Мазмұнға өту
Home

Өмір жыры

Шабаз Иманалиев

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Өмір жыры

Авторы: Шабаз Иманалиев

Шабаз ИМАНАЛИЕВ

ӨМІР ЖЫРЫ

(өлеңдер)

1-кітап

«Информ-А» Алматы-2012

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР, ЖАЙСАҢ ЖЫР

Өмір – өлең. Ақындардың сырлы сөзбен өрген өлең-жырларынан өмірдің түрлі жағдайларындағы ақын жүректің терең иірімдері, қуаныш пен күрсініс, махаббат пен жабығу, сенім мен түңіліс секілді алуан түрлі сырлы-мұңды сезім тамшылары оқырманның жүрегіне жол тауып жатады. Өлең – өмір өрнектері, онда тіршілік тәжірибелерінің сабақтары мен тұжырымдары ақынның нәзік тілімен, сезімтал көңіл күйімен өрнектеледі. Өлең сөздің құдіреті сонда, ол басқаша түйіндеуге, қара сөзбен айтып жеткізуге болмайтын жайларды ерекше етенелікпен оқушысының жанына жақын қылады.

Поэзия – дүниедегі диалогтық қатынастың ерекше түрі, уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, ақын мен оқырманның арасын ғасырлар бойы жалғастырып жататын алтын арқау. Поэзия патшалығында терең тұңғиығына тартып, оқырманды өзінің тағдырымен толғантатын өзекті ой да, кез келген көріністі көз алдына қапысыз елестетіп, анық сезінтетін сурет те, өмір сырларын, табиғат құбылыстары мен қоғам заңдылықтарын өзіндік орам-ойнақылықпен жинақтайтын өміршең философия да болмақ. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (Абай). Қазақ жаны өлеңге қашанда жақын болған, оның ұлттық табиғатындағы қиыстырып сөйлеу мен оралымды ойлаудың, аз сөзге көп мағына сыйғызу мен кей жайларды ашық айтудан гөрі астар-тұспалға құрып, тыңдаушысының ақыл-парасатына бағдар жасап отырудың ыңғайынан да өлең сөзге деген ыстық ықыластың осындай өшпес іздерін көреміз. Қазіргі кезде де іздеп жүріп оқитындар аса көп болмағанмен, қазақ баласының өлең десе, елеңдеп тұрмайтыны кемде-кем. Өлеңдетіп сөйлегенді ерекше қадірлеушілік, ақындар бәсекесі десе ішер асын жерге қоятын айтысқұмарлық қасиет қазақтың қанында қашанда ойнай бермек. Ал жастайынан өлең сөзге ғашық болып, оның тылсымына табыну, жан сезімін сұлу сөзге орап, өлеңмен сырласып отыру адамның өміріне өшпес із қалдыратыны жасырын емес. Ақындық жолға біржола бет бұрып, осы өнерді тағдырымен сабақтастырмаса да, өмір бойы өлеңмен сырласып, поэзияға адалдығын жоғары ұстап өткен жандар қазақта аз болмаған. Шабаз Иманалиев ағамыздың жас кезінен бері жазған өлеңдерін жинақтап шығып, қайтара оқып отырғанда, біздің көз алдымызға ұзақ сапардан оралған жолаушының көрген-білгендері мен сезген-түйгендерін еске түсіріп, өзімен-өзі сырласып отырған шабытты қалпын көргендей боламыз.

Шабаз Иманалиев 1940 жылы 12 ақпанда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Қаракөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек, әсіресе сөз өнеріне ерекше ынталы жас орта мектепті бітірген соң, 1958 жылы Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) филология факультетіне түсіп, оны 1963 жылы орыс, қазақ тілдері және әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шығады. Жоғары білімді жас педагог еңбек жолын Қаракөл орта мектебінің оқу ісі меңгерушісі болып бастаған. 1963-65 жылдары Кеңес армиясы қатарында болып, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен өтеп қайтады. Әскери қызметтен оралған соң, 1965-68 жылдары Қарабау орта мектебінің директоры қызметін атқарады. Аудан басшыларының назарын бірден аударған білімді де сауатты, өз ісіне жетік мектеп басшысы көп ұзамай-ақ партиялық қызметке тартылып, 1968-1971 жылдары Қызылқоға аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті.

Осы жылдардан Шәкеңнің алдағы өмірінде үлкен із қалдырған мемлекеттік қызметтегі ұйымдастырушылық, басшылық қызметі басталып, партия, кеңес қызметкері болып қалыптасады. Болашағынан көп үміт күттірген талапты маман 1971 жылы Алматы жоғары партия мектебіне жіберіліп, 1973 жылы осы оқу орнын бітіріп шықты. Бұл кез бұрын Гурьев (қазіргі Атырау) облысының құрамында болған өлкеміздің өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, жаңадан Маңғышлақ облысы құрылған жыл еді. Жоғары партия мектебін бітірген Ш.Иманалиев жаңа құрылған облысқа қызметке шақырылып, кейінгі ғұмырында осы өлкенің төл тумасындай болып, өмірінің ақырына дейін оның дамуы мен гүлденуіне қалтқысыз қызмет етіп өтті. 1973 жылдың наурыз айынан бастап, 1978 жылға дейін Маңғышлақ облыстық партия комитетінде нұсқаушы қызметін атқарды. 1978-80 жылдары Форт-Шевченко қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1980 жылдың наурыз айынан бастап 1985 жылдың қараша айына дейін халық депутаттары Форт-Шевченко қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. Түбектің қарашаңырағы Форт-Шевченко қаласында қызмет атқарған жылдары Шәкеңнің өмір жолындағы білімі мен білігін өз қызметінде жарқырата көрсете білген, өзінің азаматтық парызын терең ұғынып, тұлғалық парасаттылығын танытқан ең бір жемісті кезең болды дей аламыз. Қала халқының Шабаз ағаны көре қалған аға буыны әлі күнге дейін оның іскерлігін, әр іске асқан жауапкершілікпен қарап, өкімет пен партия тапсырмаларын қалтқысыз атқаруымен қатар, ол кезде көп мән беріле бермейтін, тіпті кеңестік жүйе әдейі көзден қалтарыс қалдыруға бейім халқымыздың рухани құндылықтары мен тарихи мұраларына үлкен қамқорлықпен зер салып, батыл шешім шығаратын асқан дегдарлығын тебірене айтады. Бұл туралы және басқа да Шәкеңнің көшелі қасиеттері жөнінде замандастарының естеліктерінде де әсерлі баяндалған. 1985 жылдың қарашасынан 1988 жылдың қыркүйек айына дейін Маңғышлақ облысының баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасының бастығы, 1988 жылдың қыркүйек айынан 1990 жылдың қазан айына дейін Каспий аймақтық құрылыс басқармасы парткомиссиясының төрағасы, Маңғыстау облыстық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясы төрағасы қызметінде болды. 1991 жылдың қазан айы мен 1999 жылдың наурыз айы аралығында Маңғыстау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау бас басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1999-2007 жылдар аралығында Республикалық «Отан» саяси партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы директоры, филиал төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып, облысымыздағы осы партия қызметін жолға қоюшылардың алдыңғы сапында болды. 2007 жылдың маусым айынан бастап өмірінің соңына дейін өлкеміздегі маңдайалды мемлекеттік жоғары оқу орны – академик Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ректорының кеңесшісі қызметін атқарды. Шабаз Иманалиев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының жанындағы «Абырой» қоғамдық-консультативтік кеңесінің, партияның облыстық саяси кеңесінің және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комитетінің мүшесі болатын. Ш.Иманалиевтің халыққа сіңірген еңбегі, еліміздің қоғамдық-әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үкімет пен билік партиясы тарапынан лайықты бағаланып, көптеген наградаларға ие болды. «В.И. Лениннің туғанына – 100 жыл» (1970), «Еңбектегі ерлігі үшін» (1971), «Украинаны фашист басқыншылығынан азат етудің 60 жылдығы» (2004), «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» (2005), «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» (2006), Маңғыстау облысы әкімдігінің «Маңғыстау облысына – 35 жыл» (2008) төсбелгілерімен, ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың, Маңғыстау облысының әкімі Қ.Е. Көшербаевтың бірнеше рет алғыс хаттарымен марапатталды. Түпқараған ауданының «Құрметті азаматы».

Шабаз Иманалиев табиғатынан әдебиеттің адамы болатын. Оның ақынжанды болмысы адамға, жалпы жаратылыс дүниесіне деген мейірімнен, өмірге іңкәрліктен, өлеңге ерекше ықыласынан айқын көрініп тұратын. Жастайынан ел ішіндегі есті сөздерді, өлең-жырларды көкірегіне құйып өскен жастың сөз өнеріне деген ерекше құрметі оның болашақ мамандығы ретінде филологияны таңдауына алып келді. Студенттік жылдарында қазақтың болашақ бір топ талантты ақындарының арасында болып, өмірде де, өнерде де қатар қанат қақты. Ұстаздықтан басталып, кейін мемлекеттік қызметке ұласқан өмір жолында ақындық өнерді ұштай түсіп, біржолата өлең өлкесіне өз өрнегін қалдыруды мақсат етпесе де, одан еш уақыт қол үзген жоқ. О, өлең – жанашырым, жұбанышым, Көңілдің саған берем қуанышын. Мұңымды саған шағам жан білмейтін, Өзіңмен жүзем өмір – жыр ағысын, – деп өзі жырлағандай, Шәкең қай кезде қандай қызмет атқарса да, өлең әлемінен ажырамай, жан сырын, өмірден сезген, түйгенін көркем сөзбен кестелеуден бір сәт те ажыраған жоқ. Өлеңдері арагідік мерзімді басылымдарда жарияланып та тұрды, бірқатар өлеңдері түрлі жинақтарға, Маңғыстау ақындарының антологиясына енген. Шабаз ағаның өлеңдерін, шартты түрде болса да, «Жастық шақ жырлары» және «Толысқан тұлға толғаулары» деп екіге топтастырып қарауға болады. Оның өлеңдерінің дені жастық шақта, студенттік кезеңде жазылғандығын көреміз. Қойын кітапшаға ұқыпты көшірілген өлеңдерінің соңына жазылған күнін де белгілеп отыруды ұмытпаған. Балғын жырлардың тақырыптары ана, Отан, туған жер, табиғат, жастық шақ сезімдері секілді қасиетті де шынайы ұғымдарға арналып, оларды балауса ақындық жүрекпен, кіршіксіз көңілмен тебірене толғайды. Ал есейген кездегі егде жырлары, негізінен, адамдық келбет, елдік мүдде, кісілік парасат пен азаматтық парыз жайын пайымдауға құрылған. Олардағы азаматтық үн дәуір тынысымен, елінің арман-аңсарымен өзектесіп отырады, дәуірінің тынысын тербейді, замандастарының көшелі қасиеттерін үлгі етеді. Поэзияның «махаббатпен басталып, парасатпен аяқталатын» (Пушкин) қасиеті осылайша ақын жырларынан да айқын көрініс тауып отырады. Ақынның анаға арналған өлеңдері сәби көңілдің алғаусыз махаббатын көрсетеді: Бесігімді әнмен жайлап тербеткен, Әнмен бөлеп, әнмен алған жөргектен. Жаным ана, саған ғана сыйлаймын, Жүрегімде ұялаған жыр-көктем...

  • *

...Өзіңсің жүрегіме балағаным, Аяулы, ақ пейілді ана жаным. Ысытып көкірегімді бара жатыр Аймалап, мейірім төге қарағаның!

Ең қымбат жанға деген балалық махаббаттың есейген сайын ұлғая түсіп, ғазиз жүрекке қарыздарлықты түсінетін, өмір өрнектерін аңдаған сезімталдығын, жылдар әжімін жан жылуымен жазбақ болған шексіз сүйіспеншілікті жайып салады. Тіршіліктің тұтқасы Ана бейнесін асқақтата жырлайды: Арыңның ақ сүтімен асыраған,

Келді ұлың, есенсің бе, асыл анам?! Кетемін құшағыңда сәби болып, Қалайша бұл сырымды жасыра алам?!

Жанарың неге мұнша әлсіреген, Сүртші бір, немене өзі тамшы деген?! Жарқ етіп кәрілікті шықсын айдап, Жанымның барлық отын алшы менен!

Көктеген өз бағыңда бір шыбықпын, Мен қашан сен күлгенде күрсініппін?! Күлуді Күн де сенен үйренген ғой, О, ана, әз анасы тіршіліктің! Туған жер, оның көлі мен теңізі, тауы мен тасы – ақынның сүйіп жырлаған тақырыптарының бірі. Автор жастық шақтың жайлы мекені болған, адам өмірінің алтын бесігі – атажұрт, атакүлдігін қашанда ерекше махаббатпен, өзіндік көркемдікпен кестелейді. «Ақ Жайық», «Қаракөл», «Қаттыкөлім», «Ауылым», «Туған жер», «Теңіз жырлары», «Менің елім», «Сыр», «Алатау» секілді өлеңдерінде туған жер табиғатын лирикалық кейіпкердің ішкі сезімімен орап, перзенттік парызын сезіне, шабыттана суреттейді: Адамзат тыныштығы ескерерің, Жаныммен бар жақсыңды қош көремін. Кәдімгі Атыраудан тайыз болса, Өзіңдік сезімімді кешпе менің!

...Көзге ыстық, көңілге күй Қаракөлім, Ерке өскен, еркін өскен балаң едім. «Далаңа жыршы болсам, шіркін-ай!» деп, Тағы бір үлкен арман ала келдім.

Табиғат туралы өлеңдерінде жыл мезгілдерінің, тау мен даланың, теңіз бен мен өзеннің көріністерін суретшіге тән сәтті өрнектермен аша білген. Мысалы, «Күзгі кеште» деген өлеңінде күздің суретін сөзбен салады. Көк жүзін самарқау шарлаған бүркіт пен жердегі ініне асыққан суырдың қимылдарын суреттей отырып, табиғаттың күңгірт те көңілсіз күйін бүркіп тұрған күз жауынының көрінісімен сәтті сабақтастырады: Самарқау жай айналды бүркіт қырды, Ініне соңғы суыр үркіп кірді. Қоштасқан жаз күнінің көз жасындай Ұсақтап күз жауынын бүркіп тұрды.

Осы бір ғана шумақтың өзінде динамикалық өрнектегі қанық бояулы сурет те, дала баласының ұғымына етене таныс сәтті образ да, жыл мезгілінің алмасуы мен адам өмірінің өткіншілігін аңдатар поэтикалық ой да бар. Ал «Қыс келді» өлеңінде Абай дәстүрімен қыс бейнесін кейіптей отырып, оған тікелей тіл қатады, сөйте тұра, оның қаһарының белгісін де жеңіл әзілмен ойнақы өрнектейді: ..«Төрге шық, қош келдіңіз, қонақ сыйлы, Құрметпен қарсы аламыз сізді әр қилы». деп едім, Риза болып кетті білем, Бетімнен тыз еткізіп аяз сүйді.

Ақын табиғат суретін жалаң алмай, адам өмірімен сабақтастықта қарастырады. Лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі, табиғат-ана мен адам, адам еңбегінің жемістері егіз өріліп отырады. Мысалы, «Тау» өлеңінде таудың асқақтығын бейнелеумен қатар, сол таудың асқарына жол салған адамның ұлылығына да меңзейді: Сонау ұшар шалғайынан, Тау қарайды мұнартып. Мынау төмен баурайынан, Мен қараймын құмартып. Бұлтқа жүзін жасырып ап, Асқақтай ма-ау сол батыр?! Иығына асылып ап, Адам салған жол жатыр.

Ақын – табиғаттың сырға толы ғаламат та ғажап суреттерін құр қызықтаушы, жай бақылаушы ғана емес, одан жақұтты жыр құрап, жүректерге жеткізуге жол іздеген жыр маржанын теруші де. Ақынның табиғатқа етене жақын стихиясын мына шумақтан айқын аңғарамыз: ...Теңіз-сезім бұрқырап, Желкенін жүрек жұлқылап, Шыбын жаным шырқырап, Таба алмай дәйек – бір тұрақ. Қансорпа болып мен тұрмын, От пенен судан жыр құрап.

Бұл жолдарда ақынның жан әлемін жайлаған табиғи өнер психологиясы, шығармашылық стихиясы жатыр. Шынайы өнер туындысын дүниеге әкелер сәттегі ақынның басынан кешіретін жасампаздық ізденіс өрісі, шығармашылық шабытты шырғалаңы тек өнер адамына ғана түсінікті. Ақынның құмнан алтын шайғандай, мұхит түбінен маржан тергендей кестелі сөзден көркем ой түзетін аласұрған психологиялық портретінің штрихтері арқылы табиғат аясында көрген-сезгендерін пайымдата отырып, «от пенен судан жыр құраған» жан толғанысын шынайы береді.

Ақын өлеңдерінде еңбек адамдарының бейнесі де келісті ашылып отырады. Кеңестік әдебиетте басымдықпен жырланған тақырыптардың бірі ретінде еңбек адамдарының образын сомдауда ақын өзі жақсы білетін кәсіп иелерінің жанкешті еңбегі мен елге сіңірген қызметін жастарға үлгі ете жырлайды. «Жылқышы дос», «Жылқышы әні», «Дала иесі туралы жыр», «Балықшылар», «Кел, кептір» өлеңдерінде қыр жайлаған жылқышы мен шопанның, теңіз кезген балықшының көркем бейнелері олардың ел ырысын еселеген еңбектері, нақты іс-әрекеттері, нанымды өсу жолдары арқылы бейнеленеді. Шабаз аға «Құрманғазы», «Дала сыры», «Өлең-от», «Байрон» секілді өлеңдерінде ел тарихының қилы қатпарларына да ой жүгіртіп, тарихи тұлғалар мен өнер адамдарының тағдырынан тағлым түйеді. Өмір туралы ойлары «Күндер», «Адамдар», «Мен жолда келемін» сияқты өлеңдерінде көркем кестеленіп, жақсылық пен жамандықтың, махаббат пен зұлымдықтың, қуаныш пен қасіреттің алма-кезек түсіп жататын тіршілік тынысын өмірге іңкәр жүрекпен, ақындық тілмен замандастарының зердесіне ұсынады.

Өмірдің кейбір келеңсіз жақтарын күлкімен қабылдап, одан сыншыл да сыршыл ой түю – ақын стихиясының бір қыры. Әзілсіз адам адам ба – Қолы жүрер жағаңда. Әзілді адам әманда Керек-ау әрбір қоғамға, – деп білетін Шәкеңнің өмірінде әдемі әзілдің, ойлы күлкінің орны ерекше болғанын білеміз. Адалдықты аярлық аяқтан шалып, шынайылығынан жалғандығы басым түсіп жататын мынау тірлікте тура қарағанның көзін қарықтыратындай шындықты кейде жеңіл күлкінің жетегімен алып жүру, әзіл-қалжыңның ыңғайымен-ақ өмір-тірліктегі кемкетіктерді жер қылып, есерлікке ес кіргізу – тек юморлық сезімі жоғары, кісілігі көшелі, ар-ожданы таза адамдардың ғана еншісі.

Гораций айтқандай, «Әзіл, күлдіргі сөз тіпті маңызды нәрселердің өзін ден қойып, терең зерттегенге қарағанда әрі сәтті, әрі жақсы анықтайды». Шәкең өмірдегідей өнерөлеңде де кейде көңіліне келген кейбір келеңсіздіктерді сыншыл күлкі, өткір сықақтың көмегімен де түйреп өтуге бейілділік танытады. Ақын арнайы сатиралық өлең жазбағанмен, адамдар бойындағы надандық, жағымпаздық, мақтаншақтық секілді тіршілік түйткілдерін, қолдауға болмайтын кемшіліктерді ара-арасында сын-сықақ шоқпарымен соғып өтеді: Әзіл емес нәрсені әзіл қылып, Қызық емес нәрсені көріп қызық; Өз-өзінен әулігіп, ыржаң қағып, Көрінеді-ау байғұсқа тәтті қылық.

  • *

Қимылың қылжаң, сөздерің ыржаң, Берекетсіз екенсің бір жан. Елпілдей беріп, лекілдей күліп, Ұсқының қандай жағынып тұрған.

  • *

Көсемсіп, шешенсіп сөйлейтін, Кей жігіт жұрт алдын бермейді. Әрқашан «Сен» демей, «Мен» дейтін Кеудесін тек мақтан кернейді.

  • *

Мен адам болдым миымды жеп, Сен надан болдың қиынды жеп. Дүниеде тұтас аз да, қиынды көп. Мен шындықты сүйдім «маржан ғой» деп, Сен сұмдықты сүйдің «арзан ғой» деп... Өмірде көп ойланып, нақылмен сөйлейтін, көп нәрсені көңілде парықтап, одан тұжырымды түйін шығарып отыратын ағаның өлеңдерінде де қарымды ойдың қорытпасындай мақал-мәтел, қанатты сөз-афоризм мәнзелдес тіркестер жиі ұшырасады. Мұндай ордалы ойлар кейде көркемдік-философиялық түйін: Тауды сүйген адамның ары биік, Көлді сүйген адамның жаны тұнық; бірде өмір тәжірибесінен өрнектелген азаматтық ұстаным мен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлғалық кредо: Мен өзімді сезінем өмір бойы Тұрғандай ар-намыстың күзетінде;

тағы бірде жақсы мен жаманды парықтаудан түзілген салыстырмалы-сараптамалы қорытынды болып келеді: ...Жақсының қолы маңдайда, Жаманның қолы жағаңда. Мұндай нақылдық жолдар жинақталу формасы жағынан да тілге оралымды, көңілге қонымды. Себебі, оларда қазақтың көркемдік ойының кең арналы дәстүріне жақындық, фольклордың, жыраулық-ақындық поэзияның айқын белгісі бар: Айтылған сөз – атқан оқ, Ол біреуге тиеді. Өсек деген – жаққан от, Жазықсыз жан күйеді.

  • *

«Арғымақ атқа міндім» деп, Адасып кетпе артыңнан. «Алтын таққа міндім» деп, Алшақтап кетпе халқыңнан.

  • *

Жақсыларын бүрген ел Бола алмайды іргелі ел. Өмірсүйгіштік пен имандылық – Шәкең өлеңдерінің орталық лейтмотиві, алтын қазығы. Ақын нені жазса да, өмірдің мәнін меңзетіп, адамгершілік қасиетті жоғары қояды. Адалдықтың ақ туын биік ұстап, азаматтық атқа кір шалдырмауды ұсынады. Бұлардың бәрі жалаң дидактикамен емес, көркем сөзбен кестеленген келісті ойдың арнасынан ұғынылады. Азаматтық позиция поэзияның концептуальдық өзегіндегі асқақ дегдарлықпен астасып жатады. Ақынның «Бақыт» атты өлеңін тұтас оқып көрелік: Бақытқа жол біреу-ақ па, көп пе әлде, Түсіндірші, бақытыңның өзі не? Бақыт деген бар нәрсе ме, жоқ па әлде, Көрдіңдер мен тура қарап көзіне?..

Келе ме өзі, іздейсің бе түн қатып, Сол бақытың тұрақты ма, кезбе ме? Жете ме осы бір кісіге бір бақыт, Бақытыңнан ауыса ма өзгеге? Бақыт іздеп жолға шығып көрдің бе, Иесінен бақыт бар ма адасқан? Сен оларды қайтарысып бердің бе, Жақсылығыңды айта ма жұрт жанасқан? Бұта-бытқыл әуре қылып күнімен, Бір кез сайрап жол шығады-ау жатыққа. Өмір деген бар қуаныш, мұңымен, Осы біздер көп айтатын бақыт па?!

Төрт-ақ шумақтан тұратын осы өлеңнің айтар ойы қаншалықты терең болса, өрімі соншалықты қарапайым да ойнақы. Бастан-аяқ сұраққа құрылған өлең бақыт туралы ұғымның мәнін түрлі жағдаяттық-концепциялық тұрғыдан тәпсірлейді. Ілкіде туралыққа бағытталатын үдетпелі сұрақтар бара-бара риторикалық мәнге ойысып, «Өмір сүрудің өзі – бақыт» деген философиялық тұжырымға алып келеді. Оқырманын ойлантып барып шешімге жетелер ойлы өлең! Ақынның «Ғасырым менің» толғауы – екі ғасырдың тоғысында тұрып, замананың күйін толғаған көкірегі дария қария көңілдің терең толғанысы, ел тарихының сабақтарын алға тартып, ұрпағының ертеңіне алаңдаған ғазиз жүректің ақ тілек, алғаусыз арманы: ...Орталарыңда тұрмыз ғой, Ей, екі ғасырдың тоғысы! Бітетін емес әділеттік пен Зұлымдықтың әлі соғысы. Аттайтын жаңа ғасырда Қоқыстарды тұңғиыққа алып кетсейші, Замананың асау ағысы. Ағызып кеткей пенделердегі Кіреукелерді, қайғыны. Қатер келер деп күтпейтіндей қай күні, Адам баласы сезінер болса, Мейрам екенін Жарық дүниенің мынау бар күні! Өмірі мәнді кісінің шығармашылығы да мазмұнды болмақ. Бұл күндері өзі ортамызда болмаса да, Шабаз ағаның өз өмірінен сөзбен өрген көркем өрнектері ұлқыздары мен ұрпақтарының жадында жаңғырып, Ата өнегесін еске салып, Адамдық асыл бейнесін қашанда үлгі етіп отырары сөзсіз. Өйткені, шынайы сезім – сыршыл өлеңнің үлесі. Гуманист азаматтың өлеңдері де – өмірімен өзектес, жақсылыққа үндейтін өміршең өнерпаздық жарасым!

Әділет ҚАБЫЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

АНАМА

Бесігімді әнмен жайлап тербеткен, Әнмен бөлеп, әнмен алған жөргектен. Жаным ана, саған ғана сыйлаймын, Жүрегімде ұялаған жыр-көктем. Жан анашым – алдымдағы бәйтерек, Самайыңды қырау шалды ертерек. Оған себеп, бір жағынан, мен шығар, Түсінбегем бала күнім жетелеп. «Құлыншағым, тәй-тәй, жаным» деген ең, Тәй басқанда қолтығымнан демеген. Анажаным, жел боп тимес бетіме, Әлі өзіңнен бір шапалақ жемегем. Неге керек құр еркелік есірген?! Менің өзім тентектікті кешірмен. Анажаным, ақ сүтіңді ақтамай, Адам болып жер басамын несін мен?!

Ұзақ түнге бір көрмеген жалығып, Мені уатқан кірпік ілмей сарылып. Құшағы – ұя, жаны – сая, сөзі – күй, Анашыммен ойнамашы, кәрілік! Қой, кәрілік! Өрнегің бе бурыл шаш, Жүз жыл өтсін, анажаным қартаймас. Ең аяулым, өмірімнің өзегі – Анам менің жүзі әжімді, жаны жас! 1959 жыл

ЖЫЛҚЫШЫ ӘНІ

Ұлымын кең даланың ескен желдей, Еңбегім – өмір сәні құлаш сермей. Өскенмін жылқы ішінде, ат үстінде, Жанымды жалын жастық оты тербей. Ен далам жер сұлуы көлбеп жатқан, Көңілім арғымақтай өрге шапқан. Ішінде көп жылқының ән саламын, Беткейін әйдік алқап түгел жапқан. Қиқулап сәйгүліктер қайырғаным, Баққаным колхоз малы – өзім малым. Көтеріп өлеңменен жайлауымды Салатын осы менің байырғы әнім. Білемін әр кездегі жылқы сырын, Көргенмін жарқын жазды, қыс қысымын. Тарту боп Отанына арналады, Әні де еңбегіндей жылқышының. 1959 жыл

ДОСТАРҒА

Бітіріп достық мектебін, Әр жаққа тарап кеткенің. Кешіргін, артық сөз айтсам, Балалықпен еткенім. Сүйікті сол бір кездерім, Ол кезде неғып сезбедім? Есімде бірге ән сала, Гүл теріп, тоғай кезгенім. Қатырып қанат жайғасын, Білмеймін, көбің қайдасың? Білемін бірақ олардың Дейтінін: «Отан жайнасын!». Пәрмендеп көкте Айға ұшқан, Болмасын артық қай құстан. Досымның, сірә, бірісің Төсімен өбіп, бұлт құшқан. Шахтада бірің жүрмісің, Көрсетіп ерлік үлгісін? Сеніммен сілтей білерсің Айбынды шахтер бұрғысын. Құлаққа жайлы сылқыған, Самалмен келді сылқым ән. Менің бір досым боларсың Әнменен қайтқан жылқыдан.

Сендерді жырлау – талабым, Сәбилеу бірақ қаламым. Риза болсын байтақ ел, Өмірден неге қаламын?! 1959 жыл

  • *

Жарқылға ерме, жас жаным, Жаңыларсың жолыңнан. Жайықтай асау от-жалын Жосыла безер соңыңнан.

Кеудемнің кілті – жүрегім, Кеңдеу болып тынысың. Арманға артқан тілегім, Ғажайып отпен жылынсын.

«Сұлулық болмай сыртымда, Ішімде болсын» дер едім. «Жас жүрек, желпи жұлқын да, Көкірек керме!» дер едім.

Сырлы өмірден су ішіп, Сырласа берсем мәңгілік. Сырдаң болмай сіңісіп, Сайрашы, тілім, мәнді ғып.

Өмірдің тауып өзегін, Еңбекпен жетсем деп едім. Соқпақпен жайлап келемін, Не затқа болсын төземін.

Сарғая бермей көп ойлар, Сала жүр асқақ әніңді. Сайрандамас деп ойлар, Самалмен сырлас жанымды. Ғашықпын өмір дегенге, Қашықтамас ол менен. Ұмтылар балғын денем де, Жолаушыдай шөлдеген.

СУРЕТ СЫРТЫНДАҒЫ ЖАЗУ

Білемін, жайсыз тіл қаттың, Сонда да маған қымбатсың. Жансыз бейнем – суретім Ескерткіш болсын, қымбаттым. Байи түссін альбомың, Деп бергем жоқ бірақ та. Өзіңмен бірге ал демін, Жүрсең де алыс, жырақта. 1959 жыл НЕГЕ КҮҢГІРТ ТАРТАСЫҢ, АЛБЫРТ ЖҮРЕГІМ?! (сыр) Уа, дариға! Нәзік ерке ой-арманым, Бұл жаста мен не жаздым, кімді алдадым? Себепсіз күннен-күнге жүдеткендей, Уа, тағдыр, бар ма менде өш алмағың?! Уа, арман! Сені аялар қаракөз бе? Не зат бар жан саясы одан өзге? Сен неге күңгірт тарттың, жан дүнием, Он тоғыз – балғын жастық, қызық кезде?!

Жабырқау жыр оралад кеп көңілге, О дағы әлдекімге өкпелі ме? Есіктен әнмен кірген жас ұлына Неге ғана өмір жоқ кең дүниеде?

Япырмау, емес пе бұл сарыуайым, Біреуге – мал, біреуге – жан уайым. Әсем киім – маған бақ, арман емес, Оныменен табылмас менің жайым.

  • *

Тумайды өлең, жыр қанатын қақпайды, Ішке бүгіп, көп сырларды сақтайды. Іште түлей, сыртқа шыға босаған, Осы күйім өзіме де жақпайды. 1959 жыл

ҒАШЫҚ ЖІГІТ АУЗЫНАН

Ауыр ой жас адамды ауру қылған, Серпілші әрменірек, ал, тұр жолдан. Бақытым, бір қарашы, сыр ұғайын, Көзіңнен жалын атып, жайнап тұрған. Бақытым, ал қарашы, тез қарашы, Сәулешім, қиналдым ғой, қинамашы. Тұңғиық ой түбіне жібермеші, Сен болшы жас жаныма арашашы. Сәулешім, «Сені сүйдім» деші маған, Сөйлесін жас жігерім жасымаған. Жанарым, жеткізші оған сүйгенімді, Түсіндір, анық болсын осы маған!

ЖҮРЕК-ЖЫР ҚОЗҒАЛАДЫ-АУ ЕЛЕСПЕН ДЕ

Ол кезде екеуміз де жас бала едік, Дегенмен жүректерді қосқан едік. Сол бірге болуменен қол ұстасып, Асуын болашақтың асқан едік. Ерніме тәтті шырын жағып едің, От алған лебізіңнен жалын едім. «Белгісі махаббаттың болсыншы» деп, Кеудеме қырдың гүлін тағып едің. Сол гүлден жан сырыңды сезіп едім, Өзіңнен басқа жаннан безіп едім. Көзіңе қарай бердім, сен де сөйттің, Білмедік айырылыстың кезігерін. Ерніңнен үзбей сүйдім, сөйттің сен де, Еркелеп ақ қайыңға жел ескенде. Жоқсың сен құшағымда, қазір жоқсың, Жүрек-жыр қозғалады-ау елеспен де! 1959 жыл

ҚҰРМАНҒАЗЫ

О, дана! Күй атасы – Құрманғазы! Күйшінің саған соқпас бар ма лажы?! Буалдыр сонау көне заманыңнан Күңіреніп келіп жетті күйдің сазы. Толқынды, аласұрған «Көбік шашқан», Көңілдің жүйрігіндей алып қашқан. Кезіңді көріп тұрмын, көз алдымда Қиналған, күңіренген «Кісен ашқан». Айбынды «Сарыарқаңыз» дабыл салған, Өр дауыс, асқақ арман топты жарған. Бір кезде аңсағаның алдан шығып, Бұл күнде көкке өрлеп, қанат жайған. Күйші ата! Ұмытқан жоқ сені халқың, Сен жүрсің бізбен бірге, әлі барсың. Шалып жүр шын жанымен, ырғағымен, Күйіңді «Балбырауын» жастар жарқын!

ҚЫС КЕЛДІ

Түн еді салқын ғана, бірақ тыныш, Орынға отырған-ды ел тым-тырыс. Бораны, аязы бар – нөкерлері, Ауылға кіріп келді қаһарлы қыс. Жел ұйтқып, басқа-көзге сабалады, Борасын ауыл-үйді аралады. Қыз күтіп, қақпа баққан сері жігіт Ауланың ықтасынын паналады. Әуеде қар ұшқыны дөңгеледі, Төменге түсе беріп жөнделеді. Күмісті ақ желегін желпи түсіп, Сәнменен түн-келіншек түрленеді. Жақындап терезеден амандасты, Үй-іші «Қыс келді» деп қарбаңдасты. Құрдасын – ақсақалды көргеннен соң, Атам да ескі тонға кеп жармасты.

«Төрге шық, қош келдіңіз, қонақ сыйлы, Құрметпен қарсы аламыз сізді әр қилы». – деп едім, Риза болып кетті білем, Бетімнен тыз еткізіп аяз сүйді.

ЕМЕССІҢ МЕНДІК

Ішінде жастар думанды, Отырмын оймен алысып. Шаршады, көзім суланды, Көңілмен бәске жарысып. Естіген сөзім жаңағы, Жанымды өртеп кетті ме? Кеудемді жалын жалады, Сағынып келіп, өпті де. Дегенің: «Сүйген кісім бар» – Шығарып салма сөзің бе? Боларсың бірге көп жылдар, Егде тартқан кезімде. Келмеген еді көңілге, «Өзгені менен сүйер» деп. Жабысар деп ем ерінге, «Сендікпін» деген ыстық леп. Болсаң да енді жатқа жар, Айтамын өзім кесімін. Емессің мендік... Сақталар Жүрегімде есімің.

МЕНІҢ ГҮЛІМ – СЕНІҢ ӨЗІҢ

Мәз ғып гүлді, Көктем келді, Би биледі құрақ. Сыңсып ағып, Сылдыр қағып, Әнге салды бұлақ. Баяу ән сап, Бір сені аңсап, Мұңға батты жаным. Менің гүлім – Сенің өзің, Түсінбепсің, жарым.

РЕНЖІДІМ ҚАЛҚАМА, ӨКПЕЛІ БОЛДЫМ ӨЛЕҢГЕ

Жолдасым, жаным, өлеңім, Қиянат саған жасадым. Тастадым сені аз мезгіл, Астында ренжу – тасаның. Ренжідім қалқама, Өкпелі болдым өлеңге. Сүймеске кінә арта ма, Не жазық бар өлеңде?! Жүректе алау асығып, Шымырлап билеп бойымды; Тулай түсіп, басылып, Асырып арман ойымды. Білмеймін, ойым шартарап, Тыныштық бар ма көңілге?! Махаббат жүгін арқалап, Табар ма ем бақыт өмірде?! «Ұмытайын» десем де, Қаншама қатты тырысып. Жүрегіме келеді-ау, Еркімнен тыс жылысып. Махаббат деген шәрбаттан, Дәм таттым мен де, уа, тағдыр. Жаныма жайсаң зар батқан, Уандыр, қайта қуандыр! 1959 жыл

КӨКТЕМГІ КЕШТЕ, ЖАҒАДА

Тұрды көктем ән айтып, Бір жерде емес, әр жерде. Ақ Жайық суын молайтып, Сипатып төсін сал желге.

Ағынмен айдың суреті Зулайды қалқып сәндене. Құшағын жазбай су беті, Сүйеді оны әрлене.

Төнеді қайың жағадан, Жапырағын жел тарап. Осынау әсем айнадан Сұлу жүзін бір қарап.

Теректер бұйра кекілді, Әндетіп әзіл өлеңді. Күлдіріп жатқан секілді Шиыршық атқан өзенді.

Мені де күлкі кернейді, Бойымда жастық, жаным шат. Мені де өлең кернейді Көктемгі кеште рахат! 1959 жыл

  • *

Түн тұрды бізді аялап, Құндақтап айдың сәулесі. Қалған жоқ барын аяп-ақ Даланың жайлы бұл кеші.

Ерке жел де тұр тынып, Тыңдауда бір өзіңді. Жүрегім кетті жұлқынып, Тауыстың, жаным, төзімді.

Тынып та қалды ерке жел, Тыңдап ол да өзіңді. Сырыңды, сәуле, шерте бер, Тербей түс нәзік сезімді!

  • *

Сәби де кезім, жас күнім, Ерке де кезім, шат күнім. Тентек те болып, ес кіріп, Өзіңде өткен, мектебім.

  • *

Тәтті елес қой адамның бала шағы, Ойын тек тап сол кезге жарасады. Адамды ескерусіз балалықтан, Әкетеді екен-ау болашағы.

  • *

О, дала, ыстық сенің қойның қандай, Тағы да жүгірер ме ем ойыным қанбай?! Әттең-ай, тебіндеген мына мұрттан, Кіші інім қарай берді-ау көзін алмай.

Оқудан оралғанда, дала, бүгін, Қайтадан ұстап кетті балалығым. Қосыла айтып тұрған секілдісің, Анамның маған деген «қарағымын». 1959 жыл

ДАЛА СЫРЫ

Көкжиек жерге үңіліп, Көңілді бүгін төңірек. Бұлтсыз аспан түріліп, Керілді дала кеңірек. Сұлудай дала назданып, Тартады жігіт жанарын. Сағымы сәнді қозғалып, Самалы тербеп көгалын. Жатырсың көркем кең дала, Куәсі талай ғасырдың. Қыратың тұр ой сала – Дулығасы батырдың. Ерлердің ісі арнаған, Емес саған ескірер. Қапаста жүріп зарлаған, Есіме түсті ескілер. Исатай мінген Ақтабан, Төріңде ойнақ салған-ды. Елі үшін тыным таппаған Өткен-ді батыр арманды. Махамбет жортқан жоныңда, Жолдасы болып қайғы-шер. Отты күрес жолында Алқызыл қанын жұтып жер. Ұры кезіп салаңды, Құлқынын қара ойлаған. Өлтіріп адал балаңды, Жендеттер ғана тойлаған.

Достығы бекіп қалайда, Сұмдық пен азап жымдасқан. Ардагер ұлың Абай да Қайғыменен мұңдасқан.

Құрақ бітіп жағалай, Бұралып аққан өзеннен. Сусындап шаруа қана алмай, Шөлдегенін сезем мен.

«Көп асқанға – бір тосқан», (Халық сөзі рас-ты!) Жылдар жерің ел босқан Ұлы күнмен алмасты.

Сондықтан да жайнайсың, Сырыңды, дала, білемін. Жас иең сені жайлайтын, Қосылып бірге күлемін. 1959 жыл

  • *

Айтқанға, мейлі, ренжі, досым, Сүреңсіз қалаң, көңілсіз бүгін. Көтере алмай иіліп тосын, Табиғаттың тұрғандай жүгін.

Ақ Жайық сылқым бұралып ерке, Құрсауға түсіп, тырп етпей жатыр. Тулаушы ед жазда кеудемді серпе, Бетіме шапшып толқыны асыл.

Мен-дағы сондай үнсізбін қазір, Күлмейді неге көңілсіз жүрек?! Күні де күздің айтпайды әзіл, Не болды бізге соншама жүдеп?!

  • *

Алғаш рет бір өзіңе жыр еткем Жан сырымды қайнап шыққан жүректен. Бір өзіңе табынушы ем жастықпен, Бір өзіңе жас жүрегім дір еткен.

Тыңдайсың сен айтқанымды қызықтап, Көрініпті сол минуттар қызық сәт. Жасың құрдас болғанымен, жаның қарт, Арамызды кетіпсің ғой тұйықтап.

Тал бойыңнан іздемедім ешбір мін, Сыйлай білдім, бәрін саған кешірдім. Айрылыстық енді екеуміз жат болып, Жүрегімнен кірбіңімді кетірдім. 1959 жыл

  • *

Жаныма жақсылықты өріп өстім, Жасымнан өмір сырын көріп өстім. Болмай ма біреу олпы, біреу солпы, Талайын көрдім есер, жарыместің.

Мен аштым барлығына құшағымды, Дүниеге тұрғын болып туса кімді. Бәрінен күттім тәтті ізгілікті, Алдамшы танымадым құсалықты.

Уа, көңіл, ендігіңді әрі алып қой, Кеудемде талай тәтті жаралыпты ой. Дүниеде жақсылардан бағыт алып, Соларға иліксінші нәр алып бой. 1959 жыл

  • *

Қос жүрек қуанышты ала шапты, Армандап гүл-өмірді – болашақты. Дегендей дүниеде бәрі де егіз, Сызды мұң қуанышпен таласа ақты.

Нұр бейнең көз алдымнан кетер емес, Жалт беріп, жүрегімді бір жылы елес. Ескерткіш болсын саған осы өлеңім, Кім білер, кездесерміз ертелі-кеш! 1959 жыл

  • *

Өзіңсің жүрегіме балағаным, Аяулы ақ пейілді, анажаным. Ысытып көкірегімді бара жатыр, Аялап, мейірім төге қарағаның.

Хат жазып тұрсам-дағы апта сайын, Сағынып қалыпсың ғой, анатайым. Тұрмын ғой құшағыңда, бері қарашы, Көзіңнен жас көрдім бе жазатайым?

Білім ап, оқу оқып келем, міне, Өмірдің мөлдіріне, тереңіне. Отыммен бойымдағы ұмтыламын, Елімнің жарасам деп керегіне.

Сен және қаласаңдар, Отан анам, Су болып толқындаймын, от боп жанам. Сеніңіз, ақ сүттерің ақтармын мен, Жүрмін бе босқа арқалап атын Адам?!

Өзіңсің жүрегіме балағаным, Аяулы, ақ пейілді ана жаным. Ысытып көкірегімді бара жатыр, Аймалап, мейірім төге қарағаның! 1959 жыл

  • *

Жатырсың тыныштанып, ерке Жайық, Төсіңде мұз қанатын ерте жайып. Жарқылдар жайраң жүзің қайда кеткен, Қайда әлгі сыңғыр күлкің қырға лайық?

Күз-жігіт құшты сені құмарымен, Серпіліп майда жауын, тұманымен. Бас болып кәрі терек алтын шашып, Сері жел думандатып тұр әнімен.

Япырмау, аңқау жанға ұсадым ба, Жүйрігін өршіл ойдың тұсадым ба? Естілмей күлкің тұнып тұр екен ғой, Сағынып күткен жанның құшағында. 1959 жыл

  • *

Жаныма бір жақсы үміт күле кірді, Толтырып шат сезімге жүрегімді. Өзіңе жеткізе алмай жүрмін, әттең, Қалқашым, қара көзді, гүл ерінді. 1959 жыл

  • *

Түн ұзап, таң шапағы шашырады, Қара жол ойдан қырға асылады. Тез жетсем өскен ауыл, туған үйге, Көкірек көтеріліп басылады. 1959 жыл

  • *

Туған жер, топырағыңнан жаралғанмын, Өзіңнен бойға қуат, нәр алғанмын. Кәдімгі еркебұлан өз ұлыңмын, Бірімін қарапайым адамдардың.

  • *

Көңілді ой тербеп, Ертеді «Жүр-жүрлеп». Кеудені күй кернеп, Кетеді күмбірлеп.

Тыңдашы құлақ сап, Тыңдашы, сәулешім. Кеудеме тұрақтап, Тұрған ой әуресін.

Түсімде бір сенен Жазылмай құшағым; Бақыттың ішінде Армансыз ұшамын.

Келеміз сайрандап, Бұлттардан әрі асып. Жұлдыздар қайран қап, Бәрі құп жарасып.

Күлісіп, сыңғырлап, Мәзбін мен өзім де. Самал жел сүйді ұрлап, Мас қылып сезімге.

Ояндым мен жалғыз, Бос жатыр құшағым. Қайдасың, әй, сал қыз, Тентекке ұсадым.

Тентекке ұсадым,

Сабыр жоқ көңілде. Кел, әзір құшағым, Түсте емес, өңімде. 1959 жыл

  • *

О, өмір, сан асулы, бұраңдаған, Мен – ұлың сәттеріңнен сыр аңдаған. Жыр қуып, өлең жазып, қалам тербеп, Өткен жоқ жүргеніме жыл ондаған. Сары дала, сағымданған қайран дала, Болмайсың маған жайлы қайдан ғана?! Шаршамай жүгіретін қой соңынан, Мен емес пе кешегі жайраң бала?! Қазірде бала емеспін, ересекпін, Мойныма алдым жүгін келешектің. О, дала, мен – бір ұлың сен өсірген, Өзіңе қарыздармын, берешекпін. 1960 жыл

ЕСЕНИННЕН

Аппақ ай, қарлы төңірек, Оранған өлкем кебінге. Орманда қайың еңіреп, Кім өлген? Әлде өзім бе? 1960 жыл

  • *

Кей уақыт көкірегімді өлең кернеп, Кетеді жыр қанатын сермеп-сермеп. Мен бірге қанат қағам соныменен, Отырам жас көңілді жырмен тербеп.

  • *

Әзіл емес нәрсені әзіл қылып, Қызық емес нәрсені көріп қызық.

Өз-өзінен әулігіп, ыржаң қағып, Көрінеді-ау байғұсқа тәтті қылық.

ҚҰМАР ДОС

Осы сөз көкірегімнен жарып шықты, Асыл ғой, Тыңда демек жарықтықты. Өзіңді құрмет тұтқан сый көңілдің Түбінен өз бөлігін алып шықты.

Ойсызды «ақымақ» дер біздің халық, Ойсыз бол дей аламын саған неғып?! Тек қана жаман-жәутік уайымның Ығына құлай көрме деймін налып.

Өмірде қиындықтар бар шығар-ақ, Жеңеді қаймықпаған қарсы қарап. Құмеке, аулақпыз ғой жүргендерден Күй таңдап, қипаң қағып, жай сағалап.

  • *

Қызыл мақпал құшағын еркін ашып, Қызартып қарлы аймақты таң келеді. Көрпесін табиғаттың елтіп ашып, Бір тәтті қылықпенен сәнденеді.

Аққудай қансыраған жатыр ақ қар, Әуеден жерге түскен топшы сынып. Маужырап аппақ қудай кәрі ағаштар, Тұнжырап бас изейді арыз қылып. Ысырып түлкі бөркін желкесіне, Шығыпты аңшы жігіт қори қағып. Шүйлігіп тағы дала денесіне, Шалады әдістерін сан аударып. Әзілдеп шұнақ аяз шымшып алса, Шабады құйрық шаншып жабағы, тай. Қарайды бәрін жаңа көрген жанша, Сүйеніп күрегіне тұрған атай.

Қ-ҒА

Қимылың қылжаң, сөздерің ыржаң, Берекетсіз екенсің бір жан. Елпілдей беріп, лекілдей күліп, Ұсқының қандай жағынып тұрған?! 1960 жыл

  • *

Жылыстап көк жүзінде көлбей беріп, Көшеді жел қузаған бұлттар өріп. Найзағай зәбір берген ару аспан Тоқтады көздің жасын төгіп-төгіп.

Жел қозғап сабағынан жапырақты, Үстінен мөлт еткізіп тамшы қақты. Жоқ жерде «Ау, мен неге бұзылдым» деп, Аспан күлді, күлдірді атырапты.

Жүгірсем бәтеңкемді тастап шешіп, Тізіле жеткен моншақ шықты кешіп. Күлісіп, мені қыздар мазақтар ма, «Бұл неткен бала сынды жігіт?» десіп?!

  • *

Барады сансыз өсіп арман алға, Жететін қайрат бар ма, жігер бар ма?! Уа, өмір, арындаған толқының бар, Мен онда емен әсте тамшыларға. Жарқылдап өткізейін жас күнімді, Дүние, сыйла маған тасқыныңды. Алайын алдан орап армандарды, Тамшыңды қой, бер маған тасқыныңды!

ЖАРТАС

Жауынға, желге, жасынға Бас имеген, уа, жартас! Келіп тұрмын қасыңа, Шырайың бер, амандас.

Шапшыса толқын басыңа,

Шапалақ теңіз жаудырып; Төсіңді бұлтқа жасырып, Тұрасың жалғыз қайырып.

Өзіңде не бар, не сыр бар? Ойлаймын-дағы, қызығам. Не айтып кетті ғасырлар? Білейін, айтшы, тез ұғам.

Үнсізсің, айбат, сенім жоқ, Бүйтіп зәулім болғанша; Дүниеге алым-берім жоқ, Жұбаныш екен бой қанша?! 1960 жыл

  • *

Түнеріп тек қойны, Борасын, ызғырық. Мұздатты өн бойды, Жүз жылап, жүз күліп.

  • *

Жүрегім кенет дір етіп, Көрсем тек сені қысылам. Көңілдің сырын гүл етіп, Өзіңе қашан ұсынам?

Үміттің, мұңның жайы мың, Кеудемді жатыр сапырып. Сезімнің абзал қайығын Кетпеші суға батырып. 1960 жыл

  • *

Жарқырап күліп атты Жайық таңы, Күн сұлу қыз құшағын жайып тағы. Ойлаймын сұлу кешті, нұрлы таңды, Сағыныш саған деген айықпады.

  • *

Тамшысындай мөлдір судың Егіз сезім, екеу едік. Аулақ едік көлгірсуден, Арманды алға жетеледік.

  • *

Сүйікті маған ызғар да, Ақпанды қыс та, мұз, қар да. Сонда да, көктем, қымбатсың, Гүл ұсынтқан қыздарға. 1960 жыл

  • *

Сүйдім мен, ерке, нәзік талды ұнаттым, Сүйдім мен сыршыл әнін бал құрақтың. Сүйемін жаны таза жақсыларды, Сүйеді мені солай жалғыз-ақ кім? 1960 жыл

ОРАЛАМ

Жүгіріп Ай аспанда бала қаздай, Желпиді селдір бұлт орамалын. Сәулешім, бері қарашы алағызбай, Қалай ед әсем мұңмен қарағаның? Жүзіңде уайым да бар, сенім де бар, Мүдірдің, үндемедің, дедің де: «Қал!». Япыр-ай, қалай дейін, қайтсем екен?! Жүрегім алай-түлей менің де зар. Барамын оқу іздеп түу алысқа, Жаным-ау, бұл бір сапар қуанышқа. Әңгіме – жүректе ғой, жүректе ғой, Оралам, Жер алысы – шын алыс па?!

АҚ ЖАЙЫҚ

Ақ Жайық, жағаң көркем, суың балдай, Мен саған қарай алман құмарланбай. Ақ шағыл құмды жерден келсем-дағы, Боламын дәл өзіңде туған жандай. Қарсы алдың жатырқамай, жайраң күліп, Таныдың құмарымды қайдан біліп?! Ақ Жайық, менде де бар өшпес күлкі, Көргем жоқ оттан ығып, жайдан бұғып. Ақ Жайық, аялай бер, мен де еркеңмін, Мінеки, жас талыңдай жыр көтердім. Жарқылдап шат күлкімен сенде жүріп, Күндерін қарсылайын нұрлы ертеңнің! 1960 жыл

ПУШКИННЕН

Мен сүйдім, Менің әлі махаббатым Сөнбеген шығар, бәлкім, жан түбінде. Себеп жоқ бірақ сізге мұңаятын, Сізді мұңға қиямын қайсы күнде?!

Мен сүйдім сізді үмітсіз, үн шығармай, Шаршаулы, бір қызына, бір жасқана. Мен сүйдім сізді отты, нәзік сондай, Сүйікті бола алсаңыз сіз басқаға.

  • *

Әр кезде жасырудан жалықпаған, Көңілдің сырлары бар жан ұқпаған. Көрген жоқ оған ешкім еншілес боп, Айтпаймын, жан түбінде алып қалам.

«Әлі мен қияға ұшқан түлек емен», Деймін де, үнсіз ғана жүре берем. Тезірек тілге оралмай, шаршатып ап, Көкірек қоймасында күледі өлең... 1960 жыл

ЖҮР, ҚАЛҚА!

Көңілге қарай қалсам алаң кіріп, Көзіңді төңкересің сараң күліп. Әйтеуір бәрін сезгіш жұрт көзінен, Сырымды әрең-әрең қалам бүгіп.

Сен неге көңілімнің қиялысың, Арманның алыс шыңы, қиянысың?! Сен неге толқи бердің, асау жүрек, Бұлқынып, көкірекке сиямысың?!

Ішімнен мен қашанғы тына берем, Серуенге неге жалғыз шыға берем?! Кетемін сәт қуанып, сәт мұңайып, Кеудемде тыныштық жоқ – туады өлең.

Бұраң бел, күміс күлкі, ерке Жайық, Шақырды көк майсадан көрпе жайып. Екеуміз ән айтайық, сырласайық, Жүр, қалқа, жүрші, жаным, бір барайық! 1960 жыл

  • *

О, шіркін, жас жүрекке сыя ма мұң, Тұрғанда нұрын шашып қияда Күн?! Кейбір сәт сені ойлап кірбің тартсам, Қаламым қиялыма құяды ағын. Жүргем жоқ құр көңілдің ермегіне, Арманның өрмелеймін күнде өріне. Өтуде ұйқы азабы, күн аптабы, Өмірдің қиындықсыз бермегі не?! Шалқимын шат күлкілі достарыммен, Мен сауық құрушы едім басқа кіммен?! Сөйтсем де, жүрегімнен әлдебіреу «Ол қайда?» деп сұрайды асқақ үнмен. Емес ем өзіңменен сыр алысқан, Тек менің көңілім ғой алып ұшқан. Сүйген жан, қалқатайым, сенің бейнең, Шақырып тек өзіне тұр алыстан.

О, шіркін, жас жүрекке сия ма мұң, Тұрғанда нұрын төгіп қияда Күн?! Сені ойлап, өзің жоқта жабықсам да, Мұңды ғып жыр жазуға ұяламын. 1960 жыл

ЖЫЛҚЫШЫ ДОС

Уақыт, сірә, алданыш етпек нені? Зырылдап өтті жылдар мектептегі. Бітірдік екеуміз де үздік оқып, Әйтеуір, он жылғы еңбек тек кетпеді. Ауылда болмаса да мүлгіген бақ, Өспедік құпия сыр, күлкіден жат. Жақсы арман, уыз тілек бірге айтысып, Жүрген дос қыздарға да бір қырындап. Ашуым бармаса да көпке менің, Осы жолы саған шындап өкпеледім. Жаныма қатты батты оқу іздеп, Менімен бірге аттанып кетпегенің. Бұл өмір шыңдаған ғой жанды мықты, Қайсарлық сусынымен қандырыпты. Кеттім мен оқу іздеп, Сен – жылқышы, Боп қалдың қарыңа іліп тал құрықты.

Тағдыр жоқ қыспағына ап түнерген, Ләззатын жақсы күннің таптың өрден. Жастықтың сырларына ортақ едік, Мен болдым алғаш саған хат жіберген.

Бақыты жанған өршіл еңбегіңнің, Отанға ұсыныпсың сен де гүлін. Газеттен көріп сенің суретіңді, Қуанып, шадыманмын мен де бүгін.

Отырсың бұрынғыша қайсар күліп, Жүзіңде бұрынғыдай байсалдылық. Өзіңді мақтан етем, елін сүйген, Жан досым, жылқышы дос, жайсаң жігіт! 1960 жыл

  • *

Мен, достым, ізгілікті көп іздедім, Өзімді «Жан ғой жүрген» дегізбедім. Кей сәтте досқа деген сезімімнен

Тайыз боп көрінеді теңіз деген. 1960 жыл

ОТАНЫМ

Отаным, жайсаң өз елім, Өзіңде тоңып, күйейін. Көкорай майсаң, өзенім, Бәрін де, бәрін сүйейін. Көркейте берер гүліңді, Жауының болып төгейін. Көтерте берші жүгіңді, «Ауырын бердің» демейін. Далаңды, қырды жайлайын, Самалың болып соғайын. Бұлбұлың болып сайрайын, Өзенің болып толайын. Қияға қамдап ұшырар Қалаулы ұлың болайын. Болашаққа ұсынар Аяулы гүлің болайын. Сеніммен қосар бәйгеге, Қазанатың болайын. Еңбекте атын әйгілер Азаматың болайын. Тез, ыңғайлы әр кезде Қолқанатың болайын. Өзің жайлы әр кезде Толғанатын болайын. Дүниедегі ең сенің Жақының болып өтейін. Жырыңды жырлап мен сенің, Ақының болып өтейін! 1960 жыл

КҮЗ

Түйсе де жалбыр бұлтты күз қабағын, Жайықтың жағасына жүз барамын. Жатқан жоқ бірақ толқын күліп-ойнап,

Бір түрлі сап-сабырлы ызғар ағын.

Табылмай табиғаттан не керегі, Ұшпайды гүлге құмар көбелегі. Ақ қайың сәл ырғала, сыңсып бүрген, Сарғайтып жапырағын төге берді. 1960 жыл

  • *

Көңілде күдік, көп ойлар, Көңілсіз жүрмін, қалқажан. Жайым жоқ қазір көп ойнар, Көп үнсіз жүрмін, қалқажан.

Көгілдір бұлт елжіреп, Құшаққа Айды алатын. Сытылып Ай, тек жүдеп, Қаралы бұлт қалатын.

Көкте бұлт жайса құшағын, Айына көңілі аңсаған. Жерде соған ұқсадым, Құшақты жайып мен саған.

Қасыма кел де жай күліп, Сыйлашы жалын жаныма. Жүректе жүр ғой қайғы-ілік, Қайғысыз етші тағы да.

Ойымда жалғыз бір тілек, Өзіңсің, өзің, қалқажан. Өзіңсіз қалай күлкі кеп, Өзіңсіз қалай жай табам?! 1960 жыл

  • *

О, өлең – жанашырым, жұбанышым, Көңілдің саған берем қуанышын. Мұңымды саған шағам жан білмейтін, Өзіңмен жүзем өмір – жыр ағысын. 1960 жыл

  • *

Шығарып естен ғажап көп күндерді, Сен кеттің махаббатты лақтырып. Еске алып жүрек тербер өткендерді, Ол қалды-ау нәзік жаны жылап тұрып.

Кербез қыз, кердең басып, шалқалаған, Сұлусың бір көрмеге, оның рас. Мойныңда күнәң бар ғой арқалаған, Болғанмен бетің таза, жаның лас! 1960 жыл

ӨЛЕҢ-ОТ

Өмірде біздің өлең көп, Бәрі де жақсы, бәрі де. Бірақ та осы өлең-от Бәріне ыстық, бәріне. ...Қаралы түн тырс етпей, Түнеріп тұрды тас құрсау. Жас гүлге жарық көрсетпей, Аранын ашты қасқыр жау. Еркесі еді-ау елінің, Көгершіні еді көгінің. Жатыр Мұса түрмеде, Аққуы еді көлінің. Кішкентай-ақ жасынан, Жырға жаны құмар-ды. Қанатты күй мен асыл ән Кеудесін сырға суарды. Елінің сөйткен ардағын, Қамауға алды фашист. Тағы да көрер бар ма күн Жағасын Еділ хош иіс?! Еркін жұлдыз көктегі, Жымыңда оған, күл тағы. Қайта кел, өмір көктемі, Төгілсін шалқар жыр тағы. Елінің асқар таулары, Көз алдына көлбеші. Елінің байтақ орманы, Ән айтып, оны тербеші.

Еділдің ерке самалы, Желпіп бір өтер болсайшы. Қаумалап апа, аға, іні, Ертіп бір кетер болсайшы. Елімнің мөлдір аспаны, Жайнашы тағы төбемде. Қайтеді ол басқаны, Сол ғой арқау өлеңге. Тас құрсау жатыр тарлық қып, Еркелеп өскен жүрекке. Жауыздық ылғи жарлық қып, Алар ма ұстай түнекте?! Жүрегі алып Мұсаның, Тас молаға сыймады. Айқара ашып құшағын, Отаны жалын сыйлады. Жүрегі шықты өлең боп, Тас құрсау қалды быт та-шыт. Жарқылдап жүрді өлең-от, Нажағаймен жұптасып. Өлең-от жетті еліне, Ұшқын атты, сөнбеді. Қайта қонды көліне, Аққу үні сембеді. Аспанымыз ардақты, Шалқып жүрген өлең-жыр. Қайғының ізі қалмапты, Бақытты жандар кілең бір.

Өмірде біздің өлең көп, Бәрі де жақсы, бәрі де. Осынау бірақ өлең-от Бәріне ыстық, бәріне! 1960 жыл

ЖАЙЛАУ ТҮНІ

Қора қой – бұйра бұлттар өріп кетті, Көп жұлдыз Ай-анаға еріп кепті. Наз қимыл, әсем ажар, ерке мінез

Ай ерке көк әлемін көрікті етті.

Қалқаның қой күзеткен жағымды әні, Ортақ кім сұлу сырға жанындағы?! ...Күні бойғы мал өрісі қажытпапты-ау, Жас жігіт үй сыртына адымдады. 1960 жыл

  • *

О, жаным, жүрегімнің күн-айнасы, Қуаншы, мен тұрғанда мұңаймашы. Ақ еркем, бұрынғыша асыр салып, Шаттанып, жарқыл қағып, күл, ойнашы!

От мөлдір көздеріңнен айналып ем, Құлпырып, қызғалдақтай жайна кілең. Далаға қол ұстасып жүгірейік, Төселген қыр да – кілем, ой да – кілем.

Назданып, таң келді ғой шырайлана, Сәулешім, көрші міне, гүл айнала. Жанымды махаббатқа шым батырып, О, қалқа, шын сезіммен сүй, аймала! 1960 жыл

БАЛАЛАР ҮШІН

  1. Кешегі ойын пәлесі

Қол көтермей сабаққа Жұрттың бәрі қалмапты. Оқымаған мен-ақ па?! Қарай бердім жан-жаққа.

Дейсіздер ғой: «О несі?» – Кешегі ойын пәлесі!

Қол көтерді-ау бәрі де, Тіпті мына Тұрсын да. Мен үнсізбін әлі де, Бүйткен күнім құрсын да!

Дейсіздер ғой: «О несі?» – Кешегі ойын пәлесі!

Шыдай алмай ақыры, Қол көтердім, қомпидым. Тақтаға апай шақырды, Енді шындап шоңқидым!

Дейсіздер ғой: «О несі?» – Кешегі ойын пәлесі!

«Апай-ау, – деп күрсіндім, – Қол көтерген жоқ едім. Бір кішкене Тұрсынды Мазақтайын деп едім».

Дейсіздер ғой: «О несі?» – Кешегі ойын пәлесі!

Тұра қалды шиырылып, Екіліктің сойын-ай! Мұны берген сый қылып, Әй, кешегі ойын-ай!

  1. Мәссаған!

Мен қыңқылдап қоймадым, Апам кәмпит әперді. Бірақ жеуге қимадым, Сүйтіп үйге әкелдім.

Ағам маған өзі кеп: «Біреуі де ас саған», – деді-дағы өзі жеп, Бәрін құртты, Мәссаған! 1960 жыл

  • *

Қандай жайлы қылықтарың, Сүйісіндей жас баланың. Үнсіз ғана қызықтадым, Тіл қатуға жасқанамын.

  • *

Мен – бұлбұлмын гүл аңсаған, Тек бір өзің үшін, қалқа!

Жолаушыдай су аңсаған, Сені аңсаймын, түсін, қалқа!

Гүл болшы сен жұлынбаған, Күн боп нұрды аямайын. Жұлдыз болшы жымыңдаған, Аспан болып аялайын.

Жайнап ағып бұраңдаған, Сен бұлақ бол толған көрік. Сыбдырынан сыр аңдаған Мен тұрайын орман болып. Сүйген жарым өзің болшы, Жүрегімнен сый сұраған. Теңіз болсам, өзен болшы, Жарқылдап кеп құйған маған. 1960 жыл

АУЫЛЫМ

Ауылым, көп сағынып, көп аңсаған, Құлшынып еркең келді, сәлем саған! Қоярға сезімімді жер таппаймын, Ой қанатты болғанмен, өлең шабан.

Мекені шопандардың, жылқышының, Мекені мейірімді ана күлкісі күн. Мекені дастандардың ерлік жайлы, Мекені даңқты әке үлгісінің.

Ордасы құлаш жайған өр еңбектің, Жарыста жеңіс туын желбіреттің. Өзіңнен түлеп ұшқан ұл-қызың көп, Ақтармын ақ үмітін деген көптің.

Мінеки, мен де – соның біреуімін, Жаны жас, арманы асқақ, тілегі мың. Кеудеңе өз қолымнан гүл орнатпай, Ешқашан басылмайды бұл көңілім. 1960 жыл

  • *

Күйіндей домбыраның саңқылдаған, Үніңді мендей сүйіп кім тыңдаған?!

Әсем би көрінетін әр қимылың, Ән болып естілетін күлкің маған.

Нұр емес, қар жауды ғой қабағыңнан, Мұз болып, көкірегімді жара қылған. Ақ гүлін арманымның желге ұшырдың, Дәм татпай адалымнан, таза арымнан.

Жанымның желге ұшырып асылдарын, Қураттың жүрегімнің жасыл бағын. Жалын ем жарқылдаған, мұң бердің де, Сұлу қыз, жанарымнан жас ұрладың.

Тынышсыз махаббатпен күн өткеріп, Жүрмін ғой түнеріңкі жүдеп келіп. Табиғат сезімге сор болған неге, Өзіңе қара тастан жүрек беріп?! 1960 жыл

  • *

Білмеймін қуаныштың қанша барын, Тұрды ғой құшағымда аңсағаным. Аспанның ақ шолпанын бірге ұзатып, Құмартып бірге жұттық таң самалын. 1960 жыл

КҮНДЕР

Күндер, неткен жүйрік ең зырылдаған, Қалайша еленбеген бұрын маған? Доп қуған бала едік қой кеше ғана, Япырмау, сол мезгілді кім ұрлаған?!

Кей ғажап сырларыңды аңдап қалам, Арнайды әрбір атқан таң бақ маған. Көңілінің шарықтатпай қарлығашын, Әр уақыт бір орында қалмапты адам.

Өмірім жақсылығын тарта беріп, Бізде ғой шат қылық пен дарқан ерік. Әр күннің қуанышын, қызықтарын, Дариға-ай, өтсем екен сарқа көріп!

  • *

Қараймын үнсіз қағазға, Көңілім әсте толмайды. Жалғыз ғана Шабаз ба, Талайлар жыр толғайды.

Бірден озық, бірден кем, Келе жатқан жайым бар. Тұлпар болар, кім білген, Топқа қосқан тайым бар.

ҚЫС КӨРІНІСІ

Жанымдай сүйем сені ақ қарлы қыс, Ашулы, долы мінез, ақпанды қыс. Кіршіксіз сезімімдей жарқылдайды Шашылып ой мен қырда жатқан күміс.

Асқарлы маңғаз таудың иығынан, Асылып Күн күледі миығынан. Кеудеңде бір керемет күй ойнайды, Дүние тынысынан құйылып ән.

Ой ойлап қалың орман қарағайлы, Жан-жаққа елең етіп қарамайды. «Қай жерден өтемін, – деп, – бір-ақ қарғып?», Бұраң жол өзен жарын жағалайды.

Қарменен аударысып жел барады, Кейітті-ау бұрқандырып кең даланы. Табиғат, жүрегімді селт еткіздің, Тоса бер, маған қымбат нең бар әлі?! 1960 жыл

  • *

Білмеймін күйініштің қанша барын, Сен бердің соның бәрін, аңсағаным. Сен бірақ түсінбедің, елемедің, Жүректің аңсағанын, шаршағанын. Көрмедім сенен тәтті шырай, қабақ, Күлмедің ақ жүзіңді нұр аймалап. Ұқпадың отты сырын жанарымның, Тұратын тек өзіңе құлай қарап. Бір жанмен татымайтын тырнағыңа Әуресің, қатты батып жүр жаныма. Қылымсып сол немеге жағу үшін, Қор болдың, мүләйімсіп тұрғаныңа! Жаныма ащы уыңды төге кетіп, Жүресің олай-бұлай көлең етіп. Айтшы сен мақсатыңды өмірдегі, Сен өзің нені ұстайсың, неге жетіп?

Көңіліңнің әлденедей назын айтып, Ал, міне, жақындадың әзіл айтып. Жүзіңе үмітпенен жалт қарадым, Келді ме махаббаттың жазы қайтып?

Жоқ, енді сүйе алмаспын аласарып, Жүрекке бықсыған бір шала салып. Жүрегім – таза бұлақ мөлдір сезім, Жүзе алмас лай сумен таласа ағып. 1960 жыл

  • *

Шалқар дала, ақ айдын, Төсіңе толқып қараймын. Жаныма сырлар құйшы бір, Сырласуға жараймын.

Қайда әлгі тентек бораның? Құмар боп саған барамын. Тынымсыз едім өзім де, Сезімді соған орадым.

Қарыңды үрле, төк, мейлің, Соның да маған көп мейірім. Қайратыңды бер маған, Мен-дағы тыныш өтпеймін.

Қарайсың ғой жайдары, Қаһарлы қыстың аймағы. Құшақтап сүйші өзімді, Қанатыңды жай-дағы. Болмашы жуас, мүләйім, Күреспен өтсін жыл, айым. Жанымда дүлей, Қалайша Жайбарақат тұрайын?! 1961 жыл

ЕСІҢЕ ТҮСІРДІҢ БЕ БӘРІН, БӘРІН?..

Қалқатай, бұрылмадың, неғылғаның? Таныдың, әлде мені танымадың. Әлде сен ұмыттың ба сол күндерді, Есіңе түсірейін бәрін, бәрін. Әнеки, көзің салшы қара суға, Құмар ек «Кім жүзгіш?» деп таласуға. Сен кейіп, тасты алыс лақтырсаң, Мен бұрын ұмтылушы ем жарасуға. Ойнаған құмын кешіп анау шағыл, Бауырынан теруші ек қой балауса гүл. Күн батып, үйімізге тарасқанда, Желпуші ең орамалың жалауша бір. Күн өтті, күн арасын күндер бөлді, Ғажайып сыр алысқан түндер келді. Ай-ару ақ сәулесін бізге құйса, Ғашық қып майысатын гүлдер желді.

Бап-балғын жүрегімнен елжіреген, Оқысам оңашада мен бір өлең; Ерекше ырзалықпен тыңдаушы ең, Қап-қара көздеріңмен мөлдіреген. Қос жүрек қуанышпен ала шапты, Армандап қызығы көп болашақты. Біздерге бақытсыздық боп көрінген, Бір мұң да қуанышпен таласа ақты. Көп ұзақ серік қылмай қуаныш та, Біздің үй көшіп кетті түу алысқа. Сол кезде түсінбеппіз, жүрек барын, Жаным-ау, жер алысы – шын алыс па?! Оқумен талай жазды, күзді өткердім, Жүрегім махаббаттың жүзді өткелін. Алыстан аңсағаным, тау самалым, Өзіңді, тек өзіңді іздеп келдім. Қалқатай, қарамадың, неғылғаның? Таныдың, әлде мені танымадың. Екеуміз – бір қауыздан өскен гүлміз,

Есіңе түсірдің бе бәрін, бәрін?.. 1961 жыл

  • *

Уа, дос, кетіпті ғой «кием» қонып, Өзіңді енді достар сүйер неғып?! Ойнасаң жолдас болып – жарасымды, Қайткенің ойнағаның «жиен» болып?! 1961 жыл

КЕЗДЕСУ

Алдында іздегені, не керегі, Мәз ұшты қырдың қызыл көбелегі. Ерекше қуанышпен келем жүріп, Іздеп қойға шүйгінді төбедегі. Досым ең, кішкентайдан бірге өсіп ек, Арманның шыңымен бір тілдесіп ек. Бір түйір бауырсақты бөліп жесіп, Ат қылып бір жыңғылды мінгесіп ек. Жүреді бұл өмірде жалығып кім?! Сонда да мен өзіңді сағыныппын. Оқуға кеткенімде шопан болдың, Өмірдің соқпағы көп, соны да ұқтым. Бақыты жанған өршіл еңбегіңнің, Отанға ұсыныпсың сен де гүлін. Өзіңдей орден таққан шопан жігіт, Ардақты елімізде кем бе бүгін?!

Өмірдің өзің ғой деп шын адамын, Есіме ырзалықпен мың аламын. Жай шопан, ер еңбеккер сені ойласам, Кеудемде бір керемет туады ағын. Жүреді бұл өмірде жалығып кім?! Бар алда арман шыңы, сан үміттің. Келші бір, құшақтайын тасып тұрып, Жан досым, мен өзіңді сағыппын. 1961 жыл

Қ-НЫҢ ТУҒАН КҮНІНЕ

Бала едік, бәріміз балғын ек те, Арманы толып тұрған жан-жүректе. Бұл күнде біреулерге аға боппыз, Дос боппыз шын ниетпен сан жүрекке. Шұбырып соңымызда жылдар қалды, Қызықты өздерінше сырлар қалды. Кім білсін, алдымызда гүлдер бар ма, Кім білсін, жатыр ма екен қырлар қарлы? Кім білсін, алда біздің қиындар көп, Кім білсін, мүмкін, сауық-жиындар көп. Кім білсін, алда жайлы шуақты күн, Кім білсін, мүмкін дауыл, құйындар көп? Мейлі, өмір тарта берсін әрнемесін, Көңілдің өр теңізге сал кемесін. Кезекпен келе берсін жыл бақытпен, Қуанып қарсы ал, Қ..., әр белесін! 1961 жыл

ЖАЙЫҚ

Жайығым, жарқын өзенім, Жарқылдай күліп ағасың. Жаныммен әркез сеземін, Өзіңнен жайлы жарасым. Ойнасам шалқып төсіңде, Шаттығым қанша бір менің. Кей сәтте бірақ есіме Түседі көне күндерің. Махамбетше күн қатып, Шамырқанып ақтың ба?! Бірде еріп, бір қатып, Жүйрігін тағалаттың ба?! Жарқ етіп алмас қылыштай, Шаптың ба жауын батырдың?! Бақыттың құсы бір ұшпай, Жыладың ба екен ақырын?! Жағаңды қызыл ту алып, Ғажайып таң атқанда Толқыдың ба қуанып, Ақ Жайық, бақыт тапқанда?! Мінеки, қазір көз ілмей, Жайраңдап қана ағасың. Кәдімгі біздің өмірдей, Асығып алға барасың!

ҚЫЗ ӘНІ

Толқын, барып келе қойшы, Ақ шашағың төгілдіріп. Еркем, алып келе қойшы, Жаныма бір көңілділік. Қайығыма жанап өтіп, Неге үнсіз келеді екен? Атын оның маяк етіп, Жүрген жанды біле ме екен? Өр теңізді қақтығыста Жуасытып бойлай бекем; Айлы түні ақ тымықта Мен туралы ойлай ма екен? Болды ма екен қыдырма тым, Әлде әуелден тек жүріп пе? «Сүйеді» деп сыбырлашы Арманымдай сол жігітке. Толқын, барып келе қойшы, Ақ шашағың төгілдіріп. Еркем, алып келе қойшы, Сөйтіп маған көңілділік.

АЛЫСТА ҚАЛДЫ АУЫЛЫМ

Алыста қалды ауылым, Алыста қалды мекенім. Серік қып жастық дауылын, Алысқа шырқап кетемін. Өкпелі қыз да бір маған, Көңілсіз достар, таныс та. Кәрі қолын бұлғаған, Анашым қалды алыста. Мұңайды ма екен қазір де, Еске алып тентек қарасын?! Сау болып тұрғын әзірге, Аяулы асыл анашым. Қош айттым, сені құштым да, Ақ сүт берген анашым. Бала қыран ұшсын да, Қияға көктен қарасын.

КӨКТЕМІМ

Көктемім, жан тербейтін мол-ау шағың, Көлбейді көз ұшында жарау сағым. Елжіреп самал сүйді беттерінен Далада қызғалдақтың, балаусаның. Өткізген оңтүстікте жыл қалды ұмыт, Оралды аққу көлге тұрған күліп. Ұшырған өткен жылы балапанын, Тұнықта бал құмарын жүр қандырып. Жай күліп бала құрақ былдырына, Жартас тұр жонын тосып күн нұрына. Ойнайды, ерке толқын ұмтылады, Шопан қыз ат суарса шылбырына. Жақсының жарқылдатып тамашасын, Әз көркін әдемінің сен ашасың. Көктемім, еркіндіктің самалындай, Сен біздің шат өмірге жарасасың.

Нәзік қой жай самалың еркелеген, Сырымды майсаңа да шерте берем. Бір кезек құлақ түрем бұлбұлыңа, Айтқанда сұлу сырлы ертек өлең. Көгіңде ақша бұлтты жүзгізесің, Көңілді шалықтатып күлгізесің. Гүліңді қалқашыма тартайыншы, Қуанып, сол гүліңдей үлбіресін. Жүрекке алуан сырлы үн бересің, Жастарды асық қылып күнде кешің. Қыз, жігіт жазғы баққа келе берді, Тап сонда ұмытқандай әлденесін. Нәзік қой жай самалың еркелеген, Көктемім, мен күйіңе елте берем. Үн қосып бұлбұлыңа, Күн нұрына, Көңілдің қуанышын шертеді өлең. 1961 жыл ҚАЙЫҢ (Щипачевтен) Идіреді басын жерге Күздің селі құйылып кеп. Ұмтылды ол болмай желге, Жауын қалды ұйлығып тек.

Көз байланған қысқы кеште, Табысына бастан сеніп; Иықтайды ақ түтек те, Ұстайды да қолдан келіп. Әлі келмей, есі шығар, Жас қайыңға бұраңдаған. Ал қайыңның күткені бар, Жан-тәнімен адал соған. 1961 жыл

БАЙРОН

Өр ақын көкірегімен көк тіреген, Жалынды найзағайдан от тілеген. Ағытқан кеудесінен жауларына Қанжардай қиып түсер өткір өлең. Жаршысы бостандықтың құдіретті, Жауларын тітіреткен жыры кекті. Ұлы адам асқақ үнді, жыры лепті, Кеудемнен бір нәзік үн күбір етті. Еркесі, дауылпазы көк теңіздің, Жабылды-ау жерде жылан, көкте құзғын. Сен бірақ төтеп бердің барлығына, Кеудеңмен қайғы менен кекке жүздің. Теңіздің буырқанған айдынынан, Бездің сен алдамшы өмір байлығынан. «Елімді азат етсем, – деуші едің сен, – Азаптан, қасіреттен, қайғы-мұңнан».

Әр елдің құлақ түріп зар-мұңына, Арамның елікпедің сан дуына. Өзіңді, өміріңді қияр едің Адамның бақыт тілеп барлығына. О, Байрон, көкірегімен көк тіреген, Жалынды найзағайдан от тілеген. Жырыңнан досқа адал тілекпенен Жауыңа бітіспеген кекті көрем! 1961 жыл

АЙТШЫ СЕН

Барады күн артынан күндер өтіп, Сен жүрсің ойыма кеп, бірде кетіп. Айтшы сен, осы күні аялайды, Кім сені оятады түнделетіп? Жүрсің бе, бұрынғыша баққа барып, Жүрсің бе ләззатты жаттан алып? Айтшы сен, осы күні кімге айтасың Бұлбұлдың салған әнін жаттап алып? Әлде бір жүресің бе мұңға батып, Сол бақта күздің күні таңға қатып?! Айтшы сен, ойлайсың ба, сол махаббат Берді екен кімге уайым, кімге бақыт?! Жоқ менде өкініш те, қуаныш та, Қалғандай сол сезімдер түу алыста. Айтшы сен, ойда жоқта кездестік қой, Жүректе реніш пе, жұбаныш па?! 1961 жыл ТУҒАН ЖЕРДЕ (Солдат сағынышы)

Ақ бұлттар жайды қанатын, Ақ төсін күнге сүйгізді. Жолаушы күтіп алатын Қарлығаш жанап жүр бізді.

Туған жер, мені қарсы алдың, Көктеміңмен, гүлменен. Ләззат сенен қанша алдым, Күткенің көп пе бір менен?

Көкжиекті жағалап, Көлкіп ақты сағымдар. Көлеңке бетті сағалап, Ей, қырлар, бұққан қарың бар.

Жүгірді маған қызғалдақ, Бауырыма бастым, өптім де. Жұла алмадым қызға арнап, Мен өзім гүл боп кеттім де...

«Қоссын, – деп, – солдат жырына», Туған жер жолға гүл екті. Қызғалдақты қырына Ту етіп тіктім жүректі.

Туған жер, тыныс өзіңде, Шаттыққа баттым бір өзге. Кедей боп кеп ем сезімге, Байып та кеттім лезде.

  • *

Жылдарда көп болар сан тамаша да, Түсінген адам оған таласа ма?! О, достар, жиналыппыз, жиналыппыз, Осынау дырду кешке – тамашаға. Парталас Серікқалы досым еді, Жақсы күн алдан талай тосып еді. Ал бірақ той туралы есте жоқ-ты, Ол кезде бұл ой бізге тосын еді. Бәріміз күні кеше кішкене едік, Соңына тек ойынның түскен едік. Бұл күнде дос таңдаймыз, жар таңдаймыз, Айтыңыз, қайда екен сол кішкенелік? Адамды жыл ілгері ала қашып, Кешегі бүгін болды бала ғашық. Жаныңа сыр толтырып, «Жар болам» деп, Қыз келді өміріңе араласып.

Шынары махаббаттың аласарып, Жүрмесін жүректерге жара салып. Болмасын кеудеде дерт, жанарда жас, Жүрмесін қуаныш, мұң таласа ағып.

Тек алдан тоса берсін қызық өмір, Табиғат қоса берсін ұзақ өмір. Десін жұрт: «Қосақ болсаң, осындай бол!», Демесін: «Жандар екен тұзы жеңіл».

Өр арман болашаққа қарамай ма, Жаныңды дос бақыты орамай ма?! Ал, достар, тілесейік үлкен бақыт, Қол соғып Серікқалы, Оралайға! 1961 жыл

  • *

Жанымды жұбатпаймын баққа барып, Бір мұң бар көкіректі жатқан алып. «Өлімнен ұят күшті» деген бар ғой, Отырған жоқпын, сірә, жоққа налып.

Кім айтар «Мұңайма!» деп қасыма кеп, Кім айтар «Жоқ нәрсеге жасыма!» деп?! Мен бірақ еш нәрсені тілемеймін, Тек төнді-ау ұят бұлты басыма кеп.

Түнеріп, не көрсем де үндемегем, Кетпейтін күлкі қайда күнде менен?! Тек өзім, тек өзім-ақ кінәлімін, Жаныма жегі түсті-ау бір дегеннен.

Бір інге қуанышым үркіп кірді, Соны аңдып, жиі айналды бүркіт қырды. Кірпігім тіке жортып, қадалмайды, Мазасыз күз жауынын бүркіп тұрды... 1961 жыл

  • *

«Қарағым, күле білсең, күрсіне біл!» – Дей ме екен кей уақытта шіркін өмір?! Кей сәтте күз күніндей қоңыраям, Кей сәтте қанат бітіп сілкінем бір.

Келсе де орынына әр күнгі ісім, Жанымды түсінбейтін бар бір кісім. Мұңы бар, шаттығы бар бұл кеудемнің Сәулем, сен өзім дей бер алдыңғысын. Ал бірақ «Жасықтыққа қалар көніп», Демессің сәл мұңайған жанар көріп. Несі бар, салғаныңды көтерермін, Келдік қой дүниеге адам болып. 1962 жыл

ЕСЕНИННЕН

Жасыл өлке, шаттықтың сен елісің, Ар, намысым берілген өлең үшін. Жайлап үрле, жай соқшы, теңіз желі, Естимісің бұлбұлды, гүл іздеді? Естимісің, гүл нәзік сыбдырлайды, Үндеседі жүрекпен – сырды ұрлайды. Жайлап үрле, жай соқшы, теңіз желі, Естимісің бұлбұлды, гүл іздеді? Сәбисің сен, тап мұнда ешбір дау жоқ, Жаралғаным шындық қой мен де ақын боп. Жайлап үрле, жай соқшы, теңіз желі, Естимісің бұлбұлды, гүл іздеді? Гелия, сен, қымбаттым, кешір мені, Алуан гүлдер жолыма өсіп еді. Талай гүлдер майысар, білемін мен, Бірақ бірі күледі жүрегімен.

Кел, екеуміз күлейік шын жүректен, Осынау бір өлке үшін елжіреткен. Жайлап үрле, жай соқшы, теңіз желі, Естимісің бұлбұлды, гүл іздеді? Жасыл өлке, шаттықтың сен елісің, Мейлі, өмірім берілсін өлең үшін. Көлеңкеде бұтақтар тұрған төніп, Гелия үшін гүл құшты бұлбұл келіп. 1962 жыл

ТУҒАН ЖЕР

Көл, қуанып қарсы аласың, Жағаңа шат барсам күліп. Ерке самал, жай соғасың, Жанымды сәт тамсандырып.

Дархан дала, керілесің, Нәзік әнмен тосып алып. Сағым, неге елігесің, Қиялымды қосып алып?

Қоңыр төбе, күн қақтаған, Толқын-толқын қызыл құмдар. Топырағың қымбат маған, Кеудең толы қызығым бар.

Білсем де мен сан алыпты, Алдарында бас иетін; Артық болып жаралыпты О, туған жер, қасиетің! 1962 жыл

  • *

Қызыл гүл ұсынғанда Қысылдың әлденеге. Сол сәтте қысылдың ба, Ұялып әлде менен?!

Шығайық, жүгірейік, Қыр-кілем басына бір. Аз ғана кідірейік, Тағайын шашыңа гүл.

Отырсақ қиялданып, Үнсіз-ақ бір тілменен. Кеудеге сияр неғып Бұл жүрек лүпілдеген?!. Жай ғана сыбырла сен: «Ұмытып кетпеші», – деп. Құшайын: «Ғұмырда сен Көз жасың төкпеші», – деп. 1962 жыл

ҚАРАКӨЛ

Кір жуып, кіндік кескен Қаракөлім, Ерке өскен, еркін өскен балаң едім. Мен саған сезімімнің Атырауын, Қап тауын сағыныштың ала келдім. Мен сенің топырағыңда тәй басқанмын, Далаңда жұпар жұтып, гүл жастандым. Тарпаңды жуасытып, тайға мініп, Самалмен қырларыңнан бірге асқанмын. Сүйем мен жарқыраған күндізіңді, Айна көл, айлы аспан, жұлдызыңды. Тасытып сезімімді өлең қылып Сүйгенмін қарақат көз бір қызыңды. Татпадым жақсылықтан ненің дәмін, Жимадым тал бойыма ненің нәрін. Түсіндім, арманыма жолдар ашық, Түсіндім еркелетер елім барын.

Көзге ыстық, көңілге күй Қаракөлім, Ерке өскен, еркін өскен балаң едім. «Далаңа жыршы болсам, шіркін-ай!» деп, Тағы бір үлкен арман ала келдім. 1962 жыл

КҮЗ

Желменен ұйқы-тұйқы жағаласып, Қара бұлт үйір-үйір барады асып. Төсінен көтеріліп соңғы құсы, Көл жатыр жасты көзін әрең ашып.

Ал, сау бол, көл еркесі көлеңдеген, Мен бірақ саған еріп, елеңдемен. Кеудем – жаз, шалқар ойдың айдынына Өз құсым қонып жатыр өлең деген...

1962 жыл

  • *

Күндер, күндер, көп күндер, Із тастап алуан кеттіңдер.

Дауыл боп кейде ықтырып, Самал боп кейде өптіңдер.

Көңілді күндер, көп күндер, Мейірімін достың төктіңдер. Махаббат беріп жүрекке, Кеудеге гүлдер ектіңдер.

Күндер, күндер, көп күндер, Сауықпен зырлап өттіңдер. Балапанды құс қылып, Жасық ем, жалын еттіңдер.

Кеудемді сырға билеттің, Сүюді жырды үйреттің. Өзіңдей, күндер, жылдаммын, Өзіңдей, күндер, зерекпін. 1962 жыл

СЕНБІЛІК

Қуантқан жанның барлығын, Жанына күлкі ендіріп; Есінде жұрттың қалды күн, Ленин барған сенбілік.

Жымия тастап жан-жаққа, Мейірімді көздің қиығын. Қабағын шытпай әр уақыт, Ауырға тосты иығын.

Келер күн ұлы көсемнің Алдына үлкен тартты да ой; Тағдырын алып осы елдің Көтеріп келе жатты ғой. 1962 жыл

Толғандым бүгін мен, достарым, Бір ой кеп тербеді сан мені. Кәнеки, үлесім, қосқаным, Бакытқа правом бар ма еді?!

Үнемі сайрандап жүрмейін, Тыныш бақ, қызыл гүл уыстап.

Өмірім, бәрін де білейін, Сыр ұқтыр, шындықты дұрыстап.

Қиындық, алдымнан келе бер, Қайсар қыл ұшарда, түлерде. Еңбексіз рахат не берер, Қинала білмеген – қуана білер ме?!

  • *

Алуан сезім ойнақ салса кеудемде, Мұң мен шаттық сан ауысып бір демде; Еркелігім тентектікке ұласып, Ақылымды көлеңкелеп келген бе?! Мен де – өзіңнің кенже балаң, замана, Бірақ жасық, әлсізіңе санама. Мен де сенің ағыныңда келемін, Жолаушы емен жалғыз қалған жағада. Жан емеспін уайыммен жүдеген, Ұлың ем бір ойға қанат білеген. «Өлең деген үлкен дастан ішінде Болсам, – деп ем, – қарапайым бір өлең».

ТЕҢІЗ ЖЫРЛАРЫ

Мынау теңіз құмар қылған талай күн, Иықтасып ұмтылады толқындар. Өлең іздеп ілгеріге қараймын, Көк толқындар, көп толқындар, толқындар... «Кәрі» дейді жұрттың бәрі Каспийді, Түсінбедім бұл неліктен екенін. Естімей ме теңіз күйін – жас күйді, Дүниеде ұғынбаудан не тегін?! Толқындармен араласа жарысып, Бірте-бірте алып қашып барады ой. Кеттік білем жатырқамай табысып, Теңіз де – бір толқыны бар дала ғой.

ЖАСТЫҚ ЖЫРЫ

Қуаныш менде неткен көп, Ойларым қандай шексіз ең! Аспаным мөлдір, көкпеңбек, Қолымды созсам, жеткізем. Өмірім қандай жайдары, О, өмір, қандай сүйкімді ең! Сен үшін, бақыт аймағы, Ояуым мол да, ұйқым кем. Төсіңде сансыз гүлің бар, Самалдан шаттық еседі. Кеудемде толы жырым бар, «Бақыттың жыры» деседі. Адамзат қайғы көтеріп, Әлемді өрт шалмасын. Сәби – жетім, әке – өлік, Аналар жесір қалмасын! Атқанға тисін қорғасын, Адалға арам қосылмай. Болмайды соғыс, болмасын, Жастықтың жыры осындай! 1962 жыл

МЕНІҢ ЕЛІМ

Жарқырап көтерілген көгіне күн, Көрмеген қонақ болып жеріне мұң. Әр жанның көкірегін қуанышқа Толтырған, о, ғажайып менің елім!

Жаралдым қасиетті топырағыңнан, Сенен бір жырақ ойда отыра алман. Өзіңнен шыған шығып, бөлек кетсем, Жоқ менде қисық қиял, соқыр арман.

Жап-жарық бүгінімде ана айым да, Қол созып, көк жұлдызын алмайын ба?! Өйткені, мейірімі мол, о, туған ел, Жып-жылы алақаның маңдайымда.

Адамзат тыныштығы ескерерің, Жаныммен бар жақсыңды қош көремін. Кәдімгі Атыраудан тайыз болса, Өзіңдік сезімімді кешпе менің!

1962 жыл

  • *

Ауылымның сыртынан талай өттің, Қойыңды айдап, қырындай, жанай өттің. Ақ маңдайың жарқ етіп, қарай өттің, Қарай өтсең, қайырылмай қалай өттің?! Біздің ауыл жайлауы – Белқараған, Адам емен колхоздан ел қараған. Аға шопан – ауылдың ақ марқасы ең, Көмекші боп келгенде мен қаладан. Ауылыңның жайлауы – Белқараған, Елігім боп кездескен ен даладан. Мен де өзіңдей шопанмын, қайырыла кет, Кінә қойма келді деп мен қаладан. Тілін тапсам жөн болар кінәлаған, Қайдан білсін қыз сырын сұрамаған?! Шықпай жатып жайлауға қалсақ жалаң, Тез кетерсің деп қорқам бұл арадан.

Әзілқой қыз әдеті сүйдіретін, Жалын ерін жабысса күйдіретін. Жалға келген жан емен жалаңаяқ, Жаяу жүріп табанын тілдіретін. Дұрыс көрдім өзіңмен серттесуді, Көрерсің сен кетерім-кетпесімді. Көмекшің боп өтейін өмір бойы, Жүректер өгейсініп өтпесінші!

ТҮН

Ойхой, түн, маужыраған дала түні-ай! Жаныңды аясына алатыны-ай. Селдір бұлт орамалын желбіретіп, Көгінде серуендеп баратыр ай. Сал-самал соға түсіп, сәл тынады, Көл бетін көп суретке толтырады. Ұмтылған анасына сәбидей-ақ Балапан құрақтар да талпынады. Арбалып тыныштыққа, көз ілмедім, Кеудемді лық толтырып сезім менің. Үй жақтан күміс күлкі сыңғыр етті, Ақ сәулем, «Бұл кім?» десем, өзің бе едің?!. 1962 жыл

АНА

Арыңның ақ сүтімен асыраған, Келді ұлың, есенсің бе, асыл анам?! Кетемін құшағыңда сәби болып, Қалайша бұл сырымды жасыра алам?! Жанарың неге мұнша әлсіреген, Сүртші бір, немене өзі тамшы деген? Жарқ етіп кәрілікті шықсын айдап, Жанымның барлық отын алшы менен. Көктеген өз бағыңда бір шыбықпын, Мен қашан сен күлгенде күрсініппін? Күлуді Күн де сенен үйренген ғой, О, ана, әз анасы тіршіліктің! 1962 жыл

ТҰМАН

Бір тұман көктің жүзін бүркемелеп, Өсектей мазасыз дым тұр себелеп. Ай сұлу көрінбейді ұялғаннан, Бұлттарды тасаланып жүрсе керек. Аспанның күндіз Күндей шырағы бар, Ай күліп түн баласы шығары бар. Өкініш: Кейбір қуыс кеуделердің, Ашылмас өмір-бақи тұманы бар... 1962 жыл СОЛ ҚАЙҒЫ (Н...-ға) Көп жаздым махаббат жырларын, Ол саған арналған емес-ті. Тағы да жүректі тыңдадым, Кеудемде сезімдер егесті. Жүргенде басқаны армандап, Бір ойлар бір ойдан әрі ұшып. (Қызық-ау өзіңе таңданбақ), Қалыппыз сенімен табысып. Бұл жүрек сені ойлап тағы да, Сезбеді өзгені, ұмытты. Сіңген бір әдет пе қаныма? Бір демде сөндірді үмітті.

Көп жаздым қызға арнап өлеңді, Жазғам жоқ, о, сәулем, сен жайлы. «Жазбаспын, – деп едім, – мен енді», Тағы да жаздым ба – сол қайғы!

АРМАН

Көп ойлар зеңгір көкке көтеріліп, Ақ бұлтқа арманымды кетеді іліп. Мен соған қол созамын жер төсінен, Әйтеуір бұл кеудеде жетеді үміт.

Құштармын, құшпай, сірә, тыным алман, Мен бе екем оты сөніп, күлі қалған?! Сен мені тыныштықтан қызғанасың, Білемін мұрат жүгін, сұлу арман! 1962 жыл

  • *

Болмаған махаббатқа мен сеніппін, Шөлдеген құба талдай теңселіппін. Уа, өмір, отың да бар, күлің де бар, Қайғыға, қуанышқа мен серікпін. 1962 жыл

СЫР

Армысың, аяулы Сыр, көп аңсаған! Елінен Ақ Жайықтың сәлем саған! Кеудеде толқын ұрған қуаныш бар,

Ой қанатты-ау, әйтсе де, өлең шабан.

Айдынға Ай шомылған мұз қонған ба, Өкпелеп қатты ма екен күз болғанда?! Табиғат әлде Сырдың көп толқынын Жыр еткен ақындардан қызғанған ба?!

Ызғарын елемедім мен мұз, қардың, Жағаңа жаяулатып жалғыз бардым. Көріндің егізіндей Жайығымның, Өзіңді өзгелерден мен қызғандым. 1963 жыл

  • *

Достарым, кім жүрсе ісінбей, «Күйкі бір жан ғой» деп білмеңдер. Адамның жанына түсінбей, «Ол жігіт былай» деп күлмеңдер.

Көсемсіп, шешенсіп сөйлейтін, Кей жігіт жұрт алдын бермейді. Әрқашан «Сен» демей, «Мен» дейтін Кеудесін тек мақтан кернейді. Бар істі бір өзі тындырып, Қойғандай қоқиып, кекіген. Сезбейді өзінің күн көзі Көрініп тұрса да к...нен.

ТАУ

Сонау ұшар шалғайынан, Тау қарайды мұнартып. Мынау төмен баурайынан, Мен қараймын құмартып. Бұлтқа жүзін жасырып ап, Асқақтай ма-ау сол батыр?! Иығына асылып ап, Адам салған жол жатыр. 1963 жыл

АҒАҒА ХАТ

Қуана алып хатыңды, Отырған інің бар мұнда. Әкелген рахатымды Сәлеміңіз алдымда. Ойыммен онда жүз бардым, Сәлем Сізге, басқаға. Балаңнан сені қызғандым, Жайдары мінез жақсы аға. Ойыма алсам кей кез бір, Сыйласып жүрген аз күнді, Шаттанам-дағы беймезгіл, Жайланам сырмен мазмұнды. Көңілде жатыр ырзалық, Сезімге орап тастаған. Емес бұл құрғақ мырзалық, Шын сырым сізге, жақсы ағам. Айтарым сізге – амандық, Осынау парақ қағаздан. Көңіліңізді алаң қып, Тағы да сәлем Шабаздан! 1963 жыл О, ҚЫЗДАР... (әзіл) О, қыздар, күлмеңдер, Жүрегім жаралы. Біліңдер, білмеңдер, Асқынып барады.

Оңай ғой, әрине, «Бұл да бір жынды» деу. Ғашықпын бәріңе: Сендер – көп, мен – біреу! 1963 жыл

  • *

Жыршы құстар ән айтып, Сайрады үнмен не қилы.

Сыр да суын молайтып, Көктемнің лебі аңқыды.

Теректер бұйра кекілді, Әндетіп әзіл өлеңді; Күлдіріп жатқан секілді Шиыршық атқан өзенді.

Самалдың сөзі: «Жүр де-жүр», Шақырар қайда, біледі. Жетерде саған бұл көңіл Қанатын құстың іледі.

  • *

От тілді, орақ тісті қайран аға, Менен артық түсінер қайда бала?! Жымиып, әзіл айтар өзің жоқсың, Қалғандай болып жүрмін айдалада.

  • *

Әзілсіз адам адам ба – Қолы жүрер жағаңда. Әзілді адам әманда Керек-ау әрбір қоғамға.

  • *

Тереземді көктем-тамшы қаққанда, Жылғалармен сырғып сулар аққанда; Бар дүние бүршік жарып жатқанда, Тұрғанымды ұмытамын ақпанда. Көктем күні балбыраған далам-ай, Жан-жағыңа елтең-селтең қарамай; Омырауыңнан жұпар шашып әлемге, Жатырсың сен дүниеге ұл әкелген анадай.

БАЛЫҚШЫЛАР

Ақ желкенді жел үрлесе, Теңіз беті көбіктеніп; Аспан бұлттан көрінбесе, Түн-түнекке ерік беріп; Илеп жатса долы дауыл, Тау-толқынды қамыр қылып; Күркіреп күн, құйса жауын, Жай аспанды жалын қылып; Әрі итеріп-бері жығып, Батырардай кемелерді. Бұл табиғат нені ұғынып, Теңізге ашу неге берді? Мұндай қатал мектеп көрген Ел сенімін алып шығар. Көк теңізді ерттеп мінген Мықты халық – балықшылар.

КЕЛ, КЕПТІР!

Айдынның беті ақ көбік, Жинаған, сірә, кім қайдан? Толқынға толқын шап беріп, Басталып кетті бір майдан. Қақ айырды көкті бір, Найзағай шығып от өріп. Толқынды толқын соқты бір, Жамбасқа салып көтеріп. Ал мықты бол қайыққа, Ырқына желдің босатпа. Мейлің, дауыл, айықпа, Қаһарың, Каспий, осы-ақ па?! Мұқият ұста рульді, Моторға жүріс бер енді. Өріне қарап тұр енді, Нұсқаса теңіз тереңді. ...Ашу қалды жөнінде, Дауыл қайта соқпады. Бір сырыл бар демінде, Ұялып Каспий тоқтады. Завод та, әні, көрінді, Ой да шат, бой да сергек тұр. Теңізде тапқан терімді, Теңіздің желі, кел, кептір! ДАЛА ИЕСІ ТУРАЛЫ ЖЫР (Сақан Дәулетқалиевке)

Барады таңнан күн ығып, Оранды сәуле төңірек. Бұлтсыз аспан түңіліп, Керілді дала кеңірек. Хабарын таңмен бергізіп, Басталды, міне, жаңа күн, Қойларын баяу өргізіп, Иесі шықты даланың. Сұлудай дала назданып, Тартады жігіт жанарын. Сағымы сәнмен қозғалып, Самалы тербеп көгалын. Түсіне білген кісіге Даланың сыры әлі бар. Алуан адам ішінен Сырласы болған жан ұғар. Сәби Сақан кіндігін Осы ғой сонау кескен жер. Достармен ойнап күнбе-күн, Кей-кейде ренжіскен жер. Шапқылап, қозы қайырып, Анау қыр тайдан құлаған. Жігіттікке бой ұрып, Осында жары ұнаған.

Арманы кейде жатса алыс, Ұмтылған жігіт көнбей бір. Әр бұтасы тап-таныс, Еңбегі жанған жер ғой бұл. Ел ағасы хат жазып, Осыннан алған хабарын. Бүкіл елі шаттанып, Думаны болған даланың. Мол ғой еңбек зейнеті – Кетеді шаршауды ұмытып. Төсінде көсем бейнесі Жүреді жанын жылытып. Дарқан дала, кең мекен, Еркін шалқып көсілген. Ер бақыты сенде екен Елі аялап өсірген. Оралады өрістен Күнді ұяға қондырып. Бақытпен күнде көріскен Дала иесі – сол жігіт.

ЖАС АҚЫНДАРҒА

Қырандай жаңа ұшқан талабыңды, Өлеңге таңба салған танабыңды; Сәт сапар тілеп саған құттықтадым, Жас ақын, жаңа басқан қадамыңды. Өлеңге сен келесің аласұрып, Сыймастай шабытың бар шын асығып. Амал не, өтпей жатып жылдар, айлар, Қаласың су сепкендей құр басылып. Жетпей-ақ өр өкпесі талап пісіп, Болмай-ақ жолына өлең қалам түсіп. Әттең, сен кетесің-ау, кетесің-ау, Талапты кем қылатын арақты ішіп.

ОТАН

Отан, Отан! Қандай ыстық ұлы есім?! Өзің мәңгі жүрегімде жүресің. Бір пайдаңа мен де сенің жарасам, Емес пе сол менің қосқан үлесім?! Берші маған ең ауырын бір істің, Келе берер бір ісіңе кіріскім. Әрқашанда, Отан-ана, сөзім сол: Әр ісіңе болаттаймын, құрышпын.

АҚ ЖАЙЫҚҚА

Тусам да Сыр бойының шағылында, Жырым жүр толқынында, ағынында. Ақ Жайық, өзің бердің Сырдай болып, Шабытым, өлең-жырдың арынын да. Жар сүзіп, көбік шашып, мың толқыдың, Сол сәтте елестеттің Сыр толқынын. Жүрегім – бір арнасы, саған арна, Құямын сол арнамен жыр ағынын. Ақ Жайық – толқып аққан Сырым менің, Ақ Жайық – таусылмайтын жырым менің. Ақ Жайық, Сырға балап жырлай берер Бүгінгі күн Сыр ұлы – ұлың сенің.

АНА КҮНІ

Мерекең құтты болсын, ана, күнің! Теремін сый етіп мен дала гүлін. Күніңе болсыншы өлең ескерткішім, Тізіпті жыр моншағын балаң бүгін.

Жойылып тағы заман өктемдігі, Өзіңсің бұл заманның өскен гүлі. Жеткізген сол теңдікке сені бақыт, Мерекең 8 март – көктем күні.

  • *

Жолдар алуан талайды таныстырған, Жолдар тарам талайды алыс қылған. Жол түбіне жетпесін білсе-дағы, Бұл жолмен талай өмір жарыс қылған.

Дей алман «Алыс жолды еңсеріппін», Мен кейде солқылдаппын, теңселіппін. Өмірдің суығы бар, тұнығы бар, Реніш, қуанышқа тең серікпін.

О, достар, «Қайғың не?» деп кіналама, Түседі көп арманмен жыл араға. Адам – адам, Сондықтан, айтыңдаршы, Тек қана қуанышпен тұра ала ма?!

Жүресің алуан жаққа алаң болып, Көп ойлар сан қияға қалар қонып. Жолдардың әр тарамы жат емес қой, Келген соң дүниеге адам болып.

Мен де келем сол жолмен жарыс құрып, Әр тарамын жүрекке таныс қылып. Ойларым тұр әр жақтан қылаң беріп, Арманым жүр жақсыны алыс қылып.

  • *

Көп таптым, мен достарды көп іздедім, «Әйтеуір жүрген жан ғой» дегізбедім. Кей мезгіл досқа деген сезімімнен Тайыз боп кететін-ді теңіз менің.

Әр жаққа асау жылдар алып қашып, Кеттіңдер, отты армандар, толып-тасып. Сендермен сырға толған, жырға толған Кең сарай кеудемдегі қалыпты ашық. Қызық күн, сиреп кеттің, бір-бірледің, Күй-кеудем күмбірлемей, міңгірледің. О, достар, сендерменен өткізген күн Көзімнен ұшып жүр ғой бұл-бұл менің.

ҚҰРБЫМА

Аралап саябақты ұзап барып, Жасырын бөгде көзден жырақ қалып; О, құрбым, есіңе алшы кештерді сен Қайтатын айлы түнде сыр ақтарып.

Сен тұрсаң күн көзіндей күле шығып, Қайтушы ем көңіліме гүл өсіріп. Қабағың тұнжыраса, үндемеуші ем, Қалғандай жүрек сөзі түгесіліп.

Өмірдің бірге ойладық қиялдарын, Бір тарттық болашақтың күй-арманын. Аяулым, бір өзіңе жүрегімнен Махаббат – ұмытпастай сый арнадым.

  • * (...-ға)

Таныс едің өзің маған сыралғы, Жауап берші, қиын сұрақ сұралды. Жүрек гүлі солмайтұғын махаббат, Өзіңдегі бар ма, жоқ па, кім алды?!

  • *

Болсам Гейне, не Пушкин, Я Лермонтов, не Гете. Сөз асылын жазар ем, Тау суындай селдете.

Мені де құндағына бөлепті өлең, Қырандай қанат алған түлеп келем. Өлеңнің сахарасы – айдынында Бұрын мен жыр-сұлудан гүл екпеп ем. Жіберер мені кейде ой лақтырып, Қолыма қалам беріп, ойлаттырып. Меруеттей тұнық жолды өлеңдерді Жазғандай секілденіп бойлап тұрып.

ЖАЙЫҚ

Жатыр толқып Ақ Жайық, Сұлу көктем түнінде. Мен құрбыма сыр жайып, Тұрмын терек түбінде. Ызыңдап жел жай ғана, Ұрлап сырды қашады. Ақ қайың тұр жайқала, Сырласыңдай қашанғы.

ӨМІРГЕ

Ұлы өмір, маған берсең жыл, ғасырды, Білмеген кімдер, айтшы, сыйға сыйды?! Өзіңе мен де берем бойымдағы, Өлеңім – бар асылым, қимасымды.

ӨЛЕҢ

Көргем жоқ өлеңде мен асу алып, Көргем жоқ өлеңде мен тасып ағып. Өлеңнің дүниесіне жаңа келдім, Басылмас ар өкпесі ашу алып. Демесе оқыған жұрт: «Сүрең болып, Тұр екен өлеңдері бір өң болып». Әрқашан шық суындай мөлдірлігі Тұрса екен қасиетке кілең толып.

АЛАТАУ

Алатау, мәңгі тұрсың мұз көтеріп, Өзіңдей үлкендігі бұлт көтеріп. Не деген алып күшсің, кереметсің, Көрмейсің шаршап, сірә, бір жөтеліп.

Қарауыл шың басыңа ұзақ тұрып, Қалғандай ай шеңберлі бұлақ тұнып. Алатау, ғажапсың-ау, ғажапсың-ау, Сезімді алып қаштың ұзаттырып.

Алатау, түрлі-түсті гүл бетіңді, Өткізген қыздарменен бірге түнді. Салар ем ақын болсам өлеңменен Сұлу ғып көркіңді, әсем суретіңді.

  • *

Осы бір қақпа сүйкімді неткен! (Түсімде осы үйге еніп жүрмін). Сүйсіну маған әдет боп кеткен, Күлімдей беріп, сүйгенім менің.

«Сүйгенім» деймін, бар ма еді хақым? Кездескен жоқ ол маған тіл қатып. Сырласар ем мен, келмейді жақын,

«Сүйгенім» деймін танымай жатып. Сүйгенім менің, салдың не күйге, Өзгенің саған қалғаны ма ұнап?! Сүйген ем сені, Әттең, бір дүние, Сүйіктің сенің бола алмадым бірақ.

КҮЗГІ КЕШТЕ

Самарқау жай айналды бүркіт қырды, Ініне соңғы суыр үркіп кірді. Қоштасқан жаз күнінің көз жасындай Ұсақтап күз жауынын бүркіп тұрды. Төбелер көз тартпайды қоңырайып, Қабағын ашпайды аспан тымырайып. Сіресіп қаптай берді кешкіғұрым Сұр бұлт қара күзге тым лайық. Бұл бірақ ықтырмайды қойлы ауылды, (Бұндағы көрген жандар сан ауырды). Төбеден ағай қоймен бермен асты, Жеңешем демдеп жатыр самауырды...

АДАМДАР

Адамдар, қатарда келеміз, Арманның ақ туын көтеріп. Өзара ыстықпыз неге біз, Неге ыстық біздегі от-ерік? Адамды қойды екен не теліп, Күлсеңдер, күлкім бар ұсынар. Қиналсаң біреуің жөтеліп, Мен өзім аурудай қысылам. Өмірде бар шығар сан ғашық, Сен барсың, бауырың бар, анаң бар. Адамдық жүрекпен жалғасып, Өтеміз екен ғой, Адамдар! 1963 жыл

МЕН ЖОЛДА КЕЛЕМІН

Әсте бір көңілім толмайды, Өзгеге, өзіме. Бұл күндер сылбырды күтпейді, Өтеді тізіле. Білемін – алыста аңсарым, Алыста, бұл неге? Күтпеймін сондықтан таңсәрін, Жүремін түнде де. Атады назданып таң күліп, Тал желпіп желегін. Адамның жолы ұзақ – мәңгілік, Мен жолда келемін.

ДОСТАР

Достарым, білемін ғой қадіріңді, Қуантпас жақсы достың бары кімді. Сендерсіз әншімін мен даусы кеткен, Жоғалтқан соқырмын мен жарығымды. Домбыра – сендер де, мен – тиек едім, Өздерің жүрегіме ие менің. Көңіліме күй бердіңдер, сый бердіңдер, Болдыңдар сүйерім де, сүйенерім. Әрқашан осылайша жанды ұғыңдар, Менен бір жылт көрсеңдер – жандырыңдар. «Сел» деп те, «нөсер» деп те айта алмаймын, Кеудемде әйтеуір ақ жаңбырым бар!..

БАҚЫТ

Бақытқа жол біреу-ақ па, көп пе әлде, Түсіндірші, бақытыңның өзі не? Бақыт деген бар нәрсе ме, жоқ па әлде, Көрдіңдер ме тура қарап көзіне? Келе ме өзі, іздейсің бе түн қатып, Сол бақытың тұрақты ма, кезбе ме? Жете ме осы бір кісіге бір бақыт, Бақытыңнан ауыса ма өзгеге? Бақыт іздеп жолға шығып көрдің бе, Иесінен бақыт бар ма адасқан? Сен оларды қайтарысып бердің бе, Жақсылығыңды айта ма жұрт жанасқан? Бұта-бытқыл әуре қылып күнімен, Бір кез сайрап жол шығады-ау жатыққа. Өмір деген бар қуаныш, мұңымен, Осы біздер көп айтатын бақыт па?!

СЫР

Достарым әр кез көп-тұғын, Арманға қанат қақтырған. Қастарым менің жоқ-тұғын, Ізіме тас лақтырған. Жүзі жылы адамға Жанымнан ұшар алғыс бар. Шайпау тілді жаманға Қалқаным бар алға ұстар. Қылыққа орай кез келген Әзілім бар ғой ашылар. Сырымды білмес өзгеден Ашуым болса жасырар. Бір кірбің кірсе кеудеге, Күрсіне, жүдеп қаласың. Ал бірақ «жаман» деуге де Қимаймын адам баласын.

ЖАН АНА

Сағынды қара тентегің, Жаз құшағың жай, ана! Өзіңе ғана еркемін, Өзің тек мені аяла. Дүниеге мені әкеліп, Жарық берген анашым. Не керек болса мәпелеп, Тауып берген анашым. Жанарымда жарық күн – Жалын берген жан ана. Бойымдағы жақсының Бәрін берген жан ана! Жөні жоқ қой босаудың Өзіңе және маған да. Көзіңе неге жас алдың, Ауыл-ел тегіс аман ба? Сағынды қара тентегің, Жаз құшағың жай, ана! Өзіңе ғана еркемін, Тағы да, тағы аяла!

МАЙ КҮНІ

Үнінде бақыт сәбидің, Жүзінде бақыт ананың. Төрінде күлкі әр үйдің, Бәрінде думан қаланың.

Аспанға самғап кетердей, Алқызыл тулар көлбеген. Тасқынын жұттың көтермей, Қайысады жер деген.

Келеді ғажап гүл алып, Келеді бауыр, көп таныс. Көңілдерде тұр алып, Отанға деген мақтаныш.

Осынау ғажап салтанат, Қуаныш жанға құяды. Еліңе үлкен махаббат Жүрекке қайтіп сыяды?!

Көгершін көкте қалықтап, Біресе қолға жүр қонып. Шаттықтың үні шарықтап, Кеудеден ұшты жыр болып...

  • *

Өтіпті қате басымнан Өз жасымда көптеген. Шынымды, достар, жасырман, Кейде өзімді жек көрем.

Сүрмеймін өмір текке мен, Алысты, я жақынды. «Ақтасам алда, – деп келем, – Адам деген атымды».

ҚАТТЫКӨЛІМ

Кеседей төңкеріліп жатты белің, Қасыңа келгенімде, Қаттыкөлім. Көмкеріп қалың құрақ, қошемет қып, «Кел, түс» деп мөлдіреді тәтті көлің.

Үн қатып аққу сұлу сыңқылдаған, Төсіңді толқын сүйіп, сылқылдаған. Төрінде көлдің әсем еркеледім, Ол маған – аймалаған сықылды анам.

Қамқорлап, Отан-әке, сенде өстім, Самалға қырға шығып, құлақ тостым. Жыр ұғып сылдырынан құрағыңның, Жүрекке толқыныңнан толқын қостым.

Сүйемін Қаттыкөлді – туған өлкем, Елімнің бір бөлігі мұнда көркем. Сұлу қыз, батыр жігіт еңбектегі – Қаттыкөл, түлектерің – сенің еркең!

  • *

Қателер өтіпті ғой Осынша аз жасымда. Тентектік өтіпті ғой Бұзықтық болмаса да.

Арманым алдымдағы Есімде көп екен ғой. «Жырларым жадымдағы Еліме» деп өтем ғой.

Достарым, көңіліме Қарама, қатем болса. О да бір өміріме Дос емес, бөтен болса.

Мезгілсіз түсіндім мен,

Тістедім бармағымды. Өзімнен ысырдым мен, Танымай арманымды.

  • *

Аяулы Сырдың бойына Қыз іздеп келген жоқ едім. Орнадың, қалқам, ойыма, Бұрын да «Таптым» деп едім.

«Аға» деп, қолың ұсындың, Кірпігің неге дір етті? Өзің де, мен де қысылдым, Тулаттың асау жүректі.

Осыншама жаныңнан Тез кетемін демеп ем. Ажыратты-ау барымнан, Жолдар сансыз не деген!

Көз нұрыңнан нәр алғам, Жүректе кетті гүл өсіп. Бір кеудеде сан арман, Кім жетпек екен түгесіп?!

Алыстан келген ағаңның, Қайтқаны алып олжа-мұң. Арманы көп қой адамның, Біреуі болып қал, жаным!

УКРАИНА ОРМАНЫ

Жатыр теңіз, жасыл теңіз – ну орман, Жер-ананы сұлулықпен суарған. Аялайды орман гүлін сал-самал, Селт етеді ол да түбір қуарған.

Дір етеді жүрегі де адамның, Тал бойыңды бір сәт билеп алар мұң. Өткен күнді ой елегі өткізіп, Келер күнге, өздеріңдей алаңмын.

Сонау жылдар бұл орманды өрт шалған, Ақ қайыңның кеудесінде оқ қалған. Осы орманда талай өмір теңселген,

Осы орманда талай өмір жоқ болған.

Желбіреген мынау жасыл ормандар – Орман емес, үзілмеген армандар. Ұққан жанға көп сыр айтып тұрады Туған жердің орманы боп қалғандар.

  • *

Тағдыр қатал, қатал едің дегенмен, Тірі болсаң, сен алпысқа келер ең. Шашу шашып жатпас па еді бүгінде Жалғыз жарың, балаларың, немерең. Батып сонау тұңғиыққа жатырсың, Құлап кетіп Өмір деген кемеден.

Кеттің солай қара жерге шым батып, Ақ бейітің міз бақпайды, тұр қатып. Ең болмаса назыңды да айтпадың, Бұл дүниеден өтеріңде тіл қатып.

Айтпағаның – бәлкім, маған сенгенің, Мүмкін, өлім төнгенін де білмедің. «Артымда қап, жоқтап жүргін» дедің бе, Әйтеуір мен тірі қалдым, өлмедім.

Ей, Еркін-ай, қандай еді талғамың! Жақын қылып алысты, туыс етіп алғаның. Тұлға тұтып өзімді, Бір ауыр сөзге бармадың...

  • *

Кездерімде «Ақ марал» деп ән салған, Өзің едің ақ шуақ боп қарсы алған. Жарастықты көре алмаған адамдар, Ашқарақ көз қараушы еді тамсанған.

Жақсылықты жасадым-ау қасыма, У салғысы келгенге де асыма. Жылан болып кіргенде де үйіме, Ақ құйып-ақ шығарғанмын басына.

Олар да енген қара жердің қойнына, Бір нәрсе бар қозғау салар ойлыға: Жатқан шығар қара ниет оралып,

Қара шұбар жылан болып қойнына.

  • *

Өкініштерің өрт болып, Кеуделеріңде қалды-ау. Көрмегендерің көп болып, Арттарыңда қалды-ау.

Ғашықтың күйі тындырмай, Ғарышқа сені аттатты-ау. Құрдымы күшті құрғырдай, Соңыңнан сені жоқтатты-ау.

Тойларың да болған жоқ, Ойларың да солған жоқ. Қызықтарыңды көрсетпей, Өтіп кетті дүние боқ. Жарқ ете түскен жасындай, Тағдырларың қосылмай. Бір гүлдерің ашылмай, Өмірден өттің осылай. 1995 жыл

ТЕМІРХАН ТУРАЛЫ СӨЗ

Жақсылыққа кейуанадай еміренген, Жамандыққа абыздай боп күңіренген Әз Темірхан келіп қапты елуге, Атыраудай толқып-толқып, тебіренген. Көздің жасын өлеңімен тыятын, Аңызақта теңіз болып құятын. Өр Темірхан келіп қапты елуге, Аппақ әлем жанарына сыятын. Сарыарқаның самалындай аңқылдап, Маңғыстаудың қыранындай саңқылдап; Өр Темірхан келіп қапты елуге, Зеңгір көкте найзағайдай саңқылдап. Жауыздықтың сындыратын қанатын, Тоғышардың алқымынан алатын Ер Темірхан келіп қапты елуге, Келер күнге халқымен бір баратын. Қысылғанды қолтығынан демейтін, Құзғындарша өлексені жемейтін; Жүрегінде сәулесі бар пенденің Көкжиегін жіберетін кеңейтіп.

Ұятсыздар үшін өзі арланып, Жетесіздер үшін өзі қорланып; Ар-Темірхан жүреді ылғи қиналып, Орта түссе адамдықтың, адалдықтың арманы.

Жер бетінде жүйткитіндей бір-ақ күн, Тізгінін бір тартпайды ақын пырақтың. Сергек түгіл марғауларды серпілтіп, Дүбірімен оятады құйма болат тұяқтың.

Тілегім бұл ақын інім, досыма, Тіршіліктің күйбеңіне, кірбіңіне жасымай; Жыр-Темірхан елу түгіл тоқсанда Жырлай берсін, заулай берсін осылай! 1995 жыл

  • *

Інім ғой, жақсы көрген Мерген еді, Көп болды сол жігітті көрмегелі. Жаныма батып кетті, не қылайын, Арнайы сәлем беріп келмегені. 1999 жыл

  • *

Күндерге қалған шалғайда, Шарықтап ойың бармай ма?! Жастықтың жалын жылдарын Шақырып алар әл қайда?!

Жастықтың жалын жылдарын Жүрегің әлі толғай ма?! Сағым боп кеткен достардың Орны әлі толмай ма?!

  • *

Аллаға мына неғылдым? Алау от боп жағылдым. Жүрегім сыймай кеудеме, Ақ Еркінді сағындым.

Ақ марал болған жаным-ай, Өсек-өтірік дарымай. Адамдарды аяймын, Сезімге жүрген жарымай.

Жүрегім менің өртеніп, Бұлдырлау болып ертеңім, Түсіме еніп жүресің, Қасыңа барып мен сенің.

Қайғы басып еңсені, Ұмытып жұмыс, кеңсені. Аппақ жарым Еркін-ай, Сағынып жүрмін мен сені! 1999 жыл

  • *

Мен ездерді әуелден тапшы көрдім, Ел емес, өзін ойлар басшы көрдім. Ойлайтын ердің қамын, елдің қамын Мен осы Ләззатты жақсы көрдім.

Жақсы көрдім мінезін, адамдығын, Жақсы көрдім адамға адалдығын. Мен айтпасам, осыны кім айтады?! Шындық үшін жаралдым, жаралды үнім.

Адамдар бар қамшысын өре алмаған, Керек кезде шылбырын бере алмаған. Екіжүзді аярдан не күтесің, Жақсы жанға жақсы боп ере алмаған?!

Биік ұстап келеді кісілігін, Үлкендігін және де кішілігін. Көп тындырып, көпірмей келеді ылғи, Ұрпаққа үлгі болар ісі мұның. 2002 жыл

  • *

Ажал атты сұрмерген, Атып алды барғанды. Аялы сіздің алақан Араша оған болмайды.

Бауырыңнан ұшқан балапан Енді ұяңа қонбайды. Бауыр етінен айырылған – Ата-анаға сол қайғы. Қайта оралмас ұяға Ұшып кеткен қияға. Үкілеп жүрген ақ гүлін Өлімге адам қия ма?! Қимайды, тіпті қимайды, Өзінің жанын қинайды. Тыпырлап жатқан жүрегің Кең кеудеңе сыймайды. Сыймайды жүрек кеудеге, Қайғырды қалың ел неге?! Жерлесең де перзентті, Үмітіңді жерлеме! Шүкірлік қылып, сабыр ет, Осы лайық пендеге. Бәріміз түбі кетеміз, Тұрған жоқпыз көрмеде. 2002 жыл

АҚ ЖАЙЫҚ

Лепірмейсің, аптықпайсың толқыныңды сапырып, Жай ағасың, жарқылдайсың жүзің күлкі шақырып. Күлімдейді күн сәулесі әзілдесіп өзіңмен, Дірілдейді мөлдіріңе нәзік саусақ батырып. Жағаңа тек келе бергім, келе бергім келеді, Толқыныңа жай ілесіп, ере бергім келеді. Айдыныңнан – аппағыңнан бір жылылық сезем де, Әр уақыт көре бергім, көре бергім келеді. Жағаңа кеп, ұйқылы-ояу текке бекер тұрмаймын, Сыңғырыңды, нәзік сырлы өз үніңді тыңдаймын. «Жан сырыма жақын болшы, жүрегімде тұрмай мұң, Ақ Жайықша сұлу бол» деп сезімімді шыңдаймын.

Қандай ұлық, қандай ақын саған құшақ жаймады, Ерке самал, сылаң қайың – қылығыңа сай бәрі. Қарап тұрсам бар патшалық өз бойыңда, Ақ Жайық, Мейірбансың туған елдей, шат өмірдей жайдары.

  • *

Кездер өткен әлеуетті, айбынды, Жұмақ күнге айналдырар жай күнді. Бұрынғыдай кәрі жүрек шыдамас, Перзенттерім, арқалатпа қайғыңды!

  • *

Елу тоғыз жасында өлген Абай, Қайғысыз болса егер елге қалай. Қайран жұрты, қазағы зәбір беріп, Қорлық көрген данышпан елден талай.

Сонда да ол халқынан жерімеген, Бірге болған надандау еліменен. Ақылдының аясын тот баспайды, Бәрін білген, бәріне берілмеген.

Тап сол жасқа, жігіттер, мен келіппін, Шындықты әзілменен өңгеріппін. Сайком, Шора, танысып кісілікпен, Екеуіңді өмірде тең көріппін.

Қайран достар, бәріңді жақсы көрем, Танимын кеңшілікті тап шынымен. Аралары алты елі ажырамай, Құттықтап келген мені аяп бүгін.

  • *

Кеткен ғой өтіп дүниеден мынау сан алып, Азғантай ғана кебін матаны оранып. Артында қалған қызыл да-жасыл дүние, Күтпеңдер оны «Келер, – деп, – қайта оралып».

Күткенмен де, келе алмас енді қайырылып, Қалдыңыздар ғой мәңгі-бақи айырылып.

Денесі жерде, жүрген шығар жаны ұшып, Жалына қол тигізбейтін сәйгүлік...

  • *

Жерді «Ана» деп әуелден халық айтқан, Сырына Жер-Ананың қанып айтқан. Жерде жүріп қуанар бақыт тапқан, Жерде жүріп мұңаяр бағы қайтқан.

  • *

Тауды сүйген адамның ары биік, Көлді сүйген адамның жаны тұнық. Өзіңді «Адаммын» деп сезінуге, Табаның туған жерге тұрсын тиіп.

  • *

Сан жылдар артта қалыпты, Талай күн зулап өтіпті. Самайды қырау шалыпты, Уақыт белгісін тастап кетіпті.

Уақыт ағып жұлдыздай, Самайды қырау шалыпты. Мойыныңды бұрғызбай, Алпыс та келіп қалыпты.

Өсектен қамшы өрмедің, Ғайбат сөзге ермедің. Алмағайып күндерде Ашуға тізгін бермедің.

Ауырлық басып еңсені, Кеткенде пенде теңселіп. Достық деген – қорған ғой, Қорғаштай алсам мен сені... Кім еске алмас жастықты?! Алаулы күндер өткіздік. Он сегіздегі достықты Алпысқа аман жеткіздік. Тентектеу болған кезде де, Жазғырып көрген жерің жоқ. Сабырлы, сырлы сөздерден Айырылып көрген жерің жоқ. Ақ арманың алпыста, Айға қадам басқандай. Айтар сөзің әр тұста, Тайға таңба басқандай... Жолдасың емес ептілік, Көлгірсу және кектілік. Дүниеде бар болса, Осындай болар тектілік! ...Шарқ ұрып ұшқан шағала, Айналаң – ұл-қыз, балалар. Бауырлар, іні, аға да, Өзіңді келіп паналар.

Қонса да шашқа қар қалың, Сүйікті әке, жар болып; Қолыңда Ардың ақ туы, Дүниеде жүрші бар болып!

  • *

Қайғылы күні дүниеге келген қарағым, Сол күні мен жылауға ғана жарадым. Әзір едім ғой жер астына түсуге, Тығыны болып жүрегіме түскен жараның.

Қаралы күні дүниеге келген қарағым, Жер астында қалып бүгін бар әлім. Асылымды мен өз қолымнан көміп ем, Қолымнан түсіп барлық қызық, жарағым.

  • *

Жесір ана, жетім бала қандай-ды, Желге тосқан, күнге тосқан маңдайды. Жақсылыққа жаны жақын адамдар Жамандыққа еш уақытта бармайды.

Қысқа жібім келмесе де күрмеуге, Болмаушы еді оны көзге ілмеуге.

Егіздің біз сыңарындай, дос көңіл Қос жүректің мекені еді бір кезде.

  • *

Алланың пәрменіне таң қаласың, Жаныма жақын көрдім жан баласын. Жақсы көріп сипасаң маңдайынан, Өз балаң боп шығар-ау ел баласы.

  • *

Бүліндің де жыладың, Тас боп бітті құлағың. Менен жақсы таппассың, Қайда барсаң, шырағым!

  • *

Жалғыздың жары – Құдай-ды. Көптер ме? Көптер... былай-ды. Өмірдің ызғар кәріне Жалғыздар ғана шыдайды.

  • *

Адам боп атқа мінгесін, Кісілікті ту көтер. Бекітпесең іргесін, Бақыт келіп, бір кетер.

Жамандық өтсе қасымнан, Көңілім талай күйреген. Жүрегім айнып ласынан, Бүгінге дейін жиренем.

Адалдық пен арамдық Қатар жасап келіскен. Бәрін көрген көзімен, Шіркін, пенде, не десем!?

  • *

Тілегім менің бір ұдай – Иман бергей бір Құдай! Жақсының аты жайылар, Мұнай аттырған бұрғыдай.

Жайылар менің атағым, Орайы келіп батаның. Жақсылық шығар алдымнан, Әруағы қолдап Атаның...

Осы үйім – менің лашығым, Осы үйден ұшқан асылым. Осы үйге дәмін әзірлеп, Өткізген өз ғасырын.

  • *

Уа, дүние-ай, қызығыңа тоймап едім, Тең құрбымен армансыз ойнап едім. Ау, адамдар, мен қайтейін, Арам шөпті өзімше жоймап едім...

ҰЗАҚБАЙ – 70

Аппақ жан аппақ сезімдей, Адалдықтың көзіндей. Жетпіске келер азамат Таза келсін өзіңдей. Бақыт тілеп баршаға, Игілік еттің қаншама! Жетпіс түгіл, тоқсанда Жақсылықтан шаршама! Қызыққа пенде тоймаған, Қай жасын да тойлаған. Шауып қалған тарланбыз, Ойқастауын қоймаған. Барлық досқа қажетсің, Қиындықта өжетсің. Қуанышта биязы, Мінезіңе не жетсін! Жақсысын достың жинадың, Жамандыққа қимадың. Көзіңде жанып тұрады Адалдық атты иманың. Болдың достың мерейі, Болдың қастың үрейі. Аузың ашсаң болғаны – Көрініп тұрған көмейі. Жылдарың жеткей ұзаққа, Жетпіске келген Ұзақбай! Енді отыз жыл немене, Жүзге жеткін ұзатпай!

Самарқауға жай тастап, Сергектерге ой тастап; Жетпіс деген немене, Жүзге де жет ойқастап!

  • *

Ақтан болды еңбегім, Қара құшаққа енбедім. Ардақтайтын шығар-ау Адалдығымды ел менің.

Таттым дүние кермегін, Аз қиындық көрмедім. Алысып келем араммен, Жақсыны жауға бермедім.

  • *

Аяладық гүлдерді үлпілдеген, Ақ алмас ек кесерде іркілмеген. Заман озып, әл тозып, Осы күні Шал болып келеміз-ау күркілдеген.

  • *

Көп сырлар кетер ішінде Дүниеден өткен пенденің. Дым білмеген пішінде Өмірдің тоқып өрнегін, Қызықтап дүние ермегін.

Біраз жасқа келсек те, Біткен істер шамалы. Ой маржанын терсек те, Ажал іздеп табады, Біздерсіз өмір ағады.

Ағады өмір-өзендер, Асығып алға барады. Артында қалып кезеңдер, Жандары ұшып барады, Тәндері жерде қалады.

  • *

Ей, жамағат, бәрің де ақылдысың, Алыстарым және де жақын кісім. Есеп берші алдында ақ арыңның, Ең әуелі өзіңе мақұлмысың?

Айтшы әуелі, Өзіңе ырзасың ба? Тек қана құрғақ сөзге мырзасың ба? Ауыса ма біреуге игілігің, Жақсылығың қала ма бір басыңда?

Сен оны «Жақсылық» деп білесің бе? Иінің бүтін, тамақ тоқ, күлесің де. Жүйрік мініп, әркімге иттік қылып, «Өзгеден артықпын» деп жүресің де...

  • *

Күлімдеп таң атады, Тұнжырап күн батады. Айтып-айтпай не керек – Өмірім өтіп жатады.

  • *

Мен өзімді сезінем өмір бойы Тұрғандай ар-намыстың күзетінде. Жолбарысы секілді нар қамыстың Елемейтін көлгірдің ізетін де.

Ажал-мерген алғанша қарауылға, Ісі жоқ жақсылардың алауында. Көп пенделер бейғам боп жүре берер, Арқасын тоспайды олар бар ауырға.

  • *

Тентек едім, тентек едім мен өзім де, От жатқан, өлең жатқан көкірегімде. Аттыға жол, жаяуға сыр бермегем, Кезексіз де, әрине, кезегімде.

«Есті тентек» дегенге есірмедім, Ақ Жайықтай – ақ толқын есілмедім. Ессіздерді тайраңдап, теріс жүрген «Бастық-ау» деп ешқашан кешірмедім.

Жаныма ақау түссе – көсілмедім, Ақ жібектей сусылдап шешілмедім. Жалпы жұртқа сыр айтып жарымадым, Өз есімде қалады есімдегім.

Арамдыққа ар кешіп бара алмадым, Арсыздардан есемді ала алмадым. Ала жіпті аттамай жүріп келем, Өмірімде жолдас боп ақ арманым.

Өрлігімді біледі бар айналам, Мәрттігімді біледі маңайлаған. Қара ниет жандарды бірден сезем, Өзі түсіп тұрады шарайнама.

Алты қырдан танимын жалғандықты, Толмай жүріп көпіршіп, толғандықты. Адал жүріп, зұлымды еңсерем деп, Болады-ау, шіркін, ғазиз жүрек дертті.

  • *

Оның қара жүрегінде Жамандық бар жүз батпан. Оның қара жүрегінде Шілде айында мұз қатқан.

  • *

Жүреді ылғи мұздай сауыт құрсанып, Сенің ауа жұтқаныңды көре алмай. Кете берер адамдықтың маңдайына бір салып, Осындайлар арада жүр, о, Алла-ай!

  • *

Өмір берген бақытқа, Мас күнімді сағындым. Айырбастамас жақұтқа, Жас күнімді сағындым.

Басылмай қалған қырларым, Терілмей қалған гүлдерім, Айтылмай қалған сырларым, Жанымды қинап жүр менің.

Жазылмай қалған жырларым, Желге ұшқан алау-ойларым, Зымырап өткен жылдарым, Өзімсіз өткен тойларым.

Кешілмей қалған көк шалғын, Орындалмаған көп арман. Батасын алған көп шалдың, Өзім де шал боп оралғам.

Тартылмай қалған көп күйім, Шырқалмай қалған әндерім. Шешілмей қалған көп түйін, Алдымда әлі бар ма едің?!

  • *

Ноқтаға мойын ұсынып, сілкіне алмай,

Бір тамшы езуіңде күлкі қалмай; «Өмірде не бітірдім?» деп ойларсың, Кетерде бұл дүниеден бір күні, Алла-ай!

  • *

Көлеңке болмас торғайда, Не түрлі ниет адамда: Жақсының қолы – маңдайда, Жаманның қолы – жағаңда.

  • *

Амансың ба! Шабаз деген шал ағаң, Өзің жаққа қараған. Уәдеңді көп күттім, Екі ай асты шамадан.

  • *

Жұмагелді Рақышұлы!

Келеді жайсаң жанға түр-түсіңіз, Жанарда жайнап, қайнап тұр күшіңіз. 40-50 – азаматтың қыран жасы, Қыран жас – құтты болсын қырық үшіңіз!

  • *

Айдынның беті ақ көбік, Жинаған, сірә, кім қайдан? Толқынға толқын шап беріп, Басталып кетті бір майдан.

Қақ айырып көкті бір, Найзағай шығып от өріп; Толқынды толқын соқты бір Жамбасқа салып көтеріп.

Теңіз-сезім бұрқырап, Желкенін жүрек жұлқылап,

Шыбын жаным шырқырап, Таба алмай дәйек – бір тұрақ; Қан сорпа болып мен тұрмын, От пенен судан жыр құрап.

  • *

Айналаңда баршылық арлы адамдар, Өмірі қиянатқа бармағандар. Арсыздар, арлы жанды қорламаңдар!

Кемеңгерді өзінен кем көреді Билігі үлкен, ақылға жарлы адамдар. Ақылға жарлы адамдар – сорлы адамдар.

  • *

Жер кең ғой қайда жүрсе зиялыға, Жел берген, қанат берген қиялыңа; Сағыныштың қабыл ап шақырғанын, Тартып кетсем деп едім Миялыға.

  • *

Көп көрдім дүниенің жалғандығын, Бетсіздің бұйырмасты алғандығын. Әйтеуір аулақ жүрдім арсыздардан, Кеудемде таза болды арман, мұңым.

САБЫРДЫҢ «АҚЫН БОЛЫП ТУҒАНША..» ДЕГЕН ӨЛЕҢІНЕ ОРАЙ

Сабыр болып туғанша жүйкеңді жеп, Күріш болып тусаңшы икемдірек. Жап-жалаңаш жүрекке не тимейді, Ренжіме әлдене сүйкенді деп. Ақылсыз боп тумайды ақын адам, Қиянатшыл келмейді жақын оған. Ол жұлдыз боп қалады зеңгір көкте, Кездерде де қара жер қақыраған. Жел құлатпас жалғанда бар ма қайың, Ара түсер, айтшы сен, бар ма ағайын?! Ақырзаман әкетер періштеңді, Ақын қалар мәңгілік, айналайын! ДӘРІШ АПАМ СЕКСЕНДЕ немесе үлгілі өмір туралы сөз Апа, Біз үйренген әріпсіз, Кішкене бойлы алыпсыз. Қанатында жылдардың Сексенге келіп қалыпсыз. Мұқалмас, тозбас төзімдей, Шыдамдылықтың өзіндей. Нағимаш, Айман секілді Аналарымның көзіндей.

Ұйқысыз өткен түндерді, Күлкісіз өткен күндерді Көріп келе жатырсың, Жоғалтпадық кімдерді?! Аққу қанат армандай, Көкке көпір салғандай. Жібек желдей есіліп, Келесің мына жалғанда-ай. Армансыз адам болған ба, Жолақ та, шолақ жалғанда?! Сіз – мәуелі жеміс ағашы Ерекше өскен орманда. Шуақ шашып маңайға, Жақсылық еттің талайға. Төкеңді Төкең жасаған Еңбегіңіз оңай ма?! Апа, өзің жол басы, Еңбегіңіз жалғассын. Бақытты болсын өренің, Баба әруақ қолдасын! Ұрпаққа ұрпақ жалғасар, Ат жалына жармасар. Сіздің мінез ұлға үлгі, Алаңғасар болмаса. Балалар өмір жолында, Таныды оңын-солын да. Әзілі жоқтың аузында, Шоқпары жүрер қолында.

Жүргеннен дом боп ісініп, Аулақ қонар кісілік. Әзілден берік қамал жоқ, Әзілді жүргей түсініп.

Балалар – алтын асықтай, Келіндер – күміс қасықтай. Жүре бер, Апа, ортада, Ана бір жаққа асықпай.

Таза боп ниет барлығы, Қаза боп көңіл тарлығы. Тап бүгіндей өтсінші Жан Апаның бар күні.

Биікке ұшар ізденген, Тәлім көп елге біз берген. Именіп сізден тұрамыз Алпыстан асқан біздер де.

Жалған дегенді білмейсің, Жақсылық отын үрлейсің. Қызығын көріп ұл-қыздың, Әлі де аман жүргейсің! 2001 жыл

  • *

Асылхан Көпенұлы Самратов, Астанадан бір шықты аңыратып. Кімге тастап кетті екен, япырмай-ау, Алатау, Алматыны қаңыратып?! 10.08.2004 жыл

  • *

Уа, халқым, тағы өзіңнен айналамын, Туған жер топырағына айналарда.

  • *

Айтылған сөз – атқан оқ, Ол біреуге тиеді. Өсек деген – жаққан от, Жазықсыз жан күйеді.

  • *

Жазықсызға кінә таққаның – Өзіңді өзің атқаның.

  • *

«Арғымақ атқа міндім» деп, Адасып кетпе артыңнан. «Алтын таққа міндім» деп, Алшақтап кетпе халқыңнан.

  • *

Құмша жапса шүйгінді, Итше қапса игіңді, Қызыл тілің күрмелер, Зауал шіркін бір келер. Жақсыларын бүрген ел, Бола алмайды іргелі ел.

  • *

Сақтай алмас барлығы – жан жиылып, Мен өлермін миыма қан құйылып. Достарға да, туысқа сәлем айтпай, Жүре берем сол күнде жанды қиып!

Жанды қиып, кетермін мен келмеске, Бірдеңе қып жерлер-ау, ел емес пе?! Әзіліммен көп жүріп кенелтіп ем, Соның өзі ерлікке тең емес пе?!

Шын ниетпен халқыма қызмет қылдым,

Обалына қызмет қалды жырдың. Құдай берген талантты елемеп ем, Шыға келдім бірі боп көптің ырғын.

Ырғын көптің бірі боп шыға келдім, Бірақ жұрттың көп мұңын ұға білдім. Мен өлмеймін миыма қан құйылып, Ажалынан өлермін Құлагердің.

  • *

«Анам» деп те айта алмай, «Әкем» деп те айта алмай, Қырыққа жақын келдім мен, Жақсылықтарыңды қайтармай.

Кейде бір жұмсақ төсекте Ұйықтамай шығып төңбекшіп; «Біз керім болдық» десек те, Кіреді көп білместік.

Сендерсіз күнім қараң-ау, Бір кемің болып қалам-ау. Әжімін сүйдім көзіңнің, Аяулы менің анам-ау!

Жанардан тамшы үзіліп, Жасып та кейде қалам мен. Өтеді күндер тізіліп, Сендер жаққан алаумен.

Ешкімге сырды білдірмей, Жарқылдап жүрем үнемі. Әр күнім менің бір күндей, Тек жаным ғана біледі.

  • *

Аздай-ақ шіңкілдегі, діңкілдегі, Тағы бір шыға келді күмпілдегі. Кетті ғой құлақ шулап, басым зеңіп, Жүрегім май ішкендей кілкілдеді.

  • *

Мен адам болдым миымды жеп, Сен надан болдың қиынды жеп, Дүниеде тұтас аз да, қиынды көп. Мен шындықты сүйдім «Маржан ғой» деп, Сен сұмдықты сүйдің «Арзан ғой» деп...

СВЕТҚАЛИҒА

Жандармыз ғой табиғат құлынындай, Қалғандармыз алтынның сынығындай. Өлең бізді барады қылғындырып, Тырп еткізбес жылқышы құрығындай. Шындық үшін ұшардай жардан дәйім, Қадіріңді білетін бар ма ағайын?! Көкті тескен құлағы сәйгүліктей, Светжан, мен өзіңнен айналайын! Әр әуенді тыңдаймыз құлақ түріп, Күлеміз де ішіміз жылап тұрып. Нағыз асыл қалады жарқыраумен, Түн-түнекті алысқа лақтырып.

АҚ АНА, ҚОҢЫР БАЛА

Қарт емен бұтағымен көгереді, Жаратқан одан артық не береді?! Жылқышылар қосында жатқан Ата Сағыныпты бүршігі – немерені. Тап сол күні қара аспан түнеріпті, Үлкенді тыңдамауға кім ерікті?! Жүрегі алабұртқан келін-ана Сәбиін атасына жіберіпті. Қоңыры ат-шанамен қыр асқанда, Тағы да бір қарады бұл аспанға. Жанын қояр жер таппай қойды-ау ана, Қар мен жел ақ түтекке ұласқанда. Сонан соң тұңғыш ұлын көре алмады, «Жоқ» деуге бұл дүниеде сене алмады. Зым-зия ғайып болды қайран Қоңыр – Белгісіз жер алғаны, жел алғаны. Ананың жер сарайы қаңырады, Өзегін күйік өртеп, аңырады. Соңынан торсық шеке ұл көрсе де, Мұң болып орнап қалды Қоңыр әні.

Аналық махаббаттың ұлы күшін, Перзенттік болмысымен ұғу үшін; Сәби Қоңыр қарменен еріп кеткен Туған жерге тал болып шығу үшін! 2007 жыл

ТІЛЕК

Күй келмей көңіліме жарасарлық, Қалыпты ақ арманым аласарып. Өзіңсің жазылмайтын мәңгілікке Кетті ғой қара көзің жара салып.

Талдырып өзің үшін білегіңді, Жолыңа үміт күтіп гүл егілді. Сен менің тәңірімсің, қарақат көз, Емдеші жүрегімді, жүрегімді.

Жан емес еді, сірә, сый сұраған, Әрқашан сен дегенде сыйшыл ағаң. Қалсын бір төбем менің көкке жетіп, Күлкіңді тым болмаса қишы маған!

  • *

Боласың демесе де бір жан маған, Ұғыңдар, арманым көп гүл жармаған.

Сондықтан ойға келіп небір өлең, Өзімше толқып, кейде тебіренем.

Ал бірақ шықпай қалып армандағым, Отырам тістеп қолдың бал-бармағын.

  • *

Мен тойыныппын, Тәкаппарлыққа бой ұрыппын. Су қосқан сүттей едім, Айран боп қойылыппын. Айраны шалап болар, Байлығы аз-ақ болар. Құдайын ұмытқанның Басына азап қонар.

БАЛАЛАРДЫҢ АТЫНАН

Мен – Тараспын! Атымды Ағам қойған, Жан азығын толғанып алам ойдан. Жаман болып жүрмеспін бұл өмірде, Ағам – ұстаз «жақсы» деп баға қойған.

Мен – Гүлзипамын! Әкем ғой тентек еткен, Және Анам ғой дүниеден ерте кеткен. Шытынаймын шыныдай орынымен, Сондықтан да Ақ Папам еркелеткен.

Мен – Тілекпін! Ата-анам тілеп алған, Әкем айтқан «Сенсің, – деп, – тілек-арман». Және де айтқан: «Сен елге күлкі болма, Жыртық жұртқа жыртылып күле қалған!».

Мен – Жанайдармын! Әлемге таңданыспен қарай қалған. Әкем менен не күтті шаршап жүріп, Кеш болса да кейіндеу абайлармын!

  • *

Атыңды қойдым Еркебұлан деп, Далада жортқан табиғат ұлы құлан деп. Жүргейсің кейін мінәжат етіп, пір тұтып, Атамның аты Бұлан үшін ұран деп.

  • *

Ұқпасқа айтқан сөздерім – Талайсыз менің кездерім. Бақытсыз менің кездерім –

Ақылын тыңдау езбенің.

  • *

Кейбіреуге билік берсең, желдей есіп кетеді, Жердегілерді ұмытып, аспанға «көшіп» кетеді: Көңілінде – атылған зымырандай, Өмірінде – татыған запырандай.

  • *

Өзгелерді қулықпенен ұтқасын, Сезінді өзін дүниенің ұстағандай тұтқасын. Біліп жүр ме екен, япырай, Арамдықтың араны жұтпасын?!.

С.ЕДІЛХАНОВҚА

Ақын боп арамызда Сайком деген, Өлеңін қайта жазып, қайта өңдеген. Сүйіктісі қақпа ашса, ойымыз бар Жүрегі жарыла ма, қайтер деген...

К.ӘМІРЕВКЕ

Күзембай, арамызда әйгілісің, Ұмтылсаң, алатындай Айды күшің. Сұлулар жырыңдағы жаныңда жоқ, Досеке, бұл жүрісің қай жүрісің?

  • *

Бұл жақтан таң көруші ем арайлаған, Тап бүгін түн-түнекте бар айналам. Сыңарынан айырылған құстай болып, Сайкомым жоқ, Шетпеге қалай барам?!

ХАМАҢА

Өзгеден озып шыққан дара шыңым, Жер шарын сыйғызған ғой қарашығың. Жетпістің асуына шыққан күнің – Тойы ғой бүкіл қазақ баласының. Хабар ап отырасың ғарыштардан, Қайысқан сеніменен алысқан жан. Оқ бойы алда зулап бара жатқан Ағасың тұлпар тұяқ, арыстан жал. Аз емес өткен өрің, асқан қырың, Аз емес шыққан биік, басқан шыңың. Тұтас бір Атырау боп толқып жатыр, Өмірге сен әкелген дастан, жырың. Аспандап әлі талай жырың ұшсын, Алдағы сан ұрпақтың ұлы құшсын. Қазаққа өлең болып туа салған Хама-аға, қайталанбас құбылыссың.

Биіксің, қол жетпейтін шынар өрсің, Бүгінгі өлеңдегі Құлагерсің. Жалыны жүрегіңнің лапылдаған Жарқырап мәңгілікке тұра берсін! Бір топ інілеріңіздің атынан – Ж.Кейкин, Р.Ғұбайдуллин, Ш.Иманалиев.

ҒАСЫРЫМ МЕНІҢ!

Ғасырым менің, Сілкінтіп өткен жер-көкті. Ғұмырымның алпыс жылы сенде өтті. Етігімен су кешіп, Талай ұрпағың ер жетті. Қанменен, термен Ып-ыстық қылып жер-көкті, Көк аспан, жермен Бесігімізді тербетті. Көкірегінде қайғы, Көзінде жасы сорғалап, Аштықтан, жұттан ел кетті. Ғасырым менің, Ұлдарың ұлы бола алған. Дүниеден өткен жанында үміт, Кеуделері толы арман. Ал жетесіздерің Ізсіз-түссіз жоғалған. Ғасырым менің, Қазағым талай қан кешкен, Жаралы жүрек, Жалмауыз зындан қалды есте. Ширығып келіп, Шыңдала берген ұландар Шынар секілді Тасты жарып, жарда өскен.

Ғасырым менің, Бақытын да сыйлаған, Бақытсыздығын да сыйлаған. Қара көкіректі пендені Қара пейілден тыймаған. Құдіретті де, Құбыжықты да жинаған. Ұры тазы секілденген сумақай Болып алған сыйлы адам. Сырымды айтып тұрмын мен Көкірегіме сыймаған. Ғасырым менің, Жазықсыздарың қан құсқан, Жазықтыларың өле алмай жүрген, Ардақтыларыңды арбап жүр ғой қарғыстан, Жиналып келіп дүниедегі бар мыстан. Момақандарың жұбатып жүрген өзді-өзін «Озмыш жоқ қой, – деп, – жазмыштан».

Ғасырым менің, Сыйлаған талай асылды, Жұмекендер мен Төлегендерді, Қасымды. Кеуделері бітеу, ниеттері арамдар Топшысын қиған солардың. Есіме алсам, тыя алмай қалам Көзіме келген жасымды. Ғасырым менің, Өсек-аяңға жел берген, Быт-шыт қылып, айырып болған елді елден, Сәйгүліктерді жабыларынан кем көрген. Қулық, сұмдық, аярлық атты нәлеттер Асылдарын ат артына өңгерген. Орталарыңда тұрмыз ғой, Ей, екі ғасырдың тоғысы!

Бітетін емес әділеттік пен Зұлымдықтың әлі соғысы. Аттайтын жаңа ғасырда Қоқыстарды тұңғиыққа алып кетсейші, Замананың асау ағысы! Ағызып кеткей пенделердегі Кіреукелерді, қайғыны. Қатер келер деп күтпейтіндей қай күні, Адам баласы сезінер болса, Мейрам екенін Жарық дүниенің мынау бар күні!

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙