқылдап,

Қылыштары келеді
Өкпесіне сартылдап.
Ақ төбенің басында
Жалғыз Сайын қарап тұр

«Келгенменен бұл қалмақ,
Не қылады маған» деп,

1100. Мазақ қылып жарқылдап.

Жауы әбден келген соң,
Бозаттың басын бұрмалап,
Тоғысты қасқа Аллалап.
Бөлек-бөлек қылып жүр,

Бөлінген қойдай қырып жүр.
Қалмаққа мүшкіл туып жүр,
Еламан мен Жоламан
Тау тасалап қашып жүр.

«Алады, – деп, – жұртымды, 1120. Осы қалмақ сасып жүр.

Еламан мен Жоламан,
«Көрінер күнің бар ма» деп,
Аузын қатты басып жүр.
Көбін қырып болғанда,

Со сықылды Ер Сайын
Алланы еске алмады.
Қайратына мас болып,
Бабай Омар бабасына

Жалбарына жүрмеді. 1130. Пірі үстіне қонбады,

Баяғы қайрат болмады.
Оймақ құрам сау жері
Тұла бойында қалмады.
Жарадан қасқа жауыр да,

Әр жарадан аққан қан
Су сықылды саулады.
Ерден медеу кеткен соң,
Жығыларға жеткен соң,

Аттың басын бұрмалап, 1140. Жөнелді қасқа Аллалап.

Егесіп тұрған ит қалмақ
Соңына түсті тулап.
Тоғыз сан кісі қуса да,
Жеткізбей кетті құтылып.

Ертең кеткен қырық жігіт
Артынан жетті ұмтылып.
Бәрекелді, қырық жігіт,
Түге қасқа ерлігің.

Атыңның басын бұрылтып, 1150. Қырық жігіт, шаппай тұра тұр!

Тоқпақ жалды Ақбозат
Тоқтата алмай келемін.
Қалмақ тоғыз сан, мен жалғыз,
Тонау бермей келіппін.

Тезірек көріп қалыңыз,
Жарам нешеу санаңыз.
Омыртқада он жара,
Қабырғада қырық жара,

Қақ жанбаста бір жара. 1160. Жалаңаяқ жүрмеген,

Бісмілләні білмеген
Салып еді бір қалмақ
Сырылдаған сары қайың оқпенен,
Қабырғаның түбінен,

Омыртқаның жігінен
Қан сарқырап тыйылмас.
Қырық жігіт, сізден болмаса,
Ноғайлының жұртынан

Топырақ маған бұйырмас. 1170. Ай, қырық жігіт, қырық жігіт,

Қарағай түбі қара өлең,
Бәрің жақсы, саналым,
Шақпақ шақсам от түспес.
Қарағайдың бұл күнде

Селбі болған қуынан.
Шықпаған-ақ екенмін
Жұлдызымның оңынан.
Мен дұшпанға мерт болдым,

Қара қыпшақ Қобыланды 1180. Ердің жоғынан.

Мен шыққанда жаз еді,
Алла бізге жар еді.
Жауырынменен сөйлескен
Қара Қоныс бар еді.

Жан тіле деп нанбадық,
Қайт дегенде бармадық.
Қас әулие сол екен,
Тілін алмай жауладық.

Аттанған жерім сұрасаң, 1190. Жылқы алған бұ жерім

Бүгін де мұнан шұқырлау.
Бейнетіме бұ қалмақ
Хабар тауып желеді.
Қырық жігіт, сен болмасаң,

Жұрт көрерім қиын-ды.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер күн қайда?
Күйіме бұзып, қыз алып,

Қамалды бұзып, жылқы алып, 1200. Қара арғымақ қатырып,

Қарсыласқан дұшпанға
Жүрегінен найза батырып,
Мына жатқан қалмаққа
Ат жүгіртер күн қайда?

А, қырық жігіт, азамат,
Маған бола өлмеңіз,
Сендер бейнет көрмеңіз,
Менің үшін өлмеңіз!

Қарағайдан табытым 1210. Бекем қылып салыңыз!

Таңдап мінген көк атым
Басыма мықтап байлаңыз!
Шүберек киім кигізбе,
Қанды етіме тигізбе,

Жібекке орап қойыңыз!
Ел шетіне барғанда,
Әкем шығар елпілдеп,
Шешем шығар еңкілдеп.

Сайыным қайда дегенде, 1220. Не деп жауап берерсіз?!

Ел шетіне жау келді,
Кірерге болды дегейсіз!
Қара арғымақ арыды,
Оттата қалды дегейсіз.

Бір күнде болса қуансын,
Ақырында бейшара
Есіткен күні суалсын!
Түптен таңдап алғаным

Ауыл үстінде жоқ еді. 1230. Найзакерден арманым,

Дүниенің көрдім жалғанын.
Аюбике сұлуға
Дұғай сәлем дегейсіз!
Таң сәріден тұрарсың,

Беті-қолың жуарсың!
Қынай белін буынсын,
Бүгілген бес бармақ
Бетіне жара салмасын!

Егіз екі сол сұлу 1240. Дұшпанның тілін алмасын!

Өзімнен қалған жақсыны
Жат көрмесін, өз көрсін!
Құдай қосқан қосағым
Дұғай сәлем дегейсіз!

Ақиретте кезіксін.
Қара қыпшақ Қобыланды
Батыр ерге сәлем айт!
Мен кеткенде тумаған,

Оғы жасын қылмаған 1250. Киікбай менен Бөкенбай

Айрылып сонан қалмасын.
Енді жауға бармасын!
Әкем өліп қалды деп,
Айрылып сонан қалмасын!

Өздері адам болғанша,
Қара қыпшақ Қобыланды
Көзінен таса қылмасын.
А, қырық жігіт, азамат,

Ашып кетші бетімді, 1260. Салқын соқсын етімді!

Сіздер бұлай кеткен соң,
Мұсылманнан көре алман
Қыдырып жүрген жетімді-ай!
Қырық жігіт кетті қыр асып,

Қимай кетті жыласып.
Олар елге жетпестен,
Елі хабар білместен,
Аюбике сол сұлу

Түнде жатып түс көрді, 1270. Түсінде талай іс көрді,

Өз басына күш көрді.
Таң сәріден тұрыпты,
Екі етегін түрініпті,
Енесіне келіпті:

– Мен бүгін бір түс көрдім,

Жауырыным тола қара шаш
Жайылыңқы көрінді.
Бедерлеген бес тырнақ
Қанға малыңқы көрінді.

1280. Шешем берген боқшасы

Шашылыңқы көрінді.
Жауда жүрген балаңның
Астында жүрген Ақбозат
Құйрығы келте көрінді.

Қолына алған ақ сүңгі
Ортасынан, әй, ене,
Үзіліңкі көрінді.
Сонда енесі жорыды:

– Жауырынның толған қара шаш

1290. Жайылыңқы көрінсе,

Ертеменен қой қыдыр,
Енеңнің сөзіне нан, балам!
О да соған көрінсін! Бедерленген бес тырнақ
Қызыл қанға, ә, балам,

Малыныңқы көрінсе,
Таң да, тал түс болғанда,
Қызылменен боятсаң,
О да соған көрінсін!

1300. Жауда жүрген баламның

Астындағы Ақбозат
Құйрығы келте көрінсе,
Жау қарасын көргенде,
Ақ құйрығын сүзген-ді.

Қасындағы жолдасы
Жау көрмеген жамандар,
Жаннан күдер үзген-ді.
Қолына алған ақ сүңгі

Ортасынан, ә, балам, 1310. Үзіліңкі көрінсе,

Жүрген шығар жалғызым
Қалмақтың белін сындырып.
Келеді екен жалғызым
Барған ісін тындырып

Жаманға қуғызып.
Келе жатыр қырық жігіт
Аяғына су өтіп,
Маңдайынан күн өтіп.

Қарағай найза сүйретіп, 1320. Жылауменен күнелтіп,

Азар жетті жеріне.
Қырық жігіт келді деген соң,
Шәрі естіп білген соң,
Бозмонай келді алдынан:

– Қырық жігіт, келдің бе,

Есендік пен саулық па,
Азамат түгел барлық па?
Кәрілік мұндар ұрмаса,
Көзім жасқа толмаса,

1330. Сайын сынды жалғызым

Көрінбеді көзіме.
Қырық жігіт сонда айтады:

– Бара сала ер Сайын

Қалмақтан ойып жылқы алды.
Күнде тиіп қалмаққа,
Сарайынан ұйқы алды.
Жау жерінен өткенде,

Мұсылманның жерінің
Шетіне жетіп келді.

1340. Аттан медеу кеткенде,

Қалмақтар жетті салысып.
Ат бұрауға көнбеді,
Жалғыздың әлі келмеді.
Алған жылқы айрылдық,

Ел шетінде жау келді.
Қара арғымақ арыды,
Жетектей соны келеді.
Ақ кіреуке сөгілді,

Сия алмай келеді. 1350. – Маған десе, сол балам,

Тағы талай жол жүрсін.
Есендікпен сау болса,
Дұшпаннан аман бар болса
Соны айтып бай кетті.

Сау дегенге қуанып,
Өтірік сөзге жұбанып.
Қайдан білсін Сайынның
Қалғанын оның суалып.

Үйде сұлу білген соң, 1350. Сұлу шықты жүгіріп.

Қырық жігіт келді деген соң,
Алдынан келді жүгіріп:

– А, қырық жігіт, азамат,

Неге бұлай жаурайсың?
Ақ сақалды атамды
Өтірік айтып алдайсың?!
Айлалы айтқан сөзіңе,

Егіз екі нанбаймын.
Сайын өлді десең де,
Ерікпей қылды соғысты,
Қалмаққа Құдай болысты.

Оймақ құрам сау жері
Тал бойында қалмады.
Жарадан қасқа жауырды,

1370. Қарағайдан табытын

Бекем қылып сайлатты.
Қалап мінген Бозатты
Көз алдына байлатты.
«Бас көтерер күн болса,

Еріктіріп мінермін.
Мінгендей бұған күн болса,
Күнінде бір күн көрермін”.
Сайын сөйтіп қалған соң,

Оны сұлу білген соң, 1380. Екі бетін алады,

Қара шашын жаяды.
Үйге кетті жұлқынып,
Жын қаққандай құтырып.
Сарын салды отырып,

Батырды сұлу жоқтайды:

– Беліндегі бес қару

Тал бойына жарасқан.
Сендей теңім табылмас,
Жеті алашты қыдырсам.

1390. Сендей теңім еш болмас,

Алашта мұңдық мен болдым.
Ханышадай күнімде,
Ер қасқамнан адасқан .
Қарағай найза өңгерген,

Өзінің жұртын меңгерген,
Азды көпке теңгерген.
Аттанған жаудан келмеген,
Алты қанат ақ орда

Қасқам ішіне келмеген. 1400. Мендей мұңдық бар ма екен,

Ойнар-күлер шағымда
Еркін ойнап күлмеген.
Өзім тірі жүргенде,
Кеудеме еркек мінгізбен.

Алмадай болған қызыл бет
Қиғаш ерінге сүйгізбен.
Берен төсек, құс жастық,
Маңайына бойдақ жүргізбен.

Маңдайың құлаш ер Сайын, 1410. Қылығың еске түскенде,

Жанымды нағып күйгізбен?!
Ауызым тола қан болса,
Дұшпаныма білгізбен.
Сен кеткелі он бес жыл,

Бөтен үйге бармадым,
Езу тартып күлмедім.
Мен сарғайып жатқанда,
Неден көңілім қалдырдың?!

Бұ заманда жоқпын деп, 1420. Түсіме нешік кірмедің?!

Ертең қылған даусымды
Түске келіп қоярмын.
Кешке қылған даусымды
Түн батқанда болармын.

Алмадай болған қызыл бет
Тырнақпенен соярмын.
Мөлдіреген екі көз
Жылауменен оярмын.

Ел шетіне жау келсе, 1430. Қара қабылан қоярмын.

Жылап-жылап уанды,
Беті-қолын жуынды.
Киікбай менен Бөкенбай
Оқ атысып жүр екен.

Екеуі келді жүгіріп,
Анасы отыр бүлініп.
Екеуі есінен адасты,
Адаса тұрды екеуі,

Бір жүгенге таласты. 1440. – Үйде жатқан әкемді

Неге әкеткен алысқа?
Сонша жерге бастасып,
Жау жеріне тастасып,
Бұл барғаннан бармасам,

Екі бірдей көк ала
Арғымаққа мінбесем,
Өңшең темір кимесем,
Қобыланды саған қылмасам.

Біткеніңді қырмасам, 1450. Ер Сайыннан тумайын.

Жылқыға кетті жүгіріп,
Тұрмады үйде кідіріп.
Сұлу үйден барады
Енесінің қасына.

Енесі бейбақ жылайды,
Жад айтады Құдайды:

– Құдайың берген жаңғызы,

Таласып емшек еміскен,
Құнан-тайдай тебіскен.

1460. Беліндегі бес қару

Тал бойына келіскен.
Атаң қалды кеңестен,
Шешең қалды жіп ескен.
Жауға айғайлап кеткенде,

Оң иініңе қонбады
Төрт мүкрәр періштең.

– А, сорлы болған енем-ай,

Дауыстағанмен келмейді-ай!
Сайын сынды балаңды

1470. Маңдайы құлаш ер, – деді,

Мен тұл үйіңде тұра алман,
Күнде дауыс қыла алман.
Жер жүзінде бар болса,
Өзім іздеп табармын,

Жаралы болса бағармын.
Дүниенің төрт бұрышын
Тексеріп мен кезермін.
Со сықылды батырды

Іздемей нағып тынармын. 1480. Сайын сынды со батыр

Отыз екі ерден бата алған,
Бірде бірі кем бе екен?
Шешем берген үйімде
Аюдың бар ақ дәрісі,

Жарасына ем бе екен?
Шешем берген үйімде
Сол дәрісі бар ма екен,
Іздеместей ер ме екен?

Жылқыдағы қос күрең 1490. Жылқышыға алдыршы,

Жыламай тоқым салдыршы.
Бұрын дүзге жүрмеген,
Түстік жерге бармаған,
Қырға шыға алмаған,

Жөнелді бейбақ жыласып.
Кетіп барад қарасып,
Бет алдына жарасып.
Қос күреңнің басымен

Күні-түні барады. 1500. Жылауменен күн өтіп,

Жол білмеген әйелді
Алланың өзі түзетіп.
Әр төбеніңң басына
Сұлу шығып қарайды,

Көрінер заман болмайды.
Бір күндері болғанда,
Ай мен күнге таласқан
Қара төбе көрінді.

Со төбені көргенде, 1510. Сұлудың көңілі бөлінді:

«Ай мүскін болған екем-ай!
Қаратөбе қасында
Бәйтерек тұр басында.
Ала құла сауысқан

Қан көргендей болады.
Балаңның қалған жерлері
Сонау бір жер болады.
Мен тұсынан озамын,

Неге қарап тұрамын. 1520. Енесі сұлуды оздырды,

Күреңше аттың мойынын
Жездей қылып создырды.
Оңды-солды қамшылап,
Бұлттай ұшты жамшылап,

Кекілден тері тамшылап.
Сұлу озып келген соң,
Аттан түсе қалады,
Түсе сала жылайды.

Бұрылып көрер күні жоқ, 1530. Сөйлейтұғын тілі жоқ.

Тостағандай тола көз
Төңкере келіп салады.
Сұлу басын құша құлады,
Көтеріп келіп алады.

Суға арқалап барады,
Қанын жуып алады.
Аюдың ақ дәрісін
Аударып сұлу жағады,

Тез тірілтіп алады. 1540. Су басында екеуі

Ойнап ойыны қанады,
Ақ жарылқап қалады.
Келе жатыр кемпір сұм
Бауырына қамшы таянып.

Өлді деген баласы,
Аңсап келген анасы
Алдынан шықты алшаңдап.
Өлгені жүр тіріліп,

Елге тиген панасы. 1550. Құшақтасып көрісті,

Бетінен сүйіп өбісті.
Қайтасынан жасады,
Алласы көзін ашады.
Аттың ерін алысты,

Үшеуі ұйықтай білмеді,
Үстіне келіп орнады.
“Жолдасы елге барды деп,
Жаралы Сайын қалды” деп,

Қалмақ естіп біледі. 1560. Еламан мен Жоламан

Сансыз қалмақ қолға алып,
Сайынды іздеп жүреді. Жатқан жерін көреді,
Үстіне келіп орнады,
Бірде бірі тұрмады.

Бір мезгілде Ер Сайын
Көтеріп алса басын да,
Жеткен екен Жоламан
Шаншар жердің тұсына.

1570. Сайын тұра сасады.

– Е, Құдайым, Құдайым,

Өлемін деп қылмаймын,
Бұйрық жетпей уайым.
Тарқамаған бола ма,
Жалбарынған Құдайым,

Баба Омар бабам-ай!
Жаңылдым ба тобам-ай?!
Ақыр жаудан бола ма,
Туғаннан менің қазам-ай?!

1580. Алпыстағы анам-ай,

О да жауға бара ма?!
Құдай қосқан қосағым-ай,
Оны бір дұшпан ала ма?
Ноғайлының кең шәһарға

Сайын есен бара ма?
Жар бола көр, Аллам-ай?!
Ер-тоқымын арқалап,
Бозатқа келді Аллалап.

Ер-тоқымын салғанда, 1590. Айылын тартып алғанда,

Ауыздығын Бозат шайнады,
Адамдай тұрып сайрады:

– Батыр Сайын, саспашы,

Көп екен деп қашпашы?!
Құдайдың берген қуатын
Осы жолы басташы?!
Қатарланған қамалды

Қақ жармасаң саған серт!
Оқ жеткізсем маған серт!

1600. Жыландайын жыбырлап,

Қыздардайын сыбырлап,
Ақ сауыт сонда сөйледі:

– Батыр Сайын, қорықпашы,

Бөтен сөзді айтпашы!
Қатарланған қамалды
Бұза алмасаң саған серт!
Тоқсан қабат оқ жетсе,

Оқ өткізсем маған серт!
Сақтасын мықтап Құдірет!

1610. Атыменен сөйлесіп,

Ақ сауытымен кеңесіп,
Кемпір менен сұлуға
Артымнан қалмай жүр, – десіп,
Қамалап тұрған қалмақты

Қабандайын қақ жарып,
Сайын шықты құтылып.
Еламан мен Жоламан
Кемпір менен сұлуды

Ұстай алды ұмтылып. 1620. Қалмақтар тұрып кеңесті:

– Қаптай қусақ Бозаттың

Қарасын жылқы көрмес-ті ,
Сайын да қолға бермес-ті.
Алғаны менен анасын
Қолаң шашын жұлдырып,

Ат үстіне салыңыз,
Тамам қалмақ алыңыз.
Төбе шашы жұлынса,
Даусы шығар шырқырап.

1630. Анасына шыдамай,

Сайын шабар бұрқырап,
Қашпаңыз сонда тырқырап.
Ат үстіне салғанда,
Анасы сондай жылады,

Ұлынан өтіне сұрады:

– Маған бола келмеші,

Шырағым, жанымды көрмеші!
Мен жанымды не етейін,
Сенің үшін, шырағым,

1640. Құрбандық болып кетейін!

Алғаны сонда жылайды:

– Е, Сайын атты ерім-ай,

Алланың қосқан теңім-ай,
Сенен ары айшылық
Менің шыққан жерім-ай!
Шыбықтай бойы ұзын, – деп,

Алмадай беті қызыл, – деп,
Әйел (дің) түбі дұшпан-ды.
Қызық көрме, Ер Сайын,

1650. Біз кетті деп ұрысқан-ды.

Мен кетсем де аларсың,
Тірі болсаң кегіңді.
Екі ұлыңды қасыңа ал!
Шаппасына болмады,

Бір еркіне қоймады.
Алпыс екі періште
Үстіне келіп орнады.
Бозаттың басын бұрмалап,

Ұмтылды қалмаққа туралап. 1660. Арықтың суы тасқаны,

Қалмақтың қалай сасқаны.
Кемпір менен сұлуды
Қалай тастай қашқаны?
Қуа барып Ер Сайын

Қалмақпенен тоғысты,
Ерінбей қылды соғысты,
Он үш күн ұрысып тауысты.
Үстіне келген қалмақтың

Жан адамын қоймады, 1670. Атын, тонын алды да,

Еліне таман айдады.
Батыр Сайын келгенше,
Ел хабарын білгенше,
Бөкенбай менен Киікбай

Қобыландыға барыпты,
Аттанып еліне келіпті.
Жасанғанда қайтпаған,
Сансыз дұшпан батпаған.

Со сықылды Қобыланды 1680. Екеуінен қорқыпты.

– Ай, Қобыланды батыр, сен болсаң,

Топтың бетің көрмеген,
Көрген кісі әкемді
Маңдайы құлаш ер деген,
Қас ерменен тең деген.

Қалған жерден алып кел,
Өлтірген жауды тауып кел.
Үйде жатқан әкемді
Жау жеріне бастадың,

1690. Қандай шөлде тастадың?

Бармасаң да барарсың,
Бармай нағып қаларсың?
Қобыланды сонда айтады:

– Алдыңа түсіп барайын,

Неге іздемей қалайын.
Қалмаққа бүлік салайын,
Сайынның кегін алайын!
Мың кісіні алады,

Аттанып кетіп барады. 1700. Айшылық жатқан қалмаққа

Барып бір соғыс салады.
Қалмаққа барса, ор екен,
Оры терең зор екен.
Киікбай сонда айтады:

– Е, Қобыланды, Қобыланды,

Бүйтіп бұған тұрмалық,
Қорыққан кісі сықылды
Тұрып кеңес қылмалық.
Ордан арман өтелік,

1710. Қалмаққа тегіс тиелік.

Бөкенбай мен Қобыланды,
Киікбаймен үшеуі
Ордан арман өтеді,
Қалмаққа кіріп кетеді.

Бөкенбай мен Қобыланды
Екі батыр қашады,
Ордан бермен асады.
Қобыландының мінген ат

Ордан өтті кідірмей. 1720. Бөкенбайдың Көкала ат

Артқы аяғы ілінді.
Ер-тоқымын құшақтап,
Орға түсіп жүгірді.
Киікбай шапты қамалға,

Көкала атты борбайлап,
«Бауырым» деп ойбайлап.
Қалмақтың құрған қамалын
Бұл жағынан шапқаннан,

О жағына бір өтті. 1730. Ар жағынан шапқаннан,

Бер жағына бір өтті.
Батырлары ақырды,
Палуандары шақырды:

– Тұс-тұсынан барыңыз,

Бірер арқан алыңыз!
Шабатұғын жағына
Керме ұстай қалыңыз,
Кермелеп ұстап алыңыз!

Көздеп тұрып Киікбай 1740. Аласа қылған арқанның

Үстіменен кетеді,
Биік қылған арқанның
Астыменен кетеді.
Тап сегіз күн болғанда,

Бәрін қырып кетеді.
Ордан бір хан асады,
Дария судай тасады.
Орда жатқан Бөкенбай

Қанмен ағып барады. 1750. Қобыланды со батыр

Сонда суырып алады.
Қалмақтың елін өрт қылып,
Топырақтай ұшырып,
Барлық малын көшіріп,

Жалғыз өзі Киікбай
Айдап шықты шәріден
Қалмақтың даң қарасын қоймай-ақ,
Қызығына тоймай-ақ.

Қасқаның көңілі тынған соң, 1760. Қалмаққа қалағанын қылған соң,

Жылқыны түске салған соң,
Қалмақтан кегін алған соң,
Қол түстеніп жатқанда,
Келе жатыр бір адам.

Туырлықтай туы бар,
Мың кісінің шаңы бар,
Артында қанша жаны бар?
Қобыланды батыр айтады:

– Киікбай батыр, барыңыз,

1770. Қандай дұшпан болады,

Алды-артын шалыңыз!
Соныменен Киікбай
Тұрымтайдай түйіліп,
Қылармын деп кіжініп,

Қарсы шығып келеді.
Келе жатыр Ер Сайын
Өлген жерден тіріліп.
Жиылып жатқан қалмақтың

Тоғысы бар деп кезеніп. 1780. Киікбай оны танымай,

Әкесі деп ойламай,
Әкесінен күшті жас бала:

– Қақ жүректің басы – деп,

Өлер жерің осы – деп,
Табандап найза салады.
Сайын сынды әкесін
Танымады со бала.

Сайын сонда айтады:

– Сайын әкең мен, – деді,

1790. Көрісейік кел, – деді,

Есенбісің сен, – деді.
Аттан түсе қалады,
Суырып найза алады.

– Жазалы болды қолым-ай,

Ерлік қылған құрысын,
Мұнан былай жоламай!

– Құрымасын жолың, – деп ,

Жазалы болмас қолың, – деп,
Атаң мұнан нағылсын?

1800. Неше ердің көрмедім

Бұл сықылды найзасын.
Көріп жүрмін Жасаған
Бір Алланың пайдасын.
Атаң мұнан өлмеді,

Тек жүрегің қорықпасын!
Бар Киікбай, бар, – деді,
Қобыландыдай атаңнан
Барып сүйінші ал, – деді.

Тастап кеткен Ер Сайын 1810. Жазылып келді сау, – деді.

Киікбай қолға шабады,
Ат аямай барады.
Тіке салып сонымен
Қобыландыға келеді.

– Болып тұрған бұл шақта

Қобыланды батыр күніңіз,
Жаралы болған келіпті
Сайын атты ініңіз.
Озып келдім мен сізге

1820. Не бересіз, е, батыр?

– Қуантқан үшін сүйіншіге

Тартып піскен торсықтай
Өзі сұлу Тайбурыл
Рас болса келгені,
Ал, сыйладым мен сізге!

Сайын сонда келеді,
Келгенін қарап Қобыланды
Танып көрісіп біледі.
Атқа мініп желеді,

1830. Көп шүкірлік қылады.

Атқа мініп қайтысты,
Шәріне таман тартысты.
Шәрге есен келген соң,
Ноғайлының көп жұртын

Көріп сәлем берген соң,
Бозмонай тұрып той қылды.
Аттанған жауын алысып,
Көңілдері тасысып,

Аман-есен қайтқанға 1840. Аллаға шүкір көп қылды.

Той тарқап кеткен соң,
Батыр Сайын сөйледі:

– Енді дүзге жүрмелік,

Қолға найза алмалық,
Қалмаққа енді бармалық!
Киікбай мен Бөкенбай,
Қобыландыдай батыры-ай,

Екі ұлыңа бата бер!
Жолымызды берелік,

1850. Үйіңе бар да жата бер!

Айтқанынша Сайынның
Қобыланды батыр береді:

– Алла ашсын жолыңды,

Ұзын қылсын қолыңды!
Танып жүргей, е, балам!
Оңың менен солыңды!
Сөйтіп бата берген соң,

Қобыланды батыр қайтады.
Еліне барып сол батыр,

1860. Батырлық құрмай жатады.

Екі ұлының тұсында
Сайындайын батырдың
Іргесін дұшпан баспады,
Қолынан дәулет қашпады.

Ел шетіне жау келсе,
Сайын сынды батырдан
Киікбайдың ерлігі
Анағұрлым асады.

Екі ұлының тұсында 1870. Бәрінің дайын болды тірлігі.

Үш алашқа жайылды
Екі ұлының ерлігі.
Өлген жерден тірілткен
Қалмаққа атын жүгірткен,

Сайын сынды батырдың
Сондай екен кеңесі,
Адамнан артық денесі.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙