Мазмұнға өту
Home

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 3 том

Ғалым Әріп

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы 3 том

Авторы: Ғалым Әріп

Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы

CӘТТІҒҰЛ

ӨСКІНБАЙ

ТҮМЕН

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ:

Айдарбаев Алик Серікұлы – алқа төрағасы, Маңғыстау облысының әкімі. Әріп Ғалым Бисембіұлы – алқа төрағасының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалының директоры

АЛҚА МҮШЕЛЕРІ:

Тұрғараев Бекет Тұрғараұлы– облыс әкімінің кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор. Өтегенов Айтуар Оспанұлыақын, (кітапты құрастырушы, жауапты шығарушы-редактор), Қосбармақ Рахат Құсайынұлыақын, (жауапты редактор), Мыңжас Темір Мыңжасұлыақын

Өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағұлымат беретін «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының 50 томдығы Маңғыстау облысының құрылғанына - 40, Ақтау қаласына 50 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Бұл томға кіргізілген ақын-жыраулар – Сәттіғұлдың жырлары шежіреші, өлке танушы Жетібай Жылқышыұлы құрастырып, сәулетші-ақын Сайын Назарбек демеуші болған «Аманат» (Алматы, «Ер Дәулет» баспасы, 1996) кітабынан, Өскенбайдың жырлары ғалым Қабиболла Сыдиықовтың «Таңдамалыларының» ҚР Жер қойнауларының құрметті барлаушысы С.Қырымқұловтың демеушілігімен шығарылған үшінші томына енген бұрынғы «Ақберен» кітабының толықтырылған нұсқасынан («Нұрлы Әлем» баспасы, Алматы, 2007), Түменнің жырлары ақын Ә.Қонарбаев құрастырған «Түмен Балтабасұлы» (Алматы, «Нұрлы Әлем», 2009) кітабынан алынды.

СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛҰЛЫ (1876 - 1966)

ХАЛЫҚ ЖЫРШЫСЫ

...1964 жыл. Қазан айының 1 жұлдызы. Мұнайлы Маңғыстау жүрегі Жетібай мекені. Сәттіғұл ақынға сәлемдесуге келеміз. Қасымда Қашаған ақынның немере інісі Өсербайдың Көшені. – Ассалаумағалейкум! Сексен сегіз жастағы қарт ақын балаша қуанып, орнынан көтеріліп келеді. – Қабиболламысың? «Маңғыстауға келіп, Таушық, Өзен жағын аралап, Жетібайға келеді» дегенді естіп отырса керек. Жауырыны қақпақтай Сәтекең соңғы жылдары кәрілік алқымдап, едәуір еңкіш тартып, шөгіңкіреп кетіпті. Сақал-шашы ағарған. Өткенкеткенді есіне алып ақтарыла сөйлейді. Абыл мен Нұрым, Қашаған мен Ақтан жайында, «Адайдың жеті қайқысы» хақында әңгімелейді. Керемет деректер, келісті өлеңдер, жақұттай жырлар ағыла түседі. Бірақ, қайыра сұрап, қарт ақынды қалжыратқың келмейді, ілезде ілесіп жазып отырасың. Түс ауған шақта Сәтекең үйіне үлкенді-кішілі біраз адам жиналды. Бірқатары ақынға сәлемдесе, кейбіреулері бізді естіп келіпті. ...Үй сыртындағы сәкіде ақын, жыршылар. Ортасында басын қар шалған қарт емендей Сәтекең. Кәрі жолдас қоңыр домбырасын шертіпшертіп жіберіп, ақын алысқа қарайды... Көз алдында қиырсыз созылған Жетібай даласы, андаған мұнаралар, қан тамырындай сан тарау дала жолдарында көз ұшында ағындап бара жатқан машиналар... Ақ шаңқан үйлер... Ақын жырлап кетті. Бабына түскен қырандай шарықтапшығандап, ағындап келіп домбырасын сүйеді. Ақын жанары әлі алыста. Ол көзкөрінім көкжиекке ғана емес, сонау бұлдырап қалған алыс жылдарға, жүдеу де жұпыны балалық шағы өткен Бозашы мекенін ойша еске алып, қиянға, әріге көз салғандай... ...Нар біткенге қалы кілем жауып, ызы-шу болып жұрт жайлауға көшкенде қыстау басында жылжи алмай қалған қараша үйлер. «Теппе» мекенін тебіндеген қалың жатақ, мыжырайған лашық, қисайған қалың күркелер. Көрінгенге көзтүрткі болғаннан ырыздықты жер анадан күткен жарлы ауыл. Бірді-екілі күш көлігін құдықтан су тартып, егін суару үшін шығырға жегіп, жалғыз жарым лақты ешкісін боз шалап етіп отырған жарлы-жақыбайлар, күн ұзағына жер тырнаған, жоқшылық еңсесін езген, бірақ қиындық жетегінде қисая кетпей, тіршілік қамында тырбынып жүрген жандар. Дала өмірінен томаға-тұйық, бейхабар қалмай, ішінара ел

ішінде етік тігіп, шымырау қазып, зират салып, ел хабарын, жыры мен күйін ала келетін талапкерлері бар қауым. Ұзақ күнге іс соққан, етік тіккен, балға тақылы тынбайтын, кеште қатықсыз көжеден кейін жүректерін күймен, жырмен жалғаған ауыл... Осы ауылда жарлы Жанғабыл үйінде 1876 жылы Сәттіғұл ақын дүниеге келген. Ол кезде бұл өңір Маңғыстау уезінің 2-Бозашы болысы аталатын. Келешек ақынның балалық, жастық шағы да өмір толқыны шалғайға әкеліп тастаған салындыдай күнелтісі кем, байлықтан бақыр, білімнен кенде осы ауылда өткен. Жас Сәттіғұлдың көкірегіне берік ұялаған, сезіне, көре өскені михнатты еңбек, кештегі ауыл өнерпаздарының жыры мен күйі, жоқшылық тұрмыс еңселерін езген абзал жандардың ауыр өмірі. Сол бір қиын кездерді ақын былай деп ақтарыла, ашына айтады, ...Бес атадан бері қарай Мал бітпеген сорлымын. Өзімнің әкем Жанғабыл Сорқұдық, Теппе ойлардан Егін салып, жер қазған, – Шертетін көрген қорлығын, Мен де көрдім жарлықтың Әрбір түрлі тарлығын. Жиырма жасқа келген соң Кесірінен жарлықтың Тастадым қоныс жерімді, Қарындас, халық – елімді... 1896 жылдары тұрмыс таршылығынан Бозашы мекенін тастап, Хорезмге босқан жарлылармен бірге Жанғабыл үйі де кетеді. Сол жақта мақта жинайды, егін салады – жалдамалы кәсіп етеді, қайтсе де еңбектері жанбайды. Қайда барса да ауыр тұрмыс арнасынан шыға алмаған Жанғабыл үйі біраз жылдан соң Бозашыға оралады. Сол жылдар Сәттіғұлдың әкесі мен ағасы дүние салады. Енді екі үйді асырау міндеті Сәттіғұлға қалады. Ата-бабасынан бері қарай еңсесін көтертпеген жоқшылық өмір келешек ақынның жігерін қайрап, сезімтал, сергек ойға бастайды. Сәттіғұл жастайынан жалдамалы еңбекке араласып, жоқшылық зарын тарта жүріп, жыр-күйге құмарта өседі. Абыл мен Махамбеттің, Шернияз бен Қашағанның озбырлық пен ездікті әшкерелейтін отты жырларын, Ақтан мен Нұрымның ерлік дастандарын жаттап, өмір бойы жанына жалау етер күшті бір құрал тапқандай болады. ...Қолыма домбыра алдым он бесімде Жол өттім асу-асу ел көшімен, Ел сүйген ер Махамбет, Абыл ақын Өтіпті өртті өмірмен белдесумен...

деген жыр жолдарында ақын өз өмірінің біраз сырын дәл толғай білген. Көкірегі шерлі жастың ызалы бір өлеңі әкесі хәл үстінде жатқанда туады: Жоқтықтан құтылатын күн туар ма? Жарлыны жаратқан ба жүн боларға? Ай, әке ау, қарғанамыз, жылаймыз Көңілді өте алмады-ау бір айымыз... Өмір теңсіздігіне деген қапа қайғысын білдірген осы өлеңінен бастап Сәттіғұл Қазан төңкерісіне дейін әділетсіздікті әшкерелеп, ел ерлерін дәріптеген өлең, толғаулар шығарып, халық ақындарының өлеңжырларын айтып жүреді. Ел ішіндегі ақындармен айтысқа түседі, солардың кейбіреулері ғана болмаса, көбі ақын есінде сақталмаған, ұмытылған, сауатсыз болғандықтан оларды хатқа түсірерлік мүмкіндігі де болмаған. Сәттіғұл көкірегіне шер байлаған жоқшылық өмір болса, оның ақындық талантын оятқан Атырау алқабындағы телегей теңіздей ақындық, әншілік, күйшілік өнер ортасы. Ол халық әдебиетінің көне де асыл мұраларынан, Асан мен Сыпыра толғауларынан, Абыл мен Махамбет, Ақтан мен Нұрым, Шернияз бен Қашаған жырларынан сусындай өседі. Адайдың жеті қайқысы атанған әнші-күйшілер, Аралбай, Өмір сияқты ақындар Сәттіғұлдың бір жүріп жыр өрбіткен өнер ортасы еді. Топ жарып айтысқа түсіп, кейбір өпірем де өзімшіл атқа мінерлер мен жергілікті патша әкімдерін тілдеген уытты да өткір жырларымен Сәттіғұл жас кезінен-ақ ақын атанады. Ол бүкіл елді күйзелткен 1910 жылғы алапат жұт пен 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі бұқара хәлін үнемі тебірене толғап отырған. Бұрын өмірдегі әділетсіздікті әшкерелеп, бұқара арманын толғаған ақын Қазан төңкерісі жеңісінің алғашқы күндерінен бастап жаңалық атаулыға белсене үн қосып, ұзақ жылдар (1926 – 1957) аудандық мәдениет мекемелеріненде ақын-үгітші міндетін атқарып келген. Колхозды ауыл мен өндірісті өлкенің ойы-қырын тынбай аралап, еңбек адамдарының еңбегін шабыттана жыр етеді. Алғашқы бесжылдықтар, Отан соғысы, одан кейінгі дәуірлердің қай-қайсысында да ақын көпшілік көңіліне жол тапқан насихатшы бола білді. 1936 жылы қарт ақын қазақ әдиебеті мен өнерінің онкүндігінде Мәскеуге сапар шегеді. Осы сапарда атын естігені болмаса бұрын кездеспеген халық таланттарымен дидарласады, қазақ-кеңес ауыз әдебиетінің ағынды бұлақтары Жамбылмен, Нұрпейіспен танысады. 1937 жылы Сәттіғұл Алматыда болған көркемөнерпаздардың республикалық байқауына қатысады. Ақын дарыны байқауда ерекше танылып, сол жылы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданады. Бұл сапарда ақын Қазақстанның өнер, әдебиет қайраткерлерінің көбімен кездеседі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовпен танысады. Алматы әсері жолшыбай көргендері ақынға ерекше әсер етеді.

1939 жылы июньде болған Қазақстан кеңес жазушылары мен халық ақындарының екінші съезіне қатысады. Ақын өміріндегі елеулі кезең 1939 жыл. Еліміздің алыс түкпірінде жатқан қарт ақын тамыз айында бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің ашылу құрметіне әрбір одақтас республикадан келген халық өнерпаздары қатарында Мәскеуге барады. Қазақ өнерпаздары астананың «Зеленый театрында» өнер көрсетеді. Мәскеу жұртшылығы баспасөз қазақ өнерпаздарының өнерін ерекше бағалайды. Сол бағаға ие болған халық таланттарының ішінде Сәттіғұл ақын да болған. Әні мен күйі, аңызы мен жыры ғана емес, халық басынан өткен тарихи әңгімеге бай Маңғыстау елінде болған елеулі оқиғаларға Сәттіғұл ақын ерекше көңіл аудара бастайды. Өзіне етене таныс тарихи оқиға негізінде 1939 жылы «Досан батыр» дастанын шығарады. 1941 жылы июньде Семей, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларында халық ақындарының облысаралық слеті өткізіледі. Слеттің алғашқы тақырыбы Қазақстанның 25 жылдық мерекесіне дайындық жайлы еді. Фашисттер тұтқиылдан соғыс ашты. Слет күн тәртібі кенет Отан қорғау мәселесіне ауысты. Слетке қатысушы халық ақындары бүкіл елді Отан қорғауға шақырған отты сөздер сөйлеп, қаһарлы жырлар төгеді. Ақындар жыры жалынды үндеуге айналады. Жыр бұлағы Жамбыл сияқты Сәттіғұлдың да Отан соғысының алғашқы кезеңінің өзінде кеңес адамдарын берік сенімге үндеген «Фашизмді жоямыз!» – деген уытты жыры (Социалистік Қазақстан, 28.VІІ.1941 жыл) осы кезде туады. Отан соғысы жылдарында қарт ақын жасының алпыстан асқандығына қарамастан облыс көлемін аралап, жауды жайратып, жеңісті тездетуге, еңбек қарқынын үдетуге шақырған жалынды жырлар төгеді. 1943 жылы облыста ұйымдастырылған аудан, өндірісаралық айтыстарға қатысады. 1943 жылы республикалық айтысқа, 1946 жылы Жамбыл ақынның жүз жылдық тойына қатысу, 1954 жылы қазақтың ұлы ақыны Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толуына арналған мәжілісте болу, онда Абайға арналған өлеңінің ілтипатқа ие болуы қарт ақынды қанаттандыра түседі. Сәттіғұл тоқсан жылдық өмірінің соңғы кезеңін мұнайлы Маңғыстау жүрегі Жетібайда өткізеді, өмірдің алуан тақырыбына арналған жырлар толғайды. Сәтекең көп жылғы ақындық еңбегі үшін 1944 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, Отан соғысынан кейін «1941-1945 жылдардағы Отан соғысы кезіндегі айбынды еңбегі үшін медалімен» наградталады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығы бойынша 1961 жылы «Халық ақыны» деген құрметті атақты иеленіп, 1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен сыйланады. Көптеген перзенттері мен жұбайы қаза болып, өмір қайғысы қабырғасын қаншама қайыстырса да, халық тағдырын өз мұңынан артық

санаған оптимист ақын елімен бірге саналуан оқиғаны басынан көшіріп, бір ғасырға жуық ғұмыр сүрді. Елінің жыр дүлділі атанған дауылпаздай даңқты ақын 1966 жылы дүниеден өтті. Бейіті ата қонысы Тұщықұдықта. ***

Сәттіғұл ақын өзі хат танып, жаза білмегенмен мүмкіндігіне орай өлең, толғауларын жыршыларға жеткізуге әрекеттенген. Өнер сүйер жастар қарт ақынға көмекке келген. Ақын оларға өлең, жырларын, өзі білетін ақындар мұрасын жаздырып жылдан бастап республикамыздың ғылыми зерттеу орындарына жіберіп отырады. 1946 жылдан ССРО Ғылым академиясының қазақ филиалының тіл және әдебиет секторымен тығыз байланыс жасайды. Шығармаларын баспасөзге жолдайды. Жиырмасыншы жылдардағы өлеңдері «Жұмыскер тілі», «Еңбекші қазақ» газеттерінде жарық көрген. Ақын жырлары содан бері облыстық, республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып келеді. Таңдаулы өлең, толғаулары «Ленин» (Қызылорда, 1928), «Ленин мен партия туралы жырлар» (Алматы, 1949), «Ақын жырлары» (Алматы, 1958), «Пернедегі термелер» (Алматы, 1965), «Ленин деп халық жырлайды» (Алматы, 1969) сияқты жинақтарға енген. 1967 жылы «Тоқсан толғау», 1986 жылы «Ой толғау» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді. Халық ақыны Сәттіғұл шығармашылығына қаламгерлер елуінші жылдардан бастап ерекше назар аудара бастады. «Облысымыздың халық ақындары Ұлы Отан соғысы жылдарында» (Гурьев, 1943) деген жинақта жарияланған Т.Малаев пен С.Хайдаровтың «Ақын – үгітші» атты мақаласында Сәттіғұлдың өмір жолы мен ақындық қызметін, Отан соғысы кезіндегі жалынды үгітшілік ісін орынды сөз еткен. Сондай-ақ «Қазақ әдебиеті тарихының» 1 томында (1948) ақынның «Досан батыр» дастаны туралы зерттеу жарық көрді (авторы Б.Шалабаев). Бұл зерттеу Қазақ әдебиеті тарихының (1-кітап) 1960 жылғы басылымында да жарияланды. «Ленин мен партия туралы жырлар» (1949), «Пернедегі термелер» (1965) атты жинақтар мен проф. Ысмайловтың «Ақындар» (1968) атты монографиясында ақын өмірі туралы қысқаша мағлұматтар беріліп, оның өмір шындығын жырлап келе жатқан майталман ақын екендігі орынды бағаланады. Мұндай пікірлер «Ақындар жыры» (1963), «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» (1973) жинақтарында да бар. Сәттіғұлдың өмірі мен ақындығына, шығармашылығына қатысты мақалалар мен зерттеулер жетпісінші жылдардан бастап көбірек жазылды. Ақынның тоқсан, жүз жылдық мерейтойлары қарсаңында, той кездерінде республикалық және жергілікті мерзімді баспасөз беттерінде С.Мұқанов, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, А.Әбдіров, Қ.Сыдиықов, М.Әбдіхалықов, Б.Қорқытов, Ш.Әленов, Т.Шайкөзөв, Ж.Тілепов, О.Бәлдеков, Е.Өмірбаев,

О.Ізбасаров, У.Қайралапов, Ө.Алшынбаев, Е.Оразақов, М.Атымов, Ә.Кекілбаев, Л.Өпианов, Т.Медетбеков, Д.Хасанов, Ә.Қонарбаев, Қ.Досболов сияқты жазушылар мен журналисттердің мақала, зерттеу, естеліктері Сәттіғұл ақындығын халыққа кеңінен насихаттай алды. Ақынның мерейтойы тұстарында Маңғыстау, Атырау облыстық, Красноводск аудандық газеттері арнайы беттер берді, хабарлар жариялады. «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1964), «Маңғыстау» (1973), «Ақын, жыраулар» (1974), «Тоқсан толғау» (1967), «Ой толғау» (1986) кітаптарында Сәттіғұл шығармашылығына орынды да орнықты, байыпты да байсалды берілді. ***

Сәттіғұл шығармалары жанрлық жағынан өлеңдер мен толғаулар, жыр-дастандар мен айтыстар болып келеді. Өлең-толғаулар тақырыбы мен мән-мазмұны жағынан насихат сөздер, үгіт-насихат, арнау, жоқтау, жұбату, көңіл айту, бата, тілек өлең, толғаулар және халықтар достығы, Отан қорғау, туған ел хақындағы шалқыма жырлар түрінде кездеседі. Жоқшылық тұрмыс пен өзі ұстаз тұтқан ақын, жыраулардың сыншылық әуені әлеуметтік теңсіздік жайын Сәттіғұлдың ерте ұғуына ерекше әсер етеді. Ақынның бізге жеткен Қазан төңкерісіне дейінгі шығармаларында өмір теңсіздігін сезінуі айқын аңғарылады. «Хорезмге көшкенде» – ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі болса керек. ...Келмейді кедейліктен көңіл хошы, Қалған жоқ біздей неше кімнің досы, Бозашы – суың тәтті, құмың жұмсақ Адыра қалдың бізден бүгін осы... Бұл бүкіл елді күйзелткен алапат жұт салдарымен күнелтіс іздеп Хорезмге көшердегі он алты жасар жас ақынның жүрек түбінен шымырлап шыққан «кір жуып кіндік кескен» туған жерді қимас сезімі еді. Бұл өмірімен біте қайнаса өскен Сәттіғұл ақынды халықтың қабырғасын қайыстырған ірі оқиғалар тебірентіп отырған. «Ыза», «1916» жыл сияқты өлең, толғауларында бүкіл елдің ортақ тағдырын суреттейді. Замана қысаңдығы, өмір әділетсіздігі, бір ғана ақын басындағы қапақайғы емес, кемтар қауымның ғасырлар тартып келе жатқан қасіреті күйінде сезіледі. Сәттіғұл Қазан төңкерісіне дейін мадақ-мақтау, арнау өлеңдерді, насихат сөздерді, жұбату, көңіл айту өлең толғауларын көп шығарған. Ондай шығармаларында ақын ислам діні қағидаларын ел шежіресін мол білетін зерделігімен ерекше танылады. Жұбату, көңіл айту, жоқтау толғауларында жүректі жаралаған ауыр шерді ақтара айтып, көңіл

қайғысын сейілтер серпінді де сезімтал жырлар толғаса, мадақарнауларында елдің өткен-кеткен азамат-ерлерін еске алып, рухын ұлғылап, мақтан тұта тебіренеді. Насихат толғауларын ислам мысалдарын негізге ала жырлайды. Ақынның бұл сипаттағы өлең, толғаулары кеңестік кезеңде халықтың көңілінде ғана жүрді. Оларды той-думанда, жиынкештерде ашық айтуға мүмкін болмады. Ондай жырларының бірліжарымы баспа жүзінен көрінер болса, олар сол кездің тәртіп-тәріне сай күзеліп, қысқарып жарияланатын. Ал «Тоқсан толғау», «Ой толғау» жинақтарына енген толғау, дастандарының өзі де сондай тезден өтуге тиіс болды. Бұл орайда сол кездің жағдайын білмеген кейбір оқырманның «қысқарып кеткен», «дұрыс жарияланбаған» деп жағдай түзелгесін отыз жылдан кейін от басында отырып шалқып сөз айтатыны да кездеседі, немесе ақынның бір-екі өлеңін жариялап, не бірер мақала жазып, сол алақандай жазбасымен «жарық дүниені жарылқап тастадым, өзгелер еңбегін көрмей, оларды орынсыз мансұқ ету арқылы игілікті істеймін деу үлкен әбестік. Қай заманда да өзіңнен бұрынғы игілікті істерді жалған жоққа шығару арқылы ешкім мұратқа жеткен емес. Көп уақыт оқырман назарынан тыс келген Сәттіғұл шығармалары қатарына «Тобанияз туралы толғаулары» да жатады. Оның бірі «Тобанияз хан тұрғанда», екіншісі «Тобанияз ұсталғанда» деп аталады. Ақын көңілін терең тебіреніске түсірген Тобанияз кім еді? Ол 1918 жылы қазақ даласының төтенше комиссары Әліби Жангелдин Қаратөбеде өткізген он екі болыс өкілдері съезінде сайланған Адай төңкеріс комитетінің төрағасы. Әрине бұл орынға кез-келген адам ұсынылмайтыны белгілі. Осы кезде Маңғыстау елінде Тобанияздан гөрі байлық, бағы жоғары, орысша, қазақша білімі артық азаматтары да болған. Бірақ он екі болыс өкілдері, Адай ақсақалдары түбек халқын етене білетін, ел мүддесін қорғай алатын шешен, би, өткір, тура, әділ, ұйымдастырушылық қабілеті зор, үлкен жүректі азамат деп Тобаниязды таныған. Оны Адай елінің бетке ұстар беделі деп білген. Міне, халық осылай бағалаған Тобанияз төңкеріс комитетінің төрағалығына сайланғанда Сәттіғұл қуана, жүрек жарды ақтарыла толғаса, қара күндердің қармағына ілінгенде қабырғасы қайыса, қайғыра тебіренген. Бірақ бұл толғаулардың бірі 1918, екіншісі 1929 жылдарда шығарылса да күні бүгінге дейін аса мәлім бола бермеген. Оған себеп – Тобанияз ұсталып кетті. Ол туралы жыр-толғау айтушылар қатыгез мезгілдің қаһарынан қорқып, қаймыға түсті. Кезінде жазып алғандар қағаздарын тасаға тығып, үйренгендер үндемей қалды. Елдің негізгі табанынан жырақта некен-саяқ, аз-кем той, садақада қарақалпақ, түрікмен жеріндегі – құм өресіндегі қазақ ауылдарында ғана айтылып жүрді. Сәттіғұлдың бұл екі толғауды, әсіресе Тобанияз тағдыры тығырыққа тірелгеннен кейінгі екінші толғауды шығаруы үлкен ерлік еді. Бұл не

нәрсеге ұшыраса да нар тәуекел деп халық сезімін білдіруге бел буған, борап тұрған оққа қарсы барумен бірдей ақындық азаматтық әрекеті. Сәттіғұл «Төңкеріс комитетінің төрағасы» дегенді қазақша хан деп ұғынған. Көп ғасырлық тарихымызда тура би, парасатты хандар ғана елді дұрыс жолға бастаған. Сондықтан Сәттіғұлдың олай айтуы орында да. Тобанияздың мақсат-мұратын, ел алдындағы қызметін танытуда бұл толғаулар неғұрлым шынайы деректер береді. Себебі, Сәттіғұл Тобаниязды да, сол кезең оқиғаларын да жақсы білген. Сәттіғұл кеңестік дәуірде өмірдің әрбір жаңалығына үн қосып, халық арасында жүрді. Ақынның бұл дәуіріндегі жырларының тақырыбы да сан алуан. Жамбыл бастаған Сәттіғүл замандас халық ақындарының қай-қайсысы да, Сәттіғұл да заман ыңғайына орай Қазан төңкерісін, Ленин мен Сталинді, социализм мен коммунизмді, коммунистік партияны жырлады. Ондай шығармалар қазір ел арасында айтылудан қалып, мұражайлар мен отбасылық архивтердің мүлкіне айналды. Оның есесіне ел тағдыры туралы жазылған қасиетті жырлар халқымен қайта табысты. Сәттіғұл ақынның Пушкинге, Абайға, Қаныш Сәтбаевқа, ер Исатайға, Сыдиық Жұбаевқа, ұшқыштарға, жауынгер жастарға, украина халқына, Алексей Стахоновқа, Каспий ерлеріне арналған өлең толғаулары және туған ел, отан байлығы туралы тебіріністері бүгінде асқақ та айбынды, көркем де келісті оқылады. Сәттіғұлдың бір топ өлеңдері ел байлығы, туған жер жайында. «Маңғыстау» (1935), «Алматы сапарында» (1937), «Москва» (1939), «Барбинок журналына» (1951), «Өлке байлығы» (1960), «Жетібай жыры» (1963), «Маңғыстау – малдың анасы» (1963), «Бүгінгі Қазақстаным» (1963), т.б. өлеңдерде ақын туған ел – Қазақстан бейнесі мен көп ұлтты халықтар достығын шабыттана толғаған. ...Ерлерім құрып жатыр мұнараны Байлыққа бөлейміз деп бұл араны, Бақытты, әр еңбектің күйін шертіп Ақ қала самсап қырда тұрар әлі... Ақын туған жер келешегіне сенім көзімен армандай қарайды. Қаһарман еңбек адамдары қиынға құлаш ұрды. Тұлпар тұяғы күйген, сұңқар қанаты талған, құйын мен ебелек қана мекендеп, сан жыл сарғайған даланы тасқынды еңбек түлетіп жатыр. Қиындық атаулыдан, табиғат тарымшылығынан қаймықпай, безбүйрек табиғатты береген етуде. Сондай мекеннің бірі мұнайлы Маңғыстау. Сәттіғұлдың «Жетібай туралы жыры» осы өлкені түлеткен еңбек қаһармандары жайлы. Ақын мұнда мұндай қаһармандық кілті бірлік, ынтымақ екенін желісті жеткізе алған. Сәттіғұл ақын өзі хат танып жаза білмесе де елдің арғы-бергі тарихын, ақын-өнерпаздарын оқытып, тыңдап, мейірлене тебіренеді. Еліміздің әдебиет пен мәдениет, ғылым мен еңбек саласында өшпес із қалдырған азамат ерлері туралы толғанады. Өзіне өлең сөзден өшпес

ескерткіш соғып кеткен поэзия асқары А.С.Пушкин мүсінін ақын көркем етіп бейнелеген. Ол өлмес өлеңімен бүгінгі ұрпағымен тілдесіп жатқан Абайды да «ойы – асқақ, арманы – асқар, өлеңі – алтын» деп бағалай білді. Отанды қорғау ақын жырларындағы өзекті тақырыптың бірі. Сәттіғұлдың қырқыншы жылдардағы өлеңдерінің қай-қайсысында да уақыт ұранын жырлай білген азаматтық үні сезіледі. Ақын Отан соғысының алғашқы күндерінің өзінде неміс фашисттерін құс азғыны құладынға, біздің Отанымызды асқар тауға теңеп, біздің жеңіске жететінімізді зор сеніммен толғады. Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндерінде ақынның сол бір айбынды толғауы әр жүрекке жалын қосып жойқын жігерге үндегені аян. Сәттіғұл Отан соғысы жылдарында ауыл мен өндірісті аралып, ел еңбеккерлерін жеңіс үшін қажырлы еңбек майданына шақырады («Колхозшы жолдастарға», «Үгіт жыры», «Ақындарға»). Арсыз жау аранын ашып ұмтылған шақта ұлы Отанымыздың ар-намысын қорғап, ел мерейін өсірген ерлерді жырлады. Қарт ақынды ерекше шабыттандырған өзі кеше ғана ақ тілеу айтып аттандырған жерлесі Исатай Сүйеубаевтың Еділдегі ерлік ісі еді. Исатай батырлығы бүкіл тыл мен майдан даласына аңыз боп тараған болатын. Қас дұшпан оғы қардай бораған қан майданның қиын сәттерінде жараланғанына қарамастан «КВ» бронды танкісімен жауға қарсы шауып, жаудың 7 дзотын құртып, 150 фашистті жайратқан Исатай ерлігі совет жауынгерлеріне ерекше рух береді. Сол кезде жерлестері батыр жауынгерді жаңа ерліктерге үндеп жігерлендіре түсті. «Исатай, туған елінің тарапынан болуға тиіс көмек күшейе береді деп сен. Біз өмір мен өлім белдескен кезеңде қызыл Армияға сүйеніш бола аламыз. Өйткені фашизмді жер бетінен жоюға керекті нәрселердің бәрі бізде бар» – деп жазды олар осы Исатай ерлігі хақында майдан газетінде («За честь Родины», 1943, І.Ү.). А.Безыменский «Біз сені мақтан етеміз, Сүйеубаев» очеркін жариялады. Сәттіғұл да Исатай ерлігіне «Ер Исатай» толғауын арнады. Ақын онда батырдың ерлік, азаматтық ісін паш етіп, ел сенімін, ана сүтін ақтаған ұлды үлгі, өнеге етеді. Қарт ақын бір жырында ...О заманда, бұ заман Арамның жолы болмаған, Адамның жауы фашист Қуылды біздің Волгадан, – деп азаматтық парасатты үн қатады. Кеңес ерлерінің жеңімпаздығын мақтан етеді. 1945 жылы жау талқандалып, қуаныш хабары әлемге тараған шақта ақын ақ жүрегінен ақтарыла шаттанып, жеңіс жырын толғайды. Ол бірқатар өлеңдерінде («Аты өшсін соғыстың») сұрапыл соғыстың қасыретінен мезі болған ақ жүректі адамзат баласының лебізін білдіре үн тастаған азамат ақын. ...Соғыс десе дүниенің

Қарс айрылып көкірегі Қабырғасы қақырар, Құрысын соғыс аты өшсін Үніңді көтер, дүние, Өлімге қарсы шақырар! Ақын айтулы ардагерлер туралы айтса да, елге елеулі қызмет еткен ержүрек ерлер туралы тебіренсе де, халықтың көкейтесті арманына айналған достық пен бейбіт өмір туралы толғаса да, ақпа ақындық дәстүрде ағындап ақтарыла, шамырқана, шалқи жырлайды. Нағыз халықтық құнарлы сөздерді, ойлы да әрлі орамдарды түйдектете төгіп, тайналған жорғадай, бабында тұрған жүйріктей жосиды. Сәттіғұл жырларынан дәуірдің өзі күн тәртібіне қойған мәселелерді жедел толғап, әлеуметтік өмірімізге қызу араласып келген ақын екендігін танимыз. ***

Сәттіғұлда айтыстың сөз қағысу, жұмбақ айтысы, дағдылы айтыс түрлері кездеседі. Сөз қағысуы яки қайымдасу түрін ақын қоғамдық малдың жағдайсыз халін көріп, шаруашылық басшыларын сынауда қолданады. Ал, жұмбақ айтыстың әдемі түрі Сүгір жыраумен жазбаша сайысы. Бұл айтыстың ел арасында жинақта беріліп отырған С.Балхаев нұсқасынан да өзге жазбалары бар. Сондай жазбалардың бірі осы жолдардың авторы, жыршы-ақын Сәду Қайырлаповтан 1965 жылы магнитофон таспасына жазып алып қағазға түсірген көркемдік нұсқасы. Сүгір жырау Бегендікұлы есімі Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікмен елдеріне кең тараған. 1894 жылы Маңғыстау түбегіндегі Өгізді-Өреуіл деген жерде дүниеге келген. Ескіше сауатты бола тұрса да Сүгір ақындар жырын жаза үйреніп, ауызша толғаған. Жыршылық өнегесі Маңғыстау, Қарақалпақ, Түрікмен жеріндегі ақын-жыраулар. Ол атақты ақындар Қашаған мен Сәттіғұлдан, әйгілі әнші Шолтаманнан, атышулы жыршы Қарасайдан өнеге алады. Қарт жырау 1971 жылы Маңғыстау түбегіндегі Ескі Өзен поселкесінде осы жолдардың авторына бірқатар деректер жаздыра отырып, Қарасаймен кездесуін еске алғаны бар: «Қырықмылтық Қарасай жыршыны Таран дегеннің асында көрдім. Қарасай ол кезде 68демін деген. Мен 33-те едім». Сүгір көп жылдарын Қарақалпақ жерінде өткізген. Өзінің айтуынша Қарақалпақ жеріндегі магнитофоны бар үйлерде оның репертуарындағы жырлардың көбі жазылған. Сүгірдің бірқатар жыры Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында. Репертуарында: «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай» және Қашаған мен Нұрым, Ақтан мен Сәттіғұл жырлары, т.б. мұралар.

Сүгір де негізінен, Мұрын сияқты ұзақ, желілі жырлар айтуға төселген үздік жыршы. Жұртқа қызық керек. Біреулер «Сүгір сізбен айтыспақшы көрінеді» депті. Сәтекең иланып қалып, маған жұмбақ жолдапты. Шеше алмай, білімдар ағайынымыз Размағанбетке бардым. Ол 5-6 қалың кітапты қарап жіберіп, шешуін айтып берді. Мен оны жырға айналдырып, Сәтекеңе жібердім. Кейін Сәтекең айтыпты «Япырмай, маған не болғаны, өз інімді әлекке салып жұмбақ жолдағаным. Осы жыры түскірдің желі бар-ау». Қазақ ақындарында жиі кездесетін бағзы дәстүр бойынша Сәттіғұл сұрақтарында жер мен көктің табиғаты, неке негізі, нәжүз-мәжүз тегі туралы мәселелер қозғайды. Ондағы ойы – жас ақынның білім шамасын байқау, өзіне сес көрсеткен Сүгірді мүдірту. ...Сәттіғұлдай ағаңнан Көп сәлем шайыр Сүгірге Елімді кезіп еңселеп Қосылдым талай дүбірге. Болғаннан соң жақыным Саған айтар ақылым: Мойныңды бұрып, көз салып Болмайтын жерге үңілме, Шамасыз жерге шарқ ұрып Тоғыңды шайқап бүлінбе! Төңіректе ақын көп Өнерің болса тіліңде... деп шамасыз жерге шарқ ұрмай өз тұрғыластарыңмен өнер сынас дейді. Ағалық өнеге, әрі сын ретіндегі осы сөздерге Сәттіғұл сұрағына Сүгір де өзінше жауап берген. Айтыс Нұрым мен Қашаған сөз жарыстыруын еске салады. Бұл айтысты халық ақындарының ежелгі дәстүрі бойынша өзін Сәттіғұл шәкірті санаған Сүгір жырлап таратқан. 1943 жылы Қазақстанда облыстық, республикалық айтыстар ұйымдастырылды. Айтыс әуелі колхоз, совхоз, өндіріс орталықтарында өтті, Сәттіғұл осы тұста Құмар, Сұраубай ақынадармен сайысқа түседі. Сәттіғұлдың Құмармен бірінші айтысы Ескене мұнай өндірісінде өтеді. Бұл учаскеаралық айтыс еді. Сәттіғұл мастер Еремина басқарған учаскенің, әсіресе мастер қыздың Отан соғысы кезіндегі ерлік еңбегін шабыттана толғайды. Екі ақынның да өткір сынға алары жылаңқияжалқаулық пен жұмысқа қырсыздық. Айтыс соңында төреші ақын Сұраубай бүкіл мұнайшы қауымға мәнді ұран тастайды:

...Күш берейік майданға Мұнайменен, жырменен. Күлі ұшып күйресін Пасық жаулар емексіп Баса көктеп күндеген... Екі ақынның да өндіріс өмірін терең білмегендігінен кездесетін жалаң сыр, құрғақ мақтау, сірескен қарадүрсін жолдары бола тұрса да бұл айтыс кезінде үгіттік мәні зор, кемшілік, олқылықты жоюға ерекше көмектескен өзара сынның өткір құралы болғандығы аян. Екінші кездесуде (1943) Сәттіғұл Бақсай, Құмар Есбол ауданы атынан айтысады. Сәттіғұлдың мақтан етері – соғыс жылдарындағы аудан еңбекшілерінің тамаша табысы, қаһармандық еңбегі. Құмар да өз жетістігін суреттей келе: Сәтеке, қанша сайрап желгенменен

Айрылдың Қызыл Тудан ұйықтап қалып, Оянсаң қолыңдағы Қызыл Ту жоқ,

Қалыпсың сасқалақтап естен танып, – деп сынға алса, Сәттіғұл да оған орай жауап береді: Отырған көп сынайды сөздің парқын, Жанаяр, жалқауың көп, екпіндің аз. Жұмысқа колхоздарың, қарайды салқын, Керенау, жалқаулардың себебінен Ауданның багып жүрсің кейінгі артын... Енді екі ақын да жетістік жайын желдірте бермей, кемшілік кейпін кеңірек көрсстеді. Құмар ақынның сын семсеріне іліккен қоғамдық мал басын ысырап еткен «Тұңғыш бірлік» колхозы болса, Сәттіғүл да Есбол ауданынағы олқылықты бадырайта айтып: Менімен айтысуға кезге келдің Осы ма сенің менен көздегенің? Беретін үкіметке борышыңды Себебін үш колхоздан болды дейсің, Кетіп пе еді жолаушылап өзгелерің? – деп уытты сынға алады. Сәтгіғұл мен Құмар ақын бұл айтыста қиюласқан пікір, шымшуыр сын, келісті саз орамдарын тауып, шешіле-көсіле сайысады. Сәттіғұл мен Сұраубай айтысында да екі ақын Жылой, Мақат ауданының еңбек ерлерін, жетістік, олқылықтарын жыр тиегі еткен. Ақын айтыстарында еңбек қаһармандары, өрелі еңбек үлгі естілсе, ойсыраған олқылық сынға алынады. Бұл айтыстардың негізгі мақсаты – жеңу, жеіңілісу бәсекесі емес, қоғамдық істі алға бастыру. Алайда ақындар еңбек адамдарының жан-дүниесін жан-жақты бейнелеуге, шаруашылықтың жетістік, кемшілігінен басқа өміріміздің өзге саласын кеңірек қамтуға бара алмаған. Әйтсе де бұл айтыстар майдан жылдарындағы жұртшылықтың көңіл көтерер өнер тойы, әрі кемшілікті түзер айнасы іспеттес әділ сыны, әрі жігерге үндер насихаттық құралы бола білді. ***

Сәттіғүлдың тарихи жыр-дастандары қатарына «Ол ит жылы деген жыл еді» жырын да жатқызу орынды. Қыр елінің жазда қуаңшылықта, қыста сұрапыл боранға ұшырап, тігерге тұяқ қалмай, күнелтіс малынан айырылып, аштыққа ұшырауы ақынды терең тебіреніске түсіреді. 1970 жылғы мұндай табиғат сұрапылы, ел тағдыры талқыға түскен ауыр жылдар алапаты туралы Қашаған да, Аралбай да, Сәттіғұл да толғанған. Жоқшылық пен жүдеушілік меңдеткен қайғылы жылға арналған үш ақынның үш шығармасы да бір-бірімен сарындас. Сұрапылға кезіккен қыр реңі, ел жағдайы, адам кейпі әр қайсысында да әрі шынайы, әрі жан тебірентерлік қайғылы да әсерлі суреттелген. Бұл жырлардың өзегінде «мастық пен паңдық, менмендік пен тәкаппарлық, озбырлық пен жауыздық жол алған кесірлі кезеңде ел кесапатқа кезігеді, толғандар тасып төгіледі, қымбттардың бәсі кемиді, бірақ халық құрып кетпейді, инабаттылық орнаса ел еңсесін көтереді» дейтін ұлағатты ойлар жатыр. Ақынның ел арасында кең тараған әйгілі шығармасы – «Досан батыр» дастаны. Досан ерлігін Ақтан, Қашаған, Балаораз сияқты Атырау ақындарының көбі жырға қосқан. Бірақ арнайы дастан етіп топтаған Сәттіғұл ғана. Ел аузындағы аңыз, әңгімелерге сүйеніп «Досан батыр» дастанын ақын 1939 жылы жырлайды, 1952, 1962 жылдары ұстарта толғайды. 1939 жылы ақынның өзі жолдаған осы алғашқы нұсқасы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақталады (669 бума, I дәптер). 1948 жылы «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында Сәттіғұлдың «Досан батыр» дастаны туралы ғылыми зерттеулер жарияланады (авторы Б.Шалабаев). Зерттеуде дастан орнықты да орынды талданған. Бірақ, автордың қандай материалдарға сүйенгені белгісіз, Сәттіғұлдың төл шығармасы «ел аузынан жазып алынған жыр» делінген. Бұл ағат пікір. Өкінішке орай, 1960 жылы шыққан «Қазақ әдебиеті тарихында» (І том, І кітап) тағы да сол күйінде қайталанған. «Досан батыр» Сәттіғұлдың өзі шығарған төл шығармасы. Сәттіғұлдан бұрын ел аузында Қазақстанның батыс аймағында ондай шығарма болмағандығын бүгінгі көзі тірі ақын, жыршылар, бүкіл ел растайды және ақынның 1952 жылы қаңтардың 20 жұлдызында Қазақстан Жазушылар Одағына жазған хаты дәлелдейді. Хатта былай делінген: «1948 жылы шығарылған «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабында менің бұл шығармамды «1939 жылы ел аузынан жазып алған Жанғабылов Сәттіғұл» деп теріс айтылғанына, өз шығармамды бөтеннің| сөзі дегеніне ренжіп, қынжыламын. Досан батыр туралы жыр ешкімнен жазылып алынған емес, 1939 жылы өзім шығардым...» «Досан батыр» — тарихи дастан. Досан туралы жайлар ел аузындағы аңыз, әңгіме ғана емес, нақты шындық, болған оқиға. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Маңғыстау түбегі қазақтарының патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» қысымына қарсы наразылығы

өршиді. «1870 жылғы Маңғыстауда болған көтеріліс — отаршылық езгіге қарсы, әсіресе салықтың өсуіне және жер, өріс, қонысқа шек қоюға қарсы шыққан... стихиялық шаруалар көтерілісі болды» («Қазақ ССР тарихы, І том. Алматы, 1957, 427-бет»). Осы көтерілістің бір көрінісі — Досан батыр бастаған бас көтерулер еді. Сәттіғұл ақын бұл туралы былай дейді: «Тәжіұлы Досан батыр мен Тіленбайұлы Иса, Есен Ерменбет би Тұрұлы, Шабайұлы Сүгірлер 1870-1873 жылдары патшаға қарсы халық қозғалысын бастаушы қаһармандар еді. Досан ереуілі менің туып-өскен жерім Маңғыстауда болды. Оқиға мен тумастан үш-ақ жыл бұрын болған. Досан батыр өлгеннен кейін батырдың сүйегін Досан ереуіліне қатысқан әкем Жанғабыл жерлесті. Зираты Маңғыстауда Қаратөбе дейтін жерде. Досан туралы әкем талай айтқан. Ол көтеріліс жайын жақсы білемін». Дастанда ақын тарихи оқиғаны дәл өмірде болған күйінде тізе бермей, кейбір сәттерді өзіндік шешіммен жырлаған. Батыр бейнесін сүбелендіру үшін айтулы ерліктердің бәрін бір Досанның басына жинақтаған. Ақын Досан бейнесін халық көкірегінде сақталған, өмірде болған батырдың өзіндей бұқара ішінен шыққан, халық қамы үшін өлімнен сескенбеген ер, алған бетінен қайтпаған ержүрек, ар-намысын ту еткен жалын жүректі батыр етіп суреттейді. Батырдың қанды көйлек жолдасы Иса бейнесі де жырда өмірдегі қалпында елестейді. Маңғыстау приставы Рукиндерді өлтірген, кейін болыс болған, шешен, аңшы, саятшы, 70-терге келіп, 1910 жылдары өлген Иса халық жадында да дастандағыдай айтылады. Дастанда суреттелетін Рукин — тарихтағы Маңғыстау приставы подполковник Рукиннің өзі, Патшаның отаршылдық саясатын жан сала орындаушы, 1868 жылы ережені Адай еліне бас-көзіне қарамай енгізіп, күшпен салық жинамақшы болған өпірем ояз бейнесі, қайта жырда ішкі, сыртқы ой пішінмен тереңірек көріне алмаған. Бәйменбет – өмірде болған адам, Адайдың беделді биі, Рукиннің оң қолы Бәйменбет Маяев. Оның Рукин қолымен бірге көтерілісшілер қолынан қаза тапқаны да рас. Жырдағы Ломакин — бұл да болған адам. Ол 1873 жылы Хиуа жорығына қатынасқан Маңғыстау экспедициялық отрядының әскери басшыларының бірі. Хиуа жорығының, оған қатынасқандарының куәсі болып Форт-Шевченко қаласында, ескі бекініс шоқысының басында бір ескерткіш тұратын. Қазір этнографиялық мұражай қасына қойылған. Ол Хиуа жорығының 20 жылдығы құрметіне арналып Боткин заводынан 1893 жылы шойыннан құйылған Александр II мүсіні. Қазан төңкерісі жылдарында қызыл солдаттар мүсіннің басын жұлып тастаған. Сол бассыз кеудені халық «күйік патша» деп атайды. Осы кеудеде Хиуа жорығына қатысқан Маңғыстау экспедициялық отрядының басшыларынан 21 адамның аты-жөні жазылған. Соның бірі жырда аталатын Ломакин. Демек, Ломакиннің бейнесінің төркіні сол.

«Досан батыр» — отарлаушылық езгіге қарсы бас көтеру, халық бақытын аңсау сияқты өткен өмірдің тарихи шындығын елестететін елеулі шығарма, ол – патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» реформасына қарсы бұрқаған шаруалар көтерілісінің көркем шежіресі. Сәттіғүл өзінен бұрынғы ақындар жырын мол білетін. Абыл мен Ақтанның, Қашаған мен Елбайдың бірқатар жыры халық мұрасының алтын сандығындай көненің көзі Сәттіғұл айтуымен жеткен. Ақын жаздырған мұралар – қазақ әдебиеті қорына қосылған елеулі үлес, қымбат қазына. Сәттіғұл – Қашаған мен Аралбайдан кейінгі Маңғыстау, Жайық бойы ақындарының дарындысы, өресі биігі. Ақын Сүгір жырауға жолдаған хатында: ... Абыл, Нұрым, кенже Ақтан Қашағандар болмаса, Ағаңнан озар, шырағым, Кім бар еді бүгінде?, – дегені бар. Бұл ақынның құр мақтангөйлігі емес, аға ақындарының өзіне берген бағасына орай айтқаны. Оны Қашаған ақынның Ізбас ақынмен айтысындағы: Жанғабылдың Сәттіғұл Келе жатқан қашаннан Жүйрік еді баға алып Үстіне халық қамалып, – деген сөздерін де аңғаруға болады. Сәттіғұл есімін қоныстас елдер жақсы біледі. Ақын жырлары Қазақстанның батыс аймағына, түрікмен, қарақалпақ, тәжік, өзбек, иран, ауған, түркия, ресей елдерінің бірқатар аймағына кең тараған. Сәттіғүл жырларын алысқа самғатып, ауызша, жазбаша таратушылар оны ұстаз тұтып, талантын қадірлейтін маңғыстаулық Түмен, Жанжігіт, Дүйсенбай, Шәдіман, Әлқуат, Мұрат, Шамғұл, Айтқұл, Өткелбай, Сәду, Назарбек, Көшен, Бүркітбай, Хамит, мұқырлық Қарағұл, түрікмен жерінде болған Сүгір, Ұзақбай, Қайролла, Ниязхан, Балта, атыраулық Құмар мен Сұраубай, Тәжмұхан мен Ғұбайдолла сияқты майталман ақын-жыршылар. Ақын осы өнерпаздармен үнемі хабарласып тұрған, реті келгенде олар ақынды қаумалап халық арасында бірге алып жүрген. «Халықты көрсем, айналамды қаумалаған ақын-жыршы көрсем жаным кіреді» — дейтін Сәттіғұл ақын. Ақын сөзінің мәні бар. Шын жүйрік дүбірді көрсе қызады және ақын халықпен ақын. Ақын – халықтың ой-арманын бейнелейтін жүйрік тілі, бұлбұлы. Әр заман халықтың арманмұратын өзгеден бұрын ақын сезініп жырына қосқан. Сәттіғұлдың да он бес жасынан бастап 75 жыл жырлағаны халықтың ой-сезімі, мұңы мен арманы, қуанышы мен шаттығы. Ол екі дәуірді көрген, ғасырға жуық ғұмыр кешкен нағыз халық жыршысы еді.

Кеңестік кезеңде Сәттіғұл жырлары толық жарық көре алмады. Дәуір мінезіне үйлеспейтін көптеген өлең-толғаулары айтылмай, жарияланбай халық көңілінде ғана жүрді. Ол өз мұрасын келешекпен табыстырар деп еліне аманат етті, халық бар болса рухани қазынасының да өлмейтіндігіне сеніммен қарады. Ақын арманын орындау еліміз еркіндік алған қазіргі күндерде ғана мүмкін болып отыр. Қабиболла Сыдиықұлы, филология ғылымының кандидаты ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІМ

Тарихымды бастап сөйлейін Қоспай сөздің жалғанын: Көйлегі бүтін, жайы бар Болмапты ата - аржағым, Тағам қылған алданып Қолында тірлік салмағын. Бес атамнан бер қарай Мал бітпеген сорлымын, Өзімнің әкем Жанғабыл Сорқұдық, Теппе ойлардан Егін салып жер қазған Айтатын көрген қорлығын. Әкемнің аты Жанғабыл Дабылы жұртқа білінген, Адасқанға жөн сілтеп, Ақыл айтқан біліммен, Өзімнің атым Сәттіғұл — Тұрбасы түзу сөз шықты Сөйлесем көмей-тіліммен... ... Мен де көрдім жарлықтың Әрбір түрлі тарлығын. Жас жиырмаға келгенде Кесірінен жарлықтың Тастадым қоныс-жерімді, Қарындас, халық, елімді, Дарияны сағалап Харазымның бойында Өгіз айдап, жер жыртып Тоғыз жыл салдым егінді, Жан қиналып, маңдайдан Сыпырдым талай терімді. Аямай жанды қинадым, Онымен дәулет жимадым, Қайтадан келдім шұбырып —

Туған жерді қимадым... ... Отыздан жасым асқанда Көңіліме жел енді — Бастадым сонда өлеңді. Зорлығын айтсам байлардың Олар оған арланды. Ашуы келіп шамданды. Жасырмай заман жарасын. Бүркемей көңіл наласын Кедейдің айттым жоқтығын. Жарлық пенен надандық, Көзтүрткі қылып әркімге Сонымен өтті көп күнім. Октябрь таңым атқанша Шыға алмады шоқтығым. Орындалмай арманым, Кедейдік болып кедергі Ала алмай сауат қалғаным... ... Мың тоғыз жүз кешегі Он жетінші жылында Көзімді ашып қарасам Таң атқан екен жарқырап, Күн шыққан екен жалтырап. Қанатым жайып ұштым мен, Күн нұрын сүйе құштым мен. Сол жылдардан бер карай Гүлдеді бақыт мәуелеп Жерімнің байтақ үстінен...

УА, ЖІГІТТЕР, МАСЫҚПА

Жігіттер жүр масығып Лауазымға таласқан, Алдауына еріп сұмдардың Тура жолдан адасқан, Құзғындар тобы жемтікке Бөлісе алмай таласқан. Екі бөліп елдерін Таласып жүр айғырдай, Әркімдерді үгіттеп Тура жолдан тайдырды-ай, Жікшілдікті шығарып Айдап салды руды, Тамыр болып, қол артып Байлармен бірге шығулы, Сұлу ат таңдап мінулі, Сән-салтанат құрулы, Есі-дерті бай болып, Қаратабан, кем-кетік Қарамады ашынып Арыз айтқан пақырды Қорқытып, төмен нықырды, Бет әлпеті бұрынғы Шенеуніктер сықылды. Бояма жүз күнкөріс, Өтірік өрге басып па? Айтқанға түсін, әділ бол, Уа, жігіттер, масықпа. Тура жолдан таймаңдар, Масықпа, шыда асықпа. 1922 жыл

ТАЙЫР АҚЫНҒА ХАТ (үзінді) Мен – қартың Маңғыстаудың жеріндегі Мал баққан шаруа қазақ еліндегі. Ал, сен, бір Алматының жүйрігісің Ұяда үлгі көрген тегіндегі. Жолдаған бұрында да жырларым бар – Қолымнан бір кетті де көрінбеді. Шын жүйрік бәйгі ала алмас бап болмаса, Пайда жоқ ақындықтан бақ болмаса, Жырларым Алматыда ұйықтап жатыр Бір пенде оятатын тап болмаса... 1933 жыл

МОСКВАҒА САПАРЫМ

Май айының ішінде Маңғыстаудан біз шығып Аман-сау келдік Оралға, Таныстық келіп бұған да, Патефон, мылтық кабаттап

Байрақ алдық бұдан да, Облысымыз жасасын — Көтерді бізді жоғары, Жиырма бірдей ауданның Жиналған екен бас қосып Өнерпаз, өлеңші адамы, Еңбекші халық қарсы алып Бәрі де тыңдап қарады, Шамғұлмен қатар салғанда Күйлері болды шамалы, Салдырлатып кейбіреу Домбырасын сабады. Комиссия бастықтар Сынағанда біздерді Біріншіге балады... ...Май айының үшінде Киров клуб ішінде Құмардан шығып жырладым Келтірдім сөздің ырғағын. Хош алысты көпшілік Шапалақ соғып құттықтап Жиналған адам мың жарым. Байрағын берді соңынан «Жоқ, — деді, — сөздің кемісі». Жиналған өнерпаздарға Сыйлығын атап берісті, Содан кейін біздерге «Москваға бар, — деді, — Айтыспен қатар барған соң Әндеріңді сал, — деді, Жырларыңды әшкертіп Күйлеріңді шал, — деді, Жоғарыда отырған Үкімет пен партия, Бағалайтұғын заң» — деді... Оралдан жүрдік төрт адам Үскірік пойыз зырлады, Көрдік талай станса, Орман-тоғай, арнаны, Егін, ағаш, ағын су Теміржолдың жан-жағы, Мінгеніміз сар пойыз Шаршасын ба шалдығып —

Шабысынан танбады, Мезгіл-мезгіл ақырып Шапқан сайын атылып Шұбалды түтін-шаңдары. Вагондары сайлы екен Жүрісі тыныш, жайлы екен — Үстіне мінген адамның Рахат тапты жандары... ... Содан келдік Мәскеуге — Жүргенов бізді алмады Өнері, жақсы біздерді Жарысқа қатар салмады, Домбырашы, әнші, ақынның, Болмай қайтты арманы, Батыс Қазақстанның Шаба алмай қайтты тарланы, Аузымызды ашырмай Кері қайтарды Жүргенов — «Оралдан келген қарт ақын Жоқ, — деді, — бізге керегің» Көрінбей қайтты өнерім, Еңбекші елге арналған Айтылмай қайтты өлеңім, Айтылмаған себебін Жүргеновтан көремін. Бөліп тастау дұрыс па Батыс Қазақстан көлемін? Айналғанда Жүргенов Өзінің етті дегенін, Көрсетпеді біздерге Жолбасшылық көмегін. Қатты көзбен қарады — Барған күні таныдық Көңілдің бізден бөлегін. Зәбір көрген өзімді, Осы айтылған сөзімді Ұлы орындар жоғарғы Тексерер деп сенемін. 1936 жыл

АЛМАТЫ САПАРЫНДА

Астанаға ауды іңкәрім

Маңғыстау – мекен-тұрағым, Бет алған күні бағыттап Көліктің жүйрік пырағы Көрсетті жердің біразын. Ағыны күшті – құлдырап Зулады мүлде болжатпай Жердің жүзі бұлдырап, Әр жерде орман, көк өзен Барады қалып сылдырап, Қара тұлпар қарқынды Шапқан сайын аяған Темір жолға ұрғылап. Тарылды жердің танабы, Көрдім талай қаланы, Көзді ашып-жұмғанша Қарасын үзіп қалады, Саңлақты жүйрік сол тұлпар Қызған сайын табаны Жұлдыздай зырлап ағады, Анда-санда тыныстап Стансыдан жүргенде Айқайлайды дыбыстап, Шаршатпайды адамды – Жүрісі жайлы тынышты-ақ, Көлденең бір тауларды Тескен екен жұмыстап, Өте шықтық одан да Он минутта жылыстап, Сосын қойдық маңдайды Алматыға дұрыстап... ... Қазақстан кіндігі Алматының қаласы, Жапырағы жайқалған Жемісі миуа шайқалған – Жеткізіп көркін айта алман Болсам да ақын майталман Қалың орман ағашы Қар кетпейтін басынан Асқақтаған тауы бар, Сарқыраған бұлағы Саулы інгендей саулылар, Көк мақпалдай құлпырған Даласы – таудың арасы,

Алматым менің бұл тұрған Бақыттың кіндік қаласы, Келешегі құлпырған Жүрегіне нұр құйған Астанамда орнаған Қазақтың қара баласы. 1937 жыл ПУШКИНГЕ Сұм заманда өтіпсің, Өлеңге өрен жетіксің, Жәуһарын жырдың жаудырып Телегей-теңіз етіпсің, Өмірден опа таба алмай Қиянат көріп кетіпсің, Лағнат айтып түндерге Қол создың алғы күңдерге, Бірақ та нұрлы күндерге Асыл ер, жете алмадың, Құшағын жайып біздерге Табысты асыл арманың, Жырыңды әлем жаттады – Сөзіңнін жұттық қаймағын. Үстіртте – малшы үйінде Нұр төгіп жанға жайнадың, Жырларыңмен жауладың Әлемнің барлық аймағын. 1937 жыл

КАСПИЙ ЕРЛЕРІ

Каспийдің бойын жайлаған Балығын қойдай айдаған Бақытты елдің баласы Балықшыны жырласам Жыр фонтаны қайнаған, Сәттіғұл ақын мен едім Бақыттың шығып шыңына Жаз бағындай жайнаған, Жас алпысқа келгенде Бұлбұлдайын сайраған, Шалқымай қайтсін шабытым –

Шалқыған бақыт айналам. Ен дәулеттің иесі Ерлерім деп сөйлесем Жөнеледі жүйрік тіл Арғымақтай асқақтап Ауыздығын шайнаған. Каспийдің мың-мың ерлері Күш-қуаты кернеді, Су жүйрігі пароход Су танабын қуырып Судың құзын өрледі, Су жүрегін суырып Су байлығын меңгерді, Судың мұзын сындырып Су жайынын өңгерді. Табысы таудай тамаша Өркендеді еңбегі, Жеңістің шырқап шыңына Құлашты жаза сермеді, Шырқамай қалай шыдасын – Шаттығы шалқар дер кезі. Біздің Каспий ерлері Балықты қойдай бағып жүр, Телегей түпсіз теңіздің Қолқасына қол салып Тереңіне барып жүр, Кеңінен төгіп кестесін Шөпшегін жиі қағып жүр, Тюленді тайдай тулатып Мойнына арқан тағып жүр... 1939 жыл

АМАНГЕЛДІ БАТЫРҒА

Қарғыс атқан өмірде Қан жылаған өңірде Амангелді батырдың Қайраты бізге көрінді, Еңіреген ер еді, Қауіп етпеген дұшпаннан Ойламаған өлімді. Абаттана ақырып

Аламаны жапырып Ақ алмасын сілтесе Жаудың қаны төгілген, Ақ сүңгісін байлатса Андысқан сұм дұшпаны Көбесінен сөгілген. Сұм патшаға қас болды Езілген есіл еліне Ту көтеріп бас болды Аламанын құрып-ай, Жауын көрсе ұмтылды Бабына түскен қырандай, Қолына Қызыл ту алып Ақ алмасын суарып Қайраттың шүйін шығарды-ай. Қан құстырған өмірдің Әміріне көнбеді Ерегескен жауына Аянбай қару сермеді. Амангелді батырдың Темірдей батып шеңгелі, Қастасқан жауы меңдеді. Амангелді батырым Жүрегінде халқының Сақталады сансыз жыл Тарихта қалып еңбегі.

БІЗ ЖЕҢЕМІЗ

Өлкемнің мынау аймағы Байлық қой, шіркін, таусылмас Алынбай жатқан қаймағы, Көмірден басқа бұл жерде Бар деп жүр мұнай-майлары, Жоспарды артық беріп тұр Еңбектің әрбір айлары. Таушықта қалың көмірім, Еселеп еңбек өнімін, Жау қолына бермеспіз Қастерлі туған өңірім. Каспийде балық молшылық, Тереңнен тартып ауларды Мол тапсырсақ соншалық

Әрқайсысы бір-бір оқ Жайпап салар жауларды, Төңкеріп тастап тауларды. Инженерлер байлықтың Не бір түрін баурады. Мыңғырған малым қырымда, Сенім мол менің жырымда, Талқан боп фашист қашады Шыным да осы сырым да. Боздақтар келер жеңіспен Шаттыққа сонда енерміз, Жараңдар, еңбек етіндер, Уәдеге берген жетіңдер – Әлі-ақ жауды жеңерміз. 1943 жыл

СТАЛИНГРАДТАН ЖАУ ҚУЫЛҒАНДА

Құтырған ұры фашизм, Күнбатыстан қол салды Бейбіт жатқан еліме, Гүлденген сәнді жеріме, Қазыналы қара алтын Қайнарлы-көзді кеніме, Опасыз ұры фашистер Шығам деп шапты төріме. «Аламыз» деп, «көппіз» деп Ұмтылып еді екпіндеп — Назары жаман сынып жүр, Жапырып жауды майданда Ерлерім Қызыл қырып жүр, Аңдамай басқан аяғын Ауырмай өлед деген бар — Құтырынған ит фашистер Азайғанын әлінің, Енді ғана біліп жүр. Ерлерім ойран салып жүр, Талқандап өшін алып жүр. Батырларым білекті Ауыздарын бір етті, Отан үшін жан қиып Тілекке қосты тілекті.

Қаптаған жауға алдырмай Ленинград, Мәскеуді Күндіз-түні күзетті. Қашырды жаудың қарасын Бермеді Мәскеу мұрасын, Фашистерді қиратып Батырлар жазды құлашын, Біздің алып, айбынды Армияның алдында Асқар таудай айбатқа Фашистер қалай шыдасын! Немістің қалың әскері Аламыз деп келгенде Ленинград, Мәскеуге Қара бұлттай төнгенде Қолбасшым дана Сталин Қаһарланып, қайратпен Командасын бергенде Соққы беріп көп қырды, Бірнеше жүз мың солдатын Біздің ерлер жоқ қылды. Зор шығынға ұшырап Кейін қашты бышырап Тұра алмай шыдап табаны – Құрыды жаудың амалы. Күлін көкке ұшырып, Қуалап айдап ысырып, Қайтадан алдық қайырып Әлденеше қаланы. «Алпыс күнде алам» деп Жанталасып қарады, Адамның жауы, қанқұмар Гитлердің болмады Ойлаған жоспар-талабы, Халқынан тұрмыс-күй кетті, Иіріп айдап қырдырып Солдаттарын да сиретті, Осы күн халі шамалы. Сталинградтай қаланы Үш жарым ай қамады, Жүз мыңдайы қырылып Бізге түсті тұтқынға Үш жүз мыңдай адамы,

Тарихтарда болмаған Соғыстың болды ұлысы Тарылды жаудың тынысы. Өлгені қалды үйіліп, Қуылып кетті тірісі. Халқын айдап қырдырған Гитлердің болды жұмысы. «Доспын» деп қастық ойлаған Ақырында басына Тауан болды мұнысы, Көк төбеттің абалап Бізге қарап үруге Енді шықпас дыбысы. О заман да бұ заман Арамның жолы болмаған, Адамның жауы фашизм Қуылды біздің Волгадан. Салтанатты сәнімді Ардақтаған барымды Қорғады Қызыл Ерлерім Басшылықтың болып дұрысы. Жасасын Қызыл Армия Жасасын дана Сталин Дүниеде болынған Қолбасшының ұлысы. 1943 жыл

ӘДІС КЕРЕК ӘРТҮРЛІ

Әдіс керек әртүрлі Мал өсіру жайында, Пішені мен қорасын Күн бұрыннан дайында, Көңіл бөліп күндіз-түн Көздеріңді айырма. Ферманы гүлдей көркейтің Ұлы шайқас майданда, Жауды тегіс жоюға. Сақтаңдар боран, қасқырдан, Көз жазып малдан бас ұрмаң, Оты-суын қандырып Бүйірін орта-аш қылмаң, Орындаңыз жұмысын Басқарманың тапсырған. Орынсыз малды жойғандар Жат адам деп ойлаңдар Үкіметке қас қылған. Босына малды жоймаңыз, Кемітіп басын - соймаңыз, Көбейтіңдер өсіріп, Жалқаулық жасап қоймаңыз. Әрбір түрлі жұмысқа Әзірлікті сайлаңыз. Қажымай қайрат етіңіз, Белді бекем байлаңыз.

ИСАТАЙ БАТЫР

Ақ жүректен ақтарып, Мен жырлаймын шаттанып. Ер шыққан соң елімнен, Маңғыстаудай жерімнен. Қасқыр иттей қаңсылап, Арт жағына ыршып-ақ. Жапырылып жау қашты, Исатайдай ерімнен. Бір өзінің оғынан Үш жүздейін немістің Қара қаны төгілген, Қабырғасы сөгілген. Өздері қазған көріне, Өздері түсіп көмілген. Исатайдай ерімнің Қатты батты дұшпанға, Тегеуріні темірден. Арыстандай айбаттым, Жолбарыстай қайраттым. Тұқымы еді батырдың Қауіп етпейтін өлімнен. Түп атасы Тоқтамыс Ойран салған қалмаққа, Хабары кеткен жан-жаққа, Тұсым еді шынжырлы Соғысса дұшпан жеңілген. Исатай – алғыр қайраттым

Фашиске қарсы оқ атты. Оғын қардай боратты Қойдай қырып «дорақты». Қамалын бұзып күл қылды, Талқандап жауды бүлдірді, Танкілерін сындырды. Жау «көкесін» таныды, «Немістің үш жүз адамын Исатай батыр қырды» деп Хабардың болды анығы. Исатай – алғыр қыраным Немістің қырды біразын – Естілді елге дабылы Жетіп жатты артына, «Жасасын» деп қуанды Қазақстан халқы да. Сүйеубаев адамның Арыстан туған алыбы. Ашуы бойды кернеді, Құлашын жайып сермеді, Бір өзінен немістің Үш жүздей екен өлгені, Фашисті қойдай тоғытып Темірдей батты шеңгелі. Орақтың ұлы Қарасай, Қарақыпшақ Қобыланды – Сол батырлар теңдері. Көпшілікке білінді Қиратып жауды жеңгені. Қалатын болды тарихта Істеген ерлік еңбегі. Исатайдай ерімді Қас батыр десем болады, Айтсам аузым толады, Фашистерді қиратып Оғы қардай борады, Аты әлемге шашылып Газеттерге басылып Исатайдың хабары Жер жүзіне тарады, Ұмтылғанда бекінген Бұзылды жаудың қамалы. Қуырылды заманы,

Құртылды ғой амалы, Техникалық соғыста Таң қалғандай, іс етті. СССР-дің маманы. Артылып түсті немістен Құлданған әдіс-амалы. Анасына ардақты Мың бір рахмет айтамыз Таймайтын тастан табаны Туған мұндай баланы. Атақ берді Сталин «Бірінші герой – ерім» деп «Немістің қырды көбін, – деп СССР-дағы халқымның Бір шығарды белін» деп. Рахмет айтты Сталин «Ленин орден берің» деп. 1943 жыл

АЖАРЛЫ ЕКЕН ТӨЛДЕРІ

Тұщыбектегі ферманың Көрген жоқпыз кемісін. Орындап жүр өсіріп Мал басы – шаруа, егісін. Алған екен әуелден Қолайлы жерден өрісін, Қара шөпті қақ жарып Малдары жатыр семіріп, Қоздап жатыр қойлары Үшеннен туып емізіп. Ажарлы екен төлдері Жоқ екен шығын – өлгені, Қоралары сайлы екен, Малдары семіз, майлы екен. Үздік шығып бұл ферма Табысы тасып күн санап Өрден өріс өрледі. Қойын баққан ферманың Шаруағы мығым, қажарлы Стахановшы қарт екен Қой, қозысы ажарлы, Он екі жыл қой бағып

Отан үшін ойланып Күндіз-түн көзін жазбайды Онын баққан қойлары Арып-ашып азбайды. Егіздетіп, үш еннен Саулықтары қозғайды, Мал бағуға келгенде Одан ешкім озбайды. 1944 жыл АРНАУ (Қарт ақын Сәттіғұлдың сайлау учаскесінде бірінші дауыс беріп тұрып айтқан арнау сөзі)

Құрметті қарсы аламыз сайлау күнін, Сайлаймыз елдің адал ұл мен қызын. Сайлаймыз озып шыққан еңбек ерін, Ойлайтын еңбекшінің мұқтаж-мұңын. Өзгеге өндірісте үлгі болған, Халқына арнап келген жігер, білім. Қабылдап сайлаушылар дауыс беріп, Көпшілік, көрсетелік көңіл шынын. Партия бастауымен жылдан жылға, Гүлденді мәдениет, оқу, ғылым. Ұстазы еңбекшінің Ленин-көсем, Орнатқан бізге бақыт көрмей тыным. Осындай зор табысқа кол жеткізіп, Өнердің біз қолдандық әрбір түрін. Жарыста жігерленген колхозшылар, Бермеуде биылғы жыл малдан шығын. Ақшаны қаптап алды сыйғыза алмай, Болмаған үлкен табыс мұндай бұрын. Айқайлап «айт» дегенде әнге салып, Сайраған талай жылдар менің тілім. Бұл күнде сексен бірге келгенменен, Жасартты қызық дәуір көрген күнім. Жасасын коммуннстік партиямыз – Арналды саған осы шаттық жырым. 13/ІІІ-1957 жыл

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ КАНЫШҚА

(Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кенесінің депутаттығына қандидат, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен кездесу кешінде айтқан жырмен құттықтауы) Қарт ақын төгілдірсін өлең-жырын, Өрледі жылдан жылға оқу-білім. Туысқан партияның бастауымен, Байлықтың тасқындаттық небір түрін. Депутат Қаныш балам, қарсы аламыз, Халықтың бітірер деп мұқтаж-мұңын Жабулы Алматыда көптен бері, Жарыққа шықпай жатыр өлең-жырым. Еленбей еңбектерім кетіп барад, Шырағым, шын салғайсың көздің қырын. Ақ жүрек, әділ тұрған партиямыз, Сенемін – көрсетер деп көңіл шынын.

Халықтың жағдайымен санасатын, Ардақты азаматсың қымбат бұлың. Халқымыз хош алысып дауыс берді, Сәтбаев, Өтебаев жолдастарға, Ұсынып еңбекшінің адал ұлын. Осы күн озып тұрған Маңғыстауым, Өсіріп малдың басы, бермей шығын. Ілінген ел аузына мен – Сәттіғұл, Айтуға сөзді сырлап келген тілім. Ғүмырым бір ғасырға жақындады – Тірліктің тамам еттік сексен жылын. Тұншығып қараңғыдан әзер шығып, Армансыз бостандықтың көрдім күнін.

Бұл заман жаралғалы, есеп етсек, Кеңшілік болынбапты бұдан бұрын. Біздерді бұл дәуірге кездестірген Көсемі еңбекшінің Ленин жолдас, Түбі жоқ дариядай білген білім. Қанышжан саулығыңа тілектеспін, Саламат, әзір күнге хош-сау тұрың. Елім бай қазыналы жерімменен, Өзіндей мұхит ойлы еріменен. Өзіндей ұл өсірген халкым менің – Шыға алам бар әлемнің төріне мен. Мол дарын бір бойында қоныстаған, Кең ойлы өршіл арман қарыштаған. Халқыңның ғылымына қам жасаған, Сен бейне жарық жұлдыз, Қаныш балам. Саңлақ ой сарабдалдың санаулысы, Жүрегі жалын атқан алаулысы. Депутат болуыңмен құттықтаймын, Қанышжан – халқымыздың қалаулысы. 1958 жыл

БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАНЫМ

Сексен бесте мен бүгін Қарт ақынмын көнерген. Халқым «сөйле» дегенде Жерім жоқ, сірә, бөгелген. Кызмет еттім халкыма Тіліме біткен өнермен. Октябрь таңы атқасын Жоғары шықтым төменнен. Сол күнде шықтым жарыққа Казықтаулы көгеннен, Советтік Казақстанның Шалқыған шалқар байлығын Жырлаймын талай өлеңмен Ақынымын дәуірдің Құрметіне бөленген... ... Қазақ халқы ежелден Езгіде жүрген ел едік, Қараңғыда қарманып, Азып-тозып адасып Жол таба алмай бөгеліп, Сұм патшаның тұсында Қытымыр заман – қысымда Қайғы мен қапа жеп едік, Хан мен патша, бай мен би Жарлыны көзге ілмеді,

Ілгері басқан қадамын Кейін қарай күрмеді. Кедей қойдың соңында Өлсе де байдың жолында, Жұпыны, жыртық күн көріп Шөлдеген ерні кезерді, Жарлыға бай қожа боп Иыққа мінді асылып Октябрь таңы аткан соң Қазақ та еркін ел болдық Бастағы тұман ашылып, Орнаған соң жаңа өмір Байтақ елге бақ қонып Өнеріміз өрледі Ұлы ұлттарға теңеліп. Қазақстан қатарға Отау болып қонғалы, Одақтың он бес бірі боп Жылдан жылға көркейіп Қырық жылға толғалы Байлық пен бақыт орнады, Еңбекші барлық халықтың Болып отыр осы күн Компартия қорғаны, Ленин-көсем көрсеткен Бағытқа дұрыс жолдады, Бір біз емес, басқа да Езгіде жүрген елдердің Осы нұрлы жолменен Теңдікке жетті қолдары... ... Міне бүгін қарасам Нұр жайнаған елім бар, Өркендеген өмірлі Өндірісті жерім бар, Апшымайтын алғанға Жер астында кенім бар, Ембіден ақса мұнайым, Қарағанды жерінде Қалың жатқан көмір бар, Теміртау мен Балқашым, Қостанайда қорланып Тұтасып жатқан темір бар, Шымкентімде қорғасын,

Балқашым мыс балқытқан, Қарсақбайда жезім бар, Бал татыған балығы – О да көптің азығы – Арал, Каспий көлім бар. Бірінші тың атанған Алып берген астықтан Тыңға салған егін бар, Миллиард пұт Отанға Беріп тұрған жылма-жыл Егіннен мол өнім бар, Мол егінді игерген, Техниканы меңгерген Есімін еңбек шығарған Мың-мыңдаған ерім бар. Екінші тың атанған Ұлан-байтақ даламда Алып жатқан малым бар, Малдан өскен төлім бар, Жетіжылдық жоспарды Мерзіміне жеткізбей Орыңдауға ұмтылған Серпіні күшті көңіл бар Үйткені бүкіл елімде Жеңіске жігер беруші Арысым бар, белім бар. 1960 жыл

МАҢҒЫСТАУ — МАЛДЫҢ АНАСЫ

Өркендетіп өсірген Маңғыстау – малдың анасы, Қыстыгүні таулардың Малға күшті панасы, Жүз түрлі дәрі шөп өскен Түрлі-түрлі саласы, Шүйгін шөбі құлпырған, Байлығы қайнап тасыған, Азаймайтын асылан Каспийдің жақын жағасы, Жаз жайлауға кең өріс Бозашы, Үстірт даласы, Төлдегенде төрт түлік

Ұлан-байтақ шеті жоқ Сыймай жүр жерге қарасы, Малды баптап өсірген Енбеккер елдің баласы. Социалистік жарыста Бүкіл Қазақстаннан Оза шауып атақты Алты ту алған ауданмын. Біздерменен байлыққа Ешкімнің болмас таласы. Бұл Маңғыстау ауданда «Еңбек» пенен «Правда» Озат колхоз атанған, Мамандары өсіріп Малды жақсы бағулы, Колхозшысы қажымай Мал азығын шабулы, Екі мыңнан, үш мыңнан Еңбеккүнді табулы, «Кыс келед, – деп, – қырыннан» Әзірлік жасап бұрыннан Қоралары салулы, Төбесі тегіс жабулы. Алға басып жұмысы Күннен-күнге дамулы. Табыстан жетіп табысқа Озып шығып жарыста Облыс пенен ауданнан Қызыл Туды алулы. 1963жыл

ЖЕТІБАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР

Күн тамбайтын себелеп, Қыстайтұғын малшы ауыл. Өскеннен соң ащы шөп Бұйрығын, жусан, ебелек, Жаз шыққасын құлазып Жатар еді бұл ара Жан беруге жеріме, Байлық алмақ еліме Еңбекте өскен ұлдарым Қалады әкеп мұнара...

...Табиғатты тұсауға Бел буған кілең батырға Тегеурінді табиғат Тек киімшең қисайып Түздің дәмін татырды, Азынады суық жел Күзде, қыста шатырда, Арасында бір кебір Ералы мен Жетібай – Жалпақ жонда сансыз жол Шыға алмайсың шетіне. Сол алқапта бір батпақ – Күзде, қыста батып қап Талай шопыр байланды, Жайғасып ас іше алмай Өткізді сан айларды... ...Бірі болса, бірі жоқ. Құрал-сайман жетпеді, Күндіз-түні мігірсіз – Жұмыссыз күн өтпеді. Қойдай өріп машина Бірі тасып ауыз су Бірі салды баспана, Бірі салды асхана. Қиындыкпен күрескен, Айлар өтті, жыл өтті, Жасымады жан аяп Балдарым ер жүректі, Он-сан ұлттың ұл-қызы Орыс, башқұрт, грузин, Армян, қазақ, қырғызым Ел байлығы жолында Біріге қосты тілекті, Бір сыбанды білекті. Ел қамқоры – партия Кең даланы түлетті... ... Бүгін енді қарасам: Жетібайдың жонында, Ақ қалалар самсады, Ақ қаланың тұрғыны – Жерге салған бұрғыны Қаһармандар қанша мың! Алыптарым алысып

Кияға құлаш сермеген, Тасытты табыс бұлағын Көзін ашты көмбенің, Жетібайдың жерінен Өндірісім өрлеген, Мұнайының толқыны Жерді қозғап кернеген, Арқыраған ағыны Жоғары шапшып атқанда Дария болды көрмеген. Маңғыстаудың ойында Мұнайдың арна-өзегі. Даңқы кеткен әлемге Жетібай менен Өзенім. Жалпақ жонда бүгінде Самсаған бір мұнара, Сан жылдарға сарқылмас Байлық көзі бұл ара. Еңбегімен ерімнің Құдіретімен елімнің Мұнай көзін бұрқатып Көл-көсір боп тұра алар. 1963 жыл

ТОҚСАННЫҢ БЕЛЕСІНДЕ

Отырмын дәл тоқсанның белесінде, Қаншама жырым қалды ел есінде?! Уа, халқым, жырыңды айттым, сырыңды айттым, Өзіңсің өміріме төрешім де. Қолыма домбыра алдым он бесімде, Жол өттім асу-асу ел көшімен. Ел сүйген ер Махамбет, Абыл ақын, Өтіпті өртті өмірмен белдесуде. Есенбақ, Шернияз бен Нұрым көшкен, Ақтан мен Қашағаннан бұрын көшкен, Кемтарға пана болған ақындардың Сөзінің бағдары мен жырым өскен. Ақынмын екі өмірді аңдап өткен, Арайлы Октябрьдей таңға жеткен, Жамбылмен жадырасып жаңа өмірде Қырандай болат топшы самғап өткен. Өлең-саз меруерт пе жалын ба осы?

Айтқан жыр жанымда осы, арым да осы. Гүлденген заманымда жыр толғаймын, Тоқсанға келсем-дағы арын қосып. 1965 жыл

ӘЛІ ДЕ СӨЗІМ ДӨҢГЕЛЕР

Алқалы топқа көрінбек Өрен жүйрік шабысы, Қиырдан көзге ілінбек Дүлділдің аяқ алысы. Шарықтап ұшқан қыран құс Шабытпен көкке өрлесе Тау да болса өңгерер. Сұңқылдап бұлбұл сайраса Дүниеге өң берер. Шабытым келіп тұрғанда Жас кезім алыс кетсе де, Тоқсанға жасым жетсе де Сарайына Отанның Қаланар мен бір кірпіші – Әлі де сөзім дөңгелер... 1965 жыл

ТОБАНИЯЗ ХАН ТҰРҒАНДА

Жаралғалы көп болды Дүние-фәни бұл жалған. Түбіне соның жетем деп Қызықтап кімдер қумаған? Тірлікте жиған абырой Ақырда иман болмаса Туғаннан жақсы тумаған. Неше бір патша өткен жоқ Әтірәт қолы дулаған, Зеңбірек оғы зулаған. Нешелер шайхы өткен жоқ Шәкірті қойдай шулаған. Ай суретін көтеріп Ақ мешітін тулаған. Неше бір билер өткен жоқ Шежіре-шешен зулаған,

Әңгіме-сөзі күмістей Сары алтынмен булаған. Нешелер батыр өткен жоқ. Дұшпанын көрсе тураған, Талай әділ хан да өткен Азын көпке теңгеріп Төресін айтқан турадан, Осылардай жандардың Қарасаң байқап, баршасы Қара жердің астында Сүйегі шіріп қураған. Ескендір мен Сүлеймен Патшалардың басы еді, Сүлейменнің жүзігі Смағзам дұға жазылған Қасиетті асыл тас еді. Нәмруд-Шадат пырғауын Діні арам – нас еді, Расулы пайғамбар Айтқанына әуелден Көнбеген, жаны қас еді, Кәпірліктен танбаған, Ыбырайым, Мұсаның Айтқанына нанбаған Толықсыған мас еді. Пырғауындай залымды Батырған Нілге Мұсаның Қолындағы аса еді, Әуелден-ақ Әзәзіл Нәмруд-Шадат патшаның Шыбын кіріп мыйына Салды жаман күйіне – Болыпты қатты азары, Арпалысып, ақыры Содан тартты жазаны, Дұшпандық еткен әркімге Алдынан шықты азабы, Ыбырайым, Мұсаның Беттескенде кәпірмен Шыдатпапты назары, Ақырында имансыз Тауыпты содан қазаны. Толыққан талай патшаның

Суыған сүйтіп базары. Шариғы Кәлем-Шәрифте Алланың сүйген құлындай Таба алмайсың іздесең Ақиқат көңіл тазаны, Айта берсек арыдан Сөздер көп шырын-мазалы... ... Дүреген Әнес-Жабалдан Алты Алаштың бірі едік. Кіші жүздің қазағы Бытырап жүрген шашылып, Аяғына әр жұрттың Халық едік жүрген басылып, Сахыраға мал жайып, Қалалы жұртқа қол жайып Келе жатқан ел едік Осындай түрлі күйменен Бөлек-бөлек бөлініп Бір-екі мыңдай үйменен, Бұндай ұлы хәкімдік Бұрын-соң бізге тимеген. Ұтырын тауып кентті жұрт Еркін алып билеген, Бүл күнде сізсіз қазақты Қалалы жұртпен теңгеріп Шылбырын тартып сүйреген Қатарың жоқ тұсында Жігітсің туған ілгері, Екі-үш жыл болды, ел үшін Іждәһәт етіп жүргелі, Тек бүгіннен емес, қашаннан Біздің елдің бір кемі – Ақылы терең дананың Жақсының бұлын білмеді. Маяның ұлы Бәйменбет Алаштан озған тілді еді, Әңгіме-сөзі айтылған Халқына формы-үлгі еді, Пайдасын айтып тұрғанда Оған да жазым таптырып, Адайдың үркіп-бүлгені. Оныменен кете алмай Қайтадан келіп бас ұрды

Орысқа қарап күндері, Алалықтпен сол Алаш Қай күнде аузын бірледі?! ...Ішінен Бекет-пір шыққан Біз әруақты ел едік Адай деген іргелі, Қырық-елудей жыл болды Россия патшаның Қоластына кіргелі, Айырықша басқадан Абыройы әлі бар – Алланың берген бір демі. Қанша жұрт болдық дегенмен Қазақтың өзін басқарып Жоқ екен хандық сүргені. «Хан тұрды» сізді дегенде Қуандық, көңіл шаттанып, Қайырлы болсын айтуға Арзу боп келді көп халык. Ескендір мен Сүлеймен – Солардан мирас сіздерге Қалынған хандық-патшалық Ел едік сондай бақтылы – Бұл күндегі Адайда Ер Қонайдың ақтығы Тобанияз хан тұрып Қазақтың ұлын тергеді, Қысылған күні қайратпен Дұшпанға жұртын бермеді, Алладан қайтсын деп жүрміз Ел үшін еткен еңбегі. Ортаға басын салып жүр Уайым жұртқа енгелі, Асырып айтты демеңіз – Үш аналы қазақта Болған жоқ қатар-деңгелі, Баяны болса, ұстап тұр Қазина, байлық, хандықты-ай, Аршылан ерім әзір тұр Дұшпаннан қорғап алдыртпай, Жиналысты жер болса Толы жұрттың қамы үшін Сөз айтқан қапы қалдыртпай.

Ұраным «Адай» болғалы Келе жатқан ел едік Шағылып тауы, шалдықпай. Біз болмасақ, өзгенің Кетіріп есін тандыртты-ай, Мекенінен аударып Әркімдерді де қаңғыртты-ай, Малы түгіл адамы Алынып жатыр салғыртқа-ай, Заманасын қуырып, Ықтиярсыз қуылып Талайлар түсті тарлыққа-ай, Абыройменен келеміз, Сақтай гөр, Алла, дұшпанның Жағаға қолын салдыртпай... ...Алдыңа келдік, хәкім-хан, Тапқасын пайда ақылдан Байтаққа патша-хан тұрып Ұстадың дерек, зәкүн-заң, Қараңғылык ішінде Адасқан жолдан халық едік Реушен-жарық болдың шам, Әтірет жидың батырдан, Бұқара жидың мақұлдан Алуан түрлі асыл сөз Өрнектеп тұрсың лебізбен. Дәрежең биік тұрғалы Мұсылман үшін жер-жерге Жүргіздің хабар хат жолдап Тобеке, хандық құрғалы. Бұл айтқан сөздің бәрі шын Толы жұрттың қамы үшін Жерің жоқ басып-кезбеген, Алты Алаш пен орыста Осы күні адам жоқ Сізді танып сезбеген, Қамқорысыз халқыңның Артық-кемін көздеген, Ісі қисық, тентекті Түзетіп тұрсыз тезбенен, Орынбор мен Оралдың Жиналған күні білгірі Байладың буып сөзбенен,

Жалған деп ешкім айта алмас Қайратыңды әртүрлі Талайлар көрді көзбенен, Өлшеуі жоқ Алланың Жаратқан артық, жанысын – Тірлігің, бөлек өзгеден, Бағасы қымбат сары алтын Парапар болмас жезбенен. Хандықтың құрып құралын Әтіретпен аттанып Қырық мың үйді басқарып Екі мың үйдей қараған Бір болыстық болмаса Мұндай ұлы дәреже Бұрын-соңды біздер таппадық. Кете, Табын, Таз, Беріш, Он тоғыз болыс Адайдың Үлгердің ісін атқарып. Сен еңсесі биік ала шың Пана еткен пақыр саясың. Бақытын биік алатын, Басқармаққа сұранып Қазағыңды айырдың Қалалы жұртпен арасын. Бермей жүрсің азапқа Мұсылманнын баласын. Адай түгіл қазақта Қатарың жоқ дарасың. Ойласам, өзің өлшеусіз Ақылы терең данасың. Аршылан ерсін дұшпанға Алдырмай жүрген шамасын. Баянымен болғай деп Тілегіңді тілеп жүр Артыңда халқың – қарашың. Жүрген жоқсың қай күнде Әңгіме-жауап бастамай, Жорғасың сүргін басқан-ай, Тартылмайтын таусылып Өзенсің қайнар тасқан-ай, Әуелден-ақ пәш болды Дәрежеңнің асқаны-ай, Қанша болдық дегенмен

Хан болғаны жоқ екен Көп болғанмен басқа Адай, Адай түгіл Алаштың Қорғалап жүр панаңда Осы күні сасқаны-ай, Хан-патшадай хәкімсің Әлдісің күдер асқан-ай, Келе жатқан әріден Ғаділдікті тастамай. Басқардың Адай Алшынды-ай, Дұшпаның аттап өте алмас Асқарсың биік аршынды-ай, Қараңғыдан қазақтың Жүр еді басы аршылмай, Айырдың қайрат-күшпенен, Басқардың зәкүн-іспенен, Дәрежең биік хансың-ай. Арғы атаң батыр Қонайдан Жау кеткен жоқ жаншылмай, Найзасына шаншылмай, Озалдан қонған әруақ Бергесін Тәңірім, қалсын ба-ай, Келе жатқан орынсың Қасиет-қайрат таусылмай, Байтаққа патша-хан тұрып Теңгердің бай мен малсызды-ай, Қарастың жауыр-жалсызға-ай, Ғаділдікті тақсыр хан, Шығармаңыз жадыңнан Келетұғын ажал бар Бір күні жетіп бас салса Кететін қағып аңсызда-ай. Атаңнан туып өнгесін Талабың жоқ етпеген Дүниеге келгесін, Алқадан тайқып таймадың Қайратыңа сенгесін, Бұл күндегі дәрежең Бөкей менен Жәңгір хан – Солармен қатар тең келіп Ресейден қазақтың Айырдың жігін бөлгесін, Қанағат етіп халқың жүр

Қайратыңды көргесін. Адай түгіл бүгінде Қазаққа құрсау-шеңберсің, Халықты бақпақ хан тұрып Хәкімдік пен дәреже – Екеуі де ауыр іс, Алла қуат-дем берсін. Халқы үшін таққа мінем деп Талай рет бұрын да Мәжіліс құрған әр жерде Өңшең төре, кілең бек, Солардан кейін қалулы Әңгіме-кеңес талай кеп. Тайың жоқ жансың тұсыңда – Күннен күнге еселеп Шығардың жауап өнерлеп, Халқыңның жайы, жауабы Енді өзіңе тірелмек. Жапа шектің жан қиып Қамы үшін жұрттың жүрем деп Байұлы, Табын, Жетіру – Үш ана қазақ бір тілді Қоластыңа кірем деп, Жиырма жеті болыстың Басқардың елін түгендеп, Халқың үшін қиындап Булаған алтын, күмістей Сөйледің жауап іреңдеп, Ақылынан адасты Жүрген жандар білем деп, Ойлаған жоқсың тұсында Дұшпанға тізе бүгем деп. Бұрын да өткен жандар бар Дәрежелі хандар бар, Олар да кеткен байтақтан Бұқара жұрты жай тапқан, Дүйімбаян, Шыңғысхан – Нәсілі нұрдан жаралған, Халқына әділ қараған Ауыз тимей парадан, Пақыр-міскін, бай мен бек, Жарлы, жалсыз, аз бен көп Бәрін де бірдей санаған,

Әз-Жәнібек ноғайлы, Орыстан шебер алдырып Аштарханды салдырып Көрмеген қайыр қаладан, Ойыл, Қиыл, Қобда, Елек Жағалай жатқан саладан «Күндердің күні болғанда Алар, – деп, – кәпір жағадан» Еділ мен Нарын – арғы жақ Асанқайғы, Қазтуған, Орақ пен Мамай, Телағыс. Ерлердің жортқан жері екен Әскерін ертіп аламан, Қырым мен Қырғыз жұртынан Қарсының ұлы ер Тарғын Қалмақты қуып Шағаннан Тар қонысқа қамаған, Бөкей менен Жәңгірді Ішкі Орда байтақ жұрт Хан көтеріп қалаған. Су менен нудан бос қалып Мекен еткен ел едік Сахара-майдан даладан, Ол патша заманы бұлағай Біреуді біреу талаған. Николай тақтан ауған соң Қазақты бөліп бақпаққа, Жайшылығын таппаққа Хансыз болған қарадан, Рахатын ізденіп Әлі күнге дұшпанға Ар бермей жүрсіз арадан. Былтыр сізді қайтты деп Хабар қылып айтты деп Сонда бір қатты қайғырдық Айрылдық деп қамқор-данадан, Қысылған күні жігіттің Сонда керек қайраты – Жайшылық күнде бәрі адам. Бұдан әрі асырып Мадиықтап, мақтай беруге Сақтандым Алла-панадан. Расулы Мұхаммед

Алланың досты күткен сәт Қиямет-қайым болмаққа Аспайды дейді ғалымдар Мың бес жүз жыл шамадан, Әлі-Хазірет көшкелі Мың үш жүз қырық жыл өткен Қаралғанда санадан. Алуан түрлі асыл сөз Ағынды бұлақ қайнар көз Ағытыла береді – Бөгейік енді сағадан. 1918 жыл

ТОБАНИЯЗ ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕНДЕ

Жаратқан Қадір жұмыласын Көп түрған екен түзетіп, Бұл заманды құрғалы, Ай менен Күнді шам етіп Дүние жүзін нұрлады, Ібіліс шайтан бізбенен Әуелден-ақ қас дейді Атамыз Сафи тұрғалы, Одан бұрын Құдайға Құлшылық екен қылғаны. Хазіреті Нысан атаны Ғибадат етіп тынбады, Ғаршыда сабақ үйретіп Періштелер тыңдады, Сүйтіп жүрген заманда Дәрежесі артылып Үлкендік ойлап, тартынып Адамға сәжде қылмады, Көкірек-көңіл кепкеннен Тәкаппарлық еткеннен Тауқанат тартып шырлады, Шайтан менен жыланның Қосылысып сырлары Адам менен Һауаға Жегізді бидай азғырып, Содан соң Алла жазғырып Адам-ата, Һауа-ана Жәннәтта дәйім тұрмады,

Бірінен бірі айрылып Қосыла алмай үш жүз жыл Қасірет-қайғы шырмады. Қапа болған бұрын да Алланың талай құлдары, Хазіреті Жақыптың Арыстан өңкей тұлғалы Он екі дейді ұлдары, Көкірек көңіл кепкеннен Бір күні шайтан азғырып Ең кенжесі Жүсіпті Атасынан айырып Ағалары ұрлады, Сүйтіп жүрген күндерде Нарқы шығып арзанға Кеміген баға-пұлдары. Соларға ғапыл бұл жалған Біздерге қалып тұрғаны. Расулы Мұхаммед Үмбеті үшін зарланып Пида болған бір жаны Әуелден байқап қарасақ – Халқының жақсы құрбаны... ... Қауіпті заман-уақытта Көтеріп көңіл хошталы Табылса сөздің ырғағы, Заманнан заман кеміген, Айтпалы жауап беріден, Мұсылманды кәпірден Мирасы екен қорғамақ Келе жатқан бер қарай Әзіреті Ғали – шеріден. Дәуіттің ұлы Сүлеймен Дүниеден көшерде «Адамға зақым етпе» деп Ант алған жын мен періден. Байтақ жұрт басын баға алмас Сасқан күн айла таба алмас Айрылса қорған – ерінен. Біз – Қазақ – Алшын – Байұлы Пайдаланған халық едік Сахыраның кең жерінен, Келе жатқан ел едік

Бостаншылық бұрынғы Дүниенің кеңінен. Заманнан заман тарылып Бұрынғы дәурен қалынып Адасқан халық жөнінен. Тобанияз халқының Ақылға терең данасы, Дұшпаннан қорғар панасы Әліге дейін жүр еді Есеп бермей елінен, Егескен дұшпан – кәпірдің Ұсталды дейді тілінен, Айыра көрме бір Алла Бұрынғы қуат дінінен... ...Есітіп сондай хабарды Бұқара жұрты болып тұр Әжептеуір хабарлы. Естігенде сыйындық Бір Жаратқан Аллаға Болмағай деп зарарлы, Әлдеқалай болад деп Жатсақ ұйқы, оянсақ Ойымыздан қалмады, Сақтаса Тәңірім, зат емес Нәмрудтың жаққан отына Ыбырайым халил жанбады Аңдыған дұшпан көп екен Әр тараптан аңдады, Жағаласып жауменен Жалғыз өзі Адайға Салдырмап еді таңбаны, Билік еді аңдамай Басын байлап қауіпке Қазақтың ұлын қамдады, Қараңғылық ішіне Реушен шамдай парлады, Елге зақым келер деп Төңірекке көз салып Құралды жерге саз салып Тыным таппай шарлады, Аршылан ерім әрқалай Іждәһат етіп, ар қылып Күннен-күнге артылып

Дәреже, бақыт орнады-ай, Тобекем хәкім болғалы Жүрген жоқ жұртын қорғамай Бұл уақыттар болғанда Бөгет түскен сықылды Ағындап құйған арнаға-ай. Алладан басқа пана жоқ Қайғырғанмен шама жоқ, Қатты реніш болып тұр Көңілдің, сүйтіп, арманы-ай. Зейіндегі жел сөзді Не қылайын кідіртіп Жақсымыз үшін арнамай. Біреулер жүр осы күн Қаз орнында қарғадай. Әділ ханнан айырып, Залымдарға, ей Алла, Халқымның күнін салмағай?! Шошып тұр жұрттың жүрегі Болмас па екен, иншалла, Астана көптің тілегі? Тарыққан күні қолдаған Әулием Бекет – пір еді, Тобекем хәкім болғалы Аянбай сөйлеп алқада Қол салдырмай қолқаға Қоластын қорғап жүр еді, Қатын-бала қамы үшін, Астана жұрттың ары үшін Алысты көппен бір өзі, Сахырадағы қазаққа Бұрын-соңды бітпеген Дәрежесі ірі еді, Ақырында құтылып Пайғамбар Жүсіп Мысырда Зынданнан шығып тақ мінді Балқыған нұрдай іреңі, Қырық жыл жылап, еңіреп Атасы Жақып жүр еді. Туылған асыл анадан Нәсілі нұрдан жаралған Зынданда болған тұтқыннын Расулы Ғайса бірі еді –

Христиан діннің тіреуі, Мәриям үлы Ғайсаның Алты жүз жыл артынан Нұрын шашқан әлемге Расулы Мұхаммед Мұсылманның тірегі. Күндеген дұшпан көп екен Ниетін біліп аңғарып Сүрінген күні аңдадық, Хабарларға әуелгі Жалған ба деп нанбадық. Аршылан елім жабықты Қарғаймын деп халықты, Қайрат еткен қамданып Орынборда кідіріп Халқы үшін туған асыл ер Жетімдік көріп налыпты. Тобекемді хан сайлап Біз шаруа баққан жұрт едік Сахырада жүрген мал бағып Надандыққа алданып Салтанат құрған жан бағып, Кетпесе игі ед жұртымнан Нәсібе, бақыт айналып... Өзгерді заман-дүние Бұрынғы әдет-заң қалып, Бұлағай заман болып тұр Шошынған адам таң қалып, Дегенменен, әлі де Ешнәрсе етпес, иншалла, Әулие-шайхы ер Бекет Шамырқанса шамданып. Тоқталғанға ұқсайды Толы жұрттың баласы Қырғынды қазан қайнаған, Қауіпті күні дұшпанға Қаруың еді қайраған, Қамыңды соғып алқада Шешенің еді сайраған, Дулы жерде қосатын Жүйрігің еді сайлаған, Еңіреген ел еді Елін қорғап, сөз сөйлеп

Бет алған жақтан таймаған. Орынборда кеңседе Жетпіс екі түйінді Әңгіме-сөзбен байлаған. Самсап жүрген сан Адай Айбарлы туың жығылып Қалмаса игі ед пайдадан?! Біз шаруа баққан жұрт едік Ыңыранып дәулет айдаған, Маңғыстаудың саласын Қыстыгүні мекендеп, Жаздың күні болғанда Сарыарқаны жайлаған. Одан басқа өнер жоқ – Бос қалған амал-айладан. Не қылар дейсің әлі де Пірлері сүйеп қолдаса, Мезгілсіз бағың таймайды Шынымен бақыт орнаса. Бір асылдай болмайды Жаманның бәрін жинаса. Хәкімнің әділ болмағы – Алдырмай жұртын қорғаса Билігін тура жолдаса. Ақылға терең, білімді Қорғайтын ерің сүрінді Халықтан қайрат кеткенде Залымдар зәбір еткенде, Тарыққан күні халықты Шығарып еді тепсеңге, Әр себеп айтып кәпірге Бірталай жұртын сақтады Әртүрлі айла-еппен де. Қиындық түсіп басына Бармай жүр бір жан қасына Елі үшін азап шеккенде. Есітіп сондай хабарды Сыйынып тұрмыз, бір Алла, Әулие-шайхы, өткенге. Зор дәреже құлданған Жүйрігің еді жолды алған Аршындап сапар шеккенде, Бірқатар жігіт тым білгіш

Үйде отырып кепкенде, Өткірің бар ма, толы жұрт Одан артық шет жерге? Астана байтақ халықтың. Қамы үшін туған ер еді Таптырмайтын ексең де, Қайғырды дейді біз түгіл Меңдешев, Әліби, Бақытжан – Солардай асыл бектер де. Ойлаған түрлі қиял көп Тимесін елге зиян деп Бұрынғының еріндей Қатын-бала қамы үшін Қайрат еткен шегінбей, Халқы үшін еткен еңбегі Қалған жоқ жұртқа көрінбей, Биік еді дүшпанға Асқар таудың өріндей, Аржағы Қонай, Бегештен Қорғасындай салмағы Келе жатқан жеңілмей, Елге пайда етем деп Өзінен үлкен ұлыққа Сөз айтқан шығар шегінбей Көңілмен ойлап біз тұрмыз – Сол себепті ұлықсат Қалынған болар берілмей Байұлы, Табын – баршасы Тілектес болып жүр еді Ауызын бірлеп, бөлінбей. Сақтамаса бір Алла, Екпіні күшті көпірдің Аждһаның лебіндей. Уайым етіп айтамын, Болмаса игі ед бұрынғы Едіге батыр тоздырған Тоқтамыс ханның елінде Адай деген халық едік Пақырларға пайдалы Көкорай шалғын егіндей, Келе жатқан қашаннан Нәсібе тасып төгілмей. Адыра қалған бұл қоныс

Әлденеше елдерден, Ноғайлық батыр – ерлерден, Алты жұрт көшкен бұл жерден Адай халқы келгеннен. Алақыр, Арқа, Маңғыстау Мекен еткен жерлерден, Тарыққан күні сыйынса Әулием Бекет жебеген, Келе жатыр айнымай Бір Алла бақыт бергеннен Бұ заманның шағында Тобекем әділ хан еді. Тергесе тентек жөнделген Азды көпке теңгерген, Қазақ пен орыс ісіне Таң қалып еді көргеннен, Шешенім еді заманға Ақылын айтып әріден Терезесі тең келген, Кіріптарлық тұтқында Естіп тұрмыз қалды деп, Тарыққан жерде талайға Бір Құдай өзі дем берген. Дәйім емес өтірік – Патшалық құрған үш жүз жыл Романдар да жоқ болды Әртүрлі жұртты меңгерген. Сермегенде жер жүзін Шығармаған шеңгелден. Асып кеткенге ұқсайды Не керемет болар деп Англия, Германнан. Толықсыған көпестер Басынан бағы ауған күн Болды босып сергелдең, Біреулер малдан айрылып, Біреулер жаннан айрылып, Жерінен қашып бұл кетті Толстов деген бір хәкім – Басында бағы тұрғанда Жандарал еді гүрлеген Бұ да кетті шығынып Атасына қайтадан

Бір кеткен соң қосылмай, Күн туар деп ойлап па ед Отыз мыңдай әскердің Тұрғанында басыңда-ай? Былайғысын қырдырып Жүздейі қалды қасында-ай, Сонда да кетгі сол бір жан Большевикке бас ұрмай, Содан соң жаңа үкімет – Советтің жолы ашылды-ай, Коммунист елді аралап Берекетін жұрттың қашырды-ай Замандар болып осындай Келген жандар жан-жактан Орын тисе есіктен Ілгері аяқ баспайтын – Не жамаңдар тасулы-ай, Дерек тиіп қатынға Еркектен қайрат қашулы-ай. Көрмеген зәкүн-заң болды Адасқан құлан шаң болды, Таршылық түсіп басына Тарыққан талай жан болды, Сол себепті Тобекем Қимылдап еді қайратпен Елімді жауға бермен, – деп Алдырман есеп елден, – деп Қара жолын қазақтың Күшім кетпей бермен» – деп Осындай еткен қайратын Өтірік емес – көрген көп. Ойласақ оңай іс емес Ер жігіттің басына Қырық үйді меңгермек. Халқының қамын ойлаған Бұрын да өткен ерлер көп, Асан би деп айтады Ойлаған ақын кеңнен деп, Жер жүзін барлап кезген деп Байтақ жұртын бастапты Кеткен екен серт етіп Енді қайтып қалман деп, Шеркүпті деген бір ноғай

Қалған екен «ермен» деп, Ноғайлық ақын Қазтуған Ол-дағы жұртын жинады «Бұ қонысқа сенбең» – деп Бұрынға қарттар айтады: «Кетіп еді алты жұрт Осы қоныс-жерден» деп. Айнала дұшпан торласа Ер көңілі желденбек, ер көңілі желденсе Әулие-шайхы тебіренбек Саһабаға Салолла Айтқан екен: «Кәпірге Дін қылышын сермең» деп. Қайсыбірін айтайын – Атамыз Сафи жаралып Дүрегеннен бер қарай Өніп-өскен өрген көп, Күнде базар құрылып Өне бой тұрмас тірілік, Мәләкүл-мауыт жетіссе Барша жан көшіп жерленбек, Келе жатыр осылай Жаралғалы жер мен көк, Ғайып болып істері Талай жандар жоқ болды Қара жерді мекендеп. Басшысынан айырылып Байтақ Алаш адасса Айла таппай сенделмек. Ұзарта бермей қояйын Бұл жауаптың тамамын, Уайым ойға кіріп жүр Болғасын қытаң заманым, Абыройлы күнінде Атанды жүйрік шабаным, Сақтамаса бір Құдай Тарылтты жұрттың табанын, Тастатты кәсіп-талабын Қонысынан аударды Бірқатар жұрттың табанын. Береке дұға дарыған Маңғыстаудың бойы еді

Уәлилер басқан қадамын, Тілектес болса тигізбес Дұшпанның бізге залалын. Біле алмай тұрмыз не екенін Кейінгі туған баланың, Ойлағанмен уайым Жазмыштан озмыш жоқ дейді Әуелден-ақ Алланың Тартулы Лаухы-қаламы. 1929 жыл

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ЖҰБАЕВ

Тиісті жерге келген соң Зейінге желсөз енген соң Отырмалы тоқталып Талай жерде жиналды Үстіме көптер топталып, Әшкертелі желсөзді Келгеннен соң оқталып, Жақсылар бар әр жерде Атағын білген көп халық, Бойға біткен өнермен Қызыл тілмен шеберлеп Әркімді сөзбен мақтадық Рет-ретімен ерлердің Талайы көшті ғаламнан Жұмыстарын атқарып. Алшыннан бері өрбіген Үш ана – қазақ баласы Сахыраны жайлады, Өсіріп дәулет айдады, Шаруа-надан халық едік Ғылым мен білім әртүрлі Үйренбеген айланы. Байұлыдан бөлінген Адай деген ел едік Кем болмаған дұшпанға Әруақ пенен айбары, Ноқтасыз бастың күнінде Ерлер шығып ішінен Қаруын жауға қайрады, Шешендер шығып ішінен

Бұлбұлдай тілі сайрады. Ауысқан малы әр елге Ел едік артық пайдалы, Келінберді, Құдайке – Өсіп, өнген ауыл едік Едәуір аудан-аймағы, Абыройменен келеді Орнаған бақыт үстінен Әліге дейін таймады. Құдайкенің баласы Алты арыс Қосай болғанда Байбол еді сауыры Әруаққа артық ауыры, Жаугершілік күнінде Ерлер шықты ішінен Атағозы, Есектей, Егескенде кеткен жоқ Әруағын көрсетпей. Жүрген жерін жүн қылды, Дұшпанын женшіп ұн қылды, Ұстасқандарды уатып Назарын жаман сындырды. Бұл жер жатқан жағалай Айладырдың жері еді, Басқаратұғын патша жоқ, Ықтияр – еркі өзінде Шетінен хан мен бек еді, Жез айыр алмас асынған Дұшпаннан күшін асырған Іштері толған ер еді, Айқайлап ұран шақырған Қамалған нардай бақырған Атағозы батырдан Түрікпеннің босқан себебі, Кең қонысқа кенеліп Біздің Адай мекендеп Содан бері келеді. Мәмбетқұлдың ішінде Жүйріктер шықты жұлқынған Жауды көрсе ұрынған, Төрт Шалбардың баласы Басшы болдың халыққа Бүгіндер емес, бұрыннан,

Заң-зәкүнге жетілген Білгіштері көп болды Өнер алған ғылымнан Өтірік деп, өсек деп Мін таппас халқым мұнымнан. Мәмбетқұлдың баласы Тоқпамбет пен Тоқтамыс Ауыл еді тең өскен, Тұқымы дүреп көп өскен Ерлер шығып ішінен Дұшпанымен егескен, Қайратын сынап шенескен. Білгірлері көп болды Қалмаған құрал-кеңестен. Тоқтамысқа тұсында Әруақ қонып, бата алған Тастамай халық қатардан, Қасиетті жақсы екен Қол жайдырып бата алған, Жөнделген екен талабы Бата алып талай шат алған. Тоқтамыстың ақтығы Өгіз батыр болыпты – Әруаққа о да толыпты, Пайдасы тиген еліне Баспаған дұшпан шеніне, Ноғайлының халқында Орақ пен Мамай, Едіге, Қарасаң сұрап, солардан Болмаған екен кемі де, Ойран салған тұсында Қалмақты құрған шебіне, Бұ тұқымнан шығулы Қайраты бар жігіттер Келтірген ісін жеріне. Әшкертуді ісіңді Сыдиық інім жүр едің Жыршының келмей кезіне, Зейінің қойып құлақ сал Шайырыңның айтқан сөзіне. Қайратыңды айтуға Арзу болып жүр едім, Бұқараны қамдаған

Айтулы ердің бірі едің, Аласа емес ар жағың – Асқар таудай ірі едің Ер тұқымсың ежелден Айнымайтұғын жүрегің. Кешегі бір күндерде Халық адасқан түндерде Тай болдың көппен бір өзің, Үкімет ісін жүргізіп Жұрт қисығын түзедің. Жігітсің артық табында-ай, Атағың шыққан заманға-ай, Адасқан күні алдыңда Кедей менен жалшы баласы Ақыл сұрап қамалды-ай, Жөн сілтедің наданға-ай, Ерлік пенен биліктің Екеуін қабат жұмсадың – Жерің жоқ қалған шаба алмай Өгіз батыр арғы атаң Шапқан екен қамалға-ай, Қасарғанда қайтқан жоқ екен Қастасқан жерден қан алмай, Ер тұқымсың ежелден Жау жыртпаған жағаңды-ай Төрт Шалбардың баласы Дұшпаныңа сыр беріп Алдырған жоқсың шамаңды-ай, Асыл жандар дүреген Ауыл едің адамды-ай, Алқалы жерде әшкертті Айтылсын деп Жұбаев Арналды бір сөз сағанда-ай Он жетінші жылында Көтеріліс заманда Жангелдінің баласы Әлбимен бір кетіп Халық үшін бастың қадамды-ай «Большевик біздің алад, – деп Патша тақтан қалад» – деп Келесі жылы Адайға Әшкерттің келіп хабарды-ай. Ол күндерде бәрі жау –

Бұ жақтың көбі меньшевик, Қайтадан кеттің тұра алмай, Орнығып көңілің тына алмай. Железнов жандарал «Жұбайдың ұлын ұста» – деп Форттан әскер шығарды-ай, Қолға түссең ол күнде Атады екен табанда-ай Кешірмейді екен күнәңді-ай. Меньшевиктен сен қашып Тілектес болып біз қалдық Ешбір жәрдем қыла алмай. Жаман қайық мінгенің, Азығың жоқ, ашығып Дария-шалқар тұңғиық Көк теңіздің ішінде Тоғыз күн жүрдің шыға алмай. Ер дұшпаны мұқалмас Тәуекел етіп сыбаңды-ай, Таршылық талай күн болды Қу адасқан тұмандай, Меньшевик пен большевик – Болғаннан соң екі жақ Біз ақылдан айырылып Кетеміз деп қай жаққа Аң-таң болдық біле алмай. Он жетінші жылында Ресей жұрты қозғалған, Не жандарал, көпестер Үйірінен айырылып Көп болды талай тозған жан, Сол күндерде біздерге Болған жоқ сенен озған жан, Өзіңнен талай сөз қалған – Бастадың байтақ халықты Адасқандарға жөн сілтеп Көрсеттің түзу бағытты. Белгілі биік арғы атаң Қай күннен бері орнаған. Орныққанша үкімет Көзі соқыр халықтың Көбі жүрді нанықпай, Уайым етіп жалпы жұрт

Қайтерін білмей жабықты-ай. Қайратыңа сөз бар ма – Қараңғыда жүргенді Шығардың талай жарыққа-ай, Орындардан тиісті Бөгелген жоқсың кідіріп Әңгімеңді ағытпай. Жиналысқан жер болса Әңгімеден қалмадың, Орнарын нұрлы заманның Әуелден біліп аңдадың, Үкіметтің жеңерін Зейінің жетіп шамдадың Қысылған күні халқыңды Дұшпанға бермей қамдадың, Ел қамында жүргенде Жау болды толған жан-жағың. Ерлік етіп ел үшін Тәуекел істен таймадың, Ойласам, осал болған жоқ Бір пендеден салмағың. Істеріңді осындай Айтпадым деп көңілімде Жүр еді көптен арманым. Он атаңнан орныққан Аумайтын баста бар бағың, Расынан кетейін – Айтпайын сөздің жалғанын. Жиналыс болды құралып Жұрт білгірі сыналып, Аударылыс заманда Талай алқа-әңгіме Мәжіліс құрды бұ халық, Тартынбай кейін сол жерде Қамын ойлап халқыңның Ортаға шықтың сыбанып Ел пайдасын сұранып, Тарылғанның талайын Жібердің кезге шығарып, Қатарыңмен салғанда Жүйрік ең озған сыналып, Жүрген жоқсың жүлде алмай Байрақтан жүрсің құр қалмай,

Түсіп жүрсің алқаға Мәжіліс халық құрғанда – Қалған жоқ сөзің тыңдалмай. Сасқандарға жөн сілтеп Ақыл айттың бұлданбай, Ойға алғанды істедің Ешкімге қайрат құлданбай, Қауіпті талай жерлерден Шығып едің шырмалмай. Азамат ерсің шалымды-ай Дұшпанға суық ызғарлы-ай, Егескен күні ешкімге Кегің жоқ кеткен алынбай, Жүйрігісің халықтың Байраққа қосқан ағынды-ай. Алқалы жерде шешенсің Сөз сөйлеген жаңылмай, Ұстап жүрсің тұтынып Атамұра бағынды-ай. Әркімнен білік қашқанда Айла таппай сасқанда Халықтың жүрдің қамында-ай, Жиырма жеті болыстың Ревком болып үстінен Адай түгіл, басқардың Байұлы, Әлім, Табынды-ай. Қалам алып хат жазсаң Әрбір түрлі білімнің Абзалы сенен табылды-ай, Үкімет ісін басқарып Қызметіңді атқарып Іждәһат етіп келесің Мекеме-кеңсең жабылмай. Қолы шапа сахисың Жомарттық еткен тарылмай, Нағашың Беріш-Исатай Хан Жәңгірмен қас болып Батырлық құрған Нарында-ай Қалмадың кеңес-құралдан, Білгірісің халықтың Адасқан ақыл сұраған, Англия, Толстов, Врангель мен Деникин –

Жасқанған жоқсың бұлардан. Жәрдемің тиген жақсы едің Қысылған күні халқыңның Жау жағында сыбанған. Кеңшілік, жайлы заманда Бұқара жұрттың толығып, Ойлағаның болынып Мақсатың бітіп бір шықтың Ақырында құмардан. Тастайын сөздің тамамын – Азамат ерсің Жұбаев, Халыққа еткен ісіңді Шетінен тауысып шыға алмаң. 1920 жыл

САЛАМАТҰЛЫ САРБАСҚА

Атамыз Сафи жаралып Дүниеге келгелі, Жүрияты дүреп өргелі Ішінен Алла жаратқан Нешелер асыл пендені. «Алла» деген адамның Құр қалмайды дейді еңбегі, Дүние – фәни, сірә жоқ Екі айналып келмегі. Баянсыз фәни шыбын жан Айрылған күні теңдегі Қалынған күні тар жерде Қайратың болмас кендегі. Әзірейіл – мәләкүт Тәрк етпеді кімдерді Кәрленген күні шеңгелі? Хақтың досы Хәбиім Тұра алмаған екен ол-дағы Таусылған күні демдері Жаратылған жаһанда Болмаған қатар-деңгелі. Расулы Мұхаммед Дүниеден көткен күн Солардай нұрдан айрылып Аңсады байтақ елдерді... ...Көптен бері қозғаусыз

Көкіректің қайғы шерлері, Айтатын жауап кез келді – Сағынып жүрген ағаны Аман-есен көз көрді, Көтеріп көңіл делбелі. Бір көрініп қайтуға Арзу едім айтуға Әртүрлі жағдай-мұңымды Көрмеңіз айып мұнымды. Ортада тұрған жақсымсың Топырағың ұшқан шашылып, Астана жұртқа дабылың Хабарың тегіс білінді. Досың түгіл дұшпаның Айта алмас тауып мініңді, Қолдағы тұрған алтынсың – Біле алса халық пұлыңды, Белгілі кентті шәһәрсің – Басыңа базар құрылды, Сізге тәмәм атаның Әруағы қонған бұрынғы, Ұзағы болып орныққан Дәреже бірген бір Алла, Бақыт пен дәулет баяндап Атадан сізсіз мұра алған, Сахилық шамын жандырып Ғанисыз көптен дұға алған, Ірілік етіп асырған Топырағың мұндай шашылған Шыққан жоқ сенің өлшеуің Бұрын-соң Адай – Мұңалдан, Жаулы – Жары – Назардан – Қыдыр көрген бұлардан. Әруақ ойнап үстіңе Байлық пен бақыт құралған, Айтылмай тұрған жерің жоқ Әңгіме болса құралдан. «Қайырлы байлар ғалым мен Жұмаққа қатар кіред» деп Айтулы хабар Құраннан. Айтмаыз Адай болғалы Орта болған жері жоқ, Ішінен дүреп паңсыған

Хан менен төре, бегі көп Байлаған малын желілеп, «Бекет» деп ұран шақырған Қамалға шапқан ері көп, Дұшпаныңнженшіп ұн қылған Ішінде көкжал бөрі көп. Атамыз Адай – Мұңалдың Кіші Жүздің ішінде Қарасам, қатар теңі жоқ. Шашылған дабыл-даңқыңның Баяны болса кемі жоқ, Бүгінде жүрген адамнан Дәрежең артық жаралған, Адайдан Мұңал болғандай Тұсында озған ешкім жоқ Сырлыбай, Әкім, Аралдан, Ежелден Әкім баласы Пақырлардың панасы Кетпеген қоңсы қараңнан, Сырларың сыртқа шашылып, Үстіңді дұшпан басынып Ар кеткен жоқ араңнан, Атанып «Сарбас» болғалы Сахилық етіп, сақтандың Қасталық пенен сараңнан, Іс көрсетіп іріден Абыройлы едің бақ алған, Дәулетін дұрыс һалалдап, Бес парызын тамамдап Атаң бір өткен хажы бар Мал жимаған арамнан, Өтерін біліп бүгіннің Пайғамбар, шайхы – олар да Шын иланып, қорыққан Кәләмнан келген хабардан. Сол себепті күтініп Хаж жұмысын бітіріп Мойынан парыз түсіріп Тәубамен һалас ағарған, Мысалы: һажыра суаттай Үстіне көптер қамалған. Өтірік емес, бүгінде Тәңірдің берген күнінде

Пақырлардың қамы үшін Әдет қылып бергенді Алаламай келгенді Әзіздің қуат әлісін Есіркеп тұрсың бәрісін, Һәммәні бірдей көрмектік Абзал дейді ғалымдар Шарғының айтқан мәнісін, Дүниеге келген соң Ен дәулетке кемелдеп Шашылды дабыл-дабысың, Бүгіндегі қазақтың Қарадан туған ханысың, Он екі Байдың ұлына Әшкере болған бар ісің, Ісіңнен кінә таба алмас Жақының түгіл алысың, Тағыриханды бәйіт еттім Баһадыр хәлше тілменен – Байқаңыз түзу-шалысың... ...Пікірім қашып уайыммен Көңілім бар қатты кірлеген, Көрерсіз қайғы-қападан Болынса қатем білмеген. Бүгінде түрлі адам бар, Атадан туған жаман бар Бірін-бірі шұқып күндеген Бір ақылмен жүрмеген, Айтуар, Сарбас, Жантелі – Ағайынды ешкім жоқ Сіздердей аузын бірлеген, Ренжісіп тірлікте Араңа шайтан кірмеген. Қатарда қазақ ұлына Әртүрлі үлгі көрсетіп Жол салдың көше сүрлеген, Қасиетті ата-бабаңның Қашаннан бері үстіңе Әруағы қонып дүрлеген. Атаң бір өткен «Алла» деп Амал еткен тіріде Абдолладай хазірет Мәшһүр болған пірменен,

Шын көңілмен һақ танып, Ахирет күннен сақтанып, Фениден сапар шеккен күн Бес парызын атқарып Зейнеттеу үшін мал шаштың Хисапсыз жұртқа ақтарып Үлгі салдың Адайға – Бергізіп тірі тарқаттың Жиналған көпке топтанып, Белгілі мұндай ісіңді Алты Алаштың ұлында Есімеген жоқ халық, Жұрт олжаға қызығып Шулаған Шахай Мәтөктің Жиыны қалды тоқталып. Естігенде мұныңды Көтеріп көңіл хоштадық, Бұл жақта біздер мақтанып Қамаған күні дау мен жау Сағынып талай жоқтадық, Мысалы, өзен-дария Жатылып ішкен көп халық. Мұрадың болып, өрбіген Әкімнен өнген ұлысың, Құдайдың сүйген құлысың, Ілгері басып табаның Қабыңдаған ырысың. Хажылар шықты ішіңнен Іздеген діннің дұрысын, Билер де шықты ішіңнен Әділдікті көздеген Иіріп жұртын сөзбенен Түзеткен тентек-бұрысын. Онан бері, ойласақ Дүниеге сен келіп, Қазына-дәулет меңгеріп Біліңді жұртқа дабысың, Болды ма деп ойлаймын Пақырлардың қамы үшін, Әшкере көпке көрсеттің Сахилықтың ірісін. Ортақ тұрған, ойласам Һәммәнің ай мен күнісің.

Тіршіліктің баянсыз Сүлеймен патша о да өтті Дүниенің жиған күмісін, Тағынан ұшып байқаған Жаһанның кезіп бұрышын, Тұра алмапты солар да – Тарылтқан тажал тынысың... ...Қатарынан тізіліп Аруларды алдың сүзілтіп Байұлы, Әлім елінен, Бас қостың даңқты жерімен, Әр елдің төре-бегімен, Әкімдік, байлық, асылдық Айрылмай келед тегіңнен, Шынжырлы жерден қыз алдың Мысалы, ұқсас перімен, Сегіз арыс Адайда Әйел жоқ артық Бөпеден – Төркіні Әлім – Кетеден. Дүниенің һүрін құшқансың Көргендер балқып еріген, Бұл қазақтың баласы Таласы жоқ сенімен. Байқасақ, істің бәрі шын Бір Жаратқан Алладан, Кең нәсіпті лауһыда Озалдан сізге арнаған, Дүниеге келген соң Кемің жоқ орта, толмаған, Мақсатың жоқ-ты болмаған. Сен едің қаріп-қасірді, Пақыр мен міскін-нашарды Қайырмай тауын қолдаған. «Жомартқа тамұқ жоқ» дейді Қайырын тура жолдаған, Жомарттықтың мәнісін «Аллаға жақын демек» дейд Сұрасаң ахұн-молладан. Бұқара жұртын қамдаған Дәрежең патша-хандардай Әтірет қолы аңдаған, Дүниенің жүзінде Дегенің болды таңдаған,

Көкіректегі қалпыңыз Менмендің ойға алмаған, Тәкаппарлық жақсы емес – Дәрғаһынан қуылып Шайтанды Алла қарғаған. Біреулерді састырып Дүние – қызыл бір түлкі Құйрығын бұлғап алдаған. Менмендік мінез ойланып Төгілген бар тасқаннан Бүлінген бар асқаннан, Біліксіздік белгісі – Айдаған малға мас болған. Салекемнің балдары – Әуелден арнап бұл сөзім Сіздер үшін басталған. Орнығып кетпей бақыт тұр Аузыңды бірлеп қосқаннан, Қажетің болған тірлікте Әзір күн тұрсын бірлікте, Алла білер ендігі – Не шығарып білмеймін Кейінгі туған жастардан. Қай күннен бері байсыңыз Қалың дәулет басқарған, Сіздердей біткен ісі жоқ Әр жерде малға кісі көп Абырой алмай бос қалған. Фәни менен бақида Бар дейдә пайда сахиға Ысырып қып қайыр шашқаннан. Құтылмас адам баласы Таразы мизан-хисап күн Ысырат жолын басқаннан, Махшарда адам баласы Ысыраттан қалмас айдалмай, Иншалла, өтіп кетерсің Қыл көпірден қиналмай, Ұжмақта орын бар дейді Қайырлы сахи байларға-ай, ...Сахилық шамын жандырып Сізде тұр қайыр байланбай, Пайғамбар Қыдыр дарыған

Арғы атаң Арал-Майланға-ай, Аламан әскер жабылған Көлімсің көптер жабылған Керегі сізден табылған, Атанып атқа мінген соң Атағың озды Шамыңнан, Асырып өткен ісің бар Адай түгіл Байұлы, Жетіру, Әлім, Табыннан, Бес атаңнан бер қарай Келесің аумай бағыңнан. Би Әкімнің балдары Мал менен басың қабынған, Жапырақтарың жайылған Миуалы бақсың малынған, Пақыр мен міскін паналап Көз жазбаған маңыңнан. Хисапты қайыр етіп қал Жолдас емес, бұл фәни – Әркімнің кейін қалынған. Қасталық жақсы демейді Сұрасаң ахұн-ғалымнан. Пейілі кетіп, тарылған, Сүйтіп, бақыт арылған, Қаһармен қара жер тапты, Сараңдық қалды қарыңнан. Бір Құдайға жазғаннан Ниеті бұзық, азғаннан Талайдың белі мертіліп, Талайдың тауы шағылған... ...Бұрын да болған мұқтаж көп Жоқшылықтың зарпынан Жақсысына шағынған. Үмітті едім келер деп, Сұрасам жәрдем берер деп, Мен бір інің алыстан Бір көруге сағынған. Қашып жүр пікір ініңнен, Көңілім бар ауып, түңілген, Оза шауып олжа алған Жүйрігім кетті дүбірден, Көтерген қолда айбынды Жығылды туым тігілген,

Атам мен ағам бар еді Халық аузына ілінген, Алысқан дұшпан мүдірген, Адасқанға жөн сілтеп Ақыл берген біліммен. Бүгінгі қайғы мен де көп, Аясаң, аға, шыныңмен. Әлсіз арық, жалсыз жауырмын Буынып кетіп сүрінген. Беделім кетті бетімнен, Білгірім кетті жетілген, Алмас едім, тат басып Мұқалып жүзім кетілген. Қалыбымда толған қайғым көп Көңілімнің хошы кетірген. Ылыж таппай, аға, мен келдім Бір қора жесір-жетіммен. Осындай мұқтаж ініңнен Мархабат сізден өтінген, Қай күннен бері басыңа Баянды бақыт бекінген, Пайдасы болса қайырдың Өтерсің оқтай көпірден. Тіршіліктің күнінде Істемей ізгу амалын Ол күнже болмас өкінген. Мен жүрмін өзің жарсың деп, Патша-Құдай барсың деп Он сегіз мың ғаламның Нәсібесін жетірген... 1895 жыл

АТАҢА ТАРТҚАН СЕНДЕРСІҢ (Иса іленбайұлының балаларына айтқаны) Жолдас көріп сенбеңіз – Дүние фәни – жалған-ды, Мысалына қарасаң Ажал деген аждаһа Басынан бағы тайған күн Жалмаған талай жандарды, Пайғамбарлар тәрік болған

Билеген байтақ шәрлерді, Кемеңгер кеңес би де өткен Сөз сөйлеген пәрменді. Сары-ала сауыт киінген Сүңгісі жауға шүйілген Батырлар өткен қаһарлы, Сан пайғамбар, саһаба, Әулие, шайхы, пір де өткен Күзеткен түн мен сәһәрді. Баяны жоқ, байқасаң, Дүние жалған осындай, Бәйгілі жерде жүйрікпін – Жерім жоқ қалған қосылмай. Дәреже, бақыт келтірер Тірлікте көңіл хошыңды-ай, Көңілің болар шаттықта Жүрегің жүрсе шошынбай, Ақылың жүрсе шашылмай. Уайым кірсе ойыңа Қаңғыртар қайғы басыңды-ай. Назарыңды қайтармас Бұйымың түссе асылға-ай. Өткірліктің белгісі Ойына алған жауабын Ортаға салған жасырмай. Расын тауып сөйлейін Өтірік айтып асырмай... ...Бес арыс Жанбоз болғалы Ауыл едің әруақты Дұшпаның жүрген басынбай, Жеті атаңнан бері қарай Талабың өрлеп тасулы-ай. Кемелхан мырза, Нұрберген, Хош көрсеңіз, мырзалар Мақтайын деп мен келдім – Сыбаға сөзің бізде бар Айтылмай жүрген санамда-ай, Қор қылмайтын сөзімді Білімсіз туған жаманға-ай, Белгілі берен тұқымсың Дұшпанын салған табанға-ай, Жүйрікті едің баптаулы Байрақты жерде шабарға-ай,

Ер талабы жөнделер Абырой, бақыт табарда-ай. Атаң бір өткен Исекең Бәсі бар кімнің оларға-ай, Әруақты өткен ер екен Тартынбай шапқан қамалға-ай, Алты Алаштың баласы Кәпірменен жауығып Айрылған күні арасы, Қазақ пен Ноғай, Сейілхан – Білінген жұрттың шамасы. Исекеме ол күнде Абырой менен атаққа Болыпты кімнің таласы? Тай келген жоқ тұсында Алты Алаштың баласы, Әліге дейін біткен жоқ Дұшпанға салған жарасы, Желіккен күні кәрленіп Ресейдің бүлінген Қамалы менен қаласы, Бұл заманға теңі жоқ – Шаһимәрдан Ғалидың Салып кеткен жолы деп Дін қылышын сермеген Тайынбай еткен серті екен, Мұсылманның баласын Бермеймін деп еркіммен Егескен күні дұшпанның Қорғанын бұзды беркінген, Қырық сабазын қалдырмай Реукендей оязын Өз қолымен өлтірген, Дұшпаны, сүйтіп, мертілген. Қырық жыл хәкім-хан болды Жері жоқ одан кетілген, Ойына алған істерін Орнына талай келтірген, Алқа құрған шаршыда Озса Адай, қалса Мұңалдың Жүйрігі еді желпінген. Байрақ алып әр жерден Кейіген күні кек алды

Талай мықты-нәндерден, Дұшпанын жеңді кәрлеген. Туғаннан Иса атанып, Байұлы халқы хан көрген, Кемеңгер еді кеңеске Арыдан айтып шен берген, Ісі бар үлкен белгілі Ете алмас пенде ендігі Қырымнан шыққан ер Тарғын Солардан жоқ-ты кемдігі, Қақпасын бұзып, қала өртеп Осал ма қалған ерлігі? Өз қолымен өлтірді Пагондыны – шендіні, Бақытына өлшеу жоқ Патшылықта болыпты Мархабат еткен кеңдігі. Құдай артық жаратқан Мұңал деген қашаннан Ауылым едің белгілі. Егессе бізбен дұшпанның Алусыз кетті теңдігі. Зейіні зерек шешенмін Ауызым жүйрік тілділі, Жанбоздан шыққан жақсылар Боранқұл, Иса, Құлабай – Қатар жүрген Байұлы Кеткен жоқ ақыл сұрамай, Хабарына бұлардың Алаштың қанған құлағы-ай, Беттескен күні солардан Қирады дұшпан шыдамай. Иса мен Досан бірігіп Кәпірге салды бұлағай, Абырой тапқан ерлерім, Көтерген туы құлады-ай, Кетерін білмей қай жаққа Сол күнде сасқан бұл Адай, Жау болған күні шабысып, Дос болған күні табысып Патшаменен артынан Келісім болған сірәдай. Ішімнен жауап ойлансам

Көңілге қалмас ұнамай, Кемелхан мырза, Нұрберген Парасатты балдарсың Әрбір үлгі түр көрген. Атаның жолын ұстар деп Үмітті халқың сіздерден, Орын едің әруақты Замана болдың түрленген. Көлеңкең көптің аясы, Шарапаттсың гүлденген, Ел қорғаны едіңдер Панаңда пақыр күн көрген, Дүниеде қанша толғанмен. Өтпейді дәурен кімдермен?.. ...Әруақты атаң бар еді Келмеген дұшпан маңына, Айқайлы жерде ат салған Мұңалдың талай арына, Қазақ түгіл сыйлаған Қалалы жұрттың ханы да. Байұлының баласы Болып па еді таласы Исекемнің бағына? Жүйріктерін сүзілтіп Талайын салған бабына, Батырлық, билік, ақындық Неше түрлі өнердің Істеді бәрін тағы да, Тірлікте еткен ісінің Жете алмай айтсам санына. Қастасқан ханды өлтіріп Тұрғызбаған тағына, Ерлігі солар секілді Қарт Нәрік пен Едіге – Ноғайлық өткен арыда. Кешегі күні кәпірге Қастасып қайрат еткенде, Қатерлі солар шеккенде Досан екен Адайда Жараған қатар – парына, Алқа құрған ордада Жүлдесі жоқ-ты алмаған, Егескен күні табанға

Дұшпаны жоқ-ты салмаған, Қалалы жұртта қазақ жоқ Хабарына қанбаған, Өтірік деп айта алмас Зейін қойып аңдаған, Әруағы таудай бар еді, Әділдік сүрген хан еді Бұқара жұртын қамдаған, Дүние, бірақ, баянсыз Кімдерден фәни қалмаған?... ...Осылай деп ойланып Баян еттім азырақ Исекемдей қартымнан, Неге айтпайын жауапты Көңілде сайрап бар тұрған? Кешегі бір күндерде Ерлерім де бар еді Ерлікке көңілі талпынған, Дұшпаннан күші артылған, Әулие-пірім бар еді Жәрдем сұрап сасқанда Сыйынған жандар алықынған, Билерім де бар еді Сахилыққа талпынған, Соның бәрі табылған Қайырлы жұрт халқымнан. Зейінде желсөз тұрғанда Ер әруағын асырмай Бойымды бұлдап тартынбан. Кемелхан мырза, Нұрберген Арзу едім сіздермен Мәжілістеп қайтарға-ай, Жорғалығым білінбес Осындай жерде тайпалмай, Өнебойы бұл дәурен Баста тұрмас шайқалмай, Осы күнгі қатарда Адаммын деген жігіттің Жүргені жоқ байқалмай, Шабатын жүйрік сендерсің Ар болған күн айқайға-ай. Атаға тартқан білімді Жүйріктер едің дүбірлі

Жарыссаң бәйгі бермейтін, Байұлының баласы Бастарыңды қашанан Осал деп олқы көрмейтін, Бірліктерің бар еді Ергессең ешкімнің Қорлығына көнбейтін, Мирастарың қашаннан Алжасқан дұшпан меңдейтін Алысып сізді жеңбейтін, Атадан туған жаман көп Қолынан еш зат келмейтін. Бес Жанбоздың баласы, Байлар да шықты ішіңнен Іріге қолын сермейтін, Әкім де болды ішіңнен Басқарып халқын тергейтін, Билер де шықты тілділі Кеңес айтып үлгілі Адасқандарды жөндейтін. Шайырлықтың белгісі Ажарлап сөзін өңдейтін. Қашаннан бері жұртыңа Істерің жоқ-ты жақпаған, Ар болған күні ат салып Жерлері жоқ-ты шаппаған. Атаң бір өткен Исекем Дұшпаны жоқ-ты атпаған, Талай жерде тілдесіп Қазақ түгіл орыстың Өкілдері тоқтаған, Мұңал деп бірі айтпайын – Келінберді – Адайдың Байрақты жерде қосатын Жүйрігі еді баптаған. Жарасар жалғыз Аллаға Ұлылығын мақтаған, Бәріміз де пендеміз, Көп шығар еткен күнәміз, Кешіре гөр, Құдайым, Он сегіз мың ғаламды Панайыңда сақтаған.

АДАЙДЫҢ ОН ЖЕТІ БАЙ-МЫРЗАСЫНА АЙТҚАНЫ

Талайдың алдым жүлдісін, Байұлының әр жерде Мақтап жүрмін бұлдысын, Сөйлеген күні шыныммен Ақтардым жұрттың тілдісін, Не пікірлі білгішін. Әшкертейін жасырмай Әркімнің еткен үлгісін. Кешіре гөр, бір Аллаа, Тезіңе салып тексерсең Толып жатыр міндісі... Сынап жүрмін аралап Халықтың бай мен мырзасын, Ірілік жақтан озды деп Ең әуелі жұрт айтты Саламаттың Сарбасын, Керек десең, біздерге Аямады мал басын, Сахилық жаққа келгенде Байназардың Ыбырай Таба алмадым тайласын, Жылқысынан таңдатты Төселген сүргін жорғасын. Ақшакедей Жарықбас Май беруге жалықпас, Қайнарбай деген інісі Кетпесін құр деп жетегің О да берді бір ат пен Тулы бие – тай басын. Бір ту бие, бір аттың Екеуін қабат тең берді Жетімек Жұмағазының Таба алмай жүрмін қолдасын. Ежелден ердің тұқымы Сауарға қанға алмасын. Тобанияз, Аманқұл – Тастамай жүрмін аузымнан Шеңгелдеп талай алғасын, Аты аталған жігіті Қатары неге қорласын?!

Тіней деген ауылдан Зәкәрия, Шам, Талпақ – Мен бұларды да мақтадым, Парымен алдым аттарын, Аулына келген қонақтың Құр жібермейді екен қапталын Байұлының баласы Айтпайды екен орта деп Дәреже, байлық, бақтарын. Зәкәрия, Талпақтың Жорғасын міндім тепектеп, Бір атын алдым жетектеп, Адина қылып алқада Ақшасын алдым етектеп, Қанша аласам да мойымайд Ырысқалым кетед деп. Айдаған күні нәсібе Жоғарғы жүрген Адайда Байбол деген ауылдан Аралап былтыр мен көрдім Сердалы байдың Бекесін Жүр екенбіз көре алмай Салтанатты байдың көкесін, Он қадақ шай мен бір айғыр Бұ да берді айтқасын Жұлдырып сөздің шөкесін. Есігі ашық, төрі кең Алғыс алған елінен Сөйлеген күні жүлде алдым Солардай елдің бегінен. Жомарт деген ауылдан Жаманқұл деген бір жігіт Інген берді айырдан Іші буаз – қайылған, Дәулеті шақтас болғанмен Оздырды жұрттың байынан, Жігіт екен ілгері Өзінің артық тайынан. Бұл күндегі коммунист Айладырдың алдында Етіп едім сауықты Қаласында Көкжардың, Аралап дүкен-зауытты

Бешпент-шалбар таңдатып Метрін сегіз мәнеттен Алып берді мауытты, Кем болған жоқ сол күні Нар бергеннен ауытты, Жігіт екен тұсынан Ілгері туған азамат Етпейтұғын қауіпті. Аштархан – Хандық арғы бет Ескегін суға сабалап Қайық деген көлікпен Өзегін жүрдім жағалап, Ортасында отырдым Адамдарды қамалап, Шиландарын шығарып Ақшасын берді додалап. Қыдырша деген ауылдан Әбіш пенен Смағұл Мереке-тойын бастатты, Үш сағаттың бойында Қырық шақырым жолды алған Олар да берді жақсы атты, Бір көруге оқсатты, Жарты тай мата тағы бар, Алдриза болсын, шабазға Бітірді көңіл мақсатты. Бұл күндегі заманда Смағұлға деңгел жоқ, Қайда барса алды ашық Мол алады шеңгелдеп, Нағашысы Қосай, Берекет Жүз қой берген жыршыға Қазақ оны жеңген жоқ. Сан мал алдым Адайдан Мұндай жақсы ат берген жоқ, Арғы атасы Әненттен Келе жатқан үзілмей Шынжыр екен шұбалған, Нағашысы Әбіштің Ағатай Беріш ұраннан Сүйінғара, Қызанбай Беріштің өңкей бектері, Шын ұлындай Шыңғыстың

Сұрасаң, асыл тектері, Ерлігін айтып мақтасам Толып жатыр еткені. Анық таза адамға Бір жаратқан Алла артық, Смағұл мен Әбіштің Қайда барса алды ашық, Сахилығын көргесін Әркімдер жекжат болып жүр Етегіне жармасып. Байұлының балдары Қасиетті қашаннан Көрмеген тұқым қарны ашып. Жырлап едім тойында Жақсы ат берді арнасып, Ауыздары бір екен, Татулықпен келеді Бір-бірімен жалғасып, Мүсәпір-міскін кез келсе Қайыр ете қояд қамдасып, Өнерлерін озыдырып Жақсы ат пен сұлу қатынды Алысып жүр таңдасып. Бұл күндегі заманда Смағұл мен Әбіштей Жігіт бар ма елінде Үстіне қонық иірген Аулының үстін шаң басып? Қайсыбірін айтайын – Талай ерден мал алдым, Он мың мәнет, бір айғыр Қалада мақтап және алдым Мына Орынбасар, Жалаудан, Бұл күндегі заманның Жігіттері екен қалаулы, Халқы аузына қараулы, Тәртібі жұртқа тараулы. Басына барып Қияның Басқаны жорға бие алдым Бейжанның ұлы Асардан, жігіт екен ілгері Сахилық жаққа қасарған, Орын екен, сұрасам,

Келе жатқан қашаннан. Дәулеталы Ұзақбай Дабысы келді құлаққа-ай, Қонақ қылып жырлатып Бұ да берді бір атты-ай. Кеще деген ауылдан Өтеғұлдың баласы Нәсухаға сөз айттым Арнап барып үйінде, Жағасы жыртық бір шапан Әкеліп жапты иінге, «Жарытты» сөйтіп киімге, Лайық деп бергесін Астыма бүктеп мен салдым – Бәлен-түген дейін бе? Мырзаның берген байрағын Шығарып жүрмін жарыққа Жасырмай айтып әр жерде – Жатушы еді бүйірде. Нәсуха берген төрт саулық Айдай бердім ысқырып, Ысқырсам да жүрмеді Топалаң тигір пысқырып. Көп көрдім талай алқаны-ай, Түсіп жүрмін ортаға-ай, Қаратып жүрмін аузыма Мына жағы Харазым, Маңғыстау, Орал, Арқаны-ай, Алланың берген демінде Әзір күні келеді Үстімнен базар тарқамай, Құралым неге тарқасқан – Бұл күндегі заманның Болғасын шайыр дарханы-ай. Бұл айтқан сөздің себебі Нәсухадан болынды, Таптырмайды абырой Ағайын, туған, еліне Жігіттің нашар, төмені. Әркімдер-ақ айтатын: «Жұмысың түссе Сармысқа Халыққа бар, – деп – керегі», Нәсухасы құрғырға

Алаң болып әуелден Мақтамадым Сармысты, Одан басқа сөзімнің Қайтпас па еді дерегі?..

АҢЫЗДАР, ӘЗІЛ-ҚАЛЖЫҢ СӨЗДЕР

ӘЗІРЕТІ ҒАЛИДЫҢ ҚҰЛ БОЛЫП САТЫЛУЫ

Мұхаммед пайғамбардың тірі кезінде бір пақыр адам жоқшылықтың салдарынан кәпір патшасына кіріптар болып, мың ділдә қарыз алып, соңынан алған қарызын қайтара алмай, борышына өзінің әйелі мен қызын кепілдікке тастап, не істерін білмей дағдарыпты. «Қой, тәуекел, Мұхаммед пайғамбарға барайын. Сол жарылқар, жәрдем етер» – деген тоқтамға келіп, жолға шығыпты. Мінеки, шықтым сапарға Кіргізе гөр, Алла, қатарға. Сабыр ете алмадым Үйде тыныш жатарға, Кәпір алды әйелім мен қызымды Көңілім жаман бұзылды Қайғының дәмін татарға. Қатты жолмен қашайын, Көрмесін кәпір ізімді, Иә, пірім, өзің жәрдем бер, Қараттым, міне, жүзімді Мединәдай шәһәрге. Тас қараңғы болды күн Басыма түсті мұндай түн, Бір мұсылман табылып, Басымды сатып, болсам құл Қара басым болар екен қанша пұл? Мың ділдә болды бермегім Ылажсыздан көнгенім, Қатыным мен қызымды Еріксіз қолдан бергенім. Неше жыл бақтым ау қарап, Күніне таптым төрт шабақ Басқа нәрсе көрмедім Неге алдым екен әуелде

Көтерме ақша – теңгені? Ей, Расулы, Мұхаммед, Алдыңа келіп еттім зар, Қиналып келген жайым бар: Кәпірге бермек қарызым бар Сізге айтар арызым бар. Баласына мұсылман Жел жағына панасың, Жау жағына қаласың, Пақыр менен міскінге Алты емшекті анасың, Айта келдім, тақсыр, мен Кәпірдің салған жарасын, Қыз, қатыным айдап жүр Көпірдің арба-шанасын. Тақсыр-ау, сізге шағындым Алдыңа салып басымды. Құлақты мал менде жок, Туысқан аға-іні жок, Жау қолында жылаған Қыз, қатыннан жаман жоқ, Жауда қалған олардан Жүдә, менде хабар жок, Кереметін қолым тұтпаса, Қажетім сізден бітпесе Біз сияқты пақырға Басқадан болар шара жоқ... Пақырдың сөзін тыңдаған Пайғамбар өзінің ең жақын серіктерінің, бірі Әзіреті Ғалиды қасына шақырып алып кеңесті. Пақырға жәрдемдесу керек екенін айтты. Сонда Әзіреті Ғали былай деді: – Бұндай қарызды өтерлік бізде ақша да, мал да жоқ. Сіз рұқсат берсеңіз, мен пақырға еріп кетейін. Не істерімді барғасын көрермін. Пайғамбар оған рұхсат етіп, батасын беріпті. Кәпір патшасының, мән-жайын сұрастырғанда, пақыр Әзірет Ғалиға мынаны айтады: – Бұл патшаның, қорқатын бір айдаһар жыланы бар, бөгей алмай жүрген бір үлкен дариясы бар, тағы басқа несі барын білмеймін. Мұны естіген Әзіреті Ғали жолда келе жатып пақырға былай депті: – Сен онда менің екі қолымды байлап апарып, базарға құл деп сат. Көп сұрамай-ақ бір мың ділдә дей сал. Мені сатып, қарызыңды қайырып беріп, қатының мен қызыңды кіріптарлықтан босат, ал мен құлдықтан құтылатын жолды өзім ойластырамын. Пақыр оны базарға апарып саудаға салып тұрып, былайша сайрайды:

Уа, жиналған жамағат, Әкеліп тұрмын базарға Сатайын деп құлымды, Ылажсыздан әкелдім Қажет етіп пұлыңды, Қызмет етсе бұл қүлым Сәтті етеді, тынымды. Қап-қара болған түсі бар, Маржандай аппақ тісі бар, Мың құлыңмен пара-пар Бір өзінің күші бар. Айтқан сөзім ып-ырас, Алғанға тиер бір мұрас, Тырнағының көлемі Үштен туған айдай бар, Әр саусағы бір құлаш. Кемелге келген жасы бар, Имек таудай басы бар, Ақшаң жетсе аларсың, Егер акшаң жетпесе Арманда болып қаларсың – Бір мың ділдә басы бар. Бүгін салам базарға Мұндай құлды таппайсың. Қай базарға барсаң да – Ақшаң болса алып қал. Бүгіннен соң қалмаймын, Жер бетінде базар көп – Ертең қайта салмаймын. Құлымның бәсі мың ділдә, Бір ділдә кем берсең де алмаймын... Мына хабарды естігеп жүрт базарда ондай көп ақша беріп, құлды сатып ала қоятын адамның шықпағанын көріп және құлдың келбетіне таң қалып, қала патшасына хабар жеткізіпті. Ол уәзірлерін жіберіп, пақыр мен Әзіреті Ғалиды сарайына әкелдіреді. Сонда патша алдына келген пақыр: – Уа, тақсыр патшам, Не келед сенін ойыңа? Менің мына құлымды Алып, сал жиын-тойыңа – Тамаша-қызық мұның ойыны. Қызметін көрген кісі таң қалады Бір ұрғанда оң қолына балға алып

Мың батпандық темірің күл болады. Екі жұртты жау қыл десең жау қылад, Бұйрықсыз күн жаудыр десең жаудырад Лақтырып кесектей Бір тауды бір тауға ұрад. Ашуланса бұл құлым Азу тісін егейді, Мың дұшпаннан бір өзі Тіпті қорқам демейді, Сарқырап жатқан дарияны Сәтке апармай бөгейді, Айдаһар жатқан жыланды Шаян құрлы көрмейді, Айтсам адам нанғысыз Қасиеті және бар — Қару тисе өлмейді... Мұндай қасиеттерін естіген патша көп саудаласпай, пақырға қазынадан сұраған мың ділдәсін санап алып, енді кеткелі тұрған пақыр Әзіреті Ғалимен қоштасып тұрып айтқан сөзі екен: Келген жерің жаман жер, Қайратыңды еттім кер, Көріскенше күн жақсы, Аршыланым, қолың бер. Аллаға жаның аманат, Көрмегейсің жаманат, Жүргейсің, қалқам, саламат, Шәһәрлі жерден шарапат, Расулы атаңның Дұғасынан шапағат. Мұсылман – кәпір ел емес, Басыңды салып базарға, Аршыланым, мен сені Кәпірге қылдым келемеш. Өзіңмен біріге өлейін, Мехнатыңды бірге көрейін, Сеңдей ерді азапқа Тастап кету жол емес... Сонда, алған бағытынан қайтпайтын, қорқуды білмейтін өжет ер – Бар, енді жүре бер, әйелің мен қызынды босатып ал, ақшаңды төле, – депті. Пақыр Әзіреті Ғалиды айтқанына көндіре алмай, амалсыз қоштасып кете барыпты. Пақыр кеткесін, патша сатып алған құлды – Әзіреті Ғалиды алдына алдырып, оған үш түрлі шарт қояды:

– Бір жауым бар – айдаһар, соны өлтіресің. Бір өткел бермей жатқан дариям бар, соны бөгейсің Содан кейін мұсылманның батыры Әзіреті Ғалиды ұстап, тірілей әкеліп бересің. Осы үш шартымды орындасаң құлдықтан азат боласың. Бұларды орындай алмасаң, өмір бойына құлдықта жүре бересің, – депті. Әзіреті Ғали алдыңғы екі шартын орындапты. Соңғы үшінші шаартын орындауға келгенде, патшадан қасына қырық палуанды ертуді сұрапты. Бұған патша келіседі. Патшаның палуандарын ертіп, батыр жолға шығыпты. Олар қаладан біраз ұзап шыққасын, қалың орман арасына келіп кіреді. Әзіреті Ғали кідіріп, қасына ерткен палуандарға: «Сендер осында тыныға тұрыңдар, мен қазір сәл бір жерге барып, қайтып келемін» – деп, оларды орман ішіне қалдырып, өзі бір ағып жатқан дарияның тасалау жеріне келіп, жуынып, бетіндегі бояуларын кетіріп тазарады да, қайтадан палуандарға келеді. Патшаның палуандары мұның өзгеріп кеткеніне таң қалып, әрі қорқьп, мұның мәнісін сұрапты. Сонда Әзіреті Ғали: – Патшаларыңның іздеген батыры менмін. Сендер менің екі қолымды артыма қайырып байлап, патшаға апарыңдар, ол сендерге сыйлық береді, – дейді. Палуандар Әзіреті Ғалидың айтқанын істеп, оның қолын артына байлап, патша сарайына алып келеді. Патша бұған қуанып, еліне жар салдырып, көптің көзінше мұсылманның батыры Әзіреті Ғалиды дарға асатынын хабарлап, жұртты орталық алаңға жинаттырады. Алаңның ортасына дар ағашын құрдырып, екі қолы артына байлаулы Әзіреті Ғалиды көп жендеттердің ортасында күзеттіріп, дар ағашына әкелдіреді. Жендеттер оны дарға асамыз деп дайындалып жатқанда, Әзіреті Ғали: «Ханнан-маннан» деп ақырып, жұлқынғанда, байлаулы қолдары жіптен босанып шығып, сексен алты кез биік мұнараның басына қарғып шығьш кетіпті. Жұрт не болғанын аңдамай, абыр-сабыр болып жатқанда Алладан бұйрық болып, Жебірейіл періште Әзіреті Ғалиға зұлпыхарын, дүлділін әкеліп беріпті. Дүлділіне қарғып мініп, қолына зұлпыхарын алған батыр сол жерде майдан ашып, патшаны біраз әскерімен бірге өлтіріп, қаласын ойрандап, елін бағындырып, мұсылмандыққа мойындатып, ауылына қайтыпты...

МАҚПАЛ ҚЫЗҒА ШЫҒАРҒАНЫ

Жас кезінде Сәттіғүл жарлы болуы себепті көңілі кеткенге қолы жетпей, кедейліктің салдарынан оның мәселін қайтарған құрбылары да болыпты. Ақынның ынтызар болған сондай бір құрбысы Әбдікәрім деген байдың Мақпал атты қызы екен деген сөз бар. Ақын өзінің ынтызарлығын құрбысына былайша білдіріпті:

Ермесең не амал қылайын, Қашсаң не ғып қуайын, Қызыл киік – қыз болдың Аз ғана күн, шырайым. Ата-анаңнын қолынан Аттансаң болар қолайың, Жақсы деп болдым ынтызар, Жаманға неге жолайын? Бұл айтқан сөздің қадірін Ойларсың бір күн, ылайым, Ауылдың сәні кім болар Сен кеткен күні, гүл-айым? Қаламдай қасың қиылып Арзу болып мен жүрмін Естуге жауап-жылылық, Құрығыма түспейсің Қашаған аттай шығынып. Алыстан келдім емініп Еңсемді бере жығылып, Жатармын қалай тар жерде Жан-жағымды қуырып? Көз жеткенмен қол жетпей Алуым қиын суырып, Алыстан келген құрбыңның Бар екен деп көңілі Шықпайсың сыртқа жырылып... ... Әуелі туып анаңнан Бала болдың жүгіріп, Бұл жасыңа келгенде Шоңқайма кидің бүгіліп. Дидарыңа қарасам Тұрғандай адам үңіліп, Сауалыма жауап бер Қалмаса ернің тігіліп... Қиғаштайсың қырындап Етегіңе зер төгіп, Қатар жүрген құрбыңның Күйгендей іші өртеніп, Не қылсаң да жарасар Ата-анаңның қолында Кемді күн қылған еркелік, Іңкәр болып өзіңе Шығарып айтқан сөзімнің

Әрқайсысы серкелік. Жауапқа жауап қосатын Таба алмай жүрмін бір серік. Қабағыңа қасың сай Қарасаң көзің төңкеріп, Аралас көшіп аулымыз Ойнармыз күліп деуші едік, Алдымдағы ақ қылаң, Сені бір кімге өлшелік?..

СӘТТІҒҰЛ МЕН КӨК АТ

Сәттіғұлдың аяқ артар көк атын ауылдық кеңестің төрағасы басқа біреуге алып береді. Көк атпен Сәтекең біраздан кейн кездессе, тұғыр көтерем болып қалған екен. Бұған шыдай алмаған ақын көк аттың атынан өзіне шағынған қылып арыз айттырып, сонан соң өзі оны жұбатып сөз шығарады. Сондағы көк аттың шағымы екен: Уа, Сәтеке, сенен кетіп көрдім қорлық, Істеді ауыл совет маған зорлық, Бір қызға «Көк жылқыдан түспе, – деді Осыған білгеніңді істе» – деді. Тепкілеп, қыз мінеді күнде жайдақ Жайылдырмай қояды және байлап. Тасына Қаратаудың ұрындырды Сол үшін жылап жүрмін зығыр қайнап. Уа, Сәтеке, қуат бітті, қалмады әл Азғындап, арықтадым, қалмады жал Обалым ауыл совет ағасына Су ішпей, шөп тата алмай, сорлады хәл... Сондағы Сәттіғүл ақынның көк атын жұбатуы: Советтің көзқарасы болған қатты, Көк атым, жылағаның маған батты, Отың жеп, суыңды ішіп семіресің, Көрерсің, басың жас қой, талай затты...

КЕНЖЕ КЕЛІН

Бірде Таушықта Есенжанов Бәшеннің үйіне белгілі халық ақындары Сәттіғүл мен Түмен түстенуге келеді. Ол үйге барғасын белгілі сыйлы адамдарға томсырайып үндемей отырудың ыңғайы жоқ. Бәшеннің аулында жоқ екенін естіген және жақында ғана Бәшеннің соғымға деп қара атын сойып алғанынан хабардар болса керек, екеуі үйге жақындағанда, Сәттіғұл Түменге:

– Кенже келінге амандасуды мен өлеңмен бастайын, сен қоштап отырасың, – дейді. Түмен «жарайды» деп келісіпті. Сырттан ақындар үйге сәлем беріп кіріп келсе, Бәшеннің әйелі Кенже жалғыз өзі ұршық иіріп отыр екен. Қайнағаларын көріп, орнынан тұрып иіліп сәлем етеді де, төсегін салып қарсы алады. Сонда төрге озып отыра берген Сәтекең: ІІІырағым, аманбысың, Кенже келін. Өзіңді санамаймыз кемге, келін, – – деп шумақ өлеңнің басын бастап жібергенде, Түмен ақын да кідірместен іле жалғастырып кетіпті: – Осы сөз айтылып ед, кеңде, келін, Білмейді-ау шалдар жайын өңге келін... Сәттіғұл: – Бәшенжан бозбалалық жасайд дейді,

Егер де сыртқа кетсе сенбе, келін... Түмен: Айтқаны Сәтекемнің рас болса Жайыңа қарап жүрме сен де, келін... Сәттіғұл: – Шалдардың басы ауырып шөлдеп келді, Шайыңды жылдамырақ демде келін... Түмен: Шалдардың басы шайға жазылмаса Қара аттың қазысымен емде, келін... – деп аяқтапты. Бүкіл елі құрметтеп сыйлайтын ақын қарттардың мынадай жанды жадыратар әзіліне разы болған Кенже келін де қалтықсыз шұғыл қимылдап, шайын дайындап, қазанға қара аттың қазы-қартасы мен жалжаясынан мол етіп салып, ақын қайнағаларының ойынан шыққан екен...

БӘРІНЕН ДЕ ОҢДЫСЫ

Бірде Сәттіғүл ақын бір той жасап жатқан ауылға тап келеді. Ақынды кілең сыйлы адамдар отырған үйге әкеліп түсіріпті. Үй ішіндегілердің біреуі нағашы, біреуі жиен дегендей, әзіл-қалжыңмен отырып, Сәтекем бір отырған оншақты адамды шеттерінен аспанға көтере мақтап шығады. Қыран-топан күлкі үй-ішін кернеп кетеді. Жұрттың күлкісі сәл бәсеңдеген тұста төменгі жақта отырған Қадірбай деген бір кісі аталмай қалған болуы керек, шыдай алмай, Сәтекеңе өкпесін білдіріпті: – Апыр-ай, Сәтеке, маған бір ауыз сөзіңізді де қимадыңыз-ау, – депті. Сонда Сәтекем саспастан:

– Ойбай-ау, Қадіржан, сені әдей кейінге сақтап отырмын ғой, неге ескермеймін, – деп алыпты да: Ренжімес, әрине, Осы отырған он кісі. Ал, осы отырған Қадірбай Бөлек біткен болмысы Қараторының өңдісі. Екі жауырыны қақпақтай Атан түйе зор кісі. Қолы жомарт мол кісі, Көзі қыли демесең Осы отырған жұртымның Бәрінен де оңдысы... – деп өлең шумағын төкпектетіп жіберіпті. Шынында да Қадірбайдың бір көзі қылилау екен. Мақтағанға мадиықтаған Қадірбай шыдай алмай – Сәтеке, кеше еңбеккүнге алған жарты пұт тарым бар еді, ауылға қайтарда соны ала кетерсіз, – дегенде үйде отырғандар одан сайын қырантопан күлкіге батыпты. Жұрт күліп болғасын, Сәтекең Қадірбайға қарап: – Шырағым, пейіліңе рахмет. Осы сөзіңнің өзі де жарты пұт тары ғой. Бала-шағаңның аузынан жырып алғанда маған мүйіз шығып қабырғамды жаппаспын, бірақ сендей ақкөңіл жанды іздегендс таппаспын, – депті...

ҚОЗЫНЫ ҚОНАҚ ҚҰРТАДЫ-АЙ

Сәттіғүл ақын ерте көктемде қайнағасы Шалбар Нұрқабай дегеннің аулына келіпті. Мырзалық қысқан адам қонағына ерте туған төлді сойып беретін, сараңдығы ұстаған адам соғымның соңы өлі етпен де қонақ күтетін шақ болса керек. Үй иесі Сәттіғұлдың қасында үлкен сыйлы адамдар болмағасын соның екіншісіне тоқтап, қонақтарына өлі ет асып беріп сыйлаған сияқты. Ертеңгісін сәскеде атқа қонған қонактар енді жүргелі түрғанда, Сәтекең қайнағасына ат үстінде тұрып бірауыз өлең шығарып айтыпты: Қайнағамыз Нұрқабай, Көгенде қозы бірталай, Қонаққа қозы соймаңыз Қозыны қонақ құртады-ай... Мына сөз ел арасына тарап кетер деп қауіптенген Нұрқабай ақынды жолдастарымен аттарынан қайта түсіртіп, қозы сойып, қонақасын дұрыстап беріпті.

Қонақтар аттанып жүрерде қайнағы Сәттіғұлды оңаша шығарып алып: – Сәтеке, айтылған сөз осы жерде қалсын, – деп өтініш етіпті...

ТҰРЖАНҒА Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде майдан үшін жан аямай еңбек етіп жатқан аудан еңбекшілері арасында мәдени-үгіт бригадасын басқарып, халықты ерен еңбекке жігерлендіре жүріп, шаршап-шалдыққан ауыл адамдарының демалыс-үзіліс кездерінде, Сәтгіғұл ақын олардың көңілін көтеріп, ән-жырдан шашу шашып отырған. Ерлердің орнын жоқтатпай, үйде де, түзде де ерлерше еңбек еткен әйелдерді мадақтап, жігерлендіріп жүрген Сәтекеңнің адамдар арасындағы айтқан кейбір әзіл сөздері де ел есінде сақталып қалыпты. Бұл шумақтар да сол есте қалғандардан жазылып қағазға түскен зілсіз әзілдердің бірі: Он төртінші ауылдың Звеносы ақ Тұржан Істеген жақсы жұмысын, Басшылары ауданның Бағалайды бұнысын. Қонак болдық үйінде – Ақ текемет, көрпесін Астымызға төсейді, Әйелдің артық көсемі... Он төртінші ауылда Ағилаш, Нәзу, ақ Тұржан – Кіл асылдың тұқымы Кем болатын жері жоқ, Бәрінен де артық деп Ақ Тұржанды мақтайды Араласқан елі көп...

АЛШЫНҒА ХАТ

Сәттіғүл ақынның үлкейген кезінде өзімен сыйлас, үнемі іздеп отыратын адамдарының бірі – Маңғыстау өңірінде «шежіре-шешен» атанған Меңдалыұлы Алшын еді. Сәттіғұл ақын Алшынның жетпіс жасқа толуына орай оған шығарған арнау сөзі жинақта бөлек берілді. Биылғы Алшын Меңдалыұлның туғанына жүз жыл толуына орай сол арнау сөзге қоса жолдаған ақын хаты қазіргі түбегімізге белгілі жыршы Ізбасар Шыртанұлынан алынған еді. Хаттағы әзілі жарасқан абзал жандардың арасында айтылар сөз үлгісі ретінде Сәттіғұл атамыздың мына өлең жолдарын да оқырмандарға таныстыра кетуді жөн санадық: ... Атан мен нарын жетелеп,

Аттарын мінді Адайдың, Кұрметін көрдім талайдың. Құрмет болды көргенім, Өлең-жыр болды ермегім, Алланың берген бағында Жақсылардың жантайып Көрпесінде көлбедім, Тоқсанға келіп, той жасап Отырғанымда бой жасап «Алшынжан естіп келер, – деп Келіп сәлем берер» – деп Жүргенімде дәметіп, Сен отырсың қасымда Жайылып денім, толғандай Толатын еді кем-кетік. Үйімнің келіп қасына Сәлем бермей кеткенің – Мені кімге теңедің, Мен кімдерден кем едім? Осы күнгі адамда Сенің жоқ қатар-деңгелің, Мадиықтап, мақтап жырменен Мен міндеттен құтылдым, Нұрбаулы, Сейсен, Бешенге Таба қылма, Алшынжан, Бізге бар, бала, бермегің. Қырық қағаз бен бес саулық Береді деген уәде бар, Жалтақтап, бұған жай айтсаң Жаратпайд ақын мұныңды. «Екі айтпайд, – деген, – ер жігіт» Қалған сөз бар кейінге Жақсылардан бұрынғы, Өкінбе, берсең, опынып Бізге берген шығынды, Ойласам, орта жерің жоқ, Мақтасам ешбір кемің жоқ Бүгіндегі Адайда Сенің қатар-теңің жоқ Қырық қағаз бен бес саулық Қолға қашан келгенше Алшынжанға сенім жоқ... июнь, 1964 жыл

ШАЛАНҒА

Сәггіғүл ақын өмірінің соңғы жылдарында Жетібайға қоныс аудармастан бұрын Таушықта келіні Әсиенің қолында тұрған. Бұл Сәтекеңнің сексеннің сеңгірінен асып, тұсаулы тоқсанның табалдырығына тақаған, қарт кісіге үнемі ат үстінде жүру ауыр соғатын кезі, бір жерлерге бару қажеттігі туса, көбіне өзі «жиенім» деп жанына жақын тартып жүретін Шаланды іздеп келеді екен. Шалан Құлшықұлы байырғы шофер, үйі Таушықта тұрады, өзі елгезек, ақын ағасының тілін қайырмай, қалаған жеріне машинасымен апарып жүріпті. Ақын да бала мінезді емес пе, іштей жиеніне ырзалық көңіл күйін өлеңмен өрнектеген ғой. Бұл өлең 1964 жылы ақынның 88 жаста тұрған кезінде туған шығармасынын үзінді, өлеңді ел ішінен іздеп тауып «Маңғыстау» газеті бетінде жариялатқан жергілікті Медет Дүйсенов. ...Қойған екен атыңды Атаң мең анаң «Шалан» деп, Айтпайды ешкім «жаман» деп, Мақтайды екен әркімдер «Әрібір іске маман» деп, «Жау жағасын жыртыпты Тәңірберген бабаң» деп, Ескі әруақ, орынсың Ойламаған сіздерге Дұшпан көзін салам деп, Айтпайды екен ешкім де Сіздерді сірә тапшы деп Мақтайды екен жақсы деп Жиеніміз Шаланды, Бір жігітсің қайратты Әр жұмысқа табанды, Айтсам аузым толады Бұрынғы өткен бабаңды, Ойран салып қалмакқа Бұзыпты талай қамалды. Жақсының жарық жан-жағы, Жаманның күні қараңғы. Ырза бол, Шалан жиенім, Мақтамаймын кез-келген Керегі жоқ жаманды. Айта алмас ешкім мініңді,

Азаматсың білімді, «Алла ырза болсын» айтамын «Ақыны, – деп, – халықтың» Қайырмадың айтқан тілімді, Машинаңа мінгізіп Әркімнен алғыс ала бер, Өзіңе пайда дейді ғой Еткен қайыр – мұныңды. Айтылсын деп әр жерде Ақ қағазға жаздырдым Шығарған саған жырымды... 1964 жыл

ТАРИХИ ЖЫР – ДАСТАНДАР

ОЛ ИТ ЖЫЛЫ ДЕГЕН ЖЫЛ ЕДІ (тарихи дастан) Біздің Адай бұл жерге Хисап етсем, келгелі Екі жүздей жыл өткен, Жаралғаннан әуелден Ілгері екен реттен, Пайда тапқан баяндап Маңғыстау деген түбектен. Әр елдің әлсіз пақыры Ішіне келіп күнелткен, Береке-байтақ ел болып Мал менен басын дүр еткен. Ішінде ерлер болыпты Егескен жауын құл еткен, Сасқан күн ұран шақырып Ішінен Бекет-Пір өткен, Ноғайлы, қалмақ, түрікпен жұрт Қонысын тастап бұ кеткен, Бізден бұрын алты жұрт Бұл жерді талақ-тұл еткен... ...Миллион байтақ елімен, Паңсыған төре-бегімен, Нешелер қабылан-ерімен Асанқайғы, Қазтуған – Олар да босты жерінен.

Дүниеге келгесін Талай халық бөлінді Рет-рет легімен. Арыдан жауап айтайын, Айтпайын қысқа беріден: Бұрынғы өткен заманда Жәһилдің қауымы жоқ болды Алланың қаһар желінен, Нұхының қауымы тәрк болды Топанның тасқан селінен, Лұттың қауымы жоқ болды Жебірейілдің бір соққан Қанатының лебінен. Пиғылы азып адасқан Алланың тура жөнінен Әлек болды талай жұрт Бәдіғат істің көбінен. Азғындық тапқан әркімнен Дәреже, сүйтіп, кеміген. Болды ма деп қауіп етіп Көреміз бұзық ниеттен... ...Көп жиналған әлеумет, Ортаңызға зауық етіп Шайырың келіп көрінді, Тәңірдің берген желсөзбен Көтерейін көңілді, Тарқатайын ішіңнен Біразырақ шеріңді, Ит деген жылдың қысынан Нашарлық басып елімді Үйірінен адамдар Әр тарапқа бөлінді. Бұлағай заман тап болып Қайғырып халық егілді, Күндері қарап орысқа Пункттен көже берілді, Оқиға болып осындай Нәсібе жұрттан төгілді... ...Біздің адай халқынан Алты Алаштың баласы Сескенді дабыл-даңқынан, Бұл уақыттар болғанда Дарияларым су алды

Кемерін соғып шарпыған, Біреуден біреу айрылды Ит деген жылдың зарпынан, Қайғы басып қамықты Хандарым талай паңсыған, Мырзаларым да тарықты Шаршы төрде хансыған. Ақырын Алла бермесе Болмай қалды күні артық Қайыршы менен жалшыдан. Көрмеген адам зат болды, Бұлағай заман тап боды, Туғалы қарны ашпаған, Аяғын жаяу баспаған Ғанилар малдан сап болды, Төменгі Адай халқына Кетпестей таңба дақ болды. Ит деген жылдың зарпынан Жақыннан әркім жат болды. Бұ заман азбай не қылсын – Бітінә бұзық көбейіп Жер жүзіне тақ толды, Бір теңгенің дауынан Құранды құшқан ант болды, Сорпаны төгіп ақты ішпей Тамағы шай мен қант болды. Шайдан басқаны ішпеді, Бәдіғат-күнә істеді Тәкаппарлар да көп еді – Алланың берген дәулетін Көтере алмай іскені, Орынсыз жерде иықтап Момынды залым тістеді, Әділдік кетіп хәкімнен Бес-он тиын пара алып Қараны қолдап күштеді, Жауыз бен пасық көбейіп Бір алланың қатері Қаперіне түспеді. Бұл заман азбай не қылсын – Мұсылман оқу азайып, Қоралап берген баладан Орыстың толды школы.

Осылай жұртым бүлінді, Әртүрлі бұзық істеді, Сондайлардан болынған Ырыздық-нәсіп тартылып Ит деген жылдың зарпынан Талайлар қалды шарпылып, Өзендер талай құрғады Суалып, көзі тартылып... ... Адай деген ел едік Басқа халық бізбенен Батырлық пен байлыққа Бәс етпеген шарқ ұрып, Ерегескен дұшпанды Табанға салып тарпыдық, Әруақ, бақыт, мол дәулет Күннен күн асқан артылып, Кешегі өткен күндерде Дәрия-көлдей шалқыдық, Бұл күндердің шағында Тап болды мұндай таңқылық, Елеуретіп байрақта Асылдан киіп, ат мінген Озаған жүйрік тарпынтып Не кербездер жан күткен Жаяу қалды малтығып. Бай баласы балпаңның Бойынан кетті салқылық, Дұға мен тілек қашты ма Кәпірден қайыр сұранды Астана жұртым алқынып. Қалың дәулет қабындап Қашаннан біткен жапырып, Мырзаларым да тарықты Арғымақ мінген қатырып, Алтын мен күміс соқтырған Үй мұрасын сатынып Жиын менен той қалды Сауын айтқан шақырып, Болынды толы жұртыма Өкініш, арман, қапылық... ... Оныншы жылдың шағында Аспаннан ай, күн тұлданып Жұлдыздар ақты атылып,

Алланың нұры тамбады – Топырақ жауды сапырып, Жұлдызында қауыстың Күншығыстан бір дауыл Сегіз күн соқты ақырып, Қара жерден малды айдап Теңізге тықты батырып, Ғаламат болып ой мен қыр Бүліне жазды қапылып. Қаһарланса Тәңірім, Қауызына сияр тарының Он сегіз мың мақұлық... ... Үш түбекте Маңғыстау Құлазыды мал қалмай, Мал кеткесін біздің ел Нашарлық тапты әл қалмай, Мырзалардан хәл кетті Сән-салтанат, тәрбие, Жарастықты сән қалмай, Шайқап басқан жорға мен Арғымақ аттар таңдаулы Сыйпалып, жұттан таусылды Дулығалы өркеш нар қалмай, Қатты жаман налыпты Кербезсінген пандар да-ай. Маңғыстаудың Адайын Ашаршылық бостырып Айла таппай сандалды-ай, Жай мен жалды жегендер Пункттен өлшеп көже ішіп Жүрегі жүрді жалғанбай. Патшаға жетіп бұл хабар Жәрдем берді талғанға-ай, Ғаламат болып осындай Көрген жандар таңғалды-ай. Әл-қуаты кеткесін Нан тіленді орыстан Астана жұртым арланбай. Әуелден келген адам баласы Келгеннен соң жаралып Дүние-фәни жалғанға-ай, Қайғы шегіп кімде-кім Болған екен арманда-ай...

... Бұл қоныстың ақыры Ауыр қайғы болад деп Асанқайғы, Қазтуған Желмаямен жеті жыл Жер жүзін жүрген шарлаумен Жердің бетін барлауға Желмаямен жер қарап Қатын-бала қамы үшін Ақылы болды шартарап. Ноғайлының билері Тасқорған деген жерінде Кеңес құрды алқалап, «Әумин» десіп жиылды Аламандарды анталап, Бұл жерлерден кетуге Маслихатын етулі. Мәжіліс құрып айласқан, Уәдесін берік байласқан, Бұл сапардан қайтпасқа Бірін бірі қайрасқан. Батырлары да бар екен Жау-жарағын сайласқан, Шешендері де бар екен Бұлбұл құстай сайрасқан. «Бұл қайырсыз қоныс» деп Қазыналы бай да асқан. Асанқайғы, Қазтуған Тәуекел етіп, жол тартып Маңдайы кетті таймастан, Нешелер пелде қыр асып Орнығып жұрты жайғасқан. Байқасақ ойлап, бұрыннан Адыра-құтсыз бұ қоныс – Ел жоқ екен жайласқан. Бұл жерлерден, байқасақ Нешелер байтақ ел кеткен, Әзіреттің Алатауынан Біздің халық ауғасын Маңғыстауды белгі еткен, Бірнеше жылдай мекендеп Талабын Тәңір өрлеткен, Қоныстан қуып түрікпенді, Байырқасып үріккенді

Бұл Адайдан ер де өткен... ... Желпіндіріп желсөзбен Нақыштайын өрнекпен. Байларым болды қайғылы Күмістен мұра соқтырып Сары алтынмен өңдеткен. Ойласам, иттің жұтындай Болмаған екен бұрын-соң Халықты мұндай меңдеткен. Заманның соры тап болып Мал менен бақыт тең кеткен, Һауа-анадан айырып Атамыз Сафи-Адамды Жер аударып сенделткен... Сүзілтіп жүйрік батпаған, Асылмен мойын қаптаған, Арғымақ мінген ұрынтып, Адымын алшаң аттаған, Бағыланның етін жеп, Қымыздан басқа татпаған Сал мырзалар осы күн Ішерге көже таппаған, Бірқатары жер ауып Байрамалы, Тәженнен Айырды тамақ, мақтадан Налыттың, Алла, халқымды Болды ма құлык жақпаған? Қазына жасау үбінен Қатарлап жиған жүгінен, Жарастықты әрбір түрінен Балпақ байлар айрылды Шалқыған дәурен-күнінен, Қазы-қарта, жал-жая Қолдағы сары май, сүрінен, Сары қымыз, ақ шұбат Ашытып құйған күбіден, Ордасын мейман қамалап Кетпеген күні-түнімен Балпан байдың жолдасы Бәйбішелер болды қайғылы Ит деген қыстың кәрінен. Базардан асыл алдырып, Сусынын шаймен қандырып,

Бәсі кымбат тон киген Сары алтынға малдырып, Зер менен қамқа салдырып, Күмістен мұра тағынған Не кермеқас кербездер Көрмеген жұтқа ұшырап Бастарын кетті даң қылып. Сахырада өскен жұртымның Талайы тозды көже үшін Қапалы жерге каңғырып, Оқиға-жұтқа шалдығып. Арманы болып, өкінді Саламаттың Сарбасы, Есіркеп, Қоштай, Бақажан – Сол мырзалар секілді Бұл қазақтың ұлында, Бір Тәңірдің құлында Салтанат пен байлыққа Бұлардан асқан ешкім жоқ, Қаумалаған қашаннан Құрал етіп үстін көп, Он қанат орда тіктірген Еңсеме мейман түссін деп, Сабасын көлдей көпірткен Келгендер қанып ішсін деп, Ауданды қазан астырған Тай еті сыйып піссін деп, Сахилықпен іс еткен Адайым үлгі пішсін деп, Желісін ұзын тарттырған. Әруақ пен бақыт, мол дәулет Күніне асып артылып, Елеуретіп байраққа Озаған жүйрік шаптырып, Қашаннан бері түсінген Қайырға қолы жаттығып, Пақыр мен міскін, әлсізге Етпей кеткен қаттылық Біткен жоқ қазақ ұлына Бұлардан өткен салқылық, Саламаттың Сарбасы, Есіркеп, Қоштай, Бақажан Дабысы шықты аталып,

Мұқтаждардан бата алып, Пақырларды қақпады Қайырып, іркіп-қатырып, Қаныққан Алаш даңқына, Жәрдемі тиіп халқына Жаяулар мінген ат алып Дүниенің көрген кептерін Мұңайды, сүйтіп, бектерім Бүгінде жарлық тақалып. Атамыз Сафи-Адамнан Дүрегелі бер қарай Кімде-кімнің басынан Дәреже тайды шаталып. Хазіреті Сүлеймен Жүзігінен айрылып Оларда да болыпты Қасірет-қайғы, қапалық, Тәжірибе болсын деп Баяндадым азырақ Мысал етіп бұрынғы Жақсыларға апарып. Қалу бар ғой қашаннан Патшалардан тақ қалған, Мырзалардан бақ қалған, Батырлардан оқ қалған Ғалымдардан хат қалған Шешеннен тіл мен жақ қалған Неше бір ерлер өткен жоқ Жәуһәрін жауға оқталған, Нешелер хәкім өткен жоқ Лауазымды ісін атқарған, Неше бір байлар өткен жоқ Үстіне дәулет тоқталған Нешелер ғалым өткен жоқ Құдайдан қорқып сақтанған, Нешелер жүйрік өткен жоқ Хабары жұртқа жатталған. Нешелер кербез өткен жоқ Асыл киіп баптанған, Қазақта тақтақ өткен жоқ Абыл мен Нұрым, Ақтаннан Көкіректе сөзі жатталған. Болмасам да солардай

Азырақ жауап әшкерттім Нашарлық халқым тапқаннан Дұрыс болмас Аллаға Жоқшылықта күйініп, Барлықта массып, мақтанған, Осылай дейді ғалымдар, Қарасаңыз шарғыда Кәләм-Шәриф, Ақбардан. Налыма, халқым, жеткізер Патша-Құдай бір дария Кеңшілік етсе – ақтарған. 1910 жыл ДОСАН БАТЫР (тарихи жыр-дастан)

Әңгіме-кеңес бастайын, Тарих етіп тастайын Бұрынғы өткен ерлерден Ертеде ерлер көп өткен, Көк сүңгісін өңгерген Көңілі көшіп желденген, «Қайырсыз» деп бұл қоныс Асанқайғы бабамыз Болған екен сергелдең Қалған екен бұл мекен Рет-рет елдерден Елдің аты Айладыр, Айладырды аударып Маңғыстаудың қара ойын Адай елі жерленген... ...Сол күнде болған батырлар Атағозы, Есек пен Сүйінғара, Келдібек, Тәңірберген, Бердібек, Мыңбай, Төкеш, Құлыбек, Балуанияз, Қармыс ер Төлеп Шотан, Шабай, ер Қонай Солардың жалғас ең соңы. Иса мен Досан ер соңы Бұлардың еткен ісі бар Алашқа данқы шашылған,

Тұлпар мініп ту алып Алмастан қару асынған. Атамекен жер үшін, Туып-өскен ел үшін Қан майданда шабысып Дұшпаннан қайрат асырған... Сол күндердің бірінде Халыққа жазған «көнсін» деп Қатынас қағаз келеді Патшаның мөрі басылған, Сол окиға болған уақыты Жетпісінші жылдың шамасы, Астана жұрттың данасы Бәйменбет биді ақ патша Шақырып алып кеңескен. «Жабайы жүрген едің, – деп Бас бұрмай маған көнің – деп Түсіндір барып халқыңды, Кезеней салық берің, – деп. Бүйрығымнан бас тартсаң Ыктиярсыз алуға Жетеді күшім менің» – деп, Амалың жоқ ететін Жерің жоқ қашып кететін – Көнесің, – деп – қалайда». Бәйменбет келіп патшаның Бұйрығын айтты Адайға. Хабарды естіп осындай Жүген құрық тимеген Асаудай халқым шошынды-ай Біреуден біреу айрылып Кете жазды қосылмай, «Хиуада хан бар, – деп Соған барсақ біздерді Көпірге бермей қамдар» деп Хиуаға қарай бет түзеп Ойлаған халық босуды-ай. Сол күнде ояз Реукен Кетік деген қаладан Әскерін ертіп бұл шықты Үдере көшкен көп елдің Жібермей, алдын тосуға-ай. Әскерін ертіп бастады

«Көндірем деп жібермей Халықтың болса қашқаны», Ол ішіндегі орыстың, Қол жетпейтін аспаны, Зор көрмеген көңілі Бір өзінен басқаны, Сайланып қару-жарақпен Елге шықты аралап Сексен солдат составы. Бұл хабарды есітіп «Қорлығана көнбең, – деп Кеженей салық бермең» деп Патшаменен қас болып Қырық жігітке бас болып Інісі Шабай қасында Досан шықты алдынан Тұлпар мініп қарғыған, Кескір қылыш, көк найза – Бес қаруын сайланып «Жауымменен қастасқан Соғысам, – деп – майданда Кездескен жері Үшауыз, Шығанақ теңіз – айналма. Реукеннің сол жерде Отряды көрінді, Қарасынан қауіп етіп Жолдастары Досанның Кейін қарай шегінді. Сонда Досан сөйледі: «Уәдем бар айтқан – деп Мың да болса қайтпан» деп Досан жалғыз бөлінді Тұлпарын «шүу» деп тебінді Түтеп тұрған мылтыққа Ойламай шапты өлімді. Араласып өтулі Бораған оқтың ішімен, Қаза тауып Реукен Найзасының үшінен Кіреуке сауыт кигені, Атқан оқ дарып тимеді, Қойға шапқан бөрідей Мергендерін түйреді.

Берекесін қашырды Көрсетті қайрат-ашуды, Қимылдады қиратып Күйіне түскен қырандай Ер қайраты сыналды-ай. Би Бәйменбет ішінде Бір ояз сексен солдаттың Бәрін қырды сол жерде Біреуін шетке шығармай... ... Болғасын мұндай оқиға «Қайтеміз?» деп халық састы Не қыларын біле алмай. «Енді қиын болад» деп Ел бүлініп үрікті Қоқысына тұра алмай, Харазымға қарай жол тартты Батырлар да баяндап Маңғыстауда жүре алмай, Көңілдері тына алмай.. ... Патшаға жетті бұ хабар, Ломакин деген жандарал Бұйрығын алып патшаның, Ыңыранған топпенен Әскерін судан шығарды-ай. Солдаты қойдай шұбырды Жер ортасы Қаратау Қосын тігіп кідірді, Қаһарын тігіп халықка Қатты көзбен қарады, «Қырамын, – деген– шетінңен» Жетті жұртқа хабары. Біріктіріп елді жинауға Жан-жақтан шықты шабары. Қорыкқаннан «көндік» деп Ломакинге шұбырып Елдің келді адамы, Сол жерде салғырт салады, Халықты қойдай талады, Ақшалары жоқтардың Атан мен нарын алады, «Қос-қоланымды артам» деп Күншығысқа бағыттап Хиуаға тартам, – деп,

Қашқанның алдын тосам, – деп Шашылған елді бір жерге Біріктіріп қосам, – деп Айырықша басқадан Жауым – Иса, Досан, – деп Іс еткен жоқ осал, – деп Қас дұшпаным Досанды Өлтірмей, тірі ұстаң» деп Әміріне көндіріп, Қозғалған елді қорқытып Қонысына қондырып Харазымға қарай жол тартып Батырлардың кетті соңынан Хиуаның қанын алам деп Харазымға барды отряд... ... Бір бес-он күн жол жүріп Айбүгірдің ақ дария Шаршаған қалың отряд Соған келіп тынықты Көліктері болдырып. Сол жерде бұйқыт жатқанда Тан сарғайып атқаңда Досан мен Иса бастаған Алпыс кісі аламан Айналасын қамаған Астына мінген аттары Өңкей тұлпар жараған, Ауыздықпен алысып Көздерін көкке қадаған. Бұл жасақтың ішінде Тәжінің ұлы Досан бар — Бір өзінің қайратын Мың кісіге балаған Иіріліп жатқан әскердің Жарып өтті ортасын, Төрт солдатын өлтіріп, Он солдаты сол жерде Тұра алмай қалды жарадан. Сол жерде әскер бекініп Топ құрып қақты барабан. Батырлар содан кетулі Ойлағандарын етулі. Сонда Досан айтулы:

«Жеріміз енді тиетін Қалың біткен қамысты Лаузан деген тоғай, – деп Жалғыз аяқ жолы бар – Жүре алмайд әскер нобай, – деп Қалын қолмен алысып Ұрысуға сол жер қолай» – деп. Үйғарысты батырлар «Жүрейік енді солай» деп. Салыпты содан жарысты Ақдариядан Лаузанға Түзеді маңдай шабысты, Үзеңгілерін қағысты, Мінгендері кіл бедеу Жақын еткен алысты. От орнындай тұяғы Ойнап басқан аяғын, Желігіп жерді тарпыған Ауызын ашып арандай Қара жерді қарпыған, Құйысқандары сартылдап Құлашын жазған аршындап, Ауыздықтарын басқылап, Аузынан көбік шашқылап, Артынан үркіп, ұмтылып, Тарттырмай басын жұлқынып, Бұлдыраған сағымдай Екпіні күшті ағындай Дауыл-жел сокқан артынан, Жаптардан үркіп қарғыған, Бұрқыраған құйындай Жер танабын жиырды-ай, Аң жүйрігі ақ киік Кете алмады құтылып Тер шыққан сайын құтырып. Ауыздықтары қаршылдап Төңірекке жалтақтап Көрінім жерді алты аттап Аспандап ұшқан аққудай Бедеулер мойын созады. Жарысқан құстан озады. Аспан мен жердің арасын Тұман қылған тозаңы,

Тозаңынан адасып Қатар ұшқан құс қалды. Ұзын жолдар қысқарды, Екі күндік жол еді – Сол күнгі сәске-түсте алды Бөлінген ерлер бөрідей Сүңгілерін сүйретіп Ен тоғайға барысты, Қалмайық деп қапыда Аңдып жүрген дұшпанға Қарауылдарын салысты. Ломакиннің әскері Келеді деп сол жерге Екі күн жатып бағысты, Үшінші күн бесінде Қарауыл көзі шалады: Жеті жүз әскер кіреді Қақ жарып қалың қамысты. Көптігін жаудың көргесін, Сыңайын байқап білгесін Кектенген ерлер кескілеп Бермеді қолдан намысты, Аңдып тұрып қапталдан Бір шенеунігін қадірлі Досан таңдап шанышты. Күйініп сонда жандарал Тұлданып жаман долданды – Өртетті тоғай-орманды. Әскерлерін иірді Қайғырып қатты күйінді, Бөлек-бөлек топ құрып Шыр айнала қорғанды – Жағдайлары қиын-ды. Бас-аяғын жиырды, «Жазбай жүр, – деп, – тобынды» Командирге бұйырды. Көптігіне қарамай Ломакиннің тобына Хиуаға барғанша Бағып жүріп ер Досан Екі жерде тиюлі... ... Қайғыменен басы қаралы, Солдаттың көбі жаралы,

Біразынан айрылып Жандаралдың ызадан Өрт шалғандай ажары — Ұстап азап бермекке Тек Досан болды назары. Тоқтамастан жол жүріп Хиуаның жетті шәріне, Қаһары қатты әскердің. Шыдай алмай кәріне Қорыққаннан «көндік» деп Қол қусырды бәрі де, Осылайша патшаның Әмірі жүрді бәріне. Ханның дуанбегісі Ақ патшаға жағам деп Су қүйған екен дәріге, Қырсығынан сатқынның Заманақыр күн туды Үлкен-кіші, кәріге... ... Ломакиннің дүрлеген Әскері кірді қалаға-ай, Ұрысуға хан қарамай – Хиуаның шәрін алады-ай. Ұрыссыз алып қаланы Қосын тікті жандарал Базарының маңына Иеленіп шәрді алғасын Досанды қалай ұстаудың Кірісті шұғыл қамына. «Қастасқан жауым Досан – деп Өлтірмей тірі ұстаң, – деп Маған үлкен дұшпан», – деп Бұйрық берді жандарал Хиуаның ханына. Жасағынан өзінің Адамын қосты жанына. Ұстамаққа Досанды Қаладан шығып хан жүрді Нөкер алып тағы да Бұл хабарды есітіп Салалық деп ойранды Батырлар шықты қағына, Сауыттарын жамыла,

Қаруларын тағына. Мінгендері кіл жүйрік. Салып жүрген бабына, Құс болмаса қанатты Жер басқан жан шапқанда Ере алмайды шаңына. Екпіні күшті ерлердің Қарасын көріп хан қайтты Жолай алмай маңына... ... Досан батыр патшамен Өле-өлгенше қастасып Қарсы болған заңына, Алты жылдай аңдысып Қара қанға батысып Оңайлықпен түспеді. Солдатын қырып оязды Өз қолымен өлтіріп Ойлағанын істеді. Патшалы жүртпен ұстасып Қиынға кетті істері, Сүйтіп жүрген күндерде Құралы тарқап қасынан, Базары қайтып басынан Азайды қайрат-күштері. Кетік пенен Маңғыстау, Харазымды алғасын – Баратын басқа жері жоқ, Тарылды, жердің кені жок, Бұрынғыдай тілектес Жаны ашитын елі жоқ Кәрінен қорқып патшаның Еріп жүрген қасына Жолдасының көбі жоқ, Көрінгеннің бәрі жау – Батырлықтың кемі жоқ, Ноғайлыдағы бұрынғы Орақ пен Мамай болмаса Заманында Досанның Өзіне тайлас теңі жоқ Бір жүрген Иса Досанға Бір күні келіп сөйледі, Сөйлегенде бүйдеді: – Ел қайда, батыр, ел қайда?

Туып-өскен жер қайда? Ойнап-күліп бір жүрген Қатар-құрбы, тең қайда? Шетке кеттік шығынып, Харзымға тығылап – Бұл жүрістен не пайда? Патшаменен қас болып Қиынға кетті ісіміз, Әлсіреп барад күн санап Төмендеп қайрат-күшіміз. Төңірекке қарасақ – Сегіз арыс Сейілхан, Көніп болды Кіші Жүз. Әмірі жүріп патшаның Құрығын тегіс салғасын, Мұсылманды алғасын Ұшты ма деп ойлаймын Бастығы бақыт құсымыз – Қалай болды мұнымыз? Солдатын қырып, өлтірдік Реукендей оязды Келген күні жынымыз. Айнала жұртты алғасын, Құрығын тегіс салғасын Қараң болды күніміз – Өлген жоқпыз, тек тіріміз. Көндірген жұртты патшаға Тіл алсаң, тіке баралық, Кешірім сұрап өзінен Жеткенінше тіліміз, Батырым, енді сіз біліңіз... Сонда Досан сөйледі: – Уайым айтпа маған, – деп Рұқсат,кетсең,саған, – деп Сүйегім тұтам қалғанша Қауып етпеймін дұшпаннан Ажалдан бұрын алар деп, Мен айтпаймын жалынып Патшаға енді барам деп, Мен аруананың баласы, Мыңқ етпеймін – нардаймын, Иығымды қатеп кессе де, Қапталымды тессе де

Ауыр жүкке болдырман, Бес қару белде тұрғанда Шыбын жаным сау болса Етегіне дұшпанның Басымды салып қор қылман. Айрылмаса көк тұлпар Бұрынғы шабыс-қарқыннан Әлі де жауға алдырман, Етіме таңба салдырман. Кем болған жоқ атағым Қарсының ұлы Тарғыннан. Серттескен жолдас сен едің Аршылан ерің мен едім Дұшпанның есін тандырған. Алмасымды суарып Қылышты қанға қандырған. Ордасын шауып ойрандап Жауымның көңілін қалдырған, Халық айтты бізді «батыр» деп Енді барсақ бас ұрып Айтпай ма екен «қатын» деп Бұл айтқан сенің сөзіңді Тыңдамаймын «мақұл» деп. Рұқсат, – деді – Исаға. – Мен барып жауға жалынып Бола алмаймын жақын – деп ... Арада неше күн жүріп Иса барған содан оязға — Мен саған тура келдім, - деп Жасырмаймын, кешегі Қаңды көйлек жолдасым Досанға аз күн ердім, - деп Ат жақсысын мінген күн, Көк сүңгіні өңгеріп Әскеріңнің алдынан Көлденеңдеп желдім, - деп Не қылсаң да өзің біл, Келіп тұрмын «көндім» деп... Ояз айтты Исаға: - Өзің тура келгесін Ғафу еттім күнәңді, Тілегіңді бердім, -деп Жарлық берем қолыңа -

Әкімі боп елдің, - деп Болыс қылып жіберді «Бересің ұстап, Досанды, Енді саған сендім» — деп... ...Бес-он кісі жолдаспен Досан жүрді бағынбай, «Бас имен» деген әуелгі Уәдеден жаңылмай. Айнала жүріп әмірі Патша құрсап алғасын Батырдың жері тарылды-ай. Тар қоныс талай ерлерді Ұшыратқан жазымға-ай, Хан Жәңгірмен қастасып Қаза тапқан қапыда Исатай да Нарында-ай. Батырлық пен ақындық. Қабат біткен Махамбет Жазымын тауып қалыңды-ай. Аңдып жүріп, ақыры Қапысын тауып кәпірлер Досанды қолға түсірді-ай, Басынан бағы ауған күн Қолға түсті асыл ер, Екі қолы байланып Абақтыға айдалып Басылып көңіл кішірді-ай. Бұрынға болған ұрыстан Оң қолынан жаралы Ауылда жалғыз жатқанда Солдаттар келіп қамады, Мінуге сол сәт аты жоқ, Қылышын ұстап сол қолмен Жаяу ұрыс салады, Жиырма-отыздай солдатпен Қимылын көріп батырдың Тұрғандар қайран қалады, Қарсы алдына келгеннің Талайын батыр шабады, Жан-жақтан салған сүңгіден Денесінен Досанның Қан жоса боп ағады... ... Бір уақыттар болғанда

Бастан тиген соққыдан Досан естен танады, Құлап жатқан жеріне Батырды байлап алады. Екі қолы байланып Солдаттарға айдалып Кетікке батыр барады... ... Көп ұзатпай батырдың. «Қылмыстық ісін» қарады. Жазалаушы тобының Анишкин еді бастығы (Тарқамаған мастығы) - Беремін, - деді,- қысымды Сындырармын түгендеп Отыз екі тісіңді, Ақ патшаға жазамын Таудай күнә-ісіңді Көнбейміз деп патшаға Іріткі салдың халыққа, Заңын бұзып патшаның Қарсы шықтың салыққа, Оныменен тұрмадың — Қасыңа жасақ жинадың, Бір басыңа жетеді Ақ патшаға қылғаның Қылмысың үшін жасаған Жазаңды сайлап аласың. Орындасаң бірақ бір шартты Жазадан аман қаласың. «Өкілі деген патшаның» Куәлік алып қолыңа Ел ішіне барасың, Салық жинап жыл сайын Қазынаға саласың, Сонда ғана басыңа Еркіншілік аласың... Сонда Досан айтулы: — Таусылған жоқ қайратым Аңдап, зорлап ұстадың, Қан төгісіп, қастасқан Сен едің менің дұшпаным, Ат үстіне мінген күн, Бойыма қару ілген күн

Ақ алмасты суырып Заманасын қуырып Әскеріңді қырған мен едім. Өзіңдей ояз Реукен Қаза тапты сүңгімнен, Солдатын қырдым бір жүрген Көк тұлпарды ойнатып, Көк сүңгіні бойлатып Ойран салған мен едім Әскеріңді шауып бүлдірген. Екпіні күшті ер едім Қайратымды білдірген — Енді жоқ менің арманым. Ақ сауытты жамылып, Алмастан қару тағынып Мінуге тұлпар таңдадым, Ломакин жандаралыңның Жасқанбай атқан оғынан, Бөрідей тартып қоңынан Талайынды қарнадым, Жүрген жерін қандадым. Қапыда қалма, боқ солдат, Әлі де болса алмағың Мен халқымның сатқаны Бола алмаймын өлсем де, Тірідей жерге көмсең де — Білгеніңнен қалмағын. Жалғыз-ақ менің арманым: Қайратымды тауысып Ұрысып түспей қолыңа Тістеулі кетті бармағым. Қалың әскер қасыңда – Дүрлеп тұр сенің заманың. Су сепкендей басар ем — Болмай тұр менің амалым. Бір ғана айтар арызым: Өзің ояз болғанда Қатын-балаң да ояз ба — Менің қатын – баламды Түрмеге неге қамадың? Олар да қандай жазық бар Тартуға түрме азабын? Әділ болсаң, оязым,

Бұл не қылған мазағың? Мен үшін, әлде, жазғырып Жазалайын деп пе едің Сахыраның бүкіл қазағын?.. ... Көп сөйлетпей, сонымен, Өз еркімен беріліп Көнбейтінін көргесін Түрмеге салды батырды — Сонда үш ай жатулы. Азаптың түрін жасады — Қол-аяғын кісендеп Қыздырып темір басады, Тірілей етін шыжғырып Қанын судай шашады. Қанша азап берсе де Терісінен кескілеп Таспа тіліп өрсе де «Көнемін» деген бір ауыз Сөз ала алмай батырдан Жендеттер қатты сасады, Қиналса да жаны азаптан Қорқып, тілін тартпады, «Көнбеймін» деген басында Сертінен батыр қайтпады. Ағасы Ожыр арқылы «Ерлерге менен сәлем» деп Мынау болды Досанның Ең соңғы рет айтқаны: — Патшадан қорқып, қасыма Жолдас болып ермедің, Түскеннен кейін түрмеге Иса, маған келмедің, Құтқарып мені алуға Қол ұшын келіп бермедің. Бәйменбет пен Исаға Жігіттер біздің тимесін, Енді оларға дауа жоқ Шен-шекпенін кигесін, Ажырасып ағайын, Жауығып кетер ел іші — Мен үшін босқа күймесін. Атамекен жер үшін, Әлдилеп сүйген ел үшін

Талай ер туған анадан — Тағы да бір ұл қол бастар, Бас-аяғын жиынсын. Сегіз арыс Адайда Ел қорғайтын ерлер көп — Әруақтарға сыйынсын. Қолға түсіп қапыда Арманда кетіп барамын Құлдығынан патшаның Қорғай алмай елімді, Маңғыстаудай кең жайлау Туып-өскен жерімді: Тағы да бір аманат Ұрпақтарға кейінгі: Алыңдар менің дұшпаннан Ала алмай кеткен кегімді... Еліне деген ең соңғы Сәлемін айтып осылай Халқы үшін туған асыл ер Түрмеде жатып азаппен Қапаланьш өлулі... Мен — Жанғабылұлы Сәттіғүл Ерлігін айттым Досанның Жетпіс жылдан бер қарай Көрінбей жатқан көмулі... Бозашы, 1939 - Жетібай, 1952 жылдар

СӘТТІҒЫЛ ЖЫРЛАРЫНА ТҮСІНІКТЕР

ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІМ – екі жинақта да жарияланған, шетпелік зейнеткер Аяш Қуанұлының айтуынан толықтырылды. УА, ЖІГІТТЕР, МАСЫҚПА – «Ой толғау» жинағынан алынды. ТАЙЫР АҚЫНҒА ХАТ (үзінді) – шетпелік зейнеткер Қаби Қонысұлынан жазылып алынды. МОСКВАҒА САПАРЫМ – журналист-ақын Оразаухан Ізбасарұлының отбасылық архивінен алынды. АЛМАТЫ САПАРЫНДА – «Тоқсан толғау», «Ой толғау» жинақтарынан алынды. КАСПИЙ ЕРЛЕРІ – «Ой толғау» жинағынан алынды. АМАНГЕЛДІ БАТЫРҒА - «Ой толғау» жинағынан алынды. БІЗ ЖЕҢЕМІЗ - «Ой толғау» жинағынан алынды.

СТАЛИНГРАДТАН ЖАУ ҚУЫЛҒАНДА - «Ой толғау» жинағында «Волгадан жау қуылғанда» деген атпен қысқартылып берілген. Оразаухан Ізбасаровтың, Орынбасар Есіркеповтың нұсқаларымен салыстырып, бұрынғы атымен беріліп отыр. ӘДІС КЕРЕК ӘРТҮРЛІ – Совет Нұрмағанбетұлының «Жаңа өмір» газетінде жариялануынан. ИСАТАЙ БАТЫР - «Ой толғау» жинағында қысқартылып берілген, шебірлік Лияс Бекмағанбетұлының жаңа-өзендік Тұрарбек Нұрмағанбетұлының, шайырлық Мұратбай Сейтмағанбетовтың нұсқаларымен салыстырылған. АЖАРЛЫ ЕКЕН ТӨЛДЕРІ - Совет Нұрмағанбетовтен алынды. АРНАУ – «Сталин жолы» газетінен, 13/ІІІ -1957 ж.

ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ҚАНЫШҚА – «Ой толғау» жинағында қысқартылып берілген, Орынбасар Есіркепов нұсқасымен салыстырылып толықтырылған. БҮГІНГІ ҚАЗАҚСТАНЫМ – «Батыс Қазақстан» газетінен, 24/ІІ1963 ж. МАҢҒЫСТАУ – МАЛДЫҢ АНАСЫ – «Батыс Қазақстан» газетінен, 24/ІІ-1963 ж. ЖЕТІБАЙ ТУРАЛЫ ЖЫР - «Тоқсан толғау» жинағынан алынып, толықтырылған. ТОҚСАННЫҢ БЕЛЕСІНДЕ – «Тоқсан толғау» жинағынан алынды. ӘЛІ ДЕ СӨЗІМ ДӨҢГЕЛЕР – «Тоқсан толғау» жинағынан алынды. ТОБАНИЯЗ ХАН ТҰРҒАНДА – Бейсенбі Әріпұлының, жаңа-өзендік Алпысбай Оңғаровтың, Ж.Бөлекбайұлының, М.Үйсінбайұлының, Қабиболла Сыдиықовтың нұсқалары салыстырылып берілген.

ТОБАНИЯЗ ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕНДЕ – бейнеулік Сана Таушаұлының, Қабиболла Сыдиықовтың нұсқалары салыстырылып берілген. ХАЛЫҚТЫҢ ҰЛЫ ЖҰБАЕВ – «Ой толғау» жинағында қысқартылып берілген, Оразаухан Ізбасарұылының нұсқасымен салыстырылған. САЛАМАТҰЛЫ САРБАСҚА – жыршы Бүркітбай Керелбайұлы мен Оразаухан Ізбасарұлының нұсқалары салыстырылып берілген. АДАЙДЫҢ ОН ЖЕТІ БАЙ-МЫРЗАСЫНА АЙТҚАНЫ – Қаржау Қалиұлынан жазылып алынған. ӘЗІРЕТІ ҒАЛИДЫҢ ҚҰЛ БОЛЫП САТЫЛУЫ – ақтаулық Орынбай Бәлдековтың 1992 жылғы «Маңғыстау» газетінде жариялатуынан. МАҚПАЛ ҚЫЗҒА ШЫҒАРҒАНЫ – ақшымыраулық Ықсан Жұмасатовтың 1993 жылғы «Маңғыстау» газетіне жариялатуынан.

СӘТТІҒҰЛ МЕН КӨК АТ – шетпелік ақын Әзірбайжан Қонарбаевтан алынды. КЕНЖЕ КЕЛІН – ақтаулық Сұлтан Балхаевтың 1992 жылғы «Маңғыстау» газетінде жариялатуынан. БӘРІНЕН ДЕ ОҢДЫСЫ – ақын Әзірбайжан Қонарбаевтан алынған. ҚОЗЫНЫ ҚОНАҚ ҚҰРТАДЫ-АЙ – ақтаулық Озғанбаевтың 1992 жылғы «Маңғыстау» газетінде жариялатуынан. ТҰРЖАНҒА – тұщықұдықтық Қыдырбай Қортабаевтың айтуынан жазылып алынған. АЛШЫНҒА ХАТ – жыршы Ізбасар Шыртанұлынан алынған. ШАЛАНҒА – ақын Медет Дүйсеновтың «Маңғыстау» гезітенде 1993 жылғы жариялатуынан. ОЛ «ИТ ЖЫЛЫ» ДЕГЕН ЖЫЛ ЕДІ – Оразаухан Ізбасарұлы, Төлесін Көшекұлы, Қорғанбай Әндіров нұсқалары салыстырылып берілген.

ДОСАН БАТЫР – Әбдібек Жаманбайұлы, шетпелік Асан Әбдіровтар жариялатқан («Рауан», «Жаңа өмір» 1992 жылдар) нұсқалар мен Оразаухан Ізбасарұлының нұсқасы, «Тоқсан толғау», «Ой толғау» жинақтарындағы және 1939 жылғы ақынның Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының орталық ғылыми кітапхана қорындағы нұсқалары салыстырылып енгізілді. ЕСКЕРТУ: Жоғарыдағы түсінікте көрсетілген күнделікті бұқаралық басылымдарда, әртүрлі жинақтарда жарияланып жарық көргендерден басқа ақын шығармаларын жеке азаматтардан жазып алып осы жинаққа енгізген құрастырушы Жетібай Жылқышыұлы. С.Жанғабылұлы, «Аманат», (Алматы, Ер -Дәулет, 1996)

ӨСКІНБАЙ ҚАЛМАНБЕТҰЛЫ (1860 -1925)

КҮЙШІ, ӘНШІ, ЖЫРШЫ, АҚЫН

Өскінбай Қалманбетұлы– қазақ, түрікмен, қарақалпақ жеріне атағы кең жайылған айтулы күйші, әнші, ақын, жыршы. Ол 1860 жылы бұрынғы Гуьрев (қазір Атырау) облысының Маңғыстау ауданына қарасты Жетібай жерінде дүниеге келеді. Әкесі Қалманбет мергендік өнері бар момын шаруа, ауыл-аймағына құрметті адам болған. Қалманбетте әншілік, күйшілік дарын болмаған. Одан өрбіген ұлдары Өскінбай, Үлкенбай, қыздары Көркей, Шырай, Ақжандар шетінен домбырашы болған. Әйел адамның ерлермен тең түсе өнерге араласуын сөлекет көретін о дәуірдің әдет-салтынан қаймыққан Қалманбеттің қыздары інісі Өскінбайды қарауылға қойып, ауылда қонақ жоқта қараша күркені күйге бөлеп жатады екен. Өскінбай – Абыл, Нұрым, Қашағандар дәстүрін ілгері дамытқан бұқара жыршысы, импровизатор ақын. Бізге жеткен шығармалары: "Балқасым биді жеңуі", "Ырзабек, Бурабек байларды әшкерелеуі", "Алмағамбет байды тілдеуі", "Әкесінің басында айтқаны ", "Қоштасу", "Жирен жорға", "Кербез Айша", "Жеті бұлбұл", т.б. өлеңдері мен әңгімелері. Өскінбай 1925 жылы өлген. Зираты Маңғыстаудағы Қарақия жотасының Доңаза мекенінде.

БАЛҚАСЫМ БИДІ ЖЕҢУІ

Өскінбай бірде Өзен деген жерде Борсымұрын, Қарабас қонысында отырған Балқасым бидің ауылына кезігеді. Үй сыртында қаңтарулы төртбес ат. Бұл да түсе қалады. Келсе, қонақтар би-болыстар екен. Балқасым шайдан кейін: – Әй, Өскінбай, сені осы жұрт "жыршы-жыршы" дейді, жыршы екеніңді білейін, осы Қаратүйе, Манатыдан бастап, Маңғыстау түбегін теңізді жағалай жырлап берші, – дейді. – Жырлайын, бәске не тігесіз, – дейді Өскінбай. Масыққан би шалқая отырып: – Жырлай алсаң, мына жас жеңгеңді беремін, – дейді. Еріккен билер дуылдасып, Өскінбайдың талантына күмән келтіреді, келеке етеміз деп ойлайды. – Жарайды, – деп Өскінбай жырлап кетеді.

Қаратүйе, Маната, Керті менен Сындыны, Бөрібас пен Бағданы Біз айталы, жан ата. Онан былай сұрасаң, Оғыланды ер Бекет. Әруақты ер еді, Қысылғанға болған сеп. Онан былай қасында Қарамая, Кендірлі, Қансу, Тамды, Көгесем, Қарасай мен Қызылсай, Жаманжол мен Қыңырақ, Алыстығын байқасаң, Тауы тұрған бұлдырап. Онан былай сұрасаң, Сақсұрқа мен Сүмбе су, Жерін байқап қарасам, Сексеуілді қалың ну. Оның былай қасында Қаяса мен Шағала. Қыстың күні болғанда, Соның құмын панала. Оның былай қасында Бүйірбасы, Күрпітау, Дүлдүлата әулие, Аңызы болған керемет, Тастан сокқан бар түйе. Оның былай қасында Құрқызыл мен бар Сүйе.

Одан былай суларың Қарасеңірек, Бозат бар. Теңізін байқап карасам, Әрбір түрлі талап бар.

Оның былай қасында Ауылым Кұйжақ, Дәне бар. Қақбастысы қасында Қара суды қақ жарған Темірбаба* және бар.

Оның былай қасында Көзді Ойық пен Күрткетік. Кендірлі деген жерінде Жамандау салған қала бар.

Оның былай қасында Тасұшы, Тоқпақ, Қызық бар. Мына отырған ділмардың Қай сөзінде бұзық бар?! Оның былай қасында Жыланды мен Құрық бар. Шын сөйлесе, шайырдың Арқа құрты құрыстар.

Оның былай қасында Үрпек, Сарша, Исан бар. Қызылқұм деген жерінде

  • Арал.

Қауын салған диқан бар.

Оның былай қасында Қосойық пен Еже бар, Қарақұм мен Қызылжар, Өмірзақ пен Ақеспе, Қошқарата, Қолтық, Құйрық бар. Қаражалшы, Ақшұқыр, Қажы болып Машырық, Медресе, мешіт салдырып, Бала оқытып жақсы тұр. Оның былай қасында Түлкілі, Құйжақ, Саура бар. Сығынды тауын жағалап, Аралды, Үрдек барсақ, – Сауда бар. Оның былай қасында Ақкетік* пен қала** бар. Тауыменен өрлесең, Қарасу мен Саназар, Ақсу, Қолмыш және бар. Ақкетіктің қасында Жаңа қала*** мәйек**** бар. Патша құрық салғасын, Қай пендеде дәйек бар. Оның былай қасында Қаракұдық, Қараған, Әтіре, Талшық Мерет бар. Айта берсем, таусылмас Жыршыңызда дерек бар.

Жаз жайлауға күн ыссы, Қарағашты, Борлы, Үдек бар. Теріс жағы жерінде,

  • Жер аты. ** Қазіргі Форт-Шевченко. *** Баутин порты. **** Қарағантүп қыратындағы маяк.

Жайлай қалсаң, күзек бар.

Оның былай қасында, Тұщықұйы, Шат пенен Көкала тас бауыр бар. Бұл Шат деген жеріңде Көшпейтұғын белгілі Көрпе* дейтін ауыл бар.

Оның былай қасында Қазбайыр, Діңгек, Тарпалы. Талай жұрттың жауласып, Көп қырылған жері екен. Аты аталған себебін Сол кісіге артады. Оның былай қасында Анау тұрған Даныспан**. "Даныспанның атасы Уәзір деген хан екен. Түркістанда оқыған Отыз сегіз бала екен. Әмір мағрұп бұйрықпен, "Жайың сонан болсын" деп, Таушык пенен Ұланак, Бір түнде ұшып Даныспан, Тауы соған келіп сұлаған"**. Оның былай қасында Жыңғылды менен Қарқын бар. Балдағы алтын ақ болат, Суырсаң, жауға жарқылдар. Оның былай қасында Тұщыбек пенен Бесбұлақ. Жайылып жатқан тауында Таушы баққан ешкі-лақ, Оның былай қасында Аққауын менен Керіз бар, Аңыз қылған айтулы

  • Ру аты. ** Ертедегі зират, Тарас Шевченко суретінде бар. ** Өскінбай естіген аңыз.

Қала салған перің бар.

Оның былай қасында Ағашты, Шонжақ, Оңды бар. Шоң деген судың басында Құрманәлі хазірет Мешіт салған қоңды бар.

Оның былай қасында Өнеже мен Шилі бар. Бұрынғы өткен қарттарда Нендей дана милы бар.

Оның былай қасында Қаттықұйы, Елік, Өгіз, Өреуіл – Түрікменнің жері екен. Қара атан қиғаш мінгізген Батыр туған сол күнде Аты атанған Көреғүл.

Оның былай қасында Тау тұмсығы Бердәлі, Жаңғызеспе Маната. Сөге көрме сөзімді, Манағы айтқан жеріме Қайта келдім, жан ата!

– Өскінбай уәдесіне жетпеді, – дейді Балқасым. – Неге? – Алажағы бар кісі алажағын барып ала ма, әлде апарып бере ме? – Иә, барып алады, – деп жамырасады билер. – Онда, Өскінбай ауылымның ана жағын жырлады, мына жағын жырлады, түбекті жағалап өтті, Балқасым жағадан ішкері жас әйелін құшақтап бұқты да қалды, жырмен ауылыма әлі жеткен жоқ, – дейді Балқасым. Өскінбай қайтадан айтып өткен жері Қараған меи Босағадан бастап, Қарақия тауын шырқ айналып, жол жүйесімен Үдек мекенінен асып түсіп, Балқасым отырған Борсымұрын, Қарабасқа жырмен келіп жетеді: Қараған мен Босаға, Қарашақ пен Сайқұдық. Бесоқты мен Тоңаша, Малы жатыр оңаша. Жаққан отын қарасаң,

Сексеуілді томаша. Оның былай қасында Ақшақұйым, Машырық, Айтпайым ба жасырып. Мырзайыр мен Басқұдық, Жылқыға жаман болған соң, Айтпай кеттім қас қылып. Бекі менен Сәубеттің Төрткілі жатыр қасқиып. Оның былай қасында Қандыбас пен Жантақты, Ұйқылы мен Боржақты, Ұшқиы, Саура ортада, Айтпай кетер деп пе едің Сауытты мен Құйжақты. Балша, Шіңгір суың бар, Майбұлақ қара сіңірек. Ел келгенде паналап, Мал жаюға кеңірек. Оның былай қасында Жиделі мен Ақбұлақ, Қыстың күні болғанда, Ащы судан іше алмай, Мұз алар ел шапқылап. Оның былай қасында Үдек, Мінер суың бар, Мінер судың басында Қалың қамыс нуың бар,

Оның былай сыртында Өзен, Шынжыр белгілі, Борсымұрын, Қарабас. Шөбін байқап карасам, Бұйырғын, жусан аралас. Қызыладыр, Астау, Ой, Ол – ит тиген арам ас, Күн жаумай ел бара алмас. Оның былай қасында Қауынды мен Қорғанбай. Уақ малға жайы жоқ, Екі-үш қара күнелтіп, Азғана күн тұрғандай. Уәдесін жұта алмаған Балқасым: – Өскінбай уәдесінен шықты. "Аға өлсе – жеңге мұра" деген бар. Біз қанша жүрер дейсің, жеңгеңді сосын аларсың, – деп саскалақтайды. – Бәстесіп, бәйге алмақ емеспін. Жырлап беруге жыршы құдіреті жетті ме, соны білсеңіздер болды, – дейді Өскінбай.

БУРАБЕК, ЫРЗАБЕК БАЙЛАРДЫ ӘШКЕРЕЛЕУІ

Бурабек пен Ырзабек, Естіп едім сыртыңнан "Дәулеті мол мырза" деп. Көпшіліктің көңілі үшін Мына отырған Өскінбай Түніменен жырлап ед. Қонақасы деп бердің Қатып қалған кұрғақ ет. Татымайтын жілігі, Өзі арық, тұздағы ет. Қызыл тілім сау болса, Осыныңды жаярмын, Қорықсаң, көшіп қырға кет. Қайырсыз байға қонғаннан, Паналы терең сай артық. Байлардың жал мен майынан Жоқ кісінің жарқылдап, Күліп берген шайы артық. Жорғасынан байлардың Жарлының жалғыз тайы артық. Байлардың көрген күнінен Күнсіздің туған айы артық. Көрмеген қайыр малынан Қарынбайдай қастаның Талайын кеткен жер тартып.

АЛМАҒАНБЕТ БАЙДЫ ТІЛДЕУІ

Замана қысаң тарылған, Бай пейілден айрылған. Малшысынан дәметкен, Байлардың демі кем емес, Тамұқтағы жалыннан. Байдан қарыз сұрасаң, Жинап қойып ақшасын: "Олла, дымым жок, – дейді, – Бұйырмасын құрысын!" Өз малын өзі жасырған – Пенденің нағыз ұрысы!

ҚАРАКӨЗ

Қаз едік қатар ұшып қаңкылдаған, Сақара көлге қонып салқындаған. Құрбының қатар жүрген бәрі кетті, Елдегі күліп-ойнап аңкылдаған. Ән салып сауық кешпен келгенімде, Қуанып қалушы еді халқым маған. Аралап талай жерді көрсем дағы, Жан сәуле, сенен ешкім артылмаған.

ЖАСТАР ЕДІК....

Қара қандай, ақ қандай, шабдар қандай, Жақсы, жаман жігітке бағдар қандай. Тіршіліктің күнінде шалықтай бер, Уақыт болар бір күні дағдарғандай. Өмір деген өрмелеп келе жатыр, Жастар едік кешегі балдырғандай. Алып ұшқан асқарға көңіліңді, Күн кездесер кәрілік қалдырғандай.

АЙТА БЕРМЕС ӨЛЕҢДІ ӘРКІМ МЕНДЕЙ

Айта бермес өлеңді әркім мендей, Сезім алтын санаулы мың теңгедей. Жатыр толып өлеңім бөлмеленген, Жекендінің аяғы жеті көлдей. Қайнар қара бұлақпын сусын қанар, Мен емеспін шұқанақ, тамшы шөлдей.

АҚЕРКЕ

Арқандаулы ақсұр ат міндік пәмге, Серілікпен қыдырып жүрдік сәнге. Қызды ауылдың тұсынан өте беріп, Жаяулатып жібердім қоңыр әнге... Ауылым көшіп барады аңғарменен, Ақеркеш-ау, көңілің қалған неден? Ертелі-кеш ауылыңды аралаймын, Сәнді көпшік, сәйгүлік тарланменен. Алған жары жігіттің болса жақсы, Ісің болмас өлгенше жанжалменен. Алған жары жігіттің болса жаман, Өле-өлгенше кетерсің арманменен.

КЕРБЕЗ АЙША

Алыстан іздеп келдім, кербез Айша, Басасың аяғыңды жорға тайша. Мен өзім ел қыдыған кұрбың едім, Ерітші жүрегімді сары майша. Сізді жұрт былқылдаған биші дейді, Халқымыз бізді жорға күйші дейді. Жолдасым құлағыма сыбырлайды, Айшаның ақылына тілші дейді. Айшажан, кербездікпен бұраңдайсың, Қол жетпес аспандағы қырандайсың. Түлкідей бұлаңдаған шіркін дүние, Шалдырмай құйрығыңды, бір алдайсың.

АТЫМЫЗ БОЛАР ӨСКІНБАЙ

Сұрасаң менің ныспымды-ай, Атымыз болар Өскінбай. Алқаға түсіп жасымнан, Қамады халық үстімді-ай. Ақсақал, атың Арыстан, Кез болдым келіп алыстан. Өз тұсымда жерім жоқ Қатарымнан қалысқан. Өнерлінің бірі едім Бәйгілі жерде жарысқан. Түрікмен мен қазақта Ешкім озып шыққан жоқ Домбырасын шалысқан.

ҚОШТАСУ

Дүние жалған, өттің бе? Базарым, тарқап кеттің бе? Алпыс беске келгенде, Ажал шіркін, жеттің бе? Көтерем қойдай талпынтып, Ішіме түскен ауыр дерт, Кедергі салдың екпінге. Ырза бол, балам, қартыңа, Арасында халқыңның Түсірдім талай шаршыға. Атаның атын аздырма, Балапан қалды ұяда, Кеткенмен ұшып қаршыға. Көре алмас уақыт тап болды, Енді бізден көп сәлем Ұлан-байтақ халқыма.

ЖИРЕН ЖОРҒА

Тоғыз жыл сені, жирен, колға бақтым, Төгілтіп талай тойда жорғалаттым. Алысты жақын еткен жануарым, Теріңді тебінгіден сорғалаттым. Сурылып көп алдына шығамын деп, Құм демей, балшық демей, омбалаттым. Теңселтіп талай топта алған жүлде, Мінеки, ақырында сорға баттың.

ЖЕТІ БҰЛБҰЛ

Жиналып жеті әнші желе жеттік, Бірігіп серілікпен елге жеттік. Әншінің айдап жүрген еш малы жоқ, Өнер мен мерекені ермек еттік. Ерітіп соңымызға көпшілікті, Өнерді жасымыздан өрнек еттік. Кең ойып, шаршы төрден орын алып, Қара өлең төрттен салып дөңгелеттік.

ТҮМЕН БАЛТАБАСҰЛЫ

(18841957)

ӨКСІП ӨТКЕН ӨНЕР

Шиеттей баламыз. Көне Таушықтың бойындағы төрт-бес үйдің жүгірмектері таң атпастан жиыламыз. Қарайтынымыз – күнбатыс беттегі жетінші шахтадан шұбырған халық. Баратын жерлері белгілі. Шығыс жақтағы тау қойнауындағы алақандай алаңқай. Түстік беттен үйлер самсап тұра бастаған. Кішкене кенттің күнгей бет қырпық жоталары. Соларды бойлап темір жол өтеді. Шахтадан шахтаға соғып, көмір тасиды. Одан теріскей – ашық алаң. Жауын жауса, миы ағып кететін балшық. Әлгі жетінші шахтаның адамдары сол тау баурайын бойлап, жолдағы жер қазбалардың қырқай алдымен өтеді. Бұл жолы ұзын шуақ адам тізбектері үнсіз. Әдеттегідей тауды басына көтере әндетпей, сып-сыпайы бола қалған. Қара борбай қартамыс жандар. Араларында әйелдер көп. Жол бойындағы қарап тұрған да – балалар. Ауыздарын ашып, маңқия қарайды. Жұрт өтіп кетті. Ауа бозғылт тартты. Тау сыртынан дүркірей көтерілген қою тұман қымтап алды. Біз көшеге қарауды қойып, үйлердің ығына тығылдық. Өздері үлкен, мойындарына моншақ-түйіншіктерін жиып асып алып, арқаларына салып жүретін қоңқақ мұрын балалар, қайдан шыға келгендері белгісіз, осындайда қаптап кетеді. Әлденелер жөнінде дабырласып айта бастайды. Біз ауыз ашып тыңдаймыз. Түсінбесек те, қызық көреміз. Тұман қоюлана түсті. Селтеңбай пойыздар да көзге шалынбай қалды. Ажылдаған-күжілдеген дауыстар көбейді. Үйіміздің желке тұсында аэродром бар. Бір жағын жел көтерген ала бүйең ілулі тұрады. Ол қазір көрінбейді. Қаннен қаперсіз. Он шақты бала абыр–сабыр ойнап отырмыз. Кенет бірдеңе гүрс ете қалды. Аспан шыр көбелек айналып бара жатқандай көрінеді. Бәріміз отырған-отырған жерімізде құлай кеттік. Әлде бір уақытта әлдекім әлде қарай сүйрелеп бара жатты. Бір уақытта барып басымызды көтердік. Әлгі – Мәрия деген кемпір екен. Көршіміз. Ұстамалы ауруы бар. Шыр айнала зікір салып жүр. Бағанағы қоңқақ мұрындар жоғалған. Қайда жататындары белгісіз. Соғыс басталған соң қаңғып кетті. Аға-аналары забойда. Өздері осылай қол ұстасып жүреді. Үлкен балалар оларды

«еврейлер» дейді. Ал біздер қоңқиған мұрындары мен арқаларына асып жүретін қара одеялдарынан-ақ білеміз. Кеш қарая түсті. Әлде бір жүзі суық кісілер келді. Мысықтарды қырды. Иттің көбі тырағайлап тауға қашты. Терезелерге киіз жауып ұстапты. Артынан біздің адамдар жиіледі. Жан-жаққа шықпауды, бөтен кісіге ештеңе айтпауды тапсырды. Мәрия апай бізді онсыз да ешқайда жібермейді. Сол түні адамдар абыр-күбір болды да қалысты. Нан алуға кеткен апаларымыз күн кештете зорға оралды. Хабарларын сыбырлап айтты. Ауыл желкесінде немістер қаптап отыр дейді. Теңіздің шығыс бетіне шыға келсе, темір жолды көздейді. Соны қиратпай, жанында жүрген түйелерге түседі. Тау арасынан шыға келгенде теңізден шыққан келте тұман жерді көрсетпей қояды. Бұлт арасынан шыға келсе, эстакада көрінеді. Қайтып айналып, енді соға бергенде, тұман қаптап кетіп, соңғы бомбасы қала сыртындағы кірпіш зауытына түседі. Сол арада қонып, тұман ашылған соң ұшып кетеді. Әлгі оқиға менің ойымнан шықпай қойды. Сол жылы қыста төсек тартып ауырдым. Анам Қапы аңғарында мал бағатын ағайынымыз Сағидың үйінің қасына көшті. Содан үш жыл бойы күндіз қатынап көмір қазды. Шағын тар табанды жолдың бойында үш-төрт үй отырды. Солардың бірінде Түмен атамыз да тұрыпты дейтін дерек бар. Ал менің 1946 жылға дейін табан серіппей сонда болғаным белгілі. Ол елде ыңғай кәрі-құртаң мен он екіде бір гүлі ашылмаған жастар тұратын кез еді. 1945 жылы Қапы бойынан шығып, жетінші шахтаның желкесінде жал басын толтырған ауылға көшіп қондық. Көп ұзамай іргедегі тау аяғында ұлан-асыр жиын өтті. Жаяу-жалпылап біз де бардық. Мәре-сәре жұрт ортадағы қызыл ағашқа ұзын бойлы қапсағай денелі ақсұр шал көтерілгенде, сілтідей тынып қалды. Күңгірлеген қоңыр дауыс. Көмейде іркіп көп тұрып қалған. Барған сайын ашыла түсті. Кібіртіктеп басталса да, халық назары оған ауып барады. Көзіміз ортада қызыл ағашта сөйлеп тұрған шалда. Ауық-ауық қасымызда аузын басып, тыңдап тұрған аналарымызда. Олардың көздері ежірейе түсті. Кенет мөлдір тамшылар үн-түнсіз ағып, ақ жаулықтың ұшына сіңіп жоғалып жатты. Шал жарты сағаттай күңіренді. Оның дауысына ұйыған жұрт қанша жырласа да қой дей алмас. Кенет сөзін бітіріп, орнына барғанда барып, шарт-шұрт шапалақ қарша борады. Бүл жеңіс күні екен. Төрт жыл бойы күткен күніміз еді. Әлгі шал – Жаңғабылов Сәттіғүл болып шықты. Халық ақыны. Қызыл ағашқа ол күні басқа кімдер шықты? Олар не деді? Ат шаптырылды. Оған кім қосылды? Ешқайсымен де ісіміз жоқ. Назарымыз ауыл алдында ақсиып жатқан жол жақта. Әскерге аттанған қалың топтың қайтып оралар сәтінде. Бәрін тайлы-таяғымеи бірдей аттандырған батыс жақ қылп етпейді. Оқта-текте аттылы, жаяулы, не машинаға ілесіп, біреулер келеді. Көп ұзамай, әйелдер

дауыс қылып, ауыл үстін азан-қазан етеді. Ондайда үйде бұғып жата алатын біз бар ма?! Салып ұрып жетеміз. Бір кемпірден бір кемпірге өтіп, шеменге толып қалған жүрегін босатқанша, ұстап алып жібермейді, «Әй, баланың басын ауыртпаңдар. Құдайға тоба деңдер. Бұған да зар қылып қойса, қайтер едіңдер?» – деп, үлкендер жағы бітуәжа айтады. Сөйтіп, біз оқуға баратын жыл да келді. Тұрғын үйдің тең жартысын бөліп, жасаған бастауыш мектеп. Бір бөлмеде бірнеше сынып бірге оқимыз. Там-тұмдап үлкендер жинала бастады. Біреуі ақсақ, біреуі тоқсақ. Қол-аяғы аман ешқайсысы жоқ. Сыңар көздерін таңып алып, сыңар аяғын асып алып: «Бұл қай бала еді?» – деп, аңыра сұрап тұрғандары. Әсіресе, күндіз бос тұрып, кешқұрым жұрттың басын қосатын сайлаушылар үйіне жиналады. Араласып біз де жүреміз. Әуелі кино қояды. Сосын азғантай жиын-сауық. Бір күні бұлдырықтай мойынын созып, бір адам сайрап отыр. Бізбен сыныптас бір қызға келетін сияқты. Ол қыздың қандай өнері бар екенін білмеймін. Әкесінің ұзақ ырғап, терең қайыратын термелері есімде қалыпты. Дүйсенбай жырау деуші еді. Дүйсенбайдың қасындағы ұзын сары кісінің де өнері бар екен. Көгілдір көз қоңырқай кісі дауысын кенеп, тақпақтай сөз бастады. Анадағы Сәттіғұл ақынды еске түсірді. Бірақ, сөзі одан гөрі ширақтау. Биыл дауысқа түсетін екі депутатты сөз етті. Сөзін бітіре бере жұрт ду қол шапалақтады. «Ай, мынаның да мынандай өнері бар ма еді?! Бұны неғып естімегенбіз!» – деп жатты. Сол жылы жазғытұрым біздің ауылға бір топ жыршылар келді. Басшысы – баяғы Сәттіғұл. Қасында – ұзын мойын Дүйсенбай бар. Едірейген елтірі бөрік киіп, жан–жағына шекелей қарайтын жыршы Жанжігіт сауыққұмар топпен жағалай амандасып жатыр. Бәрінен де ұзын бойлы, ұяң өңді, көгілдір қабақ Түменге жұрт көп қарады. «Бұның мұндайы да бар ма еді?» – деп сыпсыңдасқан жұрттың дауыстары естіліп қалып жатты. Жұрттың бұл таңырқауына кейін барып түсіндік. Әр жерде бір көргеніміз болмаса, біз Түменді біліп жарытпайды екенбіз. Ол сонау теріскей Бозашының шалқая біткен бір түбіндегі Қызан деген ауылдан. Аты айтып тұрғандай. Маңғыстау дейтін қара ойдың қашанғы бір қияны. Үстіртпен астасып кетер жерде есіңізде бар шығар. Қорқыт ата кітабында Салор Қазан Қазықұрт тауында ас беріп жатқанда ауылын жау шауып кетеді ғой. Мұсылман дінін қабылдамай, кәпір болып жүрген иректер ұзын арқау, кең тұсаумен ұзақ жүреді. Шабайын десе, тілі бір ағайын. Шаппайын десе, күнара әлімжеттік. Ел шыдамы таусылды. Ақыр аяғында, батырларға да жан керек. Салор Қазан шабуылынан қорқып, Кубан асады. Ол жақта Қондыкер деген елге айналып, ақыр аяғында Анадолы асып, көп Түрікке қосылады. Іргедегі олар жайлаған Айрақты тауында аттары қалған, Иректі-Айрақты түбі бір еді. Қазірге дейін балбал тастары тұрған сол ойда Жеменей руы жайлайды. Жеменей руының да бір кезде оғыз құрамында болғаны белгілі. Кавказда Айтумыш, Маңғыстауда жеменей

тайпасы бір рудан тараған елдер. Сол рудың Байғара атанған ауылынан Түмен өрбиді. Орташа дәулеті бар Байғара көпке дейін азаматтарына дін кітаптарын ақтарып, былайғы шаруаларға араластырмайды. Ата дәулетімен ержетіп, басқа кәсіптерді қумаған байғаралардың біреуі Балтабас еді. Баласының оқуға жүйріктігі, шаруаға қолайлы, жұртқа үйірсек болып өсіп келе жатқанын көреді. Құрдастарына қағытпа өлең шығаратынын да біледі. Соны естіп, бірде: «Тақ-тұқ сөз қуған өнердің соңына түспе. Қақ-сұқ әнгімесіне қаларсың», – деп ақыл береді. Діни кітаптардың бір қатарын ақтарып қалған бала жігіт әкесінің не айтпақ екенін түсіне қояды. 1884 жылы туған Түмен сол бетімен шаруа қумай кете барады. «Жетпістен асқан жасым бар, жерге түскен басым бар, мұсылман болса тыңдамай, молдасы да болғанмын, өзім деген адамның жолдасы да болғанмын» – деп жырлауында да бір гәп бар. Ел ішіне Кеңес үкіметі орнайды. Атадан қалған мал ортаға түседі. Күнкөріс көзі азайған елде көп тұрмай, 1934-1938 жылдары Қарағантүптегі Қаңға деген ауылға көшіп кетеді. Елден ел ауып, жерден жер ауып, егін салып, күн көріп жүргенде, тағы да соңына сөз ереді. Бір кездегі ата қонысынан келген адамдар ізіне шырақ алып түскесін, тігулі үйін қалдырып, тып қойып қашып кетеді. Муса дейтін күйеу баласын ертіп, теңіз асып, Мақашқала түбіне орналасады. Бір күні түс көреді. Түсін өзі жақсылыққа жорымайды. 1940 жылы Мұсаны елге алып көшіп келеді. Бір жылдан соң қанды майдан басталып, Мұса аттанады. Екі рет соғысқа түсіп, жараланып, госпитальда жатқан күйеу баласы хат жазады. Бір кезде оның кездейсоқ түсінің шынға айналғанына таңғалады. Соны жолдан оқып алған біреу Түменнің үстінен: «Өзі молда. Үкіметке жау. Елді азғырып жүр» – деп шағым түсіреді. Түмен Алматыға айдалады. Алматыда қамауда жатқан ахун ауруханаға түседі. Ауруханада түрме бастығының алаңдаулы жүзін көреді. «Сен, шырағым, бір нәрсеге қапалысың ғой. Қапаланбасаң да, болатын шаруа екен. Маған көрсетсең, жазылатын дауасын айтар ем!» – дейді. Түрме бастығының әйелі көптен ауру еді. Мәскеу мен Ленинградтан талай дәрігер шақыртып, емін таба алмай қойған. Қуанып кетеді. Көпке көрсетпей, әйелін қаратады. Көп ұзамай жазылады. Енді жақсылық жасаған Түменге болысудың қамына кіріседі. Ауылға қайтарылады. 1944 жылы аудандық милицияның бақылауына елге жіберіледі. Халық санасын жайлап алған шолақ белсенділіктің жойылмаған кезі. Сәл нәрседен хат жазып, қорқытыпүркіту басылмай-ақ қояды. Бір кезде әкесі Балтабастың аманат еткеніндей, жаңғыз баласы Сайын әкесі алпысқа қараған шағында дүние салыды. Бұл дүниеден баз кешіп те көрді. Ақыр аяғында орнынан тұрды. Белін буды. Баласымен қоштасу жырын жазды. "Ісіне жасағанның шүкірлік ет", –деп жұбайына

басу айтты. "Тақ-тұқ қайырады", – деп, қорыққаны осы еді ғой. "Қақ-сұқ сөздер айтқызады ", – деп қорыққаны да осы еді ғой. Екеуін де көріп алды. Ақын Түмен бала жастан жинаған басу сөздерін ортаға салды. Ақын Сәттіғұл тапсырмасымен кәріқұлақ көне жырларын сырға айналдырады. «Маңғыстау машайықтың басқан жері, қасиет кереметі тасқан жері» – деп басталатын термелері күллі қазақтың көңілін ашып, көкірегіндегі көне қайымдарды жайып салады. Тақпақ домбыраның қағысындай таңдайыңды шүйіретін небір асыл сөздер өз-өзінен көсілтеді. «Ол күнде ел жер болады, елінде жерін қорғар ер болады»... «Көк теңіз айналасы бәрі балық, ем болған ауруларға дәрі балық... Жегенге жылқы етіндей жеңсік болған ішінде шоқыр, шортан сары балық!» – дей келіп, осынша ырғаққа қызықпаса, жаудың аты жау болар ма еді. Осынау қонысқа бола шайқасқан ерлердің аты қызырдай естіледі. Маңғыстауда осылай шалқыған ерлердің ежелгі мекенін аянбай жыр еткен Түменнің «Адай тегі», «Қазақстан», «Толғау» атты жырлары қасиетті қазақ жерінің қай қырқа-белінен де көңілге медет етер күш табады. Қай ортаны да оқшаулап шолмай, жұртын бірге желпінтер сергек себеп іздейді. Қартайып барып, қағарға қосылған тұйық тағдыр әп дегеннен белін жазып кете алмайды. Оған 1953 жылға дейін сайлауға еркін қатыса алмағаны себепші болған тәрізді. Бұған 1957 жылы ауыр төсек тартып жатқанда жазылған: ..Құдіреті күшті кең Алла, тілегімді бер Алла; қатты жауыр нар болдым, бір жүтым суға зар болдым, төсекке тұтқын – сал болдым, жарығым жатыр таусылмай, тек әйтеуір бар болдым» – дейтін сөздері куә бола алады. Бұл жолдар өмір бақи күнәға ұшырап, жұртпен бірге күле алмай, өз бармағын өзі тістеп өткен ақынның ішкі тылсым сырынан хабар бергендей. Әлеуметтік әділеттің адам өмірінің бірден бір қорегі екеніне көзімізді жеткізе түскендей. Егер заманы қорғап, өз заманы қолдаса, ақиық қырандай айдынды асқар көлдердің ақ құсын ілгендей ақын шабытының не бітіріп, не қоя алмайтынынан хабар алғандай болар едік. Өз-өзінен тұсалып өткен ақынның қасіретті тағдыры мен қасиетті талантының ұқтырары мол, ұғынтары көп болса керек-ті. Шошынған жүректі басып, қаралы қорқыныштың үрейін тыйдырып, дүлдүл сөздің желігіне біржола берілсе, Түмендей иір иінін біліп қалайтын шебердің қолынан шыққан мәрмәр жырдың ақық ажарына да сүйсінер едік. Әттең, шіркін, не керек десеңші?! Бәрі де өтіп бара жатқан өмір ғой... Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы

МАҢҒЫСТАУ

(Толғау жыр)

Маңғыстау – Машайықтың басқан жері, Қасиет-кереметі тасқан жері. Жер жүзін желмаямен жеті айналып, Ауғанға Асан бидің асқан жері. Абылай, Әз-Жәнібек, Әлен төре, Қазаққа Қайыпалды хан кезінде, Жыландай улы зәрін шашқан жері. Хандардың қарабауыр қарлерінен, Жыландай шаққан тілдің зәрлерінен, Жерленбей жеті жұрттың қашқан жері. Көп болса ар жағы Әнес, бер жағы Алаш, Арасын ағайынның ашқан жері. Артынан аңдып жүріп орыс алды. Ортадан ойдағыдай қоныс алды, Ханды алды, қаланы алды, қараны алды. Сахара мал жайылған даланы алды. Оқыған «учительге» баланы алды «Харазым ханға барып қайтеміз?» деп Адайдың бір кішкене сасқан жері. Жасасын Советстан әділ заңы. Бірлесу, бейбіт күнге айналып тұр, Жаһанның жаратылыс аспан жері. Өндіріс, өнер-білім өркендеуде, Күшейіп мал өсіру мәселесі, Көмбенің көзін тауып ашқан жері. Маңғыстау, білемісің не қылған жер, Қашаннан қалың дәулет бағылған жер Қыры егіс, суы бал, сазы сабын, Мысқалы мың теңгелік металы бар, Күмістей көмірі отқа жағылған жср. Тал шығып тауларының тарауына, Мал бітіп елдерінің қарауына Балбұлақ бауырында ағылған жер. Қыс қыстап, жаз қоныста жайлау үшін

Төлдетіп төрт түлік мал айдау үшін Құлын-тай, бұзау-бота байлау үшін Кіндіктен керіп желі қағылған жер. Қыздары қызыл шарқат қия тартып. Қос сырға құлағына тағылған жср. Ақ көйлек айналасын алтын зерлеп, Қынама қызыл мақпал бешпент киіп, Иінге құндыз ішік жамылған жер. Беглерім бес жүз сомдық белбеу буып. Ат мініп арғымақтан алма мойын, Ақбас ер, алты тоға, айшық жүген. Құйысқан омыраулы тағылған жер. Соқтырып сом күмістен алтын шайып, Керегі кербездердің табылған жер. «Шаруа шаңды қиян» деген атақ, Тарихта тасқа басып жазылған жер. Байлығы жер астының байқалғаннан, Бұрын да талай толып шайқалғаннан, Ашылып, әлденеше жабылған жер. Маңғыстау мал өсіру мәселеде, Жан салмай жарысқанда шабылған жер. Жерінде кереметі әулие көп. Тәкаппар тек жүрмеген тентектердің, Таулары талай рет шағылған жер. Айыбы азға көбі зорлық етіп, Әлдісі әлсіздерге қорлық етіп, Әріден аруаққа шалынған жер. Шалынса шайхыларға шағынған жер, Туына ту бие мен қошқар сойып. От жағып рухына табынған жер. Тарихын тауып айтсақ еліміздің, Ата-ана кіндік кескен жерімізден, Ен байлык кереметтер танылған жер. Бас қосып Байұлы, Әлім батасымен, Еншіге елімізге алынған жер. «Жат жерде жалғыз ауыл біз келдік» деп, Жасаған — жалғыз Хакқа жалынған жер. Шөбінен шөккен түйе көрінбейді, Қалың шөп қарашыққа малынған жер. Өлінің рухына тірілері, Ас беріп, ат шаптырып, ақ үй тігіп, Қой сойып, Құран оқып құдай үшін, Бәсеке тастан тамы салынған жер.

Ол күнде ел еншісі жер болады, Елімде жер қорғайтын ер болады. Мінгені ерлерімнің кер болады, Акқаны ат бауырына тер болады. Асынып алмас қылыш алты қару, Төрт бөліп түн ұйқысын сабылған жер. Дәм айдап алыс жерге кеткен ерлер, Ел үшін еңбек-қайрат еткен ерлер, Келгенше кіндік кірін сағынған жер. Қырынан қырық құлаш түбі терең, Шыңырау шығырменен қазылған жер. Тас астау айналасы алты құлаш, Толғанда тоғыз үйір қанылған жер. Бұл жерде кімдер кетіп, кім қалмаған, Қара жер қаза жетсе кімді алмаған? Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу, Ерлерден ертедегі қалынған жер... ...Маңғыстау Ер Бекеттің туған жері. Кетіріп кіндік қанын жуған жері. Кіндігін қожа-молда қолмен кесіп. Тамырын тарамыспен буған жері. Бекетке туғаннан-ақ дұға дарып, Қастасқан жауыздарды қуған жері. Шайхының шарапатты дұғасымен, Тентекті тек жүрмеген тыйған жері. Халқының қара менен хандары да Қаптаған қалың дәулет малдары да, Маңғыстау – үш түбекке сыйған жері. Кешегі Отан соғысы кездерінде Елімнің ер көңілді жігіттері Дұшпаннан анталаған елін қорғап, Халқы үшін қасық қанын қиған жері. Маңғыстау - үш қиянның өрен жері, Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері. Иеленіп иесі кеткен ессіз жерді, Атамыз Адай мекен еткен жері. Суы сүт, шөбі шүйгін бал татиды, Төлдетіп төрт түлік мал өскен жері. Көл түскен күн жауғанда көлдеулерге, Ақ бидай, ақ жүгері, арпа, тары, Шалдардың шашып тұқым сепкен жері. Бөлініп Бөкейханнан көшіп келіп,

Ел болып ірге-қоныс тепкен жері. Атамыз алпыс үйден аз келіпті, Ішінде Ақпан деген Таз келіпті. Есболай екі үй екен ере келген, Қалғаны қар кеткесін жаз келіпті. Аралас Адай, Беріш ақ көл қонса, Аспанда аққу ұшып қаз келіпті. Шотан ер шұбар атты ұстап беріп. «Аға» деп Әжібайға бата айтқызып, Той қылып Адай туын тіккен жері. Көк теңіз айналасы бәрі балық, Ем болған ауруларға дәрі балық. Қортпасы қойдай семіз ақ балық бар. Жегенге жылқы етіндей жеңсік болған Ішінде шоқыр, шортан, сары балық, Қазына қара жердің қойнында көп. Байлығы жер астының тұнып тұрған Суының беті сүлфэт дәрі болған. Теңіздің түбі терең бәрі балық. Қаңтарып қара суға қара қайық Сүзгісін су бетіне кұрып тастап, Киімнің судан шешіп кепкен жері. Баяғы бай-патшаның заманында, Жалданып жарлы байға, жалғыз көпке, Жарлының жанды жапа шеккен жері. Жасасын Советстан әділ заңы, Құр-құрлап қолмен ұстап асауларын, Жұмысқа жуасытып жеккен жері. Ауданның Алматылық бірі де біз Байлыққа басқа ауданнан ірі де біз. Руға ұран болған пірі де біз. Кең дәулет кетпейтұғын кірі де біз. Таутайлақ, жезтырнақты атып ұстап, Хандардың қастасқан күн қанын ішіп, Өлтірген Рукинді ері де біз. Халқымыз қауымдасып колхоз болып, Хаттанып қалмай тегіс кәрі-жасы, Қақпалы қақ ортадан қала салып, Дегенге еліміздің жеткен жері... ...Маңғыстау - Машайықтың жатқан жері. Ашылған абыройын жапқан жері. Қаратау қақ ортасы қасиетті, Басына Отпантаудың шығып алып

Адайым Ұран-отын жаққан жері! Желіндеп жер бетіне жеміс шығып Сүттей су бауырынан аққан жері. Сейілхан сегіз арыс сыртымыздан, Қазақты халық емес деп шаққан жері. Ұйғыр ұлт Қоқан ханның көмегімен, Хан бастап Харазымнан Адайларды Аңсызда алты мезгіл шапқан жері. Шамданып шапқындыққа шайқылары, Келгенін кедергілеп жатқан жері. Бастығы Бақы-Қара, Оразмеңді, Ішінде Есен, Сүйін ерлері бар, Ел шетін итше тістеп қапқан жері. «Ат мініп алты бала береміз» деп. «Ел шауып Маңғыстаудан келеміз» деп. Тәқаппар тіл тигізіп тек жүрмеген, Тентекті тізесімен қаққан жері. Қалың қар қараша мен қауыстағы, Қан мен қар араласып қатқан жері. ...Тұрманбет Харазымнан қайтып келді, Хабарды Самдағы елге айтып келді. «Аттанып екі жүз қол кетті» депті. «Еліне Маңғыстаудың жетті» депті. «Еліріп есірген жау біле білсем, Сол елге бір оқиға етті» депті. Батырдан бұл хабарды естігесін, Сам алды Жарқұдықта жалғыз төбе, Адайдың ұран-шақпақ жаққан жері. Адайдың алпыс кісі аламаны, «Болар, - деп бір кұдайдын қалағаны», Келетін кейінгі елге қарамады. Мінгені кілең бедеу жарағаны, Мінуге жаман жабы жарамады. Келген жау кері қайтар екі жол бар. Екі сай – Ебелектің ең терісі, Болмаса Босағаның Қарағаны. «Қара оба Қалмақ үйген» қарауылға, Қарсы алдан қайтқан жауды баққан жері. Бастығы Балуанияз, Асар, Балта, Арыстан, Әбілғазы, Амантұрлы, Кездесіп кілең батыр кең далада Қарудың қара қанға батқан жері. Батырды Балуанияз Бақы-Қара,

Оқпенен өкпесінен атқан жері. Бақының Батыр Балта басын кесіп. «Кеткен кек осылайша қайтады» деп, Қос уыс қанын ұрттап татқан жері. Ақбас ер, арғымақ ат, ала қоржын, Қырмызы қызыл шапан, қынжал қылыш, Ерлердің елге тегіс тартқан жері. Алаштың Балуанияз ақпарлы ері – «Болғай, — деп, – мәңгі жайлы жатқан жері!» – Құла атты қой мойынды кұдай үшін, «Жолына Ер Бекеттің садақа» деп, Тұмарды төрт бұрышты таққан жері. Батырбек, Балуанияз, Қармыс, Қабыл, Төленді, Төкеш пенен Есенияз, Мырзатай, Кенжебек пен Құлбарақтай, Елдегі ер көңілді ерлерімнің, Халқы үшін қасық қанын қиып барып, Жарадан-жаудан жазым тапқан жері. ...Қараойы қасиетті Маңғыстаудың, Жерленіп жеті жұрттың жайлаған жер. Тоң қатпас тоқсанында жылы жерде, Шөп шығып шөңгесі жоқ жайнаған жер. Жылқыны құла төбел құлындатып, Қоздатып қоңыр қойды айдаған жер. Ақ тұмсық айыр іңген алмас өркеш, Шудалы шошақ өркеш нағыз нарды, Желіге желбұйдамен байлаған жер. Идіріп қозы емгесін енелерін, Сұлы мен сүт кергесін денелерін, Тұра алмай тоқтылары шайлаған жер. Ақ киіз, қалы кілем кіре қылып, Нарға артып ел көшкенде тайлаған жер. «Ақ жолым» үй аулының желкесінде, Сахилық салтанатқа сайлаған жер. ...Маңғыстау біздің елдің жайлаған жер, Қара орман қалың дәулет айдаған жер. Ғасырдан он жетінші бермен қарай, Қонған ел қонысынан таймаған жер. Мал бакқан малшылардан маман шығып, Малдары апаттардан аман шығып, Еңбекші ел еріндерін майлаған жер. Арасын аспан-жердің қолмен ұстап, Тіл бітіп темір сыммен телефонға,

Бұлбұлдай патефоны сайраған жер. Амалдың алпыс екі бәрі шығып, Көтеріп көкке ұшатын «дәрі» шығып. Үйреніп өнерпаздар осыларды, Темірден техника сайлаған жер. Ақ орда алпыс басты әшекейлеп. Ақ киіз, ала көрпе, мамық жастық, Төрінде төсектері жайлаған жер. Ақ шәйнек, сары самауырын қызыл шоқта, Қызыл шай қыздар құйып қайнаған жер. Сапырып саумал ішіп шөлдегенде, Бағылан ет, бауырсақты шайнаған жер. Жасынан шешен туып шешесінен, Қайыртпай хан алдында сайраған жер. Ер шығып елімізден екпіні зор, Қылышын қия жонға қайраған жер. Қастасса ханды өлтіріп тайынбастан, Оязды Рукиндей және өлтіріп Кескегін кесе тістеп қайзаған жер. Шенессе шетелдерді шегіндіріп, Тартысқа табандары таймаған жер. Үйінде аксақалдар кеңес кұрып, Зерделі зейіні мол адам шығып, Ақылмен алдағыны ойлаған жер. Бас иіп патшаға да бағынбастан, Ең кемі елу жылдай ел соңынан Тарпаңдай тал құрықты тартып үзіп. Бұғыдай бұғалыққа байлаған жер. Шашақты шарқат тартқан бастарына, Шылдырлап шашбау таққан шаштарына. Шайқалтып жорға мінген астарына Жеделдес жеңгені ерткен қастарына Сәукеле сары алтынға малып киген, Қызыл тон қымбат пұлға алып киген. Бірігіп еліміздің жалпы жасы Үстіне торқа киіп тойлаған жер. Қара жер қашаннан да қара бауыр Жаралған жанның бәрін қоймаған жер. Бұл қаза қара менен хандарды алды, Жас сәби, кемпір менен шалдарды алды. Жебір жер жеті қабат қарпып жалмап, Бәріне осылардың тоймаған жер. Балдырған балапандай балдарымыз

Жарысып құлын-тайдай ойнаған жер. Кешегі Отан соғысы кездерінде, Қарсы алып қан майданда қалмай тегіс Алысып алты жылдай алдық жеңіс. Жеделмен жеңіп алып жедік жеміс. Ұрысқан ұлттарымыз герман-неміс, Тоң кешіп тоғыз қабат толарсақтан, Қар кешіп қабырғадан қажымастан Балтырдан балшық кешіп тойлаған жер. ...Маңғыстау – Машайықтың жатқан жері, Ағарып аппақ таңның атқан жері. Үкімет, партияның бастауымен, Іздеген ел керегін тапқан жері. Қарсы алып колхозшысы қалмай тегіс Жарысқа жалпы көппен шапқан жері. Қазына қара жерден қазып алып Тоннасын тоқсан сомнан сатқан жері. Хат танып қатын-бала қалмай тегіс. Жарық шам жалпы халық жаққан жері. Хандардың қара бауыр қайырымсыз, Көрінбей көздерінің батқан жері. Көрсеткен көсемдердің көмегімен, Теңесіп Отанымның көп елімен Бауырдай бір туысқан бақыт құшып, Мәңгілік рахатқа батқан жері...! 1947 жыл

ІСІНЕ ЖАСАҒАННЫҢ ШҮКІРЛІК ЕТ

(Түмен ақынның ұлы Сайын қайтыс болғанда әйеліне жұбату сөзі) Ісіне жасағанның шүкірлік ет, Көп жылау пенделерге күпірлік ед. Өндіріп құр жылаумен нені аламыз, Сайынжан үйге енбес тіріліп кеп. Я, аруақ, дүғаңды оқы Мұхаммедке, Расулым, көзіңді сал біз – үмбетке. Ақ құсым қолымдағы мәпелеген Келмеске кетті ұшып Сіздің бетке. Пейіште Сайынжанды қарсы алғайсыз, Балаңды таныстырып жалпы көпке. Я, Алла, Сіз қолдаушы, біз жолдаушы, Қабыл ал айтқанымды ғафу ет те. Шешесі, көп шаршама, шалдығарсың, Аллаға «асый» болып таныларсың. Не жазса пешенеге салды –көндік, Етпесең егер шүкір, жаңыларсың.

Сол жерге біз де бір күн аттанармыз, Топырақ мұздай болған жастанармыз. Өлімге ырзалықпен қарамасақ, Махшарда Сайынжанмен қастанармыз Ырза бол Жаратқанның салғанына. Көнесің тірліктегі алғанына. Басы осы, аяқ жағы той болсын деп, Береке бер дейміз де қалғанына. Жыласаң Сайынжан да қиналады, Өлі аруақ ахиретте ойланады. Тілекші өлсе дағы ата–анаға, Көңіліне біз қиналсақ қайғы алады. Сол үшін көп жыламай, жасыңды тый. Келмеске надан ғана зарланады. Сайынның күнәсі жоқ, судан таза. Еркелеп пайғамбарға сыйланады. Қапалық етпе, пақыр, тый жасыңды, Қайғымен қор қыларсың бір басыңды. Жыласаң, елеңдетіп анда жүрген Қапа қып азаптарсың қарғашыңды.

Бұл өмір мәңгі бұлай тұра бермес, Азабын өне бойы қыла бермес. «Ажал да кезегімен» деген бар ғой, Бір шыққан төбесіне шыға бермес. Торларын өне бойы құра бермес, Жылағанмен өлген мойын бұра бермес. Жасаған шүкірсізді жақтырмайды, Құран да бұған жақсы баға бермес. Сайыным, арқайын жат, қарағым–ай, Біз қалдық сенің тартып азабыңды–ай. Ғафу ет, Рахман–жаббар хақім. Қабыл ал жалғызымды панаңызға. Қайғы мол біздей мұңлы қазалыға, Көлеңке түсті мәңгі ажарыма. Алдында ата–баба, асылдарым, Жүргейсің ұлыңды алып назарыңа..!

ТҮМЕННІҢ СӘТТІҒҰЛДЫ ЖҰБАТЫП, КӨҢІЛ АЙТУЫ

Сонау, жиырмасыншы-отызыншы жылдары Сәттіғұл Жанғабылов ақыннын балалары өліп, жаны жаралы, көңілі қаралы болып жүрген ауыр кезеңдерінде онымен бірге жүрген үзеңгілес, сыйлас Түмен Сәтекеңнін көңілін көтеріп, жұбату үшін қасына шоңай Шамғұлды, бәйбіше Дүйсенбайды, жаңай Жанжігіт жыршыларды ертіп, ақын ауылына барып, былай деп жырлаған екен: Аманбысың Сәттіғұл, Халқыңа сөзің болды пұл. Хал-жағдайды білмекке, Көңілге келді бір пікір. Сұрасаң біз де аманбыз Құдай берген денсаулық Аманатқа мың шүкір. Тарланы едің Адайдың Жүдегендей ажарың Жатысың қалай қапалы? Үмітсіз жату жабығып Сіздей ерге жараспас. Халқыңа басың бағалы. Сөзіме менің құлақ сал: Айтқан бір сөзім аталы «Үмітсіз шайтан» деген бар, Үміті жоқ Алладан – Сарқылған өзен арнадан Тіленіп шөлдеп жатады. Біз келдік Сіздей санылаққа Жіберіп назар шаңыраққа Алланың басқа саларын Тірлікте пенде аңдап па? «Түк қалады деген бар. Аунаса түйе шаңдаққа» Бойыңды тікте, көтеріп. Қайғыға көңіл аулатпа.

Қайыры болғай кеткеннің Артынан біз де барамыз. Бақилық қауым аулаққа. ІІІын азамат бүгілмес. Үміттен безіп түңілмес. Көнеді түскен салмаққа Сен теңіздегі жайынсың, Ілінбес ғұмыр қармаққа Сөйлеуге шебер дайынсың. Сиынған асыл аруаққа Сен бір асқар Алатау. Басыңды бұлт кеп шалмаққа Сен бір үлкен даңғыл жол. Үстінен керуен салмаққа Сен бір мұхит тереңсің Жағасындағы халыкқа Судағы хаюуан балыққа Бәріне азық болмаққа ІІІүкірлік ет Аллаға, Отыз ұл беріп Дәуітке Ағаттық болып сөзінен Аларын бәрін аңдап па? Қабыл болды тілегі Тақ Сүлеймен жалғыз ұл Артынан берді бір Алла Езілгесін жүрегі Халқың саған қарайды. Еліңнің бол тірегі Ләбәйліктен жүрегің Дүниеге жаралған Тілегін Алла бермеген Тіршілік күнде сабырсыз Таупиықсыз адамға «Сабыр түбі сары алтын», Айтылмаған жаманға. Басыңды көтер, Сәтеке Тіршіліктің күнінде Кездестік біздер неше күн Үмітті біздің адалда. «Үмітсіз шайтан» деген бар. Бұл сөзіме құлақ сал: Қырық жылдай құрт жеді Денесін Аюуб пайғамбар.

Қыңқ етпестен сонда да Мойынсұнды Аллаға Қабағын бір де шытпады Ісіп-кеуіп жылаумен Пенденің бар ма ұтқаны? Шүкірлік етті пайғамбар, Сол жатқанның өзінде. Алла салып назарын Саулығын қайта нықтады. Алладан әмір келгенде «Балаңды шал – деп құрбанға» Ыбырайым пайғамбар Көніпті сонда қылғанға Өз қолымен бауыздап. Өзі шалу баласын Нәбиге оңай болған ба? Баласын шалды пышақпен, Құбылаға басын қаратып, Жылапты сонда пайғамбар Екі көзден жас атып Пейілін көріп кең Алла Ғайыптан тастап көк қошқар, Құрбанға қылды бағалық. Хақ Расул Мұхаммед Ұлсыз өткен соларда Асылдап хабар алалық Ғафу еткін құдайым Сөзімде болса шалалық. Сен халқыңның керуені Әр қимылың тергеулі. Арғымақ бір күн майырылса Балдардың болар ермегі. Басыңды көтер Сәтеке, Жаңалық болса айта отыр Біз дайынбыз тыңдауға, Сынбасын өмір шөлмегі... Түмекең осылайша жүрек тебірентерлік лебіз білдіріп жырлаған соң Сәтекең де өз ризалығын білдіріп былайша толғап, жауап қайырған екен: Есен-саумысың, Түменім, Ер-тұрманың, жүгенің. Өзінді бүгін көргесін, Лашын құстай түледім. Алла разы болсын, Түменжан,

Жақсы екен асыл лебізің, Сөзіңнің де,өзіңнің Көрмедім сірә, кемісін. Сен келгесін, мінеки. Болсаң да ойпаң, тегіспін. Лебізіңнен айналдым Тартсам да қуаң көгіспін. Аруағыңнан айналдым, Арық та болсам семізбін. Сен келгесін, Түменжан, Қараңғыдан жарық кеңіспін Дерт бермесін тіліңе Жүйріксің ежел білімге Сендей асыл азамат Хабарын салса күлімдеп Ұят болар біздерге Тірліктен мұқап түңілмек Шын тектінің баласы Жүректен сезіп айтқызбай Көңілге қарап үңілмек Қанша жүйрік болса да Қас-қағым екен сүрінбек. Он екі перзент – ауыр тас Жанымды қылған «жауыр» тас. Шүкірлік қылмай Аллаға Шаршатқан қапам арылмас Таршылық етсе бір Алла Перзент пен дәулет бағына Тірлікте пенде жарымас Жұбатар көңіл сендей ер Өне бойы табылмас Рахмет, Шамғұл – замандас Жүйріксің сен де жаңылмас Хас шебердің белгісі Сөз сұрап жанға жалынбас Ер көңілді сахи көп Қонақ келсе тарылмас Аман ба едің Түменжан, Ел-жұрт, аға-қарындас? Айып етпе біздерді Жұбатар сендей тұлпар жоқ. Көңілім аңсап шөлдейтін, Ағалар да азайды-ау,

«Сәттіғұлжан, кел» дейтін. Аллаң салса басыңа Түбі тесік болса да Кеме болмас мінбейтін. Рахмет саған, Түменжан, Сен келгенде көктемдей, Жөнім бар ма күлмейтін? Дүниеде қызық болмаған Теңімен ойнап күлгендей Сыйласың болса тым жақсы Қадірін достың білгендей Ақ орда жарық болар ма Ішіне аппақ нұр келмей? Басыңнан өтіп кеткесін. Қайта оралмас базарың, Кетерсің қолың бір сермей. Жан-жануар, адамзат, Қыс өтіп, көктем келмесе, Жерге тұрар түр бермей Қанша айтқанмен, Түменжан, Жастайыңнан бірге өскен Болмайды көз көргендей Жатырмын көптен бей хабар Жақсыдан жауап тыңдасаң Орнығып, көңіл жай табар. Жаманнан жауап тыңдасаң Бұзылып, көңіл шайқалар Жаратқан лаухы ғаламнан, Дүреген пенде біз едік Хауа Ана мен Адамнан, Рахметімен жасаған Әзірейіл періште Жансыз салдың тасадан Шүкірлік айтпас Аллаға Тәубесі кеткен аузынан Құдайменен қас адам Басқаның көңілін білер ме Көңілі қарау мас адам? Су қадірін білер ме, Аралда тірлік жасаған? Ну қадірін білер ме, Ағаштан бұйым жасаған? Түменімді көргесін,

Іштегі шерім босаған. Аман бол мынау өмірде, Сөздерің медет сенімге Қасыңнан Қыдыр кетпесін Жүре бер жайнап көңілде. Өзің де мойып берілме – Мықты бол бекем темірден. Мына заман қай заман. Залым мен зұлым семірген? Барсаң сәлем айта бар. Танитын бізді шалдарға, Көз таныс, іні-балдарға. Айналып мен де соғармын. Жүрсің ғой байқап өзің де Сәт-ағаңның жорғасын. Рахмет, енді Түменжан Өзіңді Алла сыйласын..!

ҚҰТТЫ БОЛСЫН ТОЙЫҢЫЗ!

Елуінші жылдың басында сол кездегі елді билеп тұрған Коммунистік партияның құрылғанына жарты ғасыр толуына орай Алматы қаласында республикалық ақын-жыраулардың үлкен байқауы өткізіліп, оған Маңғыстаудан Түмен Балтабасов та қатысты. Ақындардың сөз сайысында Түмекең де замана сазына қарай партияны мадақтап, айрықша көзге түседі. Әуелі сәлем берейін, Астана жұртым, халқыма. Маңғыстаудан бір жүйрік, Жұлқынып шықты алдыңа. Шабытым келсе әлеумет, Терме жыр айтып берейін, Құмарыңды қандыра. «Домбыра тартып, жыр жырлап, Еңбекшілерді баура» деп, Тілеп отыр біздерден, Үкімет пен партия. Құдіретті халқымнан. Нешебір жайсаң дана өткен. Сөз қалдырған артына Өнерімен өрге өрлеп Үлгі берген жалпыға. Солардан айтып берейін.

Жосыла сөйлеп көрейін Домбыраға үн қосып Маржанын сөздің терейін: Абыл мен Нұрым, Өгізбай, Қалнияз бенен Қашаған. Аралбай менен кенже Ақтан Асылын сөздің арқалап Осылар шыққан біз жақтан, Және де кейін бұлардан Сәтгіғұл мен Сүгірім Октябрьге үн қосып Партиядан жүлде алған. Өнері сөйтіп сомдалған Партиям үлгі бергесін Білінбей қалған ақын жоқ, Елеусіз болып құр қалған. Кешегі өткен заманда Естуімізіше халықтан Ақынның шамы жанбаған Патша мен хан, би-болыс. Халықты сорып жалмаған. Надан ғып ұстап қолына, Дін жолымсн алдаған. Молда мен ишан көп болған. «Пайғамбар, Алла, Құдай» деп, Құлқыны үшін сарнаған. Олардың бүгін бірі жоқ, Көңілді халқым, бала тоқ, Еңбек еткен еселеп, Ерлерімнің кемі жоқ. Жомарт жерім байлығын Беріп жатыр ақтарып. Жыр жырлайды ақындар Көкірегі шаттанып. Еңбек сүйгіш жастарым, Қай жерде болса қиын іс Кетеді соған аттанып. Елу жылдық бұл тойың Құтты болсын партия Әперген бақыт халқыма...

СӘТТІҒҰЛ АҚЫНДЫ ҚҰТТЫҚТАУ

Құрметті күнін құттықтап, Халқымыз келді қартына Ол шығады сексенге Алдағы жылдың мартында. Ажал келсе амал не? – Өлшеулі өмір шартына. Жазылған жырың жайылды Жетіру, Әлім, Байұлы Орта Азия халқына. «Таңдайы тайпақ шешеннің, Қалады сөзі» деген бар Кеткеннен кейін артына. Ай менен күндей жақсы ортақ. Ағайын туған, қарындас, Жаратылған жалпыға Сағыныш сәлем хат жазып, Алыста жүрген халқыңа Тұрғанда жетпіс алтыда Жалған айтып жаранып. Ертедегі елдердің Кетпедің түсіп салтына. Азамат ерлер түсінер, Айтылған сөздің парқына. Әркімдер де шауып жүр. Өзінің шама-шарқына. Артық кемі білінер. Түскен күн топ пен шаршыға. Оқтан өткір сөзің бар. Қырағы қыран көзің бар Аққан арна секілді Ашылған көзді көңіл бар Қыранның қырық түрі бар Ең алғыры ішінде Бидайық, бүркіт, қаршыға Қартайғанмен жағдай жас, Қайта келдің шалым қалпыңа Айтылған әуен жырменен Қамаған күні көпшілік Қанағаттанды халқыңыз Естілген дабыл даңқына. Қайырлы болсын қартымыз Айтып жүрген артыңыз Халқымыздың ішінде

Сәулетті сарай салдырдың Шымылдық пешке шырадай Маздатып көмір жандырдың. Шайырларды шақырып. Шаттыққа бізді шалдырдың Отын-тезек жиғандай Секілді көңіл сыйғандай Ел сусынын қандырдың. Лениннің кешегі Өлең қылып өмірін Тарихқа шалым, қалдырдың Айтылған әуен жырменен. Келгенде халқың қаумалап Құлақтың құрышын қандырдың. Өнер алды – қызыл тіл Өлең – сөздің төресі Мәңілікке қалдырып Бұрынғының шалдары Көп те болса малдары Мұраты мұндай болған жоқ. Үйі жоқтың күйі жоқ – Бұлт жамылған тон төсек Қоспақ көртке жүк артып Қысы-жазы қаңғырды «Салған үйдің сәні» де, Белағашы қайың «береза», Төбесін жапқан тақтаймен Сәулетті сәнді терезе Төрт бұрышы түзу тұр Кескендей тастан кереге. «Фундаметін» құрғанмен, «Стенасы» тұрғанмен Тақтай мен тасты қиындау. Айтқанмен қолдан келе ме? Халқымыздың қазіргі Тастамай айтсақ тарихын, Толғандай кітап сөреге Анық ақын болмаса Бұл ақындыққа толмаса Сырттағы сыншы сене ме? Сырттағы сыншы сенбесе Ақындығын сезбесе «Социалистік Қазақстан»

Жүз тоғызыншы нөмірге Арнаулы орын бере ме? Сансыз рет айтқанмен, Баянсыз фәни дүние Айырылысқан күні ертең Адамы бізге ере ме? Жақсылардан жасыңнан Сен байғазы, мен бата алдым Баталы басқа бақ қонып «Халық ақыны» атандың Айрықша еткен ісі бар. «Төрт Арыс Назар» атандың. Үкімет пен партия Жолдастардан жоғары Құрметпен елеп хат алдың. Алтын сағат, ақ медаль, Тағы да талай зат алдың. Өз үйіңде отырып, Сыйлаушылық сыбаға Харазымдағы халықтан Тайлаған талай мата алдың. Тәрбиеміз тағы да, «Қарасай» атты колхоздан, Еңбегіңе есептеп Аяқты малдай ақы алдың. Күш-көлігін көркейтіп. Төл төресін өсіріп, Дулығасын шығарып Нар мен қоспақ атанды Кешегі бір күндерде Құлжа мойын, құлан жал, Қызу белді қоян жақ, Күдері бел, күш пен сан Төрт аяғы талмайтын Жарысқан жаннан қалмайтын Жылжыған жорға ат алдың. Көзі ашылған күмбездей Сөз маржанын төгілтіп Тайпалған жүйрік атандың Бағы ашылған күн болды Жарлы тап, жаяу нашардың. Жаңалықпен жасырып Кәрілікке болмай қарысып

Ақ киіктей шалым қасардың. Көнергенмен көп жасап, Жайнаған күн, жауған нұр Жаз гүліндей және жасардың. Қазақстан-Алматы, Орал, Гурьев облысы Құрметпенен құттықтап Мәжілісте мадақтап Шайырлықпен, шаттықпен Жырдан шашу апардың. Халқы қалмай қарсы алды Алты санды Алаш пен Сегіз Арыс Сейілхан Байқағанда бағалап Біреуі деді Жамбылдай Алдыңғы ақын қатардың. Жадыңа жақсы ал, қартымыз, Адал еңбек, абырой Азық болар деген бар Баратын бақи сапардың Кешегі өткен алапат Қанды соғыс кезінде «Біздікі, – деп жеңісті Жеңеміз деп немісті» Аттанған күні армия Көңіліне жел бердің Бойына куат сел бердін «Жебедей жауды тесің» деп «Қылыштай қия кесің» деп Қажымас қайрат, қайтпас күш Бозбалдақтай балдарға Ақсақал ақын сен бердің. 1955 жыл.

БӘРІМІЗ ДЕ БАЙҰЛЫ

Қырқыншы жылдары аяқ ішінде Маңғыстау аудандық шикізат дайындау конторын басқаруға Гурьев облысының Теңіз ауданынан Нұршалиев Аманғали деген азаматы келіп, Таушыққа қоныстанады. Дегенмен ол ақ көңіл, аржайы алдына келген адамды үлкен болсын, кіші болсын әдемі қабылдап, бар мүмкіндігінше шаруасын бітіріп, күлімдеп шығарып салады екен. Көп ұзамай-ақ ол жергілікті тұрғындармен араласқұралас болып кетеді. Бірақ ел іші ала-құла болмай тұрмайды.

Қайсыбіреулер оны «Іштің қазағы» ден шет-қақпай етпек те болады. Аманғали ондайлардың сөзін елемей жүре береді екен. Бірде көптен бері бір балаға зар болып жүрген Аманғали балалы болып, кішігірім шілдехана той жасайды. Ел ақсақалдарын шақырып, ақ батасын алады. Бұлардың ішінде Адайдың қос жүйрігі Сәттіғұл мен Түмен ақындар да болады. Той үстінде кейбір жігіттердің келеңсіз қылықтарын сезіп, естіп жүрген Түмен Сәттіғұлға: «Мына Алаша балаға бір-екі ауыз тілек батамды берсем қалай болады?» – дегенде Сәтекең: «Сөзіңді біреу сөйлесе аузың қышып бара ма» деген ғой, менен рұқсат, айта бер» – дейді. Сонда Түмекең былай деп ағытылған екен: Шілдехана тойына Шақырған соң біз келдік Құтты болсын құралың, Жұмысы үшін қоғамның Азаматтардың әртүрлі Басын қосып құрадың. Келтіру үшін керекті, Облыстық орыннан. Өз аузыңнан сұрадың Қара тас қалап салған үй, Айнымай, азбай тұратын, Астраханда әлі түр, Әз-Жәнібек салдырған Отырған мекен-тұрағын. Ойға алынған істі орындап. Бітіп тұр мақсат-мұратың. Бәріміз де Байұлы Арғы ата «Алшын» ұраным. Айтқанменен әркімнің, Жақыннан шыққан жақсыға Бүйрегі тартып бұрады. Білемісің шырағым Не екенін мұраның? Білмесеңіз айтайын: «Салған сарай, айтқан сөз, Әнеки, сол мұра» деп. Айтқан екен кешегі Датұлы Сырым Нұрадын. Көргеннің ісі көңілді Көпшілікті бастамақ. Шайырдың ісі – шаршыға Өлең мен жырды тастамақ. Батырдың ісін байқасаң

Жасанған жауды жасқамақ. Шалағай мен шабанның Ежелден ісі ақсамақ. Белең берер белгілер: – Сыртын сылап айтқан сөз, Қараған көз бен қас–қабақ. Ашу – бөрі, ақыл – нұр, Дүние қоңыз – ашқарақ. Еткеніңіз ем болар Тұрған күнде шырағым. Қолда дерек, баста бақ. Балшық илеп, жер қазған. Сапасыздың салдары – Сарайды салса қайтеді, Ең әуелден тастан–ақ. Аманғали жолдастың Салған жері сарайды Таушықтан бері тасқабақ. Бірі контор, бес пәтер Алты бөлме үй салды. Қалың қара тас қалап Есігі екеу, төрі төрт, Ішін қойды басқалап. Адам азар шығады Төбесіне баспалап. Екпін кірсе еңбекке, Тау ал десе тас алад, Шаш ал десе бас алад. Сұңқардың қыран баласы Нені көрсе ұяда Ұшқан күн соған бас алад. Бай қатыны бәйбіше Жанби деген шешеміз Әлемнің алты шектісі Қырым бидің қызы екен. Бұрынғының ізі екен. Орданың үлкен орны еді. Әуелден-ақ, бастан-ақ Жақсы-жаман, кімде кім Белгілі болад бастан-ақ. Кісі болар адамның Белгісі болар жастан-ақ. Көнермеген көп онша

Бір жігітсің жас талап. Біз қаусаған шалдармыз Сөйлемейтін аспалап. Әр жерден бір тігеміз, Қара сөзбен таспалап. Ойласам, үлкен ауылымсың, Аяқтай бара беруге, Біз қаусаған қарт ағаң Кәртішкінің қазіргі Жағдайынан жасқанам... деп Түмекең өлеңін аяқтай бергенде отырғандардың ішіндегі біреуі Түмекеңе: «Сөз ішінде Аманғалидың келіншегі, сіздің келініңіз қосылмай қалды ғой». – дейді. Сонда Түмекең «ә, солай екен ғой», – деп лекіте бір күліп: Қатыны жаксы жігігтің, Қара басы хан-дағы. Жақсы қатын жан-дағы, Бола берер және де Төрт құбыла жан-жағы. Жаман қатын құрысын – Тек бір айтқан сан дағы. Келінді жөнсіз демейді, Айнала көрші маңдағы. Бұл топыраш емес, тойда озған Арқаның қызы-ардағы. Ақыл мен ажар, әдепті іс, Бәрі өзінің басында Алла білер әркімнің Не боларын алдағы. Көгере берсін көсегең Қызметіңді еселең Шалдардан бата алғаның – Көргенің әке-шешеден. Сен сырттан келген сый келін, «Әумин» деп елден алғыс ал – Біз бір шайыр шал атаң Атамыз Адай таңбалы... 1947 жыл.

ТАС КӨМІР ТАУ АСТЫНДА ТАСЫП ЖАТЫР...

Тас көмір тау астында тасып жатыр, Берілген «пландары» асып жатыр.

Жоспары жұмысының орындалмай, Бастықтың бірқатары сасып жатыр. Ішінде еңбекшінің екпіндісі, Көмірді шоқыр шотпен басып жатыр. Отанның осы күні опалықпен «Қышыған» жерін тауып қасып жатыр. Жетісіп жерден байлық алмақ түгіл, Ортаға олжа тауып салмақ түгіл, Кер кеткен Германия осы күні Орынсыз өз дүниесін шашып жатыр. «Көзімді аш, дүниені көремін» деп, «Көмекті көпшілікке беремін» деп. Тас көмір жер астында «тулап жатыр», Жалынып жұмыскерге шулап жатыр. Қажымай қайрат еткен қатын–бала Қабатын қара жердің турап жатыр. Шабысты біздің елден шаппақ түгіл, Табысты бізден іздеп таппақ түгіл. Олжаға қарық болмақ немісінің Фабрик–зауыттары қурап жатыр. Тұщы су, тұнық көлді айдын шалқар Өзендер өрден төмен ағып жатыр. «Тілгірам», техника хабар алып. Радио жер жүзіне қағып жатыр. Халық едік біз қараңғы қазақ деген. Жарық шам ортамызда жанып жатыр. Жолдастар, білемісің, осы күні Батыста біздің әскер неғып жатыр. Білмесең сендер тыңда мен айтайын: Германияның Берлин деген астанасын, Айнала алайын деп бағып жатыр. Жыландай құйрығымен қоршап алып, Тигізіп тілдің ұшын шағып жатыр. Балдарым барған жауға батыл етіп Шаңдарын зұлым жаудың қағып жатыр. Берегін белгісіне байрақ үшін, Төсіне Ленин орден тағып жатыр..! 1945 жыл.

АДАЙ ТЕГІ ТУРАЛЫ

Бүл шежірелік толғаудың толық нұсқасын жаңай Жанжігіт Қосназаров жырау біледі екен. Амал не, барлығы да сол марқұмның

өзімен бірге кете барды. Төменде жырдың жыршы-жыраулардың есте қалғандары ғана жарияланып отыр. Мен Балтабастың Түмені, Бәйбішеден руым. Алыстан сөзді бастайын Ескіден түйген деректі Ұрпағыма тастайын. Алуан-алуан жүйрік бар Әркімнің де өзінің Әліне қарай шамасы. Шабылып тұрған шаршыға Талайлардың бар шығар, Тайы менен танасы. Алшында жүйрік атанған, Әбубәкәр Кердері Жетірудың Тамасы. Қалынып тұрған қазақта Қарттардың бар-ды шаласы. Тарихтың тағы бар, Талай жерде таласы Он алты ата жер екен Әнестен қазақ арасы. Қазақтан өнген халық едім, Алты санның Алашы. «Алаштап» ұран шақырып Алашұбар ту ұстап Ақсақалдар бата еткен – Бұрынғыдай болмасын Көңіл мен көздің аласы Қазақтың қазақ болған жер Мың жарым үйге толған жер Сырдария, Семейдің Сырт жағында даласы. Құрама өзен Құрсайдың Құндызға құйған сағасы. Жайлаған жері жазды күн Шағалалы Шалқардың Шалғын шыққан жағасы. Құлалы бие құлындап Ортаймаған сабасы. Қоңырат, Тәшкент, Қоқанмен Хиуа, Үргеніш, Бұхар боп Баратын базар-қаласы.

Аттылы жолы алты күн. Бір айда зорға келеді, Жүкті түйе қалашы. Таққа мініп тәж киген, Бай-падиша, хакім-хан Халқының аты қарашы. «Адайда әке жоқ, – деген, Әкеге Адай тоқ» – деген, Жамандардың және бар, Жауып жүрген жаласы. Әкеміз Адай туған жер Кіндігін кесіп буған жер. Шағыра, Шаңдақ, Алғый, Нұр, Төртеуінің арасы. Құндағы жібек қара құс Бесік еткен белгісі Бұралып шыққан бұтағы Гүлдеп шыққан көгеріп Жанның жалғыз ағашы. Сол жерде екі түн жатты, Айнала төрттей күн жатты Жас ұланға жар болған Жалғыз Алла – панасы. Залалды заттар сақтаған Хызыр-Лияс бабасы. Азан айтып ат қойған Әспембет-Арғын данасы. Төрт ата жері төренің Ұлы жүздің Үйсіні. Атақожаның Елтайы Көңілдескен көрші екен. Қызға артық бағасы. Байдың қызы Қанбибі Адайдың туған анасы. Көзімен көрген бұларды, Есентемір атанған Тәңірберген Тағашы. Сол себептен Адайға Байұлы болады нағашы. Адай деген ауылдың Аталығы ұлы Жүз, Аналығы Кіші Жүз Ұзын сөздің сарасы.

Руға ұран атанған Ішінен Бекет Пір шыққан. Жезтырнақты кескілеп Таутайлақты өлтірген Есекмерген ер шыққан. Әуелден Алла жаратып Артық екен өзгеден, Байқағанда бағасы...

САЙЛАУШЫ, САЙКОМ ЖОЛДАСТАР..!

Жазықсыз жазықты болып сотталып, бірақ «ақтың отын ақымақ сөндірмейді» дегендей түрмеден ерте босанып елге қайтқан соң да Түмен замана дәуірін, партия мен үкімет саясатын азды-көпті жырға қосып отырған. Бірақ шартты жазамен жүрген соң азаматтық дауысы алынып, сайлауға және сайлануға құқы болмайды. Бірде Түмекең Таушықтан арғы Ақ жолдың үстіндегі «Орман қара» жерінде отырып, Таушыққа келеді. Келсе ертеңгі күні сайлау болайын деп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әмір Бақыраев Республика Жоғарғы Кеңесіне депутатыққа кандидат болып жатады. Түмекең Маңғыстау көмір тіресінің №7 шахтасындағы №3 сайлау учаскесіне соғады. Мұнда келсе көрнекті жерлерге партия көсемдерімен қатар КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидаттар Иманғазиев Штатбай мен Балғаным Доспаева сияқты қарапайым еңбек адамдарының өмірбаяндары суретімен қоса ілінген екен. Балғаным Гурьев облысының Байшонас мұнай өндірісі кәсіпшілігінде мұнайшы әйелдер учаскесінің аға мастері де, Штатбай осы облыстың «Передовик» колхозының басқарма төрағасы. Бүкіл ел сыйлайтын Түмекең келген соң, учаскедегілер құрметпен қарсы алып, әңгіме-дүкен құрады ғой. Көкірегіне өлең-жыр құйылып тұратын Түмекең сол жерде төмендегіше ағылтып-ақ кетеді: Сайлаушы, сайком жолдастар Басыңды қосып бәрің де Отырсыңыз жиналып. Шақырғанда шаршамаң Жандарыңыз қиналып. Жабық дауыс жасырын Жалпы тұрсын сыйланып. Бұрынғыдай болмайды Бүгінде бөтен сый халық. Жаксарып жағдай және тұр Іші түтін, сырты күн Кірлеген киіз үй қалып. Атқа мінген алпауыз

Арам безді би қалып. «Жарлы жаман, бай жақсы» Деген жағдай күй қалып. Социалистік дәуірдің Тегісшілдік теңдігін Мерекелеп сыйлалық. Бәріңді бірдей еткізген Салтанатты сайлауға Қолдарыңды жеткізген Партия басшы-көсемге Жасасын деп жалпы күн Еліңе ырза ибалық. Бұрынғы жерде бұл халық Бытырап жүрді шашылып. Кентті жұрттың кез келген Аяғына басылып. Тентектерін тыймады Шашылғанын жыймады Бар тапқаны бай мен би Қарны жуан, қалталы Кулак пен қуды сыйлады. Ол күндегі заманда Бай баласы болмаса Қара түгіл қатарды Көрсетуге көзі қимады. Ондай емес осы күн, Көсемдерді көрсеңіз Ай менен күндей әмбеге Қарап тұр қарсы беттері Жарығы түсіп жалпыға Жанған жарық «электрі» Кім-кімге де белгілі. Тамырынан таза екен Бақырайұлы Әмірдің Арғы ата-тектері. Туған жерін сұрасаң Новобогат жері екен Өскен жері Гурьев Жұмсаған соң партия Жақсарту үшін жағдайды Маңғыстауға басшы боп Бес жылдай болды келгелі. Активтері ауданның

Тегісінен тілектес Қазақстан халқының Біз едік қиыр шет жері... – деп Түмекең біраз шалқиды. Біраздан соң Түмекең қонаға бір үйге кетеді де, ертесінс аудан орталығы болып есептелетін «Соцгородокқа» келеді. Түмекең ойында бөтен ештеңе жоқ, аудандық ішкі істер бөлімінің кеңсесі жанынан өтіп бара жатса, бір милицинонер алдынан шығады. – Ассалаумағалайкум, Түмеке! – Әликісалам, Төребайжан аман ба? – Шүкір-ақ... Ал Түмеке бір жайсыздау хабар болып тұрғаны. – Е, ол немене, тыныштык па? – Жалпы тыныштық қой. Сізді бөлім бастығы іздетіп жатыр еді. Енді сол кісіге жолығып шығалық. – Не үшін? – Кеше сіз №7 шахтадағы сайлау учаскесіне барып, «үкімет саясатына қарсы өлең шығарды» деп әлдекім арыз түсірген сияқты. Бірақ ештеңе етпес абыржымаңыз. – Арызданған кім екен? – Түмеке, оны енді бастық айтпаса, біз көп сыр шаша бермейміз ғой. Есімі бүкіл маңғыстаулықтарға жақсы таныс, алғаны алғыс Сарманов Төребай Түмекеңді бастыққа ертіп алып келді. Амандасқан соң бастық сабырлы түрде Түмекеңе жағдайды айтты. Әлден уақытта ол: «Түмеке сол шығарған сөзіңізді айтып көріңізші» деп мұқият тыңдады. Мұнда партия мен үкіметке қарсы саяси астарлы сөз де, теріс пікір де жоқ болып шықты. Бұдан соң бөлім бастығы: – Түмеке, Сіз ғой даусы алынған адамсыз, мойныңызда шартты түрде болса да жылыңыз кесулі. Ондай қоғамдық көпшілік орындарына баруға болмайтынын білмедіңіз бе? – Ойбай қарағым, тіпті бөтен ойым жоқ, көпшілік бәрі танитын адам болған соң бара қалғаным рас еді... – Арыз жазған адам дәлелді, нақты ештеңе айта алмаған. Ол тағы да жоғарыға жазуы ықтимал. Сондықтан сіз мына Төкеңмен бірге аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бақыраев жолдастың алдынан өтіп, шын жағдайды айтқаныңыз дұрыс. Және ол, кісі халық сайлаған депутат. Түмекең мен Төребай екеуі аудандық партия комитетіне келеді. Келгенше Төребай Түмекеңді не деп сөйлесу қажеттігін «оқытып» келеді. Келсе хатшы орнында оңаша отыр екен. Хатшы Түмекеңді кіріп келе жатқаннан-ақ орнынан ұшып тұрып, сәлемдесіп, қол алысып жылы шыраймен амандасады. Түмекең хатшыны халық қалаулысы болуымен құттықтай келіп, өз басындағы жағдайды айтады. – Ал Түмеке, сол шығарған өлеңіңізді айтып көріңізші, дегенде Түмекең өлеңдетіп: Мен ауылдан шықтым кешегі

Февральдың он бесі Таушыққа келдім атпенен Шыққан күннің кешіне Қонайын деп қолайлы Отыр едім бір үйде Белімді буып шешіне Жүріп жатқан сайлаудың Дүбіріне шыдамай Шығып кеттім сол үйден Бір нәрсе түсіп есіме. Кіріп келдім кідірмей Үшінші нөмір учаскі Сайлау үйдің ішіне, – деп жіберіп, жоғарыда айтқандарын сол күйінде айна-қатесіз айтып шығады. Ақынды тыңдап болған соң Әміре: – Апырай, мына сөз нағыз халыққа керек үгіт-насихат сөздері ғой. Халыққа да, партияға да осындай аталы да баталы сөз керек қой. Әттең газетке жариялауға сұранып-ақ тұр екен, амал не... – Төребай, сен тыңдап отырсың ба? – Иә. – Олай болса сен мына Түмекеңнің сөзін сол күйінде жазып ал да, өздеріңде сақтап қойыңыздар. Мен қазір бастықтарыңа телефон соғып ескертейін. Хатшы сол бойда Түмекеңдердің көзінше телефон соғып келіскен шырай танытты. – Сіз, Түмеке, ешқандай қауіп-қатерсіз ауылға жүре беріңіз. Ал әлгі арыз жазған адамға ескертілер деп Әміре ауыр күрсініп, Түмекеңмен «әзірге» деп қоштасты. Түмекең қуанышы қойнына сыймай, жарықтық Таушықта тағы да екі-үш күн болып қалады. Соңынан білді, арыз жазып тісін қайрап жүрген өзінің баяғы көрші болатын досы – «Шайтан Әтеп» екен... 1946 жыл.

САҒЫНЫШ

Түмен 1943 жылдың күзге салым уақытында Сартастың күншығыс жағындағы «Орта төбе» деген өңірдің маңындағы «Көкбұлақ» деген жерден жастарды басқарып, сиыр қора салдырады. Сонда жұмыс жасап жүрген қыз балалар атынан мынау өлеңді шығарып, үйреткен ексн: Талқан ғып қара таудың қара тасын, Сарғайды күнге күйіп қара шашым. Майданға кеткен алыс ағаларым, Аман-сау жүрсе болды, жарасасың. Ел көшсе мініп алам көкшемізге, Жүреді қара қайық көк теңізде. Майданға кеткен аға еске түссе, Болады оқ тигендей өкпемізге.

«Аманмын» деген жалғыз хатыңыз бар, «Әдіріс» – аяғында атыңыз бар. Поштамен «посылка» етіп жіберейін, Сұрайтын елден қандай затыңыз бар? 1943 жыл. \ ШАХТА ЖҰМЫСШЫЛАРЫНА

«Манғышлакуголь» саудамен жабдықтау бөлімі көмір тресінің бастығы Қыдырбай Сұлтангелдиев пен №6 шахтадағы смена мастері Қыдырғожа Аманғалиевтер Ұлы Отан соғысы кезінде шахтерлар еңбегін ұйымдастыруда айрықша көзге түсіп, сол кездегі Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпаздарының туын жеңіп алады. Осыған орай Түмекең өлең шығарып, мадақтаған екен: Ал, азамат жолдастар Сыртымызда сыншы тұр, Көзқарасы шым-шытыр. Қарқынымыз азайса Бетімізді ұят шымшылар. Қазірігі жағдай киын деп Айтқан сөзі түйіндеп Басшылардың шын шығар. Түзететін кемісті Бұл өзара сын шығар. Қара жердің қарынын Қараңғыда қақ жарып Күмістей жақсы көмірді Алуға біздей кім шығар? Шахтерлердің еңбегі Қиын-қыстау кезеңді Анық болды жеңгені – Құрметтеліп жатыр ғой Екпінділер ерледі. Жер үйлер де жып-жылы Шахталарды жағадай Қақ басынан салдырған.

Керекті затын кідірітпей Мәскеуден сұрап алдырған. Қызыл шай бар хош иіс Шөлімізді қандырған. Қолымызды малғызды Сары майға малдырған Шытырма шыт, атлас Айына көйлек кигізген Оннан үлес тигізген, Қыдырқожа, Қыдырбай, Жұмысты жақсы жүргізген. Таймаңдар осы қарқыннан, Қазіргі кезде Отанға Көмір қымбат алтыннан..! 1944 жыл.

БІЗ АДАЙ ДЕГЕН ЕЛ ЕДІК...

Жетімдер келсе жылаған, Емізген емшек ел едік. Жесірлер келсе зәбірлі, Маңдайдан сипан жебедік. Аш-арық келсе алыстан Қарттарымыз қайырлы, Шалдарымыз зайырлы Пейілге де кең едік. Жалшылар келсе жалданған. Артық беріп ақысын, Еңбектерін жемедік. Ханды өлірген қашқынға «Қағазың бар ма жаныңда, Қайдан жүрсің?» – демедік. Бар айыбымыз бастағы Оқу-білім, өнерді Үйренуден кем едік. Жарылқаған кең Алла, Атағы бар, даңқы бар, Біз, Адай деген ел едік.

АЛТЫНҒА

1949 жылы Түменнің қызы Моншақ дүниеге келгенде дәметер ағайындар қызына «құтты болсын» айтып келе қоймайды. Сол кезде

Түменнің жақын туысы Дыбысов Айдарханның қызы Алтын ғана арнайы келіп құттықтайды. Сонда Түмекеңнің қызы Моншақ болып Алтынға айтқаны екен. Тоғыз айға толғасын, Жылға жақын болғасын Мен хабар алдым халқымнан Әйел де болса ақсақал, Жетпіске толған қартымнан. Үмітімді үзбеймін Әлі де болса бір нәрсе, Бола ма деп артымнан. Аяғынан әл кетсе, Арқасынан жал кетсе Кұйрығы шипаң қара нар, Жетекке жүрмсй тартынған. Жоқтық жеңсе жомарттың Қысқарып қолы тартылған. Сараңдык жеңсе сахиды Жоқ дейді затын бар тұрған. Жеңгелерім бар еді Заманы болып осындай Көйлекке күйі келмепті. Баулы құстай бағулы Тұғырда тұрып талпынған. Замана болды бүгінде Үлкеннен кіші артылған. Қызыл сәтен қынама Айналасы ақ ұштап Паршадан таққан бауы бар Көйлек келді көрмеген Ағайдың қызы Алтыннан. Ойлаған жерге оқ атқан – Мұндай бала туа алмас; Ендігі жерде жарандар, Адайың түгіл Алшыннан...

АЙНАЛАЙЫН БАЛАЛАР

1943 жылы «Маңғышлақ» көмір тресі жұмысшыларын жабдықтау бөлімінің малы үшін Таушықтағы жоғарғы сынып оқушыларын жинап, Ленин орденді, халық мұғалімі Төралы Самалықұлы мен Түмекең екеуі Емді тауының үстінен шөп шаптырады. Сонда Түмекең оқушыларға былай деп үгіттік өлең шығарған екен:

Емдінің еркек бозы шапқанымыз, Шаруа шамшырағы жакқанымыз. Қиын деп қиналмаңдар балаларым, Қоғамға пайдалы істі атқарыңыз Оңай ма орақ ору, шалғы салып, Шөп болсын біраз мезгіл «баққаныңыз» Комсомол, пионерлер жалындаған. Жөн болды жастық отын жаққаныңыз. Майданда жүр ғой талай әкелерің. Ұят қой бетті бүркеп жатқанымыз. Тырмысып жүрміз біз де, екі шал да, Жазылып құрыс-тырыс «қатпарымыз».

ТОЛҒАУ

Ортасында көп болдым, Астана байтақ халқымның. Мереке-сауық тойлаған, Көп жиналған алқаның. Аға мен жеңге, інінің, Алдында талай шалқыдым. Көрмеген жерді көрсем деп, Қанатты жазып талпындым. Ұйымдасып біріккен, Талайын көрдім шаршының. Сіздерге айтып берейін, Шығарған сөздің алтынын. Ауыр болса қиналмаң. Алып тастаң артығын. Атағына ел риза, Біздің шалдың атының Кейбіреуге «айт» десең, Босқа берер мақтанып, Кептіреді алқымын. Кейбіреуге «айт» десең, Орынсыз өзін бұлдайды Көп қолқалап қалайық, Жақтырмайды ондайды Қай бағытта жүргенін Сыртынан бағып сындайды Жорға деген жүйріктің, Жақсының айтқан сөздерін Сүйсініп халқы тыңдайды.

Көп қорғалап шет болма Білетін болсаң ыңғайды. Тәуір етіп сөз айтсаң Шыкқаныңша құмардан Тыңдаудан халық тынбайды. Жақсыға жастан ергеннен, Өнерін көпке бергеннен Қуана қарсы алады, Ортасында келгеннен Өкпелейді ағайын, Өтіп кетсең деңгейден. Шаршамайды шалдығып, Көпті билеп меңгерген. Алғыс алған азбайды. Халқына барын бсргеннен. Қарғыс алған жігіттің Болады жолы сергелдең. Азамат болар жігіттің Етек-жеңі кең келген. Тайпалған жүйрік жорғаның, Төрт аяғы тең келген. Қошқар болар қозының, Маңдай жағы дөң келген. Маңғыстаудың елінің, Ұлан-байтақ жерінің Халқына сыйлы атанған, Бабалардан бата алған Түмен деген біз едік, Өлең-жырды меңгерген...

ҚҰДІРЕТІ КҮШТІ КЕҢ АЛЛА

Құдіреті күшті кең Алла Тілегімді бер Алла Қапталы жауыр нар болдым Бір жұтым суға зар болдым Төсекте тұтқын сал болдым Жарығым жатыр таусылмай Тек әйтеуір бар болдым. Кеп-кеше шауып жүр едім Уайымнан құр едім Ал бүгінде езіліп Қысылып жатыр жүрегім.

Көп ұзамаспын – білемін Сапарым бітіп келеді Оқырсың иман біреуің Сол сендерден тілегім. Жетпістен асқан жасым бар Тәркіге түскен басым бар. Мұсылман болса таңдамай Молдасы да болғанмын, Жорғасы да болғанмын. Өзім деген адамның Жолдасы да болғанмын. Шалыңыздың күші жоқ. Қанатын қомдар кұсы жоқ. Көз ілінсе бірауық Тәуіршілік түсі жоқ. Кұдайдың салған ісіне Қанағат қылып тойымға Әр нәрседен ойым бар Тыныштық берің аз ғана Ахиреттік адаммын Өлген күні – тілегім Итолыға қойыңдар. 1957 жы л .

АШ БОЛСАҢ...

Аш болсаң дос дегенің қас болады, Қабығы «кәртөшкінің» ас болады. Аш болсаң екі көзің қарауытып, Қу сүйек тұла бойың тас болады. Шыдайсың мүттәйімнің азабына, Қаласың жын перінің мазағына. Тірілей тозаққа кеп түсе қалу, Жат емес Маңғыстаудың қазағына. Бұл құдай екі көзді тағалады, Сұм жалған сұрқылтай боп сабалады. Кем емес тегеурінді тергеушіден, Гурьевтің масасының талағаны.

ҚЫЗДАРЫМ ДА – ҚҰЛЫНЫМ

Үлкендік жеңіп келеді Уақыт деген желмая, Еңкілдей желіп жөнеді. Жер таянып жетпіс тұр, Алланың өзі демеді. Баяғыша қартаймай Көкірек шіркін сөйлеп тұр. Елес те белес өткен күн Кейінгі жақта көлбеп тұр. Қима сақал, қира мұрт Ол да бүгін ағарды Көлеңке басты жанарды. Сайынжан түске кіргенде Сарғайтады санамды. Жаратыпты кең Алла Бұйрық қылып озалдан Он сегіз мың ғаламды. Сол сияқты қояды Арманда қылып адамды. Қыздарым бар – қызыл гүл Тілекші ғой олар да Оларсыз көңіл толар ма? Олар да менің сусындар Мөлдір бұлақ тұнығым. «Папалап» келіп алдымнан Шығады ғой құлыным. Бүтінделіп қалады Жан жарасы-сынығым... 1955 жыл.

ҚАШТЫ-ҚУДЫ ӨЛЕҢ СӨЗ...

Қашты-қуды өлең сөз, Кеудеме сыймай қайнайды. Тыңдаған халқым мәз болып, Өңдері күліп жайнайды. Ақынға қыдыр дарыса Бұлбұл құстай сайрайды. Жерге қыдыр дарыса Көк шалғынсыз болмайды. Көлге қыдыр дарыса Шабағы шоршып ойнайды. Жігітке қыдыр дарыса Жаксылыққа тоймайды. Түбі тесік, аузы ашық Жетпістегі бұл шалың Жағы түсіп қалғанша Өлең-жырды қоймайды. 1953 жыл.

ӨТКЕН КҮНДЕР

Аяқ тілік, жарылып қара саным, Қой соңында көп өтті бала шағым. Тоқтық пенен аштықты бірдей көрдік, Бұл ғұмырдың өткердік ала шаңын. Көсік тердік Жиделі қырқасынан, Дән де қақтық құмаршық шөп басынан. Жалақ ерін, ышқырды ұстай жүріп, Әзіл айттық қыздарға су тасыған. Жаяу жүрдік жерлерге ара күндік, Бесқалаға тәуекел бара білдік. Ата-ана мен туысқа жел боп тимей, Бәрінің де көңілін таба білдік. Бір кездері өтті ғой жастық желі, Өмір деген ағысқа кеттік еріп. Оқып едім жасымда Түйте ахуннан Арабша оқу есігін аштық келіп.

Дін ғылымы біздерді алдамады, Бәрі де рас адамзат таңғалады. Тәуекел ете алмаған құрдастарым, Қой соңында қопырап жолда қалды. Талай қиын тап болдық замандарға, Күндер туды өсекшіл жамандарға. Жазықсыздан жазықсыз кете бардық Басқа түссе баспақшыл амал бар ма? Жылқы жиып, құлынды байлайтынбыз, Қас жүйрікті баптадық, сайлайтынбыз. Үлкендердің сөзіне құлақ асып, Қазанында ақылдың қайнайтынбыз. Айран, шұбат, қымызды сіміргенбіз, Қозы айырып шапқылап жүгіргенбіз. Мал айдасып, жайғасып, қораласып, Түн ортасы ауған соң көз ілгенбіз.

Еңбек етіп осылай жетілгенбіз, Ыстық-суық шынығып бекінгенбіз. Топыраққа күйген соң табанымыз, Шөптен шөпке тал түсте секіргенбіз. Тайға мініп жарысып терлетіппіз, Диірмен тартып, бесік те тербетіппіз. Жастық деген біздерде көп болған жоқ, Мезгілінен бұрындау ержетіппіз. 1952 жыл.

ИСАТАЙ ҚАЗАСЫНА

(Исатай Сүйеубаев қайғылы қазаға ұшырағанда айтылған сөз) Маңғыстаудың батыры Аңғал мінез, ақ көңіл Жау қайырған сабазым. Қыстаңдық тарлық ішінде Соғыстың көріп азабын. Суын түсті жүйрігім Болмады-ау көп базарың. Болып кетті қайтелік, Кез келгеннен ажалың. Быламыққа тіс сынды Қарашы шайтан мазағын. Дәулеталы баласы Сарпылдақ Мұқан қасыңда Аман-сау елге ол жетті. Қайғысы қалың басында Зайыры күшті аршылан. Осының бәрін көргенде Дүниені мынау тарсынам... 1947 жыл.

БӘЙБІШЕ ДҮЙСЕНБАЙҒА

Дүйсенбай өлең-жырдың бәсін біліп, Жырлайсың көмейіңде асыл мүлік. Топшыңды көтересің той-думанда, Өзгеше саз-күйіңді шашу қылып. Сен жырды төгесің-ақ жазық белден, Қашаған, Сәттіғұлдан азық терген. Өзіңе жат пеп жақын сұрын салды. Дүлдүлсің қатарыңнан озып келген. Жырың бар көл-дария шарықтаған. Бұ халық тыңдаудан да жалыкпаған. Жанжігіт, Шамғұлдар болып бір жүргенде Маңғыстау тәтті сөзден тарықпаған. Дүйсенбай жырлағанда әндетесің, Әр сөзге жан бітіріп мәнді етесің. Тіл-көзден сақтай гөр деп біз тілейміз, Қажалған көне сөзді мәңгі етесің.

Домбыра біздер тартсақ міңгірлейді, Шаңына тоғыз перне ілдірмейді. Дүйсенбай сен жырласаң, әнді шырқап, Жеті қабат жер асты күмбірлейді. 1950 жыл.

АЙДАРХАН ІНІМЕ

Жанашыр сүйенішім алдымдағы, Кең Алла қатардан бір қалдырмады. Жасыңнан қызмет қылып көзге түстің, Кең Алла әйтеуір тек сан қылмады. Тіл тауып бұқара жұрт халықпенен, Өзіңді жастайыңнан танып келем. Сөз қуса жаман шалың жымыңдайсың Сенімен көкке жетті анық төбем. Болмайды бұл өмірде асылға сын, Шалқисың жақсылардың қасындасың. Айдархан айналайын мың жасай бер, Төріңде балаларың тасырласын. 1953 жыл.

КЕЙІНГІ ТОЛҚЫН ЖАСТАРҒА

Айтайын айтар сөзді өтімдіге, Бұл сөздің тыңдай ма жұрт шетін бүге. Желкелеген жетпістен кеттік өтіп, Бесін өтіп, таялды екіндіге. Көп жырлауға дәрмен аз балаларым, Білесің гой атаның шамаларын. Үлкендердің сөздері үйдей болар, Өздеріңше оларды бағалағын. Ашылмасын қалайда араларың Сондай кезде жыртылмас жағаларың. Өліде емес, тіріде сыйласыңдар Анау-мынау қаңқуға қарамағын. Тірлікте жүр ақымақ, ақылды да, Көріп жүрміз арамза, мақұлды да. «Таспен ұрса аспен ұр» деген бар ғой, Ала көрмең жат қылып жақынды да. Жылы сөз айт көңілі қарайғанға Кезігерсің сан мінез талай жанға. Т'ышқан екеш тышқанның өз іні бар, Өз үйің артық алтын сарайдан да.

Қиындықтың шыдай бер салмағына, Құр уайым ілмесін қармағына. Кісі ақылын тыңда да таразыла Өз ақылың жеткізер арманыңа. Болашақ бар алдыңда беттейтұғын. Бір заман бар қызығы жетпей тұғын. Өз ұрпағың, өз балаң біл қарағым. Өзегіне тепсең де кетпейтұғын. Туыс керек күлсең де, жыласаң да, Құрбы қымбат шерленіп, сыр ашарға. Шын ағайын көнеді телі-тентек Құлағынан шыңғыртып бұрасаң да. Бірге түсер отқа да, жалынға да, Ортақ болар мұқтажға, барыңда да. Жаманың мен жақсыңды бірдей бөлер Бір өзіңді түсінер жарың ғана.

Қарашаға кіші бол хан болсаң да, Қайырым ет мүсәпір жан болсаң да. Ұмытпа жарығы астына түспейтінін, Жарқыраған әлемге шам болсаң да. Төбешікке көзің сал тау болсаң да, Қылышыңды суырма жау болсаң да. Мың асқанға бір тосқан болатынын, Ойлап қонғын, бас аман сау болсаң да. Үңіреңдеп ауыл-үй аралама, Құр алдамшы күштіні жағалама. Біреу айтты екен деп екіленіп, Кінәсі жоқ адамды қаралама. Осы ақылды тоқып ал көңілменен, Аталарың құр босқа төгілмеген. Қашан келіп белгісіз есікті ашар, Арсыз ажал жұмбақ қой өлім деген.

ТӨЛЕГЕНЖАН

1955 жылдың күзінде Таушық кентінің №8 шахта деп аталатын жерінде отырған Дыбысов Айдархан басшы орындарда жауапты қызмет атқарып жүрген шағында бір мерекесіне орай сол кездегі Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Төлеген Қағазовты қонаққа шақырады. Бұл қонақасыға өзінің көршісі, әрі туыс ағасы Түмекеңді де шақырып, алып келеді. Түмекең дастархан басында Адайдың белгілі ақындарының шығармаларын, өзінің де күлдіргі сын-сықақтарын айтып, дастархан басын думанға бөлейді. Әлден уақытта Айдархан мен оньң бірқатар жолдастары Түмекеңе: «Ортамызда отырған Төлеген ініңізге ақ батаңызды беріңіз» деп қолқалайды. Ал Төкең Түмекеңді біреулер «молда» деп қудалағанда әлгілердің аузын буып, құтқарып жіберген екен. Әрине Түмекең «сен сөйтіп едің» деп Төкеңе көп көзінше айтпайды да, бірақ табан астында былай деп, жырмен шалқытып ақ батасын берген екен:

Төлегенжан қарағым, Сен де іргелі інімсің. Баталы сөз ақ тілек, Тіл ұшына ілінсін. Ардақтысың халқыңа, Бірегейсің бірімсің. Алдыңда даңғыл жолың бар, Халқың саған қарайды. Машайық жатқан Маңғыстау Атқан таңы арайлы. Жақсы атағың шығып жүр Мадиықтауға жарайды. Мен де бір «тақ-тақ» шалыңмын Көріп қалған талайды. Келе жатсың көш бастап Қолға ұстаған тізгінді Көрген жоқсың бос тастап Адай мен Таз емшектес Ақиқат дейді осы сөз. Шындықты қалай той баспақ Отызыңнан асқанда «Ел ағасы» атандың. Небір жақсы жайсаннан Ақыл өсиет бата алдың. Аудан түгіл облыста Алдына түстің қатардың. Ақылың, ойың, сарабдал Ілгері көпті апардың Маңғыстау малды ауданның Төрт түлігі мыңғырған. Жер асты байлық бар дейді Қара алтынын тұндырған. Төлегенжан қарағым, Қасыңа Қыдыр қонақтап Асудан биік асыңдар. Бала емессің өзің де Қырықтан асқан жасың бар. Абыройлы, айбарлы Өрмелеп тұрған тасың бар. Ел үшін туған қырансың Өзіңдей болсын асылдар Намаздың көркі – жамағат, Жаманның сөзі – балағат.

Алдыңда айың туып тұр Халқыңда көп–ау аманат Көгере берсін көсегең Еңбегің жансын ғаламат. Бәрін айт та, бірін айт, Айналайын Төлеген, Бола бер есен-саламат..! 1955 жыл.

ЕРЖЕКЕ ӨЗІҢ АМАН БОЛ

1957 жылдың тамыз айы, Түмекең төсек тартып ауырып жатты. Айықпас ауыр дерт екені белгілі болған. Көңілін сұрауға келім-кетіпті адамдар көбейе бастаған шақ. Міне, осындай кезде «Сартас» елді пункті жанындағы «Шиліқұдық» жерінен атағы Маңғыстаудың үш түбегіне ғана емес, көршілес облыстар мен таяу шетелдерге мәлім, руы Бектеміс Төлегенүлы Ержан хазірет Таушықтағы Түмекеңнің көңілін сұрап, арнайы келіп кетеді. Екі ғұлама біраз мәшуарласып, бірін-бірі қимай қоштасады. Сол жылы күзде Түмекең қайтыс болғанда Ержекең қасына Қарағұл Жәнібекұлы деген молданы ертіп келіп, Түмекеңнін жаназасын шығарады. Ержекең келіп кеткенде Түмекең қиналып жатса да төмендегідей қысқаша сөз шығарған екен. Бисмиллаһи-р-рахманрахим ! Дін мұсылман жолында Тасбиғы қолында Алла деп туған о бастан Шамшырақтар тобында. Кең Алланың киелі Ақ жолынан қайтпадың Жалған сөзді айтпадың. Имандылық үшін деп Азапты мол тартқаның Алланың салған ісі деп Басынды жауға имедің. Өзіңді қырып жатқанда Қарсыласып тимедің. Отқа, суға салса да Батпадың да күймедің. Бұл машаххар мұхадам Ажалды талай жеңгенсің. Өзіңе кім тең келсін Кең Алла сізге дем берсін. Дүние, малмен ісің жоқ,

Әуелі Хаққа сыйындың Төбесі болдың жиынның. Шапағатты нұр шашып Аузын ашып айнала Сен сөйлейсің жай ғана. Жаймашуақ күлкің бар Оңайлықпен ашылмас Көкірек көзі – кілтің бар. Ғылым, білім тозған жоқ, Өзіңнен ешкім озған жоқ. Ғалиссалам Мұхаммед Ең соңғы ұлы пайғамбар Төрт шадияр, төрт имам Төрт ғалым мен төрт шайхы Дін Ислам жолында Атағы сізге мәлім ғой Сәулесін жалпақ жайғандар. Хиссасул-әнбиені де Алты мың Құран аятын Сізден артық кім білген. Жасаған ием өзіңе Кеңшілігін білдірген. Ажалдан хабар келген соң Мен де күтіп жатырмын. Ал Ержеке аман бол, Тілегім осы – ақырғым..! 1957 жыл.

САРЫ АТАННЫҢ ШАҒЫМЫ

(Ақын өткір-өткір сықақ өлеңдерінде кезінде қоғамдық малға деген көзқарастың төмендігін сын садағына алғаны аңғарылады) Таушықтан бергі тақырда Жайылмай жатыр сары атан. Арқасы жауыр жара атан Әкімдердің алдында Ауызы жетсе айтуға Көңілінде мұңы бар атан. ...Бұл атан нағыз емес, қоспақ атан, Енесі інген емес, қоспалы атан. Білмеймін кімнің мініп, кім түскенін Біреулер Қоңыратқа қосқан атан. Біраз күн қозғалмастан жатқан атан, Балшыкқа бауырынан батқан атан. Ішінің тоғы да жоқ, қоңы да жоқ Қаншырдай бауырынан қатқан атан

Қоспақтың Қосбосынға шағынғаны. Артынан ақ қағазға жазылғаны. Сұраймыз түсінгенге шын көңілден, Арызға қандай шара алынғаны: Қосбосын: Жайылмай жатқан жалғыз сары атансың, Күрек тіс көрінбейді, кәрі атансың. Жабусыз жайдақ адам міне алмастай, Арасы өркешіңнің тар атансың. Көп жүкті көтергендей күшің болса Көруге көзге көркем нар атансың. Бұл өзі қастадан ба, қатпадан ба, Әйтеуір бір жағдайың бар атансың? Сары атан: Алмады алты ай бойы тыным жаным, Болмай тұр сол себептен сыным жаным. Арқама алты метей артып алып, Белімнен кендір арқан тартып алып, Айдады жетелемей, шыным жаным.

Алыстан ауыр жүкпен әзер келіп. Жабусыз жайсыз жерде жатып қалдым. Болар ед қыстан шықса шыбын жаным Арапа-ауылы сыбай жолдас еді Сұрасаң сол да айтады шыным жаным. Жазды күн жақсы мені бакқаң да жоқ, Бабымды баяғыдай тапқан да жоқ. Жауырыма дәрі сірә жакқан да жоқ. Жұп-жуан кендір бұйда кеңсірікте, Жел бұйда жеңіл есіп таққан да жоқ. Харазым қала шығып кетіп едім, Кіреден алпыс күнде әзер келдім. Жайғасып жалғыз күндей жатқам да жоқ. Өзбек-сарт «сатыңыз» деп сұрап еді, Оларға бұлдап мені сатқан да жоқ. Бір тойып дене белді көтергендей, Бір құшақ пішен маған шапқан да жоқ. Тоңсам да тоңға шөгіп жатар едім, Ілініп жердің беті қатқан да жоқ.

Арқамнан ауыр жүкті алғаннан сон, Шешілмей шиеленсе кесіп алып Басқа ұрып «Шатқа бар» деп қоя берді, Үстіме жылы жабу жапқан да жоқ. Хамиттың қарауында жүргенімде Жайылып жаз бойына шөп жеп едім, Изенді, ебелекті көп жеп едім. Көлдеудің жағасына көктеп шыкқан, Бидайық, бозғанақтай көк жеп едім. Шалқақтап «Шаттан» ішіп шаңдақ салып, Абырдың ақ сайына көлбеп едім. Белгілі белін буған ер болмаса Балдардың байлауына көмбеп едім. Осы күн ойлап тұрсам ұят екен, Байлауға пайдам үшін көнбегенім.

Әуелде атам бура, енем мая, Нар да емен, нағыз да емен, жарбай едім. Болсам да жарбай қоспақ жардай едім. Сары қоспақ, салаң кұйрық, сандық өркеш Көруге көзге көркем дардай едім. Хамиттың қарауында жүргенімде, Дудардай дулығам бар қандай едім Бүгінде көрген кісі аяғандай, Осылай өтіп жатыр көрген күнім, Тексеріп арызымды басшы орындар, Жарыққа шығар ма екен менің үнім? Сәлем де «папка ұстаған» балдарына Үйренсін шаруа баққан шалдарынан Жолдастар жол бермеңіз бұдан былай,

Салқын сөз салақтықтың салдарына. Бұл жағдай бүгін бізге келген болса, Әркімнің келмей қалмас алдарына...! Қоғамның қолдан келсе қарай көрің, Колхоздың, артель-ферма малдарына... КӨТЕРЕМ КӨКТІҢ АРЫЗЫ

Таушықта көмір тресінің қарауында жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде («ОРС») жұмыс жасайтын Алданазаров Төлегеннің астында біршама жорғасы бар көк жылқы болды. Бакиров деген «ОРС»–тың бастығы Бакуге іссапармен кеткенде оның орнында Ильин деген орыс шал қалыпты. Сол кісінің дұрыс мән бермеуінен, іске жүрдім-бардым ұқыпсыз қарауынан жылқылар күтімсіз жүдеп-жадап қалады. Сол уақытта қосалқы шаруашылықта бригадирлік қызмет жасап жүрген Түмекең осы шалағайлықты сынға алып, мынадай сықақ өлең шығарған екен: Қорада жатыр қозғалмай Көтерем болған көк жылқы. Көк жьлқының көңілінде, Айтса мұңы көп жылқы. Өзі қотыр, өзі арық Боран соқса бір күні Өлуге сірә дөп жылқы Ішінде қарнау жоқ жылқы Бұтының борбай қоңы жоқ Бірақ, сүйегі сұлу көн жылқы Ол мені көріп жылады, Жылады да жырлады: «Жеп тұрған менде жем де жоқ, Спецторг-ОРС-тан» Беріліп тұрған дем де жоқ Орнымнан тұрып кететін, Өлмес қамымды ететін Менде қуат, сел де жоқ. Қарыз да болса қазірде Беретін жем сенде жоқ Жағдайсыздан жатырмын Одан басқа жігіттер Жалқаулық деген менде жоқ Мендей қасқа бүгінде Аудан түгіл колхоз бен Артель-ферма елде жоқ Неге десең жолдастар Жағдай мені Таушыққа

Шахтаға әкеп байлады Арбаға алты ай айдады. Қайыс ноқта басымда Иманов Жәлеш дегеннің Сұр аты бар қасымда «Конный двордың» ішінде Күндіз-түні байлады. Кең далаға боз шыққан, Жалғыз күнде жаймады Қара таудың қатпары Тас үйлердің қапталы Шай ішімдей шамасы Жайылысқа жайғаны Көзім оттай жайнады Сол себептен бүгінде Жатқан жерден тұра алмай Сорым әбден қайнады. Бакиров кетіп Бакуге Тіл білмейтін «тентек» шал, Тап болды бізге қайдағы?! Басымдағы осындай Кемшіліктер кездескен Мән бермеудің айғағы Басқа жердің бәрінің, Кемшілігі айтылып «Спецторг-ОРС-тың» Ашылмай жатыр қаймағы. Көлікті күйлі бақпаған Арқама жабу жаппаған Қотырға дәрі жақпаған Жолдастар өзің қарашы Жауапсыздық дегеннің Тап осылар қай жағы? Бастаған жерім еңбекті, Тас көмір шыққан Таушықтан Тастан салған қаласы, Жайылған жерім сұрасаң Оңтүстік «Жалбарт» даласы. Тұратын жерім тоңғанда Ақ таулардың арасы. Дәрігерімді сұрасаң Аудандағы жас маман Сергей Ульян баласы.

Дәл осы бір шіркіннің Көзінің менде аласы Ісінің болды шаласы Емдеп жақса дәрісін Қотыр емес, құрттың да Жазылмай ма жарасы? Сергейдің жайын айтайын Қотыры болса қойлардың Шыр айналып бағады Ауруын емдеп жазады. Себебі бар оның да Кететін күні сол малдан Бір қошқарды байлатып Шаптырып қойдан алады. «Қотырдан өлген қошқар» деп Егер өлсе – етін жеу, Бізге деген арнайы, Берілген бөлек жоспар» деп Қоржынға сойып салады. Күн қызылы батқасын Жұрт ұйқыға жатқасын Колхозды ауыл-фермеден Ауданға қарай шабады. Орта жолға жеткесін Астындағы сорлы көк Діңкелеп жүрмей қалады. «Жамандатқыр көк ит» деп Қамшыменнн сабады. Түсініңдер айтқанды Естіген балдар саналы. «Шаршадық» ден шалқаймаң ІІІаруа баққан балдарым Бәріңе бірдей емес пе Игілікке баққан малдарың? Көрген жандар «күйлі» деп. Милицияның малдарын Қарнында қалың қазы бар Қатты дейді мойын, жалдары Біз көтерем арықпыз Шетінен жауыр қотырмыз. Жолдасбаев Қалмұқан Көзіңді шалып қарашы Қандай заттың салдары?

Тоңған күні біз тұрдық Торғайдай болып топтанып Жерге түскен сулардан Ішеміз келіп тоқталып Арқаға аяз батқасын Жамбасқа ылғал қатқасын Біз өлейін деп оқталдық. Әлгі Бакуге кеткен бастықты Кейіген күні боқтадық Керекті күні жоқтадық Бакиров шапшаң келмесс Ат дорбаны толтырып Арпа-бидай, сұлыны Мойынға әкеп ілмесе Өлуге басты оқтадық. Жақында жақсы түс көрдім Келер деп тұрмын Бакиров Көрген түсім келмесе Таянғандай бір тықыр Ажал жетіп ақыры Маңдайды кұдай тілмесе?!. Өліп кетсем ол анық Ізделмесім жоқталып Бірақ та мынау бейкүнә Бағып жүрген шалдарым Жағдайсыз өлген біз үшін Кетпесе екен сотталып.

АҚЫН МЕН ЖИРЕН АТ

Бірде Түмекең «Кәрі» жеріндегі Меңді деген қарындасын алған Бектеміс Ерғожа дегеннің ауылына келе жатады. «Кәрінің» тұсына жақындағанда күн кешкіріп қалады. Көрінетін ауыл жоқ. Астындағы аты шөлдеп келе жатса, алдынан бір құдық кездеседі. «Е, атымды суарып алатын болдым ғой» деп Түмекең қуанып, құдыққа қарай ат басын бұрады. Құдық басында белі күржіктеу бір жасаңдау жігіт атын ол да суарып жатыр екен. Түмекең де атын суарып, әлгі жігіттен ауылды сілтетіп алмақ болады. Түмекең атының ауыздығын алып, басын суға жіберсе, әлгі жігіт астауға суды құюды доғарып, атын мініп кетуге ыңғайланады. Сәлемі де болар-болмас салқын. Түмекең жігіттің асығыс түрін байқап: – Әй, бала тұра тұр. Мен атымды суарып алайын, сосын маған Ерғожаның ауылын сілтеп жібер, – дейді. Жігіт;

– Ақсақал, мен асығыспын, Ерғожаның ауылы анау жақта деп, иегін шошаң еткізеді де атын тебініп кетіп қалады. Түмекең атын суарып болған соң, жігіттің сілтеген бағытымен ауылға келіп, қарындасымен, құдаларымен дидарласып жатады. Сол бойда «Түмекең келді!» деген хабар да сол жердегі ауыл-аймакқа тарап, көпшілік жиналып қалады. Әдет бойынша келгендер «Елде не хабар бар?» деп сұрайды. Сонда Түмекең өлендетіп: Су басында тап болды, Бір жас жігіт қасқалы. Жас күнінен жабысқан, Ауру екен қасталы.... – деп, әлгі жігіттің үлкенді сыйлай білмейтіндігін, көргенсіздігін айтады. Сонда отырғандардың бірі: – Тағы не естіп, не білдіңіз? – дейді. Сонда Түмекең: «Құдық басында іші-бауыры қабысқан, көк-тулағы жабысқан, аяғы-аяғына шалысқан, бір жауыры іріп түрған, жан-жағы шіріп тұрған жирен атты көрдім. Сосын екеуміз аз-кем тілдесіп, жағдай сұрастық» дегенде жұрт көңілдене күледі. Жирен атқа сөзді әуелі мен бастап былай дедім: Аман ба жирен жылқы қаңғып жүрген. Аяғын әзер басып қалғып жүрген. Шелектің шылдырлаған даусы шықса, «Адам деп ат суарған» аңдып жүрген.

Ал, жирен жөн сұрамақ менен дедім, Сұраққа жауап бермек сенен дедім. Колхоздың бір қадірлі көлігісің, Болдыңыз бұл секілді неден? – дедім. Арықсың, арқаң жауыр, алдыңыз қыс Етесің бұған қайрат немен? – дедім. Қарныңыз қата болып жарылмасын. Шөл-құрсақ, шөп-шөңгені жемең дедім. Аралас ақ шөппенен аз да болса, Жемің жоқ оған қоса жеген дедім. Күтімсіз күйің кетіп жауырыпсың. Байғұс-ау сені көріп елеңдедім. Сосын жирен ат жыламсырап тұрып тіл қатты: – Ақсақал айып емес сұрағаның Кідіріп бір азғантай тұра қалың. Ауданға ұят, айып емес пе екен? Мүңымды бес-он ауыз құрағаным.

Осында Айтан деген келіп еді, Жарықтық уәдесі тегін еді. Мен оған жақ ашпадым бәрібір ғой Құр сөзге қос құлағым «семіреді». Түмен: Айта бер, айып емес мұңыңызды, Көрмейміз бізде бөтен мұныңызды. Ауданның активіне білдірсек біз, Иншалла, білер еңбек-бұлымызды. Жирен ат: Алты ай жаз біреу мені жайлап мінді, Арқама жабу салып жайдақ мінді. «Кетер деп, кең бекітпей аяғымды» «Кәрінің» қақ басына байлап мінді. Әрине, сол себептен жауырғаным, Жиреннің жан білмеді ауырғанын. Кәрінің қара шыбыны қаптағасын, Жайылмай жерге жатып бауырладым.

Тер қатып, тепкі тиіп терлегесін Қурады күнге күйіп сауырларым. Жан ашып жалғыз ауыз сөз айтпады, Қайтейін, колхоз басшы бауырларым. Түмен: Ауданнан «Кәрі» келдім қадам басып, Қайтуға қарындаспен амандасып. Ақбақа қасқа маңдай қан жиренсін, Колхозбен не қыласың жамандасып. Жирен: Ақсақал өздеріңше осы қалай Қаусатып қабырғамды қақтағаны. Жауырдың жаман екен қатпағаны Жалтырап жауыр жара көрінгесін Кәрінің қара шыбыны қаптағаны Санитар сенен де бар, мал дәрігер, Жарама жалғыз дәрі жақпағаның. Тақымдап тай күнімнен мініп жүріп Малыңдай меншігіңнің бақпағаның. Жағдайға сол күндегі қарағанда Ит тартып, кеудемізді құс жейтін ед, Сау болсын, ауыл Совет сақтағаны. Бүл дәуір, жалған емес, шынның күні!

Өзара – бетіңе айтар сынның күні. Біреуді сырттан айтып даттамалы, Біреудің көзін көріп мақтамалы Көп білік көпшіліктен артық болмас Көсемсіп көпшілікті бастамалы Аяқсыз айтқан сөзді тастамалы Жиреннің кімге жетер қақсағаны Жауырьп аяғынан ақсағаны Ауданға арызымыз бара жатар. Шағындық шал көрінсе қақсамалы. Санитар денсаулыққа деректі орын, Жауырға жара менен керекті орын Не пайда білетұғын бас шамалы Жанымыз жарық жазға жетсе болар Дегенге арық-жаман ақсамалы Жолдастар, күле көрмең көргендерің, «Кәрінің» қаңғырып жүр қасқа малы Өлсем де өз басыма өкінбеймін, Колхоздың аман болсын басқа малы. Түмен: Әңгімең салмақты екен қасқа жирен, Сырыңды сыртыңа көп шашпа жирен. Сен әлі құлан-таза жазыларсың. Өзінді жамандыққа баспа жирен. Ниетің дұрыс екен сөзің дәмді Орнына бәрі келер саспа жирен. Сен өзің адамдайсың жылқы болған, Апырмай тіл-ауызымыз тасқа жирен... – деп енді кете бергенімде жирен байғұс тісін ақситып, құйрығын бір шипаң еткізіп қала берді. Тісін ақситқаны күлімсірегені болар ма деп ойладым. Түмекеңнің өлеңіне, әдемі әңгімесіне көпшілік қыран-топан болып күле берген екен.

«КЕНЖЕ КЕЛІН»

Соғыс аяқталып, елдің еңсесі көтеріле бастаған кез. Сәттіғұл мен Түмен көбінесе бір жүреді. Реті келіп жатса ағыл-тегіл жырлаудан да жаңылмайды. Бірде Мұңалдың белгілі азаматы, әрі сөзге би, өзі де жауапты қызметтердің басын ұстап жүрген Бәшен Есенжановтың үйі соғымға семіз бір қара атты жаратты деген хабар екі ақынның құлағына тиіп, Бәшеннің бар-жоғына қарамай үйіне түстенуге келіседі. Жалпы «Бәшен ауылда жоқ-ау деген де» сыбыс естиді. Бірак неде болса деп, Бәшендікіне келеді. Бұар алдын ала сөз байласып Сәтекең Түмекеңе:

– Кенже келін, сөз иесі, көргенді келін ғой, барған соң, өзара күбірлесіп отырып алмайык, амандасуды мен өлеңмен бастайын, сен жалғастырып отыр, – дейді. Түмекең келісе кетеді. Тыстан ақындар кіріп келгенде, Кенже жалғыз өзі ұршық иіріп отыр екен. Ол қайынағаларын көріп, орнынан тұрып, иіліп сәлем етеді. Төрге төсек салып, көпшік тастайды. Амандық-саулық сұрасқан бойда Сәтекең: ІІІырағым, аманбысың, Кенже келін. Өзіңді санамаймыз кемге келін, – деп Сәтекең Түменге қарап күлімсірейді. Сонда Түмекең: Сен емес ризыққа кенде келін, Білмейді-ау шалдар жайын өңге келін, – дегенде Сәтекең іле: Бәшенжан бозбалалық жасайд дейді, Егерде сыртқа кетсе сенбе келін, – дегенде Түмекең: Айтқаны Сәтекеңніц рас болса, Жайыңа қарап жүрме сен де келін, – дегенде Сәтекең: Шалдардың басы ауырып шөлдеп келді, Шайыңды жылдамырақ демде келін, – деп Түмекеңе басын бір изеп қояды. Сонда Түмекең: Шалдардың басы шайға жазылмаса, Қара аттың қазысымен емде келін, – деп екі ақын сөздің тоқ етерін айтып, лекіте күліп тоқтаған екен. Кенже келін бұларды тыңдап, көзінен жас аққанша күледі. Әдемілеп шайын да дайындайды. Сол кезде Кенженің жас шамасы 35–36–лар шамасында екен. Ол жақсы қасиетімен, қонақжайлылығымен ашық жарқын мінезімен, кеңпейілділігімен, аты шыққан кісі екен. Өзі де өңді, сұлу әйел болған екен. Реті келсе әзіл сөзге де жүйрік, анау-мынау сөзге апшымай, кейде өз қатарлы адамдарды сескендіріп те отырады екен. Кенже Қосай ауылының қызы. Ол екі ақын ақсақалмен біраз әңгіменің басын қайырады. Көңіл көрігін қыздырған Сәтекең жалпы әр сөзін санап сөйлейтін, бірақ айызыңды қандыра сөйлейтін ділмар. Ал Түмекең желдірте, екпіндете, күлдіре сөйлейді, іркіліс, ілік-шалыс болмайды. Сонымен тәтті шай ішіліп, табақ толы жал-жая, қазы-қарта да келіп жетеді. Ашқұрсақтау жүрген шалдар да көңілдене түседі. «Ердің атын қатыны шығарады» деген емес пе, «Кенже келін»деген ақындардың сөзі лезде елге тарап, күні бүгінге дейін ескірмей, ауыздан-ауызға түспей, айтылып келеді.

СӘУБЕТКЕ

Шаруаның жағдайына қарай Таушық пен Сартастың арасында көшіп-қонып жүретін дәулетті, мал-күйі бар руы Қыдырша Сәубет деген кісі бірде той жасап, Таушық, Сартас және көршілес Форт–Шевченко (қазіргі «Түпқараған» ауданы) ауданының Киров атындағы балықшылық колхозының адамдарын шақырады. Кировтан келген қонактардың ішінен «арақ аз болды» деп өкпелегендер шығады. Сонда Түмекең төмендегідей әзіл өлең шығарған екен: Сау болсын, Сәубет ағай той қылыпты, Тойына қос қошқарды сойғызыпты. Екі аудан қонағына қол қусырып, Қызыл шай, ащы араққа тойғызыпты, Ақ отау жасанып тұр, бауы парша, Желегін зер мақпалдан ойғызыпты, Екі үйге бәрін әрең сыйғызыпты. Шалдардың шақырудан шаласына, Сыбаға сыйлағаннан қойғызыпты. Арақты аңсағанға құйғызыпты. Кировтан келген екі-үш қонақтары. Бар екен ақылдан да шолақтары Айқайлап «арақ сұрап» керіс қылып, Бірақ та бал сорпаны сораптады. Сонда да шалабурыл шатқаяқтап, Атына міне алмаған «дорақтары»..!

КЕНЖЕНІҢ АРЫЗЫ

Кейбір басшылар өзінен төменгі қызметкерлсрі парасатты, білікті және өзіндік пікір-ұсыныс айтатындарды жарата бермейтіні бар. Міне, осындай келеңсіз әдетке Есенжанов Бәшеннің әйелі Кенже де ұшырайды. Ол қызмет атқаратын бір мекеме басшысы «штат қысқарып қалды» деген сылтаумен жұмыстан екі-үш рет шығарады. Бірақ Кенже арызданып, бұрынғы қызметіне қайтадан алына береді. Осы бір жағдай Түмекеңнің құлағына шалынып қалып, Кенженің атынан өлең шығарады: Советжан, сәлем жаздым, саған жаным, Екі рет штат болды маған жаным. Біреудің бірдеңесін жегенім жоқ, Біреуге бір ауыз сөз дегенім жоқ. Қайда да алған ақым табан, жаным. Көңілдің көрсетуте мұңын шағып, Ізденіп елден жақсы таба алмадым. Бакуден шаланменен шай келген күн, Ақ секер, тәтті кәмпит, май келген күн Еңбекші есебіне саналмадым. Кәртішке бес жүз грамм біз аламыз. Беделмен бір зат сұрап ала алмадым. Жазымы бұл жалғанның жан қаза бар. Жан түгіл аузыңдағы нан қаза бар. Тегіміз терезедей тең емес пе, Әділдік әрдайымда жөн емес пе? Бұл штат маған десе қисаяды, Штатты жасап жүрген сен емес пе!? – депті. Бұдан соң осы өлең елге жайылып, мекеме басшысының да құлағына тиіп, «штат қысқартуы» қойылған екен.

ЖАЙЫҢА ЖҮРШІ ЖАЛҒАСБАЙ

Бұл оқиға 1933-34 жылдары болған тәрізді. Сол кезде Түмекең елулерге келіп тоқтасқан жігіт ағасы кісі ексн. Бозашы түбегінен бар малы қолды болып, ортаға түсіп, күнелтіс жағдайы болмай, қазіргі Түпқараған ауданына қарасты Қаңғаның маңындағы «Ақшәуіл–Жеңсемді» жеріне көшіп келеді. Күй жағдайлары өте төмен еді. Сол «Ақшәуіл–Жеңсемді» жерінде мол бұлақ көзі болды. Сол жерге жазғытұрым Түмекеңдер егін салады, өзі күні-түні қара жұмыс жасап, тек өлмешінің күйін кешеді. Олар егін салып, ел артельге бірігіп жатқанда сол жерді бұрыннан жайлап отырған Жалғасбай деген ауқаттылау бір адам «Су да, жер де менікі, егін салдырмаймын» деп ұрыс-керіс шығарады.

Жұмысқа көп кеселдік келтіреді. Сонда ренжіген Түмекең Жалғасбайға мынадай өлең шығарыпты: Қошанның ұлы Жалғасбай Жайыңа жүрші жарқыным Көрінгенге жармаспай. «Ақшәуіл мен Жеңсемді» Жаман әдет алыпсың, Өзіңнен басқа жан баспай. Ақиқатын сұрасақ: Алпыс бірде жасы бар. Ақпалы судай шашатын Алжасты сөзден қашатын Миы жоқ құр кеуек басы бар «Серік, артель астық бермес» деп, Жасайын деп жүрген қасы бар. Жәкеңнің барсақ үйіне Ақ шұбат, айран, секер-шай. Аяусыз берер асы бар. Қара жерін құдайдың Қызғанғаны бұл қалай? Айқай-сүрең, ұр да жық, Мінезіңнің жылдамы-ай. Кеңшілікті көп көріп, Құдайдың таршаң қылғаны–ай. Сабаңа түс жарқыным, Аузыңды енді былғамай. Осы өлеңді естіген соң Жалғасбай жуасып, «Әй, Түмен сөзің бар болсын» деп кейін қайтып жүре берген екен.

БАЛЫШТЫҢ ҚАЙНАҒАСЫ КЕТЕГЕ АЙТҚАНЫ

Таушықта руы Қырымқұл Кете деген жалғыз басты бір жарлы шал Балыш деген келінін паналап, соның үйінде жатып, жұмыс жасайды. Кете бір күні Балышқа «Атымның қамытын ұрладың» деп кінә тағады. Балыш орынсыз кінәні көңіліне қатты ауыр алып, қайнағасына: – Апырай, үйсіз-күйсіз әркімдікіне бір қонып, қаңғырып жүргеніңде жаным ашып паналатып едім, өзің ағайын, дардай қайнағамызсың. Маған «қамыт ұрладың дегенің не сөз, ол қамытты қайтушы едім, күйдірдің-ау, жазығым не?» – деп оттан көйлек киіп, ренжиді. Жазықсыз кінәлі болғанын Түмекеңе айтады. Түмекең: «Алжып жүрген болар, қайтесің енді, қуып шықпай сабыр ет, ел-жұрттан ұят болар,

мен оны тәртіпке шақырып көрейін» – деп сол бойда Балыш болып өлең шығарады: Емдінің еркек-бозы жыйнағаным, Кетені кетті рия, сыйлағаным. Аллаға айтпасақ та аян шығар, Қайнаға, менен басқаға сыймағаның. Тентектің патша-көңіл көзін жабар, Тентекті не қылғаның тыймағаның. Салқындық салдары деп саналмай ма, Қоғамның қолыңдағы мүліктерің Жасырып, күтіп ұстап жыймағаның. Адамға ауыр сөз ғой «ұры» деген, Алдың деп қамыт-қайыс қинағаның. «Жолдасқа қырық күндік сәлем» деген, Сәлемді сәл нәрсеге сатқаның ба Шалжиып қақ төрімде жатпадың ба? Жалтырап ала басың жатқаныңда Бүркештеп көк көрпемен жаппадым ба? Алты ай жаз бір ауыз сөз айтпай жүріп, Қайнаға, пәлеңді кетеріңде сактадың ба? «Қайнаға» дегенімді құрмет тұтып. Бір ауыз жылы сөзбен ақтадың ба? Жүрсің бе менен көріп, әлдеқалай, Кемпірің жатпаған соң қапталыңда..!

АҚТАМАҚҚА

Аманбысың Ақтамақ, Өзіңде бар бақ-талап. Дүкендегі тәттіні «Еміп жүрсің» ақталап. Қылықтысың, қызықсың Жазық маңдай ақ қабақ Бар тауарың қолыңда Сондықтан да шырағым Дүкеншіні жұрт мақтамақ. Матаның кидің қызылын, Дүкеннің көрдің қызығын Кейде естисің халықтың Келіссіздеу ызыңын. Дүкенші қыз Ақтамақ Шығарып тағы жіберме, Алыстан келген ағаңды Иығыңмен қақпалап.

САЛТАНАТҚА

Салтанат десе Салтанат Аяқты басып шалқалап Бойлы, сойлы көрнекті Ауызыңнан бал тамад. Салтанат сахи деген соң, Бір–екі шалды ертіп ап, Рас еді барғаным Қызыл күрең шайымен Қолдан келген жайымен Тортасынан айырған «Маслопром» майымен Қонақ етіп сыйлады. Қарындас екен көргенді Аз отырып барладым Баяғы күнім болса егер Іліп түсер еді–ау қармағым. Алпыс төрт деген жас құрығыр, Салып отыр салмағын. Түйені айта береді Шал–шауқандар жан–жағым. Өлеңге ғана күшім бар, Шауып қалған тарланың?..

ДОҒАЛАҚҚА

1950 жылдардың басында Түмекең жазда тастемір жары Дүйсенғұл, есен жеменей Іскендір, шоңай Кемел. тағы да басқа бес-алты үй болып жеке шаруасымен отырады. Сол жылы олар «Есекжардың» бойынан тыңнан құдық қазуға ауыл адамдары болып, іс басына келеді. Сонда Доғалақ деген бір адам: «Қолым тимейді, жұмысым бар, менің де малым көп емес қой, өздерің қаза беріңдер» деп ақ жабулы торы қасқасымен Таушыққа қарай кете барады. Сонда Түмекең ренжіп былай деген екен: Атың қалай Доғалақ Мұрның қалай домалақ Күйеу бала дейтін ем. Жеменейден қыз алдың Бүгінгі күн көргенде Қорқып қалдым кейпіңен.

Кенсірігің кесілген, Танауың қалай тесілген. Есекжардың бойында Ащыағарлы ойында Біз келдік құдық қазуға Сен келмедің Доғалақ Қашып кеттің кердеңдеп Кетем бе деп домалап.

БІР ЖИЕНГЕ

Аярлықпен ісің жоқ, Сендей жомарт кісім жоқ. Мұздай арақ қоймады-ау Аузыңда бір тісің жоқ.

СТАНҒА

(Түмекеңнің інісі Еменнің баласы Станға шығарған өлеңі. Бүл бала кейіннен қайтыс болған) Станымды ұстадым, «Бесқораға» қыстадым. Өнген жерін сұрасаң Таушықпен «Жетіншінің» арасы Өскен жерін сұрасаң, «Есекжардың» саласы. Жұрт әлен-пәлен дегенмен, Бұл көкесінің баласы.

ШАРУАМЕН ІСІ ЖОҚ

Түмекең шаруаға қыры аз, көбіне ел қыдырып, той-садақамен жүріңкіреп қалады екен. Сонда Түмекең қыздары болып өзіне өлең шығарыпты: Папамыздың бар екен, Екі сары саулығы. Аузының түйір тісі жоқ, Бар-жоғын байқар тісінің «Дені сау» үйде кісі жоқ. Кемпірі бар кегежек Шалының да сірәдан Шаруамен ісі жоқ. Саулықтың түрі сары екен Заманға қарай заңды мал «Браховкі» кәрі екен...

ӘСИЯҒА

Әсия Тұрниязова деген көп жылдар бойы Таушық дүкенінде сатушы болған көпке қадірлі кісі болды. Түмекең әзіл-шыны аралас өзі «Шытша» деген жерде отырып, руы ескелді Қанаш Есенкелдиев деген жігіттен төмендегідей сәлем-хат жазып жіберген екен: Сәлем де, Әсияға «досқа» берсін, Ақшасыз «досқа шайды» босқа берсін. Қар қалың, етігім тар, жете алмаймын. «Грузин» көкаланы қоспай берсін. Халықтың дастарханын жайып тұрған, Әсия, Алла сені қоштай берсін...!

САЙЛАП АЛДЫМ

Бірде Ақық деген бір әйел, өзі сұлу кісі екен, Түмекеңе: «Мына бір жаман кемпірді көріп алдың ба, көрмей алдыңба?» – деп әзілдепті. Сонда Түмекең табан астында былай деті: Бесқала жақтан оны сайлап алым, Әуелден отын-жібін байлап алдым. Әкелдім Маңғыстауға он бесінде, Адам ғып шаруаға пайдаландым. Ұл туды, құдай алды мен қайтейін, Мұнымды деген жоқпын қайдан алдым. Байың жоқ қызғаныштан айттың ба сен, Ал өзің бойдақ болып қайда қалдың? – дегенде Ақық сұлу: «Ойбай Түмеке, мынауыңды ешкім ести көрмесін» – деп тұра қашқан екен.

ИБАЛЫ ЖЕҢГЕМ...

Бірде Түмекең үйі «Төбеқұдық-Шытша» жағынд отырғанда Таушық маңын жайлаған қожантай Қонарбай деген ағайын шалдың үйіне қоныпты. Қонарбайдың бір шауа мал-күйі бар шаруа адам еді. Кемпірі Ибалы аққұба жүзді, бір аяғын ақсап басатын кісі еді. Ибалы Түмекеңе мал сойып немесе қазан көтермеген көрінеді. Нан-шай, көже-көпірмен жатқызады. Ертеңіне Қонарбайдың үйінен шығып келе жатса бір танысы кездесіп: «Түмеке қабағың салыңқы ғой, кімдікіне түнеп шықтың?» – дейді. Сонда Түмекең: Қонекемнің үйінде

Әдемі жеңгем Ибалы. Озалдан дәулет жиғаны, Сары таба нан, қызыл шай Ішімде кетті сыйғаны. Сондай «мырза» жеңешем Қайнысына бір кесек. Ет асуға қимады. Ішек-қарным шылдырлап, Түніменен қинады. – деген екен.

КӨК СЕРКЕ

«Қаңға» жерінде отыратын руы табынай Мөріш деген кісі колхоз малы түгілі, өз малын өзіне сойдырмайтын қиын-қыстау жылдары колхоздың бір серкесін аштықтан әбден көзі қарайған соң, сойып алыпты. Меріштің көршісі, әрі малшы Амантұрлы деген біреу оны сезіп қалып, заң орындарына хабарлайды. Әлгінің «шолақ белсенді» деген аты бар екен. Содан Мөріш әңгімелі болып, басы біраз шырғалаңға түсіп, зорға құтылады. Мұны естіген Түмекең бір күні Мөрішке кездесіп қалып, амандасқаннан кейін оған былай деген екен: Амандостың Мөріші, Құдайдың саған берісі. Көк серкенің етін жеп Кеңейген екен терісі. Сені әңгіме қылып жүр, Гуілдесіп ел іші. «Жар астында жаулар көп» Олар көзге түспейді. Барысы мен келісі. Күндіз тыным таппаған, Түнде ұйықтап жатпаған Қасыңдағы көршіңіз Амантұрлы деген не кісі? – деген екен.

САРЫБАЙҒА

«Орман қора» деген жерде отырған сексен жастағы руы жәдігер Сарыбай деген қария ауырып қалғанда Түмекеңді шақыртып алады. Түмекең «қауіпті ештеңе жоқ» деп көңілін жұбатып отырып айтқан екен дейді: Руың сенің Жәдігер, Бола берме әбігер. Қарттық итке сөз бар ма, Не істей алсын дейсіңдер Молда менен дәрігер. Кемпір екеш кемпірде Жақындасаң «әрі» дер.

САРЖАН КЕЛІН

Күйеуі соғысқа, майданға кеткен Саржан деген әйел жеменей ауылынан қуғанда Түмекеңе келіндігі жақын екен. Ел ішінде әлгі әйелдің «жеңіл етек, жел етек» деген аты шығады. Тіпті мұнысы әшкере де болып қалады. Сонда ары келген Түмекең: Қарағым, айналайын Саржан келін, Тасындай Самарқанның маржан келін. Бір кезде қол жетпейтін қымбат едің, Бұл күнде неден болдың арзан келін?..– Сұлуға сұқтанушы көп болады, Атанба жеменейге «жалған келін», – деп ұялтқан екен.

«ЖЕДЕЛДЕС ЖЕҢГЕМ БӨПІШЖАН...»

Түмекеңнің бір Бөпіш деген жеңгесі болған екен. Күйеуден ертерек қалыпты. Бөпіштің де «әркімдермен жүреді» деген жаман атағы шығады. Ол Түмекеңе жеңге болғанымен жас шамасы көп кіші екен. Бірде ол Түмекеңе ойда жоқта оңашада кездесіп қалады. Түмекең: «Әй, жеңгей, әртүрлі әжептәуір әңгіме естиміз, ойын-күлкісі құрығырды алақандай ауыл ішінде, бетке шыққан сүйелдей болмай-ақ қоя қойсаң болмай ма?» – дейді. Сонда Бөпіш айылын жимастан: «Әй, қайным-ау, өзің басыңды бір көтермейсің, мені біреуден қызғанып қайтесің? Сен басыңды көтеріп келгенде, мен кеудеңнен итерген жерім бар ма?» – дегенде Түмекең сөз таппасын ба, Бөпішке былай депті: Бөпішжан-ау, Бөпішжан, Жеделдес өскен жеңгемсің. Көтере алмадым басымды Елу мен ұйқы жеңгесін. «Қызылың» барда қимылда. Көңілің бір желденсін.

ӘЗІЛ–АПАТ

Жайлап айту әзілді жөн емес пе? – Бір-біріңді әзірсің келемешке. Қызыл танау айтысып қаласыңдар, Ойындарың бергісіз төбелеске. «Ақ жаулықты қос бұрым қатын болып», – Айналмасын арт жағы ерегеске.

БІР ІНІМЕ

Жұмсай қалса жай айтып бөгелесің, Сен осы жәркелек пе, неменесің. Әсияның дүкені аша қойса Құйын болып жеткізбей жөнелесің. Арақ десе «үйірді» таба қойдың, Толтыра алмай өңештің кенересін.

«КАРТОЖНИК» БАЛДАРҒА

Бірін-бірі өтірік құрметтейтін Отырыссыз күні жоқ бірге өтпейтін. Есіл-дерті бір-бірін ұтып алу, Бар болғырлар күні жоқ құр кетпейтін. Бар айлығын «қан сиіп» ұттырады, Қатын-бала үйде отыр үргектейтін. «Жиырма бір» деп, «мөшкі» деп құржың қағып Шілде-жазда осылар дірдектейтін Боқтасады қаралық жасай қойып, Шалдар да жоқ «қойыңдар, тұр кет» дейтін.

«ТҮМЕКЕ АЙТҚАНЫҢНЫҢ ҰШЫҒЫ ЖОҚ...»

Бірде от тілді, орақ ауыз, айтқыр Жұбаев Құлшық: «Түмеке, сіз айтты деген сөзді көп естиміз, қыран-топан күлеміз де қоямыз. Бірақ Түмекең «солай деген екен» деп көңіліне ауыр алып жүрген бір адамды кездесітірмедім, айтқаныңыздың ұшығы жоқ-ау» дегенде Түмекең: Көзбен керген кемісті Өлең сөзбен айтамын. Мақтаменен бауыздап, Қағып түсем шайтанын. Айтарымды алдымен Торуылдап байқадым Дей алмаймын әрине Бұл ғұмырда шайқадым. Тәубесіне келтірдім Еркектің де сайқалын Сен де сөздің иесі Жарының жыры – Құлшықсың Шай ішіп кет,түстеніп, Қалайша бұл Құлшык би, Қуыс үйден құр шықсын.?! – деген екен. 1955 жыл.

ТҮМЕКЕҢНІҢ ЖАСТЫҚ ШАҒЫНДА ШЫҒАРҒАН ӘЗІЛ-СЫҚАҚТАРЫ

САРАҢ БАЙҒА

Дауысың жаман қарлыққан, «Тұмауға» күнде шалдыққан Алланы бір айтпайсың Хабарың бар ма шалдықтан? Бөтен адам көрінсе, «Бұл кім-ай» деп аңдытқан. Киімің жоқ келісті, Әкеңмен жасты кебісті Қара сандыққа салдыртқан Пейілің кетіп байеке-ау, Алдыңдағы бір қора, Қайыр көрмедің жандықтан..!

«ЖЫЛТЫР ШЕКЕ АСЫЛЫМ...»

Бір байдың баласы: «Түмен, сен осы мені де бір мақташы, еңбегіңді жемеспін» – дегенде Түмекең «Шындықты айтайын ба?» – депті. «Иә, әрине, солай ғой» – депті бай баласы. Сонда Түмекең: Жылтыр шеке асылым, Тұлпар тұяқ тасырым Жастайыңнан таз болдың, Оқтын-оқтын қасыдың. Оқи алмай молдаға Зеректі болмай, жасыдың. Сонда да сұлу ойнақы Білдің қатын алуды Алшы тұрды асығың. – дегенде бай баласы тоқтатып, «шындықты айтқанда солай айта ма» деп ренжіпті.

«ТҰЛА БОЙЫҢ ТОЛҒАН МАЙ...»

Түмекең 25-26 жастардағы шамасында Бесқала жакқа «қалашы» болып керуенмен бірге бара жатқанда Үстірт үстінде отырған бір байдың ауылына келіп аялдайды. Сұраса келгенде бұл ауылдың адамдары Түмекеңді сырттай білетін болып шығады. Түскен үйінің иесі Түмекеңе нағашылығы да болып әзіл-қалжыңдары жарасып кетеді. Бұл төрт түлік малы мыңғырған адам екен. Тоқалды жұмсап, түйенің жарты етіндей болып сылқылдай күліп отырған байдың бәйбішесі: «Әй, жиен, нағыз шығарушы ақын болсаң мені әрі мақтай, әрі жамандашы, әуселеңді көрелік» – дейді. «Ойбай, асығыс жол жүріп бара жатырмыз, онда ұзаққа шабамыз ғой» – деп Түмекең ыңғай білдіре қоймайды. Еріккен қатын: «Ең болмаса бір-екі ауыз айтшы» – деп жібермейді. Байы да «Сенде сөз жетеді екен, айта ғой» – дейді. Сонда Түмекең ойланбастан: Тұла бойың толған май іркілдеген, Шелектей балтыр етің күлтілдеген. Бұғағың салбыраңқы, сиыр емшек, Сөйлесе желдей есіп іркілмеген. Апырай шай ішпей-ақ тойып болдық, Күмістей сыңғырлаған күлкіңменен. Бет жағың шар табақтай көрінеді Бір қатын екенсің сен күмпілдеген. Бұт жағың семіздіктен талтақ екен, Құйрығың тас астаудай жалпақ екен Кең жазық кеуде жағың шалқақ екен Тау болып төңкерілген қарның қандай Ішіне көлдің суын қандырғандай Қасыңда бала құсап байың отыр Ол өзін жар астында қалдырғандай, – деп төкпекте жөнелгенде, бәйбіше екі көзі шатынап, «тоқтат» деп, үйелеген түйедей қол-аяғын сермелеп, орнынан ұшып тұрады. Сонда байы: «Жаңа ғана өзің емес пе, әуелі жамандап, сосын мақта деген» – дейді. Бәйбіше ашуын басып: «Ал, мақташы»–деп сабасына түседі. Түмекең енді майын тамызып мақтай жөнеледі: Жеңгесін сұлулығың елден асқан, Қиыр шет, жердің түбі белден асқан Төсіңде қос балапан бүлк-бүлк етіп,

Бүрмелі етек көйлегің кең жарасқан Бір үйді күлкіңменен толтырасың Камзолың көркем екен өрнегі асқан. Қырықта қыз мүсінің бұзылмаған Өзіңе жетер жан жоқ керме қастан Күн шығып тұрады екен қабағыңнан, Бес бала төгіліпті балағыңнан Кезің жоқ еш көңілді жара қылған Сен өзің қыр басында қызыл гүлсің Әлі де үзілмеген сабағынан. Жайылды алты Алашқа дархандығың, Татпаған бір жан бар ма айта қойшы, Дәм толы алтын зерең, табағыңнан Кереге басынан бір бас кетпейді Кез де жоқ бөтен жұртқа таба қылған. Құрмалап құдай қосқан байың жақсы Шықпайтын сенің жылы қабағыңнан, – деп Түмекең біраз мақтағанда бәйбіше қатын: «Мал сойылсын, мол дастархан жасаң, керуен кідіртілсін» деп Түмекеңе шапан жауып, астына таңдаулы бір ат мінгізген екен.

МАЗМҰНЫ

Сәттіғұл Жанғабылұлы Халық жыршысы Өмір өткелдерім Уа, жігіттер, масықпа Тайыр ақынға хат Москваға сапарым Алматы сапарында Пушкинге Каспий ерлері Амангелді батырға Біз жеңеміз Сталинградтан жау қуылғанда Әдіс керек әртүрлі Исатай батыр Ажарлы екен төлдері Арнау Халықтың ұлы канышқа Бүгінгі Қазақстаным Маңғыстау — малдың анасы Жетібай туралы жыр Тоқсанның белесінде Тобанияз хан тұрғанда Әлі де сөзім дөңгелер Тобанияз түрмеге түскенде Халықтың ұлы Жұбаев Саламатұлы сарбасқа Атаңа тартқан сендерсің Адайдың он жеті Бай-мырзасына айтқаны Аңыздар, әзіл-қалжың Сөздер Әзіреті Ғалидың құл болып сатылуы Мақпал қызға шығарғаны Сәттіғұл мен көк ат Кенже келін Бәрінен де оңдысы Қозыны қонақ құртады-ай Тұржанға Алшынға хат Шаланға

Тарихи жыр – дастандар Ол ит жылы деген жыл еді Досан батыр Сәттіғыл жырларына түсініктер Өскінбай Қалманбетұлы Күйші, әнші, жыршы, ақын Балқасым биді жеңуі Бурабек, ырзабек байларды әшкерелеуі Алмағанбет байды тілдеуі Айта бермес өлеңді әркім мендей Жастар едік.... Қаракөз Ақерке Кербез айша Атымыз болар Өскінбай Қоштасу Жирен жорға Жеті бұлбұл Түмен Балтабасұлы Өксіп өткен өнер Маңғыстау Ісіне жасағанның шүкірлік ет Түменнің Сәттіғұлды жұбатып, көңіл айтуы Құтты болсын тойыңыз! Сәттіғұл ақынды құттықтау Бәріміз де Байұлы Тас көмір тау астында тасып жатыр... Адай тегі туралы Сайлаушы, сайком жолдастар..! Сағыныш Шахта жұмысшыларына Біз адай деген ел едік... Алтынға Айналайын балалар Аш болсаң... Құдіреті күшті кең АЛЛА Қыздарым да – құлыным Қашты-қуды өлең сөз... Өткен күндер Исатай қазасына Бәйбіше Дүйсенбайға Айдархан ініме Кейінгі толқын жастарға

Төлегенжан Ержеке өзің аман бол Сары атанның шағымы Көтерем көктің арызы Ақын мен жирен ат Кенже келін Сәубетке Кенженің арызы Жайыңа жүрші Жалғасбай Балыштың қайнағасы Кетеге айтқаны Ақтамаққа Доғалаққа Салтанатқа Станға Бір жиенге Шаруамен ісі жоқ Әсияға Сайлап алдым Ибалы жеңгем... Көк серке Сарыбайға Жеделдес жеңгем бөпішжан... Саржан келін Әзіл–апат Бір ініме «Картожник» балдарға «Түмеке айтқаныңның ұшығы жоқ...» Түмекеңнің жастық шағында шығарған Әзіл-сықақтары Сараң байға «Жылтыр шеке асылым...» «Тұла бойың толған май...»

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙