TELEGEI

Home

Кіші жүз ру-тайпаларының аңыздары

Бабалар сөзі

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Кіші жүз ру-тайпаларының аңыздары

«Бабалар сөзі» сериясының тағы бір кітабында кіші жүздің ру-тайпалары туралы аңыздар топтастырылған. Байұлының тарихы мен оның не себепті он екі ата Байұлы деп атанғанынан бастап, Шеркеш, Адай, Беріш, Жаппас, Байбақты, Әлімұлы, Шекті деп әр руға жеке-жеке тоқталады. Кейбір ру-тайпалардың шығу тар...

«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН

ШЕЖІРЕЛІК АҢЫЗДАР

І. БАЙҰЛЫ

238. Байұлы

Байұлы жеті жасар күнінде ел көшіп, көп балалар біреу тайына, біреу атына мінгенде бір бала жыламсырап, қарап тұрып қалды. Мұны көріп, Байұлы қасына барып:

– Сен неге атыңа мінбейсің? –деді.

Бала қамығып:

– Атым жоқ, көшкенде әжеммен түйеге мінуші едім, – деді.

Содан Байұлы аттан түсіп, жаяу әкесіне барып:

– Мен атқа мінгенде ер-тоқымымен маған бір жорға тай атап едіңіз, сол тайымды біреуге берсем, сіз ұрыспайсыз ба? – деді.

Әкесі:

– Кімге бересің? – деді.

Бала қысылыңқырап тұрып, жаяу жылап тұрған жарлының баласын көрсетті. Бұған әкесі де түсініп, бетінен сүйіп: «Тайыңды кімге берсең де өз еркіңде», – деді. Сонан соң Байұлы қуанып, тайды ерттетіп, манағы балаға әкеп беріп, қасына ертіп алды, шауып көп балаға қосылды. Сол уақытта бір ақсақал, жақсы кісі қонақ болып жатыр екен. Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан бата берді: «Ей, Құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер!» – деп. Сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды. Он екі ата Байұлы деген ру содан болды деседі.

239. [“Он екі ата Байұлы” атануы]

Қыдырқожа өте асқан бай болады. Малы мен басы тең өседі. Баласы – он екі, малы жерге симайды. Байдың жанында жүрген кедейлер, сондай-ақ оның отын-суын, қора-қопысын істеп жүрген жалшылар, байдың балаларын мадақтап: “Бай баласы”, “Байдың ұлы” деп жағына сөйлеп, қолпаштауынан келіп шығады. Байдың балалары да: “Сері”, “Мырза” дегенді жек көрмейді. Қайта масаттанып: “Біздер бай баласы, байдың ұлдарымыз”, – деп көтеріле сөйлейді. Міне, осыдан келіп “Байұлы”, “Байбаласы” деген сөз өмірге келіп, оған 12 баланың саны қосылып, “Он екі ата Байұлы” болып атанып кетеді. Он екі ата Байұлы осылайша атанған деп шежіреші қариялар сөзін шегелейді.

240. [Кіші жүз руларының Нәдірқожа мен Қыдырқожадан тарауы]

Нәдірқожадан бел бала болмай, жеті бала да киімшең келген екен. Сол себепті бұл балаларды «Жеті ру» атапты. Қыдырқожа ағайын ішіңде бай болыпты. Қысырақтың бір үйірін сұлтанға, бір үйірін ханға соғымға беріп тұрған. Сондықтан мұның өрнен-жараны «Байұлы» атаныпты. Қыдырқожада төрт әйел болған екен. Бірінші әйелі Жанбикеден бала болмапты. Екінші әйелі – Күңіш, одан Ану туған. Бірақ Ану өліп кеткен. Үшінші әйелі Тотан үш ұл туған: Сұлтансиық, Қыдырсиық, Бақытсиық. Төртінші әйелі – Айжан сұлу, кейде Анай сұлу деп те атайды. Қыдырқожа Орта жүздегі Арғын Құба бидің Айжан сұлу деген қызын алмақ болып, құда түседі. «Бір қыз емес, үш қыз беремін, бұған ханның құдіреті жетер ме екен?» – депті би. Осы Айжан сұлудан Беріш туған. Адай Қыдырқожаның қызынан туыпты. Тоқтамыс ханды жау шауыпты, сол кезде Алтай Тоқтамыс жақтан қашып келіп, Қыдырқожаны паналапты. Осы Елтай байдың қызымен ойнап қойған. Адай қыздың баласы деседі. Таз – Қыдырқожаның күңінен туған. Күңнің аты – Моншақты. Қара күң екен дейді. Есентемірдің шын аты – Темір, Ұлы жүзден кісі өлтіріп қашып келген де, Қыдырқожаны паналаған. Байдың жылқысын бір жұттан аман-есен алып шыққандықтан Қыдырқожа оны «Есентемір» деп атап кетіпті. Қыдырқожаның етек-жеңін жаппай жүретін ноғай қызы – күңнен туған баланың атын «Алтын» қойған. Қыдырқожаның күңі мен құлынан туған баланың атын «Жаппас» қойыпты. Алтын қыз бала болса керек. Жасырақ кезінде өліп қалған. Осы Алтын аты -руы аты «Жаппаспен» қабаттасып, «Алтын – Жаппас» болып та аталады.

ІІ. ШЕРКЕШ РУЫ

241. [Зылиха – Қаракемпір]

Бірде Әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң: “Апыр-ай, Дербістің құты үйіндегі Қаракемпірі екен ғой!” – деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: “Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім”, – депті. Сонда, Дербіс батыр “Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!” – деген екен.

242. [Қаракемпір- Шеркеш]

...Бір байдың қызына қаншама құдалар түсіп, айттырыла тұрса да, келісімін бермей қала береді екен. Әкесі қызының бұл қылығына ренжи тұрса да, көңілін қалдырмай:

– Өз сүйгеніңмен кет, қалың мал сұрамай-ақ қояйын, – дейді. Осыны естіген Дербістің әкесі баласына:

– Сен барып осы қызға жолығып көрсеңші! – деп кеңес береді.

Дербіс қыздың аулына келіп түскенде, бұрын қанша қонақ келсе де бұтын жимай көсіліп отыра беретін Зылиха ұшып тұрып, тамақ дайындау қамына кіріседі. Сонда жеңгесі: “Саған не боп кетті?” – деп таңданса керек. Осы қыз ұзатылып кетіп, Дербістің аулында өтілген тойға қатыса алмаған бір ағайыны тойдан оралған балаларынан:

– Жеңгелерің ұнады ма, қалай екен? – деп сұраса, олар жарыса:

– Ой, несін сұрайсыз, әке, отыр ғой бір қара кемпір! – депті.

Бір күндері әлгі тойға келе алмаған адам Дербістің үйіне келіп, үй сыртынан:

– Әй, Дербіс, бармысың үйде, сөйлесейін деп едім, десе:

– Дербіс үйде жоқ еді, аң қағуға кеткен. Түсіңіз, үйде қара кемпір бар, – деген әйел дауысы естіледі. Бұдан кейін осы атау бүкіл елге жайылып, бертін келе рудың аты «Қаракемпір» атанып кеткен деседі.

243. [Шеркеш ұрпақтары туралы аңыздар]

Шағырай, Шенеш, Шеркеш – үшеуі бірге туған ағайындар болса керек. Шағырай батыр болыпты, үйленбеген жас жігіт кезінде жаугершілікте елі мен жері үшін соғысып жүріп, мерт болады. Артында тұқым жоқ болса да, аты ұмытылмасын деп, Шағырайдың атын ұранға шығарады. Исі Шеркештің ұранының “Шағырай” болуы содан. Шенеш жасы жетіп қайтыс боларында, Шеркешті шақырып: “Менің бес балам саған аманат, көз болып жүр!” – деп тапсырыпты. Шенештің бес баласы именшектеу болып өседі. Шеркештің балалары олардан жастау болса керек. Шеркешке мал біткен, дәулетті адам болыпты. «Батыр аңқау, ер әңгүдік» деген бар емес пе, бірде Шеркештің ауылының үстімен құлан үйірі өтеді. Түз тағысы көз алдарында құлдыраңдап бара жатқанын көріп шыдай алмай, ауылдың ат жалын тартып мінетіндері жапа-тармағай қуа жөнеледі. Сонда, Шенештің бір баласына ат жетпей қалып, желіде тұрған биені міне шабады ғой. Ол көк бие Шеркештің малының басы екен. Құланды қуып жүргенде сол көк бие зорығып өледі. Сонда, Шеркеш: “Әй, қырылғырлар-ай, он қос жылқыдан мінетін ат таппадыңдар ма, малымның құтынан айырдыңдар-ау!” – деп налыпты дейді. “Ата қарғысы – оқ” деген, содан көп кешікпей елге жау шауып, соғысқа аттанған Шенештің бес баласы бірдей опат болады. Бұл хабарды естігенде Шеркеш: “Ағамның бес баласын өзім қарғап өлтірдім-ау, есіл бауырым-ай, тұқымсыз қалдың-ай!” – деп күйзелген екен дейді. Арада біраз уақыт өткенде Шеркештің бәйбішесі қуанышты хабар айтады: “Тұр, басыңды көтер, қайғырма, ағаңнан тұқым қалды, бір келіннің аяғы ауыр екен!” – дейді. Айтқанындай, айы-күні жетіп, Шенештің келіні арыстай егіз ұл табады. Олардың бірінің атын – Қосым, екіншісінің атын Досым қояды. Осыдан кейін Шеркеш басқа келіндеріне әмеңгерлеріне қосыла беруге рұқсатын береді. Қосым мен Досым ержеткен соң Шеркеш: «Қосым мен Досым бөлек қос болсын!» – деп, еншісін бөліп, бөлек ауыл етіп шығарады. Бөлек шығарарда дәстүр бойынша боз биені сойып, бірлік-пәтуа үшін бармақтарын қанға батырғанда, Шеркеш тұріп: “Қосым аға баласы, жолы үлкен. Бұдан былай менің алпыстағы ұрпағым Қосымның алтыдағы ұрпағына сәлем беретін болсын! Бес Шеркештің ағасы Қосым болсын!” – деп өсиет етеді. Күні бүгінге дейін жөн білетін Шеркеш баласы бұл өсиетті бұзған емес... Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен атасынан өрбіген Балпық деген кісінің алты бірдей баласы жау қолынан қаза табады. Балпық сол кезде сексенде екен. Бала күйігі оңай ма, өзі қол бастап барып, қалмақ елін шабады. Сонда жау елінде тұтқын болып жүрген бір бала кезігеді де: “Ата, мен қазақпын, жау қолында қалдырмай, елге ала кетіңізші!” – деп шырылдайды. Балпық баланы елге алып келіп, қолына асықты жілік ұстатып, бәйбішесінің омырауын иіскетіп, өзіне бала етіп алады. Сонсоң, Қылыш–Кестен әулетіне тілекші болсыншы деп, атын “Тілекші” қояды. Шеркеш ішіндегі Қылыш–Кестен–Тілекші аталарының жай-жапсары осындай. Қазір баяғы жау қолында кететін бала Досымның ұрпағы тілекшілер екеніне бірде-бір Шеркеш күмәнданбайды. Қосымнан Мырза, Шора туады. Шора туғанда, көргендер таң қалыпты дейді: “Ана құрсағына осындай ұзын бала да сияды екен ғой!” – деп. Бала құрсақта екі бүктетіліп емес, үш оралып жатқан ғой. Содан, оның әуелгі аты “Үшора” болады, жүре келе “Шора” болып кетеді. Шора өсе келе бойы мейлінше ұзын болып, жеңгелері оны: “Қатыңқы қара” дейді екен. Сол атау алдымен “Кәтеңке” болып, бара-бара “Кәтеней” атанып кетеді. Шеркеш ішіндегі «Кәтенай» атанып жүрген ру – сол Шораның ұрпақтары.

ІІІ. АДАЙ РУЫ

244. Нұрдан жаралған Адай

(І нұсқа) Кіші жүздің Жанарыстың Алауынан өрбіген Алшынның ішінде Қыдыр деген бай болыпты. Қыдырдың байлығында қисап болмаған соң, жұрт оны «Бай» деп атайды екен. Сол әдетпен Қыдырдан тараған ұрпақ «Байұлы» деп аталып еді дейді. Байдың (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек, сейіл-серуен құрған қыз-келіншек бір гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлде неден тұла бойы шымырлай балқып, оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен сулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді. Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, ай-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды. Ертеңінде серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақырады. Әспенбет баланы көріп: «Атыңды шығарар арысың осы болар!» –деп, батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай деп қояды. Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз даген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп өсіреді

245. [Адай мен Таздың туысқан болуы]

(ІІ нұсқа) Темір – Ұлы жүздің батыры. Ол сол елдегі әділетсіз хандардың бірін өлтіріп, қашып келіп, Кіші жүздегі Қыдырқожаға келіп паналайды. Шамасы, Қыдырқожаның мейілінше әділ, қайырымдылығын пана тұтса керек. Темір келген соң Қыдырқожаға жасырмай, бар шынын айтады.

Сонда Қыдырқожа:

– Өзіңе-өзің сыйсаң, маған да сиярсың.

Сені мен қусам, қайдан пана табарсың?
Табарсың да барарсың,
Айналып бір қарарсың,
Қасиетімді қайдан табарсың?! –

деген екен. Темір де: «Паналатсам, әділ бол деп тұр-ау?!» – деп түсініп, осы Қыдырқожаның қолында қалып қалды. Қыдырқожа айдаса жаудікі, ысқырса желдікі болып жүрген көп жылқысының билігін Темірге беріп, басқартып қояды. Ал Қыдырқожаның қызы жүкті болып қалады да, босанып, әке-шешесіне білдірмей, баласын Қыдырқожаның төбе басына шығар жолына құндақтап, тастап кетеді. Баланы тауып алған Қыдырқожа әйеліне әкеліп: «Ұл бала ғой, аман сақтап өсір!» – дейді. Бәйбіше баланы Таз деген баласына беріп: «тәрбиелеп өсір» деп аманат етеді. Таз баланың атын Адай қояды. Таз да қолға келген кірме бала екен, Қыдырқожа оны да асырап алған. Таз баланы Адай деп ат қойып, іні етіп өсірген. «Адай мен Тазбыз, үйрек пен қазбыз» деп мақтанады екен олар.

246.Таңба

Есте жоқ ескі заманда Бай деген кісінің балалары енші бөлісіпті дейді. Еншіні Байдың адуын бәйбішесі бөліп, әр баласының таңбасын қоса атап отырады. Осы кезде өзгеден саяқтау жүретін, тентек мінезділеу бала Адай жүгіріп келіп: «Апа, менің де таңбамды аташы!» – дегенде, адуын бәйбіше үш саусағымен бұтының арасын сүйкей нұсқап: «Міне, сенің таңбаң!» – деген екен. Сол жерде бәйбішенің қимылын көзі шалып қалған Бай: «Әй, бәйбіше-ай, бүкіл ырыс-құтың Адайға кетті-ау!» – депті дейді. Десе дегендей, бір мүшел айналғанда Адайлар 600 шаңырақ болса керек. Шынында да он екі ата Байұлының ішіндегі ең бір өсіп-өнген ру – Адай. Ал Байдың бәйбішесінің борбайын үш саусағымен нұсқаған ишарасы, кейін ортасы тілік үшкіл таңба болып белгіленетіні содан қалып еді дейді.

247. Адай туралы қысқаша мәлімет

Ұлы жүз Үйсіннің екінші әйелінен туған қаракерейдің баласы, Құба бидің баласы Елтай батыр жас жігіт күнінде Кіші жүзге ұзатылып кеткен апасын іздеп Қыдырқожа байдың аулына келеді. Келсе, атасы Апай сұлу ері өліп, қайнісі Қыдырқожаға атасып, сона отыр екен. Елтай келсе, бай үйінде жоқ, жолаушылай кеткен. Бір-екі күннен кейін сол байдың аулына жау келеді. Елтай батыр тасада жатып атысып, жаудің бетін қайтарады. Сүйтіп, ауылды, малды, жанды аман алып қалады. Бай келеді жаймен, шет біледі де, бәйбішесінменен кеңесіп Қыдырқожа айтады: «Бұл жаудың мақсаты қыз әкету малменен, бұл жау ұмыттырып қайталауы мүмкін, бәйбіше, дейді, – кел қызымыз бен Елтайға бата берелік», – дейді. Бәйбіше де мақұл көріп, қызымен отасып бір балалы болып, атын Адай деп қояды.

248. Жеменей мен Айтумыс

Қаһарланса қара тасты үгітер, өр мінезі өлі рухты тірілтер, айбаты мен ақылы талай дүр мен дүлейлерді бір өзіне табындырып, жүгінтер Адай бабамыз тұңғыш ұлының атын Құдай қойыпты, сонда қазақтың ақсақалды-қарасақалды қарттары тәубелеп жалынып, баланың атын Құдайке деп атауға мәміле жасапты. Құрсақтан жаңа шыққан шарананы бұлайша атағаны – ұлы атамыз әлімсақтан Алла Тағаланың өзін артық жаратқанын сезінгенінен болар. Құдайкеден кейін сағындырып барып көрген екінші ұлдың аты – Келімберді. Келімберді дүниеге келгенде Адай атамыздың тұңғышы Құдайке келін әкеліп жатса керек. Қара шаңырағына келінінің түсуімен бір мезгілде дүниеге келген сәбиінің атын ырымдап осылай атапты дейді. Осы екі перзенті Құдайке мен Келімбердіден көрген Адайдың немерелері Тәзіке–Қосай, Ақпан–Құнанорыс, Балықшы–Бұзау, Мұңал–Тобыш Сегіз арыс Адай болып, дүйім рулы елді құрайды. Сол сегіз арыстың біреуі – Бұзау. Бұзаудың о басында азан шақырып қойған аты Ораз–Әлнияз екен дейді кейбір шежіре деректері. “Ер мұрынды, ат ерінді келеді” демекші, атамыз жалпақ мұрынды болса керек. Қазақтың салт-дәстүрі бойынша атын тергеген жеңгелері атамыздың осы келбетіне сәйкес «Бұзау» атандырып кеткен екен. Бұзау атамыздан: Жеменей мен Айтумыс. Бұл аталарымыздың даңқы да, есімі де кейінгі ұрпақтарына ел аты – ру болып, жер аты, ұлыс болып мәңгілікке қалды.

249. «Кедей» аталуы

Хан елге хабар береді: «Қалмақпен соғысамыз, дайындалсын!». Хабар жетісімен Аталық жылқыдан өңкей қысырақты бөліп алып, нулы жерге айдап салып, сулы жерге саялатып бақтырады. Қыс бойы сойылған соғымның сүбесі мен қазысын, жал-жаясын, нар түйенің өркеші мен ісек қойдың құйрығын тұздатып сүрлетіп, тең-тең етіп түйелерге арттырып, жарау аттарды жетекке алдырып, сірелетіп бақтырған қысырақты үйірді айдатып, жорыққа аттанады. Осылайша Аталық жорық кезінде ұдайы бір көштей ілгері озып, қалың жасақ, ауыр қолды ас-сумен қамтып, бірнеше ай бойы азықтандырып отырады. Осы жолғы жорықта қазақ қолы жеңіске жетеді. Олжа бөліске түскенде хан Аталықтың қалауын сұрайды.

– Бүлінген елден бүлдіргі де керек емес...

Ілкіде осылай деген Аталық батыр хан қолқалап қоймағасын көкейіндегі бұйымтайын айтады. Өйткені олжаға түскен қалмақ қыздарының ішінде нұрлы жүзді, нәркес көзді жас аруды байқап қалып, көңілі кеткендей-ді.

– Е-е, Хан, Ие! Қайта-қайта қалауымды сұрадың, ендеше:

– Ақбоз атты мінбей бер,

Ақ сауытты кимей бер!
Ақ беренді ілмей бер,
Ақсұқсырды сүймей бер!

Ханға айтқан сөзі өткен, Аталықтың дегені болды. Хан қас батырдың қалауын ғана беріп қоймай, өзінің ерекше құрметін де білдірді.

– Аталықтың аты бүгіннен бастап Жомарт болсын! Жомарттыққа жомарттық жасау ердің ісі!

Хан айтса, қапысыз. Қаумалаған халық содан былай Аталықты «Жомарт» атап кетеді. Енді Жомарт батырдың інісі Нұрмағанбеттің Кедей атануы туралы шежірешілер не дейді? Жақсы ат пен сәнді киім киіп, сауық құрып, көрікті қыз біткеннің жеңгесіне сый-сыяпат тасып, қолындағысын шашып жүретін, шаруаға икемі жоқ жігітті: “Бұл қылығын қоймаса, тақырға отырып, кедей атанары сөзсіз”, – деп, шашпалығынан арылсын деп «Кедей» атап кетіпті.

250. Алдасай ауылының өспеуі жайлы

Жомарт батыр жаугершілікте көз жұмады. Ата-салт бойынша “жесір ерден кетсе де елден кетпек емес, аға өлсе – іні мұра”, ел ақсақалдарының ұйғарымы бойынша қайнысы Алдасайға некеленді. Алдасай – өзіне бөлген еншілі малының жайына бас ауыртқаннан гөрі мергендік пен саятшылыққа құмар, мінезі шапшаң, еркіндеу жүріп-тұратын адам. Бірде аң аулап келсе, жеңгелей алған әйелі Ақсұқсыр ақ балтырын көсіле көрсетіп, жарқырап ұршық иіріп отыр.

– Пай, пай, балтырың қандай аппақ!

– Бұл балтырға талайлар қызыққан…

Ақсұқсырдың бұл сөзі өр мінезді жігіттің жүрегін шоқтай күйдірді.

– Адал деп тамсағаным, талайлар дәмін татып көрген шалап па еді, талақ-талақ! Тулап үйінен шыға жөнелген Алдасай райынан қайтпады. “Айттым – бітті, кестім – үзілді” деді.

Алғашқы қосағынан өлідей, кейінгі қосағынан тірідей айырылып, жазықсыз жәбірленген Ақсұқсыр, жаны күйіп қарғанған екен дейді:

“Алдасай, ауылыңда жүз жігітің болмасын,
Жүзге жеткізем десең де, толмасын!”

Қасиетті әйелдің наласына қалды ма, қаралай күйген қарғыстың зарпы ма, Алдасай ауылы өспеген ауыл дейді айтқыштар.

251. Тоғыз тақта Шылым

...Айтумыс баһадүр 19 жасында қалмақпен соғыста қаза тапқанда, оның жары Асылай жүкті болып қалып, өмірге ұл бала келді. Жас батырдың артында қалған тұяғына ат қоймақ болған ағайын біраз ойласты. «Жастай қыршын кеткен Айтумыс баһадүрдің атына сай ұл болып өссін, дүние тұрғанша тұрып, ұрпақ жалғастырсын, “үш ылымды (үш ілімді) – жердің, судың көктің ілімін меңгерсін»” –деген тілекпен жас сәбидің атын “Үш ылым” қойды. Бұл есім қазақты тілдің аталу ерекшелігімен «Шылым» делініп аталып кетті. Айтумысұлы Шылымды Жеменей: “әкеңнің жүзін көрмедің” деп, асыл қамқа кигізді, «қара шаңырақ иесі» деп ақ ордаға кіргізді, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады, армансыз дәурен сүргізді. Ал Жеменейдің бәйбішесі емшек сүтін бермесе де, ене сүтін берген-ді, Шылым бала жасынан шандоздықты көргенді. «Көңіліне қаяу түсер» деп әкесі Айтумыстың жаугерлікте өлгенін білгізбеді. “Қу жалғыз сәл нәрсені кектеп қалар, сәл нәрсені кектеп қалса, тумаларынан шеттеп қалар”, – деген оймен Жеменей оған: “Өзімен туған ұлсың”, – деді. “Үш ілім” деп жақсы ырыммен атап қойған есім текке қойылмапты. Көп тілегі қабыл болды. Атадан қалған бір жылғыз осылай өркендеп, өсіп-өнген-ді. Сол себепті Тоғыз тақта Шылымнан өрген үрім-бұтақ күні бүгінге дейін “Жеменейміз” деп келген-ді. “Өз әкелерің Айтумыстың атын ұмытып, неге Жеменейміз дейсіңдер?” – деген әзіл-қалжыңды сұраққа шежіреші Әбді Рахманұлы: “Айтумыс –руымыз, Жеменей – ұаранымыз! Әлбетте, рудан бұрын ұран ауызға алдымен ілігеді. Жеменей – үлкен әкем, қазақта інісінің баласын үлкен аға еншілейтіні ата-салтымызда бар емес пе! Әкемнің ағасын әке десек айтып па!” – деп жауап береді екен. Не себепті жоғарыдағы Бұзау атамыздың аты руға айналмай, оның баласы Жеменейдің атағы шығып, бір тайпа елдің атауына айналды? Шежіреші шалдар айтады: Қазақтың аузы дуалы, елге сыйлы бір ақсақалы айғыр топ нөкерлерімен жолаушылап келе жатып, Бұзаудың үйіне түседі. Күн кешкіріп қалған мезгіл дейді. Есіктің алдында үлкен тай қазанда ет асылып жатады. Бұл – бұрынғы сүрленіп қақталған ет. Бұзау келіп қалған қонаққа дайын болып, пісіп қалған етті тартқызбақ болады. Сол кезде бозбала жігіт Жеменей сапарлап кеткен жағынан келіп қалып, үлкен кісілермен амандасып болған соң, әкесіне қонақтарға арнап қонақасы соятынын айтады.

– Балам дайын ет пісіп тұр ғой, оның үстіне күн кешкіріп қалды.

– Келіп отырған құдайы қонаққа өлі ет асып беретіндей керегемізге қараған кедей емеспіз, атымызға ұят, абыройға сын!

Жеменей түн мезгіліне қарамай таңдап семіз қой сойып, қонақтарға қонақасы беріп, риза етеді.

“Бір бала әкесіне жете туады,
Бір бала кері кете туады,
Бір бала әкесінен өте туады».

Сен соның осы соңғысы екенсің. Бақытың да, байлығың да әкеңнен өткей! Бұл сөзімді жаратқан ие қабыл еткей! Дегеніңе жет балам!” Осылай деп Жеменейге бата берген ақсақал нөкерімен аттанып кетеді. Жолшыбай кездескен ауылдардың адамдары жөн сұраса:

– Өзі мәрт, өзі жомарт жас мырза Жеменейдің ауылынан келеміз, депті.

Содан былай, ел ішіне мырза да мәрт Жеменейдің атағы жайыла беріпті. Шындығында Шылым бабамыз Ақсұқсыр сұлудың бағын ашты. Рулы елдің анасы ретінде атын ғасырдан ғасырларға жеткізді. Ақсұқсыр анамыз шекесі торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді. Олар: Ақбота, Көшке, Ордек. Сұқсыр сұлудың қадамы құтты болып, пұшпағы қанамай жүрген бәйбіше де бірінен соң бірі – төрт ұлды дүниеге әкелді, олар: Баба, Рахан, Түгел, Теке. Олардан өрбіген ұрпақтар, үлкен анамыздың құрметіне «Бәйбіше» атанды... Ал Шылымның кіші әйелі, қараторының әдемісі Түймеден туған екі бала Қозым мен Қосақтан тараған ұрпақтар кіші анамыздың құрметіне «Қаратоқа» атанады. Түйме анамызды қайнылары қалжыңдап “қара тоқал” атаған деседі. Қаратоқа деген атау осыдан шыққан көрінеді. Сонымен Шылымның бірінші әйелі Балжаннан туған төрт ұл, екінші әйелі Ақсұқсырдан туған үш ұл, үшінші әйелі Түймеден туған екі ұл – “Тоғыз тақталы Шылым” аталады.

252.Оғылмеңді

(І нұсқа) ...Бір жылы күзгі қатқақтың көш-қонында дарияның мұзы әлсіз болып, Қосай ауылы түгел дарияға кетеді. Қосайдың Әлдеке, Төлен, Сүйін деген үш баласы, Бердіғожа, Бегалы, Едіге, Ермек, Қаныш, Кеніш деген немерелері, әйелі мен келіндері, малшы-қосшылары тегіс осы апаттың құрбаны болады. Дарияның арғы бетіне Қосай мен ауыл молдасы ғана аман шықса керек. Қосай батыр күтпеген қасіреттен есеңгіресе де, есін жоғалтпай: “Иә, Тәңірім, оңын бере гөр, тілегімді қабыл ете гөр!” – деп тілек тілепті. Сонда молда тұрып: “Әй, Қосай-ай, жасың алпысқа келгенде басыңа түскен ауыртпашылық болды-ау! Енді не оңы, не солы болар деп отырсың”, – депті. Бұл сөзге Қосай: “Молда, шырағым, біз туғанда жалаңаш туып едік қой. Қазір үстімізде киіміміз бар, астымызда атымыз бар. Тәңірден дұрыс тілек тілейік. Тәңірдің рахымы мол, әлі де біз үшін сақтағаны бар шығар!” – деп, жүріп кетіпті. Сол бетінде інісі Тәзікенің үйіне келеді. Қайғы-қасіретке шомып, керегені теріс құшақтап жата беретін болыпты. Бара-бара күйігі ішке түсіп, екі көзі көрмей қалады. Жаманат жата ма, осы оқиға Қосайдың анттасып-андаласқан түркімен досы Ерсары Сейітқұлыға да жетеді ғой. Сейітқұлы андасына көңіл айту үшін дереу жолға қамданады. Жай қамданбайды, өзімен бірге 40 боз биені жылқышысымен, 400 қойды қойшы-қолаңшысымен, ақбоз үйді жасауымен қамдап, досының көзін емдету үшін Оғылмеңді деген тәуіп қызды ертіп, жолға шығады. Андасының бұл келісі Қосай батырдың көңілін сергіткендей болады. Сейітқұлы қайтарында: «Қосайдың көзін емдерсің», – деп Оғылмеңдіні қалдырып кетеді. Оғылмеңді Қосайдың көзін жазады. Опатты оқиғаға жыл толғанда Қосай ел-жұртты шақырып ас береді. Асқа андасы Сейітқұлы да келеді. Осы жолы Сейітқұлы Оғылмендіге батасын беріп, Қосайға некелеп қосады. Сол Оғылмеңді анадан Қосай батыр Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли, Сүйіндік деген алты ұл көреді. Аналары түркімен болғандықтан, бұлардың өсіп-өнген ұрпақтарын “Түркімен Адай” деп атайды. Қосай ұрпағы туралы әңгімені “Алты қосай” деп бастайтын да дәстүр бар.

253. Адай мен Таз

Адай дүниеге келгеннен кейін әкесі Елтай жаугершілікте жау қолынан қаза болады. Жұбайы Елтайдың қайтыс болғанын естірткенде, Адайдың шешесі Қанбибі апамыздың жүрегі жарылып өліпті. Адай қас жетім қалады. Ал Таздың шешесі Моншақ емізулі екен дейді. Адайды бауырына басып, Тазбен қосып, екеуін өзінің сүтімен емізіп өсіреді. Сондықтан Адай мен Таз бір ананың емшегінен сүт еміп өскендіктен, туыс есебінде саналады. Алшын елінің аузында: “Аққу мен қаз – егіз, Адай мен Таз – егіз” деген нақыл сөз осыдан қалған дейді.

254. Түркімен Адай

(ІІ нұсқа) Қосай ауылы жаз болса, Сырға қарай көшіп, қыс айларында Әмудің солтүстігін қыстап қайтып жүреді екен. Бір жылы көктемде Әмуден өтерде Қосайдың көші мал-мүлкімен, үш баласы, алты немересімен ұйыққа тап болған суға кетеді. Жасы алпысқа келіп қалса да қайраты қайтпаған Қосай жағаға жалғыз шығады. Сол кезде жапсар жатқан түркімен ішінде Сары деген батырмен Қосай қияметтік дос екен дейді. Тағдырдың жазуымен қара сопайып қалған Қосай досына Сары батыр түркіменнің Оғылмеңді деген қызын айттырып, алып береді. Сол түркімен қызына қосылған соң Қосайдың кіндігінен: Байбол, Бәлі, Тіней, Сүйіндік, Әйтен, Бегей атты алты бала туады. Осы алтауынан өрбіген ұрпақ “Түркімен Адай” деп аталады. Адайлар өз ішінде бұл алты баладан өсіп-өнген ұрпақты айырып атау үшін “Алты Қосай” деп те атайды. Қосайдың алты баласының бірі Сүйіндіктен тараған ұрпақ өз алдына бір ауыл болғанда көшіп-қонуға ерініп, бір орында сары жұрт болғанша ұзақ отырады екен. Содан, былайғы жұрт оларды “Жаман адай” деп атап кетіп еді дейді.

255. [Елтайдың «Адай» атануы]

Байдың (Қыдырқожаның) Жәнби бәйбішесінен Қанбибі (Айсұлу, Баршабике, Бәше деп те атаған) деген жалғыз қызы болған. Бір жылы Орта Жүзден Елтай деген жігіт елінен қашып келіп Асанқожаға бала болып, Байға (Қыдырқожаға) іні болып паналайды да, Қанбибімен көңілі жақын болып, қыз екіқабат болып қалып, үйінде отырып ұл туыпты. Бай некесін қиып, қызын Елтайға қосады да, ұлдың атын «Адай» деп қояды. Адай – жиен болады, бірақ Байдың бір баласы есебінде саналып тәрбиеленеді. Себебі әкесі Елтай жаугершілікте қазаға ұшырап, шешесі Қанбибі де өліп, жетім қалған еді дейді.

256. [Адай туралы]

Елді қалмақ шапқаңда екі буаз әйел, бір жетім бала (Темір), бір бойдақ жігіт (Естай) жарға тығылып, жасырынып қалады. Естай Темір мен аяғы ауыр екі жеңгесін қалдырып, өзі Сыр бойыңдағы ағасы Қыдырқожаға келеді. Азық-түлік, күш-көлік, құрал-жабдық алып, жетім інісі мен екі жеңгесін елге әкеледі. Аман-есен келгендіктен, Темірді енді «Есен-Темір» деп атайтын болды. Ағасы той жасап Естайға Анайы деген қызды тарту етеді. (Кейде Анайыны Қыдырқожаның немере қызы еді. “Немере неке тұяқ болады” деген ұғым осыдан тарайды дегенді де айтады). Анайы 16-17 жастарында ұл табады. Анайы жас болып ұялады да баланы емізбейді. Баланың атын Адай қояды. Бұл баланы Таздың шешесі Қаракүң деген кісі ауыздандырып, емізеді. “Таз бен Адай – егіз, Егіздетіп еміз” деген мәтел осыдан қалған. Он екі ата Байұлының он біріне әкесі таңба береді де, Адайға түбі шикі қыз баласы болғандықтан, таңба бермейді. Адай тентек болып өскен екен. Таңбасыз кетпеймін деп отырып алады. «Ендеш,е шешеңнің абиырының сүретін таңба қыл!» – деп, жерді үш саусағымен бір сызып, осы таңбаны берген екен деседі.

257. Бес Есенғұл

Байболдың ішінде өскен ауылы – Есенғұл батыр ұрпақтары, бұлар “Бес Есенғұл” атанады. Есенғұл батырдың өзі кешегі қазақ-қалмақ жауласқанда, жаугершілік салдарынан жастық шағы алашабуыл аттың жалында өтіп, қырық жасқа келгенше үйленбепті дейді. Қырық жасында үйленіп, әуелгі туған бір-екі баласы өле беріпті. Содан ауылдың үлкен шалдары жиналып келіп, Есенғұлға: “Әй, Есенғұл, шырағым, сен қатын алмай біраз жүріп едің, енді туған балаларың өле беретін болды ғой! Келін тағы екі қабат сияқты, егер аман босанып, ұл бала туа қойса, сәбиді есектің жабуына орап алып, есектің сүтімен ауыздандыр да, атын “Есек” деп қойшы, мүмкін сонда балаларың тұрар, иншалла!” – депті. Әйелі туып, ұл балалы болады. Нәрестені есектің жабуына орап алып, әуелі есектің сүтімен ауыздандырып, атын Есек деп қойыпты. Есек те, одан кейінгі туған балалары да тұрып, арттарына ұрпақ таратыпты, Есенғұлдың Есектен кейін туған Еміл, Өрезек, Нұрбай, Қоңыр деген інілері өсіп-өніп, ел олардың ұрпақтарын “Бес Есенғұл” деп атап кетіпті. Қосайды Қосай қылған белгілі іргелі ауыл болыпты.

258. Адай руы туралы аңыз

(ІІІ нұсқа)
Сегіз арыстың ағасы: Тәжіке (Тәзіке), Қосай, Құдайке балалары болған екен.

Құдайкенің үй-орманы, мал-мүлкі мұз ойылып, суға кетіп қалады. Өзі ақтабан атпен жалғыз қалады да, Келімбердіге келіп жатып алады. Екі көзінен айрылып, қаріп болып қалады. Бір күндері Келімбердінің үйіне арып-ашқан түрікпеннің әйелі тап болыпты. Келімбердінің жұбайы:

– Мына әйелді қайнағаға алып берелік, – депті.

Келімберді тұрып:

– Жатысы мынау, бұл әйелді не қылсын? – депті.

– Жоқ, әперген жөн. Дәретке отырған жерін көрдім. Әлі зәріңде көпіршік бар. Құдай берсе, әлі бір-екі бала таптырарлық халі бар депті. Сол әйелді әперіп, одан ұл туған. Баланың атын «Түрікпен Адай» қойған.

Сол Түркпен Адайдан: Тәзіке, Қосай туыпты. Адай Әзіреттінің Алатауынан көшкен екен. Тәзіке сол жерден көшпей, қалып қойған екен деген аңыз бар.

259. Қожамберді

(ІҮ нұсқа)
Енді Бала Қожамберлі «жайындағы бір ауыз сөз:

Бала Қожамберлі – үлкен Қожамберлінің баласы. Оның мәнісі мынау: үлкен Қожамберлі Хиуа жанына сенімді жігіт болып, сонда жұмыс істеп жүрген кезінде түрікменнің бір бегінің әйелімен көңілдес болады. Мұны бек сезіп қалады да, Қожамберліні өлтіруге әрекет жасайды. Бектің бұл әрекетін Қожамберлі де біліп қалады да, өзінің сенімді жігіті Әбдірахыманға бекті өлтіртеді. Сосын Әбдірахыманды өзінің кенже інісі Сырлыбайға қосып, Сырға қашырып жібереді. Өзі сонда қалады. Ақырында өзіне де қауіп төне бастайды. Содан соң қызметін тастап, өзі де Сырға қашып келеді. Хиуадан қашар алдында түрікмен әйеліне: «Егер ұл тусаң, атын Қожамберлі деп қой, қыз тусаң, кім деп қойсаң о деп қой, ерік өзіңде!» – деп айтып кетеді. Әйел ұл туады да, атын Қожамберлі деп қояды. Сол бала 18-ге толған соң әкесін іздеп Сырға келеді. Қожамберлі бала әкесі Қожамберліні тауып алады да, осында қалады. Содан соң жұрт оны: «Бала Қожамберлі» деп атап кеткен. Содан соң Қожаберліден өскен ұрпақтар он шақты үйдей. Мұның бәрі де Мойнақтың ішінде тұрады. Бірақ басқа Қожамберлілер бұларды «Түрікмен Қожамберлі» деп атайды.

ІҮ. БЕРІШ РУЫ

260.Он екі ата Байұлы ішіндегі Беріш руы туралы аңыз

...Беріш – Қыдырқожа байға келіп паналаған, байдың жалшылығында болған бір әйелдің ішінде келген бала. Себебі мынау: Алтай, Елтай деген ағайынды екі жігіттің ағасы жауда өлгесін, ағасының әйелі мен екеуі (Алтай, Елтай) Қыдырқожа байға жаудан қашып келіп, паналайды. Сол әйел қайнысы мен екеуі келгенде жүкті болып келіп, сонан ұл бала туып, атын «Беріш» қойыпты. Кейін сол әйелді Қыдырқожа алады. Беріштің «Қыдырқожа баласымын» дейтіні осы болар. Ал Қыдырқожаға тигесін «Таз» деген бала туады. Әйелдің қайнысы Елтайға Қыдырқожа қызын береді. Онан «Адай» туады. Халық аузындағы «Беріш, Адай – бір кісі» дейтін осыдан алынған. Енді Есентемір байдың жылқышы екен. Жұмыс істеп, жағымды адам болғандықтан, оған әйел алып береді. «Жаппас – Қыдырқожаның әйеліне еріп келген күңнен туған бала», – дейді. Сонымен «Он екі ата Байұлы» осымен аяқталады дейді.

261. Ағатайдың Берішке ұран болуы

...Берішке ұран болуы былай болады: Ағатайдың жасы он алтылар шамасында екен. Жігіт болып есейіп қалса да, ол жасындағы тынымыздығы қалмайды. Бір күні елді жау шауып кетіп, ауылдың адамдары жауды қумақшы болады. Ағатай бірге барғысы келсе де, әкесі жібермейді. Жұрт кетіп қалғасын қолына бір қылыш алып, Ағатай тай мініп қуып жетеді. Жұрт оған: «қал!» дейді. «Орталарыңа бір есер керек болар, мені қумаңдар!» – дейді. Жұрт: «Жүрсе, жүре берсін. Бізге не зияны тиер дейсің», – дейді. Сонымен жауды қуып жетіп, соғыс болады. Соғыста Беріш жағы жеңіліп, қашады. Ағатай жаумен араласып кетеді де, оны ешкім аңғара алмайды. Ағатай жаудың артында шауып отырып бір-бірлеп құлата береді. Бір уақыттар болғанда жаудың саны азайып қалады да, жау кейін шапқылайды. Сонда Ағатай: «Ағатай! Ағатайлап» айғай салып, қуа жөнеледі. Беріштің адамдары да қуып, жаудың қалғанын тұтқынға алады. Осы жолы Ағатай олжа алмайды. Енді не керек дегенде: «Беріштің ұранын берсеңдер болады», – дейді. Сонымен Беріштің ұраны жас батыр Ағатайдың атымен аталатын болады.

262.[Бессары-Беріш]

Қыпшақ елінен шыққан Қареке деген бір палуан ұлан-асыр той жасап жатқан үлкен бір жиынның үстінен шығып, күресіп жатқан жігіттерге делебесі қозады да, қарап тұра алмай өзі де күреске қатысады. Ұстасқан жігітін әй-шайға қаратпай алып ұрғанда, оқыс құлағандықтан, қабырғасы сынады. Сол жігіт үш күннен соң дүние салған көрінеді. Ел-жұрты оның құнын дауламақ болып, жыққан жігітті іздестіре бастағанын суық хабардан естіген Қареке (шын аты – Өтеміс) қашып отырып, Ақжайықтың бергі бетіндегі Индер (Ендір) тауының етегін мекен еткен ағайынды, руы Есенғұл-Беріш Асан-Үсен дейтін екі жігіттің үйіне кеп паналап, кейін осыларға қолбала ретінде біржола қалып қояды... Сол Қареке батыс жақтың қызына үйленіп, одан Қосшетер (Қошетер) дейтін бір ұл туған көрінеді. Бала 15 жасқа толып, есейген шақта Қареке өз еліне көшпек болып, жиналып жүрген кезде кездейсоқ науқастан дүние салады. Дегенмен көзі тірісінде жалғыз ұлына: “Біз Кіші атаның елінде өстік, енді ошарыла Арқаға қарай қашуымыз жөн болмас, сен қалсаң, қала бер!” –деп өсиет айтқан екен. Әке өсиетін қабылдаған Қошетер үйленген соң, одан Арал, Қайып, Мақатай, Көлбай және Бейбіт деген бес бала өрбиді. Қызық болғанда, осы бесеудің бесеуі де сап-сары болып туады. Содан да ел-жұрты оларды бас-басына атап жатпай, “Бес сары” деп атап кетулі.

Ү. ЕСЕНТЕМІР РУЫ

263. [Темірдің «Есентемір атанып, бір рулы елге айналуы]

(І нұсқа) Қыдырқожаның жылқысына Темір ие болып жүрген бір жылы қыс қатты болып, жылқы тебіндей алмайтындай қауіп туады. Осы кезде Қыдырқожаның жылқысымен қатар тебіндегі жүрген киік үйірінің арқар мүйізді өте ірі текесі жоқ болып шығады. Бұл текені атып алмақ болып, Темір жолдастарымен келе жатады. Киіктер тегісінен жусап жатыр екен. Келе жатқанда адамдарды көрген киіктер шоқтай болып иіріліп, ежірейе қарап тұрады, ал бастаушы текесі келе жатқандар жүз метрдей жер қалғанда алдынан шығып, олар таман жақындағанда оқтай болып тұра қалады да, басын жерге салып, мойынын бір жағына бұрып, жата кетеді. «Кессең, басым, міне» дегендей сыңай білдіреді. Сол жерде бұл көрініске қайран қалған Темір жолдастырана: «Тимеңдер!» –деген екен. Темірдің сол жерде қанша тұрғаны белгісіз. Теке келгендер мен Темірге екі көзін қадаған күйі, тырп етпестен жата берген екен. Осы аз уақытта Темір өзінің туған жерін, бүкіл өткен өмірін көз алдынан өткізіп, туған жерін, басшысыз елін, талаудағы қам көңіл халқын еске алып: «Мына текені атып алсам, үйірі талан-таражыға түсіп, менің басымдағы, ел басындағы хал бұларға да келеді-ау!» – деп, мұңая кері қайтып кеткен екен. Қытымыр қыстың ызғары батып, жылқыны аман сақтау қамына айналады. Темір қатты толғанады. Аяқ жетер жердің халі мүшкіл. «Япырай, ана киіктің отары не күн көреді?» деген ойға қалып, отарды көріп қайтпақ болып келсе, киік үйірінің текесі жоқ болып шығады. Біреу атып әкетті ме деген қүдік те туады. Темірдің ойына: «ізге түссем «деген ой келіп, ізге түссе, ешкім де келмеген, атпаған болып шығады. Текенің ізі ұзаған үстіне ұзай береді. Сонда темір жолдастарына: «Ал мына теке жайылым, қоныс, тебін іздеп кетті. Егер ол тебін тапса, қайта келіп, мына үйірін ілестіріп кетеді. Солай болса, біз де олармен бірге сапар шегуіміз керек. Әйтпесе, мына жылқыларды қыстан шығара алмауым хақ», – дейді. Жолдастары да қуана құптап, текенің келуін күтеді. Бір күні байқауға барса, киік үйірінің орнын сипап қалады. Үйір маңайда жоқ дегендей жылқышылардың қуанышында шек болмайды. «Мың қосшыға – бір басшы» дегендей Темір де тез жолдастарымен жиналып, мыңдаған жылқыны айдап киік отарының ізіне түседі. Апталап жол жүріп, түтеген боранмен арпалыса Оңтүстіктің бір аймағына тұяқтары ілінеді. Әлі де киік үйірінің шұбырған ізі бітер емес. Бір күні шұбырған із қалың нудың ішіне алып кіреді. Күн де жадырап, жайылым да молая түседі. Жылқышылар қостарын тігіп, апыл-ғұпыл дегендей семіз тайды сойып, былбырап піскен етті алдырына ала бергенде, жұпыны киінген бір әйел есікті ашып қарап тұрады. Үрпиісе қалған жылқышылар қапелімде тіл қатпайды. Темір әйелге: «кір!» деп бұйырады. Келіншек қосқа кіріп, босағадан ары аспай отыра кетеді. Осы кезде Темір үшкір кездігімен қиялап ет турап жеп отыр еді. Жарты метр шамасындай кездігінің ұшына үлкен бөлек етті шаншып, келіншекке ұсынады. Келіншек киген киімнен қолын шығармай, етті алып, босағада отырып жейді де, тіл қатпастан қайта шығып кетеді. Ас желініп, әңгіме дүкен үстінде Темір: «Ал бұл маңда ел болуы мүмкін, жортуылшылар мен қарақшылар да аз болмас, жылқыға қатты күзет керек, бір адам ас пісіруге қоста қалсын, қалғандарың күзетке кетіңдер! Мен өзім қарауылға тұрамын», – дейді. Айнала тыныштық. Түн ортасы ауа қосты байқауға келіп, есіктен сығаласа, кешегі келген әйел ас пісіруші жігітті өлтіріп, етін отқа қақтап жеп отыр екен. Темірді көрген әйел екі қолын басынан асыра көтеріп, қанталаған екі көзінен от шашып, Темірге қадала қарайды да, бүркітше қомданып, шабуыл жасайды. Темір алдап та үлгермей қалды ма, әлде әйелдің қам-қарекетімен қайратын байқамақ та болған шығар. Оқ жыландай бір атылғанда-ақ, Темірдің үстіндегі қой терісінен тігілген тізеге жетер-жетпес тоны мен сыртындағы жадағай шекпенді қатар айырып түсіреді. Өзіне жармасқан әйелді қайта шабуылға жібермей, әйелдің екі қолын ұстап алады да, байлап тастайды. Әйелдің қолының тырнағы қара құстың тырнағынан бетер, тағы болып кеткенін көреді де, нағыз жез тырнақтың өзі екенін байқайды. «Ал мұның жақтаушылары кім болмақ?» деген ойға келеді де, әйелді екі күн байлаудан шешпейді. Жолдастары әйелді өлтірмек болады. Темір әйелді шешіп жібереді. Содан кейін біраз ізге түсіп көріп еді, жігіттер:

– Орманның қалың қойнауына кіретін із бар, оған атпен жүріп болмайды. Ал із таудың үңгіріне қарай, ілгерілей береді. Іздің өзі біресе түйе табан, біресе тағы бір ұзыншалап келеді де, тағы бірде жоқ болып кетеді, – деп келген еді жылқышылар.

Сонда Темір тұрып:

– Бұл маңда ел жоқ, тек ізге түсіп келетін қарақшылар ғана болмаса, бұл жерде таутайлақтың ізі бар, ол да қауіпті. Ол кездессе, оған бір-екі адамның әлі келмейді. Сондықтан жылқыны кезектесіп күзетеміз. Қоста қалғандар да қарулы әрі сергек болуы керек, – деп түсіндереді.

Талай қиыншылықты бастан кешірген Темір бесаспап қарулы жігіттерімен елге аман оралды. Қыдырқожа Маңғыстау жағын жайлаған екен. Бірнеше ай хабарсыз кеткен Темірден де, жылқыдан да күдер үзіп отырған Қыдырқожаға Темір келіп сәлемдеседі.

Сонда ол Темірге:

– Түлкілімісің, күлкілімісің? – дейді.

Темір:

– Түлкілімін, – деп жауап береді. Қыдырқожаның «түлкілімісің» дегені: «Қырмызы қызыл түлкідей құлпырып келдің бе?» – дегені еді. Ал «күлкілімісің» дегені: «Тігерге тұяқ қалмай қырылып, елге күлкі болып келдің бе?» – дегені екен. Елде жұт болып, тігерге тұяқ қалмағандар көп болған екен.

Қыдырқожа Темірге қатты риза болып:

– Қайда барсаң да есен-аман келесің-ау, батырым! Енді сенің атың Есентемір болсын, – деген екен. Ел жиып, бұдан былай аты «Есентемір» болады деп хабарлаған екен.

Қазір сол әділетсіз ханнан қарғыс алғанмен, әділетті ханың алғысы қабыл болып, Есентемірден бір рулы ел тарайды.

264. [Темірдің “Есентемір” аталуы]

(ІІ нұсқа) Сол заманда, Ұлы жүзден Байбоз деген биді қысастықпен өлтіріп, елінен қашып кеткен Темір деген жас жігіт Кіші Жүзге барып, Қыдырқожаның (Байдың) ұлы Қыдырсиықтың қолына келіп паналапты. Қыдырқожа бай еті тірі, пысықша келген жігіт болғандықтан, оны өз қарамағына алып, жылқысын бақтырып қойыпты. Бір жылы қыс қатты болып, ұдайы боран соғып, мал жұтап, қаһарлы қысқа шыдамай жылқы белгісіз бір жаққа қарай, желдің ығына ығып кетіпті дейді. Темір де жылқымен бірге ығады, жылқыдан айрылмайды да, қайда кеткені белгісіз, ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Бай жылқы мен Темірді іздеп, сұрау салады. Жылқысын қимай қиналады. “Көрдім, білдім” хабар болмайды. Дегенмен «есен-аман жүрсе, бір хабары келер» деген оймен шыдамдылық жасап отыра береді. Қатты қыс өтіп, көктем де келеді. Жылқы жұтамай, қыстан аман шығыпты. Темір сол шуақты көктемнің бір күні биелерін құлындатып болып, енесінің ізіне ертіп, малды көбейтіп, жылқысын айдап, есен-аман елге қайтып келіпті. Бай атамыз жылқысының жұтамай, түгел төлін ертіп келгеніне қуанып, жігіттің ерлігіне, есен-аман қайтып оралғанына ризашылығын білдіріп той жасап, елді жиып ас беріп, Темір есіміне есен-аман қауышқанының белгісі ретінде “есен” деген сөз қосып: «Есентемір» деп атапты. Сөйтіп, сонан бастап жігіт Есентемір атанған. Бай Есентемірге өзінің қызын некелеп қосып, отау тігіп, алдына мал салып, бір шаңырақ етіп шығарып, Қыдырқисықтың қарамағына беріпті.

265. Темірдің «Есентемір» атануы

(ІІІ нұсқа) Қазақтың қария сөзінде: Алшынның Сыр бойын қоныстап қалған Байқожа деген немересі ауыл-аймағымен жаугершілікке ұшырайды. Сол жаугершілікте Байқожа өз кіндігінен туған Ата, Қалпақ, Естай деген балаларымен бірге жау қолынан қаза табады. Осылардың ішінде Атаның Темір деген баласы ғана тірі қалады. Темір бүкіл әулеттегі жетім-жесір қалғандарды ертіп, атасы Қыдырқожаның (Байұлы) қолына көшіп келеді. Малы көп болған соң “Бай” атанған Қыдырқожа Темірге жылқысын бақтырады. Бір жылы қыс қатты болып, Темір қалың жылқымен бірге ығып кетеді. Боран басылған соң, Қыдырқожаның жігіттері мал амандауға шығады. Алайда, Темірді де, ол бағып жүрген қалың жылқыны да таба алмайды. Аяқ жетер сұрау салады, бірақ еш дерек болмайды. Ел-жұрт Темірден де, жылқыдан да күдер үзе бастайды. Содан қар кетіп, жер көгеріп, ауыл-ел желпініп жайлауға шыққан күндердің бірінде көкжиектен мұнартып шаң көтеріледі. «Жау ма, дос па?» деп үрпиіскен ауыл-үйдің адамдарынан оқшаулау шығып, Қыдырқожа да көз тігеді. Әлден уақытта белгілі болады, жер қайысқан қалың жылқы ауылға беттеп келеді. Қалың жылқыны бастап алпамсадай Темір ат үстінде келе жатса керек. Сонда көңілі өскен Қыдырқожа “Темірім есен екен ғой!” – деп дауыстап жіберіпті. Темірдің “Есентемір” атануы осыдан еді дейді.

266. Есентемір туралы

(ІҮ нұсқа) Алтай, Елтай жауда атысып, Алтай қаза табады. Елтай жеңгесімен қашып Қыдырқожаның қол астына келіп паналайды. Сол әйелдің ішінде келген баланың атын дүниеге шыққан соң «Беріш» қояды. Сол әйелді кейін Қыдырқожа алып, одан Таз туады. Қыдырқожа бай ауылында жоқ мезгілінде оның ауылын жау келіп, қамайды. Қашып келіп паналаған Елтай жаудың алдынан шығып қайрат көрсетіп, қашқан жауды тоқтатып, кері қайырады. Қыдырқожа келген соң оның бәйбішесі бұл жайларды қожаға айтып: “Елтай ер жігіт екен, ауылды жаудан аман алып қалды”, – дейді. Бай Елтайдың қайратына разы болып, ер жетіп отырған қызын беріпті. Одан Алтай туыпты, Адайды «жиен» дейтін себебі – осы. Есентемір емес, оның шын аты Темір екен. Шеттен келіп Қыдырқожаға паналаған жігіт екен. Бір жылы қыста байдың жылқысымен отарға кетеді. Жазғытұры жылқыны түгел аман-есен айдап алып келеді. Бай оның қайратына разы болып “есен” деген сөзді қосып, оған әйел алып береді. Осыдан кейін ол «Есентемір» атанып, баласы болып кетеді.

267. [Есентемір]

(Ү нұсқа) Есентемір Қыдырқожа байға жылқышы болған. Сауыт-сайман асынып, батыр атанған. Төрт баланың үлкені Есентемір екен. Қыдырқожа бай жұтқа ұшырайды. Ол кезде Есентемірдің аты Темір көрінеді. Темір жылқыға жайлы қоныс іздеп, оны «Шетпе» маңынан тапқан екен. Бай Темірдің тапқан қонысына бар жылқысын айдатып жібереді. Қыс өте қатты болады. Төрт жігіт қыстан жылқыны шығынсыз, аман-екен алып шығады. Жылқыларды елге айдап келе жатқанда Темірдің астындағы қаракөк ат жер танып, кісінеп жібереді. Қыдырқожаның қызы Темірдің қаракөк атының дауысын естігенде: “Бай өзімнен туған бала емес қой, малдан да, баладан да айрылдым ғой!» – деп уайымдап, қыр басыңда отырады екен. Байға малдың келе жатқанын хабарлайды. Бай Темірге риза болып, аман-есен келгендіктен “Есентемір” деп атақ береді. Солай Темір енді «Есентемір» атанады. Есентемірдің жоқтығын пайдаланып, Алқожа байдың бел балалары: Ата, Елтай, Естай Қалпаққа енші бермей, оны бөлек қондырады. Мұны естіген Есентемір үшеуін бір пәлеге – «барса, келмеске» жіберу үшін, ұрындыру үшін: «Күміс құйрық күрең айғырдың үйірі бар, соны айдап келіңдер!» – депті. Үшеуі барғалы жатқанда, Қыдырқожа бұл Есентемірдің ісі деп, туысының балаларын жібермейді.

268. Есентемір

(ҮІ нұсқа) Арғында Құбаның баласы Темір деген кісі болған. Түбі – Төлеңгіт. Темір еліне симай, Қыдырқожаға келіп паналайды. Қыдырқожа бай болған екен. Темір осы байдың жылқысын бағады. Байдың қызы Күміспен Темір жақындасып қояды. Күміс жүкті болып, түнде босанады. Әкесі қой өргізетін жолға туған баласын шүберекке орап, талға іліп кетеді. Қыдырқожа нәрестені етегіне салып, үйіне әкеледі де, бәйбішесіне: «Не ұлдан, не қыздан болды. Мына баланы бақ!» – деген екен, бәйбіше тілін алмайды. «Қыдырқожаға – Моншақты қара күңге апарып бер!» – дейді. Күң Таз бен Адайды қатар емізеді. Екеуі бір-біріне тете екен. «Таз бен Адай – егіз, Егіздетіп еміз» деген мәтел содан қалған екен. Темір байдың жылқысын жұттан аман алып шығады. Отардан жылқыны елге айдап келе жатқанда байдың қызы Қоңыр айғырдың даусын естиді. Бай: «Темір өзімнен туған бала емес, малдан айрылдым- ау!» – деп уайымдап, төбенің үстінде отырса керек. Темір Сары жорғаға мініп, қыздың қара жорғасын жетегіне алып, төбеде отырған байға келіп, сәлем береді. Бай Темірге:

– Аман-есен келдің бе, Қарағым! – депті. Темір:

– Алшыншара мінген ат өлді. Қақшеке мінген тай өлді, кәрі бие өлді. Басқа жылқы аман, – депті. Бай қуанып, дін риза болыпты. Байдың бәйбішесі қызы Күмістің некесін қидырып, Темірге қосады. Тағы да жүкті болып, ұл туады. Жылқы аман-есен келген жылы туған бала еді деп, атын Есен қояды. Әкелі-балалы екеуінің аты қатар айтылып, Есентемір деген ру атына ие болған.

Ү. ЖАППАС (АЛТЫН-ЖАППАС) РУЫ

269. Жаппас қойылуы

Кіші жүз Байұлы тайпасының құрамындағы он екі атаның бірі – Жаппас. Жаппастың шешесі Тобан бибі тоқал болып босаға аттаса керек. Келін болып түскен үйінің бәйбішесі адуын адам екен дейді. Тобан бибі Жаппасты табарда ауыл-ел көшіп жатыпты. Адуын бәйбіше жаппа тігіп беріпті де, Тобан бибіні жұртқа тастап кетіпті. Содан, жаппаның астында туған соң баланың атын «Жаппас» қойып еді дейді.

270. Алтын-Жаппас

Жаппасты Алтын төрт баласына қосып бесінші бала етіп, асырап өсіріпті. Сөйтіп, ол төрт бала «біз Алтынбыз» деп, ал Жаппаспен бірігіп, кейін “Алтын–Жаппас” руы атанған.

271. Алтын–Жаппас туралы

Халық арасында тараған ауыз екі шежіреде Кіші жүздің қабырғалы Байұлы бірлестігі он екі атадан тұрады делінеді. Ол көбінде былай тізбектеледі: Шеркеш, Есентемір, Таз, Ысық, Адай, Беріш, Байбақты, Қызылқұрт, Тана, Масқар, Алаша, Алтын, Жаппас. Бірақ санамалай келгенде олардың біреуі артық болып келеді. Кіші жүздің Батыс бетінен келген шежірелерде өздерінен қашықтау Сыр бойы мен Ырғыз жақты мекендейтін Алтынды санаққа қоса бермейді де, оны бірде: «Алтын – қыздың аты, ұзатылған жерінен қайтып келіп, туысы Жаппаспен қоныстас болады, содан Алтын-Жаппас атанады», – десе, екінші бір шежіреде: «Жаппастың шешесі Алтын Орта жүз Қыпшақтың қызы екен. Кейбіреулер «Алтын–Жаппас» деп шешесін баласына қосып, Байұлын 13 атаға жеткізеді», – деп түйеді. Келесі бірінде «Алтын Жаппастың қызы екен. Адайдың баласы Келімбердінің Ақпан деген баласына шығыпты. Ақпан мезгілсіз өліп, жесір қалады. Әмеңгерлік заңына көнбей төркінінің маңына көшіп келіп, өз алдына Алтын деген ру болып қалыптасып кетеді», – делінеді. Ал Алтын елінің шежірешілері Бақтысиықтың (немесе Қыдырсиықтың) бәйбішесінен Алтын, тоқалы Самса шешемізден Жаппас туыпты. Екеуі еншілес болғандықтан, қатар аталады», – деп түйеді де, өздері тарпынан он екі ата Байұлына Тананы немесе Байбақтыны (екеуін бір-бірінің баласы деп) қоспайды.

272. Шыбар айғыр туралы

Келбағыстың (Шыбар айғыр) атасы Кенел жас шағында үйін елінен шыққан Өміржол деген байдың қызы Ақшыраққа көңіл қосып жүргенде, қыз әкесі бұлардың махаббаиына ырық бермей, басқа бір байға бермекші болғанда Кенел ол байдың ұлын өлтіріп, Ақшырақты алып қашып кетіпті. Кейін Үйсін елінің қыз жағы да, ұл жағы да дау көтеріп, рулар ара кереғарлықтар туылады. Сонан үш жүздің бас қосқан жиынында әр жүзден адам шығып үш жыл іздетуді, табылмаса, 100 жылға дейін күтуді, сол арада білінсе, Орта жүзден үш адамның құнын алуды кесім етіпті. Арт жағы осындай ауыр зардапқа жолыққандықтан, Кенел өз атын Мұғұлға өзгертіп, қырғыз елінің Мұндыр руына барып (олардың жиен күйеуі болғансып) сіңген екен. Бұлар осы арада мекендеп, өсіп өркен жаяды. Өз тектерін айтпауға ант ішкендіктен, қатты сыр сақтайды. Кейін Келбағыс балаларын алып, өз елі Жаппасты табады. Сонда әкенің де, баланың да бір жаққа шықса мінетін бір тал шыбар айғыры бар екен. Ел оларды «Шыбар айғырлы» деп жүріп, оның ұрпақтары «Шыбарайғыр» атанып кеткен екен

273. [Алтын –Жаппас]

Енді бір сәт осы шежіреші жазған аңызға құлақ түріп көріңіз: Бір жаугершілікте Әлқожа мен Асанқожа бірдей қаза табады да, әмеңгерлік заңы бойынша олардың жесірін жасы кіші Қыдырқожа алады. Нұрқожа да сол ұрыста жарақат алып, кейін қайтыс болады. Әлқожаның жесірі Қыдырқожаға әйел боп келген соң: “Ішім әуелден ауырады, бершімегім бар”, – деп сылтау айта бастайды. Сол себепті дүниеге келген баланың атын Беріш деп атайды. Ал Асанқожаның жесіріне Сәду, Салау деген екі ұл еріп келеді. Қыдырқожа оларды аса ұнатпаса керек, Сәдуді тіксінген ұсқынына қарай «Ожырай» деп, ал Салауды мінезіне орай «Жаппас» деп атайды. Өзін кемсіткен сөзге арланған Ожырай (Сәду) өкпелеп, нағашы жұртына көшіп кетеді. Бай өзінен туған Алтын атты қызға Жаппасты еншілес етіп, Ожырайдың жұртына апарып қондырады. “Ожырай кетсе, орнынан, Жаппас қонар жұртына” дейтін мәтел содан қалған деседі.

ҮІ. ТАЗ РУЫ

274. «Таз» атануы

(І нұсқа) Байдың үйінде жаугершілікте қалмақтан алып келген қызметші бір қыз жүреді екен. Мойнында моншақ тағып жүргендіктен оны «Моншақ» деп атап кетіпті. Сонымен қатар Ерназар («Қалпақ» атанған) деген басы таз жігіт малын бағып, жалшылықта жүріпті. Бай Моншақты сол Ерназарға некелеп қосады. Бұлардан бір ұл туып, атын «Таз» деп қойыпты. Кейін Таз да Байдың бір баласы есебінде саналып кетіпті.

275. (Таз руы атануы)

(ІІ нұсқа) Қыдырқожа тағы бір жаугершілік кезінде қарсы жақтың 14-15 жасар қалмақтың қара қызын қолға түсіріп, ат артына мінгестіріп әкеледі. Қыз қазақшаға түсінбегендіктен, өзінің атын айта алмайды да, Бай оны бетіндегі меңіне және мойнындағы моншағына қарап: “Меңді қара, моншақты күң” деп атайды. Бұдан туған ұлдың атын Таз қояды.

ҮІІ. БАЙБАҚТЫ РУЫ

276. [Алаша-Байбақты атануы]

Кейбір материалда Сұлтансиықтың блалалары: Асқар, Масқар, Алаша, Тана, Алқа. Асқардың лақап аты Жабу екен. Оның себебі Асқардың кірпігі көзін жауып тұрады екен, сондықтан «Жабу» атаныпты. Асқар өлгеннен кейін Шешемізді Танаға атастырыпты. Одан Қараман, Қалқаман туады. Асардан Байбақты, Жанбақты, Тынбақты туады. Байбақты өсіп ержеткен соң, өгей әкесі Тақамен араздасып Алашаға барып бірігеді. Алашамен бірлесіп күш алады, екі інісімен өз алдына бөлек ру болады, таңба алады. Сондықтан да ел арасында ру сұрасқанда: “Алаша– Байбақтымыз” деп айтады.

ҮІІІ. ӘЛІМҰЛЫ

277. [Әлім ата балаларының ру таңбаларын алуы]

(І нұсқа) Әр рудың өз таңбасы болған. Ол таңба сол рудың малын бірден тануға мүмкіндік берген. Сырт көз жайылып жатқан түлікті көріп: “Мынау пәлен рудың малы екен”, – деп таниды екен. Рулық таңбалар Әлім аталарында да бар. Олар жайлы кішкене әңгіме-хикаят мынадай: Әлім балаларының алдына аттарды әкеліп: “Ал өз таңбаларыңды басыңдар!” – дейді. Сонда үлкен баласы Жаманақ аттың сауырына айқасқан қос шек (X) салыпты. Содан «Шекті» атаныпты дейді. Бұл таңбаны баласының аттың сауырына салғанын көріп, Әлім ақсақал: “Балам, сауырлы ел боларсың”, – депті. Енді кезек Ұланақ–Сасықбайға келеді. Ұланақ бір шетін жамбасқа, төменгі жағын шідерлікке келтіріп шақпақ таңба салады. Сонда Әлім ақсақал: “Балам, сен де жанбастан қалмайтын болдың ғой!” – депті. Кезек Қарамашаққа келеді. Қарамашақ келеді де, таңбасын сызық етіп аттың қабырғасынан сүбесіне (бұны «көсеу таңба» дейді) дейін тартып жібереді. Сонда Әлім ақсақал: “Балам, қабырғалы ел болатын болдың”, – депті. Айнықтың таңбасы жоқ, ерте өледі. Ал Тегінболат–Қарасақалдың, Тойқожаның таңбаларын ұшырата алмадық.

ІХ ҚАРАКЕСЕК РУЫ

278. Қаракесек

Кәдірқожа жарлы, кедейлеу болып өседі. Оның үстіне бір жылдары оның үй-жайы, қора-жайы өртеніп кетеді. “Өрт қырсықты ала кетеді”, – деп халық айтқандай, сол өрттен соң атамыздың дәулеті өсіп, ықпалы жүре бастайды. Үйге қонақ айналып, той думан жиі болып тұратын қалге жетеді. Бай атанады. Жалғыз ұлы Қаракесек те ер жетіп, жігіт болады. Әкесінің дәулетімен ұлы Қаракесек – “Қаракесек бай” атанады, би болады. Кәдірқожа қалың мал беріп, ұлына бір байдың Ханбибі деген қызына құда түсіп, айттырып қойған еді. Сол келінді түсіреміз деп жүргенде қыз үйінде отырып, кімнен екені белгісіз, екіқабат болып қалған дейді. Оған дейін Қаракесек атамыз “ұрын” бармаса керек. Оған қарамай, құдалардың сыйластығы мықты болуы керек, Ханбибіні Қаракесекке алып беріпті дейді. Келін болып түскеннен соң, көп ұзамай Ханбибі әжеміз бір ұл туыпты, атын Байсары деп қойыпты. Кейін ел ішінде: “Атасыз туған Байсары” деп аталып кеткен екен дейді. Байсары үш жасқа толғанда шешесі Ханбибі қайтыс болып кетіпті. Жылын бергеннен кейін, қайын атасы бұрынғы қызының үйінен екіқабат болып келгенін бетіне баспай, алып кеткеніне разы болып, енді үйіндегі жас қызы Қағаз сұлуды (Ханбибінің сіңілісі) қалың малсыз Қаракесекке әйелдікке беріпті дейді. Міне, осы шешемізден – Әлім мен Шөмен туыпты.

279. “Қаракесек” деп Ұланақтың аталу себебі

(І нұсқа) Ұланақ туысынан кедей, жарлы болған екен. Оның үстіне Ұланақтың өзі шатақ, тезқатар болыпты дейді қариялар. Осы мінезіне қарай, ол көптен бөлек, оқшау отырады екен. Келген адамға мезірет айтпайды. Бір күні оның қора-қопсысы, үй-жайы өртеніп кетеді. Орнында тек қара кесегі мен күлі ғана қалады. Оны көрген адамдар Ұланақты табалау мақсатымен: “Әшиінде қара кесегі шығып жүретін сорлының, енді қара кесегіне қосылып қара күлі шығыпты ғой! – деп, “Қара кесек” деп айта бергендіктен, Қаракесек атанып кетеді дейді қариялар

280. [Ұланақтың «Қаракесек» аталуы]

(ІІ нұсқа) Алты аталы Әлім – көп өскен ел. Әлімнің бір баласы Ұланақтың жанама аты «Қаракесек» деп атануын шежірешілер былай түсіндіреді: Қаракесек қартайған шағында кіші немерелерінің бірі Ұланақты қолына алып, өз баласы ретінде “сасығым!” деп еркелетіп өсірген екен дейді. Ақырында Қаракесек өлгесін, қара шаңыраққа Ұланақ ие болып, өзге жұрт содан оны Қаракесек деп атап кетеді. Үлкен Қаракесек, Кіші қаракесек аталу себептері осыдан.

281. (Қаракесек руы атануы)

(ІІІ нұсқа) Қаракесек (Ұланақ–Сасықбай). Ұраны – Ақпан (әулие). Ұланақ– Сасықбай: Есіл, Тобыл (Тепер). Осы екі ұлдан тараған ұрпақтар “Қаракесек” руы атанып кеткен. Оның мәнісі былай еді дейді, Серікбай көкем: Қаракесек бай (Байсары, Әлім және Шөменнің әкесі) қартайған кезінде жас әйел алып, балалары Әлім және Шөменнен бөлек отырыпты дейді. Бірақ бұл әйелінен бала болмайды да, Қаракесек атамыз Әлімнің тоқалы Күлтебикенің қолында болып, Ұланақты – немересін сүйіп, қолына алып, еркелетіп өсіріпті. Күлтебике әжеміз салақтау болса керек, үйі кір-қожалақ сасып жататын еді дейді. Атамыз Ұланақты, құйрық-жалына қызылды-жасылды күлтелеп тұмар таққан, әдемі көк сауырлап күмістен шегелеген ер салған, оюлы өрнекті жабу жапқан құнанға мінгізіп қояды екен де, сол Күлтебикеден туған немересін: “Күлтелі сасығым, осы балам бай болады, Сасық бай болады”, – деп, алдына алып отырғанда бетінен сүйеді екен. Сонан ол бала “Күлтелі Сасық”, кейін “Сасықбай” атанып кетіпті. Ал сол Сасықбай (Ұланақ) өз әкесі Әлімді атамай: “Мен Қаракесектің баласымын”, – деп, еркелеп өсіпті. Ер жеткен соң Ұланаққа әйел алып беріп, Қаракесек бай Ұланақтың әйелін – келінін жұмсап, осы үйде қартайып, өлгенде осы үйден шығарылып, Ұланақ атасының шаңырағының егесі болып қалыпты. Осыған орай Ұланақтың ұрпағы кейін атасының атымен “Қаракесек” руы атағын иемденіп қалыпты.

282. Тобылдың “Қазан тебер” немесе “Тепер” деп атанғаны

Тобыл – “Қазан тебер” немесе “Тепер” деп атанған. Оның мәнісі: Тобыл өте тентек болып өсіпті, әпербақан, ұр да жық, мінезі жағымсыз, бірбеткей бала екен дейді. Бірде Есіл мен Тобылға енші бөліп беріп, елге ас бергелі мал сойғызып, астырып жатқанда Тобыл өзіне бөлінген еншіге риза болмай, өкпелеп, ет асылып жатқан қазанды теуіп, төңкеріп кеткен көрінеді. Сонан бастап ол: “Қазан тебер”, кейін “Тепер” атанып кетіпті, ал оның ұрпақтары кейіннен “Тепер Қаракесек” руы атанған дейді.

283. [Қасай-Қаракесек]

Жақау он алты жасқа толғанда, әдейілеп іздеп нағашысы Қобыландының аулына барыпты дейді. Онан ешкім жөн сұрамапты, өзі де өзін таныстырып ештеңе айтпай, көптің бірі болып жүре беріпті. Қыс өтіп, қар еріп, көктем шығатын кезде Жақау жылқышыларға қосып баққызып қойған атын алдырып, ерттеп, еліне қайтқалы жатқанда Қобыланды шал: “Сен бала, былтыр келдің, биыл кетейін деп тұрсың, неғып жүрген жансың?” – деп сұрапты. Сонда Жақау: “Мен сенің жиенің боламын, сіздің қарындасыңыздан туған баламын, нағашымның – сіздің ауылға әдейі іздеп былтыр келіп едім, менен ешкім жөн сұрамады, енді еліме қайтқалы тұрмын”, – деп жауап беріпті. Қобыланды шал ойланып тұрып, онша мән беріңкіремей, ашыла қоймай: “Онда, мал алып қайта ғой!” – депті. Осы кезде Жақау атына мініп, үндемей жүре беріпті. Сонда Қобыланды қасындағыларға қарап: “Мына баланың артынан қарап бақылаңдар, байқаңдар! Кетіп бара жатқанда, атын тебінбес, атын қамшыламас, артына қайырылып қарамас. Осы айтқаным тура келсе кері, шақырып әкеліңдер!” – депті. Айтқанындай солай болады да, баланы кері шақырып Қобыландыға алып келеді. Оның жиендігіне сеніңкіремей тұрған Қобыланды сонда: “Жиен болсаң, боларсың, мына сауытты киіп кет, саған сыйға бергенім”, – деп, өзінің сауытын берген екен дейді. Кейін Жақау батыр сол сауытты киіп, бірнеше рет жауға шапқан екен дейді. Өлерінде сауытын ұлы Қасаболатқа қалдырыпты, ал қазір қайда, кімде екенін білмеймін деп Серікбай көкем айтып отыратын еді. Себебі Серікбай көкемнің түп нағашысы осы қаракесектер болатын. Сонда көкем нағашыларын үлкен мақтанышпен айтып, есіне түсіріп, дұға етіп отырады екен-ау!? Ол әруақтардың жандары жәннатта болсын! Жақау батыр бірнеше әйел алған көрінеді. Бәйбішеден Әтеке деген балалы болыпты, онан – Аталық, онан Тінібек туыпты. Жақау батыр қалмақтармен соғыста жүргенде бәйбішесі қайтыс болыпты. Ағайындары Жақауға сыртынан үйінде қызметші болып жүрген Нәбира деген қызды әйелдікке ұйғарып қойыпты. Соғыстан қайтып оралған ол ағайындарының ұйғарымына мақұлдасып, сол қызды әйелдікке алыпты. Сол Нәбира тоқалдан Аман мен Түмен деген екі балалы болыпты. Қайтыс болған бұрынғы бәйбішесінің төркіндері Нәбираны Жақауға қосыпты деген сөзді естіп, келіп: “Қызымның ақ төсегін есікте жүрген күңге бастырмаймын!” – деп, үйіндегі екінші қызын Жақауға әйелдікке беріпті. Осы әйелінен Жақсылық деген ұл туыпты. Онан кейін Жақау төртінші әйел алған көрінеді. Бұл әйелінен Ноғай, Шоңай деген екі балалы болыпты. Бір соғыста күймелі арбасымен Қалмақ ханының Қасай, Жекей деген екі қыздары тұтқындалып, Жақау батырдың қолына түседі. Жекейді Шыңғыс атамыз тауып алып, бала қылған Қалудың (Мәкудің) ұлы Бөлекке тоқалдыққа береді де, Қасай қызды Жақау батыр өзі тоқалдыққа алыпты. Осы әйелі Қасайдан Қасаболат, Малайсары және Шой деген үш ұлды болыпты. Осы үш ұлдан тараған ұрпақтар өздерін “Қасай Қаракесекпіз” деп, шешесінің атымен ру атандырған дейді.

284. [“Қаракесек” деп атанудың мәнісі]

(ІҮ нұсқа) Қадірқожа ырсиған жарлы, қу кедей болып өседі. Кедейлігінің үстіне, бір жылдары Қадірқожаның үй-жайы, қора-қопсысы дымы қалмай өртеніп кетеді. Орнында тек бұрқыраған қара күлі мен күйген қара кесегі ғана қалады. Қара кесегі шығып, күлі бұрқырап ұшып жатқан қора-қопсының орнын көріп, қазымыр, күншіл адамдар: “Жарлылықтан ыңғыршағы айналып отырған Қадірқожа сорлыға, жаман лашығы да, көне бақтық қарасы да бұйырмай өртеніп кетіп, қасқаның қара кесегі ғана қалған екен ғой деп кекетіп, мұқатып табалаудан келіп: “Қаракесек” атанып кетеді.

Х. ШЕКТІ РУЫ

285. Шекті

(І нұсқа) Әлім, оның баласы Жаманақ мал біткен адамдар болыпты. Үйір-үйір жылқыны бір-бірлеп ұстап, оларға жеке-жеке таңба басуды қиынсынып, өтіп бара жатқан таңбасыз жылқының санына қайнап тұрған май шашады екен. Ыстық май жылқының терісін күйдіріп, түгін сыдырып, сорғайлай ағады. Кейін, жылқының май күйдірген жеріне шектей шұбатылған тыртық таңба пайда болады. Жаманақтың “Шекті” аталуы осыдан еді дейді.

286. [Жаманақтың “Шекті” аталуы]

(ІІ нұсқа) Әлім атамыз малы көп бай болыпты дейді. Қаратау мен Ұлытау ортасында, Айыртау маңындағы жайлауда отырған екен. Бір күні Әлім атамыз үш баласын – Жаманақ, Қарамашақ, Ұланақты шақырып жинап алып: “Кәне, мініп жүрген аттарыңа әрқайсыларың өз таңбаларыңды басыңдар, кейін осы таңбаны өздеріңе тиісті малдарыңа, жылқыларыңа басыңдар!” – депті. Сонда Әлімнің үлкен ұлы Жаманақ атының екі танауын тіліп, атының сауырына қос шек таңба салыпты. Мұны көріп тұрған Әлім: “Балам, Сауырлы ел боларсың”, – деген екен дейді. Сөйтіп кейін Жаманақ барлық малдарына осы “Шек” таңбасын салғызыпты. Далада жайылымда жайылып жүрген көп малдың “Шек” таңбасын көріп, басқа жұрттар: “Мына жатқан “Шек” таңбалы малдар Жаманақ ағамыздың малы, ағаның малына тимеңдер!” – деп айтып жүріпті. Міне осыдан Шек – Шекті атауы елге таралып, Жаманақтың ұрпақтары кейін “Шекті елі” деп аталып кетіпті.

287.Жаманақ руының “Шекті” деп атануының мәнісі

(ІІІ нұсқа) Жаманақ аулының бір күні үлкен асы болады. Асқа Әлім әулетінің барлық аталықтары қатысады. Асқа сойылған қыруар малдың ішек-қарнына жаманақтың балалары өзара таласып, төбелеседі. Төбелес үлкенге кетеді. Ақыры төбелес басылмаған соң араға ақсақалдар түсіп, төбелесті басады. Төбелесті басқан ақсақалдар, төбелестің басталған оқиғасын сұраса, төбелестің басы – ішек пен қарыннан шыққаны анықталады. Осыдан бастап жаманақтың тұқымын: «Ішекке төбелескен ішекті – деп аталып кетіп еді» деп баяндайды шежіреші қариялар.

288. Асан батыр

Асан батырдың жұбайы Мақпал шешеміз текті, тәрбиелі, ақылды, парасатты адам болған екен дейді. Қазіргі “Қамыстыбас” темір жолы бекетінің қасыңдағы “Ақирек” алқабының бір бөлік көлі сол шешеміздің атымен “Мақпал көл” атаныпты. Асан батыр Жалаңтөс батырмен тұстас ғұмыр кешкен, Жоңғар қалмақтарымен соғысқа қатысқан. Жақайым атамыз асқан бай болған екен. Бір жылы қалмақтар барымталап Жақайымның жылқыларын қуып, айдап алып кетіпті. Олардың ізінен Асан батыр бастаған топ қуып жетіп, қалмақтарды көп шығынға ұшыратып, жылқыларын қайырып алады, бірақ Асанның өзі жиырма үш жасында сол соғыста шейіт болыпты. Алла аузына салып, алдын болжағандай, ол соғысқа аттанар алдында: “Жұбайым Мақпал екіқабат еді, егер осы соғыстан келмей қалсам, түс көрдім, атым өшпесін, Мақпал ұл туса, атын Асан қойыңдар!» – депті. Мақпал шешеміз ұл туып атын қайтадан Асан деп қойыпты. Кейін бір баласымен жесір қалған Мақпалды немере қайнысы Көгістің баласы Көлімбетке некелеп қосыпты. Мақпал әжеміз Көлімбеттен Айтымбет, Дандай, Баселек, Бозтай деген төрт ұлды болыпты. Асан мен Көлімбет ұрпақтары шешелес, Мақпал әжемізден туып, тараған еді дейді. Әкеден жетім Асан да ер жетіп, батыр жігіт болып өсіпті, үш әйел алып, онан «Тоғыз арыс Асан» тайпасының ұрпақтары тараған. Ұрпақтарының ұраны – “Сартай”. Кіші Асан атамыз асқан батыр болған, қалмақтармен соғысқа қатысқан, Сол бір жылдары қалмақтармен соғысып, жеңіп, көп олжамен ауылына қайтып оралғанда, Тоқбике әжеміз – Асанның әйелі екіқабат екен, келу қарсаңында босанып, ұл туыпты. Көп олжамен соғыстан қайтып оралған Асан қуанып сол баласының атын Олжа деп қойыпты. Тағы да бір жаугершіліктен қайтқанда, үйіне келгенде екіқабат әжеміз Тоқбике қодас етіне жерік екенін айтыпты. Атамыз аңға шықса үш қодас алдынан қашыпты. Үшеуін де ұстап алып, олардың екеуін босатып жіберіпті де, біреуін жерік болған әжемізге әкеліп сойып, асып, жегізіп жерігін қандырыпты. Осыдан кейін әйелі бір ұл туып, атын Қодас қойыпты. Олжадан – Есен, ал Қодастан – Шеру, екі арыс тайпа ұрпақтар тараған.

289. Бердіңғұл

Осы апамыздың күйеуі бір жаугершілікте шейіт болып кетіпті, апамыз екіқабат жесір қалып, төркініне қайтып келіп отырғанда босанып, ұл туыпты дейді. Сол ұлға атамыз Бердіңғұл: «Бұл бала елге игілікті жақсылық әкелсін!” – деген тілекпен Игілік деп ат қойыпты да: «Бес баламның бірі Дәуленің ізінен ұрпақ тарайтын болды», – деп қуанып, той жасапты. Сонымен Игілік “Бес Бердіңғұлдың” бірі есебінде саналады. Тағы да бір жаугершілікте Саңырық пен Шораны қалмақтар тұтқындап алып кетіпті, ал Мырта үлкен тайқазанды төңкеріп тастап, астына жасырынып қалып қойыпты дейді. Кейін ер жетіп, жігіт болған соң Саңырық пен Шора қалмақтардан қашып шығып, сауда керуеніне еріп жастай кеткендіктен, өзінің туған елінің қайда екенін білмегендіктен, ұзақ жүріп Иранға өтіп кетіпті. Сол елде жүріп үйленіп, ұрпақтап, мал жинап байыған екен дейді. Кейінірек Бердіңғұлдың Сырлыбайынан шыққан Байсалбай болыс туыстарын іздеп Иранға барып, оның ұрпақтарымен кездесіп, көрісіп, олармен жолығысып қайтқан еді. Байсалбай бір жылдан кейін Бердіңғұлдың елдегі басқа балаларының ұрпақтарын да Иранға көшіріп апарып, қоныстануға әрекет жасаған еді, бірақ бұлар елден көшпей қойыпты, ал Байсалбай бастаған жұмысын аяқтай алмай қайтыс болып кеткен еді дейді. Сонымен кейін Мырта, Балталы, Жаманша, Қожас, Игілік ұрпақтары “Бес Бердіңғұл” руы атанып, елге осылай тарап кетті.

ХІ ТӨРТҚАРА РУЫ

290. Төртқара руы

(І нұсқа) Ақманақ өлгенсін, оның әйелі Зылиқаны Тегенболат алады. Одан Пұсарман, Шыңғыр – екі бала туады. Ағасы Сарбас, үшеуі бірдей киінеді. Үшеуде қара сақалды, әдемі көрікті бірдей тең өскен жігітер болады. Сол ізбен барып Үш Қарасақал атанады. Сонда Ақманақ бен Тегенболат екі баласы «Үш Қарасақал» атанып кетеді. Енді бір айта кететін жайт, Майлыбайдан – екі бала туады. Оның аттар шын, аты Сырлыбай, Тойлыбай болады. Екеуі де ожарлау, тентек болады. Алтыншы бала енші алысқанда Сырлыбай еншіге риза болмай: «Мен кетемін, бұл жерде тұрмаймын» деп, төбелес, шатақ шығарады. Содан Тойлыбай адамға қарағанда ожырайып қарайды екен, сол үшін бұл екеуінің аттары «Кете, Ожырай» болып атанып кетеді. Содан кейін ең кенже баласы Ұланақ енші алысқанда, үлкен атасы Қаракесектің шаңырағын басады. Сонымен Қаракесек болып қала береді... Әлімнің 6 баласының біреуі – Қарамашақ, одан туған 4 бала төртеуі де, бірдей тең болып өседі және өте бап болады-мыс. Тойда, аста, жиында төртеуі бірге тізе қосып жүреді, содан халық: «Әй, мына бір төрт қараның жүрген жері айқай-шу, төбелес шығарса, жүрген жерін оңдырмайды, осы бір төрт қара жігіттерден сақтану керек», – деп сөз бола бастапты да, содан барып, аяғында, Қарамашақтың төрт баласы кейінде “Төртқара” делініп атанып кетеді.

291. Қаракісі

Қасым жаужүрек батыр жігіт болған дейді, жоңғарлармен соғыста ол қалмақтарды қыра өлтіріп, көзге түскен екен, сол бір жылғы соғыста қалмақтар жеңіліске ұшырапты. Сол соғысқа қатысқандар: “Қалмақтарды бір ірі қара кісі қыра өлтірді, қалмақтарға бөрідей тиді, алдына жан келтірмеді, келгендерін бір ұрып құлата берді, қайрат-күшіне де болайын, денесіне де болайын, нағыз күш иесі батыр екен”, – деп мадақтапты. Сұрастыра келіп іздестірсе, ол Қасым екен дейді. Ол сол күннен бастап “Қаракісі” атанып кетіпті дейді.

292. Қарамашақ руының “Төртқара” болып атануы

(ІІ нұсқа) Құба қалмақтың қазаққа құтырына тиіп, шабуылдап жүрген кезі еді. Сол қалмаққа қарсы шабуылға шығуға, бүкіл Әлім ұрпағы жиналып кеңес өткізетін болады. Сол жиынға қарамашақтар уақытысында келе алмайды. Жиынға келген адамдар біреуді жіберіп қаратады. Барып қарап келген жігіт: “Алыста төрт қара көрінеді. Олар адам ба, әлде мал ма? Оны айыра алмадым” – дейді. Сол көрінген төрт қара - қарамашақтар болып шығады. Содан бастап “Төртқара” деп аталып кетеді.

293. Қарамашақ (Төртқара)

(ІІІ нұсқа) ...Ол кез – қазақтардың Жоңғар қалмақтарымен жауласып, қайталап шауып, соғысып жүрген уақыты. Әлімнің балалары сол кезде Қаратаудың солтүстігіндегі, Ұлытауға жақын “Айыртау” жайлауында отырған еді дейді. Сол тұста Қарамашақ 21 жасында қалмақтармен соғысып жүріп шейіт болыпты да, Айыртауға жерленіпті, әйелі жесір қалыпты. Қарамашақтың ағасы Жаманақ қамқорлығына алып, Қарамашақтың ағасы Жаманақ қамқорлығына алып, Қарамашақтың әйелін, яғни келінін, жылдық асын берген соң некелеп алыпты. Осы төрт қара балалар Жаманақтың қарамағында қамқорлығында, тәрбиесінде өсіпті. Ал Жаманақ болса осы төртеуіне: “Сен, төрт балаларым, Қарамашақтың баласысыңдар, әкең –Қарамашақ, әкең осы жерде соғыста қайтыс болды, “Айыртауда” жерленді, сендер әкеңнен жас қалдыңдар, әкең Қарамашақ екенін ұмытпаңдар, өскен соң “Айыртаудағы” әкеннің бейітіне келіп зиярат етіп, дұға оқып тұрыңдар, мен сендерді – “төрт қарамды” ер жеткізіп, ел қатарына қосып жіберсем, арманда жастай марқұм болып кеткен інім Қарамашақтың рухы риза болып, оған деген туыстық, ағалық борышымды ақтаған болар едім”, – деп күніне бір рет айтып, сол төрт қара балаларының құлағына құйып, санасына сіңіре берген екен дейді. Шешесі, Қарамашақтың жұбайы, әжеміз ұзақ ғұмыр кешіп, сексеннен асып қайтыс болыпты дейді. Сол төрт қара бала Қарамашақтың (қысқартып “Қараның”) баласымыз деп өсіпті, Жаманақ атамыз осы балаларды тәрбиелеп өсіріп, ер жеткізіп, әйел алып беріп, ел қатарына қосыпты. Отау тігіп, батасын беріп, алдарына мал салып беріпті. Бұл төрт балалар да жауынгер, ер жігіт болып өсіп, қалмақтармен соғысқа қатысыпты. Жауға шапқанда әкесі Қарамашақтың бейітіне барып дұға оқып, сиынып шығатын болыпты да, “Қарамашақ!”, “Қарамашақ!”, “Айыртау!”, “Айыртау!” деп ұрандап, атой салып жауға тиіседі екен дейді. Сонымен сол төрт қара балалардан тараған ұрпақтар: «Қараның (Қарамашақтың) төрт баласынанбыз» деп жүріп, елге “Төртқара” атанып кетіпті де, кейін осы руды “Төртқара” деп атапты. Ал Қарамашақтың жерленген жері “Айыртау” олардың ұранына айналып кетіпті. Айыртау деген “Төртқарада” кісінің аты жоқ.

ХІІ. ҚАРАСАҚАЛ РУЫ

294. Қарасақал

(І нұсқа) Айнықтан бір бала – Сарбас жеке туады. Сарбас онның шамасында еді, ойламаған жерден қалмақтар шабуыл жасап, қамсыз үйде жатқан Айнық батырды қолға түсіріп, Сарбаспен екеуін алып кетеді. Күтініп отырғанда мың адамға бірі өзі болатын Айнық батыр қапылыста қалмақтың қолында кетеді. Сол бетімен Сарбас қалмақта 61 жыл өмір сүреді. Қалмақтан әйел алып, төрт бала көреді. Олар – Өзден, Өзбек, Майлы, Сайлы деген төртеу. Олардың ұрпағы сонда, қалмақ ішінде, бір рулы ел болып отыр. Сарбасы жасында әйел, бала-шағасына қарамай бір ретін тауып, мында аман-есен қашып келіп, еліне қосылады. Әйел алады. Одан – екі бала, Бақтыберлі, Была деген баланы көреді. Міне, осы екі баладан өскен ұрпақтарды: «Сарбас қарасақал» деп атайды. «Қарасақал» деп атанудың мәнісі: Айнық ірі, арыстан кеуде, шомбал, алып күшті балуан, батыр қапасақалды қара кісі болған, содан «қарасақал» атанып кетеді. Тегінболат туралы шежірешілер былай дейді: Әлім атамыз үлкейген шағында, есігінде жүрген жетім қызға неке салады. Осыдан кейін ол қыз екіқабат болып, бір ұл туады. Атын Әлім атам: «Қартайғанымда Құдай бір ұлды тегін берді ғой!» – деп, Тегінболат деп қояды. Ол 17 жасқа толғанда, Айнақты қалмақтар өлтіріп кетеді де, оның әйелін Тегінболат алады. Содан Пұсырман, Шіңір туады. Сондықтан Тегінболаттың ұрпағын да «Қарасақал» деп атаған.

295. Айнықтың “Қарасақал” деп атану мәнісі

(ІІ нұсқа) Ол өте ірі, қапа сақалды, болуан денелі, батыр адам екен. Мөлдірдей қалың қара сақалына қарап жеңгелері: “Қарасақал бала” атай бергендіктен “Қарасақал атанып кетіп еді», – дейді қарттар.

296. [«Үш Қарасақал” атануы]

(ІІІ нұсқа) Ал Айнық пен Тегенболат екеуінің бірдей «Қарасақал» деген жанама атының болуының мәнісі: Айнық сақалы үлкен кісі екен. Ол дүниеден ертерек өтеді де, жесірін Тегенболат алады. Айнықтың баласы Сарбас және Тегенболаттың балалары Пұсырман мен Шіңгірдің жанама атпен “үш Қарасақал” атануының себебі де осыдан.

297. [Қарасақал]

(ІҮ нұсқа) Қалмақтармен болған бір соғыста Айнық баласы Сарбас пен екеуі тұтқындалып, жау қолында кетіпті дейді. Жау қолында тұтқында жүргенде Айнық қайтыс болыпты. Ал Сарбас сол тұтқында жүріп үйленіп, қалмақтан қыз алып, оларға сіңіп, Майлы, Сайлы, Өзден, Өзен деген төрт балалы болыпты. Елден әкесімен бірге тұтқындалып, он бір жасында кеткен Сарбас қалмақ арасында елу жылға жуық жүріпті. Бұлар тұтқындалып, хабарсыз кеткендіктен, біраз жыл өткен соң елде жесір қалған айнықтың әйелін Тегінболатқа некелеп, елдегі туыстары қосыпты. Тегінболат Пұсырман мен Шіңгір атты екі балалы болыпты. Тегінболат – ірі денелі, сақалы қауғадай, қара мұртты, қараторы, сұсты, күшті-қайратты жігіт болса керек қалмақтармен болған бір соғыста батыр қимылдап, жауды қирата қырып- өлтіріп, олардың бетін қайтарып, көзге түсіпті. Сол сапары қазақтар жеңіске жетіпті. Сол күннен бастап оны сол соғысқа қатысқан басқалары: “Қара сақалды батыр жігіт” немесе қысқартып “Қарасақал” деп атап кетіпті.

298. Әлімнің Қарасақал аталығы туралы

(Ү нұсқа) Ертеде қазақ пен қалмақ соғысып, жеңісе алмай, барымталасып жүрген кезі екен. Бір күндері қазақтың ханы қалмақтың жиі тұтқиыл шабуылынан мезі болып, қалмақта кеткен мал-жанын қайтару үшін қол жинап, жорыққа аттаныпты. Барса, қалмақтар қорған ішінде тұрып таспен, садақпен атып, қазақтарды қорғанға жолатпайды. Сөйтіп, бірнеше тәулік қамалды қоршағанмен, жауды ала алмай, ханның әскері қайтуға бет алады. Айнық пен Тегенболат өздерінің аздаған сарбаздарымен ханға келіп: «Қамалды алудың бір жолы бар, әскеріңізді бір күнге кідіртіңіз», – дейді. Басқа шарасы таусылған хан келісімін береді. Хан әскері күн бата еліне қайтқан болып, таң қараңғысында Айнық пен Тегенболат бастаған көп қосын қорғанға жаяу еңбектеп, қамал қақпасын балталап бұзып, қалың атты әскерді ішке кіргізіп, қалмақтарды жеңіп, мал-мүлкін олжалап, еліне қайтыпты. Ел шетіне келген соң олжа бөлісіпті. Олжа бөлушілер бірінші бөлісті ханға, екінші бөлісті билер мен қожаларға, үшінші белісті ханның ұсынысымен: «Қарасақалды екі батырдың арқасында жауды жеңіп, олжа салып отырсыңдар, сондықтан үшінші бөліс олжаның билігін сол екі “Қарасақал батырларға беріңдер”, – депті. Хан нөкерлері: «Екі қарасақал батырларды көрдіңдер ме?», – деп қалың сарбаз ішінен көп іздепті. Ол кезде Айнық пен Тегенболат қасындағы сарбаздарымен көл жағасында жуынып жатса керек. Хан нөкерлері екі батырды тауып, хан алдына апарып, олжадан үлесін беріпті. Екі батырдың “Қарасақал” атануының мәнісі осылай болған екен деген аңыз-әңгіме бар. Айнық пен Тегенболат жауға шапқанда “Алдажарлап” шапса керек, содан Қарасақалдың ұраны “Алдажар” екен. Айнық өте батыр адам болыпты. Бірде тұтқиылдан жау шауып, соғыста жүз адамға пай бермейтін, сауыт-саймансыз, тұсаулы атына жете алмаған Айнық батырға Жем бойында қапылыста оқ тиіп, қаза тауыпты. Он жас шамасындағы баласы Сарыбасты жау қол-аяғын байлап, алып кетіпті. Сол кеткеннен Сарыбас қалмақтың Кесеарқам деген жерінде елу жыл тұрып, үйленіп, Өзен, Өзден, Майлы, Сайлы деген төрт баласы болып, олар батыр болыпты. Олардың ұрпағы «моңғұл ішінде, “Сарыбас” деген ұраны бар, төрт болыс ел бар екен» деген аңыз бар. Сонымен Сарыбас алпыстан асқанда еліне қайтып келіпті. Келген соң ағайындары үйлендіріпті. Сарыбастан: Бақтыберлі, Была – екі бала.

Әлемде алты жүйе, бес шекті көп,
Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп.
Екеуі алты Әлімнің – Қарасақал,
Ішінде бізді айтады «Сарыбасы», –

деп жазған екен Қарасақал Ерімбет.

ХІІІ. КЕТЕ РУЫ

299. Бес Естек

Шежіре сөзінің айтуында Тәуке ханның баласы – Сәмеке (Шахмұхаммед) ханның (т.ж.б.–1738) тұсы болса керек. Сәмеке ханның Орта жүздегі іргелі тайпаларға билігін жүргізіп, ордасын Түркістанда ұстап тұрған кезі еді дейді. Ел іргесі тынышсыз болып тұрған заман. Еділдің құба қалмақтары орысқа арқа сүйеп, елдің тынышын алып болмаған соң, Әбілқайыр хан мен Сәмеке хан тізе қосып, екі дүркін (1723, 1726 жж.) жорық жасайды. Екінші жорықта Аюке ханның баласы Серен Дондық хан бітімге шақырып, содан екі жақ та: “Бесіктегі бала ат жалын тартып мінгенше соғыспайық”, – деп келісіп, қанға қол батырып анттасады. Осы бітімнен кейін Сәмеке хан бастап барған Орта жүздің біраз шаңырағы “Ақтабан шұбырындыдан ес жиғанша” деп, Кіші жүздің жерінде тұрып қалады.

Сол тұрып қалғандардың ішінде Орта жүздің Қаракесегінен шыққан Балта (Балтас) батыр да бар еді дейді. Кешікпей-ақ бұлар ағайын елмен қыз алысып, қыз берісіп, мидай араласып кетеді. Тіптен, тілі мен ділі бір, тағдырлас-қоңсылас естектермен (башқұрттармен) де құдандалы болып, «ауылы аралас, қойы қоралас» дегендей заман болады. Содан, арада біраз уақыт өтеді. Балта батыр қартаяды. Мұнда келген соң туған балаларының өзі атқа мініп, ел қамын ойлайтын жасқа келеді. Бұл кезде орыстар құрығын алысқа сермеп, қалмақ демей, башқұрт демей, қазақ демей өктемдігін үдете түседі. Ақыры сол өктемдікке шыдаймай, Еділ бойының құба қалмағы – қалың торғауыт қиянда жатқан Алтай сыртындағы ата қоныстарына түріле көшеді ғой. Шежіре сөзінде “Шаңды жорық” деп аталатын бұл көш қалмақтарға қайырсыз болған. Алтайға әрбір он қалмақтың бірі ғана ілікті деген сөз бар.

«Шаңды жорық» кезінде қазақ пен қалмақ арасында жойқын ұрыстар болған. Сондай ұрыстардың бірінде қалмақ жағынан шыққан ақ сауытты батырға қарсы екі күн бойы қазақтар жағынан ешкім шықпай қойса керек. Соғыс шарты бойынша “ер кезегі үшке дейін”, жекпе-жекке қазақ жағынан үшінші күні ешкім шықпаса, онда Кіші жүздің Әжібай биі мен Арал батыры бастаған әскер қалмақ көшіне тиіспей, өткізіп жіберулері керек. Бұл – әрине, сүйекке таңба. Осындай сын сәтте, баяғы Сәмеке ханмен келетін Балта батырдың баласы Қармыс батыр Әжібай бидің батасын алып, Арал батырдың қара сауытын киіп, жекпе-жекке шығады. Жекпе-жекте Қармыс қалмақ батырын өлтіреді. Мұнан кейін қазақ әскерлері бел алып, қалмақтарды көп шығынға ұшыратады.

Сол күннің кешінде қазақ қосындары дамылдап жатқан алапты Әжібай би мен Арал батыр аралап, соғыстан кейінгі жағдайды көзбен көрмек болады. Содан, қалың қосынды аралап келе жатса, оңашалау тігілген бес шатырды көреді. Орталарында жалғыз мосыға ілінген шөңкенің астында жалпылдап от жанып жатыр дейді. Жақындап келіп жөн сұраса, бүгінгі жекпе-жекте жеңіске жеткен Қармыс батыр бастаған бес жігіт. Бесеуі де – “сен тұр, мен атайын” дегендей атпал азаматтар. Өре түрегелісіп, үлкендерге сәлем береді. Жөн сұраса келсе, бірі – естек, бірі – түркімен, бірі – ноғай, екеуі қазақ, аласапыран заманда тағдырлас болып, Кіші жүздің ішінде жүргендерін айтады.

Сол жерде дуалы ауыз Әжібай би: “Елмен бірге от кешіп, оққа оранған сендерді бұлай бөлектеуге болмас. Бүгіннен бастап бүкіл әулеттеріңмен бесеуің де бас біріктіріп, “Бес естек” деген ру болыңдар, қалаған жерлеріңнен қоныс алыңдар!” – деген екен.

300. “Кете” атанғаны

(І нұсқа) Байсары бір соғыста қолға түсіп қаза табады да, Кетебикені Әлім алады. Ол Әлімнен Тойқожаны туады. Әлім қайтыс болған соң, Кетебикені Шөмен алып, одан Түменқожа туады. Қаракесектің үш баласының Кетебикеден өрбіген тұқымдары шешесін төңіректеп жүріп, өздері оның атымен “Кете” атанған екен дейді.

301. Құлыс

Сайдан (Сәбден) бір балалы (Ожырай) болғаннан кейін қайтыс болып кетіпті дейді. Оның әйелі Қараға некелейміз десе, Қара көнбей, алмапты. Адамқожа әкесінің айтқанын қылмапты. Сонымен ол жесірді Сарыға некелеп, онан Асан мен Жанбақты туыпты. Бірде Сары би бір тойға бара жатып, жолдан көштен түсіп қалған бір бала тауып алыпты дейді. Баладан:

– Атың кім? – десе:

– Құлыс, – депті.

Үстіндегі белгісін – меңін көріп біліп, бала етіп алуға онымен келісіп, сол барған тойда жар шақырып, баланың белгісін айтып, жиналған жұртқа жария етіп, сүйіншісіне бір құла тай атап, баланы бұрын жоғалтып, енді тауып алып тұрғанына жұртты сендіріп, ауылына алып келіпті. Ауылына келген соң той жасап, балаға Құлсын деп ат қойыпты дейді.

302. [«Кете» руының қалыптасуы]

(ІІ нұсқа) Байсары өлгеннен кейін Кетебике шешеміз екіқабат болып қалып, бір ұл туады. Әлім атамыз ұлдың атын “Тегіннен келген бала” деп, Тегінболат қойып, Кетебикені өзіне некелеп алып, Тегінболатты бала қылып алады. Кетебике Әлімнен бір ұл – Тойқожа туады. Онан кейін Әлім Құба деген шешемізді қыздай алады. Кетебике Әлім өлгесін Шөменге тиіп кетеді, Бозанша мен Тойқожа, Тегінболат Әлімнің қолында қалады. Шөменге тигеннен кейін Кетебике тағы да бір ұл – Түменқожаны туады. Сонымен Байсарыдан туған Бозаншаның, Әлімнен туған Тойқожаның және Шөменнен туған Түменқожаның ұрпақтары Кетебикенің атымен атап: “Біз Кетебикеден туғанбыз” – деп жүріп, “Кете” руы аталып кеткен екен дейді.

303. [Қара Кете]

...Шуақ бала жігіт кезінде еліне симай келіп, Әлімнің Жақайымынан Асан тайпасының ішіне келіп, Тәжібай деген атамыздың қолында іні болып, үш жылдай жүрген екен. Сонан Тәжібайдың әйеліне Шуақ құлаққағыс жасап, келіншек алғысы келгенін, өз алдына үй болғысы келгенін айтыпты. Әжеміз мұны Тәжібай атамызға айтып білдіреді. Ол үлкен ақсақалдарды жинап: «Отырған Қанша қызды оған қос!” – деп ақыл беріпті. Сонымен Қаншаны Шуаққа қосып, өз алдына бір үй етіп, алдына мал салып, Ізбас Асан Тәңірбергеннің ұрпақтарымен еншілес етіп, қасына көшіріп қондырыпты. Ізбасы ішіндегі “Қаракете” атанған дейді. Шуақтың ұрпақтары Жақайымның Асан тайпасына жиен болады.

304. Кетелер туралы

(ІІІ нұсқа) Ауызекі шежіреде Құдиярдың үлкен баласы Қайырбайдың жарлы болғаны айтылады. Оның Қаракесек атануы да осы кедейлігіне байланысты таңылған атау ретінде байыпталады.

Қаракесектің бәйбішесінен Байсары туады. Әйелі көп ұзамай қайтыс боп кеткесін, қайын атасы Қаракесекке екінші қызын да қосады. Одан Әлім, Шөмен туады. Байсарыдан – Бозаншар, Майлыбай деген екі бала. Майлыбайдан ұрпақ болмайды да, Байсарыдан Кете әулеті тарайды. Оның Кете атануы Байсарының Кетебике деген әйелінің атына қатысты делінеді. Байсары бір соғыста қолға түсіп қаза табады да, Кетебикені Әлім алады. Ол Әлімнен Тойқожаны туады. Әлім қайтыс болған соң Кетебикені Шөмен алып, одан Түменқожа туады. Қаракескетің үш баласының Кетебикеден өрбіген тұқымдары шешесін төңіректеп жүріп, өздері оның атымен «Кете» атанған екен дейді. Бозаншар мен Түменқожа ұрпақтары «Ожырайкете», «Қаракете», ал Тойқожа тұқымдары «Ақкете» аталады.

305. [Үш Кете және Майлыбай]

Байсары баласы Майлыбаймен бірге соғыста қолға түсіп, өледі. (Жемнің аяғы Құлсары деген солтүстік шығыста 15 шақырымдай жерде «Бақашы әулие» деген қорым бар. «Бақашы» деп отырғанымыз – Байсары атамыз). Әжібай бастаған батырлар қазіргі Батыс Қазақстан делініп жүрген аймақты қалмақтардан тазарту кезінде жорыққа шығарда, ең әуелі Байсары әулиенің басына келіп тәу ететін көрінеді. Ал «Ақтабан шұбырынды...» жылдары Қаратауға ауып кеткен елді алғаш ата қонысқа бастап келушілер: Адай Есек батыр, Шотан, Шектіден – Сәңкібай, Беріштен – Есболай, Тамадан – Есет, Табыннан Бөкенбай батырлар екен. Олар Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл бойына келгенде Әжібай би бастап келіп, алдымен Байсары қорымына тәу етеді. Қазіргі Жылой ауданының орнында үлкен көл болған көрінеді.

Көл жағасында бір бір лашық тұрады. Батырлар лашыққа келсе, Бадамша есімді кемпір отқа бақа қақтап жеп отыр екен. Сұрастыра келе кемпірдің жасы 100-ден асып кеткенін, бала кезінде қалмақтардың осы араны басып алғанан, осы Байсарының айналасы қазақ пен қалмақтың тоқайласып бітімге келетін, не жауласатын нүктесі болғанын айтады. Жүрер алдында Бадамша әжей Әжібай бастаған топқа: «Әлімнің Құлсары батыры осы жерді азат ету кезінде шейіт болып еді. Сендерге соның ерлігі мен топырақ жасын берсін!» – деп ақ батасын береді.

Бадамша әже дүниеден озғанда Байсары әулиенің қорымына жерленеді. Кете Арал батыр да осында, жасы 100-ге келгенде Әжібай би де дүниеден озғанда осы Байсары қорымына жерленеді Бозаншар әкесінен жастай қалып, Әлімнің тәрбиесінде болады. Бірақ Әлімнің төрт баласы мұны шетқақпай жасай береді. Оны шешесі Кетебике сезіп, біліп жүреді. Осыған намыстанған Бозаншар бір үйір жылқыны айдап, Сыр бойындағы Шөмен ағасының ауылына келеді. Шөмен шаруа кісі болыпты. Біраз уақыттан кейін Бозаншарды үйлендіріп, отау етеді, алдына мал салады.

Бозаншардан Адамқожа, Төменқожа – екі бала туады. Адамқожадан – Сарыкете (Ожырай), Төменқожадан Қаракете, Томпақкете туады. Өз алдына ауыл болып отырады. Бозаншар Әлімнен туған інілерін өзіне тартып, Кете ауылы атануына күш салып, Шөменмен қоныстас бөлек ауыл болып отыруды арман етеді. Оны анасы Кетебике мақұлдап, батасын береді. Тойқожаны екеулеп үгіттейді. «Жастайынан жау қолында қаза болған ағаң Майлыбайды ұран етіңдер, ен-таңбаларын белгілеп, әзірше Кете ауылы болып, отырыңдар! Жүре-бара ұлан-байтақ ел болып кетерсіңдер, – деп анасы батасын береді.

Тойқожа (Ақкете) інісі Тегінболатқа әуелі қыз алмадың, бірден Айнықтың қатынан алдың», – деп реніш жасап, Бозаншардың ауылына көшіп кетеді анасының өсиетін орындау мақсатымен.

Бозаншар Адамқожадан туған баласы Сарыға, Төменқожадан туған баласы Қараға, Томпақкетеге енші береді. Сарыға енші аздау тие ма, әлде басқа ма, ол еншіге өкпелеп, разы болмай ожырайып бөлек отырады. Өкпесі ұзаққа созыла ма, «Мына ожырайып отырған кім? деп сұраушылар көбейеді. Содан бірте-бірте Сары аты ұмытылып, «Ожырай» атанып кетіпті деген сөз бар. Сонымен Бозаншарға анасының батасын Алла тағала қабыл етіп, Ожырай (Сары) кете 6 арыс, Қара кете 4 арыс, Ақкете (Тойқожа) 10 арыс (Барлығы) 20 арыс Кете өсіп-өнеді. Үш Кетенің ұраны – «Майлыбай».

ХІҮ. ЖЕТІРУ

306. Жетіру бірлестігі туралы аңыз

Алшын Құдияр деген баласын кейінірек көреді де, ол ерке, сотқар болып өседі. Сондықтан да ел оған «Құдияр тентек» деген ат қояды. Құдияр кейіннен еншілестердің балаларына тиісіп, сабап, күн көрсетпейді. Содан олардың бәрі Арғымақ баласы Телеу мырзаға келіп сағалаған көрінеді. Осы қауымдасудың нәтижесінде Жетіру бірлестігі (Телеу, Рамадан, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы) құрылған екен дейді.

307. Жеті ру жайлы

Жанарыстан бір ұл туыпты Майқы би деген. Сол Майқыдан үш бала туыпты: Садырқожа, Надырқожа, Қыдыржожа дегендер. Сол Надырқожа әйел алған бойда көп кешікпей өліп, бала қалмай, әйелі жас қалып, Сәли тентек болып, ешкім алмай, қайын ағасы Садырқожа да, қайнысы Қыдырқожа да жоламай, тұл қатын болып отырыпты. Бір күндерде буаз болып, бір ер бала туыпты. «Некесіз тудың» деп жиіркеніп, бір адам қасына келмеген көрінеді. Сонда қатын ерегісіп: «Осы шырағым бойға бітерде жеті еркектің етегі тиіп еді, мұның атын «Жетіру» қоям деп, Жетіру қойған екен.

ХҮ.ТАМА РУЫ

308.Тама руы

Халықтың аузында бар әңгімеде Таманың кейінгі аты: “Қарабұра” деп айтады. Оның мәнісі былай деп сөзін жалғастырады қариялар: Қожа Ахмет Йассуи өлгеннен кейін, оның өлі денесін қара бура мініп келіп, түсін ешкімге көрсетпестен мүрдені алып кетіп, қазіргі мешіттің орнына әкеліп, ақ жуып, арулап қояды. Гөрінің үстіне қам кесектен сыпа салады. Ол кезде қазіргі ғимарат жоқ, салынбаған. Сұлтанның денесін алып кетуге келген Тама өзін дуана, шейх етіп көрсетіп, мүрдеге қара бура мініп келген. Оның Тама екенін ешкім танып, білмеген. Бұл жағдайды Сұлтанның өзі өлер алдында, Тамаға керематымен білдіріп, сосын туыс-семьясына:

“Мен өлгесін, денем суымай тұрғанда, қара бура мінген бір дуана, шейх адам келіп, денемді бурасымен мәңгілік жататын жеріме алып кетеді. Сол жерге, сол адам денемді тазалап жуып, кебіндеп қояды. Сендер оның қолын қақпаңдар!” – деп тапсырады.

Сұлтанның сол айтқанындай, ол өлу бойына қайдан келгені белгісіз, Тама қара бурамен келіп, сұлтанның мүдесін түйеге өңгеріп алып кетеді. Оның кім екенін ешкім білмейді. Бет-аузын бүркеп алған Таманы ешкім танымайды. Мүрдені ол сұлтанның айтып, тапсырған жеріне апарып жерлеп, өзі ешкімге көрінбей, қайтып кетеді. Кейін артынан барып біліп, жұрт сосын: “Қара бура Әзі” деп атандырып кеткен. Кейін ұранға айналған. Таманың ұраны – «Қарабура».

309. Тама Сарыбас мерген

«Бір күні бір төбенің басына шыға келдім. Аяғымның астында бір торғын шатыр тұр. Айналасында құланның қодығы байлаулы жатыр. Бір жалаңдаған жас келіншек жылмаң етіп шатырдан шыға сала маған жүгіріп келіп:

– Жездеке, шатырға жүріңіз, – деп қолымнан жектектеп шатырға алып кірді. Ақ шымылдық құрулы, алаша, төсек салулы. Бір сәулеш қыз отыр, ұшып тұра келіп, төсек үстіне отырғызды. Керсен тола қымызды алдыма ап келіп қойды. Бір астау етті алдыма қойып:

– Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, – деп, келіншек шығып жүре берді. Етті жедім, қымызды іштім, қызды құштым. Аузымнан су ақты, балжырадым, қалжырадым. Ұйықтайын деп едім, қыз жалынып, ағатайлап ұйықтатпады. Мені ұйықтатпасқа әңгімеге кірісті:

– Ғайып ерен, қырық шілтен аңның бақташысы болды. Сіз бір түн ұйықтамасаңыз, осы шатыр, барлық сайманымен басыңызда болады. Мен күндіз-түні қасыңызда боламын. Бір түнгі ұйқыңызды көтере алмай, ұйықтап қалсаңыз, сіз маған жоқсыз, мен сізге жоқпын. Анау ел мені ит жеген арам астай көреді. Онан соң жалғанның жарық сәулесі екеумізге арам.

– Жарайды, неге ұйықтайын, – деген болдым. Өйткенімен бола ма, ұйықтап қалдым. Ояна келсем, сопайған өз басымнан басқа дәнеме жоқ. Аң аулаудан қалдым. Бір жыл есік күзетіп, тырп ете алмай қалдым. Бір жылдан соң, басы қаралы, беті жаралы құланға мінген бір келіншек өңгерген бесігін, ішінде бір еркек бала бар, тастап жүре берді. Сол баланың атын Қайыпберді қойды. Өсіп-өніп, оның жұрағаты: “Қайыпберді–Тамамыз!” – деседі».

ХҮІ. ТАБЫН РУЫ

310. Табын руы

Бірде жолаушылап кеткен Қайырқожаның астындағы аты әбден болдырып, жүруге жарамай қалғасын, ашу мен намыс қысқан жігіт әлгі атты арқалап алып, алыста көрінген ауылға алып келсе керек. Сонда таңырқаған ауыл ақсақалдары: «Япыр-ай, мынауың тегін жігіт емес, жігіттің жалғыз Қаражоны ғой!» – деген көрінеді. Содан бастап осы тармақтағы бір тайпа ел өздерін: «Қаражонбыз!» – дейді.

ХҮІІ. КЕРЕЙТ РУЫ

311. Керейт руы

Кезінде ел ішінде Еспембет ұрпағын – “Ойық таңбалы Керейт”, ал Доспембет (елдер оны Қоспембет деп атап кеткен) ұрпағын “Тілік таңбалы Керейт” деп атаған. Себебі ел ішіндегі аңыз әңгіме бойынша сол тұста елде “Құла айғырлы Күреңсақал” деген жау шығып, оған қарсы шыққан Бозаншардың балалары түгелдей өліп, өзі аман қалады. Ол кемпірі Болған екеуі тау-тастың үңгірлерін паналап, күнелтіп отырғанда бұлардың қасына бірнеше аттылы адамдар келіп, қонақ болады. Бозаншар кемпірімен кеңесіп, бұзаулы сиырын сойып, оларды қонақ етеді. Олар кетерінде батасын беріп: «Тілектеріңді Алла қабыл етер, келер жылдары екі ұлды боларсыңдар, бірінің атын Есмұхамед, екіншісінің атын Досмұхамед қойыңдар! Қазір біздер кеткен соң, ақсарбас қойлар шұбырып келер, соларға ен сала беріңдер, балаларыңның еншісі сол болады”, – депті дейді. Айтқандай-ақ қойлар шұбырып келе бастайды, ал қойларды ұстап алып, атамыз тілік ен, шешеміз ойық ен сала беріпті. Келесі жылдары олар арыстай екі ұлды болып, оларға сол қонақ болып кеткен пірлердің ұсынған есімдерін қойыпты. Бірақ ел аузында бірі – Еспембет, екіншісі Доспембет атанып кетіпті.

ХҮІІІ. ЖАҒАЛБАЙЛЫ

312. Жағалбайлы

(І нұсқа) Алау батырға Құдаһияр деген бір жігіт бала: “Құддыс шаһарынан келдім, Пайғамбар (араб) әулетіненмін», – деп келіп, бала болыпты. Алау батыр бұл баланы “Таза тұқымынан екен” деп, бала етіп, қамқорына алып, әйел алып беріп, отау тігіп, бір шаңырақ етіп қойыпты. Сол Құдаһиярдан Керейт туыпты. Алау батырға тағы бір бала, ат-есімі Сәду: “Тайм деген елден келдім”, – деп, бала болыпты. Сәду жігіт болып өскен соң, масаты шұлғанып мәсі-етік киіп, мол қаракөл елтірілі жағасы бар мәуіті шапан киіп, ел аралап балгерлік жасап, адам емдеп, жаурыншы-балгер атанып, сал-сері жігіт болып жүріпті. Сөйтіп жүріп елден алған малын жинап, байыған еді дейді. Осыған орай ол “Жағалы бай” атанып, кейін ел оны “Жағалбайлы” атап кетіпті. Алау батыр осы киімді ұлына да әйел алып беріп, бір шаңырақ етіп қойыпты. Сәду [ден] – Шербұға, [одан] – Мелде би туған, ал оның ұрпақтары кейін «Жағалбайлы руы» атанған дейді

313. Жағалбайлы

(ІІ нұсқа)

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызекі шежіремізде Жетіру бірлестігіне енетін рулардың шығу тегі де Бекарыс ұрпақтары – ағалы-інілі Арғымақ пен Алау есімдерінен бастау алып жатады.

Әуелі Арғымақтан Телеу туған екен дейді. Ол Рамаданды өзіне еншілес қылып алады. Жаугершілік, шапқыншылық көп сол заманда Алау батырға да әр жылдарда басқа жақтардан Сәдір, Нәдір, Қылуар, Сәбдан деген балалар келіп паналап, оның баласы Алшынмен еншілес атанады. Кейін Сәдірден – Тама, Табын; Нәдірден – Кердері, Қылуардан – Керейт туады. Сәбданнан – Қарақатыс (Жауырыншы), одан – Мелде, одан Елеу мырза туады. Осы Елеуден он екі ата Жағалбайлы тарайды.

314. [Торымның «Сексен» атануы]

Торымның “Сексен” атану мәнісі былай болған еді дейді: Қалмақтар екі жүзге жуық адам Торымның ауылын шауып, мал-мүлкін, қыз-келіншектерін тұтқындап алып, ауылдан жеті-сегіз шақырымдай шыққан соң, алдын-ала дайындалып тұрған қаруланған таңдаулы Торым бастаған 80 (сексен) жігіт қалмақтарға бір бүйірден ұрандап “Айыртау!” “Айыртау!” деп тиіседі де: “Біздер сексенбіз, сексеніміз де қарға қару ілгенбіз, қалмаққа кез келтір деп Құдайдан тілегенбіз! Тілегімізді Құдай беріп, кездестік. Енді еттеріңді жеп, сүйектеріңді кеміретін мына біздер!” – деп, сексен жігіт қалмақтарға құлшына, ашынып тиеді. Тосыннан, ойламаған жерден шабуылға шыққан сексен жігіт өздерінен екі есе көп қалмақтарды қырып, жайратып салыпты. Аман қалған бір бөлігі қашып, құтылып кетеді. Айдап кеткен малдарды кейін қайтарып, қыз-келіншектерді аман-есен ауылға алып келеді. Сол күннен бастап: “Торымның сексен жігіті қалмақтарды қырып салыпты”, – деген сөз елге тарап, Торымды “Сексен” деп атап кетіпті дейді.

315. Қосқұлақ

Асан – Қосқұлақ – Алшынбай, Байжан, Мерген (Назарқұл). Қосқұлақ бір себептермен ағасы Шатырқұлға өкпелеп, Хиуа, Бұхар еліне кетіп қалған екен дейді. Сол елден Смамут деген қожаның үлкен қызына үйленіп, онан Алшынбай атты ұлды болыпты. Оған Смамут атасы да көмек жасап, өзі де еті тірі батыр, қайраты мол жігіт болғандықтан, мал жинап, тұрмысын түзеп, байлардың қатарына қосылып, бір еліне хан болып сайланып тұрыпты дейді.

Көп жыл өткен соң шешесі Шарипа артынан іздеп барып (шешесінің айтқанына көніпті) Қосқұлақты еліне қайтарып алып келген екен дейді. Елге қайтарында Смамут қожа: “Қызым, елді сағынып жыламай жүрсін, жалғызсырамасын”, – деп, бір баласын қызына қосып ертіп жіберіпті. Сол еріп келген бала Қожа Алшынбай ұрпақтарымен бірге өсіп, сіңіп, оның ұрпақтары да: «Алшынбаймыз!» деп аталып кетеді.

316. Жамансары

Жамансары бәйбішеден: Сағыр, Танаш, жеңге алған әйелінен: Кепер, Шодыр, Жолдыбай. Осы бес баладан ұрпақ тарап өскен, ұрпағы аздау. Қожастың бір әйелінен: Баби, Сырлыбай, Байғара, Теке. Шешелері қартайғанда бір ұл туыпты дейді. Байғара мен Теке шешесінің қартайғанда екіқабат болып, ұл туғанын ар көріп, ерсі деп біліп, ұлдың кімнен екендігін біле алмай күмәнданып, шешесін өлтірмекші болыпты дейді. Сонда Баби хан екі інісіне тоқтау салып: “Өзім барып, туған баланы көріп, шешеммен сөйлесейін, сендер шыдаңдар”, – деген екен. Баби хан барса шешесі шымылдық ішінде отыр екен дейді, баласына көрінбей жасырынып отырыпты. Баби хан қасындағыларымен ауқаттанып, жайланып болған кезде бір жақын жеңгесі: “Хан қайным, інілі болдыңыз, көрімдік бересіз”, – дейді. Сонда Баби: “Алып кел, көрейін!” – деп, құндақтағы баланы шештіріп, жалаңаштап, көтеріп тұрып күннің сәулесінен қараса, бала шыныдай таза, мөлдіреген сары бала екен, жарғақтай жұқалығынан күннің көзі көрінетіндей еді дейді. Сонан соң Баби: “Әкемнің өзінен болған бала екен”, – деп, «Жамансары» деп ат қойыпты. Жамансары ер жеткен соң киелі, әруақты адам болыпты дейді. Бабидың бір баласы Жалаң көпке дейін балалы болмай, тарығып жүргенде оған Жамансары бата беріп, Жалаңның тұқымы өсіп-өніп көбейген екен дейді. Бір жылы Жақайымға Бидас, Жандос деген екі бала келіп, қарамағында жүріпті. Бидас (Бида) Жақайымның киімді баласы еді – тегі белгісіз. Жәкең Бидасты (Бида) Көгістің қамқорлығына берген, Көгістің бір баласының есебінде жүрген. Ал Жандостан ұрпақ болмай кеткен дейді. Бір жаугершілікте Бидастан тараған төрт ұрпақты, тоғыз жастағы Базарды, алты жастағы Пірімжарды, үш жастағы Құдиярды және апасын Бұхардан келген барымташылар тұтқындап, алып кетіпті. Олар сол барымташылардың қолында жүргенде, Базар беталды құладүз, белгісіз жаққа қашып кеткен еді дейді. Ал апамыз да ізінше екі інісін – Пірімжар мен Құдиярды ертіп, Бұхардан қашып шығып, Қарақалпақ еліне келіп, Құдайқұл деген қарақалпаққа күйеуге шығыпты. Осы кезде Базар екі інісі мен апасын Қарақалпақ елінен іздеп, тауып алған еді. Ағайынды үш ұл Құдайқұл жездесінің қолында жүріпті, Көк теңізден (Арал теңізінен) ханның жылымына кіріп, балық аулаумен айналысыпты. Пірімжар ағасы мен інісін ертіп Қарақалпақтан қашып шығып, Қызылдың құмының ішімен Қазалыға келіп, онан Сыр бойында (Нұршада) отырған Көлімбет ұрпақтарының аулына келіп қосылып, елге араласып, ұрпақтар тарап, Көлімбетке сіңіп: “Біз Көлімбет тайпасынанбыз!” – деп аталып кетеді.

317. Назарша

Көгіс – Назарша. Бір аласапыран ел босып жүрген жылы Көгіске Назар және Ша деген екі бала келіп, қамқорлығында жүріпті. Көгіс осы екі баланы өзінің ұлы Бәйімбетке беріп, қамқорлығына алып өсіріп, ел қатарына қосуға тапсырыпты. Бірақ Ша өз еліне (Жобасы Әзірбайжан немесе Түркия елі болу керек) қашып кетіпті де, Назар тұрақтап қалып қойыпты. Сол Назардан ұрпақ тартарап, Бәйімбет ішінде өсіп, сіңіп: “Біз Бәйімбеттің Назаршасымыз!” – деп аталып кеткен еді. Сол екі баланың атын біріктіріп айтып, қазір олар: “Біз Назаршаның ұрпағымыз, “Назарша” тайпасынанбыз!” – деп жүр.

318. Түйтеұлы Андағұл (Көнсадақ)

Андағұл батыр болған, ал Сары інісі бай болған екен дейді. Жоңғарлармен соғыста Андағұл да Көкшоқай атқа мініп, көнмен қаптаған садағын асынып, жауға аттаныпты. Жауға шабуылға шығар алдында: “Мына бал кім?” – деп сұрағанда: “Көкшоқай атты шапқанда көрерсің, Көнсадақты тартқанда көрерсің кім екенімді”, – деп жауап беріпті. Сонымен сол соғыста ол қалмақтарды қырып-жойып, бетін қайтарып, қуып тастап, көзге көрінген екен. Ол осы тұстан бастап “Көнсадақ батыр” атанып кетіп, ал онан тараған ұрпақтар “Көнсадақ” руы атанып қалған дейді.

319. Күре

Жаманшаның тоқалы, Сасық пен Сырымбеттің шешесі мырза адам болыпты. Үйіндегі бар асты қазанға аямай күреп салып асып, түсіріп жатады екен дейді. Үйінен қонақ кетпейтін болған, ағайындары да жиналып келіп ас ішіп тарап жатады екен. Осы әйелінің жомарттығына сәйкес Сасық-Сырымбеттен тараған ұрпақтар “Күре” деген ру атанып кетіпті.

320. Көзкөне

Көзкөне – аздау ұрпақтаған, аз ру. Оның үстіне Жамалайдың балаларының бірі Қаражан деген тентек бала Тілеу мен Қабақтың пір тұтып, отырған жалғыз қожасының жалғыз баласын: “Ұлықұмның ішінде, түйеңді менің жеріме жіберіп жайдың”, – деп ұрып өлтіріпті де, мәйітін түйесінің мойнына байлап жіберіпті. Кек алу үшін бүкіл Тілеу мен Қабақтың жігіттері Көзкөне ауылына шабуыл жасапты. Ал Көзкөнелер малы көп байлары Құламан мен Құлтасқа қашып келіп паналапты да, малы жоқ кедейлері Сыр бойына қашып келіп, Бітімбай тобы нағашысына – Бәйімбет руына, енді бір тобы Жақайымның Асан тайпасына, бір тобы Домақ тайпасына келіп паналайды. Сөйтіп тентек Қаражанның кесірінен тыныш отырған Көзкөнелер жер-суын тастап, басқа руларды сағалап, оларға сіңіп: «Жақайымның Асанымыз, Бәйімбетіміз, Кішкененің Домағымыз!» – деп кетті дейді.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙