TELEGEI

Home

Батырлар әңгімесі

Мұхтар Әуезов

Оқылуы: 0%

Жазылымсыз режим: 20-беттен кейін жазылым беті ашылады, әрі қарай әр 10 бет сайын (ең көбі 5 рет).

20 px
1.85
0.30 px
0.95 em

Батырлар әңгімесі

Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы XX ғасырдың қайталанбас құбылысына айналды. М.Әуезов шығармаларында халықтың тыныс-тіршілігін, арман-мақсатын, тарихи болмысы мен бүгінгі келбетін көрсетіп берді. Алғашқы жылдары жазылған көркем туындыларында елдің тұрмыс-т...

Қазақтың батырлар әңгімесі ескі заманнан басталады. Батырлар әңгімесінің басы ескі түрік бірлігінің заманындағы әңгімелерден шығады1. Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп санауға керек. Бұрынғы түрік, монгол дәуірі жүрген заманда, Алтын орда, Ақ орданың күндері айтылатын жерлер бар. Ноғайлы, қырым, қыпшақ, қырғыздардың бір жалаудың астында бір ел болып жүрген кездерін айтады2. Бұл түрік жұртының жік-жікке бөлінбей тұрған күндері. Бірін-бірі жат демей, бауыр көріп жүрген кездері. Қазақтағы батырлар әңгімесінің осы кездерде шыққаны бір жік болып, кейінгі замандағы шыққандары екінші бір жік болады. Алғашқы жіктегі – ұлы батырлар. Бұлар көшпелі елдің шабынгерлік, жауынгершілік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлары. Ол кездегі тыныштық, амандық, түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана дәуірі жүрген заман. Әлі жеткен әлсіздің қожасы болған, әлсіздер құл мен күң болған заман. Не нәрсеге ие болсаң, иелігің қылыш жүзінде ғана сақталған. Сондықтан ол замандағы елдің сүйеніші кім? Сүйеніші қол бастаған батыр, ел бастаған ханы мен биі болған. Ел қиялында жүретін елдің шын қадірлі басшысы осы үш мінездің үшеуіне кім бірдей жетік болса, сол деп саналған. Сондықтан толық жақсы әрі батыр, әрі би, әрі ел билеген хан болу керек. Бұл уақыт батырдың ең қадірлі болған заманы. Елдің елдігін сақтаған шын азаматы, "ық жағына қала, ел жағына пана" болған, ірге бермес еркесі заман. Бірақ барлық батыр ондай болған жоқ, сондықтан ел сондай батырдың болуын қиял қылған. Қиял батыры бет алды тумайды. Әншейін жабайы адам туысынан, оның туысы басқа болу керек. Жаратылысында жай адамның шығысынан бөлек бір көмескілік, жаттық болуға тиісті. Туысын жасырын сыр билеген өзгешелік болу керек. Олардың жаратылысына табиғат, әулие, пері сияқтылар араласу керек. Сондықтан ұлы батырлар жат туыспен туады. Осы сияқты белгісі болғандықтан, қазақтың барлық батырлары жоғарыда айтқан, екі жікке бөлінеді. Алғашқы жікке кіретін ұлы батырлар: туысы бөлек, орны басқа, ел қиялындағы баға – жоғары болған3, әрі рудың басшысы, әрі іргесін бермейтін елдің ұлы қамқоры, ханы қатарлы болғандар. Бұдан кейінгі жікке кіретін – кіші батырлар. Бұлар қазақтың тіршілігі тыныштық дәуіріне қарай ауысып, асау ханның жуасыған кезінде шыққан батырлары. Бұл кездің батыры азғындаған батыр. Бұлардың тұсында әншейін жабайы адамнан бөлек жаттық жоқ. Бұрынғы Едіге, Қобыландылар бір жағы періден, бір жағы керемет иесі – әулиеден туса, кейбірі көп тілеумен әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтқан күнде, алпыстағы Аналық, тоқсандағы Тоқтарбайдан туса3, болмаса, Ер Сайын сияқты пірдің батасы, тілеуімен туып, пірдің қорғауымен тіршілік ететін болса, соңғы батырлар әншейін қоңыр қазақша туады. Екінші үлкен айырмасы: бұлардың ісі мен күшінің бәрі де қазақтың өз ортасындағы араздық, жаулыққа жұмсалады. Болмаса үй іші, туыстың ғана жоғын жоқтайды. Мысалы Алпамыс.

"Едігенің" қысқаша әңгімесі

Бұрынғы өткен заманда Баба түкті Шашты Әзіз деген5 керемет ие әулие болады. Жасы ұлғайып, қартайған шағына дейін баласы болмайды. Бала жоқтығын арман қылып, құдайдан перзент тілеп жүргенде, түс көреді, түсінде: "Құбыла жаққа жүре бер" деген әуез естиді. Шашты Әзіз жүріп кетеді. Жолшыбай бір кез келіп, тынығып жатқан уақытта, сол бұлаққа перінің аққу кебін киген үш қызы ұшып келеді. Бұлар бұлақ басына қонып, кебіндерін шешіп, суға шомылуға айналғанда, Шашты Әзіз келіп кебіндерін алады. Үш қыз жалынып сұрайды. Әулие бермейді. Аяғында: "Таңдаған біреуімізді алып, қалған екеумізді босат" дейді. Шашты Әзіз үшеудің кішісін, Кенжекей сұлуды алып, қалғандарын қоя береді. Пері қызымен ерлі-қатынды кісі болып өмір сүреді. Қыздың тиерде әулиеге айтқан шарты бар еді. Ол шарты: басыма, аяғыма, өкпеме қарама деген. Көпке шейін бұл шартқа шыдап жүрсе де, бір күндерде әлгі айтқан жерлеріне қарап қойып, өзге адамзаттан бітімі бөлек екенін көреді. Шашты Әзіз шартын орындамаған қыз мұны тастап ұшып кетеді. "Ӏшімде балаң бар, тоғыз жолдың торабынан тауып ал" дейді. Әулие іздеп жүріп, тауып алады. Сол бала Едіге болады. Едігені өз әкесі тәрбиелемейді: бір кемпір-шалға беріп, кетіп қалады. Бала ер жетеді. Қой жайып жүреді. Қойшы болып жүрген уақытта, дауласып жүрген бірнеше адамдарға билік айтады. Үлкен билігі – бір түйе туралы айтқан билік. Баланың әділ, есті би екенін Тоқтамыс хан естиді6. Кемпір-шалдың қолынан алып, өзі бала қылып, оң тізесіне отырғызады. Едіге ханның қасында отырып, әлденеше ірі билік айтады. Бір билігі даулы болған қыз бен жігітке айтқан билік. Баланың ақыл-көркі өзгеден артық болған соң ханның Данабике деген қатыны ғашық болады. Көңіл білдіреді. Едіге қабыл алмайды. Қатын кекті болады. Қастық қылуды ниет етеді. Ханым Тоқтамысқа: "Едіге түбінде тағынды алады. Осы күнде өзіңнен мерейі үстем" дейді. Соның белгісін көрсету үшін кілемге ине шаншып қояды. Едіге сәлем беріп кіргенде, әлгі ине ханның киіміне барып шаншылады. Содан хан да Едігені дұшпан деп есептеп, ебін тауып өлтірмекші болады. Қатын екі күндей екі түрлі жаман ас береді. Едіге ол астың бірін тіліп-тіліп ішеді де, екіншісін жан-жаққа шашып алып ішеді. Онысы – еліңді, ұлыңды онды-солды тіліп билермін, қанынды судай шашармын дегені. Содан кейін Едіге бөтен жаққа жүріп кетеді. Хан ақылшыларын жиып, кеңесіп, Едігенің кегінен қорқып, артынан қуғызып кісі жіберіп, шақыртады. Өзінің досы Кең Жаңбай келген соң, Едіге қайтып келеді. Бірақ Тоқтамыс көп кісімен жиналып отырып, мас қылып, өлтірмекші болады. Едіге ештеңені сезбей ішіп, мас болады. Сол уақытта Атысын деген досы батырдың сары азбан деген атын ерттеп, дайындап тұрады. Едіге мініп қашады. Артынан қуған жауларды қазаға ұшыратып, қырып кетеді. Осы бетімен келе жатып Басентейін алып деген үлкен диюға кездеседі. Оның қолында тұрған перінің сұлу қызы болады. Едіге алыптың үйіне қызметкер болып тұрып, қызбен ғашық болысады. Екеуі ақыл құрып, айламен алыпты өлтіреді. Сонан кейін пері қызын қатын қылып алып, Сатемір ханға келеді7. Хан қадірлеп, құрмет көрсетеді. Бірақ бір уәзірінің қыздыруымен Едігенің қатынына құмар болып, Едігені өлтіріп, қатынын өзі алуды ниет қылады. Алу үшін, уәзірдің ақылы бойынша, Едігені қиын сапарға жұмсап, сол жолда өлтірмекші болады. Хан өтірік ауырады. "Қызыл гүл" деген дәрі керек болады. Ол дәрі Күл-күн дариясы мен Сынап дариясының арасында болады. Барған кісі өлу керек. Едіге іздеп жүрмекші болады. Қатынының ақыл кереметімен аман барып, сау қайтады. Қызыл гүлді алып келеді. Сонымен бірге тағы бір сұлу қыз олжасы болады. Едіге өлмей қалған соң, уәзір мен хан екінші қулық ойлап тауып, бір қиын сапарға жібермекші болады. Ол сапары: баяғыда өлген ханның әкесіне барып, содан хабар әкеп беру. Оған бару үшін, батырды отқа өртету керек. Едіге бұған да көнеді. Өрттің ішінен батырды пері қызы – қатыны келіп аман алып шығады. Әкеңнің хаты деп ханға тапсыру үшін, батырға пері сәлем хат береді. Хан бұған нанып, өзі барып қайтпақ болып, өрттің ішіне түсіп, күйіп өледі. Ханмен бірге қалған уәзірлері де өледі. Бұлардың артынан ханның елін Едіге билеп, хан болып тұрып қалады.

"Едіге батыр" әңгімесінің мәнісі

Едіге ескі түрік жұртының тіршілігінде ел қамқоры: әрі жақсы би, жақсы батыр, әрі жақсы хан болса деп, барлық қиял, барлық жүрекпен тілеп жүрген заманның батыры. Едігенің біз қарастырған әңгімесінде ескіліктен сақталған сарқыт қайсы? Онан соң бері заманда тізілген жамау қайсы? Соны айырып білу керек. Ескілік: Едігенің жоғарыда айтқан туысында. Екінші, әрі би, әрі батыр болып жаралған сегіз қырлы жақсылығында. Онан соңғы әңгімедегі ескілік, сол замандағы түрік, монгол хандығының бірлігі жоғалып, берекесі кеткен қалпын білдіреді. Хандар, бектер ортасындағы бақ күндестіктің, бәс таластың белгісі бар. Іштен шіри бастаған әрекеттің, ұрыс-жанжалдың көбін көрсетеді. Мысалы, Тоқтамыс пен Едігенің араздығы. Тоқтамыс пен Сатемірдің жаулығы. Бұл әңгіменің тарихқа жанасатын да жері бар. Тарихта болған Тоқтамыс, Ақсақ Темірдің жаулығының ізі бар. Әңгімедегі бұлардан басқа көрінетін ескілік Едігенің мінезінде. Едіге бұл әңгімеде анық түрік жұртының жақсысы, қазақ мінезді жақсы. Бұдан көрінеу жаулыққа, көрінеу қастыққа тез көрсететін қарсылық жоқ. Қуаныш пен қорқыныш, сүю мен жирену сияқты сезім билеген мінез жоқ. Ақылына билеткен, ішіне сыр сақтай білетін, кең сабырлы, қалталы батыр. Барлық сезімді ішке жиып, шын көңілін сыртына тез шығармайтын, тартымды мінез қазақ елінің ескіден сүйген мінезі болатын. Едіге сол мінездің батыры. Онан соң Едігенің билігінде де қазақтың сүйген әдеті бар. Ол: бидің тапқыштығы, өткір сезімділігі болатын. Бұрынғы қазақ барлық жақсысына осы сынмен қарайтын. Терең теңізділік, әрі ойшылдықты тез бағалай алмай, көбінесе, тапқыштық сияқты, іле сөйлейтін, отты шешендікті сүйген. Көсемдік, көрнектілік сол мінезден туу лайық сияқтанатын. Бұл турада да Едіге қазақ мінезді болады. Осы айтылғандардан басқа әңгімелеріне келгенде, Едігенің әуелгісі жыр ретінде айтылған үлкен сұлу әңгімесінің жоғалып, таусылып, көп өзгеріп кеткенін көреміз. Ташкенде басылған Едіге – қара сөзбен айтылған әңгіме. Қара сөзді әңгіме жадағай су сияқты, оны ит те, құс та жалайды. Ол сондықтан әрбір айтушы оған өз ойына сыйған қошқар мүйіздің бәрін салған. Басқа ертегіден әкеліп жамау жамаған. Кейде жат жұрттың әңгімесінің де бояуын әкеліп жаққан. Өлең түрінде айтылмағандықтан, екінші кеш жинағандықтан біз бұрынғы уақытта қымбат, бағалы, сұлу болған Едіге әңгімесінің жылқышының құрығындай сүйретумен таусылған, таусыншығын ғана ұстап қалып отырмыз. Бұл әңгімеге өзге жұрт әңгімесінің ішінен кірген жасаулар өлгенше көп. Оның мысалы, Тоқтамыс қатынының Едігемен араз болуы. Бұл Шәкір-Шәкірәт сияқты әңгіменің қайтармасы8. Екінші, Едігенің екі қатынға бір баланы бөліп беретін билігі. Бұл Сүлеймен пайғамбардың билігі деп айтылады9. Сатемірдің Едігені қызыл гүлді іздетіп жіберетіні, алыс, қиын жолға жіберіп, сонымен өлтірмекші болатыны, аяғында сол ісінің жазасынан өзі өртке өртеніп өлетіні – түгелімен алғашқы әңгіменің, елдің ұмытып, тоздырып, жоғалтып алып, беріден, араб, парсы ертегілерінен қосымша қылып алған жамаулары. Бұларда, бірінші тарих Едігенің тарихы, Ақсақ Темірдің дәл халына ұқсайтын шындық жоқ. Екінші, өзге араб ертегілерінің иісі аңқып тұр.

"Қобыланды батырдың" қысқаша әңгімесі

Қобыланды, алпыстағы Аналық, тоқсандағы Тоқтарбайдың әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, бала тілеп, тентіреп жүрген уақытта тапқан баласы. Батыр туысымен күн санап ер жетеді. Он жасқа жетпей тұрып, Көклан деген кемпірдің Құртқа деген қызын алады. Құртқа ақылды, мінезді қатын болады. Батырға Тайбурыл деген тұлпарды асырап, жетілтіп береді. Сол кезде Қияттың Қараман бастаған қолы10 Қазанға аттанады. Құрдасы Қараман шақырған соң, Қобыланды бірге бармақшы болады. Әке, шеше, қарындас, қатын болып, "барма" дейді. Көнбеген соң кетерінде, "батырдың жолын оңғар" деп тілеу тілеп, жылайды. Артында қалып бара жатқан үй ішіне батырдың айтатын сөзі:

Желі толған түйемді,
Сарысуға тапсырдым.
Тоғай толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым.

Қора толған қойымды
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай
Жас бөріге тапсырдым.

Тоқсандағы Тоқтарбай
Құдіретке тапсырдым,
Алпыстағы Аналық,
Бибі Фатимаға тапсырдым11.

Қарындасым Қарлығаш,
Қарашаш ханымға тапсырдым12.
Жан қосағым қыз Құртқа,
Балуан қызға тапсырдым.

Сендер төртеу, мен жалғыз,
Бір құдайға тапсырдым.

Сол сөздерімен Қобыланды Қият қолының артынан жүріп кетеді. Бірақ атының әбден толатын күні жеткен жоқ еді. Соны тосып, жолда бөгеліп жатып алады. Қол ұзап кетеді. Күткен күні болған соң, Тайбурылмен батыр шабады. Тайбурылдың шабысы торт аяқтының бәрінен бөлек, жат болады.

Астындағы Тайбурыл
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Бір төбенің тозаңын

Бір төбеге қосады.
Жаңбырдай тері сіркіреп,
Жауған күндей күркіреп,
Қар суындай тасады.

Құлан мен құлжаның,
Ұзатпай алдын тосады.
Қол жағалай отырған,
Кек құтан мен қарабай,

Көтеріліп ұшқанша,
Белінен кесе басады, -
дейді.

Осы жүрісімен батыр Қазанға келеді13. Қазанның дариясынан атын секіртіп, ішіне кіргенде, алдынан жекпе-жекке Қазан деген әрі хан, әрі батыр шығады. Екеуі соғысады.

Әуелі тәуір сөйлесіп,
Ырғай-ырғай салысты.
Артынан шайтан жабысты.
Итерісіп тұрысты,

Ырғай сапты сүңгіні
Шайтан емей немене
Найза қанға майысты.

Ақырында Қобыланды Қазанды жеңіп, ат көтінен түсіріп, өлтіреді. Содан кейін Қазанның ішінде дайындалып тұрған қалың қолмен жалғыз соғысып, қырып, жеңіп шығады. Қазан қасын Қият қолы келген соң, біржолата шауып, шаншып, олжалап алып болған соң, батырлар қайта қайтады. Жолшыбай Қобыланды мен Қараман Көбікті деген ханның жылқысын ала кетпек болады. Далада жатқан қалың жылқыны алдарына салып айдап жөнеледі. Жылқыда Көбікті батырдың Тарлан ат деген аты болады. Сол жауды сезіп, қалаға қашып келеді. Көбікті жау келгенін біліп, атына мініп қуады. Бұл келген уақытта Қобыланды бір жайлы жерге келіп, ұйықтап жатқан болады. Көбікті ұйықтап жатқан Қараман мен Қобыландыны байлап алып, қаласына алып келіп, зынданға салып тастайды. Көбіктінің Қарлыға деген қызы болады. Оның мұсылман болмақ ниеті бар екен. Екі батырды босатып алып, солармен қашпақшы болады. Бірақ әуелі екеуінің батырлығын сынайды. Зынданнан босатамын, "қашыңдар" дейді. Қараман бұған көнсе де, Қобыланды көнбейді. Қашып, пысып кетпеймін, еліңді қырып, шауып кетемін дейді. Қыз батырға ырза болады. Зынданнан ықтиярымен шықпаған соң, айламен шығармақшы болып, Тайбурылдың тіліне қыл бұрау салып, қинап шыңғыртады. Батыр жаны ашып, долданып зынданнан атып шығады. Сонан кейін қызды ертіп алып, Қараман үшеуі Көбіктінің жылқысын тағы алып жөнеледі. Көбікті артынан қуып жеткенде, Қарлыға әкесінің үстіндегі сауыттың оқ өтетін осал жерін айтады. Қобыланды сол тұсынан садақпен атып, Көбіктіні өлтіреді. Сол бетпен жолда тағы бірталай қиындықты көріп, еліне жетсе, елдерін қалмақтың Алшағыр ханы шауып кеткен болатын. Жұрт-жұртқа Құртқаның көміп кеткен белгілеріне қарап отырып, батыр Алшағырдың еліне жетеді. Бұл кезде әке, шешесі құл мен күң болып, қарындасы қызметші болып, қатынын Алшағыр алғалы жатыр екен. Құртқа батырды күтіп, зарлап жүріп, ақылымен жарының келгенін сезеді. Алшағыр мен Қобыланды соғыс салады. Қобыландыға Қараман мен Қарлыға серіктік қылады. Алшағырды Қобыланды өлтіреді. Бұл өлген соң, тағы да көп жекпе-жек болады. Ағанас деген батыр Қобыландыны алуға айналғанда, Қарлыға келіп, найзасын салып түсіріп кетеді. Бұдан соңғы қауіпті жау, Біршімбай деген Қарлығаның ағасы, Көбіктінің баласы болады. Оны Қарлыға алдап, айламен өлтіреді. Қарлыға батырларға үлкен достық көрсетеді. Басында Қарлығаны олжа қылған соң, Қобыланды Қараманға беріп еді. Қарлыға Алшағыр ханның Күнікей, Тінікей деген екі сұлу қарындасын тұтқын қылып алып, соларды Қараманға беріп, өз басын олжадан босатып алып, Қобыландыға тиісті болады. Қобыланды Алшағырды шауып, елін жебір-жесір қылып болған соң, әке, шеше, ел-жұртын бұрынғы жеріне алып қайтып, мұратына жетеді.

"Қобыланды" әңгімесінің мәнісі

Қазақтағы батырлар әңгімелерін басынан аяғына шейін анықтап, тексеріп қарағанда, бізге тіпті анық қылып тарих бетін ашып береді демесек те, сол ескі тарих көлемінде болған ірі мезгілдердің барлығында ұлы суретін нобайымен, тұспалмен көрсеткендей болады. Рас, біз елдің тарихын ылғи батырлар ертегісінен құрап, тізбейміз. Бірақ ел әуезінің ескілігі тарихқа қаншалық жәрдемші болатыны кімге болса да белгілі. Бұл туралы қазақ елінің ішінде сақталып қалған батырлар әңгімелері, бүгінгі ел әңгімесі сияқты. Ескілігін жоғалтқан түрік тұқымдарының барлығына да тарихтың жаңа бір бетін ашып бергендей болады. Бұрынғы түрік тілдеріндегі ескі сөздерді қарастырған Европа ғалымдарының, қазақ елінде ескі заманның сарқыты мен белгілері көп болу керек14 деген тұспалдары, батырлар әңгімесі сияқты, қазақтың ескі жыр, ескі өлеңдерінен аныққа шығып айқындалғандай болады. Қазақ ортасында қалған батырлар әңгімелерінің әрқайсысының ішінде тарих ауданына сиярлық шындық қайсы, тарих оқиғаларынан қалған із, сүрлеу қайсы, әрбір әңгімеде ел мінезі, ел қиялы, ұғымы, бірлік әңгімесінде қаншалық дәрежеде күшейіп, қаншалық қалыпқа шейін жетті. Соның бәрі көрінетін жерлер аз емес. Ел есінде сақталып келген, батырлардың ішінде болған адамнан тарайтын әңгімесі де болады. Кейде жалғыз ғана ел қиялының өзі туғызатын да батыр болады. Қобыландыны әуелі осы жағынан қарастыралық. Орынбор архив комиссиясының мағлұматы бойынша, Елек қорғанынан Ойылға қарай жүретін қара жолдың үстінде15, Қобыланды деген бекет бар. Соның жанында, Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан ескілікті әңгіме айтады. Бұл Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел. Екінші, Шәкәрім ақсақалдың шежіресінде16, ескіліктен қалған әңгіменің ретінде Қобыланды батыр Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы делінеді17; қыпшақтың Әбілқайырға жағымды, әрі басты адамы, әрі қадірленген батыры болады. Әбілқайырға Қобыландымен қадірі тең түсіп жүретін арғын Дайырқожа деген ел жақсысы болады. Қобыланды мен Дайырқожа кектесіп жүргенде далада кездесіп, батыр Дайырқожаны өлтіріп кетеді. Әбілқайыр Қобыландыны беруге қыпшақтың наразылығынан қорқып, шыдай алмайды. Үш кісінің құнын алып біт дегенге арғын тоқтамайды. Сонымен ноғайлыдан кейінгі заманда қазақ бірлігіне кірген рулардың көпшілігі айырылды. Жоғарыдағы ноғайлы мен қазақ айырылардағы өлең осы тұста айтылады. Қобыланды өлтірген Дайырқожаның әкесі - Қыдан тайшы, Қыдан деген өлеңші болады. Ел аузында сақталып қалған ескіліктің бірінде сол Қыдан ақын айтқан өлеңі деп мына өлең айтылады:

Қара қыпшақ Қобыландыда
Нең бар еді, құлыным?
Сексен асып, таянғанда тоқсанға,
Тұралмастай үзілді ме жұлыным.

Адасқанын жолға салдың
Бұл ноғайлы елінің.
Аққан бұлақ, жанға шырақ
Жалғыз күнде құрыдың!

Қара қыпшақ Қобыландыда
Нең бар еді, құлыным! –
деген.

Бұл сияқты ескілікті сөздер Қара Қыпшақ Қобыландының болған адам екенін анық, айқын білдіргендей болады. Затында қазақ ескілігіне кіретін әңгімелерінің көпшілігіндегі батырлар, ылғи елдің қиялы туғыза берген адам емес, көбінесе болған адамдардан туатын сияқты. Жалғыз-ақ ел қиялының көтеріп, ірілетіп әуелгі пішіннен өзгертіп, өңдеп әкететіні бар. Біз көрген балалар әңгімелері де сол қалыпты. Қобыланды әңгімесі ел қиялының сондайлық қылып көтерген, келістіріп суреттеп, шеберлеп әңгімелеген сөзінің бірі. Шеберлеп әңгімелегені, барлық батыр әңгімесінің ішіне кіретін адамдардың мінезін, қалпын толық қылып шығарудан, батыр жорығын сұлу қылып жырлауынан білінеді. Онан соң батыр пішініне ел мінезін сиғызып, ел тілегі мен үмітін батыр өмірінің көлеміне шеберлеп сыйғызғаннан білінеді. Қобыланды әңгімесінің әңгімелік жолындағы маңызын, бағасын айтудан бұрын әңгіме тарих ауданына қарағанда қай мезгілде, қандай тарихи оқиғалардың салдарынан туғанын айтайық. Жоғарыда Дайырқожаның өлімі үстінде айтылған өлең Әз Жәнібек, Әбілқайыр ханның заманында ноғайлы қазақ бірлігінің тұсында болған делінеді. Қобыланды ол заманның адамы болса, онда 15 ғасырдың орта кезінде өмір сүрген болады. Біз қазіргі заманда Қобыландыны, не арғы, не бергі замандікі деп дауласпақшы емеспіз. Әдебиет тарихының көзімен қарағанда, біздің алдымыздағы тарихтың қай кезіне жақындауға мүмкін, соны тексеріп қарау, елдің есінде ескіден сақталып қалған әңгімені жалпы тарих шеңберіне сыйғызып көру.

Қобыландының үлкен жорығы Қазан қаласына аттанудан басталады. Ел жыры Қобыландыны Қазан қаласымен соғыстырады. Қобыландының батырлық әңгімесі ел өлеңінде, осы оқиғаның айналасында болады. Біз ел әңгімесінің осы жерін, тарихтың қай кезіне келетінін тексермекшіміз. Әңгімеде Қобыланды Қазан қаласымен соғысады екен. Осы әңгімедегі аталған Қазан қай Қазан? Бізше, бұл бұрынғы Қазан хандығының астанасы болған, бүгіндегі Еділ бойындағы Қазан қаласы. Бұның дәлелі әңгіменің өзінен көрінеді. Қобыланды аттанып барған Қазан екі қала екен дейді. Бірі – сырлы Қазан, екіншісі – қара Қазан, бүгінгі Қазан қаласы 14-15 ғасырлардың шекарасында екі жерде болғаны рас. Әуелгі Қазан 14 ғасырдың аяқ кезінде әулие "Ғизан" деген судың құятын жерінде Балғардан шыққан Алтынбек, Қалымбек салған қала болады. Алтынбек, Қалымбек Балғардың Құбайдолла ханының баласы; бұның елдігін Ақсақ Темір ойрандап, өзіне қаратып алғанда ханның екі баласы Еділді өрлеп кетіп, жоғарғы Қазан қаласын салған. Артынан, 15 ғасырдың бас кезінде Алтын ордадан бөлінген бірнеше рулар келіп, Еділ бойының хандығын жасайды. Оның астанасы Қазан қаласы болады. Бірақ бұлардың тұсында Қазан қаласы бұрынғы ескі Қазаннан 7 шақырым төмен жерден салынады. Кейінгі уақытта Қазан хандығының астанасы да сол болады. Мөлшермен есептегенде, Қазан хандығы 1430 жылдардан 1552 жылға шейін еркін өмір сүрген. Өзгеден елдігі, іргесі бөлек бір хандық болады. Өз бетімен еркін өмір сүріп тұрғанда Қазанда 14 хан болған. Алғашқысы Мақымет, соңғысы 1552 жылы орыстың Иван Грозныйы Қазан қаласын алған уақытта хан болып тұрған Ядігер (Жәдігер)18. Бұл екі арада болған 14 ханның ішінде біздің әңгімеде аталған Қазан деген хан жоқ. Бұл атты, Қазан қаласының атына ұйқастырып, елдің өз қиялы қосқан болуға керек. Біздің ел әңгімесіне қарағанда, Қобыланды батыр Қазан хандығының құлайтын мезгілінен көп бұрын өлген адам болады. Бірақ әңгіме Қобыландыны Қазанға аттандырады, Қазандағы кәпірмен соғыстырады. Бұл әңгімені туғызған себеп не? Соған келейік. Ел әңгімесі, ел қиялы тарихтың пәлен жылмен, пәлен жыл арасындағы уақиға деп санайтын өлшеуінен бірде ілгері, бірде кейін кетіп отырады, тарихқа дәл болып өткен мезгілді ел әңгімесінің кейде білмей шатастыратыны да болады. Кейде әдейі біле тұра бір сүйген мезгіліне, не есінде ұмытылмастай болып нық орнап қалған тарихи уақиғаның тұсына ертеде болған уақиғаны, кейінгі заманда болған уақиғаны да түгелімен алып келіп, бір жерге басын қосып, үйіп-төгіп қоятыны да болады. Сондықтан көп жұрттың ескілікті әңгімелері, белгілі бір хан мен патшаның айналасына жиналады. Кейде бір үлкен тарихи дәуірге әкеліп жиып қояды. Орыс жұртының батырлар ескілігінің барлығы "Қызыл күндей Владимирдың" айналасына жиналғаны сияқты19. Араб жұртының ескіліктегі әңгіме-ертегісінің Арон Рашит айналасына жиналғаны сияқты20. Бергі заманда көп елдікке бөлінген түрік жұрттарының сондай дәуірі Алтын орданың кезі болады. Өзге елдерден іргесін бөлек қылып алып шыққанда қазақ ескілігінің көбі Әз Жәнібек ханның тұсында болады. Міне, осы сияқты жалпы тарих шеңберінен бөлініп, үзіліп шыққан бір мезгілі. Өзінің тұсына бұрынғы-соңғы замандардан болған ірі уақиғаларды, ірі батыр-бағыландарды түгелімен жинап алатыны болады. Оны жинайтын ел қиялы. Қобыландыны Қазан хандығының тұстасы болғанда осы сияқты ел қиялының жылжытуымсн келген. Енді Қобыландыны Қазан қаласының тұстасы қылып, Қазан қаласына аттандырған себеп не, соған келейік. Бұған себеп болған: Қазан хандығының оңалмастай болып құлап, артқы күндері естен кетпестей өкінішпен біткендігінен. Қазан хандығы құлағанда, жалғыз сол хандықтың ішіне кірген рулар ғана күйрелген жоқ, бұрынғы Алтын орда кезінен ескі бірлік, ескі елдікті ұмытпай, соның заманын арман қылып, көксеп жүрген ұсақ рулардың барлығына да Қазан қаласының алынуы қозғау салған. Бұлардың арасын жамастырған саяси бірлік Алтын орда құлауымен бірге жоғалса да, тілек бірлігі жоғалған жоқ па. Және бұрынғы іргесі күшті ел еріген қардай таусыла бастаған уақытта, күн батыстан өсіп, ұлғайып, ызғарлы болып, қабағын түйіп келе жатқан бір күш болады. Ол орыс елдігі, бұл бұрын бағынуда болған жұрт болса, қазірде өзі бағындыратын, өзі күш көрсететін дәрежеге келіп қалған. Сол кезде Алтын орданың орнын басқандай болып жау бетіне қарсы қойған тіреу, іштегі сенім – Қазан хандығы болатын. Сол Қазан 1552 жылы Иван Грозныйдың қолынан жеңіліп құлайды, оның құлауынан үлкен бір дерт Қазанның ақырғы ханы Ядігердің қайғысы болады. Қазан қаласын орыс әскері соңғы рет нық басып, жеңіп алған жолында қайтып көтеріліс, ереуіл жасамасын деп Ядігерді кепілге алып кеткен. Ядігер бірталай заман Мәскеу тұтқыны болып тұрады. Қазанның халқы Иваннан әлденеше рет кісі жіберіп босат деп сұрайды. Ядігер босатылмайды. Ақырында Ядігер митраполит (дін басы) арқылы Иванға шоқынған ниетін білдіреді. Ядігер мұсылман дінін тастап христиан болады. Бұл уақиғаның артынан Ядігер қадірлі князьдің бірі болады. Иван өзінін қадірлі бояр (мырзаларының) ішінен Кутузовтың Мария деген қызын Ядігерге некелеп қосып, тойын барлық Мәскеудегі ақсүйек пен ұлыққа тегіс тойлатады. Ядігердің шоқынғанын білмей, Қазан елі бұрынғысынша тағы бірнеше рет сұраған соң, ақырында Иван Ядігердің Қазанға бөтен адам болып кеткенін білдіреді. Басына тас тигендей шатасқан Қазан елі, әлгі хабарды естіген соң Ядігердің үстіндегі хан көйлегі деген темір сауытты сұратады. Міне, Қазан хандығының құлауы осы сияқты халдермен бітеді. Бұрынғы ескі биліктің тілеуінде жүрген рулардың барлығына бұл уақиға оңай тимейді. Сондықтан ел көңілінен бұл неден, кімнен болды? Пәленшелерден болса бұл уақиға болмас еді-ау деген сияқты арман шығады. Сол арман Қазан хандығы құлайтын кезде болған жақсылар мен батырларды түгелімен Қазанды кәпір қолынан құтқаруға аттандырады. Қазан құлайтын заманның өзінде болған батыр Нәрік ұлы Шора өледі. Бұл тарихта белгілі адам. Қазанның орыс әскерімен тартысып жүрген уақыттағы елеулі адамының бірі осы Шора болады. Ел әңгімесі мұны Қырымнан аттандырады. Елдің сол сияқты көңіліне жиылған арманы мен өкініші Қобыландыны да осы заманға алып келіп, Қазанға жорыққа аттандырады. Ел әңгімесіндегі Қобыланды Қазанның өз бетімен елдік құрып отырған хандығына қарсы аттанған емес. Бұл Қазан қаласын алған, Қазан елдігін құлатқан жауы, кәпірге қарсы аттанған жорық. Әңгімеде қазақтың ішіндегі жауды ылғи кәпір деп отырады. Жау кәпір, бірақ дәл қай жұрттан шыққан, қай ел, оны бері келгенде ел әңгімесі ұмытып қалған. Сондықтан әңгіменің бір жерінде Қазандағы жау қалмақ, бір жерінде қызыл бас, тағы бір кезде қырғыз болады22. Бір әңгіменің ішінде әлденеше елдің атын атаудың өзінен шын жаудың аты ұмытылғандығын көрсетеді. Бергі кезде айтушы ел түпкі жаудың аты-жөнін ұмытқан соң өздерінің күнін көріп, күнде алысып жүретін дағдылы, мәлім жауларының атын қоя салған. Қырғызды, қалмақты қосу бергі замандағы қазақ елдігінің жауларын қосқаны болады. Ел әңгімесінің мұндай кезде дәл атын ұмытып, өзі білген жау атын қоса салатыны бізге батырлар әңгімесінен мәлім. Мысалы, Нәрік ұлы Шораның әңгімесі өлең тілмен жазылғандықтан, оның Қазандағы жауы анық орыс болады. Сол әңгіменің өлең емес қара сөз күйінде сақталып келген қайталамасы – "Шора батыр" әңгімесінде Қазандағы жау Қобыланды әңгімесіндей қалмақ болып шығады. Міне, осы сияқты салыстырған сөздерге қарағанда, Қобыландыны өз тұсында болмаған Қазан қаласына ел қиялы аттандырса, белгілі, арнаулы тарихи уақиғалардың себебімен аттандыруға керек. Тарихи себеппен аттандырса өліп қалған Қобыландыны қыпшақтың өзінің хандығы сияқты болған Қазан хандығын құлатуға аттандыру керек емес. Одан гөрі бергі заманда болған 1552 жылдағы уақиғаның салдарынан орысқа қарсы аттандыру әлдеқайда орынды, қисынды болады. Сондықтан бізде Қобыландыны Иван Грозный қолынан Қазан қаласын құтқаруға аттанған десек, өрескел терістікке ұшыраған болмаспыз деймін. Осы ретпен шыққан Қобыланды қандай мінезді, қандайлық жаратылысты батыр, енді соған келейік. Қобыланды да қазақтың ұлы батырларының бірі. Ұлылық бұның ерекше туысында, ел жақсысы туысы туралы өзінің нық орнаған көзқарасынан айырылмайды. Ел қиялы бір сүйген түрінен ауыспайды да, адаспайды. Сондықтан Қобыланды ерекше туыспен туады. Бұның жаратылысында әулиемен пір араластырып, ерекше туғызады. Қобыландының алғашқы жорығы Қазан қаласына аттанумен басталады. Әңгіме Қобыландының Қазанды шауып, егескен жауын жеңіп, жолдағы еске алған жауларына жолшыбай шабуыл жасап, содан қайтып келгенде өз елінде болып қалған ірі уақиғаға кездесіп, елін шапқан қалмақтың Алшағыр деген батыры мен соның елін шауып, кегін алумен бітеді. Бұл уақиғалар бірінің артынан бірі тізіліп келетін ұзақ әңгіме болса да, барлығы Қобыландының алғашқы батырлығы басталып, алғашқы батырлық жолындағы көрсеткен өзгеше қайратын жыр қылып, әңгіме қылумен тоқталады. Қобыланды бұл әңгімеде ел қорғаны болған, елінің мақтаны, айбыны болған батыр. Қобыландының батырлық мінезін, батырлық туысын ел әңгімесі өзінше толық қылып, батырдың бүтін пішінін жасап шығарғандай болады.

Қора толған қойымды
Жас бөріге тапсырдым.
Аш бөріге тапсырдым.
Азу тісі балғадай

Тоғай толған жылқымды
Жасанған жауға тапсырдым, –

Қобыланды алғашқы жорығының өзінде алыстан тоят іздейді. Ежелден кекті болған алыстағы мықты жауға аттанады. Жауға аттанарда қарындасымен, Құртқамен қоштасқан сөзінде өзін-өзі қайраттандырып, жауландырып, шын батырдың тасқындаған ірі сөзімен жауап қайырады. Деген сияқты желпінген сөздер – шын батыр аузынан ғана шығатын сөздер. Қобыланды барлық әдетінде ірі батыр әдетін істейді. Ол жалғыз жүріп, шабуылды жалғыз жасайды. Қауіпті жау ішінде болса да, еркімен ұйықтап, салғырт жүреді. Қобыланды әйел тілін алмайды. Әйел тілін алу: қаншалық жақсы, адал дос болса да, азғанымен бір есеп деп біледі. Сондықтан әйел көмегін алғысы келмейді. Дұшпаннан рақым күтпейді, тілемейді. Дұшпанның жақсылық, аянышын алғысы келмейді. Дұшпаннан дұшпандық қана күту керек, дұшпандығына қайратпен ғана жауап қайыру керек деп біледі. Көбіктінің қызы Қарлығаның істемек болған көмегін, беріп тұрған бостандығын сол себепті алмайды. Құртқаның болжал қылып "еліңді жау шауып, әке-шешең құл мен күң болып, бізді ерегескен жаудың мықтысы әкеткен заманда келерсің" деген сөзі Қобыландыға тоқтау болмайды. Қобыланды жорықта олжа үшін жүрген, дүние қуған батыр емес. Ол жақсылық атау үшін жүрген батыр, айбын үшін жүрген ұл. Сондықтан жорық жолында не кез келсе де бағасына, ажарына қарамайды. Олжа – деген жолдастың бар тілегін алып отырады. Сол себепті Қараман Қобыландының үнін тілеп, өзінікі болмақты іздеген Қарлығаны олжа деп алып кетеді. Барлық жолда олжасы да Қият қолы мен Қараманда болады. Қобыланды елдің қиял қылған батыры. Бұл өз руының мақтаны. Елінің қорғаны: жауынгерлік тыныштығы жоқ заманда жағалай шабыс, құба қалмақ заманы сияқты аума-төкпе заманда амандықты, тыныштықты тілеген ел батырды қиял қылған. Сондағы тілеген, қиял қылған батыры Қобыланды. Бұл серікке қол алмайды. Елге ауыртпалық түсірмейді. Елдің құр ғана қорғаны емес, өзі ізденеді. Жақындағы түгіл, алыстағы жаудан да ізденіп барып өшін алады. Қобыландының бір басында әрі басшы батырдың, әрі артынан ерген қолдың да міндеті бар. Қобыланды сияқты батыры, айдыны болған заманда қыпшақ елін аларлық жау жоқ. Алса қапыда алады. Қобыланды жоқта, қамсызда, бейбітте алады. Бірақ Қобыланды тұрғанда елге өлім жоқ. Ел тіршілігін сақтаушы бар. Қобыландыдан соңғы әңгімедегі екінші орын ал атын Құртқа. Құртқа Қобыланды сияқты ерекше туған, батырдың теңі болып туған, көңілдегідей жақсы жары, онда адал жарға лайықты шыдам бар. Тоқтаулы мінезділіктен басқа жарын сыйлаған кең сабыр бар. Ол тілеуі дұрыс. Барлық ойы, барлық ниетімен жар жолына басын сарп қылған жолдас; сондықтан Қобыландының келешегін ойлаған болжал айтады. Қобыландының үйде отырған есі, ақылы Құртқа. Қобыланды қайрат иесі болғанда, Құртқа ақыл, ой иесі. Екі жартыдан, екі жақсы сыпаттан құралған, жарастықты бір бүтін өмір бұл екеуінің біріккен өмірі болады. Құртқаның өз басына арналған тілегі мен ойы жоқ. Сол Қобыландының өміріне тілеу мен қызметін қосып жіберген жан. Сондықтан тұспал айтудан басқа түс те көреді. Түсінде Қобыландыны тауып отырады. Құртқа, елдің Қобыланды сияқты батырға қиял қылып қосқан жары, көбінесе Құртқа Қобыландыдан есті, тартымды болады. Қызметі Қобыландыға Тайбурылды асырап, жетілтіп, жолдас қылып беру, бұл Құртқаның өзіне мақсат қылған жұмысы. Тайбурыл Қобыландының Құртқадан соңғы серігі, жолдасы. Тайбурыл көшпелі елдің батырына арналған ат. Көшпелі елдің қысылғанда сенім қылатын "қыл құйрықты жел жетпес" есті серігі. Жорыққа сапарға шыққанда артта қалған елден де, үйден де пайдасы артық тиетін жалғыз сүйеніші, сенімі, аты болады; сондықтан ол ат құр ғана мінгіш, құр ғана жүйрік, берік болудан басқа есті де болу керек. Сондықтан Тайбурыл керекті жерінде тіл бітіп, сөйлеп те кетеді. Көтерген қиял Тайбурылды өзге малдан жат, ірілетіп әкетеді. Тайбурылдың бұлай болуына Құртқаның тәрбиесі себеп болады. Құртқа Тайбурылды баласындай тәрбиелейді. Батырдың аты өзгеден өзгеше тәрбие көрген, Құртқа тәрбиесінен шыққан. Сондықтан өзгеден жат іс көрсетеді. Қобыланды әңгімесі басында шыны жақын болған, бір уақиғаның сарынынан туған әңгіме дедік. Бұл Қобыланды әңгімесінің ескіден келе жатқан негізі. Бұл әңгіме жалғыз қазақ әңгімесі емес, әуелгі қалыпта, жалпы түрік әңгімесі болуға тиіс. Мына әңгіме содан қалған қазақ ішіндегі сарқындысы. Бірақ әңгіме көп заманнан келе жатқан ескі әңгіме болғандықтан, бергі жерде қосылған жамаулар көп. Жамау жалғыз әңгімеде емес, әсіресе көп айтушының аузынан өткендіктен. Әрбір заманның ескілікті, жаңалықты сөздері сияқты қоспаны да көп сіңірген. Әңгімеге қосылған қоспалар жаулардың аттарын санауда бергі заманда Қазанға Қобыланды іздеп барған нағыз жауының аттарын ұмыттырып, қазақтың өзі көріп жүрген қырғыз, қалмақ сияқты елдер кірген. Солармен ауысқан, оның үстіне анда-санда қызыл бас атының араласатыны да бар. Бұл тіпті бергі, күшейген мұсылмандық сарыннан жұққан тат. Сыртқы сөзіндегі әріден келе жатқан "Айыр қалпақ, жез телпек" сияқты ескілікпен қатар бергі уақыттың порымы, аршындап, "сұқары" деген сияқты орыстан кірген сөздері де көп. Бұл сияқты ала сөздер ескі заман мен жаңа заман айтушыларын араластырып, жыр мен әңгіменің көп ауыздан өткендігін білдіреді. Қобыланды өлеңі, ескі қазақ әдебиетінде үлкен, елеулі орын алатын жырдың бірі. Бұның өлеңі күшті ақындықпен, шалымды қиялмен жазылған өлең. Жырдағы Қобыландының үй ішімен қоштасуы, Тайбурылдың шабысы, Қазан мен Қобыландының айтысы сияқты өлеңдер "Қобыландыны" соңғы, түзеп айтқан Марабай сияқты ақынның" үлкен ақындық қуатын білдіреді. Бұл сөздер, төселген жүйріктей толғаулы ақынды танытады. Қиялы бай, суреті көп, сезімі күшті ақынды көзге көрсетеді. Бұл турада Қобыланды жырының тілі әдебиеттің соңғы замандағы кестелі шебер түрінен қалыспайтын ырғақты жерлерін айқын білдіреді. Қобыландының жыршысы сыпаттау сөздерінің барлығын салыстырған суретпен айтады. Көтеріп сөйлеген суреттерінің өзінде де көңілге қанықтығы, толғану реті еріксіз иландырғандай болады. Қобыланды жыры ескі жырлар үлгісімен жазылғандықтан, барлық өлеңі әнге өлшеніп айтылған. Сондықтан қандай оқушы оқыса да, желдіртіп ала жөнеліп тұратын желпінген өкпесі білініп тұрады. Тыңдаушының көз алдына шаңын боратып, әндетіп, суырылып алып келе жатқан домбырамен айтатын ескі ақынды елестеткендей болады. Бұл Қобыланды жырының айырықша бір бағасы. Ескі әңгімені ескі жыр сарынынан аудармай, сұлу қылып айта білген ақынның шеберлігіне куәлік береді. Қобыланды өлеңіндегі ақындық суреттері, жалпы қазақ ескілігіндегі барлық суреттеу сөздерге толық мысал, солардың нағыз өз үлесі. Олай болса, қазақ әдебиетін жалғыз сурет жағынан алсақ бұрын, Еуропаның барлық күн шығыс ақындығына жауып жүрген бір жаласы теріске шығады. Күн батыс сыншылары: "Барлық Азияның ақындық суреті ылғи алыстан, үлкеннен алған мысалмен келеді. Көпіртпей, аспандатпай салыстыра алмайды" дейді. Ондағысы сұлуды ай, жұлдызбен, жақсылықты аспанмен, күнмен, құдайшылық сыпатымен, діндарлық нанымымен айтқан суреттерді айтады. Қобыланды жырындағы суреттер ол күйден аман. Бұның суреті – өмір суреті. Әркімнің көз алдында көрініп жүрген һалдан алған сурет. Бірақ ауаны үлкен, шұбарланған, түбі мол сурет.

"Ер Тарғынның" қысқаша әңгімесі

Тарғын өз елінде кісі өлтіріп, қылмысты болып, Ақшахан деген Қырым ханының қолына келеді. Сонда бірталай заман белгісіз кісі болып тұрады. Ақырында, бір кезде Ақшахан он сан оймауыт, тоғыз сан торғауытпен соғысқа шығады. Сол соғыста Тарғын батырдың қуатымен жауды жеңеді. Тарғынды әскер басы қояды. Ақшаханның Ақжүніс деген сұлу қызы бар еді:

Шашын талдап тараған,
Билер мінген бедеудей
Бауырынан жараған.
Бет ажарын қарасаң,

Жазғы түскен сағымдай.
Ет ажарын қарасаң,
Терісінен айырған
Арпа, бидай ақ ұндай,

Қасы жайдай керілген.
Кірпігі оқтай тігілген,
Бұралып белі бүгілген.

Сол қыз Тарғынға ғашық болады. Тарғынды таңдағанда: хан тұқымына да, басқа сұлуға да тимеймін, жұрттың бәрінен бағы асып жүрген батырға тиемін деп тандап алған. Тарғын осы Ақжүністі алып қашады. Хан қызына ашуланып, сол қызды кім қуып жетіп, Тарғыннан айырып алып қалса, сол алсын дейді. Көп қол жабыла қуады, бірақ бәрі бірдей жете алмайды, жарымы жолдан қайтады. Қол ішінен бір-ақ адам бөлініп шығып, жеке қуады. Ол Қожақ деген қарт батыр болады. Қожақ қуып жетіп, қызды айырып алғалы келдім дегенде, Тарғын:

Асу-асу бел едім,
Асудан соққан жел едім!
Жолдасымды бергендей
Қай батырдан кем едім?

Менен қызды алғандай
Өзің қандай, мен қандай?
Айт жөніңді, кім едің?-
дейді.

Сонда Қартқожақтың жауабы:
Мен – мен дүрмін, мен дүрмін!
Мен де өзіңдей кен дүрмін!
Менің жөнім сұрасаң:

Қырық сан Қырым елінде,
Ал асыл жөкер белінде,
Арғы атам ер Күлік,
Өзім әкем Қоянақ,

Қоянақ ұлы Қартқожақ,
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жолды алған,
Ортадан ойып жол салған,

Қартқожақ деген ер едім, –
дейді.

Осы сөздерден соң екеуі жекпе-жекке шығысады. Әуелгі кезек Қожақтікі болады. Қожақ батырды қимай, өзін атпай, тоқал оқпен қорамсағын атады. Тарғын мұны сезбей, кезек келгенде Қожақты өлтіре атпақшы болады. Содан кейін Қожақ өзінің аяп атқанын айтып, қайта атамын дейді. Тарғын жеңіледі. Сондықтан қызды тастап, жүріп кетеді. Қожақ Ақжүністің қасына келіп: "Түрінді корсет! Ұнатсам алам, ұнатпасам тастаймын", – дейді. Сондағы Ақжүністің сөзі:

Ай, Қартқожақ, Қартқожақ!
Атың басын тарт, Қожақ!
Бұхар барсаң қолаң бар
Қолаңды көр де, шашым көр!

Алтыннан соққан түйме бар!
Түймені көр де, басым көр!
Тоғайға барсаң, тоғайда
Домалаған қоян бар,

Қоянды көр де, жоным кер!
Қара жерге кар жауар,
Қарды көр де, етім көр!
Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де, бетім көр! –
дейді.

Осы сөздерінен кейін Қартқожақтың өзі кім екенін айтады. Оның бес жасынан бергі батырлық, ерлік өмірін айтып келіп, қазіргі күнде қартайып, қызық, ажардан айырылғанын айтады да:

Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырың
Бәрі бірдей суалып,

Алайын деп тұрмысың,
Мені керіп қуанып?
Өлтірсең де тимеймін!
Теңдік берсең, сүймеймін!

Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұл күнде,
Жерде жатқан қу тезек! –
дейді.

Бұл сөзді естіген соң Қожақ ойға түсіп, қызды батырдың өзіне қосып, қайтып кетеді. Тарғын Ақжүністі алып, Еділ бойының Қанзада деген ханына келеді. Бұл ел батырды құрметтеп қарсы алады. Қанзада Шаған-шудың бойындағы қалмақпен жау болады. Соларды жерінен қуып, бізге Шағанды әпер деп, Тарғынға өтініш істейді24. Тарғын аттанып барып, қалмақты жеңіп, қашырады. Бірақ сол жолда ағаш басына шығып, қарауыл қараймын деп, құлап жығылып, белі шығады. Көп уақыт емдегенге жазылмайды. Сонан соң хан Ақжүніспен екеуін жұртына тастап, көшіп кетеді. Көп бейнет шегіп, қайғы жеп зарығып жатады, белі жазылмайды. Өткен күннің арманын айтады. Ақжүніске де байының дерті батады. Намысын қоздырып, жігерін қайнатады. Сол ниетпен батырды да жігерлендірмек болып:

Қарақа сияр тасына
Қарауыл қоймай қонған ер;
Шын ниетпен тілесең,
Қайда кетер тілегің?

Тәңір тілек берген ер.
Баданаңды бөктеріп.
Жаттан жолдас ерітіп,
Еділ, Жайық екі су,

Ерінбей жортып, о дүние!
Бас-аяғын көрген жер.
Ерлігіңде жаман жоқ.
Ағаштан белі мертігіп,

Жаман қара құлдарша,
Қорлықпенен өлген ер.
Қай батырдан кем едің?
Өлерде болдың қара жер! –

дейді.

Осы сөздерден соң Тарғын жігерленіп, белін өз қолымен басып қалып орнына түсіріп, жазылып алады. Содан кейін Тарғын өз елін таппақ болып ойға түседі. Бірақ, Ақжүніс: "Кешегі жұртына тастап кеткен ханға бір көрінбей кеткенің намыс болады" деп, Қанзадаға қарай жүруді мақұл көреді. Бұл сөзге батыр да көнеді. Сонымен Қанзаданың еліне келсе, бұны Шаған бойындағы қалмақ келіп, қызыңды аламын деп қорқытып, қысып отыр екен. Қанзада Тарғынға тағы жабысады. Тарғын, басында ханға ұрсып, өкпесін айтады. Хан айыбына қызын бермекші болады. Бірақ, қалмақты қашырып бер дейді.

Тарғын қалың қалмақпен соғысқа шығады. Көп күн ұрыс болады.
Төрт қырлаған көк сүңгі
Жау ішінде жаланып,
Толғамасам, маған серт!

Толғауыма шыдамай,
Толықсысаң саған серт!
Қысқа бақай, тар мықын,
Кебеже қарын қу құрсақ,

Құлжа мойын төгерек.
Ұмтыла шапқан тарланым!
Алты мыңдай кісі екен,
Тіл жіберсең саған серт!

Сен желігіп жүргенде
Тая шапсам, маған серт! –
дейді.
Осымен неше күн, неше түн өтті. Бір уақыт болғанда:

Қарайды да, күн батты.
Сарғайды да, таң атты.
Қызарып келіп, күн шықты
Күн шыққанда, қараса

Болған екен тамаша.
Қырылып жауы батырдың
Өзі қапты оңаша!
Астына мінген Тарланның

Тұрпатына қараса,
От орнындай тұяқтан
Оймақтай-ақ қалыпты.
Етектейін еріннен

Екі елідей қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан

Жалғыз қарыс қалыпты.

Осындай бейнеттің артынан ханның жауын мұқатып болған соң, Тарғын қызды алмақ болады. Бірақ хан тағы өтірік айтып, бермейді. "Өз қызымды алуға хан тұқымы емессің, Ормамбеттің ішінен таңдаған қызынды ал" дейді. Бұған Тарғын ашуланып, өкпелі болып Қырымға қарай жүріп кетеді. Ханның елі мен өзі тағы қорқады. Сонан соң артынан кісі жіберіп, қалың ел аяғына жығылмақ болады. Сол жиынға Тарғын келген соң, Сыпыра жырау сөз бастап25: "Қызды алма, өзің қалағаныңның бәрін ал: ел ал, жер ал, мал-мүлік ал да, соларды иемденіп тұр" дейді. Тарғын көнеді. Сонымен Ер Тарғын Жанарыстан деген жерді "Мысыр" етіп тұрып қалады.

"Ер Тарғын" әңгімесінің мәнісі

Батырлар жайындағы әңгіменің бір үлкені – "Ер Тарғын". Бұл уақытқа шейін қарастырған батырлар сияқты, Тарғын да қазақтың нағыз өз батыры емес. Бұл да қазақ бірлігі жасалудан бұрын, жеке-жеке рулардың ноғайлымен көрші қонып сыбайлас болып, Орта Азия тарихында сонымен қатар шығып, жақын руларша, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген кездерін білдіретін әңгіменің бірі. Сол кездегі араластың, жақындықтың белгісі сияқтанып, ноғайлы батырының әңгімесі қазақ руларының ішінде сақталып қалған. Бұл жағынан қарағанда, бүгінгі біздің қазақ батырларының әңгімесі деп қарастырып жүрген әңгімелердің көбіндегі батырлар, қазақ батыры емес. Жалпы түрік жұртының ескілігі, жалпы түрік әңгімелері болып шығады. Бұрыннан қазақ өмірін сынға алып, қазақ ескілігін тексерген оқымыстылар да: "Қазақ жұртының сыртқы өмірінде баяғы заманнан өзгеріп кеткен бөтендік жоқ; бұрынғы Орта Азияның майданында ірі орын алған, күшті түрік жұртының баяғы ескі қалпы әлі күнге қазақ елінде сақталып келе жатқан сияқты. Сыртқы өмір салтында үлкен өзгеріс болмағандықтан, екінші қазақ елінде ішкі сезім, ой, сана байлығы бар болғандықтан, бұл жұртта жалпы түрік жұртының ескілігі көбірек, толығырақ күйде сақталып қалуына керек", – деген долбар болатын. Қазіргі қазақтың ескілігін қарастырған уақытта, сол пікірдің шындығына көзіміз жеткендей болады. Ол пікірдің растығына біз қарастырып келе жатқан барлық батырлар әңгімесі тегіс айғақ. Бұл – әңгімелердің көпшілігі бұрынғы өткен заманда ұлы шебердің ішіне кіріп, іргесі тұтас болған көп елдің бірден-біріне жайылған, жақсы деп саналған әңгіме болу керек. Сонда қай рудан шықса да, жалпы бірліктің қорғаны болған, жалпы амандық пен тұтастықтың көпке бірдей ұйтқысы болған батырдың қадірлі, бағалы болған кезін көрсетеді. Қай руынан шықса да, сол бөлек-бөлек рулар жалпы бірліктің керегіне жарайтын батырды қасиетті тұтып, қадірлеген. Бұлардың ісіне сүйінгендіктен барлық жүрісін әңгіме, ертегі қылуды салт қылып алған. Түрік жұртының ескілігінде осы айтылғандай батырлар жорығын көп әңгіме қылған, көп көтеріп, қызықтаған кез – Алтын орданың кезі сияқты деп едік. Сол кездегі ұсақ руларды құрастырып бір тілеу, бір ниетке жамастырған үлкен ұйым, ұлы шеңбер сол Алтын орданың бірлігі болуға лайық. Алтын орда құлап, ру-рулар тігіс-тігісінен ыдыраған заманда, бірінен-бірі әңгіме алып, бірінен алып, қосылыңқырап-араласыңқырап барып айырылғанға ұқсайды. Біз қарастырып жүрген батырлардың бірі – қыпшақ, бірі – тама, кейбірі ноғайлы, қырғыз болып кететін себептері – сол ұлы бірліктің кезінен туатын сияқты. Әңгімелердегі кейбір батырлар сол аталған елдердің бірігіп, тұтасып жүрген кездерін өздерінің жүрісі мен шабуылынан анық көрсетіп кететін жерлері бар. Мысалы, қыпшақ батыры Қобыланды, Еділ бойының Қазан хандығын сүйеуші болып шығады. Тағы бір кезде Қобыланды мен Сайын араласып, бірігіп шығады. Бұлар ноғайлы мен қыпшақ бірлігін тұспалдап білдіргендей болады. Осы сияқты тілеуі біріккен, еті бір-екі ел Тарғын әңгімесінде көрінеді. Бұның бірі ноғайлы, бірі Еділ бойының татары. Тарғын осы елдердің бірінен кетсе, біріне барады. Қай-қайсысының болса да жоғын жоқтап, жауын жаулайтын өз батыры болып шығады. Қайсысының болса да Тарғынға бөтендігі жоқ. Қайда барса да, жаулайтыны бір жау. Онысы – қалмақ. Бұл есептен Тарғын ескі түрік жұртының көпке бірдей батыры. Тарғын әңгімесінің қазақта қалуы қазаққа сол батырдың жат емес, өз батыры мен бағланындай сүйсіндіретін жақын батыр екенін білдіреді. Тарғынның өз әңгімесіне келсек, бұның мінезі мен жүрісінде ел қиялы батыр өмірінің өзгелерден бөлек тағы бір алуанын білдіргендей болады. Ескіліктің қиялы батырлар әңгімесінде бірінен-бірі айырылатын алуан-алуан мінез бен айрықша болған туыстарды әр батырдың мінезі мен құлқынан айқын көрсетіп, білдіргісі келеді. Өзгеден алуаны бөлек, айрықша жерін іздесе, Тарғыннан сол ерекшелік табылады. Әңгіме Тарғынның қайдан шығып, қалайша туып, қай күйде өскенін таратып айтпайды. Оқушы мен тыңдаушының алдына, артқы өмірі көмескі, қайдан шыққаны, кім екені белгісіз бір ер келіп шығады. Ескілік бұрынғы салтын мықты ұстаса, Тарғынды да бір ерекше туыспен тудырып, не әулие, не ата пірдің демеуімен Тарғын қылса керек еді. Бірақ біз білген Тарғын олай емес. Бұл түрік жұртының батыры. Көптің ортақ болған қорғаны. Көпке бірдей бағыланы. Бірақ, сонда да Тарғын басында үлкен мін бар, ол мін: Тарғынның туғаны ортасында болмағандығы. Өз елінің ішінде қара орны, хан тағында болмай, ауданы мен қоғамынан кетіп, бөтен елдің ішінде жүргені Тарғынның міні. Бұрынғы жақсы батыр алдымен руының, ауданының батыры болатын. Сол өзінің руы мен ауданының жақсысы, сүйеніші – руымен мақтанып, елі мен өз атағын бір жерге қосқан батыр болатын. Жақсылығы артса, абыройы, айдыны асса, өзінен асқан соң басқаға тиетін. Тарғынның өзім дерлік жақыны, жан сүйері жоқ. Артында сүйенері, тілеуін тілер жан жоқ. Тұлдыр батыр. Жал-құйрығы келте біткен жалғыз адам. Сондықтан бұл әңгімеде осы жалғыздығынан, елсіздігі үшін жазаға ұшырап отырғандай болады.Өзгеден ерекше ерлігі, батырлығы бола тұра, бұл бақсыз жүйрік болып шығады. Бұның, мысалы, Тарғынның баяны жоқ қашқындығында. Елімен жүрмей, туысын ұмытқандықтан, Тарғын қадірсіз. Тарғынды алдаушы, қиянат қылушы көп. Тарғын басында ескілікте күшті орын алған туыс сезімі жоқ. Сондықтан Тарғынды алдаушылар, Тарғынды жалғыз жүргендігі үшін жазалаушылар сияқты болып шығады. Жалғыздығының себебінен Тарғын қатынды да өзгедей келісіп отырып алмайды, ұрлап-жырлап, алып қашып алады. Бұл жалғыздығының белгісі. Жалғыз болғандығынан қатын алуы батырдың алысына ұқсамай да кетеді. Ақшаханның қызы Ақжүністі алып қашқанда Тарғын әншейін жігітше әкеткен ісі үшін емес, әңгіме Тарғынды жазалағандай қылып, артынан Қартқожақтай аруағы басым кәрі батырды қуып жеткізіп, одан Тарғынды жеңілдіріп тастайды. Тарғын Ақжүністі алғанда, қыздың ақылы мен сөзі себеп болып, қыздың туыстылығынан ғана алады. Тарғын жалғыздығының себебінен жақсыз, елеусіз, кейде қадірсіз батыр болатыны Қанзада ханның мінезінен де көрінеді. Өз елінен кеткен туысқан бауыры, елі жоқ жалғыз адам болғандықтан, қанша батырлық, қанша үлкендік қылған, еңіреген ер болса да, белі сынып, мертілген заманда оны ноғайлы елі тастап кетеді. Қадірсіз қылады. Сол уақытта қайғы, күйік үстінде Тарғынға ес кіргендей болады. Тарғын жалғыздығының, елсіздігінің күйігін тартады. Өкінішке түседі. Ақжүністің қайрауымен, өзінің ерекше біткен қайратымен жалғыздық намысы қайнап, бұдан да өлім артық деген ой келіп, бекінген сияқты болады. Басындағы жалғыздықтың күйігі, жалғыздықтың кемшілігі білінеді. Жаман да болса, батырдың жал-құйрығы сияқты артынан ерген топ қарашы, қосшы керек екенін білдіреді. Кімде-кім жақсы болса - өзінің туған топырағында жақсы. Шыққан жер, туған елден кетсе, қаншалық ұлан болса да, басының бағасы жоқ. Ру жігіне бөлінген салт ол заманның ұғымында тағдыр қуатындай қуатқа ие болған. Тарғын көзсіз ер, ірі қайратты. Түрік бірлігінің, түрік елдігінің жанын аузына тістеген жоқшысы. Сондықтан Қанзаданың екінші келген жауын тағы жеңіп береді. Хан айтқан уәдесін істемей, екінші рет алдайды. Тарғын Қанзадамен соғыспайды. Өзінің елі болып жүрген, тілеуін тілеп, жанын салып жүрген, іштей дос тұтқан елімен соғысуды Тарғын салт қылмайды. Сондықтан ол Қанзадамен де соғыспайды. Өзінің өміріндегі кемшілігін толтырып келіп, кек алмақ болып, Қырымдағы қырық құрдасы, көмектес елін алып келмекші болады. Қарасын молайтып, тобын көбейтіп келіп тұлдыр емес екенін білдірмекші болады. Сол ниетпен кеткенде, Тарғынның ерлігі мен туысын бағалаған Сыпыра жырау шақыртып алып, Қанзада ханмен бітістіріп, осы елді өзіне ел-жұрт қылып беріп, жақсы орынға жайластырады. Әңгіме Тарғынның жайлауын қарастырып, бір жерді мекен қылғызып, ел тапқызып, маңайына дос қарашыны жиып беріп, бітеді. Тарғын өзінің іргелі батырлығы, ірі қызметтері, ірі туысы үшін аяғында бақытсыз болмай, қарны жақсының ретіне қосылып барып өмірін бітіреді. Ұл Тарғынның барлық ірілеп, жетіліп барған уақытындағы тапқаны.Сонда да Тарғын би мен бек, хан мен бағлан дәрежесіне жетпейді. Жер алып, мал алады да бітеді. Бұл өмірінің арты болса, бұрынғы батырлық, ерлік заманында Тарғын ылғи бақытсыз батыр болып отырады. Әңгіменің аяқ жағында ғана Тарғынға жарық сәуле көрсететіні – Тарғынды жаралап-жаралап келіп, аяғында өз басы мінсіз батыр, ел керегіне жанын салатын батыр болғандығына кеңшілік жасағандай болып, әлгі айтқандай болымсыз жайда беріп, өмірлік бейнетін ақтағандай болады. Тарғынның бұдан бұрынғы еңбегі өмір бойы зая болған сияқты, қадірсіз өмір кешіруі жоғарыда айтқан жалғыздық, елсіздігінен. Тарғын өлеңі өзге әңгімелі өлеңдердей ескіліктен келе жатқан жыр болғандықтан, көп заманның талқысын көріп, көп толқынға түсіп, әлденеше боялған әңгіме болу керек. Соңғы жыршының бірі – Марабай. Тарғынның Марабай айтқан жырлары ескіліктегі ең ірі жырдың бірі. Бұнда ескінің желдіртпелі, аққан өзендей алып ұшқан өлеңі өзінің толқындатып, тасқындаған қуатын айқын көрсетеді. Жыр араласқан жердің бәрінде Қобыландыдағы Тайбурылдың шабысын айтқандай, тасты боратқан екпін бар. Кәрі қазақтың қиялы мен ескі ақынның еркін сұлу тілі найзағайдың отындай жалтылдап, ойнап шыққандай болады. Тарғындағы Марабай жыры өзгеден бөлек үлгімен, өзгеден жат түрмен құралғандай. Барлық өлеңде қыз сыпаты, айтыс сөз, соғыс суреті, ат келбеті сияқты сөздердің барлығы да ылғи кестелеу, салыстыру, жалғау сыпаттарымен жазылған. Бір нәрсенің суретін айтуға келгенде жыршы тілі қазақ баласы білген дүниеде көз тоқтарлық келісті нәрсенің ешбірін қалдырмай сұлу сурет үшін үйіп-төгіп алып келгендей болады. Желдіртпелеген жерді оқығанда оқушы үзілмейтін, ұшы-қиыры жоқ көп сұлу суреттің ішін аралап, сурет толқынында келе жатқандай болады. Жырда осының бәрі қылғынып, қинап отырып айтылған емес, өзінен-өзі, бірін-бірі жетелеп, ағылтып келіп отырғандай болады. Тарғын жырындағы өлең өлшеуі де бұрынғы өлшеулерден жатығырақ, басқарақ келеді. Мұнда ақын бір белгілі өлшеуді мықты ұстанып айтқан сөз жоқ. Барлық өлеңді сөз бен суреттің ағымы билейді, күшті жыршы өлшеуді өз жанынан қалай болса, солай шығарғандай. Үлгі, қалып деген нәрселерді қайыстай қылып созып, өз ырқына билеп, басып, көндіріп алғандай болады. Тарғын әңгімесінде батырдың өзінен соң үлкен орын алатын қатыны Ақжүніс – қазақ ескілігінің бір мінезі: батырды сипаттағанда толық пішінді адам қылып, ұлы денелі батыр қылып шығармақ болса, әрқашан сауыт-сайман, атымен бірге сол батырдың тандап алған жарын да бірге жыр қылады. Қатынын жырға кіргізбесе батырдың пішіні жарты болады. Ақылды сұлу жары болмаса, батыр тіршілігі қызықсыз. Не ақыл, не мінез, не білім сезімімен еріне серік болатын әйел болмаса, жалғыз еркек өзгеден аса алмайды, ерекше абырой-атақ та таба алмайды. Қай батыр болса да, өзіне лайық тең тауып, жақсы сұлу жарды алған соң барып батыр атағы шығады. Барлық батыр әңгімесі содан кейін ғана батырды үлкен жорыққа аттандырады. Қазақ ескілігінің бір бөлек жері осы арада. Енді батырлар әңгімесіне кірген әйелдерге келсек, ең әуелі барлығы да еріне ақыл қосатын ақылшы, кейде сезім толғауға ерінен әлдеқайда шалымды, әлдеқайда қырағы болып, жарының үйде отырғаны ерсі болып кететіні де болады. Кейбір әйелдер батыр серігіне үнемі ақыл үйретіп, айтқанын істетіп отырады. Бірақ бұның әмірі байды билеп жеңіп алған әмір емес, ылғи ақыл, сезім артықтығымен, жаратылысының нәзіктігімен, жарастықпен билеген билеу. Көбінесе батырлар әңгімесіндегі әйел, әйелдің табиғатынан туатын кемшілік бойынша, еріне қара қайрат көмегін көрсетпейді. Бірақ басқа уақытта, орынды жерінде ерінің ең үлкен серігі. Кейде әйел балуан, батыр шығып та еркекке серіктік қылатыны болады. Мысалы: Көбіктінің қызы Қарлыға, бірақ ондай әйелді шығарса да ел қиялы, ел сыны әйелге қара қайрат иесі болуды үлкен қасиет деп есептемейді. Әйел қасиеті: ақыл, мінезінде, сезіммен, тілеуімен, жүрегімен қосылған достықта деп есептейді. Сол себепті қара қайрат иесі болған Қарлыға ақыл, сезім иесі Құртқадан кем бағаланады. Батырлар әңгімесінде кездесетін әйел – елдің қиялынша бұрынғы, ескі, жақсы заманның ұлы әйелі. "Ат – биеден, алып – анадан" деген ұғым бойынша, жақсы жар болуға, жақсы ана, кемел бәйбіше болуға арналған әйелдер. Сонда барлық батырлар әңгімесіндегі әйелдерді алсақ әрқайсысы жақсы әйелдің алуан-алуан қасиетін білдіретін әйелдер. Мысалы, Құртқа ақыл иесі болумен бірге, өте өткір сезім иесі болып, сезімділігі ғайыпты болжайтын қырағылыққа жеткен әйел. Тарғын әңгімесіндегі Ақжүністі алсақ, бұл түгелімен намыс, жігер иесі. Қобыландының басына Құртқа қандайлық қосымша болса, Тарғындай намыс соққысын көп көріп, қорлыққа көп кездесетін батырға Ақжүніс та сондайлық қажет болған қосымша. Ақжүніс ер таңдайтын шағына келгенде: "Мен ханды алмаймын, өзім де хан баласымын; байды алмаймын, өзім де баймын; сұлуды алмаймын, өзім де сұлумын, өзгеден абыройы, бағы асып туған кісіні аламын", – деп Тарғынды жарға арнап алған. Мұнда, сол замандағы қауымның ұғымынша, ең ардақты болып жүрген хан қызына батырды таңдатуы – жалпы елдің батыр туысын ерекше артық туыс, артық қасиеті деп бағалағанын білдіреді. Соны білдірумен бірге Тарғын басына әдейі Ақжүністей намыскер, жігерлі әйелді қосады. Тарғынға жалғыз өзі болғанда қандай қасиет, қандай мінез жетпейді? Жетпейтін – жігер, намысы. Ең әуелі туған топырағынан кетуі намысының кемдігін білдіреді.

Қисынсыздан белі сыну да жігер-намысының кемдігі сияқты.

Тарғынның белі жазылған соң, Қанзада ханға көрінбей еліме кетем деген байлауы тағы да намыстың әлсіздігін білдіреді. Осындай қалдерінің барлығында намыскерлікпен күйгендей болып, Ақжүніс сөйлегенде Тарғынның беті соның ыңғайына қарай бұрылып, түзеліп отырады. Тарғын батырлық қасиетін бағалы қылғанда, сол дәрежеге Ақжүніс арқылы жетеді. Бұл сипатын сынасақ Ақжүніс – Тарғындай батырдың пірі пішінді, жігер-намысы. Қызулы намысымен ширап отырған өршіл әйел. Ерінің абырой-атағын сақтауды, соның күзетшісі болуды міндет деп біледі. Ескіліктегі Құртқа, Ақжүністерге қарасақ, ел әдебиеті әйелге үлкен орын бергені айқын көрініп түр. Бұл қазақ әдебиетінің өзге ел әдебиетінен бөлек біткен бір ерекшелігі дегеніміздің себебі осы. Орыс әдебиеті сияқты, үлкен елдің ескі әдебиетін алсақ, бұларда көп заманға шейін әйел аты аталмай, орысқа 17 ғасырға шейін әдебиет шеңберінде әйел кірмеген. Ескілікті былай қойып, жазба өнері туған соң, әдебиеттің салтанатты (классицизм) дәуірінде әйел аты аталса, махаббат үшін ғана аталады. Бірақ әйел жар есебінде, дос пішінінде көрінген емес. Еркектің досы болатын әйелді орыс әдебиетіне ең алғашқы кіргізген ақын – Карамзин ғана болады.

"Ер Сайынның" қысқаша әңгімесі

Сайын ноғайлының ортасында Бозмұнай деген байдан туған. Бозмұнай көп малдың иесі – бай болса да, бала жоқтығынан қайғы шегіп, қатынымен бірге зарығып жүргенде жылқысын бағып жүрген тоқсан құл астыртын кеңес жасап, бірігіп алып, қол-аяғын байлап, сабайды. Бұл қайғыны көрген соң Бозмұнай құсалы болып жатқанда түсінде ақ сәлделі адам келеді. Бір өзі мыңға татитын асыл балаң болады, – дейді. Жалғыз-ақ Баба түкті Шашты Әзіз деген әулиенің қабірін тауып, соның басына барып, құдайдан тілек тіле, – дейді. Бозмұнай қатынын ертіп алып, әулиелердің бәрінің басына барып түнеп, тентіреп жүріп, аяғында Шашты Әзіздің қабірін табады. Соның басына түнеген күні бала бітеді. Баласы Ер Сайын болады. Бұның атын қоюға ел жиылып кім болатынын таба алмай отырғанда, ғайыптан бір адам келіп: "Аты Сайын болмас па" деп ат қояды. Сайын ата пірінің қолдауымен туады. Өмірінде сол пірді ұмытпасын, қысылған жерде сыйынып, есіне алып жүрсін дейді. Сайын ер жетеді. Құлдарынан әкесінің кегін алады. Елінде Көбікті деген байдың Аюбике деген сұлуын алмақшы болады. Бозмұнай қызын сұрап барғанда, Көбікті бермей жібереді. Соған батыр мен әкесі ашуланып, шаппақшы болғанда, Көбіктінің еліндегі ханы келіп, қызынды бер дейді. Көбікті береді. Сайынға қызды алған соң, ата пірі түсінде келіп аян береді. "Екі ұлың болады. Піріңді есіңе алып жүр", – дейді. Батырдың ерлігі елге жайылып, атағы шыққан соң, алыстан Қобыланды естіп, қалмаққа аттануға жанына серік қылып алып кетпекші болады. Сайын көнеді. Бірақ әке-шешесі үш жылға рұқсат сұрап, Қобыландыны тоқтатады. Уәделі үш жыл жеткен соң, Сайын мен Қобыланды көп қолмен қалмаққа аттанады. Арада он екі күн жүріп қалмақтың шетіне жақындап келіп, дамыл алып жатқанда, Жағалбайлы деген жауырыншылары жауырынға қарап: "Алдымызда жау тосқыны бар. Бұл бетте жолымыз болмайды, қолдың обалына қаламыз, қайтамыз", – дейді. Қобыланды кәрі жауырыншының айтқанын қабылдап, қайтпақшы болады. Бұған Сайын қарсы болып:

Хабар алып сайтаннан
Бұл жолымнан қайта алман!
Алғанымның қойнында
Күлкі болып жата алман!

Аюдайын алыспай,
Қалмақпенен атыспай,
Қара қанға батыспай,
Ақылыңды ала алман,

Елге қашып бара алман, – дейді. Өзге қолдың бәрі қайтып кетеді. Қасына қырық жігітті ертіп алып (Сайын) жол тартады. Жаудың қаласына келгенде қырық жігіт ере алмай қорқып қалады. Сайын жалғыз кіріп, көп қалмақпен соғысады. Күні бойы қырып, жолы болуға айналады, бірақ кешке жақын болғанда Сайын ата пірін ұмытып, сиынбағандықтан батырдан өл кете бастайды. Көп жерінен оқ тиіп, жаралы болады. Ақырында жауды жеңе алмай, өзі жеңіліп, меңдеуге айналған соң, майданнан қашады. Артынан қуған қалмақ жете алмай қалады. Сайын артта қалған қырық жігіт жолдасына келеді. Өне бойының жарасы көп болған соң қансырап, ел шетін көре алмай, зарлап өкініп жатып өледі.

Сайынның басына түскен қайғысын, үйіндегі қатыны түсінде көріп, енесіне:
Мен бір бүгін түс көрдім,
Келіспеген іс көрдім.
Жауырыным толған қара шаш

Жайылыңқы көрінді.
Бедерленген бес тырнақ,
Білектен шыққан қос бармақ.
Қызыл қанға, енеке,

Малыныңқы көрінді.
Шешем берген боқшасы
Шашылыңқы көрінді.
Қолыңдағы ақ сүңгі

Балдағы алтын ой болат
Ортасынан, енеке-ай,
Үзіліңкі көрінді, –
дейді.

Сайын өлген соң, қырық жігіт еліне келіп, батырдың қазасын әке-шешесіне естіртеді.

"Ер Сайын" әңгімесінің мәнісі

Қазақтың ұлы батырларының бірі – Ер Сайын. Ер Сайынды тарихтағы белгілі мезгілімен жамастырып, тарих шеңберіне кіргізіп, қарастыруға әзірше қолға түскен әңгімелердің беретін тарихи мағлұматы жоққа тәндік. Әңгімеде Ер Сайынның болған мезгілін мөлшермен ғана білуге болады. Ер Сайын Қобыландының өкшесін басып шыққан батыр. Қобыланды шал батыр, қартаң тартқан батыр болған кезінде Ер Сайын шығады. Ер Сайын ноғайлы елінің батыры. Бірақ ол кезде ноғайлы мен қыпшақ сияқты түрік таптарының бірінен-бірі жігі ашылмай, қоныс та, жүріс те, араластық жақындығы да болған уақыт. Бергі заманда Европа шегіне кеткен ноғайлы жұрты ерте уақытта, қазіргі қазақ даласының бүгінгі Кіші жүз отырған ауданында болғаны рас. Ноғайлы да қазақ руларындай көшпелі елдің бірі болған. Әңгімеде Ер Сайынның аттанып шыққан жері Ойыл мен Қиыл дейді. Ол бұл күндегі Орал облысының бір ауданы. Сол мезгілдегі қыпшақ жүрген ауданда сол ноғайлы жеріне көршілес жер болған. Бұл әңгіме Орта Азия елінің тарихында қыпшақ пен ноғайлы сияқты елдердің бірігіп, іс қылып жүрген кездерін көрсетеді. Маңайында қалмақ сияқты күшті жау болғанда жеке рулардың арасында жасалған саяси бірлікті сездіреді. Бұл жағынан қарағанда Ер Сайын да ескі түрік жұрттарының әңгімесі. Ежелден іргелі болып, тарихтан орын алған қыпшақ руы ноғайлы жұртына аға есебінде болған. Қобыландының Сайынға ағалығы – ноғайлыға қыпшақ аға болғанның белгісі. Әңгімеде ел қиялы бұрыннан бекіліп, қалыптанған әдебиет салтынан адаспайды. Сайын да өзге ұлы батырлар сияқты ерекше туыспен туады. Бозмұнайдай шал жалғыздық, баласыздығынан қолындағы құлдарынан қорлық көріп, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, жылаған көз жасы, зарыққан көңілмен ертелі-кеш тілеп, Сайын сияқты бал алы болады. Сайынның туысына ата пірі араласады. Бұл пір бұрынғы батырлардың туысын қолдаған әулиелердей емес, олардан гөрі батырға жақын келген пір оның жалғыз ғана туысына араласып қоймайды. Атын да қояды. Ер Сайын туып, ер жеткен уақытта, өзінің де түсіне кіріп, одан туатын бала жайынан аян береді. Балалардың атын да айтады, олардың келешекте кім болатынын да айтады. Алғашқы Бозмұнайдың түсіне кірген де Сайынның қолдаушысы, ата пірі. Сондықтан ол пірін ұмытпасын, қысылған-тарылған жерде есіне алып, көмекке шақырып жүрсін дейді. Сайынның туысында пірдің араласы осы сияқты болса, ол туған соң атын табуға ел жиналады, ешкім таба алмайды. Сонда белгісіз қария келіп "Аты Сайын болмас па" дейді. Сайынның өз туысы да сәті келген туыс, аты табылу да сондайлық сәтпен табылғандығын білдіреді. Сайын Қобыландыға кездеседі. Егескен ұлы жауы, қалмаққа бірге аттанады. Жолда жауырыншы, жау тосқынының барын айтады. Бұл сапардың жолсыз сапар болатынын, қауіпті болатынын сездіреді. Қобыланды ескі жауырын болжаушының сөзіне нанып, ескі тәжірибесіне бағынып, қайтпақшы болады. Сайын тоқтамайды, кетеді. Бұл сапар Сайынға бақытсыз сапар болып, сол жолда өледі. Сайынның бұл әңгімесі өзге батырлар әңгімесіне ұқсамайды. Өзгеден гөрі жат келеді. Ел қиялы Сайынды батыр десе де, туысын өзгемен тең қылып, ерекшелік билеп, сәт билеп туғанын айтса да, Сайынды әлдеқандай мінезі үшін жазалағандай болады. Теріс мінезді батыр болғандықтан, оның өрісін ұзақ қылмайды. Олай болса, ел қиялы құр батыр атына құлай бермейді. Батырлыққа, ерлік пен мықтылықтан басқа мінезділік, негізділік сияқты шарттар қояды. Батыр құр ғана қол батыры емес, ақылға шалымды, мінезге тартымды, тоқтаулы болсын дейді. Ақылға шолақ, мінезсіз болса, оның өрісі ұзақ болмайды. Сайынның әңгімесінде ел қиялы сондай шолақ батырды жазалағандай болады. Батырға қоятын үлкен шарттар бар екенін білдіреді. Сайынның алғашқы жорықта өлсе де, өлмесе де жолы болмай, қайғыға ұшырайтын себебі не? Оның себебі, алдымен, Сайын өзінің туысын билеп, дүниеге келуіне себеп болған қолдаушысы - ата пірін ұмытады. Батыр бұл үшін бір жазалы болу керек. Екінші, ескіден келе жатқан батырдың тәжірибесі бар, дағдысы бар, қолданатын салты бар. Ол: жауырыншы сияқты тұспал айтатын серіктеріне сүйену... Соның айтқанына тоқтап, оның ауыспайтын тәжірибесіне сену. Ғайыптан болжап айтқан сөзге батырлық қылып, қарсыласпайтын әдет бар. Бұрынғы бар батыр соған бағынған, кәрі батыр Қобыланды да соның сөзіне тоқтайды. Одан асып, құлшынып, екіленбейді. Сайын, сол бұрынғы-соңғы батырдың бәрі тоқтаған жерге тоқтамайды. Жауырыншының сөзін жынның сөзі, сайтаннан келген хабар дейді. Алқынып, алып ұшады. Бұл Сайынның жазалы болатын мінезінің бірі. Үшінші, Сайын Қобыланды сияқты ағаға қарсы шығады. Өзінің қайраты сыналмай тұрып, жол бейнетін көріп, білмей батырлық дәмін татпай жатып, алдындағы ағадан асқысы келеді. Оның ақылы, тәжірибесімен есептескісі келмейді. Жалпы түрік жұртының салтында ру жігі күшті болған уақыттардың барлығында кішінің үлкенді сыйлауы, үлкеннің алдындағы әдептілік, тоқтаулық, ұлыға жол беру, соған бағыну сияқты әдет, дін парызындай мықты байланған жол болатын. Оның үстіне Қобыланды сияқты ұлы батыр Сайын сияқты жастың қадірлейтін, сыйлайтын батыры болуы керек. Бата алатын алдындағы үлкен сияқты болу керек. Сайын бұнымен де есептеспейді. Сондықтан Сайын осы айтылғандай барлық алыптық, барлық терістік жеңілтектігі үшін жаза тартуына керек. Сайынның өмірі мен ісінде ескінің батырға қоятын шарты не екені осы мысалдардан анық көрінеді. Көптің сүйген мінезі, көп сүйген әдеттен теріс жайылған жан батыр болса да, ерекше туыспен туса да, терістігі үшін жазықты болып, жаза да тартатынын білдіреді. Сайынды әңгіме қылып шығаруда, ел қиялының бұрынғы салттан бөлек, айрықша бір сұлу салт шығарғаны көрінеді. Ел қиялының толғаулы ырғақтылығын, ой байлығын білдіргендей болады. Алғашқы сапарда Сайынның өлуі, өлмесе өлімші болып жолсыз сапарға кездесуі Сайын әңгімесін бітіреді. Соңғы қоспа, Сайынның аяғы деп айтылған. Әңгіме алғашқыны азсынып, әңгіменің сыртқы қызығына қана алмай қалған қиялдың қосқаны. Онда да әңгіме Сайынды жарылқап жібермейді. Сайынға алғашқы берілген баға, алғашқы істелген жаза, бұрынғы қалпынан төмендеп, жоғалмайды. Сайынның қатыны, Бозмұнай мен енесі сияқты, күйеуі туралы арманда қалған әйел. Күйеуі барында ерекше мінез, ерекше достық белгісін көрсете алмай қалады. Бірақ күйеуі өлген соң пәлен жылдай соның артын тосып, жалғыз соның қайғысымен бар өмір тілегін талақ қылып отыруы – бұрынғы әйелдерден көрінген адал достыққа, тағы бір сұлу қосымша болып жалғасады. Бұл әйел ерімен тілеуі біріккеннің артынан, тағдырда қосақталды деп ұғынады. Ерге тиген соң тіршіліктің қызық – рахаты жалғыз сонымен ғана бірге болуға керек, сонымен ғана үміт, тілек болуға болады. Ол жоқ болса – бірге жоқ болып өледі. Өлмесе тіршілік қызығынан кетіп, дүниені талақ қылады. Жалғыз ғана қайғысымен күйеуінің басына қойған ескерткіш тастай болып, қатып отырып қалады.

"Нәріқұлы Шора батырдың" қысқаша әңгімесі

Шораның әкесі Нәрік деген батыр болады. Бұның руы Тама, қаласы Қазан. Өз қаласын тастап, Ақшаханның еліне келіп тұрған адам болады. Ақшахан Нәрікті басты адам қылып өз қасына ұстайды. Ханның аңшысы болады. Жүйрік тазы асырайды. Бір күні хан сапарда жүргенде тазы ит жоғалады. Соны іздеп жүріп Нәрік тау ішіндегі үңгірден алтын қазынасын көреді. Көргенін ешкімге айтпайды. Бірақ сол көргеннен құса ауруға ұшырайды. Емдеуге жиылған дәрігердің біреуі алтын қазынасын көргенін табады. Нәрік шынын айтады. Хан қазынаны алып, қуанышты болады. Нәрікті бір елге би сайлайды. Бірақ ханның қасындағы басты адамдары күндестік қылады. Нәрік елін сағынып, кеткісі келеді. Хан қасындағы жиынға кетпек болып жүрген мақсатын айтады. Меңдісұлу деген қыз бұның дертіне ем айтады. Сол айтылған ем бойынша, Нәрік Меңдісұлуды қатындыққа алып, тұрып қалады. Екеуінен Шора деген ұл туады. Шора ер жетеді. Ойнап жүрген балалардан "қаңғырған Нәріктің баласы" деген сөзді есітеді. Содан кейін шешесіне келіп, туған жерін естіп біледі. Бұл уақытта Қазан қаласын орыс алған болады. Шора сол қаланы құтқарғалы аттанбақшы болады. Шешесі мен қарындасы жібергісі келмейді. Шора, айтқандарына болмай, аттанып кетеді. Қасына Құлыншақ деген жолдасы ереді. Келе жатқанда, жолындағы ноғайлы елінде: Арун Мақтұм деген батыр болады, сол қайда барасың деп жөн сұрағанда, Шораның айтқаны:

Нәрік ұлы Шорамын,
Мен Қазанға барамын.
Мен Қазанға барғанша,
Қар жаумасын, нұр жаусын.

Мен Қазанға барған соң,
Қар жаумақтан қан жаусын, –
дейді.

Осыдан кейін Шора жолдасымен жүріп отырып, Қазанға келеді. Қазанды орыс алғаны рас екен. Қаланың ішіндегі халықтан алым алып жүрген орыстың ұлықтарын көреді. Солардың бірнешесін, қарсы келіп, өлтіреді. Содан кейін орыс әскері шеру тартып, жиналып, Шораны ұстап алмақ болады. Сонда Шораның айтқан сөзі:

"Станбол, Қазан екеуі27
Тірек еді еліме.
Мұсылманның жұртының
Сүйеніші еді еліне.

Бұрынғылар надан-ау,
Қазанды қалай салдырған,
Қалай орыс төріне?
Бұл Қазанды құтқарсам

Кәуірлердің қолынан, іс бітірдім" дер едім, –
дейді.

Бұл уақытта орыс қолы жиналып келіп соғысуға айналады. Шора мен Құлыншақ қарсы шығып, соғысады. Орысты жеңіп, қаланы кәпірлерден тазартады. Содан кейін, еркін өзіне әперіп, еліне, әке-шешесіне қайтады.

"Шора батыр" әңгімесінің мәнісі

Қазақ әңгімелерінде аттары аталатын ұлы батырлардың арты – Шора. Алтын орда бірлігінің мезгілінен кейін шықса да, Шора сол бірлік түрік руларында ұмытылмаған, ниет бірлігі, тілеу бірлігі жоғалмаған кезінде шыққан батыр. Алтын орда бірлігі жоғалып, кешегі бірлігімен әлді болған елдер соңғы заманда тоз-тоз болып әлсіреп, маңайындағы бастас елдерден таяқ жеуге айналғанда, ескі күнді көксеп, жоқтап жырлауы, қиялының соған қарай тартуы табиғи жұмыс. Қазанға Қобыландыны аттандырудың себебі де сол дегенбіз. Қазір біз қарастырып отырған Шора батыр әңгімесі де сол Қобыланды әңгімесін туғызған Қазан уақиғасынан туады. Бұл тарихта анық болған уақиғаның ізі сияқты болып, ескіліктен қалған, ескі әңгіменің бірі болады. Шора – Қазан хандығының ішіне кірген Тамалардың батыры. Руы – Тама. Бұл тарихта орын алған адам. Орыс тарихшыларының ішінде Карамзин тарихында Қазан хандығының белгілі адамы болып Шораның да аты аталады. Қазан хандығы құлаған соң, Шораның нәсілі Османлы түрігіне ауып кеткен28. Оның нәсілдері осы күнге шейін, түрік ішінде бар. Өздерін Шораның тұқымымыз дейді. Шора батырдың батырлық әңгімесін туғызған, Қазан хандығының құлағанына қайғырған, қамыққан ел қиялы дейміз. Алтын орда бірлігі құлаған соң, бұрынғы көп батырдың көп жорығын туғызып, түрлеп отырған ел қиялы бәсеңдеп, жаси бастаған. Батырлар әңгімесі ертегіге айналып, ескі сұлу күйінен, жанды күйінен айырылған, енді ескі күн, өткен дәуреннің алысқа елестеп кеткен қызық шағындай, ел рухынан алыстаған кезі болатын. Сол уақытта Қазан құлайды. Қазан құлауы өзге түрік жұртын бір жалаудың астына біріктіре алмаса да, тілеу бірлігі бар екенін білдіріп, қиялымен жүрекке қозғау салады. Кей жерлерде батырлардың аттануы да болады. Алыстағы қыпшақтан Қобыланды аттанса, Қырымдағы ноғайлы ішінен Шора аттанады. Бұл батырлар әңгімесі Қазан уақиғасымен бірге туғаны, Қазан хандығы құлағаны, түрік жұртының ұлы батырлар әңгімесінде ақырғы бір қозғалыстай болады. Батыр қаны, батырлық рухының ел көңілінде ақырғы рет қызып, басылған кезін білдіреді. Бұрын батырлар әңгімесі жалпы түрік бірлігінің кезінде, соның айналасында туса, енді ақырғы рет біріккен бетті, бірлескен ниетті білдіретін әңгімелер Қазан хандығының айналасында туады.

Бұл сияқты біріккен беттің ақырғы батыры – Шора.

Қазақ ішінде қазіргі жиналған ескі сөзде Шораның екі әңгімесі бар. Бұның бірі – ескілікті өлеңмен жазылған. Екіншісі: ертегіден, ауызша әңгімеден жиналған, ертегі сияқты қара сөзбен айтылған әңгіменің тез өзгеріп, қандайлық күйлерге ұшырайтынын біз бұрын айтқамыз. Сондағы айтылған мөлшер сөздің шындығын Шора батырдың қазіргі қолымыздағы екі әңгімесін салыстырудан білуге болады. Өлеңдегі Шора – шыңға жақын әңгіме. Өлең сөз заман өткен сайын көп ақын ауыздарында өзгеріске ұшыраса да, оның өзгерісі онша мол болмайды. Себебі өлең күйінде айтушы, алдымен көп болмайды. Онан соң олардың бір-бірінен ұғып алып айтуы бар, қосатын қоспасы өлгенше көп емес. Қара сөз талай заманнан, талай айтушының аузынан өтеді. Сол сансыз көп айтушы көп түрлер қосып, өз заманына жақындатып, өзі айтып жүрген ертегілеріне ұқсатып әкетеді. Сондықтан өлеңдегі Шора Нәрік сияқты жас батырдан жабайы адамша зарықпай-ақ, тілемей-ақ алған бала болса, ертегіше әңгімеде бұрынғы батырларша жаралып, соларша туады. Нәрікбай зарығып жүріп, жалғыздығынан қорлық-зорлық көрген заманда күндіз-түні тілеп, тентіреп, қаңғырып жүргенде түсінде аруақ аян беріп, Баба түкті Шашты Әзіздің қабірін нұсқап, соның басына барып, тілеу тілесең бала бітеді дейді. Айтқандай көп қинау, көп азаптың артынан әулиенің басына барған сапарда бала бітеді. Бұл арада, Баба түкті Шашты Әзіздің жайынан бір аз сөз айту керек. Шашты Әзіз түрік жұртынан шыққан ұлы батыр – Едігенің әкесі. Сонан кейінгі Қобыланды, Ер Сайынның ата пірі, қолдаушысы, Шораның дүниеге келуіне себепші болған, зарыққанның тілегін қолдаған. Батырды туғызған атасы. Бұған қарағанда Шашты Әзіз бұрынғы барлық ескі батырлар әңгімесінде ұмытылмайтын бір ие. Барлық батырлардың сүйеу қылатын бабасы. Көрінбейтін қорғаны. Жалпы түрік жұртының тілеуіне қарай, қысылған шақта ерекше ұл тудырып береді. Қиналғанын демейді. Шашты Әзіз тілек пен құдірет тағдырға сенген мұсылманшылықтың белгісі. Мұсылман ғаламындағы барлық әулие мен пайғамбар пірдің бір жиналған керемет қуаты. Бұл мұсылманшылықтағы әулиелік белгісі, сондықтан ертегі Шораның тағдырына да Баба түкті Шашты Әзізді алып келіп отыр. Бұдан соңғы ертегі мен өлең арасындағы айырмасы Қазандағы жаудың атында. Қазандағы жауды өлең орыс деп, анық қылып айтады. Шораның сөздерін "аузы түкті көгир" дегенде күн батыстан келген жау анық білінеді. Ертегі, бұрынғы Қобыланды әңгімесінде жазылғандай, бұнда да Қазандағы жау қалмақ екен. Оның ханы Қараман екен дейді. Бұл Қараман аты Қобыланды әңгімесіндегі Қараманменен шатасқан ат болуға да мүмкін. Бұдан басқа жерлерін салыстырсақ, екі әңгімеде Шораның туғанын, әке, шешесі кім болғанын, оның ер жеткенін, содан Қазан қаласына аттанғанын әңгіме қылады. Бірақ екі әңгімеде бұл халдер, айырықша екі сөз болып кетеді. Нәрік пен Нәрікбай бір-біріне өмірде де, мінезде де тым ұқсайды. Бұл екеуінің өміріндегі ұқсасы өз елінің Қазаннан ауып кетуі. Бұл әңгіме шын уақиғадан шығуға мүмкін. Бірақ бұл Қазанның алынуынан бұрын емес, Қазан алынған соң Шораның өзі ауған әңгімесінің айналасынан тууға ықтимал бар. Екі әңгіменің ішіндегі ірі уақиғалардың бәрінде, негізі болған сияқты ұқсастық болса да, әңгіме қылуында, түрлеуінде бір-бірінен жат қылып, арасын алыстатып әкеткен айырмыстар бар. Бірақ, екі әңгіме алғашқыда, ескіден болған бір шын уақиғаның сүрлеуінен туғандықтан, екеуі де бір әңгіменің әртүрлі қайталамасы болып отыр. Бұл хал алғашқы тарихта болған әңгімелердің қаншалық танымастық болып өзгеріп кететіндігін көрсетеді. Екі әңгіменің сыртқы пішіні екі бөлек әңгіме болып шығып отыр. Бұның біреуінде (ертегісінде) Шора туысымен де, жүрісімен де барлық әңгіменің ұзын бойында, бұрынғы ұлы батырлар әңгімесіне ұқсайтын, солардың бір қайталамасы сияқтанады. Өлеңдегі Шора әңгімесі шынға жақын сияқты. Бұнда жаңалық исі бар. Бұрынғы батырлар әңгімесінен өзгелік бар сияқты. Шораның туысы мен жүрісі, жақын заман адамының туысы мен жүрісіне ұқсайды. Бірақ қалайда болса Шора, әуелгіде айтқандай, ұлы батырлардың ретіне қосылады, мұны ұлы батыр қылатын – мезгілі, онан соң мұның Қырымнан Қазанды құтқаруы шын болып, барған жүрісі. Ерте заманнан қалған ұлы батырлар әңгімесінің арты осы, Шора батырдың әңгімесі болады.

Кіші батырлар

Бұл күнге шейін біз қарастырған 4-5 батырдың әңгімесі, қазақ ескілігінде сақталып, ескі күннен сарқылып қалған ұлы батырлар әңгімелері. Сол әңгімелермен қазақ ішінде қалған ұлы батырлардың әңгімесі бітеді. Ол – батырларды ұлы батыр ретіне қосатын, әуелі, тарихи мезгіл дегеніміз. Екінші, олардың өзге жабайы адамнан гөрі жатырақ болып ерекше туатын туысы. Онан соң, оларды ұлы батыр ретіне қосатын елге істеген еңбектері. Бұл айтылған белгілерден басқа, ол замандағы батырлардың әңгімесі жалғыз батыр басының әңгімесі емес, жалғыз ғана бір батырдың айналасына жиылған ел өмірі, тұтасқан ру өмірі көрінетін. Әрбір батыр әңгімесі әрбір рудың күшті болған кезі мен басынан әртүрлі қылып кешірген тарихи уақиғаларын білдіретін. Сондықтан ондағы әңгімелер де бір адамның өмірімен тұтас елдің өмірін көрсеткен, тұтас елдің тілеуі мен үмітін көрсеткендей, кең аудандық болатын. Бір елдің барлық ішкі өмірі, сезім-қиялы бір. Батырдың айналасына мол ауданды болып кіргендіктен, сол батыр басына жиналған зор тілеу, зор үміт білініп тұрғандай болатын. Сондықтан ол батырлар әңгімесінде ерекше жандылық бар. Батыр басы – бағалы, батыр аты – ардақты болған кез білінеді. Батырға бас мұқтаждығы, бас кемдігі жоқ. Ол қайда барса абыройлы, бақытты. Олар бірдемеге кездессе, асып төгіліп, бағы көтере алмай, мөлшерінен асып барып кездесетін. Сондықтан ұлы батырлар әңгімесі – батырлар тарихында бір бөлек орын алатын әңгімелер. Бұлар тарих жолында екі жікке бөлінген, екі үлкен дәуірдің алғашқы буынындағы батырлар, олардан соң кіші батырлар келеді. Кіші батырлар – бұрынғы түрік батырларының ізі жоғалып, әрбір ру отырған жер ыңғайына қарап, бөлек-бөлек елдің жасап кеткен кезінде шыққан батырлар. Бұлардың көпшілігі бергі жерде жасалған жаңа елдің, жаңа бірліктердің батыры. Бірақ ол бірліктер ірі елдер емес, тарих жолында үлкен орын алып, кең майданда көрінген ел емес. Көпшілігі тозып, азғындап кеткен, бұрынғыдан ұсақтап қалған ел болады. Тарих уақиғалары, бұлардың өмірінде бұрынғы жауынгерлік шағына ұқсатпақ болса да, ол бірлікте ірі уақиғаларды туғыза алған жоқ, Алтын орда кезіндей атағы жайылып, айдыны асқан елдер бұлардың ортасынан шыға алмаған және әрбір жаңа жасалған елдің арасы бір-бірінен алыстаған, жат болып кеткен. Сондықтан Алтын орданың бұрынғы өз бірлігі бір кез болса, одан кейін Алтын орда бөлінген күнде де, көңілде, ниетте жүретін бірлік бар еді. Ұлы батырлардың кейбірінің әңгімесі сондай ескі бірлікті ұмытпай, қиял мен тілек шығарған да жерлері бар еді. Қазіргі кіші батырлар заманында бұрынғы ұсақ рулар ескі бірлікті біржолата ұмытқандай кез болған. Біріне бірі жат болған. Сондықтан бұл кездің батыры да бұрынғы пішінінен айырылғандай болады. Батырлық бұрынғы дәрежеден төмен түскендей, батыр бұрынғыша түгел ел емес, не бір таптың, не бір кәсіптің батыры сияқты. Осы бетімен батыр аты сиреп, батыр пішіні ел қиялында жүдей береді. Бұл замандардың батыры бұрынғыша елдің тұтас елдігін білдіретін, не болмаса елдің ескі өмірі, үміт, қиял, тілегін түгел білдіретін батыр емес. Кірген сезім, қиял жартылап, әлсіреп келіп кірген сияқтанады. Не болмаса бұрынғы батырлар әңгімелерінің қайталамасы сияқтанып кетеді. Уақыт өткен сайын кіші батырлардың пішіні алыстағы ерекше жан сияқтанбай, өмірге жақындап келе жатқан сияқтанады. Өзіміз көрігі жүрген адамдарға жақындап келіп, ұқсап қалған сияқты болады. Бірақ батырлар әңгімесінің бұл пішінін айыру үшін әуелі кіші батырлардың барлығын жеке-жеке қарастырып шығу қажет. Солардың ізіне түскендей, өмірі мен ісіне еріп отырған кісі ғана әлгі сияқты ерекшелікті айыруға болады. Болмаса сырт көрінісінде кіші батырлар әңгімесінің, өзге ұлы батырлардан айырмасы аз сияқтанып көрінуге де болады. Өйткені бергі кездегі ел қиялы соңғы батырларын шығарарда олардың өмірін жыр қыларда ескілікке қатты еліктеп келген жерлері бар. Сондықтан сырт пішіні ұқсастығына бір жағынан еліктеу себеп болса, кейде шын сезімнің ұқсап кеткен кездері болады. Осы сияқты алдын ала белгіленген жалпы бетпен кіші батырлар әңгімесінің өзіне көшеміз. Кіші батырлар ішінде алдымен қарастыратынымыз Қамбар батыр.

"Қамбар батырдың" қысқаша әңгімесі

Ерте күнде он екі баулы өзбекте29 Азымбай деген бай болады. Бұл өз маңайындағы өзбек, ноғайлының барлығына даңқы шыққан салтанатты, абыройлы бай болған. Азымбайдың алты ұлы бар. Назым деген елден асқан сұлу қызы бар. Көп ел Назымға ынтық болады. Талай бай мен бағлан қызығып, алғысы келеді. Бірақ, байдың ерке қызы ешкімді тілемейді, ілтипат қылмайды, сөйтіп жүргенде қыз бой жетеді, жар таңдайтын уақытқа толады. Сондықтан Азымбайдың атырабындағы елдің бәріне бір жерге жиылсын деп жарлық шашылады. Сол жиылған елдің ішінен кімді ұнатса, соған Назым тимекші болады. Барлық ел тайлы-таяғы қалмай айтқан күні уәделі жерге жиналады. Жас-кәрісі түгел болады. Жиылған жұрттың бәрі қыздың алдынан біртіндеп өтеді. Бірақ бірде-бірін қыз жақтырмайды. Сол кезде Азымбайдың алпыс үйлі арун, тоқсан үйлі тобыр азғана руы бар екен, соның ішінде Алымбай деген кісінің қара қасқа атты Қамбар деген батыр баласы болады. Назым қыздың көңілі сонда екен. Елге жар шашып жиналсын деген қыз Қамбар батыр келетін шығар деп дәме қылып еді. Бірақ, өзгенің бәрі келгенде, Қамбар батыр келмеді. Сүйген жігіті келмеген соң, қыз ешкімді ұнатпай, назалы болып үйіне қайтты. Бұл кезде Қамбар күндіз-түні аңшылықпен күн өткізіп, аз ғана ағайынның аш-арығын асырап жүруші еді. Қамбар тыным-тыныштық алмай, иен тау, елсіз жерде аң аулап жүргенде бар мақсаты кедей ағайындарының қамын жеп, соларға болысу, жақсылық көрсету болатын. Қыз Қамбарды кездестіргісі келіп ынтық болады. Батыр ескермей, елемей жүре береді. Бір күні Қамбар аңда жүргенде бір жолбарыс кез келеді. Жолбарыс батырға шабуға айналады. Батыр жолбарыспен құр қол алысып, мықтылығының арқасында жеңіп, өлтіріп алады. Сол жолбарыстың терісін өңгеріп алып, еліне қайтып келе жатады. Бұл уақытта Назым қыздың ауылы батыр келетін жолдың үстінде болады екен. Батыр күнде ауылдың сыртымен өтіп кетіп жүреді екен. Ауылдың сырт жағы көл болушы еді. Назым қыз Қамбарды кездестірудің жөнін таба алмай қойған соң, бір күні ауылдың сыртына өрмек құрғызып, оның бір шетін көл жиегіне апарып қағып, бір шетін ауылының іргесіне әкеліп тіреп, Қамбар батырдың жолын бөгеп қояды. Қамбар жолбарысты алып келе жатып Азымбайдың ауылының сыртындағы өрмекке тіреледі. Өрмек басында отырған Назым қызға кездеседі. Қыз батырды жақсы көреді, ниетін айтады. Батыр ашып жауап айтпайды. Бірақ өз мойнындағы борышын білдіреді. Бұл кедей елдің баласы. Ағайын-туғанның бәрі аш-жалаңаш, соларға еңбек қылып, мал тауып, тамағын асырау керек. Ойын-сауық қол еместігін айтады. Осындай жайды әңгімелесіп тұрғанда қыздың ағалары, қарындасымен жігіттің сөйлесіп тұрғанына намыс қылып, қызғанып, жиылып келіп, ұрыс шығарады. Батырмен жауласып қалады. Бірақ, артынан жиылған ағайындары Қамбардай батырдың басын кемсіткен лайық емес, Назым қызды соған беру керек дейді. Осымен жүргенде өзбектің маңында қалған қалмақ бар екен, соның Қараман деген ханы Назым қыздың жайын естіп, қалың қолмен келіп елді қамап алып, қызын бересін деп Азымбайға елшілікке Кедей ұлы Келмембет деген адамын жібереді. Азымбайдың балалары бұл жұмысқа намыс қылып, Келмембеттің құлақ-мұрнын кесіп алады. Бірақ, бұны істесе де, қалмақтың қолынан ел қорқады. Жиылған көп жұрт ақылға салып, қалмақтың ханына қарсы шығуға Қамбар батырды шақырмақ болады. Елді жаудан құтқарып, Назым қызды ал деп тілек етеді. Қамбар көнеді. Қараманның қолына келеді. Қалмақтың ханы елшісін жаралағаны үшін, Азымбайдың елін шаппақшы болып отыр екен. Қамбар келіп сөйлескен соң, сөзге ерегесіп кетіп, сол арада жекпе-жек шығысады. Қамбар батыр Қараманды жеңіп, өлтіреді. Хан өлген соң, қалған қол Қамбарға қарсы шығып, соғыс жасайды. Қамбар бірнеше күн соғысып, барлық жауды қырып шығады. Өз елінен түгелімен алғыс алады. Оның үстіне Назым қызды неше күн ойын, неше күн тойын жасап, көп жасау қазынамен ырғап-жырғап, алып қайтады. Сөйтіп, алпыс үйлі арунның кедей-кепшігіне қайырым қылады.

"Қамбар батыр" әңгімесінің мәнісі

Біз ұлы батыр, кіші батыр мезгілдерін айтқан уақытта, кіші батырдың бір үлкен белгісі, бұлар ұлы батырларша өзінің өмірі, жүріс, мақсатымен бүтін бір рудың өмірін білдірмейді. Бұрынғы батырлар – бір рудың тіршілігін, бір рудың тұтасқан күшін білдіретін батырлар. Олар тұтасқан елдіктің үлгісін көрсетеді деп едік. Кіші батырларда тұтасқан күшті, ауданды, елдікті білдіретін белгі аз. Бұлар не бір таптың, не бір кәсіптің батыры болып шығады. Бір елдің бүтін елдігін білдірудің орнына жартылаған елдік, жартылаған пішінді ғана көрсетеді. Ел ішінде бір тап, бір адамның, бір ортаның ғана батыры болады дегенбіз. Қамбар сол үлгінің батыры. Қамбардың әңгімесінде жұрт аузы – кейде оны өзбек, кейде ноғайлы дейді. Бұл сөздерді әйтеуір қазақ емес екендігін білдіретін сөз деп алсақ, бұл батыр да ертерек мезгілдің адамы болады. Тарихи кезіне қарағанда, Қамбар ұлы батыр мен кіші батырдың ара жігіндегі жеке орында тұрған батырға ұқсайды. Әңгімеде өзбек, ноғайлы бір тілекте, бір бетте болып, бұлардың жауы қалмақ болып шығады. Бұл ескі бірлік кездерін білдіргендей болып табылады. Жалғыз осы белгісіне қарасақ, Қамбарды да бұрынғыша ұлы батырлардың ретіне қосуға болар еді. Бірақ Қамбарды біз олардың қатарына қоспаймыз. Себебі, Қамбар басында ноғайлы деп айтылса да, артынан әңгіменің ішінде ноғайлы өзбекпен тең, тұтас ел сияқтанбай, бай, жуан рудың жанында қоңсы болып, кішірейіп жүрген руды еске түсіргендей болады. Бұл ретте Азымбай бергі заманда қазақ ішінде жуан жерден шыққан бай сияқты да, Қамбар соның айналасында өз бетімен, өз басындық қана болып, күнелтіп жүрген кедей сияқты. Шынында, өзбек, ноғайлы жақын дос ел болғанын білсек те, олардың айырылысарда ықыласпен айырылысқан тату қарындас болғанын ел әңгімесінен білсек те, дәл мына Қамбар әңгімесіндей ноғайлының өзбекке қоңсы болып, оның Қамбар сияқты батыры өзбектің Азымбайдай байына қораш сияқты болған кездерін біз білмейміз. Сондықтан, менің ойымша, бұл әңгімедегі адамдардың бірін ноғайлы, бірін өзбек қылу, бұрынғы ескі әңгімелерден көшкен сыртқы бояу ғана секілденеді. Бұрынғы батырлар әңгімесінде батыр атымен бірге көп айтылып кететін ел аттары болған. "Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт", "он екі баулы өзбек", "қырық сан қырым" деген аттар сондайдың мысалы сияқтанады. Мына Қамбар әңгімесінде, ноғайлы мен өзбек, бергі кездердегі айтушының қызулы жыр үстінде, жолшыбай іліп әкеткен сөзі болуға лайықты көрінеді. Сол ретпен ноғайлыны бұл әңгімеден шығарсақ, Қамбар өзбек ішінің батыры болуы керек. Бірақ соңғы 15-ғасырдың орта кезіне шейін біз тарихта бүгінгі қазақ, өзбек деген елдің бір ғана өзбек бірлігі деген атпен келгенін көреміз. Сондықтан, бүгінгі Қамбар әңгімесі, қазақ аузында бұрынғы Алтын орда бірлігінің кезінен алып шыққан жүлде, сыбағаларындай, кейінгі өзбек бірлігінің кезінен қазақ елдігінің алып шыққан жаңа жолдасы болуға қисынады. Бұл халде Қамбарды кіші батыр десек те, мезгілі, не дәуірі ескі кезді еске түсіреді. Енді Қамбардың ішкі әңгімесіне келейік. Бұл турада алдымен айтатын сөз Қамбардың батырлық алу аты туралы. Қамбардың басында біз бұрынғы батырлардан заңы, салты бөлек кәсіп иесі, еңбекшіл батырды көреміз. Бұрынғы батырлық мынамен салыстырғанда серілік, еркелікпен сайрандаған көзге түсер батырлық болса, мынау қоңыр, момын жүріс сияқты, көптің көзін де, көңілін де тартарлық қызыл-жасыл жарқылдағы жоқ, қоңырша салт сияқты. Бірақ бұдан да батырдың маңындағы ағайын ауқымға пайда тигізетін болыстығы, достығы мол болатын, ауданының тілеуіне біткен көпшіл мінез кеткен жоқ, жоғалған жоқ. Сондықтан Қамбар аңшы болса, кедей ағайын, әлсіз руының қамы үшін, соның жетпегенін жеткізіп, аш-арығын асырау үшін шыққан аңшы батыр болады. Аңшылық жолы Қамбардың серілік пен молдықты, атақты іздеген жол емес, өзінше игілікке, жақсылыққа берілген жол. Қауымның қызметкері, қанат-құйрығы. Үміт қылатын жол. Қазақ батырларының әңгімелерінде аңшылықтың өзі де көп жайылған үлкен бір салт болады. Біздің батырлардың бір алуаны – аңшыдан шыққан батырлар. Бұның мысалдары, әсіресе ертегілерде көп. Кәсіп иесі аңшы батыр. Мал бағушы, бақташы Қодар батыр сияқты, біздің батырлардың ол да бір бөлек типі болады. Аңшы батырлар қазақта жалғыз бергі заманда шыққан емес, бұлар алыстағы ескі заманның қалдығы сияқты. Кейде долбарға қарағанда, біздің ертегілерде екі жердің бірінде кез келетін тасты, таулы, орманды жерде кездесетін, адам келбетінен келбеті бөлек жалмауыздар, осы аңшы батырлардың көтеріп, ұлғайтып көрсеткен суреті болуға да ықтимал болар. Елсіз, күнсіз жапан түзде, албыр-салбыр болып, аң терісін жырып-тесіп, киіп жүрген жалғыз аңшы жалғыз-жарым жолаушыға жасырын сырлы бір зат болып көрінуі ғажап емес. Сондықтан, жалмауыздың пішіні аңшыдан шықты деген долбар, тіпті лағып кеткен сөз болмасқа тиіс. Қамбар сол тараудың үлгісі, сол алуанды батырлардың кіндігінен тарайды. Бұның, бірінші, ел алдында өзіне алған міндеті бар. Солардың аш-арығын асырауына керек. Екінші, Назым қыздың назына бұрылып ұйыса алмайтын мінезі де сол жайын – аңшы адам қауымын жатырқап кеткен тағылау мінезді білдіргендей болады. Қамбар батыр әңгімесінің кейбір уақиғаларын ескі әңгіменің түріне ұқсатсақ, кейбір кездері бергі заманға көп жылжытып әкеп тастап отырады. Жоғарыда айтқан аңшылық Қамбар әңгімесінің ескілікті, жаңалықты боларлық мезгілін көрсетпейді. Ол есте болу керек. Жаңа заманға Қамбар уақиғасын жақындататын бір уақиға әңгіменің нағыз түйіні, болған жері – қалмақ ханының Назым қызды тартып аламын деп келгені болады. Міне, бұл уақиға Қамбар әңгімесінің ең үлкен негізі. Қамбардың батырлығы да, елдің батырды қадірлейтін кезі де осы халдің үстінде білінеді. Біз осы уақиғаның өзін алып қарасақ, бұрынғы замандағы қалмақпен, я басқа жаумен соғысатын соғыс, ұрыс, қағыс ешбір уақытта бір қызды аламын деген әңгімеден тумайтын. Бұрынғы жаулықтар бәс таласқан, тең түскен, шабысқан, егес қылысқан ойранды уақиғалармен, тарихи толқындармен қанаттасып кететін. Мынадағы ұрыс, жанжал олардан көп ұсақтап, көп азып кеткен кезді білдіреді. Қазіргі тартыс бір-ақ қыздың бір ханның алмақ мақсатынан шығады. Бұл бұрынғы заманда ел шабысып, егес боларлық іс емес, бұдан басқа да ірі істер жеткілікті болатын. Сондықтан бұл әңгіменің тізілуі берірек заманда болғандығын білдіреді.

"Алпамыс батырдың" қысқаша әңгімесі

Бұрынғы заманда Жиделібайсын деген елде30 Байбөрі, Байсары деген екі бай болады. Екеуі де жасы ұлғайып жеткенше бала көрмеген, көкірегін қарыс айырған армандары бала болады. Бала тілеп әулиелердің басына барып түнейді. Көп жалынып, жалбарынады. Аяғында екеуінің де әйелдері екі қабат болады. Екі бай жан қиысқан дос болатын. Сондықтан әйелдері босанбай тұрып, бірінен ұл болса, бірінің қызын қоспақшы болып, уәделесіп ежеғабыл жасайды. Байбөрінің қатыны бір ұл, бір қыз табады. Байсарының қатыны жалғыз қыз табады. Жұрт жиылып той болғанда, балаларының атын қойғалы ғайып ирен қырық шілтен келеді. Бұлар басына сәлде салған қариялар болады. Ата пірі – солардың айтуы бойынша Байбөрінің ұлының атын Алпамыс. Байсарының қызының атын Күлбаршын қояды. Той үстіне үлкен ойын, сауық болады. Тамам ел көкпар тартысады. Көкпарға екі байдың өзі де түседі. Бірақ лақ тартысып жүргенде – екі бай ерегісіп, ашуланып, төбелесіп қалады. Байсарының руы аз, Байбөрі көп екен, бұлар көп болған соң, Байсары таяқ жейді, жалғыздығын айтып, жылап, намыс қылады. Байбөрінің қамшысы тиген соң, бұл елде тұрмаймын деп құдалық пен достықтың бәрін тастап, өкпелеп, ауып кетеді. Алты айшылық сапар жүріп, Тайша хан деген қалмақ ханының еліне келіп, соны мекен етеді. Арада бір талай дәурен өтеді. Күлбаршын жасына жетіп сұлу қыз болады. Қалмақтың ханының көзі түсе бастайды. Уәзірлерінен Күлбаршынның жайын естіген соң, Тайша ханның өзі де келіп Күлбаршынды көреді. Құмар болады. Бірақ, Күлбаршынға Тайша ханнан басқа әскер басы Қаражан деген батыр тағы құмар болады. Екеуінің де алғысы келеді. Біріне-бірі разы болмайды, жол бермейді. Сонан соң қыздың өзі таңдасын деп, екі жағы бірігіп, Байсары мен Күлбаршынға елші салады. Бұрынғы әңгімелер неше алуан болған түрік бірліктерін көрсетсе де, жекеленіп шыққан қазақ елдігін толық суреттеп көрсете алмайды. Алпамыс батыр әңгімесі бұл жағынан қарағанда, нағыз қазақ елінің ескілігі болады. Бұл берірек келген заманның туындысы. Әбден қалыптанған қазақ бірлігінің әңгімесі -Алпамыс әңгімесіне келгенде ғана біз елдің салт-санасын көргендей боламыз. Бүгінгі қазаққа таныс, жақын болған әдет-ғұрыпты көреміз. Екі байдың достығы, достық үстіндегі ежеғабыл, той, көкпары, жылқышы суреті, бәйгеге ат қосу, қайын ата мен қайын енені қадірлеу, барлығы да қазақ иісін білдіреді. Алпамыс әңгімесінің бұрынғы әңгімелерден бөлек бағасы осы жерінде. Алпамыстың біздің қолымызға түскен әңгімесі азғындаған, бұзылған әңгіме, ескі әңгімесі бұдан толық көлемді, мағыналырақ болса керек еді. Бірақ, ол әңгіме қолда болған жоқ. Сондықтан мұның жайындағы сөзді көп ұзартпаймыз.

Пікірлер (0)

Әзірге пікір жоқ.
An error has occurred. This application may no longer respond until reloaded. Reload 🗙