Өмірдің өзі – новелла
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Темір Мыңжас — «Өмірдің өзі – новелла». ЖЕЗДЕ
/uploads/6affabba-116a-5b4e-92ec-95192a6fa430/cover.png
ЖЕЗДЕ
"Өлінің үрейі риза болса, тірінің мерейі риза".
Халық нақылы.
— Темір-ay, мен туралы жазсайшы,-дейтін кейде Ерболат жездем менің журналистік жолға түсіп, мақала, өлеңдерім газетке шыға бастағанынан хабардар екенін байқатып. Мен де оны сөйлету үшін әдейі мән бермегенсіп, тұмсықты көтеріп қойып:
— Сізді не деп жазамыз? -деймін.
— Менің өмірім, басымнан өткендердің өзі бір кітап боларлық,- дейді Ерекең.
Балалық па, әлде шалалық па мен оның өз аузынан өткен өмірі жайында тыңдауға құлық танытпадым. Бәлкім, оны арамыздан мезгілсіз, ерте кетеді деп ойламаған шығармын. Шынында да ауру сырқаудан ада, тепсе темір үзетін отыз бестегі қайратты жігіт аяқ астынан бақиға аттанып жүре береді деп кім ойлаған.
...Менен бес жас үлкен Тұрсын апам тұрмысқа шыққанда мен он екі жасар бала едім. Білетінім иманды болғыр Бітеген құдамыз бен Илаш құдағи жөн-жоралғысын жасап, біздің үймен араласты. Бітекең жездеміздің әкесі Өтегеннің туған інісі екен.
Миллиондаған адамға қайғы-қасірет әкеліп, талайды зар қақтырған сұм соғыс бұл әулетті де айналып өтпеген. Естуімізше, Отан қорғауға аттанған Өтеген сол кеткеннен оралмаған, "балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен" тар заманда адамды жағдай билейді дегендей, анасы басқа біреудің етегінен ұстайды да, жалғыз ұлдары Ерболат аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленеді. Зіңгіттей жігіт болып, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін көңілдері жарасып, апамызға үйленеді.
Сонымен біздің Ерекең жездеміз туралы оны білетіндерден сұрай қалсаңыз, аңқылдаған ақ көңіл, үлкенмен де кішімен де жадырай жөн сұраса кететін кішіпейіл азамат болғандығын айтады. Арамдығы, қулық-сұмдығы жоқтықтан болар, дос-жаранмен арқа-жарқа көңіл көтергенді жақсы көретін. Бірақ, қандайма жағдайда да отбасының шырқын бұзғанын, айқай-шу шығарғанын, біреулермен кикілжіңге барғанын көрген де, естіген де емеспіз. Көңілденген кезде:
Өзенім, менің Өзенім,
Өзенім менің — өз елім!
Болмаса да өз елім,
Өзенді өз елімдей көремін,
— деп әндететіні бар-ды.
Әлі есімде, апа-жездеміз көшіп-қонып жүрген жас отбасы ғой, бір тоқтысын біздің үйге қосып қойған-ды. Мен ата-анамның төрт қыздан кейін көрген мырзасы, үйдегі "атұстардың" үлкенімін, сондықтан болар еркеліктен, тентектіктен алдыма жан салмаймын. Жасым он алтыға толғанда "туған күн жасаймын", деп қиғылықты салмаймын ба?! Ол кездерде туған күнді тойлау деген ел арасында қазіргідей кең етек алмаған, әрі оны тұрмыстық жағдай да көтере бермейді.
— Балам-ау, оған мал керек,ақша керек, қолдағы қозылы саулықтар кілең арық-тұрақ,-дейді әке-шешем бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай.
— Ерболат пен Тұрсынның тоқтысы бар емес пе,соны сою керек,-деймін мен де қалыспай, олар бір-біріне қарап, мырс-мырс күледі. Ақыр менің дегенім болды. Сөйтіп, он алтыға толғанымды сыныптастарым, ауылдастарым дүркіретіп тойлады.
Арада төрт-бес ай өткеннен кейін апа-жездеміз қыдырып келді.
— Туған күн жасапсың құтты болсын,-деді Ерекең, байқаймын қарқ-қарқ күлуге шақ қалып тұр.
— Иә, жасағанбыз,-дедім дым білмегендей.
— Тоқты сойыпсыз ғой?..
— Иә, сойғанбыз...
— Ол кімнің тоқтысы?
Жауап қатудың орнына бұрылып бетіне қарап едім, қарқылдап күліп жіберді. Қосып қойған жалғыз тоқтымды бұлар сойып қойды-ау деген ой қаперіне де кірер емес. Бір шалдың борбайына қарап отырған, көп балалы отбасының жағдайын жақсы білгендігі ғой, сол баяғы кіршіксіз, ақ жарқын қалпы. Сондықтан болар, біздің үйдің іші оны өте жақсы көретін-ді.
Мен есейе келе тезірек мектеп бітірсем, жасы пайғамбар жасынан асса да, бала-шағаны асыраймын деп жұмыстан қол үзбеген әкеме көмектессем, ғұмыр бойы тыным таппай тырбана еңбек етіп, талай ауыртпалықты бастан кешкен оны бейнеттен құтқарсам деп қана армандадым. Жұмыс талғамай, жалақы беретін кез келген жұмыс болса жасап кете беруді мақсат тұтқаныммен, мектеп бітіргеннен кейін жолым болмай-ақ қойды. Барған мекемелерімнің басшылары: "әлі он жетіге де толмаған екенсің, өзің әлжуазсып, бойың аласа", деп шығарып салады. Өзіммен бірге мектеп бітірген, төңірегі, тамыр-танысы бар, не бастықтың балалары жұмысқа тұрып кетті. Мен екі айдай жұмыс іздеп, торығып жүргенімде, Жаңаөзеннен Красноводскіге,одан Ақтас ауылындағы біздің үйімізге Ерболат жездем келе қалды. Жағдайымды естіген ол: "Олай болса, мен сені Өзенге алып кетемін, жұмысқа орналастырамын",- деді. "Қайда барсаң да Қорқыттың көрі", деген екен жолы болмай түңілген біреу, маған Өзенде де құшағын жайып тұрған ешкім көрінбеді. Ерекең ертіп барады, барған жеріміз мамандық сұрайды, онжылдықты жаңа ғана бітірген бозбалада мамандық қайдан бола қойсын. Сөйтіп жүргенімде "қалада кәсіптік-техникалық училище ашылып жатыр екен" деген хабар шықты. Сол маңдағы өзім теңдес балалармен танысып үлгерген мен, солармен бірге кәсібін меңгеріп шықтым. Ол кезде барлық сабақтар тек орыс тілінде жүретін, оқытушыларымыз да негізінен орыстар болатын. Тас қалаушы, ағаш шебері, сыршы-сылақшы, электрик, сантехник сияқты жұмысшы мамандықтарына оқыған үш жүздей оқушыдан сегізіміз ғана жергілікті ұлттан едік. Өндірістік практикада бізді ең ауыр учаскеге салды. Жоғары кернеулі, құрастырмалы, алып темір бағандарды дайындап, шел дала арқылы оның желісін тартумен айналыстық. Қыстың қақаған аязды, кейде құм аралас қарлы борасынды күндерінде, жаздың аңызақ аптабында бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келетін-ді. Оң аяғымдағы он үш жасымда футболдан алған жарақатым бар болатын. Сол сыздап ауырып, ісіп, білдіре бастады. Сынығы бітіп, әлдеқашан жазылып кеткендей еді, енді міне, қайта қозды. Дегенмен, өзімді өзім қамшылап, сыр бермеуге тырысып, ауырғанына қарамай, сүйретіліп жүре бердім,ондағы ойым, өндірістік практикамды тезірек бітіріп, ауылға жету, жұмысқа тұрып, әкеме көмектесу еді. Әсіресе, таңертең тұрғанда бүгіп жатқан аяғым жазылмайды. Өзімді өзім күштеп, аяқты уқалап жазып, ауырсынсам да ет қызғасын елең қылмай кете беретін болдым. Бірақ, бұл әдетім де ұзаққа бармады, бір күні төсектен қозғала алмай қалдым...
Менің мұндай халімді көрген жездем де қиналды. Жұмысынан сұранып, қолтығымнан сүйеп, қалалық емханаға алып барды. Рентгенге түсіргеннен кейін дәрігерлер әсіресе, футболшыларда көп кездесетін буын жарақатын алғанымды, бірақ әбден айығып кеткенше емделмегендіктен оның қайта асқынғанын айтып, сол кездегі облыс орталығы Гурьевке жолдама берді. Бұрын барып, көрмеген жерім және өзім зорға жүріп жүрмін, "енді оған қалай барар екенмін", деген күдікті ой қылаң берді. Ол кезде Жаңаөзеннен Гурьевке ұшақ ұшып тұратын, билет тек қана аэропорт басындағы кассадан сатылатын. Апам көзіне жас алып, шығарып салды. Ерекең: "ұшаққа отырғызып кейін қайтамын", деп менімен бірге жүрді. Өзеннің қазіргі автовокзалы тұрған жерден ары қарай аэропортқа дейін мидай дала және көрініп тұрғанымен жеткізбейді. Жусанды, кедір-бұдыр жерлермен жүріп келеміз. Менің жайымды қас-қабағымнан аңғарған жездем: "Асықпа, сәл дем алып ал, үлгереміз ғой", деп қояды. Ал, әлі балаң көңіл мен "қайда бара жатырмын, алда не күтіп тұр", деген өз ойыммен әуремін.
Аэропорт кассасының алды топырлаған адам екен, кезекке тұру деген жоқ, билет ұшақ ұшатын кезде сатылады және билетке қолы жетпей келесі күнге қалып қоюшылар болады екен. Бұл "жау жағаласты" көргенде менің салым суға кеткендей болды. Бірақ, бойлы-сойлы, күш-қайраты бар Ерболат жездем топты жарып кіріп, билет алып шықты да маған ұсынды.
— Ау, мынау екі билет қой ,-деймін мен қолымдағы қос билетке қарап,-біреудің билетін қоса алып...
— Жо... жоқ, -деді ол сөзімді аяқтатпай,- маған бір ой келді, сені Гурьевке дейін апарып қайтамын, бір билет менікі...
— Қалайша... ал, жұмыс ше?-дедім мен қуанғанымнан сөз таба алмай.
— Түк етпейді, бригадиріме звондап айтармын, бір есебі болар,- деп қолын бір-ақ сілтеді. Екеуміз қосыла күлдік.
Бұл 1971 жыл болатын. Мен емделіп қайта қатарға қосылдым. Иә, Ерекеңнің шамасы келсе кез келген адамға жақсылық жасауға жаны құмар болатын. Апамыз оның үйге қонақ-қопсы келмей, келім-кетім болмай қалса далаға шығып, танитын немесе жаңа танысқан біреулерді үйге ертіп келіп қонақ қылатын ақ көңілділігін айтып, еске алады. Өйткені, ол бір көргенде кісімен жарқылдай амандасып, жөн сұрасып, сыйласып жүретін. Біреуді сыртынан ғайбаттау, өсек-өтірік айту, алдап кету сияқты жағымсыз қылықтарды ойына да алмайтын-ды.
Кейіннен отбасылы, жұмысбасты болып, әрі ауыл арасы да жақын емес, біз Красноводскіде, олар Өзенде дегендей, араға айлар, тіпті жыл салып көріп-көріспей жүретінбіз. Сондай кезде қыдырып бара қалсақ, құшағына алып, бетіңнен сүйіп, қауқылдап қалатын. "Құдайға да жақсы адам керек", дейді ғой, кейде сол рас-ау деген ой келеді... 1978 жылдың соңында, небәрі 36 жасында Ерекең ойламаған жерден, ауырмай-сырқамай қайтпас сапарға аттанып кете барды...
Сол күндері күздің қысқа ұласқан тұнжыр аспаны мұңданып, бұрынғыдан да тұнжырап, өңменнен өтер қара суық бүрсеңдетті. Дәл сол күні көргендердің айтуынша, Ерекең бір түрлі мұңдылау, көңілсіздеу көрініпті. Таңертеңгілік күндегі әдетімен жұмысқа шығып бара жатып, артына қайырылып тұрып, балаларының үлкені, он үштегі қызы Сәнжанға: "Апаңның айтқанын тыңда", депті де, шығып жүре беріпті. Бұл оның ұядай шаңырағынан қара үзіп бара жатып айтқан соңғы сөзі, бәлкім қоштасқаны шығар... содан қайтып оралмады...
Иә, Ерболат Отаны үшін от кешіп, соғыстан қайтпаған боздақтың бірі — Өтеген сынды есіл ердің жалғызы, артында қалған тұяғы еді. Ерекеңнің қиын балалық шағы туралы еміс-еміс естігенімізбен дұрыс білмегендіктен қалам сілтей алмадым.
Білетінім, бұғанасы бекіп, жігіт боп бой түзей бастағанында Түрікменстанның Красноводск қаласынан азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына алынады. Құдай айдап Маңғыстауға түседі, сөйтіп, атажұртының ауасын жұтып, суын ішеді. Сол-ақ екен киелі өлке магнитше тартады. 1965 жылы жас отау иелері—Ақтауға көшіп келеді. Одан кейінгі жылдары Ескі Өзенде (қазіргі Қызылсай), Жаңаөзенде тұрады. Өзен мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты N3 техникалық транспорт мекемесінде бульдозерші болып, алыс шақырымдарға бұрғылау қондырғысын сүйрейді. Мұнайшылар қаласында балалы-шағалы болды. Міне, Ерекең жездеміздің бақилық болғанына да отыз жыл толып отыр. "Орнында бар оңалар", дегендей, отыз бір жасында қосағынан айырылып, шиеттей бес баламен шырылдап қалса да шаңырағын шайқалтпай бекем ұстаған Тұрсын апамыз бүгінде еңбек ардагері, мұнайшы-зейнеткер, Ақтау қаласында кенже ұлы Көбеннің қолында, немерелерін бағып-қағып тұрып жатыр. Қандайма қиындық көрсе де, балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай кәмелетке жеткізді. Қыздары Сәнжан, Бибіжан, Дәмежан бүгінде бір-бір мамандық иелері, екі үлкен қызы Оралбай, Қылышбек сынды өздері теңдес жайсаң жігіттермен тұрмыс құрды, балалы-шағалы болды, бірі Алматыда, екіншісі Астанада тұрады. Ұлдары Беген мен Көбен де жоғары білімді маман, көпшілікке сыйлы да абыройлы азамат боп жетісті, екеуі де жауапты қызметте. Олар Эльмира, Кәмшат есімді келіндермен жарасты отбасы құрып, ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіруде.
Мұнайлы Маңғыстауымыз бүгінде танылмастай өзгеріп, атағы төрткүл дүниеге таралды. Бір кездері құйын кезген, сағымды боз даланы осындай ғажайып күйге жеткізген, шын мәнінде ата-бабамыздан қалған жер асты байлығымыз бен оны игеруші еңбек адамдарының қажырлы ісі ғой. Солардың сапында менің жездем, жаңаөзендік мұнайшы Ерболат Өтегенұлы Амантұрлиев та бар. Сонау алпысыншы жылдардың бел ортасында осынау өлкеге омырауын ашып келген ол, "қара алтынды" ел ырзығына айналдыру үшін бар қайрат-жігерін салып, еңбек етті және арқалағаны алғыс болды. Бүгінде арамызда болмаса да оның адамгершіл жарқын бейнесін, есімін оны білетіндер, артында қалған ұрпақтары ұмытпайды.
Ал, өмірде жақсылыққа, адалдыққа жаны жатық Ерекең бақида да бізді, өзін еске алушыларды рухымен демеп, желеп-жебеп жатыр.
Жаның жәннатта болсын, асыл жезде Ерболат Өтегенұлы!...
ӘУЛИЕ
Ырысқали қартты бала кезімнен білемін. Қабағы шығыңқылау, ашаң жүзді, шоқша сақалды, бір аяғын сылти басатын, қайратты кісі әліге дейін көз алдымда. Ашуланғанда көзінің аласы көбейіп, сұстана қалатын. "Шаш ал десе бас алатын", сонау отызыншы жылдары он жылға ұсталып келген. Кейінгі алған жас әйелінен екі ұл, екі қызалағы бар. Жаздың ыстық күндерінде шалбарының бір балағын түріп қоятын. Себебі жара шығып, ісіп, білеуленген аяғына қара май жағатын-ды. Сүйтіп жүріп тыным таппайды - шөп шауып, совхоздарға вагонмен келіп тұратын мал жемін түсіріп, өзінің уақжандығын жемдеп, сауын түйелерін құдықтан суарып, өріске айдайтын. Жасы келе өзінің сұр есегін мініп жүретін, үйінен қашықтау жердегі той-садақаларға да сонымен баратын-ды.
Бірде есегімен теміржолшыға тас қиыршығын таситын машиналардың жолына қарай бара жатқанын көрдім. Қасында қолына папкі ұстаған, жиырмалардағы жас жігіт бар.
— Ырсеке, ассалаумағалейкүм! - дедім дауысымды көтере.
— Уағалейкүмүссалам! Амансың ба? - деп ол әдеттегіше амандық-саулық сұрасты да, -районная келген қонақ бала еді, таудың үстіндегі ауылға бармақшы екен, таныс шопырларға жеткізіп тастаң деп айтайын деп...
Сөйткенше болған жоқ, "ЗИЛ - 130" автомашинасы тоқтай қалды. Енді бір қарағанымда Ырсекең сұр есегімен шоқытып бара жатты...
...Араға жылдар салып, бір кездегі өзім тұрған ауылға барудың сәті түсті. Бұрынғыдай емес, салиқалы, жаны жайсаң ауыл қарттарының қатары сиреп қапты. Көрісіп, сәлемдесу үшін Ырсекеңнің үйіне бас сұқтым. Жасы тоқсанға келген ол көзәйнек киіп, ақ сақалы омырауын жапқан қария болыпты. Баяғы әдетімше ауыз толтырып, дауыстап сәлем бердім. Сәлемімді алып, бетіме бір қарады да, атымды атап "сол емессің бе?" - деді, танығаны ғой. Біз сәлем - сауқат алысқанша Ырсекеңнің кемпірі – Қамқа шешеміз шай қойып, қазан асып тастапты. Мен асығыстығымды айтып, рұқсат сұрап ем.
— Рұқсат жоқ — деді ақсақал, -сендердің сәлем бере келетіндерің қалай, отырар -отырмастан "кетемін" дейтіндерің қалай. Бір талай жерден келіп отырсың және сені көрмегелі қашан?!...
Оны шешей де қоштап жатыр. Үлкен кісілердің көңілін қимай, жайғасып отырып, Ырсекеңді әңгімеге тарттым.
— Қалай, қазір той-садақа дегендей, барып тұрасыз ба?
— Шүкір, әйтеуір, балдар шақырған жерге машинамен апарып-әкеледі.
— Ал, баяғы сұр есегіңіз қайда?
— Ойбүй, ол әлдеқашан "капут" болды ғой, - деп күлді.
— Қалайша...
— Бұл бір қызық әңгіме, — деп Ырсекең лекіте күліп алды, - кезінде бір түрікпеннен сатып алып едім, өзі де аттай болатын, өлеріне көрінді ме, өлде ауырды ма, әбден арыды. Қораға байлап,
жем-шөбін алдынан алмай, біраз бағып та көрдім. Бірде мына он екінші разъездегі Бекмұрат ақсақал ас беретін боп, көліктің реті болмай және ол кезде бүгінгідей машина да көп емес, әдеттегіше сұр есегімді ерттеп мініп, жүріп кеттім...
...Бұл күздің қара суық кезі болатын. Таңертеңгілік ашылғандай болған ауа райы әп-сәтте қайта бұзылып, екпіні қатайған өкпек желге енді жаңбыр араласты. Су өтпейтін брезент плащын қымтанған Ырсекең ызғарлы жаңбырдың соңы қарға айналуынан қауіп етті. Ауылдан төрт-бес шақырым ұзағаннан кейін сұр есек басын төмен тұқыртып, сүріншектеп, аяғын санап басатын жағдайға жетті. Жолға шыққанына өкінген қарт, есегінен түсіп, жетекке алды. Бірақ әбден титықтаған жануар жолдың қапталына жата кетті. Неде болса жолдан қалдым ғой деп, Ырсекең жол жиегіне тізе бүкті. Мұнысы әл жинаған сұр есегі орнынан тұрар деп дәмеленгендік еді. Өткен - кеткенді ойша шолып, біраз отырады. Орнынан баяу қозғалып, есегіне таяп келгенде байқады, көзі шарасынан ашылған жануар қимылсыз қалыпты.
- — Бірталай жыл жолдас болған, өзі арам болса да күші адал сұр есегім сөйтіп, ұзын жолдың бойында өліп тынды. Серейтіп тастап жүре беруге обалсынып, жолдан былай сүйреп шығарып, боз төбенің беткейіндегі ағын су тілімдеп тастаған сайдың нән-нән кесектерімен бастырып, көмдім. Жер қазып көме қоюға қолымда күрегім болмады, — дейді Ырсекең, — содан арада ұмытпасам, төрт ай өткенде жиенім тойға шақырып, он екінші разъезге тағы жолым түсті. Қасымда Бөрібай інім бар, е-е, айтпақшы, мына кемпір мен Бөрібайдың үйіндегі келін де бар, машинамен жолға шықтық. Баяғы сұр есекті көмген жерден өте бергенде көзім түсіп кетті. Өлексенің үстіне биіктетіп, кәдімгі адамның тұрпаты сияқтандырып, топырақ үйген, сыртын жайдақ таспен қоршап, басына сырық шаншыпты, оған да шұбалтып шүберек байлапты. Машинаны тоқтатып, Аллаһқа сиынып, не айтарымды білмей жағамды ұстадым...
...Әлде қателестім бе деп ойлаған Ырысқали ақсақал төңіректі шолып, есегі өлгенде өзінің тізе бүгіп отырған жеріне дейін дәл тауып, маңайды барлап шығады да, не болғанын әлі де түсіне алмаған жанындағыларға мән-жайды түсіндіреді. Бұған сенер-сенбесін білмеген олардың көздерін бақырайтып қойып, әлгі "әулиенің" басына шаншылған ағашын алып лақтырып, өзінен-өзі күйіп-піседі. "Ау, отағасы, мұның не алжыған шығарсың тимей-ақ қой",— деген кемпіріне жекіп, сабай жаздап қалады. Жиеннің тойында да болған жайды айтайын деп оқталады да, қой, біреулерге күлкі болармын, жұрт әзілдеп отыр деп ойлар деген оймен өзін-өзі ұстайды.
Жалпы, Ырсекең онша сөзшең кісі емес-ті, даңғойлық, орынсыз қылжақты білмейтін, не айтса да сол бір сарабдал сабырлы қалпынан жаңылмайтын. Және кеше мініп жүрген, өздеріңіз білетін сұр есек өлгеннен кейін "әулие" болыпты деп кімге айтсын?! Жабулы қазан жабулы күйінде қалып, уақыт өте ұмытылар ма еді, кім білсін егер... бір күні таңертең әлгі Бөрібай інісі ентігіп жетпегенде:
— Ой, Ырсеке-ау, масқара, мына көрші ауылдағы түрікпендер жол үстінде, боз төбенің баурайында өмірден өткен кім де болса бұл жолаушы құр адам емес деп, есегіңіздің басын қарайтып, садақа бергелі жатқан көрінеді, — деді ол тізе бүкпестен.
— Қой өтірік болар, "түймедейді түйедей" қылатын қылжақбастардың шығарып жүргені шығар.
— Маған мұны қазір молдашылық қылып жүрген мәгәзінші Бердінің оқудан келген баласы айтты.
Ырсекең шоқша сақалын салалап, ойланып тұрды да:
— Сен машинамен жүрсің ғой? — деді.
— Ия.
— Ендеше кеттік, неде болса барып көрейік.
...Шынында да есек "әулиені" біреулер шындап қолға алғанға ұқсайды. Өткендегі Ырсекең алып тастайтын сырықтың орнына одан биік әрі қалың тақтай орнатылыпты, маңайы келушілердің отырып аят оқуына ыңғайластырылып, тазартылыпты. Мұны көрген Ырсекең Бөрібайға жүр кеттік дегендей ым қақты да, машинаға отырып жатып:
— Ауыл әкімдігіне тарт, — деді.
Ауыл әкімі Ырысқали бала кезінен жақсы білетін Есен Мередов деген түрікпен жігіт еді. Ақсақалдарды қадірлеп, сыйлай білетін, кішіпейіл әкім бұларды орнынан тұрып қарсы алды.
— Түрікпен халқының бір мәрттігі үлкеннің, басшының алдын кесіп өтпейді ғой, олар не айтса да заң. Егер тентек-телі оларды да жүре тыңдаса, ұлы ақын Мақтымқұлының нақыл сөздерін мысалға алып, орнымен айта білсең, қай-қайсысы да бұрылып тұра қалады,-дейді ұзақ жылдар бойы түрікпендермен қоңсы қонған Ырысқали ақсақал,-наным-сенімге бой алдырғыш, ділі мен дініне берік халық. Сонымен тоқ етері менің сұр есегім "әулие" болудың аз-ақ алдында қалды...
Кетер-кеткенше Ырысқали қарияның айтқан әңгімесі ойымнан кетпеді. Ертеңіне машинасымен шығарып салуға келген ініме он екінші разьезд арқылы өтетін жолмен жүруді ұсындым. Әлгі есек "әулие" жатқан жер осы-ay деген шамада машинадан түсіп, бозтөбенің баурайына қарай жаяуладым. Арада біраз уақыт өтсе де, тастақжол мен тебе арасының жақсылап тегістелгенін байқау қиын емес, кезінде бұл араны шиырлаған шынжыр табанды трактордың ізі әлі сайрап жатыр...
TІЗІM
Бізбен бір ғимаратта орналасқан бір басқарманың белгілі қызметкері Шымбергенді көптен танитынмын. Өйткені, ол көпшілікке аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде танылған-ды. Оны тілшілікке тартқан да өзім. Хабар-ошар мақала жаздырып, оны өңдеп беріп, газетімізде жариялануына ықпал ететінмін. Іздегенге сұраған дегендей, бүл жолға түсіп алған Шымекең енді кішкентай жаңалық хабар жазудан құлаш-құлаш мақалаға көшті. Күн құрғатпай редакцияға бір соғатын ол, бірде апта бойы хабарласпай кетті. "Япыр-ай, бұл Шымекеңе не болды екен" деп жүргенімізде ол кіріп келді. Шаршаңқы күйде, еңсесі түсіп кеткен. "Оу, Шымеке, не болды, аманшылық па, әйтеуір", деп жатырмыз. "Қой құрысын, бәрі өзімнен болды", — дейді ол көзімен жер шұқып. Оқиға былай болыпты.
Шымекең күндегі дағдысымен жұмысқа келгені сол-ақ екен, кабинетіне бір әріптесі келіпті де:
— Шымберген, сіз естіген боларсыз, бастық бір тізім жасатып жатқан көрінеді ғой? — дейді.
— Жоқ естіген емеспін, ол қандай тізім? — дейді бұл.
— Мереке жақындап қалды, бәлкім, сыйақы шығар, — деген әріптесі жөніне кетеді.
Әріптесінің сөзіне ойланып қалған Шымберген айтылған әңгіменің анық-қанығын білмекке бастықтың кабинетін жағалайды. Жан жоқ. Есік ашық тұр. Аяғының ұшымен бастықтың столына жақындайды. Шынында да жазу машинкасына басылған тізім жатыр. Көз жүгіртсе, бас-аяғы он бір адамның аты-жөні жазылған, арасында Шымберген жоқ. Өзінің "Ымыртбаев" деген фамилиясын бір парақ қағазды қалай аударса да таба алмайды. Содан көңіл күйі түсіп, жұмысқа ықыласы болмайды."Үнемі осындайда шеттетеді, өткенде кәсіби мереке қарсаңында да сыйлықтан қағылғаны бар, сонда біз тоқалдан тудық па?" — деген ой дегбірін қашырады. Бастыққа тікелей барып айтуға ұрсып тастай ма деп, батылы бармайды. Тізім әлі толық емес шығар, бәлкім мені де қосар деген есек дәме де жоқ емес-ті. Шыдап орнында отыра алмай, бастық жақты тағы жағалады. Жым-жырт. Бастықтың алдындағы манағы тізім сол күйде. "Нартәуекел! Осылар мені ұмытып жүрген шығар",- дейді де, қаламды қолына алып, он бір адамның соңына он екінші ғып өзін қосады да, шыға жөнеледі. Орнына келіп әліптің артын бағады. Байқап отыр бастық келді, телефонмен біреулермен сөйлесті, кабинетіне біреу кіріп, біреу шығып жатыр. Мұның бағанағы әрекетіне бастық та, басқа да мән бермеген сияқты. Жұмыс күні аяқталуға таяп барады. Орнынан көтеріліп, бастықтың кабинетіне таяқ тастам қалғанда оның шығып бара жатқанын көрді. Бұған көз қиығын да салар емес. Кабинетінің есігі баяғыша айқара ашық. Аяғын санап басып бастықтың столына таяды. Тізім сол күйі... жо..жоқ! Қызыл қарындашпен мұның аты-жөнін бір-ақ сызыпты. Ерегескендей бұл көрнекілеу ғып қайта жазады да, шыға жөнеледі. Жұмыстың аяғында бастықтың сыртқа шыққанын күтіп тұрып, тізімге көз жүгіртсе, мұны тағы сызып тастапты. Бұл тағы өзін қосады әлгі тізімге. Сөйтіп, бастық үш рет сызып, бұл да қалыспай үш рет қосады!...
Ертеңіне қызметке келсе кешегі өзі бірнеше рет көрген тізімді іліп қойыпты, жұрт бірін-бірі кимелеп оқып жатыр. Алып-ұшып бұл да жетеді. "Басқарманың қайта құрылуына орай бастықтың бұйрығымен жұмыстан қысқарғандар" депті де қызметкерлердің аты-жөнін тізіпті. Ең соңында он екінші болып Ымыртбаев Шымбергеннің аты-жөні тұр. Міне бар-жоғы осы.
Не дейміз, әйтеуір, арты жақсы болғай...
БАЗАРДЫҢ "ӘДІСІ"
Базар Үкиев терісі сүйегіне жабысқан, арық, қасқабас кісі. Кеңес үкіметі дәуірінде аудандық атқару комитетінің жалпы бөлімінде істейді. Бірде қызметке келе жатсам, ауаткомның жанындағы бақ ішінде терекке сүйеніп тұр екен. Сәлемдескеннен кейін:
— Базеке, қалай?, — дедім.
— Ой, несін айтасың інішек, қатты шаршап тұрмын, — деді.
— Тыныштық па өзі, не істеп шаршап жүрсіз?
— Өз арамызда қалсын, мен мына аудандық атқару комитетіне жұрттың жеңіл машина сұрап жазған арызын тіркеп те отырамын. Барлық іс папкілерін жаңалап, былғары қапты жаңа журнал ашып, оған өтініш берушілерді әдемілеп тіркеп қойғаным сол еді, бастық шақырып алып, өтініш берушілердің аты-жөні жазылған журналдағы тізімнің алдыңғы жағына бір адамды қос дейді. Журналды көрсетіп, қалай қосамын, тізімнің соңы жағына тіркейін десем, өзіме ұрсып, олай болса жаңа журнал ашып, тізімді қайта көшіріп, әлгі кісіні ең алдына тіркеп, жаз деген... жөне бұл үнемі қайталанып тұрады, онымен қоймай бол-болға салып асықтыратынын қайтерсің, бүгін түскі асқа да барған жоқпын,-деді күрсініп.
— Сонда қалай, сіз тек журналдағы тізімді қайта көшірумен отырасыз ба?
— Отырмағанда... бастықтың нұсқауы солай... Журналды жылына бес-алты мәрте жаңалаймын...
— Оныңыз қиын екен, — дедім де жөніме кеттім.
Арада айға жуық уақыт өткенде Базармен әлгі жерде тағы кездесіп қалдым. Бұл жолы әнеугідей емес, көңілді.
— Оу, Бәке, көңілдісіз ғой?
— Иә, өткенде өзіңе айтып ем ғой, журнал жайында...
— Иә, есімде.
— Сол журналы түскірді қайта көшірмеудің әдісін таптым...
— Қалайша?
— Енді журналдағы тізімнің арасын аңқитып, ашық-ашық ғып жазатын болдым. Бастықтың қос деген адамын қосып, тірке деген жеріне тіркеп жаза саламын, бұрынғыдай қиналып жатпаймын. Бастық та риза, маған да жеңіл...
Ол осыны айтып, мәз-мейрам боп, ақтарыла күлді-ай кеп. Оның ойлап тапқан "әдісіне" мен де күлдім. "Аңқау елге арамза молда" деген осы-ау...
БЕРДІБАЙДЫҢ АЛҒЫСЫ
Ақтауда халқымыздың атақты ақын-жырауы Қашаған Күржіманұлының 150 жылдық тойы өтіп жатқан-ды. Жаңаөзеннен кеп, қонақжай іздеп сабылмай-ақ бұрыннан танитын әрі бажалығы бар Бердібай деген азаматтың үйіне қонаға барғанбыз. Ол облыс орталығының үшінші шағын ауданында, энергетикалық колледжге қарама қарсы беттегі екі қабатты ескі үйде тұрады екен. Бердекеңнің қуықтай үш бөлмесі адамға лық толды. Түн ортасы, жақын жерде баратын үй жоқ. Жата кеттік. Біраздан кейін оянып кетсем, қара терге түсіп жатыр екенмін. Үйдің ауасы тыныс тарылтатындай, өте қапырық. Шыдай алмай сыртқа шықтым. Есікті аша бергенім сол-ақ еді, бірдеңе салдыр-гүлдір етіп, біреулер дүркіреп қашқандай болды. "Жігіттік-иттік" деген, қыз-қырқын андып жүрген жігітшіл балалар шығар деп оған аса мән бермедім. Сырттағы шуды естіді- ау деймін үй иесі де шықты. Кеуде кере тыныстап, біраз сергігеннен кейін, орныма барып жата тұрайын деген оймен үйге кірдім.
Таңертең көпшіліктің көзінше Бердекең қолымды алып, алғысын жаудырды. Түкке түсінбей мен тұрмын.
- Түнде сен сыртқа шықпағаныңда су жаңа "Жигулиімді" ұрылар үптеп кетеді екен. Тәңір атқырлар машинаның есігін ашып, енді кірісе бергенде, сен шыға келіпсің, ұрылар бәрін тастап, жан-жаққа қаша жөнелген. Сенен кейін мен шыққанда, машина ақтарылып жатыр, бірақ ештеңені алып үлгермепті. Бүгіннен бастап авто тұраққа қоямын. Сен менің үйіме үнемі қонып, осылайша құтқара бермессің, — дейді Бердекең күліп.
Алғыс та аяқ астынан екен-ау...
ҰТҚЫР СӨЗ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Түрікмен елінің бізге көршілес Балқан облысының орталығы Небиттаудағы көрнекті алаңда кеңестік кезеңде Лениннің еңселі ескерткіші тұрды. Түрікменстан Тәуелсіздік алғаннан кейін әлгі ескерткіштің орнына бұрынғыдан да үлкен ғып сол елдің басшысы Сапармұрат Ниязовтың жарқыраған қола мүсіні қойылды...
Тоқсаныншы жылдардың басы болатын, бір топ қаламгер әлгі ескерткіштің жанына барып қарап тұрғанбыз. Бір кезде түрікменнің белгілі сатиригі, сықақшы Пыхы Таған: "Осының басып алмалы-салмалы, яғни бұрандалы ғып жасау керек еді",— деп қойып қалды. Бәріміз жалт қарадық. "Өздеріңіз ойлаңызшы," — дейді ол күліп, — осы ескерткішке қыруар қаржы, қаншама мыс кетті. Кейіннен мұны тағы өзгертіп жатпасымызға кім кепіл? Ал, егер мен айтқандай болса, көп шығып шығармай-ақ басып ауыстыра салады..."
Өткен жылы түрікмен елі басшының бақилық болғаны баршаға белгілі. Жуырда менің Небиттау қаласында болуыма тура келді. Бүгінде Түрікмен басшының бұл елде шығатын әрбір газет-журналдың бірінші бетінің қақ маңдайында күліп тұратын суреті көрінбейді... Телеарналардың шекесінде тұратын бейнесі де алынып тасталған... Енді ғана еркін тыныстай бастаған жұрт ендігі кезек ақшада, содан кейін әрбір ауыл-аймақта, кент пен қалада тұрған ескерткіштерде дегенді айтады... Кім білсін...білетініміз от ауызды, орақ тілді Пыхы Тағанның айтқаны ел ауызында қалыпты, ұмытылар емес...
"БІРЕУІ - ЖАТЫР, БІРЕУІ - ҚАЙТТЫ..."
Сарыағаш шипажайында демалып, ауылға қайтатын кезде бір медбике: "Аға, қайтыс қашан?" — деп сұрады. "Олай деп айтпа, аға ауылыңызға қашан қайтасыз, десеңіз, түсініктірек болады",— дедім күліп. Сонан кейін осы сөзге байланысты болған бір оқиғаны айтып бердім.
Алыстағы теміржол стансасының екі жұмысшысы ел астанасындағы теміржолшылардың орталық ауруханасында емделіп жатады. Ол кезде қазіргідей байланыс жоқ. Стансаның кезекшісі астанаға дейінгі стансалардың кезекшілеріне өтіне отырып қана орталық аурухананың бөлімдерімен байланыса алады. Екі аралықтағы әңгімені жолдағы барлық стансалардан тыңдап отыруға болады. Әлгі емделіп жатқандардың туыстарының өтінішімен станса кезекшісі ауруханамен байланысқа шығады. Екі жерлесінің аты-жөнін айтып, жағдайларын сұрайды. "Олардың біреуі әзір жатыр, ал екіншісі қайтып кетті",— дейді дәрігер. Станса кезекшісі "қайтып кетті" дегенді байланыстың нашарлығынан "қайтыс болды" деп түсінеді.
Содан ауыл ақсақалдары жиылып, үйіне естіртіп, жаманат хабардың жатпайтыны белгілі ғой жер-жердегі ағайын-туыс құлақтанып қалады. Басқа көліктің реті жоқ ертеңгі поезбен барып "марқұмды" алып қайтуға қамдана бастайды.
Ал, "бақилық болды" деген адам астана жақтан таң ата өтетін пойыздан түсіп үйіне барады. Содан жұрт бір дүрлігіп басылып, бұл оқиға көпке дейін әңгіме болды.
— Сондықтан да әр сөзді орнымен қолданған жөн, — дедім. Бұған медбике қыз да күліп, кешірім сұрап жатыр. Мен де оған сабақ болсын дегенім ғой.
"БӘРІ БІР БӨШКЕДЕН..."
Мұнан бес-алты жыл бұрын Жаңаөзеннің бірнеше өнерлі жігіттері іздеп келді. Сыңайларын байқағасын арақ-шарап дүкеніне ертіп апардым. "Шайтан сулар" бірінен-бірі өте түр-түрімен қылқиып тұр. Қайсысын алуды білмей әрқайсысына бір үңілеміз. "Анау жақсы, мынау жақсымен" тұрып қалыппыз. Мен сатушы орыс жігітіне қарадым.
— Ағай, несіне ойланасыз, — деді ол таза қазақ тілінде — бұлардың сыртқы қағазы әр түрлі болғанымен бәрі бір бөшкеден...
ӨЛЕҢНІҢ ҚҰДІРЕТІ
2006 жылдың соңғы күні кенеттен мұзға тайып жығылып, ортан жілігім опырылып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Жиырма күннен кейін гипс салып үйге шығарды, екі айдан кейін гипсті алды. Балдақпен үйдің ішінде ілбіп жүруге жараған кезім-ді. Біреу телефон соқты. Сөз саптауынан үлкен кісі екені байқалады. Менің аты-жөнімді айтып, сол керек еді деді.
— Иә, менмін, тыңдап тұрмын, — дедім.
— Олай болса, мен сізге жолығайын деп едім, маған қазір келе алмайсыз ба?
— Жоқ ағасы, мен мертігіп, жаңа басымды көтеріп жүрген жанмын, бара алмаймын, өзіңіз келмесеңіз.
— Менің жасым үлкен, сондықтан да салып ұрып жетіп бару ыңғайсыз болар. Ендеше былай келіселік, мен сізді машина жіберіп алдырайын, — деді.
— Мені дұрыс түсініңіз, өздігімнен жүріп-тұруым қиын.
Сондықтан да кешірерсіз, бара алмаймын. Ал, шаруаңызды телефонмен-ақ айтуға болмай ма?
— Жоқ, өзіңізді көріп, сөйлесуім керек. Былай келіселік, бүгін кешкі сағат алтыда қызымды машинасымен жіберемін, сізді сүйемелдеп, алып қайтады, дайын отырыңыз,—деді.
Бірдеңе деп жауап қатқанымша, телефон трубкасын тастай салды. Оның кім екенін, аты-жөнін, қайда тұратынын, не үшін кездескісі келетінін біле алмай, ойланып отырып қалдым. "Тонайтындай ақшам жоқ және өшігетіндей бүгінге дейін біреудің ала жібін аттаған емеспін, менің қорқатын не жөнім бар, кездескісі келсе кездесейік", деймін іштей.
Айтылған уақытында әдеміше келген, ибалы, аққұба қыз келді. Ол өзін әлгі телефон шалған ағамыздың қызымын, атым Айгүл деп таныстырды. Оның Ақтауда, он төртінші шағын ауданда тұратынын, тіс дәрігері боп қызмет істейтінін, отбасылы, екі кішкентайы бар екенін білдік.
Амал жоқ, уәденің аты уәде. Қиналсам да оған ілесіп баруыма тура келді. "Джип" автомашинасын ұршықша үйіреді екен. Есік алдында жасы алпысты артқа тастаған, жетпіске жете қоймаған, қызыл шырайлы, ақсары кісі қарсы алды. Сәлем-сауқаттан кейін үйге кіріп, жөн сұрастық. Ағамыз Атыраудан келген екен, аты-жөні Амангелді Сұлтанғалиев, бұрын мұнай, қаржы саласында жауапты қызметтер атқарған, қазір зейнеткер, осында қыдырып келіп, қыз-күйеуі Айгүл мен Ерланның үйінде қонақтап жатқанын, Ақтауда құда-жегжаттарының көп екенін айтты. Мен де қысқаша өзімнің жай-жапсарымнан хабар бердім.
Ол кенет іргеде тұрған домбыраны қолына алды да, бір ішекпен дыңылдата отырып, шырқап қоя берді:
Аяулым-ау, екеуміз қосылғалы,
Бақытыма айналдың басымдағы.
Елігім ең, айналдың көрігіме,
Серігімсің, сен менің қасымдағы.
Арман қудым жолымды тосып қалдың,
Жігеріңді бір сәт те жасытпадың.
Шырағыма айналып алдымдағы,
Пысқырмадың сөзіне пасықтардың.
Сері көңіл қойды да еркелетіп,
Жүрдім талай кеш келіп, ерте кетіп.
Қабақ шытпай алдымнан күліп шықтың,
Күндерге де мән бермей келте-кетік.
Бірдей тарттың тағдырдың салғанын да,
Қуанышын, қайғысын, салмағын да.
Өлді десе сенерсің, сенбе бірақ,
Саған деген махаббат солғанына...
Іштен шыққан шұбар жылан... дегендей бұрын жазылып, бірнеше жыр жинақтарыма енген өз өлеңімді естіп, ішім қылп ете түсті. Ол әнін аяқтаған соң маған қарап: — Бұл сіздің өлеңіңіз ғой? — деді.
— Иә.
— Ендеше тыңда,- деп ол әңгімесін бастап кетті. — Мұнан он жылдай бұрын сырқаттанып, ауруханаға түстім. Біздің бөлмедегі үстелдің үстінде қолдан-қолға көшіп, беттері жыртылған бір журнал жатты. Кенет көрші кереуетте жатқан көршім ортадағы қос парағын жыртып алуға ыңғай берді, көзім түсіп кетті — өлеңдер! Әлгінің қолына жабысып, жұлып алғандай ғып алдым да, өлеңдерді оқи бастадым. Ұнады, әсіресе, "Саған деген махаббат" деген өлең сезім пернесін дөп басқандай болды. Ол бейне бір жүрегіме саз болып құйылғандай әсерленіп, шабыттандым. Бұрыннан да азды-көпті ән шығаратын өнерім бар-ды. Сөйтіп, ойда-жоқта тағы бір ән туды. Өлең авторының аты есімде қалып қойды... Содан он жыл бойы тойлар мен сауық кештерінде осы әнді орындайтын болдым. Бұрын тыңдаған жұрт қолқалап айтқызады. Бірақ, өлеңнің авторы есімнен кетпей қойды. Ақтауға бір келгенімде осында тұратын құдаларымнан сұрастырдым. Қонарбай құдам осында тұратыныңды, рулық жағынан маған балдыз болып келетініңді айтты, бірақ мекен-жайыңды анық айта алмады. Қаладағы анықтама бюросы арқылы телефоныңызды тауып алдым. Қалай, жаңағы ән ұнады ма?..
— Жақсы екен, маған ұнады. Ұмытпасам, сіз айтып отырған журнал "Қазақстан әйелдері" болуы керек, соның 1997 жылғы ақпандағы санында топтама өлеңдерім жарияланған-ды, — дедім.
— Ал, әлгі өлеңге біреу ән жазды ма?
— Жоқ, ондайды естіген жоқпын.
— Ендеше әннің нотасын жазып, шығаруыма қарсы емессің ғой?
— Неге қарсы болайын, қайта сізге рахметімді айтамын.
Атыраулық ақ пейіл азамат аға, сазгер Амангелді Сұлтанғалиевпен тағдыр мені осылай табыстырды. Екеуміздің аталған әніміз "Қазақстан әйелдері" журналының өткен жылғы желтоқсандағы санында нотасымен жарық көрді. Әннің дискісі шығып, Атырау радиосы арқылы бірнеше мәрте орындалды.
Ағамызбен таныстығымыз шығармашылық байланысқа ұласқандай болды. Соның бір мысалы, өткен жылғы қараша айында жұмыстан шығып, қызмет машинасымен үйге бара жатқанымда ұялы телефоным безілдеп қоя берді. Амангелді аға екен. "Соңғы "Қазақ әдебиетіндегі" топтама өлеңдеріңнің ішінен біреуі көңіл күйімді дөп басты, ән шығардым, қане тыңдап көрші", - дейді. Қуаныштан алып-ұшып, қобалжып тұрған адамның даусы. Ұялы телефонның шуылы, оған машинаның гүрілі қосылғасын ән тыңдау мүмкін емес-ті. Бітер-бітпестен "қалай екен?", — деп жатыр. Қапелімде не дейін, "иә, иә, жақсы екен, кейін асықпай тыңдармыз" деп қоямын...
Міне, осылайша өнердің, бір ғана өлеңнің арқасында ойламаған жерден Атырауда тұратын Амангелді ағамызбен танысып, арамызда туысқа бергісіз сыйластық орнады.
EPIK КҮШІҢІЗ МЫҚТЫ БОЛСА ...
Темекі тартушылық көп реттерде балалық әуестіктен, әрнеге қызығушылықтан туындайды. Өзін ересек, ештеңеден тайынбайтын батыр ғып көрсеткісі келетін жасөспірім, алдындағы үлкендерге ұқсағысы келеді. Әлі есімде мектептің жоғары сыныбында жүргенде үлкен үзілісте сыртқа шығамыз. Сонда жоғары сыныптың оқушылары көзден тасалау жерде немесе орталық дәретханада бір-бірімен жарыса темекі тартатын. Темекіні ішке сорып ауыздан, мұрыннан қайта будақтатып, мәз болатын. Иманды болсын, Шарафатдин деген ақ көңіл құрдасымыз болды, түтінді тіпті құлағынан да шығаратын. Ал, кейбір өзімізден ересектеу жасөспірімдердің: "қараңдар, түтінді көзімнен шығарамын" дегеніне нанып, көзіне қарап отырғанымызда, ол темекінің шоғын қолымызға баса қоятын.Солардың бірқатары кейін есейе келе оның зиянын ұғып, кейбірі денсаулығына байланысты темекі тартуды тастап кетті.
Дегенмен, жастары елуден асса да әлі сол құрғырды тастай алмай жүргендер де баршылық. Айтатын уәждері: "Ойбой, қаншама жылдан бері тартып келемін, енді тастай алмаймын, тастаған дұрыс әрине, бірақ..". Бір құрдасымыз темекі тартқысы келгенде ашымақ кәмпит сорып та көрді. Әйтсе де бойға сіңіп қалған әдетін қоя алмады. "Темекі тартпасам, бірдеңені жоғалтқандай мәңгіріп қаламын, бұл ойлануға, жан-жағыңды зерделеуге жақсы", — дейді ол. Темекіні қоюдың қиындығы жөнінде талай естіп жүрміз.
Оның зияны туралы үгіт-насихат жүргізіліп, ақпарат құралдарында маман дәрігерлердің кеңестері де жарияланып тұрады. Бірақ ұрпақтан ұрпаққа көшетін бұл пәле қалар емес.
Осы орайда, бәлкім темекіні қоюға септігі тиер деген оймен өз көргенімді ортаға салғым келді. Ақтаудағы 26-шағын ауданда Сәбидолла есімді ағамыз тұрады. Балалық шағымыз бір ауылда өткен онымен жиі араласып тұрамыз. Бірде үйінде отырғанымызда ол темекіні қойғанын айтты. Мен таң қалдым. Өйткені, "Беломорканал", "Памир" сияқты ащы темекілердің күніне бір пәшкісінің "басына су құятын" ағамыз, ат құйрығын кестім деп отыр. Менің мұның себебін, темекіні қалай қойғанын сұрайтынымды сезді-ау деймін.
— Темекінің зиянды екенін кім-кім де біледі ғой. Оны айтпай-ақ қояйын. Бірде таң алдында оянып кетіп, ұйқым қашты ма, ұйықтай алмадым. Содан жатып кеп ойланамын. Менің әкем сауатсыз қара шал, өмір бойы темір жолдың ауыр жұмысын атқарды. Ораза-намазын тастамай, адал жүріп, анық басты, өмірдің қиынына мойымады, қызығына мастанбады, ашаршылықты да, жоқшылықты да көрді. Бірақ темекі, арақ-шарап дегенді аузына алмай кетті, одан кем болған ештеңесі жоқ, төрт ұл, бір қызды зіңгіттей ғып өсірді. Ал маған не жорық? Темекі деген бәлені қояйын, одан келген құқайды көріп алдым, не де болса шыдаймын деп өзіме-өзім серт бергендей болдым. Содан міне бір аптадан асып барады, құдай сақтасын енді тартпайтын шығармын, — деп әңгімеледі Сәбидолла.
— Қалай қиын тиген жоқ па?
— Алғашқы екі-үш күнге дейін мәңгіріп, тамсанып жүрдім. Бірақ шыдадым.Темекіні қойған күннің ертеңіне әйелім бұрынғы әдетінше дүкеннен он пәшкі темекі әкеліпті. "Мен қойдым ғой" десем, сенбейді. Үйде әлі тұр, реті келгенде біреуге бере салармын...
Міне, онан бері де он жылдан асты. Сәбең темекіні үзілді-кесілді қойып кетті. Ал, ішімдікті де сол сияқты өзіне талап қоя алатын адамдар қойып кетіп жүр. Денсаулығы жарамсыз, жасы келген немесе салауатты өмір салтын ұстанған адамдардың көпшілігі ішімдіктен бас тартады. Бұрын аздап "ұрттап" қоятын, денсаулығы жақсы бір жездеміз пайғамбар жасына келгенде той жасап, содан кейін мүлдем татпайтын болып кетті. Кездесе қалғанда әзіл сөзбен түйреп қоямын, бірде екеуара әңгіменің үстінде ішімдікті бірден қоя салуының жайын сұрадым.
— Өзің білесің, қазір зейнеткермін. Әкем Ұлы Отан соғысынан оралмады, ол ұрысқа кеткенде мен екі жастамын. Қазір ойлап көрсем, маған жақын ағайындардың ішінде менен үлкені қалмапты. Бес-алты отбасының бас көтерер ақсақалы өзім екенмін. Қой менің бала-шағаға еріп, арақ-шараппен жолдас болғаным болмас деген ой мазалады. Содан мүлде қойып кеттім, — дейді ол.
Қазір шоқша сақал қойып, намазға жығылып жүр, бүкіл ауылдың қадірменді ақсақалы. Қай нәрсе де өзінің уақытында, арақ әзәзілге еріп, қызара бөртіп жүргенді ерсі көрген оның бұл әрекеті қуана құптарлық.
Міне, осылайша ерік күші мықты болса темекіні де, арақты да қоюға болатынын өмір көрсетіп отыр. Бірақ, біздің көпшілігімізге ол жетпейтін сияқты...
ӘДЕТ ҚАЛМАЙДЫ ДЕГЕНДЕЙ...
Баяғы ішу "мода" болған жылдары Жетпіс деген құрдасымыз үйіне шақырды. Себебін де сұрамай үйіне жетіп бардық. "Біздің отағасы арақты мүлде қойғалы жатыр. Талай-талай берген уәделері таусылды. Бүгін сол бәледен ала жіп қиып, ат құйрығын кеспекші, соған шақырған едік", - деді Жетпістің келіншегі Мәриям. Сенер-сенбесімізді білмей оң болсынымызды айтып, шайға отырды0, Айтқандары шын екен, лебізін білдіріп, тілегін тілге тиек еткендер арақтың зиянын, оны тастап кету дегеннің екінің бірінің қолынан келмейтінін, Жәкеңнің ерлікке бара-бар қадамын сөздеріне арқау етті.
Шайда он шақты адам тілек айтып хрусталь тостақтары сыңғыр қақты. Кезек етке келіп, қызып алғандар Жетпісекеңді арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, нағыз сен тұр мен атайынның өзі ғып, аспандатты. Байқаймын, дастарқан иесі қызара бөртіп, "мұнан былай сені желкемнің шұқыры көрсін" дегендей ақаңды ауызға есесі кеткендей ақтара салады. Ет желініп, жиналғандар сорпамен "көтеріп қойды ".
Кезек негізгі рәсімге келді. Екі жігіт бір ақ, бір қызыл жіпті кере тартып тұрды. Асаба сөз салып: "Мына екі жіпті көрдіңіздер ғой. Мұның бірі ақ арақ, екіншісі қызыл шарап дегенді білдіреді. Қазір Жетпіс ағамыз қолына қайшы алып мына жіптерді қияды. Бұл ішімдік атаулымен қоштастым дегені. Содан кейін арақ ішуді мүлдем қояды. Бұл "жынды суларды енді ауызға алмайды",— деді.
Қызара бөрткен Жетпістің тілі күрмеле бастаған, бізге жалтақ-жалтақ қарайды. Қиналып-ақ тұрғаны бет-ажарынан байқалады. Бейне бір "қимасынан" айырылған жандай көзі жасаурап, кемсеңдеп тұр. Жіпке таяп барды, жұрт дуылдата қол соғып жатыр. "Ал, қане Жәке, қане, бастаңыз" деп қояды. Кенет Жәкең бізге қарап тұрып: "Әй, жігіттер, осының қызыл жібін қоя тұрсақ қайтеді", демесі бар ма?!..
"Ұрлық қалса да әдет қалмайды" деген рас-ау, Жәкең әлі де... аздап жүздетеді.
ПРОГРЕСС
Алпысыншы жылдардың ортасына дейін ауылымызда теледидар таңсық болатын... Әлі есімде Қани деген көршілес досымыз екеуміз кешқұрым оның Жасан деген ағайының үйін жағалайтынбыз. Өйткені, бүкіл Ақтас атты үлкен кентте соның үйінде ғана теледидар бар. Иманды болғыр Жәкең ақкөңіл, қабағы ашық жан еді. Біз барғанда үйінде бала толып отыратын. Соған қарамастан "Ей, айналайындар-ай, келіңдер, қане отыра қалыңдар",— деп бәйек болатын. Ағай жоқта өзінің көңіл күйіне қарай өзгеріп отыратын жеңгеміз кейде көріп отырған фильміміз аяқталмастан қуып шығатын...
Ал қазір теледидарсыз отбасын елестету қиын. Оны айтасыз, көп адамның көңіл құртына айналған автомашина, түрлі тұрмыстық бұйымдар мен үй мүліктері мұнан жиырма жыл бұрынғыдай көзі аз емес, кім-кімнің де қолы жететін дүниелер, тек қана ақшаң болсын.
Тұрмысымызға ұялы телефон, компьютер, интернет, электронды пошта дегендер дендеп ене бастады.. Енді автомашинадан шетелдік қымбатырағын таңдайтын болдық. Ақтау қалалық көлік полициясының мәліметіне жүгінсек, он бір мың автокөлікке есептелген қаламызда бүгінде сексен сегіз мың автомашина бар. Есесіне жол-көлік апаты да жылдан-жылға көбейіп барады..
Қазір жастар арасында атыс-шабысы көп, басқа да жаман әдет-қылықты дәріптейтін бейне фильмдер көру етек алды, оны айтамыз қаланың үйлерінің көпшілігінде кабельді теледидарды пайдаланады. Елу-алпыс телеарнаның тәулік бойы көрсетпейтіні жоқ. Бүгінде кітап оқымаса да, теледидар көрушілер баршылық. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастардың қатігездіктен ауыр қылмыстарға баруының бір ұшы осында жатқан сияқты.
Дегенмен, заман бір орында тұрмайды, ақыл-ой ғарышты бағындыруға жеткен. Адамзат өз болашағы үшін қауіпсіздігін де ойлайтын болар. Ендеше, бағытымыз дұрыс, тек алға асығайық, жасасын прогресс!
ӨЛІМНЕН ДЕ КҮШТІ
Бұрыннан сырттай таныстығым бар Ораз Құдайбергенұлымен шипажайда кездесіп қалдым. Кезінде аудан, облыс көлемінде басшы қызметтерде істеген, көпті көрген, сыйлы кісімен сөзіміз жараса кетті. Бірде әңгімеміз аты-жөнін бүркемелеп біреудің сыртынан домалақ арыз жазғыштарға кеп тірелді. Талайды опындырған, тіпті, сонау "шаш ал десе, бас алатын заманда" су түбіне жіберген бұл дерттің түп-төркіні көреалмаушылықта, күншіл қызғанышта жатқандығы кім-кімге де аян.
— Менің өз басымнан сондай бір жағдай өтті, — деп бастады әңгімесін Орекең, — жаспын, жоғары оқу орнын бітірген бойына комсомол жұмысына шақырылдым, көп ұзамай аудан комсомол комитетін басқардым. Бірде жаздың ыстық күні алыстағы мал шаруашылықтарын аралап келе жатып, орта жолдағы тау баурайындағы Қосбөгет ауылына соғуға көңілім ауды да тұрды. Өйтпегенде ше, мұнда өзіммен институтта бірге оқыған Таңатар, Талғат, Мұрат, Дөңбай тұрады, алдымда екі күн демалысым бар деген оймен ұлы жолдан бұрылып, Қосбөгетке тарттым...
Сөйтіп, Ораз өзімен бес жыл бойы бір бөлмеде жатқан, сыралғы досы Таңатардың үйіне кеп табан тірейді. Олар да мәз, кішкентай қара домалақтары Ерлан мен Нұрланға дейін алдынан жүгіріп шығып, кішкентай қолдарын ұсынды, ал, Таңатардың екі езуі екі құлағында. Мұның "уазигін" көрді ме, әлде хабарды естіді ме курстастары түгел жинала қалды.
Қос бөгет бұл өңірдегі табиғаты ерекше ауыл. Әр үйдің ауласы көк желекке малынған, шаруашылықтың да үлкен бау-бақшасы бар. Ауыл төңірегінде бірнеше бұлақ ағып жатыр. Оның ішінде суы молы да, ауылға жақыны да Көкбұлақ. Оның жанындағы үлкен су бассейнінің маңы жаздың ыстығында баладан арылмайды. Сонымен Таңатар бір тоқтыны сойып, көптен көріспеген досына қонағасы береді. Достарының "мына ыстықта несіне асығасың, күн ұзақ қой, кешкі салқынмен жүріп кетсең қала дегенің мына тұрған жер", деген сөздері қамшы болып, Ораз біраз бөгеліп қалды. Кілең қатар-құрбы кеу-кеулесіп, Көкбұлаққа барып суға түседі. Жасыратыны жоқ, ол кездерде арақ-шарапсыз дастарқан жайылмайтын-ды. Сол ретпенен достарымен қауышып, көңілін бірлеген ол сыйластықпен қоштасып, түс қайта қалаға қайтады.
— Дүйсенбі күні ойымда ештеңе жоқ әдеттегі қызметіме кірісіп кеткенмін. "Аудан басшысы шақырып жатыр", деген хабар жетті. Өзім де іссапарым жайында кіріп шыққалы отырғанмын. Сол кездегі бірінші хатшы Мәкең, Мақсат Аханов алды кең, жайлы кісі еді. "Ораз, сен жас та болсаң ауданның бір басшысы екеніңді білесің бе? Білсең өзіңді сол қалпында ұстауың керек. Бүкіл жұрт үміт артып, сендерге қарап отыр, көрсеткен үлгілерің сол ма, балаға ұқсап ауылдың қақ ортасындағы бұлаққа суға түсіп.." деп бірталай әңгіме айтып тастады, — деді Орекең.
"Сөз сүйектен өтеді", дегендей Ораз ұяттан өртеніп кете жаздайды. Содан бері екі-ақ күн өтті, ол да демалысқа түсіп тұр, кім екен жеткізіп үлгерген, не деген жеделдік деген ойлар Оразға маза бермеді. Ары ойлап, бері ойлап, мұның кешегі төрт жігіттің бірі, дәу де болса, Дөңбайдан келгенін жобалады.
— Көп араласпай, шеттеңкіреп, "ішімдегіні тауып ал" дегендей сығырая күліп тұрысы ұнамап еді. Сол екенін біле қойдым. Аудандық қаржы бөлімінде қызмет істейтін, бірінші басшыға жампаңдап, жақсыатты көрінгісі кеп жүрген немере ағасы Төлеу бар, домалақ арызды сол арқылы ызғытқан болды, ол сірә жедел жеткізе білетін қу, — деп күледі Ораз аға, — Содан «досым» Дөңбайды бір көрсем, қылығын бетіне басып айтсам деумен әлі келемін...
— Ой, Ореке-ай, одан бері неше жыл өтті?
— Қырық жыл...
— Сол кезде неге айтпадыңыз?
— Соның сәті түспей-ақ қойды ғой. Бірде сол ауылға уәкіл болып барып, мәдениет сарайында жиналыс өткіздім. Жиналыстың аяғын ала менің жоғарыда айтқан достарымның бәрі кеп сәлемдесті, ал Дөңбай жоқ. Содан әдейі оның қызмет істейтін мектебіне бардым. Ойым жұртқа дабыра қылмай, баяғы бірге жүргенімді малданып, әзілге сайып, қылығын бетіне басып ұялту еді. Директордың кабинетіне кіргеннен Дөңбайды сұрадым. "Ол осында",— деді мектеп басшысы. Содан іздеп келіп кетсін, оған қосылып орынбасарлары да аяғынан тік тұрды. Олардың айтуынша, менің мектепке келуімнің сол-ақ алдында жүрген Дөңбайым жер жұтып кеткендей, еш жерде жоқ...
Бірер айдан соң сол ауылға тағы жолым түсті. Мектептің жанынан өте бере есік алдында тұрған оның директоры Сәкенге көзім түсіп, машинаны тоқтаттым. Дөңбайдың жағдайын сұрадым. "Ореке, досыңыздың жағдайы жақсы, қазір сабақта, қаласаңыз осында шақыртайын",— деп мектепке кіріп кетті. Біраздан кейін қайтып келді. "Япыр-ай, Ореке, сізді күттіріп қойғаныма кешірім өтінемін. Жап-жаңа ғана ауырып тұрмын деп, орынбасарымнан сұранып кетіпті. Әлде үйіне бала жүгіртейін бе?", — деді. Директорға алғысымды айтып, жөніме кеттім.
— Содан кездеспедіңіз бе?
— Жоқ. Көшеде сонадай жерден мені көре қалса бұрылып, ізім-қайым жоқ боп кетеді.
— Неге екен?
— Оның себебі, жаныңнан да арың артық, ал, өлімнен ұят күшті.
Дөңбайдың мені көруге жүзі шыдамай, кешірім сұрауға жігері жетпей жүргені.
Бес күн тірлікте ешкімнің ала жібін аттамай, арың мен ұятыңды биік ұстап, жүзің жарық болып жүргенге не жетсін!
Ораз аға осыны айтты да, ойланып қалды. Өз қателігін мойындап, бас төре батылдық керек-ақ. Ұят түсінгенге өлімнен де күшті боп тұр!... Енді екеуі бұ фәниде кездесер ме екен...ей, қайдам...
МҰҚАҒАЛИМЕН ҮШІНШІ КӨРІСУІМ
(эссе)
Бұл жолы өң мен түстің арасында жатқан маған елес болып көрінді ол.
Адам тағдыры деген қызық қой, өткен жылдың ең соңғы күні болған көктайғақта оқыстан мұзға тайып жығылып, оң аяғымның ортан жілігі опырылып түсті. Содан орталық ауруханадан бір-ақ шықтым. Дәрігерлер сынған аяғымның жіліншігін тесіп жоғары асып, жіліктің бір ұшына салмағыма сай гир байлап тайып тұрды... Жаңа, 2007 жылды тоғызыншы палатада жалғыз қарсы алдым. Сынған аяқ сыздап, күтпеген азаптан көңіл құлазып, алғашқы екі түнім ұйқысыз өтті. Үшінші түні көз ұйқыда болғанмен көңіл ояу, налып іштей егіліп жатқанмын, біреу келгендей болған соң, бір-біріне желімденіп қалғандай, ауыр кірпігімді қозғап көзімді ашсам, бөлменің ашық тұрған есігінен Мұқағали кіріп келе жатты. Сол баяғы, мұнан отыз жыл бұрын Алматыдағы көне "Есік" қонақ үйінің жұрт шахта атап кеткен подвалындағы асханада бір-бір дүнген лапшасымен сыралатып отырғандағымыздағы түрінен көп өзгермеген. Үстінде екі қапталында қалтасы бар жеңсіз ақ жейде, ұзын қоңыр шашын шалқасынан кейін қайырған, сәл қысыңқылау көзінде күлкінің нышаны бар.
— Ей, бауырым-ай, мұның не? — дейді күлімсіреп. Жолы да, жасы да үлкен ағаның алдында шалжиып жатқанды өзімше ыңғайсыз көріп, тұрайын деп қарманамын кеп, қозғалта алатын емеспін, қазыққа байлаулы аттай, матаулы аяқ қозғалтар емес.
— Жә, мұндай бізде де болған, ештеңесі жоқ, өмірде бәрін де көру керек. Қапаланба. Ал, айтшы қазағымның қара өлеңінің жайы қалай? Қайран Жұмекен айтқандай, (оның езуінде күлкі ойнады) саулы інген поэзия саудырмай құр шелек даңғырлатып жүрсіздер ме? Жоқ әлде ақын өлтіру "ойыны" әлі де бар ма еді?..
— Мұқа, о, не дегеніңіз?
— Қарғам-ай, білмейтін бе едің, батыры қан, ал, ақыны шер ішетін халықпыз ғой... Сонау Абай мен Шәкәрімнен бастап, Мағжан, Қасым, кешегі Төлегендерге дейін сол "ойыннан" опық жеп, көресіні көрдік. Ол ойынды ойнайтындар ақындығыңды, жазушылығыңды көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болатын зәнталақтар ғой. Онымен де қоймай лақтырған таяғыңды әкеліп бере алмайтын біреулердің "боғын боталы түйе", ал сені түкке алғысыз қылатындарын қайтерсің. Жоғарының табанын жалайтын сол бәтшағарлардың сөзі өтімді кеп, шын таланттың кезінде бағаланбайтыны сондықтан болса керек-ті. Жә, бұл бір ұзақ гәп, қайтеміз соны. Кезінде жазғаным бар-ды:
Ойлаңдар, достар!
Өнерде "жарыс"болмайды!
Өресі жетпей,
Күндестік қылған оңбайды.
Өнерің жетіп
Өсе алмай қалсаң сол қайғы...
Күндес таласқан
Өнерің өнер болмайды,
— деп.
— Ақын аға, — дедім мен шешіліп, — Мұқа, бүгінде жұрттың көпшілігі кітап, әсіресе, көркем әдебиет оқымайтын заман болды. Маған өлең деген бозторғайым нарық немесе ақша деген аждаһаның аузына жұтылып бара жатқандай көрінеді. Ақшасы барлар немесе соларды жағалағандар кітаптарын үсті-үстіне шығарып та, онысын елге таратып та жатыр. Тіпті ақындық пен жазушылықтан ауылы алыс қалталы ағайындардың том-том дүмбілез дүниелерді тоғытып жатқандарын қайтерсіз. Ал, бесіктен белі шыққаннан өлең-жырды өзіне серік еткендердің көбі күнкөрістің қамы үшін өнерін тастап кетуге мәжбүр. Әкімшелерге жалтақтап, кітабымды қалай шығарамын деп жүргеннің бірі алдыңыздағы ініңіз...
— Ау, сонда билік басында, басшылықта жергілікті әдебиетшілердің жай-күйін түсінетіндер жоқ па? Иран шахы Кейқауыс: "Барлық өнердің атасы — сөз өнері" десе, М. Ганди "Ақиқатқа ең жақын адамдар-ақындар" демеп пе еді. Тіпті ақын жазушылардың жоғын жоқтап, басын құрап, бір ортаға топтап жүретін қаламгерлер болушы еді біздің кезімізде...
— Жоқ, оның бәрі қалды ғой. Қазір біреумен біреудің ісі жоқ. Сен өл, тіріл, жығыл, сүрін. Ешкімнің шаруасы болмайды. Мәселен, осында денсаулықтары төмен немесе мүжәлсіз ақын-жазушылар бар. Солардың қамқорлық көріп жүргенін өзім естіген емеспін. Қазір бәрі сатулы. "Менің сиырым жалап тұрсын, сенің сиырың қарап тұрсынның" кебі келді. Елдің орталығымен, сондағы мықтылармен байланысы барлар озады әрине. Сайып келгенде қолында күлшең немесе күлшелі жақын-жуығың болуы керек. Айта берсек әңгіме көп:
— Ей, бауырым-ай, — деп ол ойланып қалды. Содан соң былай деп тақпақтата жөнелді:
Ақынды ақын оятпаса, болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, ол-қайғы.
Ақынды ақын сүйемесе, болмайды,
Ақынды ақын күйелесе, ол-қайғы.
Ақынға ақын басынан-ақ жуық-ты,
Барлық ақын бір анадан туыпты.
Ақынға ақын адал болсын әманда,
Ақынға ақын арам болса, жаман да...
Ақынға ақын ете көрме пенделік!
Ақын, ақын! Пенделікті жөнделік!
Мен бірдеңе айтуға оқтала беріп едім, үндеме дегендей сұқ саусағымен ернін басты да:
— Ал, халайық қалай қабылдап жүр? — деді.
— Оу, Мұқа халық сізді, — деп желпіне бастап ем, тоқта дегендей қолын көтерді де:
— Мені айтпа, білемін, өздеріңді...
— Ақын аға, қаламгерліктің бақыты сол, жұрт таниды, танымаса да сырттай аты-жөніңді біледі, — дедім.
Ол таң жаңа ғана қылаң бере бастаған терезеге қарап тұрып, арқаланып, жанары ұшқындап өлең оқи бастады:
— Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,
Жанбайтын жерде жаныппыз,
Біз деген досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Білгендер білсін,
Білместер, мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі,
Қорласын мейлі, күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды,
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін.
Антейміз біздер,
Жеріміз біздің халық-ты.
Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты – деп тоқтады.
Өз жүрегінен шыққан өлеңін автордан ерек кім оқысын, алған әсерден көзім жасаурап қарай беріппін. Ол қалай келсе, солай шығып жүре берді. Сыртқа шығып кетіп, қайтып оралатындай тұманданған есікке қарап қоямын. Кенет: "Ағай, ояныңыз", деген дауыс селт еткізді. Қасыма медбике қыз кеп тұр екен. Сонда ғана ұлы Мұқағалидың бұл өмірде жоқтығына, менің көргенім түс екенін сезіп, басымды көтерсем, көз жасымнан жастығым суланып қалыпты...
АЛПЫСБАЙДЫҢ "АЙЛАСЫ"
Тоқсаныншы жылдардың басында Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет істедім. Өте қиын кездер, жоқшылық, комсомолдан қаусап қалған, ескі "Волга" автомашинасы тиді. Қосалқы бөлшектер тапшы. Жүргізушім Алпысбай деген жігіт құрап-сұрап бірдеңе қылады, әйтеуір. Біраз жүргеннен кейін моторы "сыр беріп" тоқтап қаламыз. Алпысбай капотты ашып тастап, сыбана кіріседі, машинаның астына үңіледі, кейде итеріп от алдырамыз.
Бірде таңертеңгілік машинаға отырып жатсам, артқы орында он екі-он үштер шамасындағы бала отыр.
— Мынау қай бала?, — деп Алпысбайға қарадым.
— Менің балам ғой, — деп күледі.
— Жай жүр ме, тыныштық па? — дедім алдағы қыруар шаруалар есіме түсіп.
— Сабақ оқымайды. Сосын бір машинадағы оқыған адам мен оқымаған адамның қандай күйде жүретінін өз көзімен көрсін деп, әдейі алып шықтым, — деді Алпысбай. Мен не дейін. Алпекеңнің балаға сабақ оқытудағы қолданған "айласын" теріс не оң дей алмадым. Іштей күліп қоям, сабақ оқыған, білім алған жақсы-ау, бірақ баланың кім боларына тағдыры төреші, бәрі бір Алланың қолында ғой. Әрине, Алпысбайдың "айласы" оңынан оралса, біз де қуанар ек...
ҮЛКЕМАМА
Бір отбасының балаларына кіші шешелерін "мама", ал үйдің үлкен әйелін, яғни бәйбішесін "үлкен мама" деп атау керектігі үйретілген ғой. Дегенмен, сөздің қосарлана айтылуынан "н" әріпі түсіп қалып, "үлкемама" боп айтылып кеткен-ді. Сөйтіп, біздің бір шешемізді ауыл үйдің балалары, тіпті ересектеріне дейін солай атаған. Шындығында оның есімі Сәнім, кенже руының сары кемпір тармағынан, әкесінің ныспысы Сары, анасыныкі Орынай. Шешеміз он үш құрсақ көтеріп, балалары тұрмай тек қана Тұрған, Тұрсын есімді қыздары аман қалыпты. Екі ағасы "шаш ал десе бас алатын" жылдардың құрбаны боп, жақын туған-туыстан жұрдай шалының артында тұяқ қалуын көп ойлапты. Жасы қырықтан асқан өзінен не қайран, екі қызалақ сірә жат жұрттық. Бір күні шалы о дүниелік болса, бір әулеттің орны жоғалайын деп тұр. Жатса-тұрса осыны ойлаған ол қояр да қоймай шалын үйлендірді. Үйлендіргенде де тұрмыс құрған күннің ертеңіне жұбайы соғысқа кетіп, қайтып оралмаған, уылжыған жас келіншек Үмітті алып берді. Бұрын да көрші тұратын екеуі апалы-сіңлілердей еді. Енді жарастығы артып екеуі екі үй болып тұрып жатты.
Үміттен ат ұстар күтіп еді жұрт, бірақ адамның дегені бола бере ме, үйелмелі-сүйелмелі екі қыз дүниеге келді. Бұған Сәнімнің көңілі көншімеді. Ата-баба әруағына сиынып, әулиеден әулие қоймай түнеді. Сөйтіп жүргенде, жасы қырықтың бесеуіне келгенде өзі аяғы ауырлап, ұлды болды. Құдай берейін десе сөз бар ма?! Бұл қуанышты, айтып жеткізу қиын-ды. Құрыштай берік болсын деп сәбидің атын Құрышбек қойды. Төрт жылдан кейін Құрышбек інілі болды — Үміт шешеміз Тұрысбекті дүниеге әкелді.. Оған Рысты, Айман, Шолпан атты қыздар қосылып, өрісті кеңейтті.
Бұл ұзақ әңгіменің қысқа нұсқасы ғана. Шешеміз ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, жетпіс жеті жасында дүниеден озды. Марқұмның көзін көрген ауыл адамдары әліге дейін ілтипатпен еске алып отырады. Өйткені ол үлкен-кішіге жағымды, өсек-аяңнан аулақ жүретін, қулық-сұмдықты білмейтін жан еді...
Бірде ауылдан Ақтауда тұратын қызының үйіне барып, кешқұрым сыртқа шыққанда адасып кетіпті. Көшеде анаған-мынаған жалтақтап қарап, амандасып, жөн сұрасайын десе ешкім қарамайды. Содан тұра қалып: "Шырақтарым, мен жай жүрген кемпір емеспін, адасып жүрген кемпірмін", — дейтін көрінеді. Мұны естіген біреулер күліп, біреулер жөн сұрай бастапты. Сол арада артынан іздеп шыққан күйеу баласы тап болыпты.
Аулымызда теледидардан Мәскеудің орталық телеарнасы ғана көрсететін кез болатын. Әлі есімде кешқұрым диктор келіншек ертеңгі болатын хабарлардың бағдарламасын ежіктеп отырған-ды. Көріп отырған Үлкемама жалығып кетті-ау деймін: "Мына қаншық не деп отыр",— демесі бар ма? Мен де қулыққа басып, "Ойбай, мама о не дегенің, ол бәрін естіп отыр". Ұят болды ғой енді," — деймін өтірік сасқалақтап, әбігерленген болдым. "Ой, кімді алдағың келеді, ол қайдан естісін",- деді. "Шыныңыз ғой, мен қазір артындағы тетігін басамын, ол сізге дүрсе қоя беретін болады",— деп орнымнан көтеріліп, теледидарға жақындадым. "Қарағым, өзің түсінетін баласың ғой, қоя ғой, айтып қайтесің, нағашым құнанорыс болғасын қалжыңдағаным ғой",— деп үлкемама бәйек болды. Ал бізге күлкі керек.
Құрышбек айтады: "Бірде үлкемама тұмауратып жүрген соң бір пәшкі дәрі әкеліп берген едім. Кешке жұмыстан келсем көлеңкеде отыр. Екі беті қып-қызыл. "Құрышжан, қайта-қайта ішіп жүремін бе деп бағанағы берген дәріңнің бәрін бұратала ішіп салдым",— дейді. Не жыларымды, не күлерімді білмедім. Әйтеуір, арты жақсы болып кетті"...
Ол бала кезімде далада ойнап жүрген мені шақырып алып, көжекейінің қалтасынан құрт, немесе қант пен кәмпит алып беретін-ді.. Әсіресе, тойға барып келсе барлық балаларға тәтті үлестіріп, оған өзі де мәз-мейрам болып жататыны әліге дейін көз алдымызда.
Қайран үлкемама-ай... Кейде мен біздердің бойымызда мейірімділік, кішіпейілділік, адам баласына жамандық тілей алмайтын ақ көңілділік сияқты қасиеттердің ұшқыны болса осындай аналарымыздан дарыған-ау деп ойлаймын...
ИНТЕРВЬЮ
Аудандық газетте жүрген кезім. Бір күні редакторым шақырып алып: "Енді санаулы күндерден кейін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні келеді. Осыған орай, "Достық" совхозының бір сауыншысымен тез арада бір интервью әзірле. Алдымен директоры Бердіқұл Сарбасовпен келісіп ал" деген бұйрық берді. Содан коммутатор арқылы үш жүз шақырым жердегі "Достық" совхозына телефонмен тілдесу қиынның қиыны болып тұрған кез еді. Сәтін салғанда Бердіекеңді орнынан таптым.
— Ағай, сіздің совхозға іссапармен барамын, ауылда боласыз ба? — деймін даусы бір үзіліп, бір естіліп тұрған Бердекеңе.
— Иә, құдай қаласа елдеміз ғой. Шаруаңызды айта беріңіз, — деді ол.
— Бір озат сауыншыңыздан интервью алуым керек.
— Интер... ол не нәрсе?
— Аға, интер емес интервью, қысқасы кездесіп өзімен сөйлескенім жөн.
— Иә, иә... әлгі қалай еді интер...интер... — дегенше дауыс үзіліп кетті де, қайта қосылды -ертең келесіз бе?
— Иә, иә...
— Жақсы күтеміз ендеше...
Бердекең тағы бірдеңелерді айтып жатыр бірі естілсе, бірі естілмейді. Ертеңіне таң елең-алаңда "Достық" қайдасың деп тартып кеттім. Күнделікті жұмыс басталып кеткен шақта совхоз орталығына жеттім. Кеңсеге кіре берісте алдымнан орта бойлы, көзі мөлдіреген, екі бұрым ғып өрген қолаң шашы тірсегін қаққан әдемі келіншек қарсы жолықты. Көз жанарымыз түйіскенде жымың еткендей болды. Қасынан өте беріп ем, иіссудың хош иісі мұрынға келді. Шаруашылық басшысы да мені күтіп отырғандай болды. Совхоздың соңғы мәліметтерін жан-жақты қағазға түсіріп қойыпты. Ұжымның қол жеткен табысы, алдағы міндеттері жайында нақпа-нақ әңгімелеп берді.
— Сіз озат сауыншымен интер.. әлгі қалай еді...
— Интервью.
— Иә, солай деген едіңіз, оған да адамымыз дайын, — деді де кнопкісін басып хатшысын шақырды, — қайда әлгі Айнамкөз, жаңа жылтыңдап осында жүр еді ғой..
Мен қағаздарымды жиыстырып, орнымнан көтерілгенше бағана есік алдында көрген келіншек кіріп келді.
— Ә...Айнамкөз, міне аудандық газеттен тілші ағаң да келіп қалды... Енді мал өрісте ғой, жеткен жетістігің жайында айтып, әлгі... не еді, интер... — деп совхоз басшысы Бердекең жымың-жымың етті.
— Айтқаныңыз есімде ағай, сіз интерви алады деп едіңіз, — деді Айнамкөз тақ-тақ етіп.
Бастықпен қоштасып, сиыр сауудың шебері Айнамкөздің әңгімесін тыңдап, қойын дәптерімді толтырдым.
Рахметімді айтып, әлі уақытым көп болғандықтан ауылдық кеңестің кеңсесіне соғып, жаңалықтар болса іле кетейін деп солай қарай бет түзедім. Айнамкөз де ере шықты. Өзінің шаруасымен жүрген шығар деп, оған мән беріп жатқан мен жоқпын. Ауылдық кеңестің төрағасы Мұхаммет Назаров мені көріп қуанып қалды. Бір сағаттан кейін кезекті сессияларының өтетінін айтып, қатысуымды өтінді. Үлкен кісінің сөзін жерге тастамай келісім бердім. Сыртқа шықсам Айнамкөз тұр.
— Сіз әлі жүрсіз бе, шаруаңыз бітті ме? — дедім. Үнсіз. Байқаймын, көңілі күпті, бірдеңе айтқысы кеп қиналып тұр.
— Ағай... — деді күмілжіңкіреп, — әлгі интер... ту, интервиді қашан аласыз, тездете алмайсыз ба?
Мен жыларымды не күлерімді білмей, дағдарып қалыппын. Содан асықпай түсіндіре бастадым. "Интервью дегеннің қазақшасы сұхбат құру, әңгімелесу, екеуміз бағана әңгімелестік, менің сұрақтарыма жауап бердіңіз интервью дегенің сол" — дедім.
— Уф, ағай, — деп Айнамкөз жадырап сала берді, бәрін бүлдіріп жүрген Бердекең екен ғой.
— Ой, ағай, - деді күлкісін әрең тыйып, — Кеше мені Бердекең шақыртып алып: -Аудандық газеттен тілші келгелі жатыр. Озат сауыншы ретінде әлгі айтқан интерви бересіз, — деді.
— Интерви деген не ағай, сонда мен не істеуім керек? — деп сұрадым.
— Соны мен де білмеймін, — деді Бердекең, содан кете беріп едім, қайта шақырып алып айтқаны:
— Жаңағы интер...деген бәлені мен де білмедім. Бірақ жуынып-шайынып, жаңа киімдеріңді киіп, дайын боларсың...
Мәселенің мәнін енді түсінген мен де Айнамкөзге қосыла күлдім.
"СЕН СОНДАЙҒА ТАПТЫРМАЙСЫҢ..."
Бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы төрт бөлмелікте Қайырбай ақсақал, ал екінші қабатында біз тұрамыз. Ол ағамыз кісіні жатсынбайтын, бір көргеннен-ақ баурап алатын көрінді маған. Оған қоса жасы жетпістен асса да елгезек, пысық, қай кезде көрсең де бала-шағаның, туған-туыс, ағайынның жайын ойлап жүреді.
Бірде қызметтен келе жатқанымды көріп, сонадайдан тоқтай тұр деген белгі берді. Сәлемдесіп, жай-жапсар сұрасқаннан кейін, сөзін бастап кетті:
— Шырағым, бізге бөтендігің жоқ түбі бір шалдың балдарымыз. Және қазекем "Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын" деп тектен текке айтпаған, біраздан бері қоңсы тұрамыз, сыртыңнан сүйсініп, мақтан тұтып жүрген інімсің, өзің білесің өткенде менің үлкенім, Кәмшатым ұзатылып, тойы болды ғой...
— Қайыреке, тойыңда болғанымызды... — деп бастай беріп ем, өзі жалғастырып әкетті:
— Болғаныңызды білемін, менің айтайын дегенім, ертең сол қызымның құдалығы, жақсы көретін көршілес інім ретінде ересің, бірге барамыз, — деп түйіп тастады.
Бірдеңе деп сөзін қайтарудың не сылтау айтып қала берудің ыңғайын таппай амалсыз көндім. Құдалық деген жақсы ғой! Көңілді, жан сүйсінерлік жағдайда өтті.
Құдай көпсінбесін, Қайырекеңнің бес қыз, үш ұлы бар. Ол Нұрым, Тұрым есімді балаларының құдалығынан да мені қалдырмады. Қыстыгүні сырқаттанып ауруханада жатқанымда Дана есімді қызы тұрмысқа шықты деп естігенмін, кейін ақсақалды көргенде "жолы болсын" айттым.
Жуырда кешқұрым сыртқа шықсам, Қайырекең екі қолын артқа ұстап, маған бейтаныс біреулермен сөйлесіп тұр екен. Сәлемдесіп, өте бергенім сол еді, қасындағылармен асығыс қоштаса сала маған бұрылды:
— Ай, інім, сәл кідірші, — деді де қасыма таяп кеп, қолын ұсынды, — алай, бала-шағаң аман, денсаулығың жақсы ма?
— Рахмет аға, құдайға шүкір, ептеп жүріп жатырмыз.
— Өткенде тұрмысқа шыққан қызым қашық емес, осы қалада тұрады. Алдағы сенбіге шақырып жатыр. Үйіңе арнайы барып айтайын деп едім, өзің кездесе кеткенің тіпті жақсы болды, ал енді соған бірге барамыз.
— Қайыреке, айтқаныңызға рахмет, біріншіден мен көрші екенмін деп, құдалығыңыздан қалмай ере беремін бе, үш құдалығыңызда, екі мәрте құданың алдынан өтерде болдым ғой. Өзіңіздің де, жеңгейдің де туған-туыстары бар, қала берді менен де басқа көршілеріңіз бар дегендей, сіз мені дұрыс түсініңіз, екіншіден Өзендегі қайнағамның мерейтойы, шақырып қойғанына бір ай болды, бармай қалсақ өкпелейді, — дедім шыны сол еді.
Байқаймын ақсақал ағамның түсі бұзылып кетті. Қаралай қолайсызданған мен:
— Аға, ешқандай реніш болмасын, жан жетсе әлі талай той да, құдалық та болар-ау, — дедім.
Менен мұндай жауапты күтпеген Қайырекең алғашында күмілжіп қалғанымен, бірте-бірте қабағы жазылып, желкесін қасыды да, келіскен сыңай танытты:
— Әрине, әркімнің әр түрлі шаруасы бар дегендей... бізге еріп баратындардың да реті шамалы... барғанда құдалармен рюмкі түйістіретін дұрыс адам жоқ... сен сондайға таптырмайтын, жақсы едің... және жұртқа ұқсап мас болмайсың...
" ОРЫНДЫҚҚА ОТЫРА КЕТІППІН..."
Бұл оқиғаны мектепте мұғалім болып қызмет істейтін бір танысым айтқан еді. Ал, тыңдаңыз...
"Сынықтан басқаның бәрі жұғады" дегендей, әсіресе, он торт-он бес жастағы жасөспірімдер еліктегіш келеді. Теледидардан, көшеден көргенін істейді. Байқайсыз ба, соңғы кездері талдырмаш қыз балалар қарнын жарқыратып, кіндігін көрсетіп жүруді шығарды. Көргенде өзің ұяласың. Мен жетекшілік ететін тоғызыншы сыныпта да сондай бір оқушыны байқап қалдым. Әсіре қызыл жұққыш келеді, бірінен бірі көріп ертең сынып жарқыраған қарын мен кіндікке толып кетпесе неғылсын, мұның алдын алмаса болмас деген оймен әлгі кіндігін жалаңаштап келген оқушының ортаға шығарып ескерту жасадым:
— Индира Қамзаева, мына сыныптастарыңның алдында саған ескертемін, ертеңнен бастап кіндікті жалаңаштап келуді қоятын бол, оқушыға лайық, мына өзіңдей қыздар киіп жүрген киіммен келетін бол, ұқтың ба? - дедім.
Индира төмен қарап, басын изегендей болды. Енді түсінген болар, көптің көзінше баланың сағын сындырмайын деген оймен орнына отырғыздым.
Ертеңіне бұл сыныпта сабағым жоқ-ты, сондықтан асықпай сабақ бітетін кезде мектепке келдім. Бір кезде көзім түсіп кетті... Индира... сол баяғы қалпы, ештеңеден қаперсіз, күліп-ойнап жүр. Мұндай ренжімеспін, шақырып алып, ұрыстым да, ертең сабаққа ата-анасыз келмеуін ескерттім. Ертеңіне Индира сабаққа келмеді. Сабақ бітіп, оқушылар тарағаннан кейін, мұны мектеп директорына мәлімдеген жөн шығар деген оймен кідірістеп қалдым. Орнымнан қозғала бергенім сол еді есік ашылып, Индира көрінді. Әлі сол баяғы, кіндігі көрінген қалпы. Мұндай ашуланбаспын, қалшылдап кеттім. Содан мектеп оқушысының этикасы мен эстетикасынан бастап сөз тиегін ағыттым-ай кеп, мына киім киісінің оқушыға лайықсыз екенін, ал қазақ қыздарына тіпті де жараспайтынын ұқтырып-ақ бақтым.
— Адамда ұят, иба деген болуы керек ғой, неге айтқанды тыңдамайсың, кеше саған ата-анаңның бірі мектепке келсін дегенім қайда? — дедім.
Сонда ғана байқадым оның сырт жағынан біреу қозғалақтағандай болды. Индирадан едәуір ересектеу, шашын қызыл түске бояған, шалбарланып, қарнын жалтыратқан тағы бір қыз тұр, кіндігіне моншақ тағып алыпты. "Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты" деген екен, ендігі жетпегені осы еді? Бұл не де болса құрбысы болды ғой, бір-бірінен айнымауын бұлардың, деген ой келді.
— Ата-анаңның бірі ертеңнен қалмай мектепке келетін болсын, бұл соңғы ескерту, егер келмесе сабаққа жіберілмейсің, — дедім Индираға қарап, әр сөзімді ежіктеп жеткіздім.
— Ағай, анам келді ғой, — деді ол.
— Қашан келді, қайда ол?
Индира жанында тұрған өзі сияқты "қызды" көрсетті. Не айтарымды білмей орындыққа сылқ етіп, отыра кетіппін...
Бала көргенін істейді деген осы-ау..
ӘКЕ
Мектептен келгенде әкем күрк-күрк жөтеліп, қабаттап көрпе жамылып, жатыр екен. Шешем; "Е, жасаған ием, өзің сақтай гөр", деп күбірлеп қояды. Маған қарап:
— Тұла бойы өртеніп тұр, дәрігер шақырайын десем тыңдамайды, — деді, — алысқа ұзап кетпе, малдың алдынан шығасың.
Кешке малды қораға жайғап болғанымда, көршіміз Қошалы шал үйге кіріп бара жатты. Күндегі әдеті, кешкі шайымызды ала бергенде жетеді. "Ерінді бір жалап қойып, қалыңдығыма жөнелдім", деп түн жарымына дейін әңгімесін көйітеді. "Ерінді бір жалап қойып"- бұл оның сөзінің мәтелі.
Бірақ, бұл сапар Қошекең көп бөгеле алмады.
— Шаншуды да ауру деп, бір шөлмек " ақаңды" алып, екі жүз грамдық "қырлаубаймен" (стаканмен дегені) тартып жібер де, жылы төсекке жата қал, терлеп айығып кетесің,- деп күліп, "ақылын" айтты да, шығумен болды.
Ертеңіне шешемнің: "Кешегі Қошекең айтқанды алдырайын ба", дегенін естіп қалдым.
— Алдырсаң алдырсайшы, мына шаншуы түскір біресе бүйірден, біресе жауырыннан түйіледі, кетер емес, уф, — деп әкем басын көгерді.
Шешем берген көкала бес сомдықты қолға қысып, ауыл дүкеніне жөнелдім. Есінеп қойып, шыбын қағып отырған дүкенші апайға ақшаны ұстатып:
— Бір шөлмек арақ берсін деді...
— Әй кім берсін деді.
— Балам.
— Сенің әкең арақ ішетін бе еді-ей, үйіңе қонақ келді ме?
— Иә, дей салып, ұсынған арағын қылғындыра ұстап, шапқылап үйге тарттым.
Ертеңіне мектептен келсем, әкем терлеп шай сораптап отыр екен. Қалампыр қатқан шай иісі мұрын жарады. Әкем іргеге қолын созып, кешегі арақты суырып алды.
— Балам, шайға отырмас бұрын мына бір шөлмекті менің бастығыма апарып бере сал, ішкісі кеп жұтынып отырған шығар, — деді.
— Арапханға ма?
— Иә, конторда отыр.
— Ал өзіңіз...
— Жоқ, балам! Өмірде аузыма алмаған едім. Аурудан жазыласың дегенге ... ішпей-ақ қойдым. Үйде де тұрмасын, апарып бер.
Мен өзіме кешеден бері "жұмыс" болған бір шөлмек арақты әкемнің бастығы, мұрны қолақпандай әзірбайжанға ала жөнелдім.
... Қазір ойласам әкем сол кезде қырықтың шамасында екен. Ал, мен ше... Кешір, әке!..
СЫЙ
— Құлыным, бері келші, — деп анам орнынан тұрды да, бас жағындағы ілулі кермеден ала баулы тұмарды шығарды, — кел, мынаны мойныңа тақшы.
— Ой, ол неге керек, мойынды қышытады, — дедім анама еркелегім әрі сөйлеткім келіп,-қажеті жоқ нәрсе ғой.
Үндеген жоқ, ишара жасап ұмсына берді. Терезеге таяу тұрған анамды бүгін көргендей жүзіне үңілдім. Соңғы кезде жиі ауыратын.. Еңкіш тартып, әжімі тереңдеп кетіпті. Аппақ самайын жаулық астына жасырды. Ұшқындап тұратын нұрлы жанарын мұң кіреукелеген. Әлсіз саусағымен жүзімді аялай сипады. Омырауымды ашып ем, мойныма тұмарды асып, маңдайымнан өпті.
— Бәле-жаладан қорғайды, тастамай тағып жүр, құлыным! Бар-жоғы екі-ақ күннен кейін анаммен мәңгіге қоштастым. ... Шақырып тұмар таққаның дәміңнің таусылайын дегенін сезгенің ғой. Сыйлығың бар да өзің жоқсың... Маған бойтұмардан гөрі, өзің қымбат едің, әлі де жүре тұрғаның жақсы еді ау... анашым!..
1971 жылдың жазында Атырауда болдым. Ол кезде Гурьев деп аталады, облысымыздың орталығы. Өзенге қайтайын деп аэропортқа барсам адам ығы-жығы. Үш күнге дейін билет жоқ. Жалғыз кассаның алды да опыр-топыр, кезекке тұру жоқ. Таяп барып ем, иін тірескен жұрт толқындай ытқытып, шетке қақты. Амалым құрып, сыртқа шықтым.
Жапырағы төгілген тал түбіне тізе бүктім. Ойлап отырмын, "Гурьев" қонақ үйінде әдеттегінше орын жоқ шығар, тағы масаға таланып, дәлізге жататын болдым деп. Сырт жағымнан біреу қақырынды. Алпыстың ішіндегі балдақты кісі екен. Омырауы толы орден мен медаль. Сәлем бердім. Бас изеп,ежірейе қарады да:
— Әй, неғып отырсың? - деді мені күнде көріп жүргендей.
— Ұша алмай... билет жоқ...
— Е..е, не елсің?
Мен ұша алмай отырсам, ендігі жетпегені осы шалдың "мылжыңы"еді. Бұл жақта "адаймын" десең, ар жағын сұрамайды дегенді естуші едім. Еңсемді тіктеп:
— Адаймын, — дедім.
— Адайдың қайсысысың?
Мына кісіге шынымен әңгіме керек екен. Не де болса тілегін орындайын деп адайдан бері өрбіте жөнелдім. Шал да қояр емес, " оның қайсысысың?" — деп қояды.
Бір кезде:
— Өй, өз інім екенсің ғой. Ұша алмай отырмын де, қане паспортыңды әкелші бері,- деді.
Сенер-сенбесімді білмей, арасында билет пұлы бар құжатымды қолына ұстата бердім.
Ырғалып шалың келеді, соңынан ілбіп мен келемін. Кассаға таяғанда жұрт қақ айырылып жол берді.
— Кәмшатжан-ай, мына балаға Ақтауға билет бер, — деді кассада отырғанға, ол да екі айтқызбады.
Жалпы руды білгеннің зияны жоқ-ау.
"МЫЛҚАУ"
Бірде кеңседе отыр едім, ұзын бойлы, ақсары жігіт кіріп келді. Қолындағы бір парақ қағазда:
"Мына мылқау жанға мүмкіндігіңізше қол ұшын берсеңіз" деген жазу үлкен әріптермен жазылыпты. Аяп кеттім. Қалтамнан елу теңгелік алып ұсындым. Бас изеп шығып кетті. Осылайша араға күндер салып, бірнеше рет келді, бірнеше рет ұялғаннан қалтаға қол салдым.
Ұлымды ертіп сенбі күні қаладағы ең үлкен орталық дүкенге бардым. Сөреге көз салып тұр едік, дүкеннің түпкі бөлмесінен біреу айқайлап сөйлеп шыға келді. Бұрылып қарасам, баяғы "мылқауым". Ол да абдырап, сасып қалды.
Мен ұялтпайын деп, танымаған болдым.
АҚША ДЕП АР-ҰЯТТАН БЕЗБЕЙІК
Қандай қоғамдық құрылыс болмасын экономика негізін құрайды. Елімізді жетпіс жыл бойы билеп келген кеңестік жүйе келмеске кетіп, тәуелсіздік нарықтық қатынастарды ала келді. "Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды",— дегендей көбірек ақша табудың, өзімізге табыс түсірудің жолына түстік. Бұлайша еңбектенудің өзіңе де, жұртқа да пайдалы тұстары көп. Мәселен, Ақтаудың мал базарына бара қалсаңыз, сол бойда алған қойыңызды сойып, жіліктеп, бас-сирағын үйтіп, ішек-қарынын аршып беретін қызмет бар. Бұл қала қазағына өте керек. Немесе той-садақа үшін киіз түріндегі құрастырмалы, кең үйлерді алыңыз. Арнаулы үстелдері, төсеніштері бар бұл үйлерді өздері әкеліп, құрып береді. Тек ақысын төлесеңіз болды. Көп қабатты, тар үйлерде тұратын қазекеңе мұнан артық не керек?!
Дегенмен, кейде ақша табудың жөні осы екен деп артықтау сілтейтіндерді көреміз. Сәл ғана қар жауып, көше тайғақ болса таксилер құнын әп-сәтте шарықтатып әкетеді. Жексенбі күндері кешке қарай Жаңаөзеннен Ақтауға жету қиын. Такси былай тұрсын, шұбырып жататын "Газелдер" сирексіп, олардың да автовокзалға келгені бағаны екі еселейді екен. Қаламасаң өзің білесің, өйткені жолаушы жеткілікті, соның өзіне таласып-тармасып отырып жатыр. Шағымданғаныңмен нәтиже жоқ, иесі-жекеменшік.
Ал, қарапайым жандарды алдап, отырғызып кететіндердің қасында бұл айтылғандар "ойыншық" сияқты. 1994 жылы "Бойтұмар" атты жыр жинағым жарыққа шығып, қалтаға азын-аулақ ақша түсті. Әйеліміз екеуміз келісіп, балаларға сол кезде жаңа шығып жатқан жапон магнитафонын, ал үйімізге кілем алғымыз келді. Алдымен балалардың бұйымтайын орындап, енді кілем жақты араладық. Менің көзіме парсының төсеулі жатқан, түкті кілемі оттай басылды. Соны алғым кеп, айналшықтап, тұрып алдым. Неде болса саудаласып көрелік деп, иесін іздеп едік көріне қоймады. Әркімдерден сұрастырып тұрғанымызда "иесі менмін",— деп қысқа тонын желбегей жамылған, мұртты жігіт шыға келді. Бағасын төлеп, кілемді бүктеп иыққа салып алып, базардан шығатын қақпаға қарай тартып келемін. Мен - алда, әйелім артымда. Бір кезде: "Тоқтаңыздар, менің кілемімді қайда алып бара жатырсыңдар!", деген әйел даусы мойынды кейін бұрғызды. Отыздар арасындағы әйел, жанында жасаңдау келіншек бар, келе кілемге жармаса кетті. Айтатыны: "базар жанындағы қоймаға кетіп едім, келсем кілемім жоқ, сіздер алып барады деген соң жүгіріп жеткенім осы, ойбай-ау, бұларың қалай?" — дейді. Біз де болған жайды айтып жатырмыз, тыңдайтын емес, у-шу болып, кілем алған жерімізге қайтып келдік. Әлгі жігітіміз ғайып болған. Сол жердегілерден сұраймыз, ешкім, ештеңе білмейді. Кілемнен біз де, иесімін дейтін әйел де айырылатын емеспіз. Содан ішкі істер бөлімінің жігіттері келіп, бөлімшеге алып келді. Танитын жігіттер кездесе қалып: "Оу, Тәке, бұл қалай болғаны",— дейді. Бәрін басынан қайта баяндаймын. Олар алаяқ, ұрыға шарасыздықтан алақандарын жаяды. Сөйтіп, кілем сатушы әйелге де ақша төлеуге тура келгені бар...
Сөзімнің тоқетері — қаншама нарық дейік, ақша дейік бұрынғы ата-бабамыз бәрінен жоғары қойып келген ар-ұятымыз төмендемесе екен.
МАҚАЛДЫ ДА ЕСКЕРМЕЙДІ
Дәулетпен таудағы демалыс үйінде бір бөлмеде тұрдым. Өте ұқыпты да пысық жігіт екен. Асханаға барсаң ең алда Дәулет, ем алуға барсақ алда — Дәулет, театрға бардық, тағы Дәулет...
Бірде бір топ демалушылар тауға шықтық қайтар жолда ол мені ымдап шақырды: "Темеке, соқпақпен сүйретіліп жүреміз бе? Тіке тартайық". Жартастар арқылы тіке түсудің қиындығын, аяқтың ауыратынын айтып мен көнбедім. Көппен бірге жүргенді жөн көрдім. Ол қолын бір сілтеп, өзі кетті. Біз келген ізімізбен кейін қайттық.
Келсек, Дәулетім көрінбейді. Сүт пісірімнен кейін таяққа сүйеніп, ақсай басып келді. Байқаймын маған ашулы. Құлап, аяғын ауыртып алыпты. Кінәлі өзі. Ең болмаса "Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас", " Көппен көрген ұлы той" деген мақалдарды ескермегені ме?
БОЛАТБЕК
— Әй, Боря, қалайсың? — деймін оны көргенде, ол арсалаңдай келіп, құшағыма енеді. "Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды" дегендей, жиырма бестегі соқталдай жігіт маған жас балаша еркелейді. Есіме оның қалай дүниеге келгені түскенде, кеудемді қуаныш кернеп, жадырап қаламын.
1978 жылдың ми қайнатар шілдесі болатын. Аудандық газеттің редакциясында істейтінмін. Жұмыстан кешеңдеу шығып, үйге жетсем, келіншегім ебіл-себіл жылап жүр. Бекдашыда тұратын жалғыз апасы аса ауыр халде санитарлық ұшақпен облыстық перзентханаға жеткізіліпті. Облыс орталығы біздің ауылдан он бір шақырым жерде. Кешке қарай көлік қатынамайды. Екеуміз машина жалдап, іңірде жеттік. Қалада тұратын жақын-жуықтар жинала қалыпты:
— Халі ауыр, есін білмейді дейді...
— Операция жасаймыз депті.
— Аса қиналып босана алмапты, — деген сыбыр-күбір әңгімелер естіліп қалды. Бір кезде іштен менің бажам Құттымұрат шықты. Үстіндегі ақ жейдесінің жеңін шынтағына дейін түріп алған. Түсі қашып кеткен. Жұрт енді соған қарай ойысты:
— Әй, Құтыш, Айша қалай екен?
— Есін жинады ма?
— Тоқтай тұрыңдаршы, дәрігерді көріп, сөйлестің бе өзің?
Құтекең көзі жыпылықтап, күмілжіп қалды да:
— Иә, сөйлестім, іштегі баласы өліпті. Енді операция жасап аламыз дейді.
— Я, жасаған, өзі аман қалса болар. Шүкір балаларың бар ғой, — деп бір кемпір жұбатып жатыр.
Байқаймын жұрт тыныш қалды. Көзбен жер шұқып біз тұрмыз. Әркім өз ойымен әлек. Кейбіреулер "хабарын білдік қой", дегендей тарай бастады. Жылжыған уақыт түн ортасына таяса да, ауа қапырық. Сонадайдан ай сәулесімен теңіз жалтырайды. Леп жоқ. Шөліркегенмен, шыдамдылық танытып отырмыз. Дыбыс шықса, есік жаққа жалт қараймыз. Анда-санда ақ халаттылар көлбеңдеп өте шығады. Әжей:
— Әй, Құтыш, сен барып, хабар ал. Операцияның бітетін уақыты болды ғой, — дегенде, жұрт қоштағандай қозғалақтап қалды. Құтекең имене есікті ашты да, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, ішке енді. Бірақ көп бөгелген жоқ, қайта шықты да, тұрып қалды.
— Иә, қалай екен?
— Операция жасапты ма?
— Айшаның өзін көрдің бе? — деген сұрақтар үсті-үстіне жауып кетті. Құтекең асығар емес.
— Иә, жасапты, жақсы... тірі екен... ішіндегі баласын айтам, тірі екен... ұл бала деді дәрігер...
Есік алдында тұрған Құтекеңді бас салып, құшақтап жатырмыз. Сәбидің есімін Болатбек қойды. Еркелетіп "Боря" дейтінбіз.
Жаңаөзен мұнай колледжін "қызыл дипломмен" бітірді. Төрт-бес жылдан бері "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамында қызмет істейді.
Құдайдың көзі түзу болсын, Боря — Болатбек, аман жүр, бауырым!
ӘПКЕ
Менің төрт әпкем бар. Ең кішісі менен бір-ақ жас үлкен. Екеуміз бір сыныпта оқыдық. Мен біріншіге барғанда үйіміз кішкентай темір жол стансасында еді. Он үш шақырым жердегі мектепке ауыл балалары есекпен қатынаймыз. Шешем таң алагеуімде тұрғызады. Тұра салып, әкемнің үйреткеніндей есекті өзім ерттеймін. Көрші балалардың ауылдан шығып бара жатқанын көргенде, есекке ырғып мініп, үй жанында шүберек сөмкесін асынып тұрған әпкемнің алдына келіп көлденеңдеймін, ол ердің артына мінгеседі. "Ал, Тайшық, тарт қане" деймін жырдағы батырларша тебініп. Тайшық менің есегімнің аты. Алпамыс батырмен соғысқан қалмақ ханының есімі бұл. Ақжем жолға бір түсіп алған Тайшекең әдетінше басқалардан алға озады. Құрғап қалған саздауыт сайдан өте бергенде есегім жеңілденіп қалғандай ытқи жөнеледі. Тізгінді тартып, кейін бұрыламын, әпкем әдеттегідей кесек-кесек кепкен саз балшықтан қалтасын толтырып, жүгіріп келе жатады. Қабақты қарс түйіп, есегімді көлденеңдетемін, ырғып мінеді. Қайтадан жолға түсеміз. Әпкем саз кесекті қытырлата жеп отырады.
Төменгі сыныпта жүргенде мұғалімдер маған ұрысса, ересек балалар тиіссе, алдымен әпкем жылап қоя береді, оны көріп, кейде мен де жылаймын...
Менен кейінгі інім Өмір жасынан талма аурулы болды. Сексенінші жылдары дүниеден озды. Ал бізден үш жүз шақырым қашықтағы малды ауылда тұратын әпкемдерге хабар "Темір қайтыс болыпты" деген сыңайда жеткен. Бір кезде ботадай боздап әпкем жетті. Сонадайдан "бірге ойнап, бірге оқып едім, құдай енді сенен де айырды-ау, бауырым. Темірім", - деп жылайды. Үйдің іші де абыр-сабыр. "Ол інің емес, одан кішісі" демек болғандарды тыңдар емес, менің атымды жылауға қосып аңыратты дерсіз. Біреулер маған ым қаққан соң, шыдай алмай есіктен мен көрінбеймін бе. Ұшып тұрып, құшақтап алып босатар емес, өзі жылап жүр.
Әпкем қазір Қызылтөбеде тұрады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондыра бастаған көп балалы ана. Әліге дейін тай-құлындай тебісіп өскен мен дегенде ілтипаты ерекше. Бірдеңе болса, қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, алдымен жететін де сол Әпкем менің...
АҚ ҚАЙЫҢ ЖЫЛАП ТҰР
Бала кезімде мектептен үйге келе жатып тың тыңдайтынмын. Шыңылдаған төс пен балға үні құлаққа келсе, есіктен кіре портфельді атып ұрып, апыл-ғұпыл киініп, ұстаханаға жүгіремін. Көрші Түгел ағай темір соғып жатады. Шағын ұстахана іші кәкір-шүкірге толы, мұнда не жоқ дейсіз? іздеген шегеңді, болтың мен гайкіңді табасың. Ағай әрдайым "кел, кел" деп, күліп қарсы алады. Мен темір-терсектен гөрі ағайдың әңгімесіне құмармын.
— Менің әкем соғыстан оралмады, — дейді ол бірде мұңайып, — мына қайыңды соғысқа кетерде өз қолымен отырғызған. Сонау бір жылдары осында құрылыс салу үшін келгендер: "жол тартуға бөгет жасайды" деп, ағашты құлатқысы келді. Бірақ шешем жылап-еңіреп, алып қалды. Бері жүр бірдеңе көрсетейін. Ағай жапырағы сыбдыр қаққан, тіп-тік боп өскен ақ қайыңның жанына келіп, ағаштың тізеден жоғары жеріндегі қара дақты сипап тұрып:
— Мынау сондағы балтаның ізі. Бір әумесер тракторшы әй-шәй жоқ балталап жатқанда, шешем қолына жабысып, шаптырмаған, - деп маған қарайды.
Мен жұп-жұқа қабығы ақ қағазша желбіреген қайыңның шойырланып біткен жарақаттай білеуленген діңін қолыммен аялай сипалаймын...
Ұзақ жылдардан кейін жолшыбай баяғы балалық шағым өткен ауылға соғудың сәті түсті. Ауыл көп өзгерген. Оқтаудай көше, шатырлы ақ үйлер. Мен білетін көптеген адамдар, Түгел ағай да бақилық болыпты. Ағаның шаңырағын иеленген кешегі қара домалақтар, бүгінде азамат боп, шекесінен қарайды.
Өз үйімнің орнында өткенді еске алып, ұзақ тұрдым. Әлдене есіме түскендей жалт қарасам, әлі бар екен — баяғы ақ қайың. Жапырағы желмен ойнап, алақан соққандай сусылдайды. Еріксіз бұрылып, жанына бардым. Бұрынғыдай емес, бұтақтары салбырап, тамырлары білемденіп кетіпті. Күтімсіздігі көрініп тұр. Балтаның ізі бітіп, шодырайған көзге айналған, сипап едім, қолыма мөлдір тамшы ілікті.
Ақ қайың жылап тұр...
БОЙТҰМАР
Бірде іссапармен Алматыға жол тарттым. Жолаушылар пойызының купелі вагонына Құлсарыдан бір түрік жігіті отырды.
Есімі Шавхат құрылыс инженері екен. Екі ай жұмыс жасапты, құрылыс салып, енді Алматының түбіндегі үйіне қайтып барады. Танысып, білісіп, әңгіме айтып, Қандыағашқа жеттік. Түсіп, басқа пойызға отыруымыз керек. Жайбарақат едік, түсетін кезде қапылдық та қалдық. Вокзалдың күту залына келгенде ғана сақал қырғыш, сабын сияқты, ұсақ-түйек болғанмен, жолда қажет заттарымның купеде ұмыт қалғанын бір-ақ білдім.
Үйіммен хабарласуды ойлап, вокзал ішіндегі телеграфқа бірнеше бардым. Байланыс болмады. Сарылып, кешігіп жеткен пойызды күттік. Билетімізге көз салсақ, екеуміз тағы бір купеде екенбіз. Шаршап-шалдығып, айқай-ұйқаймен пойызға іліккен едік, орнымызда үлде мен бүлдеге бөленген саудагер әйел бойжеткен қызымен жатыр. Қолында билеті бар бізге пысқырып та қарағысы жоқ. Оларды қызғыштай қорыған жолсерікпен айқайласып, орнымызды алдық-ау.
Жаздың кезі, салқындатқыш іске қосылып, перделері түсірулі вагонның іші қоңыр салқын. "Шымкентке таяп қалдық" деген соң пердені аша бергенім сол еді, сырттан лақтырылған баланың басындай тас вагон терезесін быт-шыт қылып, көкірегіме тиді. Білегімді, қолымды шыны жарықшақтары тіліп кетті. Шавхат йод пен бинт іздеп, жүгіріп жүр.
Төсегіме жайғасқан соң:
— Шавхат, менің жолым жеңіл еді. Осы сапарым өзің көргендей сәтсіздікке толы. Бұл неліктен екен?
Шавхатым иығын көтеріп, маған қарайды.
— Ағай, — дейді ол таза қазақша, — мен қайдан білейін.
Біраздан кейін басымды көтеріп:
— Шавхат, бері қара, — дедім. Ол "тағы не болып қалды" дегендей орнынан ұшып тұрды.
— Оның себебі, — дедім басымды көтеріп, — мойнымда бойтұмарымның жоқтығынан. Купеге орналасып, киім ауыстырғанда шалбарымның қалтасына салғанмын, содан ұмытылыпты.
— Ойбой, аға, ендеше тез алып тағыңызшы, — деп Шавхат бәйек болып жатыр. Мен де бойтұмарымды мойныма таққанша асықтым.
ҚАЙРАН, АЯЗ БИ
Бектұрды бала кезінен білетінмін. Әке-шешесі тағдыр тауқыметін көп көрген, қарапайым, шаруа жандар еді. Өзі де жоқшылықтың шетін көріп өсіпті. "Мектепке жамау шалбармен, көкем тігіп берген шоқаймен баратынмын" дейтін Бектұр бір әңгімесінде. Ең бастысы оның адамгершілігі биік, адал еді. Сол үшін оны жақын тартатынмын.
Арада жылдар өте Бектұр қызметке тұрды, сырттай жоғары оқу орнын бітірді. Қолы шығып, табысы мол орынды сағалады. Қос-қос машина мініп, үсті-үстіне үй алды. Әңгіме онда емес. Енді бұрынғы иманжүзді, сызылған жігіт, ауыздыға дес бермей бөсетін болды, айтатыны байлық пен билік, мансап пен тамыр-таныстық Сөздері кесек-кесек, басқаны тыңдамайды. Кездесе қалып, әңгімелесіп едім, танымай қалдым. Адамның өзгеруі оңай екен ғой.
Осындайда маңдайшаға жаман тымағы мен жыртық шапанын іліп қойып, "Аяз әліңді, құмырсқа жолыңды біл" деп, өткенін есіне алып, асып-тасудан қашатын Аяз би ойға оралады.
Ал, Бектұрдың есіне енді өткен күндер түсер ме екен?
Әй, қайдам...
КҮЙЕУ
"Пайғамбар да күйеуін сыйлапты" деген бар. Бұл менің құрдасым Дарханның жақсы көретін мақалы. Оның пайдасын да көріп жүр. Әсіресе, қайын жұртына барғанда, бұл мақалды аузынан тастамайды. Бұған олар мәз. Барынша сыйлап жатады. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын басқаратын Ахмет Құбайұлы руы жағынан алсақ, Дарханға қайын аға. Ол бастық та, Дархан оның жүргізушісі. Бірақ оған қарап жатқан Дархан жоқ Кейде көстеңдеп, қайынағасының алдына түседі, айтатыны әлгі мақал.
Бірде алыстағы кеңшар орталығына Ахмет ағаймен сапарлас болдым. Кеңседегі шаруамыз біткен соң кеңшар директоры түскі үзілістің болғанын айтып, шайға шақырды. Дарханым баяғысы, екі езуі екі құлағында. Қол жуып үйге кірерде әдеттегі әдісіне салды. Бастығының алдын орап, төрге оза бергенде, білегінен тартып, үлкен кісіге жол бер деген ыңғай танытып ем, ол:
— Ой, Ахаң қайнағам ғой, пайғамбар да күйеуін сыйлапты де-ген, аха — ха-а... а, — деп күлкіге жеңдірді.
— Шырағым, осы сен ылғи "пайғамбар да күйеуін сыйлапты" дегенді қоймайсың ғой, — деді Ахаң - Пайғамбарымыз Мұхаммед болса, оның күйеу баласы Әзірет-Әлі ғой, ол оны не үшін сыйлаған, соны білесің бе? Өйткені Әзірет-Әлі исламның жауларын тапап, жаужүректігімен қызылбасты мұсылман дініне кіргізген, сондықтан пайғамбарымыздың оны сыйлауы, әр кез құрмет тұтуы құптарлық делік. Ал, сені не үшін сыйлаймыз?
Осыдан кейін-ақ дархан өзінің сүйікті мақалын ауызға алмайтын болды.
— Қазір әйел басқа шыққан заман болды ғой. Ұят, иба, тәртіп-тәрбие деген адыра қалды. Нағыз еркек деп жүргендерің әйелінің алдында құрдай жорғалайды. Нанбасаңыз, әйеліңізге қаттырақ айтып, зекіп көріңізші, жерден алып, жерге салып, әуселеңді танытсын — деп Жәкең ағай көпшілік жиналған бір жерде сөзден сөз туғызғаны бар.
— Әйелге қарсы тіпті әңгіме айтпаңыз, олар мықты ғой, — дейді онда Орынбай деген жігіт.
— Жәке, өзіңіз ойлап көріңіз, олар сіздің шалбар-көйлегіңізді алды, шаш қою мәнеріңізді алды, арақ-шарап, темекіңізді алды, машинаңыздың рулін алды, айта берсе, көп...
— "Баланы жастан, әйелді бастан" демей ме, бәрі өзімізден, — деді Жәкең, — баяғы текті шалдарға ұқсап, босағаға қамшыны іліп қойып, сондай кезде сыдыртып тұрмағасын, әйел басқа шықпай қайтсін?
— Мұныңыз дұрыс енді, Жәке, өзіңіз айтқандай әрбір үйде бір-бір қамшы ілулі тұрмағасын, — деп жатыр Орынбай да оны қоштап.
Қамшы табылар-ау, деймін, мен іштей, оны босағаға іліп те қоярсыз. Бірақ құр ілулі қамшыдан не қайыр? Әңгіме жүректе ғой, ол жоқ қой қазір...
КІТАП
Бірде жақсы танитын бір жас ақын жігіт келіп:
— Аға, менің жыр жинағым шыққалы да біраз болды, өзіңіз білесіз ғой, — деді.
— Әрине, қолтаңбаңды қойып, әкеліп сыйлағаның есімде. Оқып та шықтым, тұшымды дүниелер баршылық. Маған кітабыңды бергеніңді ұмыттың ба?
— Жоғ...ә, бәрі есімде ғой. Айтайын дегенім бір мың ғана данамен шыққан сол кітап әлі таралған жоқ. Төрт жылда табанымнан тоза жүгіріп жүріп, қарызданып-қауғаланып шығарып ем, енді буылып-түйілген орауымен әлі жатыр, кімге барып, кімге айтарымды білмеймін...
Осы орайда менің есіме бір мысал ертегі түсті. Ит пен мысық ертеде бірге тұратын көрінеді. Бірде ит фотоаппарат сатып алыпты. Ондағы ойы жан-жануарларды суретке түсіріп, оны сатып, табыс табу екен. Фотоаппаратын асынып, орманға барса, қарсы алдынан қоян шыға келіпті. Бұл фотоаппаратын әзірлегенше қорқақ қоян зыта жөнеледі. Итекең қуып береді. Сөйтіп ертеден кешке дейін қуып жүріп, ымырт үйірілгенде ғана суретке түсіріп үлгереді. Әбден діңкелеп, сүйретіліп үйіне жетіп есіктен кіре құлайды. Біраздан кейін басын көтеріп:
— Уф, қуып жүріп әрең дегенде нысанама іліктірдім-ау, әйтеуір, — дейді.
— Оу, Итеке, бұл сенің шаруаңның жартысы ғана, қиыны әлі алда. Ертең қоянды іздеп табасың, содан соң суретін беру үшін тағы күні бойы қуалайсың,- деген екен сонда мысық.
Сол айтқандай, онсыз да азабы бір басқа жетіп-артылатын қаламгерліктің мойнына зілдей болып нарық артылды. Енді таланттың емес, күнде бір кітапты "сүйкей" салып, оларын домдап-домдап тарата алатын пысықайлықтың күні туды.
Әй, заман-ай, десеңші?!.
ҚҰДАЛЫҚ
— Тәке, құдаларыңыз қай жақтан? — деді көршім Елеусін. Ұлым үйленгелі жатыр деген хабарды естіген болуы керек.
— Тараздан...
— Ойбой, Тәке-ау, жердің түбі ғой, алыс екен, алыс, — деді басын шайқап.
— Бізбен ақылдаса ма? Жастар өздері табысыпты, бақытты болса, болды.
— Әрине ғой, бірақ, жақын жер болғаны жақсы ғой. Менің ұлым да биыл Алматыдағы оқуын бітіреді. Бірақ, Құдай бар, олай жасай қоймас. Тоқсанға келген нағашы атасы да: "Осы төңіректің ғана қызына үйленесің", — деп қайта-кайта тапсырып қояды. Басы бар бала, олай жасай қоймас...
Мен не айтайын, үндемедім. Арада бір жылдай уақыт өте шықты. Елеусіннің үйі абың-күбің. "Ұлы үйленеді екен" дегенді естігенмін. Кешқұрым сыртта Елеусін кездесе кетті.
— Ал, Елеке, ұлыңыз үйленгелі жатқан көрінеді, оң болсын!
— Рахмет, Тәке!
— Келін қай жерден еді?
— Алматыдан...
Есіме оның былтырғы, Таразды алыссынып айтқан сөздері түсті де:
— Ой, Елеке, алыс емес пе? — дедім.
Оның есіне де баяғысы түсті-ау деймін, маған жалт қарады да, қызарақтап:
— Балдар солай ұйғарыпты, — деді.
— Алматы алыс қой. Елеке, енді үлкен кісілеріңіз бар, балаға түсіндіріп айтпады ма? — дедім.
— Айтуын айтты ғой, бірақ қазіргі балдар тыңдай ма? — деп, ол шарасыздығын білдіріп екі алақанын жайды.
Онысы рас және оны түсінеміз де. Бірақ, "күлме досыңа, келер басыңа" деген халық даналығын кейде ескере бермейтініміз бар...
П АЛУАНДАР
Көкпар тартып, қыз қумағанмен, біздің ауыл тойлары күрессіз өтпейтін. Бірде Сүлмен ауылында да осындай той болды. Әсіресе, көршілес түрікмен ауылдарынан палуандар келгенде белдесулер аса қызықты өтетін. "Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді" дегендей, мұндайда тіпті қызды-қыздымен бұрын күреске түспегендердің өзі білекті түріп ортаға қалай шыққанын байқамай қалады. Міне, бәйге аттарындай іріктеліп күреске шыққандардың көбі кетіп, азы қалған шақ. Әсіресе, түрікменнің Оғланды ауылынан келген палуаны, тығыншықтай төртбақ қара жігіт қояр емес. Қарсы келген палуанның талайының жауырынын жер иіскетті. Төрешілер: "Енді кім шығады?" деп жар салғанда, дуылдаған жұрт тына қалды. Қазақтың "аздап ұрттағанның" күшімен әрі көптің кеу-кеулеуімен ортаға шыққан екі жігіті бірінен соң бірі тырапай асты. Осы кезде біреу: "Балтабай палуан келіпті. Тәкеңнің үйінде отыр, сол болмаса, басқадан қайран жоқ",- деді. Жұртқа қызық керек: "Олай болса, шақырыңдар, шақырыңдар",- деп біреулерді жұмсап жатты.
Ол кісі де көп күттірген жоқ, иін тірескен көпшілікті толқынды жарған кемедей кесіп өтіп, ырғала басып жақындағанда, тойшы қауым қақ жарылды. Нар түйедей шүйделі тұлғасы, нән басы, есіктей омырауы мен бура саны оның құр адам еместігін танытып-ақ тұр. "Қайда әлгі түрікменің", -деп, аман-түгелден соң өзін ертіп келгендерге иек қақты. Осы кезде:
— Ассалаумағалейкум, Балтабай аға, — деген дауысқа жалт қарағанда күлімсіреп тұрған түрікмен палуанын көрді. Ол Балтекеңді құшақтап, төс түйістіріп көрісті де:
— Уа, тойшыл қауым, мына Балтабай аға менің ұстазым! Шәкірті ұстазының белін ұстамас болар, бұл біз үшін өліммен тең. Бас байрақ осы кісінікі болсын, әкеліңдер.
— Жоқ Сердаржан, олай деме! Мұның жөні жоқ. Сенің алған байрағыңа қол салудың еш реті болмас. Жол да, жоралғы да өзіңдікі. Өңмендеп жетіп келгенім ұят болды. Сен екеніңді білгенімде күресуге емес, құттықтауға келер едім. Уа, халайық, — деді онан соң, Балтекең, — мен талай байрағың мен жүлдеңді алдым ғой, бүгінгі бәйге менің шәкіртім, мына жігіттікі, түрікменнің жас бөрісі — Сердардікі, біздің арамызда алалық жүрмейді.
Былай шыға той иелеріне қарап Балтекең:
— Түрікмен шәкіртім жолды біліп, мәрттігін көрсеткенде, одан олқы түсіп бізді жын ұрып па?! Байраққа тіккен нар маяны жеткізіп беріңдер, ұят болмасын, — деді де, маң-маң басып бара жатты.
"ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА"
Жаңғақтың ойы, Шағадам, Небиттау қалаларының төңірегі қашаннан адай қазақ пен жәуміт түрікменнің ауылы аралас, қойы қоралас қонысы. Гүржі, Ерікті, Оғыланды сияқты кішігірім елді мекендерді атағанда кеңшар мен ауылдық кеңестің орталығы — Аққұйы ауылының шоқтығы биік. Сондықтан журналистік іссапармен оған барған кездеріміз аз болмаған. Алғаш барғанымда ауылдық кеңес төрағасы Бабанияз Моллаевқа жолықтым, қонақ үйі не асханасы жоқ ауылда қайда барарсың, ол үйіне ертіп барды. Үй іші жатсынбай қарсы алып, сый-құрметін көрсетіп жатыр. Әсіресе, анасы ақжарқын кісі екен, аты-жөніме дейін сұрап, бәйек болды. "Мен де қазақтар сияқты сүт қатқан үнді шайын ішемін, түрікменнің көк шайын қаламаймын", - дейді күліп. Бір күн түнеп ертеңіне қалаға қайтып кеттім.
Араға ай салып тағы сол Аққұйыға жолым түсті. Бұл сапарғы шаруам кеңшарда болғандықтан кеңшар кеңсесінде болып, директоры Амансүйін Солтанмәмедовпен әңгімелестім. Жұмысым біткен соң елге қайтуға көлік жоқ, амалсыз ертеңге қалдым. Түскі шайды Амансүйіннің үйінен ішіп, түс қайта ауылдық кеңестің кеңсесіне бардым. Ойымда ештеңе жоқ, аңқылдап кіріп барсам, әнеугүні бірге болған Ораз Моллаевым ернін ғана жыбырлатып, қырын қарайды. Мен оның қылығын түсіне алмай дал болып, "не жаздым" күйге түстім. Мұны Амансүйінге айтқанымда, ол күлді. "Сіз біздің ғұрпымызды білмейді екенсіз. Бізде қонақ бір келіп түскен үйін сол ауылға екінші келгенде аттап кете алмайды. Қонақтың ол үйге екінші келмеуін түрікмендер елемеушілік, әлгі үйдің мейман көңілін таппағаны деп ұғынады. Сондықтан Бабанияздың өкпесі орынды. Егер басқа үйге барғың келген жағдайда да өзің алғаш қонақ болған үйге түсіп, үй иесіне түсіндіріп, рұқсатын алуың керек. Олай жасамасаң, қонағымыз ренжіп, әлде өкпелеп кеткен екен дейді",-деді ол. Мен түрікмендердің мұндай ғұрпын білмейтінімді айттым.
Кешке қарай " Біздің бір зоотехнигіміз келін түсіріп, той жасап жатыр. Барып шықсақ қайтеді?", — деді Амансүйін. Ауласы бар, еңселі үйге кіргенімізде кең дастархан басында қатарласа отырған жас-кәрі сыйлап орын берді. Дастархан үсті әр түрлі тағамға толы, бірақ ішімдік жағы көрінбейді. Бұл арақ-шарапсыз тойдың сәні кірмейтін, жұрт жаппай ішуді модаға айналдырған кез еді. Тағамдарды ауыс тидік, жұрт мәз-мәйрам. Ас қайырылған соң сыртқа шықтық.
"Тәке, есіңізде болсын біз үлкендердің, шал-кемпірдің алдында ішімдік ішпейміз. Басшылар, аздап ұрттайтындар бөлек үйге барып, көрінбей ішеді",— деді Амансүйін.
Түрікменмен іргелеспіз, салт-дәстүрін білеміз дегенмен бұл халықтың біз білмейтін қыр-сыры көп екенін сонда білдім.
"ОРЫСТЫҢ МАЛЫ"
Жетпісінші жылдардың бел ортасы. Түрікменстанның Красноводск аудандық газетінде қызмет істеп жүрген кез еді. Бірде аудандық партия комитетінен "Жебел" кеңшарында құрылған комсомол-жастар шопан бригадасы жайында мақала жазу қажет деген нұсқау түсті. Орталықтан үш жүз шақырымдай жердегі шаруашылыққа қонаға жеттім. Қазағынан түрікмені көп кеңшардың басшысы Әсен Назаров деген түрікмен еді. Жастар бригадасына өзі ертіп апаратын болды. Ертеңіне ертелетіп жолға шықтық.
Даланың ойлы-қырлы жолымен ілбіп жетеміз деп жүргенде күн арқан бойы көтеріліп қалды. Дөңге көтеріле қиялай құлағанымызда шөптен салынған бастырмалы қараның төбесінен түстік. Таяп келіп тоқтағанымызда қора толы қой маңырап қоя берді. Әлі өріске шықпаған екен. Мұны көрген Әсен ағай ашудан түтігіп кетті. Жылдамдата барып қораның есігін ашты. Сол-ақ екен ашқұрсақ мал лап қойды. Тоқты отары екен бірін-бірі бастырмалап құлап жатыр.
Қырдан көктем исі аңқиды. Қырат-белдер көкпеңбек. Мұндайда мал шыдар ма, көк қуып безіп барады.
— Әй, жүгірмек иттер-ай, бұлар қайда жүр, малды тал түске дейін қамап, — деген Әсен қора іргесіндегі шопандар үйшігіне барды да, есігін жұлқи ашты. Үй іші астан-кестен. Темекі мен арақ исі қолқа қабады. Жамылғылары басына кетіп, сирақтары қостиіп айқұш-ұйқыш жатқан төрт бозымбай балаң жігіт бірін-бірі оятып әлек.
Қатты ашуланған бастық олардың жер-жебіріне жетті. Қайтар жолда Әсен де, мен де үнсізбіз. "Мақтаған қыздың..." кебін киген комсомол шопандар артта қалды.
— Жаңағы көргендеріңді жазасың ғой,- деді Әсен кенет түйеден түскендей.
— Әрине, — дедім.
— Осыны жазбай-ақ қойсаң қайтеді?..
— Неге мен жазу үшін келдім ғой...
— Ой, Темеке, қайтесің соны, сірә орыстың малы ғой. Ертең-ақ үкімет етке айдайды, ит болып азабын көретін біз дағы.
Мен ойланып қалдым. Аңқылдаған ақ көңіл азамат Әсен Назаровтың сөзін жерге тастай алмадым. Мақала жазылмады, бірақ оның " орыстың малы" дегені есімде қалды.
ӘКІМ
Жаңаөзенге құда баламыз көшіп келді. Есімі Әкім. Мекен-жайын білген соң, "қоныс құтты болсынның" ретімен оны іздеп бардым. Екінші шағын аудандағы ескі, көп қабатты үйлердің бірінде екен. Есік алдында бала жұбатып отырған әжейге сәлем беріп:
— Шеше, Әкімнің үйі осы ма? — дедім. Үлкен кісі мені жаңа көргендей ажырая қарап:
— Әй, шырағым-ай, әкім мұндай үйде тұратын ба еді, қыста жылымайды, жазда маса, өзің қарашы. Әкімді іздесең, бай ауылға бар, сонда деп естиміз, — дегені.
— Сіз мені түсінбедіңіз, есімі Әкім, руы Жәдігер, жақында көшіп келген, — деп едім шешей күліп жіберді. Біздің сөзімізді естіген үлкен-кіші бәрі күлді.
"БӘРІН ТАНИДЫ..."
Есік алдында ақжаулықты ана отыр. Киім киісінен, өткен-кеткенге жалтақтап қарағанынан-ақ ауылдан келгенін байқау қиын емес. Наурыз мерекесінің кезі еді. Сәлем беріп, көрістім. Салған жерден салдырлап сөйлей жөнелді, мені бұрыннан танитын адам сияқты.
— Е... осында тұрады екенсің ғой?
— Иә.
— Менің әлгі жаманым, кенжем осында тұрады ғой. Басқаларының бәрі Бейнеуде, төрт келінім бар, құдайға шүкір, қыздарым тұрмыста. Оқимын, жұмыс істеймін дегесін осында жібергенбіз. Ананы-мынаны көріп, адам болып қалыпты. Кеше де, бүгін де бүкіл Ақтауды аралатты. Кім-ау, сен атым Темір дедің бе, Темір- ау, менің әлгі жаман қарам жұрттың бәрін таниды...
— О, онда жақсы екен.
— Әрине, кеше бар-ау, үйден шыға бере қолын көтеріп қалып еді, өтіп бара жатқан мәшине қайырылып келіп, бізді мінгізіп кетті. Одан қайда барсақ та, қолын сәл көтерсе болды, зыр етіп жанымызға тоқтай қалады.
Мен үлкен кісіге не дейін, қазір такси көп, ақша үшін тоқтайды деп көңілін бұзғым келмеді.
— Шеше, балаңыз жақсы екен, адам болады екен. Тек басына амандық, жанына саулық берсін, — дедім.
Тәңір жарылқасын, айналайын. Ол жаман қарамнан бірдеңе шығады, нағашыларына тартқан ғой. Ауылда жүргенде жасқаншақтау, босаңдау көретінмін. Не дегенмен көпшіліктің, қаланың аты қала ғой және танымасын сыйламас деген, әсіресе шопырларды танығаны жақсы, қазір көліксіз қимылдай алмайсың. Ал менің әлгі жаманым ысқырып не қолын көтеріп қалса, тек тізіліп тұр, ой, Алла-ай...
ҚАРА МАЯ
Сәлем-сауқатының өзін "мал-жан аман ба?" деп бастайтын ауыл қазағының баласы малсақ келетін әдеті ғой. Ес біліп, етек жапқаннан-ақ өз үйіміздің он-он бес уақ жандығы мен төрт-бес мойнағын айнытпай танитын, қақпалап қораға қамайтын кезге жеттік. Әсіресе, шиеттей бала-шағалы үйіміздің құтына айналған қара мая әлі есімнен кетпейді.
..."Балам, күн кешкіріп келеді, қара маяңды айдап кел," — деп, әкем көзкөрім жерде ботасымен жайылып жүрген түйеге бес-алты жасар мені жұмсайды. Басыма жыршы, сал-сері әрі аңшы Көптілеу тәтем тігіп берген түлкі құлақшынды киіп, қолыма оның маған лайықтап жасаған алты өрім қамшысын алып, жолға шығамын. Жаңа тәй басқан ботақанын бауырына алған қара мая мені көргеннен-ақ ауылға маңдай түзейді.
Балалық-ай, мойнына асылып, әткеншекше тербеліп ойнаймын, мыңқ етпейді. Баданадай мойыл көзінен өз бейнемді көріп, мәз-мейрам болатынмын. Қара маяның жуастығынан болар үйде шешем жоқта он екі-он үштердегі талдырмаш әпкелерім басқа түйелерге жоламаса да, оны таласа сауатын.
Көрші үйде бізден ересектеу, тентек Санат деген бала болды. Сол кетіп бара жатқан қара маяны қуып жетіп, тірсегінен басып, құйрығынан тартып, өрмелеп өркешіне шығатын. Жарықтық үркіп, тапырақтамай, мойнын бұрып қарайтын да, "ә, сен бе едің" дегендей маң-маң басып тарта беретін.
Қара маяның жуастығы, сүттілігі, мал ішіндегі ерекше естілігі жайында ауыл адамдары айтып отыратын.
Бір жылы әкем қара мая жайында көбірек айтатын болды. Бала да болсам, сөздерінен байқаймын, қайымай, боталайтын жылы қысыр қалған сияқты. Шешем басу айтқан сайын әкем ашулана түседі. Оған қамшы болған бүкіл ауылды аузына қаратып отырған, малы көп Серғазы дегеннің "қара мая қысыр" деген сөзі. Оны мен де естідім. Таңертең жұрт өріске мал шығарады. Міне, әр қорадан маң-маң басқан ойсылқара шыға бастады. Әкем қара маяның желінін ұстап көріп, басын шайқап тұрған. Осы кезде Серғазы да көрінді.
— Сереке, — деді әкем дауыстай сөйлеп, — мал жайын білетін, көпті көрген адамсыз, мына маяны байқап көрсеңіз.
Су өтпес сары плащпен қаптаған тон киіп, белін тоғасы қос тісті қалың қайыс белбеумен шарт буған, қату қабақ Серекең қара маяның желініне қол салып көрді де:
— Мен айтпадым ба, қысыр деп, — деді.
— Сереке, — деп бірдеңе айтуға оқтала берген әкеме қарап:
— Әй, Мыңжас, осы қара мая буаз болса, мен де буазбын, айтпады деме, — деп, қарқылдап күлді. Серекеңнің сөзін естіген жұрт күліп жатыр.
Екі күннен кейін қара мая сойылды. Сол күні қызуым қатты көтеріліп, ауырған мені сыртқа шығармады. Үйге бір құшақ отыны бар шешем кірді. Байқаймын, өңі сынық, жанары жасқа толы. Өксік буып, жүзін менен бұра береді.
— Құдайым-ай, — деді аһ ұрып, — біреудің алдағанына нанып... ішінен тайдай тулаған ботасы шықты...
Әкем де ренішті. Жүзі күреңітіп, іштен тынулы. Не істесін, өз қолын өзі кессін бе?!.
Кейіннен басқа да түйелеріміз болды. Бірақ, қара мая есімде қалыпты, ерекше мал еді, жануар...
АЛЫСТАҒЫ АТЕИСТ
Красноводск аудандық "Жұмысшы" газетінде қызмет істеп жүрген кезіміз. Бір жылдары атеистік тәрбиеге қатты көңіл бөлінді. Газетте бұл тақырыпқа қанша материал жарияланғаны жөнінде ай сайын, тоқсан сайын жоғары жақ мәлімет сұрайтын. Мұндай тақырыпқа кез келген адам бара бермейді, ештеңе жарияланбады деуге тағы болмайтыны сірә, белгілі. Бұл орайда "абыройды жапқан" маңғыстаулық қаламгер Әзірбайжан Қонарбаев болды. "Семіз" конверттер келеді. Ішін ашсаң, сол кезеңнің тынысын дөп басқан сан алуан тақырыптағы мақалалар. Әзекеңнің өзін көрмесек те, газетімізде материалдары үсті-үстіне шығатын. Әсіресе, атеистік тақырыптағылары қамшы салдырмайтын.
Бірде Ашхабадта атеист-лекторлардың республикалық конференциясы өтетін болды. Обком аудан, қалалардан оған қатысатындардың тізімін алып, екшеп, сарапқа сала бастайды. Біздің аупарткомнан түскен тізімдегі адамдарға қанағаттанбаған обкомның насихат және үгіт бөлімінен қайта телефон шалатын көрінеді:
— Мұнда белгілі атеист-лекторлардан ешкім жоқ, белгісіз біреулерді жазғандарыңыз қалай?
— Біздің аудандық партия комитетінің атеист-лекторлары осылар. Семинар, курстарға барып, лекциямен ел арасына шығып жүргендерді түгел жаздық.
- Ау, бұларыңызды біз білмейміз. Атеистік тақырыпта "Жұмысшы" газетінде үнемі көрініп жүрген Әзірбайжан Қонарбаев бар емес пе?..
Сонда біздегілер не айтарын білмей, тілін тістепті. "Құп болады" деуге Әзекең алыста, басқа республикада... Маңғыстауда.. ."Ол мұнда жоқ" деуге тағы болмайды. Ақылдаса келіп, обкомға хабарлайды.
— Сіздер айтқан Қонарбаев бара алмайды. Оның орнына басқа журналист баратын болды. Ол — Темір Мыңжас деген...Сөйтіп, атеист-лектор Қонарбаевтың орнына республика астанасында өтетін жиналысқа мен барған едім. Кейіннен бұл оқиғаны Әзекеңе айтқанымда, ішек-сілесі қатып күлді. Қазір де кейде кездесе қалғанда еске алып қоямыз.
АЛҒЫС
Ол кезде Красноводск қаласынан ірі өндіріс ошағы — Бекдашыға жұрт "кукурузник" атап кеткен он екі адамдық, дырылдаған "АН-2" ұшағымен қатынайтынбыз. Басқа көлік жүрмейтіндіктен барып-келу "проблема". Не билет болмайды, не ауа райы қолайсыз болады. Сондай себеппен екі күн ұшпаған ұшақ ұшатын болып, жолаушылар абыр-сабыр күйге түсті. Бірнеше тексеруден өтіп, ұшаққа да жайғастық-ау әйтеуір. Ең соңынан мінгендіктен мен дәл есіктің тұсындағы орынға жайғастым. Шалқалай ашылған есіктен сыртқа көз салып отырғанмын. Кенет қақпадан әлгінде бізді жетектеп әкеліп кеткен, бет-аузын аямай бояған, аэропорт қызметкерінің формасындағы толық әйел ұзынтұра орысты ертіп шыға бергені сол-ақ еді, дауыс салған ақ жаулықты әже әлдекімдердің бөгемек болғандарына қарамай жанұшыра ақсаңдап, сүйретіліп келеді. "Тоқтаңдар, мені де ала кетіңдер, құдай үшін",— деп жыларман болып, айқай салады. Жұрт аңтарыла қарап қалды.
— Мен сізге тағы қайталап айтамын, бұл басқа рейс,- деді орыс тілінде аэропорт қызметкері.
— Әй, моя, менің рейсім, — дейді кейуана көзінде жас, қолында билеті, әлгілермен қапталдасып қалар емес.
Шыдай алмадым.
— Шешей, қане, билетіңізді беріңіз, көрейін!, — дедім. Орнымнан көтеріліп, билетін алдым. Сол-ақ екен аэропорт қызметкері де, оған еріп келген ұзынтұра да сасқалақтай бастады. Билетке үңілсем, рейсі, нөмірі де, уақыты да сай келіп-ақ тұр. Жұрт түгел естісін дегендей дауысымды көтеріп, бар орысшама салып:
— Әжейдің осы рейске билеті бар, күні, сағатына дейін міне, дәл келіп тұр, сонда бұл кісі қалайша қалуға тиісті, — деп билетті жоғары көтердім.
Ұялған тек тұрмас дегендей:
— Жігітім, сізге түсуге тура келіп тұр,- деді ойы іске аспаған аэропорт қызметкері беті бүлк етпестен біреудің орнына әп-сәтте жайғасып үлгерген ұзынтұраға. Әжейді қолтығынан демеп, бос орынға жайғасуына көмектестім.
— Тәңір жарылқасын, шырағым, екі дүниеде жамандық көрме, — деп алғысын жаудырумен болды. Байқап отырмын, көпке дейін аптығын баса алмады.
Иә, "үндемеген үйдей бәледен құтыладыға" салғанымызда, жазықсызды жапа шектіретін тағы бір әділетсіздік болар ма еді, кім білсін. Әйтеуір мен әлсізге сәл де болса жәрдемім тигеніне қуандым.
ӘЛЛЕКЕ
Ел ішіндегі аты шыққан, аса қайратты кісілер жайында әңгіме қозғалса, менің есіме Әллеке түседі. Шын есімін жұрт біле бермейді. Орта бойлы, жауырынды, тығыншықтай кісі еді. Кейде "қызыңқырап" жүретін, айтарын бүкпесіз ашық айтып, жынына тигендерді боқтап та жіберетін оған көп адам жолай бермейді. Тек ауыл балалары үйір, бұл бәлкім балажандығы шығар...
Бірде оны аудандық коммуналды шаруашылық мекемесінде көргенім бар. Сол кезде ол сонда жұмыс істейді екен. Жүргелі тұрған су таситын машинаны жібермей тұрды. Мұны көрген жұмысшылар қыран-топан күліп жатыр. Бұған бұлқан-талқан ашуланған шопыр гүжілдетіп газды басады-ай келіп, байқасам, Әллеке ол қозғала бергенде машинаның артқы жағын көтеріп, екі дөңгелекті жерге тигізбей қояды екен. Артқы қос дөңгелегі жерге тимей ауада айналған машина орнынан қозғалар емес. Шопыр шыр-пыр болып кабинадан түскенде, Әллекең қарқ-қарқ күліп қоя қояды да, ол орнына отырып, қозғаламын дегенде қайта көтереді. Шашы дудыраған шопыр жігіт кабинаны ашып тұрып, ышқынтып газды басады-ай кеп. Жұртқа күлкі керек.
Аудан орталығының темір жол тұсындағы кеңшар ауылында тұратын Сайын деген жолдас жігіт айтады:
— Жем-шөп қоймасы біздің үйдің қасында ғой, бірде бара қалсам, тай-тай шөпті машинаға қиюластырып, тиеп жатқан жұмысшылар шөп биіктеген сайын қиналып тұрғанда, Әллеке келе қалды. Жерде жатқан төрт-бес тай шөпті көрсетіп: "Әй, қайсысың мына тайды тиелген шөптің төбесінен бір лақтырғаннан түсіре аласыңдар" демесі бар ма. Жігіттерде үн жоқ. Өйткені, машинаның өзі адам бойынан биік, ал оның үстіне төбедей ғып текшеленген шөптің үстіне тай шөпті лақтырып жеткізу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ол жігіттерді көзбен жағалай шолып шықты да, бала кезінен теміржолдың балғасын соғып келе жатқан шомбал қара жігіт Тоқанға жақындап: "інім, сен қалайсың, көрсейші, — деді. Көп сөйлемейтін Тоқан: "Аға, көрсем көрейін ендеше",— деді де, жерде жатқан тайдың бірін көтеріп қолына алды да, бар денесімен екпіндете созылып лақтырды дерсің. Құдай оңдағанда шөп төбеге дөп түсті. "Әп бәрекелде, жарайсың", деп жігіттер кеу-кеулеп жатыр. Қызарақтап, маңдайы тершіген Тоқан екінші тай шөпті көтеріп алды да, жаңағы әдісіне салды. Бірақ, жеткізе алмады, жақтауға соғылған тай шөп жерге түсті. Әллеке тайды қолына алды да, ырғап-ырғап лақтырғанда тиелген шөптің төбесінен түсірді. Жерде жатқан үш тай шөпті сол әдіспен бірінен кейін бірін зытырды.
— Ой, пәле-ой, Әллекең үй қалаудың да шебері дейді ғой.
— Иә, ондайы да бар, — деді Сайын, — өткенде бір ағамыз жаңа ауылдан жер алып, үй салатын болды. Іргетасы құйылған, енді қабырғаларын көтергелі жатыр деген соң, қол ұшымызды берейік деп барғанбыз. Құрылысты Әллеке жүргізеді екен. Алты-жеті жігіт біріміз күрекке, біріміз сүйменге жабыса беріп едік. Әллекең үй иесіне қарап: "Едіге, маған балшық илеп, жедел жеткізіп тұратын қайратты төрт жігіт болса болады, басқасының керегі жоқ",- деп салды. Сөйтті де, сайдың тасындай төрт жігітті жанына шақырып алды. Ол салынатын үйдің орнын өлшеп алдымен жіп кереді де, жіптің сонау ұшына насыбай шақшасын қыстырып қояды. Содан сол шақшаға жеткенше демалмастан қолы-қолына жұқпай тас өреді, тек иленген балшық жетіп тұрса болғаны, ал шақшаға жеткеннен кейін көкбұйра насыбайды рахаттана тұрып атады, бұл - үй қабырғасының бір қатары қаланды дегені. Насыбай шақша артынан Әллекеңді ертіп қатардан-қатарға биіктей береді.
— Япыр-ай, ә...
— Үй салғанда негізгі салмақ бас шебер Әллекеңе түседі ғой, алайда төленген ақыны бөлгенде ол балшық илеп, тас әперген жігіттермен теңдей бөліседі. Кісіге қылдай қиянаты жоқ. Сондықтан да ауылдың белді-белді жігіттері онымен жұмыс істегенді қалайды,-дейді Сайын.
Кеңес Одағы кезінде жер-жердегідей қазан төңкерісіне арналып 7 қарашада дүркіреген мереке өтетін-ді. Жұрт сәнді киініп, көшеге шығатын, ат бәйгесін, палуандар күресін және басқа да тамашаларды қызықтайтын. Әсіресе, ат бәйгесі мен күрес сияқты байрақты бәсекелер ашық айтылмағанмен ұлт намысын қоздыратын. Түрікменстанның Красноводск өңірі, сол кездерде қазақтың көп шоғырланған жері еді. "Көп көптігін істейді" дегендей қандай жағдайда да, ат бәйгесі болсын, күрес немесе доп ойындары болсын, қазақтың мерейі үстем-ді.
Міне, соңдай мерекенің тұсында жұрт боз кілемдегі палуандар белдесуін тамашалауға көп жиналды. Әуелі бала палуандар бастап берген сайыс аты шығып жүрген дара палуандардың белдесуіне ұласты. Осыны күткендей таяқ тастам жерге кеп тоқтаған жарқылдаған ақ "Волга" көп назарын өзіне аударды. Қауқылдасып түскен үш түрікмен біреуді машинадан түсіре алмай әлек. Оларды жалындырып барып, сыртқа шыққан алпамсадай түрікмен жігітті көрген жиналғандар шу етті. Жотасы гүжірейген, апайтөс Мәмметберді маң-маң басып таяп келгенде-ақ құлшынып тұрған палуандардың мысы басылып қалды. Сырт киімін шешіп, белін орамалмен буынған ол ортаға шыққанда тұлғасы көз сүйсіндіретіндей еді. Білем-білем бұлшық еттері жалаң көйлектен сыртқа теуіп тұр. Төреші "Бұл Аққұйыдан келген Мәмметберді деген атақты палуан, бұған қарсы шығатын жанды мен көріп тұрған жоқпын. Егер ешкім шықпаса, бас байрақ осы палуанға беріледі",- деді дауыстап. Жұрт сілтідей тынды. Жалтақтап қазақтың күреске түсіп жүрген жігіттеріне қараймыз, бірін-бірі қайрағаны болмаса, сыбанып алға шығар емес. Атағы көпке мәлім әлгі палуан жұртқа шекесінен қарайды. Сол кезде бір кетік тіс қара бала: "Әне жерде Әллеке аға бар ғой",- деп қалды.
— Ол қайда, қане? — десті көпшілік.
— Әне, Байболдың үйін салып жатыр.
— Жұмыс істеп жүрген адам келер деймісің.
— Түсіндіріп айтса, ол келеді.
— Онда мен барып қайтайын, — деді біздің бір елпең қағып тұратын Тасболат деген қызбалау ағамыз. Тәкең қалып топтан бөлініп шығып, үй салып жатқандарға қалпағын бұлғап, айқай сап барады.
— Ханы гелиң -хоу, пәлванларың ниреде? Бу газаклар нәдйә (Ау, палуандарың қайда? Мына қазақтар қайтеді-ай), — деп түрікменнің палуаны насаттана күліп қояды. "Қанына тартпағанның қары сынсын" деген ғой, бұған түрікмендер жағы мәз. Тоқсанның төріне шығып қалған ақсақалы көзін күннен қолымен қалқалап: "Хай, Мәмметжан, гөзүңе дөнейін",-дейді. Бұл Мәмметжан көзіңнен айналайын дегені.
Осы кезде шыдай алмады-ау деймін ауылдағы той-томалақта күреске түсіп жүрген Тәжіқылыш деген жездеміз ортаға шыға келді. Қара жұмыс десе қапы қалмайтын Тәкеңнің де дене бітімі кесек, білектері бұлшық етті. Мұны көрген жұрт дуылдап, қошемет білдіре бастады. Мысықтабандап аңдысқан қос балуан бір-біріне шап берді де, итжығыс түсті. Орындарынан тұра сап қайта ұстасты, байқаймын жездей сыр бере бастады. Енді бір сәт қарсыласының белден бекем орап, жұлқа тартқан құрсаулы құлашына төтеп бере алмай, жауырынымен жер қапты. Сол-ақ екен, жанкүйерлері түрікмен палуанын жерден көтеріп әкетті. Орнынан сылбыр көтерілген Тәжіқылышқа қарадым, жүзін жасырып, теріс айнала берді. Топтан жығылып шыққан оның жанарында жас тұрды...
Сол-ақ екен бағанағы кетік тіс, қара бала жүгіре басып жетті дейсің: "Әне, келе жатыр", -деді. "Келді,келді", - дегенге жұрт қақ жарылып қараса, шынында да Әллеке! Үсті шаң-шаң, қолында қолғабы: "Уф, неге шақырдыңдар-ей, ал келдім", — деп, күліп қояды. Жұрт жамырап жағдайды айтып, сөздің аяғын намысқа тіреп жатыр.
— Ендеше, алдымен бір шөлмек арақ әкеліңдер, сосын күресемін.
— Ау, шырағым-ау, арағың не, намыс қайда? — деді бір шал.
— Әллеке, — деді Қарашбай Әлменов дейтін азамат, — Әллеке арақ қайда қашар дейсіз, мен-ақ алып берейін. Әуелі күресіңізші, мына халық сұрап тұр.
— Жақсы, ендеше шақыр жаңағы түрікпеніңді, — деді Әллеке.
Жиналған жұрт қайта гуілдеп кетті. Әллекең шаң-шаң болған сыртқы шалбарын шешті. ішіндегі ақ дамбалын тізеге дейін түрді. Иығы сетінеп жыртылған ақ көйлегінің де жеңін шынтаққа дейін қайырды да, кілемге аяқ басты. Бұл кезде мәре-сәре болған жанкүйерлері ортасында минералды сумен ауызын шайып, бүркіп тұрған Мәмметберді айтқызбай-ақ маңғазданып ортаға шықты. Оның қас-қабағынан Әллекені менсінбеушілік байқалады.
Көптің гуілдеген қошаметімен екеуі белдесе кетті. Мәмметберді қарсыласын шырқ үйіріп жерге ұратындай көтере тартып еді, сіресіп қалған зілдей Әлекең қорғасындай қозғалмады. Былай-олай сілкілеп ештеңе шығара алмаған түрікмен палуаны: "мынау не пәле", дегендей басын шайқап, ернін тістеледі. Қараторы өңі қанкүрең тартқан Әлекеңе де оңай түспеді. Маңдайынан тер білінді.
Екі жақ әрқайсысы өз палуандарын қоштап, қиқуға басты:
— Әп, бәрекелді!
— Көтер, Әллеке, көтер!
— Уа, Алла!
— Қолдай көр!
Мәмметбердінің әр қимылын қапысыз бағып, әл бермеген Әллекең оңтайға келді-ау дегенде шалт қимылдады. "Әуп" деп Мәмметбердіні көтеріп әкеткен ол алып ұрды. Жиналған жұрт, әсіресе қазақтар жаты делебесі қозып, айқайға басты. Шалқасынан оңбай жығылған түрікменнің түйе палуаны әп дегенде орнынан тұра алмады. Оған қарап жатқан Әллеке жоқ. Мәмметбердінің дөңкиген төсіне құйрығын басып отырып:
— Әй, мен мынаны жықтым ғой, арақтарыңды әкеліңдер! — дейді. Оның сырын білетін жігіттер бір шөлмек "Экстра" арағының тығынын ашып, дайындап та үлгерді. Оның анау-мынау стақанды қомсынып, лақтыратынын білгендей кәрлен кесені қолына берді. Ол бір жарты литр "ақаңды" сарқа құйды да, бір-ақ тартты. Содан соң жанында жүрелей отырып қалған Мәмметбердіні қолынан тартып тұрғызды да: "Әлі жассың, болашақта сенен күшті палуан шығады",- деп, құшақтап, арқасынан қақты.
— Жаңағы қазақтың палуаны қайда, аты кім еді? Ау, Әлеке, Әллеке дедіңдер ме, шақырыңдар бері,- деген төрешіге де мән берген жоқ.
— Маған деген байрақты, ана Қоштай ақсақалға бере салыңдар, нағашым ғой, сол алсын, — деді де, көпшіліктен сытылып шығып, жөніне кетті.
Қазақтың палуанының жеңгеніне біразға дейін дуылдасқан жұрт көп ұзамай оны ұмытып та кетті.
Тек қана қажет кезде намысқа бағып іздейтініміз бар. Өйткені қазақпыз ғой, ой Алла-ай!..
АҚ ӘЖЕ
Қазір ойлап отырсам, одан бері де бірталай жылдар өтіпті. Біздің үй аудан орталығынан қашықтағы ауылда еді. Ол кезде жаңа ғана ес біліп, етек жапқан ойын баласы екенбіз-ау?!. Шіркін, ақ әже-ай, деймін кейде еске алып, барсың ба, әлде...
Томашадай ғана қара кемпірді ауылдың кәрі-жасына дейін ардақ тұтатын. Әлі мектепке бармаған бүлдіршіндерінен бастап, ата сақалы аузына түскен егделеріне дейін оны ақ әже деп атайтын-ды. Оның шын атының кім екенін де жұрттың көбі біле бермейтін. Той-садақаларда ауыл ақсақалдарының: "Ақ әжең шақырусыз қалмасын, шырақ, ақ әженің үйіне кіре қайтарсың", - деп жатқанын талай естідік. Өңі қараторы болғанмен, ақ пейіліне, мейірбан жанына қарап ақ әже атанған болар, бәлкім.
Ауыл іргесінде қозыкөш жердегі қара көзге шалынатын үлкен төбе бар болатын. Оны ауыл адамдары "Жеңіс төбе" деп атайды.
Қырық бесінші жылғы ұлы жеңіс күні жақын жердегі ауылдардың адамдары тайлы-таяғы қалмай жиналып, осы төбенің басында ұлан-асыр той жасаған көрінеді. Біздер ойнап жүріп, осы төбенің басында әжейдің жападан-жалғыз отырғанын жиі көретінбіз. Ештеңенің мәнісін біліп, байыбына барып жатқан біз жоқ. Жүгіріп, асыр салып қасына да баратынбыз. Ол ауылдан шығып, құба жонға қарай көсіліп жатқан ақ шаңдақ жолға қарап, төбе басында сарылып ұзақ отыратын. Алыстан бір қарайған көрінсе, көзін қолымен күннен көлегейлеп үңіле қарайтын-ды. Кейде өз-өзінен күбірлеп сөйлейтін, көкірегі қарс айырылып күрсінетін, мұңды дауыспен сызылтып ән де салатын.
— Бейшара, жалғыз ұлын әлі күтіп жүр, — дейтін ауыл адамдары ол туралы.
Ел арасында ақ әже жөнінде әркім әрқилы әңгіме айтатын. Бірде әжеймен бірге өсіп, қашаннан көршілес отырған Есназар қария біздің үйдің жанында отырып, менің әкеме ол туралы былайша сыр шерткені бар:
— Сонау Жаңаорпа құдығында отыратын аңшы әрі домбырашылығымен аты шыққан Төребек дегенді естіген шығарсың? Соның ұлы да, қызы да осы болды. Есімі — Ұлбала. Жастайынан-ақ менің қалыңдығым болсын дейтіндей сұлу әрі ақылды еді. Ауылдың талай жігіттері ғашық болып, атын әнге қосып айтатын. Жасыратыны жоқ соның бірі мен едім, — деді Есназар қария, - бірақ ол біздің бәрімізге де пысқырмады. Қаладан келген мұғалім жігіт Балтабайға тұрмысқа шықты. Алғашында қызғанып жүрсек те, Балтабайдың оған жар боларлық мәрт жігіттігін көріп, басылғанбыз. Не керек алайда қатігез тағдыр Ұлбаланы ерте бастан-ақ еркелетпеді. Отау тіккеніне жыл толар-толмастан кенеттен Балтабай қайтыс болды. Ажал дегенді қарашы бір күн ауырып жатып, кенеттен дүние салды. Қолдан келер дәрмен жоқ, қатты қиналдық. Ой, сондағы Ұлбаланың жылағаны-ай сай сүйекті сырқыратты. Иманды болғыр Балтекеңді шын сүйеді екен, пақыр, - деп, қария сол бір сәт көз алдына оралғандай батар күннің қызғылт арайына малынған көкжиектен көз алмай ұзақ отырды да, әңгімесін қайта жалғады. — Ері қайтыс болғанда Ұлбала жүкті қалған екен. Көп ұзамай босанды да, дүниеге Қанат есімді ұл келді. Ұлбаланың ендігі бар қуанышы, алданышы сол болды. Жас та сұлу келіншекке қырындаушылар да, сөз салушылар да көп еді. Бірақ, Ұлбала ерге шықпады. Қанатсыз тіршілік жоқтай көрінетін оған. "Қанатжаным, ботақаным менің, қоңыр қозым" деп отыратын ылғи. "Жассың, әрі ажарың бар, біреудің етегінен ұстасаң қайтеді" деп, ақыл айтушыларды тойтарып тастайтын: "Қанатым, қарашығым тірі болсын, басқа ештеңенің керегі жоқ".
Өсе келе Қанат та әкесінен айнымай қалды. Сұңғақ бойы, қақпақтай жауырыны, жүріс-тұрысы құдды Балтабай дерсің. Сабаққа да алғыр болды. Ұмытпасам, Қанат мектебін бітіріп, қызметке араласа бастаған жылғы жаздың ыстық күндерінің бірі еді. Тірліктің жұмысы таусыла ма, мал қорада оны-мұны істеп жүргенмін. Бір кезде құлағыма шапқан ат тұяғының дүрсілі естілді. Сыртқа шықсам, тортөбел атты терге көміп келген колхоз есепшісі Құлахмет екен. Лезде көрші-қолаң жиналып қалды.
— Аға, орталықтан суық хабар келді, — деді ол аттан түсіп жатып. — Герман деген ел бізге қарсы соғыс бастапты. Ел дүрлігулі. Ер-азамат түгел майданға алынатын болыпты. Сейітқазының мұғалім баласын көрдім, өзі сұранып кетем деп жүр.
Төбеден түскендей соғыс деген суық сөз бәріміздің жүрегімізге инедей қадалды. Мен есі кеткен жанша не дерімді білмей, мәңгіріп тұрып қалыппын. Соғыстың адам баласына жақсылық әкелмейтінін әркім-ақ сезетін сияқты. Жиналған жұрт сілтідей тынған. Тылсым тыныштықты Ұлбала бұзды:
— Соғыс деймісің, мына сөзің сұмдық қой, — деді ол. Мен Ұлбалаға көз тастадым. Дауыл соғып, күн көзін қара бұлт басқандай, оның нұрлы жанарын да мұң торлап үлгеріпті.
Содан ауылдың бақытты өмірі күрт өзгеріп сала берді. Азаматтар майданға аттанып жатыр. Бір күні Қанат та кететін болып келді. Оны бүкіл ауыл болып шығарып салдық.
— Апа-ау, ел басына ауыр күн туды ғой. Қамықпай, беліңді бекем бу, біз әлі-ақ жеңіспен ораламыз,- дейді Қанат соғыс тез бітетіндей, бұлар барса, жауды жеңетіндей көріп.
— Құлыным-ай, бұл сұм соғыс шамалыда бітер деймісің. Қайтейін енді бетіңнен жарылқасын, жалғызым, жауды жеңіп қайтыңдар, — деді Ұлбала ботадай боздап. Ауылдан таспадай созылып жатқан ақ шаңдақ жол үстінде тұрып қайран ана өзінің соңғы қуанышын қайтпас сапарға шығарып салған екен-ау сонда.
Қайғы-қасіретке толы қиын-қыстау жылдар жылжып өте берді. Талай боздақтар туған жерден жырақта, ұрыс даласында көз жұмды. Халық жеңісті асыға күтті. Ол күн де келіп жетті. Ақ түйенің қарны жарылып, аман қалған жауынгерлер елге орала бастады. Әрбір келген адамды іздеп барып, Ұлбала ұлын сұрайтын. Ол үйдегі ескі сандықтың түбінде жатқан "Ұлыңыз ерлікпен қаза тапты" деген қара қағазға да сенбейді. "Қара қағаз келіп, қаза тапты деп жүргенде оралып жатқандар аз ба? Бәлкім, Қанат-жаным да бір күні келіп қалар", — дейді байғұс. Мұнысы өзін-өзі алдарқатуы шығар қайдам, әйтеуір соғыс біткелі де бірталай жыл өтті. Алайда Ұлбала әліге дейін үмітін үзбей, жолдан көз алмай келеді. Оған не дерсің. Талай рет жұбату, көңіл бірлейтін сөздер айтылды да. Бірақ, ол күтуін, сұрау салуын қоймайды, — деп әңгімесін аяқтаған еді Есназар қария.
...Бойына табандылықты, кіршіксіз адалдықпен ана махаббатын дарытқан Ұлбала әжейдің абзал бейнесі көкірегімде қалып қойыпты. Ол бейне бір дара өскен, кәрі емен секілденеді. Тіпті күні бүгінге дейін өмірде қайсарлықты, болаттай беріктік пен пәктікті көрсем, сол томашадай қара кемпір, Ақ әже ойыма оралады. Өліге дейін төбеге шығып, ұлын күтіп жүргендей боп елестейді маған...
КҮЛКІЛІ ОҚИҒА
Мені Ақтау телеарнасы таңғы "Таңшолпан" бағдарламасына шақырды. Екі өлеңімді оқып, бірнеше сауалдарға жауап бердім. Жүргізушінің бірі: "Аға, өміріңіздегі бір күлкілі оқиғаны айтып берсеңіз" деп сұрамасы бар ма? Кешігіп қалмайын деп қапылып жеткен мен мұндай сұрақ болатынын ойламаппын. Сәл кідіріп күлкілі деген мына оқиғаны айттым.
...Жаңа үйленген кезім, жас келіншегіммен кешкі астан кейін ауылды қақ жарып өтетін темір жол бойымен қыдырамыз. Ауыл шетінде тұратын Орысбай деген жігіттің есектей қабаған иті бар. Ойламаған жерден тап беріп талайды қан қақсатқан бұл иттен жұрттың бәрі қорқа соқтап жүретін. Орысекеңнің сонымен бірге теуіп от алдыратын "Ковравец" мотоциклі де болатын. Ойымызда ештеңе жоқ, алаңсыз әлгінің үйінің жанынан өте бергенімізде бірдеңе "дар" ете қалды. Ит келіп қалған екен деп ойлаған мен жалма-жан қос қолыммен жерде жатқан тасқа жабыстым. Ит дегенім от алып жатқан Орысбайдың "Ковравеці" екен. Келіншегім күліп жатыр. Сасқаннан: "Бұл ит мені таниды, тек сені қауып ала ма деп тасқа жабыстым", деппін ғой. Кейде осы оқиғаны еске түсіріп күліп қоямыз.
ДӘРЕКЕҢ
Дәрекең деп отырғаным майдангер қарт-Дәрменбай Іңірбайұлы. Ұлы Отан соғысында бір аяғынан айырылды. Елге оралғаннан кейін бар саналы ғұмырын мал бағуға арнады. Балалары өскеннен кейін, мұнан жиырма жыл бұрын Түрікменстаннан атажұрты Маңғыстауға бағыт ұстанды. Қызылтөбе ауылына көшіп келіп, зыңғыратып үй салып алды. Соғыс мүгедегі ретінде облыс орталығы Ақтаудан алған төрт бөлмелі үйін отау тіккен екі баласына бөліп берді. Екі рет алған автокөлігінің қызығын да балалары көрді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қария сексеннің сеңгіріне аяқ басқанда дүниеден озды.
Менің бұл арада айтайын деп отырғаным ақсақалдың кіршіксіз ақ көңілдігі, қандай ма кезде де өзін ақжарқын күйде ұстай білуінде.
Бізге құдалығы бар, үлкен кісі ретінде анда-санда сәлемдесуге, көрісуге баратынбыз. Көргеннен келініне дауыстайды:
— Ай, Айман қайдасың, төркіндерің келді, қазан ас.
Мен де өзі қалжыңға ыңғай берген Дәрекеңмен бұра сөйлеп, әзілдесуге бейілмін. Балтырындағы үлкен тыртықты нұсқап:
— Мына аяғыңызға не болған? — деймін, оны соғыс кезінде оқ тескенін біле тұра. Ол да есесін жібермейді:
— Сендерді қорғаймын деп тапқан олжам ғой.
— Сіз соғысқа бардым дейсіз, қалай сонда немісті көрдіңіз бе? Кинодан көріп жатамыз, ылғи біз жеңеміз, сонда қалай болғаны, — деп мен де тақымдаймын. Ол сақалын салалап, ойланып қалады да, ағынан жарылады.
— Ұрысқа кіріп, алғашқы шабуыл кезінде оң аяғымды жылан шағып алғандай болды. Орнымнан қозғалайын десем, аяғым көтертпейді. Бір кезде санитарлар келіп, жіліншігімді оқ пәршалап кеткенін айтты.
— Сосын?
— Содан соң қасымдағы жолдастарым жетті. Қазағы, түрікпені бар ауылдас жігіттер қаумалап жатыр. Айтатындары: "Саған құдай берді де саған құдай берді"...
— Ал, сіз не дедіңіз?
— Мен не дейін, сендерге де құдай жеткізсін деп жатырмын, — деп Дәрекең күледі. Қайран ауылдың аңқылдаған ақ көңіл қарттары-ай десеңші?! Енді ондай жандар қайда?
ҒИБРАТ
Анам марқұм әрдайым: "Ұлық болсаң кішік бол, асылық сөйлеме" — деп отыратын.
Бірде бір байдың баласы айдалада: "Нағашым бай, өзім бай, менің өзім бір құдай" — деп әндетіп келе жатып, атымен сорға түсіп кетіпті. Аты өліп, өзі әрең дегенде өлмешінің күйін кешіп елге әрең жетіпті, — дейтін.
Тамаққа тойып алып, бүгін де қарным ашпайды, ертең де қарным ашпайды деп әрекетсіз отырған жігіттің аштыққа ұшырағанын да айтатын.
Анамыздың айтқан осындай ғибрат сөздері өмір бойы естен кетпей, алға сүйреп келеді.
ДӘМДЕСТІКТЕН – СЫЙЛАСТЫҚҚА
Ұмытпасам 1996 жылдың Желтоқсанында қоғам қайраткері, "Қазақстан әйелдері" жорналының Бас редакторы Алтыншаш Қайыржанқызы Жағанова Жаңаөзенге келді. Қасында сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нұрнияз Мұқанов, аталған жорналдың бірнеше қызметкері бар. Оларға мен қосылып, Бекет атаға жол тарттық. Екі жүрдек "Уаз", бірінде Алтыншаш екеуміз. Ол өзі қыпшақтың қызы, адайдан шыққан көрнекті жазушы Әнес Сараевтың зайыбы екенін айтып, маған жеңгей болып шыға келді. Жол бойы талай әңгіменің басын шалдық. Атаның басына барып түнедік. Кешқұрым және таң алдында таудан төмен түсіп, Атаның зиратына барып тәу еттік. Таудан төмен түскен, қайта көтерілген кездерде жеңгейді қолтығынан демеп жүрдім. Басқалар бізден ұзап кеткен шақта да екеуміз әңгімелесіп, орта жолда тыныстап, бірге жүрдік.
Ертеңіне Жаңаөзенге келсек, қаланың әкім-қаралары мұнайшылар санаторийінің жанында күтіп тұр екен. Қонақтарға қонақасы беру сыңайлары барын байқатты. Демалыс орнының қол жуғыштары бар бөлмесіне кіріп, үсті-басымыздың шаңын қаққаннан кейін, қонақпен қонақ болмайын деп, олардан бөлініп, кідірістеп қалдым. Ендігі ойым қаланың үшінші шағын ауданындағы үйіме жету. Бір кезде санаторийдің қызметкері келіп, жұрттың күтіп қалғанын айтты. Іле шықсам барлығы мені күтіп тұр екен. Таранып, сыланып-сипанған Алтыншаш жеңгеміз тіпті құлпырып кетіпті. Мені көріп:
— Где ты мой боевой товарищ, — деп айқай салды. Мені қолтықтап алып, көпшілікке қарап: -қайда жүрсең де жаныңда сенімді адам болғанға не жетсін, мына жігітіңіз сондай азамат екен, — деп қолтықтап дастарқан басына алып барды.
Қоштасарда:
— Сенің ақын екеніңді де білеміз, екі күн жолдас болдық, жорналыңызға өлеңдерімді жарияласаңыз екен деген сөзді ести алмадық, басқалар болса жарасын-жарамасын ала жүгірер еді. Өлеңдеріңді қазір әкеліп бер, — деді.
Бірақ мен өлеңдерімді беріп жібере алмадым, уәде бойынша кейін жолдап ем, жеңгеміз де уәдесінде тұрып, жорналының бір бетін арнады. Дәмдестіктің сыйластыққа айналуы шығар бұл.
АЛПАМЫС
Өткенде бір қыз бала маған қоңырау шалды. Мамамызға, туған күніне құттықтау берейік деп едік — дейді. Қапелімде не айтарымды білмей қалғанымды сезді-ау деймін. Мен Алпамыстың қызымын ғой, — дегенді қосып қойды. Есіме Алпамыс түсті.
Қарт Каспийдің бір бүйірі, Қазақстан мен Түрікменстанның шектесетін жері — Қарабұғазкөл. Минералды тұздардың бай қоры жинақталған бұл өңір кезінде өндірісі өрлеген, атағы алысқа кеткен жер еді. Мұнда натрий сульфаты, бишофит, эпсомит, глаубер тұзы сияқты химиялық өнімдер өндіретін, бұрынғы одаққа әйгілі Қарабұғазсульфат өндірістік бірлестігі жұмыс істеп тұрды. Онда негізінен Бекдашы, Омарата, Алтыншыкөл кенттерінде тұратын қазақтар еңбек ететін. Жалақыға қоса жетпіс пайыз аудандық үстеме төленетіндіктен ақша іздеп келген орыстар, украиндар, әзірбайжандар жұмыс істеді. Ал, негізінен алғанда Қарабұғаз байлығын игерушілер отызыншы жылдары Маңғыстаудан ауып келген қазақтар еді. Түрікменстанда шығып тұрған қазақ тіліндегі жалғыз газет "Жұмысшының" тұсауы 1932 жылдың мамырында "Қарабұғазкөл жұмысшысы" деген атпен Қарабұғазда кесілді.
Міне, Алпамыс қазыналы бұғазды алғаш игерушілердің бірі- Бөлекбайдың екі ұлының кішісі. Бөлекендердің кезінде қолмен сульфат өндіру, ауыр тәшкіні айдау жұмысына жігіттің жігіті ғана шыдайтын. 1952 жылдары, Алпамыстың алты айлығында әкесі де, оның інісі Оңайбек те ауыр жұмыстан және аурудан қайтыс болды. Шиеттей үш бала-Қосай, Тілек, Алпамысты Ақбибі шешей тістелеп жүріп өсірді. Қос ұлы қос үй болып, қызы Тілек те теңін тауып, шаңырақ құрды. Ұл-қызы үбірлі-шүбірлі боп, жапырағы жайылғаннан кейін сексеннің сеңгіріне іліккен Ақбибі шешей бала-шағасының алдында бақиға жол тартты.
Мектепті, онан кейін Таушықтағы механизаторлар даярлайтын училищені бітіріп, бұғанасы бекіген Алпамыс әке жолын қуып, сульфатшы болды. Қолы бос кездегі машығы - әдеби кітаптарды, газет-жорналдарды оқу. Сөйтіп жүргенде Толқын есімді ауылдас қызға үйленіп, бала-шағалы болды. Зайыбы дүкенші, өзі механизатор, сульфатты бұрынғыдай қолмен емес енді арнаулы сыпырғышы бар машинамен жинайтын болды.
Жетпісінші жылдардың соңы-ау деймін, бірде аудандық газетге қызмет істейтін бізге Алпамыс депутаттыққа және де анау мынау емес КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланатын болыпты, —деген хабар дүңк ете түсті. Жұрт сенер-сенбесін білмеді. Елден ерек ештеңесі жоқ, қарапайым жұмысшы, озаттар қатарында ағасы Қосайдың есімі жиі аталғанмен мұныкі аталмайды. Өзі ең азы коммунист те емес, енді бірде қой Алпамыс емес Боққара Айжарықов деген жігіт болатын болыпты. Тепловоз машинисы, "Құрмет белгісі орденінің иегері көрінеді" деген хабар да жетті. Дегенмен біраз күндерден кейін ірі еңбек ұжымдары КСРО Жоғарғы Кеңес депутаттығына «Қарабұғазьсулфат»өндірістік бірлестігінің жұмысшысы Алпамыс Бөлекбайұлы Аманжоловтың кандидатурасын ұсынуды бастап кетті.
Редакцияда жұмыста отыр едім, Алпамыс келді. Үстінде су жаңа шолақ тоны бар, күлімсіреп тұр. Сәлем-сауқаттан соң үстіне көз жүгіртіп:
— Сен, уже киініп алыпсың ғой, — дедім бір жағын әзілге бұрып.
— Мынау ма, Бердібайдікі, жылатып зорға сұрап алдым, — деді. Бердібай дегені туған жездесі.
— Сенде бұрын мұндай белсенділік жоқ еді, қалай болды өзі?
Алпамыстың айтуынша жоғарыдан нұсқау келген. Онда " Қарабұғазсульфат" өндірістік бірлестігінен депутат сайлануы тиіс, ол жергілікті қазақ ұлтынан, жастайынан жетім қалған, партияда жоқ, жұмысшы болуы шарт екен. Қай жағынан да Алпамыс сай келеді. Депутаттықты естіп, өздері ұмтылғандар болған, бірақ бірінің жасы өтіп кетсе, бірінің төрт құбыласы тең. Сонымен жүгірген алмайды, бұйырған аладының кебі кеп депутаттық мандат Алпекеңе бұйыратын түрі бар.
— Мені обкомның орготделі шақыртып жатыр. Сен түркіменше жақсы білесің ғой, менімен жүрсейші, — деп тұрып алды.
Содан екеуміз Красноводск обкомына бардық. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі арықша келген, мұрны пышақтың қырындай, көзі алақ-жұлақ еткен түрікмен жігіті екен. Сәлемдесіп, жағдайды білгеннен кейін іс қағаздарын ақтарып қарай бастады. Бір кезде маған қарап:
— Сіз шыға тұрыңыз, — деді. Сәлден кейін Алпамыс та шықты.
— Сұрамайтындары жоқ екен, — деді күмілжіп.
— Е, не дедің?
— Сүндетке отырдың ба? — деп сұрады орысшалап.
— Сен не дедің?
— Иә, сама сабой, дедім, ол біраз күліп алды да, «олай деп айтушы болма, егер біреу-міреу сұрай қалса кәрі шешем бар, есімді білмейтін кезде сол сүндетке отырғызыпты дерсің деді, — дейді Алпекең.
Енді бірде депутаттыққа кандидат ірі кәсіпорындар мен елді мекендерде жұртшылықпен кездеседі екен дегенді естіп, хабарын білмекке аудандық комитетке барсам, бір кабинетте шалқайып Алпамыс отыр.
— Оу, сен жайбарақат отырсың ғой, бірнеше жерде сенімен кездесу өтеді деген хабар бар. Дайындық қалай? Айтатыныңды жазып алдың ба?
— Өздері жазып жатыр, соны оқып беремін. — деп күледі. Жазған құлда жазық жоқ дегендей, содан Алпекең КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Мәскеуге бес жыл сессияға барып тұрды. Әрине, сол бір құрсаулы кезеңде халық қалаулысы деп атын далитқанмен депутат та жоғарының айтқанынан шықпайтын. Алпекең қолдан келгенше қызметтенді. Біреулерше аяқ астынан өзгеріп, шіренген жоқ. Сол баяғы қарапайым қалпы, қоңыр тірлігі. Бірде өкпесіне операция жасатып, Мәскеуде қайтыс болған жігітті ұшақпен Бекдашыға алып келуге күшін салды. Көмекке зәру болып келгендерден аянып қалған жері жоқ. Кейін біреулер әңгіме қылды.
— Алпамыс депутат болған кезде бәрі қолында еді, басының пайдасын білмеді. Жоғары оқу орнына түсіп алуы керек еді, оны ойына да алмады. Ең болмаса автомашина алуына, еңселі үй салдыртуына мүмкіндік туып еді ғой. Алпамысқа айтқызсаңыз, қолды бір сілтейді: — Бұйырмыстан артық ештеңе жоқ, — дейді ол, — соның бәрін арқалап кетеміз бе, қалар-ау бәрі де...
— Алпеке, сен енді анау-мынау емес КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болдың ғой, ең болмаса бір рет те қызыл книжкіңнің пайдасын көрмедің бе?
— Неге көрмеймін, көрдім, — дейді ол, — Бірде Красноводскіде қыдырып жүріп аңдамаппын ауылға — Бекдашыға ұшатын соңғы ұшақтың уақыты болып қалыпты. Мұнан қалсам ертеңге қаламын, бұл еш себепсіз жұмыстан қалды деген сөз. Қала менен аэропорттың арасы бірталай жер, әрі биік таудан шығу керек. Бұған кез келген көлік келісе бермейді. Сағатыма қарасам, санаулы минуттар қалыпты. Не де болса тәуекелге мініп, такси ұстадым. Жүргізушінің жанына жайғасқаннан кейін шопырға қарап: — Аэропортқа тарт, асығыспын, ұшақ ұшқалы тұр, үлгеруім керек, — дедім. Бірақ шопырым тұмсықты келген әзірбайжан екен асығар емес. Есінеп алып, ыңылдап әнге салады. Шыдамай кеттім сағатымды көзіне тақап: — Міне көрдіңіз бе, ұшақтың ұшуына он бес-ақ минут қалды, — дедім. Ол өзіме бас салды: -Қанша ақша бересің, үш-төрт есе төлесең жетістірейін, — дейді. Зығырданым мұнша қайнамас: — Сіз кіммен сөйлесіп отырғаныңызды білесіз бе? — деп депутаттық куәлігімді суырып алып көрсеттім. Жаңа ғана немқұрайлы отырған ол ұйқысынан оянғандай алақ-жұлақ етіп, еңсесін тіктеп, жүрдек "Волганың" жылдамдығын көтеріп жүйткіте жөнелді. Және жақ жаппай сөйлеп те келеді:
— Жерлес, мына ағаңның бір білместігін кешіре гөр. Мен сізді зыр еткізіп қазір-ақ жеткіземін. Ешқандай ақша да алмаймын. Қалаға келсең, мені іздеп тап, Юсуф Мамедов десең таксидегілердің бәрі біледі. Қалаған жеріңе өзім тегін апарамын. Құдайақы кешіріңіз, шиеттей балаларым бар еді, жұмыс тан қағылсам, күндері не болмақ, -деп аяқ астынан мүсәпір болды да қалды. Бір жақсысы ұшаққа жеткізіп салды-ау, әйтеуір. Алпамыстың жаны таза, құдай деген ақ пейіл азаматтығымен қатар жұртты күлдіретін Қожанасырлығы да бар. Қазір ол Өмірзақ кентінде тұрады, мектептің жылу орталығында жұмыс істейді. Зайыбы Толқын екеуі бірнеше ұл-қыз өсірген, немере сүйген ата-ана. Бар бол, Алпамыс, жасай бер!
ҚҰРСАУ
Көз ашқалы көргеніміз — Кеңестер Одағы. Тегін оқытты, тәрбиеледі. Бізге одан күшті, әділетті ел болған еместей көрдік. Еліміздің патриоты болдық. Дегенмен жүре келе, өмірдің қитұрқыларын көргеннен кейін, қазақтың, оның ішінде өз ата-бабамыздың басынан өткенін, Қазақстанның шын мәніндегі тарихын оқып-білгеннен кейін, әсіресе КСРО сынды алып мемлекеттің іргесі шіріп, өзінен-өзі шайқала бастаған сексенінші жылдардың белортасында казармалық жүйеде, құрсауда өмір сүріп келгенімізді пайымдадық.
Өткенге ой жіберсек, ол кезде баспасөз, сөз бостандығы болған жоқ. Мұны сол замандарда бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеген журналистер жақсы біледі. Баспасөзде құпияны сақтау бөлімі, былайша айтсақ цензура жарыққа шыққалы жатқан газет-жорналдар мен телехабарларға екі шұқып бір қарайтын.
Түрікменстанның Красноводск ауданында шығатын "Жұмысшы" газетінде жұмыс істеп жүрген кезім республикадағы химия өнеркәсібінің ірі ошағы - "Қарабұғазсульфат" өндірістік бірлестігінен көлемді мақала жаздым. Мақалада кәсіпорында шығарылатын дефолянт ертіндісі мақта жапырағын түсіруге қолданылады, ұшақпен жоғарыдан себілгеннен кейін әп-сәтте көгеріп тұрған жапырақ қурап қалады да, бұл мақтаны комбайнмен оңай жинап алуға мүмкіндік береді. Бірақ ауа мен суға, төңірегіндегі халыққа аса зиянды деген сөйлемдер бар еді. Баспасөзде құпияны сақтау бөлімінің редакторы "шақырып жатыр" деген соң барсам, аласа бойлы, сары кісі екен. Алдында газеттің ертеңгі санының беттері жатыр. Менің мақаламды жуан қызыл қарындашпен айғыздап қоршап тастапты. "Мына мақаланың авторы сіз болсаңыз, газет бетінен алдырып тастаңыз, бұлай ашық жазуға болмайды". "Неге?" Енді ол маған ызбарлана қарады: "Мен сізге айтып отырмын ғой, химиялық өнімнің қыр-сырын ашықтан ашық жазуға болмайды деп", - деді. Менің мақалам алынып тасталып, орнына басқа жағымды мақала салынып, газет кешігіп шықты.
Біздің ауылда парасат-пайымы, ой өрісі жоғары бір ағай болды, өзінің рұқсатынсыз атын айту ыңғайсыз болар. Сол кісі өз кәсіпорнындағы орын алып отырған келеңсіздіктер, басшылықтағы бармақ басты, көз қыстыларға қарсы күресті. Оны арызқой ретінде көрсетіп, жұмысынан босатты, қудалады да. Бірақ ол алған бетінен қайтпады. Бір күні "Правда" газетінде газеттің сол кездегі Түрікменстандағы меншікті тілшісінің, (ұмытпасам Курченко болуы керек) "По замкнутому кругу" (Тұйық шеңбер бойымен) деген сын мақаласы жарқ ете қалды. Сөйтіп, одағымыздың бас газеті ағамызды қорғап шықты. Жұрт газетті іздеп жүріп оқыды. Ауыл адамдары бас қосқан бір отырыста мақала жөнінде әркім әрқилы пікір айтты. Мен әділдігіне бағып, кәсіби журналист ретінде мақаланың орынды да жақсы жазылғанын айттым. Арамызда МҚК-нің жансызы бар екен. Қалай шұғыл қимылдайды десеңізші? Ертеңіне таңертең жұмысқа барған мені жедел түрде аудандық партия комитеті шақырды. Барсам, аупарткомның үш хатшысы, идеологиямен айналысатын лауазымды қызметкерлері жиналып отыр екен. Екінші хатшы О. Аннаовезов сөз алып: Сіз неге "Правдаға" шыққан мақаланы дұрыс дейсіз? Мен: Еліміздің бас газеті, КПСС-тің органы "Правда"- дұрыс жазбайды дегенге кім сенеді, сондықтан мен газеттегі мақаланы дұрыс жазылған деп ойлаймын". Ол: "Міне, мәселе қайда жатыр? Бәлкім, оның жан-жаққа арыз жазуына көмектескен де боларсыз. Қарапайым жұмысшының мақала жазуға сауаты жете бермесі белгілі"-деді. Мен: "Ол кісіні ауылдас, жасы үлкен кісі ретінде сыйлаймын. Сәлеміміз түзу, бірақ сіз айтып отырғандай байланысым жоқ". Сонымен біраз әурелеп қоя берді.
Екінші қабаттан басқышпен төмен түсіп келе жатсам, көрші ағамыз көтеріліп келе жатыр екен. Оны да шақырған-ау деп ойладым. Обалы не керек, ол кісі менің оған ешқандай қатысым жоқ екенін айтып, мен туралы жылы лебізін білдіріпті дегенін естідім.
Ол кездерде жиналыс-жиындарда сөйленетін сөздердің өзі сүзгіден өтетінін жасы үлкендер жақсы біледі. Осындай жайларды еске ала отырып, демократияның адам баласына жайлы бостан лебі есіп, Қазақстанның дербес, тәуелсіз ел болып, көк байрағын желбіретіп өркениетке қадам басқанына мың бір тәубе дегім келеді. Қазақтың басына құрсаулы қоғам енді ешқашан төнбесе екен деп жаратқаннан тілеп өтемін.
"ТАНЫМАСЫН СЫЙЛАМАС" ДЕГЕНДЕЙ...
"Ақтаудың түбіндегі темір жол стансасында Күзембай деген ағаң бар, есіңде жүрсін",— деген әкемнің сөзі жадымда қалды. Ұмытпасам 1985 жыл болса керек. Сәбидолла есімді ағамыз екеуміз Күзекеңнің үйіне іздеп бардық. Обалы не керек, ағамыз жақсы қарсы алып, кезінде әке-шешемізден көрген шапағатын айтып отырды. Жеңгеміз де иманжүзді жан екен. Біз жөн сұрасып отырғанымызда жастары менің аяғымды қуып қалған және одан кішілеу жігіттер кіріп-шығып жүрді. Өз басым әлгілерді жақын тартып, ағамыз оларды қасымызға отырғызып, таныстырар ма екен деп ойлап қоям. Бірақ Күзекең олай жасамады. Мұнан кейін де ағамызды той-садақаларда көріп жүрдік. Амандық-саулық сұрасып, бізді іштартып тұрады. Бірнеше жылдан кейін ағамыз да, жеңгеміз де о дүниелік болды.
Олардың артында балалары қалғанын білеміз. Бірақ танымаймыз. Өздері ыңғай бермеген соң біз солай едік деп жабыса кетудің де ыңғайын таба алмаймыз...
Міне, осылайша кезінде алыста тіпті, басқа республикада жүрсе де бірін-бірі ұмытпай сыйласа, араласа білген рулас шалдардың балалары біздер бүгінде іргелес отырсақ та, бір-бірімізді жыға танымаймыз. Шынын да ағайын арасы алшақтауының, бір-біріне жат болуының бір мысалы, сәті түскенде танысып-біліспеуінен емес пе екен, кім білсін..
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру