TELEGEI

Home

Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері мен ертегілері

Ыбырай Алтынсарин

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері мен ертегілері

Қазақ даласының ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімелері мен ертегілері: «Қыпшақ Сейітқұл», «Атымтай Жомарт», «Әке мен бала» және т.б.

СӨЗ БАСЫ

Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де бір кітаптың жоқтығынан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына, татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге, амалсыздан, татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған. Сондықтан да ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бұл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар, осы жағынан алып қарағанда да, дүнияуи мақсаттарды көздейтін орыс - қазақ мектептерінде пайдалану үшін, мысалы, орыс тіліне аудартып, жаттықтыру үшін қолайсыз. Осылармен қабат, бір ескертетін нәрсе — қазақ халқы азбаған халық оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды. Оның ой-пікірі еркін. Оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай, жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан, бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық. Жоғарыда айтылған қайшылықтарды оқу ведомствосының көптеген білімді қайраткерлері бұрын да көрсетіп келген болатын. Сондықтан, мен сол білімді адамдардың ақылын алып, екінші жағынан, өзім де осылай етуді қажет деп тауып, осы хрестоматияны құрастыруға кірістім. Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс - қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім. Екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім. Сондықтан бұл кітапқа енгізетін әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды. Бұл хрестоматияны мен екі кітап етіп шығаруды ойладым. Бұл басылып отырған бірінші кітаптағы мақалалар мынадай төрт тарауға бөлінді. 1) Балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды; мысалдар мен халық әдебиеті, балалардың туғандарына жазған хаттары. 2) Әртүрлі жастардағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер. 3) Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді. 4) Қазақтың мақал-мәтелдері. Екінші кітапта, қазақтың төл әңгіме, аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндіріс техникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз. Тұңғыш рет шыққалы отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияның кейбір кемшіліктері де болуы мүмкін. Бірақ, сонда да болса, бұл кітап ізсіз қалмас, тұңғыш оқу кітабы ретінде, көздеген мақсатына жетер деген үмітпен өзімді жұбатып отырмын. Оның бер жағында, осы күні халқымыз өз тіліндегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына, надан жатқан, бірақ әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға шамасынан келгенінше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз екеніне, бәлкім, басқа да, менен білімдірек елдестеріміздің де санасы жетіп қалар.

Ибрагим Алтынсарин,

Торғай қаласы, 1879 жыл.

ӨРМЕКШІ, ҚҰМЫРСҚА, ҚАРЛЫҒАШ

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрады:

— Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?

— Көремін, өрмек тоқып жүр.

— Анау құмырсқаны көремісің?

— Көремін, аузында бір нанның уалшығы бар, жүгіріп кетіп барады.

— Жоғары қара, аспанда не көрінеді?

— Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.

Сонда атасы айтты:

— Олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған әбірет1. Өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң, өзіне азық етуге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның уалшығын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан, үйіне жүгіріп қайтып барады. Қарлығаш балапандарына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай-Тағала бос жүруге жаратпаған, жұмыс істеуге әдеттену керек, — деді.

СӘТЕМІР ХАН

Сәтемір жеті жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. Күндерде бір күн Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі.Тұра салып тағы да өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырмысады. Ақыр бар күшін салып, қисая-мисая барып, тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп Сәтемір ойға қалды: Құдай-Тағаланың жаратқан жан-жануарының ең кішкентайы осы құмырсқа - екеш құмырсқа да тынбай жұмыс істеп жүр. Өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, жығылып, сонда да қоймай, ақырында мұратына жетті. Тамның басына шықты. Мұны көріп отырып менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен, деп ойынын тастап, қалаға барды. Қалада бір зор білімді, оқымысты молда бар екен, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқыпты-мыс. Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болған.

ТАЛАПТЫҢ ПАЙДАСЫ

Петр Великий деген осы күнгі ақ патшамыздың бабасы бір күні шіркеуде тұрғанда көп адамның артқы жағында үңіліп патшаға қарап, бөркімен қалқалап қана бір нәрсені сызып тұрған балаға көзі түседі. Мұнымен бөтен кісінің ісі жоқ, жалғыз-ақ ақылы кемел патша сол бала-екеш балаға да көзін салып тұрған екен. Тілек тілеп болған соң, жұрт екі жарылып, патшаға жол беріпті. Сонда патша тұп-тура манағы балаға барады. Бала қолындағы сызумен болып тұрып, тіпті патшаның қасына келгенін де байқамай қалыпты. Сонда жұмсақ шыраймен патша сұрады:

— Неғылып тұрсың?

— Сенің жүзіңді жазып алайын деп едім.

— Оны неғылмақсың?

— Даңқың, дабылың жер жүзіне жайылған патшам, сенің суретіңді сызып алып, өміріме шейін бойымда сақтайын деп едім.

— Қане, көрсетші сызғаныңды?

Сол уақытқа шейін қорықпай жауап беріп тұрған бала, «сызғаныңды көрсет» дегенде, қысылайын депті. Сөйтсе де, сызған қағазын әдеппен патшаның қолына берді. Қараса, сурет реуішті де емес, әйтеуір өз білімінше сызған сызық, бала ол күнде сурет салуды қайдан білсін?! Солай да болса, әлемге ақылы жеткен патша баланың талапты, зерек екенін аңғарып, оқуға бергізіп, ақырында сол бала бүкіл орыс жұртына даңқы шыққан Матвеев деген суретші болған.

ӘКЕ МЕН БАЛА

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына айтты:

—Анау тағаны, балам, ала жүр, — деп.

Бала әкесіне:

— Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, — деді.

Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да, жүре берді.

Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан ол үш тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен, шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бірем - бірем алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан бала да тым - ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Бітегенеден соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып айтты:

— Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есінде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң — көп жұмысқа тап боласың, азға қанағат ете білмесең — көптен де құр боласың, — деді.

АСЫЛ ШӨП

Злиха мен Батима деген біреудің қызметінде тұрған екі қыз бала төбесіне бір-бір жәшік жеміс көтеріп, қалаға келе жатыпты-мыс. Злиха аһлап-уһлеп, шаршадым деп, Батима күліп, әзілдесіп келе жатады. Сонда Злиха айтты:

— Сен неге мәз болып қуанып келесің, төбеңдегі жәшіктің ауырлығы да менің басымдағыдан кем емес, өзің де менен күшті емессің?

— Мен жәшігім ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым, — деді Бәтима.

— Ай, ондай болса шөбіңнің атын айтшы, мен де ауырымды жеңілдетейін, — деді Злиха. Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты «сабыр» деген, — деді.

БАҚША АҒАШТАРЫ

Жаздың әдемі бір күнінде, таңертең бір төре өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағаштары мен гүл жапырақтарын көріп жүрді.

— Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисайып кеткен? —деп сұрады баласы.

— Оның себебі, балам, анау ағашты бағу - қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кесіп. Мынау ағаш бағусыз, өз шығу қалыбымен өскен,— деді атасы.

— Олай болса, бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой, — деді баласы. Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, мұнан сен де өзіңе әбірет алсаң болады. Сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате істеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, сен менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы түзік кісі болып өсерсің. Бағусыз бетіңмен кетсең, сен де мынау қисық біткен ағштай қисық өсерсің, — деді.

БІР УЫС МАҚТА

Бір кішкентай қыз әкесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына отырып, ақыл айтты:

— Балам, дүниедегі жаратылған жәндік-жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды,— деп. Сол сөзді айтып отырғанда, қыз бала киімін жамап болып, жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастады:

— Әже, осы қиқымның ешнәрсеге керегі бола қалмас, — деп.

Шешесі:

— Балам, сол да жерде қалмайды, — деді.

Осылайша сөйлесіп, терезеден қарап отырса, манағы мақтаны жел көтеріп ұшырды. Мұны бір торғай көріп, қуып барып, мақтаны тұмсығына тістеп қана алып, ұшып кетті. Қыз әжесінен:

— Манағы мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны неғылады? — деп сұрады.

Әжесі айтты:

— Көрдің бе, балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол кішкентай мақтаны торғай ұясына төсеп, жас балапандарына мамық етеді, — деді.

АЛТЫН ШЕТТЕУІК

Бір күн мейрам алдында, әкесі балаларын қуанту үшін үйіне әртүрлі жеміс алып келді. Леночка деген кіші қызы сол келтірген көп жемістің ішінде, сырты алтындаған шеттеуіктерге қызығып, соны маған бер деп қоймады. Шешесі айтты:

—Бұл шеттеуіктер тек әдемілікке істелген, мыналарды ал, — деп, бөтендерін беріп еді, Леночка жылай бастады:

— Мен қара шеттеуікті алмаймын, алтын тыстысын аламын, оның ішіндегі дәні де тәтті шығар, — деп. Шешесі тіл алмайтын қисық баланың дегенін істегеннен артығы жоқ екенін ойлап, Леночкаға алтын тыстыларын, бөтен балаларына бөтен шеттеуіктерді таратып берді. Леночка қуанып, шеттеуіктерін дереу шаға бастады. Қараса, бірінің де ішінде дәні жоқ бос қабықтар екен. Мұны көріп қасындағы балалар мазақтап күле бастады. Сонда атасы айтты:

— Бұл шеттеуіктер жеу үшін жасалған емес, тек көзге әдемі көріну үшін қойылған. Мен шеттеуіктердің бос қабығын алып, сыртын күміспен бояп қана қойып едім. Екінші рет не нәрсенің де құр сыртына қызықпа, асылы ішінде болар, — деді.

ШЕШЕ МЕН БАЛА

Шешесі қыз баласынан сұрады:

—Берген ақшамды қайда қойдың?

Бала:

—Біреуге бердім.

Шешесі:

— Кімге?

Бала:

—Бір тентек балаға бердім.

Шешесі:

—Мұнан былай тентек болма деп берген шығарсың?

Бала:

—Рас, әже, екінші рет тентек болма дедім. Құс та Құдайдың жәндігі ғой, әже?

Шешесі:

— Біз де, құс та, бөтен жан-жануардың бәрі де Құдайдың жаратқан жәндігіміз.

Бала:

— Әлгі бала Құдай-тағаланың жаратқан кішкентай құсын ұстап алып, сатайын деп жүр екен. Құс кісі аярлық болып, шиқылдап тұрды. Сонда алып жүрген бала тұмсығын қыса береді, бейшара құстың дауысын Құдай-тағала есітеді деп қорыққан шығар деймін.

Шешесі:

— Онда сен неғылдың?

Бала:

—Мен балаға ақша беріп сатып алып, құсты ұшырып қоя бердім. Менің бұл ісім сауап емес пе?

Шешесі:

— Әрине, сауап, бейшараларға қайырымды болғаның.

Бала:

— Ол бала, кім біледі, кем-тарлықтан құсты сатуға жүрген-ау?

Шешесі:

— Мен де солай ойлаймын.

Сонда сөйлеп отырған бала сіңлісіне қарап:

— Мана ақшамның бәрін бергенім жақсы болған екен,— деді.

Сіңлісі шешесіне қарап:

— Апаммен екеуміз мана бәстесіп едік, ол балаға апам құсыңның бәсі не деп те сұрамай, ақшасының бәрін берді. Мен айттым: Құстың бәсі не? — деп сұрау керек еді деп, қайсымыздікі дұрыс?

Шешесі үлкен қызына қарап айтты:

— Сенің де бұл істеген ісінді дұрыс демеймін. Егер тағы бір манағындай бала жолықса, ақшаңның бәрін бастапқы балаға беріп қойдың, соңғыға не берер едің?

Үлкен қызы:

— Онда мен тағы да саған келер едім.

Шешесі:

—Егер менде де мал, ақша болмаса қайтер едің?

Бала:

— Онда... деп, не дерін біле алмады.

Шешесі:

—Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әр нәрсеге күтімді болу керек. Құстың бәсін сұрап, кемге бермеймін десе, сонда ақшаңның бәрін беру керек еді. Ол құстың өзі не құс екен?

Баласы:

— Мен сұрағаным да жоқ, әже, өзің айтушы емес пе ең, жақсылық еткен жаныңның атын да сұрама деп.

Шешесі күліп:

— Солай, солай, шырағым, — деді.

Баласы:

— Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде, әуелі қуанғаннан тіпті ұша алмады. Сонан соң құсты сатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп.

Шешесі:

— Қызым, жақсы іс істепсің, мінекей саған тағы да теңге.

Қызы:

— Алла разы болсын, әже.

Шешесі:

— Шырағым, қызым, әрдайым осындай рақымды бол, саған мұның үшін Құдай рақым етер, — деді.

АУРУДАН - АЯҒАН КҮШТІРЕК

Сейіт орам үстінде жүгіріп бара жатқанда, бір арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баланы көріп шошынғаннан шешесі есінен танып қалыпты. Мұны көрген соң, Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып, танып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі:

— Аяғың ауырмай ма, қабағыңды да шытпайсың? — деп сұрады.

Сейіт, шешесі шығып кеткен соң демін алып, сынықшыға сыбырлап айтты дейді:

— Ауырмақ түгіл, жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып, жүдемесін деп, шыдап жатырмын, — деді.

МЕЙІРІМДІ БАЛА

Қытай жұртында ескі заң бар, біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кесе-тұғын. Бір төре осындай іспен күнәлі болып, әлгі айтылған жазаны беруге тұрғанда, күнәлі төренің жас қыз баласы «әкем үшін жауап беремін» деп, мәлім болды. Қызды патшаға алып келісті.

— Тақсыр патшам, — деді қыз, — менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айрылуы керек болды. Мінекей, тақсыр, әкемнің қолы, —деп өзінің қолын көтерді. — Бұл қол да менің жазықты болған атамның қолы, бірақ мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейді. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын кесіп, жұмысқа жарап, бала-шағаларын асырайтын қолын атама қалдыруға. Патша баланың мұнша атасына мейірімділігіне рақымы келіп, төренің күнәсін кешті дейді.

ПОЛКАН ДЕГЕН ИТ

Біз оқып жүрген шағымызда, ұстазымыздың қорасында бір Полкан деген зор ит бар еді. Терезеден қарап тұрғанымызда, әлгі Полканға бір кішкентай қанден ит келіп, өршеленіп үріп, аяғын тістеп, үстіне секіріп тиісе бастады. Сонда мен тұрып айттым:

— Тоқта, қанденім, ойнақтағаныңды қоймасаң, Полкан сазайынды берер, — деп. Біраз қарап тұрсақ та, кішкентай қанденнің ойнақтағанына, тістегеніне Полкан ашуланып қозғалмады.. Түрегелсем, арт жағымда ұстазым келіп, менің әлгі сөзімді естіп тұр екен, маған қарап айтты:

— Көрдің бе, анау Полканның сенен көрі көңілі жұмсағырақ. Сен өзіңнен кіші балалармен ойнасаң, ақырында біреуін жылатасың, немесе ренжітесін. Полкан ит те болса, өзінен кіші әлсіздерді ренжітуді ұятсынып, қанденге тимей тұр, — деді.

ТЫШҚАННЫҢ ӨСИЕТІ

Тышқан баласына оңашада үйретіпті: Адам деген мықты жауымыз бар, ағаштан қақпан құрып, үстіне ғана май байлап қояды, соны жеймін деп барсаң, қақпан ұстап алады, балам, соған жолай көрме, — деп. Бір күні әлгі баласы ойнап жүріп, майдың исі шыққан соң, неғылып қойған екен деп, қасына жоламай, алыстан сығалап қана қараса, шешесінің айтқан қалыбынша қақпан, үстінде майымен тұр екен. Ойлады: қарашы, адамның ақылсыздығын, ағаштан қақпан ғана істеп, үстіне май байлап, бізді қызықсын деп қойғанын. Біз сол қулыққа бола қоямыз ба деп, олай-бұлай одыраңдап жүгіріп жүрді де айтты:

— Сөйтсе де, айхай майы құрғырдың исінің жақсысын - ай, жемесем де биттей ғана жақындап иіскеуге болады ғой,—деп, бірте-бірте жақындай-жақындай бара жатқанда, қақпан тарс етіп, тышқанды жаншып тастады.

ІЗБАСТЫ

Қыпшақ Ізбасты би, он жасар күнінде қош үстінде көп адаммен бір түлкі қуысып, бәрінен бұрын жетіп, түлкіні соғып алды. Артынан келген жасы үлкен кісілер «түлкіңді бізге байла» деп еді, Ізбасты бермеді. Қазақшылық әдетте жасы үлкенге мұндай соғып алған түлкіні байлаушы еді, мынау бала бізге байламайды деп, заманындағы ханына арызға келісіпті. Сонда Ізбасты ханға айтты дейді:

— Ойдан қашты бір түлкі, тауға қарап демалмай, жабыла қудық көп кісі, бәрі де қалды ере алмай. Сол түлкіні кім алар, жалғыз жеткен мен алмай, ағайыннан дұшпан жауым жоқ алдына салып айдап жүр, алтайы түлкі көре алмай, ұялып, тақсыр, жүрмеңіз, мұның төресін ондап бере алмай.

TYЛKІ МЕН ЕШКІ

Бір түлкі жүгіріп келе жатып абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті. Шығайын десе шыға алмай тұрғанда, ешкі су іздеп жүріп, әлгі апанға келіп, түлкіні көріп:

— Әй, түлкі батыр, неғылып тұрсың? — депті.

Түлкі айтты:

— Ой, неғыласың, батыр, жаным райыс2 тауып тұрмын. Қырда әрі сусап, әрі ыстықтап өліп едім, апанның іші әрі салқын, әрі түбінде тұп-тұнық суы бар екен, — деді.

— Мұны естіп ешкі мен де салқын су ішейін деп секіріп апанға түскенде, түлкі-екең секіріп ешкінің үстіне мініп, онан мүйізіне шығып, мүйізінен секіріп қырға шығып, жөніне кетті, — дейді.

ҚАРҒА МЕН ҚҰРТ

Қарға ұшып жүргенде жерде жорғалап бара жатқан құртты көріп, тұмсығымен тістеп алып ұшып кетті. Құрт байғұс істің жаманға айналғанын біліп:

— Әй, қарға батыр, әке-шешеңді де көріп едім, асқан жақсы құстар еді, — деді. Қарға тәуір көріп, тұмсығымен «уһ!» деді.

—Апа-ағаларыңды да білуші едім, — деді құрт.

Қарға тағы «уһ!» деді.

— Бірақ соның бәрі де сенен жақсы емес еді, — деді.

Сонда қарға масаттанып «аһ!» дегенде, аузы ашылып кеткен соң, құрт жерге түсіп кетіп, құтылды дейді.

САУЫСҚАН МЕН ҚАРҒА

Ала сауысқан бір бұтақтан бір бұтаққа қонып, тынбай шиқылдай беріпті. Қасындағы құзғын-қарға үндемей отырыпты-мыс. Сонда сауысқан:

— Қарға тамыр, сен неге үндемейсің, әлде менің айтқан сөздеріме нанбай отырмысың? — депті.

Оған қарға айтты дейді:

— Рас, сауысқан мырза, еркін сөзіңе наныңқырамаймын. Саны-сапасы жоқ көп сөйлеген мылжың шын сөзді азайтады деп білемін, — депті-міс.

ЖАН-ЖАНУАРЛАРДЫҢ ДАУЛАСҚАНЫ

Жылқы, түйе, сиыр, қой, ит, тауық, тышқан және бөтен жан-жануарлардың бәрі де адамның жылына ағалыққа таласты дейді.

Жылқы айтты:

— Мен, адам үстіме мінсе, алысын жақын етемін, күшімді болса көреді, сүтімді болса ішеді, қылыма дейін арқан істейді, адамға менен пайдалы мал жоқ жыл ағасы мен боламын,— деді.

Түйе айтты:

— Сен адам жұмысын қылсаң арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Мына мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын, аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса — көде, жусан болса — жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлге де шыдап жүре беремін, жыл ағасы болу маған лайық, — деді.

Сиыр айтты:

— Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт, май істейді.

Қой айтты:

— Мен болмасам қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып, киіз істейді, жабағымнан күпі тігеді, арқан, жіп еседі, сүтімнен құрт, май алады, — деді.

Ит айтты:

— Мен болмасам сенің көбіңді не ұры ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сенің бәріңнің бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп-абалап, иеме хабар беремін.

Тауық айтты:

Мен болмасам кісі ерте тұрып, жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, хабар айтамын, таң атты деп, көп отырса, жұмысыңнан қаларсың, жатар уақыт болды деп, түн ортасында да шақырамын, кеш болса да шақырамын, демалар мезгіл болды деп, — деді. Тышқан не дерін біле алмай тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиналған көпке айтты:

— Бұл таластан ештеме өнбес. Жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, — деді. Түйе өзінің биіктігіне сеніп, менен бұрын кім көреді деп тышқанның сөзін қостап, бәрі де жылды қарап тұрды. Біраздан соң тышқан жорғалап, түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Сонымен, бәрінен бұрын жылды тышқан көріп, хабар беріп, жылдың басы болған. «Түйе бойына сеніп құр қалды» деген сөз осыдан қалған екен.

ҚАРА БАТЫР

(ертегі)

Қара батыр деген ерді бала күнінде түрікпен елінің жортуылшылары ұстап алып, еліне апарған соң қой бақтырыпты. Аш, жалаңаш сақтап, жөнді тамақ бермеген соң бала қойдың далада сүтін сауып ішіп, сонымен күн көріп жүріпті. Бір күні бала далада қамығып жылап отырғанда, алдына бір қарға келіп қонады. Бала қарғаға айтты:

— Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды алсана, біздің елге барсана, сағынып жүрген әкеме, тұмарды бере қалсана.

— Қарға бір қарқ етті де ұшып кетті. Бір мезгілде сауысқан келіп қонды.

— Ай, сауысқан, сауысқан, өлексе жеп тауысқан, тұмарымды алсана, елге бара қалсана... Сауысқан шық-шық етті де ұшып кетті. Келіп тырна қонды.

— Ұзын мойын тырналар, қайыры бар мырзалар, тұмарымды алсана, елге бара қалсана... Тырна тыррау-тыррау деді де ұшып кетті. Келді қаз.

— Әй, қаздар-ау, қаздар-ау, Сізге бар-ды наздар-ау, тұмарымды алсана, елге бара қалсана... Қаз қаңқ-қаңқ етті де ұшып кетті. Келді аққу.

— Көлден ұшқан қуларым, құс төресі туларым, тұмарымды алсана, елге бара қалсана... Аққу тоқталыңқырап, көлдеңдеп тұрды да, ол да ұшып кетті. Біраздан соң қарлығаш келді.

— Әй, қарлығаш, тамыр-ай, жауда болдым қалар-ай, тұмарымды алсана, елге бара қалсана... Қарлығаш ұшып олай кетті, ұшып бұлай кетті, ақыр қимай келіп, баланың қолына қонды. Бала ойлады: әкем тұмарымды көріп таныса да, қай елде екенімді біле алмас. Бұған бір белгі салайын деп, өзінің қолын пышақпен шаншып қанатты да, қанымен тұмар үстіне түрікпен елінің таңбасын салды. Сөйтіп болған соң, тұмарды қарлығаштың мойнына байлап, елінің, әке-шешесінің жерін айтып, ұшырып қоя берді. Қарлығаш ұшты аспанмен, баланың айтқан жоспармен, асқар-асқар таулармен, айдын шалқар көлдермен, батпақ-лай шөлдермен, түрлі-түрлі жерлермен, қос қанатын қамшылап, аспаннан қатер көрінсе, таса жерді жамшылап, үстінен тері тамшылап, неше мерзім жерді өтті, неше мерзім елді өтті, нақ отыз күн болғанда, бір ауылға сол жетті, баланың айтқан ауылы осы ма деп меңзепті. Бір ауылға келген соң, қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап жүрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамайды. Сөйтіп шаршап, қалғып отырғанда, бір ыңырсыған кемпірдің дауысы шықты. Құлағын салып қараса, кемпір айтады:

—Ау, шырағым - құлыным, маңдайымда тұлымым, көлге біткен құрағым, жалғыз ұлым шырағым! Жау алды ма білмедім, су алды ма білмедім, аң алды ма білмедім, жөніңді біліп, шырағым, құрбаның болып өлмедім, жиырма төрт ай болды, мен жалғызды көрмедім!...

«Сен тұра тұр» деп кемпірді тоқтатып, шал айтады:

—Жалғыз біткен талшыбық, келбетің келген қарағым, бір дерегің білуге, дүниені кезіп қарадым, аш бурадай жарадым, он екі мүшем сөгілді, аш күзеңдей бүгілді, таулардың насат тасындай, берік - ақ еді сүйегім, өрт шалғандай егілді. Қайда да кеттің, сұңқарым, үміт еткен тұлпарым, бір көрсетіп алмады, сол ғана болды-ау іңкәрім.

Онда бір жас қыз бала әке-шешесін тоқтатып сөйлейді:

— Наркескен деген алмастай, асыл еді негізің, бірге туған егізім, сен тұрғанда ойлаушы ем, арғымақ ат мінермін, асыл киім киермін, тең құрбымнан ілгері, мен жарқырап жүрермін, биіктен талап тілермін, ойын-күлкі сауықпен, қызық дәурен сүрермін. Егізімнен айрылып, ақша беттен қан кетті, көңілімнен жан кетті, желкілдеп шыққан көк шөптей, жап-жас қана күнімде, міне бізден сән кетті. Әй, қартымыз, қартымыз, көзіңнің жасын тартыңыз, мен бүгін бір түс көрдім, әжептәуір іс көрдім, түсіме жору айтыңыз: қолдан ұшқан сұңқарым, қайта қонып жүр екен, үйірден жойған тұлпарым, қайта келіп жүр екен, бірге туған құлыным, үйге келіп жүр екен. Бізге құдай берген-ді, кісі көрмес өлгенді. Баба-түкті Шашты-әзіз нақ сарт болып кетпесе, хабар алып шырақтан, бір қарлығаш келген-ді... Бұл сөзді есіткен соң, қарлығаш тіп-тіке шал-кемпірдің алдына қонды. Бейшаралар жылап-сықтап тұмарды алып, таңбасынан Қара батыр түрікпенге барғанын білісті. Сонан соң ат жаратып, адам жиып, түрікпен жұртына барып, көп тарту-таралғы беріп, баласын алып қайтты дейді.

БАЙҰЛЫ

Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар: біреу тайына, біреу атына мінгенде, бір бала жыламсырап қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:

— Сен неге атыңа мінбейсің? — деді.

Бала қамығып:

— Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, — деді.

Сонда Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:

— Мен атқа мінгенде, ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба? — деді.

Әкесі:

— Кімге бересің? — деді.

Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп:

— Тайыңды кімге берсең де өз ерік өзіңде, — деді.

Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды да, шауып кеп көп балаға қосылды. Сол уақытта бір ақсақал жақсы кісі қонақ болып жатыр екен. Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді:

— Ей, Құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер, — деп.

Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, елге бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру сонан тарады деседі.

ЖӘНІБЕК БАТЫР

Жәнібек батыр бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін, Қаракерей Соқырабыз дегенді іздеп келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе, қарттықтан екі жағын жібекпен таңып отырған кісі екен. Жәнібекті көріп:

— Сен қай ұлсың? — деді.

— Қошқар ұлымын, — деді.

— Қошқардың адам есті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба?—деді.

— Болармыз, — деді.

— Балам, не жұмысың бар, бұл жақта неғып жүрсің? — деді.

— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім, — деді.

— А-а!!! Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап, би болайын деген ұл екенсің, алдыңа келсе әділдігіңді аяма — аймағың кетпес алдыңнан; қол бастап жол алайын деген ұл екенсің жолдастың мыңын алма, бірін ал, мың кісіге — бір кісі олжа сала тұғын, олжаңды аямасаң — жолдасың қалмас жаныңнан. Жүз жиырма алтыға келіп отырмын, жас күнінде қалың бер де қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты сол, қартайған соң өкінбе, ұлым. Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең — таяғың, қарның ашса — тамағың. Мұнан шығып, Кіші жүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келді. Келсе бидің елі қош екен, қош үстінде кез болып, сәлем беріп, ат үстінен көрісті. Мұнысын жақтырмай, бұл би де сұрады:

— Жаным, қай ұлсың?

— Қошқар ұлымын.

— Ұлым, неғып жүрсің?

Оған да айтты:

— Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге, жолығып, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл сұрайын деп едім.

— Е!Е!Е! — деді ол. — Азуы алты қарыс арғынның Қошқарұлы Жәнібек, Алшынның бір алжыған шалын келемеж қылып кетейін деп едім десеңші.

Жәнібек:

— Мен сөз сұраймын деп келсем, көңілімді қайтарды ғой, — деп, атының басын бұрып алып жүріп кетті.

Анадай бара жатқанда, би:

— Ей, Жәнібек, — деп шақырды. Жәнібек артына қарады. Сонда би:

— Атыңның басын бұрма, солай тұр, жүзім кішілігінен3 бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. Өгізді өрге салма — қанатың талар, жаманға жүзіңді салма — сағың сынар, — деді.

БАЙ МЕН ЖАРЛЫ БАЛАСЫ

Асан деген бай баласы. Үсен деген жарлы баласы — екеуі құрдас екен. Бір күні ел көшкенде қыр астында ойнап жүріп, ескерілмей, екеуі жұртта қалыпты. Бір мезгілде үйге баралық деп келсе, ауыл жоқ, құр жұрты жатыр. Асан айқай салып, жылай бастайды. Үсен ойланып тұрды да айтты:

— Жылағанмен ешнәрсе өнбес. Көшкен ауылды іздеп табалық.

— Елді қайдан табамыз, қай жаққа кеткенін де көргеніміз жоқ? —деді Асан. Үсен үндемеді. Асанды ертіп көшкен жұртқа келді. Жұртта бір көзі сынған ине жатыр екен, оны алды және бір пышақтың сынығын, бір-екі уыстай қыл тауып, оны да алды. Сонан соң ауылдың жұртын айнала жүгіріп жүріп, көштің кеткен сүрлеуін тауып, сол сүрлеуге түсіп жүре берді. Біраз жер өткен соң сүрлеу екі айрылды. Мұны көріп Асан жылай бастады.

— Енді қайсысына түсеміз? — деп. Үсен қарап жүріп, біреуіне түсті:

— Мынау сүрлеу, бүгін жүрген көштің сүрлеуі екен, малдың жас тезегі бар, — деді. Біраз жер жүрген соң Асан қарным ашты деп жылады. Үсен үндемей келе жатса, екеуінің алдынан бір үйрек ұшып, ұзамай қасына қонды. Асанның онымен ісі болмай жүре берді. Үсен жүгіріп барып сипалап жүріп, үйректің орнынан алты жұмыртқа тапты. Асан қуанып жұмыртқаны алайын деп еді, Үсен алдырмай:

— Жолдан адасып көп күн жүрсек, бізге тамақ керек болар, үйректі де ұстап алайық, — деді.

Асан айтты:

— Қалай ұстаймыз?

Үсен:

— Мен әкемнің ұстағандарын көріп едім, — деп манағы жұрттан тауып алған қылдан есіп тұзақ істеді де, оны апарып үйректің ұясына құрды. Мұнан соң Асанды шақырып алып, екеуі бір таса жерге, қалың шөптің арасына барып жатты. Көп ұзамай-ақ үйрек қайта ұшып, жан-жағында адам көрінбеген соң, ұясына келіп қонды. Бітегенеден соң Үсен түрегеліп, жүгіріп ұяға барып еді, үйрек ұша алмай далбырлады да қалды. Қараса, үйрек мойнынан тұзаққа ілініп қалған екен.

Үйректі Асан:

— Тірі алып, ойнап баралық, — деді.

Үсен айтты:

— Жоқ, әкем: үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта Құдай-тағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырады. Бірақ тірілей байлап-матап әуре ету обал деп айтушы еді, әуре етпей бауыздап алалық, — деп манағы жұрттан тауып алған пышақтың сынығымен бауыздап алды. Мұнан соң келе-келе жатып, түс ауған шақта, екеуі бір өзен - судың бойына жетті. Су ішіп, сусындарын қандырған соң, Үсен айтты:

— Енді бір тамақ пісіріп желік.

Асан:

— От жоқ, неғылып пісіріп желік? — деді.

Үсен үндемей су жағалап кетіп, бір шақпақтас тауып әкелді және шапанының бір кішкентай жыртылған жерінен азғана мақта суырып алып, оны тастың үстіне қойып, бәрін бармағына қатты қысып тұрып, манағы пышақтың сыртымен тасқа қатты ұрып еді, от шығып, мақта тұтанды. Сонан соң айналасына азғана тезек үгіп салып, Үсен өзі отты үріп тұтандырып жатып, Асанды қу тал жинап алып кел деп жіберді. Тал келтірілген соң от жағып, әуелі жұмыртқаны отқа салып пісірді. Онан соң үйректің жүнін жұлып, бұтарлап, бір талдан істік істеп, үйректі отқа қақтады. Піскен соң екеуі де жесіп, тойып алысты. Тамағы тойған соң көңілінен уайымы шығып, Асан су жағалап жүгіріп кетті, бір мезгілде дауыстады:

— Үсен, Үсен! Мынау тайыз жердегі балықтарды қарашы! — деп.

Үсен оған қарамай баяғы жұрттан тапқан инені отқа салды. Ине біраздан соң оттың күшімен еріп, қызарды, сол уақытта пышақпен инені алып, ептеп иді, қармақ істеді.

Сонан соң Асанды шақырып:

— Сен шегіртке тере бер, — деді де, өзі манағы қылдан есіп қармаққа бау істеп байлап, талдан кесіп оған сап істеді. Сөйтіп, қармақ әбзелімен даяр болған соң, Үсен суға барып, Асанның жиған шегірткесін жемге шаншып, қармағын суға салды. Су әдемі, айнадай таза су екен, ішіндегі ойнаған балықтары көрініп жүре - тұғын. Әуелі шабақтар келді, біреуі бір, екеуі екі жемді иіскеп, тиіп-қашып, жұлқып өтті. Сөйтіп тұрғанда, шабақтар дүркірей келіп қашты. Қараса, бір шортан келген екен. Ол Шортан жемге де қарамай, тәкәппарланып жайымен былғаңдап өтіп жүре берді. Шортан өткен соң манағы бытырап кеткен шабақтар тағы жалма-жан жиылып келісіп, жемнің айналасында ойнап, бірін-бірі қуып, жемге де тиіп-қашып, соғып өтіп жүрді. Сөйтіп тұрғанда, шабақтар және дүркірей қашып, жоқ боп кетті. Қараса, бір бөлек алабұғалар келген екен. Жемді ең бұрын көрген біреуі тоқталмастан келіп асап келіп қалғанда, Үсен қармақты тартып алып, оны қырға шығарып тастады. Сол қалыпша Үсен бірталай алабұға алды. Балықтың алынған қызығына айналып тұрып, балалар күннің кешке таянып қалғанын аңғармаған екен. Бір мезгілде Үсен күнге қарап:

— Аһ, күн кеш болып қалыпты ғой, жарықта өткел тауып алайық, — деп, қармақпен алған балықтарын біреуінің шапанына орап алып, манағы шақпақ тасын және сабы - бауымен қармағын да қалдырмай алып, енді өткел іздесті. Бұл турада Үсен кідірместен, манағы өздерінің түсіп келген сүрлеудің өткен жерін тауып алып, сол жерден өте шықты. Біраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және біраздан соң ымырт жабылып, жол көрінбеді. Түн болған соң, балалар екеуі де қорқайын деді. Сөйтсе де Үсен сыр білдірмей, енді жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек теріп, от жақты.Біраз отырған соң Асан күндіз көп жүріп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы еді «елді жердің ұрысы, дал алы жердің бөрісі болады» деп, ұйықтамай отқа күндізгі алған балығын пісіріп, ермек етіп отыра берді. Есітуі бар еді: от жағып отырса, қасқыр келмейді-міс деп. Қарап отырса, бір мезгілде бір топ киік келді. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзінен үркіп жөнелді. Біраздан соң құлын, тайы бар бір үйір құлан келді. Айғыры алдында басын тікшитіп, құйрығын шаншып, осқырынып, өзгелері таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да шауып жөнелді. Бір мезгілде жақын жерде қасқыр ұлыды. Алысырақта өгіз - шағала адамша шыңғырып, біресе жылаған балаша, біресе қарқылдап күлген адамша, әртүрлі дауысқа салды. Үсен түйсініңкіреп, бойы мұздап, қолын манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра берді. Сөйтіп әр жануарларды керіп және оттың жарығына жиылған құрт-құмырсқа, көбелектерді қарап, бұл көбелек-қоңыздар неге өлім іздеп отқа түсе береді екен деп, әртүрлі ойларға қалып, сүйеніп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла – жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: «Жүрер уақыт болды» деп. Асан далада екенін ұмытып, үйдегі қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертіп, жолға шығысты. Күн сәскеге шейін жүріп отырып, сәскеде сүрлеу бір қатаң шоқаттау жерге түсіп көрінбей кетті. Балалар енді қай жаққа жүрерін білмей дағдарып тұрды. Сөйтіп, жан - жағына қарап тұрса, ілгергі алдында бір киік қыр үстінде, үлкен мола көрінді. Сонда Үсеннің ойына әкесінің сөзі түсті: далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады, — дейді екен.Сол ақыл бойынша Үсен Асанды ертіп, молаға қарай жүрді. Молаға жақындап келгенде, қаңқылдаған қаздың даусы шықты. Үсен енді білді жақын жерде қол бар екенін, оның үшін қаз сусыз жерді мекен етпейді. Келіп екеуі енді молалы қырға шықты, қараса қырдың жығылар асты үлкен қол екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал. Жағасындағы жібектей жапырылған көкорай шалғынында қора—қора қой мен жылқы, жылқының бір парасы көл ішіне кіріп, белінен құраққа кіріп тұр, енді бір жағасындағы сортаңда бір топ түйе жатыр. Бұларды көріп, балалар қырдан түсіп, жүгіріп малға келді. Келсе, өз ауылдарының малы екен. Малшылар Асан, Үсенді көріп, олар да қуанып, біреуі әке-шешесінен сүйінші сұраймыз деп шауып кетті, өзгелері балаларды атқа мінгізіп, ауылға алып жүрді. Жолда келе жатып малшылар айтты: — Сендердің жұртта қалғаныңды біліп, кешеден ауылдың жан біткені іздеуге кетіп еді, — деп. Нақ бесін мезгілінде балалар аман-есен үйлеріне келіп, әке-шешелеріне қосылды дейді.

БАЛАНЫҢ АЙЛАСЫ

Бір әлім адам жапанда келе жатып, аяғы астында бір үлкен тасқа сүрініп жығылып, ойлады: бұл тас адамға зиян келтіретін тас екен, жолдан алып тастайын деп. Сол оймен тасты көтеріп еді, астынан бір сандық шықты, сандықты ашып еді, ішінен бір жылан шығып, шағамын деп әлімге ұмтылды, әлім айтты:

— Мен сені қараңғы, тар жерден, тұтқыннан шығардым, жақсылыққа жамандық бар ма?

Жылан айтты:

— Бар.

Әлім айтты:

— Олай болса біреуге жүгінелік, төре саған тисе шағарсың, — деп.

Жылан да бұл сөзге тоқтап, екеуі келе жатып, түйеге жолықты. Түйеге бұлар істерінің мәнісін айтып еді, түйе айтты:

— Жақсылыққа жамандық бар. Не үшін десеңіз: мен адамның қанша ауыр жүгін, мүлкін тасып, өмірімше қызмет істесем де, адам қай уақытта шамамнан тысқары жүк артады да, жүре алмасам ұрып-соғып ренжітеді. Жылан мұны есітіп, әлімнің мойнына бір оралды. Мұнан шығып, жеміс ағаштарына келіп жүгінді. Бұл ағаш та айтты:

— Жақсылыққа жамандық бар. Не үшін десеңіз: менің жемісіммен қанша адам күн көріп, пайдаланып тұрса да, жемісімді жан ауыртпай қолымен алмай, түбімнен қатты ұрып, жемісімді жерге түсіріп алып жейді, — деді. Жылан әлімнің мойнына тағы бір оралды. Онан кетіп, бір итке жолығысты.

Ит те айтты:

— Жақсылыққа жамандық бар, мен иеме қанша түн - күн ұйықтамай мүлкін, малын, өзін бағып қызмет қылып едім, ақырында мен қартайып аурулы болған соң, таяқтап ұрып, мені қуып жіберді, — деді. Жылан және бір оралып, — енді шағамын, — деді.

Әлім айтты:

— Енді тағы біреуге - ақ жүгінейік, төрелік тағы саған тисе, шаға бер. Сонан шығып ойнап жүрген бір топ балаларға келді. Ішінде бір бала әлімге сәлем берді. Әлім сәлемін алып, сол балаға істерінің мәнісін айтты.

Бала есітіп болып:

— Әй, ата, бекер сөйлейсің, осы қолындағы кіп - кішкентай қобдиға мойныңа үш оралған әйдік жылан сыюшы ма еді? — деді.

Сонда жылан да айтты:

— Бұл сөз рас, — деп.

Бала тіпті нанбады, «бұл сөзге көзбен көрмей кісі нанып болмас» деп. Сонда жылан баланы нандыру үшін иіліп барды да, манағы қобдиға кіріп жатты. Бала сонда тарс еткізіп сандықты жауып бекітті де, әлімнің қолына берді, «алған орныңызға апарып қойыңыз» деп.

ОҚУДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҮЙІНЕ ЖАЗҒАН ХАТТАРЫ

А

Қамқор, дуагөй атам мен әже, сіздерге ықласты сәлемдерімді жолдап қаламын. Өзім сіздердің оң баталарыңыздың арқасында сау-саламат бармын. Өткен почтадан жіберген сәлем хатыңызды, азын-аулақ ақшасымен, жолығып алдым. Алла разы болсын, мендей нашар балаңызды естен шығармай тұрғаныңызға. Ықыласыммен Құдай-тағаладан тілеймін: сіздердің еңбек қамқоршылығыңызды бізге де қызметімізбен өтеуге жазғай еді деп. Оқыған оқуымыз турасында бұл күнде ұстаздарымыз сонша разы. Жаңада ең жақсы оқыған балалардың есебіне қосып, кенегесіне жазып қойды. Ата, сіз әрқашан ақыл айтушы едіңіз: «балам алаң болмай ұстаздарыңның айтқанын орнына келтіріп, берген сабақтарын толық үйреніп, білуге тырыс» деп, мен ол сөздеріңізді ұмытқаным жоқ... Сіз жазасыз, ата, Қасенге қорасан4 шықты деп. Аман жазылып кеткеніне қатты қуандым. Бізге ұстаздарымыз айтады: қорасанды егіп шығарған балаға қайта қорасан шықпайды, шыға қалса, қатерсіз, жеңіл шығады, — деп. Осы сөзді жөні келсе ескеріп, жақын жердегі лекарьлерге5 кішкентай інілерімді апарып, шешек ектірген қалай болады екен? Қош, дауаларыңыздан үміткер балаңыз Н.

Б

Ағамыз Ыбырайға көп сәлемдерімді жолдадым. Өзіңнен көптен ешбір хат-хабар болмады. Тек ауру сырқауға душар болмасаң болады-дағы, шаруашылық жұмыстан да қолың тимейтін шығар. Сөйтсе де, уақыт тауып, есендігіңді білдіргейсің. Өзім денім сау, ұстаздарымыздың тәуір назарыңдамын. Бір-екі айдан соң екінші класқа шығармын деген үмітім бар. Осы хатты тапсырушыдан Қадишаға екі қадақтай конфет жібердім, сен алып өзіне тапсыра көр. Әкеме бас құлдығымды айтып және менен өтін, маған берген ақшасын босқа шығарды деп ұрыспасын. Қадиша кішкене бала ғой, ағам жіберіпті деп, қуанып қалсын дедім. Қош, аға, сау бол. Хат жаз дегенімді ұмытпа деп, — есендігіңді Құдайдан тілеп жазушы ініңіз Н.

В

Мінекей, достым Мұратбай, мен екінші класқа шығып, енді бір-екі жұмадан соң елге де қайтуға тұрмын. Енді көп ұзамай-ақ сендерді көрсем керек. Осы күнде - ақ көзіме елестеп тұр, ауыл көкорай шалғындарға қонып, жан-жақтың бәрі желкілдеген көк шөп ішінде жыңылдаған малдың жүргендері. Көп жазуға уақыт жоқ құрбы – құрдастарыма сәлем, ағама айт: менің күрең дөненімді кісіге мінгізбей, семіз сақтасын, барған соң өзім жаратып жайлармын. Достың Н.

Г

Ағамыз Ыбырайға сәлем. Сен бекер қауіп етесің, менің азырақ ауырғанымнан; сені көріп әжемдерде үрей қалмаған-ды. Ауырғаным себебі, қыстың күні ауылы жақын жердегі бір ептешімнің6 үйіне қонаққа барып едім. Ағаш үй жоқ екен, киіз үйде патшалық жеңіл киіммен жатып - тұрып жүргенде бойымды суық ұстады. Сонан азырақ басым ауырған соң, қайтып дәрігерге айттым. Дәрігер дәрі беріп, енді жазылып келемін. Ай, аға, әкеме айтып, жылы ағаш үй салып алсаңызшы. Киіз үй жаздың күні қанша жақсы болса, қыстың күні сонша жаман ғой. Суық киіз үйде қыс күні бүрісіп, алдың отқа жылынса, арқаң тоңып отырып, не таза жуынуға болмайды, не таза тамақ жеуге болмайды. Осындағы оқымысты дәрігерлер айтады: қазақтың дертінің көбісі— не бойын суыққа алдырғаннан, не тазалық жоқтықтан пайда болады, — дейді. — Қотыр, бөрткен — таза болмағаннан, сүзек, шаншу, жөтел — бөрі де суықтан, — дейді. Еріккен соң ойыма келгенін жазып, ермек етіп жатырмын. Көп мылжыңдады деп айыпқа бұйырма және менің үшін келемін деп азаптанба. Әкем кәрі кісі, шаруашылық жұмысыңнан қаларсың. Інің Н.

ӘЛІМ КІСІ

Бір зор әлім молдадан жаңа дінге кірген адам:

— Тақсыр, мен иманды қалай етсем үйренемін? — деп сұрапты.

Әлім айтты:

— Шыққан күн мен айдан, көк пен жерден, су мен желден, жер мен таудан, жаңбыр мен кардан үйрен,—деді. Сұрап тұрған адам бұл сөз не сөз екенін біле алмай дағдарып тұрды. Сонда әлім айтты:

— Далаға шықсаң көк пен жерді көресің, күн мен айды, көк үстінде жұлдыздарды, тауды - тасты, жел мен жаңбырды — осының бәрін көресің, соларға қарап ой жіберсең, оның бәрін адам жаратуға қолынан келер істер емес. Олай болса, соның бәрін жоқтан бар еткен бір Құдіретті ие болса керек, біз көрмеген. Сол ақылға ойланып жетіссең, иманыңның жартысы тамам болғаны, —деді.

ЛҰҚПАН ӘКІМ

Лұқпан әкімге бір сопысымақ адам бір жиылыста айтты:

— Сіздің ауруға ем етуіңіз күнә, Құдайдың жіберген қаза - бәлесіне себеп табамын деген Құдайға қарсылық болып табылады деп білемін, — деді.

Лұқпан айтты:

— Олай болса, сол айтқан сөзіңіз жазылған кітапты келтіріңіз, сенімді кітап болса, біз тоба етіп, дәрігерлікті қоялық, — деп. Сопы бұл сөзді еш кітаптан көргені жоқ кітап алып келе қоямын деп қозғалмады.

Жиылып отырған халық шулап қоя берді:

— Сопы, Лұқпан жесірге байдай, жетімге атадай болып, неше мұңды бейшаралардың көзінің жасын тыйды, сен бұл істі күнә деп білсең кітабыңды көрсет, болмаса қазыға алып барып, жазаландырамыз, — деп. Істің бұлайынша зорайып бара жатқанын көріп, Лұқпан халықтан өтініш етіп тысқа шығып, сопыны оңаша қалдырып айтты:

— Алла разы болсын, молдам, білген шамаңызша бізді күнәдан тыю үшін ақыл айтқаныңызға. Бірақ бізден де сізге бір ақыл айтылсын: қашан да бір істі істегіңіз келсе, ол іске әуелі ақылыңызды, онан соң көзіңізді жұмсаңыз, сонан соң ақылыңыз дұрыстаса, көзіңіз көріп, жөнін танып, мақұл көрсе, тіліңіз бен қолыңызға сонда ерік беріңіз. Екінші, сіздің айтқан сөзіңізден оқып жетіспегендік көрінеді. Құдай Тағала адамға әртүрлі дене берді: қол берді жұмыс қылмақ үшін, көз берді көрмек үшін, аяқ берді жүрмек үшін, құлақ берді есітуге, ақыл берді ойланып, жаман - жақсыны аңғаруға. Сол берген денелерді тиісті орнына жұмсамасаң, Құдайдың бұйрығына қарсылық болып табылса керек. Оның үшін жүрмей, тұрмай, отырмай, көрмей, есітпей Құдайға құлшылық етіп те болмайды. Сол реуішті жансыз нәрселердің де керексіз жаратылғаны жоқ. Бір шөпті у етіп жаратты, екінші шөпті оған басытқы етіп жаратты. Бұларды да танып, біліп, бұйрықты орнына жұмсамасаң күнәлі боласың, тиісті пайдалы орнына жұмсаудан обал болмаса керек, — деді.

ЗЕРЕКТІК

Англия жұртында Броун деген білімді ұста судың үстіне бір қолайлы көпір салуға жүріп, «қалайша салсам қолайлы, нық болар екен» деп ойға қалып келе жатса, жолдың үстіне кесе тартқан өрмекшінің өрмегіне көзі түсті. Мұны көріп Броун тоқтай қалып ойланды: «Бұл өрмекші мынау жол арқылы көпір салыпты, астында тіреуі жоқ, осындай көпір қолайлы болар еді» деп. Сонымен келді де, су үстіне екі ұзын шынжыр тартып, ортасына тақтай салып, екі жақ басын құрғақ жерден биік, нық бағаналарға бекітіп, көпір істеді. Шынжырдан көпір салу содан қалған үлгі екен.

СИЛИНШІ ДЕГЕН ХАНЫМ

Қытай жұртының патшасының ханымы Силинші жібек құрттарын абайлап қарап жүрсе, бұл құрттар өлерінде өзінің өрмегіне кіріп өледі екен. Ханым сол өрмекті алып, ширатып жіп істеді, сонан тоқып жаңа жібек орамал істеді дейді. Мұнан соң сол құртқа назар салып қарап жүрсе, тұт деген ағаштың жапырағын жеп күн көреді екен. Ханым тұт ағашының жапырағын жиып, әлгідей көп құрт жиып асырап, ақырында, бұл құрттың пайдасын халқына үйретті дейді. Жібектің шығатын орнын ең әуелі сол ханым тауыпты-мыс. Бұл уақытта Силинші ханымның өткеніне бес мың жыл болыпты. Қытай жұрты әлі күнге данышпан ханымын ұмытпай, жыл сайын соның құрметіне той етеді.

МАЛДЫ ПАЙДАҒА ЖАРАТУ

Бір үйші жұмысымен көп мал тауып тұрса да, сонша азбен қанағат етіп, аз жұмсап тұрады екен. Бір күні көршісі сұрады:

— Осы сен бай бола тұрып, малыңды қай жаққа жібересің, көзге түсетін ешнәрсең көрінбейді? — деді.

Үйші айтты:

— Тапқан малымның бір бөлімімен борышымды өтеймін, бір бөлімін өсімге беремін.

Көрші:

— Қойшы, батыр, сенің борышың бар ма еді және өсімге қашан ақша беруші едің? — деді.

Үйші айтты:

— Қарт әке-шешеме берген ақшаларымды өтеп тұрған борышым деп білемін, өзімнен туған балаларға оқу оқытуға, асырауға шығарған малымды өсімге берген мал деп білемін. Балалар адам болып, біз қартайғанда жақсы асыраса, олардың борышымды өтегені емес пе? — деді.

ДҮНИЕ ҚАЛАЙ ЕТСЕҢ ТАБЫЛАДЫ?

Француз жұртының бір білімді адамы жазады:

— 1791 жылда, өзім университет деген үлкен школда оқып жүрген жігіт күнімде, әр жеті сайын Версаль қаласындағы шешеме жаяу барып-қайтып тұрушы едім. Сонда әрдайым жолымда бір Антон деген тіленші отырып, қайыр сұрап алып жүруші еді. Бір күш тағы сол жолмен келе жатып, бір орта бойлы арықтау кісіге ұшырасып, жөніміз бір болған соң бірге келе жатқанымызда, әдетше манағы Антон алдымыздан шығып қайыр сұрады. Қасымдағы кісі тоқтап, Антонның бетіне қарап тұрды да айтты:

— Сен қарауға еп-есті кісі секілді көрінесің және жұмыс істеуге қуатың да бардай көрінеді. Сөйтіп тұрып мұндай жаман іспен өзіңді кемшілікке салып жүрсің. Бай болғың келсе, мен саған ақыл айтайын: мен өзім де сендей кедей едім, бірақ сендей тіленшік қылғаным жоқ елден. Қала - қаладан қыдырып жүріп, әуелі боқтық, салам арасынан, не болмаса жай кісілерден ескі шүберек сұрап жиып жүрдім. Ол шүберектерді апарып қағаз істейтін фабриктерге сатып, соныменен азды-көпті ақша болған соң бір есек, бір арба алдым. Мұнан соң әуелі аздап, бара-бара көбірек, әр үйден ескі-құсқы, тұтынуға жарамайтын шүберектерді сатып алып, арбамен жүріп сауда ете бастадым. Осындай іспен жеті жылда он мың франк7 ақша тауып, енді бір қағаз фабрикасына кірістім. Жасым жас, ісіме нық, жинақты және еріншектікті білмегеннен соң, осы күнде екі әйдік тас жұртым8 бар. Фабрикамды балама бердім, үмітім бар, балам да аштық көре қалмас деген. Себебі, баламды да жасынан бос жүруге, еріншектікке, қиналмай мал табуға үйретпедім. Осы айтқанымша машақаттанудан қашпасаң, сен де бай боласың, Антон, — деді де жөніне жүріп кетті. Антон бұл сөздерді есіткен соң терең ойға қалып, қайыр сұрауын да ұмытып тұрып қалды. 1815 жылда Брюссель деген қаладан өтіп бара жатып, бір кітап сататын үлкен дүкенге кірдім. Дүкеннің ішінде бірнеше приказчиктерге олай-бұлай етіңіз деп, бұйырып тұрған бір купецтің кескіні көңіліме таныс реуішті көрінді. Сөйтіп тұрғанымда әлгі кісі мені көріп, бетіме қарап тұрды-тұрды да, қасыма келіп айтты:

— Айып етпесеңіз сұраймын, мұнан жиырма бес жыл бұрын сіз оқу оқып жүріп, жұма сайын Версальдағы үйіңізге барып жүрген жеріңіз бар ма еді?

Сонда ойыма түсіп, таң қалып:

— Сен Антонбысың? — дедім.

— Рас, — деді Антон, — мен сондағы көрген тіленші Антоныңыздың өзімін. Сол жүргеніңіздегі бір күн қасыңызда бірге жолыққан кісінің айтқандары көңіліме кіріп кетіп, тіленшілікті тастап, жұмысқа кірістім. Ісіме нық, малыма күтімді болдым. Ақырында, сол кісінің айтқаны келіп, мінекей, осы зор дүкеннің иесі болдым, — деді.

БІЛГЕННІҢ ПАЙДАСЫ

Бір қарт ұста күні-түні тынбай іс соғып отырады екен. Оған көрші, заманындағы бір зор бай, Броун дегеннің баласы ойнап жүріп қызыққа күнде ұстаға келіп, іс соққанына қарап тұрады екен. Бір күні ұста мырзаға айтты:

— Төрем, қарап тұрғанша, тым болмаса, шеге соғуды үйренсейші, кім біледі, бір күндерде сол өнердің де керегі болар. Бала нем кетеді деп, күнде мазаққа шеге соғып жүріп, бірнеше күнде жақсы соғуға үйреніпті. Мұнан соң бірнеше жылдар өткен соң, жұртында қатты жаугершілік басталып, Броунның мал-жаны таланып бітіп, өзі қатын, баласымен қашып шығыпты. Сонымен, ішерге-жеуге, киюге де кем-тар соғып, бір қалада жүрген уақытта, қаланын әкімі бұйрық шашты: әскерге көп етік керек, жақын жердегі қалалардың сататын мығы9 таусылды, мық даярласын, — деп. Сонда манағы мырзаның мазаққа үйренген өнері есіне түсіп, патшалық етікшілерге хабар салды:

— Егер көп мық - шеге керек болса, мен пөдіретін аламын, — деп.

Етікшілер істеген мығын көріп ұнатқан соң, әскердің етігіне мық істеудің міндетін алып, көп мал тауып, ақыр өміріне шейін кемдік көрмей өтіпті-міс.

ҚЫПШАҚ СЕЙІТҚҰЛ

Қыпшақ Сейітқұл отыз үйлі тобырымен, жұрттың тегіс аттаныс барымтасы бар уақытта, бұл отыз үй кедейді қалайынша етсем байытып, халық қатарына қосамын деп ойға қалды. Сауда етуге мал жоқ барымтамен мал алсам, бір күндерде жау да бізден қуып алады, ақырында бұрынғылардың айтып кетуінше, жортуыл басы жолда қалса керек. Соның бәрін де шамалап қарап, ақыр бір қиялға түсіп, Сейітқұл әуелі мекен еткендей бір орын іздеді. Көп жерлерді кезіп жүріп, ақырында Торғай тересіндегі Қабырға деген өзен-судың бойына тоқтады. Мына жақта Үргеніш, Қоқаннан, мына жақта қалмақтан шетірек және жаманшылық болса, қалың Қыпшақ деген руға жақынырақ екен деп, сол жерді ұнатып қайтқан соң, қысты өткізіп, жаздың жылы уақытында кедейлерді жалаңаш-жалпы көшіріп, Қабырға бойына алып келді. Сейітқұлдың бір ағасы бар еді, жол жүріп, ұрлық, барымтаны әдет еткен. Інісінің қанша айтқан ақылына болмай, үш-төрт үймен жалғыз-ақ сол көшпей, ескі орны Түркістан жағында қалды. Қабырғаның бойына келген соң Сейітқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де кетпен беріп, жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен судан арық қазып шығарып, егінге су жіберді. Егіні піскен соң орып, жиып алып, артығын төңірегіндегі көшпелі елге сатып, мал етті. Жаңа мекен еткен жеріне орныққан соң, Сейітқұл егінді жылдан жылға күшейтіп, арық басына шығыр салып, суды шығырмен айдап, астықтың (ол күнде бидай, тары, арпа егеді) артығын төңіректегі елге малға айырбас етумен, бұлардың малдары көбейіп, бай болды. Мұны көріп, әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейітқұлға қосылып, бес-алты жылда Сейітқұл елі деген төрт жүз үйге таянды дейді. Сейітқұлдың өзі де, жиылған халқы да малдары көбейіп, бай болды. Ел жиылып, Сейітқұл жұрт ағасы болды. Енді сол жұртының адал бейнет, табан ет, маңдай терімен тапқан дәулетін аңдыған жаудан, ұрыдан, даладағы бөріден сақтаудың қамын ойлап, уайымға қалды. Солардан сақтану үшін, Сейітқұл жұртын жиып кеңесіп, судың бір қолайлы жеріне шымнан биік қорған салдырды, малдарына реттеп бақташы, қару-жарақты қарауылшыңдауыл жүргізді. Бұлардың былайша бір ауызға қарап бекінген халық екенін байқаған соң, малға қызыққан сырттағы көшпелі халықтар батып келе алмады. Бұл жағынан көңілі тыныш болған соң, Сейітқұл енді Бұқара, Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден10 қазақ қолды әртүрлі тауар алдырып, жылда егін піскен уақытта маната қорғанда жәрмеңке реуішті базар болды. Көшпелі халық белгілі уақытта малын, жүн -жабағысын, тері - терсегін келтіріп,егіншілер оларға астығын, тауарын айырбас етіп, осы қалыпша бір жағы егін, бір жағы саудамен Сейітқұлдың жұрты жұрттан асқан бай болыпты. Маната Сейітқұлдың ағасы аттаныс-түсіспен жұрттың малын ұрлап бай боламын деп жүргенде, Қоңырат жағында қолға түсіп, кім екені де белгісіз, біреу өлтіріп кетіпті. Қалған мал-жанын ұрының малы деп Түркістан әкімдері талап алып, жамағаттарын Сейітқұл көп Сейітқұл құрметті Тілеу Сейдалин сұлтанның айтуы бойынша, 1830 жылдарда өтіпті-міс. Сол данышпан кісінің ақылымен егінді әдет еткен халық Қабырға суының бойында әлі көп. Жарлы болып, бөтен кәсібі жоқ кісілер Торғай жағында дереу егіншіге айналады, ерінбей азаптанса, бірнеше жылда түзеліп, халық қатарына қосылады.

ТАЗА БҰЛАҚ

Үш жолаушы бір бұлақтың басында бір-біріне кез болыпты. Бұлақ бір тастақ жерден шыққан. Айналасы қалың біткен ағаш жапырақтары бұлақтың үстіне төгіліп, суы мұздай, салқын, шыныдай жылтылдап тұрған сонша әдемі, таза бұлақ екен. Су шыққан жеріне бір қазандай тасты біреу ойып қорғаныш қылып, тастың су ағар жеріне жазу жазыпты:

— Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол, — деп. Манағы үш жолаушы бұлақтан ішіп қанған соң, жазуды оқып, біреуі саудагер екен, ол айтты:

— Бұл жазылған ақыл сөз екен, бұлақ күн-түн тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейіп, үлкейеді, бұған бөтен бұлақтар құйып, сөйте бара үлкен өзен болып кетеді. Мұнан мұрат сол: сен де, адам, тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де зорайып, мұратыңа жетесің дегені ме деп білемін, — деді.

Екінші жолаушы мүсәпір молда екен, басын шайқап:

— Жоқ, мен олай ойламаймын. Бұл жазудың мағынасы сіздің ойлағаннан гөрі жоғарырақ соқса керек. Бұл бұлақ: кім-кімге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, жанын рақаттандырады, сусағанның сусынын қандырады, оның үшін ешкімнен ақы дәметпейді. Бұлай болса адамға да әбірет сол: біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек, — деді. Үшінші жолаушы көркем келген бір әдемі жігіт екен, бұл үндемей тұрды. Жолдастары: Сен не ойлайсың? — деп сұрады.

Жігіт айтты:

— Менің ойыма бөтен бір нәрсе келеді. Бұл бұлақтың суы бір орында тынып тұрып, шөп-шалам түсіп, лай - қоқым болса, бұған адам мен айуан мұнша ынтық болмас еді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып тазаланып тұрғаны үшін ынтық болады. Олай болса, жазудың мағынасы: көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені ме деймін, — деді.

ӘДЕП

Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім төре онан да төменірек бас ұрып сәлем алды. Қасындағы бай:

— Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? — деп айтты дейді.

Сонда әкім:

—Ешбір ілім - білім үйренбеген мұжық сонша иіліп, әдептілігін көрсеткенде, мен онан әдепсіз болып қалайын ба? — деді дейді.

ҚАНАҒАТ

Әзірет Әліден бір жүт11 келіп сұрады дейді:

— Толық байлық қайтсең табылады?

Әлі айтты:

— Қанағат ете білсең. Қанша мал көп те болса қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды. Қанша мал аз да болса, барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңілі жайлы, тынышырақ болады. Соның үшін Әзірет Әлі: байлық — қанағатта, — деді.

МҰҢСЫЗ АДАМ

Бір патшаның ханымы ауру болып, жұрттан неше - неше дәрігер жидырып, ем еткізсе де ешбір дауасы табылмады. Патша мұнан соң бақсы-балгерлерді жидырып жарлық айтты:

— Балдарыңызды ашып, осы ханымға не ем болатынын табыңыздар, егер таппасаңыздар бәріңізді де астырып өлтіремін, — деп. Бақсы-балгерлер қорқып, сасып тұрғанда, ішінде біреуі айтты: «Мен бұл аурудың емін таптым». Сол сөзбен мұны ханға алып келісті. Бұл балгер ханға айтты:

— Дүниеде мұңсыз кісі тауып, соның көйлегімен қақтырсаңыз, бұл ауруға сол ем екен. Патша жер жүзіне жасауылдарын таратып, қанша іздесе де мұңсыз адам табылмады. Біреу бай, не бақты болса баласы жоқ, екеуі де болса не қатыны, не баласының мейірімі жоқ, болмаса біреулерден көрген кемшілігі бар, болмаса не өзі, не қатын-балалары сырқау, ең болмаса сол айтылғанның бәрін құдай берген болса, қанағат жоқ болғаннан уайымы көп — тағы ілгерірек болмадым деп. Күдер үзіп, мұңсыз адам жоқ екен деп қойған кезде, бір күн патшаның баласы келе жатса, бір кедей адам даладағы бұзылған тамның түбіне келіп айтады: «Бүгін жұмысымды бітірдім, қарнымды тойдырдым, енді не уайымым бар, кел жатып ұйықтайын»—деп, тамның қасындағы жиынды салам үстіне жығылды да жатты. Сәлден соң қорылдап ұйықтап та қалды. Патшазада мұны көріп, мұңсыз кісі таптым деп патшаға хабар берді. Патша қуанып, жасауылдарын жіберді, ол мұңсызды алып келіңіз деп. Алып келген соң, бұл адамға алтын-күміс беріп, енді көйлегіңді бер деп қараса, мұңсыздың үстінде көйлегі де жоқ екен.

ӘДІЛДІК

Хусейін қазының терезесінің түбіне келіп, екі жаман киімді тіленші:

— Құдай үшін қайыр беріңіз, — деді.

— Құдай өзі берер, барыңыз, — деді қазы.

— Пайғамбар ақы үшін.

— Ей, тіленшілер, енді басымды ауыртпай кетіңіз, — деп ашуланып, қазы оқып отырған кітабын жерге атып ұрды.

— Аһ, қазы, бейшарашылыққа бір нәрсе берсеңші,— деп тіленшілер кетпей, жылап тұрды. Сонда қазы ыза болып, ұшып тұрып, жұмыскерлерін шақырып бұйырды:

— Мынау бір-екі қыдырыңдыны зынданға тастаңыз, — деп. Бірақ ол арада тіленшілер жоқ болып кетті. Мұнан соң үш күн өткен соң, қазыға көп қонақтар келіп, той болды. Қазының үйінің іші жарқыраған алтын, шамасыз сәулет, өзі терезесін ашып, сол терезе түбінде мүфтимен12 әңгімелесіп, көзін Бағдаттың қаласына салып отыр екен. Сол уақытта терезе тұсына ана -күнгі екі тіленші тағы келді.

— Қуаныштарыңыз қайырлы болсын, қазы, осы қуаныш үстінде бізді де бір нәрсе беріп қуантыңыз, — деп жылап тұрды.

Сонда қазы қасындағы мүфтиге айтты:

— Осы екі қыдырыңды тіленшілер екінші рет келіп беймаза етеді, қалипа қазіреті осындайларға жаза бұйырмайды. Сөйтсе де, бұл жолы бұйрықсыз да болса, осы екі тіленшіні ұстатып, кісендетемін, Бағдаттай қаланың сынын бұзып, қыдырып жүрмесін, — деп, адамдарын шақырды. Сол уақытта екінші тіленшінің өздері де үйге кіріп келіп, үстіндегі ескі киімдерін тастап, біреуі айбатты дауыспен ақырды:

— Қазы, мен сені қазы қойғанымда: жұртқа қайырлы, байға, жарлыға бірдей, ақ -сарағат би болар ма екен? — деп үміт етіп едім, бұл жаңылысыма тоба қылдым. Жапар! Мынау оңбаған құртты алып, әділдікпен жазасын бер, жұртым көріп - білсің патша құрығы ұзын екенін, ерте ме, кеш пе қылған жамандық патшаға білінбей қалмайтынын, білінсе үлкен-кішілікке қарамай, жаза тартатынын, — деп. Жиылған қонақтар бұларды танып, аяқтарына құлап жығылысты. Тіленші болып келіп жүрген Һарунрашит деген қалипа патшасы, қасындағы Жапар деген уәзірі екен.

ПЕТР ПАТШАНЫҢ ТЕРГЕЛГЕНІ

Рига деген қаланы жаулап алғанның соңында, Петр патша Меньшиков деген князьға және Шереметьев деген графқа наград есебінде жаулап алған жерлерден жер беріпті-міс. Осындай берілген жердің біреуі Рига қаласының бір қарапайым адамына тиісті жер екен, барып патшаға арыз етті:

— Не күнәм бар, жерімді біреу алғандай?—деп.

Патша арызын тыңдап болып, айтты:

— Арызың дұрыс болса, тиісті қазыларға (сотқа) арыз ет.

Ол кісі арыз берді:

— Меньшиков деген кісі жерімді тартып алды, — деп.

Қазылар арызын сұрап еді, Меньшиков жауап берді,

«ол жерді маған наградқа патша берді» деп. Қазылар Петр патшаға да хабар беріп, патша өзі де келді. Патшадан да жауап сұрап болып, ақырында қазылар:

— Петр патшаның бұл ісі дұрыс емес, нахақ біреудің жерін наградқа беріпті,—деп, жерді иесіне қайтаруға бұйырысты. Патша билігін есітіп болған соң түрегеліп қазылардың бетінен сүйіпті:

— Әділдіктеріңе алда разы болсын, — деп және сол жерде айтты дейді:

— Законға мен мұнша көнгенімде, бөтендер көнбестік етуді ойынан шығарсын!

МҰЖЫҚ ПЕН ЖАСАУЫЛ

Бір мұжық далада жүріп, біртүрлі әдемі тас тауып алып, көршісінен сұрады:

— Бұл тасты неғылсам болады екен? — деп.

Көршісі айтты:

— Патшаға алып бар, — деп.

Сонымен, мұжық келіп, патшаның алдындағы жасауылының аяғына жығылып, мені патшаға жолықтыр деп тілек етті.

— Не жұмысың бар? — деді олар.

— Патшаға сый алып келемін, — деді мұжық.

Жасауыл айтты:

—Патша саған не сый берсе, жартысын маған бер, болмаса жолықтырмаймын. Мұжық бұған разы болды. Мұнан соң, мұжықты патшаға алып келісті. Патша тасын алып, мұжыққа алда разы болсын айтып, мың теңге беріп еді, мұжық аяғына жығылып:

— Тақсыр, мың теңгені алмаймын, арқама елу шыбық салдырыңыз, — деді Патша бір мағынасы бар шығар деп, жасауылына бұйырды: «ақырын ғана мұның арқасына елу шыбық соқ» деп. Жиырма бес шыбығын соғып болғанда мұжық айтты:

— Енді маған болар, қалғанын бәлен жасауылға салдырыңыз, алған сыйымның жартысын не де болса соған бермекші едім. Бұл жасауылды шақыртып, оған келістіріп жиырма бес шыбық ұрдырды. Сонан соң, бұл айласына разы болып, мұжыққа патша екі мың теңге бергізді дейді.

ЖОМАРТ

Атымтай жомарт өзі есепсіз бай бола тұрып, күн сайын бір мезгіл үстіне ескі - құсқы киім киіп, отын кесіп, шөп тасып, жұмыс қылады екен. Бір күні өзінің жақын - таныстары сұрады дейді:

— Жомарт, Құдай берген дәулетіңіз бар, ашқа — тамақ жалаңашқа — киім, үйсіздерге — үй болдыңыз, сөйтіп тұрып өз басыңызды кемшілікке салып, жете алмаған жарлыша отын кесіп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?—деп.

Жомарт айтты дейді:

— Төрт түрлі себеп бар. Әуелгісі: әдемі ат, асыл киім, асқан дәулетті өнебойы әдет етсең, көңілге жел кіргізеді. Сол желіккен көңілмен өзімнен терезесі төмен бейшаралардан жиреніп, көз салмай, кем-кетікке жем беруді ұмытармын деп қорқамын. Екіншісі: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшілік екенін біліп, кейінгілер әбірет алсын деймін. Үшіншісі: күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір-екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі, сіңімділігі болады екен. Төртіншісі: Құдай-Тағаламның берген дәулетін өзімсініп, тиісті орындарына жаратпай, көбісін өзім ішіп-жеп, өзім тұтынсам, мал берген иесіне күнәлі болармын деп қорқамын, — деді.

САРАҢДЫҚ ПЕН ЖИНАҚТЫЛЫҚ

Бірнеше тәуір кісілер бір жетім-жесір қалған үй ішін жылу жиямыз деп, әр үйге қыдырып барып жүріп, бір байдың үйіне келсе, бай жұмыскеріне бір кішкентай жіпті жаңбырда ұмытып, далада қалдырыпсың деп, қатты ұрысып тұр екен. Ұрысып тұрып айтады:

— Сен білмейсің, ол кішкентай жіп те болса, малға сатып алынған нәрсе, малдың табылуы оңай емес, — деп. Мұны есітіп, көріп, әлгі жолаушылар өзді-өзі сөйлесті: Бір жаман жіпті далада ұмытып қалдырдың деп сонша кейіп тұрған адам бізге ешнәрсе бере қоймас, аузымызды ауыртпай, келген ізімізбен қайталық. Ішінде біреуі айтты:

— Неміз кетіп барады, келген соң бұған да айтып кетелік.

Бұл сөзбен байға келіп, сәлем берді. Бай бұларды әдеппен үйіне кіргізді. Сонан соң келгендердің жұмысын есітіп, сол жердің өзінде бөтендерге қарағанда екі есе ақша шығарып берді және мұнан басқа төрт-бес қап астық беремін деп уәде етті. Мұнысын көріп жолаушылар таңданып отырды да, өздерінің далада байды сараңға санағандарын айтысты. Сонда бай айтты:

— Аз нәрсені азсынбай, қадірін біліп жинағаннан осындай кем-кетікке жәрдем беруге қолым жетісті, жинақтылық — сараңдыққа жатпайды, — деді дейді.

САЛАҚТЫҚ

Кәрім деген мешер өзі жұмысқа тәуір жігіт те болса, жуынып, кірсіз көйлек киіп, таза жүрумен ісі жоқ еді. Әркім айтушы еді:

— Саған не болды, Кәрім, бойыңнан кіріңді ағызып жүргенше, жуынсаң болмай ма? — деп.

— Қолым тимейді, — деуші еді ол.

Сөйтіп жүріп, тұлабойын шиқан қаптап және қотыр болды. Бұл күйде құрысып-тырысып жатқанында, әркім сұрайды:

— Кәрім, саған не болды? — деп.

Кәрім айтады екен:

— Күнәм үшін Құдайдың бір берген сазайы-дағы, — деп.

Оған қарсы таныстары:

— Рас, Кәрім, Құдай-Тағала таза жүрмеген былғаныш кісіні сүймейді, тым болмаса жұмасына бір моншаға түсіп, не болмаса үйінде сабынмен жуынуды әдет етсең, бұ бәлеге душар болмас едің. Сонымен, Кәрімді ауру жататын үйге алып барып, таза жуындырып, таза киім киіндіріп, ем қылған соң аз ба, көп пе жатып жазылды. Мұнан соң, Кәрім бір зауытқа барып жалданыпты. Өздеріңе де белгілі шығар, зауытта нәрсе бояйтын бояулардың бәрі де у болады. Бір күні қожасы Кәрімге бір бояуды былғап қой деп беріпті. Былғап отырып-отырып, кәдімгі үйренген қалыбынша, қолын жумастан барып, тамаққа отырып нан жепті. Қолындағы бояудың жұғынының бәрі де жеп отырған нанына жабысып отырғанда, бір мезгілде Кәрімнің іші бүрісіп, ауыра бастапты. Әрлі - бері, олай - бұлай аунақшып, біраз жатып, Кәрім ұзамай-ақ жан тапсырыпты. Әлгі бояу у бояу екен.

АҚЫМАҚ ДОС

Бір мырза орманнан бір аю баласын ұстап алып, үйіне алып келіп, сонша жақсы күтіп асырапты. Бір күндерде мырза қатты ауырып, бір айдай төсектен тұрмай жатып, сол уақытта аюды да қараған кісі болмай, бұл да қатты жүдеп зарығыпты. Аурудан аз-ғана тәуір болған соң, мырза бір күні далада, есік алдына отырып, күннің жылысымен маужырап қалғиды, бірақ маңдайына, бетіне шыбын қонып, шыдатпайды. Соның бәрін де манағы аю көріп отыр екен. Мырзаға тыныштық бермегені үшін шыбынға қатты кейіді. Сөйтіп, аю ыза бола тұра жұлқып кеткенде шынжыры үзіліп кетіп, жүгіріп барды да, мырзаның бетіне табанымен салып келіп кеткенде, мырза қалпақтай ұшып, сол жерде-ақ жан тапсырды дейді. Бұл іс Дәуіт пайғамбардың заманында болған екен. Аюды халық пайғамбарға сүйретіп алып барды, бұған қалайынша жаза береміз деп.

Әзірет Дәуіт аюдан сұрады:

— Не себептен қожаңды өлтірдің ?

Аю жылап айтты дейді:

— Қожам мені баласындай күтіп, асыраушы еді, ол ауырған уақытта мені күткен кісі болмай, қожамның жазылуын тілеп зарықтым. Бүгін сол аурудан тәуірірек болып, қожамның далаға шыққанына қуанып қарап тұрғанымда, мырза есік алдына отырып, қалғиын деп еді, шыбындар тыныштық бермеді. Соған ашуым келіп ұрғанымда қожам, не себептен екенін білмедім, өліп қалды. Мен қожама қастық ойламадым, шыбынды қырайын деп едім, — деді.

ЖАМАН ЖОЛДАС

Екі дос кісі жолдастасып келе жатып, бір аюға ұшырапты. Бұл екі кісінің біреуі әлсіз, ауру екен, екіншісі мықты, жас жігіт. Аюды көрген соң бұл жігіт, ауру жолдасын тастап, өзі бір үлкен ағаштың басына шығып кетті дейді. Ауру байғұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ, жерге құлады да созылып, өлген кісі болды да жатты. Есітуі бар еді, «аю өлген кісіге тимейді» деп. Аю бұл жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да, дыбысы білінбеген соң тастап жөніне кетті. Мұнан соң, манағы жолдасы ағаштан түсіп, аурудан сұрапты:

— Достым, аю құлағыңа не деп сыбырлап кетті?

Ауру айтты дейді:

— Аю құлағыма ақыл айтып сыбырлады, екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма деді, — дейді.

АЙУАННЫҢ ЕСТІСІ КӨП, БІРАҚ АДАМДАЙ ТОЛЫҚ АҚЫЛЫ ЖОҚ

Ит адамға шын дос жануар. Дүние жүзінде иттің неше атасының ұлы бар: біреуі қора, біреуі үй күзетеді, біреуі малшы орнына мал бағады, біреуі аң, құс алып береді, біреулері, тіпті, ат орнына жегіліп те жүріледі. Бұлардың бәрін де екінші кітапта уақытымен айтармыз. Англия жұртының ең үлкен Лондон дейтін қаласында өрт болған уақытта, жанып жатқан үйдің ішінде қалған балаларды алып шығуға үйретілген иттер бар. Соның біреуі Боб деген ит он екі баланы өрттен алып шығыпты. Бір күні бір үй жанып, өрт сөндіргіш адамдар келген уақытта, бір қатын жылап тұрды, «балам жанып жатқан үйде қалды» деп. Өртшілер әлгі Бобты жіберді. Боб баспалдақпен үйге кіріп, түтін ішінде жоқ боп кетіп, біраздан соң баланы көйлегінен тістеп қана алып келді. Шешесі қуанып баласын алды, өртшілер иттің өрт шалған жері жоқ па деп қарап тұрғанда, Боб өршеленіп, жанған үйге қарай тағы ұмтыла беріпті. Өртшілер ойлады, «шамасы үйде тағы да бір бала бар шығар» деп. Сонымен, Бобты және қоя берді. Біраздан соң Боб, ауызында бір тістегені бар, үйден жүгіріп шыға келді. Қараса, әкелгені бір үлкен қуыршақ екен.

ӨТІРІКТІҢ ЗАЛАЛЫ

Үш кісі жаланға шығып, күн бойы құс аулап, жалғыз-ақ шүрегей үйрек атып алыпты. Кешке бір жерге келіп отырып сөйлеседі: бұл үйректі үшеуіміз жеп тоймаймыз, біреумізге жөн болмайды, — деп. Ішінде біреуі қу жігіт екен, бұл айтты:

— Оған ақыл табылады. Үйректі пісіріп, бетін жауып қоялық та, үшеуіміз де жатып ұйықталық, қайсымыз жақсырақ түс көрсек, үйректі сол жесін, — деді. Осыған сөз қойысып, үйректі пісіріп, бетін жауып, өздері жатып ұйықтағанда, манағы қу тұрды да үйректі жеп алып, табағының үстін әуелгіше жауып қойды. Ертең жолдастарымен бірдей тұрып қу сұрады:

— Не түс көрдіңіздер? — деп.

Біреуі айтты:

— Мен ақбоз атқа мініп, алтын тәж киіп, көкке ұшып жүр екенмін.

Екіншісі айтты:

— Мен ұшпаққа кіріп, хор қыздары маған қызмет етіп жүр екен.

Сонда қу айтты:

— Екеуіңдікі де рас, мен түсімде сеңдерге қарап тұрып едім, бірің патша болып көкке ұшып кеткен соң, енді бірің ұшпаққа кіріп кеткен соң, бір шүрегей үйрекке бола қайтып келіп жатар деймісің деп, үйректі мен жеп қойдым, — деді.

НАДАНДЫҚ

А

Аңқау елге арамза молда тұрып, балаларға сабақ оқытыпты—мыс. Молда жазу да танымайтын, надан өзбек екен. Балалардың қолына қағаз беріп, шимайлап оқытатын оқуы:

— Неке қияр ат болар, бала туса шат болар — оған асыл зат болар, ат қояры — семіз ат, сүндет басы — үш түйе, ысқат деген бес түйе. Бір күндерде сол елге шын молда келіп, әлгі бала оқыған медресеге келіпті. Сонда арамза молда жалма-жан бір балаға, келген молдаға есіттіріп, сабақ берді дейді:

— Е-е, ме-е демелік, өзге былшыл не керек, он бес түйем, бір атым, жартысы сенікі, жартысы менікі.

Б

Бір ноғай түн ортасында үйінен жалаңаяқ, жалаңбас қашып шығып, оны көрген соң қатын-баласы да үркіп, үйін тастай қашып, үздік-создық көршісінің үйіне барып тығылыпты. Көршісі:

— Мұның не?—депті.

Демін алып, ноғай біраздан соң жауап берді:

— Үйімді көптен бері жын-шайтан аралап жүр еді. Күнде жатып қалсам, шайтандар үйімнің төбесінде жиылысып, ойын салып, тасырлатып жүретін. Соларды қашыру үшін неше рет молдалар жидырып, дуа оқытып, көп пұлым шықты. Бүгін түнде тағы да бұрынғы қалпынша, тасырлатып жүрген соң, ұйықтай алмай жатыр едім. Бір мезгілде шайтанның біреуі тарс еткізіп үйдің төбесін сындырып, маған қарай қарғыды, мен жалтарып қалып, бір жағымен қашып шықтым. Апыр-ай, шайтанның мүйізі де болады екен ғой, қашып бара жатқанда, қолым мүйізіне тиіп кетіп еді, — деді. Көршісі есті кісі екен, «қане шайтаныңды біз де көрелік» деп, қолына фонарь алып, үш-төрт кісі ертіп, ноғайдың үйіне келді. Қараса, үйінің төбесін жұқа қамыспен тоқып сылаған екен, ортасы құлап түсіпті және қарап жүргенде, бұрышта бір ешкі жайына күйсеп жатыр. Сәлден соң, үй төбесінде маңыраған лақтардың дауысы шықты. Мұны есітіп ешкі де түрегеліп маңырады. Соның артынша лақтар манағы құлаған жерден секіріп түсіп, енесіне қосылысыпты. Қараса, лақты ешкілер көршінің өзінікі екен. Түнде үйдің төбесіне үйілген шөпке келіп жеп, ойын салуды әдет етіп жүріп, манағы үй төбесінің жұқа жерінен құлап түскен екен.

В

Екі кісі жаздың бір әдемі күнінде сайранға шығып, бір ағаштың қасынан өтіп келе жатқанда, көкек шақырды дейді. Біреуі тұрып айтты :

— Көкек тек құс емес, ол мені көріп шақырғанын ырым етемін, маған ұзамай-ақ бір дәулет жолығады екен,— деді.

Қасындағысы айтты:

— Көкек саған шақырған жоқ, маған шақырды, дәулетке мен жолығамын, — деді.

Әуелгісі айтты:

— Сен итке неғылған дәулет?!

Оған қарсы екіншісі:

— Мен ит емес, сен ит! — деп екеуі ұрсысып, ұрыстан соң төбелесіп, екеуінің де аузы-мұрны қан болды. Мұнан соң екеуі де дәрігерге келіп, жараларына ем еттіріп отырып, ұрыстың неден басталғанын айтысты. Сонда дәрігер айтты дейді:

— Ей, ақылсыздар, ол көкек сендер үшін емес, мен үшін шақырған екен. Көкек шақырмаса, сендер төбелеспес едіңдер, төбелес болмаса, сендер жаралы болып, мен емдеп, ақы алып, олжа таппас едім, — деді.

Г

Менің бір дос адамым әңгіме етеді:

— 1875 жылы, жолаушылап келе жатып, бір ауылға түстім. Әңгімелесіп отырғанда, бір бала келді, екі көзі жылағаннан ісіп кеткен. Бөтен балалардай ойнамай, тамақ та жемей отырған соң аяп, қасымдағы кісілерден сұрадым: «бұл бала неге қамығып жүр, ойнамайды, тамақ жемейді?» деп. Сонда ауыл кісілері айтты:

— Бұл баланың кешегі күн ертемен шешесі қазаланды. Өлген соң-ақ қасымыздағы қыр үстіндегі молалардың қасына апарып қойдық. Кешке бұзау қайтарып жүрген балалар моланың қасына барса, манағы қатынның моласынан дауыстап шақырғандай көмескі бір үн келеді. Балалар бұзауларын тастай қашып, ауылға айтқан соң, үлкен кісілер де молаға жақындап барсақ, анық есіттік моладан үн шыққанын. Бұл сұмдықты көрген соң бір кесапатына ұшыраймыз деп, ауылымызбен көшіп, бүгін осы жерге қондық. Сол қатынның мынау он екі жасар баласы: Әжем тірі жатыр ғой, көрден ашып алып бер деп, — жылап, тілемеген адамы қалмады. Әрине, ешкім көрге бармақ түгіл, баланың, тіпті өзін де жібермей, бағып тұрмыз.

Сонда манағы бала өзі де жылап қоя берді:

— Ағеке, сіз бір қайыр қылмасаңыз... әжем тірі қалуы рас, — деп.

Бұл балаға абайлап қарасам, сонша есті бала кескінді. Қанша үлкендердің айтқанына болмай өз ақылына салып, шешесін тірі қалды деп тұрғанына таң қалып, алдыма шақырып, сүйіп отырып айттым:

— Тірі болса-болмаса да, шырағым, мен әжеңді барып көрейін.

Отырған кісілер үрпиісе түрегелді:

— Ойбай, мырза, айта көрмеңіз, өлген кісі тіріледі деп көр ақтарған не сұмдық, ол дүниедегі күнәсін тартып жатқан қатынға бола өзіңіз мерт боларсыз, — деп. Мен балаға «үйіңе барып киініп кел», деп шығарып жібердім. Отырған кісілерге айттым:

— Дұрыс, өлген кісі қайта тірілмейді, бірақ сіздер есі танып жатқан қатынды өлді деп біліп, тірілей көмгенсіз. Дауыстап шақырғанын естіп тұрып, ашып алмағаныңыздан қатты обалға қалыпсыз, ешбір Құдай-Тағаланың кәләмінде13 жоқ көрдегі азап адам құлағына естіледі деген, — дедім. Сол арада манағы бала келді, ауылдан кетпен, күрек алып, қасымдағы екі жолдасыммен, баланы ертіп молаға бардық. Ауылдан қорыққанынан адам ермеді. Молаға барып сырттан құлақ салсақ та, ешбір дыбыс естілмеді. Сонсоң аштырып, екі кісі түсіріп қарасақ, бейшара қатынның қолы-басы жара, қан, үстіндегі киімін айырып тастапты, өзінің әлі күнге денесі жып-жылы екен. Қатынды көрден алып, үстіне шатыр тіккізіп бір күн бақтым. Көрден алған уақытта аз ғана жаны бар ма деп едім, сол күннің кешіңде-ақ суынып, шынымен жан тапсырды. Осындай істер әр елде болатын шығар деймін. Білімді зор дәрігерлер айтады: қайсыбір аурулар бар — бір жұмаға шейін адамды есінен тандырып, ешбір жан бар белгісі болмай жатқызатын деп. Соның үшін өлікті тым асықпай, байқаңқырап көму керек.

ЖАМАНДЫҚҚА ЖАҚСЫЛЫҚ

Қызылбас патшасының Абдулла деген уәзірі бар еді. Соның заманында жұрт бұзылып, бір күні уәзір патшаға келе жатқанда халық қамап: Дегенімізді істе, істемесеңіз өлтіреміз, — деп, ішінде бір батырырағы уәзірді сақалынан алып жұлықты. Уәзір ашу етпеді. Бұлардан шыққан соң патшаға барып, жұрттың тілегін беріңіз деп өтініп, тілегенін патшадан алып берді және өзінің көрген кемшілігі үшін ешкімге жаза бермеңіз деп оны да тілеп алды. Ертеңіне уәзірге бір саудагер келіп:

— Тақсыр, кеше сізді ренжітіп, сақалыңыздан жұлыққан кісіні айтайын деп келдім, ол Нағым деген менің көршім еді, алдырып жаза беріңіз, — деді. Бұл сөзді есіткен соң уәзір саудагерді қайтарып, Нағымды шақыртып алды. Нағым: Менің кешегі ісімді біреу айтып танытқан екен, — деп қорыққанынан үрейі кетіп, келе-ақ уәзірдің аяғына жығылды. Уәзір Нағымды жерден көтеріп алып, айтты дейді:

— Мен сені жазаландыру үшін шақырмадым. Бірақ, көршің саудагер жақсы кісі емес екен. Сенің білместігіңді маған келіп айтты. Екінші рет ол көршіңнен сақтанып жүргендей екенсің. Соны айтайын деп шақырып едім. Енді аман бол! — деп ішкергі үйіне кіріп кетті дейді.

САҚЫП

Сақып деген бір жақсы кісі мал жинамай жүріп, ақырында әл кеткенде қатты кедейшілік тартып, бір күні етігі болмаған соң жалаңаяқ далада жүргенінде, аяқтарын тас жыртып ренжіңкірепті. Сөйтіп келе жатып, екі аяғы жоқ, ағаш балдақпен жүрген бір тіленшіге жолықты. Мұны көріп, Сақып аһ ұрып айтты дейді:

— Әй Құдайым, ренжігеніме тоба қылдым, шүкір саған, менің жүруге аяғымды аман сақтағаныңа, мынау балдақты бишараға жаңадан аяқ табылса, жалаңаяқ та болса жүріп жүруді дүниенің бір қызығы деп білер еді- ау, — деп.

ТӘКАППАРЛЫҚ

Вениямин Франклин деген даңқты білім иесі, Америка жұртының кісісі, он сегіздегі жас күнінде, Медера деген қаланың бір қарт адамына қонақ болып, шығар уақытта қарт ішкергі бір есіктен шығарып салуға алып келіпті. Франклин бұл кісіге сөйлесе келе жатып, алдыңда не барын аңғармай, есікке жақындағанда қарт дауыстапты:

— Еңкей, еңкей, — деп.

Сүйдегенше болмай, есік аласа екен, маңдайшасына Франклин маңдайымен тарс ете түсіпті. Сонда қарт күліп айтты дейді:

— Бұл кішкентай реніш сізге екіншіде ақыл болар, ұмытпағайсың, сен жассың, өмірің алдыңда, басыңды тым жоғары ұстамай, төмен иіңкіреп жүрсең, мұнан да артық неше соққылардан құтыларсың. Бұл сөзді Франклин сексен жасқа келгенше ұмытпай, әрдайым айтушы еді:

— Сол қарттың ақылы маған көп пайда болды, және көзіммен көрдім: басын жоғары көтерген тәкаппарлардың нешеуінің әлек болғанын, — деп.

КИІЗ ҮЙ МЕН АҒАШ ҮЙ

1876 жылы мен судиялық орында тұрғанымда, екі ептеш адам бір-бірімен ұрысып арызға келді. Біреуі мешер, біреуі қазақ — екеуі де іскер, қазақтарға жер үй, ағаш үй істеп, көп мал тауып жүруші еді. Ұрыстарының себебі, мешер айтыпты:

— Қыстың күні тоңармыз, өзімізге бір жер үй салып алалық.

Қазақ айтыпты:

— Жоқ киіз қос істеп алалық, қысымызға да, жазымызға да бұл қолайлы. Біреу жұмысқа шақырса, қосымызды қыс болсын, жаз болсын артып жүре берерміз.

Мешер айтыпты:

— Ой, киіз үйің құрсын, не күндіз, не түнде бір жылынбай, бүрісіп отырғаның.

Қазақ айтыпты:

— Сенің ағаш үйің құрсын, көшсең артуыңа көнбейтін.

Сонымен, біреуі киіз үйді, біреуі агаш үйді мақтап таласып отырып, бірін-бірі сөгіп, ақырында қайсымыздың сөзіміз дұрыстығын судияға сынатамыз деп маған келісіпті. Екеуі де өзіме белгілі ақкөңіл, бейнетқор адамдар еді.

Істің себебін білген соң, сұрадым:

— Айына екеуің қанша мал табасың?

Олар айтты:

— Екеуміз 40-50 теңге табамыз.

— Қос пен жер үйдің бағасы не болады?

Олар айтты:

— Екеумізге кішкентай ғана қос, кішкентай жер үй болса болады, жұмысын өзіміз істейміз, отыздай теңгемен істеп болар еді десті.

— Бұрын қайда тұрып жүруші едіңіз?

— Ел жайлауға кеткенде біреудің киіз үйін жалдап, жазына 10-15 теңге беруші едік. Қыс болса кез келген үйде жатып тұрушы едік. Не болмаса бір үйді меншіктеп жатсақ, оған да ақы беруші едік.

Сонан соң айттым:

— Екеуіңнің де сөздеріңіз дұрыс. Киіз үй көшіп - қонып жүруге қолайлы. Жаз ел жайлауға кеткенде, сіздер қыстауда қалып, бір қыстаудан бір қыстауға көшіп, сонда алып жүруге киіз қос қолайлы, және жаз қоста қону түгіл, ауасы да ағаш үйден жақсырақ болады. Соның үшін сен қазақ бір шағын қос істеп ал. Қыс қазақ үй салдырмайды, ол уақытта сіздер әртүрлі уақ жұмыс істейсіз, көбісінше үйде отырып. Күні бойы далада жүрген жұмыс адамына, түнде бір мезгіл жылы жер де керек, дұрыстап дем алып, және жұмысқа ренжімей даяр болуға. Соның үшін, сен мешер, бір жер үй істеп ал. Сонымен жаз қосты алып жүріп сонда тұрасыз, қыс жер үйде тұрарсыз, және жыл сайын біреудің үйін жалдап жүрген ақшаңызға неше жылдық қос пен үй істеп алсаңыз, ақырыңда бұл пайдалы болар дедім. Екеуі де төре маған тиді деп шығып бара жатқанда, және шақырдым:

— Екеуің жер үйді бірігіп істейсіндер ме, жоқ бөлек істейсіндер ме?—деп сұрадым.

Қазақ айтгы:

— Үйін мешер өзі істей берсін, мен қос тауып аламын.

Сонда және төрелік айттым:

— Сен, мешер, жаз болса мынау қазақтың салған қосында бірге тұрарсың, соның үшін қостың жарты пұлын сен төле, сен, қазақ, қыс болса, мынау мешердің жылы земленкесінде бірге тұрарсың, соның үшін земленкені сен де бірге істе. Екеуі де менікі дұрысқа шықты деп, құлдық ұрысып, шығып кетісті.

ДАНЫШПАН ҚАЗЫ

Алжир жұртының патшасы Бауақас деген қол астындағы қалалардың біреуінде бір данышпан қазы бар, онан өтірік айтып ешкім құтыла алмайды, даугердің қайсысының ісінің ақ екенін айтпай табады деп есітіп, рас па екен білейінші деп, бір көпес кескінді киініп, қазыға қарай жүрді дейді. Қалаға кіре бергенде, бір аяғы жоқ ақсақтіленші қайыр сұрады. Бауақас қайыр беріп өтейін деп еді, тіленші етегінен ұстап айрылмады.

— Мен қайыр бергенім жоқ па, енді не керек? — деді Бауақас.

Тіленші айтты:

— Қайыр бердің, бірақ тағы бір қайыр қыл, мені мінгестіріп, орам ортасына жеткізіп таста, әйтпесе базардат ат пен түйелер басып кете ме деп қорқамын,—деді. Бауақас тіленшіні мінгестіріп, орам ортасына жеткен соң, тіленшіні түсірейін деп тоқтады. Тіленші түспеді.

Бауақас айтты:

— Енді неге тұрсың, түс, орам ортасына жеттік қой.

Тіленші айтты:

— Неге түсейін, ат менікі, атыма дау еткің келсе, қазыға жүр.

Төңіректегі халық жиылып, бұлардың даусын есітеді, бәрі де айтты:

— Қазыға барыңыз, ол қайсыңның ақ-қараңды табар, — деп.

Бауақас тіленшімен қазыға келісті. Келсе, қазының алдында бұрынырақ келіп тұрған да даугерлер бар екен. Қазы ретпен сұрап отырып, бір молда мен мужикті шақырды. Бұл екеуі бір қатынға таласып, молда менің қатыным, мужик менің қатыным дейді. Сөздерін тыңдап болып, оларға қазы айтты:

— Қатынды мұнда қалдырып, өздеріңіз ертең келіңіз.

Олардан соң рет бір қасапшы мен май сатушыға келді.

Қасапшының тұла-бойы қан, майшының үсті-басы май. Қасапшынын қолында ұстаған ақшасы бар, майшы сол ақша ұстаған колынан ұстап жібермей тұр. Қасапшы айтады:

— Мен бұл майшыдан май сатып алып, ақшасын беруге калтамды шығарып едім, майшы ақшаңның бәрін тартып аламын деп қолымнан ұстады. Сол ұстаған калыбымен ақшаны тартып ала алмаған соң, саған бәле саламын деп сізге келді.

Майшы айтты:

— Бұл сөзі өтірік, қазы. Қасапшы маған май сатып алуға келген соң, бір бақыраш май құйып бердім. Сонда қасапшы айтты: бір алтын айырып берейін, — деп. Мен: айырып бер, — деп қалтасымен ақшамды шығарып, алдымыздағы тақтайға қойғанымда, қасапшы ақшаны алып қашайын деп еді, қолынан ұстай алып, жібермей сізге келтірдім, — деді.

Тыңдап болып, қазы айтты:

— Ақшаны мұнда қойып, өздеріңіз ертең келіңіз. Енді кезек Бауақас пен тіленшіге келді. Бауақас бастан аяқ істің мәнін айтып еді, тіленші дауыстады:

— Мұның сөзі өтірік. Мен атқа мініп, қалаға келе жатыр едім, бұл көпес жерде отыр екен, қалаға жеткізіп таста деп өтінді. Сонан соң, атыма мінгізіп, қалаға келтірген соң, түс десем, аттан түспей, ат тіпті өзімдікі деп әуре етіп жүргені, — деді.

Қазы азырақ ойланып тұрып:

— Атты мұнда қойып, өздеріңіз ертең келіңіз, — деді. Келесі күні көп кісі жиылды қазының төресін есітеміз деп. Әуелі молда мен мужик келді. Оларға қазы бұйырды:

— Қатын молданікі, мужикке елу шыбық ұрыңыз. Айтқанынша сол жерде-ақ қатынды молда алып, мужикке жасауыл елу шыбық ұрды.

Екінші қасапшы мен майшы келді. Қазы:

— Ақша, қасапшы, сенікі, майшыға елу шыбық ұрыңыз.

Үшінші Бауақас пен тіленші келді. Қазы Бауақастан сұрады:

— Жиырма аттың ішінен атыңды танып алармысың? Бауақас айтты:

— Танырмын. Тіленшіге тағы:

— Сен де танырмысың? — деді қазы. Ол да айтты:

— Танырмын.

Сонан соң «екеуің де маған еріңіз» деп, ат қораға алып келді. Қораға екеуі Бауақасты кіргізіп, ол көп аттардың ішінен тұп-тура барып өз атын ұстады. Оның артынан тіленшіні кіргізіп еді, ол да атты танып қасына барды. Сонан соң қазы орнына келіп отырып төре берді:

— Ат, көпес, сенікі, тіленшіге елу шыбық соғыңыз. Бұл істердің төресін беріп, орнына келтірген соң, қазы үйіне барды, Бауақас қалмай ере келді.

— Сен неге келесің, — деді қазы — әлде берген төреме разы болмадыңыз ба?

— Жоқ, — деді Бауақас — төреңізге разымын, бірақ білгім келеді: «Қатынның молданыкі екенін, ақшаның қасапшынікі екенін, аттың менікі екенін қайдан білдіңіз?»

Қазы айтты:

— Қатын турасында білгенім, таңертең қатынды үйіме шақырып: «қара сауытыма қара сия құй дедім». Қатын жып-жылдам қара сауытты жуып, сонан соң қара сия құйып, бұл іске сонша ептілік көрсетті. Мұнан көрінді қара сия сауытпен айналысып көрген қатын екендігі. Мұжық қатыны болса, ондай іске епті бола бермес еді. Осынан молданың сөзінің растығы білінді. Ақша турасында білгенім, ақшаны кеше кешке бір кесе суға салдым да, таңертең тұрып қарадым: «судың бетіне май шықпас па екен?» деп. Май шыққан жоқ. Мұнан көрінеді майшының сөзі өтірік, қасапшынікі дұрыс екендігі, не үшін десеңіз — майшының майлы қолымен ұстап тұтынған ақша болса, су бетіне ақшадан май жүзіп шығар еді. Бәрінен сіздің ат турасында қиынырақ болды. Сен та-ныған атты тіленші де таныды, бірақ менің ойымда сендерге ат таныту емес еді, ат қайсыңды таныр екен деп атқораға алып барып едім. Сіз аттың қасына барғанда оқыранып, ат саған мойнын созды, тіленші қасына барғанда құлағын жымитып, аяғын көтерді. Мұнан ат сенікі екендігі білінді деді.

Сонда Бауақас айтты:

— Мен көпес емес, Бауақас деген патшаңмын. Сенің тураңда жұрттың айтуы дұрыс па екен деп сол үшін келіп едім, айтқанындай бар екенсің. Енді тілегің болса тіле, — деді.

Қазы:

— Маған сый керек емес. Патшамның осы мақтағаны да жетерлік сый деді, — дейді.

ҮШ ҰРЫ

Біp сарт қалаға бір есек, бір ешкі сатуға алып келеді. Ешкінің мойнында қоңырауы бар екен. Мұны үш ұры көріп, біреуі айтты:

—Мен осы сарттың өзіне білдірмей ешкісін ұрлап аламын.

Екіншісі айтты:

—Мен қолындағы есегін ұрлап аламын.

Үшіншісі айтты:

—Оның бәрі де қиын емес, мына мен сарттың өзінің үстіндегі киімін де ұрлап аламын. Сол сөзбен бастапқы ұры сарттың артқы жағынан келіп, ешкінің мойнындағы қоңырауды алып, есектің құйрығына тақты да, ешкіні жетектеп далаға алып кетті. Біраздан соң сарт артына қараса ешкі жоқ. Сөйтіп аң—таң болып тұрғанда, екінші ұры келіп: Неғылып тұрсың? — деп сұрады. Сарт:

—Ешкімді алдырдым, — деді. Ұры айтты:

—Мен көрдім, ешкі жетектеген біреу жаңа ғана осы орманға кіріп кетті, қусаң жетесің. Сарт:

—Ендеше, құдай үшін есегімді ұстай тұр, — деп, есегін ұрыға ұстатып, өзі ағашқа жүгіріп кіргенде, бұл ұры есекті алып жөнелді. Біраздан соң қайтып келсе, есегі тағы жоқ. Мұнан соң сарт байғұс жылап, жолға түсіп жүре берді. Сарт сөйтіп келе жатса, жол үстінде, судың жағасында жылап отырған бір адамға ұшырап, «неге жылап отырсың?» деп сұрады.

Ол кісі айтты:

—Бір байдың қызметкері едім, бай бір қапшық алтын беріп «қалаға алып бар» деп жіберіп еді. Осы судың жағасына жеткен соң дем алайыншы деп сүйеніп жатып ұйықтап кетіп, ұйқысырап абайсыз қапшықты суға итеріп жіберіппін. Енді неғыларымды білмей отырмын.

Сарт:

— Ендеше суға неге түсіп, алтыныңды алмайсың? — деді.

Кісі айтты:

— Жүзе білмегеннен судан қорқушы едім, қапшықты алып берген кісіге 20 алтын берер едім.

Сарт ойлады:

— Есегім мен ешкімді алдырған үшін маған бұл Құдайдың жіберген олжасы шығар, қапшығын әперіп, 20 алтын алайын, — деп, жалмажан шешініп, киімінің бәрін тастап суға түсті. Су ішінде олай-бұлай жүзіп, тайыз жерінде жүріп іздесе де қапшық табылмады. Біраздан соң, шаршап қайтып келсе, киімін манағы үшінші ұры алып жөнелген екен.

ҮНДІ

Үнді жұртының бір адамы бір жақтан үйіне қайтып келсе, үйдің қасындағы ағаштың басына кептіруге іліп қойған еті жоқ. Ағаштың айналасын әбден жүріп, қарап болған соң, орамға шығып жолай дауыстап сұрайды:

— Аласа бойлы, қолында қысқантақ мылтығы бар, соңында тарақ-құйрық кішкентай иті бар, бір қарт адам көрдіңіз бе?—деп. Бұл кісіні әркім көрген екен, сілтеумен барып тауып, ұрысын ұстапты-мыс. Ауылдас адамдары үндіден «ұрының түсі-түгін қайдан білдіңіз?» деп сұрасыпты. Сонда үнді айтты дейді:

— Ұрының аласа бойлы екенін білгенім, менің қолыммен ілген етімді, ол ағаштан аяғының астына тас қойып, соның үстіне шығып алыпты. Қарт екенін білгенім, жүргендегі ізінен байқадым — адымының арасы тым жақын екен. Мылтығының қысқа екенін: етімді ұрларда, мылтығын ағашқа сүйеп қойған екен. Сонда мылтықтың аузы ағаштың кішкене қабығын жырып кетіпті. Жер мен сол жырылған қабықтың арасынан шамалдадым. Ұрының қасында иті бар екенін, және ол иттің өзі кішкентай, құйрығы тарақ-құйрық екенін білгенім, етімді ұрлап жатқанда, ит анадай бір құмайтырақ жерде отырған екен. Соның құмға түсіп қалған ізінен, және былғаңдатқан құйрығының табынан байқадым депті-міс.

ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН

Жиренше шешен жолаушы келе жатып, бір ауылдың тұсына келсе, ауылмен екі арада өзен суы тұрған соң, өткелін біле алмай сасып тұрғанда, судың аржағынан су алуға шелекпен бір қыз келді дейді. Жиренше дауыстап сұрады:

— Бұл өзеннің өткелі қайда? — деп.

Қыз айтты:

— Анау жақта бір өткел бар алыс, алыс та болса жақын, берірек бір өткел бар жақын, жақын да болса алыс.

— Мұның не сөз екенін аңғармай, Жиренше жақын деген өткелге барып, жүріп кетіп еді, судың орта жеріне барғанда аты омбылап жығылып, үсті-басы былғанып, азар-мазар қайтып шықты. Сонан соң алыста болса жақын деген өткелге барып, оп-оңай аржақтағы қыздың үйіне келді. Үйіне кіріп отырған соң, Жиренше қызға қарап:

— Жаным, қарным ашып алыстан келемін, тамағың-ның тәттісін бер, — деді.

Қыз айтты:

— Бір тамақ бар ащы, ащы да болса тәтті. Бір тамақ бар тұщы, тұщы да болса ащы.

Жиренше:

— Ащы да болса тәтті деген тамағыңды келтір, — деді. Қыз тұрып, шанаштан бір уыс тұз алып, бір аяқшаға салып, Жиреншенің алдына қойды. Жиренше мұны көріп:

— Жаным, құр тұзды қалай жеймін?—деді.

Сонда қыз үндемей, тұзы жоқ қара көже құйып берді.

Жиренше өзі де данышпан ақылды кісі, ойлап отырып, бұл сөздерге түсінді, және өзінің үй иесінің берген мәзірін күтпей, тәтті тамағыңды бер деп сұрағанына ұялды. Сол істерінен Жиренше қыздың есті қыз екенін аңғарып, ақырында өзіне қатындыққа айттырып алды дейді. Қыздың аты Қарашаш сұлу, жұртқа белгілі көркем, данышпан болған соң, заманындағы хан күңдеп, Жиреншемен қас болды. Бір күні ханның көңілі шапқан соң, аспазшылар алдына бір қаз пісіріп алып келіп қойысты. Жиренше қасында отыр екен, хан оған бұйырды:

— Бұл қазды өзіме, ханымға, екі балама, және өзіңе, біріне артық, бірімізге кем жібермей беліп бер. Егер біреумізге бір мысқал артық-кем болса, өзіңді қатты жазаландырамын, — деп. Жиренше қолына пышақ алып, әуелі қаздың басын кесіп ханға берді:

— Тақсыр, сіз біздің басымызсыз, міне сізге бас, — деп.

— Екінші, хан ханымсыз болмас, ханым хансыз болмас, құс мұрынсыз болмас. Олай болса ханым сіздің мойыныңыз деп, оған қаздың кеңірдегін кесіп алдына қойды.

— Мынау екі балаңыз — сіздің екі қанатыңыз, оларға міне қанат деп, қаздың екі қанатын кесіп қойды.

— Мен өзім, тақсыр, бас та емес, аяқ та емес, орташа ғана адаммын, мынау құстың орта денесі маған лайық деп, қаздың қалған денесін өз алдына қойды дейді. Және бір аз күн өткен соң, хан аң аулай далаға шығып жүріп, домалап бара жатқан бір қаңбақты көріп, Жиреншеге бұйырды:

— Барып қаңбақтың көшу-қонуының қайда болатынын сұрап кел, жауабын дұрыс келтірмесең, жасауылдарға ұрдыруға бұйырамын, — деп. Жиренше атын борбайға салып жіберіп, шауып кетті де, қаңбақты қуып жетіп, найзасымен шаншып тоқтатып, біраз тұрды-тұрды да, қайта ханға келіп айтты дейді:

— Тақсыр, қаңбақтан бұйрығыңызша сұрадым. Қаңбақ айтты:

— Сұрата жіберген хан тентек пе, сұрай келген сен тентек пе, көшерімді жел біледі, қонарымды сай біледі, — деп. Осылайша әуре етіп жүре-жүре, хан Жиреншенің ешбір тұзаққа түспегеніне өшігіп, енді лайығын тапса, тіпті өлтіріп, қатынын алуға ойланды. Бұл ыңғайын таныған соң, Жиренше қайғыда болып жүргенде, бір күні Қарашаш сұлу байынан сұрады:

— Неге қамығасың? — деп.

Жиренше себебін айтты. Қарашаш айтты:

— Достым, қайғырма, бұған бір ақыл табылар. Екі күннен соң хан-билерді үйге қонаққа шақырыңыз. Жиренше елінен озған алаяқ шешен атанса да, өзі кедей екен дейді. Кедейлігі турасында әлі күнге қазақта қалған бір сөзде бар ғой. Ханның сәулетті ордасында күн бойы әдемі төсек үстінде отырып, кеш өзінің қара лашығына келіп, тулақ үстіне жатып айтады-мыс: айһай менің өз үйім — кең сарайым боз үйім, — деп. Қатынының әлгі айтқан сөзін есітіп, Жиренше айтты:

— Хан-қараны шақырып, қай жерге отырғызамыз, және немен сыйлаймыз?

Қарашаш айтты:

— Оның ақылын маған қоя беріңіз.

Екі күн өткен соң, Жиренше ханды жан-жаранымен қонаққа шақырды. Хан да, жасауылдары да «Жиренше бізді немен сыйлар екен, көрейік» деп келіпті- міс. Сыйғаны үйге кіріп, сыймағанына далада киіз жайып, тегіс отырып болған соң, Қарашаш сұлу өзі тұрып ханның алдына бір аяқшаға салған аз ғана сүт - қаймақты келтіріп қойды. Хан шынашағымен ғана қаймақтан аузына алып салып еді, бұл қаймақ ханның өмірінде жеп көрмеген артықша бір тәтті дәм, және сол шынашағымен бір-екі алып жегенде тойып та қалды. Ханнан қалғанын қасындағы жақсыларына беріп, үй ішіндегі жан біткеннің бәрі де «не тамақ екен?» деп аз - аздап алып, дәмін татысты. Аттанар уақытта, хан Қарашаш сұлудан сұрады:

— Сұлу, бұл берген тамағыңыз не тамақ? Біз көрмеген бір тәтті дәм екен, үйретсең аспазшыларыма бұйырайын, әрдайым осындай тамақ істеуге.

Сонда Қарашаш айтты дейді:

— Тақсыр, сіз білесіз біздің жарлы екенімізді. Ерім сізді жақсыларыңызбен қонақ етуге ниет еткен соң, «не тамақпен сыйласам болар?» деп уайымға қалдым. Ақырында ойладым: дүниедегі тамақ асылы— адамның сүті болса керек. Не үшін десеңіз — бала бес алты жасқа келгенше жалғыз емшек сүтімен күн көреді. Соның үшін өз сүтімді сауып, осы қаймақты істедім, — деді. Хан «аһ» деп санын бір соғып, шыға жөнелді, — дейді. Ол заман да бұл заман да белгілі — емшегінің сүтін ішкен әйел шеше есебіне кіріп, қатындыққа алуға болмайтындығы. Мұнан соң бірнеше күннен соң, хан Жиреншені шақырып алып: «қиянат істерімді кешіңіз» деп өтініп, көп мал сыйлапты-мыс.

ҚАРАҒЫЛЫШ

Ертеде бір бес ағайынды жігіт бар екен. Бесеуі бір бәйтеректің қасына жарты жер салған екен. Егіні піскен соң, түнде келіп біреу жеп кетеді екен. Сонан соң олар егінін күзетіпті. Әуелі үлкен ағасы күзетіпті, бірақ ешкімді көрмепті. Солайша төрт ағасы төрт күн күзетіпті. Бесінші күні ең кішісі күзетіпті, аты Қарағылыш екен. Қарағылыш күзеткен күні көктен бір қара бие келіпті. Егінді жеп жатқанда Қарағылыш оны ұстап алыпты. Сонда әлгі қара бие айтыпты:

— Ей, бала, мені жібер, — деді. — Менің бес құлыным бар, бесеуін бесеуіңе берейін, — деді. Қарағылыш оны қоя берді. Сонан соң қара бие құлындарын алып келіп, ең кішісін Қарағылышқа берді, бөтен төртеуін төрт ағасына берді. Сонда бәрі жарысқанда Қарағылыш озады екен. Бір күні Қарағылыш жұлындай жерден түтін көріпті. Көрген соң соған барыпты. Барса, бір жалмауыз кемпірдің үйі екен. Ол кемпірдің бес қызы бар екен. Қыздарының ойнайтын, жататын, тамақ ішетін үйлері бөлек-бөлек екен. Сонда Қарағылыш қыздардың ойнайтын үйіне барып, кілемнің астына жатыпты. Қыздар келе бергенде, кілемді көтеріп қалыпты. Сонда қыздар ойбайлап шешесіне барыпты. Шешесі ұрысып жіберіпті. Сонан соң қыздар келіп ойнап отырғанда, Қарағылыш қыздарды ұстап алып, төртеуін екі қолтығына тығып, біреуін иініне тығып, атына мініп қашыпты. Қашқанда кемпір Қарағылышқа жылап айтыпты:

— Қыздарымды ертең ұзатайын, бүгін өзің қон! — депті.

Сонан соң Қарағылыш қыздарын өзіне беріп, өзі қоныпты.

Кеш болған соң, Қарағылышқа ұйықта деп, төсек салып беріпті. Қарағылыш тысқа шықса, аты бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып тұр екен. Сонда аты айтыпты:

— Сен бүгін ұйықтама, ұйықтасаң сені өлтіреді, жалмауыз кемпір темір тіс соқтырып жатыр, — деді. Қарағылыш үйге келіп, ұйықтамай жатыпты. Сонда кемпір келіп, есікті қарап айтыпты:

— Ұйықта шырағым! — депті де, кетіп қалыпты.

Біраздан соң тағы келіпті. Сөйтіп жүргенде таң атып қалыпты. Сонан соң кемпір қыздарын ырғап-жырғап ұзатыпты, сонда айтыпты:

— Осы жерде үш бел бар, екеуіне қонбаңдар, ең шеткісіне қоныңдар, — депті. Күн кеш болған соң төрт ағасы ең ортадағысына қоныпты. Қарағылыш жаңғыз өзі ең шеткісіне барып қоныпты. Қарағылыш ертең тұрған соң төрт ағасы жылап жатыр екен, есітіпті оларға бір кісі айтады екен:

— Қарағылышты әкеп берсеңдер, жіберейін,— деп.

Соны Қарағылыш есітіпті де, соған келіпті. Келсе — бір айдаһар екен. Ол айдаһар бөтен ағаларын қоя беріп, Қарағылышты алып қалыпты. Сонан соң Қарағылышқа айтыпты:

— Бермес ханның өлмес қызын әкеп бер!— депті.

Қарағылыш жарайды деп кетіпті.

Келе жатса, бір тауды бір тауға қосып жатқан кісіге жолығады. Сонда Қарағылыш сұрапты:

— Неғылып жүрсің?—деп.

Ол кісі айтыпты:

— Қарағылышқа жолдас болайын деп жүрмін, — депті.

Сонымен жүргенде Қарағылыш тағы бір көлді көлге қосып жатқан кісіні жолдас қылып алыпты және бір мергенді және бір шапшаңды. Шапшаң сонша асқан екен. Екі отырған сауысқанның бірінің құйрығын біріне кесіп алып жалғайды екен. Солармен бір атқа мінісіп келіпті. Келсе, бір екі тау көріпті. Сол таудың бүйірінен ірің ағып жатыр екен. Мұның астында ханның ауылы бар екен. Қарағылыш ханға барып айтыпты:

— Сенің қызыңды алайын деп келдім, — депті.

Сонан соң хан айтыпты:

— Бес айла қыламын, бесеуін де тапсаң қызымды беремін, таба алмасан өлтіремін! — деді.

— Әуелі ат жарыстырамыз, — деп, ат жарыстырыпты. Сонда Қарағылыштың аты алдымен келіпті. Сонан соң хан: «жаяу кісі жарыстырамын» депті. Сонда Қарағылыш манағы жүйрікті шығарыпты, хан бір кемпірді шығарыпты. Ол кемпір бір шелек бал алыпты. Жарысардың алдында ол кемпір жүйрігіне балды беріп-беріп мас қылыпты, ұйықтатып тастап, өзі кетіп қалыпты. Сонда жер тыңдаушыда айтыпты:

— Сол бір адам келеді, — депті.

Сонда Қарағылыш мергенге:

— Aт! — депті.

Мерген басындағы шелекті атыпты. Шелектің дыңғырлаған дауысымен жүйрік оянып тұра салып, орнынан бір уыс топырақ ала салып жүгіріпті. Кемпірге жеткен соң ол:

— Шеше! — депті.

Сонда кемпір артқа қарағанда, көзіне топырақ шашып қалғанда, кемпір ойбайлап қалыпты. Сөйтіп, жүйрік алдымен келіпті. Сонан соң хан барлығын бір темір үйге қамапты да, жан-жағынан көрік басыпты. Сонда манағы көл ұрттағыш екі ұртына екі көлдің суын ұрттап әкеліп, үйге шашыпты. Сонан соң хан қызын ұзатыпты. Манағы Қарағылыштың жолдастары орнында қалыпты. Оларға Қарағылыш киім берген екен, олар алмапты. Сонан соң Қарағылыш қызды айдаһарға әкеліп беріпті де, өзі кетіп, ағаларын тауып алыпты.

ТАЗША БАЛА

Ертегі

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, етінен кемпір мен шалға бір түйір де берместен, арқалап кетіпті. Келе жатса, бір өнерші байдікіне келеді. Бұл байға өнер үйренуге ол жігіт жалданыпты. Өнерші бай бек қатты жауыз адам екен. Ол жалданған жігітті бір сандыққа салып қойып, аштан өлтіріпті. Үйінде қалған ортаншы баласы, бұ да өнер үйренбекке талап етіп, о да ағасының кеткен жолымен кетіп, о да өнерші байға келіп жалданыпты. Өнерші бай оны да ағасынша аштан өлтіріпті. Үшінші ұлы — Тазша бала, о да ағаларындай өзіне тиген енші ешкісін сойып алып, жарты етін әке-шешесіне беріп, олардан рұқсат алып, арқалап кетіпті. Келе жатса, бір қора қойға ұшырапты. Бұл қора қойдың қойшысына жолығып сұраса, бұл қойлар өнерші байдікі екен. Ол Тазшадан сұрайды:

— Балам, қайда барасың? — деп.

Тазша бала жауап береді:

— Өнер үйренуге барамын, — деп.

Сонда шал тұрып айтады:

— Балам, бұл сөзіңді бөтен ешкімге айтпа, жатқа (бөтендерге) шыныңды айтпа деген, — деп. Сонан соң, бала «шалдың бұл айтқаны рас екен» деп ойлап, өнерші байға барыпты. Байдың үйіне қонып, ертең жүрейін деп жатқанда, өнерші бай Тазшадан сұрайды:

— Балам, қайда барасың, жолың болсын? — деп.

Тазша бала жауап береді:

— Мен өзіңдей ер баласы жоққа еншілес бала боламын, — деп.

Сонда өнерші бай айтады:

— Балам, сен біздікіне қал, маған бала бол, біздің бір ақ құнан қойды сойып, той қылып, асық жілігін етімен өзің жеп той, мен өзім жолаушы барамын, — дейді де, өзі жолына кете береді.

Тазша бала:

— Хош әке, жақсы бол! — деп , үйінде қала беріпті.

Бұл өнерші байдың үйінде бір қызы бар екен. Бұл Тазша балаға айтады:

— Аға, сен асық жіліктен өзің жемей, керегенің басына іліп қой, сонда бір ақ тазы келіп, жілікке ұмтылар, сонда сен балтамен ол тазыны лақтырып өлтір, — деп. Мұнан соң Тазша бала ақ құнан қойды сойып, той қылып, көршілерін шақырып, асық жілігін өзі жемей, қыздың айтқанын қылып, керегенің басына іліп қойғанда, айтканындай ақ тазы келіп, етті жілікке ұмтылғанда, Тазша балтамен жіберіп қалыпты. Бірақ балтасы тазыға тимей, ит қашып құтылып кетіпті. Өнерші бай үйіне келген соң, Тазша баланың мұндай істерді істегенін біліп, қатты ашу етіп, «бұл итті аштан өлтірейін» деп сандыққа салып қойыпты. Бұл байдың бағанағы қызы, әкесі жоқта, сандығының түбін тесіп, тамақ беріп, Тазшаны тойдырып тұрыпты. Бірнеше күндер өткен соң, Тазшаның өз әкесі балаларын іздеп шығып, өнерші байдікіне келіп сұрады:

— Бір Тазша деген балам бар еді, соны көрдіңіз бе? —деп.

Өнерші бай:

— Көргенім жоқ — деп жауап береді.

Бұлардың сөйлесіп тұрған сөздерін Тазша үйде, сандықта жатып есітіп жатыр еді. Бай әлгідей дегенде, Тазша:

— Әке, мен мұндамын! — деп сандық ішінен айқайлапты.

Даусынан баласын танып, байдың сандығынан шығарып алып, Тазша мен әкесі үйіне қайтыпты.

Тазша жолай әкесіне айтады:

— Әке, мен бір қара құнан қой болайын, мойныма жіп тағып, жетектеп барып базарға жақсы бағаға сат, бірақ жібіңді алып қал, — дейді. Баласы сол жерде айтқанынша қара құнан қой болады, әкесі мойнына жіп тағып, базарға апарып сатып, ақшасын алып үйіне қайтады.

Ертеңіне баласы өз қалпына түсіп, әкесіне айтады:

— Әке, мен бір қара жорға ат болайын, мені базарға апарып сат, пұлымды ал, бірақ шылбырымды алып қал, — депті. Баласы айтқанынша ат болып, әкесі базарға апарып сатып, шылбырын алып, үйіне кайтты. Ертеңіне баласы, Тазша, тағы өз қалпына түсіп, үйіне келіп әкесіне айтады:

— Әке, мен бір жез бұйдалы нартайлақ болайын, сен мені базарға апарып сат та, пұлымды алып, бірақ бұйдамды алып қалып, үйге қайта бер, — деді. Тазша айтқанынша тайлақ болып, әкесі базарға сатайын деп жетектеп келе жатса, алдынан баяғы өнерші бай шығыпты. Ол айтады:

— Маған мынау тайлағынды сат, — деп.

Тазшаның әкесі айтыпты:

— Тайлағым басы жүз тілла, — деп.

Сонда өнерші бай бұлардың айласын біліп, жаман оймен, тайлақты жүз тіллаға сатып алыпты да, үйіне жетектеп келіп, баяғы қызын шақырып алып, «мынау тайлақты ұстай тұр» депті де, өзі үйден пышақ алып, тайлақты бауыздайын деп, үйіне жүгіріп кетіпті. Қыз әкесінің жаман ниетін біліп, үйден бұ да пышақ алып шыққан екен, әкесі үйге кірген кезінде, тайлақтың бұйдасын пышақпен қиып жіберіп, босатып қоя беріпті. Өнерші бай тұра салып, үйінен шығып, қашып бара жатқан тайлақты көріп қуыпты. Тазша сонда түлкі болып қашыпты, өнерші бай тазы болып қуыпты, өнерші бай жете берген кезде, Тазша түлкіден үйрек болып ұшыпты, бай онда қаршыға болып қуыпты. Біраздан соң, Тазша бала Торғай болып қашыпты, онда бай қырғи болып соңына түсіпті. Онан соң Тазша Торғай қалпында шаңыраққа ұшып келіп қонып отырғанда, бай — қырғи келіп таяна бергенде, Тазша қорқып, шүберек болып жерге түсіпті. Өнерші бай онда кісі болып, шүберекті қолына алайын дегенде, Тазша тары болып домалапты. Онда өнерші бай тауық болып шұқиын дегенде, Тазша мысық болыпты да, өнерші байдың желкесіне мініп алып тістеп, тырнап, зорлықпен өнерші байды өлтіріпті. Сөйтіп, оның қызын өзі алып, барша мұратына жетіп, зор бай болып дәурен етіпті.

АЛТЫН АЙДАР

Бір хан болған екен, оның екі қатыны болыпты. Олар бала таппапты. Сол уақытта бұл бай сапарға шығуға ойланып, қатындарына айтыпты:

— Мен келгенше не істеп, не тауып қоясыңдар?— депті.

Сонда үлкен қатыны айтыпты:

— Мен сен келгенше алтыннан әдемілеп үй салдырамын,—депті.

Кіші қатыны айтты:

— Мен алтын айдарлы бір ұл, бір қыз табамын, — депті, — ол баланың аты Алтын Айдар болады, — депті. Сонан соң бұл хан сапар шығып кетті. Хан бір екі - үш жыл жүріп қайтып келіпті. Сонда манағы үлкен қатыны үй салдырып қойыпты, кіші қатыны Алтын Айдар баланы тапқан екен, бірақ оны үлкен қатыны күндеп, бір сиқыршы қатынға айтып, баласын ұрлап алып, құдыққа тастапты. Ол кіші қатынға «сен күшік таптың» деп, күшік беріп, бәле қылыпты. Сонда бейшара тоқал жылапты да, шарасыз көніпті. Манағы хан келіп, күшікті көріп, тоқал қатынды қуып жіберіпті. Енді баланы әлгі кемпір құдыққа салып жіберіпті. Сонда Құдайдың құдіретімен Жәбірейіл періште құс болып келіп, аяғымен көтеріп алып кетіпті де, қаланың шетіндегі бір кемпірге әкеліп беріпті. Ол кемпірдің ұлы, қызы жоқ екен. Сонда ол екі бала үш-төрт жыл тұрыпты. Сол уақытта әлгі кемпір өліпті. Сонан соң, бала оқ мылтық атып, құлан-бұлан аулап, етін тамақ қылып, терісін киім қылып жүріпті. Сөйтіп жүріп бір таудың шұқырына келіп, соны үй қылып, сонда тұрыпты. Ол баланың тірі екенін біліп, бұрынғы қас қылған шешесі баяғы сиқыршы кемпірді жіберіпті: «Алтын Айдарлы баланы өлтіріп кел» деп. Сонан соң, ол сиқыршы кемпір баланы іздеп келсе, бала аңға шығып кетіпті. Қарындасы үйде отыр екен, оған айтыпты:

— Ағаңа айт, мына жақта Күлмесхан дегеннің бір биесі бар. Күнде құлындайды, құлындары арғымақ, тұлпар болады, — деді де, кетіп қалды. Ол кемпір қастықпен өлтіруге ойлапты. Ол жолға барған кісі —жолда адасып кетіп өледі екен. Кешке ағасы келіпті. Сонда қарындасы кемпірдің айтқанының бәрін де тамам айтыпты. Мұны есітіп, ағасы құлынды іздеп, сапар шығып кетіпті. Жолда келе жатқанда бір дарияға келіпті. Ол дарйядан жүрген, өткен кісі әлек болады екен. Алтын Айдар өтіп келе жатса, бір перінің қызы дарияны толқын қылып, кемені аударуға келе жатыр екен. Ол аудара бергенде, Алтын Айдарлы бала қолынан ұстап алып, қолындағы сақинасын, білезігін тартып алып, жөніне кетіпті. Сөйтіп жүріп Күлмесханға келіпті. Ол Күлмесханның биесі құлындап жатыр екен. Күлмесханға айтыпты:

— Ай, тақсыр, құлыныңызды ұлықсат болса алайын, — депті.

Сонда хан:

— Ала ғой, — депті.

Олар өздері де құлындарын ала алмайды екен. Ол құлынды туысымен бір перінің қызы бермей алып кетеді екен. Сол уақытта бала мұны күзетіп тұрғанда, бір перінің қызы бұлт болып келіп, құлынды алып бара жатқанда, Алтын Айдар қылышпен бұлтты сермеп қалыпты. Сөйтіп перінің кебісі мен құлынды алып қалыпты. Сонан соң ханға кел ін, кебіс пен құлынды көрсетіпті. Сонда хан бұған бата беріпті. Бұл қарындасына келіп, құлынды, сақинаны беріпті де, және аңға кетіпті. Сиқыршы кемпір тағы келіп, құлын мен сақинаны көріп, қарындасына айтыпты:

— Мінекей, мен сендерге жақсылық ойлаймын, — депті, — ағаң саған сақина алып келді, — депті. — Тағы енді бір жаққа жібер, онан барып, алтын сандық алып келсін, — депті де, кетіп қалыпты.

Ағасы келген соң, қарындасы:

— Тағы бір жерде бір жақсы сандық бар, соны маған алып келіп бер, — деді. Сонан соң ағасы тұлпар құлынына мініп кетіпті. Жолда бір кемпірді көріпті. Ол кемпір жердің жарығын жамап отыр екен. Бұған келіп:

— Шеше не қылып отырсың? — депті.

Ол кемпір айтыпты:

— Мен осы жердің жарығын тігіп отырмын,—депті. — Не үшін десең, осы жерге өзіңдей батырлар келіп кіріп, бір сандық үшін өлді, — деді.

Сонда бала:

— Маған да сандық керек, — деп, келіп кіріп кетіпті. Жердің астынан бір пері шығып айқайлапты:

— Тапал-тас үйде болсаң, хабарлас, —деп айқайлағанда, Алтын Айдарлы бала тас болып қалыпты. Тұлпары бір-екі күн келмеген соң, үйіне қайтып, жылап тұрыпты. Сонда қыз ағасының өлгенін біліп, тұлпарға мініп, манағы жер жамап отырған кемпірді көріп, ағасын сұрапты. Кемпір айтыпты:

— Ағаң өлген, барма, барсаң сен де өлерсің, — депті.

Сонда қыз айтыпты:

— Мен ағамды көріп өлермін, көріп кетейін, — деп!

Кемпір айтыпты:

— Сен жылай бар: «жер үстінде мен мұңдық, жер астында сен мұңдық» деп. Сонда ол қыз осылайша жылап кіріп бара жатқанда, алдынан бір пері қызы шығып, мұңын сұрап, мұны аяп, ағасын тірілтіп беріпті. Сонан соң бұлар көп ағаш көріп, соған келіп кіріпті. Қарындасын тұлпарымен ағаштың шетіне қойып кетіпті, өзі ағаштың ішіне кіріп аралап жүре беріпті. Сөйтіп жүріп бір ақ отау көріпті де, оған келіп кіріпті. Біраз отырған соң, екі пері қызы ұшып келіп, сол үйдің төбесіне қонып отырып, екеуі біріне-бірі айтыпты:

— Ай, мен бір қорықтым, — депті, — неге десең, мені бір бала, суда жүріп, кемені аударып жүргенімде қолымдағы сақинамды тартып алды, —депті. — Мен ол баланы көрсем, оған қатын болар едім, — депті.

Сонда кішісі айтты:

— Мен де бір қорықтым, — деді. — Неге десең, мен де бір ханның құлынын күнде алып кетуші едім. Бір күні алайын деп келгенімде, бір бала күзетіп тұр екен. Мен ала бергенімде, менен құлынды тартып алып қалды. Ол табылса мен де оған қатын болар едім, — дегенде:

— Міне, қатын болсаңдар, оларды тартып алған бала мен деп түрегелді. Сонан сон екі қыз да бұған некесін қиып тиді. Бұл бала қыздарды отаумен көшіріп, манағы қарындасы мен тұлпарына алып келді. Сонан соң бәрі жиылып бұрынғы орнына келді. Сол жерде төрт-бес жыл өмір сүрді. Неше күндер өтіпті, бала әр күнде аңға шығып жүреді екен. Бір күні аңға шығып жүрсе, бір адамды көріпті. Екеуі келе жатса, алдынан бір аң шықты да, көлбектеп жүре берді. Сол уақытта бала да, қасындағы кісі де атайын деп ұмтылғанда, әлгі аң кісі болды да, атайын деген кісіге айтты:

— Сенің мынау балаң, — деді.

Балаға айтты:

— Сенің мынау әкең, — деді, — сендерді Мыстан кемпір деген сиқыршы кемпір айырған, — деп, өзі жоқ болды. Сонан соң әкесі мен баласы жылап көрісіпті де, әкесі баласын үйіне әкеліп қонақ қылып, үлкен қатыны мен мыстан кемпірді шақыртып алдырып өлтіртіпті. Мұның шешесін «бала таппадың» деп қайыршы қылып, қаңғыртып жіберген екен. Соны алдырып, өзіне бұрынғыдай қатын қылыпты. Алтын Айдар бала патша болыпты. Бұл баланың қарындасын, қатындарын алдыртыпты. Бәрін жинап алып той қылдырыпты, ат шаптырыпты, барша мұратына жетіпті.

МАҚТА ҚЫЗ БЕН МЫСЫҚ

Бұл екеуі дос болып жүреді. Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады. Мақта қыз мысықты шақырады. Мысық келмейді. Шақырады, келмейді. Сонсоң «келмесең қой» деп өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп:

— Неге шақырдың? — деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды, сонсоң мысық:

— Ендеше қатығыңды төгем, — дейді. Мақта:

— Мен құйрығыңды кесіп аламын, — дейді. Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық:

— «Апа, апа, құйрығымды берші», — дейді. Мақта қыз:

— Менің қатығымды төле, — дейді.

Мысық сиырға барады:

— Сиыр, сиыр, маған қатық берші, — дейді. Сиыр айтады:

— Менің қарным ашып тұр, маған жапырақ әкеліп берші, — дейді.

Мысық ағашқа барып:

— Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші, — дейді. Ағаш айтады:

— Мен шөлдеп тұрмын, су әкелсең жапырақ беремін, — дейді.

Суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көріп:

— Қыздар, қыздар, маған су беріңдерші, — дейді. Қыздар:

— Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, — дейді.

Мысық дүкенге барады:

— Әй, дүкенші, маған сағыз берші — дейді, дүкенші:

— Маған тұқым бер, — дейді. Мысық тауыққа барады:

—Тауық, тауық, маған тұқым берші, — дейді. Тауықтар айтады:

— Бізге дән әкеліп берсең, біз саған тұқым береміз, — дейді.

Мысық «енді не қыламын?» деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысықтышқанды қорқытып:

— Жаныңның барында айт, үйінде не бар? — дейді. Тышқан қорыққанынан:

— Үйімде бір батпан тарым бар, — дейді. Мысық айтады:

— Маған бір уыс тары бер, — дейді.

Тышқан үйіне барып бір уыс тары береді. Тарыны апарып тауыққа береді. Тауық тұқым береді, тұқымды апарып дүкеншіге береді, дүкенші сағыз береді. Сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді. Суды апарып ағашқа береді, ағаш жапырағын береді, жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді. Қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың құйрығын береді. Сөйтіп мысық мұратына жетеді.

ДҮНИЕДЕ ЖАМАНДЫҚ НЕДЕН?

Дүниеден безіп, тасқа шығып кеткен, бір ақ жүрек шал қалың ну орманды мекендейді. Ормандағы аң мұнан қорықпайды. Аңмен сөйлесіп ұғысатын болады. Бір ағаштың түбінде ақ жүрек жатыр еді. Сол жерге түнемек болып қарға, кептер, бұғы жылан жиылды. Олар: «Дүниеде жамандық неден болады?» — деп, кеңес құрды. Дүниеде жамандық түбі — аштық, тамаққа әбден тойсаң, бір бұтақтан бір бұтаққа қонасың. «Қарқ-қарқ!» — деп, өлеңді соғасың, тұла бойың лықылдап толған қызық, қуаныш, не көрсең, соған қуанасың, — ал, енді, бірер күн аш болсаң, көзіңе көрінгеннің бәрін иттің етінен жек көресің, құдайдың күніне де қарағың келмейді, қайда барарыңды білмейсің, бір жаққа жоғалып кеткің келеді де тұрады. Бірден ұшып, бір жерге қонасың, сенде дамыл жоқ. Ұшып көрсең, есің шығып, бұрынғыдан да жаман боласың. Не екенін аңдамай киіп кеп кетесің, сені таспен, таяқпен жіберіп ұрады. Ит, қасқыр сүйрелеп жүрген жемтіктен айырмайсың, тамақ үшін аштан қанша қарға өледі. Жамандықтың бәрі аштықтан, — деп шешен қарға соқты.

— Дүниеде жамандық аштықтан емес, жамандық түбі — махаббат. Біз жалғыз-жалғыз өмір сүрсек, уайым қайғы жоқ болар еді. Жалғыз басқа кедейлік, кемшілік жоқ. "Біз жұптан жүреміз, жұптан өмір сүреміз. Жарыңды өзіңнен артық көресің, жарыңды ойлап сенде тыныштық жоқ. «Тоқ па, аш па, суыққа тоңды ма?» деп, сорлайсың да жүресің. Бір жаққа бөлек ұшып жырақ кетсе, «не болды?» деп, ойлап әуре сарсаң боласың; «қаршыға көзін шұқып жатыр ма, балалар ұстап алды ма?» деп, іздеп өзің ұша жөнелесің, сөйтіп қаңғып жүріп, не қаршығаға, не тұзаққа өзің кез келесің. Жарың жоғалса, жарың өлсе, дүние түкке тұрмай кетеді. Енді дүниеде сүйікті еш нәрсе болмайды. Түк жемей, түк ішпей іздейсің де, жылайсың. Қанша көк кептер осыдан өледі, жамандықтың бәрі аштықтан емес, махаббаттан, — деп көк кептер сөйледі.

— Жоқ, жамандық аштықтан да, махаббаттан да емес. Жамандық түбі — жаман мінез. Біз тату жүрсек, қастық ойламасақ, кекшіл болмасақ, жақсы болар еді. Бір нәрсе өзің ойлағандай болмаса, ашуланасың, дүние көзіңе түк құрлы көрінбейді. Көзіңе не түссе, бәрін жек көресің. Ойлағаның біреуден кек алмақ. Біреуді шақпақ болып ысқырып, іздеп, иіріліп жүргенде, ашуланып өзіңді өзің ұмытып кетесің, ешкімді аямайсың: әке-шешең тұрса, шағасың, өзіңді-өзің жегің келіп тұрады. Өлгенге кейін ашуланасың. Дүниеде жамандықтың бәрі — қара жүректіктен деп, — жамандықтың иесі жылан соқты.

— Жоқ, дүниеде жамандық аштықтан да емес, махаббаттан да емес, жаман мінезден де емес, — қорқақтықтан. Қорықпайтын болса, дүниеде жақсылық жауғандай болар еді. Аяғымыз жүргенде желмен таласады. Қуат көп, мықты жаудан қашып құтыласың. Бірақ, қорықпасқа болмайды. Сырт етіп бір бұтақ сынып кетсе, бір жапырақ сылдырласа, қорқып, селкілдеп кетесің. Жүрегің тас төбеңе шығады, қаша жөнелесің. Қоян жүгіріп келе жатса, құс талпынса, бұтақ сынса, жау келіп қалды ғой деп, тұра жөнелесің, дәл жаудың өзіне жүгіріп кез келесің... О болмаса иттен қашып жүгіріп, анлдыға соқтығасың. Қорқып, жүгіріп жөнелесің. Қайда қашып бара жатқаныңды білмейсің, құза шығып кетіп, құлап өлесің... Ұйықтағанда да бір көзіңмен ғана ұйықтайсың, тыңдап жатасың. Бәрі қорыққанның азабы... тыныштық бізде жоқ. Жамандық қорқақтықтан деп, момын бұғы сөйледі.

— Жоқ, жамандық аштықтан да емес, махаббаттан да емес, біздің көріп жүрген азабымыздың бәрі жамандықтың бәрі — біздің тәнімізден: аштық, махаббат, жаман мінез, қорқақтық бәрі — тәннен өсіп-өнеді, олар тәннің асырап өсірген балапаны. Сондықтан тәнді таза ұстау керек, — деп ақ жүрек ақсақал әңгімені байлады.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙