Мақаш Балғымбаев
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Қаржаубай Сұлтанғалиұлы — «Мақаш Балғымбаев». СӨЗ БАСЫ
/uploads/6ba9f442-a6da-58c2-a1d0-a4b50946bf1e/cover.png
СӨЗ БАСЫ
Бұл тіршілікте тірі пенденің ешкім елей бермейтін шаң-тозаңға ұқсап, елеусіз өте шығуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Өйткені ол артында өшпес із, ұлағатты өнеге, өлмес сөз, өрнекті өнер, ұлғылауға тұрарлық үлгі қалдыру үшін туады. Биік адамгершілік қасиеттерін соған арнап, ерен еңбегін де соған бағыштайды. Ақыл-ой дүниесіне жарық түсіруді, сан мыңдаған зерде мен жүрекке шуақ құюды қастерлі парыз санай отырып, ілгері озады.
Бүгін Сіздермен кейіпкер ретінде кездесіп, дидарласқалы отырған Мақаш Балғымбайұлын жаратылысына, бітім-болмысына, білім-білігіне, тұтастай өмірлік мұраттары мен биік мақсаттарына орай сондай жанның бірі болды деу артықтық етпейтін секілді.
Ол - тұтас әулетімен бірге өзінің бүкіл саналы ғұмырын еліміздің мұнай өнеркәсібіне арнап, мақтауға, мақтануға тұрарлық іс тындырған адам еді.
Оның республиканың еңбек сіңірген геолог - барлаушысы, мұнай өнеркәсібінің үздігі, Құрметті мұнайшы, Теңіз, Ботақан, Шығыс Мақат, Орталық және Шығыс Прорва кен орындарын тұңғыш ашушы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атануы, омырауына "Құрмет белгісі", "Құрмет" ордендерін тағуы көп нәрсені аңғартады, көп сырға қанықтырады.
Жарқын бейнесімен, жасампаз ісімен көпті сүйсінткен мұнайшы-ағамен әр жылдардағы сұхбатымыз және оны жете танып, құрметтейтіндердің ой-пікірлері мен естеліктері, мүмкін, оқырмандарымызды бейжай қалдырмайтын да шығар....
БАБАЛАР ШАРАПАТЫ ЖӘНЕ БАЛДӘУРЕН ШАПАҒАТЫ
...Егер Атыраудан ескі Ракөшке қарай бағыт алсаңыз даланың көмескі айдау жолы отыз шақырымдай шамада Сізді қазір сұлбасы мен ізі ғана қалған ежелгі қыстақ орнына адастырмай алып келеді. Халық жадында ол қыстақтың құлаққа сіңген екі атауы бар. Бірі -Атырау да, екіншісі - Ақшкол. Бағзы заманнан дамылсыз теңіз сарынын естіп, асау толқынға қапысыз шомылған бұл жер бұдан жүз жиырма-жүз отыз жыл бұрын ба, тіпті одан да ертеректе ме, судан арылып, жұмақтың төрі болмағанымен мал баққан шаруаға қоныс болар тоғайлы сай-саласы мол, бірақ қыста батпағы құрғамайтын, жазда маса-сонасы арылмайтын мекенге айналғанды. Одан теңіз де онша қашық емес еді. Сол Атыраудан батысқа қарай жедел адымдаған жүргіншінің жеті шақырымдай жерде оның жағасына маңдай тірері ақиқат-ты.
Міне, осы өңірді жайлаған кедей шаруа Айболаттың Сұлтанмұраты мен сырт орай отырған шағын ауылдың түтіні түзу, өз тіршілігі өзінде. Күзде жайлаудан оралады да, қысқа қамданады. Азын-шоғын малына шөп шауып алады. Құдығын көзеп, астауын жамайды. Пәтерін жөндеп, аула-қорасын тіктейді. Содан соң біршама бел жазып алады да қала базарына шығады. Құрт-ірімшігін, шуда-жабағысын айырбасқа салады. Киім-кешектерін бүтіндейді. Аяқасты тарығып қалмас үшін ұн-тұзын, шай-секерін молырақ қамтиды. Сырт қарағанда бұйығы-ақ тірлік. Ал, ішіне тереңірек үңілсең, қызығы да, шыжығы да жетерлік. Ой-хой, несін айтасың, бір шаңырақта - шілдехана, екіншісінде -тұсау кесер, үшіншісінде - сүндет тойы. Қыз ұзатып, келін түсірушілер де аз емес. Қараша озып, желтоқсан күшіне енген кез ауылға тағы бір жаңа рең әкеледі. Соғым сойылады да, кезек-кезек шақырыс, гу-гу әңгіме көбейеді. Біліктісі өткен-кеткенді тереңірек қаузайды, біліксізі кеше мен бүгінгіні, ішкені мен жегенін көзейді.
Осының бәрі қызық.
Шағын ауылдың шағын фабрикалары іске қосылатын кез де осы. Үй-үйде жүн түту мен сабау, ши орау мен тоқу, киіз басу мен арқан есу бәсекесі дүр етіп, нәтижесі жайлауға шыққасын бір жарқ етеді.
Үзігі мен туырлығы, дөдегесі мен түндігі, іргелігі мен бау-шуы жаңарған ақ боз үйлер көз қуантады. Даланың да сәні.
Шағын ауылды шағын ұстаханалар мекені десең де жарасымды. Бірнеше ұста көрігін гулетіп, ошақ пен мосы, көсеу мен қауға дайындайды. Арбаның белағашы мен дөңгелегін, тертесі мен қалқанын қалыпқа келтіреді. Керегенің үзілген көгін түгендеп, уықтарды ұштайды. Сақина, білезік соғып, шолпы жасайтын зергерлер де табылады.
Осының бәрі қайнаған еңбек.
Қыс осылай өте шықты делік. Мал төлдетіп, уыз ішкендер көктем қарсаңында алдағы көші-қонның қарбаласына кіріседі. Бұнда бытырай көшу дағды емес. Бәрі іргені бірге көтеріп, бірге аттанады. Барар жерді, қонар қонысты бірге таңдайды. Ол үшін ауылдың бас көтерерлері бірнеше мәрте бас қосып, көктемде, жаз бен күзде қай жердің от, сулы-нулы болмағын бағдарлап қайту мақсатында шолғыншы шығарады. Олар қайтып оралған соң қайта тоқайласып, ақырғы тоқтамға келеді.
Тоқтам тізгіні көбіне көрген-білгені мол Сұлтанмұратта. Жастайынан жер танығыш, жол тапқыш боп өскен ол табиғат құбылыстарын да айна-қатесіз болжайды. Кісілігіне кішілігі сай. Сөзі өтімді.
Бұрынғы әдет бойынша Сұлтанмұрат ауылдастарына шаруаның жөн-жосығын алдын ала білдіріп, мәлімдеп қоятын. Бұл жолы аяғы ауыр бәйбішесіне деген алаңдаушылығы көбейді ме, біраз кешікті.
- Отағасы, — деді осы кешігуді сезіп жүрген бәйбішесі түскі шай үстінде, — көші-қонның уақыты таяп қалды ғой. Ауыл адамдары дер кезінде жайлауға жетіп, мал аузын көкке тигізсек дейді. Менің жағдайыма қарап оларды жылдағы дағдысынан жаңылдырмағаның жөн. Ал, біз уақытша осында қала тұралық. Жолға шығып кетіп, шарананы бірдеңеге ұрындырып алсақ оның өкініші өмір бойы өзек өртер.
- Өзім де соны ойлап жүргенмін.
- Ойласаң, солай істе. Ел қамын жоқтай білсек, жаман атақ алмаспыз. Сәбиді қырқынан шығарып, мойнын бекіткесін арттарынан жетпейміз бе?
- Жеткенде қандай ! Тек бәрі де ойдағыдай болсын деп тіле!
- Менде одан өзге не тілек болмақшы?!
- Ендеше шайлық сүт пен қалжа малын алып қалып, елді екі-үш күннен кешіктірмей аттандырып жіберемін. Байқаймын, мал екеш мал да елегізіп, даланы — жайлауды аңсайтынын сездіре бастады.
- Биылғы қоныс қайдан бұйырмақ?
- Қарабау маңын қаладық. Енді он шақты күнде құлпырып кеткелі тұрған көрінеді.
Сұлтанмұрат ертесіне осы ойын ауылдастарына мәлім еткен. Бәрі де бірауыздан құп алды. Қияс тартқаны біреулер "тентек кемпір", біреулер "күйік шалған кемпір" атайтын көрші кейуана ғана:
- Әй Сұлтанмұрат, ел көшсе көше берсін, мен көшпеймін, — деді ол салған жерден.
- Неге? Не жағдаймен?
- Соны да білмеймісің? Ана сенің үйіндегі келіннің айы-күні жетіп отырған жоқ па? Мен оны жұртқа тастап кетпеймін. Толғақ қысты делік. Сонда еркек басыңмен не істей алмақсың, а?
Сұлтанмұрат та, өзгелер де аңтарылып қалды.
- Ой-бой, шулап-дулап жүргенде келіннің аяғы ауыр екенін де естен шығарыппыз ғой. Иә, сіздің айтқаныңыз жөн, — десті өзгелер.
Көп қолдауын сезінген кейуана ойындағысын түгел айтуға бекінді.
- Әуелден-ақ, бір балаңа кіндік шеше боламын деп құлақ құрышыңды қандырып жүрген адам едім. Енді сенің де, менің де шегінетін жеріміз жоқ. Келесі балаңа дейін өмірім жете ме, жетпей ме, оны болжай алмаймын. Оны бір білсе, бес ұлымды бірдей жалмаған құдай біледі. Ал, айтқаным айтқан. Көшпеймін.
- Қап, бұны бұған дейін қалай ескермегенмін?! Қалыңыз, қалыңыз! Осы хабарды естіген келініңіздің қатты қуанары мәлім.
Айтпақшы, кейін бірге көшпейміз бе?! Кіндік балаңызды жайлаудың қақ төрінде бесікке салып, ұлан-асыр той жасармыз.
- Ә, солай ма екен? Аңғарымпаздықты сенен күтпегенде кімнен күтеміз?..
Уәдеге берік, сөзге бекем ауыл екінші таңның алакеуімінде үдере көшті. Сұлтанмұрат оларды Білеулі құдығына дейін ұзатып салып, қыстаққа асығыс оралған. Алдынан, ат дүбірін естіді ме, әлде әдейі күтті ме, көрші кейуана жүгіре шықты.
- Сұлтанмұрат, сүйінші, сүйінші! Бәйбішең аман-есен босанды, ұл тапты,- деді. Дауысында сәл-пәл діріл бар. Құлағынан манағы көшке ерген қозы-лақ, бота-құлынның жамыраған үні кетмегендіктен бе, толқу әсері ме, ол бір сәт не айтарын білмей тосылып қалды. Сосын ғана:
- Сүйіншіңіз әзір! - деп, атынан алас-қапас сыпырылып түсті.
Кіндік шеше атанған кейуана қырық күн бойы тағат таппады. Жас босанған анаға кеңес беру, қамқорлау, шай-сүтін, сорпа-суын әзірлеу секілді сан-сапат жұмысты өз қолымен бел бүкпей атқарды.
Кішкене тіршілік иесі оның бойына соны күш-қуат сыйлағандай, кәрі көкірегіне нұр-шуақ құйғандай, аналық жүрегіндегі сезім жанартауын қайта оятқандай.
Ол сөйте жүріп сәбиге ат таңдап қоюға да ерекше әзірлік жасапты. Сол рәсімге орай жайылған дастархан басында:
- Сұлтанмұрат, байқаймысың, қазақтың балаға ат қоюында да үлкен мән бар, - деп бастады әңгімесін.
- Мына саған Сұлтанмұрат деген есімді ата-анаң, немесе мен сияқты бір қария жай емес, елдің, жігіттің сұлтаны болсын, мұратына жетсін деп қойды. Айтқандары келді ме? Келді! Қазір жігіттің төресісің. Бір ауылды ісіңмен де, сөзіңмен де ұйытып отырсың. Қасыңда жарың, айналаңда ел-жұртың, аулаңда малың бар. Енді, міне, мұрагерің де келді дүниеге. Осының бәрі мұрат емес пе? Мұрат, шырағым! ...Мен мына жаман балаңды Балғымбай деп атағанды жөн көрдім. Оным балғын өмірлерің байыпты да бақытты болсын, соңы байлыққа, жан байлығына, рух байлығына ұлассын деген тілектен туындады. Осы тілегім періштенің құлағына шалынсын!
- Бәрекелді, жақсы есім таптыңыз. Біз ризамыз!
Сұлтанмұрат та, жұбайы да қуанып қалды. "Балғымбай, Балғымбай...айтуға да жеңіл, мағынасы да терең...". Кейуана сөзін одан әрі жалғастырды.
- Мені жұрт "тентек" көреді, "тентек кемпір" дейді. Айтсын, айта берсін! Тентек болсам жөніме тентекпін. Көкейдегіні бүгіп қалу маған жат, тіке айтамын. Жақсы болсын деп айтамын. Бала кіндік шешесіне тартатыны рас болса, көр де тұр, мына кішкене күшігің ешкімге есесін жібермейтін алғыр, өзгеге көңілі иіп тұратын жанашыр азамат болып өседі. Тек өмір жасын ұзақ қылғай!
- Бізге тартса жасықтау соғар, сізге тартсын. Сізге тартса, қиындық көргенмен, қорлық көрмейтіні кәміл.
- Қиындықсыз өмір жоқ, қарғам. Мына мен жастай жетімдіктің тауқыметін көп көріп өстім. Оны да жеңіп, тұрмыс құрып, бес бала сүйіп, төрт құбылам теңесті-ау деп жүргенде жесір қалдым. Мұны қиындық деп қабылдағанмын. Ал, үш-төрт жыл ішінде желкілдей өсіп келе жатқан бес ұлымның бірінен соң бірінен айырылып, аңырап, омырауымды жаспен жуғаным нағыз қорлық болды.
Әулет бастауы – Балғымбай қарт
Нағыз қорлық... Содан шөгіп қалдым. Жігерім жасыды, жүйкем тозды. Бес баланың күйігі қойсын ба, қатты-қатты сөз айтатынды шығардым. Менің басыма түскеннің жолы әрмен, қарақтарым. Мына Балғымбай жанның шаңырағына жаратқан ием менің бес ұлымдай бес перзент беріп, бәрін де аман етсе, бақытты етсе, әкесі сенің де, кіндік шеше менің де арманымыз болмас. Ниетім ақ, тілегім түзу адам едім, құдай осы айтқанымды қабыл көрер деп отырмын.
- Ниетіңізді де, тілегіңізді де қабыл еткей!
Ол дәл жанында құндақта жатқан сәби жүзіне мейірім төге көз салды. Тершіген маңдайында қыртыс біткеннің ізі де қалмаған.
- Келін-қарғам, бүгін шайың бұрынғылардың бәрінен де дәмдірек секілді ме, қалай?
- Ішіңіз, ішіңіз. Қоңыр сиырдың сүті азайған сайын қоюланып, шайды үйіргіш болып барады.
- Сүттен де шығар, пейілден де шығар...
Балғымбайдың кіндік шешесі қызыл күрең шайды баптана сораптап, тағы да бір салиқалы сөз қозғайтындай ыңғай танытты.
- Анау босаға көзінде жарға сүйеулі тұрған ер-тұрманды көрдіңдер ме?
- Көрдік, бір жерін жөндетпек пе едіңіз?
- Жөндейтін түгі де жоқ оның. Шалымнан қалған көзайымның бірі-тұғын. Оны енді кім үшін сақтамақпын. Ізімді басады деп үміт артқан ұлдарым о дүниеге асығыс аттанып кетті. Сондықтан мен осы ер-тұрманды мына Балғымбайға, өскен соң тақымына салсын деген ырыммен әкеліп отырмын. Бұдан қымбат мүлкім болса, аямас та едім. Мендегі мал сенде де бар...
- Апыр-ау, мынауыңыз ғажап сыйлық болды ғой. Сұлтанмұрат ұшып тұрып, босағадағы ер-тұрманды үйдің төріне оздырды. Әп-әсем. Жеп-жеңіл. Ұқыпты адамның ұстап-тұтқаны көрініп тұр.
- Осыған байланысты ертеректе қарттар аузынан естіген бір хикаяны айтсам ба деп едім сендерге. Тыңдайсыңдар ма?
- Құлағымыз сізде.
- Қарадан туып, хан дәрежесіне көтерілген,
... Азамат жетім болмайды,
Халықтан болса панасы.
Бала жетім болмайды,
Қасында болса анасы.
Халық жетім болмайды,
Басшысы болса данасы, —
дейтін атақты Сырым батырды естіген шығарсыңдар. Жас кезімізде: "Сырым айтыпты" дейтін әңгімені көп еститінбіз.
Сырым Нұралы ханға наразы болып жүргенде: "Аз бен көпті, ақ пен қараны, нашар мен мықтыны меңгере алмадың, біреуді біреу шауып жеп жатыр, оны басқара алмадың" депті.
Нұралыға тағы бір кез келгенде Сырым амандаспай жүре беріпті.
Сонда Нұралы:
- Батыр, бұрылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау,- депті.
- Хан, тасып жүргенім жоқ, қара қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін, -депті. Мұнысы шілдей бытыраған қазағына жаны ашығаны ғой.
Бірде алыс сапардан үй ішін сағынып келе жатып, ауылына жақындағанда, Сырым жолдастарына:
- Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жетіп қонайық,- дейді.
Сонда жолдастары Сырымға естіртпеген болып әжуалап:
- Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай сұлуына асығып келеді екен? - депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
Жігіттер, әйелді әйел деп қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды қой деп қорсынбаңдар,
Қойсыз елге үй бітпейді,
Әркімнің мінген аты - өзіне тұлпар,
Әркімнің сүйген әйелі - өзіне сұңқар,-
деп желе жөнеліпті. Сол айтқандай, Сұлтанжан, сенің сұңқарың - мына бәйбішең...
Сол Сырымның қайтыс болғанына жыл толып ас берілген екен дейді. Соған батырдың қарындасынан туған Ақжелең бес жасар баласы Есенейді ертіп барады. Ac тараған соң алыстан келген жиеншарға нағашы жұрты "Ұлы нағашыңдай батыр бол, би бол!" десіп батырдан қалған қадірлі де қасиетті мұраның бірі кісе белбеуді беріпті дейді. Белбеу болғанда да қандай белбеу десеңші! Қабат-қабат қайыстан жасалған жалпақ кісеге алақандай - алақандай он екі сом күміс жапқан көрінеді. Бәрі де алтын күмбезді көрінеді. Оқшаңтайы, сапы қабы, шақша сауыты бар екен дейді. Бұған қоса бала Есенейге нағашылары екі теңбіл көк құлан, үш теңбіл көк құнажын байтал берсе керек. Есеней есейеді. Балуан денелі азамат болады. Бірақ, кісені тағып жүре алмайды. "Белбеуіне шақ келе алмай-ақ қойдым, мен қайдан Сырымдай болайын", — деп өкінеді. Сөйтіп кісе Есеней үйінің бір қара сандығында жетпіс бес жылдай жатып қалады. Есеней қартаяды. Қайғы ойлайды. Екі ер баласы ерте өледі. Ұлпан қыз туады. Ер баладан үміті үзіледі. Содан Есеней бір күні Ұлпанды шақырып: "Сырым батырдың кісесін немере-шөберелеріне қайтарып берсек қайтеді" — дейді. Ұлпан мұны мақұл көріп, жолға шығады. Кісені баяғы теңбіл көктердің тұқымы — көк бестімен Кіші жүзге алып келеді. "Мынау ұлы нағашыларымыздың асында бес жасар Есенейге тиген кісесі екен. Мен де қартайып келем, енді мұны батырдың жас ұрпақтары буынсын", — деп беріп жібергенін айтып, табыс етеді. Бұл бүкіл ел-жұртты тебіренткен оқиғаға айналады. Ұлпанның келуіне орай, Сырымға тағы да ас беріледі. Ол тойға ұласады. Балуандар белдесіп, шабандоздар бәйгеге қосылады. Жеңімпаздарға Ұлпанның арнайы апарған жүлделері ұсынылады. Қорытындысында Сырымның елі Ұлпанға разы болып, қимастықпен аттандырып салыпты дейді. Кіші Шалқар көлін "Ұлпанның көлі" деп атапты дейді.
Көрдіңдер ме, Сырымның даңқы қандай биік десең, ұрпақтарының оған деген сүйіспеншілігі мен ұлағаты, сыйы мен құрметі талай жылдар өтсе де азаймай, аласармай, асқақтай түскен ғой. Міне, өнеге көзі қайда жатыр, тағылым көзі қайда жатыр...
- Иә, бұныңыз жан тебірентерлік хикая екен. Рахмет, сізге! Дегенмен, бір сөз бір сөздің қуғыншысы, сізге дәл осы жерде бір сұрақ қойсам ба деп оқталып отырмын.
- Қойып көр.
- Сол Сырым батырға біздің Қаратау деген бабамыз әрі ақылшы, әрі қосшы болған дегенді құлағымыз шалады.
- Естісең жаңылыспағаның. Мен аз-кем білетінімді өзіммен бірге көрге алып кетем бе, айтып кетемін. Дұрыс-бұрысын ектеу сендерге аманат.
- Әлбетте.
- Онда былай: жалпы арғы тектерің қара жаяу адамдар болмаған. Өмірзақтан Қаратау туған. Қаратаудан Кішембай, Кішембайдан Шонық, Шонықтан Айтболат өрбіген. Айтболаттан - сенсің. Қаратау бабаларыңның Сырымға қиындықта қол ұшын бере білген батыр, бітпес дауда, бәтуасыз шуда кесімді де шешімді сөз толғайтын би, әрі шешен болғаны рас. "Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді" дегендей, мынау балбырап жатқан Балғымбайыңнан, немесе оның ұрпағы - немере-шөберелерінің ішінен ел билер басшы, сөз қадірін білер шешен, қаны мен жанына мәрттік, адалдық, қайырымдылық қасиеттері сіңген қайсар азамат шықпасына кім кепіл?! Шығады, шықпай қалмайды...
Құрметке толы отырыс күн ұясына еңкейген сәтте аяқталады. Ұлы батадан кейін Сұлтанмұрат:
- Қазақтың "Қонағым, бұйымыңды айт" дейтін қағидасы бар еді. Қалауыңызды айтыңыз, - деді.
- Менің бұйымым, біреу, - деді кейуана. - Тіріде сыйласып жүрелік. Ал, көз жұма қалсам, мына келін екеуің бас болып, "Ауылдың ақылгөйі, Балғымбайымыздың кіндік шешесі еді",— деп, шалым мен бес баламның жанынан орын тауып, ақ жауып, арулап қоярсыңдар...
Шағын ауылдың ортақ қуанышына орай қастерлі ата жұртта қара қазан көтерген үш ересек ұзақ отырып, ұзақ сырласты, уәде байласты. Бұл кезде өткеннен де, бүгіні мен келешегінен де бейхабар бейкүнә сәби тәтті ұйқы құшағында болатын.
...Балғымбай жарық дүниеге келген кез оны жарық дүниеге әкелген дархан далаға алыс-жақын, таныс-бейтаныс дүние кәсіпкерлері жіті көз тігіп, жиі-жиі қатынай бастаған кез-ді. Неге келеді, не іздейді, нені іздейді - дархан даланы мекен еткендердің басым көпшілігін бұл сауалдар мүлдем мазасыздандырмайтын, басым көпшілігі келім-кетімнен мүлдем қаперсіз еді.
Келіп-кетушілер де әрқилы: бірі - тауы шағылып, төсі қайтып, қарғыс атқан өлкеге енді аяқ аттап баспастай болып шошынғандар; екіншісі - көздегенін тауып, көңілін бірлеп, "дәндеген қарсақ құлағымен ін қазадының" кебімен басқан ізінен байлық табуға бекінгендер. Осы соңғы лектің өкілі саналатын геолог С.Н.Никитин арнаулы экспедицияны бастап келіп, Доссор мен Ескененің сорын жиектеп, Қарашүңгілдің ойын омыраулап қол бұрғылау станоктарымен алғаш рет мұнай барлау жұмыстарын бастап та жіберді. Жердің құйқасы жұқа ма, әлде қазынасы тайызда ма, олардың әп дегеннен-ақ жолы болды. Кәдімгі жергілікті адамдар күрекпен су шығаратын 6-9 метр тереңдіктен кілкіген мұнайға кезекті. Доссорда - 6, Ескенеде -1, Қарашүңгілде-5 ұңғыны қазып, кәсіпшілер қауымын елең еткізер мәліметтер алды.
Жақсылық хабарды құлағы шалған соль-илецкілік адвокат іле-шала алыстан құрық лақтырып, Ембі аумағынан мұнай барлауға өз өтінішін беріп үлгіреді.
1894 жылы - Балғымбай ана құрсағында жатқанда концессия Леман басшылық жасайтын петерборлық кәсіпкерлер тобына өтті: олар Ембі-Каспий серіктестігін құрып, үш жыл бойы қол станогімен 60 ұңғы бұрғылады. Оған 800 мың сомға жуық қаржы шығындады. Леман осыдан кейін-ақ осы жердегі барлық мұнай барлауларына жеке өзі қожайын болып, іздестіру жұмыстарының көлемі мен техникалық жарақтандырылуын айтарлықтай арттырды. Оның компаниясы Қарашүңгілде тереңдігі 88-ден 275 метрге дейінгі аралықта 21 ұңғыға бұрғы бойлатты.
1899 жылы - Балғымбай төрт жасқа толып, кіндік шешесі сыйға тартқан ат үстіндегі ерге түймедей жабысқан жылдың қарашасында жиырма бірдің бірінен, №7 ұңғыдан мұнай фонтаны атты. Мұнайлы Ембі ұйқысынан оянды. Іле-шала Қаратон, Ескене, Новобогат алаңдарындағы ұңғылар да мұнай бере бастады.
1908 жылы - Балғымбай түбіт мұрты тебіндеп, алғашқы мүшелді артқа тастаған көктемде Леман көпес Стахеевпен Ембі-Каспий мұнай қоғамын ұйымдастыру туралы келісім-шартқа қол қойды. Бірақ, екі жылдан кейін " екі қошқардың басы бір қазанға сыймай", ажырасып тынды. Леман ағылшындық кәсіпкермен бірігіп, "Жайық-Каспий" мұнай қоғамын, ал Стахеев шведтік кәсіпкермен жұптасып, "Ембі" қоғамын құрды.
1911 жылы 29 сәуірде - Балғымбай он жеті дейтін сәйгүліктің жалына жабысып, тепсе темір үзетіндей дәрежеге жеткенде Доссорда № 3 ұңғыдан қуатты мұнай фонтаны бұрқ етті.
Жасын жіктеп, оны қазыналы өлкедегі қадау-қадау оқиғаларға өлшем етіп алғанымыз болмаса, Балғымбай бұл тұста ата-бабасының ата кәсібін мирас тұтқан белі бекем, зейін-зердесі жетік, ескіше сауат ашып үлгерген. Қилашпен түтін түтетіп, жиырма жасында Қойшығара, жиырма екі жасында Өтеп, жиырма сегіз жасында Өтәлі есімді үш ұл сүйген мұрагерлердің бірі еді. Оның көз ашқалы көріп , танып келе жатқаны ұшы-қиыры жоқ, омырауын ала жаздай аңызақ желпіп, тентек жел жөн-жосықсыз жұлқылайтын кең дала. Мұнда екі күннің бірінде шаң-тозаң ұршықша үйіріліп, шиыршық ата шаңытады. Жел ішін тартып, құйынның қарасы өшкенде кезек көлдей көлбеген сағымға тиеді. Ол да көз алдап, көңіл арбаудың шебері. Ойда жоқта кілегей шымылдық құрады да, алысты жақын, жақынды алыс, іріні кіші, кішіні зор ете қояды. Жеткізбейтін жүйрік. Құрық салғызбайтын қашаған.
Осы далада күнді түн ауыстырғанша өзгеріссіз қалатын табанды нәрсе - аптап ыстық. Аңқаны кептірген үстіне кептіре түседі. Ешкімді де, еш нәрсені де аяғысы жоқ, аямайды да.
Бірі - биік, екіншісі - жатаған төбелердің арасынан бір-біріне орайын тауып қосылып, тіркесе шұбалған, күн сәулесін тұзы мен тұзды суына ауната жалтыраған көлемі құнан бәйгелік тостаған сорлар да тосын көрініс. Сор жиегіне төңкеріле еңкейгендер қаталап келіп, суға бас қойған тоқты-торым, қозы-лақ дегендер оңбай қателеседі. Олар, басқа емес, тентек жел әлдеқайдан айдап әкеліп, амалсыз ошарылған қуыс кеуде қауқиған қаңбақтар шоғыры.
Балғымбай ата мен Қилаш әже
Оқта-текте шүйкеленген бұлттан көрер қайыр да шамалы. Бір тамшы тамызбай, маңып кете барады.
Балғымбай осы далаға бауыр басты. Осы дала мінезіне бой үйретті. Көгілдір көктем мен қоңыр күздегі бірнеше күн, бірнеше аптаға созылатын көші-қон дүрбелеңінің өзі оған сән-салтанат шеруіндей әсер сыйлайтын.
Олардың тума-туыс, көрші-көлеммен жайлауға жарыса көшкенде құмарта жетіп, қуана қонар құнарлы қоныстары бір жылы қақпақты қара қазан - Тайсойған мен Бүйрек, екінші жылы Қарабау мен Қаракөл маңы, үшіншісінде - Иманқара мен Қойқара сілемдері.
Шөлге ұрынбас, кенезе кептірмес үшін арғы-бергі жолда жағасын жайлап, сағасын кешіп-кесіп өтер өзендері - көктемде асау, жаз ортасына жетпей момақансып, жыланкөздене ағатын Ойыл мен Қиыл, Жем мен Сағыз.
Күнкөрістері малға телінген соң көлдеуден іздейтіндері қазоты мен қырықбуын, ажырық пен алабота, жоңышқа мен бидайық, қоңырлықтан табуға тырысатындары - ебелек пен жусан, изен мен еркек, бетегелі боз бен қылаң ұрып тұратын селеу. Құдыққа таңдайтындары - шымдауыт тепсең, не сазды ойпаң...
Төртінші ұлы Салтанат дүниеге келген жылды Балғымбай "Теңдік" балықшы ұжымшарында балықшы лауазымымен бастады. Мүлдем тосын кәсіп. Жалғыз оған емес, отырықшылықтан гөрі көші-қонға көбірек бой үйреткендердің бәріне бірдей тосын кәсіп.
Содан да шығар, ауыл іші гу-гу әңгіме. Қым-қуыт болжам.
- Балыққа қарап қалған күн қайбір жақсы күн болар дейсің?! Қазы орнына қайыс жұтқандай әрі-сәрі күн кешетін шығармыз...
- Ойбай, естідің бе, жыл сайын бірнеше адам теңізге ығып немесе жылымға батып кететін көрінеді.Өзің аулайтын балыққа өзің жемтік болады деген не сұмдық?!
- Басқа түскен баспақшыл. Көнеміз-дағы өкіметтің заңына. Көнбегенде қайда бармақпыз?! Әлі-ақ көндігіп кетерміз.
- Өзен жағалағанның өзегі талмас демей ме? Аштан өлмеспіз. Бірақ көштен қалып қоямыз ба деп қауіптенем...
Осындай сары уайымға сүйреген суық сөзді де, үміт отын үрлеген жылы сөзді де Балғымбай көп естіді. Ести тұра тәуекелге бел буды. Жаман атақ алмауды мақсат тұтты. Денесін суға сорғызып, табанын қамысқа тілдіріп өзен жағалады. Қауіп-катерге бас тігіп, ақшулан толқынды адуын теңіздің төріне де озды. Ау құру мен ау сүзудің қыр-сырын бір кісідей-ақ меңгерді. Оны қолқанаты Қойшығараға да үйретті.
Бірақ күн өте келе байқады, тірліктерінде көңілге қаяу түсірер түсініксіз жәйттер тым көбейіп бара жатқанға ұқсайды.
Мәселен, ұжымшардың ортақ қазанының балыққа толса да, байлыққа толмайтыны қалай? Бір кенеуі кеткен дүние. Оны жамап-жасқауға, аяғынан тік қоюға қауқары жетер жанашыр адам және көрінбейді.
Бұл, бұл ма? Ұжымшарға еріксіз жазылған орта шаруаның біразы күнкөрісі төмендеп, шаруашылықтан жылыстай бастады. Ұжымшар құруға белсене қатысқан адамдарды соққыға жығу, үйін өртеу секілді жаман ғадет бой көрсетті. Есеп-қисаптың өңін айналдырған көзбояушылар да табылды. Табиғат шіркін де қарын жұбатар қанағатты көре қалғандай тарымшылық жасап, шалқып-шапшып жатқан шалқар теңізді жағалаудан көз көре кері ала қашты. Қысқасы, шығанақтан шырай, шаруашылықтан береке кетуге айналды.
Балғымбай осыларды бағалап, бағамдап үлгергенше іргесі сөгілген ұжымшар өз-өзінен тарап та тынды. Қайраңда қалған балықтай сәмсіреген елдің тоз-тозы шықты, жан-жаққа бытырай көшті. Біреу Жайық бойындағы өзге шаруашылықтан тиянақ іздесе, екіншілері жақын-туысын, көз танысын сағалап, қалаға қарай ойысты. Үшінші біреу ботадай боздап, кіндік қаны тамған даласына асықты.
Ал, Балғымбай ше?
Ол "сынап тағдырдың орға жығуы да қиын емес екен-ау" деп қапалана бас шайқап, "Ендігі өзек жалғап, еңсе көтерер жеріміз өндіріс болуы керек" деген тоқтам жасады.
Кисе — киім, сауса - сусын, сойса - талшық болатын малдан қол көтеріп, балық төңірегінен опа таба қоймаған зайыбы Қилаш та, еңбектің дәмін ерте татып, ширап шыныққан зіңгіттей ұлы Қойшығарасы да, мектепте білімге ден қойып, оң-солдарын танып қалған Өтебі мен Өтәлісі де осыны жөн көрді. Бұл төтенше шешімнің мәнісінен он бес жастағы Салтанат пен үш жастағы Мақаш қана бейхабар-ды.
Балғымбай үшін қаладағы өндірісте ең оңтайлысы құрылысшылық болып шықты. Ол механикалық зауыттың (кейін машина жасау зауыты) Мәдениет үйін салушылардың сапына қосылды. Мұнда да күндіз-түні қайнаған жұмыс. Тас қалайды, балшық илейді. Дегенмен, су үстіндегі қалтылдақ қайықтан құтылып, алшаңдап қара жер басқаны өзі үшін өзгеше бір қуаныш.
Бір күні оны зауыт басшылары шақыртты. Бұндай шақыртуды дағдыдан тыс нәрсе деп ұққан Балғымбай көңіліне секем алып қалған. Сөйтсе үрей шақыратындай ештеңе жоқ екен.
- Елге Ембі мұнайы ауадай қажет болып жатыр. Сол қажеттіктен Қандыағаш-Гурьев теміржолын салу жоспарланды. Жол құрылысына қайратты мамандар керек. Соның бірі етіп тізімге сені жаздық. Қарсы болмассың, - деді басшылар.
- Ұйғарым жасап қойсаңыздар бас тартып не қылайын, —деді ол. - Қайда да бір жұмыс қой.
Балғымбай жалтақтамады. Жалтақтау әуел бастан бойына сіңбеген қасиет-ті.
Қолына жолдама алған Балғымбай үйін Ескенеге көшіріп апарып, өзі ұзындығы 518 шақырымдық Қандыағаш-Гурьев теміржолын төсеушілердің қатарына келіп қосылды. Байқап-болжап қараса, бұнда да бармағын балға батырған ешкім жоқ. Техника енді-енді келе бастаған. Көп жұмыс қол күшімен атқарылады. Бүкіл трассаның жартысынан астамы тірі жан мекендемейтін елсіз, сусыз шөл даланы кесіп өтпек. Жергілікті құрылыс материалдары, сірә, тапшы. Осы секілді көз көріп жүрек сезіп тұрған қыруар қиындыққа бас құрылысшы — "Союзтрансстройдың" басшылығы қалай қарайды екен деп әркімнен сөз тартып қараған. Олардың айтуынша, қаймығу жөн емес. Бәрін де жеңу қажет. Теміржол желісі 1939 жылдың ақпан айының аяғында іске қосылуы тиіс.
Екпінді құрылыс басы дәл құмырсқа илеуіндей. Құжынаған адам. Гурьев-Орскі мұнай құбырының басшылары осында, аз-кемі жок, 2000 қазақ жұмысшысын ауыстырыпты. Іле-шала оларға сонау Воронежден, Курскіден, Куйбышевтен, Орал мен Сібірден, Башқұрт пен Татар елінен жүздеген тілеулестер қосылды. Трестегілер осы нөпір күшті бірден "солтүстік" және "оңтүстік" аталатын екі учаскеге бөліп, 1936 жылдың 19 мамырында Қандыағаш беттен, 26 мамырында Гурьев беттен ұланғайыр жұмысты бастап та кетті. Екі құрылыс басқармасын құрды.
Дамылсыз еңбек басқалармен бірге Балғымбайды да шарға салған болаттай шыңдап үлгерді. Күрек пен кетпенді қатар сілтеген ол әуелі екпінді, кейін стахановшы атанды. Жұмыстан тыс уақытта сауатсыздықты жою үйірмесінде сауатын, стахановшылар мектебінде кәсібін жетілдірді.
Ағаш шебері, тас қалаушы, балташы мамандықтарын жүрексінбей атқарар дәрежеге жетті. Екі жасқа есейді.
Ал, екпінді құрылыстың дүбірлі көші күн сайын ілгері озып, мұнайлы өлке аумағына екі жақтан сұғына жақындай түсті. Осынау көш легінде Балғымбай да екпінін еселеп, алға тарта берер ме еді, қайтер еді, егер екінші ұлы Өтеп ойға ой салар ұсыныс жасамаса...
Бұл Өтептің мұнай техникумын бітіріп, Ескенеге келген беті еді. Шай үстінде:
- Сіздерге Ата Көпек дейтін түркімен ақынының бірер әзіл әңгімесін айтып берейін, — деді ол.
- Айт, айт! Біз қосылып күлмегелі қашан?! Бір молда Ата Көпекті ұялтпақшы болады.
- Жасың болса, міне, алпысқа келді. Не намаз оқымайсың не ораза ұстамайсың, құрбан шалу дегенді тағы білмейсің. Сонда жұмаққа қалай бармақсың? — деп сұрайды.
Ата Көпек басын иіп:
- Молдекем-ау, өзің арқалап барасың да,- деп жауап береді. Дастарқан басындағылар біраз күлісіп алды да, "Мұны неге айттың?" дегендей Өтепке аңтарыла қарады. Балғымбай да аң-таң. Маған арнады деді ме, сәлден кейін:
- Балам-ау, мұсылмандықтан қашып жүрген мен жоқ. Бірақ намазға да, оразаға да, құрбан айтқа да уақыт керек, уақыт, - дей салды.
- Әке, - деді Өтеп, - бұл әзіл. Молдаға ұқсап сізге намаз оқы, ораза ұста, құрбан шал, сонда жұмаққа барасың деп үгіт айтпақ емеспін. Бес ұл өсіріп, тәрбиелеген кісінің орны онсыз да жұмақта болады деседі.
Кезі келгенде сізді де, шешемізді де жұмақтың төріне бесеуміз-ақ арқалап апарамыз. Ал, сол жұмаққа дейін сіз бізге керексіз. Қазір төсеп жатқан теміржолыңыз күні ертең-ақ салынып бітеді. Демек, ол уақытша жұмыс. Одан кейін тағы қайда бармақсыз? Сондықтан тұрақты тиянақ, орнықты орын қажет. Сондай тиянақ иен орын Сізге де, Қойшығара ағайға да әзір. Бәріміздің бірге болғанымыз дұрыс...
Балғымбай ойланып қалды. "Бәріміз бірге болайық дейді. Шынында да бізді алда қандай күндер күтіп тұр. Бірге болып, бірге жүріп, буын бекіткен де жөн-ау".
- Теміржолда танысқан Николай деген тамырым "Үлкен болсаң, кішіні де тыңда", бұл орыс мақалы, — деп талай рет ақылға ақыл қосқан еді. Және айтқаны мүлт кетпейтін. Жарайды, сенің айтқаның болсын,- деді ол. — Алайда, білімсіз адамнан мұнайшы шыға ма? Келістіре алмай келекеге қалмаймыз ба?
Бәрі де келіседі. Өмір үйретпей қоймайды. Оның мектебі шынайы мектеп. Қала берді қастарыңда мен бар емеспін бе?
- Мақұл, мақұл. Көзімізді жеткіздің.
Өтеп қуанып-ақ кетті. Оқу деп оқшау кетіп әке-шешенің, ағайын-туыстың ыстық құшағын сағынғаны бал-бұл жанған бет-әлпетінен айқын аңғарылып-ақ тұр.
- Менің бұндай ұсыныс жасауыма жаңағы Ата Көпектің көмектескенін жасырмаймын. Тағы бір әңгімесін тыңдап қараңдаршы, - деді ол.
Балғымбаевтар отбасы Қойшығара ағаның құтты мекені Теңдікте жиі бас қосатын еді (1986 ж.)
Бірде Атаға Потдан деген жерлесі жолығады да:
- Біздің өлкеде болдыңыз ба, — деп сұрайды Атадан.
- Болдым.
- Ендеше менің туыстарымның халі қалай екен, нендей жаңалығы бар?
- Оларда қазір жаңа ит бар көрінеді.
- Бұрынғы иттері қайда екен?
- Өлген түйенің етін жеп, жарылып өліпті.
- Ал, түйе қалайша өлген?
- Әкең өлген соң қарайтын кісі болмаса керек.
- Әкем қалай дүние салған?
- Байғұс анаңның ажалынан кейін өмір сүре алмапты... Балғымбай, осыған орай, өзінше түйін жасады: "Апыр-ай, алыс жүргеннің жаттан да жаман болуы қиын емес екен-ау. Түйе мен иттерге жаны ауырмасын-ақ, ал әке-шешесінің дүниеден өткенін біреуден естіп, беті бүлк етпей тұрған жаңағы Потданның қандай безбүйрек, қандай тасбауыр. Құдай сондайдан сақтасын!".
Сөйтіп, 1938 жылдың жазында бір шаңырақта үш бірдей мұнайшы пайда болды.
Теміржол құрылысынан ауысқан Балғымбай - Ескене мұнара құрастыру цехына ағаш шебері, балықшылықтан кейін қолайлы жұмысқа қол жеткізе алмай пұшайман күй кешкен Балғымбаев Қойшығара - Ескене кәсіпшілігіне мұнай өндіруші оператор, мұнай техникумын үздік бітіріп, осы кәсіпшілікке жолдама алған Балғымбаев Өтеп мұнай өндіруші шебер мамандықтары бойынша іске кірісті.
Мұнара құрастырушылар Балғымбайды мүлдем жатырқамады. Қайта бұрынғы ағаш шебері басқа жұмысқа ауысып кеткендіктен қолдары кесіліп қалғандықтарын айтып, құшақ жая қарсы алды.
Мұндағы басты міндет - мұнараны тез, әрі сапалы құрастыру екен. Бұл жауапты шаруадан Балғымбайға тиесілісі де аз болмады. Бір жақсысы орталарында, техника мен көліктің тапшылығын әбден сезінгендіктен де шығар, "мынаны сен атқарасың, мынаны мен" деп керіліп, керілдесуші жоқ. Бәрі жұмыла кіріседі.
Ол кезді бұрғылауда, жалпы мұнай өнеркәсібінде "ағаш дәуірі" дейді екен. Ал, ағаштың аты - ағаш: жарылады, сынады, ісінеді шіриді. Ауырлықты көтере алмаған ағаш мұнараның сатыр-сұтыр сынып, көз көре жантайып қалғанын талайлар өз көзімен көріпті. Сондықтан ескі-құсқы мұнара сұлбасын жамап-жасқап пайдаға асыру да, бір жерден екінші жерге шашау шығармай көшіру де биік парыз. Қайткенде де өндірісті тоқтатпау керек.
Осындай сан-сипат қапылыста тәжірибесі де, білігі де аз Балғымбайдың сыр беріп қоюы әбден мүмкін-ді. Бірақ, оған араша түсер күш табылды. Оның ең бастысын талай қиындық қазанында қайнап-піскен қайсарлығы десек, қалғанының орнын ұжым мүшелерінің жанашырлығы, баласы Өтептің білім-білігі толтырды. Балғымбай бұларды да місе тұтпай мұнара құрастырушылар үшін ашылған арнаулы курсқа қатысты. Үйге келе сала естіп-білгенін Өтепке айтып, дүдәмал түсінігіне түзету енгізіп отыруды да ұмытпады.
- Оу, балам, мұнараның ұшар басында "кронблок" дейтін тетік бар екен. Ол не қызмет атқарады, маған соны ұғындырып жібер, — дейтін.
Келесіде "талевый блок" пен "крюктің", одан әрі "подвеска" мен "вертлюгтің" сырын аштыратын. "Қойшығара, сен не біліп, не үйрендің білмегеніңді, түсінбегеніңді Өтеп ініңнен сұрап алуға арланба", — деп қоятын, анда-санда.
Осылайша Балғымбай ортаға сіңіп, өзін ісінде сапа, сөзінде береке бар адам ретінде танытты. Шаңырағына шырай еніп, босағасынан жиі сығалайтын жұтаңдық ығыса бастады.
Бір өкініштісі - тірек көріп жүрген Өтебі күзде Армия қатарына аттанып кетті де, орны ойсырап қалды. Оның ендігі сүйенері Қойшығарасы еді.
Құдайға шүкір, өндірістегілер Қойшығараны да бірден бауырларына тартып, үйіріп әкетті.
— Әй, Қойшығара, шыныңды айтшы, әкең сені әуел бастан қойшы қылғысы келіп Қойшығара атаған ғой. Бірақ, сен бүгіннен бастап мұнайшысың, қой бақпайсың, станок-качалка бағасың, — деді алғашқы әңгімелерін әзіл-қалжыңға тоғытқан аға оператор Бекмұрзиев Айдарбай мен учаске шебері Әжібаев Садыр оны орталарына алып.
Бірден ескертіп қоялық, жасық, жасқаншақ адамнан мұнайшы шықпайды. Қиындық атаулыны жігерлі болсаң ғана, айтқан ақыл-кеңесті зердеңе жедел түйсең ғана меңгересің. Үлкен ағаларымыз бізге соны үйретті, соған тәрбиеледі. Түсіндің бе?
- Түсіндім...
- Онда өндіріс алаңын аралауға шығайық.
Үшеуі Ескененің шығысын бетке алды. Айдарбай сөйлеп келеді.
- Сен ауылдан келгендіктен ауылдың түсінігімен сөйлейін. Мәселен, анау басын шұлғып тұрған станок-качалканы, былайша айтқанда, сиырмен салыстыруға болар еді. Сиырдың сүті тілінде дегендей, станок-качалканың өнімі қуатында. Қуаты артқан сайын өнімі молая түседі. Бұрын бұлардың онша жетілдірілмеуіне байланысты тереңдік сораптарының жүріс ұзындығы 1,4 метрден аспады. Олардың үйкелістегі ашық тұрған бөлігі тез тозатын. Бақылау-өлшеу аспаптары, зерттеу аппараттары аз пайдаланылды.
Садыр Айдарбай сөзін іліп әкетті:
- Бұлар жағынан көзіміз енді-енді ашылып келеді емес пе? Өткен жылдан бастап Ембі кәсіпшіліктерінде ұңғыларды зерттеуге арналған алғашқы аспап — Яковлев аппараты пайда болды. Сол арқылы ұңғылардың күш-қуатын анықтау мүмкіндігі туса, станок-качалкалардың әр түрін енгізу әрбір ұңғыға неғұрлым ыңғайлы тәсіл табуға, суланған ұңғылардан сұйықтықты сұрыптап алуға, ұңғыларды құм тығындыларынан тазартуға жол ашты. Болашақта бұлардан да жаңа, тиімді аппараттар келмек. Оның иесі сендер боласыңдар!
Садыр Қойшығараны қаусыра құшақтап, арқасынан қақты. Сырласу келесі күні де жалғасты.
- Қойшығара, — деді Айдарбай ағынан жарыла сөйлеп, — сен мені осы саланың аса білгірі санамай-ақ қой. Жұмысқа кіргеніме бір-ақ жыл. Сонда да көш соңында қалмай, біраз жәйтті аңғарып, көңілге түйдім.
- Айдарбай аға, солар жөнінде айтыңызшы...
Жиырма екіге жаңа толған балаң жігіттің әр нәрсені білуге, біле түсуге құмарлығы мен құштарлығын көзінен таныды ма, әлде жүзінен аңғарды ма, сол күні Айдарбай көңіл қойнауындағы "қазынасын" аямай-ақ ақтарды.
- Ұңғыманың не екенін айттым ғой. Оны пайдалану әдісін үш топқа бөледі. Біріншісі - фонтандық, бұнда мұнай ұңғыдан өз-өзінен ағыл-тегіл атқылайды екіншісі - мұнайды ұңғыға сырттан айдалған тығыздалған газ қуатының көмегімен алу, үшіншісі - сораптық, мұнайды сораптардың әр түрімен шығару. Бізде осы үшінші әдіс басымырақ. Ал, ең кереметі фонтан ғой, шіркін ! Оны, асылы, өз көзіңмен көргенің дұрыс.
- Бұл айтқандарыңызды жақсы ұқтым. Енді насос қондырғысы туралы түсінік берсеңіз...
- Жарайды, ол ұңғыдағы сораптан және ұңғының аузы жанында жерге қондырылған станок-качалкадан тұрады. Сораптың не екенін кейін, жер үстіне шығарғанда көрерсің. Станок-качалкаға келсек, онда негізінен алғанда, рама, теңгергіш, теңгергіштің басы, қарсы салмақтар, шатун, кривошип, редуктор, электр двигателі, тежегіш, тіреуіш, кривошиптің қарсы салмағы секілді бөлшектер бар.
- Рахмет, Айдеке! Біраз нәрседен көзімді аштыңыз.
- Бұлар әліппесі ғана. Көзді аша түсу үшін алдымен білім керек.
- Әрине, әзірге ол жағынан ұяттымын...
Иә, құлағымның түбінен күнде ызылдайтын бір заржаққа қайдан тап қылды мені деп теріс айналып жатқан Айдекең жоқ. Өзі қиналып қалса:
- Осыны інің Өтептен сұрашы, — дейді, немесе бөлімше шебері Әжібаев Садырға жүгінеді. Тіпті амалы таусылып жатса, кәсіпшіліктің аға механигі Дорбин Бағытқа барып ақылдасуды ұсынады.
Нағыз қамқоршының қасиеті емес пе, бұл?!
Сөйтіп жүргенде екі жыл зыр етіп, мұнайшылық кәсіпте зор болмаса да, қор болмасын мойындап, жас қанатын енді-енді қомдай бастаған Қойшығара да Армия қатарына аттанып кетті. Балғымбай бұған да көніп: "Тыныштығы болса, бәрі де ештеңе емес", — деп, шүкіршілік етті. Бір күні баласынан, қай кезде жазылғаны белгісіз: "Ұлы Отан соғысы басталды. Мен соғысқа кетіп барамын", — деген үрейлі хат алды. Үрейге үрей қосылды. Фин соғысынан аман қалған Өтебі тағы да қанды қырғынға кірмек пе?
Міне, тағдырдың ісі. Бір шаңырақтың бейнетін зейнетке ауыстыру қамындағы бейкүнә жандардың бас-аяғы бірер жылда жан-жаққа бытырап, ауыр жүктің қырық алты жастағы Балғымбайдың иығына түсерін кім болжап білгендей еді?
Дегенмен, ел-халқы сияқты Балғымбай да ауыр сыннан сүрінбей өтті. Ол Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Қызыл Туын жеті рет жеңіп алып, оны мәңгілік сақтауға қалдыру құқығын иеленген ескенеліктердің ерен еңбегіне ерекше үлес қосты; "Қазақстан мұнайшысы" танк колоннасын жасақтау, майданға азық-түлік, киім-кешек жөнелту бастамашыларының бірі болды; Доссорда жерасты қабатына су айдау қондырғысын іске қосудың маңызды тетігін өз қолында ұстады; Қошқар кен орнының пайдалануға берілуіне маңдай терін төкті; Ұлы Жеңістің қуанышын көрді, соғыстан аман-есен оралған үш арысын құшағына қысты; бес ұлының оқып, азамат болуына, отау тігуіне қамқорлық жасады; бірнеше ондаған немере, шөбере сүйді, мұнайшылық кәсіпте Балғымбай әулетінің негізін қалап, 1972 жылы 77 жасында туған топырағынан мәңгілік мекенін тапты....
Адамды алға арман жетелейді. Балғымбай қарттың талай рет: "Менің де ұрпағым, адал еңбегімен елге сыйлы үлкен әулетке айналар ", - деп армандағаны, хақ. Ата арманын іске асырушылардың бүгінгі бір тобы.
Бірінші сұхбат
Автор. Қайыршақтыдан кейінгі қоныстарыңыз Томарлы ғой... Сол кезде небәрі бес жаста екенсіз?
Мақаш. Томарлыдағы жертөлені әлі күнге дейін ұмытпаймын. Терезесі төбесінде болатын. Үй маңында ініне кіріп-шығып жүрген тышқандарды адамдарға ұқсатқандығымнан ба, әлде балалық аңқаулық па, бір күні әкеме: «Жүр, көрелікші, тышқанның жертөлелері біздікіндей ме екен» деппін. Сонда әкемнің шек-шілесі қата күліп, «тышқанның тұрағын ін дейді, ал адамдар тұратын жерді үй дейді» дегені есімде қалыпты. Сол Томарлыда тұрғанда шешеміз күн сайын ерте тұрып, сиыр сауатын. Сосын сүт сату үшін қалаға кететін. Бір күні ұйқымнан оянсам, үй іші тым-тырыс. Дауыстап ем, оған да ешкім жауап бере қоймады. Тұра есікке жүгірдім. Ол ашылар емес. Кілтте қалғанымды сезе қойдым. Содан тұтқыннан құтылу үшін біраз әуреленіп, ақыры төбедегі терезені сындырып, далаға шығып, жаяу-жалпылап қалаға жетіп, шешемді тауып алғанымды қайтерсің?! Мені көріп қатты қорықты. Шешемнің өң-түссіз күйі әлі де көз алдыма келеді.
- Томарлы негізінде қалалықтар үшін тамаша демалыс орны болып еді-ау...
- Иә, демалыс күндері ол жерге адамдар көп келетін. Машинаның да есебі болмайтын. Біздер, балалар ән айтып, би билеп жатқандарды ерінбей, ұзақ қадағалайтынбыз. Олар кеткен соң, енді билік өзімізге тигендей, тоғай ішін жарыса аралап шығу кәдімгідей дәстүр еді. Бір күні түсіп қалған 5 сом ақшаны көзім шалды. Алайда оны алуға батылым жетпей (осы қылығым мен үшін осы күнге дейін құпия күйінде қалып отыр), поселкеден бір танысымды шақырып келгенім бар. Сөйтіп оны екеуміз 2 сом 50 тиыннан бөліп алдық. Бұл олжа демесең, ол кездегі өлшеммен Қарағанда, едәуір табыс болатын.
- Ал, мектепке қай жасыңызда бардыңыз?
- 1938 жылы біз Ескене поселкесінде тұратынбыз. Сол жылы күзде ағам Салтанат, біздің туыстарымыз Рай мен Құби Сисенғалиевтар бірінші класқа оқуға барды. Олардан қалғым келмей, мектепке мен де бардым. Бірақ, тәртіп бойынша сегіз жастағылар қабылданатын болғандықтан мұғалім мені тізімге алмай қойды. Сонда да тауым қайтпай, екі ай бойы сабаққа тұрақты түрде қатысып жүрдім. Мұғалім Оспанов Күсен менің табандылығымды ескерсе керек, бірінші класқа қабылдайтынын айтты. Алайда, неге екенін қайдам, сол күннен бастап мектепке деген ынтам аяқ асты жоғалса керек. Ата-аналарымның мұғалім ұрсады дегеніне қолымды бір сілтеп: «Егер мен мектепке ертең де, оның арғы күні де, тіпті ешқашан бармасам ол маған қалай ұрса алады» дейтін көрінем. Әрине, бұл да балалық шақтың өткінші шалалығы. Әйтпесе біріншіден жетіншіге дейінгі барлық класты үздік бітірер ме едім?!
— Каникулға шығып, пионер лагеріне бару қай бала үшін де арман, оған қол жетті ме?
- Пионер лагеріне мені алғаш рет екінші класты бітіргеннен кейін жіберді. Ескенеден әуелі қаладағы мұнайшылардың Мәдениет үйіне, одан әрі баяғы өзім жертөле терезесін сындырып шығатын Томарлыға алып келді. Ескенеге қарағанда Гурьевтің аса ірі қала екенін, өзімнің осы қалада шыбын-шіркейдей екенімді айқынырақ сезіндім.
— Соғыс қарсаңы мен соғыс кезінде отбасында қандай қиыншылықтар болды?
- Менің жасы үлкен үш ағам - Қойшығара, Өтеп, Өтәлі соғыстан бұрын Армия қатарына шақырылған-ды. Арты соғысқа ұласты. Әкем бұл кезде Ескенедегі мұнара құрастыру цехында ағаш шебері еді де, ағам Салтанат екеуміз мектепте оқитынбыз. Әлі балаңдау болсақ та, айналадағы ел-жұрттың, ата-анамыздың күйзелісін сөздерінен де, іс-әрекеттерінен де естіп-көріп, жан-тәнімізбен сезіндік. Және ағаларымыздың соғыстан аман-сау оралуын тіледік.
Әкеміз күні-түні жұмыс басында жүреді. Үй тауқыметі анамыз Қилаштың мойынында. Шөпті өзі шабады, арбаға өзі тиейді, сосын түйені жаяу жетектеп поселкеге келеді. Кейде 60 килодай жүк арқалап, жаяу Гурьевке кетіп, Ескенеге қайтып оралады. Иығының қайтарда да бос болмайтыны түсінікті. Біз анамыздың осыншама еңбекқорлығына, төзімділігіне қайран қалатынбыз.
Мақаш (бірінші қатарда, сол жақтан екінші) екінші сыныптан кейін. 1940 жыл.
Біз меншігімізде сауын үшін не бір сиыр, не бір бие, не бір түйе ұстайтынбыз. Қанша тырыссақ та малдың басы біреуден асып көрген емес. Сірә, табиғаттың өзі біздің баюымызды құп көрмеген шығар...
- Сонымен нағыз балғын балалықтың ізі мұнайлы өлкеде қалды десеңізші...
- 1944 жылы мұнара құрастыру цехы Қошқар кен орнына көшті де, әкем сонымен бірге кетті. Ал, маған Ескенеде қалып, жетінші класты бітіріп шығуға тура келді. Сол үшін ағайындарымыз - Сисенғалиевтар отбасында тұрып, оқуымды одан әрі жалғастырдым. Шынымды айтайын, бұл отбасының әрбір мүшесі мен үшін аса қымбат жандар болып кетті. Кейін, есейген тақта өзімнің қадірлеушілігім мен сыйлаушылығымды жеткізу үшін олардың шаңырағына бірнеше рет оралдым да.
Жаңа өзің айтқандай, балғын балалығымның ізі қалғандықтан ба Ескене жүрегіме ерекше жақын әрі ыстық. Тіпті, асырып айттыңыз десең де, маған Ескенеден артық жер жоқтай көрінеді. Шын мәнінде Ембі мұнай кәсіпшіліктері поселкелерінің ішіндегі табиғаты жағынан да, салынуы жағынан да ең үздігі болатын. Үлгілі педагогикалық ұжымы бар орта мектепті, үлкен клубты, демалыс бағын (осы бақта кейінірек балшықпен емдейтін шипажай ұйымдастырылды) білім мен мәдениеттің өнегелі ошағы ретінде көзге түсті десем, артық айтқандыққа жорымассың. Первомайск стансасынан Ескене поселкесіне, одан әрі Байшонас поселкесіне дейін тар табанды теміржол тартылды. Осының бәрін сол кезеңнің тамаша жетістіктері деп бағалағанымыз жөн. Ол жетістіктерді маңдай терімен, ақыл-ойымен, білім-білігімен, қажыр-қайратымен сомдағандар - аға ұрпақ, біздің әкелеріміз, ағаларымыз бен апаларымыз.
- Мақа, ұлы ойшыл, данышпан ақын, білікті қоғам қайраткері Ж.Баласағұни:
Ей, білімдар, түзу ұста жібіңді,
Кетпе ұмытып, ойла тек пен түбіңді, - деген екен. Бұл жөнінде не айтасыз?
— Тегіңді білу, ата-бабаның әруағын сыйлау - қай кезде де, қандай жағдайда да қасиетті парыз. Әкеміз көзі тірісінде сонау Өмірзақтан бері қарай тараған үрім-бұтақтың біраз дерегін, әрине түгел де болмауы мүмкін, біздің құлағымызға сіңіруге тырысты. Соңғы жылдары өлкетану жұмыстарымен айналысушы зерделі тарихшылар ол деректерге соны беттер қосты. Аманғали Әміржанұлы ініміздің Қаратау бабамыз туралы ізденісі соның бір дәлелі. Күні бүгін оның Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы аумағына жерленгені, тіпті бейіті мен құлпытасының жартылай болса да сақталып қалғаны белгілі болып отыр. Өз атын өз заманында кісілікпен, батырлықпен, шешендікпен, ізгілікпен көтерген біртуар жандарды халық ұмытпаса, ел ұмытпаса, біз неге ұмытамыз?! Олар біздің жүрегімізде, қанымызда, тағдырымызда мәңгі жасай береді, жасай беруге тиісті де.
Тарихи деректер Қаратау Өмірзақұлының Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы бастаған 1783-1797жылдapдaғы ұлт-aзaттық қозғалысында екінші басшы болғанын, тіпті оның Сырым Датұлымен бірге Е.Пугачев көтерілісіне белсене қатысқанын көрсетіп отыр. Оның есімі құжаттардың бәрінде дерлік "Қаратау би", "Қаратау батыр" деп жазылған. Мәселен, 1786 жылдың 8-ші қарашасында қазақ зиялылары барон О.А.Игельстромға жолдаған хатта Қаратау бидің есімі Кіші жүздің сұлтаны Қарабайдың есімінен кейін және бүкіл билер есімінің ең алдында көрсетіледі. Осы хатқа үш-ақ мөр соғылса, оның бірі Қаратау бидің мөрі екенін көруге болады.
Тағы бір құжат, атап айтқанда, патша өкіметі 1787 жылы сәуірдің 5-і күні берген Жайық өзені бойынан көшіп-қонуға рұқсат еткен құжат Қаратау бидің ең көп шаңырақпен, 10 мың үймен өтуге, Үйшік қалашығынан Сарайшық қаласына дейінгі аралықты мекендеуге пұрсат алғанын растайды.
Қаратау бабамыз өз әулетін мұсылманша сауаттандыруды да назарда ұстаған көзі ашық, көкірегі ояу жан болған.
1786 жылы 8-ші қарашада қазақ ағамандары бароннан (өлкенің сол кездегі генерал-губернаторы) "... Сіздің жоғары мәртебеңізден бізге үш молданы, біреуін Қаратау би үшін жіберуіңізді сұраймыз" деп жазған.
Баба рухына тағзым етуге келген ұрпақтары
Қаратау кейбір құжаттарда "батыр" деп көрсетіледі.Тіпті барон О.А.Игельстромның өзі 1785 жылы қазанның 31-де II Екатерина патшаға жазған хатында: "менен тағы да екеуіне, Көккөз би мен Қаратау батырға, барлығы алты ағаманға, өздерінін ағамандық мәртебесін тұжырымдайтын жазбаша куәліктер беру туралы сұрайды" деп мағлұмдайды.
Қаратауды 1802 жылы I Александр патшаға жолдаған жазбасында Орынбор губернаторы Н.Н.Бахметьев те "батыр" деп көрсетеді.Көбіне өз жауларын "ұры" деп те, "қарақшы" деп те атайтын орыс отаршылдарының бұлайша жазуы да Қаратаудың қаһармандығын сөзсіз мойындағандығын білдірсе керек.
Сонымен біз 1783-1797 жылдардағы көтерілістің барша қазақтың ұлттық намысын қорғау ниетінен туғанына, Қаратау бабаның да Сырыммен бірге қазақ баласының ешкімнен кем болмай, жұртпен терезесі тең болуы үшін аянбай күрескеніне профессор М.П.Вяткиннің "Сырым батыр" және "XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ - орыс қатынастары" атты бірегей еңбектері арқылы көз жеткіземіз.
Қаратау бидің өз кіндігінен бес бала тараған. Оның Кішембайынан Шонық, одан Айтболат, одан Сұлтанмұрат, одан Балғымбай туған. Біз Балғымбайдан бесеуміз: Қойшығара (1915-1983), Өтеп (1917-1966), Өтәлі (1923), Салтанат (1929-1992) және мен (1931).
Соңғы бітірген үлкен шаруамыз - 2002 жылдың маусымында Қаратау бабамызға өзі жерленген Батыс Қазақстан облысының Қаратөбесінде, Көкөзек бойында тұрғызылған кесене. Самараның қызыл тасынан биіктігі алты метрдей етіп салынған бұл кесененің жоба-жоспарын Өтәлі ағамыздың өзі жасаса, Нұрберген інімізбен, Қайыржан бауырымызбен құрылыстың басы-қасында болып, ойдағыдай бітуіне басшылық жасады. Кесененің ішіне қара граниттен ескерткіш тақта қойылды. Оның құбыла бетіне "Сырым батырмен бірге 18 ғасырдың аяғында ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан тарихи тұлға Қаратау Өмірзақұлы. Руы - Ысық, Сарысық. Белгі қоюшылар - ұрпақтары -Балғымбай әулеті. 2002 ж.", деп жазылса, екінші бетінде жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының:
Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық.
Теңдіктің туын бермедік,
Теңсіздікке көнбедік, -
деген өлең жолдары қашалды. Кейін мен де Көкөзекке асыға жетіп, қаһарман бабамыздың рухына тағзым етіп қайттым.
Иә, бабалар, олардың кейінгілерге шапағат шуағын шашқан шарапаты туралы шамырқанған бұлақ-сырдың тұнығы енді ашылғандай.
Оған тояттана қанып, шел басу бүгін мен келешектің еншісі.
ӨМІРГЕ ТАЛПЫНЫС ЖӘНЕ БІЛІМГЕ БЕТБҰРЫС
Қошқарда соғыс біткелі күнде болмағанмен апта сайын мереке. Майдангерлердің кейде бірі, кейде бірнешеуі жылы құшаққа оранады. Жоқ-жітікті көп көрсе де ел ішінде таршылық білдіріп, күңкіл тудырушылар жоққа тән. Бәрі де ертеңге, бейбіт күннің келешегіне үміт артады. Бүгін ана шаңырақта дүбірлеп жатқан той ертең біздің шаңырақта да болып қалар-ау деп ерекше толқып, айырықша тебіренеді. Сөйтіп барын базар етеді. Майдангерлерді көзбе-көз көруге асығады. Әйтеуір, той-томалақ өткізу бәсеке болмаса да кәдімгіше айтулы дәстүр.
Шағын той бірінен соң бірі Балғымбай қарттың құбақан үйінде де өтті. Әуелі Қойшығара, оның ізін ала Өтеп пен Өтәлі оралды майданнан. Ауырлы-жеңілді жарақаттары болмаса, үшеуі де, Алланың шапағаты тигендей, дін аман.
Олар келгелі егіз қозыдай тату өсіп, еңбекке жарап қалған Салтанат пен Мақаштың арқалары жайлау, жүздері жайдары. Жарқын тірліктің енді басталарын сезгендей оңаша сырласып, өздерінше арман-тілек бөліседі. «Өтеп ағамыздың ізін қуып, мұнай техникумына түссек, қор болмас едік-ау» деп, алдын-ала болжам жасайтын күндері де жиі.
Оларды осындай ойға жетелейтін себеп те жоқ емес-ті. Қошқардағы мектеп жетіжылдық еді. Оны бітірген Салтанат ауылдан ұзап кеткісі келмеді де, 1944 жылдың жазында мұнай өндіру цехының басшылығына арыз беріп, нормалаушы мамандығын иеленген болатын. Мақаш та осындай жұмыстың біріне тұяқ іліктірсем дейтін. Оған моншаның екінші дәрежелі жұмысшысы, яғни моншашылық қана бұйырды. Мақаш соны да шүкіршілік еткендей еді. Бірақ, Балғымбай қарт «Бұл баланың ісі емес» деп қарсылық білдірген соң, кәсіпті күрт өзгертуге шешті.
Ол кезде нан мен басқа да тамақ өнімдері карточкалық жүйемен берілетін. Сол карточкалардың түбіртектері бойынша есеп жүргізу де біршама сауатты талап ететін. Ал, көптеген сатушылардың оған білімі де, өресі де жете қоймайтын. Мақаш солардың біріне өз еркімен көмекшілікке кірді. Сөйтіп соғыстың қиын жылдарында отбасы тірлігіне аз да болса өз үлесін қоса бастады.
Өтеп соғыстан оралған бетте Гурьев облыстық партия комитетіне нұсқаушылыққа орналасты. Соған орай Балғымбайдың үлкен отбасы Гурьев қаласына қоныс аударды. Осы көші-қон Салтанат пен Мақаштың мұнай техникумына түссек деген арман-тілектерін біршама жақындата түсті.
Екінші сұхбат
Автор . Техникумға келген алғашқы сәтіңіз есіңізде қалған шығар.. .
Мақаш. Әлбетте. Қажетті құжаттарымды жинақтап алдым да, техникумға келдім. Ол қазіргі «Атыраумұнайгазгеология» акционерлік қоғамы ғимаратының шығысына таман Уәлиханов көшесін бойлай орналасқанды. Тап кіре берісте алдымнан жинақы киінген, көзіне күлкі үйірілген жас жігіт кезікті. Ол мені ымдай тоқтатып, «техникумға түскелі келдің бе?» деп сұрады. Елде өскен, ұяңдығымыз басым кез. «Айтсам ба, айтпасам ба, менің оқуға түскенім бұл жігітке не үшін қажет болғаны?». Осылайша біраз тосылып тұрдым да: «Иә, оқымақ ойдамын» дедім. Ол менен дереу өзіне ілесіп жүруді өтінді де, техникумның ғимаратына енді. Одан әрі геология бөліміне және геологиялық мұражайға бастап апарып, онда тұрған түрлі түсті, түрлі қисындағы мұрағаттармен таныстырды. Олардың жерасты жыныстары екенін, қай жерден табылғанын да, кімдер тапқанын да тәптіштей айтып берді. Көп кешікпей көздің жауын аларлық әлгі сан алуан тау жыныстары мені еріксіз баурағандай әсер тудыра бастады. Ақырында ол: «Түссең, геология бөлімшесіне түс» деп ақыл-кеңес қосты.
Атырау мұнай техникумын 1950 жылы бітірген геолог-техниктер.
— Ол адам кім екен?
— Маған жол сілтеуші геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, техникумдағы геология бөлімшесінің меңгерушісі Камель Бекирович Аширов болып шықты. Кейін ол геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор атанып, Куйбышев университетінде және атақты «Гипровостокнефть» институтында жұмыс істеді. Мамандықты дұрыс таңдағаным, техникумнан алған жан-жақты білімім үшін алғашқы тәлімгерім К.Б.Ашировты әлі күнге дейін шынайы көңілмен еске алып отырамын.
- Басқа оқытушылардан кімдер есіңізде сақталып қалды?
- Мен олардың және техникум түлектерінің біразының есімдерін 2000 жылы, техникумның (қазіргі колледждің) 70 жылдығына орай жазылған мақаламда («Прикаспийская коммуна», 27 маусым) қанағат сезіммен, разы көңілмен көрсеткенмін. Соған қарамастан рухтары мен еңбектерін еске алып, тағы да атап өтсем, артықтық етпес. Константин Алексеевич Багайдиннің - техникум директорының жарқын бейнесі көз алдымда. Оның қолынан үздік оқуыма және техникумның қоғамдық өміріне белсене қатысқаныма байланысты талай мәрте мақтау грамоталарын алғанымды, бұдан 50 жыл бұрын техникумның жиырма жылдығын тойлау комиссиясының құрамына еніп, оның төрағасы Константин Алексеевичпен бірге талай мәселені талқылағанымды қалай ұмытармын?!
1950 жылдың түлектері: Садықов Әуелбай, Махамбетов Халила, Балғымбаев Мақаш, Жексемалиев Жақсығали, Қарамұрзиев Құлқаш, Құрманғазиев Байжан, Есенғалиев Тасым.
- Елу жыл бұрын техникум еді, бүгінде колледж. Бұлардың арасында қандай айырмашылық бар?
- Әркімнің өз мерзімін, өз ғасырын мақтайтыны шындық па? Шындық. Мен өзім түлегі болып саналатын бұл оқу орнының бүгінгі бейнесі мен беделін аласартпасам да, оның сонау елуінші жылдарда Одақ мұнай өнеркәсібі Министрлігі орта арнаулы оқу орындары ішінде ең үздіктерінің бірі болғанын атап көрсете аламын. Ол материалдық-техникалық базасы, спорттық және мәдени-бұқаралық жұмыстағы жетістіктері, ең бастысы - ұстаздар ұжымының жоғары интеллектісі және кәсіби шеберлігі жөнінен тым биікте тұрды.
- Үйірмелердің сан алуан түрі болған шығар? Соның қайсысына қатыстыңыз?
- Иә, әдебиет, тарих, физика, ағылшын тілі пәндерінен, киномеханиктер даярлайтын және электротехникалық бағытта алты үйірме, көркемөнерпаздыққа байланысты бес үйірме, алты спорттық секция жұмыс істеді. «Техник», «Әскери оқу», «Крокодил», «Комсомол комитетінің бюллетені» қабырға газеттері үзбей шығып тұратын. Сол қабырға газеттеріне, одан да әрі асып, «Прикаспийская коммунаға» қалам тербеген жайым бар. Ал, жігерлі жастықта үйірмелер мен секциялардың біразына қатысып, оймен бірге дене шынықтырғаным да рас. Әдебиетті ерекше сүйдім.
- «Прикаспийская коммунаның» 80 жылдығы қарсаңында жарияланған «Корреспонденция полувековой давности» атты мақалаңызда бұлар жөнінде кең мағлұмат беріпсіз. Айтыңызшы, баспасөз сізге несімен қымбат?
- Баспасөз - айна, онда бүкіл елдің тыныс-тіршілігі, соның ішінде мұнай өнеркәсібінің ұланғайыр тарихы бар. Өзін қоғам мен өмірден тыс көрмейтін әрбір адам баспасөзді сүюі, ұдайы оқуы, мүмкіндігі келіп жатса, оған өзін толғандырып жүрген жайларды жазып тұрғаны абзал.
— Мақа, бір сөз бір сөздің қуғыншысы деген, қыза-қыза келе оқытушылар жөніндегі әңгімемізді ұмыт қалдырыппыз...
- Жетпіске келген бұл қартта не жады қалды демексің-ау, шамасы. Әзірге ұмытшақтыққа ұрына қойған жоқпын. Көкірек сарайым да түзеу. Жалпы техникумдағы үлкенді-кішілі істердің бәрі де оқытушылардың күш-қайратымен, ақыл-ойымен, кеңес-пікірімен жүзеге асты ғой. Мәселен, Анатолий Андреевич Авксентьевті алалықшы. Ол электротехникалық пәндердің оқытушысы бола тұра оқушылардың жан-дүниесін тез түсінетін, көп нәрсеге ынтызар, кеңпейіл жан-ды. Осы қасиеттері үшін оны көп адам беріле сүйетін. Біз оның және техникум директоры К.А.Багайдиннің КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен жемісті жұмыстарына, сондай-ақ оқу орнының 20 жылдығына орай «Құрмет белгісі» орденімен марапатталғанына куәгер болдық. Оқу ісінің меңгерушісі Мария Александровна Сахарова да сүйкімді мінезімен ұнайтын. Зоя Ивановна Гибизова (геодезия), Михаил Виссарионович Черников (сызу), Николай Федорович Каменов (техникалық механика), Александр Федорович Марков (мұнай кен орындарын пайдалану), Валентина Михайловна Портнова (орыс әдебиеті), Владимир Соломонович Днепров (құрылымдық геология), Иван Иванович Кочетков (мұнай кен орындарының геологиясы мен мұнай кәсіпшілігінің геологиясы), Екатерина Александровна Сухарева (математика) - бұлардың әрқайсысының кезінде өз шәкірттерінен шексіз алғыс алмағандары аз.
- Сіздер сол кезде мектеп жасындағы жасөспірімсіздер. Мектептегідей балалыққа салынып, аяулы оқытушыларыңызға aт қойып, айдар таққан немесе шәлкестік мінез көрсеткен тұстарыңыз болған жоқ па?
— Ондай жағымсыз қылық басқа бір бөлімшелерде орын алмаса, бізде байқала қоймады. Сонда да мына бір оқиғаны айта кетейін. 1940 жылдардың аяғында математикадан Клавдия Васильевна Гузова сабақ берді. Ол «Эмбанефть» бірлестігі бастығының бұрғылау жөніндегі орынбасары Ф.Н.Гузовтың зайыбы еді. Бастапқыда оның пән жөніндегі білімі онша терең көрінбеді. Осыны пайдаланған оқу озаттары бір есепті үш түрлі әдіспен шешіп, оны кемсіте бастайтын әдетке көшті. Бұндайда не істеуге болар? Аяқ астынан бұлтартпас дәлел табу да қиын. Аңтарылған Клавдия Васильевнаның барлық жауапты да дұрыс деуден басқа амалы қалмайтын. Ал, студенттер бұлай болуы мүмкін емес деп шу шығарып, оны жылап-сықтау халіне жеткізетін. Біз кейін оны аса қатал және ымырасыз оқытушының біріне айналды дегенді естідік.
- Пән оқытушылары бір-біріне ұқсамаса керек...
- Әрине. Александр Федорович Марков студенттердің жауабын үнемі сүзгіден өткізіп отыратын. Олар «анау», «мынау» секілді сөздерді орынсыз қолданған тұста тоқтатып қойып: «Сен, мәселен, телефонмен сөйлесіп тұрып, айтып тұрған затыңның атауын дұрыс атамай, оны «анау», «мынау» десең, кім не түсінеді. Сол себепті әр нәрсені атауымен айту керек» дейтін. Оның оқыту әдістемесіндегі бұл жаңалығы көп кешікпей оң нәтиже беретін де.
Николай Федорович Каменовтің де орны бөлек. Ол техникалық механиканың аса құпия сырларын әртүрлі түстегі бормен, әртүрлі сызбалармен шебер түсіндіретін. Жалпы ол сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Суретші, музыкант болатын. Қажет кезде студенттермен бірге жүріп, көңіл көтеруді де жат көрмейтін. Салтанат екеуіміздің техникумды үздік бітіріп, Мәскеудегі мұнай институтына жолдама алуымыз осындай жандардың жанқиярлық ісі мен тәрбиесінің, білімі мен тәрбиесінің нәтижесі ғой.
— Техникумның кадр даярлау тәжірибесі кезінде жоғары бағаланды. Бұл туралы не айта аласыз?
— Шыны да сол. 1933 жылы техникум өзінің алғашқы түлектерін ұшырып, мұнай өнеркәсібі мамандарының қатары 21 техник-механикпен, 17 бұрғышымен, 14 құрылысшымен, 9 пайдаланушы қызметкермен толықты. Сол алғашқы қарлығаштар легінде Нәрембаев, Бердіғожин, Қоныспаев, Өтебаев, Айтмағамбетов, Мағдиев, Тулин, одан кейінгі жылдары Т.Н.Жұмағалиев, З.М.Айдыналиев, А.И.Ыбырашев, Б.Х.Тұралиев, Т.Д.Дәулетов, Қ.Құдабаев, Е.Тауманов, ағайынды Қарамұрзиевтер, Х.Өзбекқалиев, З.Балкенжиев, Т.Бекбосынов, И.Әбенов, тағы басқа белгілі өндіріс шамшырақтарының болуы соны айғақтамай ма?! Менің қолымдағы соңғы деректер бойынша бұл қастерлі оқу орнының 6 түлегі Социалистік Еңбек Ері, 68-і ғылым кандидаты мен докторы дәрежесіне жеткен, 40-ы еңбегі сіңген мұнайшы, геолог-барлаушы, құрылысшы және энергетик атанған.
— Ағаңыз Өтеп Балғымбайұлы да осы техникумның мақтанышы емес пе?
Гурьев мұнай техникумын бітірушілер (солдан оңға қарай): Өтеп Балғымбаев, Таумұш Жұмағалиев және Арон Ибрашев (1938 ж.)
- Оның рас. Ол техникум қабырғасынан 1938 жылы жоғарыда есімдері аталған Төлеухан Дәулетовпен, Рахим Қонашевпен, Арон Ыбырашевпен, Таумұш Жұмағалиевпен бірге ұшты. Төлеухан екеуі, негізінен алғанда, қоғамдық жұмыстармен айналысты, аудандық комсомол, мұнай өнеркәсібінің дамуына партиялық басшылықты қамтамасыз ете отырып, Мақат және Жылыой аудандық партия комитеттеріне хатшы болып сайланды. Рахим мен Арон майданнан оралмай қалды.
- Демек, сіздердің — Салтанат екеуіңіздің көкіректеріңіздегі «техникумға түссем» дейтін арман отын Өтеп-аға жақты деуге толық негіз бар секілді...
- Киелі кісі туралы шынайы шындықты айту әркезде де қажет. Өтекең техникумды бітірген соң Ескене мұнай кәсіпшілігіне мұнай өндіруші шебер мамандығы бойынша жұмысқа жіберілді де, біздің көп жанды отбасымыз сонда көшіп барды. Әкеміз Балғымбай мұнара құрастыру цехында ағаш шебері, Қойшығара ағай мұнай өндіру цехында оператор болып орналасты. Міне, Балғымбаевтар әулеті мен олардың туыстарының мұнайшылар қауымына біржола енуін де осы тұс деп санау ләзім. Содан бері қаншама жыл өтсе де сол айқын таңдауға сызат түспегенін өз басым үлкен мақтаныш тұтамын. Біздің әулет Қазақстан мұнайының жүз жылдығын 700 жылдық еңбек өтілімен атап өтті.
- Ұлы Мұхтар, Әуезовті айтам, «Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана қымбат табыс» деген екен. Сіздердің бұл табыстарыңызды ерлікке пара-пар іс дегім келіп тұр.
- Ол сенің еркің. Әйтеуір еңбегіміздің еш кетпегенін сезінудің өзі бақыт қой. Бір кезде менің аузымнан шыққан бір сөз бар еді. Соны тағы да қайталаймын: «Мұнайлы өлкенің бізге өкпесі жоқ».
— Бұл сөзіңізді былайша жаңғыртып айтсақ қалай қарар едіңіз: «Біздің мұнайлы өлкеге, ал мұнайлы өлкенің бізге өкпесі жоқ».
- Қарсы емеспін. Өйткені біз бақытты да, достықты да, даңқты да осы мұнайлы өлкеден таптық.
— Айтпақшы, балалың және жастық кездегі достыққа берер бағаңыз қандай? Мәселен, техникумда бірге оқыған достарыңызға...
- Абай айтқан сөз бала кезімнен жадымда. Ол былай дейді: «Дүниеде жалғыз адам -адамның өлгені. Қапашылдықтың бәрі соның басында». Сол айтқандай, адамның адамшылығын достықпен өлшеу - парыз. Аристотель де тамаша ой айтқан ғой. «Достық, -дейді ол,- өмірдегі ең қажетті нәрсе, өйткені төрт құбыласы түгел адамның өзі де доссыз өмір сүруді қаламайды». Осы тұрғыдан алғанда, балалық кездегі достық па, әлде есейген кездегі достық па, мен үшін бәрі қымбат. Бірақ, тағдырдың заңы өзгерек. Дос атаулы жаныңда үнемі бірге жүрмек емес. Мынаның өзі соның мысалы бола алады: техникумның геология бөлімшесін 1950 жылы 29 жігіт пен қыз бітірген едік. Соның 14-і Ресейге жолдама алды, 7-і Маңғыстау, ал 8-і Атырау аумағында қалды. Қазір, жасыратын не бар, ресейлік әріптестермен байланысымыз жоққа тән. Ал кезінде жарты құртты бөліскен Қарамұрзив Құлқаш, Жақсыболатова Галя, Нечаев Виктор, Есенғалиев Тасым секілді маңғыстаулық, Жексемалиев Жақсығали, Жидкова Анна, Канцева Юлия, Хохлова Ева, Ғұбайдуллин Хамит, Борисова Раиса секілді атыраулық зейнеткер әріптестеріммен оқта-текте кездесіп, сыр бөлісеміз, қуаныш пен қайғыға ортақтасамыз.
- Зейнеткерлік деген жақсы «мамандық» па?
- Тыныш өмірде одан артық «мамандықты» қайдан іздеп табарсың. Асықпа, ертең басыңа түскенде оның қадірін өзің де айқын сезетін боласың.
Мақаң екеуіміздің бұл күнгі әңгімеміз осымен тамамдалды. Ол Атырау мұнай техникумына арналған «семіз» папкаларын мұқият жинақтады да, жылы алақанымен бірнеше мәрте сипап өтті. Бұл көрініс менің көз алдыма бөбегін өбектей аймалаған Әке бейнесін елестеткендей еді.
Енді мынау екі естелікке назар аударыңыз. Екеуінің иесі де Мақаңмен техникумда бірге оқыған, бірге ойнап-күлген, қарттықтағы қызықты бірге бөлісуге бекем бел буған жандар.
Жексемалиев Жақсығали Тұңғышұлы - инженер-геолог, еңбек ардагері.
Өмірде алғашқы кездесудің өзінде жүзі де, сөзі де айырықша әсер беріп, кейін көңіліңе, жүрегіңе мәңгілік ұялап қалатын адамдар болады. Солардың қатарына мен еш іркіліссіз Мақаш Балғымбайұлын қосар едім.
... 1946 жылдың күзі. Гурьев мұнай техникумында жаңа оқу жылы басталар қарсаңдағы абыр-сабырдың арасында онымен бетпе-бет жолығысып қалдым.
- Сен қай бөлімшедесің, қайдан келдің, есімің кім,- деді ол.
- Геологияға тапсырғанмын. Гурьевтікімін. Атым - Жақсығали.
- Е, бір бөлімшеде екенбіз. Біз бұрын, Ескенені білуші ме ең, сонда тұрғанбыз. Жақында қалаға қоныс аудардық. Есімім — Мақаш.
- Өте жақсы!
- Менімен бірге ағам Салтанат та оқитын болады. Бірақ, басқа - бұрғылау бөлімшесінде...
Біздің таныстығымыз осылай басталды. Бөлімше жиырма тоғыз оқушыдан тұрды. Оның жетеуі жергілікті жердікі, яки қазақтар, ал қалғандары Ресейдің Қазақстанға жақын орналасқан Куйбышев, Орынбор, Саратов секілді қалаларынан келген өзге ұлт өкілдері еді. Арамызда бір-ақ қазақ қызы Жақсыболатова Гүлжихан бар.
Оқу барысында бір-бірімізді етене танып-біле бастадық. Ол күнде қазақша оқығандықтан көптеген орыс сөздерінің мән-мағынасын түсінбей, қиналған кезіміз де аз емес-ті. Оның үстіне кітап қоры жеткіліксіз. Осы орайда Мақаштың бірден көзге түскені. Күнделікті сабаққа тас-түйін әзірлікпен келеді. Біз түсінбей жүрген сөздердің аудармасын бірінші табатын да сол. Сөйтсек, қалалық кітапханаларды аралап, керегіне кезіккенше тыным таппайды екен ғой. Осы ізденгіштік қасиеті, ынтасы, тәртібі, кішіпейілдігі аз күнде бізді оның маңына топтастырып үлгерді.
Сабаққа он-жиырма минут ерте келіп, Мақашты іздейміз. Ондағы ойымыз -білмегеніміздің орнын толтыру. Ол да түсіндіруден, өзі білетін нәрсені ортаға салудан жалыққан жоқ. Бәріміздің қамқоршымызға айналды және үздік оқуымен ерекше көзге түсті.
Төрт жыл осылайша зыр етіп өте шықты. Мақаш үздік дипломымен Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы институтқа түсті. Ал, мен жолдамамен Құлсары мұнай кәсіпшілігіне келіп, жұмысқа орналастым. Бірақ, қатынасымыз үзілген жоқ. Каникул кезінде бір-бірімізді тауып, ұзақ сырласатынбыз. Бұндай кездесуімізге оның ағасы Өтеп Балғымбаевтың Жылыой ауданында бірінші хатшы болып жұмыс істеуі мүмкіндік берген-ді. Анасы Қилаш мені де өз баласындай қадірлеп, сыйлайтын. «Бірге жатыңдар» деп, сәкіге төсегімізді дайындап қоятын.
Мен 1951-1954 жылдары Оңтүстік Ембідегі Опорная-2 ұңғысында аға геолог болып, 1954 жылдың қыркүйек айында Армия қатарына шақырылдым. Одан 1956 жылдың желтоқсанында елге оралғанымда Мақаштың Жылыойдағы Жантай барлау партиясында аға геолог болып жұмыс істеп жүргенін, бұған дейін, институт бітіріп келген соң, еңбек жолын мен еңбек дәмін татқан Опорная-2 ұңғысында бастағанын естіп, қатты қуанғанмын.
Содан бері қай жерде, қандай лауазымда жүрсек те, жарасымды жолдастықтан, қадірлі сыйластықтан айрылған емеспіз. Реті-жөні келген жағдайдың бәрінде де бір-бірімізді іздеп, кездесуді мұрат тұтатын дәрежеге жеттік.
1958 жылы іссапармен Жылыой ауданына бардым. Сол топырақ қатабаным тиіп тұрып, Мақашқа қалай соқпай кетпекпін?! Содан бір сәті түскен мезетте дереу ат басын бұрып, Қосшағылдан бір шықтым. Онда Мақаш Қосшағыл мұнай өндірісінде бас геолог еді. Келсем үйде Жонас қана отыр. Мақаш поселкелік Кеңес депутаттығына кандидаттыққа ұсынылып, сайлаушылармен кездесу үшін Төлеске кетіпті. Кештете сол кездесуден оралып, Жонастың тәтті шәй-дәмімен түннің бір уағына дейін өткен-кеткенді еске түсіргенімізді осы күнге шейін ұмытпаймын.
Арамызда ұмытылмастай оқиғалар мен жағдайлар тіптен аз емес-ау. Солардың бірі -1957 жылы Мақаштың үйленуі, менің кіші құда болып барып, Комсомол мұнай кәсіпшілігіндегі қарттардың қолына Жонасты келін етіп түсіруіміз. Сол үлкен қуанышқа Өтеп ағамыз бастан-аяқ қатысып, баршамызбен бірге шаттанған еді...
Жасында білімге құштар Мақаштың бойынан кейін ғылымға ынтызарлықты, зеректік пен ізденімпаздықты, еңбекке деген адалдықты, жігерлілік пен тындырымдылықты көрдік. Көңілі қызғаныштан, жаманат ойлаудан ада адам екенін таныдық. Жонас екеуінің ата-анаға құрметі, ағалары мен інілеріне ізеті әр отбасына үлгі-өнеге боларлық ең үздік қасиеттер екеніне талай рет куә болдық...
Адамның өмір бойына нәр етіп, әр етіп жинаған ең қымбаттысы - адал достары десек, мен де адал достықтың иесі Мақаштың үнемі, ғұмыр бойы адамгершілік биігінде болғанына ризамын.
Губайдуллин Хамит, горный инженер-геолог-нефтяник, ветеран труда.
Впервые с Макашем я познакомился в Гурьевском нефтяном техникуме (ГНТ), куда поступил в 1946 году на геологическое отделение, по специальности «Геология и разведка нефтяных и газовых месторождений».
На протяжении всего четырехлетнего курса обучения он был единственным отличником на нашем отделении и окончил техникум с красным дипломом, благодаря своей прилежности в учебе, природному дарованию, оставаясь при этом скромным и добрым человеком. Он безотказно помогал отстающим сокурсникам, доходчиво и терпеливо разъясняя суть того или иного предмета обучения.
Макаш активно участвовал в общественной жизни техникума, его уважали многие студенты и преподаватели ГНТ.
Хорошо сохранилась в памяти моей поездка летом 1948 года на промысел Шубар-Кудук в Актюбинской области, где проходила шипа геодезическая практика под руководством глубокоуважаемого преподавателя Гибизовой З.В. Туда мы отправились на поезде в полном составе: 12 девчат и 17 ребят, из них более половины были русские (16 человек), казахов - 8 человек, а также представители немецкой, еврейской, украинской и татарской национальностей. В общем, эта была сплоченная, дружная, интернациональная семья. Жили в местной школе, в разных помещениях (классах), девчатам ус тупили кровати, ребята же спали на полу.
Питались во временной столовой при школе, организованной руководством промысла. Время было тяжелое, послевоенное и потому мечтать о каком-либо комфорте и в голову не приходило.
Тем не менее мы были весьма благодарны стараниям директора промысла Жутаева М.В. и главного геолога промысла Аврона П.Я., впоследствии ставшего знаменитым геологом в масштабе Союза и академиком АН Каз.ССР.
Старостой нашей группы выбрали Королева Н., бригадиром но съемочным работам назначили Макаша, а окончательное картографическое оформление результатов мензульной съемки пору-чили мне, что и было сделано в цветном изображении на ватма.
Надеюсь, выражу общее мнение моих дорогих однокурсников, что та далекая геодезическая практика осталась у всех и душе, как самая драгоценная память о нашей юности, дружбе, привязанности друг к другу, о счастливых днях нашей жизни. Наши девчата были очень обаятельными, вечерами пели песни, ребята иногда разводили костер и в золе пекли картошку... В воскресные дни любители купания совершали культпоходы на речку Уил, расположенную в 5 километрах к северу от поселка.
После окончания ГНТ в 1950 году вчерашние сокурсники разъехались по путевкам в разные нефтяные регионы Союза, а Макаш продолжил обучение в Московском нефтяном институте им.Губкина И.М. (МНИ).
У всех выпускников нашего геологического отделения по-разному сложились жизненные судьбы, многих после выпускного вечера вот уже на протяжении более 50 лет я, к сожалению, больше не встречал. Между тем, только мне одному судьба подарила возможность не расставаться по работе с Макашем Балгимбаевым.
После окончания МНИ он стал плодотворно трудиться на благо нефтяной Эмбы, быстро продвигаясь по служебной лестнице вверх, благодаря высокой квалификации, большому трудолюбию и особым организаторским способностям (главный геолог в Биикжальской НРЭ, пром. Косчагыл, БУРБ и, наконец, ПО «Эмбанефть»).
В 1958 году, следуя примеру Макаша, мне тоже удалось закончить МНИ им.Губкина (без отрыва от производства).
В 60-70 годах между нами поддерживались производственные отношения, ибо будучи в это время главным инженером управления Западно-Казахстанского округа Госгортехнадзора Каз. ССР нередко приходилось комиссионно осуществлять контрольные функции по геологическому контролю и охране недр на подконтрольных геологоразведочных организациях и в 4-х областях Западного Казахстана.
Отличительной особенностью геологической службы, которую возглавлял Макаш Балгимбаевич в этих подразделениях в разные годы, являлось аккуратное, грамотное исполнение и содержание геолого-технической документации, картографического материала, геологических отчетов и т.д. При такой постановке дела и придраться было не к чему. Все выполнялось согласно действующим правилам и инструкциям. В 1979 году по официальному приглашению руководства ПОЭН и по личной инициативе Макаша Балгимбаевича (главного геолога ПОЭН) я перешел на работу в аппарат объединения на должность главного маркшейдера и с тех пор, до ухода на пенсию, трудился под его непосредственным руководством более 15 лет. Он был моим куратором.
Взаимоотношения его со мной, с подчиненными специалистами и с вышестоящим начальством были чисто деловыми; обладая большой эрудицией и профессиональным мастерством, он был требователен к себе и подчиненным.
Ему присущи такие прекрасные качества, как аккуратность и работе, неиссякаемое трудолюбие, честность, скромность, порядочность и преданность друзьям и близким. Глубоко уверен в том, что до конца своей жизни он останется человеком с большой буквы.
Отмечая его положительные качества, весьма затрудняюсь назвать существенные недостатки в характере Макаша Балгимбаснича, хотя у любого человека, безусловно, они есть.
Что касается наличия у него недоброжелателей, то, по-видимому, они все же имеются, поскольку в нынешнее непростое время, в условиях рыночной экономики развелось множество заиистников, «хамелеонов», лизоблюдов и лицемеров. Процветает коррупция, взяточничество, воровство и криминал.
С его супругой, Жонас Сарсеновной, мое личное знакомство состоялось в 1991 году, в день 60-летнего юбилея Макаша Балгимбаевича, когда в его квартире на торжество собрались его друзья, товарищи, известные в Западном Казахстане геологи и геофизики.
Мне выпала честь сидеть рядом с юбиляром. В тот прекрасный вечер нас, гостей, хорошо угощали и обслуживали близкие родственники, в том числе и его племянники Нурлан и Нурберген Балгимбаевы.
Жонас Сарсеновну знал заочно гораздо раньше, как высоко-квалифицированного инженера-геофизика, как умную, интеллигентную и обаятельную женщину.
Макаш и Жонас созданы друг для друга. Это образцовая семья, где постоянно царит атмосфера доброжелательности и взаимопонимания, где друг друга любят, ценят и берегут, наслаждаясь счастливой жизнью на радость детям и внукам.
МӘСКЕУГЕ АТТАНЫС ЖӘНЕ АТА МЕКЕНДЕГІ ҚҰЛШЫНЫС
Мәскеу сапарына Салтанат пен Мақашты ата-анасы, бауырлары ізгі тілекпен және қимастықпен шығарып салды. Салтанат бар болғаны жиырма бірде, Мақаш бар болғаны он тоғызда.
Балғымбай ақсақал жол алдында мынаны айтты:
- Алыс жер, көрмеген жер. Сақ жүріңдер, айналайындар. Бір-біріңді сыйлаңдар, бір-біріңе көмектесіңдер. Адал жүріңдер, айналайындар. Басты мақсаттарың оқу ғой, жақсы оқыңдар. Бейбіт өмір басталды ғой. Ағаларың бар, мен бармын. Сендерді тиын-тебеннен тарықтырмаспыз.
Қилаш ана жол алдында мынаны айтты:
- Қолғанат едіңдер, көзімнің қос қарашығы, көгендегі егіз қозым едіңдер. Жақсы жүріңдер. Тіл-көзден аман, бәле-жәледен аулақ жүріңдер. Тарығып, жүдеп-жадап қалмаңдар. Хат жазыңдар. Әкелеріңнің айтқандарын орындаңдар, құлындарым. Сағынатын шығармыз. Тек аман-есен жүрсеңдер болғаны...
Осындай ізгі тілекті ағалары Қойшығара да, Өтеп те, Өтәлі де айтты.
Өмір сүру деген - үздіксіз алға тарту той. Екі өрен алға тартты. Алдарында тірлігі беймәлім - Москва, арттарында сәт сапар тілеп, қол бұлғаған - Атырау - туған топырақтары, кіндік қандары тамған киелі жер.
Үшінші сұхбат.
Автор. Әуел баста Салтанат екеуіңізге техникумға түсіп оқу арман болған-ды. Ал, Мәскеудегі мұнай институтына баруларыңызға не себепкер болды?
Мақаш. Солдаттың генералдықты аңсайтыны секілді, техникумда үздік оқи жүріп, енді жоғары білім алсақ деген ой мені де, Салтанатты да үнемі мазалайтын. Осы жөнінде пікірлескенімізде Өтеп атамыз "Әрине, жоғары білім алу керек. Мәскеуді қаласаңдар, Мәскеуге барыңдар" деп бізді алдын-ала қанаттандырып та қойған.
Бұны бір себеп дерсің. Екіншісі - мұнай техникумының 1950 жылғы 5 тамыздағы №102 бұйрығы. Оның үшінші параграфында былай деп жазылған: "Окончивших техникум и получивших диплом с отличием направить на продолжение учебы в Московский нефтяной институт имени академика Губкина в счет 5%:
Балгимбаева М. - техника-геолога
Балгимбаева С. - техника по бурению
Исембаева - техника по бурению
Джолмагамбетова - техника по бурению
Директор ГНТ Багайдин".
Міне, осылардың өзі жеткілікті емес пе?
- Ол кезде Сіз Губкиннің есіміне, атақ-даңқына қанық па едіңіз?
- Ойбай-ау, Иван Михайловичті білмей тұрып, геолог болам деу күлкілі жағдай емес пе? Бізге техникумда жүргенде-ақ Иван Михайлович Губкиннің мұнай геологиясының негізін қалаушы, КСРО Ғылым Академиясының академигі, тете-президенті екенін, Петербург тау-кен институтын бітіргеннен кейін Геология комитетінде істегенін, Бас мұнай комитетінің құрамына кіргенін, 1919 жылдан "Главсланецті" басқарғанын, 1920 жылдан Москва тау-кен академиясының профессоры, ректоры, 1930 жылдан Мәскеу мұнай институтының ректоры болғанын тәптіштей айтқан. Классикалық еңбектерімен - "Мұнай туралы іліммен", "Жайық-Еділ мұнайлы аймағымен" қысқаша болса да таныстырып, мұнайлы Ембі жөніндегі көрегенділікке толы ой-пікірлерін зердемізге құйған. Бұндай үлкен тұлғаның өміріне, ғылыми тұжырымдары мен болжамдарына қызықпауың мүмкін емес.
Салтанат пен Мақаш
- Сонымен ұлы ғалым есіміндегі институт табалдырығын аттадыңыз...
- Иә, аттадым. Қазақ табалдырықта тұрып қалуды жаман ырым санаған ғой.
- Жүрексіндіңіз бе?
- Қатты жүрексіндім. Жаңа орта, бұрын мүлдем танып-білмеген адамдар, суреттен көргеніміз болмаса, бетпе-бет жүздеспеген нәсілдер де жетіп жатыр... Оқу өз алдына. Тәртіп солай болар, мен қабылданған геологиялық барлау факультетінің "НГ-50-1" деп аталатын тобына өңкей орта мектептерді алтын медальмен, техникумдарды үздік дипломмен бітіргендер енгізіліпті. Үздіктердің аламан бәйгесі осы шығар. Кім қанша айналыста сыр береді, кім қара үзіп алға шығады, әңгіме сонда. Оны күнделікті сабақтармен біpгe бірнеше ондаған сынақ, бірнеше ондаған емтихан шешпек.
- Жүрексінуден қашан арылдыңыз?
- Бірінші семестрден кейін ғана. Бірінші семестрдің бірінші емтиханы жоғары математика еді. "Нартәуекел!" деп суырып алған билетімнің бірінші сұрағы "Ньютон биномын дәлелдеу" болып шықты. Қиын-ақ сұрақ Содан біраз дайындалып, жауап беруге шықтым. Мәссаған дерсің! Дәл осы сәтте біз емтихан тапсырып жатқан аудиторияға геологиялық барлау факультетінің сол кездегі деканы Михаил Михайлович Чарыгин кіріп келіп, оқытушының қасына жайғаса отырып алды. Қоңырқай өңім қызарды ма, қызармады ма, одан хабарсызбын. Бірақ екі бетімнің от қарығындай ысып, оның башпайларыма дейін тез берілгенін анық сезіндім. Сонда да батылдық шақырғандай тамағымды бір-екі кенеп алдым да, жауабымды баяндай бастадым.
Әуелі Ньютон биномының екі қосылғыштың (биномның, екі мүшенің) қосындысының кез-келген бүтін он дәрежесін сол қосылғыштардың дәрежелері арқылы өрнектейтін формуланың аты екеніне тоқталып, "ол мынандай түрде болады" деп тақтаға жаза жөнелдім. Формуланы жазып болған соң мұндағы n-бүтін сан, а мен Ь- кез-келген сан. Егер п=2 жэне п=3 болса, онда екі санның қосындысының квадратын немесе екі санның қосындысының кубын өрнектейтін белгілі формулалар Ньютон биномының дербес жағдайы болады деп, дәлелдеулерді одан әрі жалғастырдым. Сол бойда алған "бестігіме" және жауабыма ризалық білдірген М.М.Чарыгин мені аудиторияның түбіне таман ертіп апарып, өз әңгімесін ықыласпен айта бастады. "Мұнай институтында оқып жатқан қазақ студенттері өте қабілетті" деп, оған жағымды мысал ретінде аспирант Шақабаев Сәкен Ержанұлының есімін атады. Ол туралы жылы лебіздер білдіріп, маған бұдан былай да жақсы оқып, аспирантурада қалуыма кеңес берді.
Сол Сәкен Ержанұлының кейін кім болғанын мұнай саласындағылар жақсы біледі. Ол Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, КСРО жер қойнауының құрметті барлаушысы, геология - минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты.
Оның мына бір әңгімесі есімде сақталып қалыпты:
"Көзімді ашқалы көргенім - мұнай. Бұлғаңдап тұрған качалкалар. Әкем өзі секілді балықшы емес, менің мұнайшы болғанымды қалады. Сөйтіп, 1943 жылы Алматыдағы қазақтың тау-кен металлургия институтының геология-барлау факультеті, мұнай бөліміне түстім. Соғыс аяқталғасын үшінші курстан бастап Мәскеуге ауыстық. Оқуды бітірген соң мемлекеттік емтихан комиссиясы аспирантураға қалуға қолқалады. Мен қобалжып, ойланып қалдым. Оқу бітіргендер елге барып өндіріс жағалап жүр. Елде менің де кемпір-шалым бар дегендей. Бірақ Қ.И. Сәтбаевтың "профессор М.М.Чарыгиннен хат алдым. Онда сенің екі ойлы болып жүргеніңді жазып, менің сөзжәрдем жасауымды өтініпті.
Мұнай өндірісіне араласқан жақсы ғой, бірақ оны ғылыми негіздеу де керек. Сондықтан аспирантурадан қашпа" дегені қамшы болды. Оның үстіне "Қаныш айтса бар" деген әкемнің сөзі тағы бар.
Аспирантурада жүріп КСРО ҒA-сы мұнай институтының қызметкері, КСРО FA корр-мүшесі, Губкинмен бірігіп кітап жазған, менің ғылыми жетекшім С.Ф.Федоровтың қарамағында Саратов экспедициясының бастығы болып жұмысқа тұрдым. Диссертацияның тақырыбы да сол - "Саратов маңындағы мұнай-газ болашағы мен геологиясы". Осы еңбегімді 1953 жылы қорғадым. Сол жылы Қаныш Имантайұлы елге шақырып, Алматыдағы ҒА-сына аға ғылыми қызметкер етіп алды. Жыл сайын 4-5 ай Зайсан, Алакөл, Талдықорған, Іле бойы, Жетісу ойпаты, Шымкент, Шу, Торғай жағын кезіп кетеміз. Осы аудандардың жер асты тылсымы сол тұста біршама тиянақты зерттелді.
1960 жылы Гурьевтегі мұнай зерттеу институты: Геология және геофизика; Мұнай химиясы мен табиғи тұздар институты болып екіге бөлінді. Қаныш ағамыз тағы да қолқа салып, мені Геология және геофизика институтына директор етіп жіберді. Сонда жүріп, ғылыми жағынан көмек ретінде карталар жасап, экспедиция жігіттерімен қоян-қолтық жұмыстар жасадық. Экспедиция бастығы Х.Өзбекқалиев, бас инженері С. Балғымбаев ғылымды жақсы түсінетін жігіттер еді. Ғылымсыз қиын болатынын білетін. Олардан қолдау таптық. Ұңғыны қайдан қазамыз, қандай геофизикалық жұмыстарды күшейту керек, оның методикасы, технологиясы сияқты мәселелерді қозғайтын бірнешелеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырдық. Оған сол кездегі одақтың білімді-білімді деген ғалымдары шақырылып, Каспий ойпаты тұз асты мұнайының жағдайы секілді ірі-ірі мәселелер талқыланып отырды. Мұның жаңа жұмыстар бастауда маңызы зор болатын.
1972 жылы министрдің мұнай жөніндегі орынбасары, 1978 жылы министр болып тағайындалдым. Мұнай жөніндегі орынбасарлық орынға Х.Өзбекқалиевты шақырдым. Ол келген соң мұнай саласы күшейе түсті. Соңғы 35 жыл көлемінде Қазақстан жер жүзіндегі мұнайлы елдердің қатарына қосылды. Мұнаймен шұғылданып жүрген жігіттердің айтуынша, қазір 2 млрд.200 млн тонна мұнай қорымыз белгілі болса, ол 8-10 миллиард тоннадай мұнай болуы мүмкін дейді. Цифрдан сәл қателік кетсе, кетер. Дегенмен мұнайдың мол қоры бары рас қой. Бірақ геология қазір қиын жағдайда. Бүйте берсе барлау жұмыстары ондаған жылға кері кетіп, келешек талаптарына жауап бере алмай қалады. Сондықтан менің тілегім, ғылымды суалтып алмайық".
Абзал ағаның бұл аманаты менің кейінгі өміріме зор әсер етті.
— Әркімнің сүйікті пәні болады, ал Сіздікі, менің болжауымша, математика сияқты.
- Математиканы жек көрмеймін, бірақ жаныма ең жақыны - сызба геометрия. Жалпы геометрияның өзі ерте замандарда шыққан ғылымдардың бірі ғой, тарихы да тым тереңде. Сапалық өзгерістерге, жаңа сатыларға көтерілу дәрежесіне қарай оны төрт дәуірге бөлсек, жаңағы менің сүйіктім - сызба геометрия Декарттан Лобачевскийге дейінгі екі жүз жылды қамтитын үшінші дәуірдің "перзенті" болып табылады. Оны кеңістіктегі фигураны жазықтықта кескіндеу жолдарын талдай отырып, ұмытпасам Манж есімді ғалым жасаған.
- Жүрексіну артта қалды делік. Одан арғы студенттік өмірде нені мақсат еттіңіз?
- Ең алдымен үздік оқып, білімді болуды, мағыналы тірлік кешуді, адамгершілік мұраттар қазынасына қапысыз қол жеткізуді, әдемілікке ұмтылуды, достар табуды мақсат еттім.
Жаңа әңгіме барысында айтқанымдай, ылғи үздіктерден құралған бірінші топта мен жалғыз қазақ едім. Басқалары славян ұлтының өкілдері мен еврейлер болатын. Соған қарамастан аз уақытта тілегі бір, жүрегі бір адамдар болып, сыйласып, түсінісіп кеттік. Біріміздің білмегенімізді екіншіміз толықтырып, білім майданының алғы шебін алу үшін бірге, бірлесе "шабуылдадық". Осы орайда Яков Маловицкийдің бейнесі көз алдыма келеді. Кішіпейіл, мінезі ұстамды, үнемі ізденіс үстінде жүретін осы украин жігіті өте зерек-ті. Кейде кинотеатрға кетіп, пысықтау сабақтарына қатыса алмасақ, сол олқылықтың орнын Я.Маловицкий толтыратын. Тек оны емес, өтіп кеткен кез-келген сабақтың тақырыбын айтсаң болды, бір сағат па, екі сағат па, өрбітіп айтып береді. Сөйткен Яша Ресейдің, белгілі ғалымы, доктор, академик атанды. Ең соңғы мезгілде байланысымызды үзіп алдық.
- Араларыңызда шетелдік студенттер болды ма, болса олардың тыныс-тіршілігінде өнеге аларлық қандай қасиеттер бар еді?
Біздің топта венгр, румын, чех, қытай жігіттері де оқыды. Менің бағалауымша, европалық студенттердің бәрі бірдей жақсы тәртіп пен үздік оқудың үлгісін көрсете қоймайтын. Ал, ұйымшылдығы мен тәртібі жағынан қытайлықтардан асып түсетіндер кемде-кем еді. Оқу дегенде жер талғамайтын, дәлізде де, асханада да, кітапханада да ұзақ дайындық жүргізетін. Біздің институтта сол кезде қытайлық студенттердің тобы құрылып, жұмыс істей бастады. Сол топтың халықаралық жағдайдың барлық мәселелері бойынша өз көзқарастарын жазбаша түрде білдіріп, белсенділік көрсетуін өз басым жоғары бағалаушы едім. Маған бұл Қытай елі Мәскеуде тек жоғары білімді мамандар ғана емес, елдің, шынайы патриоттарын, келешек қоғам қайраткерлерін даярлап жатқандай әсер беретін. Ал демалысқа барған бетте оларды елдің ең мәртебелі басшысы Мао-Цзэ-дун қабылдайды, өсиеттерін айтады, тапсырма береді деген хабарды естігенде таңғалысымда шек болған жоқ.
Ол кезде шетел студенттеріне екі стипендия тағайындалатын: бірі өз елінен, екіншісі Кеңес үкіметінен. Қытайлықтардың: "Елдің халық шаруашылығын дамытуға жұмсалсын" деген ұйғарыммен Қытай тарапынан шығатын стипендиядан бас тартуын да жәй көрініс үшін ұйымдастырылған шара емес, нағыз патриоттардың іс-әрекеті десек керек.
НГ-50 тобының 7 қарашадағы бірінші кеші. 1950 жыл.
- Мақа, әр ғылым өзінше күрделі. Бұл тұрғыда геологияның олардың ешқайсысынан қалыс қала алмайтынын ескерсек, болашақ инженер-геолог тек оқумен, тек кітаппен шектелмесе керек.
— Әлбетте. Ол өмірді тануға, сүюге тиіс. Жол, саяхат қиыншылығын көріп, оны қалай жеңу керектігін үйренуі тиіс. Егер тар мағынада геологияны жер қыртысының құрамын, құрылысын, қозғалысын, даму тарихын және ондағы қазба байлықтарының пайда болу, орналасу заңдылықтарын терең зерттейтін жаратылыстану ғылымдарының жиынтығы десек, геолог-барлаушы пайдалы қазбалардың жер қойнауында жату ерекшелігін, мөлшері мен сапасын, оларды пайдалану мүмкіндігін анықтауға міндетті. Сол мақсатта институт студенттерді жыл сайын тағылымдамалық сапарға (практикаға) шығаратын.
— Солар жөнінде айтыңызшы.
- Бірінші курстан кейін біз бір бригада болып (олар: Рощин, Рощина, Шеломенцев, Маловицский, Балғымбаев, Емельянова, Мишина) әскери-грузин жолына (Тбилиси-Орджоникидзе) жөнелдік. Ілкі сапарымыз болғандықтан да ұстаздарымыз тауға шығарда қалай демалу керек, аяқты қалай басу керек, денені қалай ұстау керек, қалай киіну керек, соның бәрін үйретті. Содан бір ай жаяу жүріп, Кавказ тауын кесіп өттік. Тастардың түр-түрін, орналасу тәртібін, сондай-ақ өсімдіктер дүниесін көру біз үшін, әсіресе иен далада өскен мен үшін өте әсерлі жағдай болды. Тарихи орындарды да қалт жіберген жоқпыз. Тау үстіндегі "Столовая гора" атты теп-тегіс жазық пен "Тамара бекінісін" көру тамаша көрініс болса, ауыл-селоларда грузин халқының тұрмысымен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен, табиғатымен танысу, базарларындағы ұзын ағаш сөрелерді жағалап, тізіліп тұрған шараптардан тегін ауыз тиіп, аяғына жеткенше бусанып, буалдырлау күй шешу үлкен олжа-тын. Әрине, қиындықсыз сапар болған ба?! Біздің, арып-ашыққанда Яков Маловицкийдің елінен алып келген шошқаның тоң майын және кептірілген қара нанды бұлақ суына малып қорек еткен күндеріміз соның куәсі.
- Сапар қызықты оқиғалардан құр болмас...
- Соның бір-екеуін айта кетейін. Бір күні Тбилисиде асханаға бас сұғып, рахаттана тамақтандық. Соңынан "Қанша төлейміз" деп сұрасақ, қожайыны: "Бергеніңше бер, ал ақшаң жоқ болса, келешекте біздің асханаға келмей-ақ қой" деп жауап қайтарды. Сол күнде Гбилисиде 3 сомнан төмен ақша саудада жүрмейді екен.
Тағы бір күні жолдан өту ережесін бұзып, айыпты болып қалдық. Милиционер жетеуімізді бұйдаланған ботадай соңына ерітіп, бөлімшеге алып келді. Бөлімше бастығы қайдан келдіңдер, неғып жүрсіңдер" деп сұрайды. Біз "Москва мұнай институтынанбыз, практикада жүрміз, Тбилисиді көріп, қонақ болу үшін келгенбіз" дейміз. Бәріміздің қорқынышымыз - айыппұл. "Қонақ болу үшін" деген сөзіміз ұнап қалды ма, қаһарланып отырған бөлімше бастығы сәл жұмсарып, "Москвада стадионға барасыңдар ма, қай футбол командасына жанашыр болып жүрсіңдер" деп сұрады. Біз жағдайды түсіне қойдық та, жамыраса Тбилиси "Динамосының" атын атадық. Милиция майоры мұны естіген соң тіптен көңілденіп кетті. "Сіздерге рахмет! Тбилисидің қай көшесінің қай жерінен өтеміз десеңдер де рұқсат!" деп бізді шығарып салды.
- Өзі де жігіт-ақ екен! Ал, екінші курстан кейін практика қайда өтті?
Салтанат пен Мақаш оқып жүріп жауынгерлік борыштарын да өтеді (1952 ж.)
- Бұл жолы бізге атышулы Қырым, ондағы Бақшасарай бұйырды. Практика біткесін бес студент (Рощин, Шеломенцев, Балғымбаев, Рощина, Мишина) 25 сомнан ақша жинап, Қырымның бүкіл оңтүстік жағалауын түгел аралап, Севастопольге дейін бардық. Көрген-білгенімізді фотоға түсіріп, күнделігімізге тіркей жүрдік. Тамағымыз - қара нан мен қара шәй, жатар орнымыз - талдың саясы, мектептің шарбағы, көлігіміз - екі аяқ.
Қайран жастық осынау оқиғаларымен қымбат шығар!
- Сіздің фотоальбомыңыздан өзгеше бір суретті көзім шалды. Үстіңіздегі киіміңіз басмашылардікіне ұқсайды.
- Қырағы екенсің, көптің ішінен мені қалай танып қалдың?! Иә, Мәскеуде оқып жүргенде "Мосфильм" студиясы студенттерді көрініске жиі-жиі шақыратын. Мен сондай таңдауға ілігіп, "Далеко от Москвы" және "Крушение эмирата" атты екі фильмгe түскенмін. Жаңағы көзің шалған сурет - соңғы фильмді түсіру барысындағы сурет. "Мосфильм" студиясы қызметкерінің маған: "У вас типичное азиатское лицо" деп, тұрақты артист болуға шақырғанын білсең... Сол ұсынысқа байланысты өткізілген сынақ кезінде қасыма еріп барған жолдастарым мені қайта-қайта күлдіріп, дұрыс ойнап шығуыма мүмкіндік бермеді. Олар "мұндай күлегештің не қажеті бар" деді ме, мені ілтипатпен ұзатып салды. Бірақ артистікке өтпей қалғаныма өкінбеймін.
- Жатақхананың бір бөлмесінде Салтанат, Мақаш Балғымбаевтар, Текей, Құлқаш Қарамұрзиевтер бес жыл тату-тәтті тұрды дейді...
- Е, ағайындылар тату тұрмағанда кім тату тұрмақ!
- Ана жылы Сізден Құлекең туралы бір күлкілі әңгіме естіп ем. Соны қайталап айтып бермес пе екенсіз?
- Ол қай әңгіме еді? Еске түссе жақсы.
- Ау, әлгі Құлекең Сіздің формаңызды киіп...
- Туу, сол ма? Бір күні Құлқаш менің үтіктеп, сыптай етіп қойған формамды өлердегі сөзін айтып сұрап алды. Шамасы кештете көшеге шығып, қыз-қырқынға көз салмақ. Онда Черемушкада ел жоқ, құрылыстың жаңа басталған кезі. Ортада терең ор. Солай қарай ұзаңқырап кеткен Құлекенді бір кезде тентектер қумасын ба? Ол сүрініп-қабынып қаша жөнелген. Жол бойы құлап та тұрған. Бір кезде алқынып бөлмеге кірді. Үсті-басы балшық. Әлде қорыққаннан, әлде қысылғаннан шығар, жүзі бұрынғыдан да күреңітіп кеткен. Жап-жаңа сыптай болып тұрған формамның мына күйін көру қанша қиын болса да: "Форма жуылар, жеңгелі болдық па, жоқ па, әуелі соны айтыңыз" деп ұзақ күлгенім бар. Арман жетегіндегі жас жігітке буырқанған күш-қайраттың кейде ырық бермей кететіні рас қой.
- Сөйтіп жүргендеріңізде бес жыл зыр етіп өте шықты. Салтанат екеуіңіз институтты үздік дипломмен бітіріп шықтыңыздар. Ендігі мақсат не еді? Сізге аспирантура жөнінде ұсыныс та болды ғой.
- Ендігі мақсатты біз елге оралып, қызу еңбекке араласу, алған білім-білігімізді ел қадесіне жарату деп белгіледік. Кетер қарсаңда мен осы шешімімді кафедра, факультет басшылығына жеткізіп, бес жыл бұрын ғылым жолына түсуіме тілеулес болған Михаил Михайловичке: "Сізге көп рахмет. Аспирантураға қалмады деп ренжімеңіз. Сіз кеудемдегі шырағданның отын жақтыңыз. Соны өшірмеуге уәде беремін. Қай кезде екенін қазір кесіп айтуым қиын болар, бірақ ғылымға ораларым анық",- дедім. Екеуміз құшақтасып айырылыстық.
Айтпақшы, диплом қорғаудың алдында Мәскеуге Өтеп ағай, Бәтен жеңгей, Нұрлан інішегіміз (ол небәрі жеті-ақ жаста) келді, Өтекең біздің шешімімізді қуаттап, бір жұмадан кейін Кавказға демалысқа жүріп кетті. Жеңгей мен Нұрланның елге қайтуы керек және оларға жолсерік керек. Сондықтан мен дипломды мерзімінен ерте қорғап, жолға шықтым. Жолдастарыммен бірге диплом жуу және қоштасу салтанатының осылайша маған бұйырмай қалғаны. Әттеген-ай десеңші!
Оның осы "әттеген-айының" орны түгелдей болмағанымен жартылай, 1970 жылы толды. Мектепті алтын медальмен, техникумды қызыл дипломмен бітіргендерден құралған Мәскеу мұнай институты геологтар тобының (НГ-50-1) түлектері он бес жылдан соң құшақ айқастырып, Мәскеуде кездесті. Ару да арман қала осы кездесуден кейін Мақаштың жүрек төріне бұрынғыдан да тереңірек бойлап, мәңгілікке ұялап қалды. Соның әсері шығар, Қазақстандағы Ресей жылы болып жарияланған 2004 жылдың қаңтарында қолына қалам алып, өзінің сүйікті газетіне - "Прикаспийская коммунаға" екі ұлы ел перзенттерінің көңіл көкжиегін кеңейте, достық дәнекерін бекіте түсу ниетінен туған " Друга я никогда не забуду, если с ним повстречался в Москве" атты толғамды ойлар мен ұтымды ұсыныстардан тұратын мақаласын жариялады. Оның толық мазмұны төмендегідей:
"Россия для нас, бывших выпускников Московского нефтяного института в разные годы, нечто большее, чем соседняя страна.
В 1950 году, после окончания с отличием Гурьевского нефтяного техникума, меня и брата Салтаната направили в Московский нефтяной институт. По каким-то организационным причинам мои документы опоздали к приёму. В Москве я первый раз и без знакомых, пришлось пройти все инстанции с ходатайством о зачислении меня в институт. Везде сочувствовали, переживали, но сказали, что этот вопрос в компетенции только министра высшего образования Союза Кафтанова. И что же вы думаете, союзный министр, внимательно выслушав меня, издал специальный приказ о зачислении простого казахского парня в институт. И тогда я впер-вые полюбил Россию, Москву.
Наша первая группа геологов (НГ-50-1) целиком состояла из медалистов школ и выпускников техникумов с красным дипломом. Может, поэтому, может, по другим причинам, но наша группа была очень сплочённой и дружной и отличалось хорошей учебой.
НГ-50-1 тобының студенттері 15 жылдан кейін Мәскеуде бас қосты 1970 жыл.
Москва! Как много в ней прекрасного! Хотя она в то время была небольшая (можно было пройти пешком с одного конца до другого), но имела достаточное число культурно-просветительных учреждений. Студенты того времени проводили в библиотеках, театрах, спортзалах значительную часть своего досуга. Чтобы попасть в Большой Академический театр, очередь занималась заранее.
С нами в основном учились москвичи, которые характеризовались большим гостеприимством, часто мы бывали у них в гостях. После трапезы обычные обеденные столы превращались в теннисные.
А какая большая дружба завязалась между однокашниками и однокурсниками. Как весело проходили межкурсовые практики в различных районах Союза и России. И после окончания института у нас не прекращались взаимные поездки и переписка. Слова песни "Друга я никогда не забуду, если с ним повстречался в Москве" точно отражали наши взаимоотношения и настроение. Не знаю, как в других отраслях народного хозяйства Казахстана, которые имели Республиканские министерства, но в развитие нашей, казахстанской, нефтяной промышленности Союз и Россия внесли значительный вклад. Финансирование геологоразведочных работ было в достаточном объёме. Освоение новых месторождений, применение новой техники и технологий шло с помощью союзного центра.
Ни для кого не секрет, что распад Союза в начальный период создал некоторые трудности в нефтяной отрасли нашей республики. Рождение независимых государств затруднило не только взаимные визиты, но и переписку между людьми. А ведь бывшие выпускники пятидесятых годов Московского нефтяного института ныне являются пенсионерами, которые не могут похвастаться ни здоровьем, ни материальным достатком, так что встречи и общение для них — проблема.
И только благодаря усилиям В.В.Путина, Н.А.Назарбаева, Ю.М.Лужкова, в последние годы восстанавливаются разрушенные связи между Россией и Казахстаном, между Москвой и Астаной. Этому же способствовало проведение Года Казахстана в России и теперь - Года России в Казахстане. Год России в Казахстане - это не только для политиков, но и для простых людей, для народов наших. И, думаю, не один я так считаю. В Год России, кому дороги Россия и Москва, кому дорого укрепление дружбы между нашими народами, было бы желательно организовать встречи тех, кто в свое время обучался в московских и российских вузах.
Для начала я предлагаю всем атырауским выпускникам Московского нефтяного института разных лет собраться в День работников нефтяной промышленности Республики Казахстан, чтобы обменяться мнениями, вспомнить былые времена, наши "Подмосковные вечера". А до этого в местных СМИ дать свои предложения по форме организации встречи.
Со своей стороны я предлагаю создать организационный комитет по подготовке и проведению встречи из бывших выпускников Московского нефтяного института. Прошу поддержать мою инициативу".
Мақаш еңбек жолын жарық та жылы кабинетте емес, Құлсары бұрғылау конторының қия шеттегі Опорный ұңғысында бастады. Біреуге билік айтатын жұмысқа сұранған жоқ, біреуден үйреніп, зердеге түйетін — қарапайым коллекторлықты қалады. Бүгежектемеді, іске құлшына кірісті.
Төртінші сұхбат.
Автор. Мақа, қолға алғаш рет күрек ұстағанның да әсері бар. Ал, Сіз геолог мамандығын қалап, іске кіріскен сәтте нені ойладыңыз?
Мақаш. Сүрінбеуді, ұятқа қалып, опық жемеуді. Өйткені мен қолға алған шаруа барлау ісінің ішіндегі ең төменгі деңгейдегі қара жұмысы еді. Біршама уақыт оқуда жүріп келген жас адамға өндірістің қайнаған қара қазанына қойып кетіп, бәрін басынан бастау оңай соққан жоқ. Ойға сіңіріп, көңілге тоқыған білімді еңбекпен ұштастырудың қиындығы да сол кезде бас көтеріп, шалғайға шап бере жабысты. Мұндайда мойысаң тізең бүгіледі, тізең бүгілсе жеңілесің. Сондықтан жігерленіп, өзгеден үйреніп, тырмысып-ақ бақтым. Оқтын-оқтын ұсақ ұңғыларға барып, геологиялық түсіру, геологиялық іздеу, яғни геологиялық карта жасау және жаңа кен орындарын ашу үшін дала жағдайында жүргізетін геологиялық зерттеу, зерттелген ауданның кен байлығына баға беру, болашағын анықтау жұмыстарымен таныстым, олардың неден басталатынына назар аудардым. Күнделік ашып, оған коллектордың, бұрғылау орнындағы геологтың міндеттерін, нұсқаулық-анықтамалық материалдарды жазуға кірістім. Сол дәптерлерім әлі күнге сақтаулы.
- Опорныйда бір жыл тәжірибе жинақтаған сіз Жантай барлау орнына аға геологтыққа жіберілдіңіз...
- Басшылық сондай ұйғарымға келген соң, қарсылық білдіргенім жоқ. Оның үстіне ол жерде үш ұңғының міндетін бір ұңғы арқылы шешуге болатын жантайта бағытталған ұңғымен бұрғылау жоспарланып жатқан-ды. Көп кешікпей оны да игеріп алды. Грозный, Гудермес қалаларында іссапарда болып, әріптестердің тәжірибелерін үйрендім. Бұл жобалау ұңғыларының саны мен қаражаттан біршама үнем жасауға мүмкіндік берді. Өкінішке орай, кейін бұл әдіс Ембіде заңды жалғасын тапқан жоқ.
- Осындай үлкен іс тындырып жатқан барлаушылардың тұрмыс-тіршілігі қандай жағдайда еді.
- Адам айтқысыз қиын жағдайда болды. Жол жоқ, су тасылып әкелінеді. Көліктің жалғыз-ақ түрі бар, ол автомобиль ғана. Барлау орнымен байланыс жасау да ақырзаман, әсіресе қыс айында. Рация жиі-жиі істен шығып қалады.
Бірде қыста мынандай оқиға болды. Толассыз боран соққалы бір апта. Соған қарамай үшеуміз ГАЗ-51 автомашинасымен Жантайдан Құлсарыға бет алдық. Дала жолы қалың қардың астында қалған. Жарты жолды машинаны итерумен өткізіп, әбден діңкеледік. Ол ол ма, таң алдында бензин таусылып, бойымызды үрей биледі. Сөйтіп "енді не істейміз" деп отырғанымызда боран пышақ кескендей тыйыла қалды. Бірақ айнала Джек Лондондағыдай, көз қарықтырарлық қар жамылғысын бүркенген, жым-жырт, бағдар жасар ештеңе қалмаған. Бір уақытта жер астынан шыққандай екі аттылы пайда бола қалды. Олар боранға байланысты ауданда өткен төтенше жиналыстан оралып келе жатқан ұжымшар малшылары екен. Бізді көріп, қатты таңғалды. "Трактор жүре алмай жатқанда..." деп, біраз бас шайқап тұрды да, Қосшағыл бағытына қарай жөн сілтеп жіберді. Бірер сағат шамасындай қар кешіп, Қосшағылдағы өзімізге таныс үйге әзер жетіп, құлай-құлай кеттік.
- Адам үшін осының бәрі сабақ.
- Әрине, сабақ. Дегенмен, осындай қиыншылықтарды көп көрген барлаушылар достыққа адал, уәдеге берік, өте көңілді болатын. Алдағы күнге үлкен үмітпен қарайтын. Бұрғылау поселкесінде не қонақ үй, не жатақхана жоқтықтан бүкіл ұжым жалпыға ортақ бір үйде тұрғандай қарым-қатынаста тату-тәтті өмір сүретін, қандай қуанышты да ортақ мерекедей көріп, ынтымақтаса атап өтетін.
- Жалпы барлаушы-бұрғышыларда тек өздеріне тән бас қосулар бар деп естиміз. Сол шындық па,әлде...
- Бұлтарыссыз шындық. Мәселен, бұрғышылар ұңғы құрылысы циклының кез-келген процедурасын жуып, атап өту дәстүрін қалыптастырған.
- Соған бір мысал келтіре алар ма екенсіз.
- Әлбетте. 1956 жылы Жантайға Қазақ мемлекеттік университетін бітірген жас жігіт келіп, техник-геолог мамандығы бойынша жұмысқа кірісті. Есіміміз бірдей, өзгешелік фамилиямызда, жасымыз бен бойымызда ғана: мен Балғымбаев болсам, ол - Рахметов, жасы бір жасқа, бойы одан да кіші. Құрдас болған соң, осылай әзілдесеміз. Әйтпесе, өте сауатты, принципшіл геолог. Талай жыл үзеңгі қағыстыра жұмыс істедік. КСРО-ның құрметті мұнайшысы. "КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздігі" белгісімен марапатталған. Иә, сол Мақаш, басқа да жолдастар бар, №2 ұңғыда кондукторды 300 метр тереңдікке түсіргеннен кейін Жатай есімді механик-мотористің үйінде кезекті жуу рәсіміне кірістік. Алғашқы 100 грамдық шарапты ішіп тастаған №2 Мақаш рюмкасын тез төңкере салды да, "менің табиғатым тартпай отыр" деді. Бұл әрі қарай ішпеймін дегені. Бірақ қаумалағандар "бұндай жағдай біздің дәстүрімізде жоқ, қатардан қалуға болмайды" деп, оған екінші рюмкіні де ішкізіп тынды. Рюмкісін тағы да төңкерді. Тағы да өтініш. Осылайша оның отыз үштің басын қайтарып, әрі қарай тіптен қарсылық білдірмей іше бергеніне орай "отыз үш" деген лақап ат алғаны бар. Жалпы ол күлкіні сүйетін, әзіл-қалжыңды ұнататын, айта білетін және өз басынан талай-талай күлкілі оқиғаларды өткізген адам. Олар бөлек әңгіменің тақырыбы.
- Сөзіңіз аузыңызда, сіздің Жылыой аудандық партия комитетіне хатшы болған кезіңіз қашан еді?
- Ол сәл кешірек, 1962-1965 жылдары. Оған дейін Комсомолда аға геологтың, Қосшағылда бас геологтың жүгін арқалап, өнегелі өмір жолынан өттім. Тамаша адамдармен таныстым. Ең бастысы - ғұмырлық серігімді таптым.
- Ендеше солар жөнінде қысқаша әңгіме шертсеңіз.
- Онда әңгімемді ағалардан бастайын. Мен Комсомолға келгенде Рахмет Өтесінов ағамыз ірілендірілген мұнай кәсіпшілігінің аға инженері екен. Оттай жанып тұр. Жігерлі. Батыл. Сауатты. Жаңашыл. Бірде құмға қарсы қолданылатын сүзгі ойлап тапса, бірде жерасты жөндеу бригадаларының жұмысын жеңілдететін жылжымалы қондырғы жасап, өндіріске енгізіп жатыр.
Мен осында Мақат аудандық партия комитетінің хатшысы, оған дейін кәсіпшілік директоры болған Қуаныш Құдабаевпен таныстым. Оның кәсіпшілікке келуі, өндірістің, әрбір өнімді горизонттың, әрбір ұңғының жәй-күйін терең әрі жан-жақты білуі, адамдарға деген қамқорлығы, бүгінгі істің, ертеңгі нәтижесін алдын-ала біліп отыратын болжампаздығы, талапшылдығы таңғалдырды және мойныма жаңа жүк артқандай әсер қалдырды. Сөйтіп олардан көп нәрсені үйрендім.
Жаңа еске салып өткенімдей, осы Комсомолда Мәскеу мұнай институтын тау-кен инженері-геофизик мамандығымен бітірген, "Қазақстанмұнай" бірлестігінің Доссор өндірістік-геофизикалық базасының инженер-операторы Саппаева Жонас Сәрсенқызына үйленіп, оған дейін кенже бала ретінде ата-баба дәстүрімен көшіріп алған әке-шешемнің қолын ұзартқан жәйім бар.
- "Комсомолдан кейін көш басын Қосшағылға бұруыма отбасы жағдайы әсер етті" дегеніңізді баспасөзден оқыған едім, ол қандай жағдай?
- Оу, жаңа үйленген адам тұрақтылықты қаламай ма? Оның үстіне Жонастың еңбектен қол үзбегенін дұрыс санадым. Ол кезде өндірістік-геофизикалық кеңсе тек Қосшағыл поселкесінде ғана бар еді. Осы бір себептерге байланысты "Ембімұнай" бірлестік басшыларынан Қосшағылға ауыстыруды өтіндім. Бірлестік бас геологының орынбасары Имашев Нәрен Орынбайұлы осы өтінішіме сәйкес төмендегідей шарт қойды. Шарт бойынша мен Қосшағыл ірілендірілген мұнай кәсіпшілігі құрамына кіретін жаңа кен орны - Төлесте пайдалану ұңғыларын орналастырудың тиімді жобасын жасауға тиістімін. Ол сонда ғана мені кәсіпшілікке бас геолог етіп орналастырмақшы. Шегінетін жер жоқ. Іздене жүріп қысқа мерзімде жобаның он вариантын жасадым. Бірақ, өзіме өзім сыншы, соның бәрі әртүрлі себептермен ұнамай қойды. Он бірінші ретте ғана жобаның ең оңтайлы және үйлесімді варианты табылып, оны бірлестік талқысында ойдағыдай қорғап шықтым. Осыдан соң Нәрен Орынбайұлының бұйрығы және жолдама қағазы қолыма тиді. Жонас инженер-оператор мамандығымен жұмысын одан әрі жалғастырып әкетті және сол жылы Бибігүл есімді тұңғыш қызымыз дүниеге келіп, 1962 жылға дейін Қосшағылдың тұрғыны болдық. Аталмыш жобаның өміршеңдігі кейін Төлес кен орнының ұзақ пайдаланылуымен дәлелденді.
- Мана бекер асығыппын, Сіздің партия органына барып, геологтықты идеологтыққа ауыстырған сәтіңіз осы кез екен ғой.
- Осы кез. Бірақ "барып" деген сөзіңе келісе алмаймын. Оның себебін қазіргі әңгіме барысынан ұға жатарсың.
Бір күні, аяқ астынан маған аупарткомда жұмыс істеу ұсынылды да, соған орай аупарткомның бірінші хатшысы Мұқашев Саламат шақырып, дереу облыстық партия комитетіне жүріп кету қажеттігін айтты.
Тәңертең мен облыстық комитеттің өнеркәсіп-көлік бөліміне келдім және партиялық жұмыстан бас тартатынымды ескерттім. Бұдан арғы жол белгілі. Жауапты адамдар облыстық комитеттің салалық хатшысына ерітіп алып келді. Мен мұнда да өзімнің аталған қызметтен бас тартатынымды мәлім еттім. Бұдан арғы әрекет тағы да айқын. Мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Егізбаев Қосай Әліқұлұлы шақырды. Ол келген беттен партиялық жауапкершілік туралы біраз мораль оқыды, егер келіспеген жағдайда партиялық билетті столға қоюымды талап етті. Әрине, мен сол кезде қасиетті саналатын партбилеттен айрылу қадамына бара алмадым.
Мақаш пен Жонас
Сөйтсем бәрі де алдын-ала ойластырылыпты. Сол күні сағат 2.00-де мені аупарткомның идеология жөніндегі хатшылығына бекіту үшін Жылыой ауданында аудандық партия комитетінің пленумын өткізу белгіленіпті. Менің кандидатурам күні бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде келісіліпті. Сондықтан маған қысымшылық жасау қай жағынан қарағанда да заңды еді. Менің өзім адам тағдырың оның келісімі мен ұйғарымынсыз шешуді партия құрылысы кемшіліктерінің бірі деп есептеймін.
Ақыры партиялық жұмыс маған не материалдық, не моральдық қанағаттанушылық әкелген жоқ. 1965 жылы ғылыммен айналысатынымды дәлел етіп, өз еркіммен одан босап шықтым. Бұдан бұрында да осындай ретпен Мақат ауданының бірінші хатшылығына жұмысқа шақырылғанмын. Алайда зауқым соқпай әрі мінезім де қабыса қоймай, ол лауазымнан да бас тартқанмын. Міне, "бару" мен "шақырудың" сыры осы...
Мақаш Мәскеуде өзінің білім құмарлығы мен ғылымға икемділігін көрсете біліп, жігерін шыңдап, мақсат-мұратын қапысыз айқындаса, ата-мекендегі еңбегінің алғашқы он жылында өзі таңдап алған жолдың дұрыстығын, Абай айтқандай, "Адамның қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып табылатынын", мақсаткер жанды өмірде кездесетін кейбір кедір-бұдырлар, ұсақ-түйектер мойыта алмайтынын дәлелдеді, сүйіп үйлену және Бибігүл мен Гүлназиядай, Ғарифолладай күн дидарлы перзенттерінің маңдайынан сыйлап, бетінен сүюдің шексіз бақыт екенін сезінді. Алда қиын, бірақ жасампаз тіршіліктің, болатынына сенді.
Төмендегі жүрек жарды лебіздер Мақаңның осы кезеңдегі өмір тынысынан сырлы да сәнді хабар жеткізеді.
Камалиденов Зақаш, тау-кен инженері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Біздің Атырау өзінің мұнайымен, балығымен әуелден-ақ әйгілі ғой. 1999 жылы мерекеленген Қазақстан мұнайының ғасырлық мерейтойынан кейін ол бүкіл әлемнің назарына ілікті. Бұл күндері Атырауды, Жылыойдағы Теңізді, Каспийдегі Қашағанды білмейтін ел жоқ.
Осындай даңқ пен абыройға қалай жеттік дегенде, көз алдымызға біздің еңбекқор халқымыз, олардың адал ұл-қыздары - мұнайшылар келеді. Бір ғасыр ішінде мұнайшылықты кәсіп еткен бірнеше ондаған әулет қалыптасты, бірнеше мыңдаған мирасқор ұрпақ өсіп жетілді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары мектеп бітіріп жатқан жасөспірім жігіттерден: «Кім болмақсың, қайда оқымақсың?» деп сұрасаң, «Мен мұнайшы болғым келеді, Мәскеудегі мұнай институтына барамын» деп жауап беретін. Осындай талап-талпыныстағы қыздар да аз кездеспейтін. Ал, мұнайшылар әулеті жөнінде сөз қозғағанда алдымен Балғымбай әулетін ауызға аламыз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл әулетке өздері қалаған кәсіпке деген адалдық пен табандылық, екіншіден, еңбекке деген сүйіспеншілік, сол жолдағы ізденіс, абыройға ұмтылыс тән. Олардың мұнай өнеркәсібіне арнаған жалпы еңбек өтілінің 700 жылға жетуі де көп нәрсені аңғартады.
Мен Маңғыстау түбегінде мұнай көздері ашылған тұста қала партия ұйымының екінші хатшысы бола жүріп, өндірісті игеруге және Ақтау қаласын салуға қатыстым. Сонда бірнеше жыл аталған әулеттің белгілі тұлғасы, «Қазақстанмұнай» бірлестігі басшысының орынбасары Балғымбаев Өтеппен жете танысып, қоян-қолтық жұмыс істеуім мені жоғарыдағыдай түйін жасауыма итермеледі. Өтекеңнің Өзен, Жетібай кен орындарына, Жаңа Өзен қаласының құрылысына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Менің ойымша, қазір Атырау-Каспий өңірінде «қара алтынның» жаңа көздері көптеп ашылып жатқан кезде жастарды ежелгі кәсіптің тұтқасын ұстауға шақыруымыз, сөйтіп жаңа даңқты мұнайшы әулеттерін қалыптастыруымыз қажет.
Бұл орайда жастарға үлгі етуге тұрарлық тұлғаның бірі Балғымбаев Мақаш екенін де қатерге бергім келеді. Мен оны, оның ағасы Салтанатты Мәскеуде оқып жүрген кезде-ақ жерлестеріме талай рет өнеге етіп насихаттағанмын. Тіпті өзгелерге мақтан тұта таныстырғанымды да жасыра алмаймын.
Мұнымның бос сөз емес екенін дәлелдеу үшін мына бір жағдайды айтқым келеді: біздің институт ғимараты сол уақытта Калужское шоссе көшесі бойындағы №6 үйде орналасқан болатын.
Біздер, жаңа түскен студенттер бір күні оның бес қатарын түгел аралап, танысып шығуға шештік. Төртінші қатар түгелдей болашақ геологттар мен тау-кен инженерлерінің еншісінде екен. Соған көтерілгенде бәріміздің назарымыз «Доска отличников учебы горного и геологического факультетов МИН им. академика И.М.Губкина» атты үлкен тақтаға түсті. Оған үздік оқитындардың суреттері ілініп, есімдері және қай курста оқитындары көрсетіліпті. Солардың жоғарғы жағынан екі Балғымбаевтың суреті көзіме оттай басылды. Бірінші суреттің астында «Балгимбаев Салтанат - студент IV курса горного факультета», екінші суреттің астына «Балгимбаев Макаш - студент IV курса геологического факультета» деп жазылыпты. Бұл тақтаны көргенге дейін олардың үздік оқитындықтарынан да бейхабар едім. Тіпті оларды егіз туғандар деп жүретінмін, сөйтсем ағалы-інілілер екен. «Екеуі де қазақ баласы, екеуі де үздік оқиды. Қандай тамаша жетістік, қандай тамаша үлгі!» деген ой қоршауында тақта алдында біраз тоқтап қалдым.
Кейін Мәскеудің біраз оқу орнын аралап көргенім де бар. Бірақ солардың бірде-бірінен бір әкеден, бір анадан туып, бір институтта үздік оқып жүрген қандас бауырларымызды кездестіре алмадым.
Дәл жаңағы екі суреттің менің де үздік оқуыма әсер еткенін, менімен бірге оқыған Орал Ақшолаковтың, Наурызғали Бешімовтің, Жанболат Досмұхамбетовтің, Беркін Ізтілеуовтің, Рая Ізтілеуованың, Нәсіпқали Марабаевтың, Серго Дүтбаевтың Салтанат пен Мақаштың жолын сәтті жалғастырғанын айтсам біреу нанар, біреу нанбас. Бірақ, сол кездің шынайы шындығынан аттап кету мен үшін күнә іспетті.
Мақаш пен Жонас. 1958 ж.
Халқымызда «Ағаға қарап іні өсер» деген ұлағатты өсиет бар. Мүмкін Салтанат пен Мақаш та Қаныш Сәтбаев, Шахмардан Есенов, Жолдасқали Досмұхамбетовтерді үлгі тұтып, биік меже көріп, үлкен маман болып шығуды асыл мұрат санаған шығар. Айта кетерлік жәйт, Жолдасқали ағамыз да кезінде сол институтты бітірген ғой.
Оқу орнын бітіргеннен кейін мен Мақашпен өндіріс саласында кездесе алмадым. Бірақ оның жемісті еңбек етіп, тамаша табыстарға жеткенінен жақсы хабардармын. Әсіресе, Теңіз кен орнын ашуға белсенділікпен қатысып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанғанына ерекше қуандым.
Мақаңның өмірлік серігі Жонас та өзі секілді инженер-геолог. Институтты бізден бір жыл бұрын, 1957 жылы бітіріп кетті. Ал, оқып жүргенде біздер - атыраулықтар жиі-жиі бас қосып, демалысты бірге өткізетінбіз. Мұнай институтына жақын орналасқан М. Горький атындағы демалыс орны сол көңіл көтерулердің ошағы еді. Емтихан кезінде сонда барып даярлық жүргізетініміз де есте. Дтракциондар, Мәскеу өзенінде серуендеуге арналған қайықтар да жеткілікті болатын. Жақында студенттік альбомымнан сол іс үндердің жәдігері дерлік бір қымбат суретті тауып алдым. Онда Жонас екеуміздің Мәскеу өзенінде қайық есіп жүргеніміз бейнеленіпті. «Е, енді бұл суретті студенттік өмірден ескерткіш деп Мақаш пен Жонасқа жібергенім жөн екен» деп арнайы салып жібердім.
Әрине, адамның шынайы байлығы затта емес, ақыл-парасатта, рухани қазынада. Жаңағы суретті жібере отырып, мынадай ойға қалдым: «Алып Теңіз кен орны ашылғалы жиырма жылдан асыпты. Бірақ, киноөнерінде, көркем әдебиетте, журналистикада ол жөнінде есте қаларлықтай көлемді, кең тынысты, айшықты шығармалар жоқ. Олар Мақаң сияқты нағыз қаһармандар ортамызда жүргенде жарық көрмегенде қашан жарық көрмек?! Олар бүкіл елдің рухани қазынасына айналмас па еді?» Сөйте тұра былай деп өзіме-өзім тоқтау саламын: «Мүмкін, жуық жылдарда болып та қалар...».
Ізтілеуов Беркін Кенжеғалиұлы, "Мұнайшы" қоғамдық қорының атқарушы директоры.
Балғымбайұлы Мақаштың есімін мұнайшылар қауымында білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық болмайды. Себебі, Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Қазақ КСР-ның еңбегі сіңген геолог-барлаушысы», «КСРО-ның құрметті мұнайшысы», ғалым, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ондаған, соның ішінде әлемге әйгілі Теңіз мұнай-газ кен орнын тұңғыш айтушы Мақаңның саналы ғұмырында талай жанға басшылық та, тәлімгерлік те шапағаты тигені анық.
Біздің, жұбайым Рая Мырзақызы екеуміздің Мақаңмен ілкі танысуымыз сонау елуінші жылдардың ортасында Москвадағы мұнай институтының қабырғасынан басталды. Мен оқуға түскенде ол институттың соңғы курсын - ағаларымыз Әкімбаев Сахимен, Телішев Аманжанмен, Бөлекбаев Зейнолламен, өз ағасы Салтанатпен бірге тәмәмдап жатыр екен. Институт бітіргеннен кейін Мақаң елге - Атыраудың мұнайлы өңіріне табан тіреп, талмай, тапжылмай, білім-білігін аямай, жарты ғасырға жуық абыройлы еңбек етті. Ол қандай лауазымда болмасын - партия жұмысында да, өндірістің қатардағы, орта буын және басшылық жұмыстарында да - бірқалыпты, зерек, зерделі, үлкен-кішіге сыйлы, ақылшы дәрежесінен аласарып көрмеген, қайта асқар таудың алыстаған сайын асқақтай түсетіні секілді үнемі самғау, өрлеу үстіндегі жан болды.
Әлбетте, азаматтың тағдыр-талайында отбасының өлшеусіз роль атқаратыны белгілі. Бұл ретте де Мақаң ағамызды өте бақытты адамның бірі десек, қателеспейміз.
Болашақ өмірлік жолдасын Мақаң Москвада, институтта кездестірген болатын. Ол геология-барлау факультетінің студенті, жерлесіміз Саппаева Жонас еді. Жонас институтты бітірген соң еңбекке араласып, тұрмысқа шықты. «Екі жақсы бас қосса, санат емей, немене!» деп Бұқар жырау айтқандай, біз Мақаң мен Жонастың осы ортақ қуанышын бірге тойлап, «мұнайшылар жанұясының» негізі қаланғанына куәгер болдық. Олар осылайша Комсомол мұнай кәсіпшілігінде тағдырлары мен еңбек жолдарын мәңгілік бірлікте ұластырып әкетті. Ал, ағайындық, достық, жанұялық қарым-қатынасымыз күні бүгінге дейін ешбір алғаусыз жалғасып, нығайып келеді. Оның бірден-бір сыры Мақаң мен Жонастың бауырмалдығында, досты сыйлай және бағалай білетіндігінде.
Жонас қазақ қыздарының арасында өте сирек кездесетін мұнайшы-геофизик мамандығын игерген еді. Сол мамандықта ұзақ жыл геофизика ұйымдарында жұмыс істеп, көптеген мұнай-кен орындарының ашылуына септігін тигізген ірі мамандардың біріне айналды.
Көзіміз көре қалған Балғымбай атамыз бар өмірін қарапайым жұмысшылықпен өткізсе де елге сыйлы, өсіріп-тәрбиелеген ұлдарының қай-қайсысы да халық үшін ерінбей еңбек еткен абыройлы азамат еді. Мінезге бай, жер қозғалмаса қозғалмайтын адам болатын.
Жыл сайын жанұямызбен Бәкең атамызға сәлем береміз, хал-қуатын біліп, жақсы әңгімесін тыңдаймыз деп ауылына барып тұратынбыз.
Бірде, осындай бас қосуда, Бәкеңнің алдына немересі Ғарифолланы алып, домбырасын шерте отырып, менің әкемді таныстырғаны бар.
- Ғафок, мына қарсы алдыңдағы адам сенің Кенжеғали дейтін атаң болады.
Ғарифолланың сонда сәл ойланып:
- Жоқ, бұндай ата болмайды, мұрты да, сақалы да жоқ, - дегені.
Сәбидің осы бір шынайы да тапқыр сөзіне бәріміздің мәз-мейрам болып күлгеніміз әлі де есімде.
Сол Ғарифолла қазір жолдасы Шолпан (ол да атақты мұнайшы Дүтбаевтардың ұрпағы) екеуі ата, әке жолымен мұнайшы мамандығын меңгеріп, әулет дәстүрін Балғымбай атамыздың шөберелерімен жалғастырып жатса, оған қалай сүйсінбессің?!
Отбасы бақыты деген осы емес пе?
Ветрова Валентина Павловна , бывший инженер-геофизик КазНИГРИ, ветеран труда.
С Макашем Балгимбаевичем нас познакомила Москва, сельскохозяйственная выставка, которая в то время была как сказка, в далекие годы - 1953г.
Мы с Жонас Сарсеновной кончили школу им. Кирова и поехали поступать в Московский нефтяной институт им. Губкина, так он тогда назывался. Жили в общежитии. Родители богатыми не были, поэтому от постоянной помощи отказались, жили на одну стипендию и только к большим праздникам нам присылали посылки.
Жили мы весело и дружно. Дружили с ребятами-москвичами и из других городов, но жили единой семьей мы казахстанцы - было немного ребят из Алматы, Актюбинска, Уральска, но 90% были мы - гурьевцы. Мы посещали все театры, музеи Москвы, вечера справляли вместе как в своем кругу, так и в театрах.
Жили весело, но не забывали и учебу и все же она у нас была, конечно, на первом плане. Остались в памяти высказывания и отношения крупных преподавателей: «Гурьевские студенты отличаются от остальных своим трудолюбием, дисциплиной и самое главное — скромностью».
Макаш отличался от нас еще и более глубокими знаниями, умением себя вести в соответствующей обстановке. Ум его уже был трезвым в те молодые годы.
Были случаи, когда что-то у нас с Жонас или у меня не получалось по какой-то дисциплине (предмету) и можно было спокойно обратиться к Макашу в любое время суток - Макаш основательно, спокойно очень доступным простым языком объяснял непонятное.
Закончил институт Макаш с отличием - для того времени это было большое достижение -таких по институту было единицы. Отлично по дисциплинам он получал не в результате слепой зубрешки, а помогали ему в этом светлый ум, труд и фундаментальные знания, полученные в школе, техникуме — гурьевском.
У нас с Жонас Сарсеновной кончилась пора беззаботной, светлой юности в 1957г., а у Макаша в 1955г. и наступил для нас новый виток жизни - производство, семья.
В 1955г., несмотря на то, что Макаша оставляли учиться в Москве дальше в аспирантуре, он выбрал другой путь - путь получения знаний жизни, на производстве. Его оставляли работать в Гурьеве, но он поехал на промысел Кульсары и пошел на самую низовую должность - геолога-коллектора на разведочную опорную скважину №2 - одной из немногих скважин Союза. Работая там, Макаш выезжал на соседние структуры, где проводилось картировочное и структурное бурение. Через год его переводят старшим геологом разведки Жантай, где впервые в Казахстане опробовалось наклонно-направленное бурение, когда одной поисковой скважиной вскрыли опробованием меловые, юрские и триасовые нефтеносные отложения.
Еще через год его направляют старшим геологом промысла Комсомольский, где он нашел свою спутницу жизни - соединив свою жизнь с ее.
Я с Жонас Сарсеновной дружила в полном значении этого слова с 1948 года, т.е. со школьной скамьи. Мы были в хороших отношениях со всеми ребятами, с которыми учились вместе, но тайны делили только друг другу Ее бабушка - Бахыт почти не говорила по-русски, редки в то время была и такая дружба и тем более браки и вот Жонас - веселая, превеселая девочка, когда приходила ко мне в русский дом, с шуткой рассказывала, - что бабушка разрешила ей пойти ко мне, но дала напутствие (и это было всякий раз): «Иди, только смотри, за русского мы тебя не отдадим». Это, конечно, была шутка со стороны бабушки, но в этой шутке была, и доля правды, - потому что дома у меня были два брата молодых чуть-чуть постарше нас. Когда она это рассказывала, а братья всегда в шутку ее спрашивали: «Ну что Жонас, опять бабушка тебе дала напутствие?". И она заразительно смеялась звонким чистым голосом. И в нашем доме стены смеялись в это время вместе с нами. Вся моя семья очень любили ее (любили, -потому что их уж никого нет в живых, ни братьев моих, ни сестер, ни мамы), а я была любимым членом их (Саппаевых) семьи. Когда мы с Жонас кончили десять классов, то Миша, брат Жонас, своим товарищам сказал (мы случайно услышали): ".. .а наша Валя с Жонас кончили 10 классов на «отлично», было ему тогда 5-6 лет и бог его простит за такие слова, так как мы с Жонас не были никогда отличниками. Семья их - бабушка, дедушка, мать, Сарсен Саппаевич - были чудесными простыми людьми. Вечная им память!
После окончания 10-го класса пошли мы с ней на танцы в городской парк первый раз. Играла музыка, вокруг было светло, много ребят и девочек. Мы стеснялись подойти к кассе с ней, но надо было купить билет, а цену не знали. Жонас Сарсеновна мудро меня вперед пропустила, и я спросила кассиршу: «Сколько стоит билет?». Раздался оглушительный смех, и мы с позором убежали домой и на танцах появились впервые после окончания первого курса института.
Вот такую безхитростную, очень добрую, веселую девочку взял в жены Макаш. Хоть и любила его очень Жонас, но по обычаю надо было плакать, когда брал жених ее из дома (так она объяснила мне свои слезы), а младшая сестра Света, которой было тоже лет 5-6, при всем честном народе громко так и сказала: «Вот дура, что плачет - сама же идет замуж?» - это тоже было принято, как шутка.
Все это говорит о том, и пишу я об этом потому, что спутница жизни Макаша - моя подруга создала ему такую же семью, какая была у нее и внесла в жизнь светлые тона. И Макаш уже семейный человек, имея надежный тыл в лице семьи, пошел дальше по производственной стезе.
Отгуляв свадьбу, Макаш обратился к главному геологу геологического управления Имашеву Н.У. с просьбой представить работу на промысле, где могла бы работать жена инженер-геофизик. Направили их в УНГ промысла Косчагыл, но Имашев поставил тоже перед Макашем условие - составить рациональный проект по оптимальному расположению проектно-эксплуатационных скважин. Было сделано предварительно 10 вариантов и только 11-й вариант, был представлен Имашеву Н.У., что говорит о серьезной и кропотливой работе Макаша. С 1958 по 1962 г.г. Макаш работал в УНП п.Косчагыл, так же занимая должность не освобожденного секретаря парткома. С 1962 по 1965 г.г. -секретарь Эмбинского райкома партии.
С 1965 по 1972 гг. - главный геолог Биикжальской экспедиции сверхглубокого бурения (скважина СГ-2). В 1971 году защита кандидатской диссертации на тему: «Геологическое строение и перспективы нефтегазоносности палеозойских отложений юго-восточной части Прикаспийской впадины». В 1972-1978 г.г.-главный геолог Балыкшинского управления разведочного бурения. 1978 - 1993 г.г. - главный геолог объединения «Эмбанефть».
Макаш является первооткрывателем многих месторождений Эмбы, крупнейшее из них -гигант Тенгиз.
За открытие месторождения Тенгиз стал Лауреатом Государственной премии Республики Казахстан. За заслуги в нефтяной промышленности ему присвоены звания - Почетный нефтяник Союза, Заслуженный геологоразведчик РК.
С 994 г. работал в геологическом отделе ЦНИЛ и в Атырауском институте нефти и газа, являясь профессором этого института.
Учеников у Макаша очень много, жизнь раскидала их по республике, ближнему и дальнему зарубежью, но один остался, продолжая жизнь и начатое дело Макаша - это сын Гарифолла. И я надеюсь, что в будущем вырастит плеяда нефтяников Балгимбаевых - это внуки Макаша и Жонас.
Қарамұрза Құлқаш, тау-кен инженер-геологы, зейнеткер.
Өткен 2000 жылдың мамыры болатын. Менің Ақтау қаласындағы пәтеріме Атыраудан бірнеше мәрте телефон соғылды. Бірінде Мақаш, бірінде Өтәлі. Құдайға шүкір, екеуінің де хабары жағымды: бауырлары Салтанат Балғымбаев есімінің Мартыши кен алаңына берілгенін, соған орай өтетін салтанатты шараға менің арнайы шақырылатынымды, оның айдың жиырма бесінші жұлдызында Исатай ауданында ұйымдастырылатынын қаперге бермекші екен.
- Барамын, міндетті түрде барамын, - деймін қуанғаннан аузыма басқа сөз түспей.
Иә, Салтанат ардақтауға лайық жан еді. Ол Маңғыстау мен Еділ-Жайық аралығынан мұнай-газ қорын барлауға және игеруге зор еңбек сіңірді. 1955-58 жылдары Қаратон бұрғылау кеңсесінде аға инженер, 1958-64 жылдары Мақат бұрғылау кеңсесінде өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, бас инженер, директор, 1964-77 жылдары Қарақия мұнай барлау экспедициясында бас инженер, бастық, кейіннен "Маңғыстаумұнайгазбарлау" кешенді экспедициясында бас инженер, 1977-81 жылдары Ауғанстан Тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі министрінің бас кеңесшісі, 1980-90 жылдары "Атыраумұнайгазгеология" өндірістік бірлестігінің бас директоры болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геолог-барлаушысы атағын иеленді.
Мен онымен, інісі Мақашпен мұнай техникумын бірге бітірдім. Одан соң ағайынды Балғымбаевтар, ағайынды Қарамұрзиевтер болып, Мәскеу мұнай институтында бес жыл бірге білім алдық. Бір бөлмеде жатып, жарты құртты жарып, бүтін құртты бөліп дегендей, барымызды базарлап, бірге тыныстадық.
Оның бәрін қалай ұмытарсың?
Мақаштың 70 жылдық мерейтойына Губкинде бірге оқыған жолдасы Құлқаш Қарамұрзиев зайыбы Ақмейізбен бірге келді.
Жаңағы жақсы хабарды естіп отырып: "Азаматын елеп, қадірлеп жатқан Елден айналмассың ба, Елінің игілігі үшін өлшеусіз іс тындырған Азаматтың әруағынан айналмассың ба?" дом мейілінше мерейлендім. Белгіленген уақытта уәдеме тұрып Салтанаттың есімін есте қалдырудың салтанатты шарасына қатыстым. Көппен бірге шаттанып, Балғымбай ұрпағының бірлігі мен ынтымағына, ықыласы мен ниетіне риза болып, ауылға қунақ оралдым.
Сол жолы Мақашты көріп сырласу да мені рахат сезімге бөледі. Ол - Балғымбай атамыз бен Қилаш әжеміздің кенже баласы, сүткенжесі. Сондықтан да шығар, олар оны ерекше сүйді, үміт артты. Мақаш ата-ананың сол үмітін артығымен ақтады. Абыройлы азамат дәрежесіне жетті. Жәй жеткен жоқ ерен еңбегімен жетті. Мәскеуде оқып жүргенде жасы кіші осы Мақаштың бізге көз, қамқоршы, тіпті "командир" болғанын жасырғым келмейді.
Мақашты Өтеп ағамыздың қаншалықты жақсы көргеніне де куәгермін. Ол оны ылғи да "Мақашжан", "Мақашжан" дейтін. Әкесінің осы жылы сөзі жұдырықтай жүрегіне ұялап қалғанынан шығар, жас кезінде Нұрлан да Мақашты "Мақашжан" дейтін.
Рахметов Мақаш, инженер-геолог-мұнайшы, " КСРО-ның құрметті мұнайшысы ", зейнеткер.
1956 жылдың тамыз айы болатын. Қазақ Мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Құлсары бұрғылау кеңсесінің бұйрығымен коллектор болып тағайындалып, Жантай бұрғылау алаңына бет алып келемін. Құлсары бұрғылау кеңсесінің еңбек және кадр бөлімінің бастығы Шотықбаев Қойыс: «Сен әуелі Қосшағылға жетіп ал, содан кейін ауыз су таситын ЗИС-5 машиналарының біреуіне мініп, Жантайға жетесің. Барғасын екі Мақаш болып жұмыс істейсіңдер» - деді. Онымен қоймай «коллектор деген сөз «техник-геолог» деген сөз» деп және нықтап қойды. Сөз пішіміне қарап ойнағысы келе ме, әлде қалжыңбас біреу ме деп те ойладым. Мәнісін кейін білдім. Қойыстың ойнайтын реті де бар екен. Менің кім екенімді біліп алған сияқты. Қосшағылға келгесін су айдайтын стансаның қасынан қазанына су толтырып алған бір ЗИС-5 машинасымен Жантайға жүріп кеттік. Жүргізушінің сөзіне қарағанда 2-3 ЗИС-5 машинасымен Жантайға ауыз су тасылады екен.
«Қосшағылдан шыға Қарақұм шағылы басталады. Шағылдың жолы өте ауыр, жүкті машина әрең жүреді. Жаздың ыстығында шағыл іші жанып кетеді. Тынысың тарылады» -деп рульдегі сапарласым зар қағып келеді. Шағыл дегенінің не екенін түсінбей келемін. Ақыры сұрадым: «Шағыл дегеніңіз не нәрсе, түсіндіріңізші» - дедім. Ол: «Қазір көресің»деді.
Шағыл дегені ойдым-ойдым, төбе-төбе сары құм екен. Біреуіне түсесің, екіншісіне көтерілесің, үшіншісіне түсесің, төртіншісіне көтерілесің, тағысын-тағылар. Көтерілерде жүргізушінің өзі сияқты машинасы да зар еңірейді. Аузына тыным жоқ. Сөйлеп келеді, сөйлеп келеді. Әуелі Қарақұмның шағылын жамандап еді, енді «Қарақұм, Қарақұм емес, қарағым ғой» деп мақтап келеді. Айтатыны - «Қарақұмда қыста мал жұтамайды, мал ойынан боранда ықтысын табады, төбесінен азығын-шөбін табады». Онымен қоймай маған тиісе бастады. «Он бес жыл далада, шағыл арасында қаңғу үшін оқыдың ба? Барғасын көресің, айызың қанып ішетін мұздай суы жоқ, ең болмаса радиодан Алматыдағы концертті де тыңдай алмайсың. Ана қарашы, Құлсарыдағы бәленшенің баласы оқу бітірісімен наубайхана бастығы болып көлкіп отыр», - деді де, есімімді сұрады. «Мақаш» - дедім.
- Жантайда да бір Мақаш бар. Фамилиясы Балғымбаев. Жақсы жігіт деп қойды. Бір күнде Мақаштың атын екі рет естідім. Қандай жігіт екен? Манағыдай емес, жүргізушім жылы шырай білдіре бастады. «Қайтесің, оқуың солай болғасын, амалсыз далада қаңғуға тура келеді ғой» - деп жұбатады.
Кешкі сағат бестерде Жантайға да жеттік. Жантай бұрғылау алаңының бастығы Дәулетов Тоғызбай деген кісі екен. Жас шамасы қырықтан не әрі, не бері. «Мұнда жатақхана, асхана деген болмайды. Келушілерге арналған бір бөлмелі үйіміз бар. Бірақ, оның өзі келіп-кетушілерден ауыспайды. Бүгінше сол бөлмедегі Балғымбаев Мақаштың қасында болып, қонағасын жерсің. Қалғанын ертең сөйлесерміз» - деді.
Қос Мақаш – Балғымбаев пен Рахметов Жантайда. 1957
Сөйтіп Мақаш екеуіміз Жантайдың бір бөлмелі «қонақ үйіне» түнеп шықтық. Мақаш орта бойлы, көп сөйлемейтін, әр сөзін асықпай-үсікпей баппен айтатын жігіт екен. «Жұмыс жөнінде қорқатын ештеңе жоқ. Ертең-ақ үйреніп кетесің» деді. «Жан-жақты геолог атану үшін әуелі барлау-бұрғылау жұмыстарында болып, тәжірибе жинақтасаң, мұнай өндіру саласында жұмыс істеу қиынға соқпайды» дегені қобалжып отырған маған үлкен демеу болды. Менің білгенім: Мақаш Москваның Губкин атындағы мұнай институтын бітіріпті. Одан кейін қазылып жатырған Опорная-2-де жұмыс істеп, біраз тәжірибе жинапты. Жантайға сол жылғы жазғытұры аға геолог болып тағайындалыпты. Барлау-бұрғылау жұмыстарына байланысты геологтың міндеті мен істелген жұмыстар жөнінде блокнотына жазып жүреді екен. Блокнотты маған берді. Әрине, оның маған көп көмегі тиді. Мақаш айтқандай, ен далада көптеген мәселені геологтың өзі шешуі керек екен. Өйткені Құлсарымен сөйлесе қоятын телефон байланысы сірә жоқ. Құлсарыдағы кеңсемен күніне 3-ақ рет рация-морзе арқылы байланыс бар. Қазылып жатырған ұңғыны Құлсарымен рация-морзе арқылы сөйлесу үшін бірнеше сағатқа тоқтатып қоя алмайсың. Не болса да оң, теріс шешімді өзің қабылдауың керек.
Жантай өзіміздің кең Жылыойдағы Қарақұмның ішіне орналасқан екен. Қазуда екі бұрғылау қондырғысы бар. Біреуі ауылдан бір шақырымдай, екіншісі жеті шақырымдай жерде. Ауылдағы үйдің саны алпыс шақты. Көбісі қамыстан тұрғызылған. Олардың іші-сырты саз балшықпен майлануы керек. Мен келгенде үйлер салынып болып, үйге кіретіндер олардың іші-сыртын майлауда екен. Жері құмды болғандықтан, майлауға қажетті сазды топырақ тапшы екен. Оны 6-7 шақырым жердегі сордан тасу керек. Ауылда бары жалғыз қорапты «газик». Әр үйдің бір кісісімен сазды топырақ түсіру мүмкін емес еді. Мақаш екеуіміз ауыл жастарымен ақылдаса келіп, «Қолғабыс» деген ат қойып, жиырма шақты жігіттен құралған топ құрдық. Күн сайын кешкі сағат 6-дан кейін демалысқа келген 4-5 жігітпен 5-6 үйге бір-бір машинадан сазды топырақ түсіріп тұрдық. Сөйтіп бір ай ішінде барлық үй майланып-сайланды. Осы ретпен күз айларында әр үйдің шапқан шөбін де тасып, түсіріп беріп жүрдік.
Ауылда монша салу қаралмаған еді. Мақаш екеуіміз Дәулетов Тоғызбайға барып, «біздерге монша салатын құрылыс материалдарын тауып бер, өз күштерімізбен монша саламыз» дегенбіз. Ол біздің ұсынысымызды құп алды. Сөйтіп, ауыл жастарының күшімен жақсы монша салып алдық. 5 және 16 дюймдық трубалардан пеш жасадық. Кәдімгі қаладағыдай буы бұрқыраған ыссы монша болды. Ауылдықтар әуелде моншаның атын «Қос Мақаш» деп жүрген, кейін неге екені белгісіз, айтуға жеңіл болды ма, «Қосмақ» атанып кетті. «Қосмақты» желеу етіп, Құлсарыдағы құрдастарымыз кездескен сайын: «Қалай, «Қосмақтарың» жұмыс жасап тұр ма?»- деп әзілдейтін.
Шағын қызылбұрышты кеңейтіп, өнерлі жастардың күшімен концерт, шағын пьеса, скетчтер қойып жүрдік. Ел разы болды.
Берірек келгесін екеуіміз өткен-кеткенді әңгіме етіп отырғанда Мақаш: «Өткен жастық кезімізді текке өткізбеппіз. Азды-көпті бірдемелер істеппіз. Сен, Мақаш, осыларды жазсаң қайтеді? Жазғанда мақтаныш үшін емес, қазіргі жастарға өнеге-үлгі болсын дегенім ғой» -деген-ді. Одан бері біршама жылдар өтті. Қос Мақаштың біреуі о дүниелік болды. Қалған Мақаштың қолынан келгені осы ғана.
1957 жылдың жазында Мақаш басқа жұмысқа ауысты. Ертең ол біржола кететіндіктен, сол күннің кешінде екеуіміз көп әңгімелестік. Қазақстандағы мұнай геологиясының қазіргі жағдайы, мұнай өндірісінің болашағы туралы көп толғандық. Барлау-бұрғылау жұмыстарының кең көлемде қарқынды жүргізілмеу себептерін іздестірдік. Түз күмбездерінің үстіңгі құрылымдарынан қоры мол мұнай кеніштерін табу мүмкін еместігін де әңгіме еттік. Бізде мұнай өндірісінің болашағы Татарстан мен Башқұртстандағы сияқты мұнай қоры мол тұз астындағы карбон және девон известняктарына байланысты екенін айттық. Жасыратыны жоқ, сол кезде Каспий теңізінің Шығыс, Оңтүстік шығыс бағыттарында сонау Мұғаджар тауының етегіне дейін тұз астындағы карбон мен девон қабаттары түгелдей известняк тектес жыныстардан құралады деп есептелді. Сөйтіп біз неде болса алдағы уақытта тұз астындағы құрылымдарда барлау-бұрғылау жұмыстарының басы-қасында болып, іздестіру ісіне тікелей араласуға уәделестік. Мен Жантайдан кейін тұз астындағы қабаттарда барлау, іздестіру жұмыстарын жүргізбекші және жүргізіп жатырған Төңірекшың, Жаңасу және Сарықұм аландарына аттандым. Ал, Мәкең Қосшағылдан кейін Биікжалға аттанды. Аталған алаңдарда жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне тоқталудың қажеті жоқ сияқты. Белгілі болғаны - тұз асты карбон мен девон құрылымдарының бәрі бірдей известняк тектес жыныстардан құрылмағандығы.
Арада он бес жыл өткеннен кейін тағы тоғыстық. Мен Сарықамыста Прорва бұрғылау кеңсесінде жұмыс жасап жүргенімде осы кеңсенің негізінде Гурьев қаласында Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы құрылды. Осы басқармаға Мәкең бас геолог болып келді, мен ұңғыларды зерттеу және сынау цехының бастықтығына тағайындалдым. Бес жылдан кейін аталмыш басқармадан Каспий маңы бұрғылау жұмыстары басқармасы бөлініп шықты да, мен осы басқарманың бас геологы болып тағайындалдым. Сөйтіп, екі Мақашқа «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің екі үлкен бұрғылау басқармасында бас геологтықтың тізгіні тиді. Біз екі басқарма да жұмыс жасағанмен арамызда пікірталас, теке-тірес болған емес. Бір-бірімізді сүйеніш көрдік. Оңашада көп сырласып, геологиялық зерттеу жұмыстарының бүгінгі заман талабынан төмендігіне күйінетін сәтіміз де аз емес-ті.
Көп ұзамай, Мәкең «Ембімұнай» бірлестігінің бас геологтығына тағайындалғаннан кейін, Балықшы барлау-бұрғылау басқармасындағы оның орнын Дәулетов Қожабай басты.
Мәкең бірлестіктің бас геологы ретінде барлау-бұрғылау жұмыстары мен мұнай өндіру жөніндегі көптеген мәселелерді бас директор, бас инженер және бас директордың бұрғылау жөніндегі орынбасарымен шеше бастады. Ал, бас директордың басқа екі орынбасарымен аталған мәселелер жөнінде ешқандай байланысы болған жоқ және геология, мұнай өндіру салаларынан хабарсыздықтан, олардың қай-қайсысымен де Мәскеуге барған жоқ.
Сол кездегі жыл аяғында Мәскеуде, я болмаса Ресейдің мұнайлы облыстарының бірінде өтетін барлау-бұрғылау жұмыстарының жылды қорытындысы және келер жылдың осы саладағы міндеттері туралы жиынға «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры Б.Сағынғалиев, бас геологы М.Балғымбаев, бас директордың бұрғылау жөніндегі орынбасары М.И.Гарайзуев, кейіннен З.Жұқатаев, геология бөлімінің бастығы О.Есқазиев, бұрғылау жұмыстары басқармаларының бас геологтары Қ.Дәулетов, мен -М.Рахметов қатынасатын.
Көбіне мұндай жиындар Мәскеу, Волгоград және Саратов қалаларында өтетін (бір рет өзіміздің Атырауда болды). Мұндай жиындарға бес-алты өндірістік бірлестіктің өкілдері шақырылып, есептері тыңдалып, келер жылдың міндеттері белгіленетін.
Жиындардың ұйымдастырушысы Одақтық Мұнай Министрлігінің геология және мұнай өндіру бас басқармасы, сол жиындарда баяндама жасайтындар бұрғылау басқармаларының геологтары болатын.
Дәулетов Қожабай екеуіміз барлау, іздестіру жұмыстарының жылдық қорытындылары мен жаңа барлау алаңдарда қазылатын ұңғылардың саны мен жоспарлы тереңдіктерін геологиялық, геофизикалық деректемелермен дәлелдеп, бұндай сындардан көп қиналмай шығатынбыз. Мұның сырын Қожабай екеуіміз терең сезінетінбіз. Оның ұшы - Мақаштың іскерлігінде, білімділігінде және тынымсыздығында жатыр. Жыл қорытындысы шығысымен, наурыз айының басынан бастап жоғарыда аталған жиынға дайындық басталады. Наурыз айының басында Мақаш екі бұрғылау басқармасының бас геологтарын, «Эмбанефтьгеофизика» тресінің басшыларын шақырып, бірлескен кеңес өткізеді. Осы кеңесте геофизиктердің барлау жұмыстарын жүргізу үшін дайындаған барлау алаңдарын екі бас геологке бөліп береді. «Мыналарды қараңдар, қай алаңға барлау жасауға болады, қайсысын алмау керек, соны анықтаңдар, алатындарыңа Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясымен бірігіп графикалық материалдар дайындаңдар» деп тапсырма беретін.
Міне, осы күннен бастап Мақаш жұмыс барысын апта сайын қадағалап, қорытындылап отырады. Әр басқарманың бас геологы өзіне берілген алаңдарға геофизиктермен бірлесіп геологиялық сипаттама беруі керек. Ондағы қазылатын ұңғылардың саны мен тереңдіктерін графикалық материалдар арқылы дәлелдеуі қажет. Кейбір барлау алаңы 10-15 бөліктен тұрады. Олардың бәрінде бірдей барлау ұңғыларын қазу керек пе? Қазу керек болса да, болмаса да дәлеліңді айтуға тиіссің. Міне, әр апта сайын Мақаш алдымызға тың міндет қоятын. Осындай дайындықпен жыл аяғында әлгі есеп беру жиынына баратынбыз. Нәтижесін жоғарыда айтып кеттім.
Мәкең газеттердегі мақалалары мен кітаптарында көптеген азаматтардың атын атап, олармен жұмыстас болғанын мақтаныш ететін. Оларды талай рет оқыдық. Олардың ішінде менің де атымды тастамайтын. «Мен де сен сияқты көптеген азаматтармен достастым, жұмыстас болдым. Бірақ сен сияқты олар жөнінде ештеңе жаза алмай жүрмін. Үлкендік пе, білмеймін, мойын жар бермейді» дейтінмін.
«Жақсы адамдар жөнінде міндетті түрде жазу керек. Сол арқылы олардың жақсы екенін халық біледі. Жақсы адамдар жөнінде жазсаң, ол сенің де жақсылығыңның белгісі» дейтін Мақаш. Бірде: «Менің бірге оқыған, бірге жүрген, туғанымдай араласып кеткен жан достарым аз емес. Мен оқуды бітіріп келген уақыттан бастап, сен Биікжалдан Атырауға келген күнге дейінгі екі арада көптеген дос-жаран таптым. Олар - қиын кездерде «сен тұра тұр, мен барайын» дейтін кілең бір нарқасқа жігіттер. Бірқатары о дүниелік болып кетті. Қалғандарын өзің білесің, араласып тұрамыз. Достарым жөнінде жазсам әр қайсысына бір томдық кітап аздық етеді. Ғұмыр жетсе олар жөнінде де жазылар. Ал, енді тек сен Биікжалдан Атырауға келгеннен бергі жұмыстас, пікірлес, сыйлас достарым қаншама?! Солардың ішінде жаман адам бар ма? Бәрі де өз заманында туған дара тұлғалар. Оларды да жазу керек болар.
Ес білгелі жолдастарымның ішінен жолдастыққа қасаң, достыққа қиястық ойлаған бірде біреуін кездестірмеппін. Кілең жақсы адамдардың арасында жүріппін.
Менің таң қалатыным, құдайтағала қалайша соншама жақсы адамдарға бір-біріне ұқсамайтын бет-пішін берген, бір-біріне ұқсамайтын мінез құлық берген? Біреуі ұстамды, қанша ұрыссаң да былқ етпейді, бәрі ішінде, енді біреуі айтатынын айтып салады, бірақ қайтымы жылдам, тағы біреуі мүлдем асырып айтады да, артынан опық жеп, кешірім сұрайды. Әрқайсысының орны бөлек. Менің тағы бір таң қалатыным, осындай жақсы адамдарды жаратқан Алла-тағала қалайша қолы барып арамзаны жаратқан? Мен «біреуін» кездестірдім. Осы «біреуге» мен мінездеме беремін, сен тыңда да ойыңды айт. Құлқыны үшін Құдайды да алдайды, достарын да алдайды. Адамзат баласына жақсылық жасауды білмейді. Жақсылық жасай қойса, оның қайтарымын күтеді, қайтарымы болмаған адам оған дос емес. Пайдасы көппен дос, пайдасы азая бастағанмен қас. Білгішсініп сөйлейді. Басқалардың бәрін білімсіз деп күлкі етіп отырады. Бірақ сауаттылығын емес, надандығын көрсетіп алады. Маған кездескені осы болды. Басқа жерде ондайлар бар ма, жоқ па, білмеймін. Мен осы «біреуге» кездескенше қазақта осындай залым бар деп есептемейтін едім. Мынау мен үшін ауыр жаңалық болды. Ал, сен айтшы, осындайлардың ел арасында болуына кім кінәлі?» - деп Мақаштан жауап күттім. Ол көпке дейін үнсіз отырды да: «Ешкім де кінәлі емес. Бұл оған жабысқан дерт. Оған бірдеңе біткен сайын құныға береді. Ондай адам құныққан сайын қоғамға өте қауіпті. Сен қазақта мұндай залымдар болмаған дегің келеді. Әр заманның өзінің Ұлы адамдары, өзінің залымдары болған және бола береді. Жаман адам болмаса, жақсы адам барын қайдан білеміз? Сондықтан да Алла-тағала жамандарды жаратқан» - деді.
Бұл айтылғандар біздің бір отырыстағы пікір алысуымыз еді. Екеуара отырысымыз анда-санда болғанмен, 2-3 сағаттан кем түспейтін. Әңгімеміз әр саланы қамтитын. Пікір алыса отырып, біріміз сұрақ қойып, екіншіміз жауап беруге тырысатынбыз. Әсіресе көп әңгіме еткеніміз Қазақстанда Отаншылдық, патриоттық сезімінің қалыптасу барысы. Кеңес Одағы кезінде әрбір адам Отанының патриоты болды. Ол кезде Ұлттық идея мен Ұлттық мүдде жөнінде әңгіме қозғалмайтын. Кез-келген адам керек жағдайда Отаны үшін жанын пида етуге әзір еді. Кешегі Отан соғысында жауынгерлер «Сталин үшін», «Отан үшін» деп кеуделерін оққа тосты. Тіпті балаларға дейін Отаншыл рухта тәрбиеленді. Осы жерде мен: «Мәке, сол кездегі бір эпизодты айтып берейін» - дедім де, әңгімемді бастап кеттім. «Сенің соғыс кезінде қайда болғаныңды білмеймін, мен ауылдық жерде өстім. Шешелеріміз аш-жалаңаш күйінде күні-түні жұмыс істеді. Әжелеріміз орнынан тұра алмайтындай күйде отырса да, өз еріктерімен майдандағылар үшін жіп иіріп, шұлық пен қолғап тоқыды. Сол кездегі 10-14 жастағы біздерді ауылдық Кеңестің төрағасы шөп шабуға, оны жинауға, ұжымшардың малын суару үшін құдықтан су тартуға айдап апаратын. Жазғы каникулды түгелдей жұмысқа арнайтынбыз. Балалардың біреуі де қынжылыс білдірмейтін. Үлкендерше жұмыс істеуді міндет санадық. Ойнай алмадық. Жасымызға қарамай ерте ер жеттік. Қазір балаларымызды, жастарымызды қоя тұрып үлкендерімізде осындай Отанына деген патриоттық сезім бар деп айтуға аузым бармай отыр» дедім. Мәкең: «Міне көрдің бе, патриоттық сезім біздердің жүрегімізді бала кезімізден бастап-ақ жаулап алды. Бұл, әрине, коммунистік партияның өзінің идеологиясы арқылы коммунистік мүддені іске асыра алғандығының нәтижесі. Ал, қазіргі кезде патриоттық сезімнің жоқтығына әлеуметтік жағдайымыздың нашарлығы кінәлі. Отан өз халқының қамын ойласа, оған жұмыс, киім, тамақ тауып беруі керек. Отан халқын бәледен-жәледен қорғауы керек. Кеңес Одағы ыдыраған кезде Үлкен Отан жоқ болды. Біраз уақыт Отансыз өмір сүрдік. Отан жоқ жерде патриоттық сезім де жоқ. Отан үшін жұмыс істейтін үкімет халқына жұмыс, киім, тамақ тауып бере алмады. Отан әлсіреді. Отан әлсіреген жерде патриоттық сезім де әлсірейді. Бүгін экономикалық жағдайымыз жақсарып келе жатырған кезде ұлттық рухты дамытып, патриоттық сезімді оятарлық үлкен саяси күш керек. Ондай күшті қайдан іздеу керек? Америка Құрама Штатында үкімет басына бірі келіп, бірі кететін екі партия бар. Екеуінің ұлттық идеологиясы ұлттық мүдделер мен Отандық патриоттық сезімді дәріптейді. АҚШ көп ұлтты мемлекет болғанымен халқының бәрі өздерін американдықпыз дейді. Бізде де АҚШ-тағыдай партиялар саны екеуден аспай, олардың ұлттық идея мен ұлттық мүдделер жөніндегі саясаттары бір тектес болуы қажет. Біздердегідей көп партиялылық бар жерде пікірталас сайысының болары бәрімізге аян. Отаншыл, ұлтжанды әрбір азаматтың осы жағдай жөнінде көп ойланғаны абзал» - деді. Мәке дедім: «бір сөзден бір сөз туындайды демекші, осы Қазақстандағы көп партиялық зиялы қауымның беделіне нұқсан келтіріп жүрген жоқ па? Оған не дейсіз?». «Өзің айтқандай, зиялы қауым дегеніміз көпті көрген, аузында дуалы сөзі бар, айтса бетің бар, жүзің бар демей, кесіп айтатын, шешіп айтатын жасы ұлғайған адамдардан құралған топ»- деді ол. - Менің бұған қосарым,зиялылар қатарындағы адамдардың жастары зейнеткерлік жастан асуы қажет. Өйткені ол ешкімге тәуелді болмауы керек. Кейбір зиялы деп жүргендеріміз бидайы бардың тауығы болып кетті. Кейбіреулері әр түрлі партияға кіріп алып, солардың сойылып соғып жүр. Сөйтіп зиялы қауымның берекетін кетірген жерлер де бар.
Зиялы қауымды ешкім сайламайды. Оның мүшелері ұлағатты, ұтымды сөздерімен халықтың құрметіне ие болған адамдар. Ертедегі билер де солай. Би билік айтты, ол заң ретінде орындалды. Қазіргідей сот үкіміне разы болмай, жоғарғы жаққа арызданбайды. Билер әділ болған, соттар да әділ болуы керек. Сонда ғана оның үкімі бұзылмайды» - деді де, алақанымен столды жәй ғана салып қалды. Бұл оның бұл жөніндегі сөзді доғарайық, әңгімемізді басқа салаға аударуға әлі де уақыт бар емес пе дегені. Менің де күткенім сол еді, өйткені көптен көкейімде жүргендерді айтудың сәті енді туған сияқты. «Мәке, «Ембімұнай» бірлестігінде бірлесіп жұмыс істеген уақыт ішінде 20-дан астам ірілі-уақты мұнай кеніштерін ашыппыз. Оларда барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізу, ашылған мұнай кеніштерін игеру және мұнай қорларын есептеу үшін аз тер төкпеппіз. Менің таң қалатыным, геология-минералогия ғылымының кандидаты бола тұрып, көп тер төкпей, жоғарыдағы істелген жұмыстарды сараптап, докторлық диссертация қорғайтындай жағдайыңыз болды. Бірақ сіз оны істемедіңіз. Қазір ғылым кандидаттары мен докторлары көбейіп кетті және қорғау оңайға түсіп жатыр. Бір қызығы, бұрындағыдай ғылыми атағын қорғағаннан кейін аттестациялық комиссияның шешімін көп күтпей, дипломдарын ала келеді. Мен Москвада қорғадым деп кеудесін соққылап жүргендер де бар. Осыған не дейсің?» - дегенімде, Мәкең көп ойланбай: "Ғылыми атақ алу үшін талаптанғасын-ақ ойлануың керек. Сенің ғылыми жаңалығың ел кәдесіне жарай ма? Қазақстанның ғылыми институттары қай тұрғыдан болса да, шетелдік институттардан артық болмаса, кем емес.
Ғылыми атақ алушылардың Қазақстанда қорғамай Ресейге қашқақтауының себебін бәріміз де біліп отырмыз. Күшті болсаң ғылыми атағыңды батыс мемлекеттерінде, я болмаса АҚШ-та қорғап көр. Енді не болса соны жазып ғылыми атақ алу біздің азаматтарымызға да ұят, ғылыми атақ берген Ресейлік ғылыми институттарға да ұят. Мұндай жағдайлардың елімізде белең алуы Ұлттық Ғылым Академиясы жұмысының кемшілігі. «Қайда қорғасаң, онда қорға, әкел, еңбегіңізді қарайық, ғылыми атақ алуға лайық па?» - деуі керек еді. Академияның өз ғалымдарына өзінің ие болғаны дұрыс. Негізінде шетелде ғылыми атаққа ие болғандар Қазақстанның ғылыми қызметкері болып есептелмеуі керек сияқты. Судың да сұрауы бар дегендей, түбінде Ұлттық Ғылым Академиясы шетелде ғылыми атақ алғандарға аттестация жүргізуге мәжбүр болады ғой деп ойлаймын,» - деді сөздің аяғында.
Бұл айтылғандар Мәкең екеуіміздің арамызда 2-3 отырыста болған әңгімелер еді. Барлық болған әңгімені бүге-шігесін қалдырмай айту міндет те емес, мүмкін де емес. Менің Мәкеңмен әңгімелесуге қызығатыным, ол айтса қалт айтпайды, сенің ойыңдағыны дөп басып айтатын. Қайран, Мәкең-ай!
Жетібаев Жолдасқали - тау-кен инженер-геологы, зейнеткер
Қосшағыл! Сонау үлкен Одақ кезінде бірінші бесжылдықтың тұңғышы, ілкіде Бірінші бесжылдық атанып, 1935 жылы ресми түрде өндірістік пайдалануға берілген бұл кен орны мен үшін ерекше ыстық. Өйткені 1956 жылы мұнай техникумын бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолымды сол жерде бастап, мұнай өндіруші оператор, геолог, аға геолог, бас геолог болып, он төрт жыл жұмыс істедім. Өндірістен қол үзбей Мәскеудегі мұнай институтында жоғары білім алуыма серпін берген де Қосшағылдың киелі топырағы.
Бұл жерді шын мәнінде кадрлардың ұстаханасы деу лайық. Осында жүріп атақты геологтар: Лениндік сыйлықтың лауреаты Имашев Нәреннің, республикаға еңбек сіңірген геолог Хакимов Ғалымжанның, өндірістің әр кездегі білікті басшылары Ильясов Алғазының, Юсупов Сарының, Каплан Арон Юдовичтің, Качарова Иван Николаевичтің, Оразалиев Шамбайдың ізін бастық, көзін көрдік, тәжірибелерінен нәр алдық.
Мен Мақаш Балғымбайұлымен осында аға геолог болып жүрген кезімде кездесіп, таныстым. Ол бас геологтық жұмысқа келді.
Сондағы бір оқиғаны еске сала кетейін. Зайцев дейтін жігіт геология бөлімінің бастығы еді. Мақан келген күні-ақ "Сары ауруға ұшырап қалдым" деп ауруханадан бір шықты. Бұрын дені сап-сау адамның аяқ астынан нілдей бұзылуын өндірістің басшылары да, әріптестері саналатын біз де түсіне алмай қалдық. Сөйтсек, өтірік ауырыпты. Өтірік ауыруына "мен неге бас геолог болмаймын" деген іштарлық пен өкпе негіз болыпты.
Жас маман болғанымен Мақан да тас-түйін екен. Оның бұл қитұрқысын тез аңғарып, жұмысқа шақыртуға асығыстық білдіре қоймады.
Ол да өз әрекетінен ештеңе шықпасын сезсе керек, он күн өтер-өтпесте аурухананы тастап шықты да, абыройсыз ісінің ізін жасырғысы келгендей, әртүрлі сылтау айтып, өз еркімен жұмыстан кететінін мәлім етті.
Ал, біз іске беріле кірістік. Мұнай өнімінің көлемін арттыру мақсатында гидравликалық жару, забой мен забой маңын тұз қышқылымен өңдеу, көлдете суландыру әдістерін кең көлемде пайдалана бастадық.
Қосшағыл кәсіпшілігінің одан әрі дамуында Төлес кен орнының айтарлықтай рөлі бар-ды. Сол себепті оны игеруді шұғыл қолға алдық. Сол 1958 жылы Төлесте он мың тоннаға жуық "қара алтын" өндірілді...
Міне, осылайша Қосшағыл өндірісінде табысқан жолымыз күні кешеге дейін түсіністікпен, сыйластықпен жемісті жалғасты.
Мақаш Балғымбайұлы "Ембімұнай" өндірістік бірлестігінде бас геолог болып жасаған жылдарда мен "Доссормұнай" мұнай-газ өндіру басқармасында бас геолог болып, оның ауқымды іс-тәжірибесінен, адамгершілік қасиеттерінен көп жәйтті ойға түйдім.
Бірде, шамамен 1980 жылдың басында Мақаш Балғымбайұлы іссапармен "Доссормұнайгаз" басқармасында болып, мұнай алаңдарына қоса Гурьев дөңесіндегі №2 ұңғыда бұрғышылардың жұмысымен танысты. Бұл Биікжалдағыдан кейінгі ең терең ұңғы болып саналатын. Содан оралған бетте Байшонас арқылы Ескене елді мекеніне келдік. Кешке Мәкең бізді Ескенеде өздері тұрған үйге алып келіп, бүге-шігесін қалдырмай таныстырып шықты. Онда геофизиктердің жанұясы тұрады екен, өте риза болып, нан-тұзын ұсынып, жылы шыраймен шығарып салды.
Одан кейін Мәкеңмен шеткері тұрған жатаған үйдің табалдырығынан аттадық. Бұнда Мәкеңнің туыстары Рай Сисенғалиевтардың жанұясымен жете танысып, біраз мағлұмат алдық. Мәкең сол үйде жатып сегізінші сыныпты бітіріпті. Ол әке-шешесінің, солармен бірге ағасы Салтанаттың Қошқар өндірісіне көшіп кеткен тұсы болса керек.
Мұның бәрі азаматтың өзі білім тәрбие алған ортаны, өзі жүрек жылуын, табан ізін қалдырған мекенді ұмытпай еске ала жүретін тамаша адамгершілік қасиетін көрсетті. Шын мәнінде көреген, шын мәнінде бауырмал адам ғана осылай істей алатын шығар...
1991 жылы Жұмазия есімді қызым Балғымбай әулетіне келін болып түсіп, бұрында да мол тағылымға толы қарым-қатынасымыз нығая түсті. Оның сенімді дәнекерлерінің бірі байырғы дос-жаран Мақаш пен оның зайыбы Жонас болғаны Зәуреш екеуіміз үшін мақтаныш әрі мәртебе. Ізгілік оты Мәкең дүниеден өткенмен шалқып, маздай бергей!
Құспанғалиев Төлеу - ардагер геолог-мұнайшы, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты.
Менің төменде баяндағалы отырған қысқаша естелік әңгімем Балғымбайұлы Мақаш, оның әрқилы адами қасиеттері туралы. Ол екеуіміздің мамандығымыз бір, әрі бір облыс көлемінде, көбіне бір қалада, бір салада еңбек еткендіктен алғашқы таныстығымыз жақсы жолдастыққа, шынайы достыққа ұласты, жанұяларымыз біте қайнасып, етене араласып кетті. Сөз жоқ, осыған орай арамызда қарым-қатынасымызда әртүрлі айта қаларлықтай, ірілі-ұсақты көріністердің (эпизодтардың) болуы табиғи нәрсе сияқты. Әрине, оның бәрі бірдей есте қала бермейді және оларды инеге іліп, жіпке тізгендей етіп айта берудің жөні де болмас. Сондықтан үш-төрт кезең көлемінде ғана есімде қалған жәйттерге тоқтала кетейін.
Бірінші кезең - 1961 жылдың көктем-күз айлары. Бұл Мақашпен алғашқы танысуым. Мен структуралық бұрғылау партиясының аға геологы едім. Қосшағыл кен орнының қалдық мұнай қорын дәлірек анықтау үшін мұнайлы қабаттардан топырақ (керн) алып, оны лабораторияда зерттеу қажеттігіне байланысты өндіріс алаңының әр жерінен 25 ұңғы қазу жоспарланды, ол жұмыс бізге міндеттелді де, 3 бұрғылау бригадасын басқарып, мен Қосшағылға келдім. Мақаш сол кезде небәрі 30 жаста, Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде бас геолог қызметін атқаратын. Өндіріс басшысы белгілі мұнайшы Оразалиев Шамбай ақсақал, бас инженері Г.Б.Карапетян еді. Жұмыс кезінде негізінен геологтармен, оның басшылары - бас геолог Мақаңмен, геология бөлімінің бастығы Жетібаев Жолдасқалимен байланыс жасаймын. Ал жұмыстан кейінгі мезгіл мен демалыс күндері өзіміздікі ғой. Өкінішке орай Қосшағыл басында мезгіл өткізерліктей жердің реті шамалы.
Сондықтан жергілікті азаматтардың негізгі "кәсібі" - біреудің үйінде бас қосу. Ондайда міндетті түрде дастархан жайылып, қою шай, қуырдақ етімен қоса, тағы да бәрімізге таныс "астың" түрлері болады. Екі астың арасында да, одан кейін де, тіпті таң асырып та қызу "жұмысқа" кірісеміз. Бір жақсысы картаның мәдениетті түрі преферанстан басқаға жол жоқ. Қолма-қол ақшаны уыстап, әрлі-берлі тартқылап отырмайтын бұл ойында мезгіл әрқашан дау-жанжалсыз, жеңіл әзілмен көңілді өтеді.
Менің әлі үйленбеген кезім. Табысым мол. Барлаушы геологтың негізгі жалақысына "далалығы" бар, "сусыздығы" бар, және бір жалақыдан артығырақ қаржы қосылады. Осынша ақшаны жою мен жұмсауға байланысты проблеманы шешу жолын Мақаң өте оңай тауып беріп тұрды.
Жұмыс орным мен жатар бөлмеме кәсіпорын басшылары жеке-жеке телефон қондыртып берген, қайсысына кірсем де әлгілер шырылдайды да жатады. Көбіне-көп Мәкеңнің өзі, ара-арасында телефонистка қыздарға да "осы адамды тауып, менімен жалғастыр,"- деп тапсырып қояды. Айтатыны: "Шапшаң жет, бәріміз сені күтіп отырмыз". Ал келсең, өзінен басқа ешкім жоқ, келесі адамды да әлгі сөздерді айтып шақыра бастайды. Сол кездегі біздің ықшам тобымыздың құрамына кіретіндер - белгілі мамандар, басшы қызметкерлер. Олар - Мұқамбетов Ордабай, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар кәсіпшіліктің геофизика экспедициясын басқарды, қазір құрметті зейнеткер, Тутимов Мардым (оны Мақаш көбіне Оразбай деп атаушы еді). Бұл кісі де ірі маман және өндіріс басшысы, соңғы қызметі "Жайықмұнай" басқармасының басшысы, қазір марқұм болған. Жоғарыда айтқандай, "ақшаны қалай жою мен жұмсаудың проблемасын шешуде Мақаңның көмегі тиді" деуімнің де жөні бар. Себебі ол кезде мен преферанс дегеннен сезім-түйсіксіз адамның бірі едім. Оның "әліппесін" аталған азаматтар үйретті. Әрине, маған аз мезгіл ішінде олардың деңгейіне жету қайда? Сол себепті де оларға оңай олжамын. Тіпті бір сөзінде Ордекеңнің: "Сенін атыңды ата-анаң Төлеу деп тауып қойған екен" - деп әзілдегені де бар.
Қосшағыл поселкесінде жалғыз ғана асхана барды. Онда күн сайын берілетін тамақ түрі тіптен өзгермейтін. Үйсіз адамға бұл күйсіз жағдай еді. Соны ескеріп Мақаң өз үйіне жатуды, ең болмағанда үш мезгіл тамақты келіп ішіп тұруды ұсынды.
Осы еске алынып отырған көріністерден Мақаңның қарапайымдылық, қонақжайлылық сезімталдық, адамға жанашырлық сияқты сан алуан адамгершілік қасиеттері айқын аңғарылса керек.
Екінші кезең - 1970 жыл. Мен онда Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық геологиялық барлау, ғылыми-зерттеу институтының аспиранты және кіші ғылыми қызметкерімін. Бір күні іссапармен Мақаңның келе қалмасы бар ма?! Ол кезде Биікжалда аса терең бұрғылау экспедициясының бас геологы болып қызмет істейтін. Сол жылдары Ленинградқа елден келген мұнайшылар, геологтар көбіне мені іздеп, тауып алушы еді. Мен де олардың есебінен қымбат ресторандарға барып, оңып қалатынмын. Мақашқа да сондай ұсыныс жасадым. Бірақ ол Ленинград секілді атақты мәдениет ордасына келіп, ресторан қуалағанды жөн көрмеді. Өзінің неше күн болатынын айтып, жоспар жасады. "Төлеу, сен күндіз музейлерді аралатып, кеш сайын мені театрларға апарасың, тамақтану соның ішінде болады" - деді. Тілегін бұлжытпай орындадым. Арасында екі рет оның қарсылығына қарамай кинотеатрға апардым. Алғашында: "Кино деген ауылда да бар ғой" деп барғысы келмеген. Бірақ фильмді көріп шыққаннан кейінгі алған әсері адам айтқысыз болды. Басқа жерде көрсетілмейтін "тұзды" фильмдер бүкіл Ленинградта жалғыз ғана шағындау кинотеатрда болатын. Оған билет табу оңайға түспейтін. Сонда көргеніміз -италиялық "Дамы и господа", "Мужчины и женщины" деген фильмдер. Әрине, олар қанша "тұзды" болса да қазіргілердің қасында ойнап қалар еді.
Осы көріністен тек Мақаңа тән тиянақтылықты, әрбір істі ойластырып, жоспарлап алып атқару қасиетін көруге болады.
Үшінші кезең 70-ші жылдардың басынан қазірге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезде ол әуелі Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас геологы, кейіннен "Ембімұнай" бірлестігінің бас геологы қызметтерін атқарды. Қызмет бабындағы аралас-құраластықты айтпағанда, осы жылдары Мақаңның жеке басымен де, жанұясымен де достық қатынасымыз өте тығыз болды. Әсіресе 1983 жылдың басында менің, КСРО Геология министрлігіне қарайтын КазНИГРИ институтынан шақыртумен қазіргі еңбек етіп жүрген Мұнай министрлігі құрамындағы КазНИПИнефть институтына ауысқан кезімде. "Ембімұнай" бірлестігімен, оның геологтарымен қоян-қолтық қызмет істедік. Шынын айтқанда менің геология жүйесінен мұнай өндіру саласына ауысуыма осы бірлестік басшыларының үлкен ықпалы болды. Себебі КазНИПИнефть институтының құрамында бірлестік жұмыстарын ғылыми-геологиялық тұрғыда қамтамасыз ететіндей ғылыми құрылым жоқ еді. Соны ұйымдастырып, дамыту маған міндеттелді.
Осы кезде Мақаңмен жұмыс жөнінде әр күн сайын тығыз байланыста бола жүріп, оның бойындағы тағы бір үлкен адамгершілік қасиетті аңғардым. Қысқаша түсіндіре кетейін. Бірлестік мұнай өндірумен қатар терең бұрғылау арқылы мұнай барлау жұмыстарын жүргізді. Оған жаңа бұрғылау құрылымдарын (структура) "Ембімұнайгеофизика" тресі дайындайды. Егер сол дайындалған құрылымдардың сапалылығы мамандар тарапынан жан-жақты талқыланып, сыналмаса, барлау жұмыстарының нәтижесі төмен болмақ. Ал, үлкен қаражат пен күш жұмсау арқылы дайындаған құрылымдары "барлау қорына" алынбай қалса, геофизика мекемесі көп шығынға ұшырамақ.
Сол "қорға" қабылдау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде бірлестіктің мүддесін қорғап, оның "сойылын" соғушы институттың ғылыми мамандары болатын. Осындай жағдайда геофизиктермен арада жиі-жиі "қызыл кеңірдек" дау мен пікірталас та болып тұратын. Әрине, соңғы шешім бас геологтың еншісінде. Шынтуайтында ол екі жақтың бірін қолдауға мәжбүр болуы керек, үшінші жол жоқ. Осындай жағдайда Мақаңның көпшіліктің көңілінен шығатын, ортақ шешім табатын қабілеті адамды таң қалдырып, риза ететін. Әрине, ол ондай шешімге өз принципін жоғалту арқылы бармайтын. Нәтижесінде бір-біріне ала көзбен қарап, "жеп қояйын" деп отырған геологтар мен геофизиктер баяғыша мәз-мейрам күлісіп, қолдарын қатты-қатты қысысып тарасатын.
Осы бір көрініс оның салиқалы, сабырлы, ақыл иесі адам екендігін байқатады. Ол тіпті жұмыс жөнінде болса да, ертең-ақ көретін адамның бетін жыртпай, көңілін қалдырмай, келісімге келудің бар мүмкіндігін қолдана білетін.
БИІКЖАЛДАҒЫ ІЗДЕНІС ЖӘНЕ ТЕҢІЗДЕГІ ТЕБІРЕНІС
1965 жылдың басында Мақаш Балғымбайұлы Биікжал терең бұрғылау экспедициясына бас геолог болып жұмысқа орналасты. Ал, Биікжал дегеніміз сол кезде бүкіл Одақ көз тіккен алып өндіріс ошағы еді.
Құлсарыдан таң қылаң бере шыққан автомашина оңтүстік шығысты бетке алып зулап келеді. Зулап келеді дегеніміз жай әсірелеу ғана. Дала жолы қай кезде тақтайдай тегіс болушы еді. Әр жүргізуші өзінше соқпақ жасап, онсыз да алатақырланып, аза бастаған жер бетін жөн-жосықсыз айғыздап, тілімдеп-ақ тастаған.
Жол бойындағы бүрісе өскен бұйырғын шаңға көміліп, әбден өңін жоғалтқан. Өсімдіктен гөрі қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан кірпілерді көбірек еске түсіреді. Мана марғау жатқан аласа төбелер етегінен маң дала кемесі - түйелер жиі көзге шалынған-ды. Енді олар да бой жасырып үлгерді.
Мақаш бағанадан бері ой үстінде. Неге екені белгісіз, бүгін басынан басқадан бұрын адамдар тағдыры жөніндегі бейсеует ойлар шықпай келеді. Адамның бірі — өзі. Оның жап-жарық, тап-таза кабинетте мәселе шешіп өзінен-өзі отырғаны күні кеше еді. Билік айтса, билігі өтетін. Тілек етсе, тілегі орындалатын. Бүгін сол жылы орыннан бейне бір оқыс шошынып, үйірінен бөліне қашқан киіктей айдалаға, елсіз мекенге қарай безіп барады. Кімге кезігеді, кіммен достасады, қайраты қаншаға жетеді, ол жағы беймәлім. Алданыш етері — алдына қойған мақсаты, ілгері жетелеген арманы мен білім-білігі.
Міне, оң жағында Мұнайлы поселкесі, бүйірі тоқақ қазандар мен бетіне майлы жылымық жүгірген сорлар, үздіксіз бас шұлғыған ырғалғыштар қалып барады. Бұлар Мақашқа тосын емес, Комсомолдан, Қосшағылдан етене таныс көріністер.
Олар тағы бір аласа төбені артқа тастағанда алдарынан келбетін сағым келегейлеген мұнара шалынды. Жақындаған сайын биіктер, асқақтай түседі.
Енді бір сәттен кейін төрт таған тұғыр үстіндегі мұнара аспанға енді самғағалы тұрған ракетаның ұшыру қондырғысын, ал алып бұрғы ракетаның нақ өзін елестеткендей болды.
Ойына КСРО Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, профессор В.В.Белоусовтың өте терең ұңғылардың адамдарға ашып беретін проблемалары мен құпиялары туралы сөзі оралды.
- Біз терең бұрғылау көмегімен жердің терең тұңғиықтары бөлігінен керн-жыныс діңгегін аламыз. Ол өзі сыр ашумен бірге сейсмикалық барлау мәліметтері бойынша жасалған карталарға да «тіл бітіреді». Қазір мектептердегі мылқау карталар секілді ол карталардың да басым көпшілігі мылқау. Карталардың мағынасын ашумен бірге, ең терең бұрғылау, дұрысын айтсақ терең ұңғылардағы зерттеу арқылы жер қыртысының тарихы қалай қалыптасқанын білуге, жер қыртысында болып жатқан процестерді ұғынуға көмектеседі.
Терең бұрғылау экспедициясының бастығы Д. С. Скворцов пен бас геологы Мақаш Балғымбайұлы.
- Сәлем, Биікжал!
Мақаш іштей күбірлеп, қойнына мың сан құпия бүккен ата мекеннің бір пұшпағына табанын тіреді.
Мақаштың жаңа алаңға асығып-аптығуында бірінен-бірі кем түспейтін екі себеп бар-ды. Бірі - бұрғылау алаңындағы өзі қалап алған жұмысқа деген ынта мен ықылас болса, екіншісі - экспедиция бастығы Дмитрий Семенович Скворцов, кәдімгі орта бойлы, бұйра шаш, тығыншықтай Димаға деген сағыныш.
Дима да мұнай институтын Мақашпен бірге 1955 жылы бітірген. Содан соң 1956 жылы Жантайда, Дима - аға инженер, Мақаш - аға геолог, иықтаса еңбек етті де, жан-жаққа бөлініп кетті. Енді тағдыр оларды тоғыз жыл немесе жүз сегіз айдан кейін Биікжалда қайта табыстырып отыр. Ғажап оқиға! Сағынышта да шек жоқ.
- Дима!
- Мақаш!
Екеуі құшақтаса кетті. Ұзақ сырласты. Алдағы жоспарлар жөнінде ой бөлісті. Арасында өткен-кеткенді де еске түсірді.
- Дима, шын сөзім, сен мүлдем өзгермепсің, баяғы қарапайым қалпың.
- Мақаш, сен де өзгермепсің, бірақ хатшылық өмірдің өзіңді де, көзқарасыңды да шыңдағаны көрініп-ақ тұр.
- Дима, 1951 жылы әскери-грузин жолындағы геологиялық тәжірибе кезінде Қазбек шыңына қалай өрмелегенің есіңде ме?
- Мақаш, сен 1955 жылы «Мосфильм» кино студиясының «Эмираттың күйреуі» фильміне ұлттық киіммен түскеніңді ше?
- Бәрі де есімде Дима, сен ендігі кәміл үйлендің. Зайыбың қайда, осында ма?
- Осында, әрине. Ал, мен сенің Жонасқа үйленгеніңді, екі қызың бар екенін Болат Қабиұлынан алдын ала естіп алғанмын. Енді ұлыңның тойын Биікжалда тойлармыз...
Олар осылайша ұзақ отырып, қонақ үйге іңір қараңғылығы енді-енді түсе бастағанда бірге оралды.
Таза ауа. Аспанда үнсіз жымыңдаған мың сан жұлдыздар. Сонау төбе беттен шаңыта, ұйыса қозғалып қойлар, әдейі тізбек құрғандай құйрық тістесіп түйелер оралып келеді. Араларында шыдамсыздана мөңіреген сиырлар да бар. Бұлар Биікжалға қоныс тебе бастаған барлаушы-бұрғышылардың байлығы.
Мақашқа аспандағы жұлдыздардан жердегі, мұнараның етегінен ұшар басына дейін самсап жанған шырақ-жұлдыздар әлдеқайда әдемі, әлдеқайда әсерлі көрінеді. Бұлар да Биікжалға қоныс тебе бастаған барлаушы-бұрғышылардың мерей, мәртебесі...
- Қайырлы таң, Дима!
- Қайырлы таң, Мақаш!
Екеуі жуынып, тамақтанып алды да, алып мұнараға беттеді.
Келген бойда Дмитрий Семенович бас геолог Балғымбаев Мақашты өзге мамандармен таныстырып шықты. Бәрі де ілтипатты, ізетті. «Жұмысыңызға сәттілік тілейміз», - деп иіліп, бүгіледі. Біразы Мақашқа таныс адамдар: бас инженер Өтебаев Болат Қабиұлы Құлсары мұнай өндіру кәсіпшілігінде істеп жүрген кезінен, бұрғылау ерітінділері лабораториясының бастығы Фофонова Тамара Михайловнаны мұнай техникумында оқып жүрген кезінен біледі. Бас механик Зарщиков Илья Иванович те тонның ішкі бауындай адам, жерлес.
Бұрғылау бригадасының бастығы Цериковский Семен Наумович бұрын Әзірбайжанда шебер болып істепті. Барынша ашық, үйірсек адам екені сөзі мен іс-қимылынан байқалып-ақ тұр.
- Мақаш Балғымбайұлы, Әзірбайжанда болған жоқсыз ба? - деді таныстықтан кейін.
- Жоқ.
- Губкинде оқығансыз ба?
- Иә сол институттың түлегімін.
- Мен Биікжалға сол институттың лаборатория меңгерушілігінен келдім. Ал, сіз ше?
- Осы аудандағы партия комитетінің хатшылығынан.
- Қалайша?
- Өз еркіммен. Ал, сіз ше?
- Мен де өз еркіммен. Лабораторияның айнадай жарқыраған кабинетін бір соқса тиылмай, өршелене соғатын тентек желі, аңқа кептіретін аптап ыстығы бар осы өлкеге ауыстырдым. Адам бәріне де үйренеді. Сонау жер түбінен автомашинамен тасылып әкелінетін жылымық суды да сіміріп ішетін болдық.
- Шұбат пен қымызды ше?
- Оны да.
Ал, мынау сырықтай ұзын жігіт бұрғышы Шевцов Михаил - Грозныйдан. Сонда 17 жыл жұмыс істеген.
- Маған Биікжалдың дәмін Кеңес Одағындағы Галюгаев бұрғылау алаңында алғашқы 5,5 шақырымдық ең терең бұрғылау қондырғысында жинақтаған тәжірибем бұйыртты, - дейді ол.
Тағдырлардың тоғысуы да заңдылық секілді.
... Ең терең ұңғыны қазу үшін Свердловск қаласында бұрғылау зауыты деуге тұрарлық бірегей «БУ-300ДЭ» қондырғысы жасалған-ды. Ол Биікжалда құрастырылды. Оған электр қуатын беретін әрқайсысында 1800 аттың күші бар үш тепловоз двигателі Харьковте, биіктігі 76 метрлік мұнара Бакуде, Сардаров атындағы зауытта әзірленді. Ұңғы мен бұрғылау қондырғысын шын мәнінде жаңа техника мен технологияны сынау және енгізу орталығы десе де болғандай еді. Жалпы Биікжал үшін сол кезде «алғаш рет», «тұңғыш рет» деген сөздер ерекше жарасатын.
Одақта алғаш рет:
- бір ұңғыны бір уақытта ғылыми-зерттеу институтында жасалған РТБ-490, РТБ-394 реактивті турбиналарымен бұрғылау әдісі қолданылды;
- 364 метр тереңдікке диаметрі 720 миллиметрлік колонна түсіріліп, цементтелді;
- 4980 метр тереңдікке диаметрі 219 миллиметрлік импорттық кигізбе колонналар жіберілді.
Биікжалдың алыптығында да сөз жоқ еді:
- мұнараның әрбір бағанасының жуандығы 920 миллиметр болды;
Мақаш Балғымбаев аса терең Биікжал ұңғысын бұрғылау басшыларының бірі болды (1967 ж.)
- он алты дюймдік колонна қолданылды, бұған дейін он төрт дюймді колонна тек Америкада ғана пайдаланылған-ды;
- реактивтік екі турбинаға тәулік сайын 11 мың тонна отын жұмсалады, әдеттегі ұңғымаға бар болғаны бір жарым, екі тонна ғана отын шығындалатын;
- кондукторды цементтеу үшін арнаулы коллектор пісірілді, оған 16 цементтеу агрегаты және 11 цемент қоспалауыш машина жалғанды, цементтеуге 120 тонна бетон-цемент қоспасы, 40 тонна газа цемент және 134 текше метр бақылаушы сұйық айдалды;
- 25 мың метр кабель, ұңғы іргетасына 1500 метр бетон төселді.
Осының бәрі ұңғы алаңындағы жұмыстың қаншалықты маңызды Және күрделі болғандығын айқындайды.
Мақаш биікжалдықтардан бұрын Батыс Қазақстандағы Аралсор мен Әзірбайжанның Баку қаласы маңындағы Шахов шығанағында жеті мың метрлік тереңдікке бұрғы бойлатқандардың жұмыс тәжірибесіне әбден қанықты. Сонда да оны зерделей отырып, өз экспедициясы алдында тұрған геологиялық міндеттерді ой таразысына салды, алғы күндерге көз жүгіртті.
Ол бірінші кезекте тұзасты жоғары палеозой шөгінділерін зерттеу, соған қоса күңгір тұз шөгінділерінің заттық құрамы, құрылымы мен физикалық жай-күйі туралы мәліметтер алынуы қажет деген тұжырымға тоқтады.
Демек, Биікжал ұңғымасын бұрғылаудың басты мақсаты тұзасты кешенінің табиғи газға қаншалықты бай екенін және онда мұнай мен газдың өнеркәсіптік шоғырлануының пайда болу жағдайларын зерттеу болуы тиіс.
Мақаштың болжамынша, Биікжалда мұнайдың өнеркәсіптік шоғырлануы артин және сакмар шөгінділерінде, орта және төменгі карбон мен девонда байқалуы мүмкін.
Оған жоғары палеозой шөгінділерінде мұнай мен газдың болу мүмкіндігі туралы кейбір деректерді Ембі қыраттарындағы терең барлау ұңғылары берді емес пе?
Мәселен, Төресайдағы №3 ұңғының 3164-3154 метр аралығында төменгі карбондағы органогендік кесекті әр таста орташа мөлшері 0,008 пайызды құрайтын битумға толы жарықшақтар байқалды. Мұнай белгілері анау Жаңасу алаңында таскөмір және девон шөгінділерінен де көзге түсті. №11 ұңғыда 2224-2219 метр аралығында мұнай сіңген біріккен ұсақ тастар, 2279-2277, 2210-2207, 2369-2365 және 2495-2425 метр аралықта мұнай аз сіңген құм-балшық кезікті. 2505-2496, 2464-2461 және 2260-2184 метр аралықтан мұнайдың болар-болмас қою, өте ауыр ағындысы ұшырасты.
Сол секілді Төңірек шыңдағы №5 тірек ұңғысында күңгірдің ангридриті мен балшығы да мұнай жұғындыларынан құр алақан болмай шықты.
Дегенмен, барлау жұмыстарының кең көлемде жүргізілгеніне және ұңғыларда мұнай белгілерінің көптен көрініс бергеніне қарамастан, Оңтүстік Ембі мұнай қыраттарының тұзасты шөгінділерінен мұнай мен газдың өндірістік кені табылмай қойды. Бұл неліктен?
Мақаш оны, сірә, қабаттары құламаға, мүмкін опырмалы қатпарларға түскен таскөмір және девон жыныстарының барынша күшті тығыздалуынан, кей жерлерде химиялық және физикалық себептер әсерімен тау жыныстарының құрылысы мен құрамының өзгеруінен болар деп болжамдады.
Бұндай жағдай Оралдың, Ақтөбе мен Мұғалжар төңірегінде де болды.
Мақаш бұдан әрі Биікжал құрылымының Оңтүстік Ембі қыраттарының біршама солтүстігіне таман орналасқанын, алдыңғы иін шегінде немесе тіпті 570 миллион жыл бұрынғы кембрий орыс платформасы шегінде жатырғанын ескере келіп, көңіліне жоғары палеозой жынысының коллекторлық қасиеттері мұнда неғұрлым жақсырақ көрінетін болар, ақыр аяғында осының бәрі Биікжал құрылымының тұзасты шөгінділерінен мұнай мен газдың өндірістік шоғырлануын ашуға мүмкіндік берер деген сенім ұялатты.
Бұл 1967 жылдың 23 сәуірі еді.
Мақаштың ойын: "Бүгін ғарышқа тағы бір Кеңес азаматы В.М.Комаров жол тартты",-деген хабар бөліп кетті. Ол бір серпіліп қалды. Содан соң:"Әттең, космостық геология басшыларына сөзіміз өтсе ғой... Онда Биікжалдың тап төбесінен зерттеу жүргізіп, "қара алтын" теңізінің қайда, қай тереңдікте жатқанын біліп алуға болар еді ғой",— деп тағы ой құшағына енді. Мұнысы, әрине, тәтті қиял болатын.
Бесінші сұхбат
Автор. Бұрғышы мен барлаушының баспанаға жарыған күні шамалы екенін талай рет көзбен көріп, бастан кешірдіңіз. Биікжалдағы тіршілік Сіздерді қуанта алды ма?
Мақаш. Биікжал да кәдімгі кішігірім қалаға ұқсас шағын поселке болды. Онда жазғы және қысқы кинотеатр, орта мектеп, медпункт, дүкен, монша, балалар бақшасы, кітапхана, Мәскеуді қоса алғанда бүкіл Одақ көлеміндегі қалалармен байланыстыратын телефон жүйесі, шомылуға арналған жазғы су бассейні жұмыс істеді. Жаппай көгалдандыру жұмыстарының нәтижесіндей түрлі теректер, жеміс ағаштары жайқалып өсті. Әрбір үй жанында бау-бақша егуге арналған учаске, поселкеден сегіз жүз метрдей жерде мал қоралары, шаруашылық үйлері орын тепті. Мұнда кешке таман өрістен шұбатыла қайтқан мал тізбегін, немесе поселкеден зу ете шығып, еңісті еңсеріп, дөңеске өрлеп бара жатқан мотоциклшілер шеруін көру, басқаға қайдам, мен үшін қызғылықты еді. Поселке іргесіндегі алып мұнара күндіз ұшқалы тұрған алып ракетаға, ал түнде барлық жылтырақты бойына таққан Жаңа жылдық алып шыршаға ұқсап, көңілінде қызығушылық сезімін оятатын.
Іздеген кісі Биікжалдың маңынан тамаша демалыс орнын да таба алатын. Төңірек шың барлау орны арқылы өтетін дала жолымен әрі асып, Үстірттің төбесіне шықсаң көзіңе әсерлі көрініс түсер еді. Шоқы үстіндегі кішкене ғана ойпат көгалында көлемі үлкен қырмызы қызғалдақтар, әртүрлі ағаштар жайқалып тұр. Қайнар көз бұлақ сылдырап ағып жатыр. Медресе оқушыларына арналған сатылы жер отырғыштар да сақталыпты. Кейін білгеніміздей, бұл жер Шоламбай деп аталады екен. Биікжал мен Мұнайлының талай отбасы демалыс күндерін осында өткізетін. Биікжалда көздегенін қалт жібермейтін аңшылар да аз емес-ті.
- Бұрғы жер тұңғиығына бойлап барады. Поселке жайнап тұр. Адамдардың тұрмысы ойдағыдай. Ал, ғылыми ізденіс ше? Сіз оған қашан кірістіңіз?
- Мен кандидаттық диссертация қамына 1967 жылы кірістім. Ізденуші ретінде жетекшілігіме Мәскеу мұнай институтының профессоры, геология-минералогия ғылымдарының докторы, білікті геолог, беделді ұстаз, Каспий маңы ойпатының геологиясы жөніндегі көптеген монографиялардың авторы Юрий Михайлович Васильевті таңдадым. Ол Каспий маңы ойпаты тұзасты қабаттарының перспективалары хақындағы әңгіме жаңа-жаңа айтыла бастаған кез еді. Диссертацияға әзірлік үстінде Мәскеуге, Ленинградқа, Сталинградқа, Саратовқа, Куйбышевке, Ақтөбеге әлденеше рет барып, геологиялық-геофизикалық материалдарды зерттеп, жинақтауға, Биікжалдағы терең ұңғы арқылы тұзасты қабаттарынан алынған материалдарды пайдалануға, диссертацияның көптеген тұжырымдамаларын мұнай институтының геология кафедрасында алдын-ала қорғауға тура келді.
— Диссертацияңыздың тақырыбы қалай деп аталды?
- «Каспий маңы ойпаты Шығыс бөлігінің жоғарғы полеозой (тұзасты) қабаттарындағы мұнай-газ көздерінің геологиялық құрылымы және перспективасы» деп аталды.
- Оны қашан, қайда, қалай қорғағаныңызды, оған кім қандай баға бергенін білу артық болмас еді.
Мақаш пен Жонас балалары Бибігүлмен және Ғарифолламен Биікжалдағы үй жанында.
- Бұл диссертациямды мен өзім қырық жасқа толған күні - 1971 жылдың 10 қазанында Москва мұнай институтының ғылыми кеңесінде қорғадым.
- Көңіл бірлене бергенде, 1972 жылы Сізді жаңа лауазымға құрылып жатқан Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас геологтығына шақыртып әкетті. Жаңа ортада жүріп Биікжалды, оның еңбекқор қауымын, достарыңызды сағынған боларсыз?
- Әлбетте. Еңбекте де, тұрмыста да біте қайнасқан, ғылымның арғымағына мініп, үлкен жолға шыққанымда тақымымның мықты болуына шын жүректен тілеулестік білдірген адамдарды қалай ұмытарсың?! Анау экспедиция бастығы Дмитрий Семенович Скворцовпен мұнай институтында бірге оқыдым, Жантайда иықтаса жұмыс істедім, ажырасып кетіп, тоғыз жылдан немесе жүз сегіз айдан кейін Биікжалда қайта табыстым.
Сондықтан мен биікжалдықтардан қол үзген жоқпын. Үнемі хабарласып тұрдым. Олар 1973 жылы 6028 метр тереңдікті бағындырды. Бұл сол уақыт үшін рекордтық көрсеткіш болатын. Әттең, арты өкінішке ұласты. Аталған тереңдікте электрометрикалық жұмыс кезінде радиоактивті элементі бар аспап қалып қойып, Мемлекеттік тау-кен қадағалау органдарының талап етуі бойынша қазу жұмысын дереу тоқтатты. Бірақ, Биікжал өзінің бет-бейнесін танытып үлгерді. Ол тұзасты қабаттарындағы мұнай мен газға барар ұзақ та күрделі жолдың баспалдағы болып, геология ғылымының тарихына енді және Теңіз кен орнының шымылдығын ашуға баға жеткізгісіз көмек көрсетті.
- Мақаш бұл тұста үй адамынан тұз адамына көбірек ұқсады. Бір күні Орталық Шығыс Прорва кен орнынан оралған беті еді. Алдынан Ақтөбедегі медицина институтында оқитын Бибігүлі, Гүлназиясы, Ғарифолласы жүгіре шығып, қуана қарсы алды. Бұл ерекше маңызды хабар жеткізердегі әдеттері.Үшеуі жапа-тармағай шуламай, сөзді Гүлназия бастады.
- Әке, сені тағы да Мәскеуге шақырып жатыр. Каникулдамын ғой, мені де ала кетші, - дейді.
- Қайда шақырады?
- Оны Бибігүл айтады.
- Салтанат аға екеуіңіз оқып шыққан мұнай институты шақырады. Институт жастардың 111 слетін өткізбек. Хаты, делегаттық мандаты, міне.
Сөзге Ғарифолла да араласты.
- Гүлназия барса , мен де қалмаймын.
- Кәне, үйге барып, мамаңмен ақылдасайық...
Мақаш үйге кірген бетте Жонасқа осынау хабар үшін өте қуанышты екенін мәлім етті.
- Барғаның жөн ғой. Шақырғаннан қалма демеуші ме еді, қазақ.
- Әттең, қол-аяқты жұмыс буып тастағанын қарасайшы...
Мақаш ас-суын ішіп, аз-кем демалып алған соң жұмыс үстеліне отырды. Жеке қағаздар жинақталған папканы, альбомдарды ақтарып, институт тарихы мұражайына жарамды материалдар мен суреттерді іріктеді. Сосын слеттің ұйымдастыру комитеті атына ризашылық сезімін білдірген және қатыса алмау себептерін баяндайтын хат дайындады. Институтты бітіргеннен бергі жиырма екі жылда тындырған ісін толық мәлімдеуді де ұмытпады...
Сурет - шежіре, сурет тарих екені рас екен-ay. Мақаш жаңа ішінен сүйікті ұстазы Юрий Михайловичтің суретіне ұшырасып қалып еді, енді онымен ойша сырласып отыр.
Ол соңғы кездесуде былай деді:
- Ғылым - темірқазық.Оны бағдар тұтсаң, адаспайсың. Іздене түс, сенің Кеудеңде әлі бір екі докторлыққа жететін қазына жатыр. Анау бір жылы әріптесі Герой Жолтайұлымен болған әңгіме де осы төңіректе өрбіді.
- Мақаш әр түрлі басылымдардағы ғылыми мақалаларыңды тұшына оқып жүрмін.
Тұжырымдарың негізді, ешқандай дау-дамай тудырмайды. Асылы, ғылыммен кабинетте емес, сен сияқты өмір мен өндірістің қақ ортасында жүріп айналысқандар әлдеқайда табыстырақ, бұл айтқаным да жеткіліксіз, әлдеқайда бақыттырақ. Ол өзі тапқанын өндірістің игілігіне айналдыра алмай, анда жүгіріп, мында жүгіріп, ондаған жыл пұшайман күй кешпейді, көптің көзін бірден түпкі нәтижеге жеткізеді. Демек, білім мен ғылым шындықтың көрінісі. Мүмкіндік жетсе, одан қол үзе көрме, - деді Герой.
- Білім мен ғылымнан көз жазсақ, алға қойған мақсатымыздың қандайы да тұл емес пе? Баяғы заманда Әзірет Әлі халифаға тұстастары: Білім артық па, байлық артық па?- деп жалғыз-ақ сұрақ қойып, егер осыған он түрлі жауап қайтарсаң ғана біз сені мойындаймыз деген ғой. Мүмкін естіген де, оқыған да шығарсың - деді Мақаш.
- Есімде жоқ, соған қарағанда естімеген де, оқымаған да шығармын. Хадистегі тұжырымды білемін. Онда Білім өмірде таяныш, жолда дос, жалғыздықта жолдас, қуанышта бастаушы, қайғыда медет, күресте құрал, зұлымдыққа қарсы айла" делінген.
- Ал,Әзірет Әлі:
- Білім артық, өйткені ол Пайғамбарлардан қалған мирас, байлық бақылдардан қалған мұра деген.
- Білім сені бағады, байлықты сен бағасың, сондықтан да білім артық.
- Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.
- Білім іздей берсең көбейеді, оны жұмсағаныңмен азаймайды, байлық жұмсасаң азаяды, білім артық болатыны осыдан.
- Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың қажеті жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.
- Білімің көп болса сені құрметтейді, байлығың көп болса қызғанады, білімнің артық болатыны сол.
- Білім артық, білім көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізуің керек.
- Білім қанша көп болса да іріп-шіріп бүлінбейді, дүние-мал бүлінеді, сондықтан да білім артық.
- Білім артық, ол жаныңды байытады, байлық жан дүниеңді шектейді, өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін.
- Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады, байлығы мол адам мас болып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық.
- Мақаш, мынау тамаша ғибрат екен.
- Білімнің мәнін бұдан асырып кім айтуы мүмкін?
- Иә, солай.
Аңсары мен аңсауы тұзасты қабаттарындағы мұнай мен газ қорына ауған геолог Мақаш, ғалым Мақаш сол күнде қошаметті көп көрді. Журналистер қаламын тербеп, очерктер жазды, ақындар шабыт шақырып, өлеңдер арнады.
Диссертация сәтті қорғалды...
Мәскеу қаласынан осындай қуанышты хабар алынған күннен бір ай өткеннен кейін Биікжал экспедициясы жұмысқа кіріскен күннен бастап "Биікжал күнделігі" айдарының тұсауын кесіп, оның тыныс-тіршілігін ат құрғатпай беріп тұрған аудан айнасы "Кең Жылыой" (бұрынғы "Ембі") газеті журналист Өтегенов Айтуардың "Жер жұлдызын адам жағады" атты очеркін жарқ еткізді.
Айтуар былай деп жазды:
"Вечерняя Москва" газетінде 1971 жылдың 5 қазаны күні Губкин атындағы мұнай институтының ғылыми кеңесінде М.Балғымбаев геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін "Каспий маңы ойпаты шығыс бөлігінің трасты қабаттарындағы мұнай-газ көздерінің перспективасы" деген тақырыпта диссертация қорғайды деген алдын ала жарияланған хабарландыруды оқыған соң-ақ Мақаштың жүрегі біресе қуанышқа, біресе күдікке бөленді. Қуанышы төрт жыл бойы сарылып ізденген, зерттеген, ақыры нақты шешімге келген ғылыми еңбегінің сынға түсер, бағаланар, өмірге енер шағы жеткен болса, күдігі түнде ұйқы, күндіз күлкі қашқандағы төгілген маңдай тері түкке тұрғысыз деп табылып, құмға сіңген судай зая кетсе ше? Бірақ, ол өзіне сенімді еді. Бәрі де көзімен көріп, қолымен ұстаған нәрсе. Биікжал терең бұрғылау экспедициясындағы жұмыс нәтижесі.
Ал, зайыбы Жонастың көңілінде осы хабарландыруды оқығаннан бері қуаныш пен бақыттан өзгеге орын қалмағандай.
- Ауылға барған соң дүрілдетіп той жасаймыз !
- Ол міндетті түрде, әуелі...
- Жоқ қалайда қорғап шығамыз.Еңбегіміз еш кетпек емес.
Ақсары жүзді келіншектің нық сенімі күйеуінің күдігін сейілтіп -ақ жіберді.
Осы еңбекті жазу үстінде Мақашқа геофизик келіншегі ең бірінші көмекшісі болды. Талай нәрсені бірге зерделеді. Міне, енді Мәскеуге де екеуі бірге келді.
Той жасаймыз! Жонастың осы сөзі астананың әсем көшесінде тұрған Мақаштың көз алдына күт мекені Биікжалды алып келді. Бір кезде есектің жалындай адыр-адыр жондары бар елсіз дала еді. Кейбір жауын-шашыны молдау жыл болмаса бұл өңірді малшылар да қоныс қылмайтын. Енді сол жаһан түзге қазір ұшар басы аспанмен тілдескен жалғыз мұнара, шағын да болса сәулетті қалашық көрік беріп тұр. Бұл алғашқы бастама ғана. Ал, оның болашағы...
Иә, сонау 4888 метр тереңдіктегі қалың тұтасқан тұз қабаттарының астында мұнай мен газдың бай көзі бар. Ол сөзсіз. Тек соған жете білу керек. Көптеген ғалымдар бұл сөздің жаны бар екенін айтып та жүр. Тіпті шамамен мұнай мөлшерін де есептеп шығарып қойды.
Осы жылдың мамыр айында Гурьев қаласында өткен ғылыми-техникалық кеңесте КСРО Газ өнеркәсібі министрлігінің қызметкері P. Т. Полякованың: Каспий маңы ойпатындағы газ қорының 70 пайызы тұзасты қабаттарында жатыр дегенін былай қойғанда, өзі бас геолог болып жұмыс істейтін Биікжал экспедициясының мәліметтері дәлелдеп отырған жоқ па? Құм, саз, әк жыныстарынан тұратын 5250 метр тереңдіктен кейін ұңғыдан ерітіндімен аралас газ шыға бастады. Бұл белгі газ каротаж диаграммасынан да көрінді. Тіпті ерітінді салмағы бұрғылау кезінде кеміп кетіп отырды. Бұл газ араласып кетті деген сөз. Ал, жұмыс тоқтатылып, ұңғы көбірек бос тұрып қалғанда мұнай белгілері де көрінді. Газ бен мұнайды алып байқаудан өткізді. Байқау кезінде газда 92 пайыз метан, тұзасты қабаттарында мол мұнай көзінің бар екенін дәлелдеді. Осы қабаттарды бұдан былай егжей-тегжейлі зерттеп, іздестіру, бақылау жұмыстарын өрістету қажет. Қазақстан мұнайшыларының алдындағы күрделі міндет - осы бесжылдықтың ішінде мұнай өндіруді 30 млн. тоннаға жеткізу. Абыройлы жоспардың орындалуына Каспий маңы ойпатының шығыс бөлігін алып жатқан "Ембімұнай" бірлестігінің де қосқан үлесі зор. Бірлестік жыл сайын 2,7 млн. тонна мұнай өндіріп келеді. Бұл елімізде өндірілетін мұнайдың бір пайызына да жетпейді екен және май тайыздан, тұзүсті қабаттарынан өндіріліп жүр. Мұнай-газдың мол қоры бар біздің аудан үшін жеткіліксіз көрсеткіш. Сондықтан біз қара алтынды қиынсынбай тереңнен тұзасты палеозой қабаттарынан іздестіруіміз керек.
Міне, көркем кестемен картасы жасалған көкейдегі осы ойларын Мақаш ғылыми кеңесте мүлтіксіз дәлелдеп шығуға тиіс. Бұл сырды ақ шашты ғалымдардың жүрегіне жеткізе ала ма?
Мұнайшы болуды қаршадайынан арман еткен жігіт өз пайымдауларын талайды көрген ғұламалар алдында қысылмай, байыпты дәлелдеді. Жасырын дауыста ғылыми кеңестің он жеті мүшесінің он алтысы ғылым кандидаты атағын беруге келісіп, біреуі ғана қарсы шықты.
- Мақаш Балғымбаевич, Сізді диссертацияңызды үздік қорғауыңызбен қызу құттықтаймын, - деп ғылыми кеңес төрағасы, геология-минералогия ғылымының докторы Д.И.Дьяконов қолын алғанда геологтың күн қаққан қоңырқай жүзінде бақыт нұры ойнап тұрды. Геология - минералогия ғылымы үшін өмір ортасында, сонау жапан түзде жүріп жазған қазақ геологының еңбегі құнды екенін сөйлеушілер түгел мойындады. Әсіресе, Мақаш ойынан ғылыми жетекшісі, профессор Ю.М.Васильевтің берген бағасы кетер ме?
"Ол диссертация жұмысымен кеңесшісіз, көмекшісіз, қорсыз, әдебиетсіз-ақ далиған дала төсінде жүріп айналысты. Соған қарамастан ғылыми кеңеске қатынасушылар қарапайым геологтың ғылымға ауадай қажет әрі құнды еңбек әкелгеніне таңданысты. Бұл ізденімпаздықтың, еңбек сүйгіштіктің үлгісі, нағыз үлгісі!"...
«Геолог айтқан ән» - Мақашқа арнаған шығарманың бірі. Авторы - жерлесіміз Айтуар Өтегенов.
ГЕОЛОГ АЙТҚАН ӘН
(Геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, геолог Мақаш Балғымбаевқа арнаймын).
Бір арман кетпей есінен,
Шам сөнбей терезесінен.
Қазына теңін ашсам деп,
Далиған дала төсінен.
Ұйқысыз өтті жыл-айлар,
Күлкісіз өтті жыл-айлар.
Картаға сызды сеніммен,
(Бұл байлам емес тегіннен).
«Тереңде, тұздың астында,
Шалқыған теңіз-мұнай бар».
(Ғылым-ай, ғылым бүгінгі)
Геолог тағы қазбадан,
Шыққан тастарға үңілді.
«... Түз күмбездерінің астында,
Газ қоры бар, мұнай бар...»
(О-о, адам -
Сенде екен қадір-қасиет,
Сенде екен небір нұр ойлар).
Асқақтықты әркезде,
Жүреді ғой сүйіп жан.
Даңқыменен бар көзді,
Тартты өзіне Биікжал.
Есек қырқа жал еді,
Бұрын елсіз бұл ара.
Көкке қарап ал енді,
Орнықты алып мұнара.
Батыл жетіп шықсаңыз,
Ұшар басы тым биік.
Ал, түбі ме... ұқсаңыз,
Тұңғиық-ай, тұңғиық.
Бұл жерде көп сыр қилы,
Күйі де өзге толғанған.
Бұрғы жерге сүңгиді,
Тереңдіктен сыр тартып,
Бұрын-соңды болмаған.
Барлаушының бәрі де,
Бұнда істеген от кеуде.
Құпия көп әріде,
Қажымастан зерттеуде.
Бәрі бірге қуанып,
Бүрі бірге алаңдар.
Жер осіне жіберіп,
Тізбек-тізбек колондар.
Бұл мекеннің түні де,
Самалдай арайлы.
Қарап көрші үңіле,
Мұнараның басынан,
Жұлдыз күліп қарайды.
Арман болса қыр кезген,
Жүреді ғой сүйіп жан.
Геолог айтқан бір кезде,
Фонтан атып Биікжал,
Ақшулан толқын (шіркін-ай),
Жатар мүмкін сүйіп жар.
Сонымен диссертация да қорғалды. Онда Каспий маңы ойпаты тұзасты палеозой шөгінділерінің перспективасы мен оны игеру бағыттары тайға таңба бас қандай көрсетілді. Бұдан былайғы міндет - осы көзқарасты мұрағаттық мұраға айналдырмай істе дәлелдеу болатын.
Ол зерттеу жұмыстарының тақырып аясын кеңейтіп, жеке өзі және әріптестерімен бірге бірнеше ондаған мақала жазды, бүкілодақтық, аймақтық конференцияларда, кеңестерде баяндамалар оқыды. Оның бәрі ғылыми басылымдарда жарияланды. "Каспий маңы ойпатының тектоникалық картасы (тұзасты кешені) авторларының бірі де - Мақаш.
Матин кенішін ашқандар
Әлбетте, мұндай елеулі жетістіктер Балғымбаев Мақашқа бұрынғыдан да жауапты әрі көлемді міндет атқару құқығын бергендей еді. Министрлік, "Ембімұнай" бірлестігінің бас директоры бұны да қалт жібермеді.
Талай рет қарт Ембінің келешегі көкірегін тесіп жүрген «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры Сағынғалиев Бөлекбай мұны бірінші боп ұқты. Ұққандықтан да, Мақашты өзіне шақырып, ғылыми батыл болжамдары үшін рақмет айтты. Содан соң:
- Қазақта «Өзің өсірген тайды өзің бас білдір» деген қанатты сөз бар-ды. Сол айтқандай, тұзасты байлығын енді өзің тап, мен сені құрылып жатқан Балықшы барлау-бұрғылау басқармасына бас геологтыққа шақырамын,- деді.
Мақаш Балғымбаевты Матин бірлескен кәсіпорнында марапаттау. Он жақта кәсіпорын басшысы Төлеген Байзақов.
Үлкентөбе бұрғылау алаңында. Оңнан солға қарай: М. Балғымбаев, Ю. Г. Викулов, Б. Сағынғалиев, М. Көптілеуов (1981 ж.)
Орталық шығыс Прорва кен орнында № 11 ұңғыны сынау сәті. Ортада О. Сәрсенбаев, М.Балғымбаев (1973ж.)
Сөйтіп, Балғымбаев Мақаш ақпан айынан бастап жаңа жұмысты бастап кетті.
Прорва бұрғылау конторы базасында құрылған бұл экспедицияның басшысы - бұрғылау жұмыстарының үлкен ұйымдастырушысы, Маңғыстауды игерушілердің бірі Хисметов Асабай болатын.
Ол алғашқы жұмыс күнінен-ақ әрбір бас маманды жеке-жеке қабылдап, іздестіру жұмыстарының көлемі мен тиімділігін арттыру жөніндегі пікірлерін білген-ді. Ондай қабылдауға Мақаш та барды.
- Ал, Мақаш, іске сәт! - деді Асекең. - Маңғыстауда Салтанатпен біраз жыл қоян-қолтық еңбек еткенмін, енді сенімен қызметтес болып жатырмын. Бұрғылауда абыройға жету, өзіңе белгілі, көп жағдайда геологиялық қызмет дәрежесіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде, жалпы экспедиция жұмысын жақсарту туралы қандай тұжырымдарың бар?
Мақаш ойын ашық айтты.
- Іздестіруде жемісті нәтижеге жету үшін қуатты геофизикалық ұйым керек. Әзірге ондай ұйым республика аумағында жоқ болғандықтан «Саратовмұнайгеофизика» тресіне қолқа салғанымыз жөн. Одан әрі бірлестік алдында «Ембімұнайгеофизика» мердігерлік тресін қайта құру мәселесін қою қажет. Басқа шаруаның кілті - өзіміздің іскерлігімізде, ұйымдастыру қабілетімізде, тәртіпті нығайта білуімізде...
Мақаш бұл пікірін Асекеңнен бұрын бірлестіктің бас геологы, үлкен ұстазы Досмұхамбетов Жолдасқалиға да айтқан-ды. Көргені көп, тәжірибесі мол ағаның бұған деген сенімді де, құрметі де ерен көрінді.
- Мақаш, - деді ол, - сенің не тындырғаның, неге қабілетің жететіні менің алақанымда. Жақсы көргендіктен айтам, ылғи жүрегімнің төрінде жүресің. Мына, жаңа жұмыс та сені ширата түсер мектеп болмақ. Мәңгілік өмір ешкімнің маңдайына жазылмаған. Сондықтан біздің соңымыздан еретін ізбасар керек. Солардың бірі - өзіңсің, Мақашжан. Сіздің экспедицияға 25 мың шаршы шақырым жер бердік, сол жерді барлау да, зерттеу де, мұнай мен газдың мол қорын табу да сендерге аманат, әрі міндет...
Абырой болғанда Мақаш таңдау білдірген Саратовтың геофизиктері тез келісім беріп, жұмысты дөңгелетіп ала жөнелді. Аз мерзімде 12 ірі тұзасты алаңы белгілі болды. Оларға космос ғылымындағы үлкен тұлға Королевтің, ғарышкерлер Терешкованың, Николаевтың, т.б. есімдері берілді. Мақаш тұзасты құрылымының ең тәуіріне Теңіз дейтін асқақ атты еншіледі. Осы жерде мұнайдың телегей теңізі бар, оның игілігін бүгінгі, ертеңгі ұрпақ, тұтас қазақ елі көрсін деген ілгері тілекпен еншіледі. Сол кезде, атап айтқанда, 1970 жылы «Ембімұнай» бірлестігінде іздестіру-барлау бұрғылауының жылдық көлемі 5000 метр болса, ал 1980 жылы 100 мың метрден асты. 1974 жылдан бастап өндірістік қоры 30 миллион тоннадан асатын 18 кен орны ашылып, оның оны «Теңізмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің балансына берілді, 6 кеніш игеруге тапсырылды. Оларда жинақталған мұнай өндіру көлемі 10 миллион тоннадан асты.
Тәжірибелі бұрғышылар мен бұрғылау шеберлерінің қатары жедел өсті. Мәселен, И.Тухватуллин, Ж.Ержанов, Х.Ғалиев. Б. Жанәбілов, Х.Кенжин, С.Башеков секілді бұрғылау шеберлері жастарды тәрбиелеуді, оларға өздерінің тәжірибелерін үйретуді борыш санады. Соның нәтижесіндей, жас бұрғылау шеберлері өсіп-жетілді.
Оңтүстік Ембі ауданы барлауының негізгі объектілері сол сексенінші жылдары тұзтүсті қабаттарымен бірге трасты қабаттары да болды. Пустынный, Қаратон, Солтүстік Қолтық, Оңтүстік Тәжіғали алаңдары барлана бастады. Ашылып жатқан кен орындары да аз емес-ті. Олар: Шығыс Мақат, Мәтен, Оңтүстік Шығыс Новобогат, Грядовая, Орталық Прорва, Шығыс Прорва, тағы басқалары еді. Ал, Байтөбетарал, Береговая, Солтүстік Ақнияз, Солтүстік Торғалы, Шығыс Көкарна, Оңтүстік Батыс Доссор құрылымдарынан ұнамды нәтижелер алынды.
Бірлестік бұрғышылары іздестіру бұрғылаумен қатар пайдалану бұрғылауын да жедел қарқында жүргізді.
Балғымбаев Мақаш Мәскеудегі геология және барлау институтымен, «Саратовмұнайгеофизика» тресімен, «Нижневольжскнефть» өндірістік бірлестігімен бірге іздестіру бұрғылауы арқылы трасты Теңіз алаңына жедел шығу қажеттігін негіздеуге қатысты. Алғашқы үш іздестіру ұңғысынан (№1,2,3) мердиональдық кескіннің негізін салу туралы бірлескен ұсыныстар жасады. Оны 1975 жылдың 10-12 қарашасында Мұнай өнеркәсібі министрлігі бекітті.
Сөйтіп 1976 жылғы маусым айының 26 жұлдызында Теңіз алаңына алғашқы бұрғы салынды. Бірінші ұңғыны қазу Волгоград бұрғылау басқармасына, оның Одақта аты белгілі ең үлгілі, ең тәжірибелі бұрғылау бригадасына тапсырылды.
Әрине, қазу жұмысы оңай шағыла салатын жаңғақ емес-ті, қиыншылықтар бірінен соң бірі шығып, істің жедел қарқын алуын тежеді. Біріншіден тереңдікті (5500 м.) бұрғылау техникасы, ұңғының конструкциясы, тұзасты қабаттарының қысымы бұрынғыша жасақталып, есептелді. Тұз қабаттарын қаза бастаған кезде қысымды тұз ерітіндісі (рапа) дейтін "бәле" кезікті.
Осы тұста соңғы жылдары денсаулығы құрт төмендеген "Ембімұнай" бірлестігінің бас геологы Ж.Досмұхамбетов қайтыс болды да, көп кешікпей, 1978 жылдың 1 наурызында оның зор үміт артқан ізбасары Мақаш бірлестік директорының орынбасары - бас геолог қызметіне жоғарылатылды. Жұлдызды сәт туды. Ғалым - геологтың бар ынтасы біржола Теңіз алаңына ауды.
Ол сол сәттен бастап геологиялық барлауға қатысты күн сайынғы және келешекте шешілуі тиіс өзекті мәселелерді тиянақты шешу, сонымен бірге "Ембімұнайгеофизика" тресінің Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының, мұнай өндіру басқармаларының жұмыстарына басшылық жасау, мердігерлік геологиялық барлау ұйымдарымен және жобалау институттарымен қарым-қатынасты бақылап, реттеу міндеттерін өз мойнына алды. Мұның бәрі өте күрделі іс болатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін. Бірнеше күндік, тіпті айға созылатын іссапарлар оны бірде сол кездегі Одақ астанасына шақырса, бірде бұрғылау алаңдарына, бірде кәсіпшіліктерге шақырып тұратын. Соның бәрі жәй жер аралап, адамдармен кездесу ғана емес, түйіні табылмай, шиеленісіп тұрған түйіндерді шешу қарбаласына толы еді.
Дегенмен оның ұйықтаса түсіне енетін, оянса ойына оралатын Теңіздің тағдыры алғы кезекте болатын.
Ол Теңіздегі іздестіру-барлау ұңғылары құрылысын, негізін қалаудан консервацияға қоюға дейін, барлық бастапқы құжаттамаларын қоса есептегенде, геологиялық жағынан қамтамасыз ету қызметін қолға алды. Оның бәрі өзінің тікелей қатысуымен және бақылаумен жүзеге асырылды.
Министрлік ұңғыларды сынау және зерттеу жөнінде Мемлекеттік комиссия құрып, Балғымбаев Мақашты сол комиссия төрағасының орынбасары етіп бекітті. Ол осыдан бастап Теңіздегі барлық ұңғыларды сынау мен гидродинамикалық зерттеудің комиссия бекіткен жоспарға сәйкес жүргізілу жауапкершілігін өз мойына алды.
1979 жылы алғашқы №1 ұңғы 4095 метр тереңдікке жетті. Тұзасты карбон қабаты 3958 метрден бастап ашылып, болжамды мұнайлы қабат 4051-4081 метр аралығында болуы мүмкін деген тұжырым жасалды. Ендігі мәселе белгіленген аралықты байқау, сынау, зерттеуді сапалы деңгейде жүргізуде еді.
Мақаш Балғымбайұлы "Атышулы Теңіз" кітабының тұсаукесерінде көппен ой бөлісті.
Осыған сәйкес 20-21 қарашада ағымды шақыру әдісімен 5м 3 сұйықтық алынды. Одан мұнайдың белгісі айқын көрінді. Бірақ, Министрліктің өкілдері, әсіресе бұрғылау мамандары "бұл әктасты-битум ерітіндісінің мазуты" деп, сынақты тоқтату жөнінде пікір білдірді.
Жергілікті мамандар мұны жүрекке қадалған шаншудай қабылдап, қайта байқау жүргізуге бекінді. Желтоқсан айының 18 жұлдызында олар өз ойларын жүзеге асырып, ұңғыны екі жарым сағаттай жұмыс жасатты. Нәтиже ойдағыдай: мұнай өнімінің тәуліктік мөлшері 475 текше метр болды. Алайда, алақайлап, алақан соғатын көңіл күй туа қоймады. Еріген газ құрамында шамамен 6,7-8,4 пайыз күкіртті сутегінің бары бірден-ақ белгілі болды. Дәл сол сәтте қолда, тіпті Одақ көлемінде күкіртті сутегінің тоттану қасиетіне қарсы есептелген құбырлар да, жабдықтар да, зерттеу құралдары да қолда жоқтын. Бұндай жағдайда сынақ жұмыстарын жүргізу мүмкін емес-ті.
Тағы да Министрлікке қарай көз тігіп, алақан жаю, олардан шетелдік құрал-жабдықтарды тезірек сатып алуды тілек ету кезеңі туды.
Мақаш та, оның әріптестері де белгісіздік шеберінде қалып, мазасыз күй кешті. Оның үстіне Министрліктің қорлар жөніндегі орталық комиссиясы бірлестіктің Теңіз кенішінде 24300 тонна мұнай қорын С, дәрежесінде бекіту ұсынысына салқын әрі сенімсіздеу қарап, оны С, дәрежесінде ғана қабылдады.
Тоқтатпасқа амал да жоқ еді: ұңғының үстінен ұшқан құс өздігінен жерге құлдилай құлап түсе бастады, жұмыс басында жүрген бұрғышылардың басы айналып, көпе-көрнеу жүрісі бұзылды. Құлап түскен құсты тегін олжа санап, не үйітіп, не асып қорек етушілер табылса, жаңағы басы айналып, жүрісі бұзылғандарды кейбір шеберлер арақ іштіге жорып, жұмыстан аластатуға кірісті. Шындығында бұның бәріне кінәлі күкіртті сутегі болатын. "Білмеген у ішеді" деген осы емес пе?
1981 жыл Теңіз кеніші тарихының жаңа бетіне айналды. Сол жылдың тамыз айына дейін әзірлік толықтай аяқталып, 7-10 тамыз аралығында төрт режимде, 15,2 мм; 12,8 мм; 10,6 мм; 2,4 мм тежегіштер (штуцерлер) арқылы сынақ жұмыстары жүргізілді Мұнайдың, газдың тәуліктік өнімі, ұңғының түбі мен сағасындағы қысымдар, күкіртті сутегін, көлемі, тағы басқа деректер өлшенді. Қабат қысымы 800 атмосфераны көрсетті.
Осының бәрі аса мол қоры бар кен орнының ашылғанын дәлелдеп берді.
Алтыншы сұхбат.
Автор. Теңіздей алыптың ашылу сәтінде қуаныш басым болды ма, әлде қорқыныш......
Мақаш. Теңіз табиғаттың төл перзенті. Сондықтан оны дүниеге әкелген Жер Ананың толғағы қандай қатты болса, оның ботасын қызғанған аруанадай қарпыма мінезі, тіпті ырық бермей кететін ашуы бізді талай рет қорқытып, талай рет қуантты.
Қорқатынымыз - өте тереңдікте жатқан қазынаға қарымы қиналмай жететін арнаулы техникамыз болмады, тәжірибеміз де аз еді. Ал, сусылдаған сұйық аждаһа - күкіртті сутегіне кезігеміз деп тіптен ойламағанбыз. Ұңғылардың конструкциясы, лықылдаған тұзды су, бұрғылау ерітіндісін таңдау талай мәрте қолды байлап, аяқты тұсады. Тәжіғалидағы №13 ұңғыны бұрғылау кезінде бұрғылау қондырғысының үстінен ұшқан құстың жалп етіп жерге құлағанын, бұрғылау бригадасының газ исінен масалаң болғанын көзімізбен көрдік. Бөлекбай Сағынғалиұлының Теңізде аяқ астынан киіз үй іздестіргені кейбіреулердің күлкісін келтіргенмен, сол кез үшін тапқыр шешім болғаны - өмір шындығы. Желдің ыңғайына қарай әп-сәтте тігіліп, әп-сәтте жығылып жататын жапан даладағы сол қараша үйді алып Теңіздің ашылуына үлес қосқан жансыз, бірақ мәні мен мәртебесі биік асыл істің ұясы ретінде мұнай өнеркәсібі мұражайының төрінен орын берсек, қандай жарасымды болар еді.
Біз №37 ұңғыдағы өкініші көп атақты апатты да ащы сабақтың бірі деп танып, ұмытпауға тиіспіз. Он үш ай бойы 1200 текше метр мұнайдың алау боп жанғаны, сонда да тәуліктік өнімнің кемімегені үрей мен үміт отын қатар жақты. Әрине, үрей түсінікті ғой, бізге керегі үміті, Теңіздің алып қуаты еді. Кейін бұл құрылым қоры жағынан туысқан мемлекеттер достығында екінші орынға, ал дүние жүзі бойынша он ірі кен орнының қатарына енді.
Теңіз - жалқы да, жалғыз да емес, ордалы қазына ошағы. Күні ертең онымен не Королев, не Пустынный, не Каспий теңізі қайраңындағы Қашаған иық тірестіріп тұрса, оған таңдану лайықсыз.
Мен, 1992 жылы Германияда, 1993 жылы Америка Құрама Штаттарында іссапарда болдым. Сол кезде біздің республиканың даңқы Теңіз кен орнымен, Теңіз кен орнының даңқы республикамен тығыз бірлікте қайта-қайта айтылғаны мені қатты толқытты. Оның ашылу сәтінде Министрліктің өкілдері Одақ көлеміндегі ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, "Ембімұнай" бірлестігінің оған қарасты Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясының мамандары ұңғы басында болды. Әрине, олардың әрқайсысының қандай көңіл күйде тұрғанын білу де, болжау да мүмкін емес еді. Ал, менің өзіме келсем, барлық атқарылған іске деген жауапкершілікке қатысты аз-кем қобалжушылықты сезінгенмен, бірнеше секундтан, бірнеше минуттан кейін тұзасты сынағының бір қуанышты хабар жеткізетініне сенімді едім. Бірақ, қауіптен де сақтандық. Киіз үйлер тігіп, шатырлар құрып, желдің бағытына қарай көшіп отырдық. Соның өзінде Волгоград бұрғылау басқармасының бас геологы Лембий Багов аздап уланып та қалды...
Мақаш Америкада іссапарда. Даллас, 1993 ж.
- Кен орны ашылды Одан кейінгі іс-әрекет қалай өрбіді?
- Одақтың Мұнай министрлігі, республиканың қоғамдық ұйымдары дереу бағдарламалар, жобалар, шаралар, бұйрықтар мен қаулылар даярлауға кірісті. Менің есептеуімше 1993 жылға дейін Теңіз кенішінде іздестіру-барлау жұмыстарын өрістету мен игеруді тездетуге бағытталған жүзге жуық құжат жарық көрді. Олардың бастапқылары мыналар еді:
* СОКП және КСРО Министрлер Кеңесінің "Батыс Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын күшейту және мұнай-газ өнеркәсібін дамыту жөніндегі шаралар туралы" 1981 жылғы 4 маусымдағы №522 қаулысы;.
* Мұнай министрлігі Геология басқармасының "Теңіз кенішінде алғашқы қазылатын іздестіру-барлау ұңғыларын белгілеу" жөніндегі 1981 жылғы 20 тамыздағы хаттамасы;.
* Мұнай министрлігі алқасының "Теңіз және Жаңажол кен орнындағы жұмыстардың жәй-күйі туралы" 1982 жылғы 10 маусымдағы қаулысы (осы қаулыға сәйкес Теңіз жөнінде жұмысшы тобы құрылды);.
Теңіздегі № 1 ұңғыны сынау кезінде басқару штабы осы киіз үйде болды.
* "Ембімұнай бірлестігі мен "Гипровостокнефть" институты біріккен ғылыми-техникалық кеңесінің "Теңіз кешенінде алғашқы пайдалану ұңғыларын орналастыру және пайдалануының көлемі" туралы 1984 жылғы 24 қазандағы хаттамасы.
1984 жылы Мұнай министрлігінің Қорлар жөніндегі орталық комиссиясының ілкі қазылған жеті ұңғының қорытындысымен 64 мың тонна өндірістік қорды С, дәрежесімен бекітуін, министрлік бұйрығымен 1985 жылы 22 қазанда "Теңізмұнайгаз" өндірістік бірлестігінің құрылуын елеулі жаңалық ретінде қабылдадық.
Жоғары органдар қабылданған құжаттар ішінен мен КСРО Министрлер Кеңесі 1987 жылғы 21 ақпанда қабылданған "Теңіз Мұнай кеніштерін игеруді жеделдету туралы №226 қаулыны ерекше маңызды деп есептеймін. 1990 жылы қыркүйек айында халық депутаттары Облыстық Кеңесі өзінің кезектен тыс V сессиясын Ембі (қазіргі Жылыой ) ауданы орталығында шақырып, осы қаулының орындалу барысын жан-жақты талқыға салды. Оған көз жеткізу үшін депутаттар мен сессия қонақтарының жарыссөздегі сөздеріне назар аудару артық болмас еді.
Депутат М.А. Нұрғалиев - Ембі аудандық атқару комитетінің төрағасы:
Теңіз кен алаңын пайдалануға беру мерзімінің кейінге жылжытылуы жеке адамдардың әмірімен болып отырған жоқ. Бұл қадам аудан тұрғындарын қауіпке ұрындырмаудан туындап отыр. Өйткені табиғат қорғау шараларын жүргізу кезінде көптеген өрескел жайлар анықталды. Әрине, кен орын пайдалануға беру мерзімінің кейінге жылжытылуы тек ауданның ғана емес, сонымен қатар облыстың да көптеген экономикалық және қаржы көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізуде. Алайда қазіргі қалыптасып отырған жағдайда бұл шара қажет және бірден-бір дұрыс шешім болып табылады.
Мұнай-газ саласын дамытудың осындай кең көлемді және қаржыны көп қажет ететін бағдарламасын жүзеге асыру барысында оның әлеуметтік жағынан артта қалып отырғаны барған сайын айқын көрініс беруде. Бұған № 226 қаулының орындалуы барысына үңілгенде айқын көз жеткіземіз. Мұнай және газ өнеркәсібі министірлігі жер асты байлығын пайдалану тұрғысындағы тар шеңберлі ведомстволық мүддені көздеп, өз саясатын таңуды одан әрі жалғастыруда. Әсіресе соңғы екі жылда тұрғын үй коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-сауықтыру, білім беру және сауда объектілерін салу белгіленген бағдарламадан күрт кейін қалып қойды. Қазір аудан бойынша кен орнының санитарлық-қорғаныс аймағында қалып қойған 7 мың халқы бар, Сарықамыс және Қаратон жұмысшы поселкелерін қоспағанда 8 мыңнан астам семья тұрғын үй жағдайын жақсарту кезегінде тұр. Аурухана кешенін салу баяу жүргізілуде, 600 орындық емхана өткен жылы пайдалануға берілуге тиіс еді. Бірақ бұл объектінің келесі жылы да іске қосылуы екіталай. Өйткені мұндағы істің жайы тым нашар. Мектептердің мүлдем жетіспейтіндігі айқын сезілуде. Сондықтан байырғы мектептерде екі және үш сменалық оқыту одан әрі жалғасуда. Ал балалар бақшасындағы орын қажеттіліктің тең жартысын да қанағаттандырмайды. Орынның, материалдық-техникалық базаның жоқтығынан тұрмыстық қызмет көрсету дамымай отыр.
В.П. Новиков -"Тенгизнефтегаз" өндірістік бірлестігінің бас директоры.
Баяндамада бірлестік атына көптеген сын айтылды. Біз тұтас алғанда сын әділ де объективті айтылды деп есептейміз. Бірақ бұл жекеленген фактілер мен мақсаттарға әртүрлі баға берілу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Бүгінгі сессияда адамдардың мүддесіне қызмет ететін бірлескен оңтайлы шешімдер қабылдау қажет. Шынында да Теңіз мұнай-газ кешенін құру барысында КСРО Үкіметінің қаулысында белгіленген мақсаттар мен мерзімдерден елеулі артта қалушылыққа жол берілді. Бұл әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға тікелей қатысты. Бірақ бүкіл жұмыс бағытын тапсырушы талабына қарай бұра беру, біздіңше дұрыс бола қояр ма екен?
Біздің министрліктің, сондай-ақ бірлестік басшылығы мен еңбек коллективінің КСРО Министрлер Кеңесіне, Қазақ КСР Үкіметіне азаматтық құрылысты жақсарту жөнінде тиісті шаралар алу жөніндегі өтініштеріміз аяқсыз қалды. Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитеті жергілікті құрылыс индустриясын құру жөніндегі бірде-бір тапсырманы орындаған жоқ.
Күні бүгін Мемлекеттік құрылыс комитетінің Құлсары мен Теңіздегі ұйымдық құрылымы елеулі түрде жетілдіруді талап етеді.
Осында құрылған құрылыс бірлестігі ішіндегі іс-қимылды үйлестіруді жақсарту орнына оның құрамынан трестерді бөліп шығару жөнінде әңгіме қозғалуда. Қазір Теңізді игеруді жеделдету үшін кешеннің барлық объектілерін мемлекеттік заказға енгізуге қол жеткізген жөн. Мұның өзі құрылысшылар үшін материалдық-техникалық жабдықтаудың сенімді кепілі болар еді. Теңізді аса маңызды халық шаруашылығы объектілерінің тізіміне қосқан жөн. Оны игеру үшін құрылыс кешенін үйлестіру және басқару жөніндегі ведомствоаралық органды ұйымдастырған жөн.
Кейбір адамдардың кен орнының аса қауіптілігін бетке ұстап, оны жабу керек деген әрекеттеріне тойтарыс бермей болмайды. Кен орнын игеру және пайдалану туралы мәселені жай дауыс беру жолымен шеше салу дұрыс емес.
Депутат В.В. Гафнер - Гурьев мұнай өңдеу заводының директоры:
Теңіз мұнайын өндіру мен өңдеу мәселесі қандай дәрежеде болса да шешіледі, ал газ өңдеу заводы өнімінің болашақ тағдыры әлі күнге дейін айқын емес. Республикалық органдар да, облыстық органдар да кезінде бұл мәселеге зейін қоймады.
Міне, сондықтан да мұнайдың үлкен бөлігін тағы да республикадан тыс жерлерге тасымалдау жағдайы қалыптасқалы отыр. Тағы да Қазақстан дайын товарлы өнімді емес, шикізат сататын болады. Рынокқа көшу табалдырығында мұны қалыпты жағдай деп санауға бола ма?
Теңіз мұнайының зияндылығы жайлы айту әдетке айналды. Бірақ қауіп мұнайдың өзінде емес ілеспе газда ғой. Газ өңдеу заводында тазартылып әзірленгенде ол құрамында 80 процентке дейін мөлдір мұнай өнімдері бар тамаша шикізат болады. Оны қайталама процестерсіз өңдеу тереңдігін дүние жүзілік деңгейге жеткізуге болады. Газ өңдеу заводында тазартылғаннан кейін мұндай мұнайда небәрі 0,6-0,8 процент күкірт болады немесе күкірттілігі мүлдем азаяды. Оны меркаптаннан тазарту айырықша еңбекті қажет етпейді, салыстырмалы түрде арзан әдістермен жүзеге асырылады. Біздің пікіріміз: облыста қуаты 12 миллион тонна жаңа мұнай өңдеу заводын салу қажет. Бұл мәселе бойынша салалық институттардың тиісті зерттемелері бар, сондай-ақ құрылыс алаңы да іріктеледі.
Жаңа Гурьев заводының (шартты түрде мұны солай атайық) құрылысы жайлы мәселені шешу Маңғышлақ мұнайының бірігей қасиеттерін сақтауға да жағдай жасайды. Ал қазір мұнай айдаушылар бір құбырға Мартыши, Прорва, Бозашы, т.б. мұнайларын қосып айдап, бүлдіруде. Мұны тоқтату керек.
Теңіз газ өңдеу заводына келетін болсақ, маман - технолог ретінде менің пікірім біреу ғана: мұндай заводқа ие болу - барлық мұнай өңдеушілердің арманы. Мұнда кадрлардың даярлық деңгейі өте жоғары және де завод жұмыс істеуге әзір тұрғанда мұндай кадрлардан айырылудың өзі өкінішті. Бірінші линияны іске қосу керек. Бұл -экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да өмірлік қажеттілік.
Депутат Ш.К.Кәрімов — халық депутаттары Мақат аудандық Советінің төрағасы:
Теңіз кен алаңын сөз еткенде Ембінің ескі мұнай кәсіпшіліктерінің бүгінгі проблемалары жөнінде үнсіз қалу дұрыс болмаған болар еді. Олардың проблемаларын шешу көп жағдайда КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі мен Жоғарғы Кеңес органдарының позицияларына байланысты.
Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі, дәлірек айтсақ бұрынғы Мұнай өнеркәсібі министрлігі ұзақ жылдар бойына аймақтың табиғи ресурстарын пайдаланып, экология мәселесін, жергілікті тұрғындарға, соның ішінде мұнайшылардың өздеріне қарапайым тұрмыстық жағдай туғызуды ойламады. Нәтижесінде топырақ пен өсімдіктің бұзылуы қауіпті жағдайға жеткізіліп, қоршаған орта ластанды. Батыс Қазақстан мұнай-газ тасымалы аймағының тұңғышы Доссор поселкесі әлі күнге дейін газдандырылған жоқ. Ал бұл поселкеден 5 шақырым жерде магистральды газ құбыры жүйесі бар. Міне, ақылға сыймайтын шындық осындай.
Күрделі экологиялық жағдай, әлеуметтік мешеулік нәтижесінде тұрғындар арасында ауру жылдан-жылға өсе түсуде, балалар өлімі көп. Мұндай жағдайда азық-түлікпен, соның ішінде сүт өнімдерімен қамту өте қиын жағдайда қалып отыр. Мақаттағы қазіргі сүт цехы жан басына шаққанда әр адамға 27 килограмм сүт шығарады, бұл медициналық нормадан 12 есе аз. Оның үстіне Мақат ауданы облыстағы табиғи-климаттық ауыр жағдайдан басқа, ауыл шаруашылығы кәсіп орындары жоқ бірден бір аудан. Ал тұрғындар жемшөптің, тіпті судың жоқтығынан мал ұстай алмайды.
Мақат ауданы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 10 сәуірдегі республиканың ең артта қалған аудандарына көмек көрсету жөніндегі қаулысына сол кезде қысқарып кеткендіктен енбей қалды. Міне, ол енді қайта құрылды және өз қиыншылықтарын өздері ғана шешуге мәжбүр болып отыр. Біз республика үкіметінен, мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінен, халық депутаттары облыстық Кеңесінен аудан экономикасын дамыту преспективаларын және оның әлеуметтік проблемаларын арнайы қарауды сұраймыз.
М.В. Калашников -"Құлсарынефть" мұнай-газ өндіру басқармасы мұнай өндіру цехының мастері:
Мені ескі кәсіпшіліктерге көзқарас алаңдатады. Тереңөзек кен алаңы, міне, 34 жыл бойына пайдаланылып келеді, ал оған баратын дұрыс жол әлі күнге жоқ. Теңіз кенішін дамыту жоспарында Қаратон-Тереңөзек аралығында автомобиль жолын салу мақсатына 10 миллион сомдай қаржы қаралған. Онда да бұл жол қорғаныш бөгеті рөлін атқаратындықтан ғана солай болып отыр. Мейлі, қалай болғанда да қаржы бөлінді. Бірақ күні бүгінге соның тек бір миллион сомнан астамы ғана игерілді. Қараарна кәсіпшілігіне де жол салынуда. Оның ұзындығы 5,6 шақырым ғана. Әйтсе де бұл құрылыстың биыл бітер түрі жоқ. Қорғаныш бөгеттері жөнінде әңгіме ерекше. Біз өз-өзімізді алдауды қашан қоямыз? Осы бөгеттерге үсті-үстіне құм төгіліп, қыруар қаржы жұмсалуда, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Каспий көтеріліп келеді.
Кәсіпшіліктерді су тасқынынан, ал теңізді мұнаймен ластанудан қорғау үшін күрделі инженерлік құрылғылар керек.
Біздің кәсіпшілік су алып кеткеннен кейін де министрліктің талап деңгейінде көмек көрсетпегенін айта кетуім керек. Электр моторы жоқ. Соның қырсығынан қазір Тереңөзек бойынша тәулігіне 50 тонна мұнай беретін 73 скважина босқа тұр. Амалсыздан электр моторларын басқа кәсіпшіліктен алуға мәжбүр болып отырмыз.
Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігінің Қараарна кен алаңын қайта құрылған "Казнефтебитум" ғылыми бірлестігіне беру туралы шешімімен біз келіспейміз. Неге екені белгісіз, бұл мәселе біздің бірлестік өкілдерінің қатысуынсыз шешілді. Біз мұндай үстем, ең бастысы, теріс шешімге түбірімен қарсымыз. Әйтпесе, бір адамға шаққандағы шығарылатын өнім көлемін сақтап қалу үшін бізге 540 мұнайшыны, яғни жұмыс жасайтындардың тең жартысын қысқарту керек. Ал бұндай әкімшілдік өктемдік салдарынан байырғы Ембі мұнай-газ өндіру басқармасы өндірістік кәсіпорын ретінде өмір сүруден қалады. Ал, оның әлеуметтік жағы ше?
Біз мұнай өндіру мен кен алаңын жайғастыруды бірлестіктің өзіне қалдыруды талап етеміз. Ал " Нефтебитум" ғылыми-өндірістік бірлестігі оны жетілдіру және өз қызметіне пайдалану үшін сатып алсын. Мұндай шешім нарықтық заңдылыққа да сай келер еді.
Сессияға қатысушылар назарын Қосшағыл, Мұнайлы, Қаратон поселкелері тұрғын үйлерінің ауыр халіне аударғым келеді. Мұндағы мұнайшылардың 70 проценті құлау қаупіндегі үйлерде тұрады. Тұрғындарға Құлсарыға көшіруге немесе жаңа поселке тұрғызып беруге уәде берілгеніне 20 жыл болса да, жағдай бұрынғыдай. Қазірде жөндеу жұмыстарына ақша бөлінді, енді құрылыс материалдары жоқ, жұмыс істейтін адам да жоқ.
Депутат Н.Г. Камалов - "Эмбанефть" өндірістік бірлестігінің бас директоры:
Мені мұнай саласын дамытудың әлеуметтік жақтары қатты алаңдатады. Бұл бағыттағы артта қалушылық үшін бізге көп кінә артылуда. Бірақ оның бәрін әділетті деп айтуға болмайды. Көптеген ведомстволардың әлеуметтік саланы дамытуға ешқандай үлес қоспай отырғандығы жасырын емес қой. Егер сенімді мердігер ұйымдар мен материалдар жоқ болса, ескі поселкелерді қалпына келтіре аламыз ба?
Облыс орталығындағы "Мобиль" үй құрылысы комбинаты негізінде мұнайшылардың қаржысы есебінен өмір сүріп келеді. Алайда, біздің бірлестік комбинаттан ешқандай қайыр көріп отырған жоқ. Тағы бір айта кететін мәселе жолдың жайы. Ескі кен орындарындағы жолдар пайдалануға жарамсыз. Ал облыстық жол құрылысы бірлестігі өз жауапкершілігін сезінер емес.
Қазір "Тенгизнефтегаз" бірлестігінің болашақ табысы қандай болатыны белгісіз. Бір нәрсе айқын. Теңіз кеніші іске қосылғанмен одан біздің бірлестікке келер пайда жоқ. Осында сөйлегендердің көпшілігі Теңізде кадр жетіспейді деп жатыр. Осыған орай менде бір ұсыныс бар. Облыстағы осы екі мұнай-газ өндіретін үлкен бірлестікті біріктіруге болмас па? Мен осы мәселемен тиянақты шұғылданатын арнайы комиссия құруды ұсынамын.
Мен кен орнының бірінші кезегінің дайындығын тексерген комиссияның құрамында болдым. Жіберілген кемшіліктер үшін "Тенгизнефтегаз" бірлестігін кінәлай бермей, оған жан-жақты көмек көрсетіп, кен орнын биыл іске қосудың мүмкіндігін қарастырған жөн.
Ә. Боқанов — Гурьев машина жасау заводының директоры:
Алдағы уақытта Батыс Қазақстанда мұнай өндіру көлемінің құрт ұлғаюына байланысты бізге аймақтың кәсіпшіліктерін жабдықтармен және запас бөлшектермен үздіксіз қамтамасыз ету жөнінде күрделі міндеттер жүктеліп отыр.
Осындай жауапты міндетті шешуге әзірлік жасау үшін біздің заводтың базасы негізінде бірыңғай машина жасау кешенін құрудың арнайы бесжылдық бағдарламасы белгіленді. "УкргипроНИИнефть" институты дайындаған техникалық - экономикалық негіздемеге сәйкес, бұл құрылысқа 78 миллион сом күрделі қаржы жұмсалмақ. Бағдарлама белгіленді, жобалау аяқталып келеді, бірақ ойға алғанның бәрі толықтай жүзеге аса ма, аспай ма, ол жағы белгісіз. Бүгін сессияда талқыланып жатқан №226 қаулыға сәйкес, біздің заводта 1988-1989 жылдары 4 миллион сомның өнімін шығаратын өндірістік қуатты іске қосу белгіленген болатын. Бұл тапсырма орындалған жоқ. Сметалық құны 3,2 миллион сом тұратын өндірістік корпустың құрылысын "Гурьевнефтехимстрой" тресі сегізінші жыл жүргізіп жатыр. Белгіленген мерзімнен 2,5 есе артық уақыт өтсе де, құрылыстың қашан бітетіні белгісіз. Егер біз қазіргі заманғы жөндеу - өнеркәсіп кешенін тұрғызамыз десек, оның құрылысын орталықтандырылған қаржымен қамтамасыз етілген мемлекеттік заказ бойынша мердігерлік әдіспен жұмыс істейтін, қуатты мамандандырылған құрылыс ұйымы салуы қажеттігі жайлы мәселені шешу керек.
Депутат М. Ғабдісәлімова — кәсіподақтары облыстық советінің төрағасы:
Мен теңіз кешенінің проблемаларын, соның ішінде алдымен еңбекшілердің денсаулығын қорғау мәселесіне тоқталғым келеді. Біз облыстық Кеңестің тұрақты комиссиясында осы мәселені арнайы қарадық. Депутаттар біз жасаған тұжырыммен таныс. Алайда проблемалардың өте бояу шешіліп жатқандығына сіздердің назарларыңызды тағы да аударғым келеді. Аудандағы жұмысшы қызметкерлердің барлық топтары арасында ауру көп. Денсаулық сақтау объектілерінің құрылысы ең соңғы кезекке жоспарланады. Тұрғызамыз деп уәде берген аурухана, емхана, денсаулық цехтары әлі салынған жоқ. Ең өкініштісі жауапкершілік сұрайтын адам жоқ. Басшы кадрлардың жұмысқа тұрақтамаушылығы дәстүрге айналған жауапсыздыққа әкеліп соқтырып отыр.
Ауданда қалыптасқан әлеуметтік әділетсіздіктің тағы бір көрінісі вахтамен жұмыс жасайтындардың үздіксіз кетіп жатқандығы. Қандай әңгіме айтылмасын, әзірше оларды тұрақтандырмай болмайды. Сондықтан да олардың басқалармен бірдей жеңілдіктер пайдалануына мүмкіндік жасау қажет. Әйтпесе еңбек ақы барлық жерде бірдей өсіп жатқанда, туған үйінен жырақта жұмыс жасауға кім келісе қояды? Ендігі жерде вахталық жұмыс әдісін нақты келісім шарт арқылы жүзеге асырған тиімді болмақ. Сөйтіп, білікті мамандарға нақты кепілдіктер жасауға болады.
Сондай-ақ аудандық коэффициенттегі айырмашылықтарды да жойған дұрыс. Онсыз біз күрделі әлеуметтік қиындықтардан арылмаймыз, жергілікті кадрлар дайындай алмаймыз. Өйткені, мұнайшы да, бұрғышы да, мұғалім де сатушы да осы Құлсарының ауасымен дем алады. Сондықтан да республика үкіметінің осы мәселе жөнінде батыл шешім алатын уақыты жетті.
Бізде әйелдердің еңбекке қатысы әлі шешіліп болған жоқ. Кәсіби даярлық бағытында ілгерілеушілік болғанымен оның өзі сапалық жағынан талапқа сай емес. Құлсарыдағы № 9 училищеге оқушылар қабылдаудың конкурстық негізде жүргізілуі құптарлық жай. Алайда, ең қажетті мамандықтарға оқитындар әлі де жетіспейді. Өйткені, оқу базасы өте нашар.
Осында Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің басқа да ведостволардың кемшілігі жөнінде орынды айтылды. Бірақ, мен жергілікті өкімет орындарының жауапкершілігіне тоқталғым келеді. Өйткені, аудандағы әлеуметтік саясаттың ұйтқысы солар болуы тиіс.
Депутат Захарова -№99 құрылыс басқармасының сылақшы-сыршысы:
Гурьев қаласының тұрғындары да өлкенің табиғи байлығын игеруге белсенділікпен қатысып келеді. Сондықтан да бізді КСРО Министрлер Кеңесінің №226 қаулысындағы негізгі тапсырмалардың бірқатарының орындалмай қалуы толғандырып отыр. Ең алдымен қуаты Тәулігіне 120 мың текше метрлік су тарту қондырғысының салыну қарқыны біздің ашу-ызамызды туғызуда. Ал қаулыда бұл объект жеке пунктпен көрсетілген. Гурьевтіктер Жайық өзенінің жағасында өмір сүре тұрса да ауыз сумен қалыпты мөлшерде қамтамасыз етілмей отыр.
Біздің облысымыз негізінен мұнайлы өлке. Гурьевтік әрбір екінші адам мұнайшы, барлаушы, немесе мұнай өңдеуші. Бірақ солардың қай-қайсы да өз ведомствосы тарапынан тиісті қамқорлықты сезінбейді. Мұнай-газ өнеркәсібінің ең байырғы бөлімшесі - "Эмбанефть" бірлестігі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде тіпті өз қызметкерлерінің тұрмыстық мұң-мұқтажын өтеуге де мүмкіндік ала алмай келеді. Қалада барақтар көп, оларда мұнайшылар тұрады. Ал "Эмбанефтьстрой" тресі өздеріне қарасты территорияны көркейтпек түгелі қалада бірде-бір үй, балалар бақшасы немесе мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объект салып көрген емес. Қазір жұмыс істеп тұрған су тарту қондырғысын кеңейту жұмыстарын жүзеге асыра алмай келеді.
Мен бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып сессияға қатысып отырған Энергетика және электрлендіру министрлігінің өкіліне мынадай өтінішімді айтқым келеді: Сіздер Гурьев жылу - электр орталығының төртінші кезегінің құрылысы қанағаттанғысыз жүргізіліп жатқанын хабардар шығарсыздар. Егер осы объект таяу арада іске қосылмаса бірер жылдан кейінгі жағдайды болжап білу қиын. Бұл істе сізден көмек пен қолдау күтеміз.
Депутат Г.И. Поспешиль - "Гуръевэнерго " бірлестігінің бас директоры:
Аталмыш кешенді іске қосу жөніндегі энергетиктердің көзқарасын бірден айтайын. Осы кен орнының тезірек іске қосылуы біздің бірлестіктің жағдайын да жақсарта түсетіні жасырын емес. Заводты Прорва мұнайын өңдеу үшін іске қосып, жабдықтардың қалай жұмыс істейтін сынаған дұрыс. Адамдар да үйреніп, тәжірибе жинақтайды. Ал іске қосу мерзімін осы сессияда белгілеу қажет. Энергетиктер №226 қаулыда көрсетілген тапсырмаларды түгел дерлік орындады. Енді Еділ - Маңғыстау су құбыры құрылысындағы насостың құрылысын кейінге қалдыруға байланысты осындағы станцияны монтаждау жұмыстары аяқталған жоқ. Әрине, мұнайшылар алдында айта қаларлықтай қарызымыз болмаса да дайын объектілердің өзі іске қосылар емес. Атқарған жұмысымыздан ешқандай қайтарым алынбай отыр. Өткен жылы біздің бірлестік жоспарланған пайданың 3,5 миллион сомын ала алмады. Бұл көрсеткіш биылғы жартыжылдықтың өзіне 1,5 миллион сом құрап отыр. Сөйтіп, ашығын айтқанда осылай жалғаса беретін болса, залалды кәсіпорынға айналамыз. Өз кінәмізден болмаған осындай зиянның орнын Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі толтыратын болар.
Гурьев жылу-электр орталығын ұлғайту жөнінде арнайы айтпасқа болмайды. Өйткені №226 қаулыдағы осы мәселеге қатысты тапсырма орындалмай қалды. Орталықтың төртінші кезегінің құрылысына бөлінген 127 миллион сомның 12 миллион сомы ғана игерілді. Ендігі жерде республика үкіметі біздің бас мердігеріміз "Казэнергостройдан" қатаң жауапкершілік талап ететін шығар. Өйткені, әңгіме тек қана Теңіз кешенін ғана емес, сонымен қатар облыс орталығын да сенімді электр энергиясымен жабдықтау жөнінде болып отыр ғой.
Болашағымыз жөнінде де қазірден бастап ойластырғанымыз жөн. Құлсары жылу-электр орталығының құрылысы қазір өткір қойылуы тиіс. Өз қаржымызбен оны тұрғыза алмаймыз. Сондықтан да мемлекеттік заказбен орталықтандырылған күрделі қаржыға үміт артамыз. Аймақты энергиямен қамтамасыз ету жайын ең жоғары деңгейде шешпесе болмайды. Өйткені, энергия болса басқасы да болады.
С.Қ. Түгелбаев - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты:
Меніңше қандайма шешімнің болмасын орындалысын қараған кезде оны қабылдағандардың қатысқаны жөн. Алайда сессияда ондай адамдар көрінбейді. Бүгін орындалысы талқыланып отырған №226 қаулы Теңіз бен Батыс Қазақстан бойынша жоғары орындар қабылдаған үшінші документ. Олардың бірде біреуі орындалған жоқ. Осының өзі бүгінгі сессияны бұрынғы кездегідей тып-тыныш өткізіп жатқан депутат жолдастарға түрткі болса керек еді...
Әрине, мен мінбеге қалыптасқан ахуалды бұзу үшін шығып тұрған жоқпын. Аймақты игеру жөнінде ашына сөз етіп жатқан жерлестеріміздің мұң-мұқтажына ортақтасқым келеді. Алайда тағы да алақан жаюшылықпен мәселе шешілмейді.
Сондықтан да депутаттар өз жерінің, оның байлығының қожасы болып, облыс экономикасын дамыту жолдарын өздері белгілеуі тиіс. Бұған мүмкіндік бар. Ол үшін еркін экономикалық аймақ құру керек. Менің сессияның күн тәртібіне осы мәселені енгізу жөнінде ұсыныс жасағаным да сондықтан.
Еркін аймақ мынадай қағидалар негізінде құрылады: еркіндік, демократия, іскерлік және тәртіп. Егер осылардың біріншісі орындалмайтын болса онда аймақ тұрғындарының эксперименттен бас тартуға правосы бар. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі үстіміздегі жылғы 13 маусымда республикада үш еркін экономикалық аймақ құру жөнінде шешім қабылдады. Солардың бірі Гурьев облысы. Егер оның жүзеге асуына түбегейлі бетбұрыс жасайтын болсақ, барлық әлеуметтік мәселелерді шешуге болады.
Облыс территориясындағы барлық министрліктер мен ведомстволар кәсіпорындарының негізгі қорларына есеп жүргізетін уақыт жетті. Сөйтіп, ең алдымен облыстық Кеңес бар билікті өз қолына алып, шаруашылық жүргізудің жаңа жағдайында жұмыс жасауға әзірленуі қажет. Еркін экономикалық аймақ жөніндегі мәселені түбегейлі және шұғыл шешкен жөн.
Депутат М. Құлгелдиев - Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясының көмекші бұрғышысы:
Мен еңбек адамымын. Атадан балаға мұра болған бұрғышы-барлаушылар әулетіненмін. Онжылдық білім алғаннан кейін еш жерге алаңдамай қиындығы мен қуанышы мол осы мамандықты меңгердім. Бірақ, турасын айту керек, өзіммен қатар көптеген жастар Теңіз байлығын игеруге қатыса алмай, өз жеріндегі байлықтан өздері қағажу қалып отырғанына наразылық сезімімді білдіргім келеді.
Газ өңдеу заводының жұмысшы коллективі соңғы төрт жылда екі-үш рет өзгергенін білеміз, былайша айтқанда көп қаражат жұмсап шеттен әкелген мамандар завод өнім берер алдында кетіп қалды. Оның орнына жергілікті жастарды оқытса, мамандық берсе үкімет қаржысы талан-таражға түспес еді ғой.
Немесе құрылыс аландарынан вахталық әдіспен білікті деп алып келген маман жұмысшылар кетіп қалуда. Тек соңғы 6 айда 7 құрылыс тресінен 4199 адам жұмыстан шығып кетті, олардың ішінде бірде-бір жергілікті маман жоқ. Демек, шеттен келгендер қажетті игілікті көрген соң өз еліне кетеді деген сөз.
Қайта мамандандыру жөнінде еш шара алынбайды десем артық болмайды. Мысалы "Кулсарыпромстрой", "Тенгизнефтемонтаж", "Тенгизэнергострой", "Тенгиздорстрой" трестері соңғы 5 жылда бірде-бір адамды, оның ішінде, жергілікті жастарды қайта мамандандырған жоқ. Ал "Тенгизнефтегаз" өндірістік бірлестігі даярлаған немесе даярладық деп отырған 177 адам жоғарыда айтылған газ өңдеу заводының адамдары, олардың көбі жұмысты тастап кетті. Менің айтайын деп тұрғаным жергілікті кадрларды әртүрлі сылтаумен жұмысқа алмаудың аса зор зиянды әсері бар.
Депутат ретінде бұл мәселені әңгіме етуді және әділ шешімін халыққа түсіндіруді сессиядан сұраймын. Көз алдымызда өтіп жатқан жолсыздық , заңсыздық еңбекшілерге дұрыс тәрбие бермейді. Аудандағы тәртіп мәселесінің жолға қойылмауының бір себебі осында деп білемін.
С. Бекмұрзиев - мұнайлы Ембінің ардагері:
Мен 1934жылдан бері Ембі мұнай кәсіпшіліктерінде тұрамын. Еңбек жолымды соғыс кезінде бастадым, көптеген қиындықтарды бастан кешіруге тура келді. Бұл жөнінде мұнайшылардың қазіргі ұрпағы естелік әңгімелерден ғана біледі. Бірақ бұларға да проблемалар жетіп жатыр. Маған - еңбек ардагеріне менің жаңа әріптестерімнің еңбегі тиісті қайтарым бермегенін көру қандай қиын десеңші. Өйткені, Ембінің ескі кәсіпшіліктері мен поселкелері экономикалық және әлеуметтік дамуда елдің басқа аймақтарынан көп кейін қалып қойды. Бұны мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі басшылығының ар-ұятына қалдырайық. Өйткені, бұл ведомство монополист ретінде әрекет етті, ал біздер тоқырау - бюрократтық кезеңде оның өктемдігіне қарсы ештеңе істей алмадық. Енді міне, басқаша кезең туып отыр. Біз Теңізге, Королевскіге және алдыңғы уақытта пайдалануға берілетін басқа да ірі кен орындарына үлкен үмітпен қараймыз. Бірақ бұрынғы жағдай тағы да қайталанбас па екен? Тағы да әлде біреулер біздің жер қойнауымыздан алынған мұнайды басқа бір жақтарда өңдеу керек деп шешіп, бізге дайын өнімді бірнеше есе қымбат баға сатпақ. Мәселенің бұлай қойылысына Ембі мұнайшылары және облыстың барлық халқы үзілді-кесілді қарсы деп бар жауапкершілікпен айта аламын. Біз Гурьев облысының территориясындағы бүкіл мұнай мен газдың кемінде 50 процентін кешенді өңдеуге қол жеткізу үшін бекем бел байлап отырмыз. Шетелдік фирмалармен Теңізді және басқа да кен орындарын игеру, шикізатты өңдеу жөнінде бірлескен кәсіпорындар құру жайлы шарттарға тек қана Қазақ КСР үкіметі мен облыстық атқару комитеті қол қоюға тиіс, ал мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі делдал, консультант болсын. Теңіз мұнайын өткізуден алынған қаржының кемінде 80 проценті бірінші кезекте облысымызда қалдырылуға тиіс.
Газ өндеу заводының тағдырына келетін болсақ, мен оны іске қосу жағындамын. Бірақ табиғат қорғау жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде сөзсіз орындалатын болсын. Министрлік басшылығының, тіпті "Тенгизнефтегаз" бірлестігінің ұстап отырған бағыты бізді өте мазасыздандырады. Олар жергілікті мамандардың пікіріне менсінбей қарайды. Мұндай менмендік үлкен біліктіліктен емес, бізбен ашық сөйлесуге құлықсыздықтан, облыс халқы алдында жауапкершіліктерін толық сезінбегендіктен туып отыр. Кез-келген сын-ескертпеге олардың беретін жауабы біреу ғана: бәрі де қалыпты, бәрі де жақсы болады. Ал облыстық газеттердің беттерінде көптеген мамандар әсіресе скважиналарды бұрғылау мен цементтеу сапасындағы және басқа да көптеген қателіктерді ашып көрсетті. Мұны елемеуге болмайды.
Депутат С.О. Мақашев - "Тенгизнефтестрой" тресінің басқарушысы:
Біздің трест коллективі КСРО Министрлер Кеңесінің № 226 қаулысындағы барлық пункттерді белгіленген мерзімде орындап шықты. Қазір осы құжатта көрсетілмеген табиғат қорғау объектілерін салумен шұғылданудамыз. Осы тұста қиыншылықтар басталды. Бізге жүктелген 14 объектінің тек 11-і ғана жобалау-смета құжаттарымен қамтамасыз етілген. Құбыр, электр жабдықтарын беру мәселесін шешуге кеш кірістік.
Өткен жылдың аяғында өндірісті инженерлік дайындаудың үстіміздегі жылға арналған жоспарын қорғау кезінде республикалық Мемлекеттік құрылыс комитеті біздің треске бөлінген ресурстарды бағдарлама шартына сәйкес толық бөлуге уәде берген еді. Бірақ қаңтардың өзінде-ақ нарядтарды бөлу кезінде біздің өзіміз ресурстардан құралақан қалдық. Үстіміздегі жылдың өзінде-ақ Жаңа Қаратон және Жаңа Сарықамыс поселкелерін салу, сондай-ақ Кеңарал ауылын көшіру жоспарланған болатын. Бірақ материалдық ресурстардың жоқтығынан бұл жұмыс тіпті қолға алынбастан қалды. "Тенгизнефтегаз" өндірістік бірлестігі қыркүйек, қазан айларында тапсырыстарды орналастыру үшін жобалау-смета құжаттарын аяқтап, объектілерді жоспарға енгізуге атсалысуы керек. Өйткені келер жылдың бас кезінде бұл жұмысқа міндетті түрде кірісіп кетуіміз керек. Ал, мұны тек құрылысшылар ғана емес, сондай-ақ жергілікті тұрғындар да асыға күтуде.
Біздің осындай проблемаларымыз еңбек коллективінің облыстық атқару комитетіне, республикалық Мемлекеттік құрылыс комитетіне жолдаған өтінішінде атап көрсетілген болатын. Бірақ іс жүзінде бірде-бір мәселе шешілген жоқ. Коллективтің әлеуметтік проблемаларын шешуде де ешбір көмек берілген емес. Мұның өзі кәсіби шеберлігі жоғары кадрлардан айырылып қалуымызға әкеліп ұрындыруда. Тек үстіміздегі жылы ғана біздің трестен 1280 адам кетіп қалды. Облыстық Кеңестің осы сессиясына адамдар үлкен үмітпен келіп отыр. Осы үмітті ақтау керек.
Л.Д. Чурилов - КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары:
Осы сессияда біздің министрлік атына көптеген сын айтылуда. Бұл дұрыс және әділ. Өйткені, біз кен алаңын жайғастыруға заказшымыз, демек жауапкершілік те біздің мойынымызда.
Кешеннің қазіргі жағдайын өз көздеріңізбен көрдіңіздер. Күні бүгін мұнан басқа өндіріс біздің елімізде жоқ. Завод ең озық технологиямен, жетілдірілген инженерлік құрылғылармен және қоршаған ортаны қорғайтын сенімді құралдармен жабдықталған.
Шетелдердегі мұндай заводтар тұрғын үйлерден 400 метр ғана қашықтықта орналасқан. Қысқасы жабдықтардың сенімділігіне біздің күмәніміз жоқ. Қазір тек энергиямен жабдықтау мәселесін ойластырып, шешу ғана қалды. Біз завод жанынан жылу-электр орталығын салуды болашақта та талап ететін боламыз. Өйткені, бұл сенімділікті әлде қайда арттырары сөзсіз.
Құрылысшылар атына да көп сын айтылуда. Егер жұмыс болса, олар бос отырмас еді. Мәселе құрылыс материалдарының, олардың базасының жоқтығында болып отыр. Ал мұнысыз қандай жоспар да орындалмайды.
Салынып жатқан құрылыстардың бір бөлігін аяқтап, енді бір бөлігін тоқтатуды да ойластыру керек. Құлсары поселкесінде салынып жатқан шымкенттік үлгідегі үйлер мұнда жарамсыз. Осындай үш пәтерлік үйлерде тұрып жатқан алты баласы бар семьяларды көргенде мен өз-өзімнен ыңғайсыздандым.
Санитарлық қорғаныс аймақтары жөнінде айтқанда сезімге берілудің қажеті жоқ. Мәселені ойластырып, нақты іспен шешу қажет. Бұл мәселені тиісті орындар алдына қойып дұрыс шешімін табуға жұмыстанамыз. Оның үстіне Теңіз кен алаңын жайғастыру жобасы КСРО табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің экологиялық бақылауынан өтіп, барлық талаптарға сай келетіндігі анықталды. Мәселе соны дұрыс орындауда.
Барлық жұмыс та өз қолдарыңызбен істелуде. Министрлік көмек көрсетуге дайын. Бірақ біз тек тар шеңбердегі мәселелерді ғана шеше аламыз. Келесі жылдан бастап кәсіпорындар толықтай дербестік алады. Демек министрлік олардың бірде-бір тиынын ала алмайды. Бұл заңға қайшы. Сондықтан бірлесіп жұмыс жасайық.
Э.Х.Гукасов - Қазақ КСР Министрлер Советі төрағасының бірінші орынбасары:
Көшпелі сессия Гурьев облысының дамуы үшін аса маңызды болып табылатын мәселені талқылауда. Бүгін біз негізінен не істеу керек еді және нелер істелгені жөнінде айтып жатырмыз. Алайда 12 мың адамдық коллектив бірқатар жылдардан бері осы кен орынына 2 миллиард сом және 1 миллиард доллар қаржы жұмсағанын естен шығармайық. Сондықтан да меніңше басты мәселе жұмсалған ақшадан қандай қайтарым болатындығын ойластыру болса керек.
"Тенгизнефть" мұнай-газ өндіру басқармасы тек іске қосу-реттеу жұмыстарына ғана 60 миллион сомды артық жұмсады. Ал бірлестіктің бас директоры кешегі мәжілісте осы шығынды қалай өтейтіндігін айтып бере алмады. Сондықтан да меніңше комплектілі технологиялық жүйені іске қосуға мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі басшылық жасауы тиіс. Осы үлкен машина қазан айынан бастап жұмыс жасауы үшін барлық күшті шоғырландыру қажет. Республика Министрлер Кеңесі, сондай-ақ, осында қатысып отырғандардың бәрі бұл іске көмектесуге әзір.
Екіншіден, санитарлық-қорғаныс аймағын нақты белгілеп алған жөн.
Үшіншіден, республика мемлекеттік құрылыс және жабдықтау комитеттері Теңізді материалдық ресурстармен қамтамасыз етуі тиіс. Қазір біздің көптеген күшіміз бен қаржымыз Шығыс Қазақстанда болған жер сілкіну зардаптарын жою үшін бөлініп жатыр. Сөйте тұра Теңізге көмектесуді назардан тыс қалдырмау керек.
Кадр тұрақтандыру мәселесімен ерекше шұғылданған абзал. Осы кен орнындағы адамдардың ауыр еңбегі лайықты түрде бағаланып, ынталандырылғаны жөн. Тұрғын үй де болсын, еңбек ақы да жоғары болсын.
Сондай-ақ, Теңіздегі барлық құрылыстар міндетті түрде мемлекеттік заказбен қамтамасыз етіледі. Бұл жерде біздің трестеріміздің бітпей тұрған құрылыс базаларын не істеу керек деген сұрақ туындайды. Егер нарықтық экономикаға көшетін болсақ, осы базалардың кесірінен сіздер жалаңаш қаласыздар. Аяқталмаған құрылыс үшін ақша төлейсіздер. Оны сіздерден ешкім сатып алмайды. Сондықтан бұл мәселе шұғыл шешуді қажет етеді.
Еркін экономикалық аймақ жөніндегі әңгіме тың тақырып емес. Ол әлдеқашан қолдау тапқан мәселе. Сондықтан да Түгелбаев жолдастың ұсынысына қосылу керек. Алайда, асығыстыққа бармай, мәселені ойласып, ақылдасып шешкен дұрыс.
Н.Р. Бөкейханов - Қазақ КСР Ғылым академиясы мұнай және табиғи тұздар химиясы институтының директоры:
Институт Теңіз кенішін игеруге қатысты мәселелерді шешуге тікелей атсалысты. Біздіңше заводты іске қосу тек Прорва мұнайын өңдеу жағдайында ғана тиімді.
Институт қызметінің негізгі бағыты - құрамында күкірті бар көмірсутекті шикізаттарды өңдеу проблемаларын зерттеу. Тек биылғы жылы 200 мың сомға осындай зерттеу жұмыстары орындалатын болады. Табиғи ресурстарды пайдаланудың негізгі проблемаларына арналған "Батыс Қазақстан" академиялық бағдарламасын талқылауға да белсенді қатысудамыз.
Әйтсе де біз мүмкіндікті толық деңгейінде пайдаланып отырған жоқпыз. Теңіз еңбеккерлерін толғандыратын проблемалар бізге де қатысты. Мәселен, кадр тұрақтандырушылығын алайық. Біз 70-тен астам ғылым кандидатын даярладық. Бірақ олар институт қабырғасында ұзақ тұрақтамайды. Еңбек ақысы жоғары және тұрғын үй алу мүмкіндігі бар болса ғылыми немесе оқу орындарына кетіп жатады.
Болмаса политехникалық институттың Гурьев филиалын алайық. Мен мұнда қосымша уақыт бөліп сабақ беріп жүрдім. Тіпті айтуға ұяласың, химия дегеннің не екенін тақтаға бормен сызып түсіндіруге тура келеді. Филиал негізінен "Эмбанефть" бірлестігінің қаржысымен күн көріп отыр. Турасын айту керек, жағдайлары мәз емес. Институттың "Тенгизнефтегаз" бірлестігі, құрылыс трестерінің ғылыми мекемелермен бірлесіп жұмыс жасауына болар еді ғой. Мұндай жағдайда екі жақты тиімді болары сөзсіз.
В.Д.Николаев - Гурьев авиакәсіпорнының бастығы:
Азаматтық авиация көптеген кен алаңдарын, соның ішінде Теңізді игеруде КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұмыс жасап келеді. Мұндай байланыс екі жақты тиімді. Бірақ өкінішке қарай әрдайым бірдей бола бермейді. №226 қаулыда Гурьев аэропортын реконструкциялау қаралған. Әйтседе ол әлі күнге қағаз жүзінде қалып келеді. Аймаққа шетелдік мамандар көптеп келіп жатса да таможня үйінің құрылысын салу мәселесі де шешілмей отыр. Ембі ауданы басшылары үшін қайдам, біз авиаторлар Құлсары поселкесіндегі аэропортты көргенде ұяламыз. Осы мәселелерді тезірек шешуді ойластырған жөн.
Депутат Б.М. Жұмағалиев - "Гурьеврыбпром" бірлестігі бас кәсіпорнының консерві цехының бастығы:
Менің түсінігім бойынша, газ өңдеу заводын іске қосу жөніндегі пікірлер екіге бөлінген сияқты. Ал бұл мәселе жөніндегі менің пікірім мүлде өзгеше. Заводпен танысқан кезімізде мен оның тезірек іске қосылуын ойлаған едім. Бірақ Қаратон поселкесіне қалай қайтып келе жатқанымызда тұрғындардың тұрмысын көріп, көңіліме кірбің ұялады. Қазіргі басшылар арасында заводты тезірек іске қосайық, оларға жағдай кейін туғызыла жатар деушілер де бар ма деген күдік көңіліме орала береді.
Ірі өнеркәсіп объектісі іске қосылды, енді табыс та, пайда да болады деп құр босқа айқай салудың не қажеті бар. Алдымен адамдар қамын ойлайықтағы.
Сөз жоқ, Теңіз мұнай өңдеу заводы ғажап құрылыс, техникалық мәдениеттің ошағы. Бірақ заводты іске қосқан кезде өндіріс қалдықтарының қайда кететінін ойладық па? Біресе оба, біресе тырысқақ аурулары пайда болуда. Ал аурухана жағдайы сын көтермейді. Аудан орталығында шөлге ішер бір стакан су да таптырмайды.
Завод құрылысын атаңдана тұрып, кадрлардың тұрақтамайтына реніш айтамыз. Бұл екі арада қандай байланыс бар? Мәселе мәдени-тұрмыстық жағдайдың туғызылмай отырғандығында. Бұл мәселе жөнінде дұрыстап ойлану қажет.
Принципінде заводты іске қосуға мен қарсы емеспін. Бірақ оны жедел іске қосу керек деген пікірге қарсымын. Асығыстық жасамай, жетпестіктердің орнын толтыруды ойластыру қажет. Әсіресе бұл экология мәселесіне қатысты.
Сондай-ақ осы сессия қарсаңында облыстық газеттерде жарияланған Теңіз кенішінің проблемалары жөніндегі материалдарды жинақтап, облыстық Кеңес атқару комитетінің немесе тұрақты комиссиялардың мәжілістерінде арнайы талқылап, нақты шаралар алуды ұсынамын.
- Теңіз кен орнын бұрғылауда кімдер басым роль атқарды, волгоградтықтар ма, әлде бір кезде өзіңіз негізін қалаған Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бұрғышылары ма?
- Менолардың біріне басымдық беріп, екіншісін төмендетуді жөн санамаймын. Олар бір-бірінен үйренді, бір-бірін толықтырып отырды.
Мәселен, 1981-85 жылдары Теңізде бұрғылау бригадаларын шоғырландыру әдісін қолдандық. Мұндай әдіс, яғни бір алаңда 20 бұрғылау бригадасының қанаттас жұмыс істеуі Одақ көлемінде қолданылмаған-ды. 10 бригада Балықшы барлау-бұрғылау басқармасынан, 10 бригада Волгоград бұрғылау басқармасынан жұмыс істеді.
Тоттануға қарсы қолданылатын құрал-жабдықтар, әсіресе фонтандық қондырғылар жетіспегендіктен бір ұңғыдан екінші ұңғыға ауыстырылып отырылды. Осындай әрі жаңалық, әрі төтенше шара ретінде қолға алынған жұмыс Теңізде барлау жұмыстарын тездетуге және мұнай қорын тез есептеуге көмегін тигізді. Ұңғылардың төменгі мың метрлік тілігін үш бөліп қазуға тура келді. Бұл тау жыныстары қасиеттерінің, осы бөліктерінде әртүрлі болуына байланысты ұйымдастырылды. Сөйтіп біз 1985 жылға дейін Теңіз кенішінде 12 ұңғының қазылып, зерттелуін қамтамасыз еттік. Осылайша жылма-жыл қазылған ұңғылар санының өсуіне сәйкес есептеліп, бекітілген мұнай қоры да көбейіп отырды. 1991 жылы С, және С2 дәрежесіндегі қорлар мөлшері бір миллиард тоннадан асып кетті. Кеніште мұнай өндіруге әзірлік жұмыстары қызу жүріп жатты.
Теңіз кен алаңындағы № 37 ұңғы жанында (1985 ж.)
-№37 ұңғыдағы апат кездейсоқтық па, әлде...
- Иә, оны мен алып кеніш тарихындағы ең өкінішті оқиға деп есептеймін. Өрт бір жылға созылып, ешқандай кедергісіз, тежеусіз жұмыс істеген ұңғыдан өте көп мөлшерде мұнай мен газ шығын болды. Бірақ, ағымның қысымы да, өнімі де азайған жоқ. Бұл Теңіз мұнай қоры молдығының бір дәлелдемесі болды. Кейін сот өрттің экспедиция бас инженері мен бұрғылау шеберінің дұрыс нұсқау бермегендігінен орын алғандығын дәлелдеп, оларды кінәлі деп тапты. Бұндай оқиғалар оқта-текте кездесіп тұрады. Мәселен, Маңғыстаулық барлаушылардың Елемес деп аталатын алаңды қазып жатқан бір ұңғысынан газ атылып кетіп, ол өртенгенде Геология министрінің орынбасары Халел Өзбекқалиев мырзаның жаңғыз ұңғы басында қыс ішінде айлап жатқанынан хабардармын.
- Кеніштен мұнай өндіру қашан басталды?
- 1991 жылғы сәуір айының 4 жұлдызында Теңіз кәсіпшілігі іске қосылғанда, оның басы-қасында болып, алыптың ашылуын көзімен көрген Болат Ерниязов:
- Шыны керек, мен өзімнің еңбек жолымның Теңізбен, оның тарихымен тікелей байланыстылығын әркез мақтан тұтамын. Оның үстіне Теңіз кәсіпшілігін іске қосу мен басқаратын №2 бригаданың үлесіне тиді,- дейді ол. - Ал, бірінші бригадаға Торопкин Леонид басшылық етті.
Иә, бригада қызметкерлерінің бәрі де өз ісін жетік білетін мамандар болатын. Кәсіпшілікті іске қосу, құралдарды пайдалану технологиясы алдын-ала зерттелді. Кен алаңын іске қосуға санаулы айлар қалғанда, оның жауапкершілігі КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің жауапты қызметкері Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевқа жүктелді. Ол күн сайын тиісті объектілердің дайындығы жөнінде кеңестер өткізіп, жалпы жұмысқа басшылықты өз қолына алды. Сөйтіп, сәуір айының басында кәсіпшілік те, газ өндеу зауыты да дайындық жұмыстарынан түгел өтті. Операторлар мен технологтарға міндет жүгі бөлініп берілді. №8 скважинаны іске қосу жөніндегі бригадада технолог Мейрам Молдашев, мұнай өндіру жөніндегі операторлар Абдолла Артығалиев пен Гапурин Әубакиров кәсіби шеберліктерін танытып бақты. Сондай-ақ, іс басында мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Қаднен Құдабаев, бас инженер Владимир Анатольевич Мизайлов, басқа да жауапты адамдар болып, сын сағатта қиын істі үйлестіріп отырды. Кәсіпшілікті іске қосу процесінде Қадненнің өзі газ өңдеу зауытымен тікелей байланыста болды. Зауытта іс тізгінін директор Юрий Александрович Махошвили ұстады. Жан-жақты дайындық жұмыстарының тиімділігі нәтижесінде № 8 скважина іске қосылды. Ал №8 скважинаны іске қосудағы сәттілік екінші Т-107 скважинасын іске қосуда да қайталанатындай көрінген. Амал не, бұл скважина Теңіз тарихында өзіндік мінезімен ерекшеленді. Бірақ мамандардың біліктілігі мен іскерлігі бұл скважинаны да бағындырды. Мұнай Теңіздегі газ өңдеу зауытына тапсырыла бастады. Ал, мамыр айының 12 жұлдызында 3 мың тонна алғашқы сұйық күкірт газ өңдеу зауытынан Түркіменстанның Чарджоу химия зауытына жөнелтілді. Осыған байланысты Теңізде үлкен салтанат өтті. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы - Алдамжаров, Жылыой ауданы аупарткомның бірінші хатшысы Б.Еламанов оған қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
1991 жылы Теңізден 1 миллион 320 мың тонна мұнай өндірілді.
Теңіз кеніші осылай игерілді.
- Әрбір жеңіс пен жетістіктің көш басшысы, ұйымдастырушысы болады, бұл орайда не айтасыз?
Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев құрметті қонақтарын: Бөлекбай Сағынғалиев пен оның зайыбы Қадишаны, Жетпісбай Есенжанов пен оның зайыбы Гүлжанды, Мақаш Балғымбаев пен оның зайыбы Жонасты інісі Нұрбергенмен, зайыбы Нағимамен және келіні Светамен күтіп алды.
- Әңгімеңіздің төркіні түсінікті. Мен Теңіздегі жеңіс пен жетістікті Ембі мұнайшыларының ұзақ жылдық жанқиярлық еңбегінің өлшеусіз өтеуі деп есептеймін. Олар бұндай құрметке әлдеқашаннан-ақ лайықты еді. Ал, 1988 жылы Одақтық Геология Министрлігі алқасының шешімімен бір топ маманға, солардың ішінде Қазақстаннан "Ембімұнай" бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев пен маған берілген "Теңіз кен орнын алғаш ашушы" дипломы мен өңірге тағатын белгі сол үлкен құрметтің қарапайым ғана көрінісі.
Осы орайда өзім пір тұтқан Жөкең, Жолдасқали Ахметұлы Досмұханбетов хақында бірер ауыз естеліктің сұранып тұрғаны анық.
1955 жылы еліміздің астанасы - Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай институтын ойдағыдай тәмамдаған біздер, өндірдей жап-жас инженер-геологтар, Ембі мұнай бірлестігінің сол тұстағы бас геологы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтің жеке қабылдауында болдық. Ол кісі емен-жарқын, күлімсіреп қарсы алды. Табақтай дипломдарымызға аз-кем көз жүгіртіп шығып, артынша айтқаны:
- Шырақтарым, нағыз геолог атану үшін институтта алған теориялық білімді практикаға қызу ұштастыру қажет. Оның амалы - дала жұмыстарына аттану. Яғни, сейсмикалық, геофизикалық партияларға барып, жалпы барлау-бұрғылау жұмыстарының басы - қасында болу шарт.
Басқаларды қайдам, өз басым ол кісінің ұлағатты сөзін, ақыл-кеңесін жерде қалдырмауға тырысып, бірден Опорный құрылымындағы екінші бұрғылау ұңғысына аға коллектор боп орналастым. Аталмыш скважина барлау бағытында қазылып жатты. Соның бергі жағында көз ілеспес жылдамдықпен зулап өте шыққан жарты ғасырға жуық уақыттың өресінен қарасам, сол жолы қабылдаған шешімім оң. Үлкенді сыйлап, қадір тұтқандық. Егер осы жылдардың ішінде геологиялық қызмет барысында титтей де болса жеңіске жетсем, ол тәлімгер-ұстаз тұтқан адамымның орасан зор еңбегінің арқасы. Жәкең жарықтық өте-мөте принципшіл, аса сауатты геолог еді ғой.
Ол кісінің және бір асыл қасиеттері - алғыр басшы ретіндегі іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеттері, ділмар шешендігі. Қашан көрсең де сөзге сараңдығы. Қысқа сөйлеп, өрелі ойларын толық жеткізетіндігі. Тыңдаушысын сүттей ұйытып, баурап әкететіндігі. Менің қызмет бабында сатылап өсуім Жолдасқали Ахметұлының қолдауымен және сол кісінің қатаң қадағалауы нәтижесінде жүзеге асқан шаруалар. Жәкеңмен қоян-қолтық жұмыс істеу аса жеңіл еді. Тіл ұшынан түсінісіп, ортақ ойдың мүддесі тұрғысында іштей пікірлестігімізде еш қапы жоқ-ты. Ол дүние салғаннан кейін аталмыш бірлестіктің бас геологы орнына іле-шала кандидатурамның қолайлы көрінуі, сөз жоқ, марқұмның тірі кезіндегі көзқарасының түзулігі деп білемін. Әйтпесе, мұрагерлікке лайық ет-жақын жүрген, сыйлас, әріптес інілері, ізбасарлары аз емес-ті. Қойса, бәрі де қамшы салдырмауға тиіс. Өйткені, бәріміз де осынау өрелі ой мектебінің түлектеріміз.
Жолдасқали Ахметұлының күнделікті күйбең тіршіліктегі адами қасиеттері де біртоға. Соның бәрін болмағанмен, қадау-қадау дегендерін санамалап еске алсам, ол кісіге аса батылдық пен батырлық тән. Турашылдығын, бірбеткейлігін көбіміз қаз-қалпында қайталай алуымыз екіталай. Күн тәртібіне қойылған мәселені жеріне жеткізіп, ол төңіректе оп-оңды шешім қабылдау барысында ешкімнен тайсалмайтын. Көлгірсу, бұқпантайлау, екі сөйлеу деген, жалпы, мінезінде жоқ-ты. Лауазымы жоғары адамдар ортасында ойын қаймықпай айтып, сөзін міндетті түрде өткізетін. Небір дау-дамай айтыстарда, теке-тірес жағдайларда ылғи да айдарынан жел есіп, жеңімпаз атанатын. Екі сөзінің бірінде: "Геолог әрқашан принципшіл. Әйтпесе, бұл кәсіпке үш қайнаса сорпасы қосылмайды" дегенді әсте қайталап айта беретін, айта беретін. Өзі де сөзінде тұрып, геолог мамандығына өле-өлгенше шаң жуытпай келді. Бірде мынадай кереғар жағдайдың куәсі болғанымыз бар.
Бірлестік бас директорының бұрғылау жұмыстары жөніндегі орынбасары Магомет Исрапилович Гарайзуев ұңғыдан керн алуды аттап өтіп, әрі қарай жобалық тереңдікке шейін құлдилатып қаза беруге тәртіп берулі. Мұны естіген Жолдасқали Ахметұлы: "Мына безгек қайтеді? Осылайша бұра тартып, бұрмалай берсе, бас геологты кәсіпсіз қалдыруы кәміл" деп қатты қапаланулы. Дереу өз тәртібін беріп, солақай шешімнің аяғын аспаннан келтірулі. Жалпы алғанда, Жөкең мұнай өндіру, барлау - бұрғылау мақсаттарындағы геологиялық, басқа да мәселелерге тікелей араласып, қалыптасқан жағдайды көзінен таса етпейтін.
Тағы бір қасиеті қызметкерлерге үлкен сенім артып, белсенді өмірлік позицияларына жіті үңілетін. Бұған айқынырақ көз жеткізген жерім - Балықшы барлау-бұрғылау басқармасында ұзақ жыл бас геолог міндетін атқарған кез. Яғни, тек геологиялық, қызмет саласы емес, жалпы бірлестік бойынша жүргізіліп жатқан геологиялық-барлау бағыттарының дұрыстығына сын көзбен қарап, сарабдал шешімге тірелетін. Сондай-ақ "Эмбанефтегеофизика", "Саратовнефтегеофизика" тресінің ізгі ізденістеріне жоғары талап тұрғысынан қараушы еді.
Жолдасқали ойға алған шаруалары мұқият жүзеге асыру барысында өлкемізде мұнай өнеркәсібінің жедел қарқынмен дамуына деген патриоттық көзқарасын, ұлтжандылық қасиеттерін алға тартып отыратын. Жергілікті басшы және жұмысшы кадрларын жасақтау ісіне баса назар аударатын. Сондай-ақ бұл кісінің достық пен сыйластықты әрқашан қадір тұтып, ондайлық қатыгез қарым-қатынасқа өле-өлгенше адалдығы, Айталық, Жолдасқали Ахметұлы мен қайын атам Сәрсен Саппаев арасындағы майлы қасықтай тірлік кісі қызығарлықтай-ды. Жанұяларына шейін аралас-құралас, қатты сыйласатұғын. Олардың өзара әзіл-қалжыңдары әлі күнге дейін жұрт жадында. Әредікте айтылып жүргеніне кей-кейде қайран қаласың. Керек десең, ойын-күлкіге толы отырыстарының шет жағасын көре қалдық.
Жолдасқали Ахметұлы адами қасиеттерінің шырқау шыңы - Нұрзила жеңгей екеуінің жеті бала тәрбиелеп, әрқайсысына өте-мөте жақсы тәлім-тәрбие бергендігі. Ұл-қыздарының басым көпшілігі жолын әрі қарай жалғап, геолог, геофизик мамандықтарын ойдағыдай меңгеруде. Бірқатары күні кешеге шейін қоян-қолтық жұмыстасым болды. Қобыланы Алматыда, Махамбеті Астанада тәп-тәуір қызметте. Нағыз мұрагер деп осындай өскелең ұрпақты айту қажет.
Жолдасқали Ахметұлының ерен еңбегі, бүкіл мағыналы өмірі көзі тірісінің өзінде-ақ үлкен абырой-атақты иеленді. Тек Батыс Қазақстан өлкесінде ғана емес, күллі республика көлемінде, қала берді тысқары жерлерге де мәлім. Оған дәлел - ел алдындағы зор сүйіспеншілік. Жөкеңнің туғанына 80 жыл толуы құрметіне өткізілген ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар, жан-жақтан келген меймандар Ж.А.Досмұхамбетов жайында бар білетіндерін ортаға салды. Ол кісінің рухына ризашылық сезімдерін жаппай білдірді. Меніңше, басқа марапаттардың ішіндегі ең қымбаты - қарапайым халық жүрегінде, жақынырақ білетіндердің жадында мәңгі бақи сақталуы.
Өз басым атышулы Теңіз кенішін ашқан бір топ білікті мамандар санатына Жолдасқали Ахметұлы мен Асабай Хисметов есімдерінің құрметпен аталып, оларға (марқұм) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының берілуін өте-мөте орынды санаймын. Әрқайсысы өз орнында қыруар қызмет атқара білді, ар-ождандарын таза ұстады. Осынау тұзасты мұнайымен елдің көсегесі көгеретініне кәміл сенді. Сол үшін де оларға мың да бір рахмет. Өздері өлсе де, рухтары ешқашан өлмейді.
...Самарқанның көк тасы ериді дейтін сәуір айының екінші жексенбісі еді. Бір сәт үй телефоны безілдей жөнелді. Бұрын шақырушы жақтың телефон нөмірі жарқырай жанып, ап-анық қоңыр дауыс оны қосымша хабарлап жататын. Бұл жолы тіптен өзгеше. Маржандай тізілген үзік-үзік қызыл сызықтар бірнеше мәрте жүгіріп өтті де, баяғыдан таныс үн нөмірдің, белгісіз екенін мәлімдеп те үлгерді. Әлбетте ауыл мен қала ішінде бұндай белгісіздік оқта-текте болмаса мүлдем қайталана бермейтін және негізінен қалааралық немесе халықаралық телефон байланысына тән құбылыс-ты. Сол себепті телефон тұтқасын әрі асыға, әрі таңдана тезірек көтеруге ұмтылдым.
- Қаржекеңбісіз?
Ер адамның ашық дауысы саңқ ете қалды.
- Иә, менмін.
- Онда әңгімемді "Ассалаумағалайкүмнен" бастайын. Мен Балтабекпін Қуандықовты ұмытпаған боларсыз. Америка Құрама Штаттарынан хабарласып тұрмын.
- Оу, армысың, бауырым? Осы ғұмырымда біздің шаңыраққа сонау алыстағы Америкадан телефон шалынады деп ойлаған да, күткен де жоқ едім. Рахмет саған. Бұл бір тамаша, есте қаларлық оқиға болды. Арнайы жазған хатымның өзіңе адаспай жетеріне сенімім де аз-тұғын.
- Хатыңызды алдым, Қаржеке! Мақаш аға туралы біраз нәрсені тәптіштей сұраған екенсіз. Бәрі де орынды. Алдымен айтарым - Мақаңның менің өмірімдегі орны алабөтен. Сондықтан жауабымды да тез әзірлеп қойдым. Бірақ, жуықта, мамыр айының ортасына таман елге іссапардың сәті түскелі тұр. Сонда бірге ала барып, өз қолымнан табыстасам қалай болар екен?
- Мақұл.
- Ендеше көріскенше күн жақсы дегендей...
- Иә, саушылықта кездесейік.
Сонымен асау мұхит асып, тым жырақта жүрген Балтабектің ілтипатқа бөленген ізгі тілегін естіп, ойда-жоқта үй-ішімізбен әп-сәтте мәре-сәре болдық та қалдық. Қасымдағы кенже ұлым Асылбек аса бір тағатсыздық танытып, алғашқы сұрағын қойып та үлгерді.
- Балтабек деген кім?
Бейтаныс есімнің оған соншама таңсық көрінгені өз-өзінен түсінікті. Біріншіден, танымайтын адамы. Оның үстіне күн құрғатпай тілдесетін Алматыдан, Астанадан, Ақтөбеден, не Құлсарыдан емес, тура Америкадан телефон соғып тұр ғой.
Таңғалушы мен тағатсызданушы жалғыз ғана Асылбек емес екен. Ол ауызын жияр-жимаста ұлым Баубек пен келінім Ақнұр, қызым Зумрад жарыса сөйлеп, сұрақтарын жамырата жөнелді.
Ағалы - інілілер алыстағы Америкада ұшырасқан сәт. Нью-Йорк, 1993 ж.
- Біздің, Америкада да туысқанымыз бар ма еді, - дейді бірі.
- Оны осыған дейін неге білмей келгенбіз? - дейді екіншісі.
Жеңіл-желпі жауаппен құтылар сауалдар емес. Балғын жүректер мен алау көңілдер бәрін де анықтамаққа асық.
Соны сезе тура және жаңағы Балтабекпен тілдесуден кейінгі жақсы әсерден тез арылғым келмей, олардың қолына кітап сөресіндегі мұнайға арналған тұңғыш қазақ энциклопедиясын ұстаттым да:
Міне, Балтабек ағаларың жөніндегі қысқа да нұсқа деректерді осы кітаптардан табасыздар. Ол бір кіндіктен тараған туысқан болмағанмен, тілек қосып, сыр бөліскен туған топырақ Кең Жылыойда жастық отын қатар маздатқан жанашыр, ақ көйлек достардың бірі және бірегеш. Бүкіл еліміз соның ішінде Атырау ерекше мақтан тұтар азамат. Қазір "Шевройл" компаниясында бас маман. Өткен жылы "Арал-Каспий аймағының және оған іргелес Каспий маңы ойпатының мұнай мен газға байланысты геологиялық құрылымы" тақырыбында диссертация қорғап, геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Жақында осында келмек. Кездесіп, ұзақ сырласуға келістік,- деп оларды Балтабек Мұқанұлымен сырттай таныстырып өттім.
- Папа, ескі де ежелгі достарыңыз, ізетті інілеріңіз бен абзал ағаларыңыз қаншама?! Соларды ұмытпау мен қадірлеу қасиетін біз басқадан емес, Сізден үйренсек те жеткілікті болар-ау!
- Айтқандарың дұрыс та шығар. Дегенмен, ол жағынан менен оқ бойы озық жандар да жеткілікті бұл өмірде. Солардың көш басында жүрген лайықтылар санатына мен Балтабек ағаларыңды қосар едім. Оған өздерің де әлі талай көз жеткізесіңдер...
Мен Балтабек Мұқанұлының уағдаласқан уақытта Атырауда, өзімнің жұмыс орнымда сағыныса көрістім. Сағынысудың реті де, жөні де бар-ды. Бір-бірімізбен жүздеспегенімізге он жылдың жүзі толыпты. Содан бергі еңбек жолында ол қаншама бұлтарыстан, биік асудан өтті десеңізші! Геология және жер Қойнауын қорғау комитетінің басқарма бастығы, Геология министрінің, Энергетика және отын қорлары министрінің орынбасары, "Қазақстанкаспийшельф" мемлекеттік компаниясы және "Қазақойл" Ұлттық мұнай-газ компаниясы президенттері. Төрт ғылыми монографияның, отыздан астам түрлі ғылыми еңбектің авторы. Бірақ сол қалпы: қарапайым мінез, кішіпейіл кейіп. Ұялы көзі күлімдеп, көңіліңе толассыз шуақ құяды. Ашық маңдайынан шегіне қашқан сирек шаш та келісті келбетінің құтын қашыруға қауқарсыздық танытқан сыңайлы. Соңғы жылдары шетел сөзінің дәмін көбірек үйірген тілі де мүкіс оралымнан ада.
Біз сырласуға арнаған жарты сағат зыр етіп тез өте шыққанымен оның өткен өмір жөніндегі ой-толғамдарын, алдағы күндерге арналған бағыт-бағдарларын айқындап-ақ үлгерді. Азамат үлгі тұтқандар мен үзеңгілес жүргендер хақындағы ең ыстық, ең аяулы, ең қастерлі сезім иірімдерін алға тартты. Ел-халқыма берсем дейтін берекелі, арнасам дейтін абыройлы ісінің айшықты мүсінін сомдап көз алдыма елестетті. Мақаш Балғымбайұлы тағдырындағы беймәлім деректердің бетін ашып, сусын қандырғандай әсем әсерге бөледі.
Ризалық туса көңілің де қанат біткендей серпіледі екен. Сол серпілістің күші ме, әлде бойды "осы бір жәйдің басын ашпай тағы да опынып қаламын-ау" деген асығыстық толқыны биледі ме, қоштасар сәтте мен оның алдына мына бір сұрақ-тілекті көлденең тарттым:
- Балтабек, қазақ мұнайының өткен ғасырында ақыл-ойыңды, білім-білігіңді бәйгеге қосып, талай рет бақ сынадың, батылдық пен батырлықтың үлгісі дерлік игі қадамдар да жасап үлгердің. Енді сол қазақ мұнайының қызығын қыздырып, қиқуын қоздырған жаңа, үмітті де үкілі ғасыр басталған тұста елге, туған жерге, ыстық құшағымызға оралғаның жөн емес пе, біз соны асыға күтіп жүрміз.
Балтабек те дәл осы мазмұндас сұрақ-тілекті асыға күткен жандай ерекше толқып кетті. Аққұба жүзіне қан жүгіріп өткені айқын сезіледі.
- Еш мұқтаждық көрмесе де туған Отанынан қашықта жүру кім-кімге де оңай тимеген. Биыл күзде орталарыңыздан ойып орын алсам ба деген ой-жоспарым бар. Тек денімізге саулық тілейік, ел-халқымыздан азаматын сыртқа теппейтін бауырына тартатын жомарт мінез күтейік. Солай емес пе?
- Әрине, солай. "Адамның толық бақытты болуы үшін аяулы Отаны болу керек" деген ғой бір ғұлама.
- Тауып айтылған сөз. Ал мынау сізге арнайы әкелген жауап хатым. "Барымен -базар" дегендей, Мақаш аға туралы көп айтсам - көпсінбеңіз, аз айтсам-азсынбаңыз, бірақ асыра сілтеген жерім жоқ.
- Рахмет саған!
- Сізге де.
- Біз солай қоштастық.
Оның Мақаш Балғымбайұлы туралы көбігі аспанға атқан сонау көк мұхиттың әр жағында ашық ақтарып, толғана жазған ақиқат сыры төмендегідей екен, ой түйіп көріңіз. Меніңше одан ерте үндескен ыстық та ынтық екі үлкен жүректің дүрсілі естіледі...
Қуандықов Балтабек Мұқанұлы - геология-минералогия ғылымдарының докторы.
Қазақ политехникалық институтын 1971 жылдың жазында бітіріп, жолдасым Ақтоты екеуіміз жолдамамен Гурьев ірілендірілген аймақтық мұнай барлау экспедициясының (бұрынғы Батыс Қазақстан геологиялық бірлестігінің ізі ) сол кездегі бастығы Жұмағалиев Таумұш Нұрышұлы ағамыздың алдына келген едік. Ол кісі "екеуің" бірдей геолог екенсіңдер, орын табу қиын болады-ау" деп біраз ойланғаннан кейін үш ұсыныс жасады: бірі Солтүстік Үстіртегі Каменный, екіншісі Еділ-Жайық арасындағы Исатай, ал үшіншісі Ембі ауданындағы өте терең бұрғылау экспедициясының тұрағы - Биікжал поселкелері. Бұрын бұл жерлердің қай-қайсысын да көрмеп едік. Сондықтан әрқайсысын жұрт айтқан ерекшеліктері мен қиыншылықтарына қарай екшей келе, көз жұмып "Биікжал қайдасың?" деп тартып тұрдық. Біз үшін бұл бағыттың артықшылығы, алғашқы екеуінен кішкене де болса шоқтығының биіктеу көрінгені экспедицияның атағы мен алдына қойылған мақсатына байланысты еді. Ол кезде Кеңестер Одағына аты белгілі екінші нөмірлі ұңғы (скважина) айналасындағы ғылыми жұмыстар геологтар арасында кеңінен сөз бола бастаған-ды. Келген жеріміз елден жырақта орналасқан шағын ғана жұмысшылар поселкесі екен. Ерекше нәрсе поселке іргесіндегі өте биік, сымбатты, кәдімгі аспанға ұшайын деп тұрған ракета сияқты бұрғылау мұнарасы ғана. Бірден экспедиция кеңсесіне маңдай тіредік. Бастығы Дмитрий Семенович Скворцов бізге бір көргеннен-ақ аса дарынды, іскер азамат ретінде көрінді. Бас инженері Өтебаев Болат Қабиұлы, ал бас геологы Балғымбаев Мақаш Балғымбайұлы болып шықты. Міне сөйтіп, 1971 жылдың қыркүйек айы ортасында Мақаш ағамен танысқанбыз.
Ол әп дегеннен кішіпейілдігімен, жарқын көңіл, жұмсақ мінезімен бізді баурап алды. Болашақта істейтін жұмыс бағытымен таныстырып, іс қағаздарын көрсетіп, ұңғыдан шыққан бұрғылау тасбағаны (керн) мен шламның, басқа да материалдардың қайсысы қайда тұрғанын, оларды қандай ғылыми институттардың мамандарымен бірлесе зерттеп жатқанын егжей-тегжейлі айтып берді. Мен үшін, институт қабырғасынан жаңа ғана шыққан жас маманға қазылып жатқан ұңғының, оны қазу мақсатында жабдықталған бұрғылау қондырғысының өзгешелігі мен көлемі, жасалынған ғылыми ізденіс жоспарларының тереңдігі зор әсер қалдырғаны айтпаса да түсінікті. Бұл жер үлкен бір ғылыми-зерттеу институты немесе алып зауыт сияқты болып көрінді.
Осылардың бәрімен таныстыра келе Мақаң кенеттен: "Ал Балтабек, менің осы өңір геологиясының құпияларын зерттеп, Каспий маңы ойпатының тұзасты мұнайының болашағы туралы жасаған тұжырымдарыма негізделген кандидаттық диссертациям бар еді. Сол ғылыми жұмысым біте келді, енді Москваға қорғауға жүргелі отырмын. Сондықтан тезірек жұмысқа шығуыңызды сұраймын",- деді (мен жанұямды түгелдей көшіріп келуге уақыт керек екенін сөз арасында құлаққағыс етіп айтқанмын). Сөзін тұжырымдай келе, СГ-2 ұңғысының айналасында Ленинградтың, Москваның ең белгілі ғылыми-зерттеу институттарының бүкіл дүние жүзіне атағы шыққан ғалымдары жетекшілігімен бірнеше топтың әртүрлі бағытта ізденіс жұмыстарын жүргізіп жатырғанын айтты. "Солармен етене танысып, бірігіп жұмыс істесең талай кандидаттық, тіпті докторлық диссертациялар дайындауға болады",- деді. Мақаңның бұл болжамы, өткір көрегенділігі қаншама жыл өтсе де менің, бүкіл өміріме бағыт берген темір қазық жұлдызы сияқты болады да тұрады. Реті келгесін айтпасқа амал жоқ, менің кейіннен қорғалған кандидаттық және докторлық диссертацияларымның негізі осы жердің геологиялық материалдарынан құралды.
Ол кісінің өзі жаратылысынан солай ма, әлде осы экспедицияға бас геолог болар алдында жасаған қызметінің әсері ме, әйтеуір айналасындағы адамдар көңіліне, олардың жас айырмашылықтарына, жұмыс лауазымдарына қарамастан, тура жол тауып, сыйластық сезіммен өзіне бірден баурап алатын қасиеті бар еді. Аудандық партия комитетінің идеология саласын басқаратын хатшылық қызмет Мақаңның көпшілікпен қарым-қатынас жасау тәжірибесіне, олардың жан-дүниесін білуге көп әсерін тигізген де болар. Кезінде бұндай партиялық басқару жұмыстарына гуманитарлық институттарды бітірген мамандар жіберетін еді. Бірақ, менің естуім бойынша Мақаң геологтық мамандықпен де өзіне тапсырылған осы жауапты жұмысты өте жоғары бағамен, жақсы атақпен орындап шыққан. Тек жүрегіндегі геологияға деген ыстық жалын, мөлдір сезім, терең сүйіспеншілік жоғары орыннан да, лауазым-атақтан да басым болып, алыстағы Биікжалға еріксіз жетелеген сияқты. Кейіннен өз басымнан да осындай құбылыстар өткенін, сонда мамандықты сүю, сыйлау, аңсау сияқты адамның ішкі жан дүниесінің тереңінде жатқан, көпке біліне бермейтін сырлар болатынын аңғарғанымды ашық айтқым келеді.
Сөйтіп, 1971 жылдың қазан айының 5 күні Мақаң Москвада "Каспий маңы ойпаты шығыс бөлігінің тұзасты қабаттарындағы мұнай-газ көздерінің перспективасы" тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты" деген хабарға бүкіл экспедиция қызметкерлерімен бірге мен де қатты қуандым. Ауылға оралған бетте жасаған тойларына да қатыстым. Сол күн, әсіресе, Балғымбай ақсақалдың төбесі көкке жеткендей еді. Иә, мен осы үлкен әулеттің алтын діңгегі - ол кісімен де дастархандас болып, талай рет әңгімесін ұйып тыңдағанмын.
Бірақ менің, өміріме шым-шымдап ене бастаған қуанышты жағдай, асыл ағадан, білікті маманнан тағылым алып, жұмыс тәсілдерін үйрену ұзаққа созылған жоқ. Көп кешікпей, жаңа жылдан кейін-ақ Мақаң "Эмбанефть" бірлестігінің шақыруымен Гурьевтегі жаңа құрылып жатқан Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас геологы қызметіне тағайындалды. Ол аталған бірлестік үшін жаңа мұнай-газ кеніштерін іздейтін және дайындайтын, алдына үлкен мақсат қойылған мекеме еді. Басқарма бұрынғыдай (Биікжалдағыдай) жалғыз ұңғыға қарап отырмай, ондаған барлау алаңдарына геофизикалық әдістермен зерттеу жүргізіп, бұрғылау жұмыстарына жедел кірісуге тиісті. Кетерінің алдында Мақаң маған тағы да бұрынғы басталған жұмыстар, әсіресе ғылыми ізденіс жоспарлары туралы айтып, оларды үзіп алмай, әрі қарай жалғастырудың қажет екенін нақты түсіндірді. Мен сияқты жас маманға бұның бәрі бір мезетте үстіме артылған үлкен бір жүктей болып, біраз есеңгіреп қалғаным да рас. "Енді маған күнбе-күн кім ақыл айтады, жауапты шешімдерді қалай қабылдаймын" деп сасқалақтағаным да ақиқат. Бұл ретте Мақанның сүйікті жары Жонас апамыз туралы бір-екі ауыз сөз айтпай кету дұрыс болмас. Ол ұңғыларды геофизика әдістерімен зерттеуші және одан алынған мәліметтерді тұжырымдаушы (интерпретация жасау) ретінде республикамызға белгілі мамандардың бірі. Біздер Жекеңмен Биікжалдағы атақты СГ-2 ұңғысының материалдарын талқылау үшін талай рет кездесіп, ақылдасып, талай рет бірге шешім қабылдағанбыз. Жонас апаның ақжарқын мінезі, кішіпейілділігі, адамның алдынан жел болып шықпай, әруақытта көмекке әзір тұратын қылығы әркімді өзімен ашық сөйлесуге мәжбүр ететін. Шындығын айтсам мен Мақаңнан гөрі Жонас апаймен жұмыс бабында жиі кездесіп, барлау алаңдарының алдында тұрған бірқатар күрделі мәселелерді тікелей шешуге қатынасқанмын. Мен Гурьевтегі (қазіргі Атырау) геология бірлестігінің геология бағытын басқарған жылдарда Жонас апамыз осы бірлестікке қарайтын Батыс Қазақстан ұңғыларды геофизикалық әдіспен зерттеу экспедициясының тұжырымдау тобының басшысы болып, өз қолынан бірнеше жүздеген ұңғының материалдарын өткізді. Батыс Қазақстандағы мұнай және газ көздерінің бірталайы Жонас апамыздың "батасын" алғаннан кейін ғана кеніш болып, ел керегіне жарады. Олардың ішінде қазір елімізге белгілі Кенбай, Забурунье, Нсанов, Солтүстік Жолдыбай, Имашев, т.б. кен орындары бар.
Иә, Жонас апамыздың ғажайып шебер қолы мен зиялы зердесінен шыққан геофизикалық қорытындылардың (заключение) көптеген ұлы жұмыстардың бастамасы болғаны анық. Жер қыртысынан жаңа мұнай көзін ашу, әсіресе алғашқы рет жаңа барлау алаңында өнімді қабаттардың бар екенін дөптеп айту, оны дәл таба білу өте терең білгірлікті, батылдықты талап етеді десек, міне осындай үлкен жауапкершілікті арқалаған кішкене ғана қазақ әйелінің мойнына өзінің жанұясының күнделікті тіршілігімен қатар бірлестікте қызмет жасап жүрген мыңдаған адамның бақыты мен үмітінің ауыр салмағы түскенін қалай ұмытарсың...
Мақаш Балғымбайұлымен Биікжалда екі айырылған жолымыз кейін сан рет жиындарда, кездесулерде, ғылыми кеңестерде қайта тоғысып, Атырау өңірінің мұнай-газ саласын дамытуға ықыласпен күш салыстық. Жолымыз екі айырылды дейтінім, Кеңестер Одағы кезінде мұнай және газ барлау істері Геология министрлігінің құрамында, ал табылған кеніштерді іске қосу, мұнайды өндіру Мұнай министрлігінің еншісінде еді. Ведомство аралық қақтығыстардың, бақталастықтардың әруақытта негізгі іске - мұнай және газ өнеркәсібін кешенді дамытуға өзінің салқынын тигізіп, көптеген жағдайда екі саланың мекемелері мен мамандарының арасына іріткі түсіргені де шындық. Осындай жағдайға қарамастан, біздің арамызда ешуақытта түсініспеушілік немесе кірбің мінез болған жоқ.Көшенің екі бетінде орналасқан (бұрынғы Ленин көшесі) екі бірлестіктің геология саласын екеуміз басқарған уақытта, бірталай игі жұмыстар істеліп, біздің мекеме барлап, жаңадан ашқан талай кенішті ол еңбек ететін бірлестіктің (сол кездегі "Эмбанефть" бірлестігі) қабылдап алып, әрі қарай оларды іске қосып, ел игілігіне жаратқаны соның дәлелі іспетті.
Осындай қарым-қатынасты көрсететін, соның арқасында істің қалай тез арада алға басқанына мысал болатын мына бір жайды айта кетейін. Ілгеріде айтқанымдай, күні кешеге дейін мұнай мен газ іздейтін барлау алаңдары, жалпы жұмыс істейтін аумақ (территория) екі министрліктің арасында Үкіметтің арнаулы шешімімен бөлінетін. Бұл аймақтар бір дербес мемлекет сияқты еді. Бірінің жеріне бірі сейсмикалық не бұрғылау жұмыстарын, не ғылыми ізденістерді де жүргізе алмайтын. Сондай қиын бір уақытта, ұмытпасам 1986 жылы болу керек, біздің алғашқы ұңғыларымыз Солтүстік Қотыртас алаңынан мұнай мен газдың көзін ашып, біздің болжамымыз бойынша оның жалғасы батыс жаққа қарай созылып жатқан сияқтанды. Барлық материалдарды көтеріп қарасақ тап сол жерден, Шығыс Молдабек алаңының үстімен жоғарыда айтылған екі министрліктің шекарасы өтеді екен. Бір қызығы ол құрылымның (структура) жартысы геологтардың, ал молырақтау бөлігі мұнайшылардың жерінде болып шықты. Сонымен салып отырып "Эмбанефть" бірлестігінің бас геологы Мақаш Балғымбайұлына келдік. Ол кісіге бар жағдайды айтып, екі жақтың материалдарын мамандармен бірлесе отырып қарап шықтық. Бір қызығы, Мақаңның мекемесінің жоспарында да сол жерде ізденіс жұмыстарын жүргізу шаралары қарастырылған екен. Сейсмикалық зерттеу жұмыстарын мүлде бітіріп, Талаев Жақсылық басқаратын "Эмбанефтегеофизика" мекемесі өз жұмыстарын қорытындылап, аталған құрылымды бұрғылау жұмысына дайындап, тиісті құжаттарын Мақаңдарға тапсырып та қойыпты. Бірақ түрлі себептермен "Эмбанефть" бірлестігі соңғы 2-3 жыл бойы бұл құрылымға бұрғы сала алмай жүр екен. Жыл сайынғы жоспарға енгізіледі де, бұрғылау қондырғысының реті келмей, немесе басқа алаңдардағы жұмыстар мұрша бермей, әйтеуір кейінге ысырылып келіпті. Ал біздердің жұмысты тез бастап кетуге мүмкіншілігіміз мол болатын. Сол уақытта аталған жерге жақын маңайға бірнеше бұрғылау қондырғылары шоғырланған-ды (Солтүстік Қотыртас, Кемеркөл, Қожа, Орысқазған, т.б.). Екеуміз ойластырып қарасақ, шынында да, егер геологтардың күшін пайдаланып, жұмысты тез арада бастап кеткен жағдайда алаңды бұрғылап, мұнай мен газ көздері бар-жоғын анықтауға болатыны айдан анық. Ал, жоғарыда айтқандай, шекара, екі министрліктің көзқарастары, тағы да басқа "саяси" мәселелерді заңды жолмен шешу керек болса, істің ұзаққа созылып кететін реті бар. "Ал не істейміз?" дедік бірімізге біріміз. Сонымен әрі ойлап, бері ойлап, мынандай тоқтамға келдік: "Нағыз шекара өтетін жерге (біздің бағымызға орай ол нағыз құрылымның, тұз күмбезінің ең биік жері болып шықты) жедел бұрғылау қондырғысын қоямыз да, оны Қотыртастың атымен атап, тез қазып шығамыз. Егер мұнай немесе газ табылмаса, жабулы қазан жабылуымен қалады. Іздегенге сұраған, мұнай не газ шығып жатса, екі министрліктің алдында бұл мәселені заңды жолмен шешуге жұмыстанамыз"- дедік. Сөйтіп бірінші ұңғыны (ол Солтүстік Қотыртастың нөмірі 27-ұңғысы деп аталады) жартылай заңды, жартылай заңсыз, жедел қазып шығып, оның қиылымының шылқыған мұнай екеніне көз жеткіздік. Қазір 100 жылдық қазақ, мұнайы тарихындағы тұз үсті мұнай кеніштерінің ішіндегі ең үлкені, кезінде (1996 жылы) Елбасының өзі бата беріп, ұңғы тұтқасын өзі ұстап, іске қосқан Кенбай кеніші (бірнеше бөліктерден тұратын болғасын, атауға жеңіл болсын деп және басқа да техникалық себептермен бұрынғы аты өзгертілген-ді) осылай ашылған еді.
Жетпіске келіп кемелденген шағында, әлі бойында қуаты мол, өмірден көргені мен білгені, тергені мен түйгені көп Мақаңның әлде де мұнай-газ геологиясы десе, мұнай өнеркәсібінің келешегі десе құлағы елеңдеп, атсалысуға әзір тұрғанын баса айтқым келеді. Соңғы қызмет істеп жүрген мекемесінде (ЦНИЛ) жас мамандарға қамқоршы болып, табиғат тылсымын зерттеудегі өз тәжірибесін бөлісуі, соны дәлелдесе керек. Мысалы, Каспий қайраңынан мұнай іздейміз деп, алғаш іске кіріскен күннен бастап оның істелетін жұмыстардың жоспарлары мен нәтижелерін қалт жібермей қадағалап, қоғамдық тыңдауларда, арнаулы тұсаукесерлерде (презентацияларда) жоғары белсенділік танытып, түбегейлі сұрақтар беріп, әруақыт қызығушылық, жанашырлық білдіріп жүргеніне бәріміз куәгерміз. Осы Каспий қайраңынан алынған геологиялық, геофизикалық материалдарға шұқшия үңіліп, оларды өзі терең білетін, талай маңдай тері сіңген Теңіз кеніші материалдарымен салыстырудан да жалыққан емес. Себебі, бұл ел тарихында, оның ішінде мұнай және газ саласында басталып жатқан мүлдем жаңа бағыт, мүлдем соны қадам. "Осындай үлкен шаруаның бел ортасында өзім болмадым-ау" деген, кез-келген геологқа тән қызығу мен құлшынудың Мақанда да бар екенін, сонымен бірге өзінің асатаяғын қолға алып, ісін әрі қарай жалғастырған балаларының жетістіктеріне шексіз қуанатынын жақсы білемін. Тіпті жан-жағына қараса Балғымбай ақсақалдан тараған мұнайшылар әулетінің мұнайдың жаңа ғасырда жемісті жалғасар ұлы жорығында өзіндік үлесі мен орны боларына көзі жетіп, көңілі жайлана түсетінін де жүрегіммен сезінемін.
Ильясов Мұрат - Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясының бұрынғы қызметкері, зейнеткер:
Мақаш Балғымбайұлы туралы ойлап, өзімнің өмір жолыма барлау жасай бастасам, сонау Жылыой өңіріндегі Мұнайлы, содан сәл әріректегі Биікжал елді мекендері дереу еске түсе кетеді. Бір кезде ол жерлерде де қызу тірлік, қайнаған еңбек, арманшыл адамдар болғаны ойға оралады. Оны қазір біреу білер, біреу білмес. Бірақ олардың біздің жадымызда мәңгілік орнығып қалғаны ақиқат-ақ нәрсе.
Биікжалда алдына 7000 метрлік тереңдікті бұрғылап, тұзасты қабатынан мұнай мен газ қорын іздестіру міндеті қойылған өте терең бұрғылау экспедициясы жұмыс істеді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жас, бірақ тәжірибесі мол, өз ісіне шынайы берілген мамандар шақырылды.
1968 жылы мен де жұмыс орнымды ауыстырып, экспедицияның өндірістік-техникалық бөліміне келдім. Сонда жергілікті мамандар - бас геолог Мақаңмен, бас инженер Болат Қабиұлы Өтебаевпен және бұрғылау ертінділері лабораториясының бастығы Тамара Михайловна Фофоновамен кездесіп, істес болып, әрқайсысының бойынан еңбекте де, тұрмыста да талай тамаша қасиеттерді танып-білдім.
Мақаң менің көңіліме ең алдымен тәрбиелі адам ретінде орнықты. Қандай адамның да жеке басын ардақтай біледі. Әруақытта мейірбан, мәдениетті, жайдары. Көп сыр шашпайды. Мылжыңдық пен пәтуасыздықтан мүлдем ада.
Көп кешікпей оның терең білімің, білген үстіне біле түссем дейтін ынтасын аңғардым. Үнемі ізденіс үстінде жүреді, өндірістегі іс-қимылды жіті қадағалап, қай істе де өмірмен деңгейлес болуға тырысады. Тым жинақы. Ойға түйгендері ме, алдағы жұмыстардың жоспар-жобасы ма, әйтеуір шұқынып, бір нәрселерді жазады да жатады. Шамасы, сол кезде-ақ ол болашақ диссертациясы үшін материалдар жинақтап жүрсе керек.
Экспедицияға Мәскеуден, Ленинградтан ғалымдар, республиканың Геология министрлігінен министр, оның орынбасары, басқарма бастығы, тағы басқа лауазымды адамдар жиі келетін. Олардың сұрақтарына нақты жауап беру, өндірістегі жағдайды толық, жан-жақты баяндау тым оңай шаруа емес-ті. Сондайда Мақаңның өзіне тиісті саланың жетістігі мен жетпестігін байсалды қалыпта баяндауы, перспективалық мәселелерді дөп баса білетіндігі бізді әбден риза ететін. Пікірлері әрқашан айқын, дәл, өткір, сыйымды да қысқа болатын. Өндірісте істеп жүргендердің көбінде бұндай талант көзге түсе бермейтін.
Біз Биікжал арқылы үлкен сыннан өттік. Бұрғылау мен сынау жұмыстары барысында тұзасты қабаттарында көмір сутектің үлкен қоры бар екені дәлелденді. Биікжалдағы терең ұңғыны қазу тұзасты мұнайы мен газына барар ұзақ жолдың бастамасы болды. Оны Теңіз кен орнының баспалдағы десек те лайықты.
Аталмыш баспалдақта табанының ізі қалғандардың бәріде мен бақытты, ал одан биікке өрлеп, Теңіздің тұңғыш ашушысы атанған Мақаңды екі, тіпті үш есе бақытты жан деп есептеймін.
Осы тұста «еңбекте елеулі табысқа жеткен жанның тұрмыстағы тірлігі қандай» дейтін сұрақ-сауалдың тууы әбден ықтимал. Менің бұл тұрғыда көріп-білгендерім ешкімді таңғалдыра қоймаса да, мынаны айтқым келеді: бұл әулетте қазақ халқының әдет-ғұрпын, адамгершілік мақсат-мұраттарын өте жетік білу және оларды қадірлеу бірінші кезектегі міндет-тұғын. Балғымбай қарттың жыл сайынғы наурызда өзі қатарластарды қасына ертіп, қарт аналарға көрісуге шығатыны өте әдемі шара еді.
- Әңгіме тамақ ішуде емес, үлкендерді сыйлай білуде, алғыс алуда, - дейтін ол өз бастамасының мәнін түсіндіргенде.
Ал, Мақаң біз үшін Балғымбай атамыздың көзі, өмірінің жалғасы. Оның жайғасып отырған қалпы, нұрланған жүзі, әрекет-қимылы әкесінен бір ауса қайтерсің?!
Әрине, Мақаңды жетік білген соң одан Жонас та сырт қалмайды ғой. Оны ақжарқын, кішіпейіл мінезі үшін ғана өмір бойы сыйлап өтуге болар... Оған жолдастарға, жақын-жуыққа, ағайын-туысқа елжіреп тұрар көңілін қосыңыз.
Өмірдің тек жұмыстан ғана тұрмайтыны өз-өзінен түсінікті. Сондықтан біз Биікжалда да, басқа жерлерде де демалыс, мейрамдарды бірге, сәнді өткізе алдық. «Арақ біздің жауымыз, оны ішіп құртуымыз керек» дейтін-ді бір асаба, біз сол тұрғыда да аз-кем жұмыстанып көрдік. «Зерделі ой, сергек сезім иесі» деп Мақаңа дастархан басқару билігін берсеңіз оны дөңгелетіп әкетеді, «Сұлу саз, сиқырлы ырғақты сүйеді» деп вальс биіне қосыңыз, оны жоғары дәрежеде орындап шығады! Бұл «құпияны» өзгелер білмесе де, біз білеміз. Оның «Есть афганцы и есть биикжальцы» дейтін қанатты сөзі де жанға жақын сөз...
Жолтаев Герой Жолтайұлы - Қазақ ұлттық-техникалық университетінің кафедра меңгерушісі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Кен ресурстары жөніндегі академияның академигі, геолог-мұнайшылардың американдық-европалық ассоциациясының мүшесі.
Менің өмірімде Кеңқияқ, Тепловск, Қаратөбе, Жаңажол, т.б. алаңдар секілді Биікжалдың да орны бөлек. Мен Биікжалға жазғы демалысымда өзім, кейде студенттермен бірге келіп, ғылыми жұмысыма нәр, қорек іздедім. Ол кезде мені Каспий маңы ойпатында тұзүсті және тұзасты шөгінділерінің құрамы, олардың солтүстік, солтүстік шығыс, шығыс және оңтүстік шығыс ернеулік аймағы бойынша қуатының жылжу сатысы мен сапасының өзгеруі, мұнай мен газдың тілмелер мен алаңдар бойынша бөліну заңдылықтары қатты қызықтыратын.
Мен сол тұста Каспий маңы ойпатына қатысты «Каспий маңы ойпатының шығыс шетіндегі триас шөгінділері», «Каспий маңы ойпатының шығыс шетінде тұздың шоғырлануының морфологиялық түрлері», т.б. тақырыптарға ғылыми мақалалар жаздым.
Чернигов қаласында өткен II ведмоствоаралық симпозиумда «Каспий маңы ойпатының шығыс шетінде күмбезаралық кеңістік құрылымы туралы» баяндама жасағаным бар. Осының бәріне дем берген ортаның бірі Биікжал болғаны өте-мөте қуанышты. Биікжалдағы экспедицияның шаруашылық жөніндегі қызметін дөңгелетіп жүрген Әспенов Алпамыс пен зайыбы Салтанаттың ілтипатына талай мәрте бөлендім. Сол үйден ішкен шұбаттың дәмі күні бүгінге дейін таңдайымда. Алпекең шұбатын мақтасаң түйесін, түйесін мақтасаң Биікжалдың бұйырғынын, бұйырғынды мақтай бастасаң Салтанат апаны, ал Салтанатты мақтасаң Таз дейтін үлкен руды көкке көтере мадиықтанатын. Кейін біз Жем өзенінің Каспий теңізінен сонау Башенкөлге дейінгі құрамына Қараоба, Сарқасқа, Биікжал, Үлкентөбе, Мақат, Пустынная, Оңтүстік Қараман, Қонысбай, Неселбай кіретін құрылымды бұйырғынның құрметіне Бұйырғын сатысы деп атадық.
Биікжалда Мақашпен, оның отбасымен, қылығы қызық, кейін өзімнің талантты студентім болған олардың ұлы Ғарифолламен танысып, білістім. Ол Мақаштың да ғылымға бет бұрған кезі-тұғын. Екеуміз бір-біріміздің зердемізге күн сәулесі секілді шуақ түсіріп, үнемі ақылдасып, болашақ кандидаттық диссертацияның жобасын белгіледік. Мен оның іздемпаздығына тәнті болдым. Сенімі де мықты еді.
Есқожа Базар Аташұлы - ФИОК компаниясының геологиялық барлау жөніндегі бас менеджері.
Әр адам туралы әсер онымен алғаш кездескен сәтте туып, мезгіл өткен сайын пайымдалып, тиянақталатын сияқты.Ең бастысы - ол туралы түйінделген сөзім көп алдамайды, жылдар барысында расталады да. Мен еңбекке ертерек араласып, геолог-мұнайшылар арасынан Нәрен Имашев, Сапар Қарымсақов, Жолдасқали Досмұхамбетов сынды абзал азаматтарды бұрынырақ көріп қалғам-ды. Ал, Мақаш ағаны естіп-білгенмен жұмыс бабында тек жетпісінші жылдардың орта шенінде ғана кезіктіріп, жақынырақ таныстым. Мақаң бір көргеннен-ақ өзінің шырайлы да дарқан келбетімен баурап алды. Сабырлы мінезбен асықпай тыңдап, мен үшін таудай көрінген шағын шаруамды лезде тындырып та жіберді. Туа біткен ұқыптылық пен байсалдылықтың өмірден жиған мол тәжірибенің нәтижесі екенін анық сезгендей болдым.
Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Астанада
Бұрынғы «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің қамыстан тұрғызылған ескі ғимаратындағы кездесуден алған әсер, бұл.
Одан кейінгі ұшырасулар (қызмет бабында, отбасында, жауапты жиындарда) Мақаңның кеңпейіл азамат, ортаның адамы екенін аңғартып, оған деген сенімімді нығайтты. Мен ол кісіге шынайы ізетпен қарайтын болдым.
Егер тереңірек зер салсаңыз, үлкендерге тән қамқорлықты да, жұмысқа деген тиянақтылық пен жауапкершілікті де сол кісіден табасыз. Олай дейтінім, бірге қызметтес болған 1995-1997 жылдары бастаған істі бізден бетер қадағалап, әбден бітіргенше тыным тапқан жоқ және жәй бітіре салу емес, әдемі бітіруді қалайтынын бүкіл болмысымен аңғартып отырды.
Мақаңның өмірге құштарлығы өте жоғары. Әсіресе жақын көретін адамдар арасында өзін өте жақсы сезінеді, еркін отырып, көсілте әңгіме айтады, әндетеді, құрдастарын әзілге тартады.
Маған «Мақаш - аға жоғары лауазымды мұнайшылыққа қоса, іргелі ғылым жолында да ірі табыстарға жете алар еді-ау» деген ой маза бермейді. Алайда, ғылыммен түбегейлі түрде айналыспаудың да, сірә, өзіндік бір себептері болған шығар.
Мақаң өзі еңбек еткен ортада лайықты ізбасарлар даярлай алды ма? Алда-жалда маған біреу осындай сұрақ қойып жатса мен: «Осындай қиын-қыстау мезгілдегі Ембі мұнайшыларының жемісті жұмысы Мақаңның осы айтылған бағыттағы қажырлы іс-қимылының куәсі, әрі нәтижесі» деген болар едім.
Есқазиев Орынғазы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Адамдардың бір-бірін танып-білуінде белгіленген шеңбер жоқ қой. Біреумен жұмыс басында, біреумен сапар үстінде, ал енді біреумен жиналыста ұшырасып, етене таныс болып кетесің.
Мен Мақаш Балғымбайұлымен 1960 жылдың басында Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында геологтардың бас қосуында танысқан едім. Онда жан-жақты пікірлесіп, байыпты ой бөлісудің сәті түсе қоймады. Бірнеше сағаттық баяндамалар мен жарыссөздерден кейін кімнің неге мұршасы келгендей, бәріміз бірдей тез бытырай жөнелдік.
Сонымен терең танысудың сәті 1964 жылы ғана түсті. Онда Мақаш Балғымбайұлы Жылыой аудандық партия комитетінің хатшысы еді. Батыс Қазақстан өлкелік партия комитеті Ақтөбе қаласында үлкен жиналыс өткізетін болды да, мен «Прорванефть» мұнай-газ өндіру басқармасының бас геологы әрі басқарма аппараты бастауыш партия ұйымының хатшысы ретінде соған шақырылып, Мақаңмен бірге жолға шықтым. Құдай иінін келтірді деген сол, барғанша, барған соң және келгенше қапысыз әңгімелесіп, сыр бөлісіп, екеуміз де құмардан шықтық. Ол өзінің туған жері, балалығы өткен Ескене мен Байшонасы, алғаш еңбек жолы басталған Опорныйдағы №2 ұңғыма, одан соң Комсомол, Қосшағыл кеніштері туралы, мен кіндік қаным тамған Индер және жұмыс істеп жатқан Прорва кеніші, ондағы тамаша адамдар қақында сөз қозғадық.
Жасымыздағы айырмашылық небәрі үш-ақ жас екен. Қазақтың құрдастыққа тән әзіл-қалжыңына сай сөз жарыстыруды да ұмытпадық. Басшылық қызметін салық етіп, керілудің бірде-бір белгісі байқалмайды, қарапайым. Бет-әлпетінен жылылық, жұмсақтық, ойлылық, аңғарымпаздық лебі есіп тұр.
Ол кезде менің басыма жұмыстас болармыз деген ой кіріп те шықпаған. Он төрт жылдан кейін оның да орайы келді. 1978 жылдың наурыз айында «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің бас геологтығына тағайындалды. Ал, мен 1976 жылдан бері сол бірлестікте геология бөлімінің бастығы болып істейтінмін. Бұл табысуымыз ұзаққа созылып, жиырма жылдай қоян-қолтық жұмыс жасадық.
Осы жиырма жылда мұнай өнеркәсібінің қам-қаракеті бізді қайда апармады?! Мәскеуге, Бакуге, Ташкентке, Саратовқа, тағы басқа ондаған қалаға бірге бардық. Одаққа атақ-даңқы жайылған талай геологпен кездестік. Олар біздің бірлігімізге, достығымызға, сыйластығымызға әруақыт таң қалатын. Сөз жоқ, бөгде адамның сынай қарайтын кезі де аз кездеспейтін. Біз олардан да сүрінбей өтуге тырысатынбыз. Сондайда Мақаң әрбір сөзін өлшеп-пішіп, екшеп, ой елегінен өткізе айтып, өзінің жоғарғы мәдениеттілігін, терең білімін паш ете білетін. Ұлт абыройына сызат түсірмеуді ең биік парыздарының бірі санайтын.
Ол сыртта қандай мінез-құлық ұстанса, өз ортамыз санайтын іште де сол қалпынан айнымайтын. Еңбек сүйгіштігі мен шебер ұйымдастырушылық қабілетіне қоса, үнемі ар-ождан алдында таза болуды, барынша адал сөйлеуді қалайтын. Қандай қыспаққа түссе де шындықтың жақтаушысы болып қалатын.
Жұмыстың аты - жұмыс. Бірлестіктің бастығы Бөкеңмен (Бөлекбай Сағынғалиевпен) талай мәрте ұрсысып, артынша қайта жарасқан кездер де болатын. Мақаш сондай тұста тайсақтамайтын, өзіне тән сабырлылықпен, салқынқандылықпен әңгіме арнасын сыпайы түрде сабасына түсіруге тырысатын.
Осының бәрі геологтар қауымының арасында өзара түсіністікті қалыптастырды, ынтымақты, сыйластықты күшейтті.
Ақыры біз жанқиярлық ісіміздің ірі жеңісіне, әлемдегі ең алып кеніштердің бірі Теңіздің ашылуына қол жеткіздік. Мен Мақаңмен бірге осы кен орнын тұңғыш ашушы атанғанымды және онымен сонау алпысыншы жылдарда басталған достық, жолдастық қарым-қатынасымның жемісті әрі жеңісті жетістікке жеткізгенін әркез мақтан тұтамын.
Өмірдің бізге мырзалықпен берген тағы бір үлкен сыйы бар. Ол - «тату көршінің тағдыры мен ошағы бір» дегендей, ынтымағымыз бен ырысымызды молайтқан тату көршілігіміз. Осы тұрғыда Мақаң қарапайымдылығымен, кішіпейілдігімен ерекшеленсе, оның зайыбы Жонас Үмбетей жырау айтқандай:
Кісіні көрсең, есікке,
Жүгіре шық, кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар несіпке! –
дейтін жанның нағыз өзі. Қолы ашық, пейілі кең, жүрегі жомарт адам. Оның жанұядағы үлгі-өнегесінен және еңбектегі ерлікке татырлық ерен іс-әрекетінен жазушы болсам бір көркем шығарма жазар едім. Әттең, ондай қабілет маған дарымаған...
Айтпақшы, Мақаңның тәлімгерлік тағылымы да өлшеусіз әрі баға жеткісіз құнды. Мәселен, ол еңбек еткен «Ембімұнай» бірлестігіне қарасты алты мұнай-газ өндіру басқармасы, екі барлау-бұрғылау басқармасы мен ұңғыларды күрделі жөндеу конторы болса, сол кәсіпорындарда жиырмадан астам өздерін Мақаңның шәкірті санайтын «геологтар армиясы» жұмыс істеді. Көбі қазір жоғары лауазымды жұмыстарда жүр. Олар: Досмұхамбетов Махамбет, Қожабаев Алмас, Мұқашев Серік, Жәмекешов Арман, Есқазиев Құрманғазы, т.б.
Иә, Мақаш Балғымбайұлы өмірлік өнегесі мол, дүние танымы кең, бетке ұстасақ беделі, арқаға ұстасақ панасы жетерлік жан болатын.
Фофонова Тамара Михайловна — пенсионерка
В Биикжальскую экспедицию сверхглубокого бурения скважины № СГ-2, я приехала в 1970 году в июне месяце, переводом из Центральной лаборатории, тогда управления «Казнефтегазразведка», на должность старшего инженера химика, затем зав. лабораторией по обработке бурового и цементного растворов.
Макаш Балгимбаевич был главным геологом Биикжальской экспедиции сверхглубокой скважины СГ-2.
Моим прямым техническим руководителем был главный инженер экспедиции Булат Кабиевич Утебаев. В то время ствол скважины в подсолевом разрезе был сильно осложнен и углубление его проводилось большими трудностями. После каждого спуска бурового инструмента в башмаке 8 технической колонны приходилось по несколько часов обрабатывать буровой раствор химическими реагентами и только после приведения параметров качества его согласно требованиям технологического регламента с проработками достигали забоя и проводили углубление скважины. Спать приходилось 3-4 часа в сутки. Все главные специалисты, главный инженер Утебаев Б.К., главный технолог Ильясов Марат и начальник экспедиции Скворцов Д.С. во время проработок и бурения попеременно находились на буровой площадке. Никто не считался со временем, день это или ночь или рано утром. Вместе со всеми принимал участие и Макаш Балгимбаевич.
Как главный геолог экспедиции он строго спрашивал за соблюдение параметров качества бурового раствора и технологии бурения согласно технологического регламента бурения скважины СГ-2.
Требовал качественной подготовки ствола скважины перед проведением геофизических работ. Но все это он делал деликатно, без эмоций.
За время совместной работы с Макашем я не слышала от него грубого слова, поставленные задачи передо мной или другими работниками он объяснял доходчиво.
Вместе с тем, он находил время и для работы над кандидатской диссертацией и защитил ее еще работая в экспедиции.
Макаш Балгимбаевич был и хорошим общественным работником, членом партбюро первичной парторганизации экспедиции.
Много помогал мне советами как секретарю партбюро. Он хороший семьянин, конечно благодаря его супруги Жонас. В свободное время мы семьями собирались в праздники или отмечали какие-то события на скважине или в семье (спуск хвостовика, цементировка, защита диссертации и т.д.).
После защиты кандидатской Махаш вскоре переехал в г.Гурьев.
Сама я в Биикжальской экспедиции проработала до марта 1976 года. Забой скважины был достигнут до глубины 6252 метра. Проведены первые испытания на нефть и газ.
ӨРІСТІ ОРТА ЖӘНЕ ӨСКЕН ӨРКЕН
Өткенге қарап бас иіп, ертеңге қарап білек сыбанған Мақаш Балғыйбайұлы мен оның мың сан әріптестері ерен еңбек үлгісін көрсетіп, Отанымыздың - туған Қазақ елінің бүгіні мен келешегі үшін көкжиегі кең, өрісі мол ортаның қалыптасуына дәнекер бола білді.
1993 жылдың алтыншы сәуірі күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев пен американдық "Шеврон" корпорациясының өкілдері қол қойған келісім-шарт нәтижесінде "Теңізшевройл" қазақ-американ бірлескен кәсіпорны дүниеге келді. Екі жақты келісім тең тұрғыдағы серіктестердің 40 жыл мерзімде Теңіз кенішін игеруіне жол ашты. Осынау аса маңызды жобаның құны 20 миллиард долларға бағаланды және болжамды есептер бойынша ТШО-ның өндірістік қуаты жылына 36 миллион тонна мұнай өндіруге жеткізіліп, қырық жылда осы кеніштен шамамен 775 миллион тонна мұнай алынатыны айтылды.
Әлбетте, бұлар алғашқы есептер ғана. Теңіз кеніші өзінің құпиясын әлі толық ашып болған жоқ. Бірлескен кәсіпорын өзінің қуаты мен мүмкіндіктерін әлі толық саралап болған жоқ.
Бірақ, бір нәрсе айқын. Теңіз кенішінің ашылуы Каспий маңы ойпатындағы тұзасты түзілімдерінде көмір сутекті шикізаттар қорының мол екенін дәлелдеп берді.
Бұл жердің байлығы жөніндегі ғылыми болжамдарды мұнай өндірісінің мамандары, геологтар сонау отызыншы жылдарда-ақ айтқан-ды. Бірақ, техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі оны игеруге мүмкіндік бермеді. Облыс орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 750 шақырымдай қашықтықта жатқан бұл кен алаңы жетпісінші жылдарда ғана жан-жақты зерттеліп, алғашқы ұңғылар қазыла бастады. Ал, 1979 жылы Теңіз кенішінің ресми түрде ашылуы байтақ еліміз, арманшыл халқымыз, соның ішінде мұнай астанасы атанған Атырау мен Атырау облысы үшін аса маңызды оқиға болды. Ол соңғы жиырма бес жыл ішінде ашылған әлемде теңдесі жоқ бай кеніш саналады. Оның жалпы аумағы 400 шаршы шақырым жерді алып жатыр. Қоры - мұнайы мен газы бірнеше миллиардтармен есептеледі.
Әрине, бірлестіктің бас геологы өз қызметін тар шеңберде қалдыра алмады. Ол Теңіз кеніші ашылғаннан кейін де бұрғылау жұмыстарының ауқымын кеңейту және жаңа кен орындарын игеруге беру есебінен мұнай өндіру көлемін тұрақтандырудың ұзақ мерзімдік бағдарламасын жасады. Осылайша 1979-81 жылдарда тек Қосөзен аралығынан жылына екі миллион тоннаға жуық мұнай өндірілді.
Қарашүңілдегі белгі қою салтанаты. Мінбеде Мақаш Балғымбаев (1999 ж.)
Қазақстан мұнайының 100 жылдық салтанаты кезінде. Солдан оңға қарай: М. Балғымбаев, Б. Сағынғалиев, С. Өтебаев, В. П. Токарев (1999 ж.)
Мұнай өндіруді тұрақтандырып, жеделдету саласында қабатқа су айдау, ұңғылардың забой маңы аймағын әр түрлі химиялық реагенттермен өңдеу, қабат ішілік ылғал жандыру бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізу және тұтқырлығы жоғары өнімді қабаттарға ыссы су айдау бағыттары елеулі роль атқарды. Көптеген кәсіпшіліктерде қабат қысымын бір қалыпта ұстауға жәрдемдесетін қондырғыларды қайта жаңғырту, оларды жобалық қуатына жеткізу жаппай қолға алынды.
1981-84 жылдары бірлестікте іздестіру, барлау-бұрғылауы көлемі 1,4 есе өсірілді. Пустынный, Қаратон, Солтүстік Қолтық, Оңтүстік Тәжіғали тұтастай барлау алаңына айналды шығыс Мақат, Мәтен, Оңтүстік шығыс Новобогат, Грядовая, Орталық және Шығыс Прорва кен орындары ашылды. Бәйтөбетарал, Береговая, Солтүстік Ақнияз, Солтүстік Торғали, Шығыс Көкарна, Оңтүстік Батыс Доссор құрылымдары оң нәтижелер берді.
Бірлестікте іздестіру бұрғылауымен бірге пайдалану бұрғылауына көп көңіл бөлінді. Бұл орайда істе тұрған кен орындары аумағын бұрғылау жүзеге асты, сондай-ақ, Солтүстік Жолдыбай, Мәтен, Шығыс Мақат секілді кен орындары игерілуге тапсырылды.
Жыл сайын кәсіпорындарда ұңғылар шығымын бір деңгейде ұстау және көтеру үшін 800-900 геологиялық-техникалық шара іске асырылып, қосым 150-180 мың тонна мұнай өндіруге, ұңғылардың ескі қорында мұнай өндіру деңгейін өсіру мүмкіндігі туды.
Балғымбаев Мақаш басқаратын геологиялық қызметтің 1986-90 жылдардағы жұмыс нәтижесі бірлестікте жоспардағы 5538 мың тоннаның орнына 7185,6 мың тонна мұнай өндіруге жол ашты. Ілеспе газ өндіру жоспары да асыра орындалды.
Дәл осы кезде кен орындарын қатарға қосуда принципті жаңа жүйе — көлденең ұңғымалар қазуға бетбұрыс жасалды. Дүниежүзілік және отандық тәжірибе көрсеткеніндей, оларды пайдалану кезінде ұңғыма шығымының тіке қазылған ұңғымалардағымен салыстырғанда 5-6, тіпті одан да көп есеге өсетіні, шығындардың азаятыны белгілі болды. Тұңғыш рет Ескене кен орнында көлденең ұңғымалар қолданылып, оқпан бойынша 950 метр тереңдік бұрғыланды.
Қашаннан геологиялық қызметтің әсіресе, бас геологтың басты жетістігі геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру екені белгілі. Жоғарыда көрсетілген бес жыл ішінде қор өсімі жоспардағы 40 миллион тонна орнына 47,4 миллион тоннаға жетті. Тиімділік 183,2 тонна метрді құрады.
Тамаша әрекет иесі — Балғымбаев Мақаш осылайша терлеп еңбек етіп, діттеген межесіне, ойлаған тілегіне жетті.
1988 жылдың 10 наурызында Мәскеуден Атырауға қуанышты хабар келіп жетті. Онда бұған дейін геология-минералогия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне қол жеткізген (1971), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген геолог-барлаушысы» құрметті атағын иеленген (1981), «Мұнай өнеркәсібінің үздігі» омырау белгісін алған (1981), «Құрмет белгісі» ордені (1986) мен «Еңбек ардагері» медалімен (1986) марапатталған Балғымбаев Мақашқа КСРО Геология министрлігі алқасының шешімімен «Теңіз кен орнын тұңғыш ашушы» дипломы және омырау белгісі берілгені хабарланды.
Шығыс Мақаттың ашылуына байланысты өткен салтанат сәті
Теңізбен талай күн, талай түн қатар толғанған, қатар толқыған көңілдің сол күнгі толқуын көрсеңіз?!.
Мақаш қуанышты хабар жеткен сәтте телефон құлағына жармасып, өзімен бірге осындай атақ алған бұрынғы көшбасшысы Сағынғалиев Бөлекбайға ортақ қуанышқа орай «құтты болсын!» айтуға асықты.
Мақаш еңбегінің өтеуі жоғарыдағылармен де аяқталмаған екен.
1991 жылдың 31 мамырында Мәскеу телефоны Балғымбаевтар әулетіне тағы бір қуаныш жеткізді.
— Мен министр А.Диньковтың көмекшісімін, - деді ашық та ұяң дауысты жігіт. Бүгін Сізге министрліктің және мұнай мен газ өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағы Орталық Комитетінің шешімімен мұнай өнеркәсібінің дамуына қосқан зор үлесіңіз үшін «Құрметті мұнайшы» атағы берілді. Министрдің құттықтауы мен жемісті еңбек, мол бақыт тілеген тілегін қабыл алыңыз!
— Рақмет! - деді Мақаш телефон тұтқасын қыса ұстап. - Еңбек демалысында жүрген мені министрліктегілердің іздеп тауып алып, ілтипат көрсеткені қандай ғанибет еді!
Тойдан кейін той. 1995 жылдың 4 сәуірі күні үлкен әулет қара шаңыраққа қарай тағы да асыға ағылды. Бұл жолғы салтанат Мақашты Батыс Қазақстандағы бірегей Теңіз мұнай кен орнын ашқаны үшін Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болуымен құттықтауға арналған-ды.
Жалпы мұнайлы Ембіде Мақаш кіндігін кескен тұңғыштар саны жиырмадан асып жығылады. Әрине, бәрі бірдей Теңіздей алып емес. Бірақ, жинақтай келгенде теңізге құятын арналы сағаларды көзге елестетеді. Пайдалы қазбалардың кен орнын ашқаны үшін мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы солардың ішінен үшеуінің: Ботақанның, Шығыс Мақаттың, Орталық және Шығыс Прорваның кіндік әкесін Балғымбаев Мақаш деп таныды.
Әлбетте, Мақаш «берерімді бердім, аларымды алдым, мұнайлы өлкенің енді маған еш өкпесі болмас» деп, жұмсақ көрпе мен көпшікке жантая кетер жан емес еді. Сол мінезін 1993 жылы «Республика алдындағы аса зор қызметі үшін» құрметті демалысына шыққаннан кейін де көрсетіп, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты орталық ғылыми-зерттеу лабораториясының геология бөлімінде жұмысты одан әрі жалғастырды.« Күш-қуатым барда егеменді елімнің игілігіне бойымдағының бәрін де сарқып беруге әзірмін» дейтін ұлағатты жан.
Махамбет көшесіндегі үш қатарлы ғалымдар үйіндегі жастар оны мұнай өнеркәсібінің абызы санады және күн сайын жарқыраған ашық маңдайын, «сәлеметсіз бе, айнам» дейтін шуақты сөзін естіп, әдемі жымиысын көруге асықты. Ол күллі мұнайшы қауымның құрметтісіне айналды.
Нағыз бақыт дегеніңіз осы емес пе?!
Мақаш өзі ұлағатты ұстаз бола тұра өз ұстаздарын, үзеңгі қағысқан дос-жарандарын, ісін одан әрі жалғастыратын зерделі шәкірттерін, солармен бірге қуанышта да, қиындықта да қасынан табылатын зайыбы Жонасты да ұдайы ізгі жүрегінің жылуына бөлеп, алғысын білдіріп отыратын. Ол лекте ұстаздары: Досмұхамбетов Жолдасқалиды, Кочетков Иван Ивановичті, Хакимов Ғалымжанды; қатарлары: Белько Юрий Антоновичті, Дәулетов Қожыбайды, Рахметов Мақашты, Есқазиев Орынғазыны, Қарабалин Әбілқайырды, Жетібаев Жолдасты, Бекжанов Маралды, Нұрмұханов Айтмұханды, Досқалиев Аманқұлды; шәкірттерінен: Еламанов Болатты, Намазов Сәбитті, Таханов Болатты, Талаев Жақсылықты, Қожабаев Алматты, Жәнекешов Арманды, Ерниязова Ғалияны, Кенжебаева Айманды, Сарғұнанов Рамазанды алдымен атайтын.
Жонасқа келсек, ол да табанды, білгір, тәжірибелі маман. Отыз жыл геофизика саласында жемісті еңбек етті.
Ол - Мәскеудегі мұнай институтын 1957 жылы кен инженері-геофизик мамандығы бойынша бітірген алғашқы қазақ қызы. Сол жылы еңбек жалын бастап, 1972 жылға дейін Доссор, Құлсары, Қосшағыл кәсіпшіліктерінде, Биікжал аса терең бұрғылау экспедициясында инженер-оператор, геофизик, аға геофизик, интерпретациялау топтары мен партияларының бастығы болып, Ембінің дархан даласы жағдайында еңбек етті. 1972 жылмен 1987жыл арасында ұңғыларды кәсіпшілік-геофизикалық тұрғыда зерттейтін Батыс Қазақстан экспедициясының бақылау - интерпретациялау партиясының аға геофизигі, бастығы болып, Тортай, Қонысбай, К Гоневская, Бегайдар, Лиман, Шөлкара, Манаш, Боранкөл, Табынай, Жусалысай, Айменбет, Өскімбай, Қисымбай, Жаңаталап, Орысқазған, Қаламқас, Қаратұрын, Сарқұмақ, Терешковская, Үлкентөбе, Молодежная, Равнинная, Қордуан, Сазанқұрақ, Байзақ, Тұрғызба, Мәткен, Қаражамбас, Жыланқабақ, Дәулеталы, Саршағыл, Кемеркөл, Құлсары, Табынай, Сырлыбай, Биікжал, т.б. кен алаңдарында геофизикалық зерттеулер жасап, жан-жақты қорытындылар беріп отырды.
Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Облыстық әйелдер съезіне, қалалық, аудандық, облыстық партия конференцияларына делегат болып сайланды. Еселі еңбегіне орай экспедициялардың, Геология министрлігінің, Қазақстан Компартиясы Орталық. Комитетінің Құрмет грамоталарымен, "Ерлік еңбегі үшін", "Еңбек ардагері" медальдарымен, "Социалистік жарыс жеңімпазы", "Жер қойнауын барлаудағы еңбегі үшін" белгілерімен марапатталды. Есімі республиканың Алтын кітабына жазылды.
Жонас жұмыс үстінде
Өрісті орта деген осы!
Өрісті ортада мың сан өскен өркендер бар. Соның бірі Балғымбай ақсақалдың өркені.
Жетінші сұхбат.
Автор. Мана бір сөзіңізде жұмыстағы қарбалас туралы айттыңыз. Сол қарбалас кезінде жүйкені жұқартатын теріс қылықтар мен солақай шешімдерді түзетуге де тура келген шығар...
Мақаш. Кемшіліксіз жұмыс болмайды. Бірақ ол кемшілік не біреудің сауатсыздығынан, не біреудің жалқаулығынан, не біреудің істің мәніне терең бойламауынан кетіп жатса, күйінбей тұра алмайсың. Бұндай жағдайға келтірер мысал жеткілікті-ақ. Соның екеуі-үшеуі туралы айтып берейін.
Оңтүстік-шығыс Камышитовый кен орнын қазу кезінде мұнара құрастырушылардың бұрғылау станогын жоспарланған нүктеге емес, басқа, тасымалдауда өздеріне ыңғайлы нүктеге қарай сүйреп бара жатқаны белгілі болды. Бұл жөнінде мұнай өндіру басқармасының бас геологы берген хабарға сәйкес дереу жолға шықтық. Ал кен орнына келсем, мұнара құрастырушылар мұнараны шынында да басқа бағытқа сүйреп барады. Жүгіре шығып, трактордың алдына тұрып алдым. Көп кешікпей бірлестік басшылығынан мұнараны көңілге ұнаған жерге емес, геологтар нұсқап көрсеткен орынға жайғастыру туралы нұсқау да келіп жетті. Бұрғылауда ауытқып кеткен әрбір метрдің неге соқтырарын кез-келген адамның білмеуі әбден мүмкін, ал соны біле тұра қиямпұрыстыққа салынуға қалай кешірім жасарсың?!
Бірде бірлестіктің бас инженері - бірлестік директорының міндетін уақытша атқарушы Құмар Қайырбайұлы Балжамов директордың бұрғылау жөніндегі орынбасары Могамет Исрапилұлы Гарайзуевтың ақпаратына сүйене отырып, Каспий маңы бұрғылау жұмыстары басқармасының геологиялық қызметіне проходқа жоспарының орындалмауына байланысты үлкен айып тақты. Бұнда да дереу жолға шығып, бұрғыланып жатқан кейбір ұңғыларды аралап, тоқтап тұрғандарының негізгі себептері туралы акт жасауға тура келді.
— Мұныңыз тек қағаз жүзіндегі әрекет екен. Ал геологиялық қызметтің кінәсіздығын іс жүзінде дәлелдей алдыңыз ба?
— Әрине, дәлелдедік. Қорытындыда бірлестік басшылығына алға қарай көзбояушылықпен айналыспау, біреудің кемшілігін біреуге аудара салушылыққа әуестенбеу керектігін қиын да болса тіке айтуға тура келді.
Іс барысында жазықсыз адамның жазықты болып, жапа шеккенін де көрдім. Соның бірі -Каспий маңы бұрғылау жұмыстары басқармасының бас геологы Мақаш Рахметов. Оқиға, қысқаша айтқанда, былай өрістеді. Бірлестіктің бас директоры Мәтеп алаңындағы техникалық апат үшін басқаны емес, бас геологты кінәлі деп санап, қызметінен босатып тастады. Одан да өкініштісі, бас геолог ретіндегі менің қарсылығым да, дәлелдеулерім де назарға алынбады. "Жетім бала өз кіндігін өзі кеседі" дегендей, дұрыстыққа жету үшін деректі ұйымға жүгінуге тура келді де, облыстық партия комитетінің комиссиясы М.Рахметовті өзінің қызмет орнына қайта оралтты.
Осының бәрі мені бас маман ретінде шыңдап қана қоймай, жұмысты ұйымдастыруда жаңа ізденістерге жетеледі.
— Сол жаңа ізденістеріңізді сипаттап, не нәтиже бергенін айтып бермес пе екенсіз?
— Бірлестіктің геологиялық қызметі тұрақты түрде бұрғылау жұмыстары басқармалары, мұнай өндіру басқармалары, ұңғыларды күрделі жөндеу кеңсесі, тақырыптық партиялар, геофизикалық бөлімшелер бас геологтары мен геологтары кеңесі мәжілістерін өткізе бастады. Бұл жұмысымызды жетілдіруге, жүйелеуге жол ашты. Кезінде мұнай өнеркәсібі министрлігі біздің осы бастамамызды оң тәжірибе деп атап, қуантады.
Өзіміздегі геофизикалық қызмет пен "Саратовнефтегеофизика" тресі арасындағы іскерлік байланысты күшейту бағытындағы шараларымыз оң нәтижелер беріп, бірлестік бойынша іздестіру-барлау бұрғылауының көлемі он есеге дейін артты. Жыл сайын кем дегенде бір-екі кен орны ашылып, мұнай өндіру жоспарын асыра орындау дәстүрі қалыптасты.
"Ембімұнай" бірлестігінің кеңеюі өзеннен "Ақтөбемұнай" және "Теңізмұнайгаз" секілді жаңа өндірістік бірлестіктердің бөлініп шығуы мен құрылуына, олардың маман кадрлармен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді.
— Ізденістеріңіздің текке кетпегені белгілі болды. Енді жәй маман емес, басшы маман ретінде өзіңізді өмірдің шарқайрағына салып, намысқа шақырған сәттер туралы айтып берсеңіз.
— Ондай сәттер тез еске орала қойса жақсы.
— Дегенмен...
— Иә, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросына барғанымды айтайын.
Ол менің бас геологтық қызметке кіріскен кезім еді. Ақтөбеде Жаңажол кен орнының ашылуы мен игерілуіне байланысты облыстық партия комитеті бюросының арнаулы мәжілісі жоспарланып, оған бірлестіктің бас директоры Б.Сағынғалиев шақырылды. Алайда ол бюроға мені жіберді.
Бірінші хатшы Василий Андреевич Ливенцовтың аузымен құс тістеп тұрған кезі. Мәжілісті ашқан бойда Ақтөбе облысындағы іске немқұрайды қарағаны, бюро мәжілісіне қатыспағаны, тағы басқа да мәселелер үшін Б.Сағынғалиевтың атына ауыр-ауыр сындар айтты (Бөкеңнің өзі қатысқан жағдайда бұндай ахуал болар ма еді, болмас па еді, ол жерде менің оған көз жеткізуім қиын әрі мүмкін де емес еді).
Ливенцов бастап берген соң бюроның басқа мүшелері аянып қалсын ба, кезек-кезек орындарынан тұрып, "Ембімұнайға" қарай сын жебесін атқылап-ақ жатыр. Көбі Жаңажол беттен салынуға тиіс тас жол құрылысын қаржыландырудың кідірісіне шүйлігеді.
Ливенцов менен "осы мәселені қазір шеше аласың ба?" - деп сұрады. Мен үзілді-кесілді түрде "шеше алмаймын" деп жауап бердім.
Сәл кейінірек, Ливенцов бюро мәжілісін қорытындылап, жабуға жинақталған тұста мен сөз сұрап, Жаңажолдың келешегі туралы айттым және оның алға қарай Ақтөбеде жаңа бірлестік ашуға мүмкіндік беретінін тілге тиек еттім. Мен сөйлей бастағанда самарқау тартып, қалғып-мүлгіп отырған Ливенцов басын жедел көтеріп, соңғы айтқан сөздерімді қайталауды сұрады да одан әрі мені сергек тыңдауға кірісті. Осы тұста батылдық пайда бола қалып:
— Бүгін бюрода көтерілген құрылыс жөніндегі мәселелер бұдан бір апта бұрын бірлестік бастығы Б.Сағынғалиев, оның құрылыс жөніндегі орынбасары К.П.Желтиков Кеңқияққа келгенде неге шешілмеді, оны бүгінгі бюроға қалдыру не үшін қажет болды, - деп қауқарсыздығыма қарамастан қарсы "шабуылға" көштім. Сөзімнің соңында көтерілген мәселелердің, бірлестік басшылығына жеткізілетініне және уақытында өз шешімін табатына уәде бердім.
Бюродан кейін Ливенцов мені өзіне шақырып, қазақ тілінде, менің қойылған сұрақтарға "ойланайық", "қарайық" деген секілді биязылау жауап бермей, неге үзілді-кесілді жауап қатқанымды бетіме салық ете отырып, біршама ақыл-кеңес берді, тілектестік сөзін арнады. Оның көптеген өнегелі сөзі өмір жолымда демеу болды да.
— Үлкен болмағанмен, ойға тамызық тастайтындай кішігірім сыннан өткен екенсіз.
— Мұны азсынсаң тағы біреуін айтайын.
— Құлағым сізде.
— Қайбір жылы Мәскеудегі министрдің орынбасары өндірістік мәселелермен бірлестікке келіп, бірлестіктің бас директоры Наиф Гатуфулы Камаловта кеңес өткізді. Мен бірлестік бойынша шикізат ресурстарының жәй-күйі туралы хабарлама жасадым. Ол сөзімді аяқтаған бетте: "Геология Министрлігі бойынша болжамды қордың мөлшері қандай?" деп сұрады. Әрине, сол сәтте менде ондай дерек жоқ еді. Соған орай бұлтақтамастан ондай деректің жоқ екенін, қажет болса, есептеп бере алатынымды айттым.
Ол аяқ астынан бұрқан-талқан мінез көрсетіп, мені "сауатсыз, қолынан ештеңе келмейтін маман" етіп шығарды және сөйлей, мән-жайды түсіндіруіме мұрша бермеді.
"Айтты, сол жерде қалды" деп отыра беруге болар еді. Алайда намысым қозып, кеңес үстінде болжамды қор мөлшерін тез есептеп, кеңес соңынан оны мәлім еттім. Кейін ол, осы кеңеске Министрліктің бас басқармасының бастығының орынбасары ретінде қатысып отырған Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевқа, жаңағы артықтау кеткен қылығын жуып-шайғандай болып, "Сіздің ағаңыз өте сауатты маман екен" депті.
— Сіздің Республика Жоғарғы Кеңесі комитетінде "Мұнай туралы" алғашқы заң жобасын талқылауға қатысқаныңызды білуші едік. Онда кімдермен шайқастыңыз?
— Иә, ондай "шайқастың" болғаны рас. Талқылауға республиканың Б.Сағынғалиев, Б.Д.Еламанов, С.К.Түгелбаев (онда Жоғарғы Кеңестің депутаты) секілді белгілі мұнайшылары, т.б. қатысып отырды. Жобамен сол кездегі экономика министрі К.К.Бәйкенов таныстырды. Күткеніміздей, жоба қызу талқыланып, жарыссөзге қатысқан депутаттар оны мүлдем жарамсыз, тіпті талқылаудың да қажеті жоқ деген пікірлер айтты.
Мұнай көрмесінде. Солдан оңға қарай: X. Бимұхамбетов, М. Балғымбаев, С. Саппаев (1998 ж.)
Мұнайлы өлкеден келіп, "Мұнай туралы" ауадай қажет заңды қорғамауым ақылға сыймайтын іс болар" дедім де, сөз алып, облысымызда құрылып жатқан біріккен кәсіпорындар мен келіп жатқан инвестициялардың Заңсыз өмір сүре алмайтынына, мұнай өнеркәсібінде экономикалық реформалардың тежеліске ұшырайтынына назар аудардым және оның қабылдануын бүкіл мұнайшылар қауымының асыға күтіп отырғанын қаперге бердім. Менің ұсынысымды Павлодар мұнай тасымалдау басқармасының басшысы (аты Байқадам еді, фамилиясын ұмытыппын) қызу қуаттады. Осылайша біз депутаттарды алғашқы райынан қайтардық. Комитет заңды жедел өңдеп, қайта қаралуын тездету жөнінде шешім қабылдады.
Күрессіз, шайқассыз жеңіске, айтыссыз, тартыссыз шындыққа қол жеткізуге болмайтынына осы айтқандарымның өзі-ақ дәлел болғандай емес пе?!
— Нағыз бұлтарыссыз дәлел! Мен бұл тұжырымыңызды толық қуаттаймын.
Жұмағалиев Таумұш Нұрышұлы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Республикаға еңбек сіңірген геолог-барлаушы, геология-минералогия ғылымының кандидаты.
Табиғаты сырт көзге қораштау көрінетін Солтүстік Каспий ойпаты қойнауының "қара алтынға" толы екені бүкіл әлемге аян. Алла-тағала бұл өлкені осыншама байлықпен қоса зиялы азаматтарға да кенде етпеген. Сол зиялылардың бірегейлерінің бірі - Балғымбайұлы Мақаш ініміз.
1933 жылдың күзінде ілкіде араб, артынан латын қарпінде алтыншы класты оқып бітірген Тайсойған-Бүйректің перзенті, осы жолдардың авторымен, қолымда әкеміздің Гурьев округтік атқару комитетінің қызметкері - туысқанымыз Төреханов Құсайынға жазған хаты бар, Гурьев мұнай техникумының біржылдық әзірлік бөліміне түстім.
1934 жылдың басында бізге бір топ оқушы келіп қосылды. Олардың ішінде болашақ досым Балғымбаев Өтеп те бар-ды. Оның үйі қаланың "Қазақ ауыл" аталатын бөлігінде тұрады екен. Барып жүріп, көп жанды отбасы мүшелерімен жете танысып кеттім. Содан бес жылдай оқып, 1938 жылы мұнай техникумын бітіріп шықтық. Мен Доссорға, Өтеп Ескенеге жолдама алып, еңбек жолын бастап кеттік. Сол жылдың қазан айында оқытушы ағайым Қосшағылдан Ескене орта мектебіне жіберілді де, соған байланысты мен де сол жерге ауыстым. Сол қарсаңда Балғымбай ағай да қоныс аударыпты, көрші болдық.
Өтеп отыз сегіздің қараша айында әскерге аттанып, мен бір жыл кейін Қазақтың тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, оны соғыс аяқталатын жылы бітіріп шықтым. Сонымен жылдар жылжып, айлар аунап, өмірге елеулі өзгерістер ене бастады. Соның бір көрінісіндей Мақаш ініміздің тез ержетіп, білім алып, мұнай кеніштерінде геолог, бас геолог, аудандық партия комитетінде хатшы қызметтерін атқарып, қабілет-қарымымен ерте көзге ілінгеніне сүйсінген ағаларының бірі мен едім. Оның жастайынан Атыраудың жазық даласын тауға, Ақ Жайықтың суын балға балап, жерасты тұз күмбездеріне көз тіге өскені көңілге қонатынды. Ал оның Биікжалдағы аса терең бұрғылау экспедициясында бас геолог бола жүріп, ғылымға бетбұрыс жасағаны, кандидаттық, диссертация қорғауға жедел әзірленгені мені де, басқаларды да елең еткізді. Оның осы мақсатпен біздерге келіп (С.Е.Шақабаев, Т.Н.Жұмағалиев), талай рет кеңес құрып, ақылдасқаны әлі есімде. Талабына қуана отырып, барымызша көмектестік те. Ақыры ол алға қойған мақсатына қол жеткізді, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атанды.
Менің осы күнге шейін таң-тамаша қалатын бір жайым бар. Ғылыми кітапханасы, не мұнай-газ жөнінде жинақталған қоры жоқ иен даладағы Биікжалда қыруар күрделі жұмыспен арпалыса жүріп, осындай жетістікке жету мүмкін бе? Мүмкін екен. Оны біздің өлкеде бірінші болып Мақаш дәлелдеді. Ал жетістіктің сырына үңілсек, инемен құдық қазғандай ауыр еңбекке беріле кіріскен және аянбай тер төккен Мақаштың бейнетқор бейнесі көз алдыңа келеді. Батылдық деп, батырлық деп осыны айт! Ол, хадисте айтылғандай, білім туралы мақтанатындардың емес, білімге сай әрекет етушілер сатысындағы адам.
Мақашпен жұмыс бабындағы қарым-қатынасымыз мен Батыс Қазақстан геология басқармасында басшы болып жүрген кезде жиілеңкіреді. Өйткені ол кез - Биікжал экспедициясы қазып жатқан №2 аса терең ұңғыдағы көрсеткіштер мен нәтижелерге бүкіл Одақ аса зор мән беріп, үмітпен қарап отырған кез-ді.
Кейін геологиялық барлау институты (КазНИГРИ) директорлығына оралғанымда "Ембімұнай" өндірістік бірлестігінде бас геолог болып істейтін Мақашпен геологиялық барлаудың алуан түрлі жоба-жоспарларын жасақтау бағытындағы байланысымыз одан әрі жалғасты және тереңдей түсті.
Осы орайда жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілет, адамгершілік қасиет мәселелеріне ойыссақ, табиғат мұхиты Мақаш інімізді құр жаяу қалдырмағаның байқар едік. Ол игілік пен ізгілікті, парыз бен парасатты бағалай білетін, ойындағысын бұлтақсыз тіке айта алатын, тұжырымды сөйлей алатын, ұсыныс-пікірлерін дәлелдеп, қорғай алатын, өзгені сыйлап, өзін сыйлата алатын тәжірибелі маман. Оның еңбек еткен ортасының бәрінде де лайықты ізбасарлар даярлағанына көптен куәгерміз. Сол үрдісті өзі еңбек еткен Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясында және Атырау мұнай-газ институтында жалғастырып, тәлімгерлікпен, ұстаздықпен айналысқаны сүйсінерлік жәйт. Одан да сүйсінерлігі - екі тілге бірдей жүйріктігі. Институттағы дәрісті ана тілінде жүргізуіне студенттер қауымы ерекше риза еді.
Мен Мақаштың зайыбы Жонас келінді де көптен білемін, әкесі Сәрсен ағайды да көре қалдық. Жонас қарапайым, ақкөңіл, ақжарқын, ата-бабаның асыл қасиеттерін бойына терең сіңірген, өзін іскер мұнайшы-геофик ретінде танытқан зиялы қарындастарымыздың бірі. Мақаңның аяулы жары. Біреу француз әзілқойы Аширден:
— Махаббат деген не, ерлі-зайыптылық деген не? Соның айырмашылығын айтып берсеңіз, - деп өтініпті.
— Махаббат өмірдің жарығы, - деп жауап берген екен сонда Ашир, - ал ерлі-зайыптылық сол жарықтың ақысын төлеу жолындағы тіршілік.
Сол айтқандайын, Мақаш пен Жонас жарықтың да, тіршіліктің де қадірін білетін қосақ болды.
Жалпы мен Балғымбай әулетін жақсы білетінімді райлана айта аламын. Мәселен, Өтәлі... Менің жұмыстас, дәмдес інілерім, оның замандас достары Сәкен Ержанұлы Шақабаев, Айдын Аққалиұлы Айбаров бәріміз талай жыл жазғытұрым және қоңыр күзде теңіз жағасында қона жатып жасайтын аңшылық әрекет, әңгімесі мен әзіл-қалжыңы да мол кезең өткен күннің бір қимас бөлігі ретінде жадымызда қалды. Ақындар айтқан: "Қуанышы мен күлкінің, болмайды ешбір өлшемі, достармен өткен бір күнің, өмірдің тәтті бөлшегі" деген осылар ғой.
Өтеп Балғымбайұлының балалары Нұрлан, Нұрбергеннің әке жолын қуып, еліміздің белгілі, білімді, қадірлі, салиқалы азаматтары атанғанына, "достың ұлы өз ұлың" дегендей, қатты қуанатынмын. Әттең, Өтекеннің Саламаты да, кенжесі Әнуарбек те өмірден ерте кетті.
Жаратылыстың қатаң заңы алдында адам әрқашан дәрменсіз. Алайда, Бәтен қарындасымыздың оны да бекемдікпен көтеріп, балаларына қоса немере, шөберелерін әлпештеп, қанаттарын қатайтқанына, ұядан ұшырғанына айтарлықтай ризамын. Бәтенде ананың және ұстаздың үлкен жүрегі бар еді.
Бір жылы Алматыда "Алатау" санаторийінде демалып жатқанымызда Мақаштың ұлы Ғарифолламен дидарласып, бір жасап қалдық. Одан үлкен Гүлназия сонау 84-жылы институтты бітіріп келіп, КазНИГРИ-де ғылыми қызметкер болып істеді. Сонда оның үлкенге иіліп сәлем бергені, күлімсіреген көзі мен нұрлы жүзі тәрбиелі отбасынан екенін айтпай-ақ білдіргендей еді.
Бұндай өнегелі ұрпақ Балғымбайдың үлкен ұлы Қойшығара шаңырағында да аз емес деп естиміз.
Жақсылық деген осы! Бақыт деген осы! Тек бәрі де ұзағынан болғай!
Мырзағалиұлы Дүйсен - Атырау мұнай және газ институтының профессоры, "Геология" кафедрасының меңгерушісі, геология-минералогия ғылымдарының докторы.
Мен Балғымбаев Мақаштың есімін алғашқы рет он төрт жасымда естідім. 1951 жылдың қыркүйек айы еді. Сол жылғы мамыр айында қазіргі Еркінқала ауылының жеті жылдық қазақ орта мектебін үздік бітіріп қаладағы Гурьев мұнай техникумына сынақсыз түстім. Онда ауылдан келген жастарды жоғары курстағы ағаларымыз өз қамқорлығына алып, жиі сабақ өткізетін еді. Сол ағаларымыздың бірі менің "үздік" бағамен келіп, техникумға сынақсыз түскенімді өзіне мақтаныш қылғандай (маған қуаныш еді) студенттерге таныстырып жүрді.
Әріптестер Д. Мырзағалиев пен М. Балғымбаев той дастарханында.
Сондай сәтте ағаларымыз ортақ әңгімені Мақаш ағаның атыменен жалғастыратын еді. Алдыменен оның әдептілігін, зеректілігін, қатарына қадірлі, ортасына өнегелі істерін айтқанда, біздер жас буын шәкірттер таңғалып, таңдай қағып тыңдаушы едік. Әсіресе Мақаш ағамыздың Гурьев мұнай техникумын үздік бағамен аяқтап, Москваға ең жоғары дәрежедегі академик И.М. Губкин атындағы мұнай институтына түсуі мені ақ сағымды армандай аялаушы еді.
Мезгіл жетіп техникумды ойдағыдай тәмәмдап, қиыр шығыстағы Сахалин аралында әскерлік борышымды өтеп елге келген соң, Мақаш оқыған Москвадағы мұнай институтына сырттай оқуға түстім. Сол жылдары институт мұражайында әр жылдары бітірген түлектердің аты-жөні, мекен-жайы жазылған және фотосуреттер жапсырылған бірнеше альбом болушы еді. Солардың бірінен мен Мақаштың жеке түскен суретін іздеп таптым. Ол кезде мен және Мақаң оқыған "Геология, мұнай мен газ іздеу және барлау" кафедрасында есімі елге танымал ірі мұнайшы-ғалымдар дәріс беретін. Олар: профессор кафедра меңгерушісі М.М.Чарыгин, профессорлар Ю.М.Васильев, М.С. Мильничук, М.А.Жданов, В.Н.Дахнов, М.Ф. Мирчини, В.Н. Шеркачев, А.А. Бакиров, тағы басқалар еді. Олардың әрқайсысы жаңадан келген шәкірттермен әңгімелесіп, жете танысатын-ды . Сонда біздердің "Гурьевтен келдік"- деген бір ауыз жауабымызды естіген соң Ембі туралы естеліктерін елжірей, еріндері құрғағанша айтатын-ды. Себебі Ұлы Отан соғысы жылдары Москва, Ленинград ғалымдары Ембі-Елек бойында барлау - іздеу жұмыстарын көп атқарған. Ембінің азаматтарын өз елінің азаматтарындай сыйлайтындары содан шығар. Олардың әңгімелерінің соңы " Мақаш Балғымбаевты білесіңдер ме ?"— деумен аяқталатын. Бұл Мақаш ағамыздың москвалық ұстаздар жүрегінде елі туралы, өзі туралы терең із қалдырғанын білдіретін.
Осындай озық ойлы ұстаздарының бірі - Юрий Михайлович Васильев Мақаштың геология-минералогия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне арналған диссертациялық жұмысына ғылыми жетекшілік жасады. Мақаш сол жұмысында Каспий маңы ойпаты шығысының геологиялық құрылымын зерттеп, оның мұнай-газдылығы туралы ғылыми болжам жасаған болатын. Соңғы жылдары осы өңірде ашылған мұнай қорлары сол болжамының шындыққа айналғанына дәлел бола алады.
Кандидаттық диссертацияны сәтті қорғаған соң, ғылыми жетекші болған профессор Ю.М.Васильев айтты деген бір әңгіме бар. Қонақжай дастархан төріндегі профессор Атырау азаматтарын, сол кездегі " КазНИГРИ" директоры, ғылым кандидаты Сәкен Ержанұлы Шақабаевты және болашақ ғылым кандидаты Мақаш Балғымбаевты қасына шақырып, екеуін өзінің екі жағына отырғызады. Оларды жиналған ғалымдарға таныстыра келіп, былай депті:"Каспий ойпатының оңтүстік бөлігінің білгірі - оң жағымда, ал солтүстік бөлімінің саңлағы - сол жағымда отыр. Енді Каспийдің мұнайы өз арнасын Атырауға бұрады, бұлқынса да бұдан басқа барар бағыты жоқ". Бұл сөз де қазір шындыққа жанасымды болып отыр. Киелі жеріміз ғалымның санасында сыр берген шығар, сірә.
Тәңірім Мақаш ағамызға алғашқы болып тереңмен тілдесуді де, алғашқы болып алты мың метр тереңдіктегі тау жыныстарының түрін көріп, сырын сезуді де бұйыртқандай. Атырау өңірі жер асты қабаттарындағы ірі-ірі дөңестерді зерттеуді де Мақаңның үлесіне қапысыз сыйлаған.
Мақаш ағамыз жерасты құрылымын терең-параметрлік ұңғылар арқылы зерттеу жобасын "Эмбанефть" бірлестігінде бас геолог лауазымын атқарып тұрғанда жасақтап, іске асырды. Осындай қиын да болса ғылыми мәліметі мол күрделі барлау жұмыстары Атырау аймағы тарихында бұрын-сонды болған емес. Ағаның ғылымға арналған ой-өрісі ізденісі зейнеткерлікке шығып, мұнай-газ институтында профессорлық міндет атқарған кезде ерекше кеңейе түсті. Оның қаламынан "Теңіз таңғажайыптары", "Мұнайлы Ембі" және "Мұнай операцияларының сатылары" атты құнды ғылыми басылымдар туды. Олардың әрқайсысы - ардагер мұнайшылар үлгісін студент-жастарға жеткізетін таптырмас оқу құралы. Мақаң профессор-педагог міндетін атқара жүріп талай таланттың көзін ашты.
Өндірістен алған мол тәжірибесін ғылым мен білім жолында ұштастырып, білікті мамандар даярлауға мол үлес қосты. Мақаш ағамыздың дәріс сабағы студенттер үшін өте қызықты өтетін-ді. Оның әртүрлі бояулармен көмкерілген көрнекті құралдары еріксіз көз тартып, тыңдаушыларға тамаша әсер қалдыратын. Жеті қабат жер асты құралымдарының жігін жіпше тізгендей, көзбен көргендей, қолмен ұстағандай жеткізетін еді. Ол шәкірттердің зердесін, жеке қасиеттерін байқап, бағалап, әрбір сабақтың сапасын, кафедра құрамының ынтымағын оқтын-оқтын ойға алып жүретін еді. Әрине, Мақаштың өрісті ойы, өнегелі сөзі туралы әңгіменің толғанған сайын туа берері анық...
"Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан"- деген ғой Абай. Мақаңның тұла бойындағы тұнып тұрған өз тәрбиесі де, өмір тәрбиесі де өзіндей ұстаздардан дарыған деп білемін. Мақаш ағамыз ата-анасына, ұстаздарына, ағайын-туғандарына, аға-інілеріне қарыздар болмаған.
Мен де аға алдындағы інілік парызымды өтесем, қарыздар болмаспын деген пікірмен осы жолдарды жаздым.
Әбен Ислам Смағұлұлы — тау-кен инженері, Республиканың еңбек сіңірген мұнайшысы.
Мақаштың Үлкен Адам екеніне басымды иіп, мың мәрте қайталауға бармын. Оған мына бір төмендегі көріністер дәлел болса керек.
Мәскеудегі мұнай институтында оқып жүр едім. 1954 жылдың қаңтар айы аяғында әулетіміздің сүйіктісі, жатса да, тұрса да барша ұрпағының тілеуін тілеп, сағыныштан сарғайған асыл әжеміздің көз жұмғаны туралы суыт хабар алдым. Бұл өте ауыр қайғы еді.
Сондықтан «Перзенттік қарызымды өтейін, арулап аттандырып, қабіріне бір уыс топырақ салайын» деп, елге - Гурьев (қазірі Атырау) облысының Қосшағыл поселкесіне қарай құстай ұштым.
Әжеміздің ақ ниеті мен пейілі шығар, ойға алғанымның бәрін де орындап, он шақты күннен соң оқуыма қайта оралдым.
Көкірегім мұңлы, көңілім қаяулы. Поездан мең-зең күйде түсіп жатсам, алдымда Мақаш пен Зейнол тұр. Екеуі кезек-кезек құшақтап, қазақтың «қайыр болсын!» деген қағидалы сөзімен мені жүректері егіле жұбатып жатыр. Сол кездегі байланыс қызметінің нашарлығына қарамастан менің қашан, қалай келетініме дейін біліп алыпты.
Адамгершілік деген осы емес пе?! Сөйткен Мақашпен 1959-1960 жылдары Қосшағыл мұнай өндіру кәсіпшілігінде бірге, қоян-қолтық жұмыс істедім. Мақаш кәсіпшіліктің бас геологы, ал мен мұнай өндіру цехының бастығы едім. Бұндай кездесуге ол да риза, мен де қатты қуандым. Жұмыстан бос кезде аптасына кем дегенде бір рет кездесіп тұрдық. Мақаштың мәдениеттілігі мен адам сыйлағыштығының талабы бойынша бір-біріміздің шаңырағымызға зайыбымызбен қол ұстасып бірге баратын жаңа әдетке көштік. Осылайша жұптаса өткізген уақыттарымыз мейлінше жарасымды, сәнді, салтанатты, әзіл мен күлкіге толы болатын.
Ал, жұмыс барысында ол, кешегінің бірі жоқ, шынайы талапшылдыққа көшетін. Оның мәнді және орынды талабын орындау кәсіпшіліктің директоры мен бас инженерінің талабын орындаудан әлдеқайда қиын соғатын. Себебі Мақаш істің мән-жәйін толық анықтап алып, оны қалай, қашан, қай уақытта, нендей нәтижемен бітіру қажеттігін қатаң тапсыратын. Және сол жоспарланған, белгіленген істің орындалу барысын телефонмен сұрап отыруға, не өз көзімен көруге ынталы еді. Мақаштың бұл тәжірибесі біз үшін өнеге мектебіндей көңілде жатталып қалды.
Мақаш 1962-1965 жылдары Жылыой аудандық партия комитетінде хатшы қызметінде жасады. Сол жылдардың бірінде сенбі күні(!) аудандық партия комитеті бюросының мәжілісі шақырылып, онда мен туралы мәселе қаралатын болды. Шамасы, менің үстімнен арыз түскен.
Содан талқылау үстінде бірнеше бюро мүшесі ұсыныстарын: «Әбеновтің жұмыс істеу әдісі - партиялық әдіске жатпайтын әдіс. Қарауындағы инженер-техник қызметкерлердің инициативасын басып, еркін жұмыс жасауын шектейді, яки оларға билік бермейді. Сондықтан оны орнынан аластау керек» дегенге сайды. Міне, осы сәтте менің орынсыз күйіп, жұмысыммен қош айтысуыма бір-ақ қадам жақын тұрғаным кәміл еді. Бірақ Мақаштың дәлелді пікірінен соң бюродағы ахуал мүлдем өзгеріп кетті. Өйткені оның сөзінде қылыштың жүзіндей шындық бар-ды .
Кейін, 1968 жылы сол бюро (онда Мақаш басқа жұмыста) мені Қаратон мұнай-газ өндіру басқармасына бастық етіп бекітті.
Сонда Мақаштың өзгелердің жетегінде кетпей, мені қорғап қалғаны ерекше, тіпті төтенше батыл қимыл еді ғой. Себебі партия органдарында қай кезде де бірауыздылықты (дұрыс-қисығына қарамастан) сақтау басты қағидалардың бірі болатын...
Иә, осы айтылған бірер оқиға өмір дегеннің күрес екенін растайды. Ал, сондай күресте Мақаш Балғымбайұлы секілді азаматтардың адамгершілік қасиеттерінен, игі өнегесінен сусындағандардың кенезесі кеппей, тізесі бүгілмей жеңіске жетері хақ! Мен қазіргі және ертеңгі ұрпаққа осыны жеткізгім келеді.
Мақаш: ағаларым, жеңгелерім, інілерім, қарындастарым және келіндерім туралы.
— Әкеміз Балғымбайдың 1913 жылы туған Қыдыр есімді жалғыз інісі болды. Оны біз "папа" деп атап кеткенбіз. Жастығымызға байланысты ол кісінің соғысқа дейінгі өмірінен бейхабармыз.
Менің бес-алты жасымда Доссордағы өндірістік училищені бітіріп, одан әрі білім көтеру мақсатымен тым алысқа, сонау Карелияға кетіп қалғанға ұқсайды. Сол жақта жүріп Фин соғысына, Ұлы Отан соғысына қатынасқан. Петрозаводскіде үйленіп, Володя және Виктор есімді екі ер балалы болған. Жеңгеміз партиялық аппаратта жұмыс істеген сияқты. Соңғы соғыс кезінде екі ұлымен бірге біздің ауылға - Ескенеге келді де, соғыс бітусіреген шамада еліне кетіп қалды. Соғыстан ағамыз аман-есен оралды. Жеңгемізді қайта-қайта шақыртқан. Бірақ олар келе қоймады, ағамыз арттарынан бармады.
Қыдыр папамыз ақкөңіл, домбыра тартып, ән шырқауды сүйетін серілеу жігіт еді. Қыдырып жүріп, Жақып дейтін балуан есентемірдің Жәміш атты қызына үйленді. Екі ұл, бір қыз сүйді. Балалары қазір бір-бір үйдің иесі.
Папамыз Гурьевте тым-тәуір қызметтер атқарды. Бірақ бұрынғы зайыбы мен екі ұлы есіне түскендіктен бе, көңіліндегі өрекпу мен өсікті шараппен басатын әдет тапты. Ақыры ауырып, дүниеден озды. Менің есімде көңілді жүрген сәттері көбірек сақталыпты.
Қазақтың ежелгі дәстүр-әдеті бойынша Қыдыр папамыз Өтәлі ағамызды еншісіне алып, қазіргі заманның тілімен айтсақ, демеуші, ұстаз әрі тәрбиеші рөлін атқарды.
Әкеміз өзі дүниеден озғанша сол жалғыз інісінің ұрпақтарын бізге қатты тапсырып кетті. Елдегілер көз алдымызда ғой, күні бүгінгі мазасызданатынымыз - сонау алыста жүрген Володя мен Виктордың тағдыр-тіршілігі. Осыған орай Нұрберген ініміз жүргізіп жатқан іздестірулерге үлкен үміт арта алаңдаймыз.
Қойшығара ағамыз, заманына қарай ма, әлде әке-шешенің үлкен баланы таяныш көріп, маңынан ұзатқысы келмейтіндігінен бе, дұрыс оқи алмай қалған. Бірақ көзіміз көре қалды, қайратын білегіне жинаған, ақылды, жампоз жан еді. Ата-бабаның әруағы, сол ақылы мен білегінің күші оны Ұлы Отан соғысында талай-талай қиындықтан аман алып шықты.
Қойшығара мен Қанзира өз ұрпағы арасында
Соғыстан кейін мұнай кәсіпшілігінде шебер болды, басқа да жұмыстарды атқарды. Абырой арқалады. Кішіпейіл, қарапайым, кешірімі мол ағамыз-інілеріне шаң жуытпаған, бірталай ұл-қыз өсіріп, оларға да бір ауыз қатты сөз айтпаған адам. Жеңгеміз Қанзира балаларға дауыс көтере бастаса: "ау, жәйла, жәйла, қазір бәрі де орны-орнына келеді" деп басу айтып отыратын. Нағыз "қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын" заманның тұлғасы еді.
Қойшығара ағамыз "өзімнің қолым жетпегенге балаларымның қолы жетсінші" дегендей, ұл-қыздарының оқып, білім алуына барлық жағдайды жасады. Ол көз жұмғаннан кейін Қанзира жеңгеміз шаңырақты шайқалтпай, ағамыздың аманатын арқалап, балаларының қатарларынан қалыс қалмауына, азамат боп жетілуіне, үйлі-баранды болуына көп еңбек сіңірді, қазірде де сіңіріп келеді. Көрген қуанышы да аз емес.
Нұрзила қарындасымыз мұнай техникумын бітірген. Қазбек есімді күйеубала екеуі Атырауда мұнай өнеркәсібі саласында еңбек етеді. Ер жеткен екі ұл, екі қыздың ата-аналары.
Нұрзилашты айтқанда мына бір жағдай есіме түседі. Ол оқу бітірген 1972 жылы біз Гурьевке көшіп келгенбіз. Әкеміз сырқаттанып, төсек тартып жатыр. Ал Нұрзилашқа Қазбектің ауылы құда түсірмекші. Осыны естіп-білген жеңгелеріміз: "Атамыз ауырып, жаны қиналып жатқанда неғылған құдалық" деп өре түрегелгені. Ешкімді маңайға жолатар емес. Енді қайтпек керек?! Мен әкеме жолығып, осы жағдайды айтпақшы болдым. Ақыры айттым да. Сонда әкемнің жауабы мынандай болды: "Айналайындар, келін түсіріп көріп едім. Бірақ қыз ұзатып көрген жоқпын (Нұрзила қыздардың ішіндегі үлкені болатын). Сондықтан көзімнің тірісінде құдалар келсін мен тойдың қызығын көрейін". Әкеміз Нұрзилаш ұзатылғаннан бір жұма кейін дүниеден озды.
Нұрзилаш қарындасымыз өте бауырмал, ағаларын да, жеңгелерін де өте жақсы сыйлайды.
Нұрман ініміз - жоғары білімді мұнайшы маман. Әртүрлі басшы жұмыстарда қызмет істеді. Күні бүтін Канададағы "Ал тиес энерджи корпорейшн" фирмасының тете-президенті. Іні қарындастарына көмегі зор, аға-жеңгелеріне сәлемі түзу. Нұрман мен Айнаш келіннің бір артықшылығын айтпай кете алмаймын екеуі бірдей ағылшын тіліне судай.
Қойшығара ағамыздың Бейбіт, Мұраты мен Саматы бір-бір шаңырақтың иесі, балалы-шағалы. Кенже ұл - Самат үлкен үйдім орнын ұстап, анасын бағып-қағып, мәпелеп отыр. Келіндеріміз Тәнзира, Мәрия, Ағила көңілдерімізді қалдырған емес.
Қарындастарымыз Злиха мен Зульфия да өз қосақтарын тауып, бала-шаға өсіріп, болса пайдасын тигізіп, болмаса зиянын тигізбеуге қам жасап келе жатқан жайлары бар. Күйеу балаларымыз Саят пен Нұрланның өз ұлдарымыздан бір кемдігі жоқ.
Анамыз Қилаш мезгілінде қолына бірдеңе тисе, осы Қойшығара ағамыздың үйіне таситын."Оқымай қалды, жалақысы аз, бала-шағасы көп" дейтін. Біз де анамыз ізін салған бұл дәстүрді жоғалтпауға тырысып келеміз. Аға-жеңгемізге өте-мөте қарыздармыз. Әке-шешеміз ауырғанда да осы шаңырақта болды. Бақилық дүниеге де осы шаңырақтан аттанды. Жерленген қауымы да соларға жақын.
Қойшығара ағамыздың еншісіне Салтанат ағай тиді.
Өтеп ағамыз талапты да талантты, еті тірі, көзі қарақты, ойы ұшқыр, сөзі өткір адам еді. 1934 жылы мұнай техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірді де, өзі жұмысқа жіберілген Ескене кәсіпшілігіне барлығымызды көшіріп алып келді. Бірақ бір-екі айдан соң Армия қатарына шақырылып кетті. Басқа ересектер мұнайшы болып, сол жерде қала берді. Өтекең фин соғысын да, Ұлы Отан соғысын да бастан кешті. Олардан аман-сау оралған бетте, етінің тірілігі арқасында, Гурьев облыстық партия комитетіне нұсқаушылыққа орналасып, бәрімізді қала тұрғыны етті. Ағаларымыздың ішінде бірінші болып үйленді, інілерін қамқорлап, оқытты. Іскерлік қабілеті жете тұрса да, жоғары дәрежелі білімі болмағандықтан, үлкен өндірісті басқаруға қолы жетпегеніне налитын. Оның Өтәліге, Салтанатқа және маған "жоғары білімді инженер болыңдар" деп Мәскеуге оқуға жіберуі сол өз өкінішінің орнын толтырудың бір белгісі болса керек.
1960 жыл. Қазақстан КП Х-сьезі делегаттары Д.А. Қонаевпен. Жоғары қатардың оң жағынан екінші – Өтеп Балғымбаев.
Мен үйленгенше әке-шешеміз Өтеп ағамызбен бірге тұрды. Ата-анаға деген пейілі, ілтипаты, сый-құрметі тым ерекше еді. Іні-келіндеріне жөн сілтеп, бағыт беруді әсте естен шығармайтын. Өтеп ағамыздың еншісіне Балғымбай әкеміздің кенжесі - мен тидім. Сондықтан да шығар, қыдырғанда мені қасына ертіп, барған жерде "Ақбөбек" әнін домбыраға қосылып айтуымды сұрайтын, өзі ұйып тыңдайтын. Бұнысы жер көрсін, ел көрсін, адамдарды танысын дегені екен ғой. Қайран аға-ай!..
Кейде інілеріне "қызмет бабында тезірек өспейсіңдер" деп өкпе білдіретін. Осы күні мен: "Қайран ағаның мұнысы бұл дүниеден өзінің ерте кететін алдын-ала сезіп, асығып жүргені емес пе екен" деп ойға қаламын. Ойға қаламын да, інілерінің, балаларының белгілі, беделді азаматтар дәрежесіне көтерілгенін біліп, жұмақтың төрінде бір аунап жатыр-ау деп, асыл бейнесін көз алдыма елестетемін.
Өтеп ағамыз қысқа ғұмырында өшпес із, жоғалмас өнеге қалдырды. Өзі кездесіп, біліскен адамдардың жүрегінен ойып орын алды. Ұлтына, дәрежесіне қарамастан бірнеше ондаған, бірнеше жүздеген адамның оның жақсылығын сыр қылып, жыр қылып айтуы соның айқын дәлелі.
Ағамыздың жақсы қасиеттері ұлдарына да дарыған. Мұны оның жарасымы келіскен, жалғасы табылған екінші өмірі десек, тіптен артық айтқандық болмас-ау. Осынау қастерлі шаруаға Бәтен жеңгеміз ұлағатты ұстаздығымен де, адами қасиеттерімен де өлшеусіз үлес қосты. Балаларын зиялы азаматтар сапына қосты.
Өтеп ағамыздың үлкен ұлы — Нұрлан інішегіміз республиканың белгілі қайраткері. Ол әкесінің қайсарлығын, өжеттілігін, принципшілдігін, жомарттығын, қарапайымдылығын биік адамгершілігін бойына қапысыз дарыта алды. Атырау халқының, мұнайшылар қауымының соңғы жылдары өздерінің әл-ауқаттарының күрт өсуін, рухани түлеп,жақсы өмірге деген сенімдерінің нығаюын Нұрланның іскерлігімен, туған жер мен елге деген шексіз сүйіспеншілігімен байланыстыра қарауы, сірә, тегін болмас. Нағима келініміз де інімізге сай, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білетіндігімен жанымызға ерекше жақын.
Өтептің жұбайы Бәтен жеңгей – болашақ мұнайшы Жәңгір шөбересімен.
Нұрберген ініміз де қаражаяу емес. Сөзге бекем. Әңгімеге шешен. Қайсар, принципшіл. Кезінде республикадағы таңдаулы бұрғышылардың бірі ретінде танылды. Беделі зор. Берекелі іске ұйытқы болып жүр.
Нұрбергеннің ізін қуған Саламат - айтарлықтай ақжарқын, ақкөңіл еді . Мен отау тіккенде "осы үйге бала боламын" деп ізгі ниетін білдірген де осы Саламат. Үйлену тойында жерде ұзақ уақыт малдас құрып отыра алмай, "маған жағдай жасамасаңдар қыздарыңды алмай кетемін" деп қайын жұртын аяқ астынан қапылдырған да осы Саламат. Сондықтан да шығар, қазір қайын жұртына қадірі бар күйеу, бір қыз, бір ұл өсіріп отырған ортаның азаматы болды. Соңғы жылдары ол шағын кәсіпкерлікпен айналысты, Света келініміз ошақ басының ұсынақты қожасы.
Кенже ініміз Әнуарбек салқамдау болып өсті, кеш үйленді, дүниеден ертерек озды. Бірақ артына Дина есімді ұрпағын қалдырды. Жұмазия келініміз өзі табалдырығын аттаған киелі шаңырақтың құты мен берекесін молайтқан жан.
Өтәлі ағамыздың жалпы өмірдегі, соның ішінде біздің ортамыздағы орны бөлек. Ол оқуға өте зерек болды. Оның "Жасың жетпейді" деп бірінші сыныпқа қабылдамай қойса да, өзі тұрғыластар оқып жатқан кластың терезесінен бірнеше сағат бойы сығалау арқылы біліммен сусындауы сол зеректіктің бастамасы болса, Жамбыл орта мектебін бітірер тұстағы дәптерлері соның заттай дәлелі.
Ол Алматыдағы тау-кен институтына түсіп, оқып жатқанда қазіргі секілді ақша төлеп оқу секілді зауалдан "таяқ" жеп, ауылға келді. Армияға алынды. Соғыс басталып жатқан қарбаласта арнайы курс бітіріп, ұшқыш мамандығын меңгерді. Бұл ауылдан барған қазақ балаларының қолынан келе бермейтін іс қой.
Өтәлі ағамыз саналы өмірін бір мекемеде - қазіргі "Каспиймұнайгаз" жобалау институты ұжымында өткізді, жақсы атақта болды. Мұнай өнеркәсібі өркендеген Маңғыстау мен Атырауда ағамыздың білім-білігінің, зерде-зейінінің құймасы дерлік талай ғимараттар, тұрақжайлар мен үйлер, өндіріс ошақтары бой көтерді. Өтекең - ғажап суретші, жетік математик. Москвадағы сырттай оқытатын Бүкіл одақтық политехникалық институттың бірінші курсында оқып жүргенде математика пәнінің оқытушысы, профессор Прудников Өтекеңе хат жазып: "Егер тапсырмалардағы есептерді өзің шығарып жүрсең, Москваға сессияға келгенде маған жолық" депті. Ағамыз профессордың өтінішін аяқасты етпей, барған бетте онымен жолығысады. Ол кісі тағы да көптеген есептерді шығартады. Өтекеңнің білім-білігіне көзі жеткен ол ағамызға архитектура-құрылыс факультетінен құжаттарыңды алып, математика факультетіне тапсыр, сенен өте жақсы математик шығады деп үгіттейді. Әрине, ағамыз өзінің бастапқы қалауын өзгерткен жоқ. Бірақ, Прудниковпен өте достасып кетті. Москвадағы ол ұстазының үйіне Салтанат екеумізді талай рет қонаққа апарды. Біз ол кезде мұнай институтында оқып жүргенбіз.
Ағамыздың бойында шебер шахматшы, қанжығасы құтты аңшы сияқты қосымша өнерлер тағы бар. Ұсақ-түйек, тіпті олай деуге ауыз бара қоймайтын шаруаларға да тындырымды: бау-бақша өсіреді, балық аулайды, теледидар мен сағат жөндейді, ағаштан түйін түйеді. Жалпы ағамыз арының да, жанының да, тәнінің де тазалығын сақтайтын ұқыпты адам.
Өтәлінің отбасы
Бәтима жеңгеміз екеуі үш ұл өсіріп, оларды үйлі-баранды қылды. Үлкені Бауыржан Қазақ политехникалық институтын бітіріп, мұнай өнеркәсібі саласындағы еңбек қадамын сәтті бастады. Оның бойында Өтәлі ағамызға тән талай жақсы қасиеттер ұшқын шашып тұратын. Өкінішке орай жарық дүниемен ерте қоштасты. Оның қосағы - Рәбиға келініміз қиындыққа шыдап, қайғыны жеңіп, екі ұл, бір қызының қанаттарын қомдап, ініміздің орнын толтырып отыр. Еңбекте де абыройлы.
Ағамыздың Аманқос, Марат есімді ұлдары әулеттің мұрагерлік кәсібін одан әрі жалғастыруда. Келіндеріміз Сәния мен Әлия - сенімді жар, мейірімді ана. Ілтипатты. Ізетті.
Салтанат ағаммен егіз қозыдай тел өстім. Гурьев мұнай техникумын, Мәскеу мұнай институтын бір мезгілде бірге бітірдім. Осы кезеңде мен Сәкеңнің ағалық қамқорлығын көп көрдім.
Салтанаттың иі жұмсақ, қайырымы көп еді. Қай мекемеде басшы болмасын, қай ортада жүрмесін, ол адамдарға жақсылық жасаудан бір сәтке де жаңылып көрмеген жан. Қарауындағы бағынышты қызметкерге жіберген кемшілігі үшін ұрсудың орнына әуелі өзі қысылатын, өзін кінәлі адамдай сезінетін. Жақсылық жасаған адамынан жамандық көрсе де өзінің қайырымдылығын оның бетіне салық етіп айтпайтын.
Әрі әділ басшы, әрі сауатты маман дәрежесіндегі Салтанатты бұрғышылар қауымы өте жоғары бағалап, айырықша сыйлайтын. Алайда, не себептен екенін білмеймін, ағамыз мезгіліне сай не үкіметтің не қоғамдық органдардың биік дәрежедегі марапаттарына ие бола алмай кетті.
Ағамыз өнерді, соның ішінде әнді жақсы көретін және оны өте күшті, жағымды әрі әуезді үнмен шебер орындайтын. Кейбір сәтте басыма: "Салтанат ағамыздың ғұмыры мұнайшылықты емес, артистікті қалаған жағдайда ұзағырақ болар ма еді, қайтер еді" деген де ой оралады. Бірақ, тағдыр өз дегеніне жетті ғой. Салтанат ағамның қазасы маған қатты батты, егізімнен айырылып қалғандай күйге ұшырадым. Соңғы жылдары екі отбасы болып қайда барамыз, қайда қыдырамыз, нені көреміз деп екеуіміз ойластыра жасаған сүбелі жоспарлар күлі көкке ұшып орындалмай қалды. Осындай жағдайдың жүрекке қаншама салмақ түсіретінін әркім білсе керек.
Салтанаттың отбасы
Салтанат ағамыздың шаңырақ түтінін түзу ұшырған зайыбы - Үзілдік жеңгемі жуықта қайтыс болды. Ұлы Төлеп пен қызы Лейла бақуатты шаңырақ иелері.
Міне, әкеміз іргесін қалаған шаңырақтардың кешегісі мен бүгіні осындай. Бес шаңырақтағы өскен өркен, береке мен бірлік, ынтымақ пен достық ертеңгі күннің, одан арғы келешектің жарқын боларын, әулеттің өсіп-өркендеп, тамырын тереңге бойлата түсерін меңзеп, айғақтағандай. Барды құдай көпсінбесін, тіл-көзден аман болайық!
Жонас: ағам, енем, Өтеп қайнағам, өзім мен төркінім туралы. Мақаңның ағалар, жеңгелер, інілер, қарындастар және келіндер хақындағы жылы лебізге толы әңгімесін естіп, жинақтала бастағанда Жонас апамыздың аса бір ұяңдықпен жымия күліп: "Қаржаубайжан-ау, мына Мақаш ағаң өткен-кеткеніміздің бәрін айтып, шер тарқатып жатқанда үн-түнсіз қалғаным дұрыс па? Жарты сағаттай уақытыңды қиып, менен де бірдеңе сұрасаңшы" дегені.
— Оныңыз да жөн болар. Ал не туралы айтпақсыз, - дедім.
— Онша көп емес. Атам, енем, Өтеп қайнағам және өзім мен төркінім туралы. Кейбірі күлкілі жәйттер.
— Келістік.
Ата-енем бірге тұрды. Бірі «шаңырағымның иесі», «ізімді басар тұяғым», екіншісі «кенжем», «сүт кенжем» деп Мақашқа шаң жуытпады. Қызғыштай қорыды. Жүзін жерге қаратпауға тырысты. Тіл-көзден аман жүруін тіледі. Қысқасы, екеуінің оған сүйіспеншілігі, әйтеуір, ала-бөтен болатын. Олар мені де баласынан кем сыйлаған жоқ. Мінез-құлқымды тез зерттеп, біліп алды. «Мен есікті кім кілттегенін де айна-қатесіз ажырата аламын, — дейтін атам бізді күлдіріп. — Мақаш екі бұрайды, Жонас бір бұрайды».
Қосшағылда ағаштан салынған жеңіл үйшікте тұратынбыз. Бибігүл атты тұңғышыма аяғым ауыр. Ол кезде асты үстел үстінде ішу дағды емес. Дастархан жерге жайылып, бар мәзір соған қойылады. Сондайда отырып-тұруым қиын, бірақ сыр бермеуге тырысып жүрдім. Атам байқағыш, сезімтал кісі еді. Менің жағдайымды көріп, шыдамағаны шығар, бір күні: «Келін, бүгіннен бастап тамақты үстелде ішеміз» - дегені. Бұл хабарды ішімнен жақсы көргенмен:
— Неге, ата? - дедім жұлып алғандай етіп.
— Негесі жоқ...
Өрісті орта және өскен өркен
— Енеме қиын ғой, үйренбеген нәрсесі
— Үйренбей қайда барады, ол?!
Содан атам іске кірісті. Өзі қашаннан ағаш шебері емес пе, әп-сәтте үстелді дайын етті. Бірақ бұл жаңалықтың қызығы артында екен. Енем үстелді қатты тосырқады.
— Әй, Балғымбай, сенің шығармайтының жоқ, енді қартайған шағымызда қу тақтайға қақшиюымыз қалып па еді. Отырсаң бала-келініңмен өзің отыр, мен жерден ішемін, — деді.
Бір, екі күн өтті, үш, төрт күн өтті. Енем айтқанынан қайтар емес. «Бұрынғы күнім күн екен» дегендей, «жаттығуым да» көбейді. Үстелдегі, жердегі дастарқанды қамтуым керек. Атам әнеу күні айтқан: «Үйренбей қайда барадысымен» тұр, сыр бермейді. Сөйтіп апта да аяқталды.
Жексенбі күні жұмыс жоқ қой, сәл-пәл жай тұрып, Мақаш екеуміз ас ішетін бөлмеге кірсек, атам да, енем де сап түзеп үстелдің басында отыр. Атам көзін сығырайта күлімсірейді. Амалсыздан біз де күліп жібердік.
Енем қарап қалсын ба:
— Қой, бұл Балғымбайдың білмейтін бәлесі жоқ, мынауы тіптен тәуір екен, әкел, тамақты осында жаса, — деді.
Атам жан ауыртпайтын мысқылына көшті:
— Солай ма екен?...
Төртеуміз қосыла күлдік. Осы күлкі маған қоңырқай тартқан үй ішін жарқыратып жібергендей әсер берді.
Енем біршама аңқау да еді.
Қыс болатын. Бір күні кеште сыртқа шығып кетті де, үйге асығыс-үсігіс кіріп келді:
— Үй алды қаптаған адам, былай қарай өтіп жатыр, өтіп жатыр, — деді. Атам байсалды қалпы.
Олар не қылған адамдар?—деп алды да сыртқа беттеді. Бірақ, көп аялдамай қайтып оралды.
— Әй, бұл Қилашты қой, көзіне қос көрінеді де жүреді. Қаптаған адам дегені мұржадан шыққан қою түтіннің көрші үйдің қабырғасына түскен көлеңкесі. Әйтпесе жуық маңнан тірі пенде көрінбейді, — деді.
Енем де өзінше ақталып жатыр.
— Не дейді? Сонда көлеңкені адамнан ажырата алмағаным ба?
Сөз орайында осы Қосшағылда жүріп Алматыға аңсарымыз ауғанын айта кетейін. Оған қамшы болған республика Геология министрі Есенов Шахмарданның Мақашты өзі басқарып отырған мекемеге жұмысқа шақыруы еді. Білімі мол, ғылымға икемі бар білікті маманға сұраныс ол уақытта да күшінде-тін.
Қолына министрдің шақырту қағазын ұстаған Мақаш «екі қарт қайтер екен» деп қатты толқыды. Қартайған шақтарында туған жерден алысқа ұзатудың олар үшін қиямет-қайым екенін де жақсы түсінді. Ақыры ойындағысы келді Олар: «Бізге не бар ол жақта? Болашақ сендердікі. Жолдарыңнан қалмай бара беріңдер!» — деді.
Енді не істеу керек? «Ұлық болсаң кішік бол!», ата-анамызды тастап кете алмадық. Ертесіне Мақаш кісілігі мол, жастай қазақ ғылымы ғұламаларының бірі атанған Есенов Шахмарданнам кешірім сұрап, отбасы жағдайына байланысты бара алмайтыным айтып, жедел хат жолдады.
Атам біразға дейін осы жағдайды ойынан шығара алмады ма, «Енді қалған ғұмырымыз сендер үшін пида, қайда шақыртса да қастарыңнан қалмаймыз», — деп жүрді.
— Атам мүлдем балажан болатын. Немересі Ғарифолланы жақсы көргені сондай, кейде өзінің де балалық әрекет жасап қоятынын байқай бермейтін.
Мақаш екеуміз бұрғылау қондырғысы басынан кешірек оралсақ, ата да, Ғарифолла да тәтті ұйқы құшағында. Тіптен ойға кіріп-шықпайтын көрініс: атасы екі бүктеліп немересінің кішкене керуетінен, немересі аяқ-қолын кең жазып атасының кереуетінен орын хеуіпті. Оянғасын мұныңыз не деп сұрасақ:
— Бұл өзара келісім. Ғарифоллажан сен менің орнымда ұйықтап қара, мен сенің орыныңда ұйықтап қарайын дегесін...
Екеуінің тағы бір астыртын келісіміне куә болғанымыз бар. Атам Ғарифолланы балалар бақшасына апаруды да, алып келуді де өз мойнына алған. Әрі-беріден соң таңертең немересін ертіп кеткен атасының тіптен тез оралатынына таңғала бастадық. Балалар бақшасы біраз жерде, оған барып-келу үшін біршама уақыт керек. Содан Мақаш екеуміз атасы мен немересін сырттарынан бақылауға алдық. Сөйтсек, атасы баласын үйге таяу тұрған дүкеннің бұрышына дейін ұзатып салады екен. Әрі қарай Ғарифолла жүгіріп ала жөнеледі де, балалар бақшасының шарбағына жеткен бойда атасына қол бұлғап белгі береді екен. Осы сәтте атасы кері оралады.
— Мұның сыры неде?
— Ғарифолла жанымды балалар бақшасының тәрбиешілері: «Атасының ерке баласы»,-деп әзілдей бастапты. Содан құтылу үшін біз осындай әдіс ойлап таптық, - дейді.
Мақаштың ұлы Ғарифолла
Биікжалдағы үйіміз жер шалғайлығына қарамастан қонақтан арылмайтын. Ол түсінікті де. Көбі ата-енеме сәлемдесіп, хал-ахуалдарын сұрау, әлдебір хабар-ошарды жеткізу үшін келетін. Қонаққа шақыратын.
Бір күні солардың бірі болып атама сонау Доссорда жүрген кезінен етене таныс, сырлас Ізтілеуов Кенжеғали табалдырығымыздан аттады. Екеуі өткен-кеткен жөнінде біраз әңгіме қозғады. Сондай сәттің бірінде қасына жүгіріп келген бас жастағы баласына атасы қонақты таныстырмақшы болды.
— Ғарифоллажан, мынау Кенжеғали саған да мен сияқты ата, түсіндің бе?
Ғарифолла аң-таң күйде біраз отырды да:
— Жоқ, бұндай ата болмайды, - деді.
— Неге, жаным?
— Мұрты да, сақалы да жоқ...
Шамасы, оның ойынша, барлық ата атанған кісіде өзінің атасынікідей әдемі сақал мен мұрт болуы керек!
Атам мінезге бай, көп сөйлемейтін, ақылды адам еді. Аздап ән салатын, домбыра шертетін, әзіл-қалжыңнан да құр емес-ті.
Бір күн Қосшағыл кәсіпшілігіне Москвадан іссапармен бір топ (жиырма шақты) геолог келді. Ол мезгілде қонақ үй де, асхана да жоқ кез. Бәрі біздің үйге түсті. Шәй ішті. Енді шәй мен тамақ арасында не істемек, бәрі далаға шығып, қыдырып кетті. От басында Мақаштың мамасы мен Наурызғалидың (Бешімов Наурызғали) мамасы ұзақ отырып, ет пісірді.
Ертесіне таңертеңгі шайға отыра бергенде Наурызғалидың мамасы кірді де, атама:
— Балғымбай, сен не білесің, кеше от басына орыстар келіп, әуелі сенің кемпіріңнің бетінен, содан соң, менің де бетімнен сүйді, - деді әзілдеп.
Атам қарап қалсын ба, дереу жауап қайтарды.
— Е, онда орыстар қарық болған екен!
Мақаш екеуміз үлкен кісілердің бұл әзіліне рахаттана күлдік.
Атамның болжампаздығына, адамдарға дұрыс баға беретініне талай мәрте көз жеткіздім.
1971 жылы немересінің үлкені Нұрлан үйленді. Біз Биікжалдан тойға келдік. Өтеп ағаның жоқтығы болмаса, той жақсы өтті.
Көңілденіп ауылға оралдық. Бір күні атам айтады:
— Нұрланның алғаны жаман бала болмас. Ғарифолла оның бірталай мазасын алды. Сонда да қабақ шытқан жоқ. Басынан сыйлап, "Гарик, Гарик" деп күле береді.
— Ғарифолла сонда не істеді, - деп сұрадым және "осы баланың тентегі-ай, тиым салмасақ болмайтын шығар" деген пікірімді тағы қостым.
— Жүгіріп барып әлгі Нағима келіннің етегінен тартқылайды. Сол тіпті шымшыған да сияқты, - деді ол.
— Ойбай, ұят болған екен...
Ақыры атамның айтқаны келді. Нағима өзін ибалы, мінезі жайлы келін ретінде танытты. Әлі де сол қалпында.
Бірде еңбек демалысын алдық та, үш бірдей баланы атама аманаттап, жол жүріп кеттік. Келгесін сұраймын:
— Ата, сізге балалармен қиын болған жоқ па? - деп.
— Бәрінен қиыны бақшаға апарарда мына Гүлнәзияның шашына бантик тағу болды. Ендігі демалыстарыңа дейін маған соны үйретсеңдер болғаны, - дейді ол.
Жастықпен бала өміріндегі кейбір қиындықтарды ескермейтінімізді атамның осы бір ауыз сөзі ұқтырғандай еді.
Атам 1972 жылы 77 жасында дүние салды ғой. Қайтарынан бір апта бұрын балаларын: Қойшығара ағаны Қанзира абысынмен, Өтәлі ағаны Бәтима абысынмен, Салтанат ағаны Үзілдік абысын мен бірге шақырып алды.
Көңілдерін түсірмейін деді ме, ауру-сырқауы туралы көп ештеңе айтпады. Айтқаны:
— Мақаштың үйін үлкен үй, отау үй деп санаңдар. Маған, менің атыма көрсетіліп жатқан құрмет, сый-сияпат болса, оның иесін Мақаш деп ұғарсыңдар,- деген бір - екі ауыз сөз ғана.
Әке тілегіне балаларының ешқайсысы да қарсылық білдірмеді. Мен атаның сол бір-екі ауыз сөзін бізге - Мақаш екеуімізге берілген ақ бата, өнегелі өсиет деп қабылдадым.
Марқұм, ауруы меңдеп, бір аптадан кейін бақилық дүниеге өтті. Содан бері Мақаштың үйі - ақ мешіт. Өзіміз де, өзгелер де біздің үйді "Ата-ананың шыққан жері,- деп қастерлейді. Олардың өздері болмаса да рухы бар", - деп сыйлайды. Ол Балғымбаевтар әулетінің бас штабы іспетті. "Үлкен тұрғанда кішіге не бар", - деп ешкім айтып көрген емес. Бірақ, кіші отаулардың да өзіндік орны, өзіндік құрметі мен киесі болатынын Мақаш екеуміз жақсы түсіндік.
Қосшағылда геофизикалық партияда бөлім бастығымын. Қарауымда бірталай қыз-келіншектер істейді. Солар күнде болмағанмен оқта-текте бірінің үйіне бірі қонаққа барғанын айтып, сыр бөлісіп жатады. Осыны естіп жүрген мен бір күні былай дедім:
— Ау, сендер маған неге келмейсіңдер, әлде бастық деп жасқанасыңдар ма?
— Бізде ондай ой жоқ. Барамыз, барғалы жүрміз, - дейді. Бірақ күндер, айлар өтіп жатады. Ешкім келмейді. Сосын манағы сұрағымды тағы да қайталаймын. Сонда бір инженер әйел мынаны айтты:
— Жонас Серсеновна, біз Сіздің үйге қалай бармақпыз? Барсақ, енең есік алдында қақшиып отырады да, бізді көрген бойда:
— Қайда барасыңдар, Жонас қызметте сендермен алысып, өлердей шаршап келді. Қазір демалып жатыр. Сендермен өсек айтатын уақыты жоқ, - дейді.
Өтәлі ағасы мен Бәтима жеңгесіне ақылдасушы - Мақаш пен Қойшығара.
Бұл сөзден қатты ұялып қалдым. Бірақ, оларға енемнің менің алдымнан тамақ әзірлеп қоятынын, оны ішкеннен кейін жатып демалуыма рұқсат беретінін, сол кезде "күзетшідей" міндет атқаратынын айтып бердім.
— Ондай енеден айналмассың ба, - дейді қыздардың бірі. Бәрі дуылдай күлісті.
— Күзетшіні де алдап-сулайтын күнді табармыз, асықпаңыз, - дейді екіншісі.
Иә, енем мені алғашқы күннен-ақ жақсы көріп кетті. Ылғи да көңіл күйімді бақылап, қамқорлап жүретін. Жаңағы көрініс соның бір белгісі ғана.
Бір күні "Қосшағылдың дүкеніне кір жуатын машина түсіпті" деген сөз гу ете қалды. Көкейімді тесіп жүрген нәрсе еді, елең етіп, енеме қарай жүгіре жөнелдім. Ақшаның билігі сол кісіде болатын.
— Ене, кір жуатын машина түскен екен дүкенге. Біреуін жалынып-жалпайып қойдырып кеттім. Ақша берсеңіз, алмақшымын, - дедім.
— Ол не қылған машина. Ертең Өтәлі келеді. Мен сонымен ақылдасамын. "Ал" десе, аласың,- деп теріс айналды.
Өтәлі қайнаға да кешіккен жоқ. Келіп, машинаны алуға рұқсат етті. Енем балаларының ішінен Өтәлі ағаны ала-бөтен жақсы көретін. Келген сайын құшақтап қарсы алатын, бөлек бөлмеде ұзақ сөйлесетін. Енемнің жақсы көрген кісіге де, жаман көрген кісіге де айтатын бір сөзі бар-ды. Ол — "көкбет" дейтін сөз. Оны қолданбау жөнінде атам мен Мақаш талай рет кеңес те берді. Бірақ қойғыза алмай-ақ қойды.
Бір күні, екінші балаға аяғым ауыр, маған демала ғой деді. Күткенім де сол еді, тездетіп ұйқыға кірістім. Бірақ, қанша ұйықтағаным белгісіз. Біреу кереуетті қатты жұлқылаған кезде ғана шошып ояндым. Көзімді ашып қалсам, жанымда енем тұр.
— Әй, көкбет, қашанғы ұйықтайсың, балаң аузыңа кетті ғой, - дейді.
Мен де үн жоқ. Тұра сала шаруаға кірістім.
Енемнің зілсіз айтылатын бұндай сөзіне әлдеқашан бой үйреткенбіз...
Бірде түскі асқа келсем, үй іші толған адам. Бірдеңе болған екен деп тіксіне қалдым. Әйтеуір жайшылық екен. Тағы да іссапарға келгендер...
Соларға, атам мен енеме асығыс тамақ әзірлеп, шәй беріп, бесіктегі Ғарифолланы емізіп, астын құрғатып, қызметіме жүгіре жөнелдім. Келсем кабинетте де толған кісі. Пальтомды шешіп, іле салған маған бәрі бірдей тесіле қарап, күледі. Масқараны қараңыз, кофтаны киіппін де, юбканы ұмытыппын.
Сөйтіп күйіп-пісіп, қызметте жақсы маман боламыз деп, үйде қарттарға ибалы келін боламыз деп, талай таңды атырып, талай күнді батырдық қой. Өмір өтті, "кетеді біреу мақтап, біреу боқтап" деген осы.
Енемізде пысықтыққа қоса аңқаулық та бар болатын.
Бір күні қонақ шақырдық. Соның алдында ғана дүкеннен пластмассадан жасалған ыдыс әкеліп қойғанмын. Енем оны қайда, қалай пайдалану керектігін сұрамапты, мен де айтып қоймаппын.
Кенет үйдің іші түтіндей жөнелді. Ашы түтін, тынысыңды тарылтып барады. Бәріміз бірдей өре түрегелдік.
Сөйтсек, енем манағы пластмасса ыдысқа ас салып, астында от лаулаған пеш үстіне қоя салыпты.
Енем бұрқан-талқан.
— Бұл көкбет не дұрыс зат алып жүр дейсің - дейді. Атам менің сөзімді сөйлеп жатыр...
Бибігүлдің де, Ғарифолланың да атын Өтеп ағай қойды. Оның:
— Я их называю именем моих любимых артистов, - дегені әлі күнге құлағымда.
Ал екінші қызым дүниеге келгенде:
— Жоқ, бұл жолы ат қоймаймын. Атты енді ер бала болғанда ғана қоямын, - деді.
— Онда мен қояйын, оны Гүлнәзия деп атаңдар, - деді атам.
Өтеп ағай: "Бибігүл - менің қызым, бізде қыз жоқ сондықтан оны өзімізге аламыз", - деп жиі айтатын.
Бір күні енем емізіп отырған Бибігүлді қолына алып, дереу орай бастады.
— Мен бұл қызды әке-шешесіне апарып тастаймын, алмаса қайтып әкелемін, - дейді. Біз Қосшағылдамыз, ал Өтеп ағайлар Гурьевте. Мақаш екеуміз аң-таңбыз. Бірақ қарсыласуға дәрменіміз жоқ.
Мен түнімен, ертесіне де қатты қобалжыдым. Емшегімді сүт кернеп барады.
Екі күннен соң енем Бибігүлімен қайтып оралды.
— Мен мына қызды апарып, Бәтенге былай дедім дейді:
— Қазір осы қызды аласың, бейнетін де, қызығын да өзің көресің, егер алмайтын болсаң, екінші қайтара сұрамайсың, сұрасаң да бермеймін.
Апам қалай алсын! Мектепте жұмыста. Өтеп ағай, сірә, босамайды. Сөйтіп Бибігүліміз өзімізде қалды.
Өтеп ағай тамаша адам еді ғой. Ол әр үйде не болып жатырғанын, кімге не қажет екенін қалт жібермейтін. Жағдай білуге де уақыт табатын, ерінбейтін.
1959 жылы ауырып, ауруханаға түстім. Бірақ ұзақ жатқаным жоқ. Өзімнің мамам келіп, ауруханадан шығарып алды. Сосын үйге барайын деп едім (мамамның үйіне), ол болмай, Өтеп ағайдың үйіне келдік. Келсек, үй қонақ күту қамында екен. Бәтен апам зыр жүгіріп жүр. Менен қайыр жоқ. Сосын апамнан рұқсат алып, үйге кеттім. Келген бетте төсекке жата қалғанмын, ұйықтап қалыппын. Бір кезде мамам: "Ойбай, Өтеп келіп қалды, тұр, қызметтен оралған бойда сені іздепті. Үйде деген соң, осында беттепті" деп дабырлай оятты.
Көп кідірмей ағай папаммен бірге мен жатқан бөлмеге кірді.
Жағдайымды сұрады. Содан соң Өтеп ағай айтты (бір сәт мақтанайын):
— Сәрсен, это твое сокровище, ты это знаешь или нет.
Папамда үн жоқ. Мен тез киініп, ағайдың үйіне келдім. "Сөз - емші" деген рас та шығар, барлық ауруымды ұмыттым да кеттім.
"Жолына қарай жоралғысы", Бәтен апаны ерекше құрметтесек, Қанзира, Бәтима, Үзілдік апалардың да орны бөлек еді. "Абысын тату болса, ас көп" деп бекер айтылмаса керек. Бірде Бәтен-апам:
— Есіңде ме, Жонас, менің саған Өтеп ағаңның өтінішін орындап, алтын сақина алып бергенім, - деді.
— Әрине. Бәрі де, айтқан сөзім де есімде.
— Не деп еді сонда?
— "Ой, сонша қымбат нәрсеге қаржы шығару неге керек?"- дедім. Сіз:" Ағаң сөзін қайтып алмайтын кісі, сондықтан оны тез іске асыруға тиіспін",- дедіңіз. Ал мен "Олай болса, көндім. Менің өмірімдегі ең қымбат нәрсе де сол сақина болатын шығар. Өтеп ағаның алдында қадірімнің бар екенін сезіну одан да өткен бақыт..."- дедім.
Осының бәрі бір өткен дәурен...
Енді өзім, әжем және папам туралы бір ауыз сөз. Мен 1932 жылы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында тудым. Ілкіде Орджони-кидзе атындағы мектепте төрт сыныпты қазақша бітіргенмін. Содан папам мені екі сыныпқа кейін шегеріп, Киров атындағы орысша орта мектепке берді. 1952 жылы бітірдім. Мектепті бітірген бойда Мәскеудегі медицина институтына түспекші болып, бірге оқыған қыздармен құжаттарымды алдын ала жіберіп қойғанмын. Тағы да папам араласып, мұнай институтына баруымды тілек етті.
Содан жолға жиналдым. Қарт мамам кетерде мал қораға апарып, бір қара қойды менен бірнеше рет айналдырып шықты. Бірдеңелерді айтып, күбірлеп қояды. Одан кейін дауысын көтеріп: "барған соң орыс балаларынан аулақ жүр. Орысқа тұрмысқа шықпайсың" деп, тағы да біраз ақыл-кеңесін берді.
Содан оқуға түстім. Әжемнің ақылы есімде. Бір күні өзімді киноға шақырған Гауберг дейтін еврей баласына былай деппін: "Мне бабушка сказала - "с русскими в кино не ходи". Оны естіген балалар оқу бітіргенше есіме салып, күліп жүрді.
Қарт мамам өте ақылды, сөзге шебер адам еді. "Қыз Жібекті", "Қозы Көрпеш - Баян сұлуды" жатқа айтатын, мақал-мәтелдерді көп білетін.
Біз отбасында жеті бала болып естік. Бисен ағам – папамның жалғыз інісі.
Папам ортаның азаматы атанды. Еңбекқорлығы, қайырымдылығы көпке үлгі етерлік қасиеттер болатын. Оқуы болмаса да тоқуы көп еді. Бізді адал еңбекке, берік татулыққа, сүттей тазалыққа тәрбиелеген де сол папамыз.
Жонас Сәрсенқызының Губкинде оқып жүрген кезі (1956 жылдың 11 мамыры)
ТҰСТАСТАР ТІЛЕГІ ЖӘНЕ ІЗБАСАРЛАР ІЗЕТІ
Мен Мақанды, көп деуге де сыйымды, аз деуге сыйымды, танып-білген уақытта біраз қазынаны қанжығама байладым, біраз сырды көңіліме тоқыдым. Байқағаным да аз емес. Оның бәрін тізбелей бастасам тым ұзаққа шабарым айқын. Мәселен, адал ма, - адал, талантты ма, - талантты, ұстамды ма, - ұстамды, тәрбиелі ме, - тәрбиелі, өнегелі ме, -өнегелі, мәдениетті ме, - мәдениетті, сауатты ма, - сауатты, сүйкімді ме, - сүйкімді, зерек пе, - зерек, ынталы ма, - ынталы, іскер ме, - іскер, кішіпейіл ме, - кішіпейіл, парасатты ма, - парасатты, Құдай-ау, қайсы бірін айтып тауысарсың...
Ақыл айтып отырғанын көрсеңіз, небір ғибаратты сөзді естисіз. Жаттампаз, ойға түйгіш.
"Мұхтар Шахановтың мына бір өлеңін оқып па едің" деп шұбырта жөнелгенде оған еріксіз ынтыға түсесің.
Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!
Әр адамда өз анасынан басқа
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана.
Туған жері - түп қазығы, айбыны,
Туған тілі - сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі.
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да...
Төрт анаға әнін жалғай алмаған
Пенделердің басы қайда қалмаған?
Төрт анасын қорғамаған халықтың
Ешқашан да бақ-жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана - тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы!
— Мұны әрбір қазақ жатқа білуі тиіс, - дейді ол. - Жеті нәрсеге асығу керек деген Ләтіп Мірәшімұлы. Қонаққа дастархан жаюға асық; қателігіңе кешірім сұрауға асық; Қарызыңды өтеуге асық; бойжеткенді ұзатуға асық; қазалы жанды көмуге асық; егінді егуге асық; оның өнімін игеруге асық.
Ол кісі екі кісіден сыр жасырма деген. Дәрігерден сыр жасырсаң, аурудан арылмайсың, досыңнан сыр жасырсаң, қатарға алынбайсың.
Міне, біздің Мақаң осындай жан болатын.
Сонау бір жылдары Геология министрі Шахмардан Есенов ағамыздың оны өзі басқарған мекемеге жұмысқа шақыруы да, сірә, тегін емес қой!
Оның бірде Германияға, бірде Америкаға ғылыми сапар шегуі де, сірә, тегін емес қой!
Мақаң - бай адам. Бай дегенде көбіміздің көз алдымызға автомашина, қопыраған көп ақша не қора-қора мал елестейді. Жоқ, Мақаңда оның бірі де жоқ. Ол - адал достарымен, арманшыл жолдастарымен, өмір сапарында үзеңгі қағыстырған қайырымды құрдастарымен, тағылымды тұстастарымен бай. Білімімен, адамгершілігімен бай.
Мақаң,- бай адам. Ол ізін қуған ізгі ниетті, ісін жалғастырған ілгері тілекті, абыройын асырған ұғынықты ізбасарларымен бай. Бауырмал туысымен, сыйлы құрбысымен, абзал ағасымен, қылықты жеңгемен, ізетті інісімен, қанат қомдаған қарындасымен, жайқала өсіп келе жатқан ұрпағымен, әруағы жебеп жүрген бабасымен бай.
Сегізінші сұхбат.
Автор. Сіз құрметті демалыстасыз ғой...
Мақаш. Иә, "Ембімұнай" бірлестігінде он бес жыл бас геолог болып, 1993 жылдың наурызында демалысқа шықтым. Бірақ, 1994 жылдың ақпанында "жұмыс жасаңыз" деген тілек-өтініш алып, Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясында алғашқыда сектор меңгерушісі, одан соң геология бөлімінің бастығы болып, жас өскіндерге - сарыауыз геологтарға өз тәжірибемді сарқып беруді мақсат етіп келемін. Сонымен бірге Атырау мұнай институтында "Мұнай кәсіпшілік геологиясы" пәнінен сабақ беріп жүрмін.
— Лабораторияның алға қойған міндеттері қандай?
— Алпыс жеті жылдай тарихы бар бұл ғылым ошағы бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, далалық сейсмикалық құжаттарды сараптау, жаңа ашылған кеніштердің мұнай-газ қорларын есептеп, мемлекеттік қор комиссиясында қорғау, геологиялық барлау, ұңғыларды қазу жобаларын әзірлеу және басқалары. Ұңғылардың өнімін сараптау мен мұнай кәсіпшіліктерінде экология жағдайын жақсарту да осы лаборатория еншісінде.
— Сіз геологиялық қызмет саласындағы ұзақ жылдық қызметтен ойға түйгендеріңізді қалайша тұжырымдар едіңіз?
— Ежелгі бір мақалды былайша өзгертіп айтар едім: "Елдің байлығы қойшының таяғынан, келіннің аяғынан және геологтың қалауынан".
— Жақсы қойшының алдында қой қалмаса да, кейбір келіндердің жүрісінен иба, ісінен береке қаша бастаса да бұған келісуге болатын секілді. Сіз "геолог қандай болу керек? " дегенге не айтар едіңіз?
— Біріншіден, сауатты, жан-жақты, таза, еңбекқор, қызметіне лайық болуы керек;
Атырау геологтары Р. Сарғұнанов, М. Балғымбаев және Д. Мырзағалиев Астана қаласында. Сол кезде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Н.Ө. Балғымбаев, Атырау облысының әкімі И.Н. Тасмағамбетов олармен бірге болды (1998 ж.)
— Екіншіден, ғылыми, шығармашылық, талғампаздық ойлау және тұжырымдау қабілеті болуы тиіс;
— Үшіншіден, өзінің ойға түйгендерін көрнекілікпен және түсінікті етіп көрсете алатындай аз да болса суретшілік және шебер жазу өнері болуы тиіс;
— Төртіншіден, принципшіл, өз пікірі мен көзқарасын қандай деңгейде де қорғай алатын дәрежеде болуы керек;
— Бесіншіден, қандай жағдай кездессе де көрсетілген қасиеттерден айнымай, кристалдай таза болуы керек.
Былай дейтін еді ғой:
Не в ту среду попал кристалл,
Но растворяться он не стал.
Не пристало кристаллу,
Менять черты кристалла.
— Бұл ниеттерді жас геологтар өзіне әрі қару, әрі азық етеріне сенімдімін, Мақа! Әңгімеңізге, сырыңыз бен жырыңызға, бәріне мың да бір рахмет!
— Саған да рахмет!
Енді сөз кезегін Мақаңның тұстастары мен ізбасарлары алсын...
Сарғұнанов Рамазан Оразұлы, "ЕмбіМұнайГаз" Б.Ө." өндірістік филиалының қызметкері.
Мен Мақаш Балғымбайұлымен 1972 жылы Оңтүстік-батыс Доссор алаңында бұрғыланып жатқан №701 ұңғы басында алғаш рет кездескен едім. Ол Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының бас геологы ретінде іс барысымен танысуға келсе, маған "Доссормұнай" басқармасының аға геологы ретінде оның сұрақтарына жауап беруге, кейбір шешімін күткен мәселелерді баяндауға тура келді.
Сол жылдың қараша айында аталған ұңғыда сынақ жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ол тағы да келді. Келген бетте толтырылған құжаттарды мұқият тексеріп шықты да, сынақ кезінде не істелмекші екенін, кімнің не үшін жауап беретінін ұйымдастыру жұмысына қатысты басқа да мәселелерді егжей-тегжейлі сұрап, тиянақты ақыл-кеңес берді. Сөйтіп бұл жолы Мақаңмен жарқын сөйлесіп, жақынырақ таныстым.
Кейін, 1976 жылдың наурыз айында "Прорвамұнай" басқармасына бас геолог болып ауыстым да, Мақаңмен жиі-жиі кездесіп тұратын болдым. Ол тұста Балықшы барлау-бұрғылау басқармасы Орталық-шығыс Прорва, Батыс Прорва, Ақтөбе және Досмұхамбетов алаңдарын 6-7 станокпен қазып, айына кем легенде 1-2 ұңғыны пайдалануға тапсыратын. Енді маған Мақаңның қағаздарын (дела скважин) қабылдап алуға тура келді. Сол өзінен үйренген қаталдықты мен де пайдаландым. Жұмыс бабы болғандықтан кейде келіспеушілік те орын алды. Сол уақытта Мақаң, дұрыс қойылған мәселеге жақсы көңіл бөлетін, кемшілікті уақытында түзетуге тырысатын.
Дәл осы тұста Мақаңның келешекте бірлестікке бас геолог болатыны жөнінде болжамдар да жиі айтылатын және оның бұндай лауазымға лайықты екені ешқандай күмән тудырмайтын.
Осы тұрғыда маған кейбіреулердің:
— Әй, бала, сен ана Балғымбаевтың қағаздары мен бұрғылаған ұңғыларын алмаймын деп, ертең "оққа" ұшып кетіп жүрме, - деп ескертпе жасағанын да ұмытқаным жоқ.
Көп кешікпей болжам іске асты. Мақаң бірлестікке бас геолог болып тағайындалды да, алғашқы іссапарын Прорваға арнады. Бұл жолы тек іс басында ғана емес, кең дастархан үстінде еме-жарқын дидарласып, әңгімелерін есту құрметіне ие болдым. Әңгімелерінің, түп-төркінінде тәрбиелік мән жататын. Оның аузынан бір уақ, "анау айтыпты", "мынау айтыпты" деген сөздер мүлдем естілген жоқ.
Осындай бір кездесуде өзімше батылдықта барып және сақтықпен: "Сіз бұрынғы мінездерім үшін маған ренжіп жүрген жоқсыз ба?" деп сұрағанымда, ол:
— Дұрыс мәселеге мен неге ренжимін. Осы алған бағытың дұрыс, оны әрі қарай жалғастыра бер, - деді. Бұл үлкен сенім болатын және үлкен жүректі адамның ғана аузынан шығатын сөз еді.
Әлбетте, жас болғандықтан, дос-жаранмен кейде арақ ішетін кезіміз де кездесетін. Бір күні Мақаңа лауазымы жоғары бір азамат мені өлгенше жамандап, "маскүнем" деп мінездеме беріпті. Оған Мақан өте қатал түрде жауап қайтарып, екінші қайтара ондай сөзді айтпайтындай етіпті. Бұл да Мақаңның маған сеніммен қарағандығының белгісі болатын.
Мақаңның тағы бірде ірі мінез көрсеткені. Ол Орталық-шығыс Прорвада ұңғылар қорын реттеуге байланысты болды. Аталмыш алаңда 45-50 пайыз ұңғы сулануына байланысты фонтандауын тоқтатты. Оларды бұндай жағдайда өнімді механикалық әдіспен өндіруге көшіру қажет. Бірақ олай істемей, ал ұңғылар оқта-текте фонтан беріп тұр деп, әрқайсысына бес тоннадан өтірік май жазылып жүрді. Осы жалған аппарат Одақтағы халықтық бақылау комитеті мен тау-кен қадағалау инспекциясының назарына ілігіп, құлағына шалынып, жағдай мүлдем шиеленісіп кетті. Өндіріс жағын басқаратын ақ басты күркіреген ағаларымыз "бұл геологтардың кінәсі" деп мәселені бізге аударуға тырысты. Міне, осындай теке-тірес басталған сәтте Прорваға Мақаш Балғымбайұлынын өзі келді де, мені қасына ерітіп, қордағы барлық ұңғыны аралап шықты. Осы тексеру барысында әлі де "тірі" ұңғылар мен "өлі" ұңғыларды толықтай ажыратып, "өлтерді" тоқтатып қою туралы шешім бердік. Осының өзі өндірістің бірінші басшысына елеулі соққы болып тиді.
Бірақ осы тұрғыда менің Мәскеуге, Мұнай министрлігіне шақырылуым мүлдем түсініксіз жәйт еді. Мен шақыру хабарын алған күн-ақ "жұмыс орныммен қоштасатын уақыт жеткен екен" деп ойладым. Сол оймен кетерде үйде сырқаттанып жатқанына қарамастан Мақаңа соғып шықтым. Көңілімде қаладан жұмыс сұрау да жоқ емес-ті.
Мақаң мән-жайға қанықты да:
— Олай ойлама. Москва қандай мәселеге де түсіністікпен қарайды. Тек дұрыстығын айту керек, - деді.
Сонымен Министрлікте Министрдің бірінші орынбасары Игревскийдің төрағалық етуімен және мемлекеттік тау-кен қадағалау органы басшыларының қатынасуымен үлкен жиналыс болып, маған орын алған жәйтті баяндауға тура келді. Бәрін де тайынбай, бүкпесіз айтып шықтым. Игревский өте адал адам екен. Жиналыс соңынан өзі алып қалып, былай деді:
— Сен екіншілей бұндай мәселемен келме. Бұндай мәселе үшін басқарманың басшысы мен бірлестіктің бас инженері келу керек, жұмысыңды жалғастыра бер!
Артынан кінәлі адамдар тиісті жазаларын алып, жұмыста оң өзгерістер болды, яғни ұңғылар қорына көңіл бөлінді. Көмек беру үшін білікті мамандар тобы келді...
Егер Мақаш Балғымбайұлы аталған мәселеге араласпай, "Менің шаруам не?" деп теріс айналса, жабулы қазанның жабулы күйінде қала берері ақиқат-ты...
Біздің Мақаңның әріден ойлап, байыпты қорытынды жасайтын, кінәсізді кінәліден айыра біліп қызғыштай қорғайтын, тағы басқа тамаша қасиеттері өзінің тұстастарына да, ізбасарлары мен кейінгі ұрпаққа да үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Верина Клавдия Трофимовна - бывший главный геолог ЦНИЛ, пенсионерка.
С Макашем Балгимбаевичем Балгимбаевым с 1972 года встречались на совещаниях, конференциях по вопросам геологии, бурения, разработки, добычи нефти и газа Эмбенских месторождений и других районов.
С 1978 года представляли М.Б.Балгимбаеву в объединение "Эмбанефть" от ЦНИЛа отчеты по подсчету запасов, по разработке, анализу и до разработке, а также другие проектные документы, на рассмотрение и утверждение. Согласовывали отдельные производственные вопросы, консультировались.
М.Б.Балгимбаев руководил работой коллектива геологической службы ЦНИЛ и объединения "Эмбанефть" квалифицирован но, требовал выполнения работ на должном научно-техническом уровне с привлечением новейших достижений науки и техники для выполнения соответствующих заданий по работе.
М.Б.Балгимбаев очень культурный, тактичный, спокойный человек, всегда относился благожелательно к коллегам по работе и подчиненным. По работе дисциплинированный, пунктуальный, очень вежливый, общительный, с начальством, вероятно, конфликтов не бывает, отзывчивый на все хорошее. Сейчас находится на пенсии, но продолжает успешно трудиться, возглавляет геологическую службу Центральной научно-исследовательской лаборатории ОАО "Казахойл-Эмба", передает свой богатый опыт сотрудникам ЦНИЛа и преподает в Атырауском институте нефти и газа, помогает готовить новые молодые кадры для нефтяной промышленности Казахстана.
При необходимости, М.Б.Балгимбаев принципиален, трудности бывают, но он их успешно преодолевает. Недостатков и слабостей не отмечалось, вероятно, они есть (как у каждого человека), но на работе они не отражались. Был наставником и примером для геологов и всех работников нефтяной промышленности "Эмбы".
Очень добрый, хороший семьянин, имеет жену геофизика, троих детей. Все они получили высшее образование, успешно трудятся в нефтяной промышленности Казахстана и одна дочь работает врачом.
Макаш Балгимбаевич Балгимбаев прошел большой трудовой путь после окончания техникума и института в 1955 году. От старшего коллектора в конторе бурения "Казахстанннефтегазразведка" до главного геолога Биикжальской нефтеразведочной экспедиции сверхглубокого бурения МинГео Каз.ССР до 1972 г. В дальнейшем работал главным геологом Балыкшинского управления разведочного бурения, а с 1978 года был главным геологом - заместителем генерального директора ПО "Эмбанефть" до 1994г.
За выдающиеся заслуги в развитии нефтяной промышленности Каз.ССР Макаш Балгимбаевич награжден орденом "Знак Почета". Он является заслуженным геологоразведчиком (с 1981г.), "Отличником нефтяной промышленности Каз.ССР" (с 1981г.). Ему присвоено звание "Почетный нефтяник", имеет медали "За доблестный труд" и "Ветеран труда" (1986г.).
За разведку и открытие крупнейшего в Казахстане месторождения Тенгиз, в 1988 году, в числе других ведущих специалистов - геологов, ему присвоено звание "Первооткрыватель месторождения Тенгиз" с вручением нагрудного знака.
За большой трудовой вклад в дело развития нефтяной промышленности в 1995 году награжден Государственной премией Республики Казахстан.
Ерниязова Галия Тургановна - начальник геологического отдела лаборатории.
Впервые я познакомилась с Макашем Балгимбаевичем в 1979 году, когда меня молодого специалиста после окончания КазПТИ направили в ГРТГТ ПО «Эмбанефть».
Я робко зашла в кабинет главного геолога объединения и увидела симпатичного, улыбчивого и доброжелательного человека. И это первое впечатление осталось у меня на всю жизнь.
Главным геологом объединения Макаш Балгимбаевич стал в 1978 г. пройдя большой трудовой путь, начиная от старшего коллектора до главного геолога Балыкшинского управления разведочного бурения, защитив кандидатскую диссертацию.
Орталық ғылыми-зерттеу лабораториясындағы кезекті талқылау.
В своей работе он, как ученый, придавал большое значение науке, поэтому Махаш Балгимбаевич добился создания Геолого-разведочной тематической партии при ПОЭН для подкрепления производства научными изысканиями, тем более в то время разворачивались большие поисково-разведочные работы. Именно в годы его руководства геологической службой крупного объединения открыты более 20 месторождений нефти и газа. В этом большая заслуга Махаша Балгимбаевича.
К руководству геологических служб подразделений ПОЭН привлекал только знающих, толковых специалистов. Вообще Махаш Балгимбаевич каждому способному специалисту давал шанс на самоутверждение, ходатайствовал за них, помогал в работе советами, но мог быть строгим и требовательным.
Мне не раз приходилось участвовать в защитах отчетов 6-ГР и подсчетов запасов. И каждый раз я завидовала его работоспособности и эрудиции, как он изучает и анализирует любую работу, как он внимательно слушает докладчиков, и сам очень интересно выступает.
В те годы отчеты по Государственному балансу запасов нефти и газа защищались в Центральной комиссии по запасам при Миннефтепроме СССР. И он сам тщательно готовился к защите, для наглядности доклад сопровождал большим количеством графических материалов.
Махаш Балгимбаевич простой и скромный, великодушный человек. При очередной защите в Туркмении, узнав, что у нас с сотрудницами Черепивской и Кужель в местной гостинице нет хороших условий, обменял свою комнату «Люкс» на наш номер.
Однако близко я узнала Макаша Балгимбаевича, когда он стал работать в ЦНИЛе после выхода на заслуженный отдых. Он возглавил новый сектор геологоразведочных работ и госбаланса, где я работала геологом 1 категории.
Имея большой жизненный и практический опыт работы, он терпеливо и толково разъяснял любые непонятные нам вопросы по геологии и бурению, разработке нефтяных месторождений и др. Поддерживал одинаково равные отношения со всеми.
Он стал нашим Учителем. В то же время стал рядовым исполнителем. По его примеру и благодаря его советам мы стали много читать, делать доклады к организуемым научным конференциям.
С ним советуются многие руководители больших и малых предприятий. По большому счету он является учителем-наставником всех нынешних руководителей, главных и ведущих специалистов нефтяной промышленности Казахстана.
Макаш Балгимбаевич полон сил и энергии, умный и интеллигентный, простой и скромный человек, вносит свой весомый вклад в развитие нефтяной отрасли, подготовке молодых кадров.
Я горжусь моим Учителем и желаю ему крепкого здоровья и успехов во всем.
Мне не раз приходилось бывать в доме у Макаша Балгимбаевича. Его семью отличает особенное гостеприимство. Жонасапа добрая, отзывчивая женщина. Долгое время она работала в ЗКГИИС начальником контрольной интерпретационной группы, которая выдавала заключения многих разведываемых месторождений и площадей Южной Эмбы.
По отзывам бывших коллег Жонас-апы ей удалось создать очень дружелюбную и творческую атмосферу в коллективе.
Макаш-ага иЖонас-апа сумели создать очень дружную семью и воспитали в своих детях доброту, уважение к достоинству других людей и собственное достоинство, стремление к знаниям.
С дочерью Гулназией я знакома с 1986 года, когда она после окончания МИНГ пришла работать в Геологоразведочную тематическую партию.
О сыне Гарифолле я знаю по словам моих братьев, когда они вместе работали на Тенгизском месторождении, как о скромном и интересном работнике. Я уверена, что дети Макаша-ага и Жонас-апа пойдут по стопам родителей и станут такими же известными и уважаемыми людьми.
Айтиева Нұрлы Тельманқызы - геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор, Минералдық ресурстар академиясының мүше-корреспонденті.
1975 жылы Алматы политехникалық институтының жолдамасымен дипломдық жұмыс әзірлеу үшін Балықшы барлау-бұрғылау басқармасына келдім. Ол кезде оның бастығы Асабаев Хисмет екен. Біраз әңгімеден кейін бас геолог Мақаш Балғымбайұлын шақырып, оған мені жан-жақты таныстырды. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз еді. Соған қарамастан бірден-ақ жылы сөйлесіп, "Дипломдық жұмысыңа Қаратон-Теңіз аймағын ал. Қойнауы мұнай мен газға бай. Көп ұзамай оны игеретін боламыз", - деді және қалай жазу жөнінде құнды-құнды кеңестер берді.
Ұзақ күткен жоқпыз. Мақаңның айтқаны шындыққа айналып, 1979 жылы алып Теңіз кен орны ашылды. Осының өзі менің, ғылыми жұмыспен тереңірек айналысуыма жол ашқандай әсер берді. Ілкі ізденістерімді "Ембімұнай" өндірістік бірлестігінің ғылыми-техникалық кеңесі және оның төрағасы М.Балғымбайұлы "өте құнды, терең зерттелген жұмыс" деп бағалады. 1985 жылы Москвадағы Бүкілодақтық геологиялық ғылыми-зерттеу институтында "Мұнай-газ қоры Қаратон-Теңіз-Астрахань аймағының геологиялық дамуы және қалыптасу шарттары" тақырыбында диссертация қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағына ие болдым.
Өмірімдегі осы бір елеулі қуанышта жөн сілтеп, бағыт-бағдар берген Мақаңның сүбелі үлесі бар екені сөзсіз. Сол үшін ғалым ағаға, білікті маманға сан рет алғыс айттым, әлі де айта бермекпін.
Оның соңғы жылдары жаңа қалыптасып, қанатын кең жая бастаған біздің институтпен тығыз байланыс орнатқаны оқытушылар құрамы мен студенттер қауымы үшін соны жаңалық және айтарлықтай қуанышқа айналды. Жас геолог, геофизик ұстаздар мол білімін қабылдау, тәжірибесін игеру мақсатында оның сабақтарына жиі-жиі қатынасатын болды. Ол "Мұнай және газ геологиясы", "Мұнай және газ негіздері" пәндерінен лекция оқып, студенттердің, тағылымдамалық жұмыстарына жетекшілік жасайды. Оның сабақты екі - орыс және қазақ, тілдерінде бірдей жүргізуі айтарлықтай жетістік болды. 1997жылдан өмірінің соңына дейін "Мұнай және газ геологиясы" мамандығы бойынша Мемлекеттік біліктілікке баға беру комиссиясының төрағасы міндетін атқарды.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын" демекші, Мақаң туралы азды-көпті пікірлерімді ортаға сала отырып, оның ісі, өнегесі ұмытылмайтынын айтқым келеді.
Утесинова Хазила Рахметовна - зав. сектором лаборатории.
Макаша Балгимбаевича я знаю с детства. Наши семьи так или иначе всегда соприкасались друг с другом.
М. Балғымбаевтың орталық ғылыми-зерттеу лабораториясы геология бөлімі қызметкерлерімен пікір алысу сәті (1995 ж.)
Мое первое знакомство с семьей Балгимбаевых началось на Мангышлаке. В то время были открыты месторождения Узень и Жетыбай.
Мой отец работал вместе со старшими братьями Макаша Балгимбаевича - Отеп-ага и Салтанат-ага, а мама работала в одной школе с Батен-апа. Мы жили одном дворе в г. Шевченко, и родители и мы дети общались и дружили друг с другом.
У меня остались очень теплые воспоминания о том времени.
А с Макашем Балгимбаевичем впервые я познакомилась в 1985 году, когда устраивалась на работу. Он тогда работал главным геологом ПО «Эмбанефть». Помню, я очень волновалась, когда шла к нему на прием, но когда зашла в кабинет, то сразу успокоилась. Потому, что увидела улыбчивого, доброжелательного, располагающего к себе человека.
Он внимательно слушал меня, спросил о самочувствии моих родителей и сказал, что он сам был учеником моего отца, когда начинал впервые работать после окончания института, а теперь вот я пришла к Макашу Балгимбаевичу, и он решил направить меня в ЦНИЛ, в геологический отдел, где я и работаю до сих пор с его легкой руки, за что я ему очень благодарна.
А после выхода на пенсию Махаш Балгимбаевич сам пришел в ЦНИЛ работать и стал моим наставником.
Все эти годы, что мы вместе работаем, я всегда чувствую его поддержку.
До совместной работы в ЦНИЛе я знала Макаша Балгимбаевича как доброго, обаятельного, интеллигентного человека, а теперь убедилась что он прекрасный руководитель и наставник.
Мне импонируют в нем также качества руководителя как умение брать ответственность на себя, отстаивая своё мнение до конца и не менять его в зависимости от обстоятельств и в то же время уважать мнение оппонента. Эти качества он пытается воспитать и в нас.
Я работаю под его руководством и у меня часто бывает промахи в работе, но он никогда не раздражает, не шумит, а каждый раз исправляет меня и терпеливо объясняет мои ошибки.
Макаш Балгимбаевич не признает мелочей в работе, для него все главное, начиная со сбора материала к работе и заканчивая окончательным оформлением отчета. Все должно быть выполнена аккуратно, последовательно и добротно оформлено. Если ему что-то не нравится, то мы переделываем работу несколько раз, потому что он говорит, что наши отчеты останутся в фондах следующим поколениям и им всё должно быть понятно.
Ещё мне нравится в Макаше Балгимбаевиче такая черта, как внимание к людям, уважение к человеку любого возраста.
Он никогда не забывает поздравить нас с праздником, с днем рождения или с другими датами, и обязательно дарит нам всем ручки. Когда у нас день рождения, мы как дети, ждем от него этой ручки, а получив радуемся.
С Макашем Балгимбаевичем и с Жонас-апа мы несколько раз вместе были в гостях. Макаш Балгимбаевич очень компанейский человек, он поет, прекрасно вальсирует, знает множество пословиц и поговорок, интересный собеседник и очень начитанный человек.
Кажется, до сих пор он остается самым активным посетителем нашей библиотеки. Наверное, я не совру, если скажу, половина сотрудников ННК «Казахойл» являются его успешным учениками, прямыми или косвенными.
До сих пор в его кабинете многолюдно, к нему приходят геологи с промыслов, специалисты с совместных предприятии за советом или решением той или иной проблемы. Он является перво-открывателем почти всех месторождении Эмбы.
На мой взгляд, у него нет недостатков или их не вижу, ну может быть, излишняя мягкость по отношению к людям.
Жонас-апа я знаю по рассказам дочери Гульназии, с которой я работаю в одном секторе. Наверное, благодаря Жонас-апа её доброте и бережному отношению к своим детям, Гульназия - хорошая мать двум своим сыновьям.
Макаш Балгимбаевич и в семье является ключевой фигурой. Ни одно событие в семье не проходит без его участия. На всех свадьбах он присутствует как «Бас-куда», наверное, потому что он и роду Балгимбаевых и Саппаевых уважаемый человек.
Макаш Балгимбаевич заботливый, любящий отец и дедушка.
Я благодарна судьбе за то, что я встретила и работаю под началом такого маститого ученого и просто хорошего человека.
Дұзбаев Сатыбай Қуанышұлы - "ЕмбіМұнайГаз" Б.Ө." өндірістік филиалы департаментінің директоры .
Оқу орнын бітіріп еңбекке енді-енді араласа бастаған жас маманның өзіне қамқорлық жасар, не үлгі көрсетер тәлімгерді іздейтіні анық. Бұндай жағдай мұнай институтынан кейін "Жайықмұнай" басқармасына жұмысқа қабылданған менің басымда да болды. Ал, іздеген тәлімгерің алыстан табыла ма, жақыннан табыла ма, ол тағдырдың ісі.
Мен үшін алыстан табылып, бірақ үнемі жанымда жүргендей жақын болып кеткен бір адам бар. Ол - есімі де ісі де барша мұнайшыға мәлім Мақаш Балғымбайұлы.
Алғашқы жүздесудің өзінде Мақаш-ағаның асықпай, ойланып сөйлейтіні, байсалды мінезі, кішіпейілдігі, мәдениеттілігі анық байқалып жақсы әсер қалдырған-ды.
Ал, "Құлсарымұнай" басқармасында басшы болған жылдарымда сол алғашқы әсерлер "қоржыны" Мақаңның мырза жаратылысынан жақұттай шашылып жатқан талай тамаша қазына-байлықпен қапысыз толықты.
Ол кезде Теңіз алаңында алғашқы іздестіру жұмыстарын жүргізген топ біздің басқармаға бағынышты болды да, Теңіз мұнай кенішіндегі бірінші ұңғыны сынақтан өткізіп, мұнай алу жолындағы қарбаласта Мақаңмен иық тірестіре жұмыс істеуге тура келді. Кеніштің геологиялық құрылымы өте күрделі болатын. Мұнай құрамындағы адам өміріне өте қауіпті күкіртті сутегі газы мөлшерінің жоғарылығы аса сақтық пен жинақылық қамтамасыз етілмеген жағдайда қапыда қалдыратындай сұсты еді.
Дегенмен, сынақ сәтті өтті, құрылымда мұнайдың мол қоры бар екендігіне шұба келтірмейтіндей мәліметтер алынды. Бұл тұста Мақаш-ағамыздың жоғары кәсіби білімділігі қиын, күрделі жұмыстарды ұйымдастырудағы шеберлігі қанағат сезіміне бөлеумен бірге жігерімізге жігер қосты, қанаттандырып жіберді. Біз оның адамдармен қарым-қатынаста жылы жүзін суытпайтын, жұмсақ мінезін өзгертпейтін табандылығын көрдік. Өндіріске қатысты әрқилы мәселелерді шешу барысында даурықпа құр биліктен гөрі жинақталған деректерді зерттеуге, пайымдауға, талқылауға көбірек көңіл бөлінетіне, солардың нәтижесінде нақты тұжырымдама жасайтынына көз жеткіздік.
Осының бәрін көріп-біліп және зердеге тоқи жүріп мен, жоғарыда атап көрсеткенімдей, үлкен жүректі, игі тілекті тәлімгерімді таныдым және жаңылыспай таптым. Ендігі кезекте менің бойымда осы тәлімгердің рухани жан-дүниесіне, адами болмысына қызығушылық туып, жомарт жаратылысқа терең үңілгенімде мен өз халқының салт-дәстүрін, дінін, ділін, тілім қастерлейтін, жолдастарымен, достарымен, құрдастарымен, тіпті кез-келген адаммен әңгімесі, әзіл-қалжыңы жарасатын, ойы терең, пікірі пайымды, парасаты, жан азығы мол Мақаңмен ұшырастым. Ән айту, би билеу, күй тарту, тарихи-мәдени ошақтардағы мұрағаттармен жалықпай танысу, көз майын тауысып кітап оқу, қолға қалам алып, әр салада ойға түйгендерін қағазға түсіру, құжаттар жинау, достарымен хат алысу - осының бәрі оның ежелгі кәсібі екенін білудің, біліп қана қоймай, оған куәгер болудың қуанышы, құрметі қаншама десеңізші!
Осындай сегіз қырлы, бір сырлы жанның шәкірттері, құдай-ау, қалай аз болмақшы! Олардың ондап, жүздеп саналарына менің ешбір күмәнім жоқ. Жақсының шарапаты, жақсының тілегі күннің нұры, айдың жарығы секілді. Ол ешкімді алдамайды, ешкімді алаламайды.
Дәл осыған орай бір оқиғаның еске түсіп отырғаны. 1980 жылдың күз айы болатын. "Эмбанефть" өндірістік бірлестігінің бас геологы Мақаш Балғымбайұлының ұйғаруымен Құлсарыда бірлестікке қарасты кәсіпорындар бас геологтарының жиналысы өтетін болды. Теңіздегі бірінші ұңғыны сынаққа әзірлеп жатқан кез еді. Жиналыс екі күнге созылды. Ол аяқталған соң басқарма басшысын, - үй иесі ретінде келген азаматтарды қазақы дәстүрімен шаңырағымды көріп, дәм татуға шақырдым. Зайыбым Дәметкен үшінші сәбиге аяғы ауыр еді. Дастархан үстінде Мақаң Дәметкеннің жағдайын көріп, "Сатыбай, ер балалы болсаң, есімін Теңіз қойсаң қайтер еді. Болашағы Теңіз кенішіндей шалқар болсын, - деп әзілдеді. "Өзімнің ойым Азамат деп атау еді, Мақа",- деп мен де әзілімді алға тарттым: "Е-е, Азамат та жақсы есім, болса, бола қойсын", - деді ол.
Кейіннен ұл бала өмірге келіп, оған Азамат есімін бердім. Сол Азамат ер жетіп үйленгенде Мақаш-ағамыз тойдың құрметті қонағы ретінде жастарға бата-тілегін, жүрекжарды жылы лебізін жолдады. Дәметкен екеуміз осы ұрпағымыздан немере көру бақытына ие болдық.
Асылы, ақпейіл адам берген ақ батаның шарапаты да тегін емес секілді...
Кенжебаева Айман Сатканбаевна - старший геолог производственного филиала "Р.Д. ЕмбіМұнайгаз "
Осень 1978 года я после перевода из НГДУ «Жаикнефть», работала в ЦНИЛе в отделе подсчета запасов, когда ЦНИЛ посетил Балгимбаев Макаш Балгимбаевич. Впервые я видела его, работающего главным геологом объединения «Эмбанефть».
Вскоре он пригласил меня работать инженером геологического отдела объединения. В беседе с Макаш Балгимбаевичем, я сказала, что дети у меня маленькие, наверно часто буду на больничном, на что Макаш Балгимбаевич ответил, что дети вырастут, не беда. И так, с ноября 1978 года я начала работать инженером в геологическом отделе объединения «Эмбанефть» под руководством начальника геологического отдела Исказиева Орынгазы Исказиевича и главного геолога объединения М.Б.Балгимбаева.
В то время Тенгиз только начинался, он еще как месторождение не был открыт, три скважины №№ 1,2,3 стояли в консервации из-за ожидания антикоррозийного оборудования, был очень большой объем поисково-разведочного бурения. Много работы было с ведущими институтами Союза, много приезжало специалистов и со всеми Макаш Балгимбаевич успевал работать, направлять, вовлекал нас, учил решать много разных вопросов. Исправлял наши ошибки. Говорил, что не решаемых вопросов нет. И в течение 15 лет я работала с ним бок о бок. За это время я научилась у него умению выслушать мнение сотрудников филиалов (БУРБ, ПУБР, ГРТП и др.) правильно излагать суть вопроса в письмах, качественно исполнять свою работу.
Макаш Балгимбаевич уважал своих сотрудников и защищал. Когда отпрашивались по личным делам, он без лишних вопросов, никогда не отказывал. Мне нравилось в нем, его тактичность, высокая образованность и культура.
В редких беседах, во встречах с его женой Жанас-апай, и с внуками, всегда мне нравилось, как они уважительно относятся друг другу, как любят внуков.
Нам хотелось бы брать пример с этой семьи.
ӨМІР ҚАҒИДАСЫ ЖӘНЕ ӘДЕМІ ҚАРТТЫҚ
Тағы да Мақаңның қоңыр дауысы. Телефон соғып: «Сәбит Мұқановтың мынадай бір шумақ өлеңін естіп пе едің ?», - дейді.
— Оқып көріңіз.
Туған жер - күн, өзінен шашыраған,
Ұрпағын сәулесімен асыраған.
Онсыз саған тіршілік - қараңғы түн,
Ендеше құрметте де бас ұр, адам!
— Бұрын-соңды естімеген сияқтымын.
— Онда мұны не себепті еске салып тұрғанымды айтайын.
— Құлағым сізде.
— Жылыой сенің туған жерің, ыстық ұяң ғой. Сол өңірден қуанышты хабар келіп түсті. Ел Тәуелсіздігінің он жылдығы қарсаңында аудандық Әкімият пен аудандық Мәслихат бір тағылымды істі қолға алғанға ұқсайды. Кең Жылыойдың киелі топырағына еселі еңбек сіңірген бір топ ардагерге «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру жөнінде арнайы шешім қабылдапты. Енді сол шешімге орай куәлік тапсырмақшы көрінеді. Онсыз да еңбек демалысындасың. Бірге барып, сол шараға куә болып қайтуға қалайсың?
Бұл 2001 жылдың 25 тамызы болатын. Інім деп бүйрегі бұрып, жақсы хабарды жеткізуге асыққан бұндай аға-азаматтан айналмассың ба?!
— Атақ құтты болсын - деп бірден-ақ ақтарыла салдым.
— Рахмет!
— Бұл дұрыс ұйғарым екен, Мақа! Ол атақты басқасын айтпағанда сонау алпысыншы жылдың ортасынан бастап жеті жыл бойы күн-түн қатып Биікжалдың терең бұрғысын тербеткен, кейін мұнайдың телегей теңізі - Теңіз кен орнының тұңғыш кіндігін кескен Сізге бермегенде кімге бермек!
— Ойбай, Қаржаубай, ол топта менен де мықтылар бар...
— Сонда, олар кімдер?
— Бәрі де өзің танитын ағалар: бірі Кейкин Жәрдем Салықұлы, екіншісі Сағынбаев Мұсабай Сағынбайұлы.
— О, ғажап! Дархандықты даласынан дарытып, даналықты бабасынан үйрене туған Жәрдем-аға деңіз; сары даланың сарбазы атанған Мұсабай-аға деңіз.
— Иә, дәл солай.
— Бұл да өмірдің маған ұсынғалы тұрған тамаша сыйлықтарының бірі екен, Мақа! Халқымыз: «Жақсыға ерсең, жолың болар, көргендіден сөз тыңда, көңіл толар» деген ғой.
— Дұрыс-ақ.
— Онда мен дайынмын. Бірақ Жылыойға бұрын жетіп, Сіздерді оның төрінде өзгелермен бірге өзім күтіп аламын.
Сонымен тамыз айының жиырма жетінші жұлдызында Жылыой Әкімиятының ғимаратында салтанатты шара өтті. Ауданның әкімі Бисенов Асқар Зейнешұлы мен аудандық Мәслихат хатшысы Төремұратов Құлмұхан Төремұратұлы елдің ізетіне, халықтың ықыласына бөленген үш арыстың қолдарына куәлік ұстатып, иықтарына ата-бабаларымыздың қасиетті киімі - шапан жапты. Ауданның игі жақсылары көп жәйтті еске түсірді, ізгі тілектерін жеткізді.
Үш арыс. Үш бекзат болмыс. Үш тұғырлы тұлға. Бірінен түпсіз тереңдік аңғарылады. Бірінен асқақ биіктік көрінеді. Бірінен көкжиегі көзге түспес кеңдік сезіледі.
Тілеулестер тобында, жағынып қалу үшін емес, сағынышқа толы көңіліме көрік сыйлау үшін, оларға арнап мен де бірер ауыз тілек айттым. Айтуға құлқым да, құқым да бар еді. Айтуға міндетті де едім.
Жәрдем Салықұлы! Ол менің көңілімде әкеміздің жүзін, анамыздың көзін көрген, дастарханынан ақ дәм татқан ақ жүрек адам ретінде сақталып келген-ді. Онда, әрине, оң-солымызды жете ажырата қоймаған қара сирақ бала едік. Киіз үйдің жабығынан сығалап, іргесіне құлақ түріп, әңгіме естуге батылымыз да жетпейтін әуестігіміз де аз-тұғын. Тек кейін, мәшинелер шаңыта зулап, қыр асып кеткесін ғана бұл қонақтардың - Жәрдем-аға мен Фәтима-апаның балаларын ертіп бізге қыдырысқа - «маевкаға» келгенін біліп, сарқыт ішуге асығатынбыз.
Жәрдем-аға осы дидарласуда өзінің ақ жүректігін тағы да дәлелдеді: қандай дәрежеде жұмыс істегенін санамалаған жоқ, кімдермен істес болғанын, кімнен не үйренгенін, кімнің қандай қасиеті есте қалғанын айтты. Жер туралы толғанды, әулиелерді адақтап, тіл жөніндегі толғамдарын ортаға салды.
Сөзінің түйіні де көпшілікті айырықша әсерге бөледі.
- Мен мынау құрметті немен қайтарсам деп ойланып тұрмын. Егер белсенді іс-қимыл үстінде жүрсем парызымды бәлендей, түгендей істермен қайтарармын дер едім. Қазір иығымда ондай лауазымым жоқ. Бар болғаны зейнеткермін. Сондықтан Сіздерді Жылыойдай киелі жердің азаматтығын әдемі қарттығыммен, абзал ақсақалдығыммен өтеуге сендіргім келеді, - деді.
Жақсының өзі кіші, ойы биік деген осы емес пе? Мұндайды бейнеттің нарқын, зейнеттің парқын білгендер ғана айта алса керек. Шіркін-ай, әркім өзінің қарттығын осыншама биікте қабылдап, қадірлей білсе, арман не?
Жәкеңнің өмірі шынында да сұлу, бітім - болмысы әрдайым әдемі. Ботаның көркі саналатын бадана, ойлы көз де, адамның көркі саналатын сұңғыла, сырлы сөз де осы Жәкеңде.
Оның соңғы жарық көрген көлемді шығармасы "Заманам, өзім, замандастарымда" Жылыойдың қыран қарттары былайша ұлғыланады: "Шаруашылық басшылары ерекше. құрыштан құйылғандай сом, жұмыс пен тұрмыс батпанына қайыспаған қажырлы қара нар. Қара таныр, қол қоя білер сауатын қазақы қара ақылы толықтырып кемелдендірген сабаз. Әр істің қисынын тапқыш, шаруа ұпайын жібермес, өмір тоқуын түйіндеген шебер. Үкімет орындарының қиялға ұқсас қисынсыз әмірін орындай білді, шаруасы шайқалған колхозшылардың қамын жеді. Жоғарыдан етекке жетпес қысқа арқан жіпті үздірмей, шағын, дәулетті "Мұртынан алып, ұртына салды, шашыратпады. Жоқтан жонды. Болмасты жасады. Халықты алақан жайғызып тілендірмеді, өзек талдырып ашықтырмады. Сол кезде колхоз басқарғам топ: Тауман Елеуов, Сәрсенғали Аманшын, Тағым Сатыбалдиев, Ізтұрған Бөлтеков, Салих Қосанов, Сұлтанғали Таласов, Абдолла Оразбаев, Назар Ершуов, Сабыр Әбенов, қазақтың кемеңгерлік символындай еді...".
Ол тірнектеп жинап, жинақ етіп шығарған алты мың мақал мен мәтелді, сөздердің төркініне қатысты зиялы жанның жадын жаңғыртатын толғамдарын ата-баба дәстүрін қадірлеймін, ұрпағымды қазақы қалыпта тәрбиелеймін дейтін әрбір отбасы үшін қымбат қазына демей көріңіз...
Сол күні Жылыой жұртшылығы тағы бір орны бөлек, беделі биік азаматты - Сағынбаев Мұсабай Сағынбайұлын құшағына қысуға құштар әрі асығулы еді.
Неге?
Оның жарғақ құлағы жастыққа тимей бес жыл аудандық партия комитетінде бірінші хатшы, одан соң он екі жыл облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығын басқарған хатшы болғандығы үшін бе? Әрине!
Мұсекеңнің ауданның, облыстың экономикасы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Бірақ адам біткенді, соның ішінде басшыны да, ресми өмірбаянындағы жазбалардан гөрі ел-жұрттың жадында жатталып қалған абзал, адал, іскерлік қасиеттеріне қарай бағалай білу бәрінен де қадірлі, бәрінен де қастерлі шығар...
Кездесудің ауаны да соңы аңғартты. Көп жыл партия органында, мұнай өнеркәсібінде жауапты жұмыстар атқарған Тасмұханов Бағыт мынандай қызықты деректерді еске түсірді:
- Бір жолы Мұсекең артта қалған, шаруашылықтың құтын қашырған шопандармен жиналыс өткізу идеясын ұсынды. Мүлдем тың нәрсе. Шыны керек, ол кезде озаттарды ғана ұлғылап, шашпауын көтеретін заман еді ғой. Мәліметтерді мұқият әзірлеп, аталған шараны әрбір кеңшарда өткізе бастадық. Сонда көзімен жер шұқыған ферма меңгерушілері мен олардың қарамағындағыларды көру мен үшін тым аянышты жағдай болғаны да рас. Бірақ, жағдайлары мен мүмкіндіктері бірдей бола тұра шаруаны ақсатқандарды көңілден тыс, көзден таса қалдыра берудің нәтижесі тағы да белгілі. Сондықтан олардың ұятын ояту, намысқа шақыру кезек күттірмейтін міндет еді. Ол келесі жылы-ақ өз жемісін берді. Орынды сұрақ қойып, нанымды жауап алу деген осы емес пе?
Келесі бір кезекте Мұсекең халыққа қызмет көрсетумен айналысатын байланыс, сауда, тұрмыстық қызмет саласы қызметкерлерінің үлкен тобын кезең-кезеңмен қабылдап, сый-құрметке бөленудің жолдары мен кемшілік үшін ұяла білу, қызара білудің адам бойындағы тамаша адамгершілік қасиет екенін тәптіштеп айтқаны, сөз жоқ, көпке сабақ болды деп ойлаймын. Жүрек отын жаға білу деген осы емес пе?
Мен ойға қалдым. Осылайша жүрек отын жаға білу кімнің қолынан келуі мүмкін? Ол жетімдік пен жетпестіктің тауқыметін ерте шегіп, он төрт жасында селолық кеңсе жанында салық агентінің көмекшісі, жиырма бір жасында қаржы бөлімінің меңгерушісі, отыз жасында кеңшар директоры болған, талай қиындық қыспағынан өтіп, өмір өрлеуіне жеткен Мұсекең сияқты аптал, ерік-жігері күшті азаматтардың ғана еншісі, солардың ғана қолынан келетін қаракет.
Назым Хикмет былай деп айтты емес пе:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?
Демек, сөз басында Мақаш Балғымбайұлының аузынан шыққан «Менен де мықтылар бар» деген лебіз кішілігімен бірге өзінің кісілігін танытқан, бұған қоса аға буынға сүйіспеншілігімен сый-құрмет көрсете білетін тағы бір биік тұлғаның қасында жүргеніне көзіңді жеткізіп, көңіліңді сендіре түседі.
Сол биік тұлғаны Мақаш Балғымбайұлы десек, оған да Алла-тағала әдемі қарттық сыйлағай және еңбегінің ел қадесіне жарағанын және жарай беретінін сезінетін үлкен бақыт бергей! Бұл - туған халқының, алтын бесік - Атырауының ақ батасы,- деп тарасқанбыз әлгі Жылойдағы салтанаттан …
Иә, туған халқының, алтын бесік - Атырауының ақ батасын алған Мақаш 1994-2004 жылдар арасында жеке өзі және әріптестерімен бірге он екі ғылыми еңбек, "Мұнайлы Ембі: Ғасырлық тарих жылнамасы", "Теңіз таңғажайыптары", "Мұнай операцияларының сатылары" атты үш кітап жазды. "Мұнайлы Ембі: Ғасырлық тарих жылнамасы" атты еңбегін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің он жылдығына арнаған автор оқырмандарға:
"Многие в Республике Казахстан с добром вспоминают праздничные дни осени 1999 года, посвященные 100-летнему юбилею нефтяной Эмбы.
В течении вековой истории развития нефтяной отрасли произошли различные знаменательные события.
Открытые в 80-х годах подсолевые нефти Карачаганакского, Жанажольского, Тенгизского месторождений, обладающие уникальными особенностями вызвало живой интерес всех нефтяников мира.
Освоение месторождения «Тенгиз - море нефти», название которого предложено автором настоящей работы, вызвало и «море проблем».
Впереди открытие новых нефтяных бассейнов почти во всех регионах республики, газонефтяных залежей на больших глубинах, месторождений на шельфах Каспия и Аральского моря, в битуминозных сланцах и глинах и т.д..Эти оптимистические прогнозы получают подтверждение открытием крупного месторождения на структуре Кашаган в Каспийском море. Все это позволяет считать, что XXI век будет веком Казахстанской нефти , как предрекал президент страны Нурсултан Назарбаев.
Однако, без прошлого нет настоящего, а без настоящего нет и будущего. Чем дальше от нас уходят годы зарождения и становления нефтяной Эмбы, тем труднее представить, особенно подрастающему поколению, какие в те времена превалировали обстоятельства, как работали их предки, через что прошла и как пришла нефтяная отрасль республики к сегодняшнему состоянию.
Долг старшего поколения, через глубокие размышления, ознакомить своим прошлым подрастающее поколение.
Молодежь должна знать о нефтяной Эмбе, вообще историю развития нефтяной отрасли Республики Казахстан.
В данной книге делается попытка дать краткую историю развития нефтяной Эмбы с момента зарождения до наших дней. Описываются трудности и трудовые успехи нефтяников, как воплощались в жизнь решения партии и правительства, роль нефтяной Эмбы в годы Великой Отечественной Войны, послевоенные годы, начало перехода в рыночную экономику и перспективы развития.
В данной работе использованы архивные документы и оперативные материалы ОАО «Казахойл Эмба», статьи, брошюры, книги, посвященные различным периодам развития нефтяной Эмбы. В ходе работы над книгой неоценимую помощь оказали Атырауские журналисты Каирбек Ермуханов, и Каржаубай Султангалиев, которым автор приносит свою глубокую признательность.
Автор также признателен президенту ОАО «Казахойл Эмба» Батырбаеву М.Д., ОАО «Казахстанкаспийшельф» Дузбаеву С.К., СП «ЭмбаВедьОйл» Чердабаеву М.Т. и руководителям других подразделений оказавших содействие в сборе фактических материалов», - деген жүрек сөзін арнаса, осы еңбектің қолжазбасын сүйсіне оқып шығып, алғысөз жазған республиканың еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы Қуаныш Құдабаев кітаптың мазмұнына төмендегідей терең талдау жасаумен бірге, құндылығына жоғары баға берді:
«Вниманию нефтяников и других заинтересованных читателей предлагается книга известного геолога Балгимбаева Махаша Балгимбаевича: «Нефтяная Эмба. Летопись вековой истории».
Книга состоит из 8 глав. Первые 5 глав посвящены зарождению, становлению и развитию нефтяной индустрии в течение XX века. Начиная с 1928 года, описание делается почти по годам, не упускаются главные события в жизнедеятельности нефтяников. Также показан героический труд нефтяников в годы Великой Отечественной Войны.
Автором подробно освещаются результаты труда Эмбинцев в восьмой, девятой, десятой десятилетках уходящего века. Особенных успехов нефтяники добились в 8-ой десятилетке, т.е. в течении 1971-1980 года, что видно в таблицах, где даются основные показатели деятельности "Эмбанефти" по годам, вплоть до 2000 года. Эти таблицы являются очень ценными, особенно для аналитиков.
Мақаңның еңбектері: "Нефтяная Эмба ", "Феномен Тенгиза ", "Стадии нефтяной операции "
Мақаш інісі Нұрланның үйіндегі жұмыс кабинетінде
Особняком стоит десятое, завершающее десятилетие века, когда произошел развал Союза, перестали работать прежние экономические связи. Однако, главным событием является получение Суверенитета Республикой Казахстан. Несмотря на трудности, мобилизовав все внутренние резервы, нефтяники Эмбы не допустили снижения уровня добычи нефти.
Далее, гармонично дается ближайшая перспектива развития ОАО «Казахоил Эмба», которая связывается с наращиванием геологоразведочных работ по применению рациональных методов разработки месторождении.
Следующая, 6 глава иллюстрирует обзор ОАО «Казахойл Эмба», его основных филиалов и дочерних предприятии (ТОО) и показывает какая динамика произошла в структуре некогда крупного производственного объединения «Эмбанефть» на стыке веков.
Краткая характеристика Акционерных обществ, совместных предприятии, научно -исследовательских и проектных институтов, учебных заведении, связанных с нефтью дается в следующей 7 главе.
Книга завершается главой 8, где описывается юбилейные торжества, посвященные 100 -летию нефти Казахстана и проходившие в Атырау 2-4 сентября 1999 года. В приложениях даются таблица динамики добычи нефти по нефтяной Эмбе (АО «Эмбамунайгаз» плюс АО «Тенгизнефтегаз») по годам XX века, хронологии важнейших событии освоения нефтегазовых ресурсов Эмбы. Несмотря на то, что в нефтяной энциклопедии Казахстана (Астана - Лондон, 1999) охвачены 1142 человека, имеющих заслуги перед нефтяной отраслью республики, не все достойные люди вошли в эту энциклопедию.
Автор книги Балгимбаев Макаш Балгимбаевич около полувека трудился в системе нефтяной Эмбы, в течение 15 лет возглавлял геологическую службу ПО «Эмбанефть» и АО «Эмбамунайгаз», так что часть представленных материалов - плод его трудовой деятельности. Некоторые разделы книги он ранее опубликовал в местных средствах массовой информации.
Представленная работа написана четко и последовательно, читатели сразу отищут интересующие их периоды и разделы по оглавлению. Книга проиллюстрирована достаточным количеством рисунков и фото.
Теңіз кен орнын тұңғыш ашушы М. Балғымбаев пен "Теңізшевройл " біріккен кәсіпорнының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері М. Қаражігітова.
Нефтяники Эмбы получили качественное, документальное изложение своей вековой истории и прекрасный исходный материал для ее продолжения в XXI Веке».
Екі жылдан кейін қаламына қанат біткен Мақаш Балғымбаев көлемі төрт жүз беттік «Теңіз таңғажайыптары» атты кітабын дүниеге әкелді. Бұл өзінің төл перзенті - Теңізге деген зор құрметтің белгісі және оны игеріп, пайдаланушы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының он жылдығына арналған тарту еді.
Мақаш Балғымбаев Теңіз кен орнының ашылуына 25 жыл толуы салтанатында бір топ қонақтармен қуаныш бөлісті. Бұл оның соңғы суреті (2004 жылдың 15 желтоқсаны)
Кітап тамаша әрі құнды деректерден тұрады.
Бір кезде талантты ақын Қадыр Мырзалиев :
Ұлы тасқын,
Үмітіңді ақтайды ел.
Телегей боп,
Теңіз болып қаптай бер.
Аспанға ұрған май фонтанға оқ тисе,
Қызыл букет болғалы тұр,
Сақтай гөр!
деп жырласа, Теңіздегі №37 ұңғыдағы 339 күнге созылған ғасыр апаты - ғаламат өрт ақынның көрегендігін, болжампаздығын көрсеткендей еді. Кітаптағы сол қиын күндердің күнделігін тебіренбей оқу мүмкін емес.
Автор «Теңіз таңғажайыптары неде?» деген сауалға мынандай түйіндеме ұсынады:
«Уважаемый читатель! Как вы уже догадались, Феномен Тенгиза заключается в следующем:
— Огромные размеры структуры относительно окружающих;
— На больших глубинах могут быть залежи не только газа, но и нефти;
— Очень высокое содержание сероводорода;
— Разведка месторождения одновременно 20 буровыми станками;
— Беспрецедентная авария и пожар на скважине № 37, длившаяся 399 дней;
— Стабильность дебитов и высокого пластового давления со временем;
— Сложное геологическое строение, включающее и платформу и склон, и надвиг;
— Участие в процессе бурения, испытания скважин, обработки фактических материалов большого количества производственных подразделении и научно - исследовательских институтов;
— Заключение «контракта Века» и организация СП «Тенгичшевройл»;
— Самое главное, уникальные запасы углеводородов Тенгиза. Подсчитанные текущие запасы являются видимой частью айсберга. Даразведка 2 и 3 объектов позволит значительно увеличить ресурсы месторождения.
Жонас әже немересі Арманмен бірге
Уважаемый читатель! Если вы получили кое-какие дополни-тельные сведения о Тенгизе, автор считает свою задачу выполненной».
Мақаң немересі Махамбетті ерекше сүюші еді
Ол өз міндетін осылайша биік деңгейде орындап шықты және одан кейінгі кезеңде қол қусырып отырмай, тағы да жазу үстеліне таңылып, мұнайшылар және студенттер қауымы, мұнай ісімен айналысушы фирма, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, компания қызметкерлері үшін геологиялық-іздестіру жұмыстарынан бастап мұнай кен орындарын ашу, оны игеру мен пайдалану секілді күрделі операцияларды қамтитын құнды кітап ұсынды.
Әдемі қарттықтың әдемі күндері оның маңдайына қазақ мұнайының 100 жылдығын елмен бірге тойлау, сол даңқты мерекеге орай омырауына «Құрмет» орденін тағу, өзі сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап белсенді тілшісі саналатын «Прикаспийская коммуна» газетінің 80 жылдығын тойлау және оның екі бірдей дипломына ие болу, Атырау мұнай және газ институты ғылыми кеңесінің шешімімен академиялық профессор атану, жоғарыда айтқанымыздай, «Жылыой ауданының құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы», «Геологиядағы зор еңбегі үшін» дипломы мен төс белгісін алу, Елбасының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне он жыл» мерекелік медалімен марапатталу, Кенбай, Қондыбай, Уаз секілді кен орындарының тұсауын кесу, «Мұнай энциклопедиясын» әзірлеу бақытын сыйлады.
Сонау мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде «Пионерская правда» газетінің редакторы З.Туманованың, шахмат бөлімінің жетекшісі, шахматтан КСРО шебері В.Люблинскийдің қолы қойылып, «Редакция «Пионерской правды» награждает дипломом Махаша Балгимбаева за успехи в новогоднем конкурсе решений шахматных комбинаций, этюдов и задач, обьявленном газетой» мәтінімен алынған Диплом қатары талай жүздеген дипломмен, грамотамен, алғыс хаттармен, Елу, Алпыс және Жетпіс жылдық мерейтойларына байланысты Үкімет басшысының, Министрліктің, еңбек ұжымдарының, ежелгі дос-жарандар мен ағайын-туыстардың ең ізгі құттықтауларымен толықты. Жонас екеуі ел мен халықтың ыстық құшағына енді, ерен ықыласына бөленді. Ғарифолла сынды ұл Мен Шолпан сынды келіннің тілеуін тілей жүріп, Арман, Айман, Махамбет есімді немерелерінің алақанынан су ішті. Бибігүл, Гүлназия қыздарының қуанышына кенелді. Кішкентай Махамбет атасының әуелден жыр сүйген, ән сүйген жүрегін мүлдем қозғап, тербеп, тебірентіп жіберген сыңайлы. Мына бір құттықтау соның дәлелі:
Қымбатты менің немерем, Махамбет!
Тал бесікте тербеліп, шаңырағың мен бүкіл Балғымбаевтар әулетін шаттық пен бақытқа толтыра келген өзің біздің ғасырларға жалғасар ғұмырымыздың жалғасы болып, тәй басқан қалпыңда бір жасқа толып отырсың. Құт қадамды қуанышыңа ортақтасқан аталарыңның атынан да асыға күткен бір жасқа толуыңмен шын жүректен құттықтаймын!
Махамбетжан! Сен әлі сәбисің. Құдай қосса күні ертең-ақ ер жетіп, азамат боларсың. Әріп танып, білім қуып, ер жетерсің. Мақаш атаң осыған тілекші. Сонда менің мақтанышпен жазған осынау жыр жолдарымды жүрегіңде жаттап, санаңда сақтап өсуіңді қалаймын. Туған күнің құтты болсын, құлыншағым!
"Ақылды бол, Арман!" Бұл - атасы мен әжесінің ең үлкен аманаты.
Мақаш, Жонас және олардың келіні Шолпан Арманмен, Айманмен Көктөбеде қыдырыстап жүрген сәт.
Өмірдің көріп мынау гүл-бақшасын,
Сен бүгін сәби шақта, бір жастасың.
Ғарифолла-Шолпанға перзент болсаң,
Мен үшін орның бөлек, бір Патшасың.
Сен атаңа сүйікті немересің,
Шаңырақта шаттыққа кенелесің.
Нұрлан атаң өзіңе сенім артқан,
Саған қойды Махамбет деген есім.
Құттықтайды әулетте аталарың,
Жолын қу әлдилеген ата-ананың.
Ұрпағысың Қаратау, Балғымбайдың,
Беріп кеткен жастарға баталарын.
Бір бүршігі деп біздің - Ысықтардың,
Сен туғанда қуанып, ұшып бардым.
Махамбетжан, тіл-көзден аман жүрші,
Аруаққа тапсырып, мен ұшықтармын.
Алдыңда кең жол жатыр ұлы арналы,
Есею балдырғанның нұр арманы.
Сен де сол азамат бол ел сыйлайтын,
Тілекпен Мақаш атаң жыр арнады.
Өмірге іңгәлап сен кеше келдің,
Ұрпағысың би, батыр, көсем елдің.
Жауқазындай құлпырып, қанат қағып,
Жастан жасқа шығумен өсе бергін!
Ыстық сәлеммен, Атыраудағы атаң
Мақаш Балғымбайұлы.
13 тамыз, 2003 жыл
Осылайша қуанып:
Бақыттысың әр таң сайын көзіңді,
Сұлулыққа суарудан қашпасаң,
Қартайдым деп,алдай көрме өзіңді,
Қарттық жаспен өлшенбейді ешқашан, -
деп жарқылдап жүрген Мақаң аяқ асты ажал құрығына ілікті. 2005 жылдың 2 қаңтарында көз жұмды...
ДҮНИЕДЕН ӨТТІ ЖАЙСАҢ ЖАН БАЛҒЫМБАЕВ МАҚАШ БАЛҒЫМБАЙҰЛЫ
Осы жылғы 2 қаңтарда ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республиканың еңбегі сіңірген геолог-барлаушысы, мұнай өнеркәсібінің үздігі, құрметті мұнайшы Балғымбаев Мақаш Балғымбайұлы қайтыс болды.
Балғымбаев Мақаш Балғымбайұлы 1931 жылы 10 қазанда "Теңдік" колхозының балықшысы Балғымбайдың отбасында дүниеге келді. Әкесі Балғымбай мұнайшы болып, Ескене кәсіпшілігіне ауысқанда Мақаш сол Ескенеде 7 класс бітіріп, Гурьев мұнай техникумына түсіп, оны 1950 жылы үздік бітіріп шықты. Кейін Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтында оқыды. Оны да 1955 жылы үздік бітіріп, Ембінің мұнай саласында көп жылдар үзбестен жемісті еңбек атқарды. Жантай, "Опорная-2" разведкаларында аға коллектор, аға геолог, Комсомольск, Қосшағыл кен орындарында бас геолог, ал 1962-1965 жылдары Ембі аудандық партия комитетінде хатшы болды. 1965-1972 жылдары бүкіл Одақтық маңызы бар өте терең Биікжал бұрғылау экспедициясында бас геолог болып істеп, бір жағынан ғылыми маңызды диссертация қорғап, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атанды. 1972-1978 жылдары Балықшы барлау бұрғылау басқармасында, 1978-1993 жылдары "Ембімұнай" өндірістік бірлестігінде бас геолог болып, өзінің аталған кандидаттық диссертациясы негізінде атышулы Теңіз кен орнын ашуға белсене қатысты. Сол үшін осы кен орнын "бірінші ашушылар" құрметті атағына ие болды. Кейіннен бір топ мұнайшылармен бірге оған Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді. Мақаш Балғымбайұлы құрметті демалысқа кеткеннен кейін де жемісті еңбек етті, жас мамандар даярлауға қатысып, профессор болды. Жемісті еңбектері бағаланып, аталған сыйлықтардан басқа Одақтың "Құрмет белгісі" орденімен, Қазақстандық "Құрмет" орденімен марапатталып, Одақтық мұнай министрлігінің "Құрметті мұнайшы", Қазақ КСР-нің "Еңбек сіңірген геолог-барлаушы" құрметті атақтарын алды. Қазақстан Республикасының Шығыс Мақат, Ботақан, Орталық және Шығыс Прорва, Ровное кен орындарын бірінші ашқаны үшін тиісті дипломдарға ие болды. Сондай-ақ, Мақаш Балғымбайұлына Жылыой ауданының құрметті азаматы атағы берілді.
Жұбайы Жонас Саппаева екеуі екі қыз, бір ұл өсірді, олар да еліне елеулі азаматтар болып еңбек етуде.
Мақаш Балғымбайұлы бірнеше кітаптың, отызға тарта ғылыми еңбектің авторы.
Жақсы жолдас, білгір маман, атақты геолог, сыйлы аға Мақаш Балғымбайұлының жарқын бейнесі онымен жұмыстас болғандардың есінде ұзақ жылдар бойы сақталатын болады.
Қош бол, аяулы аға! Топырағың торқа болсын. Жаның жаннаттан орын алсын.
"Ембімұнайгаз " өндірістік филиалының басшылығы. "Ембімұнайгаз " өндірістік филиалының ардагерлер Кеңесі.
ҚОШ БОЛ, АРДАҚТЫ АЗАМАТ
Атырау қаласы,
Мақаш Балғымбаевтың отбасына
Қымбатты Балғымбаевтар әулеті!
Қымбатты Жонас Сәрсенқызы!
Жүрегімізді сыздататын суық хабар естіп, бәрімізге өте қадірлі де қымбатты азаматымыз, досымыз, туысымыз Мақаш Балғымбайұлынан айырылып қалғанымызға қатты қайғырып, көңілімізді білдіреміз.
Мұнай-газ кен өндірісінде Мақаштың орны, істеген еңбегі, қалдырған мұрасы республикамыз үшін, халқымыз үшін, елдің байып жетісуі үшін аса зор.
Барлаушы-геолог, атақты ғалым өз еңбегімен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, азаматтық қасиеттерімен туған республикамыздың тарихына өшпес із қалдырды.
Өте білімді де еңбекқор Мақаш салмақты да, мінезге бай жолдас еді. Жазылмайтын дертін ешкімге білдіртпей, кете-кеткенше күнделікті жұмысынан қалған емес. Әсіресе, соңғы кездерде оның "Қазақстан мұнай энциклопедиясына" сіңірген еңбегі мол. "Мұнайшы" қоғамдық қорының Қамқоршылық Кеңесінің белсенді мүшесі ретінде, осы қордың аяғына тез тұрып, жұмысы жемісті де қарқынды болуы үшін көп атсалысты.
Теңіз секілді әлемге әйгілі мұнай-газ кен орнын ашқан, Мемлекеттік сыйлықтың иесі, тағы да басқа жоғарғы дәрежелі марапатты алған Мақаш Балғымбайұлының есімі мәңгі жүрегімізде сақталады.
Қымбатты Жонас!
Осы қаралы күндері Сіздің қайғыңызға ортақ екенімізді білдіріп, қалған отбасына тек қана зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Мақаш марқұмның жатқан жері жұмсақ болып, аруағы қалған балаларын, отбасыңызды қолдап жүрсін.
А.А.Құлыбаев, Н.Ә.Марабаев, О.Ақшолақов, У.Х.Әділов,
Қ.К.Балжанов, Н.Ө.Бекбосынов, С.Б.Дүтбаев, Т.Жұмағалиев, Б.К.Ізтілеуов, Р.Қалмұханов, З.Қамалиденов, Н.Г.Қамалов,.
С.М.Қамалов, Е. Т. Тасқынбаев,
Э. С. Воцалевский, Ж.Есенжанов, К.Б.Есентаев, С.Х.Жаданов, Б.М.Қуандықов, М.Ә.Құлкенов, Б.К.Өтебаев, С.Өтебаев, К.Рзаханов, Р.Өтесінов, Б.Т.Шырдабаев, С.Е.Шақабаев,.
Ф. К. А бдулхаликова.
ОРНЫ ТОЛМАС ҚАЗА
Бүгін қазақ елі, мұнайшылар қауымы орын толмас, қара жердің көкірегі қарс айрылардай қайғыға тап болды.
Арамыздан ардағымыз Мақаш кетіп барады. Жабысып алып, шықпай қойған сырқат өз дегенін істеді. Уақыттың межесінен аттамай о дүниелік болды. Бірақ көз жұмғанның бәрі марқұм, көмілгеннің бәрі өлік емес. Артында есімі, ізі қалды.
Ортамызда сөзің, ойың, пікірің, жазған кітаптарың ақ қағаздың бетінде, қара жердің үстінде қалды. Соларды өзіңдей, көзіңдей көріп, талай әлі сырласармыз Мақаш өзіңмен.
Керек кезде, керек жерде табылатын кемелділік кез-келгенімізден кездесе бермейді. Мақаш сондай сирегіміздің бірі еді. Заманында туып, керек шаруаға араласып, келелі іс тындырып кете алған ардағымыз еді. Сол ардағымыздан айырылып қалып отырмыз. Мақаштың сол ардақтылығы екеуміздің достығымыздың арқауы болды. Ол арқау 1956 жылдан басталды. Сұм ажал оны да көп көрді. Бірақ отбасы арасында достығымызды үзбейміз, Мақаш!
Ол үлкен ғалым еді! Разведкада жүріп ғылыми еңбек жазып, ғалым болу кез-келгеннің қолынан келе бермейді.
Күлді-көмеш тақырыпта күлді-көмеш диссертация жаза салған жоқ. Диссертациялық еңбегін бүкіл қазақстандық геологтардың алдына салды. Сосын барып қорғады. Оқыдық, разы болдық. Еңбегінің докторлық атаққа лайық екенін де білдік. Еңбегі ел кәдесіне жарады. Көптеген мұнай аландары ашылды.
Мәңгілік орныңа аттанып барасың, қош бол, аяулы досымыз Мақаш!
Иманың жолдас болсын, топырағың торқа болсын! Орның жұмақтың төрінде болғай.
Мақаш Рахметов, еңбек ардагері
ИМАНЫҢ ЖОЛДАС БОЛСЫН
Бүгін Балғымбай әулетінде ауыр қайғы. Кеше ғана ортамызда жарқылдап жүрген Мақаш Балғымбайұлын ақырғы сапарға шығарып салуға душар болып тұрмыз.
Құрметті Мақаш-құда! Мақаш-аға!
Мен сенімен сонау студент кезімнен таныс едім, бері келе Ембінің қара шаңырағы мұнай бірлестігінде 20 жыл бірге жұмыстас болдық. Соңғы 10 жылдан артық екеуміз балаларымыз Ғарифолла мен Шолпан арқылы құда болдық. Екеуміз Арман, Айман, Махамбет атты немерелердің қызығына бөлендік. Сен жақсы ата, мейірімді әке болдың. Бірақ немерелеріңнің қызығына ұзағырақ бөленуді тағдыр жазбады.
Құрметті Жонас құдағай! Өтәлі құда, Нұрлан, Нұрберген, Нұрман, Ғарифолла, Бибі және Гүлнэзия және басқа туыстарым! Мәкеңнің көрмеген қызықтарын сіздерге ұзағынан көріңіздер дегім келеді. Дендеріңізге саулық беріп, ауылдарыңызда жақсылық көп болсын!
Ардақты Мәке құда!
Сенің жарқын бейнең жүрегімізде ұзақ сақталады. Қош бол! Иманың жолдас болсын!
Серго Дүтбаев, еңбек ардагері
АҒА РУХЫНА АРНАЛҒАН АРДАҚ СӨЗ
...Асылдың тағы бірін жоғалттық. Маңдайы жарқыраған ерден, қадірлі болу үшін бақты, дәулет пен ырысты серік еткен сөзі сара, ойы терең ерден айырылдық.
Қайран дүние-ай, ол зердесіне зейіні, ақылына азаматтығы, біліміне білігі сай, бүкіл жан дүниесін жарық дүниенің жарқылына суарған, тылсым дүниенің "жүрек дүрсілін" алыстан сезінген, ортаның ойпаңын толтырып, көптің қуанышын молайтқан жан еді. Бүкіл ғұмырлық бағасы мен болмысын туған жері Атырауда да, білім мен ғылым қуған Мәскеуде де биіктен көрсеткен адал перзент еді. Абыройлы ағаларына ізетті іні, ізденімпаз інілеріне берік тіреу, өмірлері жарасымды жеңгелері мен келіндеріне, үмітті ұрпағына сенімді сүйеу, сүйікті жарына адал да ақылгөй жолдас болған адам еді.
Ол байтақ елдің, мұнайлы Атыраудың маңдайына біткен даралардың даңқтысы, дара шабуға тынысы жететін дарабозы еді. Осындай қасиеттеріне орай Мақаш ағамызды -Мақаш Балғымбайұлын ғылым шоқтығында отырған ғұламалар ерте танып, жоғары бағалап еді. Солар артқан сенімді Мақаң ақ жүрегімен қабылдап, ақ ниетімен ақтады. Геология ғылымына жаңа соқпақ салды. Қарапайым көз жете бермейтін Биікжалдың биігінен Биікжалдың жеті мың метрлік терең тылсымына ойын жеткізді, пікірін бойлатты. Ақыры Биікжалдан Теңізге дейінгі мидай далада қапысыз із кесіп, таңдайы кепкенше шарлап, қазақтың бақытына біткен алып кеніш - Теңіздің тұңғиығында не қазына жатқанын болжай білді, оны ашушылардың алғашқысы болды. Қазір Теңіз - елдің ырысы, ынтымақтың ұйытқысы. Оны Мақаң еліміз бен халқымыздың игілігіне ақылы мен парасатының, білімі мен білігінің, жүрегі мен көңілінің жылуына орай отырып ұсынды. Сондықтан Теңіздің аты ғасырдан ғасырға аттап, қанша асқақ естілсе, Мақаң есімінің де күннен күнге, айдан айға, жылдан жылға биіктеп, бәріміз сүйсінетіндей, бәріміз мақтанатындай шыңға көтерілетініне еш күмәніміз болмаса керек.
Мақаңның соңғы жылдар өресінде Атырау мұнай-газ институтында студенттерге дәріс берумен бірге қолына қалам алып, "Мұнайлы Ембі" және "Теңіз құдіреті" атты әрі ғылыми, әрі танымдық күрделі шежіре дерлік еңбектер жазғанын ғасырдан астам тарихы бар Қазақстан мұнайының даңқын асқақтататын ерлік белгісі десек тіптен артық емес.
Мақаңның сол кітаптарының біріне қалдырған: "Құрметті Қаржаубай! Біздің әулетіміз жөнінде бірнеше кітап жазып, ақыры мені де кітап жазуға итермеледіңіз..." деген қолтаңбасы менің жүрегіме де, көңіліме де ерекше ыстық. Ол менің ұрпағым үшін де ескірмес ескерткіш.
Қош, қайран Мақа! Топырағыңыз торқа, иманыңыз жолдас болсын!
Сіздің бойыңыздан нәр жинаған және үлкен жеміс берген жігер мен қайрат, мерей мен мейірім сәулесі елдің де, Балғымбай ақсақал тіккен мәртебелі шаңырақтың да даңқын төмендетпес, одан өрбіген ұрпақтың да, оларды сыйлап қастерлейтіндердің де сағын сындырмас, еңсесін төмендетпес шырақтай мәңгі лаулай берсін!
Қаржаубай Сұлтанғалиұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
"Балғымбай әулеті", "Біздің Мақаш " кітаптарының авторы
СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
4 қаңтар күні Д.Нұрпейісова атындағы Мәдениет сарайында Республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республиканың еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, мұнай өнеркәсібінің үздігі, құрметті мұнайшы Балғымбаев Мақаш Балғымбайұлын соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын болды.
Марқұмның табыты азалы гүлдермен көмкерілген. Жастықшаларда оның еңбегіне берілген ордендер мен медальдар тізілген. Құрметті қарауыл сап түзеп тұр. Марқұммен қоштасуға жүздеген атыраулықтар келген.
Азалы жиынды ашқан "Қазмұнайгаз" ҰК-ның тете-президенті Махамбет Батырбаев:
- Жарық дүниемен тағы бір жайсаң жан қош айтысты. Тәңір қазаққа арыстай ұл сыйлады. Оны кең пейілді дархан етіп жаратты, бойына шақтап ақыл-парасат дарытты, еліне елеулі, халқына қалаулы етті... Бірақ ол Тәңір кенеттен өз тәртібімен қалың елді қазалы етіп, ардақтымызды арамыздан алып кетті, - дей келіп, марқұмның өмір жолымен таныстырып өтті.
Азалы жиында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Виктор Васильевич Супрун, Маңғыстау облысынан келген бірге оқыған курстасы Құлқаш Қарамұрзиев, "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Александр Корнелиус, еңбек ардагері Мақаш Рахметов, құдасы Серго Дүтбаев, інісі Нұрман Балғымбаевтар сөйлеп, марқұмды тебірене еске алды.
Ал, белгілі себептермен қаралы жиынға қатыса алмағандар өз ниеттерін жеделхат арқылы жолдапты. Олар Парламент депутаттары: Равиль Шырдабаев, Нұрпейіс Мақашев, Ұзаққали Елеубаев, Жандарбек Кәкішев, Асқар Қожағалиев, сонымен қатар энергетика және минералдық ресурстар министрінің бірінші орынбасары Бақтықожа Ізмұхамбетов, "Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин, "Қазмұнайгаз" Барлау. Өндіру" АҚ-ның бас директоры Жақып Марабаев, Мәскеуден әріптесі Валентин Авров және басқалары бар.
Марқұмның денесі "Орбита " қауымына жерленді.
ЕСКЕРТКІШІ - ЕҢБЕГІ ӨЗІ ІСТЕГЕН, ЕСКЕРТКІШІ – ЕЛІНІҢ МАХАББАТЫ
Қазақтың Губкині еді
Әлдебіреу "Әлемдік аты бар И.М.Губкин сынды ғұламаға теңдесер қазағың қайсы?" -десе, ойланбастан Мақаңды айтар едім. Атышулы академигімізбен иықтасатын қазағым -кәдімгі геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мақаш Балғымбайұлы. Осы орайда "Қалайша?" сұрағының туындары хақ.
Рас, қазақ мұнайының көшін бастаған ардагерлер мен марқасқалардың қай-қайсысы да академик Иван Михайлович Губкинді піp тұтады. Оны Кеңестік мұнай геологиясының негізін қалаушы ретінде ғана құрметтеп, қастерлемейді, қойнауындағы байлығының құдіретімен Атыраудың аты әлемге әйгілі болатынын болжаған көрегендігі үшін қадірлеп, пір тұтады. Ғалымның кемел ойы мен терең білімінің шапағаты тигендіктен ежелгі Ембі бұл күндері ғаламның мұнай алпауыттары құлақ түретін өлкелер қатарына қосылды.
Оның "Мұнай туралы ілім" атты классикалық еңбегі жаһан ғалымдарына танымал. "Орал -Еділ мұнайлы аймағы" туындысы түгелдей дерлік осы өңірдің қойнауындағы тұнып жатқан ең байлықтың жай-жапсарын терең баяндайды.
И.М.Губкин қазан төңкерісінен бұрынғы кезеңнің өзінде-ақ Орал-Ембі мұнайлы аймағымен танысып, оның келешегі зор екенін байқаса, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарынан-ақ бұл өлкенің дамуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін табандылықпен дәлелдеген. 1930 жылы Орал-Ембі аймағында зерттелген 100 мың шаршы километр жердің 70-80 нүктесінде мұнай белгілері анықталғанын жазады. Солардың ішінде Доссор мен Мақаттан ғана мұнай алынуда. Егер 20-25 нүктеде үміт ақталғанның өзінде олардың әрқайсысы жылына кемінде 200 мың тоннадан сұйық отын беретін болады. Аймақтан алынатын жалпы өнім жылына 4-5 млн.тоннаға жетеді, деп көрсеткен екен.
Ал, 1931 жылғы КСРО Ғылым Академиясының Төтенше сессиясында ол Орал-Ембі аймағында барлау жұмыстарының мардымсыз жүргізіліп жатқанына қатты алаңдаушылық білдіреді. Осы уақытқа дейін Доссор мен Мақатқа жалғыз Байшонас кен орнының қосылғанын, ал Қаратон, Ескене, Новобогат ... іспетті мұнай күмбездерінің ескерусіз қалғанын сынға алады. Осы мұнай көздерінің тұзды жатындармен байланысы барлығын геофизикалық зерттеулердің нәтижелері байқатып отырғанын қаперлейді. Барлау жұмыстарын ыждағаттап жүргізу қажеттігіне назар аударады.
Әрине, Одақтың Бас геологы пайымдауларының нақты іске асуы жөнінде бірқатар шара атқарылды. Соғыстан бұрын Ескене, Сағыз, Қосшағыл, Құлсары, Шұбарқұдық кәсіпшіліктері пайдалануға берілсе, қаһарлы жылдарда Комсомол, Қошқар, Тентексор және Жақсымай кәсіпшіліктері іске қосылды. Дегенмен аймақтың ен байлығын толықтай ел игілігіне айналдыруға КСРО-ның экономикалық күш-қуаты жетіспеді.
Соғыстан кейінгі жылдары жаңа кен орындарын ашу аттанысына басқалармен бірге әйгілі академик атындағы институтты үздік бітірген Мақаш Балғымбайұлы да қосылды. Содан бері 40 жылда ол туған жер тұңғиығымен тілдесіп, қойнауының талай тылсым сырын әйгілеп берді. Оның араласуымен жиырмадан астам кен орны ашылғанын, ал Теңіз, Ровное, Матин, Ботақан, Шығыс Мақат, Орталық және Шығыс Прорва кеніштерін ашуға тікелей өзі қатысқаны үшін М.Балғымбаевқа "Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы" дипломы мен омырау белгісінің берілгенін біз жақсы білеміз.
Осы деректер Мақаңның рухани ұстаз санаған И.М.Губкиннен жүзбе-жүз дәріс алмаса да, оның болжамдарын ақиқатқа айналдырған өрелі маман екенін әбден айғақтайды.Ол ұстазының Орал-Ембі аймағының болашағы туралы теориялық тұжырымын іс жүзінде дәлелдей отырып, туған жер тұңғиығын геологиялық және геофизикалық зерттеу қорытындыларын жан-жақты саралады, оларды ой елегінен өткізіп, батыл болжамдар жасады. Сөйтіп "Мұнай кәрі Каспийдің қойнауында телегей-теңіз боп бұғып жатыр. Оны игеріп, игілікке жаратсақ, еліміздің сәулетті, халқымыздың дәулетті болары хақ" - деген тұжырымға тоқтап, оның келешегінің кемел екенін бейне көріпкел әулиедей болжаған Мақаң ашыла жақ кен орнына "Теңіз" деп айдар тағуды ұсынды. Бүгінгі таңда сол кен орнының аты затына сай болғанын тарих растады.
Теңізді ашудағы ерекше еңбегі үшін М.Балғымбаев бір топ әріптестерімен бірге Мемлекеттік сыйлықты иеленді де.
Fалым ретінде бағаласақ, Мақаң жеке өзі, иә әріптестерімен бірлесе отырып, 30-ға тарта ғылыми мақалалар жазып, баяндамалар дайындапты. Ал "Мұнайлы Ембі. Ғасырлық тарих жылнамасы" ("Нефтяная Эмба", Летопись вековой истории"), "Теңіз таңғажайыптары" ("Феномен Тенгиза"), "Мұнай операцияларының сатылары" ("Стадии нефтяной операции") кітаптары оқырман қауым тарапынан кейінгі ұрпаққа бағышталған асыл мұра деп бағаланды.
Мақаң - ұстаздарының өнегесінен ғибрат алып қана қоймай, оны әріптестерінің бойына сіңіріп, мирасқорларына аманат етіп қалдырған жан. И.М.Губкин өзінің мұнай жөніндегі мұратына ізбасарлары жетеді деп сеніп өтті.Осындай ізгілікті мақсат Мақаңа да тән еді. Демек, ұлылардың ісі осылай жалғасын таба бермек. Бұл орайда да И.М.Губкиннің рухани бейнесі Мақаш Балғымбайұлы арқылы қайталанып тұр. Сондықтан да М.Балғымбаев -қазақтың Губкині!
Ұлы Абай:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рахым ойлап қой, - деген еді-ау.
Кемеңгер мегзеген бұл бес асыл іс Мақаңның табиғатына жат қасиеттер емес. Оның жасандылықтан таза табиғи бітімі әкенің қанымен әу бастан солай жаратылған. Сөзіміз дәлелді болу үшін өмір дерегіне үңілейік. Әке балаға қашан да сыншы. "Тіршілік тауқыметін жеңілдетем" ойымен жұмысқа кірген Мақашына Балғымбай қарт оқуға барып, мамандық алуға кеңес береді ғой. Көкейіндегісін дөп басқан әкесіне риза болған бозбала сонда Гурьев мұнай техникумында оқымақ ниетін жасырмаса керек. Ақ батаны арқалап, арман қуған Мақаң техникумды үздік тәмамдап, техник-геолог мамандығын алып шығады да, сол жылы өзі секілді техникумды үздік бітірген ағасы Салтанатпен бірге Мәскеудің И.М.Губкин атындағы институтына аттанады.
Ағайынды бауырлар мұнда да үздік оқиды. Суреттері институт үздіктері тақтасынан бір түспейді. Институтты бітірер тұста оған аспирантураға қалу ұсынысы жасалады. Бірақ, Мақаң туған жерді түлету талабынан қайтпайды. Тіпті адам тағдыры партияның тізгінінде тұрған шақта да ол жерасты сырласының тауқыметін аупарткомның хатшысы лауазымына ауыстыра қоймаған.
"Талаптыға нұр жауар" деген. Түптеп келгенде Одақтағы айтулы геологтардың бірі саналып, КСРО "Құрметті мұнайшысы" белгісін иеленді.
"Құрмет белгісі" және "Құрмет" ордендерімен марапатталды. Жылыой ауданының Құрметті азаматы атағын еншіледі, алдында біз көрсеткен лауазым - атақтарға жетілді. Бұлардың бәрі Мақаш Балғымбайұлының таудай талабы арқасында биік мұратқа жеткенін паш етеді.
Мақаң - жаратылысынан мансап қумаған жан. "Биік мансап - биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады. Екпіндей ұшып қыран да шығады" - деген ғибратты сөз бар. Мақаң кандидаттық диссертациясын ғылыми орталықтан қашық, кітапханасы жұпыны Биікжал атты терең бұрғылау экспедициясы жұмысшыларының мекен-жайында жүргенінде қорғапты. Және әлемге атышулы И.М.Губкин атындағы мұнай және газ институтының ғылыми кеңесінде. Мұны әріптестері ғылымдағы ерлік деп бағалайды. Ал өзінен суырпақтап сыр тарта қалған кезіңіздің бәрінде де ол: "туған жердің тұңғиығындағы байлықты ел игілігіне жарату үшін ғана тер төктім" дер еді. Шынына келгенде бұны өзі пір тұтқан ғалымның көрегендік болжамын ақиқатқа айналдырып, тұз астында бұғып жатқан қазынаның көзін ашуды азаматтық парыз санағанынан деген ләзім. Теңіз кеніші тіл қатқанда геолог-ғалым зерттеулерінің ұланғайыр нәтиже бергеніне сүйсінбей тұра алмайсыз. Мақаңның "елім" деп соққан жүрегінің дүрсілін естігендей боласыз. Қарақан басының қамын күйттемеген біртуар тұлға екенін сезінесіз.
"Құтты білік" кітабын жазған ойшылымыз Жүсіп Баласағұн:
Пайда қума, ел пайдасын ойлағын,
Өз жүгіңді өзгеге артып қоймағын, -
деп өсиет қалдырыпты. Мақаш Балғымбайұлын дәл осы ұстанымнан айнымаған парасат иесі деген лазым. Алматыға мұнай министрлігіне жұмысқа шақырғанда да туған жерде еңбек етуді қалапты. Шен-шекпенге қызықса Мақаң (министрдің креслосы жақын қалғанда) әлгі өтінішті орындар еді.
Одақ ыдырамай тұрғанда КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің орынбасары В.Ю.Филановскийдің "Ембімұнай" бірлестігінде өткізген мәжілісі күні бүгінге дейін көз алдымда. Онда бірлестіктің бүгіні мен келешегі туралы бас геолог М.Балғымбаев хабарлама жасады. Мақаң аспай-саспай, салмақпен сөйлеп тұр. Ойларын деректермен нақтылап, цифрларға жан бітіре баяндайды. Министрдің орынбасары бірер сұрақ қойып еді. Абдырап тұрып қалмады. Егжей-тегжейіне жеткізе жауап берді. Жоғары лауазымды қонақ олқылықтарымызды бетімізге басып, біраз сілкілейтін шығар деп ойлағанбыз. Мақаңның салиқалы сөзінен кейін министрдің орынбасары жадырап, мәжіліс терезесі тең әріптестердің пікір алмасуы дәрежесінде өтті.
Бір қарағанда иман жүзді де инабатты Мақаң мұнай жайлы тайыз әңгімелерді естігенде сындарлы ойларын ортаға салудан тартынбайды екен. Мәселен, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде Кеңқияқ кенішінің келешегі туралы мәселе тыңдалыпты. Оған бірлестік атынан М.Балғымбаев қатысады. Обкомның 1-хатшысы В.А.Ливенцов бюроға бірлестіктің бірінші басшысы келмегеніне шамданса керек, басқарма басшысына сын семсерін қадап, небір қырын сұрақтарды жаудырып бағады. Бірлестік басшысының орынбасары - бас геологке сөз берілмейді. Бірақ Мақаң талқылау аяқталар кезде рұқсат алып, Жаңажол, Кеңқияқ кеніштерінің жай-күйін жан-жақты баяндап береді. Кен орны толық қуатында игерілген жағдайда жаңадан "Ақтөбемұнай" бірлестігін ашуға жол ашылатынына назар аударады. Салиқалы сөзді бюроға қатысқандар сілтідей тына тыңдап, бір серпіліп қалады.
Бюро мәжілісінен кейін обкомның І-хатшысы М.Балғымбаевты әдейі шақырып алып, Ақтөбенің мұнайы, облыста мұнай бірлестігін ашудың жолдары жайлы кеңеседі. Осындай пікір алмасу облыстық атқару комитетінде екі рет өтеді. Солардың арқасында кейін "Ақтөбемұнай" бірлестігі дербес отау құрып шығады. Тоқсаныншы жылдарда сол бірлестік жылына 2,5 млн. тонна көмірсутекті отын өндірсе, оның көлемі бұл күндері 5 млн. тоннаға жетсе, Кеңқияқтағы Мақаң белгілеп, тұзасты қабатынан қазылған үш ұңғыманың әрқайсысы тәулігіне 1000 тоннадан өнім беріп тұр.
Алпыстың асқарына шыққан мерейтойында Мақаңды құттықтай отырып, "Ырыс, береке, байлық қойшының таяғынан, геологтың қаламынан" дегенмін. Осы сөз ағамызға қатты ұнаса керек, кейін аузынан тастамайтын қанатты сөзге айналып кетті.
Шынында да геолог қазылатын нүктенің орнын дәл өлшеп, тура белгілемесе, ұңғының берер нәтижесі күткендегідей болмайды. Бұл қай мұнайшыға да белгілі жай. Геологтар үшін үлкен сынақ. Геолог Балғымбаев бәрін көзімен көріп, қолымен өлшемесе көңілі көншімейтін маман болды. Ұдайы қолынан дәптерін тастамай, көрген-білгенін мұқият жазып-сызып жүруден жалықпайтын. Берген тапсырмаларын тиянақтап, сұрап жүретін. Нәтижелерін саралап, тұжырымдауға асығатын. Мақсат биігіне көзі жеткенше тыншымайтын. Бұл ретте Мақаңды қанағатсыз жан десек, сөзіміз ауыр болмас деп ойлаймыз. Төлес кен орнында пайдалану ұңғыларын орналастырудың жобасын он рет сызып, он біріншісін ғана ұнатқанынан хабардар болсаңыз, оның қанағатсыздығына да, талапшылдығына да көңіліңіз толар еді.
Мақаң аса мұқият адам еді. Жазу үстелінде ұштаулы түрлі-түсті қарындаш, автоқалам толып тұратын. Жұмыс дәптеріндегі жазу-сызулар тиянақтылықты байқататын. Әдемі және біркелкі жазатын. Қажетті сөйлемдерді, қысқа үзінділерді түрлі-түсті бояумен бояп, немесе астын сызып қоятын. Адамды жазу машығына қарай тануға болады дейді ғой, ғұламалар. Осы тұрғыдан қарағанның өзінде Мақаңның жүрегі ақ, ниеті таза, мінезі биязы, ізетшіл жан екенін байқау ешкімге де қиындық келтірмейтін.
Мұнайшылар арасына кең таралған мына оқиға жайлы әңгіме де Мақаңды тағы бір қырынан танытары күмәнсіз. Бірінде бас геологқа бұрғышылардың бұрғылау мұнарасын геологтар көрсеткен жерге сүйремей, өздеріне ыңғайлы жерге тартып бара жатқаны жайлы хабар келеді. Мақаң шапшаң жолға жиналып, өндіріс басына жетсе, шынында да солай екен. Ол іле машинадан түсіп, трактордың алдына тұра қалады. Әрине, мәселе оң шешімін табады. Ал, Мақаңның әрекетін жанқиярлық, немесе жанкештілік деуге болатын сияқты.
Мақаңның адамгершілік биік парасатын әріптестері де, ізбасарлары да үлкен ілтипатпен еске алады. Жұмыста талапшыл жанның айналасындағыларға шапағат нұрын төгіп жүретінін сағына әңгімелейді. Геология саласындағы жұмыстың қыр-сырын жете меңгеріп, басшы жұмыстарда жүрген мамандардың көбі М.Балғымбаевты ұстаз тұтады. Алғашқы қадамдарының сәтті болып, өмір сынынан мүдірмей өтулеріне Мақаңның қамқорлығы зор болғанын ризалықпен айтып жүреді.
Мен де Мақаңды ұстаз тұтқан мұнайшының бірімін. Оның терең білімі мен ұйымдастыру шеберлігі, талапкерлігі мен қамқорлығы аңыздай ақиқат. Жұмыс бабында сұхбаттаса қалсақ, әр сөзін қалт жібермей, кейбір машықтарын дағдымызға айналдыруға тырысатынбыз.
Ұлым Мұрат Мақаңның інісі Нұрманның қызы Әселге үйленіп, құдандалы болғаннан кейінгі кезеңде "құйрық, бауырдың" дәмін татып, талай тәтті күндерді бірге қызықтадық.
Мақаңның бауырмалдығын, балаларына деген аталық мейірімін, ағайын-туысқа деген ыстық ықыласын, құда-жекжатқа деген асық көңілін төмендегі жүрекжарды сөздері де байқатар-ау:
Құдаларға!
Қай қазақ бар сыйламайтын құдасын,
Құда болып, туыс болып тұрғасын.
Күйеу бала, келін болса - ұл мен қыз,
Тума қылып өзімізден туғансың.
Ағайынның ішіндегі абзалы,
Құдалар ғой "мың жылдыққа" сыйласың.
Құдамызды құдайға да теңесе,
Жақсы құда дейді екен құрдасың,
Ал құдағай болсын дейді сырласың.
Құдаларын аттандырмас бас бермей,
Қалдырмайды құдаларын ескермей,
Сиыр сойса бір шекесі сақтаулы,
Келе жатыр сол бір салтым ескірмей.
Неше ғасыр өтсе-дағы құдалық,
Сыйласады бүгін келін түскендей.
Алшаң басып, шірене кеп кіресің,
Қақ төрінде отырасың сескенбей.
Жасай берсін құдандалы салтымыз,
Арылмасын құдалықтан халқымыз.
Немере мен шөберелер жалғасып,
Үзілмесін ұрпағымыз, барымыз.
Махаш
Атырау қаласы, 06.04. 03ж.
Осынау жүрек тебірентер жолдарды Мақаң біздің үйде жайылған құдалық танысу дастарханының басында шабыттана оқып берген-ді.
Ол мерекелік салтанаттың болсын, мерейтой мен құдалық дастарханның болсын ажары еді. Әдемі әзілімен, дөңгеленген биімен кім-кімді де баурап алатын.
Науқасы жанына батып жүргенде де қиналысын сездірмей, ақ жарқын мінезімен жарқылдаушы еді. Той-жиындардан қалмай, ортаны толтырып отыратын. ТШО-ның онжылдығына арналған мерейтойда көңіл күйі көтеріңкі болып, би билеп, ән шырқағаны естен кетпейді.
Жақсы әндерді тебірене тыңдайтын. Сүйсіне отырып, ыңылдап ырғағына қосылатын әні "Ақбаян" — тұғын.
...Ақ Баян,
Ақ жүрегім көпке аян …
Халқын сүйген, ата-ана, бауырларын ардақтаған, өмірлік жары Жонасқа ынтықтығынан айнымаған, балаларына деген әкелік махаббатын кір шалмаған ақ жүректің түкпірінен шыққан сырлы үні дерсіз мұны …
Мақсот Қилыбаев
Көргені жақсы көш бастайды
Мақаш Балғымбайұлы "сегіз қырлы, бір сырлы" азаматтардың қатарына жатады. Сол себепті оның бүкіл өмірін бейнелеу үшін жан-жақты ізденіс қажет.
Мәкеңнің білімге құштарлығы ерте оянып, Гурьев мұнай техникумын және Мәскеудің мұнай институтын үздік бітірген. Өз мамандығына ғылыми тұрғыдан қарап, саяси өмірге деген өзіндік пікірін де жан-жақты қалыптастырған. Оның іс-қимылдарында, сөздерінде философиялық астар болатын. Мәкеңмен әр кездесу қызғылықты еді, бір-бірімізді сағынып тұратын едік.
Мақаш Балғымбайұлының есімі геолог-ғалым ретінде көпшілікке мәлім. Сондықтан Мәкеңнің жарқын бейнесін толықтыруға менің отбасымның үлесі болсын деген оймен, өзіміз куә кейбір жәйттерден сыр шерткім келеді.
Мәкеңмен мен институтта таныстым. Ал, жақын адамдай араласып-құраласып кетуіме Каспий маңы ойпатының тұзасты құрылымдарын зерттеу үшін Кеңестер Одағындағы тереңдігі 7000м екінші ұңғыманы (СГ-2) Биікжал алаңында қазу кезіндегі жұмыстастығымыз бен көршілігіміз себеп болды. Экспедиция сан жағынан шағын, бірақ көп ұлт өкілдерінен құралған тату ұжым еді Мәкең мұнда бас геолог болып бізден бір жыл кейін, 1965 жылы келді де, келесі жылы Балғымбай қарт бастаған отбасын көшіріп әкелді.
Алдымен Балғымбай атамыз жөнінде бірер сөз айтқым келеді. Ол кісінің бейне-тұлғасы, сөйлеген сөздері мен істеген істері бір көсемдіктің нышанын танытатын еді. Келген бетте ауылдағы өз қатарларының басын қосып, өзіне "команда" жинап алды Бұның арты өзара шақырысуға, әңгіме-дүкен құруға, арасында картаны ермек етуге ұласты. Біздің үйге Атыраудан анамыз, Құлсарыдан менің әкем Қаби жиі-жиі келіп тұратын. Сол кезде қарттар кездесіп, біз де біраз қуанып қалатынбыз. Бірде менің әкем Қошқардағы Омар, Құлсарыдағы Қали ағаларын ертіп Биікжалға келді. Үшеуі де кезінде мұнара құрастырушылар болған. Енді балалары игеріп жатқан, 7000м. тереңдікті қазуға арналған, үш тепловоздың дизель-генераторымен жабдықталған, 300 тонна жүк көтеретін алып БУ300ДЭ бұрғылау қондырғысын көру, сірә, там тамаша. Олар ертеде Балғымбай атамен қызметтес болған екен Алдымен біздің үйде, ертеңгісін Мәкеңнің үйінде өткен-кеткенді естеріне түсіріп, мәз-майрам болды. Сол күндері Балғымбай атаның менің әкеммен және экспедицияның бас есепшісі Ортанбаев Сүйеумен кезектесіп айтқан өлеңдерін естумен бірге және бір сырын ашып алдық. Бірде, күз айы еді, Балғымбай-ата маған: "шырағым, маған бір көмектесіп жіберші" деді де, алдыма түсіп алып, үйінің жанындағы шоланға ерітіп барды. Бақсам, бір қоңыр қойды сойып, ішін өкпе-бауыр, ішек-қарыннан тазартып қойыпты. Менің көмегіме сүйене отырып, өткір пышақ ұшымен еттерін ептеп іреді де, тұз салып, терісінің жарылған жерін мықтап тігіп тастады. Мен мұның мәнісін сұрап едім, оған:"Шырағым, Алла бұйыртса, оны жазғытұрым білерсің" деп қысқаша жауап берді. Айтқанындай, келесі жылы наурызда көрісе барғанымызда әлгі қойдың етін асқызған екен. Сол ерекше сүрленген, қызғылт түсті еттің ғажайып дәмін мен әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Мәкеңдер Биікжалға көшіп келгенде Ғарифолла әлі дүниеге келген жоқ еді. Күздің бір күні болатын. Балғымбай-атаның екі үй ортасына орналасқан дәретхананың сыртын қара қағазбен қаптап, іргелерін топырақпен бастырып жүргенін көріп, қасына келгенімде: "Шырағым, балаларға салқын тимесін деп қымтап жатқаным ғой" деді. Сонда Бәкең 71 жаста еді. Оның осылайша Қартайған шағында ұрпақтарына істеп жүрген қамқорлығын мен үлгі боларлық іс деп есептедім.
Мақаш Балғымбайұлы Биікжалға дейін он жылдай өндірісте, кейін азғантай уақыт аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істегендіктен шығар, ұжымның саяси өміріне бірден араласа кетті. Экспедицияның бастауыш партия ұйымының бюро мүшелігіне сайланып, үгіт-насихат жұмысын қолға алды. Бастапқы кезде Батыс Қазақстан геологиялық басқармасы тарапынан жергілікті мамандарға сенімсіздік танытылып, бас мамандардың басым көпшілігі, сондай-ақ бұрғылау бригадасының құрамы түгелдей дерлік Ресейден шақырылған-ды. Әр жақтан келген және өздерін мамандығы мен білімі жағынан, тіпті мәдениет тұрғысынан да жоғары сатыдамыз деп есептеген көп ұлттың уәкілдерін бір сабаға түсіріп, оларға "бас үйрету" біз үшін үлкен сын болды. Олардың бір де біреуі, тіпті экспедиция бастығы да, партия мүшесі емес екен. Шындықты мойындау қажет, комсомол мен партия тәрбиенің ошағы еді ғой. Сондықтан тәрбие жұмысын мамандарды саяси оқу жүйесіне қатыстырудан бастадық. Ол жүйені басқару Мәкеңе жүктелді. Ол оқу барысында өзінің өмірдің әр саласынан хабардар, қазақтың тарихымен қатар орыстардың да тарихын, Октябрь көтерілісі, Ұлы Отан соғысы, осы соғыс кезіндегі партияның басшылық рөлі, халықтар достығы, қазақстандықтар ерлігі, республика еңбекшілерінің майданға көмегі мен Ұлы Жеңіске қосқан сүбелі үлесі, т.б. жөнінде білімдар екенін көрсете білді.
Ұжым сан жағынан шағын еді. Соған орай, бастық немесе жұмысшы деп бөлінбей, тез жақындасып, бос кездерімізде жиі-жиі шай-су ішіп, отбасыларымызбен араласып кеттік. Оған көбіне-көп қазақ халқының қонақжайлылығы, нағашы-жиендік, туыстық салт-дәстүрі себеп болды, десек, одан көбірек ұтқан да басқа ұлттың уәкілдері. Себебі олар қазақтың жиі жайылатын дастарханынан қалдырылмайтын. Бірақ кейіннен, олардың кейбіреуі тамаққа тойып алып, жаюлы дастарханды тастап, кетіп қалу әдетін шығара бастады. Сол үшін бірде маған экспедиция бастығы Д.С.Скворцовқа қатаң ескерту жасауға тура келгені бар.
Мәкеңнің сан қырлы азамат екенін бастапқыда айтқанмын. Ал, оның көптеген қызғылықты іс-әрекеті, әзіл-қалжыңы біздің отбасы мүшелерінің, әсіресе зайыбым Сәния екеуміздің есімізде. Бірде, мен ауылда жоқпын, іссапарда жүргенмін. Сәния, қасында бір емделуге бара жатқан жүкті әйел бар, жоспарлық есеппен Гурьевке бармақшы болады. Биікжалға АН-2 ұшағы келер кезде Мәкең Атырауда бір жолдасымыздың әкесі қайтыс болғанын хабарлап, соған ұшақпен бір бас қой ала кетуді тапсырады. Оның қандай қиыншылық туғызатынын ескермеген Сәния көне қояды. Әлгі жануар тағы екен, әлде не үшін мұнша құрметпен алып бара жатқанын сезді ме, жерден көтерілген бойда ұшақ ішінің берекетін ала бастапты. Гурьев әуежайына қонғаннан кейін, ұшқыштар қойды жерге итере салып, басжібін Сәнияға ұстатыпты да, жайларына кетіпті. Тағы қой тыныш тұрсын ба, Сәнияны дөңгелете берген. Қасындағы жүкті әйелге зақым келтіре ме деп, ол да тырысып бағыпты. Жаны көзінің ұшына келгенде, құдай айдап, әуежайдың бір жұмысшысы келіп, қойды жақын бағанаға байлап беріпті. Күтіп алады дегендерінен жан жоқ. Қайткенде де қойды қазалы үйге жеткізбекші болып, көлік іздесе, ешкім көнгісі келмейді. Күн еңкейіп, қараңғы түсіп барады. Әке-көкелеп, екі есе ақысына, бір орыс таксисті көндіреді. Бірақ ол қойды "тұншығып өледі" деп, жүк салатын орынға жолатпай қояды. Содан жүкті әйелді алдына отырғызып, өзі артқы салонға, қойдың қасына отырып жүре бергенде әлгі қой, кімді, нені көргісі келгенін кім білсін, әйтеуір басын көтергіштеп, маңырай береді. Таксист МАИ инспекторларынан қорқып, қойдың басына таксистерге арналған кепкіні кигізіп қойғызады. Сөйтіп, әрең дегенде қойды жаңа мекеніне жеткізеді. Келгесін өкпемді айтқанымда, Мәкең: "дүниеге үш ұл әкелген Сәнияда бір еркектің күші бар екенін білдім ғой" деп жеңді. Тағы бірде, 1967 жылдың қараша айы еді, Құлсарыдағы менің әкемнің зейнеткерлікке шығуына арналған шараға Мәкең екеуміз жұмыс аяқталған соң жанұямызбен жүрмекші болдық. Бірақ, аяқ астынан бұлт үйіріліп, қар аралас жауын жауар ма?!
Маған қарасты "Газ-69" автокөлігінің алдыңғы мостысы істемейтін еді. Мәкең: "бастықтың жаңа көлігін сұрап алсайшы" деп ақыл қосты. Бірақ, бастық, өзін шақырмағанымызға қитықтанды ма, бермеді және Мәкеңе де "осы боранда неменеге барасың" деп, қалғанын жөн көріпті. Сонда Мәкең: "В первую очередь трудно быть казахом, во-вторых, трудно быть геологом, а если ты и тот и другой, то все остальное, в т.ч. выехать в путь в такую погоду не трудно!" деді де, біз жолға шығып кеттік. Бірақ, кейбір кісінің "айтқаны келмесе де, сандырақтағаны келеді" дегендей, жолда біз көп қиындық көрдік. Ол ұзақ әңгіме, қысқасы 65 шақырым жердегі Құлсарыға түн ортасы ауғанда ғана әзер жеттік, бірақ тойдан құр қалған жоқпыз.
Мәкең аяқ астынан бір нәрсені ойлап тапқыш еді. Жаз айында бір жерге қонаққа бармақ ниеттегі Жонас сандығын ақтарып жатса, Мәкең сол сандықтан шыққан бір затты алыпты да, сыртқа шығып кетіпті. Ол біздің үйге келсе, Сәния да тап солай, сандығынан маталарды шығарып жатса керек. Мәкең оған сездірмей жанына келіпті де, дыбыс беріпті. Оған бұрылып қараған кезде Сәния талып түсіпті. Сонда Мәкең бетіне қара мұртты маска, көзіне көзілдірік киіп, нағыз клоунға ұқсап тұр екен. Мәкеңнің бірде мені де қорқытқаны бар. Сәния Гурьевке кеткен. Түнгі сағат екілердің шамасы. Төргі бөлмедегі стол жанында қағаз жазып отырғанмын. Бір кезде жабық тұрған есік ашылып, арасынан қара пистолеттің аузы көрінді. Қара сүрік қолғап киген қол оны маған бағыштап тұр. Мен қатты шошып кеттім. Сол кезде Мәкең күліп жіберді. Ал қолындағысы Ғарифолланың ойыншық пистолеті екен. Биікжалда есік кілттенбейтін. Мәкеңнің ұйқысынан қалып, маған келгендегі шаруасы жаңағы болды. Оған не дерсің?!
Биікжалдың бұрғылау қондырғысы ауылға жақын, бір шақырым жерде орналасқан еді. Жұмыс өте жауапты болғандықтан күн демей, түн демей жұмыс процесін қадағалап отырған ВНИИБТ институтының мамандары мені шақырта беретін. Көбіне "атының міні иесіне мәлім" деген, жұмыстың бағытына қарап өзім де бара беретінмін. Бірде қонақтықтан ертерек шығып, бұрғылау қондырғысының басына кетіп қалғанмын. Мәкең Сәния мен Жонасқа: "Дәуде болса Болат қондырғыға емес, басқа жаққа кетті, нанбасаңдар, жүріңдер" деп түннің ортасында екі әйелді үйден алып шығады. Ойларында не бар екенін кім білген, түнде түгіл күндіз ол жаққа аяқ баспайтын олар да көне кетеді. Ай сүттей жарық. Мәкең алға ұзаңқырап кетеді. Екі әйел әңгімелесіп келе жатып, оны байқамай қалады. Бір мезгілде Жонас қараса, алдарынан да, арттарынан да ешкім көрінбейді. Дауыстаса да ешкім жауап бермейді. Содан сасып, ілгері-кейін жүгіріп жүрсе, бір бағананың көлеңке жағында шалқасынан түсіп жатқан Мәкеңе кезігеді. Екеулеп жұлқыласа, сес бермейді. Қорқып кеткен Жонас: "Сәния, үйге жүгір, Атаға хабар бер" дегенде ғана Мәкең "тіріліпті". Содан кейін де Мәкең бастаған "комиссия" қондырғыға алған бағыттарынан қайтпайды. Қондырғы жүк көтергіш тетіктің ақауынан тоқталыста тұрған-ды. Қонақтар 6 метр биіктіктегі бұрғышының жұмыс алаңына көтерілсе, іздеп жүрген кісісі жоқ. Мәкең: "босқа келген жоқ екенбіз, Болатты бір қолға түсірдік-ау" деп алақанын ысқылап тұрғанда, төменнен менің дауысымды естіген Жонас: "Ау, Болат мыңда ғой" деп ұмтылғанда жерге құлап кете жаздапты. Мені туған інісіндей көретін Жөкең, сірә, мен тұзаққа түсе ме деп жаны ашып тұрса керек. Ал, Сәнияның қандай күй кешкені маған әлі күнге дейін беймәлім.
Мәкеңнің қайсарлығы, бастаған ісін қалай да бітіретіні жөнінде бірер мысал келтірейін. 1960 жылдары жастардың жаппай "твист" биін билейтін кезі. Бірде Мәкеңнің үйінде арқасын ұзын орамалмен ысқылап тұрғанын, тағы бірде отырғышты ұршықтай айналдырып жүргенін көргенмін. Ақыры, біз үйренбеген "твист" биін 35 жастағы Мәкең теп-тез үйреніп алды. Жалпы Мәкең билердің қай түрін болса да жақсы билейтін. Менің биге шабандығымды пайдаланып, көбіне Сәнияны биге шақырып кететін. Асылы, Мәкең Сәния мен маған ерекше ілтипат білдіретін. Үйіне бара қалсақ, басқа қонақтарынан көңілінің бізге ауып кететініне қысылатынбыз. Биікжалда қалыптасқан дәстүр бойынша, Мәкең Сәнияның туған күнін ұмытпаушы еді. 2004 жылдың аяғында біз Мәкеңнің көмегі арқылы алынған жолдамамен Сарыағашқа емделуге бара жатып, жолда Қызылордадағы ортаншы ұлымыз Қуаныштың үйіне тоқтадық. 2-ші желтоқсан күні Мәкеңнің бізді іздейтінін біліп, үйіне телефон шалсақ, Мәкең Жонас екеуі Мәскеуде емханада екен. Гүлнәзиядан телефонын біліп, Мәскеуге хабарласқанымызда, әуелі Жонас тыңдады. Мәкеңнің саулығын сұрап бола бергенімізде, трубканы Мәкеңнің өзі алып, бір шумақ өлеңді төгіп жіберді. Кейіннен білсек, Мәкең ол өлеңін Сәнияның туған күні есіне түсіп, таңертеңгілікте жазып қойыпты.
Бір ғажабы, ауыр науқаспен күресіп жүріп те, Мәкең қатардан қалған жоқ. Мұнай-газ геологиясы тақырыптарына көптеген мақала жариялады, лекция оқыды, кітап жазды. Жиын-тойлардан қалмайтын және ән айтып, әзілдесіп, көңілді отыруды ұнататын. Мәкеңнің өзі тым тәуір әнші еді, әндердің көбін білетін. Кейбір әнді "мәнісі бар ғой" деп айтатын. Мысалы, "Кешікпей келем деп енді" Жонас Прибалтикадан курорттан қайтарында әдейі барып Москвада күтіп тұрып айтқан екен. "Арыс жағасынданы", "Жан құрбымды" бір шумағын өзгертіп шырқап, бізді күлдіріп алатын. Қасында болсам, мені де ән айтуға қинайтын. Соңғы жылдары Мәкең тағы бір қырынан танылып, дос-жарандарының мерейтойларына өлеңін әзірлеп келетін болды. 2004 жылы ұйымдасқан "Мұнайшы" қоғамдық қорының Қамқорлық кеңесінің мүшесі ретінде де көп жұмыс істеді. 2005 жылдың желтоқсан айында "Мұнайшы" қоғамдық қорының қозғау салуымен Теңіз кенішінің 25 жылдығы тойланды. Сол жиналыста Мәкең сөз сөйлеп, ТШО-ның басшылары атына біраз сын айтты.
Биікжал өте терең бұрғылау экспедициясында Скворцов Дмитрий Семенович (бастығы), Өтебаев Болат Қабиұлы (бас инженер), Досмұхамбетов Жанболат Мәжитұлы, Балғымбаев Мақаш (бас геологтар), Ильясов Мұрат (өндірістік-техникалық бөлім бастығы), Қуандықов Балтабек Мұханұлы, Зарщиков Илья Иванович, Мишенин Владимир Иванович, Ортанбаев Сүйеу (бас мамандар), Саппаева Жонас Сәрсенқызы, Оразалин Темірхан Ыбырайұлы, Сарқытова Ақтоты Бағытқызы, Қойшығұлова Сәния Ахметжанқызы, Ахмеджанова Люция Ғалымқызы, Жексемалиева Қаным (мамандар) Цериковский Семен Наумович, Бармақов Шектібай (бұрғышылар) жұмыс істеді.
Осы жерде айта кету керек, бір-екі ұзақ тұрыстан кейін Ресейден мол табыс табу үшін келген мамандар кетіп тынды. Ұңғы тереңдеп, жұмыс қиындаған кезде бұрғышылар мен жұмысшылардың дені қазақтар болып қалды. Бірде 5000м. тереңдікке ені 219 мм шегендеу колоннасын түсіріп жатқанбыз. Біздің екі жігіт 160 килограмм салмағы бар элеваторды асықша сырғытып тұр. Менің қасымда бақылап тұрған ВНИИБТ институтының бір бастығы таң қалып: "мына жігіттерді бүгін әдейі алдырдыңдар ма?" деп сұрады. Мен оған: "біздің жігіттердің бәрі де осындай, Қажымұқанның немерелері ғой" деп жауап бердім. Ұңғының 5000-5200 метр аралығында құламалы шөгінділердің кесірінен көп қорлық көрдік. Бұл аралықта мұнайдың да белгісі болатын. Оны көзімен көруге Ақтөбеден "Казнефтеразведка" геология басқармасының бастығы Евгений Иванович Иванов келе қалды. Бұрғышы Калимуллин деген Ресейлік маман еді, қанша әурелесе де бұрғы төмен жүрмеді. Тығырыққа тірелгесін Е.И.Иванов маған қарап: "сонда бұл кедергіден өте алатын ешкім жоқ па?" деп адырайды. Мен: "бір өтуге өтетін кісіні алдыртайын" деп бұрғышы Өтеулиевтің үйіне көлік жібердім. Өтеулиев келген соң "инемен құдық қазғандай" шыдамдылықпен құламалы өткелден бұрғыны үлкен шеберлікпен өткізіп, ұңғының түбіне дейін жетті. Ұңғыны жудырып, мұнайды да көрсеттік. Менің осы сәттегі әрекетім Е.И.Ивановтың алғашқыда маған сенбей, бригаданы ылғи ресейліктерден жинатқанының үлкен қателік екенін есіне салғаным еді.
Ұңғыны қазуға арналып әдейі жасалған БУ-300ДЭ қондырғысын құрастыру, оның барлық бөлшектерін жеке-жеке, ал құрастырып болғасын бүкіл қондырғыны Мемлекеттік сынақтан өткізу, ұңғының әр сатысын қазу, шегендеу кезінде көптеген техника мен технологияның жаңа түрлері, олардың көпшілігі Одақта бірінші рет, пайдаланылды. Осы тұрғыда өндіріске біздің тарапымыздан көптеген жаңашыл ұсыныстар енгізілді. Өкінішке орай, пайдаланылған техникалар мен технология, қала берді өте құнды бұрғылау қондырғысы Қазақстанның игілігіне аспады. Бір қуанарлық жәй - ұңғыдан алынған геологиялық мәліметтерді өзіміздің Балғымбаев Мақаш пен Қуандықов Балтабек іске жаратып, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты болды. Еңбегімізді еш кетірмегендері үшін біз жоғарыда аталған азаматтарға әрқашан ризашылығымызды білдіреміз.
Өтебаев Болат Қабиұлы
Қарапайымдылығы қайран қалдыратын
Мақаш Балғымбайұлымен біздер алғаш рет 1954-1955 жылдары Москваның мұнай институтында оқып жүрген кезде кездестік. Біздер дегенім жеті бала жігіт: Құдайбергенов Халит, Өтебаев Болат, Ізтілеуов Беркін, Марабаев Нәсіпқали, Қалмұханов Рысқали, Жұматов Мәжит және мен оқуға кіріскен тұста ол институтты аяқтап жатқан-ды. Сол тұста аға буын өкілдері Ақымбаев Сахи, Бөлекбаев Зинол, Телішев Аманжан, Нармағамбетов Сисекен, Балғымбаев Мақаш, т.б. ауыл жақтан сәлем-саухат келсе, қонақасы жасап, үлкендік тәрбиелерін көрсететін. Ондайға көбіне Беркін екеуміз баратынбыз оқта-текте институтта дәріс алып жүрген жерлес қыздар: Саппаева Жонас, Ибрагимова Рая, Ветрова Валя, Сағындықова Әмина қатынасатын.
Бір қызық жәй Беркін екеуміз 1958 жылғы жазғы практиканы ауылда өткізіп, қызмет жасап жүргенбіз.
Сол кез Мақаш пен Жонастың үйлену тойына сәйкес келіп, Беркін екеуміз Гурьевтегі Жонастың ұзатылу тойын тамашаладық. Той біткен соң ауылымызға Доссор мен Мақатқа солардың көлігіне мініп жетіп қалмақшы болғанбыз. Бірақ той керуені Доссор-Мақатқа соқпай, Қарсақ арқылы тіке Комсомольскіге тартып тұрды. Кештетіп Комсомольскіге жетіп, сонда қонуға және тойға қатысып, екеуміздің Балғымбай әулетімен "құда балалар" болып кездесуімізге, танысуымызға тура келді. Бертін келе, институтты бітіргеннен кейін мен "Эмбанефть" бірлестігінің көптеген кәсіпшіліктерінде және бірлестіктің бөлімдерінде басқару қызметтерінде болдым. Сөйтіп Мәкеңмен тікелей байланысым 1978 жылы "Доссорнефть" мұнай-газ өндіру басқармасында басталды. Мәкең онда бірлестіктің бас геологы еді. Келесі жылы мен де бірлестікке жұмысқа келдім. Талай рет бірлестік бастығының ұзақ өткізетін кеңестерінде түрлі мәселелерді түрлі жағдайда талқыладық. Солардың біреуінде бастық орынбасарларына қатты-қатты сөздер айтып, "жұмыс жасамайсыңдар!" деуге дейін барды. Бұндайда оған қарсылық көрсетуге көбіміз батылдық жасай қоймайтынбыз. Бірақ сол кеңесте екі орынбасары "мінез" көрсетті. Бірі - құрылыс саласын басқаратын Исатай Бәдешов, екіншісі - Мәкең. Олар дәлелдерін айтып, "өзіңіз қызмет жасауымызға мүмкіндік бермейсіз, барлығын өз билігіңізбен шешкенді қалайсыз",- деді. Будан кейін "не болар екен?" деп ойлап едік, ештеңе де болған жоқ жұмысымыз әрі қарай жалғаса берді.
Сол жылдары Теңізді игерудің қауырт жұмысы басталды.
Барлығымыз жұмылып, осы кенішті игерудің жобасы, техникасы мен технологиясы, қауіпсіздік шаралары жөнінде сауатты инженерлік нұсқа жасауға кірістік. Ең әуелі алғашқы ұңғыға қажет деп шетелдерден (Канада, Жапония, т.б.) алдырған әртүрлі бөлшектерден ұңғының болашақта беретін мұнайы мен газының мөлшерін өлшеп, зерттейтін қондырғы жинастырдық. Ол кезде ұңғылар Волгоград бұрғылау басқармасының қарауында еді.
Бірлестіктің бастығы Бөлекбай Сағынғалиев Министрлікпен келісіп, қазылып біткен ұңғыны зерттеу жұмыстарын жүргізуді өз міндетіне алды. Сондай-ақ бірлестіктің бөлімдері бірігіп, Теңізді тез игеру үшін КСРО Министрлер Кеңесі мен СОКП Орталық Комитеті қаулысының жобасын дайындады. Қондырғы бітісімен, жоғарыда аталған органдардың № 522 қаулысы шығысымен бірлестіктің барлық бөлімдері Теңіз кенішін зерттеуге кірісті. Мұнай өнеркәсібі Министрлігінің бұйрығымен КСРО мұнай және газ саласының көптеген ғылыми-зерттеу институттары жан-жақтан Теңізге келді. Осы жұмыстардың дәл ортасында жүрген Мәкең де орталық ғылыми-зерттеу лабораториясының қызметкерлерін басқарып, ең бірінші атқылаған мұнай-газ бұрқағының қуатын, мөлшеріне және қасиеттеріне талдау жасады.
1984 жылы мен "Құлсарынефть" мұнай-газ өндіру басқармасына жұмысқа бардым.
1993 жылы Мәкеңнің Ғарифолласы мен менің Шолпаным жанұя құрып, Балғымбай мен Дұтбай әулеттері құдандалы болды. Бұрынғы таныстығымыз енді жақындыққа ұласты.
1995 жылы біздер Атырауға көшіп келдік. Енді жанұяларымыз жақсы қарым-қатынасқа, араласуға көшті. Немерелеріміздің туған күндерін бірге тойладық.
Мәкең көпке дейін жұмысын тастаған жоқ. Бірнеше кітап жазды, мұнай және газ институтында лекция оқыды, профессор атағына иеленді. Теңіз кенішін ашқаны үшін оған лауреат атағын берілді.
Бірақ соңғы кезде қайта-қайта сырқаттанатын болды, ақыры 74 жасында дүние салды.
Мәкең жұмысында алдына қойған мақсатын орындамай қоймайтын жан еді. Ол кішіпейіл, қонақжай еді. Үйіне бара қалсаң сырт киіміңді қолына алып, шешіндіріп, немесе киіндіріп, қалбалақтап қалатын. "Құданы төрге отырғызу керек" дейтін. Немерелерін, жиендерін жақсы көріп, әзілдеп отыратын. Әрине, үйге келген қонақтарды жалғызсыратпай, дереу жолдас-жораларын, жақын-туыстарын шақырып, әңгіме тиегін ағытатын, карта ойнағанды жақсы көретін. Карта ойнағанда өте қатал тәртіп орнатып, сол тәртіпті бұзбауды өзі тікелей қадағалайтын.
Осы күндері сондай бас қосу бола қалса, "Мақаш бұл ойынға өзінің тәртібін жүргізер еді" деп, оны еске алып, мұңая әзілдесеміз.
Үлкен жиын-тойларда Мәкең бірінші болып биге шығатын. Әсіресе вальсті жақсы көретін. Ертеректе аздап ішкен мезгілдерінде біздерді текке отырғызбай: "Бар, ана қызды биге шақыр!" деп қолқа салатын.
Әрине, үйде жағдай жақсы болса, барлығы да үйлеседі. Жонас құдағай Мәкеңге бір табылып қосылған жан. Екеуі де бір-бірінің қасы мен қабағына қарап өмірлерін сыйластықпен өткізген. Күнде түсқайта Мәкең Жөкеңді ұйықтатып, демалдыратын еді, тіпті телефонға да жауап бермейтін. Ал кешкісін екеуі міндетті түрде сыртқа шығып, серуендеп келетін. Мәкең ортамыздан кетсе де, оның рухани мұралары - жазған кітаптары, ашқан кеніштері артта қалған ұрпақтар үшін өнеге және өріс боларына өз басым әбден сенімдімін.
Серго Дүтбаев.
Еске алумен күн өтер...
Ата-ананың өз баласына деген сүйіспеншілігі бір күнмен шектелмейді, әруақыт қайталана, еселене береді ғой. Соның бір айқын мысалын мен Мақаңның құдамыз Мақаш Балғымбаевтың өмірінен тағы да анық аңғарғаным бар.
... Қызы Бибігүлдің туған күні еді. Үй іші, ағайын-туыс құттықтап болған соң Бибігүл кешке қарай бір достарымен кешкісін кафеге кетеді. Асығыстықтан шығар, өздерімен алып кетуі тиіс бір нәрселерді үйде ұмыт қалдырады. Әлгі нәрселер көзіне түскен Мақаң шыдап отыра алмай, іле-шала арттарынан шығып, апарып береді. Ол ол ма, қуанышқа жиналғандардың дастархан жайылған столында гүл көрінбегенін байқайды да, үйге келіп, бір шоқ гүл дайындап, түн ішінде кафеге кері барады. Бір кеште баласының көңілі үшін екі рет ерінбей-жалықпай жолға шығып, Бибігүлді де, оның достарын да мықтап қуантады, өзі де мәз болады. Керемет кішіпейілдік, керемет аңғарымпаздық!
Бірде сол үйге барайын деп жиналып жатыр едім. Қызым Гүлфайруз: "Мама, сен ол үйге бармай тұра тұр, тіпті телефон да соқпа. Себебі олар түсқайта бір-екі сағат демалады.Өз үйінде Мақаш ағаның маған да, балаларына да: "Енді бәрін де қоя тұрыңдар, соңыра жасайсыңдар, Жонас апаларың да, сендер де жатып демалыңдар, ал мен телефонға да, есікке өзім жауап беремін" деп, газеттерді оқуға кіріскеннің айтып берді және біздер неге солай істемейміз?" деген сұрақты көлденең таратты.
- Бәрі де әдетке айналдыруға байланысты, қызым. Мақаң мен Жөкең кеште бір екі сағат таза ауада серуендеуді де ұмытпайды,- дедім мен.
Мақаңның балаларға деген көңілінің кеңдігіне, қамқорлығының молдығына мына бір жәйт те дәлел болады ғой деп ойлаймын. Бір күні Ғарифолла мен Шолпан кішкентай Арманмен шетелге жол жүретін болғандықтан шығарып салуға Құлсарыдан мен де келдім. Балалардың зат салған жол сөмкелеріне әкелген оны-мұнымды орналастырайын деп, сөмкелерді ашып қарасам, іші бума-бума қағаз, кітап. Олар той-думанда айтылатын қазақ әндерінің, ұлттық тағамдарды дайындау анықтаманың жиынтығы болып шықты. Сөмкелердің жанындағы қалталарда дәрі-дәрмектер, "зеленка", "марганцовка". Соларды көріп:
— Мақа, мыналар неге керек, төгілсе, киімдері бүлінеді ғой, дедім.
— Бүлінбестей қылдым. Кім біледі, Арман сырқаттанып қалса, Шолпан кімнен сұрап жүреді, бара берсін, керек заттың ауырлығы болмайды.
— Ал, ана кітаптар да қажет. Олар әндерді де ұмытпауы тиіс, тамақ дайындауды да ұмытпауы тиіс,- деп өз әрекетін дәлелдеп берді.
Әрине, бұлар күнделікті өмірде көзге көріне, ойға орала қоймайтын жәйттер болса да, ата-ананың үлкен қамқорлығын білдіретін және үлгі-өнеге боларлықтай іс емес пе?
Мақаң сырқатқа шалдыққалы қайда бармады?! Бірде Мәскеу, бірде Алматы. Бәрін де қалт жібермей, шығарып салып, күтіп алып жүрдік. Ауруханаларға телефон шалсақ, көбіне қасында отырған Жөкең жауап беретін. Ал, өзі сөйлесе: "Шүкірмін, төсектен аман-есен тұрдым, кешке дейін аман-есен болсам, ертеңгісін тағы да көре жатармын" дейтін. "Даусыңыз неге жәй шығып тұр" десем, "Жонас ұйықтап жатыр, ол да шаршады ғой, сондықтан да телефонға өзім келіп тұрмын, байқайсың ба, жағдай жаман емес" дейді. Уайым айтпайды. Ақырғы демі таусылғанша ауруханада болып, үйге шаққа жетті ғой. Ойлап қарасақ, Мақаң өзіне жабысқан аурудың қандай екенін әуел бастан-ақ білген, бірақ қанша шаршаса да жанұяға, әсіресе Жөкең мен балалардың жүрегіне салмақ салмау үшін бәріне төзіп, үлкен қайраттылық көрсетті.
Мақаңның Алматыға соңғы бару сапарында біздер: Серго, Рысқали, Мақаң, Жонас бесеуміз бірге болдық. Ұшақтың ұшу уақыты таңға таяу еді. Мақан телефон соқты. "Рысқалиға айтыңдар, үйінің жанына шығып тұрсын, бәрінді де өзім алып кетемін", - деді. Айтқан уақытында бәріміз кездесіп, әуежайға барсақ, ұшақ ертеңгі түске дейін ұшпайтын болып шықты. Содан "Жөкеңді мазаламайық" деп, бәріміз біздің үйге келіп, бірге демалдық. Ертесіне шәй ішіп, біраз карта ойнап, түскі асымызды іштік. Сосын "тағы бір рет телефон соғып білейікші" деп, әуежайға хабарлассақ, диспетчер тіркеу жүріп жатырғанын айтты. Төрде жайғасып отырған Мақан мен Рысқалидың аса жылдам киініп, әзір болғанын көргенімде өзім таң-тамаша қалдым. Өйткені екеуінің де денсаулықтары онша емес-ті. Бірақ екеуі де ісіне ұқыпты, жауапкершілігі жоғары, мінезі бірқалыпты жандар ғой.
Бұл күнде ортамызда екеуі де жоқ.
Бар бітіреріміз - еске алу. Кейде жанұямызбен олар жерленген қауымға барып, жансыз суреттеріне қарап, "шіркін, тірі болсаңдар талай қызықты күнді басымыздан бірге өткізер едік-ау" деп өкінеміз.
Амал қанша, өмір осындай еске алумен және олардың рухтарына тағзым етумен жалғаса береді-дағы...
Марғу Дүтбаева.
Светлой памяти светлого человека
Телефонный звонок о том, что остановилось его сердце, застал меня далеко от Атырау. В это время было трудно поверить, так как перед отьездом при посещении его в больнице мы обсудили последнюю, готовую к публикации статью «Как мы открывали Тенгиз», обговороили темы будущих статей. Он был полон идей, планов и обещал, что обязательно поправится и начнет новый год здоровым.
Однако несколько последующих звонков подтвердили страшную весть, и все, что связано с этим обаятельным, эрудированным, скромным, доступным человеком встало перед глазами, и сознание того, что его больше не увижу, болью отдалось в сердце.
Память возвратили в прошлое. Кажется еще вчера я впервые встретил Макаша Балгимбаевича, а прошло более 30 лет.
Встреча произошла в балыкшинском управлении разведочного бурения (БУРБ) производственного нефтегазодобывающего обьединения Эмбанефть (ПО «Эмбанефть») на собрании, где главный геолог управления М.Б. Балгимбаев докладывал о перспективных площадях для ведения поисково-разведочных работ на 1973 год.
В то время я не думал, что жизнь нас сведет вместе еще не раз, и до конца его дней мы будем соратниками, единомышленниками.
Балыкшинское УРБ только образовывалось, и коллективу, особенно её молодой части, было безинтересно знать: каковы перспективы и что их ждет впереди. Макаш Балгимбаевич с присущей ему основательностью и тщательностью сделал доклад и ответил на многочисленные вопросы. Многим его выступление запало в память, особенно тем, что с таким убеждением и надеждой он говорил о большой подсолевой нефти.
Собрание благодаря этому убедительному выступлению достигло своей организующей и мобилизующей цели. Встречаясь после этого собрания на буровых в РИТСа-районных инженерно-технологических службах - я всегда вызывал его на разговор, и он охотно, научно-обосновывая делился своими исследованиями, видением перспектив развития нефтегазодобычи региона.
Во второй половине 70-х годов истекшего столетия на территории Атырауской области расширились поисково-разведочные работы силами буровых предприятий Миннефтепрома СССР. Были привлечены трест «Саратовнефтегеофизика», волгоградские буровики с ПО «Нижневолжскнефть», заказчиком работ для них выступало ПО «Эмбанефть». В самом обьединении для ведения широкомасштабных буровых работ как и в разведочном, так и эксплутационном бурении было организовано несколько предприятий, в том числе Прикаспийское управление буровых работ. Для координации этих и проводимых по разработке месторождений работ по геологической части Макаш Балгимбаевич был назначен заместителем генерального директора ПО Эмбанефть».
Прошли годы, и в 1984 году меня назначили заместителем генерального директора ПО«Эмбанефть», и здесь я во второй раз встретился с ним, уже как коллега.
ПО «Эмбанефть» того периода - большая хозяйственная структура, в состав которой входило 27 производственных единиц и предприятий, в том числе 6 нефтегазодобывающих управлений На балансе объединения находилось 41 месторождений, эксплуатационный фонд составлял более 3000 скважин.
ПО «Эмбанефть» напрямую подчинялось Миннефтепрому СССР. Нам с Макашем Балгимбаевичем, как и другим нашим коллегам, не единожды приходилось ездить в Москву по различным текущим и перспективным вопросам производства, и тогда он раскрылся мне с другой стороны: как профессионал, который досконально знал свое дело и мог с любых доступных ему трибун доходчиво, четко изложить и защитить позицию объединения. Он у нас (его коллег) был «первопроходцем» для всех посетивших нашу область (в то время на Тенгиз приезжало очень много высокопоставленных лиц -секретари ЦК КПСС, председатель СМ СССР, председатель Госплана СССР, союзные министры, республиканские руководители). Макаш Балгимбаевич первый докладывал о перспективах, а потом мы докладывали о текущих делах и проблемах, и просили ресурсы.
С ним было интересно беседовать, обсуждать любые вопросы, у него был большой богаж знаний, жизненный опыт, которым он охотно делился.
Еще одна черта его характера открылась мне при экстремальных обстоятельствах при тушении газонефтяного фонтана на скважине №37 Тенгиз и аварийных ситуациях на скважине №8 Королевская и №19 Тенгиз. Мы с ним были членами штаба, созданного МНП для ликвидации фонтана на скважине №37 Тенгиз, и бок о бок проработали на ликвидации 399 дней.
Он, как никто другой понимал все катострофические последствия этой аварии для имиджа казахстанских буровиков, экологии региона, сильно переживал за принятое первоначальное решение о ликвидации аварии посредством ядерных направленных подземных взрывов и говорил, что мы можем навсегда потерять это уникальное месторождение со всеми вытекающими последствиями для нефтедобычи на Эмбе.
К счастью, для ликвидации аварии было найдено другое техническое инженерное решение-радости его не было придела.Он в этой ситуации проявил себя как истинный патриот, который безгранично любит землю своих предков, искренне преживает за случившееся, беспокоится за её будущее.
В 1991 году наши пути опять разошлись, я ушел создавать СП, связь мы поддерживали, обсуждая проблемы становления и развития нефтегазовой отрасли нашей страны и отраслевой науки, которая осталась в других странах СНГ. При встречах он живо интересовался нашими делами в СП и всегда помогал своими советами. У нас было много общих производственных и научных тем, на которые мы с ним дискутировали подолгу. Он искренне радовался нашими успехами и в своих трудах-книгах, научных статьях, устных выступлениях всегда подчеркивал, что СП «Эмбаведьойл», первый опыт (не только в Атырауской области но и в Казахстане) совместного с иностранцами освоения нефтегазового месторождения, на чисто иностранных инвестициях.
Третий раз судьба нас свела вместе с Атырауским институтом нефти и газа. Куда нас с ним пригласили читать лекции и передавать свой практический опыт студентам, магистрам будущим нефтяникам.
Здесь в стенах института, у Макаша Балгимбаевича поистине открылось второе дыхание, по природе мягкий, доступный с положительным складом ума человек - он как магнит притягивал молодежь, на его лекциях всегда было стопроцентное посещение, его любили и через него многие полюбили профессию геолога. Этим он как бы заложил основу будущих уникальных открытий выпускниками института.
Сегодня ясно, что вклад Макаша Балгимбаевича в становление и социально-экономическое развитие нашей республики, даже на примере одного нефтегазового местрождения Тенгиз, первооткрывателем которого он является, трудно оценить - он сам лично и через своих последователей сделал все, что мог для своей Родины. Надеюсь история воздаст ему по заслугам. Его с нами нет, уже прошло восемь месяцев, как он ушел в вечность, но дело его живет. Он вместе с нами, в его детях, внуках и нас, его коллегах.
Наша память будет хранить его образ в наших душах, пока мы живем, а история сохранит его имя для потомков.
Магауия Чердабаев
Дара да дархан жан
Тағдыр мені Мақаш Балғымбаевтай адамгершілігі биік азаматпен, білгір маманмен Биікжал аса терең экспедициясында табыстырды. Ол жерде әуелі коллектор, одан соң геология бөлімінің бастығы лауазымында жұмыс жасай жүріп, тұла бойы ілім мен білімге, тәрбие мен ұлағатқа толы ағадан көп нәрсені үйрендім. Онымен кездескен сайын көкірек көзің өз-өзінен ашылып сала беретін . Қолға алған шаруаң оңғарылып, оң нәтижелерге қол жеткізуің оңайлана түсетін. Мақаңның жігеріңді жанып, намысыңды оятатын ұлтжанды қасиеттері еңбек табалдырығын жаңа аттаған жас мамандарға, өндірістің орта буын командирлеріне үнемі терең ой салып, ілгері жетектеп отыратын.
Мақаңның құнарлы ортада өскені Балғымбай қарттың біздің қартпен, Қилаш шешеміздің біздің шешемізбен етене араласуынан-ақ білінетін. Геофизика инженері Жонас жеңгеміз Москвадан, Ленинградтан, өзге де қалалардан ұдайы келіп жататын көп ұлтты өкілдер мен меймандарды, көп демей, аз демей қазақы қонақжайлықпен күтіп алып, бар мәзірімен құрметтеп, шығарып салып жататын.
Мақаң әдемі әзіл-қалжыңымен де өзіне өзгенің көңілін аудара білетін. Бір күні кеңседегі жұмыс столы жанында үстіне тон киіп, бөркінің екі құлағын түсіре байлап, үн-түнсіз отыр. Қолында күміс сақина. Бұрын бұндай жағдайды көрмегендіктен:
- Мұныңыз не, әбден қымтанып алыпсыз, әрі мынадай сақина тақпаушы едіңіз ғой,-дедім.
- Қарағым, басымның сақинасы бар ғой. Сосын терлеу үшін қымтанып, шешемнің сақинасын тағып отырмын,- деп, күліп жіберді де: "Реакцияң" жақсы екен, тосын жәйтке бірден назар аудардың. Адамға ілтипат білдіре алатын адам ештеңеден қор болмайды, солай ма, Аманжол?" деді.
- Әрине, солай.
Екінші бір жағдай. Мақаңның "Волга" автомашинасы болды. Соған орай бірде жігіттер "киік атуға шықсақ қайтеді" деулі. Мақаңда қайт жоқ, "шықсақ шығайық," дейді. Биікжалдың солтүстік жағында үш тегіс ұзын тақыр бар-ды. Оның маңына жаңбырдан қалған қаққа келе ме, киіктер көбірек шоғырланатын. Айдын тақырға "Волганың" дөңгелегі тиген бетте Мақаң газды басыңқырап зулата жөнеледі. Іштегі киік атушы аң-таң. Біраздан кейін ол:
- Мәке, киіктер артта қалды ғой, Сіз қайда тартып барасыз? деулі. Мақаң саспайды:
- Солай ма , мен автомашинаның шабысын байқайын деп едім ғой деп, біраз ұзаңқырап барып кері оралыпты. Сөйткенше оқтай зулаған киіктер де тақырдан ұзап кетіпті. Сірә Мақаң жігіттердің көңілін қимай келсе де, киіктерді қан-жоса етуді қаламаған сыңайлы....
Үшінші бір жағдай. Қыс еді. Жонас жеңгеміз маған келіп,"ағаңды дәрігерге апарып келсең қайтер екен, тісі ауырып, әбден мазасы кетіп жүр"- деді.
- Мақаң келіссе, мен әзірмін, Жөке! Сөйтіп екеуміз Құлсарыға жетіп емханаға келдік. Мақаң манағыдай емес, ынтасыз. Жүріңіз, кірелік десем:
- Аманжол, сен әуелі дәрігерге жолығып кел,- деп автомашинадан түспей қойды.
Бардым, жолықтым. Tic дәрігері Майра Қарабалина: "Мақаң аға ма, келсін, қарайық, мүмкін емдерміз, мүмкін бүлінген тісті суырып тастармыз" деп бәйек болып жатыр.
Келіп, Мақаңа әлгі әңгімені айтып едім, "Қой, осы шаруаны бүгінше қоя тұралық" деп көнбей қойды. Содан ешқайда бұрылмастан әрі-бері 140 шақырым жүріп, Биікжалға қайтып оралдық. Мақаңның бұл қылығы түсініксіз болып қала берді....
Ағамыз қонақтықта, тойда домбыра тартып, ән салуды ұнататын. Ұмытпасам, сол кезде көпке мәлім " Маржан қыз", "Қайықта", "Сәулем-ай", "Сен ғана" әндерін шебер, нақышына келтіріп орындайтын.
Мақаш Балғымбаев "елім" деп еңіреп, "халқым" деп көкірегі қарсы айырылған ағаларымыздың санатында ұланғайыр іс тындырды, ұланғайыр атақ-даңққа бөленді. Орасан зор беделімен, ақыл-парасаты ең заңғар тұлғалардың бірі және бірегейі атанды. Ол кісінің аса дарындылығы, білімдарлығы, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті, адами қасиеттері талай өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Өз басым Мақаңның тарапынан бірде-бір жамандық, бірде— бір қиянат көргенім жоқ. Ал, көрген қамқорлығым шаш-етектен. Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясында жүргенімде бір күні телефон шалды. "Ал, қарағым! (бұл оның ең сүйікті сөзі еді) сені "Құлсарынефть" мұнай-газ өндіру басқармасына бас геологтыққа қалап алсам, келемісің?" деді.
-Мақа, хош!- дедім. Сіздің сеніміңізді ақтасам, мен де басқа арман жоқ.
Содан 1995 жылға дейін, сол кездегі зейнеткерлік 60 жасқа дейін аға сенімін толық ақтап шықтым. Сондықтан фәнилік дүниесінде айтқан алғысымды бақилық дүниесінде де қайталап айтып, "топырағың торқа, жаның жәннатта болсын!" деген көңілімді білдіргім келеді.
Аманжол Өміров.
Артында өшпес ізі қалды
... Менің өзім 1935 жылдан бастап үйде болып жарыған жоқпын. Бесінші - жетінші кластарды үш жыл ағайындардың үйінде жатып, 1937-1940 жылдары сегізінші-оныншы кластарды интернатта жатып оқыдым. Сол себептен Мақаштың балалық шағын мен тек каникулға келген мезгілдердегі оқиғалармен көзге елестетемін.
1929 жылы әкеміз басқа ауылдастарымен бірге "Теңдік" атты ұжымдарға кіріп, малдарын тапсырып, Қайыршақтыға көшіп келді. Кәсіптері балық аулау. Жазда қайықпен, кемемен, ал қыста ат жеккен шанамен барлық керектерін алып алысқа ұзап кетеді де, мұз жұқара бастағанда ғана елге оралады. Қыс бойы осындай мұз үстінде балық аулауды " ахан" дейді екен.
Мақаш сол Қайыршақтыда 1931 жылы дүниеге келді. Ауылдың ішетіні теңіздің суы. Жел батыстан шықса теңіз суы азда болса тұщиды, жұрт сол мезгілде бар ыдыстарын суға толтырып алады. Әкеміз бен үлкен ағамыз Қойшығара (14-15 жасынан) балық аулауда болды. Өтеп Доссорда Горпромобучте оқыды. 1933 жылы теңіз қатты тасып, бірталай әбігер тудырып еді. Бірақ 1934 жылдан бастап күрт кері қайтты. Қайыршақтының екі жағындағы теңіз қолтықтары құрғап қалды да ұжымшар быт-шыт болып тарап кетті. Қазір Қайыршақтының орны жоқ. Ол қаладан 30 шақырымдай қашықтықта еді.
Әкеміз 1934 жылы қалаға көшіп келіп, құрылысшы болып жұмыс істеді.
Өтеп Гурьев мұнай техникумын 1938 жылы бітіріп, Ескене өндірісіне мұнай өндіру шебері болып орналасып, үйді сонда көшіріп алды. Бірақ сол жылы күзде 1938 жылдың 8 қазанында армияға алынды. Мақаш сол жылдан бастап мектепке барды. Балалық шағы сол Ескенеде өтті. Үш үлкен ағалары соғыста болғандықтан кемпір-шалдың қасында Салтанат екеуі ғана болып, әкесінің ауыр еңбегін өз көздерімен көріп өсті. Әлдері келгенше көмектесіп, еңбекке жастайынан үйренді. Олар қатарлас балалар да сондай күйді бастан өткізді деп ойлаймын. Есімде қалған бір жәй, 1941 жылы қыркүйектің 13-де Ескенеден бір топ бала жігіт армияға аттандық. Біздер мінген машинаның артынан кішкентай інілеріміз бірталай жерге дейін жалаң аяқ жүгіріп, шаң жұтып шығарып салды. Солардың ішінде Салтанат пен Мақаш та болды.
Мақаш Балғымбайдың 5 ұлының кенжесі 1958 жылы үйленгеннен кейін әке-шешесін қолына алып, іс жүзінде " Үлкен үй" болды.
Әкеміз қайтарының алдында 1972 жылы бәрімізді жинап алып, Мақаш "Үлкен үй" болады деп, оны сөз жөнінде бекітіп кетті. Осылайша әкеміздің барында да, одан кейінде де Мақаш пен Жонастың үлкен үйдің кісілері екенін баршамыз мойындадық. Екеуі де осындай әрі қадірлі, әрі жауапты міндетті ойдағыдай орындай алды. Ең алдымен айтарым - оның әке-шешеге деген сүйіспеншілігі мен ықыласы ерекше еді. Бір жылдары осы себептен талай лауазымды жұмыстан да бас тартты. Біздерге, басқа ағайындарға да өте бауырмал болды. Олардың қуанышына да, қиыншылығына да ыстық жүрегімен ортақтасты. Ағаларының балаларын, немерелерін өзінің балаларынан кем көрген жоқ. 1972 жылы үлкен ағамыз Қойшығара қызы Нұрзила ( әулетіміздің бірінші қызы) тұрмысқа шыққанда, оларды Ескененің жарты жолына дейін шығарып салып, үйге келген соң балаша жылағаны есімде қалды.
Жалпы Мақаш пен Жонастың көпшілікке сыйлы үлкен үй иелері болуларына әкеміз Балғымбайдың әсері аз емес қой деймін. Әкеміз көп оқымаса да, көкірегі ашық, көңілі ояу, әр нәрсені білуге ынтызар, ақылды адам еді. Көп жыл Мақаштармен бірге болғанда, әкемізге көрісуге келген қатарлары, өкшелес інілері оның адамгершілігіне, сондай-ақ әңгімелеріне ризашылық білдіріп, оған өте жоғары баға беріп кететін. Солардың ішінен менің білетіндерім Сәкен Шақабаев, Ыбыраш Қорқытов, Кенжеғали Ізтілеуов. Жиен Жәмек Оспанов нағашысы Балғымбайды "менің Абайым" дейтін еді.
Мақаш зейнеткерлікке шыққасын шынымды айтсам, "енді демал өзіңді күт, жұмысқа шықпай-ақ қой" дегенмін. Бірақ 1946 жылдан, он бес жасынан бастап таңдап алаған геолог деген мамандығы, оған құштарлығы оның өміріне терең сіңіп кетті, оның қиыншылығын да, қуанышын да басынан өткізді. Содан дем алып көп жата алмады, қайта жұмысқа да шықты, институтта да сабақ берді.
Соңғы жылдары қатты ауырып жүрсе де, шәкірттерге сабақтарын үйінде отырып асықпай түсіндіретін еді (диплом жұмыстарына жетекші болғанда) Жонастың:"Демалсайшы, шаршадың ғой" дегеніне: "Жоқ, менің осындайда жаным дем алады" дейді екен.
Тағдыр дейміз бе, жазмыш дейміз бе, Мақаш арамыздан кетті. Бірақ артында ұрпақтары, өшпес еңбектері қалды. Ардақты аты қалды. Енді соған шүкіршілік етеміз...
Өтәлі Балғымбаев
Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында Балғымбай ұрпақтары тұрғызған мешіт.
МАҚАШ БАЛҒЫМБАЙҰЛЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕРІ
1. Балгимбаев М.Б. «Задачи Биикжальской сверхглубокой скважины». Сборник материалов HTG по глубокому бурению. г.Москва, выпуск 13.1969г.
2. Балгимбаев М.Б., Джумагалиев Т.Н. и др. «Вторая сверхглубокая скважина в Западном Казахстане». Изв-ия АН Каз.ССР, сер. геология,№ 6, 1970.
3. Васильев Ю.М., Балгимбаев М.Б.,Жолтаев Г.Ж. «Геотермический разрез Биикжальской сверхглубокой скважины ВНИИОЭНГ «Нефтегазопромысловая геология и геофизика», № 10, 1970г.
4. Балгимбаев М.Б. «Геологическое строение и перспективы нефтегазоносное верхнепалеозойских (подсолевых) отложений юго-восточной части Прикаспийской впадины». Автореферат кандидатской диссертации. Москва, 1971г.
5. Балгимбаев М.Б., Талаев Ж.У., Исказиев О.И. «Коллекторские свойства подсолевых отложений Приморского палеозойского поднятия» П-всесоюзная конференция, МИНХиГП, 16-18 января 1979г.
6. Арабаджи М.С., Бухарев А.В., Балгимбаев М.Б. и др. «Особенности строения подсолевых отложений на юго-востоке Прикаспийской синеклизы». Журнал геология нефти и газа № 4, 1979г., г.Москва.
7. Балгимбаев М.Б., Досмухамбетова К.Д. «Новые данные о внутреннем строении подсолевого комплекса юго-восточной части Прикаспийской синеклизы». ВНИИОЭНГ, «Нефтегазовая геология и геофизика», № 10,1979 г.
8. Арабаджи М.С., Балгимбаев М.Б., Варламов В.Г. и др. «Основные направления поисково-разведочных работ на нефть и газ в подсолевых отложениях юго-восточной части Прикаспийской синеклизы». ВНИИОЭНГ, нефтегазовая геология и геофизика. Обзорная информация, 1980г.
9. Балгимбаев М.Б., Досмухамбетова К.Д., Умиршин С.К. «Новые данные о нефтегазоносности подсолевых отложений Приморской зоны поднятий (Прикаспийская впадина)». ВИЭМС «Экс-пресс-информация, серия «Геология, методы поисков и разведки месторождений нефти и газа», выпуск 1, Москва, 1981 г.
10. Кирюхин Л.Г., Утегалиев С.У., Балгимбаев М.Б. и др. «Тектоническая карта Прикаспийской впадины (подсолевой комплекс)». Масштаб 1:1000000, Минегео, ВНИИГНИ, ПГО «Аэрогеология», Москва, 1981г.
11. Балгимбаев М.Б., Исказиев О.И., Кожабаев А.С. и др. «Коллекторские свойства подсолевых отложений юго-востока Прикаспийской впадины». Ш-всесоюзная конференция, МИНХ и ГП, 1 -3 февраля 1983г.
12. Балгимбаев М.Б., Джакиев К.Т., «Прогнозирование показателей разработки залежей Эмбы с высоковязкими нефтями по моделям дебит -накопленная добыча». ВНИИОЭНГ, РНТС «Нефтепро-мысловое дело», № 12, 1983г.
13. Балгимбаев М.Б., Джакиев К.Т., Бисенгалиева Г.Т. «Уточнение нефтедобычи высоковязких залежей Эмбы на поздней стадии разработки». Научно-практическая конференция по проблемам разработки нефтяных и газовых месторождений Киргизской ССР 24-26 сентября 1984г., пгт.Кошкар-Ата.
14. Балгимбаев М.Б., Джакиев К.Т., Бисенгалиева Г.Т. «Установление кривых относительных проницаемости по промысловым данным и использование их в гидродинамических расчетах». Научно-практическая конференция по проблемам разработки нефтяных и газовых месторождений Киргизской ССР 24-26 сентября 1984г., Кошкар-ата.
15. Сагингалиев Б.С., Балгимбаев М.Б., Торопкин В.И. «Состояние и проблема разработки нефтяных месторождений Эмбанефть». Координационное совещание по уточнению проекта ЦКП и конференция по проблемам развития Прикаспийского нефтегазового комплекса 10-12 июня 1986г. г.Гурьев.
16. Балгимбаев М.Б., Авров В.П., Бреннер В.М. и др. «Строение и нефтеносность Каратон-Прорвинской зоны и Гурьевского свода». АН ССР, МНП, ИГиРГИ. Сборник «Нефтегазоносность Прикаспийской впадины и сопредельных районов». Москва, Наука, 1987г.
17. Балгимбаев М.Б., Сагингалиев Б.С., Кожабаев А.С.и др. «Влияние перерывов в осадконакоплении на Коллекторские свойства глубокозалегающих отложений Каратон-Тенгизской зоны поднятий». 1У- Всесоюзная конференция 24-26 марта 1987г., г.Москва.
18. Тарханов М.И., Балгимбаев М.Б., Кожабаев А.С. «О. геологической природе Тенгизского подсолевого поднятия». Журнал «Геология и разведка». МинВуз СССР, «Известия высших учебных заведений». № 6, 1987г., Москва.
19. Джакиев К.Т., Балгимбаев М.Б., Амиртаев М.А. «Интенсификация разработки нефтяных месторождений - важный резерв увеличения нефтедобычи». Республиканская Конференция 28-29 июля 1987г. г.Алма-Ата.
20. Карпенко Ю.А., Балгимбаев М.Б. «Перспективы поисков нефти и газа в надсолевых отложениях южной части Прикаспийской впадины». ГТК «Газпром». Информационный сборник, выпек 1, 1990г., г.Москва.
21. Балғымбаев М.Б. «Атырау табиғатының қысқаша сипаттамасы. Еділ-Жайық аралығы». Атырау табиғаты және оны қорғау кітапшасы. Ақтау қ., 1994ж.
22. Балгимбаев М.Б., Ерниязова Г.Т., Осинсков Е.К. «Подкарнизный пермотриасовый комплекс - новый объект поисковых работ». ІІІ-международный семинар 12-14 июня 1996г.
23. Балгимбаев М.Б., Мурзагалиев Д.М. «Рифтогенная природа и нефтегазоносность Прикаспийской впадины». Журнал "Нефть и газ" № 2, 2000г, г. Алматы.
24. Балгимбаев М.Б., Мурзагалиев Д.М. «Об очагах нефтегазо-генерации на Южном Мангышлаке». 1-Международная научно-техническая конференция 18-19 декабря 2000г.,Атырауский институт нефти и газа. г.Атырау.
25. Балгимбаев М.Б., Мурзагалиев Д.М. «О возможном палеоспрединге центральной части Прикаспийской впадины», 1 -между-народная научно-техническая конференция 18-19 декабря 2000г. АИНГг.Атырау.
26. Балгимбаев М.Б., Утесинова Х.Р.,Ерниязова Г.Т. «Крупные своды - будущее большой нефти». 1-международная научно-техническая конференция. 18-19 декабря 2000г. АИНГ, г.Атырау.
27. Балгимбаев М.Б., Ерниязова Г.Т. «Подкарнизные залежи нефти - новое направление поисков». 1-международная научно-техническая конференция 18-19 декабря 2000г. АИНГ г. Атырау.
28. Мурзагалиев Д.М., Балгимбаев М.Б., Саргунанов Р.У. « геодинамика и природа геофизических полей Прикаспийской впадины». Тезисы докладов на научно-производственной конференции, посвященной 70-летию РГУ по нефти и газу. г. Москва, 2000г.
29. Джакиев К.Т., Тарбаев С.К., Балгимбаев М. Б., Мурзагалиев Д.М. «Новая модель природы региональных аномалий силы тяжести в Прикаспийской впадине». Научный симпозиум и новые технологии в геофизике. г.Уфа, 2000г.
30. Джакиев К.Т., Тарбаев С.К., Балгимбаев М. Б. И др. «Новые нефтяные месторождения на территории бывшего полигона «Тайсойган». Международная конференция «Нефтяная и газовая промышленность Казахстана на рубеже веков». г.Алматы, 2000г.
31. Балгимбаев М. Б., Бекмурзиев С.А., Елеусинов А.Е. и др. Книга «Алтын Булак». г.Алматы, 2000г.
32. Балгимбаев М. Б. Книга «Нефтяная Эмба. Летопись вековой истории». г.Алматы, 2001г.
33. Балгимбаев М. Б., Мурзагалиев Д.М. Природа теплового потока в палеорифтах Прикаспийского региона. Нефть и газ. № 2, 2001г. с. 16-19.
34. Балгимбаев М. Б. Книга «Феномен Тенгиза». г.Алматы, 2003г.
35. Балгимбаев М. Б. Книга "Стадии нефтяной операции", г. Алматы, 2004г.
36. Многочисленные научно-практические отчеты и проекты. Геологические фонды ЦНИЛ и АО «Эмбамунайгаз», г. Атырау, 1972-1999г.г.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру