Абылайдың ақ туы. 1-том
Ұзақбай Доспанбетов
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың бұл «Абылайдың ақ туы» атты жаңа тарихи романының алғашқы кітабында осыдан үш ғасыр бұрынғы, ел аузында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен сақталған қазақ-қалмақ қақтығыстары суреттеледі. Мұндағы оқиғалар негізінде Іле, Сырдария сияқты ұлы өзендердің жағалауларында, Қаратау бойында өтеді.
Ұзақбай Доспанбетов
АБЫЛАЙДЫҢ АҚ ТУЫ
Тарихи роман
І том
Томирис 21
УДК ББК Д
Доспанбетов Ұ.
Д Абылайдың ақ туы. Тарихи роман. І том. Ұзақбай Доспанбетов.
– Алматы, 2016. – 400 бет.
ІSBN
Жазушы Ұзақбай Доспанбетовтың бұл «Абылайдың ақ туы» атты жаңа тарихи романының алғашқы кітабында осыдан үш ғасыр бұрынғы, ел аузында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен сақталған қазақ-қалмақ қақтығыстары суреттеледі. Мұндағы оқиғалар негізінде Іле, Сырдария сияқты ұлы өзендердің жағалауларында, Қаратау бойында өтеді.
УДК ББК
ІSBN 978-
© Доспанбетов Ұ., 2016
БІРІНШІ ТАРАУ
1725 жылы екі таудың қыспағындағы Ыстықкөл жағасына жылжып жеткен Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның байтақысында бұрқ еткен қос-қос оқиғалар тоғысы өзара байланыссыз әр түрлі қиырлардан бастау алатын еді. Осыдан екі жыл бұрын Қазақ ордасына жеті бағытта бір мезетте ұйымдастырылған тұтқиыл шабуыл қонтайшының өз күткенінен де зор нәтиже бергесін, әрі әрбір қабырғалы істе қара темірден әрмен міз бақпас кезмайысқа ұқсайтын үлкен ханым – Күнгу өлгесін Сыбан Рабтан өзінің кіші әйелі Сетержапқа қарай біржола аунап түскендей еді. Қырыққа жаңа ғана иек сүйеген, бірақ жас кезіндегі сұлулығына әлдекім май құйып алаулатқандай жасарып, жасанған Сетержап мұны өзінің заңды несібесінше қабылдады. Тек барды місе тұтып, тоқмейілсуден аулақ, сырт ажарының әлі де бір көзден таса, ашылмай қалған жылтырауықтарын бері шығармақтай қолдан келгеннің біразын істеп бақты. Әйтсе де алды-артын ойлағыш айлакер әйел істің үлкені ме, кішісі ме, қай-қайсысында да шарасынан асып төгілуден сақтанатын. Бастағы бақ ол сенің алтын ырзығың, ал ақыл сол алтын ырзықты байлап-матап ұстайтын шынжырың. Бұл қағида Сетержаптың өзімен бірге туып жаратылғандай әрдайым көкірегінде сайрап тұрушы еді. Иә, сосын да бәрін ақылға салып шешуді ұмытпайтын. Ал өз ақылы жетпесе ше? Қасындағы үлпілдеген сары шашы иығын жауып, көзі көгілдір аспандай тазалықпен мөлдіреген, сұлулығы өзінен де басым, кемістігі тек киім киісіндегі олпы-солпылық қана, өзімен түйдей құрдас швед әйелі Бригиттаның кеңесін тыңдаудан бұл арланбайтын да жалықпайтын. Сұлулық қана емес, білім-парасат жөнінде де өзін он орауға бар жат ел періштесіне деген қызғанышты қанатты құстай үркіте қуып, әншейіндегі тәкаппар жүзін мүттәйімсіте, әрқилы кәкір-шүкір түсініктерге бой алдыратын. Бірақ бұл кәкір-шүкірдің бәрінің белгілі бір бағыт-бағдары бар еді. Мынау уақыт әпселеңі көз алдында қолмен ұстауға болатындай айқындықпен бетке ұрған шақта бас білмеген шүу асаудай сол жойдасыз уақыттың жалынан екі қолдап мықтап ұстамаса оның қыр арқасынан ұшып түсуі ықтимал екенін Сетержап айна-қатесіз ұққан. Ал сол уақытжалына мықтап жабысу үшін не істеу керек? Иә, бұл таңда кіші ханым Сетержаптың мына тағдыр жазуымен жарты дүниенің тұтқасын ұстаған өз қосағы, Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның алдындағы беделінде шек жоқтай. Оған жеткізген қай құдай дейсіз ғой. Осыдан екі жыл бұрын Қазақ ордасының бел омыртқасын үзген бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшысы кім еді? Ол осы Сыбан Рабтанның Сетержаптан туған екі кіші ұлының бірі – Шұна-Доба болатын. Әрі осы бас қолбасылыққа қонтайшының үлкен әйелі Күнгуден туған тұңғышы – тәжірибелі қолбасшы Қалдан-Серен емес, осы Шұна-Добаның тағайындалуына Сетержап қаншама белсенділік танытты. Ал оның үстіне Күнгу дүниеден өтті, бұл Сетержаптың өрісін одан әрі кеңейтті, ықпалын одан әрі нығайтты. Солай десек те... Жә, солай десектені қоя тұршы. Тамаққа кесе көлденең кептелген балық сүйегіндей бөгде мәселе килікпей, бәрі орынорнында Сетержаптың пайдасына жамырасқан күнде де жайбарақаттанып, қанағатқа пейіл беру жөн бе? Әрине, жөн емес. Бұл перінің қызындай құбылып, Сыбан Рабтанның көңіл мен көзін түз аңындай аулауға екіленді. Әу бастағы сауысқандай сақтығы сол құс
екеш құстың өзіндей оқта-текте ұшып-жоғалатын әдет тапты. Апыр-ау, тасы өрге домалаған осы шақта да кіші ханымның бүйтіп ала өкпесін шығартатын қай құдай? Иә, айтпасқа лаж жоқ. Сырт көзге айы оңынан туғандай керінгенмен бұл күндерде көкжиектен Сетержаптың көзіне әлдебірқара тұмандай шудаланған жағымсыз құбылыс шалынып еді.
* * * Бұл жағымсыз құбылыс соңғы апталарда қонтайшы Сыбан Рабтанның қосағы Сетержапты астынан су шыққандай шошындырып, жаман тынышын алатын. Тынышсыздық, дегбірсіздік күннен күнге іші-бауырын жайлап бара жатқандай. Сынықтан өзгенін бәрі жұғады дейді ғой халық. Кіші ханым басындағы осы тынышсыздық, дегбірсіздік бара-бара Бригиттаға да ауыз салыпты. Бірде швед әйелі өз әңгімесінен өзі қызына Сетержап үшін арнайы тігілген, жасауы көздің жауын аларлық әсем де кең, биік киіз үйдің іргесінен атып тұрып, екі қолын ербеңдете жөнелді. Кіші ханым өз қызметшісінің бұл мінезін әбестікке баламады, өзі де ылп етіп көтеріле Бригиттаның жүзін бақты. Бригиттаның кіші ханымнан бойы биік еді, амал жоқ, Сетержап оған кеудесін шалқайта, жүзін көтере қарады. Мына тұрыста Бригиттаның бойы ғана емес, денесі де далиған. Себебі, мұның үстіне кигені иығы салбыраңқы, әрі мол пішілген белбеусіз ұзын шұға шапан. Бұл киімді өз қызметшісі үшін Сетержап өзі ойлап тапқан. Енді қайтсін? Үш ұйықтаса түсіне кірмес қайдағы бір алыс елден құдай айдап әкелген әйелдің түр-түсі өз алдына, ақ сазандай дене бітімі де еркек түгіл осы әйел екеш әйел Сетержаптың қаншама рет көзінің құртын жеді екен? Бұл, әсіресе, екеуі елден жырақта, қаумалаған күң қатындардың мұқият бақылауында жалаңаштанып, ЬІстықкөлдің тұзды суына шомылғанда болушы еді. Бригиттаның ақ мәрмәрдай су тұрмас қос иығы, алға шығыңқы төсі мен одан төменгі қыпша белі қай қиырдың зергерінің қолынан шықты екен? Ал, жұп-жұмыр бура сандары мен қос балтырын тіптен атап сұрама. Мұз сүңгідей тура шаншылып, әрі күн көзін ұялата жалтырайтынын қайтерсің. Сетержап өз қызметшісінің ерекше әсем бітім-бейнесіне көзін сүзіп, бірауық ойынан жаңылып, ол бұған күң болғанша, бұл оған неге күңдікке жаратылмады екен деген сұраққа ат басын бір-ақ тірейтін. Тек ес жиып барып қана, өз қиялынан өзі шошып, өзінің орнын, өзі ғана түйінін шеше алуы мүмкін мәселелер баршылық екенін елестететін. Тегінде Сетержап Бригиттаның ай мен күн сынықтарынан құрастырылғандай сымбатына ғана емес, осыншама жаста, қырыққа иек сүйегенше құлын мүшесінің бұзылмауына да таңырқайтын. Мұның ұғымынша балауса шақтағы көрік бір басқа да, қазіргісі неше жерден алтын, күміс делінгенмен өзгеше болуға тиіс қой. Бұрынғыны айтсақ, ол кездегі Сетержап та басқа еді ғой. – Саған Еділ бойындағы қалмақ ағайындар төбесіне моншақ етіп көтерген Аюке ханның қызы болғанын үшін, немесе, онымен бұрынғы туыстықты қайта жаңғырту мақсатында емес, солай ат ізін салған елшілерімнің ауыздарының суы құрып, бірінен-бірі асыра әспеттеген әңгімелері арқылы ынтықтым, – дейтін еді қонтайшы бір көңілі түскен сәттерде. – Ал кейін сені осында алдырғанымда сен менің ойымдағыдан да артық шықтың. Жан баласына көріп беруге қимас ең асыл інжу-маржаныма айналдың.
Иә, мұндай сөздерге Сетержап имандай ұйитын. Енді қалай? Бүкіл Жоңғариядағы қыз біткеннің ішінен, әрі жылма-жылғы соғыс үстінде көршілес елдерден әкелінетін қолаяқтары кісендеулі әйел заттыдан, көркі аспандағы ай-күнмен таласарлық, періште арулардан тағы қайсысын алып құшамын десе де Сыбан Рабтанның еркінде ғой. Бірақ осы Сетержапқа қосылғалы қонтайшы өз қосағы алдындағы парыздан тыс нәпсіқұмарлыққа біржола тыйым салды. Тек үлкен ханымның көзі тірісінде, бет терісі шытынап сынған соның шатырының астында, төсегінің қасында ғана бел шешетін. Оның өзі де қонтайшы шаңырағының астындағы тірлікті көз алмай баққан қалың жұртшылықтың алдында үлкен ханымның беделін сақтау мақсатында жүзеге асырылатын ресми рәмізге келіңкірейтін. Ондайлықка осындай салт-сананың қайнауында піскен, өсіп-жетілген Сетержаптың еті үйренген. Егер қонтайшы Сетержаптан гөрі жасырақ бөгде бір перизатқа аңсары ауып, қылық көрсетсе тек соның ғана әуселесі басқаша шықпақ. Бірақ ондай мағынада Сетержаптың әзірге құдайға айтар өкпе-наразылығы жоқ. Сосын да ол өз ажар-бітімі хақындағы қонтайшы марапаттауларын ешқашан артыққа санамайтын. Бірақ бұл уылжып, жаңа піскен шағында сонау Еділ бойынан Қазақ ордасын белінен басып, оның шығыс жағындағы ең үлкен қалмақ мемлекеті – Жоңғария қонтайшысының байтақысына қарай қыруар әскер, нөкердің қоршауында бес айшылық жол жүріп, салтанатпен жеткізіліп, Сыбан Рабтанның табалдырығынан аттағалы да ширек ғасырдан астам уақыт көзден бұлбұл ұшыпты. Әрі бұл уақыт жайдан-жай кетпепті де, осы аралықта қанша періште дегенмен Сетержаптың денесі толысып, олпы-солпысы білінді, бұғағы салбырады, опа-далап жағып, көлегейлемесе көзінің айналасындағы еті де көлкілдеп, мұның көркіне тағалы аттың ізіндей таңба басатынды шығарды. Тіпті жас пен жасамысқа бірдей қос жанарының өзінде бұрынғы нұр жоқ, басы қатты уақыт олардан да алар өшін алып, әлсіретіп әкеткендей. Тек өзгермеген, замана тезіне бой бермеген ішкі дәме, қайрат, тойымсыздық. Міне, осы қасиеттеріне тағдыр бұл күнде қосымша салмақ артты. Кіші ханым Сетержаптың тіпті ширамасына лажы жоқ. Бірақ қосымша жігер көзін бұл қайдан алады? Бір үмітті осы швед әйелі Бригиттаға артады. Сосын да оның әрбір ақыл-кеңесін өзіне керек болғасын ғана емес, өзінің үстінен қарайтын қожайын бұйрығындай қабылдауға жан-тәнін салады. Сөйтіп, бір кезде қиялында оянған тілек енді шындыққа айналып, ол бұған емес, бұл оған күңдікке түскендей жағдайға жақындайтын. Міне, қазір де Бригиттаның қимылына ілесіп, бұл да түрегелгенде ең алдымен оның маржандай тізілген аппақ тістеріне сүйсінді. Сөзінен гөрі, ол өстіп гүл талшықтарындай әдемі еріндерін қозғалысқа келтіріп, маржан тістерін қызықтатса, соның өзі Сетержаптың бір басына жетерлік қуаныштай. – Сіз ертең таңертеңгілік өз қосағыңыздың, яғни ұлы мәртебелі қонтайшының қасында отырып, ресми әңгімелерге қатысамын дейсіз. – Осыны айтты да Бригитта сымға тартқан күмістей аппақ білегін жалаңаштап, иығын жапқан сары шашын кейін қарай серпіп тастады. Сөйтті де сол шашы түстес деуге аса келіңкіремейтін, одан гөрі сәл бояуы қалындау қиғаш қастарын керіп, көгілдір кездерін жоғарыдағы шаңырақтың ол шетінен бұл шетіне жүгірте сәл ойланды. Бригиттаның осы көз қиығының қозғалысына қарап, кіші ханым әлденеден ашық есіктен лып етіп кіріп, енді сол киіз үйден қайтып шығар тесік таппай, ана керегеден мына керегеге бір соғылып, шарқ ұрып, үй ішіндегі ауаны
кескілеген ұзын қанат қарлығашты еске алды. Осы байыптауы үстінде Сетержап швед әйелінің тағы бір қасиетін көргендей. Бұл қатты ойланғанда әлдекімдерге ұқсап, маңдай терісі тырысып, қабағы тыжыраймайды, қайта түсі белгісіз тағы бір пердені жұлып тастағандай, ажары одан сайын ашылады. Тап қазір бұл миына күш түскен жан емес, қайта рақат сезімнің құшағында жүзінде от алаулаған, тағдыр соққысы атаулыдан дәм татып көрмеген небәрі он бес, он алты жасында пісіп үлгеріп, бақыт айдынынан лағыл тастар ілген аққудай шалынды. Төбедегі шаңыраққа қарай көз жүгіртуі кіші ханымға арнар сөзін сабақтастырудың қамынан емес, түңдік сыпырыльш, көк аспанның бір жапырағы көрінсе ақ қауырсынды қанаттарын жайып жіберіп, солай қарай сытылып ұшып шығуға оңтайлануынан туған секілді. Бірақ соның бәріңде әлдебір қиындықтардан қашу, бой тасалау ниеті емес, сеңгір-сеңгір қияңдарға көтеріліп, шақырайған күн сәулесінің астында тұлабойындағы жасырулы қосымша қазынаны, кербездікті жалаңаштай түсуге деген құмарлығы жарқ еткендей. Міне, осындай байқаулары үстінде қанша дарытпаймын дегенмен ұстаның көрігінен жаман қызғаныш атты пәле сап етіп, Сетержаптың нәзік сүйекті көкірегін аямай-ақ қаритын. Тек тістеніп, шыдамдылық көрсетуі ғана ойсыз әрекеттерден сақтайтын. Бригиттаның мұндай сәттерде миына неге зіл түсетінін қонтайшының сүйікті ханымы білмейді емес, ол жағынан жақсы-ақ хабардар, сөйтсе де осындай алмағайып заманда-ақ өзіне соқыр тиындық пайдасы жоқ сезімдердің шылауында кетеді. Бригитта өзінің ендігі тағдыры үлде мен бүлдеге оранған, Жоңғария қонтайшысына деген ықпалы оның бас зайсандары мен қолбасыларынан бір былай емес, осы әйелдің қолында екенін сезіп, оған бағыштаған сөздерінің қай-қайсысынан да ши шықпауына барынша зер салатын. Иә, өз отанынан жырақта, ертеңгі тағдыры беймәлім, жат елдің адамы түгіл кіндіктес аға мен іні бір-біріне ит пен мысықтың мінезін көрсететін жабайы түздіктер елінде күң есебіндегі Бригиттаның өйтіп сақтық жасамасына амалы қайсы? Екіншіден, осы Жоңғария байтақысына байланған осы сегіз жылдың ішінде Бригитта бұлардың тілін әжептәуір-ақ меңгерген. Оған қонтайшының марқұм үлкен ханымы Күнгу көптен-көп септескен. Алғаш ұсталып, ұрғаға әкелінгенде қонтайшының еркімен үлкен ханымға сыйға тартылған Бригитта күтпеген жағдайдың үстінен шықты. Күтпеген жағдайы сол – Бригитта үлкен ханым Күнгудің таңқаларлық қамқорлығына, мейірбандылығына кезікті. Түздіктер елінде адамдар арасында мұншалықты мейіршапағатқа орын табылар-ау деп ойламаған швед әйелі алғашында тордағы құсша көздерін жарқ-жүрқ еткізгенмен мұның бәрі Күнгудің шын пейілінен екенін танып, бара-бара саябырсыған. Күнгу о баста тұтқын әйел Бригиттаның өрекпіген мазасыздықтан арылуына ықпал жасап, өз шатырының астында оған ешқандай келіп-кетер қатер жоқтығына сендіруге күш салды. Тек біраз еті үйренгесін ғана мұның қолынан не келетінін сұрады. Бригитта өзінің жол сөмкесінен тоқыған шілтерлер мен тіккен кестелерін суырды. Жібек сықылды сусымалы күлгін түстес матаға қаралтым меруерт жүгіртіп, шілтерлі кестені торлап тоқығанын көргенде үлкен ханым естен танғандай еді. Дереу өзіне әртүрлі киім-кешекке тапсырыс берді. Бригитта құлшына кірісті. Алғашқыда бұлар үнемі тілмаш арқылы сөйлесетін, бірақ, Күнгу көп нәрсені төтелей өз тілінде ұқтыруға тырысты, ал зерек Бригитта үлкен ханымның тісінен не шықса, соның бәрін екі айтқызбай қағып ала берді.
Әрі үлкен ханымның сырбаз мінезі, қүлаққа жағымды даусы, сөйлегенде әрбір әріп, үтір, ноқаттардың өз орындарында сайрап тұратыны Бригиттаға көп жеңілдік әперген. Бұл Ресей жерінде болған аз уақыттың ішінде аса қолайлы жағдайсыз-ақ орыс тілінің біраз тұңғиығына үңгіген. Ал Жоңғария байтақысында үлкен ханымның арқасында бұл қалмақша тіл сындырудан арнайы дәріс алғандай ортаға кезікті. Келе-келе бұл Күнгу екеуі көп жағдайда тілмашсыз-ақ түсінісетін халге жетті. Тек бір аса маңызды, қателікке орын жоқ мәселеде ғана тілмаш шақырылып, екі жағалаудың ортасында көпір салынғандай жалғастық табысатын. Кейін, шамамен бес жылдан кейін Бригиттаны қонтайшының кіші әйелі Сетержап байқап, бұл оны өз шатырына алуға жанталасты. Сөйтіп, он саусағынан өнері тамған швед сұлуы екі ханымның ортасындағы талас алмаға айналды. Үлкен ханымның бергісі жоқ, ал кіші ханым «алмай қоймаймынға» басты. Алғашқыда қонтайшы екі әйелінің де көңілін қимай қипақтаған. Ақыры Сетержаптың бойжеткен қызы, Еділ бойындағы қалмақ ханы Аюкенің немересіне атастырылмақшы Сесон сұлу да сол швед әйеліне қызығып, жабысқанда таразының сол кіші ханым жақ басы бірден ауырлады. Ауырлайтыны Сетержап та Аюкенің қызы, алайда Ресей бодандығын қабылдаған ол ханның әр баладан тараған екі немересін қосудан екі жақ та түрлі саяси пайда көздеп отыр еді. Сосын да бұл кіші ханым жағына неге қисаймасын? Бригитта кіші ханым шатырына көшкесін өзінің бағасы артқанын сезді. Сетержап үлкен ханым сияқты сөйлегенде тілдің майын тамызатын адам емес, мінезі тіктеу, көбіне көңіл күйдің жетегінде кететін құбылмалы екен. Бригиттамен арақатынаста көбіне тілмашты пайдаланатын. Бірақ одан Бригиттаның тіл үйрену мүмкіндігі кеміген жоқ, қайта ақы-пұлсыз ұстаз тапқандай еселеп артты. Тек бара-бара бұл үйреншікті құсша қалмақ тілінде сұңқылдап тұрғасын Сетержап өзі ит орнына ұстайтын тілмаш-тұтқын татарды керексіз кезінде қақ тұмсықтан ұрғандай етіп қуып шығатын. Міне, қазір де Бригитта орнынан түрегелгенде кіші ханымға жеткізбек ойының маңыздылығынан, әрі тілмаштың жоқтығынан сәл миына күш түсіре, қинала толғанып, өзіне керек сөздерді әрең іздеп тауып, үздіге сөйлеген. Ал тілмашты осының алдында ғана Сетержап шатырынан қуған, демек оны дәл қазір кері шақырту кіші ханымның көңіл күйіне сәйкес іс емес. – Мен сізге бұрын да түсіндіргенмін, қайталап тағы айтайын, – деді Бригитта сөзін жалғастырып. – Ер адамдардың қандай дәрежедегі лауазым басын айналдырса да өздерінің туа біткен бір әлсіздіктері болады. Ол әлсіздіктерден олар өмірбақи арыла алмайды. Мысалы, ер адамдар ақ түс пен қызыл түсті жақсы кереді. – Ақ түс пен қызыл түсті? Апырай-ә, тек біздің бекзадалардың ондай түсті киімдерді үстіне жапсырғанын көрген емеспін. Мүмкін, ақ түске қытайлықтар әуес шығар. Осыдан екі жыл бұрын, менің үлкен ұлым Шұна Доба басқарған қалмақ әскерлері Қазақ ордасын шапқанда осында орыс елшілері жатқан. Міне, сол тұста жаз айында бізге Қытай елшілері келді. Анық Қытай елшілері ме, жоқ па, әлде оны орыстарға көз қылып, менің отағасым әдейі ұйымдастырды ма, сенен жасырып қайтейін, ол жағын өзім де анық білмеймін. Сірә, оны орыстарға көз қылып, менің отағасым өзі ұйымдастырды ғой деймін, себебі, орыстарды қытайлықтармен қорқыту, ал қытайлықтарды орыстармен қорқыту
қонтайшының ата-бабасынан дарыған ауруы ғой. Әрі мұнда бір жалғандық бар деп сыбыс шыққанын білем, кейін ол сыбыс орыс елшілеріне де жетіп, олардың мұны анықтамаққа бірнеше дүркін ши жүгірткеніне өз басым куәмін. Жә, оны қойшы, бірді айтып бірге кетемін. Сондағы Қытай елшілері үсті-бастары түгел ақ жібекке малынып келді ғой. Тіпті олар анық қытайлықтар болмаған күнде де отағасы, не оның қасындағы сұңғыла сумақайлар оларды қытай салтынша киіндіруге жан салады ғой. Қытай бекзадалары ақ түске құмар екен-ау деп сонда бір таңырқағаным да бар. – Осылай басы бос қоя берілген асаудай бастырмалатып барып, Сетержап иығын шайқаңқырап, үстіндегі аяғының ұшына дейін тура түскен ұзын көк жібек көйлегін дір-дір еткізді. Опа-далап барынша аппақ рең берген толық бет-жүзіне бір күлкі жүгірткісі келіп, зорланып еді, онысынан дәнеме шықпады. – Сіз сәл сабыр етіңіз, – деп Бригитта сөз тізгініне қайта жармасты. – Мен қытайлықтарды білмеймін, олармен өмірде жүздескен емеспін. Мен тек өзім өскен ортаның үрдісі тұрғысынан ғана мәселенің басын ашпақпын. Біздің Еуропада, менің туған Швециямда зиялы еркектер жазғы ыстықта, қала сыртындағы серуенде, тіпті кейбір аса ресми емес мейрам күндерінде, жақын-жақыбайлар, жора-жолдастар жайған дастарқан үстінде жұқа ақ матадан тігілген костюм киеді. Ал жылдың басқа мерзімінде тек жейдесінің ғана ақ болуын қалайды. Ал қызыл түстіден тек галстук қана тағады. Басқаша ол ақ пен қызылды үстеріне көп жапсырмайды, оны намыс көреді, ал ондай түсті киімдермен әйелдердің жасанғанын көрсе әп-сәтте-ақ бойларындағы тепе-теңдікті жоғалтады. Ал өзіңіз сияқты сұлулар ондай түсті маталармен оранып, құлпырса тіптен естерінен танады. Демек, түз кезген аңшылар қолдарындағы қару-жарақтарын, қақпан не басқа да құралдарын қайыруға көнбес, жабайы аң жөнінде қалай қолданса, құдай ақыл мен көріктен мол олжа салған перизаттар ақ пен қызыл түсті матадан тігілген киімдерді өз көздеріне ілген еркек заттылар жөнінде тап солай қолдана алады. Бригитта бұл сөзімнен жоғары мәртебелі ханым мырс етіп күлер деп ойлаған, бірақ ол опа-далап қаншама бүркемеледі дегенмен көзінің айналасы көлкілдей табан астында ішін бір ашу-ыза булықтырып әкеткендей сазарып тұр екен. Бригитта мұны байқамауға тырысты. Әрі жаңағы кіші ханымның ойда жоқта тесік қапша ақтарыла кетіп, Қытай елшілері, әрі қонтайшының өздерімен екі жақтан іргелес екі ұлы ел – Ресей мен Қытай жөніндегі үрдісті саясатын іліп түсуі де мұның тұлабойында бір суық жүгірткен. Оны да жасыруы керек еді. Бәрі қосылып, Бригиттадан едәуір күш-қайрат жұмсауды қажетсінген. – Алайда, солай екен деп, ер-азаматтардың сол әлсіздігіне шамадан тыс шабуыл жасап, ол қаруды оңды-солды орынсыз жұмсап, қадірін кетіруге болмайды, – деп Бригитта сөзін майдалай одан әрі жалғастырды. – Мысалы, сіз ертеңгі көп адам қатынасатын ресми мәслихатқа барғанда ол ақ пен қызыл түстінің бірін де жапсырмаңыз. Керісінше, бояуы аса қалың емес, бірыңғай түсті ашық сүр көйлекпен барыңыз. Ал жаңағы аталмыш екі түстіні қашан дейсіз ғой. Оны тағы да анықтап айтайын. Егер сіз қонтайшыға айтатын, қандай да бір орындалмай жүрген талап-тілектеріңіз болса, ол үшін онымен оңаша дидарласқыңыз келсе және бұл кездесу түске дейінгі мерзімде өтсе сіз оған қызыл түспен жасанып барыңыз, ал түстен кейінгі мерзімде өтсе, ол қарсаңда ақ түске малыныңыз. Сонда сіздің оған атқан оғыңыз да, сөзіңіз де дәл көкіректен тиеді.
Ақ, қызыл, сүр түстілер. Швед әйелінің фәлсафасына Сетержап қатты көңіл қойды. Көңіл қойғаны, маңыз бергені соншалық, ол дереу манағы райынан қайтып, екі алақанын бір-біріне қаққылағанда есіктен енген күң әйел арқылы әлгі өзі итше қуған кәрі татар тілмашты кері шақыртты. Тілмаш есіктен ене бергенде табалдырыққа сүрініп, үй-ішінің орта тұсын маңдайымен сүзе құлады. Үсті-басындағы ескі-құсқы киімі өзіне шақ емес, иығы түскен, шамадан тыс ұзын, олпы-солпысы мол болғасын да жасамыс сорлы екі қолымен жер тірене әрең түрегелді. Сап-сары жүзін селдір аппақ сақал түгел жапқан екен, өз епетейсіздігі үшін ханымнан кешірім сұрағандай езуін кергенде бет-аузындағы қалың әжімнің селдір сақал астындағы бет терісін жиырғаны соншалық, қалың қурайдың ортасындағы соқа іздеріндей тарамдалып, сойылып жатты. Екі көзінің күлімсіреуі де бір түрлі, дөп-дөңгелек, ағы мол қос жанар енді-енді үзілгелі тұрған қос тана түйме сықылды. Өзі сондай мейірбанды, тап қазір ханым қақ маңдайдан теуіп, қайта қуса да өкпе-нараз атаулыны бойына дарытпайтындай кең пейілділігі бетке ұрады. Ханым соңғыңды осы арқылы қайта түсіндірші деп өтініп еді, бірақ Бригитта тілмашқа қараған күйі тастай қатты, жерде жорғалаған бұл құбыжықты көріп, оны қай хайуанаттың санатына қосарын білмеген дағдарысқа ұқсас түрі бар. Ашық сұлу реңкіне ешқандай да көлеңке түскен жоқ, ішкі сезімді мұқият бүркемелеуге шебер зиялы қауымның ортасында тәрбиеленген оның кейпінде мынау тілмашты аяғаннан гөрі ханыммен бірге одан әрі тәлкек етуге аңсары ауған белгілер жыбыршыды. Осындай ішкі дүниесімен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат пиғыл-райды бет-жүзінде көлгірсіту үшін де Бригиттаның тұлабойы тарамысша тартылды. Анығында соңғы кезде швед әйелінің қан жылаған көкірегінде басқа бір ірі мақсат оянуда еді. Ол мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен мына Сетержаптың тілін табу керек. Тілек-талабын осы арқылы ғана өткізе алады ғой. Бірақ ол тілек-талапты шамшыл да тәкаппар, әрі өз ішкі мәселелерінің әуселесімен әуре ханымға қалай жеткізеді, қай қырынан саңлау ашады, міне, осыншама ақылды бас соның амалын таппай күйзелуде. Есіктен сүріне кірген тілмаштың сыңайынан Бригиттаның жүрек тұсындағы сол күйзеліс жаңа күшпен қозғалды. Швед әйелі мен татар тілмаштың өзара түсінісуі де бір түрлі қызық. Швед әйелінің орысша білігі шектеулі, татар орысшаға судай десек те ананың аузынан шыққанның бір түйірін де зая кетірмей қаққанмен одан ойлы тұжырым құрастыру аз-мұз ақылды керек ететін еді. Бір жеңілдігі сол Бригитта мына ханымға ұқтырмақ жайдан татар тілмаштың өзі де хабардар екен, сосын да оның айтпақ ойының бір ұшығын ұстасымен-ақ осы қалмақ ордасындағы көп жылдық тірлікте сіңірген әдеті бойынша екі алақанымен төсін басып, бас иді де, оны өз тұрғысынан ежіктеп әкетті. Тілмаш бұл пәрменде Бригиттаның өзінен гөрі құлашты кеңірек сілтеді. Бұған ханымнан да тереңірек зейін қойған Бригитта өзін қалмақ, татар, тіпті төмендегі шабылып, жауланған Қазақ ордасының халқына да ортақ түркі тілінен кезекті дәріс алу үстіндегідей сезінді. Тілмаш кеткесін Бригитта одан ұстаған біраз сөздерді пайдаланып, өз баянын алғашқыдан да сәл кеңейте қайталады. Иә, ақ түс, қызыл түс, сұр түс. Осы бояулар әйелдің үстіне өз мезгілін тауып жапсырылса, ер адамның еркін билеу есіктегі басыбайлы құл мен күңді жұмсағаннан да оңайға түсеріне Жоңғария қонтайшысының кіші ханымы
сонша неге ынтықты? Оны бірнеше дүркін қайталатып, құлағына құюға неге аңсары ауды? Құдайым-ау, бұл өз қосағы Сыбан Рабтанды жаңа көргелі отырған жоқ қой, әрі Сетержаптың қонтайшы алдындағы бедел-абыройының ең бір шарықтап көтерілген шағы емес пе бұл? Сыбан Рабтанның осы Сетержаптан туған жиырма төрт жасар баласы Шұна-Добаның басшылығымен осыдан екі жыл бұрын, ерте көктемде Қазақ ордасына қарсы тасыған судай дүрілдеген ұлы науқан Жоңғарияның даңқын әуелетті. Сыбан Рабтанның оң жағына құлаған тұлымы қалмақ атаулының көкте желпілдеген алтын шашақты туына айналды. Міне, сосын да осы жеңісте Сетержаптың өз басының қомақты үлесі жоқ деуге кімнің дәті барар? Әйтсе де осы күндерде Сетержаптың түн ұйқысын бөліп абыржытқан, сөйтіп, жар қосағы қонтайшының оң қабағына зәру етіп, оның көңілін табуға емексіткен әлгі тосын мәселе мұны еркіне қоя берер емес. Сетержаптың осы Сыбан Рабтанмен отасқан көп жылдық өмірде көз жеткізген бір ақиқаты мынау: қонтайшы ұрғасының айналасы құлаққа ұрған танадай тыныштықта мүлгігенмен оның келімді-кетімді кісілерді қабылдайтын, жиын, мәслихат өткізетін үлкен шатыры әмсе араның ұясындай уілдейтін де жататын. Қонтайшының өзі де ертеден қара кешке дейін сонда. Қию-қию мәселелер тізбегі ешқашан тиянақталып таусылмайды, әрі қонтайшы өзі жүздескен адамдардың бірсыпырасымен арақ-шарап ішіп, онсыз да бас-аяғы жоқ бақан тірес, ит тартысты одан әрмен созғылайтын. Сөйтіп, шаршап-шалдығып, масайып, ұйықтайтын шатырға жетіп құлағанда төсекте, көрпе астында Сетержап өз денесінің ыстығымен қанша шарпығанмен оның бетін бері қарата алмайтын. Әрі осындай екеуара ең бір ләззатты оңаша сәттерде кіші ханым тарапынан туындар наз іспеттес еш мәселе төңірегінде бас шағуға мойны жар бермейтін. Тіпті кіші ханым не айтты, оны кейде ой елегінен өткізбей-ақ оң жауап бергенсіп құтылатын. Ал ертесіне сүйікті ханымның наз-өтінішін де, оған қайтарған оң жауабын да тарс естен шығаратын. Тіпті естен шығармасын-ақ, кіші ханым қонтайшы ұмытпастай етіп жар қосағының миына өз өкпе-назын шегелесін-ақ, сөйтіп мұны бас шұлғытсын-ақ, бәрібір кейін бұл мәселе басқа зайсандардың додасына түскенде түбі шіріген теректей бір жағына қисая кететін. Сөйтіп, Сетержап жеңіліске ұшырайтын. Тек Сетержап, онысын Сыбан Рабтанның Ақ үй аталатын шатырында, ығай мен сығайдың төрт көзі түгелде өкпе тұстан пышақ ұрғандай дұрыстап қоя білсе, міне, сонда ғана қонтайшы кіші ханымның ығына жығылатын. Кезінде Шұна-Добаға бас қолбасылықты да осындай әдіспен әперген. Міне, Сетержап, тағы да сондай бір келелі мәслихат қарсаңында тұр. Тек бұл жолғысындағы әуен жайдағыдан әлдеқайда өзгеше. Егер кіші ханым жазатайым осы бір бетте ұтылыс тапса, онда бұған дейін қол жеткіздім дегенінің бәрі мұның өз төбесінен құлап түсіп, есіл гөзелді салмағымен жаншып кетуі оп-оңай. О, Будда әулием, ондайлықтан сақтай гөр. Сосын да Сетержап, өз ішіндегі құйын мен дауылды бүріп ұстап, бойында жоқ кішіктікке барып, Бригиттаға бар ынта-ықыласымен құлай берілген. Оның аузынан қандай леп шықса да қағып түсіп, ақыл-зердесі арқылы өткізуге жанын салуда. Әншейінде тіліне сақ Бригиттаны кіші ханымның лыпылдаған осы елгезектігі таңырқатып, оның да әйел затына тән әлсіздігі белгі берді. Бұл елгезектіктің тасасында не жатқанын анықтауға ол да құмартты. Ертең таңертең қонтайшы шатырындағы мәслихатқа Сетержаптың қандай көйлекпен баратыны шешілгесін Бригитта қолына ине-жіп ұстап, ақ
сұр түсті маталарды алдына жайды да қасында үнсіз омалған ханымға сұраулы жүзбен мойын бұрды. Оған Сетержап та жарқ етті. Енді екі көз бір-біріне тура қадалып, бір нүктеде ілінісіп байланғандай. Тек бұл ұзаққа созылмады. Бригиттаның тартымды мәдениеттілігі еңсерді. Ол ашық аспандай таза көгілдір көздеріне адамның жанын ерітер мейірім жиып, күлімсірей: – Жоғары мәртебелі ханым, әуестігім үшін құдай алдында кешірім өтінемін, сіз үшін мазаланамын деп, осылай ұшып-қонба әулекілікке қоса ұрынған халім бар, ішкі ісіме қол сұқтың деп жазғырмаңызшы, бәрі сіздің қамыңыздан туындайды. Сосын да ашып сұрамаққа бел будым. Мәртебелі ханым, кешірім, тағы да сізден кешірім. Осы сіздің бөгде бір уайым, біз білмейтін тосын кесепат бүйіріңізден түртпектеп, жүйкеңізді тоздырып жүрген сияқты ғой. Егер асып бара жатқан құпиясы жоқ болса соның атын атап, түсін түстеп, жай-жапсарына қандырсаңыз қайтеді? Біреудің басына келмеген ой екінші біреудің басына келеді. Мен мүмкін ақыл-кеңес жөнінде өзімдегі барыммен бөлісіп, қол ұшын жалғауға жарармын, – деп судырады. Сетержап Бригиттаның қырағылығына тәнті. Іш өзегін өртегенді шынында жайып салуға бір оқталды да тез тізгін тартты. Бригитта ханымның осылайша лықсып тоқтағанын да қақас жібермей әдемі күлкісін бет-жүзінде ұзақ ұстады. Ханымға деген аяушылығы да майша жылтырайды. Бригиттаның өз өтініші аяқсыз қалғанмен де меселі қайтқан реңкі жоқ. Қайта жүзіндегі ақ жарқын райды одан әрі жарқырата, жалындата түскісі келеді. Сөйтіп, мұның бір оқпен екі қоян атпақ та дәмесі бар. Енді қайтсін? Соңғы күндері осы құдіретті ханымға айтсам ба деген Бригиттаның өз ішін де итше кемірген аты бөлек, заты бөлек оқшау бір қолқасы оянып еді. Ол да мәнерлеп дұрыс жеткізе алмасаң өз салмағымен өзіңді жаншыр қауіпті әрекеттер санатынан. Оны жариялап, кіші ханымның ол мәселеге кәдімгідей көңіл қоюына қол жеткізу үшін тиісті алғышарт та қажет-ау. Қазіргі кіші ханымға арнаған таза ілтипатын, қандай күнде де қол ұшын жалғауға әзір риясыздығын сол алғышарттың ірге тасына балаған сыңайы бар. Әзірге соны қанағат тұтпақшы. Сөйтіп, жердің екі қиырында туып-өскен, діні, тілі, ділі бөлек екі әйел бір шаңырақтың астында табысқандарына үш жылдан астам уақыт өткенмен (Бригиттаның марқұм болған үлкен ханым Күнгудің шатырында болған бес жылды қоспағанда) араларындағы көзге көрінбес бір қашықтықты еңсере алмай, бір-біріне қарай қарға адымдағанмен жете алмай ділгірісті. * * * Бұлардың арасындағы бір киер көйлек туралы жыр таңғы астан кейін-ақ өрбіген. Қазір сәске түс мезгілі. Біраз ашырқаған екі әйелдің алдына ұсақ туралған ет, таба нан, жемісжидек, қымыз, жеңіл шарап әкелінгенде Бригитта олардан аздап ауыз тиді де қолын жуып, қайта іске кірісті. Ал Сетержап ішек-қарны қоса-қабат шұрылдағанмен ештеңе татып алмады десе де болады. Оның орнына сүйріктей саусақтарымен іс тіккен Бригиттаның қос иығын, алдыңғы өңірін жартылай жапқан үлпілдек сары шашын, көздерінен, қасқабағынан, мұрын ұшынан, иегінен үзіліп түскелі тұрған сүйкімділігін тамашалайды. Бұл алғаш тұтқынға алынғанда қалмақ қолбасысы – Дукар мұны қонтайшының көңілін табу үшін сыйлады-ау. Осы сыйлықтары үшін Дукар және оның өзінен де үлкен бастығы Черен-Дондук қонтайшының қандай рақымшылығын иемденді екен?
Ең ғажабы, бұл періштедей сұлуды ұрғаға әкелгенде қонтайшыны ол кезде күшқайраты қайтпаған үлкен ханым Кунгудің мысы басуы не деген керемет еді. Егер Күнгудің сонысы болмаса ол жылдарда біршама әлеуетті қонтайшы мұны өз қойнына алып, сұлу күндес екі ханымның да аузын аппақ қылар еді-ау. Міне, сол үшін Сетержап үлкен ханымды ризалық сезіммен еске алудың орнына қайта оның болмыс-пішінін елестетіп, іштей тыжырынды. Кіші бесінде Бригитта киімді әзір етті. Сетержап та оны киіп көрді. Швед әйелінің ханымға арнап тіккені иығы салбыраңқы, жеңі ұзын да кең, етегі аяғының ұшын түгел жапқан, есесіне белі тартыңқы, мол пішілген көйлек еді. Тігіншінің білгірлікпен қиыстырған көйлегі Сетержаптың етженді денесін қусырып, өзгеше қалыпқа түсіргендей мүлдем сұлуландырып жіберді. Бригиттаның көз алдында шыр айналып, кең шатыр ішін желге толтырды. Жүзіне осы бүгіндікте бірінші рет күлкі табы үйірілді. Көздері жасаурап, швед әйеліне деген алғыс сезімі тамағына кептеліп, сәл керілген шығыңқы төсі дір-дір етті. Мұнымен таусылмапты, Бригитта іргедегі сандықты ашып, ұзақ ақтарды да ол да бірыңғай сұр, тек мына көйлек тігілген матадан түсі қоюлау шашақты жібек шәліні алды да оны Сетержаптың иығына жапты. Бригитта күні бойы тіккен көйлек онымен тіптен жарасымдылығын тапты. Ұлы қонтайшының сүйікті жұбайы қарсы алдындағы Бригиттаны мойнынан құшақтап, шөпілдетіп сүйгісі келді де өзіне басыбайлы күң әйелге ондай құрмет көрсету үлкен басын кішірейткендей шығарын сезіп, өзін-өзі ауыздықтады. Сетержап бұл пәрменде тап қазіргі көңіл күймен бақ сыналар мәслихаттардың қай қайсысына да баруға осы бүгін-ақ әзір. Кім-кімнің де кіші ханымның мына сипатымен жанары соқтықса мана табалдырыққа сүрініп жер сүзе құлаған кәрі тілмашша бейшара халге ұшырар-ау. Ендігі бір шаруа көйлектің омырауына асыл тасты түйреуіш қадап, әрі тұс-тұсына бесалты жылтырауық түйме тағу еді. Бригитта ханымның күміспен зерленген әдемі қобдишасынан оны да тез іріктеді. Асыл тасты түйреуішті сол бетте-ақ қадады. Ал түймелерге келгенде Бригитта сәл қипақтап, ханымның көздерімен көздерін түйістірді: – Енді асығатын дәнеме жоқ қой, түймелерді кешкі шам жарығымен-ақ тағамыз, қазір Тұзкөлге түсудің ең қолайлы сәті өтіп барады, сіздің де саябырсып, түнде тәтті ұйқыға шомуыңызға шарапаты мол. Әрбір келелі іс, не мәслихат үстінде өзіңізді неғұрлым тың сезінсеңіз солғұрлым көбірек ұпай жиятыныңыз сөзсіз ғой. Сетержап Бригиттаның ұсынысына бас изеп те үлгермеді, есікті жұлқып ашып, бойжеткен қызы Сесон қасындағы үш нөкер қызымен шатырға сау етті. Жүзінде Сетержапқа ұқсаған көп белгілері бар, бірақ өте жас, тана көзді, домалақ өңді талдырмаш денелі неме шешесінің үстіндегі жаңа көйлекті көріп, сұмдықтың үстінен түскендей қос жанары ұясынан шыға, аузын аңқитты. Сосын екі алақанымен бетін баса теріс бұрылып, тіл-жағы қарысқандай нөкер қыздарына қарады. Сесонның өзіндей өрмелі бұрымдарына, иықтарына қызыл-жасылды жібек таспаларды көп жапсырған, алақ-жұлақ еткен көздерінің бір нүктеге тұрақтап бөгелуі қиын олар да қожайын қыздың таңданысына ортақтасып, тіптен ушықтырып әкетті. Сесон ішегін тартып еді, аналар да соны істеп, бәрінікі борасын желдің уіліне ұқсады. Кенет
Сесон шешесіне қайта жалт қарап, биік сәкіден құлаған фарфор ыдыс-аяқтарша салдыргүлдір етті: – Тағы өзіңе! Тек өзіңе! Бұл дүниеде өзіңнен басқа жан баласы бар екенін кәперіңе де алмайсың! – деп, бұршақтай көз жастарын омырауына қарай ытқыта жылап жіберді. Екіүш тамшы домалап барып, белінен төмен құлаған қызыл жібек таспаның ұшына барып ілікті. – Жаным-ау, не нәрседен кемдік көріп жүрсің? – деп шешесі шынында тұлабойына сұрапыл көрік берген ақ сұр көйлегімен су бетінде тік шаншылған жайын балықтай бұраң етіп, қызының алдын орады. – Не нәрседен кемдік көрмей жүрмін, жасау-жабдығыңды әзірледік дейсіңдер, әлі оның он екіде бірі дайын емес! – Қызым-ау, осы сөзді айтуға қалай аузың барады? Сенің жасау-жабдығыңның дайындалып біткеніне екі жылдай уақыт өтпеді ме? – Оның бәрі ұсақ-түйек, татымсыз бұйымдар, біздегі ең бір кедей араттар1 да қыздарын ондай жасау-жабдықпен ұзатуға ұялар еді. – Не дейсің, жаным, оның бәрі Жаркент, Ташкент қалаларынан әкелінген, Бұхара саудагерлерінен, осыдан екі жыл бұрын ұрғада он айдай ошарылған орыс елшілерінен таңдап-таңдап сатып алынған асыл дүниелер емес пе? Талайына өзің қызығып, жабыспап па едің? Оның сыртында мына сары шашты әйел қанша киім әзірледі? Соның бәрі аздық ете ме? – деп Сетержап қызғаныштан жарыла жаздаған қызының қасіретін күшейтпектей үй-ішінде ары-бері қозғалып берді. Сесон өз шешесін қырынан, әрі ту сыртынан бақылап, оның тұлабойының тым сұлуланып кеткенін байқап, іштегі күйігі шыныңда одан әрмен өзегін өртеді. – Аздық етеді! – деп безілдеді Сесон. – Ал сен сол аз дүниені көпсінесің. Жасаужабдығыңның көбісі екі жыл бұрынғы, олардың біразын құрт жейтін шаққа жетті. – Ол үшін мен кінәлімін бе? Сонау алыстағы елдің басшылары мен мына жарты дүниенің құдайы сенің әкең – екеуінің келіссөзі ащы ішекше созылып келеді емес пе? – Бәрібір сен кінәлісің! Бірі әкең – Аюке хан – Еділ бойының құдайы. Бірі байың – Жоңғарияның қонтайшысы. Қонтайшыға сенің балаң – Шұна-Доба бүкіл Қазақ ордасын күйретіп, аяқ асты етіп береді, ал сен өз байыңа сөзіңді өткізе алмайсың. Сенікі іштарлықтан туған қулық! – деп, жас бойжеткен жасау-жабдықтан басталған әңгімені енді шын мәнінде өзінің көкейін тескен мәселенің төбесіне апарып тоқ еткізді. Бірақ бұл сөздер кіші ханымға мүлдем басқаша әсер етті. Оң жақ қабағын көтере, көздері әлденеден қатты шошынғандай қызына тіксіне қарады. – Қарағым-ау, жаным дейін, күнім дейін, осы сен ашық айтшы, осы сенің ақыл-есің түзік пе? – Ақыл-есің түзік емес десең, Тибеттен емші ламаны шақырт. Мені дуаласып. Мүмкін, ол жақтағы қасиетті ғибадатханадардың бірінен маған да бір орын бұйырар. Ақыр басқасы қол жеткізер емес. – Жоқ, жаным, мен жөн сөз айтып тұрмын. – Жөн сөзің бар болсын сенің!
1 Араттар – егіншілер (Ұ.Д.)
– Қарағым, өрекпімей бір сөз тыңдашы. Сен бұл жерде менің әкем – Аюке ханның құлағын неге шулаттың? Апырау, менің әкем – Аюке хан осыдан бір жыл бұрын дүние салды деп, хабар алмап па едік? Құдай қор қылғанда сен оны неғып жадыңнан шығардың? – Ха! – деді де Сесон кеудесін сілкіп, өнегесіз қыздың қимылын жасады. – Енді сенің әкең өлген екен деп, басымызға неше жыл қара жамыламыз? – Сен қара жамылмай-ақ қой. Тек жағдайды түсін! – Не жағдай? Аюке хан өлсе соның орнына қонжиған Дондук-Омба бір жылдан бері немене, сондағы орыс біткеннің шошқасын тағалап, қолы тимей жатыр ма? Біле білсеңіз, Дондук-Омбаның бізге Аюке ханнан гөрі көбірек бүйрегі бұруға тиіс. Себебі, ДондукОмба екі қалмақ мемлекетінің ортасындағы Қазақ ордасының шаңырағын ортасына түсірген сенің балаң – Шұна-Добаның қайынатасы емес пе? Әрі Шұна-Доба екеуінің жең ұшынан жалғасқан достығы, сыбайластығы және бар. Ол жағын өзің талай жыр қылғансың. Дондук-Омба басқа-басқа, дәл осы Шұна-Добаның сөзін жерге тастамайды. – Сені тағы да сабырға шақырамын! Еділ бойындағы елдің қазіргі ханы Черен-Дондук емес пе? – Сәл аңырайған қызының түсін танып, кіші ханым сөзін жалғастырды. – Сен аңырайма. Біздегі әкелі-балалы Черен-Дондуктар өз орындарында. Еділ бойындағы қалмақ хандығының билеушісі тағайындалған сондағы Черен-Дондук. Қазір екі таяқ лақтырсаң біреуі барып, Черен-Дондук дейтіннің төбесіне барып түсетін шаққа жеттік емес пе? Мұны айтқанда Сетержап осы елдегі әкелі-балалы екі Черен-Дондуктың да күн емес, сағат санап ықпалы өсуде екенін есіне ала зығырданы қайнай сөйлеп еді. Бірақ онымен Сесонның жұмысы жоқ екен: – Мейлі, Черен-Дондук-ақ хан сайлансын. Бәрібір ондағы Дондук-Омба да жерде жатқан адам емес. Сенің атышулы балаң – Шұна-Добаның өтінішін орындатуға құдіреті жетеді. – Не деген түйсіксізсің, шырағым! Ал сол Шұна-Доба қазір қайда? Мықты болсаң айтшы! – деп Сетержап тым қатты дауыстап жіберді. Өзі үшін мәселенің ең ауыры кесекөлденеңдегендей денесін шер толқытып әкетті. Үй ішіндегілер сілтідей тынды. Әсіресе, Бригитта бір сұмдықтың пұшпағын аңғарғандай көздерінің айналасына көлеңке жиып, қыбырсыз тас боп қатты. Тек кіші ханым жаман ырымды бастамайын дегендей тұлабойының сеңі бұзыла сәлпәл қозғалысқа келді. Жыламсырағанға ұқсап, жаңа ғана Бригитта иығына жапқан шәлінің ұшын кезіне апарып жапсырды. Сосын қызына қарап, сәл байсалды қалпын тауып: – Осы биыл күзден қалмай сен аттандырылатын шығарсың. Қатты аптықпа. Сен ғана емес, сенің үш сіңліңді де Аюке ханның баласы Дондук-Омба басқа үш бауырына алып бермекке жанталасып жатыр емес пе? Былтыр Ехе Абуғай келіп кетті. Ехе Абуғайдың кім екенін білесің бе? Ол менің әкем Аюке ханның ғана емес, оған мұрагер осы ДондукОмбаның да оң қолы. Оны оңай-оспақ шаруамен ешқайсысы алысқа жұмсамайды. Ал біздің қонтайшы оны керемет жақсы қарсы алды. Оның бәрі текке кетер деймісің. Сенің әкең асықпағанмен Еділ бойындағы менің әкемнің мұрагері асығады, оның ержеткен бауырлары асығады. Әрі ертең әкеңнің Ақ үйінде үлкен кеңес өткізілмек, сонда сен жайын тағы тілге тиек етіп, мазалап бағармын, – деді.
– Тағы сөз, сөз, таусылмайтын сөз, – деп Сесон бетін басып жылап, нөкер қыздарын ертіп шыға жөнелді. Сыртта тағы оншақты нөкер қыздардың тұрғанын Бригитта ашыпжабылған есіктің қиығынан байқады. Сірә, Сесон шешесіне басқа шаруамен кіріп, оның үстіндегі тігісі бөлек көйлекті көргесін көңілі бұзылып, ойындағысын айта алмай кеткен сияқты.
* * * Күнгей Алатау мен Теріскей Алатаудың екі ортасындағы қыспақта тұнжыраған, қалмақтар Тұзкөл атаған ЬІстықкөлдің суы құшағына енген екі сұлудың қызығына елітіп, сылқ-сылқ күлгендей. Бригиттаға ілесіп, Сетержап та екі қолын алға қарай жазып жіберіп, жүзгісі келгенмен қарға адым жылжымай көлдің түбіне қарай шым батады. Бұл кіші ханым үшін ең бір қорқынышты сәт. Адам бойынан аспайтын тереңдікте бұлқынғанмен де екі алақаны табанға жетіп тигенше тұлабойында діріл жүгіреді. Алақанымен жер тіреніп, аяғын қоса тигізіп, басын судан шығарғанда қарсы алдында сұлу Бригиттаның мойнына, бір жақ бетіне жабысқан шашын, күлімсіреген көздерін, күн сәулесінен жарқыраған ақ мәрмәрдай қос иығын көріп, бұл жаңағы қорқынышынан өзі қысылғандай күліп жібереді. – Жоғары мәртебелі ханым, судан қорықпау керек, аяқ пен қолды жазып ұстай алсаңыз батпайсыз, – деп Бригитта бетіне жабысқан шашын сүйрік саусақтарымен ажыратып, қолын алға жая жүзудің дәрістерін қайталайды. Сетержап мұның бәрін бұрын-ақ ұққан, тек айдын бетіне көлденең құласа-ақ зіл қара тастай төмен қарай жұлып әкететін қорқыныштан арыла алмайды. Әрі ондайда қолаяғынан да қоса қауқар кетіп, су түбіне тіренгеннен басқаға жарамайды. Кіші ханым мұны жүзу дәрісін дұрыс игермегеннен емес, өз денесінің шамадан тыс толықтығынан көреді. Бірақ ол жайында шағымдануға швед әйелінен қымсынады. Бүгін де кіші бесін шағында көл бетінде сол көріністер қайталанды. Көлдің жазаң жағалауындағы бір топ шоғыр қызметші қалмақ әйелдері су ішіндегі екеудің қимылдарынан көз алмай өзара күңкілге де жүректері дауаламай, сілтідей тынысқан күйі тұрған. Сетержап су ортасында иығына дейін жалаңаштанып, басын көтерді де екі алақанымен бетін сипап, сәл дамылдауға ыңғай бергендей. Бригитта да солай. Кенет кіші ханымның көздері батыс жақтан әлдебір құбыжық көргендей жаман түйілді. Бригитта да кейін қарай жалт бұрылып, күннен көздерін көлегейлей солай қарай тесілді. Ыстықкөлдің бұл тұсындағылар үшін батыс көкжиекті су көмкеріп тұратын. Бүгінгідей желсіз тынық күндерде ашық аспан мен қою жасыл айдынның өзара шектескен тұсында көкжиек тура тартылған сызықтай қиылып, міне, жер шеті дегенің қол созымдайақ қашықтықта деп, мен мұндалайтын. Көптің назары бір тылсым жұмбақ дүниенің соңына ергендей көбіне солай қарай ауатын. Себебі, өмір бойы таулы мекендерде есіпөрбіген оларға мынадай қолмен сызылғандай көкжиек үнемі ашыла бермейтін. Күнгей Алатаудың Ыстықкелге құлардай тым жақыннан бой көтерген биіктері көкжиек атаулыны мұндағы елге біржола ұмыттырып та жіберетіндей. Тау шоқылары қарсыз көкпеңбек ұшар бастарын зеңгір көктің өзімен таластырардай тіке қадай біткен.
Жап-жасыл шалғынды жондарын осы кіші бесіндегі мерзімде күн сәулесі жартылай ғана жарқыратып, көлеңкелі қойнаулары түнеріңкі тартқан. Әрі ЬІстықкөлдің осы қонтайшы байтақысы орналасқан бұл жақ жағалауы күн бардың өзінде-ақ қоңыр салқындау, ал түнде тіптен қытымырланады. Ал қарсыдағы Теріскей Алатаудың бері қараған күнгей беті мүлдем басқаша құбылып, арқа-жарқа мол көрініс береді. Біріншіден, ол көл жағалауынан әріректен басталып, ары қарай сәл шалқалай біткен. Ұзынша сұлбасы тіке батысқа емес, теріскейге қарай сәл иек бұрғандай қиыстау орналасыпты. Міне, сосын да көкжиекке құлаған күн ол таудың бар ажарын алақандағы жазудай айқындықпен мөлдіретіп, кеудесі ашық кербез арудың керілген денесіне ұқсатады. Адам баласының назары қашан да көркемдікке тәнті. Батыстағы көкжиекке көз тойғасын күнгейліктер Теріскей Алатаудың шақырайған жарық толы беткейлерін назарға алады. Ылғал тоқтамайтын биіктегі құлама еңістері, әрі аспан шоғы шекеден қадалып қыздыра бергесін де ме, жаз ортасы, осы шілде айында-ақ сарғайып, сұрланып, бетіне опа-далап жаққан сәнқой жасамыс әйелдердей өзгеше бір рең, көрік тауып, іркілдеген денесіне мейірім толтырғандай жадырай да жаймашуақтана қарайды. Күн жеген жақпар тастары сол әйелдің бетіндегі қап-қара меңдеріндейақ.Теріскей Алатаудың тек етек жағының ғана бояуы қалындап, торғын маталы белдеулерше әлденеше жерінен бүктеле созылған. Судағы екі әйел назар аударған батыс көкжиекке жағалаудағы қызметші әйелдер тобы да елеңдесіп, алақандарымен көздерін көлегейлей үңілісті. Бастарын аяқтарының ұшына дейін ешбір талғаусыз шүберек атаулымен бүркеген, әлем-жәлем киінген олар сөз талғауға да дәрменсіз сияқты. Бірер қаз-үйректің қиқуындай үзік-үзік дауыс шығарды да сап басылысты. Төменіректе су бетінде иықтары жарқыраған екі әйел не айтады деп, жүрек демігулерін әрең басқандай. Тар жағалаумен сол батыс жақтан жақпар тастарға иықтары соғылардай бес-алты атты келе жатыр еді. Қызметші әйелдердің олардан анау көрінгеннің мән-жайын сұрауға батылы барар емес. Өңкей тұнжыр қабақты, қару-жарақты, шені жоғары, астарына мінген аттарына дейін кекір мінезді олар қызметші әйелдердің ақпар сұраған қылықтарын көңілдеріне ауыр алып, жоталарынан білектей жуан қамшыларымен осып өтпесіне кім кепіл? Бригитта сұлу реңкін сол салт аттыларға бұрып, оларды көзімен ұзатып салды да кіші ханымға қайта қарап: – Сіз анау көл бетіндегінің не екеніне ой жеткізе алмай тұрсыз ба? – деп сұрады. – Тап солай! Түсінсем бұйырмасын! – деп кіші ханым ол жайдың тезірек ашылуын керексінгендей саңқ етті. Сөйтсе де Бригиттаның сөйлеуіне өзі бөгесін жасап, су тамшылаған иегін әрең қимылдатып, одан әрі сампылдады. – Әлгі орыс тұтқындар жасаған қайықтар болушы еді, бірақ мынау оған келіңкіремейді. Абажадай неме ғой өзі, айдынға шомылған айдаһардың жон арқасындай жылжып барады, түге. – Иә, бұл әйдік нәрсе, – деп Бригитта өз білігін ақтармақшы еді, Сетержап тағы да бүйірден қосылды. – Бұл әлде кеме ме? Кеме дегенді мен көргем жоқ, бірақ бұрнағы жылы орыс елшілерінен ол жайында көп естігемін. Бір өзіне бір елдің бүкіл әскерін қару-жарағымен, зеңбіректерімен түгел сыйғызып, шет-шеті жоқ мұхит, теңіздерді кешіп жүре береді дейді.
– Жоқ, жоғары мәртебелі ханым, бұл кеме де емес, қайық та емес. – Сонда бұлне, ашшы сырын тезірек! – Менің отандасым, әлгі сіздер Аренар атайтын зиялы жігіт, шынында оның ныспысы Аренар емес, Юхан Густав Ренат екен, міне, сол Ренат, мейлі сіздерше Аренар-ақ болсын, міне сол сіздің елдің әскерлері үшін зеңбірек құйып берді емес пе? Сіздер төмендегі Қазақ ордасы аталатын елді, басқаларды солардың күшімен тізе бүктірдіңіздер ғой. Естуімше, иә, ол жағынан менен гөрі сіз жақсырақ шамалайсыз. Қазақ ордасы тізе бүкті дегенмен де ондағы жағдай әлі толық сабасына түспеген көрінеді, әрі Аренар басқарған менің отандастарым – шведтер жасаған зеңбіректердің алғашқы тобының біразы істен шыққан сияқты. Ұлы мәртебелі қонтайшы, мына сіздің жұбайыңыз сол Қазақ ордасына қарсы соғыста жеткен жеңісті біржола баянды ету үшін жаңадан зеңбіректер құюға тапсырыс берген ғой. Ал ол зеңбірек күю үшін не керек, темір керек. Ал темір қайдан алынады? Құрамында темір бар арнайы кеннен алынады. Ал сіздерде кен орны мына көлдің осы жағалауында, ал оны отқа жағып таза темірін айыратын пеш ошақтары көлдің арғы бетіндегі кең жағалауда, орман ішінде. – Білемін, білемін, – деп әңгіменің осы тұсында Сетержап иегін дірдектетіп, тағы да өрекпіді. – Ондай пештер сенің қандасыңнан бұрын-ақ бар болатын. Қалмақ жауынгерлері сол орман ішінде қарағай жағып алынатын темірден өздеріне қылыш, найза, дулыға, сауыт соқтырып алады екен. – Жақсы, ханым, бірақ Қазақ ордасы сияқты түздіктердің төбелерінен жай түсіріп, зәрелерін зор түбіне кетіретін аса қуатты қару-зеңбіректі менің қаңдасым Ренат, яғни сіздерше Аренар бастаған топ құйып берді емес пе? – Бригитта осылай сыңғырлады да ханымның көңіліне тиіп кетті ме деген қауіппен қасын кере елжірей қарап, бет-жүзіне сүйкімді күлкі жүгіртті. Езу тарта жұқа еріндерін гүл талшықтарындай әдемілікпен қиюластырды. Ал Сетержаптың бұл швед әйелінің аузынан шыққан сөздердің бұдан да зорғысын көңіліне ауыр алатындай халі жоқ еді. – Міне, сол зеңбіректерді құю үшін темір өте көп керек. Ал ол үшін әлгі құрамында бар кен-топырақ тіптен көп керек. Оны көлдің бір жағалауынан екінші жағалауына тасу үшін бұрынғыдай дөңгелектерін шиқылдатып, өгіз арбаларды көл айналдыра жүргізіп қою тиімді ме? – Қайдам? – Мүлдем тиімсіз. Міне, сол тиімсіздіктен құтылу үшін менің қандасым Аренар тағы бір амал ойлап тауыпты. Ол енді кемеге ұқсатып, бірақ кеменің өзі емес, қайыққа келіңкірейді, бірақ одан әлденеше есе зор, сал жасатып, кей елдің тілінде оны паром атайды, міне, сол сал-паромға кен-топырақты сыйғанынша тиеп, су бетімен екінші жағалауға төтесінен лып еткізсе әлдеқайда тез, әрі оңай емес пе? – Е, е, есіме түсті, осы жұмысқа Аренардың орыс тұтқындардан жүз адам сұратқанын білемін. Байғұстарды олай қарай қалай жөнелткенін көзіммен көрдім. Қол-аяқтары кісендеулі, ал сүйектері шодырайған, көздерінің қарасынан адамның денесі тітіркенеді. – Қол-аяқтары кісендеулі дейсіз бе? – Иә, кісендеулі. Тіпті жас бойжеткендердің шаштарына таққан шолпылары сияқты сыңғыр-сыңғыр ететінін қайтерсің? – Жұмыс адамдарының өйтіп қол-аяқтарын байлап-матап тастайтыны қалай? – Әйтпесе, әкем-ау, олар қашып кетеді ғой.
– Қашып кетеді? – Иә, қашқанда қалай? Бізде тұтқын қашса оған қолданылатын жазаның қандай екенін білесің бе? – Жоқ, білмеймін, жоғары мәртебелі ханым. – Бригитта бұл елде қашқан тұтқындарға жазаның қандай түрлері қолданылатынын білетін. Сонда да тап осы жолы ол жайын ханымның өз аузынан естігісі келді. – Егер тұтқын алғаш peт қашып ұсталса, қамшымен жалаңаш етіне екі жүз дүре соғылады. Екіншілей қашса, не өзімен бірге басқа тұтқындарды қашуға азғырғаны анықталса, сол қолы садақпен атылады, не тіпті айбалтамен басы шабылады. – Астапыралла-ай, ханым! Бүкпесіз сөйлеңізші, жазаның осыншама аяусыз екенін біле тұра қашатындар табыла ма? – О, табылғанда қандай! – Сонда олардың мұндағы жағдайы төзгісіздеу болғаны ғой, шамасы. – Енді оларды жұмақтың төрінде ойнақтатуға алдырғамыз жоқ қой мұнда. Өздері біздің жерімізге тұмсықтарын сұқты, біз тұтқындадық. – Сіздердің жеріңізге ме, жоқ, Қазақ ордасының жеріне ме? – Сен, ұлы мәртебелі қонтайшының өз аузынан естімедің бе? Қазақ ордасында жер жоқ, бәрі біздікі. – Мен ұлы мәртебелі қонтайшыдан қалай естимін, осы сіздердің құзырларыңызда болған сегіз жылдың ішінде ол кісінің қабылдауындағы ресми әңгімеге небәрі үш-ақ рет қатынасыппын. Және олардың бәрінде тек құдалық, қыз ұзату, жасау-жабдық төңірегінде ғана мәселе көтерілді. Әттең қонтайшы қабылдауында тағы бір рет болып, ол кісіге бір ауыз лебізімді жеткізсем деп армандаймын. – Солай ма? Лебізіңнің мәні қандай? Бригитта бұл сұраққа бірден жауап бермей қатты ұялған жанша қылымси көзін сығырайтты. Бірақ ойындағысын іште бүгіп қалуына жол жоқ еді. Жаңа ғана өзіне көлкөсір көңілшектік еткен кіші ханымның табан астында мұз құрсанып, ашық күнгі найзағайдай шатырлай жөнелуі оп-оңай. – Ұлы мәртебелі ханым, өзіңіз жаңа ғана айттыңыз ғой, осы Жоңғария жеріндегі тұтқындар аса қиын жағдайда ұсталады деп. Ол тұтқындардың ішінде сіздерге қыруар пайда келтіруші менің қандастарым – шведтер де бар емес пе? – Иә, бар. – Ол шведтердің жағдайы орыстардікімен салыстыруға келе ме? Орыстар қашса сіздермен шекаралас өз Отаны – Ресейге барады. Ал шведтер қашып қайда барады? Олар да Ресейге ме? Ресейге барып тағы да бас еркінен айрыла ма? Бұдан олар не ұтады? Ресейде тұтқын болды не, мұнда тұтқын болды не, оларға бәрібір емес пе? Кешіріңіз, ханым, бәрібір деп те айту қиын. Біздің ел – Швеция Ресеймен жиырма жылдық қанды қырғын соғысты бастан өткерді. Егер менің қандастарым бұл жерден қашып, Ресейде қайта ұсталса, олардың көрген күні тіптен тозаққа айналады ғой. Сосын да менің жерлестерім ешқайда қашпайды. Демек, олардың қол-аяғын кісендеудің қажеті канша? – Бригитта, сен қателесіп тұрсың, шамасы. Бізде сенің қандастарыңды да кісенде ұстайды деп кім айтып жүр? Тіпті анау жаңағы өзің атағын Аренардың мәртебесін
арттырып, меншігіне жер беріп, басыбайлы құл мен күң сыйлап, бұқаралық егіншілерді жалдауына да жағдай жасап, қолпаштап жатыр емес пе? – Сүйікті ханым, ол тек Аренардың жеке басына ғана көрсетілген қүрмет. Ал басқалар ше? Менің естуімше мұнда елуге тарта менің жерлестерім бар. Әнеукүні сіз салқын тиіп, тұмауратып қалған күні екі-үш қызметші әйелді ертіп барып, осы суға жалғыз өзім түстім. Сонда бір екі-үш қарулы қалмақ менің жалаңаш денеме қарап, соншама ғайбат сөздер айтысты. Ал мен оны көңіліме алғам жоқ. Маған ең батқаны сол әлгі қалмақтардың бірі сол бетте қол-аяғы кісендеулі бір швед маманын соққыға жыққанын бет-аузы әлем-жәлемденіп соншама сүйсіне жыр қылды. Одан басқалары да қалыспады. Олар да шведтерге жасаған қысастықтарын тәптіштеді. Шведтердің бәрі болмаса да елеулі бөлігінің қол-аяғы кісендеулі екенін де солардың аузынан естіп, жоғары мәртебелі ханым, мен қатты торықтым. Сенесіз бе, ханым, торыққаным соншалық, сол күні кеште жүрегімнің соғысы жиілеп, мынау табанымның астындағы қара жерді әлде бір күш жұлып әкеткендей әрі-сәрі, бар мен жоқтың арасындағыдай күй кештім. Иә, тап солай, ханым, асыра айтты демеңіз. Егер сіз рахымшылық жасап, қол ұшын жалғасаңыз, ұлы мәртебелі қонтайшыға арнамақ лебізім сіздерге жан-тәнімен, барлық білігін сарқа жұмсап қызмет етуші швед тұтқындардың жағдайын сәл жеңілдету төңірегіндегі өтінішке саятын еді. Осыны айтты да Бригитта жүзіне мұң көлеңкесін түсірмеуге тырысьш, көкпеңбек жағалауда бұйрық күтіп, сенделіскен қызметші әйелдер тобына қарады. Олардың арасынан манағы тілмаш-татарды іздеген сыңайы бар. Әттең мынадай Бригиттаның өз басы үшін аса маңызды мәселеде соның көмегіне жүгінудің артықшылығы жоқ еді, бірақ Сетержап онсыз да жақсы түсінген екен. – Жақсы, Бригитта! Бұл лебізіңді қонтайшыға мен өзім-ақ жеткіземін. Сенбесең, сенің көзіңше де айтуға әзірмін. Бұдан былай сенің қандастарың кісеннен босатылады, әрі оларға қысастықтың қай түріне де тыйым салынады. Бұл жөнінде қонтайшыға сөзімді өткізе алатын шығармын. – Ой, жоғары мәртебелі ханым, сіз қандай мейірбандысыз, сонымен бірге қандай сұлусыз! – Бригитта суды шолпылдата Сетержапқа жетті де оны құшақтай екі бетінен алма кезек құшырлана сүйді. Ал Сетержап, бұл шақта көлдің тұзды суына қанша бойы үйренді дегенмен де тұла бойы сәл тоңази бастаған, соған қарамастан мұнда аздап көтеріңкі көңіл күй де бар еді. Себебі, мана үлкен қызы Сесонның нөкер сұлуларымен шатырға cay етіп, мұның үстіндегі ине-жіптен жаңа шыққан, тосын үлгімен тігілген көйлекті көргенде есінен тана қызғаныштан жарыла жаздағанына, тіпті онымен қоймай жылап жібергеніне қарап, ол көйлектің шынында хас шеберліктің, ісмерліктің жемісі екеніне сенімі нығайған еді. Осындай ризашылықпен тоғайған сәтіне мына іштей өзінен жоғары қойған швед әйелінің соңғы сөздерінен мұның да төрт құбыласы түгел емес, мұның да ішін жегідей жеген дерті барын ұғынуы қосымша сүйеудей, нәпақадай қосылды. Ол да Сетержаптың тойымсыз, ашқарақ пиғылын тоқшылық ауылына қарай бір адым жақындатып қанаттандырғандай. Міне, осындай олжалы өрлеу сәтіне сәйкес швед әйеліне жомарттық жасап, таудай уәдені лақ еткізді. Тап осы күндерде тағдыр тәлкегімен өз басының да сол қонтайшы алдында оқыс тәуелділікке ұшырағанын, кезек күттірмес бір мәселелер жөнінде алқақотан жұрт
алдында оған сөзін өткізе ала ма, жоқ па, міне, осы сауал жанын күйзелтіп жүргенін бір сәт ұмыта тұруға күш салып, мынау өзін қоршаған су мен ауадан тыныс мүшелері, жалаңаш тәні арқылы кеудесіне қосымша жігер құйғысы келеді. Бригиттада да бұрыннан өзіне аса үйреншікті емес бөлек серпіліс бар. Ол кіші ханымның сөзіне толық сене қоймаса да өзінің көптен көздеген іргелі мақсатын жүзеге асыру бағытында қалай да бір қарышты қадам жасағанын түйсінді. Жағалауда жартылай жалаңаш тәндерінен су тамшылаған күйі құрақ ұшқан қызметші әйелдердің көмегімен киінуге кіріскенде Сетержап өз көкейіне сап еткен бір ескертпесін кейін ұмытып кету қаупінен қорқып, мынау көп құлақтың қасында сақтық ойламастан дереу жеткізіп үлгерді: – Тек орыс тұтқындар жөнінде ондай өтініш аулына ат ізін сала көрме. Олар хақында аузыңа абай бол! – Жо-жо-жоқ, мейірбанды ханым, о не дегеніңіз, орыс тұтқындарда менің шаруам қанша?
* * * Сетержап пен Бригитта манағы шатыр маңына жаяу-жалпылап жақындағанда мұнда қара-құра дегенің біраз үймелеп қапты. Батыс көкжиекке иегін сүйеген күннің қып-қызыл мол шарасы осы аттылы, жаяулылардың кешкі қарбаласын біраз қызықтамаққа сәл аялдай тұруды көздегендей. Көл суы көмкерген көкжиектен беріде тап қазір қып-қызыл кешкі шапақ тау биіктері мен ондағы кәкір-шүкірдің ұштарына дейін тегіс қамтып, алтын тілімен жалап өткендей өз бояуын сіңіріпті. Тіпті адам жүздеріне дейін бірауық өзгеріп, мейлі ол қанқұйлы ма, жоқ, қиянат атаулыны арам астай көріп, жаны жиіркенетін хас адалдың өзі ме, бәрібір күннің мол шуағы отпен орағандай сұлуландырып, қызыл жалқындандырып, нұрға бөлеген. Көлдің күнгей бет жағалауында, құлама тау шоқыларының кең қойнауында қанат жайған қонтайшының көшпелі байтақысы жер жағдайына орай бұл жолы да ежелгі үрдіспен орналасқан еді. Ең бергі шетте айдаладағы ақ жұмыртқалардай көз тартқан төртбес шаңқан боз үйлер мына кіші ханым Сетержаптың ордасы. Оның бірі күндіз мына Бригитта күні бойы іс тіккен шатыр. Егер қонтайшы Ақ үйден – елшіліктерді, ресми адамдарды, зайсандарды, қолбасшыларды қабылдайтын үлкен ордадан тым масаңдау оралса, онда Сетержап қонтайшыны түнгі ұйқыға арналған шатырда жалғыз өзін қалдырады да, осы шағырға келіп, Бригитта екеуіне қатар салынған төсекке құлайтын. Ал шындығында Сетержаптың қонтайшымен ұйықтайтын шатыры осымен қатарлас тігілген бөлек үй. Міне, кіші ханым Сетержаптың ордасы аталатын төрт-бес шатырдын екеуі осы да қалғандары қыздарына, күтуші қызметшілерге, күзетшілерге арналғандар. Ал Ақ үйдің тап осы тұстан төбесі ғана қылтияды. Себебі, көл жағалауынан тау іргесіне қарай шалқайта тігілгендей ол шатырдан бергі екі ортада жар бедері ию-қию, әрі сәл түсіңкі еді. Айналасындағы қосалқы шатырлар сол үлкен үйге ізет көрсеткендей бой жасыра сәл аулағырақта үймелескен. Олардың еңсесі де төмен, сосын да Сетержап ордасы маңынан көзге де шалынбайды. Сетержап өз ордасының маңына қасында Бригитта ғана бар, ұзын көк көйлегінің етегі жер сызып, көлде жүзген қаз-үйректердің сиқына басып, мамырлай жеткен. Қызметші әйелдер таяқ тастамдай кейінде, ханымның жаяу жүрісін олар да таңсық көргендей
маңдайларынан төмен құлаған жаулықтарын ашыңқырай көздерін алақ-жұлақ еткізеді. Көбісінің жүзінде күлкі ізі бар. Тіпті кейбірінің екі езуі екі құлағына жеткендей. Мына швед әйелі кіші ханымның өміріне көп өзгеріс енгізгенін мұндағы құл-құтан да өзара толассыз жыр қылушы еді. Бұрынғы жылдарда кіші ханым мұндайлық жерге жаяу «әке» десең аттап баспайтын, не атқа мінеді, не құлдар иығына салған, жұмсақ мамық төсеулі зембілге отырады. Ал бүйтіп жаяу жүруге дағдыландырған Бригитта. Себебі, мұндай дағды әйелдің құлын мүшесінің бұзылмауына септігін тигізеді екен. Сетержап манағы шатырға қарай беттегенде тұлымдары желпілдеген, ұзын жейделерінің белін мата белбеумен тас қып буған екі қызметші еркек алдынан шығып, қос алақандарын бір-біріне тас қып жабыстыра оған маңдайларын қоса тірегендей жер тізерлей төмен иіліп тағзым етті. Сетержаптың бұл шақта жүзі қатулы еді. Әрі кешкі шапақ тура түскесін де бір жақ беті мен мұрнының ұшын қызарта өңін жасартып әкеткен. Тіпті көз жанарына дейін алаулап жанып, қайрат пен көріктің тұнығында шомылғандай әсер қалдырады. – Ұлы мәртебелі қонтайшы келді ме? – деп сұрады Сетержап. – Келді, мәртебелі ханым, – деп тағзым етуші екеудің бірі маңдайын көтере ханымның бет-жүзіне бір көз тастады да қайта иілді. – Масаңдығы қаншалық? – Аса мас емес, бірақ қатты шаршағаны білінеді, мәртебелі ханым! – Тағы да сол иіліп-жазылған қимылын қайталады. «Демек қонтайшы қатты мас», – деп ой түйген Сетержап келесі сұраққа көшті: – Шұна-Добадан хабар бар ма? – Жоқ, мәртебелі ханым! – деп, бұл сұраққа екінші қызметші өз әріптесінің қимылын қайталап жауап берді. – Қалдан-Сереннен ше? – Одан хабар бар, ханым. Ол осы Тұзкөлдің құбыла бет жағалауында таяу маңға жетіп тоқтапты. Таңертеңгілік келелі кеңеске үлгеретін сыңайлы. Тіпті кешіксе де көп кешікпес, жоғары мәртебелім. Кіші ханым тұлабойының дүр еткенін жасыра алмағандай да. Осындай жайсыз хабарды алдына тосқан мына екі қызметшіні табан астында жерге тірідей көмуге аңсары ауды. Сол туралы бұйрық бермектей кейін қарай мойын бұрып еді, бұл екі қызметші ақпарының кіші ханымның ішкі дүниесін қаншалықты ойран-асыр еткенін сезіп үлгермеген Бригиттаның ұстамды, мейірбанды сұлу жүзіне көзі түсіп, сол көңілін жұмсартып әкеткендей. Егер Бригиттаның емес, бет-әлпеті қазанның түп күйесіндей қапқара, әрі әжім сызықтары аяусыз кескілеп, шытынатып, соншама жүрек айнытарлық еткен күңдерінің бірінің сықпытын көрсе бұл шімірікпестен алғаш ойына алған жауыздық ниетін жүзеге асыртар ма еді, бәлкім. Сонда да Сетержап екі қызметшіге оқты көздерін қадап, үнсіздік қыспағына алып, сілейіп бақты. Көздерінде енді кешкі шапақтың бояуы емес, қан толып, қаһарланып, екі қызметшіні өлім мен өмірдің ара жігіне осылай-ақ апарып тастайтындай. Сетержаптың тілі тым ұзақ байланды. Ең бергі, Бригитта күні бойы іс тіккен шатыр айналасындағы қара-құраның көбісі кіші ханымның кешкі қамын ойлаған қызметші, күзетші қауым ғана емес, онымен апақ-сапақта бір тілдесіп қалуды көздеген іс адамдары
екені білінеді. Олар үшін кіші ханымның мына үнсіздігі жылдай ұзаққа созылғандай қазір ғана өшіп кетер кешкі жарық мүмкіндігі уыстан шығып бара жатыр еді. Сетержаптың бұдан әрі ешбір іс адамымен сөйлесуге зауқы соқпады. Тек қазір қайда бұрылады, швед әйелімен бірге бола ма, жок, қонтайшының қасына бара ма, осыны тез шешпекке айналасына сыр бермей бас сүйегінің ішіндегі бір уыстай ғана миына қатты күш түсірді. Тым ауыр зілден оның кішкентай миы қақ айрылар ма еді, әуелде, тек осы мезетте оған періште қол ұшын бергендей. Ол көк періштесі емес, өзінің манағы Сесоннан кейінгі үш қызы еді. Ақ жібекке малынып, сәнді киінген бұл үш бойжеткен де күннен күнге құлпырып, өмірдегі өз үлестерін берсе қолынан, бермесе жолынан алардай қомағайлана өсіп келе жатқан. Ішіндегі ең кенжесінің өзі биыл ғана он беске аяқ басқан, алайда балиғыға тола қоймадым-ау дейтін ол емес, Сесоннан да, мына екі апасынан да қалысқысы жоқ, міне, мен бас жарған гүлмін, сабағымнан үз де тиесілі орныма қондыр деп жұтынып тұрғанның өзі. Сетержап, басына салмақ түскен осы шақта қасына үнсіз жылжып келген үш аққу қыздың жастығы мен көркі көзіне оттай басылып, көкейдегі жауыздық сезімі енді өзінің осы үш түлегіне қарай жарқ бергендей тұлабойынан бір жойқын құбылысты тағы сезді. Әттең, қолдан келмейді, әйтпесе Сетержап осы қарқынында мына үш бойжеткеннің жастығын да, көркін де беті бүлк етпестен жұлып алып, еш ауырсынбастан өз бойына жапсырар еді. Дәрменсіздік жүрген жерде шегініс жүреді. Сетержаптың бұл өмірде ең қатты сескенетіні ара-тұра бойын билеп әкететін дәрменсіздік, оның салдары – шегініс. Міне, соны білдірмеу үшін үш қызына қарағанда жүзінен аналық мейірімге ұқсас бірдемені зорлана оятқысы келді. Бұдан арғысы кенет Сетержаптың жағдайын күрт жеңілдетті. – Шешей, мына швед әйелі сізге соншама ғажайып көйлек тігіпті ғой, көруге бола ма? – деген осы үшеудің ең үлкенінің жіптей жіңішке қасының иіліп-жазылғаны, сызылған даусы Сетержаптың кеудесіндегі қазіргі көңіл күйіне мүлдем қарама-қарсы басқа бір отты, қуаныш отын лап еткізіп жағып жіберді. Үлкен қызы Сесон манағы қызғаныш күйігінен жаны қиналғасын онысын мына үш сіңлісімен де бөлісу үшін бәрін жыр қылған ғой. Демек, Сетержапта мынадай жас сұлулар да қызғанатын ырзықтың болғаны ғой, оны неге бір сәтке қанағат тұтпасқа. Сетержап үшін үш қызына аналық мейірім көрсету осы сәттен ғана оңайлап сала берді. – Ол мына мен сияқты жасамыстау әйел үшін тігілген дүние ғой, әлі біткен жоқ, – деп мына Бригиттаның оған кешкі шам жарығымен бірнеше түйме тағу керектігін айтқанын еске алғансыды. – Сонда да көрейікші, шешей! Сесон апамыздың тіпті аузының суы құрыды ғой, – деп ортаншысы талшыбықтай бұралып, қиыла кетті. Ең үлкені Сесон сияқты мына үшеу де көп перизаттан нөкер ертіп жүретін. Міне, солар да өз әке-шешелерінің отының басында тұрғандай-ақ тайраңдай жақындап, ортаншы қыздың өтініші өздерінің де көкейлерін тескен жай екенін жүздері арқылы сездірді. Батыс көкжиекке белуарынан еніп, енді-енді батып жоғалатын күннің соңғы қызылы көздеріне тура түскесін олардағы ынтызарлық тіптен жарқырап ашылғандай. Сетержап бұны да өзіне үстеме олжа санатына қосты. Бұл кезде алыстан талып естілетін бақташылардың даусы демесең сап тұнған тыныштық осы бір апақ-сапақ мезгілді біржола бауырына басқан. Қызметшілер мен
күзетшілер, өзге де іс адамдары ауыздарынан дыбыс шығармақ түгілі қол-аяқтарының ұшын қимылдатуға тәуекел етпей, Жоңғария қонтайшысының сүйікті кіші ханымы мен бүгін-ертең жарқырап, маңдайларының бағы жанғалы тұрған сұлу қыздарының бетпе-бет кездесуін аспандағы ай мен күннің шағылысқанына балап, тамақтарының суын жұтты. Бәрінің де күрсінісіндегі мағына біреу: «Иә, бұлар неткен бақытты жандар?!» Қонтайшының үлкен қызы Сесон, одан кейінгі мынау үш қыз сонау Еділ бойындағы Аюке хан мұрагерінің, Ресей сияқты ұлы мемлекет патшасының рахымын пайдаланушы екінші қалмақ елі ханының балаларына ұзатылмақшы, одан бергі Қазақ ордасы жауланып, жайлаулары мен қыстаулары алынды, ау, байқасандаршы, сонда бұл Сыбан Рабтан тәңір жаратқан жердің қаншасын алақанымен басқалы тұр? Сұлу ханым, ай мен күннің бір-бір сынықтарындай ханшалардың кездесуі сол көк тіреген мәртебенің лапылдап жанған шамындай баршаның көз алдында самаладай жарық төккенге ұқсайды. Мына екі ұлы таудың қыспағындағы шалқыған көгілдір көл жағалауындағы кештің өзін ерекше нұрға бөлеп, тәуліктің қай мезгілі екенін бірауық ұмыттырғандай да. Себебі, аспан шырағы төбелерінен төніп тұр ма, жоқ әлде мұндағылар басқа бір жарық көзін тапты ма, сол бағдарда бір адасушылық та тудыратындай. Міне, бақытты жандарға айнала көзін сатқан қара халықтың ханым мен ханшалардың бұл кездесуінен алған әсерлері осындай. Ал олардың өз іштерінде қандай қобалжу, күйзелістері бар, оған көз жеткізуге бұл өрім иық, тілік табандардың көру қабілеті осалдық етеді. Сетержапәзірге мына үш қызының өтінішін орындамаққа мана Бригитта іс тіккен шатырға қарай жылыстай беріп еді, бір кәрі қалмақ өгіздей өкіріп кеп көп көзінше ханымның алдына құлай кетті. Оң жақтағы тұлымы басымен бірге жер соғып, желді күнгі аласа қамыстың үлпілдек масақтарына ұқсады. Сетержап қаһарлы көздерін төмен түсіріп анық байқады, шалдың мойын терісі әжімнен қыртыс-қыртыс екен. Киімдері алба-жұлба, басқасын қойып, ескі жұқа шапанының артқы бойында үш бірдей жыртық жалбырайды. Олар да шалдың басы мен тұлымының қимылын қайталағысы келгендей ашылыпжабылып, әлдебір мақұлықтың қалқан құлақтарын еске түсірді. Сөзге тілі келмей қатты еңкілдеп жылаған шал Сетержаптың өктем даусынан кейін ғана басын жерден алып, жас жуған көздерін көтере қарады. – Аспандағы Шолпан жұлдыздан да сұлу, пейілі сонау дарқан даладан да кең, шапағаты анамызға да, атамызға да балайтын Іле дариясының да, мынау Тұзкөлдің де суынан мол жоғары мәртебелі ханым, маған бір қол ұшын жалғаңызшы! Менің үлкен балам Жоңу сіздің балаңыз, бүкіл қалмақ әскерінің қолбасшысы Шұна-Добаның тікелей қол астында Қазақ ордасына қарсы соғысып, үлкен ерліктер көрсетіп, кембағал болып оралып еді. Кеше оны әнебір Бонжир деген қара ниет тепкілеп, тағы үш қабырғасын сындырды. Онымен қоймай, қара дөненін, үстіндегі шапанын тартып әкетті. Арыз айтып, зайсандарды тегіс адақтадым, бір де біреуінің әділдікке мойнын бұрғыза алмадым. Ең соңғы талшық үмітім сіз. Сіз арқылы ұлы мәртебелі қонтайшыға бір ауыз арызымды жеткізсем деп едім. Менің балам Қазақ ордасына қарсы күресте үлкен ерлік көрсеткен, оны жұрттың бәрі біледі. – Осылай төгіліп кеп, кәрі қалмақ қос тізерлеп отырған күйі кіші ханымның аяғының астындағы жерді әлсін-әлсін маңдайымен ұрғылап, одан әрі зарлады.
Көз жасын көлдеткен әлем-жәлем түрі, бірде ышқынып, бірде булығып шығатын даусы жасамыс неменің бұл шаққа дейін де жылау-сықтаудың, жалбарынудың талай кезеңінен өткенін бүкпесіз-ақ бейнелейді. Сөйтсе де Сетержап өте шапшаң, әрі ымырасыз жауап қайырды: – Немене, ұлы мәртебелі қонтайшыға сенің арызыңнан өзге жеткізетін арыз атаулы түгесіліп қалды ғой деп пе ең? Арыз айтқышын мұның! Мә, бұрынғыңа қоса мұны да айт! – Сетержап ұзын көк көйлегінің етегі жасырған аяқтарының бірін көтеріп, жүресінен отырған кәрі сорлыны өкшесімен қақ маңдайдан тепті. Жалпы бұл қалмақ ордасында қандай да бір жазаға кесілген (жазаның ауыры ма, жеңілі ме, мейлі) адамға сол жазаны қолданғанда егер ол шара қонтайшының, не оның бас зайсандарының қолы қышыған, не зеріккен, не қанқұмарланған шағымен тұспа-тұс келсе ол жазаны қонтайшы, не оның бас зайсандары өз қолымен атқарудан да тайынбайтын. Кіші ханымның мына әрекеті де сол үрдістің бір ұшығы.
* * * Сетержап Сесоннан кейінгі үш қызынан құтылғасын да Бригиттаның қасында көп байыз таппады. Жаңа сұр көйлекке жылтырауық түймелер қадап, біржола дайын еткен швед әйелінің іскерлігі де көңілге таяныш ештеме әкелмегендей. Дөңгелек тал керегелердің үш жеріне ілінген тас шамдардың жарығы айналдырған екеуіне молынан-ақ жететін сияқты, алайда кіші ханым қараңғылықта қарманғандай бір ойсыз қимылдарға бара берді. Бұл енді-енді жынданып кететін адамның әрекетіне келіңкірейтіндей еді. Мұны кіші ханымның өзі де түсінетіндей. Тек сәл сабыр етіп, өзін көзінің астымен үнсіз баққан Бригитганың күлімсіреген жүзін көргенде ғана бұл аз-кем бойына күш жиды. Міне, осы мезетте Сетержаптың көз алдында басқа шындықтың пердесі ашыла кетті. Бұл кенет мынау жердің екінші қиырынан шет-шегі жоқ, дауылмен арпалысқан мұхиттарда адасқан жаңқадай осында жеткен швед әйелін сұмдық керексінді. Бұрын да керексінген, сосын да оны үлкен ханым Күнгудің аузын аппак етіп, тартып әкеткен. Бұл керексінуі бұрынғысынан жүз есе, мың есе асып түскен. Бұрын Бригиттаның он саусағынан өнері тамған іскерлігіне жұтынса, қазір оның тұла бойына, жүрегіне, басындағы бір уыстай миына, ақыл-парасатына, біліктілігіне, инабаттылығына, зиялылығына, ұстамдылығына – бәріне, бәріне – Бригиттада не бар, соның беріне көз алартты. Бірақ бұл оның баршасын толайымен қалай алмақ? Етінен ет кесіп, денесіне жапсырғанмен ол бітісіп, сіңісіп кете ала ма? Осындай сұрақпен аз-мұз бас қатырғанда тапқан ақылы: – Бригитта, сен осындағы швед тұтқындардың жағдайын жақсарту жөнінде қонтайшыға өтініш білдір дедің ғой. Сен ертеңгі мәжіліске өзің де қатысып, ұлы мәртебелі қонтайшыға бұл жайында өз аузыңмен айтсаң әлдеқайда ұтымды емес пе? – деу еді. Бригитта мұны естігенде екі алақанын шапалақтатып тұрған орнында екі-үш секіріп түсті. Тап бір он екі, он үш жасар бүлдіршін қыздың қуанғанындай. – Апырау, жоғары мәртебелі ханым, ол мәжіліске қатысуға, әрі ұлы мәртебелі қонтайшыға көзбе-көз лебіз білдіруге рұқсат әперсеңіз менің төбем көкке тигендей болады ғой.
– Мен қазір қонтайшыға барамын, ондай рұқсатты бүгін түнде алып шығармын. Бригитта сықылықтай күліп, Сетержапты қайта-қайта құшақтаумен болды. Сетержап мұндай шешімге швед әйелін жарылқау үшін емес, өз көкейінде оянған басқа бір амалға қажеттіктен тәуекел етіп еді. Бұрындары қонтайшының Ақ үйінде небір саяси мәселелер көтеріліп, бас-аяғы жоқ, қызу қанды айтыс-тартыстар кемерінен асып жатса да оның бәрі мынау жат елдің әйелінен мұқият бүркемеленетін. Міне, Сетержап енді өз шешімімен сол үрдіске ауыз салмақ. Егер қонтайшыдан Бригиттаны ертеңгі мәслихатқа қатыстыру туралы келісім әкеле алса, Сетержап осы түнде-ақ бұл швед әйелінің алдында өзінің ішін жегідей жеген барлық кесепатты жайып салмақ, сөйтіп сол кесепаттың бетін қайтару үшін не істеп, не қою қажеттігіне бұдан ақыл сұрамақ. Сөйтіп, оның ақыл-парасатын өзі қыл үстінде тұрғандай сезінген осы күндерде сарқа пайдаланбақ. Енді қайтсін, ашығына бассаң мұның ешқандай да сөкеті жоқ, бұл үлкен мәртебелі қонтайшының өзі де осы әйелмен қандас Аренарды керегіне жаратты емес пе? Тіпті жаратқанда қандай? Дұрыстығы бұлтсыз күнгі ашық аспандай айқын көрінген бұл шешім Сетержапты едәуір жігерлендірді. Күтуші әйелдерді шақырып, бұл дереу айна алдына отырды. Бригитта оған сандықшадан ақ жібек көйлектердің бірін таңдады. Сетержаптың бұл жолғы жиналуы тез, айналдырған жарты сағаттың ішінде сақадай сайланды да қызметші әйелдерден оншақты нөкер ертіп, түн қараңғылығына қарай сүңгіп кете барды.
* * * Бригитта жалғыз қалды. Бірақ бұл шын мәнінде жалғыз емес еді, бұған дейін ішінде әлдебір дауыл көтерілген кіші ханымның мысы басса, енді ол кеткесін басқа бір күш жүз тонналық салмағымен мұның екі иығына жармаса кетті. Ол қандай, қайдан шыққан күш? Иә, ол өз туған еліне деген сағыныш еді. Кіші ханым бұған қанша қызғанышпен қарағанмен жасы қырық бірге ғана толған Бригитта да кейде осылай оңашалықта тұлабойынан бір шаршағандықты, әлсіздікті сезеді. Ол көбіне өзіне өзі ерік бергендіктен де туатын сияқты. Сетержап барда ондайға еркі де жоқ қой, бұл барынша тарамысша тартылып, бет-жүзінен, кеудесінен жігер отын ұшқындатып, кіші ханымға қызмет етуге құлшынады. Басқаша болуы мүмкін бе, жоқ, мүмкін емес, егер Бригиттаның он саусағынан өнері тамған қасиеті, анау-мынауға сөне қоймас жігер-оты болмаса бұл Жоңғария қонтайшысының сүйікті жұбайының қамқорлығында сары майдай сарғайып отыра алар ма еді? Бұл елдегі тұтқындардың хал-ахуалын құлақпен естіп қана емес, көзбен де тамашалап жүр ғой. Міне, солардың арасында бұл әйел басымен ит жемі орнында кетпесіне кім кепіл? Міне, сондықтан да Бригитта үнемі өз бойында жігер отын сақтауға күш салады. Тек осылай оңашалықта ғана сәл-пәл сол оттың жалынын өлеусіретіп алады. Қазір де Сетержап кеткесінгі тыныштықта өзегінен әлдебір темірі үзілгендей бұл босаңсып, төрде Сетержап екеуіне қатар салынған төсектің біріне қисайды. Талдан тоқылып, сыртынан ши мен киіз бастырылған дөңгелек керегенің үш тұсына ілінген тас шамдарға кезек-кезек көздерін қадап, көкірегін кернеген әлдебір сауалдарға солардан жауап іздеген сыңайлы. Тас шамдар бармақтай гүлдің басына ұқсаған кішкентай
жалындарын шалқытып, бұған әрқайсысы өз бетінше ым қаққанға ұқсайды. Сезімтал әйел жаны солардан бір үндестікті, сырластықты тауып, сәл жеңілейгісі келеді. Екі иыққа, көкірекке түскен зіл бір сәт қос жанарына ауысып, енді солардың үзілуге шақ халге жетіп, көз етінің ауыра бастағанын сезіп қана бой жиды. Бригитта кенет екі қолға бір ермекті керексінді. Апырау, бұл әлі кешкі асты ішкен жоқ қой, ал кіші ханымның ондай аттыны ойлауға да уақыты жетпеді, сөйте тұра Бригитта күтуші әйелді шақырып, тамақ алдыруға асықпады. Тіпті кіші ханым оралмай мұның тамағынан ас өтетін де түрі жоқ. Ал кіші ханым мүлдем оралмаса ше, таң атқанша аш құрсақ жатпақ па? Жоқ, кіші ханым оралуға тиіс, ол жағын қырағы Бригитта дәл байқағанына еш күмәнданбайды да. Оның бірнеше себебі бар: қалайда қонтайшы мен Сетержаптың арасында бір шиеленіс пісіп келеді, соған орай қанша дегенмен күші кем кіші ханым өз қосағының алдында үлкен тәуелділікке ұшыраған. Әрине, Сетержап тап осы түнде Жоңғария қонтайшысының құшағына сүңгіп, оған тән рақатын молынан ұсынудың барлық шарасын жасайды. Алайда, Бригиттаның аңғаруынша Сетержаптың Сыбан Рабтанға салмақ қолқасы оңай-оспақ шаруа емес, тіпті қонтайшының ол шаруаны қош көруі екіталай екені де кіші ханымға аян секілді. Оның бүгінгі ес таппай қозғалақтауы, ертеңгі мәслихатқа жан дәрмен әзірленуі, әрі өзіне күң есепті жат ел әйелінің алдында осыншама кішірейуі, бәрі-бәрі «иә, ол тап солай» деп сайрап тұр. Алайда, қонтайшы да ақымақ емес, әрі Ақ үйден масаң оралғаны бар. Сетержап өзіне қанша сүйкімді көрінгенмен оның қолқасын естіп, абайсызда құлап түспеу үшін ол ұсынған тән рақатынан бүгінше бас тарта тұруды жөн көруі, сөйтіп, барлық шешімді ертеңге қалдыруы әбден-ақ орайлы. Әрі Сетержап өзінен қосымша ақыл-кеңес сұрамақшы екенін де бұл швед әйелі дәл түйсінді. Басқасын былай қойғанда да Сетержаптың ең әуелде сол үшін оралуы керек қой. Міне, осындай ой қорытулар мен түйсіктер Бригиттаны бір ауық қорқыныш жағалауына да тақап қойды. Иә, ендігі кезекте швед әйелін туған елге деген сағыныш пен қорқыныш қоса қабат еңсеретіндей. Бір амал ойластырып, бұл өзін сол екі сезімнен де ала қашқысы келді. Сондағы тапқаны өзінің өткен өмір жолын еске түсіру еді. Иә, Бригиттаның бұған дейінгі өмір деректері, әйел басымен өткерген тар жол, тайғақ кешулері қаламы жүйрік, кәнігі жазушының қолына түссе ол бұдан шытырман оқиғалы тамаша роман тудырар еді-ау. Бірақ ондай жазушы мен мұның арасында құдай жаратқан кеңістіктің қанша бөлігі жатыр екен? Бригитта, қыз күніндегі фамилиясы Шерценфельт, Швецияның түстік бөлігіндегі Сконе провинциясында бүкіл Еуропа қолданатын, Ғайса пайғамбардың туғанынан басталатын жыл санау бойынша 1684 жылы дүниеге келген еді. Бір ғажабы, бұл тым ерте бойжетті. Тіпті балалық шақ дегеннің не екенін сезініп те үлгермеді. Он үш, он төрт жасында құлпырып шыға келді де он бес жасында гвардия офицері Матс Бернов дейтінге тұрмысқа шықты. Бұл орыс-швед соғысының дәл қарсаңы еді. Басына соғыс қаупі төнген әрбір елдегі сияқты Швецияда да ол жылдары әскери мамандық иелеріне зор құрмет көрсетіліп, олар ел еркесіне айналатын. Сөйтіп, дәмесі зор сұлу қыздардың көздерінің құртын жейтін. Бригаттаның да оң мен солын танып үлгерместен, көп ойланбай-ақ гвардия офицеріне тұрмысқа шыға салуының бір себебі сол-тұғын. Бірақ бұл бақыты ұзаққа созылмады, Матс
Бернов орыс-швед соғысының алғашқы құрбандықтарының біріне айналып, жас сұлу он сегіз жасында-ақ басына қара жамылды. Бірақ Бригатта тағдыр соққысынан майыса кететін жан емес, көп ұзамай фельдфебель Линстрем дейтінмін отасып, онымен бірге Ресейдегі соғыс даласына тартып отырды. Мұнда да жағдай олардың ойлағанындай қалыптаспады. Швециядан Балтық жағалауын тартып алмаққа күш қолданған жау елдің кең-кең қиырларында жеңіске жетіп, атақ-абыройға шаш етектен кенелмекші фельдфебель Линстрем мен оның жас жұбайы Бригитта екеуі бірдей орыстарға тұтқынға түсті.Тұтқындағы қыспаққа шыдамай Линстрем өліп кетіп, Бригиттаны тағдыр талқысына тастады. Жоқ, бұл кезде біраз өмір тәжірибесін жинақтап, ысылып үлгерген Бригитта тағы да майыспады. Енді осында тұтқында жүрген швед офицері Михаел Симпс дегеннің етегінен ұстап, үшінші ретінде сонымен қосақтасты. Орыс пен швед соғысының басталғанына он жылдан асып, бас-аяғы тіптен көрінбей бара жатты. Михаел Симпс пен Бригитта біраз жылдар Мәскеуде тұрды, ақыры 1713 жылы бұларды өзге тұтқындармен бірге Тобылға көшірді. Ал 1715 жылы Симпс Ресей мүддесіне қызмет етуге біржола мойынсұнып, Ертіс жағалауына аттандырылған экспедициялық топтың құрамына кірді.Бұл экспедицияның бейбіт мақсатта ұйымдастырылғаны ондағы мүшелердің сын-сипатынан да аңғарылатын сияқты еді. Себебі, солдаттар ғана емес, кен зерттеуші мамандар, қолөнершілер, саудагерлер үйірүйірімен тап бір мамыражай ел ортасына бет алғандай-ақ артынып-тартынып, сәнсалтанатпен шеру тартты. Экспедицияның бейбіт мақсатта екенін оны ұйымдастырушылар да жақтары талмай насихаттады. Бұған орыс және тұтқын швед офицерлері құдайдай сенді де көбісі өз әйелдерін қастарына ертті. Ал ондай дүрмектен қалатын Бригитта ма, бұл да күйеуімен бірге Қазақ ордасы, Жоңғария сияқты екі мемлекеттің ортасындағы талас өлке Ертіс бойына қарай жүріп кетті. Бірақ ештемеден кәперсіз шведтер өздеріне Жоңғария қонтайшысының немере інісі, әрі оның оң қолы есепті атақты қолбасшы Черен-Дондуктың әскерлері тап бергенде көп нәрсеге көздері ашылғандай сезінді. Бейбіт мақсатта делінген экспедицияның төбесінен садақ оғы жаңбырша жауды, қылыш пен найза ойнады. Шынтуайтында орыстың ең үлкен басшылары да қауіп жайын о баста ескерсе керек, бұл экспедиция мүшелерінің көзінен тасада үлкен қарулы топ қоса жүргізіліп отырыпты. Бірақ бәрібір қалмақтар жағы басым шықты. Швед офицерлері де бас қорғауға мәжбүрлікке ұшырады. Бригиттаның күйеуі Михаел Симпс та қарулы қақтығыста шыныққан адам еді, алайда ол үлкен ерлік көрсетіп үлгермеді, алғашқы пәрменде-ақ ажал оғы оның да жас өмірін қиып түсті. Ал Бригитта тұтқындалып, көздері қанталаған қалмақ жауынгерлерінің жәбір-жапасына ұшырай жаздап, тек жебеуші құдайының арқасында ғана жаны мен абыройын сақтады. Міне, Бригиттаның Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның үлкен ханымы Күнгудің қарауына алынуының алғышарты осындай. Бәрін ойша тізбектей келіп, швед әйелі үлкен ханымның қоластындағы алғашқы күндеріне тұрақтамады, бірден оның осы Жоңғария мемлекетінің өткен тарихына қатысты баяндауларына шүйлікті. Оған бір себеп, тағы да сол кіші ханым Сетержаптың бүгінгі көңіл күйіндегі, мінезіндегі оқыс өзгерістер еді. Әлденеден сергек ойлы жат елдік сұлу кіші ханымның бойындағы осы құбылыстардан жоңғар елінің өткендегі тарихымен жалғастықты қоса тап басып танығандай.
Бригиттадағы қазіргі өз еліне деген сағынышпен қабат қорқыныштың да лап етуі сол танымына да тікелей байланысты еді. Иә, қонтайшының үлкен ханымы Күнгу өзге қасиеттерін былай қойғанда тамаша әңгімешіл адам-тұғын. Оның хикаяларын ұйып тыңдай отырып, Бригитта бүлдіршіндей кезінде оқыған, не ауызша естіген небір аузынан жалын шашқан құбыжықтар мен жеті басты айдаһарлар туралы ертегілерін еске алатын. Бірақ Күнгудің айтқандары ертегілер емес, онда құбыжықтар да, айдаһарлар да жоқ, бәрі де ақыл-есті, қол-аяқты адамдар. Сөйте тұра ол хикаялар осынау жер ортаға келген әйелдің өзін де түн ұйқысынан шошытып оятардай сұмдық үрейлендіретін.
ЕКІНШІ ТАРАУ
Бригитта көзін кітап, қағаз деп ашқан өркениетті ел түлегі десек те Жоңғария атты түздіктер мемлекеті жайлы бұрындар ештеме естіп, білмепті де. Үлкен ханым құшаққа сыймас құс жастықтарға шалқая сүйеніп, әжімді арық жүзін көріп сөйлегенде әңгімені көбіне Жоңғарияның ірге тасын қалаушы Батыр қонтайшыдан бастайтын. Оның есімін әмсе қасиет тұтатыны қабағындағы кірбіңге қоса ілігіп тұратын. Тіпті осы құс жастық пен мамық төсекке жантаюының өзі сол кісіге деген құрметінің бір бөлігіне ұқсаушы еді. Себебі, көршілес іргелі ел – Ресейден шошқа, ит, үй құстары – тауық пен үйрек тұқымдары сол Батыр қонтайшының кезінде алдырылған екен. Батыр қонтайшы бұл үлкен ханым Күнгу үшін не қылығымен қастерлі? Иә, ол хан ордасының айналасын ғана емес, бүкіл хандықты бір уыста ұстаудың барлық әрекетін жасаған. Ішкі және сыртқы жауларды саябырсытуға күш салған. Ханымның баяндауынша Батыр қонтайшыға дейін көп бұрын ойраттар сонау он үшінші ғасырдағы атақты Шыңғыс хан салған сара жол бойынша шабуыл, әрі бас қорғау мақсатынан туған әскери құрылымдарға ұқсап, түмендерден тұрады екен. Ал олар өз кезегінде мыңдықтарға бөлінеді. Тек бір анықтайтыны бұл түмендер де, мыңдықтар да таза әскери емес, қарауында көп жер, ел, мал бар әкімшілік құрылым да екен. Түменбасылар мен мыңбасылар өзіне қарасты әрбір жер және құлиеленушіні тырп еткізбей, қатаң тәуелділікте ұстаған. Тек ғасырлар өте келе түмендер мен мыңдықтарды жоңғар, хошауыт, дербет, хойт, торғауыт, чорос деп аталатын рулық, туыстық жікке негізделген жаңа ойрат құрамалары ығыстырған.
Заман өте келе олардың әрқайсысы бұғалыққа түскен асаудай жұлқынып, өз атабабаларын киелі етіп көрсетуге тырысқан. Олар некелі әке мен шешеден емес, құдайдың ерекше рахымының арқасында сағымнан туған, күн сәулесінен жаратылған деген сияқты қауесеттер тудырып, оны жеке-дара дербестікке ұмтылыста ту етіп көтерген. Оның арты дүркін-дүркін қантөгіс соғыстарға да айналған. Бригиттаның бұл ретте бір байқағаны ойрат ұлыстарының өзара соғыстары да еуропалық елдер соғыстарынан мүлдем өзгеше. Мұнда егер бір ұлыс екіншісін еңсерсе, оның халқын түп-түгелімен құлдыққа айналдырады, жері мен малын да үлеске салады. Жылдар өте келе күшпен қосақталған бұл екі ел бір атадан тараған болып шығады. Ондай қараулықтардың көптігін үлкен ханым тіпті де жасырмайды. Ал құдайдың шынайы құдіретімен жаратылғаны хақ Шыңғыс хан мен осы Батыр қонтайшы, оның әкесі Хара-Хула заманына дейінгі аралықта Эльбек-хан, Тогон, ОлайТемір, Гун-Темір, Ульдзей-Темір, Дельбек-хан, Ойратай-хан, Адай-хан дегендер болыпты. Династиялық монархия үрдісін бұлжытпай сақтау мұндағы билеушілердің баршасының арманы десек те жоғарыда аталғандарда да тап бір-бірінің кіндігінен тараған жалғастық жоқ сияқты. Тіпті бәрі бірдей бас-аяғы белгілі бір өлкенің басшысы да емес көрінеді. Әйтеуір, Ресей, Қытай, Қазақ ордасы сияқты үш мемлекеттің ортасындағы тауы мен ойпаты, шөлі мен гүлзары қат-қабаттасқан кеңістікті әрқайсысы өз замандарында шетпұшпақтап тістеп, қайсысының аузында қай бөлшегі кетсе, соны илектей умаждап, қан сасытып, ақыр соңында онысын өз нәсіліне де сондай құқықпен тапсырып кетуге жанталасыпты. Үлкен ханымның сөзі шындыққа сайса Алтай, Тарбағатай тауларынан бастап, бүгінгі Жоңғар Алатауының өне бойы, Іле дариясы, Алтын Емел, Тянь-Шань тауы, Шығыс Моңғолия, Батыс Моңғолия түгелімен ғасырлар бойы топ көкжалдың додасына түскен бағлан терісіне ұқсапты. Бірақ арғыдағы тарих соқпақтары жайлы Күнгудің өзі де аса білімдар емес пе, ол дәуірлер хақында әлденені тілге тиек етсе, желе жортып өте шығады да, Батыр қонтайшы заманына кеп қайта қонақтайды. Батыр қонтайшыға құдайдың өзі нұрын төгіп, көп жеңілдіктерді қоса сыйлаған сыңайлы. Әсіресе, сырттан торуылдаған дұшпандардың сағын сындырып, өз бастарымен өздерін әуре етуі соған айғақ емей немене? Мысалы, бір кездегі Шығыс Түркістанды түгел иемденген әлеуетті Моғолстан ыдырап, оның орнына Тұрфан, Қашқар, Хотан, Жаркент сияқты өте әлсіз ергежейлі хандықтар, бектіктер, сұлтанаттар жыпырлапты.Бұлар да тыныш жатпай өзара шарпысып, кейде жеңілген жағы ойраттарды көмекке шақырып, одан әрмен құлдырапты. Қазақ ордасындағы хал-ахуал да сол төңіректе. Арыдағы Тәуекел атты хан тұсында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған қазақтар кезінде ойраттарды әлсін-әлсін қанға бөктірсе, келе-келе бұлардың да құдай берекесін алып, бордай тозып, ергежейлі топтарға айналыпты. Ойрат-жоңғарлардың терістік бүйірінен көп тынышын алған, Халхадағы2 Алтын хан мұрагерлері де бейбіт тірлікке ден қойыпты. Енді қайтсін, Моңғол Алтайындағы Хубсугул, Убса көлдерінің екі аралығында қанат жайған, көршілес үлкен-кіші ұлыстарға алым-салықтан, зорлық-зомбылықтан көз аштырмаған бұл хандық та өз ішінен іріп-шіріп,
2 Халха – Бүгінгі Моңғол Халық Республикасы жерінің солтүстік бөлігі (Ұ.Д.)
күші қайтыпты. Батыр қонтайшы мұны құр жіберсін бе, оларға қыр көрсете Алтын хан мұрагерлері иелігінің тап іргесінде, Көбіксауыр3 шатқалында өз байтақысын орналастырыпты. Тастан қала көтертіп, бұхарлық диханшыларға бидай мен тары ектіріпті. Оның есесіне Батыр қонтайшының заманы дәуірлер қарсаңда бүкіл Батыс Моңғолияны қамтыған Жоңғар мемлекетінің өз ішіндегі бөле-жарылу қауіпті деңгейге көтеріліпті. Тегінде жоңғарлар қара қалмақ, құба қалмақ болып екіге бөлінген екен. Құба қалмақтардың ең сүбелі бөлшегі – торғауыттар Батыр қонтайшыға дейін-ақ қара қалмақ санатындағы дербеттердің бір ширегін қоса желіктіріп, Қазақ ордасын терістіктен айналып өтіп, сонау Еділ бойына көшіпті. Ал Батыр қонтайшы таққа отырысымен хошауыттар ұлысы да астарынан су шыққандай секеңдеп, Тибет таулы қыратындағы көлдердің бірі Кукунор жағалауына табан аударыпты. Сөйтіп, ел қарасы біраз опырылып түсіпті. Ол ол ма, Батыр қонтайшыдан бұрынғы хандар битін салып, асамайлап жинақтаған ойрат ұлыстарының ара-арасындағы баз біреулері орталық билікке осқырына қарап, бас білмейтін асаудың мінезіне басыпты. Бұл да ақыл мен күш-жігердің біразын сарып қылыпты. Ал бәрінен де жаманы ойрат-жоңғарлардың ежелгі дұшпаны, өздерін Аспан асты империясы атайтын, сол атауына орай ұсақ-түйек көрші-қолаңдарын шайнамай жұтуды құдайдың оң ісіне балаған аждаһа – Қытайдың араны ашыла түсіп еді. Батыр қонтайшы таққа қонып, алды-артын болжап үлгермеген шақта-ақ бұл аждаһа Моңғолияның түстік шетіндегі Чахар хандығын жаулап, Абахай дегенді оған император етіп жариялапты. Міне, үлкен ханым Күнгу Батыр қонтайшының шүу дегеннен-ақ көз алдында тізілген осы мәселелерді сап-сабымен әңгімелейтін. Олардың әрқайсысында қанша салмақ жатқанын білгірлікпен таразылайтын. – Батыр қонтайшы әрдайым ақылмен іс қылады екен, – деуші еді Күнгу ұзақ-ұзақ баяндаулардың кей тұсында. – Сабырлылық, даналық, шектен шықпау қашан да жан жолдасы екен. Ол ең алдымен Еділ бойына Кәшкен торғауыттар мен Кукунор көлін жайлаған хошауыттарды бері қайта қайтарудың қамын жасапты. Торғауыт билеушісі ХоУрлюктің қызына үйленіп, онымен туыстық байланыстар орнатады, әрі қамқорлық көрсетеді. Бірде орыс әкімдері Батыр қонтайшыға елші жіберіп, «мынау Хо-Урлюк Астрахань маңында біздің тынышымызды алуда, сен оған қарсы бізбен бірге соғысқа шықсаңшы», – деп азғырады. Ал Батыр қонтайшы Ресей сияқты іргелі елдің бетін қатты қайтармай, әрі арандатқыш пиғылын танып, «апырау, мен торғауыт ханының күйеу баласымын ғой, баласы әкесіне қарсы соғысушы ма еді?»– деп жұмсақ жауап қайтарыпты. Міне, Батыр қонтайшының осындай өздеріне деген адал көңілін танып, әрі орыстардың қақ-соғына шыдамай, Еділдегі торғауыттар бері қайта көшуді де ойлапты. Бірақ әртүрлі жағдай шідерлеп қозғала алмапты. Батыр қонтайшы мұнымен де шектелмей өзінің хандық құрғанына бес жылдай толғанда Жоңғарияның жерінде, Тарбағатай тауында жоңғар-ойрат аталатын барша ұлыстардың ұлы жиынын өткізіпті. Оған Еділ бойындағы торғауыттар мен дербеттердің жақсы мен жайсаңдары, Халха мен Кукунордың хандары мен кінәздері тегіс қатынасыпты. Міне, сол бас қосуда өзара татулық, сырт жауларға бірлесе күресу, ел ішінде тәртіп сақтау жөнінде заң қабылдап, оны біршама уақыт бұлжытпай орындасыпты.
3 Көбіксауыр – орысша түпнұсқада Кибоксары немесе Кобуксаур (Ұ. Д.)
Осының өзі-ақ елдің елдігін біразға танытыпты. Батыр қонтайшы әрі орыстармен де, қазақтармен де тіл табысып, өзара үлкен соғыстардың тұтанбауына күш салыпты. Бригиттанның бір байқағаны үлкен ханым Күнгудің Қазақ ордасы туралы әңгімеге келгенде жүрісі шабандайды. Сол жақ кеудесін ұстаңқырап, әжімді арық жүзіне уайым жиып, көзі тұңғиықтанады. Әлде мұның бәрі швед әйелі үлкен ханымның құзырында болған сол жылдардағы қазақ-қалмақ арасындағы аса күрделі жағдайларға байланысты ма екен? Бір пәленің белең алғанын ол жылдары осы швед әйелі де сезетін. Сезбей қайтсін, кейде қатты толқу үстінде Күнгу өзінде ересен күдік пен қобалжу барын төбеден қойып қалғандай етіп, осы швед әйеліне де жеткізетін. Оның не нәрсеге байланысты күдік пен қобалжу екенін жалаңаштап ашып айтпаса да зерделі, сергек әйел өзінше пайымдап шешетін. Иә, Сыбан Рабтан байтақысы қалайда бір үлкен сойқанға әзірленуде, ал мына үлкен ханым өзінің барлық, күш-жігерін, бедел-абыройын салып, оған қарсылық көрсетуде. Бірде Күнгудің өзінің шатырына кірген үлкен ұлы, үсті-басы қару-жараққа толы, тұлымы желпілдеген Қалдан-Серенді екі сөзге келтірмей қуып шыққаны бар. Әрі бас зайсандардың кейбіреуі осы үлкен ханымның шатырына бас сұққанда даудан дау тұтанып, екеуара сөз тайталасы өрбігенде де біраз сұмдықтың пұшпағы көрінетін.
* * * Үлкен ханым Батыр қонтайшы Қазақ ордасымен де тату көршілік қатынасқа ұмтылды дегенмен де екеуара ара-тұра соғыс үзілмепті. Тек үлкен ханым сондай дерек тастайды да жіктеп талдаудан тайқи береді. Бұл шаққа дейін үлкен ханымның шатырында біраз еркінсіп, бой үйретіп үлгерген Бригитта осы көршілес екі түздіктер елінің қарым-қатынас тарихына қатты қызығатын. Оған сол кездегі Сыбан Рабтан ордасындағы қаулаған өсек-аяңдар да итермелеген шығар. Үлкен ханымға туған қызындай еркелегенсіп, Бригитта сол Батыр қонтайшы заманындағы соғыстардың жайын сұрағыштады. Өз ортасында асқан сұңғыла Күнгу Бригиттаның көңілін қалдырғысы келмеді. Себебі, ақыл-парасаты, тәлім-тәрбиесі бөлек бұл швед әйелінің өзіне деген қажеттілігі күннен-күнге үдеген еді. Сірә, қай заманда да қалмақтардың қазақ тарихы жөнінде білігі күшті. Себебі, қазақ пен қалмақ арасында елшілік алмасу, тірі адамнан аманат алу, не беру, әр кезеңдердегі жеңіске қол жеткізген соғыстардан соң оңдап, жүздеп тұтқындар түсіру, мұның сыртында қалмақ қонтайшыларының казақ ішінде тұрақты дерлік тыңшылар, жансыздар ұстауы – міне, осылардың бәрі тағы бір мол олжа – қазақтың өткен-кеткені жайлы тең-тең аңызәңгімелерге, деректерге кенелтетін. Ал көкірегі кең сарайдай Күнгу сияқты жандар ондай ырзықтардан қалай үлес алмайды. Бригиттаның өтінішін орындаймын деп, ет қызумен Күнгу ол кездегі жағдайлардың біразын жілікше шақты. Сонда Бригиттаның жадына тұтқандары мыналар. Кең өлкені жайлап көсілген Қазақ ордасы үш жүзге бөлінсе, соның ортаншысының о бастағы билеушісі Есім өз ағасы Тәуекел ханмен бірігіп, біраз Орта Азия хандықтарына қырғидай тиген екен. Қазақтың астанасы Түркістаннан әскер бастап шығып, аз уақытта бүкіл аймағымен Самарқанды басып алған. Бұған да тояттанбай Есім Самарқанда жиырма мың әскермен қалады да ағасы Тәуекел Бұхар қаласын шабуға
аттанады. Бірақ беті қайтарылады. Тәуекел өлгесін таққа отырған Есім хан Бұхар хандығына қоқан-лоққысын қайта бастайды. Ақырында олармен шарт жасасып, Ташкент қаласын қазақтардың иелігіне алады. Әрі Алатау қырғыздарын да өзіне тартуға талаптанады, бұл талабы жеміссіз де болмаса керек. Міне, қазақтардың осындай жаугершілік саясаты Батыр қонтайшыны тыныш ұйықтатпайды. Ертеңгі күні өздеріне де қауіп төнерін сезіп, Батыр қонтайшы өзі таққа отырған жылы-ақ қазақ жеріне басып кіріп, астанасы Түркістанға жақындайды. Қырғын соғыс туып, Есім ханның қолбасшы баласы Жәңгіртұтқынға түседі. Бірақ ол артынша-ақ қашып шығыпты.Бұл сол кездегі заманның бір кезеңі ғана екен. Көп ұзамай Батыр қонтайшы өзінің кешегітұтқыны, қазақ ханзадасыЖәңгірмен мықтап татуласады. Тіпті Жәңгір Батыр қонтайшының байтақысында қонақта да болыпты. Күнгудің бұл дерегін тарихи құжаттар да дәлелдейді. 1640 жылғы қыркүйекте Батыр қонтайшының тас пен күйген кірпіштен қаланған ордасында Еділ бойындагы торғауыттар ханының мұрагері, Бұхарияның төрт елшісі, Далай-лама және ханзада Жәңгірдің жата-жастанып бірге жатқанын орыс елшісі Меньшой-Ремезов та хатқа түсіріпті. Тарихта не көп, адамның жағасын ұстататын оқыс бұрылыстар көп. «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген мәтел, сол мәтелден туындайтын тұрмыстың салт-сана үрдістері қазақтардың өздерімен бірге жасап келеді. Міне, сол ныспысы өлмес мәтелге айналған Есім ханның баласы, кейінгі ұрпаққа Салқам Жәңгір деген атпен белгілі ханзада Жәңгірдің құжат бетіне бұлай түсуінің өзі таңқаларлық. Себебі, жоғарыда айтылғандай содан бес жылдай бұрын ғана, әкесі Есім хан тұғырдан тая қоймаған шақта Түркістан маңындағы соғыстатұтқындалған ханзаданың одан өзінің ерен ерлігі, тапқырлығы арқасында қашып шыққанын басқа тарихшылар да растайды. Сөйте тұра осыдан тағы бес жыл өткенде бұл ханзаданың қалмақ қонтайшысының қадірлі қонағына айналуы сол кездегі қазақ-қалмақ қатынасының түлкінің жонындай құлпырмалы екенін дәлелдесе керек. Ал мұның арты тағы неге ұласты? Тағы соғыс туды. Күнгудің баяндауынша мұнда Батыр қонтайшының кінәсі жоқ. Тек ол Алатау қырғыздары мен тоқмақтардың екі жайлауына өз малшыларын ертерек жіберіп қоныстандырған екен. Міне, осыған көршілес қазақ ханзадасы намыстанып, әлдекім құйрығын басып оятқан ашулы аңдай бұрқ көтеріледі. Батыр қонтайшы да оңай ма, ашуына ашу деп, бұл да соғысқа әзірленеді. Сірә, бұл Батыр қонтайшының күш-қуатына толық мінген шағы болса керек, оның осы жорығына інісі Чокур тайша, күйеу баласы, Хошауыт ханы Очирту – Цецен, Очиртудың інісі Абылай, бір кездегі үлкен бақталасы Алтын ханның баласы Омбо-Эрдени, хойт тайшасы Солтан, басқа да ұсақ тайшалар қатынасыпты. Сонда барлық жиған әскері елу мыңнан асып түсіпті. Мұндағы ең қызығы сол – міне осыншама күшке қарсы қазақ ханзадасы Жәңгір небәрі алты жүз адаммен қарсы тұрыпты. Оның үш жүзін биік тастардың арасына бекіндіріпті де өзі қалған үш жүзімен ол тастардан әріректегі тасаға тығылыпты. Міне, қонтайшы қалың әскерімен жаңағы тастарға жақындағанда олардың арасынан қазақтардың құс құйрықты сұр жебелері жаңбырша жауады. Бейқам қозғалған қалмақ әскерлеріне қазақтар емес, қара тастардың өздеріне жан бітіп, садақ тартқандай әсер етеді. Қалмақтар ес жиғанша елу мыңның үлкен бөлігі баудай түсіпті. Сол сәтте екінші жақтан Жәңгірдің өзі бастаған үш
жүз де қосылады. Бірақ қалмақ жағы әлі де көп еді. Міне, осы шақта Самарқан әмірі, әрі қолбасшысы Жалаңтөс баһадүр жиырма мың қолмен күн-түн қатып жол жүріп, көмекке жетіп үлгерген екен. Ханзада Жәңгірдің алты жүз адамынан есі шығып, бауырын жаза алмаған Батыр қонтайшы мына жиырма мыңнан тіпті үрейі ұшады. Амал жоқ шегініске көшеді. Міне, Жоңғарияны жиырма жыл билеген Батыр қонтайшының өміріне үлкен дақ салған осы соғыс екен. Қатты күйреп қайтқан әскердің хал-жағдайы жаман ұнжырғасын түсіріп, бар кінәні өзінің одақтастарына тағуға тырысады. Әсіресе, Еділ бойындағы торғауыттар көсемі Хо-Урлюктен жөнді көмек болмауы, сондай-ақ осы Батыр қонтайшыға соңғы соғыста көмектескен Очиртудың туысы – тағы бір қалмақ ұлысының билеушісі Хунделен тайшаның қол ұшын бермеуі, бермегені былай тұтсын Жоңғария ханына қарсы ашық жаулыққа басуы орасан күйзелтеді. Сондай жағдайда Батыр қонтайшының бір ұйымдастырған әрекеті мынау екен: өз байтақысындағы Хо-Урлюк елшілерін Еділ бойына, яғни өз елдеріне қайтарып, олардың ханына үлкен сәлем жолдайды. Ең алдымен өз ішіміздегі бірлікті нығайтуымыз керек дегенді насихаттайды. Ал бірлікті нығайту үшін не істеу керек, әрине, ортақ жауға қарсы бірлесе күресуден жалтарған туыстарды жаулау керек. Бригитта әңгіменің осындай тұстарында түздіктер елі басшыларының ойлау логикасындағы балтамен шапсаң қыңбас ерекшеліктерді ішіне бөлек түйетін. Иә, сонымен Батыр қонтайшы торғауыттар ханына хат жазын, көп әскер жіберуін, сөйтіп, Хунделен тайшаның елін де, жерін де түгел басып алуға көмектесуін өтініпті. Ол кезде шығыстағы Жоңғария мен Еділ бойының екі арасы бес айлық жол, әрі екі ортада өздерінің ата жауы Қазақ ордасы жатыр, міне, сондай қашықтық пен көзмайыстардан өтіп 0көмек келе ала ма, келсе қай кезде келмек, осы жағын қара қалмақтардың дана басшысы Батыр қонтайшының қаншалықты таразылағанын бір құдайдың өзі білсін. Тек үлкен ханым Күнгу мынау сары шашты, ұғымтал швед әйелінен қырық адамнан тұратын ол топты жолай Хунделен тайшаның тұтқындағанын, сөйтіп Батыр қонтайшының ХоУрлюкке жіберген сәлем хатын қолына түсіргенін де жасырмады. Тіпті бұл топ Еділ бойына аман-есен жеткен күнде де ол сәлем хат Хо-Урлюктің қолына тимегендей екен. Себебі, ол кезде Еділдің оң жағалауында черкестерге қарсы соғыста орыстар қолтығына дым бүркіп желіктірген Хо-Урлюк оққа ұшып үлгеріпті. Тарихтың қойнау-қойнауын бүйтіп қазбалау үлкен ханымға да оңай емес, ал оны санаға сіңіріп есте сақтау Бригиттаға тіпті тұз арқалағанмен бірдей. Сонда да Бригитта мойымайтын, бәрін жадында тоқуға тырысатын, себебі, екі иығының біріне қонған періштесі мұның қалайда түптің түбінде Швецияға оралатынын сыбырлай ма, әйтеуір, осы естігендерінің бәрі өз Отанының қауырсын қаламды зиялылары үшін таптырмас ырзық екенін әсте естен шығармайтын. Жылдар жылжып өткенмен Батыр қонтайшы қазақтардан да кек алуды ұмытпады. Әрі Хунделен тайша жаққа да көз алартып тіс қайраудан беті қайтпады. Бүйтіп іште піскен дүрдараздық бірде болмаса бірде сыртқа бу шығармай тұра ма? Қалмақтың чорос тармағының түлегі Батыр қонтайшы мен хошауыт Хунделен тайша арасында әлденеше соғыс өрті қаулап, әлденеше бітімге келісті. Бірақ бұлардың бітімі ормандағы екі текті аңдардың бітімінен ұзаққа бармайтын.
Тек Батыр қонтайшы кейінірек бір қуанышқа кенеліпті. Ол қуанышы сол өзінің ескі досы, әлгі қазақ ханзадасы Жәңгірге қарсы соғыстағы одақтасы Очирту-Цеценнің он жеті жасар баласы Галдам алғашқы соғыстан сегіз жылдай өткенде, яғни Ғайса пайғамбардың туған жылынан басталатын қазіргі жыл санау бойынша 1652 жылы қазақтармен қайта беттесіп, жекпе-жек шайқаста Жәңгірді найзалап өлтірген екен4. Бірақ амал не, бұл шаттықтың да арты жақсылыққа ұласпады, тағы бір жыл өткенде Батыр қонтайшының өзі жарық дүниемен қоштасыпты. Сонда да осы кемеңгер салған сара жол кейінгіге нұсқа еді ғой, ал оны басшылыққа алғандар табылды ма!? Міне, осы сауалға тірелгенде кәрі ханымның көкірегі ыстық жалын атады. Әсіресе, Батыр қонтайшының Енисей қырғыздары, тувалықтар, барабы татарлары сияқты түстік, батыс Сібір тұрғындарынан алым-салық жинау мәселесінде орыстармен тіл табысуы, Ресейдің Кузнецк уезінен шақылдаған темір қару-жарақ ала бастауы, барлық қалмақ ұлыстарын бірлікке шақыруы не деген данышпандық? Осы үрдісті кім алға сүйрей алды? Батыр қонтайшыдан кейін таққа отырған кіші ұлы Сенге мен басқа балалары арасында даудамай, билік таласы алғашқы күні-ақ бұрқ етті. Құба қалмақтар мен қара қалмақтар арасында соғыс өрті өршіді. Қыштым ұлысы бөлініп кетті. Орыстармен екі арадағы қатынасқа да жарықшақ түсті. Бәрібір Сенге Жоңғария хандығын он жеті жылдай билеген екен, сонда да ақыры оңбады. Сенгені өзінің туған ағалары өлтіріпті. Ал таққа ең кіші інісі, Батыр қонтайшының оныншы баласы Қалдан-Бошақты хан отырыпты.Мұның да қызық әрі жұмбақ жағы жетерлік, Қалдан-Бошақты хан билікті қолға алысымен-ақ Сенгені өлтірген үлкен ағаларын, олардың қанды қол сыбайластарын екі сөзге келтірмей жусатыпты. Бірақ мұның таңданарлық несі бар? – Таңданарлығы сол, – дейді Күнгу, – Қалдан-Бошақты ханның жұлдызы жанғанда небәрі жиырма алты жаста, әрі бұған дейін соғыс ісіне жаттықпаған, тіпті ол түгілі қолына қару-жарақ ұстап көрмеген сарыауыз балапан қалпында екен. Тек бар бітіргені әкесінің ықпалымен Лxaca қаласындағы Далай-Ламаның қолында дәріс алып, лама, хутухта деген діни атақтарды иемденіпті. Тіпті бір мезет хошауыт ханы, жоғарыда өзім құлағын шулатқан Очирту-Цецен ханның да қолында тұрып тәрбиеленіпті. Ал сөйткен ҚалданБошақты хан ол Очирту-Цецен ханға не ұшпақ әперді? Жә, ол жайына кейінірек тоқталармын. Жаңағы Қалдан-Бошақты ханның Жоңғарияның бүкіл тізгінін іліп әкетуіне байланысты ғажайыпқа көзіңді ашайын. Сенге дәуірінің соңы қан сасыды. Оны өлтірген қарсақтай шақылдаған, ес біле қалың әскерді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап дәніккен өзінің ет бауыр туыстары. Олардың мұндай қылығында заңдылық бар, үйренген кәсіп бірде болмаса бірде жетекке әкетпей тұрмайды. Ал солардың бәрін бір-ақ күнде қасаптап, қырып салуға мына сары ауыз балапан Қалдан-Бошақты ханға көмектескен қай құдай? Ойлаймын, Лхаса қаласындағы далай-ламаның құдіретінде жатыр ғой деймін бар пәле. Далай-лама осы дін арқылы бүкіл қалмақ ұлыстарының бастарын біріктіруді көкседі ме, кім білсін. Сөйтіп, дінбасылар қарамағындағы қарулы күш
4 Ал қазақ аңызы басқаша сөйлейді. Жәңгір ол шайқаста бірден өлмеген, тек сол жеңілістен соң сал ауруға ұшырап, біраз жылдан соң дүниеден өткен. Салқам(сал хан) Жәңгір атануы да содан дейді. (Ұ.Д.)
қозғалып беріп, Қалдан-Бошақты ханды Жоңғарияның ең биік тұғырына қондыра салды, шамасы. Бригаттаның әлі есінде, Күнгу бір жолғы әңгімесін осымен тиянақтады да бірнеше күн бойы ол жайында жақ ашпады. Бірақ ондай үнсіздік үлкен ханымды іштен кеміріп жеп, тауысуға шақ қалғасын тесік қаптай қайта ақтарылып еді. Бригитта үлкен ханымның мұндай күйін айтқызбай танып, кәрі кісінің баянына деген ықыласын бұл да өз тегеурінімен күшейте түсетін. – Беу, сары шашты жат елдің сұлуы, сен екі аяқты пендеден тудың ба, жоқ әлде перінің қызымысың, қалайда менің іш қазынамды түгел тауыспай тоғаймайтын сияқтысың, – деген еді тағы бірде Күнгу. Қос жанары жаспен шыланып, осынау тал мен шиден тоқылып, сырты киізбен қапталған аядай шатыр ішінде әлдекім өзін желкеден басып, іштегісін зорлықпен құстырып отырғандай-ақ. Бригитта ондайда тәртіп сақтап, сөз таластыруды тіпті де ойламайтын, мынау бүкіл Жоңғария атты үлкен мемлекеттің бас иесінің үлкен ханымы атанғанымен мұның да жұп-жұқа терісін өткеннің өкініші мен келешектің қатері тырситып тұрғанын қолмен ұстағандай сезінетін. Сол арқылы өзіне де жеткен жүрек дүмпуін әрең тоқтатып сыр алдырмастан Күнгуге жазда гүлдеген күнбағыстың себетіндей басымен жадырай, ашыла қарайтын. Өз кезегінде Күнгу де оның осы пішінінен әл-қуат таба ма, құс жастыққа шалқайған қалпы одан әрмен жосылатын. – Бір шындықтың бет пердесін сыпырсам сен нанасың ба, жаным? – деді тағы бірде Күнгу. – Мен саған Батыр қонтайшымен одақтастықтан танбаған Очирту-Цецен хан жөнінде көп ақпарат бердім. Мынау Қалдан-Бошақты хан төңірегінде де көк езулендім. Бірақ осы екі адамның есімін атарда менің не тілім күрмеледі, не жүрегімнің соғысы жиілейді, байқадың ба, байқасаң, осының да бір гәбі бар. Очирту-Цецен хан менің үлкен әкем, ал Қалдан-Бошақты хан менің алғашқы күйеуім ғой. – Қалай?! – дегенде Бригиттаның ащы даусы кеудесін сұр жебе тескен дала құсының соңғы рет қанқ еткеніндей құлақ жарды. Қай істе де инабаттылықтан, ұстамдылықтан жаза баспайтын швед әйелі мұнысы үшін өзі де ұялған. Енді қайтсін! Көне тарихты саумалдап отырып, кенет оны иектің астына әкеп тастағанда білімдар Бригиттаның өзі темір шыбықты иіп, екі басын біріктіре алмаған адамның әуре-сарсаңын кешкендей. Сөйтсе, үлкен ханымның бұл тарихнамасының бәрі аса көнелік емес, тек әкенің басынан бақ тайса, соның орны үшін балалары бір-бірінің кеңірдегін қиған тірлік мұның бәрін сонау орта ғасырлық, тіпті одан да әрідегі жабайылыққа жақындатқасын ғана сұрқы солай шалынады екен. – Иә, ол солай, – деп Күнгу шалқая ашылған есік арқылы сонау-сонау алыс қиырларға көз жіберіп, қатты жабыға, әрі жүдеп сала беретін. Ашық есік арқылы күн сәулесінен жоны жалтылдаған бел-белестер емес, өткендегі тарихтың қан саулаған парақтары шытырлап, өздерінен өздері кезек-кезегімен аударылып жатқандай одан әрі жетелейтін. – Ойрат ұлыстары хошауыттар, хойттар, дербеттер, қыштымдар, торғауыттар, чоростар, тағы басқалар болып тармақталатынын құлағыңа әлденеше мәрте құйдым ғой, – деді одан әріде үлкен ханым. – Солардың ішінде ең көбі, әрі жоңғар-ойраттардың негізін қалайтыны әлгі мен марапаттаған Батыр қонтайшы шыққан чоростар. Ал олардан кейінгі қомақтысы хошауыттар. Мен сол хошауыт ұлысының қызымын. Біздің арғы атамыз Байбағыс хан жасы жетіп, дүниеден өткенде оның балалары, әсіресе, Очирту-Цецен хан
мен Абылай тайша арасында бүлік шығып, ол бүлік өмір-бақи толастамады. Әрине, бұл да көп сұмдықтың көзі еді ғой. Әрине, менің үлкен әкем Очирту-Цецен хан өзінің екі туып бір қалғаны – Абылай тайшамен тіл табысуға жанын салыпты, бірақ Абылай тайшадағы шектен тыс қызғаншақтық оны татулыққа бойсұндырмапты. Өйткені, менің үлкен әкем Очирту-Цецен хан өте дәулетті адам екен. Жайлаулары мен қыстауларында шек жоқ екен. Мен тумастан бұрын-ақ ол кісінің қарамағындағы ел Зайсан мен Көкше теңіз5 аралығында, Шy, Іле, Аягөз өзендерінің жағалауларында көшіп-қонып жүреді екен. Тек кейін ғана Кукунор көлінің айналасына қоныс аударып, жеке хандық, ел құрапты. Мұнда да хошауыттар аяқты кеңге салады екен. Себебі, мал дегенің өте көп болса керек. Мысалы, мен тумастан бұрынғы жылдарда атам Очирту-Цецен хан Тибеттегі далайламаға бір сапарында жол шығыны деп тек ірі қарадан он мың жылқы айдатыпты. Қытайға сапар шексе де солай, сегіз-тоғыз мың жылқы жүрер жолдарын шаңдатып отырыпты. Ал оның сыртындағы қой-ешкіні тіптен атап сұрама. Бұл ұсақ малды олар жол-жөнекей күміс ақшаға айырбастайды екен. Ресейдің Тобыл, Томск қалаларына да осылай жер қайысқан мал айдайды екен. Ал қайтарда әкелер ырзығы қаншама? Зергерлік бұйымдар, мыс аяқ-табақтар мен қазандар, қару-жарақ, аң терісі, әйел мен еркектердің сан алуан киім-кешектері, жасау-жабдық, осылардың бәрін тізбелегенде шешелеріміздің ауыздарының суы құритын. Міне, осыны атамның інісі Абылай тайша көре алмайды екен. Бірде ағынан жарылып айтыпты да. Ағасына қарап: «Сен өз байлығыңмен менің ішімді қарып, өлтіретін болдың», – депті. Оған өз ырзығынан бөлісіп, татулыққа шақырса да інісі қыңбапты. Жалпы менің бұл атам көрші-қолаңдардың бәрімен татулыққа ұмтылыпты. Әлгі атақты Батыр қонтайшының бір қызын өзінің ұлына әперіп, құдалық туыстық орнатыпты. Тибеттегі далай-ламамен де жақсы түсініскен. Үлкен әкеме ондағы дінбасылардың хан атағын беруі де соның нәтижесі. Бригитта бұл үлкен ханымның өзінің үлкен әкесі Очирту-Цецен ханның есімін атаса тілі күрмелетінін осы күннен бастап қана аңғарды. Тіпті бұл кәрі кісі ол жайында бар білгенін сарқымайды, тек оннан-мұннан үзіп-жұлқып сөйлейді, соның өзінде де ұлан-асыр ақиқаттарды түйдек-түйдегімен мынау швед сұлуының кішкентай миына шамадан тыс зіл түсетіндей етіп опырады. Енді бірде Очирту-Цецен ханның үлкен көріпкелдігі болғанын да жыр қылды. Ол сол заманда-ақ ең жақын-жақыбайлардың алдында көз жасын төгіп, қалмақ ұлыстарын адам айтқысыз қасіреттің күтіп тұрғанын болжап айтыпты. Түбінде біздің елден ештеме қалмайды, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеміз дейді екен. Тіпті мұнысын ежіктеп, талдап та береді екен. Хойт ұлысын мұсылман қауымы талқандайды, хошауыттарды қытайлықтар мен тибеттіктер бөліске салады, чоростарды, яғни мына жоңғар аталатын елдің негізгі бөлігін сол Қытай жеке дара өңешінен өткізеді, Еділ бойындағы құба қалмақ-торғауыттарды орыстар біржола өздеріне сіңіреді дейді екен. – Мұның бәрі менің атамның аузына құдай салған сөздер ме деп те түн ұйқымнан әмсе шошып оянатыным бар, – дейді Күнгу. Менің атам Очирту-Цецен ханның, әсіресе, мына батыстағы көршіміз Қазақ ордасымен екі ортадағы кикілжіңге жаны ауырыпты. Өзіңе әнеукүнгі қазақ ханзадасы Жәңгірмен болған абыройсыз соғыс жайын тәптіштедім
5 Көкше теңіз – Балқаш көлі (Ұ.Д.)
ғой. Міне, сол соғыста Батыр қонтайшыға барынша көмек көрсеткен үлкен әкем кейінірек оған ақыл салыпты: «Біз осы Қазақ ордасына қарсы кек қуып, өңмеңдемейік, қайта оған құшақ ашып, ішке тартсақ қайтеді, тілі бір, жеріміз, суымыз бір, тек дініміз басқа, ал дін өзгешелігін жоюдың амалы бар, қазақтың ең бір ұғымтал марғасқаларын алдырып, Тибетке жіберсек, сондағы ғұламалардың тәрбиесіне салсақ, тоқсан тарау өнерін үйретсек бізден қайда кетер дейсіз» деген екен. Бұған көкірегі кең Батыр қонтайшы да оң шырай беріпті. Қазақ ордасымен арада елші жүргізіп, келіссөзді дамытып, ақырында олардың әр руынан шыққан бес адамды аманатқа жіберткен екен. Олар Батыр қонтайшының байтақасында аз күн тыныстап, ақырында Тибетке жөнелтіліпті. Сонда сан салалы білімнің кәусарына қанып, біраз жылдан соң аман-есен еліне қайтарылыпты. Жоңғария қонтайшысы ханымының бұл баянын қазақ аңызы да растайды. Сол Батыр қонтайшы мен Салқам Жәңгірдің заманында атақты Қайып хан, оның досы, арғынның қанжығалысынан шыққан, Қайқы атты жанама аты бар Құдайберді деген кісі, ұлы жүз Төле бидің Ташкентте тұрған ағасы Қыбырай, белгілі ғұлама Әнет бабаның әкесі Кішік, тағы бір адам – бәрі Тибетте жата-жастана оқып, әртүрлі өнерге, соғыс ісіне жаттығып, «бес қасқа» атанып қайтқан екен. Бұл бесеуі будда дінінің бір тармағы – Тибет ламашылдығының қыр-сырына қанып, әрі емшілік-дәрігерлік мамандықты меңгерген. Қазақ бақсы, тәуіптерімен тайталасқа түсіп, одан шоқтықтарын асырған. У-шу, дзю-до деп аталатын соғыс, қорғаныс тәсілдеріне де машықтанған. Бесеуі де сары киім киіп, басқалардан қай істе де артық түсе бергесін Салкам Жәңгір сарбаздарының арасынан қызғаныш отына өртенгендер табылып, бұларды сайысқа шақырады. Бір-бірлеп келгеннің қай-қайсысын да ұршықша үйіре бергесін, бұл «бес қасқаға» қарсы топталып та ұмтылысыпты. Одан да абырой таппапты, елу-алпысы бірдей қоғадай жапырылып, құласыпты. Тек сосын ғана олардың Тибеттен әкелген өнеріне тәнті болысып, бітімге келіскен екен. Иә, жел соқпаса шөптің басы қимылдай ма? Батыр қонтайшы заманында Қазақ ордасына қарсы соғыспен бірге осындай бір әрекеттердің белең алғанына дәлелдер бар. Үлкен ханым Күнгу оны өзінің үлкен әкесі Очирту-Цецен ханмен байланыстырады. Осы бағдарда саумал сөзді сапыра келіп, үлкен ханым қап-қап сырды ойсыз шашыратып алады. Қазақ ордасы басшыларының, би-сұлтандарының сөзге тоқтайтын қасиеті барлығын өзімен осы жөнінде әлдекім пікір таластырып отырғандай-ақ шегелей түсіндіреді-ай келіп. Ондайда бет-жүзіндегі әжім сызықтары іш дүниесіндегі алайтүлейдің өзіне ұқсап, иіріліп жазылатынын қайтерсің. Соншама байсалды адам кейде осы ағынның жетегінде өз сөзінен өзі түйіле жаздап, құс жастықтан кеудесін көтереді де, қабағын түсіріп жіберіп, алдындағы ашулы кітап беттеріне үңілгендей ыңылдай сөйлеп, онысы ауыр ыңыранысқа ұласады. Басын шалқайта саябырлап, арқасын құс жастыққа қайта жапсырғанда ханымның түрі адам танымастай өзгеріп кетеді. Бригитта сол жылдарда-ақ үлкен ханымның осындай күйзелістерін қалт жібермей бақылай келе, «апырау, Сыбан Рабтан байтақысындағы бүгінгі бір аласапыранның мәні сол – бұлар осы Қазақ ордасына қарсы тағы да соғысқа әзірленіп жатқаннан сау ма?» деген ойға тірелетін. Жат елдік әйелдің ондай жайды ашып сұрауына жол жоқ, әрі бұлар да олай қарай аяқтарын қия баспайды, сосын да тілін тартпай қайтсін. Бірақ сондай бір сұмдықтың барлығы ақиқат, осы Жоңғария хандығының ірге тасын қалаған, қабырғасын
қатайтқан Батыр қонтайшының оң қолы, байлығы мен малында есеп жоқ, құл мен күңі де одан аспаса кем емес, билігі шексіз, Тибет дінбасыларының барлық рахымын пайдаланған, әрі алдағыны болжағыштығы бар Очирту-Цецен хандай адамның немере қызы Күнгу тектен-текке бүйтіп күйгелектенбесе керек-ті. Әрі өзінің жалғыз ұлы, Қазақ ордасына қарсы соғыс десе ішкен асын жерге қоятын Қалдан-Серенді оңаша әңгімеден соң неге бұл өзінде жоқ мінез танытып, шатырынан қуып шығады? Иә, бұлар сөз жоқ Қазақ ордасына қарсы соғысқа әзірленуде. Осыдан екі жыл бұрын сол соғыс басталып, өзінің жар қосағы Сыбан Рабтанды, оның бас зайсандарын, қолбасыбалаларын өз дегеніне көндіре алмаған Күнгу ауыр күйіктен науқасқа шалдығып, о дүниеге аттанғасын Бригитта өзінің сол жылдардағы қырағылығына өзі сүйсіне таңырқап еді. – Бірақ Қазақ ордасымен жақындаспақ ондай ниеттің бәрі Батыр қонтайшы өлгесін адырам қалды, – деген еді Күнгу одан әріде тағы да сол бұрынғының әуеніне басып. – Кейінгі Сенге тұсында да өрге жылжымады. Ал мына одан соңғы Қалдан-Бошақты хан тұсында Қазақ ордасымен екі арадағы қатынас қайта ушықты. Қалдан-Бошақты хан мені алғаш қолға түсіргенде мен небәрі он бес жаста едім. О бастағы келісім, құдалық шарт бойынша мен Сенгенің ұлы Сыбан Рабтанға, иә, бүгінгі өзің көріп жүрген қонтайшы Сыбан Рабтанға тұрмысқа шығуым керек еді. Маған солай деп, мол жасау-жабдығыммен аттандырған болатын. Бұл істің бәрін үлкен әкем Очирту-Цецен хан өзі қадағалады. Ал чоростар байтақысына жеткен бойда-ақ бәрі өзгеріп сала берді, мен Қалдан-Бошақты ханның төсегінен бір-ақ шықтым. Ал Сыбан Рабтан қайда, ол жоқ, маған әр нәрсенің басын бір шалдырып, ақыл-есімнен айырды. Бара-бара істің мәнісіне өз бетімше қанықтым. Қалдан-Бошақты хан Тибет далай-ламасының көмегімен Жоңғария билігін алғасын қасындағы ең жақын достарына, туыстарына қырғидай тиіпті. Сенгені өлтірген өз ағаларын жусатқаны былай тұрсын, енді билік басына келгесін де қасынан табылған ет бауыр жақындарына қанды көзденіп, бірінен соң бірін жалмап жұта бастапты. Ал қасынан табылғандардың бірі осы бүгінгі қонтайшы, ол кездегі небәрі он сегіз, он тоғыз жасар Сыбан Рабтан екен. Иә, Сенгенің баласы Сыбан Рабтан да, оның кіндіктес інісі Соном Рабтан да алғашқы жылдары Қалдан-Бошақты ханның билік басында тиянақтауына көп қолқабысын тигізіпті. Бұл одақтастықты Тибет далай-ламасы да жан-тәнімен қуаттапты. Соның ықпалы шығар, Тибет далай-ламасы чорос ұлысының жаңа қонтайшысына үлкен құрмет көрсетіп, хан атандырыпты. Мұның да мәнін дұрыс ұқ, жаным, Тибет далайламасы хан атағын екінің біріне бере бермеген. Мысалы, менің үлкен әкем, хошауыт ұлысының билеушісі Очирту-Цецен хан ерен қабілетімен, ойрат-жоңғарлардың басын біріктіруге деген ғаламат құлшынысымен көзге түсіп, хан атанған. Ал чорос ұлысында ондай жандар көптен көзге түспепті. Сонау ықылым замандағы Эсен ханнан кейін ешқайсысы, Хара-Хула да, Батыр қонтайшы да, Сенге де хан атағына қол жеткізбепті. Ал аузынан мәйегі төгілген жап-жас, соғыс өнерінен де, билік ісінен де хабары жоқ. ҚалданБошақты хан басына бақ қонған алғашқы жылдарда-ақ хан атағын қалпақпен ұрып алыпты. Міне, осының бәрі жаңа қонтайшының деміне нан пісіріпті. Сосын да жақынын сыртқа теппей қайтсін. Бір күні мен Қалдан-Бошақты ханға қосақталған жылы, осы қонтайшы байтақысындағы әлгі Сенге баласы Сыбан Рабтанның туған інісі Соном Рабтан ойда жоқта өліп кетті. Оны жерлеушілер өліктің денесіне у жайылғанын байқапты, сөйтіп
ілезде жаман сыбыс тарады. Мен бұған дейін Сыбан Рабтанды жөндеп көрмеген де едім, сол қазадан соң іле-шала бір рет бетпе-бет ұшырасқаным, інісінің өлімін әлдекімдерге жаппақ райын түнеріңкі жүзінен ап-айқын таныдым. Маған оқты көзін қадап, назалы ма, азалы ма, қай сезімге жақын екені белгісіз бір қою рең дендеген түр-түсін едәуір тамашалатты. Бір байқағаным, Сыбан Рабтан мынау Қалдан-Бошақты ханнан көп кіші дегенмен одан әлдеқайда қайратты көрінді. Сосын да мен оның осы қалпынан жамандық нышанын қоса жорыдым. Осы тұста шыдамнан айырылған Бригиттаның сөзге киліккені де есіңде. – Жоғары мәртебелі ханым, ғафу етіңізші, мен шатастыра беремін, сонда осы ҚалданБошақты да, Сыбан Рабтан да ағайынды адамдар емес пе? – деп сұрады. – Солай ғой, жаным-ау, бірі Батыр қонтайшының бел баласы да, екіншісі басқа баласынан, яғни Сенгеден туған немересі ғой. Сол шақта Бригиттаның жүзінде «ал енді осындай екі туып бір қалғандар неге соншама бір-біріне адам айтқысыз қатыгез?» деген сауал жазулы тұр еді. Ондайға келгенде өте сауатты үлкен ханым ол жазуды үтір, нүктесіне дейін айырып оқыды. Сосын өз кезегінде ол да бұл сұрауға үнсіздікпен жауап қайырды: «Бұл елді атам заманнан әкенің басынан бақ тайса балалары бір-бірімен аңдарша тіс салысатын індет жайлағанын бұған дейін миыңа сан мәрте құйдым емес пе» деген жауабын арық өңіндегі әжім талшықтарын шебер қиыстыра таптап жеткізді. Бригиттаның бұған дейінгі күдігіне тағы күдік қосылды. Иә, сонымен... – Бұл бір Сыбан Рабтан үшін ғана емес, мен үшін де қарғыс атқыр өте ауыр жыл еді, – деп Күнгу әңгімесін жалғастырды. – Тибеттегі далай-лама сыйлаған көп әскер күшінің көмегімен Қалдан-Бошақты хан жан-жағындағы елдерге, ұлыстарға шынжырлы төбеттей ұмтылды. Сол жылы6 менің үлкен әкем Очирту-Цецен ханның сөзіне пішту деместен мұсылман елдеріне тап берді. Далай-лама да мұның қолтығына дым бүркуден танбады. Сөйтіп, Қалдан-Бошақты хан Қашқарды, Жаркентті жаулап, оған өз итаршыларын қожайын етті. Ол ол ма, сол жылы өз әкесінің кешегі одақтасы, қанды көйлек жолдасы хошауыт ұлысының басшыларымен де араздасып, оларға да тап берді. Қасиетіңнен айналайын менін үлкен әкем Очирту-Цецен хан Қалдан-Бошақты ханның қылыштарынан қан тамшылаған жалдамалы жендеттерінің қолынан қаза тапты. Ал мен сорлы сол кезде Қалдан-Бошақты ханның төсегіндемін, осының бәрін естіп, біліп отырдым ғой.
* * * Бас-аяғы жоқ жырдың келесі буын-буындарында Бригитта да ара-тұра көз жасын көлдетіп отыратынды шығарды. Сөйтсем, бетіне кіреуке түскен үлкен ханымның көкірегіндегі күйігі жеңілдер, оған қарлығаштың қанатымен су сепкендей болармын, тіпті ол талабым іске аспаған күнде де Күнгу менің сол көңіл райымды танып, ризашылығына ризашылық қосар деген дәмесі. Тек бір қиыны жаңағы соңғы бөгелістен соң Күнгу тамағына тас тығылғандай бір бұзылды да қайтып көпке дейін оңала алмады. Осынау үздік-создақ таусылмайтын таулардың бөктерлерінен соғатын желдей есетін қабілетінен көпе-көрнеу айрылып,
6 Сол жылы – Бұл 1678 жыл (Ұ.Д.)
қалпына түсті-ау дегеннің өзінде де көкейіндегі тарихи хикаяттардың ортақ желісін жоғалтып, бір-бірімен байланыссыз үзік-үзік етіп тастайтынды шығарды. Тіпті олардың өзі бірін-бірі бастырмалатып кеп тұрған дүниелер емес, бір үзік пен екінші бір үзіктің ортасында үш-төрт күн, не апталап уақыт өтеді. Бір олжалысы сол, әңгіме шіркіннің айтушысымен ғана емес, тыңдаушысымен де сәні келіседі ғой. Үлкен ханымның екі тісінің арасынан пыр-пырлап ұшқанның бір түйірін де шашау шығармай көңіліне тоқитын Бригаттаның асқан зеректігі ол үзіктердің басын қосып бір елдің бастан кешкен тауқыметтерінің легі ретінде құрастыруға септесетін. Иә, мына соңғы бөгеліске тап қылған тұс Күнгу өміріндегі ең бір қаралы беттер екен. Балиғыға толып үлгермей-ақ үлкен дәуір аласапыранына басы бүтін күмп бергені ханымның ойын шатастырып, көз алдындағы болмыстарды қаз-қалпында қабылдауға да мұршасын келтірмепті. Тек жылдар өткізіп, қу тіршілік үйреншікті жортағына басқан кезеңдерде ғана өткендегі көргендері мен естігендерін қайта ой елегінен өткізіп, оқиғалар тізбегін кұрайды екен, себептері мен салдарларын анықтайды екен. Қалдан-Бошақты хан Күнгудің үлкен әкесі Очирту-Цецен ханды өлтіргесін оның бүкіл ұлысын талан-таражға салыпты. Өз әскерлерін қаптатып, бәріне олжа алуға рұқсат етіпті. Бұл талаудың да өзіндік жөн-жосығы бар екен. Мысалы, Қалдан-Бошақты хан әскерлерінің ішіндегі тұрмысты, шен-шекпенді адамдар Очирту-Цецен хан малынан әрқайсысы он жылқы, үш түйе, он қой алуға құқылы, ал тұрмысы төмен кедейкепшіктеулерінің үлесі одан екі есе аз: бес жылқы, бір түйе, бес қой. Иә, бүкіл хошауыт ұлысының аузын үріп, аяғын сыпырып, табанын қырып өсірген малының ақыры сол екен. Бригиттаның соңғы сұрағынан кейін Күнгу қалмақ билеушілерінің өзара туыстық желіге қалай қарайтынын тарата сөйлеуге тырысқандай. – Қалдан-Бошақты хан менің үлкен әкем Очирту-Цецен хан мен оның балаларын ғана емес, өз әкесі Батыр қонтайшымен кіндіктес ағасы, яғни Хара-Хуланың баласы ЧохурУбашыны да үйелмен-сүйелменімен тас-талқан етті, – деді Күнгу. – Бүкіл қалмақ ұлыстарының ішінде ол кезде менің атам Очирту-Цецен ханнан кейін ең дәулеттісі, әрі ықпалдысы осы Чохур-Убашы еді. Сірә, бұл Қалдан-Бошақты хан бәрінен бұрын өзімен іргелес, туыстас шоқтықты адамдардың көзін жоюды мақсат тұтқанға ұқсайды. Түптің түбінде өз лауазымына солар тарапынан қауіп төнер деп, секемденсе керек. Бір жайдан Жоңғарияның бұрынғы тарихы да сондай сезікке үндесе қайтесің? Әрі Тибеттегі далайлама да мұны сол бағдарда айтақтайды, шамасы. Себебі, Лxaca қаласындағы ұрты майға толы дінбасылар өздері хан, лама, хутухта сияқты атақтарды үйіп-түйіп берген ҚалданБошақты ханды өз түлегі санап, оның неғұрлым аруағы асса, солғұрлым қолымыз ұзарады, лама дінінің де бұл аймақтағы туы биігірек шалқиды, өрісі кеңейеді деп есептеген тәрізді. Осы тұста Бригиттаның тамағына тағы бір сұрақ кептелді. Бірақ оны қою үшін үлкен батылдық керек еді. Себебі, бұл сұрағы осы будда дінінің үлкен бір тармағы Тибет ламашылдығының табиғаты жайлы. Дін дегенің әрбір халықтың санасына ғана емес, қанына да араласқан ерекшелігі, егер оны қыл өзегінен тартсаң ол халықтың әрбір пендесінің тұлабойындағы қан қозғалысы бағытынан жаңылады, сосын да ол пенде тарапынан қасындағы бөгде біреуге қатер төнуі де ғажап емес. Бригитта соны кәперге ала
үлкен ханымға қабағын ажырайта ұзақ қарады да, оның тым мейірбанды жүзінен батылдық тауып қана тәуекелге басты: – Үлкен ханым, жас балаша әр нәрсенің басын бір шалып ынтыққаным үшін тағы да өзімнен-өзім қысылып отырмын. Сонда да іштегі ынтызарлық түртпектеп дегбірсіздендіреді, менің бір өтінішім осы лама дінінің табиғаты, мақсаты төңірегінде көзімді ашпас па екенсіз? Мысалы, біздер лютеран бағытындағылар, інжілді қасиет тұтушылар өз дініміздің төркінін қазбаласақ, оның түп-түбінде адам мен адамды, халық пен халықты бейбіт жолмен табыстыру мүддесі жатқанын көреміз, ал лама дінінің қайраткерлері неге халық пен халық түгіл екі туып бір қалғандардың өзін бір-біріне айдап салудан тайынбайды? Дінді таратудың басқа тәсілі жоқ па? Бұл сауалдан соң Күнгу ауыр ойға шомды. Бірақ көп күттіріп, сарғайтқан жоқ. Қабағын сілке көтеріп, өзінің жұмсақ қоңыр даусымен қамшы салдырмас су жорғасына басты. Бұл лама діні Тибет жеріне өте-мөте ерте дәуірлерде келген екен. Тибеттің бағзы замандардағы бір билеушісі Сронцзан Гамбо көршілес елдермен татулық үшін олармен туыстық желі орнатудың амалын іздейді. Сондағы тапқаны олардағы ел билеушілердің қызына үйлену екен. Өзі жас, әрі келбетті Сронцзан Гамбо өзіне қалыңдықты асқан мұқияттылықпен қарастырады. Императордың, немесе Богдыханның қызы екен деп, қайқайдағы ұсқынсыз әруеймен қосақтала кетуден де сақтанады. Ақыры, Непал және Қытай билеушілерінің көп қыздарының ішінен ақылына көркі сай екі перизатты іріктейді. Бұл таңдаған екі сұлуы оның ойлағанынан да асып түсіпті. Тибет билеушісінің жас өмірін ол екеуі келген бетте-ақ жұмаққа айналдырыпты. Сронцзан Гамбо бұлардан басқа да көп әйел алғанмен осы екеуі басты жұбайлары ретінде қала беріпті. Міне, будда дінінің негіздерін осы екі қыз өздерімен бірге әкеліпті. Тибеттің жас билеушісі де ақылды да сұлу қос бәйбішесіне қалай бой алдырса олар әкелген дінге де солай құлай беріліпті. Көп уақыт өтпей-ақ бұл жас патша будда дінінің осындағы алтын діңгегіне баланыпты. Тек өкінішке орай, ол ерте көз жұмады да будда дінінің өрісі пышақ кескендей қырқылады. Себебі, жас патшаның қос перизаты әкелген дінге дейін үстемдік еткен бөгде наным иелері қарап жатпай, қолайлы сәтті пайдаланып бас көтереді. Тек бірер ғасыр өткізіп барып қана Сронцзан Гамбоның үрім-бұтақтарының бірі бұл шақта әбден табанға тапталған будда дінін еске алып, қайта жандандырмаққа талпынады. Ол үшін Үндістандағы осы ағымның бір аты шулы ғұламасын Тибетке алдырады. Бұл ғұлама жұртшылық сенімін тез баурап әкету мақсатында будда дінінің бір саласы – көз байлау, сиқыр, арбау, қарғау, дуалау сияқты тез шалынатын ерекшеліктерін басымдықпен алға тосады. Мысалы, анталаған көптің алдында жыланды арбап, айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізуі, сыбызғы әуеніне қосылып би билетуі, жанған отты аузымен жұтып, сенбеген күйде құлағынан шығаруы, осы тектес басқа да әрекеттері дүйім жұрттың жағасын ұстатып, өзіне қарай ойсырата құлатады. Бірақ бұған дейінгі наным да тамырын тым тереңге салған екен, үнді ғұламасының осындай өнерінен соң да будда діні бұл ел көлемінде біржола қанат жайып кете алмайды. Тек тағы бір жүз жылдай өткізіп барып қана Үндістанның келесі бір діни қайраткері Тибетке келіп, мол қаражатқа ғибадатханалар салдырып, оны будда ұлағаттарын насихаттаудың ошақтарына айналдырады. Бұл сикыр, арбау, дуалау сияқты көрнекі
әдістерден гөрі будда дінінің ежелгі классикалық үлгісін дамытуды көздейді, сөйтіп екеуара тағы жік шығады. Сөйтіп, алғашқылары, яғни сиқыр, арбау, дуалау әдістерінің жанкүйерлері қызыл қалпақ, ал будда дінінің ескі негізгі өзегін, яғни таза нанымды қолдаушылар сары қалпақ киетін болып, екіге ажырайды. Кейін қызыл қалпақтылар күшейіп, сары қалпақтылар Тибеттің бір пұшпағына қарай ығыстырылып, осында рухани, әрі саяси билікке жармасып, жан сақтапты. Біраз замандарды артқа тастап, он төртінші, он бесінші ғасырларда өмір сүрген тибеттік Изонкаба сары қалпақтылардың рухын қайта көтереді. Жастайынан аса жоғары діни білім алған, әрі сирек қабілет иесі, бұл Изонкаба өз өнерімен аз уақытта керемет атақ-даңққа бөленеді. Осының ақыл-кеңесін тыңдаймыз, өнерін тамашалаймыз, жолын қуамыз деп, Тибетке жан-жақтан жастар ағылады. Изонкабаның бір амалы будда дінін бір ізбен емес, жан-жақты дамытуға күш салады. Қызыл қалпақтылар мансұқтаған көз байлау, сиқыр, арбау, карғау, дуалау өнерін де белгілі бір шекте өрістетіп, әрі сары қалпақтылар ұстанған таза наным дәстүрін де қоса қабат жолға қояды. Адамға керек кезінде табиғаттан тыс күштердің көмек беруі мүмкін екендігі, солар арқылы құдаймен тікелей байланыс жасауға болатыны хақында ғұлама Изонкаба көптеген еңбектер жазғанмен де негізгі назарды сары қалпақтылар үрдісіне аударады. Ол үшін таза дін жолына берілгендердің өзіне қарама-қарсы жыныстағылармен некелесуге тыйым салады, ғибадатханаларда қатаң тәртіп орнатады, ұстаз бен шәкірт арасындағы қатынастың темірдей беріктігін, шынайылығын қамтамасыз етеді, сөйтіп олар о дүниедегі таза жұмақ төріне жетудің барлық «алғышартын» жасайды. Міне, осы жолға түскендердің бәрі ізгілікті, немесе рахымшылдар деп түсіндіріледі. Міне, арғы түп тамырын Қытай, Үндістан, Непал сияқты елдерден бастайтын ежелгі будда дінінің таза Тибетке тән бір тармағы ламашылдық әу баста осылай қалыптасады. Бұл тірліктегі қызықты тәрік етіп, о дүниедегі жұмаққа әзірленген сұпы, тақуалардың осындай жанкештілігі, әрі өзіне қарама-қарсы жыныстағылармен некесіздігі олардың үлкен сый-сыралғыларды, құрбандықтарды қабылдауға құқықтылығына ұласады. Бұл дәстүр ғибадатханаларды үлкен байлық қоймаларына айналдырады. Ал байлық бар жерде бастықтар мен бағынушылар дегендерің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша жыпырламай ма? Осы байлықтың буына семірген ламалар өзінше бір әлеуметтік топ құрайды. Әртүрлі басқыштағы лауазым иелері өсіп-өрбиді. Ұлы лама, үлкен лама, кіші лама дегендер қалыптасады.Ұлы ламасы жиырмасыншы ғасыр адамдарына мағыналық жағынан қыры сынбай жеткен Далай-лама дегеннің баламасы. Замандар өте келе бұл далай-ламалар тек рухани ғана емес, өзіндегі, өзгедегі саяси, әкімшілік жұмыстарға қол созады. Оған кедергі жасағандарға өзіндегі байлық күшімен әртүрлі қарама-қарсы әрекет ұйымдастырады. Жалдамалы әскер күшін аттандыруға дейін барады. Міне, Жоңғарияның бүгінгі қонтайшысы Сыбан Рабтанның үлкен ханымы Күнгудің жат елдік әйелге осы будда діні төңірегінде төкпелегендері осы жайларға саятын. Бригиттаның бұдан ұққаны Тибет далай-ламасы өзара туыстас ел мен елді қырқыстырғанда солардың ортасынан бір бөгде олжа табу үшін емес, өз дініне неғұрлым адал басшылардың, өз ғибадатханаларында тәрбиеленген түлектерінің ықпалын күшейтуді көздейді екен. Сөйтсе ғана Лхаса қаласындағы жер асты қоймалар алтын мен күміске молықпақ, осылай айдалатын малдың да шаңы биіктей түспек.
Дәл осы хикаялардың кезегі қыс айларында келіп еді. Ірге тасы тастан, қабырғасы кірпіштен қаланған қонтайшы сарайының үлкен ханымға тиген бөлмесі кілем, сырмақтармен, қытай жібегінен жасалған шымылдықтармен, басқа да асыл бұйымдармен сықай безендірілген.Бірақ соның бәрінен де Күнгу бөлмесіне өзгеше өң беретіні күлгін түсті жібекке жылтырауық жіптермен кестеленіп салынған Будда құдайының бейнесі еді. Үлкен ханым оны кейде Будда құдайы, кейде Будда әулие атайды. Бір сөзінде бұл суретті қолынан бал тамған шеберлердің Лхаса қаласындағы бас ғибадатханаға, әрі осы сарайдың қонтайшы мәслихат өткізетін үлкен бөлмесіне қойылған тас мүсіндерге қарап жасағанын, ал Лхаса қаласындағы тас мүсін өз ретінде үнді елінің астанасындағы сондайлық өнер туындысының көшірмесі екенін ескертті. Иә, швед әйелі қонтайшының мәслихат бөлмесіндегі тас мүсінді осы Күнгумен бірге сан мәрте тамашалаған. Сонау Кетпен тауынан әріде, Іле дариясының теріскей жағалауында, тарихи құжаттарда Талқы асуының етегі аталатын кеңістіктегі жан-жағы кірпіш қабырғамен қоршалған қонтайшының қысқы ұрғасында қалмақтардың ең басты қасиет тұтары сол тас мүсін еді. Төбесінде бармақтың басындай ғана шошағы демесең тазкепешке ұқсаған құлақты тақия киген жалаңаш адам малдас құра жайғасып, екі қолының саусақтарымен түйін түйгендей қимыл үстінде қатып-сеніп қалған. Бет-жүзінде ешқандай сезім бейнесі жоқ, «қайда кетесің, бәрібір маған қайта айналып соғасың» деген менмендік қана шұқшия үңілген адамға қылаң бергендей. Сол тас мүсін Қазақ ордасы сияқты көршілес елдер тілінде жоңғар-ойраттардың қуыршақ құдайға табынушылар аталуына негіз болса керек. Бригитта Күнгу бөлмесіндегі Будда құдайының осы көшірме суретіне қарап, әртүрлі қиял жетегінде кететін. Үлкен ханымның әңгімеге зауқы соқпаған шақтарында Бригитта оған өздері табынатын Исус Христостың тарихын қысқаша баяндады. Үлкен ханым оны бет-жүзінің бір де бір түгі селт етпестен өте мұқият тыңдады. Бөгде діннің шығу, қалыптасу тарихына қызыққаны ма, жоқ өзіне тұтқын есепті, бірақ аса сезімтал зерек әйелге көрсеткен құрметі ме, ол жағын Бригиттаның өзі де айырмады. Бригиттаның бұл хикаятынан да бір сұрақ туындайтын еді. Исус Христостың он екіде бір гүлі ашылмаған Мария атты қыздан тууы, өсуі, ауыр науқас үстіндегі жасөспірімді ажалдан арашалауы, зағиптың көзін жазуы, теңіздегі дауылды тоқтатуы, бес мың адамды бес түйір нанмен тойындыруы, ақыры күнәкар пенделердің сотына беріліп, сол сот үкімі бойынша қол-аяғы керіліп, биік бөрене ағашқа шегеленуі, кейін тіріліп, көмілген жерінен шығып кетуі, өз шәкірттерінің көз алдында аспанға көтеріліп, бұлтқа жасырынып бара жатып, «Інжілді насихаттаңдар, оған сеніп, әрі шоқынғандар азаптан құтқарылады, ал сенбегендер жазаланады, мен әлі тап осы күйімде сендерге қайтып ораламын», – деп жар салуы, міне, осылай, ал мына адам пішіндес тас мүсіннің Будда әулие атануы қалай? Күнгу бұл жолы да өз жауабын кеңірдегінде ұзақ бөгеп ұстап зарықтырмады. Үлкен ханымның айтуына қарағанда будда да әуел баста ең бір қарапайым пендеше тірлік кешкен жан екен. Қалың ағашты, ну орманды, сарқыраған таза сулы өзені бар бір үлкен тау қуысында аң аулап, жеміс теріп, күнелтеді екен. Кенет оның басын таңғажайып ойлар кернейді. «Неге мен осы өз басымды ғана асырап-сақтаймын, басқалар үшін қызмет етсем, солар үшін құрбандыққа барсам қайтеді?». Міне, осы бағдарда ол өзін-өзі шынықтырып,
жетілдіре береді. Өзі аш жүрсе де қаріп-қасерлерге болысады, ауруларды емдейді. Күндердің күнінде осы әрекеттерінің баршасы да көкейіндегі үлкен мақсаттың қасында татымсыз көрінеді. Бұл енді ормандағы аң мен құстарға да аяушылық білдіруді әдет қылады. Оларға қандай көмек керек? Аузындағысын жырып берсе олардың жұмырына жұқ болмайды. Бірде Будда сыңсыған самырсынның арасынан қатты ашығып, аяғын баса алмай әлсіреген жолбарысты көреді. Сонда ол ойланып жатпастан өз кеудесінен бір кесек етті кесіп алып, аш жолбарыстың алдына тастайды. Соны жеп әлденген жолбарыс аяғын тік басып жүріп кетеді. Тағы бірде аштықтан талықсып, қанаты қайырылып жатқан күшігенді кездестіргенде өз ішін жарып жіберіп, өкпе-бауырын суырып, жабайы құсқа жем етеді. Міне, аң мен құс үшін осындай құрбандықтарға баруы Будда-адамды Буддаәулиеге айналдырыпты. Міне, Будда дінінің, оның осы Тибетке тән тармағының әуел бастағы жаратылысына осындай басқаның мүддесі үшін өзін-өзі құрбандыққа шалу үрдісі негіз болған екен. Күнгу бұл баянның бәрін бір отырыста емес, бір үзіп, бір жалғап, ара-тұра ұмытқан тұстарына қайта оралып, сағыздай созып, бірнеше аптаға азық етті. Будда дінінің қасиет тұтар тағлымдарына келгенде әжімді жүзі жазылып, сәл жадырай, баяғы жастық күніндегі бет-белгілерін қайта тірілткендей нұрлана түседі. Сондағысы Бригиттаға ламашылдықты мансұқтау да емес, себебі, бұл швед әйелінің өз дініне берік екенін сұңғыла кемпір айтқызбай-ақ таныған, тек бұл да өз тарапынан өзі сенген наным өзегін шамасы жеткенше қанаттыға қақтырмайтынын, тұмсықтыға шоқытпайтынын білдіргісі келеді. Бригитта алғашқыда осылай пайымдаған, Күнгудің бұл руханият мәселелерінде аяқты тым кеңге салуы бара-бара оны жалықтырған да. Бұл тасқынның бұрқ етіп басталуына бір кездегі өзінің арнайы сауалдары себеп болғанын ойлап, «бір сом беріп жырлатып, мың сом беріп қойдыра алмаған» адамның күйін кешкен. Сөйтсе ол өкініші текке екен, Күнгу мұның бәрін о бастағы жырды одан әрі жалғастырудан еңғұрмаса аз уақытқа жалтара тұру үшін пайдалануға тырысыпты. Тіпті Бригитта бұл тектес сұрауларды қоймаған күнде де үлкен ханым басқа бір көлденең жайларды өзі ойлап тапқандай екен.
* * * Тибеттегі лама дінінің тарихы жайлы баян басталар қарсаңдағы әңгіме қай жерінен үзіліп еді? Иә, үлкен ханым Күнгу өзінің о баста бүгінгі қонтайшы Сыбан Рабтанға атастырылып, ал мол жасау-жабдықпен, қазына-малмен ұзатыла келгенде Сыбан Рабтанның әкесі Сенгенің ең кенже інісі Қалдан-Бошақты ханның төсегінен бір-ақ шыққанымен, ал бұл Жоңғарияның жаңа билеушісі ең алдымен өзінің ең ықпалды туыстар, одақтастарына қырғидай тиюімен, соның ішінде өзінің жас қалыңдығы – Күнгудің үлкен әкесі Очирту-Цецен ханның елін шауып, әрі өзін өлтіруімен аяқталмап па еді? Мына Күнгу оқиғаның сол тұсына жетіп, өзінің көз алдында найзағайша шатырлаған елес жайларды одан әрі дамытуға әл-дәрмені жетпей жалтыр мұздағы тағасыз аттай тайғанақтап, басқа бір әуенге басты ғой. Бірақ ол әуен қанша ермекке жарасын, басын бастадың екен, енді ащы да болса сол әуелгі шындықтың бет пердесін біржола сыпырып бақ деп өзін-өзі қайрағандай. Күнгудің сол жылдардың қанды оқиғаларының ішінде әсіресе, ой жеткізе алмайтыны Қалдан-Бошақты хан өз әкесі Батыр қонтайшының ең жанқияр досы, одақтасы Очирту-
Цецен ханға неге сонша көзі қарайды? Әкем-ау, Батыр қонтайшы қазақ ханзадасы Жәңгірмен абыройсыз соғысқа барғанда мал-жанымен, сарбаздарымен оның қасынан табылған Очирту-Цецен хан емес пе еді? Кейінірек, сол ханзада Жәңгірден Батыр қонтайшының кегін әперген де осы Очирту-Цецен ханның он жеті жасар баласы Галдам емес пе еді? Мұның сыртында тағы қанша ырысқа кенелтті? Әкенің қанды көйлек жолдасы саған жаттық ете ме? Соның бәрін бұл Қалдан-Бошақты хан қалай ғана тарс есінен шығарды? Әкесі Батыр қонтайшының туған бауыры Чохур-Убашының көзін жойғанда қалай ғана қолы қалтырамады? Апырау, күллі қалмақ-ойрат ұлыстарындағы ең дәулетті, ең тегеурінді екі адамды құрдымға жібергенше оларға арқа сүйесе ҚалданБошақты ханның әлдеқайда тынысы кеңеймес пе еді? Бірақ ол мүлдем басқаша долбарлапты. Осы екі адамды жойсам ғана құлашым жазылады деп түйіпті. Осы бағдарда біраз толғап барып: – Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша шықты, – деді Күнгу одан әріде. – Қалдан-Бошақты ханның мына қорқаулығынан сескенген көптеген ұлыс басшылары қасқыр түскен қотандағы қойдай жан-жаққа бытырай қашты. Мысалы, хошауыт және дербетұлыстарының едәуір бөлшектері аяқтарынан тік көтеріліп, Еділ бойындағы Аюке ханның қарамағына қарай зулап берді. Бұл Аюке ханның орыстардың көмегімен ең бір қоң жиып үлгерген шағы еді. Араға үш-төрт жыл салып, солай қарай Очирту-Цецен ханның әйелі, менің әжем Доржи-Рабтан да қалған-құтқан мал-мүлкін жиып-теріп тайып отырды (Күнгудің өз әкесі Арап бұл оқиғалардан сәл бұрынырақ өліп кеткен екен). Бұдаң Қалдан-Бошақты ханның қатты намысы қозып, түрі адам танымастай өзгеріп кетті. Ауықауық қара қошқылданып лайланған көздерін маған қадағанда әртүрлі ойларды басынан өткеретіні байқалатын. «Таз ашуын тырнадан алады» дейтін қазақ пен қалмаққа ортақ мақал бар. Әжемнің қылығы үшін мені жазаламақ па деген қауіп тұлабойымды тітіркендіретін. Сөйтсем де ол жылдары мен өлімнен аса қорықпайтын халге жеткен едім. Апырау, өлімнен қалай қорқайын, ең жақын туыстарым шілдің боғындай тозып жатқанда қолымды жылы суға малғаным неме керек? Тек бір тілейтінім, Қалдан-Бошақты хан мені өлтірсе қинамай кеудеден жанды тез шығаратын әдісті қолданса екен дейтінмін. Енді қалай, әжем, шешем, аға-інілерім Еділ бойына қашса, хошауыт ұлысының басқа басым көпшілігі Кукунорға қарай жан ұшырды. Олардың да біраз жүрек тоқтата алмағандары сонау Қытайға жетіп, бас сауғалауға мәжбүрлікке ұшырады. Тағы есіңе салайын, айып етпе, сәуегейлігі бар менің үлкен әкем Очирту-Цецен хан көп ұлыстың басын қосқан бұл Жоңғария еліне ең үлкен зілзала шығыстан, Аспан асты империясы атанған алпауыттан келеді деп болжап, көкірегімізге құйып кеткенін айттым емес пе, міне, сол сәуегойліктің алғашқы айғақтарына ұқсап, хошауыт ұлысының бір қыдыру аяғының желі барлары беріден тізгін тарта алмай сол Қытай бекзадаларыпың аяғына барып жығылып жатты. Ау, сонда бұл Қалдан-Бошақты ханның ақыл-есі қайда, жер жұтты ма деймін. Бұдан әріде Күнгу өз баянында тағы да үлкен шегініс жасады.Бұл енді Қытай жөніндегі әртүрлі толғауларды төгіп, қалмақ-қытай арақатынастарының түп-тамырынан бастап қозғады. Құдай о баста жаратқанда осы көршілес екі елге ит пен мысықтың мінезін беріпті. Ерте-ертедегі көне замандарда Қытайдың бүгінгідей күш-қуаты дүниеге келмей тұрғанда, әлі халқы да құмырсқаша құжынап, бұрқ етіп көбейіп үлгермеген шақтарда
қалмақтар оларға сан мәрте тізе батырып, алым-салықтан көз аштырмапты. Ол замандар хақында Қытай жылнамашылары сандық-сандық кітап жазып, таққа отырған әрбір жаңа императордың көзін сонымен ашады екен. Сосын да олар қалмақ-ойрат ұлыстарына қарап, тістерін сақылдатқанда тас сарайдың кенерелері қоса жаңғырығады екен. Жоңғарияны жұтпаса өзге астың Қытайдың жұмырына жұқ болмасы туралы шындықты император да, оның айналасындағылар да таңғы аспен бірге бойларына сіңіреді екен. Осыған байланысты Күнгу айтқан мына бір хикаят Бригиттаның есінде жақсы сақталды. Жоңғар-ойраттардың чорос руынан шыққан билеушілерінің, оның ішінде осы Қалдан-Бошақты ханның арғы аталарының бірі, жоғарыда аталған Эсен хан өз кезінде Қытайға сан рет қырғидай тиген, асыл тұқымды жылқы, темір бұйымдар, жібек пен шұға маталар, киім-кешектер, сан алуан әшекейлік заттар жөнінде алым-салықтан бой жаздырмағанның нағыз өзі екен. Қытай тарихында Мин дәуірі деп аталатын кезеңде, яғни еуропалық есеп бойынша он төртінші – он жетінші ғасырлардың орта шенінде, нақтылай айтсақ, 1449 жылы Эсен хан Шығыс Моңғолиядан үлкен әскерді бастап шығып, Қытайға бет алады. Қытайдың небәрі жиырма үш жасар императоры Ин Цзун жуарақпанда ақыл таппай қатты сасады. Не істеу керек? Қара құрттай қаптап осылай бет алған жоңғаройраттардың жолын тосарлық ең үлкен, ең қабілетті қолбасылардан бізде кім бар деп сұрау салады. Біраз есімдер аталады, біраз қолбасылар ауызша сынаққа алынады, өткендегі жорықтарының тарихы қазбаланады. Сол кезде император сарайында Ван Чжэнь атты есірей қызмет етеді екен. Әр перғауынның қасында бір сұрқылтай демекші бұл өзі осы жас император Ин Цзун ғана емес, оның әкесіне де сөзін өткізе білген, айлакер де арамза, әрбір зобалаң, сергелдеңнен өз басына бедел, абырой жиып үйренген, бүкіл Қытайда императордан басқаны бір шыбықпен айдайтын нағыз дүлейдің өзі екен. Ел басына қиын-қыстау іс түскен осы шақта бұл есірей мына император сарайында қызылжасылды киінген, біразы ақ жібекке малынған бүкіл Қытай қауымының сорпа бетіне шығарлары алдында өзінің шіңкілдек даусымен тоты құсша сайрайды ғой. Жоңғаройраттардың бұл таңда Қытайдың ең қатерлі жауы екенін өткен-кеткенді қозғай келе дәлелдеп, сарайда бас қосқандардың отына мықтап тұрып май құяды. Онсыз да өзегі өртенген көпшілік одан әрмен өртене түседі. Қытай жылнамашыларының айтуынша сол Ван Чжэнь атты есірей сөйлегенде император сарайында тыныштық орнағаны соншалық мұның сөзі үзілген сәттерде ұшқан шыбынның ызыңы естіліп тұрыпты. Сөйтіп құдіретті сарай есірейінің тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні осы қатерлі жау – жоңғар-ойраттарға карсы әскерді императордың өзі бастап шықсын дегенге саяды. «Мұндай жағдайда жауынгерлердің де, осы жорықты азық-түлікпен қамтамасыз етуші қара халықтың да рухы көтеріледі, біздің басты дұшпанымыздың кім екенін танығанның үстіне тани түседі» деп түйеді. Алайда, жас императордың қолбасылық тәжірибесі шектеулі еді, сол жөнінде күмән білдіргендер шыққанмен де есірей олардың да аузына құм құюдың амалын табады. «Біздің бұл соғыста жеңіске жететініміз даусыз, ал осы жолғы жеңіс императордың атақ-даңқын бүкіл ел алдында көкке дүркіретеді, сол арқылы оларды бір уыста қыса ұстауымызға жағдай туады» дегі сұңқылдайды. Есірей тұжырымы көкейіне қатты қонған әңгүдіктеу императордың кеудесі көтеріліп, мұрнынан пыс-пыс дем шығады. Сөйтіп, әскерді өзі бастап, жоңғар-ойраттармен Туму бекінісінің7 тұсында
7 Туму – Бүгінгі Хэбәй провинциясының солтүстік бөлігінде (Ұ.Д.)
беттеседі. Алғашқы қақтығыстарда-ақ сарай есірейінің болжамы теріске шығады. Бұрындар соғыс ісіне араласты дегенмен мынадай үлкен әскерді үйіріп көрмеген император салған жерден-ақ үлкен қателіктерге ұрынады. Ал оның қасындағы ысқаяқ қолбасылар жас императордың аузына алақтап, өздеріндегі білік пен тәжірибеге қанат жаздыра алмай қапылады. Мұның бәрі кескілескен ұрыс үстіндегі алтыннан қымбат уақытты айдаһарша аяусыз қылғытып жатады емес ие? Қытай басшылары жағдайды қолдан шығарып алып, ойсырай жеңіледі. Бұл сол ғасырлардағы қытай-қалмақ арасындағы ең үлкен соғыстардың бірі еді, қытайлықтар өлгені бар,тұтқындалғаны бар жүз мыңнан астам адамынан айрылады. Ол ғана емес, Туму бекінісіне бой жасырмаққа зытып бара жатқан жерінен император Ин Цзуннің өзі де қалмақтардың қолына түседі. Осы жорықтан мол олжа таппақ әлгі сарай есірейі Ван Чжэнь де соғыстың басы-қасында еді. Соғыс ісіне аса жетіктігі жоқ императорды бас қолбасы еткен соның ақылы екенінен хабардар Қытай жауынгерлері оны қылышпен шапқылап, денесін мүшелеп бөліп тастайды. Масқара жеңіліс қытайлықтарға көпке дейін бой жиғызбайды. Эсен хан енді осы үстемдігін ақыр аяғына дейін жеткізбекке Пекинге қарай қозғалады ғой. Қытай астанасын алып, ондағы таңғажайып сарайларды мекендеп, асыл гауһардай мөлдіреген кәнизактардың бірінен соң бірін құшып, жұмақтағыдай өмір сүруге аңсары ауады. Пекинмен екі арадағы қашықтық ауыр әскерге біраз күндік жол еді, әрі тұтқындағы император Ин Цзунды да өлтірмей өздерімен бірге ала жүреді. Жолай оны Қытай жұртшылығына абыройы ашылған күйде көрсетіп, дұшпан елдің сағын сындыру үшін пайдаланады. Бірақ бұлар Пекинге жақындағанша ондағылар қарап жатпайды. Қолды болған императордан күдер үзген олар жаңа қолбасы сайлауға жанталасады. Екі жақ болып айтысып, дауласып, ақыры Юя деген генералдың мерейі басым шығады. Ол дереу бүкіл Қытай әскерін жинап, жоңғар-ойраттарға қайта қарсы тұрады да оларға жақсылап соққы береді. Міне, істің беті қытайлықтардың пайдасына қарай осылай күрт бұрылғанда Эсен хан ауыр дағдарысқа ұшырайды. Дереу адам баласының ойына келмейтін бір айла іздестіреді. Сондағы тапқаны өз қолындағы император үшін қытайлықтардан үлкен құн сұрау еді. Бірақ Қытай астанасындағылар ол үшін құн төлеудің орнына өздері екі дай болып шуласып, жаңа император етіп кімді сайлаймыз деген мәселе төңірегіндегі ырың-жырыңға белшелерінен батады. Генерал Юя жоңғар-ойраттардың қолындағы Ин Цзунның інісін император етіп жариялайды, ал оған қарсы жақтағылар Қытайдағы ескі дәстүрді бұзбаймыз, ол орынға бұрынғы императордың жасөспірім сәбиі құқылы деп ауыздық шайнасады. Бұл жайдан құлақтанған Эсен хан мұның қолындағы император Ин Цзунды үлкен күн төлеп алуға қытайлықтардың мүлдем ықтиярлы емес екенін сезеді. Не істеу керек? Дереу Ин Цзунның бағасын күрт құлдыратады. Құлдыратқаны соншалық, оны тегіннен-тегін қытайлықтардың мойнына қайтадан аса салады ғой. Иттен де иісшіл Эсен хан осыдан өзінің мол олжа табарын пайымдаған еді. Іс жүзінде де солай шықты, жоңғаройраттардың тұтқынындағы әңгүдік императордың оралуы Пекинде адам айтқысыз саяси берекесіздіктер тудырды. Көп көбік ауыздылардың ойлағаны іске аспай, әрі алғашқы
қарқыннан қайтып үлгермей енді ішкі өзара қақтығысқа кезек береді. Міне, Эсен ханның көздегені де осы еді, Қытай астанасындағы осы бүліншіліктің арқасында ол соңғы соғыста жеңіліске ұшырағанмен де қайтар жолда жау елдің бай провинцияларын баса жүріп, малмүліктен көп несібе әкетті. Әрі алғашқы бетте Қытай жерінің бір бөлшегін жаулаған еді, оны да қайтармады. Бригитта осындай хикаяттарды тыңдай келе Еуропа құрлығында кең тараған «азиялық қулық» деген тіркесті еске алды. Шынында батыстағы өркениетті ел кемеңгерлерінің ойына кіріп шықпас айла. Қолды болған императорын өзіне тегін қайтарып, содан саяси пайданы күреп табу не деген оңай, әрі ұрымтал шара? Ал Қытай, бүгінде Аспан асты империясы атанған аса құдіретті ел ол жағдайлардың ешқайсысын ешқашан ұмытпақ емес, атадан балаға мирас ететін асыл мұрасындай кейінгіге қаймағы бұзылмаған күйде сырғыта береді екен. Үлкен ханым Күнгудің қалмақ-қытай арақатынасының түп-тамыры төңірегіндегі баяны да әлгі Будда дінінің тарихы жайындағысы сияқты тым ұзаққа созылды. Мұны да сол әуелгі себеп бойынша ащы ішекше шұбыртып, біраз апта тауыспай қойды. Ия, Күнгу өз басынан кешкен тепірештердің ең бір сұмдығына жетіп, жетекке жүргісі келмеген құнажындай ары қарай аттап басуға жоқ, табан тіреп қасарып алғандай әсер етеді. Ал Бригиттада оны қамшылайтын дәрмен қайда? Тек ауық-ауық ұзынды-қысқалы үзілістер кезінде Бригитта бұл қалмақ қауымының батысқа, Қазақ ордасына көз алартуы шығыстағы осындай жүрек қыжылдатарлық ескі кегі шапсаң кетпес алпауыт ел – Қытайдан қашып, бас сауғалау мақсатында емес пе деген долбарға да соғатын. Себебі, бұл швед әйелі қалмақтардың әрбір мейрам күндері ішіне оқ-дәрі толтырылған бір шөмеле шөп үйіп, оған қонтайшының өз қолымен от қойғанын, соның тарсыл-гүрсілінен соң баршасының сол шығыс көрші жаққа қарай мылтық атып, өңештері жыртылғанша айғайлап, айбар көрсеткеніне талай рет куә болған. Жарайды, бұлар Қазақ ордасын шауып, солай қарай бой тасаласын-ақ, бәрібір олар алысқа ұзай алмайды ғой, ондай күн туса жоңғарлар басқан тау мен тасты қытайлықтар баса алмай ма? Ал шабақты алабұға жұтса, алабұғаны жайын балық жұта алмай ма? Алырай ә, ел мен ел арасында бейбіт келісім деген болмай ма, оған мүмкіндік жоқта кішкентай елдің басқа бір күш-қуатты елге арқа сүйеуі деген бар емес пe? Бірақ Күнгу жырына құлақ құрышын қандыра келе ондай амалдардың да аттың жалы, түйенің қомында екенін түйсінді. * * * Сұңғыла шежіреші Күнгу қалмақ-қытай қатынастарының өте ерте замандардағы халі туралы баянын бір кезде доғарды-ау. Доғарғанда ол туралы білігін сарыққасын емес, айтаайта өзі жалықты білем, әйтеуір Бригиттаның назарын елең еткізіп, Қалдан-Бошақты ханның есімін қайта сап еткізді. Бұл Бригиттаға да едәуір жеңілдік әперді, себебі, өткеннің жырынан мұның да құлағы сарсып, кей тұстардан қақас қалатынды да шығарды. Әңгіменің мына тұсында сергек назарын қайта тапты. – Әбден деміне нан піскен, түстік пен теріскейді аш қасқырдай кезген ҚалданБошақты хан ақыры Қытаймен жеті жылдық соғысқа килікті ғой, – деді Күнгу одан әріде. – Бұл соғысты жеті жылдық атайды, ал менің есептеуімше ол одан әлдеқайда ұзақка созылғанға ұқсайды. Себебі, Қытайдан бұрын Қалдан-Бошақты хан теріскейдегі үлкен
ұлыс – Халха билеушілерімен шайнасты. Міне, соның бәрі Қытаймен арадағы соғыстың алғышартына айналды. Себебі, Халханың шөбі шүйгін, суы бал жеріне Қалдан-Бошақты хан да, әрі Қытай басшылары да қызығатын. Жарайды, Қытайдікі ескі ауру, арғы аталарынан қалған қомағайлық, ал Қалдан-Бошақты хандікінің де жөні бар, өзімізбен қандас, бауырлас ұлыс елімен тоғысу, күш біріктіру. Бірақ бұл жұмысты Қалдан-Бошақты ханның олардың намысына тимей-ақ жүргізуі керек еді ғой. Бірақ ол өйтпеді, қолтығымның астына кір деп, бірден баса-көктеді. Жарайды олар көнбесін-ақ, бірақ қоқан-лоққы жасап, күш көрсетудің қажеті қанша? Сонау Батыр қонтайшының заманындағыдай, көршілес ұлыстар тату-тәтті өмір сүріп, тек қауіп төнгенде ғана бірлесіп қорғануға келіссе қайтетін еді. Жоқ, Қалдан-Бошақты хан Халханы бүкіл елімен, жерімен басы бүтін өзінің меншігі еткісі келді. Халха билеушілері ондай басыбайлыққа көнбеді. Сөйтіп бұл таққа отырғаннан кейінгі он жетінші жылда8, қарағайдың майы тамған ыстық тамыз айында Қалдан-Бошақты хан мен Халха билеушісі Тушету-ханның жер қайысқан қисапсыз әскерлері арасында қиян-кескі шайқас болды. Ол шайқастың ерте ме, кеш пе оты жағылатынын мен күн ілгері сезгенмін, себебі сол қарсаңда Қалдан-Бошақты хан ерекше жігерленіп, өз қолбасыларын бір шыбықпен үйіріп, бетінен қаны тамып тұрды.Көздері аңға түсетін бүркіттің көзіндей жанып, өзі соншама сұлуланып кетті. Бірақ оның сұлулығына тәнті боларлық менде көңіл күй бар ма, ішімдегі мұз кесектер сатыр-күтір еткендей бойыма ешбір жылулық дарымады. Бір күні таңертеңгілік күллі бас зайсандар, қолбасылар, жақын туыстардың көзінше менімен жақсылап тұрып қоштасқаны есімде. Бұл жиналғандардың ішінде тек әлгі Сенге баласы Сыбан Рабтан ғана жоқ еді. Себебі осыдан он жыл бұрын-ақ, осы Қалдан-Бошақты ханның ел билеушісі ретінде нығаюына көп ықпал жасаған немере інісі Сыбан Рабтан қарамағындағы бес мыңдық әскермен, басқа да мал-мүлкімен бір түнде көше қашқан еді. Бұл бөле-жарылудың да өзіндік тарихы бар. Жарайды, мен бұл жайын қысқартып айтайын. – Неге қысқартасыз, жоғары мәртебелі ханым, әңгіменің ең қызығы енді басталғанға ұқсайды ғой, – деп Бригитта шынында қызыққаны ма, жоқ жарамсақтанғаны ма, әйтеуір осылай бір қыстырылып қойды. – Өзіне ең жақын туыс, яғни әкесі Батыр қонтайшының басқа баласы Сенгеден туған немересі Сыбан Рабтанның былай бөліне қашқанын екі күннен соң ғана естіп үлгерген Қалдан-Бошақты хан алғашында жынданып кете жаздады. Оның бүйтіп ашуланғанын алғаш көріп едім. Көкпеңбек мойын тамырлары күдірейіп, көмірдей қарауытқан көздері ағып түсерге жақындады. Дереу ес жиып, екі мындық әскермен оның соңынан қуа жөнелгені есімде. Інісін желкеден баса жеткенде екеуара болған сөздерді мен кейін естідім ғой. Қалдан-Бошақты хан әлі де өктемдік танытып, «мына сұмдығыңның мәні не» деп сұрайды. Сыбан Рабтан саспай «саған деген өкпем қара қазандай, сен жақсылыққа жамандық істедің, бір әке, бір шешеден туған інім Соном-Рабтан екеуміз сені таққа қондырдық. Жауларыңа қарсы бірге күресіп, қабырғасын күйретістік, сол үшін қандай алғыс айттың? Алғысың сол Соном-Рабтанды у беріп өлтірттің, ал менің қалыңдығымды тартып алдың» деп жауап береді. Қалдан-Бошақты хан «оның бәрінің есесін қайырамын, мәмлеге кел, кейін қайт» дейді. Ал Сыбан Рабтан «мәмленің аулы ат аяғы жетпес алысқа
8 1688 жыл (Ұ.Д.)
шырқады, енді арамызда тек жүректің түгі, білектің күші сөйлейді» деп шалқаяды. Қалдан-Бошақты хан соңындағы екі мыңмен оның бес мыңына қарсы тұра алмай салы суға кетіп, кейін оралады. Міне, сол оқиғадан соң да он жыл өтіп еді. Енді ҚалданБошақты хан Халха билеушісі Тушету-ханмен шайқаспаққа ең жақын туған-туыстарымен қоштасып жатыр. Мен бұл қоштасуға неменесін қайрыла соғып, саған шайнап беріп жатыр дейсің. Оның да мәні бар. Бұл менің алғашқы күйеуімді, яғни Қалдан-Бошақты ханды ең соңғы көруім екен. Бұл шілде айы еді, ал жаңағы мен атаған соғыс тамыз айында болды. Тушету-хан жеңіліп, Қытайға барып бас сауғалады. Жай сауғалаған жоқ, Қытайға бодандыққа мойынсұнды. Енді Халханың сөзін сөйлеуге қытайлықтар шықты. Екі арада үсті-үстіне елшілер алмасып жатты деп естиміз, Лxaca қаласындағы Тибет дінбасылары да кешегі өз түлегі, хутухта, Бошақты хан деген атақтар берген Қалданға кісі салудан жалықпауда деп құлақтанамыз, соның әуселесімен мұрнынан су кетті ме, Қалдан-Бошақты хан сол Халха әскерлерін талқандаған тұстан өз ұрғасына, мені, басқа да бала-шағасын қалдырған ортаға қайтып ат ізін салмады. Осы тұста Күнгу тағы ұзақ үзіліс жасады. Аздап тұмауратқанын сылтаулап, шатыр іші күтуші, қызметші адамдардан босаған кезде теріс қарап, тарс бүркеніп жатып алатынды шығарды. Бригитта бұл мезеттерде өндіре іс тігіп, бұған дейін тыңдағандарын баста қайта пісіруге уақыт тапты. «Әттең, дүние-ай, осы білігіммен Отаныма оралып, қаламы ұшқыр бір жазушының алдында іштегі бар жиған-тергенімнен арыла сайрасам ғой, ол төбесінен алтын жапырақ жауғандай қазынаға кенелер еді-ау, шіркін». Бұл тектес қиял Бригиттаға әуелден-ақ жабысты дегенмен бара-бара оның мазмұны мен мәні тереңдей түскендей. Бұрынырақ Бригитта бас амандығына көбірек ден қойса кейінгісі туған еліне үлкен рухани қазына әкету мақсатына ұқсас дертке ұласты. Иә, дерт десе дерт, сұңғыла Күнгудің баяндарынан алатын әсерді басқаша бағалау мүмкін емес. – Иә, сонымен Қытайға қарсы жеті жылдық соғыс бұрқ етті, – деп Күнгу ойда жоқта басын жұлып алды да үзіліс атаулы болмағандай-ақ бұрынғы ырғағын қаз-қалпында тауып, желмая жүріске басты. – Енді Қалдан-Бошақты хан үшін Халханы Қытайдан қайтарып алу міндеті туды. Сол жылы ол шығысқа қарай, Қытай шекарасына қарай тіптен шырқап кетті. Міне, сол шақта Сенге баласы Сыбан Рабтан, мына бүгінгі бүкіл Жоңғарияның қонтайшысы Сыбан Рабтан өз ағасы Қалдан-Бошақты ханның тым алыстағанын пайдаланып, оның ұлыстарына тап берді. Әйелдерін, бала шағаларын ұлардай шулатып, мал-мүліктерімен қоса өзінікі етті. Бұл хабар Қалдан-Бошақты ханға жақтастары арқылы тез-ақ жетті. Енді ол екі бағытта бірдей соғыс ашуға мәжбүрлікке ұшырағанымен әскерін бері қарай бұрмады. Сыбан Рабтан елдің өзі басып алған бөлігінде күннен-күнге нығая берді. Ең бірінші тындырған шаруасы мені өзіне әйел етті. «Сен о баста маған атастырылғаныңды ұмытпа, Қалдан-Бошақты хан сені зорлықпен иемденген» деді. Мен ол жағын қалай ұмытайын, үлкен әкем Очирту-Цецен ханның бір аманатын орындағандай осы Сыбан Рабтанның құшағына ендім. Қалдан-Бошақты ханнан да екі құрсақ көтерген едім, бірақ олардың жүрімі көп болмады, ал Сыбан Рабтанға қосылған бетте ішіме бала бітті, тоғыз ай, тоғыз күн дегенде осы Қалдан-Серенді таптым. Әкесіне қатты ұқсаған аса жігерлі бала боп туды. Одан әрі де үлкен ханым қалмақ-қытай соғысының егжей-тегжейлерін сабақты жібіне дейін қалдырмай езгіледі. Оның бәрін есте сақтау Бригитта сияқты асқан зерек адамға да
қиынға түсетін еді. Сонда да швед әйелі оның жалпы нобайын көкіректе сақтауға тырысты. Күнгудің айтуынша Қалдан-Бошақты хан Халханың өз ішіндегі атақты ақсүйек тұқымдарына көп үміт артқан екен. Олар Қытай императорының қолтығына кіріп, бодандыққа мойынсұнған Тушету-ханның опасыздығына назаланып, маған қарай жарқ берер деп иегі қышыса керек. Бірақ іс жүзінде олай шықпады. Бергі Кукунордағы хошауыт ақсүйектері – Гуши-хан мұрагерлері де бәріне ортақ ата жаумен шайқасушы Қалдан-Бошақты ханның көмекке шақырған жан дауысына селт етпеді. Ресей ше? Ресей шенеуніктері бейбітшілік заманда Қалдан-Бошақты ханның төбесіне уәде атаулыны бұршақша жаудырғанмен бұл шығыстағы Аспан асты империясымен тістескенде мұндайлық төбелеске қатысып, қытайлықтармен бет жыртысудан бойын аулақ салды. Ал артында қалған дүниесінің жайы анау, оны өз інісі Сыбан Рабтан жаулап алды. Сөйтіп, Қалдан-Бошақты хан соғыстың алғашқы пәрменінде-ақ оқшаулыққа ұшырады. Бірақ, ол мойымады, жан-жаққа кісі салып, жанталаса жақтастар іздеді. Қытайдың ішіне жансыздар жіберіп, ондағы қарулы күштердің қозғалысына бақылау жасауға, әрі іштей бүліншілік ұйымдастыруға әрекеттенді. Қытайлықтар ол жансыздарды ұстаған бетте дарға асып, не аяқ-қолдарын шауып азаптап, бұл істі қиындата түсті. Қалдан-Бошақты ханға адал көмек көрсетуші Тибет далай-ламасы еді. Қытайға жіберілген жансыздардың басымы ламалар болатын, бірақ олардың көбісінің ісі нәтижесіз аяқталып, бірінен соң бірі сондағы топырақтан мәңгілік жай тауысып жатты. Тибет далайламасы өзіндегі әскери күштерді де аяған жоқ, Қалдан-Бошақты ханға қарай лек-легімен тоғытты. Мұның сыртында оған жөне Сыбан Рабтанға хат жолдап, екеуінің татуласуына, сөйтіп күш біріктіруіне жанын салды. Алайда, бұлардың істегенін Қытай бекзадалары да асқан шеберлікпен қайталады. Олар да Сыбан Рабтанға үсті-үстіне елші аттандырып, ҚалданБошақты ханмен татуласудан сақтандырды. Тибеттегі далай-ламаға да біресе жылы лебізбен, біресе қатулана хат жолдап, қанқұмар Қалдан-Бошақты ханға көмекті доғаруды талап етті. Ал Қалдан-Бошақты ханның өзіне де әрбір шайқастан соң кісі салып, соғысты тоқтатайық, сен бізге бодандықты қабылда, алтын-күмістен басыңа тау үйеміз, қаһарман атандырамыз деп азғырды. Сөйтсе де өзі әрбір шайқастан соң қатары бұзылған өз әскерін қайта толықтырып, жаңаша жабдықтап, жаттығу ісін одан әрі жандандыра берді. Қалдан-Бошақты хан да оның айласына айламен жауап беруге талпынды. «Саған бодандықты қабылдайын, тек ең алдымен Халханың Тушету-хан бастаған билеушілерін үрім-бұтағымен қолыма бер» деп шарт қойды. Қытай оған қалай көнсін, сөйтіп соғыс саябырсудың орнына жылдан жылға қу даладағы өрттей етек жая қаулады. – Бірақ шығыстағы аждаһа – Аспан асты империясына қарсы соғысып, кім бархадар тапсын? – деді үлкен ханым одан әріде. – Жеті жылдық соғыстың төртінші, бесінші жылдарында-ақ Қалдан-Бошақты ханға қарасты әскерлер шілдің боғындай тоза бастапты. Көп әскерлер өз еркімен бізге, Сыбан Рабтанға қашып келді. Қукунорға, Гуши-хан мұрагерлері мекендеген ұлысқа қарай да табан жалтыратушылар қисапсыз десті. Тіпті Қытайдың өзіне барып сауға сұрағандар да шығыпты. Соғыста бағы тайған адамның басына қырсық дегенің қырық ағайынды болып жабыспай ма, Қалдан-Бошақты ханның өзімен бірге соғысушы ең үлкен баласы қытайлықтардың қолына түсіп, кісенделіп, ары
ішкеріге әкетіліпті. Азық-түлік жөніндегі тапшылық та кеңірдектен қысады. Бұл шақта Тибет далай-ламасы да өз сүйіктісіне жөндеп көмек бере алмай, әрі Қытай жаққа да алаңдап, екі ұдайылыққа ұрыныпты. Оның бар бітіргені бұл кезде өзін бүкіл Жоңғария қонтайшысымын деп жариялап үлгерген Сыбан Рабтанға үсті-үстіне хат жолдап, ҚалданБошақты ханға ту сырттан тиісуші болма деп үгіттеді. Сыбан Рабтан олардың үгітіне қүлақ асты. Бірақ, Қытайдың өзі-ақ Қалдан-Бошақты ханның саудасын бітірген еді. Соғыстың жетінші жылында ерте көктемде Қалдан-Бошақты хан елу екі жасқа қараған шағында у ішіп өлді. Денесі отқа өртелді. Соғыста жеңіске жетті дегенмен осы жеті жылда сұрапыл шығындарға ұшыраған Қытай императоры Қалдан-Бошақты ханның денесі өртелгенін естіп, қатты қаһарланғаны соншалық, тіпті жынданып кете жаздапты. Оның арманы өз дұшпанын тірідей қолға түсіріп, бүкіл ел алдында азаптамақ екен.Бұл кезде шынында бүкіл Жоңғарияның билігін қолына іліп әкеткен жаңа қонтайшы Сыбан Рабтанға хат жолдап, Қалдан-Бошақты ханның сүйектерінің қалдығын, әрі қызын ешқандай шарт-мартсыз Пекинге жібертуді талап етті. Міне, осы күндері өзім куәмін, Сыбан Рабтан ауыр ойға қалды. Қытайдың талабын орындаса, бүкіл ел үшін қорлық, орындамаса тағы да соғыс өртін тұтандыру деген сөз. Сірә, Қытаймен бұған дейінгі coғыс Сыбан Рабтанның көп нәрсеге көзін ашса керек, ол ақыры оның дегеніне көніп, татулыққа көшудің қамын жасады. Кейін естідік, қытайлықтар Қалдан-Бошақты ханның сүйегін қала қақпасына керіп қойыпты да, ал қызын азаптамапты, оны сондағы бір ақсүйектің баласына қосыпты. Хош, осымен бұл тарих та аяқталды, Сыбан-Рабтан шығыстағы аждаһа көршімен татулықтың барлық қамын жасап, есесіне, батыстағы Қазақ ордасына көз алартты. Алғашқы тындырған шаруасы қазақ ханы Тәукемен соғысты. Осы тұста Бригиттаның қиялы шарт үзілді. Бұдан арғыны ол еске түсіріп, сарылып жатпады, себебі, үлкен ханым Күнгу осы Сыбан-Рабтан кезіндегі Қазақ ордасына қарсы соғыстардың баянын әлденеше рет қайталап, әр қырынан келіп, түсіндіруге көп жігер жұмсаған. Қалмақ-қазақ қатынасы өзінің жанды жарасы екенін де жасырмаған. СыбанРабтанға талай рет тізгін тартқызбаққа әрекеттенгенін қолмен қойғандай анықтап айтпаса да неше мәрте емеурін арқылы жеткізген. Бұл жайдың біразына осы соңғы сегіз жылдық халі үстінде Бригаттаның өзі де қанықты ғой. Сосын да түпсіз тарих қойнауы атты тұңғиықтан дереу бері қалқып шықты да, аспалы үш тас шам жарықтандырған жасаужабдығы мол киіз үй ішіндегі ала көлеңкеге бірден ауысты. Онсыз да күпті көңілі, мынадай тарихнамаларды шарлап шыққасын тіптен өрекпіп, әлдекім өзін оқ-дәрі толтырылған бөшкенің үстіне отырғызып, байлап-матап кеткендей қорқыныштан жүрегі дүрсілдеді. Сетержап тезірек оралса екен деп те тіледі. Бірақ ол тезірек оралған күнде де үйіп-төгіп бір құшақ жақсылық әкеле қойса тәуір-ау. Тұтқындағы швед әйелі түгілі өз басына бұлт үйіріліп, соның әлегімен жаман мазасызданған Жоңғария қонтайшысының кіші ханымы Сетержаптан бұл күнде не қайыр күтерсің? Мана қонтайшы Ақ үйден тым масаң күйде оралды деген ақпар алынды емес пе, міне, түн ортасы ауып барады, Сетержап әлі жоқ, жар құшағының ләззатын қимай бөгелуде дегенге тіптен негіз жоқ. Кіші ханымның соңғы күндердегі қимыл-қозғалысы, сөз саптасы мүлдем бөгде жырды жыралағандай. Сетержап мінезіндегі күрт өзгеріс апат, зілзала атаулыны күн ілгері сезетін егеуқұйрықтардың алды-арттарына қарамай қосаяқтап шапқан шабысына ұқсаған бірдеме
емес пе, әуелде? Иә, иә, жаңа ғана ұзақ мүләйіп, еске түсірген тарихнама беттері көз алдында қайтадан сатырлап, осы пайымын мақұлдай жөнелгенге ұқсайды. Не істемек керек, қызметші әйелдер арқылы шарап алдырып, есі танғанша ішіп, ұйқыға құласам қайтеді деген де ойға тірелді. Бірақ өйтіп те өткір жүзімен басына түсуі ықтимал балтадан қашып құтыла ала ма? Бригиттаның көзіне ұйқы тығылып, әбден талықсыған кезде ғана киіз есікті серпе ашқан күзетші, қызметші адамдардың қоршауында Сетержап оралды. Бригиттаның назарына алғаш іліккені кіші ханымның маңдайының астындағы бұлтты күнгі найзағайдай шатынаған қос шарасы еді. ҮШІНШІ ТАРАУ
Күндіз ұйықтап, кеш бата қанат қомдайтын байғыздай түнді өте сергек өткерген Сетержап бас қызметшісі арқылы бірнеше күң әйелді таң қараңғылығында оятты. Оларды іріктеу үшін ұйқысыз адамға ұзақ көрінетін осы түнде біраз ми да шағып еді, бәріне тікелей өз бақылауында тойдыра сусын ішкізіп, нұсқау айтты. Сөйтіп, жер жүзі ашылмастан-ақ «сөзіңізге құлдық» деп, маңдайларымен жер сүзе жапырылысқан немелердің жарымын қонтайшы тыныстаған шатырға, екінші жарымын ресми ошақ – Ақ үйдің айналасындағы қызметші, күзетші қауымға арналған қостарға қарай тыңшылыққа жөнелтті. Салпаң құлақ тыңшылар, жансыздар ұстау өнері қалмақ қауымының қанына сіңген көп ғажайыптарының санатында. Будда дінінің бір қыры әртүрлі сиқырға, көз байлауға икем болатыны өз алдына, ондайлыққа бой ұрғандар әрі желаяқ жүрісті келеді. Оларға өзгесі түгіл асқар-асқар таулар мен құлан өтпес шөл-шөлейттерді еңсеру көзді ашыпжұмғандайлық қана іс. Мына тыңшылар да кіші ханымды көп сарғайтқан жоқ, жүрген жүрістерін адам түгіл сайтанға да сездірмей сол күннің мамыражай таңында-ақ кері қайтты. Сетержапқа ақпар жеткізді. Енді қарайлайтын ештеме жоқ еді. Апыл-ғұпыл ішілген таңғы астан соң Ақ үйге бармаққа әзірленген кіші ханым кешегі Бригитта тіккен сұр көйлекті емес, басқа ақ көйлекті киді. – Мұныңыз қалай, мархабатты ханым? – деп қатты таңырқаған швед әйеліне Сетержап жүзін мұнартып, тым селқос жауап қайырды: – Әлгі келелі мәслихаты тағы да кейінге қалса керек, бүгіндікке осы да жарар. Бригиттаның таңданысы одан сайын ұлғайды. Жүзіндегі «оны қайдан білдіңіз?» деген сұраулы сөйлем тыңға салған соқаның ізіндей сойылып жатты. Бригиттаның мұнысының да жөні бар, себебі түнде қонтайшыдан оралғанда Сетержап келелі мәслихаттың енді шегерілмесін өзі таңқ еткізіп еді. Ал құлқын сәріден екі топ тыңшы жұмсап үлгерген оның шұғыл әрекетін Бригитта ұйқы құшағында жатып сезбей де қалған. Сосын да Сетержап тарапынан болған мұндай қарама-қайшылыққа аузын аңқитпай қайтсін? Бірақ кіші ханымның швед әйелінің ынтызарлығын тояттандырып жатуға уақыты тар еді, ал Бригиттада қадалған жерінен қан аларлық тауан қайда?
Биік тау шоқыларының ара-арасынан күн көзі сығалап, күмістей сәулелерін төменде ніл қара көктеніп жыбыршыған Ыстықкөлдің бетіне құлата бастағанда Сетержап, қасында Бригитта, басқа да біршама таза киінген нөкерлері, қызметші-күзетшілері бар, барлығы жиырмадан асатын тобымен қонтайшы тыныстаған шатырға жаяулата жетті. Осы сәтті қонтайшы да күтіп отырғандай екен. Шатырдан оның сұлбасы бөлінгенде бұл маңдағы адам қарасы қас пен көздің арасында жыпырлап сала берді. Азын-аулақ аттылар да өсіп шыға келгендей. Желді күнгі құрақтай жапырылыса қонтайшыға тағзым етіп, бастарын қайта көтеріскенде ұлы мәртебелінің аман-есен оянып, орнынан тұрғанына қуанысып, әрі оны жаңа күннің нұрымен құттықтағандай баршасының бақытты жүздері мәз-мейрам, арқа-жарқа еді. Әсіресе, сексеуілдің діңіндей ескі жүздердегі шаттық пен қуанышта табиғи нышан басым. Қалмақша әлі де зор шапағат, мәртебе тілескен үзік-үзік, бірақ өте жасқаншақ дауыстар да шаң-шұң етісті. Қонтайшыны шатыр ішінде асығыс киіндіргенге ұқсайды, бұл сыртқа шыққасын да ұзын сары жейденің сыртынан жабылған қыжым шапанын түзеп жауып, тіпті аяғындағы қап-қара мәсісіне әлдебір тозаң тұрып қалғандай жерге етпеттей кетіп, саусақ ұшымен тазалап, жан ұшырған, үсті-бастары күлгін түстес көйлек, орамалмен мықтап қымталған әйелдер қимылы үзілмеді. Оларды екі-үш қарулы адам шеттеткесін ғана қонтайшы басына бостандық алғандай. Ілезде осы маңда аппақ шатырлы екі зембіл пайда бола кетті. Шатырларының ақтығы сондай, қазанда қайнап, тасуға айналған сүттің көтерілген көбігіндей. Кедір-бұдыр жермен көп адамның иығында асығыс әкеліне жатқандықтан қалт-құлт етіп, толқында жүзген алып құстарға да ұқсап кетеді. Жерге қойғанда небәрі тізеден келетін төрт аяққа тірелетіндіктен оларға міну қиын емес, алайда қонтайшы мен ханымның әрбір артық қозғалысы үшін жан берердей көзімен баққан көпшілік болмашы қызмет ету мүмкіндігін құр жібергісі келмейді. Екі зембілдің де жанына екі қызметші етпеттей жата кетті. Қонтайшы да, ханым да солардың арқасына аяқтарын салып барып, екеуі екі зембілге көтерілді. Зембілдің үстіндегі шашақты аппақ шатырдың екі жаны жартылай ғана көлегейленген. Қонтайшы мен ханым оларға жайғасқасын да ел көзінен жасырылған жоқ, қайта сәнсалтанатымызды жұрт айызы қанғанша тамашаласын дегендей әрқайсысы өз ұясында кеуделерін көтере ұстап, көздерін баршасынан асыра жүздерін манаурата қойды. Әр зембілдің көлденең ұзын таяқтан жасалған төрт тұтқасының әрқайсысына бестен қарулы жауынгерлер жабыса кетіп, иықтарына көтеріп, қозғалып бергенде олардың тіптен сәні келісті. Ақжібек шатырлардың төбелерінде күн ойнағандай бәрінің көздерін қарықтырды. Төгілмелі жібек шашақтарының тербелісі тап бір жас балғындардың еркелігін еске түсіретіндей. Екі зембілдің соңынан шұбырған жұрт асқақ Алатаудың ақ қар, көк мұзды ең биік екі шыңына өздері қоса көтерілгендей бастағы мәртебелерін ауырсына теңселе басқанға ұқсайды. Бұлардың ішінде анау бірінің ізін бірі баса жылжыған екі зембілден биік ешқайсысы жоқ, себебі, аттылардың өздері жаяулап, шылбыр, тізгіндерін қолдарына іліп, қара кесек еттей әжімді жүздерін шытыната сәулелендіріп, аяқтарын сүріне басып келеді. Былайғы ел де солай. Қонтайшының жатын орны мен бұлар беттеген ресми орда – Ақ үйдің арасы тақтайдай жазық емес еді. Әрқайсысын жиырма, барлығы қырық адам иықтарына асқан
екі зембіл айдаладағы ақ отаулардай көздің жауын алып, жол ыңғайына қарай бұрылыстар жасап, жайымен ілбуде. Иә, бұлар қайда асықсын. Жолай шеруге қонтайшының үлкен қызы Сесон мен одан кейінгі үш бойжеткен қызы қосылды. Бұлардың әрқайсысы өз нөкерлерімен тап бір айдын жиегінде мамырлаған аққу қаздардай шуласып кеп, қол әрең жететін биіктікте қозғалған әке мен шешені жамырай құттықтасты. Артта жаяу жылжығандардың ішіндегі Бригитта, әсіресе, қыздардың үлкені Сесонға шұқшиып еді, оның жүзінен кешегі наразылық табын байқамады. Тап бір түнде өзгеріп оянған өз шешесі Сетержап сияқты онда да бір жуылып ашылған таза рең бар. Ал одан кейінгі үш қыз соңына ерген түйсіксіз перизаттары сияқты тіпті мәз-мәйрам. Тіпті бұлар түнгі ұйқыдан тұрғанға ұқсамайды, керісінше дыр-думаны мол ойын-сауықтан оралғандай, сол ойын-сауықтың қызығы тарқамаған алаулы жүздерін біреу ұят санаса да жасыра алар емес. Осы түнде ғана Жоңғарияның бүкіл тарихын зердесінен өткерген Бригитта сол аққуқыздардың соншама ашық-жарқын, бейқам болмыстарына қарап, кенет қара жер мен көк аспан қоса қабат зіркілдегендей қатерлі шақ туғандағы олардың түрін елестетуге тырысып, өз миына өзі күш түсірді. Қаншама терең ойлы дегенмен заты әйел ғой, ол жағын бұл егжей-тегжейлі көз алдына келтіре алмады, мынау жасыл түкті жайлау, тау жондарының аясындағы алаңсыз бақытты жастық реңдері бәрін жуып-шайып кете берді. Шарасынан асып төгілердей іркілдеген Ыстықкөлдің айдыны да Бригиттаны әлдебір жаман ойларға бастағаны үшін түнере айыптағандай іштен тынып жатыр. Төрт қыздың нөкер, қызметшілері келіп қосылғасын ауада жүзгендей жылжыған қос шатыр-зембілдің соңындағы шұбырған топ ауқымы әлдеқайда кеңіді. Тек Ақ үйге жақындағанда ғана кейбіреулері иықтағы басы артық киімдей өзі сыпырылып, кейіндей берді. Сәлден соң олар тіптен ажырап қалды. Ақ үйге жеткенде бұлар әлі де әжептәуір мол шоғыр еді. Ал ресми орданың айналасы өз кезегінде қонтайшы келмей тұрып-ақ қара-құраға сықасыпты. Енді бұл жерде қонтайшы мен кіші ханымды қарсы алу рәсімі басталды. Екі шатырлы зембіл жерге қойылғанда жапа-тармағай бас игендер мұнда да желді күнгі құрақтай жапырылысты. Бас игенмен аса сынып түспеген мұнда үш-төрт-ақ адам бар еді. Олар екі бас зайсан, Кукунордағы хошауыт ұлысының бір кездегі билеушісі, бүгінде Сыбан Рабтанның қолтығында жан сақтаушы Лубсан хан және қонтайшының кіші баласы Шұна-Кашка еді. Сыбан Рабтан мен Сетержап зембілден түскенде де екі қызметші етпеттей құлап, арқаларымен баспалдақ жасады. Қонтайшы табаны жерге тиген бетте өзіне ең жақын келген төртеуден бір ақпарат алды. Оны Сетержап та естіп еді. Сол сәтте кіші ханымның көздері жарқ еткенін алыстан бақылаған Бригитта да байқады. Үлкен Ақ үйдің есіктерін қарулы қызметшілер екі жаққа кере ашып тұрған. Қонтайшы тобы солай мамырлағанда Сетержап қастарындағы басты төрт адамға естірте: – Сонда бұл Шұна-Доба қайда, ұлы мәртебелім? – деп сұрақ қойды. Даусы таудың таза ауасында сынған әйнекше сыңғырай естілді. – Ол жағын Қалдан-Серен келгесін анықтай жатармыз да, – деп қонтайшы селқос жауап қайырды. Жүзінде бір мұң, абыржу барын Сетержап осы сәтте ғана байқады. Ол да кіші ханымды жаман ойдың тұңғиығына қарай одан әрі итермелегендей.
– Апырау, Қалдан-Серен Тұзкөлдің төмен жақ бетіне келіп жетті деп, бұрнағы күні естімедік пе? Одан бері неғып омалып жатыр? Қадымы шіріп қалды ма? Бүгін тағы да көрінбейді ғой, жоқ әлде бұл осы елдің құдайдан кейінгі әміршісі сізге де қыр көрсете бастағаны ма? Бұл жерде Сетержап сәл қосып жіберді. Қалдан-Сереннің Ыстықкөлдің, яғни қалмақтарша Тұзкөлдің төменгі жағалауына жетіп тоқтағанын естігені кеше кешкіліктегісі ғана еді. Кеше күні бойы шараптан аузы босамаған, әрі бүгін де басы мең-зең қонтайшы осындай болмашы асыра сілтеуді кәперіне алып жатпасы бұған анық еді. – Оның мойнындағы жүк те оңай емес-ау. Менің алдыма келу үшін көп түйінді шешіп үлгеруге жанталасып бөгелгені шығар. Бәрін жақсылыққа жориық та. – Қалдан-Серенге аяушылық білдіргенде тіліңізден май тамызасыз. Қалдан-Серендікі бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшысы Шұна-Добаның мойнындағы жүктен ауыр емес шығар. Ал біраз уақыттан бері сол бас қолбасшы туралы ызың еткен дыбыс жоқ, ал сіз былқ етпейсіз. Менен туған балаңыз Шұна-Доба бүкіл Қазақ ордасын Сіздің қанжығаңызға байлады. Оған деген рақымшылығыңыз қайда? Осы сөзден кейін ғана қонтайшы тұлабойымен Сетержапқа қарады. Бүгінгі таңертеңгілікте оған дұрыстап назар аударғаны да осы сияқты. Аппақ көйлек киіп, бетжүзі жақсылап опа-далаптанған, табиғи кескіні де келіскен ол қонтайшының көзін өзіне қатты тартты. Ала көлеңке үй ішінен гөрі қонтайшы осы даладағы күн жарығында өзімді жақсылап тамашаласын деген оймен оған жасаған айла-шарғысы сияқты. Қонтайшы сол жағын дәл сезіп, оның айласына айла табуға ниеттеніп үңіле қарап еді, тек Сетержаптың қос шырағында найзағай ойнағандай сәуле кескіленіп, екі-үш мөлдір тамшы бөлініп шығып, түрінің жаман бұзылып кеткенін байқағасын ғана райынан қайтты. Соңынан ілесе бүгежектеген Лубсан хан, екі бас зайсан және өзінің осы Сетержаптан туған кіші ұлы Шұна-Кашкадан қымсынғандай даусын жұмсарта: – Мәртебелі ханым, менің ай мен күндей қуанышым, ондай наразылықтарыңды мына шатырдың ішіне кіргесін айтсаңшы, – деді.
* * * Шатырдың ішінде ұзын көйлекті, алжапқыштары одан да асып, аяқтарының ұшын бүркеген жас келіншектер көп екен, олар есіктен еңкейе кірген аса зор мәртебелі адамдар өздерінің табиғи орындарынан жаңылысып қалмасын деп, бір-бірлеп қолтықтай әкетіп жатыр. Ең алдымен төрге барып қонтайшы қоқырайды. Шатыр ішінде желдете жүгірген үштөрт келіншектің көмегімен оның жайғасуы біршама уақытқа созылған. Сыбан-Рабтанның әуселесі таусылып, келіншектер кері шегінгенде осындай ұзын көйлекті қызметшілер Сетержаптың төңірегінде үймелесуде еді. Тек ол өмірінде тұңғыш рет осы кәнизактардың көмегін керек етпегендей қонтайшының сол жағында биік бөстектерден құрастырылып оюлы сырмақпен жабылған өз орнына тез шөкті де қызметшілерді қолымен кері жайқады. Осыдан кейін-ақ басқалардың өз орындарына отыруы көз ілеспес шапшандықпен жүзеге асқандай. Тек басына қоқырайған үлкен, әрі жиегі кең қалпақ киген, кеудесі еңкіш кәрі Лубсан хан ғана қонтайшының оң жағында шөккен орнында байыз таппағандай тықыршиды. Қонтайшының жүзін екі-үш барлады да Сетержапқа көзін тіктей сәл бөгеліп,
әлдебір ойдың аңысын аңдағандай ұзақ дағдарды. Бұл жаңа ғана сыртта қонтайшы мен кіші ханым арасында бұрқ еткен сөз алмасудан жақсылық күтпеген сыңайлы. Бір кенереден қарама-қарсы жақтағы екінші кенереге дейінгі қашықтық таяқ тастамдай бар жойдасыз кең дөңгелек үйдің ішінде айнала сықасқан жұрт сілтідей тына қонтайшының аузына қараған. Ауық-ауық бәрінің назарын Сетержаптың отты жанары тартып әкетеді.Сетержаптың оң жағында қол созымдай ғана ашық жер бар, міне сол ашық жерден әріде оның жасаулы-жабдықты қалыңдықтар аталатын төрт қызы үймелесіпті. Оларға сәл тізесін тигізе, осы елдің ішіндегі алабөтен періштедей, сары шашты Бригитта отыр. Ал қалғандарының бәрі зерлі шапанды, тұлымдары жібекпен байлаулы ауқаттылар мен қару-жарақты, әскери шенді адамдар. Тек босаға жақта ортада жел соқтырып, әрі-бері жүгірген қызметші кәнизактардың жұмысын қалт жібермей бақылаған, қарапайымдау киінген екі-үш бас қызметші отыр. Ортадағы кең-кең дастарқандар ұсақ туралған ет, жеміс-жидектер, қуырылған тары, тандыр нан, тағы басқа тағамдарға тез толтырылды. Қыш ыдыстарға лекілдете құйылған шараптар да қызыл күңгірт түстерімен мөлдірей қарайды. Әдемі кәнизактардың бірі қонтайшының кесесіне толтыра шарап құйғанда ол дәл осы мезетті көптен аңсап күтіп отырғандай-ақ жас сұлу ары қарай аяғын көтеріп үлгермеген сәтте-ақ кесені басына бір-ақ төңкерді. Кәнизак кесесіне шарапты қайта толтырды. Сол кезде қонтайшының ақ, қарасын айырғысыз айран түстес көздері оған көтеріле бағжиды. Мұнысы «кет, жоғал» дегенмен бірдей еді. Есік жақтағы бас қызметшілердің бірі сұлу кәнизактың осы тұрысынан тәртіп бұзушылықты байқағандай атып тұрып, оны желкеден аямай бір нұқып қалғысы келген адамның қозғалысын жасады. Бірақ сұлу кәнизактың тәртібінде мін жоқ еді, ол қонтайшының назарынан соң-ақ сынаптай сырғып кетті. Жалпы мұндағы кәнизактардың қимылдары сондай өздері осында үсті-үстіне қызмет жасап жүріп-ақ, әдейілеп баққан тосын біреулердің болмаса осындағы байырғы жұрттың көздеріне көп шалына да бермейді. Істері бар да, өздері жоқ елес сияқты. – Түс көрдім, ағайын, – деп қонтайшы алғашқы бір кесе шарап жұмырына жұқ болғандай тоғайған көңілмен жерден басын көтере жағалай көз жүгіртті. Тек қыста ақ қарға малынған таудың кішкентай шыршасындай тікесінен тік состиған Сетержаптан ғана көздері тайқып кетті. Оның шатынаған қос жанарында бүгін ерекше бір қаһар бар, соған етегімді іліктіріп алмайын деп сақтанғаны сияқты. Лубсан хан, қос зайсан, Шұна-Кашка, басқа да шенді-шекпенді, қару-жарақты адамдар қонтайшы Сыбан-Рабтанның мына сөзіне ол «соғыс даласынан оқыс бір ақпар келді» дегендей-ақ елең етісті. Қозғалақтап, мойындарын бір жандарына қисайта, қалқан, жабыспа, жырық құлақтарын қонтайшының аузына тосуға ұмсынысты. Ал Лубсан хан ол көрген түсін айтпай жатып-ақ бір жаманат нышанын сезгендей қабағын қарс жауып, қонтайшыға бүкіл кеудесімен бұрыла тастай қатты. Бұл хошауыт ұлысының бұрынғы билеушісі, бақ-талайдың бәрінен айрылып, бүгінде ағайындас жоңғар-ойрат елі басшысының қайырымдылығын иемденген Лубсан хан жас жағынан Сыбан-Рабтаннан жарты мүшелдей ғана үлкендігі бар, бір қарағанға қойдан қоңыр, жылқыдан торы адамның өзі еді. Түр жағынан тез аңғарылатын ерекшеліктері белінің еңкіштігі, әрі құстұмсықты бет әлпеті еді. Құстұмсық дегенде мұрнының бітімі
сондай бір қырынан қарағанда алдындағы жемді шоқып жеп отырған қара қарғаны еске салады. – Түсімде бір сілеусіннің жаңа туған кіп-кішкентай баласын әлдекім алдыма тастай салады, – деп Сыбан-Рабтан сөзін жалғастырды. – Алғашқыда сүйкімді көрініп еді, кенет шаранасын жаңа ашқан неме жұрттың көз алдында денесі ұлғайып, құлағының ұшы шашақ қылшықтанып, түгі қалыңдап, қас пен көздің арасында нағыз сілеусіннің өзіне айналып кетеді. – О, тоба-ай! – деп Лубсан хан ұзын әрі имек тұмсығын ауада бір бұлғап қойды. – Кенет жаңағы сілеусін ары-бері арпалысқа көшіп, бәрімізді тәлкекке сала бастайды, қарағым-ау. Біз оны қуған боламыз, бірақ ол үсті-үстіне омырауымызға секіріп, итәуремізді шығарады. Бір зайсан оны қақ бастан таяқпен ұрады, соған өкпелеген ол кенет жоғалып кетеді, едәуір уақыттан соң бір айдаһарды ертіп әкеледі. Сол-ақ екен, әлгі айдаһар бәрімізді жұта бастайды, бізді жұтқанымен қоймай құйрығымен жаңағы жас сілеусіннің өзін де ұрып құлатады. Лубсан хан қонтайшының мына сөздерінен соң әлдекімге «кет әрі, кет әрі» дегендей екі қолын ауада сілкілей берді. Мұнысы қонтайшыға «пәлеңізден аулақ, мына түсіңізді жоруға мен жоқпын» дегені екені баршаға жетті. Түс жорудан Кукунордың кешегі ең үлкен ақсүйектерінің бірі – Гуши ханның баласы Лубсан хан ат-тонын ала қашқасын басқалардың аузына мүлдем құм құйылғандай еді. Осы сәтте төрдегі Сетержап пен оның кіші баласы Шұна-Кашканың бір-бірімен көздері түйісті. Сірә, кіші ханым осы отырыста өз тарапынан сөз айтуға сол кіші баласы ШұнаКашканы да дайындаған сыңайлы. Бірақ әкесіне ұқсап, ұзын сары жейде киіп, белін күңгірт жібек белбеумен тас қып буған, басы жалаңбас, тұлымы желбіреген, біршама таза өңді жас бозбала жігіт өзінен жоғары отырған қос зайсан мен Лубсан ханнан асып кете алмайтынын сезгендей басыңқы күйде. Әрі Сетержап шеше болса анау әке, неге бұл шешенің айтағына көніп, әкесіне қарсы дабыл қаға беруі керек. Міне, сол жағы да оны тартыншақ ететін сияқты. Шатыр ішін ауыр үнсіздік құлазытты. Бұл тым ұзаққа созылса өздеріне мін екенін сезгендей екі бас зайсанның бірі тамағын кенеді. Сонда да сөзді бірден саудыратпай, жұртты зарықтырып барып әрең тілге келді. – Мынау шығыстағы алпауыт көршінің араны ашылып тұр ғой, содан қобалжып, уайымға салынатын шығарсыз. Қазақтан алынған тұтқындардың бірі «түс түлкінің қиы» деген бізде мақал бар деуші еді.Сол айтқандай мұндай түстерден көңіліңізге алаң кіргізіп қайтесіз? –Бұл сөйлеген бас зайсан аталғанымен, әрі киім киісіңде, қару-жарақ асынысында, сөз мәнерінде бір салиқалылық көзге ұрғанмен задында жас жігіт еді. Мынау өзінен кейін отырған қонтайшының кіші ұлы Шұна-Кашкадан небәрі бес-алты жас қана үлкендігі бар, отызға әлі тола қоймаған бекзада. Бұл атақты қолбасшы, мына сары шашты швед әйелі Бригитта жақсы білетін Черен-Дондуктың баласы еді. Бір ғажабы, мұның да аты-жөні Черен-Дондук. Қазір де өзі жаулаған Қазақ ордасының ең бір шұрайлы қоныстарының бірі – Қаратал мен Ақсу өзендерінің екі аралығында көшіп-қонып жүрген, аздап өмірдің қызығына бой ұрған, мына Ыстықкөл жағасындағы Сыбан Рабтанның шақыртуына бірде келсе де бірде келмейтін әке Черен-Дондукты қалмақтар үлкен Черен-
Дондук, ал қонтайшының қасында сол әке абыройының арқасында бас зайсан санатында қонжиған баласын кіші Черен-Дондук атайды. Бұл кіші Черен-Дондук те әкесіне ұқсап, жастайынан қылышын қанға суарған, әрі әскер бастаған, қолбасылыққа икемді жас еді, тек соңғы кездері алыстағы әке қалауымен бұл қонтайшының қасында бас зайсандардың бірі саналады. Бүйткенде үлкен ЧеренДондуктың не ойы бар, оны хас машайықтың өзі ашып-айыра алмас. Қонтайшының түсін жорудан жалтарғанмен Лубсан хан мына бас зайсан – кіші ЧеренДондуктың пайымын үнсіз құптай салудан аулақ еді. – Біздің қалмақтардан да керенау, тоқтықты да, аштықты да көтеруге жоқ қазақтардың еріккенде ауыздарынан ұшқан бір шатпағын ұлы мәртебелі қонтайшының алдына сары майдай езіп, неменесіне тосып отырсың? Шақшадай басында көп мәселе тоғысқан осы шақта бұл Будда әулиемнің ұлы мәртебеліге берген аяны емесіне кепілдігің бар ма? Жаңағы өзің атаған қазақтарда «Соқыр көргенінен жазбайды» деген де бір мақал бар. Мен де оны өзіме қызмет етуші қазақ тұтқындардан естігенмін. Біз соңғы жылдары тек қазақтардан есемізді алумен келеміз, кейде олардың да тұяғының бізге қатты тиетіні бар, содан барып сөздің тұнығын, ойдың тереңін солардан таппаққа бел буғаның ба? Қазақтар кемеңгер болса біздің аяғымыздың астында тапталар ма еді? Қой, қарағым, ұлы мәртебелінің түсін жоруда бұдан гөрі биігірекке көтеріліп шамалағаның жөн. Лубсан хан осы сөздерімен Сыбан Рабтанның алдында өз беделін бір көтергенін сезгендей жүзінде тоғайған рай білінді. Сетержап оған шаншыла қарап, Қукунордың кәрі ақсүйегін табанда жұлып жеуге қозданғандай қаһармен қатып-сенді. Тегінде кіші ханымның бұл Лубсан ханды суқаны сүймейтін. О баста оны өзінің кәрі күндесі Күнгумен туыстығы үшін қош көрмесе, келе-келе тіл мен жағына сүйеніп, қонтайшының назарын келелі мәселелерден ауытқытып әкетуді жиілеткесін тіптен атарға оғы жоқ. Міне, қазір де қонтайшы көрген түсін сылтау етіп, өзекті мәселелерден бой тасалайды, ал Лубсан хан оны одан әрі қамауға тығады, жас басымен салиқалы кеңеске үндеген кіші ЧеренДондукты беттен қағады. – Меніңше, кіші Черен-Дондуктікі жөн сөз, – деп Сетержап осы тұста суырыла жөнелді. – Лубсан хан, сен теріс лағып, жас зайсанның текке бетін қайтарасың. Жаңа ғана өздерің мойындағандай ұлы мәртебелінің басында алуан мәселенің тоғысқаны анық. Сондайда ол кісі түсінде әрқилы құбыжықтар көрсе, оның несі таңсық? Осы кәкіршүкірмен уақыт оздырмасақ қайтеді? Сетержеп бұл сөздерді де үлкен есеппен айтты. Анау отырған кіші Черен-Дондукты ішке тарта жақтай сөйледі. Задында бұл кіші Черен-Дондук пен кіші ханымның арасында бір терең ор қазулы. Ол кіші Черен-Дондуктың әкесі – үлкен Черен-Дондуктың кейбір ісәрекеттеріне байланысты еді. Осыдан екі жылдай бұрын Ресейдің ұлы патшасы Петр арнайы жөнелткен капитан Иван Унковский басқарған орыс елшілігі жөніндегі пікір қайшылықтары Сетержап пен үлкен Черен-Дондуктың ара-жігін мүлдем алшайтып жіберген. Ресей империясы десе тісі тісіне тимей сақылдайтын Қалдан-Серен орыс елшілігін түгелімен таяққа жығып, қайтып бұл елді көрместей етіп қайтарайық десе, үлкен Черен-Дондук одан да асып түсіп, оларды қойша бауыздауды ұсынып, әрі ол шаруаны өзіне тапсыруды өтініпті. Ал Сетержап Еділ бойындағы өз әкесі Аюке хан сияқты орыстарға бодандықты қабылдау жағында еді.
Қонтайшының алдындағы бір жиында Сетержаптың осы көзқарасы үшін Қалдан-Сереннің де, үлкен Черен-Дондуктың да кіші ханымға жаман тілі тиген. Әрі «Аюке хан орыстарға малай есепті» деп оның әкесінің атына да жаман ғайбат сөздер айтқан. Қонтайшы ол екеуінің бетін әрең қайтарған. Сол жиында Санжи атты зайсан Сетержаптың пікірін қолдағаны үшін үлкен Черен-Дондук қонтайшының көз алдында оның басын шауып тастай жаздаған. Міне, сөйткен үлкен Черен-Дондуктың баласы мына кіші Черен-Дондук. Өткендегі оқиғалардың бәрі қаз-қалпында Сетержаптың есінде. Бәрібір одақтасты керексінген кіші ханым жас зайсанды ішке тарта жақтай сөйледі. Осы тұста бас зайсан Санжиді де көз алдында елестетті. Ол қазір қайда? Ол қазір өзінің бір кездегі саяси қарсыласы Қалдан-Сереннің қасында, соның ақылшысына айналғанын жүрегі ауыра есіне түсірді. Қонтайшы өзінің сүйікті жұбайын сабырға шақырғансыды: – Менің ай мен күндей аруым, сен бүгін тіптен құлпырып кетіпсің, саябырлашы, асығып қайда барасың? Анау швед әйелінен көп мағлұмат алғаныңды мақтан етесің. Сонда да бір мағлұматқа қанықпапсың. Өз отанынан жырақтағы ол швед әйелінің басындағы өкініш, күйініштер де жетіп артылатын шығар. Сөйтсе де қарашы, көркі мен көңіл күйі егіз қозылардай, жұп жазбастай. Сен де солай жинақылансаңшы. Көрген түсім жайында баршаның жорамалын тыңдағым келеді. – Осыны айтты да алдындағы мөлдіреген шарап толы кесесін аузына көтерді, оны ұзақ сораптап, асықпай жұтты. Кесесін жерге қайта қойғасын енді ауызға іліктірерлік дастарқанда не дәм барын ажырату үшін оған ұзақ үңілді, мөлиген қалпын бұзбай біразға дейін қатып-сенді. Қонтайшы Сыбан Рабтанның осы кейпінен соң түс жорушылар айнала жұрттың арасынан кепкен қурайдың сынғанындай таңқ-таңқ етіп, бірінен соң бірі бой көтере бастады. «Баршамызды жұтқан айдаһар Будда әулиенің ұйғарымымен бізге жіберілген бір қамқоршы шығар» деп соқты бір жарамсақ. «Ал жаңа туған сілеусіннің баласы тосын олжа бәлкім» деп екіншісі үстемеледі. Қонтайшының көрген түсін жақсыға жору үшін басқалары да тапқырлықтың неше түрлі үлгісін көрсетті. Сетержап қатты уайымға бата бастап еді. Өзінен сәл төмендеу отырған түйсіксіз, жүздері жалт-жұлт етіп май жаққандай жылтыраған қыздарына, швед әйелі Бригиттаға қарап, тіптен салы суға кетті. «Жоқ, мына қонтайшыға қайыру жоқ, қармақ жұтқан жайындай тұңғиыққа әкетіп барады» деп іштей үгітілді. Кіші ханым бірінен бірі сөз асыра ділмарсыған жағымпаздардың сөзін естуден қалып еді, кенет есікті серпе ашып, ескі қызметші Цуй кірді.Бұл осыдан екі жыл бұрын қонтайшы ұрғасында орыс елшілері жатқанда қалмақ пен орыстар арасында байланысшы қызметін атқарған – Цуй еді. Кәнігі, біраз ақыл ойы бар, әрі сенімді ол қонтайшы шатырына аса маңызды шаруа үстінде осылай рұқсатсыз баса көктеп кіретін дәрежеге көтерілген. – Ұлы мәртебелі қонтайшым, сізден сүйінші! – деп ол шатырдың орта тұсына адымдай жетті де жер тізерлей отыра кетіп, басын төмен сылқ еткізді. – Сүйіншің дайын, айт! – деп қонтайшы сыздана қарады. Ал Сетержаптың жарымжан көңілінде бір үміт оты жарқ етті. «Мүмкін, Шұна-Добадан хабар әкелген шығар, мүмкін қазақ жеріне басып кірген ол қайыру бермей жүрген жаудың тағы бір тобын іздеп тауып,
талқандаған шығар, сөйтіп мерейіне мерей қосты ма?». Бірақ хабаршы – Цуй мүлдем бөгде қиырдан атой берді: – Ұлы мәртебелім, сіздің хойт тайшасы Вэйчжи-Хэшоцимен тұрмыс құрушы қызыңыз Ботлок шекесі толған торсықтай аппақ ұл тапты. Құдайым, Будда әулием артық көрмесе сіздің мәртебеңізді одан әрі шарықтататын тағы бір баһадүр дүниеге келді! Сетержаптың үміті ақталмады, бірақ сонда да кіші ханым Цуйдың осы хабарына қатты ойлана зер салды. Әлденеден қонтайшының оң жағында омалған Лубсан хан көзін тартты. Тартқаны соншалық, қос жанарына шамадан көп күш түсіріп ауыртып әкетті. Алғашында бұл көңіл күйінің себебін Сетержаптың өзі де түптеп танымаған. Сірә, адамдағы түйсік дегенің оның ақылынан да алғыр, түйсік ақылдың алдында жүреді екен. Сетержап қапелімде қатты сансырап, осы қалпын едәуір ақылға салып қана мәселенің байыбына барды.
* * * Цуй әкелген хабар тап осы хал үстінде қонтайшы үшін қуаныш дегенмен де бір кілтипаны бар жай еді. Ботлок қонтайшы Сыбан-Рабтанның үлкен әйелі Күнгуден туған қыздарының кішісі. Мына Сетержаптан туған Сесоннан сәл ғана үлкендігі бар, еліктің лағындай ойнап тұрған ерке қыз-тұғын. Сөйлегенде сөздері тас бұлақтың суындай сыңғырайды. Әрі көркін айтсаңшы. Кезінде оған қызығушылар көп шығып, басқасын былай қойғанда Тибеттегі далай-ламаның өзі кісі салып, Ботлокты өз ұлдарының біреуіне әперуге жанталасты. Бірақ Ботлокты жанындай ыстық көретін Сыбан Рабтан өзі біршама тәуелді далай-ламаның да меселін қайтарып, оның баласына басқа бір қызын беріп құтылды. Бірақ бәрібір Ботлоктың басын әзірге бос ұстаймын деген дәмесі жүзеге аспады. Осыдан екі жыл бұрын, Жоңғария хандығының бүкіл әскерін басқарған Шұна-Доба жеті топ әскер құрып, Қазақ ордасына жеті бағытта тап бергенде елдің шығыс шекарасынан әріде басқа бір бұлан-талан қақтығыстар қоса шақ-шұқ етті. Ол Кукунорда хошауыттар ұлысының ішінде оқыс тұтанған соғыс өрті еді. Табиғатында тойымсыз Жоңғария қонтайшысының батыста Қазақ ордасын жаулауда мерейі үстем шыққанмен әсте көңілі орнына түскен емес. Себебі, кеудесінде жазылмаған, қайта күннен-күнге ушыққан екі жанды жара бар еді. Оның біріншісі Халха да, екіншісі Кукунор аталатын. Өзінің бұрынғы әріптесі, бүкіл Жоңғарияның ішін де, сыртын да қанға бөктірген қонтайшы Қалдан-Бошақты хан Тушету-хан басқарған Халханы қайтып аламын деп, Қытаймен жеті жылдық соғысқа киліккенде оны қайтармақ түгіл бұрынғы барынан айырылып тынып еді. Өз әйелдерінің ішіндегі ең ақылды данасы, кейін мына Сыбан Рабтан тартып әкеткен Күнгудің үлкен әкесі Очирту-Цецен-хан басқарған хошауыт ұлысының бүкіл басшыларын тайлы-таяғымен қан қақсатып, өзіне қарсы қоюы Кукунордың біржола бөлініп, Қытай атты аждаһаның аузында кетуіне жол ашқан. Иә, сөйтіп, бұл күнде Халха да, Кукунор да сол Аспан асты империясының қоластында. Ал Жоңғарияның бүгінгі қонтайшысы Сыбан Рабтан сол өзінен бұрынырақ кеткен есені қайтармақ пиғылдан әсте айныған емес. Қайта күннен-күнге ашқарақтана қарайтындай. Желкеден басқан ауыр мәселелерден қолы қалт еткен мезеттерде немесе шарап қызуымен шабыттанған шақтарда өзінің ең жақын сырластары алдында Халха мен Кукунорды Қытайдан қалай тартып әкетеміз деген сұрақты қасақана тілге тиек етіп, ішкі шерін
ағытады-ай келіп. Шөбі шүйгін, суы бал Халха мен Кукунордың еңбекші араттарын Қытай атжалмандарының сүліктей соратыны хақында әр кез алдына там-тұмдап жететін ақпараттарын алға тосып, сағыздай созып, ежіктей, езіле сөйлеуі кейбір көңілі босаңдардың көздерінен жас шығаратын. Иә, қонтайшының аталмыш арманын орындауда әзірге бар қолынан келетіні осы ғана еді. Ал, осыдан екі жыл бұрын Қазақ ордасына қарсы ұлы науқан басталғанда Сыбан Рабтанның ту сыртында оқыс оқиға бұрқ етті. Алғашқыда қонтайшының көктен тілегені жерден келіп, тосын олжа өзінен-өзі адасып, мұның қанжығасына байланардай әсер етті. Мына шығыстағы Кукунорда қытайлардың езгісіне шыдамаған хошауыттар оларға қарсы бас көтеріп, соғыс ашты. Ал оны бастаған кім? Ол сондағы ең текті тұқымдардың бірі, хошауыт Гуши ханның баласы, мына тап қазір Сыбан Рабтанның оң жағында, қонтайшының түсін дұрыс жоруға барынша мүдделілік танытушы Лубсан хан еді. Анығырақ айтсақ осы Лубсан ханның баласы – жас баһадур Дан-Жун еді. Дан-Жун әкесі Лубсан ханға қарағанда сергек ойлы, айлакер болатын. Ол Қытай үстемдігінен мына жоңғар-ойрат мемлекетін басқарушы қонтайшының көмегінсіз құтыла алмасын сезіп, көтерілісті бастаған күні-ақ Сыбан Рабтаннан көмек сұрап үлкен елші салды. Сыбан Рабтан өзінің биыл ғана Қазақ ордасына қарсы бүкіл әскерін аяғынан тік көтеріп аттандырып жібергенін, тап бүгінде өзінің барынша қолы қысқалығын айтып, жалтарып шыға келді. Шындығында, бұл Қазақ ордасын шабардан сәл бұрын бейбіт келісім жасасқан Қытай империясының шабына тиіп кетуден жасқанды. Себебі, өзінің бұрынғы әріптесі Қалдан-Бошақты ханның ол аждаһаға қарсы жеті жылдық соғысы немен аяқталғанын ұмытқан жоқ еді. Бірақ сонда да жерік астың күйігі жаман екен. Лубсан ханның ержүрек баласы Дан-Жунның ісін сөз жүзінде барынша қуаттап, ауызша уәдені, мақтау сөздерді аямай үйіп-төкті. Сөйтіп, алмай-бермей мырза атанып, екі жеп, биге шықпаққа емексіді. Себебі, Кукунордағы бұл оқиға Халхадағы езілуші қалмақтардың да, олардың басшыларының да іштеріне жел бітірер деп дәмеленді. Бірақ қонтайшының ойлағанындай болмады. Батыстағы Қазақ ордасына қарсы шабуыл таудан құлаған тасқынның жылдамдығымен үдегенмен шығыстағы Кукунор жанқиярларының екпіні олай шықпады.Бұлар Қытай императоры жіберген әскерге қарсы бір жылғана төтеп бере алды. Сөйтіп, осы былтыр ғана тас-талқаны шығып, ұлы хандықтардың қайта қыспағына алынды. Тек Лубсан хан мен оның баласы Дан-Жун айналасындағы аз ғана топпен қашып, Сыбан Рабтанның қарамағына келіп бас сауғалады. Қытайлықтар олардың соңынан өңмеңдеп, Жоңғария жеріне баса-көктеуді орынсыз санады.Тек Сыбан Рабтаннан Лубсан хан мен оның бүлікшіл баласы Дан Жунды қолдарына беруді талап етті. Тура әлгі Қалдан-Бошақты ханның туы жығылғандағы оқиға қайталанатынға ұқсады. Бірақ Қазақ ордасын күйретіп, деміне нан піскен, өрісі кеңіген Сыбан Рабтан оларды қытайлықтарға байлап-матап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ол ол ма, Кукунорды дүр сілкіндіріп, бүкіл Қытайдың тұнығын шайқап жібергендей көрінген мына Лубсан хан мен оның баласы Дан-Жунды адам айтқысыз зор құрмет-қошеметпен қарсы алды. Жоңғар-ойраттардың хошауыт тайпасына жататындары негізінде Кукунорда делінгенмен мұнда да оның біраз тамтығы қалған. Солардың басын құрап, құл мен малайлар есебінен толықтырып, өз алдына бір ұлыс етіп жариялады да, оған Дан-Жунды
тайшылыққа бекітті. Ал әкесі Лубсан ханды өзінің оң жамбасын басып отыратын ақылшысы тағайындады. Сыбан Рабтанның әкелі-балалы хошауыттарға көрсеткен құрметі мұнымен де тәмамдалмады. Көзінің нұрындай көрген, тіпті Тибеттегі далай-ламаның баласына қимаған әлгі Ботлок атты еркетотай қызын осы Дан-Жунға ұзатты. Ал ендеше...Бұл күнде желке жүні жаман күдірейген Жоңғария қонтайшысы өз үйінен өрт шығып, бұта қорғалаған торғайдай бүрісіп жеткен бұларға одан артық не ұшпақәперсін. Иә, бұл бір жайдан Сыбан Рабтанның Қытай императорына қыр көрсетуі, әрі оның тамырын басып байқағанына ұқсас әрекеті еді. Басынан сан салалы ой тоғытып, бір құбылысқа әлденеше қырынан қарап бақпаса ол қалмақ қонтайшысы атана ма? Сөйтіп, Лубсан хан мен оның баласының жығылған жүні қайта тіріліп еді. Бірақ бастағы бақты ұстап тұру үшін де ақыл, ұстамдылық, әрі сақтық керек емес пе? Міне, осы жағы Дан-Жунда сәл жетіңкіремеді. Қонтайшының ең сүйікті қызын қолына қондыруын, бір ұлыстың тайшысы атануын, әрі әкесінің қонтайшының оң жағында оның бас зайсандарымен тізе тиістіре қонжиюын қосымша мансап көзі ретінде пайдалануды ойластырды. Шындығында Лубсан хан мен Дан-Жунды мына қонтайшы Сыбан Рабтанның отбасымен туыстық желі де байланыстыратын. Лубсан ханның әкесі Гуши хан қонтайшының үлкен әйелі Күнгудің үлкен әкесі Очирту-Цецен ханға әке – атақты Байбағыс ханның інісі. Ағалыінілі Байбағыс хан мен Гуши хан хошауыт ұлысының іргесін нығайтып, буынын қатайтуға, жалғыз хошауыт емес-ау, бүкіл Жоңғария атты ұлы мемлекеттің қалыптасуына қанша күш жұмсағанын мұндағы елдің көзі ашық, көңілі ояуларының білмейтіні жоқ. Иә, ол солай. Қонтайшы отбасында өзінің кемеңгерлік ақылбілімімен, ұстамдылығымен көптеген ойсыз істерде тізгін тартқызып, сақтандырып отыратын Күнгу бұл күнде жоқ, есесіне одан туған балалар бар. Қонтайшының сол Күнгуден туған үлкен ұлы Қалдан-Сереннің есімі бұл күнде бүкіл Жоңғарияда сол қонтайшының өзінен кейін екінші аталады. Ресеймен де, Қытаймен де болған көптеген қақтығыстарда туы жығылмай, тәжірибе жинақтаған сақа қолбасы, әрі шебер мәмлегер. Міне, Лубсан ханның баласы Дан-Жун бір жайдан осы Қалдан-Серенді сүйеніш етпекші. Қойнындағы сұлу келіншегі Ботлокты бір әке, бір шешеден туған ағасы Қалдан-Серенге ара-тұра жіберіп, өзінің кейбір өтініштерін орындатып алды. Дан-Жунның сөйтіп, аз мерзімде араны ашылды. Қытайлықтардан жаман соққы жеп, мал-мүлік, бақ-дәулет бәрінен айрылып, өз үйі, өлең төсегінен қуылғанының ыза-күйінішінен тез-ақ айықты. Тумысынан ержүрек, әрі айлакер ғана емес, бұл сұмдық билікқұмар да еді. Бара-бара Жоңғария жеріндегі мардымсыз хошауыт қалдықтарынан құралған кішкентай ұлыс барынша қомағай Дан-Жунның жұмырына жұқ болмайтындай көрінді. Қия тастан түлеп ұшқан жабайы бүркіт балапанындай бұл бірден алысты шалды. Қонтайшының үлкен ұлы Қалдан-Сереннің осыншама айбарлы тұлға атана тұра Қазақ ордасына қарсы қозғалған бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасылығына қалай ілікпей қалғанын, кіші ханым Сетержаптан туған Шұна-Добаның неліктен мерейі үстем шыққанын қалыңдығы Ботлок арқылы бұл алғашқы күндерде-ақ жақсы ұғынған. Әрі Қалдан-Серен мен Шұна-Доба арасында күннен-күнге ширыққан шиеленістің де пісу барысын мұқият қадағалады. Дан-Жун түз елінің түлегі ретінде жас басымен орманда
беттескен екі аң шайқасса тұмсығы сілекейлене сұқтанған үшінші аңның алғашқы екеуден де олжалы шығарын мықтап кәперіне алды. Сөйтіп, қонтайшының өзіне көрсеткен зор құрметі, ең сүйікті қызын бұған әйелдікке беруі, құр тамтығы дегенмен де ұлыс атауы бар бір тобырға тайшы етіп бекітуі мұны шектен тыс қанаттандырып жіберді. Қонтайшы ғана емес, оның үлкен баласы Қалдан-Серенніңде көп көмегін пайдаланған Дан-Жунның енді түптің түбінде сол Қалдан-Сереннің түбірінен опырылар сәтіне иегі қышыды. Егер Қалдан-Серен мен Шұна-Доба бір-бірімен шайқасып, екеуінің де көздері жоғалса немесе бірі өліп, екіншісі іске алғысыз күйде қансырап жатса, басқа балаларының пәлендей қолбасылық қабілеті жоқ, мына төрінен гөрі көрі жуық қонтайшы күні еңкейген шағында бүкіл Жоңғарияның тізгінін кімге табыстамақ? Кіші ұлы Шұна-Кашкаға ма, жоқ, оның қолынан келмейді. Өзара шайқасамын деп, тірі қалған екі үлкен ұлдың біріне ме? Ол да екі талай. Дан-Жун да бұл күнде екі қолы алдына сыймай отырған тәжірибелі қолбасы емес пе? Өзара шайнасып, тірі қалған екеудің бірін сол қолы қанға батып сансыраған шағында ес жиғызбай, әрі оған қосып, сары ауыз балапан –Шұна-Кашканың көзін жойып жіберуге бұл неге құлшынбайды. Әрі оның бәрін өзінен келген кер емес етіп, өзгенің қолымен от көсеп, бәле-жаласын өзінен аулақта атойлатуға, сөйтіп, көргеннің де, көрмегеннің де көзін байлап, адастыруға мұның айла-шарғысы жетпей ме? Иә, сөйтіп, аждаһаның аузынан құтылып, мұнда кеп, Жоңғария қонтайшысының шектен тыс қамқорлығынан аз уақытта басы айналған Дан-Жунды осылай түлен түртті. Шайтан азғырды. Ойға алған жоспарды жүзеге асыру үшін оған алдын-ала дайындық керек емес пе? Дан-Жун ол жағын да жадында тұтты. Кукунордан өзімен бірге сытылып шыққан ең жақын, сыбайлас, қанды көйлек бес-алты достары алдында өзінің тұлабойын билеп әкеткен қиялын оқтын-оқтын жайып салуды дағдыға айналдырды. Қалайда, бір бастан гөрі бес-алты бастың қоса ойласқаны әлдеқайда тиімді емес пе? Достары да өзіне сай екен, бас шұлғысқаннан басқа алып-қосарлары табылмады. Енді қайтсін, қысқа өмірде өздерімен көп ащы-тұщыны бірге татысқан бұл ежелгі ақсүйек тұқымы Дан-Жун құдай оңдап, бүкіл Жоңғарияның қонтайшысына айналса бұлар үшін де аспаннан алтын жауғанмен бірдей емес пе? Әрқайсысы құрығанда бір-бір ұлыстан иемденіп, төбелері көк тіреп, бой созып кетпей ме? Бәрінің көрген тәрбиесі, кешкен хикметтері бір, олар да осы өрекпіген қиялдың төңірегінен табылды. Сөйтіп, Дан-Жун өзінің ғана емес, қасындағы ең жақын сыбайластарының басын қоса айналдырды. «Досыңа сыр айтпа, достың да досы бар» деген. Дан-Жун мен оның кішкентай тобыры бұл мақалды ғана емес, әзірге тұғырдан таймаған Сыбан Рабтанның алды-артын күні бұрын ойлағыш, жырынды екенін де ескермепті. Осы Дан-Жун тобына қызмет етуші құлдар мен малайлардың, қайыр сұрап үйірсектеген шалдар мен кемпірлердің арасында қонтайшының салпаң құлақ тыңшылары жүретінін де кәперге алмайды. Құдайдың қарғысы атқан бір күнінде осы салпаң құлақтардың бірі Дан-Жун тобының ішінде әзірге қысыр қиял түрінде болса да осындай бір пиғылдың пісіп-жетілуде екенін іліп әкетті. Мұны естігенде Сыбан Рабтанның дүр сілкінгені соншалық «жеріңе Қытай империясының қалың әскері лап қойды» десе де тап ондай күйге жете қоймас. Сыбан Рабтан дереу Дан-Жун сыбайластырының біреуін сылтауратып, ұрғаға шақыртты да оңашада етіне отқа қыздырылған темір басып, шынын айтқызды. Салпаң
құлақ тыңшының ақпары толығымен расталды. Қонтайшының бір мінезі бүгін істелетін шаруаны ертеңге қалдырып жатпайтын. Сол күні-ақ Дан-Жунды шақыртты да шұғыл жиналған көптің, оның ішінде мына әкесі Лубсан ханның көз алдында екі сөзге келтірместен тірідей отқа жақтырды. Сөйтіп, ең сүйікті қызын өз қолымен қосқан күйеу баласын солай жойды. Бұл ретте Сыбан Рабтан Лубсан ханның да бет-жүзіндегі құбылыстарды қоса бақты. Лубсан хан да әккілік жөнінде алдына жан салмастың өзі екен. Ол баласына араша түсудің орнына құдайдың, Будда әулиенің және қонтайшының жақсылығына жамандықпен жауап қайырған өз нәсілінің атына қарғыс айтып, одан бас тартып шыға келді. Отқа өртеніп жатқан Дан-Жунның денесіне қарай бір тал қурайды өз қолымен лақтырды. Сөйтіп, қонтайшының өзіне деген рахымшылығын сол бұрынғы бұзылмаған күйінде сақтап қалды. Бұл оқиға дәл осы өткен қыста, қалмақтар өз жыл санау тәртібі бойынша жаңа жыл мерекесін тойлар қарсаңда болған. Одан соң, еуропаша, яғни Ғайса пайғамбардың туған күнінен басталатын күнтізбедегі қаңтардың екінші жартысында, ескі ай сөніп, жаңа ай туа қоймаған өліара шақта басталған онбес күндік жаңа жыл мерекесі бәрінің бастарын айналдырып әкетті. Жез кернейлердің көк аспанды тітіркенткен үні астындағы әртүрлі діни салт-жоралар, ойын-сауықтар, ішіне оқ-дәрі толтырылып үйілген бір шөмеле шөпке қонтайшы өзі бастап от қойып, ол аспанға атылғанда баршасының шығыстағы аждаһа көрші – Қытайға қарсы өңештері жыртылғанша айғайлап, оқ атып, айбар шегуі сияқты көріністер үстінде әлгі жас қаралы келіншек Ботлоктың түр-тұлғасы жұрт көзіне жиі түсетін еді. Шындығында, ол сөз жүзінде ғана көк құдайы мен жер құдайының кәріне қоса қабат ұшырап, қосағын жоғалтқан қаралы келіншек. Ал іс жүзінде ол ондайлықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынға ұқсайтын. Қыстың аязы екі бетін албыратып, сусар жағалы түлкі ішік киген ол бұрынғысынан да сұлуланып, мынау ұлан-асыр мейрам үстінде алқара көптің ортасындағы ең көңілді перизат осы болып шықты. Сыңғыраған күлкісі тас бұлақтың тап-таза мөлдір суын еске салып, ішіп, татып көрмеген адамның өзінің мейірін қандырарлықтай. Сөйтсе мұның бәрі текке емес екен. Осы мейрам күндерінде Ботлок басқа бір ол да аса текті тұқымнан шыққан жас бекзаданың жан-жүрегін баурап үлгеріпті. Ол қазіргі күйеуі, хойт тайшасы Вэчжи-Хэшоци. Ботлок та әкесінен ауысқан, алды-артын жіті болжағыш қасиетті иемденуші еді. Ол дереу сол әкеге өзі айтуға қымсынғанмен басқаларды жұмсап, Вэчжи-Хэшоци екеуінің үйлену тойын ай-шайға қаратпастан жазға қалдырмай қыстың көзі қырауда жасатты да жіберді. Міне, одан бері алты айға толмайтындай ғана уақыт өтіпті. Осыдан бірер апта бұрын Ботлоктың айы-күні жақындап, бүгін бе, ертең бе деп отырғанда бір сыпсың өсек өрттей қаулаған. Саусақтарын есеп-шот орнына пайдаланып, ай санап, жыл қайыруға шебер қалмақтар Ботлоктың ішіндегі баласы хойт тайшысы Вэчжи-Хэшоцидікі емес, бұрынғы күйеуі Дан-Жуннан қалған дегенді таратты да жіберді. Ол өсек қонтайшының құлағына да жеткенмен көптің аузына қақпақ қоя ала ма? Қасындағы Лубсан ханға ол мәселеде не айтарын білмей жер шұқыған. Лубсан хан да естіген жайға мән бермегендей меңіреу күйде омалған. Жүзінде қонтайшы күдігін танып-білмеген адамның бейқамдығы соқырға таяқ ұстатқандай айқын. Шынында өзінің туған немересінің дүниеге келуі мүмкін екені
туралы алып-қашпа сөзге бұлайша бейтараптану екінің бірінің қолынан келе бермес. Міне, сол өнерін Лубсан хан тап қазір де, ол немересі шыр етіп жарық дүние есігін ашты деген хабар үстінде де асқан шеберлікпен көрсетіп бақты.
* * * Ал Сетержап Лубсан ханды көз нысанасына алудан танбады. Аталмыш хабарға қай қырынан қарау керек, бұл сұрақ осынша әккі ақылды басқа да оңай шешімін таптыратынға ұқсамады. Ол дереу өз қыздарынан төмен отырған, сүмбіледей сұлу Бригиттаға қадалды. Бригитта да кіші ханымның оқыс назарын тез танып, не жайында ақыл сұрайсың дегендей көз түйістіре ол да тастай қатты. Сетержап бұл швед әйелінің мынау қонтайшыға құдай тағы бір немере сыйлады деген хабардың астарында қандай кілтипанның жатқаны жайлы білігі қаншалықты екенін іштей таразылады. Білігі жеткілікті-ақ, себебі, осы соңғы алты айдың әлетінде Сетержап пен Бригитта арасында сол кіші ханым үшін аса сүйкімсіз Ботлоктың жеңіл жүрістері, алғашқы күйеуі тірідей отқа тасталғанда оны қорғамағаны өз алдына, тіпті ол үшін бір түйір көз жасын да қимағаны, дем арасында екінші күйеудің төсегінен табыла кеткені жайлы қыруар әңгімелер таза дәні мен шаң-топаны араластырылып, қаншама сапырылды десеңші. Бірақ Сетержапты мықтап күмілжітетіні бұл заты бөлек, басқа елдік әйел бір құбылыстың өзіне қалмақтарша емес, басқа қырынан қарап, кіші ханымның түпкі ниетімен қабыспайтын алабөтен қорытынды жасайтыны бар. Ал оны өз ішкі ниетіне қарай бұрып салып, өз есебіне сәйкес қорытындыға жетелеу үшін онымен оңаша дидарласуы керек. Мынадай аттың жалы, түйенің қомында оның орайын қалай келтірмекші. Сетержап швед әйеліне ұзақ қадалмады, тек қабағын сілке көтеріп, Лубсан ханға қайта сұқтанды. «Сен де соған зер салшы» деп, Бригиттаның назарын қоса ілестіре әкетті. Сетержаптың көкірек қуысында жел соқтырғанды Бригитта да құр жібермеген, бірақ кіші ханым топшылағандай шынында да бұл осы құбылысты басқа қырынан танып еді. Мынау Жоңғария қонтайшысының оң жағында онымен тізе түйістірген құс тұмсық, еңкіш шал – Лубсан ханның басындағы бір қасірет екеу-үшеуге айналып, соның бәрін қың демей көтеру мәжбүрлігіне ұшыраған жанның болмысын бұл бақытсыздықтың қара қойыртпағына балаған. Енді қалай, Сыбан Рабтан оның баласын тірідей отқа жағады, сөйте тұра бұл оның сенімді серігіне айналады, шашбауын көтереді, әрі бүгін де өз немересінің туғанын біле тұра оны өзгеге теліп, сол өзгенің қуанышына ортақтасады. Мұндай қасіретті, мәжбүрлікті түздіктер елінің темір сүйекті итаршылары ғана көтере алар. Ал Еуропаның төрінде мұндайлықта ең бір майысқақ, құбылмалы, екі жүзділердің өздері шарт сынар. Ол осылай өз қиялымен кетіп, Сетержаптың өзіне арналған арнайы назарынан соң кіші ханым Лубсан хан басындағы бұл жаңа тәлкекті өз пайдасына қалай асыра алады деген сұраққа шүйлікті. Осы орайда, темірдей берік әйел Бригиттаның кеудесіндегі жібі босап, әлдене есіне оралғандай, көзіне жас үйірілетінге ұқсады. Бұл әлденеден Лубсан хан басындағы халден өз тағдырындағы тауқымет, тақсіреттің ұшығын қоса аңдап, «апырау, әлдекімнің мүддесі үшін менің қоса күйіп, бас шағуым керек қой, ол ненің ақысы» деген сұрақ көкірегіне қадақтай тиді. «Бұл мәжбүрліктен ол мәжбүрліктің несі артық?».
Осылай ауа жайылып барып, «жә, бұл былқыл-сылқылыңды кіші ханым таныса бүгінгі күніңе де зар боларсың» деп, өзіне-өзі қатаң ескерту жасады да тұлабойындағы табиғи күш-қайратты қайта тапты. Енді Сетержап нұсқаған бағытты мұқият нысанаға алып, әрі жүзіне күлкі, мейірім ұялата ақыл-зердесіне күш салды. Ал Сетержап швед әйеліне арнаған назарының өз қызметін толық атқарғанын түйсінді де қонтайшы мен хошауыт ақсүйектерінің бетке ұстары – Лубсан ханға кезек көз жүгіртіп, тап осы мезетте өз тарапынан не қажеттігін аласұра іздестірді. Қандай да бір пиғыл, әрекеттің шетін шығармаққа тұспалдап бір сөздерді айтып қалуға да аңсары ауды. Кенет ондайлықтың асығыстыққа, ал асығыстықтың ойсыздыққа соқтырарынан қаймығып ат басын ірікті. Иә, тап қазір Сетержаптың асығуының түкке қажеті жоқ, жол үстіндегі шөңгені жалаңаш табанымен басса басқалар бассын. Ал бұл сол басқалардың ізін аңдысын. Иә, бұл айтсын-айтпасын Ақ үй аталатын шатырдың астында болатын аса күрделі ауыр сәттердің бірі еді. Тіпті тап осы күндерде көп ештемеден кемдігі жоқ қонтайшының алғашқыда тіл мен жағы қарысып, өзі үшін сирек естілетін қуанышты хабар жеткізген Цуйға, ұрға қызметшілерінің ішіндегі ең бір сенімді сыралғысы атанған Цуйға жауап қайтаруға жарамады. Бірақ үндемей құтылатын жер тағы бұл емес, шарап толы кесені үсті-үстіне басына төңкеріп, масайып, бір жанына қисая кетуге де әлі уақыт ерте. Ақыл сұрар Лубсан ханның жағдайы анадай. Ал басқа зайсандар жас. Кенет қонтайшы көзіне тікенек қадалғандай оқыс бір сезіктен дүр сілкінгенге ұқсады. Бұл өз айналасының таза тақырланып, тұлдыр жетімге айналып бара жагқанын ұққандай. Басқа-басқа, дәл осы Сыбан Рабтанда бет-жүздерін даналық әжім шимайлаған кексе зайсандар жөнінде кенделік жоқ еді ғой, байқаса олардың бәрі-бірі шақыртумен, екіншісі өз бетінше бөгде сылтау тауып, Ыстықкөлдің төмен бетінде әлі осылай жете алмай шегенделген Қалдан-Серенге қарай жылыстап кетіпті. Оның мән-мағынасы не? Әсіресе, осы өмірде өзінен жұп жазбаған Санжидің мінезін бұл қалай түсінеді? Өткен жылдарда осы Ақ үйде әрдайым өзінің қатарынан табылатын сегіз бас зайсанның ішіндегі ең байсалдысы сол Санжи еді ғой. Рас, қонтайшы мен сол Санжи арасында әрқилы үлкен мәселелер төңірегінде қайшылықтар да орын алған. Мысалы, Қазақ ордасына қарсы шабар қарсаңда Санжи мұның үлкен әйелі Күнгудің пікірін жақтады. «Қазақтарды шапсақ артымыз ашық қалып, Қытайдың тәбетін оятамыз, ол соңымыздан өңмеңдесе не амалымыз қалады» деп сақтандырды. Әлгі орыс елшілері жатқанда кіші ханым Сетержаппен одақтасып, орыстарға бодандықты қостап, Қалдан-Серен мен үлкен ЧеренДондукқа қарсы айбат шекті. Оспадарсыз үлкен Черен-Дондук сонда осы ең ұстамды, кең көкіректі бас зайсан Санжидің басын шауып тастай жаздады-ау. Егер Сыбан Рабтанның өзі ара түспесе ғой... Міне, басқасын қойып, сол бас зайсан Санжи де Қалдан-Сереннің қасында. Жә, қазір Қалдан-Сереннің шұғыл шешетін мәселелері шаш етектен, сосын да ол осы ақылды бастарды керексінген шығар. Ал қонтайшының немере інісі, бас зайсандардың ішіндегі бедел жағынан ең шоқтықтысы үлкен Черен-Дондуктікі не? Оның қонтайшы ұрғасына ат ізін салмағанына неше айдың жүзі болды екен? «Қасыма аузында ана сүті кеппеген баласы – кіші Черен-Дондукты шоқитты да өзі Қазақ ордасының ең бір шұрайлы өлкесінде теріс қарап жатып алды». Қонтайшының
естуінше ұрғаға қатынамағанмен ары-бері жортуыл үстіндегі Қалдан-Серенмен байланысты үзбейтін сияқты. Демек, ол да басы бүтін Қалдан-Сереннің ығында. Тіпті зайсандарды қой, әлгі аға лама қайда? Күнделікті отырыста Лубсан хан мен қонтайшының оң тізесіне таласатын аға лама екі айға жуықтады, ұшты-күйлі жоқ. Тек ол Қалдан-Серенді емес, мүлдем басқа бағытты бетке алып еді. Қасына күзетші, күтуші, шәкірт атаулыдан көп адам ертіп, Тибетте далай-ламаның ұлағатты сөздерін естіп, әрі Лхаса қаласындағы бас ғибадатханада қасиетті Будда әулиенің мүсініне тауап етуге кеткен. Қонтайшының көшпелі ұрғасын осы ЬІстықкөл маңында қуып жетпекші еді, мөлшерленген мерзімі асып барады, әлі хабар-ошарсыз. Бәлкім, ол да билік атаулының Қалдан-Серенге ауғанын іштей болжамдап, шабан жүріске салып, қонтайшыдан бой тасалағаны ма? Қонтайшы қалай ауа толқыса да бар ойы, сезім-түйсігі Қалдан-Серенге барып тірелетін сияқты. Әлде оның бір жайсыздығы бар ма? Мынау қырықтың қырқасына көтерілсе де жас сұлу пішінін жоғалтпаған кіші ханым Сетержаптың табанына шоқ басқандай секеңдеп, мазасыздануының бір ұшығы сонда ма, әлде? Жо-жоқ, Қалдан-Серен мұның тұлабойы тұңғышы, хошауыт ұлысының ең дана, сәуегей көсемдерінің бірі – Очирту-Цецен хандай адамның немересі Күнгуден туған үлкен ұлы. Мейлі ол әкесінің тіршілігінде-ақ бар билікті жиып-теріп алсын, қолын қағудың қажеті қанша? Тек мына қысылтаяң шақтан қалай құтылуға болады? Маңдай сүйегі мен айран түстес көздеріне ұзақ күш түсіргенде тапқан әрекеті: – Иә, жас нәрестенің ныспысын кім қойыпты? – деп сұрау еді. Өзіне немере сыйлаған құдай мен Будда әулиенің атына алғыс білдіріп тағзым ету рәсімінен ұмытшағы ұстап, аттап кетті. – Ныспысын Әмір-Сана қойсақ әкеміз қалай көрер екен деп, сіз жаққа алаңдасуда? – Цуй әлі де сол үй ортасында жер тізерлеген сол қалпын бұзбай басын бір түсіріп, бір көтеріп, бұйрық күткен адамның сыңайында еді. – Біз қоштаймыз ғой, солай eмec пе? – деп қонтайшы өзінің еркінен тыс бір күшпен қасындағы Лубсан ханнан қолдау күткендей мойын етін ауырта оған бұрыла қарады. Лубсан хан да сақадай сай екен. – Әп, бәрекелде! Әдемі-ақ есім!Әмір-Сана! Біртүрлі құлаққа жағымды естілетіндей! – деп, бұлда әуелгі сақтықты ұмытыңқырай құстұмсұқты жүзімен әуеден әлдененііліп жегісі келген жанша шалқалай шаттана сөйледі. Сөйтті де алдындағы шарап толы кесеге қос ернін шүршите тигізді де соңынан құныға жұтты. Бұл қимылы қонтайшыға желік бітіргендей әсер етті. Жас нәрестенің тууы қуаныш, той емес пе, бұл неге тартынуға тиіс? Сөйтіп Сыбан Рабтанның екі қолға іздеген ермегі табыла кетіп, бұл да мөлдіреген қою қызыл шарапқа бас қойды. Сетержап осы сәтте ғана әлдебір мүмкіндікті құр жібергенін түйсінді де, талдан тоқылған кенереге арқасын жабыстырмақтай шалқайды. Бригиттаны аңдап еді, ол байғұстың айтар ақылы, нұсқар бағыты жоқтығы мысын құртқанға ұқсайды. Ақкөйлекті Сетержап, қасындағы сұлу қыздарынан да әйелге тән көрік атаулыны өз бойына көбірек жиып, үй толы зайсан, кіші лама, қарулы күзет бастықтары,жай сыйлы қарттар, бас қызметші міндетін атқарушылар – баршасының назарына көбірек ілінуде екенін сезгенмен де елеусіз қалған жандай қабағының айналасына мұң, кірбең жиналды. Қонтайшыға
ызаланғаны соншалық: «Түнде түсіңізге кірген сілеусіннің баласы мына жаңа туған немереңіз шығар. Сіз құрып, іргесін қатайтқан Жоңғария атты қуатты елдің ақыр соңында түбіне осы немереңіз жетер, бәлкім» деп, аузына сайтан салғандай бір сөздерді төгіп тастасам ба деп те оқталды. Немесе, өзі жексұрын көретін Лубсан ханға қарап, оны қағытқан әзілге ұқсатып, «бұл туған ұлы мәртебелі қонтайшының ғана емес, сіздің де шашырандыңыз шығар, той шығыны сізден емес пе» деп, бүйідей шақсам қайтеді деп те қиялдады. Қай-қайсысының да ең алдымен қонтайшының шабына тиерін ескеріп, мүмкін сондай жағдайда ғана ол кәкір-шүкірді шетке ысырып, мынау Қалдан-Серен сонау Қазақ ордасының қақ ортасынан ор текедей орғып жетіп, тек Ыстықкөлдің төменгі жағалауына, осыдан небәрі иек астындай ғана жерге келгенде аяғына жем түскендей неғып қиралаңдап жатыр, немен шұғылдануда, Шұна-Доба қайда деген сияқты мәселелерге көшер ме екен деп те дәмеленді. Оған көшсе жақсы, ол сөздерімнің салдары басқа бір қиырдан шығарса қайтем деп те тәуекелшіл көңілін қауіп-қатер салқыны мұздатты. Қазір Шұна-Добаның қайда екені белгісіз, кіші ұлы Шұна-Кашка анау, әке ығынан шыға алмайды, ал ҚалданСереннің бұл кіші өгей шешеге деген пейілі тастан қатты, мұздан суық, сонда Сетержаптың бар арқа тұтары ұлы мәртебелі қонтайшының өзіне деген сүйіспеншілігі ғана. Кей-кейде кіші ханымға ол сүйіспеншіліктің өзі де тозығы жеткен дүниелікке ұқсап көңіл құлазытады. Егер жоғарыда ойға алғандарының бірін бас-көзге қарамай лақ еткізсе сол бар мен жоқтың арасындағы, тозығы жеткенге ұқсас мәзірінің түбіріне балта шапқандай болмай ма? Жоқ, әліптің артын бағайынға сайды соңында. Тек бір тапқан амалы қонтайшы мен Лубсан ханды көбірек сөзге тартып, сол арқылы Бригиттаны жағдайға қанықтыра түсіру, соңынан одан ақыл сұрау. Цуй өзімен орын бөліскен іргелілердің арасына сығылыса орналасқан соң Сетержап: – Жаңа туған немереміздің түр-ұсқыны кімге келіңкірейді екен? – деп оған қиыла көз тастады. Цуй өзінің жайсыз отырысын түзегендей қасындағыларды қаға-маға қозғалақтап: – Ол турасында кіндік шешесінен сыр тартуға мұршам келмеді, – деді. – Сіздің де ынтықпайтын дүниеңіз жоқ-ау, шеше. Шаранасын жаңа ашқан нәрестені кімге ұқсатып үлгересіз? – деп Шұна-Кашка жақтырыңқырамай күңкілдеді. Сетержап осы кенже ұлының санасыздығына тағы бір көз жеткізгендей оған сәл сыналай қарады. Санасыз болмаса шешесі осы күндерде шыбын жанын шүберекке түйіп, кім үшін күйіппісіп жүр, соған бірауық көңіл қояр еді ғой. Кіші ханым өз кенже ұлымен сөз жарыстырам дегенше өзімен қатарлас жайғасқан қыздарының арасынан бір тынышсыздық байқалды. Сетержап оларға бар кеудесімен бұрылды. Сесон үнсіз, шешесінің басындағы халді бұл да кешіп отырғандай екі қабағының ортасында ашу-ыза түйдектеліп, қонтайшы жақтан көз алмай қатып-сенген күйде. Тынышсыздық одан кейінгі үшеудің арасында екен.Үшеудің ішіндегі үлкені қатты айтуға батылы жетпей дыбысын әрең ғана шығарып бірдеме дегенсіді. Оны қалған екі қыз ғана естіп, өзара сылқ-сылқ күлісті. – Сендерді сайтан түртті ме? – деп төрдегі қонтайшы аса зілсіз, бірақ салқындау үн қатты. – Неге күлдіңдер, айтыңдар шапшаң? – деп, кіші Черен-Дондук бұйыра сөйледі. Елдегі екі бірдей ең үлкен лауазым иелерінің сұрағына қосылатынын Шұна-Кашка да, екінші бас зайсан да түр-түстерімен білдірді.
Үш ханшаның үндемей қалуға хақы жоқ еді. Тек іштеріндегі үлкені өз сөзін қайталауға тәуекелденбегесін ортаншысы нәзік даусымен сызыла жөнелді. – Бала кімге тартып туушы еді, өзінің туған әкесіне тартады да, – деп салды. – Бала туған әкеге тартады да, өгей әкеге емес, – деп үшіншісі тіптен әдемілеп берді. Осы-ақ екен бұрынғысы бұрынғы, ол үшеуі енді уатылған шақпақ тас ақтарылғандай сыңғырласты. Сесон сіңлілеріне қосылған жоқ, бірақ олардың күлкісін қостайтыны түрінен белгілі еді. Сесон да шешесі Сетержапша әкесі Сыбан Рабтанның үлкен әйелі Күнгуден туған Ботлокты өлердей жек көретін. Оның еркетотайлығын, бірінші және екінші күйеуге шыққан кезіндегі бақыт пен қуаныштан бал-бұл жанған жүзін көріп қызғаныштан жарыла жаздаған. Енді ол әпкесінің соңынан қаңқу сөз, өсек тарағанын, тіпті ес біліп, етек жауып үлгермеген мынадай жас періштелердің оны одан әрмен дуылдатуын өзі үшін жақсылық нышанындай қабылдады. Төрдегі әке – Жоңғария мемлекетінің бас әміршісі өзінде жоқ мінез көрсеткендей кенет күркірей жөнелді. – Мен жондарыңнан таспа тілуге бұйрық берсін демесеңдер қазір ауыздарыңды буыңдар. Таспа да тілдіремін, басқаны да істеймін. Еділ бойынан мына Сесонды әкетуге тілінің безі бар хас шешен Ехе Абуғай келе жатыр. Ол сен үшеуіңе де құда түсу жөнінде мәселе қоймақшы. Егер бүйтіп желбуаздансаңдар Ехе Абуғайдың бетін қайтарамын да үшеуіңді де осындағы қазақ тұтқындарына қосып, сорларыңды сорпадай қайнатамын. Күң атанып, көздері аларған қазақ тұтқындардың шеккен мехнатын бірге шегесіңдер. Әкенің бұл қаһарында шынында жаман ызғар бар еді. Бұрындар осы қонтайшы ұрғасында орыс тұтқындардың жан төзгісіз ауыр халі жөнінде ауық-ауық айтыс-тартыстар бой көтерсе, соңғы бір жыл бойы оған қазақ тұтқындардың жайы қосылған. Бір айырмашылығы орыс тұтқындар төңірегінде оқтын-оқтын жанашыр сөздер естілсе, қазақтар турасында ондай мейірбандылыққа орын жоқ еді. Егер қатаң әмірлі әкенің айтқаны расқа шығып, мына үш бойжеткенді соларға қосса, астапыралла, бұлар ханша бастарымен-ақ күн құрғатпай төбелеріңде қамшы, таяқ ойнайтын күңге айналады ғой. Осыдан кейін сәл үнсіздік орнады. Сесон ғана емес, үш ханшаның жаңағы ойсыз күлістері Сетержаптың да жанына жылы ағындай тиген. Сонда да түр-түсінен сыр бермеуге тырысып бедірейіп бақты. Өйтпесе, жер түбінен пәле аңдитын қонтайшы сыныққа сылтау іздеп, бұл тәртіпсіздердің де ішіне жел бітіріп, арандатушы сенсің деп өзіне жабысуы да ғажап емес. Әрі жаңағы Ехе Абуғай есімін сап еткізуі қыздар күлкісінен әрмен құлағына жағымды естілген. Қонтайшының сол райынан да айрылмауы керек. Сосын да Сетержап өз бойынан жігер де тауып, кішкентай сұлулардың күлкісін де, сөздерін де құлағына қыстырмаған, кәперге алмаған пішінмен жаңағы өзінің ер баласы Шұна-Кашканың оспадарсыздығы үшін қарымта қайтаруға көшті. – Сен Шұна-Кашка, шаранасын жаңа ашқан нәрестені кімге ұқсатқандаймыз дейсің. Жақсы-ақ, мен қосылдым. Ал ержетіп, әкесінің оң қолына айналып, бүкіл қалмақ әскерін басқарып, Қазақ ордасының туын жығып берген Шұна-Добадан көптен бері ызың еткен дыбыс жоқ, осыны қай құдайдың қайырымдылығына ұқсатқандаймыз? Білсең, жаным,
осының басын ашып берші. – Сетержап бұл сұрауды Шұна-Кашкаға қойғансыды. Сәл ойланып, сұраған одан әрі дамытты. – Бұған ең алдымен сенің шыр-пырың шығуы керек қой. Шұна-Добаның сенен жақыны жоқ, екеуің бір әке, бір шешеден туғансыңдар. Бұл сұрақ Шұна-Кашкаға қақ маңдайдан тиді. Өңі сұрланып, сасқанынан қасындағы кіші Черен-Доңдук пен одан әрідегі екінші бас зайсаннан көмек сұрағандай соларға жаутаңдады. Өз шешесінің аяусыздығын бұл алғаш рет ет пен терісі арқылы түйсінгендей. Бірақ ең алдымен Сетержап сұрағы қонтайшының тәнін ауыртыпты. Ол тамағын қырнап, жаңа қыздарына зілденгендей емес, жұмсақтау, құлаққа жағымды үн қатты. – Маңдайыма күн қондырған аруым, өмірімнің нұры мен бақыты, балаларды шыққан жатырына қарай жіктемесеңші. Менің кіндігімнен тараған балалардың бәрі ШұнаКашкаға бірдей жақын, он саусақтың саласындай. Шұна-Добаның жайы толғандырса, ертең Қалдан-Серен келгенде көп жайдың басы ашылмақшы. Ол біздің шаруамыз. Ал сен шеше ретінде ана қыздардың қамын жаса, солардың тәртібіне көз сал. Жаңа айтқанымдай Еділ бойындағы елден құдалыққа аттанған Ехе Абуғай орта жолдан әлдеқашан асыпты. Енді бірер аптада аттың басын бізге кеп тірер. Ехе Абуғай менің аппақ құлыншағым Сесонды ғана әкетіп қоймай, ана үш сотанаққа да құдалық жөнінде дәйекті сөз ұстап келе жатқан көрінеді. Мен мұның анық-қанығын кеше кешкілік, сен жоқта жеткен хабаршыдан да анықтадым. Айым, күнім, біле білсең осының бәрі сенің бір басың үшін аз шаруа емес. Сетержап қонтайшы сөздерінің ең соңында әлденені көңіліне ауыр алғандай. Ехе Абуғай жөнінде кеше кешкілік хабар жеткен ғой. Ал мұның осы бүгіндікте жер жүзі ашылмастан Ақ үй мен қонтайшы ұйықтаған шатырға екі топ етіп жосылтқан тыңшылары ол жөнінде неге ештеме сезбей қайтқан? Тек Қалдан-Сереннің бүгін де келмесін анықтапты да басқа жайға тас керең адамдардың қылығымен шектеліпті. Оларды қатаң жазалау керек деген шешімді кеудесінің бір түкпіріне түйіп қойды. Сонда да қонтайшының жаңағы желпінісінен Сетержап өз бойынан жеңілейгендікті сезінді. Тек мұнысы расқа шықса ғой. Қыздарына бұрылып еді, олардың көгендегі қозылақтардай сәл бұлқынысқанын байқады. Жаңағы тәртіп бұзғандары да, құдіретті әкенің қоқан-лоққысы да ойларына кіріп-шықпағандай. Енді жүздері мүлдем басқаша құбылып, жарқ еткен бөгде үміт оттары тайға таңба басқандай айқындалды. Ең үлкені Сесон ғана сәл салғырттау, сірә, бұл бақыттыкүнді күте-күте екі көзі төрт болған шарасыздық сыңайы.
* * * Сетержап өз қыздарының болашағы жөнінде ұлы мәртебелінің аузынан алқара топтың алдында ұнамды ақпарат алғанмен Шұна-Доба бағдарындағы лебізі мүлдем қанағаттандырмады. Қайта уайымына уайым қосқандай. Кіші ханым өз айналасындағыларға, әсіресе, күл-құтанға қаншама қатыгез, аяусыз дегенмен өз баласына арналған аналық сезімі барша аналардағыдай орасан еді. Кейде сол аналық сезімі тұлабойына у боп жайылғандай денесі қалтырап, көзі қарауытып, мынау аппақ дүние киімін теріс айналдырып кигендей бұдан қара үзіп бара жатады. Егер ШұнаДобасынан бір қуанышты хабар енді алса, не ол жүзі жайраңдап, қару-жарағы сатырлап, мынау шатырға кіріп келсе кіші ханым бұл жарық дүниеден беті ары қараған күйі біржола
құрдымға батып жүре беруге келісер еді. Бірақ ондай атты күнәзірге қылаң берер емес. Сосын да бұл жанталаспай қайтсін. Жаңағы сөздерден кейін де Сетержап дамылдамастан әр тесікке бір ши жүгіртіп, жұрттың мазасын алып, қонтайшының өзін, Лубсан хан мен кіші Черен-Дондукты, екінші бас зайсан мен өз кенже ұлы Шұна-Кашканы ауық-ауық сөзге тартты. Цуй мен қарулы күзет бастықтарын да, бас қызметшіні де сөйлетті. Бас лама жоқтықтан, соның орнын толтырмақшы, бірақ ол құсап, қонтайшының оң тізесіне таласпай өз дәрежесіне сай төменірек жайғасқан кіші ламаны да бір жайқапөтті. Кіші лама тақыр басымен әлдекімді сүзердей жүзі тым қатулы еді. Сірә, келесі діни лауазымға көтерілмек ниетін мықтап жолға қойған. Сетержап шанышқы тілмен екі-үш мәрте оның жүзіндегі сеңін бұзып жіберді. Онысын да місе тұтпады, кіші ханым қызды-қыздымен баршасының тілін шығарған үстіне шығару үшін қай-қайдағы әркімнің жанға ауыр алар жайларын суыртпақтап, сампылдады. Қонтайшы Сетержапты ауыздықтаудың амалын қарастырып, сондағы бір ойына түскені сыбызғы, үш ішекті алту9, тағы басқа аспаптарда ойнайтын сазгерлерді шақырту еді. Енді қайтсін, тап осы кіші ханым жөнінде мұзға тайғанақтағандай бір батылсыздық қонтайшыда да бар. Оның алдындағы бір қылмысын сезгендей, Шұна-Доба үшін өзін де кінәлі санай ма, жоқ, мынау күні еңкейген шағына лайық ертеңгі жағдайын анық болжауға қауқарсыздықтан мұның да әліптің артын бағайынға сайғаны ма, жаңағы жас ханшаларға зікір салғанындай бұған дауыс көтеруге, ашықтан-ашық қаһарлануға тауансыздық танытты. Ал Сетержап қонтайшының шатыр ішіне сазгерлер шақыру туралы бұйрығына үзілдікесілді қарсы шықты. Осыдан сәл ғана бұрын қонтайшының өзіне деген ықыласын соңғы қармар талына балаған ол осы жолғы жойдасыздығына өзі қайран. Өлер жерін аңдамай жар басында ойнақ салған асаудың мінезіне басқандай. Сірә, бұл қонтайшы мен оның сүйіктісі арасында осы өмірде алғаш рет шаң берген ашық тайталас еді. Жалпы жоңғар-ойрат қауымында сақтық дегенді қатты ойлайтын үрдіс ежелден қалыптасқан. Себебі, қалмақтар әрбір тайталаста, текетіресте, шайқаста жеңіс бар және жеңіліс бар екенін әсте естерінен шығармайды. Себебі, бұл ортада жеңілген жақтың жазасы өте ауыр болатынын баршасы көз ашқалы бойларына сіңіріп келеді емес пе? Сосын да сақтық керек. Ал текетірес, шайқас атаулыға өз жеңісіңе мың мәрте сенімді болған жағдайда ғана бару керек. Міне, қонтайшы мен кіші ханымның осылай ашық жаулыққа шығып, тіс салыса кетуден тайсақтайтыны өз ішкі мүмкіндіктерінің арасалмағын анық таразылай алмағандағы амалсыздың күні. Ал Сетержаптың мына соңғы шамырқануы туған балам үшін жан пида деген бір сәттік көзсіздік еді. – Ұлы мәртебелім, бұл ойын-сауық құратын күн бе? Сіздің ақыл-ойыңызға ненің салқыны тиген? – деп салды. Қонтайшы әлі де ұстамдылығынан жазбай: – Сұлуым, мен торсық шекелі аппақ немерең туды деген хабар алдым емес пе? – деп ыздия жауап қайырды.
9 Алту – қазактың домбырасы іспеттес музыкалық аспап (Ұ. Д.)
– Немереңіздің бауы берік болсын! Тілегіміз осы! Бірақ шығыстан Қытай атты аждаһа жер бауырлап жылжып келеді. Үрімшінің шұрайлы қыраты мен Тұрфан асуын басып алды. Хами жөнінде айтпай-ақ қояйын. Осының бәрі сізді шошытпай ма, қабырғаңызға батпай ма? Жылы жауып қоя салатындай оңай-оспаққа ұқсамайды ғой. Қытайлықтар мына қарқынынан танбаса біз бәріміз қазақ жерінің қалың қамысына тығылып та бас сауғалай алмаспыз! – деп Сетержап бәрін іштей кемірген, бәрінің тіл ұшында тұрған, бірақ ортаға салуға ешқайсысының батылы жетпей дымдары құрыған, бүгінгі күннің ең бір басты әуселесін осылай топ еткізді. Бірауық кіші ханым бұл ойын сөзбен емес төбелерінен күрзімен ұрып жеткізгендей естерінен танған сыңайлары да бар. Қонтайшы да айлакер, басқаларға ұқсап, аузына құм құйылып, сәл-пәл үнсіздікке орын алдырса мынау асқынып, шектен шыққан әйелге жеңісті қолдан бергенмен бірдей боларын сезіп, іле жауапқа көшті. – Бұл айтқандарың мен бейбақтың ұмытатын зобалаңы емес... Көкірек сүйегіме терең ойылып жазылған шындық. Иә, рас, өздерін аспан астындағы құдайдың жалғыз еркесі санайтын Қытай күннен-күнге обырланып барады. Жер бетінде жұмырына жұқ боларлық ештеме табылмастай. Біздің елдің ежелгі бөліктері Хами мен Тұрфанды ақ шабақша жұтып, алдыңғы қос аяғын Үрімшінің шұратына артты. Мен ол жайында бар ақпаратты жеткен бойда табанын жерге тигізбей Қалдан-Серенге жөнелтудемін. Қытайдың бұл жолғы арандай ашқан аузына тас асатып, тісін сындыруды, сөйтіп, мойнын қайыруды соған табыстадым емес пе? – Бір шыбықты сындыруға болар, ал он шыбықты буып байласа сындыра алмассыз. Сол қағиданы біле тұра қолбасы балаларыңызды неге бөле-жарасыз? – Сұлуым, мен балаларды бөле-жардым ба? Қазақ ордасы тізе бүкті дегенмен де тынышталып бітті ме? Жыланды он жерінен кессең де кесірткелік әлі бар. Шұна-Добаның ондағы шаруа да бір басынан асып-төгілмей ме? Сетержаптың мұнымен де беті қайтпады, одан әрі екіленді. – Қайдам, мына пиғылыңыз басқа бір жарға апарып соқтырмас па екен? Тұрфанның да, Үрімшінің де ақсүйектері мықтағанда анау сорлы Лубсан ханға ұқсап, елін, жерін тастап, сіздің қолтығыңызды паналай ма деп қорқамын. Осы тұста Сетержап өзін-өзі әрең тежеді. «Баласын отқа қақтатып, туған немересі шыр етіп, дүние есігін ашқанда жалтарып, түк білмегенсіп мөлиген сорлы Лубсан хан» деп барып, көйкитіп әкетуден жүрексіне тоқтады. Бәрібір осы айтқандарының да сөз ұғарлық пендеге салмағы әжептәуір екенін топшылап, қонтайшы мен бүкшиген хошауыт ақсүйегіне қаршығадай қадалды. – Сұлуым, қара аспанды төндіріп, іштегі жараны тырналай беру сен сияқты бүкіл Жоңғариядағы әйел біткеннің асылына жараса ма? – деп қонтайшы сәл бөгеліп барып, қайта сөйледі. – Тұрфан да, Хами де, Үрімші де өзімізге қайтады. Мен жаратушы құдай мен Будда әулиеге қалай сенсем балам, сайыпқыраным Қалдан-Серенге солай сенемін. Ол Қалдан-Серен бұл үшеуін ғана емес, сонау Қалдан-Бошақты хан заманында кеткен Халханы да, менің көкейімді тескен ежелгі арманым – сол Халханы да қайтаратын шығар. – Ұлы мәртебелім, мұндай кәміл сеніміңіздің төркіні қай тарапта, анықтаңызшы. Дүниені дүр сілкіндірген Қалдан-Бошақты ханды сүйретпеге салып, жеті жыл бойы ит
әлегін шығарып, Халханы тартып әкеткен Қытай Богдыханы Сіздің үлкен ұлыңыз ҚалданСеренді бұйым көрмесе қайтесіз? Сетержаптың Қалдан-Серенді бұлайша қомсынуына Сыбан Рабтан қарсы дәлелдерін шытырлатпай мәселеге басқа қырынан келді. – Қалдан-Бошақты ханның кезіндегі Халха мен қазіргі Халханың арасында жер мен көктей айырма бар-ау! – Будда әулиемнің өзі ризашылықпен мойындар ақиқат мынауыңыз, – деп Лубсан хан бір теңселіп қойды. Сірә, кіші ханымның күш алуынан сескеніп, қонтайшыға қол ұшын бергеніне ұқсас бір әрекеті. – Бұрынғы Халханың ханзадалары мен бекзадалары ақкөз есерлігі үшін құдай мен будда әулиемнің кәріне ұшыраса, қазір олардың көбісіне ақыл кірді. – Ақыл кірмей қайтсін-ау, – деп Лубсан хан тағы бір желпінді. Ал төменіректе отырған кіші лама қонтайшының мына соңғы сөзінің тұсында шарт жүгініп, екі алақанын бір-біріне жабыстырды да тақыр басын төмен иіп, іштей әлдебір мінәжат оқыды. «О, құдай, Будда әулием, қайырымдылығың үшін мың да бір рақмет», – деген мағынада екені бәріне түсінікті. Аға ламаны жоқтатпаудың осындай бір амалдарын ол оқтын-оқтын осылай тауып отырды. Тек ол сияқты сөзге килігуден ғана бой тасалағандай. – Иә, Лубсан хан дұрыс айтады, ақыл кірмей қайтсін, Қытайдың қаншелек жалмауыздары жылдан-жылға ашқарақтанып қаны мен майын сүліктей соруда. Ырзық атаулысын берсе қолынан, бермесе жолынан алып, зар илетуде. Бірақ пенде шіркін темір емес, шыдамдылықтың да шегі бар ғой. Мынау Кукунордагы сияқты (иегімен Лубсан ханды бір нұсқап қойды) олар да бір күні бұрқ көтеріліп, кемерінен асса құдайдың бізге тастаған олжасы емес пе? Біз, менің қолбасшы балам Қалдан-Серен, мұндайда неге қарап қалуға тиіспіз? Осыдан екі жыл бұрын Кукунордағы елдің күш-жігері тұтанғанда біздің барлық әскеріміз Қазақ ордасының шалғайларында шашырап, бері мойын бұруға икеміміз келмеді. Ал қазір жағдай басқаша, екі қолымыздың болмаса да бір қолымыздың босаған күніндеміз. Халхадағы ағайындар аждаһаға қарсы бас көтеріп, бізден көмек сұраса неге атой салмасқа! Иә, Халхада от тұтанғалы тұр. Ауқаттыларын да, кедейлерін де ыза кернеп, тарс жарылудың аз-ақ алдында. Оны мына Лубсан хан жақсы аңғарады, – деп Сыбан Рабтан ендігі сөз тізгінін хошауыт ақсүйегіне табыстаған сыңай білдірді. Лубсан ханға да керегі сол еді, қонтайшының пиғылын сол заматта-ақ танып, қанат қомдаған қара қарғаша желпінді. Ақжемденген аузынан сөз дегенін қиыршық тастардай сатырлай ағытылды. – Біздің Кукунор және Халха Қытай атгы аждаһаның азу тістерінін арасында көп жыл бірге шайналдық қой. Күніміз бір болғасын өзара сырымызды да жақсы ұғынатын едік. Кукунор мен Халха арасында байланыс үзілмеді, ол байланысымызға Қытай шонжарлары бөгесін жасаған жоқ. Сосын білмей қайтейік, – деп бастады да Лубсан хан ұзаққа шапты. Сөйтіп, Сыбан Рабтан өзінің тағы бір немересінің дүниеге келу құрметіне сыбызғышы, дауылпазшы атаулыларды шақырып, ойын-сауыққа бой ұрғанда Сетержап тәуекелге басып, әңгіме ауаның күшпен бұрып жіберді. Жаңағы айтылғандардың бәрі шындық, әрі осы отырғандар үшін жүрек тітіркентер мәні бар сұмдық оқиға еді. Осыдан бір жыл бұрын Кукунордағы көтерілісті басып-жаншыған Қытай билеушілері ендігі жерде ондай бас асаулықтың алдын алу үшін осы жазда Жоңғария мемлекетінің сол Кукунормен шектес шет-пұшпағына баса-көктей кірген. Бір жайдан оған Сыбан Рабтанға деген ашу-ызасы да
итермелеген. Кукунордың бүлікшіл басшысы Дан-Жун мен оның әкесі Лубсан ханды байлап-матап қолыма бер деген талабын орындамағаны өз алдына, ол тентектерді қолтығының астына алып, қамқорлық жасауы Аспан асты империясының тірі құдайын жаман қоздандырған. Дан-Жунды Жоңғария қонтайшысының тірідей отқа жағып жібергені туралы хабар әзірге Қытай бекзадаларына жете қоймаған. Бір кезде ҚалданБошақты ханды ұл-қызымен бірге қолына табыстаған Сыбан Рабтанның енді жылдар өтіп, кішкентай Кукунордың билеушілеріне кезек келгенде сөзіне құлақ аспауын тіптен кешіре алмаған. Сірә, Қазақ ордасын жаулауы қуатына қуат қосып, деміне нан пісіріп әкетті ме деп те сескенген. Сосын да оның жаңа жағдайда тамырын басып көру үшін, егер шынында қуаты тасыса мойнын қайырып әкеп орнына қою үшін, тәубасын есіне түсіру үшін Жоңғарияның шығыс бөліктері – егіншілікке ең қолайлы, ұлы Бұхариядан әкелінген диқандар мен саудагерлер көп шоғырланған Хами, Тұрфан, Үрімші өлкелеріне әскер енгізіп еді. Мұнда жоңғар-ойраттардың қарулы күштері жоққа тән екен, сосын да қытайлықтар еш бөгесінсіз сол үш аймақты көзді ашып-жұмғанша алақандарының астына басты. Қатты сасқалақтаған, әрі бұл күнде шамадан тыс көп ішілген арақ-шараптың кесірінен аздап денсаулығы да сыр берген Сыбан-Рабтан бірден сонау қазақ далаларындағы ШұнаДоба мен Қалдан-Серенге кісі шаптырған. Міне, Қалдан-Серен енді келе жатыр. ШұнаДоба хабарсыз. Жалпы, осы көптен күтіліп, көптен даурықпа сөз тудырылып, дайындықтың неше алуаны жүргізілген, бірақ әлі де басталмаған Сыбан Рабтан алдындағы келелі мәслихаттың күн тәртібіндегі негізгі тақырып сол еді. Қонтайшы айналасындағылар бір-бірінің жанын ауыртпау үшін ғана оны тілге тиек ете бермейтін. Міне, үлкен ұлының халі жанын шүберекке түйдірген Сетержап оны ортаға қойып қалды. Осындай жан алқымға тірелген шақта қонтайшының бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшысын көп жоқтамай-ақ екінші саптағы Қалдан-Серенге жүгінуі Сетержаптың күдігіне күдік қоспай қайтсін. Ал Лубсан хан жаңағы көсілгеннен көсілсін-ақ. Қонтайшының өзі мұқият құлақ түрген жайға кім тоқтау салсын? «Күні бірдің мұңы бір» деген. Қытай езгісінде тұншыққан Кукунордьщ бұрынғы билеушісі Лубсан ханның өз ұлысымен тағдырлас Халха аймағындағы жай туралы расында да білігі күшті. Қалдан-Бошақты хан талқандалып, оның әскерінің тамтығы Халхадан кеткесін Қытай шонжарлары алғашқыда қулық саясат ұстады. «Бәріңе еркіншілік беріледі, бұрынғы мал-жандарың өздеріңе қайтарылады» деп үгіттеп, ҚалданБошақты хан шабуылы кезінде Ресейдегі Байкал көлі маңына, түстік Сібірге жүздеген, мыңдаған отбасын ертіп қашқан бұрынғы Халха ақсүйектері кері шақырылды. Алайда, орыстар мен буряттардың мейман достығын пайдаланған, жайылым жөнінде мол сыбаға тиген олар ол шақыруды құп алмады. Сосын да Халхада жергілікті ақсүйектер бұрынғыдан да азшылыққа ұшырады. Бәрібір Қытай шонжарларының біршама қамқорлығын түйсінген олар елдің ішкі және тысқы әрекеттерінде дербестік сақтауға ұмтылды. Қытайдың ол кездегі императоры Канси де оларға осы жөнінде кеңпейілділік көрсетті. Өздеріндегі қару күшімен әперген азаттықты аса бұлдамай хал халықтардың бой жазуына септесті. Бұрынғы хошундарды «ту» деп аталатын жаңа әскери-әкімшілік бөліктерге айналдырып, Қытай шонжарларының сөзін екі етпейтін жергілікті
ауқаттылардан оларға бастықтар сайланды. Алым-салықтан да бой тарта тұрды. Бұрынғы «тоғыз ақ мал» аталатын, яғни сегіз боз жылқы мен бір ақ түйеден тұратын, жанға батпайтын, тек ескі дәстүрлік мән-мағнасы ғана бар салық түрін сақтауға тырысты. Бұл жай Халха ақсүйектерін алғашқыда біраз қоңдандырды да. Халхамен негізінде онымен шектес Маньчжурия аталатын – Қытайдың солтүстікшығыс бөлігінің шонжарлары айналысушы еді. Сөйтсе, маньчжурлықтар мұндай кеңшілікті Пекиндегі император Кансидің тапсыруымен белгілі бір кезеңге дейін ғана сақтап отыр екен. Әрине, ол да сол кездегі елдің ішкі, әрі сыртқы саясат мүддесінен туындаса керек. Бірте-бірте жағдай өзгеріске түсті. «Тоғыз ақ мал» аталатын салыққа бағалы аң терілері, қосақ жылқылар, алтын, күміс бұйымдар қосылды. Әрі бұл сыйлықты Халха ақсүйектері өздеріндегі ханның басшылығымен сонау Пекиндегі богдыханға қолма-қол салтанатты түрде тапсыруы дәстүрге айналды. Әрі оған сылтау да көбейді. Егер Халха ақсүйегіне кезекті бір сенім білдірілсе, не жаңа қызметке тағайындалса міндетті түрде «тоғыз ақ мал» сыйлығын әзірлеуі керек. Мұның жиілегені соншалық, бәрін бірдей Пекинге сүйреу қиынға соқты, сосын да Халха ақсүйектері басында қосақ, соңында жетек дейтіндері бар «тоғыз ақ мал» сыйлығын көршілес Маньчжурия шонжарларына, ал олар өз кезегінде оны Пекинге, богдыханға жеткізетін болды. Ал енді тағы бір сілкіністе Маньчжурия шонжарлары, олардың итаршылары салық жинауда нағыз тажалдың өзіне айналды. Халханың бет жүзік ауқаттысы ма, сінірі шыққан кедей шаруасы-араты ма ашып-айырмастан қаққанда қанын, соққанда сөлін алып, шырылдатып, соңғы талшығын тартып әкететін деңгейге жетті. Міне, осының бәрін Лубсан хан өз дүниесі талауға түскеннен әрмен күйзеліспен жыр қылды. Оның әңгімесін тарихи құжаттар да растайды. 1715-1730 жылдар аралығында ғана Халханың төрт әкімшілік аймағынан Қытай империясының әскері үшін деп, 225 мың бас жылқы, 25 мың түйе, төрт жүз сиыр, 1430 бас қой, 300 мың ешкі әкетілгені туралы деректер сақталған. Әрі француз миссионері Жербильон Қытай императоры Кансиде қонақта болып, біраз ел аралағанда Пекин мен Халхадағы Калган қалаларының аралығында 230 жылқы зауытының жұмыс істейтінін, оның әрқайсысында 300-ден құлынды бие барын, мұның сыртында отыз екі үлкен-үлкен жылқы табындарының жайылуда екенін анықтаған. Француз саяхатшысын бұл малдың көптігі емес, бәрінің негізінен Халха жұртшылығын тонаудан түскені таң қалдырған. Ол ол ма, әрі қырық мың бас ірі мүйізді мал, жүз сексен мың бас қой-ешкі Халханың өз ішінде, маньчжурлықтар иемденген жайылымдықтарда ұсталады. Және оның бәрін сондағы араттар ақы-пұлсыз бағады екен. Міне, саған Қытайдың қолтығына кіру деген сөз. Бірте-бірте Халха ақсүйектері Маньчжурия атжалмандарымен ауыз жаласып, өз жағдайларын түзетуге тырысты. Оған біраз қолдары жетті. Енді араттар екі жақты езгіге түсті. Ал мұндағы құқық қорғау негіздерін тіптен атап сұрама. Оған бір ғана мысал: Егер Халханың кінәз-ақсүйегі кедей шаруа-аратты өлтірсе, айып төлеп құтылады. Ал қытайлық шонжар, не салық жинаушы ондай қылмысы үшін айыпқа да бұйырылмайды. Егер кедей шаруа-арат өзімен қандас ақсүйектің, немесе қытайлық шонжардың бір бас жылқысын өлтірсе, өлім жазасына кесіледі. Тіпті өлім жазасының өзі сол жазаланушының әлеуметтік күйіне қарап белгіленеді. Мысалы, арқанмен буындыру, тұншықтыру,
балтамен мүшелеп шабу, бас алу, тағы басқалары бар. Ал Халханың шекарасынан аттап өтіп қашқандар, немесе сондайлыққа басқаларға ықпал еткендер үшін қолданылатын жазаның тіптен аты жаман, адамның төбе құйқасын шымырлатады. Міне, бір кездегі Халха билеушісі Тушету ханның Жоңғария хандығынан бөлініп, Қытайға қосылғандағы, әрі сол Қытай әскерлерімен бірігіп, Қалдан-Бошақты ханға қарсы жеті жыл қырғын соғыс ұйымдастарғандағы өз халқына әперген ұшпағы осы. Халха еңбекші араттарының осы қасіреті үшін қай жағы көбірек кінәлі, Тушету хан ба, ҚалданБошақты хан ба, тарих-ана оны өзі таразылар. Лубсан ханның қазіргі бар құралы – тіл мен жағы ғой, әрі бұрын да бұл жайды көп қаужап, төселгесін бе ол көңілшектің көздерінен қос өзен ағызатындай етіп сампылдады. Тіпті бұл қасірет-намадан бұрын да құлағы сан рет сарсыған, әрі Лубсан ханның басы артық сандырақпен алтындай уақытты жұлып әкеткені үшін тіптен зығырданы қайнаған Сетержаптың өзі хошауыт ақсүйегі баянының кей тұсында ұйып қап еді. Тек бір кезде ғана уақыт түс шамасына жақындағанда қонтайшыға ақыл кірді. Ол айран түстес көздерін көтеріп, аузында әлденені шайнағандай шықшытын жиі жыбырлатып: – Апырай, менің тағы бір немерем дүниеге келген күні ішімдегі жанды жараны қайтып жазылмастай етіп тырнадыңдар-ау. Халхадағы қандас, ағайындас елдің жағдайын бұрын естімей жүр ме едік? Мұның өзі жаман ырым емес пе? Иә, бұл қонтайшының аузына нағыз құдай салған сөздер еді.Адамзаттың басындағы ең негізгі әлсіздік өзінің алдағы күнін болжай алмау ғой, сосын да ол кездегілер оның байыбына бойлай алмады. Тек қонтайшы «жаман ырым» атап, нағыз пайғамбарлық аулына топ етіп, келешек сұрапыл қасіретті ойламаған жерден түртіп өтті. Қазақ ордасы мен Қытай империясының екі ортасында біраз ғасыр өмір сүрген Жоңғария мемлекетінің ең соңғы қаралы беттерін өз қолымен жазысқан болашақ қолбасы, қайраткер ӘмірСананың дүниеге келу тарихы, міне, осындай еді. Лубсан хан қонтайшының жаңағы сөздерінен соң сап тыйылды. Ал Сетержапқа қонтайшының мына соңғы райы қатты ұнады. Көлгірсіген жүзіне күлкі үйірілгендей сәл көңілділікпен Бригиттаға қарады. Ал швед әйелі кіші ханымның бұл назарын тағы өзінше ұқты. «Уақыт өтіп барады, ұлы мәртебеліге өз туыстарың-швед тұтқындарының тұрмысын жеңілдету хақындағы арызыңды неге айтпайсың?» деп, жазғырғанына сайды. Әрі бұған мана қонтайшы үш кіші ханышаға жекіргенде қазақ тұтқындардың ауыр халінің жанамалай ескертілуі де мұрындық болғандай. Бригиттаның енді тартынуына жол жоқ еді. – Ұлы мәртебелім, Жоңғария мемлекетінің басына күн қондырған қонтайшысы... – деп бастады да Бригитта айдын бетімен жүзген аққудай даусын сызылта жөнелді. Мынау кең де биік шатыр астында бүгін түске дейінгі айтыс-тартыстың ешқайсысына мағынасы, әуезділігі жағынан ұқсамайтын, мүлдем бөлек кербез дауыс. Әрі жалынышты, әрі сұлу, осы екі сипатты бірден бойына сыйдырған бұл не деген ғажайып лебіз екенін Жоңғарияның ең ақылды бастарының өздері де түсіне алмастай. Әдетте, қалмақ ақсүйектеріне әлдебір басына іс түскендер, мейлі үлкен шен-шекпенділер, мейлі иығы жыртылған қаріп-қасерлер болсын, арыз айтып келсе қай-қайсысы да сұмдық жексұрын көрінетін.
Ал мынау керісінше, көк періштесі орталарына сусылдай қонақтап, ғажайып өнер танытқандай баршасын әсемдік аулына қарай жұлқа тартты. Тіпті Сыбан Рабтанның көңіл көтермекке сыбызғышы, дауылпазшыларды керексінуі де жайына қалғандай, мынау бөлек пішінді, үнінде де бөлек ырғақ бар жат елдік әйел бәрінің орнын бір өзі толтырып әкеткендей. Сыбан Рабтанның Бригитта сөздеріне мұқият құлақ қоймасына амалы жоқ еді. Қонтайшы ықыласын өзіне осылай тартқан жирен шашты, бөтен ұлт әйеліне Сетержап пен төрт ханыша бірауық қызғанышпен қарады. Өзгелер сияқты шешендікке басып, не сезім жетегінде кетіп, аяқты кеңге салу Бригитта жағдайында мүмкін емес. Сондықтан да ол көкейдегісін шымшықтың тұмсығындай қысқа, әрі көкейге қонымды, жұп-жұмыр етіп қайырды. Швед тұтқындардың басқа ұлт өкілдеріндей емес, Жоңғария мемлекетінің күш-қуатын нығайтуда зор еңбек сіңіргенін, егер де қол аяқтары бос, тән мен жанға жарақат салатын жазалардан құтқарылса, тұрмыс жағдайлары жақсартылса, олардың бұл бағыттағы үлесі бүгінгіден де артатынын, әрі олардың Отаны жырақта, демек, ешқайда қашып кете алмайтынын зергердің қолынан шыққан оңтайлы бұйымдай жинақылап жеткізді. Қонтайшы швед әйелінің бұл өтінішін зор қуанышпен қарсы алды. Қолдан сусып бара жатқан биліктің әлі де өзінде екенін осы Бригитта өтініші бойынша дәлелдемектей дереу кіші ламадан сәл жоғары қонжиған қарулы күзет бастықтарының біреуіне сол жерде жарлық берді. Қонтайшының жарлығы Бригиттаның сөзінен әлдеқайда ұзақ шықты. Оның бір буыны мынау: «Швед тұтқындарға қамшы жұмсаған қандай да лауазымды адам шыққан тегі, шен дәрежесіне қарамастан өлім жазасына кесіледі». Мұны естігенде Бригиттаның тұла бойын жылы ағын кернеді. Түздіктер елінде өзімен бірге күн кешкен өз қандастарына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да бір жеңілдік әпергеніне дән риза. Ал бұл жарлықты қабылдаған қарулы қалмақ қасындағы кіші ламаша екі алақанын бір-біріне жабыстыра тұлымды басын жерге жеткізе иді. – Ләббай, тақсыр! – дегені шың етіп естілді. – Әміріңізге құлдық! Осымен қонтайшы Ақ үйіндегі бүгінгі әңгіме аяқталған да еді. Бірақ Сесон килігіп, тағы бір пәлені шығарды. – Менің жасау-жабдығымның әзірленгеніне көп уақыт өтті. Біразы сандықта жатажата тозды, өңінен айырылды. Соларды жаңартпаса болмас, – деді. Шынтуайтында, дәл сол Сесонның жасау-жабдық жөнінде әкеге еш өкпеназы жоқ, тек бұл оның Ехе Абуғайдың келе жатқаны жайлы сөзіне аса сенбеген. Мына өтінішін сол жайдың өтірік-расын анықтау үшін ойлап шығара қойды. Егер әке қосымша жасау-жабдық әзірлеуге дереу тапсырыс берсе рас та, ал ұзын арқан кең тұсауға салса өтірік шыққаны. Бірақ құдіретті әке Сесонның ойлағанынан да асып түсті. Ол дереу Сесонның өзін барлық нөкерімен, анау швед әйелі Бригиттаны қосып, қосымша жасаужабдық алдыруға Жаркент қаласына аттандыру керек екенін айтты. Бұл Сетержап үшін аздап жайсыз шешім, себебі, мынадай көңілі күпті күнде өзінің құдай берген ақылшысынан аз уақытқа болса да айрылғысы келмеп еді. Бірақ оған наразылық айтуға Сетержапта хал жоқ, тіл-жағы жіпсіз байланды. Әйтпесе, онсыз да ызалы, сыныққа сылтау іздеп, тиісерге қара таппай отырған Сесон өз шешесін көптің көзінше жұлып жеуден тайынбас.
Сөйтіп, сол күннің ертеңіне үлкен қалыңдық Сесон отыз шақты кәнизакты, әрі Бригиттаны қасына алып, күзетші, қызметші адамдарымен бірге үлкен түйелі керуен болып, Жаркентке жүріп кетті.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Қалдан-Серен ат үстінде. Нағыз жорық киімді, қару-жарақты. Басында тақия іспеттеліп темірден құйылған, тамақ баулары салбыраңқы, тек қазақ пен қалмаққа ортақ дулығаға тән шошағы жоқ, тым жатаған бас киім. Бұл швед маманы Аренардың жортуыл жүріске, шабысқа лайық деп ойлап тапқаны. Дулыға деген атаудың төркіні «ту ілгә», яғни «ту ілетін» деген қос сөз тіркесінен шыққан ғой. Төбесіндегі шошағына жылқының қылынан немесе қодастың құйрығынан жасалған туды қадап, жауға қарсы қоян-қолтық шайқасқа кіргенде өз адамдарын өзгелерден ажырату үшін ұзақ-ұзақ замандардың өзі ұсынған белгісі. Ал швед маманы оны тәркі етті. Дулығаға тән шошақты жойдырып, жел өтіне кеудесін тосқан қалмақ жауынгерлеріне бір жеңілдік әпергендей. Қазақтардың оны тазкепеш атайтыны сол төбесіндегі шошағы жоқтықтан еді. Қалдан-Сереннің қазіргі қалпы көз алдынан мың сан жауынгерлердің таусылмас шеруі өтіп жатқан қолбасшыға келіңкірейтін. Қалың қабақтың астынан қаршығадай қадалған көздер, аса ұзын да, қысқа да емес, мол уыстай бар қап-қара сақал-мұртынан жоғарыдағы екі бетінің қып-қызыл ұштарында қатып-сенген қайратты ынта-жігер, әрі екі иығының селт етпей тұрысы тосыннан қарағанда оны дәл солай бейнелейді. Сол жанында ұзын шекпен қораппен жартылай қапталған садағының күмістелген ұшы ерінің, ол да күмістелген алдыңғы қасымен бір биікте жылтырайды. Найзасы алдында көлденең жатыр. Уақыт сәске түстің кезі. Ыстықкөлге оңтүстік-батыс жақтан құлап ағатын кішкене тау өзенінің гүрілі талып естілетін биікте тұрған Қалдан-Сереннің шындығында тап қарсы алдында қалың әскер шеруі түтілі жорғалаған тышқан жоқ еді. Жападан-жалғыз мелшиген ол алыстан айнадай жылтырап, көлкілдеген Ыстықкөл айдынының бір бөлігін мұқият көз нысанасына алып, басқа ешбір дүние ызыңына селт етер емес. Сол айдын бетінен өзі темірдей шыдамдылықпен күткен бірақ желкен көрінердей кірпік қақпай қадалғанға ұқсайды. Астында сүйекті ақ бөрте ат. Түйдектелген қап-қара құйрық-жалы мол, көздері басын шұлғыған сайын күн көзінен сәуле іліп түсіп, иесімен мінезі үйлескен сақа жылқыға ұқсайды. Бұл да Ыстықкөл жаққа қабағын ожырайта қарағанда қос танауы тығынын алған шелектей үңірейеді. Әттең, арқасына қонған иесі тізгінді жіберетін емес, әйтпесе бұл омыраулатып қозыкөш жердегі көл жағалауына қас пен көздің арасында жетіп баратын сияқты. Қалдан-Серен жалғыз қақшиған төбеден төменде бес-алты арқан бойындай еңіс жатыр, одан әріде көлденең сай бар да, ал сайдан әрі көкпеңбек кедір-бұдыр жоталар бірбірімен айқаса біткен. Ол кедір-бұдыр көл суына жетіп бір-ақ таусылады. Гүрілдеген даусы естілетін өзен Турасу оң жақта.
Қалдан-Серен ұзақ тұрды. Кенет бүктеулі қамшысын көкке көтеріп еді, қарсы алдындағы ылдидың сол жағынан бір атты адамның бойы өсіп шыға келді. Оның жүрісі тым тез екен, дем арасында қолбасының қасына жетіп келді. Қалдан-Серен оған бұрылып қарамады да, тек астындағы ақ бөртесі ол да қару-жарақты, жалаңбас, сидам жігіт пен оның құла жиреніне мойнын қисайта, маңдайымен сүзе көз тастап, жақтырмаған сыңай танытты. – Сендердің шамалауыңша бүгін әскердің алды қай тұсқа жетіп тоқтауы мүмкін? – деп сұрады Қалдан-Серен. – Мана келген соңғы хабаршының мәлімдеуінше бүгінгі меже Торайғыр мен Шоқтал сияқты ғой, – деп сидам жігіт тақ-тұқ етті. – Сонда Торайғыр ма, жоқ, Шоқтал ма, анықтап айтсандар күрек тістерің сынып түсе ме? – Мәртебелі қолбасым, кеше Сайын Бөлек те айтып еді, ендігі бөгелісте әскерді бір жерге топырлатпайық деп, сірә, оларға бір өзеннің жағалауы тарлық етеді ғой, бүгіндікке Торайғыр мен Шоқталға бөлініп тоқтайтын шығар. Соңғы үш күн әлетінде тағы үлкен әскер қосындары қосылды емес пе? Қалдан-Серен не құптағанға, не наразылыққа ұқсас рай білдірмей, әлі де сол көл айдыны жылтыраған жақтан көз аудармап еді. Тек келген жігіт астындағы құла жиренін қоса тықыршытып арт жағына жалтақтай берді. Сонда ғана қолбасы оған мойын бұрып, қалың қабағын көтере қарады. Айналасындағылар мұның осылай тура түскен назарынан қатты именетін. Қазір де мына сидам жігіт тұлабойынан діріл жүгіргенмен тілінің ұшындағыны айтып үлгерді. – Анау төменге үңіліңізші, екі салт атты құйындай ұшып келеді. Сірә, сізді іздеушілер емес пе екен? – Сайын-Бөлек пен Шодыр жіберген адамдар емес пе екен? – Жоқ, мәртебелі қолбасым, сіз атаған кіші қолбасылардан осы мана ғана хабаршы келді. Бірінің үстіне бірін төпелететіндей ол Ыстықкөлдің теріскей бетінде әзірге еш зобалаңның ұшығы шалынбайды ғой. Әрі байқайсыз ба, мынау қос жүргінші Ыстықкөлді жиектегенге ұқсайды, төменнен, ана Шу өзенінің иінінен бері шыққанға ұқсайды. Бұл жағын Қалдан-Сереннің өзі де шамалады. Тегінде Ыстықкөлді екі жақтағы таулардан үлкенді-кішілі елу шақты өзен құлап ағып, өз суларымен тояттандыратын. Ал мыналар көздері көрмегенмен гүрілін естіген Турасу солардың күнгей беттегі ең төменгісі еді. Турасудан кейін сәл батысырақта жұмыр тұмсықтанып, Ыстықкөлдің өзі де тұйықталады, одан әріде көлдің теріскей жағалауы басталады. Жаңа мына екеудің тілдеріне оралған Торыайғыр мен Шоқтал сол жақтан, Күнгей Алатаудан Ыстықкөлге құятын өзендер атаулары. Көл суы іркілдеген үлкен қазаншұңқырдан сәл батысырақ бірнеше таулар жан-жақтан аңдыздап келіп, бір-бірімен маңдай түйістіре жаздап, болдырып құлағандай жатушы еді. Олар Күнгей Алатау мен Теріскей Алатау ғана емес, Қырғыз жотасы, Жұмғалтау жотасы, Молдатау жотасы дегендермен шоғырын көбейтетін. Міне, солардың әрқайсысынан бастау алған, қырық құрау сарқырамалардан қор жинаған Шу өзені осы таулардың қыспағында біржола күш алады да Ыстықкөлдің батыс жағалауына қарай үлкен иін жасап барып, теріскей батысқа, қазақ даласына қарай жосылады. Мына көз ұшында көрінген екі
салт атты сол Шудың иін тұсынан бері қарай салып ұрып келеді. Өрге қарай жүріс оңай емес, бірақ малға деген аяушылықты ұмытқан беймәлім екеу қайтсек те жер ұтамыз деп, олардың бар жүрісіне басқан. Түз адамдары шалғайдан шалынған жүргіншілердің көңіл күйін аттарының жүрістеріне қарап бағалайды. Мыналар сірә да тегін жандар емес. – Сен тез төмен түс те Шарыш пен Санжиге айт, мыналарды қарсы алып, кімдер екенін, не жаймен жүргендерін тез анықтап, маған хабарласын. Құла жиренді сидам жігіттің келуі қалай тез болса, ойға қарай шауып, жоғалуы да солай тез екен. Қалдан-Серен мына төбенің басында жалғыз мелшигенмен қалың елден аса жырақта емес еді. Жаңағы жігіт қарасын батырған сай табанында, мөлдіреп аққан бес-алты бұлақ басында жиырма шақты үйлер тігулі. Ыстықкөлдің өр жағалауындағы Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның Ақ үйінен кейінгі үлкен шаңырақ есепті еңселі шатыр да сол үйлердің ортасына орныққан. Аттылы-жаяу дегендерің онда да жыртылып-айрылады. Солардың арасынан сытылып шығып оқшауланған Қалдан-Серен осындай оңашалықта ғана ақыл-ойдың ең бір тұнығына бататын сияқты. Анау алыстан мөлдіреген Ыстықкөл айдынының кішкентай бөлігі мұның басындағы сол ақыл-ой үшін таусылмас азық қорындай. Ол жаққа жұтына қарайтыны содан сияқты. Қалдан-Сереннің өз әкесі Сыбан Рабтаннан бір ерекшелігі зайсан мен батырлар атаулыны, күзет бастықтарын шатыр астына жиып, өзі төрде омырылып, ұзақ-ұзақ толғаулармен құлақ сарсытуды жаны сүймейтін. Айналасындағылардың нақтылы бір іс төңірегіндегі кеңестерін хабаршылар арқылы жиып, осылай ат үстінде жүріп мәселе шешуді бұл дағды еткелі біраз заман. Иә, шынында біраз заман. Небәрі отыз үш жастағы осы қолбасы ат жалын тартып мінгелі бастан өткерген соғыс пен жортуылдарды бес-алты адамға бөліп берсе, бұл күнде бәрінің самайларын ақ қырау шалар еді. Ал мынаның сақалшашынан ақ түсті бір қылды іздесең таппайсың. Осы күндерде де мұның басында қиямет аз емес. Әне, елдің шығыс атыраптарына Қытай богдыханы ауыз салды. Оның бетін қайтаруды әкесі, бүкіл Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтан осыған табыстады. Ыстықкөлдің теріскей жағалауымен шығысқа қарай қозғалыс үстіндегі ауыр әскер сол мақсатпен жасақталған. Ал мына талтүсте осылай қарай құйындатқан анау екі салт атты кім деп мұның елегізуінде үлкен мән бар. Бәлкім, олар Қазақ ордасы жақтан келе жатқан шығар? ШұнаДоба жіберген шабармандар болмасын. Жоқ, әлде мұның өз басының тапсыруымен сол Шұна-Доба жайынан хабар әкеле жатқандар ма? Тап осы күндерде Турасу жағасына таяу орныққан Қалдан-Серен ордасына хабаршылар атаулы негізінде төрт тараптан келуі мүмкін. Ең біріншісі, мұның ең қатты елегізи күтетіні – Ташкент тарапының хабаршылары. Жолдың ең қиыны, әрі ұзағы да осы бағдарда. Себебі, мына Ыстықкөл мен Ташкент арасында неше тау мен жота қойындасып жатыр десеңші. Қазір осы қиырдан сол Қазақ ордасының бұрынғы екінші астанасына бару үшін мына Шу өзенін ағысқа қарсы өрлеп, Жұмғалтау жотасына жетесің де, оның күнгей ойысымен арғы тау қатпарларын бетке аласың. Сусамыр тауының күнгей етегінде Кекемерен өзені ағады, оны бойласаң Сарышелек жынысты орманын табасың. Одан адаспай өтсең Шатқал тауы мен сол аттас
өзеннің хош иісті дымқыл ауасын жұтасың. Міне, сол Шатқал өзені соқыр адамның өзін Ташкентке жетектеп апарады.Мұның бәрі айтуға оңай, ал іс жүзінде жалғызілікті, әрі асығыс жүргіншілер үшін қиямет-қайым жол. Алайда, қалмақтар осы екі ортаның тау аралық ойыстарын осыдан екі жыл бұрынғы қазаққа қарсы сұрапыл шабуыл басталмай тұрып-ақ жақсы игерген. Әр тұстарда хабаршылардың, жансыз-тыңшылардың ат ауыстыруы, немесе құпия ақпарды одан әрі қағып әкетушіге жеткізуі үшін жылжымалы бекеттер ұйымдастырып, қазақтың екінші астанасындағы хан-сұлтандардың, бибатырлардың тамырын басып, бәрін біліп отырды. Сөйтіп, ұрымтал әлсіз тұстарын анықтай алды. Ол әдісті қалмақтар әлі тастаған жоқ. Ташкент қалмақтың қолына Кәшкенмен ондағы мәселе салмағы бұрынғыдан да ауырлай түсті. Екі ортадағы жүргіншілер заман өзгерісіне орай әлдеқайда жиілеп, әлгі жылжымалы бекет дегендерің бір тал қурайды паналаған, кім көрінгеннің көзіне түсе бермейтін жын-шайтан сияқтанбай көшпелі ауыл тәрізденіп, біршама іргесін нығайтқан. Бірақ соның өзінде де жанын шүберекке түйген жүргіншілердің арғы-бергі сапарда көздеген нысанаға бәрі бірдей жете бермейді. Сірә, туған жерден қосы ауып, тау-тасты паналап, жабайыланған, кеудесін ыза кернеген қазақтар күнделікті асы үшін арқар атпай сол қалмақ жүргіншілерін жебе ұшына іліктірсе, әлдеқайда тез тоғаятын сияқты. Міне, сосын да ма, соңғы бес-алты айдың жүзінде Ташкентпен екі арадағы жүргіншілердің жоғалуы көбейді. Талайының тау қуыстарындағы сасыған өліктері табылды. Бірақ оған қарап жүргінші санын бұлар өз тарапынан қалай қысқартсын. Қайта үсті-үстіне бірінен соң бірін шыбықтап айдады. Әсіресе, соңғы кезде бұл жұмыстың мәні тіптен зорайды. Сыбан-Рабтанның сұлу Сетержаптан туған баласы Шұна-Доба әлдебір жұмбақ мінезге басып, қазақтың Сарыарқа атты кеңістіктігінен бері ұзап шығуды азайтқан соң Мәуреннаһр атты екінші кеңістікте Қалдан-Серен өз ықпалын күшейтті. Ташкенттен басқа Түркістан, Ходжент, Әндіжан қалалары да алынғасын Қалдан-Серен әкесі Сыбан Рабтанның нұсқауымен Бұхара хандығы мен Самарқанға көз алартты. Баса-көктеп шабуылдаса сіңірі созылатынын сезіп, Бұхара ханы Әбілпейіз және оған сөз жүзінде ғана бағынышты, бірақ оның уысынан шығып кеткен, өзін хан деп жариялаған Самарқан билеушісі Раджаб-Мұхамедті өзара шайнастырды. Екеуінің арасында соғыс өрті бұрқ етіп, Самарқан ханы Бұхара ханының екі аяғын бір етікке тықты. Міне, осымен Қалдан-Серенге ол тараптан келетін хабар-ошар шорт үзілді. Ертең әке алдына ол оқиғаның жалғасы жөнінде осылай саңырау адамша хабар-ошарсыз барса, ол да абырой емес. Ең бастысы ендігі қам-қарекетті белгілеуге де кезмайыс қой. Қалдан-Сереннің ол жаққа қатты алаңдайтыны содан еді. Бұл қолбасыға хабар келуі мүмкін екінші тарап – әрине, Ыстықкөлдің осы күнгей жағалауында, тек оның шытыс бөлігінде, Жетіөгіз, Қаракөл өзендерінің бойында көшіпқонушы қонтайшы Сыбан Рабтан шатыр тіккен қалмақ байтақысы. Үшінші тарап – Сайын-Бөлек, Шодыр, тағы басқа қолбасылардың жетекшілігімен көлдің теріскей жағалауымен Қытай жаққа шеру тартқан қалың әскер шебі. Әзірге бұл соңғы екі тараптан хабар үзілген жоқ. Ал соңғы тарап – мына қос салт атты жан ұшырған Қазақ ордасының сайын дала, сахара жазығы жақ.
Қалдан-Серен сырт көзге манаураған тыныш халде көрінгенмен екеудің не жаймен асыққандар екенін білгенше іштей жаман дегбірсізденді. Олар жеткенше жаңағы сидам жігіт қана емес, басқа да үш-төрт қалмақ қарауылшысы келіп қайтты. Бірақ Қалдан-Серен олардың сөздерін құлағына да қыстырмады. Бар мәселе ана екеу келгесін ғана шешілетін сыңай білдірді. Қалдан-Сереннің бие сауымындай шыдамсыздануына тура келді. Сондағы бұның зарыға күткені әлдебір қиырдан жеткен хабаршы, не жансыздар емес, осы маңдағы өз қарауылшылары болып шықты. Олардын әкелген хабары мынау: сонау Шу өзені бойына әлгі Еділ бойындағы екінші қалмақ хандығынан Ехе Абуғай бастаған елшілер келе жатыр екен. Олардың негізгі мақсаты Сыбан Рабтанның Сетержаптан туған үлкен қызы Сесонды біржола алып кетпек, әрі одан кейінгі үш қызға құдалық мәселесін шешпек. Өздері Шу бойында тоқталып, Жоңғария байтақысына апаратын ендігі жол бағдарын анықтауға көмектесулерін сұрапты. Мұны естігенде Қалдан-Серен көп ойланған жоқ, осы төбе басына бас зайсан Санжиді шақыртты. Жалаңбас, төбесіндегі тұлымы арқасына қарай өрілген, кәрі арық жүзінде әжім көп Санжи мұнда әлгі жас қарауылшы жігіттерден де тез жетті. Қалдан-Серен оған қысқа ғана құпия тапсырма берді. – Ехе Абуғайды өзіңіз қарсы алыңыз, хошемет-құрмет жағынан аянбаңыз. Тек мұнда үлкен әскер шеруі барын ескертіп, сол Шу бойында бөгей тұрыңыз. Ертең менен хабаршы барады. Одан әрі ол елшілікті қалай жылжыту керектігін осы хабаршы сізге жеткізер. Ал оған дейін сіз Ехе Абуғайдың іші-бауырына кіріп, Еділ бойындағы қандастарымыздың хал-ахуалынан сыр тартыңыз. Топырағың торқа болғыр Аюке ханның мұрагері ДондукОмбоның пиғылы жайындағы сырларға ши жүгіртіңіз. Және де ең бастысы мынау елшілік жолай Қазақ ордасының бір пұшпағында әлдеқалай Шұна-Добамен, не оның жансыздарымен ұшырасты ма, соған мұқият құлақ түріңіз. Ертең өзіңізге баратын хабаршы арқылы мен ол жайында дәйекті пікір естиін. Қонтайшы Сыбан Рабтанның сегіз бас зайсандарының бірі, сан жылдарда онымен тізе қосып, ең бір іргелі мәселелерде шешуші пікір айтқан кәрі тарлан Санжи тап қазір мына Қалдан-Сереннің қасында қол баладан бір былай емес еді. Қолбасының сөзін мақұлдап, басын шұлғығанда артқа тасталған ұзын бұрымы желкесін қаққылады. Екі сөзге келмей өзі сияқты кәртамыс атын шайқақтатып, бұл да төменге сіңіп жоғалды. Қалдан-Серен төбе басында тағы бір бие сауымындай тұрды да етекке түсті. Бұл шақта Санжи Шу бойындағы елшілерге қарай енді ғана қозғалған екен. Қалдан-Сереннің тапсырмасын орындау үшін бұл да жанын салып, құр қол кетіп бара жатқан жоқ. Осы барысында ол Ехе Абуғай және өз адамдары үшін тігілетін бес-алты үйдің сүйегі мен киіздері, көрпе-жастықтары теңделген бас-алты түйені тізбекке алған, оншақты жігітжелеңнен нөкер құрастырған, өзі мейрам күніндегідей жасана киініп, күннің сәулесі тесіп өтетіндей жұқа қырлы мұрнын көтере ұстап, кәртамыс аттың үстінде шалқая отырған күйде. Сай табанында көкпеңбек шалғынға тігілген жиырма шақты үйдің сырты адам қарасынан құмырсқаның илеуіндей екен. Сірә, бәрі де Санжиді жабдықтап тез
аттандыруға қатысқан сыңайлы. Енді қолбасының өз араларына келуі олар үшін тағы да бір көңілді қарбалас кезеңін сыйлағандай бәрінің де жүздерінде қуанышты рай бар. Ортадағы үлкен ақ шатырдан қытай жібегіне малынған, сәнді камзол киген бір келісті әйел бері бөлініп, Қалдан-Серенге жақындады. Ақ бөрте аттың бірі шылбырына, бірі үзеңгісіне жармасқан көп қызметші жігіттердің қаумалауында ер үстінен аунап, былқылдақ шымға аяқ тигізген қолбасының өзі де сол әйелге қарсы жүргенмен көзі басқа жақта еді.Ұзына бойы қаз-қатар орныққан үйлердің ортадағы ақ шатырдан басқа тағы біреуі өз реңкімен алыстан көз тартатындай. Қолбасы соған үңіледі білем. Оны мына келісті әйел жақтырмайды. – Құрметті мәртебелім, қайдағы бір пұлға келген күңнің лашығына жанарыңыздың майын тауысқанша, мына өз үйіңіз, өлең төсегіңізге ден қойсаңызшы. Сізге арналған сәскелік ас-судың әзірленгеніне екі бие сауымындай уақыт өтті. – Бұл Қалдан-Сереннің бәйбішесі Қарабас еді. Задында Қалдан-Серен заңды некеге осы әйелімен ғана тұрады. Ал осыдан екі жыл бұрын қазақтың екінші астанасы Ташкентті иемденгенде ол қалаға бұл жеңімпаз қолбасы ретінде салтанатпен кіргенде басқа да қошемет-құрметтің ортасында кіші қолбасылар бұған бір жас қызды сыйлаған. Сұрастыра келсе ол осы Ташкенттегі тұрғылықты отбасынан да емес, қалмақтар шапқанда қапелімде бұлардың ортасында қалған Бұхара саудагерінің қызы екен. Бас амандығы үшін, әрі оған қоса өте арзан бағаға ол саудагер осы қызын беріпті. Ертеңіне-ақ ол қыз Қалдан-Сереннің қойнынан шықты. Алғашқыда Қалдан-Серен тізе бүккен Ташкент қаласының тыныс-тіршілігіне алаңдап, бұл жайға көп мән бермепті. Үркек те сұлу қызға аз күнгі алданыш ретінде қараған. Байқаса бір аптаның-ақ ішінде ол қыз қолбасының бір жақ кеудесімен біте қайнасқан қосымша ырзықтай біржола байланып үлгеріпті. Қалдан-Сереннің сонда ғана ол жөнінде көзі ашылғандай. Әйтсе де оның өз қосағы Қарабас сұлуды мүлдем ренжіткісі жоқ. Не істемек керек? Ол дереу сондағы кіші қолбасылармен ақылдасты. Олар бір-бірінің аузына түкірін қойғандай ұлардай шуласты: – Мәртебелі қолбасым, Сіз Жоңғарияның ұлы мәртебелі қонтайшысы Сыбан Рабтанның заңды мұрагерісіз, сөйте тұра өзіңізге мұрагер жайын неге ойламайсыз, құдай мен Будда әулием қолдаса Қарабастың қолынан келмегенді осы перизат орындап шықса қайтесіз? – десті. Бұл жерде кіші қолбасылар бір оқпен екі қоянды атқандай. Себебі, Сыбан-Рабтанның мұрагері ретінде кім жарияланады, Шұна-Доба ма, жоқ мына ҚалданСерен бе, қонтайшының екі әйелінен туған екі үлкен ұлдың кеудесін тесіп жеген құрт сол мәселе еді. Ал мына жағымпаздар оны Қалдан-Сереннің пайдасына шешіп, ауқымды абырой жиып алысты. Әрі қолбасының өзіне мұрагер атанарлық ұл баласының жоқтығын да бетіне басты. Сөйтіп, Қалдан-Серен де ауыр ойда қалды. Небәрі он бес жасында үйленген Қалдан-Серенге Қарабас бәйбіше бірнеше қыз тауып берді. Ол қыздардың алды – Ұлан-Байыр анау Қытайға қарсы әскер бастаған екі қолбасының бірі Сайын-Бөлектің жұбайы, ал екіншісі де сағағынан үзілгелі тұрған әсем де ақылды перизат. Оған осындағы шойын кеуделі жас сұрперен Шарыштың10 аузының суы құрып жүр.
10 Шарыш – Қазақ аңызында мұның есімі кейде Сәру, ал орысша Чарчу, немесе басқаша да аталады. (Ұ.Д.)
Алайда, Ташкентте қолбасы төңірегіндегі жағымпаздардың нұсқаған жақсылығы да бірден орала кетпеді. Бұхара саудагерінен пұлға сатып алынған жіңішке он бұрымды сұлу да Қалдан-Сереннен алғашқыда қыз тапты. Міне, қазір оның екіншілей аяғы ауырлап жүр, тіпті айы-күні жақындап та қалған сияқты. Қалдан-Сереннің ол екінші шатырға алаңдайтыны да сол себепті еді. Қарабас бәйбішенің ескертпесінен соң қолбасы ол екінші шатырға емес, осы көп үй тізілген сайдың көкпеңбек биік ернеуінен, аспанмен ұштасқан тұсынан әлденені, не әлдекімді ұстағанға ұқсатып, жанарын жоғарылатып әкетті. Қалдан-Серен мен Қарабас ішке кіргесін көздің жауын алатын дастарқан айналасын құрақ ұшқан қызметші кәнизактар желдетіп жіберіп еді. Ерлі-байлы екеуі төрге шоңқиды да, бір-біріне өкпе-наразылығы бар адамдардай еріндерін жымқырып, олардың қимылын үнсіз бақты. Ақыры кәнизактар шаруаларын бітірді де көгенге тізілген қозылардай бірінен соң бірі жылыстап шығып кетті. Үйде тек бір кәнизак қалғанда киіз есік қайта серпіле ашылып, қарауыл бастығы кірді. Ол табалдырық аттаған бойда өзінің бес қаруы сай екенін көрсетпектей сол босаға алдында кескен теректей қатты. Шындығында ол мына сәскелік асқа қолбасы мен оның зайыбы қасына кімдерді шақыру керектігі жайында бұйрық күткен еді. Ол бұйрық Қарабастың аузынан шықты: – Мәртебелі қолбасымен әңгімем бар еді, бір сәт оңаша дидарласуға мұрсат беріңдерші. Есіктегі қарауыл бастығы енді жер тізерлей тағзым етті де киіз есікті артымен итере ашып жоғалды. Оның соңынан бәйбіше райын түсінен таныған кәнизак та қарасын батырды. Сосын бұл уақыт оздырмай сөз ауаның бірден тауып, құлаққа жағымды үйреншікті даусымен кең де жасаулы киіз үйдің ішіне мүлдем өзгеше өң бергендей. Бұл өзі сыртқы сыр-сымбат, жалпы пішін, сүйек бітімі жағынан әбден толысып үлгерген келіншек еді. Етженді денесіне лайық қара торы өңі де толықтау, оң көзінің астында қарамықтың дәніндей кішкене меңі бар, қос жанарында отты нұр, екі бетінің ұштарында сүйкімділік қоса тұнған ажарлы жан. Сөйлеген сөздерінде жасына лайықсыз салмақтылық басым. Сірә, қайыненесі, мына Қалдан-Сереннің шешесі марқұм Күнгудің тәрбиесін көп көргесін содан ауысқан қорғасындай мінез ауырлығы ма? – Мәртебелі қолбасым, кешелі бері мені бір мазасыздық меңдегендей. Оңаша әңгіменің сәті түспей тағатымды тауысты. Сен, сонау Қазақ ордасының теріскей бөлігіндегі Шұна-Добаның көзін жою үшін құпия әскер тобын жіберді деген бір сыпсың сөз іргеден соққан күздің қара суығындай берекемізді кетіріп барады. Естігенім өтірік болса мына екі құлағым бірдей бітелсін, таскерең, саңырау атанайын. Жарықтығым, осыны тап өз аузыңмен не расташы, не теріске шығаршы. Рас десең, соның ішкі мәнін ақтаршы, ойланып істелген іс пе, мына менің көзімді жеткізші соған. Қалдан-Серен миығынан күлгенмен көздерінде ашу-ыза табы қоса білінді. – Ондай сыпсың сөз таратушылардың қолбасы тісін қағады деп, неге үркітпедің? – Мәртебелім-ау, ондай мінезден мен кенде ме едім, мына айтқаныңнан мен артық сілтеген де шығармын. Бірақ мәселенің түп қазығы онда емес қой. – Түп қазық сонда қайда? – Құрметті мәртебелім, көңіліңе келсе қайтейін, іштегі бір ащы запыран шықпай қоймас. Әкең болса қартайды, шешең, о дүниеде қасиетті Будда әулиенің шапағатын
көргір менің қайыненем Күнгу арамызда жоқ, қонтайшы байтақысында кіші шешең Сетержаптың үкімі жүріп тұр. Қасындағы сары шашты жат жұрттық оқымысты албастының ақылымен небір сұмдықтарды ойлап табуда. Ал ол кіші шешеңнің саған деген көзқарасы пешенеден белгілі. Сонау күнбатыста топырағың торқа болғыр Аюке хан ол да жоқ, оның орнына шөккен Дондук-Омбо мынау өзімен бір кіндіктен тараған апасы Сетержап үшін шығарда жаны ғана бөлек дейді. Егер сенің қандай да бір Шұна-Добаға қарсы қысастығыңнан құлақтанса, ұялас иттердей олар екі жақтан шуылдап шыға келмей ме? Басыңа қиыншылық түспей ме? – Бүйтіп мен үшін алаңдағаныңа дән ризамын, сұлуым. Алайда, мен сүттен ақ, судан таза болсам да әлдебір қиястық атаулыны ойдан құрастыруға Сетержаптың қиял өресі жетпейді дейсің бе? – деп Қалдан-Серен бір тоқтады да бетінің ұшындағы қызылы одан әрі күреңітіп, анық ашуға булыққан адамның кескінін білдірді. Сақал-мұрты түйдектеле қозғалып, ерін, шықшыт айналасындағы қимылдарды жасыра алмағандай. Сірә, ҚалданСерен әкесі Сыбан Рабтанға қарағанда әлдеқайда қызуқанды, кеудесіндегі ашу толқынын бүгуге дәрменсіз, қол-аяғы әрекетке тез баратын жан еді. Онысы қазіргі тұрпатынан да жарқ етті. Қарабасты сәл салғыртып, қолбасы сөзін жалғастырды. – Әне, Қытай шығыс жақтан бізге ауыз салды, оның бетін қайтаруды әкеміз ШұнаДобаға емес, маған тапсырды. Соның қалтарысынан пәле көріп, жар құлағы жастыққа тимеген Сетержаптың, не оның сыбайластарының ойлап шығарған бір өсегін алдыма көлденең тартпай-ақ қойсаң қайтер еді? Алты айдан бері мен түгіл әкесіне, не шешесіне бір хабаршы салмаған Шұна-Добаға қысастық жасайтындай маған не көрінді? Бұл тақырыптағы әңгіме осымен тамамдалғанын Қарабас та мойындап, қабағын түсірді. Бірақ жүзін төмен салған жоқ, сол тікесінен шоқиған күйде қызыл жібек көйлектің үстінен киген, омырауында асыл тастар жыпырлаған көк мауыты жеңсіз камзолын өз қосағына армансыз тамашалатпақтай сыңайы бар. Оң көзінің астындағы қарамықтың дәніндей кішкене меңі де қос омыраудағы асыл тастармен жарысқа түскендей әсемдік аулынан қол бұлғайды. Қара торы өңі әлдебір ойлардың тұнығында жүзіп жүргендей. Қалдан-Серен өз бәйбішесінің райын таныды да оған одан әрмен құлақ түрді. – Мәртебелі қолбасым, саған тағы бір базыналық сөзім бар, рұқсат етсең... – Екі құлағым өзіңде. – Сен сонау ұлы мәртебелі қонтайшы атамыз жайғасқан қалмақ байтақысындағы Ақ үйден кейінгі үлкен мекен-жай – осы шаңырақтың да абыройын ойлауың керек қой. Анау қазақтың күл сасыған астанасы Ташкенттен сатып әкелінген әлдебір күңнің шатырына еңсеңнің құри беретіні қалай? Қызғанғаным емес, намыстанғаннан айтамын осы сөзді. Әрі осы кіші ұрға айналасындағылар да сол жағын сыбырлап, құлағымның құртын жеп тауысты. Қалдан-Серен бәйбішенің мына сөздерін естігенде тұлабойынан сәл жеңілейгендікті сезінді. Мәселенің ауырынан жеңіліне Кәшкендігі арқа босатқанға ұқсас көңіл күй еді. Еңкейіп, алдындағы қыш құмырадан кесеге өзі шарап құйып ішті. Сөйтіп, ол бәйбішенің бұл наразылығына ұзақ толғап, жауап қайырмағын білдірді. Қарабас та оны асықтырмауға тырысты. – Сұлуым, осы біздің ішімізде қазір қазақтардан әкелінген құл мен күңдер бағымдағы малдан көбейіп барады. Әнеукүні кім еді айтқан әлгі, қазақтардан көп мақал-мәтел
үйрендім деп. Айтса айтқандай, сірә, қазақтардың бізге қарағанда тілі бай ма деймін. Сорлылар сөз бен мал баққаннан басқа ештеңеге әуестенбепті ғой. Сосын да оларды біздің жаулап алуымыз біршама оңайға соқты. Міне, сол қазақтардан мен де бір мақал үйрендім. Ол: «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» дегені еді. Сен, Қарабас сұлу, өз жынысыңдағылардан қаншама мойның озық дегенмен тап осы арада тым келте соқтың. Қарашы, қазір заман қандай? Қытай анау, Қазақ ордасы анау, қаншама ноқтаға басы керілді дегенмен әлі толық жуасыған жоқ. Әке айналасы анау, оны өзің жаңа алақандағы жазудай айқын баяндадың. Ал енді осы бір бұлт ала, жер шолада біз нені баса ойлауымыз керек, соған көзжұмбайлық жасағандайсың ба, қалай? – Сәл бөгеліп, алдындағы жарты кесе шарапты сарқып ішті де аузына басқа дәм алмастан Қарабасқа қарады. – Алмағайып күнде ең арналы мәселеге көзжұмбайлық жасау, не жете ескермеу үлкен пәлеге ұрындырмай ма? Жаңа қонтайшының, менің әкемнің қартайғанын, бұрынғы қайраты жоқтығын, Сетержаптың әйел басымен ата көгаршынға ұқсап зікір салуды жиілеткенін өзің де мойындадың. Хош, осының тасасында не жатыр, зер салшы, сұлуым. – Мұрагерлік мәселесі ме? – деп Қарабас турасынан қойып қалды. – Тап төбесінен түстің! – деді Қалдан-Серен жұлып алғандай. – Иә, мұрагерлік мәселесі. Көп тілеулестерім бұл күнде менің де құлағымның құртын жеуде. Егер сіз таяу уақытта екі әйеліңіздің бірінен ұл бала сүймесеңіз таразының Шұна-Доба жақ басы салмақты шығары, ап-айқын деседі. – Ал Шұна-Добаның неше ұл баласы бар екен сондай-ақ? – Шұна-Добада бала түгіл сайтан да жоқ, бірақ ол әлі жас, әрі Қазақ ордасын шапқандағы бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшысы деген атағы бар ғой. – Ондай атақтан сіз де кенде емессіз-ау. – Жоқ, сұлуым, сен тағы да келте соқтың, мұндай үлкен істе тәуекелшілдік жүрмейді, қосымша кепілдік жағын қоса қамтамасыз еткен жөн. Егер анау өзің атаған, екінші шатырдағы Бұхара саудагерінің қызы маған, маған емес-ау, бізге ұл сыйласа дұшпандардың аузына құм құйылмай ма? Әкем Сыбан Рабтанның да көңілі жадырап, мен жөнінде жомарттық жасамай ма? Өзің де бүкіл Жоңғария қонтайшысының үлкен ханымы атануға бір адым жақындамайсың ба? – Мәртебелі қолбасым-ау, сол екінші шатырда бақшадағы піскенқауындай іші шертиген күң немеге соншама көз сүзіп, үміт артатындай мен, немене, саптан шықтым ба, жоқ, әлде қартайдым ба? Мен небәрі отыз екі жастамын, етеккірі тоқтаған жан емеспін, – деп бұл да сөздің ащысын айтып, найзаны тікесінен қадады. Қалдан-Серен Қарабастың бұл мінезіне тіптен де ренжитіндей емес екен, қайта күреңіткен жүзінде бір балалық жеңілтектік лап бергендей алабұрта қарады. – Егер сен ұл сыйласаң, онда құдайым мен будда әулиемнің қоса қабат қолдағаны деп бағалаймын. – Бірақ бәрібір күңнен туғанның несібесі зорырақ шығарын шырамытамын ғой. – Жоқ, сұлуым, міне, мен құдай мен Будда әулиеме ант берейін, егер сен ұл тапсаң, егер мен істің сәтіне орай Жоңғария қонтайшысы атансам, түптің түбінде, қартайғанда, не денсаулығыма зақым келген күнде, мейлі оның жасы кіші ме, үлкен бе, бәрібір сол сенен туған ұлды өзімнің мұрагерім деп жариялаймын, ал екінші шатырда ұл туса, ол мықтағанда соның кіндіктес туысы ретінде оң қолына айналар, – деп Қалдан-Серен екі
алақанын бір-біріне жабыстыра қарсы алдындағы ауаны кескілей, әрі басын ие мінәжат етті. Сөйтіп, бұлар әлі жарық дүниеге келмеген, тіпті анасының жатырына бітіп үлгермеген балалардың лауазымын белгіледі. Қалдан-Сереннің де есебі түгел, ол осылайша екі әйелді ұл бала табу жөнінде бәсеке жарысқа түсірді. Қарабас фарфор кесені ағаш қасықпен қаққылап белгі берді. Қарауыл бастығы айқара ашқан есіктен зайсандар, кіші қолбасылар, лама, басқада діни қызметкерлер ішке еніп жатты.
* * * Ертеңіне осы Қалдан-Серен ордасы орналасқан сайдан екі қозыкөштей жерден тағы бір ауыр әскер өтті. Олардың да бағыты Ыстықкөлдің теріскей жағалауы. Сайын-Бөлек пен Шодыр бастаған күшке жетіп қосылмақшы. Мынау соңғысы күнгей жақтағы Нарынтау жотасы, Жамантау жотасы, Атбашы жотасы сияқты биіктер мен Нарын өзенінің, оның көп салаларының жағалауларын сағалаған қырғыздарды шауып қана қоймай, олардың тым бытырап кетпеуі үшін иіріп ұстаған қалмақ әскерлерінің жарамды бір бөлігі. Қытайға қарсы соғыс үшін Қалдан-Серен ондағы күштің де осылай қомақты бір пұшпағын жырып әкеткен. Иә, бұл жолғы Қытаймен тайталас оңай-оспақтан емес еді, әрі олармен тұмсық түйістіру үшін бұл ауыр әскер құрамасының ұзақ жолдан өтуі керек. Ыстықкөлдің теріскей жағалауы, бұған дәл шығыстұмсықтан құятын Түп өзенін өрлеу, одан Теке өзенінің тармағына жетіп, сол арқылы Іле дариясына құлау, міне соның бойымен ғана Үрімші шұраты мен Тұрфан ойысына төте жол табасың. Бірақ ол Үрімші шұраты мен Тұрфан ойысында Қалдан-Серенді туған нағашысы күтіп отырған жоқ. Ең қатерлі, ең қуатты ата дұшпан Қытай Жоңғария мемлекетінің майлы бөксесіне тіс батырып, жылыжұмсағын ашқарақтана сорып жатыр. Міне, соның жағын айырып, азуын қағуы керек. Ол үшін мынау әскердің ол қиырға қарай созыла қозғалуы өз алдына, ең бастысы мұрты ойылмай, шебі бұзылмай, шаршап-шалдықпай, адам мен малдың қуаты қайтпай, нағыз бабында жетуі керек. Міне, Қалдан-Сереннің басты назары соған шүйлігуде еді. Қырғыздарды шапқан әскер бөлігі өткен тұста Қалдан-Серен оның да қолбасыларымен қысқа кеңес өткізді. Бұлардың қарауындағылар ЬІстықкөлді теріскей беттен жағалап, сонау Түп өзенінің құяр сағасына неше күнде жететінін сұрады. Кіші қолбасылар шамамен бес күнде жетерміз десті. Бұл жауап осылардан бұрын кеткен Сайын-Бөлек пен Шодыр есебімен де сәйкестеу еді. Сосын да Қалдан-Серен олардың сөзін бірден мақұлдады. Қамшылап асықтыруды жөнсіз көрді. Қырғыз жақтан келгендерді жөнелтісімен Шу өзенінің бергі иін тұсында тоқтаған Ехе Абуғайды қарсы алуға кеткен бас зайсан Санжиге хабаршы аттандырды. Сондағы берген тапсырмасы мынау: Санжи Еділ бойындағы екінші қалмақ ханының елшілігін мынау соңғы әскер тобының ізімен жүргізсін, басып озбасын, жолай кен қорытатын, қару-жарақ соғылатын өндіріс орындарына ондағы ешбір сұғанақтың тұмсық тығуына, көз ақы алуына жол берілмесін, сол ЬІстықкөлді теріскей беттен айналып өтіп, қонтайшы ордасына жетінші, не сегізінші күнде ат басын тірейтін болсын. Анық қай күні ат басын тірейді, ол жөнінде қосымша нұсқау күтсін. Неге айналма жолмен жүреміз, неге күнгей
жағалаумен қонтайшы ордасына төтесінен тартпаймыз деген сұрақ қойылмасын. Мен берген тапсырмалар одан әрі тереңдетіле орындалсын. Оқыс жағдайларда бас зайсан Санжи өз тарапынан хабаршы жөнелтіп отырсын. Сол күні Қалдан-Серен де қозғалды. Бұл өзін күзеткен үш жүзге тарта қарулы топтың қоршауында осы Қырғыз жақтан жеткен әскермен жүрмекші. Бұл дәл аттанарда Қарабас сұлу бір әйелдік әлсіздік танытты. – Мәртебелі қолбасым, сіз қайтқанша осы пұшпақта қамалып екі көзіміз төрт болады ғой, біз мына Ыстықкөлдің түстігімен көше жылжып, қонтайшы ұрғасына неге жетпейміз, ол жақта өздеріңнен хабар алып тұруымызға да оңтайлы, әрі ана Еділ бойындағы елден елшілік келді, олармен неге дидарласпаймыз, Сесон қыздың ұзатылу тойына, басқа да ырым-жырымына неге қатыспаймыз? Қалдан-Серен ат үстінде тұрып, ернін жымқырғанда сақал-мұрты тіптен жұмырланып кетеді екен. Тек онысын тез тыйды да, бәйбішесіне тап осы сапар қарсаңында барынша мейір-шапағат көрсетуге тырысып, бір-бірімен айқаса кеткен жақ сүйектерін күшпен жазды. Көздерін де жадыратып, онысынан қызыл күрең бетінің ұштарына бір жылылық түсірмектей ішкі арпалысын үдетті. – Сұлуым, біздің мына сапарымыз қай сапар? Сенің бойжеткен қызыңа ана тоғыз жолдың торабындағы Жаркенттен жасау-жабдық әкелуге бара жатқамыз жоқ қой. Сен онан да құдайдан біздің осы сапардан мерейіміздің үстем шығын, жеңіспен оралуымызды күндіз-түні тіле де жат. Егер біз жеңіспен оралсақ, барлық тойдың қызық-шыжығын сен көресің. Ал басқа күнде, құдай мен Будда әулием одан сақтасын, жұртқа жүз көрсетіп неғыласың? Сабыр қыл да, менен хабар күт. Қарабас қосағының мына сөздерінен өз ішіндегі күдіктің күшейгенін сезсе де тағы бір сұрақ қоюға батылдық жасады: – Ал Шарышты неге өзіңмен бірге әкетіп барасың? Сен оны Қазақ ордасына ондағы ұлы би Төлемен келіссөзге жібермекші едің гой. – Шарыш сөз жоқ ол келіссөзге барады. Тек алдымен қонтайшының алдынан өтсін де. Әкем әйтпесе, жаман ойда қалады ғой. Қонтайшының алдында үлкен мәслихат өтеді, соған қатыссын. Қазақ биіне айтатын сөз ауаны сонымен нығаяды ғой. – Ол мәслихат қашан өтпекші, мәртебелім? – Шамамен осыдан не жетінші, не сегізінші күнде. Мына ауыр әскер Түп өзеніне жетіп, соны өрлеуге бет алғанда өзім қонтайшы ұрғасында екі күн аялдаймын. Бір күні келелі мәслихатқа арналады, екіншісінде Ехе Абуғайды қонтайшының қабылдауына қатысамын. Сөйтіп, Ыстықкөлдің мына түстік жағалауының өрінде жамбастаған қонтайшы ұрғасындағылар бүгін бе, ертең бе деп, тағатсыздана күткен ол келелі мәслихатты ҚалданСерен ешкіммен ақылдаспастан-ақ тағы бір аптаға кейінге шегерді. Осы екі ортада, Қалдан-Серен мен Қарабас ханым ауыздарын жиып та үлгерген жоқ еді, бұлардың кіші қызы мен жаңа ғана өздері құлағын шулатысқан Шарыш көзге түсіп қалды. Қолбасы мен ханым тұрған сайдан биікте, көкпеңбек аспан сеңгірінің аясында сұлбалары баршаның назарына айқын ілігіп, ол екеуі ат үстінде бірін-бірі қуып жүр екен. Мынау жаратылыстың мол кеңістігінде тап осы сәтте өздерінен басқа жан баласы жоқтай, естерінен айрылып, қас
пен достың қаңку сөзіне өз қолымызбен от қоямыз-ау деген түйсік іштеріне кіріп-шығар емес. Өзара ұнатысқан қыз бен жігіттің бір-бірін осылайша қуалап ойнайтыны қазақ пен қалмаққа ортақ дәстүр. Тек бұл жердегі бір гәп мынау – он екіде бір гүлі ашылмаған мына жас перизат әлдекімнің емес, бүкіл Жоңғария басына моншақ етіп көтерген қонтайшыдан кейінгі екінші, тіпті құрығанда үшінші адамның қызы. Соны біле тұра бұлардың қалың көпшіліктің көз алдында бүйтіп далақтауы қаңқу сөз, өсек қана емес, одан гөрі әлдеқайда ауқымы, қуаты мол саяси дауылдарды оятуға түрткі екені даусыз. Қалдан-Серен мен Қарабас ханым ойсыз жастарға бір мезетте жалт етісіп, көздерінің майын тауыса жарыса қадалысқандай еді. Қолбасы кенет жан қалтасынан әлденесін жоғалтқанға ұқсап, күйгелектенді де дереу төбе басындағы Шарышты шақыртты, ол таудан құлаған тастай домалап тез жетті. Ауыздығын қарш-қарш шайнаған торының үстінде Шарыш кірпік қақпастан қарсы алдында тұра қалғанда қолбасы не айтарға білмей бөгелді. Қарабас осы бөгелісті пайдаланып, жас сұрпереннің тұлабойын тағы бір шолып шықты. Садақ, найза, қалқан сияқты ауыр қару-жарағы дәл қазір бойында болмағанмен сауыты үстінде, қалақ темірлер кеудесін жауып, жылтыраған, тақия іспеттес темір баскиімін маңдайын бастыра киген бұл неме осы тұрыста адамның көзін тартатын нағыз палуан пішінді бозбала еді. Әсіресе, екі иығын, екі қолын айтсайшы. Емен ағаштың иір бұтақтарынан жаратылғандай әрі жуан, әрі күш-қажырға толы. Алға шығыңқы төсі де солармен туыса біткенін ашық жариялайды. Қатып-сенген қап-қара бүйрек беттерінде болар-болмас сәуле жылтырап, күн екеш күннің өзі де мұның сыртқы қабығын тесіп өтуге дәрменсіздік ететіндей. Зілдей ауыр қабағының астындағы көздері де аспан шырағынан ештеме дәметпей, іштегі өз отымен лапылдан, бөлек ажар, мінез танытады. Қалдан-Сереннің әдейілеп шақырғандағы бар айтқаны: – Жүруге даярсың ба? – Даярмын, мәртебелі қолбасым! – деп Шарыш екі алақанын бір-біріне жабыстыра басын иді. Оң қолының білегіне бүлдіргесі ілулі елік сапты қамшысының алтын сақинасы ғана тәкаппарсынбай күн көзіне жарқ-жұрқ етті. Қалдан-Серен басқа ештеме демеді. Тосын көзге осы сауалының өзі артық сияқты еді. Иә, тосын көз үшін солай. Ал Қарабас бәйбіше мен Шарыштың өзі мәртебелі қолбасының бұл райының түп-тамырын жете таныды. Қалдан-Сереннің тілінің ұшындағы сөз: «Сен менің қызымның басын әзірге айналдырма, оны біржола иемдену үшін әлі тиісті сынақтан толық өтіп үлгерген жоқсың, ел-жұрттың көзінше көп арсалаңдамай байсалды жүр, шектен шықпа!» Қалдан-Сереннің бұл ескертпесінен соң Шарыш төбе басында өзін күтіп, ақ бақай құнанын ойнақшытқан жас бойжеткенге қарай қайта көтерілген жоқ. Ал Қарабас өзінің болашақ күйеу баласының сыртқы ажарына көз тойдырып, ол үшін де, әрі отағасының оған жасаған қатаң ескертпесі үшін де разы болды.
* * * Осыдан үш күн өткенде Қалдан-Серен бастаған Жоңғарияның ауыр қолы Ыстықкөлдің теріскей жағалауымен Шоңақсу өзенінің жағалауына жетіп жығылды. Тек кейбір алғы шептегілер одан да ұзаңқырап, Шоңақсудан әріде, олар да сол Теріскей
Алатаудың баурайындағы бұлақтардан құралатын кішкене жылғалардың суына бас қойды. Бұл шетте жайылған мал, қалмақтардың ақ-қарасы аралас тігілген киіз үйлері мол екен. Дәл қастарына жетіп қонған қалың әскердің сын-сипатына бәрі ауыздарын ашып, үрке қарасып, азын-аулақ қой-ешкі, ірі қараларын иіріп ұстап, не ары тау қуыстарына қарай қуып әкетіп жатқандар бар. Сөйтсе де бір көздері әскер жақта. Жаудың емес, өз елінің, әрі атағы Алатаудай бар Қалдан-Серен бастаған қарулы күш екенін сезсе де үрей атты пәле іштерін желдей кеулеп, барқадар таптырар емес. Ең бастысы «неге бұлар төменге Қазақ ордасына қарай емес, керісінше ағынға қарсы жүзеді» деген сауал көкіректерін кескілеп, неше түрлі жорамал, қауіп-қатер атаулыны бастарына үйіп-төгеді. Қалдан-Серен сарқырама тау өзенінің ең бір көк шалғынды жағалауына өзіне арнап тігілген кішкене ақ үйге кірген де жоқ. Өңкей жарау аттарын ойқастатқан күзет тобының ортасында бас зайсан Баодурь мен түсі түндей болып томырайған шойын кеуделі Шарышқа қарап: – Біз әлгі Аренар жұмыс істеп жатқан пештер маңына барайық. Швед оқымыстысының өзімен де ақылдасатын шаруалар бар еді, – деді. Осыдан бірер күн бұрын ғана Ыстықкөлдің арғы қарама-қарсы бетінде суға шомылған қонтайшының кіші ханымы мен швед әйелі Бригитта қызықтаған түбі жалпақ үлкен салқайықтар құрамында темір бар кен топырақты осы Шоңақсу өзенінің жағалауына тасушы еді. Ол кен топырақты отқа өртеп, таза темірін айыратын, әрі әртүрлі қалыптарға құятын пештер осы Шоңақсу өзенінің Теріскей Алатауды жарып шығатын сағаларында, қарағай, тағы басқа діні қатты ағаштар сияқты дайын отыны мол шатқалдарында орналасқан. Сол шатқалдарға төнген биіктерді қия үңгіп, от тұтанатын, түтін жүретін, кен топырақ құйылатын, балқыған темірлер ағатын қуыс-қуыстар нағыз инженерлік есеппен жасалған. Міне, Қалдан-Серен соларды бетке алды. Қолбасы топ алдында еді. Кенет үсті-басы алау-далау, қырық жылдық ескі шалбарының бір балағы тізесінен сәл төменірек шорт қырқылған, қара қожалақ бетжүзінде көз, мұрын, ауыз сияқтылардың қалай орналасқанын айырғысыз біреу үйінен өрт шыққандай аңырап кеп, Қалдан-Сереннің үзеңгісіне жармасты. Мынау анық шалық шалған неме, әйтпесе қарабайыр біреулердің мәртебелі қолбасының үзеңгісіне жармаспақ түгілі сонадайдан бетіне тіктеп қарағанын қасындағылар оның тоз-тозын шығаруға сылтау етер еді. – Әй, сөйле! – деп Қалдан-Серен оны үзеңгілі аяғымен кері қақты. Екі-үш дырау қамшы жыламсақтың төбесінен топтала көтеріліп еді, қолбасы қабақпен белгі беріп, оларды да әрі жайқады. – Мәртебелі қолбасым, менің анау Қарқараның жағасында қатын-балам, мал-мүлкім қалып еді, мынау адамның жанын шошытатын қалың әскер солай шеру тартқандай ғой. Бұл қай құдайдың зілзаласы? – Қатын-балаң Қарқарада, өзің қай сайтанның азғыруымен мұндасың? – Мен мынау Аренардың пешінде күл тасушымын. Күміс ақша табу үшін сүйретіліп жүргенім. – Сен сияқтылар мұнда көп пе?
– Мәртебелі қолбасым, анау өрдегі жыпырлатып қос тіккендердің бәрі осы мен сияқты уақытша жұмысқа келгендер. Күміс ақша үшін жанын жалдағандар. – Ал сен менің үзеңгіме жармасқаныңның ақысын күміс ақшамен емес, мынаумен ал! – деп Қалдан-Серен еңкейе беріп сорлы бейшараның жотасына елік сапты, алтын сақиналы жуан қамшысын оңдырмай сілтеді. Айнала андыздаған салт аттылар қырантопалаң күлкіге батты. Екі-үшеуі онсыз да жаман даусымен шаж еткен немені кезектесе қамшылап одан әрі қуды. Шынтуайтында бұл күлші қалмақтың бұлай сезіктене келуінде, тайсалмай қолбасының өзіне сауал қоюында мән бар еді. Ежелден белгілі бір ақиқат, егер қазаққа қарсы соғыста қалмақ әскерлері ауыр жеңіліске ұшырап көткеншектесе жолдағы өз ұлыстарына да қырғидай тиеді. «Таз ашуын тырнадан аладының» кері. Жаңағы сорлы ғана емес, осылай швед оқымыстысы Ренат (қалмақша ныспысы Аренар), басқа да оның отандастары қырғыздардан тартып алынған мынау тау баурайындағы шұғыл ашқан кен қорыту, қару-жарақ соғу орындарына өз еркімен, немесе күшпен айдалып әкелінген ол қалмақтардың көпшілігі тап осы шығыс беттегі өз жанұялары үшін қауіптеніскен. Қазақтардан соққы жеп қайтқан, кеуделері ызаға толы долы әскерлер емес пе деп күдіктеніскен. Себебі, сонау Қалдан-Бошақты хан заманынан беріде мұншалықты күштің күншығыс бетке шеру тартқанын олар көрген жоқ еді. Ал Қалдан-Серен өз кезегінде шығыстан Қытайдың сонау шеткі қалмақ ұлыстарының жеріне басып кіргенін айтып, ауыз ауыртып жатпады. Бұлар жоғары өрлеген сайын бет-ауыздары қара күйеленген, киген киімдері жапырақжапырақ, жартылай жалаңаш денелеріне дейін көмірге аунап тұрғандай қожалақтанған адам сұлбалары көптеп кездесті. Бірақ олардың ешқайсысы қолбасы маңына жолай алған жоқ. Көкпеңбек торғын түсті биіктің шайдай ашық аспанмен ұштасқан тұсында қап-қара түтін будақтап, мың бұралған айдаһар сияқтанып, бірде көкке шаншылып, енді бірде тіреуішінен айрылған алып күштей бір жағына қисая көп сұлулықты адам көзінен жасырудың әрекетін жасағандай. Енді бірде бері Қалдан-Серен тобына қарай жалп етіп құлап, тұз адамдарына таныс емес бір жайсыз иіс әкелді. Ол иістен адам түгіл аттарға дейін тыжырынып, аяқтарын өр жаққа басқысы келмей құлақтарын жымитып, осқырынып, әлсін-әлсін үзеңгілі аяқтарымен қос бүйірден қаққылаған өз иелеріне наразылықтарын білдіргендей. Үлкен қарулы шоғыр желкелерін күнге жарқыратып, өңкей жарамды сұлу сәйгүліктердің тағалы тұяқтарымен тау беткейінің шым құйқасын қарпи ойып, жоғары бастырмалатып-ақ келеді. Бұлар алғаш жоспарланғаннан әлдеқайда көп жүрді. Енді өздері өрлеген беткейден шығысқа қарай сәл белдеулей сырғығанда терең шатқалдың ернеуіне шықты. Төменнен, шатқал табанынан Шоңақсу өзенінің бұрқ-сарқ еткен үні келеді. Бірақ ол үнді басқа бір дүниенің жағымсыз тарсыл-гүрсілі әлсін-әлсін құлақтан өшіріп әкетеді. Бұл не тарсылгүрсіл деп ойлағанша болған жоқ, шатқал ернеуінен әдейі ойылып жасалғандай бір кең қуыс ашыла кетгі. Қалдан-Серенді, бас зайсан Баодурді күзетуші жауынгерлер бұған жеткенде бәрі жағаларын ұстағандай. Жаңағы ашық аспанға мың бұрала көтерілген қап-қара түтін де, құлақка жағымсыз тарсыл-гүрсіл де осы қуыстан шығып жатыр екен. Үсті-бастары сауыс-
сауыс, қап-қара күйеден беттерін сайтан ажырата алмас, киген киімдері бес-алты жыртындыдан құрастырылғандай адам сұлбалары мұнда тіптен қаптап жүр екен. Мол қарулы шоғыр жын, перілердің ұясына тап болғандай тұлабойларында діріл жүгірді. Тек қолбасы Қалдан-Сереннің қаһарынан қаймыққасын ғана солай беттерін қаратып, амал жоқ, көздеріне күш түсіріп сұқтанғандай. Әйтпесе, мұндай құқайдан жаман үркетін түздіктер аттарының басын кері бұрып алып, төменге тас көшкініндей сатырлата жөңкілер еді. Тіпті, басқаны қойып, естияр, өмірде көрген құқайы көп, бас зайсан Баодурдың өзі әлдекім көз алдында алмас қылышын жарқылдатқандай жүзі сұрланып кетті. Бұл өзі жас шамасы алпыстың о жақ бұ жағында, қалмақ қауымындағы жұрттың басым көпшілігі сияқты арық өңді, тәмпіш мұрынды, бетіндегі әжім сызықтарын санап тауысқысыз жасамыс адам еді. Әрең-мәрең шалынатын сұйық қасты қабағының астындағы көздері үркек қоянның мінезін еске салып, қолбасы Қалдан-Серенге алақ-жұлақ етеді. Көз алдындағы көрініске төтеп беруі үшін мұның да біраз күш-жігер жұмсағаны анық еді. Тек Шарыш қана сыр бермегенсиді. Мынау қуыстың бір жақ тік қиылған, сары топырағы жалаңаштанған қабырғасында үңірейген, әлсін-әлсін жалын тілі жалаған бес-алты пеш аузы көрінеді. Түтін осы ауыздан да шығады, әріректе биіктің төбесінен де будақтайды, оған қоса бір-екі пеш қап-қара құсық тастайды. Әлдекім желкесінен күрзімен ұрғылаған жеті басты жалмауыздың бір аузы сияқты. Мұндағы қара қожалақтардың көпшілігі қос қолдап, екеулеп ары-бері зембіл көтергендер. Ол зембілдермен жанкешті немелер не әкеліп, не әкетіп жатыр, оны ажыратуға көп көз, көп ақылдың да шамасы жетпеді. Қалдан-Серен тобы осы қуыстың жиегіне келіп тоқтаған. Қолбасы назар аударғасын басқалары да қабақтарының астындағы қос шырақтарын жансар жылтыратып, әлдекімдер өздерін де анау пештердің аузына қоса тығып жіберердей секемденіп, сескеніп қарайды. Бәрінен бұрын осынау әсем табиғаттың бір бөлшегін ойып алып, аяусыздықпен әлеміштеп, ластап жатқан адам ба, жын-шайтан ба, қайсысының болсын әрекетіне деген ашу-ыза алдымен кеуделерін кернеп, одан жоғарылай қолқаларына қол салғандай. Иә, бұл түздіктер де өзімен көршілес Қазақ ордасы мен Қытай патшалығына мың жерден жауықсын, от пен оқ жаудырсын, бәрібір мынау табиғат-ана үшін бұлар да күнәдан пәк сәбиден айырғысыз еді. Сол сәбилік сезіммен туған ананың ак көкірегіне түскен бармақтың басындай жараны көріп, тұлабойларының түршіккеніне түсінушілікпен қараған жөн-ау. Қалдан-Сереннің белгі беруімен карауыл бастықтарының бірі жүрек жұтып, тамұқ отынан шыққандай немелердің арасына сүңгіп кетті де, көп ұзамай көп қара қожалақтың бірін ертіп әкелді. Бұл келген қалмақтың күрек тістері соншама кіршіксіз болар ма, қолбасының сұрағына жауап берудің орнына өз мұңын төге жөнелгенде қап-қара көмірдің ішінен табылған тозақ жұқпас аппақ жақұт тастардың қозғалысын еске түсірді. – Мәртебелі қолбасым, кешелі бері мынау жирен шашты швед тұтқындармен жұмыс істеу қияметке айналды, олар не қиғылық салса да қамшы, не таяқ сілтеуге жол жоқ, кісендеуге де болмайды деген ұлы мәртебелі қонтайшыдан жарлық келді деседі. Анау Аренарға шағынып едім, қонтайшының жарлығын екі ете алмаймын деп, өз қандастарын
жақтап шыға келді. Ұлы мәртебелі қонтайшының осындай жарлық бергені рас па, жоқ па, соны сіздің аузыңыздан естісем деп едім. Қалдан-Серен Бригиттаның өтінішіне орай кен, өндіріс орындарында жұмыс істеуші швед тұтқындарының жағдайын жеңілдету туралы өз әкесінің үкім таратқанын әлі естіген жоқ еді. Сонда да мынау бастықсымақ қара қожалақтың ақпарында шындық барын болжамдап: – Сен немене, енді ұлы мәртебелінің өзіне де қыр көрсетпекпісің? – деп, оған қабағын түкситті. Әлгінде ғана өзінің үзеңгісіне жабыса боздаған сорлыға істегенін бұл жолы да қайталай жаздап, іштегі жойқын мінезді әрең тежегендей. Мына неме қолбасының осы сиқын дереу таныды да, енді нақтылы сұраққа жауап берді: – Аренар анау шатқалда, соның төменірек жағында. Егер мына бетпен құлай жүрсеңіздер оба тасты көресіздер, сол тұстан өзенге қарай кілт бұрылсаңыздар төбесінен түсесіздер. Жауынгерлер төмен құлдилап оба тасқа жетіп, жаңағы көріністердің бәрі көздерінен жасырынғанда іштерінен ауыр дем шығарды. Аренар су жағасына, тастаққа таяу тігілген қара қоста жалғыз өзі көлемі тоқымдай бар, алабажақ сызулар мен жазуларға толы қағазға шұқшиып, жұмыс істеп отыр еді. Қалдан-Сереннің келуі туралы хабар оған төбесінен тас көшкін құлағандай әсер етті. Бұл өзі сақал-шашы бір-бірімен жабыса жалбыраған, киім киісі де бұл өңірдегі ешбір жан баласына ұқсамаған, мінез-құлық жағынан да сондай бөлек пішінді пенде еді. Сақалшашы қалмақтардікіндей емес, Бригитта сұлудікіндей алтынша жарқырап та тұрған жоқ, қызыл күңгірт десе келіңкірейді, оның да бояуы қанық, қоюын иемденген. Көкшіл көздері көп жылдық ауыр еңбектен табиғи түсінен, нұрынан айрылып, ақшыл сұрға қарай қадам жасағандай, күнге күйіңкіреген бетінің ұшы үшкір, жағы ішке кіріңкі, бірақ оған қарап қырым ет жоқ деу де орынсыз, тамырлары білеуленген қолдары бұлшық етті, жалпы ұзын денесі жарау аттың бітіміндей қимыл-қозғалысқа сәт сайын әзірлікті танытады. – Мен сіздің келуіңізді тағатсыздана күтіп едім, – деп қосқа кіріп келген қолбасыға жас балаша қуана жалтақтады. Екі қолын созып жіберіп, Қалдан-Сереннің иығына салардай елбелектеп, тек қарсы алдында тұрғанның кім екенін іштей бағамдап үлгергесін ғана тыйылғанға ұқсады. – Мына қағаздарың не? – деді Қалдан-Серен аман-саулықсыз. – А, мәртебелі қолбасым, бұл Қазақ ордасының бұрынғы иемденген жерінің картасы ғой. – Сен оны былтыр жасамап па едің, немене ол әлі де жыры таусылмаған дүние ме? – Қалдан-Сереннің бойы швед оқымыстысы Ренат-Аренардан сынық сүйем төмен еді. Сол төменнен қараған көздерінде «шығыстан Қытай патшалығы елімізге ауыз салады, ал сен қайдағы бір өнбес іспен шұғылданасың, жат жұрттық жан екенің осындайдан байқаладыау» деген жазу тұр еді. Ренат ол жазуды айдан-анық байқады, сөйтсе де сол күмілжіп оқыған адам мен оқымаған адамның арасында бола беретін осындай іркілістердің кезекті біреуін қалай еңсеру керектігін ойлады. – Мәртебелім, егер мен турасын айтсам, сіздің кемеңгер ақылыңыз оған жетеді деп ойлаймын. Біз кеше ғана жаулаған Қазақ ордасының ғана емес, бұрын мен сізге бірнеше мәрте түсіндіргенімдей өз осімен, әрі күнді айнала қозғалатын жұмыр жердің, мейлі оның
қай пұшпағының болсын картасын жасау тап белгілі бір күнде жыры таусыла қалатын іске жатпайды. Қалдан-Серен іштей томырылды. Бетінің ұштарындағы қызылы тіптен қоюлап, нағыз қара түйнекке ұқсап бара жатқаны осы ала көлеңке қос ішінде де белгілі еді. Бірақ швед оқымыстысы сасқан жоқ, осы Жоңғарияда өткізген соңғы тоғыз жылдың ішінде бұл ондай құқайдың талайын бастан кешкен, әрі Жоңғарияның бұл таңда өзінсіз күні жоқтығын, сосын да өз басының қауіп-қатерден дін аман екендігін айқын түйсінген. – Мына бір қағазға қараңызшы, – деп Ренат түкпірдегі кең тақтай сандықшадан төрт бүктелген, көлемі бұзау терісіндей бар қатырлақ бірдемені суырды да, қолбасының көз алдында жазып жіберді. – Міне, мынау осыдан бірер ғасыр бұрын сіздің қандастарыңыздан шыққан оқымыстылардың бірінің, бірінің емес, бірнешеуінің осы бүкіл Орта Азияның жерін қағазға түсіргендегісі. Әлі де анықтап айтсам, мынау соның мен жасаған көшірмесі. Бірақ осымен бұл жұмыс тиянақталды ма, жоқ, мұнда ғылым тілімен айтқанда ақтаңдақтар дегенің бастан асады. Ал мен өз тарапымнан сол ақтаңдақтардың кейбіреулерінің орнын толтырсам деймін. Міне, енді мына қағазға қараңыз, бұл ана қағаздағының негізінде жасалған сіздер басқарушы Жоңғария мемлекетінің, Қазақ ордасын түгелдей басып алған Жоңғарияның жаңа аумағының картасы. Мен мұндағы жоңғар-ойраттарша атаулардың бәрін швед тіліне аудардым, бұл сіздер тынысын кеңейткен аса қуатты Жоңғария мемлекетін өркениетті Еуропа зиялыларының тануы үшін қажет. Оның үстіне бұған қосқан менің өз үлестерімді айтайын. Міне, мынау қоңыр бояумен әлеміштелген Тянь-Шань тауының сілемдері, ал мынау көкпеңбек қазірде Жоңғария қонтайшысы өз байтақысын орнатқан, баршамыз отырған Түзкөл қазаншұңқыры, ал мына ұзына бойы ирелеңдене сызылған сызық сіздер көп қастерлейтін Іле дариясы, ал мына тағы бір қоңыр бояу қазақтар тілінде Іле Алатауы аталатын таулар тізбегі. Ренат сол көсілгеннен ұзақ көсілді. Іле Алатауына жалғаса қазақтың сан салалы өзендері мен сахара далалары қоса кетті. Мәртебелі қолбасыны тікесінен тік қақайтып қойып, бұлай самбырлауым оның басы үшін кемсіту емес пе деген ой алаңдатпайтындай. Бір жайдан ол үшін отыруға орын ұсынуға да жер тар еді. Ренаттың оқымысты ғана емес, сезім адамы екені осылай өзі тындырған іс хақында екілене сөйлеуінен де шалынатын. Қалдан-Серен оны сөзден қақпады, қай мәселені де тереңнен толғауға қабілеті жеткіліктіқолбасы қайта оның қиялына осы ықыласы арқылы қанат бітіруге тырысқандай. Егер Шарыш пен бас зайсан Баодурь кіріп келмесе Ренат аттың басын қайыруға әлі де асықпас еді. Қалдан-Серен уақыттың тығыздығын мына екеудің кіргеніне қарап есіне алып, дереу қос ішінде тынысы тарылғандай жұп-жұмыр қара сақалды иегін шаңыраққа көтерді. Сөйтті де Ренатқа қарап зірк етті: – Дайын дүниелерің нешеу? Олар қайда? – Екеуі мына сайдың өріңде, – деген Ренат сөзін аяқтап болған жоқ, кенет дүрс еткен дауыс бәрінің құлағын жарды. – Әне, Альберт Мангус сынақтан өткізіп жатыр. – Мұны айтқанда Ренаттың екі езуі екі құлағына жете ыржиды. Сірә, бұл Ренат қай жұлдыздың астында туса сол жұлдыз мұның өміріне жетерлік бақытты қоса сайлаған. Әйтпесе, сонау Швециядан жиырма жылдық соғыс үстінде тұтқын ретінде Ресейге өтіп, одан тағы бір
соғыс үстінде Жоңғарияға топ етіп, осындағы ең жоғары лауазым иелерінің аузын аңқитып қойып, олардың барлық мейір-шапағатын пайдалану үшін неше құдайдың рахымы керек екен десеңші. Міне, қазір де сол бақыты мұның төбесінде шамшырақша жанғандай. Қалдан-Серен «дайын дүниелерің нешеу?» дегенде Қытайға қарсы соғысқа қажетті зеңбіректердің жайын сұраған. Көк періштелері бір-бірлеріне қол бұлғасып, бұлар үшін қызмет етіп тұрғандай тап сол сотте Ренаттың сонау Швециядан осы Жоңғарияға дейінгі аралықты бірге өткеріскен қандасы, әріптесі, әрі көмекшісі Альберт Мангус сол дайын екі зеңбіректің бірінің білтесін тұтандыра қойыпты. Оның дыбысы жеткенде Ренат мына Қалдан-Серен де миығынан күлер деп ойлаған, бірақ олай болмады, бас қолбасы ішін мазасыздық кернегендей сыртқа ұмтылды. Барып өз көзімен көргісі келетінін айтты. Жолай бұл да атқа мініп үлгерген Ренат тағы екі зеңбіректің құдай қаласа үш-төрт күнде құрастырылып, сынақтан өтіп, шеру үстіндегі әскердің соңынан жеткізілетінін, әрі алда кеткен Сайын-Бөлек пен Шодыр бастаған әскерлер үшін қару-жарақтың ұсақ түрлерінің, атап айтқанда, найза, қылыш, қалқан, қанжар сияқтылардың үлкен партиясы әзірленіп берілгенін айтып үлгерді. Сол күні кешкілік көл суына таяу тігілген Қалдан-Сереннің жорық шатырында қолбасы мен Ренат арасында тағы ұзақ әңгіме өрбіді. Әңгімеге бас зайсан Баодурь мен Шарыш, кіші қолбасылардың екі-үшеуі, карауыл бастықтары қатысты. Шарап қызуы бойларына барып, әбден жеңілейген шақта тас шамның жарығында жүзі майша жылтыраған, жалбыр шашты, сақал-мұрты да әбден ұзара өскен Ренат қонтайшының алдағы келелі мәслихатқа өзін де шақыртқанын мәлімдеді. Қалдан-Серен бұл швед маманын Қытайға қарсы соғысқа өзімен бірге әкетіп, дайыны бар, дайын емесі бар төрт зеңбіректің қасында ұстамақшы еді. Әрі құдай жан-жақты жаратқан осы неменің шайқасты ұйымдастырудағы тәсілшілдігін де пайдаланбақшы. Зеңбіректері әлі толық болмағасын ол ойын әзірге ішке бүккен. Қонтайшы мәслихатқа шақырса басқа бір шаруа қосанжарланып, ұлы мәртебелі мұны қасында байлап-матап қалмас па екен деп те күдіктенді. Жоқ, қонтайшы әкем бірдеменің шалығы шалмаса аса ақымақ емес қой, шығыстағы аждаһаның жайын білетін жан, айтқаныма көнер деп, өзін-өзі тыныштандырды. Ренаттың жаңағы сөзіне Қалдан-Серен өз райын білдіріп үлгерген жоқ, сыртта екі шабарманның келіп тұрғаны хабарланды. Ол Еділ бойындағы қалмақ хандығының елшісі Ехе Абуғайды қарсы алуға кеткен бас зайсан Санжиге жіберген өз адамдары екен. Бұлардың әкелген ақпары аса қомақты шықпады. Ехе Абуғайдың қасында Еділ бойындағы қалмақ хандығының бас ламасы Шохурламаның көмекшісі бар екен, қалғандары екінші саптағы адамдар, көбіне саудагерлер, жүк артылған түйе саны отыздың о жақ бұ жағында, ал оларды күзетуші жауынгерлер үш жүзді құрайды. Бас зайсан Санжи оларды зор құрметпен қарсы алып, өздеріндегі жағдайды түсіндіруге көп күш салған, әрі Ехе Абуғайдан да, бас ламаның көмекшісінен де көп сыр тартқан. Әзірге аңғарғаны бұлардың Шұна-Доба жөнінде ешқандай хабары жоқ. Ертеңіне Қалдан-Серен ол хабаршыларды қайта аттандырды: Бар айтқаны: «Әнеукүнті тапсырмаға алып-қосарым жоқ, сол бағыттағы жұмыс тиянақты түрде жалғастырыла берсін, өзі қонтайшы ұрғасындағы мәслихатқа дәл үлгерсін».
* * * Ақыры, көптен құлақ сарсытып, талайдың тағатын тауысқан сол қонтайшы ұрғасындағы келелі мәслихат та бір күні бұрқ етті-ау. Оның ашылған күні ҚалданСереннің о бастағы есебімен дәлме-дәл келді. Қалың әскер Түп өзенінің жағалауына жеткенде оның бас-аяғын бүтіндеп, одан әрі өз кезімен ұзатып салды да аз топпен бері ЬІстықкөлдің екінші бетіндегі әкесіне қарай асықты. Қонтайшы ұрғасындағы ырғасуға екі күн арнап, соңынан мына әскерді қайта қуып жетпекші. Бұл келелі мәслихат бұлардың ойлағанын да әлдеқайда ауқымды шықты. Сірә, мұны қонтайшының кіші ханымы Сетержапқана емес, басқалар да әбден қобалжи күтсе керек. Бұл Жоңғарияда құпия тыңшылар жүйесі мемлекеттік дәрежеде ғана емес, одан төменде де жекелеген адамдар арасында да өрмекшінің торындай бытысып-шатысып жататын. Мысалы, әрбір бас зайсан, әрбір ауқатты шонжар, лауазымы жоғары дін қызметкерлері, қарауыл бастықтары, қолбасылар – бәрі дерлік әрқайсысы өз тараптарынан да жеке өз бастары үшін қызмет ететін тыңшылар ұстаушы еді. Міне, сосын да олар қонтайшы шатыры жақтан да, Қалдан-Серен ордасы жақтан да барлық сыбысты уақтылы жиып-теріп басшылыққа алып отыратын. Жел қай жақтан соғады, заманның қай қалтарысында ол бағытын қалай өзгертеді, міне, соның бәрін мүлтіксіз анықтасатын. Ал мына мәслихаттың анық қай күні ашылатынын оны өз үкімімен белгіленгендей болған Қалдан-Сереннің өзінен де дәл білмесе кем білген жоқ. Сосын да бұған олар зор дайындықпен ұзын саны түгенделіп, тәрбиелі шәкірттердей жинақыланып дәл сәтінде бір-ақ лақ етісті. Қонтайшының Ақ үйі тарлық ететіндіктен бұл жиынды сыртта өткізу келісілген. Күнгей Алатаудың көлге қараған баурайларының бірінде адам түгіл мал аяғы баспаған шалғынды жазық таңдалды. Үйдегі бар жасау сыртқа тасылып, киіздер мен сырмақтар молынан төселсе табиғат-ана мүлдем жасанып шыға келетіндей. Сол киіздер мен сырмақтардың күнге шағылысқан оюларынан өзгеше жарастық тапқандай таудың бергі құлама ойысының көкпеңбек кескіні де ешбір зергердің қолынан шығып көрмеген ғажайып кілем түстеніп құбылады. Шалқайып, арқа сүйер нағыз таянышыңа айналатындай. Бүгінгі отырысты ұйымдастыруда ең алдымен сол жағы мықтап кәперге алынған шамасы. Алқа-қотан жұрттың бәрінен бұрын жетіп жайғаскан қонтайшы арқасын сол тауға бере сылдырмақты аса таяғын жерге қадай дауыс әрең жетер жерден көлкілдеген көл суына қарай көздерін мөлиткенде былайғы жұрт таудың сол құдіретін анық танысты, білем. Әдеттегідей, қонтайшы жайғасқасын басқалардың өз орындарын табуы көзді ашыпжұмғанша жүзеге асты. Тек қонтайшының оң жамбасын басып кім отырады, Лубсан хан ба, бас лама ма, сол жағы уақтылы шешілмегесін екеуінің арасында текетіркеске ұқсас бірдеме бұлаң етті. Әдетте бұл бас ламаның орны-тұғын, тек ол көп күннен бері жоқ болғасын оған Лубсан хан отырған, енді оның да сол жылы орнын қиғысы жоқ, сөйтіп екеуі Сыбан Рабтанның көз алдында сүзісермен болғасын, қонтайшы оны ойсыз тез шешуге тырысты. Лубсан ханға көзімен белгі берді, сөйтіп кешегі Кукунор билеушісінің аруағы асты. Бір жайдан бұл қонтайшының көптен жоғалып, бүгін таңертеңгілік қана табыла кеткен бас ламаға деген ішкі наразылығының да нәтижесі еді. Қонтайшының оң жағына бұл екеуден кейін сегіз бас зайсан, (араларында Баодурь мен Санжи де бар) тізе бүкті. Қалдан-Сереннің кезегі солардан кейін еді. Одан соң
қонтайшының кенже ұлы Шұна-Кашка, Ренат, Шарыш отырды. Қытайға қарсы қозғалған әскерлердің кіші қолбасылары Сайын-Бөлек пен Шодыр да осында. Қонтайшы ұрғасындағы екі күндік, не бір күндік бөгелістен соң бұлардың Түп өзенін өрлеген әскер қосындарын оп-оңай қуып жететініне сенімдері мол. Себебі, әскерді олай қарай аса дамықтырмай, баппен, сабырмен жылжыту көзделген. Шақырылғандары, әрі шақырылмағандары бар алыстағы біраз ұлыстардың басшылары да осында еді. Жеке бас қамымен қонтайшының, бас ламаның алдынан өтпекке осында ат арытып жетіп, келелі мәслихаттың «кездейсоқ» үстінен түскен әулетті шонжарлар, байлар, бекзадалар, жергілікті діни қызметкерлер дегендерің де мол қаралы топ. Қонтайшы олардың бәріне дерлік кеңшілік жасап, мәслихатқа қатынасуға рұқсат берді. Қонтайшыға мұның тиімді жағы да бар. Осындай мәслихаттарда қабылданған шешімдерді ұлыс-ұлыстарға жеткізу үшін ең кемі жүз шақты жауынгерді топ-топқа бөліп аттандыруы керек. Олар мәслихат шешімін қалай жеткізеді, шөп-шалаңсыз таза күйінде ме, жоқ, алып-қосып, сорпасының маңызын кеміте ме, тіпті болмаса қасақана асыра сілтеп, өз қарындарын қоса тойғызу үшін жергілікті ұлыс басшыларының майлы бөкселерінен қарпып асап түсудің әрекетін жасай ма? Олардың бәріне қалай тыйым саларсың. Әрі жоңғар-ойрат қоғамында үстем тап өкілдерінің, олардың алып кел, шауып келінде жүргендердің қомағайлығы, парақорлығы аса жат қылық саналмайтын. Кім қанша жейді, қанша пара алады, олардың іскерлік қабілеті осы жағына қарап та бағаланатын. Бірақ қалайда мұның бәрі қосымша қиындықтар тудыратынын қонтайшы түсінбейді емес, ал мына ұлыс басшылары, байшонжарлар өз аяқтарымен жетіп отыр, мәслихатта қабылданған шешімдерді өз құлақтарымен естіп кетеді. Сосын да оларға таршылық етіп қайтсін. Бұлардың бәрі сәнді киінген. Мауыты шапандар, алтын жіптен зер төгілген қоқырайған биік киіз қалпақтар, немесе, жарқырауық жіп пен асыл тастар шебер қиюластырылған дөңгелек масаты тақиялар, қытай жібегін мол шығындатып, барлық, байлық белгісіндей әдейі олпы-солпы етіп тігілген тік жағалы сары жейделер, шалбарлар, жалпақтығы кереқарыс белбеулер тұпа-тура базарға түскен дүниеліктердей көздің жауын алады. Адам жүздерінен гөрі сол үстеріне жапсырған қымбаттық бұйымдар басым шығып, «міне, біз мынандаймыз» деп жансыздардың өз тілінде құйқылжыта сайрап тұрғандай. Ал қарсы бетте, сол жақ қанатта біраз әйел заттылар жайғасыпты. Әрине, қонтайшыға ең жақын отырғаны Сетержап. Одан кейінгі маңдайындағы бағы от боп жанғандай үлкен қалыңдық Сесон. Бұл швед әйелі Бригиттаны жолдас етіп, Қашқар-Жаркент қалаларына сапар шегіп, ондағы базарларға қырғидай тиіп қайтқан бетте үлкең қуаныштың үстінен түскен. Себебі, Еділ бойындағы елден Ехе Абуғай бастаған елшіліктің келгенін, оны бас зайсан Санжидің сонау Шу бойында-ақ салтанатпен қарсы алғанын, мына келелі мәслихаттың ертеңгі жалғасы қонтайшы ұрғасында сол елшілікті қарсы алу шарасына айналатынын бұлар шөгерілген түйе қомынан жерге түскен бетте-ақ естіген. Енді созбұйдаланатын ештеме қалмағанын шолжаң да тәкәппар Сесон табанда ұққан. Сосын да мынау Жоңғарияның бүкіл бетке шығар қаймағының алдында бұл неге гүл-гүл жайнамасын. Сесоннан кейін отырған оның үш сіңлісі тап осы апаларындай маңдайларынан күн жарқырамағанымен егер бастарына бақыт құстарын қондырса, Сесоннан кем
құлпырмасына куәлік беруге бардай бұлар да бал-бұл жанған жүздерімен, нәркес көздерімен жалт-жұлт етіседі. Төрт қыздың төртеуі де бірінен бірі асып, мейрамдағыдай киінген, түрлі түсті жібек маталар әрқайсысы өз орындарын тауып талдырмаш денелеріне жабыса оралған. Оған қоса құлақтарындағы сырғалар, мойындарындағы жақұт, маржан, лағыл сияқты моншақ тастардан құрастырылып, қабаттастыра салынған алқалар сандық-сандық дүниелердің ішіндегі ең қымбаттылары екенін өздері-ақ айғақтайды. Төртеуінің киімдеріндегі жалғыз-ақ алабөтен нәрсе Сесонның басындағы тақия. Биік тік қабырғалы, тегіс төбелі, дөңгелек қыжым тысты онысы осы соңғы Қашқар-Жаркент сапарында қолға оралған дүниеліктердің бірі. Өзге бас киімнен бұл тақияның бір артықшылығы тұтас бір үйдің кенересіндей состиып, асыл тастардың неше шоғырын әкеп жапсырсаң да орын жетерлік. Уыс-уыс моншақтарың жұмырына жұқ болмай, түгел іліп әкетуге жарап тұр. Осы жағынан алғанда Сесонның қомағай жаратылысына әбден-ақ саймасай, сіңісті дүние. Сесон да оны шамасы, осы қасиеті үшін ұнатқан, әрі бүгін басына киген. Бұл қыздардан кейін киімі емес, иығын жапқан мол жирен шашы бөлектендірген Бригитта отыр. Бұл бүгін тым сүлесоқ күйде. Үлкен дөңес мұрнының екі жағында, көздерінің айналасында көлеңке ұялап, мынау ашық аспан астында, тау баурайында бас қосқан ең бір лауазымды адамдардың өзіне соншама жат, әрі алыс екенін осы отырыс үстінде ғана сезгендей-ақ. Өзін-өзі қыстап, жүзінде ынта-ықылас сезіміне ұқсас қимылдарды жандандырғанмен онысы әсерлі шықпай, қайта кемесі құмға қайырлағандай үлкен жан қиналысы үстінде отыр. Қашқар-Жаркентке барғандағы жол азабы ма, жоқ, Сесонның екі-үш бірдей қаланың дүкендеріне жаудай тиіп, олардың алпауыт иелеріне көрсеткен қысастығы мұның да көкірегіне батты ма, әйтеуір бұл осы сапардан қатты құлазып қайтқан. Бірақ бұл ішкі жан ауруын кіммен бөлісе алсын. Әлсін-әлсін қарсы беттегі өз қандасы Ренатқа қарайды, әрі мына мәслихаттан кіші ханым Сетержап үшін емес, өз басына ілік боларлық, бір қарманар тал іздегісі келіп, не сөзге де құлағын түрік ұстайды. Бригиттадан кейін тағы екі кәнизак отыр. Жоңғария қауымындағы әйел жыныстыдан шыққан ең жоғары лауазымдылар осылар. Олардың жоғары лауазымы жүктейтін міндет – Сетержап пен мына төрт ханышаның немесе Бригиттаның назарын аңду, егер олар көзбен ғана өздеріне жалт етсе оның аржағындағысын айтқызбай ұғып, дереу нақтылы бір бұйрықты орындауға кірісуі немесе оны тиесілі бір кәнизактарға жеткізіп, әрі оның табанда жүзеге асырылуын қадағалауы керек. Ал осы екі кәнизактан төмен тағы да самсаған қарулы еркек қараларды көресің. Баршасы үй ішіндегідей үлкен шеңбер жасап орналасқан. Ал осы шеңбердің сыртында таяқ тастамдай қашықтықта әп-сәтте екінші шеңбер де пайда бола кетті. Олар осы бірінші шеңбердегілерге қосалқы топтар-күзетшілер, кеңесшілер, жай қызметшілер немесе сол бірінші шеңбердегі лауазымдылардың болашағына үміт артқан естияр балалары. Ал бұлардан әріректе, дауыс жетпейтін сай-салада үшінші шеңбер деуге келерлік тағы да мол қара-құра шоғырланған. Олар қонтайшы ұрғасын қоршаған қарулы жасақтар еді. Әрі ішкі екі шеңберге ілікпеген ала шапанды бұқарлық егіншілер де көрінеді.
Бұл көптен күттіріп, талайдың тағатын тауысқан келелі мәслихаттың алғашқы қарқынында-ақ ашық аспаннан жай түскендей елең еткізген нәрсе Қалдан-Серен мен кіші ханым Сетержаптың арасындағы сөз сайысы еді. Алғашқыда сөзді бастаған қонтайшы Сыбан Рабтанның өзі. Ол ел ішіндегі жағдай, басып алынған Қазақ ордасындағы хал-ахуал, әр түкпірден, әсіресе, сол Қазақ ордасынан айдап әкелінген тұтқындар, Қытай жаққа жылжытылған әскер, әрі осыған байланысты алым-салықтың көбейтілетіні төңірегінде құлағының мүкісі жоқтарға анық естілетін қоңыр даусымен біраз күмбірледі. Алғашқы жайлардан су жорғасына басқандай жылыстап тез өткенмен Қытайға қарсы әскер шеруіне келгенде бір орында шегенделгендей жүріс өндірмей қойды. Бір айтқандарына қайта соғып, әрі бесіктегі балаға дейін мәлім жайларды сағыздай созды. Тіпті әлдекімдерге мұның бас-аяғы ешқашан көрінбеске ұқсады. Міне, Сетержаптың шыдамы осыған ғана жетті: – Ұлы мәртебелі қонтайшым, Қытайға қарсы қозғалған әскер сақадай сай күйінде тұсымыздан өткенін жұрттың бәрі көрді ғой, суды қанша шайқасаң да май шықпасын білетұра өзіңізден көп шапағат, ырыс дәметкен мына халқымыздың мысын құртып, бір орында неге айналшақтай бересіз? – деп салды ол. Сірә, қонтайшы кіші ханымның мұндай мінезін о баста-ақ жорамалдап, қатты дайындалса керек, мүлдем саспастан, айран түстес көздеріне абыржу, ашулану сияқты сезімдердің бір талшығын да жуытпай, соншама сабырлы жауап қайырды: – Қытайға қарсы қозғалған әскер сапындағы бозбалалардың тәтті қаймақ пен тұнық шарапқа иегі қышып, сағынысқан нағашы жұртына қыдырыстауға бара жатпағанын білетін боларсың. Бұлқай заманғы қандай жорық, ол жағын мықтап кәперге алуға сенің ақыл-ойың жетеді деп ойлаймын, сұлуым. Егер ақыл-ойың жетсе, олардың қамы бір ауыз сөзбен тамамдалмасын ұғуың керек-ақ қой. – Олардың қамын тұсымыздан өтпей тұрып жасау керек емес пе? Тұсымыздан өтіп, анау Түп өзенін өрлей ұзаған әскер үшін енді не қам жасап үлгергендейміз? – деп Сетержап та қалыспады. – Мен құдай емеспін, ал ол әскердің бетке алған бағыты Қазақ ордасы емес, олардың ертеңгі күні қалай оралатынын болжай алатын кім бар? Кешегі Қалдан-Бошақты хан заманындағы Қытайға қарсы жеті жылдық соғыстың неге апарып соққанын ұмыттың ба? Әйелдік көрсоқырлығыңа басып, мәселенің алдын орамай шыдамдылық етсең қайтер еді? – Шыдамдылық па? Шыдамдылық дейсіз, ұлы мәртебелім, бұл күнге дейін мен көрсеткен шыдамдылыққа жуандығы жеңді білектей сом темірдің өзі қызғанышпен қарарау, – деп Сетержап орнынан тізерлей көтерілді де тұлабойын толығырақ көтеруге талпыныс жасағандай тіпті бір аяғын ұзын етегінің астынан шығарып, тек онысын қайта жиып алды да оңдалыңқырап отырды. Кіші ханымның бұл қимылының да мәні бар екен. Швед әйелі Бригиттаның кіші ханым үшін осы мәслихатқа киюге әдейі арнап тіккен ұзын ақ-сұр көйлегінің болмысын қалың қауым оның тап осы қимылы үстінде алғаш рет аңдап үлгерді. Бұған дейін әйел құмар ер атаулының Сесон бастаған төрт қыздың үстіндегі түстері тым ашық үлде мен бүлдеге көздері сүрінсе, енді олардың сол назарын Сетержап киген мүлдем бөлек нұсқалы, бір қарағанда реңкі сұрықсыздау көйлек шұғыл бұрып әкеткендей. Осылай баршаның ықыласын бір билеп алды да Сетержап сөзін одан әрі жалғастырды:
– Ұлы мәртебелім, Сіз құдай емеспін дедіңіз. Бірақ өзіңізді құдай тұтқан халқымыздың алдында құдай ісіне кереғар келетіндей үкім шығарып, өзіңізге сонау төмендегі Қазақ ордасының бел омыртқасын үзіп берген бас қолбасы, өзіңіздің ортаншы ұлыңыз Шұна-Добаны тәрік етіп, ол соғыстың бір пұшпағында ғана абырой жиюға бар айла-амалын пайдаланған Қалдан-Серенді Қытайға қарсы қозғалған күшке бас қолбасы еттіңіз. Бұл үкіміңізді жария етерден бұрын алдағыны сол құдайша болжаған сияқтысыз ғой, әйтпесе қарапайым адам баласы түсіне алмас мұндай ауыскүйісті неге енгізесіз, ол ауыс-күйістен не күтетінжайыңыз бар? Кіші ханымның мына сөздері қарсы бетте әзірге үнсіз томырылған Қалдан-Серенді анық соғысқа шақырғандық еді. Қалдан-Сереннің ертеректерде қонтайшы алдындағы осындай жиындарда өзіне қарсы өрескел сөз айтып, айбат шеккендердің басын қылышпен қақ айырғаны да болған. Сондай бір қантөгістер қазір де бұрқ ете ме деп, отырғандардың, әсіресе, кексе жүзділердің арасында қыбылжулар да білінді. Бірақ Қалдан-Серен селт еткен жоқ, бір бүйірден қиқулап неше жау тиіссе де әке сөзін ақырына дейін тыңдамаққа бел буғандай. Сыбан Рабтан үлкен ұлдың осы ұстамдылығын өз басы үшін таяныш көргендей сәл нығыздана жаңағы жол жорғасын қайта тапты: – Бұл жерде де сен, Сетержап, әйелдерше тым келте ойлап, тар шеңбердің аумағынан шықпай бұлқынасың. Сұлуым, мен бұл пәни тіршілікте ешбір нәзік жандыны сенен артық көріп, көңіл құлатқаным жоқ, сосын да сені ренжіткім келмейді, артық кетсем кешір. Сен сабыр етіп, біздің уәжімізге құлақ сал. Егер біз Қалдан-Серенді де, Шұна-Добаны да аяқтарынан тік көтеріп, шығыс беттегі мойны қашық ел Қытайға қарсы шеру тартқызып, аттандырып салсақ, біз тыныш ұйықтай аламыз ба? Артта қалған Қазақ ордасы сенін төркін жұртың емес қой. Сенің төркін жұртың ол Қазақ ордасының ар жағында, алыста, әрі орыстардың қыспағында, бізге қол ұшын бере алмайды. Егер Шұна-Добаны да, Қалдан-Серенді де шығысқа әкетсек, Қазақ ордасы осыны пайдаланып, табанда ес жиып, ту сыртымыздан оқ атпасына кім кепіл? Міне, Шұна-Добаны жылы орнынан қозғамауымыздың гәбі қайда жатыр, сұлуым. Қазір осы мәслихат үстінде Қазақ ордасына, оның ұлы би аталатын сұңғыласы – Төлемен келіссөзге баратын топ құрмақпыз. ҚалданСерен, айта қойшы, ол келіссөзге баратын топты басқаруға кімді ұсынбақсың? – деп қонтайшы сөзінің соңында өзінің үлкен ұлы жаққа мойын бұрды. – Ол келіссөзге Шарыш барады, – деді Қалдан-Серен. «Ұсынамын», «осы барса қайтеді» деген сияқты сөздерді қосып мәймөңкелеткен жоқ, өзінің алдын-ала дайындап әкелген бұйрығындай қасақана кесіп айтты. Шарыш өз есімі аталғанда отырған орнынан тізерлей түрегеліп, екі алақанын бірбіріне жапсырып, басын ие қонтайшы жаққа тағзым етті.Бұл жалаңбас еді, маңдайын төмен түсіргенде жуан бұрымы оң иығына құлады. Басын қайта көтергенде қап-қара бүйрек беттері тырсиып, басына қонған бақтан жарылғалы тұрғандай әсер берді. Білеуленген бұлшық еттерін сыртқы киімдері де жасыра алмағандай екі иығы, кеспелтек қолдары, алға шығыңқы төсі, бәрі-бәрі сондай бір сезіммен тоғайып, ірк-ірк ететіндей. Жалпы бұл Шарыш Қалдан-Серенді үйірсектеген жастардың ішіндегі сөзге алғыр, әрі жаужүрек, ең қайраттысы еді. Бұл жекпе-жек шайқасқа да құмар, өткен жылы Ташкент төңірегінде жекпе-жекте қазақтың үш батырына қан құстырған. Mінe, осы сұрперен Қалдан-Сереннің кіші қызына қырыңдап жүр деген сөзге мына отырғандардың құлағы
қанық. Ал енді ол жас басымен мынадай алмағайып күнде Қазақ ордасының ең үлкен биімен келіссөз жүргізетін топты бастамақшы. Бұл жай жаңағы сөздің растығын аққа қара жапсырғандай айқындап тұр емес пе? Жаңа Шарыштың есімі аталғанда қарсы беттегі баршаның көздері соған және оның тағзым еткен қимылына бұрылып еді. Ал солардың ішіндегі ерекше қадалған көздер Сетержап пен оның төрт қызынікі. Ал сол бестіктің ішінде, әсіресе, екеудікі, атап айтқанда, Сетержап пен оның үлкен қызы Сесонның қарасы бұлттан шыққан күндей ащы қарас еді. Түскен жерінөртеп жіберердей қызуы да жаман, тегеурініне тірі жан шыдамастай, тіпті күн емес, көктен соққан найзағайдың өзі дерсің. Сетержаптікі түсінікті, ал жас қалындық Сесонды билеп әкеткен мүлдем басқа пиғыл. Шынтуайтында, әбден бойжетіп пісіп үлгерген Сесон күйеуге шығуды аңсағанда, Еділ бойынан келетін елшілікті сарғая күткенде сондағы марқұм Аюке ханның немересіне күйіп-жанған құмарлықтан емес (бұл оны әлі көрмеген де), мүнікі жай өзінің жасы келген осы қалпында үйге сыю қиынға айналған, енді-енді кәрі қыз атануы мүмкін қалпынан ығыр бола бастағандық еді. Сесонның басына ерік тисе бұл өзіне қосақты сонау Қазақ ордасының ар жағынан, Ресейдің қолтығына кірген елден іздемес те еді. Рас, ондағы ел орыстардың алтын шатырлы шаһарларынан тасылатын киім-кешекке, жалтырауық әшекей заттарға белшесінен батуда, ол бұйымдардың қасында, Ташкент, Бұқара, Қашқар, Жаркент сияқты қалалардың дүниеліктері түкке арзымайды деген сияқты қыздырма сөздер қомағай Сесонның ішін ұстаның көрігіндей үрлеп күйдіргенмен де кей-кей шақта, оңашада осындағы ел аузындағы сөзге айналған жігіттерді саралап, олардың баз біреулерін ойша аймалап, құшағын керексінетін. Солардың ішінде, әсіресе, мұның көбірек көңіл қоятыны осы Шарыш еді. Шарыштың сын-сымбаты өз алдына, Қалдан-Серен оған кіші қызын қоспақ деген қауесеттің өзі жас палуан жігітті Сесонның қиял кеңістігінде мүлдем құлпыртып жіберген. Ал Сесонның әкесі Сыбан Рабтан әлдебір саяси мақсаттарды көздеп, мұны жер шетіндегі түр-түсі беймәлім, тек ханзада деген атауы ғана желпілдеген әлдебіреуге қосуды ойласа (оның өзі де бола ма жар, болмай ма жар) Қалдан-Серен өз нәсілі үшін тап қасындағы бітімі көз тойдыратын нақтылы біреуді қалап отыр. Иә, құдіретті әке Сесонды сөзбен жарылқамақшы, тіпті Ехе Абуғай келді, ертең онымен өз құзырында бетпе-бет кездеспекші деген хабар шындыққа айналғанға ұқсағанмен де Сесон үшін нағыз бақыт, сүйіспеншілік, махаббат қызығы әлі сол бұлдыр сағым, аспандағы ақшабұлттардай қол жетпестегі күйінен мызғымаған сияқты. Қазір Шарышқа жалт қарағанда сондай сезіктері көзінде от боп жанып, жалын лаулатқандай. Сесон сонда да сыр бермеуге тырысты. Басындағы биік кенерелі дөңгелек тақиясын бүгін алтын, гауһар, жақұт, басқа да жылтырауықтарға аямай-ақ толтырыпты. Маңдайына басыңқырай киген онысын аздап ауырсынғанмен де әдейі шайқай қозғап, ондағы асыл тастардың жарқылын оятпақ, сөйтіп, Шарыштың көз нысанасын бір сәтке болса да өзіне тартпақ далбаса дәмемен қадалады. Ал Сесоннан кейінгі үш қызда дәл сондай найзағай қарас жоқ, дегенмен үміт, дәме дегендерің бұлардың да өңдерінде жыбыр-жыбыр етеді. Еділ бойынан елшілік келді деген даңғазадан бұлардың да пәлендей көңілқұстары сайрай жөнелген жоқ. Бұлұрғаға кім келіп, кім кетпей жатыр, мыналар да сондай бір көп жолаушының бірі деген ұғымнан аса алшақтамаған. Бақыт дегенің осы кішкене үш ханыша үшін де әзірге құрғақ сөз, қысыр
қиял қалпында ғана. Ондай аттылармен іштерін кептіргенше анау таяқ тастамдай қашықтықта ғана екі алақанын бір-біріне жапсырып, тағзым еткен сергек қимылымен ең жоғарғы лауазымдылар шоғырының назарын билеген жігітке, немесе, сол құралпылас басқаларға қолдарынан жетектетіп жіберсе ғой. Бұлар үшін ең оңтайлысы сол. Өздерінің жай шаруа, арат қыздары емес, бүкіл Жоңғария әміршісінің түлектері болғандықтан екі ел арасындағы әлдебір саясаттың құрбандағына айналмағын жүрексіне сезінуден тап осы екі аралықта естері кіргендей. Осының өзі-ақ үш бүлдіршін ханышаны өздеріне апа – Сесон басындағы хал мен мінезге бір табан жақындатып тастағандай. Бірақ бәрібір жас ханышалар үшін қорқыныштың аулы алыс еді, одан гөрі жеңілтектік сезім құтыртып, онысы айналада шырылдап ұшып-қонып жүрген бозторғайларды еске салғандай. Үш қыз Шарышқа сызданып көздерін шытыната тастады да, ақыры бір-бірін барласып, сыңғырлай күлкіге басудың аз-ақ алдында қалды. Бұларды тоқтатқан әке мінезі еді, әрі оның жаңа ғана шешелері Сетержаппен алмасқан сөздері қанша түйсіксіз дегенмен саналарына су бүріккендей. Әрі оның да ызасы бар әке, егер бұлар себепсізден-себепсіз тас бұлақтың суындай сыңғырап берсе, мынау айналуға жер тар үй іші емес, ашық аспан асты, орнынан түрегеле кетіп, үшеуін арқадан қамшымен кезек-кезек осып түспесіне кім кепіл? Ондай қимылды көптің көзінше басына лайық көрмесе, басқаға тапсыра салуы да оп-оңай. Сосын да өмірдің ащы-тұщысын әлі татып үлгермеген бүлдіршін перизаттар көктегі күн сәулесінен көздерін әрең көлегейлей жүздерін жарқ-жұрқ еткізіп, осылай аз ғана ықылас білдірді де тынысты. Бұл жағын айнала иіріле аңдыған жүрт бірден шалды. Тек оларды қатты елеңдеткен осы қыздардың шешесі Сетержап еді. Осындағы көпшіліктің ішіндегі ең кекселер бұл кіші ханымды ширек ғасырдан бері біледі, осы уақыттың ішінде қонтайшы ұрғасында қыруар айтыс-тартыстар қазанша қайнады, сансыз жан ауыртар мәселелердің буы атқақтады. Сетержап өз дегенінен қайтпай талай шығаннан шықты. Алайда, соның бәрі кіші ханымның бүгінгі кескінінің қасында болымсыз құбылыстардай бір сәтке көзден ғайып, көңілден ұмыт кеткендей. Ол Шарышқа қадалған сәтте көздеріндегі жалын ен аулақта әлдекімдер жаққан отқа ұқсап, әркімнің басында әр түрлі қиял суреттерін тудырды. Кенет ол от сөнеді де, кіші ханымның онымен бірге жүзі қоса көмескіленгендей тұлабойы толығырақ көріне бастайды. Бұрын ешқайсысы оны соншама тұрқы ұзын жан деп есептемесе керек. Екі аяғын бір жанына қарай бүгіп, бұлшық етті сандарын алыс-жақынға толық көрсете кеудесін тікесінен тік қақайтқан ол егер түрегеле кетсе серіппелі темірге ұқсап, көк тіреп шыға келетіндей. Үстіндегі ақ сұр көйлек қалайыдан құйылғандай, сол кіші ханымның бүкіл болмысымен бірге жаратылғандай өзінің шын өң-түсін ондайға көзі үйренбеген қалмақ қауымына бірте-бірте ашатындай. Сонымен бірге Сетержаптың өз басының да жаңа қырлары баршасына қосымша сыбағадай тартыла бастағанға ұқсайды. Сөйтіп, тау баурайында, көл жағалауынан аулағырақта бүкіл қалмақ қоғамының ең жоғарғы ығай-сығайлары екі шеңбер жасап бас қосқан алқалы жиында баршаның назарын біржола билеп әкеткен қонтайшы да емес, оның бұл күнде тасы өрге домалаған үлкен ұлы Қалдан-Серен де емес, құдай жан-жақты жаратқан, әрі бәріне таңсық жат елдік Ренат пен оның сұлу қандасы Бригитта да емес, осы кіші ханым Сетержап еді.
* * * Шарыштың ұлы мәртебелі қонтайшы жаққа тағзым еткен қимылынан соң қос шеңбердегі баршаның төбесінен жылдай ұзаққа созылған ауыр үнсіздік бассалды. Сыбан Рабтан ғана емес, осындағы небір айыр көмей, темір жақ шешендердің тілдері байланып, көздерінің алдын кіреуке басқандай. Әншейінде ауыздарын ашса таудан құлаған тас көшкініндей сөз саудырайтын Лубсан хан, бас зайсандардың ішіндегі ең белсенділері Санжи мен Баодурь, бас лама, бәр-бәрі «кіші ханымды енді өздерің ауыздықтандар» дегендей мойындарын ішке тыққан. Бұлардан кейінгі бас зайсандар көбісі кәрі-құртаң, біразы сонау Қалдан-Бошақты ханның заманында-ақ осы лауазымды иемденіп, түгі қисаймаған күйде Сыбан Рабтан қарамағына Кәшкен – Чимбиль, Бопцусь, Бачигирь, Цагунь және басқалары да еріндерін жымқырып, тырс еткен дыбыс шығарар емес. Себебі, Қалдан-Серен жаңа Қазақ ордасының ең үлкен айтулы биі Төле Әлібекұлымен келіссөзге өзіне болашақ күйеу бала есепті Шарыш барады деген кесімді сөзінен кейін істің насырға шапқаны баршасына аян еді. «Шарыш барады» деген хабарламасы емес, оны айтудағы Қалдан-Сереннің дауыс өктемдігі бәрінің ішін тесіп түскен. Сондай бір жаралы күй, әсіресе, Сетержапта басым еді. Себебі, осы тұстағы қонтайшының екі қолы алдына салбырай бейтараптануы кіші ханымның күйігіне күйік қосқан. «Енді өз күшіңе ғана сенбеске лажың жоқ» дегенді құлағына сайтан сыбырлап, бұл жайдың айна-қатесіз шындығы алпыс екі тамырын тегіс қуалап кеткендей. Бірақ Сетержап сонда да қызбалақтап, отқа түсе кетуден тартынды. Тарамыс қолдарымен әлденеге жармасқандай мәселені бірте-бірте суыртпақтап ашуға ниет етті. Мүмкін мынау алқара топтың ортасынан бас зайсан Санжи немесе басқалар сияқты одақтастар табылар. Сосын да сөздерін тістерінің арасынан сыздықтатып әрең шығарды: – Қалдан-Серен, сенің осы шешіміңді Шұна-Доба біле ме? – Жоқ, білмейді, кіші шеше! – Ал бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшысымен ақылдаспай іс қылу сен сияқты ата сақалы аузына шыққан адамға жарасатын қылық па? Мынауың тура әлгі орыс саудагерлерінің немесе басқа елден келген жиһанкездердің қалтасына түсетін баланың тәртіпсіздігі емес пе? – Егер мен әрбір кәкір-шүкірді Шұна-Добамен келісіп барып істеуді әдетке айналдырсам, онда екі арада жорғалаған аттың жүрісі түгіл көктегі ұшқан құстың жылдамдығы бізге қолбайлау болар еді. – Шұна-Доба, сонда немене, соншама алыста ма? – Алыс-жақынын мен әзірге айқындай алғам жоқ. – Сонда, жарықтығым, турасын айтшы, сенің өз аузыңнан бір дерек естігім келеді, осы Шұна-Доба қайда? – Шұна-Доба өз ағайындарының ортасында шығар! – деді Қалдан-Серен міз бақпастан. Сетержап «а» деген жаман дауыс шығара жаздап барып, өзін әрең тежеді. «Мынау нені көңірсітіп отыр» деген ой басына ыстық қан боп шапшыды. Әркімнің өзінің бір жанды жарасы болады, қандай да тайталастар үстінде әлдебір болмашы нәрсе сол жанды жараға дөп тисе азаптың көкесіне айналмақ. Сетержап
басындағы халді тап қазір осылай сыйпаттаған жөн. Қалдан-Серен әдейілеп көздеді ме, жоқ, әлде ол сөздің басқа жанама мағынасы бар ма, сол сұраудың жауабы көздерін бұлдыратып, құйрығынан ұстата қоймай бірауық әрі-сәрі етті. Ал Сетержап Қалдан-Серен мына бір жайды көзге түрткі етті ме деп ессізденген еді. Осыдан аттай жиырма бес жыл бұрын сонау Еділ бойындагы елдің ханы Аюкенің қызы Сетержап осы Сыбан Рабтанға атастырылған соң уәделі күн жетіп, ол бері шығысқа қарай Қазақ ордасын жиектей аттандырылған болатын. Алайда, орта жолда Сарыарқаның қатал қысына ұшырап, қазақтардан көмек сұрау мәжбүрлігіне ұшырапты. Ал қалмақтар, әсіресе, олардың билеушілері бұл жайды өз тілінде басқаша түсіндіреді, яғни Сетержаптың керуенін жолай қазақтар шабуылдағанға ұқсаттырады. Осыдан екі жыл бұрын Жоңғария байтақысында он айдай омалған капитан Иван Унковский бастаған орыс елшілігінің ғана емес, басқа да саяхатшылардың, ғалымдардың «Қазақ ордасына қарсы осыншама сұрапыл жорықты неге ұйымдастырдыңдар?» деген сауалына жауап бергенде Сыбан-Рабтан ол жорықтың көп себебінің бірі ретінде осыны көлденең тартатын. Иә, қазақтар мұның қалындығы келе жатқан керуенге қырғидай тиеді, ал бұл неге ол үшін қазақтардан кек алмауға тиіс? Ол ол ма, ол керуен қазақтардың додасына түскенімен қоймай, сол бөгеліс кезінде қазақтың бір жігіті Сетержапқа қырындапты деген өсекті қоса ілестіре келді. Бұл жайдың бір дерегі қазақ аңызында да сақталған. Жоңғария қонтайшысының қалыңдығы Сетержап керуені амалсыз бөгелген жер Қарқаралыдағы Боқтыкент деген таудың баурайы екен. Осында бір қазақтың мерген жігіті бұл керуендегі адамдарға, малға ықтасын боларлық тұсты тауып беріп, тастан уақытша қора салуына септесіп қана қоймай сұлу қалыңдық Сетержаппен көңілдестікке де тәуекел етіпті дейді. Неге екені белгісіз, сол маң қазақтардың есінде жақсы сақталып, кейін ол «Қызылкеніш», немесе, «Қызылкеніш әулие» деген атты иемденіп, құдайдан бала, не ауруына ем, шипа сұрағандардың түнейтін жеріне айналған. Хош, бұл аңыз қазақтардың жадында. Ал қалмақтардың арасында аталмыш өсек түптің түбінде өзінің заңды жалғасын тауыпты. Сетержап қонтайшы ұрғасына келгесін тоғыз айға толыңқырамай туған баласы Шұна-Доба сол қазақ жігітінікі екен деген екінші бір қауесет қоса бұрқ етті. Кезінде Сетержап бұл қауесетке қарсы табандылықпен шайқасып-ақ бақты. Оған Сыбан Рабтанның өзі де болысты. Кіші ханым әр жылдарда сондай өсек тілдерінен шыққандарды өз тыңшылары арқылы іздеп тауып, сол үшін деп емес, басқа бір жаңсақтықтарын сылтауратып, ауыздарына қорғасын ерітіп құйды. Сонда да болмады. Шұна-Добаны тумысынан жек көретін Қалдан-Серен төңірегіндегілердің сыпсыңы басылмады. Шұна-Добаны қазақтардың туысы атап, қолайлы жағдайда Жоңғарияға осы сатқындық жасамасын деп сампылдасты. Осыдан екі жыл бұрын Қазақ ордасына қарсы ұлы науқан басталарда бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасшылығына кім тағайындалады деген мәселе толғандырғанда Сетержап үшін сол бір өсекке қарсы күрестің нағыз шешуші кезеңі туып еді. Кіші ханым Шұна-Доба үшін қонтайшының алдында барын салды, жалынды да, жалбарынды да. Будда әулиенің атын атап, өзінің кіршіксіз пәктігіне, өмір-бақи солай бола беретініне антсу ішті, тіпті оңашада, әңгіме тым тереңге бойлағанда Шұна-Добаның мерейін өсіру әлгіндей өсектің түп-тамырына балта шабу үшін де керектігін ескертті. Ол ол ма, егер
мұның үлкен ұлы бас қолбасылыққа тағайындалмаса өзінің қалың көпшіліктің алдында у ішіп өлетінін айтып қорқытты. Ақыры, Сыбан Рабтан тайсақтай-тайсақтай мұның дегеніне көнді (Әрине, бұл шешімнің басқа да себебі бар-тұғын). Міне, содан бері екі жыл өтті. Шұна-Доба бастаған қалмақ әскерлері Қазақ ордасының ойранын шығарды. «Егер Шұна-Доба қазақтардың туысы болса неше жерден ішмерез жаратылса да сөйтер ме еді» деген уәжбен барша желбуаздардың ауыздарына қақпақ қойылды. Алайда, соны біле тұра мына Қалдан-Серен бетің бар, жүзің бар демей әлдеқашан-ақ қоламтасы суыған сол өсектің қайта күлін бұрқыратып отыр ма? Еңғұрмаса анау әкенің де көңіліне келер деп ойламағаны ма? Жоқ, әлде бұл Сетержапқа осы шаққа дейін беймәлім басқа бір сұмдықтың төбесі шошайғаны ма? Мүмкін, мынау отырған Сыбан Рабтанның құр сүлдері шығар, ал бүкіл Жоңғарияның қонтайшысы, бас әміршісі атты лауазымын жұрт көзінен тасада Қалдан-Серенге беріп те қойған шығар. Әйтпесе, Шұна-Доба өз қандастары қазақтарға сіңіп кетті деген ойға меңзейтіндей сөздерді шімірікпестен қалай айта алады? Сетержаптың басындағы қан тамырлары шарт жарылардай шамырқануы бір бұл емес, сосын да ол бүйірден тиген дұшпан әрекетіндей оқыс кезекті құқайға төтеп берді. ҚалданСерен сөзіне қай қырынан келуді білмей қас қағымдай сәтте кеудесінде жабайы аңша аласұрған мінезі шығарға тесік таппай сояу тырнақтарын мұның іші-бауырына аямай-ақ салды. Кіші ханым үшін соншама ұзақ көрінгенмен бұл шын мәнінде көз ілеспес шапшаңдықпен жүйткіп өткен сәт еді. Бұған Лубсан хан көмекке келді. Кукунордағы хошауыт ұлысының бұрынғы билеушісі кепкен қурайша таңқ еткен дыбыс шығарып, отырған орнында бір жайқалып та қалды. Жұрттың назарын өзіне солай бір тартып әкетті де құстұмсықты жүзін ауада сілкілеп, бұл кезде молынан түсе бастаған күн шұғыласына малып-малып алғандай еді. Лубсан ханның осы сиқына қонтайшының өзі арнайы бұрылып, мұқият көзімен бақты. – Мәртебелі қолбасы Қалдан-Сереннің мына сөзінде шындық бар-ау, шамасы, – деп Лубсан хан жас балаша өзінен-өзі шаттана сөйледі. – Мынау ай мен күннің өзімен тайталасардай сұлу ханым Сетержаптың бұл күнде марқұм әкесі Аюке хан кезінде өз балаларымен аздап шат-шәлекейге барды емес пе? Егер мына біздің ұлы мәртебеліқонтайшының даналық шешімі, батыл қимылы болмаса ол шат-шөлекейдің арты тіпті насырға шабар ма еді, кім білсін. Естеріңде болар, мына Сетержап біздің елге келін боп түскесін іле-шала-ақ Аюке хан өз балаларымен жанжалдасып, бір баласы Санжип бері қарай бізге қосылмаққа мал-жанымен көше қашты емес пе? Сонда Аюке хан біздің ұлы мәртебеліге Санжипті кері қайтар деп талап қойды, ал біздің ұлы мәртебелі өзіне ай мен күндей сұлу қызын берген қайынатасының сөзін қалай жерге тастасын, дереу Санжипті күшпен кері қайтарды. Сөйтіп, ушыққалы тұрған пәленің алдын алды, екі елдің арасындағы татулықты сақтады. Бұл үшін біздің ұлы мәртебеліге, Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанға рақметтен басқа не айта алдық? Міне, сол жолы Санжипті кері Еділ бойына қайтарғанда оның біраз адамдары осында қалмап па еді? Ал Шұна-Доба шешемнің туыстары, өзімнің нағашы жұртым деп солардың біраз бас көтерер азаматтарын, жас баһадүрлерін өзіне қосақ етіпті. Меніңше, оның еш айыбы жоқ, қайта Еділ бойындағы елге әдейі көз қылып істеп отыр емес пе, оларды бері бізге тартудың
бірден бір амалы ғой. Өз басым Санжиптен қалған елдің бас көтерерлерін өзіне қосақ еткен Шұна-Добаны сөгуге жоқпын, қайта құптаймын. Қалдан-Серен «Шұна-Доба өз туыстарының арасында» дегенде соны тілге тиек еткеніне менің тарыдай да күмәнім жоқ. Шындығында, Шұна-Добаның қайда екенін Қалдан-Сереннің өзі де анық білмейтін. Құлай кететіндей толық ақпары жоқ, тек бір ауыздан екінші ауызға көшкен лақап есепті ызыңдарды ғана құлағы шалған. Әдейілеп ат арытып қазақтың сахара даласын кезген тыңшылары да мардымды ештеме әкелмеген. Ал жаңағы сөздері Сетержаптың тілін шығару үшін тисе терекке, тимесе бұтаққа деп сілтей салғаны. Бір жайдан мұның әкесіне деген күдігі де оянды. Лубсан ханды майталман жорғасына бастырып, өзінің қалыс қалуы оны Шұна-Доба жөнінде Қалдан-Серенге қарағанда әлдеқайда хабардар адамға ұқсатқандай. Бұл бірауық көзін тіктеп қонтайшы жақты да нысанаға алды. Иә, әкеде өрмекшінің торындай бытысып-шатысып жатқан тыңшылар, жансыздар жүйесі ҚалданСерендегіге қарағанда әлдеқайда ауқымды. Ал Лубсан ханның мына пайымдауына бұл миығынан күлді де қойды. Өзі мен Сетержаптың «не өмір, не өлім» деп жабайы аңдарша тіс салыса кетуін болдырмау үшін көлденеңнен килігіп, қонтайшы Сыбан Рабтанға қол ұшын бергендігі ғой деп бағалады. Енді қайтсін, жақсылыққа жақсылық дегені-ау. Осы тұста Қалдан-Серен Сетержаптан да көздерін айырмай әлденеден жаңа Лубсан хан тілге тиек еткен оның әкесі Аюке хан мен оның балалары арасындағы кикілжіңді де ойша шолды. Лубсан хан ол жайды сылап-сипалап тігісін жатқызып жеткізді, ал расында ол Еділ бойындағы елдін іргесін шайқалта жаздаған сұмдық оқиға еді. Аюке хан өзінің келініне барып, оны баласы Чандыр-чаб көріп қойып, әкесін тұншықтырып өлтіре жаздаған. Егер күзетшілер ара түспесе ғой... Содан барлық балалары зинақор әкеден тымтырақай безе қашып, өз қарамағындағы елдермен ауа көшкен, бұл хабар Мәскеуге, ұлы патша Петрге жетіп, ол дереу өзінің оң қолы, атақты киязь Борис Голицынды жіберген болатын. Борис Голицын Аюке хан мен оның барлық балаларын Самара қаласына шақыртып, қалмақтар ашқарақтана қарайтын сыйлықтарды жомарттықпен төгіп-шашып, татуластырған еді. Алайда, оның бір баласы Санжип ол шақыруға бармай, өзінеқарасты он бес мың үймен қазақ даласын жиектей шығыстағы Жоңғарияға, өз апасы Сетержаптың күйеуі Сыбан Рабтанға қарай жылыстаған. Тек орта жолда, Ертіс бойында біраз аялдап, әртүрлі ойлар қыспағында қамалғанда Сыбан Рабтан айлакер түлкіше оны алдап қолға түсірген, сөйтіп, өзін Еділ бойына қарай қайта қуған, ал он бес мыңдай үйін өзінің ұлысұлыстарына бөліп берген. Кейін Аюке хан оларды да қайтар деп қолқа салғанмен Сыбан Рабтан мыңқ етпеді. Ақыры, ол жай екі қалмақ елінің арасында үлкен дүрдараздық тудырды. Енді Аюке хан өлді, ал оның мұрагері Дондук-Омбо атақты мәмлегер Ехе Абуғайды мұнда аттандырып, бұрынғы құдалық, туыстық желілерді қайта жандандырмақ ниетін ашық көрсетуде. Иә, заман өзгереді, сол заманға орай әркімнің мақсат-мұраты жолындағы күрес тәсілдері де басқаша бояу-нақыш табады. Иә, өткен-кеткен оқиғалар тізбегі солай, бірақ қайсысы сөзге мұрындық болғанмен Сетержап үшін келесі әркетке қажетті жіп ұшын ұстата қоймады. Ол бірауық Лубсан ханға разылық райына ұқсас көзбен қарап, оның тағдырындағы қасіретті еске ала, әлдеқалай соны өз мақсатында пайдаланудың да амалын қарастырмаққа аңсары ауды.
Бірақ қалай? Басына қан шапшып, маңдай терісі шытынап жарылар шақта жөн ақыл табудың өзі де оңай емес. Кіші ханым соны ойлап, сәл сабыр сақтауға, кеудесіндегі ыстығын басуға тырысты. Осы екі ортада қонтайшы Сыбан Рабтан қайта сөйлей бастапты. Оған Қалдан-Серен қосарласты. Ара-тұра сөзге бас зайсандар Санжи, Баодурь, әрі кіші Черен-Дондук араласты. Бұл кезде бас зайсандардың ту сыртына құшаққа әрең сиярлық төрт қырлы ағаш жәшігін көтеріп, хатшы Солонь-Даржи келіп отырған. Ол мәслихат басталғанда аяқ жақта еді, енді мәселе тереңдей түскесін қонтайшы маңына жақындап, мұрнымен жәшіктің үстіңгі тақтайын тесіп жіберердей үңіліп, әлденені жазып жатыр. Тек анда-санда бас зайсандардан төбесін асыра қонтайшыға, не басқа бір сөйлеушіге шұнақ құлағын тосады. Иә, бұл хатшыны мына ығай-сығайлардан бөлектендіретін бір ерекшелігі оң құлағының шұнақтығы еді. Жалпы қалмақ қауымында мынау ақсүйектер емес, төменгі қара халықтың ішінде құлағы, не мұрны кесілген, бет-ажарындағы, денесіндегі тыртық сияқты кемістіктерден адалары некен-саяқ. Қит етсе қатаң жазаға тартылатын, ауыр соққыға жығылатын, тіпті құлағы мен мұрнынан айрылатын араттардың бұл өмірде ондай атты құқайға бір соқпай өтуі қиынның қиыны. Мынау хатшы да сол араттар әулетінен еді, тек алабөтен хатқа жүйріктігі кезінде көзге ілініп, қалмақ қауымының бетке шығар қаймағына әкеп қосқан. Сетержап қонтайшы мен Қалдан-Серен арасындағы әңгіменің негізінде Қазақ ордасының бас биі Төлемен кездесуге баратын Шарыштың ұстайтын сөзі, әрі Қытайға қарай қозғалған әскер турасында екенін ғана түйсініп отырды. Тереңіне бойлаған жоқ, ақыл-есі дұрыста бар күшін Шұна-Добаның анық қайда екенін анықтауға, сол мәселеге үсті-үстіне ши жүгіртуге тырысты. Қазір ол отырған орнында қозғалақтап, айнала жұртты жіті бақылауға көшті. Мәслихат ашылғанда құрық тимеген шүу асауға ұқсаса, қазір ноқтаға басы керілген байталға түрі келіңкірейді. Бірақ пәлендей жуаси қалған сиқы жоқ, жан-жағындағыларға көзін алайта қарап, әлі де біраз жұлқынарлық пиғылы барын айдан анық танытады. Едәуір уақыт өткізіп барып, кіші ханым бүгінгі отырыстағы өзінің басты қарсыласы Қалдан-Сереннің сөзін бақты. Қалдан-Серен әскердің алды Қытай әскерімен беттескенде әртүрлі күтпеген жағдайлардың орын алуы мүмкін екендігін, өзінде сол хақында қатты алаңдаушылық бар екенін ескертті. Міне, Сетержап сөздің тап осы тұсында килікті. – А, балам! Шұна-Добаның керектігін әлі де түсінбей отырсың ба? Шұна-Доба мұндайда ойланбай ақыл табар еді. – Кіші шеше! Ондай мәселеге басыңызды шатып қайтесіз, мен әлі күнге ешкімнен ақыл сұраған емеспін. Сан шайқаста өзім де ақыл тауып отырдым, бұл жолы да құдай мен Будда әулием адастырмас деп ойлаймын. – Құдай мен Будда әулиемнің өзіңе жәрдемдесуіне тілектеспін, бірақ бұл жолы ШұнаДобаның ақылын тәрік етуің сол құдай мен Будда әулиемнің шамына тие ме деп қорқамын. – Құдай мені жаратқанда қандай да бір іс үстінде өзгеге алаңдамай, өз бетімше шешім табуға мүмкіндік беретін дербестікті қоса сыйлапты. Мен оны осы жасыма дейін өткерген сан соғыстың шешуші сәттерінде айқын сезініп жүрдім.
– Солай-ақ шығар, бірақ ондай дербестік сенен гөрі Шұна-Добада басым еді. Соны неге көргің келмейді? – Мен бар нәрсені көргім келеді, жоқ нәрсеге көзімнің нұрын тауысып қайтейін. – Неге өйтіп, аузыңды қу шөппен сүртесің? – деп Сетержап табаны тайғанақтағандай сәл әлсіздік көрсете шаңқ етті. – Шұна-Добаның анау Қазақ ордасының қабырғасын қаусатқан ерлігін көрсең де көзіңнің нұры таусыла ма? – Ол жалғыз Шұна-Добаның ерлігі емес шығар. – Бірақ сол жорықта бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасысы Шұна-Доба еді ғой. – Солай болсын-ақ. – Сол жорық қарсаңында бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасылығына сені емес, ШұнаДобаны таңдағанда Жоңғарияның ұлы мәртебелі қонтайшысы екеуіңнің көп қасиеттеріңді асықпай таразыға тартқан-ақ шығар. Айта қойшы, неге таразының Шұна-Доба жақ басы салмақты шықты. – Айтайын, кіші шеше! Ол кезде құдай мен Будда әулием о дүниеде тынысын кеңейткір менің туған шешем Күнгудің, Очирту-Цецен хандай адамның немере қызының көзі тірі еді. Менің шешем Қазақ ордасына қарсы науқан ұйымдастыруға өлердей қарсылық білдірді. Қарсылық білдіргені соншалық, кейін өз дегені болмағасын ауруға шалдығып, бұл дүниеден беті теріс қарады. Бәлкім ұлы мәртебелі қонтайшы шешемнің осы пиғылы маған да салқынын тигізер деп сақтанған шығар. Бас қолбасылыққа Шұна-Добаны таңдауына сол себеп болған шығар. Бірақ ол үшін мен өз әкемді кінәлауға жоқпын. Әке көңілін түсінуге менің өрем жетеді. Бұдан кейін де Қалдан-Серен мен Сетержап әжептеуір салғыласты.Бірақ ҚалданСерен міз бақпай кіші ханымның небір усойқы шанышпаларына тойтарыс берді. Кіші ханым тынышталған сәтте қонтайшы сөз тізгінін қайта өзіне алды. Осылай мәслихат жұмысы созыла берді. Көктен шақырайған күн жасыл түсті тау баурайындағылардың төбесін қыздырып, мынау ашумен булыққан Сетержап ғам көңілділігін ұғуға жарамаған көпшілікті осы шөккен орындарында өртеп жіберердей жалындай түсті. Дәм алып жеушілер, шарап ішушілер сирек, бәрі мынау мәслихаттың арты үлкен бір сойқанға айналып кетерінен қауіптенгендей-ақ оқтау жұтқандай тікелерінен тікотыр. Күн тас төбеге көтерілген шақта Сетержап ішіндегі қазаны бір жола қайнап сақылдағандай қатты буырқанды. Қонтайшы сөздерінің бір оңтайлы тұсында бұл қайта килігіп, шаңқылдады. Бірақ бұл жолғы даусы ересен еді. Орнынан көтеріле, көпке мойнын соза: – Шұна-Доба қайда?! – деген даусы құлақ жарды. Құлақ түгіл көкпеңбек аспанның өзі шатынап жарылып, баршасының төбесіне саудырап құлардай әсер етті. Тап осы ретте екінші бір ғаламат мынау бүкіл қалмақ қауымы ақсүйектерінің көздерін қоса ағызып түсіре жаздады. Ол Сетержаптың үстіне киген көйлегі еді. Алғашқыда қызыл-жасылды жылтырауық түске үйір қалмақтарға реңсіздеу көрінген ұзын көйлек кіші ханымның әрбір қозғалысы үстінде там-тұмдап баршаның назарын иемденген. Кіші ханымның жұмыр иығын, шығыңқы төсін, қыпша белін, етті сандарын бөлек-бөлек етіп, әйел көркінің құпия қазынасына қарық қыла бастаған.
Шындығында Бригитта бұл көйлекті асқан шеберлікпен тіккен екен. Жабайы түздіктер түгілі өркениетгі еуропалық зиялы қауымның көзін сүріндіретін дәрежедегі талғаммен қымбаттық ақ сұр матадан пішіліп, кіші ханымның дене жаратылысына орай дәл қиюластырылған киім ғажайып өнерпаздықтың қолтаңбасын бұлбұлша сайратқандай. Иә, «адам көркі шүберек» деген. Егер қолыңа қайшы мен ине-жіп алып, асыл дүниелікті қалақтай-қалақтай етіп қиып, әйел болмысының сыртынан сурет салғандай білгірлікпен жапсырсаң оның бітіміндегі жаманды жасырып, жақсысын асырып, анасынан қайта туғандай өңін өзгертіп жіберу қолмен қойғандай ғана іс екен. Енді манадан бергі талас-тартыстың бәрі жайына қалып, күллі ынта-ықылас сол орнынан жұлқына түрегелген, бойы бұл шақта кескен теректей көрінген әйел тұрқына бағытталды. Тағы бір кезекте көз алдарында Сетержаптың бейнесі өшіп кетіп, басқа бір сурет айқыш-ұйқыш кескіленгенге ұқсады. Мол қаралы ығай-сығайдың көріп тамашалағаны кіші ханым емес, жыбыршыған, ніл қара көктенген көл бетінен көкке шаншыла көтерілген, желбезектері, қабыршақтары күн сәулесінен күмісше жарқыраған аппақ жайын балықтың сұлбасындай. Соншама сұлу көрінген алып теңіз жәндігі әуеден еті тіл үйіретін әлдебір құсты аузымен іліп жегендей ересен қимылмен көзге сирек шалынатын табиғат суретін айшықтап, бәрін естен тандырды. Бұл көріністің қатты әсер еткені соншалық, Сетержап өзін айнала қоршай кеткен кәнизактардың, Бригиттаның, Сесон бастаған төрт қызының қолдарына кесе көлденеңінен құлап түскенде де ешкімнің санасынан өше қоймады. Сол аспанға шаншылған, күн көзінен күмісше жарқыраған жылтырауықтары санап тауысқысыз жайын балық бейнесі біржола қатып-сеніп қалғандай бәрінің санасын, көңіл көкжиегін билеп тұрды.
* * * Бүгінгі мәслихаттың жұрттың көпке дейін есінде қалған басты оқиғасы осы еді. Бұдан кейін Сетержап тағы да үлкен өзгеріске ұшырады. Бұл енді тым сүлесоқ күйге көшті. Иә, көп көзінше Қалдан-Серенмен бетпе-бет тайталасып, қолы ештемеге жетпесін бұл ет пен терісі арқылы айқын-ақ түйсінді. Енді күрес амалын өзгерту керек. Бірақ қалай? Кіші ханымның ендігі бар назары сонда. Қонтайшының «сен қыздарыңды ертіп, үйге бар да ертеңгі Ехе Абуғаймен болатын келіссөзге дайындалыңдар» деген нұсқауына құлақ аспады. Қалайда дұрыс ақыл мынау дүйім елдің бет-жүзіне, ақжем ауыздарға қарасаң оңайырақ табылатын сияқты. Ендігі бар бітіргені соларды үнсіз бағу еді. Алдарында бұған дейін де ас-су, әртүрлі дәм түрлері жатқанмен нағыз мол тамақ күн екіндіге жақындағанда келді. Үлкен тойлардағыдай ұсақ туралған ет, жеміс-жидек салынған жайпақ табақтарды, құты-құты шараптарды атты адамдар жеткізіп жатты. Оларды жағалай жұрт алдына таратушы кәнизактар құтты әлдебір әуез ырғағымен билеп жүргендей тым сәнді көрінді. Сетержап мұның бәрін көз алдын торлаған мұнар арасынан көріп отырды. Кенет қонтайшы мен Қалдан-Серен әлдебір мәселеде шайнасып қала жаздады. Бұл дауға бас зайсан Баодурь да араласты. Ол тіпті орнынан түрегеле кетіп, жаңағы кіші
ханымның қимылын қайталағанға ұқсады. Тек кіші ханымша құлындағы даусын шығарған жоқ, оң қолының саусақтарын бір жіппен түйіп, үшкірлеп алғандай онысын қонтайшы жаққа, Қалдан-Серен жаққа кезек-кезек қадап, көк езулене сөйледі. Жүзін көкке көтергенде онсыз да тәмпіш мұрны біржола жоғалып кетіп, үңірейген қос танауы анық көрінеді екен. Сұйық қасты қабағы да, арық өңіндегі ұсақ әжімдері де жоқ, бәрі де көзден ғайып, мойынға қондырылған қол басындай ғана бірдемесі күн сәулесіне шомыла бұлғақтайды. Сірә, бұларды толғандырған оңай-ойспақ нәрсе емес, себебі, бас зайсан Баодурь орнынан көтерілгенде оның аржағындағы шұнақ құлақ хатшы Солонь-Даржи де ұшып тұрған. Тек ол көп қақаймай қайта шөккенмен де басқалардан төбесін асыра осы жаққа қарайлауы көп. Сірә, ол мына сөздердің қайсысын қағазға түсіру керек, қайсысы қажетсіз, сол жағын өз бетінше шеше алмай, екі оттың ортасындағы бейшара жанға ұқсайды. Жаңағы бір шамырқанған шақтағы ашу біржолата есеңгіретіп кеткен бе, Сетержап қанша көңіл қойғысы келгенмен бұл мәселенің мәнін түсінбеді. Қонтайшы бастаған төрдегілер шарапты жарыса жұтып жатты. Сол кезде Сетержапқа да ой түскендей ол да алдындағы қып-қызыл мөлдіреген сұйық толы фарфор кесені басына бір-ақ төңкерді. Мынау қонтайшы тобына ерегесіп істегендей. Қонтайшының жаратпағанын көзінің ұшымен сезіп, қызметші кәнизак кесесін қайта толтырғанда бұл арасына уақыт салмай оны қайта көтерді. Сәлден соң денесі жеңілейіп, санасы да айқындала бастады. «Е, мынауым ақыл болды ғой» деп, кіші ханым іштей өзіне-өзі ризашылық білдірді. Бұл үшін енді тартынатын ештеме жоқ, бүгінгі шайқас осымен бітті, сөйтіп, Сетержаптың үшінші кесе шарапқа аңсары ауғанда қонтайшы қайта сөйлей бастады. Кіші ханым қалт тынып құлақ қойды. Ендігі сөздердің бәрі бұған түсінікті. Сыбан Рабтан швед маманы Аренарға қарап мақтау сөздерді үйіп-төгуде екен. Кенет ол сөзінің соңын тосын жайға бұрды: – Егер құдай мен Будда әулием қолдап, мынау шығыстағы аждаһа Қытайдың бетін қайтарсақ, Аренарды өзінің туған Отаны Швецияға жіберіп аламын. – Оның қажеті қанша, ұлы мәртебелім? – деп бас зайсан Санжи отырған орнында селк етті. Басқа бас зайсандарда да қонтайшы жақтан бір сұмдық салқынын сезгендей үрпиіскен түр бар. Тіпті өзінің кенже ұлы Шұна-Қашка да өз әкесіне оқшырая қарады. – Қажеті сол – Аренар өз Отанына барып, туған-туыстарымен көрісіп, мауқын басқасын өзі сияқты мамандардың үлкен тобын ертіп, бізге қайта келеді, – деді қонтайшы. – Ұлы мәртебелі қонтайшым, Аренар қанша айтқанмен жат елдік адам, қайта орала ма, жоқ, құмға сіңген судай біржола жоғала ма, осы жағын кәперіңізге алдыңыз ба? – деп бүгіндікке жақ ашпаған бас зайсан Чимбиль де жұтына сөйледі. – Аренар өте сенімді адам, өз құдайының алдында қабылдаған антына берік, ол сөз жоқ кері оралады немесе өзінің орнына көп мамандарды жібереді. Біздің сөйтіп, Ресейдің арғы жағындағы онымен жиырма жыл бойы соғысқан басқа бір өркениетті елмен тіл табысуымыздың еш зияны жоқ, – деп қонтайшы мәселені тіптен тереңдетті. Мұны естігенде бас зайсандар түгелімен, оларға Лубсан хан да қосыла ұлардай шуласты: – Әлі де ойланыңызшы, ұлы мәртебелім. – Мен өзім қатты күдіктенемін.
– Мына сөзіңіз маған қадақтай тиді ғой. Осы іспеттес сөздер бәрінің де ауыздарынан шықты. Бірақ Сыбан Рабтан райынан қайтатын емес еді. Бұл қонтайшының шыны ма, жоқ, Қытайға қарсы соғысқа бара жатқан Қалдан-Серенмен бірге екінші қолбасы ретінде қоса аттанбақшы Аренардың астына көпшік қойғаны ма, әзірге белгісіз. Жалбыр шашты Аренар-Ренат мұны естігенде екі езуі екі құлағына жетіп, мәз-мәйрам күйде бәрінің назарын өзіне тартты. Онымен қоймай өз пікірін қоса білдіруге де батылы жетті. – Ұлы мәртебелі қонтайшым, егер мен өз Отаным – Швецияға жол жүре қалсам, осындағы менің барлық қандастарым менің тобыма қосылса жарар еді, – деп Аренар сәл тоқтады да әлденеден қарсы беттегі Бригиттаға көзі түсіп, сөзінен жаңылғанға ұқсады. Тамағына тас тьнылғаңдай аз-кем қылғынып барып қайта сөйледі. – Егер менің қандастарым толығымен менімен бірге оралса Швеция үкіметінің, ондағы миссионерлердің сіздерге деген сенімі артар еді.Сөйтіп, үлкен мамандар тобын осылай қарай жасақтап аттандыруға көп жеңілдіктер туар еді. – Оның да жөн, – деп бұл кезде шарап буы еңсере бастаған қонтайшы жайқала сөйледі. Осы кезде қонтайшының үлкен қызы Сесон оқыс мінез көрсетті: – Мен Бригиттаны ешқайда жібермеймін, ол менімен бірге Еділ бойындағы қалмақ еліне аттанады, – деп жаңағы шешесі Сетержаптың даусына ұқсаған даусымен шаңқ етті. Көптің назары бірауық Бригиттаға ауды. О, бұл швед әйелі неткен ғажап еді десеңші, Сесонның сөзі құлағына жеткен бойда өзінің осынау ұлы мәртебелінің отбасында тағы да «талас алмаға» айналғанын мәртебесі тасқандай көріп, езуін кере күлімсірегені, көздерінің шықтанғаны әйелге тән сүйкімділіктің қандай екенін тағы да бір рет паш еткендей. Ал шындығында қонтайшының үлкен қызы Сесонның жаңағы наразылығы өзіне өлім жазасын кескен сот үкімінше естіліп еді. Егер Сесон мұны өзімен бірге Еділ бойына әкетсе онда Бригитта үшін Швецияға қайта оралмақ үміттің біржола аяққа басылғаны ғой, соны табанда ұғып, ішінен қан жылай бастаған. Міне, швед әйелі Бригитта жүз қаралы топтың қадалған көздері алдында сол ішіндегі қан жылауды сыртқы қабаты арқылы жасыра білді. Керісінше, өзін шат-шадыман бақытты адамға ұқсатты. Бұдан кейінгі сәттерде анау кіші ханым Сетержап сияқты Бригитта да өз ойымен өзі қалып, мәслихат үстіндегі көп жарыссөздерден шет қақпайланды. Швед әйелі амандық күнде Швецияға аттанатын Ренат тобына қосылу үшін не амал керектігін іштей аласұра іздестірді. Мұның тек құлағының бір шалғаны Қалдан-Серен: – Швед тұтқындарды Отанына қайтаруға асықпасақ қайтеді? – деп әкесіне дау айтқансыды. – Жоқ, олар Отанына қайтады! – деп қонтайшы кесімді үкімін тағы қайталады. Осы арқылы ол бүкіл Жоңғарияның бас тізгіні әлі өз қолында екенін жалпақ жұртқа жария еткендей. Түскі астан кейін бір бие сауымындай уақытқа үзіліс жарияланды. Осы екі ортада ішкі шеңбер мен сыртқы шеңбердегілер, тіпті одан әрідегілер бәрі араласып, мына таудың баурайы құмырсқаның илеуіне айналғандай. Ақсүйектер өздерінің атшабарларына
тапсырмалар беруге, немесе, өздеріне керекті адамдармен жүздесіп үлгеруге асығып, дабыр-дұбырды, ары-бері қозғалысты жиілетіп жіберді. Міне, осы ию-киюдың ортасында Бригитта батылдыққа барып, кіші ханым тобынан сытылып шықты да қонтайшы маңындағы Аренар-Ренатқа бетпе-бет келді. Екі қандас бірбірімен көз түйістіре ілезде түсініскендей. Енді қайтсін, ырғалып-жырғалып жатуға жер тар, Бригитта сөзді бірден бастады: – Мені Швецияға өзіңізбен бірге әкетудің амалын қарастырсаңызшы, – деп қиылды. – Ондай амал біреу-ақ, ол сіздің қолыңыздан келетін нәрсе, – деп Ренат жалбыр шашты басын сипалап, көздерін жымыңдатты. Әлденеден жүрегіне от түскендей Бригитта өз қандасының осы сөзіне жармасты: – Ол қандай амал, ағыңыздан жарылыңызшы, мен не іске де тәуекел етемін, – деп екі қолын өз еркінен тыс бір күшпен Ренаттың тамырлары білеуленген оң білегіне қарай жүгіртті. – Тек, сақ бол! – Юхан Ренат осы сөздерді айтқанда Бригитта қолдарын қайта тартып алды. Сірә, бұл Ренат оқымысты-инженер ғана емес, адам жанының да терең жықпылдарына бойлағыш қырағы еді. Жаңа Сесон Бригиттаны Еділ бойына әкетем дегендегі Бригиттаның ішкі дүниесін дәл таныған бірден-бір пенде осы. Сырттай қанша көлгірсігенмен шын мәнінде іштей бордай үгітілгенін табанда аңғарып, оны өз тобына қосудың әрекетін бұл да іздестіре бастаған. Бірақ бұл оны көп ойланбай тапты. Бұған оның осы тоғыз жылдық уақытта қонтайшы ұрғасында айдай сұлу Бригиттамен талай кездесулері үстінде кеудесінде жинақталған сезім қоры да септесіп еді. – Білесің бе, сұлуым! Өмірде корольдердің, патшалардың, оның ішінде мына Жоңғария қонтайшысының да әмірі жүрмейтін ғажайыптар баршылық қой. Ол адамдағы жүрек қалауы. Егер де сен уақыт ұттырмай мені өмірдегі өз теңдесім, қалауым деп тапсаң, Жоңғария қонтайшысы да, оның тәккаппар қызы да буынсыз жерге пышақ ұруға қауқарсыз шығар деп ойлаймын. – Құрметті Юхан, құдай әйелді жаратқанда оның еркіне де сәл шектеу қойған ғой, жүрегі құрғыр қанша бұлқынғанмен мен әйел басыммен қалай сізге қолқа саламын? – Сен қолқа салмай-ақ қой, менің қолқама оң жауабыңды берсең жеткілікті, ар жағын өзім реттеймін. – Осыны айтты да Юхан Ренат Бригиттаға өз қолын жүгіртті. Бригиттаның да оң жауап беруге бірден дәрмені жетпеді, добалдай көз жастары күн көзімен сәулеленіп төмен ыршыды. – Жасыңды тый, – деді Ренат. Бригитта білегімен көзінің алдын бір сипауы мұң екен, өз-өзінен құрғап шыға келді. Бұл енді Ренаттың бояуы қанық қызыл күңгірт жалбыр шашына, ақшыл сұрға келіңкірейтін жанарына, күнге қатты күйген үшкір бетіне, суалған жағына мүлдем басқаша көзбен қарады. Міне, өз Отанынан жырақта, абжыланның аузында Швеция штык-юнкері Юхан Густав Ренат өзінің сұлу қандасы, қыз күніндегі атауы бойынша Бригитта Шерценфельтпен махаббат сезімі сияқты қасиетті ұғым төңірегінде, ол ғана емес-ау, одан да әрірек ұзап, онсыз да ұқсас тағдырларын біржола қосақтау хақында осылай сұхбаттасты. Қас қағым сәтте жүзеге асқан жарастық жол қажытқан жолаушының көз алдында жарқыраған кәусар бұлақтың суындай таза да шынайы. Оның бұлай тез жүзеге асуына бұлардың өткендегі тар жол, тайғақ кешулері, өмір мен өлім беттескен сұрапыл дүние толқындарындағы шыңдалулары, әрі бүгінгі өз
жағдайларын қоспасыз, боямасыз бағалауға қабілетті айқын сана, кең көкіректері көмектесті. Тек Бригиттаның бұл мәселеде ортақ шешім табылғанмен екінші бір кезмайыстың кесе көлденеңдегелі тұрғанын ұшқыр ойы барлап үлгерді: – Юхан жаным, сен ертең Қалдан-Серенмен бірге Қытайға қарсы соғысқа аттанасың. Ол соғыс қашан, әрі қалай бітеді, оны бір құдайым білсін. Жаңа қонтайшы да ҚалданБошақты хан заманындағы жеті жылдық соғысты ауызға алып, адамның жанын түршіктірді ғой. Ал мына Еділ бойындағы қалмақтардан келген елші Ехе Абуғай мұнда көп болса бір ай жатады, ол Сесонды әкетуге келген, міне, сөйтіп, сен жоқта Сесон алдыартыма қаратпай мені өзімен қоса әкетсе не істемекпін? Бұл шолжаң неме ол ойын жаңа ғана емес, кешегі Қашқар, Жаркент қалаларына барған сапарымызда, ары-бері жол үстінде неше мәрте қайталап, құлағымды сарсытты. Мұны бетінен қайтару оңай емес. Сесонның жынының қасында шешесі Сетержаптың жыны түкке арзымайды. Ренаттың бұл жөнінде де жауабы әзір екен: – Мен ертең аттанбаймын. Әлі құйылып, құрастырылып бітпеген зеңбіректер бар. Солардың шаруасы түгесілгесін, оларды өзіммен бірге алып бір-ақ қозғаламын, ал оған ең кемі бір апта уақыт керек. Осы екі ортада Қалдан-Серен жоқта, Сыбан Рабтанның алдына барып, сен екеуміз өзімізді ерлі-зайыпты жандармыз деп жариялаймыз. Қазір қонтайшының маған дегендегі ризашылығында шек жоқ, тауымызды қайтармас. Қонтайшының оң батасын бір алсақ жеткілікті, бәрі ойдағыдай шешілді деген сөз. Мүмкін сені Қытайға қарай өзіммен бірге әкетермін. Бригитта бәріне келісті. Осы сәтте екінші бір қауіп-қатер салқыны жас әйелді тағы басқа ұрды. Ол Ренаттың мұны Қытайға қарсы соғысқа әкетем дегеніне қатысты еді. Апырау, бұл Бригитта осы жасында Швецияның неше офицерімен бас қосысып, неше елге қолды болып, неше елдің үстінен өтті. Енді сол тағдыры тағы да қайталанбақ па? Егер осы соғыста Ренат та қолға түссе, не қаза тапса бұл енді қытайлықтардың олжасына айналмақ па? Бір көрген құқай осымен нешінші мәрте мұның басына оралмақ? Әрі бұрынғы қонтайшы Қалдан-Бошақты хан заманында бұл жоңғарлардың қытайлықтарға қарсы жүргізген жеті жылдық соғысы немен аяқталғанына Бригитта жақсы қанық еді. Сол жағы да жүрек шошыта еске түседі. Бірақ бәрібір Бригитта бұл күдіктерінің бәрін ішке бүкті, ол жайында мынау көз алдындағы жаңа қосағына тіс жармады. Тағы да тәуекелге бел буды.«Ағын суға екі қайта түсу мүмкін емес» деген нақыл сөз көкірегінде тұрды. Өмір де ағын су сияқты, сәт сайын жаңарып тұрады. Қытайға аттанса Швециядан тіпті алыстай түскенмен түпкі үмітке жақындайды ғой... Иә, құдайым! – Бригитта! Бригитта! Сен қайдасың? – деп өзін жан ұшырып іздеп жүрген кәнизактардың даусын естігенде бұл швед әйелі үлкен бақыт сезімінің құшағында еді.
* * * Мәслихаттың түстен кейінгі бөлігі ұлыс-ұлыстардан қарша бораған арыз-шағымдарға арналды. Сетержап өз басы бөтен біреулердің көз жасы, мұң-наласы десе тұлабойы тыжырынатын, сосын да мұндай әңгімеге көңіл қоюдан аулақ еді. Арыз-шағымдардың негізі жер-жердегі шаруа-араттардың тірі пенде төзгісіз қорлыққа, шамадан тыс ауыр алым-салыққа шыдамағандағы жан-айқайлары еді. Сол үшін
бас зайсандар бірінен соң бірі ұлыс басшыларын жерден алып, жерге салып жатты. Санжи, Баодурь, Чимбиль, Бопцусь, Бачигирь, Цагун, тіпті осы бас зайсандардың жас жағынан ең кішісі Черен-Дондук те сөйледі. Қонтайшының кенже ұлы Шұна-Қашка да екі-үш ұлыс басшысының көп алдында көзін шұқырдай нықыртты.«Ұлы мәртебелі қонтайшыға сөзімізді өткізіп, мал-мүліктеріңді, малайларыңды тартып алып, құлақ, мұрындарыңды кесеміз де, өздеріңді қаңғытып жібереміз» деген сияқты сөздер көп жаңғырықты. Бұл кезде хатшы Солонь-Даржидың жұмысы тіптен қауырт. Әрбір зайсан сөйлеген сайын «Менің осы сөзім қағазға тіркелсін» дегендей хатшы жаққа алақтауды жиілетті. Сетержап теріс қарағанмен мәслихаттың осы буынында Бригитта әрбір шешенге құныға құлақ тосты. Манағы Ренатпен болған әңгіме іш дүниесін жуылып ашылғандай құлпыртып жіберді ме, өз Отанына оралу мүмкіндігі енді жақыннан қол бұлғап, мынау түздіктер елінде естілген әрбір сөздің мағынасы өзімен бірге әкетер асыл ырзық, олжа екенін түйсіне беріле тыңдайды. Тек бұл тыңдағансайын бөгде бір нәрсе ішін тырналай қиналыс аулына қарай қайта сүйрейді. Ол бөгде нәрсе не? Ол осы тістері тістеріне тимей сақылдаған бас зайсандардың тілге тиек еткен ащы шындықтары еді. Ол ненің ащы шындықтары? Иә, ол ұлыс-ұлыстардағы шаруа-араттардың көрген көресісінің нақтылы сипаттары. Бригитта бірауық құлағына тоқпақтай тиген сөздерден жалтарып, мынау ішкі шеңберге айнала сықасқан қымбат киімді, тоқ пішінді ақсүйектерге көзін сүзді. Бір қарағанда бұлар тұлабойларынан зиялылықтың иісі аңқитын, қой аузынан шөп алмайтын момақан жандарға келіңкірейді. Бас зайсандар тілге тиек еткен жәйттерге мүлдем қатысы жоқ, тіпті болуы мүмкін емес, тек өздері парақор соттың алдында жақ ашуға дәрменсіз бейшара жандарға ұқсайды. Кейбірінің анау өзін жерден алып, жерге салған зайсандарға қарасы жаңа түскен келіннің пәктігіндей көз тартып, көңілшектікке шақырады. Міне, сондай жандарға мынау айдар-тұлымдары желпілдеген жоғары лауазым иелерінің күрзідей ауыр сөздерді айтуға қалай дәті барады деп сезім жетегінде кету де қиын емес. Бірақ Бригиттада ондай әлсіздік жоқ еді, өзінің біраз жылдан көзі үйренген, үлде мен бүлдеге бөленген ақсүйектердің сыртқы қабаттарынан ары өтіп, олардың жандүниелеріндегі қатыгездік табиғатына бойлағысы келеді. Мысалы, бас зайсанның аузынан шыққан сөз кімге арналса, оның ішкі дүниесімен ол сөз қалай жымдасады, шөліркеген топыраққа жеткен судай сіңе ме, жоқ па, соған ой жүгіртіп, ғылыми лабораторияда тәжірибе жасаған жанның күйін кешеді. Мысалы, әне бір Қалдан-Сереннен небәрі бес-алты адам төмен отырған ұлыс тайшысы бас зайсан Чимбильдің кәріне не үшін ұшырауда. Соның түп себебін Бригитта алақанға салғандай жіліктеп, ашып-айыруға біраз күш жұмсады. Ол былай: осы тайшының қарамағындағы бір ақсүйектің иті сондағы бір шаруа-араттың баласының балтырын қапқан, сол үшін баланың әкесі итті таяқпен ұрған, ол қыңсылап барып, иесінің етегіне жасырынған. Иттің иесі – ақсүйек итімді үрдың деп, жаңағы шаруа-арттың арқасына отыз рет қамшы соқтыруға бұйрық берген. Қамшы жиырма бес рет сілтеніп, жиырма алтыншысы орындалар сәтте ол ақтық демін шығарып үлгерген. Сосын жаңағы ақсүйек одан әрі долданып, кескен жазамды бұл толық өтемеді деп, қалған бесеуіне тағы бесеу үстеме қосып, он дүрені оның әйеліне соқтырған. Әйелдің ащы тілі шыққан. Міне, сол үшін деп, көп балалы шешенің тағы бір баласының мұрнын,
екінші баласының құлағын кескен. Онымен қоймай азын-аулақ малын, дүние-мүлкін тартып алып, өздерін ұлардай шулатып, қаңғытып жіберген. Ал балтырын ит тістеп, қансырап, құлындағы даусы шыққан әуелгі баланың хал-жайын ешкім пәруәйіне де ілмеген. Міне, сол ақсүйекті тәртіпке шақырудың орнына мына отырған ұлыс тайшысы оны арқадан қаққан көрінеді, себебі, жаңағы сорлылардың таланған мал-дүниесінен өзіне де үлес тисе керек. Бұл жерде Бригитта мынаны да шамалады. Бір жайдан жаңағы баласын ит қауып, мұның арты өзінің өліміне, бала-шағасының қаңғып кетуіне апарып соқтырған шаруаараттың маңдайының бағы бар екен. Себебі, зар-күйініші, арызы әртүрлі жағдайлардың оның пайдасына орай қалыптасуына байланысты өзінің өлімінен кейін болса да осынауЖоңғарияның ұлы мәртебелі қонтайшысына жетіп, елдің ең жоғарғы ығайсығайларының алдында найзағайша шатырлады. Ал бүйтіп құдайдан бір саты ғана төмен қонтайшыға арызы жеткендер саусақпен ғана санарлықтай, ал жетпегендерінің саны қаншама? Осы жағын бір толғап тастап, Бригитта жаңа әу баста ішіне сояу тырнағын салып, мұны қиналысқа ұшыратқан не нәрсе екенін қайта бағалауға көшті. Иә, оны әйел көп адаспай тапты. Көз алдына қонтайшының марқұм үлкен әйелі Күнгу келді. Иә, Күнгудің о дүниеге аттанғанына екі жылдың жүзі болғанмен мынау баршаның төбесінен оның көлеңкесі түсіп тұрғаны анық. Қай шешім, қай істе де Күнгудің нақыл сөздері, ескертпелері құлақтарының дәл түбінен күңгірлеп, асып-тасудан, шама-шарықпен есептеспеуден сақтандыратын сияқты. Жаңа ғана өзінің басты қарсыласы Сетержаппен салғыласқан қайсар қолбасы Қалдан-Сереннің өз шешесі Күнгудің есімін атауы шын мәнінде өзі өзегін жарып шыққан адамға көрсеткен құрметі, не жасаған сілтемесі емес, арқандаулы аттай оның ықпалынан шыға алмағандағы бір бұлқыныс, әлсіздік үстіндегі ілтипаты екені даусыз. Иә, сол Күнгу тіршілігінде осы Бригиттаға ұзақ-ұзақ қысқы күндер мен түндерде қаншалықты әңгімелер айтты десеңші. Солардың ішінде діні басқа швед әйелінің ерекше есте сақтағаны осы жоңғарлықтар ғана емес, Қытай, Үндістан, тағы басқа халқының саны жағынан алпауыт елдердің ортақ әулиесі будданың қалай, не үшін құрметке бөленгені хақындағы хикаяттар еді. Иә, Будда әулие қандай жолмен құрметке бөленді, оның кейінгі ұрпаққа шашар уағызындағы темір өзек неден тұрады? Ол әуел баста мынау табиғат аясында неге өзім үшін ғана өмір сүрмекпін, неге басқаларға жәрдемдеспеймін, неге керек күнде солардың мұң-мұқтажы үшін өзімді құрбандыққа шалмаймын деп қиялдайды. Ақыры, онысы қиялдан нақтылы іске айналады, бара-бара ол да болымсыз көрініп бұл енді ормандағы аң мен құстарға аяушылық көрсете бастайды. Орманда ашыққан жолбарысқа кеудесінен ет кесіп береді, талықсып қанаты қайрылған күшігенді өзінің өкпе-бауырын суырып көректендіреді. Міне, Будда дінінің негізі осылай адамға, адам түгілі ормандар мен далалардағы аң-құстарға деген аяушылық, махаббат сезімінен тұрады. Сосын да оны дүйім елдер бастарына көтеріп әкетті сөйтіп ол құлашын кеңейтті, әлемдегі ең ықпалды, мейлінше мол тараған дінге айналды. Міне, мынау швед әйелі барынша қызықтаған жоңғарлықтар сол Будда дінінің үмбеттері. Бригиттаның ішін тырналайтын бір мазасыздық, сұрау да осыған байланысты. Бұл жоңғарлықтар адам мен хайуанатқа шексіз мейірбандылыққа негізделген сол діннің үмбеттері бола тұра неге бұл күнде бір-біріне
соншама қатал да қайырымсыз? Ішмерездік, аяусыздық бұлардың қай жерлерінен соншама тоқтаусыз ағытылып жатыр? Ондай аттылардың қайнар көзін бұлар қайдап алады? Жат елдік әйел қанша бас шаққанмен тап осы сауалдарға орнықты жауап табуға дәрменсіз. Байыбына барсаң мынау бүгінгі мәслихат үстіндегі айғай-шудың тағы бір ерекшелігі бар екен. Бас зайсандар ұлыс-ұлыстардың тайшыларына неге сонша шөңгедей қадалады, шаруа-араттардың көрген қорлықтары, шеккен азаптары үшін жандары табадағы балықтай шыжғырылғаннан ба? Жоқ, тіпті де олай емес, қонтайшының тапсыруымен олардан жиналатын алым-салықты тап осы қилы кезеңде үш-төрт мәрте ұлғайту үшін сыныққа сылтау еткендері екен. Бұл жай мәслихаттың соңына таман, күн көзі Ыстықкөлдің сонау батыс жағалауын көмкерген алыстағы тауларға құларда мәлім болды. «Қытай атты аждаһа жерімізге басып кірсе ең алдымен сенің дүниеңді жұтады» деген сияқты уәждермен әрқайсысын көзге шұқып отырып, олар қазынаға табанда өткізуге тиіс мініс аттары, қой, арпа-бидай, шұға, әрі еңбекке жарамды, әйел-еркегі аралас малайлар мөлшері аталды. Ол мөлшер алдын-ала дайындалып та қойған екен. Шұнақ құлақ хатшы Солонь-Даржи орнынан атып түрегеліп, бір жапырақ қағазды бетіне жапсыра аузы-аузына жұқпай тақылдап оқып берді. Кейбір тайшылар отырған орындарында жаралы жолбарыстай ыңыранып, сыр алдырып та үлгерді. Бұл ыңыраныстың көп ұзамай олардың қоластындағы шаруа-араттардың құлындағы даусы шығып шырқырауына ұласарын кешкі апақ-сапақ қарсаңында көл бетінде ары-бері жүйткіп ұшқан құстар шаңқ-шаңқ етіп, ескерте бастады. Осы тұста бір іркіліс қоса қылаң етті. Ұлыстардан келген ақсүйектердің бірі Қытайға қарсы қозғалған әскерге қажетті қара жұмысты атқаруға қазақ тұтқындарды пайдалансақ қайтеді деген ұсыныс жасады. Оған бас зайсан Санжи дүрсе қоя берді: «Жауды жауға қарсы салма, жансыздар арқылы ауыз жаласып, бізді ортақ жау деп танып, қан қақсатып кетуі әбден ықтимал». Санжидің бұл сақтығын Қалдан-Серен де оң бағалады. Ертеңіне Қалдан-Серен қонтайшы ұрғасында Еділ бойынан келген елшілікті қарсы алу рәсіміне түске дейін қатынасты да, екінді кезінде өзінің бүкіл нөкерлерін, қолбасшыларын ертіп, Түп өзеніне қарай аттанып кетті.Ұлыс-ұлыстан құралатын қосалқы көмекті тік көтеріп, бұлардың соңынан жету бас зайсан – кіші Черен-Дондукке жүктелді. Ал швед маман-инженері Юхан Густав Ренаттың өз тапсырмасы өзінде. Бұл Бригиттаға берген уәдесін бұлжытпай орындады. Қалдан-Серенмен бір мезгілде бұл да Ыстықкөлдің екінші жағалауындағы өндіріс орнына беттегенмен үш күннен соң қайта оралды. Бұл шақта қонтайшы Ехе Абуғайдың әңгімелеріне құлағының құршын қандырып, әрі ол әкелген Ресей арақ-шарабынан жүзіп ішіп, әбден мәре-сәре күйге жеткен екен. Ренатты, оның барлық зеңбіректердің дайын екендігі туралы хабарын асқан қуанышпен қарсы алды. Ренатқа керегі де осы еді. Ол қару-жарақ жөніндегі ресми ақпаратын тауысқасын бірден жеке бас мәселесіне көшті. Бригиттаны қолынан жетектеп, Сыбан Рабтанның алдына әкелді де, өздерінің ерлі-зайыптылар екенін жариялады, әрі оған қонтайшының рұқсат етуін, бата беруін өтінді. Бұл өтінішін де қонтайшы зор ілтипатпен орындады. Бригиттаны Қытайға қарсы жорыққа өзіммен бірге әкетем дегенін де барынша құптады.
Бұл хабарды естігенде жас қалыңдық Сесон ер-тоқымын бауырына алып тулады. Осы үш күнде қонтайшы мен Еділ бойындағы қалмақ хандығының елшісі Ехе Абуғай арасында біраз келісімнің басына су құйылған. Елшіліктің Сесонды осы жолы біржола әкететіні, әрі одан кейінгі үш қызға да құдалық туралы сөз байласудың толық тиянақталғаны мәлімденген. Тек соңғы үш қызды әкету келесі сапардың еншісіне қалдырылған. Ал келесі сапар бұлардың болжамынша араға жыл салып барып ұйымдастырылмақшы. Міне, осылай бәрі өз пайдасына шешілді дегенмен де Бригиттаның жағдайын естіп, Сесонның ту-талақайы шықты. Швед әйелін өзімен бірге Еділ бойына ертпекші дәмесінің өз еркінен тыс жүзеге аспай қалуымен мүлдем ымыраласқысы жоқ. Бригиттаның ойда жоқ жерде өз қандасы Аренармен қосақтаса кетуіне шешесі Сетержаптың да жаман жыны қозды. Бірақ Бригитта сипаттағандай оның жыны Сесонның жынының қасында айтып ауыз жарымайтын дүние еді. Сосын да ол қызының мінезін бағып, өзін бұл кезекте аз-кем басалқалы ұстады. Бірақ бұл жөнінде қонтайшы Сыбан Рабтанның да әмірі катты еді. Ол қазір АренарРенат жирен шашты әйел түгіл соның салмағымен тепе-тең алтын сұраса да бере салар еді. Себебі, бүгіндікте Қытайдың бетін қайтару, әрі тез, әрі көп шығынсыз қайтару қонтайшының басты арманы. Егер Ренат ол жаққа неғұрлым көңілді аттанса, ҚалданСеренмен бірге аждаһаның аузына тас асатуға солғұрлым ұтымды амал табуы ықтимал ғой. Оның қасында шолжаң қыздың қиғылығы деген не, тәйірі. Сөйтіп, Ренат пен Бригитта бір аждаһаның аузынан екінші аждаһаның аузына қарай өтіп бара жатып та өз бастары үшін бақыт кешенін орнатты. Бригитта өткен өмірін ойламауға тырысты. Әлгі «Ағын суға екі қайта түсу жоқ» деген мәтел мағынасын мықтап жадында тұтты, қауіп-қатер атаулыны да басынан аулақ қууға жанталасты. Ат үстіндегі теңселіс, жорық шатыры ішіндегі ұйқы кездерінде де өзінің жаңа қосағынан алған ләззат сезімдерінен ажырамауға тырысып, сонымен ғана болып-толуға күш салды. Сонда да ауық-ауық, мынау алдағы соғыс үстінде Ренат не күйге ұшырайды, бұл өлке үшін бөлек ажар-көркің бар өзің тағы кімге қолды боласың деген сұрақтар тіміскіленсе, Бригитта қазандағы асқа тиген итті ожаумен қақ бастан қойып қалып, сол ожауды қазанға қайта сұғатын қалмақ қатындарының мінез-қылығына басатын.
* * * Ал Сетержаптың халі нешік дейсіздер ғой. Ол қонтайшы мен Ехе Абуғайдың кездесулері барысында өзін қағанағы қарқ, сағанағы сарқ адамға ұқсатты. Еділ бойындағы ел жайындағы әңгімелерге қосағы Сыбан Рабтаннан да әрмен құлақ қойғансып, оның әрбір қыл-қыбырына дейін құр жібергісі келмегендей-ақ ақ сұр көйлекті денесінің әр жерлерін жыбыр-жыбыр еткізіп, отырған орнында қозғалақтауы көп. Бригитта тіккен бұл көйлекті Ехе Абуғаймен болған алғашқы үш күндікте де иығынан тастамады. Онысы дұрыс та болғандай. Осы ақ сұр көйлек арқылы кіші ханым сонау Еділ бойындағы хандықтан келген кісілердің көз алдында өзінің ғана емес, бүкіл Жоңғарияның бір қарағандағы болмысына оқшау сымбат беріп жібергендей. «Сендер Ресейдің қолтығына кірдік деп, өздеріңнің жалтырауық әшекейлеріңмен мастансаңдар, біз де құр алақан емеспіз, сәндік бұйымдар бізде де жетіп артылады», – деген сияқты ел мен елдің өкілдері
арасында болатын тілсіз сайыста жеңісті қолма-қол жұлып әкеткендей.Бұл жағын қонтайшы да ішке түйіп, сөз жарысында ұпайына ұпай қосуға пайдаланды, шамасы. Ал Сетержаптың сыртқы ажары осы десек те ішінде мүлдем бөлек ой-пиғыл ылаң салуда еді. Жоңғария мемлекетінің бас тізгінін ұстаған адамның бұл күндегі жалғыз жанжары, қосағы бола тұра оның басында адам айтса нанғысыз бөлек арман-тілек оянды. Бұл арман-тілегін ешбір ұлттың тілінде дәл атауы жоқ арамзалықтың, қарабеттіктің ең жексұрын түрі деп сипаттаса да жеткіліксіз. Иә, ол сонда не дейсіз ғой. Сетержап құдайдан да, Будда әулиеден де Қалдан-Сереннің сонау Қытай әскерлерінен соққы жеп, қайтып оңалмастай борша-боршасы шығып, тұралап қайтуын жатса-тұрса тілеуге көшті. Апырау, кемедегінің жаны бір емес пе, Қалдан-Серен соққы жеп қайтса, Қытай әскерлері тіптен бері өңмеңдеп, мынау елді не күйге ұшыратады, Сетержаптың өз басы, анау балалары не халге түседі? Бұл сұрақ кіші ханымның көкірегіне пышақтай қадалудың орнына ен даладағы сағымдай алыстан бұлдырап, бұған келіп-кетері жоқ бірдемедей тіптен көзден өшіп жоғалып жатты. Иә, бір адам екінші бір адамды өлердей жек көрсе, әрі мұндай күй оған тым ұзақ уақытқа жабысса, ол жай пендешілік сезімнен оның басындағы ауруға айналады. Сетержаптікі, міне, тап сондай хал еді. Оның Қалдан-Серенге деген өшпенділігі басындағы ауруға айналды. Ал ауру адамның басындағы пайымдаулар оны қайда сүйрейді, қандай жарға итереді, түзік ақыл-ой иелері ол жағын ешқашан бір жүйеге келтіре алмақ емес. Сетержап өйтіп, біржола құрдымға да кеткен жоқ, оқта-текте санасы ашық аспандай айқындалған сәттерде Қалдан-Серен жорығы сәтсіздікке ұшыраса, мынау қонтайшы ұрғасының жел аударған қаңбақтай әлдеқайдан шығарын да елестете алды. Өзінің, бойжеткен қыздарының, кенже ұлы Шұна-кашканың басы-көздерін әлеміштей тұмшалап, көп босқынның ортасында, көп гөй-гөйге құлақтарын сарсытып, сандалысқа түсуі де мүмкін екенін ескерді. Тап сондай атты күннің бір оңтайлы мезетінде кіші ханым қонтайшыны өзіне жалт қаратып, «міне сенің Шұна-Добаны тәрік етіп, Қалдан-Серенді қоқырайта көтергенде әперген ұшпағың, жеткен жетістігің» деп бетіне бір былш еткізсе, сол көрген қорлық пен шеккен азаптың бәрі өзінен-өзі жуылып кететіндей көрінді. Немесе, сондай табасы небір қорлық пен азаптың өтеуіне жарап, алабөтен рақат-сезімге бөлеріне дәмелендірді. Бірақ ондай атты күнді де едәуір күтуге тура келеді. Бұлар жайлаған Түзкөл мен Үрімші шұраты, Тұрфан асуы дейтіндердің екі аралығы асықпай, күшті текке ысырап етпеуге тырысып жылжыған әскер үшін неше күндік жол десеңші. Оған одан арғы соғысты қос. Иә, бәрін адам өз қиялымен ешқашан болжап біле алмас белгісіздік түнегі бүркемелеп тұр. Алайда, оған дейінгі уақытты да Сетержаптың құр өткізгісі жоқ, Еділ бойындағы хандық елшілігінің басшысы Ехе Абуғайдың қонтайшы қасында омалғанына бір апта толды-ау деген шақта кіші ханым өз қосағына: «Менің төркін жұртымнан келгендер ғой, көрмегелі ширек ғасыр өткен сол жұртымның кейбір ұсақ тірліктеріне қанайын, осы Ехе Абуғайды енді аз күнге менің жеке басымның құзырына бер» деп қолқа салды. Қонтайшы Ехе Абуғайдың сөздерінен өзі де жалықты ма, кіші ханымның бұл өтінішін қуана құп алды.
Әрі бұл кезде Жоңғария ұрғасына орыс елшісі әрі саудагері Лоренц Ланг келе жатыр деген хабар алынған. Тек бұл хабар арада үш күн етпей теріске шығарылды. Себебі, аталмыш елші тап қазір Қытай астанасы Пекинде екен де, оның бері қарай ұйымдастырылмақшы сапары екі ел арасындағы жағдайдың ушығуына орай кешеуілдепті. Әуелгі хабар мен соңғы хабардың о баста Пекиннен ұшып шыққан уақыттарының аралығы айға жуық еді, тек бірі жолай текіректеп, екіншісі зымыран құстай зуылдағасын Жоңғария байтақысына араларына үш күн ғана салып, бір мезгілде дерліктей қосарласып, қабаттаса жетті. Бәрібір қонтайшы Сыбан Рабтан Ехе Абуғайды кіші ханымның құзырына аудару үшін сол елшіліктің келе жатқанын, әрі оған дайындық керек екенін сылтау етіп үлгерді. Сетержаптың құзырында Ехе Абуғай жұрттың ойлағанынан да көбірек ошарылды. Осы Жоңғария ұрғасындағы бір айдың ең қомақты бөлігін Еділ бойындағы хандықтың елшісі осы кіші ханымның қасында сүр жамбастанып жатып өткерді. Бұл жай елші ғана емес, әрі майталман әңгімеші де еді. Тілі басқа, діні басқа орыстардың қолтығындағы өмірдің әр қырларын сампылдай сипаттап, ұзақ-ұзақ желістерге салғанда Сетержап бір түрлі мұңая ауыр ойларға қоса шоматын. Кейде сол майталман елші ең бір қызық хикаяттардың отын жаққанда Сетержап сөйтіп, өз қиялымен өзі алданып, бәрінен қалыс қалатынын бұларға қызмет көрсетуші сұлу кәнизактар да жиі байқап жүрді. Енді бір күндерде Сетержап тағы бір қызық мінез тапты. Бұрын осындай әңгімелер үстінде оның қыздары, кейбір лауазымды кәнизактар, әрі Ехе Абуғайдың бір сыпыра адамдары отыратын. Тіпті Еділ бойындағы елдің жай-жапсарына қана түскісі келетінін сылтауратып, хошауыт ақсүйегі Лубсан хан да кіші ханымның шатырында әңгіме тыңдауға рұқсат сұрады. Сетержап алғашқыда таршылық жасамаған. Лубсан хан әңгімеге шынында қызықты ма, жоқ, Ехе Абуғайдың өзіне деген бөлек ықыласын танып, соны да одан әрі дамыта беруге ниеттенді ме, бұл да екі-үш күн, тапжылмай жағы сүйексіз жаралған елшінің таңғы самалдай жағымды даусына құлақ түрді. Ехе Абуғай осы Лубсан ханның туған баласы Дан-Жун Сыбан Рабтан әмірімен отқа өртелсе де оның өз басы қонтайшыға адал қызмет етуде екенін көзімен көріп, швед әйелі Бригитта сияқтанып, бұл да бір іштей дағдарысты бастан кешірген. Оған көп назар аударғаны да содан еді. Лубсан оның солай екенін сезе тұра Ехе Абуғайдың көз алдында көбірек көлбеңдеуден тартынған жоқ. Енді, міне, кенет бәрі өзгерді. Сетержаптың тапқан қызық мінезі сол – бұл кей мезеттерде Ехе Абуғаймен екеуден-екеу, мүлдем оңаша қалуды қалады. Ас-су қамдаушы кәнизактар да кіші ханым екі алақанын қаққылап белгі бермейінше кірмейтін болды. Таңқаларлығы сол, кіші ханым мен Ехе Абуғайдың бүйтіп екеуден екеу оңашалануы да жиі қайталанып, әр кез сайын ұзаққа созылуы үрдіске айналды. Кәнизактар алғашқыда мұны түсінісе алмай, бір-бірлеріне ажырая қарасса, бара-бара беттерін шымшитын халге де жетті. Әр түрлі өсек-аяңның да бұрқ ететін жайы бар еді. Бірақ оған басы ашық екі-үш ақиқат кезмайыс келді. Біріншіден, Ехе Абуғай Сетержаптың көңілі түсетіндей жас емес, сайраған тілі демесең, жақ сүйегі шодырайған, бетін әжім тілгілеген көріксіздеу адам еді. Екіншіден, бұлардың осылай ұзақ оңашалануынан кейін кірген кәнизактар салған бетте Сетержаптың түр-түсінен тән рақатына батқан әйелдің нышандарын мүлдем байқамайтын. Керісінше, өрт сөндірген адамша өңінің қабарып, қараған жанның өзіне
жамандық ойлағандай көздері түйіліп, қауіп-қатер атаулы құлағын қалқитқандай әсерде қалатын. Сонда бұлар екеуден-екеу қалғанда араларында не әңгіме өрбуі мүмкін, егер Еділ бойындағы ел жайында болса кіші ханым неге оны өзінің ең жақындарынан да, ұлқыздарынан да бой тасалап, жалғыз тыңдайды? Иә, бұл сұрақ осылай жауапсыз күйінде талайдың көкейін тесті. Әрі кіші ханымның Еділ бойындағы хандық елшісімен осылай бірнеше күндер бойы оңашалануын да жұрт мықтап жадында тұтты. Ақыры, межеленген бір ай мерзім де өтті. Тамыздың орта шенінде Ехе Абуғай Сесонды бірнеше түйеге артылған жасау-жабдығына жүз қыз нөкерін қоса тізіп әкетіп бара жатты. Қонтайшы ұрғасы оларды асқан сән-салтанатпен шығарып салды. Оларды күзетуші әскер санының өзі қаншалықты десеңші. Қонтайшы ұрғасының айналасы Еділ бойындағы хандық елшілігі аттанған сәтте нағыз екінші майданға айналғандай. Жер қайысқан қалың қол керней тартып, шуға шу қосқанда жердің ешбір қиырында бұлар үшін ешбір қауіп жоққа ұқсады. Бұл елшілік қара үзіп үлгермей-ақ сонау шығысқа, Қытайға қарсы қозғалған әскерден алғашқы хабар да келіп жетті. Қалдан-Серен бастаған қалың әскер Қытай басып алған жерлердін ең бергісі Үрімші шұратына тұмсық тірегенде бас-аяғы тым созылып кеткен еді. Қалдан-Серен өзі бұл шерудің ең артқы бөлігінде. Әккі қолбасы Қытаймен болған соғыс жағдайында шегінуге тура келсе оның неғұрлым аз шығынмен ұйымдастырылуына назар аударған. Сөйткенше болған жоқ, әскердің ең алдыңғы легі Қытай әскерлерімен бетпе-бет ұшырасты да, ойламаған жерден шайқас бұрқ етті. Жоңғарлар жағы басым шығып, қытайлықтар таулы жердің иірім-иірімін пайдаланып жалтарып үлгерді. Бұл нағыз соғыстың өзі емес, алғашқы күш сынасу ғана еді. Мұны естіген ҚалданСерен солай қарай құстай ұшты. Бұл жеткенше ондағы кіші қолбасылар алғашқы қақтығыстың қортындысын да шығарып үлгерді. Түн жамылып, тау сағалап екі жақтың да жансыздары қарсы жаққа тынымсыз жіберіліп жатты. Бірақ сонда да мына Үрімші шұраты, Тұрфан ойысы, Хами жерінде қытайлықтардың қанша күшті ұстап тұрғанын анықтау мүмкін болмады. Ал қытайлықтар керісінше жоңғарлықтардың бас-аяғы жоқ үлкен әскер шеруін әкеле жатқанын тез арада байқастады. Тап осы таңда Қытай императоры Юнчженнің Жоңғария мемлекетіне қарсы үлкен соғыс ашу жоспарында жоқ еді. Себебі, осыдан төрт жыл бұрын, яғни 1721 жылы Пекиндегі орыс елшісі әрі сауда-саттық істері жөніндегі өкілі Лоренц Ланг Ресейдің Сыртқы істер Коллегиясына жолдаған арнайы хатында бейнелеген қиыншылық жағдайлардың зардаптары мұнда әлі жойылған жоқ еді. Қытай жерінің өне бойындағы ауыр ыстық, қуаңшылық жылма-жыл қайталанып, бидай, күріш өндірісін тіптен құлдыратты. Елдің түкпір-түкпірін алапат аштық жайлады. Осындай күнде екі жүз мыңдай әскерді бабында ұстап тұру мүмкін де емес қой. Әскер дегенің ерте түскен көктемдегі қардай еріп, бүрісіп жоғалып жатты. Соған қарамастан Қытай императорының Жоңғария мемлекетіне қарасты мына шығыстағы үш ұлысқа тап беруі оның бүкіл әскері қазақ даласына кеулеп кеткен шақта мұншалықты күшті тез топтастырып мұнда жеткізе қояды ғой деп ойламауынан еді. Енді не амал бар? Ақыр соғыс басталды, енді оны қайтсе де жеңіспен аяқтап шығудың қарекетіне көше ме? Егер ол тез аяқталмай тағы да жылдарға созылып кетсе ше? Ондай
күннің беті аулақ болсын. Қытай императоры дереу Қалдан-Серенді келіссөзге шақырды. Қалмақ қолбасшысы мұны бірден қабыл алды. Себебі, бұл да аталмыш соғысқа аса үздігіп тұрған жоқ. Тек Қалдан-Серен ол келсіссөзге үлкен күдікпен барған. Мұның пайымдауынша қытайлықтар бұл келіссөзді Жоңғарияның осында жеткізілген әскерінің жай-күйінен сыр тартпаққа, әрі өз жансыздарының жұмысы үшін қажетті уақыт ұтпаққа пайдаланбақшы. Мейлі солай-ақ болсын. Сөйтіп, Қалдан-Серен де бұл келіссөзді тап сондайлық мақсаттар үшін пайдалануга тырысты. Жансыздар жұмысы тіптен күшейтілді. Тіл жұтқандар курай мен бұта-түбірлерді қалқалап, тоқсан тарау жолдармен дұшпан шебіне жылыстады. Қалдан-Серенмен кездесуге келген императордың өзі емес, оның бас қолбасыларының бірі еді. Ол айтпақ сөзін жаттап келгендей жоңғар қолбасысымен бетпе-бет келген сәтте бірден тақ еткізді: – Біздің бұл шақта Жоңғария жеріне басып кіретіндей, не оған қарсы соғыс жариялайтындай еш құлқымыз жоқ еді. Алайда, Жоңғарияның ұлы мәртебелі қонтайшысы Сыбан Рабтан екі елдің арасындағы тату көршілік қатынасқа көлеңке түсіретіндей қылықтарға барды. Ең бастысы сол – Жоңғария қонтайшысы мына біздің жерімізде үлкен бүліншілік тудырған қаскүнем, Кукунордағы хошауыт ұлысының билеушісі Лубсан хан мен оның баласы Дан-Жунды қолтығының астына алып семіртіп отыр. Тіпті оларға жасаған қамқорлығында шек жоқ дейді. Міне, осындай ақпараттар келгенде біздің ұлы мәртебелі императорымыз өз терісіне өзі сыймай долданды. Басқа да жоғары лауазымдылар соның кебін киді. Міне, мұның ақыры мынадай соғысқа душар етті. Егер Жоңғария қонтайшысы өз қателігін түсініп, Лубсан хан мен оның баласының Кукунордағы лаңы бізде қанша әпселең тудырғанын, әрі ол әпселеңнің Халхаға да жұқпалы аурудай тарала жаздағанын мойындап, Лубсан хан мен Дан-Жундыбайлап-матап қолымызға тапсырса, біздің император Юнчжэн бүкіл Қытай әскерлерін Жоңғария жерінен дереу әкетуге бұйрық беруге әзір. Басқа-басқа, Қалдан-Серен тап мұндай талапты күтпеген. Майталман мәмлегердің бірден танығаны Қытай жағының да бұлармен ұзаққа созылуы мүмкін соғысқа белшесінен батуға үздігіп тұрғаны шамалы. Енді олардың осы пиғылынан адаспау керек. Шығыстағы, батыстағы екі майданда бірдей соғыс жүргізсе Жоңғарияның шаты айрылып кетпей ме, Қазақ ордасының біржола тынышталмауы, қалмақтарға бодандыққа түпкілікті бойсұнбауы көп қауіп-қатердің басын қылтитып тұр емес пе, әрі сол Қазақ ордасының батысындағы бас қолбасы Шұна-Добаның жұмбақ мінездері – бәрі-бәрі Қытаймен тап осы жолғы қақтығыстың қажетсіз екенін сайрауық құс үніндей айқындылықпен жеткізуде ғой. Демек, осы соғысты болдырмаудың айласын қарастыруы керек. Халха мен Кукунор ежелден Жоңғарияға қарасты жерлер, оларды кері қайтару әкесі Сыбан Рабтанның көкірегін сыздатқан арманы екенін Қалдан-Серен ұмытқан жоқ. Егер сол әкенің райына басып, Халха мен Қукунор біздің ұлыстарымыз ғой деп, осы келіссөз үстінде табан тірессе, онда алып аждаһаға қарсы нағыз ұлы шайқастың туын шалқытқанмен бірдей. Жожоқ, тап қазір оның басы артық, егер Халха мен Кукунор өз іштерінен бүлініп, Жоңғариядан көмек сұрап жатса, егер бұл Қытайдың әлсіреген, ал Жоңғарияның нығайған сәттерімен тұспа-тұс келсе, ондайда Қалдан-Серен соғыс дабылын қағуға әзір-ақ. Ал қазір ше, ... жо-жоқ, сабыр сақтап аттың басын тарта тұрған жөн.
Қалдан-Серен бұл жерде мынаны да ескерді. Сыбан Рабтанның өткен қыста Лубсан ханның баласы Дан-Жунды отқа өртеп жібергенін қытайлықтар әзірге естімеген екен. Егер оның солай екенін Қалдан-Серен қазір сап еткізсе, мұның өзі ұтымсыз саясатқа ұласар еді. Сосын да жоңғар қолбасысының жоқ адамды бар етіп, соны кәдеге асыра қоюға аңсары ауды. Ұзақ ойланса сыр алдырарынан сезіктеніп, Қытай қолбасысының түр-түсін қызықтаған адамға ұқсап, қабағын кіржите азкем тесілді де бұл да жауабын қолмен қойғандай етіп, жинақы жеткізді. – Мен үнемі жорық жағдайында жүремін де әкемнің ұрғасында не болып, не қойып жатқанынан кейде хабарсыз қаламын. Ал Лубсан хан мен оның баласы Дан-Жунды өзімнің де суқаным сүймейді. Әсіресе, Дан-Жун сұмдық, өзімшіл, билікқұмар неме екен, әкемнің оған керемет құрмет көрсеткеніне, қызын бергеніне рақмет айтудың орнына түбінде осы ұлы Жоңғария мемлекетінің бас тізгінін өзім ұстаймын деп дәмеленеді екен, әрі ол ойын айналасындағыларға ашық айтады екен. Сол үшін-ақ мен оны өз қолыммен жазалағым келеді. Ал Лубсан ханға келсек, оның көп жазығы жоқ, Кукунордағы Қытайға қарсы бас көтеруді ұйымдастырған ол емес, оның баласы, жаңағы Дан-Жун. Оның үстіне Лубсан хан қазір сүйек-саяғы саудырап, әбден қартайған адам, егер оны байлап-матап сіздерге береміз десек, оның табанда өліп кетуі де ықтимал, демек сіздерге оның өлі денесін ғана табыстай аламыз. Сосын да оны қозғаудың қажеті қанша. Ал Дан-Жун жөнінде әңгіме мүлде басқаша. Тап қазір Дан-Жун қонтайшы ұрғасынан тым алыста. Кейбір сыбыстар бойынша ол сонау Қазақ ордасының батыс бөлігіндегі Шұна-Добаны сағалап жүрген сыңайлы. Бірақ оны қалайда қолға түсіруге деген үмітім зор. Менің Қытайдың ұлы мәртебелі императорына деген мынадай өтінішім бар: Қытай императоры осы тамыз айының ішінде бүкіл әскерін Жоңғарияның осындағы үш ұлысынан толық әкетсін, ал мен келесі жылдың тамыз айына дейін Дан-Жунды ұстап, байлап-матап сіздердің қолдарыңызға табыстауды уәде етемін. Уәдем берік, осылай сөз байласайық. Қытай жағы бірден келіспеді, алдымен Лубсан ханның өзін бере тұрыңдар деді. Қалдан-Серен қаусаған шалдың сүйегін қайтесіңдер, егер Лубсан ханды сендерге табыстасақ, бұл хабарды Дан-Жун естиді де одан әрі жоғалады ғой, шабақты ұстаймыз деп шортаннан айрылу ақылға сия ма дегенге сүйенді. Бұлар біраз ырғасып-жырғасты. Ақыры Қытай қолбасысы өз императорына кісі жөнелтті. Ол араға үш күн салып қана кері оралды. Қытай императорының жауабы мынау екен: «Біз өз әскерімізді Үрімші мен Тұрфаннан әкетіп, Хамиде бекінеміз. Хами жарым-жартылай бізге қарай тұрады. Дан-Жун тірідей қолымызға табысталған күні Хамиді де толық босатамыз». Мұны естігенде Қалдан-Сереннің қуанышында шек жоқ еді. Ол күйін сездірмей іштей өзін-өзі зорлаған кейіппен келісімін берді. Ал келесі келіссөзге дейін амал іздестіріп, қулық асырудың нелер бір құмай тазылары бар қалмақ қауымында Дан-Жун жөнінде тағы бір айланың табылатынына Қалдан-Сереннің күмәні жоқ. Қытай императоры сөзінде тұрды. Бір аптаның ішінде әскерлерін әкетіп, Хамидың арғы екінші жартысында бекінді. Қалдан-Серен бастаған ауыр қол адам түгілі бір бас мал шығын берместен кері қайтты. Үрімші мен Тұрфанның диқаншы араттары өздеріне көзді ашып-жұмғанша бостандық әперген Қалдан-Серенді асқан құрметпен шығарып салды. Жоңғария қолбасысының Қытай империясының алдында да беделі күрт өсті. Қытай
билеушілері Қалдан-Сереннің өз әкесі Сыбан Рабтанмен ақылдаспастан шешім қабылдауын Жоңғария тарихында жаңа бір кесек тұлғаның қалыптасуындай бағалады. Бұл жай Қытай астанасы Пекиндегі орыс елшісі әрі сауда өкілдігінің басшысы Лоренц Лангтың құлағынан қалай қақас қалсын. Ол Жоңғарияның шығысындағы үш ұлысқа басып кірген Қытай әскерлерін Қалдан-Сереннің ақылмен, келіссөз арқылы кері қайтартқанын да оның зор даналығындай сипаттап, Мәскеудегі өз бастықтарына мәлімдеме жөнелтті. Сөйтіп, Қалдан-Сереннің Ресей билеушілерінің арасында да кеңінен танылып, беделінің арта түсуіне ықпал етті. Үрімші мен Тұрфан ғана емес, одан бергі ұлыстар да, Қытай атты аждаһа жерімізге бүгін басып кіре ме, ертең басып кіре ме деп жүректері ауыздарына тығылған елдер де Қалдан-Серенге жолай көп қошемет көрсетті. Сый-сияпат атаулыны аямай үйіп-төкті. Бұл қошемет пен сыйсияпат қыркүйек айының орта шенінде Ыстықкөл жағасындағы қонтайшы ұрғасына келіп жеткенше үзілмеді. Ал Ренат пен Бригитта шe? Өркениетті елдерде қаражаты барлар үйлену тойына байланысты ұйымдастыратын жол-сапар, әрі ләззат айын бұдан артық өткізу мүмкін-ау дегенге бұлардың қиялы да жетпес еді. Бұрынғы өмірлерінде шытырман оқиғалар мен теперіштерді бастан көп кешкен әрі қадам басқан сайын өлім қаупі титықтатқан шетелдік екеудің махаббат кемесінде тербелуі тіптен ғажайып. Ыстықкөл жағасына жетіп, табаны жерге тигенде Бригитта Ехе Абуғай елшілігінің бұл маңнан біржола қара үзіп үлгергенін естіп тіптен лепірді. Қонтайшының Сетержаптан туған үлкен қызы Сесонның долы да қомағай мінезін еске алып, ендігі өмірде көрмегенім сен болғай деп тіледі. Қалдан-Серен ЬІстықкөл жағасындағы әке қасында бес күндей аялдады. Осы уақытта Сыбан Рабтанның жағасы жайлауға кетіп, Лубсан хан бастаған желмая шешендердің, бас зайсандардың Қалдан-Серенді асыра мақтаған, оны құдай мен Будда әулиенің сүйер ұлына балаған сөздеріне әбден құлағының құршын қандырды. Той тойға ұласты. Сесонның ұзатылу тойындағыдай Ыстықкөлдің жағасында, тау баурайында аттылар мен жаяулардың ырду-дырдуынан жер қайысты. Арақ пен шарапты барша жұрт жүзіп жүріп ішті. Осыншама ду-дүрмектен қалыс қалған бір адам ғана бар. Ол Сетержап еді. Кіші ханым өзіне қатысты мерей-шапағатты құдайдың келесі кезегінен күтті. Тап осы Сетержапты мазасыздандырған жайға байланысты күдік осы күндерде Қалдан-Серенде де оянған. Кіші ханымдағы мазасыздық пен осы бас қолбасыдағы күдіктің табиғаты бір-біріне кереғар дегенмен темір өзегі ортақ. Себебі, мұның бәрі ШұнаДоба төңірегіндегі ойлар. Қалдан-Серен Үрімші, Тұрфанға аттанарда Ыстықкөлдің төменгі жағалауында отырған мұның үлкен бәйбішесі Қарабас сұлудың өз қосағына «Сонау Қазақ ордасындағы Шұна-Добаның көзін жою үшін құпия әскер тобын жібергенің рас па» деп қадалуы тегін емес еді. Қалдан-Серен өзі жасырғанмен ондай бір әскердің кеткені рас. Бірақ оған жүктелген міндет те ондағы қалыптасқан жағдайға орай орындалуы тиіс. Егер Қалдан-Серенге жеткен сыбыстардың ең бір жаманы расқа шықса, онда Шұна-Добаның көзі жойылуы тиіс. Ал басқа күнде ол құпия әскер тобы ҚалданСерен жансыздарының арқа сүйер бекінісіне айналмақшы.
Міне, Қалдан-Серенді мазасыздандыратын нәрсе бұл Қытайға қарсы жорыққа барып қайтқан айдан аса уақыттың ішінде олардан хабар келіпті, бірақ Шұна-Доба хақында ауыз толтырарлық ештеме жоқ. Апырау, сонда бұл Шұна-Добаны, кешегі бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасысын жер жұтты ма? Міне, осы сауалдың түбіне жете алмаған Қалдан-Серен әке қасында ошарылған бесінші күнде онымен қысқа ғана ақылдасты да төмендегі Қарабас ханым қалған кіші ұрғаны тікесінен тік көтеріп, әуел баста жоспарланғандай Ташкентке емес, қазақтың Сарыарқа атты даласын бетке ала қозғалды. БЕСІНШІ ТАРАУ
1726 жылдың шілдесінде Сырдария өзенінің төменгі сағасы аталатын Тереңөзек аймағы ерекше өртеніп тұрды. Көкпеңбек аспан төбеден қазанша төңкеріліп түсіп, топырағы да, ағаш-бұталары да, жіңішке сабақты өсімдіктері де құм түстеніп, сұрқайланған жерді шыжғырған күннің астында тапжылтпай ұстағандай. Үп еткен жел жоқ, ауадағы тыныштық ыстыққа ыстық қосып, адам түгіл жабайы аңдар мен жәндіктердің өзін дымқыл, қоңыр салқын індеріне қуып тыққандай. Уақыт екіндінің кезі. Бір топ атты адам төбешікті белесті даламен асықпай тура түстікке тартып келеді. Сірә, бұлар биылша аздап суы бар Жаңадария өзенінің жағалауынан шыққанға ұқсайды, жүрістерінде асығыстық жоқ, тап бір осы күннің аптабында қызық іздеп, тойға бара жатқандай жүрістері сылбыр, бейқам. Ұлы өзен Сырдарияның сол жағалауындағы Қызылқұм атты бұл кеңістік бір қарағанға өзінің түркескінімен-ақ адам баласын сылбырлыққа, күндізгі ұйқыға шақырғандай. Тек мына топ табиғаттың сондай мінезіне кереғар мінез көрсетіп, осындай күн күйіп тұрған шақта жолға шығыпты. – Әне, Сырлытам кесенесі анау! Анық сол шамасы! Басқасы бұл маңда көрінбейді ғой, – деп топтың алдындағы жұқа киіз қалпақты жас жігіт ер үстінен көтеріле қамшысымен алдыңғы жақты нұсқады. Бұл нұсқағанды басқалары да көрді. Қозыкөштей жердегі құм төбенің басында бармақтың басындай болып, әлдене шошайып тұр еді. Бұлар жақындаған сайын құм төбе де, оның басындағы шошайған да ұлғая түсті. Кесене сұлбасы тіптен айқындалып, қабырғасы, төбесі аспан қиығында бедерлене бастағанда жаңағы жас жігітке тағы да тіл бітті: – Осындағы қарақалпақтардан да, алшынның білгіштерінен де біраз сыр тарттым. Олар бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай сөйлейді. Олардың жырғауынша бұл Сырлытам кесенесінің күйдірілген кірпіші Хорезмнен әкелінген сияқты. Ал үлгісі біздің қазақтікіне жақын сияқты. Қазақ болғанда қаңлылардың үлгісі. Сірә, бұл ерте заманда қаңлылардан қалған мазар деседі. – Әй, Алғазы-ай, не нәрседе де жас баладай алға жүгіре жөнелетін тағатсыздығың-ай, – деп топтың алдында сидам денесі ер үстіңде қаққан қазықтай қалшиған еңселілеу біреуі тоқтау айтты. – Алдымен бұл кесенені барып көрейік те, қаңлылардан қалған мазар деп кесіп айтатындай ол қарақалпақтарың мен алшындарыңның қай атасы оны көзімен көріпті. Ауыздан ауызға Кәшкен сөз өңін өзгертпей тұра ма? Екі қазақ шежіре қуса, әрқайсысы өз жағына бұра тартып сөйлейді.
– Есентүгел аға, олардың сөзінде негіз бар сияқты ғой, – деп жаңағы Алғазы атанған жас жігіт Есентүгелге атын тіптен жанастыра өзеуреп еді, сондағылардың екі-үшеуі қосарласа жамырап қоя берді. – Әй, Алғазы, сенің ақын көкірегің кесене, мазар көрсе күй болып күмбірге басады. Соның елітуімен қай жарға соғылғаныңды өзің аңғармайсың. – Алғазының ақындығы бақсының жыны мінездес. Бақсының жыны қобыздың үніне үйірсектесе, Алғазының ақындығы осындай мазарлардан қозады. Тіпті мұндай ел аузындағы үлкені түгіл жермен-жексен белгісіз молалар кездессе ішін түртінектейді. – Дұрыс айтасың, мен ұзақ сапарларда Алғазының аузын буып ұстау үшін осындай киелі жерлерден орағыта жүретін айла таптым. Өстіп Алғазы ақынды біраз жерге апарып тастаған жігітгер сәл басыла бере Есентүгел қайта сөйледі. – Бұл Сырдариянның екі жағалауы тұнған шежіре деп, құлақтың құртын жеген сен, Алғазы, өзің емес пе едің? Ол жайдың шет-жағасын сонау Қазалы ойысынан бергі жортуылда басқаларымыз да көкейге қоңдырдық. Иә, бұл ұлы дарияның жағалауында ескі қалалардың үйінді қалдықтары, алып кесенелер, мазарлар аяқ басқан сайын ұшырасады екен. Жаңа мына жігіттер шуылдасқандай ол жағына бәрімізден де баса ден қойған өзіңсің, Алғазы. Бірақ сонда да мынау көрінген Сырлытамды қаңлыларға таңа салған қарақалпақ пен алшынның білгіштеріне күдігім бар. Бұл өлкеде ерте-ертеде, ешкі құйрығы келтеде қаңлылар ғана емес, оғыздар да, хазарлар да, пешенелер де тұрған деп сол білгіштеріңнің өздері айтады. Сөйте тұра неге қаңлыларға бөлек сыбаға тартады. Анау төменде, Сырдарияның арғы бетіңде қалған Қорқыт бабаның мазарын да көрдік. Ал сол Қорқыт бабаның анасы қыпшақ екен де, әкесі оғыздардың Қайыспас деген тармағынан шыққан Қаракожа деген кісі екен. Ал Қорқыт бабаның мазары тайға таңба басқандай айқын белгі. Бұл неге меңзейді? Ал өрдегі жоңғарлар алғаш шапқанда тұсынан қашып өткенмен біз көріп үлгермеген, Сырдарияның жоғарғы ағысындағы Шиелі деген жердегі Оқшы ата мазары нені айтады? Ол Оқшы ата біздің он екі ата жалайырдың бір атасы Орақ батырдың лақап есімі. Ал мына Сырлытам сол жалайырлардан қалған бір белгі десем кім теріске шығарады? Ау, жай жалайыр емес, оның ішіндегі Орақтысы да емес, мына осы келе жатқан біздің топтың-балғалылардың арғы атасынан қалмасын. Себебі, біздің атамыз Балғалы да, сол Орақ батырдың замандасы ғой, әрі ол замандарда бәрінің жұбы жазылмай көшіп-қонып жүрген дейді. Біз өз атамыздың басына тауап етуге келе жатпалық әуелде. Есентүгелдің соңғы сөзінің тұсында арт жақтан екі-үш жігіттің сылқ-сылқ күлісі естіліп еді, осы Сыр өңіріндегі жалайырлардың балғалы тармағына жататын ел басшысының дүрдиген қабағын байқасып, сап тыйылысты. Бұлар әлі де біраз жүрді. Жаңағы сықылықтап басылған жігіттердің күн табы мен терден адам ажыратқысыз бет-жүздерінде енді әп-сәтте уайым іздері сойылып түскен. Күн мен тер олардың бет-әлпеттеріндегі барлық белгіні жасырғанмен тап уайым ізінің қасында осалдық жасағандай. Оны бүркелемеуге шамасы мүлдем жетпепті. Жаңа осындағы аз ғана ел басшысы Есентүгел Алғазы ақынның сөзінен өзі қоса өрекпіп, жоңғар шабуылын, Оқшы ата мазарын, оның тұсынан өздерінің қашып өткенін сөзбен жайқағанда мынау жас жігіттердің іш көкірегіндегі ескі жараға тырнақ салғандай еді. Оны Есентүгел жігіттер арасындағы үнсіздіктің ауырлай түскенінен сезіп, еріндерін жымқыра сәл ыңғайсызданды.
Иә, бұлар тап қазірде Сырдарияның төменгі сағасын жайлап, Арал теңізі алабының шығыс бөлігіне, тұран ойпатына иек сүйеген ел болғанмен осыдан үш жыл бұрын сонау ұшқан құс жете алмас шығыстағы Жетісу өлкесінен ірге көтеріп келгендер еді. Іле мен Қаратал өзендерінің аралығын жайлаған жалайыр және онымен жаптас біраз ру бөліктеріне жоңғар-ойрат шабуылының қаупі төнгені туралы сыбыс тарағанда елден бұрын төре тұқымдары және олармен құдалық, басқа да туыстық іліктестігі барлар бері жылыстаса, ал сол шабуылдың өзі басталғанда бірінші болып тайқып берген осы жалайыр-балғалылар еді. «Шабан үйрек бұрын ұшар» деген бұл жерге келмейді. Ата қоныстан ауа қашқандағы бұлардың жылдамдағына ертегідегі аяғына тас байлаған желаяқтың өзі қызғана қарар-ау. Сондағы жеткен жерлері осы Сырдарияның төменгі сағасы.Бұлар алғашқы қарқынмен бұдан да төмендегі Арал теңізіне, Қазалы ойысына дейін жетіп, аттың басын кері бұру мәжбүрлігіне ұшыраған. Сырды қайта жоғары өрлеп, оның құбыла бет жағалауындағы Жаңадария тармағының төңірегінде аз-кем аялдаған жайлары бар. Жаңа Есентүгелдің Қазалы ойысын, Қорқыт мазарын ауызға алғаны содан еді. Мұнда келгеннен кейінгі көрген хикметтердің өзі бір алуан тарих. Міне, осы бөтен қиырдағы үшінші жазда Жаңадарияның сағасындағы тірлік сәл саябырлаған шақта Алғазы ақынның қоздыруымен Сырлытам кесенесін тамашалауға келе жатқандар. Сырлытам құм төбенің басына орналасқан екен. Есентүгел, Алғазы ақын бастаған топ сол құм төбеге көтеріліп, кесенені қоршай кеткенде тұз қазақтарының көздері кесененің өзіне емес, айнала қоршаған кең далаға көбірек алақтағандай. Себебі, жортуылды заманның өзі соған дағдыландырған. Төңірек жазықтық алқап. Шығыс жақ бетте шамамен мың қадамдай жерде ескі дуалдардың, қорғандардың орындары төмпешіктерге айналып жатыр. Сірә, соңғы үш жылға тарта уақытта мынау Жетісу қазақтарының көздері ондай үйінділерге үйрене бастағандай. Сонда да олар біріне бірі ілесіп, солай ұзақ тесілісті. Алғазы ақын ол үйінділер жайында да әлденені сөйлеп бермекші еді, Есентүгелдің тым тұнжыраңқы реңі бөгесін жасады. Тамағын кенеп-кенеп, райынан қайтты. Атты топ солай қарап, біраз көз майларын тауысқасын кесененің өзіне бұрылысты. Араларында жіпсік көзді, тісі жоқ екі жағы ішіне кіріңкі кішкене қара шал Жүсіп деген бар еді. Сол бірінші атынан түсті. – Жаңа Есентүгел дұрыс байқады, біздің қай әулиенің басына кеп тұрғанымызды бір Алламның өзі білсін. Шалдың осы сөздері қамшы болғандай бәрі де сатыр-күтір етісіп, жерге қарай аунайаунай кетті. Ер үстінде ержеткен өңкей талтаяқ немелер құм төбеде табандары тайғанақтағандай аттарының шылбыр, тізгіндеріне ауыздыққа таяу жерден жармасып, соны таяныш көргендей тұр. Сәл үзілістен соң ғана аттарын топ-топ етіп, қалмақша байлап қалдырды да, кесенеге біржола ден қойысты. Кесенені айнала жүріп тамашаласқанда да бәрінен жүрдек Алғазы болып шықты. Бұл өзі қатқан сексеуілден кесіп алғандай кішкентай ғана бойы бар, қушық денелі, алып ұшпа жігіт. Тек бір ерекшелігі бетіне үшбұрыштана жапсырылған мұрнының қызылдығы еді. Күнге қанша күйгенмен ол қызыл бояуы өшетін емес, тек күреңітіп, тобылғы түстеніп, тұра береді. Көздерінің алабөтен көкшілдігі де сол мұрнының алабөтен түсімен туыстық
байланыста сияқты. Алғазы үнсіздікке біраз шыдағанмен ендігі жерде тоспаны бұзған ағын судай ақтарылды. Киіз үйдің төбесіндей биік шошағы бар, ал сырты төрт кенерелі құрылыстың айналасында ол қысқа шидем шекпенінің етегі желп-желп етіп, адымдай басты да сөзді қоса үдетті: – Қараңыздаршы. Ұзындығы он қадамнан да артығырақ екен, ал көлденеңі он қадамға жуықтау, ал енді мынаны көріңіздер, – деп Алғазы кенерелердің бұзылған бір пұшпағына шығып алып, етпетінен түсердей бір қимыл жасап жатыр. – Міне, қызық, тамаша. Қабырғасының қалыңдығына менің құлашым жетпейді. Бір жарым құлаштай бар. Есентүгел бастаған топ әлі де бір орында шоқтала үйіріліп, ақын жігіттің сөздеріне де, қимылдарына да елікпей, әліптің артын баққан күйде. Бұлардың көпшілігі Алғазы сияқты шидем шекпенді, тек біразында ғана осы соңғы үш жылғы жорық үстінде қолға түскен ою-өрнекті жұқа қара, қоңыр, сұрғылт түсті жұқа шапандар бар. Есентүгелдің үстіндегісі бәрінікінен тәуір сияқты. Топ ортасында еңсесі әлдеқайда биік көрінген оның иығына ілгені алдыңғы қос өңірі, жеңі кестеленген сұп-сұр масаты жадағай шапан. Былтыр осындағы қарақалпақтармен болған қақтығыс үстінде қолға түскен ырзықтардың ішінен қазақ жауынгерлерінің өз басшысына таңдап әпергені. Басында алдыңғы жиегі қиық қоңыр киіз қалпақ. Соңғы үш жылда Есентүгелдің де түр-түсі қатты өзгерген. Жақ сүйектері шодырайып, әрі ұшы сол түйнектелген ұзын мұрны қоса адағайлап, қырым ет жоқ ұзынша бет өңірін тым ойқы-шойқылы етіп көрсетеді. Көздері де тереңдеп, қарсы алдындағы адамға тым алыстан қарағандай әсері бар. Күн табы бет терісінде ғана емес, сол көздеріне де жатажастана қонғандай кешкі құмайт даланың жонындай қарауыта шалынады. Есентүгелдің қазіргі көңіл күйі де тап сол көздері түстес. Елгезек ақынның сөздеріне мұқият құлақ қойып, қимылдарын жіті бақылағанмен тап қазіргі көңіл көзі басқа жақта сияқты. Тіпті осы сапардың бас ұйтқысы мынау алып-ұшпа неменің азғыруына көніп, үлкен шоғырды қоса әурелеп, осында келгеніне енді ол өкінген де сыңайы бардай. Сәлден кейін бәрі кесененің екі жақтауы бұзылыңқыраған есігі арқылы ішке енді. Кесененің ішкі қабырғасы жақсы сырланған, әрі дала гүлдерінің суреттерімен айшықталған. Адамның құлашы жетпес аса қалың, әрі күйдірілген кірпіштерден қаланған сырт қабырғалары уақыт тезінен мүжіліп, аласара бастағанмен мына бояудың, суреттердің келешек ұрпаққа түсі оңбай жетуіне қарап, ата-бабалар құдіретін небір қара жүректердің өздері-ақ сезінер еді. Іште оннан астам мола бар екен. Маңдайшадан «Амил», «Жалал хат» деген жазуларды арабша білетіндері еркін оқи алды. Тек мағыналарын түсініскен жоқ11. Айналасы отыз шақты адамның аттарды бақылауға қалғандарынан өзгесі кесененің ішіне түгелге жуық сыйған еді. Нағыз сөз маржанына енді орын берілетін еді. Алғазы ақын соны сезгендей қушық денесі тағатсызданып, күрең қызыл мұрнын ауада сілкілей берді. Жұқа киіз қалпағы тура басынан ұшып түсетіндей. Оның осы түрін байқаған жаңағы Жүсіп қария ел басшысы Есентүгелдің алдын орай оған: «Ал, кәне, есілші», – деп, енді-енді рұқсат беретіндей еді. Кенет сырттан саңқ еткен бір жаман дауыс естілді. Алғашқыда оны адамның емес, аса бір алып дала құсының оққа ілінгендегі соңғы қаңқылына ұқсатқан. Іштегілер сатыр-күтір
11 Бұл сөздердің «Мәңгі», «Үлкен іс» деген мағына беретінін кейінгі ғалымдар анықтады (Ұ.Д.)
етісіп сыртқа ұмтылысты.Бір-бірін баса көктей үйме-жүймеленіп, өз кеуделерімен аядай есікті тығындап та тастады. Адамның басындағы көп кемшіліктің бірі сол тым асыққанда осылай өз епетейсіздігімен бір-біріне бөгесін жасап, алтындай уақытты бір-бірімен бәсекеге түскендей қор қылысады. – Әй, әй, байқаңдар! – Байқаңдар! Бір-біріңе мінбелемеңдер! Бұл қабаттаса естілген Есентүгел мен Жүсіп қарияның сөздері еді. Жігіттердің бірі есік табалдырығына көлденеңінен құлап түсті. Оның түрегелуін ешқайсысы күткен жоқ, аттай-маттай ырғып жатыр. Есентүгел мен Жүсіп қария ең соңынан шыққан. Бұл кезде даладағы дауыс тіптен күшейіп кеткен. Әлгі аттарды қарауылдауға қалған бес-алты жігіт тегіс ер үстінде, найзаларын шошаңдатып, кеңірдектері жыртылғанша айғайға басуда. – Жау! Жау! Жау шапты! – деген сөздерін әрең ажыратысты. Жаудың анық қай беттен екенін әзірге ажыратпағанмен бәрі де аттарына мініп үлгеруге жанталасты. Жау шапқанда жаяу қалу дүниедегі қорлықтың қорлығы. Енді бәрі ер үстінде, тұрған орындарында шыр айналып, аттарының езулерін жырып жібере жаздағандай. Айнала көкжиекті жіті шолып үлгермей-ақ біреуінің: – Әне! – деген жандәрмен даусы құлақ жарды. Жау батыс жақтан келеді екен. Сан шамасы белгісіз, қалайда мынау Есентүгел бастаған отыз шақтыны он орап әкетуге жарайтыны анық. Соңдарынан қалың шаң көтеріліп, әртүрлі сұмдық жорамалдарға да бастағандай. Жер астынан бұрқ көтерілгендей қалың аттылар тізбегі омыраулатып, найзаларын шошаңдатып, ысқырық, қиқуларын қоса көтеріп, ызғытып келеді. Мұндайда басқа келетіні бір-ақ ой: – Қаша соғысайық! Бас қорғауға тырысыңдар! Мыналар көп! – деген Есентүгелдің өзгеріп кеткен даусы естілді. Ендігі сөздер бәрінің құлақтарына тым-тырақай қашу үстінде жетті: – Сен, Жәміке, атың жүйрік, тұпа-тура ауылға шап! Бәрі аяқты малға өңгерілсін! Бұлардың ішінде Есентүгел атаған Жәміке қайсысы, біліп болмайды, әрі оған ауылға тура шабу туралы бұйрық берілгенмен ешқайсысы оның жүйрік атынан қалысатын емес. Тек жаңағы Есентүгелдің «қаша соғысайық» деген алғашқы бұйрығы ғана көңілдеріне ұялап, тізгін тартуды ойлатқандай. Бірақ қалай тізгін тартарсың, сұп-сұр масаты жадағай шапанының қос өңірі далақтап, Есентүгелдің өзі де қашып барады. Алдыңғы жиегі қиық киіз қалпағын баса киіп, найзасын көкке шошаңдатуы ғана ел басшысының қалайда бұл жаумен текетіреспек ойы барынан хабардар етеді. Жалайыр-балғалы тобы тастай қашқан Сырлытам кесенесі орналасқан төбені арттағы жау екі жарыла орталарында қалдырып, тағы да бері құйындатты. Аттары мыналардікіне қарағанда жүрдек сияқты. Есентүгел өз тобының алдында еді. Биік тасқа жолығып, екі жарылған су арнасындай жаудың жаңағы қалпын көз ұшына іліктіріп үлгерген Есентүгел олардың оңай-оспақ емес екенін біржола түйсінді. Бұл енді тынысы тарыла ыстық ауаны тұмсығымен кескілеген қалпында басына салқын ой жүгіртіп, айла іздестірді. Сондағысы ұзын мойын, жалы ауаның қарсы қозғалысынан қоғадай жапырылған ақ құла атының басын сол түстікке қарай бұру еді. Соңындағылар басшының пиғылын түсіне қойды. Сірә, Есентүгел жаудың бетін елсіз аулаққа салып, шетсіз-шексіз борпылдақ құм үстінде өкпелерін өшіріп, адастырып кетпек сияқты. Несі бар, оңтайлы шешім.
Бұлар сүт пісірімге жуық уақыт қашты. Міне, сонда ғана әлгі Есентүгел атаған Жәміке деген жігіт қашқын топтан бөлініп, Жаңадарияның сағасында қалған қалың елге қарай қара үзіп үлгерді. Оның кетісін бәрі де көрді. Енді бастағы қауіп бір мысқалға болса да кемігендей. Бірақ ат жүрісінің ауырлағаны оның есесін толтырғандай. Тек қашқандар ғана емес, арттағы қалың қуғыншы жаудың да астындағы болат тұяқтылардың сондай күй кешуі көңілге медеу сияқты. Сонда да олар мына алдыңғылардан біршама алымдырақ. Жәміке бөлініп кеткеннен кейінгі бір сәтте артқа қарағандар жаумен екі ортадағы қашықтықтың екі таяқ тастамға дейін қусырылғанын көрер еді. Тіпті кермей-ақ олардың «Уә, уә» деген дауыстары желкеден ұрып, енді-енді аттарынан ұшырып түсірердей күшейгені тіптен күмәнсіз. – Жаным-ау, мыналар қарақалпақтар ғой! – деген манағы жіпсік көзді қара шал Жүсіптің жарықшақ жан даусы көкке қарай шырқап шыққандай: – Бұларды құтыртқан кім екен, құдай-ай! – деген екінші дауыс та баршасының назарын бөгде жайға бұрғандай. Кім болса да, кім жұмсаса да аямас жау екені танылған. Есентүгел топты әлі де түстікке қарай бұра түсті. Алдынан қалың өскен жыңғыл мен шеңгел көрінді. Шілде айында әбден жетіліп үлгерген ақ, қызғылт түсті гүлдері әр-әр тұста биік топтасып, жымыңдасып, мынау қашқын топты өз құшағына шақырғандай, қашқындар да ондай ілтипатты барынша құп алғандай аттарын аямай аршындатуда. Аз күштің өзінен әлдеқайда басым күштен бас сауғалағанда осылай қалыңға кіріп, күш сынасуы біршамадан бері мәлім болған тәсіл. Бұлар осыдан үш жыл бұрын ұлы сүргін алғаш басталғанда Жетісудан елден бұрын ірге көтеріп, Сыр бойына ауғанмен өздерінен кейінгілердің де жай-күйіне мұқият құлақ түріскен. Тау сағасындағы жалайырлардың, олармен жаптас, ағайындас біраз көшпелілер жоңғарлардың қоластында қалып, ал бергі құмда қыстауда отырған қомақтысы жалайырдың сиыршы атасынан шыққан Ескелді би Жылгелдіұлы, жалайыр-андас Балпық Дербісәліұлының, жалайыр-мырза Қабан жырау Асанұлының жетекшілігімен жауға қарсы ұрыс салып, от қаруына маңдай тосқанын бүге-шігесіне дейін естіген. Одан соңғы шегіністерінен де, бүгінде ол ағайындардың да осы ұлы дария – Сырдың бойында, тек оның жоғарғы ағысы тұсында екенінен де хабардар. Ол ол ма, сол алғаш қалмақ шапқанда Іленің бергі түстік бетінде, Топар өзенінің бойында ұлы жүз сарыүйсіннің Қалша атасынан шыққан Белағаш батырдың шоқалақ құмдарды, жыңғыл, шеңгел, балата, жиде, дүзген сияқты ағаш-бұталарды пайдаланып, қара құрттай қаптаған жаумен екі апта айқасып, әбден сансыратқасын ғана бері табан аударғаны бұларға қаз-қалпында жеткен. Сірә, бұл есте тұтарлық тәсіл екен дескен ой қай-қайсысының да көкірегіне орныққан. Соңғы үш жылда мына Сыр бойына өз туыстарынан бұрын жеткен жалайырбалғалыларға тек қарақалпақтар ғана емес, жоңғарлар да, өзіміздің қазақ-алшындар да бірнеше дүркін шабыс ұйымдастырған. О бастағы қарқынмен бұл жетісулықтар көк бұйра толқынды Арал теңізіне, бұйырғын мен жусанды Қазалы ойысына дейін жетіп, кейін кері шегінуіне, сол қуаңдау Жаңадария алабына ығысуына себеп – сондай шапқыншылықтар еді. Осы тектес оқиғалар үстінде жалайыр-балғалылар басшысы Есентүгел сол сарыүйсін
Белағаш батырдың әдісін амалсыз кәперге алатын. Алайда, оны қолданудың көп реті келе бермеген. Тек бүгінгі шабыншылық үстінде ғана оңтайына оралғандай. Есентүгел тобы жыңғыл мен шеңгелдің қалыңына кіріп, әлі де ор қояндай орғығанмен сәл жер ұта қара сексеуілдің де молшылығына кездесті. Жүз жылдық, әлде мың жылдык сексеуілдердің қирап, көлденең сұлап жатқандары да бар. Борпылдаққұм үстінде ышқынып, аяқтарынан әл кеткен аттардың одан секіруге де қауқарлары жетпейтіндей. Кейбірін айналып өтпесіңе амал жоқ. Осы тұста Есентүгелдің басында тағы бір тың амал табылды. – Шашырай қашыңдар! Шашыраңдар! Адастырып кетейік! Бәріміз жем болғанша біріміз ғана жем болайық та! – деп айғайлайды. Бірақ Есентүгелдің бұл бұйрығын жүзеге асыруға арттағы жау мұрша берер емес. Қалыңға кіріп, сәл жүріс жылдамдығынан айрылған жалайыр-балғалылар тобын қарақалпақтар өкшелей қуып жетіп қалды. Енді бірер талпыныста бұларды желкеден ұрып түсіре бастайтыны күмәнсіз. Егер Есентүгел тобы шашырай қашса, жаудың да оларды шашырай қууға сан шамасының әлденеше есе басымдығы мүмкіндік беретіні анық. Иә, қашқындардың басына ғаріпшілік орнады. Енді аттың басын кері бұрып, өңмеңдеген қарақалпақтардың бір-бірін жастықтарына ала жатудың әрекетін жасағаннан басқа амалдары таусылғандай. Оған бір жайдан қуғыншылардың өздері де мәжбүр етті. Міне, ең сонындағы үш-төртеуі қуғыншылардың соққысына ұшырады. Біреуі бірден ұшып түсті де екі-үшеуі найзаларын қоқаңдатып, қоршауда қалды. Сарт-сұрт еткен найза, сойыл дыбыстары, «Уә, уә!» дескен қарақалпақтардың жан шошытар екіленулері аспан мен жердің арасын, ыстық ауаны билеп-төстеп әкеткендей еді. Енді бір сәтте небәрі отыз шақты жалайыр-балғалылардың жартысынан астамы жау қоршауында қалды. Кенет әлгі Алғазы ақынның: – Есентүгел құлады! – деген жіңішке, бірақ құлақ жаратындай қышқырған даусы бәрін селт еткізді. Көкте кеудесін оқ тескен құстың қаңқылындай аяныш тудыра көкіректерін жарып өтті. Бұл енді бас сауғалап қаша беруге рұқсат жоқ деген осы топтың өзіне ғана мәлім белгі іспеттес еді. Ең алдағы он бес шақты да аттарын кері бұрып, қуғыншыларға қарсы ұмтылды. Бой жазып шайқасар кеңістік жоқ, шоқ-шоқ жыңғыл мен шеңгелдердің ара-арасын қуалай әр-әр тұста сарт-сұрт еткен дыбыс естіледі. Аттардың кекжеңдеген бастары, дулығалы немесе киіз қалпақты, тіпті тақиялы адам төбелері, шошаңдаған найза мен сойылдар қалыңның әр тұсынан қылаң беріп, әлдебір ән ырғағымен би билеген жын ба, пері ме, жоқ адам ба, әйтеуір қандай да есін жоғалтқан жан иелерінің дыр-думанындай әсер етеді. Жо-жоқ, бұлардың сонау Іле-Топар бойындағы Белағаш батырдың айласын пайдалана алмағаны анық. Бірақ ол жағын қорытуға бұларда шама қайда? Тек отыз шақты қазақ жүз елу қаралы қуғыншымен осы жыңғылды, шеңгелді орманның ішінде сүт пісірімдей тайталасты. Ақыры бәрі аттарынан ауып, тек бес-алтауы ғана қашып құтылғасын карақалпақтар азын-аулақ олжа алып, теріскейге қарай жүріп кетті. Жалайырлар олардың соңдарынан ғана қарап, мықтап қаруланып, әбден сайланып шыққан топ екенін аңғарысты. Бәрінің басында темір дулыға, сауыт-сайманды, найзаларының ұштары күнге шағылысады. Аттары да жарамды, жаңа ғана жан беріп, жан
алысқан шайқастан шыққандығы білінбей артқы жондары жылтырап, ұзын құйрықтары күлтеленіп кетіп барады. Қарақалпақтардың әкеткен олжасы негізінен аттар еді. Оншақты қыл құйрық солардың жетегінде кетті. Оншақты қазақ сойыл, найза тиіп құлаған жерлерінде тасбақаша тарбиып, құм құшып қала берді. Қазақ үшін атсыз жаяу қалудың күйігі жарақат азабынан осал емес. – Құдай-ай, қор қылдың-ау! – Не жаздық, құдай, не жаздық? Бұл шабыншылықтың шет-шегі, бір толастар күні бар ма? – Алламның жаратқан кең дүниесі бұл күнде сиыр терісінің пұшпағындай да болмады. Құйрық басып, байыз табар жер таппадық қой. Жаратқан ием-ай?! Қалың жынғыл мен шеңгелдің әp тұсынан осындай зар айтқан казақтар бір-бірін көріп жатқан жоқ. Тек бір-біріне осылай дауыс беріп, «мен мұндамын», «мен мұндамын» дескендері сияқты. – Әй, бақсы-құшнаш сияқтанған, Алғазы! Сен оңбассың, сен оңбассың! Сенің тіліңе еріп шығып, осындай күйге ұшырадық қой! Бұл дауысты Алғазы ақын естіп қалған екен: – Немене, мен сендерді Сырлытам кесенесіне ертпесем қарақалпақтар бізге шабуды қоя тұратын ба еді?Бұл қай тантығаның?! – Біршама өктем сөйлеген Алғазы екі аяғымен жүріп келеді екен. Бір қарағанда ол сау сияқты, ал шындығында оның да халінде кісі қызығарлық ештеме жоқ екен. Жұқа киіз қалпағын оң иығына салып, қатты ауырсына, әрі сылти басып келеді. Сірә, жау сойылы иығына да, аяғына да тисе керек. Тікірейген шашының арасынан аққан тер бетіне жол соқта іздер салған. Үшбұрыштана жапсырылған мұрнының қызылдығы тіптен айқындалып, қан түстеніп кетіпті. Бұлар одан әрі көп салғыласпады, бірден Есентүгелді ойларына алып, соны іздеуге кірісті. Ол мана алғаш құлаған жерінде жатыр екен. Бір жақ бетін қызыл ала қан жауып, жалаңбас, борпылдақ құмды құс жастықтай жастанып, тікірейген төбе шашын соған қадай бір жақ қырымен ес-түссіз жатыр. Үсті-басында түк жоқ, әлгі сол қарақалпақтардың өздерімен бұрынғы шайқастардың бірінде қолға түскен қос өңірі, жеңі кестелі масаты шапанын, қару-жарағын, бәрін сыпырып кетіпті. Аты да жоқ. Мұнда жеткендер енді басқасымен бірге жетімдік күй кешкендей. Сарнаған тілі демесең Алғазы ақынның ештемеге икемі келмеді, қайта өзі көмек керексінгендей. Жіпсік көзді Жүсіп қарт та көрінбейді, сосын да мұндағы басшылықты басқа біреуі қолға алды. – Әй, «тышқан артын көріп жаралы болады» дегендей көп ыңырсымаңдар. «Басқа түссе баспақшыл». Кәне, мына басшыны жөнге келтірейік. Сенсіз қатын-балаңның ғана күні караң, ал басшысыз елдің көрген күні қараң! Мұны айтқан қапсағай денелі, бода-бода терден жүзін адам танығысыз біреуі естиярлық жасап, дікектей сөйлегенсиді. Онсыз да жаның түйсінген жайды екінші біреу добалдай сөздермен құлағыңа құйып жатса адамның тінтен жүйкесі бостық етеді екен. Бірақ солай екен деп шарт жарылар жер бұл емес. Жаралысы бар, жарасызы бар басқалары да қапсағай денелінің осы дікектеуін қайта өмірден біржола баз кешіп, тайқып
кетуден сақтайтын ілгешегіне, суға батқанда қармаған талына балағысы келетін рай байқалады. Бұлар ең алдымен Есентүгелдің соққы тиген жерін тапты. Қайың сойыл оң жақ самайдан үш елідей жоғарырақ тиіпті. Өзге жері дін аман, тынысы бірқалыпты. – Ойпырай, сүйегі ойылғанға ұқсайды, миына зақым келмесе нетті. – Әй, артық зардан пайда жоқ, онан да білген емдеріңді айтыңдар, – деп жаңағы қапсағай денелі әлі де естиярлық жасаудың қамында. Есентүгелдің оң жақ маңдайына киіз күйдіріліп басылды. Бір-екеуі аяқ-қолдарын уқалап, тілге келтірмекке әрекеттеніп еді, басқа біреуі: – Ауруды енді мазаламаңдар, біраз тынышталсын. Құдай қосса кешке қарай ыстық басыла елге жеткізудің қамын жасармыз, – деп, тоқтау салды. Сөзі сөз-ақ сияқты, тек ол сөзді баста қорыта келе оған ажырая қараушылар көбейді. Бірте-бірте ол ақылдымсынған немені шалық шалғандай көрісе бастады. – Құдайым-ау, ел дейтіндей ел бар ма, манағы қарақалпақтар бетті қалай түзеді, білмейсің бе? – деп терісі жұқалау біреуі зарлап қоя берді. – Қайдан білейін, менің не көріпкелдігім бар дейсің, манағы Жәміке жолай аты мертікпесе елді аяқты малға өңгертіп үлгерді ме деген есек дәмем,– деп анаусы ақтала сөйледі. Есентүгелді бір жайлы еткесін бұлар басқалар төңірегіндегі ем-домға кірісті. Бәрінен де сыр беріп, жаман шыдамсыздық жасаған Алғазы ақын. Оның тобығы тайыпты. Сынықшысымақ біреуі онысын басқалардың көмегімен ілдалдалап орнына салғанда ақынның жан даусы шықты. Қазақтың тіліне тыйым бар ма, оны осы шақта тағы біреуі шағып өтті. – Әй, шыбық тимей шыңқ етер, сенің азғыруыңа еріп, осындай алмағайып күнде біз бала-шағаны қалдырып, жолға шығыппыз. Енді сен де бірауық тіл ал, жаның шоққа түскендей шыңғырма. Онсыз да сіркесі су көтермес ел сенің ендігі «гигайыңды» қайтсін. Қызыл мұрны отша жанған Алғазыда оған жауап қайырар дәрмен қайда, ем-дом жасаушылар енді оның жалаңаш иығына қол жүгіртуде еді. Иығы аман, тек еті, сүйегі қатты ауырып қалса керек.
* * * Аттысы, жаяуы аралас бұлар Жаңадария жағасындағы елге Есентүгелді әбден кеш батып, көз байланған шақта ғана жеткізді. Ел дейтін ел жоқ, қираған, құлаған үйлердің сүйек-саяқтары, қазан-ошақтары ғана жатыр. Екі атқа теңделген Есентүгелді одан әрі қинамайық деп, шеткі үйлердің бірінің орнына түсірісті. Туырлық түңдік, көрпе-жастық сияқтылардың қалдықтарын тауып әкелісіп, ел басшысының астына төсеп, оны бір жайлы еткесін жігіттердің көбі шабылған ауылдың орнын кезіп кетті. Бір емес, бірнеше ауылдың орнын адақтап қайтысты. – Құдай-ай, бұл не нәубет, құдай-ай, неше қылығымыз жараспаса да мұның да біp тиянақталар күні келмейтін бе еді? – деп солардың ең көңілі бостауы атынан түсті де, Есентүгелдің аяқ жағына тізе бүгіп, алақанымен маңдайын сүйей еңіреп кеп берді. Басу айтушы жоқ, әрқайсысы өз көкейлеріндегі ойларымен әуре. Айсыз тастай қараңғылық, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар да тым алыстап кеткендей. Бірақ оның
түз адамдары үшін ешқандай бөгеті жоқ, бірін-бірі осы тастай қараңғылықта да жазбай таниды. Жүсіп қария бұл жүріп қайтқандардың райын танып: – Бәсе, әлгі қарақалпақтардың беті аса қатты көрініп еді, күші жетіп тұрғасын аясын ба? Қазақтарды шапқанда қалмақтардан кем түспейін деп серттескен немелер ме, ол жағын бір Алланың өзі білер, – деді. – Менің пайымдауымша манағы бізді өкшелеген тобыр қарақалпақтардың бүгіндіктегі бәрі емес, соның бір саяғы ғана ма деймін. Мына тастап кеткен ізінің сұрқы жаман ғой, – деп екінші біреу суырылды. – Менің көкейімдегіні дөп бастың. Аузың жаман деген ағайынның сөзіне қалармын деп іркіліп тұр едім. – Өстіп бірінің болжамын екіншісі қостады. Бәрі ауыздағы сөздерін жерде сұлаған Есентүгелге қаратып айтатын сияқты. Ол естіп жатыр ма, жоқ па, бәрібір – әрқайсысы өз қиқуларының құнарлы топыраққа барып сіңіп, ертеңіне жеміс беруінен үміттенетіндей. Қазір осы отыз шақты адамның бәрі үшін Есентүгел айналасында түнеп шыққаннан басқа амал қайсы? Қарақалпақтар анық қалай шапты, мұндағы ел-жұрт қайда қашты, бәрібір оны құдайдың таңы атпай ажыратпак жоқ. Тек әншейінде көзге жабыса кететін ұйқы деген пәлекет ұясынан безген көкектердей бұлардың маңына жуымады. Қаншама болдырып, дамыққанмен ой-саналары сергек. Түн ортасы ауа жігіттердің бес-алтауы (олардың ішіндегі екеуі ауыр жаралы еді) топталып отырысты да, тап бір өлік шыққан үйдегі әйелдерше маңдайларын қолдарына сүйеп, ой боздасын-ай. Иә, енді қайтсін? Бұл үшінші жылғы шабыншылық. Енді бірі өздерінің бастарындағы жайды аз сөзге сыйғызуға тырысып, былай толғады: – Еңғұрмаса айыз қандыра жаумен шайқасып өлмедік, егер сөйтіп жатсақ, жау найзасынан кеудемізден қан ағып жан беріп жатсақ арман не, ондай атты күнде қатынбаладан абыроймен көз жазар едік қой, олардың «бақыл бол, иманды бол» деген тілектерін иемденер едік қой. Мына тақсіреттің аты қалай, не ел емес, не жау емес, «сен менің боданымсың, бағыныштымсың» деп қалмақтар бір желкелейді, «сен менің егініме түскен шегірткесің» деп қарақалпақтар бір түйгіштейді, «хан райын айтқызбай ұқпадың» деп, өзіміздің қазақ-алшындар ол да қамшы үйіреді, «сенде кеткен кегім бар» деп хиуалықтар төбемізден қиқу салады. Құдай-ау, бұл тығырыққа қайдан келіп қамалдық? Шығар тесік бар ма? Бұл не әрі-сәрілік? Бұл зар басқаларына тамызық болды. Қалмақтар, қарақалпақтар, хиуалықтар, өзіміздің қазақ-алшындар, тағы басқалардың кезектескен зорлық-зомбылығы турасындағыны одан әрмен үдетісіп әкетті. Енді бір көңілі бостауы: Жетісудай жер қайда? Жалайырдай ел қайда? Қаз-үйрегі қаңқылдар Айдын-шалқар көл қайда? Алатаудай тауым-ай! Ағарып атар таңым-ай! Бұлбұл ұшқан көзімнен Көк-жасылды сәнім-ай! – деп айғай сала әндете әуелгі зарды одан әрі жалғастырды.
Бір кезде жақтары семіп, бәрі ұйқыға бас қойғанда бұған дейін ес-түссіз сұлаған Есентүгелге ес кіргендей. Ол ауық-ауық қыбырлап, әлдекімге тіл қатқысы келе ме, мықтап таңулы басын қозғап-қозғап қояды. Әбден қалжырап, сүйек-сүйектерінен әл кеткен жігіттер ел басшысының ол күйін аңғармады. Тастай ұйқының зіл көтерем салмағымен бас көтермей тырайысты. Қарақалпақ шабуылының бар ажары бұларға ертеңіне ашылды. Жаңадарияны жағалай сонау ұлы дария Сырдың сап-сары қалың қамысына дендей ене орналасқан жалайырбалғалылардың жартысына жуығы жаудың соққысына ұшырапты. Кеше Сырлытам кесенесін тамашалауға барған топты қуғандар қарақалпақтардың осы келісіндегі баршасы емес, бір тобы ғана шығар деп, түнде аузы жаман біреудің тісінен шыққан болжам расқа айналды. Әлгі Есентүгел бұйрығымен бұлардан бөліне шауып, елді аяқты малға өңгертіп үлгеруге тиіс Жәміке ел шетіне тез-ақ жетіпті, амал нешік, сол мезетте-ақ, бейқам ауылдар қозғалысқа келіп үлгермей-ақ қарақалпақтардың екінші бір үлкен дүрмегі қырғидай тиіпті. Жәмікенің өзі ер үстінен ауып түсіп, жаудың атының аяғының астында тапталыпты. Сірә, қарақалпақтар о баста үлкен бір шоғыр болып шығып, Сырлытам кесенесіне бет алғандарды өздерінің шолғыншылары арқылы көз ұшына іліктіріп, оған шағын бір топты бөліп жұмсаса керек. Есентүгелді бұдан жоғарырақтағы, ол да шабылған, өз ауылына әкеліп, сонда ерекше бағым-күтімге қойысты. Бақсы, тәуіптердің ең бір ауызға іліктілерін әкелдіріп, қоса мөлитті. Есентүгел үш тәулік бойына аузынан ләм-мим деген бір дыбыс шығармастан жатты. Басына тиген соққы ізіне білгірлер киіз күйдіріп басқаннан кейін емнің басқа түрлеріне көшті. Осы уақытта тағы белгілі болған бір ақиқат – қарақалпақтар қаншама күшейіп келгенмен, ауылауылды қанша ойрандағанмен пәлендей көп талан-таражға бармапты. Тек жылқы малынан біраз басты олжалапты да тайып тұрыпты. Қыз-келіншектер, дүниемүлік бәрі орын-орнында. Қарап отырғанша басыңа бір әңгір-таяқ ойнатып кетейін дегеннің кері. Ал Есентүгелдің басы жау соқысынан қатты-ақ жарақаттаныпты. Сүйегінің де аздап жарылғаны даусыз. Соққының, әрі әртүрлі емнің көптігінен оң жақ самайының жоғарғы жақ терісі түгелімен сылынып түсіп, орнына басқа шашсыз ет бітті. Ат қойып, айдар тағуға шебер қазақтардың аузымен ол осы күндерден бастап «Жарықбас Есентүгел» атанды. Бұл ел басшысы шамамен бір апта өткесін ғана оңалып, ақыл-есін қайта тапты. Емдомшылар миына зақым келді ме деп қауіптенісіп еді, аурудың тіл-жағы түзеле келе ол қауіптің бекершілік екеніне көз жеткізісті. Есентүгелдің тіс жарып, алғаш айтқаны: – Бұл қарақалпақтарды тағы кім құтыртты? – деу еді.Өз жарасына қарамай бұл уақытта басшының қасынан екі елі ажырамаған Алғазы ақын бірден іліп әкетті: – Апырай, Есекем-ай, соған да ой жеткізе алмай отырсыз ба, Ералы хан емес пе бұл сорлы қарақалпақтардың қолтығына дым бүркіп отырған. – Ералы?! Ералы дейсің бе? Әбілхайыр ханның баласы Ералы ма? – Тап сол Ералы?
– Құдайым-ау, ол қашаннан бері хан атанып еді. Азуын айға білеген әкесі анау, ол тұрғанда бұған хандық қайда? Әрі бұл аузынан ана сүті кеппеген бес жасар бала емес пе? – Өзінің жорық жағдайына ыңғайланып тігілген қараша үйінің киіз, тері бөстектер, көрпе молынан төсеулі төрінде шайқатыла сөйлеген Жарықбас Есентүгел бір жайдан есеңгіреген адамға ұқсауда. Иығында шекпен жамылғы, басы таңулы, көзі жұмулы, әншейіндегі тіптік сидам денесі екі бүктеле еңкіштелген. Сірә, мына қойған сұрағына жауап атаулы өз көкірегінде де сайрап тұр, тек басқалардың іштегісін ақтару үшін ғана онысын көлденең тартпады. Осыны ілезде пайымдаған Алғазы ақын басынан жұқа киіз қалпағын жұлып алып, кішкентай қушық денесін жерден көтере Есентүгелге қарама-қарсы жүрелеп отырды да көкшіл көздері мен үшбұрыштанған қызыл мұрнын тым жақыннан қадады. Қасындағы Жүсіп қарияға бір жалт етіп еді, ол да ақын көкіректің тап қазіргі желпінісіне қарсы емес екенін білдірді. Қараша үйдің шаңырағы астында бұл үшеуден басқа да бес-алты қарулы жігіттер айқасып-ұйқасып жатқан. Олар да әншейінде Алғазының сөз аурлығынан қашқақтағанмен тап қазіргі көсілісін жан-тәндерімен қуаттайтынын қара кесек жүздерімен сездірісті. Иә, ел басшысы таңдайы тақылдаған осындай білгірлердің жан дүниесіндегіні неғұрлым көбірек тыңдаса, солғұрлым мынау шабылудан, зорлық-зомбылықтан көз ашпаған дүйім жұрт жайында тезірек бір оңтайлы шешім табар деген үміт іштерін түртпектегендей. Осы екі ортада Есентүгел тағы бір сөз айтып үлгерді: – Әрі Әбілхайыр хан өзі өмірден баз кешті деген күнде де Ералыға жол қайда? Жаңылыспасам Ералы Әбілхайырдың екінші баласы, ал тұңғышының ныспысы Нұралы ғой. – Дұп-дұрыс айтасыз, Есентүгел аға! – Ал Әбілхайыр ханның әзірге өмірден баз кешетін түрі жоқ, қайта жоңғарлардың соққысынан Түркістаннан ірге көтеріп әкеткесін даланың тіптен тойымсыз көкжалына айналды деп, өздерің зар қақсап жүрсіңдер ғой. – Ол да дұрыс, Есентүгел аға, – деп Алғазы қайта қостады. Міне, сонда ғана Есентүгел жұмулы көзін ашыңқырап, Алғазыға біржола кезек бергенін білдірді. – Жаңағы даланың тойымсыз көкжалына айналды дегеніңіз шындықтың ортасынан ойып орын алатын сөз. Міне, бәрі осыдан шығып тұр емес пе? Әбілхайыр бір соққы тисе жерменжексен шөге қалатын жан емес, қайта әр соққы сайын аяқ-қолы ұзарып, маңындағыны місе тұтпай, иісшіл тұмсығымен алысты көздейтін дүлейдің өзі ғой. Жаңа Әбілхайырдың үлкен баласы Нұралыны атадыңыз, жүдә орынды. Міне, Әбілхайыр хан сол үлкен ұлын өзінің созылған бір қолына айналдырып отыр десем сенермісіз. Осы кезде әңгімеге Жүсіп қария да араласты. Сол жылы ұлы дария – Сырдың төменгі ағысы жағалауында, Арал маңында, Қазалы ойысында белең алған әртүрлі саяси жағдайларды аз сөзге сыйғызып, ел басшысына түгендеп берсе, Алғазы ақын жалынан ұстатпай кетер деген іштарлықтан қозданғаны сияқты. – Алғазы алысты шалатын қыран бүркіт сияқты ғой, – деп оның астына бір көпшік тастаудан бастады. – Мына жоруында алмастың жүзіндей кесіп түсер өткірлік бар. Әбілхайыр хан алдымдағы бір асым еттен қағылдым деп қағажу көргендей емес, қайта қалмақ жерімізге баса-көктеген осы заманда аузын жырып кеткен бір асым еттің орнына түгімен жүтар түйеден дәмеленіп, ашқарақтануда ғой. Қалмақ шапқаннан кейінгі күнде
осы Сыр бойындағы алшындар мен қарақалпақтарды бір уысқа жиып алып, оны місе тұтпай Хиуа хандығына көз алартып, солай қарай ши жүгіртуде. – Иә, Жүсекең де дәл бағдарлап отыр, – деп Алғазы бір қыстырма жасады. – Ал, жаңағы өзіңіз атаған үлкен ұлы Нұралыны солай қарай дедектетіп, күміс көмей, темір жақ би-шешендеріне де қосып жібереді, қару-жарағын шақылдатқан әскер басына да үкідей үлпілдетіп қондырып қояды. Соның мәні не? – Мәні сол – Хиуаның болашақ ханы осы менің үлкен ұлым – Нұралы деп, Әбілхайыр көкейіндегісін ашық жариялапты да ғой, – деп Алғазы тағы бір елп етті. Бұл өзі бір жайдан жоқ жерден сөз тізгінін іліп әкеткен Жүсіп қарияға риза еместігін де жалт-жұлт еткен көздерімен білдіре бастап еді. – Ал тап қазір Әбілхайыр ханның өзі қайда дейсіз ғой? – Жүсеке, жел сыбдыры жеткізген сыбыс бойынша Әбілхайыр хан мына Арқа жақтағы Шұбартеңіз жағалауында қалмақтармен беттесуге кеткен қазақ қолының басықасында емес пе? Үш жүздің қосындары, біріккен бір топ сонда сайлануда дейді ғой. – Па, шіркін! – деп Жүсекең жабайы құсша саңқ етті. – Тіпті де олай емес, Есентүгел! Тек Әбілхайырдың жел ауыздылары таратқан дақпырт бойынша ғана солай. Шұбартеңіз бағытында қалмақтарға қарсы бет қойған әскер қосындарының басы-қасында Кіші жүзден Тайлақ батыр, Орта жүзден Бөгенбай, Ұлы жүзден Саурық батырлар деп естідік қой. Әрі әнеукүні Сырдың жоғарғы тұсына тұмсық тіреген өзіміздің жалайырлардан да үлкен бір әскер қосыны солай кетті дегенді жеткізушілер шықты емес пе? Оның басында әлгі андас Дербісәлінің баласы Балпық батыр көрінеді. Әбілхайыр олай қарай ат ізін де салған жоқ, оның бағдары басқа. – Арқадағы Шұбартеңіз жаққа жалайырдан тек Балпық Дербісәлі баласы кетті дейсіңдер ме? Ескелді би ше? Өрдегі қалың жалайыр ішінде сол Жылгелді баласы Ескелдінің есімі алғаш аталушы еді ғой. – Жоқ, Есентүгел, өзіңе ныспысы ұқсас, ныспысы ғана емес-ау, түр-пошымы бәрі келетін Ескелді би Жылгелді баласы сол Сырдың жоғарғы тұсындағы елдің басы-қасында қалса керек. Нағашы атасы Төле бимен байланыстыратын туыстық желі емес, мінез-құлық жағынан алабөтен жарастық тауып, мынау алмағайып заманның сұрқына бір көзбен карайық дескендей. Әсіресе, ұлы би Төле ол жиен немересіне тіптен тәнті болып, қай күнде де арқандаулы аттай өз айналасынан ұзатпауға күш салатын тәрізді. Мұны естігенде Есентүгелдің денесінен бір діріл жүгіріп, ол таңулы басына дейін жетіп, бір қозғап кеткен сияқты. Отырғандар осы өздеріне басшы адамның сол жырақтағы өзге ағайындардың тізгінін ұстаушы Ескелді биге қызғанышпен қарайтынын білетін. Осыдан үш жыл бұрын жоңғар-ойраттар алғаш шапқанда Есентүгелдің өзіне қарасты жалайыр-балғалыларды алды-артына қаратпай аяқтарынан тік көтеріп, дедектетіп, ауа көшіріпәкетуі де сол жалайырдың өзге рулары, басқа да жаптас елдер басына моншақ етіп көтерген Ескелді би салар жарлықтан аса алмай қалудан сақтанғаны емес пе деп те пайымдасатын. Жау соққысынан гөрі сол Ескелді Жылгелді баласына бағыныштылықтан көбірек бас сауғалағанға ұқсататындар да бар. Мына қара қостың ішіндегілер Есентүгелдегі қазіргі тербеліс төркінін анық аңғарса да мән бермегенсіді. Ол жағына Есентүгелдің өзі де қолғабыс етті. Қолғабысы сол – әңгіме желісін үздірмей оған тың өріс тауып берді:
– Айтпақшы, Әбілхайыр ханның алыс теріскейдегі сары түкті орыстармен ауыз жаласпақ ниеті қаншалықты жүзеге асыпты? Одан хабарларың бар ма? – деп иығындағы шекпен жамылғысын түзеп кигенсіп қайта қозғалақтады. Сөйтіп, жаңағы тұлабойынан жүгірген діріл ізін көзден жасыруға әрекеттенді. Ел басшысының соңғы сауалына бірінші болып Алғазы елп етіп еді, бірақ едәуір еті қызып үлгерген Жүсіп қария сөз тізгінін бұрын іліп әкетті: – Басшым-ау! Асқар белім-ау! Есентүгел-ау! Біз өзіміз де осы жайға ойысып келе жатыр емеспіз бе? Бағанадан бергі көп сөйлеп, көбігін сапырғандағы іздеген бір түйір майымыз да сол төңіректе жүр. Өзің білесің, Әбілхайыр бір қыңырайса нағыз тезге көнбестің жарқын мысалы ғой. Құдайға күнәһар болудан бас сауғалап, адалына бассақ жоңғар-ойраттың қоян жылғы ойранынан кейін тез ес жиып, сол атаңа нәлет ит қалмаққа келер жылы-ақ күш көрсеткен де осы Әбілхайыр. Ұзынқұлақ жетпеген жердегілерді қайдам, осы өзіміз хабар алып отырған қазақ батырларының ішінде осылай алғаш шалт қимылдаған Әбілхайыр. Қазақ пен қарақалпақтан елу мың әскер жинап, Түркістаннан сәл тысқарырақ жерде қалмақ қонтайшысының әскеріне тап берді. Зұлым жау да қапы қалмады, араларында қиян-кескі шайқас туып, Әбілхайыр он мыңдай адамынан айрылды. Көп мал-мүлікі қоса таланды. – Тек мал-мүлкі ғана таланды ма? – Иә, өзің де біліп отырсың, Есентүгел, Түркістан маңында Әбілхайырдың тек малмүлкі ғана емес, үлкен бәйбішесі мен өгей шешесі де қалмақтардың қолына түсті. Ал үлкен бәйбішесінің кім екенін ұмытпаған шығарсың, бұған әмеңгерлік жолымен тиген Тоқтамыс сұлтанның әйелі, ол дегенің Кіші жүз, адайдың ең бір текті атасынан шыққан қыз, ақылына көркі сай, Әбілхайырға көп шарапаты тиген жан. Міне, осындай сәтсіздіктердің күйігі сансыратып әкетті ме, әйтеуір Әбілхайыр хан жаңа өзің атаған алыс теріскейдегі сары түкті орыстарға пейіл бере бастады. Осы Жүсіп қария мен Алғазы ақын жарыса сипаттаған жайлардың көбісінен Есентүгелдің өзі де хабардар, тек қандай да бір шешім қабылдар қарсаңда аз сөйлеп, көп тыңдау қажеттігі хақындағы аталардан қалған нақыл сөзді қаперіне алғандығы еді. Кейде осындай шаң-тозаңы аралас топан сөздердің арасынан иненің жасуындай алтын, күмістің де жылт ететіні белгілі. Соны көздеген Есентүгел денесі қызған екеуді одан әрі текіректетпек: – Жүсеке, ханда қырық кісінің ақылы бар дейді, қай-қайдағы діні басқа, ділі басқа біреулерге пейіл бергенше жаңа өзіңіз атаған, Арқадағы Шұбартеңіз жақта қалмақтармен енді-енді күш сынаспақшы Тайлақ, Бөгенбай, Саурық, тағы басқа солар сипатты қазақ батырларына неге пейіл бермейді? Мұны естігенде Жүсіп қария жіпсік кездерін төмен салып: «Апырай, Есентүгел шырағым-ай, тап осы сөздерді сенің айтатын жөнің жоқ-ау. Жалайыр-балғалыларды қиыр жайлатып, шет қондырып, кім көрінгеннің ит пен құсына шоқытқанша өзің неге анау жоғарыдағы Ескелді би мен Балпық батырдың құзырындағы қалың жалайырға апарып қоспайсың? Оларға қосылсақ көрер теперішіміз де азаяр ма еді, бәлкім» деген ащы ойларға батып бөгелді. Міне, Жүсіп қарияның осы бөгелісін пайдаланып, манадан ауыздық шайнаған Алғазы ақын көкпарды әкетті:
– Әбілхайырдың бір мінезі сол әйтеуір не күнде де басқалардан бұра тартып кеткенді ұнатады ғой. Адамның басына келмес амал ойлап табуда да алдына жан салмайды. Мейлі, амалы ойлаған жерден шықсын, шықпасын, бәрібір жаңагы Жүсекең тізбелегендей қалмақтардан қайыра жеген таяқтан соң бағдарды кілт өзгертті. Өткен жылдың қақаған қаңтар айында ұзақ жолды қиынсынбастан бір топ адамды қарулы күшімен қосып артындырып-тартындырып, орыстың алтын шатырлы бас шаһарына аттандырды. Естуімізше, орыстың ақ патшысына бас иіп тағзым етеміз, жан-тәнімізбен аянбай қызмет жасаймыз деген сияқты сөздерді үйіп-төгіп, хат жазған да сияқты. Ондай сөздерді ақ патша жек көрсін бе, дереу ол да осында кісі жіберді емес пе? Жіберген кісісін айтсайшы. Уфа деген шаһардан шыққан бір татар молдасы дейді. Ныспысы Мақсұт Жүніс баласы деген біреу. Кәпір мен мұсылманның екі ортасында қатынауға ыңғайлы нағыз су төгілмес жорға дейді. Онымен қарақалпақтардың қалың ортасында, олардың бас әкімі Оразақтың құзырында Әбілхайыр хан осы биыл кездесті. Кездескенде не дескенін бір Аллам білсін, ал сол татар молдасына Әбілхайыр өзінің тағы бір адамын ілестірді. Онысы Қойбағар Көбек баласы. Ал ол арқылы қандай хат жолдағаны қазір жалпақ әлемге аян. Жаңа Жүсіп қария нақтылағандай Әбіхайыр құлашты кеңге салғанда, Аллам кешірсін, бұл жерде жоқ... Қойбағар Көбек баласы арқылы патшаға бодандақты қалаймыз деп, онымен қоймай башқұрттар қонысы мен Жайық өзенінің екі ортасынан жер сұрапты. Әлгі алғашқы татар молдасы арқылы ақ патша Әбілхайырды қатты емексіткен бе, мына соңғы өтінішіне де оң қарасынан дәмеленіп, қазір бұл Кіші Жүздің ханы Жем өзеніне қарай көшіп кетіпті... Ал ендеше... – Ау, Алғазы! – деп осы түста Жүсіп қария қаттырақ дауыстады, – Сен мына қарқыныңмен осы әңгіменің бәрі неден шықты, сол жағын ұмытып кетпегей. – Оу, Жүсеке, неге ұмытайын! Есентүгел аға кешегі бізге шапқан қарақалпақтардың қолтығына дым бүріккен кім деп сұрады емес не? – Сұрады. – Біз Әбілхайыр ханның екінші ұлы Ералы деп жауап бердік емес пе? – Хош! – Бірақ Есентүгел аға бес жасар Ералының оншалықты әжетке жарағанына күмән келтірді емес пе? – Келтірді. – Міне, мен өз басым әңгіменің түп қазығына қарай жаңылыспай, жаза баспай төтесінен тартып келемін. Мұқият ықылас қойыңыздар. Демек, Әбілхайыр хан үлкен ұлын Хиуаның хандарына беттетті, өзі орыс патшасының рахымына иегі қышып, сонау Мұғалжар тауынан бастау алатын, аяғы айдын шалқар көлдерге айналатын Жем өзеніне қоныс аударды. Ал мұнда, Сыр бойындағы алшындар мен қарақалпақтарды қай атасына табыстап кетті дейсіз ғой. Атасы емес, әлгі аузында ана сүті кеппеген Ералы атты кіші баласына. Демек, Есентүгел аға, кеше қарақалпақтарды құтыртып бізді шабуға жұмсаған тап сол Ералы екендігіне өз басым күмән ұстауға бармын. – Бар бол, Алғазы жаным, бар бол! – деп осы екі ортада әуелгі сөзге таласушы Жүсіп қария енді жіпсік көздерінен жас парлағандай түсі бұзыла сөйледі. – Сені құдай ақын етіп текке жаратпаған. Әңгіме шеңберін көп жасаған менің ойымдағыдан да кеңейтіп жібердің.
– Жақсы, Алғазы, қыран бүркітше алысты шалатыныңа мен де тәнтімін. Тек бір сауалыма аса ayа жайылмай тоқ еткізіп, шымыр жауап берші. Жем өзеніне кеткен Әбілхайыр хан кіші баласының осы бейбастығынан хабардар ма, жоқ па? Қалай ойлайсың? – деп Есентүгел бағзы қалпынан аумай самарқаулау сөйледі. – Әбден-ақ хабардар, Есентүгел аға! – деп Алғазы тізерлей отырған күйі қос ішінде ары-бері жорғалап бермектей одан әрі алып-ұшпа мінез көрсетті: – «Айналаңдағы елді қорқытып, үркітіп, күшпен өзіңе қарай иліктіре бер» деген бұл төре тұқымдарының арғы аталарынан жұққан қағидалы сөзі бар емес пе? Мынау да соның бір айла-шарғысы. Ертең қарақалпақтарға шағынып, жалайыр-балғалылар алдыма келеді деп үміттенетін шығар Ералы сұлтан. Алғазының осы соңғы аңғарымпаздығы төңірегінде мақтау айтуға да ешқайсысының жүрегі дауаламады. Есентүгел өзінің ұзақ әңгіме тыңдаудан жарақатты басының ауырлағанын сылтау еткендей бір жанына қисайды. Жүсіп қария Алғазының бөгелісін пайдаланбақ түгіл «айналайын, әке-көке» десең аузын ашпастай тіл-жағын қарыстырып бақты. Бұл тісі жоқ кемиек, кішкене қара шалда саудыраған сөзден басқа не қалып еді, енді мұны әлдекім бастан ұрғандай есеңгіретіп, сол сөйлер сөздің өзі ұзақ қуаңшылықтан кейінгі ақ тақырдай орнын ғана қалдырып, әп-сәтте зым-қайым жоғалғандай. Ал бір жанына қисайған ел басшысы Есентүгелдің не ойы бар, ол жағыәзірге тылсым жұмбақ. Жүсіп қарияда жас кезінде біраз қайрат та болған еді, сонысына басып: «Әй, Есентүгел, жарық басыңды көтер, елді қозға, дария бойлап, өрдегі Ескелді би, Балпық батыр бастаған қалың туысымызға жетейік, біздің бар қасіретіміз солардан бөлініп кетуімізден басталды ғой», дегісі келді. Бірақ ел басшысының бұл сөзді тыңдамасын біледі, мұндай пікірлер бұрын да айтылған. «Жоғары өрлесек жолай қалмақтардың соққысына ұшыраймыз. Ескелді, Балпыққа тамтығымыз да жетпейді, өйткенше қарақалпақтар мен алшындардың түртпегіне шыдай тұрғанымыз әлдеқайда жөн емес не» деп Есентүгел өз уәжін қайталайды. Кім білсін, ол қаупінде де негіз бар шығар. Қазақ ішіне дендей кірген қалмақтардың Қаратаудан бергі кеңістікте, Сыр бойындағы қозғалысы адам болжап білместей. Ескелді мен Балпыққа шынында да тамтығымыз жетпес. Өзге елдің қанша руы, қанша атасы жойылып кетті десеңші. Ал мына жерде қалмақ шапқан күнде де сол алшындар мен қарақалпақтарға барып, жан сауғалауға жағдай бар.
* * * Жалайыр-балғалылар осы халден арылар ақыл таппай бірер апта өткізді. Кенет күншығыс жақтан жеткен бір хабар бұларға мұздай су құйғандай әсер етті. Сыр бойында, мына жалайыр-балғалылардан әріректе Орта жүз арғынның тобықтысынан тараған біраз ел ұйлығысуда еді. Олар да қоян жылғы шұбырындыда жер ауып, ата жұрттан адасқандар. Сонда ылғи бір көк аладан жылқы өсірген Белібай атты атақты байдың да малын қалмақтар тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетіпті. Бұл өзі дәулетімен ғана емес, адамгершілігімен де жұртына жаққан адам екен. Жылқы айдап бай Белібай көк аладан, Құтым деп Арғын, Найман ағалаған, Жұртым аш боп шұбырындыға шалдыққанда,
Қос үйрек сабасына балалаған, – деп кейінгі ұрпағы өлеңге де қосқан. Міне, сол Белібайдың өзі алғашқы шабыншылықта қаза тауып, пәленбай мың қаралы жылқысы мынау Сыр бойындағы тобықтылардан көз көрім жерде қалмақтардың бағымында жүріпті. Жесе жаясы, ішсе қымызы, мінсе көлігі. Бұл жай тобықтылардың намысын қоздырса керек. Солардың ішінде тобықтының Жуантаяқ атасынан шыққан Тоқтамыс атты батыр, әсіресе, терісіне сыймай жүреді.Бұл өзі жас болғанмен жоңғарлардың қолына түсіп, одан сондағы бір жоғары лауазымды бектің қызын алып қашып келген, сөйтіп, жаумен беттесіп үлгерген сұрпереннің өзі еді. Ел аузында бұл туралы «ерекше күшті, басқа батырлардан найзасы жуан, әрі ұзын, сілтеген кезде қай дұшпаны да аттан құлағанын сезбей қалатын, ту ұстағанда қасына бір-ақ адам еретін» деген сияқты сөздер сақталған. Міне, сол Тоқтамыс батыр әлгі өздері есімін қадір тұтқан Белібай байдың қалың жылқысы төңірегіндегі жауға жалғыз кіріп, бір көкала айғырдың үйірін бөліп айдап әкетіпті. Ол бір кезеңдерде мұндайлық жалғыз-жарым ерліктердің жалпы қазақ үшін мәні зор-тұғын. Біржола жаудың табанында тапталдық, құрдымға кеттік, енді қайтып еңсе көтеру жоқ деп торығушылары басым жұрттың дүр сілкінуіне, қайрат-жігерінің оянуына септесетін. Тап сондай жәйт бұлардан сәл төмендегі жалайыр-балғалылардың да басына ұрды. Есентүгел жоғарыдағы оқиғаны естігенде тері бөстектен жұлқына көтерілді. Бұл кезде басы таңулы емес еді. Оң жақ самайынан үш-төрт елі жоғарыдағы соққы ізі қазір шашсыз, тағалы аттың ізіндей айшықтанып, жылтырап, бұрын көрмеген адамның көзін, назарын еріксіз аударып әкететін. – Әй, жұртым! – деді ол көп ойланбастан. – Арғынның тобықтылары азуы алты қарыс жауда кеткен жылқыларынан үлес алады, ал жалайырдың балғалылары жаман қарақалпақтардың соққысын жеп, малын алдырып, «Бөрі тартқан бөксем бар, иттен несін аяйын» деп қол қусырып қарап отырады. Жаудың жағын, құланның жалын айырған Қабылан атаның біз де бір ұрпағы емес пе едік! Бізге не көрінді?! Кәне, түрегеліңдер! Шабамыз қарақалпақты! Кіші жүз алшынның неше хан-сұлтанының қолтығын паналаса да бұл жолы қарап қалуға менің шыдамым жетпейді! Аттанамыз! – Аттанамыз! – Аттанамыз, Есентүгел! – Аттанамыз, алтын жұлдызым! – деген дауыстар киіз үйдің ішінде де, сыртында да жаңғырықты. Есентүгел асқан дарынды басшы адам емес еді, сонда да өзіне қарасты елдің жалғыз тұтқасы осы. Жаңағы бұйрығына ешкім дау айтпады, үш күнге жетер-жетпес уақытта Жаңадария өзенінің өнебойында, біразы әрірек ұлы дария – Сырдың сары қамысын бойлай шөккен балғалылардан іріктеліп, екі мыңнан астам жауынгерлер шоғыры сайланып шыға келді. Есентүгелдің өзі бас болып жүріп кетті. Ол заманда Сырдарияны бойлай жүру де оңай шаруа емес. Атты адам қамшысын көкке көтерсе де шоқтығын асыра алмас ну қамыс пен ит тұмсығы батпас қалың орманына бір тығылсаң қайтып шығудың өзі үлкен қиямет. Тек ерсілі-қарсылы жүгірген жабайы қабандар салған бұралаң, тар сүрлеулерді қуалап жүріп қана кеңшілікке қарай саңылау табасың. Міне, Есентүгел бастаған қол содан сақтанды. Сонау Арал маңынан, Қазалы ойысынан бергі қозғалысты бастан кешірген өткендегі әпселеңдер тұсындағы таныстық та үлкен сабақ еді. Бұлар Сыр бойымен емес, одан бірден түстікке алшақтай,
әнеукүні өздері тамашалаған Сырлытам кесенесін бетке алып, дәл тұсынан өткенмен өкпесі бардай-ақ оған бас сұқпастан, бұрылмастан тура тартты. Бұлардың білуінше қарақалпақтардың ең қалың қоныстанған жері Қуаңдария өзенінің төменгі сағасы, Арал теңізінің маңы. Қарақалпақтардың бас әкімі Оразақ та сонда, Қарамола деген жерде көшіп-қонуда. Себебі, осы биылғы жазда Әбілхайыр ханның Ресей елшісі міндетін атқарған Уфа татары Мақсұт Жүніс баласымен кездесуі де сол маңдағы Оразақ әкімнің құзырында, қалың қарақалпақтың ортасында өткен. Осы кездесу арқылы Әбілхайыр өзінің қазақ-алшындарға ғана емес, қарақалпақтарға да хан екенін орыс елшісіне мықтап танытуды мақсат тұтса керек. Есентүгел жолай: «Әттең, Кіші жүз төрелеріне арқа сүйеп, бізді шапқан қарақалпақтардың көсемі сол Оразақ батырдың өз отбасына қарасты малдан да біраз тұяқ әкетсек, олжамыздың тіптен ажары кірер еді», – деген бір түйінді ой да айтып қалды. Қуаңдария Сырдариядан түстікте алшақтау жатқанымен бұл да ұлы өзенмен бір бағытта дерлік сылдырлап, сонау Арал теңізіне қарай құлдилайтын, бұраң-бұраңдары мол, құмдауытты жағалауларында ыстығы тіптен алапат ұзын өзен еді. Жол қиындығын, әрі қашықтығын ескеріп, жалайыр-балғалылар аттарын да, өздерін де қинамай асықпай қозғалды. Қуаңдарияның төменгі тұсындағы Жуанқұмға жеткенде бұлар адам баласын таңтамаша етерлік бір табиғат көрінісіне тап болысты. Уақыт екіндінің кезі, күн аптабы қайтпай айнала әлі де өртеніп тұрған. Кенет көз алдарында түп-түзу тартылған көкжиекті бүркемелей көтерілген шаң көрінді. Тіпті құйындай үйіріліп көкке бой созып барады. «Апырау, бұл ненің шаңы?»– десіп, қалың жалайырлар тобы ат басын іркісті. Араларында көпті көрген көнелер жоқ, тіпті әнеукүнгі Жүсіп қария да бұл сапарға ермеген. Бұл топтың бар білгірі Алғазы ақын ғана. Оның өзі де басқалармен бірге бұл кезде қатты күреңіткен мұрнын көтеріп, көкшіл көздеріне күш түсіре қарап, мына көріністің мәніне жете алар емес. Екі мың қаралы жауынгерлер тобының ішінде басқа бір құйын жүгіріп өткендей абыр-сабыр сөз, күңкіл туа бастады. Кенет көп ортасынан біреудің жас баладай, жіңішке даусын созып, әндете сөйлегені баршасын елең еткізді: – Әй, сұмдық көргендей несіне ошарылдыңдар, мынау бірер отар қой айдап келе жатқандар ғой, соның шаңы емес пе? Бәрі де солай болғанына тілеулес еді. Тек мына шаң қой жүрісіне қарағанда әлдеқайда тезірек жылжитын сияқты. Ішіндегі бірер батылдары Есентүгелден рұқсат болмаса да жырылып алға шығып, алақандарымен көздерін көлегейлей ұзай берді. Мұндай жүргіншілікте «қорқақ» деген ең жаман атақ. Оны жапсырғаннан жау оғына жем болғанның өзі тиімді. Жаңағы алға ұзап шыққандар басқалардың да намысына май құйғандай бәрі де енді алға қарай лап қозғалды. Не пәлеге де енді бетпе-бет жолығыспай бұларды ешкім кері шегере алмас. Алға ұзап шыққандардың ішінде жаңа жұмбақ көріністі қойдың шаңына балаған жіңішке дауысты неме де бар еді. Кенет сол қайта шырқырап қоя берді: – Ойбай, мынау қаптаған жылан! Жылан! Сұмдық-ай! – Ау, мынау шынында жылан? – Жылан! Жылан! Иә, иә! – Ой, тоба-ай! Не тажал мынау!
– Ордалы жылан деуге келмейді, мынау дегенің қалың нөпір ғой, құдайым-ау! Өз көздеріне өздері сенбей әлі де алға қарай өңмеңдесуде еді. – Тоқтаңдар енді! – деген Есентүгелдің қатты даусы шықты. – Неше жерден жау таппай жүрсеңдер де тоқтаңдар енді! Жорық жағдайына орай ықшам киініп, ер үстінде сыптай денесі тіптен созыла түскен Есентүгелдің мына бұйрығы көпшілікке майдай жаққан еді. Шодырайган жақ сүйектері мен ұзын мұрнының түйнектелген ұшында ашу тұнып тұрғандай. Шындығында ол ашу емес, мынау жұмбақ көріністен ел басшысының өзінің де жаман шошығанының белгісі. Бұлар енді аттарын тежей бар қайраттарын құдай берген қос шыраққа түсіріп, сол құбыла бетке қадалысты. Қалың жылан кей тұстарында жондары сәулеленіп, ақайтоқайсыз бері жылжуда. Кейде қолдан тоқылған алып ақсұр кілемді әлдекімдер жермен сүйретіп әкеле жатқандай көрініс береді. Мынау қарқынмен олар жалайырдың екі мың қаралы қолын ың-дыңсыз баса-жаншып өте беретіндей-ақ. Кенет олар жүріс бағытын өзгертіп, оңға, түстікке қарай кілт бұрылды. Тап осы тұста Қуаңдария өзені осыларды әдейі тосқандай солай қарай иін жасаушы еді. Сол иінге қарай жалт бұрылғанда жондарындағы сәулеленген белгілер де күрт көбейіп кетті. Енді жапатармағай бәрі суға құлады. Көздері өткір түз адамдары бұл табиғат құбыласының бір де бір ноқатын қақас жібермей бақты. Тіл байланғанда көру қабілеті мүлдем күшейетін сияқты. Астарындағы аттарының үйреншікті мазасыздығы демесең бұл сәтте құс та ұшпады, жел де желпімеді. Сөйтіп, жүргіншілердің қазіргі назарын бөлісетін ешбір бөгде жәйт кесе көлденеңдемеді, қылаңдамады. Барлық ынта-ықылас, зерде түгелімен солай қарай ауды. Жыландар суы көлкілдеген кішкене өзенді кесіп өтетін шығар десіп еді, жоқ, сүт пісірімдей сонда белшелерінен батты да дүрк етіп қайта көтеріліп, келген іздерімен батыс жақты бетке алып жосылып берді. Тағы да соңдарынан шаң шұбатылды. Сол шаң олардың кеткендегі көрінісін тез жасырды. Қалың қол сең соққандай ұзақ тұрды. Ал Есентүгелдің бет-жүзі құм түстеніп, үңіліп қараған адамның өзі оның қос жанарын таба алмастай. Басына қатты тартып байлаған түсі белгісіздеу орамалын шешіп, жарық басындағы тағалы аттың ізіндей тыртығын күнге жарқырата көрсетіп тұрды. Екі елідей өсіп тікірейген шашы бойдағы қайраттың емес, қайта жүні жығылғанының куәсіндей. – Сіздер не білдіңіздер? – деп, иірілген көп ортасында оқшау қалған Есентүгелге қарай ақ сұр атын тебіне басына биік шашақты дулыға киген, доға мұрынды бір жігіт бөліне берді. Даусымды бәрі естісін дегендей Есентүгелге жақындай атын бір орында билете бастырып, айғайлай сөйледі. – Мені қалай жазғырсаңдар да айтайын! Менің тап осы жорығымызға күмәнім бар. Жолымыз болмас! Мынау құдайдың әдейілеп көрсеткен бір ишарасы сияқты! Мұндайда делебесі қозбаса Алғазы, Алғазы бола ма? Әрі білгірлік жөніндегі бас тізгінді әлдекімге ұстата салу да мұның ақын, шежіреші басына мін емес пе? Ол да дереу атын тебініп, ырғытып ортаға шықты: – Жоқ, жараңдар, тіпті де олай емес! – деп басындағы жұқа киіз қалпағын шешіп, бұл да Есентүгелше шашын тікірейте айнала анталаған көпшілікке сөзін арнады. – Ау, ағайындар, білмес адам білместің сөзін айтып тобықтан қақпасын! Алған бетімізден
қайтармасын, жаңағы көрініс бізге құдайдың жасаған ишарасы емес, өзінің қалпымен болған жай. Мынау біздің тұрған жеріміз Жуанқұмның төменгі жақ шеті ғой. Әлгі Қазалы ойысы дейтіннің қақ ортасы. Тап осы жерден түстікке тартсаңдар Сырдарияға жетпей Мыңтөбе аталатын мекенге кезігесіңдер. Ал Мыңтөбе деген не, ол сондағы өте арыда өмір сүрген елдің астанасы Жанкент қаласының қалдығы, орны. Сонда бір Бегім-ана мұнарасы деген де бар, бәрі сол Жанкент қаласы мен Бегім ана мұнарасына байланысты. Егер мұқият ден қойсаңдар мен оның басын ашып берейін. Ауыр сенделіс үстіндегі көпшілікке мұндай сөзге ден қоймауға шама қайда? Күннің аптабы әлі қайта қоймаған екінді кезінде ат үстінде дауысты қатайта шығарып, мол шоғырға қарап, ұзақ әңгіме айту да оңай емес. Бірақ Алғазы ақын намысқа тырысып бақты. Сондағы айтқаны мынадай аңыз еді: Ерте, ерте, ертеде осы Жанкент қаласындағы Шаншар атты хан Қарабура атты көріпкел әулиенің Бетім атты сұлу да ақылды қызына үйленіпті. Күндердің күнінде Шаншар аң аулап, қайтар жолда ұрғашы жылан мен батпаттың мінгесіп жатқанын көреді. «Мақұлықтар да опасыздық жасайды екен-ау», деп ашуланған Шаншар хан ұрғашы жыланның құйрығын қылышпен шабады. Екі мақұлық екі жаққа қашады. Жай қашпай әлгі құйрығы шабылған ұрғашы жылан өзінің қосағы еркек-жыланға келіп мұңын шағады: «Егер Шаншардан кек қайтармасаң сенен кетемін», – дейді. Сосын еркек-жылан жорғалап, Жанкент қаласындағы хан сарайына жетеді де, қуыс-қуыстан өтіп Бегім сұлудың ұйықтайтын белмесін табады. Тап осы сәтте Шаншар хан оңашада өз жұбайына әйел жыныстының ерінің көзіне шөп салатыны туралы әңгіме айтып, онысын мана өзі көрген ұрғашы жылан мен батпат оқиғасымен аяқтайды. Мұны естіген еркек жылан Шаншарға деген жаман ойынан қайтып, үйіне оралады да опасыз өз әйелін (жыланды) қуады. Шаншар хан тағы бірде аңға шығып, біраз ұзағанда бүркітінің томағасы ұмытылғанын көріп, оны әкелуге бір басыбайлы құлын жұмсайды. Бұл неменін Шаншар ханның әйеліне аңсары ауып жүреді екен. Келісімен Бегім сұлу томағаны беріп жатқанда бұл оның ак білегінен шап беріп ұстап, бұзық ойын іске асыруға жанталасады. Бірақ Бегім сұлу берілмейді. Дегені болмаған қара ниетті құл Шаншарға келіп: «Бегім сұлу мені азғындық жолға итермеледі» деп жала жабады. Бұған құлай сенген Шаншар хан келісімен қосағының сол қолы мен бұрымын қылышпен шабады. Бұл сұмдықты Бегім сұлудың алыстағы әкесі – көріпкел әулие Қарабура түсінде көріп, хан сарайына құстай ұшады. «Кәне, халқыңды жина, егер қызым нақақтан нақақ күйсе кесілген қол мен бұрым орнына келеді», – дейді. Хан қайын ағасының айтқанын істейді. Шынында қалың жиынның көз алдында Бегімнің кесілген қолы мен шашы қайта бітеді. мұны көрген халық өз ханына жаман ашынады. Ал хан Бегімнің аяғына жығылып: «Жаздым, жаңылдым, кешіре гөр», деп ботадай боздайды. Бірақ Бегім сұлу: «Мен саған енді жоқпын» деп, әп-сәтте торғайға айналып, пыр етіп ұшады да қонған жерінде құдіреттің күшімен мұнараға айналады. Ол мұнара әлі де бар, перзент көрмеген бедеу әйелдер, басқа да ғаріп-қасерлер мұнаранаң қасында түнеп, «Бегім – ана, сұлу-жан апам» деп тілек тілейді екен. Ал жаңағы Қарабура әулие Шаншар ханға қарап, «Қалаң қара жерге айналып, жұртыңды жылан жайласын» деп қарғыс айтады. Оның қарғысы дәл тиіп, Жанкент қаласы жыландар шабуылынан опат болып, күйреп жоғалады.
Осы аңызды тәптіштеп жеткізген Алғазы ақын: – Міне, мына жыландардың суатқа құлауы сол замандардан қалған белгі, біздің жорығымызды құдайдың хош көрмегендегі ишарасымен ешқандай да байланысы жоқ, – деп сөзін нығарлай аяқтады. Бұл тұрған жерлерінің Қазалы ойысы дейтіннің қақ ортасы екенін, түстікке қарай тартсаң Жанкент қаласының сілемдері жатқан Мыңтөбе деген мекен барын, Бегім-ана мұнарасының да бой көтеріп тұрғанын баршасы білетін. Сосын да жаңағы Алғазы айтқан әсем аңыздың мысы бәрін бірден басты. Сөйтіп бұлар әу бастағы бағыттарымен тағы қозғалып береді... Тек Жуанқұм таусыла келе мал отының ояздануынан әрі күндізгі аптаптың үстемеленуінен түнделетіп қана жүруді жөн көрісті. Сөйтіп, Арал теңізінің ауа толқып кеткендегі бір етегіндей Бозкөл шығанағына, оның батпақ-сорлы, бұта-түбірлі қалыңына жеткенде ғана нағыз қимылдар шақтың туғанын сезіністі. Себебі, бұл тұста мал қарасы түз жүргіншілеріне жиі ұшырасты. ... Дәл осы жолы жалайыр-балғалылардың ісіне құдайдың өзі бағыт сілтеп отырғандай еді. Бұлар бірден қалың жылқыға кезікті. Аз ғана күзетуші қарақалпақ жігіттері екі мыңнан астам қазақтардың алғашқы соққысынан-ақ шілдей тозды. Жылқыны тырқырата қуған олар бірден бетті кері бұрды да өздері өткен Жуанқұмның қақ ортасымен күншығысқа салды. Алғашқы қарқынмен өздері төмен бойлаған Қуаңдарияның арнасынан да көз жазды. Оған өкініспеді. Бірер күндік шөлге мал да, адам да шыдайды, тезірек сойқан орнынан қара үзіп кету керек. Жолай Қуаңдарияның Ескі-Дариялық аталатын жіңішке салаларына кездесіп, онда шөл басқасын аялдамастан одан әрі өрге өршеленді. Сөйтіп, олар қарақалпақтардан жылқы алған сәттен үдерте жүріп отырып, тек екінші түнде ғана тыныс алысты, бұл да сол Қуаңдарияның тауық кешіп өтетіндей ғана бар кішкене салаларының жағалауы еді. Адамның тәбеті ас үстінде ашылады емес пе? Осы тыныс алу кезінде ер-тоқымын жастанған Есентүгелдің басына тағы бір қиял орнады. Онысымен өзі көп алданбай бірден ортаға тастады: – Әй, жігіттер, басын таудай, аяғын қылдай етпейік. Бір оқпен екі қоянды атсақ тақиямызға тар келмес. Құдайдың алдында бір ісің үшін жауап бердің не, екі ісің үшін жауап бердің не, бәрінің күнәсі бірдей. Мынау ұзақ жол азабын кешіп келеміз, қайта соғу бізге де ауыр. Өздерің айттыңдар емес пе, қарақалпақтардың қолтығына дым бүркуші Әбілхайыр ханның баласы Ералы деп. Жолай соған да күшімізді көрсете кетсек қайтеді? Осы қарқынымызбен олардан да олжа алсақ дегенім ғой. Есентүгелдің сөзін қоштап, жігіттер қараңғы түнде ұлардай шуласқанда жабайы түз құстары ұйқысынан шошып, жан-жаққа бытырлай ұшты. Сөйтіп, бұлар ендігі жерде алдарындағы болат тұяқтыларға текке құм қаптыра бермей, оларды сол тасаға ығыстыра қосымша олжа алуға әрекеттенді. Тағы төрт жерден жайылымдардағы жылқыларға тиіп, күзетші жауынгерлер топтарын баудай түсіріп, малдарын айдап әкетісті. Бұл Әбілхайырдың кіші ұлы Ералы сұлтан көшіп-қонып жүрген Сырдарияның Қорқыт ата мазары тұрған, әрі Жосалы, Төреңөзек сияқты жағалауларының тұстарында болған оқиғалар еді. Әбілхайыр хан сонау Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзеніне, ал үлкен ұлы Нұралы Хиуа хандығы мәселелерімен шұғылданатын елшіліктермен, арнайы топтармен
ұзап кетті дегенмен Кіші жүздің, бұларға бауыр еттей жабысқан қарақалпақтардың қалмақтар шабуылынан аман алып шыққан бар ырзығы – табын-табын жылқылары Сырдарияның осы түстік бетінде, сары қамысты, жыңғылды, жиделі, шеңгелді қалыңдарында жасырулы еді. Себебі, өткен жазда ғана осы өлкеге үлкен жорық ұйымдастырған Орта жүз арғыннан шыққан Қанжығалы Бөгенбай батыр Ақшаұлы үлкен із тастаған. Ізі сол – Бөгенбай алғаш көздегеніндей Сырдарияның түстік беттегі ескі саласы – Іңкәрдария бойындағы ежелгі қала орны – Шірік-Рабат төңірегіне табан тіреген қалмақтарға ғана емес, Қуаңдария, Жаңадария жақтағыларға да қырғидай тиген. Қалмақтар алғашқыда естерін жоғалтып, Бөгенбай қолын жер астынан шыға келген құбыжықтай көрген. Сөйтіп, Сырдарияның теріскей бетіне өткен. Қалмақтардың бірі қозғалса басқасының да астынан су шыққандай болатын әдеті бар. Түстік бетте олардан жан баласы қалмай тазарды. Енді оны қазақтар мен қарақалпақтар қайта неге пайдаланбайды? Жосылдырып бар ырзықтарын солай төккен. Сөйтіп, жалайырбалғалылар алшындар мен қарақалпақтардың бұл замандағы ең бір тың сақтаулы дүниесінің үстінен түсіп, ауыздары толғанша қарпыта асады. Бұлар Жаңадариядан ары өткенде, ауыл-ауыл болып шашыраған өз елдеріне жеткенде алдарында шамамен он бес мың қаралы жылқы айдаулы еді.
* * * – Жоқ, бұл қорлыққа төзуге болмайды? Егер төземін, көнемін, бәріне құлдық десеңіз, онда ең алдымен мені ат құйрығына байлап өлтіріңіз, одан арғы тірлікке менің түкіргім де келмейді, хан ием! – деп Күдері батыр отырған орнында ата көгершіндей зікір салды. Бұл өзі түсер аңын дәл болжаған құс қабағы бар, мұрны да салбыраңқы, қырықтың қырқасына шыққан адам. Жаңағы сөздерді айтқанда қос қабағы да, салбыраңқы мұрны да бір-бірімен жарыса төмен шүйлікті. Сол жақ жанындағы қылышын қынабынан жартылай суырып, сарт еткізе орнына қайта салды. Жиегі кең, дөңгелек қалпақты басын шайқай, жағасы алқа-салқа мол пішілген қыжым шапанының ішіне сыймағандай арық денесін қозғапқозғап қояды. Top көзді керегесі өте биік, шаңырағына атты адамның найзасы жетер-жетпестей он алты қанат ақ үйде жағалай сықасқан ығай мей сығайлардың бәрі Күдері батырға мойындарын соза, көздерін үшбұрыштандыра қарайды. Жіңішке ақсұр елтірімен, кейбірінікі сусар терісімен бүрмеленген, торғын, жібек сияқты маталармен тысталған төбесі үшкір жаздық бөріктерінде де тыным жоқ. Күдері батырдың даусы қатты шыққан сайын шыбын-шіркей мазалағандай шұлғыған бастармен бірге олар да жоғары-төмен түсіп, әртүрлі қимылдар жасайды. Мұндағы адам жүздері де солай. Бәрін сең соғып есеңгіретіп кеткен бір ауыр хал бастарындағы ақылдың ауқымына сыймай төрдегі «хан» мен Күдері батыр жаққа алақтаудан басқа амал таппағандағы қамалған бір тығырыққа ұқсайды. Байыптап қарасаң мұндағы адам тұрпаттарында бір ерекше мән бар. Жасының да, жасампазының да – бәрінің де жүздері ескі. Иә, түз адамдары күн, жел атаулымен үнемі жағаласып жүретіндіктен бет терісіне сызат ерте түседі, ерте қаракесектенеді. Отызында аузының айналасы ақжемденіп, бетінің түгі селдірленіп, қисайып жататыны қаншама? Ал
қырық пен елудің қырқасына көтерілгендерді тіпті атама. Жүз жасаған кәрідей кейбірінің жас шамасын тіптен ажырату мүмкін емес. Міне, осындай ескі қурайдай адам жүздерінің ортасында мына отырыста бөлекше сипатпен көз тартатындыры екеу-ақ еді. Олар бес жасар Ералы сұлтан мен Бопай ханым. Күдері батырдың ата көгершіндей зікір салғандағы «хан ием» деп атағаны осы Ералы сұлтан болатын. Көпшілік ортасында мұны ешқайсысы сөкет санамайтындай, қайта әкесі Әбілхайыр жоқта оның екінші баласына осылай хан атағын телу жазылмаған заңға айналғандай. Бұл үрдісті мұнда жақтырмаған бір адам ғана табылды. Ол Ералының шешесі Бопай ханым: – Күдері жарықтығым, сөздерің алтын мен күміске бергісіз. Бәрі от шашады, тек Ералыны әзірше хан атамашы, жаман ырым ба деп тіксінемін, құдай өз кезегінде оған да жеткізсін, әзірге оның сұлтан атауы да кекірік аздырады той, – деп тым биязы сөйледі. Қақ төрдегі Ералы сұлтанның оң жағында ұшып-қонған дөңгелек бөрікті, шүйілген құс қабақты Күдері батырдың бұл сөздерден реңкінде өзгеріс байқалмады. Бопай Ералының сол жағында тізерлей сәл еңсесі биіктеу жайғасқан. Бұл тұста әншейінде түсірулі тұратын төрткүл шымылдық түріліп тасталған. Мынадай шұғыл шешім қабылдау керек, әрі Әбілхайыр хансыз қауырт басталған жиын үстінде оның екінші әйелі Бопай жүз жасыруды мүлдем орынсыз санады. Қайта қасы қалыңдау қабағының астындағы көздеріне ашу, реніш, қорқыныш, сасқалақтық сияқты нышандарды жуытпай не әпселең үстінде де қос жанарындағы тұнық бояуды бұзбайсақтап, барша асына ашық раймен қарағысы келеді. Уылжыған жасқа жатпайды, отыз бес-отыз алтылардағы әйелдің көпке көрсетсем деген бет-ажарында да мақтанарлық ештеме жоқ емес. Мынау ескі қурайдай адам жүздерінің ортасында тек осыны ғана күн мен жел қақпағандай балғын жүзіңде ақшыл рең басым. Үстінде қызыл жібектен тігілген сары ала жіптермен өрнектеле тоқылған көмкермеоқасы мол кең көйлек, басында орай салынған ол да сол алтын түстес жіппен кестеленген, ұзындығы бірнеше құлаш орамал. Шетелдік жиһангездердің бірі Бопай ханымның қабылдауында болғанда оның осы орамалын түрік сәлдесіне ұқсатқан еді. Бопайдан кейін тағы екі әйел отыр. Оның бірі қарапайым киінген қызметші де, екіншісі Әбілхайырдың башқұрттан алған кіші тоқалы. Бұл соңғысы да қызыл барқытқа оранып, басына ақ шыт орамал тартқан. Әйелдердің бәрінің аяқтарында жасыл шегрен мәсі. Тегінде, Әбілхайыр ханның төрт әйелі бар еді. Алғашқысы дәл қазіргі таңда қалмақтардың қолында тұтқында жатқан, әлгі Алғазы ақын айтқандай бұған әмеңгерлік жолымен тиген Тоқтамыс сұлтанның жесірі, адай қызы еді. Екіншісі мына Бопай ханым. Бұған Әбілхайыр нағыз жүрекжарды ықыласы бойынша үйленген. Алғашқыда құпия махаббат ойынын ойнап, Бопайдың екіқабат болғаны анықталған соң осыдан он алты жыл бұрын Қарақұмда өткен бір үлкен кеңес қарсаңында Әбілхайыр осы ғашығымен некесін қидыртып, ұлан-асыр той жасап еді. Ұлан-асыр той жасамай қайтсін, себебі Бопай да төре тұқымынан аса текті жерден шыққан қыз. Бір той екінші тойға ұласып, ол шақта жас болғанмен дарынды қолбасы ретінде танылған Әбілхайыр сол Қарақұм кеңесінде хан сайланды. Ол жылдардың оқиғалары кейінгі уақыттарда талай елдің аузында жырға айналған. Міне, Әбілхайырдың Бопайға
қосылуының қысқаша тарихы осындай. Сол кезде туған бұлардың тұңғышы Нұралы бүгінде он алты жаста. Одан кейінгі ұл Ералы небәрі бес жаста. Үшінші әйелі Еділ қалмақтарымен қақтығыстар кезінде қолға түскен Цайроши еді. Оны Әбілхайыр өзімен бірге Жем өзеніне қарай әкеткен. Қалайда, сол торғауыттар қонысына таман көп үмітпен аттанып барады ғой, мына торғауытқызы өз қандастары хақында ақыл беруге жарай мадеп ойлады ма, кім білсін. Ал, төртінші қосағы мына башқұрт қызы. Бұл Бопай ханымның қасында. Ал Ералының өзі осынау ығай мен сығай, өңкей ересектердің ортасындағы баршасы қызықтаған кішкентай да әсем қуыршақтай болып, қақ төрде шоқиған. Парсы кілемдері көрік берген төрде, бұхара барқытымен тысталған жастықтардың үстінде малдас құрып, құтты әкесінше отыр. Айтты-айтпады, өрдегі жалайыр-балғалылардың осы Ералы сұлтан жөніндегі пайымдаулары шындықтан аулақ емес еді. Түптеп келгенде мынау төбесіне қызыл, ақ және сары түсті жібек маталар ұсталған, еденін парсы кілемдері түрлендірген он алты қанат ақ үй Әбілхайырдың өз басының дүниесі еді. Хандық биліктің ең бір есте қалар, ауызға ілігер салтанатты рәсімдері осы шаңырақтың астында жүзеге асқан. Міне, осының бәрін Әбілхайыр хан кіші баласы Ералыға қалдырып, өзі алысқа жеңіл-желпі аттанып кетті. Мұның мәнін Ералы да жақсы түсіне ме, қақ төрде ақ құстың балапанындай шоқиып, жан-жағына алақ-жұлақ етеді.Мұның көбіне көзі түсетіні шешесі Бопай ханым. – Күдері жарықтығым, –деп Бопай жаңағы сөзін одан әрі жалғастырды. – Жүрдек аттың аяғына тыным бар ма еді?. Әншейінде солай болғанда мынадай нақтылы байлам керекте сол төрт аяқты жануарға неғып еметайымыз езіліп қалды? Неғып соншама аянкөс бола қалдық. Ханның бір лебізін естімей қара жердің апшысын қуырып, мынау ұлы дарияның бойын алашапқын етуге қалай дәтіміз барады? Өйтсек хан абыройынан кертіп жемектей жаман дәмеміз, астамшылығымыз, шалалығымыз жалпақ елге шаң бермей ме? – Ат тұяғын тай басар! – деп Күдері батыр қайта қозданды. – Хан иемнің рақымымен мынау шаңырақтың астында бақ-талайы өрлеген Ералы сұлтанның тап осы пәрменге билігі жүретініне көзім жетеді. Бұл хан иемнің абыройын кертіп жегендік емес, қайта өрісін кеңейтіп, туын шалқытқанға балаймын. Әңгіменің бұл тұсында Кіші жүз қазақтарынан, бұларға сіңісті қарақалпақтардан көп жылқы айдап әкеткен жалайыр-балғалыларды мықтап тұрып шабу қажеттігі төңірегінде ешкімнің күмәні, қарсылығы жоқ, тек ол науқанды батыс-теріскейге ұзаған Әбілқайырдан рұқсат сұрамай-ақ бастаймыз ба, жоқ па деген екі ұдай пікір текетірес тудырған. Күдері батырдан кейін ол да қару-жарақты,әрі cәнді киінген бір тұлғалы адам отырған. Ол Бопай ханымның туған ағасы Дербісәлі сұлтан. Әңгімеге көп араласпай толық қызыл жүзі бір күреңітіп, бір сұрланып, іштегі бір тегеурінмен айқасып отырғаны көпе-көрнеу еді. Бұл да осы Күдері батырмен бірге Ералы сұлтанның қасында ақыл-ес ретінде қалдырылғандардың бірі. Бопай ханым өзі сөйлеген сайын осы Күдері батырдың қасындағы өз ағасының жүзін қоса бағады. Ханым артық-ауыс кетсе де, дұрыс бағдар ұстаса да бұл өзінің қостағаны, не қостамағанын сол жүзіндегі алма-кезек ауысқан бояулар арқылы білдіріп отырады, шамасы. Бопай кіші баласы Ералының астына көпшік қойылған сайын бұлтым биіктеп кетіп, құлауы қатты болар ма екен деген аналық мазасыздықтан арылар емес. Біраздан соң Бопай ханым мен Күдері батырдың арасындағы тартыс өзінің шырқау шегіне жетті. Бір мезгілде
киіз есік ашылды да сырттағы қарауылшылардың бірі Барақ сұлтанның келе жатқанын хабарлады. Сол кезде Бопай ханым шоршып түсіп, екі қолын жүрегіне апарып басты. Балғын жүзі әп-сәтте аппақ қудай болып, бетінің ұшында бір қызыл бояу дөңгелене кетті. Сол қалпымен ағасы Дербісәлі сұлтанға қарап еді, оның өзіне қадалған оқты көздерін танып, дереу саябырсуға бар күш-дәрменін жұмсады. – Барақ сұлтанды бөлек үйге түсіріңдер, – деген сөздерді тістерінің арасынан сыздықтатып әрең шығарды. – Қасында атқосшылары көп пе екен? – деп манадан жақ ашпай отырған Дербісәлі сұлтан сауал қойды. – Шамамен он бес, жиырма қаралы адам, – деген жауап алынды. Бұдан соң мынау мәслихат үстіндегілер бәрі бірдей үзіліс қажетсінген рай білдірісті. Оған Бопай ханымның өзі де кет әрі емес екен. Бөлек үйде Барақ сұлтан тобына ас-сусын берілгесін ондағы әңгіме-дүкенді көп создырмай мынау Ералы сұлтан иемденген үлкен шаңырақта сол Барақ сұлтан мен оның басты адамдары қабылданып, манағы әңгіме қайта жалғасын тапты. Шындығында Бараққа ерген қосшылар саны жиырмадан асады екен. Ал мына шаңыраққа Барақ олардың оншақтысын ертіп кірді. Үй тарлық ететіндіктен Бопай ханым мен Күдері батырдың бұйрығымен мұнда әуелгі жиынға қатысқандардың он бестейі қайта тұмсық тыға алмай қалды. Осы қарбалас үстінде мынадай екі жәйт жұрт көзіне тез ілікті. Барақ сұлтан бір үйден екінші үйге ауыстырылар аралықта Барақ пен Бопай ханым жан баласының қатысуынсыз оңаша жүздесіп үлгеріпті. Бұл осы қонақтар алғаш ас-су ішкен үйде болған еді. Екінші жәйт: Бопай ханым Әбілхайыр төңірегіне Ресей жақтан көп қатынайтын башқұрт, татар жүргіншілері әкелген опа-далаппен осы екі ортада бетін тым аппақ ұндай етіп жіберіпті. Қас пен кірпікке түскен бояулар да ханымның бет-ажарын көрер көзге тез бөлектендіргені тайға таңба басқандай айқын еді. Тек киім киісінде ғана өзгеріс жоқ, оған уақыт таршылық еткен, шамасы. Бопай ханымның мінез-құлқындағы көз қарықтырған мұндай екі құбылысты заматында байқап, әп-сәтте өзара күбірге айналдырған әлгі Барақ сұлтан өз нөкерлерімен кіргесін ханның үлкен шаңырағына сыймай сыртта қалғандар еді. Бұл күңкіл өз құлағына да жетті ме, жоқ, олар байқағанды бұл да көкірегіне суық алды ма, әйтеуір, Дербісәлі сұлтанның түсі түндей болып, қабақ тұсында соқа ізіндей терең сызықтар сойылып жатты. Бопай ханым өз ағасының ол сиқын байқаса да мән бермегенсіп, көздерін одан алып қашуға тырысты. Дербісәлінің алаша шекпен сыртынан байлаған, күміс, жез үзбелермен безеңдірілген ені бес елідей кемер кісесі бар-тұғын. Екі қолы қайта-қайта соған жүгіріп, қос қабатталған жалпақ қайысты саусақтарымен езіп жіберердей сығымдай береді. Қап-қара сақал-мұртының ұштарында да ашу ілігіп тұрғаны оңай шалынады. Жо-жоқ, Бопай ханым ондайды пәруәйіне ілетін жан емес, Барақ сұлтанға барынша ақжарқын пейілмен қарағысы келеді. Ойда жоқта бұл ханымға ерекше көңілділік те қона кетіпті. Ол көңілділіктің мәнін Бопайдың өзі басқа себеппен түсіндіргісі келді: – Біз манадан бері екіұдай болып, бір мәселеде тоқайласа алмай отыр едік. Сіз сияқты жас болғанмен бастан кешкен шытырманы көп, ақылы мол ара ағайынның, абзал
азаматтың келгені қандай жақсы. Сізден пікір естуге біз ынтызармыз, – деп даусын жіңішкерте, сұлуландыра сыңғырады. Бұдан кейін сөзді іліп әкеткен Дербісәлі сұлтан. Ол қарындасының жеңілтектігін омырауға салып тықсырмақтай қабағына ашу белгісін түйдектетіп, басқаларды қоса ықтыра тым салмақты сөйледі. Ералы сұлтанның оң тізесін басқан Күдері батырдың өзінің шетқақпай қалуынан тықыршығанын сезгенде даусына одан әрмен үстемдік, өктемдік берді. Кіші жүз алшын, әрі бұларға ішек-қарнымен араласқан ел қарақалпақтар мен өрдегі жылқы ішінде аладай аз ғана жалайыр-балғалылар арақатынасын осыдан үш жыл бұрынғы алғаш бұрқ еткен бастауынан қозғап, оның ірілі-ұсақты оқиғаларын түгел жіпке тізді. Соның бәрінде алыстан қосы ауып жеткен ат төбеліндей ғана бар жалайырбалғалылар жат жұрттың ортасында әдеп сақтаудың орнына иық көрсеткісі келеді деген сыңайды басымдау танытты. Ал мына соңғы барымтасын бұлардың әлдеқашан сүйегі қурап қалған ата-бабаларының көрлерін қазып, сүйектерін шашқан жан төзгісіз қорлығындай етіп суреттеді. Ел қайда, намыс қайда? Шабамыз. Тек осы тұста батыстеріскейге, Жем өзеніне қарай кеткен Әбілхайырдың бір ауыз оң жауабын естімей-ақ істі бастай береміз бе, жоқ, хан иемнің лебізін күтеміз бе деген тұста іркіліс туып тұр. Хан иемнің рұқсатын тоссақ жалайыр-балғалылар бас-аяғын бүтіндеп, не із жасырып, бұл науқанды біз үшін күрт қиындатып жіберер ме деген күдік бар. Не болса да із суытпай шапқан дұрыс деп өзеуреушілер де жеткілікті. Осылай сусылдап келді де Дербісәлі сұлтан бар денесімен бұрыла өзі мен Күдері батыр ортасындағы аралықта жайтасқан Барақ сұлтанға қарады. – Ал енді жаңа менің Бопай қарындасым айтқандай сіздің осы турасындағы бір ауыз пікіріңіз таразының бір жақ басын басып кеткелі тұр. Бұл ретте не деп жауап беру қажеттігі Барақ сұлтанның басына бірден-ақ ұрды. Сөйтсе де оны сол қарқынмен лақ еткізбей көзін төмен сала бөгелеңдеді. Сосын басын қайта көтеріп, қарсы беттегі Бопай ханымды, онымен қатарлас отырған әйелдерді жәдігөй көзбен мұқият шолды. Әбілхайыр ханның башқұрттан алған ең кіші тоқалына назары көбірек ауды. Мұны сол сәтте байқаған Бопай ханымның көздерінде от жарқ етті. Опадалап қалың жағылған бетінің әр тұсында шытынаған әйнектей сызулар айқышұйқыштанды. Барақ сұлтан соны да көзден қақас жібермей, Бопай ханымның осы әлсіздігін де өз мақсатында пайдаланбақ райы бардай сол қалпында сазара түсті. Иә, бұл өзі арғы ата-бабаларынан бері дарыған үлкен саясаттың адамы еді. Арғы ата-бабалары дегенде сонау Бөкей ханнан Күшік, одан Құдайменде, одан Тұрсын хан туса бұл Барақ сұлтан сол соңғы Тұрсын ханның бел баласы. Тұрсын хан Сырдарияның түстік бетіндегі Икан, тағы біраз қалаларға иелік етіп, осыдан тоғыз жылдай бұрын, яғни әз Тәуке ханнан бір жыл бұрын дүние салған. Әкесі өлгенде жиырмаға жаңа іліккен Барақ сұлтан туған бауыры Күшік сұлтан екеуі сол әке мұрасын бөле-жармай иеленуді көздеді. Ал оған тұтқиылдан тиген жоңғар-қалмақ шабуылы мұрша бермеді. Көбіне Орта жүздің қоңырат тайпасына ықпалы бар, ішінара алшын елінің кейбір саяқ руларына да билігі жүретін Барақ сұлтанның тап қазір сардалада аш қасқырдай жортуына бір себеп – сол жау тепкісінің соңы неге ұласарын, немен тынарын болжай алмағандығы беймазалықтан туған есірткі ішкендегідей құйын мінез еді. Былайша айтқанда Әбілхайыр
ханның басындағы кепті бұл да киген. Ал әр адам әртүрлі амалдың соңында күн кешеді ғой. Әбілхайыр ханның башқұрттан алған кіші тоқалына қарағыштап, сонысымен Бопай ханымның тұнығын бір шайқап өткен Барақ сұлтан әлі де пікір айтуға асықпай, сәл ыңыранып барып: – Менің тұрғыласым Әбілхайыр хан Жем өзеніне кеткен екен ғой. Не мақсатпен, нені көздеп ол қиырға топ ертті екен? Жау іздесе де, дос іздесе де – бәрі осы атыраптан да табылатын еді ғой, – деп бір қойды. Сосын сәл үзіліс жасап барып, қайта сөйледі. – Әне, былтыр Сырдарияның біз жақ түстік бетінен қалмақтарды түре қуған Қанжығалы Бөгенбай батыр бастаған бір топ, араларында Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек сияқты марқасқалар бар – бәрі сонау Торғай даласында, Бұланты, Бөленті дейтін сулардың жағасында ата жаумен қайта тістесіп жатыр дейді. Бізге жеткен алып-қашпа әңгіме бойынша Әбілхайыр да солай кеткен сияқты еді, ал сіздер оны Жем өзеніне қарай бұрып сап отырсыздар. Шындығында Барақ сұлтан Әбілхайыр ханның солай аттанғанын алдын ала біліп келген. Қу, тақыс, әрі өзімен көптен бергі бақталас Әбілхайырдың не де болса олай қарай әлдененің исін сезіп жылыстағанын ішке түйіп, ол ненің исі деген күдікті ой төсегінен шоршытып тұрғызған. Сосын да Сырдарияның арғы бетінде көшіп-қонып жүрген жерінен мына аз топпен бері тартып отырған. Жаңағы сауалды немқұрайдылау түрмен қойғанмен осы жүрісінің бар мән-мақсаты сонда түйдектеліп тұр еді. Әлі отызға да толмаған Барақ сұлтан осы жасында-ақ үлкен-үлкен хандардың, аузымен мұз бүріккен би-шешеңдердің көп қылығын бойына жапсыра бергендей-ақ шектен тыс салиқалы көрінген. Мынау хан ордасы атты үлкен шаңырақ астында бас қосушылардың көптігінен таршылық көпе-көрнеу сезілгенмен жалғыз өзі екі адамның орнын алып, тым жайыла жайғасқан. Беті жалпақ, әрі мұрны тәмпіштеу. Қысқалау қырқылған сақалы екі шықшытқа жеткенде тікірейе адағайлап, жалпақ бетті одан әрмен үлкен кеңістікке айналдырады. Сұлтанның тек көздерінде бір ғажайып бар. Бір қарағанда көріксіздеу сол бет-жүзін адамға тура қадалғанда бөлекше құбылатын көздері нұрландырып жіберетіндей. Мұның көзіне түспе, түстің екен құрығына іліндім дей бер. Барақ сұлтанның иығы да кең, кеудесі де жалпақ. Жалпы бар бітім-болмысымен сидам денелі Әбілхайырға қарама-қайшы жаратылғандай. Бопай ханымның көзін тартуы да сол ерекшеліктерінен, бәлкім. Мұның жаңағы сауалына тағы да Дербісәлі сұлтан жауап берді: – Әбілхайыр хан қатты қайнаған, бірақ мұқият жабылған қазан сияқты ғой. Жанжағына бұрқыраған буын көреміз, ал іште сақырлаған дүниесін жан баласына шалдырмайды. Сол Жем өзеніне аттанғанда анық нені ойға түйгенін, нені көздегенін бізге ашып айтпады, тек бар сөзі мына баласы Ералы сұлтанның төңірегінде шаруа жайында болды, – деді. Ералы сұлтан өзінің аты аталғанда Барақ сұлтанға одан сайын жұтына қарады. Мынау әңгіме не жайында екенін әлдеқашан жадынан шығарып алғанмен қай нәрсенің де шешуі осы түр-түсі бөлек, баршаның ықыласын өзіне баурап әкеткен қонақ адамда екенін сезіп, сәбилік ой-санасын солай қарай бағыттады. Тек осы тұста оның қасындағы, Барақ сұлтанмен екі ортадағы Күдері батыр шарт жарылды:
– Осыншама сөзбұйдалап, ащы ішектей созып, өткен-кеткеннің бәріне ақыл сала берсек әлі талай таңды атырып, әлі талай күнді батырамыз. Таз таранғанша той тарқайды. Әбілхайыр хан біздің осы бойкүйездігімізді білсе жонымыздан таспа тілуге де бұйырар еді. Өз басым оны өте әділетті іске балаймын. Бопай ханым, Дербісәлі сұлтан, енді күтетін уақыт жоқ, аттанамыз. Кәне, жол болсын айтыңдар! – деп қоқиланды. Барақ сұлтан құлағының дәл түбінен шыққан мұндай сөздерге өз ордасында отырса шыдамас еді. Мынау басқа хандықтың отбасы. Сонда да ол табиғи мінезімен бұрқ етіп, бұл да өзімен иық түйістіре отырған Күдері батырға сұрапыл қараспен қарады: – Әй, Күдері, кекіреге тойған текедей бақылдамай жай сөйле! Ақ сайтаныңды бас! Мұндайда жаңсақ шешімге орын жоқ. Жарға құлайсың, жар болғанда ең бір тереңіне құлайсың! Бопай ханым мен Дербісәлі сұлтан соны сезіп, ара ағайынның ақылына зәрулік ететін шығар. – Барақ сұлтанның осы сөздері тұсында оның көздеріндегі ғажайып құбылыстың шымылдығы түріліп, көмірдей қап-қара қос жанар көрінер-көрінбес отжалын лаулатқандай. Және оның сәл сәттегі сиқын суреттеуге қауырсын қаламды ғұламаның да тілі жетпестей. Бұл әрі жалаңбас еді, қысқа қырқылған шашы ішіндегі ашуындай тікірейіп, бөркі қоқырайып, өзінен биік көрінген Күдеріні сол қолының шынтағымен ұрып құлатпақтай сыңайы да белгі берді. Күдерінің амал жоқ аузына құм құйылды. Бұл шындығында сан ұрыста қол бастап, аса мол тәжірибе жинақтаған батыр емес, Әбілхайырға ерте күннен өзінің риясыздығымен жаққан адам. Сосын да мұны кіші баласының қасына бас-көздікке қалдырып кеткен. Әрі Дербісәлі байқағанды бұл да байқап, Бопай ханымның мына Барақ сұлтанға деген көзқарасын тұлабойымен жаратпай, ширығып отырған. Сосын да сөзді келте қайыруға тырысып, белсенділік жасағаны. Қожайынға адал көңілмен қызмет етпек малайдың жансебілділігіндей бір талпынысы. Бұдан кейін Барақ сұлтан шешендікке салып ұзақ сонар сөзге көшті. Әбілхайыр ханның кейбір дара қасиеттерін де әспеттеп, оның жарамсақ жандайшаптарын адастырмаққа із тастаған сыңайда отырды. Ол қиырдан бұл қиырға жалт беріп, көп мәселенің басына су құйды. Тек алшындар мен жалайыр-балғалылардың арасындағы бұл кикілжіңнің төркіні қайда жатыр, соған ғана бойламады. Өз кезектерінде Күдері батыр да, Дербісәлі сұлтан да, Бопай ханым да әуел баста қарақалпақтардың қолтығына мұз бүркіп, жалайыр-балғалыларды шапқызып, сөйтіп, жуас елді мұндай іске өздерінің арандатқанын тістерінен шығармаған. Барақ сұлтан ол жағын білмей ме, білсе де білмегенси ме, қалайда бұл Әбілхайыр адамдарының мүддесін көздеген қалпынан жаңылмай ұзақ жортақтады. Ақыры әңгіме желісін күрт өзгертіп, қатулы жүзіне үлкен кісіге лайық мейірім жиып, Күдеріден арыда шоқиған кішкентай балапан Ералыға мойын бұрды: – Әй, жаным, сен осы әкең Әбілхайырға тартпағансың-ау, шамасы. Себебі, Әбілхайыр хан ием қоңсылары жылқысын барымталап жатқанда әке түгіл құдайдың да ақыл-кеңесін күтіп отырмаушы еді. Әбілхайыр деген қара бұлттың бауырын тіліп атылған найзағай емес пе? Сен әлде Әз Тәукедей ханнан болбыр туған Болат ханның кебін кимекпісің? Қой, жаным, мынау заман қай заман, Болат ханға ұқсама, әне Түркістанды жауға тастап қашқан оның тап қазір қай қиырда көшіп-қонып жүргенін итім білмейді. Бұл сөздерді айтқанда Барақ сұлтан өзіне-өзі ұқсамай қатты күліп еді. Жаңа ғана шынжырлы иттей бұлқынған Күдері батырды қақ тұмсықтан ұрардай әкіреңдеген, сөйтіп
сабыр суын басқан Барақ сұлтанның енді мәймөңкелетіп әкеп, соның сөзін қолдай кетуі Бопай ханымға да, Дербісәлі сұлтанға да, басқаларға да күтпеген жай көрінген. Тек қақ төрде, бұхар барқытымен тысталған жастықтардың үстінде малдас құрып қонақтаған сүйкімді жүзді балақан – Ералы сұлтан ғана өзінің көптен күткен рақымына ие болғандай ыржыңдап күлгенге ұқсады. Осымен аталы сөз айналасы тиянақталып қап еді. Бопай ханым Барақ сұлтанға ризашылығын айтып, Дербісәлі де сол шырайды өз жүзінен молынан танытты. Ал Күдері батырды тіптен атап сұрама.Құсқабағы мен салбыраңқы мұрнында нағыз аруағы асқан адамның айдары адағайлайды. Жұрттан бұрын орнынан атып тұрған да сол. Келесі күнгі таң бозында Барақ сұлтан аттанып кетті.Мұның әкеткен олжасы сол – манағы мәжіліс үстінде ішке кірмей сыртта қалған нөкерлері сондағы өздері қатарлас Әбілхайыр жігіттерімен тонның ішкі бауындай араласуға тырысып, олардан сыр тартты. Кейбіреулері қазан-ошақ басындағы қатын-қалаш, қыз-келіншектерге де қырындады. Не тұспал, не қалжың айтса да құлақтары қалқиып, басқа жақты қоса аңдыды. Әбілхайыр хан Жем өзеніне қарай неге кетті деген сұрақ төңірегіндегі ынтызарлығын да жан ынтызарлығымен қабаттастыра білдіріп отырды. Әрі Барақ сұлтан мен оның төңірегіндегілердің білуінше біраз орысшыл башқұрттатарлар Әбілхайыр айналасының отымен кіріп, күлімен шығуда. Бұлар Ресейге бодандыққа мойынсұнып, дінін қабылдап, шоқынған әзәзілдер. Әбілхайырдың ақ патшаға жолдаған хаттарын қағазға осылар сойдақтатып, әрі одан келген жауаптарды да осылар тәржімалайтын. Міне, Барақ сұлтан саққұлақтары солардың да бір-екеуін қолға түсіріп, көңілін аулап, іштегілерін сарықты. Бірақ ол келімсектердің көбісін Әбілхайыр өзімен бірге әкеткен екен. Мұндағысы қалған-құтқандары ғана. Бәрібір Барақ сұлтан құр қол қайтқан жоқ. Бұған жалғас тағы бір сырдың ұшығы шашырады. «Ат аунаған жерде түк қалады» дейді қазақ. Сол айтқандай Барақ сұлтан да қонған жерінде із тастамай кетпеді. Ол ізі – Барақ сұлтан мен Әбілхайырдың сүйікті ханымы Бопай ханымның бір-біріне деген көзқарастарындағы адамның ішкі әлсіздігін айқын бейнелейтін бояу айшықтары хақындағы жаман өсек еді. Сол Барақ сұлтан аттанған күнгі бесін шамасында Күдері батыр, Дербісәлі сұлтан және басқа да қолбасылардың ұран салуымен мыңнан аса шеріктер легі Ералы сұлтан, яғни кіші хан ордасының төңірегіне құйылды. Әрі іңір қараңғылығы қоюлана бере Сырдарияның арғы бетінде Қуандарияның сағасын, Арал теңізі маңындағы Бозкөл шығанағын мекендеген қарақалпақтардың бас әкімі Оразақтан да бес жүзден астам сайдың тасындай сайланған жігіттерден құралған ауыр қол жетті. Оразақ сірә, алшындардың мына қорлыққа шыдамай, жалайыр-балғалыларды қайтсе де шабатынын болжап, өз күш, көмегін тез қамдап аттандырса керек. Қазақ пен қарақалпақ бір жеңнен қол бір жағадан бас шығара ұйымдастырған бұл шоғыр жақсы қаруланған, аты-шулы күлдірмамай атты мылтығы баршылық, азын-аулақ жарылғыш заттармен де жабдықталған жойқын әскер еді. Сөйтіп Алтайдан Атырауға дейінгі атамекеннің ең бір шұрайлы кеңістіктерін, көк майсалы таулары мен күміс күлкілі суларын ортақ жау қалмақ басып жатқан осындай қайғылы, қаралы, шер-шеменді заманда да қазақ пен қарақалпақтар бірігіп, қазақтардың екінші бөлігіне қарсы жорыққааттанды. Алла мен аруақтың құлағын
шулатып, тоқтау салған бірен-саран көне көз қариялардың гөй-гөйін пәруәйіне ілген жан табылмады. Күдері батыр, Дербісәлі сұлтан, басқа да бес-алты қолбасы жетекшілік еткен бұл шоғыр жалайыр-балғалыларға тұтқиылдан тиіп, аямай шапты. Күлдірмамай мылтығына, жан шошытар жарылғыш заттарға қарсы жалайыр-балғалылардың істер шарасы жоқ еді. Алшын мен қарақалпақтар барымталанған жылқыларын ғана қайтаруды місе тұтпай, бұлардың адамдарына да ауыз салды. Сөйтіп, ауыл-ауылдың ортасында аттарын құйғытып, құлындағы даусын шығартып, қыз-келіншектерден, жігіт-желеңдерден бес жүзге тарта тұтқын әкетті. Жалайыр-балғалылардың аспанға қарап ұлыған иттей көкке дауыс көтерген үлкен-кішісінің кеңірдегінен шыққан ащы зар, қарғыс ұлы дария – Сырдың бойын күңірентті.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
Қазір тамыз айының соңғы күндері. Сыр бойына қоныс аударып жеткен ұлы жүз жалайыр тайпасының көсемдері – Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық Дербісәліұлы, Қабан (шын аты Қабылиса) жырау Асанұлы бастаған елдің бір бөлігі дәл қазіргі мезетте ұлы дарияның өз жағасында емес, сынаптай сырғып сәл өрлеп кеткен. Сырдың оң саласы Арысты бойлай Боралдайға жетті де, осы Боралдайға құятын Бадам өзенімен тіке шығысқа жылжыған. Қазір көне Испиджап, бүгінше Сайрам шаһарының тұсында осы Бадам өзенінің суын ішіп отырған. Осыдан үш жыл бұрын қалмақтардың алғашқы екпінінде-ақ солардың қолына түскен Сайрам шаһары тоз-тозы шығып, жау екеш жау да тұрақтай алмас өлі мекенге айналған. Бұл күнде ол шаһарды араласаң қашып, бас сауғалауға дәрмені жоқ қазақтың кәрі-құртаң, жетім-жесірлері мен жараланған қалмақ жауынгерлерінің некен-саяқ тобырын ұшыратасың. Тонайтынын тонап, асайтынын асап, тояттанған бай бекзадалар бұл Сайрамға қайта жалақтаған жоқ. Қалмақтардың өйтіп тез сырғып өтетін себебі, бұл шаһар оларға бұрыннан біршама таныс еді. Осыдан қырық жыл бұрынғы бір шабуылда да Сайрам ең алғашқылардың бірі болып солардың қолына түскен. Тұрғындарын қырып-жойып, қаланың өзін отқа орады. Иә, моңғол шапқыншылығынан кейінгі дәуірде аса ірі керуен саудасының орталығы, берік әскери қамал, түркілік суфизмнің негізін қалаушы ақын Қожа Ахмет Яссауидің кіндік қаны тамған, әрі арабтар Аққала атап дәріптеген бұл шаһар сол жолғы қалмақ ойранынан катты ойсырап еді. Сөйтсе де соңғы қырық жылда қайта тірлік нышанын таныта бастаған. Ал осы жолғы шабуыл сол тірлік нышанының өзін жойып тынды. Сосын да желке тұстан өздеріне тоқпақтай тиетін жау күшінің жоқтығын ескеріп, Ескелді би, Балпық батыр, Қабан жырау бастаған жалайырдың қомақты бір бөлігі, әрі бұларға қосақтасқан ысты, сарыүйсін, албан, суан, Орта жүздік найман сияқты елдердің кейбір саяқ аталары жұп жазбастан Бадам өзенінің тап осы жағалауында біраз аялдап еді. Ал аталмыш көсемдерге қарасты көшпенділердің қалған тармақтары ру-ру, ата-ата бойынша жіктеліп, олар да осы Сайрам шаһарынан аса ұзамай, оны шығыс беттен айнала теріскейдегі Сайрамсу, Қасқасу, Ақсу, Жабағылысу сияқты өзендерге қарай өрлеген.
Ал, Ескелді бидің өз ордасы осы Бадам өзені жағалауындағы ел ішінде. Жазығынан бұйрат-бұйрат тақыр төбелері көп, тек теріскей ойыстарында иектің астына біткен сақалдай ұйысқан көгі баршылық бұл өлке күз күндері таянғанда-ақ бозарып, мүлдем көркінен айрылады. Сонда да мұнда бір-бірінен көз көрім жерде орналасқан ауылауылдың өз ішінде үй арасы тым жақын тігіліпті. Бұрындары, бейқұтшылық заманда бұл өңірде мынадай ата қонысынан үріккендер түгілі байырғы қазақтардың өзін таппайтынсың. Мұндай шақта олар анау Қаратау сілемдеріне, мына Арыс, Боралдай өзендері, олардың кейбір тармақтары бастау алатын Талас Алатауының биігіндегі Көлбастау көлі айналасына сырғып кетуші еді. Жанға да, малға да ұжымақ – жаз жайлау дегендерің сонда. Ал мына мал мен жаннан қатты жұтаған, әрі бұл қиырдағы жер жағдайын жақсы білмейтін көшпенділерде ондай жаз жайлау іздейтіндей шама қайда? Ескелді бидің өз ордасы үшін осы Бадам өзенінің жағалауын таңдауда бір себеп, бұл оған тоғыз жолдың торабындай көрінген. Оннан-мұннан хабар алып отыруыма жақсы деп шешкен. Бадам өзені тап осы көз көрім аралықта жыланша ирелеңдеп біткен екен. Тамыздың соңы екеніне қарамастан ирек-иректердің өнебойында, әсіресе су жайылған жерлерде көк дегенің бойшаң қу шөппен араласа, қойындаса сықап тұр. Міне, осы үзік-үзік жасыл желектерге есіктері қаратыла өзеннің теріскей бетінде жыпырлата көп киіз үй тігілген. Сәнді ақ ордаға ұқсайтын үлкен еңселі үйлер де күн шуағына шомыла көз тартады. Солардың бірі Ескелді бидікі еді. Күн түске тырмысқан шақ. Ауыл айналасында аттылар да, жаяулар да оннан-мұннан қылаң етіп көрініп кетеді. Олардың ара-арасында бала-шаға, қатын-қалаш, әрқайсысы өз тірлігімен асып-сасып, делбең-делбең етуде. Ыстықты ауырсынып, бүктүскен, көлеңке іздеген ешқайсысы жоқ. Бес ағайынды Ескелді бидің төрт інісінің ең үлкені, осы бидің өзімен тете Естай, жіңішке ұзынтұралау келген, жасына лайықсыз кекселеу жүзді, селдір шоқша сақалды адам, астындағы бурыл құнанын жедел бастырып келді де, ортадағы еңселі үйлердің біріне тоқтады. Іштен Ескелді бидің бәйбішесі Ақжәмилә мен осы Ескелді, Естайлардың ең кенже інісі Бектұрған шықты. Бектұрған осыдан үш жыл бұрын қалмақтар алғаш шапқан кездегідей емес, сәл есейіп, бойы мына Ақжәмилә жеңгесін қуып жетердей биіктеген. Бұл да өз ағаларына ұқсап кепкен қайыңдай берік сидам денелі болатынын осы жасында-ақ білдіріп, тез жетілуде еді. – Жайшылық па, тетелес? – деп сұрғылт түсті кимешек киген Ақжәмилә жүзін ат үстіндегі Естайға көтере қарады. – Ескелді үйде ме? – деп сұрады Естай. – Жоқ, тетелес, бағана таң бозында кетті ғой бәрі, содан жоқ. – Қасында кімдер бар еді, анықтап айтшы. – Қасында мерген аға, әлгі... – Мерген-серген демей, аспан қақырап жерге түссе де аттарын дәл атап түгендеші! Жүйкелеп, тап қазір сенің қай қайын, қай қайын ағаңды қалай әспеттеп, құбылтатыныңды есіме түсірудің өзі маған мұң. Құдай кешірер, дәл аташы! Аттың жалы, түйенің қомы! Ақжәмилә сонда да бірден суырыла кетпей, туған тете қайнысының бет-жүзіне тіксіне қарап, оның текке сабылтып кеп тұрмағанын пайымдады. Күйеуіне әке, аға, іні есепті
адамдарды өз ныспыларымен атауға тыйым салатын қазақ ғұрпына тап осы екі ортада өзі де наразылық білдіргендей күн шалып, қоңырқай тартқан арық жүзі алабұртып, өзгеріп кетті. Сонда да ораза-намаз сияқты бұзуға қиын жол-жорадан аттап өте алмай тартыншақтап, кенет қасында кішкентай қайнысы Бектұрғанның тұрғаны есіне түсіп, жерден алтын тапқандай қуанды. – Кенжем-ау, өзің бар екенсің ғой, сен де көрдің ғой, сен аташы! Сен айтшы биағаңның кімдермен кеткенін! Бектұрған жеңгесінің бұл сөзінен өзінің де кәдеге асқанын танып, қабағын ауырлата Ескелдінің кімдерді ерткенін тізбелеуге кірісті: – Тәттібай мерген, сосын? – Немере ағайынды батырлар, – деп Ақжәмилә көмектесті. – Иә, Малтабар мен Құлжан ағалар. Сосын Кәшке. – Жырау ағаның інісі. – Иә, Көсембай. – Қабан жыраудың өзінен әзір хабар жоқ па? – Хабар-ошарсыз ғой. Алты айшылық жолдың басын қайырмай, білетін бар хиссадастандарын алты арыс пен алшынға сарықпай, ол кісі елді ойлаушы ма еді, тетелес-ау? – Иә, Ақжәмилә, жаңағы әңгімені жалғастыр. Ескелді тағы кімді ертті? – Сосын қайсысы? Кенжем-ау, көкірегімде сайрап тұр, тілімді құдай байлап тұр емес пе? Саған не жорық? Жетектегі тайлаққа ұқсамай шешіліп сөйлесеңші былай, – деп Ақжәмилә кішкентай қайнысын асықтыра дігірледі. Бұл мынау Ескелдінің тетелес інісінің не шаруамен жеткенін тезірек білгісі келіп еді. – Ә, ана Дарабоз жеңешемнің үйіндегі аға. – Иә, Құлжа аға да бар, – деп Бектұрған тісінің арасынан екі-үш сөзді әрең сыздықтатты. Табиғатында сөзге де, қимылға да шапшаң бұл Бектұрғанның мынау жат өлкедегі көші-қоны аз, қызығы мүлдем жоқ самарқау тірліктен тауы шағыла бастаған еді. – Дарабоздың өзі кетпеді ме? – деп сұрады Естай. – Жо-жоқ! Әйел заттыдан ешкімді ертпеді. Және де Дарабозды қайдан ертсін, ол анау Сайрамсу дей ме, ол жақты мен өзім әлі көрген де емеспін, сондағы үлкен кісінің аулында. Қазақтың сайын сахарасына әскер бастап әкеткен батырдың әкесінің аулында. – Балпық ағаның әкесі Дербісәлі атаны айтады жеңешем, – деп Бектұрған зорлана анықтауыш қыстырма қосты. Естай бұл соңғыны Бектұрғансыз да ұққан. – Иә, сол үлкен кісінің аулында. Сонда кетіп, содан әлі қайтпай жатыр емес пе? Сосын кім бар тағы? Сосын осындағы қарауылшы жігіттер түгелімен тік көтерілді десем де артық емес. Осындағысы бірен-сараны ғана. – Сөйдеді де Ақжәмилә Естайға жүзін көтере көздерін оқтай қадады. – Тетелес, амандық па, түріңізден шошыдық қой. Естайдың аулы бұдан төменірек, ол да осы Бадамның теріскей жағалауында, атты адамға, не жотаға шыққандарға түтіні шалынатындай жерде еді. – Мен мына төбешіктерге көтеріліп, мал қарап қайттым. Сонау шығыс бағдардан шамасы жүз қаралы атты мамырлатып келеді. Атаңа нәлет ит қалмақтың сойқандары тәрізді. Бұлар сонау Шатқалдың суы, Шатқалдың жотасы жақтан келеді. Қонтайшының байтақысы Ыстықкөлде демеп пе еді? Сонда болса одан қатынайтындардың жолы тура осы.
– Әлгі Сары-Манжы деген қолбасысы сол өңірде деп еді ғой, бәлкім соның қосындары да. – Е, итім біліп пе? – Қалмақ дегендерің қулық-сұмдыққа құлынынан жүйрік, шындаса қуыршақ құдайының бөркін теріс кигізіп жібермей ме? Сонау Ыстықкөлден тура жол салып, осында келеді деп қалай кесіп айта аласыз? Бұлар әдейілеп, айнала із тастап, іргедегі Ташкент шаһарынан шықпасын, әуелде, – деп Ақжәмилә өз күдігін қыстырды. – Ташкент шаһарынан дейсің бе? – Иә, Бадамның жоғарырақ тұсынан өткел тауып өтіп, бері бұрылғандар ма дегенім ғой. Естай бір сәт өз жеңгесінің аңғарымпаздығын іштей таразылап бөгелді. – Ақжәмилә-ай, Ташкент бағдарынан десең мүмкін ол шаһардың арғы қырындағы Шыршық өзенінің жағасынан бері бізге қарай жан ұшырған өз тумаларымыз болмасын. Әлгі күшік Жолбарыс би Жылқайдар баласы бастаған жалайырлар мен албандардың басымы сонда ғой. – Не деп болады? Сірә, Қаратаудың күнгей сілемдері, Сырдария жағалауы сияқты қиырларға қоныс аударушы жетісулықтар бұл жақтың көп өзгешелігіне әлі де тосырқай қарайды. Соның бірі «шаһар» деген сөзге байланысты.Жетісу өңірінде «Шаһар» деген «Мың бір түн» әңгімелерінде, ескі хиссаларда ғана аталса мұнда ол дегенің ат арытпай-ақ жетіп баратын «өсшерлерде» ашылып-шашылып жатыр. Сайрам, Ташкент, Шымкент. Олардан әріректегі Түркістан, Созақ, Самарқан, Бұхара сияқтыларың да талаптанған адамға иектің астындағы дүниеліктердей-ақ. Сосын да бұлай қоныс аударушылар «шаһар» сөзіне тірелгенде тұлабойларына бір түрлі кербездік біткендей-ақ сестенеді. Жақында бұлардың құлағына осы Сайрам, Шымкент топырағында Асанқайғының аузынан ұшқан толғау да шалынды. «Екі басса бір базар» малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар, баста береке болмайтұғын, базары жақын байымас, мазары жақын көбеймес» деген екен қарт баба. Міне, казіргі шаһар мен ескі қорымдардың көптігі, байырғы ел қашып, келімсектер жата-жастана еміне алмай, көп жердің тусырауы да сол бабаның даналығын айғақтамай қайтсін. Естай мен Жәмилә да осы тілдесу үстінде сол тәріздес бір түйсіктерді бастан өткерісті. Тек Естай ол жөнінде сыр алдырмағансып, жаңағы күшік Жолбарыс би Жылқайдар баласына қатысты ойын әрі жалғады: – Е, шашыраған жалайырлар, сендердің бастарың қосылғанша да мына қара жер көбесінен сөгіліп бітер. Мынау қалмақтар шамасы. Ташкенттен десең, сол шаһардың өзіндегі қалмақтар. Естай мен Жәмиләнің сөздері түгесілмей-ақ Бектұрған кермедегі атына мініп алған. Бұл келе жатқандарды жаңа екінші ағасы Естай нұсқаған төбеге шығып өз көзімен бақыламақшы. Осы екі ортада Ескелді бидің осы Ақжәмиләдан туған үлкен ұлы тоғыз жасар Дөмей де пайда бола кетіп еді. Бектұрғанды көріп бұл ойын баласына да желік бітті. Ол да су жағасындағы басы бос жуас тайының жалына жабысты. Енді үш аттының қасында өзінің жаяу қалуын орынсыз көргендей Ескелдінің бәйбішесі де маңайда ерттеулі жылқы бар ма екен дегендей алақтады.
Үркіншілік заманның әйелдерінің де аяқты малға өңгерілуі оп-оңай, әрі ол әбестікке де жатпайды. Акыры, орталарында бір әйел бар төрт атты топ Естай нұсқаған төбе жаққа тартты. Бәріненде он екі жасар Бектұрғанның көзі еткір екен: – Мынау шоғыр анық қалмақтар. Біздің елден тағы да аласысы бардай аттарын өңмеңдетіп, шұғыл жүріспен келеді, – деп салды. – Жаным-ау, бізде не аласысы болмақ? Жақында ғана бүкіл елден жиылған қарсақ терісін теңдеп, оншақты түйемен әкетті емес пе бұлар? Тап қазір біздің құлағымызға тыныштық орнайтын кез ғой, – деді Естай. Ақыры Бектұрғанның сөзі шындыққа айналды. Қалмақтар жолай кездескен екі-үш ауылды қоса түртінектеп бұларға жеткенше бие сауымдай уақыт өтті. Ақжәмилә осы ауылда қалған бас қарауылшы жігіт арқылы барлық еркек қараның аттарына мініп, сай тұруын қамдады. Тек жау күткендей бір орында топырламай үй-үйдің тасасында, өзен жағасында шашырай жайбарақат жүрулерін талап етті. Әрі Естайды осында ұстады. Сосын да Естай Бектұрған мен Дөмейді төмендегі өз аулына жұмсап, осындағыдай не әпселеңге де дайын тұру қажеттігі туралы хабар жөнелтті. Қалмақтар жай жүргіншілер емес, найзалары мен мылтықтары адағайлаған, айбалталары күнге шағылысқан қарулы шерік екен. Дулығалысы аз, көбісі тазкепеш сияқтанған бас киімді немелер өздері де, аттары да құлақтарын жымитып, жаңа Бектұрған айтқандай, шынында қазақтардан аласысы барлар екен. Олар бірден қазақ, өзбек, қырғыз, татар сияқты түркі тілдес халықтарға ортақ, әрі түсінікті тілмен Ескелді бидің қайда екенін сұрады. Бұлар оның таңертеңгілік жөн айтпай аттанып кеткенін, қайтар мөлшерінен өздерінің де бейхабар екенін мәлімдеді. – Не қам, не шаруамен жүрсіздер, мүмкін, бидің орнына біз де жарап қалармыз? – деп Естай ауыл адамдарының ортасынан алға шыға бой көрсетті. – Жоқ, бізге осы өңірдің билеушісі Ескелді бидің өзі керек, – деп таңдайлары тақылдады. – Ендеше, біраз күтесіздер. Жүз қаралы қалмақ қолы су жағасына ұзыннан-ұзақ жайғасты. Қазақтардан қауіптене ме, аттарының шылбыр, тізгіндерін қолдарынан шығармай көгі аз, көбіне шашырай жусанның бір түрі дермене өскен тұсқа құйрықтарын жапсырып, көздері шатынай қарайды. Жетісу қазақтарының алғаш оңтүстік өңірге жеткенде бір көңіл бөлгені осы жусан-дермене еді. Қаратал, Іле өңірлеріндегі жусаннан өзгешерек, әрі малдың ішіндегі құртын өлтіреді дегесін азын-аулақ жылқыларын осыған үйірсектеткен. Алғашқыда болат тұяқтылар бойы екі-үш қарыстай дермененің айыл пішінді кішкене жапырақтарын, сабақтарын үзіп жегенмен, көп ашқарақтанбай тек бара-бара құныққан. Қазір де Жетісу тектес таулы өңірлерден келген қалмақ жылқылары дерменеге қалай қарайды деп, малқұмар қазақтар осы жағына да алаңдасып еді. Тек тізгін, шылбыр ұстаған бас иелерінің мінезі мал екеш малға да көшкендей олар да пәлендей тәбет танытпады. Естай ауылдың қазіргі үлкені ретінде қалмақтардың екі-үш лауазымы жоғарысына үйге кіруді ұсынып еді, олар үзілді-кесілді бас тартты. Сосын ауыл жігіттері ат үстінде жүріп, әр үйден сусын тасып таратты. Кекірейіп, оны да ішпеді ешқайсысы.
Бұл кезде қазақ қоныстарының сыртын торуылдаушылар үзілмейтін. Солар арқылы құлақтанып, тура екіндінің кезінде Ескелді би Жылгелдіұлының тобы да оралды. Бұларды сұстарынан ажыратып, қалмақтар бір кісідей орындарынан тұрысты. Тұлымы білектей жуан, сәнді киінген, қару-жарағынан да көз қарықтыратын жарқыл көбірек шалынатын бекзада атын жетектей топ алдындағы Ескелдіге қарсы беттеді. Ескелді де дулығалы, сауыты да үстінде, қару-жарағы да сай, ер үстінде тік шаншылған күйі жаяулаған қалмақ бекзадасына жоғарыдан шұқшиды. Соңындағы кекселері басым, жастары да баршылық, шамамен отыз қаралы адамды бір уысқа сыйғызғандай әлеуетті жан екені көзі барға бірден шалынатын еді. Бұған қарсы беттеген қалмақ бекзадасы да осы жағын көз ұшығы арқылы іліп түсіп, жасына лайықсыз әжімі мол сүйекті жүзінің ұшы дір еткенін жасыра алмады. Үстемдікпен ықтыра дігірлеуге күні бойы өзін-өзі жаныған пақыр жеме-жемге келгенде жігері бу боп ұшып, ойынан жаңыла, тұттыға уақыт өздырды. Әу баста екі тісінің арасынан не шықты, оны Ескелді тобы түгілі соңындағы ағаш қадалардай состиған өз қандастары да ұқпады, бәлкім. Сосын да бұл темір дулығасын алдына тосқан күйі тіл-жағын қарыстырып, білектей жуан тұлымын күнге ойната ұзақ телмірді. Тап осы шақта бұл қалмақ бекзадасының басты жауы мынау қазақ биі Ескелді немесе оның тобындағылар емес, өзінің жон арқасы арқылы тынысын сезген өз қандастарының арасындағы бақталастары еді. Егер бұл Ескелдімен бетпе-бет кездесуде екі сөзге келмей сүрінсе, мұның дақпырты Ташкент пен сонау Ыстықкөл жағасындағы қонтайшы айналасындағы зайсандар мен бектердің, қолбасылардың құлағына бірден сарт етер еді. Иә, өзі жас та, түрі ескі мына бекзада сондай қауіпті табанда ескеріп, ішкі бар тегеурінін жұмсай оқыстан жабысқан әлсіздікті еңсеруге әупірімдеді. – Сіздер біздің аса мәртебелі, шоқтықты зиялылармен ау-жайға барысқанда қазақтар қой аузынан шөп алмайтын момын халық деп, тілдің майын тамызасыздар, қыл аспапша сарнайсыздар, ал көзден тая беріп, нағыз көз байлайтын сиқыршының, одан да асып, қанды қол қарақшының қылығын жасайсыздар, – деп бір ызылдап барып басылды. Мұны естігенде Ескелдінің көкшілдеу отты жанарынан жоғарырақта қас-қабақ емес, енді-енді қанатын жазып жіберіп ұшып кетпекші күйкентай атты құстың өзі отырғандай түрі өзгеріп кетті. – Мына шұбыртпаңызға жол болсын айттық. Тек әр атаудың өзінің құдай жаратқан заты, болмысы деген бар емес пе? Сол жағын жадымыздан шығармайықшы, жаным. Шынына көшсем, өз құлағыма өзім сенер емеспін. Біздің қай қарақшылығымыздың үстінен түсіп, мойын бұрғызбас айғақ әкеліп тұрсыздар? Соны тап басып атап, тапжылдырмай шұқып көрсетіп көсілші. Құлың болайын, қазіргі бар тілегім осы, – деп бұрынғысынан да жаман шүйіле қалмақ бекзадасының қақ маңдайынан оқ ата қарады. Қалмақты жаңағы әлсіздігі қайта баурады. Енді бұл бейшара екі оттың ортасында қалғандай. Ажал оғы қақ маңдайдан ба, жоқ, көк желкеден тие ме деп, жүрегі аузына тығыла бойындағы үркек қояндай сужүректікті алғаш рет сезінгендей, зығырданы қоса қайнап, өзіне-өзі келе алмады. Ескелдінің де күйі белгілі еді, ол қалмақтың мына соқтықпасынан шынында тіксіне оған бұл жолы ұзақ қадалмай, арт жақта құйысқан тістестіре емінген Тәттібай мергенге жалтақ-жалтақ етті. Бет-әлпеті жез құмандай сапсары, сақал-мұрты, қасы-кірпігі түгелімен аппақ, айыр қалпақты абыз пішіндес Тәттібай
мерген би назарынан соң атын тебіне онымен қатарласа кетті. Құлжан батыр, Кәшке, Құлжа, Көсембай, тағы басқалар да аттарын шайқақтатып, сатыр-күтір етісті. Бірақ биді баса-көктеп қайда барады, бар бітіргендері аттарын бір орында билей бастырып, қимыл сүйетін қолдарымен аттарының езулерін жыртты. Міне, қазақ шоғырының ішінде құйын жүгіріп өткендей осы кішкентай абыр-сабыр қалмақ бекзадасына әжептәуір ес жинауға мүмкіндік берді. Енді ол аз-мұз ерсіне сөздерін түйдектетіп, батылырақ шығарды: – Қазақтар қалмақтардан қулық асырам деп ойламасын. Қалмақтар ондай мәселеде намысты қолдан бермейтін халық. Біз сіздер түгіл, шүршіттердің өзін, олардың ең бір майталмандарының бөркін теріс қаратып кигізіп жіберуге жарағамыз. Шүршіттер – ұлы халық, әрі сан жағынан да олармен ешкім иық теңестіре алмас, ал сіздер бір-ақ уысқа сиятын аз халықсыздар, оның үстіне бізге бодандыққа мойынұсынған жағдайларыңыз бар. Сөйте тұра екіқабат әйелдің ішінде жатып бұлқынған, әлі тумаған баланың қылығына ұқсас өнер көрсеткілеріңіз келеді. Ескелді би мен Тәттібай мерген ғана емес, бұлардың ту сыртындағылар да мына неме нені салақұлаш етіп сойдақтатып келе жатыр десіп, абдырасып, әрқайсысы өз жүздерінен әрқилы таңырқау белгілерін танытты. Ал Ескелді тіптен шыдамсызданып, оның сөзін бөле киіп-жарды: – Әй, бекзада, сен осы бас зайсандардың бірінің жаңсақ жөн сілтеуімен адасып кеп тұрған жоқсың ба? Мүмкін, бағытың бұл емес шығар. Біле білсең, біз бұл қиырдың жұртына жатпаймыз. Біз сонау Жетісуданбыз. Осыдан үш жыл бұрын, қоян жылғы ерте көктемде қалмақтың ұлы қонтайшысының алғашқы соққысына шыдамай бері жер ауып, Қаратау асып жеткендерміз. Атамекенімізден айырғандарың аздай ат сабылтып, тағы не алашықтарыңды атап, ақиып, мінез көрсете сау еттіңдер мұнда? Бізді жүкті қатынның ішіндегі балаға да теңедің. Басқаны да айттың. Сонда көздегенің не? Жүйкелетпей сөздің түйінін тез нұсқашы,жарқыным! Жалпы екеуара ортақ тілде түсініскен қазақ пен қалмақ осындай ауызша текетіресте бір-бірінің түйсігіне дәл қона қоймайтын, киімге бөтен матадан жамау жапсырғандай одағай теңеулер, сөз саптаулардың орын алатынына өзара еттері үйренісе бастаған. Осы жолы да қалмақ бекзадасының сөзіндегі оспадарсыздыққа шамданбаса да болар еді, Ескелді би оны тағы бір қалтарыста еселеп пайдалануға қажет деді ме, тілінің ұшымен бір нұқып, ескертіп өтті де тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне асықты. Бидің осы тағатсыздығы қалмақ бекзадасына одан сайын жігер бергендей. Ол енді дағдыдағы сабырлы қалпын қайта тауып, жаңағы қазақ биінің мысы басқандағы орнықсыздығын, сасқалақтығын біржола жуып-шаюға екіленді. – Не алашақтарыңды даулап келдің дейсіз. Біздің сіздерде қандай алашағымыз бар еді? Ұмыттыңыз ба? – деп қалмақ бекзадасы тіптен зіркілдей сөйледі. – Тағы да қайталап айтамын. Сіздер бізге бодан елсіздер. Сол бодандықтың кепілі ретінде, әрі біздің сіздерге қарсы күш қолданып, тиіспеуіміздің басты шарты ретінде жыл сайын жан басынан бір-бір қарсақ терісін өткізіп тұру қажеттігі туралы келісім қайда қалды? – Ау, бекзада, сен осы қонтайшы ұрғасынан шықтың ба, жоқ, көктен түстің бе? Біз ол келісімді қалай ұмытайық? Осы жақында ғана он екі түйеге тиелген қарсақ терісін алып кетпеп пе едіңдер? Одыраңдаған жиырма шақты қарауылшысы бар өркешті жануарларды
маң-маң бастырып әкетіп еді ғой. Қалғанын қазан, қарашаға дейін өткіземіз деп уағдаласып едік қой. Ескелді осы сөздерді айтқанда, қалмақ бекзадасы оны қабақ астынан мұқият аңдыды. Қазақ биі осы қарасынан-ақ оның ет пен терінің арасындағы ғана емес, одан әріректегіні де қоса үңгіп, нысанаға алғанын сезді. Енді сасқалақтық атты пәле Ескелдінің өз тұлабойына тырнақ сала бастағандай. Қалмақ бекзадасы сәл салғыртып барып: – Сіз менің көз алдымда қазақ көсемінен гөрі қалмақтың қан базарларында қаптап жүретін шаман биін билеуші алдамшыға ұқсап тұрсыз, – деп салды. Ескелді бұл жолы шынында өз құлағына өзі сенбей қасындағы Тәттібай мергенге жалт қарады. Бидің жайын түсінген мерген атын тебініп қап алға шықты. Бұлардың соңындағы Малтабар, Құлжан, Кәшке, Дарабоздың күйеуі Құлжада, тағы басқаларда дақозғалыс байқалды. Тәттібайдың онсыз да жез құмандай сап-сары бет-жүзі тіптен өртеніп бара жатқандай: – Біз қоңсылас ел – қалмақтың талай бектерімен, зайсандарымен алқалы топтарда айтысқа түсіп едік, бірақ сен сияқты жас балаға пышақ ұстатқандай сөзді епетейсіз қолданатын бекзаданы көрсек көзіміз шықсын. Қалмақ жұртының ішіндегі сөз бен жөн білмесі өзім демесең кәне, келген шаруаңды нақтылап түйінде. Біздің де шыдамымыз таусылып барады. – Тәттібай мергеннің бұл сөздерінің тұсында арт жақтан тықыршыған дыбыстар тіптен үдеді, әлдекімдердің намысы қозып, не қилы әрекет төңірегіндегі ойларға да батқандай. Ескелді бидің соңында әлі де аттан түспей жыпырласқан отыз шақты жігіттердің арасында осыдан үш жыл бұрын Балпық Дербісәліұлының басқаруымен қалмақтың бірнеше түйеге артылған зеңбіректерін Іленің суына батыруға қатысқандар да баршылық еді. Әсіресе, солар бұлайша бас-көз демей өкіреңдеп жеткен қалмақтың мына шоғырын ізтозын қалдырмай Бадамның суына ағызар ма еді деген қиялға ерік беріп, онысы аяқ-қол қимылына ұласардай дегбірсізденісті. Қалмақ бекзадасы қайта сөйледі.Бұл жолы сөзді тіптен әріден бастап, Жоңғария мемлекетінің күш-қуаты, қазақтың екі бірдей астанасы – Ташкент пен Түркістанның жоңғарлар қолында екені, бодандық шарттары, өздерінің Қытай мен Ресей сияқты көршілес алпауыт елдер алдындағы беделі, ал осының бәрін тәптіштеп жеткізуші мына қалмақ бекзадасының өз басы сол Ташкенттегі қалмақ бегінің оң қолы екені турасында ой ақтарылды-ау келіп. Қазақтар барынша шыдамдылық көрсетіп, дүйім қалмақ жұртынан шыққан заржақ өзің шығарсың десті. Әйтеуір бір кезде басынан күн өткесін бе, әлде мұның желкелігіне көз тіккен өз адамдарының тықыры білінді ме, қалмақ бекзадасы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін іздеп тауып, нақтылап ежіктей бастады. Сонда ғана қазақтар іштерінен ауыр дем алды. Жаңа ғана Ескелді соңындағылардың кейбіреулерінің осыдан үш жыл бұрынғы қалмақ зеңбіректерін суға батыруға байланысты оқиғаны еске алуы текке емес екен. Бұл жолы да сондағы жәйттің бір бөлшегі қайталаныпты. Ол былай екен: жаңа ғана Ескелді би еске салған он екі түйеге тиелген қарсақ терісі қалмақ қонтайшысы отырған Ыстықкөл жағалауына да, тіпті мына қалмақтарға қолды болған Ташкент шаһарына да жетпепті. Жолай оларға құлағы қалқиған бір шайтан кездесіпті де, жиырма шақты қарауылшы топ шошынып, бет-бетіне қашып жоғалыпты. Сөйтіп, қарсақ терісі тиелген он екі түйеден тегіс көз жазыпты. Жиырма адам түгелімен
болған жайларды өздерінің бастықтарына, зайсандарға, басқаларга бірімен-бірі жарыса жыр ғып айтқасын аналар ауыр ойда қалады. «Апыр-ау, мұндай жағдай неге үнемі қайталана береді?» деген сұрақ төңірегінде үймелеседі. Ақыры, әлденеден сезіктеніп, осы Сырдария, оның Бадам, Боралдай сияқты салаларында отырған ел ішіне жансыздар жібереді. Осы төңіректердегі бұрыннан бар жансыздарды қоса түртпектеп, бұлар мәселені анықтайды. Қалмақтардың шайтан дегені шайтан емес, бәрі осындағы атақты қуақы Тұрлымбет Бекенұлы дейтіннің ісі екен. Өзі көсе, басында да қылау жоқ, арық денелі неме балшыққа басы-көзімен қоса бір малшынып шықса, әрі айдалада кездессе ескі хиссалардың кейіпкері – шайтаннан бір былай емес екен. Секемшіл жұрт одан неге шошынбасын? Міне, қалмақ бекзадасының қуып кеп тұрғаны сол Тұрлымбет, сол Тұрлымбетке қолды болған қарсақ терісі тиеулі он екі түйе. – Иә, ел басшысы Ескелді би, сол Тұрлымбетті, сол он екі түйені жүгімен қолымызға бүгін-ертең тапсырсаңыз. Әйтпесе, Жоңғарияның ұлы қонтайшысы Сыбан Рабтан сіздерге қарсы жаңа науқанды бастайды! – деп аяқтады сөзін қалмақ бекзадасы. Ескелді үшін ойланатын уақыт жоқ еді, ол істіктей сақалды иегін көкке көтере өзінде жоқ мінез көрсетіп, қарқ-қарқ күлді. Бұл күлкіні басқалар да іліп әкетті. Әсіресе, бұған дейін ашумен түйілген Тәттібай мергеннің күлкісі алабөтен еді. Мұның денесі селкілдегені соншалық, астындағы аты ытқып кетіп, Ескелді бидің қарсы алдында шырқ айнала, езуін жыра жаздаған ауыздық темірдің ырқымен ғана қайта орнына барды. Қалмақтар: «Мыналарды не жын соқты!»– дегендей сілейді. Ескелдінің және оның тобындағылардың сырт көрінісі осылай да, ал іштеріндегі ұланасыр дүниенің табиғаты бөлек еді.Бұл күндерде мұндағы елдің жатса-тұрса ойлайтыны мүлдем басқа-тұғын, міне, мына қалмақ бекзадасының «Сыбан Рабтан сендерге қарсы жаңа науқанды бастайды» – деген қоқан-лоққысы сол басқаны бұлардың ішкі жан жарасын ауырта жайқап өтті. «Апыр-ау, онсыз да бір науқанның буы бұрқырап жатыр емес пе?» – деген сұрақ бәрін көкіректен ұрды. «Әлде бұл қалмақтар ол науқанның өз пайдаларына шешілгенін естіп, қоқиланып кеп тұр ма?» Әңгіме, сонау Арқа жақта Торғай даласында Бұланты, Бөленті өзендерінің жағалауларында орын алуы ықтимал соғыс жайында еді, оған мына Ескелді бидің бас серіктесі Балпық Дербісәлі баласы мол күшпен кеткен. Ол соғыс басталды ма, басталса қалай жалғасуда, қалай бет алуда, қалай аяқталмақшы? Балпықтың хабаршылары, не өзі қашан келеді деп, батыс теріскейге қарағыштай бұлардың екі көзі төрт болған күн еді. Соны біле тұра мына қалмақ бекзадасының тағы бір науқан туралы сөз қозғауға қалай дәті барады! Осындай күдікті сауалдар асқан жылдамдықпен көкірегінен, миынан зуылдап өткенмен, Ескелді би өзінің жаңағы қалпын бұзбай сақтап, сол бағдарда өріс тапты: – Апыр-ай, қалмақтың ұлы қонтайшысы хақында ғайбат сөз айтуға аузым бармайды, тек ол кісіні қоршаған бас зайсандардың, қолбасшылардың қазақтың жерін шабамыз деп, бастары айналып, ақыл-естеріне зақым келгеннен сау ма? Еш барып, айдаладағы жыншайтанның ісін де қазақтан көргендері не сасқандары? Жын-шайтан, дию мен пері қалмаққа жау да, қазаққа қашаннан бері қарын бөле екен? Қалмақтың жансыздары ондайлықты қай жерде көзімен көріпті. Ал егер сіздер мұның бәрін Тұрлымбет деген қуақыдан көрсеңіздер, оны қолдарыңызға берейік. Даладан тышқан ұстаса арыстанның азуын қақтым деп бөсетін ол желбуаздың дақпырты Жоңғарияның ұлы қонтайшысының
құлағына жетсе, әй, қарағым, сіздер де ұсақтап біткен екенсіздер! – Ескелді осыны айтты да арт жаққа бұрылып, көп аттының ішінен өзінің тете інісі Естайды тауып, соған бұйрық берді. – Естай, сол Тұрлымбет шіркіннің кеше сенің ауылыңда екенін құлағым шалған, мына кісілерді ертіп апарып, өзің жолықтыршы. Қарсақ терісі тиелген он екі түйені сол жұтса, қайта құссын. Жолықтыр! Қарыздар қалмайық! Топ ішінен Естай бөліне берді. – Кеше Тұрлымбет шынында біздің ауылда еді, ұшарын жел, қонарын сай білетін ол кезбенін бүгін қайда екенін қайдан білейін? Бұл кісілерді апар десең апарайын, тек Тұрлымбет жөнінде ұятқа қалар жайым жоқ, – деп бірден басын арашалай сөйледі. Бұдан кейін Ескелді қалмақтарды тағы сөзге тартуға әрекеттенді.Ұлы қонтайшының денсаулығы жайында, Шұна-Доба, Қалдан-Серен сияқты бас қолбасшылар хақындағы пәлендей айыбы жоқ сауалдарды суыртпақтатты. Ташкенттегі қалмақ бегі ондағы байырғы халықпен қалай тіл табысып жатыр деп те сүйкеп өтті. Ара-тұра өзіне есімдері таныс қалмақтың екінші саптағы қолбасшыларын да ауызға іліктірді. Сондағы мақсаты бұл қалмақ тобынан сонау Торғай даласындағы қазақ-қалмақ қақтығысы жайында мысқалдап болса да бір ақпаратты сығып алу еді. Бірақ мынау сұңғыла қалмақ бекзадасы оңайлықпен қармақ қабатын ақ шабақ емес екен. Ол жағын өзі де ескертті. – Сіздер біздің бар құпиямызды өз аузымыздан іліп түскілеріңіз келеді. Қулық сіздерге де қонайын деген екен, – деді. – Бекзада, сіздер қулықты өздеріңіздің арғы беттегі көршілестеріңіз – ұлы халық шүршіттерден үйренесіздер. Ал біз қулық жөнінде қай заманда да сіздердің шаңдарыңызға көміліп келеміз. Шаңға көмілмесек, сіздерге бодандыққа мойынсұнар ма едік? Біздің қулық асырғанымыз осы ма? – деп Ескелді әлі де жылы жүзбен қалмақ бекзадасының ішіне ене түсті. Бірақ ол мүлдем сыр алдыратын емес екен. Ескелді сауалдарының баршасы да жауапсыз қалды. Ақыры қазақ биі: – Біз ежелден қонақжай халықпыз. Сіздер сияқты қоңсыластар түгілі жаудың табағына у салу деген бізде болмайды, – деп қалмақтарды дәмге шақырды. Бірақ мына бекзада уақыт тарлығын тілге тиек етіп, бас тартты. Сосын бұлар Естай аулына қарай қозғалып берді. Естайға Ескелді тобындагы Малтабар батыр және бірнеше қосшы жігіттер ілесті. Жаңағы қалмақ бекзадасының қазақтардың қулығы жөнінде тісінің арасынан сыздықтатып сөз шығаруы тегін еместей еді. Жаудың тізесі батқасын, әрі оған қарсы істер шара аздықтан анау-мынау қулыққа қазақтардың да бет бұра бастағаны рас. Жаңа қалмақ бекзадасына Ескелді би «Тұрлымбетті қолдарыңа берейік» дегенде қасындағы Тәттібай мергенге көз қиығын тастап үлгерген. Тәттібай мерген де өз кезегінде арт жақтағы Құлжан батырға көз тастады. Құлжан батыр қасындағы денесі серіппелі темірдей жас батыр Кәшкеге қарады. Аға буын өкілдерінің басына келген ойды бұл да тілсіз түсініп, қалған шаруаны өзі тындырды. Ол мынау анталаған қалмақтардың көзіне түспейтіндей етіп, екі жігітті оңашалап, дереу төмендегі Естай ауылына карай бой тасалап шабуға бұйрық берді. Ол екеуі қазір Ескелді би мен қалмақ бекзадасы арасында не сөз болды, бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай Тұрлымбет Бекен баласына жеткізулері тиіс. Бұған дейін Естайдың жұмсауымен қалмақтардың келе жатқаны туралы осы Естай,
Ескелділердің кенже інісі Бектұрған мен Ескелдінің үлкен ұлы Дөмей арқылы құлақтанған ол бұдан арғы амал-айланы өзі ойлап тапсын. * * * Қалмақтар Естай аулына жеткенде үлкен бір шудың үстінен шықты. Шеткі қостардың бірінен шаштары дудыраған екі-үш қатын әлдекімдерге өршелене айқайлап: – Кет, қараң өшкірлер! Кет! Жаудан қалған тамтығымызды енді сендер алмақсыңдар ма? Кет! Кет! Жоғалындар! – десіп жатыр. – Үй, құдай қарғағырлар, мә, саған, мә, саған! – деп екінші бір қатын тіпті долдана жерошақтан ағаш күрекпен көсіп алып, оларға қарай аспандата күл шашты. Үшінші, төртінші қатындар да бір-бірінен дауыстарын асыра қарғыстың неше түрін қарша боратуда. Бұлар кімге шабаланып, тілдерінің у мен зәрін төгіп жатыр, ол жағын Естай, Малтабар батыр бастаған қалмақтар тым жақындап барып қана ажыратысты. Айналасы он екі, он үш адам, өңкей не қазаққа, не қалмаққа келмейтіндей әлем-жәлем киінген біреулер. Ана түбі түскен шелектей қаңқу сөзді әйелдердің қоқан-лоққысын көңілдеріне алатындай ешқайсысы жоқ, қайта бір-бірінің соңдарынан тізбектеле секектеп, сырнай тартып, би билеп жүрген сайқымазақ топ. Қалмақтар бұларға таяқ тастамдай жер қалғанда Естай өзімен қатарлас ілбіген Малтабарға қарап миығынан күлді. Малтабардың да толған торсықтай жүзінде сондай күлкі нышаны білінді. Бұлардан соңырақ, мол қалмақ шоғырын оң қапталдан қыса қозғалган қазақ қосшылары да мырс-мырс күлісті. Тек қалмақ бекзадасының ғана көздері шарасынан шыға күлкі атаулыны өзіне дарытпай, тіпті адам мінезіндегі ондайлық құбылыс түсіне кіріп көрмеген жанша бетәлпеті өзгеріп кетіпті. Қарсы алдындағы көрініс әлдебір мейманасы асқандардың өзін мазақ ету үшін ұйымдастырған әрекетіндей шалынып, сол түйсігі ішіндегі жаулық пиғылын ұшы қатты бірдемемен түртіп өткендей қозданды. Көп ойланбастан ол алабөтен топтағылардың біреуін шаншып құлатпақтай иық қомдағаны, найзасының ағаш сабын шымыр саусақтармен сығымдай қысқаны, әрі түр-түсінің көмірдей қарауытқаны көзге ұрды. Басшының бұл сықпыты соңындағы қосшыларына да ауып, олар да күреңіткен жүздерін бір-бірінен асыра көтерісіп, көздерінің отын аямай төгісті. Таңырқасу, абдырасу сезімдері бәріне ортақ еді. Иә, қалмақтардың тамашалағаны тек әлеміш киімді әлдекімдер болса, бұлар бүйтіп, естерінен тана ошарылмас еді ғой. Ондайлықтың көкесі Жоңғарияның өз ішінде, әсіресе, атышулы қан базарларында жыртылып-айрылады. Қазақ ордасындағы мына тобырдың бір ақылға сыйымсыздығы сол – бұлар өңкей жарымжан кем-кетік, мүгедектерден құралған еді. Әрі қолдан жапсырып алды дейтіндей емес, жарымжандығы, мүгедектігі өзінен-өзі сайрап тұр. Мысалы, бірі соқыр, соқыр болғанда бір көзінің жанары түгелімен ағып түсіп, орнында қып-қызыл қуысы үнірейгеннің өзі. Сен мына кемістігіңді қолдан жасап, алдаусыратып тұрсың деуге жау екеш жаудың аузы қалай барады? Екіншісі ақсақ, бір аяғы тізеден екі бүктеліп жерге жетпей салбырап тұр. Әрі өткен-кеткеннің бәрі көрсін дегендей, шалбарының кеміс аяқ жақтағы балағы тізеден жоғарырақ тұстан қырқылыпты. Не аурудан екені белгісіз, әйтеуір шор болып біткен тізедегі айқыш-ұйқыш тыртық күн
көзіне сәулелене жарқырайды. Үшіншісі құныс. Аюдың қонжығындай домаланған неменің арқасы ғана бүкіреймей кеуде сүйегі де алға шығып иегіне тиер-тимес тұр. Өзі жартылай жалаңаш, мойнына оратылған ескі күлгін шүберек бөкебай ма, жоқ, қырық жылғы боз жейденің тамтығы ма, әйтеуір болмысындағы кемшілікті жасырғаннан гөрі жалпақ жұртқа одан әрмен алақайлатып тұр. Өзі соншама мәз-мәйрам, бір ашылып, бір жұмылған былшықты көздерінің айналасында күлкі іздері үйіріліп, жас балаша тасыраңдайды. Төртіншісі екі қолдан бірдей айрылған шолақ. Ал мұның қимылдары тіптен жан шошытады. Мал таптап, шаңдаққа айналдырған тұсқа қос құйрығымен жалп етіп отырады да, адамның екі қолы жасайтынды мұның екі аяғы атқара бастайды. Мысалы, аяғының ұшымен жерден тас алады да, оны әуеде қақпақылдап ойнап, кейде баспен де ұрып, аяқ ұштарымен қайта қағып алады.Бесінші, ол да ақсақ, бірақ алғашқы ақсақтай оның кемістігі тізесінде емес, сол аяғының ұшында. Тобықтан төмен жансыз, шамасы, ағаш балдаққа сүйеніп, бұл алға жылжыған сайын жансыз аяқ сүйретіліп келеді,әрі бұл ақсақтың екінші қолында қурай сыбызғы. Онысын аузымен үрлеп, неше түрлі әуенге басады. Әрі оған қосылып би билейтінін қайтерсің. Ондайда сүйретілген жансыз аяғы әлдебір жәндіктің құйрығына ұқсап кетеді. Қалған бес-алтауы да осындайлар. Бұлардың көш басында Тұрлымбеттің өзі. Іштеріндегі дені сауы осы ғана. Бірақ оның өзі де бетіне түк бітпеген көсе. Әрі оған ұстарамен тықырлап қырылған, жылтыраған басы қосылып, мұны да төрт мүшесі бүтіндердің қатарына қосуды қиындатады. Тағы мына сұмдықты қараңыз. Қалмақтарға ұқсап, ұзын жейде киген, бірақ сары емес, күңгірт түсті, әрі белбеусіз, мұның да қолында қурай сыбызғы, соңындағы ұзын тобырдың алдында секектеп би билеп, бұл да қилы-қилы әуенді құйқылжытады. Тобырдың ортан беліндегі жансыз аяғы сүйретілген сыбызғышының сазына бірде қосылады, бірде қосылмайды, сулы, нулы жерлердегі шегірткелердің үніндей бірқалыпты жіңішке дыбысты үзбей созып, шегенделіп тұрып алатыны да бар. Кейде кенет бөле-жарылып, тың өpіc тауып, екінші сыбызғышыны қоса ілестіріп әкетеді. Тұрлымбеттің қимыл-әрекетіндегі ең ғажайыбы бұл емес, басқасы. Аузынан сыбызғысын алып, жай ысқырыққа басады да, оны да әртүрлі созылмалы әуеннің жетегіне қосады. Тек бұл ретте шырқ айналып, өздеріне бағжиған мол қалмақ шоғырына арқасын береді де, қайта жалт бұрылғанда Тұрлымбеттің мүлдем өзгерген түрін көресің. Аузымұрны қисайып, бір жақ құлағының астынан бір-ақ шығады. Түксіз иек мұндайда үлкен қолқабыс тигізеді екен. Бұл иегін қисайтқан жоқ. Осы пенденің табиғи болмысының өзі солай деп, құлаққа әлдекім сыбырлағандай құлай сенесіз. Тек Тұрлымбет неше түрлі құбылған ысқырығын үдете тағы да кілт бұрылып, алқара көпшілікке арқасын бере қайта беті бері қарағанда жаңағы ауыз бен мұрын екінші жақ құлақтың астын барып паналайды. Ал ендеше. Өстіп тағы бір айналғанда Тұрлымбетті тіпті танып болмайды. Екі езуі керіліп, жылтыр иекті екі жақтан қыспаққа ала доғаша иіліп кетеді. Ал қабағы ше... Онысын тіптен атап сұрама. Қабағы бүкіл маңдай терісін соңынан ілестіре көздерін бүркемелей төмен түсіп, буаз қаншықтың желініндей салбырап кетеді. Ал тағы айналғанда онысының бәрі аспанға қарай шаншылып түседі. Тұрлымбеттің осы әрекеттерінің бәрінде де ұзынша тобырдың ән мен күйі, секектеген қозғалыстары мен биі толастамайды. Қайта одан әрі күш алып, арбай түседі. Әртүрлі
тақпақтар ма, жаңылтпаштар ма, жоқ еш мағынасыз сөздер ме, әйтеуір әртүрлі ырғақтармен олар да төгіледі. Кейде бәдік айтыс пен бақсы сарынына да ұқсап кететін тұстары бар. Тек мына бір шумақ қана баршасына айқын жетті. Үлкен керсең қалды да, Ac құйылды тегешке. Үлкен билер қалғанда Құлдар кірді кеңеске. Кеңескеңде не десті? Тырнадай мойнын теңесті. Теңескенде не десті? Біріне бірі серт қылды: Үйге кедей келгенде, Бір аяқ ас бермеске. Бұлар кімді әжуаламақшы сонда, әлгінде ғана түбі түскен шелектей қаңғырласып, өздерінің атына қарғыс жаудырған қатындарды ма? Жоқ, қазір олардың үндері өшіп, әрқайсысы өз індеріне кіріп жоғалған. Қатындар мына қалмақ шоғырын көріп бой жасырды ма, жоқ, Тұрлымбет бастаған кембағалдар үйірінен енді залал жоқтығын сезіп тынышталғаны ма, ол жағы да жұмбақтау. Тұрлымбет үйірінің жын-ойнағы басылар емес, қайта одан сайын өршіді. Әнебіреу көзі ағып түсіп, қызыл еті үңірейген неменің даусы жағымды екен. Ол Тұрлымбет пен бір аяғын сүйреткен ағаш балдақтының сыбызғысына бірде қосылып, бірде қосылмай әртүрлі қиқуға салады. Кейде ол қиқуларының соңы әлдебір халық әндерінің қайырмаларына ұласады. Бұлардың өнеріндегі бір ерекшелік – қай нәрсенің де басын бастап, оны аяғына дейін жеткізбейді. Үзік-үзік, қырық құрау. Қарағайды талға жалғап, одан әртүрлі будан шығармақ әрекетке де қатты ұқсайды. Иә, мына көріністен қалмақ бекзадасының басына ауыр салмақ түсті. Ол жаңа өзін қазақ биі Ескелдінің мысы басқандағы мүсәпірлігінен біржола айығып, мұнда шектен тыс доңайбатпен жеткен. Енді сол доңайбаты басқа бір тасқа тиіп, шытынап жарылғандай күйде тұр. Әжімі мол сүйекті жүзінің де ұшында күн сәулесі ойнағанмен, ол мұның ішкі жігерін тұтандырудың орнына күл-қоқысын аршып, оңып түскен реңкін жария еткендей. Малтабар батыр қалмақ бекзадасының осы шырайын дәл бағалады ма, ештемені көңіліне алмағансып: – Іздеген Тұрлымбетіңіз анау. Жаңа Ескелді би рұқсат етті ғой, жілігі татитын жемтік санасаңыз, өзіміз-ақ ұстап берейік, жә, ұстап беріп қайтеміз, ол ешқайда қашпайды, саусақ ұшымен ымдасаңыз, өзі-ақ алдыңызға келеді, – деді. Ол жағын қалмақ бекзадасы өзі де сезді, бұл шайқыбасты әкетсе, оның арты неге соғады, сол жағы сүймен темірдей мұның көкірегіне тиді. Арттағыларға бұрылып, олардан ақыл сұрау да абырой әпермейтіндей.Көз алдындағы ақ пен қарадай айқын нәрсені өзі де көріп байыптай алмаса, мұның несі бекзада деген сауал оларды айғыр үйіріндей азынатып жібермей ме? Қалмақ бекзадасын тұйыққа тірелткен қосымша бір хикмет Тұрлымбет соңындағы кем-кетік мүгедектер жайы. Онсыз да құдайдың кәріне ұшыраған сорлылар мына басшысы ұсталса ұлардай шулап, басқа бір дүниенің жарығын ашып жібермей ме? Әрі бұл кезде сонау Ыстықкөл жағасында жамбастаған ұлы
қонтайшының жаңа үкімі таратылған. Бұл шақта қазақтарды Жоңғарияға одан әрі бодандыққа тартуда тек қарудың күші емес, саяси келіссөздер мен шаралар да барынша пайдаланылсын. Бұл соңғы үкімнің әжептәуір көмегін де, артықшылығын да баршасы сезініп үлгеріскен. Міне, сондай жағдайда қалмақ бекзадасы болмашы бір нәрсеге арандап, абұйыр-атқа өз қолымен дақ салмай ма? Жоқ, жоқ, бұл Тұрлымбетке қол батыра алмайды. Ертеңгі күні бұл шешім қате шыққан күнде де мынау кем-кетік, мүгедектігі көрер көзге айқын бейшаралардың халі тұсау болды деп бас сауғалауының жөні бар. Міне, қалмақ бекзадасының суға батқандағы қармаған талы осы. Сөйтіп, осы талдан басқа қолына ештеме іліктірмей бос қайтты. Қазақтардың ас-суға шақырған ілтипатына да құлақ аспады. Бұлар бөгелместен Бадам өзенін осы жағалауымен жоғары өрлеп жүріп кетіп еді. Жолай Ескелді би аулын қайта баса-көктей өтіп, шаңдатып, түу шығысқа қарай қасқая тартқан. Өздері бері теріскейге өткен Бадамның өткелді тұсы сол жоғарыда-тұғын. Соған жетті де, аттарының ауыздықтарын алып, шап тартпаларын босатып, суарып, асықпай әрі өткен. Енді өздерінің ас-су ішуі үшін қолайлы жер іздеп келе жатқан. Кәусар сулы бұлақтар бұл маңда баршылық, солардың бірін таңдамақшы. Кенет бір қалтарыстан құлағы қалқиған үсті-басы қап-қара адам пішіндес қап-қара шайтан шыға келді де, көз алдарында талтайып тұра қалды. Бәрінен де шырақтай жанған көздерінің қарасын айтсайшы! Келе жатқан мол қалмақ шоғырын ішіп-жеп барады. Мұндайда қалмақ дегенің қазақтан да үркек халық. Қақ жарыла, шайтанды екі жақтан айнала шапты. Жаңа ғана іштері жарылғанша судан қанып ішкен аттар бауырларын жазып, дұрыстап шаба алмай ер үстіндегі иелерін одан әрмен үрейге батырды. Сөйтіп, қай-қайдағы бірТұрлымбет дегеннен көрген құқай мына жақтан шыға келді. * * * Ертеңіне таңғы астан кейін Ескелді би тағы да мол шоғырды көтеріп, ауыл сыртына шықты. Теріскей ойыстары иек астындағы сақалға ұқсап ұйысқан көкке толы да, күнгей беттері тақырлау төбе-төбелердің бірінен екіншісіне өтіп, уақыт өткізбекке ұқсайды. Жиыны отыз қаралы адам. Олардың ішіндегі ең белгілері кешегілер – бұл шаққа дейін өзіне сыралғы үзеңгілес достар ретінде қалыптасқан Тәттібай мерген, немере ағайынды Малтабар мен Құлжан батырлар, Көсембай, Кәшке, Дарабоз атты еркекшора әйелдің күйеуі Құлжа. Қалғандары жай атқосшы жігіттер.Бұл соңғылар жоғарыда аттары аталған Ескелді үзеңгілестерімен бірге би айналасында қабаттаса қақтығыспай оларды үркердей оқшау топ етіп алға салады да, өздері екі таяқ тастамдай жер артта жүреді. Ескелді тобы тізгін тартса, бұлар да темір ауыздықпен аттарының езуін жыра кілт тоқтайды. Ел басшыларының сөзіне құлақ қою, тіпті араласу бұлар тарапынан осы кезеңде сап тыйылған үрдіс. Жалғыз бұл емес, жаумен жағаласып, қашып жүріп, жалайырлар қазақтың басқа да біраз дағды мен үрдістерінен бас тартқан. Мысалы, сонау Балқаш көлінен арғы беттегідей тастөбеге екі қолы бос жұрттың тайлы-таяғына дейін қалдырмай тегіс иіріп қойып, иек шошаңдатып, мәжіліс құру да сиретілген. Енді қайтсін. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Ал құлағы салбырап, ел кезетін, сұмдықпен су ұрттаған қалмақ жансыздарына ол сөздердің мағыналарын жинақтап, сап-сабымен өз басшыларына жеткізіп тұру тіптен де қиын шаруа емес. Міне, осыдан жүрегі шайлыққан қазақ басшылығы ойлана келе айла-амал өзгерткен. Бұл кезде ең бір түбегейлі мәселелер
осылай ауыл сыртында, ат үстінде мұқият іріктелген, ел ұйтқылары, қолбасшылар арасында ғана талқыланады. Қазақ басшыларын – әсіресе қатты тітіркендіргені – қалмақ жансыздарының көрген көз сене алмастай ала-құлалығы еді. Тіпті осынау Ескелді бидей, Балпық батырдай, Қабан (Қабылиса) жыраудай адамдардың алтын-күміске бергісіз сөздерін тыңдап, жан ұшыра нұсқауларын орындап, елім дегенде ет жүрегі елжірер қарапайым жасақшылардың кейбіреулері еш пәледен өздері де сезіктенбестен сол қу аяқ қалмақ жансыздарының көмекшісіне айналғанын қайтерсіз. Міне, қазіргідей қосшы жігіттердің Ескелді қасындағы ел ұйтқыларынан екі таяқ тастамдай жер қашық жүруі де соның нәтижесінде орнатылған тәртіп. Ескелді өз қасындағы Тәттібайлардан да атын бүлкектете желдіріп,озыңқырап кетті де, кілт тоқтап, кері бұрылып, бұларға қарсы қарап тұра қалды. Енді ғана бір сөзді аузынан шығармақ еді, соңдағы қосшы жігіттердің арасынан екеудің бөлініп шыққанына көңілі бөлініп, бөгелді. Ол екеу өзінің кенже інісі Бектұрған мен үлкен ұлы Дөмей еді.Бұлар кешегідей ауылда қалмай, қосшы жігіттерге қосылған. «Мыналар қайда барады?» – деп Ескелді қабағын ажырайта олардың соңынан қарап, әрі айтпақ ойын басында пісіре түсті. Бірі ересектеу, екіншісі әлі әжетке жараңқырамаған екі бала ұзақ шапты. Алдымен еңіске құлап, артынан үлкендер тұрған төбеге сол батыс-теріскейлеу орналасқан екінші төбеге жарыса көтерілді. Ескелді тобынан бөле-жарылып өздерінше ту көтеріп шықпақ қылықтарына ұқсап кетті. Би қасындағылардың ең жасаңдаулары Кәшке мен Көсембай олар жаққа қарап миығынан күлісті. Бектұрған мен Дөмей өздері көтерілген төбе басында аттарын ойқастатып, біраз бөгелді. Ескелді олардың оқшаулануынан ойы бөлінбегенге ұқсап, тамағын кенеңкірей сұрғылт түсті жүзіне қайратын жиғандай көз алдындағы өз тобын кәперге алды. Мыналар да бидің осы райына жығыла оған барынша ынта, ықылас қойысты. Кенет Бектұрған мен Дөмей жарыса айғайлап кеп берді. Алғашқыда би тобына қарап, «біз бір ойын бастаймыз, қараңдар» дегенге ұқсас белгілері шалынып еді. Байқаса басқа, олар батыс жақтағы әлденені нұсқап, кеңірдектері жыртылғанша дауыс салуда. Енді елбасылардың бүкіл назары солай ауды. Бұлардан бөлегірек тұрған қосшы жігіттер де қару-жарақтарын сарт-сұрт еткізе, аттарын бір орында шырқ үйіре кері бұрылды. Бұл таңертеңгілік шақта күн жон арқаларынан түскендіктен батыс жақ кеңістік түз адамдарына барынша алшиып, етек-жеңін тым кеңге салып, мол ашылатын. Бәрінен бұрын осы биіктен түтіндеген төбелері мен мұндалайтын кешегі Естай аулын нысанаға алысып еді. Тек ол жақтан қыбыр еткен тірі тышқан көзге ілікпеді. Сосын да қос шырақтарын күштей мүлдем әріге салды. Алыс көкжиек, аспан мен жердің астасқан сызығы күннің басқа мезгіліндей емес, пышақ ізіндей айқын тартылған. Ол жақтан да алақайлап бөрікті аспанға лақтырардай еш жақсылық нышаны белгі бере қоймады. «Апыр-ау, мыналардың соншалықты неден шат-шәлекейі шықты, әлде үлкен кісілерді келемеж еткені ме? Жоқ, онсыз да жүйкесіне күш түсіп, тұралаған жұртты мынадай алмағайып заманда өйтіп, келемеж ететіндей Бектұрған мен Дөмей аса санасыз емес еді ғой». Осылай ойлаған үлкен-кішісі аралас шоғыр ол екеуін көздерімен тағы бір барласып, батыс көкжиеке қайта шұқшиысты.
– Ә, мен көрдім! – деген дауыс Кәшкенікі еді. – Мен де көрдім! – Мұны айтқан Көсембай. – Анау көкжиектен берідегі күреңіткен ойпаңға қараңыздаршы! Әне, әне, аздап шұбатылған шаңы да ағараңдады. – Кәшке дұрыс айтады. Мынау өзі қалың әскер ғой! – Қалың әскер ме, жоқ, мал-жанымен бері ығысқан қазақ көші ме? – Жоқ, Кәшке ұқсамайды! – Олай десең, тап осы Балпық батырдың жасағы болмасын. Балпық батырдың есімі аталғанда бәрінің тұлабойларын жылы ағын кернеді. Әсіресе, Ескелді би дүр сілкініп, құс қанатты қабағын сілке көтерді. Басындағы дулығасы да ұшып түсердей осы шалт қимылы қасындағылардың назарынан тыс қалмады. Екі жас – Кәшке мен Көсембай сөз жарыстырып барып, сәл тосылғанда Тәттібай мерген жабайы құсша саңқ етті: – Әй, бәрекелде! Мен де шалдым! Тек бұл мезетте Тәттібай мерген ғана емес, басқалар да көріп, шуласып кеп берді. Әсіресе, мына елбасылардан бөлек ошарылған жасақшы жігіттердің даусы қасты шықты. – Көрдік! Көрдік! – Мынау анық Балпық батырдың жасағы! – Әй, бөрінің артындай шуласпай, сәл сабыр сақтаңдар! Не деп болады бұл заманда! – деп Малтабар батыр айғайлады. Кәшке мен Көсембайда осы шеруді біз неге бірінші көрмедік деп, ана төбедегі Бектұрған мен Дөмейге қызғанышпен қараған рай бар. Мына көріністен Ескелді тобы бірден өзіне-өзі келе алмап еді. «Шынында не деп болады? Бұланты мен Бөлентіде қазақтарды жайпап салып, Ыстықкөл жағасындағы әкесі Сыбан Рабтанға асыққан Шұна-Добаның әскері емес деп қалай кесіп айта аласың?» Мына шеру тым алыстан шалынған, әрі жүрістері баяу, Ескелді тобын екі ұдайылыққа салып, ұзақ салғыртатын түрі анық. Осы екі ортада бұлар тұрған төбенің күнгей жақ ойысынан екі атты шыға келді. Бұлар Естай мен Тұрлымбет еді. Тұрлымбеттің түрі арқажарқа. Баршаның көз жанарын ауырта тартқан батыс кеңістікке ол да алақтағанымен мұның өз қызығы өзінде, онан да менің шашбауымды көтерсеңдерші деген раймен әркімнің ықыласын өзіне бұра сығыраяды. Бұл райын алғаш байқаған Тәттібай мерген. Батыстан көрінген шоғыр жөніндегі күдігі сап-сары жез құмандай жүзінде жазулы тұрғанмен де Тұрлымбеттің астына көпшік қоюға қайрат тапты. – Апыр-ау, Тұрлымбет, мен сенің талай хикметіңе куәгер жанмын. Сонда да кешегіңе өз басым сене алар емеспін. Сенбесіме тағы лаж жоқ. Сонда деймін-ау, сен жел-құзсың ба, жоқ, әлде өзіңді әзірет Әлінің пырағы жалына жабыстырып әкете ме? Сонау Естай аулында өңкей кембағалдарды ілестіріп, жынның ойнағын ұйымдастырып, қалмақтарды естен тандырасың, кенет ол қалмақтар аттың басын кейін бұрып, пәледен машайық қашыпты дегендей, шұғыл аттанып кеткенде Бадамның сонау өрінде оларды құлағы қалқиған қап-қара шайтан болып қарсы аласың. Осыған өнерің қалай жетті? Тұрлымбет жылтыр иегіне күн сәулесін ойната сөйледі:
– Би-ағам айтпады ма, қазақтың көп жігіттері бір ұлы науқан алдында әскер ойынына берілудің орнына қалмақтар үшін қарсақ соғамыз деп, арса-арсасы шығуда деп. Сол жазғандардың бейнетін шектеу үшін тапқан өнерім ғой. Қуақы жігіттің осы жауабы тұсында оларды тағы да бөгде жай елең еткізді. Ол Тұрлымбеттің «ұлы науқан» деген сөздері еді. Бұл көп ешкімнің аузынан шығып жүрген тіркес емес. Сонда да әркімнің көкірегінде жатталып, сығымдалып, мағынасы тастүйін түйнекке айналған ұғым. Бірақ ол жайында ешқайсысының айқын түсінігі және жоқ. Қашан, қай мекенде, қандай көлемде орын алатын ұлы науқан, ол жағын бұларға нақтылап ашып берген бір де бір дуалы ауыз болған емес. Соған қарағанда, сірә, олардың өз көкіректерінде де айқын шешім қалыптасып үлгермеген сыңайлы. Бірақ ерте ме, кеш пе, оның бұрқ ететіні даусыз, себебі қазақтар қаншама бойкүйез, керенау аталғанмен өз ата-қонысында қалмақтардың бүйтіп тайраңдауына мәңгілік көне бермек емес қой. Жер теңгедей, аспан тебінгідей. Міне, батыстан көрінген бір шерудің бұларды осыншама алаңдатуы да іштей әлдебір дүрбелең күткен сондай орнықсыздықтан еді. Ескелді би үзеңгілес серіктерімен аз-кем ақылдасқан соң біраз қосшы жігіттерді теріскей бетке, Сайрам шаһарының төңірегіндегі ауылдарға жұмсамақ еді, енді ол шаруаның бәрін де кейінге қалдырды. Мыналардың кім екенін анықтамай еш қимыләрекетке кезек тимек емес. Соны ашып айтты да. Кенет Малтабар батыр беті бұлтиып бір ұсыныс білдірді. Оны Тәттібай мерген мен Малтабардың немере інісі Құлжан батыр құптай жөнелді. – Есекем, мынау шерудің қозғалысы тым баяу, бүйтіп сең соққан балықтай сенделгенше, өзіміз жүрдек атты біреулерді жіберіп алсақ қайтеді? – Әп, бәрекелді! Нағыз жөн сөз! Бүйткен мең-зеңдіктен не пайда? – Тек кімдер болып шықса да алақайлап қарсы алғанға ұқсамайық. Елеусіздеу біреулер қарсақ соғып, адасқанға жорытып, құстай ұшып барып, құстай ұшып кері қайтсін. Ескелді би бірден келісті. Барып қайтуға Кәшке мен Көсембай іріктелді. Олар аттарын ойнақшытып, ойысқа қарай құлай жоғалғанда би маңындағылар ер үстінен ауып-ауып, жердің жұмсақ қыртысына табандарын тигізді. Қу шөпке жамбастарын басып, бірден құлай кеткендері де бар. Жарты бие сауымындай уақытты бұлар шыдамдылықпен өткеріп салды. Көсембай сонда қалыпты да, елгезек, ұшпа мінезді Кәшке қайта оралды. Аш қасқырдың беліндей іші ішіне жабысқан Кәшке ер үстінде солықтап, түкірігіне шашалып аузындағысын әрең жеткізді: – Би ағам, жәмиғат, ол келе жатқандар Балпық та емес, басқа бір жау да емес, өз адамдарымыз, – деп барып қайта түйіліп, әрі астындағы аты ойнақшып, сөзін бірден дамыта алмады. Бұл Кәшкенің соңғы бірер жылда түрі де аздап өзгергендей. Бұрынғы тағалы аттың ізіндей дөңгеленген, тебіндеген сақал-мұрты қарайыңқырап, молырақ жайылып, жүзінің жартысына жуығын жасырып әкетпектей дендей бастаған. Шаладай жанған көздерінде де жалын молырақ, әрі онсыз да тотығыңқы жүзі мынау оңтүстіктің күні астында әбден-ақ күйген екен, алақандай темір сынығына ұқсайды. – Ол келе жатқандар, би аға, жәмиғат, естеріңізде ме, сонау қоян жылғы көктемде жау алғаш шапқанда біздің жалайырдың балғалы атасына қарасты ел баршамыздан бұрын ірге көтеріп кетпеп пе еді. Олар сонау Сырдарияның төменгі ағысынан, Қазалының
ойысынан, Арал теңізі маңынан бір-ақ шығыпты деген лақап жетпеп пе еді? Мыналар солар. – Апыр-ау, не айтып кеттің? – деп Ескелді би күйкентайдың қос қанатындай қабағын көкке сілки ажырайды. – Балғалы туысқандар ма, сонда? – Осынша жыл хабар салмаған олар неғып, аты-жөні жоқ, бері жылжып берді екен? – деп, Малтабар батыр суырылып алға шықты. – «Арқада күн жақсы болса, арқар ауып несі бар?» деген қазақта бір сөз бар емес пе? Сол Сырдарияның төменгі ағысы, Қазалы ойысы жақта да бір дауыл көтерілген ғой. – Мұны айтқан Тәттібай мерген. – Бүкіл қазақтың басын дәл осы жолы қайтсек те қосамыз деп, сонау Қаратаудың теріскейі мен күнгейінде кезек домалап, көшіп-қонып жүрген Төле би жарықтық жанжаққа жар салуда деп естуші едік қой. Мүмкін, содан мыналарға да жел бітіп, ең алдымен өз туыстарымызды табайық, тоғыссақ, солармен тоғысайық деп ірге көтерген шығар. – Бұл Малтабар батырдың немере інісі Құлжан батырдың сөзі. – Құлжан батырдың жорамалы менің көкірегімдегі қыл қобызыммен үндес шықты, – деп Дарабоздың күйеуі Құлжа да қарғадай ғана бойымен ер үстінде құнжың қақты. Төле би Әлібекұлының есімі аталғанда баршасы тосын күй кешкендей. Себебі, Төле би есімі бұлар үшін жай есім емес еді. Төленің осылар қарадан шығарып, хан тұтқандай Ескелді би Жылгелдіұлының нағашы атасы екені өз алдына, жалпы Шыңғыс нәсілді – төрелердің салы суға кеткен, жау мәртебесі күнді көлегейлеген күңгірт, тар жол, тайғақ кешулі заманда қандай да дұрыс бағдар, жөн іздеп аласұрған көңілге бір медеу сол қалың дулаттың жанысынан шыққан ұлы бидің айналасынан жаңғырығып жететін дақпырттар болушы еді. Міне, қазір де Ескелді маңындағылар Төле Әлібекұлының мол пішілген жаратылысын, даналық тұнған, ақ қылаң қаба сақалды айбарлы жүзін, айналасындағы оның бір сөзін де қалт жібермей баққан атышулы, ақ шулан сақалды жезтаңдай шешендерді, қайыс алақан батырларды, әрі сол алқақотан көптің ортасындағы құйма алтындай сұсы бөлек, әрі бұл шақта жалы күдірейіп, тез жетілу үстіндегі Сабалақ атты баланы елестетісті. Сол елестің жетегінде өздері көз нысанаға алысқан батыс көкжиекті де ұмытысқандай. – Жоқ, ағалар, олай емес! – деп, саңқ еткен Кәшкенің даусы бұларды ұйқыдан оятқандай еді. – Бүкіл ел көшіп келе жатқан жоқ. Солардың сөз ұстарлары ғана. Айналасы небәрі қырықшақты ғана адам. – Кәшкенің даусы қатты шыққанмен өз-өзінен қылғына әрең сөйлеп, әкелген хабарын осылай нақтылай түсу де ол үшін үлкен қиындықка соққаны көрініп тұр.Бұл, сірә, осы хабарды неғұрлым тезірек жеткізсем деп бері қарай жүрегі тым алып ұшса керек. – Солай десеңші! – Е, бәсе! – Мен де ойлап-ақ едім, – десіп, мына тұрғандар өздерінің елес, қиял жетегінде кеткенінен ұялысып, жаймалап, қайта жамыраса бастады. – Ал ішіндегі басшысы кім, анықтадың ба? – деп сұрады Ескелдіби. – Басшысы, би ағам, ілгеріректе айтушы едік қой, ныспысы да, бет-ажары сізге ұқсаған деп. Сол, сол Есентүгел!
* * * Осыдан екі бие сауымындай уақыт өткенде бұлар күткен жолаушылар Ескелді би үйінің ішінде сығылыса жайғасты. Би үйі он екі қабат еді, қырық шақты жанға бәрібір орын тар, ішке кіргендері шамамен жиырмаға жуығы, қалғандары іргесі түрілген үйдің сыртында торкөзді ағаш керегеге құлақтарын жапсыра жантайысты. Осындағы ел адамдары да солай. Ортада дастарқан жаюға әрең жететіндей кішкене ашық жер қалдырылды да, Ескелді өзі бастап, келген қонақтарға қарама-қарсы орналасты. Сырт пішіндеріне қарасаң тап бір үлкен дау-шарға түсетін, бір-бірінде алашағы барлардай-ақ. Шындығында, мұның өзі бір түрлі қызық кездесу болды. Мынадай жау шапқан заманда атамекендерінен ажырап, әлдебір қиырларда тоз-тозы шыққан елдің саяқтары қапелімде ұшырасса өлікке дауыс айтқандай өкіріп жылап, бір-бірінен көпке дейін құшақтары ажырамас еді ғой. Ал мына кездесуде тіпті де олай емес. Рас, екі елдің басты адамдары бір-бірімен төс қағыстырды-ақ. Басқалары да сөйтті. Тек өкіріп жыламақ түгіл, көздері шықтанған ешқайсысы жоқ. Бұл екі топта салған жерден бір-бірімен көбірек көз сайысына түскен Есентүгел мен Ескелді. Мұндай күтпеген кездесуден, әртүрлі түйткіл-жорамалдардың көкірек сүйегін кеміріп жеуінен естері танған басқалардың да көз еттері ауыра бастап еді, сонда да бірбіріне қаршығаша қадалған екі ел басшысының өзара назар алмасулары бәрінен басым түсті. Алғаш ақыл тапқан Ескелді сияқты. «Апыр-ау, келген кісіге жас балаша мұншама сұқтануым әбестік, әрі оны да ыңғайсыздандырамын ғой», деп қос шырағын одан ала қашқысы келгенмен, олар ырыққа көнбеді. Ақыры көз сайысы жалғаса берді. Тек тіл байлаулы. Мың жылдық тозаққа барабар ауыр үнсіздік. Тек бір кезде Ескелдінің желке тұсынан Малтабардың даусы күмбірледі-ау: – Көрмегелі көп заман. Көп дауыл, көп әпселеңді өткердік. Қайғы-қасірет кеудемізді қара тастан қатты шер-шеменге толтырды. Ондай күйден өздерің де құр алақан емес сияқтысыңдар. Сонда да біздің халіміздің шырғасы көбірек-ау деймін. Себебі, көңілдегі көп болжам мен көз алдымыздағы көріністің былай басын қосып, байланыстыра алмаған сең соққандай халіміз бар. Сол халден өздеріңіз арылтыңыздаршы. Не жаймен жүрсіздер? Жарығым, жаңылыспасам, сенің ныспың Есентүгел ғой, – деп, сөзінің соңын жалайырбалғалылардың басшысына үңіле тиянақтады. Есентүгел өз тобы алдында тікесінен-тік, қос өңірі, жеңі кестеленген сұп-сұр масаты шапаны иығынан түсіңкіреп, мойны сорайып отырған. Анадағы шабуыл кезінде қарақалпақтар сыпырып әкеткен киім-кешегін айналасындағылар саясат ойланғансып, айнытпай тез қайта жасатып, үстіне жапқан. Ауыл-ауылды кездіріп, тап сондай масаты таптырып, кесте тіккіш әйелдердің үлкен тобын жұмысқа жеккен. Бұл Есентүгелдей басшыға үмітпен қарайтын көптің көңіл күйі үшін қажет деп есептескен. Сонда қарақалпақтар Есентүгелдің маңдайына жара салғанмен киім-кешегіне саусақ ұшын да тигізбеген болып шығады. Есентүгелдің өзі де сондай аттыны жөн көрген сыңайлы. Қазір ұшы түйнектелген ұзын мұрнын сәл көтеріңкірей, ойқы-шойқылы арық бет өңірін қарсы алушылардың емін-еркін тамашалауына берген. Бұл Малтабардың сұрағына зарықтырмай іле жауап қайырды:
– Сонау Жетісуда, әкем күйеу, шешем келін болған мекенде азан шақырып қойған ныспым Есентүгел екен, ал мынау Сырдың бойында ол жалғызсырамасын деп, оған қосақ жалғадым. Ендігі ныспым – Жарықбас Есентүгел. Жалайыр-балғалылар басшысының оң жақ самайынан жоғарырақтағы сынық тағаның ізіндей жылтыраған тыртықты мұндағылар алғаш бетте-ақ, ол алдыңғы жиегі қиық қоңыр киіз қалпағын басынан шешкенде-ақ байқаған. Тек онысы бұрыннан бар ма еді, жоқ, кейін жапсырған белгісі ме, сол жағына ғана ой жүгіртіп үлгермепті. Енді жалайыр-балғалылар басшысының мына сөздерінен соң ғана баршасы соған қадалысып, мұнда бір гәп барын, тіпті, бұлардың ойда жоқта бұлай келісінің өзі сол айдың үш-төрт жаңасындай көкке шаншыла біткен таңбаға байланысты екенін пайымдасты. Жарықбас Есентүгел сәл үздіктіріп барып, қайта суырылды: – Мынау менің басыма түскен жараның ізі құдайдың жеке өзіме тартқан сыйсыбағасы деуден және аулақпын. Бұл сонау Сырдарияның төменгі сағасы, Тереңөзек аймағы, Жаңадария жағалауы атты мекендерде сары қамысқа тығылған қалың балғалылардың көкірек сүйегіне ойылып түскен сызат деп атаймын. Өз жарамды көтерер ем, ел жарасы шыбын жанымды темір табаға салып шыжғырды, қайтейін. – Жарықбас Есентүгелдің осы сөздері тұсында мұның екі жанында отырған бірі кәрі, бірі жас – екеу сәл қозғалақтап, жөткірінгенге ұқсас қимылдар жасады.Бұлар, сірә, өз басшысының салған жерден ағынан жарылып, күрт түсіп, мына Ескелді би қарамағындағы жұрттың алдында аласаруына намыстанған сыңайлы. Жасырағы сәл елгезектеу екен, шидем шекпенді кішкентай қушық денесін сәл көтеріңкірей, көкшіл көздері мен бетіне үшбұрыштана жапсырылған қып-қызыл мұрнын қарсы алдындағы Ескелді биге ғана емес, басқаларға да жағалай бағыттап, шолғыншылық жасағандай: – Айыпқа бұйыра көрмеңіздер, біздің бір ішімізді тескен күдіктен тынышымыз кетіп барады, – деп ол кенет құсша сайрап қоя берді. –Тынышымыздың кететіні сол – біз осындағы ел басшыларын түгендей алмай отырмыз. Ескелді ағаны көріп, көзайым болғанымыз өзінше бір мәртебе, өзінше бір төбе қуаныш. Ол жағын түр-түсімізден-ақ оқып, танып отырған шығарсыздар. Би ағадан кейінгі мұндағы екінші тұлға – Балпық батыр Дербісәлі баласының Арқа жерінде, Бұланты өзенінің жағалауында екенінен құлағдармыз. Батырдың ол жорықтан әлі орала қоймағанын топшылаймыз. Тек жібектей сөзі мен әні алыстағы елдің де жүрегін жібіткен Қабылиса-Қабан жырау Асан баласы қайда, араларыңыздан ол кісі неге көрінбейді, ол кісінің даусы неге естілмейді деген сұрақтар қоянның құлағынша қалқиып, кесе көлденеңдейді, қайтейін? Бұл сөйлеген Алғазы ақын еді. Тәттібай мерген Ескелдіден соң жаңағы Малтабар батырмен қатарлас шөккен. Енді сол абыз пішіндес жүзін тасадан жұлып алғандай сәл көтеріле кетті: – Жаңа өздеріңіз сипаттағандай, біздің де көкірек сүйегімізде сойылып түскен ойық ізі бар. Көңіл күпті. Ормандай көп Орта жүз, Кіші жүз – алшын, тіпті олар түгіл осы өзіміздің ұлы жүздік ағайындардың бас-аяғы қайда, қайда жөңкіп жүр, анық сезіп отырған біз жоқ. Қабан жырау Асан баласы кешегі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда да бір орында байыз таппас жан еді. Ал мынадай күнде байласа тұрар ма? Ел-елден, жержерден хабар әкелемін деп жол жүріп кеткелі не заман? Балпық батыр мен Қабан жырауды күте-күте көзіміз талды.
Алғазы ақын алған жауабына тояттанбағандай одан әрі қозғалақтады. Бір жайдан қасындағы Жарықбас Есентүгелге сығалай көз тастап, тағы бірдеме десем зекіп тастай ма деген күдікпен де тартынған түрі бар. Осыны аңғарған Ескелді би дауысын сәл майпаздаңқырап: – Жөн сұрап, жол болсын айтпақ біздерден. Жаңа біздің жайымыздан мына Малтабар батыр сыр ашты-ау деймін. Лебіздеріңізге ынтықпыз. Жайғаса орнығып, асықпай шешіліңіздер, – деді де есік жаққа бұрылды.– Кәне, сусын әкеліңдер. Жалайыр-балғалы адамдары қатты қаталап келген екен. Онысын жасырмастан ағаш тостағандармен ұсынылған езілген құртты қылқ-қылқ еткізіп жарыса жұтысты. Сусын ішіліп болар-болмаста Жарықбас Есентүгелдің сол жағындағы кәрісі – жіпсік көзді, екі жағы суалыңқы қара шал Жүсіп тіл қатты: – Сіздердің халдеріңізге Малтабар батырсыз да қанықпыз.Бұл күнде бүкіл қазақтың желкесінен қара тас басып тұр емес пе? Жаудың салған ауыртпалығына ауыртпалық қосар ойымыз жоқ еді. Алламның жазуы осылай. «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма», – деген. Шешілмеске халіміз нешік. Бұдан кейін Жарықбас Есентүгелдің жалғыз өзі көсілді. Екі жақ та сілтідей тынып тыңдады. Түнеу күні шілде айында Тереңөзек аймағындағы Сырлытам кесенесін тамашалауға барғанда басталған оқиғаны сап-сабымен бүге-шігесіне дейін қалдырмай баяндады. Өздерінің жылқы барымталағанын да жасырмады. Ақырында, алшындар мен қарақалпақтар бірігіп, жылқыларын кері қайтарып қана қоймай, оған қоса бес жүзге тарта қыз-келіншектерден, жігіт-желеңдерден тұтқын әкеткенін, өздерінің енді бұлардан көмек сұрап келгендерін қадап айтты. Жарықбас Есентүгелдің сөзі таусылғанда онсыз да жүні жығық балғалы адамдарының одан әрмен еңсесі түсті. Іргесі түрулі үйдің тор көзді ағаш керегесінің ар жағында, сыртта отырғандардың ішіндегі егделеу біреуі еңкілдеп жылай да бастады. Оған «қой» деген ешқайсысы жоқ. Ал үнсіз көздерінен тек жас парлағандар тіпті көп. Тіпті сөз ұстаушылардың қатарындағы Алғазы ақын мен Жүсіп қарияның да көздерінің айналасы шықтанып, қарсы алдындағыларға тура қарай алмай именшектейді. Тек Жарықбас Есентүгелдің өзі ғана қаққан қазықтай серейген күйі, ұшы түйнектелген ұзын мұрнын Ескелді биге көтеріп, арық бет өңірінде бір суық сәуле жүгіріп тұрғандай. Ескелді би балғалылардың қазіргі қалпын ойша саралап, бұлардың осы сапарға оңайшылықпен бел бумағанын ұқты. Әрі-сәрілікке ұшырап, ұзақ сансырап, басқа барар жер, басар тау таппаған соң осылай ат басын түзегенін түйсінді. Иә, бұлар ендігі тағдырымыз өз қолдарыңда, не бұйырсаңдар да құлдық, бір құдай мен өздеріңнен басқа жан сауға сұрар жеріміз жоқ деп, бәріне мойынсұнып, иіліп келіп отыр. Ескелді би осылай толғаса да ақсұр жүзі мүлдем басқа ойдың жетегінде кеткен адамның реңкін береді. Ол да шындықтан алыс емес. Ескелді жаңағы түйсігімен қатарлас тағы бір сауалға үйірсектеді. «Апыр-ау, осы балғалы көсемін жұрт маған ұқсата беруші еді, ол ұқсастықтары қай жерінде», – деп, соны зерделеуге қоса кіріскен. Бәрінен де Ескелді Есентүгелдің ішіне қарай опырылған арық бет өңірін назарға алды. Әлденеден Жарықбас Есенгүгелдің беті ғана емес, ақылы да опырылған, ел басқаруға өресі төмен адамдай шалынды. «Жә, оның ақылын безбенге салып неғылайын, мысалы, менде ақыл
көл-көсір, бірақ ол өз жұртымның не қажетіне жарап жатыр? Қазір көп ақылдың қажеті шамалы, тек біріккен күш, жауға қарсы ортақ майдан керек, соны баршаға ұқтырар тіл мен жақ керек». Жаңа Ескелді би өзінің жарықбас тұрғыласының ақыл мөлшеріне күмәнданғанда оның мұндай көмекті қарақалпақтар алғаш шапқасын-ақ іздеуі керек еді ғой, олардан жылқы барымталауы жөн бе еді, күш арасалмағын неге ескермеген деген сияқты сауалдар түртпектеген. Малтабар батыр жас бидің ойын оқығандай екен. Мұның онсыз да толған торсықтай жүзі тіптен ісініп-қабынып кетіпті. Көздері де жасаурағанға ұқсайды. Ескелді оң жағына бұрылып, әдейілеп назар аударғанда бұған солай көрінді. – Жарықтықтарым-ай, ақай жоқ, тоқай жоқ қарақалпақтар алғаш шапқаннан кейінгі қимылды былай тереңнен толғап барып, іздестірмедіңдер ме? – деді Малтабар батыр. Ескелді бидің сол жағынан тынысы білінген Тәттібай мергеннің де біраз сұрақтар көкейін тесіп бара жатыр еді. Бірақ ол Малтабар батырмен жарыспайын дегендей әзірге тілін тартты. Малтабардың сөзіне Жарықбас Есентүгел, Алғазы ақын, Жүсіп қария үшеуі бірдей елең етісіп, үшеуі қатарлас сампылдай жөнелердей қомданысты. Бірақ біреуі де аузын ашып үлгермеді, онсыз да жоғары түрулі киіз есікті иығымен қаға бір қосшы жігіт кіріп келді. Іштегілерді басып кетердей, оның түрінің өзгерісі жаман еді. Ол түкірігіне шашалып, әрең сөйлесе де даусы қатты шықты: – Би ата, сүйінші! Сүйінші! Балпық батыр келе жатыр дейді. Шығыны аз, сыңайы нағыз сәтті жорықтың өзі болса керек. Әне,хабаршы келді, – деп, қосшы жігіт ашық есік жақтағы сыртты нұсқады. * * * Бәрі сатыр-күтір етісіп сыртқа ұмтылысты. Енді балғалылар мен мұндағы өзге жалайырлар ию-қию араласып кеткен. Киіз үйлердің ара-арасынан сытылып шығып, әлдекім қамшылап, таяқтап айдаған ірі қара малдай жондары жылтырай жосылып бара жатгы. Бадамның суы көрінетін жиекке жете кілт тоқтасып, көздерін алақандарымен көлегейлей батыс жақты бір кісідей жұмыла назарға алысты. Ескелді мен Жарықбас Есентүгел топтың дәл алдында. Бәйтеректей сорайған бойлары соңдағылардың бәрінің көзіне түсіп, екі басшының айтып ауыз жиғанша өзара тіл табысып, басқа жұрттан бөлектеніп шыға келгеніндей әсер етті. Ескелдінің осы тұрыста ең алғашқы тісінен шыққан сөзі: – Сіздерге жолай бұлардың қарасы көрінбеп пе еді? – Жоқ, Ескелді, Есекем, биекем! – деп әуелде Ескелдіні қалай атарын білмей сасқалақтаған Жарықбас Есентүгел жандәрмен жауап берді. – Оның үстіне бұлар өзге бағдармен келе жатқан сияқты ғой. Біз Бадам өзенін жағалай өрлегеміз. Боралдайдың да суын осы Бадамға қосылар тұста кешіп өттік. Ал мыналар сәл теріскейлеу беттен көрінді ғой. Бұлар Боралдайдан өтсе, оның орта тұсын кескен шығар. Әріректегі Бөген өзені арқылы Қаратаудан құламасын. Бүгіндікте осымен екінші мәрте батыс көкжиекке тесіліп, көз майларын тауысуға мәжбүр осындағы ел бірінші жолғыдай даурығысып, сөзді көбейтіп әкетпеді. Әрі көрінген шоғырдың анық кім екенін Балпықтың өзі жіберген хабаршы арқылы білген көпшілік біршама сабыр сақтады. Жаңағы балғалылар көсемі Жарықбас Есентүгелдің айтқаны рас.
Балпық әскері сәл теріскейлеу бағыттан ақ түбіттей шаңды көлбете созып, ел қарасын көруге асықпай мамырлаған қалыпта шалынды. – Жарайды, жақындағанда тағы шығармыз, – деп Ескелді би кейін бұрылды. Қалың көпшілік те бұзылған сеңдей бір-біріне қару-жарақтары соқтығысып, кері толқыды. Балпық қолы Ескелді би аулына бие сауымынан астам уақытта жетті. Бұлар теріскей беттен көрінді дегенмен де би аулына жақындағанда әскердің көбісі Бадамның арғы түстік бетіне өтіп кетіпті. Бергі жағалауда Балпықтың өз соңында әскердің аз бөлігі ғана. Ескелді би тобы манағыдай Бадамның суы көрінетін жиекте, сай ернеуінде тұрған. Арғы беттегі қалың әскер тобы аттарын ойнақшыта бергі жағалауға қарап, ұрандап айғайлап кеп берді. Бір өзеннің екі жағалауы дегенмен де араларында қозыкөш жердей қашықтық бар еді. Бірақ түз адамдарының көздері де, құлақтары да сақ. Осындай қашықтықта да емін-еркін дидарласады. – Ес-аға! – Биекем! Биекем! – Жеңіспен оралдық, биекем! – Ес-аға! Жеңіспен оралдық! Жеңіс! Жеңіс! – Жау мәртебесі құлдырады! – Уа! Уа! Сірә, оларды би аулын баршамыз баса-көктеп шаңдатпайық деп, Балпық өзі бұйырып, арғы жағалауға өткізіп жіберсе керек. Би аулының тұсынан өстіп ұрандап өту де сол жас батырдың ұсынысы, шамасы. Ол жағын атынан түсіп, өздеріне жаяулап жақындаған Балпықтың ажарынан таныды Ескелді. Иә, батырға байлық берме, махаббат ләззатын сыйлама, егер оның басына бақ қондырам десең, осылай жауға қарсы соғыста жеңіс әперіп, мерейін өсір. Аса қатты күлімсіреп, асып-тасқан Балпық жоқ, тіпті дөңгелек жүзінде күлкі табын көру де қиын, қайта ұрты суалыңқырап, шаршап-шалдыққандық белгілері жыраланып жатыр. Тек кіп-кішкентай құмалақ сияқтанып дөңгеленген көздерінен ғана бір ұшқын шашырайды. Міне, Балпықтың тап қазіргі ішкі сарайын сол бір ұшқын жалпақ жұртқа жарықтандыра жариялап тұр. Балпық Ескелдіге тіпті таяғанда арғы беттегі ұзыннан-ұзақ шұбатылған әскер жақтан жеткен дауыстар тіпті күшейіп еді. – Би-аға! – Ес-аға! – Жеңіс! Жеңіс! – деген дауыстар бірін-бірі баса-көктей жаңғырып жетті. Әлденеден тілі байланған Ескелді енді ғана ес жиып, бұл да сол арғы беттегілерге қарап айғайлады: – Ақсарыбас! Ақсарыбас! Сол кезде Ескелдінің ту сыртынан шыққан дауыстарды тіптен атап сұрама. Бұл жолы би соңында манағы Ескелді мен Есентүгелдің соңындағы шоғырлар ғана емес, бүкіл ауыл киіз үйлерін, жаппаларын, қара қостарын, шошалаларын тастап шығып, кемпір-шал, балашағаларына дейін қалмай осында жетіпті. Қарашұбарланып, тарам-тарам аяқ-қолдары бар, жер бауырлаған алып жәндіктей сүйретіліп, баса-көктеп барады. Олар да ұлардай шуласып, аңырап кеп бергенде Ескелдінің құлағы тұнды. Әсіресе, арғы беттен де, бергі
беттен де естілген «Жеңіс!», «Жеңіс!» деген сөздер ет пен сүйектен жаралған денесін көк сүңгідей бойлады. Иә, қорыққан мен қуанған бірдей деген. Балпық тіпті қарға адамдай жақын келді. Бес қаруы түгел өзінде. Дулығасының маңдайдан тік түскен қазықшасы қабағын екіге бөлгенмен, қос шырағы бір-бірінен жұп жазбастай одан сайын жарыса жымыңдасады. Қара темір сауытының әр-әр жерлері қатты үйкеліске түскендей жылтырап сәуле шашпаққа әрекеттенгендей. Тек төс сүйегінен төменіректе қазақтар «Тағдыр» атаған ойық тесік қана сезімсіз, түйсіксіз адамның ешнәрсеге селт етпес сипатын бере ме? Жазмышқа қарсы бар ма, егер құдай өзіңді соғыс үстінде алам десе, жау оғына да бір саңлау керек деген көне заманғы ырым бойынша қалдырылатын тесік. Ескелдінің назары Балпықтың бет-ажарынан тайқып кетіп, сол тесікке жеткенде кенет жіпсіз байланды. Алғашында күлдірмамай мылтығының ұңғысындай үңірейген неме бір түрлі суық тартса, енді одан айнып, «жаудың бір де бір жебесін өңешімнен өткізбей, Балпығыңды аман сақтадым ғой, енді менде не көз құның бар?»– деп жазғыра қарағандай. Бара-бара ол күнәсіз жас баланың реңкін де еске салды. Одан көзін жұлып алғанда Балпық өзіне тіпті қарама-қарсы тұр екен. Би мен батыр құшақ айқастырды.Бұл екеуінің қалмақ шапқалы бері тұңғыш рет ұзақ мерзімге айрылысып, тұңғыш рет осылай төс тиістіріп көрісуі еді. Ескелдінің соңындағы ел ендіенді бұларды басып кетер еді, тек би мен батырдың осылайша беттескенін көріп, үлкен бөгетке соқтығысқан тоспа судай иіріле толқыды. Балпықтың соңында бұған ең жақын келе жатқан Жайнақ пен Қосай еді. Ел басшыларының қалай жолыққанын тамашалай бұл екеуі де жетектеулі аттарының тұмсықтарына дулығаларын қағыстырып жүріс тоқтатып еді. Ол екеуінің сөйткенін байқап, сондағы қалың әскер де доғаша иіріліп барып іркілді. Өзеннің арғы бетіндегі ұзақәскер шеруінің ұран айғайы әлі толастамаған. Олар бергі беттегілер неге бір-біріне жетпей бөгелісті, ол жағын ажырата алмаған сияқты. Жеңіс қуанышы, өздерін сол жеңіс қуанышын көруге жазған қудайдың кең пейілділігіне деген ризалық қос өкпеден қысып, өңештерінен жалын атылатындай. Балпық Ескелді құшағынан балалығы оянғандай ажырап, қастарында қаққан қазықтай тұрған Жарықбас Есентүгелге өзі жыға танымаса да соншама жылы шыраймен сәлем берді. Ескелді бише ол да құшақ ашса бул қарсы болмас еді. Тек Есентүгел әлденеден өзінің сырт адам екенін білдіргісі келгендей құшақ ашпай алдыңғы жиегі қиық қоңыр киіз қалпақты басын барынша төмен иіп, қос қолдап амандасты да қойды. Бұл несі? Батырдың басындағы бағын қызғанғаны ма, жоқ ара-тұра ұрымтал тұстан тиетін жын мінезінің, не өлшеулі ой-өрісінің әлегі ме? Тіпті бұл сұраққа қамшы тастамдай кейіндеу жерде көп ішінде сығылысқан өз адамдары – Жүсіп қария мен Алғазы ақын жауап таппай тұнжырасты. Есесіне, Жарықбас Есентүгел сәлеміндегі бұл олқылықты басқалар толтырды. Ең алдыңғылардан Тәттібай мерген мен Малтабар жас батырға барысша ұмтылды.Бұл екеуінің құшағында Балпықтың темір сауыты сықыр-сықыр етті. Басқалар да кимелесіп, бірін-бірі күшпен ығыстырып, жеңіспен оралған батырдың ет қызуын өз кеуделерімен тезірек сезінуге жанталасты. Алдыңғы осындай үйме-жүйме көптің ішінде Жүсіп қария мен Алғазы ақын да бар еді. Балпықпен құшақтасып көрісуге өздеріне кезек тигенде бұлар жас батырға тас кенеше жабысып, көпке дейін жібермеді. Қалың нөпірдің
екпініне шыдамай шетқақпайланып қалған, бұзып-жарып өтуге қауқары жоқ Дарабоздың күйеуі Құлжа өзінің Балпықка әзір жете алмасын сезіп, басқа ермек тапты. – Батырым-ай, батырым, бағланым-ай! Аман-есен жеттің бе? – деп, осалдық жасап, көптің ту сыртынан боздап жылап жіберді. Балпыққа басқалардан гөрі өзінің бір табан жақын екенін осындағы алыс-жақынға ескерткісі келгендей біраз сөзді қоса саудыратты. – Біздің андастан мұндай батыр бұрын шықпаған да шығар. Менің жазған ағайым Дербісәлі баласының басына бақ қонғанын көріп, жүрегі жарылып өледі-ау! Сан құқайдан тірі шығып ең, мынандай қуаныштан шәйіт кетпегей! Бұл кезде шығыс теріскей жақта, Сайрам шаһарына дымы құрып әрең жететін Сайрамсу өзенінің бойында отырған Дербісәлі, Балпық ауылдарында әлдебір жағдайдың орын алғанынан хабардар Құлжа әсіресе, іштей қан жылағандай. Өз қосағы, жауға қарсы тайталаста әйелге тән біраз іс атқарып үлгерген Дарабоз сонда, Ескелдінің үзеңгілес серіктерінің бірі – Қожаназар баласы Есенбайды да Дербісәлі әке-көкелеп қасында ұстап отырған. Соңғы күндері онда әрқилы келімді-кетімді кісілер де көбейген. Мұның бәрі не жайға байланысты, оны қарғадай ғана бойы бар, ұшпа мінезді, бірақ өте ақкөңіл жан Құлжа жақсы біледі. Ескелді тобына осыдан екі күн бұрын келіп қосылғанмен білгентүйгенін биге жеткізудің орайы келмеді, әрі Құлжаның өзі де асықпады. Бұл әулиелігі ұстап, бүгін-ертең Балпықтың қара көрсетуінен үміттеніп, ең алдымен соның өзіне хабарласа, басқалар, сол арқылы естіп, білсе, құлағым тыныш болар еді деп есептеді. Міне, Балпық та жетті, енді жуарақпанда оны оңаша алып шығудың сәті түсе қоймайтыны айдан анық. Құлжаның Дербісәлі есімін атап, жырлап, жылап беруі сондай дәрменсіздіктен, әрине. Ескелді би өз тобындағы ең кішкене адам, елгезек Құлжаның көңіл күйін мынадай аттың жалы, түйенің қомында қайдан ескерсін, мұның барлық есіл-дерті Балпық пен оның соңындағы Жайнақ пен Қосайға, қалың әскерге, әрі өзеннің арғы бетіндегі сол әскердің екінші бөлігіне, олардың айғай-ұранына ауды. Иә, би басына көптен болмаған бір көңілкүй орнады. Бұл «Жеңіс!» атты өзі күні-түні көксеген, бірақ әзірге қол жеткізе алмаған қасиетті құбылысты аңсады. Сол бір сүйкімді ұғым, қасиетті құбылыс төңірегіндегі сезімтүйсіктен көкірегі қарс айырылып, мынау өзі аяғымен басып тұрған қара жердің беткі қыртысын қаттысынбай құшақтай жығылғысы келгендей сыңайы бар. Барша халықтың басындағы азалы күнді, туған жерден қол үзгендегі көкірек жарасын, жау оғынан, жол азабынан, әрі жолай жабысқан әртүрлі дерттен шәйіт кеткендердің күйігін кетіретін бір ғана дауа сол жеңіс, жеңіс сияқты. Ата жауға қарсы күресіп, жеңіске қол жеткізсе, барлық кесепат қолмен қойғандай із-түзсіз жоғалатыны күмәнсіз. Былай қарасаң бұл бес жасар балаға да аян ақиқат сияқты, сөйте тұра ел басшысы, кемеңгер ақылды, осы жасында біраз сұрапылды бастан өткерген Ескелді би Жылгелдіұлы сол ақиқатты тұңғыш рет жандүниесімен терең сезініп үлгергендей. Бұл кездесу бие сауымындай уақытқа созылған шығар. Келушілер мен қарсы алушылардың арасында еркек-ұрғашысы аралас көздерінен сорасы аққандар да көптеп табылады. Ол жағынан Жарықбас Есентүгел адамдары да қалыспады. Қайдағы бір қарақалпақ, алшын сияқты өз ағайындарымызбен бір аяқ асқа таласып, ақырында қорамызды бұздырып, қойымызды алдырғанша осы Балпық батыр Дербісәлі баласының
жасағына қосылып, ата жау қалмаққа қарсы неге соғыспадық, сөйтсек, абыройымыз сонда ашылып жатса, оның жарасы әлдеқайда жеңіл болар еді-ау деп, даусын көкке бойлата ұлығандар да бар. Ию-қию көптің ортасында бетінің бір түгі де қисаймай қаққан қазықтай тұрған ұзын бойлы Жарықбас Есентүгел өз адамдарына қабақ астынан белгі беріп, ызғар танытып тыйым салуды ойламады. Тіпті өйткен күнде де олардың мұның тілін ала қоюы екіталай. Басқаны қой, өзінің ежелгі үзеңгілестері Жүсіп қария мен Алғазы ақын да бұған арқасын беріп, басқа жұрт, басқа мақсатқа аңсарлары ауғаны анық еді. Демек, Дарабоздың күйеуі Құлжаның өз көз жасы үшін ұялатын еш реті жоқ. Қалың көпшілік кейін қайта толқып, Ескелді би үйі тігілген тұсқа қарай лықсыды. Мана Жарықбас Есентүгел адамдары келгенде тарлық еткен би үйіне мыналар сыйсын ба, бұлар бас-аяғы жоқ қалың нөпір болып, тік жүріп барып, кенет ауыл сыртына қарай бет түзеді. Қазақтардың бір салты сыртта бас қосса жазық жерді емес, төбелі, дөңесті жерді таңдайды.Бұл сөйлейтін ел басшыларының, би-шешендердің түр-түсін қалың көпшіліктің көріп отыруына, әрі аядай кеңістікке неғүрлым мол жүрттың сыйысуына қолайлы. Қазақтың бүгінде жау қолындағы екі астанасы – Түркістан мен Ташкент қалаларының сыртындағы Гүлтөбе атты мінберлер сондықтан да тарих жадында қалса керек. Мыналар да сондай бір төбеге құмырсқаша үймелесті. Бұған қоса Ескелдінің тапсыруымен мол киіз үйлер тігілген ауыл ортасынан осылай қарай атпен торсық-торсық қымыз, езілген құрт, қайнаған су сияқты ішімдіктер тасылып жатты. Әрі бір күнде екі бірдей мол шоғырды қарсы алған Ескелді аулы мініске енді жарамсыз деп табылған бір қартаң жылқыны да құрбандыққа шала бастап еді. Қатар атқарылған сол шаруалармен бірге төбе басына жайғасқан Балпыққа жақындап барып жүз көріспекке әлі де ұмтылушылар легі таусылған жоқ. Солардың арасында Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмилә, тағы біраз бұларға шеше іспеттес кемпір-сампырлар бар еді. Бұлардың сұңқылдаған даусы біраз адамның көңілін одан сайын бұзып жіберген. Төбенің тап басында, Ескелдінің қасындағы отырыста да тіп-тік Жарықбас Есентүгелдің кім екенін Балпық әлі ажырата алмап еді. Бірақ сұраған жоқ, өздері таныстырар деп күтті. Тек Қабан-Қабылиса жырауды, Қожаназар балалары – Есенбай, Есенғабылды, тағы біраз көрнекті ел адамдарын жоқсынды. Олар жөнінде екі-үшеуі жарыса қысқа-қысқа жауап қайырды. Біраз жайғасқасын осындағылар Арқа даласында өткен соғыс жайында Балпықтың өз аузынан әңгіме тыңдауға үздігіп еді. Бірақ Балпық ол жайында аузын ашатын емес. Есесіне жас батырдың екі иығына мініп алғандай оның ту сыртынан көтерілген Жайнақ пен Қосайдың белсенділігі артып еді. Солар сөйлей бастағанда осы төбедегі елді қоршай аттарын ойнақшытқан әскер бірте-бірте сирей бастады. Олар осы Бадамнан жоғары, әрі шығыс теріскейдегі Сайрамсу, Қасқасу, Ақсу, Жабағылысу сияқты өзендерге қарай шашырай орналасқан өз ауылдарындағы бала-шағаларына қарай асыққан. Ал Бадамның арғы бетіндегі Балпық әскерінің екінші бөлігінің айғай-ұраны бұл кезде құлақтан мүлдем өшіп еді.
*** Қосайдың бір айтқаны:
– Біз негізінде Кіші жүз батыры Тайлақтың қосынында соғыстық. Бапекем де бұған қарсы болмады. – Биыл небәрі жиырма бір жастағы Балпықты «Бапекем» атауы батырдың жаңа бір сатыға көтерілгеніндей қабылданды. Осы сәттен сол атау жас батырға біржола телінді. – Бапекем айтты, біз алыстан жеттік, жер жағдайын бұлар жақсы біледі, көкірек кермейік, қазақ жасағының бір қолдан басқарылғаны абзал. Біз баршамыз Тайлақ батырға бағынамыз, деді. Ой, қалмақтар Бұланты өзенінен бір Қарасиыр деген жерге карай жөңкіле заулады ғой. Қарасиырда олардың қосымша күші бар екен. Солармен қосылып, бізді маңдайдан переміз десе керек. Алғашқыда перді де ғой. Ең өкініштісі тап сол қарқында әлгі ошақтының Саңырық батырының сол жақ иығын оқ қиып өтті. Бұл өзі бізге басшы Тайлақ батырдың шеше жағынан немере жиені болып шықты. Туыстықтан емес, екеуіндегі мінез, ақыл-айла туыстығы бұларды қосақтап ұстайтындай. Айта кетейін, Тайлақ батыр жас кезінде мергендікпен аты шыққан адам екен. Ал мына ошақты батыры Саңырық та құралайды көзге атқанның өзі. Тайлаққа шәкірт ретінде көп бауыр басқан ба деп ойлаймын. Себебі, ұрыс үстінде Тайлақтың айналасында осы алшын батырының қасқабағын бағып қана қимылдайтын садақшылар легін ажыраттым. Саңырық та кейде солардың арасында. Тек оның өз қоластында да бөлек қосын болғандықтан соның әуселесімен көбірек кетеді. Кейбір садақшыларды кейде Тайлақ маңындағыларға қосып береді. Бұл жағын анық түйдім. Қалмақтарды Бұлантыдан Қарасиырға қарай ығыстыруда сол мергендердің шаш етектен пайдасы тиді. Жалғыз Саңырық емес, Қарасиырға таман басқа да біраз қазақ жасақшылары оққа ұшты. Бірақ Саңырықтың жаралануының өкініші басым. Бұл Тайлақ сияқты кексе емес, жігіт ағасы атауға әрең боларлық. Сонда да тіс қаққан қолбасы. Кейін білдік, бұл Саңырық Ошақтының Тасжүрек атасынан шыққан Тоқтыбай дегеннің бір әйелінен туған үш ұлдың біреуі екен. Ағасы Дөнен, інісі Сарымерген дегені де есімде. Міне, осы үшеуі де осы соғыстың ішінде екен. Жайнақтың айтқаны: – Мен Қарасиырдағы соғыста айналасы оншақты адаммен бірге қалмақтардың қолына түсіп қалдым ғой. Бізді Саурық батырдың жасағы құтқарды. Әйтпесе, енді-енді кеңірдегімізге ит жауыздардың пышағы қадалғалы тұр еді. Бір қалмақ сарбазы маған қанын ішіне тартып, кіжініп былай деді: «Сендер, зәнталақтар, біздің бас қолбасымыздың қашқанын біліп, тап бердіңдер ғой», – деді. Мен амал жоқ, «Қолбасыларың қайда қашты?» – деп сұрадым. Қалмақ сарбазы: «Ақыр өлетін адамсың, сенен құпиялап неғылайын», дегендей көзбен шұқшиып: «Бізде қонтайшы Сыбан Рабтанның екі әйелінен туған екі баласы ежелден бақталас емес пе? Шұна-Доба бас қолбасы да, Қалдан-Серен жай қолбасы. Қазір Қалдан-Сереннің аруағы асып, ол өз әскерімен осы біз жаулаған қазақ жерінде Шұна-Добаға қарсы лап қойыпты да, бірден қусырып әкетіпті. Шұна-Доба Еділ бойындағы Қалмақ хандығына қарай сегіз адаммен қашып құтылыпты», – деді. Өзім өлім аузында тұрсам да бұл сөздерді жадымда тұттым. Әрі құтылып шығуға деген аңсарым күшейді. Сол кезде тапқан амалым: «Құдай берген кең көмекей қайдасың», – деп, бар даусыммен ақырып кеп бердім. Бір-екі қалмақтың жүрегі судағы балықтай шоршып түстіау деймін. Бірақ біз небәрі оншақты-ақ адамбыз, бізді бұрап салуға басқаларының да шамасы жетті. Сол кезде біз тосын дүбірді естідік. Саурық батырдың жасағықозыкөш жерде ұйпа-тұйпасы шығып, сырт пошымы қол-аяғын бірде жазып, бірде бүккен көп аяқты кесірткеге ұқсап, майдан құрып жатқан. Менің даусымды естіп, оны көмек
сұрағанға ұқсатып, Саурық батыр бір шоғыр жасақшыны бізге қарай өзі жұмсапты. Mінe, солардың көмегімен тірі қалдық. Жайнақ батырдың адам түгіл қара еменді тітіркентер ерен даусы туралы аңыз бұл кезде бесіктегі балаға дейін аян. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын қалмақ шабар қарсаңда оның осы даусынан түйе үстіндегі бала құлап, оның арты он екі ата жалайырдың екі тармағы – сиыршы мен мырза арасындағы соғысқа ұласа жаздап, оны басуға Ескелді бидей адамның қайрат-жігері керек болғаны бар. Сосын да Жайнақ батырдың бұл баянына күдіктенушілер шықпады. Ал Ескелді, оған қоса басқа да ел басшылары Жайнақ батыр әңгімесіндегі Шұна-Доба мен Қалдан-Серен арасындағы қақтығысқа елеңдесті. Бұлардың пайымдауынша Жайнақ қоспасыз шындықты жеткізіп отыр. Себебі, мұндай сыбысты, алып-қашпа әңгімені би маңындағылар соңғы күндерде өзге тосын жүргіншілер арқылы да естіген. Би әлденеденөзеурей мойнын созып: – Әттең, қалмақтарды осындай алты бақан, ала ауыз, ынтымақтан айырылған шағында қайта шабар ма еді, – деп салды. Бағанадан қаққан қазықтай селт етпей отырған Жарықбас Есентүгел осы тұста Ескелдіге жалт қарады. Сірә, бұл жалайыр-балғалылар басшысы бұлармен қауышқалы жарты күнге толмаған уақыттың ішінде көп нәрсегеқаныққандай. Қосай мен Жайнақтың қосарласқан әңгімелері жалғаса берді. Олар бірауық көздерімен көрген, не құлақтары шалған жекелеген жайларды да ортаға тасырлата тастайды. Солардың бірі Кіші жүз қолының бір қанатына иелік еткен Есет батырға байланысты еді. Көнекөз қария өзіне қарасты сарбаздарды шайқасқа енгізеді де, төбе басында ту ұстап, ұрысты бақылайды. Жан алысып, жан беріскен арпалыста бір жас жігіт ерекше қимылдап, жауды жайратады. Енді бір шақта ол жас сұрпереннің өзі аттан ауа бастағанға ұқсайды. Қарт батыр Есет «әттегенайлап» қолындағы туды қисайтып алады. Сонда қып-қызыл қантөгіс ортасындағы әлгі жігіт сурылып шығып, шапқаннан шауып, Есетке жетеді. – Батыр аға, қолыңыз талды-ау, сірә, ту жығылмасын! Кәне, енді туды мен ұстайын, маған беріңіз! – дейді. – Жаным, жаңа сенің ерен қимылдарың үстінде мен керемет тебірендім, туды саған табыстайын, тек сен ныспыңды, шыққан тегінді аташы, – дейді Есет. – Ныспым Дәуқара, әкем Қарақожа, Байбақтының Әлтеке тармағынанмын, – дейді жас батыр. – Жауға есесін жібермеген арғы атаң Байбақтының аруағы дарысын! – деп Есет бата беріпті, әрі туды қоса тапсырыпты. Қосай мен Жайнақ осы соғыстың соңғы жағына қатысып үлгерген Қанжығалы Бөгенбай батырдың ақылымен өлгендерді төбе басына жерлеу рәсімінің қолға алынғанын, бірақ бұлар өздерінің ит арқасы қияннан келгендерін тілте тиек етіп, оған қарамағандарын да жасырмады. Міне, осындай ағыл-тегіл әңгіме үстінде үнемі бір жайдың ғана басы ашық қала берді. Ол аталмыш Саурық батырға байланысты. Жаңа Жайнақ батыр аз тана адаммен жау қоршауында қалған өзін Саурық батыр арнайы жасақ жұмсап құтқарғанын айтқанда Балпық батырды, әрі осында төменіректе көп әйелдердің қақ ортасында көмілген Ескелді бидің бәйбішесі Ақжәмиләні көзімен бір сүзіп өткен. Ақжәмилә өзі үшін ең бір күтпеген жәйт осы болғандай-ақ екі қабағының ортасын шытынатып, дүр сілкіне Жайнақтың
аузына телмірген. Ал Балпық екі бетін тырсита жүзін төмен салған. Ақжәмилә мен Балпықтың мұндай кескіндерін осындағы ақ сақалды, сары тістілердің біразы байқасқан да еді. Ия, бұл жерде қандай топ бар? Гәбі сол – Саурық батыр осы Балпыққа да, Ақжәмиләға да өте жақын туыс, тіпті немере аға еді. Он екі ата жалайырдың бір тармағы Андастың бес әйелінің төртіншісі Ақбұрым шешеден Қалқа, Түшімбет, Төлес тумай ма? Ал Қалқадан Дүйсенбі, Дүйсенбіден Таймөңке, Қайдауыл, Қанқожа, Лeпec туады (Әрине, бұл аталғандардың ара-арасында көп буындар, көп аталар бар).Ал мына отырған Балпықтыңәкесі Дербісәлі осы соңғы төртеудің ішіндегі Қанқожаның бел баласы. Ал Саурақ батыр осы аталмыш төртеудің ішіндегі Қайдауылдың бел баласы. Ал Ақжәмилә осы Қайдауылдың басқа баласынан туған шөбересі ғой. Міне, қарт батыр Саурық Балпыққа да, Ақжәмиләға да немере аға емей кім? Ақжәмилә ол ағасын бұл тіршілікте, әлі көрмеген де еді. Балпық Торғайдаласында онымен тұңғыш рет жүздесті.Бұған не себеп? Былай қарасақ Саурық батыр елден қашып, саяқ жүретін жанға мүлде ұқсамайды, бітімі бөлек еңселі батыр. Сөйте тұра бұлардың көзіне түспеуі неліктен? Шежірелерден жеткен бір дерекбойынша Саурық Қайдауылдың көп әйелдерінің ішіндегі алшын қызынан туған баласы екен. Қайдауыл өлгесін алшын қызы күндестерініңтүртпегіне шыдамай,ол кезде оңы мен солын танып үлгермеген Саурықты алып, сонау батыстағы өз төркініне, Кіші жүз Тама еліне көшіп кетіпті. Сонда Саурық жоғарыда аталған, өзінен бір жарым мүшелдей үлкендігі бар Есет батырдың қарамағында өсіп, қару ұстауды үйреніпті.Торғай даласындағы, одан бұрынғы өзге де қақтығыстарда әмсе екеуінің жұбы жазылмауы сондай ескілікті ұстаз бен шәкірт арасындағыдай іліктестіктен екені даусыз. Бірақ Саурық өз елін де ұмытпады, ара-тұра өз атажұртына да із салып отырады. Тіпті бір ретінде өзіне ұстаз есепті алшын батыры Есетті де ерте келіп, бабалар мекеніндежыл жарымдай бірге жата-жастаныпты. Есет екеуінің Жетісу өлкесіне сапары хақында ел аузында біраз аңыздар сақталған. Ал Саурық батыр ең соңғы келісінде, бұл шұбырынды заманынан он жылдай бұрын шамасы, әлдеқандай күнде арнайы белгі ретінде қажеттігі туар деп, Қараталөзенінің оң жағалауына осында өлген тұлпаратының бас сүйегін, сынық тағасын көміп кетіпті. Тек бұл еңселі батыр өз туған жеріне біржола неге оралмайды? Сол жағы ғана баршасына жұмбақ. Дербісәлі, не басқа да ескі көздер ондай атты сауалдарды үнемі жауапсыз қалдырады. Сосын да ол жағынқазбалап, тақақтай беруге былайғы жұрттың жүрегі дауаламайды. Қалай да осыған байланысты іштерінде бітеу жара бары аян. Иә, қашан да қазақтың іші бітеу жараға толы ғой, мынау да соның бір мысалы. Жайнақ батырдың да ол жөнінде мардымды білігі жоқ, мұның бір байқағаны бұлар Торғай даласынан бері аттанардан сәл бұрын Саурық пен Балпық екеуі айдалада оңаша дидарласты. Оларды сырттан баққан Жайнақ пен Қосай, басқалар қарт батырды өзінің жас туысынан ел жайын ұзақ сұрастырғанға ұқсатты. Бергі көп күндік жолда Балпық Саурық хақында аузынан бір де бір дыбыс шығармады. Кейде батырға деген ризашылығын қайтақайта жаңғыртқанмен де Балпықтан гөрі Саурыққа бір табан жақындығы бар Ақжәмилә да бұл мәселеде аузын буып ұстайтындай.Мұнысы көзі көрмеген туысқа суықсырағандықдеу де қиын.
Талмай жамырасқан Жайнақ пен Қосай ойларынан жаңылып, бір тұсалған мезетте Балпық күңгір етіп, әңгімені тосын жайға бұрды: – Жарықтық қазақтың жері ұшы-қиырсыз, тіпті қисап жоқ екен. Төккен қан, шыққан жанға арзитын дүние.Бұл жайды мен осы жолы Арқа жерінде біліп қайттым. – Қазақтың жерінің ұшы-қиырсыздығын Арқаға барып білдіңіз бе? – деп, сәл төменнен Алғазы ақын таңғы құстай сұңқылдады.Бұл өзі құралпылас жап-жас, бірақ шын мәнінде батыр тұлғалы, басына бақ қонған Балпыққа қос жанарын шықтандыра қызғана қарауда еді. –Анау біз тұмсық тіреген Арал маңына, Қазалы ойысына келіңізші. Мынау аспан асты, алпыс екі ғалам түгел қазақтың жері сияқты алшияды да тұрады. Сондай шетсіз-шексіздікте жау қайдан шығады, оларға не жетпейді деп ішегімізді тартатынымыз және бар. Бұған Ескелді жауап берді. – Жоқ, шырағым, сен Балпық сөзінің астарында не түйір жатқанын аңғармадың. Сөз бір басқа да, кейде оның түп-тұқияны екі басқа ғой. Балпық сол екінші басқаны көздеді және де атқан оғы мүлт кетпеді. Осынау шетсіз-шексіздікте жауға қарсы жеке-дара қоқаңдасақ шатымыз айрылады, бүкіл қазақты көтерейік, Арқаның да, Сыр бойының да, басқаның да сардар, сарбаздарын бір тудың астында топтап, бастарын біріктірейік. Сонда ғана туымыз жығылмайды дейді жас батыр. Жаңа Жайнақ пен Қосай тіл ұшына іліктірген алшын батыры Есет пен Байбақтының Дәуқарасы туымыз жығылмасын деп, неге жан ұшырды дейсіңдер. Мұнда ғаламат мән бар. Көпті көрген сақа батыр Есет соны ұққасын да сөйтті. Жығылсақ өзіміз жығылайық, тек ту жығылмасын дейді. Балпық батыр да соны нысанаға ала сөйледі емес пе? Баршамыз бірігіп, туымызды құлатпай ұстасақ, сонда ғана қазақ өзінің жебеушісін табады дейді жас батыр. Ескелді осылай әдіптеді де еңістегі буырқанған көпшілікке жағалата күдік көздерін жүгіртті. «Мыналардың ішінде қалмақ жансыздары отырса құлақтарының құрышы қандыау. Е, мейлі, ақыр бет жыртыстық, енді мүттайымсудың не қажеті бар». Ескелдінің жаңағы ескертпесі биылғы 1726 жылқы жылында бүкіл қазақ даласында елбасы мен қолбасы, би-шешендер, жақсы мен жайсаңдар арасында ауыздан-ауызға көшіп жүрген қағида еді. Тек Ескелді би мынау Сырдың төменгі ағысы жақтан жеткен балғалы ағайындар да естісін деді ме, осылай әдейілеп жортақтата бір пысықтап өтті. Жайнақ пен Қосай қайта жарысып, өздері кешіп келген соғыс жайын төкпелетіп, тағы бір бұрылыс жасағанда Торғай даласының табиғатын естеріне алысты. Жаңағы Балпық сөзінен кейін оның шашбауын көтергендік емес, сірә, қазақ жерімен қадам басқан сайын құдай жаратқан дөңгелек дүние басқа қырымен аунап түскендей болатыны бұларға да қатты әсер етсе керек. – Кейде маған Торғай даласы бетін шаң басқан адамның жүзіне ұқсап кетеді, – деді Қосай. – Біз Сыр бойына келгелі жусанның аталас туысы деп дерменені таңсық көрдік қой, онда қара жусан көп өседі екен. Ылғи құмайт, бидайық, бетеге, боз дегендерің жел соқсын, соқпасын, ырғалады да тұрады. Түсі оңған шүберектей қан-сөлсіз. Бір-екі рет өзен аңғарынан қияқ шөп пен талды көріп, нағашы жұртыммен табысқандай жылап көрісуге шақ қалдым, – деді Жайнақ.
Бұл жыр да біразға созылды. Олар түкіріктеріне шашалғандай шалдыға бір тұралаған тұста Ескелді би қасындағы Тәттібай мергенге қарады. Тәттібай би емеурінін танып, тамағын кеней сөз тізгінін іліп әкетті. Ол мынау Балпық пен оның жорықтас серіктеріне Жарықбас Есентүгелді таныстыруға кіріскен. Әрі мана Жарықбас Есентүгелдің өз аузынан, сосын Жүсіп қария мен Алғазы ақыннан естіп үлгерген жайлардың бас-аяғын жинақтап, аз сөзге сыйғыза ортаға салмақ еді. Мерген өз сөзінің екінші бөлігін бастап үлгерген жоқ, Балпық жас балаша ішегін тартып, таңырқаған дыбыс шығарды. Артынан өзі де саудырай жөнелді: – Апыр-ау, мен бұл Есентүгел ағаны бұрын көріп едім ғой. Ұмытпасам, осыдан алтыжеті жылдай бұрын-ау деймін. Біз сонау ата қонысымызда отырғанда әлгі күшік еліндегі Жолбарыс биге ілесіп, біздің ауылға келіп едіңіздер ғой. Тек сол кезде ғана Жарықбас Есентүгел ернін жымқыра жымиып, қабағымен көздерін көлегейлей жас батырға соншама ықыласпен ден қойды. – Рас айтасың, батыр. Мана алғаш беттескенде мына Алғазы ақын Қабан жырауды жоқсынды ғой. Ал мен өз көз көргенім өзіңді жоқсынып едім. Біз онда Іле бойындағы Ақдалада отырғанбыз, ал сіздің әкеңіз Дербісәлі өрдегі Ортаөзек атты қыстауда болатын. – Иә, Ортаөзек біздің қыстауымыз еді ғой, шіркін. – Сол Ортаөзекке сендердің ауылға күшік Жолбарыс биге ілесіп барғанмын. Сонда бір Кенжеке деген кісінің ақылы дария келінін Жолбарыс би сынаққа алып, оны Дарабоз атап, ныспысын өзгерткеніне дейін есімде. – Ау, Кенжеке менің әкем де, Дарабоз дегенің менің қатыным ғой, – деген Құлжаның ащы даусы бәрінің құлағын жарды. – А, солай ма, ғафу етіңіз, сізді танымаппын! Бізде бұл күнде ес бар ма? – деп балғалылар басшысы ақтала сөйледі. Тап осы мезетте Құлжаның жаман зығырданы қайнады. Мана бұларалғаш көрінгенде Есентүгелді бірінші тануға тиіс осы Құлжа еді ғой, неғып көзін шел басты, оны бауырымдап бассалып, біраз абыройжиса қайтер еді, құдай-ай. Сол өкініштің орнын толтырмақтай Құлжа атып тұрып, Жарықбас Есентүгелге қарай баса-көктей жаздады. Төбе басында ел басшыларьшың тым тығыз отыруы ғана оған кедергі жасады. Ұсақшүбақ біраз сөзді сол екі ортада тоғытып та тастады. Құлжадан соң Есентүгел қайта сөйледі. – Біз сіздер түгіл сол Жолбарыс биден де көз жаздық. Мынадай алмағайып заманда не деп болады. Сондағы көз көрген Жолбарыс би, Дербісәлі, Кенжеке сияқты ақсақалдардың жай-күйін сұрауғадатіліміз бармай отыр. Әлдеқайсыңыздың жанды жараңызға тиіп кетеміз бе депқорқамыз. – Менің әкем Кенжекені құтты орнына қондырғымыз, ал Жолбарысби мен Дербісәлі ақсақал екеуі де бар. Жаңағы өзің атаған менің қатыным Дарабоз тап қазір бір шаруамен Дербісәлінің аулында омалып жатыр,– деп Құлжа жартастағы бүркітше саңқылдай сөйледі. Осындай бір кідірістерден соң Тәттібай мергенге қайта кезек тиді. Ол балғалы адамдарынан естігенін одан әрі сап-сабымен баяндады.Балпық серіктерінің бәрінің ауыздары аңқиды, ал Ескелді маңындағы жұртшылық мүлги тыңдады. Сол кезде төменнен жаңа сойылған жылқының еті піскені туралы хабар келді. Жұрт орындарынан тұрып
үлгерген жоқ, бастырмалата екінші хабар жетті.Бұл буынсызжерге пышақ ұрғандай бір түрлі, әрі мынау сырт ел адамдарыіспеттес балғалылардың алдында ыңғайсыз жағдайға ұшыратар хабар еді. Сонда ол не дейсіз ғой. Мынау Ескелді қасындағы Малтабар батырдың немере інісі Құлжан батыр екі-үш адамды сабапты, әрі жаман тілі тиіпті. Сол қорлықка шыдамағандардың шағымы төбе басындағы Ескелдіге бас-көзге қарамай зымырай көтерілген екен.Бұл соңғыға ең алдымен бұрқ еткен Малтабар: – Әй, оған не көрініпті? Бірдеңенің шалығы шалды ма? – деп, даусын жіңішкерте қарсақша шақылдады. Сөйтті де өз сұрақтарынаөзі жауап берді. – Әй, биекем-ай!Бұл менің немере інімніңбасында құса бар. Өткен жылы, есіңде ме, біз Іле жағалауынан бері Хантауға тоқтағанда бір қалмақ тыңшыларын ұстамадық па. Соларбірінен соң бірі амалын тауып қашып құтыла бергесін тағы бір тыңшыныосы Құлжан: «Менің уысымнан шыға алмайды», – деп өзі сұрап алмап па еді. Ақыры, ол мұның уысынан шығып кетіп, Құлжан інім содан бір ауруға ұшырағандай сүлесоқ халден арыла алмай келеді. Тиісерге қара таппай, тіпті менің өзіме де жабайы қабандай атылғаны бар.Біле білсең, биекем, осындай хал жалғыз Құлжанда емес, осындағы батыратаулының бәріне жабысқан пәлекет. Бәрі қыстығырылып, іштерін итжыртқандай жүр. Кеудедегі қайрат-жігер өз орнын таппаса, оның да әуселесі көп қой. Мынау Балпық қосындары Арқа даласына барып шер тарқатып қайтты. Ал бізді мынау шалғайда, бөтен қиырда байлаулы иттей ұстамасаңыздар қайтеді? Малтабар сөзінің соңы өзіне ауырлау тигенмен де Ескелді оған іштей риза. Ол мұның мынау Жарықбас Есентүгел адамдарына айтатын сөздерін жеңілдеткендей. «Иә, қалайда бұл өңірдің үлкен-кішісі құдайдан бір дауыл сұрағандай сыңайда жүргенін балғалы туыстар менің аузымнан емес, жұрттың сырт ажарынан өздері ұқсын». Ескелді төңірегіндегілердің кейбіреулері жан-жағына алақтап, күні бойы бірге жүрген Құлжан батырдың ойдажоқта араларында жоқ болып шыққанына таңырқаса өзара күбірге басты. Тек бірен-сараны ғана мана Балпықпен көрісу кезінде оның өзінен-өзі қантүленіп көп ортасынан сытылып кеткенін байқапты. Қызғаныш па, жоқ, жаңағы Малтабар айтқандай, іште сұраусыз жатқан қайрат-жігердің, батырлық сезімнің ыстық қанға айналып, басқа шапқаны ма? Малтабар төбе басынан ойға қарай шепті бұзып-жара жеке-дара құлдилаған. Сосын басқалардың да қимылы тездеді. Малтабар мұнда иісі жете бастағандай асулы етке емес, өз інісін сабасына түсіруге асыққан еді.
* * * Ет желініп болды. Баршасына жетпесе де сүйек-саяғын мұжығанына да мәз көпшілік бұдан кейін көп бөгелмей тарасты. Кеш түсті. Ескелді маңында ең танымал елбасылар ғана қалды. Жарықбас Есентүгелдің ғана адамдары тегіс осында, тек олардың көпшілігі манағыдай іргесі түрілген үй сыртында қайта жыпырлады, би үйінің шаңырағы астында оншақтысының ғана бастары топталды. Ортада тас шамның екі-үшеуі ғана жалп-жалп етіп жанып тұр. Іргесі түрулі үйде тас шамға да тыныштық жоқ, бәрі бір Ескелді туырлықты түсіртпеді. Мұнда Құлжан да бар еді. Атжақты бет өңірін тегіс кап-қара сақал жауып кеткен ол қос қабағы қорғасындай ауырлап, желкесі күдірейіп, аузына су толтырғандай отыр. Мана
Малтабар екеуі қалай айтысып, қағысты, ағасы інісін қалай саябырсытты, әзірге мұндағыларға ол жағы беймағлұм. Түнгі әңгіме аса қызбай тұрып, мұнда арғын Жантоқа, найман Барлыбай батыр қосылды. Осыдан үш жыл бүрын жалайыр ішіне жау соққысы әкеп қосқан бұлардың осы елден әлі жігі ажыраған жоқ.Өздеріне қарасты елді жалайырдың өзге аталарымен қатарластыра теріскейдегі Қасқасу бойына қоныстандырған.Бұлар қазір Қасқасудан келіп отыр. Жантоқа мен Барлыбайдан соң мұнда Ескелді бидің өз туыстарынан да біраз адамдар бас сұқты.Бұлар әлгі Ескелдінің әкесі Жылгелдімен кіндіктес Шора балалары еді. Шораның төрт ұлының екі үлкені Қожан, Тәңірберді, әрі осы Тәңірбердінің батыр пішінді екі ұлы Қаскелең мен Күртібай қастарына біраз атқосшыларын ертіп, түнделете жетті.Бұлар сол әу бастағы мінездеріне басып, Ескелді би аулынан жырағырақ қонатын дағдыларын қайта тапқан. Балпық батырдың оралғанын енді ғана естіп, осы жорық жайынан әңгіме естуге асыққан екен. Орта осылармен қайта толыққасын, әрі күндізгі әңгімені естуге құлағы жетпеген өзгелер де табылғасын Арқа даласына жорық туралы хикаят қайта сапырылды. Манағы Жайнақ пен Қосай қазір жоқ, Балпықтың рұқсатымен сол теріскейдегі Сайрамсу, Жабағылысу сияқты өзендер жағалауындағы өз бала-шағаларына қарай салып ұрып кеткен. Тек Балпық қана өз отбасына асықпады. Мына түнде Арқа, Торғай даласына жасалған жорық жайында енді Балпықтың өзі сөйледі. Тек ол Қосай мен Жайнақтың әңгімесін жалаң қайталаған жоқ, көрген-білгенін, бастан кешкенін өз көкірегімен қорыта баяндады. Әсіресе, жас қолбасы атышулы Бөгенбай, Тайлақ, Саурық сияқты кексе батырлардың соғысты ұйымдастыру төсілдеріне қатты көңіл бөлген екен. Ол тәсілдердің осы соғыста қолданылғаны бар, қолданылмағаны бар, соларды Балпық өзұққанынша ежіктей тізді. Қазірде отыз бір жастағы Ескелді би осыдан он алты жыл бұрын, әрі бұғанасы қатып үлгермеген шақта Балпық атаған арғын қанжығалы Бөгенбай батырдың қосынында Қарақорым соғысына қатысқанын ешқашан ұмыта алмаушы еді. Қазір жас батырдың баянына ден қойса Бөгенбай батырдың сол Қарақорымдағы соғыс тәсілі мен мынау Торғайдағы Бұланты өзені, Қарасиыр атты мекендердегі шайқас түрінің арасында жер мен көктей айырма бар сияқты. Иә, замана бәрін өзгертеді. Әрі Ескелдінің Балпық хикаятынан тағы бір ұққаны, қалмақтарды бұрынғыша мынау Тұрлымбеттің әдісімен қорқыту үнемі нәтиже бермейтін сияқты. Мысалы, кеше ғана айдалада құлағы қалқиған қап-қара шайтан жолығып, қарсақ терісі тиелген он екі түйеден айырылған аңдаусыздығын жалайыр қуақысы Тұрлымбеттен көріп, қарулы топты мұнда жұмсауының өзінде сондай естиярлық жатыр. Соғыс үстінде де солай қалмақ жағы жетіле түскен сыңайлы. Қазақтар қалмақтардың от қаруының зілі жететін қашықтықтан сытылып кетіп, жауды одан таза кеңістікте майданға шақыруы ең басты мақсат, бірақ оны қалай жүзеге асырмақ керек, қаша соғысудың көптеген әдістері бар, ал нақтылы жер жағдайында, қалмақ күшінің қилы-қилы орналасуы, қозғалысы кезінде оның қайсысы ұтымды, соны тез есептеп шешіп, басшылыққа алу қолбасылардың тапқырлығына байланысты. Ал тапқырлықтың өзі де көктен түспейді, оны осындай шайқастардың отында суғарылып, піскен бастар ғана иемденеді екен.
Торғай даласында Қаракерей Қабанбай болмапты, бірақ оның қосынында тәжірибе жинақтаған біраз кіші қолбасылар өнер көрсетпекке өзеурепті. Мысалы, Қабанбай бұлай істеуші еді деп, түнгі дамыл үстінде қалмақ жаққа жанған көмір тиелген атты ұшырту, немесе, тыңшы жіберіп, бір топтағы қалмақ қолбасысын ұрып жығып, екінші топқа қашып тығылып, сөйтіп қалмақтарды өзді-өзімен соғыстыру сияқты әрекеттерден ештеме шықпапты. Қайта бұл қазақтардың абыройын түсірген іс атаныпты. Иә, қалмаққа қарсы бір рет қолданылған амал-айла екіншілей қайталанса өз маңдайыңа тиер тасқа айналады. Осы тұста Ескелді Балпықтың сөзін бөлді: – Балпықжан, сен жаңа соғыс үстіндегі қолбасының тапқырлығы жайында, әрі ол тапқырлықтың да өткендегі шайқас нұсқаларын сүзгіден өткізіп, баста ұстай білуге байланысты екенін тіл ұшына қыстырдың ғой. Мен айтар едім, сенің де, манағы Қосай мен Жайнақтың да әңгімелерінің алтын қазығы осында. Балпық Ескелді биді дүрыс түсінді. Ендігіде ол осы алтын қазыққа әлсін-әлсін айналып соға берді де, Торғай даласындағы әрбір ұрыс қимылын осы тұрғыдан қайтақайта таразылауға көшті. Бір кезде Құлжан батыр тілге келді. Қап-қара сақал жапқан атжақты бет өңірі жыбыржыбыр етіп, манағы қорғасындай ауыр қабағы сәл жеңілдей түскендей. Сөздері де тап бүгін адам сабаған жанның ызғарын танытпайды. – Балпықжан, сен маған мынаны айтшы. Арғын қанжығалы Бөгенбайды көргенім бар, ал мына Тайлақ, Саурық деген батырларыңның жас шамалары қандай? – Егер жаңылыспасам, осы өзіңізден жарым мүшелдей ғана үлкендігі бар шығар екеуінің де. – Апырай, ә, басқалар өз батырларын тісіне қарап екшемей, бәрін жауға қарсы соғысқа аттандырады, ал біздің көсемдер кексесің, кәрісің, шал-шауқансың деп, қатынқалашты бақтырып қояды. Ескелді би мұртынан күлді. Сирек қылаң беретін күлкі. – Әй, Құлжеке, сіз мына Малтабар ағайың екеулеріңіз бір-бірлеріңіздің ауыздарыңа түкіріп қойғаннан саусыздар ма? Мана күндіз ғана Малтабар аға мені осылай көзге шұқып жазғырып еді. Сол кезде бір жақтан Тәттібай мерген жүзін ортадағы тас шамдардың жарығына тоса күңк етті: – Туған елдің намысы үшін іштері жарылғалы жүрген осы ағайынды екеу ғана деп пе едіңіздер? – Ескелді оған көзін сиғырайта қарамақшы еді, басқа жақтан да қытыр-күтір дыбыс білінді. Байқаса, арғын Жантоқа мен найман Барлыбай батыр екен. – Мерген ага осы жолы да мүлт кетпеді, – деді Барлыбай батыр. – Мергеннің мергендігін бағалау үшін де Барлыбайдай кеудесімен жаудың оғын қаққан батыр болу шарт емес шығар, – деп оны Жантоқа қостады. Тас шамның жарығында қою қызыл, торғын түстес әртүрлі адам жүздері, нышаналары жылт-жылт етіп, бір көрініп, бір жоғалып тұрды. Жантоқа Барлыбайдың сөзін жай қоштаған жоқ, өзінің одан жасы үлкен бола тура арқа сүйері осы екенін сездіре сөздерін шегелей айтты. Иә, бір кездегі өзара қантөгіс соғысқа барған арғын мен найманның осы жалайыр ішіндегі екі тобының басшылары осылай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырды. Сол қантөгістің бас себепкері, бұл күнде бақи дүниелік – Сәдуақастың орнын Барлыбай батыр
басқан. Өткендегі өмір суыртпақтары, қазақтың өз ішіндегі қырқысулар ауық-ауық еске түскенде өкініші көкірек қариды-ау. Осылай түнгі әңгіме жалғаса берді. Балпықтың жыры бір тиянақталған тұста жалайырбалғалыларды таныстыру, олар бастан кешкен оқиғалар нобайы қайта созбұйдаланды.Бұл тұста Балпық сәл ықылассыздық танытты. Мана Құлжаның өз әйелі Дарабоз жөнінде «Дербісәлі ақсақалдың аулына кетіп, сонда омалып жатыр», – деген сөздері мұның кеудесіне тікенектей қадалған. «Дарабоз неге менің әкемнің аулында омалуға тиіс, әлде онда бір жаманшылық орын алды ма?»– деген сұрақ төңірегінде әлсін-әлсін орағытты. Құлжаға бірден шап етіп, мәселенің басын ашып алуға ішкі тегеурін, намыс жібермеді. Ел қамын ойлар батырдың әке қамы үшін күрт құлдырауы әлсіздік таныту ғой. Батыр осыдан қашқақтаған.Енді өз айтары таусылғасын Құлжа ағасын қайта кәперіне алды.
* * * Түннің бір уағында Сырдарияның төменгі ағысы жақтан келген жалайыр-балғалы адамдарына қайта кезек тиді. Манағы хикаяттарына мейірлері қанбай қалғандай ең алдымен Ескелді төңірегіндегілер шу ласты: – Сіздер, Есентүгел шырағым, Жүсіп қария, бір жырды екі жырлатты деп айыпқа бұйырмаңыздар. Мана ойымыз онға бөлінгесін көп жайды ұстай да алмадық. Қайта тыңдасақ құлағымыздың жарығы ашылып кетпейді. Әрі ортамыз тола түсті емес пе? Олар да сіздердің өз ауыздарыңыздан естісін. Біреу бұзып жеткізеді, біреу бұрып жеткізеді, алып-қашпа сөзге жем тастап қайтесіздер. Келген жайларыңызды сонау түп-тамырынан бастап, қыл-қыбырына дейін қалдырмай қайта сараптасаңыздар! Сол өтінішіміз! – Уә, бәрекелде, сөз-ақ, сөз-ақ! – Мана Тәттібай мергеннің баяны жай қысқаша мазмұн ғой, өз ауыздарыңыздан естиік. – Біз Тәттібай мергеннің баянынан да құр қалдық кой. – Сендер солай дейсіңдер, біз бұл кісілерді жөнді тани да алмай отырмыз. Жарықбас Есентүгел мен Жүсіп қария мына қолпаштауларда өз ныспыларының аталғанын бір жолға жетерлік абырой санады ма, Алғазы ақынның бас ноқтасын сыпырып қоя берді.Бұл да күні бойғы кездесулер мен танысулар үстіндегі судай сапырылған әкекукөкекуден делебесі қозып, әрең шыдауда екен, шоқтығын шұлғып, тұмсығымен тізесін қаққан тұлпарша бір бүгжеңдеп алды да, әй, шабысқа салдыау. Жұрттың мүлгіп тыңдағаны соншалық, жас ақынның даусы үзілген сәттерде сыртта алыстан пысқырған аттардың дыбысы, бұл өңірде түнге қарай білінетін майда самалдың желпуі бәріне жетіп тұрды.Бұл жолы тіпті балғалылар жырын алғаш тыңдаушылардан гөрі Ескелді маңында ошарылып, о баста-ақ естіп үргергендердің ынтасы басым түскендей. Жарықбас Есентүгел қаққан қазықтай отырысын бұзбай қақшиып, ал Жүсіп қария керісінше құлағын салбырата, екі көзін жерге қадай мөлиіп, жақ ашпауға тырысты. Тек екі-үш мәртеден ғана Алғазының ұмытқан тұстарын еске салуға әрекет жасасты. Ақынның көкірегі күй төкті. Әсіресе, оқиғаның темір өзегінен ауытқып, Сыр бойында тұнған шежіре жайларға, Қорқыт баба, Оқшы ата, Бегім ана хикаяларына соққанда домбыраның қыл ішегі ең бір жүрекке тиер нәзік әуенді сызылтқандай. Кейбіреулердің
одан тұнығы шайқалып, жеке бас әуселесімен кететіндей. Ескелді би бірауық «Қап, Қабан жыраудың жоқтығы-ай, ақынға ақын үн қосар шақ екен-ау» , – деп қапаланды. Бірақ бұл қапасы ұзаққа созылмады. Ескелді би ақпа құлақ емес, сонда да Алғазы ақын баянына мұқият ден қойды. Тек мана алғаш тыңдағандай балғалы көсемдерін астарынан су шыққандай осылай дүрк көтерген жайлардың бүге-шігесіне емес, бұлардың құлағы үшін тосын жайларға көбірек назар аударып, соларды іріктеп, өз көкірегінде қайта қорытуға күш салды. Сондайлардың бірі Әбілхайыр хан айналасы мен сары түкті орыс патшасы арасындағы дәнекерге айналған Уфа татары Мақсұт Жүніс баласы дегенге байланысты еді. Соны тереңірек білгісі келіп, Ескелді би Алғазының сөзіне киліге сол туралы арнайы сұрақ қойды. Алғазы ол жайында бірден суырыла кетпей қазулы орға кезіккендей сәл бүгежектеп, әрі Жарықбас Есентүгел мен Жүсіп қарияға жалтақтай, сосын ғана мәселенің байыбына барыңқырады. Сөйтсе, балғалылардың өздерінің де ол хақындағы білігі мардымсыз екен, тек соңғы сәтте ғана осы мәселеде бұлардың көзін ашқан біреу табылыпты. Алшындар мен қарақалпақтардың соңғы сұрапыл шабысы кезінде бір қарақалпақ жауынгері ауыр жараланып, қамыс ішінде құлап, үш-төрт күнөткесін ғана балғалы адамдарының көзіне түсіпті. Мұсылманшылықты ойлап, оған ем-дом жасап, аузына су тамызып, жөнге келтіргесін балғалылар одан жөн сұрамай ма? Сөйтсе бұл қарақалпақ жігіті Әбілхайырдың қазақ ханы екенінен басқа ешқандай білігі жоқ балаң неме екен. Әбілхайырдың Нұралы, Ералы атты балаларының барынан да хабарсыз, тіпті осы жаздағы қазақ-балғалыларға қарсы екі дүркін шабуылдың мәні не екенін де түсінбеген, тек өз қолбасыларының әйт-шу деген бұйрығын екі етпейтін жансебіл сорлының өзі болып шығады. Есесіне, әлгі Мақсұт Жүніс баласы деген татар жайында жақсы біледі екен. Себебі, көп уақыт сол татарды күзеткендердің ішінде болыпты. Міне, сол жаралы қарақалпақ түнеукүні Алғазы ақынның Жарықбас Есентүгелге арнаған ақпарын әлдеқайда кеңейтіп, түзетіп, Мақсұт Жүніс баласы дегеннің шынайы бет пердесін ашады. Әбілхайыр Петерборға елшілік жібергенде оған жауап ретінде орыс патшасы қазақ даласына осыны жұмсайды-мыс дегеннің шындықпен жанасары аз. Керісінше, бұл жолдан қосылған жолбикенің нағыз өзі екен. Атышулы 1723 жылдың ақпан айында қазақтармен көршілес Бұхара хандығының астанасында Ресейдің ұлы императорының адамдары жатыпты. Қалмақтардың қазақ даласына лап қойғаны баршасына әп-сәтте жетіп үлгереді. Суыт хабарды әлі ешқайсысы баста қорытып үлгермеген шақта әлгі орыс елшілігі басшысының құзырына Қазан губерниясы Уфа уезінің тұрғыны Мақсұт Жүніс баласы 1213 сумаң етіп кіреді. Алғаш танысқан бетте-ақ бұл Уфа тұрғыны майталман шешендігімен, әрі қазақ, қалмақ және мына Бүхара түрғындары арасындағы хал-ахуалга қанықтығымен орыс елшілігінің назарын аударды. Өзінің «Амремзей» деген лақап ныспысы барын да жасырмайды. Мұнда сауда-саттық мәселесімен жүргенін, бұл жағдайына көңілі толмайтынын, ел мен ел арасындағы келіссөзге қабілеттілігін, Ресейдің шынайы азаматы ретінде оған әлдеқайда ауқымды қызмет жасап көзге түспегін, ұлы император Петрмен жүзбе-жүз дидарласуды армандайтынын жайып салады.
12 Бұл Петр патшаның сенімді адамы Флорио Беневени бастаған елшілік (Ұ. Д.)
13 Бұл Мақсұт Жүніс баласының бір түпнұсқада ұлты татар делінсе, екінші түпнұсқада башқұрт делінген (Ұ.Д.).
Орыс елшілігінің басшысы да адам тануда ысқаяқ еді. Уфа саудагерінің білігін, қабілетін тез бағалап, сол 1723 жылдың наурыз айында оны Петерборға жұмсайды. Мақсұт Жүніс баласы онда көп ай жатып, келесі 1724 жылдың басында Петербор әкімшілігінің көп қағаздарын арқалап кері қайтады. Ырғыз бен Тобыл өзендерінің бастау алатын қиырынан аман-есен өтіп, Арал теңізінің солтүстік-шығыс бетіндегі аймаққа жеткенде қарулы қазақтар мен қарақалпақтардың қолына түседі. Тұтқынның орыс патшасының жұмсауындағы адам екенін ұққан болар сол Петербор жақтан жылы лебізді өтінішкелгенше аманат ретінде ұстаймыз деп жасырып қояды. Бірақ Мақсұт Жүніс баласы оқыстан ұшыраған бұл халінен де пайда табады. Қоржынындағы патша қағаздарын құпиялап өз қарамағындағы Мошақбай Болат баласы деген башқұрт арқылы Бұхараға жібереді де, өзі басқа кәсіпке кіріседі. Басқа кәсібі сол – Кіші жүз ханы Әбілхайырды, қарақалпақтардың бас әкімі Оразақты, басқа да ел ағаларын Ресейге бодандыққа өтуді, ондай жағдайда ақ патшаның жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста әскери көмек беретінін, орыс-қазақ сауда байланысының күшейетінін, Жайық жағалауында емін-еркін көшіп-қонуға рұқсат етілетінін уағыздап, тілдің майын тамызадыау сабазың. Көп ұзамай татар молдасының бұл уағызына қазақтар мен қалақалпақтар құлап түседі. Келесі 1725 жылдың жазында Петерборға Қойбағар Көбек баласы дегенге осы Мақсұттың өзін қосып, үлкен шоғырды аттандыруы соның нәтижесі екен. Сөйтіп, мынатұтқын, жаралы қарақалпақ жауынгерінің сөзіне бақса, Әбілхайырдың орыс патшасына қарай алғаш аңсарын аударған осы Мақсұт Жүніс баласы деген татар молдасы болып шығады. Ескелді де, басқалар да Алғазы ақынның қайтып сөзін бөлген жоқ.Мұның айтары таусылғанда Ескелді де, Балпық та үндемеді, есесіне, бұл топқа кейін кеп қосылған Жантоқа мен Барлыбай батыр, Шора балалары Қожан мен Тәңірберді біраз даурығысты. Тіпті Тәңірбердінің екі ұлы Қаскелең мен Күртібай да көзге түскісі келді ме, бұлар да өз таңырқауларын білдіріп, Алғазыны іліп-қақпалады. Байқаса, бұларға Торғай даласынан оралған Балпық батыр Дербісәліұлының жорығынан гөрі мына Сырдарияның төменгі ағысынан келген балғалылардың жыры әлдеқайда қатты әсер еткендей. Жаңағылар ендігі жерде осы жағын ғана тіл ұштарына қыстыра берді. Нақтылы ұсыныс жоқ, абыржыған қаңқу сөздер көбіне құлақ мүжіді. Бұлар таң атар мезгілде ғана ұйқыға қисайды. Тек Балпық қана өз тобын ертіп жүріп кетті. Жол азабы, әрі ұзақтүнге кірпік айқастырмаған хал бұларды да меңдеткенмен Балпық өзәке-шешесі жақтан жеткен мағынасыз, үзік-үзік хабарлардан елегізіп, бұдан әрі ошарылуды артық санады. Балпық тобының жүретінін сезгесін, бұлар да естіп кетсін деді ме, Ескелді би төменнен келген балғалыларға айтарын сол таңда, ұйқыға қисаймай тұрып айтты: – Ағайындар, мен бүкіл қазақтың төбе биі емеспін. Алшындар мен қарақалпақтарға үкімім жүрмейді.Бұл жайдың емін тапса оны бір-ақ адам табады. Ол менің Төле би атам. Қазір ұйықтап, келесі түнгі ұйқыны да осында өткеріп, бір Аллаға сыйынып, ұлы би көшіп-қонып жүрген Қаратау сілемдеріне жол тартайық. Есентүгел замандас, бас болып өзің қоса жүр, бірақ бәрің емес, жол қиын да қатерлі, анау-мынаудан қаша соғысып, құтылып кететін елгезектеу бес-алтауды ғана ерт, қалғандары біз қайтқанша осында тынықсын. Біздің ел өз жамағайындарын ауырсынбайды, – деді.
Ақыры Ескелді бидің айтқаны болды. Мұның өз қасына алған нөкерлері де кейбіреулерге алабөтен көрінді. Үйреншікті кексе адамдардан кеше ғана тағылық мінез көрсеткен Құлжан батырды, Жантоқа мен Барлыбай батырды, осындағы өз туысы Шора балаларын және отыз шақты қарулы жауынгерлерді ертті. «Ал біз неге бармаймыз», – дегендей қибыжақтаған Тәттібай мерген, Малтабар батыр, Тұрлымбет сияқтыларға: «Сендер осындағы елге ие болыңдар», – деп тапсырма берді. Ескелдінің бұл шешіміне Жарықбас Есентүгел мүлдем қарсылық білдірмеді, тағы да төбесі көрінген алыс сапардың қамы көзінің алдын көлеңкелеп, еңсегей бойы одан сайын ұзара түскендей. Тек Жүсіп қария мен Алғазы ақын бір-бірін қас-қабақ арқылы аңдыса атқылап алды да кезек жамырасты: – Төле Әлібек баласы үш жүздің ортақ биі, төбе биі. Бүкіл жалайырды аузыңызға қаратқан атағыңызбен сол кісіге жүгінуіңіз Әбілхайырдың боқмұрыны – Ералының, оның төңірегіндегі қанқұйлы итаршылардың айдынын асырып жібермей ме? – деді Жүсіп қария. Алғазының айтпағы сәл басқашалау еді. Осы екі ортада Жүсіп қариямен бөлежарылу өзіне тиімсіз екенін заматта пайымдап, оның сөзін дамыта қойды: – Біз онсыз да көп жол өткердік. Әрі өздеріңіз баяндағандай ұлы би сонау Қаратаудың таусылмас сілемдерінің бірінде екен. Тағы тепектеп, уақыт ұтқызғанша осы жалайыр өз қышуын өзі неге қасымайды? Қабылан атаныңұрпағы, ұлы жүздің ноқта ағасы екенімізді өз бетімізше, өзәлімізше неге әйгілеп тастамаймыз осы? Шындығында Жүсіп қарияның да, Алғазы ақынның да бұл қыстырмалары Ескелді биге емес, өз көсемдері Жарықбас Есентүгелге қарата білдірілген ишара. Ескелді бидің екі сөйлемесі бұларға хақ, тек Қаратау сапарына қосшы іріктеудегі тіпті өз айналасына алабөтен көрінген талғампаздыгы Жарықбас Есентүгелге да көшіп, біз де қосаққа ілікпей қаламыз ба деп, іштерін кеулеген күдіктен шоршығандары еді. Ал Ескелдіге бұған жауап беру біраз күшке түсті. – Жарықтықтарым, көмекейлеріңдегіні түсіндім. Бірақ заман аңғарын аңғарсаңдар нетті?Ұлы бидің өз сөзі жетер тараптарға таратқан бір бұйрығы бар. Ол үш жүздің басын қосу. Ата жұртымызды қусыра құшып, бауырына басқан ата жауды ұмытпау. Егер мен сендерге күш, қол беріп, Әбілхайыр ордасын шапсақ ұлы би, сол ұлы бидің төңірегіндегі жарқұлағы жастыққа тимеген батыр мен шешендер бұл қылығымызды қалай бағалайды? Алшын мен жалайырлар арасында майдан аштырсам қайсысы бізге «айналайындарым-ай» дер екен. Әрі бұл балғалы ағайындар да сүттен ақ, судан таза болмай тұр емес пе? Мәкең, Малтабар батыр айтқандай алшын мен қалақалпақтардың алғашқы шаптүртпесінен соң бірден көмек сұрамай істі одан әрмен ушықтырғанын қарамаймысың. Жо-жоқ, ата жау көк желкеден әлеңкедей жалаңдап тұрғанда қазақ пен қазақты одан әрі сүзістірерім жоқ. Құдай қаласа жүреміз. Осыншама сөзге түрткі болған Жүсіп пен Алғазының бұл елгезектігінен жасы кішісі ғана пайда көрді, ал Жүсіп қарияны Жарықбас Есентүгел осында қалдырды.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
Ескелді мен Жарықбас Есентүгел бастаған топ бір күндік жолды артқа тастап үлгергенде соңдарынан Балпық Дербісәліұлы жіберген қуғыншы жетті. Ескелділер Боралдай тауының батыс тұмсығын жанамалай адаса жүріп, Бөген өзенін кешіп өтіп, жолдағы екінші түнемелікті Шаянның суынан татып өткерерміз деп мөлшерлеген. Қуғыншының түрін көргенде би Шаянның суы бұл жолы бізге бұйырмаған екен деп тіксінді. – Не жай, не хабар? – деп ол қуғыншыны ай-шайға қаратпай сұраққа алды. Аты да, өзі де қара терге малшынған қуғыншының жеткізгені мынау: Дербісәлінің аулында бұл ақтабан шұбырынды атты шерудің қарсаңында-ақ қалмақтарға бодандыққа мойынсұнайық, сонда мал-басымыз аман болады деп, Төле би айналасындағы елді азғырумен көзге түскен Қарабек деген кейуана жатыр екен. Төле ымырасыздықпен бет қаратпағасын ол неме ұлы би аулынан шалғайырақтағы ел-елдің, ру-рудың бас көтерерлерін іштен кеміріп жеп, «ештен кеш жақсыны» үстемелетіп, өз насихатын одан әрі жалғастыруда екен. Сөзіне тұздық ретінде қасына жоңғар қонтайшысы Сыбан Рабтанның табақтас нөкерлерінің үшеуін ертіп алыпты. Ол үшеудің әрқайсысының бесалтыдан атқосшысы, оққағарлары бар көрінеді. Қарабектің аузы-аузына жұқпай сендіруінше мұның уағызына ден қоюшылар көп екен де, тек ашықтан-ашық жақтап шығуға Төле биден және оның қасындағы Өтеген, Қойгелді сияқты сойқандардан батпайды, шамасы. Сол кезбе, тілі сала құлаш, қасында тістері сары қайрақтай кәртамыс ділмарлары тағы бар Қарабек бұл кезекте енді Дербісәлі аулына тоқтапты. Бір қызығы, Дербісәлі аулында әлгі Ташкент шаһарының күншығыс өріндегі Шыршық өзенінің жағалауын паналаған жалайырлардың басшысы күшік Жолбарыс би де жатыр екен. Ол Қарабекпен қалай тоқайласты, бұл жағын мына қуғыншы жігіт ашып бере алмады. Ал Балпық батыр мұнда келісімен Қарабектің жайын ұғып, дереу оның, әрі қасындағы тістері сары қайрақтай кәртамыстардың жоталарынан таспа тілуге бұйырыпты. Тек әкесі Дербісәлі мен Жолбарыс би, әрі сондағы Есенбай, Дарабоз – бәрі ұлардай шуласып, Қарабектің Төлеге жақын туыс екенін, ұлы бидің өзұйғарымынсыз ондай қылыққа бару абырой әпермесін айтып арашаға түсіпті. Ал мына қуғыншының негізгі әкелгені сол Қарабек жайын Төле биге жеткізу, әрі сол кісінің ұйғарымын арқалай қайту жөніндегі өтініш еді. Бұл қуғыншы жеткен жерде Ескелді тобы тоқтап, сусын ішісіп, сәл тынығысты. Сондай бір бел босатқан оңаша сәтті пайдаланып, қуғыншы жігіт Ескелді бидің өз құлағына ғана мына жайды сыбырлады: күшік Жолбарыс бидің ақай жоқ, тоқай жоқ Дербісәлі аулына салып ұрып жетуі шынында жұмбақ. Бірақ ондағы жұрт арасында мынадай қауесет бар. Балпықтың жары – сұлу Кәсенсарының алғаш сүйегін жарып шыққан сәбиінің шетінегені, ол сұлудың қайтып құрсақ көтермегені белгілі ғой. Міне, енді сол Кәсенсарының ана болу бақытынан біржола айырылғаны айқындалыпты. Тіпті сонау Шыршықтан күшік Жолбарыс биді бұлай қарай тік көтеріп әкеткен де осы
шындықтың әуселесі сияқты. Себебі, би тобында өзінің сыралғы үзеңгілестерінен гөрі сырт ажары тәуіп, бақсы-балгерлерге келіңкірейтін адамдар басым екен. Ескелді бұл соңғы хабарға деген өз көзқарасын кіржиген қабағы арқылы білдірді. Ал Қарабек жайындағыға келгенде тесік қаптай ақтарылды. – Осы менің де ақыл-ойымның пісуінде бір шалалық бар ма, қайдам қарағым, өз басым ұлы бидің сол туысының, сол тұшталаңдаған сарнауықтың ақылына қоңсы қона алмаймын. Құдайым-ау, біз онсыз да қалмақтардың бодандығында емеспіз бе? Бодан ел болмасақ қалмақтар ақ бас түйелерін қайтқан құстай тізбектетіп әкеп, біздің жігіттердің ала жаздай ала өкпелері шығып соққан қарсақтарының терісін тиеп әкетіп жатар ма еді? Жылма-жыл сондай алым алатын қалмақтардың бізде неше атасының құны, алашағы бар еді? Ешқандай құны, алашағы жоқ, бізді бодан ел деп санағасын басынғаны. Әне, екі-үшақ күн өтті, қарсақ терісі түгілі, сол қарсақ терісі тиелуге тиіс түйелеріміздің бір тізбегінің өзінен көз жаздық деп, қалмақтың әйдік нояны соңына үлкен әскер ертіп бізге қоқаңдап кетті. Айдалада малы жоғалса да бізден көретін дәрежеге жетті. Ол ненің белгісі? Балпық жіберген қуғыншы да тегін адам емес екен: – Торғай даласындағы соғыс сияқты оны-мұны қақтығыстар қалмақтардың шамына тиетін сияқты, – деп жіңішкелете ескертіп өтті. – Ол қақтығыстарды құдайдан тілеп алып жүрген қалмақтардың өздері, – деп, Ескелді енді ашу шақыра екіленді. – Аң терісінен алым төлейтініміз өз алдына, енді келіп сауытсайман өткізсін, қыз-жігіттен қалағанымызша аманат берсін дейді. Бұған қай итім шыдайды? Оның үстіне біз – ұлы жүз үйсіннің бір бұтағы ғанамыз.Ұлы жүз ғана емес, бергісі Орта жүз – алты арыс ел мен арғысы алшын – бәріне үкім таратушы менің нағашы атам Төленің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарайық деген ұлағатты сөзі бар. Жаңағыдай арыздары болса оларын ел-елді тіміскілемей ұлы бидің өзіне жеткізсін. Торғай даласындағы жай шамына тиді дейсің. Жаным, Торғай қайда, біз қайда? Алғашында екілене сөйлеген Ескелді тап соңында, әсіресе, Торғайды атағанда бір түрлі бабынан айрылғандай зорлана дыбыс шығарды. Онымен қоймай мұртынан күліп, айнала жұртты көзімен бір шолып өтті. Ол күлкі Ескелді биді сұлуландыра түскендей. Иә, жеріңе қол сұққан ата жауға қарсы күресте аз-мұз жалған сөйлеудің де өз жарасымдылығы бар сияқты. Балпық жіберген адамға Ескелді жауабының нобайы осы сөздерден-ақ білінетін еді. Қуғыншыны сонымен тойдырды да кері қайтарды. Өздері аттың басын ары бұрысты. Бөгесінге соқтығып, иіріле тоқтаған судай оны да бұзып-жарып, тағы да екпін аламыз дегенде екінші қутыншы жетті.Бұл жолы Ескелдінің өз аулынан, сонда қалған Тәттібай мерген, Малтабар батыр жіберген адам екен.Бұл соңғының жүрісі тым ұшқыр болған екен, Ескелділерге жете бере аттан құлап түсіп, есі ауып біраз жатып алды. Осындағы кексе жандардың бірі – Құлжан батырдың: – Тәңірім-ай! Жаратқан ием-ай, не сұмдық! Мынаның түрі түсіңе кірсе шошып оянасың ғой, – деген жыларман даусы шықты.Бұлар жапатармағай қуғыншыныц аузына су тамызып, білген ем-домдарын жасап, оны әрең тірілтіп алды.Мұның жеткізгені: «Ескелдінің аулын жау шапты, Тәттібай мен Малтабар мыналарға тез кері қайтсын», – депті.
Бұлар енді тас үркіткен торғайлардай ауылға қарай бытырлай ұшты. Манағы алғашқы қуғыншыны кері қайтарғаннан кейін де бұлар жол ұтамыз деп, өнімді жүріспен екі-үш бие сауымындай уақытты артқа тастан үлгерген. Оған дейінгі бір күндік жол тағы бар. Енді соның бәрін бұлар қас пен көздің арасында қайта қусырмаққа жердің ой-қырына қарамай астарындағы қылқұйрықтыларды бәйгеге қосқандай жосылтты. Түз адамдарының арасында мұндайда жазылмаған бір қағида – бір-біріне кедергі жасамау үшін бытырай кең жайыла шабу керек. Баз біреулер ат үстінен құлап түсіп жатса оған қарамау лазым. Орта жолда Жарықбас Есентүгел қысқа ғана тіл қатып үлгерді: – Биеке, кәдеңізге асса ана менімен келген шағын қолды да жарата беріңіз. Бас иелігін өзіңізге бердім. Өзім де өзіңіздің құзырыңыздамын ғой. Аңдыздап шапқан Шора балаларының ауыздарынан да «уә, уә» дескен дыбыстар естіліп қалады. Ескелді би ол туыстарының да ойын дәл таныды. Олар да осы балғалылар көсемінің сөздерін қайталап келеді. «Биекем, бауырым, жау шапты, біз қасындамыз, бізді де кәдеге жаратуды ұмытпа» , – дегендей базыналық сыңайы. Бұл кері шабыс шамамен сәске түсте басталған, кешкі намазшамда, Боралдайдың үлкен суынан өтіп, оның бергі шығыс беттен тарамдалып келіп құйылатын кішкене салаларының бірінде бұларға қарсы қозғалған көш жолықты.Бұлар Ескелдінің, одан бергі Естайдың, басқа да қоңсы ауылдардың көші екені бірден танылды. Ескелді көз байланбай тұрып, жау қайда, етек-жеңі қаншалықты, мұнда басшы адамдардан кімдер бар, осы жағын тез ашып-айыруға жан салды. Мұнда басшы адамдардан ешкім жоқ екен. Бәрі жауға қарсы соғысамыз деп, кейін қалып, ауыл-аймақты тегіс аяқты малға өңгеріп, бері аттандырып жіберіпті. Малтабар мен Тәттібайдың бұларға жеткен бар бұйрығы: «Алдыарттарыңа қарамаңдар. Қаратауға қарай қозғала беріңдер, амандық күнде соңдарыңнан өзіміз қуып жетеміз». Енді көш басындағы естиярлар Ескелділерді ұшыратқасын ары қозғалуға аса ниет білдірмеді, би де сол ниеттерін құп көргендей. Әне-міне дегенше көзге түртсе көргісіз қараңғы түн түсті. Гүрілдеп аққан кішкене судың бойында әркім жеткен жерлерінде ошарылып, орнығып жатты. Үркіншілікке бойы үйреніп, еті өліп кеткен ел дағдылы көші-қон үстіндегідей моп-момақан ғана. Құдайдың құлағын шулатып, естіген жанның тұлабойын тітіркендіре қарғыс айтатын шаптықпа мінезден мүлдем жаңылғандай. Емшектегі сәбилердің жылағаны, жылқылардың кісінескені, түнгі ауаны қақ жарған, бір-біріне арналған бұйрық-райлар сияқты үзік-үзік дыбыстар ғана оңайлықпен сөне қоймас түздіктер тірлігінен хабар береді. Бұл, әсіресе, Жарықбас Есентүтел бастаған балғалы адамдарына тосын көрінгендей. Ескелді не де болса таңды күтпекке бел байлады. Түнгі шала ұйқыдан соң құлқынсәріден бас көтеріп, кешегі топты бастап, өз ауылдарының тастап шыққан жұрттарына қарай қозғалды. Мұнда жан баласын таппады. Сол қарқынмен бұлар біраз жер шалды. Түске дейін жалайырлардың өзге аталары мекендеген теріскейдегі Сайрамсу, Жабағылысу, Қасқасуға қарай жүріп, біраз жүргіншілерді жолықтырды. Сол кезде ғана бұлардың көп нәрсеге көздері жетті. Қалмақтар аса ауыр әскер емес, шағын-шағын бірнеше топ құрып, осы беттегі жалайырдың бірнеше ауылдарын шауыпты. Бірнеше жерде жарылғыш заттарды да пайдаланыпты.
Ескелді енді не істейміз деп біраз бас шақты. Балпықтан, өз адамдары Тәттібай мерген, Малтабар батырдан қайтсе де бір тіл алмаққа солай қарай адамдар ұшыртты да өзі сол жеткен жерінде бекінді. Келесі таңертеңгілікте олардан тіл келді де, тек бұл шақта қалмақтардың екінші мәрте шабуылы басталды. Аса үлкен әскер емес, арқандай керіліп, айнала кеңістікті ағын судай желіп өтпек ниеттері бардай қусырып келеді. Ескелді маңындағы әскер де қолтоқпақтай ғана шағын шоғыр еді, қапы қалмай алғашқыда сәл кейін шегіне, сәлден соң, қайта серпіле оларды сыналай соқты. Қалмақтар екі бөлініп түскен шынжырдай әр жерде илектеніп, қайта бытырай жазылды да қазақтарды қоршауға алуға жанталасты. Қазақтардың да мұндайға дайын айласы бар, июқию үлкен қол емес, Ескелдіге оларды иіріп-жазу қиынға соққан жоқ, жер жағдайын оңтайлы пайдаланып, қоршаудың екі-үш тұсын бұзып етіп, олардың өздеріне ту сырттан тимек әрекет ұйымдастырылды. Қалмақтар осыдан тіксінсе керек, ойқы-шойқы жер бедері олар үшін қазақтардың алдын-ала жасап қойған торы сияқты көрініп, сақтық мәселесін тез бірінші кезекке қойысты. Екі-үш тұстан тарс-тұрс етіп, жарылғыш заттар белгі берді.Бұл Жарықбас Есентүгел адамдарына жаман әсер етсе керек, сол Жарықбас Есентүгелдің оққағары сияқтанып, одан екі елі ұзамай найзасын қоқаңдата шапқан Алғазы ақын аттан ұшып түсе жаздады. Оны Ескелді адамдарының екі-үшеуі көріп қалып, тіл ұшымен түйреп те үлгерді: – Мыналарды Хиуаның оқ-дәрі жасайтын қамбасына жақын, исін сезеді, тарс-тұрсына құлақтары үйренген деп жүрсек, бізден жаман үркеді ғой, түге! – десті. Бұл соғыс бір бие сауымындай ғана уақытқа созылды. Қалмақтар жараланған, өлген бес-алты адамын алдарына өңгеріп, лап етіп, кейін тайқыды. Келуі қалай тез болса, кетуі де солай тез. Түс ауа Ескелдіге Тәттібай мерген, Малтабар батырлардан хабар жетті. Жау қарасын алыстан шалмаққа, әрі жалайырдың өзге аталары қоныстанған су жағалауларында не хал, соны білмекке тым алыстап кетіпті. Тап бүгіндікте оларды да осылай жаудың аз ғана топтары мазалапты. Осы екі күнде жаумен екі рет беттесіп үлгерген олардың арасында өлгендер де, жараланғандар да бар екен. Ал сол күні кеште, ымырт жабылып, қас қарайған шақта Балпықтан да кісі жетті. Оларды бүгін бірінші рет жау шауыпты. Кеше тыныш болыпты. Ескелдінің соңынан Қарабектің жайын айтып қуғыншы ұшыруы содан екен. Ал бүгінгі шабарманның айтуынша Дербісәлі-Балпық аулына, одан әргі қоныстарға тиіскен жау қарасы мұндағыдан әлдеқайда қомақты екен. Тек Балпықтың қарамағындағы Жайнақ пен Қосай сияқтылар Торғай даласынан әкелген абыройды сақтау үшін жан бере кимылдап, қалмақтың көп адамын түсіріпті. Өңкей тіл жұтқан немелер қалмақтардың бұл шабуылының мәні не екенін айтып бере алмапты. Екі күн өткен соң тап осындай шабуыл тағы қайталанды. Қолға түскен бір қалмақты Ескелдінің өзі сұраққа алды.Бұл тұтқын естиярлау екен, білгенін ашып айтты: «Қарсақ терісі тиелген он екі түйенің жоғалуына Ташкент шаһарындағы, әрі одан әрідегі қалмақ бекзадалары қатты назалануда. Оны әр нәрсеге жоруда, соның мәнін ашу үшін қазақтардан тіл алмаққа осылай дүркін-дүркін соқкыбермекші». Ескелді тұтқын сөзіне риясыз сенгенмен бұл шабуылдардың түп мақсаты одан әріректе жатқанын, Торғай даласындағы жеңіліс, қолбасылардың арасындағы кикілжің қалмақтардың күшін кеміткен жоқ, қайта ширатып, шамырқандыра түсті деген ишарасы екенін пайымдады.
Қалмақтардың мұндай тиіп-қашпа соғысы аралығына екі-үш күннен салып, бұдан кейін де екі мәрте қайталанды. Енді бұрынғы тұжырымның өңі ескіріп, жалайыр басшылары басқадан күдіктенді, сөйтіп, жоңғар-ойрат қылығын одан әрі сан саққа жүгіртті. Қазақтарды осы шығыс беттен әлсін-әлсін түртпектеп, алдарқатып, Қаратаудан арғы күнгейге, Арқа даласына ұлы шабуыл ұйымдастырмақ па деген де жаманшылықты ойласты.Ұлы би Төле Әлібекұлына жүргіншілер аттандыру қажеттілігі де тіптен атойлады. Ал бұл сапардың Ескелдінің өз басына жүктелуі мынадай күнде тіптен қисынсыз істей көрінді. Осының бәрін көріп-біліп отырган, сонау Сырдың төменгі және орта ағысы аталатын өлкелерден жеткен балғалылар басшыларының тіптен ұнжырғасы түскендей. Енді қайтсін.Бұлар көмек дәметіп келген мұндағы ел үшін «байтал түгіл бас қайғы» дейтін заман туды. Жарықбас Есентүгел мен Ескелді би көбіне бір-бірімен қабақ арқылы түсініседі, тіс жарып көп ештеме айтыспайды. Қалайда, бұл шақта жалайыр елі үшке, төртке бөлініп кетті дегенмен оның ең мол тұтасқан ортасы осында еді. Осы Бадам өзені мен сонау теріскейдегі Талас Алатауының батыс тұмсығынан ағып шыгатын Ақсу, Жабағылысу сияқты сарқырамаларға дейін иін тірескен ел. Он екі ата жалайырдың сиыршы, орақты, мырза, ақбұйым, аңдас, сыпатай, қалпе сияқты ең қомақты буындарының бүгінгі қонысының ұзына бойы осы да, ал өкпе тұсында, әсіресе, батыс теріскей жағында тағы біразға созылып жатыр. Тіпті Боралдай жотасының көп қуыс-қолтығын иемденіп алған осылар. Жайшылықта, аманшылық күнде мұншама ел бұл кеңістікке сыймас та еді, тек мал басының ойсырай түсуі ғана олардың бас-аяғын жинақы еткендей. Міне, қалмақтардың мына тиіп-қашпа соғысының хабарын сол Боралдай жақтағы ел естімеген де еді. Тек Ескелді, Балпық, Қабан жырау сияқты көсемдер мекендеген мына шығыс беттен ғана шет-пұшпақтап тиіскен жау әртүрлі сауалдарды күннен-күнге молайтқандай. Кенет қалмақтардың соңғы шабуылынан кейінгі күндерде Сайрамсу мен Қасқасудың аралығындағы адырлардың бірінде Ескелді мен Балпық топтары ұшыраса кетті. Өңінде от жанғандай бір жігер оянған Балпық бір ұсыныс айтты: – Биекем, біз қалмақтардың мұндай әулекілігіне алданып уақыт ұтқызбайық. Бізде ішкері жақта көп әскер бар емес пе? Бәрін көтерейік. Сал бөкселеніп қалғандары бар шығар. Олардың да ширауына сеп. Сөйтіп, көп әскерді алға лақ еткізіп, қалмақтардың ендігі шабуылында олардан тірі пенде қалдырмай қырып салайық. Мүмкін, қалмақтардың түп ниеті сонда жалаңаштанар. Бәрібір өзіңіз айтқаңдай жазмыштанозмыш жоқ. Балпықтың бұлай ойлауына негіз бар екенін Ескелді бірден түсінді. Жас батырдың сөзін қуаттап, Тәттібай мерген, Барлыбай, немере ағайынды Малтабар, Құлжан батырлар да шуласып берді. Балғалылар басшылары да бұлұсыныстың өздеріне оң көрінгенін қасқабақтарымен білдірді. Бұлардың ішінде әлгі Тұрлымбет те бар еді. Көбіне-көп жақ ашпайтын сол. Қалмақтарға жөнелтілген он екі түйе қарсақ терісін кері қайтарамын деп, ата жауға шап түрткі жасағанын ойлап, іштей қысыла ма, әйтеуір сақалсыз иегі, бұлтиған екі беті тіптен дөңгеленіп, көздерінің оты да қоса өшіп, анда-санда қылаң беретін қыз реңкіне ұқсас белгілері айшықталып қалғандай. Бірақ оны «Сен сөйткенсің» деп ешкім көзге шұқымады. «Қайтқан малда береке бар». Kepі қайтарылған қарсақ терілерін ел көзінен жырақ ұстап, қыс қары түсер қарсаңда мынау жаңадан ауланған аңдардікі деп,
қалмақтарға алдағы күннің берешегі есебінен өткізбек ниеттері бар. Мұның өзі қаншама қазақ жігітінің уақытша болса да қолын босатуға жарамақ. Әрі өтер іс өтті, Тұрлымбеттікөзге шұқығаннан не пайда, мүмкін, сол алдағы күннің қамы үшін тосын бір айла-шарғысын іште пісіріп жүрген шығар. Иә, иә, солай! Ескелді би Балпықұсынысын мықтап кәперге алды. Тек оның арты үлкен соғысқа айналып кете ме, әрі мына балғалы туысқандар келіп жатыр, олардың қолқасына не уәж айтамыз деп, бұлар елден жырақта аздаған әскер шоғырларының ортасында екі-үш күн кеу-кеулесті. Жау қолындағы Ташкент бағдарына, сонау Ыстықкөлге карай ирелендетен жол сораптарын бойлата шолғыншылар жіберуден танбады. Тек ендігіде ол жақтан құлаққа ұрған танадай жым-жырттықтан басқа ештеме білінбеді. Балпық аузынан шыққанды іске асыруға бір жайдан осы да қол байлау болды. Сөйтіп, жалайыр басшылары әлі де бей-жай күй кешіп, әліптің артын бағуға пейіл берді. Міне, сол күндерде Шора ақсақалдың қазасы туралы хабар жетті. Шора аулы тап қазіргі күндерде теріскейде Сайрамсудың жағалауында, оның кішкене бір әлсіреп бітер саласын талғажу етіп отырган. Міне, осы тұс кенет аткөпір қалың көпшіліктің тоғысқан жеріне айналды. Ескелдідей ел басшысының әкесі Жылгелдінің кіндіктес бауыры, тете інісі – Шора қазасы туралы хабар алыс-жақын елдің бас көтерерлерін тегіс атқа қондырыпты. Олардың көбісі көңіл айтқаннан гөрі Ескелдінің, оның айналасындағы батырлардың жүзін көруге, ертеңгі күні өздерін не күтіп тұрғаны хақында ақпар алуға асыққандар еді. Балпық айналасы осында түгел көтеріліп келді десе де болғандай. Бұл күнде жақ сүйегі шодырайып, ескі жусандай өңі әбден жүдеп қартайған Дербісәлі де жетті. Ақсақал қазасына шын мәнінде күйзелген жалғыз осы кісі сияқты. Аттан түскен бойда Шораның Қожан, Тәңірберді, Құдайберген, Әлімбай сияқты әкелерінің тым жас кезінде дүниеге келіп, бұл күнде өздері шалдыққа жараған төрт ұлының әрқайсысын құшағында ұзақ қысып, олардың да шын көз жасын шығарды. Дербісәлі аулында ұзақ ошарылған қонақ – күшік Жолбарыс би де соны қайталады. Дарабоз есімді атышулы әйел күйеуі Құлжаны қолбаладай қасына ертіп, ол да жетті. Көп ұзамай Есенбай бастаған Қожаназар балалары да қосылды. Тек әлгі Қарабектің ғана бұлай карай беттегісі келмепті. Бүкіл жалайырдың бәйтеректерін осында көресің деген Дербісәлінің уәжіне де қыңбай, осы Сыр өңірінен топырақ бұйырмақшы Шора атты адамның өзімен жүзтаныстығы жоқтығын сылтауратып тайып тұрыпты. Қасындағы әлгі сөзіне тұздық ретінде ерткен Жоңғария қонтайшысының «табақтас нөкерлері» дейтіндерді, әрі тістері сары қайрақтай өзкәртамыстарын қызғыштай қорып, шаң жуытпай бірге әкетіпті. Кенет осы ұлан-топыр қаза үстінде бір нәрсе жұрт көзіне ерен шалынды. «Ер адамдардың желкесінде ел қамы атты зіл батпан жүк бар, жүктің үстіне жүк артпайық, кәне абысын-ажындар, осы қазаның барлық салмағын біз көтерейік», – деп Дарабоз ұран тастады. Ешкімнің қолдау-қоштауын күткен де жоқ, билік тізгінін заматында-ақ іліп әкетті. Барлық әйел заты Дарабоздың шылауында кетті. «Қатынымның әмірі жүрген жерде өзім ұмыт қалсам еркектігіме мін», – дегендей оннан-мұннан Құлжаның даусы да құлақ жара естіліп қалатын еді.
Сөйтіп, жаратылысы бөлек бұл әйел үлкен адамның қазасын тамаша атқарып шықты. Ескелділер, әрі оннан-мұннан келген ең көрнекті адамдар, осы Сайрамсу жағалауында Шораның жетісіне дейін бөгелді. Осы уақытта мұнда қаншама сөз сапырылды десеңші. Әсіресе, бәрін Дарабоз басқарып, еркек атаулының қолын бос етуі оған тіптен мол мүмкіндік бергендей. Жарықбас Есентүгел күшік Жолбарыс би мен Дарабозды көргенде әнеукүнгі әңгімеге қайта тамызық тастады. Бір кезде осы Жолбарыс бидің Дарабозға бата беріп, осы соңғы ныспыны оған өз аузымен таңғаны қайта ежіктелді. Сөйтіп, туған жерге деген сағыныш көкіректерін тағы қарып өтті. Міне, осы жеті күнде қалмақ жақтан әлі де ешқандай қыбыр еткен ештеме білінбеді. Енді ұлы би Төле ордасына мына балғалылар басшыларын кім ертіп апарады деген сауал қайта көтерілді. Сол кезде Дарабоздың қоңыр тарғыл даусы жұртты қайта елең еткізді: – Биекем, дәл осы сапарға өзіңіздің аттанғаныңыз жөн көрінеді маған. – Киіз үйлердің сыртында, әртүрлі төсеніштер мол тасталған, небір қасқа мен жайсаңдар жайрап жатқан алаңда Дарабоздың сүйекті денесі тағы өсіп шыға келді. – Немене, түсіңде ақ сәлделі әулие аян берді ме? – деп, анадай тұста бөлек шоғырланған үлкенді-кішілі әйелдер ортасынан Ақжәмилә күңк етті. Оның сөзін Дарабоздың ұнатпағаны бірден аңғарылатын еді. – Аян берді, аян бермесе де дәл соған ұқсас бір сыбыр құлағыма жетті, Ақжәмилә! – деп мына түстік өлкенің күні бұрынғысынан да қаралау еткен дөңгелек жүзін Ескелді бәйбішесіне қарай жалт бұрды. Ірі жаратылысы шапшаң қимылға дайын екенін де білдіре кеудесінің әр тұсында қайрат белгілері білеулене жүйткіп тұрғандай. Ешқашан сөнбейтін көздеріндегі от сол бәз-баяғы қалпында. – Балғалы ағайындардың ахуалы әлденеден көкірек сүйегімді ауырта бастады. Бізге бір жау шапса, ал олар үш-төрт тараптан соққы жейді екен. Ағайынның рахымы осылай басқа екі талай күн туғанда ғой. Осы жолы қол-аяғымызды ішке бүксек ертеңгі күн оларға қарар бет қайда? Тез қол ұшын берейік, игі жақсылар, – деп Дарабоз ауыр үнсіздікті қайта бұзды. – Ай, осы жеңешемді жауға салар күн қарасын шалдырар ма? – деп Ескелдіден арқан бойындай ғана аулағырақ қонжиған Балпық дүр етті. Дарабоз өзіне қайын іспетті батырдың бұл қақпақылына іле жауап қайырмақ еді, Балпық бұзып-жара сөзін одан әрі жалғастырды. – Ес-ағам, мына жеңешемдікі хас пайғамбардың ұлағатындай. Қалмақтар мұнда әлі де қоқаңдаса біз бармыз ғой, осы сапарға өзіңіздің қайта қомданғаныңыз ақылға сиымды. Нағашы атаңызға балғалы ағайындардың қамымен ғана емес, қалың қазақтың да мұң-наласын арқалай ат басын түзеңіз. Мұндағы атан жілік, арқар мүйіз батырлардың ғана емес, төмен етекті қатындардың да қолдары қыши бастады деп, ағынан жарылыңыз. Ата жауды жерімізде қашанғы қойқаңдатамыз, тиіп-қашпа соғыспен қашанғы өміріміз өксімек, оларға қарсы ұлы ғазауат соғысына «жә» дейтін сәт қашан тумақ, соның аллам жазуындағы нобайын осы жолы анықтап қайтыңыз. Балпық кесімінеәзіл-оспақ араласқанмен де арғы тереңі үңірейе жан шошытады. – Дұрыс, дұрыс. – Уә, бәрекелді. – Балпық батыр алмас қылыштай қиды ғой.
– Қуаттаймыз. Құптаймыз, – деген дауыстар Есенбай, Тәттібай мерген, Жантоқа, Барлыбай, Малтабар сияқты елбасылар ғана емес, қарапайым үлкен-кішілердің де көмекейлерінен аңдыздап шықты. Тіпті Дербісәлі шалдың жусан түстес арық жүзіне де қан жүгіргендей белгілер байқалды. Бұдан кейінгі аралықта елбасылар оңашаланған сәтге олардың өз арасында оқыс бір күбір-сыбырға орын берілді. Бұған да мұрындық болған Балпық батыр еді. – Ес-ағам, әнеукүні өзіңіз айтқандай істің бәрі сіздің нағашы атаңызға тірелсе бір сәрі, әлгі ұлы жүздің айбары Жолбарыс хан қайда, қалың қазақ басына моншақ етіп көтерген Болат ханнан не хабар? Ана жолы Хан тауынан бері жөңкілген шақта ол Болат ханды бір көріп едік, ол кездегі халі көңілімізге олқы соғып еді, одан бері де көп уақыт өтті. Болат хан ол шақтағы жұмбақ мінезінен арылып, қайта қайратына мінгендей деп естідік емес пе? Осы тұста Тәттібай мерген мен Малтабар батыр ұлардай шуласты. Оларды Жантоқа мен Барлыбай да қостады. – Иә, иә, жөн сөз. – Оларды хан деп, төре тұқымы деп, неменесіне мойнымызға артып жүрміз осы. – Шылбыр, тізгінді жиып алып, ердің қара қасына мөлигеннен басқа түк бітірері жоқ қой, түге. – Иә, сөйтіп қара қазақты қоса салғыртып болды. – Олардың қасында даланы аш қасқырдай кезген Әбілхайырдікі жөн бе деймін. – Жә, тоқтаңдар! – деп Ескелді бәріне тыйым салды. – Солардың баршасының аужайын түйіп қайт деп отырсындар ғой. Сонда бір ғана балғалы ағайындардың қамы үшін емес екен бұл сапар. Иә, Болат хан, Жолбарыс хан есімдері мұндағы қазақтардың іштерінде ащы запыранша түйнектеліп тұрғандай. Жаңа Әбілхайыр есімі аталғанда Жарықбас Есентүгелдің қабағы дір еткенмен мына елбасылардың сөз ауанына оның да мықтап ден қойған түрі бар. Сөйтіп, қыркүйек айының екінші жартысында Ескелді би құрамына бұл жолы Шора балалары ғана енбеген әнеукүнгі топты бастап Қаратау сапарына қайта тәуекел етті. Тек Жарықбас Есентүгел өткен жолғыдай өз адамдарын бөле-жарған жоқ, түгел өзімен бірге алып жүрді.
* * * Қаратауды бетке алған осы екінші сапарда да Төле бидің өз басымен ұшырасу бұларға оңайға соққан жоқ. Шаяннан әрі өтіп, оның оң саласы Арыстанды өзеніне жеткенде бір жүргінші Төле би айналасы алдағы Мыңбұлақ жақта деп жол нұсқады. Бір бие сауымы өтпей екінші жүргінші ұлы би осы Арыстандының өрінде деді. «Енді қайттік?»Есентүгел ақыл салды: – Биекем, қайтсе де осы Арыстандыны өрлеп, Қаратаудың төбесіне қарай жыбырласақ қайтеді? Қарсылық жоқ.Бұлар енді Қаратаудың қалың таулы биіктерін бетке алды. Арыстандыны бойлай жүрді. Арнасы тар, жағалауы тік жарлы, арынды өзеннің өріне қарай қозғалып, жолай бір түнеп, таңғы жүріске екі бие сауымындай уақыт жұмсап үлгергенде алдарынан бір жел соқты. Алғашында осыдан екі жыл бұрынғы Хантаудағы
Жиделінің желін еске алысып еді. Тек Жиделінің желі бір қалыпты аққан терең өзен арнасына ұқсап, кеудеден ұрып тұрса мынанікі сәл тентек баланың мінезіне келіңкірейді. Арыстандыны қуалай соғып, ыстық лепті кеудеге үреді. – Апырай, біздің ата-мекеніміз Жоңғар Алатауының да қуыс-қолтығынан есетін өкпек желдер болушы еді. Олар өзен бойлап жұлқынса қайнаған жазда да қоңыр салқынымен рахатқа бөлеуші еді. Мынауың аузымен от бүріккен жеті басты жалмауыздың өңешінен шыққандай ғой, – деп бірі шыдамсыздық жасады. – Жоқ, біз аялдайык, – деді Ескелді. Кедір-бұдыры санап тауысқысыз тау құламасынан ықтасынға лайық қуыс табылмады. Ыстық жел сумаңдап бәріне жетіп тұрады екен. Жүргіншілердің бәрібір тоқтамасқа лажы жоқ, бір ойыстау тұста аттардың құйрық жағын желдің өтіне беріп, сауырларына жабыса жер тізерлесті. Ең жаманы белгісіздік қой, Қаратаудың бұлар біліп үлгермеген сыры көп, мына ауа қозғалысы қашанға созылады, оны осылай отырып өткерісе ме, жоқ, бұдан бой тасалаудың басқа бір айласы бар ма, осы сұрақтарға жауaп таппай қыл құйрықты жануарлардың сауырына бас сүйеген жалайырлар алғашында едәуір торықты.Бұл жүрістің бір себебі өздеріне тірелетінін сезіп іштен ұят қыса ма, Ескелдіге таяу шөккен балғалылар басшысы Есентүгел даусын айқынырақ шығара: – Мынау екіленген тым ыстық жел ғой, қайраты тез қайтар, ұзаққа бара алмас, – деп баршасын сабырға шақырғансыды. – Менің де пайымдауымша солай! Анау төменгі Сыр бойы, Тереңөзек атырабы жақта жалынша шарпитын ыстық желдің басталуы да тез, аяқталуы да көзді ашып-жұмғанша, – деп Алғазы ақын өз көсеміне жарамсақтанғандай өтірік-расы аралас сөздерді бір көйкитті. Тек балғалы адамдарының сәуегейсуі оларға абырой әпермеді. Ыстық леп бірден-бірге өрши әлдекімнің үстемелете от жаққан қазан-ошағынан ескендей жуарақпанда басылатын түр көрсетпеді. Сонда да ақырына дейін шыдауға бел байласты. Өстіп екі-үш бие сауымындай уақыт өткерілгенде ғана бұл қызулы ауа қозғалысы өзі бастау алған пештің отыны таусылғандай-ақ деміге, ентіге саябырлауға көшті. Жүргіншілер бастарын көтерісіп, орындарынан тұрды. Аттар да тұлабойларынан бір діріл жүгіргендей сілкілесіп, көз жанарлары шалшық судай лайлана қарайды.Бұл шамамен кіші бесіннің кезі еді. Қаратаудың күнгейі үшін әлі ерте мезгіл, жол ұтуға жарайтын уақыт әлі көл-көсір, бірақ мына жүргіншілер қозғалуға жоқ. Аттар да, өздері де әбден кенезелері кеуіп, жаман қалжырапты. Арыстандының суына құлап, соның жойқын гүріліне құлақ тұндыра түнеп шыққаннан басқа амал жоқ еді. Ертеңіне таң құланиектене бұлар қайта өрге салды. Алғаш кездескен бейтаныс біреу кеше бұларды бөгеген «Арыстанды-Қарабастың желі» екенін, әрі ертеректе осы желдің кесірінен малы қырылған бір бай қатынның: Арыстанды – Қарабас, Еліңе де болайын, Арыстанды – Қарабас Желіңе де болайын, – деп оған қарғыс айтқанын да жеткізіп үлгерді. Бұл желге байланысты тамағына кептелген тағы бірдемелері бар еді. Ескелді тобы оған ықылас білдірмеді. Біраз жүрістен соң кезіккен екінші бейтаныстың ақпары бұлар үшін тосын олжадай көрінді:
– Сіздер бұл бағытта ұлы би Төленің аулы қайда деп ешкімнен сұрамаңыздар! – деп салды ол. – Ажарларыңыздан танимын, сосын да сіздерге ашылғым келеді. Қазір ауызға сақтық керек заман ғой. Сіздер ұлы бидің өзінің емес, оның үлкен ұлы– Жәнбекейдің аулын сұраңыздар. Ар жағына Жәнбекей өзі жеткізіп салады. Тағы екі күнде сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп, мың бүктеліп жатқан Қаратаудың қыр жоталарын кезіп жүріп, өлдім-талдым дегенде Жәнбекейдің үйін тапты. Жолай Кіші жүз елінен қайтқан Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлын жолықтырды. Ескелді би бұл кездесуге жас балаша қуанып, жырауды қасына ертті. Сөйтіп, Жәнбекейдің үйіне бірге бас сұқты. Жәнбекей кең пейілді, әрі әртүрлі шаруа қаншама қыспаққа алғанмен өзінің қонақжайлық үрдісінен жаңылмаған адам еді. Ескелдінің шешесі – марқұм Ұланбикенің тетелес інісі, әкесі Төленің жас кезінде туып, оның өзімен бірге қартаюға бар төртбақ денелі, жүндес қабақты, мол пішілген адамның жылдан-жылға сол ұлы биге қатты ұқсап бара жатқаны анық.Ұлы биден бір айырмашылығы жүндес қабақтың астындағы көздерінде мейірім-шапағат атулының тым молдығы еді. Ескелді осы нағашы ағасымен дидарласқанда көздеріндегі сол мейіріммен жиірек ұшырасқысы келетін. Осы кездесу үстінде Ескелдінің бір ғана нәрсе көкірегіне қадақтай тиді. Ол Жәнбекейдің мына сөздері еді. – Әкемнің тап қазір көңіл күйі мәз емес. Әлгі Сабалақ атты бала бар еді ғой. Сол күннен-күнге өнер шығарып жүр. Әлгі жанындай жақсыкөретін керторысы естеріңізде ме? – Иә, иә, есімізде. – Ол керторыға байланысты барлық хикаяны білеміз. Нағашы аға, өзіңіз де барсыз ғой, осыдан екі-үш жыл өтті ме, сол керторының бір хикаясына мына Қабекең екеуіміз де куә болғанбыз. – Ескелді осыны айтты да «бірақ сен бұдан хабарсызсың-ау» дегендей қасында аузына су толтырғандай тікесінен тік қақшиған Есентүгелге бір түрлі жаны аши қарады. – Менің куәлігім одан да әрірек, сонау күнбатыстағы Созақ жерінен басталады, – деп Қабан жырау қостады. – Міне сол керторыдан Сабалақ айрылып қалған. – Не дейсіз, нағашы аға? Қап, Сабалақтың ақыл-ойы майып болмаса неғылсын?! – Паһ! – деп қатты дауыстады Жәнбекей. Енді екі көзіндегі мейірім күлкілі әңгімеге Кәшкендегідей мәз-мейрам нышанға ауысып, шық түстенді. – Тіпті де олай емес.Бұл Сабалақта қазақта жоқ мінез бар. Жақсы жігіттің жаны жақсы атпен бірге дейтін қазақтың нақылы Сабалақтың бойына шақ емес екен. Керісінше қос жанары жанынан тастамайтын салақұлаш алдаспанындай болып, адамның жүрегін шошытатын сиыққа жетті десем сенермісіздер. Ал екі бетін тіптен атап сұрамаңыздар. Бұрын да ақ-сұрланып, пышақ жанығандай еді, қазір қыстыгүнгі суық жартастан әрмен, жақындап баруға жүрек дауаламайды. Сұрқына қарап, бұлон бес жасар бала деп ешкім де айтпас. Әкем оның түрін әрнәрсеге жорып, мына бізден – туған балаларынан әрмен жақын тұтушы еді ғой. Міне, сол Сабалақ екі аптадай болды ұшты-күйлі жоғалды. Әкемнің көңіл күйінің нашарлығы содан.
Төле би Қаратаудан әрі теріскейге құлап, Үлкен Ақтау аталатын жоталарда екен. Оған ертеңіне Жәнбекей қосып берген, мұздай қаруланған қарауылшы жігіттер жеткізіп салды. Осы екі ортада қыруар мал, қыруар әскер көрінді. Саба-саба қымыз тасыған, басқа да ерсілі-қарсылы жосылған жүргіншілер өз алдына. Ешкім ешкімге жөн айтпайды. Мынадай қарбаласты көріп, бірауық Ескелді биді ұят қысқандай. Әрі «жоңғарлардың бізге бодандыққа кіріңдер» деп бодандықтың үстіне бодандық талап етуі, қыз-жігіттерден аманат сұрауы мынадай қозғалысты өз тыңшылары арқылы біліп отыруынан ғой деген сезік ішіне ұялады. Осы сезікпен өзімен үзеңгі қағыстыра қозғалған Есентүгелге қарап еді, оның да түрінде кісі қызығарлық дәнеме қалмапты. Ескелдінің бір жан сергітерлік әңгіме ойлап тапқысы келді, сондағы аузына түскені мынау: – Иә, ұлы би балаларының ішінде үлкені Жәнбекейдің жөні бөлек. – Қай жағынан? – деп Есентүгел барынша ынта қойды. – Мынау қыруар мал Жәнбекейдікі. Мынау қалың әскер – бәрінің мініс ат, ішіп-жемі Жәнбекейдікі. – Ал ұлы бидің өз басында мал қаншалық? – Ол кісінікі бұдан да асып түседі. – Айыпқа бұйырманыз, биекем, бір сұрақ кеудемді кернеп барады, – деп Есентүгел Ескелдіге көзін сығырайта қарады. – Сіздің осы ұлы би Төленің жиен немересі екеніңізді білемін. Осы байлық, молшылық жағынан нағашы атаңыздан өзіңізге дарығаны бар ма? – Онша емес. – Оқасы жоқ, – деп, кешелі бері Жәнбекей үйінде тынығып, ас-суды мол ішіп, әл жинап үлгерген Есентүгел тез өзгеріп, енді жайраңдай сөйледі. – Соңғы бір айға тарта уақыт әлетінде сізге ұлы бидің өзге қасиетінен құдайдың мол олжа салғанын байқастадым. Өз тұрғыласының ойда жоқта көпшік қоя қолпаштауына есіретін Ескелді емес еді.Бұл екеуара әңгіменің куәсі – Қабан жырау да би атына арналған марапатты одан әрі әуелетуге жоқ, мұның әзірге бар назары Есентүгелде еді. Түнде Жәнбекей үйінде бұл балғалылар елі, олардың көсемі Есентүгел жайында әңгімелер қайта сапырылған. Тек оған жыраудың құлағының құрышы қанбай қалыпты. Есентүгелге назары ауса-ақ белуарына түскен сақалын жуан да салалы саусақтарымен сипалай береді. Осыдан бес-алты жыл бұрын ел аман, жұрт тынышта осы Есентүгел күшік Жолбарыс биге еріп, өрдегі жалайырлар, оның ішіндегі андас еліне, Дербісәлі аулына сапар шеккенде сол есте қаларлық кездесуге Ескелді, Балпықпен бірге Қабан жырау да қатысқан. Ондағы барлық окиға қаз-қалпында мұның да жадында. Одан беріде дүние асты-үстіне түсіп, бәрі өзгерді ғой. Тек Есентүгел қалай өзгерді екен деп, жыраудың жүндес қабағының астындағы қос жанар жел үріп, үйірген шалшық судай ары-бері жүйтки береді. Ал жыраудың өз келбетінде соңғы бірер жылда болған өзгеріс бет-аузын жапқан қалың жүн, сақалына ақ мол араласа бастаған. Кей тұсында ақ қылшықтар өзгеге жота көрсеткендей тұтаса қылаңдайды. Жалпы дидары да бұрынғы емес, кәрленіп әлдекімге кәрі жүріп тұрғандай жүзі әлсін-әлсін мұзкесектеніп, суық тартады. Кеше алғаш беттескелі өзінен көз аудармаған Алғазы ақынды да кәперіне алар емес.
Ақыры, бұлар Төле би қонысына ат басын тіреді-ау. Ию-қию көпшілік ортасындағы ұлы би алғашында Қабан жырау мен өзінің жиен немересі – Ескелдіні танымағандай да. Әдеттегідей ол Үлкен Ақтаудың астаудай көк жазығында көп-көп ақ үйлер тіккізгенмен келімді-кетімді кісілерді сыртта бой-бой төселген киіз-көрпелердің үстінде отырып қабылдауда еді. Қаумалаған шал-шауқан, жігіт ағасылардың ішінде бұрынғыдай ары тарт, бері тарт жоқ, бәрі ақ қылаң қаба сақалды Төленің томардай болып, ортада ошарылған болмысына әр қырынан көздерін тіктей қадап, қалт жібермей бағуда. Төле көбіне төмен шұқшиып сөйлейтін әдет тапқандай, ал көздерін көтерсе іздеген адамын қыжым тақиясының төбесіндегі тесік арқылы көріп отырғандай-ақ бірден көздеп атады. Қасында жасыл шұға тысты дөңгелек сеңсең бөркі де жатыр. Оны әлсін-әлсін оң қолының быртық саусақтарын жазып жіберіп, шеңгелдей бүреді де басына киеді. Тек көп ұзамай онысын қайта шешеді. Күннің ыстығы, не суығы әсер еткендік емес, іштен қыстығырылып, ісәрекет бағдарын таппағандағы ойсыз қимылдары екені танылады. Ұлы би айналасында шамамен жүз қаралы адам бар. Ал бұларға алыстан құлақ тосқан, қадалып, көз майын тауысқандарда тіпті қисап жоқ. Олар көбіне, алыс-алыс елдерден жол еңсеріп жеткен сөз ұстарлар, ұлы бидің төрелігіне зәру даугерлер, олардан әріректе тағы сондай адамы мен малы аралас қаралар тарыдай шашылып жатыр. Тек бәрінің де назары осы жақта екені айтпай сезіледі. Ескелді тобы алғаш келгенде Төле би айналасындағы адамдар ішінде ұлы жүз дулаттың төрт атасынан шыққан жас батырлар – Рысбек, Сәмен, Қойгелді, Өтеген бар еді. Алғашында бұл төртеудің арасында дау өрбіді, ақыры, Төле биге жүгіністі, тек ұлы би өз тұжырымын бірден сыртқа шығармай, қасындағы жасы егделерге күн шалмаған ақ жұмыр мойнын бұрды. Енді олар екіленді. Алғашында Ескелді, Қабан төңірегіндегілер мұның не дау екенін де ұқпап еді. Әйтеуір, сойыс малы, мініс аттары, тіпті қазан-ошақ сияқты ұсақтүйек төңірегіндегі сөздер тау басындағы жаңбырдай сатырлап береді де, оған оннан қайтқан, мұннан қайтқан жүргіншілер әуселесі араласады. Сөйтіп, даудың түп мағынасынан жалайыр адамдары қайта көз жазады. Ташкент кеткен, Қазығұрт асқан, Созаққа беттеген әлдекімдердің ныспылары жүндей түтіліп, олардың сойыс малы, қазаношақ сияқты ұсақ-түйекке қандай қатысы барлығы одан сайын бұлдырланады. Бірауық ұлы жүздің өзге рулары Ошақты, Сіргелі, Қаңлы, Шанышқылы сияқты елдердегі Ерсары, Байсары, Тауасар, Саңырық батырлардың ныспылары да оқтын-оқтын сөз ұшына ілігеді.Бұл тұста Ескелді маңындағыларды бір елең еткізген жәйт – Төле би осы әлетте Ошақты батыры Саңырықтың жарасы қалай, аурудың беті бері қарап па деп сұрады. Бұған не жауап қайтарылар екен деп жалайыр адамдары сілтідей тына құлақ тігісті. Себебі, әнеукүні Торғай даласынан қайтқан Қосай мен Жайнақтан бұлар сондағы ұрыста Саңырықтың иығын жау жебесінің тесіп өткенін естіген ғой. Ұлы бидің сұрағына «сондағы оташылардың пайымынша Саңырық батыр бас көтеруге жарапты, тәңірім қаласа құлан-таза айығып кетер күн де алыс емес» деген жауап алынды. – О, құдайым, қолдай гөр, – деп Төле бетін сипады. Басқалар да сөйтті. Осы соңғы сөз алмасулар арқылы Ескелді би тобындағылар Торғай даласындағы шайқас туралы бұлардың да өздерінен кем хабардар емес екенін түсіністі. Бұдан кейін өткен жылы Қазығұрт пен Талас Алатауының екі ортасында жоңғарлармен қиян-кескі шайқасқа барып, үлкен жеңіліске ұшыраған қырғыз Көкім би
Қарашорин есімі де бір бүйірден килікті. Сол екі тау аралығындағы қырғыз манабының үлкен қамалын жаудың күйреткенін жүргіншілер арқылы Қабан жырау мен Ескелді би де естіген. Тек бұл отырыста ол қырғыз манабы, әрі қолбасшысының құлағын неге шулатысты, жалайырлар үшін сол жағы бұлыңғыр. Ақыры, шымыр-шымыр бір әңгіменің беті бері кайрылғасын жаңағы Дулаттың төрт атасының батырлары орындарынан тұрысты. Тек сиқым Рысбек, ботбай Сәмен алдыарттарына қарамай бірден өз атшыларына қарай жеделдете басса, шымыр Қойгелді мен жаныс Өтеген жалайыр адамдарына көздері алайып, қайта тізелерін бүкті. Сірә, бұлардікі не жүріс екенін біле кетейік дегені.Ұлы би Қойгелді мен Өтегеннің ол райын таныса да өз жиен немересі жаққа бірден көз салмады. Бұған дейінгі ырду-дырдудың бір ұшығын қайта ұстады да Орта жүз қазақтарына қатысты бір жайды жайқап өтті. Одан да бастырмалатып тез қара үзді де іштегі бір өкінішін жеткізді: – Алатауың мен Арқаң, түстігің мен теріскейің, бәріне құлағымыз түрік, естігенін ел жеткізеді, естімегенін жел жеткізеді, тек ағайындар, бір таңым Кіші жүз – алшын жақтан хабар-ошарға бір жарымадық. Анау-мынау хабар-ошар сумандағанмен бірін екіншісі құмға жазған жазудай өшіріп жатады. Шыны қайсы, жалғаны қайсы, бір Аллам білсін. Әнеукүні Жолбарыс ханның ордасында болғанымда сол хан ием айтып еді, сонау жылдары Ташкент қолда тұрған уақытта қазақ пен қалмақ арасында ұшқан құстан жылдам тіл тасушы желаяқтарды қағып түсіретін екі жақтан да қағілездер табылып еді, енді үйсін мен алшындар ортасында да сондай қағілездер шығып, өнер көрсетіп жүрген жоқ па деп. Тап осы тұста Ескелдіге жан бітті: – Нағашы ата! – Неге екені белгісіз, жалайыр биінің даусы тап осы аралықта тым жіңішке естілді. Әлде өз атасының қасында өзінің әлі де болса бала екенін жалпақ жұртқа жариялауы ма, жоқ, жай көрсеткен кішілігі ме, ол жағын ешкім айырмады. – Мынау жалайыр атты жұрағатыңыздың көсемі Қабан жырау Асан баласы сол Кіші жүз елінен төтелеп, із суытпай бүгін келіп отыр. Егер ол кісіге сәл ынта білдірсеңіз, бұл олқылығыңыздың орны толар. Сол кезде Төленің қасында отырған, ол да дөңгелек бөрікті, шүңеткөз, сұйық ақ сақалды арық шал түбі түскен шелектей кәңгір етті: – Әп, бәрекелде, өзім де солай жорып едім. Қол тоқпақтай ғана жұмыр жердің бетінде ойқы-шойқы із тастап жүріп, осы ініммен бір дидарласудың сәті түспеп еді. О, жаратушы ием, бұл күнге жеткізгенің үшін мың да бір рақмет! – Сізді мен де шырамытып отырмын. Алтын жүзіңізді тамашалауға жазған құдайға өз басым да шексіз ризамын! – деп Қабан жырау да жасы үлкен кісіге қарап, тым биязы сөйледі. – Сіздің өзге жырларыңызбен бірге: Тобылғының түбінде торғай да бар, Бір жаман мен бір жақсы әрқайда бар. Екі жаман қосылса күнде керіс, Екі жақсы қосылар күн қайда бар? – деп басталатын алмастың жүзіндей жарқылдаған сөздеріңіз көкірегімізге ұялағалы не заман? Е, Алла тағалам, артық көрме! Төле бидің қасындағы бұл қария Жанкел ақын еді. Көкірегі жүйрік Қабан жыраудың оның тап осы шумағын еске алуында да есеп бар. Себебі, бұл кезінде мына ұлы бидің басындағы бір халге байланысты туындаған өлең-тұғын. Ертеректе алшын Әйтеке бидің
тірі кезінде соған және Орта жүздегі өз тұрғыласы Қазыбек биге Төле кісі салып, өзінің сүйікті ұлдарының біріне қалыңдық іздейтінін хабарлайды. Қазыбек табанда бір қызды атайды. Ол қыз жайында бір жаман өсек барын Жанкел ақын біледі екен. Көптің көзінше төтесінен тартуға ыңғайсыз, тұспалдап сөйлейді. Жоғарыдағы шумақпен жалғастыра: Жаман қатын, жаман ат, жаман тазы, Мұңайтады жігітті малдың азы. Бейнет болар жігітке өмір-сауда, Көлдің сәйкес келмесе қоңыр қазы, – деп салады. Ақын тұспалын дәл таныған Төле би өз аузына қараған көпке: «Мінгені тайқыдан, көкірегі қайқыдан, аузы бүрік, ерні түрік, көзі сарыдан, шашы қарадан сақта», – дейді. Бұл сөз Қазыбекке жетеді. Ол өзі атаған қызды арнайы барып көріп, ұлы бидің қырағылығын танып: «Сылтауыңыз сұңқар, қаз бен үйрек дегмар екен», – деп сәлем жолдайды. Сөйтіп, Төле басқа біреудің саналы қызына құда түседі. Қабан жыраудың жаңағы сөздерінен кейін Жанкел қария да қарап қалмады. Ол ертеректе Қабан жыраудың Тұмарша қызбен болған айтысының біраз бөлігін әндете төгіп-төгіп жіберді. Міне, ақын мен ақын осылай есендесті. Жарықбас Есентүгел осы мезетте қасындағы Алғазы ақынға бұрылып еді, оның көздеріне жас үйірілгенін көрді. Ал Жүсіп қарияда екі ақынның сөздерінен гөрі ұлы би бастаған осы атақты адамдардың өз бастарын көріп, көз құмарын қандыруына орай толқу басым екен. Дәл осы Жүсіп қариядағыдай көңілкүй Ескелді адамдарының ішінде Құлжан батырда да бар. Маңдай терісі құрысып, көздері түйіліп, Төле мен оның айналасындағыларды тесіле бағуда. Әншейінде тышқанның тықырын көтере алмас, жүйкесі жұқа, тек кескекті аюдай түрі ғана бәрін бүріп ұстап тұрғандай Құлжан батыр тап қазір әлдекім оспадарсыздықпен өзін көк желкеден қамшының сабымен нұқыса да отырысын бұзбас, сірә. Мұның бәрі солай да осы көптің ортасында алтын діңгек Төленің бет-жүзіндегі құбылыс мүлдем басқа. Ол жаңа Ескелдінің Қабан жырауды нұсқаған сөздерін іште қорыта алмағандай алағызған күйде сияқты. Екі ақынның өлең сөздермен дидарласуы аяқталған сәтте Төленің өз жиен немересіне басын көтергендегі түрі қызық еді. Жалайыр адамдарының келіп отырғанын енді ғана аңғарғандай, жаңа ғана өзінің олармен төс қағыстырғанын да ұмытқандай көздері бір түрлі сүзіле қарады. Ескелдіден жанары тез тайқып кетіп, нысанаға Қабан жырауды алды. Қабан жыраудың бет әлпетінде бұл көңіл аударарлық нышандар молырақ ұйысқандай тапжылмай бақылап, ауыр үнсіздікке басты. Қырықтың қырқасына енді ғана көтерілгенмен жалайыр жырауының ақ деңдеген мол, ұзын сақалы, жалпақ жүзі, алпамсадай денесі әлдебір мәселеде ұлы бидің өзімен иық теңестірмек дәмелі ойдың көлеңкесін тастағандай. Тек соңғы бір қас-қағымда ғана ол танымы теріске шығып, өз назарын одан жұлып әкетіп, Жантоқа, Құлжан, Есентүгел, Барлыбай батыр, Алғазы ақын, Жүсіп қария сияқтыларды адақтауға көшті. Соларды түгендеп барып бұларды сөйлету қажеттігін кәперге алған сыңайлы. Сөйтіп, қайта Қабан жырауға шүйліккенде бұлардың шоғырынан аулағырақтағы малы мен адамы аралас тарыдай шашылған көптің арасында бір берекесіздік байқалды. Оны Төле би айналасындағы жүз қаралы топтың ішіндегі баз біреулер де тез байқап, ылп етіп көтеріле мойындарын созып, шығыс теріскей бетке көз тігісті. «Ay, ау» дескен сыртқы қоршаудың ішіндегілерден дауыс та шықты. Бара-бара ол күшейе түсті. Жұрттың секемшіл кезі ғой.
Баршаның басында әртүрлі қиял, елес жүгірді. Кенет сол қиял елестен жүйріктігі кем емес бір жалғыз аттының шығыс теріскей беттен салып ұрып келе жатқаны айқындалды.Бұл ақпарды отырғандар баста пісіріп үлгерместен екінші бір ақпар құлаққа жетті. – Мынау Сабалақ қой! – Сабалақ! Сабалақ! – Сабалақ! Ең алғаш оның есімін атағандар сыртқы қоршаудағылар еді. Енді оны Төленің өз айналасындағылар жаңғыртып әкетті. Осы кезде Төленің өзі де орнынан тұрмасы бар ма? Қуанғаны ма, жоқ, қай адамда да әредікте бір шалынатын ойсыз қимылы ма, ол жағын ажырату қиын. Сабалақ елестей зуылдап кеп, бұзып-жара көп ортасына дік етті. Осы ауылдың баршасы ол үшін құлдыққа жаратылғандай-ақ атшы деуге келмейтін, көрнекі пішінді бес-алтауы оның атының шылбыр, тізгініне жармасты. Өзі ол бес-алтауға пішту деместен шылбыр, тізгінді созған қолдарға көлденең тастай сала ақай жоқ, тоқай жоқ, ұлы биге қарай адымдай басты.Бұл тұста Сабалақтың түр-сыпатына ең қатты таңырқаған Ескелді би шығар. Бидің бұны көрмегеніне бір жылдан сәл-ақ асқан. Міне, осы уақыттың ішінде бұл қалай өзгерген десеңші. Бойы кем дегенде екі кере қарыстай биіктеп, кеуде тұстары теңіз толқынындай жұмырланған. Оның есесіне іші тартылып, тура аш қасқырдың беліндей үзілгелі түр. Сол белге қыстырулы, әмсе жанынан тастамас, атышулы ұзын алдаспаны күнге шағылыса балтырын соғады. Басын қоңыр шүберекпен қатты тартып байлап тастаған.Бұл сірә, ұзақ әрі қатты жүріске алдын-ала дайындалған бозбаланың сыңайы. Кешегі Жәнбекейдің сыпаттамасы Ескелдінің өз көргенінің қасында тым жүдеу шыққандай. Сабалақ Төле биге қамшы тастамдай жақын келді де: – Ассалаумағалейкүм, ата! Ассалауматалейкүм, жәмиғат! – деп, құсша саңқылдап, сәлем берді, әрі басын ие, оң қолының алақанын төсіне жапсыра бір тізерлей шөкті. – Уағалейкуміссалам! – деп жамырасқан көпшілік бұл кезде орнына қайта жайғасып үлгерген Төленің өз даусын естіртпей жіберді. – Ата, мен бір сапардан оралып едім, ғафу етіңіз, бұл ретте аттың басын Хантаудан бері бұрдым! – деп Сабалақ қайта суырылды. – Бұл ретте дейсің!Бұл ретте ғана емес шығар. Сол Хантауда қойын құрттап, айранын ұрттап тап бір қайын-жұртың жатқандай екі ортаны жалғыз өзің жол қылғаныңды біз сезбей жүрміз бе? Рас, ара-арасында өзге жапалақ ұшпас жапан түзді де кезетінің бар. Ал мына екі ортада жүрісіңнің тым көптігін осы өңірдің бала-шаға, қатын-қалашына дейін біледі. Мына соңғың тіпті ұзады. Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада. Өзіңді ойлап, түн ұйқысы бұзылған ұлы биді бірауық аясаң нетті? Бұлайша сілкінген жаныс Өтеген батыр. Оның қасындағы шымыр Қойгелді де өз тұрғыласының сөздері мұның да көкейінен шыққандай екенін білдіре шекесінен қарады. Сірә, ол екеуінде осы түп-тамырын әркім әр саққа жүгіртетін жұдырықтай немеге деген ұлы бидің бөлек ықыласын, мазасыздығын түсіне алмаушылық бар.Ұлы би баласыз емес. Әрі бір баласы Қожабек ертеректе қалмақтардың қолына түсіп, кейін ол аманат аталып, әлі қайтпаған. Міне, солардың бір де бірі дәл осы Сабалақтай ұлы бидің ішкенін ірің, жегенін желім еткен емес.Бұл да осы екі жас батырдың зығырданын қайнататындай.
Ал Сабалақтың өзі Өтегеннің сөзіне сәл состиып қалды. Басқа біреу бүйтіп, бүйірден қыстырылса осы жасында-ақ қара сөзден қанжар соққан Сабалақ оны табанда ит жемеге айналдырар еді. Тек мына батырдың жөні бөлек. Қаратау өңірінің, Сыр бойының Төледен кейінгі екінші шоқысы ғой бұл. Ол жағын кәперге алмасқа амал қайсы? Өтегенге деген алабөтен інілік сыпайылығын жүзіне жіңішке сәуледей жүгіртіп, әрі оның алқара топ алдындағы кейісін жауапсыз қалдырғысы келмей: – Ұлы бидің ескермеген бір жағдаяты барынан күдіктеніп, астынан су шыққандай алағызған мен де бір бейбақ ініңіз шығармын, Өтеген аға! – деді. – Менің қай ескермесімді таптың, кәне алдыма жай! – деп ұлы бидің өзі тағатсызданды. – Ата, мен Хантау сапарынан қайтып едім! – Ия, оны айттың! – деп дауыстады Өтеген мен Қойгелді маңындағы жарамсақ біреу. Сабалақ сөзден ұсталғанын сезгендей маңдайын төмен сылқ еткізіп, ұлы би төңірегіндегілерді көзінің астымен жағалата сүзіп өтті. Бұл мүдірісіне екінші бір жарамсақтың мырс еткені де себеп еді.Мұның сөзінен бір ақау білінсе ат басындай алтын тапқандай қуанатын әлдекімдердің ашқарақ дәмесі де бетке ұрады. Қатар жер тізерлеген, бес қаруы түгел сай, тек бастарына жұқа ақ киіз қалпақ киген, суық жүзді Өтеген мен Қойгелді ғана маңдайларын құрыстыра Сабалаққа жарыса қадалып бақты. Ал оларға қарсы беттегі көптің алдында мойны сорайған Ескелді керісінше Сабалақтың көмекейіндегісіне ынтыққаннан гөрі сол Хантауға, мына Сабалақтың өз басына қатысты бір жайлар есіне түскендей ернін жымқыра төмен тұқырды. – Жолай Шу өзенінің өзім білетін өткелді тұсына жеткенімде одан көп қалмақты көрдім. Сосын қалың шиді тасалап, олардан бой жасырмақ едім, мені сол жерде басқа бір ой матап ұстады. Апырау, бұл неғылған қалмақтар, менің естуімше қалың қалмақ әзірге сонау әріде Іле дариясының теріскей бетінде еді ғой. Тағы бір таңырқағаным бұлар ел шабатын жау шоғырына тіпті келіңкіремейді, араларында көздері тұздай жирен шаштылар сүмеңдейді. Сосын мен әдейі қолға түстім. Мені үш қарулы қалмақ үлкен ноянға қарай алып жүрді. Бір оңашалана берген сәтте екеуін ұрып жығып, үшіншісін алқымнан алдым. «Шыныңды айт, неғылған қалмақсыңдар, әйтпесе осы арада қылқындырып өлтіремін»– дедім. Ол жаны тәтті неме екен. ІІІынын ақтарды. «Біз мына Шудың теріскей жағалауында Төрткүл деген ескі қаланың орнынан алтын іздеп жатырмыз, ал ана көзі тұздай жирен шаштылар «шейіт» деген елдің оқымыстылары деп салды. Сосын Іленің арғы бетіндегі қалың қалмақ жайын сұрап едім, қазір Іленің арғы бетінде жөнді ешкім жоқ, бәрі бергі түстік жағалауында, сонда мықтап орнығып жатыр, деді. Осы маңда биыл көктемде сендердің ұлы билерің деп келіп, ата, сізді атады. Осы көктемде сіз қалмақәскерінің ұлықолбасшысыҚалдан-Сереннің күйеу баласы, ол да үлкен қолбасы – Шарышпен кездесіп, Шy өзенінің теріскей бетінде бір қазақ қалдырмай көшіріп әкетем деп уәде берген дейді. Сол уәде орындалды ма, ол жағын да мұқият шолып тексеріп жүрген жайымыз бар, деді. Мен «өтірік айтасың» деп, алқымын одан сайын сығымдадым. Ол «рас, рас» деп, көзі ұясынан шыға ант-су ішті. «Тіпті ұлы би Сарыарқаны түгел босатамыз, Шудан әрі көшемін, өткендегі соғыстарда қазақтардың қолынан мерт болған батырларың үшін құн төлеймін, өз батырларымнан қалағаныңша аманат беремін» деп те Шарыш қойған шарттардың бәріне «ләббай тақсыр» деп бас изеп, құлдық ұрды деді. Мен
намыстанып, оның тамағын одан сайын езгілеймін деп, абайсызда өлтіріп алдым. Сосын осы естігендерімнің өзі-ақ ішімді дертше жайлап, дегбір тапқызбады. Амалым не, бері қарай құстай ұштым. Сабалақ баянынан соң жұрт сілтідей тынды. Тіпті, жер тізерлеген, осындағы елдің екі мықтысы Өтеген батыр Өтеғұлұлы мен Қойгелді батыр Сартұлы бір жамбастарына құлайкетті. Өтеген басындағы ақ киіз қалпағын шешкенде оның шығыңқы қос маңдайында күн сәулесі жарқырай ұялады. Ел аузында Өтеген батырдың қос мүйізі аталатын сол шығыңқы қос маңдай енді ерекше сәулеленіп, баршасын келемеждегендей. Әншейіндегі жалаңдаған қылыштай Қойгелді тіпті шарт сынып, тұқырғандай. Бет сүйегі шодырайған, жағы ішке кіріңкі, кішкентай мұрт, шоқша сақал, бет-аузындағы басқа да түк атаулы бірбірінен қашқақтай біткендіктен жүзі тым ашаң көрінетін ол онысын немен бүркемелерін білмей, бойшаң да ірі денесін күшпен екі бүктеп алғандай. Бұл жерде ерекше қайрат тапқан Ескелді сияқты. Тек жалайыр биі осы қайраттың өзін де Сабалақ сөздерінің бір буынынан тапқан еді. Іле-шала соған жармасты. Бұл қалайда мынау ығай мен сығайды күнде көріп жүрмеген адам, дәл осы жолы аузын бағып, қалыс қалса да сөкеттігі жоқ, тек мына сең соққан балықтай есеңгіреген көптің ортасында өзінің нағашы атасына түсер салмақты жеңілдетуге себім тиер деген сыңайдағы белсенділігі. Бетінің ұшына, көзінің айналасына күлкі үйіргендей баршасына сол көңілді жүзбен бажайлай қарап сөйледі. – Мынау Сабалақ айтқан жайлардың басқасын қайдам, дәл бір тұсына біз, жалайыр адамдары қатты елеңдейміз. Жаңа Сабалақ Төрткүл деді ме, әлгі қалмақтар алтын іздейміз деген қаланың орнын. Ондайдың көкесі біздің жақта, анау Іле дариясының арғы бетінде болды десем сенермісіздер. Бізді қалмақ шапқан алғашқы қоян жылдың жазында Шағырай деген кісінің бір жаратылысы бөлек батыр қызы осындай ескі қала орнын қалмақтардың түртпектегенін байқап, бізге хабарлағанда оның анық-қанығын тексеруді мына отырған Құлжан батырға тапсырған едік. Сөйтіп, біз о баста-ақ көп сырдың бетін ашқанбыз. Қалмақтар алғашқыда жасырынып, артынан ашықтан-ашық, Іленің арғы бетінде, Итжон тауынан14 Балқаш көліне дейінгі аралықта, Бас Ақтам, Орта Ақтам, Аяқ Ақтам деген ескі үйінділердің бәрінде жаңа Сабалақ атаған жирен шаштыларды ертіп алтын іздепті. Соңғы екі үйіндінің Ағаш Аяқ, Қарамерген деген қосымша атаулары және бар. Мына біздің елдің көсемі Қабан жырау, Қабекең оларды Шыңғыс хан талқандаған ескі қалалардың қалдықтары дейді. Менің айтарым – қалмақтардың ондай қылықтарына таңырқап жатудың өзі артық. Тағы да көкте құстың үні мен жерде аттың пысқырғанынан басқа дыбыстың бәрі өшті. Әсіресе, осыншама дүйім елдің бел ортасындағы сөз ұғып, жағдай тануға жүйріктерінің ішкі өзектері бордай үгітіліп, қантша ерігендей. Ал олардың аузына қарағандар құлағы қалқиған сұмдық нышаны көз алдарында серейгендей қорқынышқа бой алдырды. – Бұл әкелгенімді азсынсаңыздар көмекейімде түйілген тағы бір «олжам» бар, ол «олжаны» жолай өзім ойлап таптым, – деп Сабалақ қайта сайрады.
14 Бұл тау қазір «Малайсары» аталады (Ұ.Д.)
– Сөйлеші, жаным! – деген Жанкел ақынның зар үні шықты. Жаңа ғана Қабан жыраумен дидарласқанына көңілі масайраған кәрі бұлбұлдың кенет екі тамыры тарамысша тартыла кеткендей. Жалғыз бұның емес баршаның басындағы хал осы. – Қалмақтар «жирен шаштылардың», әлгі «шейіттердің», Сібір жұртының, басқа да түгінің түсі бөлектердің өнер, тәсілдерін бойға сіңіріп, бізді басынды, аяқ асты етті деп, өздеріңіз талай жырды жырладыңыздар ғой? Осы жолғысы да сол тектес әуенге өзек бола ма деп, жаным мұрнымның ұшына келді десем сенермісіздер. Анау Сібір жұрты, орыстар, Алтай тауының аясында, менің әлі көзім көрмеген Ертіс дариясының бойында қабырғасы күйген топырақтан қаланған, қозы жауырын сұр жебе түгіл күлдірмамайдың оғы дарымас биік қабырғалы бекініс-қала салды деп естідік емес пе? Ал неге біздің қалмақ «ағайындар» олардан кейін қалуға тиіс. Төрткүлге әкелген «жирен шаштылардың» көздерінің қарасы, батпандап аяқ басысы, айналасындағы құл-құтандардың қоралы қойдай иірілуі оларды тек алтын-күміске қызыққан адамдарға ұқсатпайды. Жасырып қайтейін, көкірегімдегі бір қыл ішек солай деп ызыңдап тұр. Тап осы қалмақтар Іле мен Шудың бойында сондай бекініс-қала салмақшы. Бірін емес бірнешеуін. Сөйтіп, кең сахарамыздың ортасынан ойып орын алмақшы. Ал қазақтар қайтеді? Өздерін омырауға салып, жер шетіне тықсырған жаудың тойымсыздығына тойтарыс жасаудың орнына тіл мен жақтың майын тауысып әуре. Қайсымыздан қайсымыз сөз асырамыз деп, талапайға түскен ата қоныстың жайын ұмытады. Анау Торғай даласындағы шайқаста қалмақтардан басым түстік деп, сіздер масайрайсыздар. Ал менің пайымдауымша тап сол Торғайда, қайсысы тағы, Бұланты, Қарасиыр деп пе едіңіздер, тап соларыңызда ата жаудың қылшығы да қисаймаған сияқты. Кейбіреулерге Сабалақтың бұл сөздері Төлені қақ маңдайдан ұрғандай әсер қалдырды. Ал ұлы бидің өзі оны мүлдем басқаша қабылдапты. Айбалтаның сабындай жұп-жұмыр бітімді баланы көзінің астымен бірауық бағып отырды да шешіле жөнелді: – Сөздерің қорғасындай салмақты, әрі мірдің оғындай тиген жерін ойып түсіреді. Қарғам, құдай өзіңді көздің сұғынан сақтасын! – Төленің бүгіндікке ең қатты екпіндеткен жері осы шығар. Тіпті төбеден төңкерілген көк аспанның өзі шытынап жерге түсердей күллісінің көз алдындағы дүние әп-сәтте құбылды. Бидің бүйтіп сыр алдыратыны өзі жоғалтқан Сабалақтың ойда жоқта олжалы оралуына да байланысты еді. – Тап осы айналайын Сабалақ аузындағының шет-пұшпағын осы көктемде ол атаған ІІІарышпен кездесу үстінде мен де аңыстап едім. Тек Сабалақтың мағлұматы кең де тереңірек, нақтырақ. Төле мен Шарыштың аталмыш кездесуі заманында көп ел құлақ түрген, үміт артқан іргелі оқиғалар санатына қосылған. Халық ол хақында арнайы аңыз шығарып, біржола жадында да тұтты. Оның нобайы былай: Қалмақтың бас сардары ұлы биді қорашсынып: «Мына азу тісін аршыған ақ бас атаның кім?»– деп сұрапты-мыс. Сонда Төле іркілместен: «Уа, ханзада, Қарттығымды сұрасаң, Ақылдан тартып сұрасаң. Асу бермес төбемін. Хан көзі жетпес қайғыны, Қашықта жатып көремін.
Екі ел егер болғанда, Ел басын қосар төремін. Қазақ-қалмақ егіз ел, Қарындас, жиен, бөлемін. Ертістің суын бірге ішіп, Зайсанды теңдей бөлемін. Сен бүгін қойдай үркіттің, Бейбіт елдің өренін. Ата-бабаң білмеген, Қайдан тапқан өнерің? Елші боп келген осы іске, Қазақтың биі Төлемін!»– депті. Сол аңыз арқылы кейінгі ұрпақ білетін тағы бір шындық ауаны – ол кездесу үстінде қазақ биі де, қалмақ қолбасшысы да екеуара бір келісімге келуді мүлдем мақсат етпеген, тек сондай келісім төңірегіндегі даурығысуларды бүркемеленіп, бір-бірінің көмекейіндегіні, іш тереңіндегі қатпар-қатпарларды аңдысуға, қағып әкетуге күш салған. Олардың ол жолғы бар өнерлері сол бағытта ашылған. Кейін елдеріне қайтқанда екеуі де бір-бірінің сұңғылалығы, зеректігі хақында түйгендерін өз қандастарына талай кештік, таусылмас хикая етіп жеткізген. Ал енді Сабалақтың мына баяны сол ел аузында әрқилы сатыда сарапталатын кездесуге тосын сәуле құйғандай. Көптеген қыр-сырлары айқара ашылғанмен жұмбағы одан сайын молайып, үлкен мен кішінің басындағы әрі-сәрілікті тіптен ұлғайтқандай. Тек көзге айқын бір жақсылығы – ұлы би Төле өз қасындағы шабыт қысса жүздері жарқырайтын ақындарға ұқсап, жайқалып, екі беті нарттай жанып, көздері бөлек ұшқын шашты. Ия, сөз жоқ бұл Сабалақтың қайта табылғанына қуанды.Мұның жаңағы сөздерінде ұлы бидің өзі білмейтін, не қандай да бір іш байламына орай көпшіліктен жасырып жүрген жайлардың беті жалаңаштанғандай көрінгенмен бұл өз беделіме нұқсан келді-ау деп қынжылатын емес, қайта жартастағы кәрі бүркітше қанатын серпіп-серпіп, тыңнан қайрат тапқанға ұқсады. Енді ол өз жиен немересі, жалайыр биі Ескелді нұсқаған Қабан жырау Асанұлына соншама көңілділікпен ықылас қойды. Қабан жырау оны дәл ұқты. Жетісудің майталман жорғасы, өзі батыр, өзі ақын, уақытоздырмай бірден өзінің үйреншікті тайпаңына басты: – Менің пайымдауымша, бұл қазақта үш жүзге ортақ бүтін хандыққа қол жеткізген топырағың торқа болғыр әз Тәуке де, ал үш жүзге ортақ бүтін билікке қол жеткізген мың жасағыр өзіңізсіз ғой, Алтын Жәкем, – деп Төлеге әуелгіде бір көпшік тастауды да ұмытпады. – Мен Кіші жүз сапарынан аяқ суытпай өзіңізге бүгін жетіп отырмын. Барған бетте аласапыран оқиғалардың үстінен түсіп, бас сауғалап әрең қашып шыққандаймын. Мына батырлар айтады, сонау Торғай даласында өзімізге шығыстын төнген Жоңғар қалмақтарымен шайқастық деп. Ал батыста алшынның еркетотайы – Әбілхайыр хан да қарап жатқан жоқ. Осы қыркүйектің алғашқы жұлдыздарында ол он мың әскер жиып, сонау төменгі Еділ бойының қалмақтарына тап берді емес пе?Бұл ретте тек Әбілхайыр жалғыз емес, Орта жүз ханы Сәмеке, оның баласы Есім сұлтан, әлгі атышулы тентек Барақ сұлтан дегенді естулеріңіз бар шығар. Сол Барақ сұлтан – бәрі бірігіпті.Бұл күнде он таяқ
лақтырсаң бірі барып, Барақ ныспылы адамның басына барып тиетін заман емес пе?Бұл Барақтың қай Барақ екенін нақтылап айтайын, бұләлгі Бөкей сұлтанның КүшікҚұдаймендесінен туған Тұрсын ханның, ия, ия, дұрыс ұқтыңыздар, Сырдарияның төменгі ағысында, түстік бетінде хандық құрған Тұрсын ханның бел баласы – Барақ сұлтан. Қабан жырау өстіп, Барақ сұлтанның ата-тегін қаза атағанда әлі ешкім өздеріне дұрыс назар аудармаған Жарықбас Есентүгел, Жүсіп қария, Алғазы ақын бір-бір елеңдесіп қалды. Өзара қабақпен атысып, «біз білмеген сұмдық ұшан-теңіз екен ғой» дегендей. Олардың бұл қыбыр-жыбыры өздерінен қамшы тастамдай кейін отырған атқосшыларына да жетіп, тас түскен тұнықтай жыбыршып барып тынды. Қабан жырау мен тағы бір қырағы көзділер оны байқағанмен әңгіме желісі үзілмеді. – Міне, сондай атты өңкей көкжалдар бірігіп, шығыстан төнген жауды азсынып, төменнен тағы бір жау тапты. Бірақ жау тапқанмен одан олжаға да, абыройға да кенелмеген сыңайлы. Алғашқыда бұлар он мың әскерді қоқаңдатып, Жайықтың бергі бетіндегі әлгі қалмақ тайшасы Лобжы Назар баласы дегеннің ұлысына тап беріпті. Ондағыларды қырып-жойып, мал-мүліктерін аямай тонап, оны да місе тұтпай Жайықтың арғы жағасына өтті. Өз басым дәл осы шапқыншылық кезінде сол өңірде едім, бәрін көзіммен көрдім десем де болады. Әбілхайыр бастаған Сәмеке хан, Барақ сұлтан қостаған қазақ қолы енді Жайықтың арғы жағасында қанатын жая бастағанда қауырсындарын оқ қырыққандай мүсәпірлікке тап болыпты. Енді қайтсін, Жайықтың бергі бетіндегі Лобжы Назар баласының ұлысы шабылғанынан құлақтанған олар да қарап жатпапты.Бұл Лобжы Назар баласының Жайықтың арғы бетінде Доржы Назар баласы деген туған бауыры бар емес пе?Бұл Назар балалары кешегі Аюке ханның немере інілері екенін де ескерген жөн. Әрі Доржысы Аюке ханның оң қолы саналған той. Аюке хан о дүниеге аттанғанмен Доржының туы қисаймаған, қайта толықси түскен сыңайлы. Міне, сол Доржы Әбілхайыр шабуылынан қатты қозданса керек. Ол аз ғана әскермен Жайықтан ары өтіп үлгерген өз бауыры Лобжының және қазірде осы Қалмақ хандығының бас қолбасшысы есепті Дондук-Омбоның әскерлерімен бірігіп, Әбілхайыр бастаған желөкпелердің сазайын тартқызса керек. Осы арада шымыр Қойгелді жыраудың сөзін бөлді: – Жырау аға, сіздіҰлы жүздің ноқта ағасы жалайыр елінің көсемі деп, қасиет тұтып отырсақ сіз сол Еділ бойындағы қалмақтарға бүйрегіңіз бұрғандай ма, қалай? – Мен мына атағы Алатаудай бар Алтын Жәкеме Әбілхайыр мен Сәмекенің шығыстағы жауды азсынғандай күнбатыстан тағы бір жау тапқанына жанымның ерен күйзелгенін жеткізіп отыр емеспін бе? Әзірге ол жақтағы жыланның құйрығын баспасақ қайтер еді? – Бәлкім, олардың өздері де қарап жатпаған шығар? – Жо-жоқ, дәл осы жолы кінә қазақтар жағында. – Ай, қайдам, жырау аға, шығыстағы қара қалмағың ба, батыстағы құба қалмақторғауытың ба, қай-қайсының да қой аузынан шөп алмас момындығын көрген жоқ едік қой, – деп Қойгелді өзінен жасы үлкен жалайыр ақынымен одан әрі сөз жарыстырды. Қабан жырау өзі түстеп танымаған, тек қасындағылардың күбір-сыбырынан ғана оның кім екенін ұққан Қойгелді батырға аса шамданбай өзінің аталмыш оқиға ортасынан аяқ суытпай жетіп отырғанын екінші мәрте тілге тиек етті.
– Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық емес пе, Қойгелді аға? – деп оған Сабалақ көмекке келді. Тап осы екі ортада шоқтығы аспандап кеткендей көрінген Сабалақтың бұл сөздері Қойгелдінің аузына құм құйғандай. Сабалақ жаңа Қабан жыраудың есімі аталғанда, елең етіп, өзі үшін аса қастерлі адамның жалғыз емес, Ескелді бидің де отырғанын көріп, тұрған жерінде екі-үш бүктеліп құлай кеткен. Ал Қабан жыраудың алшын мен торғауыттар арасындағы оқиғалар туралы баянына мұқият құлақ тосқан. Қабан жыраудың бұдан арғы әңгімесі алқара жиындағыларды одан әрмен түршіктірді. Қалмақ хандығының басшылары Әбілхайыр шоғырын үш тараптан шабуылдап, әп-сәтте ұйқы-тұйқысын шығарған екен. Әрі олар сан жағынан да басым болса өйтпей қайтсін. Сөйтіп, Әбілхайырдың өзі ниет білдіріп, бітімге келуді өтініпті. Бірақ кейбіреулер өйткен бітімі құрсын дел, көкіректерінен жалын атыпты. Себебі, қазақтар енді сендерге тиіспейміз деп ант-су ішкен, әрі осы келісімді сөзсіз орындайтындығының кепілі ретінде алпыс адамнан тұратын аманат қалдырған. Олардың ішінде Кіші жүздің біршама танымал тұлғалары – Бөкенбай, Есет, тағы басқалар бар екен. – Ойсыз қылық жарға жығады. Құдай бізді ойсыз қылықтан, пісуі жетпеген шикі шешімнен сақтасын, – деп Төле би ендігі сөз кезегін өз қолына алды. Талыстай керілген қазақ даласының әр тұсында өткенде болған біраз оқиғаларды ежіктеді. «Болған жайды болмағандай естен шығару, тәрік ету жақсылыққа апармайды» деп түйіндеді. Төле би саябырсыған соң кеу-кеулеген басқалар шықты. «Сөйтейік, бүйтейік» деген айқын ұсыныс жоқ, оннан-мұннан шаңдатып, одағайлап кеп, Төле бидің сөздерін құптап, шоқырақтай аяқтасады. Кейбіреулер әңгіме шеңберін тіптен ұлғайтып, Еділ бойындағы қалмақ хандығының бүгінгі билеушісі Черен-Дондук дегеннің кім екенін ашып-ажыратуға жанталасты. Аюке ханның баласы ма? Жоқ, мұрагер баласының атыжөні жаңа аталған Дондук-Омбо. Ал неге Аюке хан орнына мұрагер баласы Дондук-Омбо емес, небәрі жақын туысы саналатын Черен-Дондук отыруға тиіс? Осы жөнінде бұлар біраз даурығысты. Басқаларға қарағанда орысшыл Черен-Дондуктың Аюке хан өлісімен билік тізгінін іліп әкетуіне сол кездегі Ресей сыртқы және ішкі саясатының көкжалдары ықпал еткенін мұндағы қазақтар әзірге білмейтін. Тек бар бітіргендері – қазақта Барақ көп болса, қалмақта Черен-Дондук ныспылылар ыбырсып жатыр екен-ау деп таңырқасты. Бұл ретте бұлар шығыстағы Жоңғария хандығындағы әкелі-балалы Черен-Дондуктарды да еске алысып еді. Осылай әңгіме тым сұйылып бара жатқан шақта Ескелді би тамағын кенеді. Бұған ең алғашқы елең еткен Сабалақ. Өзі соншама қадір тұтатын, әрі жылдан астам уақыт көрмеген адамның сөйлеуі – бұл үшін ең қажеттісі еді. Бірақ Ескелдінің сөзі қысқа екен: – Сол Әбілхайыр айналасымен шарпысқан бір адамдар тап қазір ортамызда отыр, – деп бастады да қалың көпшілікке Жарықбас Есентүгелді таныстырды. Сосын Әбілхайырға қарасты алшындар, қарақалпақтар және мына жалайыр-балғалылар арасындағы қақтығыстарды екі-үш ауыз сөзге сыйғыза жұмарлап бір төгіп салды да оның егжейтегжейін Жарықбас Есентүгелдің өз аузынан естуді ұсынды. Жаңа Қабан жырау, енді бұл отырғандарға есімі беймәлім Есентүгел деген біреу. Көлденең көзге Ескелді би әр елдің сөз ұстарларын әдейілеп жиып-теріп әкеп отырғандай көрінді.
Жарықбас Есентүгел Жүсіп қарияға да, Алғазы ақынға да жол берген жоқ, өзі сөйлеуге бекінді. Тек осы екі тұрғыласына бажайлап бір-бір қарап, соларды дәтке қуат қылғандай сөздерін зорлана бастады. Есентүгелдің өйтіп зорланатыны өзіне бағытталған жұрт назарына да байланысты еді. Мына қауым бұлардың қайтсе де жетіскеннен емес, керісінше абыройы төгіліп, алтын тағасы сөгіліп кеп отырған әлдекімдер екенін сезгесін де көбіне тұнжыраңқы қабақпен қарасып еді. Есентүгел бірте-бірте бабына келіп, бойында бар шешендік өнердің шыңына осы Қаратаудың сілемінде көтерілгендей. Бүгінгі ұзақ күнгі ырғасу-жырғасудан баршасына осы Есентүгелдің хикаяты қызық көрінді, шамасы. Алшындар мен жалайыр-балғалылар арасындағы қақтытыстарды баяндауымен емес, ең алдымен сол Әбілхайыр ордасы ұстанған ішкі және сыртқы саяси көзқарас, үрдістерді сап-сабымен аша сөйлеуі арқылы Есентүгел баршасын баурап әкетті. Ия, ол таңда қазақ даласында Әбілхайыр қалайда өз басындағы әрқилы қайшылықтарымен-ақ әрбір зерделінің көңіл мен көзіне біржола орныққан зәулім бойтерек. Үрлеп құлату, не жерге қағу мүмкін емес. Кенет Жарықбас Есентүгел осы Әбілхайырдың өз басына қатысты бір жайларды қозғай отырып, жаңа Қабан жырау баянында мықтап аталған Барақ сұлтанды тіл ұшына қыстырды. – Ұзынқұлақтан біздің білгеніміз – осы алшындар мен қарақалпақтардың бізге қарсы соңғы үлкен шабуылының тап қарсаңында Барақ сұлтан Тұрсын баласы Әбілхайыр ордасына, ашыңқырап айтсақ, оның кіші ұлы Ералы қарғаша шоқиған үлкен үйіне келіп кетіпті. Одан көп уақыт өтпеген де сияқты. Ал Қабан жыраудың ақпарына сенбеске де лажымыз жоқ. Сонда Барақ сұлтан Ералы отырған үйден шыға әскер жиып, ақай-тоқайға қарамастан Әбілхайырдың соңынан салып ұрып отырып жеткен ғой. Әйтпесе кайтіп, онымен бірігіп, Еділ қалмақтарына қарсы соғысып үлгереді. Әсіресе, өзара қырғи қабақты, бақталас жандардың қас пен көздің арасында ауыз жаласа кетуі де бір түрлі. Соған қарағанда алшын ішінің біз білмейтін қыр-сыры мол. Осылай Жарықбас Есентүгел Қабан жырау хикаятына бір бұрылыс жасады да алғашқы соқпағын қайта тапты. Түнеукүнгі Бадам өзенінің бойындағы Ескелді ордасындағы алғашқы кездесу кешіндегідей бұл жолы да әртүрлі қиырлардан сұрақтар қойылды.Бұл жөнінде әсіресе, белсенділік танытқандар – Жанкел ақын мен Қойгелді батыр. Одан кейінгі орындарда Төле би мен Өтеген. Ескелді бидің «осы жағын басыңқырап айтшы» деп, Есентүгел әңгімесіне екі-үш рет бағыт сілтегені бар. Арада бірер мәрте сусын таратылғанда болмаса, жалайыр-балғалы жұртының көсемі тоқтаусыз ағытылды. Бір кезде бұл да мәреге жетті-ау. Сонда тағы да зілдей ауыр үнсіздік орнады. Ата қонысынан айрылған ел үшін осындай үнсіздіктер айбалтасын, тағы басқа да қаружарағын жалаңдатып жау шапқан кездегіден де жайсыз тиетіні бар. Қазір де солай. Енді адамдардың орнына біз сайрайық дегендей жылқылар пысқырынып, алыс-алыстан құстар үзік-үзік үндерін құйқылжытты. Ең ақырында мүйізді шекесі күнге жарқыраған Өтеген батыр орнынан атып тұрып: – Сонда бұл келістеріңнің мәнісі не, Алтын Жәкем «жол болсын» айтып, біз Әбілхайыр ордасын шапсын дейсіңдер ме? Емеуріндеріңнен соны танимыз ғой! – деп айғайлады. Ашық күнде найзағай шатырлағандай. Оған ілесе Сабалақ та орнынан атып тұрыпты. Ол Өтегенге бір, ұлы биге бір жалтақ-жалтақ етеді. Өтегенге қарасы сүйсінген
қарас та, ұлы биге қарасы әлденені қиыла өтінген қарас.Ұлы биге бәрінен де осы соңғысы жаман батқандай табанда шарт жарылды: – Жақсы, бұл жөнінде мен бір қамды ойластырайын. Тек ағайын, дос-жаран, балашағам, менің хан-сұлтан емес, қарадан шыққан, жаңа Сабалақ айтқандай тіл мен жақтың майын сауған көп қара табан сауыншының, заржақтың бірі ғана екенімді ұмытпағайсыңдар. Ту сыртымда хан затының тұрғанын ойлаңдар. Мен сол Жолбарыс ханның алдынан өтпекпін. Ол үшін бірер күн мұрсат беріңдер! – деді. Сәл тұқырып, жүзіндегі қызыл күрең рең қоюланып, зілдене қайта сөйледі: – «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» деген. Етектен тартқан бөріге еңкейеміз деп, жағаға жармасқан жауды ұмытпайық! – Рас айтасыз, Жәке! – Ең алдымен қалмаққа қарсы шабайық. – Анау Торғай деген қиырдағы соғыстың ізі суымай тұрып шабайық. – Иә, жөн, жөн! Қалмақтардың ес жиюға шамасын келтірмей бассалсақ тіпті тұралар. – Атаңа нәлет, қанды балақ жаудың ең биік лауазымды бектері өздері қырықпышақ болып жатыр дейді ғой. Онысы расқа шықса бізге сеп. – Қалмаққа қарсы шабу үшін бүкіл қазақтың басын қосайық та! Бір тудың астына жиылайық деген ұраныңыз қайда, Жәкем? – Егер Сыр өзенінің төменгі ағысы жақтан келіп отырған мына Есентүгел атты мырзаның сөзіне құлап, алшындарды шапсақ бір тудың астында қалай табыспақпыз?! – Алтын Жәкем! – деп, үлкен қоршаудың шеткері жағынан жарықшақ дауысты, сақал-шашы ұйқы-тұйқы, кәртамыс біреу айғайлады. – Біз үйірінен адасқан саяқтар едік. Біз алты арыс ел – Орта жүздің шашырандыларымыз. Осы қалмақ жайынан ананымынаны естіп жатырмыз, әркім хал-қадерінше өзінше түсінеді. Жаңа ана Сабалақ атты бала да бірдемені қоңырсытты. Сол ата жау – қара қалмақтардың тап бүгінгі ажары туралы сіздің өз толғамыңыз қалай шығар еді? Соны естігіміз келеді. Ескелді тасасындағы Жантоқа мен Барлыбай батыр қабақтары кіржің етіп, жүздерін көтере дауыс шыққан жаққа шұқшия назар салды.Әлдебір танысымызды, туысымызды ұшыраттық па дегендей бір сезім түйреп түсіп, ақыры ол үміттері ақталмағасын қайта қалыптарына келгендей. Алыстан жеткен ағайынның сөзін сыйлап, Төле би қара қалмақ жайында аздап сөз қозғады. Сөйтіп, жалайыр-балғалылар көсемі Есентүгел өтінішінен, алшындар мен қарақалпақтардың оларға қарсы шабуылынан басталған әңгіме ойда жоқта ата жау қалмақтарға қарай ойысып кетті. Төле би сөзінің бір тұсында айтылған жай мынау: – Ағайындар, мынаны ескеріңдерші. Көп жылдың жүзі болды, менің Қожабек деген балам қалмақтардың қолында. Алғашқыдатұтқынға түсіп, кейін оны аманат атадық. Шарышпен жүздескенде бұл балаңызды сағынсаңыз басқа балаңызбен алмастырыңыз, деді. Басқа келісімге илігері жоқ. Сірә, олар бізді өстіп, жанды жерімізден ұстап, тапжылтқысы келмейді. Бидің сөзін Сабалақ бөлді: – Ата, маңдайымызда мөріміз жоқ қой, сол Қожабектің орнына қалмақтардың қолына туған балам деп мені беріңіз де, ата жауға қарсы қалың қазақты қайта көтерсеңіз қайтеді? Мынау жалайыр-балғалы адамдарының өтініші оның қасында ет пен терінің арасындағы
нәрсе ғой. Дариядай ақылыңызбен оны да бір жайлы етіп, баршасының қышыған қолы мен бұлқынған жігерін ата жауға бағыттасаңыз деймін. Тек, ата, бар зар-тілегім – балам Сабалақ аманат ретінде жатыр ғой деп мен үшін қабырғаңыз қайыспасын. «Тазы ашуын тырнадан алады» деп, анау-мынау күнде өлтірсе мені өлтірсін, өлтірмесе өзім саңылау тауып шығармын. – Сабалақ, жаным, мені сол Қожабек деген баласы үшін бүкіл қазақтың колын байлап-матап ұстап отыр деп жазғырмақпысың? – Олай демеймін, ата! Сіз бүкіл қазақтың тағдырын шешетін адамсыз. Сіздің көңіліңіздің бүтіндігі баршамыз үшін таудай ырзық. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да сізге жәрдемім тисін дегенім ғой. Еңғұрмаса сол Қожабек деген балаңыз үшін алаңдамауыңызға жарайын да. Төле оған жауап қайтарудың орнына өз ойымен өзі кетті. «Осы Сабалақ биыл неше жаста? Небәрі он бесте ғой. Ал мынасы он бестегі баланың сезі емес қой» деп бұрынғы таңырқауларын жіптіктей етіп қайта созды. Мұнда Төленің өз айналасынан Тұрсынбай, Құттыбай деген батырлар да отыр еді. Олар алғашқыда сыртқы қоршауда болатын, енді бірте-бірте іштегілерге жақындап келді. Осы мезетте бұлар да өзімсініп Төлеге бір-бір сөз айтып қалды. – Алтын Жәкем, жұрт өзіңіздің аузыңызға қарауда. – Жәкем, бізге қайт дейсіз, қалай бол дейсіз? Соңғысының сауалына Төле мырс етті де басын қозғалақтатып, іштен шабыт қысқан адамның кескінін келтірді.Бұл алдамшы көрініс емес екен, ұлы бидің көкірегінен андасанда бұрқ етіп шығатын бір толғау тегілді: «Асып тусаң Керей бол, Үш қазаққа мерей бол. Уақ болсаң Шоға бол, Даулы істе жорға бол. Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол, Найман-Қоңырат болсаң Матай бол. Байұлы болсаң Адай бол, Үйсін болсаң Ботбай бол Бұл алтауы болмасаң, Қалай болсаң солай бол?! Осыны айтты да айналасын тағы бір шолып: – Қалайда бір пісуі жеткен жеміс маңдай соғып, үлбіреп тұр. Қолмен үзіп, дәмін татқан жөн. Өйтпесең ол өзі сағағынан үзіліп түседі, сөйтіп өзі де мыжылып бүлінеді, өзгені де ластайды. Тек, жұртым, сабыр сақта, хан алдынан өтемін! – Құптаймыз! Құптаймыз! – Жөн! Жөн! – Таудай Жәкем, ақыл өзіңізден! – Бәрекелде! Бәрекелде! – Бір қайрат іс-әрекет керек, Алтын Жәкем! – дескен көп дауыстар құлақ жарды. Сол көп айғай-ұранның ішінде инедей шаншылып, Сабалақтың да даусы естілді. Әрі сыртқы сын-сымбаты да жарқырай ашылыңқырады.
Осы мезетте аузына су ұрттағандай отырған Құлжан батыр Ескелдіге жақындай сыбырлады: – Әттең мына бала қаршадай ғана ғой, әрі хан затынан емес, құл мен күңнен туғандығы бар. Әйтпесе, жердің діңгегін осы жетімекке ұстатса ол да құдайдың оң ісі болар еді, – деп салды. Ескелді Құлжанға жалт бұрылды да оның самайындағы күдірейген тамырларына көзі түсіп, өз басы осы бір аға буыннан шыққан батыр адамға обал жасап жүргенін сезгендей іштей күйзеліске ұшырады. Ал одан әрідегі Барлыбай мен Жантоқаға көзі түскенде бұл күйзелісі нағыз алып жейтін жан жарасына айналғандай. Ал көпшіліктің Төле биді қуаттаған айғай-шуы ұласа берді. Тек бір таңқаларлығы осындай құптаған, қолпаштаған айғай-шудан соң дереу көпшілік ортасында басқа бір күбір-сыбыр жүйткіді. Ешкім оны көкке шағып, шаңқылдатқан жоқ, бір бес-алтаудың ортасында қанатты құсша пайда болған бұл күбір-сыбыр кенет екінші бір тізе тиістіргендердің иығына барып қонды. Одан үшіншіге, төртіншіге. Кенет ол мүлдем топталып ұшқан торғайлардай барша қауымды бүріп алғанға ұқсады.Бұл күбір-сыбырдың мәні сол –«Апырау ұлы би Жолбарыс ханға сілтейді, Жолбарыс хан үш жүздің ортақ діңгегі – Болат ханға сілтеп, ол іс те, бұл іс те тағы да сиырқұйымшақтанып кетпесін. Жожоқ, Болат хан Түркістаннан кеткеннен кейінгі қалың елі қазақтан бөле жарылып, іргесін аулақ салып, оқшау көшіп-қонып жүретін мінезінен арылған, қазір қайта үш жүздің басты адамдарына астыртын кісі салып, ақыл сұрауда екен. Ал ұлы бидің еңғұрмаса Әбілхайырға қарсы бірден пәрмен етпеуі оның Жолбарыс ханмен туыстығын ескергені. Тап қазір Болат хан да, біздің Жолбарыс хан да ұлы бидің қолын қаға қоймас, тек алдынан өту парыз» дескен әрқилы тұспал, күдік, сауалдардан туатын еді. Ия, бұған қоса кейбір ақылды бастардың топшылауынша, бүгінгі күннің бір олжасы сол – төмендегі жалайыр-балғалылар шаруасы өз алдына, мына ата жауға қарсы күнненкүнге күшейген қалың қазақтың ішіндегі қыжыл үш жүздің төбе биі – Төлеге тағы бір мәрте жетті. Ал мұның өзі бидің хан затымен жолығуына жаңаша серпін бермек. Ал мұны Ескелді өз ойынша одан әрі дамытты. Осы жалайыр-балғалы басшысы Жарықбас Есентүгелді ертіп осылай аттанарда арттан Балпық бастаған ел не аманат айтып еді?Ұлы бидің ғана емес, оның ту сыртындағы хан затының да, Жолбарысы бар, Болаты бар – бәрінің аужайын түйіп қайт деді емес пе? Жауға қарсы халықты енді көтермесек оның арты аты жаман лаңға айналатынын ескертіп қайт деді емес пе? Ия, оның қасында жалайыр-балғалылар мәселесі Ескелдінің осы сапарға шығуына сылтауға ғана жараған дүние. Ескелді осыны ойлап тұрып, Балпықтың «мұндағы атан жілік, арқар мүйіз батырлардың ғана емес, төмен етекті қатындардың да қолдары қыши бастады» деген сөздерін еске алып, әрі еркек мінезді әйел Дарабозды елестетіп, мырс күлді. Ия, Ескелді бұл сапарда асықпауға бел байлады.
* * * Бұдан кейін де сөз толастамады. Кешке қарай ақындарға кезек тиді. Төле биді қоршаған көптің жан-жағынан қазылған жерошақтарда жарқырап оттар жанды. Алты алаштың баласы қатты жұтаған шақ дегенмен тап осы ортада байлық, молшылық буы аспанға атқақтағандай. Түнге қарай көктен жымыңдаған жұлдыздар адамдардың бір жолғы көңіл көтерісіне ортақтасқысы келгендей тым жақындай, әрі жиілей ым қағысады.
Айсыз қараңғылық ән, жыр, домбыра, қобыз үні, көңілді дауыстар ажарландырған адам жүздерінен, әрі мың сан жұлдыздардан қағажу көргендей сұйыла түскен сықылды. Ең алдымен Қабан жырау Асанұлы Мұхамед пайғамбардың немере інісі, әрі күйеу баласы, нағыз әулие саналатын төрт халифаның бірі – Әли Әбу Тәліптің, яғни кей елдің тілінде Әзіреті Әлі, ал жалайырлар ортасында Ғали Арыстан аталатын, мұсылман қауымындағы сол аталмыш пайғамбардан кейінгі екінші қайраткер есепті адамның бір ерлігіне құрылған «Зарқұм» хиссасын төкті. Табадай қара тасын бір қолына ұстап, екінші бір қолының тырнақтарымен оны қаққылай отырып айтқан оқиғалы ұзақ діни дастан, әрі жыраудың құлаққа жағымды созылмалы қоңыр даусы жұртты кереметтей ұйытты. Екінші кезек Жанкел ақынға тиді. Ол ертеректе әз Тәуке ханның көзі тірісінде мына Төле би, Орта жүздегі Қаз дауысты Қазыбек би және бұл күнде жаны жаннаттан жай тапқан алшын Әйтеке би кездесулері үстінде, осылардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жарастығы, ұйымшылдығы хақында туған өлең шумақтарын төгілтті. Ара-арасында әттең Әз Тәуке тірі болса бүйтіп жауға жем болмас па едік, қазақты ала қойдың жүніндей бөле қырқатындарға тыйым салынар еді деген сыңайдағы тап бүгінгі жұлдызды аспан астында саудырай туған тың жолдар да қыстырылды. Ал кезек жалынды жас Алғазы ақынға тигенде ол екі аға әріптестің ізін шиырламай, әрі мынау еңсесі түскен елдің көңілін жадыратуды да көкседі ме, әйтеуір мүлдем басқа қиырдан шаң көрсетті: – Мен осыдан екі жылдай бұрын бір жолдасым екеуміз керуен тонаған Хиуа қарақшыларының қолына пенде болып түстік. Жолдас дегенмен оның кім екенін өзім де анық білмеймін, әйтеуір ол да мен сияқты жападан жалғыз түз жортқыш неме екен, екеуміз сонау Сыр бойында Қорқыт бабамыздың моласы тұрған жерге таяу ит тұмсығы батпас қалың сарқамыстың ортасында кездесіп, шүйіркелестік.Бұл да осы Сыр бойына қосы ауып жеткен қазақтардың бірінен, қазақ болғанда мына арғынның тобықтысынан екен. Сондағы жуантаяқ Тоқтамыс батырдың жақынымын дегені есінде. Әрі аздап өлең шығарарлығы, әрі ән салатыны бар екен. Екеумізді тез шүйіркелестіріп, табыстырған да сол жағы. Сөйтіп, шүйіркелесеміз деп сарқамыстың ішінде қарақшыларға қолды болдық. Олар бізді және аттарымызды өздері тонаған олжа дүниені тасу үшін пайдаланды. Кенет әлгі жолдасымның бір аяғын сындырып, ештемеге жарамай қалғанын қайтерсің. Қарақшылар ондай куәні жол үстінде тірі тастап неғылсын, өлтіруді ойлады. Оны әлгі бейбақ естіп те қалды. Естімей қайтсін, қарақшылар өз ниеттерін жасырмай-ақ айғайласып-ақ айтады. Сонда әлгі бейбақ зар илеп, маған қолқа салды. «Менің айдай сұлу, әрі ақылы мен адамгершілігі де сол көркіне сай жас жұбайым бар еді, соған арнап бір-екі шумақ өлең шығарайын, сен соны жеткізуді мұсылман баласы ретінде мойныңа алшы», – деді. Менің күлерлік шамам жоқ, сонда да миығымнан күлгенсіп, «мыналардан тірі құтылсам жеткізейін», – дедім. Сонда әлгі бейбақ сынған аяқтың азабын шегіп жатып, боздай әуендетіп, оншақты шумақты қаздай тізілтті. Қайталай соғып жетілдіре де береді. Кей шумақтарын әрлеуге мен де қолқабыс жасадым. Сондағы ұққаным – қарақшылардың қолынан ажалын тапқан ол байғұс жас келіншегіне өлердей ғашық екен, өзі үлкен өнер иесі екен. Қайтейін, есіме түссе өзегім өртенеді. Міне, сол бейшараның маған аманаттаған шумақтарын соның өз әуенімен айтып берейін: Сүйген жар, бітіп едің маңдайыма,
Заманның кез боларсың қандайына.
Саған деген көп сөзім кетіп барад
Құрт жемі – тақылдаған таңдайымда.
Жер ана асыл тасы – зүбіржаты Лебізің молдалардың жазған хаты. Хас сұлу ай сынығы секілденген Өзіңе жетер ме екен адам заты. Бұл жолы отырғандарды қаумалағандардың ішінде жастар жағы көп екен. Алғазы көкке шырқай көтерген мұндай шын ғашықтық зарға толы жырлар ойламаған жерден соларға қатты әсер етті.Бұл жас жігіттердің аз ғанасы түтін түтетіп үлгергендер.Сұлу жар, емшектеті бала сияқтылардан хабары барлар. Бірақ оларды бұлар күнде көре бермейді. Ал көбісі жар қызығы аттыны әлі бастан кешпеген, тіпті ол түгіл қызға қырындау дегеннің не екенін түйсініп үлгермеген күнәсіздер. Ол кемістікті мынау замандағы тынымсыз сабылыс, тар жол - тайғақ кешулер, соғыс, ашаршылық, ертеңгі күн жөніндегі әртүрлі қауіпті жорамалдар – бәрі қосылып, ұмыттырып жібереді екен. Бірақ ол неге ұмытылуға тиіс? Осы сұраққа тірелгенде жыны оянған бақсыдай әрқайсысы өз дәрежесінде қозданып басылады, шамасы.
* * * Ешкімнің де ойлағанындай болған жоқ, Төле би мен ұлы жүз ханы Жолбарыстың кездесуі мүлдем уақыт алмады, бұлар осы түн өтіп, таң шапағы білінер-білінбес шақта-ақ кездесіп үлгерді. Кейін белгілі болғанындай бұлар ханның таңғы серуені кезінде тоқайласса керек. Жолбарыс ханның таңғы серуенді ұнататынын мұндағылардың көбісі сонау бейқұтшылық заманнан, Ташкент қаласы қазақтардың өз қолында тұрған кезден-ақ білетін. Тек хан мен ұлы бидің көшпелі ордалары тап осы күндерде бір-бірімен ірге тиістіріп отырғанынан хабарсыз екен. Биенің бас сауымы шағында, кеш жатқан елдің әлі ұйқысы ашыла қоймаған шамада-ақ Төле аз ғана нөкерлерімен бастырмалатып келді де кешегі әр елдің басты адамдарын қайта жиды. Әрі өзінің хатшысын шақыртты. Хатшы дереу құс қауырсынды қаламын алып, орыстар сыйға тартқан ақ қағаздардың бес-алты парағын алдына жайды. Сөйтті де ұлы бидің аузына қарады. Төле бидің жүзі нарттай жанып кетіпті. Осы таңертеңгілік шақта-ақ қымыз ішіп, қызара бөрткендей-ақ. Тек ішінде ештеме жоқ, ханмен кездесудің әсері екені тайға таңба басқандай анық. – Жаз! – деп бұйырды ол. «Кіші жүз – алшын елінің баһадүрі, көсемі Әбілхайыр ханға! Егер хан ием өз ордасынан табылмаса бұл хатты сондағы Ералы сұлтанға немесе Бопай ханымға немесе Дербісәлі сұлтанға немесе Күдері батырға табыстауға болады. Әрі солардың да аттарына жазылған хат деп санауға болатынын жария етемін. О, қасиетті хан ием, қасиетті сұлтандар, мырзалар! Сіздердің қарақалпақтармен бірігіп, сол Сыр бойына қосы ауып жеткен ұлы жүздің бір тайпа елі жалайыр-балғалы жұртына жасаған қысастықтарыңды естігенде ұлы жүз ханы Жолбарыстың жабыққаны және өзімнің қатты қапаланғанымды жеткізгім келеді. Біз бұл
хақында осы күнде алла-тағаламның бұйрығымен сіздермен қоңсылас отырған сол жалайыр-балғалы елінің көсемі Есентүгел мырза, сол елдің үлкені Жүсіп қария және Алғазы ақын арқылы құлақтандық. Жау шауып жатқан осы күнде мұсылман қауымның бұлайша бір-бірімен шабысуы біздің сол ата жауымыз үшін үлкен ырзық болмақ. Қадірменді хан ием! Қадірменді сұлтандар, мырзалар! Бопай ханым! Осы хатты алысымен сіздер жалайыр-балғалылардан әкеткен адамдарды, әрі аяқты малды тегіс қайтарыңдар! Әрі осы хатты алысымен сондағы жалайыр-балғалы адамдарына жасалған зорлық-зомбылық тоқтатылсын». Одан әріде ел ішінің тыныштығы, өзара татулығы ауадай қажет екені жөнінде біраз сөзді тоғытып барып, хатты мынадай қатаң сөздермен аяқтады: «Егерде жалайыр-балғалылардың мал-жаны тегіс, әрі дереу қайтарылмасаҰлы жүз бен Орта жүзді ертіп барып, тауыңды ошақ, тасыңды талқан қыламын!»15. Жарықбас Есентүгел осы сәтке әрең жеткендей. Аталмыш хат қолына тиісімен жүріп кетуді ойлаған мұны Төле би оңаша шақырды. – Жаным, қазір ел ішіне сенім жоқ, құлағы салбыраған қалмақ жансыздары құмға сіңген судай қайда болсын сіңіп жүре береді. Ауызға абай болған жөн. Өзіңе ғана айтарым, мына хат бойынша алшындар мал-жандарыңды қайтарды ма, жоқ па, сол жөнінде дереу хабар сал. Екінші, біздің өңірдегі аужайды ұқтың ғой, қазақтың ата жауға деген ызасы күннен-күнге асқынып барады. Сен мына шаруаң тиянақталғасын дереу бүкіл балғалының үлкен жасағын құр. Қару-жарақ жина! Қайдан аласың, өзің білесің. Менен бұйрық болған заматта-ақ ай-шайсыз солжасағыңмен айтқан жерден табыл!
* * * Жарықбас Есентүгел ендігі ақай-тоқайға қараған жоқ, бірден аттанды. Айдан аса уақыт дәмдес-тұздас болған Ескелдіге бір түрлі бауыр басып қалғандай еді, әрі бұған Төле би айналасын қимағандығы қосылып, іші-бауырын бұрап қипақтатқанмен басқа амалы қайсы? Ескелді бидің тапсыруымен Құлжан, Барлыбай батырлар бастаған бір топ адам, іштерінде Төле айналасынан алынған, осы Қаратау жондарындағы сүрлеу-соқпақтарды, бағыт-бағдарларды жақсы айыратын үш-төртеу бар, бәрі қосылып, Жарықбас Есентүгел тобын жарты күндік жолға дейін шығарып салды. Тағы бір бес күн өткенде Жарықбас Есентүгел бастаған жалайыр-балғалының жетісегіз адамы төменгі Сыр бойында әлгі Әбілхайыр ханның кіші ұлы Ералы сұлтан шоқиған үлкен үйдің ішінде отырды. Тек бұл екі аралықта «хан ордасы» қоныс ауыстырып үлгеріпті. Тереңөзектен ары жылжып, Жосалы, Қармақшы аталатын өңірлердегі Хантоғайы деген жерде отыр екен. Тоғай десе тоғай. Қазан айы туып, ықтасын керек болғасын да ма осындағы қалың өскен жыңғыл, шеңгел, қаратал, әрі көкқұрақтың ен ортасынан ойып орын алып, бүкіл ақ үйлі, қара үйлілерімен сығылыса орнығыпты.Бұл маң әрі әлгі жалайыр-балғалы адамдарының есіне түссе әлі күнге тұлабойларын түршіктіретін Сырлытам кесенесі тұрған маңға таяу еді. Себебі, осы биыл шілде айында
15 Кейбір шежірешілердің айтуынша Төле бидің бұл хатының түпнұсқасы Әбілхайыр хан тұқымдарының бірінің үйінде күні бүгінге дейін сақтаулы болуы мүмкін. (Ұ.Д.)
жалайыр-балғалының бір топ азаматы Алғазы ақынның желіктіруімен осы Сырлым кесенесін тамашалаймыз деп барып, алғаш рет осы алшын, қарақалпақ соққысына ұшырамап па еді.Бұл жай да жалайыр-балғалы адамдарының іш жарасын тағы бір мәрте тырнап өтті. Төрде қарғаша шоқиған жас нәресте Ералы жүзінен ешбір сыр аңғарылар емес. Тек басқалар не айтады деп өз адамдарына да, түстері беймәлім қонақтарға да алақ-жұлақ қарайды. Ал басқаларының аздап салы суға кеткендей. Үйсін Төле бидің хатымен бәрінің танысып болған шағы. Бопай ханым, Дербісәлі сұлтан, Күдері батыр – бәрі осында. Қорытынды сөзді Дербісәлі сұлтан айтты: – Ұлы жүздің асқар тауының ақ бас шоқысы Төле бидің алдында бәріміз бас иеміз. Бірақ мына жолғы қоқан-лоққысына «ләббай тақсыр» деуге біз жоқпыз. Себебі, сендердің де бізге тырнақтарыңның батқанын аға баласының ұққаны лазым. Жарықбас Есентүгел Төле, Ескелді билерден шешендік өнердің біраз тұнығына қанып келгендей еді. Алшындармен басынан сөз асырмай шешініп-ақ шайқасты. Бірақ алшын ағайындар айылдарын жимады. Сөйтіп, жалайыр-балғалылар бұл жолы құр қол қайтты. Есентүгел түнеукүнгі елгезек Жәміке деген жігітті аяғының желі бар атқа мінгізіп, Төле биге қайта жөнелтті.Құстай ұшып барып, құстай ұшып қайт деп, қатаң тапсырды. Жәміке ұлы биден екінші мәрте хат әкелді. Міне, осы хат қолдарына тигенде Ералы сұлтан төңірегіндегілер райынан қайтты. Кейін мәлім болғанындай бұл екі ортада олар да Жем өзені бойындағы Әбілхайыр ханға кісі шаптырып үлгеріпті.Ұлы жүздің төбе биімен жауығу Әбілхайырдың жоспарында жоқ, шамасы. Сөйтіп, алшындар жалайыр-балғалылардан айдап әкеткен адам мен малды мұрындарынан тізіп тұрып қайтарды. Кейбір өлім-жітімге ұшыраған жылқылардың орны да толтырылды. Осында теңін тауып қалған оншақты қыздың қалыңмалы да төленді. Енді екі жақ әкей-үкей болысып, тарасқалы тұрғанда кімнің ақыл салғаны белгісіз, Ералы сұлтан Кіші жүз елінің бір рәсімі бойынша Жарықбас Есентүгелді, Жүсіп қарияны, Алғазы ақынды өз ордасына қонаққа шақырды.Жалайыр басшылары мұны мүлдем жақсылыққа жорымады. Уақыт күндіз екіндінің шамасы еді, Есентүгел алшындардың көзінше өз адамдарына бір түрлі нықыртып сөйледі: – Жақсы, бүгінше бөгелейік. Алшындар да өз ағайынымыз. Анау асқаралы Төле би діттеп айтқандай іні баласы. Қанша жауластық дегенмен жайылған дастарқаннан аттап кетпейік. Ағайын арасының тұтанып басылған бір араздығына балайық та қояйық өткендегіні. Жаулассақ анау жеріміздің, атамекендеріміздің майлы бөксесіне тас кенеше жабысқан қара қалмақпен жауласайық. Мына жақтағы құба қалмақ-торғауыттармен арбасайық. Жүсеке, Алғазы, сендер анау босанып шыққан жалайыр адамдарын, малмүлікті дарияның бір ашықтау жағасына орналастырып, бір күн сауықтырыңдар. Жарасы болса ұшықтаңдар, бұзылған көңілкүйлері болса аялап жұбатыңдар. Мініс аттарын да тынықтырыңдар. Құдай қаласа ертең таң ата өз жұрағатымызға қарай қозғаламыз. Соған қамдансын баршасы! Жарықбас Есентүгелді осындай бұйрығы үстінде көз алмай баққан Жүсіп қария сәл тая беріп, қасындағы Алғазы ақынға күбір етті: – Мінез дегенің адамнан адамға көше береді екен-ау. Мына біздің көкеміз Төле би мен Ескелді бише сілтейді ғой. Қас-қабақ бәрін соларға келістіріп алыпты.
– Жүсеке, осы жағын мен де тап басып байқадым, – деп Алғазы ақын да мырс-мырс күлісті. Есентүгел оларды қуып жетіп, одан әрі оңашаландырды да: – Сен екеуің кімді кекетіп, езулеріңді жия алмай тұрсыңдар? Немене сендерге біреу артын ашып тұр ма? – деп айғайлады. Оның бұл айтайын алшын адамдары да естіді. Есентүгел одан әрі де түйілген қабағын жазбай сыбырлап, Жүсіп қария мен Алғазыға құпия тапсырма берді. Бұларды көзінің астымен баққан алшындар Есентүгелді әлі де сол босап шыққан адам мен мал қамына байланысты шаралар төңірегінде мазасызданғанға ұқсатты. Ұлы жүз бен Кіші жүз балаларының бұдан кейінгі татулығына арналып, Әбілхайыр хан ордасында бозқасқа сойылды. Кеш батып, сам жамыраған шақта алаулаған бірнеше жерошақ басында семіз жылқының қайнауы жеткен қазы-қарта, жалжаясы, сүйекті еттері түсіріліп те жатты. Іште, үлкен үйдің төріндегі Ералы сұлтанның қасында әлгі Күдері батыр түндей түнеріп отыр. Жалайыр-балғалылардан алынған олжаның түгелге жуық қайтарылуына барынша қарсылық көрсеткендердің біреуі осы екені тайға таңба басқандай айқын. Оның оң жамбасына шынтағын тигізе Есентүгел жайғасқан. Одан кейінгі үшінші орында Дербісәлі сұлтан ырғала сөйлейді. Дербісәлі сұлтанның жүзі жарқын, жалайыр-балғалылармен соңғы сәтте өстіп бітімге келуді бар беделін салып, жақтағандардың бірі өзі екенін бұл да сырт болмысымен жариялай түседі. Ол қарсы беттегі өзінің туған қарындасы, Әбілхайыр ханның екінші әйелі Бопай ханымға және оның қасындағы – Әбілхайыр ханның башқұрттан алған, ешқашан аузынан сөз шықпайтын төртінші әйеліне қарап сөйлейді.Бұл екі ханымнан кейін де тәуір киінген екіүш қызметші әйелдер отыр еді. Олардың бірінің аздап тәуіптігі бар. Бопай ханым басына қиын-қыстау іс түсіп, ауыр ойлар меңдегенде оны қасында арқандап ұстайды. Бұлардан кейін тас шамның жарығымен әртүрлі боп құбылған адам жүздері сонау босағаға дейін тізбектелген. Қарсы маңда да солай. Тек Дербісәліден кейін екі адамдық орын бос тұрған. Оған үлкен ас – ет түсірілер қарсаңда Жүсіп қария мен Алғазы ақын кеп сығылысты. Орта әбден толды-ау деген шақта есіктен еңкейісе енген, қаздай тізілген қызметші жігіттер баршаның алдарына үлкен-үлкен сырлы астаулармен ет таратты. Білеуленген қазы-қарта, семіз жая, жамбас, ортан, тоқпан жілік сияқты сүйектер қашан да ашқарақ қазаққа адам жүздерінен де жарқын көрінгендей. Бітіспес қазақтарды бітістіретін жанды бейне сияқтанып, жас балаша күлімсірегенге де ұқсап кетеді. Манадан бері біраз қымыз да ішілген. Күздің сары қымызы ішке мол барғасын әртүрлі жүгіріс пен ой-қиялдан титықтаған адамдарды аздап масаң ететіні де бар.Бұләсіресе, қонақасыға кеш келген, әрі әбден кенезелері кеуіп жеткен Жүсіп қария мен Алғазы ақынның бойларынан тез білінді. Сойылған бозқасқаның бір жақ шекесі Жарықбас Есентүгелдің алдына, екінші жақ шекесі Жүсіп қарияның алдына, бастың қалған бөліктері қарсы беттегі әйелдерден кейін отырған ел адамдарының жасы үлкендеріне тартылды. Жамбас, басқа да аталы сүйек бастары алдымен қонақтарға, қалғаны осылай Күдері мен Дербісәлі бастаған өз кісілеріне үлестірілді. Қымызды үсті-үстіне көп ішіп қойған Алғазы алдына келген жамбас сүйектің жұмсақ етін де бірден қылғытып жұта бастаған, тек тамағына тез тіреліп қалғанын сезіп, шаруаны доғарды. Ендігі ермегі ханның он алты қабат үйінде сықасқан адамдарды тамашалау еді.
Көбірек көз тоқтатқаны Ералы сұлтан, одан кейін Бопай ханым. Бұл екеуі жайында соңғы кезде жалайыр-балғалылар ішінде талай дүркін қауесет өршіді емес пе? Сосын да олар көбірек көз тартатын сияқты. Дербісәлі әңгімені көбіне осы өңірде ертеректе өткен қаусырма жақ шешендер мен жезтаңдай әншілер жайында өрбітті. Оның сөздері бір толастаған тұста Жарықбас Есентүгел ештеңе білмегенсіп: – Сіздер Әбілхайыр хан ием Жем өзені жақта ұзақ шегенделді дейсіздер, хан иемнің басын шатқан онда қандай шаруалар тоғысы екен? – деп салды. Дербісәлі су жорға ғой, жанды жараға тиген мұндай сауалға мардымды жауап бермегенмен де аш адамды ассусыз тойғызғандай етіп, желе жортып өтті. Есентүгел бәрін түсінді. Қабан жырау сонау Қаратауға жеткізгендей Еділ қалмақтарынан соққы жеп, алпыс адамнан аманат қалдырып, абыройсыз кері шегінген адамның өз ордасына тұпа-тура бет түзеуі де оңай емес. Жолай басқа бір олжаны іліктіріп, көн шарық болған бетке аздап ажар кіргізіп, сөйтіп оңалған қалпында оралмаса қиын-ау. Дос бар, дұшпан бар, анау аманатқа қалдырылған алпыс адамның әке-шеше, қатын-қалаш, бала-шағалары бар дегендей. Солардың бәріне төтеп беретін, ықтырып тұратын хан басынан абырой атты дүние үзілмегені дұрыс қой. Жарықбас Есентүгел қайтып бұл тақырыпқа жоламады. Дәл осы түнде алшындарды бүйірден түрте бергеннің пайдасы жоқ. Дербісәлі де соны пайдаланып, бұл мәселеден тіпті аулақтап қай-қайдағы бір жезтаңдай әнші-аруақтардың құлағын шулата берді. Күздің сары қымызы ішіне мол барып, сәл масаңданған Алғазы ақын осыдан шабыттанды ма, тор көзді керегелердің біріне ілінген домбыраны алдырды. Алғашқыда тыңқ-тыңқ еткен қос ішектің үні бәрінің құлағына жағымды естілді. «У-у-у» деп барып, ескілікті бір әуеннің басын қайырған Алғазының өз даусы да баршаны одан әрі жадыратты. Сосын бұл төрдегі, тап қазіргі хан орнындағы нәресте – сұлтан Ералының астындағы көпшікке көпшік қосты. Тым биіктете түсті. Әбілхайырдай азулы ханның орнын басар туысы бөлек нәсілі екенсің деп, біраз өлең шумақтарын төкті. Ара-арасында алшындардың ғана емес, үш жүздің ортақ ханысың, кешегі Әз Тәукенің атағын қайта жаңғыртар қарағымсың деген де сөздер кетті. Басындағы сала құлаш ұзын орамалы бүкіл өңірін жапқан Бопай ханым осы аралықта мазасызданған бір қозғалыс байқатты. Тәуіп әйелге қарап еді, оның жүзіндегі осы тас шамдардың жарығында-ақ айқын шалынған сабырлылықты байқап қайта саябырсығансыды. Сірә, Бопай ханым бәз біреулер Ералыны хан, болашақ хан атап жатса аса жақтырмайды. Тіл-көзден сақтанғаны сияқты бірдеме еді. Онысын осы жолы да бүкпеді: – Ералы тым жас бала, асқақтата беріп қайтесіздер? – деп қалды. Бұған коса Бопай ханымды іштей мұжып отырған тағы бір жайлар бар. Ол отағасы Әбілхайырдың ұзақ бөгелуі, оның жорығы туралы түсіп жатқан жайсыз хабарлар, алшындар мен жалайырбалғалылар арасындағы тістесудің ащы ішекше созылуы, әрі оған үш жүзге ортақ төбе би есепті Төленің араласуы сияқтылар еді. Мына жалайыр-балғалы адамдары тас шамның әлсіз жарығында Бопай ханымның реңінен ондай жазуларды оқи алмасы анық. Сосын да Алғазы одан әрі көсілді. Ералыдан соң оның төңірегіндегі адамдардың кемеңгерлігін де бір-бір жайқап өтті. Әсіресе, Күдері батыр мен Дербісәлі сұлтанға бір-бір кесек майлы ет асатқандай еді.
Жоғарырақ отырған Есентүгелдің іш түйсігінше Алғазы сөзді осымен аяқтаса да болар еді. Жоқ, еліріп, тұяғықызған ақын онымен шектелмей, осы Сыр бойында алшындар мен жалайыр-балғалылар арасында соңғы айларда өткен тістесулерді суыртпақтады-ау келіп. Ол ғана емес, жаңа ғана өзі мақтау, дәріптеу сөздерін арнаған Күдері батыр мен Дербісәлі сұлтанды маңдайға ұрғандай шумақтарды қоса көгенге тізді. Оның бір шумағы былай еді: Ханым тонын пішеді тағыменен, Алғазы ақын сөйлейлі мәніменен. Үйсінде Төле бидің айбатынан Алшындар қорқып берді жаныменен. Есентүгелдің шыдамы осыған ғана жетті. – Әй, не тантып отырсың? «Бітер істің басына, жақсы келер қасына!». Сен жақсы болмай арандатқыш, аздырушыәзәзіл шайтан болдың ғой! Уһ, тұқымың құрғыр, патшағар! – деп, орнынан атып тұрып Алғазы ақынды қамшымен жотадан екі тартты. Бір сілтесінде қамшының ұшы домбыраның ішегіне тиіп, ол тырс етіп үзіліп кетті. Бопай ханымның, тағы екі-үш әйелдің шошынған дауыстары қоса шықты. Күдері батыр мен Дербісәлі сұлтан екеуі де атып тұрып, Жарықбас Есентүгелді екі иықтан басып жуасытты: – Ақын деген бақсы-құшнаш, жаңа өзіңіз атаған шайтан сияқты қасақылар емес пе? Олардың аузына қақпақ қойып, не бархадар табамыз? Сіздер аға баласы, әрі қонақсыздар, не сөздеріңіз болса да біз бір жолға көтеріп аламыз, – деп жатыр Дербісәлі. Есентүгел екі иінінен дем алғансып, қайта жайғасқасын алшын адамдары бір-бірімен көздері арқылы адақтасып, жалайыр-балғалы адамдарының мінездеріне іштей баға беріскендей еді. Алғазының шақпалы тілі, Есентүгелдің қамшы сілтеп, хан ордасындағы домбыраның ішегін үзуі – бәрі бір түрлі жарасымсыз қылықтай бұлдырлады. Бұдан кейінгі сөз кезегін Жүсіп қария алды.Бұл бұрынырақ өткен алшын биі Әйтекені мадақтап отырды. Оны Бопай ханымнан кейінгі тізбектегі ер адамдардың бірі қолдады. Сосын ол Алғазыдан домбыраны алдырып, қызметші жігіттердің біріне оның үзілген ішегін жалғаттырды да сол домбыраға қосылып, жаңа Дербісәлі сұлтан атаған өткендегі жезтаңдай өнерпаздардың бірінің термесін төгілтті.Бұл созылмалы, нағыз Кіші жүз термесі еді. «Ұранымыз алаш, керегеміз ағаш» деп, қазақты бірлікке, татулыққа шақырған ұзақ жыр. Қазақтың атадан мұра өсиетінде мін жоқ, тек соны құлаққа құйып өскен қазақта бірлік, татулық неге тұрақсыз деген сұрау осыңдай мезеттерде көкірекке қадақтай тиедіау. Бұдан кейін әңгіме, ән, терме, өз жарастықтарын тауып, одан әрі өрбіді. Ендігінің көбісіне мұрындық болған осы термеші егде кісі мен Жүсіп қария. Ара-арасында Дербісәлі сұлтан сыналап, кіріп отырды. Түн ортасы ауды. Жатар мезгіл де келді. Дербісәлі сұлтан жалайыр-балғалы адамдарына қарап: – Сіздерге арналған бөлек үйге төсек салулы. Енді тынықсаңыздар да болады, – деді. Есентүгел: – Бәріне рақмет! Анау біздің жазғандар тән жарасы мен жан жарасы барлар ғой. Біз не де болса солардың ішіне барайық. Біз мұнда сары қымызды сіміріп, қазы-қартаны қарпытып асап отырғанда олар сол жараны ауырсынып гөй-гөйге басып, ұлып жатпасына кім кепіл?
– Түн тастай қараңғы, не де болса таңды күткен жөн-ау, аға баласы. – Қам жемеңіз, – деді Жарықбас Есентүгел. Сөйдеді де әлгіде ғана тентек сөзі үшін Алғазы ақынға ас үстінде қамшы сілтеген осы Есентүгел кенет бұғаудан бұлқынып шыққандай оқыс мінезге басып: Ақсұңқар құстың баласы, Ілейін деп күндіз ұшады. Жапалақ құстың баласы, Өлмейін деп түнде ұшады, – деп салды. Абұйыр болғанда бұл сөздің астарын Әбілхайыр хан ордасындағы ең бір сұңғыла бастардың бірі Дербісәлі сұлтан да аңғармай қалды. Тек бар айтқаны: – Таңертеңгісін ертерек осы хан ордасына келіп үзір-мәзір айтысып кетерсіздер. Жөнжосық солай ғой! Есентүтел үндеген жоқ. Жүсіп қария мен Алғазыны, әрі басқа қараша үйде тамақтанған бес-алты атшы жігіттерін ертті де түн қойнауына сүңги жоғалды. Ол замандарда бұл жақтың рәсімінде хан ордасы немесе басқа да бір үлкен шаңырақтың астында болған өзге ел адамдары енді бір-бірімізді көпке дейін көрмейміз-ау десіп, екі айырылысарда шешендік өнерге басып, өзара қоштасу лебіздерін білдіреді.Мұны жергілікті жұрт үзір-мәзір айтысу деп атайды. Ертеңіне Ералы сұлтан шоқиған хан ордасы қонақтардың келуіне қайтаәзірленді. Тіпті Дербісәлі сұлтан, Бопай ханым, Күдері батыр сияқтылардың бақылауымен ерекше мұқият әзірленді десе де болады. Бірақ биенің бас сауымына дейін жалайырлардан ешкім төбе көрсетпеді. Айнала қалың бұта, көкқұрақ, көз жетер кеңістік дейтін мүлдем жоқ. бұлар тағы бір бие сауымындай күтті. Ақыры күдер үзерліктей шекке жеткесін кешегіөздері босатқан жалайырдың мал-жаны түнемеге жайтасқан дария жағасына адам жөнелтісті. Ол көп ұзамай арсы-күрсі болып, ит тұмсығы батпайтын қалың тоғай ішінен қайта шығып келе жатты: – Ойбай-ау, жалайырлар жайғасқан су жағасы жылан жалағандай ғой, жан баласы жоқ. Сірә, олар бұнда түнемеген де сияқты, біз әрірекбіраз тепектеп едік, қалдырған іздері соған ұқсайды. Бұл хабарға Дербісәлі сұлтан жаман күйіп-пісті: – Үй, мына Есентүгел дейтінің, басы біржола жарылып қалғыр, адам емес екен ғой. Мынау хан ордасы-ау деп, үзір-мәзір айтысып кетпей ме? Ол жағын неге тәрік етеді? Дербісәлінің сөзіне Күдері батыр миығынан күлді. Тап бұл екі ортада бәрінен ойы жүйрік шыққан осы еді: – Сұлтаным, неменесіне шала бүлінесіз? Ол жарықбасың үзір-мәзірді түнде біржола айтып шықпады ма? Ақсұңқар құстың баласы, Ілейін деп күндіз ұшады. Жапалақ құстың баласы, Өлмейін деп түнде ұшады, – деп таңдайы тақылдады емес пе? Аларымызды алдық, енді не бөгеліс дегені емес пе? Сұлтан мен батыр осылай сөз алмасты да бір-біріне ұзақ қадалысты. Бірақ бұлардың көздерінде әлденеден қағажу көргендік жоқ, керісінше тосын олжа күткен ашқарақтық
тұнып тұр еді. Хан ордасының кең ауласында басқалардан бөлегірек екеуден екеу состиған бұларға ұзын орамалының ұшы беліне оралған, реңкі осы таңертеңгілікте өте сұлу көрінген Бопай ханым жақындап келді. Өз туған ағасы мен хан ордасының әрі итаршысы, әрі батыры Күдерінің жүздерінен сол ашқарақтықты айна-қатесіз таныды. Бұлардың басына анық мұң сол күні кеште – намазшам, намаздыгер арасында орнады. Қалың бұта мен көкқұрақтың ара-арасынан соны сүрлеулер тартып, аттары да, өздері де қара терге малшынған бір бейтаныс адамдар жетті. Іштеріндегі мосқалдау біреуі осындағы басты адам кім екенін сұрастырып, соңынан Дербісәлі сұлтанды тапқан соң оған ұзақ сыбырлады. Ол сыбырды Күдері батыр да келіп тыңдады. Міне, сондағы бұл екеуінің мойындарына су құйылғандай түрлерін көргендер ол суретті өмір-бақи ұмыта алмас. Сонда не болған дейсіздер ғой. Кеше Ералы сұлтан жалайыр-балғалылардың малжаны тегіс қайтарылғасын Жарықбас Есентүгелді хан ордасында қонақасы жеуге шақырғанда құлағына құдай сыбырлады ма, жоқ, басқа сыбырлады ма, әйтеуір Есентүгел бірден ерекше сақтық қамын қоса ойластырған. Жүсіп қария мен Алғазы ақынға алшындардың көзінше жекігенсіп, оңашада оларға берген құпия тапсырмасын былай жеткізіп еді: – Жүсеке, Алғазы, бүгіндікке менің мінезімді көңілдеріңе алмаңдар. Біз әлі алшындардың уысындамыз. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа». Қайтейін, бір жамандықты ішім сезеді. Бұлардың тым жалпылдап, жайылып жастық бола кетуінің ар жағында бірдеме сорайып қарайғанға ұқсайды. «Кедейді кезеңде тосып, ойпаңда тонайды» деген.Мен осында қаламын, сендер анау қолға тиген мал-жанды кеш түскенше Сырдарияның жағасына орналастырған болып, қараңғылық туып, көз байлана бере тегіс өрге қарай қозғап жіберіңдер. Алды-арттарына қарамасын, ауруы бар, сырқауы бар, бәрің бір жолға шыдаңдар деп менің атымнан қатаң бұйырыңдар. Дүрк көтеріліп, тоқтаусыз жүріске бассып. Сөйтіп, оларды жылжытып жіберіп қана екеуің дым болмағандай түнделетіп, хан ордасындағы қонақасыға келіңдер. Олар Есентүгелдің тапсырмасын бұлжытпай орындаған. Есентүгел түнгі қонақасыдан соң бері шыққанда жалайыр-балғалы адамдары Хантоғайы атты мекеннен шығысқа қарай көп ұзап кеткен. Өздері де, аттары да тың, әрі салт басты Есентүгелдер оларды Шолпан жұлдызы туар қарсаңда ғана қуып жетті. Таң сібірлеген шақта аздап аялдап, әл жиғысы келгендерге Есентүгел дігірлеп маза бермеді. Баршасына жарты бие сауымындай ғана уақыт аяқ суытып, тамақ жібітуге рұқсат етілді. Сөйтіп, қайта өрге салды. Тек күн түске тырмысқанда ғана алғаш рет аздап тыным табысты. Осының өзі үлкен олжа еді. Кейін осы әрекеті үшін бұлар Жарықбас Есентүгелді «пәлені алдын-ала көре білген мың жасағыр» атасты. Енді қайтсін, ұзынқұлақтан кейін мәлім болғанындай алшындар бұларды мол қошеметпен шығарып салуға әзірлік үстінде Сырдарияның түстік жағалауындағы бір қарақалпақ көшпенділеріне өтініш райға ұқсас хабар жөнелткен еді.Бұл хабар бойынша қарақалпақтар бір топ жасақшыларды шұғыл ұйымдастырып, дариядан бері өтіп, жалайыр балғалыларды жолдан тосуы керек еді. Сөйтіп, бұл жолы олардың адамына тимей «айдаса жаудікі, ысқырса желдікі» аталатын жылқыларын бөліп қуып кетуі керек еді. Соңынан өзара олжа бөліспек жоспарланған. Алайда, Есентүгел бастаған жалайырбалғалылар қарақалпақтардың тоспақ жерінен олардан көп бұрын өтіп кеткен. Олардың үзір-мәзір айтысып аттануын сарғая күткен хан ордасындағыларға кешке қарай аттары да, өздері де
қара терге малшынып жеткендер олжа орнына қарақалпақтардың текке арамтер болғаны хақында жағымсыз ақпарат қана әкеліп еді.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
1727 жылдың шілде айында Іле аңғарында әдеттегідей адам баласының көзіне жылы ұялайтын күндер туып еді.Бұләсіресе, Жоңғар Алатауының Шығысқа қарай ұзыннан ұзақ созылған бір буыны – Борқора16 жотасынан күнгейге сарқырайтын кішкене өзендер етектегі Іле дариясына жыбыршып жететін кең жазықта ерекше білініп тұрды. Биылғы жаз көбіне жауынсыз. Жас балаша былдырлай өзіңмен тілдескісі келетін осындай шағын сулары баршылық өлкеде ондай қуаңшылықтың табы жанға батпайды. Айнала көк, жасыл шалғын мол-ақ. Сосын да Борқора жотасындағы, оның Қыземшек, Боғда, Еренқабырға сияқты бөліктерінде көшіп-қонған Жоңғария қонтайшысы кенет осы жарқыраған жаз ортасында жайлау қызығы таусылмай етекке түскенде оның төңірегіндегі елдің тап табиғат, ауа райы атына айтар пәлендей өкпе, наразылығы туындамады. Шағын су үзілмейтін, айналасы қоршаулы жасыл бақтарда жеміс-жидек дегенің мәуілжіп тұр. Мәуілжімей қайтсін, ондағы жеміс-жидектердің көбісі осы шілде айының екінші жартысында пісіп те үлгерді емес пе? Сосын да жаз жауынды ма, жауынсыз ба, оған ешқайсысы бас қатырып жатпады. Ал олардан төменіректе жайылып, баяу аққан Іле дариясының айдыны жарқырап, «мен тұрғанда сендерді қуаңшылық атаулы айналып та өте алмас» дегендей менмен мінезбен тіптен жайбарақаттыққа шақырады. Бұл маң тарихи құжаттарда Талқы асуының етегі деген атпен белгілі. Іленің сол Борқора жотасына қараған теріскей жағалауының бір тұсында екі-үш үй орнындай жерге суға тиістіре құм төгіліп, ашық алаңқай жасалыпты. Сонда тәуір киімді және жүдеу киімділері аралас бірнеше қалмақ әйелдері шашырай серейісуде. Әйелге тән мінезге басып, бұларда өзара қаз-үйрекше қаңқылдасу жоқ. Бәрі де тіл мен жақтарын қарыстырып, суға шомылған үш қызға телміре көз тігуде. Әгәрде жазатайым қай-қайсысы да басы артық қаңқ еткен бір дыбыс шығарса бұлардан әріректе, суға шомылған қыздардың жалаңаш денелері көрінбейтін қалыңның ішінде аттарының құлақтары қалқиған жауынгерлердің бірі оны саусақ ұшымен өзіне қарай ымдап шақырып, қамшының астына алары сөзсіз. Қалмақ әйелдерінің бұл өмірде ең жақсы білетін ғажайыбы не? Ия, ол осындай аяусыз сілтенген қамшының дәмі. Асқа салынған тұздың дәмін қалай айырса, оны да солай тап басып айырады. Сосын да бұл бейшаралардың ауыздарын бақпасына не шара? Ал судағы үш қыздың жағдайлары мүлдем басқаша. Қалай қарай қия басса да өздерін қаумалап жүретін қарауылшы әйелдердің бастарыңдағы хал бұларды ешқашан
16 Борқора – бұл таудың атауы кей әдебиеттерде, құжаттарда Бурак-оргон, Борохоро деп те жазылған (Ұ.Д).
ойландырып көрмеген. Апырау, бұл үшеудің ол жағына бас шағып не жыны бар? Біле білсең бұлардың ол күзетші, күң қатындардың жай-күйлерінен өзге де өздерін күніне мың сан рет толғандыратын мәселелері жетіп артылады емес пе? Сондықтан да ол үш сұлу өздерінікі жете тұра жағалаудағы киімдері олпы-солпы, көбінің жасы егделеу өз жыныстастарының іштерінде қандай ит өліп жатқандығымен не шаруасы бар? Сосын да олар бұл жағынан әсте хабарсыз. Міне, тап осындай хабарсыздық мына қалмақ әйелдерінің басында да бар. Мына өздері баққан үш перизатты мазасыздандыратын, тіпті тағаттарын тауысып, кейде әкелері Сыбан Рабтанның осы Талқы асуының етегіндегі байтақысы түгіл, жаз жайлау, мына кең дүниеде, аспан мен жер ортасында бастарын қоярға жер таппай шарқ ұратын сәттерінің, күндерінің бар екендігін де жан-тәндерімен толық сезіп білген емес. Мысалы, судағы үшеу бұл салпы етектілерді өздері үшін туа біткен күзетші, күң деп қана біледі. Олар турасында басқа ешқандай мағлұматтары жоқ. Ал сол күзетші, күң қатындар судағы үшеуді шыр етіп жарық дүниеге келгеннен-ақ маңдайларына күн қонған бақыттылар санайды.Бұлардың да олар туралы басқа білігі жоқтың қасында. Міне, бірбірімен күнделікті тұрмыста қоян-қолтық араласқанмен терістіктің мұзды мұхиты мен күнгейдің тауық жұмыртқасы пісіп шығатын ыстық құмы сияқты бір-бірлерінен алыс жандар еді. Бірақ тағдыр жазуы солай, әрі адам затының көнбістігі де керемет, сол алыс жандарды жақындатып, сыйыспасты сыйыстырып, олардың бір қауыздың ішінде күн мен түнді бірге өткерісуін қамтамасыз етіпті. Рас, күзетші, күң қатындар бұл үш бойжеткеннің сонау құлақ естігені болмаса көз көрмеген қиырдан өздеріне құда түсу үшін келетіндерді асыға күтуде екенін біледі. Бірақ бұлардың ойынша осының өзі шексіз бақыт қой. Сонау шалғайдан, бес айшылық жолды бастан өткеріп, артынып-тартынып жететіндердің бар көздегені осы бақшадағы жемістей уылжып піскен үш ханша. Шеттерінен сәнді киінген, қару-жарақты, тырсиған бетжүздерінде молшылықты тұрмыстың бояуы отша жанған өңкей бекзадалар мен мырзалар жол бойы осы үш қызды әңгіме етіп, өздерінің соларды біржола әкету үшін осы ұзақ сапарға аттанғандарынәсте естерінен шығармайды, осылар үшін төленетін, өздері түйе мен жылқыға артқан көркі көздің жауын аларлық небір асыл жиһаз, бұйымдарды ойша саралайды. Ал бұл сапарға ермей, сол өз ордаларында қалған, осы үш қалыңдықты бұл жүргіншілердің алып келетін мерзімін сарғая күткен, олар да үлде мен бүлдеге оранған, олардың да беттері тоқшылықтан қызара бөрткен күйеу жігіттер ше? Ханзадалар ше? Осының бәрі көл-көсір бақыт емей немене? Бұл жағын күзетші, күң қатындардың дұрыс елестетуге қауқарлары жетеді-ақ. Сорларына қарай, сол қауқар бұлардың бастарындағы қасірет атаулыны одан сайын өртше қаулатады. Енді қайтсін. Туа біткен жоқшылық, ханым мен ханышалардың жекірісі, одан қалса бектер мен олардың итаршылары сілтеген қамшы, ешқашан таусылмайтын күні-түнгі бейнет, басқа да зорлық-зомбылықтар – бәрі жиылып, қызғаныштың қара қазанында жандарын одан әрмен шыжғыра шырылдатады-ау келіп. Міне, судағы үш қызды күзеткен әйелдердің бастарындағы хал осы. Ал мына үшеу тағы да сол өздерімен өздері әуре. Жыбыршып аққан дарияның жағасынан алыс кетпей белуардан ғана келетін тереңдікте сықылықтаса күліп, бірін-бірі қуалап ойнайды. Бірі суға сүңгісе екіншісі қоса күмп беріп, оны іздей бастайды. Қашқан біріншісі үшінші қыздың
балтырына төбесімен соғылып, немесе екі бұтының арасына басын сұғып алса, осының өзі-ақ жас сұлулардың ішек-сілесі қатқанша күлулеріне себепке жарап жатыр. Кейде бұлар еш себепсіз де сықылықтасады. Бір қыз алақанымен айдын бетін алақанымен шарт ұрса одан шашыраған тамшылар ана екеуінің бірінің жалаңаш денелеріне барып соғылысса, соның өзі-ақ бұларды қаншама мәз-мәйрам етеді? Ия қыздар мына суды сағынған екен. Биыл жаздың ерте түсуіне орай Жоңғария қонтайшысының айналасыБорқора жотасы жақтағы жайлау-жайлауларға мамыр айы туар-тумастан-ақ өрлеп кеткен. Әншейінде одан етекке тек тамыз айын аяқтап барып қана құлаушы еді. Тек биыл, неге екені әлі ешкімге белгісіз, шілде айының екінші жартысында-ақ, әдеттегіден бір ай бұрын ойдағы ұрғаға кеп бекініп алды. Ал мына қыздардың жайылып аққан Іле дариясының құшағына енгеніне үшінші күн ғана. Сосын даәзірге құмардан шығар еместей. Енді бірде үш ханыша тіптен аласұра бастады. Қашқан мен қуғанның ойнын ойнап, суда аса жақсы жүзе білмейтін үшеу тап бір дария емес, астаудағы балықтардай аядай ғана аралықта ерсілі-қарсылы жосылып кеп берді. Кейде бет-жүздері көпке дейін көрінбей кетіп, бірінің аяғы екіншісінің басына тиіп, одан үшіншісі олжа тапқандай алғашқы екеуді кезек-кезек иықпен қағып өтеді. Бірақ көп ұзамай өзінің де самайына, не мойнына өз қандастарының бірінің жұмсақ табаны басылып, кішкене толқындармен жағаласқан қимылына өзгеріс жасатады.Мұның өзі тым ұзаққа созылғандай. Жағалаудан алысырақта серейген қызметші, күң қатындарға, әсіресе солай көрінді. Егерде тілсіз жау мына суда жазатайым үш қыздың бірі тұншығып өлсе, онда бұл күзетші, күң қатындар тегіс дерлік өздері ауырсынып жүрген осы тірліктеріне де зар болар еді. Олардың бақытына орай алғашқы болып, үшеудің үлкені өз сіңілілерінен сәл аулақта бірінші болып судан басын жұлып алды. Екі алақанымен бетін сипай қалған екеудің қылықтарына таудан құлаған тас бұлақтай сыңғырлады. Ортаншы мен кенженің судағы бұлқынысы әлі таусылмаған. Тіпті олар үлкен қыздың денесі жартылай күнге шағылысып өздерін келемеж еткенінен де хабарсыз, оны әлі де су ішінен іздеп жүргенге ұқсады.Мұның өзі үлкен қызға одан әрі күлкіден аямай моншақ шашқызды. Бір кезде ортаншы мен кенже қыздар да бастарын көтерісті-ау.Бұлар да алақандарымен беттерін сыйпалап көздерін ашуы мұң екен, ой, күлкі дегенің қап-қап күміс теңгелерше тағы төгілді-ау. Бірімен-бірі бәсекелесіп кеп төгісті. Осының өзі-ақ жағалаудағы салпы етек қызметші қатындарға «бұлардікі жай өмір емес, бұл дүниедегі таза жұмақтың өзі ғой» дегізіп аһ ұрғызғандай. Ия, Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның кіші әйелі Сетержаптың туған, қолда бар тарихи құжаттарда, зерттеулерде есімдері тіркелмеген үш кіші қызы әзірге осылайша жайраңдап, сайрандасуда еді. Бір кезде үшеудің ең үлкенінің аузына дені дұрыс сөз түскендей: – Қап, Бригиттаның қолдан шығып кеткенін қарашы. Бізге дұрыстап суға жүзуді үйрететін еді, – деп, тура теріскей беттегі қалың баулардың шығыс жақтағы сілемдеріне көз тікті. –Анау Тұзкөлдің жағасында ала жаздай біздің шешемізге үйрете алмаған жүзуді саған үйрете алатынына кім сенеді? – деп, ортаншы қыз апасын жазғырғандай бұртия сөйледі. Бірақ апасы жұтына қараған тау жақ мұның да назарын тартып әкетті. Ал кенже қыз о
бастан-ақ сол жаққа телміріп, көз майын тауысқандай. Сонда неге үшеуінің бірдей солай қарай аңсарлары ауды? Ия, ол жақта осы үш қыз қызғанышпен еске алатын бір бақытты жан өмір сүруде. Ол жаңа ғана өздері атаған швед әйелі Бригитта еді. Осыдан екі жыл бұрын құбыла жақтағы Күнгей Алатау мен Теріскей Алатау атты қос таудың қыспағындағы Ыстықкөл (қалмақтарша Тұзкөл) жағасында ұлы мәртебелі қонтайшының рұқсат батасымен өз отандасы, қандасы, әрі тағдырласы – швед офицері Юхан Густав Ренатқа тұрмысқа шыққан соң швед әйелінің өмірінде кілт өзгеріс туған. Енді бұрынғыдай Бригитта қонтайшы Сыбан Рабтанның кіші әйелі Сетержаптың, одан қалса олардың үлкен қызы, осыдан екі жыл бұрын сонау Еділ бойындағы екінші Қалмақ хандығының бұрынғы ханы Аюкенің немересіне ұзатылған Сесонның қоластында қызметші есебінде ғана жүретіндей әйел емес. Қазір ол қаласа сол Сетержаптың өзімен де иық теңестіре алатын дәрежеге көтерілген. Енді қалай дейсіз. Оның күйеуі, швед офицері, әрі он саусағынан өнері тамған инженер, оқымысты, бұған қоса соғыс ісінің де тамаша білгірі Ренатты қонтайшы да, әрі оның бүгінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс баласы – бас қолбасы Қалдан-Серен де өздерінің оң қолы санайды. Байырғы ақсүйек тұқымдарының көздерін бақырайтып қойып, Сыбан Рабтан мен Қалдан-Серен Жоңғария байтақысының тап іргесінен Ренаттың меншігіне жер бөліп берді. Ол жай жер ме? Бұхарлық тараншылар неше жылдан бері баптап өсірген жеміс аташтарының алуан түрлісі көздің жауын алған тамаша бақ, жартылай күйдірілген кірпіштен, әрі тастан қаланған ондағы зәулім сарай ше? Сол кірпіш пен тасты аямай жұмсап, әрі өрнекті темір торлар қоса пайдалана тұрғызылған сыртқы қоршауы ше? Міне сол қоршаудың ішіндегі үй мен жасыл бақты, дүниені, әрі ондағы адамдарды күтіп-бағатын, күзететін әйел, еркегі аралас қызметшілер шоғыры ше? Ия, мұның бәрі адамның басын айналдыратын байлық пен барлық нышандары. Міне, қонтайшының суға шомылған үш қызы сол швед офицерінің меншігіне берілген мекенжай жаққа тесіліп еді. Алайда, бұл үш бойжеткеннің сондағы байлық пен барлыққа ауыздарының суы құрыған жоқ, сол өрнекті қоршау мен жасыл бақ көмкерген әсем сарайдың кең-кең бөлмелерінде гүл-гүл жайнаған Бригиттаның бақытты жүзін елестетісіп, тұлабойлары дуылдасып еді. Бригитта ауызға алынғасын сонымен бір мезгілде алыстағы теңіне ұзатылған Сесон да естеріне түсті. Ол да осы үш қыз армандаған бақыт пен махаббат айдынында жүзіп жүрген аққудай. Оған қоса Қалдан-Серенің биылғы көктемде ғана жас баһадүр Шарышқа ұзатылған екінші қызы да бұлт астынан жарқ еткен күндей шалынып, бұлардың көздерін карықтырды. Мына үшеуі үшін осы соңғысының әуселесі қатты. Тегінде ол Шарышқа Сесон ғана емес, осы үш кішкене ханыша да өлердей ғашық-тұғын. Бірақ амал не, Жоңғария қонтайшысы сияқты құдіреті күшті адамның қыздары бола тұра ешқайсысы оған да қол жеткізе алмады.Бұлар елестеткен Бригитта да, Сесон да және Қалдан-Сереннің Шарышқа ұзатылған екінші қызы да ләззат сусынынан қанып ішіп, осы үшеуі ғана көкжиектен дір-дір еткен сағымды алданыш еткендей. Бірақ үш ханыша Бригиттаның құлағын шулатқанмен Сесонның, не Қалдан-Сереннің кіші қызының есімдерін ауызға алмады. Себебі, өз іштеріндегі жанды жараға тырнақ салудың зардабын еске алысып еді.
Сонда да бір сәт апалы-сіңлі сұлулар тығырыққа тірелгендей сап тыйылып, көздерін жан-жаққа алақ-жұлақ еткізді. Іштеріндегі үлкені сәл естиярлау еді, бұл тығырықтан да шығудың жолын сол тапқандай. – Әй, білесіңдер ме? Анау Ботлоктың кішкентай баласының аты кім еді? – Әмір-Сана ғой. – Міне, сол Әмір-Сана қазір екі жаста емес пе? Міне, сол Әмір-Сананың түр-түсі әкесі Вэчши-Хэшоциге мүлдем ұқсамайды дейді. Ой, сонда үшеуі тас бұлақтың суындай тағы сыңғырады-ау келіп. Әрі осы әңгімені ойлап тапқан үлкен қызға ортаншысы мен кенжесі шектен тыс риза да еді. Сол үлкеннің жүзіне сүйсіне қарасып, кейінгі екеу белуардан келген су ортасында аппақ кеуделерін күнге жарқыратып, көздерінің айналасы қызарғанша күлісті. Жалпы бұл үшеуінен де құдай көрікті аямаған. Неше ата-бабасынан бері күн тимей, жел қақпай өскен, өздері де сондай қамқорлықтың аясындағы бұл үш нәсілдің денелеріндегі ақтықтың өзі құжынаған осынау қара қожалақтар ортасында сұлулық атты ұғымның хас белгісіндей. Оның сыртында жалпы дене бітімдеріндегі түзулік, бетжүздеріндегі қас пен көз сияқтылардың дұрыс қиысуы айналадағыларды естен тандырмай қайтсін. Ол жағын үш қыздың өздері де сан байқаған. Бірақ ол байқаулары өздерін аймалауға, құшаққа қысуға тиіс алтын айдарлы бекзадалардың орнын толтыра алмайды ғой. Махаббат, қызық көксеген үш балғынның кеуделерінде кейде от лапылдап жанып, бастарын тау-тасқа соқтырарлық халге жеткізеді. Бірақ өйтіп сыр алдыру абырой емес, сосын да оны күміс күлкімен көмкерісіп, іштегі запыранды сол арқылы шығарысады. Ал әкелері Сыбан Рабтанның үлкен әйелі Күнгуден туған еркетотай қызы Ботлок туралы қаңқу өсек сол күміс күлкіге қосылған тұздық сияқтанып, оның дәмін арттырғандай. Енді үшеу бұлөсекті жан-жағынан әдіптеді: – Тумаған әкеге ұқсап туған баланы көріп пе едің? – деп ортаншы қыз екі көзін ежірейте, еріндерін жымқыра қылымсыды. Бірақ одан оның пішіні бұзылмады. – Ал Лубсан ханның аузынан түсе қалғандай шығар? – деп кенжесі бұртиды. Әдемі кішкене көздерінің айналасындағы күлкі табын басқа бір орнықты адамның шырайымен алмастырғысы келгендей күшеніп-ақ еді, онысынан түк шықпады. Ішін кернеген күлкі тағы да лақ етті. Оған екі үлкені де ілесті. Көктен шақырайған күн иықтарын сәл-пәл қызарта бастаған. Бірақ оған қарайтын емес, Іле дариясының жанға жайлы жылымық суы олардың осы тұрысына одан әрмен жағдай жасап, құлағы мүкіс, өте мейірбанды кәрі әжедей моп-момақан күйде. Ал үш сұлу сол мейірбанды әженің бірі оң иығына, екіншісі сол иығына, үшіншісі екі аяғына кесе көлденең құлағандай неше түрлі тербеліс жасап, ой айналаны күлкіге қарық қылды-ау. Бір кезде олар өздерін әрең тежеді. Бүйтіп жапырылыса берсе осы бағдарда ішті кеулеген көп жайдың беті ашылмай қалуынан қорыққандай. – Сен де айтасың-ау, кәрі шал мен жас нәресте арасында қандай ұқсастық болушы еді? Анаусы тірі болғанда ғой. – Неге ұқсастық болмайды? Лубсан ханның бетін әжім басқанмен көзі сол баяғы қалпында емес пе? Адамның көз жанарын әжім баспайды ғой. Лубсан хан мен ӘмірСананың көздеріне қарап-ақ бір-біріне туған ата мен туған немере екенін ажыратуға болмай ма?
– Лубсан ханның көздерін әжім баспағанмен шел басты емес пе? Ақымақ қыздар-ау, соны неге ойламайсыңдар? Көздерін шел баспаса сөйте ме? Біздің әкеміз бен Лубсан хан тізе қосып отырған үйге Ботлок кішкентай Әмір-Санасын талай рет алып барғанда Лубсан хан мынау менің немерем-ау дегендей бір де бір ишара білдірмепті. Тіпті оны қой, қонтайшыға осындай немере сыйлаған сен екеуіңе рақмет деп, шашты сайтан Ботлок пен құлақ кесті құл сияқтанған, лауазым үшін ары мен жанын сатқан күйеуі Вэчши-Хэшоциге көптің көзінше алғыс айтыпты. Ал ендеше. Сенің Лубсан ханың. Сөйтіп судағы үш қыз Жоңғария тарихында есімі қалған, бір кездегі Кукунордағы ең текті тұқымнан шыққан, атақты Гуши ханның баласы, қазірде кәрі сүйегін сүйретіп әрең жүрген Лубсан ханның басындағы қайғылы халді ой шаңын бұрқырата қаққылады-ау. Кукунорда Қытай езгісіне қарсы ержүрек баласы Дан-Жун екеуі соғыс ашып, ақыры жеңіліске ұшыраған соң осы Сыбан Рабтанның қолтығына кеп кірген мұны қонтайшы жақсы-ақ қарсы алып еді. Тіпті шығыстағы аждаһа – Қытайдың ол екеуін байлап-матап бер дегеніне де құлақ аспады. Тіпті Дан-Жунға ең сүйікті қызы Ботлокты қосып, кейін бұл күйеу баласының әп-сәтте араны ашылғанын түсініп, оны әкесі Лубсан ханның көзінше отқа өртеп жібергені ұлыс-ұлыстарға тегіс таралған қаңқу сөзге айналған. Ал ол оқиғадан Ботлоктың түгі де кеткен жоқ, қас пен көздің арасында Дан-Жуннан да көрікті, одан да дәулетті хойт тайшысы Вэчши-Хэшоцидің төсегінен бір-ақ шықты. Бұрынғы күйеуі ДанЖуннан екіқабат қалғаны туралы өсекті де қақ маңдайдан ұрғандай. Әмір-Сана қазір осы Вэчши-Хэшоцидің баласы саналады. Мұның бәрі мына үш қыз үшін мүлдем келіп-кетері жоқ дүниелер. Әншейінде бұлар ол жайында ауыздарын ауыртып жатпас та еді. Сөйте тұра ол жағын неге қазымырлана қазбалайды? Ия, бұл үш қыз да өздерінің туған шешесі Сетержап сияқты әкелерінің үлкен әйелі Күнгу ханымнан қалған қызы, өздеріне әке жағынан апа – Ботлокты өлердей жек көретін. Енді бұл жек көріс қызғаныш атты пәлемен ұштасты.Бұл үш қыз сол ішті кемірген қызғанышты жұмсарту үшін осы Ботлок туралы әңгімені қоздырған. Апырау, сонда Ботлоктың не кінәсі бар? Жоңғария қонтайшысының ордасында дүниеге келгендіктен ол да осы үш ханышадай сұлу да ерке. Оның да құшаққұмарлық, алаңсыздық сияқты әлсіздіктері бар. Ол үшін Ботлокты жазғыру әділетке жата ма? Алғашқы қосағы қонтайшы қолынан мерт болды, ол оқиғаға Ботлоктың титтей де қатысы жоқ, тек түк болмағандай бұл басқа бір ұлыстың жас тайшысының құшағында кетгі. Ондай мүмкіндік бар жерде мына үш кіші ханышалардың қайсысы күйеуі өлген қаралы әйелдің кебін киіп аза тұтып омалар еді. Тіпті, өйткен күнде де әке қаһарына ілігіп, сол қыршынынан қиылған жас қосақтың соңынан өзін де аттандырып жібермесіне кім кепіл? Бірақ ол жағына бойлап жатқан бұл үшеуі жоқ, Ботлокты тілдерінің улы ұштарына қадап, одан әрі аударып-төңкере берді. Бір уақытта жағалаудан біреудің шырқыраған даусы естілді. Сөйтсе әлгі бұларға күң, күзетші қатындардың біреуін олардан әріде қалың бұтаның ішіндегі салт аттылар саусақ ұшымен ымдап шақырып алып, жерге көлденең жатқызып қойып, қамшымен сықпыртып жатыр екен. Ол сорлы неден жазды, мына үш қыз ол жағын білгісі де келмеді. Әттең Ботлокты сөйтіп жазалайтын адам табылар ма еді деген арман көкіректеріне қонақтады. Әрі ол туралы сөздері де үзілмеді.
Кенет басқа бір жақтан бір топ қыздар тобы сау етті. Олар сонау қонтайшы ордасы тұрған жерден жаяу жүгіріп жеткендер еді.Бұлар осы үш ханышаның нөкерлері есепті қыздар-тұғын. Неге екені белгісіз Сетержап соңғы кезде үш ханышаны бөлек бақтырып, бұл улыған-шулығандарды оларға көп жуытпайтын. Қазір, міне, бұларға үш ханышамен қосылуға рұқсат еткендей. Сөйтсе, бұл қыздардың келісі жай келіс емес екен.Бұлар өздерін әлдекім шошытып үркіткен қаз-үйректерше қаңқылдасып, бір-бірін баса-көктей бір хабарды үш ханышаға әрең жеткізісті. Сөйтсе, сонау төмендегі, Еділ бойындағы Қалмақ хандығынан атышулы елші Ехе Абухай келе жатыр екен. Жаңа тана Ботлок туралы өсек-аяңға жан-тәндерімен беріліп, өзге дүниені ұмыта бастаған үш ханыша кенет мынау ашық аспаннан төбелеріне жай түскендей есеңгіреді. Тіпті ортаншысы құлап түсіп, оны көйлек-көншектерімен суға лап қойған нөкер қыздардың екі-үшеуі күштеп, сүйемелдеп әрең тұрғызды. Осындай хал үлкені мен кенжесінің де бастарында бар еді. Ал көптен күткен жақсылық хабар құлақтарына тиді. Енді не қарекет керек? Міне, соны шешуге бұл үш қызәзір емес екен. Тек өздерін судан шығарып, киіндіруге кіріскен нөкер қыздардың қолдарындағы өлі балықтардай былқ-сылқ етісті. Бұлардан әріректегі күзетші, күң қатындардың арасында да абыр-сабыр байқалды. Тіпті жаңа ғана іштеріндегі біреуді қамшымен сықпыртқандар да оны қоя беріп, қалың жыңғылдыц ішіне кіріп жоғалды да сонда шаш түюлі төбелері бірін-бірі қуып ойнаған кара қояндар секілденіп, әп-сәтте көбейіп кетті. Үш ханыша қалай былқ-сылқ еткенмен де басқалардың қимылы ширақ еді. Ақ жібек шашақтары күннің сәулесіне жылтыраған зембіл де пайда бола кетті. Соған үш қызды көтеріп отырғызысты да тұлымды қалмақ жігіттері зембілді иықтарына салды.Бұларды қоршаған нөкер қыздар ол жігіттердің шабан қимылдайтынына шыдай алмай шақ-шұқ етіседі.
* * * Жоңғар Алатауының шығысқа қарай сұғына біткен бір буыны – Борқора жотасынан күнгейдегі Іле дариясына сала-салаланып құлдилайтьш ірілі-ұсақты өзендер санап тауысқысыз. Солардың бірі о бастағы атауы бойынша Талқының суы. Барлық ескі тарихи құжаттарда солай көрсетілген. Тек кейін қазақтар оны Кеңсайдың суы деп өзінше атапты. Жарқабақты кең сайды қақ ортасынан жарып өтетін болғандықтан ат қоюда көп ойланып жатпайтын қазақтың аузымен солай өзгертілгені даусыз. Жалпы қазақ жер-суға ат қоюға да, оны өзгертіп бұрынғысын жадынан шығаруға да шебер. Мысалы, көне шежірелерді парақтасаң аталмыш Жоңғар Алатауы ескіше Арқас тауы да, ал Іле Алатауы Үйсінтау екен. Жерімізден бір жүріп өткен елкезбе жиһанкез, не жау сол жаратылыс бөліктерін қағазға қалай түсірсе, не тіл ұшына қалай іліктірсе біздің көнбіс қазақ та солай жығыла кетеді. Бүйтіп, біржола кесіп-пішсек ол да біржақтылыққа жатады, әділіне көшсек Талқының суын тұрпатына қарап, Кеңсай дегені сияқты өзінше атау жапсырған тұстары да баршылық. Ия, Іле дариясының осы теріскей бетінде, жоғарырақтағы сауда орталығы – Құлжадан батысқа бет алып шығатын ескі керуен жолы осы Ілені жиектей сол Кеңсайдан өтеді де тіке теріскейге Борқораның көк-жасылды биіктеріне кілт бұрылады. Солай Кеңсайды өрлеп, сондағы теңіз деңгейінен шамамен 1500-2000 метр биіктіктегі Талқы асуынан
солтүстік бағытқа асып түседі. Судың атын өзгерткенмен асудың атына қиянат жасауға қазақтардың тісі батпаған сыңайлы. Ескі керуен жолы өтетін бұл асу талай тарихи кезеңдердің, оқиғалардың мызғымас куәсіндей. Ал Талқы асуынан сәл әріректе көп таудың ортасында суы тұп-тұнық, тек аздап тұз дәмі білінетіндіктен балығы мен қаз-үйрегі мардымсыз Сайрам-нұр көлі мөлдіреп жатыр. Аспандағы әлдебір алып құдірет иесінің жерге құлап түскен көз жасындай ғана. Талқы асуының өз айналасы, бергі етегі бір-бірімен қапталдаса біткен қалың таулардан тұрады. Қарағайлы тұстары да алыстан шалынады. Кеңсай өзенінің шығыс жағалауы да түрі адам шошытатындай биік жартастардан қаланған. Тек ара-арасын ғана қуалай өскен қарағайлар тізбегі алуан түрлі өрнек жасай біткен. Батыс жағалауы тұтасқан қарағай десе де болады. Сұр түсті жіңішке жартасты ашық жерлері сол қалың қарағайдың ара-арасында адам қолымен кескінделген оймыш-оймыш жазу таңбалары секілді. Ал төменде шынжырға байлаулы қабаған иттей жұлқына аққан Кеңсай суының долы мінезіне сол екі жағалаудағы қалың қарағай мен міз бақпас биік жартастар қалай ғана шыдап тұр екен деп таңырқайсың. Оның шуына құлақ үйрету үшін бұл сынды жаратылыс неше ғасырды бастан өткерді екен деп, есеп-қисап аулына да ат басын бұрғандайсың. Таулы, сарқырама сулы өңірлердің жанды бейнесін көз алдыңа толыққанды елестету үшін көзбен көрген дұрыс. Әсіресе, оны сахара тұрғындары үшін айтар едік. Себебі, осы шығармада суреттелген кезеңнен бір жарым ғасырдан астам уақыт кейін, дәлірек айтсақ 1856 жылдың тамыз айында Құлжа қаласына бару үшін дәл осы Талқы асуының етегінен өткен қазақтың ұлы оқымысты-саяхатшысы Шоқан Уәлиханов жолай ұшыратқан тау суреттері хақында былай тебіренген екен: «Сахарада тынысыңыз бір түрлі кеңейіп, ой-өрісіңіз де қанат жаза түседі, онда етекжеңді кеңге салып, емін-еркін жүресіз... Онда шексіз де шетсіз даланың өзі сияқты бар нәрсенің бәріне – талабыңызға, іс-әрекеттеріңізге де ешбір кесім – шек жоқ. Таудың түнерген тағы көркі сұлу болғанмен көңіліңізді құлазытып, зілдей болып еңсеңізді басып тұрады; біресе сіз бір тамаша сарқыраманы көріп, қайран боласыз да, бар зейініңіз соған ауады, біресе түпсіз терең тау жықпылынан қорқып, зәреңіз ұшады, зәулім шыңдар мен гүрілдеген өзендердің бәрі де бір түрлі сұсты, ашу түйіп тұрғандай, сөйтіп сіз осылардың әсерімен әлденендей бір беймаза әрекетке бейімделе бастайсыз. Бір нәрсе өзіңізге үнемі жетіспей тұрғандай болады. Тауда өмір сүрген соң жайдары, бейқам халық бола қою қиын. Керенау-жалқаулықтың қадірін тек сахаралықтар ғана бағалай біледі, тек сахаралықтар ғана келешекті ойламай, қайғы-қасіретсіз өмір сүре алады... Тек сахаралықтар ғана уайымсыз, көңілі шат жүре алады. Рахат тыныштықты бағалай біледі»17. Талқы асуынан бергі қалың таулар біткесін мидай жазық, ен дала басталады. Борпылдаққұмды, шаң-топырақты ашық жерлер мен аласа жусан, қара жусан, ермен, ебелек, әрі қараған, жыңғыл сияқты бұталы өсімдіктер алашұбарлаған кеңістіктер бірбірін алмастырып отырады. Кейде бұталы өсімдіктердің қалыңдығы сондай, тап қасында оқ атымдай ғана қашықтықта жайылып аққан Іле дариясының арнасы көрінбей кетеді.
17 Ш.Уәлиханов. Таңдамалы. «Жазушы» баспасы, 1980 жыл. Алматы. 199-бет. Орысшадан аударған Әнуар Ипмағамбетов.
Егер Іле дариясынан ұзаңқырап, тауларға жақындасаң бұл жазықтан жақсы шалынатын бір көрініс – Талқы асуынан бергі күнге шағылысқан жота-жоталар еді. Онда көбіне бидай егіледі. Биылғыдай қуаңшылық жылда болмаса ол жақсы түсім береді. Биыл да бұхаралық егіншілер қуаңшылықтың белгісін алдын-ала сезген бе тұқымды көктем ылғалы кетпей сеуіп, осы жауынсыз жылдың өзінде әжептәуір өнім алды. Ондағы бидайдың көбісі қазір орылып та біткен. Тек сары аңызы жатыр. Соның өзінде қыр жоталар алтын жалатқандай сарғайып, адамның көзін тартады. Осы біз суреттеп отырған кезеңнен тура екі ғасырдан соң тағдыр жазуымен ол шаққа дейін Қытай меншігіне өткен осы өлкеге ата қонысынан ауып келген қазақтар сол жоталарға егілген жарықтық алтын астықтың жайқалған сусымалы келбетінен шабыт алып, атақты «Сары бидай» әнін шығарған екен. Кетпен таудың ауылым етегінде Ерте шықсам аулыңа жетемін бе? Сары бидай, Сағындым, қалқам, даусыңды-ай! Ақ тамақтан емінтіп бір сүйгізсең Айналақтап қасыңнан кетемін бе? Сары бидай, Сағындым, қалқам, даусыңды-ай! Есіктің алды тал-қайың, Басыңда тұрмас жаз дәйім. Қалқатай еске түскенде Сағынып сені «Сары бидай» әнін салғаным. Ия, Іленің бергі түстік жағалауындағы Кетпен тауының етегіндегілер теріскей беттегі Борқора жотасындағыларға осылай тіл қатыпты. Жоғарыдағы Талқының суын Кеңсай деп өзгерткен де әнпаз қазақтың тап осы ұрпағы екені анық. Алайда шашағы желбіреген ақ шатырлы зембілге мінген үш ханышаның ол тауларға алаңдауға бұл жолы мүлдем шамасы жоқ. Ақ шатырдың алдыңғы жағы пердесіз, тау сілемдері көз алдарыңда молынан ашылған. Сонда да көздері басқа мәселемен көлегейленіп, табиғат ажарын тамашалар бұлар жоқ. Іле жағасынан ұзаған соң күннің ыстығы күшейе түсті де үш қалыңдық қолдарына желпуіштерін алды. Енді екі қолға бір ермек табылғанына қуанысқандай. Әуеден бозторғай шырылы естілді.Бұлар соған елітісті. Әлдебір әуенді керексінген көкіректеріне мұның өзі құдайдың қосымша ырзығындай өте жайлы тиді. Кенет ханышаларды басқа бір жәйт алқымдарынан алды. Сөйтсе алабөтен ештеңе жоқ. Үшеуі де бір мезгілде зембіл көтеруші жігіттердің шабандығына шамдана бастапты. Тек ол жағын тіл ұшына іліктіруге дәрмендері жетпеді. Үсті-үстіне шырылдаған бозторғай үнінен ғанаәзірге тоят таппақтай бір-біріне мүләйімси қарасты. Бұлардың соңынан ілескен әсем нөкер қыздар, олардан қалыспай сүріне-қабына шұбырған алабажақ күзетші, күң қатындар, олардан кейінірек жылжыған, көбісі мұздай қаруланған салт аттылар – бәрі қосылып үлкен бір тізбекті құрайтын еді. Бәрінің қозғалысы зембіл көтерген жалаңбас, жіп-жіңішке шілбуыт қалмақ жігіттерінің жүрісіне байланысты.Бұлар қанша жанталасқанмен жүріс өндіре алмайды. Себебі, қалың жыңғыл
оймыштаған, беткі қыртысы аса қатты емес жермен иығында ешқандай жүгі жоқ адамның өзі ентелете баса алмайды. Ал мынадай үш адам мінген зембіл екі жанында төрт-төрттен сегіз иыққа артылғанмен де зіл көтерем ғой, оған қоса тура тартылған жол жоқ жағдайында, әрі әкеле жатқаның тас не темір емес, қонтайшы ұрғасындағы асыл әйнектей бүлінуі оп-оңай, құлатып алсаң оның жауабынан жан бермей құтыла алмайтын тіршілік иелері болса сақтық ойламай қайтесің? Ханышалардың онымен жұмысы жоқ. Айнала дүние көлкөсірленіп ешбір қыр-сырын аңғартар емес. Жаңағы бозторғай үні де өшіп кетті. Кенет көз алдарындағы қалыңнан пыр етіп, шіл ұшты. Кекілікке ұқсас сұрғылт түсті кішкентай құс үш ханышаның көздері оқыс қуаныштан қаншама көлегейленгенмен де айқын шалынды. Бастағы сезім тегеурінінен айығу үшін осы бір күнәсіз дала құсы қайта көрінсе екен деп тілек айтысқандай. Осы Талқы асуының етегі саналатын мидай жазықта бозторғайдан кейін көбірек кездесетін құс осы шіл еді. Оны қонтайшының мына ерке шолжаңдары талай рет қызықтаған да. Бірақ алдағы ілдалаған жүрісте ондай дала құсы қайтіп көрінбеді. Есесіне, бұлардың соңынан сусымалы жібектей ілескен қыздар шоғыры арасынан кенет шар еткен дауыс шықты. Оған екіншісі қосылды. Үшіншісі, төртіншісі. Ақыры, ол сыңғыраған, құлақ түбін тесердей ересен күлкіге айналып кетті. Сөйтсе, қыздардың аяқ астынан бір топ кесіртке жосылып өткен екен. Осы іркілістің өзі ақ шатыр астындағы қыздарға сәл желпініс берді. Қонтайшы ұрғасы бұлар қозғалған аралықтан сәл төменірек, Ілеге құятын Кеңсай өзенінің жағалауында еді. Кеңсай өзені кейінірек өзге де өзінің кейбір тұрғыластары сияқты жолай сарқылып, құмға сіңіп жоғалатын дағды тапқанмен осыдан үш ғасыр бұрын аталмыш дарияға шалдықпай дүрілдеп-ақ жететін. Кейбір тасыған жылдары арнасынан асып та айналаның ой-шұқырларын суға қарық қылып, мемілдетіп кететін. Сосын да осы Кеңсай, басқа да кішкене өзен жағалауларында биік ағаш дегендерің тұтаса өсетін. Әсіресе, үйеңкі, тал, жиде, қарағаш кейде ит тұмсығы батпастай ұйысып, орманға айналады. Онда ыстық та бәсең. Міне, сондай ұжмақ түкпіріндегі ұрғаға жету үшін бұлардың әлі біраз жер өтуі керек. Кенет тізбектің алдыңғы жағынан тағы бір дабыр-дүбір білінді.Бұл жолы әсіресе, сыр берген зембіл көтеруші жалаңбас шілбуыт жігіттер еді. Аяқтарымен бір орында билей басқандай тапыр-тұпыр етісіп, ақ шашақты, ақ шатырлы зембілді шайқалтып та алды. Бірақ әлі де шошына қойған ханышалар жоқ. Тек соңдағы некер қыздар тағы да шар-шұр етісіп, тұлабойды тітіркендірді. Жаңағы жосылған кесірткенің әуселесі кезіндегіден тіптен асырып жіберді, әрі бұл жолғы шу әлдеқайда ұзаққа созылды. Сәлден соң олардың шуына бұлардан кейін шұбырған күзетші, күң қатындар қосылды. Әдемі киінген нөкер қыздар сияқты шиқылықтаса шала бүліне шуласпағанмен бұл жазғандар да өзара біраз даурығысты. Сөйтсе ендігі кезекте осы маңда көптеп кездесетін келте құйрық жыландар мазалапты. Әдетте бірен-сарандап, аяқ астынан жорғалап шығатын немелер бұл жолы өзара ұйымдасқандай жондарын жылтыратып, топтала зуылдайды. Тап бір орнынан дүрк көтерілген ордалы жыланның ұясындай. Мұның да у-шуы көпұзамай басылатын сияқты еді, бірақ күзетші, күң қатындар жақтан бір-екеу сұңқ-сұңқ етіп, тіл мен жағын қозғай берді. Одан тағы бір екі-үшеуінің ішіне қайта жел бітті. Сөйтіп, жаңа ғана басылған шу қайта дуылдай жөнелетін сыңай танытты. Ең соңдағы салт аттылар оны әдеттегі заржақ қатындардың қаңқылына ұқсатып,
жайбарақат келе жатқан. Кенет күзетші, күң қатындар арасынан біреуі жылы қойынға мұз сүңгі салғандай ыршытатын жағымсыз сөз айтты. Жағымсыз сөзі сол – мына өздерінің болашақ қайын жұрты тарапынан жеткен қуанышты хабарды өз құлақтарымен естуге асыққан қалындықтардың жолын келте құйрық жыландардың үйір-үйірімен кесіп өтуі жақсылықтың нышаны емес деп салды. Жалпы, Жоңғария қонтайшысының айналасындағы ежелгі бір дағды әртүрлі ырымсырымға шектен тыс көп мән берілетін. Оның сыртында әртүрлі көріпкелдердің, әулиесымақтардың, шамандардың, түс жорығыштардың болжамдары да бұл ортада ауыздан шыққан желге ұқсамай әр көкірекке барып орнығып, өз орнын тауып жататын. Сөйте тұра, ондай атақ-абыройы жоқ құл-құтандар арасынан әлдебір әулиесінген біреу табылып, қандай да бір ырым-сырымға байланысты қонтайшының, не оның төңірегіндегі биік лауазымдылардың бірінің жеке басына, не отбасына қатысты жаманшылықты меңзесе оған «тілің кесілсін» делінетін. Және бір ғажабы осы соңғысы кейде жай сөз жүзінде қалмайтын. Қонтайшының, не биік лауазымды басқалардың көзіне түскісі келетін әлдебір жандайшаптар ол сөздің мазмұнын нақтылы іске айналдыратын. Сөйтіп, аузына ие бола алмайтын бейшаралардың тілдері шабылғаны да болған. Міне, қазір де топталып жосылған келте құйрық жыландардың кес-кестеуін ханышалар жаман ырымға балаған күзетші, күң қатындардың бірінің «көріпкелдігі» сондағы қарулы салт аттылардың құлақтарына сарт етіп тиді. Солардың ең алдындағы басқаларынан шоқтығы биіктеу, қару-жарағындағы жарқыл молырақ, әрі киім-кешегі де тәуірлеу біреуінің тұлабойы дір етті. Енді ол ойланып жатпады. Тебініп тобынаноза берді де жаңағы сөздерді айтқан қатыннан оқты көздерін айырмай тез жақындады. Атын сүріндіре-қабындыра жетті де сорлы жазғанның төбесінен бүркітше шүйіліп кеп ой дырау қамшымен осты-ау дейсің. Шаж еткен дауыс әп-сәтте-ақ аспанды қақырататындай шықты. Бұған дейінгі у-шудың бәрі мынаның қасында шіркейдің ызыңына тұрғысыз нәрсе екен. Қамшы сілтеген жойдасыз неме о баста бір ұрғаннан-ақ қатынның үні өшеді деп есептесе керек. Керісінше екі-үш сілтестен кейін оның даусы еселей артып, жер мен көкті аударыптөнкеріп жібергендей еді. Соған қитықтанған салт атты неме екіленіп, қамшыны одан сайын жаудырды.Бұл кезде көзі-басынан қан саулаған, бет-жүзін ажыратқысыз кәртамыс қатын құйрығымен жерге шөге аспанға қарап одан әрмен ұлысын кеп. Бөлтіріктері аңшының қоржынында кеткен қаншық қасқырша ұлыды. Мұнікі дені сау, құлағы түрік адамның өңменінен өтіп, сай сүйегін сырқырататын сұрапыл ащы дауыс еді. Соған орай қамшының да дәмін одан сайын жұғымды астай тата берді. Алғашында жан алардай жеткен қамшы сілтеушінің тез тауаны қайтып қалған. Ішкі жігері әп-сәтте таусылып, көз алдындағы құбылысты танып-білуге ақыл-есі дәрменсіздік еткендей. Қалмақ әйелдерінің аузынан шығатын қарғыс қазақтардікінен аумайды. Кейбір сөздерінің орындары ауысқаны демесең сұлбасы айна-қатесіз қайталанады. Мына қамшы жеген әйелдің де тап қазір аузынан атқылап жатқанның бәрі сол екі халыққа ортақ қарғыс сөздер еді. Қонтайшының, оның үй-ішінің, балаларының, әрі ең жақын туғантуысқандарының, зайсан мен бектерінің аттарына қарша бораған қарғыс еді. Қарғыстың да оңай-оспағы емес, төбе құйқаңды шымырлататын ең бір ауыр сорақылары еді. Мұның аузына қақпақ қоямын деп қамшы сілтеген мына неме енді оның онсыз да сала құлаш тілін одан сайын ұзартып алғанынан, әрі оның ақыры өз басы үшін үлкен зобалаңға
ұласарынан үрейленіп, қамшы сілтеген қолдарынан әл кете бастады. Білек тамырлары тартылып, қозғалысты ауырлатып, ұстағаны қамшы емес, салмағы жарым пұттық күрзі іспеттеніп, енді мұның өз басы үшін ауыр мехнатқа айналды. Ал күң қатынның даусы барған сайын үдей, өршелене шапшыды. Бір айтқан қарғысын қайталаса оның тігісін жатқызып, жетілдіре нақтылай түседі. Мынаның сілтеген қамшысынан оның қарғысы басым шығып, қайсымызды қайсымыз аламыз деп, енді бұлардікі жекпе-жек сайысқа айналғандай. «Үйелменіңмен өртенгір! Осындай қарғылы қара төбеттерге талатқан сен, қонтайшы, өзің ит өлімімен өл! Бала-шағаң, үрім-бұтағың ешқашан қызық көрмесін, ақ еттеріне қыпқызыл шоқ басылсын! Жер жұтсын бәрін! Ақ ордаң қара күлге айналсын. Қара қытайдың табанында тапталсын! Зайсан мен бектеріңнің ұл-қыздары қара қытайлардың күң мен құлдарына айналсын!» Бұл қамшы жеген қатынның аузынан атылғандардың оннан, жиырмадан бірі ғана. Енді мұны басқалар да, яғни ханышалар да, өзге күзетші, күң қатындар да, ең жаманы анау соңдағы салт аттылар да естіп тұр. Бірінің болмаса бірінің аузынан қонтайшы ұрғасындағы саққұлақтарға қайтсе де жетеді ғой. Ал қонтайшы құдайдан кейінгі екінші адам – мені, үй-ішімді, балаларымды жаман қатынға осынша тілдеттің деп, мұны маңдайдан сипай қоймасы анық. Енді қамшы сілтеушінің өзі үшін қазулы көр үңірейіп көрінгендей.Бұл үшін шегінерге жер жоқ еді. Басына келген бір ғана амал-айла мына қатынды осы арада өлтіріп тыну. Ал өлтірмей мұның аузына қақпақ қою мүмкін емес. Алайда, өлтіру де шақпақ шаққандай іс емес екен. Басына қамшы тиген сайын одан күшқуат алатындай-ақ күң әйел жерге құйрығымен шоқиған күйі, қызыл қанға малшынған шашы бет-әлпетін түгелге жуық жасырғанмен де бос аузымен жер-дүниені көшіре аттандасын келіп: «Апырай, мынанікі не деген кең көмекей еді» деп, ақ шатыр астындағы ханышалардың түйсіксіз бастарында да бір сауал туды. Ал басқаларда ол да жоқ, үнемі бір сыдырғы, екі қолға бір ермек табылмайтын тірлікте әбден ерігіп-зерігіп, іштері пысқан некер қыздар әсіресе, әлдекімнің оқыс өнерін тамашалағандай ауыздарын аңқита қарайды. Олардан кейінгі салт аттылар да осылардың ол жақ бұ жағында. Ал қанын ішіне тартып, екі беті сұрланған мына неме бұзаутіс қамшысын әлі де көкке үйіріп, жаңа ғана өздері көрген келте құйрық жыланша ысқыртып әкеп сорлы қатынның төбесіне қондырған сайын оған қамшы емес өз етінен ет кесіп беріп жатқандай тіптен әлсірей бастады. Ең жаманы ол да емес, қарғыс айтушыға ең жақын тұрған мұның басында ызың молайып, екі құлағының еттері ойылып түсуге жақындады. Енді бұл қонтайшыдан жаза шегем-ау деген қауіптен емес, осы азаптан тезірек құтылу үшін қамшыны одан сайын үстемелетті. Басқалар үшін кім білсін, тек өзі үшін бұл шара жылдан астам уақытқа созылғандай. Ақыры, қатынның үні өшіп, бұл өз тобының ортасына келгенде сорлы итаршы атынан ауып түсті. Қалмақ жігіттері өзәріптесін беттен қаққылап, есін жиғызуға тырысып еді, ештеме өндіре алмады. Атқа отыруға жарамады. Ақыры, оны ердің үстіне көлденең салып алып жүрді. Ал қарғыс айтқан әйел сол жатқан жерінде қала берді. Оған ешқайсысының бұрылып қарауға да батылдары жетпеді.
Қонтайшы ұрғасы Іленің суынан жаяу-жалпылағандар үшін біршама алыстау, одан гөрі сол дарияға құятын Кеңсайға таяу еді. Себебі, бұл аралық қалың ағаш тұтаса өскен орман-тоғайлы өлке санатында. Іленің осы теріскей жағалауында құнарсыз құмды шөл, құм төбелер жеткілікті дегенмен де тап осы Кеңсай сағасына таман жер қыртысы мүлдем басқаша. Терек ағаштары мен шегіршін бұталары, жүзген қаптай өсіп, айналаны түгел көк желекке бөлеп тұрады. Арасына кірсең қайтып жол табуың қиын қалыңдары да баршылық. Екі судың қосылған жері болғасын ба, мұнда түнге қарай қатты суытады. Сосын да маса дегенің болмайды. Қонтайшының тұрақты ұрғасы үшін жер таңдалғанда оның осы қасиеті қатты ескерілгені шүбәсіз. Ал қалың орман-тоғайдың сырты ши мен ақселеу кезектескен кең-кең жазықтарға ұласады. Оның орта шенінде арық-атызы мол, егістік жер үшін игерілген тұстары да алыстан шалынады. Әсіресе, бұлөлкені шеткерілей көмкерген құм төбелерге көтерілсең солай. Осы көрініс сонау Борқора жотасының бергі сілемдеріне дейін созылады. Ал қонтайшы ұрғасына жақындағанда адам мен малдың көптігі оның ерекше белгісіне ұқсап көз тартады. Мал дегенде негізінде жылқы. Бағулысы да, бағусызы да сансыз. Адам дегенде көбісі салт атты жауынгерлер мен түрлері ауғандықтарға ұқсайтын тараншылар. Тарихи құжаттардың бірсыпырасында ол тараншылардың, яғни қонтайшы ұрғасына таяу кеңістіктерде егіншілікпен айналысатындардың дені сонау Орта Азиядағы ұлы Бұхария сияқты елден келгендер делінеді. Шындығында ұлы Бұхариядан келгендер баршылық, бірақ олар мынау қонтайшының тұрақты ұрғасы саналатын Талқы асуының етегіндегі кеңістікке көп жақындатылмайтын, олардың басым бөлігі Іле дариясының арғы күнгей бетіндегі Кетпен жотасының етегі, Текес өзенінің жағалауы, ЬІстықкөл маңы сияқты өлкелерде жер тырмалап, бидай, тары, жеміс-жидек өсіретін. Қонтайшы кей жылдары солай қоныс ауыстырғанда ғана ұлы Бұхария диханшыларының қызығын көретін. Ал Іленің бергі бетіне өтуге оларға әмсе рұқсат етілмейді. Кезінде өз Отандарындағы қиыншылықтарға, ауыр алым-салықтарға, оқтын-оқтын тұтанатын соғыс зардаптарына шыдамай, әрі Жоңғария қонтайшысының астық үшін төлейтін алтын-күмісіне қызығып осылай қоныс аударушыларға алғашында сенімсіздікпен қараудан туған үрдістің жалғасы, шамасы. Ал мына Талқы асуының етегіндегі кеңістікте диханшы атаулы көбіне Қашғариядан қоныс аударушы тараншылар, ұйғырлар. Қашғария немесе ертеректе Алтышар өлкесі аталатын аймақтың ежелгі тұрғындары –ұйғырлар да егіншілікпен даңқы шыққандар ғой.Бұлардың бір ерекшелігі көбіне қытайлықтармен көрші тұрып, олардың үстемдігінен зәрезап болғасын да ма, барынша біртоға, көнбістеу, әрі қалмақтармен де қоңсылас, тонның ішкі бауындай аралас-құралас, сырмінез ел, сондықтан да басқалардан гөрі сенім атаулыны молырақ иеленетін. Ал қонтайшының жартылай ғана күйдірілген кірпіштен, тастан қаланған қоршауы бар ұрғасына тіптен таяғанда олар да сиреп сала береді. Мұнда тек салт атты жауынгерлер мен қалмақтың өзінен шыққан құл-құтандар, ара-тұра сәнді киінген бекзадалар және олардың атшылары жүреді. Қонтайшының үш қызы мінген зембіл кірпіш қабырғаға таяғанда бәрі алыстан жеткен қонақтарды көргендей-ақ көздерін ежірейтіп, жол беріп, ығысуда. Бәрінің жүздеріндегі жазу бір-бірімен мазмұндас. Сонау Еділ бойынан, сондағы Қалмақ
хандығынан мына үш қызға құда түсуге адамдар келеді деген сыбыстың таралғанына не заман? Енді міне, сол адамдар келе жатыр. Апырау, қонтайшының ойда-жоқта тау биіктеріндегі салқын жаз жайлауды тастап, бері күрт құлап түсуі де соған байланысты емес пе екен? Олардан көпшілік қауым енді ғана құлақтанды ғой, ал қонтайшының өз басы мен ең жақын-жақыбайлары олардың дәл осы мезгілде келетінін алдын-ала есептеген де шығар. Жо-жо, одан әрі тереңдеме, ол сенің жұмысың емес. Онан да ана қыздарға қара. Осындай қуанышты сәтте үш ханыша өз жүздері арқылы қандай сыр аңғартар екен? Ол жағын анықтап байқап қалуға шеттерінен әуес. Оны-мұны шаруаларды сылтауратып, ұрға қоршауының осы жақтағы қақпасы маңында ойқастағандардың басымы сондай әуестігі оянғандар. Олар сондай-ақ үш ханышаға ғана емес, жаяу-жалпылаған нөкер қыздарға да сүзіле көз тігісті. Себебі, қонтайшының осы үш ханышаны Еділ бойына аттандырса оларға жүз кәнизәкті қоса беретіні туралы уәдесінің бар екенін де баршасы біледі. Демек, мына қазүйректей шұбырған немелердің қай-қайсысының маңдайында бақ-жұлдызы жанып тұр екен деп, сол жағын әу дегеннен анықтамақтай шұқшиғандардың бастарына түскен салмақ та аз емес. Үлкен қақпа темір мен жиде ағашынан араластыра жасалған, әрі түйелі керуен емінеркін кіретіндей кең де биік еді. Есігі де сол өзіне лайық, екі жаққа бес-алты қызметшінің қолымен айқара ашылатын, астында дөңгелегі бар, ою-өрнекті берік дүние. Ханышалар жақындағанда сол есікті әншейіндегідей бес-алтауы емес, оншақтысы жұмыла ашып, олардың ішке енуіне салтанатты сыпат беруге тырысты. Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтанның көшпелі тұрмыс жағдайындағы бір тұрақты ордасы осы қоршаудың ішінде еді. Оның бұл күнде марқұм үлкен ханымы – Күнгудің көп өмірі осы қоршаудың ішінде өтті. Жаз айларында, кей жылдарда қай бір саяси жағдайларғаорай қыс мезгілінде де мұны тастап кетіп отырғанмен де ат айналып қазығын табады дегендей қонтайшының әмсе қайта соғатын алтын діңгегі осы еді. Айналасы ат шаптырым үлкен қоршаудың ішінде көбісі күйдірілмеген, кейбіреулері жартылай күйдірілген кірпіштен қаланғанбірнеше сарайлар бар. Көбісі қытай бояуымен сырланған ағаш шатырлы, қалғандары қамыспен жабылған. Үш ханыша аяқтарын лыплып басып, сол сарайлардың өздеріне белгілі біреуіне енді. Нөкер қыздардың біразы жүрегін ұстап, біразы ауыздарын басып, сыртта іркілді.Бұл қоршаудың ішінде де, сарайлардың ара-арасында да безек қаққандар жыртылып-айрылады. Енді мына кәнизәктар солардың көз қырларына ілікті. Іште кең де жасау-жабдықты бөлменің қақ ортасында состиған Сетержаптың көздері отша жанып тұр еді. Байланбаған, басы бос бұзаулардай табалдырықты тапыр-тұпыр еткізіп, ішке енген үш қыз бірден дағдарысты. Себебі, шешенің осындайлық назары үстінде ішке түйгендерін қалай аңғарту керектігіне ақылдары жетпей аяқ-қолдары сіресіп, тілдері байланды. Әншейінде қандай мінезді, қандай сөзді болмасын, ойланбастан-ақ лақ еткізетін ерке-тәйтік қыздар бұл жолы тәртіп сақтауды жөн көргендей. Ия, дәл мынадай шақта өйтпеске лаж бар ма? Үлкен апалары Сесон сияқты мына үш қызға да тән бір ерекшелік киім-кешекке, жасау-жабдыққа деген тойымсыздык еді. Жаңа Іле жағасында қуанышты хабар құлақтарына сарт етіп тиген сәтте-ақ бұлардың басына бірінші соққан ой сол Ехе Абуғай
елшілігін қалай жасанып қарсы алу керектігі төңірегінде еді. Қазіргі сөз де содан басталу керек сияқты еді. Байқаса, аяғының басына дейін жапқан ұзын, торғын түстес келісті жібек көйлек киген шешенің бет ажарында әлдебір бөгде ойлардың сайрап тұрғаны түйсіксіз үшеудің де бастарын дың еткізгендей. Тасыған көңілді сап тыйдыратын кездейсоқ жағдайдың белгісі шалынғандай. Сөйтіп үш қыздың ауыздары буылды. Ал шеше бұларға қадалған сайын көздерінде жанған от өлімсіреп, оны басқа бір ғажайып сурет ығыстырмақтай әсер етеді. Тіпті тұлабойында қауқар азайып, мына үшеуден өзі көмек сұрамақтай әлсіздік те бірден қылаң бергендей. Ханышалар шешені тапжылмай бағуда еді. Опа-далап жағып, сылап-сипап жасырғанға көнбей екі көзінің айналасы көлкілдеп, бұғағы салбыраған толықша беті тап қазір әлденеден тарс жарылғалы тұрғандай қатайып сірескенмен де бұл шешенің шын мәніндегі қазіргі іш дүниесінің сыпаты емес сияқты. Оның тасасында тіл ұшына іліктіру қиын, әкетіп бара жатқан басқа бірдемесі бар адамның реңкін қолмен қойғандай айқын танытады. Етженді денесі де қозғалыссыз, ісмер қолдан шыққан, тұла бойындағы кемістікті түгел жасырған ұзын жібек көйлек те сол кіші ханымның көздеріңдегі бояумен астасып, торғын түсін әлсін-әлсінөзгертіп, түрлендіріп қоятындай. Тіпті ханымның бетажарындағы құбылысты осы жансыз бұйым, бірақ хас шебердің қолдарының ізі бар көйлектіңөнебойындағы діріл іздерінен-ақ ажыратуға болатындай. Ия, жансызға жан бітірген шеберлердің қолдарында не қасиет бар екен деп, осындайда бөгде ойдың жетегінде кетуің де оп-оңай. Ия, қыздар алғаш кіргендегі шешенің отша жанған көздері бұлар оны байқап, ойша бағалап үлгергенше, сиқын мүлдем өзгертіп те жіберді. Бұдан әрі бақыласа ол көздердегі өзгеріс әлі де таусылмаған сықылды, енді басқа бір бояудың кезегі келіп тұрғандай мына соңғысы тағы сұйыла бастады білем. Бірақ Сетержап қайратты еді. Онысы етженді денесінің шалт қимылынан да аңғарылып, торғын түстес жібек көйлектің етек-жеңінде қайқы қылыштай ұзын-ұзын сәулелер айқыш-ұйқыштанды. Сөздері де қатқыл шықты: – Сендер тіл мен жақтарыңды қарыстырып, өз жайларыңда отырыңдар. Тістеріңнің арасынан ызың еткен дыбыс шықпасын. Ұқтыңдар ма? Қазір ешкімге де, ешнәрсеге де сенім жоқ. Мына нөкер қыздардың арасынан қаскөйлер табылуы ықтимал. Сендерге ілесіп, Еділ бойына кетуге бәрі де дәмегөйленіп, ішкен астары тамақтарынан өтпей жүр сорлылардың. Сол жаққа емексітіп, олардың қай-қайсысын да өздеріне саққұлақ етіп алу арамза пысықайлар үшін шіркей шаққандай ғана іс. Қайталап айтамын, бір елі ауыздарыңа екі елі қақпақ. Мен сендерге не бұйырдым, басқаға не тапсырдым, кіммен жолықтым, көре-біле тұрып, жан адамға сыр шашпаңдар. Егер нөкер қыздардың арасынан бәзбіреулері әлдененің жайын сұрағыштап, сұғанақтанса қақ тұмсықтан тебіңдер. Және қай қыз не жайыңды білгісі келді, табанда маған жеткізіңдер. Егер менің қолым босамаса Шұна-Кашка арқылы. Түзге шықсаңдар тек нөкер қыздардың, күң-қатындардың коршауында шығыңдар, сыртта тірі пендемен тіл қатысуға рұқсат жоқ. Сендерді осыны айту үшін күтіп едім. Осы екі ортада үшеудің біреуі аузын бұртитты. Сетержап оны бірден түсінді: – Көйлек-көншек атаулыны қоя тұрыңдар. Ехе Абуғай әлі ұрғаға жеткен жоқ. Екі ортада әлі талай жол бар. Осыдан екі жыл бұрын сонау Кетпен тауынан әрідегі Ыстықкөл жағасында отырғанда келмеп пе еді ол. Мына Талқы асуының етегіне қарай төте жол
таппай адаса ма деп қорқып едім, құдайға шүкір, Ехе Абуғай кемеңгер адам ғой, тура келе жатыр екен. Ал басқаны қоя тұрыңдар. Ойласатын шаруа шаш-етектен. Әкелерің әне, біресе орыс елшісімен, біресе Аренармен шарап ішуден қолы босамайды. – Осыны айтты да қабағы кіржің етіп сыр алдырғансыды. – Ана Бригиттаны қарашы, тіпті қолға түспей кетті. Менің өзіме де керек еді ол. Швед әйелі Бригиттаны өз қыздарын алдарқату үшін ғана айтқан жоқ, өз қандасы, Аренар-Ренатқа тұрмысқа шыққан оның бұл күнде уаз кешкен жайынан жан күйзелісіне ұшыраған. Жоңғарияның ұлы қонтайшысы Сыбан Рабтанның ханымы кешегі өзіне күң есепті адамның шектен тыс бақытты жүзін көріп жүріп, қалай шыдамдылық жасасын. Ол да мұның кеудесіндегі көп бітеу жаралардың біріне айналды. Осы беттесу үстінде сырт көзден жасырын тағы бір жай белгі берді. Қыздар өз шешелерінің Бригитта жөніндегі шамшыл сөздеріне мән бермеді.Бұларды өзгесі бүйірден түртті. Жаңа Сетержап Ехе Абуғайды кемеңгер атап, өзінің жаңсақ басқанын сезбеді. Осыдан екі жыл бұрын осындай жаз айларында Ыстықкөл жағасындағы қонтайшы ордасында жата-жастанған Еділ бойындағы хандық елшісі мен Сетержапқа байланысты бір алып-қашпа сөз тарады. Оған түрткі бұлардың оңаша үйлердегі бірнеше тоқайласулары еді. Ехе Абуғайдың Сетержаптан жасы үлкен, кіші ханымға әке орнына жүрер адам дескенмен де аталмыш өсек ауыздан ауызға көшкен. Мына үш қыз тап қазір соны еске алысып, бір-бірлерін көз жанарларымен сүйкеп өтісті. Тістеріңнен сыр шығармаңдар деген шеше райына жауап ретінде бұлар қайта ойдажоқта олжа тапқандай қуанысып, улы тілдерін сол тістердің ар жағында әрең ұстап тұрды.
* * * Әкелі-балалы Сыбан Рабтан мен Қалдан-Серен арасында бүгінгі таңда бір кереғар пікір бар. Ол әлгі швед офицері, оқымысты-инженері Юхан Густав Ренатқа-Аренарға байланысты еді. Сыбан Рабтанға салса ол оны сонау қиырдағы өз Отаны – Швецияға қайтармақ. Әрі жай қайтармайды, қалағанынша алтын-күмістен мол олжа береді. Осы соңғы он бір жылдың ішінде қонтайшы сенімін әбден иемденген, көңілін көншіткен швед офицерінің уәдесінде иненің жасуындай да жалғандық жоқ екеніне Сыбан Рабтан өз басын тігуге бар. Ал швед офицерінің уәдесі қандай? Ол қонтайшы ұсынған алтын-күмісті алып, жас қосағы Бригиттаны, әрі осы Жоңғария жеріндегі отыздан астам өз отандастарын, қандыкөйлек жолдастарын ертіп, біржола кете бермек емес. Яғни, құмға сіңген судай біржола жоғалмақ емес. Швецияға жетісімен оның астанасы Стокгольм қаласындағы ең биік лауазымдылардың қабылдауында болып, өзінің осы жылдар арасында Жоңғария жерінде көрген-білгенін түгел жайып салар. Өздерімен күні кешеғана жиырма бір жылдық соғыстыбастан өткерген Ресей мен екінші алпауыт Қытай ортасындағы кішкентай мемлекет Жоңғариямен қарым-қатынастан Швецияның қандай саяси-экономикалық пайда табуы мүмкін екені хақында өз жорамалдарын баяндар. Ол баянның жалпы сұлбасын ол осы қонтайшы алдында талай мәрте көлденең тартқан да еді. Оның бәрі СыбанРабтанның құлағына майдай жаққан. Бұл не үшін керек? Ия, Аренар құдай қаласа осы Жоңғарияда тиіп-қашып емес, табандап, бірнеше жылдап жұмыс істейтін, құрамында әртүрлі мамандық иелері бар, бүгінгіден әлдеқайда үлкен шоғырды аттандыруға қол жеткізер. Тиісті мерзімі аяқталғанда ол шоғыр басқасымен
алмастырылар. Сөйтіп, өзара сенімге негізделген осы байланыс екі ел арасындағы алтын көпірге айналар.Бұл Аренар көздегеннің ең болмашысы ғана. Ал құдай қолдап жел оңынан туса Аренар Стокгольм қаласындағы сарыала күмбезді зәулім сарай иелерінің ынтасына май құйып, Жоңғарияда тұрақты түрде шағын әскер ұстауға, офицерлер легін жіберіп тұруға көндірер. Сөйтіп, бұлар көршілес Ресейден сұрап ала алмағанды сонау Балтық теңізінің арғы жағалауындағы елден әкелдірер. Соңғы жылдары ішкілік одан әрі меңдеткен, әрі кәріліктің де салмағы ауырлай еңсесін басқан Сыбан Рабтан сондай тәтті қиялдың соңына мықтап-ақ түсіп еді. Ал Қалдан-Сереннің мақсаты мүлдем басқаша. Бұған салса Аренарды қазақ даласына апарып, сонда орыс үлгісімен бекініс-қалалар салдырған жөн. Темір қорыту, жаңа зеңбіректер құю, шұға тоқу, киім тігу сияқты өндіріс түрлерін сонда дамытса нұр үстіне нұр. Ал Ренаттың өзі іштей әрине, қонтайшы жағында. Сосын да оның ықыласын барынша қанаттандырып, Швеция мемлекетініңөткендегі тарихы туралы небір ғажайып әңгімелерді бірінен соң бірін туындатуда. Әсіресе, соңғы Ресеймен болған ұзақ соғыста Балтық жағалауынан айрылып қалған әлсіздігінің түп-төркіні қайда жатқанын қазбалап, Швецияның беделін көтеруге жанталасады. Қонтайшының қазіргі отырған жайы өзінің жойдасыз үлкендігімен көзге түсетін. Төрдегі Будда әулиенің малдас құрған бейнесі де тым алпауыт. Осы бөлмеге лайықталып тастан қашалғаны көрініп тұр. Будда бейнесінің бұдан зорырағын бұл Жоңғарияда құдайға құлшылық ететін арнайы бұтханалардан ғана көруге болар. Тастан ба, кірпіштен бе, әйтеуір неден қаланғаны белгісіз басқышты төрт қабат сәкінің үстіне отырғызылған Будда кей-кейде жанды бейнеге де ұқсайды. Ортада оюлы сырмақтардың, қалы кілемдердің үстінде тарыдай шашыла жайғасқан кішкентай адамдарға момақан жүзбен қарап, олардың әңгімелеріне мұқият құлақ түргендей сыңайы бар. Басыңда алыстанқарағанда жүннен тоқылғанға ұқсайтын бұдыр өрнекті, төбесі шошақ, әрі екі құлағы түсіңкі тақия, өзге денесі жалаңаш Будда әлдебір ой үстінде екі қолының саусақтарын бір-біріне тигізе қатып, сіресіп қалғандай. Қонтайшы Сыбан Рабтан сол Буддаға арқасын бере жерге жайылған кең дастарқанның төрінде отыр. Сол жақта екі-үш адамдық ашық жер қалдырылыпты да одан кейін сонау төмендегі осы Іле дариясына құятын Ақсу өзенінің жағасындағы бұтханадан келген ламаның сұлбасы көрінеді. Басы тап-тақыр, жалаңаш кеудесін қиғаштай жапқан, ені бес-алты елідей ақшыл матасы бар кәртамыс лама құдайға мінәжат еткендей-ақ екі алақанын бір-біріне жапсырып, өз маңдайын өзі соған соқпақтай басын жоғары-төмен шұлғи береді. Ламадан кейінгі осы қонтайшы байтақысына Тобыл губернаторы арнайы жіберген әскери адам-сержант Д. Ильин. Онымен қапталдаса осы Ильиннің тап өзіндей әскери киімді тағы екі орыс қонжиыпты. Олардан төменірек, жеңіл жұқа шапан, оның астынан ақ жағалы жейде киген, басында сырмалы мауыты тақиясы бар, сидам денелі, арық жүзді, ұлты татар тілмаш көрінеді. Ал қонтайшының оң жағындағы әдеттегідей Лубсан хан. Кешегі хошауыт ұлысының билеушісі, бүгінде Жоңғария қонтайшысының оң тізесін иемденгенін қанағат тұтқан ол соңғы жылдары өзінің осы жағдайына әбден еті үйренген халде. Онсыз да еңкіш белі бұрынғыдан да майысып, құс тұмсығымен жер тесердей мүлгіп отыр. Шындығында
бұлұйқысырағаны емес, әңгімеге мұқият ден қойғандағы түрі еді. Лубсан ханнан кейінгі – кіші Черен-Дондук. Әдеттегідей ол бұл жолы да қару-жарағын тастамаған. Қонтайшы қасындағы бас зайсандардың біріне айналғанына екі-үш жылдың жүзі дегенмен де тап қазір дабыл қағылып, жорыққа аттанып кетердей-ақ қылыш-қанжары жанында, темір сауыты үстінде, оқтаулы мылтығы ту сыртында көлденең жатыр. Ол не салты, әлде алыстағы қазақ жерінде қымыз ішіп қызара бөрткен, сөйтіп денесі бұрынғыдан да ауырлаған әке – үлкен Черен-Дондуктың уағызы осылай ма? Әлде бесіктен белі шықпай найза ұстап, садақ асынып, қайда да қан майданның алдыңғы шебінде ержеткен жас бекзада сол дағдыларынан өзі арыла алмай жүр ме? Әкесіне ұқсап аздап толыса бастағанмен бұл өзі қара торы өңді, көздерінің қарасы айқын, келбетті жігіт еді. Қазір тікесінен тік қақшиған күйі көз алдындағыларды қаршығадай бағып, бұл да мұқият әңгіме тыңдауда. Бұдан кейінгі белі буулы ұзын сары жейде киген тұлымы салбыраған, кәртамыс бас зайсан Санжи. Ал әңгіме айтушы Аренар осы Санжимен тізе түйістіріп орналасқан. Қалдан-Сереннің орны осы Аренардан кейінгі. Бірақ бас қолбасының мұнда отырғаннан далада жүрісі көп. Бір шығып кетсе көпке дейін оралмайды. Міне, қазір де оның орны бос тұр.Бұлардан төменірек сәнді киінген тағы төрт-бес зайсанның тұлымдары желбіреп, бастары қылтияды. Олар: Баодурь, Чимбиль, Бопцусь, Бачигирь, Цагунь дегендер. Ал қарсы бетте орыстар мен олардың татар тілмашынан кейін әңгімеге барынша зейін койған біреудің болмысы алабөтен шалынады. Ол осы қонтайшы айналасындағы бектердің бірі, отыздарға енді-енді иек сүйемекші, сөйте тұра мойын тамырлары күдірейген, өзі де тарамыс кеуделі Боджир деген еді.Мұны қонтайшының өз қасында ұстайтын себебі, Тобыл губернаторының мына елшісі-сержант Д. Ильин Отанына қайтса соларға қосып жібермек адамы осы-тұғын. Сосын да оның құлағы барлық жайға осы бастан қана берсін дегендегісі. Бұл Боджирден кейін де арнайы лауазым, шені жоқ, бірақ тәуір киінген, осы қонтайшы ұрғасындағы бас қызметшілер санатындағы үш-төрт адам іркес-тіркес жайғасқан. Әйел заттыдан әзірге ешкімнің қарасы байқалмайды. Дастарқаннан аулағырақ есік жақтағы қабырғаға арқаларын сүйеп киім киістері өте ала-құла музыканттар отыр. Қолдарындағы аспаптарын сақадай сай ұстап, төрдегі қонтайшыдан көздерін аудармайды. Үрмелі аспаптың екі-үш түрі, ішекті аспап, сыбызғы, дабыл сияқтылары бар – айналасы жеті-сегіз адам. Бірақ бұлар бүгіндікке көбіне тымтырыс, музыка ойнағанда күш түсетін қолдары мен ауыздарына қарағанда қонтайшы жаққа қадала-қадала бәрінен бұрын көздері талғандай. Бүгінгі отырыстың тағы бір ерекшелігі шарап та көп ішілген жоқ. Қаз-үйректей тізбектеле кіргенде үй-ішін желдетіп жіберетін даяшы қыз-келіншектер тобының да шұбыруы сирек. Ол олқылықтардың бәрінің орнын әңгімемен толтырмаққа уәделескендей. Тап қазір желдей есіп, баршасын аузына қаратып, тамсандырып отырған Аренар. Жайлаудан етекке түскелі қонтайшыұрғасындағы ең алғашқы үлкен бас қосу осы болғасын ба швед инженері шабытына шабыт қоспақтай жүзін барынша жарқын етіп, беріле сөйлейді. Өткендегі, көк жасыл тау үстіндегі қозғалған жайлардың кейбірінің бастарына қайта су құйылып, қайта сүзіліп, әркімнің өз қуысына сай үлес бөлістіруде.
Аренар әрине, ең алдымен Сыбан Рабтанның қабағына қарап, бәрінен бұрын соның іш дүниесіне жағымды сөздерді теріп сөйлеуге тырысады. Бұрынғы баяндарда қауызы жарылғандардың ішіндегі осы қонтайшы ерекше ықылас қойғандарын соның ұғымтүсінігіне лайықтап, тігісін жатқызып, құлағына қайта құяды. Жоңғарияның ең биік шаңырағы астында бүйтіп, ұзақ-ұзақ хикаяттарды төкпелету өнері хақында Аренар мен оның бүгінде шығарда жаны ғана басқа жас қосағы Бригитта арасында талай сұхбаттар болған. Демек, Аренардың бұл мәселеде сүйенері жоқ емес. Сан жылдар бойғы өз тәжірибесін ғана емес, өзінен де көп уақыт үлкен ханым Күнгу мен кіші ханым Сетержаптың мейірін қандырған Бригиттаның айла-тәсілдерін қоса пайдаланудан әсте арланбайтын. Себебі, арнаулы білімі бар еуропалық пен оқу-сызудан хабарсыз түздіктердің ақыл-зердесіндегі, қабылдау мүмкіндіктеріндегі алшақтық атаулыны мұндайда белден басып жүре беруге жол жоқ. Өйтсең, ол әбестігің өзіңді жарға жығуы ықтимал. Демек, тісіңнен шыққан әрбір ақпар құнарлы топыраққа сіңген сапалы дәндей өніс беруі міндетті шаруа. Әңгіме қызығына түскенде малдас құрған күйі тапжылмай орнықты көріну Аренар үшін қолдан келмес іс. Алдындағы туралған ет, жеміс-жидек, жұқа пісірілген тандыр нандар, шарап толы қыш құмыралар сықаған, есік пен төрге дейін созылған дастарқаннан сәл шегіншектей екі тізесін ер үстінде отырғандай-ақ көтере шайқаңқырай сөйлейді. Қайта екі тізеге қарағанда қолдары тыныштау. Алақандарын жазып жіберіп, әлденені тарпа бас салмақтай кейіп жасайды да сол қалпын көпке дейін бұзбайды. Қазір де сол қалыпта сөйлеуде. – Мен сізге бұрын да айтқанмын, қазір де есіңізге салайын, біздің Швеция осыдан екі жүз елу жылдай бұрын-ақ мыс пен темір өндірісін мықтап жолға қойды. Ал мыс пен темір дегеніңіз не? Сіздің ұлы мәртебеліңіз өте жақсы түсінетініндей ол деген қару-жарақ. Сосын да біздің көптеген көршілеріміз Швецияға тәуелділікке ұшырады. Бізбен саудасаттық жасауға ұмтылысты. Мыс пен темір үшін бізге қарай ақша дегеніңді қарша боратты. Ал ақша дегенің не?Көңілдеріңізге келмесін, біздегі ақша мен сіздердегі ақшаның арасында жер мен көктей айырма бар. Біздегі ақша үшін адамның жанынан басқаның бәрін сатып алуға болады. Сол тұста Лубсан хан қарғаша қарқ етті: – Адамның жанынан басқаның бәрін сатып алуға болады дегенің көптеу емес пе? Онда сендердің ақшаларыңның далада сасыған өліктің иісіндей бір иісі болғаны ғой. Шие бөрілерге ұқсап, сол иіске қарай бәрі өзі шұбырады десеңші. Қонтайшының екі иығы селк етіп, Лубсан ханды осы бүгіндікте жаңа көргендей мойнын бұра қарады. Басында қалпағы жоқ жалаңбас отырған, білектей жуан бұрымы арқасына қарай құлап, әлденеден таутекені еске түсіретіндей. Әдетте үстінен тастамайтын қыжым қамзолы да жоқ, күн ыстық болғасын ба, белін мықтап буған, ине-жіптен жаңа шыққандай сары жейдемен ғана отыр. Лубсан ханға қарасында бір көңілділік бары көпшілікке осы бір қырынан-ақ ап-айқын танылды. Себебі, Лубсан ханның сөздері мұның өз ішіндегісімен үйлесімді еді. Ал Аренар Лубсан ханның бұл қағытпасын түсінбестікке балайды, бірақ солай деп, оның надандығын былш еткізіп, бетіне басудан құдай сақтасын. Әлі де сол үйреншікті
қалпын бұзбай, қолдарының саусақтары жазулы, әлдебір аңды, не құсты тарпа бассалмақтай кейіппен, екі езуіне күлкі үйіре ойын жалғады. Тек бұл жолы желдей есе жөнелмеді, дөңгелегі тасқа соғылған арбадай салдырлапгүлдірлеп, сөздерінің берекесі кетіңкірей зорланғаны білінді. Себебі, бұл үшін әңгіменің ең бір қиын тұстары осындайдан басталатын. Ресей ақшасынан басқа ақша көрмеген, тіпті оның өзін де үш кез матаға бір қой немесе бес-алты бас ұсақ тұяққа бір ірі қара деген сияқты айырбас сауда түрінде ғана елестететін түздіктерге банк жүйесі дамыған елдегі ақша құдіретін сыпаттап беру нағыз қиямет-қайымның өзі. Аренарсонда да түздіктердің доғал тіліне, ойлау логикасына көшіп, оның біршама қырлы тұстарын жұмырлап, жылтыратып, өңештерінетықпалады. Алайда, бұл атты мәселелер Сыбан Рабтанды аса елітпеді. Кереге басында ілулі тұрған жас еттей оның көзін қызартқаны –әуелгі мыс пен темір, қару-жарақ төңірегіндегі шиырлар еді. Аренар ол жағын дер кезінде-ақ шамалады. Алайда, бұл ретте де кесекөлденеңдеген бір кезмайыс жағдай бар. Ол еденге жаюлы дастарқанның арғы бетіндегі бет-аузын түгелге жуық сап-сары түк басқан, жорық киімді орыс сержанты Д. Ильин мен оның серіктеріне байланысты. Әрі Аренардың айтқандарын аузы-басы жыбырлап, түгел соларға жеткізіп отырған татар тілмашы үлкен бір пәлекеттің құлағы қалқиған сықпытындай шалынады. Ия, Аренар неге қиналмасын? Мыс пен темір, қару-жарақ төңірегіндегі шиырлар сөз жоқ Швецияның соғыс қуаты, бастан өткерген соғыстары хақындағы ақиқаттарға қарай жетелейді ғой. Алайда, Швецияның соңғы бес-алты ғасырдағы соғыс тарихы бұлардың ұлы көршісі – Ресейге тікелей қатысты екенін қонтайшының бұрынғы әңгімелерден білуіақ керек еді ғой. Біле тұра, анау Ресей адамының көзінше әңгіме желісін неге солай бұра береді? Ия, Ресей мен Швеция арасындағы жиырма бір жылға созылған соңғы жойқын соғыстың аяқталғанына міне, алты-ақ жыл. Аренар да, анау бұған қарама-қарсы беттегі татар тілмашына құлақ қоямын деп мойны бір жағына қисайып қалғандай көрінген орыс сержанты Д. Ильин де сол соғыстың от-жалынынан шыққандар. Одан алған тән жарасы да, жан жарасы да әлі толық жазылып үлгермегендер.Бұлар әрі соғысушы сол екі жақтың адамдарына жатады. Демек, тағдыр жазуымен, әлдебір түздіктер елінде, оның бас қожайынының шаңырағы астында беттескен бұл екеудің қай-қайсысы да орыс-швед соғыстары, мейлі оның не бұрынғысы, не соңғысы хақында болсын, хикаяттарға немқұрайды қарай алмайды. Көкіректері сыздамай, сүйектері сырқырамай тыңдай алмайды. Аренардың ол жағын ескермеске амалы нешік? Себебі, өз басынан кешкен зобалаңы ғой. Ия, Аренар бұл жерде бір нәрсені ғана білмейді. Қонтайшының осы орыс елшісі алдында Аренардың барынша есілуіне жағдай жасауында да өзіндік бір есеп бар. Мынау аузы-басын түк басқан, қонтайшы алдына қару-жарақсыз келуге мәжбүр болғанмен жорық киімін тастамайтын сержант Д. Ильин осыдан төрт жыл бұрын Жоңғария байтақысына үлкен экспедицияны бастап келіп, осында он ай омалған артиллерия капитаны Иван Унковскийге мүлдем ұқсамайды екен. И. Унковскийдіц тұлабойынан бекзадалықтың, зиялылықтың исі аңқыса мынауың әмсе арақ саситын пәлекет екен.Бұл жағын ішкілікке өзі де құмарқонтайшының да мұрны екеш мұрны ап-айқын ажыратқан. Капитан
Унковский білігі мол, шалымы кең, су төгілмес жорға болса мынауың «сендерде жатқан орыс тұтқындарын босатып алу жөніндегі келіссөзге өкілеттігім бар» дегеннен басқаны жарытып ұқтыра да алмайды. Ия, бұл Жоңғария қонтайшысы ми жеткізбеген тағы бір жәйтті – Ресей ресми орындарының осыншалық қораш адамды аталмыш миссиямен шетелге жіберуінің өзі-ақ осы соңғы жиырма бір жылдық соғыста орыс халқының интеллект, генефонд жағынан сұмдық ойсырағанын аңғартса керек-ті. Ия, Жоңғария қонтайшысы ми жеткізе алған күнде де мәселенің ол қырымен не жұмысы болсын, бұл Аренарды осы Д. Ильиннің алдында бұлбұлша сайратып, оның да көкірегіндегі қыл пернеге саусақ ұшын тигізем бе деп үміттенеді. Текәзірше орыс сержанты Сыбан Рабтанның ондай дәмесін қанағаттандырар емес. Аузын буған өгіздей томсарып, тілмашқа құлақ тосқаннан басқа бітірері шамалы. Аренар аз-кем қиналыңқырап, осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын Швецияның Балтық жағалауын, әрі немістердің біраз жерін тартып алғанын суыртпақтады. – Балтық жағалауын кімнен тартып алды? – деп сұрады қонтайшы. Қалдан-Серен әңгіменің дәл осы тұсында ішке еніп, Аренардан кейінгі өз орнына жайғасты. Қонтайшының швед инженеріне қойған соңғы сауалын ол да естіді. Аренар бұра тартуға жол таппады: – Әрине, орыстардан, – деп салды. Қонтайшы: – Кейін орыстардың өздеріне қайтарып беру үшін ала тұрған ғой, – деп, сайқымазақтана қасындағы Лубсан ханға бұрылды. Лубсан хан қонтайшы сөзіне ішексілесі қата күлгенсіді. Бірақ мұнікі күлкіден гөрі екі қанатын сабалаған ала қарғаның қимылына көбірек ұқсады. Ия, қарға десе қарға. Аренар сәл тығырыққа қамалып, енді бұдан да жол тауып шығу үшін басына едәуір күш түсірді. Өтірік айту Аренардың табиғатында жоқ, тіпті өтірікті айтқан күнде де мынау қарсыдағы ежелгі дұшпан-орыстардың бірі болмаса бірі әшкерелеп салмасына кім кепіл? Ия, швед инженерінің абайламасына амалы кәне? Әрі, мол олжамен Отаныңа қайтарамын деп емексітіп отырған қонтайшы алдында тап осы күндерде абыройдан айрылу сұмдықтың көкесі емес пе? – Әр соғыстың, әр заманның өз даму барысы, өз заңдылықтары болады, – деп бастады да бұл ойын одан әрмен тереңдетіп әкетті: – Кейде соғысушы екі жақтың қару-жарағына, стратегиялық, тактикалық жоспар-әрекеттеріне, жалпы мүмкіндіктеріне қатысы жоқ көлденең жайлар да кездеседі. Мысалы, өз Отанымды марапаттағаным емес, біздің Швеция өткендегі бір де бір соғыста өз дұшпанымен жекпе-жек майдандасып көрмепті. Барлық соғыстарда да Швеция бірнеше мемлекеттердің бірлескен одағына қасқая қарсы тұрыпты. Сөйтсе-дағысан жағынан алғанда жеңілістерінен гөрі жеңістері басым. Осы тұста ғана Д. Ильин Аренар-Ренатқа көздерін көтере қарады. Онымен дау-шарға баруға тарих жөніндегі білігі жоқтығы тұсау ма, жоқ, жалпы осындай сөз қақтығыстарында өзінің табиғи дәрменсіздігін сезе ме, әйтеуір бұл жолы да жақ ашпай, бірақ бір түрлі долдана аузын бұртитқанға ұқсады. Басқалармен салыстырғанда көш ілгері сұңғыла Қалдан-Серен оның осы сықпытынан: «Сен кешегі соғыста басқаның емес, орыстардың қолына топ еткентұтқынсың ғой, енді мұнда Жоңғария қонтайшысының ақылшысына айналыпсың. Сені бұларға сыйлаған қай тәңіратқан? Әттең өзіңді осындағы
орыс тұтқындарымен қоса әкетіп, Ресей топырағында ұмытқаныңды есіңе салар ма еді?» деген жазуларды оқыды. Аренар қонтайшыны жаңағыдай жортақтармен алдаусыратып, жалпы швед соғыс өнерінің құпиясы неде деген сұрақ төңірегінде шегендеуге тырысты. – Мысалы, – деді ол қонтайшыға күлімсірей қарап. – Мысалы, Исус Христостың туғанынан басталатын жыл санау бойынша 1655 жылы, Карл X Густав корольдік етіп тұрған кезде біздің Швеция ұлы Польша-Литва біріккен мемлекетіне, яғни Речь Посполитая жеріне басып кіруге мәжбүр болды. Сонда Речь Посполитая қайтті дейсіз ғой. Көп ғасырлық соғыс тәжірибесі бар десек те қас-қағым сәтте-ақ шведтердің алдында тізе бүкті. Шведтердің қарамағына көшті. Тек кейін көршілес басқа мемлекеттердің көмегімен ғана Речь Посполитая шведтерді аздап тықсырды. Ал енді осыны таразылап көріңізші. Үлкен мемлекет, соғыс тәжірибесі өте бай, сөйте тұра шведтерге дұрыстап қарсыласуға да жарамады18. Ия, бұл жерде Аренар-Ренаттың көздеген мақсаты біреу ғана. Қонтайшының қолқасына орай Швеция туралы біліктерін төкпелетіп, қызықтыра түсу. Сонда ғана қонтайшының алыс қиырдағы сол мемлекетпен байланыс орнатпақ ниеті нығая түседі. Осы екі ортада Аренар ұзақ самбырлады. Ол желе жортып отырып, соңғы мынау Ресеймен болған жиырма бір жылдық соғыста шведтердің не себепті жеңіліске ұшырағанын шемішкеше шақпақ еді, тек оған бүгіндікте құдай жазбаған екен. Қаздай қалқып, қасында өзі сияқты әдемі киінген бес-алты нөкер әйел бар, кіші ханым Сетержап кіріп келді.Өзінің суқаны сүймейтін кіші шешенің бүйтіп жарқ етіп көрінгенінеҚалданСерен өмірінде бірінші рет қуанған шығар. Себебі, Аренардың баяны оны барынша мезі еткен, әрі қонтайшы-әкемен, басқалармен келісілуге тиіс кейбір мәселелерге кедергі сияқты көрінген. Енді, әрине, бұл жортақ доғарылатын шығар. Сетержаптың кіргенін керісінше Лубсан хан, әсіресе кіші Черен-Дондук жақтырмаған сыңайлы.Бұлар манадан қабағы түюлі Қалдан-Сереннің енді қуанған жүзін танып, оны өтірік көлгірсігенге ұқсатты. Бірақ кіші Черен-Дондук анау аузына су толтырғандай көрінген орыс сержанты Д. Ильинге ұқсап, бұл да өз іш дүниесін ашып жатпады. Сірә, оның әкесі үлкен Черен-Дондуктың балаларының ішіндегі ең үлкен үміт артарлығы осы кіші Черен-Дондуктың құлағына құйғанбасты уағызы –«қай істе де әліптің артын бақ» дегендік, шамасы.
* * * Сетержап кіріп, өз тобымен сонау Ақсу өзенінің шатқалындағы бұтханадан келген ламадан жоғарырақ бос орынға жайғасқасын әңгіме ауаны мүлдем өзгеріп сала берді. Қайқайдағы соғыс, саясат мәселелерімен құлақтарын сарсытқан Аренардың аузы буылып, енді кезекті басқаларға бергендей. Жақсы киім, опа-далап қана емес, көңілділік те әйелдің көркіне көрік қосады ғой шіркін. Сетержап сондай бір көңілділіктің арқасында әрқайсысы әртүрлі ауыр оймен томсарған еркектердің тастай қараңғы іш дүниелерінде шам жағып жібергендей әсер етті.
18 Бұл соғыс әйгілі поляк жазушысы Генрик Сенкевичтің «Топан су» атты екі томдық тарихи романында толық суреттелген (Ұ.Д.).
Бәрі бастарын сілке-мілке жүзінде күлкі үйірілген сұлу ханымға сүйсіне әрі ризашылықпен қарасып, қонтайшы тарапынан әдеттегідей мадақтау сөздер күтісті. Қонтайшы көп күттірген жоқ, өзінің ескі әуеніне басып, кіші ханымды келістіре марапаттады-ақ. Оны Лубсан хан да қостады. «Айдай сұлу, күндей көркем» деген сияқты қалмақ фразеологиясында жиі кездесетін тіркестер көгеннен ағытылғанқозылардай ханымға қарай лап қойды. Сетержаптың ондай сөздерге пәлендей ашқарақтығы жоқ екен, ол бірден келе жатқан Ехе-Абуғай жайын еске салды. – Ол жағына қам жемеңіз, бәрін өзім қадағалап отырмын, – деп бас зайсан Санжи күбір етті. – Бес-ақ үй тігіліпті. Ехе-Абуғайдың қасында зиялылардан сегіз жан бар, әрқайсысына бір-бір үй тіксе де артық емес-ау, – деп Сетержап оларға көрсетілмек қонақжайлылыққа көңілі көншімейтінін бір жайқап етті. Осы тұста кіші Черен-Дондук тілге келді: – Бәрекелде, айдай сұлу ханымымыз қалай сөйлейді? Ол бес киіз үй Ехе-Абуғай қасындағы сыйлы адамдарға емес, олардың қызметшілеріне арналған ғой. Ал ЕхеАбуғайдың өзі мен қасына ерген зиялыларға арнап осы ұрғада арнайы бір сарайәзірленіп отыр емес пе? – Мынандай ыстық күнде олар кірпіш үйден гөрі киіз үйді қаласа қайтеміз? – деп, Сетержап одан әрі сөз жарыстырды. Ал төмендегіБаодурь, Чимбиль, Бопцусь, Бачигирь, Цагунь кіші ханымның бұл уәжіне қарсы бір-бір уәж айтысып, мәселені үлкен даурығысқа айналдырды. Олардың бәрі басылып, қонтайшы ордасында құлаққа ұрған танадай тыныштық орнағанда есікке таяу қызметшілердің ішіндегі көрнекті біреуі кеудесін көтеріңкірей, жүрелей отырды да, жағымды қоңыр үнмен күңгірлей сөйледі. Қонтайшы бастаған көпшілік тегіс соған мойын бұрысып, сілтідей тынысты.Бұл Еділ бойындағы қалмақ хандығынан құдалыққа келе жатқан елшілік адамдарына арналған дайындық жұмыстарының бәрін сап-сабымен баяндады. Тегінде ол о баста-ақ осы қызметшіге тапсырылған шаруа екен. Осы отырыстағы өзге даурықпа дәл сол Ехе-Абуғай адамдарының қамынан туғанға ұқсамайды. Тіпті дәл осы мәселеде ешқайсысының пәлендей қабырғасы қайысып та жатқан жоқ, ол шаруаның бұларсыз-ақ бас-аяғы таптұйнақтай екенінен шетінен хабардар, тек бұларға керегі салиқалы мәжіліс үстінде тіл мен жақтарын қимылдатуға себеп тауып, төбе көрсетіп қалу ғана. Кенет орыс сержанты денесін қозғалтып, татар тілмашқа өз тілінде бірдеме деп судырады. Тілмаш оны былай аударды: – Мен бір нәрсеге қайранмын. Сіздер Еділ бойындағы қалмақ хандығынан келетін елшілік қамы үшін жаппай шала бүлінесіздер. Қалмақ хандығы ұлы мемлекет – Ресейдің бір бөлшегі ғана. Ал біз сол Ресейдің қақ жүрегінен кеп отырмыз. Біз осындағы орыс тұтқындарын босату жөніндегі өтінішімізге әлі мардымды жауап та ала алғамыз жоқ, бізді көп жата-жамбастанып қалды-ау деп мазасызданған да ешкімді көрмедік. Сонда сіздер үшін Еділ бойындағы соқырішек – кішкентай бодан елдің адамдары ұлы мемлекет – Ресей елшілігінен әлдеқайда шоқтықты көрінгені ме? Қонтайшы ақ-қарасын айырғысыз айран түстес көздерін Қалдан-Серенге бағыттады. Қалдан-Серен оны байқады да орыс сержантына жауап қайырмаққа оңтайланып еді, қарсы бетте онымен қатарлас отырған Сетержаптың өзіне жарқ еткен бөлек шырайына тұсалып,
тілі байланды. Кіші ханымда әдеттегідей өзіне өгей де болса бала есепті бас қолбасыға деген салқындық жоқ, керісінше жаңа өзі есіктен еңкейе енгенде жылы жүзбен қарсы алушылардың тобынан бой көрсеткен оған енді жауап ілтипатқа ұқсас нышан, бояуларды өз жүзіне қайтсем жапсырам деп, қас-қабағына мейірім жиғандағысы еді. Мұндайлық рай Сетержаптың бүгінгі таңда ұстанған саясатына толық сай келеді. Себебі, осы ҚалданСереннің кәрінен ығысып, Еділ бойындағы Қалмақ хандығын паналаған мұның туған ұлы Шұна-Добаның бұл күнде аман-есен екеніне, қайта сондағы ханның қамқорлығына бөленгеніне бұл талай елші, талай жиһанкез арқылы әбден-ақ көз жеткізген. Ия, туған ана үшін ең керегі баласының амандық-саулығы той. Ал Жоңғарияның бүкіл әскерінің бас қолбасысы деген лауазым не, тәйірі? Түптеп келгенде ол жусаң кететін қолдың кірі сияқты ғана нәрсе. Туған балам содан айрылып қалды, күндес қатыннан туған шұбар жыланның бағы артты деп, бұл басын тау мен тасқа соқса оның несі абырой? Шүкір, балам есен-сау, маған одан басқаның керегі жоқ деп, өзін қағанағы қарқ, сағанағы сарқ ана ретінде ғана көрсетуге пейіл берген. Қазіргі ҚалданСеренге қарасынан да сондай бір жазуларды айқын оқи аласың. Қалдан-Серен оны сауатты адамша бірден шалғанмен де балық сүйегіндей көлденең бірдеме тамағына тұрып қалғандай әсер етті. Қалдан-Серен ол жағына ұзақ алаңдаса сыр алдырарынан сезіктеніп, қайратына міне орыс елшісіне арнаған сөздерін майдалай төкті: – Сіздердікі ойластырылатын ұзақ шаруа ғой. Шешуі де қиын. Былай жүрсек арба сынады, былай тартсаңөгіз өледі. Сіз Ресейге бодан ел – кішкентай Қалмақ хандығын соқыр ішекке балайсыз, ал ұлы ел Ресейдің өзінің де іргесі шайқатылып тұрғандай көрінеді бізге. Император атанған ұлы патша – Петрдің дүние салғанына міне, екі жыл. Одан көп бұрын өзінің мұрагер баласын ол ұлы патшаның өз қолымен өлтірткенін білеміз. Ал Петрдің орнына оның қатыны отырыпты. Қатын болғанда қайбір қатын дейсің. Соғыста тұқынға түскен жат жұрттық біреу дейді.Ұлы ел – Ресей бұған неге намыстанбайды деп, біз жағамызды ұстаймыз. Қалдан-Серен осылай жорғалатқанда кенет Сетержаптың қос жанары тіптен отша жанды. Соның аржағынан жүзіндегі нышан, бояулар адамның көзін қызықтыратындай айқындықпен ағы ақ, қызылы қызыл түспен тіптен қаныға атойлады. Қалдан-Серенге деген мұның алдындағы назары мына соңғысының қасында түкке тұрмастай. Жалпы бұл кіші ханымның тұлабойындағы ең бір күшті жаратылған бөлігі осы көздер еді. Оның казіргі қарасы мен соған орай өзгерген қалпынан әдейілеп назар аударған адам бөлек бір пиғыл ұшқындарының шашырағанын жаза баспай таныр еді. Сетержап Ресейдің ұлы патшасының бақи кеткенін естігенмен оның орнына қатынының қонжиғанын, әрі ол қатынның нәсілі орыс та емес, ат артына бөктеріліп келген жат жұрттық тұтқын екенін естімеген еді. Бұдан әріде Қалдан-Серен тағы бір бөгде ақпарларды көйкитті: – Біз неге жағамызды ұстамаймыз? Ол қатын қай қатын дейсіз ғой. Ресейден қатынаған бәз біреулер ол жағын да тәптіштеді. Егер ұлы патша өзге елдің өзі сияқты патшасының қызын, не қарындасын алып жатса құба-құп қой, мынауың соғыс кезінде талайдың бауырынан өткен қаса жәлептің өзі дейді. Ал ендеше. Бұл сөздер орыс елшісінің емес, ең алдымен Сетержаптың ішіндегі отына одан әрмен май құйды.
– Жә, – деп, Қалдан-Серен әрі көсілді. Енді көбіне төмен қарап сөйледі. – Орыстар патшалыққа кімді қалайды өз еркінде. Тек біз көрші ел ретінде сондай патшасы бар елмен қалай қатынас жасаймыз деп, қатты дағдарыс үстіндеміз. Себебі, сізді осында жұмсаған Тобыл губернаторы біздің көп өтінішімізге атүсті қарайды. Осы жолы сіз арқылы жіберген сый-сияпаттары баланың ойыншығы сияқты ылғи ұсақ-түйек бірдеңе. Осындағы орыстұтқындарды сіз көлденең тартасыз, ал сондағы қалмақ тұтқындар жайлы біз одан басқаны қойып, мардымды жауап та ала алмадық. Жарайды, ондағы қалмақтұтқындар азшылық шығар, солай екен деп, осындағы орыс тұтқындарды сізбен бірге аттандырып жіберсек, ол қатын патша, әрі жат жұрттық, әрі тәртібі жаман патша қатыгездік жасап, бұларды қойша бауыздатпасына кім кепіл? Өйтіп, біз олардың обалына қалсақ, Будда әулием бізге мысқалдай да кешірім жасамайды. Сетержап өтірік-расы аралас емес, Қалдан-Серенге шын мәнінде ризалық сезіммен қарады. Әкесі Сыбан-Рабтанмен салыстырғанда әлдеқайда жүйрік ойлы, іш кеңістігі мол, қырағылығы басым Қалдан-Серен Сетержапқа өзі танымаған бөгде бір дүниенің есігін айқара ашып жібергенге ұқсады. Ал орыс сержанты Д. Ильин үшін Қалдан-Сереннің жауабы әдеттегідей қалмақтарға ғана тән, айқын бағыт-бағдары жоқ, тек адамды адастырып әкету үшін ғана ойлап табылған бұлың-бұлыңға ұқсады. Соны сезе тұра шикілігі шиедей қызарып бетіне шыққан елшісымақ Қалдан-Сереннің ымырасыздығына қайыру беруге дәрменсіз. Әрі оның қалың қабақтың астындағы қаршығадай көздеріне, күрең қызыл беттеріне, уысқа сыймас қапқара сақал-мұртына бір түрлі сескене қараған сыңайы бар. Сірә, орыс сержанты қаншама ақыл-ойы шектеулі жан дегенмен осы ұрғада қонтайшыдан кейінгі екінші тұлғаның кім екенін жақсы түйсінген. Қару-жарақсыз, қонтайшыға ұқсап жап-жаңа ұзын сары жейде киген, қозғалысы баяу, көп жайда аз сөйлейтін, есесіне бет жүзінде, тұлабойында, тіпті саусақтарының тырнақты ұштарында да күш-қуат дегенің тұнып тұрған осы бас қолбасының түр-түсінің өзі-ақ, «кімнің кім екенін танып ал» деп адағайлап тұрғандай. Осы аралықта тағы бір атап айтарлығы – екі жақтың да сол кездегі бір тарихи өзгерістен бейхабарлығы еді. Осы жаз туар қарсаңда Ресей астанасында үлкен бір дүрбелең өткен. Аталмыш Бірінші Екатерина патша мамыр айында дүние салып, соңғы тынысы үстінде тақты Бірінші Петрдің он екі жасар немересі Петр Алексеевичке беру туралы өсиетке қол қойған. Сөйтіп, тарихта Екінші Петр деген атпен белгілі бұл жасөспірім неме басына тәж кигенмен, бүкіл Ресей билігі бір кездегі Бірінші Петрдің оң қолы – А.Д. Меньшиковтың қолына Кәшкен. Мына орыс сержанты Д. Ильин Тобыл қаласына бұл жаңалық жетпей бері аттанып кеткендіктен оны қайдан білсін? Алайда, Д. Ильиннің аузына қақпақ қойылуы осындай бейхабарлықтан, не өз басының елші ретіндегі тауансыздығынан ғана емес, біраз пәле сол бір жылдардағы орыс империясының сыртқы саясатын белгілеушілердің пиғыл-ниетінде жатыр еді. Шығыстағы Қытай басшылары орыстарға үсті-үстіне хат жолдап, Еділ бойындағы Қалмақ хандығын Жоңғарияға қарсы айдап салып, өзара қырқыстыруды, сөйтіп, жоңғар жерін бірге жаулап, бөліске салуды ұсынса, Мәскеу мен Петербордағы ең бір ақылды бастар ондайлықты өздері үшін ұтымды деп таппады. Қайта «жоңғарлар орыстарға залалсыз, Жоңғарияны бөлшектеп жойып жіберсек, ол қиырда көп күш ұстауға шамамыз жоқ осындай шақта Пекиндік ашқарақтарды шекарамызға жақындатып аламыз. Жоңғарлар
жөнінде байсалдырақ саясат қажет» деп көрегендік жасады. Сосын да сержант Д. Ильинді осылай аттандырарда оның миын шағып отырып, осы саясаттың қыр-сырына әбден-ақ қанықтырған. Демек, Ресей билеушілері үшін осы Жоңғария жерінде тамұқ азабын шегіп еңбек етуші бес жүзге тарта орыс жанкештілерінің өмірі мен тағдыры екінші саптағы мәселе. Д. Ильин қаншама тайыз адам дегенмен де тап сол жағын ұғуға жараған. Оның аса өрекпімей тартына сөйлеуі де содан-тұғын. Орыс елшісі мен Қалдан-Сереннің сөз алмасуларынан кейін Сетержап мүлде басқа кәсіпке көшті. Ту сыртынан, екі жағынан самсаған нөкер әйелдердің қақ ортасынан жарқырай жайнап, қарсы беттегілердің кейбіреулерін көз ұшығымен арбай бастады. Оған нөкер әйелдердің де қолқабысы тигендей. Бұл нөкер әйелдердің бәрі жақсы киінгенмен де ажарсыз жаратылған сорлылар еді. Бірінің әжімі тарам-тарам да, екіншісінің жақ сүйегінде қамшы, ия таяқ ізі кесе-көлденең тартылған. Үшіншісі мұрнын тайлақ басып кеткендей танауы таңқиған неме де, төртіншісінің көздері алайып, бір түрлі қарасы жаман, өзіңді ішіп-жеп бара жатады. Бесінші, алтыншының да бет-әлпеттерінде сондай кемістіктер мен жетімсіздіктер тайға таңба басқандай айқын. Міне, осы сықпыттылардың қақ ортасынан балқып туған айдай Сетержаптың жүзі қалай жарық шашады десеңші. Осындайлық нөкерлер ертудің де кейде пайдасы шаш етектен екенін кезінде Бригитта құлағына құйып еді-ау. Сетержап бірауық кіші Черен-Дондукке қарады. Сұлулығымен қоса ішкі мейірбандылығын да соған арнағандай соншама биязы да, әрі сүйсінген қарас. Өзіне бір түрлі жақын тарта, татулыққа, достыққа шақырған ымға келіңкірейді. Қансонарда көздегенін мүлт жібермейтін мергендігі бар, көздері отты да қырағы кіші Черен-Дондук мұны қалай байқамасын? Байқады да, әрі кіші ханымның назарындағы бұрын болмаған бөлек райды қоса ажыратып, тұлабойы дір етті. Мана Сетержап алғаш көрінгенде оған жаман қабақпен қараған басы енді сол күнәмді немен жуып-шаямын дегендей басқа бір әпселеңге ұшырады. Сетержап та жуарақпанда көздерін тайдырып әкетпеді. Әлі түтін түтетіп үлгермеген, салт басты, сабау қамшылы Черен-Дондук өзі сияқтылар үшін Сетержап сынды перідей сұлу, сайтандай сиқырлы әйелдің мұндайлық назары өте қауіпті екенін еске алып жатпады. Тек бір кезде өз әкесі – үлкен Черен-Дондукпен талай кикілжіңге барған, өз басымен де пәлендей тілеулестігі жоқ мына әйелдің бұлайша жарқ етуі бойдақ жігіттің іш дүниесін қас пен көздің арасында ұйқы-тұйқы етті. Кіші Черен-Дондуктың осы күйге жеткенін тез таныды да Сетержап оған «осы тойғаныңмен бола тұр» дегендей енді кәрі зайсан Санжиге көшті. Санжи кіші ханымның бұл назарынан тіптен мәз-мейрам болды. Енді қайтсін? Қонтайшыдан гөрі бас қолбасы Қалдан-Серенге жақындау, кейде соның жорықтарына қосылып, ұрғадан көп-көп уақытқа ұзап кететін бұл көне көз тарлан жақында қонтайшының қаһарына ілікті. Тіпті ҚалданСерен де ара түсіп жарытпағандай. Тек Сетержап араласқасын ғана Сыбан Рабтан бетінен қайтып, Санжи бұрынғы тұғырына қайта қонды.Бұл жағын Санжи қалай ұмытсын? Сетержап ескіден келе жатқан кәрі зайсанды бір сәттік ықыласпен осылай бір жарылқап тастады да, олардан кейінгі бас зайсандарды көз жанарына іліктірді. Оларда да Сетержапқа деген ризалық сезім пайда болғандай.Бұләдісті кіші ханым бүгін ғана қалтасынан суырған жоқ, соңғы бірер айда қонтайшы айналасындағы ығай мен сығайдың
біразына іш тартып, өзіне қаратқан. Қазір де кіші ханым назарынан көкіректеріне жылылық барған Баодурь мен Чимбиль өзара оның көркі мен адамгершілік қасиеттері туралы алтын мен күміске бергісіз үш-төрт теңеумен алмасты. Оны бұлардан кейінгі бас зайсандар да естіді. Олар да алғашқы екеудің ілтипатын қайталады. Осы екі ортада даяшы кәнизәктар легі шұбырып, қызмет көрсетті. Олар кеткесін қонтайшы бастап, бәрі шарап толы кеселерін көтерді. Сол кезде Қалдан-Серен тамағын кенеді.Бұл оның сөз сұрағаны еді. Сыбан Рабтан үнсіз рұқсат етті. Қалдан-Серен аузын ашып үлгерген жоқ, қасында кіші қолбасылардан екі адам бар Шұна-Кашка кірді. Осы бас қосуға Шұна-Кашканың да о бастан қатысуы керек еді, қайда жүргені белгісіз бұл енді ғана бас сұғып, төмен жақтан орын алды. Қалдан-Серен жұрттың қолдарындағы шарап ішілмей тұрып, ойындағысын айтып қалуға тырысты. – Біз Қазақ ордасының жерін басып алдық дейміз де мынау Борқораның етегінен ұзамаймыз. Біздің көп жұрағатымыз осы сөзімізге сенбейтін де сияқты. Менің ішімді тескен бір ұсыныс – осы Жоңғарияның ұлы мәртебелі қонтайшысының ұрғасын сол бұрынғы қазақ қоныстарына, қазіргі біздің жерімізге қарай көшіру керек. Атап айтқанда Шу өзенінің бойында қаз-үйрегі қаңқылдаған Төрткүл атты тамаша мекен-жай бар. Ертеерте замандарда, бізден көп жыл бұрын өтіп кеткен ата-бабаларымыз мекендеген киелі жер аталады. Менің таңдауым осы. Аренар сөзді іліпәкетті: – Бас қолбасы бұл хақында менімен алдын-ала ақылдасқан еді. Алайда, қазақтардың әлі біржола жыны басыла қойды деу қиын. Біз осы Іле өзенінің бойынан ұзамасақ қайтеді. Осы Іленің суымен ағып барсақ, Балқаш көліне тірелетін тұста дарияның екі жағалауында да нағыз аяқ көсілетін кеңістіктер далиып жатыр. Аң мен құсы, балығы қандай десеңші. Әзірге табан тіреуге тап сол жақ қолайлы. – Жоқ! – деп салды Сетержап. – Меніңше Жоңғарияның бүкіл әскерінің бас қолбасысы Қалдан-Серен өте дұрыс айтады. Бізді Іле дариясының жағалауына байлап қойған қай құдай? Естуімше Шу өзені де бұдан кем соқпайды. Әрі Қалдан-Серен айтқандай өзі киелі жер болса неге көшіп бармасқа? Егер қазақтар бастықпаған асауға ұқсаса отқа қыздырылған темірді жалаңаш кеуделеріне жапсыру біздегі зіңгіттей-зіңгіттей қолбасылардың қолынан келмей ме? Үлкен үйдің ішін бір гуіл кернеді: – Апырай-ә, қазақ даласына дейсіздер ме? – Бұл бұрын басымызға келмеген ой екен. – Шу бойы, Төрткүл атадыңыздар ма? Осылай шуласып, бәрі жел соққандағы қоғадай жапырылысқанымен басқа ешқайсысы не қостағанға, не қарсылыққа ұқсас ешбір нышан білдірмей бәрі қонтайшы жаққа алаңдасып, «сол не айтады» дегенге көбірек көңіл бөлді. Ал қонтайшының аузынан әзірге леп шығар емес. Қалдан-Серен карсы беттегілерді тегіс көзімен бағып отыр. Орыстарды да мұқият бір сүзіп өтті. Шведтерден тартып алынған Балтық жағалауына олар да жаңа астана салып жатыр емес пе? Бас қолбасының осы назарын байқағанмен қазақ даласының жағрапиялық жағдайын білмейтіндіктен Д. Ильин үндемей құтылды.
Қалдан-Серен тағы сөйледі: – Ал менің бәз бір қолбасыларым, ақылшыларым Жоңғария байтақысын тура Ташкент қаласына көшіруді қалайды. Гүлзарлы әсем шаһар, зәулім сарайлары – бәрі дайын. Лубсан хан артқы сирағын құмай тазы тістеген түлкідей шиқылдаған жаман дыбыс шығарды. Онысы созыңқы басқа бір дауысқа ұласты. – Жо-жо-жоқ!Ұлы мәртебеліні құзғындар ұясына ма? Жо-жоқ! Мен олай қарай ұлы мәртебелі қонтайшыны өлсем жібермеймін. Ол үшін алдымен менің мына екі қолымды шабыңдар, сосын әкетесіңдер. Жо-жо-жоқ! Құзғындардың қу даласында тыныштық жоқ, ұясынан ұлы мәртебелім не бархадар таппақ?! Бұл жөнінде басқа ешқайсысы аузын ашпады. Сірә, жауапкершіліктен қорқатын сиякты. Әрі Лубсан ханның күдігі негізсіз емес екенін бұлар да өз іштерінен саралағандай. Сыбан Рабтан мен Қалдан-Серен де пікір талап етіп, тақақтамады. Осыдан көп ұзамай мәжіліс аяқталды. Күн екіндіден ауып кеткен. Қонтайшының көрші бөлмеде жантайып, көз шырымын алатын уақыты жетіпті. Бәрі орындарынан тұрып, табалдырықтан сүріне-қабына ары аттап жатқанда сәл кейіндеген Сетержап пен Аренар арасында бір сөз өрбіді. Сетержап айтты: – Бригиттаны бірер аптаға менің құзырыма бере тұрсаң қайтеді? Құдалар келе жатыр, ақылдасатын шаруалар бастан асады, тіпті. Ал Аренар безілдеп қоя берді: – Күннен жарық айдан көркем ұлы мәртебелім, құдай үшін өтінемін, тап осы жолы буынсыз жерге пышақ сала көрмеңізші! Қонтайшы мен бас қолбасының шұғыл тапсырмасы бар еді, Бригиттаның сол жөніндегі көмегі маған ауадай қажет. Әрі менің екі жерлесім ауырып, әл үстінде жатыр. Соның ем-домына да Бригиттаның шипалы колын жаратпақпын. Құдай үшін, ұлы мәртебелі ханым! Сөйтіп, іште қонтайшы қасында тек Сетержап қалды да, бәрі сыртқа қотарылды. Сірә, осы бүгінгі отырыстың бар мән-мағынасы Қалдан-Сереннің соңғы ұсынысында жатыр еді.Бұл өзі бас қолбасының өз басында да аса пісіп-жетілмеген шешім. Қонтайшының келісімімен осылай ұрғадағы ең биік лауазымдыларды жиып, оған әрі орыстарды қосып, байқаусызда әлдеқалай ауыздан шығып кеткен сөз есебінде орталарына тастай салу, сөйтіп, олардың бұл жайды өз ой електерінен өткізуіне мұрсат беру, жалпы ол жайында аужайларын байқау – міне,бүгінгі түп есеп осыған саятын еді.
* * * Сыртта, күзетші, қызметші сияқтылар, әрі дәруіштер тым көп екен. Бәрі жыртылыпайрылып, іштен шыққандарға көбісі тарпа бассалғандай қимылдар жасады. Ия, мұнда әрбір үлкен-кіші қолбасылардың, бас зайсандардың, оның ішінде ламаның да, Аренардың да басыбайлы өз адамдары бар. Солар өз қожайындарын қаумалай, қолтықтай өздеріне тиісті жайларға қарай әкетуге асықты. Алайда, олардың ешқайсысы қызметшілердің жетегінде кете қоймады. Бәрі де бір-бірінің ауыздарына алаңдасып, үйіріліп тұрды. Бұлардың ішіндегі елгезегі – мына Ілеге құятын Кеңсай өзенінен төмендегі Ақсудағы бұтханадан келген лама еді. Ол көпшілікті қақ жарып кетіп бара жатқан Қалдан-Сереннің соңынан далбалақтай жүгірді:
– Ұлы мәртебелім, ұлы мәртебелім, іште пікір өлгенше деген ғой, мен бүйтіп, мәжіліс шорт аяқталады деп ойламадым, сосын да айтып үлгермедім. Егер қонтайшы ұрғасын қазақ жеріне көшірсек, онда мына Будда әулием ерекше нұрын төккен бұтханалар бар мына мекен шығыстағы аждаһа Қытайдың өңешінен өтіп кетпей ме? Қалдан-Серен оған жүрісін бұзбастан, тіпті мойнан да бұрмастан жауап берді. – Будда әулием ерекше нұрын төккен бұл өлкені Қытайдың өңешінен өткізіп қойып бізге не қара көрінді? Ең тәжірибелі қолбасылардың қарамағындағы бірнеше әскер қосындары осында қалады. Лама бұл сөздерге қанағаттанбағандай одан әрі безілдеді. Қонтайшы отырған сарайдан шығып, жоғары қарай өрлегенде көше сияқты кең алаң ашылды. Ол алаңның екі жағында араларында жиырма-отыз қадамдай қашықтық бар басқа сарайлар тізбегі басталады. Қалдан-Серен сірә, солардың біріне кіріп жайғаспақ секілді. Әрі бас қолбасы жалғыз емес, оған Аренар мен сыртта күткен жиырмашақты қарулы адамдар ерді. Лама оларға оқты көзін бір қадап қойып, тағы бірдеме айтпаққа сүріне-қабына жанталасты. – Қорықпа, бұтханаларға тыққан байлықтарың ешкімге қолды болмайды. Біле-білсең ұлы науқан әлі алда, онан да байлықты жер астында шірітпей қосымша әскер жасақтарын құруға үлес қос, – деп Қалдан-Серен тұлымын күнге ойнатып, одан әрі аршындай басты. Әрі ламаға ұрлана көз қиығын тастады. Ал лама нағыз тақыс қудың өзі еді, бас қолбасының қарасынан түсі бұзыла қойған жоқ. Бұлардың бұтханасы төмендегі Ақсу өзенінің шатқалында. Ақсу дегенде ол өзі арақашықтықтары екі шақырымдай ғана үш сарқырамадан тұрады. Оларды жергілікті ел Ақсу, Орта Ақсу, Шет Ақсу деп бөлек-бөлек атайды.Бұлардың бір ерекшелігі – өрдегі биіктерінде жабайы алма ағашы, жаңғақ дегенің өте бітік өседі. Әсіресе, алма дегеннің көптігі сондай, жаз соңына, күзге қарай дөп-дөңгелек қышқыл жеміс үш өзеннің үшеуін де бөгеп тастайды. Бұтхана Орта Ақсудың бойында, Іле дариясынан отыз-кырық шақырымдай жоғарыда, биік жартасты ойып-ойып жасалған бірнеше қуыс. Бірінде будданың аса ірі тас мүсіні бар. Басқа қуыстарында аю, қасқыр, жолбарыс сияқты жыртқыштардың да бейнелері тасқа айналып, мелшиюде. Тас кенерелерге темір қадаларды бұрандаша енгізіп, оларға қалақ тастар төсеп жасалған баспалдақ, кер жол арқылы бір қуыстан екінші қуысқа өтуге болады. Қысы-жазы үзілмейтін ұзын етекті ламалар сол кер жолдармен жоғары-төмен шұбырып, кейде мың бұралған алып жыланды еске түсіретінін қайтерсің. Алайда, бұл бұтхананың көрген жанды таң-тамаша етерлік басты ғаламаты бұл емес. Осындағы ең үлкен қуыстардың бірінің қақ ортасында әмсе су толы үлкен қазан тас бар. Оған төбеден су тамып тұрады. Бір қызығы қазантастан неше шелек су алсаң да ол ортаймайды, ал өзімен өзің қойсаң төбеден қанша су тамғанмен ернеуінен асып та кетпейді. Міне, мына лама сол бұтханадан келіп отыр. Ал бұтхананың бұдан зорырағы сонау алыс шығыста, Іле дариясына теріскейден құятын Қас өзенінің бойындағы Нылқы атты елдімекеннен үш-төрт шақырым жоғарырақта. Іле дариясының осы теріскейіндегі бұтханалардың ең үлкені сол. Лхаса қаласындағы ғибадатханаларға баруға шамасы жоқтар осында келіп, қуыршақ құдайға құлшылық жасайды. Алайда Орта Ақсу өзеніндегі кішкентай және Қас өзеніндегі үлкен бұтхана екеуі де Лхаса қаласындағы далай-ламаға
көптен-көп тәуелді. Мына лама сондағы далай-ламаның бір тапсырмасымен келіп, түртінектеп жүр. – Жоғары мәртебелім, мені бір сәт тыңдаңызшы, егер Будда әулием сіздердің ұлы қозғалыстарыңызға сәулесін түсіріп, жәрдем етсін десеңіздер сіздер де Будда әулиемнің ризалығын тудырарлық іс қылуларыңыз лазым ғой. – Құп дедік! – Будда әулием өзі аян беріп, мазалаған шығар. Лхаса қаласындағы далай-лама сіздерге біз арқылы үлкен өтінішжолдап жатыр. – Ия, құлағым сізде! – деп, Қалдан-Серен аздап толыса бастаған денесін ауырсынбай одан әрі аршындай басты. – Жаңа мәслихат үстінде айтпаққа оқталып едім, сырт көздің көптігі тіл-жағымды қарыстырды.Ұлы мәртебелі қонтайшы оңаша отырыста тез шаршағыш болып жүр, көп нәрсеге мән бермейді. Лхаса қаласындағы далай-лама қонтайшы және сіз, басқа да қолбасылар, бас зайсандар, аса ауқаттылар өз балаларын, немерелерін Лхаса қаласына діни оқуға жіберсін деп, үсті-үстіне өтініш жолдауда. – Біз қан төгіп, Будда әулием нұрын шашарлық кеңістікті ұлғайтамыз, ал атыңнан айналайын қасиетті далай-лама қол ұшын беруді, қаржылай, заттай көмек беруді ойламайды.Бұл ақылға сыйымды нәрсе ме? – Егер сіз шынтуайттап сәлем айтсаңыз, куәлік ретінде бірер бас зайсанды қасыма қоссаңыз бұлөкпе-наразыңызды мен мұқият жеткізугеәзірмін. Далай-ламаның қолын ашық қылудың жолы осы ғой. Әрине, далай-ламаның оқуға балалар жіберу туралы қолқасын да жерде қалдырмасаңыз. Қалдан-Серен кілт тоқтады да ламаға бастан-аяқ көзжүгірте бастады. Тек осы жолы ғана лама бас қолбасының қайратты жүзінен аз-кем сескентенін сездіріп қойды. – Сіз мына сарайға менімен бірге кіріңіз! – деп бұйырды ақыры бас қолбасы. Ол сарайда лама жарты бие сауымындай болды да аса көңілді жүзбен шықты. Сырттағыларды алдарқату мақсатында: – Бас қолбасының құзырында қымыз өте жақсы ашытылады екен. Ішкенде тура жан сарайыңды ашып жібереді, – деп өтірік тамсаныпқойды. Манағы қонтайшы сарайының маңына келіп еді, мұнда халық әлі ығы-жығы екен. Біраз әйелдер, жас қыздар жағы көбейіпті. Жұрттан оқшау, өз күзетшілерінің қасында бас зайсан – кіші Черен-Дондук тұр еді. Оған бір дәруіш көптен іздеген қамқоршысын ұшыратқанай ентелете басып жетті де басын жерге тигізе иіліп сәлем берді. Сақалмұрты алдыңғы өңірін жапқан, көздері үш бұрышты, киімдері олпы-солпы дәруіш мынау бес қаруы түгел сай бозбала жігіттің қасында тіптен мүсәпір кейіпке енді. Тек көмекейінен сөз саудыратқанда керемет екен: – Жоғары мәртебелі бекзадам, мен сенің әкеңді де жақсы білемін. О ондай қолбасы бұл қалмақ қауымында тумаған ғой. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын сонау Ертіс бойында орыстарды қойдай қырған, талайын көгендеулі қозыдай етіп, осында әкелген сеніңәкең мынау Жоңғария патшалығының бір қабырғасын тіреп тұрған діңгек қой. Жоғары мәртебелі бекзадам, мен қазақ даласынан келдім ғой, сонда сенің өз басың туралы бір қызық хикаят естідім, қазақтардың сенің мәртебең өсіп, бас қолбасы болып кете ме деп, қорыққандарынан түн ұйқысы бұзылады екен. Былай жүрші, – деп кәрі дәруіш кіші
Черен-Дондукты төмендегі сарайлардың тасасына қарай шақырды. Жанына майдай жаққан сөздерді сусылдатқан дәруіштің тіліне еріп, кіші Черен-Дондук солай жылжыды. Бір сарайдың тасасынан Сетержап шыға келді. Мана қонтайшы қасында қалған кіші ханым әлдеқалай мұнда жүр екен. Оны көргенде дәруіш тіптен есі тана ұшып-қонып, үш бүктеліп, маңдайымен қара жерді одан әрмен соққылады. Сосын талмай сампылдап, жаңа кіші Черен-Дондукке баяндаған жайларының шындығына Сетержапты куәлікке шақырғандай онысын үсті-үстіне қайталады. Сол кезде торғын түстес ұзын жібек көйлегі күнге шағылысқан сұлу ханым да тілге келді: – Будда әулиемнің атын атап, ант етейін, ата-анамыздың көзіндей елжіреген мына аспан мен жер қоса куә, тап осы таза құдай жолындағы жанкешті мүсәпірдің сөздері қоспасыз алтындай шындық. Мұндай дыбыс менің құлағыма баяғыда-ақ жеткен. Тек Қалдан-Серен екеуің туыстас жандар болған соң араларыңа от салудан қашқақтап, естіген жайды естіген жерде қалдырып жүре береміз. Тісіміздің арасынан ағат бір сөз шықса ел ішінің ду ете қалатыны бар. Сосын қайтейін? Аузымызды күшпен буып ұстаймыз да. Әйтпесе, жаңағы рас сөз. Қазақтар Қалдан-Сереннен гөрі сенің айбарыңнан жаман үрейленеді екен. Бүкіл Жоңғария әскерін бастап кетпей осында қонтайшы қасында бас зайсан атанып, омалғаныңды олжа көретін сияқты. Үшеудің бұл сұхбаты тез басталып, тез аяқталды. Ханым сұлу жүзін кіші ЧеренДондукке қарай тағы да айқара ашып, көздерімен көкірегін қытықтады да тайып тұрды. Жас болғанмен бас зайсан – кіші Черен-Дондуктың іш дүниесінде өзінің бүгінгі жағдайын олқысынған бір жаман ашқарақтық оянды. Тағы бір сәттен кейін жаңағы дәруіш басқа бір сарайдың тасасында жамылғысы бар қызметші әйелдің қолынан күміс ақша салулы дорба алып жатты.
* * * Осы күннен бастап, қонтайшы байтақысы ойын-сауық ордасына айналды. Ол ойынсауықтың шамшырағы қонтайшының әлгі Еділ бойына ұзатылмақшы үш қызы еді. Оларға нөкер қыздар, осы өңірдегі басқа да көрікті жаратылған перизаттар қосылды. Тіпті кейбір қызметші кәнизәктар да уыстан шығып кетіп, солардың тобына қосылды. Әсіресе, үш ханышаны суреттеуге тіл жетпейді. Тізеден биік етіп жасалған жайпақ сәкілердің үстінде секектеп, сықылықтай күліп, би билегенде, ән салғанда айналада ине шаншар жер қалдырмай анталасқан жұрттың ауыздарының суы құрыды. Ия, адамға байлық та қосымша өң береді, бақыт та оның сұлулығын арттырады. Ойда-жоқта басталған осы дыр-думанға кенет Сетержаптың өзінің де қосылып кетпесі бар ма? Мұны көріп кейбіреулердің ішегін тарта уілдегені бір топ садақшы адырналарын қатты керіп, сұр жебелерін қатар ұшырғандағыдай дыбысқа ұқсады. Хан-қарасы, бай мен жарлысы аралас алашұбар қауым бүйтіп таңырқамай қайтсін, үш ханышаға «ауыздарыңды буып, тырп етпей отырыңдар» деген кіші ханым кенет көбікті толқынның ен ортасынан көкке атылған ақ сазанша күнге жарқырай аспанға секірді. Әрі ол ұрғадағы баршаның көз жанарлары түйіскен осы шат-шадыман, ойын-сауыққа әрдайым жаңа көйлекпен келіп, бойына жапсырған алтын, гауһар, жақұт сияқтыларды күн сайын ауыстырды, сөйтіп, құлпырғанның үстіне құлпырды, өзіне сұқтанушылардың іш дүниелеріндегі өртке қу шөпті құшақ-құшағымен тастады.
Шешелерінің мұндай мінезі көздеріне оттай басылған онсыз да ұшпа, желөкпе үш ханыша тіптен шектен шықты. Еділ бойына осы үшеуімен бірге кетуге дәмелі нөкер қыздар кеуделерінде бұйыққан бар өнерлерін осы күндерде аямай шашып-төкті. Олардың арасында небір өнерпаздар бары тап осы күндерде оп-оңай танылды. Күміс көмей әнші, денесі сүйексіз жаратылған биші, тұлабойларына жылан оратылған сиқыршы, көктен күміс теңгеліктер жаудырған көзбояушы – бәрі адағайлап бой көрсетті. Тек олар өз өнерлерін Сетержап пен оның үш қызына деген жағымпаздық құралдарына айналдыруы ғана сол өнер атты қасиетті ұғымға көлеңке түсіретінін ескермеді. Шындығында бұл тамашаның өзі сол нөкер қыздардың үш ханышаны желіктіруімен басталғаны да осындағы ең бір сүңғыла, қырағы көздерге шалынып қап еді. Енді бірер күн, одан кешіксе мұндай мүмкіндік көзден бұл-бұл ұшар деген кәнизәктар есебі бәрін де өстіп жанталасқа түсірді. Әнеукүнгі қонтайшы ордасында үнсіз сарғайған музыканттар тобы, оған қосылған басқалары да бар, мынау Талқы асуының етегі, Кеңсай өзенінің жағасы атты мекеннің жанды-жансызын тегіс алуан түрлі сазға бөледі. Бірде жіңішке, бірде жуан, бірде созылмалы, енді бірде кілт үзіліп, өзгеше құйқылжитын әуендер бірін-бірі баса-көктеп, адамның ойы мен қиялын әр саққа жұлқа тартады. Алыста мал қайырған бақташыларға қонтайшы ұрғасынан жеткен үн кейде ұлыған иттің даусына да ұқсап кетеді. Сыбан Рабтан да, Қалдан-Серен де, бас зайсандар мен кіші қолбасылар да мұның бәрін көре тұра тыйым салуды ойламады, сабыр сақтады. Ақыры Ехе Абуғай елшілігі келіп жететін де күн туды. Сонда ғана бұл ырду-дырду сап тыйылып, оның құлақ түбіндегі ызыңы ғана қалды. Елшілікті қарсы алу рәсімі басталды. Енді күмбірлеген күй мен мың бұралтқан биді жұрттың жаппай жамырасуы ығыстырды. Қалдан-Серен Ехе Абуғай адамдарымен екі күндей ғана дидарласты да өзге шаруаны басқаларға тапсырып, өзі Қазақ ордасына қарай жүріп кетпекке қамданды. Осы екі күнде ол Ехе Абуғайдың жеке өзімен де, оның қасындағы сегіз зиялы қонақпен де көп жайдың басын шалып, Еділ бойындағы Қалмақ хандығының бүгінгі жай-күйіне әбден қанды. Шұна-Доба туралы да сыр тартты. Елшілік адамдары ештемені жасырмағансыды. Мұндағы ен басты мәселе сол Еділ бойындағы Қалмақ хандығын – мына орыс сержанты соқыр ішек атаған кішкентай елді осы Жоңғарияға қарай көшіру еді. Осы төңіректе Қалдан-Серен Ехе Абуғайды мықтап шырмады. Ал Ехе Абуғай оның қиындығын жолдағы Қазақ ордасындағы тынышсыздықпен түсіндірді. «Еділ бойындағылар Ресей үкіметінің қабағына қарап іштен тынып, жіпсіз байланып отырған жоқ, егер жол ашылса орыстардың «әп бәрекелде, жолдарың болсынын» күтпей-ақ бір-ақ күнде дүрк көтеріліп, малын айдап, сынапша сырғып кетуге әзір». Бұл өткен жолы да көлденең тартылған себеп, дәйек. Қалдан-Сереннің мұны мойындамасқа лажы бар ма? Егер қонақтардың сөздерін теріске шығарып бақса, онда олардың өз тұжырымдарына дәлел ретінде сонау Жайық, Жем, Ойыл сияқты өзендер бойындағы оқиғаларды судай сапырып кеп бермесіне кім кепіл? Ия, бас қолбасының бұл жайда судағы балықтай бұлқынысы, асығыстығы мүлдем абырой әпермейді. Сосын да ол елшілік адамдарының уәжін көңілге тоқығандай раймен артық сөзден қашқалақтады. Тап жүрер қарсаңда қонтайшы ұрғасынан шығыс теріскей бетте, Борқора жотасына біршама жақындау маңда Аренар мен Бригиттаға бөлінген үлкен бау-бақша бар еді. Бұл
соған келді. Швед оқымыстысымен қосалқы бір жайларды талқыламақшы. Аренар Қалдан-Сереннің бұл келісінен еш жақсылық күтпесе де бас қолбасыға барынша жылы ұшырауға тырысты. Бригитта да солай.Бұл күндері Бригитта әлденелерді сылтауратып, қонтайшы ұрғасына қарай аттап басуды қойып еді. Әрине, оған Аренардың ақылы әсер еткені даусыз. Осы швед әйеліне әлі де көз алартып жүрген Сетержаптың мінезі бұларды амалсыз сақтыққа үйреткен. Қалдан-Серен Аренардың Іле бойлап, Балқаш көлі жаққа барып қайтуын өтінді. Себебі, әнеукүнгі қонтайшы ұрғасын солай көшіру мәселесі әлі толық шешімін таппаған, көпшілік пікірі жер жағдайын, ел жағдайын әлі де анықтай түсу керек дегенге сайды. Қалдан-Серен Аренарға әкелген ішкі нобайларын былай сарықты: – Әнеукүнгі өзің ұсынған Іле дариясының төменгі сағасы да көңілге қонымды. Біз қандай күнде де сол сағада үлкен әскер шотырын ұстауымыз керек. Іле дегенің Балқаш көліне жақындай сай-салаға тарамдалатын үлкен өзен ғой. Құмдауыт, масалы дегенмен де жылқы мен қой сүйсініп жейтін шөбі көп. Әсіресе, қыста жақсы. Оны өзің де әспеттедің.Бұл жайын сол жаққа барысымен Сары-Манжы, үлкен Черен-Дондук, тағы басқалардың да ақыл таразысына сал. Сары-Манжы Шу жақта да, үлкен Черен-Дондук Іледен теріскейдегі Қаратал, Ақсу өзендерінің жағалауларында ғой. Бұрынғы қазақ жерінің қыр-сырына олар сен екеумізден көбірек қанды. Әлде мен айтқандай Шумен төмен ағып, әлгі Төрткүл маңын қалаймыз ба? Әлде Ташкент қаласы ма? Қай бағдар бізге оңтайлы? Қонтайшы ұрғасын солай көшіру деген отқа тамызық тастаған сияқты осы төңіректегі жақсы мен жайсаңның іштегісін қоздыру ғой. Шындығында оған ерте. Тек әскер шоғырын ұстайтын, қысы мен жазында да мал қыңбайтын, әсіресе, мініс аттарын баптауға қолайлы бір немесе екі-үш бекіністітұстар керек. Анау бекініс-қалаларды жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптатқан орыстардан үлгі алмақ парыз. Мүмкін осындағы орыс тұтқындарды да сен нұсқаған жаққа айдармыз.Мұның бәрі ең алдымен сенің ақылыңмен шешілетін мәселе. Не қажеттің бәрін ата, ештемесін бүкпе! Тек жете ойланып іс қылайық! Аренардың көкірегінде қарсылық, наразылық сияқтыларға орын бар ма? Аузын әрең икемге келтіріп тапқан сөздері: – Мынауыңыз жол жабдығы санап тауысқысыз үлкен сапар ғой. Екі аптадан ертерек қозғала алмаспын. Әрі осындағы үш-төрт қандасымыз науқастау, оларға қолқабыс керек. Қалдан-Серен оған да кеңшілік етті. Осымен шаруасы бітіп орнынан көтерілмекші еді, кенеттен бас қолбасы тұлымды басын салбыратып, ерлі-зайыпты шведтердің көз алдында ауыр ойға шомды. Қас-қабақтарынан әлденелер жерге үзіліп түсіп жатқандай бір түрлі оқыс әсер етті. Қара темірден әрмен берік жаратылған бас қолбасының бүйтіп күрт сынған түрін Аренар мен Бригитта бұрын көрмеген сияқты. Екеуі де оның айналасында ұшыпқонып, жік-жапар болысты: – Ұлы мәртебелім, сізді әлдебір уайым меңдегенге ұқсайды ғой, білуге болар ма екен, мүмкін көмегіміз тиер, ақыл-кеңес жағынан септесерміз, – десті. Сәлден соң ҚалданСерен басын көтеріп, ерлі-зайыпты шведтерге самарқау қарады да алдындағы шарап толы кесені басына бір-ақ төңкерді. Соның қызуы бойына жете бергенде бір сыр ашты: – Осы біз о баста бір үлкен қателік жіберген сияқтымыз. Кейде сол ішімді қыжылға толтырып, құрдымға тартып әкетіп бара жатады. Сендерге сарқып арылмасам болмас.
Осы бұрнағы жылы да Ресейден бізге бір адамдар келді емес пе, солардың ішінде көзәйнек киген, жан-жағына алақтап қарай беретін біреуімен сәті түсіп, оңаша сұхбаттасып қалып едім. Сол айтты: «Мен өз Отанымнан гөрі, жалпы адамзат баласын көбірек ойлайтын жанмын», – деді. «Мойны ырғайдай тұштаңдаған неме, сен адамзат баласын ойлап жарытарсың»– деп алғашында оған іштей кекіріндім де. Байқасам жаңағы әлдеқайда тереңге сілтейтін неме екен. «Сіздер, – дейді ол, – мына Қазақ ордасын бекер шапқансыздар. Сіздер қазақтармен тілі де бір, ділі де бір халықсыздар, тек діндеріңіз басқа. Ал дін дегеніңіз ғылымға сүйенсек қиялдан туған нәрсе. Ол қиялдан туған нәрсені бастан сілкіп тастап, қазақтармен ауыз жаласып, күш біріктіру керек еді. Сөйтіп, бірбірімен жаптасып жатқан өз жерлеріңіздің азаттығы үшін тізе қосып шайқасуға сақадай сай тұруларыңыз керек еді. Енді не болды, қазақтар да шабылды, сіздер де көп игіліктеріңізді ит рәсуә еттіңіздер. Сіздер үшін ең улкен қасірет – шашыраңқылық қой. Ол да келіп маңдайларыңызға байланды.Бұл бәз біреулер үшін аузына дайын ас салғанмен бірдей. Мүмкін сіздер сол бәз біреулердің шаптүрткісімен осындайлыққа ұрынған шығарсыздар. Әйтеуір не керек, Қытай мен Ресейдің сіздердің ұлан-ғайыр далаларыңыз бен тауларыңызға деген тәбетін одан әрменқоздырдыңыздар». Міне, ол сөйдеді. Мен алғашқыда «Сен найсап, діні басқа пәле, «Будда әулиеме шәк келтірдің» деп, оны қақ маңдайдан пергім келді, тек әлденеден ұнжырғам түсіп, райымнан қайттым. Енді Будда әулиемнің атымен ант етейін, сол көзәйнекті қылмойын орыста арамза пиғылдан жұрнақ та жоқ, қайта хас қамқоршының аяңкөстігі ме деймін. – Ия, дәл төбесінен түстіңіз. Ол орыс теңіз түбінен жақұт ілген сүңгуірдей ойдың асылын сыйлаған екен сізге, – деп салды Аренар. Солай ағынан жарылды да тез тілін тартты. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», дәл осы турашылдығы арқылы швед инженері өзінің де жаңсақ басқанын ұқты. Енді ше... Сан жылдар қалмақтардың қазақ жерін жаулауына қосқан үлесін осы бір ойсыз ашықауыздықпен теріске шығарды емес пе? Әуел баста алдыңа мұрат етіп қойғаның түптің түбінде өз халқыңның мүддесіне қайшы келсе, бүкіл өмірде сарп еткен күш-қабілетің өз ойыңдағыға қарсы бағытталғанын жер ортаға келіп сезінсең не болмақ? Адам үшін ең ауыр күйзеліс осындайда туындамай ма? Бұл әрине, мына жерде ең алдымен Қалдан-Серенге қатысты. Оған қарағанда швед оқымыстысының жарасы әлдеқайда жеңіл.
* * * Қалдан-Серен сол күні жүріп кетті. Қасындағы көбіне күзет мақсатындағы шағын әскермен Іленің арғы бетіне өтті де Кетпен жотасы арқылы сонау Ыстықкөлге тартты. Іле бойлап төтелемей мына айналма жолды таңдауын бас қолбасы жолай Ыстықкөл бойындағы өндіріс орындарына, әрі көлдің төменгі батыс жақ жағалауына шөккен үлкен әйелі Қарабас ханымға соға кету қажеттігімен түсіндірген.Бұл тұста осыдан екі жыл бұрынғы бір оқиғаны еске алған жөн... Ия, осыдан екі жыл бұрын Қалдан-Серен сол өз отбасын, әрі оның айналасындағы елді қазақтың ежелгі Сарыарқа атты сахарасына таяу кеңістіктердің біріне көшіріп апарған еді. Алайда, ондағы тынышсыздық, бейсауат жүргіншілердің молдығы Қарабас ханымды астынан су шыққандай шошаңдатты. Оның бұл шошаңдауы басқаларға да көшіп, айнала үркіншілік сезімін қаулатты. Бұдан бара-бара бас қолбасының өзі де қобалжыған. Сөйтіп, бір-ақ күнде нық байламға келген. «Жоқ, мен
ең алдымен өз бала-шағамның қауіпсіздігін ойлауым керек, нем кетер дейсінге салуға басқалар да жетеді!» Сөйтіп, сол 1725 жылдың күзі аяқталар қарсаңда қыс қары түспей Қарабас ханым айналасындағы елді Ыстықкөлдің батыс жағалауына қайта көшіріп әкелген. Бұл сырт көзге алғашында бас қолбасының абыройын опырған қылық көрінген. Тек кейін ол бөгде жайларды ойлап тауып, онысын мұнысымен сабақтастырып, істің тігісін жатқызып, жаймалап жіберген. Ал түбінде бұл ерсілі-қарсылы қозғалыс бір оң шаруаның да ажарын ашқан. Ашқаны сол – Қарабас ханым қайта көшіп келгесін ЬІстықкөл айналасы Жоңғарияның екінші байтақысына айналды... Ал үшінші байтақыны Қазақ ордасының жүрек тұсынан орнату керек. Бірақ бұл мәселенің түпкілікті шешімі әзірге қара көрсетер емес. «Жо-жоқ, оны ұзын арқан, кең тұсауға салу жөн емес, тез шешімін табу керек. Швед инженері бастап, басқалар қостап, Іле ме, Шу ма, Ташкент пе, жоқанау Қаратау бойы мен Сарыарқа ма, әлде солардың бәрінде ме, тұрақты әскер қосындарын ұстайтын орыс үлгілі бекіністер салынса ол істің ірге тасы қаланды дей бер». Ия, бас қолбасының ол хақындағы оңашадағы ойлары осылай құбылмалы да келуші еді. Кейде ішінде борасын соққандай өзіне-өзі ие болудан да қалатын. Ал қазір әлгі көзәйнекті орыс айтқан уағыз да, әрі оны Аренардың құптай жөнелгені де есіне түсіп, бүкіл денесіне әлдекім саусақ жүгіртіп қытықтағандай дүр сілкіндірді. Ия, осыншалық соғыстар арқылы қазақ пен қалмақ арасы бітіспес жаулыққа айналды. Бодан елміз деп, көлгірсігенмен де қазақтар оннан-мұннан бұрқ еткізіп, соғыс ашып, қалмақтардың күшін ойсыратып кетіп жүр. Ия, олармен тонның ішкі бауындай араласу күннен-күнге қиындап барады. Не шараны жүзеге асырған жөн? Әлі де сол қарудың күшіне сүйенеміз бе, жоқ, басқа амалы табыла ма? Басқа амалы табылса шіркін! Қытай дегенің әне, Халханы қайтармақ түгілі өзге қабырғаңды сөгем деп өзеурейді, күш көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрынғы қылығы анау – Үрімші, Тұрфан, Хами үшеуін қабат басып, жоңғарлар батыл қимылдағасын ғана бұл үшеудің алғашқы екеуін босатып, Хамидің арғы жартысына тастай бекініп, қасқая қарап отыр. Ал Халха туралы сөйлескісі де келмейді. Бар сылтауы Лубсан хан мен оның баласы Дан-Жунды тірідей қолдарына түсіргісі келеді. Жоңғарлардың Қытай тарапынан қойылған бұл талапты орындамауының да көп себептері бар ғой. Тек қазір Қалдан-Сереннің қиялы одан гөрі өзәкесі Сыбан Рабтанның басындағы кейбір өзгерістерге ауытқыды. Байқайды, қонтайшы соңғы кездері Қытай жөнінде тым солқылдақтықка ұрынып жүр. Халханы, басқаны аузына да алмайды. Бар аңсары Қазақ ордасына ауған сияқты. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бірер зайсансымақтар «біздің Қытайға әліміз жетпейді, онан да қазақ жерін біржола жаулайық та, соның кең-кең қуыс-қолтықтарын паналайық, сонда біржола тынышталамыз» депақылдымсып еді. Жо-жоқ,Қалдан-Серен ондай қашалақтықпен өлсе келіспейді, қайта Қытайдың азу тісін қағудың әрекетін жасайды. Әне, бір әрекеті мұның біраз айдынын асырды. Тек бір түсінбейтіні, қонтайшы әке неге Қытайға қарсы қандай да бір ұсыныс жасалса, одан көбіне үндемей құтылмақтай жерге қарайды. Ал Қазақ ордасы тіл ұшына іліксе жандана басын көтереді. Әлде бұл да жаңағы қоянжүрек зайсансымақтың уағызына бой алдырған ба? Жо-жо-жоқ,Қалдан-Серен осы сапардан кері оралғасын бұл мәселенің
басын мықтап ашады. Жалпы әкелі-балалы қонтайшы мен бас қолбасы арасындғы кереғарлық әлгі швед инженері Аренарды өз Отанына қайтару-қайтармау төңірегінде емес, түптеп келгенде нақ осы мәселеде жатыр еді. Ыстықкөлге жеткенше бас қолбасыны тек осы тақілеттес ойлар мазалады. Көлге жеткесін ауық-ауық табиғат суреттерін тамашалап, басын әртүрлі сауалдар тоғысынан арашалауға талпынды. Әр жерде түнемелікке тоқтаған сайын сондағы әскер қосындары есебінен жаңадан адамдар қосылып, шоғыры ұлғая түскен. Бірақ Қалдан-Серен ол шоғырдың ортасында емес, жападан-жалғыз жортқандай көбіне өзімен-өзі. Кейде айдын үстінде жосылған ақ шағалалар көңілін аулайды. Батыстан жел соққанда көлдің суы қатты толқып, жағаны соққылайды. Ышқынған үн шығарады.Бұл соны да кейде қызықтағысы келеді. Мұнда тауды қиып көлге құлаған өзендер қадам басқан сайын кезігеді. Кейде сол өзендерді көзімен бойлап, тау болмысының бедері мен қуыс-қуысын қуалайды. Ия, Күнгей Алатау осы көл жағалауынан қарағанда кейде керіліп, ажарын толық ашады да, кейде мұнардың астында қалады. Тіпті ашық күнде де келбеті әлденеше құбылып, ескі таныстай үйреншікті жүзі жоққа ұқсайды. Бірде тауға аспанда жүзген бұлттардың ойдымойдым көлеңкесі түссе, енді бірде оның қойнау-қойнауларында сол ақ шөкім бұлттардың өздері аунап жатады. Ал мұндағы кеш суреттері қандай шіркін. Бірде Қалдан-Серенді осындай бір кешкілік зауал шақтағы табитат сиқы керемет еліттірді. Қалың шоғыр әскер түнемелікке тоқтауға қолайлы жер іздеп, біраз жүріп қап еді, жаңа ғана тауды қиып, көлге құлай аққан бір өзен жағасын аса жаратпай одан өтіп кетіп, сонысы үшін сандарын соқса, енді екінші бір өзенге жете алмай тағаттары таусылуда. Тек ол жағына бас қатырған Қалдан-Серен жоқ. Бұған салса осы кеште осынау салдыр-гүлдірдің ортасында-ақ бұләлі де жер ұтқысы келіп еді. Себебі, батыс көкжиек бір түрлі қайталанбас бояуға малынған. Әншейінде күндіз су жағасында аялдап, шомылып, аздап жалаңаш тұрсаң етіңді тез күйдіретін бұл Ыстықкөлдің күні енді батыс көкжиекке жетіп те өзінің ғажайып өнерін көрсетіп жатқандай. Апырай, дұрыстап қарашы. Анау бұлттар неге соншама өртеніп барады. Қалдан-Серен осындайлық таулар қуысында неше жылдық ғұмырын өткергенмен бұлттардың кешкілік апақ-сапақта мұншама қызылға оранғанын бұрын көрмегендей.Бұлт емес, оттан суарған нағыз шоқ сияқты. Бас қолбасы ат үстінде тепектеген қалпы сол бұлттардан көз айырмады. «Жаңағы өзен жағалауында тоқтауымыз керек еді, келесісі алыс сияқты ғой» деп дауласқандардың сөздерін құлағына қыстыратын емес. Қайта осындай кеш суретін тамашалауға жағдай жасаған өз оққағарларына, қызметшілеріне дән риза сияқты. Кенет басқа бір сезік Қалдан-Сереннің жүрегін осқылады. «Апырау, батыс көкжиек үстінде бұлттардың мұншама қызылмен көмкерілуі талыстай керілген қазақ жерінің тағы бір нүктесінде Торғай даласындағы сияқты қалмақтардың қаны судай шашылып жатқан жоқ па? Балқыған темірдей көз қарықтырған мынау сол қанның сәулесі емес пе?» ҚалданСерен қаншама әлуетті жан дегенмен де әрбір жоңғарлық сияқты ырымшылдық атаулыдан құралақан емес, бірақ ондайлыққа соншама бой алдырып, анау-мынау істен тартына қоятын да мінезі жоқ. Енді ғана өзінің сол қайсарлығынан ада-күде айрылып, құрдымға батқан бейшарадай-ақ жан-жағынан тал қармағандай бір оқыс қимылды керексінді. Тек әлі де батыс жақтан көз айырар емес. Мұның қос жанарында да құдай
берген құдірет жетіп-артылатын еді. Сол құдірет, қайраттың бәрін бұл ақтара жұмсап, әлі де солай қадалып берді.Ұзақ қадалды. Аттың тепеңдеген жүрісі, қайшыланған қос құлағы, басқа жүргіншілердің ауыздық, үзеңгі, құйысқан сияқтыларының салдыр-гүлдір, сартсұрты, кешкі ауаны қақ жарған дауыстары мұның көңілін бөлер емес. Бір жағы мұнартқан тау, бір жағы шылп-шылп еткен көл суы, қоңыр салқын ауа – бәрі бір мезетте жоғалып кетіп, батыс көкжиектегі оттан суырған шоқтай албыраған бұлттар мен Қалдан-Серен екеуі бірін-бірі баққан, жекпе-жек шайқас жағдайында оңаша қалғандай. Енді бір кезекте бас қолбасы тағы бір табиғат сиқырының куәсі болды. Әлгі қыпқызыл бұлттар сол батысқа созылған Күнгей Алатаудың үстіне қарай орын ауыстырып, тез қарая бастады. Осы екі ортада іңір қараңғылығы да қоюланып еді. Енді әлгі қара бұлттар ұзыннан-ұзақ созылып, өзінен таяқ тастамдай алда қашып бара жатқан әлдебір жұнттай қараны қуған аңға ұқсап кетті. Жұнттай қараны енді-енді қуып жетіп, асап қоярдай аузы арандай ашылып, азу тістері мен тіліне дейін сояулана көрінгендей. Алдыңғы аяқтары мен артқы аяқтары керіле созылып, нақ бір қансонардағы құмай тазының келбетіне келеді. Енді оның алдындағы жұнттай қара екіге бөлініп, ұсақталып, жан-жаққа тырағайлады. Соған орай қуғыншы аңның да кескіні өзгеріпті. Енді ол да денесі ұлғайып, бөлшектеніп, қошқылданған тау қырқасынан жоғарырақта жайылып, жоғалып бара жатты. Әлгі қашқын жұнттай қара да із-тоз қалдырмай ыдырап барады. Жүргіншілердің алдынан көлденең өзен кездесті, бәрі үйіріле тоқтағанда қуғыншы да, қашқын да біржола жоғалып бітіп еді. Бұл сурет Қалдан-Сереннің уайымына уайым қосты. Түнде қатты елегізіп ұйықтады. Оны тау өзенінің сарқыраған даусынан көріп, өзіне төсекті жағалауға тым жақын салған қызметшілерін іштей сыбады. Бара-бара ұйқы бұзған су емес, манағы кешкілік көріністің әсерінен әлі де арыла алмағандығы екенін пайымдады. Ия, солай. Ол сурет бас қолбасыны әлдеқайда салихалы ойларға жетелейді. Біз қазақтарды қудық, олар қашты, енді бір заманда қазақ та жоқ, олардың орнын басқа бір қара түйнектер басты. Әлгі мойны ырғайдай, ұшқалақ мінезді көзәйнекті орыс елестеп, ол өз пайғамбарлығын нақтылы дәлел арқылы сыпаттап, сампылдап тұрғандай. Швед инженері Аренар мен оның білгір әйеліБригитта да соның жағына шығып алып сауысқанша шықылықтасып, көзәйнекті орыстың сөздерін құптасады. «О, буддаәулием, өзің сақтай гөр!» Ия, бұл түнде Қалдан-Сереннің басынан көп қиял өткерілді. Соның бірі әнеукүнгі қонтайшы ұрғасындағы мәслихат төңірегінде еді. Оның өзі әдеттегіден өзгешелеу мәслихат болғаны көрер кезге айқын. Көп адамдар оған қатыстырылмады. Мысалы, осы ұрғадағы аға лама, басқа да діни қызметшілер. Тіпті шұнақ құлақ хатшы Солонь-Даржидің де отыруын қонтайшы қаламапты. Әлгі ең байырғы қызметшілер Цуй, Кашка, Бурокорган дегендер қайда? Қонтайшы ұрғасындағы ең сенімді жанкешті қызметшілер осылар емес пе еді, енді бұл аталғандар екінші саптағыларға айналып, олардың орнын басқалар басыпты. Қалдан-Сереннің бұл бірінші байқауы емес, ұрғадағы басқа да үлкен-кіші лауазым иелері, күзет бастықтары сәл шетке ысырылып, тың адамдардың сорпа бетіне шығуы жиілеп барады. Шетке ысырылғандар әдеттегідей зым-қайым жоғалмайды, олардың жасы ұлғайғандығы, кейбір жаңсақтықтары, әртүрлі лауазым иелерімен болған текетірестері сылтауға айналып, екінші сапқа көшіріле салады. Бір ғажабы, мұның бәрі
сыртқы ажарына қарасаң, қонтайшьшың тікелей нұсқауымен жүзеге асырылуда, ал шын мәнінде ол өзгерістердің темір өзегін бұраушы басқаның қолы сияқты. Бұл ретте бас қолбасының көзіне бірінші елестеген өзінің кіші шешесі Сетержап. Аға лама, басқа да діни қызметшілер қатыстырылмаған жиынға ол өзінің желбуаз күң қатындарын үйірімен әкепті. Жә-жә, әрі тереңдеме, бұл жиынға белгілі бір адамдар шоғырының ғана қатысуы Қалдан-Сереннің өз ішкі саясатына да сай келеді. Мысалы, қонтайшы ұрғасын қазақ жеріне қарай жылжыту мәселесі жөніндеұрғадағы аға лама, кіші лама, басқа да діни қызметшілер не айта алар еді? Мықтағанда, әлгі Ақсу өзенінің шатқалындағы бұтханадан келген ламаның сөздерін қайталар еді. Тіпті одан да әрірек кетіп, іріткі салып жүрер ме еді кім білсін? Бұл мәслихаттың басты мақсаты орыс, швед адамдарына, өздеріндегі ең ақылды бастарға ұсыныс тастау, соңынан олардың пікірін жиыстыру. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Тек сонда да бір жарқ еткен нәрсе көпшілік швед оқымыстысы Аренардың пікірін қоштаған сыңайлы. Ия, Аренардың енді өзұсынысын өзінің іске асыруына жол ашқан жөн. Осылай бір толғап барып, бас қолбасы өзге жайларға ауды. Ең алдымен осы бет алысының түп қазығы не екенін де ойша саралады. Ия, осы Ыстықкөл жағалауындағы өндіріс орындары, әрі одан әрідегі Қарабас ханым айналасы. Ал одан әрідегі Шу бойындағы жас қолбасы Сары-Манжы әскерлерінің жай-күйін өз көзімен көру. Ал осылардың ішіндегі ең бастысы өзінің үлкен әйелі Қарабас ханым қоныстанған аймақ. Әсіресе, сондағы Ташкентте Бұхара саудагерінен сатып алынған өзінің жас келіншегі тапқан кішкентай сәби. Ия, бұл тоқал өткен жылы ер баланы дүниеге әкеліп еді. Екі әйелі бар Қалдан-Сереннің бұл алғашқы сүйген ұлы, есімі Лама-Доржи. Бас қолбасы сол кішкентай Лама-Доржидің қалай өсіп жатқанын өз көзімен көргісі келеді. Жалпы Қарабас ханым айналасын мынау Талқы асуының етегіндегі ұрғаға келтірмеуіне бір себеп те сол іңгіләған нәресте Лама-Доржидің қауіпсіздігіне байланысты еді. Жалпы, Қалдан-Серен өзіне туған әке – Сыбан Рабтан ордасындағы көп ешкімге сене бермейтін. Анау Сетержап, оның санасыздау болғанмен де ет-сүйегін жарып шыққан баласы ШұнаКашка, әрі екеуінің де көкірек сүйектеріне ойылып жазылған Шұна-Добаға байланысты кекті қыжыл. Бұдан қонтайшы ұрғасындағы иттің итаяғына дейін хабардар. Қалдан-Серен мен Сетержап екеуінің қабақтарына қараса-ақ соған орай текетірес қашан басталар екен деген сабырсыз ынтаны байқайсың. Міне, осындай жағдайда, қонтайшының іші-бауырына дендеп енген Сетержап пен оның баласы Шұна-Кашканың оң қабағын иемдену үшін әлдебір жандайшаптар бас қолбасының іңгәлап, дүниеге жаңа көзін ашқан ұл баласына қолын қандап жүрмесіне кім кепіл? Тіпті Сетержаптың өзінің де қолайлы жағдайда ондай қастандықтан тартынуы екіталай. Ия, мұның бәрі Қалдан-Серенді сақтық мәселесін бірінші кезекке қоюға мәжбүр ететін. Сосын да жас қолбасы Сары-Манжының әскерлері Шу бойында дегенмен осы Ыстықкөлдің төменгі етегін жайлаған Қарабас ханым қонысынан аса жырақта емес. Ол бір жайдан бұларға батыс жақтан төнер зобалаңға тосқауыл еді. Сары-Манжы қаршадайынан Қалдан-Сереннің қоластында қалыптасып көтерілген қолбасы. Бас қолбасы күйеу балалары, бұл күндері есімдері шартарапқа әйгілі Шарыш пен Сайын-Бөлекке қалай сенсе осы Сары-Манжыға да солай сенеді. Әрі Сары-Манжы мына екеуге қарағанда саясат
майданында да әлдеқайда алғыр, не мәселені де кеңінен ойлап шешуге қабілетті.Бұл күнде Сайын-Бөлек пен Шарыш осыдан екі жыл бұрын Қытайданәзер арашалап алып қалған Тұрфан асуы мен Үрімші жақтағы әскер қосындарында қалдырылса, Сары-Манжыны алда әлі де ұлы науқандардың исі аңқыған Қазақ ордасының желкелігінде ұстап отыр. Егер қонтайшы ұрғасы Іле дариясының төменті ағысы, Балқаш көлі жаққа немесе басқа бір өлкеге көшірілсе Сары-Манжыны да солай жылжыту о баста-ақ көзделген. Ойлай берсең ой көп, Қытай мен екі араәзірге тыныш дегенмен оның да әуселесі көп, осыдан екі жыл бұрынғы қылқа мойын, көзәйнекті орыс оқымыстысы ескерткендей Жоңғарияның екі жақпен бірдей шайқасам деп, шаты айрылып кетпес пе екен әуелде? Осының бәрін саралап кеп, бас қолбасы кербез де керім тоқалдың қойнындағы кішкентай сәбиін еске алады. Ол жай сәби ме, өзінің болашақ мұрагері емес пе? Міне, соны қолына ұстап, маңдайынан, мойнынан иіскегісі келеді. Бұл түнгі шала ұйқының бір ерекшелігі әкесі Сыбан Рабтан түсіне енді. Жарқабақта тұрып, сай табанындагы Қалдан-Серенге қолдарын бұлғай береді. «Маған тезірек жет» дегені ме, жоқ, «аулағырақ жоғал» дегені ме, сол жағын бас қолбасы дәл айыра алмай шала бүлінеді. Қалдан-Серен қайтсе де әке райын дұрыс танығысы келіп, оған жақындауға жанталасады. Тек әке көтерілген жарқабақ тым биіктеп, әрі алыстай бұлдыраңдап, оған қоса екі ортада салдыр-гүлдір, ойран-топалаң басқа бір әпселеңдер орын алады. Бас қолбасы бар күшін жұмсай әкеге қарай ұмтылады, енді байқаса жаңағы әкесі көтерілген жарқабақта өзі тұр екен.Бұл қалай, әке қайда? Ештеме біліп болмайды, айнала толған аласапыран, гуіл. Кенет әлгі қылқа мойын, көзәйнекті орыс оқымыстысы көзіне шалынады. Қалдан-Серен соның ақылын сұмдық керексініп, жарқабақтан құлай соған жүгіреді. Бірақ ол да оңайшылыққа түспейді. Орыс оқымыстысы өзіне қарай жан ұшырған бүкіл қалмақ әскерінің бас қолбасысына назар да салмайды, өзі сықылданған басқа біреулермен саусағын көкке ербеңдете әлденені мыжып барады. Енді бірде төңіректі түгел көмкере бу бұрқырайды. Бүкіл әлем ақ тұманға айнала еш нәрсені айырғысыз күйге ұшырайды. Қалдан-Серен әлі де жаңағы қылқа мойын, көзәйнекті орыс оқымыстысын табам деп далбасалайды. Бірақ ол құрғырың мынау ақ тұманның арасынан қалай таптырсын, жоқ, жоқ. Қалдан-Сереннің аяқ-қолында әл қалмайды, міне сондай халде ол ұйқысынан оянды. Басын көтеріп қараса уақыт ай-жай, тау баурайының кедір-бұдыры көзіне бірден шалынып, өңдегі тіршілік қалпы заматта-ақ есіне оралды. Айналасында терекше сорайған оққағарларының, күзет бастығының да сұлбалары Қалдан-Сереннің тез ес жиюына ықпал еткендей.Бұл жатқан жерінен түрегеліп, жан-жағын барлағанда ғана байқады, жұрттың бәрі әлдеқашан тұрып, ас-суларды дайындап, кеш оянған бас қолбасыны күтіп қапты. Осы таңертеңгілік ас қарсаңында төтенше оқиға орын алды. Аспазшылардың бірі, орта жастардағы қалмақ өзі дайындаған қуырдақтың бір-екі түйірін аузына салуы мұң екен, «аа-а» деген ащы үн шығарды да, өз көкірегін, іші-бауырын тырналап, кескен терекше құлады. Құлаған бетте екі бүктеліп, бауырын ішіне ала имиіп, сақинаша дөңгелектене біржола тынышталды. Әрі мойын тамырларының көгергені байқалды.Мұның себебін іздеп, көп бас қатырудың керегі жоқ еді: – Асқа кім у салды? – деп Қалдан-Серен акырып кеп жіберді.Мұның ақыруынан тау баурайы жаңғырықты. Аспазшылар бес-алты адам еді:
– Ұлы мәртебелім, біз білмейміз, біздің жазығымыз жоқ, – деп зар илесті. Бас қолбасы оларды көз жанары арқылы өткізіп тұрып, іштеріндегі сырт нұсқасы сүйкімсіздеу біреуінің басын қылышпен қақ айырды. Атқақтаған қан қасындағыларға шашырады. Олар басы қақ айырылған сорлыдан бұрын құлап, жер бауырлай бар дауыстарымен естіген жанның төбе құйқасын шымырлата боздасын келіп. Айнала әскер аяқтарынан тік тұрып, ойда-жоқта ормандай өсіп шыға келді. Бәрі анталай жоғары-төменнен бас қолбасы мен аспазшылар жаққа қадалысты. Осы тұстан мол көрінетін көл айдыны тым тұнжыраңқы екен. Ол да адам жүзіне айналғандай, мынау жағалауда болған, әлі де болар сұмдықтарға үнсіз көз қиығын тастап, шіміріккенге ұқсайды. Тек бар бітіргені осы таңертеңгілікте енді ғана шығыстағы тау шоқыларына асыла сәулесін шаша бастаған күнге күміс қанаттарын шағылыстыра ұшып жүрген шағалаларды қабағымен белгі беріп, алысқа ысырып тастағандай. Сосын да көл беті тіптен жым-жырт. Бұқпантайлап, жасырынып кеп жатқан әлдекімнің сыбыссыз әрекетін еске салғандай-ақ. Қалдан-Серен аспазшылардың қалғандарынаәзірше тимеді. Өзінен кейінгі қолбасылардың бірін жұмсап, оларды сұраққа алдырды. Ол қолбасы аспазшылардың тырнақтарының астына ине сұғып та көрді, бәрібір еш нәтиже шықпады. Асқа кім у салды, еш анықталмады. Өлсе де тілін жұтып өлетіндердің нағыз кейпін танытгы. Сосын да таңғы асты басқаларға дайындатып, ең алдымен сол дайындаушылардың өздеріне таттырып көрді. Сосын әуелгі қол-аяқтары байлаулы аспазшылардың ауыздарына құйды. Сөйтіп барып қана Қалдан-Серен мен басқалар тамақтануға кірісті.Бұлар осы әдісті үнемі қолданбаққа пейіл берген еді. Кенет осы таңғы ас бойларына тарап үлгермей жоғарыдан, сонау Талқы асуының етегіндегі Жоңғария байтақысынан хабаршылар жетті. Айналасы жеті-сегіз адам. Аттары да, өздері де әбден титықтап, өлермен халге жеткен екен. Алғашқыда тіл мен жақтары икемге келмей, өздерінің не жаманат әкелгенін бірден ұқтыра да алмады. Осы екі ортада Қалдан-Сереннің іші-бауырын бүрген күдік сонау алыс шығыста Тұрфан асуы мен Үрімшіні осыдан екі жыл бұрынғы соғыста қайтарғанмен, Хамиді жартылай басып жатқан қытайлықтарға байланысты еді. Қайтсе де сол Қытай атты аждаһа Тұрфан тауы мен Үрімшіге қайта бассалды, тіпті одан бері жылжып келе жатпасын. Мыналар сөз жоқ, сол басқыншылар хақында ақпар әкелді, ол жақтан төнер басқа кәкір жоқ. Осы күдікке қатты бой алдырған Қалдан-Серен тіпті шабармандар ес жиып, өздеріөздеріне келіп, не хабар әкелгендерін айта бастағанда бұл олардың алғашқы сөздерінен қақас қалды. Айнала жұрт ішегін тартып уілдей бастағанда ғана бұл басын қатты сілкіп, келгендердіқайта сөйлетті. Сонда ғана мұның не сұмдық екені санасына жетті. Ия, Жоңғария қонтайшысы Сыбан Рабтан ойда-жоқта бұл дүниемен қош айтысыпты. Ең бір ғаламаты осы бүгінгі таңғы ас үстіндегі азпазшыдай ол да астан уланыпты. Ол да үш бүктеліп, дөңгеленіп, әрімойын тамырлары көгеріп жатып, соңғы тынысын алыпты.
* * * Жоқ, Қалдан-Серен аса қайратты жаратылған жан еді. Мына суық хабардан көңілі бұзылып, еңсесі түсу, аз сәтке болса да есін жоғалту сияқты әлсіздіктердің бірін де бойына дарытпады. Өз маңдайына сұқ саусағын дік еткізіп қадады да, оған бір ойды апарып жапсыра салғандай түр көрсетті. Бұл жай түр
емес, шынында солай еді. Жапсырған ойы сол – басқаны қоя тұрып, тез бір шешім қабылдау керектігін түйсінуі еді. Әрі ол шешімде бір мысқалдай да жаңсақтықка орын жоқ, ұстараның жүзіндей тура кесіп-пішкен жөн, дұрыс бағдардан сәл ауытқысаң ұстараның жүзімен өзің қырқыласың. Алғашқы әлетте – бұл өзінің дағдылы үрдісіне басты.Сұлу құлагерді тез ерттетті де жалғыз өзі тау баурайындағы биіктердің біріне қарай өрлеп кетті. Күзет бастығы мен оққағарлар да жапатармағай солай қарай бастырмалатты да, бас қолбасының дағдысын жақсы білетін бұлар оған жетпей тоқтасты. Оқшау биікке Қалдан-Серен жалғыз өзі шықты да көл жақтағы аспан кеңістігіне үңілді. Бірақ оның көз алдында аспан да, көл де жоқ еді, ендігі кезекте туындауы мүмкін ұлан-асыр оқиғалар тізбегі шаңдатып, бұрқасындатып, бәрін бүркеп әкетті. Қалдан-Серен басына ауыр зіл түскен шақта, тез шешім қабылдау керекте осылай көп ортасынан сытылып шығып, таяудағы биіктердің біріне көтеріліп, өзімен-өзі қалушы еді. Бас сүйегінің ішіндегі жұдырықтай ми осындайда қанатын жазып жіберіп, мол кеңістікті бірден шалатын алып теңіз құсындай өзінің құдіретіне мінетін. Ең саф таза ойлар мен алтынға бергісіз оңтайлы шешімдер осындайда қылаңдап, мұның көкірегіне қонақтайтын. Ия, тап бүгін сол мүмкіндікті мықтап пайдаланбасқа амал нешік? Қалдан-Серенге қиялшылдық тән дегенмен де мұндайда оған орын жоқ, етек-жеңін тез жиып алатын мығымдығы басым. Ол өз өмірінде бір рет қана болуы мүмкін, екінші мәрте қайталанбас үлкен өзгерістер сағатының соққанын пайымдады. Және де өзі үшін ғана емес, осы өзгерістерге түрткі жасаған басқалар үшін де солай. Тек бір ескерерлігі – осы өзгерістерге түрткі болғандар бұдан кейінгі өз қадамдарын, айла-тәсілдерін күн ілгері қалай да өлшеп-пішіп қойды ғой. Қалдан-Сереннің қазіргі міндеті өзінен едәуір ерте кеткен желаяқты қуып жетіп, басыпозып, қайтсе де сөреге одан бұрын жетуі тиіс екінші желаяқтыңбасындағы жанталасқа келіңкірейді. Ия, оның басындағы кішкентай ми осының бәрін сап-сабымен саралады. Ойынан адаспай, алдағы зор мәртебе, немесе ұстараның өткір жүзіне түсірер қатер, екеуін қатар қойып, бірінен айналып өтер, екіншісіне төтесінен жеткізер сара жолды тез зерледі. Мұндайда асығып-аптығу да, жайбасарлық та жолдас емес. Осы отыз бес жасында-ақ ірілі-ұсақты шайқастардың, шытырман оқиғалардың талайында шыңдалған әрбір зерделі құйма құлақ адам ретінде қалмақ қауымында ең жоғарғы мемлекеттік лауазымның бір қолдан екінші қолға өтуі көпшілігінде қанды оқиғаларға ұласатынын бұл қалай жадынан шығарсын? Ия, Қалдан-Серен өзінің кім екенін ең алдымен өзіне танытар ұлы шақтың туғанын түсінді. Соны түйсіне тұра осы биікте ат үстінде жалғыз сорайып, басына келген ой-шешімдердің қыр-сырын талдай мынау дүние ажарына мүлдем басқа көзбен, басқа деңгейден қарағандай. Қалың қабақтың астындағы қаршығадай көздер, бір уыс боп ұйысқан қап-қара сақал-мұрт әдеттегідей қатты түйілген жоқ, қайта әлдебір жайбарақат көңіл күй сәтіндегідей ашылғанға ұқсайды. Ия, бас қолбасы ағынды, долы сезімдердің жетегінде кетпей темірдей ұстамдылық, сабыр, салқынқандылық аулынан тырп етпеуге біржола бекінді. Байқаса, алда қолға алынар шаралардың дұрыс-бұрыстығын, ала-құласын салған жерден ажырату мүмкін еместей. Сосын да Қалдан-Серен оның кезек күттірмес, дұрыстығы тайға таңба басқандай айқын ең алғашқыларын іріктеді. Оны тез тапты да
төмендегілерге қамшысын шошайтып белгі берді. Оққағарлардың қоршауындағы кіші қолбасылардың бірі атын ентелете бері көтерілді. – Шапшаң бес тарапқа жөнелтілетін тіл тасушы-шабармандар тобынәзірле! – деп тапсырма берді Қалдан-Серен. Олар сүт пісірімге жетпейтін уақытта дайын болды. Сол кезде Қалдан-Сереннің өзі де төмен құлап, көпке қосылды. Тіл тасушы-шабармандар тобын өз көзімен бақылап, сынынан өткізді де оңаша алып шықты.Бұлардың бір тобы сонау Тұрфан асуы мен Үрімші қаласы жақтағы Сайын Бөлек пен Шарышқа, екіншісі сонау батыстағы Сары-Манжыға, үшіншісі қазақ даласындағы үлкен Черен-Дондукке, төртіншісі Шу бойындағы кіші қолбасы Шодырға, бесіншісі Сарыарқа атты мол кеңістіктегі өзге қолбасыларға баруы керек екен. Оларға жеткізілетін бұйрықты ҚалданСерен өз аузымен жариялады: – Ол жақтағы қалың әскерден қонтайшының қазасы туралы хабарды әзірге құпия ұстау керек. Қонтайшы қазасын сондағы қолбасылардың өз құлақтарына ғана сыбырлаған жөн. Олар өз кезегінде сондағы әскерге, қазағы, қалмағы аралас қауымға өздерінің оң жамбастарына келетін бір сылтауды ойлап тауып, ең сенімді шағын ғана қолмен тез Талқы асуының етегіндегі ұрғаға жетсін. Жолай ат ауыстырып, күн-түн қатып тез жетсін. Қонтайшы өз ажалынан өлген жоқ, қастандықтың құрбаны ол. Келесі бұйрықты сол ұрғада менің өз аузымнан естісін. Әрі жолай сақтық мәселесін естен шығармасын! Кіші қолбасылардың бірі ұлыс-ұлыстардағы тайшылар жөнінде ескертіп еді, ҚалданСерен «бірінші кезекте оларды қозғамайық» дегенді айтты. Бас қолбасының аузынан шыққан «бірінші кезекте» деген тіркес бәрінің тұлабойына суық су құйғандай әсер етті. «Мұның ойға алғаны сөз жоқ оңай-оспақ әпселен емес» деп түйісті қай-қайсысы да. Бес тарапқа бағыт ұстаған тіл тасушы-шабармандар тез қараларын батырды. Әрі мұндайда ұшқан құспен жарысатын, тәжірибесі мол ең бір әккілері іріктелді. ҚалданСереннің оларға жазбаша берген өкілеттігі де шамадан тыс зор еді. Тіл тасушылар кетіп болғасын қалың әскер ішінен басқа бір жансыздар шоғыры әзірленді. Бас-аяғы жиырма шақты адамнан тұратын олар үш топқа бөлініп, бір-бірін өкшелемейтіндей, баса-көктемейтіндей, тіпті бір-бірін білмейтіндей етіп, сол қонтайшыұрғасының өзіне аттандырылды. Оларға қойылған мақсат біреу –әрбір топ, Іленің бергі жағалауына жеткесін аттарын да, киімдерін де ауыстырып, дариядан ары өтеді де, ұрға ішіне кіреді. Сөйтіп, онда тап қазір қонтайшы қазасынан кейін не қам жасалып жатыр, оның бас демеушілері кім, не сөз, қандай өсек тарауда, соның бәріне құлақ түреді де алдағы алты күнді өткізіп барып, жетінші күннің құлқынсәрісінде Іледен қайта бері өтіп, сол жағалауда Қалдан-Серенді күтеді. Олар кеткесін Қалдан-Серен бүкіл әскерге «келген жолымызбен кері қайтамыз» деп бұйырды. Аспазшылардың қалғандарына ешкім тиіскен жоқ, жолай әлі де сұраққа алуға уақытымыз болады десіп, оларға арнайы күзетшілер тағайындалып, қоса алып жүрді. Жолай да Қалдан-Серен біраз шараларды жүзеге асырды. Соның ең бір қомақтысы осы ЬІстықкөлдің өріндегі, Түп, Қарқара сияқты өзендер бойындағы әскер қосындарының қалдықтарын аяқтарынан тік көтеріп, өзіндегі шеруге қосты. Бұл да әскер ішіндегі ең бір көзі қарақтылар арасында үрей тудырып, сұрқы жаман әртүрлі сыбыс, жорамалдарға ұйтқы жасады. «Апырау, бұл бас қолбасы кімге қарсы соғыс ашпақ» деген сауалдар бірдіекілердің арасында ашықтан-ашық қойылатын да шаққа жетті.
Жолай тыныс алған жерлерде әлгі аспазшылар тағы да сұраққа алынды. Тіпті біреуі сұрақ үстіндегі ауыр азаптауларға шыдамай кеудесінен жаны шығып құтылды. Өзгелерінің де соның кебін құшуы алыс емес еді. Сосын да бұл шаруа доғарылды. Нағыз үлкен әскер шоғыры Кетпен жотасының бергі ойысында еді. Енді оларды да аяқтарынан тік көтеріп, түгелімен қосып алғанда Қалдан-Серен қарамағындағы күш тіптен ұлғайды. Бір қызығы Кетпен жотасының осы бергі ойысында бас қолбасы тағы бір құпия топты әзірледі. Айналасы отызшақты, ең бір сайдың тасындай сайланған жігіттерден тұратын бұл топтың әрбір мүшесін ол өзі жүріп іріктеді.Бұлардың көбісі осы соңғы шоғырдан қосылған тың жігіттер. Қалдан-Серен оларды оңаша әкетіп, құпиялап, құлақтарына тағы бірдемелерді құйып жатты. Оның не тапсырма екенін мұндағы кіші қолбасылар да білмеді. Сонымен ол топ та бұларданозып алға кетті. Қалдан-Серен шеруі төмен қарай сегіз күнге созылса қайтар бетте шамамен төрт жүз шақырымдай бұраң-бұраңы мол сол жолды жеті күнде қусырды. Қазақтарда сияқты қалмақтарда да ол замандарда адам мен малдың сүйегі әлдеқайда берік, ұзақ-ұзақ жортуылдарға көп есе төзімді, қайтар жолда бұл қашықтықты жеті күнде емес, одан шамалырақ уақытта еңсеруіне болар еді, тек Қалдан-Серен әскерді аса дамықтырғысы келмеді. Ең соңғы жетінші түнемелік қарсаңында Кетпен жотасынан теріскейге асып қана қоймай одан арғы ойлы-қырлы кеңістіктен қоса өтіп, кешкілік, күн ұясына батпай Іле дариясына екі бие сауымындай жол қалғанда тоқтасты. Осы бетте бәріне «қаружарақтарыңды сайлаңдар, ер-тұрмандарыңның бүлінген жерлері болса жөндеңдер» деп бұйырды.Бұл бұйрықтан баршасына осы кеш қызыл-ала қанға боялатындай көрінді. Қалың әскер бас қолбасының айтқанын істеді. Тек неге екені белгісіз әрі мініс аттарының бәрін отқа қоюға жарлық етті. Кетпен жотасынан бері асқасын, бір терең шатқалда сойылған бірнеше малдың піскен еті, тандыр нан, қымыз, басқа да сусындар бар еді. Қалдан-Серен алабөтен молқолдық жасап, сол азық-түлік қорының түгін қалдырмай жауынгерлердің алдына төктірді. Шамамен енді екі күнге жететін тамақты ашқарақ қалмақтар бір кеште асап-күйсеп, сусыннан да міселерінен асқанша сіміріп, сап қылды. Сосын бәрі ұйқыга қисайды. Ұзақ жүрістен қалжырап, жол соқты болғандар үшін бүйтіп ерте жату нағыз мейрамның өзі еді. Бұл кеште от жағылған жоқ. Дайын ас, дайын сусын. Сол түнгі қарауылшыларды да Қалдан-Серен мұқият іріктеп, аяқтарынан тік қойды да өзі де ұйқыға басты. Қаншама алағызғанмен бұл өзі баршасы үшін өте жайлы ұйқы, өте жайлы тыныс алу еді. Бас қолбасы оның солай шығуын қамтамасыз етуге бар өнерін салғаны көрер көзге айқын. Түн өтіп, таңғы шолпан жұлдызы туар қарсаңда бұлар дүрк көтерілді. Кіші қолбасылар шектен тыс ширақтық жасап, әскер шоғырын бір кісідей атқа қондырды. Енді бұлар Іле дариясына қарай сау желе жөнелгенде нағыз жауға қарсы ұйымдастырылған жорық жағдайындағы күйге түсті. Қалдан-Сереннің не ойлағаны бар, мұны ешқайсысы әлі де ажырата алар емес. Бұлар құлқынсәріде Іленің бергі жағалауындағы жыңғыл, жиде, тал тұтаса өскен бір қалыңға келіп бой тасалады. Бұл дарияның арғы бетіндегі қонтайшы ұрғасы орналасқан Кеңсайдың сағасынан оншақты шақырымдай жоғары еді. Айнала тып-тыныш, әзірге таңғы ұйқының құшағында. Қалдан-Серен жарау құлагерін көптің көз алдында
ойнақшытып, жан-жағына түнере қарады. Кіші қолбасылардыд бірі оған жақындай күбір етті: – Ұлы мәртебелім, оңаша шықпасаңызшы, не деп болады бұл заманда? Осы ескертпесімен ол бас қолбасының ойындағысын дәл тапқансып, абырой иемденбек еді. Қалдан-Серен оны да тап басып танып, «абыройды артынан бөлісесіңдер» деп, жүйрік көкірек кіші қолбасыға сыналай қарады. Қалдан-Серенді қобалжытқан жәйт – әнеукүнгі осылай қарай алдын-ала ұшырылған, қонтайшы ұрғасынан осы құлқынсәріде тіл әкеп тұруға тиіс үш топтан жан баласының көрінбеуі еді. Байқаса олай емес екен, ол үш топ бұлардан бұрын-ақ Іледен бері өтіп, осы әскерді күткен екен. Тек олар да шамадан тыс сақтық ойлап, жандарын шүберекке түйіп, Қалдан-Серен тұмсық тіреген жерден сәл алшақтау екінші бір қалыңның ішінде бір уыс болып, ұйысып отыр еді. Өздерін бөлек-бөлек жібергенмен Іленің мына жағалауында олар бірігіп те кетіпті.Бұлар таң қараңғылығында әскер шоғырын кештеу байқап, жан ұшырып жеткенше бас қолбасының тағаты таусыла жаздады. Енді бұқпантайлайтын ештеме жоқ, бұл тіл әкелушілерді Қалдан-Серен кіші қолбасылардың көзінше сұраққа алды. Олар жапа-тармағай ұрғадағы оқиғаларды өз естіп, көріп-білгендері бойынша баяндасты. Бүге-шігесіне дейін қалдырмай түгендей сөйледі. Мұндайда ұсақ-түйек дегеннің болмайтынын бәрі де жақсы-ақ ұғынған екен. Бұлардың ақпарлары таусылар-таусылмаста-ақ Қалдан-Серен жарау құлагерін бұрып әкетті де, оңашалана беріп, сауырынан бір ұрып, аспанға секіртті: – Солай екенін өзім де ойлап-ақ ем! – Бас қолбасының сөздері жер жүзі толық ашыла қоймаған осы шақта бәрінің құлағын жарды.Бұл алдағы қам-қарекеттің екі-үш нұсқасын ойша жасап әкелген. Сол нұсқалардың әсіресе, біріне барынша көңіл бөлген. Міне, енді олардың тап осы соңғысы кәдеге асқалы тұр. Сол жерде, сол тұрыста мына тіл әкелушілерден құпияламастан-ақ Қалдан-Серен кіші қолбасыларға шұғыл тапсырмалар берді. Кіші қолбасылар оның бәрін жұтына тыңдады. Енді қайтсін, бастары жас, үміт, мақсат жағы да жетерлік, олар да Жоңғария тарихында жаңа кезеңнің басталғалы тұрғанын айна-қатесіз түйсінді. Әрі ол жаңа кезеңді бас қолбасының бұйрығы бойынша бұлар өзқолдарымен жүзеге асырмақ.Бұл тіршіліктегі ең бір жұлдызы жанар шақтың өзі, егер одан сүрінбей өтсең, қалған ғұмырыңа азық болар абырой, мансап атаулыны күреп алуға жағдай бар. Ондай мүмкіндікті құр жіберу өзіңе-өзің кешірмес ағаттық қой. Кіші қолбасылардың ұзын саны жетеу. Қалдан-Серен де, оның әкесі Сыбан-Рабтан да бұл жетілік санды жақсы көретін. Кезінде Қазақ ордасына қарсы қоян жылғы шабуылдың да жеті бағытта ұйымдастырылуының бір сыры осында. Әрқайсысына нақтылы міндеттер жүктелген мына жетеу осындағы бүкіл әскер шоғырын көз ілеспес шапшандықпен жеті бөліп әкетті де дереу сол міндеттерді орындауға кірісті.Мұның ең алғашқысы Іле дариясынан ары өту еді.Бұлар әнеукүнгі Іле дариясынан бері өткенде түбі жалпақ, қарағай ағаштардан қиыстырылған сал қайықтарды пайдаланған. Енді бүгін ғана Кетпен жотасының арғы түстік етегінде Қалдан-Серен өзі жүріп іріктеген отызшақты адамдық соңғы топтың не мақсатпен жөнелтілгені әйгіленді. Сол ең бір азулы да қайратты пәлелерден құрастырылған жырынды топ мұнда керек адамдарды көмекке алып, мына әскерді арғы теріскей жағалауға өткізу үшін көп мөлшерде сал қайықтарәзірлеп отыр екен.Бұлар да өз істерін сырт көзге көрсетпей, түнделетіп атқарысты. Міне, сол сал
қайықтармен өтіп шығып, бәрі арғы жағалауға құжынай көтерілгенде Борқора тауының шығыстағы жоталарынан күн көрініп, Талқы асуының етегі атты кеңістікті өз шұғыласымен біржола жайлап үлгеріпті. Арғы бетте бұлар сүт пісірімдей уақыт аялдады. Себебі ер-тұрмандарын түзеу, шап тартпаларын қайта тарту, су тиген аяқ-киімдерін дегдіту, ең бастысы, адам мен малдың сәл демігін басуына мүмкіндік беру сияқтыларды ескерісіп еді. Бұл шаралар таусылғасын «әупірімдеп» мол әскер қайта ер үстіне қонды. Жеті бөліктің біреуі ғана Қалдан-Сереннің жеке басының күзеті есебінде қалды да басқалары бір-бірімен араласып кетпестей қашықтықта шоқталып, қонтайшы ұрғасына қарайлап қойысты. Үркіп ұшқан шіл, болат тұяқтылардың табанында тапталған кесірткелер мен келте құйрық жыландар тап осы аралықта мұншалықты әскер шоғырының бұлайша дүрілдеп өткенін бұрын-соңды көрмеген еді. Тап бір жау ордасын шабуға жан беріп, жан алыса ұмтылған орасан әскер лектерінің бет қаратпас жойқын ағыны еді бұл. Қақпа маңындағылар бұларды көріп, қақпаны өздері ашты да, жан-жаққа тым-тырақай қашты. Алты бөлік әскер бір-бірімен қақтығыспай, араласпай ұрға ішіне кезек-кезегімен кіріп жатты. Алтауы да өздеріне жүктелген міндеттерді бір мезгілде атқаруға кірісті. Қалдан-Серен құлақтарына мұқияттап құйған сөздер олардың көкірек сүйектеріне ойып жазылған жазудай еді. Жаңылу, жаза басу мүмкін емес. Алдыңғы бір бөлік кіші ханым Сетержап пен оның үш қызын, әрі оларға ең жақын күтуші, қарауылшы күң қатындарды ұстап, кісендеуге тиіс еді. Екінші бөлік Еділ бойындағы Қалмақ хандығынан келген елшіліктітұтқындауға міндетті. Қонтайшы Сыбан Рабтанға берілген уды солардың әкелгеніне Қалдан-Сереннің титімдей де күмәні жоқ. Ал қалған төрт бөлік ұрғаның ішіндегі қарулы күзетті алмастырып, әрі кіші ханым Сетержаптың күн ілгері дайындап қоюы мүмкін әскер шоғырын залалсыздандыруы қажет. Алайда, ұрға ішінде де, сыртында да ондай әскер шоғыры болмай шықты. Соңғы төрт бөлікке тек ұрғаның ішісыртындағы қарулы күзет адамдарын алмастыру ғана қалып еді. Қалдан-Сереннің айналасындағы жетінші бөлік ең соңынан жетті. Тіпті бұлар жеткенше алдағы алты бөлік өздеріне жүктелген міндеттерді орындап та үлгерген екен. Қарулы сарбаздарға ырық бермей, қолды-аяққа тұрмай құлақ тұндыра шырқыраған қыздар мен әйелдердің ортасында шашы дудыраған, ұзын ішкөйлекті Сетержап қана тастүйін үнсіз еді. Ол өзінен бұрын, өзінен кейін сарай ішінен сүйреп шығарылып жатқан жіңішке дауыстылардың ен ортасында қолына кісен салушыларға түк те қарсылық көрсетпей сазарып, тек толық денесі ғана бұлғаң-бұлғаң етіп, құлап түсердей қиралаңдап, әзер тұрды. Қалдан-Серен оны көргенде«мынау анық сол ма» деп, өз көзіне өзі сенбей көп аттылардың ортасынан сытыла шығып, жақындап келіп, ер үстінен еңкейе шұқшиды. Сол мезетте өзінің кіші шешесі бұған жарқ етті. Сетержаптың мына қарасын байқағанда бас қолбасы ат үстінде теңселіп кетті. Кіші ханым мұнытура көкіректен көздеп оқпен атқандай. Қалдан-Серен оның мұндайлық қарасын кейін өмір-бақи ұмытқан жоқ. Ұсталғандардың бәрін ұрға қоршауының сыртына шығарып, шығыс бетке қарай едәуір жерге дейін алып жүрді. Сонда жыңғыл, қараған сияқты бұталы өсімдіктер тұтаса өскен қалыңның ортасындағы ашық алаңқай таңдалды. Шыңғырған, ышқынған, талмаусыраған, тағы басқа бірнеше күйге баса құбылған дауыстардан қара жердің өзінің белі қайысардай көрінді. Борқора тауының шығыс биіктерінен біраз көтеріліп үлгерген
күннің өзі қонтайшы ұрғасының сыртындағы мына көрініске тура қарай алмай «жоғары өрлей берейін бе, жоқ қайта жасырына тұрайын ба» деп, екі ойлылыққа басып, бір орында шегенделіп қалғандай. Ашық алаңқайға кісендеулі әйел-еркегі араластұтқындарды жеткізгенде бұлардың соңынан шұбырған қара-құрада есеп жоқ еді. Қалдан-Сереннің жеті бөліктен тұратын әскері ғана емес, ұрға қоршауының ішіндегі бүкіл қауым қызық көруге асыққандай түгелге жуық осылай қотарылған. Бір жайдан бас қолбасының о бастағы тапсырмасы да соған саятын. Тіпті кейбіреулер мұндайлық іске куәлікке жүруге денсаулықтары жарамайтындықтан үй ішінде, көрпе астында бүк түсіп жатып алуға да әзір еді, бірақ амал не, жоғары лауазымдылардың қалауы солай, көзің ағып, құлағың ойылып, қан тамырларың жарылып кетсе де алдағы көріністерді тамашалауға міндеттісің. Сетержеп пен оның үш қызының төңірегіндегі отыздан астам күң әйелдер мен жас кәнизәктар, бұған Ехе Абуғай елшілігіндегі сегіз зиялы мен олардың қырықтан астам қызметшілерін қос, сонда барлығы сексенге жуық адамның қолдары кісенделіп, кісен жетпегендері қайыс белбеулермен, қыл шылбырлармен байланып, ен аулаққа, ашық аспан астына апарылды. Олардың бәрі бірдей бұлқынып, зар илеуге басты деу ол да қате, құлындағы даусы құраққа шығып, шыңғырғандар негізінде Сетержаптың үш қызы мен жас кәнизәктар, бірен-саран егде әйелдер еді. Қалғандары өздерін алда не күтіп тұрғанынан анық хабарлары болмағандықтан көздерін алақ-жұлақ еткізіп, тек анда-санда маңырағанқозы сияқтанып, үзік-үзік дыбыстар тастайды. Құмырсқаша құжынаған көптің ішінен қолдарында балта, күрек, аша сияқты құралсаймандары барлар сайланып, тез бөлінді де, бір тобы бытырлатып, жыңғыл мен қараған шабуға кірісті, екінші тобы құмдауыт жердің шаңын бұрқыратып, терең ор қаза бастады. Үшінші тобы шабылған бұталарды шетінен құшақтап тасып, ортаға үйді де от тұтатты. Кісендеулі, байлаулы сорлыларға сұмдық сыры енді ғана мәлім болғандай андыздаған дауыс табанда айналаны кернеп әкетті. Ехе Абуғай елшілігіндегілер түгелімен ер адамдар еді, солар кеңірдектеріне күш түсіре аңырағанда жас қыздардың даусы алыстан талып жеткен шегірткенің әлсіз шырылына ұқсады. Ортадағы от лапылдап тез жанды, ауа тымық, желсіз, сосын да түтін тік көтерілгенмен де жақын тұрғандарға да шалқи жетіп, біразының көздерін ашытты. Шашы дудырап, басы кірпік-шешенге ұқсаған, қолдары кісендеулі, әрі екі жағынан жасауылдар қыса ұстаған Сетержап әлі де үнсіз. Қалдан-Серен өз кіші шешесінен мұндай қайсарлықты күтпеген. Сосын да одан әлі де көз айырмай жарау құлагерінің тізгінін тарта ұстап, бұл да қатыпсемген күйде. Бас қолбасы осы мезеттерде көп нәрсені пайымдады. Алғашында кіші шешенің оқтан әрмен атылған қос жанарындағы қаһарды таныса, енді екі қабақтың ортасынан төмен қарай сойылып түскен жалғыз әжім ізін көрді. Ол да жай із емес, бас қолбасының кеудесіне кірш ететін сұр жебенің темір ұшындай.Бұл оған кәдімгідей алаңдап, едәуір уақыт ұтқызды. Кенет, ия кенет бұған дейін көргенінің бәрі баланың ойыншығына айналып, от пен оқтың ортасында шыныққан бас қолбасының өзін ер үстінен қалпақтай ұшырардай басқа бір ғажайыптың сайрай жөнелмесі бар ма? Ғажайыбы сол – Сетержаптың жан-жаққа үркіп ұшқандай дудыраған қап-қара шашы ҚалданСереннің көз алдында ағарып сала берді. Тұп-тура әлдекім төбесінен ақ бояуды құйып, алақанымен сипағандай қас-қағым сәтте түсін өзгертті. О құдай, о Будда әулием!
Мейлінше қатыбас, жүрегі еттен емес, қара шойыннан құйылғандай бас қолбасының екі балтырында діріл жүгірді. Қорлау мен азаптау бұл қалмақ қауымындағы тіршіліктің ажырамас бір бөлігі ғой. Ауыр қайғы-қасірет үстінде кейбір жандардың шашы айнала жұрттың көз алдында ағарып сала беретінін бұл талай естіген, бірақ өз көзімен мынау бірінші көруі. Бірақ бас қолбасыны сенделткен мәселенің бұл жағы ғана емес, өзі жиырма бес жылдан бері білетін кіші шешенің мұншалықты қайратгы шығарын алдын-ала ескермегені бір бүйірін қылышпен қоса тілгілігендей. Ия, Сетержапта не қайрат бар дейсің, қазір ол мұның қолында. Бірақ бәрібір ет-сүйекті дәрменсіз пенде емес, мұның қолындағы қара тас сияқты. Анау түйілген қос жанар, сойылып түскен әжім ізі, ағарған шаш – сол қара тастың бетіндегі жай айқыш-ұйқыш жазулар ғана. Шақсаң үгітілер, бірақ кешірім сұрап, бас иію сияқтылар бұл қара тастан шыға қоймас. Ортада жыңғыл мен қараған бұталары тым көп жағылды. Сөйтсе ол қызыл шоқтың көбейіп, үйілуі үшін керек болған екен. Ақыры қызыл шоқ үйіндісі төбе көрсеткенде қолдарында бастары түрліше иілген жіңішке ұзын темірлері бар, тұлымдары салбыраған, денелері жартылай жалаңаш шілбуыт жігіттер пайда бола кетті. Олар дереу қолдарындағы темірлерін қып-қызыл шоқ үйінділеріне жан-жақтан сұғып-сұғып қойды. Міне, осы шақта ғана Сетержап өз назарын Қалдан-Сереннен сол от үйіндісіне қарай тайдырып әкетті, денелері жартылай жалаңаш шілбуыт қалмақ жігіттеріне сүзіле қарады. Әнеукүні үш ханыша суға шомылып болғасын олар мінген зембілді иығына салып көтеріп келгендер осылар болатұғын. Енді бұлар не қарекет жасауда, қараңызшы, қарашы, құдай, қарашы. Будда әулием! Басыңнан бақ тайса есігіңдегі төбетің тісін ақситып кеп, төбе құйқаңды жыртады. Бірақ енді бәрі кеш! Кеш! Ойладың не, ойламадың не! Кеш!Бұл жағын Сетержап мана Қалдан-Серен сарбаздары ұрғаға лап қойғанда, әрі бас қолбасының өзінің сау екенін көргенде-ақ ұққан. Бірақ бір түсінбейтіні – мұның өз қосағы Сыбан Рабтан мен оның үлкен әйелінен туған баласы Қалдан-Серенге қарсы осыншама ыждаһаттылықпен ұйымдастырған қасастығы неге сәтсіз шықты? Қателік қай тұсында жіберілді? Бір күн емес, мың күн алдын ала сараптан өткізілген әрекеттің қай буынында жаңсақтыққа орын берілді? Су болған мылтықтай от алмай қалғаны қай жері?Бұл жұмысқа тегінде бір емес, жүз сынақтан сүрінбей өткен ең бір тіс қаққан, қақсал, ысқаяқ адамдар іріктелді емес пе? Олар саусақтарының ұшымен бүріп ұстаған бір шөкім у Жоңғария қонтайшысын сеспей қатырғанмен оның мынау қызыл көз баласы ҚалданСеренге жете бере қайсысының қолынан сусып түсті екен? Әлде құдай мен Будда әулием бұл істі хош көрмей, қолдарын қағып жіберді ме? Заты солай-ау. Осы таңертеңгілікте-ақ белгілі болғаныңдай Қалдан-Серен қауіптеніп, сақтық шараларын асыра ойластырғанмен Сетержап ешқандай қарулы жасақтарды әзірлемепті. Ол бар үмітті өзінің ең бір сенімді жансыздарына табысталған бір шөкім улы ұнтаққа артыпты. Сөйтіп бір мезетте қонтайшы мен бас қолбасының көздерін жойып, одан әріде орыс патшасының әйелі – Екатерина салып берген үлгі-нұсқаны басшылыққа алмақ екен. Аюке ханның қызы, әрі ұлы Жоңғария қонтайшысының ширек ғасырдай сұлу ханымы атанған, әрі оған бірнеше бала тауып берген Сетержап сол Ресей императорының ат артына өңгеріліп келген шөпжелке қатыны құрлы жоқ па? Әрі бұл шақта ұрғадағы бас зайсандардың бәрі де, оның ішінде жалынды жас кіші Черен-Дондук те осы кіші ханым
десе ішкен асын жерге қояды. Өзінің сүйегін жарып шыққан екінші ұл баласы ШұнаКашкаға да біраз ақыл кіргендей. Осының бәрін бір кезде Сетержап өз пайдасына қажет дүниелер санатына қосып еді-ау. Қазір мынау анталасқан көптің ортасында сол бас зайсандардың бәрі тұр. Бұрынғы тірлікте өздері ай мен күнге балап, небір жүрек елжіретер сөздерін арнаудан жалықпаған сол бас зайсандар енді мынадай шақта сол сұлу ханымды жеті басты жалмауыздың шеңгелінен жұлып алуды неге ойламайды? Енді бір кезде тұлымдары салбыраған шілбуыт жігіттер шоқ үйінділерінен басы қызарған темірлерді суырып-суырып алысты.Бұл темірлер Сетержаптың көз алдында ең алдымен үш ханышаның қақтаған ақ күмістей жалаңаш кеуделерше басылды. Сол арқылы кіші ханымның басындағы күйзелісті одан әрі күшейту көзделген. Кіші ханымның бұлшақта көздері алайып, ағы молайып, көру қабілетінен айрылғаны белгілі болғандай. Ақ шашты басы да бір иығына сұлқ құлады. Қарсы беттегі қалың нөпірдің ортасындағы жалғыз атты Қалдан-Серен еді. Кіші ханымды кірпік қақпай бақылаған ол бүктеулі қамшысын соған қарай нұсқап: – Тездетіңдер ананы! – деп саңқ етіп бұйрық берді.Бұл«кеудесінен жаны шықпай тұрғанда Сетержаптың кеудесіне қызартылған темір басыңдар» дегені еді. Бас қолбасының бұйрығын айна-қатесіз ұққан шілбуыт жігіттер оны бұлжытпай орындап жатты. Кіші ханымның кеудесін жапқан ақ көйлекті дырау қолдарымен бір демде жұлып тастап, салбыраңқы қос анардың айналасына жыланның улы тіліндей ысылдаған темірлерді шыжғырта басты. Сетержап әлдекім кеудесіне саусақ ұшын жүгірткендей-ақ қолын ербең еткізіп үлгерді. Бұл кезде баршаның, оның ішінде Қалдан-Сереннің өзінің де көздері көрген сұмдықтан емес, қолдары кісендеулі еркек-ұрғашысы аралас сексенге тарта жазаланушылардың боздаған, шыңғырған, қышқырған, уілдеген дауыстарының қосындысына төтеп бере алмай бастары әңкі-тәңкі еді. Араларында естері ауып құлап қалғандары да бар.Бұл жаза қолданылған ашық алаңқай әнеукүні қонтайшының үш қызы суға түсіп қайтар жолда кесекөлденең жүгіріп өткен келте құйрық жыланды жаман ырымға балап, сол үшін итаршы қарауылшылардың бірінің қамшысын мейлінше жеп өлген күң қатынның сүйегі жатқан тұсқа жақын еді.Бұл қалмақ қауымында өлген адамды ақ арулап, қастерлеп, жер қойнына беру дағдыда жоқ шаруа. Ол күң қатынның да кеудесінен жаны кетіп, исі білініп, өткен-кеткенді тыжырындыра бергесін сол ақтық демін алған орнында кішкене шұңқыр ойылып, ит өлігіндей-ақ топырақпен бүркемелене салған. Сірә, сол күң қатынның қарғысы құдайдың құлағына шалынған, білем. Себебі, оның Жоңғария қонтайшысының, бүкіл әулетінің атына айтқан қарғысы тап қазір мына қарақұрым ұлы нөпірдің алдында жарым-жартылай болса да орындалу үстінде еді. Құдай әрі осы жайды, өзінің ақтық тілегінің қалай орындалғанын ол күң қатын өз көзімен көре алмаса да құлағымен естіп, көңілі көншісін деді ме, бұл шараның оның сүйегі көмілген тұсқа таяу алаңқайда жүзеге асырылуын алдын-ала ойластырғандай. Сетержаптан кейін қызметші жас кәнизәктарға кезек келді. Осыдан бірер күн бұрын ғана анау үш ханышамен бірге Еділ бойына аттанып, сонда өз теңдерін тауып, бақытқа кенелуді көксеген жас перизаттар енді жел сипап, күн сүйіп көрмеген кеуделеріне қыздырылған темір басылғанда бастарындағы тәтті қиялдардың қайда ұшып жоғалғанына ой жеткізе алды ма екен? Кәнизәктар, әрі бұлармен қосақтастырылған күтуші егде
әйелдердің ұзын саны отыздан астам еді. Оларды қызған темірмен әспеттеп шығу тым ұзаққа созылды.Бұл шақта осы жазаны тамашалаушылар ұрғадан тыс жерлердегі адамдар, жауынгерлер, араттар, тараншылар есебінен екі-үш есе ұлғайып кетті. Кейбір алда тұрғандар жүректері қысылып, бастары айналған соң сол кейін келгендерге орын бергенсіп, артқа қарай ығысып жатты. Қалдан-Серен оны байқаса да тыйым салуды ойламады. Қайта осы науқанның тірі куәгерлері неғұрлым молшылықты құраса, солғұрлым оның нәтижесі де ұлғаймақ.Бұл Ыстықкөл жағалауынан кілт кері бұрыларда-ақ сонау шығыс пен батыстағы Сайын-Бөлек, Шарыш, Сары-Манжы, Шодыр, үлкен ЧеренДондук сияқты қолбасыларға шабармандар жөнелтпеп пе еді? Әттең солардың бәрі болмаса да бір-екеуі өз шоғырларымен мына жазаның орындалу сәтіне жетіп үлгерер ме еді деп қиялдады Қалдан-Серен. Бірақәзірге ол қолбасылардың ешқайсының қарасы көрінер емес. Кәнизәктардан кейін Ехе Абуғай елшілігіндегі адамдарға кезек тиді. Неге екені белгісіз осы мезетте әлі де ат үстінде шоқиған Қалдан-Серен оқыс шешім шығарды. Ол Ехе Абуғайдың өзін және оған ерген сегіз зиялының төртеуін бөлек алып қалды да, қалған төртеуіне шоқтан суырған имек бас темірлердің дәмін татқызды. Кенет сол төртеуден кейін ортаға Шұна-Кашка келтірілді. Ол да кісендеулі, жалаңдаған шілбуыт жігіттер оны да шешіндірмекке қолдарын жүгірте бастап еді, қалың нөпір ортасынан алабөтен қышқырған бір дауыс құлақ жарды. Көп у-шудың ортасынан бөле-жарылып естілген бұл неғылған дауыс деп, осындай қаралы хал үстінде де көпшілік солай қарай мойын бұрысты. Сөйтсе кәрі зайсан Санжи екен. Ол Шұна-Кашканың емес, өзінің туған баласының денесіне қызған темір бастырылғалы тұрғандай жұлқынып кеп, сүріне-қабына ортаға шықты да, Шұна-Кашканы құшақтай алды. Сол мезетте оларға кіші Черен-Дондук те жетіп, ол да Шұна-Кашканың екінші жағынан тұра қалды. Кенет солай, қарай әлгі Лубсан хан атылды. Ол Шұна-Кашканы құшақтаған жоқ, тек оған арқасын бере ҚалданСерен жаққа кеудесін айқара ашып, кесе-көлденең тұрды. Осы көрініс үстінде ең алдымен Санжидің тіл мен жағы икемге келді. Ол Шұна-Кашканы баураған күйі Қалдан-Серенге мойнын бұра жіңішке дауыспен шаңқылдады: – Атыңнан айналайын ұлы мәртебелім, бұл Шұна-Кашка еркек кіндіктен қалған өзіңнің жалғыз бауырың емес пе? Шешелерің бөлек болғанмен әкелерің бір ғой.Ұлы мәртебелім, құдай атымен, Будда әулиемнің атымен ант етемін! Шұна-Кашканың ешқандай жазығы жоқ! Мен анық білемін, ана шашты албасты Сетержап мұны өзінің ешқандай құпия ісіне араластырмайды. Себебі, бұған сенбейді!Бұл адал жігіт! Ұлы мәртебелім, Шұна-Кашканы босат! Шұна-Кашканың екінші жағынан оған жабыса серейген кіші Черен-Дондуктің де жүзінде тап сондай сөздер жазулы тұр еді. Ал Лубсан хандікі бұл екеуінен де асып түсті: – Ұлы мәртебелім! Мына жендеттерің қызған темірді ең алдымен менің кеудеме бассын! Мен кеудемде шыбын жаным барда бұларды Шұна-Кашкаға жолатпаймын! Шұна-Кашканың жолында өлемін! Лубсан ханның осы қылығы әлденеден жұрттың назарын көбірек тартты. ҚалданСерен саусақ ұшымен «Шұна-Кашканы алып кетіңдер» деген белгі берді. Шұна-Кашка әлгі алғашқы жазадан құтқарылған, бірақ қолдары әлі кісендеулі Ехе Абуғай адамдарының қатарына қосылды. Енді Ехе Абуғайдың қырықшақты қызметші, күзетші
адамдары қалып еді. Көгендегі қозылардай шетінен солар ортаға қарай сүйретіле бастағанда кіші Черен-Дондук бас қолбасыға тым жақын барып, жүзін көтере тіл қатты: – Ұлы мәртебелім, бұларды өлтіргеннен не пайда?Ұлыс-ұлыстарға таратып бере салмаймыз ба? Еділ бойынан келген әрқилы білігі баршылық мұндай адамдар біздің ұлыстар үшін қасқалдақтың қанындай қат емес пе? Мынау қай заман, ұмытпасақ қайтеді, ұлы мәртебелім? Кіші Черен-Дондуктың ұсынысын қостап, тағы екі-үш бас зайсан зарлап қоя берді. Сөйтіп, бұлар да жазадан құтылды. Бұл кезде әлгі терең op қазылып та біткен еді. Кенет ақай-тоқайсыз бір бүйірден суырыла шыққан бір топ, олар да жартылай жалаңаш қалмақ жігіттері әлгі кеуделеріне қызған темір басылған әйелдерге аш бөрілерше тап берісті. Тек оларға тіс салған жоқ, шеттерінен ұстап қазулы орға қарай жетелей бастады. Ең алдымен үш ханышаның, одан кейін Сетержаптың шалажансар денелері кетті. Ал қалған әйелдер мен аздаған еркектерді сүйрету тіптен оңайға түскендей. Себебі, олардың араларындағы кімнің кім екендігінде ешкімнің шаруасы жоқ еді. Шыңғырған, ышқынған, уілдеген дауыстар әлі бір сәтке де толастамаған. Айнала жұртқа мынау сұмдық көріністен гөрі осы көк сеңгір ауада тоғысқан сол дауыстар жиынтығы ауыр тигендей. Себебі, қазір олардың бас дегені бас емес, төбелерін ойып жіберіп, құм мен тасты тығындап тастағандай зіл көтерем бірдеме. Мынау пәле науқан тезірек тиянақталып, аяқтары ала қашқан жаққа қарай бытырасып, қараларын батыруды бәрі де армандағандай. Қырықшақты адам қазулы орға тасталып біткенде ешқайсысының да кеуделерінен жаны шыға қоймаған еді. Тек дауыс жағы бәсеңдеп, талмаусырап бара жатты. Енді құмдауыт топырақты бұрқылдатқан күректерге кезек тиді.Бұл күректерді қолдарында ойнатушылар да қалмақ жігіттерінің жаңағы соңғы тобы еді. Олар қап-қара иық терілері күнге шағылысып, орға тасталғандардың жүздерін тезірек жасыруға жанталасты. Бір кезде ол жақтан шыққан қырық құрау үн сап басылды-ау. Тек айнала жұрттың құлағындағы шуыл ғана сол қалпында сақталып қалғандай. Ия, бұл Жоңғария тарихындағы ең бір қаралы беттердің бірі еді. Осы оқиғаны бастан-аяқ көзімен көрген орыс сержанты Д. Ильиннің есіне Ресей империясының ұлы патшасы Петрдің жас кезінде апасы Софьяны жақтап бас көтерген стрелецтердің тап осылай анталаған көп алдында жазаланғанын еске алды. Әрине, ол әуен мен бұләуеннің терезесі тең емес, бірақ қалай да орыс елшісінің қиялын солай қарай ауа толқытуға жарады.
*** Швед инженері Аренар-Ренат сол күні кеште бір топ аттылардың ортасында Борқора жотасына бір табан жақын өз үйіне іңір қараңғылығы әбден қоюланған шақта жетті. Шылбырды басқаларға тастай салды да, өрнекті темір қоршауы бар бау-бақша ортасындағы қытай үлгісімен салынған үйдің есігін ашып, табалдырықты тарсылдата ішке енгенде Бриигитта әлі шам жақпай отыр еді. – Қараңғыда қамалғандарың қалай? Жарық жақпайсыңдар ма? Бригитта, саған не болған? Терезе алдындағы Бригитта қозғалған жоқ. Қарсы іргеден қызметші әйел көтерілді де шақпақ шағып, екі керегедегі тас шамдарға от қойды.Сол тас шамдардың әлсіз
жарығында-ақ өз зайыбының ауыр ой үстінде омалуда екенін ұқты. Туған елінен жырақтағы адамдардың бүйтіп, әлсін-әлсін ой меңдеп, күрт түсуі дағдыдағы құбылыс. Сосын да Ренат ол жағына алаңдамай бүгін қонтайшы ұрғасыныц іші-сыртында өрбіген оқиғаларды жіпке тізуге кірісті. Бригитта ол жайдың бәрін мана күндіз-ақ сол ұрға жақтан қатынағандардан естіп-білген. Сосын да өз қосағының баянын салғырт тыңдады. Соны сезген Ренат аса ұзаққа көсілмей сөзінің соңын былай түйіндеді: – Сені құдай сақтады! Неғыласың! Сетержап пен оның үш қызы ғана емес, күтуші күң қатындар мен нөкер қыздар түгелімен тірідей көмілді ғой. Кезінде Сетержаппен тонның ішкі бауындай болған ең алдымен сен емес пе едің? Маған тұрмысқа шығып, ұрғадан тайып тұрғаныңқандай ақыл болған? Әйтпесе, қосақ арасында сенің де кетерің еш күмәнсіз еді. Ия, құдай сақтады! Бірақ Бригитта үшін өз басының амандығы екінші саптағы мәселе екен. Ол түрегеле бойын жазды да қос кенередегі тас шамдардың біріне сүзіле қарап тіл қатты: – Жоқ, мейірбанды Жоңғария! Сенің күнің санаулы! Сен алысқа бармайсың! Саған жаным да ашиды, қайтейін! Жоқ, жоқ, мейірбанды Жоңғария! Сенің күнің санаулы! Тас шамның тура түскен жарығы жүзін қызартқан Бригиттаға Ренат тіксіне қадалды. Күндіз көрген сұмдығы аз болғандай тұлабойына бөгде бір әпселең киліккендей. Байқаса, Бригиттаның сәуегейлігі мұның ішіндегі өзге бір тұнығын шайқап жіберген екен. «Таудай тарихтың қасында адам дегенің тозаң ғой. Тау құлап, тас жарылғанда бөлінген тозаң соққан желмен қай қиырда адаспайды? Бригитта, сен де мынау тарих иінінде сол бір тозаң іспетті адасып жүрген жансың ғой. Әйтпесе, сені табиғат-ана оу баста баршамыздан көш ілгері жаратқан» деп, Ренат осы көргенін өзінше қорытты. Бұл кеште ерлі-зайыпты шведтер үйінде ас ішілген жоқ. Ия, бұл кеңірдектен тамақ өтетін күн бе? Екеуі үлкен ағаш тостағандарға толтыра шарап құйдырды да бастарына бірақ теңкерді. Сәлден соң осыны тағы қайталады. Жарты сағат өткізіп барып тағы... Шарап қызуы бойларына тараған сайын бүгінгі қонтайшы ұрғасындағы оқиға табы жеңілдеп, өз бастарына қатысты іштеріндегі өзге бір қыжыл күш алып бара жатты. Оны екеуі де сезеді, бірақ ол жөнінде тіс жаруға жүректері дауаламайтындай. Ия, «әкесі өлгенді де естіртеді» деген. Ақыры, Ренат батылдық жасап: – Адам өзінің екі құлағын көре алмайды ғой. Бұдан былайғы кезеңде біздің қасиетті Отанымыз – Швеция да сол екі құлағымыз секілді. Біздің көз жанарымыз жетпейтін жерде жасырынып қалды. Ренаттан гөрі Бригитта сәл қайратты шыққандай: – Қайдан білесің? – Зайыбының бұл сөздері Ренатқа аздап жігер құйды: «Ия, қайдан білеміз?Бұл түздіктер еліндегі әпселең осымен таусылды деп пе ең?» Мана Жоңғарияның болашағы жайлы Бригитта болжап айтқан сөздердің жалына жабысқандай Ренат кенет осылай ойша толғап барып, іші бос ағаш тостағандарға қарады. Олар қайта толтырылғасын Ренат өз тостағанын жоғары көтере тост айтты: – Бізді елімізге қайтармақ Сыбан Рабтанның ниеті оның өзімен бірге мүрдем кетті. Қалдан-Сереннің бағдары басқа. Швецияға қарай біздің жолымыз кесілгенмен Жоңғария тарихында жаңа кезең басталды. Сол жаңа кезең сен екеуіміз үшін жайлы болғай!
Ертеңіне қонтайшыұрғасына әлгі Сайын-Бөлек, Шарыш, Сары-Манжы, Шодыр, Үлкен Черен-Дондук секілді қолбасылар да жетіп үлгерді. Тағы бір он бес күнде ұлыс-ұлыстағы барлық тайшылар әрқайсысы өз сән-салтанатымен олар да құйылды.Бұл шақта осы Талқы асуының етегі, Кеңсай өзенінің жағалауы, құмдауыты мен бұталы, шөптесінді нулары аралас ойдым-ойдым жазықтар құмырсқаның илеуіне ұқсады. Әрбір тайшының өзімен бірге ерткен адамдарында есеп жоқ. Ия, мұндай аумалы-төкпелі заманда не деп болады, әрқайсысы өз басының қауіпсіздігін ойлағасын сөйткен сыңайлы. Кеңсай ғана емес, одан төменгі Ақсу, Қорғас, Борохудзир, әрі Іле дариясына жоғарыдан қосылатын Нылқы, Күнес, Текес өзендерінің, басқа да ұсақ сарқырама сулардың бойлары да сықаган қалмақ қауымдары еді, олар да тайлы-таяғына дейін қалмай қотарылып осында келді десе болғандай. Кіші ханым Сетержап пен оның үш қызының, оларға етене жақын күтуші әйелдер мен кәнизәктардың, әрі Еділ бойындағы Қалмақ хандығы елшілігіндегі біраз адамдардың азапталып өлтірілгені туралы хабар баршасына көктен атылған найзағайдың жылдамдығымен жеткен. Енді сондай жылдамдықпен бұл қаралы оқиға екінші кезектегі жайға айналып, «алда бізді не күтіп тұр» деген күдікті сауал қалқып бетке шыққандай. Бәрінен бұрын осындай күдікті сауал баршасын астарынан су шыққандай етіп, қонтайшы ұрғасына қарай аяқтарынан тік көтеріп әкеткен. Ыстықкөлдің батыс жағалауындағы Қарабас ханым мен оның айналасы да осында келтірілді. Қарабас ханым жолай Қалдан-Серенге кісі шаптырып, «біз бірден ұрғаға тартпай Хашатунор көліндегі өз бау-бақшамызға бара тұрсақ қайтеді» деп өз өтінішін жеткіздірді. Осы Іле аңғарында Хашатунор атты көл маңында Қалдан-Сереннің жеке өз меншігіне жататын тамаша бау-бақша, қытай үлгісімен салынған үлкен сарай-үй бар еді. Қарабас ханым сол бір ұжмақ-мекенді сағынғанын тілге тиек еткен. Бірақ бас қолбасының оны тыңдағысы да жоқ. Қарабас ханымды осы Кеңсай өзенінің жағалауындағы ұрғаға алдырды. Ұрға маңына топталғандардың ешқайсысы масыл емес, бәрі де өз сойыс малдарын, сауын биелерін, арақ-шараптарын, жеміс-жидектерін, басқа да ішіп-жемдерін өздерімен бірге әкеп, Борқора жотасы мен Іле дариясы аралығындағы мол-мол кеңістіктерде шатыр тігіп, шаңдатып жатты. Өздері ғана тойынбай әкелген дәмдерінің ең тәуірлерін ұрға ішіне жөнелтіп, соның өтеуіне ол жақтан жаңалық, тың хабар күткендер де орасан көп. Қонтайшы ұрғасы орналасқан Кеңсайдың орман-тоғайлы сағасы демесең бұл жақтағы кеңістіктердің басымы күндіз ыстық та, түнге қарай масалы келеді. Оған да қарайтын ешқайсысы жоқ. Ақсу өзенінің шатқалындағы кіші бұтхана, Қас өзенінің бойындағы үлкен бұтхана бұл кезде сірә, қанырап қалған шығар. Себебі, ондағы барлық ламалар, аяқ алып жүруге жарайтын діни қызметшілер, әрқайсысы өзөрен-жарандарын, құл-құтандарын ертіп, олар да осында қара көбейтуде еді. Тіпті осы он бес күндіктің соңына таман Лxaca қаласындағы ғибадатханалардан да бір топ үлкен ламалар сау етті. Жартылай күйдірілген, көбісі күйдірілмеген кірпіш қабырғамен қоршаулы ұрға ортасындағы басқа құрылыстардан еңсесі биік, қытай үлгісіндегі зәулім сарайдың әнеукүні ғана қонтайшы Сыбан Рабтан мәжіліс өткізген залында енді Қалдан-Серен күндей күркіреуде. Төрдегі әке орнына қонжиып, Будда әулиеге арқасын бере ырғала сөйлейді. Бірақ қонтайшы әке кезіндегідей күн мен түнге жалғасатын хикаяттарға орын
жоқ, бас қолбасы ма, кіші қолбасылар ма, не тайшылар ма, қайсысы сөйлесе де сөздерін шымшықтың тұмсығындай етіп қысқа қайырады. Ыстықкөлден төмен Шу бойынан жеткен қолбасы Сары-Манжы бір жайсыз хабар әкеліп еді. Осы соңғы бір айдың ішінде қазақтар Келес өзенін бойлап жылыстап жетіпті де, ойда-жоқта Ташкент қаласын басып алыпты, ондағы қала басшысы – қалмақ бегін үй ішімен зынданға салып, басқаларын жаяулата айдап, қуып жіберіпті. Мына отырыста дене бітімі қол тоқпақтай, тек басы қаз жұмыртқасындай сопақ, жүзі қып-қызыл, мұрны имектеу, жартымсыздау сақал-мұрты дөңгелектене біткен, тек әрбір қайратты адам сияқты мұның да көздерінде оты мол, Сары-Манжы сол ақпарды қайталай айтты. Ине шаншарға жер жоқ кең залдың ішінде бір уіл жүгіріп өтті. Әсіресе, бас қолбасының сол жағында үймелескен Лхаса қаласынан келген дінбасылар қатты таңырқасқандай. Сары-Манжының сөзін қазақ ортасынан келген тағы бір тайшы іліп әкетті: – Мынау Қаратал өзенінің жоғарғы ағысы, Лабасы тауы жақтағы қазақтардың басымы осыдан төрт жыл бұрын біздің ұлы шабуылымыз басталған шақта-ақ «біз сендерге боданбыз» деп, құлдық ұрмап па еді. Қазір солар да әртүрлі мінез шығарып жүр. Кіші қолбасылардың бірі төрдегі Қалдан-Серенге жарамсақтанғаны ма, жоқ әлде шын ойы ма, сықасқан көптің орта тұсынан сұңқ-сұңқ етті: – Мінез шығарса қыздырылған темірдің дәмін таттыруға ақылың жетпей ме? Алғашқы сөйлеген тайшы жасы егделеу адам еді: – Жарығым, қыздырылған темір емес, олардың өз денелерін де отқа қақтап көрдім. Бірін қақтасаң екіншісінің бұлан-талаңы шығады, бәрін бірдей жағып жібере алмаймын ғой, – деп ақталды. Оған ендігі де Қалдан-Сереннің өзі жауап берді: – Мына ағамыз үлкен Черен-Дондук те сол бодан қазақтардың ен ортасында.Бұл кісіденәзірге ондай шағым түскен жоқ. Үлкен Черен-Дондук те бас қолбасының сөзін құптағандай ол тайшыға таңырқаған жүзбен мойнын бұра қарады. Тек бір ғажабы қазақтар тарапынан әртүрлі оғаш қылықтар байқалатынын алыстан жеткен екі-үш кәртамыс бектер де қоштады. Олардың бірі былайша ағынан да жарылды: – Біз Қазақ ордасын екі бөліп атаймыз. Бірі анау тайшы айтқандай осыдан төрт жыл бұрынғы біздің ұлы шабуылымыз үстінде ұлы Жоңғарияға қарсы саусақ ұшын қимылдатпай бодан болғандар. Екіншісі жан басынан бір-бір қарсақ терісін төлемекке келісіп, әрірек жан сауғалап кеткендер. Мына тайшының «мінез шығарып жүр» деп, шағымданғаны әлгі алғашқылары ғой. Ол алғашқылар мінез шығарса, мына бастықпаған асаудай соңғысының ішіне одан әрмен жел бітіп, баршасын уыстан шығарып аламыз ба деп, зәрем зор түбіне кетеді. Қалдан-Серен мен оның айналасындағы ең биік лауазымдылар мұндайлық секемшілдікті әзірге пәруәйіне да ілетін еместей. Ең шалғайдағы ұлыстардан әлі де келетін кісілер бар еді. Қалдан-Серен соларды күткен екен. Тағы бір үш-төрт күндікте олар да келіп болғасын ұрға ішіндегі үлкен алаңқайда, түнеукүні Сетержап қаптаған кәнизәктардың, нөкер қыздардың ен ортасында секектеп ойын-сауыққа қатысқан сәкінің үстінде Қалдан-Серен өзін Жоңғария мемлекетінің ұлы мәртебелі қонтайшысы етіп жариялатты.Бұл қуаныш шамамен бір аптадай тойланды. Енді ол да аяқталып, көпшілігі тарағасын Жоңғарияның ине-жіптен
жаңа шыққан қонтайшысы Қалдан-Серен қалмақ қауымының сорпа бетіне шығарларын қайта жиды.Бұл бәрінің ең бір тағатсыздана күткен сәті еді. Қалдан-Серен не айтса да сөзінің соңын жұтып қойғандай қысқа қайырады: – Біз Қазақ ордасы деп алданбайық, аздан дәметіп көптен құр қалмайық. Қазақ ордасы онсыз да ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдырығымызда. Астаудағы балық қанша тулағанмен бүлдірері шамалы. Біздің бүгінгі басты жауымыз мынау шығыстағы тажал – Қытай. Ал Қытай Халхамен қосып, Хамиді жартылай тісімен тістеп, тапжылмай отыр. Тіпті бізге әртүрлі шарт қояды. Біз оның ешбір шартын орындай алмаймыз. Өз жерімізді қайтарсақ, ешбір ақы-пұлсыз қайтарайық. Ендігі кезек білектің күші, найзаның ұшында! Жас балаша шаж еткен дауыс сол баяғы өз орнында отырған Лубсан хандікі еді. Ол екі қолын шапақтап, әрі желкелігімен кенерені соғардай теңселіп: – О, құдай! О буддаәулием! Бүгінгі күн менің ұзақөмірімде болған ең бақытты күн! Осы күнге жеткізгендеріңе мың да бір рақмет! – Сен, Сары-Манжы, Қазақ ордасының жерін, әсіресе, мына Жетісу, Шу бойы, Қаратау өңірін жақсы білесің, – деп жаңа қонтайшы сөзін одан әрі жалғастырды. – Сен бүгіннен бастап бүкіл Қазақ ордасындағы қалмақ әскерлерінің бас қолбасысы болып тағайындаласың. Сондағы барлық тайшылар, зайсандар, қалмағы ма, қазағы ма – бәрі саған бас иіп, жатып жастық, жайылып төсек болуға міндетті. Астаудағы балыққа ие болатын шығарсың. Оны қалай жуасытасың, Ташкентті қалай қайтарасың – бәрі сенің иелігіңдегі шаруа! Бұл Сары-Манжының сөз жоқ мәртебесі өскендігі еді. Бірақ оның өз жүзінде ондайлықтан туындаған шат-шадымандыққа ұқсас белгілер танылмады. Қонтайшының сөзін үлкен Черен-Дондук іліп әкетті: – Халханы қайтару үшін сонау Алтай тауларындағы, соның айналасындағы жерлерді бір қолға біріктіру керек, ұлы мәртебелім! Мен өз балам – сіздер атайтындай кіші ЧеренДондук туралы бір пікір тастағым келеді. Бас зайсан атанып, сіздің қасыңызда отыру ол үшін үлкен мәртебе. Алайда, айдаһармен алысудың реті келген осындай шақта оның жастық қуатын неге сарқа пайдаланбасқа. Мен кіші Черен-Дондуктың Алтай таулары мен сол төңіректегі барлық қалмақ әскерлерінің бас қолбасысы тағайындалуын өтінбекпін. Тек бас қолбасылық қана емес, Сары-Манжының мәртебесіндей мәртебені қоса берген жөн шығар. Қалдан-Серен мұны бірден құп көрді.Бұлай ұсыныс жасағанда үлкен ЧеренДондуктың өз іш есебі де бар еді. Ол Қалдан-Серенге аса сенбейтін, әлдеқалай сілкіністерде балам мұның құбылмалы мінезінің құрбандығына шалынар, одан алысырақ жүрсе қауіпсіздеу ғой деп түйіндеген. Сөйтіп, Халхаға таяу Алтай таулары мен оның төңірегіндегі барлық қалмақ күштері мен ұлыстары бір қолға біріктірілді. Тек бұл тұста Қалдан-Серен мынаны ескертті: Қытайға байланысты әрбір ауқымды істер менқозғалыстар Жоңғария қонтайшысымен алдын-ала келісілуі керек. Ал Сары-Манжыға ондай талап қойылмаған. Демек, Қалдан-Серен өзіне қонтайшылықпен бірге Қытайға қарсы қаратылған барлық әскери күштердің ең жоғарғы бас қолбасысы лауазымын қоса жапсырып алғаны анық. Бұл жағдай кейбір көкірегі жүйріктердің ішінде қобалжу тудырды. «Ия, тағы да бір ұлы сүргін күтіп тұр-ау бізді. Жоңғария мен Қытай арасында жеті жылдық қанжоса соғыс науқанын өршіткен, ақыры аждаһаға әлі келмегесін осыдан
тура отыз жыл бұрын наурыз айында Ача-Амтатай шатқалында у ішіп өлген ҚалданБошақты ханның қайғылы заманы басымызға қайта орнамасын». Тағы екі күн өткенде Қалдан-Серен барлық қолбасыларды, тайшыларды, қонақтарды тегіс таратты да мұнда тек бас зайсандар мен ұрға маңындағы әскер қолбасылары, күзет бастықтары ғана қалды. Ұрға айналасындағы қызық күткен ығы-жығы көпшілік те бірер күнде жым-жылас жоғалды. Айналада құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.Бұл осы 1727 жылдың қыркүйек айының екінші жартысы еді. Қалдан-Серен осындай тыныштықта бірнеше хат жаздыруға кірісті. Ең алдымен Ресей патшасына хат жолдап, сержант Д. Ильинді, оған қоса әкесі Сыбан Рабтанның кезінде белгіленген өз адамы Боджирді тезірек аттандырғысы келді. «Ұлы мәртебелі патша!»– деп бастап, Жоңғария байтақысындағы орын алған оқиғаларды кысқаша түсіндірді: – Менің інім Шұна-Доба сіздің құзырыңызга жататын Еділ бойындағы Қалмақ хандығына барып, соның жаңа басшыларының бірі, әрі өзінің қайынағасы Дондук-Омбамен бірігіп маған қарсы қастандықұйымдастыруда. Олар Ехе Абуғай елшілігі арқылы Шұна-Добаға туған шеше, маған өгей шеше Сетержапқа әдейілеп у жіберіп, әкем Сыбан Рабтанды және мені өлтіруді ойлады. Алайда, әкемді өлтіргенмен мені өлтіріп үлгере алмады. Сіз, ұлы мәртебелі патша, Ресей мен Жоңғария арасындағы достық қатынасты қадірлей отырып, менің інім Шұна-Доба мен Дондук-Омбаны ұстап, қол-аяқтарын кісендеп, бізге жіберу жөнінде бұйрық берсеңіз өте игілікті іс болар еді». Осы мазмұндас хат сол Еділ бойындағы хандықтың басшысы Черен-Дондуктың атына да жөнелтілді. Ал Ехе Абуғай елшілігіндегі адамдар осында тұтқында жата берді. Сөйтіп, швед оқымысты-инженері Ренат айтқандай, шынында Жоңғария тарихында жаңа кезең басталды.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
1729 жылдың ерте көктемі. Түстіктің ежелгі дағдысына басып, биыл да Қазығұрт тауының айналасы, Бадам, Келес, Сайрамсу өзендерінің жағалаулары сияқты өңірлерде наурыз айы туар-тумастан-ақ күрт жылынып, сай-салаларды сарқырама сулар билеп әкетті. Қазығүрттан шығыс бетте қазақтың тілімен айтқанда небәрі қамшы тастамдай ғана жерде кесе-көлденең керілген Қаржантаудың кары да тез еріп, содан өріліп, құлайтын аталмыш өзендер табан астында ернеуінен аса дүрілдеп, айналадағы елге мінез көрсетті. Қаржантаудан әлденеше салаланып құлдыраңдап шығьш, бір арнада тоғысатын Келес өзені, әсіресе, қатты құтырынды. Қазығұрттың өз қойнауларында да әншейінде тамтұмдап қана сылдырайтын кішкене мөлдір тұмалар биыл қар суының есебінен молайып, бұлар да «кісі қатарына қосылмақтай» еңіске қарай ентелей жұлқынады. Осындай онсыз да мол сулы алқапқа тап осы ерте көктемде екіленіп жаңбыр жаумасы бар ма? «Әнекеме Жәнекем қосылып» дегендей бұл жаңбырдан соң біраз жылғалар тіптен арнасынан асып, айналаны мүлдем аяқ алып жүргісіз етті. Ескелді бидің өз ауылы Бадам өзенінің түстік жағында. Желдетіп, беттен, иықтан ұрып жауған жаңбырға қарамастан би сыртта еді. Қыста көп мінілмегендіктен едәуір қоң жиған боз бұрылының үстінен түспей басына қақырадай жапқан үлкен шекпен
далбағайының астынан жүзі көрініп, ауыл-ауылды көп кезді. Қасында тете інісі Естай мен Кәшке, тағы екі атшы жігіт. Бидің мына қарқынмен алыстағы ауылдарға да жүріп кетуі ықтимал екенін сезген Естай: – Апырай, мына жаңбыр қайтеді? «Қазығұрттың басында кеме қалған» дегізген топан су көтерілер ме екен өзі? – деп қойды. – Сен, Естай, дәл төбесінен түстің, Қазығұрттың айналасын шынында топан су басқалы тұр, – деп, шекпен күпінің ішінде денесі қозғала Ескелді би өз інісіне бұрыла көз тастады. Ағалы-інілі екеудің сөз алмасуынан Кәшкенің де ішінде бір сергектік оянды.Мұның да кигені шекпен күпі, тек басында далбағай емес, екі құлағы салтақ-салтақ қазақы тымақ. – Бұл жолғы Нұх пайғамбар Төле би атамыз шығар-ау, – деп салды. Ат үстінде қатар жылжыған үшеудің ортасындағы Ескелді би далбағайның бір жағын саусақтарының ұшымен түріп, оған да әдейілеп назар салды. «Түбіндегі біздің бір ізбасарымыз осы-ay, тек құдай өзіңді ажал оқтан сақтасын» деп іштей толғатты да қойды. Сөз шығын етпеді. Бұлар ұзақ жүрді. Үшеу арасындағы ермек көбіне қысыр әңгіме. Тек әредікте сол қысыр әңгімелердің кейбір буын-буынында астарлы сөздер ұшырасады. Үшеуі де оны тап басып танығанымен оттан суырған қоламтадай қолдан-қолға жүгіртіп әкете қоймайды. Әрқайсысы өзұққанынша көкірек қуыстарындағы өзге ырзықтарына апарып жапсыра салады.Бұлар жаңбырлатып, айнала тұмандатқан буалдыр дүниені жатсынбай көп сабылғанмен ақырында астарындағы аттарын аяды ғой деймін, іздегенін таппаған адамдарша Ескелді қос тіккен маңға қайта оралды. Күннің қай мезгілі екені ашыпайырғысыз, шамамен екіндінің кезі дерліктей. Ескелді қосының сыртында жабумен жабылған ер-тұрманды бес-алты бөтен аттар тұр екен. Алғашында Ескелді: – Бұл Балпық шығар, – деп қасындағыларға сыбырлай сөйледі де тез ер үстінен ауып түсіп, кең күпінің ішінде тіптен зор көрінген кеудесін екі бүктей ішке енді. Сыртта қалған Естай мен Кәшкеқосшы жігіттерге естірте сыр алмасты: – Биде бір елегізген көңіл күй бар. Бізді жаңбырлатып онда-мұнда сүйреуі де содан, – деді Кәшке. – Сөзіңде бір мысқал да жаңсақтық жоқ,– деп жауап қайырды Естай. – Егер мына келген Балпық болса би тынышталатын шығар. – Мұныңа да қосыламын. – Ия, мына ұлы сүргін қарсаңында ақыл қоспақты ойлап мазасызданады ғой, шамасы. – Әй, Кәшке-ай, хан қызынан да қателік кетеді деген, ендігісінде шалыс бастың.Бұл ұлы сүргін атаулы маңдайымызга біржола байланғандай таусылар емес қой. Бірақ Ескелдінің Балпықты ойласа дегбірі қашып, елес қуғандай онда-мұнда жүйткігені бір бұл емес. Кейде қараптан қарап отырып та сол Дербісәлінің баласы деп, кеудесінен жалын ататынын қайтерсің. Ал оның қасында бір әке, бір шешеден туған мына бізді көзіне де ілмейді. – Мұныңызға қосыламын, бірақ мына сүргіннің ажары бөлегірекау, Естай аға!
Бұлар да үйге кіріп байқады, келген Балпық емес, мүлдем сырт елдің адамдары екен. Ескелді ай-шайға қаратпай төрге жайғасқан бес-алтауды сұраққа алса керек, ішіндегі атжақты, ұзын сақал-мұртты кекселеу біреуі шешіле сөйледі: – Біз мына Қаратаудың арғы бетінен шықтық. Ошақты, Сіргелі деген ұлы жүзге карасты елдің адамдарымыз.Ұлы жүз үйсін баласының барлық күші Қазығұрт баурайында тоғыссын деген Жолбарыс хан, Төле би жарлығын біз де естіп, жолға қамданбақ едік, тек барар бағдарымызға бір сызық тартып қайтыңдар деп, бізді аттандырып еді. Осы маңда үлкен ағаның биі отыр дегесін, сіздің от жаққан жеріңізді айналып өте алмадық. Қонақтардан төменірек, олардан оң жақ іргеге жайғаскан Ескелдінің суланған жүзі сәл-пәл ажарланып, қонақтарға жылы шырай білдіргісі келді. Қарсы беттегі іргеде, қалың киінген бидің бәйбішесі Ақжәмилә отыр еді. Ол Ескелдінің жүзіндегі райды таныды да қасындағы екінші әйелге иек қақты. Ол құрт езіп, қонақтарға сусынәзірлеуге кірісті. Сыртта жаңбыр, үй іші тар, нағыз жорық жағдайындағы тіршілік, онымен барлығы санасуға мәжбүр. Ескелді күпісін шешіп, іргеге тастаған. Ендігі үстінде қалғаны жеңі қысқалау тайжақы. Шекпен шалбар, саптама етік. Мойны сорайыңқырап бәрінен еңсесі биік, қолаяқтарының кеспелтек ағаштай тым ірі көрінгені үшін мына келіп отырған кісілер алдында өзін жазықты санағандай-ақ кеудесін қоярға жер таппағанға ұқсатады. Басына қатты тартылған түсі қаракүңгірт орамалының оң жақ самайға құлаған ұштары әлсін-әлсін дір-дір етіп, бидің тұлабойын жайлаған мазасыздықтан хабар беретіндей. Әсіресе, жаңа ғана жаңбырлатып, сыртта бірге жүріпқайтқан өз адамдарына солай көрінді. Ескелді қонақтарға да зорлана жымиятын сияқты. – Әттеген-ай, кең заман, бейқұтшылық күнде қой сойып, қол қусыратын-ақ ағайындар екенсіздер, – деп бір көпшік тастады. – Пейіліңізге мың да бір рақмет! Осы бір ілтипатыңыздың өзі біз үшін бал татыған асқа бергісіз! – Рақмет! Біз бәрін түсінеміз.Өз басымыздағы жағдай да осындай, – деп жамырасты қонақтар. – Айтпақшы әлгі Саңырық батырдың халі нешік? Торғайдағы соғыста сол иығынан жараланғанын естігенбіз? Бұл сұраққа Ошақты адамы жауап берді: – Саңырық батыр сауықты ғой, тек белге байлаған шоқпарды қолы көтеретіндей күйде емес. Сонда да өзінен кейінгілерге «әйт-шүуге» жарап тұр. Мұны естігенде Ескелді мойнынан су құйылғандай едәуір үнсіз тұқырды. Сосын Сіргелі адамына да көрсеткен құрметіне ұқсатып, ондағы Қара Тілеуке деген батырдың хал-жайын да сұрады. – Батыр бабында ғой. Бізді осында жұмсаған да сол Қара Тілеуке, – деген жауап алынды. Ескелді осыдан кейін ғана бойын қайта жазғансып, жүзін көтерді. Құрт езген сусын әзірленгенше шаршап, шөліркеп келген меймандарды алқымнан ала бермейін дегендей «ауылдың алты ауызына» көшті: – Біз мына Бадам өзенінің теріскейінде едік, жер-дүниені су баспай тұрғанда бері өткенімізді жаратқан иемнің дұрыс ақыл салғанына баладық, – деп бастады да Ескелді өздеріндегі жайлардан сөз суыртпақтатты. Осы әңгіме үстінде тұлабойлары малшынып
Тәттібай мерген, Малтабар батыр, Есенбай кірді. Қонақтардың кім екенін білгесін бұл үшеуі де қарап қалмады. Ескелді қозғағанды бұлар іліп әкетті. Тек бір-бірлерінің ауыздарына түкіріп қойғандай бәрінің айнала соғатын қазығы біреу. Ол биыл, биыл емесау, енді-енді бұрқ етпекші ұлы сүргін хақында. Өткен жаз айында осы Бадам өзенінің төменгі сағасына таяу, Бадам мен Боралдай қосылып, Арыс өзеніне айналатын тұсқа да солай Ордабасы атты кішкене тауда өткен оқиға бәрінің көкіректерінде қаз-қалпында сайрап тұрғандай. Бұлар не жайды тіл ұшына іліктірсе де, не жайды ішке түйсе де сол Ордабасы тауындағы оқиғаға соқпай өтуге жоқ. Енді қайтсін, одан бергі шығыс беттегі қырқалардан немесе одан арыдағы Арыстанды, Шаян ойпаттарынан көтерілгенде шамамен жүз шақырымдай қашықтықтан-ақ түздіктер көзіне оп-оңай шалынатын сол бір қол тоқпақтай ғана төбе бұрынғы-соңғылы қазақ өмірінде болмастың болғанына, тәтті қиялдың шындыққа айналғанына жалғыз куәдай бозара бой созады. Тіпті қазақтың кешегі ұлы ханы – Әз Тәукенің өзі жатқан жерінен бас көтеріп, сол Ордабасы тауына сол күндерде қызыға да, қызғана да көз тастағандай әсер еткенін қайтерсің? Ия, онда сондайлық не болды дейсіз ғой. Болғаны сол – өткен 1728 жылдың жазында сол тау айналасында исі қазақтың жақсы мен жайсаңы, биі мен батыры, ханы мен қарашасы, шешені мен көсемі алашұбарланып келіп, тұмсық тіресті, бас қосты. Мұндай аса келелі бас қосулар хақындағы деректер ата-бабалар қалдырған шежіре жазбаларды, көне кітаптарды, шетелдік ғұлама жиһанкездер еңбектерін парақтап іздесең табылар ма? Табылса да айыз қандырарлықтай емес шығар. Саусақпен санасаң саусағыңның санына жетпейді. Ал ауқымына қарасаң мұнымен шендесер бірін де ұшыратпайсың.Бұл соңғысы алты алаштың жаны қысылғанда, тіпті сол шыбын жаны шығарға тесік іздеп, мұрнының ұшына келгенде қол жеткізген шешімі немесе оң иыққа қонған періште сыбырлап ұсынғасын тап беріп ұстанған байламы іспеттес аса қымбаттық дүние. Ордабасы өзі ғана алыстан шалынып қоймай, мұның өзінен де айнала мол кеңістік алақандағы жазудай айқын көрінетін. Сосын да ондайлық ұлы нөпірді қарсы алу, мініс аттарын, сойыс малдарын орналастыру мұндағыларға аса қиынға соққан жоқ. Бадам өзенінің мөлдір суы адам мен малдың мейірін қалай қандырады десеңші, таулы-тасты келетін түйетайлы жазық, кішкене жоталары біресе қойындасып, біресе бөле-жарыла біткен ойлы-қырлы кең далалар, Ордабасының батысы мен түстігіндегі терең сайлар, жылдың қай мезгілінде де үзілмейтін көгі мен қуы аралас тіске жұмсақ шөбі қанша жылқыны қойны-қонышына тығып, жасырып, асырап-сақтауға жарайды десеңші. Әрине қазақ жерінің әр қиырынан ойда-жоқта бұрқ етіп, топтанғанды, сайланғанды көрсебасыпжаншып, тірі қалғанын ат артына бөктеріп әкететін қалмақтар жалаңдап тұрғанда ең алдымен ескерілетіні – қауіпсіздік. Міне, сондайдаОрдабасы айналасындағы бұлыңбұлыңдар аса көп қарулы күштіде бүркеп ұстап, керек күнде әлеңкедей жалаңдаған немелерді тұтқиылдан соққының астына алу, «есің барда елің тап» деген қазақ нақылының мағынасын күшпен ұқтыру үшін де іздесең таптырмас қолайлы пұшпақ. Ия, үш жүздің басын қосуға Ордабасы осындай бітім-болмысымен өзі сұранғандай еді. Мына отырғандар да Ордабасының осындай ерекшеліктері көз тартқанын жайқап өтті. Оны тамамдағасын бұлар үшін екінші бір көкейкесті тақырып Әбілхайыр хақында еді. Тек оған тірелгенде қай-қайсысы да тамақтарына тас тығылғандай үндері өшіп, бір-бірін көзбен бағып, «тыңға түренді сен салшы» дегендей кезек бергенсіп, тартыншақтайды.
Тіпті кейбірі Әбілхайырдың атын атауға да тыжырынады. Ордабасыда ақбоз ат шалынып, күллі қазақтың әскер қосындарына бас сардар сайланатындай ол Әбілхайыр кім еді соншалықты? Оның қолбасылық өнерінен гөрі тентек мінезі, бұқпа есепке бейімділігі, үш момынныңбаласынан бөле-жарылып, абырой-атақ таппақ менмендігі, мансапқұмарлығы жайлы жыбыр-жыбыр өсек, алып-қашпа сөз әлдеқайда басым емес пе? Жел соқпаса шөптің басы қимылдаушы ма еді? Тіпті басқаны қой, сол Әбілхайырдың өзі шыққан алшын елінің бұрынғы кемеңгері, бұл күнде жаны жаннаттағы Әйтеке би Бәйбекұлының о дүниеге аттанар сәтінде «Мен Әбілхайырдан түңілдім, Кіші жүз еліне басқа көсем керек» деген өсиеті қайда қалды? Осындағы ұлы жүз, үйсін елінің бүгінгі ғұламасы Төле бидің«түлкі тұмсық жан екен, Әбілхайырға сенім арту шалалық» деген әулиелігі неге тәрік етілді? Енді сол Төле бидіңүш жүздің ұлы ханы Болаттың ұйтқысымен Жетісу мен Арқадан, Қаратау бойы мен Сырдариядан, Жайық пен Арал ойысынан ат арытып жеткендуалы ауыздардың сол бір талайдың тұлабойын мұздатқан Әбілхайырды бастарына моншақ етіп көтергендері не сасқандары? Қай сайтанның азғыруымен жүзеге асқан шаруа? Ата жауға қарсы күрестееркек кіндіктінің делебесін қоздыра білген Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, алшын Тайлақ, Есет, үйсіндегі Саурық, Саңырық, Хангелді сыңды сақа батырлардың ауызға ілікпеуіне не себеп? Әбілхайырдың неден мысы басты бәрін? Осы жайды жалайыр биі Ескелді Жылгелдіұлынан тікелей сұраса да айыбы жоқ-ау. Төле бидің жиен немересі, әрі онымен тонның ішкі бауындай араластығы бар бұл мұның мәнін ашып-айыруға қайтсе де жарайды. Соны білсе де мына Ошақты, Сіргелі адамдары өз көкейлерін тескенге тура тартпай, қиялай жортады. Өткен-кеткеннің әңгімелерін судай сапырып, тек ара-тұра ғана аталмыш батырларды сипап етеді. Ия, меймандардың көздегені – көкейлерін тескен сұрақтарға Ескелді би бұлардың қолқасы арқылы емес, өз бетінше соқтықса екен, сонда құдай да тыныш, құдағи да тыныш, бұлар құлақтарының құрышын қандыра тыңдар еді. Ал әгәрки, төтесінен тартып, «Әбілхайырдың соншалықты неден аруағы асты» деп төбеден қойып қалса, меймандардың өз бастары да, әрі оларды осылай із салуға жұмсаған жергілікті ел басшылары да абыройсыздыққа қалар еді. Себебі, ондағысы да, мұндағысы да «заман ауанын тануға ақыл-зердесі кемшіндік еткендер» деген атақ жапсырып алары ғажап емес.Бұлар содан қауіптеніп, тайсақтайды.Бұл күнде көп жайды өз деңгейінде байыптап, көп түйінді шешуге екінің бірінің зердесі жете бермейтін. Қалай жетсін? Жетісу мен Арқа, Қаратау бойы мен Еділ-Жайық арасы, Сырдария мен Арал ойысы, құшаққа сыймас сол өлкелерде не болып, не қойып жатыр, Жоңғарияның өз іші қалай лықып-тасуда, Бұхара мен Хиуаны не бүлік, не шатақ дүрліктіруде, міне, осының бәрінен хабар алып, өлшеп-пішіп, қортынды жасарлық қабілет баршаның пешенесіне жазылып па? Бәлкім, Әбілхайырдың үш жүз қосынының бас қолбасысы тағайындалуына себеп те сол қиыр-қиырдан Ордабасыға құйылған ақпарлар жиынтығын шайқап майын алғандағыдай біліктілер сүзген ойдың інжу-маржанында жатқан шығар. Шындығында сол Ордабасыда Әбілхайыр бас сардар сайланғанда оның салтанаты көп болды да, жұртқа түсіндіру жағы жетіспеді. Себебі, Болат хан бастаған барлық ханзадасұлтандар, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Ақсуат би сынды ел көсемдері өздерінің неден хабардар, неден хабарсыз екенін бүге-шігесіне дейін жариялаудан тартынған еді. Қалмақ
жансыздарының жүрмейтін жері жоқ. Өз жағдайлары хақында хатқа түсірген жазудай етіп, оларға сайрап беру жөн емес. Көп жай құпия жағдайда ежіктеліп, сыпатталды. Сырт елдің басымы осылай анталаған сауалдардың астында қалуы міне, содан еді. Тек бәрібір Ордабасыдан тараған бұйрықтар орындалып жатты. Сол бұйрықтардың бір тармағы бүкіл ұлы жүз үйсін қолын қасиетті Қазығұрт баурайына жинау еді. Ендігі қам-қарекеттің бәрі соған бағытталған. Ескелді меймандар райын түсінді ме, жоқ па, әйтеуір олардың жетегіне жүре қоймады. Көбіне көздерін төмен салып, өзгелердің сөйлеуіне мұрсат берді. Ауылдың алты ауызын Малтабар батыр жалғастырып, көп созғылады.Бұл, әсіресе, ертеден құлаққа таныс «Ай қораланды», «Құйрық жеу», «Ашамай» атты байырғы ұрыс тәсілдерінің қыр-сыры төңірегінде көп айналшақтады. Ондағы мақсаты мына сырт ел адамдарын сондай әңгімеге тарту. Себебі, бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі осы емес пе? Тек бұл меймандар өткендегі соғыстар жайында аз-кем біліктерін ортаға салғанмен нақтылы ұрыс тәсілдері тақырыбын маңайламады. Бұл күні жаңбыр басылмады. Қонақтар осы Ескелді үйінде қалды да, Малтабар, Тәттібай мерген, Есенбай және басқалар түнге қарай қоңсылас өз қостарына кетіп, таңертең биенің бас сауымы шағында қайта жиналды. Би үйінде қонақтар барын естіген тағы бірнеше адам қоса ере келді. Енді Ескелдінің жорық жағдайына лайықталып тігілген кішкене ғана қосының ішінде ине шаншарға жер жоқ. Бәрі де киіз туырлықты сырттан тарсылдатқан жаңбырдың мінезіне құлақ тосқансығанмен шын ынта-ықыластары Ескелді мен қонақтар жағында еді. Ия, мынадай аласапыран оқиғалар қарсаңында жұрттың әртүрлі ақпаратқа деген зәрулігі жұт жылғы ашқарақтықтан бір былай емес. – Апырай, бұл не, аспанның жарығы ашылып кетті ме? – деген күңкілдесулер де сол өздерінің арғы түкпірлеріндегі ниетті бүркемелеу үшін туындайтындай. Тек бұл күні де мардымды сөз өріс таппады. Оның орнына кеше кешке Малтабар маздатқан әрқилы ұрыс тәсілдері, Жоңғариядағы жағдайлар, жаңа қонтайшы Қалдан-Сереннің Қытаймен екі арада әр түрлі қимылдарға баруы сияқты бұрын да құлақтарын жауыр еткен жайлар езгіленді. Бар қызық түс ауа келді. Екіндінің шамасында жаңбыр едәуір толастап, айналаны ақ тұман басып, тұмшалап тастады. Қамшы тастамдай қашықтықты көру мүмкін емес. Ошақты, Сіргелі адамдары Қазығұрт айналасынан аздап хабар алғасын келген жолдарымен кері қайтуды да ойластырып отырған. Кенет үй сыртында бірнеше ат дүбірі естілгенде бәрі құлақтарын шошайтып, елең-елең етісті. «Кім екен, шықшы», – деп Ескелді босағадағы атшы жігіттердің бірін жұмсап та үлгермеді, киіз есікті емін-еркін ашқан біреудің сұлбасы көрінді. Үсті-басы суға малшынған, аюдай қорбаңдаған неменің түр-түсін көзі өткір түз адамдарының өздері де ажырата алмады. – Ассалаумағалейкүм! – деп, кірген кісі даусын әндете созып, алакөлеңке үйішіндегілерді жыпықтаған көздерімен тез адақтап шықты да, самсаған көптің ортасындағы Ескелді бидің бөлек сұлбасын танып, маңырап қоя берді. – Апырай, би-аға, сіздің қос тіккен жеріңізді әрең таптық қой! Баршасы кірген кісіні даусынан таныды. Бұл келген әлгі Дулат батыры Қосай еді. Мұның соңынан Ескелдінің өз туысы, Шора балаларының бірі Күртібайдың да басы қылтиды. Мәселе сыры енді айқындалды. Осыдан үш жұмадай бұрын, ақпан айының ортасында, қыс қары сіресіп тұрғанда-ақ Ескелді, Балпық, Қабан жырау үшеуі ақылдасып,
осы Қосай мен Күртібайды қастарына оншақты қосшы қосып, сонау Сырдарияның төменгі ағысы жақтағы жалайыр-балғалыларға, солардың көсемі Жарықбас Есентүгел дейтінге жұмсаған болатын. Солар оралыпты. Бөгде бағдарға сапар шеккен Балпық қашан келеді деп тағатсызданған Ескелді мыналардың бастары қылтиғанда сол Балпықпен қауышқаннан әрмен қуанды. Себебі, Балпық қалайда жақында, ал мыналар тым алысқа ат ізін салушылар ғой. Ескелді елпектеп, ол екеуге өз қасынан орын босатпаққа аяқтарын жинастырып, қозғалақтай бастаған. Шындығында оларға босатар орын да жоқ еді, бидің ілтипатын байқап, басқалар жинақыланып, Қосай мен Күртібайды өздеріне мінгестіре жайғастырды. – Кәне, шапшаң, не олжа, не сарқыттарың бар, жайыңдар! – деп, Ескелді мына сықасқан көптен жасыратын ештеңесі жоғын білдірді. Міне, сонда ғана қалың киіммен аюдай қонжиған Қосай әлденеден тілі күрмеліп, басын бұлғалақтатып, жуарақпанда аузынан сөз шығара қоймады. Жаңа ғана екпіндете жеткен жас батырдың бұл мінезі бірден көңілге қаяу түсірерліктей. – Біз жалайыр-балғалыларға барып қайттық, – деп, Қосай даусын созыңқырай, тіпті әндете көмекейіндегісін әрең суырды. – Би-аға, Жарықбас Есентүгел туысқаныңыз көңіліңізге келсе де қайтейін, осыдан үш жыл бұрын сауға сұрап келген Есентүгелге мүлдем ұқсамайды. Ордабасыдағы жағдайға олар да қанық екен. Сіздің ұлы би Төленің атынан жолдаған сәлеміңізді тым селқос тыңдады. – Сонда не, бұл науқаннан іргемді аулақ саламын дей ме? – Ескелдінің ащы даусы оның тұлабойында ашу бұрқ еткенін білдірді. – Тап сөйдеп, таңдайлары тақылдамаса да, соған келіңкірейтін пиғыл-райларын анық сездірді. Төтесінен тарт десеңіздер, олар қайтарған жауаптың нобайы мынау: ұлы би Төле жалайыр-балғалылар жасағын құрсын деген екен, құба-құп. Сәуір айынан қалмай Қазығұрт төңірегіне жетсін деген екен, құба-құп. Біз бұл сөздердің бәріне құлдық ұрамыз, имандай шынымыз. Неге біз, алты алаштың баласы атқа қонғанда үйкүшік болып қаламыз? Аттанар едік біз де. Тек басқа бір жағдай біздің маңдайымызға сарт етіп тиіп, тұралатып тастады. «О не нәрсе екен» десіп, бәрі Қосайға қарай қоғадай жапырылысты. – Олардағы бар кілтипан Әбілхайырдың жеке басына байланысты екен, – деп Қосай сөзін одан әрі жалғады. –Ұлы би Төле мен Жолбарыс хан ұлы жүздің емес, үш жүздің қолын неге басқармайды? Одан қалса әлгі атағы жер жарған саңлақ батырларымыз қоңыз теріп кетті ме? Он бес жасымда, Қарақорым деген жерде үш жүздің басы қосылып, арғынның қанжығалы атасынан шыққан Бөгенбай батыр қазақтың бас батыры атанып, қалмақтың қанын судай шаштық дегенді Ескелді би маған өз аузымен ырғап еді. Сол Бөгенбайдың бұлжолы неден бағы тайды? Жарайды, Бөгенбайдың бағы тайсын, қазақтың батыр дегенде жалғыз соған қарап қалған жері жоқ еді ғой әкем-ау, толып жатыр ғой басқалары да, солардың бірін көздеріне ілмей Әбілхайырға жармасқандары несі? Үш жүздің қолына «әйт шүу» дейтіндей-ақ бұл алшынның еркетотайы кім еді? Сондай-ақ қай қасиетін дәрі көрген? Әлде Болат ханның, Төленің, Қаз дауысты Қазыбектің, Ақсуаттың ауыздарын алып, мерейі өсті ме бұл сойқанның? Міне, осылай сампылдады Жарықбас Есентүгеліңіз. Одан әлгі Жүсіп қария, Алғазы ақын дегендері де қалыспады. Олардың өкпе-наразын түгендесем тым ұзаққа шабамын.
– Апырау, сонда Күртібай екеуіңнің тіл-жақтарың қарысып қалды ма? – Тіл-жақтарымыз қарысқан жоқ, би-аға! Күртібай екеуміз жарыса Ордабасыдағы үлкендер шешімінің мәнін айқара ашып, сараптарына салдық. Бірақ аналар «еттің дәмін татқан біледі» деп бет бақтырмады. Осыдан үш жыл бұрын Әбілхайыр қарамағындағы қарақалпақтар шауып, сосын сондағы алшындардың өздері шауып, әбден ит-сілікпесі шыққан жалайыр-балғалылар осында көмек сұрап келгесін Төле би атамыз алшындарға айбарлана хат жазып, жалайыр-балғалылардың есесін әпермеп пе еді? Бақсақ сонымен тәмамдалмапты. Араларында үзіп-жұлқу, алдап-арбау одан кейін де үзілмепті. Ескелді басын төмен сылқ еткізді де қайта жұлып алды. Tөp жақтағы Сіргелі мен Ошақты адамдарын бір күлкі бүлк-бүлк еткізе бастап еді. Ескелді көздерін ажырайта қарағанда екеудің бірі тіптен батылданып: – Ол жазғандардың да іштерін тескен осы екен-ау, – деп салды. Екеуінің де жүздері айғыз-айғыз, тіпті мәз-мәйрам күлкіге толы. Ескелді өз көздеріне өзі сенбегендей әдейілеп мойын бұра зерделеп, шұқшиды. Бидің бұл назарынан аналар одан әрі ерсінді, шамасы, екіншісі даусын әдемілеп созып бидің өзіне арнап тіл қатты: – Жоғары мәртебеңізден айналдым, биекем, ұлы жүздің ноқта ағасы жалайыр елінің үлкен шоқысы, сіздің бір ауыз лебізіңізді біздер құдай сөзіндей сыйлаймыз. Біз мына жігіттер атаған Жарықбас Есентүгел дегеннің атын естігенмен затын таныңқырамай отырмыз. Гәп онда емес. Ойда жоқта сол Әбілхайырдың мәртебесі өсуіне тосырқай қарайтын жалғыз жаңағы Жарықбас Есентүгел дейтін ғана ма? Біздің де сонымен төркіндес жан жарамыздың барын мойындасақ айыпқа бұйырмассыздар.Бұл өзі алла тағаланың қай ишарасы арқылы туған шешім? Түсінсек неғылдейсіздер? Міне, сонда ғана Ескелді маңдайын қайта төмен салды. Бидің жайын байқаған Малтабар Тәттібай мергенге бұрылды. Қарт батырдың түсін таныған мерген Ескелдінің жағдайын жеңілдету мақсатында жалайыр-балғалылар көсемі Жарықбас Есентүгел туралы жырға көшті. Оның осыдан үш жыл бұрынғы хикаясын түгел сарықты. Одан арғыны Ескелдінің өзіне қалдырды. * * * – Жаратқан ием-ай, аспандағы бүркіт алысты шалады, жерден ілсе кесірткені, не жекелеген аңды әкетеді, бүлдірері шамалы, ал жерде жорғалаған жыланның көрері аз, есесіне таудай түйені де құлатады, адамды да шағады, – деп Ескелді бір толғап барып тоқтады. Жұрт би мақамын намазға ұйығандай тыңдады. – Ия, жыланның уынан келер залалды атап сұрама. Кейде мен балаша қиялдаймын, егер жыланға қанат байлап беріп аспанға шырқатып, жер-дүниені айызы қанғанша тамашалатса, неше жерден қатерлі жәндік дегенмен оның да ақыл-санасының қатқан қара қабығы сыдырылып, ішкі уыз миын жарық шалып, «апырай, мен қашанғы у шашқыш деген жаманатты жапсыра бермекпін, ол менің қай сыбағам еді?» деп, ішіндегі тоңы жібір ме еді, бәлкім. Біздің кей қазақтар сол бүркітке ұқсап, аспанға шығандап, алысты шалуға жоқ қой. Сосын да өстіп, төменде қуыс-қуыста жорғалап, бір-бірін балтырдан тістеп, аяқтан шалудан өзгеге өресі жетпейді. Сосын да өстіп, тар өpіc, тар босағада қамалып, аяқ-қолымызды жаза алмаймыз? Атаңа нәлет қара қалмақ біздің тап сол дәрменсіздігімізді тап басып танып, ұрымтал тұстан дәлдеп соқты емес пе? Туған жерден айрылып, қанатымыздан қайрылып, босқынның күйін кешуіміздің түп төркіні сонда емей қайда?
Бұл аса зілді қағытпаның жалайыр-балғалылар көсемі Жарықбас Есентүгелге орай туғаны баршасына айқын. Бірауық Сіргелі, Ошақты адамдары да мұныөздеріне қарай тас лақтырғанға балап, тіл-жақтарын қарыстырды. Тістерінің арасынан енді бір леп шықса, «апырау, сендер сол біздің жалайыр-балғалылар кесемімен бір-бірлеріңнің ауыздарыңа түкіріп қойғаннан саумысыңдар?» деп, жабыса кетуі де оп-оңай. Бұл тіптен жаман. Себебі, Ескелді би мынадай ұлы қозғалыс қарсанында «бүйректен сирақ шығарып», бөлежарылмақшы Жарықбас Есентүгелдің қылығын улы жыланның зардабымен теңестіріп отыр ғой.Бұл деген жақсы атақ па? Ал Ескелді үшін енді бөгелмек жоқ, сөздің ащысын суырды, енді оны әрі дамытып әкетпек парыз. Арасында ел ішінде Әбілхайырға байланысты түсінбестік тым етек алғанын ұлы би – Төленің алдында бір көтеру қажет екенін көңіл түкпіріне және түйді. Тап осы аралықта Малтабардың інісі Құлжан батыр да кіріп, көп ортасына ол да сығылысты. Енді Ескелді ұзаққа салды. Бұл өз хикаясын Бұхара, Хиуа хандықтарынан бастады. Төле би ордасында әp кез құлағына құйған жайларды өз ақыл-сарабының тезіне салып, қайта қиыстыра, тігісін жатқыза жеткізуге тырысты. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен». Қазақтар сол аталмыш хандықтар тарапынан дакөп қысастық көрмеп пе еді. Шындығында 1723 жылғы қазақ ордасындағы шапқыншылыққа дейін де Бұхара мен Хиуа хандықтарындағы саяси ахуалдардың шекесі қызған жоқ-тұғын. 1722 жылы Бұхара хандығының билеушісі Әбілпейіздің бұрынғы оң қолы, бір кезде осында аталық қызметін атқарған Ибрагим-бек деген біреу үлкен бүлік ұйымдастырды. Әбілпейіз мұны асқан жемқорлығы үшін қасынан қуған. Ұлты өзбек Ибрагим-бек жемқор ғана емес, сол хандықтағы аса жырынды, ықпалды адамдардың санатына жататын. Бұл өзінің жаңа жағдайына көндікпей Әбілпейізден қайтсе де кек алуды қарастырды. Дереу өз жақтастарынан қарулы топ құрып, Бұхара хандығының билеушісіне қарсы жорыққа шықты. Осы хандыққа қарасты Самарқан қаласы мен оның төңірегіндегі жерлерді әпсәтте толайымен басып алды.Бұл Әбілпейізді ойда-жоқта төбесінен тоқпақ тигендей есеңгіретті. Ол есін жиғанша Ибрагим-бек өз амал-айласын одан әрі үдетті. Қу да тақыс бұл неме жалғыз өзінің Әбілпейізді еңсере алмасын сезіп, көршілес Хиуа хандығының билеушілерін қосаққа алуға жанталасты. Сондағы ойлап тапқаны – сол Хиуа хандығының билеушісі, Шыңғыс хан тұқымы – Серғазының немере інісі Раджаб-Мұхамедті Самарқанға хан сайлап, әрі оған өзінің қызын береді. Міне, бұдан әргі оқиға енді осы үшеудің – Әбілпейіздің, Раджаб-Мұхамедтің, Серғазының араларындағы ит тартысқа ұласты. Оған қоян жылғы шабуылдан кейін босып барған қазақтардың әуселесі қосылды. Бір жақтан қалмақ әскерлерінің де алдыңғы легі жетті. Енді әлгі үшеу қазақ пен қалмақты әрқайсысы өз мүддесіне пайдалануға атсалысты.Мұның бәрі әбден құлақсіңді әңгіме, Төле би ордасында бірнеше мәрте басына су құйылған жай. Баршасына түсініктілігі үшін Ескелді осыларды қайта суыртпақтап, соңғы кезде жеткен акпарларды қоса кірістірді. Тек Әбілпейіздің есімін атаған сайын, бұл күнде нағыз жігіт қалпына енген Сабалақ ойына орала берді. Бір кезде Сабалақ сол Бұхара ханына байланысты өзінің жан баласына ашпаған өзекжарды сырын әлденеден осы Ескелдінің алдына жайып сап еді-ау! Ия, өзінің сол Бұхара ханы Әбілпейіздің Сүйініш атты баласынан туған немересі екенін, шешесінің және Оразқұлдың мұны нәресте кезінде
ажалдан сақтау үшін қандай астыртын істерге барғанын ойы піскен естияр адамша баяндап еді-ау! Ол кезде әлі бала Сабалақтың алыстағы жалайыр биі Ескелдінің алдында бүйтіп күрт ақтарылуының себебін бұл күні бүгінге дейін өзге біреулерге ашып-айырып бере алмас. Бірақ ашып-айырып та неғылсын, бұл жайында аузымнан ызың еткен дыбыс шығармаймын деп, Сабалаққа берген уәдесі бар. Расында, Сабалақ сөйтіп, Ескелді алдында неге ашылды екен? Әлде алдағы күннің бір тетігін бітеуге қажет кірпіш сияқты бұл сырым араағайын ортасында сақтаулы жүрсін дегені ме? Ал осыдан екі жыл бұрын, яғни 1727 жылдың басында Бұхара, Хиуа хандықтары арасындағы қақтығыс мүлдем өзгеше сипат алды. Кіші жүз ханы Әбілхайыр РаджабМұхамедпен ауыз жаласып, онымен бірге Бұхара хандығына қарсы майдан ашуға уәде берді. Және де бұл уәдесі сөз жүзінде қалмады. Хиуа ханы Серғазы да, оның одақтасы, Самарқан айналасын Бұхара хандығынан бөліп алған Ибрагим-бек нен Раджаб-Мұхамед те қазақ ханы Әбілхайырды көкке көтере марапаттады. Әмударияның бергі беті – Мәурренахрда ғана емес, қазақ даласында да Әбілхайырдың атақ-даңқын алаулатты. Ал Мәурренахрдың өз ішінде тіптен керемет. Міне, осындай шақта Шыңғыс тұқымы Раджаб-Мұхамедтің Хиуа хандығындағы үлкен сүйеніші Ешмұхамед би деген әмірші Әбілхайырға назар аударды. Түркі тектес халықтардың маңғыт тайпасынан шыққан өзбек әміршісі – бұл Ешмұхамед би Бұхара хандығының ішіне іріткі салып, бөле-жарып әкеткен Раджаб-Мұхамедті барынша қолдап, оған өзінің және ауқатты жақтастарының пұл мен мүлкін аямай жұмсады. Себебі, көршілес Бұхара хандығы неғұрлым әлсіресе Хиуа хандығы солғұрлым нығаймақ. Ия, Ешмұхамед би Хиуа хандығын дәуірлетудің барлық жолдарын қарастырып, сол бетте ешбір мүмкіндікті құр жібермейтін нағыз қандықол, қырағы, әккі саясатшының өзі еді. Мұның бүгінгі Хиуа ханы Серғазыға да көңілі толмайтын. Себебі, Серғазы Шыңғыс тұқымы дегенмен оның әлсіздеу бұтағынан еді. Әрі дарынсыздығы, батыл қимылдарға тәуекелінің жетіспеуі Ешмұхамед би мен оның айналасындағыларды жүйкелете берді. Тап осы хал Ешмұхамед би мен қазақ ханы Әбілхайыр мүдделерінің қауышуына әкеп соқты. Екеуінің түсінісуіне көп уақыт кетпеді. 1727 жылдьщ желтоқсан айында Ешмұхамед бастаған өзбек ақсүйектері құпия жағдайда солқылдақ хан Серғазының жанын жаһаннамға жіберді. Елді он үш жыл басқарған бұл ханның ет бауыр жақындары, сыбайластары қол-аяқтарын қимылдатып та үлгермеді. Өзбек ақсүйектері Хиуа ханының тағына басқа адамды қондыруға асықты. Сондағы тандағандары – қазақ ханы Әбілхайырдың осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өткен ағасы Тоқтамыс сұлтанның баласы Мамай сұлтан еді. Хиуа хандығындағы бұл сарай төңкерісі Әбілхайырдың көмегінсіз жүзеге асты деп кім айта алар? Себебі, көршілес Хиуа хандығының тағына өз адамын отырғызу Әбілхайырдың көптен көкейін тескен арманы емес пе? Ал осы қарқында Ешмұхамед би нені көздеді? Оның пайымдауынша Хиуа ханының тағын Шыңғыс тұқымының аса күшті бұтағынан шыққан адам иеленсе, оның беделі артады, көршілес елдер көбірек санасады, әрі Бұхара хандығына қарсы күрес те қомақты нәтиже береді. Міне, Әбілхайыр мен Ешмұхамед би мүдделерінің тоқайласуы осыдантуындаған.
Сөйтіп бұлар көздеген мақсаттарына жеткендей де еді. Әрі Мамай сұлтан Хиуа ханының тағына Сарыайғыр деген есіммен отырғызылды.Мұның да сол кездегі ақсүйектерге ғана мәлім бір сыры болғаны ақиқат. Тек Мамай сұлтанның пешенесіне жазылған бақтың құйрығы тым қысқа шықты. Асқан салтанатпен хан көтерілген ол алты күн ғана билік құрып, жетінші күні жұма намазынан қайтар жолда астындағы сұлу да әсем жүрісті арғымақ аты ойда жоқта үркіп, аспанға секіріп, мұны ер үстінен ұшырып түсірді. Мамай сұлтан сол құлаған жерінде тіл тартпай кетті. Бұл Ешмұхамед би үшін де, қазақ ханы Әбілхайыр үшін де жайсыз оқиға еді. Алайда, Ешмұхамед би мойнына су құйылғандай ұзақ тұраламады. Өзбек бектерін, керт бұғыдай сұңғылаларын, елшілерін шақырып, бәріне ақыл қосуды бұйырды. Міне, сондағы шешіммен астыртын Бұхара хандығына адамдар жіберіп, одан Батыр сұлтан дегенді алдырды. Ал Батыр сұлтан кім еді? Жалпы қазақ хан-сұлтандары Үсек, Жәдік атты ағайынды екі атадан тараса, солардың ішінде Жәдік ұрпақтары үнемі билік басында жайқалып, өздерін өшпес атақ-даңққа бөлегендер саналатын. Қазақтың ең бір аузынан от бүріккен азулы хандары Шыңғыс әулетінің осы тармағынан шыққандар. Міне, Батыр сұлтан да сол Жәдік тармағынан еді. Атақты Есім ханның бесінші ұрпағы. Бұған қоса Батыр сұлтан бір кездегі қазақтың ең киелі ханыәз Тәукенің ресми мұрагері саналып, соның орнын басқан Қайып ханның баласы еді. Аталмыш Қайып хан да жеке бас мәселесінде аса бақ жұлдызы жанған адам емес, сол таққа отырған 1718 жылдың өзінде-ақ қазақтың Орта жүздік бөлігіне иелік ететін сұлтандар оны өлтіріп тынды. Соның өзінде де Қайып ханның есімі жұртшылық көкірегінде сақталды. Мына Батыр сұлтанның сол әз Тәукенің мұрагері Қайып ханның баласы екендігі де бұған үлкен салмаққосатын. Міне, Ешмұхамед би мен оның ақылгөйлері өз еліне хан іздегенде Батыр сұлтанның осы ерекшеліктерін ескергендігін тарихшылар мықтап-ақ дәлелдепті. Сондай-ақ Әбілхайыр да осы Қайып баласы Батыр сұлтанның Хиуаға хан сайлануына барынша ықпал етті. Себебі, Әбілхайыр мен Батыр сұлтан арасында қосымша туыстық іліктестік және де бар.Бұл соңғысы Әбілхайыр бауырларының бірінің қызына үйленгендіктен ұған күйеу бала есепті еді. Сөйтіп, не керек, жең ұшынан жалғасқан, мүдделері ортақ Әбілхайыр мен Ешмұхамед екінші мәрте Хиуа ханының тағына өздері қалаған адамды қонжитты. Тек өкінішке орай Батыр сұлтан Ақ-Шейх аталатын хандар сарайына жайғасуы мұң екен, сыртқы саясат жөнінде өзінің ішкі сенімінен туған тұжырымдарын айқайлай жариялауға көшті. Бұл өзі алты алашқа әйгілі Есім ханның тұқымы, Қайып ханның баласы дегенмен солқылдақтау, құба төбел жаратылған жан еді. Жоңғар-ойраттар қазақ жеріне сұрапыл шабуыл ұйымдастырғанда өмірден баз кешкендей күйге ұшыраған сұлтандардың бірі осы-тұғын. Бұған қалмақтарға соққы беріп, оны үш момынның баласының жерінен қуып шығу ақылға сыймайтындай іс көрінетін. Зеңбіректері дүрсілдеген қара қалмақтар құдайдың өзі жіберген басқыншылар, оларға қайыру беру ешкімнің қолынан келмейді, бар амал сол қалмақ қонтайшысымен, зайсандарымен ортақ мәмлеге тоқтап, оларға жартылай бодандықты мойындау – міне, кешегі Батыр сұлтан, ендігіде Хиуа ханы – Батыр ұстанған сыртқы саясаттың темір өзегі осыған саятын. Ол замандарда Қазақ хандығында ма, жоқ, Бұхара, Хиуа сияқты хандықтарда ма, қандай да бір қайраткердің аужайын тану үшін оның жоңғарлықтарға және олардың
шапқыншылығы нәтижесінде қалыптасқан саяси ахуалға деген көзқарасына бірінші кезекте мән берілетін. Жоңғарларға ымырасыз ба, жоқ, ымырашыл, майысқақ, көнбіс пе, сонысына қарап, өзіне одақтас, не іштен шыққан жау деп бағаласатын. Ал Хиуаның жаңа ханының мына айқайы айналасындағыларға қалай әсер етті дейсіз ғой. Ең алдымен, қара қалмақ десе қара тастан әрмен қатты, жойдасыз Әбілхайыр жүрек талмасы ауруына ұшырай жаздады. Хиуа ханының тағына өз қолымен шоқитқан күйеу баласы Батыр сұлтан оңашада жолықса, кеудесіне найза шаншудан тайынбастай шаққа жетті. Тап осындай хал Хиуаның өз ішіндегі Ешмұхамед бидің басына да орнады. Бірақ амал не, тіл мен жағын бұлбұлша сайратып, ел алдында барынша әспеттеп, алтын мен күміске бергісіз қасиеттерін тізбектеп, көтерткен жанды табан астында ғайбаттап шыға келу де оңай емес. Енді Ешмұхамед екі оттың ортасында қалды. Жоңғарлар жөніндегі ымырасыздық мұнда тіптен орасан еді. Егер жоңғарлар кері қуылып, не жойылып, Қазақ хандығының туы қайта шалқыса Хиуа хандығының тәуелсіздігіне қажетті жағдай өзіненөзі қалыптасар еді. Қазақ жоңғар емес, біреудің жеріне көз аларту, халқын жойып жіберу сияқты жоңғарларға қытайлықтардан жұққан дерт қазақтарда жоқ. «Сен тимесең мен тимен, бадыраң көз» деп, қойын құрттап, айранын ұрттап, отыра беретін марғау да бейбіт көрші. Енді оны қара қалмақтарға талатып, бұл пәлелерді бері ентелетсең түптің түбінде Хиуа хандығына да тықыр таянады деген сөз. Қазірдің өзінде, міне желкелігіңде қылышын қайрап жалаңдатып тұр. Бұл жай жалғыз Ешмұхамед би емес. Осындағы аса беделді Жұмағали аталық дегеннің де ішкенін ірің, жегенін желім етті.Бұл Жұмағали аталық басындағы әртүрлі пендешілік сыпаттарға, мінез терістігіне, қомағайлығына қарамастан Хиуа хандығының бір қабырғасын тіреп тұрған жандардың санатына жатады. Енді Ешмұхамед би мен Жұмағали аталық тірі пендеге сездірмей күндіз-түнгі жыбыр-жыбырға көшті. Мына жаңа ханның пәлесі ұлғайып кетпей бір оңтайлы шешім табу керек еді. Бара-бара бұл жыбыржыбырға өзге де бектер мен ақылгөйлер, ғұламалар, тіпті бит ішіне қан құйған небір айлакер жырындылар да шақырылды. Ақыры, Батыр сұлтанды өз қолдарымен жоймаққа ұйғарысты. Кенет Хиуа ақсүйектерінің бұлұйғарымы Батыр сұлтанға жетті. «Бастан құлақ садақа». Хиуа ханы атанғанына небәрі бірнеше апта ғана өткен бұл түнделетіп, Ақ-Шейх сарайының сыртындағы оқ дарымас биік қамалдан өз көмекшілері арқылы төмен түсіп, қашып құтылды. Бір қиыны тарихшылар оқиғаның осы тұсын әрқилы,әрі сәл бұлдырлау жазады. Солардың бәрін екшеп, сараптай қарасаң Ешмұхамед би мен Жұмағали аталық жемежемге келгенде Батыр сұлтанға қолдарын қандағысы келмей, оның өз бетінше қашуына жағдай жасады деп ойлауға да негіз табылады. Қалайда, Батыр сұлтан қазақ ішіндегі өздерінің ең үлкен жақтасы Әбілхайыр ханның туысы, күйеу баласы ғой. Батыр сұлтан бұлардың қолымен өлтірілсе, қазақ билеушісінің көңіліне дық салынбай неғылсын. Әрі басқа қазақтар қайтеді? Жә, бұл біздің өз тұжырымымыз. Батыр сұлтан қашқасын Хиуа хандығына тағы да қазақ ханы Әбілхайырдың немере інісі Жолбарыс деген әкелдірілді. Тарих игілігіне айналған бір дерек – осы жөнінде Әбілхайырдың үзеңгілес серіктерінің бірі Сүйіндік дегеннің ауызша берген куәлік сөздері сақталыпты. Оның жариялауынша Ешмұхамед би
мен Жұмағали аталық осы Жолбарысты Әбілхайырдан қояр да қоймай өздері сұрап алыпты-мыс.Бұл былтырғы жылдың екінші жартысында болған өзгеріс. Қуаныштысы сол – бұл Жолбарыс хан өзінен бұрынғы ізашарлары – Мамай, Батыр сұлтандарға мүлдем ұқсамай, екі жақтың да көңілінен шықты.Бұл Хиуа хандығын он жылдан астам уақыт, яғни 1739 жылы Иран шахы Нәдірдің әскерлері қуып шықканша басқарды. Ия, 1739 жылдың әуселесіне дейін әлі көп уақыт бар, әзірге Ақ-Шейх сарайындағы жаңа билеуші баршасының қағанағын қарқ, сағанағын сарқ етуге жарады. Енді осы оқиғалардың бәрін тізбектеп, ой елегінен өткізіңіз. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде алшын ханы Әбілхайырдың көршілес Хиуа ханының тағына өзінің үш бірдей туысқанын отырғызуға беделі жетті.Бұл ол заманда кімнің қолынан келетін іс еді? Әрі Хиуадағы сорпа бетіне шығарлардың бәрі бірдей Ешмұхамед би мен Жұмағали аталық емес қой, Олардың ортасында Әбілхайыр десе желке жүні тік тұратындар да ұшантеңіз. Мына Әбілхайырдың соңғы әкелінген туысқаны Жолбарыстың Хиуа хандығындағы билікті салған жерден дөңгелетіп әкетуі солардың бетін бері қаратып, жұмсартуға, терістік мұзындай сірескен дұшпандықтың көбесі сөгілуіне, сөйтіп қазақ пен өзбек ағайындар арасында татулық, тіпті достық қатынастың ірге тасы қалануына жәрдем берді.Мұнымен қалай санаспассың? Жан-жақтаң жау анталаған заманда бір бүйірде тыныштық орнаса оныңөзі ұлы қолғабыс емей немене? Жалғыз бұл емес, тап осы 1728 жылдың қарсаңында Әбілхайыр Еділ бойындағы Қалмақ хандығымен – торғауыттармен де берік бітімге келіп үлгерді.Мұның бәрі алты алаштың баласына өзінің жеке иелігіндегі бүкіл күш-қуатын ата жау, қара ниет басқыншы жоңғар-ойраттарға қарсы бағыттауға мүмкіндік беретінін қай қазақ түсінбейді? Ал осылардың Әбілхайырдың құдай жаратқан табиғи дарыны арқасында жүзеге асқанын дұрыс бағалау үшін пәлендей көп ақылдың керегі жоқ-ау. Ал оның күнделікті тіршіліктегі кейбір дөрекі жағымсыз қылықтары осындай ұлы істерінің қасында не тәйірі? Бар болғаны ет пен терінің арасындағы мардымсыз ұсақ-түйек бірдемелер емес пе? Мынадай үш жүздің баласына ұран тасталған ұлы қиқу қарсаңында ол жағына көзжұмбайлық жасасақ та еш айыбы жоқ. Міне, Ескелді сөздері осы мазмұнда еді. Төле би ордасында естігендерін өз ақыл тезіне салып, қайта әрлеп, өз қонақтарының санасына жақсы сіңетіндей дәрежеде жұмырлады-ақ. Бидің байқауынша, бұлар да сол Бұхара, Хиуа хандықтарындағы, торғауыттар еліндегі оқиғалардан пәлендей мақұрым емес, тек оның бәрін өздері үшін келіп-кетері жоқ, алыстағы аласапырандарға балап, мән бермейтіндігі саналарын тұмшалайтындай. Ескелді би өз әңгімесі үстінде сол тұмшаланған саналарға жарық түсіруге, заман ауаны қажетсінген жайларды бұлардың көз алдында ашып айқындауға тырысты. Сөйтіп барып, бұл біраз дамылдаған шақта басқалар би баянына әр қырынан келіп, әр буынын өздерінше талдап әкетті. Ара-тұра Әбілхайырдың асқан қолбасылық дарыны туралы естігені барлар да сәл-пәл желпіне төбе көрсетті. Осылай көпшіліктің жібі босады-ау деген кезде Ескелді қайта тілге келді: – Әкем-ау, басқаны қояйық, қалайда алшындар мойны қашық ел ғой, ал біз қалмақтарға осы жолы үш жүздің басын қосып қарсы тұрсақ па дейміз.Өздерің айттыңдар Әбілхайырдың қыңыр езулігі, мансапқұмарлығы жетіп артылады деп. Ал сол қыңыр езу, мансапқұмарды осы жорыққа қосылуға қалай көндіруге болады? Осы жағын Болат хан,
Төле, Қазыбек, Ақсуат билер сол Ордабасы жиынының үстінде ойламады дейсіңдер ме? Бүкіл Кіші жүзді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған, оның сыртында анау Хиуа ханының тағына өзінің екі туып бір қалғандарын бірінен соң бірін қонжитуға амалайласы жеткен, Бұхара хандығының әзірейіліне айналған Әбілхайыр түгіл мына өзіміздің жаман туысқанымыздың түріне қарамаймысыңдар. Жалайыр-балғалылар басшысы Жарықбас Есентүтел деген шірікті айтамын. Кеше ғана сол Әбілхайыр жандайшаптарынан теперіш көріп, бізден көмек сұрап келген. Сөйтіп, менің нағашы атам, қазақтың ұлы биі Алтын Жөкемнің рахымын игілігіне жаратқан Жарықбас Есентүгелдің өзі бұлай шалқаяды. Келмейміз деп кергиді. Олар сөйткенде одан арыдағы алшынның деміне нан піскен ерке бұланы, төбеммен көк тіреп тұрмын дейтұғын тірі құдайы қайтпек? Қазір жылқы ішінде аладай аз балғалының серкесі, өз тұрғыласым Жарықбас Есентүгелге қалай қайыру беремін деп, бас шағудамын. Ал Болат хан, Төле, Қазыбек, Ақсуаттар сол Әбілхайыр жөнінде менен гөрі бастарын азырақ шақты дейсіңдер ме? Жоқ, ағайындар, аз шақпаған сыңайлы. «Ұлы жүзді қолына қауға беріп, малға қой, Орта жүзді қолына қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді қолына найза беріп жауға қой» деген аталарымыздан қалған ұлағат бар емес пе? «Сен жаужүрек кіші атаның балаларының ұйытқысысың, үш жүздің қолын басқару сенің жолың» деп, Әбілхайырды арқадан қағып, бүкіл әскерімен қосынға қосқаны үшін Болат хан мен әлгі үш бидің кемеңгерлігіне тәу етпейсіңдер ме одан да. Ия, бұдан артық түсінік берудің қажеті жоқ еді. Осыны сезген қонақтар да, өзгелер де жаңа ғана өз сұрақтарымен биді мазалағандарын енді бастарына мін көргендей төмен тұқырды. Тек кейбіреулер ғана үш момынның баласының күшін біріктіру, қалмақтардың сонау Шу өзенінен әріде, Іле дариясына дейінгі аралықта үлкен шеп құрып жатқандығы, Жоңғария қонтайшысы Қалдан-Сереннің Қазақ ордасының желкелігіне қондырған СарыМанжы сынды қолбасылардың шектен тыс айлакерлігі, жырындылығы хақында дуылдасты. Осы дуылдасудың бір тұсында Құлжан батыр байырғы мінезіне басып дүр етті. Ол жаңағы Әбілхайыр жөніндегі ұзақ жырдың әсерінен арыла алмай отыр екен: – Біздің қазақ аждаһаның азу тісінің қыспағында тұрып та бақай есепті қоймайды ә? Әу, жарандарым-ау, жауды хан мен сұлтандар емес, қара шабады ғой. Бізге Әбілхайыр ма, басқасы ма, атаңа нәлет ит қалмаққа қарай «әйт-шүу» дейтін біреуі табылса жарап жатыр емес пе? Қазақтың қолын кім басқарады деп дауласқанша, сол басқарушының «әйт-шүу» дейтін күні қашан туады, ішіміз толған шер-шемен, жауға қарсы қылыш, найзамызды ойната шауып, шер тарқатар күн қашан туады, тас боп қатқан шеменіміз қашан жібиді деп неге дауласпаймыз? Құлжан батырдың өрекпуін де қуаттағандар бар. Бидің кішкене қара қосында адам буынан тыныс тарыла бастағанмен бірінен соң бірі тоғытылған салмақты пікірлер осы аядай ұяны есік пен төрі ат шаптырым хан сарайына ұқсатып жібергендей. Қонақтардың бірді-екісі өзара күңкілдесіп, Ескелдінің өз басына да баға беріп үлгерді: – Мына жалайыр биі өзінің нағашы атасына тартқан екен. Тұңғиықтан жүзіп ішерлігі, шешендігі, сабырлылығы – бәрі де біз де сондаймыз деп атойлап тұр. Ескелдінің бет-пішінінде де жадыраңқы рең жарқ етті.Бұл өз пайымдауларының, солардың ішіндегі алтын-күміске бергісіз бірер асыл дәннің құнарлы топыраққа барып сіңгенін сезгендегі тоқ көңілдің көлеңкесі еді. Отағасының осы жадыраңқы реңін
пайдаланғандай бағанадан жақ ашпай, бір уыс боп іргеге көмілген Ақжәмилә да сөзге килікті: – Ау, қайнаға, қайын, жұрағаттар, сіздер енді әмсе ер адамша істің сырт ажарын айшықтап, соның әуенімен ауа жайыласыздар. Ал біздерге, нәзік жаратылысты әйел заттыларға да ас батырмай жүрген жайлардың барын сөз арасына қыстырмайтындарыңыз көңілге томпақ көріне ме, қалай? Зарықтырмай мен де төтесінен салайын. Сіздер, еразаматтар, қазір жаудың негізгі шебі ана жылы біз кешіп өткен Шу өзенінің арғы бетінде дейсіздер. Отағасының, басқа да келімді-кетімділердің ырғап-жырғауларынан ұққаным мына ұлы жүз үйсін ғана емес, бүкіл алты алаштың қолы солай жылжып, Шудан әрі шығысқа қарай өтпек екен. Апырау, сонда мына біздер, қатын-қалаш, кемпір-шал, қызыл қарын жас бала қайда қаламыз? Егер бізді осында бір құдайға тапсырдық деп, тік көтеріліп, Қаратау асып, одан әрі Шудан өтіп кетсеңіздер Қаратаудың мына күнгейінде бізді басқа жау талап жемей ме? Сіздер Жарықбас Есентүгелдің құлағын шулатып, талай жерге апарып тастадыңыздар. О баста балғалыларды да шапса қалмақ шапқан шығар. Ал одан кейінгіде кімдер шапты? Одан кейінгіде шапқан қарақалпақтар, өзіміздің қазақалшындар емес пе? Немене, оларға табылған жау бізге табылмай қалады деп, жайбарақат кете бересіздер ме, түге? Қаракөлеңке іргеден Ақжәмиләнің болмысы осы сөздері үстінде бір түрлі сәулеленіп, көрінгендей. Қалың киіммен омалған епетейсіз түрі көптің көз алдында өшіп кетіп, оның орнына ақ жібекке малынған бойшаң да әсем әйелөсіп шыға келгендей бәрін таң-тамаша еггі. Мұндай көзге шалынбағанмен жанға әсер еткен құбылысқа қыңбаған тек Ескелді екен: – Жә, қыстырылмай тұра тұрсаңшы, бұл жалғыз сенің көкейіңдегі шаруа емес, ол бағдарда ойлаған ойдан бастары тарс жарылғалы жүргендер бар, – деп зайыбына кекесінді үн тастағандай бұрылды. Ақжәмилә да аузын тас бекіте қоятын жан емес екен, жаңағы қарқынымен қайта сусылдады: – Бастары тарс жарылғалы жүрген жандар бар екенін сеземін, отағасы. Балашағасынан безе қашатынәзірге ешкім жоқ қой, тек жанға бататыны осындай бас қосуларда ол жөнінде ешкім жұмған аузын ашпайды-ақ. Алдын-ала кесіп-пішіп қойғаны бардай-ақ қашан да айналып өтеді. Әйел қауымынан бір ақыл сұрасаңыздар, төмен етекті менің басыма келген жөн мен жол сорабы мынау – қазақтың жері кең ғой, сол Қаратау аспақ, Шу өтпек әскердің соңынан араға бір-екі күншілікжол салып, біз де жылжып отырсақ дейміз. – Жетер, істің алдын орап, ақылдымсынба, – деп Ескелді тағы да кейігенге ұқсаған үн қатты. Шындығында, алты алаштың бүкіл қолы шығыс-теріскейге тартса бұл қиырға қосы ауып жеткендердің бала-шағасы, шал-шауқаны қайда қалады, жоқ, қолда бар күштің жарым-жартысын ғана қосынға қосып, қалғаны осы арттағылардың қорғанышы ретінде қалдырыла ма, әйтсе құралған күш от қарумен жер-дүниені дүрсілдеткен жауды еңсеруге жарай ма, жоқ па, әлде Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмиләұсынғандай баршасы сол алты алаштың әскерінің соңынан араға бір-екі күншілік жол салып қоса жылжып отыра ма, бұл сауал мына ерлі-зайыпты екеудің ғана арасындағы талас өзегі емес, қыс бойы осындағыларды біраз даурықтырған, «ары тарт, бері тартқа» салған мәселенің өзі еді.
Мысалы, Ақжәмиләұсынысының піспеген жағы баршылық. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Жаудың бұл жолғы күш-құдіретін кім болжап біліпті. Алда-жалда олардың аруағы асып, қазақтарды кері қуып берсе, жолдағы қатын-қалаш, бала-шағаны қоса жаншып кетпей ме? Араға бір-екі күндік жол саламыз деуі де пәлендей сын көтермейді. Жоңғаройраттардың әлгі қоян жылғы екпінін кім ұмытты екен? Желден жүйрік жылдамдығына басып, бір-екі күндік қашықтықты бірер сәтте қусырып, тап беріп, ұйпа-тұйпасын шығарса қайтесің? Қол-аяғы байланып, Жоңғарияға әкетілген қыз-келіншек, бала-шаға аз ба еді? Солардың-ақ обалы көптеген би-шешендердің, колбасылардың мойындарына қара тастай байланып, еңсе көтертпей жүр емес пе? Енді сол құрбандыққа құрбандық, сол қасіретке қасірет қоспақпыз ба? Ойланбай іс істесек ол күнге де жетіп жығылу қиын емес. Ескелдіге салса бұл хақындағы шешімді Қазығұрт баурайына бүкіл ұлы жүз қосы жиылып болғасын, сол жиылған қолдың бас-аяғына қарап, Жолбарыс хан мен Төле бидің айналасындағы бүкіл батырлардың төрт көзі түгелде қабылдау керек. Осы ойын мына жерде қайталай шегелеп айтты да. Оны басқалар да қостады. Себебі, ондай мәселе анауСіргелі, Ошақты адамдары үшін де бөтен емес еді.
* * * Сіргелі, Ошақты адамдары сол күні кіші бесіннің шағында түнемелікке дейін біраз жер ұтайық деп, тағатсызданып жүріп кетті. Ал Ескелді тағы да өзінің Балпықты жоқсынған мінезіне басып, Ташкенттен әрідегі Шыршық өзенінің бойындағы күшік Жолбарыс би Жылқайдарұлының еліне кісі жөнелтуді ұйғарды. Алайда, олай қарай жалғыз-жарымдап кісі жүргізе қоятын заман емес, түкті жүректі біреуді бас қылып, анаумынауға дес бермес шағынәскер шоғырын аттандырған жөн. Әйтпеске шара бар ма? Осыдан екі жыл бұрын ұлы жүз ханы Жолбарыс пен ұлы би Төленің дем беруімен қазақтар Ташкентті қалмақтардан тұтқиылдан тиіп, қайтарып алған. Ал былтыр СарыМанжы қайта тартып алды. Бұрындар қазақ жатақтары Ташкент мейлі қалмақтың, не қазақтың қолында ма, оған қарамастан қаланың айналасында бидай, тары егіп, отырықшылыққа мойынсұнушы еді. Сары-Манжы былтыр оларды тықсырып, ала жаздай күтіп-баққан егістіктің барлық мәзірін өз қандастарының жиып-теріп алуына мұрсат әперді. Ал, Шыршық өзені, жалайырдың Күшік руынан шыққан биі Жолбарыс Жылқайдарұлы қарамағындағы ел паналаған Шыршық жағалауы сол Ташкенттің ар жағында. Оларға қарай қалай өтпек керек? Балпық Жолбарыс бимен ақылдасып, сондағы не бүкіл елді, не атқа қонып, садақ, найза ұстауға жарамды жігіт-желенді бері өткізу жөніндегі мәселені шешіп қайтуы керек еді. Ескелдінің де, Балпықтың да, Қабан жыраудың да алдарына қойған бір мақсаты осы көктемде Қазығұрт айналасына жиналатын бүкіл ұлы жүз қолының ішінде жалайырлардың үлес салмағы басқалардан кем түспеуін қамтамасыз ету.Ұлы жүздің ноқта ағасы саналатын жалайырлар осындайда көрінбесе қайда көрінеді? Рас, жалайырлар бұлқиырға қосы ауып жеткен ел, біраз бөлігі сонау Жетісуда, Іле дариясынан арыда қалмақ қоластында қалды. Соның өзінде де ага баласы өзінің үлкендігін білдіріп, етек-жеңін өзгелерден бұрынырақ жиып алғаны, әрі неғұрлым қомақтырақ шыққаны абзал. Әрине, бас-аяғымен түгел осы Қаратаудың түстігінде дерлік төрт ата дулаттармен әскер шығару жағынан шендесе алмаспыз, бірақ
тым олқы соғу да жараспайды. Қаншама бөле-жарылдық дегенмен, еңғұрмаса Сіргелі, Шанышқылы, Шапырашты, Ошақты сияқтылармен деңгейлесуіміз керек. Міне, жалайыр көсемдері осылай шешті. Тек оның да әуселесі оңай-оспақтан емес екен. Балпық Дербісәлі баласы Шыршыққа кетуін кетті, тек қайтар мерзімі асқанмен де соншама уақыт қара көрсетпей, не бір хабар бермей ділгірткені несі? Осы сауал Ескелдінің тынышын алғалы әлденеше күн. Қалмақтардың ең қанқұйлы сардары Сары-Манжының иелігіне өткен Ташкент пен оның айналасындағы жағдайларға орай қилы-қилы жамандық атаулы да көз алдында көлбеңдей береді. Бұған енді Жарықбас Есентүгелдің қылығы қосылды. Басқабасқа, дәл осы жалайыр-балғалылар басшысы тарапынан мұндайлықты күтпеп еді. Осыдан үш жыл бұрын сонау Сырдың төменгі ағысы жақтан көрген теперішін айтып, кішірейіп, сауға сұрап келді. Ескелді ағайынның сөзіне жығылып, қол ұшын жалғауға жанын салды. Үш жүздің баласына созі жүретін Төле биге ертіп апарды. Ол Әбілхайыр ханның атына екі дүркін хат жазып, ақыры есесін әперді. Сосын Есентүгел Төле биге қандай да бір ұлы науқан басталған шақта бүкіл балғалы атаулының іске татыр жігіттерінен қол жиып, нұсқаған жерінен табылмаққа ант-су іше уәде берді. Енді сөйте тұра бүгінгісі несі? Ескелді ол Жарықбас Есентүгелге қайта адам жіберу қажет деп бірден-ақ шешкен. Тек екінші жолғының салмағы басымырақ болғаны жөн ғой, сосын да ол хакында Қабан жырау мен Балпықтың, басқа да естиярлардың бір-бір ауыз ұсыныс-пікірін естігісі келді. Әсіресе, Қабан жырау мен Балпық қажет еді Ескелдіге. Ертеңіне, жаңбыр біржола басылып, жер дегдиін дегенде мұның көзі Кәшкеге түсті. Кәшке би назарын бірден түсінді. Тағы бір күн мен түнді өткізіп барып, Кәшке сайлы жігіттерден қырық шамалы қол ертіп, жуылып ашылған даламен жүріп кетті. Кәшке басшы, басқалар қосшы. Тек Кәшкенің оң қолы есепті болатын екінші адам тандарда сәл іркіліс туған. Оған Құлжан батыр сұранды: – Биекем, Кәшкенің басы жас қой маған қарағанда. Мен бұл сапарда Кәшкенің жолы үлкендігіне арланбай-ақ қойдым. Тек соның қасына қосақ етіп мені жіберші. Тіпті, қолаяғым бауырыма сиятын емес. Шер тарқатып қайтайын тым құрмаса! Ескелді оған қысқа жауап қайырды: – Құлжан аға, дәл бұл жолы буынсыз жерге пышақ ұрмаңызшы. Мен бәріне қанықпын. Алла жазса, шеріңізді тарқатар, шеменіңізді жібітер күн алыс емес, тек өзіңіз соған сақадай сай тұрыңыз. Кәшкенің оң қолы есепті екінші адам ретінде жалайырдың орақтысынан балауса батыр Төке іріктелді. Жастығына қарамай денесі доп-домалақ, құлағы қалақтай бұл өзі жаттығулар кезінде шауып бара жатқан ат үстінде әртүрлі өнер көрсетуімен көзге түскен. Қылыш, найза ұстағандағы қолының ептілігі де естен таңдырады. Сосын да ол Ескелді, Балпықтың назарында жүрген. Мына жолы Ескелді оны Кәшкеге ілестіріп бір сынап алғысы келді. О құдайым, өзің жар бола гөр! Кәшкенің Балпық тобын іздеуге бағытталған сапары бұлар мөлшерлегенге тым кереғар шықты. Ескелді мен оның айналасындағылар да кеще емес қой, әрқилы тосын жайлардың, қауіп-қатердің мүмкін екенін мықтап-ақ ескерткен. Жас дегенмен Кәшкенің де пісуі жетіңкі, өзінің құда-құдағиының үйінен құйрық-бауыр жеуге бара жатпағанын бұл да мықтап ішке түйген. Балпық тобы дер уағында неге
оралмады, тап қазіргі шақта әлдеқандай күйде, осы сұрақтарға жауаптың әлденеше нұсқасын көз алдарына елестетіп, қай-қайсысына даәзірміз деген сеніммен тастүйін қалыпта атқа қонған. Қалмақтардыңқолындағы Ташкентті маңайламай, оныңтеріскейінде көлбеген Қаржантауды белден баса өтіп, Шыршық жағалауына таяған. Бұл топта былтырлар сол Шыршық суындағы жалайыр-күшік еліне ат ізін салғандар баршылық еді, міне, жол табуда солардың шаш етектен пайдасы тиді. Бірақ амал не, одан арыға қол жетпеді. Бұлар Шыршықтың жағалауына құлағанда жалайыр-күшіктер, не қоңсылас өзге қазақтар түгілі олардың жұртын да таппады. Есесіне жыртылып-айрылған қалмақ қосындарының үстінен түсті. Ия, қалмақтар тек Ташкентті басып алмапты, қаланың өр жағында жоғарыдан төмен құлдилай аққан Шыршықтың құйқалы өңіріне өзінің бүкіл күш-қуатын әкеп төккенге ұқсайды. Апырау, Сары-Манжы сонау Шудан әріде, Ілемен екі ортада шеп құрып жатыр дегені қайда, шеп құрғанның көкесі осында болмасын деп, Кәшке қасындағыларға алақтап қатты састы. Тап қазір жүзі түйсіксіздеу көрінген балауса батыр Төкені де бірауық жаман көзімен аггы. «Көмекшілікке өзі сұранған, әрі жасамыс та ақылы көл-дария Құлжан батырды емес, аузында ана сүті кеппеген мына бір шикіні бергенін қарашы» деп, Ескелді биді де зығырданы қайнай еске алды. Бұл жылдары Кәшкенің жүзі бұрынғыдан да тотығыңқы еді. Дөңгелектенген сақалмұрты да, баяғы кірпікшешенше тікірейген сақал-мұрты да түстіктің күніне күйе-күйе бұйраланып бара жатқандай. Тек шаладай жанған көздері ғана ішкі қайрат, тегеуріннің ешқашан сөнбес шырағына ұқсайды. Қазір сол тотығыңқы жүзін ашу тырситып, шаладай жанған көздері жаурыны жерге тиген балуанның көздеріндей төменшіктей алақ-жұлақ етеді. Төкені, басқаларды жазғырғаннан ештеме өнбесін біліп, жұдырықтай миына күш түсіргісі келеді. Кәшкенің үркердей шоғыры осы төменде қалмақтардың қарулы шерігімен де ұшырасып қалды. Тек олар қазақтарды өз адамдарына балап, мән бермей жосылып өтті. Сірә, қазақтар ту сыртымыздан шығар-ау деп ойламай, олардың да қамсыз қалған бір сәті, шамасы. Енді не істемек керек?Бұлардың бірінші кезекте бастарына келген ой өздерінің қауіпсіздігі төңірегінде еді. Шыршықтың бергі беті ығы-жығы қалмақ, арғы беті олардан сәл тазалау сияқты. Көп тұраламай тентек мінезді судың бір жайылма тұсынан тез ары өтісті де сондағы құлама жартас секілденген, пышақпен аршылып қиылғандай жалаңаш тау бүйірлерінің қуыс-қуысына тығылып, бұлар ауыр мұңға батты. «Балпық тобын енді табу жоқ, ат төбеліндей ғана оларды құмырсқаша құжынаған мына атжалмаңдар қайтсе де жұтып қойды. Құдайдың өзі қол ұшын бермесе олардың кебі біздің басымызға да шап-шақ шығуы ғажап емес». Осындай сарыуайыммен ұнжырғалары түскен шақта, «апырау, жалайыр-күшік елі анау-мынау елдің өңешінен өте қоятындай азын-аулақ дүние ме, әрі Балпық батыр да оңай-оспаққа көнетін екінің бірі емес қой, ол сонау қаршадай кезінде-ақ Жоңғарияның ішіне екі рет жалғыз-жарымдап барып, екеуінде де аман-сау оралмап па еді, енді мына шағында қасында аз да болса қарулы серіктері және бар, тап іргедегі Шыршықтың жағалауында жоғалатындай, немене, басынан бағы тайды ма, аруағы қашты ма, олар да жоқ, бұлар да жоқ, осының мәнісі қалай» деген сияқты қараңғы түкпірден сіріңке талындай сәуле ойнатқан сауалдар да айқыш-ұйқыштанады.
Он екі ата жалайырдың ноқта ағасы – орақты тармағының балауса батыры Төке Кәшке ойлағандай тым әлжуаз емес екен. Ол осы тұрыста қалмақтардан тіл әкеліп, мән-жайға қануды ұсынды. Кәшке екі сөзге келместен сол тіл әкелуді Төкенің өзіне тапсырды. «Қанша серік ертемін десең де өз еркіңде» дегенді қоса қыстырды. Бірақ Төке жалғыз кетті. Кеш қараңғылығы қоюлаған шақта өзіне сырмінез атын жетекке алды да Шыршыққа қарай түн қойнауына сүңги жоғалды. Аузы-басы таңулы, қол-аяғы байлаулы бір қалмақты ер үстіне көлденең жатқызып, өзі сол сырмінез атын жетекке алып жаяулай қайта қайтқанда таң сібірлеп жаңа ғана атып еді. Бұлардың тұтқын қалмақтан білгені – бұл Шыршық өзенінің өріндегі қазақтар өткен жылдың күзінде-ақ тайлы-таяғымен осы судың сол жағалауымен төмен құлдилап, сонау төмендегі Сырдария өзенінен әрі өтіп кеткен екен. Қалмақтар аздап мал-мүліктен олжа алғанмен, өздеріне пәлендей кәкір келтірмепті. Кәшке бұдан Балпық жайын да білмекке оннан-мұннан ши жүгіртіп көрді. Қалмақ «соңғы бірер айда бұл маңға қазақтардан біреулер келіпті, қолға түсіпті, не жойылып жіберіліпті» дегенді естімегенін айтып, Будда әулиесінің атын атап, ант-су ішті. Кәшке, Төке, қосшы жігіттер оңаша кеңесіп, бас амандығында сол Сырдарияға қарай өздерінің де сырғығаны жөн деп шешті. Себебі, Ескелді биге осы ақпармен ғана оралу үлкен мін саналды.Тұтқын қалмақты өздерімен бірге алып жүрді. «Сөзіңнен бір ши шықса бұл дүниедегі көрер жарығың таусылады» деп және ескертті. Тұтқын сөзі расталды. Араға бір күн, бір түн салып, бұлар төмендегі Сырдарияға жетті де биыл жаңбырлы жылы кабаған иттей құтырған Шыршықтың сәл дарияға құяр тұсынан біраз жоғарырақтан ары өтті.Бұл судан өтудің өзіне бір күндей уақыт жұмсалды. Себебі, жер жағдайына орай оныңәртүрлі айласын табу керек еді. Сырдың арғы түстік бетінде мүлдем басқа табиғат жағдайын көрісті. Атақты Қызылқұмның ең шығыс бөлігінде көктем тіптен ерте түсіп, осы наурыз айының өзінде-ақыси бастапты. Қаптаған қалың қазақтар да осында екен. Айдар көлі, Нұратау жотасы сияқтылардың төңірегі кәдімгі бейқұтшылық замандағыдай-ақ түтіні бұрқырап, қыл құйрықты жануарлары пысқырып, ақ шаңқан үйлері мен қара қостары аралас ежелгі қазақ ауылдарындай-ақ көздеріне жылы ұшырады.Бұл кәдімгі атақты хан Әбілпейіз басқарған Бұхара хандығына қарасты, әрі Бұхара хандығынан Самарқан мен оның төңірегін тартып алып, дербес хандық құрған қанқұйлы аталық Ибрагим-бек пен Раджаб-Мұхамедтің иелігімен шектесетін өлкелер еді. Тосын бір жүргіншілер Кәшке тобындағыларға бұл Айдар көлі мен Нұратау жотасы маңындағылар мұндағы қазақтардың азғантай ғана бөлігі, ал көпшілігі Бұхара мен Самарқанның өзінде, одан әрі Хиуада деп соқты. Ал, ендеше. Кәшкенің желкесін ауыр зіл басты. Бірақ сұрай-сұрай Мекке барған дейді ғой. Бір аптадай адасып, жалайыр-күшіктер деген ру атын әркімнің құлағында жаңғырта жүріп, Жолбарыс би Жылқайдар баласына қарасты елдің ізін тапты. Ең қызығы сол – бұлар Жолбарыс биден бұрын Балпық адамдарымен ұшырасты. Нұратау жотасына таяу бір тұт ағашы көмкерген, жусан, сораңды құмдауыт жазықта әбден күнге қақталып, қап-қара көмірге айналған екі топ жылап көрісті. Кәшке қарамағындағылардың ішіндегі бірер кекселеуі құм бауырлап, өлікке дауыс айтқандай боздады. Екі жақтан да оларға «қой-қой» деушілер табылмады. Енді қайтсін. Олардың өздерінің де көңілдері босап, көздерінен жас
парлаудың аз-ақ алдында тұрды. Мұндай көңіл босаңдығына мынау Қызылқұмның бөлек ажары, іште оянған туған жерге деген сағыныш әлегі себепкер еді. Кәшке адамдарын бір елеңдеткен жәйт – Балпық соңындағылар оншақты жүкті түйе жетектеп алыпты. Бірақ жүктері тым алпауыт емес, қос өркештен сәл ғана жоғары, үстіне тағы екі-үш теңді арта саларлықтай жап-жалпақ. Түйелер осы жүктің де өзін ауырсынатын сияқты. Тоқтаған жерлерде тез шөге кетеді, тұрғызсаң алдыңғы аяқтарының тізесін күшпен қозғап, ырғатылып, әрең көтеріледі. Төс табаны төрт елі нағыз атан түйелердің аз ғана жүкті бүйтіп ауырсынғанына қарап, бұлардың әкеле жатқаны алтын-күміс пе деп те ойлағандар бар. Кәшкеде де сондай күдік оянған. Сонда да таңдайын тақ еткізіп, сұрауға батылы бармады. Кәшке ең алдымен Балпықтың жүзіне қарап, қайран қалды. Небәрі өзі қатарлас жігіттің мына құм-шөлдегі түрін ауызбен айтып жеткізу қиын. Алыс та азапты сапар жас батырды мүлдем жұқартпаған, қайта тырсиған екі бетіне қайрат пен даналықтың соқырға таяқ ұстатқандай айқын, айқыш-ұйқыш ізін үйіп-төгіп, жапсырып бергендей. Әсіресе, сол доп-домалақ беттің ұшындағы көзі ұтқырдан гөрі санасы ұтқырға тезірек шалынатын сабырлылықты айтсайшы. Қос жанары да сондай. Артық бір кірпік қағыс жоқ. Балпықтың қараған жағына сен де қарайсың-ақ тек ол қараған жағыңда дию мен пері қосақтасып, би билеп жатса да одан назарыңды тез жұлып әкетіп, жас батырдың түр-түсіне қайта бұрыласың. Жалпы қияпатындағы, қабақ айналасындағы тартымдылықтың қуаты сондай. Бұған әрі қарсы алдында жанартау атқыласа да бүлк етпес жаңағы сабырлылығын қос. Шойыннан құйылғандай алып денесі ше? Мұнда шүйіркелескен шоғырлардағы жандардың қай-қайсысы да жол азабынан онсыз да арық кеуделері қушиып, сыр беріп жатса, Балпық осы уақыттың ішінде басқалардан бөлек хан сарайында шалжиғандай-ақ қоң жиып алғанға ұқсайды. Өзі не ішіп-жесе, қосшылары да соны ішіп-жейді екен, еш айырмашылығы жоқ, сөйте тұра бұл қыры сынбаған күйде. Кәшке туған жер түгіл, өздері соңғы жылдары жата-жамбастаған Бадам өзенінен жырақтағы мына Қызылқұмның осы бір сауырында Балпықты үнсіз бағып, Ескелді бидің бұл батырды неге үнемі жоқсынатынын түсінгендей. Біз Ескелді бидің өзін шарболаттан жаралғандай көреміз, сөйтсек оның да әлсіз жері, мұқтажы бар екен. Ол мұқтажы – Балпық екен. Ия, жұрттың бұларды егізектерге балайтыны тегін емес. Бұл батырдың жүрісіндегі тағы бір ерекшелік – тобында бөтен адамдардың көптігі еді. О баста Бадам жағалауынан Ташкентке қарай бұл да небәрі отызшақты адаммен кетсе, қазір онысы екі есе ұлғайған. Өңкей бір бастарына шалма тартқан, пышақ қырындай шығыңқы қабақтарының астындағы көздері шыңыраудағы судай тұнжыраған, сақалмұрттарының да бітісі бөлектеу жат жұрттық біреулерді қосағына қосыпты. Кәшкенің де, Төкенің де, басқалардың көкейлерін көп сұрақтар тескенмен бұлар әзірше тықақтамады. Батырдың өзінің шешілуін күтті. Есесіне, өз жайлары хақында ақтарылды-ақ. Ташкент айналып, Шыршықпен құлдилап, Сырдан өтіп, мұнда адасқандары – бәр-бәрін бүгешігесіне дейін қалдырмай тізбектеді-ақ. Ең соңында ғана жалайыр-балғалылар көсемі Жарықбас Есентүгелдің жаманның ісін істегеніне байланысты Ескелді бидің әжептәуір торыққанын жеткізді. Міне, сонда ғана Балпықтың тырсиған бет-жүзінің сеңі бұзылғандай бір нышан жүйткіп өтті. Жас батырды қаршығадай баққан Кәшке«Ә, Ескелдінің ғана емес, сенің де әлсіз жеріңді тап бастым ба» дегендей оған одан сайын жұтына қарады. Балпық ендігі сөзге алаңдамады:
– Сендер тапқан сорапты біз де таптық қой. Бізді қауыштырған жол-ана. Енді біз уақыт ұтқыза бермей Жолбарыс бидің өзімен төс қағыстыратын шақты жақындатайық. Қалғаны сосын, – деді. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп.Бұлардың шоғыры молайған қалыпта тағы бір түнді өткеріп барып, келесі сәскелікте, ми қайнатар ыстықта жалайыр-күшік елінің адамдарын ұшыратты. Олар Жолбарыс бидің өзіне жеткізгенше тағы да жарым күндей уақыт өтті.Бұлар айдалада оңаша қара қостың сыртында бес-алты жігіт-желеңнің ортасында түсі жаман оңып кеткен шал адамның Жолбарыс би екенін танығанда күннің көкжиекке иек сүйеуіне сәл-пәл ғана қалып еді. Тағы да көрісу, жыласу. Бір-бірінің атгарын атап, хал сұрасуға тіл мен жақтарының икемі келмейді. Тек ботадай боздай береді. Өркештеріне зіл көтерем жүк тиелген атан түйелер адамдар көмекейінен өздеріне етене таныс үн шыққанына таңырқасып, осылай қарай жанарларын жәутеңдете қарайды. «Апырау, бүйтіп боздау жотасына жүк батқан бізге лайықты емес пе, желкелерінде жүк түгіл сайтан да жоқ, тіпті кейбіреулерінің иығы жалаңаш мына қос аяқтыларға не жорық» дескендей. Жолбарыс бидің қара қосында осы бидің өзі, Балпық, Кәшке, Төке, әрі Кәшке тобындағы әңгімеге құныққан үш-төртеудің арасындағы сөз түн ортасы ауғанша толастамады. Балпық өз сапары жөнінде ұзақ хикая шертті. Бұлар осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Кәшке жүрген жолмен Ташкент айналып, Шыршықты бойлап, Сырдан өтіпті де тіке түстікке тартыпты. Себебі, сол кездегі жалайыр-күшіктер кеткен бағытты көрсетіп, жол нұсқаушылар солай адастырыпты. Бірақ бұл адасуы үшін жас батыр өкінбейді. Түстікке тіке бет алып, одан оңға бұрылып, атақты Самарқанды көзбен тамашалау бақытына осылай ие болыпты. Ақсақ Темірдің тағы бір атақты ұрпағы, Ферғана билеушісі Омар Шейхтың үлкен ұлы Захир-ад-дин Мұхамед Бабыр өзінің «Бабырнама» атты естелік-шығармасында сол Самарқан төңірегін қалай суреттеп еді? Ақсақ Темір менҰлықбектен қалған ғимараттар өз алдына, қаланың төңірегіндегі гүл жазира бақтарды, табиғат өзі қиыстырған өрнектер мен адам қолымен қосылған әшекейлерді әспеттеген жолдары кімді бей-жай қалдырушы еді? Әмудария мен Сырдария аралығында бір орталыққа бағынған мемлекет құруға жанталасып, Ақсақ Темір ұрпақтарының өзара шайнасуынан оған қол жеткізе алмаған Бабыр сонау Үндістанда үш ғасырға тарта өмір сүрген ұлы Моғол мемлекетінің негізін қалап үлгерді. Құдай мұншалықты жан-жақты жаратқан пенденің айтары, әрине, көп, әрі оның ол айтқандары кейінгі ұрпақ үшін алтынкүміске бергісіз ырзық. Сол Бабыр суреттеген Самарқан қаласының айналасы әртүрлі ірілі-ұсақты шарпысуларға қарамастан он сегізінші ғасырдың басына қаймағы бұзылмаған қалыпта жетіп-ақ еді. Тек өкініштісі – осы Балпық сапарының алдында ол жаққа жоңғарлық басқыншылардан жан сауғалаған қазақтардың лап қоюы көп нәрсенің түсін өзгертіп жіберген. Әрі осыдан екі жыл бұрын аталық Ибрагим-бек пен РаджабМұхамедтің Самарқанды Бұхара хандығынан бөліп әкетуі де қисапсыз бүліншілікке соқтырды. Соның өзінде де Самарқан аумағы – Балпық адамдарына өзінің бар ғажайыптарымен мен мұндалағандай.Бұлар тіпті әнеукүні ғана Ескелді би өз отының басында Сіргелі, Ошақты адамдарына жыр еткен Бұхара ханы Әбілпейіз бен РаджабМұхамедтің арасындағы қақтығыстардың, әрі қазақ ханы Әбілхайыр араласқан Хиуа хандығындағы оқиғалардың шетпұшпақтарын өз көздерімен көрді десе де артығы жоқ.
Сол Самарқан төңірегінде жергілікті жұрттың бау-бақшасын талаушы қазақтардың ішінен көптеген атақты қолбасыларды да ұшыратыпты. Солардың бірі – ұлы би Төленің туысы жаныс Өтеген батыр. Жалайыр батыры Балпық пен дулат батыры Өтегеннің мықтап шүйіркелесуі сонда болыпты. Балпық бұл Өтегеннен, басқа да батырлардан көп жайға қаныпты. Тек бұл батырлар өз елдерінен жырақта, қашқан-пысқандардың ен ортасында неғып жүр? Міне, Балпық осы жағына бірден шұқшиған? Сөйтсе олардың мақсаты мына қашқан елді мүмкіндігінше кері қайтару, әрі олардың арасындағы жігітжелеңдердің тез әскер қосындарына қосылуын қамтамасыз ету екен.Мұның сыртында Самарқан, Бұхара, Ходжент сияқты қалалардан сұрап, не ұрлап, не айырбасқа әртүрлі қару-жарақ, оқ-дәрі, темір-терсек әкету екен. Мынадай күнде Ташкент шаһарының қалмақтарға өтуі қазақтарды осындайлыққа мәжбүр еткен. Сұрау мен айырбастан гөрі ұрлау көбірек нәтиже берсе керек. Бұған сондағы ашқарақ қазақтардың да едәуір қолқабысы тиіпті. Міне, осындай мәселелер мен іс-әрекеттер жиынтығы қазақ батырларының жат жұрттың ортасында тез тіл табысуына мұрындық болыпты. Мына Балпық тобы жетектеген оншақты түйенің үш-төртеуіне күлдірмамай мылтығы, қалғандарына қылыш, найзаның ұшы, қанжар сияқтыларды соғуға ыңғайлы таспа темірлер мен оқ-дәрі тиеліпті. Ал анау бастарына шалма тартқан, көздері тұнжыраңқы, сақал-мұрттарының бітімі бөлек жат жұрттықтар әртүрлі қылықтары үшін өзқандастарымен сыйыспаған, сосын да қазақтарға барып жансауғаламақшы, араларында ұста, басқа да өнериелері барлар екен.
* * * Балпық пен Жолбарыс би арасындағы әңгіменің негізгі өзегі де мына жалайыркүшіктерді Сырдариядан ары өткізіп, Қаратаудың күнгейіндегі ұлы жүз тайпаларына қосу туралы еді. Жолбарыс бидің өзінің де күткені сөз ауанының осылай қарай ауа толқуы екен. Қарт бидің түсіндіруінше бұлар Сырдан бері жетіскеннен өтпепті. Ташкентті иеленген Сары-Манжының кіші қолбасылары жалайыр-күшіктердің ұл-қыздарынан олжа алу жағын ойластырыпты. Соны өз жансыздары арқылы естіген би бір түнде өзқауымын, әрі аздаған қоңсылас қазақтарды тік көтеріп, біршама жолы ашық көрінген Сырдарияға қарай ауып кетіпті. Ал Бадам өзенінен әрідегі қалың жалайырларға қарай тіке тартуға жүректері дауаламаған, ол деген нағыз қанды шайқасқа ұрыну десіпті. Балпық пен Кәшке ертеңіне де осы Жолбарыс би ауылында тынығып, тағы бір түнді өткізіп, келесі таң бозында аттанбаққа уағдаласты. Ал Жолбарыс би Сырдарияға қарай елдіқозғауы үшін үш күн мұрсатберілуін қалады.Бұлар бәрібір Балпық тобына ілесе алмайды, елдің аты ел, жүрісі баяулау. Ертеңіне, шамамен, күннің екіндіден ауған шағы еді. Бір-бірін көптен көрмеген жұрттың жыры таусыла ма, қара қостағы күмбір-күмбір одан әрі жалғасты. Кенет Балпықтың есіне әлгі Жарықбас Есентүгел дегеннің қылығы түсіп, сол жайын Кәшкеге қайта айтқызды. Аталмыш жай Балпықтың қайта көңілін бұзды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» деген сияқты халықтың ескі нақыл сөздерінің неше алуаны ойына оралып, соларды тәрік еткен жалайыр-балғалылар көсеміне деген наразылығы одан сайын ішін тырналады. Тіпті жүйкесі де бостық еткендей.
Осы кезде Жолбарыс бидің бұған дейін басқа қоста болған кішкентай қара домалақ балалары бірінен соң бірі еніп, қарт әке мен қонақтарды жағалай бастаған. Пайғамбар жасындағы бидің бұл шақта осыншалық немере емес, бала сүйіп отырған халінен баршасы хабардар. Бидің бір де бір құрсақ көтермеген кемпірі осыдан едәуір жыл бұрын дүние салып, жанашыр ағайынның кеңесімен бұл төсек жаңғыртқан. Оң жақта отырып қалған біреудің жас қызын алған. Соған байланысты да бір әңгіме ел ішінде көп тараған. «Ақыр перзент сүймедің деп, көзге шұқисыңдар, көп балалы шешеден туған мына қызды алсам қайтеді» деп кезінде ақыл сұрамай ма? Сонда баз бір тумалар: «үй, ол жас қыз, сен төріңнен көрің жуық кәрісің, өз теңіңді неге іздемейсің» деп, аяқ астынан кері кете сөйлейді. Соған намысы қозған би әлгі қызға өзі барып: «Айтшы, жаным, мен осы кәрімін бе?» дейді. Қыз сонда: «Сіз алла-тағаламның көңілі түскен шағында аспан нұрынан жаратқан адамысыз. Сүйегіңіз асыл, жаныңыз жомарт, әр сөзіңіз алтын мен күмістің қоспасындай. Мұндай тар жол, тайғақ кешулі заманда сіздей жандарға зәрулікте шек бар ма? Білмеген адамға кәрісіз, білген адамға дәрісіз» дейді. Сол қыз емшек сүтімен бірінен соң бірін көтеріп, аз жылдың ішінде Жолбарыс биге бес бала сыйлаған. Міне, сол балалар қазір қосқа кірісімен қонақтарды о жақ, бұ жағынан түртпектеп, мазалап, бұзақылық жасап еді. Мұндайға үйренбеген, әрі Жарықбас Есентүгелге байланысты жүйкесіне күш түскен Балпық бір мезет ойсыз қылықка жол берді. Балалардың ішіндегі өзін үш мәрте түйгіштеп өткен ең тентектеу біреуін құйрықтан алақанымен шып еткізіп: – Қайдан шыққан бейбастар мыналар, әпкетсендерші ары?! – деп салды.Бұл тентек – «шыбық тимей шыңқ» етер осы үйдегі жас ананың сүт кенжесі екен. Балпықтан жаза көргеніне назаланып, бақырып, үйді одан әрмен басына көтерді. Сол сәтте Жолбарыс ұйқыдан оянған адамша көздері жас батырға талмаурай қарап, бір мағыналы сөз тастады: – Қап, әттеген-ай, арагідік құдайдың ісінде де бір шалалық болады деген. Арғы атаң әулие Андас, өз әкең ел тұтқасы Дербісәлі болса да жазатайым сен де бір жаңсақтық жасадың-ау. Бекер тидің балаға. Әкең Дербісәлі мен басқа да үлкендерден «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» дегенді естімеп пе едің? Баланың қандай болатынын балалы болғанда білерсің әлі.Бұлардың анасы – құбақұс, атасы – алақұс, ұраны «Байтоқ». Жасың ұлғайып, қара құрығыңды сүйретіп, осылар көтерген ақ найзаның астын паналағанда білерсің бұлардың қайдан шыққанын. Қадіріңе де сонда жетерсің! Балпық жауап қайырмады. Тек алдын-ала уағдаласқандай ертеңіне емес, сол күні кешке іңір қараңғылығы қоюлай бере өзінің және Кәшкенің тобын ертіп жүріп кетті. – Апырау, ертең таң бозында емес пе еді қозғалатын сәтіңіз? – деп жұрт ұлардай шуласып-ақ еді. – Жоқ, мына жақтың күні тым ыстық екен, жол ұтқанға түн қолайлы, – деп міз бақпады. Уәделі үш күн өткенде Жолбарыс би де осы Қызылқұмда жамбастаған бүкіл жалайыркүшік елін, қоңсылас ағайындарды солардың ізімен Сырдарияға қарай алып жүрді. Жолай ат үстінде уақыт кеңде би адамдарының бірі: – Ақсақал, әнеукүнгі Балпықтың баласы жоқтығын шыжғыртып тұрып бетіне бастыңыз. Жас батырдың көңіліне ауыр алғаны анық. Балпық жас болғанмен үй иесі емес, ел иесі. Ел иесіне осындай туған жердің күйігі өзек өртеген шақта бұлай сөйлеу сіз сияқты
бір тайпа қауымның арқа сүйері, әрі пайғамбар жасындағы адам үшін жарасымды ма? – деп төтесінен сұрақ қойды. Балпықты қатты өкпелеткені мұның да көкейінен кетпей жүр екен, бірден суырылды: – Бұл жағына менің ақылым жетпейді дейсіңдер ме? Ол сөзді айтпай тұрып-ақ Балпықтың ренжитінін болжадым-ау. Сонда да Балпықтың ренішінен гөрі оның әкесі Дербісәлінің көкірегіндегі зар жаныма жаман батты десем қайтесіңдер? Осыдан үш жылдай бұрын, бұл Балпық сонау Торғай даласынан үлкен жеңіспен оралған кезде мен Дербісәлінің шақыруымен сонау Қасқасудағы осылардың аулында жатпадым ба? Сондағы кәрі құлжа Дербісәлінің аузынан жалын ата сөйлеген сөздерін сендер тыңдар ма едіңдер? Рас, Дербісәлінің басқа да балалары бар, олардан туған немерелерінің өзі бір үйірге жуықтайды. Тек не керек, оған көңілі көншитін Дербісәлі жоқ. Ол үшін Балпық бір төбе де, өзге балалары бір төбе. Егер Балпықтан бір ұл туса, сол біреуді сонау бір қора немереден артық көруге бар. Сосын да ол Балпықтың баласыздығына екі дүниеде де көндігуге жоқ. Міне, менің Балпықты қағытуым сол Дербісәлідей әкенің зарын тыңдағандықтан, жандарым! Ат үстіндегілер бұл жайға өзгеше сыпат беріп жалғастырды: – Балпықтың әйелі Кәсенсары кезінде бір бала тапты да ғой. Тек онысы шетінеген соң қайта құрсақ көтермеді. Денсаулығына зақым келген сияқты. – Сол Кәсенсарының бір сиқыры да бар ма деймін. Балпық перзент жайында сыр ұшығын шығарып налыса Кәсенсары сылаңдап, оның жанын жадыратып жібереді екен. Не өзі бала таппайды, не батырдытоқал алуға мойын бұрғызбайды.
* * * Осы 1729 жылдың мамыр айына таман Жоңғарияның Қазақ ордасындағы бас қолбасысы Сары-Манжы Шу өзенінен теріскейге қарай ұзаңқырап, Қордай асуы, Жетіжол жотасы, Күрті өзені мен оған құятын бірнеше салалар бойында, сонау Іле дариясына дейін созылатын үлкен шеп құрды. Тек әскер емес, қалмақ ұлыстары ма, жоқ, сондағы бодандыққа мойынсұнған қазақ қауымдары ма, бәрін бірдей сол шепке қарай жақындатып, ең бір малды-жандыларына шөбі шүйгін жайлаулар мен кең қоныстарды аямай бөліске салды. Биыл ерте түскен, әрі біршама жауын-шашынды көктем жағдайында тау мен жоталардың ажары осы мамыр айында-ақ көз тартатын еді. Көк жамылғысы тез-ақ бұрқ етіп, қабырғасы ырсиған арық-тұрағыңның өзін бір күнде тойындырып, ойнақтатып жіберетіндей-ақ. Қазақ пен қалмақтың көзі мал жайылымы десе өзгені көрмей кетеді емес пе? Әрі ештемені естімейтін саңыраулығы қоса ұстайды. Осындай халде ешқайсысы қалмақ қолбасысы неге соншама жомарттық жасап, сонау Шу өзенінен әрі, тіпті Қаратаудан да асып жоғалған қазақтардың жайлауларын қос қолдап үлестіруде, мұның артында не тұр деген сияқты сауалдарды маңайламады да. Жүкті көштер тізбектері коңызша тоңқалаңдап, болат тұяқты жануарлардың жондары жылтылдап, осылай қарай бірінен соң бірі жосылып жатты. Сөйтіп, бұл жақта қазақ, қалмағы аралас қалың ел иін тіресті. Сөйтсе де Сары-Манжығаәзірге тоқмейілсуге ұқсас бір сәттік те тыныштық бұйырар емес.Бұл көбіне ат үстінде. Күртіге құятын Қопа өзенінің жағалауына жақын тігілген еңселі үйлердің ортасындағы өзінің ақ шаңқан шатырында көп байыз тауып отыруға жоқ.
Кіші қолбасыларды, зайсандарды, күзетші-оққағарларды ертіп, әрі-бері жүйткиді де жүреді. Кейде мұнысы Қалдан-Серенге ұқсамақ пиғылына да келіңкірейді. Көп мәселені ат үстінде шешеді. Онсыз да қол тоқпақтай денесі атқа қонғанда тіптен жұмырланып, алыстан қарағанда қап-қара домалақ бірдеме сияқтанып көрінеді. Ес білгелі жылқының жалынан қолы ажырамаган неме керемет шабандоз да еді. Осы жағы кейде қасындағылардың өздерінің де, мінген аттарының да күніге бірер мәрте ащы терін алуға жарайтын. Қаз жұмыртқасындай сопақ басы Сары-Манжының сырт бітімін тасбақа пішіндес те ететін. Енді қалай, дөп-дөңгелек бірдемеден сопайып басы шығып тұрса ол жәндік есіңе түспей қайтсін. Тек қып-қызыл жүзі, ұзын имек мұрны, отты көздері, дөңгеленген селдір сақал-мұрты ғана мұның Жоңғария бодандығына өткен бүкіл Қазақ ордасының бас иесі екенін білдіреді. Соңғы апталарда Сары-Манжының қызыл жүзі біршама суалыңқы тартқан. Отты көздері де әлдекімнен қағажу көрген жанның қос шырағындай өзінен-өзі жыпылықтауды жиілетіп, бас қолбасының ішіндегі қазанның кайнауынан хабар бергендей. Ия, бас қолбасының ішінде қазан қайнауда еді. Оның Қазақ ордасындағы ахуал сияқты өзекті мәселені қоспағанда тосыннан жабысқан, сырт көзге ұсақ-түйектеу көрінетін екі себебі бар еді. Бірі үлкен Черен-Дондукке байланысты. Ақсу, Лeпcі өзендерінің бойында жатажамбастанған оның денесі мен жүрісі ғана емес, соңғы жылдары мінез-құлқына да қосымша салмақ бітіп ауырлағандай. Бұрыннан бар тәкәппарлығы енді бетіндегі бедерлі айшыққа айналып, сөз түгіл оқ дарымас жаратылысы бөлек жартасқа айналғандай. Соның өзінде де мойын бұрғызбас бір тәртіп, жол-жоралғы бар емес пе? Ол былай: Жоңғария қонтайшысы Қалдан-Сереннің нұсқауына орай екі талай күн туған шақтарда ол үлкен Черен-Дондук те Сары-Манжының бұйрығын екі етпей орындауға міндетті. Ал іс жүзінде қалай шығып жүр? Сары-Манжы оған қалмағы мен қазағы аралас ауылдардың ең бір малды-жанды әлуеттілерін Қаратал өзенінен бері өткізіп, Іле дариясының түстігіндегі мол-мол кеңістіктерге көшіру қажеттігі хақында екі мәрте өтініш жолдады. Бұйрық емес, өтініш. Ал үлкен Черен-Дондук қайтті дейсіздер ғой. Ол екі өтініштің екеуіне де шығарып салма жауап қайырып, нақтылы іс-шара қарасын көрсетпеді. Ол ол ма, үлкен ЧеренДондук бас қолбасының айтқанын орындаудың орнына оған қарама-қайшы қылықтарға да барғандай.Өзіндегі ең бір малды-жандылардың бері емес, керісінше Лепсіден ары теріскейдегі Шыңжалы-Тентек өзендеріне, Алакөл, Сасықкөлдерге қарай ауа жайылуына көз жұмбайлық жасағаны әйгіленді. Үлкен Черен-Дондук жас жағынан Сары-Манжыға әке атануға жарарлық кексе адам, тіпті оның баласы кіші Черен-Дондуктің өзі бұдан жарым мүшелдей үлкен, соның өзінде де бұлқарт ноянның міз бақпастығы бас қолбасының намысын қоздырды. Бірден қапы кетуге тәуекелі жетпей, қалайда үлкен Черен-Дондук шалғайда жатқан адам, бетпе-бет кездеспегелі біраз уақытөтті, бұл қылығының көлденең жұртқа жария етуге болмайтын бөлек кыр-сыры бар ма деген күдікті басшылыққа алып, өзіне өзі тежеу салды. Бұл Қазақ ордасындағы Сары-Манжының айтулы қолбасылардан бір арқа сүйері Шодыр мен Септен еді. Септен аузында ана сүті кеппеген уыздай жас, небәрі он жетіде ғана. Сөйтсе де, міне бір жылдан асты, үлкен әскер шоғырын шырқ үйіріп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауда. Осылар тақілеттес тағы да жеті-сегіз кіші
қолбасылар осының қарамағында. Сары-Манжы соларға көп үміт артады. Әрі бұл көп жайды ой елегінен өткізіп барып, өзінің үлкен Черен-Дондукпен түсінбестік жағдайын олармен де бөлісті. Күннің күнінде керек болар, біле жүрсін дегені. Ол қарт ноян екінің бірі емес, әлдеқалай заманда оның осы қылығы бұл Сары-Манжыдан бақ деген пәлекет теріс айналған шақта құрдымға кетпеу үшін қарманар талына айналар. Сосын да бұл жайдан Шодыр мен Септен сияқты болашағы зор қолбасылардың құлағдарлығы артық емес. Ал Сары-Манжының ішінде қазан қайнататын екінші себеп – анау-мынау емес, бүкіл ұлы Жоңғарияның бас иесі, қонтайшы Қалдан-Сереннің жұмбақ мінезінен туындайды. Міне, соңғы бір айдың жүзінде Сары-Манжы оған үш дүркін хабаршы жөнелтті. Біріне жауап қайырсашы, кәне. Қайта жіберген хабаршыларды өзінде ұстап қалып, ол демей, не бұл демей аузына су толтырғандай томсыраюда. Міне,қазірде көктемнің осы бір жанға жайлы жылымық күнінде Қопа өзенінің мөпмөлдір суына аттарының басын тірей тоқтаған айналасы қырықшақты адамның қақ ортасындағы Сары-Манжы осы қонтайшы бағдарындағы өз алаңдаушылығын ортаға салды: – Ия, қонтайшы байтақысы жақтан дыбыс та жоқ, сыбыс та жоқ, бұл жоғары мәртебелімнің қай мінезі? Будда әулиемді куәлікке тартайын, өз басым бұған ақыл жеткізе алар емеспін. – Мәртебелім, сіз сол хабаршылардың қонтайшыға дін аман жеткеніне толық сенімдісіз бе? – Апыр-ау, ең алғашқылары қонтайшы бізді өзінде ұстап қалды деп, құпиялап, бөгде біреулер арқылы тіл жіберді емес пе? – Өйдеп тіл жіберген хабаршылардың өздері ме, жоқ оларды жолай қаққанқазақ жансыздары ма, қайдан білеміз? – Бас қолбасы оған осқыраяқарағанда бұл білгіш ойын одан әрі жалғады. – Өзіміз анау Қаратау бойында, одан арғы Сырдария жағалауларында қазақтың неше жансызын, неше ертөлесін қанжығаға байладық? Есіңізге түсіріңізші, мәртебелім. Өйтпесек, қазіргі қазақтар қозғалысы хақында таскереңнен не айырмамыз бар еді? Қазақтар бізге өздері жариялаған жоқ қой, біз сөйтіп жатырмыз деп. Бұл тұжырым Сары-Манжыға әжептәуір ой салды. Қазақ жансыздары мен қалмақ жансыздары арасындағы айырма, әрине, жер мен көктей. Өткен 1728 жылдың қайнаған жазында сонау Ордабасы атты төбеде қазақтың бір ай мүйізді серкелері қандай келісімге келді, биыл көктем туа олар құрастырған үлкен күштер бері қарай қандай бағыттармен жылжуда, осының бәрін Сары-Манжы мен оның айналасындағылар алақандағы жазудай көріп-біліп отыр. Қазақтар өз әрекеттерін пәлендей жасырмайтын да сияқты. Осы биылдың өзінде көктем туар-тумаста қалмақтардың қолындағы Ташкент қаласынан ақырған даусың жететін Қазығұрт тауының теңірегі жиналған сарбаздарының көптігінен толқыған теңізге ұқсады. Қазақтардың үш бөлігінің бірі, Ұлы жүз тайпасының көсемі, мына қалмақ бекзадаларына есімі жақсы мәлім Төле би мен Жолбарыс ханның жұртқа салған жарлықтары сол Ташкент қаласындағы қалмақ әкімдерінің құлағын жарардай естіліп жатты. Қалмақ жансыздары көп қиналмай-ақ қазақ ішіне еніп, әрбір сөз, әрбір қимыл атаулының бәрін жіпке тізіп, қаз-қалпында, қоламтадан жаңа суырылған, ыстықсуығы басылмаған күйінде жеткізіп тұрса құлақ жарды деген сол емес пе? Қылыш, найза
соғылған жылжымалы ұста дүкендеріндегі төс пен балғаның шың-шыңы тіпті керемет. Бұл шың-шың ғана емес, қазақтардың сонау Самарқан жақтан бірнеше түйеге артып, қаружарақ жасауға ыңғайлы таспа темірлер әкелгенінен де құлақтанды. Кейбір шеберлігі басым ұсталардың (араларында сол Самарқан жақтан қашып-пысып жеткен әлдекімдер және бар) ныспыларына дейін бұлар жаттап алысты. Ал ендеше... Одан кейін де сонау Самарқан айналасындағы көп босқын қазақтардың бір буыны Шыршық өзенінің Сырдарияға құяр тұсынан бері өтіп, олар да осы Қазығұрт төңірегіндегі ұлы нөпірге қосылғаны анықталды. Ал қазір сол ұлы нөпір Келес, Бадам атты өзендер бастау алатын Талас Алатауының Қаржантау биігінде жайыла ала шұбарланып, тап осы мамыр айында одан бері асып түсіп, Тасарық, Талас өзендерінің суына құлағалы келе жатыр. Тасарық пен Таласқа жетсең одан бергі Қырғыз Алатауының етегімен көп салалы Шуға ілігуің оп-оңай. Шуға ілігу қалмақтар шебіне бетпе-бет келді деген сөз. Ал қазақтардың екінші буыны, ең негізгі бөлігі – Орта жүз қазақтары да бес қаруын сай етіп, сол Ордабасы маңында тастүйін бірігіп, Қошқарата, Боралдай өзендерін өрлей беріпті. Бұның ең негізгі бөлік саналатыны қазақтардың баршасына ортақ ұлы ханы – Болат пен баршасына ортақ бас қолбасы Әбілхайыр осы шерудің қан ортасында. Осыдан үш күн бұрын жеткен ақпар бойынша бұлар да енді-енді Қаратау асып, Асы өзені мен соның бойындағы Билікөлдің тұщы суына құламақшы.Бұл Билікөл де Тасарық пен Таластан шалғай емес. Қазақтардың үшінші буыны – Кіші жүз қолы да Қаратаудың батыс етегінде шоқталып, қазір ол да осылай қарай мамырлап келеді. Соңғы ақпар олардың Қаратаудың күнгей бетімен сырғып, оның Үлкен Ақтау атты сілемінде, сондағы Шабақты өзенінің суына тұмсық батырғанын айғақтайды.Бұлардың да бағыты осылай. Бұл үш буын қай жерде тоғысады, ол да пәлендей жұмбақ емес. Бәрі де Шу өзенін, оның аса көп тармақты Қорағаты атты саласын бетке алғаны соқырға таяқ ұстатқандай айқын. Бетің бар, жүзің бар демей, бұл бодан елдің бері қарай қасқая жақындауы қалмақтарға «тұрысатын жеріңді айт» деп, ашықтан-ашық соғысқа шақыруы емей немене?Бұл жай Сары-Манжының түн ұйқысын неге төртке бөлмесін? Қазақтың үш бөлігі тарапынан құрылған ұбақ-шұбақ әскер шеріктерінің осылай қарай сынапша сырғуы хақындағы мәліметтерде асыра сілтеушілік бар деу де ақылға қонымсыз. Қалмақ пен қазақ арақатынасы ең бір шиеленіскен жылдарда қалмақ жансыздарының Ташкент қаласы мен сонау батыстағы Мұғалжар арасындағы ары-бері желісті жүрістерін, бірін екіншісіне жалғастырушы, табыстырушы, өздеріне ғана мәлім сүрлеу-соқпақтарын бір сәт жинақтап көз алдында елестетсең бүкіл қазақ даласын өрмекшінің торы басқанға ұқсатар едің. Ия, қайталай айтсақ жоңғар-ойрат тұрмысында жансыздар, тіл тасушылар ұстау өнері өзінің ең бір шырқау шегіне Сыбан Рабтан мен оның қанқұйлы баласы Қалдан-Серен заманында көтерілген еді.Бұл ортада ең бір табыскер де, ең жиі сұраныстағылар да осылар. Тіпті кейбір жансыздардың өздерінің көп жылдық мінсіз қызметінің арқасында көзге көрініп, шоқтығы биіктеп, «қақырығы қайым алтын, түкірігі түйме алтын» тұлғаларға айналғаны да қоспасыз шындық. Себебі, күнделікті сауылдап құйылатын қыруар хабарларды жинақтап, өңдеп, іріктеуде олардың тигізетін пайдасы теңтең казынаға бергісіз. Осы аралықта Сары-Манжыға тосын ой түсті. Ол дереу атының басын кілт бұрып, өз ордасына қарай тасырлата шаба жөнелді. Оның соңынан ілескен нөкерлері де құйғытып
бергенде аттарының тұяқтарынан от ұшқындады. Сары-Манжы сол күні өзінің ақ шаңқан, кең киіз үйінің ішінде отырып, Қалдан-Сереннің атына хат жаздырды. Бұрынғыларының бәрі ауызша сәлем күйінде еді, енді оларға заттық бейне беру қажеттігін түсінгендей. Хатшысы, бет-аузы жылмиған кішкентай қалмақ төрт бұрышты ұзынша тақтайды қос тізесіне көлденең жайды да, бас қолбасының аузынан шыққанды аш иттей қақшып, қыл-қыбырына дейін қалдырмай қағазға түсіріп жатты. СарыМанжының ақ шаңқан үйіне жаңағы нөкерлердің оншақтысы ғана кірген, хаттың кейбір сөйлемдерін құрастыруға солар да үлес қосты. Бұған дейін Қазақ ордасы хақында не ақпарлар жөнелтілсе солардың бәрі қайта електен өткізіліп, қайта тізілді.Бұл жолы тек Ордабасыдағы оқиғаға көбірек маңыз беріліп, молырақ тәптіштелді. Әрі ең соңғы жағдаяттар қоса тіркелді.Өзінде барлығы алты зеңбірек, оның екеуін Ташкент аймағында қалдыруға мәжбүр болғанын, сосын да осы от қару жөніндеәлі де зәрулік барын, швед инженері Аренар және Қытай шекарасы жақтағы әскер шоғырларының жарым-жартысы уақытша болса да осы Қазақ ордасына қарай ауыстырылса Будда әулием құп көрер іс шығарын қайталай баяндады. Тек ары-бері ойланып, басқалардың тіл ұшына іліктіргендерін саралай үлкен Черен-Дондуккеқатысты наразылығын іркіп қалды. Үлкен Черен-Дондук бұл елдің төрт тіреуішінің біреуіндей аса ірі тұлға, Жоңғарияның күш-қуатын нығайтудағы сіңірген еңбектері адам айтқысыз. Басқасын қой, сонау бір жылдары Ертіс бойындағы текетіресте орыстарды күйрете жеңіп, бірнеше жүздептұтқындар әкелгені, олтұтқындардың шетінен (араларында швед мамандары қоса бар) он саусағынан өнер тамған шеберлер болып шыққаны бұл күнде кімге құпия? Әрі үлкен Черен-Дондуктың қонтайшы Қалдан-Серенмен туыстық іліктестігі және бар, сосын да Сары-Манжы оның үстінен шағымданамын деп, жалаңаяқ от басқанның күйін кешермін деп сақтанды. Бұл хат бақайшығына дейін қаруланған елу шақты сарбаздан тұратын топпен сол күні жөнелтілді. Оларға берілген қосымша тапсырма және бар: бұл топ жолай екіге бөлінеді, қонтайшыға бір тобы ғана барады, егер қонтайшы оларды да ұстап қалса екінші топ оның себебін анықтап, көзге көрінбей тез кері қайтады. Басқа да күтпеген көлденеңкезмайыс жағдайларда да солай. Алайда, ертеңіне сәске түсте бұл топ кері оралды. Себебі, бұған дейін қонтайшы ұрғасына үш мәрте жөнелтілген хабаршыларды жолықтырыпты. Олардың бәрі дін аман, тіпті бастарында бір тал қылы да қисаймаған, қонтайшының қапқап сәлемін арқалап, күн-түн қатып жеткен беттері осы екен. Бұлар Сары-Манжының ордасына үйірімен топырлай құлап бір-бірін бөле-жара алғашқы сөздері ауыздарынан шыққанда-ақ бас қолбасының төбесінен мұздай су құйылғандай тұла бойы тітіркенді. Жас ноянға осы қысқа ғұмырда ең жайсыз тиген нәрсе осылар әкелген хабар шығар. Ия, шығыстағы аждаһа – Қытай кіші Черен-Дондук иелік ететін сонау Алтай маңында, Халханың батыс жақ шетінде Жоңғарияға қарсы соғыс ашыпты. Тек Тұрфан, Үрімші, Хами маңында ондай қозғалыс жоқ көрінеді. Бұдан кейінде құлағы бітеліп, қонтайшы Қалдан-Сереннің швед оқымыстысы Аренарды мұның қарамағына жібере алмайтыны, қосымша зеңбіректер, оқ-дәрі жөнінде де қарайласуға қолының қысқалығы, алты зеңбіректің екеуінің Ташкент маңында қалдырылғаны қателікке ұқсайтыны, Тұрфан асуы, Хами маңынан Шарышты ғана өз әскерлерімен осылай қарай ауыстыратыны хақындағы тұжырымдарын шала естіді. Тек ұйқылы-ояу
халден арылып барып қана жүргіншілерді қайта сөйлетті. Сөйтіп қана қонтайшы жіберген сәлем-сауқатты санасына сіңірді.
* * * 1729 жылдың мамыр айында қонтайшы Қалдан-Сереннің өзбасы Бөрілідала өзенінің бойында еді. Барлық тарихи, жағрафиялық құжаттарда бұл өзеннің атауы «Бортала» деп жазылғанмен түп негізі қазақ, қалмақ, татар сияқты түркі тектес тілдердегі «Бөрілі дала» деген тіркестен қалыптасқан.Бұлөлкеде қасқыр дегенің шынында жыртылып-айрылады. Қазан-ошағы салдырлап, қару-жарағы сартылдап, үйіліп-төгілген адам қарасынан қаймықпай, шет-пұшпақтағандарын жарып кету, түйелі Кәшке шабу, үйір-үйір жылқылармен майдандасу бұл жақтың сұр түсті тажалдарына ежелден дарыған мінез. Олардың бүйтіп еркінсуіне қалмақ қауымындағы бір үрдіс те себепші сияқты. Қасқырдың тісі тиіп өлсе, не ет-сүйегі соның өңешінде кетсе «е, мына пенденің тіршілікте жасаған күнәсі жоққа тән екен, жаны пейішке барады» деп, еш аза тұтпастан өлігін, не оның қалдығын талдан тоқылған сүйретпемен аулағырақ апарып, итше көме салады. Тек мына өзен сол еркінсіген ит-құсқа бола «Бөрілідала» аталған деу де біржақтылыққа ұрындырар-ау.Бұл қиырдың ит-құсымен қоса табиғаты да қатаң. Ертелікеш, кейде тәулік бойы, кейде апталап соғатын желі үйір-үйір аш қасқырдың ұлығанынан бір былай емес. Апандай ауыздарын аспанға қарата аңқитып, ақсиған тістері қайшыланып, ақ қар, көк мұз үстінде шоқиған дала тағылары бір-бірінен дауыс асыра аңырап бергендей неше алуан үндер тоғысы адамның жүйке тамырын шымырлатып, кең дүниені тар етіп, жанын қоярға жер тапқызбайды. Ия, бұл атақты Ебінің желі дейтіннің бір буыны еді. Ебінің желі осы Бөрілідала өзені барып құятын Ебінұр көлі жақтан басталып, сол теріскей батыс бағытта Жоңғар қақпасы арқылы Алакөлді басып өтсе оның бір желпуі осы Бөрілідала жақта қалатын.Бұл маңның алай-түлейін шығаруға, адамын да, аңын да қатыгез етуге сол бір желпуі де жарап жатыр. Сонау Іле дариясына Кеңсай өзені құятын тұстағы кірпіш қоршауы бар тұрақты ұрға алыс түстікте қалған. Екі ортада көлбей созылған Борқора жотасы мен Тышқантау, Бежінтау, Тоқсанбай жотасы сияқты мұзарт шыңды биіктер жатыр. Ал Қалдан-Сереннің көшпелі ұрғасы осы Бөрілідаланың түстік Тышқантау жағындағы терең сайлы жағалауын қалқалап отырған. Шындығында бұл қонтайшының әдейі таңдаған жері емес. Қытайдың Алтай таулары жақтан Жоңғария жеріне тіс салмақ ниетін өз тыңшылары, әр тараптан қолға түскентұтқындар арқылы былтырдан-ақ сезіп, солай қарай бір табан болса да жақындау ниетімен көшіп-жылжып жеткен межесі еді. Енді міне, Қазақ ордасы жақтан Сары-Манжы үш мәрте хабаршылар жіберіп, ол да алқымнан ала бастады. Қазақ даласындағы қозғалыс хақында бұл Сары-Манжысыз-ақ өз тарапынан жіберген тыңшылар арқылы да көп ақпарды жиып-теріп отырған. Сосын да Сары-Манжының мазасыздануына түсіністікпен қарап, мұның да тұлабойын суық кернеді. «Екі жақты соғысқа ұрынуданҚұдай мен Будда әулием сақтасын!» Уақыт биенің бас сауымы болған шақ. Қонтайшының қасында үш зайсан, төрт-бес бекзада, тағы соншалық кіші қолбасылар, Аренар, жиырмашақты күзетші-оққағарлар бар еді. Бұлар да ат үстінде, Бежінтаудан шашырай бөлінген көп төбешіктердің бірінде бәрі үйірілген. Аздаған жел де соғып тұр. Кейбір ұзын тұлымдылардың «шашбауын көтере»,
аттардың құйрық-жалдарын жұлқылап, ара-тұра құтырынып та қояды. Қонтайшы ұйқысыз түн өткізгендей кіржигенқабақпен Аренарға көбірек қадалады. Қалмақтарша сеңсең құлақшынды баса киген, беттерінің ұшы, мұрны қайраулы пышақтай швед маманы Жоңғария қонтайшысының аса ауыр шешім қабылдамақ сәтте тұрғанын сезіп, атының басын тартыңқырай бұл да оған зер сала қарайды. Теріскей беттегі төменнен, көшпелі ұрға жақтан бір топ атты көрінді. Ентелетіп қатты келе жатқандарына қарап қалай да бір хабар арқалаушылар екенін сезіп, Қалдан-Серен бәрін доғарып, солардың жетуін күтті.Бұларды бастап келген Цуй мен Кашка еді. Шынында олжалы топ. Сонау Алтай тауындағы қолбасы –кіші Черен-Дондук бір орыстытұтқынға түсіріпті.Бұл жай орыс емес, Ресей патшасы Қытай астанасы Пекинге жіберген үлкен елшіліктің күзет қызметінде болған, әжептәуір әскери шені бар адам екен. Кіші Черен-Дондук оны алғашқыда өзі сұрақка алып, ақыры, мұның ақпарлары ұлы мәртебеліқонтайшының кажетіне жарар деп, қол-аяғын кісендетіп осында жіберіпті. Қалдан-Серен сол төбе басында тұрып бұйрық берді: – Әлгі оқымысты татар қайда, тез соны алдырыңдар! Мұның оқымысты татар деп тұрғаны әлгі Максим Этыгеров еді. Ия, тап сол, осыдан тура алты жыл бұрын Қазақ ордасына қарсы ұлы шабуыл басталғанда осында келіп он ай омалған капитан Иван Унковский басқарған экспедиция құрамындағы тілмаш, Тобыл ақсүйегі, ұлты татар Максим Этыгеров еді. Унковский елшілігіндегі өзгелердің өз өмірлері үшін қауіптенгені соншалық, жоңғар-ойрат жерін қайтып көрместей қараларын батырса мынау араға бес-алты жыл салып қайта соғып отыр. Осыдан екі жыл бұрынғы сержант Д. Ильиннен кейін Ресей мен Жоңғария арасындағы қатынас сәл салқындағандай көрінгенмен осы биыл жылдың басында, қақаған қыс күндерінің бірінде Мәскеуден құлатөбел тағы бір елшілік жеткен. Бірақ олар өзге елшіліктердей көп ошарылмады, небәрі жиырмашақты күн қонтайшымен, оның төңірегіндегі ығай-сығайлармен ырғасыпжырғасты да тайып тұрды. Максим Этыгеров тілмаш ретінде сол елшілікпен келіп, тек қайтар сәтте екі жаққа да өтініш салып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында осында қала тұруға сұранған. Орыстар жағы «патша ағзам бұдан кейін екі арадағы қатынасты жандандыра түспек, таяу уақытта бір өкілетті адамдар келер. Максим Этыгеровті солар да пайдаланар» деп, кеңшілік еткен. Ал жоңғар-ойрат жағы Ресей азаматы, бірақ ұлты орыс емес, діні де басқа, әрі үлкен оқымысты, ақсүйек, бұған қоса ешқандай өкілеттігі жоқ адамның осында бөгеле тұруына өз тарапынан да мүдделілік танытып, олар да қонақжайлылық білдірген. Сөйтіп, ол осында қалған. Бұл Максим Этыгеров шыққан тегі, шалқыған дәулетіне қарамастан ғылыми жұмыстың тауқыметіне көндіккен, ыждаһатты, соған орай Жоңғария мемлекеті, ондағы тұрмыс-тіршілік, салт-дәстүр хақында болашақ ұрпаққа құнды деректер қалдырған зиялы жан. Міне, Қалдан-Серен тап қазір сол жат елдің зиялысын қажетсінді.Бұл шақта ұрғада басыбайлы құлға айналған өзге де тілмаштар жеткілікті, бірақ қонтайшы оларды қомсына сол Тобыл татарына аңсары ауды. Бөрілідала өзенін бойлап, әртүрлі табиғат жағдайларын қағазға түсірген Максим Этыгеров сол күннің кешінде ғана ұрғаға жеткізілді. Бұған қоса осындағы екі-үш басыбайлы тілмаштар да қатыстырылды. Аренар, Цуй, Кашка, манағы төбе басындағы зайсандар мен бектердің бәрі шақырылып, ең ақырында кіші Черен-Дондук жіберген
тұтқын орыс келтірілді. Бірнеше тас шам әр керегеден жылтылдап жанған бұл кең киіз үй қонтайшының басты ордасы емес, соған таяу тігілген, бұл да еңселі үлкен шатырлардың бірі.Тұтқынды сұраққа алуға кәрі зайсан Санжи бөлінді. Шұнақ құлақ хатшы СолоньДаржигетұтқын аузынан шыққанның бәрін жазып отыру тапсырылды. Ия, әдеттегідей төрде қонжиған қонтайшы Қалдан-Сереннің бұл оқыс кездесуге үлкен мән бергені айқын еді. Бұған тағы бір дәлел – сол кеште сонау Борқора жотасынан әрідегі Іле дариясының жағалауында қалған кірпіш қабырғалы қоршауы бар тұрақты ұрғадан Қарабас ханым жөнелткен адамдар жетті. Өткен жазда бұл Қарабас ханым және қонтайшыға Лама-Доржи атты кішкентай ұл сыйлаған жас та сұлу тоқал бүкіл аймағымен Ыстықкөл жағасынан сол Кеңсай мен Іле қосылатын сағаға әкелінген. Күндіз есінен, түнде түсінен кетпейтін кішкентай ұлының амандығын білу Қалдан-Серен үшін ең бір кезек күттірмес шаруа емес пе еді? Сөйтсе де ол жақтан жеткен жүргіншілерді «күте тұрсын» деп, бұл кеште өзіне жуыттырмай қойды. Ия, қонтайшының Қытаймен екі арадағы соғысқа, сол Аспан асты империясының өз ішіндегі жағдайларға, олар туралы бір тұтамдай болса да сыр ұшығын ұстатуы мүмкінтұтқын орысқа аңсарының ауғаны соншалық, биыл небәрі үш жасқа ғана толмақшы болашақ мұрагерінің жайын білуге де асықпады. Тұтқын орысқа Санжи ғана емес, ара-тұра қонтайшы, Аренар, Цуй, Кашка тарапынан да бірнеше сұрақтар қойылды. Күні бойы жақсы күтімде болғантұтқын олардың бәріне де мүдірместен жауап беруде еді. Ескі тарлан Санжи ең алдымен бұлтұтқынның өз басының кім екенін, қандай жағдайда тұтқынға түскенін қазбалады.Тұтқынның өз баяндауынша бұл Мәскеу қаласына таяу провинциялардың бірінде шаруа семьясында туған, тек әскери оқуға ілініп, кейін орыс-швед соғысының да шет жағасына қатысып үлгерген, аздап контузиясы бар отыз бестер шамасындағы жігіт екен. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 1726 жылы Мәскеуден Қытай астанасы Пекинге аттандырылған граф Савва Рагузинский бастаған елшіліктщ күзет құрамына енгізіледі. Жігіт ағасы дегенмен де қайрат-күші бабында, құралайды көзге атқан мергендігі бар, әскери шенді бұл неме мұныөз басы үшін әжептәуір мәртебе санаса керек. Әрі Қытай сияқты үлкен елде біраз уақыт тұрып қайту да екінің бірінің пешенесіне жазылмаған бақ қой. Хош, сонымен бұл Пекинде. Граф Савва Рагузинский өзге шаруалармен бірге Қытайдың ішкі, сыртқы саясат мәселелеріндегі көпәрекеттерін үзбей қағазға тіркеп, оған өзінше баға, түсінік беріп, Мәскеуге жолдап тұрады. Сондағы оның көп назар аударғаны Қытай мен Жоңғария арасындағы қарым-қатынас екен. Тіпті кейбір хаттарды құрастыруға әскери маман ретінде осытұтқын да қатыстырылыпты. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын, 1727 жылдың шамамен мамыр айында Савва Рагузинский Мәскеуге жолдаған хаттардың біріндегі мынадай сөздер мұның жадында қалыпты: «Қонтайшы мен Қытай императоры арасында бітім жоқ. Себебі, император қонтайшыдан тартып алған қалаларды қайтармайды, ал қонтайшы онсыз бітімге баруға жоқ. Қонтайшыныңәскерлері ұрыс даласында сақадай сай тұр, бірақ шешуші ұрысқа барар емес. Қытай әскері ешқашан қырық төрт мыңнан аспаған, ал жан-жақтағы елге екі жүз мыңдай әскеріміз бар деп кеуде қағады. Қонтайшы тиіп-қашпа соғыстар арқылы Қытай әскеріне көп нұқсан келтірді». Тұтқынның бұл сөздерін естігенде Қалдан-Сереннің күрең-қызыл бетіндегі бояудың тіптен қоюлап сала бергені мына тас шамдардың жарығында-ақ айқын
шалынды.Тұтқынның баяндауында иненің жасуындай да жалғандық жоқ екені осы бір ақпарынан-ақ аңғарылған. Қонтайшының осындай сырт пішіні адамша құйылған алтынды қолға түсірген, әрі оны табанда ұрғаға жеткізген кіші Черен-Дондукке деген ризалығында шек жоқ. Максим Этыгеров пен орыстұтқын екеуі бір елдің адамдары ғой, сосын да Тобыл ақсүйегі оның ашыла сөйлеуіне кедергі жасармын деп, әрі алдағыны кім болжапты, бас қауіпсіздігін қоса ескеріп, бұл кездесуге қалмақша киініп кеп, алакөлеңке бұрышта елеусіздеу отырған.Бұл Отанын сатқан жан емес, ғылыми жұмыстың мүддесі үшін далданың жоңғар-ойрат жағында уақытша бой тасалағаны ғана. Қалдан-Серен соған бұрылғанда Максим Этыгеровтің көздері қараңғыдағы мысықтың көздеріндей ойнап, бұған қарсы қадалды. Жай қадалып қоймай, «ұлы мәртебелім, дәл байқадыңыз, сөзінің жалғаныжоқ» дегенді қоса жеткізді. Тұтқын орыстың тағы бір құнды хабарламасы мынау: «Савва Рагузинскийдің шынында сондай ақпары болды ма, Қытай билеушілерін шапқа түрту мақсатында өз ойынан шығарды ма, мен білмеймін, әйтеуір ол Жоңғарияның Ресей патшасына бірнеше мәрте Қытайға қарсы бірлесіп соғыс ашайық деп ұсыныс жасағанын, ал орыстар «Қытаймен соғыспаймыз, керісінше онымен бейбіт, достық қатынаста болуды қалаймыз» деп жауап қайтарғанын айтты. Ал Қытай лауазымдылары «Жоңғария хандығының басшысы сөзінде бәтуа жоқ тұрақсыз адам, ол біресе Ресеймен, біресе Қытаймен ауыз жаласқысы келеді», деп, бұл жағына пәлендей маңыз бермейтіндерін білдірді. Әрі Қытай лауазымдыларының көп жайдан мақұрым екені де анықталды. Мысалы, олар мынадай сұрақтар қойды: «Қонтайшы иелігі мен Ресей бодандығындағы Қалмақ хандығының арасы қаншалықты жер?», «Ол екі ортаны қандай халықтар мекендеуде?», «Жоңғария мен Ресейдің арасы неше шақырым?», «Аюке хан тірі ме?», «Ол өлсе орнына кім хан сайланады?» Мұндай сөздерін ести отырып, Қытай билеушілерін таскерең бе деп те ойлауға болады. Жоқ, әлде ол да азиялық қулықтың бір қыры ма екен? Кейін мен елшілік адамдарынан, ондағы шені жоғарылардан ең алдымен Қытайдың өзінің Ресейге үстіүстіне хат жолдап, Жоңғария жерін бөліске салуға шақырғанын естідім». Жазған неме осылай желе жортып келіп, өзінің қалмақтарға қолды болған жағдайына қарай ат басын кілт бұрды. Ия, жоңғар-ойрат басшылары үшін бұл да екінші кезектегі мәселе емес.Тұтқынның өз баяндауынша оның нобайы былайша: Сол 1727 жылдың жазында сонау Байкал көліне құятын Селенга өзенінің жағасындағы Кяхта қаласында Савва Рагузинский бастаған орыс елшілігі мен Қытай өкілдері арасында үлкен келіссөз басталған. Келіссөздің басты тақырыбы Ресей мен Қытайдың жаңа шекараларын белгілеу.Бұл келіссөзде Ресей дипломатиясы үлкен жеңіске жеткен. Соның нәтижесінде сол заманның ең атақты құжаттарының бірі – Кяхта шартына қол қойылған болатын. Бұл шарттың мәнісі неде? Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын, яғни 1689 жылы Қытай императоры орыс жеріне күшпен кіру қаупін төндіріп, Ресей билеушілерін Нерчинск шартына қол қоюға мәжбүрлеген.Бұл шарт бойынша Аргунь, Амур сияқты мол сулы өзендердің жағалауларындағы жерлердің біраз бөлігі Қытай иелігіне Кәшкен. Міне, енді орыстар соның қарымтасын қайырды. Кяхта шарты бойынша ол сулардың жағалаулары қайтарылып қана қоймай бұл кезде Қытай бодандығындағы Халха жерінің есебінен біраз кеңістіктер қоса кесіліп берілді. Осы құжат қол қойылған Кяхта қаласының өзі де Ресей жағында кетті.
Алайда, бұл келіссөз бір күнде тамамдалған жоқ қой, шамамен үш айға созылды. Сол уақытта екі жақтың елшілігіндегі қарапайым қызметкерлер, мамандар, күзетшілер бірбірімен араласып үлгерді. Солардың ішінде осытұтқын орыс пен Қытай елшілігінің әскери шенді бір адамы бар еді. Мынатұтқын орыс сияқты ол да от-жалында шыңдалған, атап айтқанда Жоңғарияның бұрынғы қонтайшысы Қалдан-Бошақты ханның кезіндегі жетіжылдық қытай-жоңғар соғысына бастан-аяқ қатысқан адам екен.Бұл екеуін шүйіркелестірген де сол өткендегі өмір жолдарының ұқсастығы, әрине. Әрі екеуі де ащы ішімдік десе қызыл көрген қарғадай далақтай жөнелетіндердің өздері. Ендеше, бұлар шүйіркелеспегенде кімдер шүйіркелессін? Ал ішіп алған, әрі бастан өткен хикметтері санап тауысқысыз адамдар бір ақтарылса оларды тоқтату қиын ғой.Бұлар сонау үлкен саясаттан бастап күнделікті күйбең тіршіліктің кәкір-шүкіріне дейін жілікше шағады. Арагідік әркімнің өз Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі, опасыздық және бұлар қандай белгілері бойынша анықталады деген сияқты мағыналы сауалдар да инеше жылтырайды. Сондай бір мезетте Қытай елшілігінің адамы әңгімені оқыс жайға бұрады. – Сен орыс азаматысың, сосын да сен өз Отаның – Ресей үшін күйіп-жанасың, сол үшін қызмет етесің, мүддесін қорғайсың. Мен мұны жете түсінемін, сосын да сені жақсы көремін. Мен де солай өзімнің Аспан асты империясы аталатын ұлы Отаным үшін жанымды құрбан етуге даярмын. Ал сен өз елшілігіңдегі бір адамға назар аударшы. Ол кім? Ия, ол кім? Қытай елшілігі мүшесінің нұсқағаны орыс елшілігіндегі Амор деген, үстібасына қызыл-жасылды көп жапсыратын, сәнқой, тұштандаған мінезі қоса бар тілмаш жігіт еді. Орыс тұтқынның өзінің де оны сырттай суқаны сүймей жүреді екен. Енді ол туралы нақтырақ білгісі келіп: – Құрметті әріптесім, сөзіңнің кім туралы екенін түсіндім, тек ол қай қылығымен сенің жүйкеңді жұқартты? – деп сұрайды. Сонда қытайлық мұның көп нәрсеге көзін ашыпты. – Мына біздің қазір табан тіреген жеріміздің аты не? Бұл Халха. Бұл ежелгі Жоңғария жерінің бір бөлігі. Біз оны Жоңғариядан күшпен тартып алғанбыз. Жоңғарияның атақты қонтайшысы Қалдан-Бошақты хан осы Халха үшін бізбен жеті жыл бойы қантөгісті. Ол соғыстағы құрбандықтар мен бүліншіліктер жайында менен біраз мағлұмат алдың-ау деймін. Ия, Қалдан-Бошақты хан жеті жыл соғысты. Ақыры айрылып тынды. Ал Жоңғарияның одан кейінгі қонтайшысы Сыбан Рабтанның осы Халханың уайымынан өмір бойы ішкені ірің, жегені желім. Ал ондағы бас қолбасы Қалдан-Серен де осы Халха үшін қабаған иттей жұлқынып тұр. – Апырау, сонда осыншалық үлкен мәселеге жаңағы Амор деген бейшараның қандай қатысы бар? – деп орыс тұтқын әңгімені өз арнасына түсіруге асығады. – Жоқ, тыңда, сабыр ет, тікелей қатысы бар, – деп қытайлық одан әрі көсіледі. – Жеті жылдық соғыс қарсаңында Халхадағы көптеген ауқаттылар мал-мүлкін алып, Ресей мен Ішкі Моңғолияға қарай қашты ғой. Соғыс аяқталғасын біздің императорымыз Канси Ішкі Моңғолияға қашқан княздердің бәрін Халхаға қайтарды. Ресейге қашқандарға да қайтыңдар деп қолқа салды. Бірақ орыстардан жер, су жөнінде қамқорлыққа белшесінен батқан олар императордың тілін алмады. Солардың ішінде Андахай деген ең бай князь де бар еді. Мына Амор сол Андахайдың бел баласы. Енді қара, әңгіме Отанға деген
сүйіспеншілік және опасыздық төңірегінде өрбіді ғой. Сол Амор өз Отаны – Халхада қалған өз қандастарын ойлап, неге ет жүрегі елжіремейді? Жарайды, қолынан ештеме келмесін-ақ, біз, қытайлықтар, сол Халха есебінен сендерге – орыстарға жер бөліп беріп жатырмыз. Бұл жайдан кешегі Халха князі Андахайдың баласы Амордың намысы қозудың орнына ол бір сүйем жоғары шен үшін Халха жерін бөлшектеушілердің бірі – Ресей шенеуніктеріне жан-тәнімен қызмет етуде. – Құрметті әріптесім, сен бір нәрсені естен шығардың. Ол тілмаш Амордың қазіргі Отаны Ресей ғой, ол өз Отанына қызмет етіп жүр емес пе? – Жоқ, мәртебелі замандасым, қазіргі Отаныма қызмет етемін деп, өзінің тарихи Отанына тас атқылау дұрыс па? Әрі олардың Ресей жеріне Кәшкеніне көп те болған жоқ, бұл Амор әкесі Андахай Ресейге қоныс аударған соң небәрі бес жылдан соң туыпты. Әрі әкесі Андахайдың да көзі тірі. Тарихи Отанның күйігі жазылатын уақыт әлі болған да жоқ қой. Қалай жазылмақ анау Сыбан Рабтан, Қалдан-Серен басқарған Жоңғариядағы халжағдайды ол көрмей-білмей отыр ма? – Амор қалай да жеке адам ғой, жеке адамның қолынан не келеді? – Ия, дұрыс айтасың. Амор жеке-жалғыз адам. Жалғыз адам шауып жау ала алмайды. Сонда да Амордың әлденені сылтауратса да тап осы өзінің тарихи Отанын кесіп-пішуге арналған науқанға қатыспауына болар еді ғой. Менің бағалауымша Амордікі Отанға деген опасыздықтың ең жексұрын үлгісі. Онсыз да қызуы жаман қытай арағынан басы мең-зең орыс тұтқынның кеудесіндегі қуысты мына әңгіме тіптен ту-талақай етеді. Уақыт кең, жұмыссыздықтан іш пысатын да күндер толып жатыр, соғыстан алған контузиясы бар, ақыры солардың бәрі қосылып кеп өз дегенін жасайды. Бұл бір оңаша сәтте Аморды көк желкеден атып құлатады. Амор ауыр жараланғанмен де өлмейді, әрі өзін кім атқанын көріп қалады. Мына тұтқын орысты күзет бастығы сұраққа алғанда пәлендей саяси сауаты жоқ, ол бар шынын айтады. Бұл күзет бастығын, елшілік басшыларын көздерін ұясынан шығара шошындырады. Мұныкі енді жай қылмыс емес, саяси қылмыс аталып, мұның жазасы не дарға асу, не өмір бойғы айдауға жіберу екені анықталады. Күзет бастығы алғашқыда оны соққыға жығып, артынан мәселе шешілгенше деп, қол-аяғын кісендеп ұстайды. Міне,тұтқын орыс амалын тауып содан қашып шыққан екен. Енді байқаса, Алтайдағы қалмақ қолбасысы кіші ЧеренДондукке бұл өз еркімен келіп берілгенге де ұқсайды. Сөйтіп, бір кездегі Халха князі Андахайдың баласы Аморды жазғырамын деп,енді өзінің де соның кебін кигенін сезбей қалады.
* * * Осыдан екі жыл бұрын қонтайшы Сыбан Рабтанды өлтіруге қатысы бар деген күдікпен Еділ бойындағы Қалмақ хандығының Ехе Абуғай бастаған елшілігі түгелімен бір жылдай қамауда ұсталып, тек былтыр ғана жартысынан астамы қайтарылған болатын. Ал қалған бөлігі өз еркімен осында қалып, біршама тәуір жағдайда Жоңғария қонтайшысына қызмет етуде еді. Мына орыстұтқынды әзірге соларға қосты. Қалдан-Серен мен оның лауазымдылары орыстұтқынды сөйлеткен түні ұрғаға Жоңғарияның көптеген ұлыстарынан адамдар келген. Дербет, қаракөл, телес, таутелес, хойт, хошауыт сияқты ұлыстар тайшылары өздерін қым-қуыт сауалдар мазалап, әрі
ананы-мынаны талап етуші әртүрлі дәрежедегі қолбасылар мен зайсандардың қыспағына шыдамай, қонтайшының өз басымен тілдесіп қайтуға небір ділмар жайсаңдарын, бектерін ұшырған. Оларға үнемі көшіп-қону үстіндегі қонтайшыұрғасын табу да оңайға түспеген. Әрі Қарабас ханым кісілері де қонтайшы мінезін түсінбей текке қаңтарылуда. Түнгі ауыр ұйқыдан оянған Қалдан-Серен ертеңіне де олардың ешқайсысын өзіне жуыттырмады. Мұның ендігі әңгімесі осындағы бас зайсандармен, Аренармен, Тобыл ақсүйегі Максим Этыгеровпен ғана болды. Бұған тек Цуй, Кашка, хатшы Солонь-Даржи қатыстырылды. Ең алғашқыда тіл мен жағына көп күш түскендердің бірі Максим Этыгеров. Олтұтқын орыстың барлық ақпарын растады. Әсіресе, осыдан екі жыл бұрын Ресей мен Қытай арасында қол қойылған Кяхта шарты хақындағы сөздерінде еш жалғандық жоқтығын, Қытай билеушілерінің Мәскеуге, Еділ бойындағы екінші Қалмақ хандығына үсті-үстіне елшіліктер жіберіп, Жоңғарияға қарсы бірлесіп шабуыл жасап, оны күйретіп, жерін бөліске салуды ұсынуда екенін баяндады. Қонтайшының, басқалардың көптеген сұрақтарына жауап қайтарды. Міне, осы қызметі үшін ол Жоңғарияны, әсіресе, Талкы асуының етегіндегі тұрақты ұрға төңірегін аралап қайтуға рұқсат берілуін өтінді. Қонтайшы зор ықыласпен «жол болсын» айтты. Тобыл ақсүйегі кеткесін кезек Аренарға тиді. Аренар өз ішіндегісін бұған дейін де талай сарыққан, тек қонтайшы оны мына жаңа ақпарлар аясында қайта пысықтатты. Араарасында қонтайшы төмен тұқырып, әлсін-әлсін әлгі орыстұтқынның көзін ашқан қытай елшілігі қызметкерінің сөздерін ойша салмақтайды. «Ия, қытайлықтар ақыл-білім, парасат жөнінде, бізге шаң қаптырып кетті. Олардың ең бір қарапайым пендесі мұндағы қонтайшының басына келмес пәлсапаны шемішкеге шағады, себебі, олар қара шойынға тіл бітірген сонау батыстағы елдермен көбірек араласады, көбірек алысып-беріседі, ал біз болсақ көбіне демімізбен нан пісіріп, шіренеміз. Аталарымнан қалған бұлүрдісті аз-мұз жұмсарту керек шығар. Байқа, алда не күтіп тұр?» Осылай толқып барып, Аренардың сөздерін ортан белінен үздірді: – Жақсы, сен осындағы жарты мыңнан астам орыстұтқындардың жағдайын жақсарту қажет дейсің. Сонда ғана олар Жоңғарияның күш-қуатын арттыруға молырақ үлес қоса алады дейсің. Өте дұрыс, мен құп көрдім. Кәне, жаз! – деп сол жерде ол шұнақ құлақ хатшы Солонь-Даржиге ұзақ, әрі орындалуы қатаң талап етілетін бұйрықты ауызша төкті.Бұл бұйрық бойынша орыстұтқындарды ұрып-соғу, қол-аяғын шабу, садақпен ату, зынданға тастау сияқты жазалардың бәріне тыйым салынды. Егер орыс тұтқын қашпақ әрекеті үшін ұсталса, не басқа да кылмысқа барса оның күнәсін қосымша еңбек арқылы өтейтін болады. Әрі оларды тамақтандыру дұрыс жолға қойылады. Орыстардың кейбір ұлттық мейрамдары кезінде оларға арақ-шарап та таратылады. Ал шведтұтқындардың үлестері бұдан да мол. Олардың бәріне дерлік жер берілді, әрі әрқайсысы өз қаражатына орай жергілікті араттар, бұхаралық егіншілер есебінен құл-құтандар ұстауға да құқылы. Бұйрықтың ең соңына орыс, шведтұтқындарына ортақ бір қысқа тармақ қыстырылды: «Жоңғарияның Қытай, Қазақ ордасы сияқты елдермен қарым-қатынасы жақсарып, бәрі бір арнаға түскен соң адал еңбек еткен орыс, швед тұтқындардың бәрі де өз Отандарына қайтарылатынын ұлы мәртебелі қонтайшы Құдай және будда әулиенің атын атап мәлімдегені баршасына жеткізілсін, әрі дұрыстап түсіндірілсін».
Бұл соңғысы да Аренардың ақылымен енгізілді. Себебі, кім-кім де өзі үшін алдағы күннен бір сәуле жылтырамаса өнімді еңбекке құлықсыз келерін бұл қонтайшыға сан мәрте ежіктеген. Бұған жалғас басқа да шешім мен бұйрықтар балапандады. Осындағы Аренар-Ренаттан кейінгі аса көрнекті швед маманы поручик Демешке шұға өндірісін ұлғайту тапсырылды. Селитра мен күкіртті араластырып, оған ағаш көмірін қосып, оқ-дәрі жасау ісі де өркендемекші. Зеңбірек құю болса да солай. Мұның бәрінде швед мамандарының дәрежесі, ықпалы ересен өсті. Әрі осы науқанға қара жұмысшы ретінде жоңғар-ойраттарды үйір-үйірімен айдап әкелу қажеттігі де күн тәртібіне қойылды. Сөйтіп, қонтайшы Қалдан-Серен өзі билік құрған кезеңнің екінші жылында Жоңғарияның күшқуатын нығайтуда шешуші қадамдарға барды.Мұның бәрі швед әйелі Бригиттаның «О мейірбанды Жоңғария, сенің күнің санаулы» деген бір кездегі сәуегейлігін әзірге теріске шығарғандай. Осы мәслихаттың соңын ала қонтайшы аузынан ұшқан тағы бір жаңалық – АренарРенаттың Алтай тауларындағы кіші Черен-Дондуктің қарамағына екінші қолбасы ретінде жіберілетіндігі еді. Міне, осыдан кейін ғана Қалдан-Серен дербет, қаракөл, телес, таутелес, хойт, хошауыт сияқты ұлыстардың тайшылары жіберген адамдарды бүкіл тобымен қабылдады. Олар қоғадай жапырылған өңкей бір заржақтар екен, енесімен жамырасқан қозыларша маңырап бергенде қонтайшының құлағы тұнды.Бұл оларды сонда да шала тыңдады, есесіне осы ұлыстар Алтай тауларында Қытайға қарсы соғысушы кіші Черен-Дондук пен Қазақ ордасындағы Сары-Манжыға осынша жылқы, осынша тары мен бидай, осынша адам жібереді деп, аямай алым-салық салды.Бұл алым-салық уақытылы өтелмесе соғыс жағдайының заңына орай тайшыларға жаза қолданылатынын ескертті. «Соғыс жағдайының заңы» және ондағы «жаза» дегенді бұлар бес саусақтай білуші еді. Ия, ол деген жойдасыз аяусыздық. Мысалы, жаумен беттескен күнде ең бір беделді деген тайшылар қипақтап, әлденені сылтауратып, жөнге жүрмесе оған табанда жүз сауыт, жүз түйе, елу отбасы, мың жылқы түрінде айып салынады. Әрі ол айыптың өндірілуіне де көп уақыт кетпейді. Түгі жоқ қарабайырлар соғыстан жалтарса әйелдің көйлегі кигізіліп, масқараланады, ал қолбасы, басқа да биік лауазымдылар күзетіндегі жауынгерлер қашып ұсталса оларға өлім жазасы кесіледі. Ия, сосын да Қалдан-Сереннің мына ескертпесі аталмыш ұлыстар өкілдерінің көз алдында найзағай шатырлағандай әсер етті. Баршасы қонтайшы ұрғасына күліп келіп, күңіреніп кеткенге ұқсады. Ең соңынан ғана қонтайшы шатырына Қарабас ханым адамдары кірді. Қарабас ханым өтінішінің негізі мынау екен. «Кіші күйеу баламыз Шарышты Қазақ ордасына СарыМанжының қоластына жібергенің оң іс, енді үлкен қызымыз Ұлан-Байырдың күйеуі Сайын-Бөлекті де солай сырғытсаңшы. Қытаймен екі ара ушығуда, бәрінен бұрын өз балаларыңның қауіпсіздігін ойлағаның абзал.Мұны Будда әулием теріс көрмейді». Қонтайшы өз бәйбішесінің осы сәлемін естігенде бүкіл тұлабойымен селкілдеп, мырсмырс күлді: – Дегенмен қазақтар ақылды халық. Солардан түскентұтқындардың бірінен «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақалды естіп едік қой кезінде. Ол мақалды менің әкем Сыбан Рабтан да аузынан тастамайтын. «Тауып айтылған сөз» деуші еді, жарықтық. Енді қарашы, осындағы әйел заттыдан мойныозық саналатын Қарабас ханым – менің сұңғыла
кеңесшім өз күйеу балалары үшін ең қауіпсіз орта Қазақ ордасы жақта деп ойлайды екен. Қай сайтаны сыбырлады? О, Құдай, о, Будда әулием, өздерін жар бола көріндер!» Қалдан-Серен осылай толғатты да кішкентай сәбилерінің амандығын қайталай сұрап, ал Қарабас ханымның өтінішін жауапсыз қалдырды. Оның орнына «маусым айы таяу, жаз жайлауға Іледен ары өтпей, керісінше бері, Кеңсайдың бойымен Талқы асуына қарай өрлеп, Тышқантау, Тоқсанбай жотасы сияқты биіктерді бетке алыңдар»– деп бұйырды.Бұл бұйрықтың да астарында алдағы науқандарға байланысты көп сыр жатыр еді. Қалайда Қалдан-Сереннің өзіне дейінгі қонтайшылардан шоқтығы жоғары. Мынау табиғаты қатаң, желі мен бөрісі қосарласа ұлыған Бөрілідала жағалауында қабылдаған шешімдері сол кездегі қалмақ тұрмысы, сана-сезімі, ойлау қабілеті тұрғысынан бағаласақ кемеңгерлік деуге әбден сай. Соның құрметіне ертеңіне осы маңдағы бүкіл әскер шоғыры сап құрып, қонтайшының алдынан дүрілдетш өтті. Әрі мейрам күндеріндегідей оқ-дәрі салынған бір шөмеле шөп үйіліп, оны Қалдан-Серен өз қолымен тұтатты. Жер мен көкті коса тітіркендірген тарс-тұрстан кейін шығыстағы аждаһа – Қытайға қаратып, сатырсұтыр оқ атысты. Қалдан-Сереннің өзі де солай қарай бірнеше дүркін оқ шығарды. Тіпті бұл жау жақтан нақтылы біреуді нысанаға алғандай ұзақ көздеп атқанға ұқсады. Одан соң осындағы бүкіл қауым, тіпті қазан-ошақ басындағыларға дейін қотарыла шығып, солай қарай өңештері жыртылғанша айғайлап, ата жаудың атына небір ауыр қарғыс сөздерді қорғасын оқтан әрмен боратгы. Мейрам емес, жайшылық күнде мұндай рәміздердің өткерілуінде өзіндік мән-мағына бар. Себебі осы 1729 жылдың ерте көктемінде Жоңғария қонтайшысы Қалдан-Серен қазақ ордасы тарапындағы жыбыршыған қозғалыстар жағдайында Аспан асты империясына қарсы ұзақ соғысқа қоса арандады.Мұның өміріндегі ең ауыр сын сағаты енді соқты.
ОНЫНШЫ ТАРАУ
Бұл Ескелді үшін бас жарып, көз шығарарлықтай тосын жәйт еді. Осы 1729-жылдың маусым айының соңында Ұлы жүз шеріктері Шу өзенінің күнгейдегі ең үлкен саласы Қорағатының бойына бекінген. Оның ішіндегі жалайыр елі де солай. Бүкіл қазақ әскерінің бас сардары Әбілхайыр барша күш ру-ру бойынша жіктеліп, әрбір бөліктің, жасақтың қолбасылары анықталсын деп бұйырған. Осыған орай қосымша қарбаластар туып, он екі ата жалайырдан неше жүздік, мыңдық құралады, әрі оларға баскөздікке кімдер лайық, бұдан арғы қозғалыс реті қалай қалыптаспақ, Шу өзенінен қашан, қалай өтеміз деген сияқты сауалдар қыспаққа алып, Ескелді би Жылгелдіұлы, Балпық батыр Дербісәліұлы, Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы – үшеуінің анау-мынауға мойын бұруға мұршасы жоқ еді. Дәл қазір жалайыр елі, әрі оған біржола сіңіскен қоңсыластар өзі де көп салалы Қорағатының екі тармағы – Аспара мен Ойрандының жағалауларында. Бұл маң Ескелдіге әжептеуір ұнаған да. Қырғыз Алатауынан құлдилай аққан, әрі биылғыдай ылғалды жылы көгі көптіктен бұл Аспара мен Ойранды әлгі қоян жылғы шұбырындыда көз ұшында бұлдырай өшкен Қаратал өзенін, ол бастау алатын Жоңғар Алатауын еске саларлықтай. Алты алаштың барша қолы үш қиырдан қара көрсетіп, Қаратау асып, осы Шу өңірін бетке ала жылжығанда жалайыр елінің ғана пошымы алабөтен шалынатын. Енді қалай? Орта жүз бен Кіші жүз сарбаздары, әрі Ұлы жүз сарбаздарының басымы арттағы қалың елден қол үзіп, қару-жарақтарын күнге ойнатып, жау іздеген түрін қоса жалақтатып, шеру тартса,
жалайыр елі тайлы-таяғына дейін қалмай, азын-аулақ мал-мүлкін қоса бөктеріп, аумағымен тік көтерілген. Тіпті бұлардікі ата жаумен шешуші айқасқа нартәуекел дескендік емес, алыстағы атамекенге тезірек жетпекші бейбіт көшке көбірек ұқсаған. Себебі, Ескелдінің бәйбішесі Ақжәмилә, әлгі Құлжа дейтін алып-ұшпаның зайыбы Дарабоз, әрі осылардың қолтығына дым бүркуші басқалар, көнекөз қариялар ел басшыларының қолқасына қол сала қиылып, Қабылан атаның өздеріне қарасты балаларын толайымен қозғауға көндірген. Олардың басты уәжі – әне, Ташкент маңында қара қалмақ құмырсқаша құжынып, оқтатекте от қаруын дүрсілдетіп, үрейімізді ұшыруда, егер біздің ер-азаматтардың іске татыры жауды Шу-Іле алабынан іздеп, Қаратау асса мыналар бізді екі сөзге келтірмей бас салады. Ескелді, Балпық «жалайыр қолы жаппай Қаратау асып, сендерді таза тақырламайды, жарым-жартылай осында қалады» десе де жұрт наразылығы басылмады, қайта қу шөпке от тигендей одан әрі қаулады. Ақыры бұл наразылықтан да құлақ асуға лайық қауіп-қатер ұшқыны шашырап, жалайыр көсемдері Ұлы жүз шеріктерін басқарушы Жолбарыс хан мен Төле бидің келісімімен көпшіліктің райына жығылған. Әрі олардың да көңіл түкпірлерінде «қазақ біткен көтерілді, Торғай даласындағыдай жаудың тағы бір мәрте азуын қақсақ атамекен – Жетісуға қарай даңғыл жол ашылмай ма» деген де бір әлсіз үміттің оты жылтырады. Енді, міне, бұлар Қорағатының санап тауысқысыз көп салаларын қуалай шашыраған Ұлы жүз жасақтарының қоршауында Аспара мен Ойрандының суын ішуде. Уақыт сәске түстің кезі еді. Ескелді мен Қабан жырау шың-шың еткен дыбысы алыстан жететін ұста дүкені орналасқан аңғарды бетке ала қозғалған. Соңдарында жиырма шақты қосшы жігіттер үзеңгі-құйысқандары сартылдап, әрі аттарының пысқырғаны құлақ жара өкшелей ентелеуде. Өзара әңгімелері үзілмеген би мен жыраудың кейбір сөздері оларға да жетеді. – Биекем, осы сіздің Құлжан батыр жөніндегі дәйегіңізге күмәнім бар, – деп Қабан жырау салалы саусақтарымен алдыңғы өңірін жапқан қап-қара сақалын бір сипап, Ескелдіге көздерін үшкілдендіре қарады. Жыраудың жүзінде соңғы кездері біраз өзгеріс бардай, айлап-апталап ел кезетін, әрі қонған жерлерінде ұзақ таңға кеңірдегіне шамадан тыс күш түсіретін дағдысы бет сүйегінде қырым ет қалдырмай жалаңаштап-ақ тастапты. Қапсағай денесі де солай, әбден қоңынан айрылып, жұқа сұр шапаны сояу ағашқа жабылған жабудай тік салбырап қалған. – Неге, жырау аға? – деп Ескелді оның көмекейіндегісін іштей долбарласа да әдейілеп мойын бұра сұрады. – Ең әуелде Құлжан батыр сақайған адам, өзінен мүшел жас, тіпті бір жарым, не екі мүшел жас кіші қолбасылардың айғайына бірде көнсе де, бірде көнбей ме деп шошимын. Мінезі де ұрт, әрі денсаулығында да бір кәкір бар ма, қайдам. Сол Құлжанның мыңбасылыққа өзінің де иегі қышымайды, бірақ солай екен деп тым тұқырайтпай жүзбасы, елубасы деген сияқты аздаған мәртебені қисаң дегенім ғой. Әжептеуір батыр атақты арқаланған жер ортадағы адамды қанжоса қасаптың ішіне бірден өз қолыңмен тастап жібергенің үлкеннің жасын сыйлағандыққа кереғар-ау, сірә. – Жырау аға, көңіл түкпіріңіздегіні таныдым, ол жайды өзім де сан мәрте суға шайқап сүзгемін, – деп Ескелді жас балаша жүзін алақ-жұлақ еткізе күлкіге кенелген адамның түрін көрсетті. Шынында күлетін пиғылы жоқ, тек аға тұрғыласқа көрсетер құрметтің бір қыры іспеттендіріп бет-әлпетін жылы шыраймен майша жылтыратқандағысы еді. – Сіз айтасыз Құлжан батырдың денсаулығында кәкір бар ма деп. Ол қайдан келген кәкір, сол жағына ой жүгірттіңіз бе, мен де білмес едім, тек Құлжан батыр онысын ашып-айырып, талай рет зар қақсады. Жаумен шайқас тілеген ішкі тегеурін шер-шеменге айналды, менің қара дертім сол, сол шер-шеменді тарқатар, қара дерттен айрылар күн қашан туады деп, құлағымыздың құртын жеп жүр емес пе? Егер ол сақа батыр қанды қасапқа кіріп, аман шықса сол қара дерттен құлантаза айығып кетер, сол жағын анық болжағандаймын. – Ол уәжіңе де ден қойдым, ондай күйдің маған да жаттығы жоқ. Тек сонда да менің бір тілегіме құлақ асшы. Оның немере ағасы Малтабар батырды мыңбасылыққа
мойынсұндырдың ғой. Құлжан батырды тап соның құзырына, мына кісі сіздің оң қолыңыз деп ұсыншы. Оны оң қолы қыла ма, жоқ, оттың ортасына сала ма, сол туысы өзі шешсін. Егер Құлжан оттың ортасын қаласа ол жағын өз ағасынан қайтсе де сұрап алады. – Мынауыңыз көңілге қонады, – деп Ескелді келіскен раймен жүзін сұлқ түсірді. Бұдан әріде бұлар жалайыр ішіне біраздан сіңіскен арғын Жантоқа мен матай Барлыбай батырды ауыздарына іліктірді. – Өз туыстарымыз, алты арыс ортажүздіктер қоңсы қонып отыр, енді олардан бөлежарылуымыз қисынға келмейді дегесін рұқсатымды бердім, – деп, Ескелді бұл жайды да тез тиянақтады. Сарқырама өзен жағалауындағы жылжымалы ұста дүкендері аталатын қара қожалағы мол ашық-шашық алаңқайдағы адамдардың сұлбалары шалынып, дабыр-дұбырлары қоса жеткенде Қабан жырау тағы да би назарын өзіне аударды: – Ана Кәшке дегенің уыздай жас, көргені аз. Жарайды, жаратылысы бөлек десең мыңбасылықты атқарып көрсін, ал оның өзінен де бозөкпе әнебіреу орақтының бесіктен белі шықпаған немесін сол Кәшкенің оң қолы атап, әулие тұтқаның қалай? – Апырау, сіз білмейді екенсіз ғой, – деп Ескелді жұлып алғандай тез жауап қайырды. – Ол орақтының балауса батыры Төкені Кәшке өзі сұрады. Әлгі Ташкент, одан Сырдарияның арғы бетіне жалғасқан сапарда осы Төкенің көп қасиетін аңғардым, кішідей кішік, үлкендей байсалды, қимылға да, шешім табуға да ұшқыр деп, тілдің майын тамызып қиыла өтінді. Сосын қайтейін, қалауың білсін дедім. Бұлардың беттегені Аспара өзенінің жағалауы. Жоғарысында үлкен ойыс жасап ағатын су мына тұста кең жайылып, адам мен малдың қажетіне молынан жарайтын пішінде. Жылжымалы ұста дүкені дейтін де тап осы аралықта. Тек мұндағы тірлік ұста дүкенінен гөрі өрт шалған ойпаңдағы сау қалған дүниесін қалай әкетем деп, жан ұшырған қарақұралардың қарбаласына көбірек ұқсайды. Ұстасы қайсысы, көрік басушысы мен балғашысы қайсысы, қылыш, найза соқтырушы сарбаздары қайсысы жан баласы ажыратып бере алмас. Бәрі бір-бірімен араласып, нақтылы істен гөрі ерсілі-қарсылы жүрістері басым, бұған дейінгі қам-қарекеттерінен еш нәтиже шықпай дағдарысқа ұшыраған өңкей бір шуылдақтар дерсің. Ескелді би мен Қабан жырау секілді ел басшыларының келісіне селт еткен де ешқайсысы жоқ, әрқайсысы өз батпағына батып, «атаң өлді» десең де мойын бұрмастай. – Әй, көп суарма, көп суарылған қылыштың жүзі тез кетіледі! – деп, бет-аузы қара қожалақ, сосын да сығырайған көздері, сақал-мұрты әрең ажыратылатын талтаяқ біреу әлдекімге білгішсіне айғайлайды. – Немене, қатыныңа білезік соқтырып жатыр ма едің? Жаудың мойнын қиюға жараса болды емес пе? Қарашы мұның кербездігін! – деген дауыс екінші жақтан құлақ жарады. – Көрік басушыны тілдеме! Оның жазығы жоқ! Онан да ана көміріңе қарасаңшы! Тым мардымсыз! Анау тұтасып өскен талды аяйсыңдар ма, жақсаңдаршы әкеп! Көмірің молшылық болса, оның шоғы да керемет, қиямет-қайымда алла-тағалам өзі салдырған пештегі шоқтан бір былай емес, қара теміріңді қыздың қызыл шашбауындай етіп береді. Соған ақылы жетпеген, зәузатыңды... Қыздың шашбауына қол тигізіп көріп пе ең өзің? – Ай, жарықтығым, сен маған ақиып, аларманыма ұқсама! Жебенің ұшының құймасы бөлек болатынын мен де білемін! Мына қалған-құтқан ұсақ темірлерді де қоса іске жарату үшін бұлардан да түйін түйіп жатырмын, білемісің? Төрт қырлап егесем нағыз сауыт бұзардың өзі емес пе? Тақияңа тар келмес! Осындай өктем дауыстар әр шеттен бір көкті тітіркентіп, төс пен балғаның шықылын есіттірмей де жіберетіндей. Үсті-бастары күйелеш, кәртамыстау ұсталар осылай адуын мінез көрсетіп, өз шәкірттерін, кейбір сарбаздарды нықырта күйгелектенетіні көбірек байқалады. Ия, қазір әккі ұсталардың ғана ісіне қарап отыратын заман емес. Бұл жұмысқа қолының күші барлар көптеп тартылған. Мына қара-құраның құмырсқаша құжынауы, басаяғы жоқ абыр-сабыр соған да байланысты еді. Әр-әр жерден жарқ-жұрқ қып-қызыл ұшқындар шашырап, жұмыстың ең бір қызу нүктелері қайда екенін де нұсқайтындай.
Би мен жырау тіптен бастырмалатып келгенде ғана бұлармен әр-әр тұстан әйнекше шытынаған кездердің сәулесі шағылысты. Бары сол ғана. Танымады ма, жоқ қазаққа аса сүйексіңісті емес мына жұмыс бәрін есеңгіретіп жіберген бе, бас көтеріп, мына ел басшыларымен арқа-жарқа бола қоярлықтай ешқайсысы көрінбеді. Сосын Ескелдінің өзі айғайлады: – Әй, жандарым, мына Арқа жақтан атақты Дархан ұста шәкірттері келді деп еді, олар қайсыларың? Сонда ғана көп ішінен тапалтақ біреу табаны тайғанақтағандай шайқала басып, жарымжартылай күйелеш бетін «мені танып алшы» дегендей кесе көлденең тоса бері жылжыды. Оны көріп, тағы бес-алтау өз топтарынан бөлініп, би мен жырауды таңырқаған көздерімен нысанаға ала олар да бері ілбіді. Амандық-саулықтан соң Ескелді сұрағын қайталады? Жаңағы алғашқы тапалтақ езуін кере күлгенде аузының қызыл еті көрініп, күйелеш бетінде күннің сәулесі ойнады. – «Ауылдағы қыздың аузы сасық» қой. Ондай тілімен бидай қуырған сусылдақтар өзімізде де аяқ алып жүргізбейді. «Алыстан арбалағанша жақыннан дорбала» деген. Тентіреген арғынның сол бір сандуғаштарын мұнда әкеп сайратқанша өз ішіміздегі қолының ебі барларға неге сұрау салмағансыздар? Ол арғындарың келді, тісі шыққан балаға тамақты шайнап бергендей ақылдымсынып, аруағын асырғансып кетті. Олардың шайнап бергенінен бізге шайнам ақыл қосылса бұйырмасын. – Ау, мына сөзіңізге жол болсын! Өзіміздегі қолының ебі барларға, ұсталарға сұрау салмай жатырмыз ба? Көзден қақас қалғанын көрсеңіз жетектеп әкеп, қосынға неге қоспайсыз? – деп Ескелді шамданды. – Біразын әкеп қостым ғой, олар осында. Енді Қабан жырау шарт кетті: – Тұрғыласым, байқаймын, жас жағынан менімен шендессің. Сен екеуміздің ақыл тоқтатар уақытымыз әлдеқашан туған. Қазір арғын да, жалайыр да жоқ, бәріміз бір атаның баласымыз, ала қойды бөле қырыққанды доғарыңдар деп қанша қақсадық осы! Бұл төңіректе әзіл-қалжыңға да орын жоқ. Тентіреген арғындар дейсің? Сөзге абай болу деген қайда? Ол келгендер Дархан ұстаның қара темірге жан бітірген шәкірттері. Ал Дархан ұста дегенің кім? Ол атағы жер жарған Қанжығалы Бөгенбай батыр Ақша баласының Сарыарқаны, Қаратау бойын, Мұғалжар тауын кезіп жүріп тапқан ең ірі олжасы, сом алтыны. Сен оған мұрын шүйірме! Дархан ұста міне, екі жыл бойы анау Арқадағы Ұлытау атты қасиетті мекенде қазақ жігіттеріне темір қаздырып, оның жасығынан асылын айырып, екеуін бірдей кәдеге жаратуда. Жасығынан сауыт тоқыса, асылынан қылыш пен найзаның ұшын соқтыруда. Бұл ұсталық өнер біз білмейтін ескі замандарда аталарымыздың төл тумасы сияқты үйреншікті кәсібі болғанға да ұқсайды. Сол арғы аталарымыздан қалған пештерді амалын тауып, қайта қалыптап, тас пен темірді қурайша маздатып жағып, болатын ажыратып, оны бөлек қорытуда. Сауыт бұзарың содан шығуда. Міне, соған амалы жетті Дархан ұстаның. Ал Қанжығалы Бөгенбай оны неге әулием етпесін? Сендер сөйте алсаңдар қайда жүрсіңдер? Қабан жыраудың бұл сөздерін алғашқы тапалтақтан кейін жеткен бес-алтау да тыңдауда еді. Сірә, олар да осы тапалтақтың пікіріне қосылатын сияқты, тек бұл енді не жауап қайырар екен десіп, бәрі соның бет пошымын көз қырларына алды. Тапалтақ та аса жасықтан емес екен, бұл алғашқыда ел басшыларын шапқа түрткенде өзінің ішкі қауқарын есепке алса керек. – Біз де қарап жатқамыз жоқ, осыдан бір апта бұрын Балпық батыр өзі бас болып келіп, жасаған дүниелерімізді сарбаздарына біздің көз алдымызда сынатты. Жаман атаған жоқ, жақсы атады. Сіздер де бізге еріп, өз көздеріңізбен көрсеңіздер игі еді. – Ескелді мен Қабан жырау аттарынан аунап түскенше тапалтақ ұста сөзін жалғастырып үлгерді. – Қазір Қанжығалы Бөгенбайдың сөзі сөз екенін білеміз. Үш жүздің бас сардары Әбілхайыр оны өзінің оң қолы еткенін естідік. «Соқыр көргенінен жазбайды» деген. Олар да өздерінің көргенін ғана мансұқтайды ғой. Сөйтіп, жақсы лебіз атаулының бәрі соққан желмен бірге
бір жаққа қарай ауа толқып кетпесе екен дегенім ғой. Біреуге үйіп-төгіп, екінші біреуді жалаңаштап тастау да сіздер сияқты ел көсемдеріне жарасымды қылық емес-ау. Би мен жырау бұл жолы оның желдірмесін жауапсыз қалдырды. Аттарының тізгінін қосшыларына тастап, қара қожалақтардың ішін жаяу аралаған екеу алғашқыда көп нәрсеге көздері үйрене алмай, ара-тұра сүріне-қабына, көрмеген жердің ой-шұқырына кезіккендей күй кешті. Байқайды, мұнда ұсталар мен қару соқтырушы сарбаздар шынында араласқұралас екен. Ұстаның соққанын қанағат тұтпай, алдаспан, не қанжардың жүзі, найзаның ұшы сияқтыларды одан әрмен жетілдіріп, мықшыңдап жатқандар да бар. Әсіресе, жебенің ұшын жасаушылар жағы көп екен. Түймедей нәрсені саусақтарының ұшында ойнатып, қырлап, қорамсаларын сонымен толтырмаққа жанталасқандардың бас-аяғы жоқ. Олардың біразы шөптесін саздауытқа көсіле жайғасып, шұқшиып, әлдекімдер аяғын басып кетсе де бас көтеріп қарар еместей. Мұндайлық би мен жырау үшін алабөтен құбылыс, себебі, бұлардың төбелері шалынса-ақ баршасы жамыраса орындарынан тұрады, қошемет сөздер айтады, не мұңын шағады. Ал мыналар керісінше, кім көрінгенге мұң шағып, көздің жасын бұлағанша жауда кеткен кегіңді білектің күші, найзаның ұшымен қайтар дескендей жапатармағай ырғақты тірлікке көшкен. Бұл көріністен Ескелдінің кеудесін жылы ағын кернеді. Жаңа өзінің тапалтақ ұстаға шытынай мінез көрсеткеніне енді аз-маз өкінді де. Ия, «басқа түссе баспақшыл» деген. Екі талай күнде көптің жігерін оятсаң кәсіптің алуан түріне шырақ жаққан хас өнерпаздар үйір-үйірімен табылады-ау. Тапалтақ ұстаның тілін тікенек етіп, бұларға қадайтын да жөні бар, мыналардың бәрі сол Дархан ұстаның шәкірттері келіп-кеткесін ғана дүр сілкініп, қолдарына балға мен көрік ұстағандар емес шығар, біле білсең бұлардың дені сонау Қаратаудың күнгейі, Бадам өзенінің бойында-ақ Балпық батырдың басшылығымен ұйымдастырылған шаруа. Одан беріде мына жылжыған көшпен бірге бұл өнер ошағы да оннан-мұнда қоныс ауыстырып келеді. Ескелді мен Қабан жырау кең жайылған, опыр-топыры мол қара қожалақтар патшалығын аралай жүріп, көп нәрсені өз көздерімен алғаш рет көрді. Әр жерде үлкен шойын қазандарда су қайнатылуда еді, би мен жырау онда ас пісіріліп жатыр ма деп те ойлаған, бақса басқа екен. – Міне, қараңыздаршы, – деп тапалтақ ұста сол қазандардың біреуін нұсқағанда бұл екеуі бар ынталарымен солай құлады. – Бұл қазанда оқ-дәріге қосылатын ақ сор19 алыну үшін топырақ қайнатылуда. Ол топырақты табудың да өзіндік әуселесі бастан асады. Мен ол жағын өзімнің әкемнен үйреніп едім. Қазақтың атамекені толған ескі қыстаулардың, қорғандардың, тіпті қалмаққорғандардың орны емес пе? Солардан ескі қи немесе топырақ жинаймыз. Оның да кез-келгенін емес, отқа салсаң сатыр-сұтыр етіп, тасырлап жанатынын ғана. Соны қазанда ұзақ қайнатамыз. Соңынан қи қайнатсақ қидың, топырақ қайнатсақ топырақтың қалдығы қазанның түбінде шөгіп қалады да, сап-сары суы бетінде іркіледі. Міне, сол сары суды жұқа киіз арқылы сүзіп аламыз да басқа таза қазанда қайнатамыз. Одан тағы басқа қазанға толтыра құйып, бетін жиі тоқылған шимен мұқияттап жабамыз. Ол шидің бірнеше жерінен төртбұрыштап тесік жасаймыз. Міне, сол шиге ақ сор өзі жабысып қалады. Қалған суды өстіп, жеті рет қайнатып, жеті рет ақ сорын сорып аламыз. Бұл да оңай шаруа емес, ағайындар. Сосын сол ақ сорды шойын қазанға салып, күні бойы отырып таспен үгітеміз. Ақ ұнтақты сөйтіп аламыз. Бұдан кейін тапалтақ ұста талдан көмір жасап, Ташкент, Бұхара, Самарқан сияқты қалалардан келген күкіртке сол көмір мен ақ сорды қосып, араластыратындарын да тәптіштей баяндады. Өйтетіні ол мына ел басшыларының оқ-дәрі жасау жөніндегі біліктерінің шамалы екендігін қырағы көзбен байқаған еді. – Бұл оқ-дәрі қосындысын алуға Балпық батырдан гөрі әлгі Тәттібай мерген деген көп бас-көздік етуде. Көп жігіттерін көмекшілікке беріп, осыдан үш-төрт күн бұрын ғана біраз оқ-дәрі әкетіп, жұмырына жұқ барғандай болғасын ғана аздап саябырсыды. Сіздер
19 Ақ сор – селитра. Кей жердің қазақтары оны «бор» деп те атайды (Ұ.Д)
науқанның соңғы жағында ғана келіп тұрсыздар, – деп тапалтақ ұста сөзін одан әрі жалғастырды. Жалайыр қолы мыңдыққа, жүздікке бөлінгенде Тәттібай өзі тіміскіленіп жүріп, алабөтен мергендер шоғырын құрған. «Қалаған адамын алсын, қолын қақпаңдар» деп, Балпық батыр әр ру басыларына өзі бұйрық таратып, Тәттібай мергеннің ісіне жасыл көше ашқан. Мерген несімен мерген, бүркіттің көзіндей өткір көзімен ғана емес, қолындағы өзіне сай қаруымен мерген. Әсіресе, күлдірмамай мылтығын Тәттібай ең бір қасиетті дүние деп санайды. Оған қоса садақ пен сұр жебелердің алысқа атылатын түрлерін. Тапалтақ ұстаның баянынан Ескелді мен Қабан жырау мынаны да ұқты. Алыстан ату үшін жебеге темір, не қайыңның безін ұштап бекіту аз. Бұл мақсатқа кәдімгі шақпақ тас та жарай береді екен. Тек қалай болса солай емес, оған құдайдың өзі берген бітіміне қайшы келмей табиғи бағытта өңдеп, қырлап, ұштап бекітсең ғана жаудың кеудесін тесуге жарайды. Соғыстың, қандай да бір нақтылы шайқастың қалай өрбитінін, қаншаға созылатынын кім болжапты? Егер науқан ұзаққа шапса қорамсадағы қорың таусылатын күн де туады, міне, сондайда әрбір сарбаз өзі жамбастаған жердің қойны-қонышынан шақпақ тастарды тауып, одан жебенің ұшын өз қолымен жасаса несі айып? Тек ол үшін мына ұсталардан аз ғана дәріс тыңдаса жеткілікті. Би мен жырау әлі де аралай жүріп, сынық таға, үзеңгі сияқтыларды да жебенің ұшына айналдырып жатқандарды көрді. «Апырау, шайқас үстінде темір үзеңгінің өз орны бар ғой, ол жауды серіпкенде табан тірейтінің емес пе» дегенге «бәрібір ол темір оққа жете алмайды, ал үзеңгілікке өгіз терісінен жасалған екі-үш қабат жалпақ қайыс та жарайды» деп жауап қайырысты. Ең соңында ғана Ескелді мен Қабан жыраудың бұл тапалтақ ұстаның өз басы жөнінде ақпар алуға аңсарлары ауды: – Атым Келеу, осы жалайырдың Бәйшегір атасынанмын. Әкем емес, әкемнің әкесі жоғалған мал іздеп, жапан түзде табан тоздырып жүріп, құрулы ұстаға кездесіпті. Ошақ, төс, балғаның неше түрі, қышқаш, көрік – бәрі дап-дайын дейді. Тіпті ошақтағы қоламтаға дейін аса суымаған, көрікті басып жібергенде оттың тілі сумаң етіпті. Бұрын мұндайды кәсіп етпеген үлкен әкем сол жерде кенет тұлабойынан әлдеқандай тербелісті сезсе керек. Екі білегіндегі қан жүгірісі де бір түрлі дейді. Сонымен қойшы, сол жерде үлкен әкеме ұсталық өнер дарыпты. Бұл да бақсының жыны сияқты ғой, қонатын адамына ғана қонады. Содан ол өнер менің әкеме ауысып, одан соң міне мені де жатсынбады. Би мен жырау мұны естігенде әжептәуір уақыт тілдері байланды. Мұны байқаған Келеу ұста бұл әңгімесіне тағы бір тұздық қосты. – Үлкен әкемнің ұсталық өнерінің қаншалықты екеніне бір мысал. Егер ол түз жортып жүріп, бала-шағалы, жоқ-жітіктеу бір үйге кездесіп, оның сынық қазанын көрсе ұста дүкенін керексінбей-ақ жанынан тастамайтын істік темірмен сол сынықты бойлай сызып өтеді екен. Сонда қазанның сынығы өзінен-өзі бітіп кетеді екен. Тыңдасаңыздар, өз әкемнің ұсталығынан бір мысалды қоса қыстырайын. Әкемнің азын-аулақ жылқысын әлдіауқаттылау біреудің итаршылары қуып кетіпті. Әкем артынан барса оның үйінде бір ұста сынық қазанды жамап жатыр екен. Әкем жақындағанда оның қолы қалтырап, балғасы түсіп кете беріпті. Сосын әкем сынық қазанды жұлып алып, табанда жөндеп беріпті. Мұны үй иелері де көріп отырса керек. Әкемнің тегін адам емес екенін сезіп, барымталаған жылқыны сөзге келмей қайтарыпты. Би мен жырау бұл Бәйшегір Келеу ұстаның әлгіндегі Дархан ұста шәкірттері хақындағы ғайбат сөздерін енді ғана түсіністікпен қабылдағандай. Ал қайыстан қорғасын өзекті қамшы өрген, басқа да ер-әбзелдер құрастырушы ісмерлер бұл қара қожалақтардан небәрі таяқ тастамдай ғана екінші алаңқайда. Олардың мыналарға тым жақын орналасуының да өз есебі бар. Себебі, олар осы ұсталардан қалған әртүрлі қалдықтарды көптеп пайдаланады екен, әрі қару-жарақ, ер-тұрманға тапсырыс берген сарбаздардың, қолбасылардың бұлардың бәрін бір ортадан табуына да ыңғайлы.
Ескелділер енді сол өрімші, ерші, етікшілерге қарай өту үшін мыналардың арасынан аяқтарын тезірек басып, екі аралықтағы ашық алаңқайға шыққан сәтте Қабан жырау сәл ырғатыла бөгелді: – Шіркін, «ел іші алтын кеніш» қой. – Рас айтасыз, жырау аға! Қазақты анаусың-мынаусың, ала қойды бөле қырқасың деп жазғырғанда аузымыз аузымызға жұқпайды. Айып етпеңіз, жырау аға, іштегі күйіктің тепкіні сияқты мақамым ғой. Ал мен ойлаймын, пәленің бәрі қалың қазақта емес, солардың былай басын біріктіріп, іштегі алтын кенішін ырысқа айналдыруда мына біздердің, бізден де өресі биік ел басшыларының, серкелердің оралымсыздығы, бойкүйездігі сияқтыларда ма деймін. – Бұған бір-бірін етектен тартатын қаскөйлік, іштарлық атаулыларды қос. – Ия, ия, қостым оны да! – Ескелді осылай бас шұлғыды да аға әріптеске бұрыла қарап еді, оның қырым етсіз бет сүйегі бұрынғысынан да шодырайып кеткендей көрінді. Еріндері де жымқырулы сияқты. Себебі, алдыңғы өңірін жапқан қап-қара сақалы ортан белінен сына алға қарай иіліңкірепті. Ескелдінің Қабан жыраудан бойы биік еді. Кескен теректей денесін одан әрмен тік ұстап бұл енді өз ойымен кеткенге ұқсады. Бірақ мұндай ойлар осы шұбырынды заманында бұларды осымен нешінші мәрте шырмады десеңші. Қайта айналып соға беретін ескі аурудай әбден запыс еткен ішкі мехнат. Бұлар осылай үнсіз жиырма-отыз қадам жасаса өзіндік әлек-шәлегі арттағылардан кем емес екінші бір қауым – ершілер, өрімшілер әулетіне де соқтығысар еді. Бірақ олай болмады, теміршілер күйелеш еткен алаңқайдан әріде қалған қосшылардың біреуі жаяу-жалпылап, сүріне-қабына жетті. Мұның жаяулайтыны бұл осы ұсталар орналасқан алаңқайды қақ жарып өтсе керек. – Би аға! Жырау аға! Алтын Жәкемнен, Жолбарыс ханнан кісілер келді. Сіздермен оңаша дидарласпақшы. Бұлар енді теміршілерді айнала өтіп, солай қарай жан ұшырды. Тек қанша асыққанмен жаяу жүруге аса кәсіпқой емес қазақтардың дағдысымен аяқтарын серпе тастай алмай әлтек-тәлтек басып, жүріс өнімділігіне жете алмады. Тас па, түбір ме, жер қыртысының әрбір бұдыры тап осы екеуінің аяқтарын әдейілеп аңдып тұрып, қағып өтетіндей би мен жырау осы екі ортада қиралаңдап, бірнеше рет құлап та түсе жаздады. Төле бидің жібергені Тұрсынбай, Құттыбай деген батырлар еді. Дулаттың төрт атасының төрт бәйтерегі – Өтеген, Қойгелді, Сәмен, Рысбек сынды марғасқалардан соң ұлы бидің ең үлкен арқа тұтары осылар еді. Міне, осындай құлжаның асығындай екеуді мынадай күнде атшабарлыққа мойынсұндыруына қарап, ұлы би, Жолбарыс хан жолдаған сәлемнің оңай-оспақтан емес екенін түйсіністі. Бұлар ең алдымен қазақ әскерінің бас сардары Әбілхайырдың төңірегіндегі кейбір жаңалықтарды жеткізді. Біріншісі мынау: жалпы қазақ күші осылай жылжығанда үлкен орда атанған ұлы хан Болаттың ордасы да осылай қарайғы бағдармен қозғалған. Ал Кіші орда атанған Әбілхайырдың ордасы әмсе онымен жаптас жүретін. Әлдеқалай төтенше жағдайлардың төбесі қылтиғанда ұлы хан мен бас сардардың тез табысып, ортақ шешімге келуінің қажеттігі оларды осындай жұптастыққа итермелеген. Міне, қазір сол үлкен орда мен Кіші орда ендігі бетте Хантауды бетке алмақшы, шұғыл хабар жеткізбек күнде баршасы оларды сол жақтан іздесін дегендік еді. Екінші әкелген жаңалықтары – Болат хан шұбырынды заманға дейінгі тұғырына қайта мінгендей өз төңірегіне исі қазақтың ең басты би-шешендері мен көсемдерін қайта топтастырыпты. Мысалы, бұған дейін Ұлы жүз қолына басшылық жасайды деген Жолбарыс хан мен Төле би сол Болат ханның қасына алыныпты. Орта жүздегі Қаз дауысты Қазыбек пен Кіші жүздегі Ақсуат билер де солай. Шу өңіріне үлкен әскер шоғырын ерте келген Орта жүздің ханы Сәмеке қолбасылықты басқаға тапсырып, Болат ханның ордасына сонау Қаратаудың теріскей бетіндегі жолда-ақ сіңісіп үлгеріпті. Бұл Сәмеке хан да Тәуке ханның баласы, Болат ханға шешелері бөлек болғанмен әке жағынан туған іні. Әншейінде бір-бірімен үнемі қырғиқабақ бұл ағайынды екеуді ойда жоқта ауыз жаластырған ел қамы атты ортақ мүдде дескендер де көптеп
табылыпты. Болат ханның қасына алған тағы бір адамы Орта жүз биі Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы. Бұл өзі қатардағы көп қазақ билерінің бірі емес, қара қылды қақ жарған әділ, майталман шешен, батырлығы, қолбасылығы қоса бар, қысылғанда ақыл тапқыш жүйріктігі де сан аңызға арқау болған бөлек бітімді жан еді. Қамыстың басы майда, түбі сайда, Жәнібек Шақшақұлы болат найза, Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда Ер жігіттің ерлігі осындайда! – деп бидің замандасы Тәтіқара ақын бұдан көп жылдар кейін Қытаймен екі арадағы қақтығыс кезінде оны өлеңге де қосқан. Жалғыз бұл емес, Шақшақ Жәнібектің Орта жүздегі арғын, қыпшақ, уақ, керей, атығай-қарауыл сияқты елдерде де шырғасы мықты еді. Ұлы хан Болат оны өз ордасына алдырғанда осындай қасиеттерін ескергені күмәнсіз. Болат ханның үлкен ұлы бұл күнде жасы отызға таяған, сергек ойлы Әбілмәмбет те осы топқа қосылды. Бұлардың сыртында да ұлы ханға кеңесші, не оның қабағын баққан, әр қиырдан келіп, ұлы хан мен бас сардардың сүзгісінен өткен, немесе осындағы серкелердің ұсынысы арқылы мақұлданған тон-жағалары әрқилы, алуан пішінді адамдар бар еді. Тұрсынбай мен Құттыбай әкелген үшінші жаңалық: О баста бүкіл қазақ қолының бас сардары Әбілхайыр атанса оның оң қолы ретінде Қанжығалы Бөгенбай батыр Ақша ұлы іріктелген. Міне, енді ұлы хан Болаттың төңірегіндегідей құбылыс мұнда да орын алыпты. Бөгенбайдың қатары, яғни Әбілхайырдан кейінгі бүкіл үш жүздің жасағына үкімі жүретін екінші саптағы қолбасылар қатары да толықтырылыпты. Олардың ішінде Барақ сұлтан Тұрсынхан ұлы, Ұлы жүзден Шапырашты Наурызбай батыр, ошақты Саңырық батыр, албан Хангелді батыр, Шапырашты Сатай батыр, Кіші жүзден қарт Есет батыр бар екен. Бұл жерде Шапырашты Сатай батыр қарамағында үлкен күш барын ескертіп, алғашқыда ондай мәртебеден тартыншақтапты да. Бас сардардың қасында ақылгөйсігеннен гөрі сол өз қарамағымдағы әскермен бірге шайқасқа кіргенім әлдеқайда оңды іс емес пе деп өзеурепті. Алайда, Әбілхайыр мен Қанжығалы Бөгенбай бастаған ақылдастар тобы өз шешімдерін өзгертуге жоқтығын білдіргесін ғана ол жөнге көніп, өз әскерін немересі, жас сұрперен Бөлек батырға тапсырыпты. Бұл жердегі ең қызығы сол – әлгі атышулы Батыр сұлтан да осы топқа кірді. Ия, ия, тап сол, әлгі Есім ханның бесінші ұрпағы саналатын Батыр сұлтан, әз Тәукенің заңды мұрагері Қайып ханның баласы Батыр сұлтан. Ия, былтыр ғана Әбілхайыр ханның, сондай-ақ өзбек бектері Ешмұхамед би мен Жұмағали аталық сияқтылардың көмегімен Хиуа ханының тағына қонжиған, алайда ашықауызданып, жоңғар-ойраттар жөніндегі солқылдақ саясатын көйкитемін деп, аталмыш өзбек бектерінің кәріне ұшырап, ақыры өз еркімен Ақ-Шейх сарайынан қашып шыққан Батыр сұлтан. Ол кезде Әбілхайырдың да өзіне күйеу бала есепті бұл Батыр сұлтанға өкпесі қара қазандай еді, алайда одан бергі бір жылдай уақыттың ішінде оған өркөкірек хан қалай жұмсарып үлгерді, әрі мұны өз маңындағы кеңесші қолбасылар тобына қосқанда нені көздеді, бұл жағы әрине, жұмбақ. Ақылды да, айлакер Әбілхайыр әлдебір сәтсіздік жағдайында құрбандыққа шалуға ыңғайлы, өзі үшін илеуі жұмсақ адам керек деп түйді ме екен? Ия, Әбілхайырдың кейінгі ұрпақ үшін ашылмай қалған көп сырының бірі осы еді. Хош, сонымен Батыр сұлтан Қайып хан баласы да Әбілхайырдың жеке құзырында. Бұған жалғас Орта жүз қолының бас тізгінін ұстаушы Қаракерей Қабанбай батыр, Кіші жүз қолының иесі Тайлақ батыр екендігі туралы бұрыннан бар сыбыс та осы жолы толық расталды. Бұл жерде тек Ұлы жүз қолына қатысты мәселенің басы ашық қалып еді. Тұрсынбай мен Құттыбай ол жөнінде де жұртты көп ділгірткен жоқ, Ұлы жүз қолының бас сардарлығына әйгілі Саурық батыр Қайдауыл ұлының тағайындалғанын да таңқ еткізісті. Бұл шешім Жолбарыс хан мен Төле бидің ұлы хан Болаттың құзырына әкетілуіне орай ғана тумаған. Ең алдымен бұл кексе батырдың Торғай даласындағы, Бұланты, Бөленті өзендерінің жағалауларындағы шайқастардың от-жалынынан шыққандығы оның өстіп күрт мәртебесінің өсуіне ықпал етсе керек. Сірә, Әбілхайырдың бір қасиеті қай батырды да
қырық жыл бұрынғы ерліктері үшін емес, ең соңғы, әлі ыстық-суығы басылмаған ісәрекеттеріне қарап бағалауға көп көңіл бөледі екен. Ал дулаттың екі батыры әкелгендердің ең соңғысы жаңалық емес, орындалуы қатаң талап етілетін нақтылы бұйрық. Ұлы жүз қолының жаңа сардары Саурық батырдың аузымен айтылған, әрі осы маңда әлі де ара-тұра қара көрсетіп жүрген Жолбарыс хан мен Төле бидің бас шұлғуы жағдайында жарияланған бұйрық. Бұл бойынша жалайыр қолы алдағы үш тәуліктің ішінде Шу өзенінен теріскейге өтіп, Кіндіктас тауының Шу жақтағы сілемдерінің біріне сарбаздар мен мініс аттары шөліркемейтіндей, ашырқамайтындай халде бекініп үлгеруі шарт. Қалмақтармен бірден соғысқа барудың қажеті шамалы, мүмкіндігінше олардан жалтара тұрған жөн, жау өзі кеп қақтығысқан күнде ғана «алла» деп ұрандап, шайқасуға болады. Бұның бәрі тек жалайыр қолбасыларының мұқият ойластыруы, жер жағдайын қатаң ескеруі нәтижесінде ғана жүзеге асуы тиіс. Бұл Саурықтың өзінің ойлап тапқаны емес, үш жүздің бүкіл әскерінің бас қолбасысы Әбілхайыр ханның жарлықтарын орындау мақсатынан туындайтын шара. Мұндай шаралар әрқилы дәрежеде Ұлы жүздің басқа да буындарынан құрылған жасақтарға да қатысты болса керек. Мұны естігенде Ескелді «Ия, ұлы сүргін басталды» деп, іштей ауыр тыныс алды. Ол сол жерде Тұрсынбай мен Құттыбайдың көз алдында соңына ерген қосшы жігіттерді бірден, екіден бірнеше бөлікке бөлді де саусақпен санап отырып, бірнеше тарапқа ұшырды. Ойрандының өрінде әскер жаттығуын өткізіп жатқан Балпыққа, Малтабарға, Кәшкеге, Тәттібай мергенге, Жайнаққа, Қосайға, басқа да батырлар мен ел, ру басыларына бүгін кештен қалмай осы Ескелді үй тіккен орыннан табылсын деп, бұл да өз тарапынан хабар таратты. Сөйтті де өзі де сол бала-шағасы қалған пұшпаққа қарай жөнеп берді. Тұрсынбай мен Құттыбай бұл күні қайтқан жоқ, сірә, жалайыр елінің жай-күйін, алғашқы қамын өз көздеріңмен көре келіңдер деген жоғары мәртебелілердің тапсырмаларын қоса арқалай келсе керек. Сол күні кеште түстіктен теріскейге қарай құлап ағатын Аспараның күншығыс жақ жағалауы құмырсқаша құжынады. Ескелді жалайыр мен бұларға сіңіскен қоңсыластар ішіндегі рубасылар мен батырларды шақырса сол шақыруды естіген жақын маңдағы киіз туырлықты қазақтар тайлы-таяғымен олардан бұрын лақ етті. Мұнда жігіт-желеңдерден гөрі кимешек киген, жаулық тартқан әйелдер, кемпір-сампырлар мен сақалдары шошаңдаған шалдар жағы басым ба деп те ойлайсың. Тіпті шырқырай жылаған емшектегі балалардың да даусы оннан-мұннан шығып, құлақ тұндырады. Кемпірлер мен кексе қатындар түбі түскен шелектей қаңғырлап, бір-бірін жазғыра айғайласады. Бет жыртыса дуылдасып, аспанды қақыратып жерге түсірердей пәрменмен бірден бірге өршіп бара жатқандай да әсер етеді. Ал бұларға Ескелді шақыртқан адамдар қосылғанда айнала тіптен теңіздей толқыды. Енді қайтсін, себебі батырлар мен рубасылардың ешқайсысы жалғызжарымдап келген жоқ. Мысалы, бір Балпықтың өзі жүз қаралы адаммен жетті. Бұлар және жай адамдар емес-тұғын. Мысалы, Балпықтың өзі бүкіл жалайыр қолының Ескелдіден кейінгі екінші қолбасысы саналса ал мыналар сол елдің әр буынынан шыққан кіші қолбасылар. Мыңбасы, жүзбасы, елубасы деген сияқтылар. Әрі біразының кеңесші, атқосшы дегендері және бар. Балпықтың оларды түгел ертуінде де өзгелер үшін пәлендей құпия емес бір есеп бар. Мана Ескелді жіберген хабаршыдан Тұрсынбай мен Құттыбай әкелген сәлем-сауқаттардың бәрін миына сіңірген жас сардар ендігі жайдың бәрін мына әр атадан шыққан кіші қолбасылар өз құлақтарымен естісін дегендегісі еді. Себебі, ендігі жайлар да оңай-оспақтан болмауға тиіс. Ұлы жүз қолына Қайдауыл баласы Саурық батырдың тағайындалуының өзінен-ақ көп мәселе тонын айналдырып кигендей көрінген. Әрі бұған дейінгі Әбілхайырдың өз атынан жолданған бұйрық та әлі жүзеге асырылып болған жоқ. Себебі, жалайыр ішінде құрылған мыңдықтар мен жүздіктердің кейбіреулерінің қолбасыларын анықтауға қазаққа тән кейбір ырың-жырыңдар кезмайыс келген. Міне, Балпық бүгін Ескелді, Қабан жырау, басқа да елбасыларының төрт көзі
түгелде сол мәселені түбегейлі ойластырып, соңғы тоқтамын айтпақ. Сосын да мына жүз қаралының ере жүргені абзал ғой. Басқалар да солай. Жалайырдың үлкен руларының бірі қалпенің екі-үш би-шешені, әрі күшік Жолбарыс би, Малтабар батыр, Кәшке, Тәттібай мерген, басқалар да өздеріндегі шешілуі қиын түйіндердің мәнін баршасының ой елегінен бір өткізіп алып, белгілі бір байламға аяқ тіреу үшін керек адамдарын атқосшыларымен қоса қотарып әкелген. Мұның сыртында Балпық, Кәшке сияқты жастары бар, күшік Жолбарыс би, Тәттібай мерген сияқты кекселері бар, әйтеуір солар құралпылас жалайырдың естиярлары өз бастарына орнаған алай-түлей дауылмен де айқаса бастаған. Ол дауыл әрине, Үлкен орда, Кіші орда атты екі ұяда орын алған соңғы жаңалықтарға байланысты. Жақсы, Болат хан айналасы біршама сенім ұялатады, себебі, оның негізі сонау Ордабасыда қаланып, шымы бекітілген, ал Әбілхайыр айналасы әр жақтың бас білмес асауларынан құралған, мынадай алай-түлей заманда тастүйін шымыр шыға ала ма? Жоқ, әрқайсысы бір-бір құдай, ақ езу болысып, қалың әскерді серкесі жоқ қойға ұқсата ма? Жоқ, Әбілхайыр жауынгер алшын елінің сайыпқыраны, әрі өзі құрышша шыныққан тегеурінді басшы деуші еді, оларды бір арнада тоғыстырып, баршасының бедел-абырой, ұйымдастырушылық қабілет, соғыс өнеріне жетіктік, тапқырлық, өрісті ақыл-ой сияқты қасиеттерін сарқа пайдалануға күшқуаты жетер, бәлкім. Ия, жетсе жетер, әрі сонау Ордабасыда әрбір ел көсемі, сан тараптан жиылған ең белгілі сақа қолбасылар алдағы шайқас үстінде өздерінің және өздері ертіп келер барша сарбаздардың бас сардар Әбілхайырға сөзсіз бағынатыны хақында алла атымен ант берді емес пе? Үлкен орда, Кіші орда иелеріне байланысты осындай үміт, күдікпен сабақтаса Балпық батырдың көкірегіне Ұлы жүз қолының бас қолбасысына орай да әртүрлі қиял, сезім ұялаған. Енді қайтсін, жасыратыны жоқ, Саурық батырдың есімі мұның жанына бір түрлі жылы тиген. Сонау Торғай даласындағы соғыста оны алғаш көргенмен қарт қолбасының түр-түсі ертеден таныс жанның қияпатындай-ақ мұның іш қуысына бірден орныққан. Әрі сол соғыс үстіндегі бұларға жасаған қамқорлығы, мысалы, аз ғана адаммен жау қоршауында қалған Жайнақ батырды тез арнайы жасақ жұмсап, құтқаруы Балпықтың тұлабойындағы сол ылтипатын одан әрі маздатқан. Міне, енді сол Саурық бұларға тікелей басшылық жасамақшы. «Бұл бүкіл қазаққа ортақ бас сардар Әбілхайырдың мен таныған ең алғашқы дұрыс шешімі, әрдайым осындайлыққа жазсын» деп түйді Балпық. Өзінің Саурықпен туыстық іліктестігін де ұмытқан жоқ. Андас атадан тараған төрт ағайынды Таймөңке, Қайдауыл, Қанқожа, Лепес болса Балпық Қанқожаның немересі, ал Саурық оның туған бауыры Қайдауылдың бел баласы. Тек Саурықтың шешесі басқа, Кіші жүз елінің қызы. Бұл кексе батырдың көп замандар бойы Жетісудің жерінен жырақтап кетуіне де сол жағы себеп болғанын Балпық білетін. Енді бәрі қалпына келгендей. Мұның немере ағасы Саурық батыр сол Жетісуға қарай бағытталған ұлы шайқаста бүкіл Ұлы жүз қолын басқарады, ал Балпық Ескелді бимен жұптаса Ұлы жүздің ноқта ағасы жалайыр қолына қолбасылық жасайды. Ия, «Саурық жайын әкем Дербісәлі естісе орнынан дүр сілкініп тұрар-ау, тіпті біржола сауығып, анау-мынау қайғы-уайымнан да арылар ма екен» деп те қанаттанды. Саурық батырдың әрі Ескелді би бәйбішесі Ақжәмилаға немере аға екенін де бұл көңлінің бір түкпіріне түйіп қойды. Сол күні кештете Ескелді қосының маңында үлкен жиын басталды. Би баршасын қатты асықтырды. Сосын да Балпықты толғандырған мыңбасы, жүзбасы, елубасы сияқты, әрі басқалардың да осы тектес мәселелері ақай-тоқайсыз тез шешімін тапты. Бұл қарқында бүкіл жалайыр еліндегі батыр атағы барлардың ешқайсысы шетқақпайлыққа ұшырамады. Даңқтысы бар, дақпырттысы бар, бәрін де кәдеге асыру көзделді. Әрі еркек кіндікті түгелімен дерлік атқа қондырылды, тек бала-шағалы, әрі көп ағайындылардың ішінен біреуі ғана сол бала-шағаға бас-көздікке қалдырылды да өзгелері «әупірімдеп», қару-жарағын асынып, ат жалына жармасты. Мұндай үлгіні Ескелді, Балпық, Қабан үшеуі әдеттегідей ең алдымен өз отбасыларынан бастаған. Мысалы, бес ағайынды Ескелдінің үлкен інісі Естайдан басқа үш інісі – Досай мен Қосы, тіпті әлі толық әжетке
жарады деу қиын Бектұрған да қосынға қосылды. Би сондай-ақ өз туысы Шора балаларының да шеткерілуіне жол бермеді. Әрине, Шораның бел балалары – Қожан, Тәңірберді, Құдайберген, Әлімбай төртеуі де алпысты алқымдаған, бұрын қару ұстап көрмеген, тек шаруа баққандықтары және бар, есесіне, бала-шаға, кемпір-шал, аздаған мал-мүлікке бас-көздікке толық жарайды. Сосын да бұл төртеуіне сол міндет жүктелді де бұлардан тараған бала, немерелердің он алты, он жетіден асқандарының бәрі сарбаздар қатарын толықтырды. Әсіресе, тұқымдарының көптігіне орай Көпсары атанған Қожан балалары өзінше бір шоғыр. Ал Шора балаларының бәрін жинақтаса жер қайысқан қол шығары анық. Бұлар осылай да Тәңірбердінің осы шұбырынды жылдарында алабөтен шалынған екі баласы – Қаскелең мен Күртібай елубасы, жүзбасы сияқты жұмыстарға іріктелді. Кешегі су жұқпас барымташылар бүгінде ел басына күн туған шақта оның алдыңғы шебінен табылды. Әрине, мұнда Ескелді бидің ықпалы жоқ емес. Балпықтың да төңірегі солай, көп балалы ағасы Кешубай ғана бүкіл Дербісәлі әулетінің иелігіне белгіленді де басқа екі ағасы Білдебай, Меңдебай әжетке жараған балаларымен бірге, әрі інісі Салпық түгелімен сақадай сайланды. Қабан жырау да сөйтті. Ағасы Аю бала-шағаның қасына отырғызылып, төрт інісі – Серкебай, Еркебай, Текебай, Көсембай қосын ішінде. Тіпті бұлардың Қабан жыраудан кейінгі батыр пішіндісі Көсембай жүзбасы аталды. Мұндай тәртіп шұбырынды заманы басталғалы бері бірнеше мәрте қолданылғасын да оны тап мына күнде жүзеге асыру қиынға соқпады. Ал қолбасылыққа жоқ, есесіне өзге шаруаға жүйрік Тұрлымбет Бекен баласы, Есенбай Қожаназар баласы, әрі Есенбайдың үш інісі – Есенғабыл, Есқара, Досқара Ескелді бидің атқосшылығына жегілді. Осы тақілеттес шаралар тиянақталғасын тоқтаусыз екінші міндетке, яғни бүкіл жалайыр жасақтаған күшті үш тәуліктің о жақ бұ жағында Шудан әрі өткізу, әрі Кіндіктас тауының бергі шашыранды сілемдеріне орналастыру ісінің жай-жапсарына көшісті. Ескелдінің күні бойы іштей құрастырған бағдар, байламдары бар екен, сонысын ортаға тастағанда бәрі бас изесіп, құптай жөнелісті. Тек бірен-саран ұсақ-түйек түзетулер ғана енгізілді. Бұл шаруаның да нобайы дөңгелектеніп, жинақыланды-ау деген кезде кешкілік күн сәулесі қызара бөрттірген ию-қию көптің ортасынан бір шу шықты. Ол шудың қақ ортасында Ескелді бидің бәйбішесі Ақжәмилә, Дарабоз сияқты әйелдер және көптеген ақсақал, қарасақалдар. Олардың у-шуының мәні Ескелдінің құлағына бірден сарт етті. Олар «Шудың арғы бетіне тек әскер ғана емес, мына қалың ел, бала-шаға, кемпір-шал, малмүлік түгел өткізілсін» деп даурығысты. Міне, Ескелді үшін бас жарып, көз шығаратындай тосын жәйт осы еді. «Өзім өз болғалы қарапайым халықтан мұндай мінез туындарын ойлап па едім» деп, би кейін де талай заман ауыр тебіреніске түсіп жүрді. Мына кеште жұртты саябырсыту үшін Ескелді өзінің табиғи шешендігіне басып біраз толғауларды төкті. Бұл толғауларды түгел тыңдап үлгеру үшін көкжиекке иегін сүйеген күн де сол орнында қатып, шегенделіп қалғандай. Тыңдаған көпшілік те жым-жырт тынысты. Көпшілікті солай ұйытқанмен Ескелді кесікті сөзді айтуды Қабан жырауға тапсырды. Бидің қасында қас-қабағы, сақал-мұрты салбырап, бұл да тікесінен тік тұрған жырау бұған өзі де әзір екен. – Көктегі құдай менің қарын бөлем емес, не жазу жазып, не сызу сызды онысын менің құлағыма сыбырлап отыратын кішіпейілділігі жоқ. Жұрт мені көріпкел әулие санайды, ал тап қазір мен қарға адымнан арғыға көз жеткізе алмайтын көрсоқырмын. Сосын да қалың елді, бала-шағаны, мал-мүлікті қарулы шеріктермен бірге Шудан әрі өткізу дегенді әумесердің тантымасына балаймын. Торғай даласында жеңіске жетсек қайтеді екен, бір жеңіс көп жеңісті қойдай қоздатады деген алла-тағаламның қағидасы бар ма? Жаман айтпай жақсы жоқ, анау-мынау күнде қайтпекпіз? Жау атының тұяғына тапталар қызыл қарын, жас баланың обалы кімге? Жо-жоқ, ағайындар, елді қозғамаймыз, олар осы бетте қалады. – Балпықжан, сен айтшы, – деп Ескелді сол Қабанмен қатарлас томсырайған жас батырға мойын бұрды.
– Жырау аға менің көмекейімдегіні жұлып әкеткендей ғой, менің алып-қосарым жоқ, – деп ол тым қысқа қайырды. Бұл өзі шынында тез басталып, тез аяқталған шу еді. Тек оның әсері жалайырдың үш басшысының да көкейінен көпке дейін кетпеді. «Апырай, туған жерге деген сағыныш бұларға қалмақтың қара найзасы, от қаруы дегендердің не екенін де ұмыттырып жіберген бе, бүгін жеңіс те, ертеңіне жеңіліс боларын, ол болмаса осынша жыл босқынның күнін неге кешеміз, соны таразылауға да ақыл-естері дәрменсіздік етеді, жоқ-жоқ, туған жерге деген сағыныш бұлардың ақыл-есін алып жейтін ауруға айналғаны ақиқат. О, тәңірім, өзің сақта, алдыңды жау, артыңды су басты деген осы, ұстараның жүзіндей қатерлі сызықты енді аттағалы тұрмыз» деген мағнадағы толғамдарды бұл үшеуі уақыт кеңде бір-біріне үнемі айтып жүрді.
* * * Тағы бір үш күндікте бүкіл жалайыр қолы Шу өзенінің теріскей жағалауына өтіп те бітті. Кіндіктас тауынан бастау алатын кішкентай Үңгірлі өзенін бойлай тарасты да әр атадан құралған жауынгер топтар сәл шашыраса сол маңдағы бұлақты, құйқалы өңірлерді сағалай бұлың-бұлыңды қуалады. Кіндіктастың теріскей сілемдері деген осындағы аса биік емес, бұйрат-бұйрат қырқалар. Ағаш жоқ, жалаңаш қырқалар, бір-бірімен қойындасып, бірін екіншісі жалғастырып жатқан төбешіктер. Ең биік дегенінің қыр арқасына жаяулап, бір алқыныспен-ақ көтерілесің. Қойнау-қойнауларында раң, басы аппақ боз шөп тұтаса өскен. Ал қойнау-қойнаудан биікке қарай сәл өрлесең жусан, изен, қарабарақ дегендерің аттың тобығын қағады. Биыл жауынды жылдың көктемінде тұтаса өскен екен, тек қазіргі маусым айының соңғы күндеріндегі шіліңгір ыстық бәрін тез жеп, түсін өзгертіп бара жатқаны байқалады. Осы шұбырынды заманның алтыншы жылына дейін бұл жалайыр сарбаздары қанша жерді басты. Соның бәрінде де бұлар ең алдымен табиғат жағдайына көбірек алаңдап, мал мен адамға қолайлылығы қандай деген сауалға жауап іздеуге дағдыланған. Ал мына жерде сәл басқаша... Енді қалай? Бұлар мұнда мал тойымын көздеп келген жоқ қой, әне аттың пысқырғаны жететін қашықтықта зұлым жау жасырынуда. Қалмақ қолбасшысы СарыМанжының бас-аяғы жоқ мол әскерінің бір шеті осы Кіндіктасқа бекінгенін бұлар да естіген. Алғашқыда «апырау, бұл Әбілхайыр ханның, Саурық батырдың не ойлағаны бар, ең алдымен жалайырларды жауға бір талатып алайын дегеннен сау ма» десіп, соңынан Ұлы жүздің өзге бөліктерінің де Шудан өтіп жатқанын естігесін көңілдері орнына түскендей. Тағы бірер күнде о баста Қорағатының батыс жақ жағалауымен, атақты Мойынқұмды жиектей Шуға жеткен Орта жүз, Кіші жүз қолдары бұлардан бұрын өтіп, Хантау айналасына бекініп үлгергені туралы да хабар келді. Ескелді, Балпық, Қабан жырау үшеуі де әскердің басы-қасында. Кедір-бұдырлы өлкенің сай-саласын қуалай тараған жүздік, мыңдықтарды шет-пұшпақтай ары-бері кескілеген жүргіншілер көбейді. Қалмақтардың тынысы жететіндей қашықтықта ғана жатқасын жалайыр басшылары жау тыңшылары емес пе деп күдіктеніп, кей жүргіншілерді жолдан тоқтатып, сұраққа алды. Жоқ, тыңшылар емес, Шуды сәл жоғарырақтан кешіп өткен өзге қазақ жасақтарының басшыларына Хантау жақтан қатынаған ертөлелер, хабаршылар. Ия, бүкіл қазақ қолы Шудың теріскей бетінде. Бұл судың кейде өзіндік қызық мінездері бар. Ол кей жылдары жылдың тап осы мезгілінде, маусымның соңы, шілденің басы дейтін уақытта бұрқан-талқан тасып кеп береді. Ондайда ары-бері өткел бермек түгіл қараған жанның жүрегін шошытып, жағадағыны әлдебір көрінбес қолдарымен өзіне қарай жұлып әкетердей зәреңді ұшырады. Егер тап биыл сол мінезіне басса мына қазақ шіркіннің барша күші әлде не күйге ұшырайды? Қабан жырау айтқандай құдай ертеңгі хикметтерді ешкімнің құлағына сыбырламайды, алдағының бәрі тылсым жұмбақ, жазатайым жаудың мәртебесі асып, ал Шу өзені аталмыш мінезіне басса қазақтардың көрген күні не болмақ? Жоқ, әлде не өмір, не өлім дескен күн туды ма? Тәрізі солай. Бұрын-соңды болмаған ұйымшылдықпен бүкіл қазақтың осылай қарай түйдектеле жөңкілуі соған меңзейді.
Уақыт күн еңкейіп, ұясына кіруге таяған кез. Намазшам, намаздыгер арасы. Ескелді, Балпық, Қабан жырау Үңгірлі өзенінің жағалауында көп сарбаздардың ортасында отқа қақталған арқар етін жеп отырған. Үйреніскен жау санағасын ба, ол жақын-ау деп сақтық ойлайтын да ешқайсысы жоқ, осы өңірдің аңы мен құсын атып түсірген бойда күннің қай мезгілі екеніне қарамастан кепкен бұталарды жиып әкеп, түтінін будақтатып от жағу салтқа кірген. Жігіттердің арасында әртүрлі қаңқу әңгіме осындайда сол отпен бірге қаулайды. Ара-тұра өзара қағытпа сөздер, жеңіл әзіл-қалжың да араласады. Аңның, не құстың еті іштеріне барып, ар жақтарына ел қона бастаған шақта бұлардың осы от жағысын көздерімен көріп отыруы мүмкін қалмақтар жайы да тілге оралады. Бүгін солай болды да. Арқардың майлы етінен еріндері жылтырап, аздап өң кіре бастаған жігіттердің біреуі өзге бір жігітке шаңқ етті: – Әй, сен кешегі оқиғаңды мына би-ағаңа, Бапекеме, жырау ағаға айтып берсеңші! Неменесін оныңды оқшантайыңа тығып отырсың? Екінші жігіт өз тұрғыласының бұл шаңқылына аса риза емес екен: – Ішіңе жел тұрмайтын бейшара екенсің-ау! Сендейлерге сауыт кигізіп, қару асындырғанша қалмақтарға ұқсап, қатынның көйлегін кигізген дұрыс-ау. Қалмақтар тілі ұзындарға қатынның көйлегін кигізіп, масқаралайды екен. – Ой, суайтым-ай, қалмақтар тілі ұзындарды емес, жаудан қашқанды қатынның көйлегін кигізіп масқаралайды. Бұрмалама! Ал менің жаудан қашқанымды қашан көрдің? Мен жаудан қашқан күні не істесең соны істе, бәріне көндім. Ал сен кешегіңді айтып бер, ел басшыларының біле жүргені абзал. Мына соңғының сөзін құптай Ескелді би екінші жігітке ажырая қарады. Ол өзі әлдекімнен қатты қорыққандай көздері ойнап тұрған, шот маңдай, кемиектеу жігіт екен. Ескелді назарынан өзінің шешілмесіне жол жоқ екенін сезіп, сөзге оңтайланды. Сөйтсе бұл кеше аң, құс атамын деп, жалғыз-жарымдап, Үңгірлі өзенінің бойымен тым алысқа ұзап кетіпті. Сонда Теректі аталатын, осы Үңгірліге көлденеңдеу жатқан екінші бір кішкентай өзеннің жағалауында бір топ қарулы қалмаққа ұшырасып қап, олар ары қарай, бұл бері қарай қашыпты. Осыны өз сырластарына айтқанмен, ел басшыларына келгенде тартыншақтап, олар жауға із салып қайттың деп, өзімді жазғырар деп, бір тәуліктен астам уақыт ішке бүгіп келіпті. Үш басшы бұған пәлендей шамданған жоқ, осындай халде екі жақ адамдарының бір-бірімен кездейсоқ бетпе-бет ұшырасуы басқа жақта да орын алғанын біледі екен. – Біз қазір қалмақтармен бір төбенің екі жағында бұқпантайлаған ойын балалары сияқтымыз. Атты қазақ пен атты қалмақ бір-бірін қалай көрмей тұрады? – деп, Қабан жырау тіптен жаймалады. Жырау аузын жиып та үлгермеді, кенет батыста Хантау, Жамбылтау бағытындағы көкжиекке иек сүйеген күннің алқызыл сәулесіне малына осылай қарай жосылған бір топ аттыны түрегеп тұрған сарбаздардың бірі көріп қалды. – Мыналар кімдер? – деген оның оқыс сауалы бәрін дүрк көтерді. Бәрінің де жүздерін күннің шоқтай жалыны шарпып, батыс жаққа үңілісті. Көздерін алақандарымен көлегейлей қос жанарларына қанша күш түсіргенмен де ешқайсысы да олардың кім екенін ажырата алмады. Ақыры олар жетті. Төменде басқа жалайыр шеріктерінің басшыларынан Ескелді, Балпықтың қайда екенін сұрай-сұрай жеткен Сіргелі адамдары екен. Олардың бас батыры Қара Тілеуке жібергендер. Түздіктер дағдысымен жамыраса ұзақ амандасып, хал-жай сұрасқан соң олар бір жайсыздау хабар айтты. Бұлардан Шуға қарай еңістеу біткен кеңістіктің батыс бөлігінде осы Сіргелі қолы орналасқан. Міне, соларға таяу бір ойпаңда әлгі қалмақтармен ымыраласуды жағы талмай насихаттайтын Қарабек деген бар емес пе еді, міне, сол Қарабектің адамдарын, әлдекімдер қылыштап, қанжоса етіп, турап кетіпті. Тек айқасып жатқан өліктердің ішінде Қарабектің өзі жоқ екен. Сіргелі Қара Тілеуке алғашында сасқалақтап, өз қоластындағы сарбаздардың үлкен-кішісіне хабар салып, «апырау, бұларды кім жайратты, әрі мынадай шақта оларды бұлай етудің не қажеті бар еді» деген сауалды қоса таратады. Сол сарбаздардың ішіндегі құлағы ұзындау біреуі өткен
жолы осы Қарабек адамдары мына бізбен жаптас жалайыр елінің батыры Балпық Дербісәліұлының аулында болғанда жас батыр олардың жоталарынан таспа тілуді бұйырғанын, тек Дербісәлі, күшік Жолбарыс би сияқты жасы үлкендер араласып қана ондай жойдасыздыққа тоқтау салғанын баяндап, мүмкін бұл сол жалайыр адамдарының ісі шығар деген күдігін қоса қыстырады. Сіргелі Қара Тілеуке сосын да көп толғатпай жоғарыдағы сауалмен мына топты осылай шұғыл аттандырыпты. Сіргелі Қара Тілеукенің сасқалақтайтын бір себебі, Қарабек Төле бидің жақын туысы, тіпті өлгендердің ішінде Қарабектің өзі жоқ дегенмен де бұл пәлендей мақтанарлық іс емес, қайта жаман атақ жапсырып кетердің өзі. «Кім өлтірді, мұндайлықтың қажеті қанша еді» деген сауал оны біржола билеп алғандай да еді. Сосын да Ескелді мен Балпықтан бір тіл алуға асығыпты. Алғашқыда Ескелді де ойынан жаңылып, кешкілік алагеуім шақтың шудасымен көздері қоса арпалысып, Сіргелі адамдарын жеке-жеке тізбеден өткізді. Бұл Сіргелі Қара Тілеукемен аса жақсы таныс емес. Төле би атасының ордасында бірер мәрте ғана көрген. Осындағы Есенбай сияқты, оның да беті қазанның түп күйесіндей қап-қара, онсыз да болымсыздау сақал-мұрты әрең шалынатын отыз, отыз бестер шамасындағы әлуетті жігіт. Тек сыртынан ол туралы көп естіген. Осы биылғы ерте көктемде өз үйінде екі-үш күн қонақтаған Сіргелі, Ошақты адамдары Ошақты батыры Саңырық қана емес, осы Сіргелі батыры Қара Тілеуке жөнінде де біраз сырға қандырған. Оның Қара Тілеуке аталатыны әлгі албан батыры Хангелдінің үлкен ұлы, бұл күнде есімі төңіректегі елдің құлағына жиі шалынатын, жер ортаға келгенмен кейде ұйқы-тұйқы мінезді, кейде жынын алдырған бақсыдай солықтап, жұмбақ күйге түсетін екінші Тілеуке батырмен шатастырмау мақсатында туған сыңайлы. Ескелді сәл бөгеліп, Балпыққа бұрылғанда жас батыр бидің жүзіндегі күдікті танып, бірден басын арашалады: – Әлгі біз жылқы жылы Торғайдан оралғанда ол сарнауық біздің ауылда «мынау біздің қазақтың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ақылгөй даналары деп, мынау қалмақ қонтайшысы Сыбан Рабтанның табақтас нөкерлері» деп, қай-қайдағы бір тістері сары қайрақтай немелерді әулием етіп, шалжиып жатыр екен. Сарнағанда бірі бірінен асады. Сөздері қандай десеңші, тура сай сүйегіңді сырқыратады. Бетің бар, жүзің бар демей қалмақтарды «бізге құдайдың ырысын арқалап жеткендер» деуге дейін барды. Одан арғысына қалай шыдайын, жоталарынан таспа тілуге бұйырғаным рас еді. Тек одан кейін ол иттеріңізді көрсем көзім шықсын. Оның солай екеніне Ескелдінің де күмәні жоқ: – Осы Балпық батыр сияқты оларға зығырданы қайнаған басқа біреулер шауып тастаған ғой, шамасы. «Қалмаққа бас иіңдер» дегеннің табанда басын алатындар бұл қазақта аз дейсіңдер ме? – Бұлардың көзін жойсақ қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс тезірек басталарынан дәмеленіп, тағатсызданған біреулердің ісі емес пе? – деп Балпық қайта күмбірледі. – Қарабектің қасындағылардың біразы шынында қонтайшының жұмсауындағылар болса мына қасап қалмақты шапқа түрткендік қой. – Ал мен сәл тереңірек үңгідім, – деп Қабан жырау сөзге кірісті. Іңір қараңғылығы сәт сайын қоюлап, жыраудың мол сақалды, ірі пішінді сұлбасы сол қараңғылықпен араласып, көзден өшіп бара жатқандай әсер қалдырғасын да осындағылар – жалайырлар да, сіргелілер де, басқалар да жұмбақтың шешуі сол сұлбамен бірге жоғалып кетердей секемденіп, тегіс солай қарай жұтына қарасты. – Бұл жердегі бір гәп, шабылғандардың ішінде Қарабектің өз басы неге жоқ? Басқаларды турап жатқанда бұл қашып үлгерді-ау дейтіндей Қарабек шалт қимылды жанға мүлдем келмейді. Мен Балпық шырағымның шаптүрткі деген сөзіне мықтап көңіл қоямын. Түп қазық осында жатыр-ау. Тек ол кімнің шаптүрткісі? Мен бұл өмірімде опасыздар мен арандатқыштардың талайын көрдім, ол ғана емес, жел аударған қаңбақтай жүйткіп жүріп, сан елден ондай аттылардың қылығына, қулық-сұмдығына, былық-шылығына сан рет құлағымның құрышын да қандырдым. Сонда байқағаным ондай аттылардың түлкі бұлаңы, айла-шарғысы егіз қозыларды еске салады.
Сосын да бір жайды анық шамалағандаймын. Тіпті көз алдымда құлағы қалқиған шайтанға ұқсап, секектеп, билеп тұрғандай. Асыра сөйлесем, аллам кешірсін, діттеп білдірейін, тап мынау Қарабектің өз басының ісі! Қасымдағы қалмақ нояндарын қырып салсам бұл қылығым қайтсе де қонтайшының шамына тиюге жарайды, сосын ол осындағы қолбасысы Сары-Манжыға еселеп күш, көмек береді. Сосын қалмақтар қазақтарды қайтсе де еңсереді, міне, сондай қаралы күнде Қарабек қазақтағы жалғыз әулием, пайғамбарым атанып шыға келеді. Міне, Қарабектің іш қуысындағы мақсат-мұраттың күлімсі исі қалай мүңкиді? Опасыздар мен арандатқыштар ата жаудан да жаман, ата жаудан да қатерлі дегенді бізден де көреген, ойы ұтқыр бұрынғы аталарымыз қақсап айтып кеткенін мен жақсы білемін. Қаласаңдар, ол туралы ұзақ хиссам бар, соны жырлап берейін. «Ақыр түн туды, асығатын не бар, бәрібір біз қайта жеткенше Қара Тілеуке батыр ұйқыға жатады» деп ұйғарысқан сіргелілер бөгеліп қалды. Жалайыр жігіттері отқа қақтаған арқар етінен дәм тата, Қабан жыраудың хиссасын тыңдасты. Тек түн ортасы ауа ғана орындарынан тұрды. «Жеті қарақшыны таныған жеті түнде адаспайды» деген ғой. Өздеріне аса мәлім емес, осы өлкенің тас түнек айсыз қараңғылығында да сіргелі жігіттері өз бағыттарын дұрыс белгілеп, бөкен желіске басып, түн қойнауына сіңіп жоғалды. * * * Осыдан тағы екі күн өткенде бас сардар Әбілхайыр мен Ұлы жүз қолының бас қолбасысы Саурықтан ертөлелер келді. «Бүкіл жалайырдың ең басты адамдары тез Хантаудағы Кіші ордаға жетсін» деген бұйрық әкелді олар. Алғашқыда Ескелді, Балпық, Қабан – үшеуі бір-бірін көздерімен атып, әледенеден күдіктенген рай танытты. Үшеуінің де жүздерінде «мына шақырыс әлгі қанды қасапқа ұшыраған Қарабек адамдарына байланысты емес пе» деген сұрақ-жазу тұр еді. Сосын Ескелді ол ертөлелерден «бас сардарлар тек жалайыр көсемдерін ғана керексінді ме, жоқ, әлде Ұлы жүздің сіргелі, ошақты, шапырашты сияқты өзге тармақтарының да бас иелеріне осындай шақырулар жолдады ма?» деп қадала сұрады. Ертөлелер өздерінің ол жөнінде хабарсыздығын, жолай Ұлы жүздің ешбір тармағына соқпай тура осында жеткендерін ғана баяндады. Бірауық Ескелдінің көз алдында Сіргелі Қара Тілеуке батырдың қазанның түп күйесіндей бет-жүзі әлдебір жамандық белгісіндей көлбеңдеді. «Таста» деп, кенет ол өзіне-өзі тыйым сала жамандық атаулыдан бойын да, ойын да ала қашты. «Барамыз ба, жоқ па» дейтін екі ұдайылықтың заманы емес, бұл үшеуі қастарына кімдерді ертетінін тез шешіп, бие сауамына жетпейтін уақыттың ішінде Хантауға қарай суыт жүріп кетті. Күшік Жолбарыс би Жылқайдарұлын, Тұрлымбет Бекенұлын, Есенбайды, сондай-ақ әлдеқалай күнде керек болар деп, он екі ата жалайырдың әр тармағынан сөз ұғарлық бір-бір кексе сарбазды қоса ертті. Ал мыңбасы, жүзбасы сияқты қолбасылардың ешқайсысын қозғамады. Не деп болады бұл күнде? Ал бүкіл жалайыр қолының бас иелігіне уақытша Малтабар батыр мен Тәттібай мергенді қалдырды. Үңгірлі өзенінің жағалауынан Хантауға дейінгі аралықты жол білетін түз қазақтары жақсы жүріспен жарым күннен сәл астам уақытта-ақ өткереді. Ал Ескелділер өйте алмады, себебі, ара-тұра тура жолдан жаңылысып, әрі жолыққан адамдардан жөн сұрауға да көңіл бөлгендіктен біраз уақыттан ұтылды. Тек жөн сұраған адамдары пәлендей көңіл толарлықтай емес еді, көбісі «алып кел, барып келмен» жан ұшырған ертөлелер, хабаршылар немесе үйірінен адасқан саяқ жылқыдай шұрқырап, өзіңнен ананы-мынаны сұрағыштап, тақақтаған, жалғыз-жарымдаған сарбаздар. Бүкіл әскер Шудан бері өтіп шыққанда жекелеген қолбасылардың ірілі-ұсақты қателіктері орын алып, енді сол қателіктерді түзету барысында осындай жалғыз-жарымдаған сарбаздардың басына да, атының аяғына да күш түсіп, олар жер-ананың ойлы-қырлы төсінде айқыш-ұйқыш із салуда. Жолай ұшырасқан бірнеше жанкештінің түр-түстерінен, сөз саптауларынан Ескелді адамдары осы жағын да саралады. Кейбір сулы, бұлақты, тасасы мол қалтарыстарда Ұлы жүздің кейбір руларының, оның ішінде әлгі Қара Тілеуке батыр басқарған сіргелінің де қолы жатқанын бұлар шет-пұшпағынан байқады, алайда, олай ат басын бұру тіптен көп
уақытты ысырап ету деген сөз. Әрі олар бізден артық не білер дейсің деген ой да тежеу салды. Жалайыр адамдары Хантаудың төбесі көз ұшында көрінгенде ғана бір жас сұрперенмен кездесті. Бұл Ұлы жүздің бір бұтағы суаннан шыққан Бөлек батыр Бөргелтайұлы еді. Суанның Тоғарыс атасынан осы Бөлек шықса, Байтүгей атасынан тараған ұрпақ арасында Сатай деген және бар. Көбіне Суанның Сатай, Бөлек батырлары деп, екеуін қосақтап айтады. Әрі жоғарыда аталған, аталы-немерелі шапырашты Сатай, Бөлек батырлармен шатастырмас үшін Суанның Сатай, Бөлегі деп, үлкен ру атауын қоса қыстырады. Міне, Ескелді тобына жолыққан осы Суанның батыры Бөлек Бөргелтайұлы. Жасы небәрі жиырма екіде ғана, тек сақалы тарамдалып, жан-жаққа шашырай бітіп, оған екі қабағының ортасындағы бұраң-бұраң сызық қосылғасын ба түрі сәл ескілеу көрінеді екен. Есесіне жұмыр иығы сауыт астынан-ақ бұлт-бұлт етіп, асқан қайрат, ерен қимыл иесі екенін білдіреді. Мұның аты-жөнін естігенде Қабан жырау сәл жеңілтектік жасап, жамырап қоя берді: – Пәле, ағайындар, бұл баланың жай-жапсарын менен сұраңдар! Міне, сонда ғана Бөлек батыр күлімсіреп, тарам-тарам сақал мен қос қабақтың ортасындағы жоғарыдан төмен шаншылған сызықтың қыспағындағы жас өңі атой берді. Бөлектің қасында өзі құралпылас, қару-жарақты, сауыт асынған оншақты сарбаз бар. Бөлектің өзі де, қосшылары да Қабанды танып, бәрі де дем арасында арқа-жарқа болысып, шат-шадыман түрмен жырауға қарасты. – Шешең Айбике, ағаң Киікбай аман-есен бе? – деп Қабекең ең алдымен сол жағына бір барлау жасады. Бөлектің оң жауабынан соң жырау мүлдем шешілді. – Бұл баланың шыр етіп дүниеге келісінің өзі аңыз, ес біліп, ат жалын тартып мінісінің өзі аңыз. Пұшпағынан бір суыртпақтатсаң тау суындай өзі сарқырай жөнеледі. Онда мені тамағыма тас тығып тоқтата алмайсыңдар. Әрине, Ескелді асығыс еді, сонда да жырау ағасына кеңшілік жасады. Себебі, осы Хантау жақтан ентелете оралған батыр пішінді, сөзі де айқын жас сұрперенді дұрыстап сөйлетіп, аз-мұз ақпар алғысы келді. Ол үшін оның да астына көпшік тастаған жөн-ау. Сол оймен ол Қабанға қарады. Қабан бидің ол ниетін дәл таныды. Әйтпесе, бұл жалайыр басшылары көзі қарақтылар, әулиелер атала ма? Қабан жырау суандар арасында болғанда естігендерін көп созбұйдаламай қысқаша ақпарға көбірек бой ұрды. Сондағы жеткізгені мынау: Бөлектің әкесі Бөргелтай мен шешесі Айбике некелескен соң тоғыз ай, тоғыз күн өткенде Киікбай атты ұл дүниеге келіпті. Тек содан кейін Айбике қайтып бала көтермейді. Бірнеше әулиенің басына түнейді, тәуіпке қаралады, бәрібір нәтиже жоқ. Тек алғашқы ұл Киікбай он алтыға толып, өз алдына отау тіккенде ғана сол үйдегі жас келінмен уәделескендей сонымен бірге Айбикенің де ішіне де нәресте бітеді. Бірақ не керек, сол екі ортада Бөргелтай кенеттен науқастанып, о дүниеге аттанады. Оның топырағы суымастан-ақ оның іні туыстары айдай сұлу Айбикені әмеңгерлік жолмен алуға жанталасады. Сонда Айбике: – Мен Бөргелтайдан екіқабат қалдым. Құрсағымдағы кішкентай жан иесі жарық дүниені көрмей ешкімнің босағасын аттамаймын, – дейді. Сонымен Айбике келіні екеуі бір күнде босанады. Келіннен туғанды Үмбетей, ал өзінен туғанды «бұл Бөргелтайдың соңғы ұрпағы, жөні бөлек, сосын да Бөлек атансын» деп, екі баланың да ныспысын Айбике өзі қойыпты. Әрі Үмбетей мен Бөлек бірге тәрбиеленіпті. Бұдан кейінгі аңыздар Бөлектің тез ержетуіне байланысты екен. Аузында ана сүті кеппестен-ақ бұл жүйрік атпен тоқтыбалақ атты құсты орнынан көтеріліп ұшқанша жетіп ұстайтыны, шалма тастап, небір қашағандарды қолға иліктіретіні, асау үйрететіні, аударыспақ, күрес, садақпен жамбы ату, найзаласу, қылыштасу сияқты ойындар үстінде де алдына жан салмайтыны төңірегінде де талайы өрбіпті. Тіпті бұл баланың үйленуі де қызық. Қасына өзі құралпылас жігіт-желеңдерді ертіп, ел-елді көп кезетін Бөлек бірде Орта жүз найман еліндегі Болсынай деген қызбен танысып, бір-бірін қатты ұнатады, қыздың әкесі аса ауқатты адам екен, алғашында Бөлектің түрін көріп, қызының қалауын
құптағанмен, соңынан оның әкесі жоқтығын біліп тез айниды. Осы мезетте бұл байдың жылқысына көрші елдің барымташылары тиіп, ақсақ тай қалдырмай қуып әкетеді. Бай әке тұралап жатып қалады. Осы жағдайды ақылды Болсынай өзінің ғашығы Бөлекке жеткізеді. Бөлек жігіттерін тез атқа қондырып, барымташылардың соңынан түседі. Барымташылар қалың жылқыны айдап, орта жолда арттарынан ешқандай қара көрінбегесін «бізді қуатын ешкім жоқ» деп бір-екеуді күзетке қояды да ұйқыға қисаяды. Бөлек жігіттері сол шақта жетіп, сан жағынан өздерінен әлдеқайда басым барымташыларды соққыға жығып, жылқыны кері айдайды. Міне, сосын ғана Болсынайдың әкесі осы Бөлекті «балам» деп, баурына қысып, оған қызын ұлан-асыр той жасап, мол жасау-жабдықпен ұзатады. Қабан жырау мұның бәрін тез сыдыртып, әрі әсерлі етіп баяндады. Ал Бөлек мынадай төкпе жыраудың өзі хақында осылай шаранасынан аса сақылдағанынан аса қатты толқу сәтін бастан кешірді. Сосын да ол Ескелдінің сұрақтарына тап-тұйнақтай етіп, өз білігі шеңберінде жауап қайырды. Ескелді мен Балпықты ең алдымен қызықтырғаны ендігі қалған жол сорабы, Үлкен орда мен Кіші орданың орналасу жағдайы, тап қазір Әбілхайырдың төңірегіндегі адамдар, ұлы хан Болат, Төле, Қазыбек, Ақсуат сынды билер және олармен бас сардар Әбілхайырдың өзара қатынас сыңайы, сондай-ақ Саурық батырдың олармен байланысындағы нышандар сияқтылар еді. Себебі, қазақ көсемдерінің бүйтіп бас қосуы күнде болып жатқан жоқ, кім білсін, күтпеген ырыңжырың баршасының көңіл ауанын бұрып әкетті ме, әлде? Ескелді, Балпық, Қабан – үшеуі көктен түсе қалғандай болмай сондай аттылардан, не көз тоқтатарлық басқа жайлардан алдын-ала құлақтанып, іштей дайындықпен баруды қалаған. Бөлек батыр олар қойған сұраулардың ең алғашқысы әлгі жол сорабы жөнінде ер үстінен көтеріле Хантау жақты нұсқай біраз зорлана сөйледі. Ал қалған сауалдарын топтап, оларға деген жауабын да түйдектеп бір-ақ лақ еткізді. – Ой, ағалар, сіздер өз бастарыңыз ғана жас үлкендігінен бізге аға емессіздер, Ұлы жүздің ноқта ағасы – жалайыр елінің басшылары болғандықтан да үлкен аға, аса сыйлы адамсыздар. Сіздерден білгенімізді несіне жасырайық. Біз онда көп болғанымыз жоқ, бір ғана түнеп, сіздерден, жалайыр қосындарынан әріректе шапырашты мен ыстылардың екі ортасындағы өз қосындарымызға асығып барамыз. Біздің байқағанымыз онда Үлкен орда, Кіші орда деген жоқ, бәрінің бір орында шоқтай үйіріліп тұрғанын ғана көрдік. Оларға жақындап бару да қиын, айнала күзет, мың қаралы әскер толқып, лықсып тұр. Бас сардармен, немесе басқа біреумен жүздесемін десеңіздер сіздерді арнайы адамдар ертіп апаруы шарт. Онда да бәрілеріңізді емес, осы ел танитын үшеуіңіз ғана жүздесе аларсыздар. Артық-ауыс адамдардың ешқайсысын оларға жуытпайды. «Сауысқаннан да сақтық керек» деген сөз Әбілхайырдың осы қиырда ең қадап айтқаны болса керек. Біз оларға бір мәрте ғана жақындай алдық, сонда өзіміз түстеп танитын үлкен адамдардың бәрін бір орыннан көрдік. Болат хан да, жаңағы сіз атаған үш ұлы би де, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шапырашты Сатай батыр, албан Хангелді, басқа да қабақтарынан қар жауған, бізге жүзтаныс емес ығай-сығайлардың бәрі Әбілхайырды ортаға алып, аттарын ойнақтатып, бұрқ-сарқ етіп, лықсып-толқып тұр. Ішіндегі түсі де, киімі де алабөтен біреуі көзімді тартқасын күзетші-сарбаздан «анау кім» деп сұрап едім ол ожар мінезді неме екен, «немене қызына құда түсейін деп пе ең» деп, өзімді бүктеулі қамшымен маңдайдан ұра жаздады. Оңашада жолықса қайраңнан алған шабақтай етер едім, мынадай шақта, өзіміз әулие тұтқан адамдар күзетіндегі адам болғасын қайтейін, ашуымды амалсыз ақылға жеңдірдім. Сіздер Хантаудың етегіне жеткесін, оның Сұңқар атты биігін бетке алыңыздар, мүлдем адаспайсыздар. Суан батыры Бөлек Бөргелтайұлының бұларға арнаған бар баяны осы. Ескелді тобы Хантаудың етегіне кешкі апақ-сапақта ғана ілінді. Одан әрі Сұңқар биігіне қарай тырмысқанда Бөлек баянының бар шындығы көз алдарында көсілді. Сұңқар биігіне таяған сайын ерсілі-қарсылы жортқандардың қарасы молайды. Көз тез байланып барады, ешкім ешкімді тани алмайды, тек шығыс көкжиекте жарықтық Алатаудың сұлбасы көлденеңдеп, соның бір шоқтығында айқасқан екі-үш гүл талшықтары іспетті, қарсы бетте батқан күннің
шұғыласы ілініп қапты. Соны көргенде жалайыр адамдарының тұлабойлары бір-бір дүр сілкінді. Ескелдінің есіне, әлгі «Шудың арғы бетіне әскермен бірге өтеміз» деп жұлқынған өз бәйбішесі Ақжәмилә түсті. «Мүмкін, бейшаралар анау шұғыланы біз де тезірек көрейік деп асыққан шығар», деген ойды сабақтатты. Адамның ой-қиялы не деген елгезек, ұшқыр, кейде не деген шектен тыс ұшқары. – Ассалаумағалайкум, жалайыр атамның балалары жетіпті ғой! – деп, тағы бір дүркін жүрісте қарсы жолыққан біреулер бұларға айғайлай сәлем берді. Бірақ өздерінің кім екенін жариялап жатпады, жосылтып өте шықты да қараңғылыққа сүңги жоғалды. Ия, осылай өңкей бір мұрындарынан су кеткендердің қара ағаштан шабылған қададай бұлдыр кескіндері қадам басқан сайын жиіледі. Жатаған тақыр тау жоталарын қиялай, бөктерлей бұлар екі бие сауымындай уақыт жүрді. Бұлар осы жеткен жерлерінде тыныстап, Әбілхайыр ордасын таң ата іздесе де жөн еді, тек Қабан жыраудың тағатсыздығы бұларды одан әрі желіктірді: – Біз еңғұрмаса Кіші Орда қонған тұс мынау-ау дейтіндей жерде тоқтайық, кім білсін, заман бұлдыр, Әбілхайыр бізді неге шақырды, ол да беймағлұм, бәлкім бас сардар осы түнде бізбен дидарласар, – деп Қабан жырау өз жорамалын екі-үш қайталады. Ақыры бұлар тірелді. Алдарынан шыққан бір топ сарбаздар аттарын кесе көлденеңдетіп, жөн сұрады. Ескелді өздерін таныстырды. Сосын, сарбаздардың екі-үшеуі ары құйғыта жөнелді де сүт пісірімдей уақыттан соң кері оралды. – Сіздерге бұдан әрі жүруге жол жоқ, таңертең бас сардар адамдары өздері шақыртады, – деген жауап әкелді. Сарбаздар әрі Ескелді тобының адасып кетпеуі үшін бұлардың қастарында біреуді қалдырды да өздері қайта көзден өшті. Енді амал жоқ, түнемелікке ыңғайлы жер іздесті. Ол үшін көп жортудың қажеті жоқ еді, аттың тобығын қағатын шөптесіні бар, құйқалылау көрінген бір тұс таңдалды. Бұл ескі ай сөніп, жаңа айдың алғашқы жаңасы да көріне қоймаған өліара шақ еді. Айнала көзге түртсе көргісіз тастай қараңғылық. Міне, жалайыр адамдары дүниенің бір ғажайыбын осы қараңғы түнде көрді. Алғашқыда бұлар көп ештемеге мән бермей әрқайсысы өз аттарының ер-тоқымын сыпырып, ауыздықтарын алып, малқұмар қазақ дағдысымен олардың қыр арқаларын алақандарымен қаққылап, тағы сондай күйбеңсүйбеңмен айналысты. Кейбір жылқылар ауыздары босасымен жердегі шөп-шалаңға бас қойса көбісі құлақтарын қайшылап, әлденеден сезіктенгендей тұмсықтарын көтере қақшияды. Көздерінің ойнақшығаны осы жеті қараңғы түнде де өз иелеріне шалынды. Ешқайсысы да осы мал-екеш малдағы мазасыздықты да аса елемей, мынау бейтаныс өлкенің түнгі бейнесі әлдеқандай көрінгесін тапқан мінездері ғой дегенге сайды. Малға солай да ал жалайыр адамдары үшін аса олай емес, әкем-ау, қалмақ шабуылынан кейінгі шұбырындыда бұлар жолай осы Хантауда екі қыстап, сосын ғана Қаратауға қарай жөңкілмеп пе еді? Бірақ ол кетістерінен соң да үш жыл өтіпті-ау. Кіндік қаны тамып, ес біліп, ер жеткен жерлері емес, ол екі қыста бұл Хантаудың барлық қыр-сырын біліп те үлгерген жоқ қой бұлар, ал білгендерінің біразы одан кейінгі босқында ұмытылды да емес пе? Сонда да мына қос аяқты пенделердің бұл өлке хақында білігі қыл құйрықты жануарларға қарағанда әлдеқайда тәуір ғой. Жер ананың бұл төмпешігіне түнделетіп жеткендер үшін әзірге бірден-бір жарық көзі аспандағы жұлдыздар еді. Ең алдымен бәрі солай қарай алақтады. Әне Кіші Аю шоқжұлдызы. Оның ішіндегі бәрінен де жарық жанатын Темірқазық бұларға ескі таныстай жылы ұшырай қарайды. Жер өзгерді, ел өзгерді, атамекен қоныстар алыста қалды, тек аспан шырақтары ғана бұлар қалай ауса солай ауып, төбелерінен әрдайым төніп тұрады. Неткен тұрақтылық десеңші. Ал Темірқазықтың тіптен жөні бөлек, басқа аспан денелері онда-мұнда орын ауыстырса бұл шын мәнінде қаққан қазықтай бір орыннан тапжылмайды. Ал Кіші Аю шоқжұлдызы арқандаулы аттай тек Темірқазықты айнала қозғалады. Бұлардың сыртын ала қазақтардың тілімен айтқанда бағымдағы малды торуылдаған ұрыларға ұқсап, Жетіқарақшы айналады. Түздіктер өздеріне керекті бағыт-бағдарды, әрі түннің қай уағы екенін осы Жетіқарақшының жеткен межесіне қарап мөлшерлейді.
Қазақта не көп, осы жұлдыздарға байланысты аңыздар көп. Осы Жетіқарақшының өзін түн ұйқтамас барымташыларға ұқсатып, ол туралы небір сұлу сазды хиссаларды қиыстырады. Жетіқарақшы өзге бір Қырыққарақшының жұмсауындағылар да, міне енді олар сол аспан әлемінде шырақ боп жылтыраған басқа бір екі батырдың Ақбозат, Көкбозат аталатын тұлпарларын қолға түсірмекші. Қырыққарақшы Жетіқарақшының осыншама уақыт нәтиже шығара алмағаны үшін ызалы екен де, сосын да Жетіқарақшы аталмыш екі тұлпарды қолға түсіріп, өз қожайындарының көңілін табу мақсатында асқан ептілікпен, сақтықпен қозғалады. Самсаған шырақтардың бірін батырға, екіншісін сұлу қызға, басқаларын мерген, сәйгүлік ат, ұры-қары сияқтыларға балап, олардың орналасу, қозғалу тәртібіне орай қиялғажайып ертегілердің санап тауысқысыз нұсқаларын жасайды. Мына қазақтар да олардың талайын шемішкеше шағады, «кім көп біледіге» басып, бір-бірімен жарысқа түсуге де әзір. Міне, қазір де аттарының шылбырларын қолдан шығармай жанторсықтарының тығынын алып, құрт езген сусыннан ішіп, тоғайған соң-ақ бұлар үшін бүгінгі шаруа тәмамдала кетті. Енді аспандағы жұлдыздарды санамай, олар туралы өз біліктерін ортаға салмай не бітірсін? «Жау» дейсің бе, ол туралы қаңқу, міне, алты жылдан асты құлақтарын жауыр етті емес пе? Оған бас қатырып, тіл мен жақты ауыртып, өздерін өздері тауысып, қажайтындай бұлардың не жыны бар? Олар жөнінде бас шағуға, әне, өздерімен бірге ошарылған бүкіл жалайырдың үш бірдей көсемі бар емес пе, шақса солар шақсын, «әйт-шүу» десе атып тұруға бұлар кез келген сәтте әзір. Ал әзірше балауса жігіттер көкіректегі тәтті арманға қанат бітіріп, шарықтатады. Соның ләззатынан да сусындайды. Кенет аспандағы жұлдыздардың жарығы әлсіреді. Сөйтсе жан-жақта алаулап от жағыла бастапты. Аса биік емес, жатаған тау – Хантаудың әп-сәтте тұлабойын от алып кеткендей. Жота-жоталарды қуалай алау оттар әр тұста әртүрлі жиілікте маздай жөнелді. Тура аспандағы шоқжұлдыздармен бәсекеге түспектей етек-жеңі тым алысқа ұласып барады. Қызыл тілі сумаңдап, бірден күш ала алмай, тек бара-бара көкке атылған кейбір алаулардың қатарға қосылысын да мыналар аңдып тұрған. «Апырау, қарсы бетте жау бұқпантайлаған заманда түнделетіп от жағу ақылға сыйымсыз іс емес пе» деген ой бәрін де көкіректен ұрып, есеңгіретіп әкетті. «Құдайым-ау, жаратқан ием-ау, бұл ненің белгісі?» Жалайыр адамдары алғашқыда бір-біріне тіл қатуға жүрексініп, барған сайын жиілеп, шебі ұлғайған оттарға көз алмай қадалысты. Осындай шақта бүгінгі жүрісте аузынан мардымды сөз шықпаған Тұрлымбеттің: – Бәрекелде, былай қараңдар! – деген қозының маңырағанындай даусы бәрін селк еткізді. Кейбір жібі бостардың жүректері ыршып жерге түскендей. Тұрлымбеттің нұсқағаны шығыс бет. Бәрі солай жалт бұрылғанда бұлардың үлкені бар, кішісі бар, қай-қасысының да ес біліп, етек жапқалы көрмеген бір құқайы жалғанның жартысын ала кесе-көлденеңдеп, керіліп жатыр еді. Бұдан төрт-бес жыл бұрын осы Хантауда екі қыстаған жалайырлар мұның биіктерінен шығыс алапты назарға алсаң сәл теріскейлеу Айтаудың өнебойы, атақты Жусандаланың шет пұшпақтары, сәл түстіктеу, ол да жатаған тау – Кіндіктастың жыбыр-жыбыр төбешік сілемдері тегіс көрінетінін білуші еді. Міне, енді қараса солардың бәрі қазір отқа ораныпты. Үлкенді-кішілі алаулар әрі-берлі жосылған іздер сияқтанып, мына аса мол, кедір-бұдырлы жер бедерінде әр алуан өрнек салатындай. Аспандағы жұлдыздармен бәсекеге түсті дегеннің нағыз көкесі осы. Оның қасында мына Хантаудағы алаулар саусақпен санарлықтай ғана аса болымсыз дүние. Міне, жалайыр адамдарының бүгінгі түнде көрген ғажайыбы осы еді. Бірден ой жеткізе алмаған Ескелділер осында әлгі Әбілхайыр күзетіндегілер қалдырған біреуді өз адамдарының арасынан көздерімен тінтіп жүріп әрең тапты: – Әй, бауырым, мынаның мән-мағнасы қалай? Немене, қазақ пен қалмақ бірігіп, жердүниені өртеп жібермекке уағдаласқан ба? – От жағуды әуелде қалмақтар бастады. Олардан біз де қалыспайық деп, біздің бас сардар да осындайлыққа ұйғарды. Біздің от жағысымыз бүгін бірінші күн.
– Қалмақтар өздерінің көптігін көрсеткісі келген ғой, – деп Балпық құлаққа әрең естілетіндей тым ақырын сөйледі. – Әп бәрекелде, тая соқпай дәл тигіздің, – деп Қабан жырау керісінше түбі түскен шелектей қаңғыр етті. – Ата жау бізді отпен арбап, отпен үптеп, үрейімізді ұшырмақ. Әбілхайыр соны танып, еруліге қарулы дегені ғой. Дұрыс-ақ. – Бұл Сары-Манжының текке қан төгісіп қайтесіңдер, қазақ пен қалмақ күш сынасып көрмеп пе еді, біз арыстан, сен тышқан, неғыласыңдар, онан да ың-жыңсыз, артық қимылсыз, еңбектеп келіп, біздің қолтығымызға кіріңдер деген ишарасы. Солай екеніне ант ішуге бармын! – Ескелді екі тұрғыластың жорамалдарын осылай тиянақтады. Бұдан әріде Жолбарыс би, Есенбай, Тұрлымбет, сондай-ақ он екі ата жалайырдың әр тармағынан ерген кексе сарбаздардың кейбіреулері алғашқы үшеудің көкейлерінен ұшқанды одан әрі жіліктеп, талдап, құптай жөнелісті. Бәрінің де түнгі ауаны жарған сергек үндерінде өз күшіне сенімділік, демек, бүкіл қазақ әскерінің бұл жолғы тайталаста есе берместігін көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезінгендік бар. Бәрібір Ескелді, Балпық, Қабан үшеуінің елден ерек жаратылыстарына орай іштеріндегі қыл пернелері бөлек үнмен ызыңдап, сол жігіттердің ара-арасында қорқыныш атты бір пәле де гүлден гүлге қонған бал арасындай оларды шаққылай бастағанын ұқты. Тек мына Хантаудың бұлардың көздеріне шалынған жота-жоталарындағы бірден-бірге күш алған қалың алау сол қорқынышты сейілтудің таптырмас амалындай. «Ия, Кіші жүз – алшын елінің баласы, кіші туысқанның түлегі Әбілхайыр баһадүр, сені алты алашқа ортақ ұлы хан Болат, қабырғалы билер – Төле, Қаздауысты Қазыбек, Ақсуат, басқа да көкірегінен ұста көрігіндей леп ескен майталмандар бүкіл қазақ әскерінің бас сардарлығына текке көтермеген екен». Осылай толғаған жалайыр басшылары осы төңіректе шалқи жанған оттардың қызуы өздеріне де жеткендей бірауық бойлары жылынды. Сосын да ұйқыға көтеріңкі көңіл күймен бас қойысты.
* * * Ертеңгі бас сардар Әбілхайырмен кездесу де бұлар үшін өмір бойы ұмытылмас оқиғалар санатына енді. Кіші орда Хантаудың Сұңқар атты ең биік шоқысына таяу, терең екі жыраның ортасындағы жусанды сораң жамылғылы жотада екен. Уақыт биенің бас сауымы болған шақ. Әбілхайыр ордадан қозыкөштей төменіректе, аппақ арғымақ үстінде, ығы-жығы көп аттылардың қан ортасында онда-мұнда сынапша сырғиды. Басындағы темір дулығасына шаншылған, қодас құйрығынан жасалған шашағы да бұлғаңдап, бас сардардың қайда екенін көз көрім жердегілердің бәріне жариялайды. Қосшыларын тастап, тіпті Жолбарыс би, Тұрлымбет, Есенбай сияқтыларды да қалдырып, бас сардар күзетіндегілердің соңынан үшеулеп қана ерген Ескелді, Балпық, Қабан жырау ең алдымен Әбілхайырдың тұрпатына мықтап-ақ үңілісті. Енді қайтсін, Ескелді, Балпық түгіл ел-елді көп кезетін Қабан жыраудың өзі бұл алшын батырымен бұрын ұшыраспаған. Ал былтырғы Ордабасыдағы жиынға тап сол кезде ту сырттарынан жоңғар-ойраттар тықақтап тиісе бергесін бұл жалайыр басшылары қатыса алмаған. Екінші саптағы бес-алты ақсақал, қарасақалдарды аздаған жігіт-желеңмен ғана жіберіп алған. Ал бүгінгі қазақ біткеннің ішіндегі ең атышулы пенде осы Әбілхайыр емес пе? Даңқ пен дақпырт бір басына іркітше төгіліп, онсыз да сан тарапқа дабысы кеткен адам мынадай алмағайып күнде биік тұғырға қонақтағанда алғаш жүздескендердің ықыласын неге оятпасын? Мұның сыртында Әбілхайырдың тағы бір қызықтыратыны – ол туралы қауесеттердің тым ала-құлалығы, бір-біріне кереғарлығы. Бірін екіншісі жоққа шығаратын өзара сыйымсыздығы. Ұзынқұлақ бір ретінде оны әуелете марапаттаса, екіншісінде ақ аруламастан қара жердің қуысына сүңгітеді. Міне, енді солардың қайсысы рас, қайсысы жалған, сол жағын өз көздерімен көріп екшеп алмақтай жалайыр басшылары оған алыстанақ көз еттерін ауырта қадалды. Жалайырдың үш көсемі де ат үстінде. Тек Әбілхайыр маңына жақындаған сайын жүріс ауырлап, өзің бұзып-жарып ашпасаң ешкім ешкімге жол бермейтінге ұқсады. Бірақ оған да бұлардың еркі жоқ, бас сардардың арнайы адамдары жетекке алғандай ертіп апара жатыр.
Ескелділердің бар бітірген шаруасы сол Әбілхайырға көз алмай қарау ғана. Әне, Әбілхайыр бүктеулі қамшысын әуеде бұлғаңдатып, әрі шығыс жақты нұсқай қасындағыларға бірдеме айтып жатыр. Ескелді бастаған үшеу де сол шығыс бетке жалт бұрылды. Әне Айтау тауының сұлбасы, Жусандаланың шет-пұшпағы, Кіндіктас сілемдері күн астында күлімдей жайбарақаттанады. Түндегі қалың алау от сол түн қараңғылымен бірге жоғалып, өздері туралы ешқандай белгі қалдырмапты. Енді байқастаса ол алау оттар да, оларды маздатқан қалың жау да жоқ, бәрі бұлардың түстерінде көрген құбыжықтары секілді. Тек бас сардар Әбілхайырдың бүктеулі қамшысын әлсін-әлсін әуеде бұлғаңдатуы ғана ол жақта жау барын бұлардың естеріне салатындай. Ескелділердің жүрістері тіпті өнбеді. Ары-бері жыртылып-айрылған, кейбіреулері мыналардың өздеріне ұқсап ортадағы Әбілхайыр маңына қайтсем жақындаймын деп, бөгесінді бұзып өтуге қауқарсыздығына күйзелген, ешкімнің сөзін тыңдауға жоқ, өңкей бір жүйкесі жұқа аттылар басқаларды қайтсін. Көкке шаншылған найзалардың жиілігі соншалық, осы қу таяқтарға тарлық еткен мынау аядай жерге осыншама аттылар қалай сыйып тұр деп таңғалуға да болады. Өңкей бір бүйірінен жараған, шоқ кекілді, тәует бас, құлан жал, қаншыр мойын сәйгүліктердің неше алуаны иелеріне ұқсап, өздерінің де жүйкесі жұқалық ететінін білдіре құлақтарын көкке біздей қадап, ожар мінез танытады. Тіпті ол біздей қадаған құлақтарын анау ормандай қалың найзалармен бәсекеге түсірмектей өркөкіріктік те байқатады. Тек мұндағы адам бастары ғана ту сырттан қарасаң кейде біршама бейбіт рең береді, әрі бір-біріне қатты ұқсаған, себебі, мұндағылардың бәрі дерлік анау Әбілхайыр сияқты темір дулыға киген. Дулығалардың екі жағы мен артқы етегіне ілінген торлар қыстыгүнгі тымақ тәрізденіп, мойын мен иық атаулыны жауып тұр. Сосын да олар бір-біріне қатты ұқсамай қайтсін. Тек дулыға төбесіндегі шашақ қана бір-бірінікінен алабөтен. Жалпы, «дулыға» деген сөздің өзі «ту ілгә», яғни «ту ілетін» деген көне түркі тілінен жеткен мирас. Себебі, әрбір жауынгер өз дулығасының төбесіне әртүрлі малдың, аңның құйрығын шаншып, жеке басының туы, белгісі ретінде айшықтайды. Мұның шайқас үстінде үлкен мәні бар. Сосын да қазір бұлардың арасынан таныс адам жүздерін табу Ескелділер үшін тіптен қиынның қиыны еді. Кенет бұларды ерткен бас сардар күзетіндегілердің біреуі ақырып жіберді. Ақырғаны соншалық қара жердің өзі қақ айырылардай көрінді.Оған қоса өзге тілде сөйлегендей бірнеше қатқыл сөздерді боратты. Тап қасындағы Ескелді бастаған үшеу оның не айтқанын түсінбеді, құлақтары шыңылдады ма, жоқ, мынаның ақырғанынан құлақтары бітелді ме, әлде, бұл шынында бөтен тілде сөйледі ме, кәне айырып көр. Бірақ ол жағын қазбалар бұлар жоқ, қайтсек ортаға тезірек жетеміз деп, аттарын шаужайлай, әрі қос бүйірден аяқтарымен қаққылай түседі. – Ия, үш жүздің басы қосылуы оңай-оспаққа келмейді, – деп екі көзінің айналасын қара тер басқан Қабан жырау күңгір етті. Әй, бір уақытта бұлар ит тұмсығы батпас қалыңды сыналай біраз ары өтті-ау. Одан арғыда көпшілік дегенің мүлдем селдіреп сала берді.Ендігіде Әбілхайыр қасына тезірек жетсем десең атыңды бірер тебініп қал, ол лып етіп апара қояды. Байқаса, оған да жол жоқ екен, әлгі бұларды ерткен күзетші басқа бір жайды аңдап, енді өзі бөгесін жасап, кідіртті. Оның неге өйткенін Ескелділер де байқады. Теріскей жақтағы қоршауды бұзып өтіп, аттары жарамды екеу Әбілхайырға тез жақындады. Бас сардар да, қасындағылар да оларға барынша мойын бұра қарады. Екеудің алдыңғысы оған қамшы тастамдай жақындады да тізгін тарта саңқылдай сөйледі: – Ассалаумағалайкөм! Мәртебеңізден айналдым, бас сардар! Біз Орта жүз қолын басқарушы Қаракерей Қабанбай батыр жұмсаған адамдар едік. Жаңа ғана күзетші жауынгер тап қастарынан ақырғанда мына үшеудің құлақтары бітеліп қалғандай түгіне түсінбеп еді, ал таяқ тастамдай қашықтықтағы ананың сөздерін ап-айқын естіді. – Қаракерей Қабанбай батырдың сізге жолдаған сәлемі мынау:Кеше кіші бесін шамасында сонау Іле дариясы жақтағы кеңістіктен, қалмақ қолына ту сырттан, қомдарына жүк тиелген жүз қаралы түйе келіп қосылды. Түйе болғанда өңкей бір жарамды нар
түйелер. Қарауылшы салт аттылардың көптігіне қарап, жүктері де мынау соғысқа аса қажетті дүние ме деп түйін түйдік. Әзірге біздің бір қурайды паналаған жансыздарымыз оларының анық не нәрсе екенін ажырата алмады. Бірақ ондайлықтан үмітіміз үзілген жоқ. Әзірге осы ақпарды бас сардарға жеткізе тұрайық деп, мәртебеңізден айналдым, сізге бізді жұмсады. – Апырау, мынау әлгі матай Барлыбай батырдың екі інісі Жартыбай мен Шоңай ғой, – деп Ескелді жерден жеті қоян тапқандай дабырлады. – Ия тап солай! – Ия, солар. Барлыбай батырдың екі інісі! – Өз ағайындарымыз ірге түйістіргелі келе жатыр, енді саяқ жүргеніміз жараспас, соларға қосылуды қаласақ сөкпессіздер деп, рұқсат сұрап кетіп еді, өз үйірлерін тапқан екен бейшаралар. Ескелді осыны айтты да кенет өзінің де, серіктерінің де ауыздарына қақпақ қойып, Әбілхайырға қайта қадалысты. Әбілхайыр еріндерін жыбырлатқансып, мойнын кері қарай бұрды да қасындағы етжеңді жүзді, ақ аралас сүйрік сақалды, дулығалы қартаң адамға қарады. Ол да еріндерін жыбырлатып, Әбілхайыр мен Қабанбай батыр адамдарына кезеккезек көздерін жүгіртті. Сірә, оның да миына ауыр күш түскені бірден білінеді. – Әкем-ау, мынау Қанжығалы Бөгенбай батыр ғой, – деп Ескелді сәл-пәл жеңілтектік жасағандай қайта тынышсызданды. Есіне бірден сонау заманғы Қарақорым соғысы, өзінің он бес жасында жау қанына найза майлағаны түсті. Ия, келіншектің бетін кім ашса сол ыстық деген. Арғынның осы Бөгенбай батыры үш жүз қолына басшылық жасаған сол соғыста өзінің өмір мен өлім додасында бақ сынағаны бұл жалғанда есінен кетер ме? Одан кейінгінің біразы ұмытылды, ал сол алғашқысы оқтын-оқтын қайта айналып соға береді. Осы аралықта қиялы жүйрік Ескелді осындай тәжірибелі сақа батырды оң жағына алған Әбілхайырға тағы бір мәрте іші жылыды. Ескелді өз ойымен болған шақта Балпық та екіүшеудің түсін танып үлгерді. Олар Торғай даласындағы соғыста бірге болған ошақты Саңырық батыр, алшын Есет батыр, жалайыр Саурық батырлар еді.Ал Қабан жырау бұл топтың арғы сыртындағы шапырашты Наурызбай мен албан Хангелді батырларды көз қырына іліктірді. Өңкей темір дулыға киген, шақырайған күн астында жүздері мына тұстан әрең шалынатын адамдарды түстеп тани қою да қиын. Сонда да жырау бұлардың қасындағы өзге де сауыт-сайманы, қару-жарағы, мінген аты мен ер-тұрманы келісті, бөлек бітімді марғасқаларды қайтсем ажыратамын деп, қабағын кіржите олардан көздерін аудармады. Себебі, Әбілхайырдың маңына осы қарсаңда исі қазаққа белгілілерден кімдердің топтасқанын алдын-ала естіген ғой. Соның қызығына түсемін деп, Әбілхайырдың Орта жүз қолының бас сардары Қабанбай батыр адамдарына не жауап қайырар екен деген ынтадан да айырылып қалды. Бұл бір ұйқтап оянғандай қайта қалпына келгенше Әбілхайыр Бөгенбаймен ақылдасып та үлгеріпті. Енді болмағанда оның жауабынан бұл қақас қалғандай да екен. Әбілхайыр: – Сардарға сәлем айт! Жансыздардың, алғыншылардың құйрығына жер иіскетпесін! Қапылыққа, марғаулыққа жер тар. Жаңағыны жансыздар жел боп, құз боп бара ма, өзі білсін, әйтеуір анықтап берсін! Әлсін, тірілсін, анықтасын! Қосалқы бір өтініш-бізбен екі арадағы қатынасқа аттың майын аямасын. Оқыс бір ұйғарым қара көрсетуде, бәлкім теріскейдегі Кіші жүз қолын оң қанатқа, ал Ұлы жүз қолын сол қанатқа ауыстырармыз. Сондай күнде, олар екі ортадағы сендерді, ортажүздіктерді, алты арыс елдің сарбаздарын бірі ары, бірі бері кесіп өткенде анау-мынау түсінбестік, тыржың мінез шаужайламасын! Ескелді қайта дабырлады: – Әкем-ау, мына бас сардар не дейді? Ұлы жүз бен Кіші жүз шеріктері орын алмастырмақ па? Ол қай періштенің сыбыры? Осындай сауал Балпықтың да басына сарт ұрса керек, ол да биді бір бажайлап алды да анау бас сардар төңірегінен өзіне көз таныс Саурық батырды іздеп тапты. Дулығасының төбе шашағы көкке шаншылған оның сырт болмысы Әбілхайырдың әлі толық пісіп үлгермеген жаңағы шешімін іштей құптайтынынан сыр бергендей.
Жартыбай мен Шоңай кетісімен Ескелділер бізге жол ашылатын шығар деп еді, әлі де олай болмады.Енді осыларша сыртқы қоршауды сыналай әрең өткен тағы екі-үшеу «біздер Кіші жүз қолының бас сардары Тайлақ батырдың ертөлелері едік» деп, ақай-тоқайсыз жамыраса Әбілхайырға жақындады.. Тек бұлардың жеткізбегі құпия екен, аттарын бас сардар маңындағыларға емінте сыбырлай сөйледі. Әбілхайыр бұл жолы да Бөгенбайға жалтақтап, екеуара тез ұғынысты да Тайлақ адамдарына да жауапты тез қайырды. Әбілхайыр да сыбырлай сөйлеген. Тек жұқа еріндерінің қимылына, көздерінің шатынауына қарап, бұл жолғы жауабының тіптен қатқылдау екенін ажыратуға боларлықтай. Осы аралықта Ескелдінің жүйрік ойы кезекті бір жәйтті байыптады. Қаракерей Қабанбай мен Тайлақ батырлар бас сардар Әбілхайырға өз ертөлелерін жұмсап әуре, ал Саурық оның тап қасында, демек, Орта жүз бен Кіші жүз қолдары алысырақта шашырап жатыр. Бұл байқауын қасындағы екі серігіне де жеткізіп үлгерді. Бізге енді ешқандай бөгесін жоқ деп аттарын қатты тебінген бұлар қамшы тастамдай қашықтықты бір-ақ қусырып еді, кенет тосын бір соққы қақ маңдайларынан тигендей тағы да кейін серпілді. Ендігі тосқауылды жалайыр адамдарына жолбасшы күзетші жауынгердің өзі де күтпеген екен. Атының басын кілт кері бұра, бүктеулі қамшысын көкке бұлғаңдатып, өзінің осы бөгелісті күтпеген аңдаусыздығын жуып-шаймақтай Ескелділерді артқа қарай дөрекілікпен шегіндірмекке күш салып, одыраңдай сөйледі: – Кейін! Кейін! Ығыса тұрайық әрі! Ойбай! Тез кейін! Ескелді оның дөрекілігіне шамдана құс қанатты қабағын көкке серпе айнала самсаған дулығалыларды тінткілей қайта көз жүгіртті. Тап осындай күй Балпық пен Қабан жырауда да бар еді. Тек бұлар алғашқы қас қағымда өздеріне кезекті бөгесін тағы да сол бағыттан келер-ау деп, шығыс бет, еңіс жақтағыларға бар назарды аударып жіберіпті. Бұл да қателік екен. Үлкен бір нөпір Хантаудың бұлар тұрған жотасынан сәл биіктеу батыс беткейінен лап қойыпты. Бұлар алғашқы екі ертөлелер тобы сияқты бірлі-жарым емес, мына бас сардар Әбілхайыр шоғырының өзімен шендес, тіпті оларды басып-жаншып кетердей айбыны басым, сән-салтанат жағынан да әлдеқайда үстем, ажары бөлек нөпір еді. Ескелділер қас пен көздің арасында оларды ажыратуға тауаны жетпей тек күзетші жауынгердің мыналардың оңайлықпен тіл алмасын сезіп, өз дәрменсіздігіне қоса зығырданы қайнай шала бүлінуінен ғана мән-жайды ұқты. – Ағатайлар! Аттарыңыздың бастарын кері бұрыңыздар! Ағатайлар! Ағатайлар! Хан иемнің өзі келеді! Хан ием! Ұлы хан ием! Ұлы билер! «Кеме келсе қайық судан шығады» емес пе!? Ағатайлар! Ескелді тобы күзетші жауынгердің шала бүлінісіне енді ғана түсінгендікпен қарады. Амал жоқ, аттарының бастарын кері бұрысты. Сонда да көп алыстап кетпей соңғы қарбаласқа дейінгі межеге жетті де табан тіресті. Ендігі бар назар ұлы хан Болат пен оның төңірегіндегілерге ауды. Төле мен Қаз дауысты Қазыбек билер де бірден шалынды. Әсіресе, Қазыбек би жас батыр Балпық пен Қабан жыраудың көздеріне жылы ұшырады. Он екі жасында арғынның осы биіне еріп, қазақ пен қалмақтың арасын ұтқыр уәжімен бітістіріп қайтқан осы Балпық емес пе еді? Бірақ одан бері заманның неше дауылы соғып өтті? Қабан жырау да ертеректе онымен екі-үш мәрте табақтас болған. Бұл үшеудің ішіндегі сөйлеуігі жырау аузын тыйып та тұра алмады: – Қаз дауысты Қазыбек биге қараңдаршы. Ер үстінде қаққан қазықтай шаншылып отыр. Бәз-баяғы қалпы. Қырым ет бітпеген. Бұл кісінің арғынның арық биі атануы тегін емес. Ал Ескелді бәрінен бұрын Төле биге көбірек шұқшиды. Туыстық желі іш өзегін солай қарай жұлқып әкеткен. Ажарында бүгінгі күн сәулесінің айғыз-айғыз ізі жоқ па деп ең алдымен сол жағынан қауіптене қос жанарын күштей бағыттады. Тек бұлар да шетінен дулыға кигендер еді. Тіпті ұлы хан Болаттың өзі де солай. Дулығаның маңдай қазықшасы қабағын екіге бөліп, әрі біршама жасыра шаншылғасын ба, тіпті шығыс беттен шақырайған күн сәулесі тура түскенмен де олардан екі таяқ тастамдай қашықтықтағы Ескелді нағашы
атасының тырсиған жүзінен басы артық жазу-сызуларды көре алмады. Ақ қылаң аралас қаба сақалы да сол бұрынғы қалпынан аумағандай. Сосын ғана бұл назарын Болат ханға бұрды. Бұл мезетте Балпық пен Қабан жырау да көздеріне ыстық көрінетін тұлғаларды адақтап болып енді біржола ұлы ханға қарай ойысыпты. Бұл үшеуі де ұлы ханды соңғы рет осыдан үш жылдай бұрын осы Хантаудан сонау түстіктегі Қаратауға қарай жөңкілген жолда көрмеп пе еді? Сондағы ұлы ханның сырт пішіні, бұлармен екі арадағы сөз қақтығысы әлі ұмытылмаған. Болат ханның бет ажарындағы ең айшықты белгісі ұясынан ұшып түскелі тұрғандай қос жанары еді. Мына тұстан сол қос жанары жалайыр адамдарына сәл бұғыңқы тартқандай. Тек еңсесі ерен биік көрінді. Шынында, еңсесі биік пе, жоқ, әлде қасындағы ақылды бастар хан айбары көпшілікке неғұрлым айқынырақ танылсын деп, оның қасында өздері төменшіктегесін бе, қалай да ұлы хан Болат тап қазіргі келісінде баршасынан да шоқтықты еді. Ұлы ханға сәл көз тойдырып барып, Ескелді бастаған үшеу енді оның тобында болуға тиіс, өздері түстерін танымайтын әлгі алшынның Ақсуат биі, Орта жүздің Сәмеке ханы, шақшақ Жәнібек батыр Қошқарұлы дегендер қайсысы деп, енді соларды ойша ажыратып алмаққа әуреленгендей. Бірақ оған уақыт тығыз еді. Мынадай аласапыран үстінде жаңа ғана келген ұлы хан түгіл бас сардар Әбілхайыр маңындағы ығай-сығайларды түгел біліп үлгерген жоқ қой. Кенет Ескелді би екі шоғыр тоғысқан иірім ортасынан әлгі Сабалақ атты баланы ажыратты. Ал Қабан өзінің әріптесі Бұқар жырауды байқады. Екеуі де дабырлап өз байқауларын ортаға салып жатыр. – Апырай, Сабалақтың бойы қалай өсіп кеткен? Тіпті анау иықты батырларыңнан бір былай емес қой, – деді Ескелді. Ал Қабанның Бұқар жайындағы күбірін бұл естімеді де. Себебі, әлденеден Ескелдіге Сабалақтың төбесіне ақ құс қонып отырғандай көрінді. Кірпіктерін қағып-қағып қайта қарап еді, жаңағы ақ құс енді ұзынша бірдемеге айналып, нобайын өзгертіпті. Тек кіршіксіз ақтығы ғана сол қалпында. Апырау, мынау не? Әлде Сабалақ ақ қалпақ киген бе? Жоқ, жоқ, басқалардай оның да басында төбесі шошақ дулыға. Тіпті әлдебір малдың, не аңның құйрығынан жасалған шашағына дейін көкке шаншыла бұлғаң-бұлғаң етеді. Енді Ескелді осы бағдарға қадала-қадала көздерім талып, соның салдарынан туған алдамшы құбылыс па деп те күдіктеніп, жүзін төмен сала қос шырағына сәл демалыс берді. Сосын басын қайта көтеріп еді, жаңағы ақ неме енді бұрынғысынан да ұзарып, Сабалақтың дәл төбесіне қадалған екінші шашаққа ұқсады. Бұл байқағанын қасындағы екі серігімен бөліспек еді әлденеден тіл-жағы қоса қарысты. Ендігі бір сәтте Сабалақ көп аттының ортасында өзі көрінбей кетті. Тек жаңағы ақтың бір шөкімі ғана әуеде қалықтап жас бозбаланың қалай қарай сырғығанынан белгі беретіндей.
* * * Ұлы хан мен бас сардардың ат үстіндегі мәслихаты ұзаққа созылды. Сосын олар Хантаудан төмен қарай сар желіске салып, жер шалуға кетті. Одан олар түс ауа оралды. Тек кіші бесіннің шамасында ғана Әбілхайыр жалайыр басшыларымен кездесуге уақыт тапты. Бұл кезде бәрі аттарынан түскен. Енді жаяулар қара-құрасына мына Хантаудың шығыс беткейі тарлық еткендей әсер қалдырды. Ескелді қасындағы екі серігімен Әбілхайырға қарай адымдай басқанда бұларды бас сардар ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақтың сорпа бетіне шығарлары көз қырына алып еді. Аяқтарын жерге нық қойып, мынау өздеріне қарсы келген үшеуді сынақтан өткізбектей қабақтарының астымен баққан ығай мен сығайлар селт етпей іркіліскен. Ескелдінің ең алдымен көзін тартқан Әбілхайыр еді. Қалайда, бұл осының шақыртуымен келді емес пе? Бас сардармен жанарын алғаш түйістіргенде оның есіне нағашы атасы Төле бидің «түлкі тұмсық жан екен» деген сөзі түсіп, бірден оның көзінен төменгі бет өңірін нысанаға алды. Нағашы атасы дәл сыпаттаған екен. Сосын ғана оның ұлы хан Болатқа қарай жанары тайқыды. Сол сәтте ғана:
– Ассалаумағалайкөм, халқымыздың игі жақсылары! Сіздерге басымызды иіп сәлем бердік! – деп Ескелді екі қолын төсіне басып, тағзым етті. Осыны Балпық пен Қабан жырау да қайталады. Сол аралықта ғана Ескелді тез көзін жүгіртіп, Төле, Қазыбек, Ақсуат билерді, өзіне көзтаныс Жолбарыс ханды, Саурық батырды, көзтаныс емес басқаларды бір шолып өтті. Хал-жай сұрасып, жамырасып жататын заман емес, Әбілхайыр бірден шаруаға көшті. – Жалайыр қолы шамамен қанша адамды құрайды? –Д аусы ауаны кесіп өткендей құлақ жара естілді. – Шамамен бес мың адам тап қазір сақадай сай тұр, – деп Ескелді де оның өзінше айқын дауыспен жауап қайырды. – Ұлы жүздің ноқта ағасы жалайыр атамның балалары үшін бұл олқылық емес пе? Төгіліп-шашылып жатқан, саяқ кеткен ағайындарыңыз жоқ па? – Әбілхайырдың осы қағытпасы үстінде ғана Ескелді оның түсін таныды. Дулыға маңдайшасынан тік төмен шаншылған қазықшаның екі жағындағы сұрғылт көздер тым сұсты екен.Өңменіңнен өтіп, өзіңді іштен бұрап әкеткісі келетін жойдасыз қайрат әзірге сабыр сақтап жасырулы жатқаны зерделі жанға бірден айшықталады. Түлкі тұмсықты, қысқа қырқылған сақалмұртты бет әлпеті алғашқыда жұқалтаң көрінгенмен сол жоғарыдағы көздердің мұқият бақылауымен мұнда да серіппелі темірдей күш-қуат көмулі екен. Дулығасы және онысының екі жағы мен артқы етегіне ілінген тор, ұсақ темір шығыршықтарды бір-бірінен өткізіп, кәдімгі қазақша тоқылған қысқа жеңді сауыты – бәрі де қарапайым. Тап кіндік тұста «тағдыр» деп аталатын ойық тесік те «жазмыштан озмыш жоқ» дейтін ең бір момын қазақтың не құқайға да мойынсұнғыш көнбістігін жариялап тұр. Тек өрімі аяғының басында ирелеңдеген қамшысының елік сирағынан жасалған сабына тана түймедей бірнеше алтын бастырылыпты. Дулыға маңдайшасының астындағы аса сұсты сұрғылт көздер мен осы тана түймедей алтындары болмаса Әбілхайырдың сырт пішіні оны қарабайыр көп сарбаздың ішінен мүлдем бөліп алғысыздай етеді. – Төгіліп-шашылған, саяқ кеткен ағайындарымыз жоқ емес, бас сардар! Осыдан алты жыл бұрын сонау Жоңғар Алатауының қуысынан қара қалмақ бірінші кезекте қасқа маңдайдан бізді ұрды. Өңешінен оқ атқан от қарулы ата жауға жалғыз жалайыр қалай төтеп бере алсын. Біз тарыдай шашылып, сонау Сыр бойынан бір-ақ шықтық. Жолай қалай жөңкілгенімізді мәртебесінен айналдым Болат хан, күллі қазақ төбесіне моншақ етіп көтерген, мына тұрған ұлы хан өз көзімен көрген де еді. Сөйткен біздің ел тас түйін боп қайтып бас құрай алсын?! – «Көппен көрген ұлы той» деген. Ол жөнінде қиқуласып қайтеміз? Алыстан орағытпай жақыннан жер шалсақ қайтеді? Мынау Сыр өзенінің төменгі ағысы жақтағы жалайыр-балғалылар елі сіздерден көмек сұрағанда тілдің майын тамызады екен, ал сіздер де оның өтінішін үкідей ұшып орындапсыздар. Сөйткен ағайындарыңыз мынадай бүкіл қазақ көтерілгенде сіздердің қастарыңыздан табылмағаны несі? Жаны қысылғанда сіздерді қолындағы шаппа шоттай пайдаланып, ал сіздер атой салып шақырғанда Жарықбас Есентүгелдің пысқырмауы қалай? Осы да ағайыншылықтың белгісі болып па? – Әбілхайыр осылай суырылғанда Ескелді өз құлағына өзі сенбегендей, «апырау, осыны айтушы бас сардар ма, жоқ басқа ма» деп, кірпігін қаққылай оған қайта қадалғанда соның тап өзі екенін көрді. Тек бұл жолы көздері бұрынғы сұсын жоғалтып, жадырай жұмсақ райға қарай ойысыпты. Осылай алдаусыратып барып, қайта тарпа бассалмақ бүркеншікті ызғарлы ниеті де пәлендей тоғыз қабат торқаның астындағы дүние емес. Әбілхайыр осы сөздерінің соңында көздерін оң жаққа қарай жұлқып әкетті де Төле биді қоса бір түйреп өтті. Міне, сонда ғана Ескелді бұл бас сардардың осыдан үш жыл бұрынғы жазда Сырдың сонау төменгі ағысы жақта алшын, қарақалпақтар және сондағы Жарықбас Есентүгел бастаған жалайыр-балғалылар арасындағы қақтығысты, оған мына Төле би мен Ескелдінің қалай араласқанын бүге-шігесіне дейін білетінін, қазірде соны тілге тиек етіп, мұны көзге шұқымақ екенін табанда сезді. Ол жағын жалғыз бұл емес, өзімен бетпе-бет келген, күллі қазақтың ең биік лауазымды марғасқалары да түгел түйсініп, мынау көз алдарында
сырғауылдай сорайған жалайыр биі осы қысталаңнан қалай шығар екен деп, демдерін іштеріне тарта сілтідей тынысты. Енді Ескелді бүкіл қайратын бойына жиды. Сөйту керек екенін Балпық пен Қабан жырау да Ескелдіге құлаққағыс еткендей тамақтарын кенеп, сыралғы достардың өздеріне ғана мәлім дыбыспен белгі берді. Бұл Ескелдінің жігеріне жігер қосты. Әрі мынадай аттың жалы, түйенің қомында мынадай үлкен адамдарды өзінің кішкентай жауабына ділгір етіп, сарғайтып қою да абырой емес. Бұл тез шешілді: – Бұлбұл құс несімен бұлбұл? Күміс күй төккен көмекейімен бұлбұл. Ондай көмекейі болмаса бұлбұл атанып несі бар? Бөле-жарылмаса, бір-бірін балтырдан тістемесе қазақ қазақ атана ма? Осы ошақтың үш бұтындай алаш қауымының өткеніне, кейінгісіне ой жүгіртейікші, нені көреміз, сыртта жау барын көріп-біле тұрып, өзара шайнасудан көз ашпаған өз ағайындарымызды көреміз. Үш жүздің баласына ортақ дертті жалайырдың бетіне салық қылуыңыздың мәнін, сардар ием, өз басым ашып-айыруға дәрменсізбін. Сондай дерт меңдемесе, міне алты жыл болды, ата жау ұлымызды құл, қызымызды күң етуде, қалған-құтқанымызды атамекенімізден қуды, сол жауға бірігіп қарсы тұрмай бұл қазақ ай қарап жүр ме? – деп салды. Исі қазақтың ұлы хан, кіші хандары, төбе билері, небір су төгілмес жорға шешендері, батыр мен бағландары, басы жерде де көңлі көкте ханзада мен бекзадалары сықасқан мынау Хантау жотасындағы аядай тұсқа кенет ашық аспаннан найзағай атылды ма дерсің. Ескелдінің шалт қайырған жауабы тура сондай әсер қалдырды. Жалайыр биінің сөзінің астары емес, ең алдымен құлақтың түбін кескілеп, сүйек-сүйекті қуалағандай саңқылдаған даусы, айту мәнері бәрін бүріп әкетті. Сонда ғана бұған бұрынғыдан әлдеқайда бажайлай қарасып, бет ажарындағы, тұлабойындағы бөлек жаратылысты нышандарды небір сұңғыла, өткір көздер іздеп таба бастады. Ия, сөйтіп, бәрінің алғаш рет бұған көздері сүрінді. Күйкентайдың қос қанатындай қабақтың астындағы отты жанар оның ішкі қуатын қоса жариялап, мыналардың қай-қайсысымен де сайысқа түсуге әзір екенін паш етті. Сөйтіп, бәрінің назар, ықыласына бұғалық түсіп, тілжақтары қарысқан сәтте Ескелді қайта сөйледі: – Жарықбас Есентүгелдің қылығын кесекөлденең тарттыңыз, сардар ием! Ол үшін айыптымыз! Мені бәз біреулер бүкіл жалайыр елінің көсемі атайды. Егер сіздер де солай шешсеңіздер мен де өз айыбымды мойныммен көтеруге әзірмін. Демек мен де айыптымын! Тек мен Жарықбас Есентүгелді бұйрық пен уағыз жөнінде сыбағасыз қалдырғам жоқ. Тек оның, ол басқарған жалайыр-балғалы елінің жарасы менің бұйрық пен уағызымнан әлдеқайда ауыр шықты. Сіздер Хиуа, Самарқан, Бұқара, Исфаһан сияқты өркениетті қалаларға бір табан жақынсыздар ғой, сардар ием, сіздің құзырыңыздағы алшындар мен қарақалпақтардың исфаһани қылыштары жалайыр-балғалылардың қолдарындағы біренсаран жасық темір мен қайың шоқпардан әлдеқайда басым шықты. Олардың жан жарасы мен тән жарасы осы себепті де тым ауырлап кетті. Ия, әркімнің өз жарасы өзіне ауыр. Әрі олардың, сардар ием, сіздің өз басыңызға да өкпесі қара қазандай екен. Жарықбас Есентүгелді бұл жолы сіздің құзырыңызға келтіре алмауымның бір себебі сол! Осы тұста Әбілхайыр Ескелдіні әлі де көзінің астымен бағып, мұртынан күлгенге ұқсады. Бірден тілге келмеді. Еш қозғалыссыз. Қызыл, сары өрнекті кең балақ шалбардың астынан басы көрінген саптама етігіне ирелеңдей жабысқан елік сапты қамшысының өрімі де қыбырсыз. Айнала қауым, оның ішінде ұлы хан Болат пен Төле, Қазыбек, Ақсуат сыңды жаңа ғана Ескелді ошақтың үш бұты атаған-қазақтың үш тармағының көсем-билері бар баршасы бас сардардың осы бөгелісін жаман ырымға балағандай қыбылжи бастады, шамасы. Әбілхайыр оны сезбеді емес, сезді. Тек «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей мынау Ұлы жүздің бір тармағы ғана есепті жалайыр биінің мұны қақ бастан ұрғандай сөздеріне тез ұтымды жауап тауып, өз абыройына қылау түскендей халден сытылып, бөгде бір биікке барып қонақтауды ойластырып еді. – «Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты» деген. Болған жайды әрқайсымыз әр саққа жүгіртсек бәрібір ұшығына жете алмаймыз. Қалың нуда адасқан жабайы қабандай текке ырсылдап қаламыз. Ондайлық тап қазір қай жоғымыздың орнын толтырмақ? Егер
Жарықбас Есентүгел маған деген өкпесін сылтау етіп, мынадай шақта көрпе астында жатып алса ол туысқаныңыз ақылды-ақ адам екен. Жарайды, ол сол ақылымен бола тұрсын, – деп Әбілхайыр жалайыр басшыларын осында шақыртқандағы шаруасына көшті: – Мынау алдағы науқан қалай өрбиді, оны жаратқан иемнің бір өзінен басқа ешкім болжап білмек емес. Жаудың мейманасы асса бізді Шуға қарай тықсырады. Ол жөнінде ойластырғанымыз өзінше бөлек. Ал құдай оңдап, қазақтардың мәртебесі асса жау Іле дариясына қарай ығыспақ. Іле дариясына жетсе бұл атаңа нәлет ит қалмақ жеті жерден кессең де бір бөлігінде жаны қалатын жылан емес пе? Оны сол жақсы атты күнде Іле дариясына жеткізбей кері қайыру керек. Міне, сол міндетті орындау жалайыр жасақтарына жүктелмек. Сіз үш күн ішінде жаңа өзіңіз атаған бес мыңның үш жарым мыңының солай қарай дүрк қозғалып кетуін қамтамасыз етіңіз. Хантаудың етегі арқылы айналып, Жусандаланың үстімен, одан арыдағы Тауқұмның, Мойынқұмның шөліне ұрынбай Іле дариясына жетіп бекіну шарт. Әбілхайырдың көтеріле ұшып барып қонақтаған биігі осы бұйрық еді. Ел ішінің ырыңжырыңына құлақ асарға мұршам жоқ деп қыр көрсеткендегідей бір мінезі ме дерсің. Тіпті бір жайдан Ескелдінің де оңай-оспаққа алдырмасын сезіп, ойда жоқта жұмсара кетуімен де қарайлас шықты. Бәрібір жаңағы бұйрық астары жалайыр биіне күтпеген құқай еді. – Апырай, Ұлы жүз – үйсінді аға баласы атайды, ал жалайырлар сол аға баласы ұрпақтарының ішіндегі ноқта ағасы саналушы еді. Біз бүйтіп бөле-жарылсақ мынау алдағы науқанға қосар үлесіміз айтып ауыз жарымастай шықпай ма? Олқы соққанның көкесі сонда болмай ма? Ондайлық басқаға жарасса да ноқта ағасының үрім-бұтағы үшін ұят нәрсе ғой. Мол кеудеге тар киім кигізіп қинағандай ғой. Сол кезде Төле би мол денесімен қорбаң етіп Ескелдіге қарай бір қадам жасады. – Жаным, бұл бұйрықтың мәні бар. Сендердің Іле бойындағы жер жағдайын жақсы білетіндерің ескерілді емес пе? Анау соңыңдағы Қабан жыраудың қасындағы Балпық батыр ма? Әлгі өздерің айтқандай қалмақтардың жалпақ түпті қайыққа тиеулі зеңбіректерін суға батырған осы Балпық емес пе? Сондай ерлікті осы жолы да қайталау шарт. Бұл жолы қалмақты жеңсек қайтып бас көтерместей етіп жеңейік! Көп ішінен тағы бір ұзын бойлы кексе адам бері бөлінді де ол да Төленің қасында тұрып сөз тастады. Бұл Саурық батыр еді: – Егер жаңа бас сардар айтқандай, анау-мынау жаманшылық күнде, ия, егер жаудың мейманасы асса сіздер оны ту сырттан ұруға дайын тұруларыңыз үшін де қолайлы ғой. Сіздер жалғыз-жарымдамайсыздар, Ұлы жүздің өзге тармақтарынан да біраз қосынды қосып беремін. Әрі Іленің бергі бетінде шоқалақ құмдардың арасында қалмақ алғаш шапқалы бері сол маңнан табан аудармай жасырынып жүрген ыстының Белағаш атты батыры бар дейді. Егер соны үйірге қоссаңыздар нұр үстіне нұр. Сонда ғана Ескелді бұл Әбілхайыр, Төле би, Саурық батыр үшеуінің ақылдасып тапқан шешімі екенін түйсінді. Ендігі жерде тіл мен жаққа ерік беру орынсыз. Қасындағы екі серігін бір барлап алды да Әбілхайырға қайта қадалды: – Сөзіңізге құлдық, сардар ием! Тар жерде тақасып, бүйректен сирақ шығарар біз емес. Бас сардар мен басқа да жоғары мәртебелілер зерлеп құрастырған бұйрық нобайы осы десеңіздер біз бас шұлғымай қайтейік? Әркім өз ойлаған жағына езулемей тастүйін бірігіп, жауды тарс ұратын кез енді туды емес пе? Мұндай бас қосу қазақтың еншісіне әмсе тие бере ме? Беттескен екі топтың тілдесуі осымен аяқталды. Өйтпеске лаж да жоқ еді. Әбілхайыр шоғырының ту сыртынан басқа бір дабыр-дұбыр білінді. Бөгде бір келушілердің екпіні екені байқалды. Бас сардар және оның қасындағы самсаған дулығалылар енді солай қарай ауа толқыды. Ескелді, Балпық, Қабан жырау – үшеуі мұнда тағы сүт пісірімдей ғана аялдап, өздеріне көзтаныс Жолбарыс хан, Бөгенбай батыр, Хангелді батыр, Жәнбекей, Бұқар жырау, Сабалақ, тағы басқалармен қысқа-қысқа ғана амандасып үлгерді. Одан өзгеге уақыт тар, келген жолдарымен тез кері қайтты. Бір қызығы бұларға отызшақты нөкерімен Саурық
батыр ілесті. Жалайыр басшылары өз қарамағындағы әскердің басым бөлігін Іле бойына аттандыруға тиіс болса Саурық батырдың алдында бүкіл Ұлы жүз қолын шоқтай иіріп, сол қанатқа, яғни қазір Тайлақ батыр бастаған Кіші жүз қолы тұрған, Хантаудың теріскей шығыс жақ сыртына ауыстыру міндеті тұр еді. Осы жолда бұлар, әсіресе, Ескелді, Қабан жырау, Есенбай, Тұрлымбет, тағы басқалар бұл кексе батырмен жақсылап танысты. Алпысты енді-енді алқымдамақ, бет өңірі, тұлабойы ұзынша біткен бұл сақа батыр бәріне де қатты ұнап, бір-бірімен тез бауыр басысқанға ұқсады. Жолай Саурық батыр Кіндіктастан Шуға қарай ағатын, кейде оған жетпей жоғалатын Теректі өзенінің бойында қалды. Бұл әлгі Сіргелі Қара Тілеуке бастаған қол орналасқан тұсқа таяу еді. Осы аралықтан өз ертөлелерін жұмсап, барша ұлы жүз қолының Теректі өзенінің бойында жиналуын талап етті. Ілеге қарай шеру тартпақшы жалайыр қолын да осы жерде өз көзінен өткізіп салмақшы. Әрі манағы уәдесіне орай, үйсіннің өзге тармақтарынан аздаған қосындарды іріктеп, осы тұста оларға қосып бермекші. Ескелді бастаған топ өздеріне қарасты шеріктердің ортасына келе-ақ іске кірісті. Бұдан ақай-тоқайсыз үш жарым мыңды бөліп алу да оңай шаруа емес. – Жарықбас Есентүгелдің қылығы үшін алшын ханы Әбілхайырдың бізге көрсеткен қыры ғой! Балғалыларға болысқанымыз үшін ғой бұл бізді бүйтіп бөле-жарғаны! – деп шу шығарғандар да табылды. Жолай Ескелділер Саурық батырдан жалғыз жалайыр емес, дулаттардың да Өтеген, Қалы батырлар бастаған бір бөлігі түстік бетте, Шу бойында қалатынын естіген. Ескелділер соны бұларға қарсы уәж ғып жеткізді. Мұның бәрі шайқасты ұйымдастырудың жау ойламайтын тың тәсілдерін табу мақсатында көзделіп отыр десті. – Ендеше, алшынның еркетотайы Әбілхайырдың бүкіл Ұлы жүз – үйсін баласына көрсеткен қыры ғой, – дегендер тағы атойлады. Ескелді, Балпық, Қабан жырау – үшеуі осыларды ауыздықтауға көп күш жұмсады. Ілеге аттанатын шеріктің қолбасысы Балпық деп бірден ұйғарылған. Ал кіші қолбасылар қатарына Кәшке, Жайнақ, дулат Қосай, Шора балалары Қаскелең мен Күртібай, Қабан жыраудың інісі Көсембай, орақтының балауса батыры Төке сияқты өңкей жастар іріктелді. Ал Ескелдінің өзі бас болып, Тәттібай мерген, немере ағайынды Малтабар, Құлжан батырлар, өзге де кекселер осында қалдырылды. Қолының шипасы бар біраз сынықшылар, әрі әлгі жалайыр-бәйшегірден шыққан тапалтақ ұста Келеудің өзі мен шәкірттері тегіс Шудың осы бетіне өткізіліп еді. Олардың да жастау жігіт-желеңдері атқа өңгеруге болатын асай-мұсайларын алып, Балпық шерігіне ілесті. Кекселері Ескелді тобында қалды. Балпық шерігі тап жүрер қарсаңда Шудың түстік бетінен, әлгі Құлжа дейтіннің зайыбы Дарабоз, Ескелдінің өз бәйбішесі Ақжәмилә бастаған әйелдер атынан құрт, ірімшік сияқты сүттен, қымыздан, шұбаттан, жабайы ағаштар мен өсімдіктер жемістерінен қатырылып, кептіріліп жасалған, жорық жағдайында пайдалануға ыңғайлы дәмнің неше түрлісі жеткізілді. Мұны баршасы жақсы ырымға балады. Ол дәмнің бәрі де Балпық жауынгерлерінің қоржындарына үлестірілді. Сөйтіп, Балпық бастаған қол Хантаудың бергі еңісі арқылы Ілеге қарай өту үшін жүріп кетті. Кейін ұзынқұлақ арқылы жеткендей Саурық батыр да жолай өз уәдесінде тұрыпты. Әрі Хантаудың теріскей-шығысында Төле бидің үлкен баласы Жәнбекей бұларға екі жүз сауын биені жылқышыларымен қоса қосып беріпті.
Бірінші кітаптың соңы.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру