Халық өкілдігі туралы
Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).
Борис Чичерин — «Халық өкілдігі туралы». /uploads/6bca65a5-4dba-54d2-9b53-80e300dce534/cover.png
/uploads/6bca65a5-4dba-54d2-9b53-80e300dce534/cover.png
ХАЛЫҚ ӨКІЛДІГІ ТУРАЛЫ
I тарау
Мемлекет және қоғам
Өкілдікті тәртіп үшін қажетті тәртіп ол енгізілетін қоғамның сипаты мен жай-күйіне байланысты. Тарих бізді саяси бостандық ол тек қоғамдық күштерге сүйенгенде ғана мықты болатынына сендіреді. Осынау ойды конституциялық өмірдің жалпы бастауларын зерттеумен шектелмей, мәселеге тереңірек бойлайтын публицистер баяғыда түсінген-ді. Француз революциясы туындатқан толып жатқан конституциялардың тым тез жойылып кете беруі таза теориялық құрылыстардың дәрменсіздігін айдан анық көрсетіп берді. Осыдан келіп тарихи мектеп шықты. Қазіргі кезде бұл сенім үстем болып отыр. Мемлекеттің қоғамға қатынасы осы заманғы саяси әдебиеттің ең жанды мәселелерінің бірі, және ғылым қанағаттанарлық нәтижелерге тіпті де жете қоймаса да, негізгі көзқарас мызғымастай болып орнықты. Қазіргі кезде, халық өкілдігінің міндеттері мен қызметін талқылау тұсында, бұрынғы қай кездегіден болсын, таза саяси пиғылдармен шектелу тіптен жеткіліксіз. Бақылаудың қажеттілігі, министрлердің жауапкершілігі.
және т.е.с. пайдасына келтірген уәждерді қанағат тұтып, адам тек өз заманының рухы мен қажеттерін түсінбейтіндігін ғана көрсетеді. Қазір, ең алдымен, өкілдікті тәртіптің қоғамдық жағдайын зерттеу керек. Бұдан тек оның аталмыш ортаға қаншалықты қолдануға болатыны шығады.
Мемлекеттік өмірдің бұл қыры әлі аз зерттелген, қоғам туралы ұғымның өзі ғылымда әлі орнықпаған. Әрбір жазушы басқалардікінен тіпті де ұқсамайтын өз анықтамасын береді. Егжей-тегжейіне бойламай-ақ, сол ұғымдардың бәрін бір бөлгішке саюға болады. Қоғам деген атаумен жалпы халықтың құрамына кіретін жеке күштер мен элементтердің жиынтығы түсініледі. Біртұтас, бүтін денеге орналасқан сол бір халық мемлекетті құрайды, екінші жағынан, сан алуан элементтерден құралғандықтан қоғам болып табылады. Мемлекеттің қоғамға қатынасы, демек, бірдің көпке қатынасы болады. Бұл тұрмыстың бірге тіршілік ететін және бір-бір-біріне тікелей ықпал ететін екі пошымы. Бүтіннің құрылысы өзінің бойында қозғалып, қарекет ететін жекелеген күштерге тікелей тәуелді болады.
Бұл байланыс бостандық мемлекеттік өкіметке қатысушыға айналатын өкілдікті тәртіп кезінде ерекше жарқырап көрінеді. Бүтіннің мүшелері ретіндегі азаматтардың саяси қызметі олар қоғамның мүшесі ретінде жеке өмірде ие болатын ұғымдармен, дағдылармен, құлықпен анықталады. Халық өкілдігінде мемлекет пен қоғам бір-біріне бойлап енеді; қоғамдық күштер саяси қызметке шақырылады; сан алуандық бірлікке енгізіледі. Сондықтан, бұл арада бірінші сұрақ мынадай: осынау қарама-қарсы пошымдар қай дәрежеге дейін бірге жүре алады, немесе қоғам мемлекет талаптарын қай шамада қанағаттандыруға қабілетті? Бұл өзінің төңірегінде бүкіл конституциялық өмір шырқ айналып жүретін сұрақ. Біз оны аттаған сайын кездестіреміз; бұл арада біз оны ортақ қорытындыға әкелуіміз керек.
Біртұтас бүтінді құрайтын мемлекет ең алдымен өкімет пен бағыттың бірлігіне мұқтаж. Бұл саяси өмір атаулының аксиомасы. Бірақ бұған саяси қызметке шақырылатын қоғамдық күштердің сан алуандығы кереғар. Ол мемлекетке өкіметтер бөлінісін және бағыттардың әрқилылығын енгізеді. Демек, сан алуан қоғамдық стихияларды қызмет бірлігіне жетелеудің, немесе сан алуандықты мемлекеттік мақсаттың бірлігімен татуластырудың мүмкіндігі бар ма, жоқ па - соны білу қажет. Осынау міндетті шешу қоғамның құрамына және оның элементтерінің қасиеттеріне байланысты.
Қоғам әртүрлі ұлыстардан, әрқилы дәулеттер мен таптардан құралады, онда қарама-қарсы партиялар күреседі. Осы¬нау топтардың әрқайсысының көбіне басқаларға дұшпан өз рухы, өз бағыты бар. Олардың мүдделері үздіксіз қақтығысып жатады; біреулері басым болуға тырысады, басқалары артықшылықты мойындағысы келмейді. Барлық осынау қарама-қарсылықтар әман келісе және ортақ игілікке бағыттала бермейді, сондықтан да өкілдікті құрылыс барлық жерде бірдей қолдануға жарай бермейді. Егер сайланатын жиналыста әрқашан мемлекеттің шынайы мүддесіне сай қарекет жасайтын көпшілік құрыла алатын болса, онда өкілдікті басқару жер бетінде орын алатын бірден-бір басқару болар еді. Алайда тарих қалайтын татулық тіпті ортақ құбылысты құрамайтынын, керісінше, саяси бостандық көбіне талас-тартыс пен бұлғаққа жетелемейтінін көрсетеді, өйткені оларға үстемдік жүргізетін өкімет тежеп отырмаса, әрқилы мүдделер мен бағыттар өзінің бүкіл даралығымен көрінеді. Сондықтан да күрестен қажыған халық көбіне-көп өзінің барлық құқықтарын бір билеушінің қолына береді. Самодержавиелік қажеттілік нақ қоғамдық стихиялардың бөлек-бөлектілігіне негізделген. Егер мемлекет үшін қажет бірлік азаматтардың татулығымен орнатыла алмаса, онда бір кісінің қолына шоғырланған билікке жүгінуге тура келеді. Қоғамдағы бірлік неғұрлым аз болса, билік соғұрлым шоғырланған болуға тиіс дегенді ортақ саяси ереже етуге болады. Бұл арада қатынас кері пропорциялы; біреуі екіншісін толықтырады. Керісінше, қоғамдық бірлік неғұрлым нығая түссе, өкімет соғұрлым оңай бөліне алады. Саяси бостандықтың мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі осы заңға негізделеді.
Бағыттың бірлігінен басқа, мемлекеттік өмірдің өзге жағы да бар, ол оны қоғамға ең жақын қатынасқа қояды. Мемлекеттің мақсаты дегеніміз ортақ игілік, халық қажеттерін қанағаттандыру. Бұл үшін екі түрлі: үкіметтік және қоғамдық бола алатын қызмет қажет. Мұқтаждықты не жеке іскерлік, азаматтардың тол инициативасы, не өкіметтің қарекеті қанағаттандыра алады. Бұл арада да қатынас тағы да теріс пропорциялы: біртекті қызметтің жетіспейтіндігі басқа текті қызметтің көл-көсірлігімен толықтырылады. Азаматтардың инициативасы неғұрлым аз болса, мемлекеттің соғұрлым көп істеуіне тура келеді; өйткені, егер халық даму мен күштің төменгі сатысында қалып қойғысы келмесе, қоғамның қажеттері қанағаттандырылуға тиіс. Керісінше, мемлекеттік өкімет, жеке іскерлік пен қоғамның күш-жігері мұқтаждықты өтеуге жеткілікті жерде, өзінің ведомствосын едәуір шектей алады.
Мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қызметтің осынау кері қатынасы саяси бостандықтың дамуына да едәуір ықпал ете алады. Өкілдікті мекемелер қоғамды өзінше қимыл жасауға, және де жоғары, саяси салада қимыл жасауға шақырады. Мұның өзі азаматтарда жеке күш-жігер және қоғамдық істерді жүргізу шеберлігі болуын талап етеді. Төменгі өрісте өздігінен қызмет қылу болмаған жерде жоғарғы өрісте өзін-өзі басқару орныға алмайды. Инициатива рухы бұйырмаған және қоғамдық жұмыс атаулыда үкіметке сенуге үйреніп кеткен халық саяси бостандыққа қабілетті емес. Ол табиғи түрде абсолютизмге ұмтылады.
Алайда осынау қарама-қарсылықтан өрескел салдарлар шығармау керек. Бостандық жақтастары көбіне мемлекет қызметін ең тар шеңбермен шектеуге тырысады. Олар оған тек құқықтар мен тәртіпті күзетуді жүктейді; қалғандары, олардың пікірі бойынша, азаматтардың бостан іскерлігіне, әсіресе жеке серіктестіктерге тапсырылуға тиіс, олар жиынтық күшпен жекелеген кісілерде қаражаттың жетіспеушілігінің есесін қайтарады-мыс. Бұл орайда шапағатшыл мекемелер мен мектептердің айтарлықтай мөлшері жеке адамдардың қарауындағы Англияның, одан да көбірек, барлығы дерлік жеке күш-жігермен атқарылатын Солтүстік Америка Штаттарының үлгісін көрсетеді. Екі елдегі өкілдікті мекемелердің беріктігін осымен түсіндіреді, ал үкіметтің қамқорлығына үйреніп қалған Францияда бостандық тамыр жая алмай келеді дейді.
Бұл көзқарас қазіргі кезде қоғамда да, жазушыларда да кең таралған. Ол әсіресе Францияда, орын алып отырған тәртіпке наразылыққа негізделетін жерде кеңінен бел алды; онда үкіметтік бас-көз болудың тым көптігі аса қатты сезіледі. Бірақ осынау теріс бағыт, өз кезегінде, ауа жайылу болып табылады; ол мемлекет туралы ғылым әлдеқашан жайына қалдырған және практикада ешқашан дәрмені байқалмаған ұғымға оралу болып табылады. Мемлекет дегеніміз құқық пен полициялық тәртіпті күзететін сыртқы мекеме ғана емес. Оған XVIII ғасырда, жеке бостандық бүкіл қоғамдық ғимараттың іргетасы деп саналған кезде солай қарауға болатын еді. Мемлекет дегеніміз халықтың табиғи одағы, оның барлық ортақ мүдделерінің ұштасуы. Онда тұтас бір бүтін ретіндегі халықтың санасы мен ырқы бейнеленеді. Бұл адамдардың олардың жиынтық күшімен қол жеткізіле алатын барлық мақсаттар үшін мәңгілік бірігуі. Барлық қоғамдық мүдделерді жеке, кездейсоқ серіктестік қолына беріп, әрқашан жалғыз өзі жеке пайданы емес, ортақ пайданы естен шығармайтын ортақ, тұрақты одақты тайдыру мемлекеттің қызметін ештеңемен ақтауға болмайтын шектеу. Күмән жоқ, жеке мүдде қызметтің басты серіппесі болып табылатын өнеркәсіп дүниесінде еркін серіктестіктің орасан зор маңызы бар; бірақ онда да қоғамдық сипаты бар кәсіпорын атаулы ортақ пайданы күзетуге тиісті мемлекеттің қадағалауында болуға тиіс. Мүлдем қоғамдық сипаттағы, мысалы, шапағатшылдық, халық ағарту секілді басқару салалары халық мүдделеріне елеулі нұқсансыз мемлекет қолынан алына алмайды. Жеке кісілер үкімет қол жеткізе ала¬тын нәрсені істей алмайды. Азаматтардың еркін күш-жігері үкіметке тек көмек қызметін атқарады. Мекеме айтарлықтай көлемге жеткен бойда, өзіне тиесілі емес салаға көшірілген жеке қызметтің кемістіктері бірден көрінеді. Жеке кәсіпорын атаулының басты қозғаушы серіппесі - жеке мүдде жойылады; қаражат аз әрі аракідік түсетін болады, жеке немесе біржақты мүдделер басым түсе бастайды. Англияда серіктестіктер ұстайтын шапағатшыл мекемелер мемлекеттік шапағатшылдықтың ғаламат дамуына бөгет жасамайды; мемлекет басқаратын мектептердің болмауы ішінара тұрақты оқу корпорацияларымен алмастырылады, мұның өзі, қалай болған күнде де, сол елде оқу жақсы ұйымдастырылған дегенді аңғартпайды. Бельгияда дінбасылар, оларға қарама-қарсы либералдық одақ өз университеттерін ұйымдастырады; бұл белгілі саяси немесе діни бағыт жүргізіп, жастарды соған тәрбиелеу мақсатымен істелген. Бірақ партия рухына негізделген оқыту тіпті де үлгілі деп санала алмайды. Бұл арада жеке серіктестіктер мүлдем жеткіліксіз. Қоғамдық мекемелер, мәнісінің өзі бойынша, мемлекеттің не құзырында, не қадағалауында болуға тиіс; бұл оның заңды, одан алып қоюға болмайтын саласы.
Сондықтан азаматтар барлығын өздері істеуге тиіс деуден таймайтын, бостандықтың басты қамтамасыз етілуі деп топшылайтын либерал жазушылардың бағытымен келісу мүмкін емес. Әркім барлығын өзі істеуге және барлығын өзі бақылауға тиіс қоғамдық тұрмыс тіпті де мінсіз тұрмыс болып көрінбейді. Мұндай бостандық дегеніміз қоғамдық өмірдің басты қолайлылықтарынан бас тартып, еңбек бөлінісі де, ортақ құралдар да, қоғамдық мұқтаждықтарды қанағаттандыру үшін арнайы мекемелер де болмаған бастапқы қауымдық ахуалға оралу деген соз. Жеке өмірде ешкім өзіне-өзі үй салмайды, қайта бұл үшін балташыны немесе тас қалаушыны шақырады, ал өзі оларды тек бақылайды; ешкім өзіне-өзі аяқ киім тікпейді, оны етікшіден сатып алады, тек оның өзіне ұнайтындай етіп жасалуын ғана талап етеді. Бүкіл адами қызмет еңбек бөлінісіне негізделген, ол уақыт үнемдейді, жұмысты жақсартады және әркімге өмірдің басқа игіліктерін пайдалана отырып, оз ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Осынау бастау тек өнеркәсіп саласына тән, ол қоғамдық қызметке көшіріле алмайды, өйткені мемлекет өнеркәсіптік серіктестік немесе акцияларға негізделген компания емес дейтіндер бар. Бұл ойды әсіресе Гнейст ағылшын мекемелері туралы өзінің шығармасында дамытады. Ол тіпті еңбек бөлінісі бүкіл қоғамдық қызметті арнайы даярлаған шенеуніктерге жүктеп, абсолютизмге төтелей жетелейді деген байламға келеді. Айтпақшы, Гнейст мемлекетке осынау өнеркәсіптік көзқарасқа жеке іскерлікті емес, жергілікті басқаруға азаматтардың тікелей катысуын қарсы қояды, сондықтан біз оның пікірін төменде, жергілікті басқару туралы айтқанда талдаймыз. Бірақ осы арада ол өзінің көзқарасына дәлел келтірмегенін ескертпеуге болмайды. Абсолютизм еңбек бөлінісінен тек шенеуніктерге қоғамдық атаулы жойылған кезде, азаматтар жеке өмірмен шектеліп, қоғамдық өмірге қатысуды мүлдем қойған кезде өсіп шығады. Бірақ сол қадағалау бар жерде, өкілдікті мекемелер бар, азаматтар солар арқылы өздерінің талаптарын қойып, үкіметке ықпал ете алатын жерде бостандық тиісінше кепілдіктерді сақтап қалады. Өкілдікті құрылыс азаматтардан қоғамдық іске қырағы көзқарасты, өзінің құқықтарын қорғауға және ортақ игілік үшін өзін құрбандыққа шалуға әзір болуды талап ететіндігіне, бірақ ол азаматтарды бәрін де өзі істеуге жетелемейтіндігінде ешқандай күмән жоқ. Керісінше, оның басты міндеті қарама-қарсы бастауларды: абсолютизмнің артықшылығы болып табылатын еңбек бөлінісін бостандық талап ететін кепілдіктермен ұштастыру. Бұл - әркім өзінің міндетін басқалармен жарастықта орындайтын мінсіз қоғам құрылысы деп атауға болатын құрылысқа жақындау. Мемлекетте үкіметтік қызметке де, азаматтар бостандығына да жеткілікті өріс берілуге тиіс; екі элемент те біреуі екіншісіне нұқсан келтіретіндей күшеймей, жарастықта дамуға тиіс. Екі бастаудың да парасатты тоқайласуы әрі өмір қызықтарын, әрі өркеният жемісін құрайды.
Алайда, осынау мінсіз жарасымдылық тек қоғам атаулы көздеуге тиіс мақсат қана. Нақты болмыста бұл бастаулардың бірінің басымдығы жергілікті және халықтық ерекшеліктермен айқындалады. Бастамашылдық рух бұйырған бір халық жеке іскерлікке жүгінуді жон көреді, екіншісі өзінің қабілеттерін негізінен үкімет қызметімен көрсетеді. Ағылшын-саксон тайпасындағы жеке бастаудың ағыл-тегілдігі және бостандықтың үкіметке қызғанышпен қарауы мемлекеттік өкіметті тым артық шектеуге жетелеп, сондықтан ол өзіне тиесілі кейбір елеулі нәрселерден айрылып қалды. Үкіметтік ведомствоның әрбір кеңеюі азаматтарды қыспаққа алудың құралы секілді болып көрінеді. Осының салдарынан, Англия күні бүгінге дейін қылмыстарды тергеу үшін үкімет тағайындайтын прокурорларды енгізуге бел байлай алмай келеді, бұл қоғамдық пікір қазіргі кездегі - қылмысты жеке кісілердің немесе қарапайым полиция шенеуніктерінің көмегімен тергейтін, мұның үстіне, естілікке кереғар, мемлекет бар шығынды мойнына алатын тәсілдің кемшіліктерін жақсы түсінетіндігіне қарамастан солай болып отыр. Дәл сол себеп бойынша, Англияда үкіметтің халыққа білім беруге ықпалы жекеше мектептерге ссуда берумен шектеледі. Мұндай құбылыстарда ағылшын аристократиясының ерекше қызғаныш сезімі көрінеді, ол аристократия үкіметке баяғыдан күндес ретінде қарайтын және мүмкіндігінше оны қыспаққа алуға тырысатын, мұны аймақтардағы өз ықпалының кеміп кетуінен сескеніп істейтін. Бірақ мемлекетте орташа таптар басым болып шыққаннан бері Англияда Еуропалық материкті үстемдік ететін тәртіпке әлдеқайда жақын тәртіп орнатуда. Үкіметтік биліктің әлсіздігінен балалайтын даусыз кемістіктер, жергілікті басқарудың нашар ахуалы және әсіресе төмен таптардың бейшара жағдайы мемлекеттік қызмет пен үкімет қамқорлығының күшеюіне жетеледі. Заң шығарушылық, міне отыз жылдан астам, осы жолмен жүріп келеді; мұнан қоғамдық тұрмыс едәуір ұтып шықты, ал бостандық дәл бұрынғысындай шымыр. Америкаға келсек, әсіресе соңғы кезде, оны Еуропа халықтарына үлгі ретінде жиі-жиі көрінетін болды. Онда одақтық құрылысы бар республикалық пошым бостандықтың ересен кеңеюіне қолайлы, ал американ тұрмысының ерекшеліктері осынау ағыл-тегілдікті залалсыздандырады. Бірақ әрбір адам ұдайы сақ болуға тиісті, тәуекел және қатерді еңсеру өмірдің бірінші ләззаты саналатын, адамдардың басты мақсаты өнеркәсіптік қызметке ноқтасыз ұмтылу болып табылатын ондай тәртіпке көндігу үшін американдық болу керек. Еуропа халықтарына мұндай тұрмыс аңсарлы тұрмыс бола қояр ма екен. Ағылшын-саксон тайпасының екі саласында да жеке іскерліктің жігерлі дамуы олардың сипаты мен тарихынан өрбиді. Ол саяси бостандықтың ертерек орнауына жәрдемдескеніне күмән жоқ, бірақ оның қажетті шартын құрамайды. Еуропа материгі халықтарының өз қасиеттері және өз тарихи дамуы бар, ол үкіметтік қызметті айтарлықтай, көбіне тіпті біржақты кеңейтуге жетеледі. Өзінің өткенінен және сол арқылы қол жеткен нәтижеден бас тартуға ешқандай мұқтаждық жоқ. Мемлекеттік элемент қоғамдық элементтен тым айтарлықтай батылдыққа жеткен жерлерде, бостандық бастауын іске қойып, бұл кемістіктің орнын толтыру керек; бірақ бұл шектеу қарама-қарсы шектен шығудың пайдасына емес, әрқилы қоғамдық күштердің аңсаулы жарастығы үшін жасалуға тиіс.
Мемлекеттің қоғамға қатынасын айқындайтын елеулі бастаулар осындай. Ортақ мақсатқа жетуде олардың біреуі екіншісін толықтырып отырады. Өзінің құрылысында да, өзінің қызметінде де, олар кері пропорционал қатынаста болады. Сондықтан, олардың арасында көбіне-көп күрес туып кетеді, алайда ол күрестің асқақ мақсаты мінсіз жарасым.
Осыдан өкілдікті құрылыс жөнінде ортақ байлам жасауға болады; қоғамның бірігуіне жәрдемдесіп, онда өздігінен қызмет етуді туындататын талаптардың бәрі өкілдікті тәртіп орнатуға жетелейді; керісінше, қоғамды бөлшектейтін нәрсенің бәрі, саяси бостандықтың дамуын тежейді. Келесі тарауларда біз мұны кеңірек қарастырамыз.
II тарау
ЕЛДІҢ ФИЗИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨКІЛДІКТІ ҚҰРЫЛЫСҚА ЫҚПАЛЫ.
Саяси жазушылар физикалық табиғаттың басқару салтына ықпал жасайтынын баяғыда байқаған. Ежелгі дүниенің де, жаңа дүниенің де аса терең ойшылдары халықтардың саяси тұрмысын азды-көпті айқындайтын шарттар ретінде климатқа,теңіздің жақындығына, жердің кеңдігіне сілтеме жасап отырған. Ең жаңа заманда, нақты бағыттың ықпалымен, бұл зерттеулер тіпті шығандап та кетеді. Тарихта әлдеқайда аса маңызды рол атқаратын таза адами бастауларды ескермей, мемлекеттердің бүкіл құрылымын физикалық жағдайлармен түсіндіруге ұмтылатындар бар. Адам сыртқы табиғаттың анықтамаларымен сөзсіз байланысты емес. Бостан тіршілік иесі ретінде ол тек солардан бас тартуға ғана қабілетті емес, оларды өзіне бағындырады да. Бір ғана топырақта, әртүрлі замандарда, халықтар мүлдем әрқилы қоғамдық пошымдардан өтеді. Соған қарамастан, физикалық жағдайлар қоғам құрылысына күмәнсіз ықпал етеді. Халықтар тұрмысына өзгермейтін таңба салмай-ақ, табиғаттың даусыз заңы ретінде қарекет жасамай-ақ, олар бір немесе басқа элементтің дамуына жәрдемдеседі, өмір ағысын тежейді немесе жылдамдатады, халық мінезінің белгілерін анықтайды, және осынысымен саяси тұрмысқа барынша төте ықпал етеді. Біз Англияның географиялық жағдайы оның мекемелерінің тарихын едәуір дәрежеде түсіндіретінін көрдік. Егер саяси бостандық мүмкіндігі қоғамның ахуалымен айқындалатын болса, онда ол елдің табиғатына да тәуелді. Бұл арада біз алдыңғы тарауда шығарған заңды қолдана аламыз: қоғамның бірігуіне жәрдемдесетін және онда өздігінен қызмет жасауды туындататын физикалық жағдайлар өкілдікті мекемелерге жетелейді, және керісінше, қарама-қарсы қасиеті бар жағдайлар оларға кедергі болады. Бұл саяси өмірдің назар аудармауға болмайтын факторларының бірі. Егер қолайсыз физикалық жағдайлар жақсартуларға сөзсіз кедергі болмаса да, олар қиындықтарды анықтап береді, орын алып отырған тәртіптің парасатты себептерін ашып береді және қоғам қайраткерлеріне өзгерістер кезінде сақ болу міндетін жүктейді. Адам ойы бұл арада жүгенсіздік туындыларымен емес, ең жоғары заңдармен ұшырасады да, олардың алдында құрметпен бас иеді.
Саяси тұрмыстың пошымын анықтайтын аса маңызды шарттардың бірі - мемлекеттің байтақтығы. Бұл - таза физикалық қатынас, ол тек елге қоныстанған адамдарға ғана емес, оның табиғатының өзіне де тәуелді. Арал табиғи түрде онда біртұтас мемлекеттің құрылуына арналған, оның аумағы жердің көлемімен айқындалады. Кемірек дәрежеде болса да соны түбектер туралы да айтуға болады. Ұлан-ғайыр жазықтар бір тайпаның жайыла қоныстануына жәрдемдеседі және оны табиғаттың өзі ұлы державаларға даярлап қойғандай. Керісінше, таулы өлкелер бөлшектеп, ұсақ өзімен-өзі болатын одақтардың құрылуына көмектеседі. Таулы бөліктердің жапсарлас жазықтарға географиялық қатынасы олардың дербес өмір сүру мүмкіндігін немесе оларды неғұрлым ауқымды бүгінге қосу қажеттігін айқындайды. Осынау деректердің бөрінің саяси өмір үшін даусыз мәні бар, өйткені басқару салты мемлекеттің ауқымдылығымен тығыз байланысты. Гректер өздерінің республикаларын тығыз кеңістікте орналасқан деп білді. Осынау ұсақ, еркін одақтарға ежелден Азияның орасан зор деспотиялары қарсы тұрды. Монтескье шағын мемлекеттерге республикалық пошым, орташа мемлекеттерге монархия тон екенін, ұлан-байтақ жазықтарда табиғи түрде деспотизм орналасатынын айтқан. Дәл соны Руссо да дәлелдеп, жер көлемі неғұрлым кең болса, үкіметтік билік те соғұрлым шоғырланған болуы керек деген. Егер осынау қағиданы жердің саяси құрылысын ғасырларға айқындайтын даусыз шарт демесек те, онда тым елеулі ой жатқаны күмәнсіз. Ұлан-ғайыр кеңістіктер адамдарды бөліп тұрады, сондықтан неғұрлым шоғырланған өкіметті талап етеді. Үлкен мемлекетте, әсіресе халық шамалы болса, аралас-құраластық сирегірек және қиынырақ болады, шөл далада шашырап қоныстанған халық бір-бірімен кемірек жанасады және қайымдасып қимылдау мүмкіндігінен айрылған; жекелеген аймақтардың өзара байланысы шамалы; жағдайдың әртүрлілігі мүдделердің қарама-қарсылығын туындатады; көбіне бұған орасан кеңістікке кіргізілген ұлыстардың айырмашылықтары да кірісіп кетеді. Осының бәрі, қоғамды ыдыратып, саяси бостандықтың орнауын айтарлықтай дәрежеде қиындатады. Үлкен мемлекеттер шоғырланған биліктің күшімен құралып, ұзақ тұра алады, оларды ыдырап кетуден қорғайтын да жалғыз сол күш. Халық өзінің бірлігімен, күш-қуатымен және құдіреттілігімен мақтана алады, бірақ ол осының бәрі өзіне бостандыққа нұқсан келтіріле отырып берілетінін білуге тиіс. Бұл арада өкіметтің қажетті күшін өкілдікті мемлекеттің шарапатымен біріктіру үшін өте қолайлы жағдайлар қажет. Бері салғанда, бұл ұзақ та ауыр ішкі жұмысты талап етеді. Бұл бірден біте қоймайтын шаруа.
Ұсақ мемлекеттерде барлық осынау кедергілер өзінен-өзі жойылады. Көрші тұрған адамдар бірін-бірі біледі; олар келісе, жиынтық күштермен қимылдай алады. Оларда баршаға жақын ортақ мүдделер орнығады. Олардың ұдайы көз алдында тұратын істен бостандық ең қолайлы тұғыр табады. Керісінше, шағын елдерде абсолютизм оншалық орынды емес, өйткені мүдделердің ұсақ-түйектігі мен үкіметтің бодандарға тым жақын болуы оны халыққа жексұрын етеді. Алыстан басқаратын өкімет, жанында тұрған өкіметтен әрқашан жеңілдеу. Ұлан-ғайыр мүдделерге иелік ететін үкімет ұсақ-түйекпен айналысатын үкіметпен салыстырғанда көбірек құрметке ие болатыны әбден табиғи. Ақыр соңында аз халықтар үлкен мемлекеттерде көбіне бостандықтың түбіне жететін ұлы міндеттер, дүниежүзілік-тарихи мақсаттар болмайды.
Алайда, екінші жағынан, ұсақ мемлекеттерде өкілдікті мекемелердің кемістіктері де едәуір. Олар күрделі құрылысты қажет етеді, ал оған қабілетті адамдар көбіне жетісе бермейді. Бұл әсіресе конституциялық монархияға қатысты, онда әртекті элементтердің тоқайласуы және тежеу мен кепілдіктің қажеттігі билік орындарын жасанды құруға мәжбүр етеді. Бұған қоғамдық мүдделердің болымсыздығы келіп қосылып, еркін мекемелерге залалын тигізеді. Онда партиялардың қақтығысы мен күресі көбінесе ұсақ та әдепсіз сипатқа иек болады. Халық дамудың төменгі сатысында тұрғанда, әсіресе патриархтық тұрмыс үстемдігі тұсында, ол ез шаруасын өзі күйттей алатын тәртіпті қанағат тұта алады; бірақ көзқарастардың кеңеюіне, қажеттіліктер мен білімнің өсуіне қарай қоғамның ұйқысынан оянған өзін өзі қамшылауы өзі тап болған тар шеңберді қанағат тұтпайды; ол неғұрлым кең өрісті іздейді. Сондықтан, тар кеңістікке қамалған еркін мемлекеттер, егер олар құдіретті көршілерге қарсы өз дербестігін қорқа-қорқа қорғап отыруға мәжбүр етілмесе, табиғи түрде кеңеюге ұмтылады. Ежелгі республикалардың жаулап алуға дайын тұруы едәуір дәрежеде осымен түсіндіріледі. Жаңа заманда, ие болуға ұмтылыстың орнына, неғұрлым кең ұлыстың панасын саялау, неғұрлым асқақ мақсаттар билеп-төстейтін ұлы мемлекеттің құрамына кіру тілегі келеді. Либерализм мен қазіргі кезде алдыңғы орынға шыққан ұлттық бастау арасындағы табиғи байланыс осыдан. Мұны әсіресе Германияда байқауға болады; бірақ сол құбылыс басқа елдерде де қайталануда. Осылай мысалы, ІІІвейцарияда демократиялық бостандықтың дамуы кантондардың неғұрлым тығыз бірігуіне алып келді; жана одақтық құрылыс саяси өмірді жергілікті мүдделердің ауашалығынан алып шығады. Егер ұлан-ғайыр державаларда бостандық қиындықпен орнаса, ұсақ мемлекеттерде оған шектер белгіленгенде, ол содан шығуға ұмтылады. Орташа кеңістік қоғамдық элементтердің жарасымды ұштасуына бәрінен коп жәрдемдеседі.
Саяси құрылыс үшін, жер көлемінен басқа, оның географиялық жағдайының да елеулі маңызы бар. Сыртқы жаулардан қауіпсіздік өкіметті шоғырландыру қажеттігін жояды да, сонысымен бостандық элементтеріне өзінің дербестігін қорғап қалу, жүгенсіздік пиғылдарын тойтару мүмкіндігін береді. Қоғамның ішкі күштері өз табиғатына және тұтас алғанда өзінің мәніне сай, сыртқы тегеурін салдарынан жасанды бірігуге ұшырамай-ақ, ұштаса алады. Біз аралдың географиялық жағдайы бостандықтың дамуына жәрдемдескенін көрдік. Швециядағы конституциялық мекемелердің тұрақтылығын да сол оқшау жағдайына телуге болады. Швейцарияның республикалық құрылысы айналадағы таулардан тиянақ тауып, көрші елдерді самодержавиелік билікке бағындырған ортақ қозғалыстан осылайша құтылып кетті. Егер осындай қолайлы жағдайда еркін халық құдіретті жаудың кездейсоқ шабуылынан өз тәуелсіздігін, Швейцариялықтар мен ежелгі Гректер істегеніндей, қорғап қала алатын болса, онда бостандық бұл жеңістен бұрынғыдан да көп нәр алады. Бірақ жалпы, жат жерліктердің басып кіруіне ыңғайлы ел шоғырланған билікке мұқтаж, сол арқылы басқа элементтерде шешуші басымдыққа ие болған ол оп-оңай шексіз билікке ие болады. Қатер төніп тұратын халық көсемнің қажеттігін инстинктті түрде сезінеді; ол оны өзінің туы әрі құтқарушысы деп біледі. Осыдан белгілі бір ұғымдар мен ұнату қалыптасып, олар халықтың сипатын да, оның тарихи дамуын да айқындайды. Францияда самодержавиенің билік басына келуіне бәрінен көп жәрдемдескен оның Англиямен ұзақ жылдар бойғы соғысы және содан туындаған қасіреттер. Біз Испаниядан да дәл соны көреміз. Бұл ел XVII ғасырдан бері, еуропалық істерге мүлдем дерлік араласпай, оқшау өмір сүріп келе жатқанымен, бүкіл орта ғасырлар кезеңі ол үшін діні бөлек жаулап алушылармен табанды күресте өтті, сондықтан өкімет пен діннің бірлігі ол үшін оның бүкіл саяси құрылысына өшпейтін мор басқан бастауға айналды. Ресейде бір державалықтың орнауына Татарлардың билеп-төстеуі тигізген ықпалды да теріске шығару мүмкін емес. Ең жаңа заманда басқа бір тектегі мысалды көреміз: еркін мекемелер Италияда жатжұрттық езгіге қарсы құрал қызметін атқарды. Бірақ онда, сыртқы соғыс өткінші құбылыс болды, ал бөгденің көмегіне үміт шамадан тыс зорлануды қажет етпеді. Бұл екі арада осында да сыртқы катер өлкенің бірлігін нығайтып, монархиялық бастауды көкке көтерді, ол бытырап кетуге ұмтылысқа да қарсы, республикашылдық идеясына да қарсы берік күш болып табылады.
Қоғамның бірігуіне жәрдемдесетін физикалық жағдайлардан басқа өкілдікті мекемелердің дамуына халықтың оз бетінше шаруа бітіруге ұмтылысын оятатын жағдайлар да ықпал етеді. Бұған адам бойында күш-қайратты, іскерлікті қоздыратын, оның көңіл көкжиегін кеңейтетін нәрсенің бәрі жатады. Бұл жағынан алғанда, табиғаттың сан түрлілігінің таулар мен жазықтардың, құрлық пен судың ұштасуының мәні маңызды болады. Көп жақты әсерлердің ықпалымен адам рухының әрқилы жақтары дамиды, олардың ықпалдастығы халық қуатын тасытады, бағыттардың әртүрлілігін туғызады, сол арқылы өмірді ең жоғары баспалдаққа қояды. Керісінше, адамның рухани күштерінің дамуыма бәрінен коп кедергі жасайтын нәрсе ол өмір сүретін жаратылыстық жағдайлардың сұрқайлығы. Өмірге өзгеріссіздік мөрін басып, оны белгілі бір бағытта матап, ол қызмет ету және жетіле түсу ниетін жояды. Континенттік және теңіз жағалауындағы елдердің айырмашылығы осымен анықталады. Теңіздің жақындығы баяғыдан адамның дамуы үшін ен қолайлы жағдайлардың бірі деп саналатын. Теңізде жүзу адамдар бойында күш-жігер мен іскерлікті тасқындатады. Ол, сонымен бірге, халықты басқа халықтармен жанастырады, ой алмастыруды жүргізеді, адамға жаңа дүниелерді ашады. Халық оқшау тұрғанда ол бой алдыратын тұйықтық пен енжарлықтан сыртқы қатынастардың жалғыз өзі-ақ арылта алады. Егер сыртқы жаулардан қауіпсіздік ішкі бостандықтың шарты болса, бұл жағынан шетелдіктермен бейбіт жанасудың маңызы да одан кем емес. Англияның географиялық оқшаулығы оның теңіздегі жағдайы тарапынан ең күшті қарсылыққа ұшырады, бұл жағдай бұған дүниенің барлық елдерінің есігін ашты және оны еуропалық өмірдің тұрақты катысушысына айналдырды. Тарихшылар Грекияда табиғи жағдай даму үшін қаншалық қолайлы болғанын баяғыда байқаған, оған теңіз жағалауларының ғаламат ұзындығы, құрлыққа ұзап енетін шығанақтар, табиғаттың шексіз сан алуандығы мен байлығы бұйырған. Осынау қажеттілікті сезіну Ресейді де ұдайы теңізге ұмтылуға мәжбүр етті, онда ақыр аяғында кемеңгер пайда болғанда, ол оның міндетін түсініп, оны Еуропа халықтарының ортасына сүйреп енгізгенде, оның қажымас-талмас табиғатының бірінші инстинкті теңізге еңсерілмес ықылас болды.
Бірақ континент елдерінде де жаратылыстық жағдай қоғамдық өмір мен бостандықтың дамуы үшін азды-көпті қолайлы бола алады. Бұл топырақтың сан алуандығына, қатынастың оңайлығына, ақыр соңында, табиғатпен, жер өнімдерімен айқындалатын өнеркәсіптік тұрмысқа байланысты. Өнеркәсіптің әртүрлі салаларының ішінде сауда іскерліктің дамуына бәрінен көп жәрдемдеседі; сондықтан да туындыларға дүниежүзілік базар ашып беретін теңіз маңызды мәнге ие болады. Одан кейін қауырт қызмет пен тапқырлықты талап ететін өңдеуші өнеркәсіп талап етеді. Қоғамдық дамуға бәрінен аз жәрдемдесетін сала егіншілік, ол халық өміріне тым сұрқай реңк береді, және жеке іскерліктен гөрі табиғатқа тәуелді болып, әдетте басқа салалардың табысына еріп отырады. Тар кеңістікте егіншілікпен айналысатын халық бостандыққа едәуір мықты негіз бере алады; бірақ егіншілік сипаты басым ұлан-байтақ ел жетілу мен бостандық жолында бәрінен баяу жылжиды. Ресейдің жағдайы нақ сондай. Егер біз оның табиғи жағдайының бүкіл жиынтығын алсақ, біз оның басқа Еуропа елдерінен бостандық бастауын аз алғанын және өкіметтің шоғырлануына бәрінен мұқтаж болғанын түсінеміз. Мемлекеттің орасан зор екендігі, халық санының жұтаңдығы, жағдайдың сүреңсіздігі, егіншілік тұрмыс, Еуропамен қатынастың қиындығы және азиялық ордаларға жол ашықтық - осының бәрі халықтың ішкі бірігуін де, оның бойында ездігінен шаруа қабілетін дамытуды да барынша қиындатты. Осынау кемістіктер орнын тек мықты өкімет қана толықтыра алатын, ол ең жоғарыда тұрып, мемлекетке бірлік беріп, қоғамдық күштерді бағыттап отырып, оларды қызметке итермеледі, тіпті мұны көбіне зорлықшыл шаруалармен де жасады. Ресейді Солтүстік Америка Штаттарымен салыстыра отырып, олардың арасынан кейбір ұқсас белгілерді көруге болады: екеуінде де орасан зор кеңістікке әлі ішкі күресте күшін зая етпеген және болашаққа батыл қарайтын халық қоныстануда. Бірақ осынау сыртқы ұқсастық тұсында, тұрмыс пен мекемелерде қандай өлшеусіз айырмашылық бар деңіз! Ол елдердің географиялық жағдайының өзімен түсіндіріледі: біреуінде теңізге әрең-әрең қолы жеткен континенттік халық, екіншісінде - материкті жаулап алған теңіз бойындағы халық тұрады.
Бірақ, біз жоғарыда айтқанымыздай, табиғат өмірге өзгермес таңба салмайды. Адам рухы жаратылыстық жағдайдан теріс айналып, оны өзі үшін бағындырады. Ғаламат кеңістіктер жаңа өнертабыстармен бүлдіріледі. Темір жолдар мен телеграф адамдарды жақындастырады, бір-бірінен шалғай өлкелер арасында ойдың барынша тез алмасуын жасайды, ұлан-ғайыр мемлекеттерді шағын мемлекеттер болған жағдайға енгізеді. Физикалық кедергілер идеяларды бөгеуге қауқарсыз. Барлық жерде ортақ ұғымдар мен құлықтар таралады, мұның өзі бәрінен де қоғамның ішкі бірлігіне жәрдемдеседі. Дүниетанымның кеңеюі, үздіксіз қақтығыстар рухтың жаңа күштерін шақырып, адамдар бойында шаруа бітіру ниетін қоздырады. Осының бәрі сөзсіз бостандықтың дамуына, сайып келгенде өкілдікті мекемелердің дамуына жетелейді. Ерте ме, кеш пе, Еуропаның жаңа елдері, ағымның пәрменімен, осыған келуге тиіс, өйткені бұл өмірдің барысынан, бостандық тірек ететін жағдайдың дамуынан өрбиді. Мәселе жалғыз ғана уақытқа, мақсатқа азды-көпті тезірек қол жеткізуге байланысты. Бұл физикалық анықтамаларға емес, рухтың қызметіне тәуелді, ол еңбекпен, күреспен табиғатты өзіне қызмет еткізу жағдайына қояды.
III тарау
ҰЛЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨКІЛДІКТІ МЕКЕМЕЛЕРГЕ ҚАТЫНАСЫ
Мекемелердің дамуы байланысты болатын адами элементтердің санатында бірінші орында ұлыс түр. Мемлекеттің құрамын белгілейтін сол, ол құрам оның құрылысы мен қызметіне орасан зор ықпал етеді. Мемлекетке бірнеше ұлыстар кіре алады, немесе ол, тіпті ерекше демесек те, айтарлықтай шамада, бір ұлыстан құралады. Мұның екеуінің де өкілдікті мекемелер үшін елеулі маңызы бар.
Ең жаңа заманда әрбір ұлысты бөлек саяси денеге жиыстыруға деген ғаламат ұмтылыс пайда болды. Бытырап кеткен бөліктер бір бүтінге бірігеді, күрделі мемлекеттер ыдырайды. Көп адамдар бұл құбылысты ортақ бастауға айналдыруға тырысып, әрбір ұлыстың өзінің ерекше мемлекетін құру құқығын мойындайды. Италияның қайта қалпына келген үлгісі Еуропаның ортақ бүйрек бұруын туғызды, сол идеяларға ерекше күш берді. Олар Германияға, Польшаға қолданылып, тұтас бір жүйеге айналып келеді, ол жүйенің мақсаты бүкіл Еуропа картасын қайта жасау болып табылады. Осынау ұмтылыстардың тамыры бостандық бастауында жатыр, содан әрбір қоғамның өзінің тұрмысын өзінің қажеттіліктері мен жаратылыстық тағдырына сәйкес құру құқығы шығарылады.
Алайда бұл ілімдерді біржақты деуге болмайды. Егер бостандықтың бастауы ішкі мемлекеттік өмірді құруда даусыз маңызды болмай, парасат пен тәртіптің асқақ талаптарына бағынуға тиіс болғанымен, соған қарамастан ол халықаралық құқық саласында ерекше үстемдіктен дәметеді. Мемлекеттің құрамы оның тарихи дамуымен де, онда қатар өмір сүретін элементтердің қатынастарымен де айқындалады. Көптеген елдерде тайпалық топтардың мидай араласып кеткені сонша, оларды бөліп шығу мүмкін емес. Барлық жерде қазіргі бар ұлыстар тайпалардың араласуынан пайда болды, бұл араласу оларға дамудың кеңдігі мен жан-жақтылығын берді. Ақыр соңында физиологиялық ұлыстың бәрі бірдей мемлекеттік өмірге қабілетті емес. Державалы денені құру үшін ең жоғары сана мен ырық керек, олар тіпті де қоғам атаулының бәрінің несібесіне бұйырмаған. Мемлекет адам өмірінің жоғары бастауларын жүзеге асыруға міндетті; дербес тұлға ретінде ол бүкіл дүниежүзілік-тарихи рөл атқарады, адамзат тағдырын шешуге қатысады. Мұндай жағдайды бостандық туралы дерексіз ұғымдардың жолында емес, тек ең жоғары қабілеттер пәрменімен алуға болады; ал халықаралық қатынастарда құқықтарды белгілейтін өкімет жоқ болғандықтан, халық өзінің қабілетін іс үстінде көрсетуге тиіс. Ол оның тарихынан, оның өзіне берілген бостандықты пайдалана алуынан, ол өзінің мақсатын көздейтін қимыл кезіндегі күш-қайратынан, тұрақтылығы мен парасаттылығынан көрінеді. Ол революциялық әрекеттермен бәрінен аз дәлелденеді, ондай әрекеттер таза теріс күшке ие болатындықтан, жасампаздыққа емес, бүлдіруге қабілетін көрсетеді.
Әрине, ұлттық ұмтылыстар, сондай-ақ бостандық талаптары өзіне кейде орнатылған тәртіпке қарсы көтеріліспен жол ашуға мәжбүр етіледі; бірақ революция атаулы инсанияттық жағынан ақтала бермейді; тек мұқтаждықтың ең соңғы баспанасы болатын революциялар ғана солай актала алады. Егер Гректердің түрік езгісіне қарсы көтерілісі еуропалық державалар тарапынан жанашырлық пен қолдау тапса, Құрама ІІІтаттарда Оңтүстіктің бөлінуін, ирланд фенилерінің айла-шарғыларын немесе Польшаның соңғы, үкіметтің барлық либералдық есе берулерін бүлдірген, құпия кісі өлтірулер және жасырын өкімет таратқан құлақ естіп, көз көрмеген террор көмегімен қимылдаған көтерілісін бірдей дәрежеде ақтау мүмкін емес. Қайткен күнде де, ұлыстардың дербес тіршілік ету құқығы туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Ұлыстың тек оған мемлекет заңдарымен және халықаралық трактаттармен берілген құқықтары ғана бар. Қарама-қарсы көзқарас бүкіл орын алып отырған тәртіпті теріске шығаруға жетелейді. Ұлыс саясатта мойындамауға болмайтын, мемлекеттік қайраткер қаперден шығарып тастай алмайтын күш, бірақ ол құқыққа тек тәуелсіз мемлекеттік дене болып құрылып, басқалар оны мойындағанда ғана ие болады. Құқық ұлысқа емес, мемлекетке тиесілі. Ұлыс бас білмейтін стихия, ал мемлекет заңдық тұлғаны құрайды, оның құрамына бір ғана емес, бірнеше ұлыс кіре алады.
Құрама мемлекет, заңгерлік жағынан мінсіз болғанымен, алайда елеулі саяси кемістіктерден ада емес. Мемлекет құрамына кіретін ұлыстардың айырмашылығынан артық ештеңе де қоғамды бөле алмайды, сондықтан еркін мекемелердің дамуына бөгет бола алмайды. Халық рухының бірлігінсіз саяси бағыттың бірлігі де мүмкін емес, ол бірлік, ең алдымен бүкіл мемлекеттік өмірдің негізін құрайтын ортақ ұлттық ұмтылыстардан көрінуге тиіс. Отанға ортақ сүйіспеншілік және оның тұтастығы мен оның мүдделерін қолдап отырудың бірауызды ниеті жоқ жерде, өкілдікті құрылыс әрекеттерінен нәтиже жоқ. Сондықтан мемлекетте барлық басқаларынан айтарлықтай басым бері салғанда бір ұлыс болып, өкілдікті жиналыстың ортақ бағыты соған тәуелді болуы қажет.
Алайда бұл бастауды да өрескел шегіне жеткізбеу керек. Мемлекетте халықтық ерекшеліктердің болуы әрдайым жамандық деп әрқашан санала алмайды. Мемлекет тарихи тұрғыдан әрқилы құрамдас бөліктерден құралады, олардың алуан түрлілігі қоғамдық өмірге көбірек кеңдік береді, ал кейде оған жаңа бастау мен жоғары құрылым енгізеді. Бір текті бұқара біржақтылық пен ерекше артықтыққа тым бейім. Басқа элементтердің көршілігінсіз ол кебіне енжарлыққа бой алдырады; саяси өмірге қатысуға шақырылғанда ол ешқандай бөгеусіз өзінің барлық кемшіліктеріне оп-оңай жол береді Керісінше, егер оны басқа, бөтен стихиялар қоршап тұрса. оның біржақтылығы жұмсарады, кемшіліктер тежеп ұсталады немесе бөтеннің қасиеттерімен толықтырылады, және бағыттардың алуан түрлілігінен мәселеге ауқымды көзқарас әзірленеді. Мысал үшін ерекше діннің ықпалындағы ұлысты алайық. Онда басқа діни элементтердің болуының жалғыз өзі қоғамда дінге төзімділікті дамытып, азаматтық саланы дін қамқорлығынан азат ете алады; ал төзімділік жалпы бостандық талап ететін басты қасиеттердің бірі: адамдар өзінікі мен айрылмауға, сонымен бірге өзгенікін құрметтеуді үйренуге тиіс. Өкілдікті мекемелердің ойдағыдай болуы үшін әсіресе алуан түрлі стихиялардың ортақ құрылыста жана суының салдары болып табылатын күштерді ояту маңызды. Егер мұнымен бостандықтың бір талабы - қоғамдық бірлік кемісе де, есесіне басқа нәрсе - қоғамның өздігінен шаруа бітіруі артады.
Алайда, ұлыстардың осынау сан түрлілігі мемлекетке зиян емес, пайда тигізуі үшін, олардың тату өмір сүруі, бағыныштылардың өзінің ерекшеліктерін сақтай отырып, басты ұлысқа жақындауы, бірақ дербестікке ұмтылмауы, бүтінге дұшпандық көзқарасқа көшпеуі қажет. Өз тарапынан, басым ұлыс басқаларға зорлық жасамайтын, барлық тәсілдермен оларды өзіне сіңіріп жіберуге тырыспайтын, қайта олардың ерекшеліктерін, олардың құқықтарын және тіпті олардың соқыр сенімдерін сыйлайтын кезде ғана басқалардың достық жәрдеміне үміт арта алады. Конституциялық өмір үшін мемлекет құрамына кіретін ұлыстардың өзара жақтырмауын қондырудан асқан зиянды ештеңе жоқ. Қатаң талаптар, зәрлі пікірталас, қырын қарайсың деген ұсақ күдік, бағынуды және өз ерекшеліктерінен бас тартуды талап ету - осының бәрі тек бағынышты тайпаларды теріс айналдырып, дұшпандық тұқымдарын даярлайды, олар өкілдікті құрылыста ең қасіретті жемістер бере алады. Шын жамандық осы арадан басталады, оған қарсы қимылдау қажет: халық өкілдігінің бір бөлігінің дұшпандық пиғылы мемлекетке ғаламат зиян тигізе алады. Бірақ дәрі-дәрмек басым көпшіліктің деспотизмінде жатқан жоқ. Бұл тек революциялық жиналысқа лайық қарекет тәсілі, және де ылғи ойдағыдай бола бермейтін тәсіл, өйткені көпшіліктің ішінде алғашқы алауыздық туған бойда жеңілген азшылық өзінің жеңілісінің есесін мықтап қайтара алады. Конституциялық тәртіп ең алдымен ортақ бостандыққа, барлық құқықтарды қамтамасыз етуге, өзара мәміле мен келісімдерге негізделген. Мұнда бағынышты ұлысты ызаландырмау, оны өзінен орынсыз талаптармен алшақтатпау керек, қайта бітім мен оның тілектерін әділетті қанағаттандыру арқылы ғана өзіне тарту керек.
Ортақ өкілдік, адамдар бірлескен қызмет үшін, ортақ мүдделері талқылау үшін жиналатын өкілдік ұлыстардың өзара байланысын беркітіп, нығайта алады; ол бірақ оны жасауға дәрменсіз. Өкілдік қоғамда бар нәрсені ғана білдіре алады; сондықтан байланысты өмір даярлайтын болуы керек. Жат ұлысты осынау бейбіт жаулап алу үкіметтің есті саясат жүргізуінен гөрі, үстем халықтың инсанияттық қуатына, жоғары таптардың өзіне тартқыш қабілетіне және орта таптардың еңбекқорлығына тәуелді. Тамаша саяси жағдайы бар білімді аристократия жат аристократиялық элементтерді өзіне оңай тарта алады, олар, қоғамда жоғары орын алуға ұмтыла отырып біp текті стихияға қосылып кетеді. Құлықтар мен мүдделерінің аралас-құраластығы бұл арада байланыстырушы буын қызметін атқарады. Осылай, австриялық аристократия чех аристократиясын өзіне сіңіріп жіберді, осылай поляк аристократиясы Литва Корольдігінің дворяндарын Поляктарға айналдырып алды. Екінші жағынан, еңбекқор орташа дәулет иелері жат жерлерге көшіп барып, оларда тұрақтап тұрып қалып, бағынышты өңірде өздеріне өмірлік орталық жасай отырып, жат ұлысты аз-аздап ығыстыра береді де, элементтерінің араласып кетуін жасайды, бұл бөлінуге ұмтылысты бәрінен дұрыс жансыздандырады. Мұндай басып алушылықтың еңбектің үлгісін Немістер көптеген провинцияларда көрсетуде, олар онда түгел болмаса да, айтарлықтай дәрежеде түземдік халықты өздерінікімен алмастырып үлгерді. Бірақ басым ұлыстың инсанияттық күшінің одан да таңқаларлық мысалын Лотарингия мен Эльзастан көруге болады. Францияның құрамына кірген бұл облыстар оған жан-жүрегімен беріліп, өзінің бұрынғы ұлтынан мүлдем бас тартты. Бұл құбылыстың себептерін әлдене саяси шарадан емес, француз тарихының бүкіл даму барысынан іздеу керек. Людовик XIV-нің сарайы мен ғасырының нұры, XVIII ғасырдың жартысына дейін Германияның өзінде басым болған француз әдебиетінің құдіретті ықпалы, революцияның бой бермес энтузиазмы, Наполеонның жеңістері мен ұлылығы, бұрынғыдан әлдеқайда жоғары азаматтық тұрмыс - осының бәрі Францияның жекелеген бөліктерін тайпалық айырмашылықтарға қарамастан, ақыли және инсанияттық ажыратылмас дәнекерлермен байланыстырды.
Бір ұлыстың басқа ұлысқа осынау бейбіт ықпалы үкіметтік шаралардан әлдеқайда маңызды, ол шаралар қоғамдық күштерге жәрдемдесе алады, бірақ оларды ешқашан толық алмастыра алмайды. Алайда, мұндай нәтиже үшін қажетті шарттар әркез бола бермейді. Кейде кедергі басым ұлыстың кемшіліктерінде, кейде бағынышты ұлыстың ұмтылыстарын айқындайтын тарихи себептерде жатады. Мұндай жағдайда, егер дұшпан пиғылды бейбіт жолмен жеңу мүмкін болмаса, үкіметтік құралдармен қарекет жасау ғана қалады. Бірақ бұл арада самодержавиелік үкімет конституциялық үкіметтен мақсатқа әлдеқайда дұрысырақ жетеді. Ол бағыныштыларда бостандыққа азырақ, билеушілерде жүгенсіздікке көбірек жол береді; ол жарияламай қарекет жасайды, және наразылыққа жол бермейді, ал бұл дұшпан пиғылды басып-жаныштауға керек нәрсенің нақ өзі. Конституциялық тәртіп ішкі жауды жеңу үшін емес, баршаға ортақ бостандық пен тәртіпті орнату үшін қалыпты жағдайда орынды. Ішкі жауды жеңуге қашан да өкіметтің шоғырлануымен жақсырақ қол жетеді.
Ортақ өкілдікке дұшпан ұлыстың қатысуына барлығынан кем жол беруге болады. Мемлекеттің белгілі бір бөлігінде жат элементтерді жаныштауға ұмтыла отырып, сонымен бірге оны жоғары өкіметке қатыстыру дегеніңіз есті саясаттың барлық талаптарына қарсы шығатын өрескел кереғарлық. Мемлекеттің алдында осындай міндет тұрған кезде, конституциялық құрылысты енгізу ісін дұрыс тәртіпке оралу мүмкіндігі туғанша кейінге қалдыра тұрған абзал. Немесе, егер уақыт күтпейтін болса, конституциялық құқықтарды дұшпан ұлыс үстем өлкеге таратпаған жақсы. Бұл шараның да өз кемшіліктері бар, өйткені, бүтінмен ең төте байланыс орнату орнына, қалғандарынан бөліп тасталғандай етіліп, облыс бұрынғыдан да ерекше жағдайға қойылады. Бірақ бұл жоғары билікке катысу тек көбірек күш беретін дұшпан элементті ортақ өкілдікке енгізуден жеңілірек кемшілік.
Мысал үшін біздің батыс губернияларымызды алайық та, олар бүкіл империя үшін сайланған өкілдікті жиналысқа енгізіліпті-міс деп елестетіп көрелік. Халықтың жоғары, саяси өмір бар жалғыз қыртысы және байыпты өкілдік бере алатын қыртысы онда жақындағы көтеріліс көрсеткендей Ресейге азды-көпті дұшпан Поляктардан тұрады. Міндет - төмен, таза орыстық қыртысты тек қарекеттің толық бостандығы тана беріліп коймай, жоғары жиналысқа қатысуға да мүмкіндік берілсе, орындалмайтын мақсатқа айналады, өйткені поляктардың өкілдері жиналыста табиғи түрде жабық бір-ауызды және әбден қауіпті топты құрайды. Ал егер сайлау онда төмен таптар басым болатындай етіп ұйымдастырылса, онда жамандықтың ең азы сайланғандардың саяси мәселелерді шешуге қабілетсіздігі болып шығады; ал ең бастысы мынау: мемлекеттің басқа бөліктерінде де өкілдікті дәл сол мүлдем одағай шарт бойынша ұйымдастыру керек болады да, онда жоғары тапқа төмен таптың басымдығы беріледі. Осыдан шығатыны, не өкілдікті тәртіпті енгізу мүлдем мүмкін емес, немесе ол бері салғанда мемлекеттің едәуір бөлігі үшін мүмкін емес. Егер, келтірілген мысалды жалғастыра отырып, бұған бүкіл Поляк Патшалығы енгізіліпті деп елестетсек, онда бұл міндетті одан сайын күрделілендіре түсу болар еді; бұл арада қандай да бір қолайлы нәтижеге қол жеткізу үміті құйрығын қысып кетуге тиіс.
Осынау уәждерге қарсы Ирландияның мысалына сілтеме жасауға болмайды, ол, Англияға дұшпандық сезімге және халықтың бір бөлігінде үстем бөлінуге ұмтылысқа қарамастан, өзінің өкілдерін ағылшын парламентіне жіберіп отырады. Онда элементтер де өзге, міндет те өзге. Ағылшын улысы Ирландияда баяғыдан терең тамыр жайған. Ол Ирландияда ел иесі, оның қолында ғаламат материалдық құралдар және жоғары білім бар; таза ирландтық элемент ешқашан оны еңсере алмайды. 1800 жылы Ирландия парламент! ағылшын парламентіне қосып жіберілгенде өкілдікке тек қана протестанттар, яғни шындап келгенде Ағылшындар ғана қатысты. 1829 жылы католиктер де саяси құқықтар алды; бірақ олардың Англияға ең дұшпан пиғылы жағдайының өзінде олардың ғасырлар бойғы негіздерде тұрған, өзінің берік аңыздары және мықты ұйымдастырылған саяси партиялары бар парламентке қатысу ешқандай зиян тигізе қоймайтын еді. Ақыр соңында, Ирландияда ұлттық ұмтылыстар негізінен өкілдіктен шығарып тасталған төмен таптарда үстем. Ирланд ұлысының өзі тарихи топырақтан айрылған және дербес тіршілік етуге иненің жасуындай дәмете алмайды. Мұндай барлық әрекеттер жасанды үгіттен, пиғыл ойындарынан басқа түк те емес, ол негізінен төмен халықтың сормаңдай жағдайынан ғана қолдау табады. Бұған зорлық-зомбылық шараларымен емес, жақсы басқарумен, материалдық құрбандықтармен және әл-ауқатты халыққа таратумен қарсы тұруға болады. Англия нақ осыны жасап отыр және конституциялық тәртіп бұл үшін барлық қажет қаражатты бөліп отыр.
Айтқандарымыздан шығатыны, мемлекеттегі әрқилы ұлыстардың дұшпандық қатынастары конституциялық тәртіп орнатудың ең зор кедергісі; бірақ қосылып кетуді өмірдің өзі дайындаса, және қоғамдық күштердің еркін қарекеті табыстың жеткілікті кепілі бола алса, онда ортақ өкілдік, адамдарды біріктіре отырып, осынау байланысты одан да әрі беркіте алады. Алайда бұл орайдағы қажетті шарт басым ұлыстың тек талапшыл болмай, басқаны сыйлай білуі; өйтпеген күнде қырбайлық жалыны барған сайын өрши түседі де, қыспақтағылар қорғанышты самодержавиелік өкіметтен іздей бастайды. Ішкі алауыздықтар тұсында бұл элемент тым маңызды рол атқарады. 1849 жылы Венгрия қыспақтағы Славяндар Австрия императорының құқықтары үшін көтерілгендіктен құлады.
Барлық осынау қиындықтар мемлекет азды-көпті біртекті бүтінді құраған жерде жойылып кетеді. Бұл арада бір басым ұлыс елеулі маңызға ие болады, сондықтан мекемелердің табысы жалғыз соның мінез-құлқы мен қызметіне тәуелді.
Өкілдікті мекемелердің ойдағыдай жұмыс істеуі үшін халыққа қажет қасиеттер бостандықты парасатты да қанағатпен пайдалану үшін талап етілетін қасиеттердің нақ өзі. Ең алдымен жеке қуат, азаматтардың өз ынта-ықыласы керек. Осынау негізгі қасиетсіз саяси бостандық өлі қаріп қана; ол соған жан беретін рух. Жалқаулық, немқұрайдылық, басқаның ырқына бағыну үстем жерде өкілдікті мекемелерге пәр жоқ. Содан кейін, өз құқықтарын білу және оларды қорғауға берік пиғыл қажет. Мұнсыз конституциялық ғимарат тағы да тым шатқаяқ, және бостандық жүгенсіздікке оп-оңай орын береді. Өкіметтің бөлінуі әрбір тараптың конституциялық мемлекеттерде халықтың арасында заңгерлік мағынаны тарату өте маңызды. Осының бәріне қарекет жасай білу қосылуға тиіс. Тек тату күштермен бостандықты қорғап, бағыттың бірлігіне келуге болады. Бұл төзімділік, инсанияттық тәртіпке дағды, әсіресе жеке мүддеден ортақ мүддені жоғары қою қажет болады, өйткені ортақ мүдде адамдарды біріктіреді, ал жеке мүдде оларды бөлек-бөлек жетелейді. Ортақ іс үшін қоғам қайраткерлерінің бойында жеке, эгоистік мақсаттардың болуынан өткен тажалды ештеңе жоқ. (,'айып келгенде, бұл да аз; конституциялық монархия құрылысы адамдардан әлі ең жоғары қасиеттерді талап етеді. Онда бостандық өмірдің бірден-бір негізі емес; ол басқа да бастаулармен және мекемелермен сәйкес болуға тиіс. Монарх түріндегі ең жоғары ырықты мойындау және құқықтар мен міндеттерді, заңды тәртіпті сыйлау керек. Жоғарғы өкіметке катыса отырып, халық алайда өзін құқық пен заң атаулының қайнар көзімін деп санамауға және бүкіл қоғамдық тұрмысты өзінің ырқына тәуелді етіп қоймауға тиіс. Мақсаттар мен талаптарда қанағатшылдықтың қажеттігі осыдан. Халық өкілдігі өзін белгілі бір шекарада ұстауға, қолдануға болатын нәрсені іздеуге тиіс. Бұл арада негізгі қасиет ойлап табылған бастаулар емес, тәжірибе нұсқауымен көбірек басқарылатын практикалық мағына болып табылады. Біржақты теориялардың өзін ерекше санап, басқаларға жоғарыдан қарау өзара бәтуа мен басқаның құқығын сыйлау талап етілетін жерде бәрінен зиянды. Орын алып отырған жағдайды қатаң ұстанатын заңгерлік формализмнің үстемдігі мақсаттар мен көзқарастардың шексіз алуандығына өріс ашатын инсанияттық талаптар мен дерексіз бастаулардың бей мәлімдігінен конституциялық тәртіпке әлдеқайда орынды. Теориядағы қанағатшылдыққа мақсаттан титімдей таймай-ақ нәпсінің қалауын тежеп отыратын, өзіне-өзі шек қоятын практикалық қанағатшылдық, ырық сабырлылығы қосылуға тиіс. Қысқасы, конституциялық мекемелердің мәнісін құрайтын бостандық пен тәртіптің тоқайласуы қоғам заңды өзінің санасында зорлап енгізілген ереже ретінде, ақыли бастау ретінде емес, өмірдің сыйлау керек белгілі тәртібі ретінде алып жүруін, оны дами беретін қажеттіліктерге сәйкес өзгертіп отыруын талап етеді. Бұл тек жалғыз саяси салаға емес, барлық басқаларына да қатысты, өйткені барлығы бір-бірімен байланысты. Бұл бүкіл өмірдің дағдыларымен алынатын, барлық құбылыстарда шағылысатын халық рухының ортақ қасиеті болуға тиіс. Қоғамдық тұрмыс шайқалған жерде конституциялық тәртіпті сақтау тым қиын.
Өкілдікті мекемелердің ойдағыдай жұмыс істеуі үшін азаматтардан талап етілетін қасиеттердің жиынтығы осындай. Еуропа халықтарының ішінде оларға ең жоғары дәрежеде ие халық - Ағылшындар. Ағылшын-саксон тайпасына, басқаларға қарағанда, жеке күш-қайрат, өз бетінше жұмыс жүргізу қабілеті және практикалық мағына көбірек бұйырған, солар оны өнеркәсіп дүниесінің әміршісі және жаңа заманда өкілдікті тәртіптің негізін қалаушы етті. Солтүстік Америка Штаттарында осынау жеке бастау, өз бойынан бүкіл тарихи татты жұлып тастап, жеке-дара билеушіге айналды, сондықтан республикалық құрылыс онда халықтың қасиетіне бәрінен жақсы сай келеді. Англияда, ол өмірдің орын алып отырған пошымы мен жағдайын сыйлаумен тежеліп отыр, өйткені бұл ел конституциялық монархияның атамекені. Бостандықтың жоғары тәртіпке осынау құрметі бүкіл тұрмысқа неғұрлым асқақ та әдепті сипат береді; бірақ ол ортақ бастауларды емес, тарихи және шартты деректерді басшылыққа алатындықтан, халықтың өмірі де, көзқарасы да, сипаты да сол арқылы тарлық, шектеулілік және формализм реңкін алады. Ағылшынға ойлау машығы емес, тәжірибе арқылы алынған білім тән, яғни ақыли дүниенің тұтас бір жартысы оған құпия күйінде қала береді. Оған оң жағынан да, теріс жағынан да өзінің практикасы беретін нәрсе түсінікті; бірақ сол шектен шығатын нәрсенің бәрі тегі бөтен құбылыстарды түсінуге қабілетті ой сәулесімен нұрланбаған үйме-жүйме мәліметтер болып қала береді. Англияда жеке бостандық заңгерлік жағынан толық өріске ие, бірақ е жүзінде ол барлық жерде қабылданған салттар мен пошымдарға құлдық табыну арқылы қыспаққа алынады. Кісі онда өзінін адамдық мәнінде емес, өзінің қоғамдық жағдайымен, өзінің дүние-мүлкімен бағаланады. Бұл басқа халықтардан Англияда конституциялық тәртіпті бұрын орнатқан жоғары қасиеттердің астар жағы. Ағылшын өмірінің төл элементтерін мықтап біріктіруге жәрдемдескен мінез-құлық белгілері барлық басқа нәрселер жөнінде оны ерекше бір нәрсеге айналдырады. Ағылшындар осынау қасиеттің барлы артықшылықтары мен кемшіліктері тән өзіндік бір халық.
Француздардың мінез-құлқы мүлдем басқаша. Өз бетінше жеке қызмет оларда тіпті де көршілеріндегідей дамымаған. Керісінше, оларда бәрін де үкіметке жүктей беруге, барлығын содан талап етуге және оның қатарына сұғынып болса да кіруге бейімділік тым жиі көрінеді. Олар бостандықтан гөрі теңдік пен саяси билікті көбірек қымбат көреді. Оларда Ағылшындар өзгешеленетін негізінен практикалық бағыт та жоқ. Құбылыс атаулыны олар ортақ бастаулар дәрежесіне көтеріп, әрқашан айқын да анық, бірақ көбіне біржақты болып келетін теориялар жасайды. Алайда олар ой жүгіртумен шектелмейді, қайта өздері санаға сіңірген бастауларды практикалық өмірге көшіруге ұмтылады, және бұл арада тежеусіз күшпен қимылдайды. Идея үшін олар ескіні тас-талқан етіп, бірден жаңа ғимарат тұрғызуға әзір, және де шалқыма ниеттер артынан реакция, екідайлық, қажу келгенімен, алайда миға бір сіңген бастау ұдайы жаңа күшпен қайта түлеп, таңдап алынған жолмен ілгері ұмтылады. Бостандық пен теңдік идеялары сондай болды да, олар бірінші революция заманында Францияның жаңа тарихының бастапқы нүктесіне айналып, Еуропаға таралып кетті. Француздардың бұл ұмтылысына идеялар басшылық жасайды, оларды Еуропа саясатының басты қозғаушы күші етеді және олардың ішкі өмірінде дамудың тұрақтылығы мен дәйектілігі кемірек, бірақ Ағылшындардағыдан алуандық көбірек, жарқылдақ көбірек және неғұрлым тереңірек болады. Онда міндет кеңірек, мақсат асқағырақ, есесіне оларға жету де қиындау. Алайда, мынаны айтпай кетуге болмайды: халықтық мінез-құлықтың осынау қасиеттері француздарды революциялық қозғалыстарға және ақыр соңында, осынау қарама-қарсы қасиеттердің тоқайласуы ретінде, көпшілікке сүйенетін күшті өкіметі бар республикаға қарағанда, практикалық келісім мен мәмілені талап ететін конституциялық мекемелерді дұрыс пайдалануға кемірек қабілетті етеді.
Ойға берілуге Немістер одан да бейімірек. Олардың күші де осында; ғылымда олар даусыз бірінші орында. Бірақ олардың практикалық қабілеттері теориялық қабілетіне тіпті де сай келмейді. Жеке өмірде оларда ең құрметті қасиеттер: еңбекқорлық, адалдық, табандылық, қайырымдылық қасиеттері кездеседі, бірақ оларда нақ саяси бостандық үшін талап етілетін нәрсе жетіспейді. Ұсақ-түйекке дейін бойлай білу қабілеті соларға бойлап енуге бейімділікпен бірігеді; теорияны жасау практикаға мүлдем жасанды көзқарасты жетектей жүреді; іске ұмтылыстан гөрі сөзге құштарлық басым түсіп жатады. Оларда, адамдар кейбір қарапайым, айқын, нақты бастауларға бола келісуге тырыспайды, күрделі де күрмеуі қиын пікірлердің сан алуандығына бой ұрады. Егер бұған шешім қабылдаудағы баяулықты, мінездің жалпақ шешейлігін және өмірдің тарихи бастауларына құрметті қоссақ, мұндай ортада батыл өкімет ойына келгеннің барлығын істей алатыны түсінікті болады. Егер конституциялық мекемелер Германияда табысқа жетеді деген үміт бола қалса, онда, оған тарихтың жалпы барысына қарамастан, бәрінен коп мына бір жағдай жәрдемдеседі: онда өкіметке де көбіне халықтың мінезі тән, дәл сол практикалық құнтсыздық, дәл сол көзқарас жасандылығы, дәл сол жалпақшешейлік, кейде тіпті құқық пен заңға құрмет тән. Бірақ осы кезге дейін Немістердің конституциялық өмірі белгілі бір бастауларды әзірлей алған жоқ, тіпті біршама беріктік пен күшке ие бола алған жоқ. Ол әртүрлі элементтердің кездейсоқтық пен жүгенсіздіктің айтарлықтай қоспасы бар күрмеуі қиын қатынастары түрінде көрінеді.
Еуропаның әрқилы халықтарының мінез-құлқын қарастыра отырып, біз өзіміздің төл халқымызға көңіл аудармай өте алмаймыз. Халықтың саяси бостандыққа қабілеті анықталатын белгілерге ден қойсақ, біз ол қабілет белгілері бізде көршілеріміздің қай-қайсысынан да азырақ деген байламға келуге тиіспіз. Басқаша болуы мүмкін де емес; халық ғасырлар бойы астында өсіп, дамитын мекемелер әрқашан сол халықтың мінезіне сәйкес келеді, және керісінше, халықтың мінезінің өзі де мекемелердің ықпалымен қалыптасады. Егер, біздің бүкіл тарихымыздың барысында, бізде саяси бостандыққа ұмтылыс, басқаларға қарағанда азырақ көрінсе, біз оған бәрінен кем қабілетті екеніміз айдан анық. Бұл конституциялық мекемелер жақтастары өкінішпен айта алатын, бірақ қалыс бақылаушы дауласа алмайтын факт. Өзімізді басқалардың алдында қорлау емес, парасатты санамыз бізді бұл фактты өзімізден өзіміз жасырмауға, қайта біздің әлсіздігіміздің қайда, күшіміздің қайда жатқанын анықтап алуға итермелейді.
Жеке жігер мен инициатива орыс адамдарын ерекшелейін қасиеттер емес екендігіне күманданатын адам табыла қояр ма екен. Өзіміз туралы айтқанда біз жалпы салақтық, енжарлық және жалқаулық біздің елеулі кемшіліктеріміз екендігін мойындаймыз. Олар әсіресе біздің қоғамдық өмірімізде көрінеді, онда біз бар шаруаны өкіметке арта саламыз да, үкімет бәрін бере бермейді деген сылтаумен істен бой тартамыз. Орыс халқының Ресейді Еуропаның ең бірінші державаларының қатарына қосқан ұлы қасиеттері -еңсерілмес шыдамдылық, қисапсыз жетіспеушіліктер мен қиындықтарға ләм-мим демей көне беру, патша мен атамекен жолында бәрін құрбан етуге даяр тұру - жеке бостандық рухына тікелей қарама-қарсы. Әлгі қасиеттер Ресейді бір ұлы бүтінге топтастырады, бірақ өзін-өзі басқаруға ол бәрінен жарамсыз. Өмірдің ең жоғары тәртібіне құрмет өздігінен шаруа бітірудің серіппесі қызметін емес, білгенін істеудің ауыздығы қызметін атқарады. Мұның үстіне, бізде тарихи жағынан, өкілдікті құрылыстан гөрі самодержавиеге неғұрлым лайық құрмет пошымы, атап айтқанда өкіметке мойынсұну дамыды, ал конституциялық тәртіп негізінен өзінің және өзгенің құқықтарын түсінумен етене байланысты заңға құрметті талап ететіндігі кемірек, бірақ Ағылшындардағыдан алуандық көбірек, жарқылдақ көбірек және неғұрлым тереңірек болады. Онда міндет кеңірек, мақсат асқағырақ, есесіне оларға жету де қиындау. Алайда, мынаны айтпай кетуге болмайды: халықтық мінез-құлықтың осынау қасиеттері француздарды революциялық қозғалыстарға және ақыр соңында, осынау қарама-қарсы қасиеттердің тоқайласуы ретінде, көпшілікке сүйенетін күшті өкіметі бар республикаға қарағанда, практикалық келісім мен мәмілені талап ететін конституциялық мекемелерді дұрыс пайдалануға кемірек қабілетті етеді.
Алайда, халықтық мінезден мемлекеттегі өкілдікті тәртіптің мүмкін екендігі немесе мүмкін еместігі туралы даусыз байлам жасауға болмайды. Біз былай дегенбіз: егер мекемелерде халықтың қасиеттері бейнеленсе, керісінше, қасиеттердің өзі мекемелердің ықпалына тап болады. Жаңа қажеттіліктер мен жағдайлар бұрын дами алмаған белгілерді сыртқа шығарады. Халық, ұрпақтардың ұдайы ауысып отыруынан, көбеюге, жаңаруға қабілетті, және ондағы бұл процесс қашан аяқталатынын ешкім де айтып бере алмайды. Осылайша, әзірше қоғам шексіз биліктің басқаруымен марғау болып, қалғып-мүлгіп жатқан өздігінен қызмет ете білу бастауы, жағдай бостандықтың қажеттігіне әкеліп, азаматтардың табанды күш-жігерін оятқан кезде пісіп-жетілуге тиіс. Бұл бастау мүлдем жаңа қасиет емес, өйткені біршама дәрежеге дейін өздігінен жұмыс істеу қабілеті болмайтын адам¬зат қоғамы жоқ, бірақ ол зор күшке және барынша қабілетке ие болады. Тек даму элементі мүлдем бұйырмаған халықта ғана саяси бостандық мүмкіндігін күмәнсіз теріске шығаруға болады. Дәл сол секілді негізінен өкіметке мойынсұнуға үйреніп кеткен халықта төмен сатыда тұрған құқық сатысы да мемлекеттік және азаматтық өмір, және ақыр соңында, өнеркәсіптік дамудың өзі құқықтардың қамтамасыз етілуін талап ететін неғұрлым жоғары қоғамдық тұрмыс тұсында, неғұрлым күрделі қатынастар тұсында шыңдалып шығады. Халықтың былай қарағанда ең тереңде жатқан қасиеттері, оның ғасырлар бойы тәуір көріп келгені түбірінен өзгеретінін тарихи мысалдар дәлелдейді. Католицизм мен монархияға шексіз берілген ескі Франция мен революцияшыл, еркін ойлы Францияның арасында қаншама қашықтық жатыр деңіз! Орта ғасырлардағы, дөрекі күшке толы Гетмандықтар мен Немістерде тым жиі, әсіресе XVIII ғасырда, тіпті осы уақытқа дейін жиі көрінетін педанттық дәрменсіздік арасында қандай шексіз айырма жатыр деңіз! Өмірдің дамуы қоғамдық тұрмысты ғана емес, көзқарасты ғана емес, біршама дәрежеде халықтың мінезінің өзін де өзгертеді.
Сондықтан, тарихи мектеп істейтіндей, әрбір халықтың бойында, тек рухани табиғатының негізінде оның бүкіл тарихын айқындайтын, тек осу, сан жағынан көбею жолымен ғана дамып, өзінін мәнісі жағынан өзгермейтін белгілі бастаулар жатыр деп кесіп айту мүмкін емес. Ұлыс туралы ондай ұғым фактыларға кереғар. Халықтың өмірі бір тамырда ұдайы қасиеттері де, құрылымы да бірдей бұтақтар жаятын өсімдік емес, сен ондай міндетті өзіңнің алдыңа қойып көрген жоқсың деуге болмайды. Өткен уақыт болашақтың негізі және материалы қызметін атқарады, бірақ оған өзгермейтін таңба салмайды. Бұрын екінші дәрежелі рөл ойнаған нәрсе алдыңғы қатарға шығып, бәрін басып кетеді; жаңа дәуір көбіне өткенге де, болашаққа да кереғар мекемелерді туғызады. Тек Шығыстың табандап қалған елдері ғана мәңгілік тұрмыстың бір пошымында керенау жата береді; бірақ бұл адамзаттың сәбилік шағы. Басқа бір халықтарда мекемелердің тұрақтылығы мықты, бірақ сыңаржақ дамудың нышаны болып табылады. Ал жалпы алсақ, тарихта өмірдің өзгеруімен қатар адымдайтын саяси пошымдар өзгергіштігі үстем. Әсіресе жаңа заманда, қоғамдық стихиялардың сан алуандығы тұсында, міндеттер ауқымдылығы тұсында, адам¬зат дамуының жаңа жолдары мен құралдарының шексіздігі тұсында өмірлік қажеттер мен қатынастар ұдайы өзгеріп отырады, ал мұның өзі сөзсіз мекемелерде де бейнеленеді. Батыс еуропалық халықтарда орта ғасырлық былықтардан, қоғамдық стихиялардың күресінен кейін мемлекет негіздерін нығайтып, өкіметтің даралығын орнықтырған самодержавие дәуірі қалайша орнағанын көрдік; содан кейін, монархиялық бастаудың ықпалымен қоғамдық күштер бел ала бастаған кезде либерализм кезеңі дүниеге келіп, ол, сыңаржақ әрекеттерден кейін, өзінің алдына өкімет пен тәртіпті бостандықпен ұштастыру міндетін қойды. Барлық осынау, соншалық әрқилы мекемелер қоғамдардың дамуының әрқилы фазистерін білдіреді; бір дәуір шоғырланған өкіметті, екіншісі бөлінген өкіметті талап етеді, және бір халыққа мынау тән, екіншісіне анау тән деуге болмайды.
Алайда, барлық өмірлік өзгерістердің ішінде бәрінен де халықтың мінезі орнықты. Ол тек бірте-бірте, ұзақ уақыт бойғы өмірлік процесс салдарынан өзгереді. Ғасырлар бойы шексіз билік астында өмір сүрген қоғам кенет өкілдікті басқаруға бір секіріп жете және бұл зорлық қажетті сапаға бірден не бола алмайды. Мұны революциялар заманында Франция дәлелдеді. Сондықтан, халық әуелі оз күшін бағынышты өрістерде сынап көргені әлдеқайда жақсы. Жеке өмір, өнеркәсіп, әкімшілік, заңгерлік тұрмыс азаматтардың өздігінен қимылдауына кең өріс ашады. Бұл арада төл қуат тасып, жетіліп, ортақ мақсатқа жиынтық күштермен жетудегі тәжірибе толысады; бұл арада парасатты бостандық үшін қажет сапалар дамиды. Азаматтар өздерінің төл істері мен қоғам істерін жүргізе алатынын іс жүзінде дәлелдеп шыққанда ғана саяси құқықтарды талап ету ақтала алады.
IV тарау
ҚОҒАМНЫҢ ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ӨКІЛДІГІНІҢ ЭЛЕМЕНТТЕРІ
Өкілдікте ұлыстардың айырмашылығы кездейсоқ құбылысты құрайды; көптеген мемлекеттерде ол екінші қатардағы дерлік рөл атқарады. Бірақ барлық жерде орын алатын және өкілдікті жиналыстардың құрамы мен қасиеттері сонымен анықталатын әлдеқайда маңызды айырмашылық бар, бұл - қоғамдық таптардың айырмашылығы. Саяси құқықтарға шақырылатын қоғам біртекті бұқараны құрамайды, қайта мінезі мен бағыты әрқилы жекелеген топтарға бөлінеді. Адамдар жұмысы бойынша, бейімі бойынша, қоғамдық жағдайы бойынша, білімі бойынша, соның салдарынан көзқарастары мен мүдделері бойынша бөлінеді. Біртекті топтар ортақ мақсаттар үшін бірігеді, әртектілер көбіне бір-бірімен күреске түседі. Өкілдікті мекемелердің бағыты, күші, сондықтан табысы немесе сәтсіздігі осынау элементтердің өзара қатынасына тәуелді болады. Бұл саяси бостандық үшін негізгі мәселе.
Қоғамның жекелеген топтарға бөлінуін айқындайтын негізгі бастау - меншік. Ол адамға тек материалдық құралдар ғана беріп қоймайды, адамдарға ықпал құралын да, сондықтан күш пен билік береді. Оны белгілі бір қызметке матап, ол оның қоғамдағы міндетін де белгілейді. Сол арқылы ол білім алуға және қоғамдық істермен айналысуға уақыт табады. Ақыр соңында, ол оған оның қол сұғылмауын және оның дұрыс қозғалуын күзететін азаматтық тәртіпке сүйіспеншілікті сіңіреді. Осылайша, меншік материалдық мүдделер саласында басым элемент, рухани салада - қызметтің басты шарттарының бірі болып табылады. Осының нәтижесінде, қоғамның таптар мен дәулетке қарай бөлінуі басым бөлігінде соған негізделген. Бұл арада екі бастау: бір жағынан, меншік көлемі, екінші жағынан оның түрлері басты рөл атқарады.
Өнеркәсіптің табиғи барысы адамдар арасында мүліктің тең бөлінбеуіне жетелейді. Еңбек пен үнем капиталды бір қолда қорландырады; алынған игілік мұраға қалдырылып, бұрынғыдан да мол байлықтың қайнар көзіне айналады. Осының салдарынан, байлар мен кедейлер таптары құралады, олар қаражаты тең болмағандықтан, қоғамда ең жоғары не¬месе ең темен орын алады. Адам алғашқы қауымдық ахуалдан шыққан, өнеркәсіп дамитын, табиғат рухқа бағынатын барлық жерде, осынау қарама-қайшылық орын алады. Ол оны туындататын себептердің пәрменімен ғана емес, сыртқы дүниеде әрқилы мақсаттар алдында тұратын адамның міндетінің өзінің салдарынан да қажет. Адамзат тегінің кәп бөлігі сөзсіз физикалық еңбекке бағытталуы тиіс, онсыз табиғатты бағындыру мүмкін емес; басқа, таңдаулы бөлік өзін ақыли рух қызметіне арнайды, оған қажетті шарт материалдық молшылық. Бұлардың біріншісі кедейлердің, яғни халықтың орасан юр бұқарасының талайы, екіншісі білім алуға қаражаты және ақыли жұмысы үшін бос уақыты бар байлардың талайы.
Жоғары және төмен таптар арасында, байлар мен кедейлер арасында, алайда, делдал буын болады. Бұлар - орташа дәулетті адамдар, олар екі шетті жалғастырып, олардың ара¬сында өткел болып, қоғамда басты байланыстырушы элементті құрайды. Осынау өтпелі сатылар таптар арасындағы шекараны елеусіз етеді; өнеркәсіп бостандығы кезінде бір таптан екінші тапқа өтудің үздіксіз қозғалысы да жүріп жатады. Алайда, елеулі белгілерде, айырмашылықтар қала береді. Меншіктің көлемі бойынша жоғары таптарға жалпы өз кірісімен күн көретін капиталисттерді жатқызуға болады; төменгі тапқа дене еңбегімен айналысатын жұмыскерлер жағады; орташа тап оз еңбегін біршама капиталымен біріктіретін өнеркәсіпшілерден құралады.
Мемлекеттік тұрмыс үшін бұл бөліністің аса манызды мәні бар. Әрқилы таптардың саяси қабілеті де, бағыты да сонымен анықталады.
Бізге саяси қабілет негізінен қоғамның бос уақыты да, дәулеті де бар жоғары қабаттарында дамиды деудің талай рет орайы келді; дене еңбегіне бұйырылған төменгі таптар табиғи түрде артта қалады. Саяси өмірге қатысу да соған орайластырылуға тиіс. Қалыпты қатынастар үстем қоғамда темен таптар саясатқа ілуде бір тікелей катысады. Олардың ең етене мүдделері қамтамасыз етіліп тұрғанда, олар мемлекеттік мұқтаж туралы қам жеуді қуана-қуана басқаларға жүктей салады ("біреу сөзіңді сөйлесе, тілің қышып бара ма?" деген қазақ мәтелін еске алыңыз - Ауд.). Өздерінің табиғи мінез-құлқы бойынша олар билеп-төстегеннен гөрі, бағынуға бейіл. Сондықтан, олар күшті үкімет атаулының табиғи тірегін құрайды, ал күшті үкімет олардың өзекті қажеттерін қанағаттандыра отырып, сонымен бірге отан туын жоғары ұстайды, өйткені халықтың ең жоғары инстинктерін қоздыратын ұлы мәселелер ғана бұқараны саяси іске енжарлықтан оята алады. Деспотизм мен демократия арасындағы жақын байланыс осыдан. Жоғары таптардың либералдық ұмтылыстарына кереғар шығатын үкімет бұқара тарапынан таяныш іздеп, оларды саяси өмірге тартуға тырысады. Мұны біз қазіргі кезде Пруссияда көріп отырмыз. Алайда, бұл үміт ылғи да орынды бола бермейді. Ол үкіметке уақытша басымдық бере алады; бірақ қоғамдық күштердің дұрыс қатынасы бұзылады да, мұның өзі төңкеріске жетелейді. Бұқараның саяси өмірге парасатты тәртіппен бірге тұрақты қатысуы әбден қолайлы жағдайда ғана: халық білімі жоғары болғанда, материалдық әл-ауқат елеулі болғанда және қоғамдық тұрмыс қарапайым болғанда мүмкін. Мұндай жағдай, әсіресе аристократиялық элементтер онша мықты емес жерлерде, республикаға оңай бейімделеді. Ал мұндай жағдай жоқ жер¬де, өздеріне тән емес міндетті атқаруға жасанды түрде шақырылған төмен таптар, бағдардан жаңылысып, үкіметке тірек болудың орнына, революция жағына шығып кетуі мүмкін. Олардан революциялық армия құрылады, оларсыз жоғары және орташа таптар, соғыста солдаттарсыз қалған генералдар мен офицерлер секілді, төңкеріс жасауға дәрменсіз. Бұл рол әсіресе қала пролетариатына тиесілі. Бұл арада қаладағы дәулет пен селодағы дәулет арасындағы айырмашылық байқалады, біз оған кейінірек соғамыз.
Егер төмен таптар, өзінің мінез-құлқы бойынша, бағынуға бейім болса, жоғары таптар, керісінше, өздерінің алдағы.
жағдайына байланысты сөзсіз билік пен құқыққа ұмтылады. Бұл олардың табиғи ұмтылысы. Дәулеті жеткілікті, тәуелсіз, білімді, қоршаған ортада барынша сыйлы да абыройлы адамдар қоғамдық істерде әрқашан басым ықпалға ие болғысы келеді. Бірақ жоғары таптардың саяси құқықтары екі текті: пе мемлекетте төмен халыққа билік жүргізумен ұштасқан артықшылықты жағдайға ие болу, не еркін мекемелерге басшылық жасау болатындықтан, олардың талаптары да екі текті бола алады. Жоғары таптар әрқашан артықшылыққа не саяси бостандыққа ие болғысы келеді. Сондықтан біріншісі жойылса немесе кемітілсе, сөзсіз соңғысын қалау тілегі атқа мінеді. Бұл талаптар әрқашан заңды және қоғамдық игілікпен сай бола бермейді. Оларда кебіне қара басының қамын күйттеу көрінеді; олардың бойынан көбіне бостандықты таза қалаудан гөрі, айрылып қалған артықшылықтары жөніндегі ыза мен қайғы ізінің таңбасы көбірек көрінеді. әдетте, бір сезімнің екінші сезіммен мидай бытысып кететіні сонша, оларды әрең-әрең ажыратасың. Бірақ қалай болғанда да, осынау ұмтылыстар жоғары таптардың табиғи жағдайы мен мінез-құлқынан шығады, сондықтан оған ренжуге болмайды. Оларды тек бюрократиялық жүгенсіздік қана байыбына бармай-ақ теріске шығара алады. Олардың қаншалықты заңды және мемлекет пайдасына сәйкес келетінін анықтау парасатты үкіметтің шаруасы. Олардың күші мен маңызы негізінен олар басқа таптар, әсіресе орта таптар тарапынан табатын қолдау көлемімен өлшенеді. Бұл барлық саяси бостандық талаптарының сынтасы.
Жоғары таптар қоғамдағы аристократияны құрайды; бұл бұқара емес, содан оқшау көрінетін, таңдаулы элемент. Орта таптар, керісінше, әлдеқайда демократиялық сипатта; ол дене еңбегімен емес, ақыл еңбегіне берілгендігіне қарай халықтың өзі. Оларға азды-көпті білім және дәулет жинап үлгергендердің бәрі жатады; олар бұқараға мүлдем ашық қана емес, онымен тамырымен де, бұтақтарымен де араласып жатады. Өзінің мәнісі жағынан, орта таптар биліктен гөрі, еңбек пен өнеркәсіпті дамытуға қажет бостандыққа ұмтылады. Жоғары таптар секілді тәуелсіз жағдайы жоқ олар әлдеқайда көбірек инициатива мен іскерлікке ие, өйткені тек капиталын пайдаланбайды, өздері де жұмыс істейді. Ақыли қызметке арналған жеке еңбектің қуатына әрқашан тәуелді халыққа білім беру ісі негізінен солардан тарайды. Жоғары таптар бұл арада да бұрын жинақталған капиталды пайдаланады, соның салдарынан олардың білімі әрқашан азды-көпті көшіріп алу сипатында болады, тек орта қабаттарда ғана ол сом алтынға айналады. Сондықтан, халықтың ағартылу дәрежесі орта таптардың білімімен өлшенеді. Ақыр соңында, қоғамдық дербес қызметтің басты қайнар көзі бола отырып, орта таптар қоғамның бірігуіне де бәрінен көп жәрдемдеседі. Олар, бұрын айтқанымыздай, байлық пен кедейліктің ең шеткі нүктелерінің арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады. Осының бәрі оларды халық өкілдігінің ең елеулі элементі етеді.
Бірақ таптардың сипаты, жағдайы және қатынастары тек бір ғана меншік көлемімен өлшенбейді. Бұл арада оның түрлерінің елеулі ықпалы бар, олар мемлекеттік өмірге жаңа элементтер енгізеді және қоғамдық топтардың өкілдікті құрылысқа қатынасын едәуір өзгертеді. Меншіктің оның әрқилы түрлері бойынша бөлінуі таптардың емес, дәулеттердің құралуына жетелейді. Адамдардың бойында олар арнайтын жұмысқа және олар өзінің материалдық негізімен қойылған ортаға қарай ерекше қасиеттер, ерекше pyx дамиды. Бұл айырмашылық қоғамда байлықтың теңдей бөлінбеуінен туындайтын бөліністен әлдеқайда терең бөлініс жасайды. Жекелеген таптар, сандық нышандарымен өзгешелене отырып, бір-біріне елеусіз өтеді де, сондықтан бәрі азды-көпті бір бүтінде тоғысады. Керісінше, сапалық жағынан өзгеше болатын дәулет, бір-бірінен бөлшектенуге, оқшауланып, өзінен заңды жолмен құрылған корпорациялар жасауға ұмтылады. Осының салдарынан дәулет сословиеге айналады.
Сословиелердің оқшаулану ниеті негізінен орта ғасырларда күшті болғанын көрдік, ол ниет бүкіл қоғамдық тұрмыстан шыққан болатын; жаңа заманда, ортақ мүдделер мен мемлекеттік тәртіптің дамуы нәтижесінде ол ниет барған сайын кеміп келеді. Біз сословиелік жиналыстар туралы да айтқанбыз; біз мемлекеттің шынайы қасиеттеріне және өкілдік мақсаттарына олардың сай келе қоймайтынын көрдік. Осы арада қоғамдағы бірлік неғұрлым аз болса, өкімет соғұрлым шоғырланған болуға тиіс деген ортақ ережені қолдана отырып, біз қоғамда сословиелік алауыздық неғұрлым коп болса, өкілдікті мекемелер соғұрлым аз мүмкін болады деген байламға келеміз.
Сословиелер антогонизмінің себептері ең алдымен біреудің басқалардан артықшылығынан шығатын мүдделер қарама-қарсылығында жатыр. Ондай артықшылықтар санатына жер нелерінің басыбайлылық құқық тұсындағы немесе міндетті қатынастар тұсындағы шаруаларға билігі жатады. Бір сословиенің мүддесі бостандық пен меншікке ие болуда, екіншісінікі - өзінің құқықтары мен өзінің жерін сақтап қалуда. Міндетті байланыс шешілмейінше және екі жақтың да меншігінің шекарасы түпкілікті белгіленбейінше, ұмтылыстардың қарама-қарсылығы жалғаса беруге тиіс. Тек қиындықтардың толық бостандығы тұсында ғана екі сословиенің де халық өкілдігіне катысуына жол беріле алады. Соған дейін олардың біріне де, екіншісіне де саяси құқықтар сыйлау елеулі қиындықтарға тап болады. Бағынышты сословие жоғарғы өкіметтің қатысушысы бола алмайды; бұл оның тәуелді жағдайына сай келмейді және оған тек жеке мақсаттарға жетудің құралы қызметін ғана атқарады. Екінші жағынан, жоғары сословие, адамның табиғи пиғылы бойынша, өзінің құқықтарын сословиелік пайда және өзінің билеп-төстеуін нығайту үшін пайдаланып кетеді. Оған жоғары өкіметке қатысу құқығы берілген бойда, шаруалар пайдасына өзгеріс жасау атаулы мүмкін емес дерлік болып шығады немесе революциялық жолмен ғана мүмкін болады. Бұл істі екі жақтың да үстінде тұрған самодержавиелік ырық қана шеше алады. Ақыр соңында, егер екі сословие де өкілдікке бірге енгізілсе, олардың арасындағы даулы мәселелер шешілмейінше, біреуінің құқықтары екіншісінен басым болып тұрғанда, олардың біріктірілуінің табиғи зардабы өзара дұшпандықтың өрши түсуі болды. Төмен сословие өзін ауыртпалық атаулыдан құтқару үшін саяси бостандықты пайдаланып қалғысы келеді, жоғары сословие бағыныштыларының қанағатсыз талаптарына ызаланады. Францияда, 1798 жылы, бұл қатынастар көтеріліс арқылы шешілді". Басыбайлылық құқық баяғыда алынып тасталғанымен, шаруалар феодалдық заманнан мұраға қалған толып жатқан алымдардың ауыртпалығынан азап шегетін. Өкілдікті жиналыс сайланған бойда, селолар замоктарға қарсы көтерілді де, дворяндардың шаруалар жерлеріне барлық құқығы революциялық жолмен жойылды. Бізге неғұрлым жақын уақытта, 1848 жылы, шаруалар мен қожайындардың дұшпандығы Австрия сеймінде бұрқ ете қалып, барлық жердегі революциялық толқулардың да, саяси бостандықты нығайтудың барлық әрекеттерінің сәтсіздігінің де басты себептерінің бірі болды. Шаруалар өздері ұшыратылған азаптауларды суреттеп беріп, помещиктер ормандары мен жерлерінің өздеріне берілуін талап етті; қожайындар меншіктің бұзылуына қарсы шырқырай ойбайын салды және тонап жатыр дегенді төтесінен айтты. Үкіметтің төмен сословиеден реакцияның ләм демес құралын тапқаны таңқаларлық емес. Тек Венгрияда (Мадиярорсаг) ғана іс басқаша жүрді. Онда сеймнің өзі, конституциялық реформалар жасай отырып, өзіне шаруаларды тарту қажеттігін көре білді де, олардың помещиктерге міндетті қатынасын оларға сан алуан жеңілдіктер беру арқылы шешті. Конституциялық тәртіпте байланысты толық тоқтату тығырықтан шығудың бірден-бір жолы, өйткені даулы мәселелер шешілмейінше, оларда жанжалдың ұрығы жасырынып жатады, олар ортақ іс жөніндегі келісімді мүлдем дерлік мүмкін етпейді, бұл оны халықтың орасан зор бұқарасының қолдауынан айырып, өкілдіктің өзін бүлдіреді.
Алауыздықтың басқа бір себебі артықшылықты сословиелерді басқаларға түсіретін ауыртпалықтан арылту. Жоғары сословие мемлекетке өзіндік бір міндеттер атқаратын кезде, мұнда тұрған әділетсіз ештеңе жоқ. Осылайша, қызмет, негізінен әскери қызмет дворяндардың міндеті болғанда, ол төмен таптарға салынатын алымдардан әділетті босатылды. Белгілі бір жағдайларда бейімділіктегі осынау айырмашылық сословиелік құқықтардың бекуіне жәрдемдесе алады. Орта ғасырларда дворяндардың әскери күші саяси өкілдіктің басты тірегі болды; князьдардың шексіз билігінің дамуына жалғыз сол кедергі бола алды, оған феодалдық жасақтар әскермен алмастырылған бойда толық өріс берілді. Бірақ жаңа, мемлекеттік тәртіп орнауына байланысты, халықтың құқықтарын қарудың күшімен емес, сословиелердің ортақ өкілдікті жиналыстағы бірлескен қызметімен қолдап отыру керек болғанда, сословиелік міндеттердің айырмашылығы бөлінудің басты қайнар көздерінің біріне айналды. Адамдар ортақ салмақты бірдей көтермейтін жерде оларда жиынтық, оларды біріктіретін мүдде болмайды да, сондықтан ұйымшыл қызмет мүмкін емес дерлік болып шығады. Ауыртпалықтан арылту жоғары сословиенің таза артықшылығына айналған кезде одан да жаман, дворяндардың қызметтік міндеті алып тасталған кезде тап солай болды. Бұл арада енді алымдардан босатудың ешқандай әділетті негізі жоқ, сөйте тұра дворяндар, көптеген еуропалық мемлекеттердің тарихы көрсететіндей, бұрынғы мәнінен айрылған жеңілдіктерді ұдайы да табамды пайдаланып келді. Бұл басқалардың дұшпандығын сөзсіз қоздыратын еді. Салмақ түскен сословиелер табиғи түрде алымдардың барлық азаматтарға біркелкі бөлінуіне ұмтылады, және олар неғұрлым көбірек құқықтарға ие болып, өзінің күшін сезінсе, олардың әділеттің ортақ бастауына негізделген талаптары соғұрлым күшейе түседі. Францияда жоғары сословиелердің алым жөніндегі жеңілдіктері төмен таптардың жоғары таптарға өшпенділігінің және бірінші революция оқиғаларының басты себептерінің бірі болды. Құқықтардың мұндай теңсіздігі жағдайында сайланған жиналыс тек алауыздықтардың, артықшылықты жағдайдан туындайтын көзқарастар мен мүдделердегі айырмашылық салдарынан күшейе түсетін алауыздықтың сахнасы болады. Олардың сөзсіз нәтижесі халықтың қолдауынан айрылған жоғары сословиенің құлауы болуға тиіс. Гнейстің әділ ескертпесі бойынша, қоғамдық ауыртпалықты көтергісі келмейтін адамдар, өздеріне құқықтарды да талап ете алмайды.
Бірақ егер жоғары сословиелердің жеңілдіктері, қоғамды бөле отырып, өкілдік мүмкіндігін жойса, онда керісінше, олар алып тасталғанда, өкілдікті тәртіп енгізу жеңілдейді. Алайда, жеңілдіктерді жою бар кезде бірдей мемлекетке пайдалы санала алмайды. Біз сословиелік құрылыс, әсіресе дворяндардың көтеріңкі жағдайы, самодержавиелік басқару кезінде қажет екендігін көрдік. Корпоративтік байланыс төл құқықтар мен ұмтылыстардың әрі күзеті, өрі қызметін атқарады. Сословиелік және әсіресе дворяндық құқықтар бюрократиялық өзім білемдікті азды-көпті тежеп отырады. Егер жоғары сословиелердің артықшылықтары алып тасталса, жаңа күштер нығайып алғанша, тәртіп пен бостандыққа өздерінің бірден-бір кепілдігінен айрылып қалу қатері төнеді. Бұрыннан бар, үйреншікті құрылыс, жаңасымен алмастырылмай, құрып кетеді; бұрын тежеліп келген ұмтылыстар кең өріс алады да, мемлекет толқу ахуалына тап болады, ол не жаппай босаңсуға, не әпербақандықтың сұмдық үстемдігіне жетелейді.
Қалай десек те, жойылған жеңілдіктер саяси құқықтармен бірден алмастырыла алмайды. Сословиелік қатынастарды өзгертуге әрқашан бұлыңғыр, өтпелі ахуал сөзсіз ере жүреді. Бұл арада сөзсіз наразылық туындайды, күрес өршиді, бұл күрес артықшылықты таптар неғұрлым күшті болса, басқа элементтер неғұрлым әлсіз болса, соғұрлым табанды да қауіпті бола түседі. Өзінің құқықтарынан айрылатын сословие, оған разы бола алмайды; ол не олардан айрылмауға, не есесін басқасымен қайтаруға ұмтылатын болады. Біз жоғары таптар, өзінің жағдайы бойынша, әрқашан билікке және құқыққа ұмтылатынын көрдік. Егер теңдік талабы халық жиналысы тарапынан қойылса, онда артықшылықты сословиелер өздеріне қорғаныш болатын монархиялық өкімет төңірегіне табиғи түрде топтасады. Францияда революция заманында солай болды. Бірақ ондай одақ монархия үшін тажалды болуы мүмкін, өйткені ол сонысымен халықтың ортақ мүдделерінің емес, кейбір таптардың ерекше пайдасының өкіліне айналады. Ал артықшылықтарды монархтың өзі, ортақ мемлекеттік пайда үшін жойса, басқа құқықтармен есесін қайтаруға ұмтылысқа самодержавиелік өкіметті шектеу тілегі табиғи түрде қосылады. Бұл өте түсінікті адами ұғым, ол үшін жазғыру да мүмкін емес, өйткені адами мүдде мен нәпсі барлық саяси мақсаттарға араласады. Алайда, бұл арада осынау талапты қанағаттандыру қай кездегіден де орынсыз. Сословиелік ыза кезінде ортақ пайданы көздеп бірауызды қимылдайтын өкілдікті жиналысты күту қиын. Ең бір қаяусыз үкімет одан қолдау таппайды. Өкілдікті мекемелер нәпсі түртпегі тиылғанда және бұзылған мүдделер жаңа тәртіпке бейімделіп үлгеріп, дұрыс арнаға қайта түскенде ғана қалаулы жемісін бере алады. Жалпы, өтпелі замандар саяси бостандық орнату үшін қолайлы емес, олар соның дайындық кезеңі қызметін атқарғанымен, іс жүзінде солай. Бірақ сословиелік қатынастардың өзгеруі берік өкілдікті құрылыстың мүмкіндігі атаулыны мүлдем мүмкін етпейді. Конституциялық ғимараттың мықты іргетасы тек өзінің негізінде мықтап жайғасқан, әрқилы элементтердің қатынастары салтпен, өмірмен орныққан қоғам ғана. Бірақ бұлыңғырлық тек заңмен жайғастырылатын жалғыз саяси салада ғана емес, анықтама беру атаулыдан жылыстап кете беретін өмірдің күн сайынғы қақтығыстарына сіңіп алған жерде, көзқарастар мен мүдделер жолынан адасқан, бәрі де былыққа айналған, ешкім өзінің орнын білмейтін, бұрынғы орталықтарынан айрылып қалған ықпал мен сыйласу жаңа орталық тауып үлгермеген, кысқасы бүкіл қоғамдық ғимарат қайта құрылып жатқан жерде саяси бостандық бұлғақ пен анархиядан басқа ештеңе бермейді. Толқу ахуалындағы, бекіп, жайғасып үлгермеген қоғамның естілігіне үміт артып өкілдікті мекемелерді бірдеңе шығар деп енгізе салу - саяси жеңілтектіктің шыңы. Бұл тұрғыдан француз революциясы тағлымды мысал. Егер алғашқы кезде ол талқандаудан басқа ештеңе бітіре алмаса, онда оның сәтсіздігі едәуір дәрежеде қоғамның жаңа саяси ғимарат салуға да, сословиелік қатынастарды өзгертуге де бір мезгілде кіріскенімен түсіндіріледі. Керісінше,ағылшын революцияларының табысы мықтап беркігені олардың өзінің негізінде баяғыдан бекіп алған қоғамда жасалғандығынан. Саяси қатынастар өзгерді, бірақ қоғамдық қатынастар бұрынғы күйінде қала берді.
Осылайша, сословиелік құқықтарды жою самодержавиелік басқарудан (оның тұсында ол құқықтар қажет) өкілдікті басқаруға (оның тұсында орынсыз) көшу секілді болып табылады. Ол өкілдікті мекемелерге тікелей жетелемейді; сословиелік құқықтар саяси құқықтармен тікелей алмастырылмайды. Бірақ осымен алауыздықтар себебі жойылып, сословиелердің бірігуіне жол тартылады.
Сол мақсатқа жетудегі келесі қадам сословиелердің жеткілікті мекемелерге бірлесіп қатысуы. Бұл-дағы ортақ өкілдікке тікелей жетелемейді; бірақ бұл арада әрқилы элементтер ортақ мүдделер үшін бірігіп, ұйымшыл жұмысқа дағдылана алатын өріс бар. Алауыздық ілігі мұнда жалпыхалықтық жиналыстағыдан азырақ, өйткені бұл арада саяси құқықтар және мемлекеттегі сословиелердің жағдайы туралы әңгіме жоқ. Гәп баршаға ортақ жергілікті мүдделермен шектеледі. Бұл орайда, бағынышты облыста жұмыс істейтін, әрі өзінен жоғары өкімет бар жиналыс өз күшіне көп сене де қоймайды, сондықтан қызбалық та бой алдыра бермейді. Алайда бұл арада да сословиелік алауыздыққа толып жатқан іліктер болуы мүмкін. Сословиелердің айырмашылықтары неғұрлым көзге ұрып тұрса, жоғары сословиелердің құқықтары неғұрлым елеулі болса, қақтығыстар соғұрлым тезірек пайда болуы мүмкін. Екінші жағынан, артықшылықтарды алып тастау тұсында, сословиелік қатынастардың алма-ғайыптығы бұл арада да мәжілістерде теріс ықпал тигізуі мүмкін, бірақ ол тіпті де саяси жиналыстардағыдай қауіпті емес. Жалпы, жергілікті өкілдіктің де, ортақ өкілдіктің де құрылысы элементтердің қалай болса солай ұштастырылуына емес, қоғамның орын алып отырған құрылысына негізделуі тиіс. Осының жалғыз өзі-ақ оған беріктік пен күш бере алады. Халықты сословиелерге бөлу бүкіл мемлекеттік тұрмысқа тиесілі болған жерде, ол ғасырлар бойы орныққан құқықтар мен ұғымдарда жатқан жерде, ол табиғи түрде жергілікті басқаруда да үстем болуға тиіс. Сословиелік құрылыс өзінің маңызынан айрылған жерде, жергілікті мекемелердің құрамы жалпыазаматтық бастаулармен - меншікпен және цензбен анықталады. Бірақ бір қоғамдық тәртіптен басқа тәртіпке жылдам көшу қашан да көптеген қолайсыздықтар туғызады; жаңа бастауларды мерзімінен бұрын енгізу, бәлкім, болашақты жеңілдететін болар, бірақ қазіргіні қиындатады. Қалай десеңіз де берік те дұрыс қатынастар уақыт өте келе орнығады, және егер, жергілікті мекемелер әлі нағыз нәтижелер беріп үлгере алмай жатып, таптардың қатынасын анықтамай жатып, ортақ өкілдік шақырылатын болса, онда төңкерістен әбден қауіптенуге болады. Мұның жанды мысалы тағы да бірінші революция кезіндегі Франция. Людовик XVI нақ көрсетілген жолмен жүрді. Ол облыстық жиналыстарды әуелі байқастап, тәжірибе түрінде енгізді, содан кейін, 1787 жылы, барлық жерде енгізді. Бірақ олар нығайып үлгермей жатып, халықтың ортақ дауысы оны Бас штаттарды шақыруға мәжбүр етті. Осының салдарынан бүкіл осынау әрекет тұл болып шықты. Ол тек практикалық өмір әзірлеген бастаулармен бекітілмеген бостандыққа ұмтылысқа нәр берді.
Сословиелерді жоюмен бірге, халықты жұмысы және мүддесі бойынша табиғи болу мағынасындағы дәулет алайда жойылып кетпейді. Ол өзінің маңызын тек жеке салада ғана емес, саяси салада да сақтап қалады, өйткені адамдардың қызметі және олар маталған мүдделер олардың рухына, олардың көзқарастары мен талаптарына елеулі ықпал етеді. Халық өкілдігі әрқилы қоғамдық топтардан құралады, олар заңгерлік тұрғысынан бөлінбесе де, әрқайсысы өзінің мінез-құлқын, өзінің жағдайын және мемлекеттегі өзінің маңызын сақтап қалады. Өкілдікті құрылыстың бүкіл күші олардың қолдауына, олардың өзара қатынастарына негізделеді. Сондықтан саяси бостандықтың ең елеулі шарты қоғам құралатын әр текті топтардың саны мен сапасы.
Жұмыстардағы айырмашылық, ең алдымен, қоғамды қалалық және селолық ахуалға бөледі. Осынау бөліністің тұғыры жылжымалы және жылжымайтын меншіктің әрқилы қасиеттерінде жатады, ол өзіне қатысы бар адамдардың рухы мен бағытын айқындайды. Адам әрқашан физикалық табиғатқа тәуелді болады. Онда ол өмір сүріп, қарекет ететін ортаның сипаты бейнеленеді. Материалдық дүниеден ол өзінің әсерін алады; оның әл-ауқаты соған негізделген. Иесіне тіршілік құралдарын беріп, меншік оның тәуелсіздігінің тірегі болады. Сондықтан меншіктің сипаты адам бойында белгілі көзқарастар мен құлықтар туғызып, олар оның бүкіл өміріне ықпал етеді. Мүлікке негізделген қызметтің маңызы одан да көбірек. Адамның бүкіл мәнісі оның қызметімен анықталады, өйткені ол өзінің парызын содан табады. Ал қызмет өзі ұмтылған материяға тәуелді. Осының салдарынан, қалалық және селолық ахуал бір-бірінен қасиеттерімен де, құлықтарымен де және ұғымдарымен де қатты өзгешеленеді.
Селолық өмір жақын негізді құрайтын жылжымайтын меншік енбекпен өндірілмейді, табиғаттың өзі береді. Адам оған әпербақандық жасай алмайды, бір орыннан екінші орынға көшіре, оның мәнісін өзгерте, оны тұтынып, жоя алмайды. Ол мәңгілік жылжымайтын, өзгермейтін нәрсе болып қала береді, және бұл сипат соған негізделетін бүкіл тұрмысқа беріледі. Егіншілікте адам еңбегі табиғаттың мәңгі, даусыз заңына сәйкестену қажет болатын заңына бағынады. Жыл мезгілдерінің біркелкі ауысып тұруы адам қарекеттерінде де өзгермейтін дұрыстықты талап етеді. Тынымсыз жұмыстың бүкіл жемісін кейде жойып жіберетін кездейсоқтықтар бой бермес заңдылықтардан туындайды, олардың алдында адам дәрменсіз. Іскерлікке, өнертабысқа бұл арада өріс шамалы. Егіншілікте өз дәулетін жылдам ұлғайтудың мүмкіндігі жоқ; есесіне, екінші жағынан, одан артық тұрақты да қапысыз көзі де жоқ. Ол орасан зор адамдар бұқарасына күнделікті қажет нәрселер береді, сондықтан жалдаптыққа, базардың кездейсоқтықтарына онша тәуелді емес, өнеркәсіптің басқа салаларына қарағанда азырақ тербеліске түседі. Кіріс мұнда неғұрлым біркелкі, неғұрлым біршама, неғұрлым азырақ. Тым байып кетуге орын жоқ екен, кенет кедейшілікке ұшырау да мүмкін емес. Дәулет бірте-бірте, мүлтіксіз еңбек пен ұқыптылық арқасында ұлғаяды.
Осының бәрі егіншіні өзінің күшінен гөрі өзіне билік жүргізетін тәртіпке бағынуға мәжбүр етеді. Оның бойында іскерлік пен өнертапқыштықтан гөрі, неғұрлым тұрақтылық дамиды. Ол өзінің өмірін дұрыс құруға тиіс; ол жаңалыққа емес, аңыздар мен тәжірибеге жүгінеді; ол жақсарудың бірте-бірте болғанын, бүкіл тұрмысты кенет өзгертпегенін, өткенмен байланысын сақтай отырып, баяу жүргенін тәуір көреді. Қысқасы, жылжымайтын меншік және соған негізделген егіншілік адам бойында қорғаншақтық рухты дамытады. Егіншілік алғашқы қауымдық ахуалға неғұрлым жақын болса, ол ғылым мен капиталдың ықпалына неғұрлым азырақ ұшыраған болса, село халқында сол белгілер соғұрлым көп болады. Ғылым мен капитал ықпалы болған жағдайда жылжымалы меншік пен білім қасиеттері жердің жылжымайтын сипаты мен табиғат заңдарының өзгермейтіндігі адамға басатын таңбаны біршама жұмсартып, түрін өзгертеді.
Жылжымалы меншіктің сапасы мен салдары мүлдем қарама-қарсы. Ол - кісі маңайласатын ортақ негіз емес, адамның еңбегінің туындысы және соған тиесілі. Адам оны өзінің қалағанынша жұмсайды және сан алуан түр бере алады. Ол барлығы да адамның жеке еңбегіне, күш қайраты мен айлакерлігіне байланысты болатын жаңа кәсіпорындардың құралы мен қаражатына айналады. Осы арада жалдаптық рухы туындайды; бұл жерде тәуекел бар, не мықтап ұтасың, не тұлдырсыз қаласың. Бірден байып кету де, бірден қайыршылану да осыдан. Өнеркәсіп пен дәулеттің, егіншілікте жоқ тербелісі осыдан.
Жылжымалы меншіктің және соған негізделген өнеркәсіп пен сауданың осынау қасиеттері солардың иелерінің бойында өзінің күшін сезінуді, іскерлік рухын, жаңалыққа ұмтылысты дамытады. Қоғамның тынымсыз элементі осында, оның өз шаруасын өзі бітіруінің рухы осында. Халықтың дамуының қалыпты барысы осында, селолық таптарға қарағанда білім тезірек дамиды, ол ой еңбегінен шығып, қалалық өмірдің сан алуан қақтығыстары мен қулық-сұмдығынан мол нәр алады. Сондықтан, либералдық жұмыс деп аталатындар, заңгерлік, медицина, ғылым, көркем өнер, еңбек пен талантқа негізделген нәрсенің бәрі жылжымалы енбекке сүйенетін өнеркәсіптік дәулетке жанасады. Ақыр соңында, бостандық талабы бәрінен күшті естіледі. Ол өнеркәсіп дүниесінің жаны, онда үстемдік ететін жеке күш-жігердің шарты және нәтижесі болып табылады. Адам қызметіне неғұрлым кең өріс берілген сайын, оның күштері неғұрлым көбірек жұмылдырылған сайын, оның құқықтарына неғұрлым көл сұғылмайтын болған сайын, оның іскерлігінің жемісі соғұрлым мол болады. Содан да осынау талап саяси салаға да таратылады. Өнеркәсіптік ахуал - жаңа заман либерализмінің басты өкілдері.
Меншіктің әрқилы қасиеттері әрбір санаттағы таптардың қатынасына да ықпал етеді. Жылжымайтын мүлік бір ұрпақтан келесі ұрпаққа мұра ретінде өтіп, жеке қолда ұзағырақ сақталады. Оның көлемі шектеулірек, ие болу қиынырақ. Оның иелері өзінің мал-мүлкін баяу ұлғайтады, қоғамдық сатымен оп-оңай көтеріле алмайды және ол орыннан да оңай түсе қоймайды. Сондықтан бұл арада таптар арасындағы шекара, басқа ахуалдағылардан анық, қатынастар берік, төмендегілердің жоғарыдағыларға тәуелділігі күштірек. Әсіресе ірі меншік өзіне ие топтарға негізінен аристократиялық сипат береді. Ол соларға ұрпақтарына көшетін тәуелсіз жағдай, қоғамдық істермен айналысу үшін бос уақыт, айналадағы ортаға басым ықпал, сонымен бірге билікке дағды береді. Осының бәрі, қорғаныстық рухпен қосылып, аристократия атаулының мәнісін құрайды. Аристократиялық тектердің жергілікті құдіреті ірі жер меншігіне негізделеді. Ұсақ жер иеленушілік керісінше, неғұрлым демократиялық сипатта болады, дегенмен оларда да қорғаныстық қасиеттер бар. Егіншілік жұмысымен айналысатын, қоғамдық қозғалыстан шет тұрған меншік иесі - шаруалар жалпы саяси өмірге бәрінен аз араласады. Оларда әдетте тәртіпке ықылас, өкіметке мойынсұну, аңыздарға бейімділік, терең діни сезім басым болады. Бірақ мұның бәрі бостандықтың дамуына шамалы жәрдемдеседі, бұл бостандық олар үшін неғұрлым кең саяси өрісте емес, тікелей айналадағы ортада құнды. Олар мәселе тек өздеріне ең таяу мүдделерді қозғайтын кезде ғана өздерінің омалған қалпынан шығып, саяси қайраткерлерге айналады. Әңгіме міндетті қатынастарды, жоғары сословиелер пайдасына оларға салынған жер ауыртпалығын алып тастауға қатысты болғанда, революциялар олар тарапынан әрқашан тірек табатын. Ұсақ меншікті нығайтатын өкімет әрқашан олардың қолдауына үміт арта алады. Бірақ төмен селолық халық мемлекетте тұрақты, байыпты қайраткерге және халық өкілдігінің елеулі элементіне айналуы үшін қоғамның дамуы айтарлықтай жоғары болуы керек. Ол тек жылжымалы мүлік және сонымен бірлескен білімділік қаладан селоларға ағылып, егіншілік тұрмысқа жаңа сипат бергенде ғана мүмкін.
Жылжымалы мүлік, байлықты бөлуге қатынаста да жылжымайтын мүлікке мүлдем қарама-қарсы қасиеттерге ие. Ол бір қолдан екінші колға оп-оңай өтеді, қисапсыз реңктерге бөлшектеледі, баюдың көп жақты мүмкіндігін туғызады, адамды қоғамдық сатыда бірде көтеріп, бірде төмендететін толқулар туындатады. Сондықтан, ол таптарды жақындастыра, қоса отырып, қарама-қарсылықтардың бірігуіне жетелейді. Бұл қоғамның біріктіруші элементі; ол конституциялық либерализмнің материалдық негізін құрайды.
Осыдан елдің өнеркәсіптің сипатының саяси құрылысқа қандай орасан зор ықпал жасайтыны түсінікті. Егіншілік тұрмыстың саяси бостандықпен бірігуі тек өте тар кеңістікте ғана мүмкін болады. Шағын мемлекеттерде, саяси қатынастар тым күрделі емес жерде, қоғамның азды-көпті алғашқы қауымдық ахуалға жақын тұсында, әсіресе ірі меншік жоқ болып, шағын меншік дамыған жердегі элементтердің біркелкілігі тұсында егіншілік тұрмыс демократияның ең берік тұғырына айнала алады. Мысалды Швейцарияның кейбір кантондары мен Норвегия бере алады. Бірақ неғұрлым үлкен, таптарға бөлінген, ірі меншік дамыған елдерде міндетті түрде не аристократия, не монархия келеді. Олардың біріншісі әсіресе ірі жер иелері арасындағы ішкі байланыс неғұрлым оңай нығайтылатын шағын мемлекеттерде орнайды. Оларда, егіншілік тұрмыстың басым болуы көбіне монархиялық билікті мүлдем көлегейлемесе де, оны едәуір дәрежеде шектейтін құдіретті аристократиялық сословиенің құралуына жетелейді. Польшаның, Венгрияның, Швецияның құрылысы сондай болды. Керісінше, жоғары сословие бөлек-бөлек қалған, ірі меншік ұсақ меншіктер арасында шашырап жатқан ұлан-байтақ елдерде табиғи түрде таза монархия орнайды. Олар¬да, еркін мекемелердің орналасуы үшін басқа бір элементтің - жылжымалы меншіктің дамуы қажет, жалғыз сол ғана қоғамды байланыстырып, конституциялық өмірге толыққандылық бере алады. Бұл арада егіншілік тұрмыс неғұрлым басым болса, саяси бостандық соғұрлым аз қажет болады.
Жылжымалы меншіктің және сонымен байланысты білімнің дамуы табиғи түрде өкілдікті құрылысқа жетелейді. Оның пошымы екідай: республикалық немесе монархиялық бола алады. Бұлардың екеуінің өзінің қоғамдық шарттары болады.
Республикада саяси өмірге алалап-құлаламай қоғамның барлық элементтері шақырылады; сондықтан бұл арада төмен таптар басым болады. Бірақ олардың қабілеттерінің төмендігін былай қойғанда, олардың өздерінін қасиеттері өкілдікті тәртіптің талаптарына бәрінен кем сай келеді. Бұл арада қорғаныстық элементті құрайтын селолық ахуал тым енжар, және иелік жасаудан гөрі, бағынуға неғұрлым бейім. Тіпті бостандық барынша дамыған күнде де, ол саясатта белсенді рол атқармайды, қайта ұдайы не аристократияның, не орта таптардың ықпалында болады. Ал қалалық жұмыскерлердің ахуалы, керісінше, жел үп ете қалса, соған елігіп, дұрыс бостандыққа әрқашан катер болып төніп тұратын революциялық армияны құрауға әзір тұрады. Демек, бір жағынан, жылжымалы меншіктің дамуы бұқара арасында әл-ауқат пен білімді тарата отырып, пролетариатты азайтуы, екінші жағынан, село халқының мешеулігін, оның бойында неғұрлым кең көзқарастар және қоғамдық мәселелерге неғұрлым белсене катысу ниетін оятып, жеңуі керек. Бұл селолық ахуал едәуір білімді және саяси жағынан дамыған орта таптардың ықпалына түскенде болады. Соңғылар, сондықтан таза демократияда да басты рол атқарады; олар бұл арада қоғамның жетекшілері болады. Сондықтан республикалық пошым, өзінің бүкіл пайдасымен және кемшіліктерімен, меншік пен әл-ауқат жаңа мемлекеттерде едәуір жоғары өркениятты талап ететін дәрежеде бөлінетін тұста ғана өмір сүре алады.
Республикаға қарама-қарсы, конституциялық монархия саяси өмірге тек жоғары және орта таптардың қатысуын талап етеді. Төмен таптар азды-көпті оларда әл-ауқат пен білімнің таралу шамасына қарай, орта таптарға қосыла алады, бірақ ол тек революцияларда ғана дербес рол атқарады. Бұл арада орта таптар, сайланбалы жиналыс мүшелерінің көпшілігін құрай отырып, демократиялық бастаудың өкілдері болады; ал жоғары таптар, жоғарғы, аристократиялық палатаны құрайды. Екі элементтің тепе-теңдігі мен ұштасуынан дұрыс өкілдікті тәртіп құралады. Біз Англия конституциялық монархия тұрпаты қызметін атқаратынын көрдік, нақ сондықтан онда бүкіл саяси өмір баяғыдан осынау екі таптың өзара қатынасына негізделеді, ал Францияда халық бұқарасының саяси сахнада болуы конституциялық бостандыққа ұдайы қатер төндіреді.
Бірақ бұл арада таптардың қатынасы меншіктің тегі мен сипатына қарай түр өзгеруіне ұшырайды. Тек қана ірі емес, орта жер иеленушілер әрқашан азды-көпті аристократиялық маңызға ие болады; керісінше, жылжымалы меншік, оның мөлшері қандай екендігіне қарамастан, орта таптарға тән өнеркәсіптік тұрмыстың негізін құрайды. Сондықтан, қоғамда әдетте жоғары жағдайға өзінің жоғары және орта қабаттарының қосынында селолық ахуал ие болады; ал қалалық ахуал, тіпті айтарлықтай байлығы болған күнде де, екінші орында қала береді. Бұл сословиелердің барлық жердегі құрылысынан көрінеді, олар халықтардың ғасырлар бойғы тарихының жемісі бола отырып, өзі арқылы қоғамдық күштердің тарихи қатынасын білдіреді. Жер иеленетін дворяндар, Еуропаның барлық жерінде, аристократиялық сословие құрайды, ал өнеркәсіпшілер мен қалалықтар орта немесе төмен санатқа жатқызылады. Дәл сол, дүние табиғатынан өрбитін таптар қатынасы, сословиелер жойылып, ахуалға айналғанда да сақталып қала береді.
Жер иеленуші элементтің аристократиялық сипаты әрқилы пошымдарда көріне алады. Одан шын мағынасындағы саяси аристократия, яғни жоғары саяси құқықтары бар мұрагер сословие әрқашан шыға бермейді. Ірі жер меншігі аристократияның негізі қызметін атқарады, бірақ оны тікелей құрамайды. Материалдық жағдайларға инсанияттық шарттар қосылуы керек. Ірі жер иелерінің халық өмірінің ең жоғары саяси бастауларының иесі, қоғамның жетекшілері және оның бостандығының қорғаушылары болуы қажет. Ірі жер меншігі өздігінен маңызды бола алмайды, соған байланысты идеялар бойынша, ол тірек болатын күштер бойынша маңызды болады. Тарихи өмірі жоқ жалаңаш меншік дегеніңіз жан беретін рух жоқ мүрде. Ол құлық емес, дәме туғызады. Сондықтан, саяси аристократия барлық мемлекеттерде бірдей жоқ және оған инсанияттық және саяси жағдай жоқ жерде құрала алмайды. Ірі жер меншігінің материалдық маңызының өзі барлық жерде бірдей емес: ол оның басқа жылжымайтын мүлікке қатынасымен анықталады, иелік етуші таптардың басқаларға қатынасы да соған тәуелді. Құдіретті аристократия жердің үлкен бөлігі аз ғана тектердің қолында шоғырланған, ол тектер сол арқылы елде басым болатын жерлерде ғана құралады. Бірақ иелеріне орасан зор күш беретін мұндай монополия ұлан-ғайыр мемлекеттен гөрі, шағын кеңістікте әлдеқайда оңай орнайды, ұлан-ғайыр мемлекеттерде ірі меншік ұсақ меншік арасында шашырай орналасады да, бөлек-бөлек иелердің ортақ рухпен жігерленіп, бірігіп қимылдайтын корпорация құруы қиынырақ болады. Саяси аристократия құру үшін жер меншігінің бір ғана тектердің қолында сақталуы керек. Бұған майораттар мен субституциялар жәрдем деседі, олар жердің бөлшектелуіне және атақты әулеттердің кедейленуіне кедергі жасайды. Керісінше, саяси аристократия мүліктің мұрагерлер арасында бөлінуін белгілейтін заңдар тұсында пайда бола алмайды. Мұндайда меншік бөлшектеледі, тектер кедейленеді, имениелер бір қолдан екінші қолға өтеді. Бұл арада ірі меншік орта меншіктен тек кездейсоқ ерекшеленеді, сондықтан жер иелерінің бүкіл дәулеті өз ішінде күрт айырмашылығы жоқ топты құрайды. Осының негізінде майораттардың енгізілуін көбіне аристократия жасау үшін ең жақсы құрал деп санайды. Бірақ мұндай жасанды шаралар жеміс бермейді. Майораттар күшті сословие тірегі бола алады, бұл үшін олар халықтың бүкіл тарихи өмірінен, оның бүкіл азаматтық тұрмысынан туындайтын болуы керек; теория балалатқан кездейсоқ та оқшау құбылыстар тағы да тек дәмені көбейтетіні болмаса, күш жасауға немесе құқық әзірлеуге дәрменсіз.
Ең жоғары дворяндардан саяси аристократия құралған елдерде, төмен дворяндар орташа жер иелеріне айналды. Алайда олар бұдан өздерінің аристократиялық сипатынан айрылған жоқ. Орташа жер иелері таптары, өзінің табиғаты бойынша, орташа өнеркәсіптік таптарға емес, жоғары, аристократиялық таптарға ұмтылады. Бұлардың екеуінің де мүддесі бірдей, рухы бірдей, қасиеттері мен бағыттары бірдей. Ағылшын джентрилері, рас, қалалар өкілдерімен бірге төменгі палатада мәжіліс құрады, бірақ өзінің рухы бойынша, өзінің аристократиялық рухы мен бейімі бойынша, ол жоғары палатаға әлдеқайда жақын және халық өкілдігінде аристократияның басты тірегін құрайды. Бұл өнеркәсіптік таптарды аристократиямен байланыстыратын, бірақ әрқашан аристократия жағына бұратын буын. Сондықтан Англияда, жер сатып алып, жергілікті жер иелерінің арасында жағдайға ие болу өнеркәсіптік ахуалдағылар үшін атаққұмарлықтың басты нысаналарының бірі. Бұл адамға біршама аристократиялық реңк береді және оңайлықпен қолға түсе бермейді, кейде мұның сәті бірнеше ұрпақтан кейін ғана түседі.
Айтпақшы тарих ірі және орта жер иелерінің арасындағы алауыздық мысалдарын да береді. Бұл әсіресе өнеркәсіптік дәулет тым аз дамыған, таза егіншілік тұрмыс басым жерлерде болады. Бұл арада дұшпандық арситократияның жосықсыз дәмесінің, ерекше рухының зардабы. Ішкі алауыздықтар сырттан тежеуді білмейтін сословиеде әбден-ақ әдеттегі құбылыс. Бұл элементтердің бір тектілігінің тұсында болатын намысқойлық күресі. Бірақ бөгде күш бар болғандықтан, бір-біріне жақын мүдделер табиғи түрде ұйымшыл қызметте бірігеді.
Ірі жер иелерінің орташа жер иелерімен байланысы дворяндар екі жартыға бөлінбеген, сөйтіп әрі өз арасынан саяси аристократияны бөліп шығармаған елдерде бәрінен көп сақталады. Бұл арада, аристократиялық рух, және де тым асқақтап кетпеген, бірақ неғұрлым біржақты және ерекше сипаттағы рух, сословиенің жиынтығында өмір сүреді, және ол сословиелік шектер мен құқықтар құлағанда да сақталып қала береді. Ғасырлар бойы қалыптасқан құлықтар мен көзқарастар, әсіресе басты қасиеті қорғаныстық ой салтынан құралатын адамдар бойынан, заматта жойылып кете қоймайды. Өзінің өткенінен кенет бас тартқан сословие, болашақ үшін жарытып кепілдік бере алмас еді. Егер онда ішкі мықтылық жеткілікті болса, ол тек өзінің рухын сақтап қана қоймайды, бөтен адамдарға ашылып, өзінің мінез-құлқы мен өзінің көзқарастарын соларға да жеткізеді. Осындай тәсілмен құралған жер иеленуші ахуал қоғамның аристократиялық элементтерін тек жалғыз жоғары қатпарларымен емес, өзінің жиынтық құрамымен көрсетеді. Оны бейберекет екі жартыға бөлуге, ірі жер иелерінен аристократия құруға және қалғандарын орта топтарға жатқызуға болмайды. Тарихта тамыры жоқ, нақты болмысқа кереғар ондай жасанды тоқайластыру, тек фантазия ғана. Тарихи негізі жоқ аристократия дәрменсіз; ол жеміссіз гүл ғана. Ал төмен дворяндар ғасырлар бойы орныққан бағытынан айрылмайды және орта ахуалға айналмайды. Саяси өкілдік енгізу тұсында жер иелері, дау жоқ, жоғары да, төмен де палаталардан орын алуға тиіс. Бірақ біріншісінде тек ірі меншік иелері ғана емес, жалпы елде саяси салмаққа, маңызға ие болған тәуелсіз жер иелері мәжіліс құрады. Қалған бұқара, өздері сайлаған адамдар арқылы, төменгі палатадан орын алады. Қоғамның ондай елеулі элементі халық өкілдігінен шығарып тастала алмайды. Бірақ өзінің тарихи шығу тегі бойынша және өзінің жер меншігі бойынша, ол бұл арада да өзінің азды-көпті аристократиялық рухын сақтап қалады.
Бұдан шығатын қорытынды, демократиялық элементтердің өкілі болып табылатын төменгі палатада, жер иелері табының басым болуы тіпті де қажет емес. Олай болған күнде бұл өкілдікті мекемелерге сыңаржақ сипат берер еді. Олар тек басым күштің сөзін сөйлер еді. Жер иелерінің конституциясы сөзсіз бір ахуал пайдасына қарекет жасайтын болады, және соңғысы сословиелік белгілерін қаншалық сақтап қалса, ондағы аңыздар қаншалық жаңа болса, әлгі кемшілік соншалық айқын көрінетін болады. Аристократиялық өкілдік тек баяғыдан құдіретті аристократия басқарып келген елде ғана мүмкін. Бұл арада ол қоғамның органы ретінде емес, жоғары сословиенің құралы қызметін атқарады. Бірақ конституциялық тәртіптің ортақ игілік бастауларына жалғыз өзі сай келетін шынайы талабы мынада: өкілдік өзі арқылы қоғамдық элементтердің жиынтығын бейнелеуге тиіс. Аристократияны жоғарғы билікке қатыстыру тек орта таптар өкілдік ететін демократия тарапынан тежеліп, қарсы қойылып отыратын кезде ғана зиянсыз болады. Сондықтан, саяси өмір жалғыз ғана жер иеленушілерге таратылған жерде, конституциялық тәртіп мүмкін емес; оған елеулі элемент жетіспейтін болады. Ондай елде монархиялық үкімет әрқашан төмен таптардың қорғаушысы және орта к мүдделер өкілі рөлін атқаратын болады.
Дұрыс конституциялық құрылыста, төменгі палатаның басты дәнін өнеркәсіптік ахуал құрауға тиіс. Оларға тиесілі меншіктің қасиеті бойынша, еңбектің капиталмен бірігуі бойынша, олар, негізінен, орта таптарды құрады, бұл таптар езі арқылы демократиялық бастауды оның ең жоғарғы көріністерінде көрсетеді. Өзімен өзі болмай, сыңаржақ бағыттың ықпалына берілмей, бірақ барлық салаларға еніп, барлық қабаттармен араласа отырып, өнеркәсіптік ахуал, өзінің сан алуандығы мен белсенділігі бойынша, қоғамның барлық мүдделері мен элементтерін байланыстырушы болып табылады. Меншіктің қажетті кепілін және өнеркәсіптік еңбектің шартын құрайтын тәртіпке мақұл олар, сонымен бірге конституциялық ғимараттың іргетасында жатқан бостандықтың басты өкілдері болып табылады. Оларда, негізінен, қазіргі кезде мемлекеттік өмірдің басты серіппесі болып шыққан ақшалай байлық та шоғырланады. Ол соларға басқа қоғамдық элементтерден басымдық береді, ал орта ғасырларда әскери күштің үстемдігі аристократияның басым болуына жетелейтін. Ақыр соңында, іс қамымен тыным таппайтын өнеркәсіп адамдары төменгі палатаның басты міндеттерінің бірін құрайтын мемлекеттік шаруашылықты қадағалау ісіне де неғұрлым бейім. Рас, олардың өзінің көлеңкелі жақтары бар. Шаруашылыққа бейімділік оларда кейде пестікке айналады; олар мемлекеттік қажет ақшалай қаражатты бөлуде сараңдық танытады. Өнеркәсіптік өмір олардың бойында көзқарас жұтаңдығын және мүдде ұсақтығын өрбітеді. Элементтердің тынымсыздығы мен бөлек-бөлектігі оларды тәртіпті партияға бірігуге жеткілікті қабілетті етпейді. Жалпы, оларда халықты басқарып отыруға үйреніп қалған аристократияға қарағанда саяси мағына кем. Бірақ мұның бәрі - қоғам мемлекеттік басқару ісіне қатысуға шақырылған қандай істе де болып жататын кемшілік. Демократияның жоғары қабаты ретінде орташа дәулеттілер қоғамның нағыз өкілдері, ал аристократия, ең қолайлы жағдайлардың өзінде, таңдаулылар үйірмесі болып қала береді. Егер аристократия жоғары палатадан орын алса, біріншілері төменгі палатада басым. Біз мұны конституциялық мекемелер орныққан барлық еуропалық мемлекеттерден көреміз. Халықтың өкілі -төменгі палата саяси өмірдің басты орталығы болып табылады. Аристократия хал үстінде және халық ұмтылысын жоғары сана пәрменімен бағыттап отыр, бірақ инициатива, қимыл және қадағалау орташа, дәулеттер арқылы бейнеленетін демократиялық элементтерден шығады. Теориялық пікірлер тарихи қорытындылармен қуатталады.
Осыдан мынадай ортақ байлам жасауға болады: өкілдікті құрылысты енгізу негізінен өнеркәсіптік таптардың саяси дамуымен анықталады.
Қазақшалаған Нұрмахан ОРАЗБЕК.
Пікірлер (0)
Пікір жазу үшін аккаунтқа кіріңіз. Кіру